Мазмұнға өту
Home

Жансезім

Асылбек Жаңбырбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жансезім

Авторы: Асылбек Жаңбырбай

Асылбек Жаңбырбай

ЖАНСЕЗІМ

Өлеңдер

МЕНІҢ ХИКМЕТІМ

Әлмисақтан Нұр еді ғой – Жарығым, Әлмисақтан Жыр еді ғой – Зарығым!.. Дәуіттің ұлы Сүлеймен Падишасы болса да – Он сегіз мың ғалам жамғысы Қауызына сыйып кетер тарының. Қақ төбемнен қарайтындай Хақ күліп, Әруақтарды қондырамын бақ қылып. Әзәзіл-Шайтан – Дұшпанмен Бақадар хәлше күрестім – Атасы тегін жел сөзден Ер Мәдінің ғаскеріндей сап құрып. Таразыда ауырлар деп зау күнәм, Мен сақындым Ғарасаттың қаупынан. Зікір етіп жыласам, Шүкір етіп шыдасам, Пікір етіп сұрасам – Көрермін-ау несібемді Лауһыдан.

Жаратушы жалғыз Алла – Мәңгі Ие, Содан кейін қолдаушым-дүр сан Кие: Жүз жиырма төрт мың Пайғамбар, Отыз үш мың Сахаба, Елу мың Ерен және бар, Маңғыстауда – үш жүз алпыс Әмбие!..

ӘУЛИЕЛЕНУ

Бәдіздерден бебеулеп бағзы қайғы, Қына басқан құлпытас қалжырайды. Жалғыз байғыз молаға қонады да, Жоқтау айтып бейуақ зар жылайды. Азалы үндер төсіне қырдың сіңер, Маңдайына Ай қадап түн күрсінер. Жолдар жатыр әжімдеп кер даланы, Елестейді-ау қап-қара жүргіншілер... Байқағанға бұ дүние нақ бір сынақ, Қырық шілтен үшін де жақтым шырақ. Ниет қылдым жапанға түнемекке, Қиын сәтте қолдауын Хақтың сұрап. Ашылғандай аспанға ми қақпасы, Ойландырар оқыстан зират басы. Жыр жазар ем осында мың жыл бойы, Қабірлердің қалғанша қирап тасы...

Түнеріппін түнекке құр шырмалып, Жадырадым жаныма нұр шын дарып. Қараңғыны қақ жарып көз алдымда, Жүрегімнен төгілді тылсым жарық. Тәңір берген тірлікке тәубе делік, Жоғалармын түбінде сәулеге еріп. Ғайып жайлы түс көріп таңға жақын, Оянам мен күні ертең әулиеленіп...

БҰЛ ДҮНИЯНЫҢ МЫСАЛЫ

Айташылар айтқандай мен де айталы, Нем кетеді сөйлесем, нем қайтады? Ғұмырымды құлдансам зайғылықпен – Ғапыл болмақ фәнидің кең байтағы. Берген затын соңыра Тәңір алад, Сұм ажалды қайтейін дабыралап. Жан мұңланса қайғымен бас қаңғырар, Құлқат түрі заманның адыра қап. Жыр-бәйітпен жүрекке дақыл ектім, Дос-жүрият құралса нақыл еттім. Пітінәланбай бес күннің зауқын ойнап, Қаупын ойлап сақындым ақыреттің. Атасы арзан жел сөзбен көңіл делбеп, Тілге біткен кәләмнан төгілді өрнек. Бұрынғы өткен сұрқылдар болжағандай, Қайымдана тартулы өмір кермек.

Жаппар Хақтың санаға құйдым нұрын, Қанақаға қақтырмай жыйдым бүгін. Әулие толған Маңғыстау – бабакүлдік, Жамылармын топырағын бұйрымды күн!

«МАҢҒЫСТАУ МАҚАМДАРЫ» ТОПТАМАСЫНАН

  1. Оғыландыдағы ойлар

Тығылар жерің – Бір Құдай, Сыйынар жерің – Пір Бекет.

Сабыр Адай

Я, Бекет!.. Әруағың бұлттай аспанды шексіз торлады-ай, Мен білсем, Ата, машайықтардың соңысың.

Кезің жоқ жатқан зәузаттарыңды қолдамай, Қиналған сәтте ғайыптан бердің қол ұшын.

Сыйынды бүгін Мағырып пенен Машырық, Тәу еткен жұрттан босаған емес босағаң. Көңіліме қайтем кәпірдей күмән жасырып, Пендеңді біздей жарылқауыңды қош алам.

Бұлдырап тауың, сылдырап мөлдір бұлағың, Жүрекке сіңіп дертіме дауа дарытқан. Мүбәрәк түнде Ай болып таққан тұмарым, Тілейін тілек – атқанша мәңгі жарық таң.

Ғаршыдан түскен жұпарлы нұрды жұтам деп, Келіп тұр саған дұғасын арнап бір бала. Алдымен – Алла, содан соң – нәби Мұхаммед, Шапағатыңды тигізе гөрші, Пір-Баба!..

  1. Ман-Ата

Адайдың ту қадаған даласында, Үстірт пен Маңғыстаудың арасында – Аталған әулие бар Ман-Ата деп, Сен соның киесіне нанасың ба?!

Ман-Ата – кең түбектің қақпасындай, Таным мен тәрбиенің тақтасындай – Құдайдан құт сұраған адамдардың Тілеуін тілеп жүрер жақтасындай.

Ежелгі сүрлеу жолдың қолқасында, Қара ой мен боз қыраттың ортасында – Аталған әулие бар Ман-Ата деп, Сен соның киесінен қорқасың ба?!

Ман-Ата – құпияның қамбасындай, Ерлік пен тектілктің таңбасындай – Алғидан ар сұраған адамдардың Тілеуін тілеп жүрер қандасындай.

Тарихтың қиыр-шиыр белесінде, Аңыз бен ақиқаттың кемесінде – Аталған әулие бар Ман-Ата деп, Сен соның киесіне сенесің бе?!

Ман-Ата – Ман елінің ордасындай, Уақыт пен кеңістіктің жорғасындай – Отпаннан от сұраған адамдардың Тілеуін тілеп жүрер жолдасындай...

  1. Торыш тақсіреті

Ай, мына жер неткен жер, Аңыз болып жеткен жер! Төңіректің тоқсан жолы тоғысқан, Талай ғасыр көз ашпаған соғыстан... Етек жауып, ес білгелі қай заман, Ел едік қой – бақ-дәулеті толысқан.

Уа, әлқисса, о, жалған, Сөз қозғайын озалдан! Кең түбекті тегіс жайпап жау шапты, Қалың жұрттың қабырғасын қаусатты. Мұндағы ауыл жалбарынып Құдайға, Құтқаршы деп көкке жайды саусақты.

Сол, сол екен, сол екен, Көп дұғасы көл екен! Қап-қара бұлт торлап шексіз аспанды, Қас қағымда бір сұрапыл басталды. Нысананы көздеп тұрып атқандай, Төмен қарай жай оқтары тасталды.

Дұшпан біткен домалап, Тасқа айналды домалақ! Мен болыссам – өз далама болыстым, Көрдім біраз шартастарын Торыштың. Адам білмес құпиясы көп тегінде, Қасиетті Маңғыстаудай қоныстың...

  1. Үстірттің үстінде

Үстірттің үсті – қаптаған қорым, Көрінсе-ақ жетем бұрылып...

Светқали Нұржан

Мүлгіп тұр қыр басында көне қорым, Қойтасы, құлпытасы бөлек оның. Шалғайдан ыңғайтөкпе жел еседі – Бәйіт қып паң даланың төбе-жонын.

Тарихтан түк түсінбес хас саңырау, Аңыз ғой, әңгіме ғой басқа – мынау. Маңайым – кілең күмбез, кереге там, Қираған тар сағана, тас қабір-ау...

Бұл жерде жазылмайтын жарам бардай, Іркілді көз жасым да тарамдалмай. Келген соң әруақтардың мекеніне, Шулы шәр, топас тірлік қараң қалды-ай.

Қалғып тұр дөң басында көне қорым, Хақ нұрын төбесінен төгеді оның. Дүниеде тыныштықты аңсағанға – Керек қой осындай бір бөлек орын...

  1. Құм адамы

Маңғыстау деген – бұл аймақ, Даласы – шаң мен құм ойнақ. Шулы өзендерге зар болып, Сұрадық жауын құдайлап... Қашаған Күржіманұлы Қара қырға келдің бе, Ала шөлді көрдің бе – құм бораған? Құм бораса – табылар кім даладан?.. Сол боранда жүреді шаңдыбалақ, Шаңдыбалақ дегенім – жұмбақ адам. Жаралғандай орғыл құм мұңдасы боп, Айтады оған жан сырын тыңдашы деп. Түзде адасқан пендеге жол нұсқайды, Құмнан шығад, содан соң құмға сіңед. Бірнеше күн соғады жел азынап, Көшкен құмдай тарқайды шері азырақ. Шөл далада жүрегі шөлдесе де, Туған жерден кетпейді еш елі ажырап.

Өлісін де білмеймін, тірісін де, Парыз санап жасаппын қыр үшін не? Мына біздер – тұтқыны тас қаланың, Еркін өмір сүреді ол – құм ішінде... Құдайлап...

  1. Ащыағар

Бекеттің бел жайлауы жоннан әрі, Созылып Ащыағар сай – ол қалады...

Есенғали Реушен

Бекеттің бел жайлауына қарашы, Бұ да бір Бейнеудің бағзы даласы, Бұ да бір Үстірттің үлкен саласы. Ай, бүгінде, бүгінде, Мына Ащыағар сайдың түбінде – Өксіп ағады Сыңғырлау менен Манашы,

Оларды ұғар ешкім жоқ-ау, шамасы. Ана жол білмейді мұның бірін де – Өзгеріп кеткен жаһанданып санасы, Өңделіп біткен тасбеттеніп жаңасы.

Ащыағар десең – Ащыағар, Мысалы, тізделген қасқа нар. Ботасын жоқтап боздағанын естісең, Көз түгіл, өзегіңнен жас тамар. Арман да арман, арман жұрт, Ноғайлы ханы Орманбеттен қалған жұрт, Ол өлген күн – қашқан әруақ, қашқан ар. Еңіреу заманнан жеткендей, Жараға тұздан сепкендей – Қаста зар жүрегімді менің таспалар... Жел, жел ескен, жел ескен, Он сан елдің он бір биі кеңескен. Жауласып өтті талайлар, Дауласып өтті талайлар – Осынау көлденең жатқан белестен. Ер Манашы қаза тапқан-ды сондайда, Ата жауы қалмақпен болған егестен. Аңқаулықпен сенгенде, Жеме-жемге келгенде – Залым билер батырын сатты тең өскен.

Шешесі қайтіп шыдасын, Нардай ыңыранып жыласын. Тұлыпты иіскеп, шөлін басып еміренсе, Құдайдан жазығы не деп сұрасын. Қопарылмай әрең көріп тұр, Қайғы-қасіретке көніп тұр – Сағым боп бұлдыраған сонау құба шың. Қайран Күйкенмен жаным бір, Соры Өліқолтықтың сорындай қалың-дүр, Шыңға шағып құлдиға қарай құласын...

  1. Қаңғырқаз қасіреті

Аңыз бен ақиқатым – бұл Маңғыстау, Бекетім пайғамбарлық нұрдан құшты-ау. Алланың хақ бұйыртқан мекені осы, Озалдан қалың Адай қылған қыстау.

Бағзыны әпсаналап баяндасам, Өлеңмен жүректегі саямды ашам. Сөйлейтін сөзім көкпен байланысты, Күткенмін – келеді деп аян қашан?..

Ол кезде болған екен тымық дала,

Аспан да мөлдіреген тұнық қана. Үстірттің үстіндегі тас мешітте – Молдадан тәлім алған қырық бала. Қырық күн Құран оқып сыртқа шықпай, Білімнің бұлағынан ұрттасыпты-ай. Қырық түн зікір айтқан ұйықтамастан, Құдайды құлай сүйген қырық ғашықтай. Әлқисса, дүбір жетті тыстан кенет, Жақындап қалғаны ғой дұшпан демек... Айналды қырық шәкірт қырық шейітке – Кеудеден доптай басы ұшқан бөлек. Тәңірді күндіз-түні ұлықтаған, Расулды дұғасынан ұмытпаған, – Солардың ең жақсысы Қаңғырқаз-ды*, Ол өлді жүріп барып қырық қадам. Сәждеге қою үшін асығыстап, Сұлады қолыменен басын ұстап. Сол жерден қос бәйтерек өсіп шыққан, Секілді шөлге біткен жасыл ұшпақ...

Замана тұрмас алға көшті асырмай, Содан соң уақыт өткен бес ғасырдай. (Қирады сан медіресе біздің қырда, Бүгінде орны жатыр ескі асылдай.) (Мың шүкір, болған емес ділім көпек, Мың шүкір, болған емес тілім көкек.) Б-а-я-ғ-ы қос бәйтерек құлап түскен – Дүниеден қайтқан күні Пірім Бекет. Қасиетін жоғалтпапты бәйтеректер, Оларға кейде келіп айтады өкпе ел. ...Топырағы киелі жұртым аман болса, Жапырақсыз талай ағаш қайта көктер!.. *Қаңғырқаз әулие (Қаңғыр қазы) – Шайыр ауылының оңтүстік жағында, басында қарағаш өскен нысан. Аңыз оқиғасы 14 ғасырдағы Маңғыстауда ислам дінінің таралуына сәйкес келеді.

«АҚТАУ АҚПАРЛАРЫ» ТОПТАМАСЫНАН

  1. Қолтықтағы* қала

Каспийдің қолтығына құлады Адай...

Ілияс Жансүгірұлы

Бағзы да емес, жаңа да емес бұл Ақтау, Бұл Ақтаудан менің ауылым жырақтау... Қошқар-Ата қоныс қылған бабажұрт, Қалың Адай тоғыс қылған бабажұрт, Бабажұртта қандай бақыт тұрақтау!

Теңіз анау – толқын-толқын қарт айдын, Қарт айдында сәулесі бар жарты Айдың. Шабыттары шағаладай шарқ ұрған – Шәрден біраз шайыр көріп марқайдым.

Уақытым тар – жыр жазуға көсіліп, Жүргендер көп бостан-босқа төс ұрып. Тым болмаса көкті кезген бұлт та жоқ – Өксіп-өксіп жылау үшін қосылып.

Бағзы да емес, жаңа да емес бұл Ақтау, Бұл Ақтаудан менің ауылым жырақтау... Қошқар-Ата қоныс қылған бабажұрт, Қалың Адай тоғыс қылған бабажұрт, Бабажұртым барлығына шыдапты-ау!

*Қолтық – Ақтау қаласы орналасқан жердің ескі атауы.

  1. Түнгі тәубе

Жазғы түн – жеті қараңғы, Жүрекке ып-ыстық сыз өтіп... Әлдилеп екі баламды, Отырмын өлеңмен күзетіп.

Жанымның дұғасын жолдай, Өргіздім өртенген өзектен. Алдында күнә-ісім болмай, Барайын Аллама кезекпен.

Көлдетіп зікірлі жасты, Жылағым келеді біртүрлі. Көңілім бүкір қыр асты, Жұпарлап мұңым мен күлкімді.

Мына түн – Қадір түніндей, Есіп тұр мүбәрәк бір самал. Қолдаса сабыр пірімдей, Санамды сары алтын нұр шалар.

Тәңірімнің зарықтырғаны, Аңсаумен келемін дидарын. Болайын ғаріп-құрбаны, Серттескен жолдасым – иманым.

Алдымен ниетім сыналад, Ниетімдей ағарып таң атты-ау. Тұрағым – жетінші қабат, Бұрыннан белгілі Шәр-Ақтау...

  1. Тағы да қала хақында

Ай, Ақтау, Өмір шіркін қарашаға таяпты-ау... Мен Бейнеуден арман қуып кетіп ем, Өскенім рас бала болып саяқтау.

Көктеміңде қызды сүйдім қоңыр көз, Есімде әлі со бір сезім, со бір кез. Шаһар кезген шерлі шайыр екенмін, Ауыл жайлы ой түсірмен көңілге ез.

Отты өлеңім сөнбек емес Отпаннан, Өзегіңді өртеу үшін шоқ тамған. Дала қалар одан сайын құлазып, Табылмаса жоғалғанын жоқтарман.

Сенен безбес көк аспан да, теңіз де, Гүл дидарың сыймас күзгі лебізге. Қарашаның қабағынан қар жауса, Тайғақ жолдың жанабынан мені ізде...

  1. Түс. Күзгі Ақтау

Қала тұр қарашада қаңыраған, Арылмай жатушы еді-ау дабырадан. Қасымда жан адам жоқ, Күз ғана бар, Ал оның белгілі ғой зары маған.

Күз мені жұбатады жылама деп, Отырмын жағдайымды сұрама деп. Ырасы: Күз де – жалғыз, мен де – жалғыз, Біз талай сынақтарға шыдаған ек...

Қос жетім аман қалдық Тәңір сақтап, Әуелден берген екен бәрін шақтап. Күз шығар маңдайыма жазылғаны – Дүниеге келмей тұрып әлімсақта-ақ.

Қалада қаңғып жүрмін қаңыраған, Арылмай жатушы еді-ау дабырадан. Қасымда ескі досым – Күз ғана бар, Жоқ мұнда Светқали, Сабыр ағам...

  1. Түс. Қысқы Ақтау

Алғашқы қардай тап-таза болып, Алдымда жатыр ақ қағаз өліп. Жазылмай қалды бетіне жазу, Өлең екеуміз Хаққа зар едік.

Періште ғой ол жерге құлаған, Кәләмнан хабар бермеді маған. Ақынның жасы тамады түннен, Ағады түннен шерленіп әмән...

Қағаздың жоқ-ау ақ түсінде мін, Бақ құсым дедім, дақ түсірмедім. Өмірдің түсте кермегін татып, Көрермін өңде тәттісін керім.

Бүлдіріп қайтем, сақтауға тұрар, Күл қылып қайтем, жақпауға тұрар. Қыс жатыр аппақ құрбаным сынды, Аққудай әлем – Ақтауға құмар...

  1. Біздің балалық

Қалада көп қой ойын алаңы, Тебеді балдар ала доп... Оралды кенет ойыма бәрі, Не істемедім мен бала боп?!

Жасырып қайтем тентектігімді, Жасадым кейде бұзықтық. Жоғалттым кейін желкек түрімді, Жоқ екен онсыз қызық түк.

Жас күнім қалды ауылда сонау – Жүгірген жалаң аяқпен. Төбе басында (тауым да сол-ау) Қой бақтым талай таяқпен.

Жас күнім қалды ауылда сонау – Көктеген бірге көктеммен. Төбе басында (тауым да сол-ау) Шөп шаптым талай кетпенмен.

Жас күнім қалды ауылда сонау – Бәйшешек құсап гүлдеген. Төбе басында (тауым да сол-ау) Тіл қаттым талай жырменен.

Бақытқа бастар жол көздеп едім, Бақытын бұзбай ешкімнің.

Көкем бар еді ол кезде менің, Көкем қайтқан соң ес білдім.

Болмады бізде ойнайтын алаң, Көшеде тептім ала доп. Болмады ой да ойлайтын арам, Көңілім тұрды дала деп...

  1. Теңізге ғашық қыз

Мені іздесең теңіз жақта деп ізде... Айгүл Талыс

Теңізге ғашық қыз – жағада, Тағы да жалғыз қалған ба, сірә? Шарқ ұрып ұшады шағала, Ұқсайды ол аппақ армандасына.

Жандар көп жүйелі бақ қуған, Теңізді мұнда сүйеді Ақтау да. Аумайды бұл шаһар аққудан – Ант еткен арға күйе жақпауға.

Сыр шертіп тұңғиық тереңнен, Тулайды сезім толқындай тынбай. Жырлаған жүрекке сенем мен, Өлеңсіз дүние солқылдайтындай.

Толқындар салғандай ғашық ән, Махаббат көлі – қасиетті айдын. Теңіздей көңілім бар тасыған – Аз болмаса да қасірет-қайғым.

Теңізге ғашық қыз – жағада, Тағы да, сірә, жалғыз қалған ба? Өмірлік серігін таба ма, Жеткізсін Алла мәңгі ізгі арманға!

  1. Каспийдің көз жасы

Каспийдің көз жасы – тереңде, Сорасын ешкім де көрмейді. Кеудесі толы оның шеменге, Сондықтан жүрегі шөлдейді.

Не білдік құрлықта тұрып біз, Салады дейміз-ау айдын ән. Уағынан бәрін кеш ұғыппыз, Толқындар өлуде қайғыдан. Қайғыдан өлуде толқындар, Жағаға асығып – асылып. Менің де қу жаным солқылдар, Жарамды өзгеден жасырып. Жас ұрып талайын қайықтың, Батқан-дүр түбіне теңіздің. Суындай* жоғалған ғайыппын, Каспиймен о бастан егізбін!.. *Суын – аңыздағы теңіз жылқысы. «ЖАҢАӨЗЕН ЖЫРЛАРЫ» ТОПТАМАСЫНАН (Рух реквиемі) Әрине, сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан, сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед F.C. сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! (Бақара сүресі, 155-аят.) 1. Жанпида

Маңғыстау, мен қайтейін мың зарыңды, Мың-мыңдап қайран елім мұң жамылды!.. Қырғыны қатты тиді «бейбіт күннің», Қыршыннан қиып кетті-ау ұлдарыңды.

Туғалы маңдайымыз тайқы ма еді, Түртті екен сайтанаттың қай түлені? Қашаннан жүрек жұтқан жұрт едік қой – Қолдаған пір медеті, шайхы демі...

Кесіліп Ақтың қолы, Хақтың жолы, Күл болды басқа қонған бақтың зоры. Тарылды тынысымыз, ырысымыз, Табылды қаңғып келген жаттың жоғы.

Аспанда Құдай бар-ды, жерде – мұнай, Адайға тек қана сор бергені ма-ай? Бейкүнә боздақтарың қырылмаса – Бейуақта батпас едім шерге бұлай...

  1. Желтоқсан түні

Мына түн ызғарлы – қарғыстай, Себебі – жүрегі суыған. Өлетін сияқты таң құшпай, Көп жұтып өксіктің уынан.

Мына түн ызбарлы – тамұқтай, Себебі – өртеніп барады ол. Айналып кеткендей табытқа Ай, Созылды көкке, әне, қара қол...

Мына түн жаралы – жанымдай, Себебі – сотталған ар үшін. Қайтейін, қорғаушым табылмай, Алаңда тапталған намысым.

Мына түн қаралы – жұртымдай, Себебі – оқ тескен маңдайын. Жаңаөзен қалмайды бұлқынбай, Өткенді ұмытпай әрдайым...

  1. Мұнар күн

Басталмай-ақ аяқталды-ау бір сапар, Уа, неғылған шаһар еді бұл шаһар?! Үш қияным түс-қиялым болған кез, Жүректерге атпай жатыр нұр-сахар.

Жырау жұртым жырламаған байыпсыз, Жан жаратқан Алла ғана – ғайыпсыз. Неден жаздық қалатындай адыра – Маңғыстаусыз, Еділсіз һәм Жайықсыз?..

Жайлы да емес, майлы да емес, малды емес, Күлдігімді кезіп жүр тек зарлы елес. Мен қайтейін ғапылдығын дүниенің, Сайтан келіп ортамызға салды егес.

Алаң анау – қаны сіңген қыршынның, Даусы қалды атылған оқ – дүрсілдің. ...Мұнар күн боп мұңданып тұр көңілім, Жыл соңында жалғыздықтан күрсіндім!..

  1. Қанды жұма

Жаһанның назарында – қанды жұма, Желтоқсан жаңғырып тұр жанды жұла. Сен үшін өлу – арман, маңғаз мекен, Серт еткем мен озалда Жалғызыма!

Жалғызым – сені берген көктегі Алла, Алланың жазғанына өкпе бар ма? Сатқындар өз жазасын алады әлі, Ақиқат – аққан қанда, төккен арда!.. Бұл күнде азайған жоқ құрбандарың, Белсенді кілең жендет қырған бәрін. «Қазақи» қорқаулықты әлем көрді, Қарай гөр оқты қару құлданғанын. Азасын Жаңаөзеннің зарым дерсің, Аманат сақтағанды нарым дерсің. Жамандық ескі жылмен ғайып болып, Жаратқан пайғамбарлық сабыр берсін. ...Әумин! 20-22. 12. 2011ж.

«БЕЙНЕУ БАЯНДАРЫ» ТОПТАМАСЫНАН

  1. Біздің Бейнеу

Бейнеуде қойтасы көп қорым жатыр, Бейіті біздің елдің сол болады...

Есенғали

Бозаң қырдың боздауын елемеппін, Бұл ауылдан, апырмай, неге кетті? Бебеулеймін түсімде – назын естіп Бетегенің, жусанның, ебелектің...

Бейбақ жүрек, қасқа жан – жараланғыш, Бозторғайдай іздейді даладан күш. Бір үміт пен бір күдік арасында Бітпей жатқан сияқты жаман аңдыс.

Бетпақ қала білдірді жаттығын көп, Бұлдыр күндер келмеді шаттығым боп. Бөлтірігін жоқтаған Құба Арланды Барақ иттер қашанда сатты күндеп.

Буындырып орайды жыланша мұң, Бассыз қайда баратыр құнан шағым? Бағзы мешіт, көн қорым еске түсіп, Бекет-Ата жайлауын шын аңсадым.

Баяғыда... жағылмай от-ұраны, Байтақ елім босқан соң тоқырады. Бәйіт қылам Баба Жұрт қасиетін, Бұйырғанша торқалы топырағы.

Балбал жаққа бұрып ап бүйірімді, Бәдіздейін бетіне күйігімді... Бағым озбай тұрғанда, құдауанда, Бөрі құсап табайын үйірімді!..

  1. Баламола. Еске алу жыры

Қорым бар анау қырдың басында, Құбыла жақтан қарап тұр. Қой бағып талай жүрдім қасында, Қоңыр да момын алап бұл.

Кейбір бейітке бесік қойылған, Сәбидің анық белгісі ол. Самал жел ғана есіп бой ұрған, Ананың қолы енді сол...

Көктем келгенде мына беткейге, Бәйшешек гүлім өсетін. Бөбектей бұлттар жылап ед кейде, Төбемнен сосын көшетін.

Орындалмастан шетінеп кетті, Бар еді балғын арманым. Жүрегімді өлең жетім етпепті, Құдай жеткізер қалғанын...

  1. Тандыр нан

Қас қағым балалық дәуреннің Өтерін білмеппін басымнан... Анашым, мен сенің сәулеңмін – Жап-жарық дүниеге шашылған!

Тағдырдан көрсем де қаттылық, Сәттер көп санамда жаңғырған. Балдарым жесін деп, тәтті ғып Пісіріп беруші ең тандыр нан.

Құдайға шүкірлік етемін, Себебі, жетім боп өспедік. Жанымды мазалап жеке мұң, Келемін, әйтеуір, көшке еріп.

Ер жеттім құмартып ғазалға, Бүгінде асыппын сан қырдан. Сонау бір жылдары базарда Сатқанбыз ып-ыстық тандыр нан.

Бірақ та сол күндер қайрылмас, Түскені болмаса есіме. Ертеңге құшағым жайдым, рас, Өткенге өкінем несіне?

Жан анам, лайықсың құрметке,

Осы ғой өмірімнің жақсы әні. ...Нұр төгіп толған Ай тұр көкте, Тандыр нан сияқты сап-сары...

  1. Күз. Бейнеу вокзалында

Жалғызсырап жүректің жылағаны сұмдық-ай, Құр сенделдім перронда жоқ іздеген жындыдай. Бір жақтарға асыққыш жол баласы мен едім, Кезбелікпен ғұмырын сүргін қылған кім бұлай?

Машайықтар жатқан жер көкейімнен тозбасын, Көңілсіздеу мына түн бағзы шерді қозғасын. Елеңдеймін келмейтін бір пойызды күткендей, Билетімнің бетіне тамшылап тұр көз жасым...

Өтміші көп сұм жалған бүгін мені қорлады, ә, Жас күнімді сағындым тоқсан түрлі толғана. Түйсігімді оятты-ау аңқыр иісі тандырдың, Қайда кетті кішкентай нан сатушы сол бала?

Солқылдаған санамда сұрақтар жүр қаңғырған, Әттеген-ай, қайтадан шырқалмайды тағдырлы ән. Түк сезбейді вогондар, түк білмейді рельстер, Мөлдір мұңды көз жасым көрінбеді жаңбырдан...

  1. Жусан төбе

Жусан төбе – талай таудан мәндірек... Жұмекен

Жеткізбейді-ау сағымдай қусам көне, Қой бақпас ем жасымнан тусам төре. Теңіз сынды Бейнеудің жал-жал құмы, Тау сықылды мұндағы жусан төбе.

Ала таңнан түз кездім күн батқанша, Қымбаттасын сол күндер қымбаттанса. Белестерім бүк түсіп жатыр кілең – Шешімдері жоғалған жұмбақтарша. Хақтың нұры үстінен жауған құйып, Жусан төбе сондықтан таудан биік. Кеңдігін-ай даланың, кеңдігін-ай, Сыймай кетіп ғайыпқа ауған киік... Киік едім мен де бір – лағыл арман, Естірек қой қашанда тағы малдан. Тарлығын-ай қаланың, тарлығын-ай, Тұтқын болдық жырақта қағы қалған. Сөзім жетті құрбының құрмасына, Көзім жетті жалғанның тұрмасына. Шәр ішінде адастым жынды құсап – Бұл да болса дайындық қыр басына.

Жусан басы бүр жарса бусанар түп, Қой бақпас ем жасымнан тусам артық. Бейіт болып Бейнеудің беткейінде, Жатам ертең мәңгілік жусан аңқып...

  1. Хроника - 2011

Мен неткенмін, неткенмін, Бейнеуден де кеткенмін... Сол кеткеннен санасам бес жыл өтті, Жүриятым, кеше алсаң кеш жүректі. Қырды көрсем қайтамын емге көріп, Қыңыр қала қозғайды ескі дертті.

Бұл бабамнан адыра қалынған жер, Пәмді мешіт-медіресе салынған жер. Неге мені бұралаң жолдар айдап, Домалатты қаңбақтай қағынған жел?..

Содан менің жүрісім – нәлет жүріс, Құдіреті күшті Тәңірім кәр етті-міс. Түніменен болмайды ұйқы жайлы, Күніменен болмайды тәбет тыныш.

Мен Бейнеуден кеткелі бес жыл өтті, Жүриятым, кеше алсаң кеш жүректі. Қырды көрсем қайтамын емге көріп, Қыңыр қала қозғайды ескі дертті. Қайтейін енді?..

ЖЫР МЕН ДЫР

Білгенге сөзім жыр болар, Білмегенге дыр болар... Нұрым Шыршығұлұлы Жадымыздан жоғалған-дүр бір дерек: Нұрға – жүрек, ал жүрекке нұр керек! Кемел кәллә – шешілмеген жұмбақ бас, Ой арқылы жаратылмақ жыр бөлек. Заман мынау жырды ұмытып дыр қуған, Бітпей қойды-ау дырдуы көп тыр думан. Хақтың нұрын ажыраттық жүректен, Екіестенген мый – дүбәрә, тіл – будан... Бүтінделмей құмар болдық жартыға, Өмір сүру – ерте өлудің шарты ма? Қайран қоғам қабілетсіз ғой қайырға, Жыр жазамын тұншыққан соң зарпына. Ақша ауруын жұқтырыпты жұрт-елім, Алла берген жүрек – пұлсыз, нұр – тегін. Күз секілді жылай білем мен де өксіп, Көз жасымды жырмен ғана сүртемін.

Көрдім талай құрбылардың құрмасын, Ой жоқ жерде дүрмек үстем, дыр басым. ...Жүректі нұр – табиғатты сырласын, Нұрлы жүрек – ақиқатты жырласын!..

ҚҰМЫРСҚАМЕН ДИПЛОМАТИЯ ЕМЕС

...Бір құмырсқа: “Әй, құмырсқалар! Ұяларыңа кіріңдер. Сүлеймен, оның әскерлері сендерді білмей жаншып кетпесін,”- деді. Құран-Кәрім ...Тек маған құмырсқа бол демеші, аға, Айтпайын қазақ бол деп мен де саған. Есенғали ...Құмырсқаның Құдайға жалынғанын Біле алмаймыз, түкті де біле алмаймыз! Тыныштықбек Менің әкем – Дәуіт емес, Пайғамбарлық қонбаған. Тақ Сүлеймен бола алмадым, Ләшкерім де болмаған. Атам Бекет – Пірдің соңы, Әруағы бұлтай торлаған. Мекен қылып Ғаршы-Көкті, Бір Аллам бар қолдаған... Әлқисса, сұрақ қойдым құмырсқаға: – Жер асты қалай өзі, тыныш па, аға? Көр – өлгендікі, Подвал – бомждікі, Қылует – хазіреттікі,

Ал маған табылмас па дұрыс пана? Шалқайып жүргендерге байқалмайсың, Өзіңе қайтіп қана жай талғайсың? Ақиқат – Құран-Кәрімдікі, Аңыз – Есенғалидікі, Аңқыма – Тыныштықбектікі, Сен қашан «Эврика!» деп айқайлайсың? ...Бірақ ол кетіп қалды дым деместен, Осы мен айрылармын мүлдем естен. Дүние – дүрбелең, Өмір – өткінші, Тірлік – тұрлаусыз, Жөн еді-ау құмырсқамен бір кеңескен...

АЙЛЫ ТҮЙСІК

Үнсіздіктің шыңғырысын доғардым, Жоқ қаладан жоқ қараған болармын!.. Мендік әуен – Айдың сазды сәулесі, Бейуақ билеп жапыраққа қонар мұң. Жан дүниемді қараңғы елес сорғылап, Көкірегімнен бара жатыр жол құлап. Сайтан сіңген түкпірлерге сүйрелей, Түнек неге жұлдыздарды қор қылад? Құдай жаққа қанат қақты қолжазбам, Біреу бардай маған көзсіз көр қазған... Күлдір-күлдір кісінескенде жер мен көк, Мөлдір-мөлдір жанарымда сөнді азбан... Ғайыптан да түлен түрткен бұлт шұбап, Тажал төнсе тұра алмас ед жұрт шыдап. Аппақ шұғыла шашады есім әлемге, Қырық шілтенім тұтатқанда қырық шырақ.

Қаңғыр ойым қашып шыққан мола анау, Әруақтарға мүмкін бе екен жоламау?.. Қара көңілім бұл жалғанға нұр аңқып, Он төртінен Айдай тылсым толар-ау!..

ҚАРАҢҒЫЛЫҚ - 1

Кәрі сайтан ымырттана күл себер, Күл үстіне маң-маңдаған түн шөгер... Көктей өтсем қап-қара отты тозақтық – Күн кейпінде қызыл-қызыл мұң сөнер!.. Ақыл-естен алжасулы кезім бұл, Қорқыныштан қалтырайды сезім-гүл. Жалғыз қалсам – қос жанарым еңкілдеп, Келе берер өзімнен де безінгім. Миымдағы ойдың борап күлгіні, Ғайып болып жоғалармын бір күні... Қоздырады-ау заманақыр жындарын – Пенделердің бейберекет тірлігі!.. Ит жүрегім аспан жаққа зар ұлып, Зор обалдан кететіндей жарылып. Көзім алды – көлбең-көлбең көп елес, Айдың бетін бояп жатыр сары ғып.

Кірпігімде қағылмаған қанат бар, Көкейіңмен ең соңғы рет қарап қал... Кітаптардың кірер тағы түсіне – Күлге айнала ұшып жүрген парақтар!..

ҚАРАҢҒЫЛЫҚ - 2

Қара нұрлы түнді құштым кезекті, Ойлар ұлып миымды да мезі етті... Түске енбесін күндіз көрген ит тірлік, Сағат тілін он екіге безепті!.. Жетім шамы жалықтырды бөлменің, Аспантекті жұлдыздарға шөлдедім. Көзім жасы түйсігіме тамшылап, Естіртіп тұр бір үміттің сөнгенін. Айға берер сәлемім бар кешіккен – Белі шықпай жатқан кезде бесіктен... Тамырымда тулай түсіп отты жыр, Азандассам таңға жақын мешітпен!.. Шайтан-түнек шәргілдігін жұққызып, Бұл дүниеде қалмағандай түк қызық. Көркем ұшып періштелер келердей, Тәңірімнің түшкірісінен құт түзіп.

Сыртта мені соңғы сапар тосуда, Ажал жетсе уақытым жоқ шошуға... Қаңғып шыққан ойларымды өлтірсең, Жансызданған түннің тәнін қоса ула!..

ДИСФОРИЯ

Жанарымнан жұпардай мұң бұрқырап, Жыр жазамын Жанымды шыңғыртып-ақ... Жұлдыз-Гүлдер аспанда қауыз жарса, Жалқындана жарықтық Түн құлпырад... Мен – сол Түннің қараңғы баласымын, Кештім талай таң ата дала шығын. Жер өксиді – теңізге Күн батқанда, Сыздайтыны және бар жарасының. Ұғылмайтын бір ғана бәйітпенен – Түсініксіз тылсым ғой Ғайып деген... Мен сүйетін Перінің Қызы мінген – Құс Жолынан қанатты қайық көрем... Ай – жартыкеш, қайтейін, Мен – есалаң, Жалғыздықтан бізді жұрт демес аман. Жетім Қырдың шөптерін қозғап қойып, Салды тағы салқындау Жел есер ән.

Көр ішіне – Күн шықса көшіп алып, Ақыреттің аңқимын Қошы дарып... Жалқы мола басында – жалғыз ағаш, Жылап тұрды көз жасы жосып ағып...

АРЗУ

Құсни түннің қанаты – қыршын дәурен, Сусылдап тұр ғаламды тылсымдаумен!.. Лаухыдағы Кәламдай шексіз аңқып, Жүрегімде бір өлең күрсінді-ау кең. Ғұмыр бойы шектіріп тәтті азабын, Жетер, бәлкім, түбінде Хаққа зарым. Аймен қоса жұлдыздар мөлт-мөлт етер – Тамшыласа көзімнен тап-таза мұң!.. Түз төсінде жанғанда тұтанып от, Пәруаналар жалыннан жұтады көп. Мен де талай татқанмын бал шараптан, Жалқы жырым Жұмақтың жұпары боп. Мәй ішкенмін, содан соң шер ішкенмін, Шайтандардың шәріне теріс келдім. Ғазал арнап шығыстың шәйіріндей, Пейішінде шалқыдым Періштемнің.

Шуағы мен шұғыласын қатар жайып, Орнайды әлі әлемге Сахар-Ғайып!.. Құс жолына жәудіреп қарай берем, Дидар-талап қылғанға сапар лайық. Бақиға тән бақ табу – жалғыз арман, Фәни кезген елес қой пәмді жалған. ...Ақиқаттың атқанда аппақ таңы – Нұр жұқса екен жаныма Мәңгі Жардан!..

ЖОҒАЛУ

Айға қарап түнде ұлыса бөрілер, Тәңірдің де көлеңкесі көрінер!.. Менің шерлі жүрегімді дұғалап, Жыр жұлдызы таң атқанша төгілер. Кеше мерт боп жапырақтық дірілден, Сезім көп қой бүгін қайта тірілген. Шыр айналып сорлы сайтан билеп жүр, Айырмақшы, ә, періштемнен, пірімнен? Дем бермесе сәулесімен аспанға Ай, Тұншығамын мәңгі түнек басқандай... Қара бұлтты кештім талай түсімде, Жанарымнан бір тамшы да жас тамбай... Түпкі ойымды түсінетін дос қайда, Дос дегенді жалғыздығым қоштай ма? Бөлмем іші ойнап жатыр мұңды күй, Кеңістікке телміріп тұр босқа айна.

Өлеңімнен шашырайды жан күліп, Жұмақ нұрынан жаралғанын заңды ғып. Еш өкінбей кетіп барам өмірден, Ғайып дүние, саған қарай қаңғырып!..

ПАРАЛОГИЗМ

Тыраулайды былдыр-былдыр ертегім, Тұмаурайды бұлдыр-бұлдыр ертеңім!.. Көз ұшында қала берер қол бұлғап - Келте ғұмыр, келте дәурен, келте күн!.. Қалшылымның таңдайына тамып шық, Қап-қараңғы тірі түн тұр зарықсып. Мөлтеңдеген жұлдыздарды дұғалай, Мәңгіліктен саулайды аңқып жарық сүт. Сары күздің елесі өшіп санамда, Соқыр жолда адасқақ боп барам ба?.. Жан дүниемнің нұры сіңбей тәніме, Жапырақтай тапталам ба табанға?.. Бойлай жүріп бейуақтағы көшені, Бейдауа жел жын қаққандай бөседі. Айдың беті қызарады сәл ғана, Аспан – оның өз үйі – өлең төсегі.

Шалық соғып махаббаттың шөлімен, Шам түрінде жалғыздықтан сөніп ем!.. Өң мен түстің алма-кезек қонағы – Өлген ойым қалқып шықты көрінен!..

ШЕРМЕНДЕ

Кеш түскенде жырақ кетіп Күн елден, Күрсінеді көлеңкеміз түнерген... Тәңірісін сағынғанда бөрілер – Түннің неге жылайтынын білер ме ең? Көз ілмесең – түйсігіңде Ай балқып, Сәуле төгіп, тұрар еді-ау жәй қалқып. Бейуақ жалғыз сезініп көр өзіңді, Мұндай кезде қуаныштан қайғы артық... Көре қалсам Түн жанарын жас тамған, Жүрегіме мұң саулайды аспаннан. Сен де мендей шермендесің ғайыптық, Өмір бізге жұлдыз-мөрін басты алдан. Нағыз өлең – жас сәбидің іңгәсі, Періштелік пәк пейілмен тыңдашы... Зікір айтып Жаратқанға зарласақ, Шайтан шошып, домалайды жын басы.

Болашаққа жұпарланған нұр апар, Нұр жұқпаса тазармайды күнәһар. Күбірлейік Түннің тылсым дұғасын – Кеңігенше жалған дүние мына тар!..

ҚАРА СҰЛБА

Түн жылап құр... төнеді қара сұлба... Тұнжырап қыр... көнеді дала сұмға... Ғасырлардың жаңғырып санасында, Ғасылдандым мәңгілік дара сырға. Жол көрінді жон асқан, жан баспаған, Бұйырады ол – бұйырса алғаш маған. Кеше бәрі мен үшін басқаша еді-ау, Қайда кеткен жұмаққа жалғас панам?.. Дірілдедім жапырақсыз күзгі ағаштай, Шара қайда жүрекке сыздамасқа-ай... Қара сұлба төстеп тұр жан-жағымды, Бір жарыққа жетсемші түзде адаспай. Тірісі де сезілмей, өлісі де, Теріс келді мына түн оң ісіме. Бұл тажал ма, ажал ма басқа түскен, Өлік болып қамалдым көр ішіне...

Ауыр сұрақ қойғандай Мүңкір-Нәңкір, Тар қапаста таныттым бұлқынған түр... Ауылым көшіп жоғалды аспан жаққа, Жалғыз мола ғана тұр жұртымда аңқыл. Көкке ұшпайтын құс едім қанаты жоқ, Қарамаймын көзімнен таратып от. Қара сұлба – жалмаған қанатымды, Жұтып қойған нұрымды – қара түнек!..

МҮМІН

Лүпілдеп таңғы нұр жүректен, Зікірлеп мәңгі жыр дүреткем. Бес күнгі сүрекпен, бес түрлі тілекпен – Бес құнды парызды пір еткем! Аллаға арналды бар мадақ, Жан-дүнием ғаріп боп зарламақ. Тілімнің тірі үні, ділімнің дірілі – Тоқсан да тоғыз-дүр ардақ ат! Жарқырап ақиқат нұры алдан, Құтылдым шайтани тұманнан. Жұмақтың жұпары, исламның кітабы – Өміріме беріп тұр Құран мән! Алты ауыз кәлима – Хақ Кәләм, Құдайым сақта деп сақтанам. Азайтып күнәмді, оқимын дұғамды – Ақырет күні үшін жаттаған! Тура жол – Пайғамбар сүндеті, Бас тартпау – үмбеттің міндеті. Фәниді сәндеген, бақиды пәмдеген – Шексіз ғой Тәңірімнің құрметі!

АРЫЛУ

Хабарсызға хабар келер Тәңірден, Телефоның түк емес. Ал мен үшін дүние – тар, қабір – кең, Көздерімде күлер ес. Жүрегімнен жасап алдым қылует, Түскім келмей тартысқа. Хас арманым – шын өмірді сүру ед, Былғандым-ау әр тұста... Кәуір құсап Хақтың жолын ұғынбай, Адастырды күнә ісім. Жалқы жаным шырқырады шыбындай, Көкке жолдап дұғасын. Жадыма алып құрсақтағы мінәні, Өзім жайлы ойландым. Келеді ертең тазаратын күн әлі, Періштелермен тойлармын...

ҚАДЫР ТҮНГІ НАСИХАТ

Түн біткеннің сұлтаны, Ақиқаттың нұр-таңы, Рамазан айында, Жәрдем болар қайымда, Жеті тозақ жоғалған, Сегіз жұмақ қол алған, Кәміл иман адамға – Қадыр түні – жалғыз-ақ түн ғаламда! Хақ Нәбиге түсірген соң Құранды, Қабыл алар барлық арзу-дұғаңды. От-шынжырмен байланады шайтандар, Ажыратар сенім менен күмәнді. Бұзарсың-ау қасіреттің қамалын, Талап қылсаң Жаратқанның жамалын. Ақыретте берері анық жемісін, Баптап тұрсаң бұ дүнияның дарағын. Бізге мәңгі аманаттап зайырды, Әруақтардың қолы көкке жайылды. Тағдырымыз жазылады Лауһыда, Ол сондықтан мың айдан да қайырлы.

Мен сөзімді шығындаман наданға, Түсінбесе – айналар деп харамға. Періштелер жерге түсер біз үшін, Ол сондықтан жалғыз-ақ түн ғаламда!..

ЗАР ИДІРГЕН

Адыра қалғыр бұл әлем Шектелмейді кәпірлікпен, күнәмен... Ал сен болсаң, періштедей жаным-ау, Жаратқанның жамалына құмар ең! Жоқ қой саған лайық түк, Жалғыз ғана махаббат бар ғайыптық. Ортасында фәни менен бақидың Жүзсем деймін табытымды қайық қып. Біздің жағдай – қысталаң, Саясаттың саудасына түсті адам. Дүниені дүрліктіріп шайтан би, Жамағатты жадылап жүр мыстан ән... Өмір сүрмей бір мәнді, Мен өтермін сүйреңдетіп сұлбамды. Жүрегімнің жұмағынан жаралып, Қараңғыға сіңіп кетті нұр мәңгі. Күмірем қапқыр бұл әлем Шеттелмейді күпірлікпен, кінәмен... Кесір қала тыныштығын жоғалтып, Тақсіреттен тыныстайды түн әрең!

ТОРЫҒУ ТҮНІ

Бес күндік ғұмырым қайда асығады, Бес уақыт намазға татымай? Сабырсыз заманға жайғасып, әні, Сайтандар сайран сап жатыр-ай... Өмірден жол таппай сенделіп келем, Өксікке өртетіп өзекті. Қиын ғой пендеге пенделік деген, Қайтейін, соқырдың көзі өтті. Іздеймін өзімді басқа адам құсап, Ізімді жасырып күлген ем. Адасқақ арманым – тас қараңғы шақ, Ай болып тумады түнгі өлең... Түнектей қара жас көзімнен емес, Тамады сөзімнен күрсініп. Жанымда зар боздап бозінген-елес, Жынымды келтірді-ау тіршілік. Уытты мендік ой оп-оңай өлді, У ішіп, суысып тынды ма? Мұң жұтам жетімек ботадай енді, Мылқаудың атынан шыңғыра...

СЕГІЗІНШІ СЕЗІМ

(Тыныштықбекке) Ақын деген – Қанатсыз Періште ғой, Сорлы жерде ұша алмай қалып қойған... Аңқылдатып Миымды келіскен Ой, Жарық шашты Мыңжылдық Зарық бойдан! Тегін Өлең – Жел Сөзден Қош бұрқырап, Тіл ұшынан аңқып тұр Төкпешілік. Көз алдымда Ғажайып Көш құлпырад – Көркем басы Тәңірлік Көкке сіңіп. Жалқындана оянып Тылсым Ішкі, Жүрегіме құйылар Жыр Жұпары. Түн де Менің Жанымнан Күрсін ішті, Күн де Менің Жанымнан Нұр жұтады! Күреңіткен тірлік қой Өңдегі бұл, Түсімде де қолдайды Хақ Тағалам. Ақыр-соңы тіреліп Көрге Ғұмыр, Пәрмен жетсе – тек Аспан жаққа барам...

Бағзы мұңды бейуақ қозғап-қозғап, Бабаураған күй тартар Қобыз-Дала. Шер тарқатып тынады боздап Боздақ, Түзгі Жолдың тоғысы – Тоғыз ғана! Болашақты болжаған Жас Пері – Мен, Шын Шайырдың Қайғысын сан ұғамын. Аузы түкті Кәуірдің Ғаскерінен – Кетпесе екен шайқалып Шаңырағым! Жарқыратып Бақ қонған Маңдайымды, Кәлиманы қайыра күбір еттім: Кеш зайырлы болсын деп, Таң – қайырлы, Шапағатын тіледім Құдіреттің. Рухымда Жебенің Таңбасы бар, Оны басқан – Жұмақтың Елшілері. Ешкім емес – Жаратқан Жарға сыңар, Ақ Сарбаз-ау, тезірек келші бері!.. ...Маған ЕС керек!!!

КІТАПТАҒЫ ӨЛЕҢДЕРІМЕ

Сендерді салып қойғандаймын қалыпқа, Сендерді қамап қойғандаймын табытқа. Әлде, мені шатастырған шайтан ба, Әлде, мені шатыстырған шабыт па?.. Қолыма қалам ұстатқанда тылсым күш, Сауладыңдар көкірегімнен күрсінгіш. Көркем жаздым, әдемілеп көшірдім, Ақымақтардың әуресі ғой бұл сынды іс. Дәптерім де аумай қалған түрмеден, Тор көздерін көрген кезде күрмелем. Әулие екен бұрынғының шайыры, Пендешілікпен зая ғұмыр сүрмеген. Білем, қазір жатырсыңдар түс көріп, Қос дүниені ой-санамнан тыс бөліп: Ел аузынан пыр-пыр ұшып жүрсіңдер, Алтын қанат, күміс көмей құс болып!..

ПАРОДИЯ. ҚИЯЛЕС

(Ақберенге) Мен едім ғой әуелден тылсым түнгі көкке үйір, Жұлдызы бар, Айы бар – аспан бейне коктейль. Сан құпиясын жасырды-ау жеті қабат кеңістік, Жаратылған екенмін ғаламаттардан көп кейін. Қағып тұрып қақпасын тірлік дейтін түрменің, Ой-санамнан байқадым ғасырлардың дірдегін. Былдыр-былдыр сәбидің күлкісіне де татымай, Жүйкесінен жұқарды дәрмен қалмай тірнегім... Жұпарлы жел сүйетін маңдайымды сор басты, Жауыр атша қайқаңдап бұраңдаған жол қашты. Мәңгіліктің мұң сіңген мәйханасында масайып, Мың армандап келемін болады деп болмасты.

Тұман басқан ғарыштан өлең іздеп, жыр қарап, Жақындаймын Тәңіріме – жүрегіме нұр қадап. Таң атқан соң айығып, жерге оралам қайтадан, Періштемнің бейкүнә көз жасындай сырғанап...

КЕРТАҒДЫР

Көрмедім көктен түскен Ғайсаны, Көрмедім жерден шыққан Мәдіні... Он төрті күні піскенде Ай сары – Тасыған жоқ қой құптан қадірі. Түнектен туған күмісқұлақ түн Жегідей жейді Жанымды менің. Дүние деген жымысқы-жаттың Албастыланған заңын білемін. Шақырады ажал Шайырды ғана – Ащы даусындай мұраталының. Далиып жатыр байырғы дала, Зарлы жүректі жұбатады кім?.. Келіп ем шәрден сағынып қырды, Зияраттамасам бейітті – ұят-ты. Кетсем-ау ұйықтап жамылып құмды, Күнәдан таза Шейіт сияқты. Шерлі көкірегім – толған қайғыға, Дос емес, білем, көркеуде маған. Жаратылғандай Сор Маңдай мына – Қасіреттерін мөрлеуге заман.

Жұлдыздар жылап төбемде тура, Мен тұрмын кермек көз жасын жұтып. Зауық қалмады Өлеңді оқуға, Әуре болмаңдар сөз басын күтіп!..

ШАЙЫР

(Бауыржанға) Айлы түнде – Айсоққан!.. Ойлы түнде – Ойсоққан!.. Дұға жолдап аспан жаққа дүр демі, Жұлдыздана жарқырайды сүлдері. Содан кейін ағыл-тегіл жылайды, Қатар кешіп қаңтар менен шілдені. Жанарында жетімдердің жасы бар, Әр тамшыдан адал қайыр шашырар. Маңдайынан періштенің нұры есіп, Таңдайынан жырдың мөрі басылар. Шаршатқанда қалаішіндік тіршілік – Даланы аңсап отырады күрсініп... Ақ параққа өлең үрлеп жатқаны – Жаратқанға жасағаны құлшылық... Лүпілдетіп жалғыздықты ділімен, Жұпарлы сөз боратады тілінен. Түйсіктеніп түпсіз қарашығы да, Іздейді өзін өліден һәм тіріден. Санасында ақырзаман жаңғырып,

Өлімін де күтеді екен паң күліп. Нәзік жаны ғайыпқа ұшып кетеді, Сорлы дүние қалады ғой мәңгіріп!..

АҚЫНДЫҚ ЭЛЕГИЯ

Шын Өлеңді құндағыма баладым, Менің өмірім Мәңгіліктің басы ғой... Күрсінісім – сары қайғы, қара мұң, Тылсым ішім – қоңыр түйсік, жасыл ой... Пешенеме тағдырым боп әу баста Сағыну да, зарығу да бұйырды-ау. Шарап ішіп айналғанмын Сау Масқа, Сайтанымнан айығуым қиындау. Бүгін ұқтым қорқынышымды кешегі, Сосын ыстық өксігіме жылындым. Маңдайымның сорын көріп бес елі, Ызыңдауын кеудемдегі Шыбынның!.. Кербез қала көз жасыма сенбеді, Өзегімнен у ғана тұр тамшылап. Шайыр болған Мендей ақымақ пендені Сергелдеңге салады әлі сан сынақ.

Миымды өртеп шіліңгірі шілденің, Төрт құбылам сіңіп жатыр сағымға. Құр өкініш – жылағаным, күлгенім, Шырғалаңнан шаршап бітті жаным да. Бір Алланың құдіретіне табынып, Ғұмырымды жырлау үшін жаралдым... Қап-қараңғы жалқы түнді жамылып, Мен өзімді Құс жолынан табармын!.. ШАБЫТ ШАҚЫРУ (Бақтыбайға) Қара өлеңді жазуға – Құдайдың өзі себепші. Ақ өлеңді жазуға – Алланың өзі медетші. Шақырғаным – жел шабыт, Толағайға тел шабыт! Әлқисса, қаламымды қолыма алдым, Торықсам – тоқыраудан торығармын... Жас болып жанарыма тұнуын-ай Қоңыр күз, қоңыр ауыл, қоңыр әннің!..

Жол – қисық, амал нешік, жүріс – нәлет, Жұрт құсап біз де тыныш тыныстар ек. Ал қазір оңашада қорланамын – Таңдаған бағытымыз дұрыс па деп. Бұл түні мақпал мінез самал еспей, Көңілім мұңға батар қара кештей. Төбемнен қарайды аспан қабақ шытып, Заңғар көк құртақандай маған өш пе-ей? Бейуақта зәр татитын шер ішкелі – Толғауым туды талай теріс, кері… Тәубеге келер ме екен соқыр дүние, Көргенде жұмақтағы періштені?.. Қалай ойлайсың???

ЗАР ЕМЕС ЗАМАН

Бұлғақ та бұлғақ, бұлғақ күн, Жоғалған ескі сүрлеумен Тоналған алтын уақытымды зырлаттың... Сен сағымдай бұлдырсың, Мен сертімде қалай тұрмақпын? Сен сағымдай бұлдырсың, Дәл қазір жарылатын сияқты – Кеудеме сыймай мың күрсін... Ақылымнан адасайын бір сәтке, Ойларым шыңғырсын! Ақылымнан адасайын бір сәтке, Есімді жиып содан соң, Өлең жазу үшін мұрсат бер!.. Маңдайыма менің қарашы, Тамшылап тұрған жоқ па бұршақ тер? Маңдайыма менің қарашы, Бармақтай бағымды көрерсің, Ол да еңірейді-ау, шамасы. ...Өмірдің айнасы һәм ойнасы – Қайран жүрегімнің жарасы!..

ЖЫЛДАМДЫҚ

Сен қайда асықтың, Уақыт, Мен жүрмін өзіңнен кешігіп: Өмірді жек көріп, ұнатып, Көңілді жел кеулеп есірік. Маңдайдан ізіңді байқадым, Көзімде – тұп-тұнық суретің. Дүниеден бір күні қайтамын, Жүректі қайтейін қу жетім. Ғайыпқа бет алған зайғымын, Жасаған жұмысым – ғапыл іс. Өлең деп жазғаным – қайғы-мұң, Жоқ шығар ақындай нақұрыс... Сен қайда барасың, Уақыт, Мен жүрмін өзіңнен адасып: Өмірді жылатып, жұбатып, Көңілді дұғалап қарашық. Көшті ғой тәп-тәтті дәуренім, Бұлт берді бақытты шағым да. Арманға жете алмай әуремін, Алданып бұлдырақ сағымға.

Бұл ғасыр – құрдасым, сырласым, Атымыз, затымыз – мәңгілік. Қайтадан бастаймын жыр басын, Қайтадан кеудемде жанды үміт...

ТӘУБЕХАТ

Жаббарым, жамалыңды күттіріп ең, Тіземді дәргейіңе бүктіріп ең... Жарық пен қараңғының өліарасы Көзімнің тірілгенде түкпірінен!.. Достасып қарғыс атқан Ібіліспен, Жасаппын күпір қылық күліп үстем. Дұғамды жалбарына жылап оқып, Күнәмді мойындаймын тынып іштен. Жанымның тыныштығы кеңісте жүр, Арымның жұлдызына теріс пе бұл? Алдымен тілейтінім – кәміл иман, Ақынның ақындығы – Періште-дүр! Шексіз ой түйсігімде дірдектейді, Аңқамнан мөлдір-мөлдір жыр кеппейді. Қарадым бүгін тағы Құбылаға, Уақыт тұр асықтырып – бірбеткейлі.

Сәулесін сіміреді қу маңдайым – Мешіттің төбесінен туғанда айым. Өмірде парызым көп өтелмеген, Қалайша қызық қуып думандайын? Кешкенім – бес-ақ күндік пенде ғұмыр, Ажалдың батпас, сірә, шеңгелі құр. ...Барады сапар шегіп Мәңгілікке Рух деп аталатын мендегі Нұр!..

ӘУЕЛГІ ӘПСАНА

Күн кешіп қайтейін керіспен, Шынымды дәл қазір айтамын. Оң иығымдағы – Періштем, Сол иығымдағы – Сайтаным. Қаңғырған жауапсыз сұрақпын, Жалғыздық дегенді сан ұқтым. Мен едім – жүрегі Жұмақтың, Мен едім – түнегі Тамұқтың!.. Қиялға берілген кәлләнің Адасқан ақылын жеңбедім. Нұрынан таралған Алланың, Ақын боп жаралған Пендемін. Өлеңнен өзімді танимын, Көзімде мөлдіреп хақи мұң. Мен едім – келтесі Фәнидің, Мен едім – еркесі Бақидың!.. Дүние тар екен, көңіл – кең, Көңіл де тар екен, көрім – кең. Басталған емеспін Өмірден, Һәм аяқталмаймын Өліммен.

Ақиқат жолында тер төктім, Сондықтан келмейді жәй өлгім. Мен едім – асылы Еркектің, Мен едім – ғашығы Әйелдің!..

БОЛМЫС

Кітаптарды ақтарсам да тым қалың, Шеше алмадым Жан Дүниемнің жұмбағын... Түйсігімнен бүр жарады Жұлдыз-Ой, Жүрегімнен аңқып Өлең – Құндағым. Айлы түннің жарығынан сазды іштім, Муза қыздың зарығынан наз құштым. Мәңгіліктің таңбасы боп мөрленген – Маңдайымда жазуы бар Жазмыштың! Көз жасымның тамшыларын шынжыр ғып, Жанарымда мөлдірейді Мыңжылдық. Жылап тұрып кірпігімді қаққанша, Күліп те алдым күн артынан күн зырғып. Ғұмырымды ерте бұрдым Ғайыпқа, Ал табаным тура жолдан тайып па?.. Арғы бетке жүзіп кетіп барады Барлық адам – бұл бес күндік Қайықта.

Тіл ұшында бұрқырайды Обалым – Тоқсан тарау толғауындай Тобаның. Құран сөзі дәлелдеді бүгінде Алла атынан Ақырзаман боларын. Қашып шығып тар лахатты Моладан, Өттім талай Ғасырлардан зобалаң. ...Сіңемін де тылсымданған Әлемге, Тәтті түстей тозаңданып жоғалам!..

ЖҰМБАҚ ЖАҒДАЙ

...Қайта жаралып, Тайғақ тағдырды теріс кешемін... Жалғанды көктей – сайтанаралық, Кезіп жүр мендік періште сенім. Қараңғы түннен тысқары шығып, Шам жақтым мидың түкпірлеріне. Гүл-гүл көктемге құстар ұшырып, Мәңгі өлең сіңді бүткіл деміме. Зар күйге толы қобыз-кеудем бұл – Көне сарынды қуат дарыған... Өтермін, бәлкім, жоқ іздеумен құр – Жап-жарық естің шуақтарынан... Жан дүнием бейуақ бұрқырап керім, Айдың қошынан масайып қалам. Самалын үрлеп қыр-қырат тегін, Жұпар атса да, рас, айықпағам. Мылқау тірліктен тұншығып тұрмын, Сиқыр сөздер кеп жібектей тілге. ...Дір етті жапырақ күрсініп күлгін, Жүрек кейпінде...

АНТИДОТ

Қараң қалды қараңғы елес, қара түн, Көз жасым ғой жұлдызданып таматын. Ноғай-Қазақ айрылғандай айрылып, Бөлек ұшты жаным менен қанатым. Содан бері шаһар кездім, күз кештім, Ғайып болды көктем дейтін қыз кескін. Кетеген бақ, қашаған жол жеткізбес, Қисық-қыңыр тағдырымды тізбеспін. Ұлы айқайым түсімде өлді тұншығып, Дәруіштей еттім үнсіз құлшылық. Бара жатыр тым алжасып уақыт, Бара жатыр тым адасып тіршілік. Түбі тесік шелек құсап таусылман, Құдірет бар тұс-тұсымнан қаусырған. Жазыламын құса-дерттен айығып, Үр-Пейіштің самалы ескен даусыңнан.

Дейсің: неге кетті өлеңге тауаның, Қойдың кеше Мүңкір-Нәңкір сауалын. Ал мен бүгін жыр жазамын тағы да, Жоқ өйткені саған берер жауабым. Ренжімеші, дауалым!..

КЕЗБЕ – ҒҰМЫР

Қаңғыбас боп жаралғам... Петефи Бір мұңым бар... ол қандай мұң?.. Бағытымды таппаған сормаңдаймын.. Өлеңімнен зар болып төгіледі – Жүрегіме зәр болып толған қайғым. Өз-өзімнен, әйтеуір, жүрмін қашып, Өлтірердей сұмдық ой құрдымға асық... Сұр қалаңды қайтейін – тұл қараңғы, Баласы едім кеп-кеше қырдың ғашық. Кесілді жол, үзілді талай үміт, Көкірегімді шер жатыр қақ айырып. Амалым жоқ – тобырлық топастықты Қоздырған соң қоғамдық жабайылық. Тамшылайды көзімнен жас та демде, Тұншығамын өксіктен қасқа мен де... Моламды да артыма қалдырмаспын Өтіп кетсем байқамай басқа әлемге – Шандор сияқты!..

ОНЫҢ ӨЛЕҢІ

Жеті қат аспан – төбемде, Жеті қат сезім – өлеңде. Бір тереңдігім – биікте, Бір биіктігім – тереңде. Кең ойып орын қақ төрден, Кезбе ақын едім бақ терген. Пәмділік құрдым кемді күн, Пәнидің дәмін Хақ берген. Тудырды мені мың жыл әр, Түйсікке түпсіз мұң жұғар. Жұлдыз ғып жасын ағызып, Жанарымдағы түн жылар... Қырық қат тылсым – аспанда, Қырық қат тарих – дастанда. Бір бостандығым – боданда, Бір бодандығым – бостанда. Күрсінге толып тұр кеудем, Күрсіндім көне сүрлеуден. Өмірде дым да білмеппін, Өтермін бәлкім білмеумен. Мың жылда тудым мың жырлап, Мисыздай қайтем мылжыңдап. Жұмаққа барар Алла деп, Жаныммен бірге кіл жұмбақ...

БЕЙТАНЫС ӘЛЕМ

Жыл өткен сайын жоғалып барам, Күн өткен сайын тоналып қалам. Бейтаныс әлем күтіп тұр мені, Жалғанда кім бар соны анықтаған? Құпияда жатыр – ғаламның мәні, Ғаламда жатыр – санамның нәрі. Жұмбаққа толып, мұңдақ та болып, Жаралмаған ғой адамның бәрі... Тірлік көп менде өмірден де өзге, Көрінбейді олар көрінген көзге. Жап-жарық нұрдан ақындар туған – Жер менен аспан бөлінген кезде. Жасырын жақтан келді күз бөтен, Түсіме кірді белгісіз мекен. Жапырақ-жаным қалтырап кетті, Ғайыпқа жүрек сенгісіз бе екен? Бейтаныс әлем – ішімде менің, Басымды игенім – кішірмегенім. Ұға алмай жүрсең кешірермін-ау, Дұрыс қой бірақ түсінбегенің...

ҚҰДІРЕТТІ СӨЗ

Мекен етіп ғарыштық тұман ішін, Бір жақыным жүргендей, бір алысым. Қарай берем елеңдеп түнгі аспанға, Қимастарым бар онда, ұғамысың? Олар жақтан жарқырап жұлдыз ағар, Байқап қалам сол кезде мұңды жанар. Жұлдыз нұры түнімен бетке тамып, Ұятым боп күнімен мың қызарар... Қимастарым дегенім – өлеңдерім, Түнгі аспанға сондықтан елеңдедім. Ақын болу маңдайға жазылмаса, Бұл өмірге, кім білсін, келер ме едім? Өлең тумас жүректен – ауырмаса, Естілмейді дүрсілі сауында аса. Жыр шыққанда майданға бес қарулы, Тым-тырақай жөнелер жауым қаша...

Өлеңдерім дегенім – періштелер, Пәктігімді шайтандар теріс көрер. Аққан жұлдыз секілді жарқыл қағып, Хақ кәләмді ақындар пейішке енер. Өлмейді өлең, түспейді көрге мүлде, Сәби құсап қалады ол жөргегінде. Мәңгі ғұмыр салтанат құрар сосын, Құдірретті Сөз аңқып жер-көгімде!..

ЖАРАЛЫ ЖҮРЕК

Ауырып жатыр кеудеде жүрек, Қайырсыздыққа қырсығып. Ақындар өлсе, беу, неге жүдеп, Жүректен кетед тұншығып? Жүрекке түсед салмақтың бәрі, Өмірде жоқ қой жеңілдік. Жүйкемнің бұлай зарлап тұрғаны – Жаратпаған соң темір ғып... Ауырад жүрек – нәзіктігінен, Қата алмай қара тас болып. Жалғаннан кейде қажып түңілем, Жүректен ыстық жас төгіп... Жараның көбі жүрекке құмар, Ал өзі мүлдем жалғыз ғой. Адасқан сынды түнекте мұнар – Бұл жағдай кімге салғызды ой? Дүниеден мынау дауасын таппай, Жүрекке кілең дерт толды. Тыныстап жүрген ауа сырқаттай, Мендік дем талай мерт болды...

Сау емес біздің ғасыр түгілі, Жүректей соққан сағат та әр. Жоғалған күні асыл тұғыры, Уақыттан безді тағаттар. Бұлқынып жатыр кеудеде жүрек, Шыдатпай күйбең тіршілік. Ақындар өлсе, беу, неге жүдеп, Жүректен кетед күрсініп?

ТЕМІР ТУРАЛЫ

Темірден болар көлігің, Темірден болар өлімің. Майқы би Бір бауырдан айырды-ау темір көлік, Бір кісідей сүрмеді ол өмір көріп. Өзекті өртер өкініш өлім болып, Өлгеннен соң жатамыз көңіл бөліп. Әзірейілдей жан алғыш темір жаман, Әл-шамаңа қарамас жебір заман. Жын ұрғандай жақсыдан жерінді адам, Желік буған пенделік неғылмаған? Заулайды жұрт көшеде темір мініп, Зауал барын ұмытып семірді ұлық. Қайран бабам жылқының тегін біліп, Қысқа күнде тарқатқан шерін қырық. Бұ дүниеде керек қой темір шыдам, Бос айқайдан пайда жоқ қоңырсыған. Өмірімнің шындығы өлім шығар, Өлмей тұрып кімім бар көңіл сұрар?

Қайыспастай жазылды темір өлең, Құсалықтан мұндайда еңірегем. Болжам айта алмаспын еліме мен, Болмасам да би құсап тебіренем...

ӨҢ МЕН ТҮС

Өңімде жазылмаған бір жырды Түсімде жыртып тастадым. Өңімде табылмаған бір нұрды Түсімде ұстап ластадым. Өңімде мазалаған бір сорды Түсімде қырқып тастадым. Өңімде бұйырмаған бір жолды Түсімде жырғап бастадым. Өңімде бағынбаған бір шыңды Түсімде тілеп сұрадым. Өңімде ашылмаған бір сырды Түсімде білеп сынадым. Өңімде туылмаған бір таңды Түсімде іздеп сұрадым. Өңімде жолықпаған бір жанды Түсімде жоқтап жыладым.

ЖОҒАЛҒАН КІЛТ

Жетім тамшыдай мөлдір мұңыммен көз жусам, Жүрек түбінде бұрқырар кілең боз жусан. Қызғалдақ гүлдей қызықтырасың, беу, дүние, Құбылған күндей мошқаулығыңа төздім сан. Сен мені-ақ тоздыр – тоздырсаң... Көне көлеңкем – қансырап жатқан қарт іңір, Бақилық тілде ұлиды көкке зар-күбір. Мезгілден тайып адасқан сорлы-ау өзімдей – Жалғыз теректің бұтағындағы жарты бүр. Жанымда – сөнбес жалқы нұр... Ай туар – мөр боп жалғыздығыма басылып, Түн құшағына құлайды сұлық жас үміт. Маңдайымдағы қос жұлдыз құсап жарқырай, Сапарын жалғар мағұрып пенен машырық. Жаңа бір жолдың басы – құт...

Түйсік сарайы бейуақыт ойдан былыққан, Құтылып болмас қап-қара сұлба – құрықтан. Сайтаннан дүреп санама сіңген бүлікті – Хақтың қолы деп жұлып алсыншы тымық таң. Мен – жоғалған кілт құлыптан...

МЕНДІК СЫНАҚ

Сүйген құлы мен едім – жаратты Аллам, Нұрды ғана көремін тараптардан. Рух-олламды нәпсіге патша қылдым – Бет-жүзімді құбылаға қаратқаннан. Сүйген құлы мен едім – зарлатты Аллам, Алыс қондым шайтани жалдаптардан. Сахар тұрып жаныма дауа таптым – Жанарымнан ыстық шер парлатқаннан. Сүйген құлы мен едім – қинады Аллам, Адам азап шекпейді ширағаннан. Тазарғанда айнадай жүрек кірден – Жасым төктім көзіме сыймағаннан. Сүйген құлы мен едім – сынады Аллам, Басқа амал жоқ бұл жолда шыдағаннан. Жалғыз Хаққа ғашықпын жаралғалы – Өмірге кеп шыр-р етіп жылағаннан...

ҚАРСЫЛАС Әй мүміндер! Исламға бүтіндей кіріңдер. Шайтанның ізіне ермеңдер. Өйткені ол сендерге ашық дұшпан. (Бақара сүресі, 208-аят.) Хаққа ғашық нұр-бейнем Ғаршыға сіңді, Дұғаладым зікірмен тамшы жасымды. Жүрегімді настықтан тазартқан сайын – Өз ішімнен таптым мен қарсыласымды... Қосылғаны-ай бір сәтте шеріме кектің, Қорқынышқа келмейді беріле кеткім. Қарсыласым жел болып кеулейді кейде, Қоныс қылып арасын тері мен еттің. Қошқа балап алжастым мыстанның дәмін, Досқа балап адастым құшқанның бәрін. Білмей-білмей жүрдім де, түсіндім енді – Ғұмыр бойы күресер дұшпанның барын...

Иманыма, арыма жанды байладым, Осы менің жиһадым – мәңгі майданым. Қарсыласы жоқ адам өлікпен бірдей, Құламасын деп тіле сәнді байрағым. Хаққа ғашық рух-оллам Ғаршыға сіңді, Дұғаладым өлеңмен жаршы ғасырды. Жүрегімді нәпсіден құтқарған сайын – Сабырменен жеңдім мен қарсыласымды...

КРЕСТ ПЕН АЙ

Сыртында емхананың – крест пен ай, Ішінде – өмір-өлім күрескені-ай. Адамдар кіріп жатыр, шығып жатыр, Ауруға зор денсаулық тілескені-ай. Басыма туды дейсің қай күлер күн, Көңілден қарап тұрып қайғы бөлдім. Шіркеудің төбесінен крест көрдім, Мешіттің төбесінен айды көрдім!.. Сыртында емхананың – крест пен ай, Ішінде – өмір-өлім тірескені-ай. Адамдар келіп жатыр, кетіп жатыр, Үміттің бір тұтанып, бір өшкені-ай. Құдайым дерттің бетін әрі қылсын, Өзіңді зорлап ішкен дәрі құрсын. Жас болып мезгілімен бала жүрсін, Қарт болып мезгілімен кәрі жүрсін!..

ЗАУЫҚ

Мынау алжасты заманда Тас боп қатып жүрегім тоқтап қалды, Еңірей берем неге-дүр жоқтап барды?.. Қонақ емес, тоналған жолаушымын, Сағындым-ау жоғалған соқпақтарды. Жылатудың шебері – сора-қайғы, Жанарымнан дүниедей домалайды. Жалыққан соң өңдегі күйбеңдерден, Жыр жазамын түсімде мола жайлы. Бұл өмірдің мысалы – Махшар-Қайым, Ғарасатты қалайша жақсартайын?.. Өнген шөптей көктемнің батасынан, Құдіреттен жарар ед тапсам пайым. Аламаны шайтанның – нәйіс деген, Қас-дұшпандық қылмаған жәй іспенен. Ет пен тері арасын жел кеулесе, Перендердің қолдауын райыс көрем.

Ұлықсаттың шырағы жанса парлай, Ақиқатты сөйлермін таң сахардай. Хақ Нәбидің пәк нұры – панаятым, Озалында жаралдым аңсап Арды-ай. Барым дермін Алланы, Бірім дермін, Қаһарланса тәубе етіп дірілдендім. Арттырармын бұйыртса дәрежемді, Зікір зарлап жүрегім тірілген күн!..

ҚАЙЫР

Жаратқанның жамалына жан шөлдеп, Жанарымнан құлай-құлай тамшы өлмек. Тура жолдан көп адасқан қаңғырмын, Ындын – қаран, нәпсі – харам, тән сор боп. Тас төбеме құлап кетсе жат аспан, Кім құтқармақ қап-қараңғы қапастан?.. Тағдырым бар – түсініксіз жазулы, Ғұмырым бар – шым-шытырық шатасқан. Көрдім талай тар заманның қыспағын, Көрдім талай қар заманның мыстанын. Төрт құбылымды жұтып қойып төрт түнек, Тықпақ болды көрге мені дұшпаным. Шалажансар тірлік кештім шаһарда, Тойып жүрдім шайтан құйған заһарға. Өксік толы өзегімді өртеген Мына жалған маған ғана қатал ма?!.

Бұйырмады шәрден пана, таудан ық, Дос дегенім – тірі мүрде, сау ғаріп. Хақ жұпарын жүрегімнен аңқытып, Сахар таңда зар жыладым тәуба ғып. Нұрмен шайып доғартайын күмәнді, Жырмен шайып жоғалтайын тұманды. Бүгін түнде өзгергей деп дүние, Көкке қарай бағыттаймын дұғамды!..

МАХАББАТ МАУСЫМЫ

Бес күндігім құбылған соң бес түрлі, Жылап туған бақ-жұлдызым кеш күлді. Толқымалы тағдыр кешіп жүр едім, Өзің жақтан лүпіл-сезім естілді. Жүрегіңмен сипай салсаң жұбантып, Маңдайымнан шалықтайды нұр аңқып. Бар болмысым құшағыңа сыйып тұр, Сенсіз дүние кең демедім құмартып... Жанарыңда құдірет бар мөп-мөлдір, Жамалыңда жайнап жатыр көктем гүл. Пәктігіңде періштелер шалқуда, Хақ тілінде олар маған төккен дүр. Құдай сені жазмышыма бұйырған, Кеудемізге шексіз ғарыш құйылған. Мына мезгіл бесінші бір маусымдай, Ал махаббат қиысып тұр қиыннан!..

АЛҒЫНШЫМ

Таңдайымда құсни сөйлеп Хақ тілі, Маңдайымда жұпар аңқып Бақ гүлі, Жүрегімнің иман тұнып пәктігі, Тілегімнің үміт сыйлап тәтті үні – Сүйдім сені, алғыншым! Бақытымды аңсап құшқан кезімде, Уақытымды тербеп іңкәр сезімде, Ән-күйімнен әуен шалқып көзімде, Әлдиімнен әуез толқып сөзімде – Сүйдім сені, алғыншым! Арманыма періштедей түн қатып, Әруағыма ғашық дұға тыңдатып, Көңілімді аппақ нұрмен сырлатып, Өмірімді өлеңіммен шырлатып – Сүйдім сені, алғыншым! Пешенемнің мөрін басып аңсармен, Көсегемнің шөлін басып кәусармен, Мәңгі Иеме ауып тұрған аусармен, Жан-Киеме шауық құрған әнсармен – Сүйдім сені, алғыншым!

СӘУІРДЕГІ САҒЫНЫШТАР

Жүр едім жырға көптен қаталап, Төкті ғой нұрын көктем баталап... Жадымнан бірақ өшпейді неге Өткен күз бенен өткен махаббат? Өзгерген бүгін айналам мүлде, Қараймын кілең жайнаған гүлге. Ақ жауын аппақ арманым сынды, Тамшылар ұқсайд жайраған дүрге. Жаралды жасыл жапырақ тағы, Жаңарды дүние, атырап – бәрі... Ұмыта алмадым көшкен дәуренді, Ұмыта алмадым ақырапты әлі. Оралмас күннің салмағы басты-ай, Тұрса екен өмір – бар мәні қашпай. Сап-сары көне сағыныштардың Санама сіңіп қалғаны растай!.. Жаным көктем, өтінем, кешір мені, Тиді саған мұңымның кесірлері. Менің мұңым – күз еді өтіп кеткен, Озалғы өлең сол ғана есімдегі.

Құлазиды, ұқсайды көңіл түзге, Жапырақтар жас болып төгілді ізде. Жылағаны қинап жүр махаббаттың, Қоштасудың белгісі қоңыр күз бе?.. Күз өткен жоқ, талайлы кезім өтті, Жүрегімді жалынды сезім өпті. Сағыныштар санамды сартап қылды, Сағыныштар санамды мезі де етті. Атты, міне, сәуірлік жарық таңым, Оған мүлдем белгісіз ғаріп халым. Түніменен жазғаным – озалғы өлең, Сонда жатыр мәңгілік зарыққаным!..

КЕМСЕҢ

Ес – дұрыс, сана – сергек, ақыл – бүтін, Жалғанда шын түсінер ақынды кім? Айықпан Айдың алтын сәулесінен, Ғайыптан тап болардай ақырғы түн. Бұл соңғы өлең шығар хақ дұғалы, Нәлет-ай, бар ма өмірдің нақты мәні? Әлқисса, мен кеткен соң біреу келер, Оны да күресінге лақтырады... Түн қонса қара бауыр қасқалдақ боп, Миымда мазасыз ой басталмақ көп. Сарабдал сырларым бар айтылмаған, Сөзімді жеткізермін астарлап тек... Салауат айтқан ғұрлы өткен күнге, Не деймін көз моншағын төккен гүлге? Келмейді десем бе екен күз ешқашан, Кетпейді десем бе екен көктем мүлде?

Жүгі ауыр жауабы жоқ сұрақтың кіл, Жолы ауыр сауабы көп жұмақтың-дүр. Жылт етті жанарымнан жалғыз үміт, Молада жанғанындай шырақтың бұл. Аларсың құшағыңа, пірлі мекен, Қайтсем де жүрегімнен жыр дүретем. ...Аспанға қарап едім бір күрсініп, Жұлдыздар арасынан күлді көкем. Көкемді сағындым-ау...

ШІЛДЕ ГАЛЛЮЦИНАЦИЯСЫ

Күннің көзі кеткендей бір шашып от, Өртеніп тұр шөл дала... Бірақ неге көлеңкемнің басы жоқ, Мен шығармын көрбала??? Өлген ойдың жинап алып қаңқасын, Жүрегіме жерледім. Ақылдың да кептіреді-ау аңқасын, Қосылған соң шерге мұң. Мына жақта азаттық та тәуелді, Үндемеймін қырсығып... Түстім, міне, қалыбыма әуелгі, Жан ғой нағыз тіршілік... Қараң қалды құштар сезім, шат көңіл, Естілед тек жаңғырық. Алда дейді көрер қызық, тәтті өмір, Көп адасқан қаңғы үміт. Жанарымнан бара жатыр тасып от, Өртеніп тұр бәрі де... Бірақ неге көлеңкемнің басы жоқ, Табиғаттың кәрі ме??? Қырық жыл аптап болардай...

ЕСТЕЛІК

Ерке тамыздың бесі ме бүгін, Несіне, күнім, күрсіндің? Мен деген – ерте күйініп кектен, Қиылып кеткен қыршынмын... Біздің несібе – сағынышы көп, Бағынышы жоқ ғашықтық. Бір-бірімізге қаратты Құдай, Жаратты құлай асық қып. Сәулелі сезім жүрекке сіңбек, Тілектесім боп жүре бер. Қасыма келсең күш-ағын тасып, Құшағыңды ашып күле кел. Су суиды ертең – сүмбіле туып, Гүлді де қуып сырдаң күз. Шексіз дүниеде бағын іздеген – Жанымызбенен нұрданбыз. Белгілі маған көлгір емесің, Мөлдір елесің түн кезген. Сақтайын сені – сормаңдай қылар, Жолдан тайдырар тіл-көзден.

Ерке тамыздың бесі ме бүгін, Несіне, күнім, күрсіндің? Мен деген – ерте оралып көктен, Жоғалып кеткен тылсыммын...

ТАМЫЗ ТҮНІ

Хақтың аппақ нұрынан гүлдеп әмән, Жақындайды жұлдыздар түнде маған. Сегіз пейіш қақпасы ашылғандай, Бейтаныс боп көрінер мүлде ғалам. Мен де түнде аспанға жақын келем, Хатшысы ғой Тәңірдің – ақын деген. Жүрек керек бұл сырды түсінуге, Бара алмайсың алысқа ақылменен. Түн баласы – жердегі қара сағым, Таң атқанша жаратам жаңа сарын. Түйсігімнің түкпірін жап-жарық қып, Құс жолында ойнап жүр бала шағым... Жанарымда жап-жасыл жаз күледі, Періштенің есіп тұр назды лебі. Бір бұрышта мысқылдап сайтан отыр, Ол – тамұқтан дүреген азғын еді.

Азғырудан сақтайды жыр-иманым, Өмір үшін күресіп құриды әлім. Ұмытамын кей кезде ажалды да, Жадқа мөрлеп жанымның жымиғанын. Жатқан сынды алдымда алтын белес, Суық та емес тамызым, салқын да емес. Тылсым түннің сапарын таңға жалғап, Оянармын ұйқымнан жалқындап ес...

ТОЛҒАН АЙДЫҢ ДҰҒАСЫ

Бүгін, бүгін деседі, Тамыздың он бесі еді... Ай толды қара жерді нұрландырып, Дәл қазір туатындай жыр мәңгілік. Ойлайды күз туралы дірдектеумен – Жапырақтар тәтті ұйқысын құрбан қылып. Паң дүние тұр ғой маған сыртын беріп, Жоғалып кетсем бе екен бұл түнге еніп? Даланың ауасын да сағындым-ау, Қаланың тірлігіне күлкім келіп... Құстардың өлеңдетіп сазды әлемін, Айтатын бір сырым бар жазға менің. Жалғыздық деген досым жоқта кеше – Қалқамның жүрегінде маздап едім. Пенденің Алла алдында күнәсі нән, Жанымды тазарта алмай құр ашынам. Аспаннан құлайыншы жұлдыз құсап, Масайып Айдың тылсым дұғасынан!..

ЖАРҒАНАТ

Күнді өлтіріп пері біткен зарланад, Қан-қан болып тыста кеш... Мадақтап жүр қараңғыны жарғанат – Тышқан да емес, құс та емес! Жарғанаттың ойлағаны – сұмдық ой, Ақыретте де жұлқылар. Қанатымен жүрегімді тілді ғой, Жанымды арбап нұрқұмар... Келе жатыр табыт құсап түн күліп, Қаперінде – қара мұң. Жіберердей сау адамды жынды ғып – Жұлдызқұрты наланың. Обалымның періштесі шыңғырып, Қашып кетті далаға. Жарғанаттың соқырлығын сіңдіріп, Қалып қойдым қалада. Мылқау елес шартарапты шарламақ, Қайыр күтпей тұстан еш. ...Саудалап жүр жарығымды жарғанат – Тышқан да емес, құс та емес!

БЕЙМАЗА

Келімсекке кең болғанда бұл шаһар, Түсінбеймін, неге маған мұнша тар?.. Көрдей соқыр көлеңкесі боп қайғының, Түкпірлерге шегіп барад түн сапар. Жанайқайым үнсіздіктен тұрады, Туылған жоқ жауабымның сұрағы. Екі езуімде емеурін бар емескі, Өлең де сол – Жаратқанның сынағы. Маңдайымның сере сорын құшақтап, Сынық қанат періште жүр – түсі аппақ. Ұша алмайды мен сияқты ол байғұс, Дәріл-дүние, шәргіл-шайтан тұсап қап. Теңіз анау тулап-тулап шаршаған, Салады ылғи толқындары сарсаң ән. Ертең түк те өзгермейді, көр де тұр, Тек әншейін күзді ғана қарсы алам.

Күз кеткен соң келеді ғой қыс төніп, Талай дүрің қу табытты құшты өліп. ...Жорытпаймын тәтті ұйқыдан оянсам, Қайырымды қала жайлы түс көріп.

БИЫЛҒЫ КҮЗ

Биылғы күз түскендей алғашқы рет, Жек көріп жүр біреулер албасты деп. Жазғы дәурен бүгінде көшті бастан, Бір-бірімен маусымдар алмасты кеп. Күзге балап перінің керім қызын, Тарқатамын ымыртта шерімді ұзын. Соңы қысқа ұласып жатса жатсын, Мына келген тек қана менің күзім!.. Тоңдырса да суық түн, ызғырық күн, Көктемді емес, кәдімгі күзді күттім. Күз жақсы ғой өмірмен қоштасуға, Салқын соққан жүректі мұз қылыппын. Биылғы күз түскендей ақырғы рет, Жек көрмей жүр біреулер ақылды боп. Өткен-кеткен бейуақыт еске түсіп, Неге қинай береді-ай ақынды көп?..

ЖОЛ СОҚҚАН

Ай, сондағы қасқа жолдың сүркілі-ай, Жылдар өтті-ау тарпаңтекті жылқыдай. Төздім талай шайқауына тағдырдың, Жалғыз ғана жарылқаушым – бір Құдай. Бәңгі-мас боп қаншама рет мәңгірдім, Қаңғыбас боп соншама рет қаңғырдым. Мен жолды емес, таңдады ғой жол мені, Ар жағынан атой салып сан қырдың. Солай өмір сүріп келдік бұрмалы, Тең-құрбымен құрып көрдік құрманы. Жастық деген – буырқанған буыршын, Бұрқ-сарқ етіп дәурен баста тұрмады. Аңдап қадам баспағанмын жолда аса, Шаршайды аяқ, жүрер жүрек болмаса. Жоқ іздедім, жолаушылап шықпадым, Жолда тудым, жолда өлемін сорласа.

Шеккен азап қалсын жолдың шетінде, Қалсын жырым, қалсын ізім бетінде. Бүгін, міне, бүлкілдеген жол айдап, Келіп тұрмын күз дейтұғын жетімге...

КҮЗ ЕКЕУМІЗ

Жолығып күзге – қоңыр күрсіндім, Жылау үшін де Күз керек. Жолымен жүріп өмірдің сүргін, Жоғаламыз ғой біз кенет. Жоқ – Күздей досым қалада мынау, Жоқ – сенер басқа ешкімім. Жетім жүректі жараладым-ау, Жарамның аты – ескі мұң. Жабықпа дейді ол жұбатқан болып, Жалқындап тұрып үздіге. Жаратқан жерге жұмақтан бөліп, Жіберген болар Күзді де. Жазған Күз содан Хауаны сүйед, Жақсы да көред Адамды. Жазмышым берген дауалы сый ед, Жүректен жазған жарамды. Жұмбақ қой менің жаратылысым, Жалқылық жұқса – Күзден де. Жаралдық баста дала-қыр үшін, Жоғаламыз ғой біз демде...

ҚОҢЫР КҮЗ ҚАСИДАСЫ

Тәтті ойымды отырмын шерге малып, Жапырақтар шулайды желмен ағып... Қоңыр күздің сезінбес сырын ешкім, Ол жазғанның мені іздеп келгені анық. Бірінші рет көргендей бұл қаланы, Қара албасты секілді түн қамады. Жалғыздықтан жыласа қоңыр күзім, Мендік көңіл мезгілсіз мұңданады... Төсінде өстім қой бағып кер даланың, Бала кезден дүниеге кең қарадым... Қоңыр күздің түсінбес жанын ешкім, Ол жазғанның сүйгені мен ғанамын. Тәкаппар түн түнеріп түкті ұқпайды, Қараңғылық ішінде жұттық қайғы. Таң атқан соң күлімдеп қоңыр күзім, Мені туған күніммен құттықтайды...

ЛЕТАРГИЯЛЫҚ КҮЗ

Шаршадым шаһардың шуынан, Жалықтым дүрмектің дуынан. Ұйықтап жатырмын мен енді, Көз ілсем – дүниеден суынам. Кей сәтте күзден де суықпын, Ажалды жаныма жуыттым. Қараңғы жолдармен жүргізді-ау, Көктемді жадымнан қуып түн. Ойларым шашылды қақырап, Бейне бір қураған жапырақ. Көлеңкем тығылып молаға, Жылаған сәбидей бақырад... Тәтті түс көруде мүлгіп гүл, Жүзінен төгіліп күңгірт нұр. Ыпыны құстармен қайтқан соң, Жүнжіп тұр бейуақ жым-жырт қыр. Шарасыз тән қалды өлік боп, Өртенген қан-жыны сөніп көп. Қап-қара шашынын шашады-ай, Тозақтың бұлттары төніп кеп.

Мызғысым – жұмақтан жай табам, Өмір ғой мазамды шайқаған. Оянып кетпесем бақида, Фәниге оралам қайтадан...

КҮЗ АТЫНДАҒЫ МҰҢ

Күз атындағы мұңым бар менің, Бұйыртса, талай жыр жазам. Қалмайды кейде шыбын-дәрменім, Тынып-ақ іштен тұр қазан. Таразы болып туылыппын, ә, Гүлдерді суық ұрғанда. Өлген соң солай жуылып күнә, Айналу керек құрбанға!.. Салдым-ау тағы өлімді есіме, Өмірді есіре сүрмеспін. Тақалып күздің қоңыр кешіне, Көңіл кесіле мұң кештім. Келіспей қойды көңіл кестесі, Қиюы қашқан тірлік-ай. Шәр үсті бұлттың төгілді еспесі, Жазыла бермес жыр бұлай!.. Өзгертіп өңін сырланған күнә, Тоты құс құсап түрленді. Не деген шаһар сұрланған мына, Шомылсын нұрға бұл да енді.

Мұңым бар менің күз атындағы, Таразы туды, таң суып. Талай жыл өтті біз ақырғалы, Қайран жүрегім – шаншуық!..

КҮРЕҢТЕКТІ ҚЫЗ

Мөлдір сезім дірілдеп кіл, Құлақ түрдім тірі үнге: Ай сәулесі күбірлеп тұр Тылсым түннің тілінде. Жер бетіне тұман тұтып, Шаршатып ед күз демі. Тәңірім өзі нұр аңқытып, Көркем бейне түзгені... Жетіп жатыр өзгеруге – Жалғыз-ақ түн, бір-ақ түн. Жаралған соң көз көруге, Сені көріп жылаппын. Жылатар-ау мың еркекті Жалқыланған керім өң. Неткен жансың – күреңтекті, Туғандайсың періден... Жанарымды жасқа шылап, Жүрек-құсым шырлайды. Бұл – дүниеден басқа сынақ, Мұңнан бөлек бұл – қайғы. Бұрын маған жолығыспай, Мекендепсің күз елін. Пендешіктің қолы қысқа-ай, Үміт-тамшы – үзерім... Күреңтекті қыз едің!!!

ҚОЛ ҰСТАСУ

Күйеуі әйелінің қолынан ұстаған кезде, олардың күнәлары саусақтарынан тамып, жуылады. Хадистен Құдайдың пәрменімен, Ұмайдың дәрменімен, Сәулем, біздің серттескен күн – әлмисақ, Лауһыдағы тағдырымыз – нән қисап. Жұптасар хақ жұмақ жақта екі гүл, Қос жүрекке махаббатпен жан құйсақ. Өмірден де мәңгі көктем исі аңқып, Көңіл демде шаттанады күй шалқып. Жаратқанның жамалынан нұр жауар, Адам жарын бұл дүниеден сүйсе артық. Еркім қалап сені ғана таңдаппын, Аспанымда бақыт құсын самғаттым. Құтты дәурен қонар басқа төбеден, Асты райыс – шуақ шашқан шаңырақтың.

Қосақтаса сапар шегіп барамыз, Жолымызға бөгет болмас қара күз. Талай ғашық өткен дейді бұрын да, Соңдарында қалды жоқтап сан аңыз. Кеткен жақсы-ау артқа тастап із-белгі, Жалғыз басып өте алмаспын түз-белді. Айрылмастай қол ұстастық ғұмырда, Періштелер жетелейді бізді енді!..

ҚАРАША МЕН ЖЕЛТОҚСАН

Қарашаның қарлы боларын, Желтоқсанның желді боларын Кәрі қарға ертерек бізге айтпады, Қыс түскен соң жүрегім мұздайд тағы. Өзің жайлы ойлаймын күз қайтқалы, Өлең жайлы ойлаймын күз қайтқалы. Қарлы болса қараша – қаралы да, Желді болса желтоқсан – жаралы да. Күлдір-күлдір кісінеп күлік-бұлттар, Бейтарапқа баз кешіп барады ма?.. Қарашаның қаралы халін, Желтоқсанның жаралы халін Кәрі қарға ертерек бізге айтпады, Қыс түскен соң жүрегім сыздайд тағы. Өмір жайлы ойлаймын күз қайтқалы, Өлім жайлы ойлаймын күз қайтқалы.

Түннің жалғыз көзіндей мөлдіреп Ай, Маған қарап тұрғандай соңғы рет-ай. Ауыр тиді-ау саған да, қалқатайым, Абай айтқан баяғы сол бір екі ай!..

ҚАРЛЫ СОНАТА

Қар жауыр тұр аппақ гүлдей төбемнен, Ақ жүзіңнен аппақ нұрды көрем мен. Ақ көңілден оянды аппақ сағыныш, Аппақ арман жалқындайды өлеңмен. Қар жауып тұр аппақ дүрдей аспаннан, Ақ жүректен ақ махаббат басталған. Жанарымнан жалғыздығым мөлдіреп, Аппақ түннің сұлбасына жас тамған. Қар жауып тұр аппақ бүрдей ашылған, Аппақ дүние ақ сезімге бас ұрған. Алла жақтан жұмақ мекен табылар, Ең алдымен сен табылсаң қасымнан. Қар жауып тұр аппақ ділдей шалқыған, Ақ періштем өзің болдың қалқыған. Аппақ қанат бітеді ертең маған да, Саған деген ғашықтықтың зарпынан. Қар жауып тұр... ЖАНСЕЗІМ (Саған жазған хаттардан)

I Хат жазбаймын деп едім, кешір енді... Тыныштықбек

Кірпігімнің ұшында тұтанып түн, Жанарымның сәулесін жұтаң ұқтым... Өлеңдетіп бес күндік ғұмырымды, Сенсіз өмір сүрем деп мұқалыппын. Көз жасымның ауырлап тамшылары, Сыңғырлайды санамның сан сұрағы. Махаббатты таптатпай ғадауатқа, Майдандасқан жүрегім қансырады. Ғашықтардың қосылар жаны ұшпақта, Сәл мұңайып қараймын ғарыш жаққа... Дидарыңды бір көріп қуансам ғой, Бірақ, қалқам, ол күнді алыстатпа! Хат түрінде шырқалсын аңсар әнім, Келші маған көктем боп, қарсы аламын. Ақ жауынның астында кездесейік, Мен өзіңді күтуден шаршамадым. Ыстық көңілім тұрғанда шалқып әсем,

Аққу қонған айдындай жарқыра сен! ...Сағынатын адамым болмаса егер, Ақындықпен бұлайша аңқымас ем...

II Өзіңе жазар хатты бастай алмай... Тыныштықбек

Көзімде түннің қошқыл елесі бар, Мүмкін ол қозы жауырын жебе шығар... Қалқатай, он төртінен Ай туғанда – Сәулелі сезіміңмен мені есіңе ал! Сағымдай мың құбылып шілдедегі, Жұлдыздар кірпігімде гүлдеп еді. Түсімде... түйіскен соң, сүйіскен соң, Құрадық біз екеуміз бір денені... Үйреніп тірлігіне қаланың да, Бейуақыт батып жатты сана мұңға. Мөлт еткен жас тұнады жанарымда, Сағынып ауыл жаққа барарымда. Жүректен қаншама сыр ақтарылды, Өйткені жырмен жаздым хаттарымды... Мен кеттім қоштасуды қиын көріп, Ал саған мәңгі бөлек бақ табылды.

Қайтейін болмаған соң ортақ бақыт, Қойғаны-ай Құдайымның сор қаптатып! ...Тағдыр да жаңылған ба жазуынан, Ақынды махаббатқа шортақтатып?..

III Хат болар деп тосқан ем сенен кеше... Тыныштықбек

Хат болмады, қалқажан, сенен кеше, Сәлемімді жолдайын мен, ендеше... Қуанышқа толтырып құшағымды, Қарсы алатын едім ғой келем десең! Көңіліме ұялап жұмбақ үміт, Өміріме қарап тұр мұң да күліп. Тек өзіңе арналған ғазалдарым Құс Жолымен барады түнге ағылып... Соңы күзге айналды сағыныштың, Жапырақтың сарғайған зарын іштім. Шексіздіктің шыға алмай шеңберінен, Жалғыздықтан жаралған жарылыспын! Қайрылмады бақытым аз күн күткен, Баяғыдай қызығы жаздың біткен. Соры қалың тайқылау маңдайыма Ғұмыр кешу жазылған мәжнүндікпен.

Бұл жалғанда таппадым жанға тыным, Далбасалық дегеннен танды ақылым. ...Махаббаттың мойындап хақ екенін, Ғашық болып қалады мәңгі ақының!..

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙