Дағдарыс
Бауыржан Момышұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...
(әңгіме) Рдей көлінің көлемді аймағын Рдей ойпаңы деп атайды. Ойпаң шалшыққа ну өскен орманды. Қар астындағы су қатпайды. Шаңғыдан түссең, қарға малтыға суға аяғыңды тығып малшып аласың. Пимаң мен шұлғауың суды сорып алады. Оларды кептіретін от жоқ. Сирек кездесетін хуторларға тоқтамай өтіп барамыз... Түн ортасы ауа бір хуторға ендім. Бөлменің бұрышында автоматтың құндағына тізесіне тірей жоғары түндікке қарата серт ұстап, дуалға сүйене еңгезердей қара жігіт шалқая ұйықтап отыр. Мен дыбыс бергенде, ол шошына оянып, шүріппеге басып қалғанда, автоматы тарсылдай үш-төрт оқ атты. Құйқам шымырлап, денем селт ете қалды. Мені танып ол шүріппені босатты да, сасқалақтап орнынан ұшып тұрды.
— Басымнан асыра атып, оқтарыңды маңдайшаға тидірдің ғой, — дегеніме ол әлі есін жинай алмай:
— Ұйқылы көзіммен... қалай басқанымды өзім де білмеймін... Құдай сақтап қалды, шүкір... кешіргін, бауырым! — деді.
— Мен сенің бауырың емеспін, командиріңмін! Бұнда неғып ендің? Неге мүлгіп отырсың?
— Күн бата аяғымды қар астындағы суға малып алып едім... Кептіріп алған соң суық сорған бойымды жылылыққа билетіп алып, қалғып кеттіппін...
— Топтарыңды тез қуып жеткін! — деп мен оның сөзін бөлдім.
*** Түс қайта бір хуторға жақындай бергенде, сол жақтағы орманнан бір топ біздің жауынгерлер жүгіре жүре атқылап, хуторға енер - енбесте, жаудың тобы қаша жылғаға түсіп, орманға зыта жөнелді. Біздің топтың алдында түндегі еңгезердей қара жігітті таныдым.
— Бұлар болмағанда, біз дұшпанның азуында болмақ екенбіз ғой, — деді адьютантым жауды қуып бара жатқан олардың соңынан қарап.
*** Рдей ойпаңынан өткен соң ашық алаңға орналасқан селолар кездесе бастады. Оларды алу үшін полкті жинақтап, батальондардың бастарын қоса ұстауға тура келді. Жау қорғаныстары, көбінесе бекімі осалдау болғандықтан, табан тірес ұрыстар аз болды. Кейбір қыстақтарды ат үстінен алып барамыз. Дұшпан жол бойы тосқауылдар қалдырып, негізгі күштерін кейінге тартып барады. Қос жігіт аязы бұрынғыдан да танауымызды қусыра, сай сүйекті сырқырата, сықырлата қыса бастады. Қатты аязда ашық даладан гөрі орман іші де жылылыққа жатады. Дала жонында жалданып жатқан ормандар жолымыздан қашықтау қарауытады. Алдағы бір топты қуып жетсем, кешегі еңгезердей қара жігіт алдында командирмен қатар келеді екен.Тізгін тартып сөйлесіп тұрмыз. Оның беті бозара көгерген, жауап қатқанда тістері сақ-сақ етеді. Қалтылдап тұр. Менің киімім жылы еді: аттан түсіп шешіндім де, оған тон ішінде бешпет орнына киіп жүрген мақталы сырып тігілген ұсынып:
— Мынаны шинеліңнің ішінен киіп алғын. Жаудың оғынан аман қалып, аязға ұшып өліпті деген ат жаман болар, — дедім.
— Өзіңіз тоңасыз ғой...
— Шешін! — деп өзім киіне бергенім сол еді, ол жалма-жан шешініп жатқанда, Николай:
— Бұл телогрейканың арқасында мына мақтасы шығып тұрған тесікті көріңіз. Бұл — командирге тиген оқтың ізі. Ең алғашта білінер-білінбес еді, енді күннен-күнге ұлғайып барады екен, — деп телогрейканы оған ұсынды.
— Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес дегендей, бұныңыз есте қаларлық болды, — деп ол киіп алды.
*** Олардан озып, алдыңғы бір үлкен селоға кіре берісте біреу бізді қол былғай шақырды. Үйді паналап жүріңдер дегендей ишарат көрсетті.
— Генерал осында отыр, — деді маған лейтенант.
Аттан түсіп үйге ендім.
— Рдей ойпаңындағы әр шоқының басындағы хуторларды тінтимін деп күллі дивизияны бытыратып, әлі басын қоса алмай, өзім де сандалып, осында келдім, — деді генерал.
— Батальондардың топталғаны болмаса, полктің басы әлі де түгелінен қосылған жоқ, генерал жолдас.
— Сіздің бір батальон осы селоны алды деген соң, мен осында бұрылып едім...
— Мен де сол батальонның соңынан жете алмай келемін...
— Иә, араларыңды өте шалғайлатып, бытыратып алған екенбіз. Жау да біраз шегініп барады. Мына аяздың қысымына о да шыдар емес... Алға асығу өте қажет, етек-жеңіңді жинап алмай, асыға да алмайсың... Бородино мен Соколовадай бір бекініске кез болсақ, роталап, батальондап тиісу — жанып жатқан пешке біртіндеп шыбық салғанмен тең... Қомағайдың құлқыны асамға толмас ет тығумен тең — ол шімірікпей жұта салады... Жер жағдайы өте ыңғайсыз, шалғай. Мына құмалақша сирек шашылып жатқан селолар мен хуторлардың түйінін шешуге тұратындары аз, — деп генерал картаға қарады, — алғандарымыздың көбінде гарнизондары аздаған топтар ғана емес пе? — деп менен сұрады.
— Бір ротадан асар-аспас тосқауылдар екені рас.
— Солай. Аз күшпен әр бағыттан бөгет істеп, ол күшінің бастарын құрастырып, уақыт ұтып, негізгі қарсыласты мына алдағы Холм, Локня қалаларының маңайында ұйымдастырмақ. Барлығын сол маңайға тартуда. Менің болжауымша, ол бізге сол маңайда «Қош келіпсіздің» анық әкемізді танытпақ... Мына майда жағалас жанжалды қойып, біз де негізгі күштерімізді солай қарай тіп - тікелей тартқанымыз жөн болар... Демек, сіз де саусақтарыңызды тарбита бермей, полкті жинап алып, солай қарай бейімделуге кірісіңіз. Староруссо — Холм жолымен тартып отырыңыз. Дұшпан да сол жол бойымен шегініп барады... — деп генерал Чистяков бұйрығын аяқтады.
Полк бөлімдерінің басын жүре қосып алдық. Жол бойындағы селоларды ұрыспен алуға тура келді, бірақ та қасарысқан қарсыласулар сирек кездесуде. Түс қайта қар жапалақтап жауған. Новички селосы үлкен орманның ортасындағы алаңда. Таң ата солай қарай бет алуға бұйрық берілген. Сәскеде он шақты аттылармен алдыңғы батальондарды қуып жеттім. Барлықтары жол бойы ығысып, тоғысып жүр екен.
— Неғып тоқталдыңдар?
— Қалың қар астында миналар бар көрінеді.
— Арттағы саперларды күтіп тұрмыз.
— За мной по два галопом марш! — деп қасымдағы аттылардың алдына түсіп, алға шаба жөнелдім... Елу-алпыс метрдей озып келген соң, артыма қарасам, аттылардың бәрі де шауып келеді екен. Тағы елу метрден кейін орағыта, құйындата шауып, полкқа жолдың екінші шетіменен бұрылдық. Тұрғандарға келіп, тізгін тартып тура қалып:
— Ал, біз салған екі ізбен полкті бастап алға тартыңыздар.! — деп бұйыра ақырдым. Роталар жалма-жан сап құрып қозғала бастады... Бір ротаның алдыңғы қатарында төмен қарап бара жатқандардың арасында еңгезердей қара жігіт — біздің полктің комсоргін таныдым.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру