Бабалар сөзі. 31-том
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» сериясының 31-томына «Құламерген», «Арық мерген», «Әбу жылан», «Телім-Тентек», «Екі ағайын», «Мұрат Сәлих пен Мағрипа», «Көкек пен Зейнеп», «Қойшы батыр», «Саналы Сара», «Сәукеле», «Бөкен жарғақ», «Бұлғын-Сусар», «Үш жетім», «Үш жетім қыз», «Кезбе шал», «Хан хүкімі» атты хиқаялық д...
ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ
ХИКАЯЛЫҚ ДАСТАНДАР
МӘТІНДЕР
ҚҰЛАМЕРГЕН
Бастайын бір хикая сөздің басын,
Қайғылы жандар төгер көздің жасын.
Апарып таразыға тура тартар
Билер мен ғадыл өткен падишасын.
Шер сөзді ішке сақтап жарамайды,
Жазалық батырлардың бір қиссасын.
Көп сөз боп бекер кеңес ұзамасын
Көңілі жылағанның жуанғансын.
Еркіне қызыл тілді қоя бермей, 10. Осы жерден шығаралық қисса басын.
Жаратқан жаппар Құдай жанды-жансыз,
(Жамағат, ғайып етпе болса дәмсіз).
Өтіпті Құламерген деген батыр
Қызығы айта берсең болар сансыз.
Тыңдасаң Құламерген бұрын өткен,
Ақырында мұратына о да жеткен.
Мұхиттың Казар деген аралында
Өнерпаз мергендікпен мекен еткен.
Астына Құлагер ат мініп жүрер, 20. Құс салып, қаршыға сап дәурен сүрер.
Қызықтың неше түрлі бәрі өзінде,
Аң қуып, күндіз-түні ит жүгіртер.
Гүләйім – алтын шашты қатыны бар,
Шәрипа – жеті жасар бір қызы бар.
Гүләйім талай жаннан сұлу екен,
Қарасаң көркемдігі күн тұтылар.
Үш жаста Жоянмерген бір ұлы бар,
Бұлардың аяғында қызығы бар.
Гүләйім ақ ордадан бір күн шығып, 30. Дариядан ағып жатқан су алдылар.
Жуам деп алтын шашты суға салды,
Барша әлем мынау іске қайран қалды.
Жуам деп отырғанда алтын шашты,
Бір талы дарияға кетіп қалды.
Жөңкіген суда сол шаш ағып кетті,
Гүләйім зар еңіреп зарлық етті.
Зарланып ордасына қайтып келіп,
Мергенге шаштың жөнін баян етті.
Айтқан соң шаштың жөнін баян қылып, 40. Сөйледі қатынына мерген тұрып.
– Сөзімді менің айтқан тыңда, – деді, –
Бәйбіше, бір азырақ мойын бұрып.
Тыңдашы, мен сөйлейін саған, – дейді,
Ұстауға келмеді ме шамаң – дейді.
Шашыңды бұл дүниеде адам көрсе
Ғашық боп, өш болады маған – дейді.
Тамамдап Мерген сөзін айтып бітті,
Алтын шаш дарияға ағып кетті.
Бұлғары шаһары еді су аяғы,
50. Шаш ағып сол шаһарға барып жетті.
Дарияға балық аулап бір шал барған,
Ауына дариядағы көзін салған.
Оралып қалған екен әлгі алтын шаш,
“Бұл не?” деп қайран болып қолына алған.
Тарту қып ол патшаға алып келді,
Не нәрсе екендігін жан білмеді.
Алтын шашты әкелген ғаріп шалға
Мың ділдә қазынадан алып берді.
Патша сонда халықты жинап алды, 60. Алдына халайықтың шашты салды.
– Не нәрсе екендігін тапқан адам
Мұратына жетеді, – деп жарлық салды.
Жиылған тамам халық ақылдасты,
Ұйғарып әр нәрсеге жақындасты.
Дүниенің жамандықпен түбін тескен
Бір кемпір сонда тұрып бақылдапты:
– Ей, патша, мен сөйлейін саған, – дейді,
Не нәрсе екендігін табам, – дейді.
Бар менің жалғыз ұлым – Орақ батыр,
70. Қызыңды некелеп бер соған, – дейді.
Кемпірдің айтқан сөзін мақұл көрді,
Кемпірдің бұл тілегін бермек болды.
Осылай залым кемпір сөз сөйлеген:
– Бар, – дейді, – бұл мұхитта Құламерген.
Гүләйім алтын шашты қатыны бар,
Білмесең, мынау соның шашы деген.
Патша бұл ғажаптан хабар тауып,
Кетеді Гүләйімға көңілі ауып.
Кемпірге сонда патша жарлық қылды: 80. – Сен азғыр, мен онымен етем сауық.
Билеген Қасым патша оң мен солды,
Таныған білімімен қандай жолды.
Ғажайып сиқыршы еді әлгі кемпір,
Азғырып Гүләйімді бермек болды.
Біраз күн мыстан сонда дайындалды,
Мойнына қайыршы боп қоржын салды.
Дарияға елсіз жермен жолға түсіп,
Мұхиттың аралына жақын барды.
Келеді залым кемпір ақыл түзеп, 90. Келешек жан табатын күнін көздеп.
Дариядан бір күн шығып талып жатты.
Гүләйім бір күн суға келе қапты,
Кемпірді талып жатқан тауып апты.
“Мергенім мұны көрсе өлтірер”, – деп,
Алып кеп абдыраға мықтап сапты.
Ол кемпір азғыруға ойға қалып,
Көрген соң Гүләйімді іші жанып.
Жылапты зар еңіреп Гүләйімға:
– Зарымды тыңдашы, – деп, – құлақ салып.
100. Әй, Гүләйім, құлақ сал,
Айтқан сөзді ұғып ал.
Аяғында мұхиттың
Бұлғары деген шаһар бар.
Ол шаһарды билеген
Қасым атты патша бар.
Алтын айдар басында,
Қырық уәзір қасында.
Жеткізер едім сені өзім...
Сол патшамен қосылып, 110. ... дәурен сал.
Екі жасты қосқанға
Бұл дүниеде сауап бар.
Қосылуға сен соған
Жақындасып оңтайлан.
Мергендігі болмаса
Байыңда қандай өнер бар?
Теңің емес күйеуің
Соның үшін айтам зар.
Гүләйім сонда тұрып сөз сөйлеген: 120. – Сөйледің жаның ашып маған, – деген.
Мергенге патшаның әлі келмес,
Келсе де қанша адам қырар деген.
Кемпірге жақты да оның осы сөзі,
Жайнады маңдайдағы жалғыз көзі.
– Мергенің сонша мықты, батыр болса,
Ұйықтайтын бар ма, – деді, – оның кезі?
Гүләйім сонда тұрып жауап қатар:
– Шешеке, осы жерге қылдың сапар.
Ішінде әр жұманың дүйсенбі күн 130. Мергенім үш күн, үш түн ұйықтап жатар.
Әскері дүйсенбі күн келсін, – дейді,
Қай жерде Құлагер ат көрсін, – дейді.
Қылышы шаншулы, аты сыртта тұрса,
Сол кезде келген әскер кірсін – дейді.
Байланса Құлагер ат босағаға,
Сүйеулі үйде тұрар қылышы да.
Ол кезде келген пенде құтылмайды,
Патша ұмытпасын мұны, сірә.
Мұны естіп қайығына кемпір мінген, 140. Өзінің шаһарына қайта жүрген.
Бастан-аяқ көргенін бір-ақ теріп,
Патшаға залым кемпір баян еткен.
Патша мұны естіп дайындалды,
Алдына шеберлерін жиып алды.
Бір қайық шеберлерге істеткізіп,
Тағы да үш жүз балуан жиып алды.
Қасына қырық уәзірін ертіп алды,
Дарияда кемеменен үш айды алды.
Мергеннің аралына тура салды, 150. Мергеннің ордасына жақын барды.
Жануар Құлагер ат жауды көріп,
Пысқырып иесіне хабар салды.
Сонда қатын шошынып оянады,
Қойыны көз жасымен боялады.
– Атыңды босағаға байладың, – деп,
Ренжіп, қатын сұмдық ой алады.
– Байла, – деп, Мерген, – атты басқа жерге,
Қауіпсіз қайта ұйықтап қалды демде.
Қатыны ақ ордадан шықты дағы
160. Кер атты байлап қойды аулақ жерге.
Сол кезде үш жүз балуан кіріп келді,
Мергенді ұйықтап жатқан көзі көрді.
Оянды мерген сонда ұйқысырап,
Жабылып үш жүз балуан байлайды енді.
Мойнына темір шынжыр арқан салып,
Арқанды бір іркіп қап быт-шыт етті.
Қорықты өңшең залым есіл ерден,
Балуан қамал бұзған кемеңгерден.
– Мергенді бекітер, – деп, – осы арқан,
170. Қатыны әкеп берді асыл арқан.
Қоймады қалың әскер болмасына,
Гүләйім қастық қылды жолдасына.
Байласып ол батырды жүрген шақта,
Құлагер кісінейді қыр басында.
Шулайды үш жүз балуан андағайлап,
Мерген тұр ашуланып көзі жайнап.
Алдында есігінің бір бәйтерек
Бар еді, соған ерді қойды байлап.
Үп-үлкен бәйтеректің бойы мықты, 180. Батырың қозғалғанда-ақ жұлыныпты.
Мергеннің көл болыпты аққан жасы,
Гүләйім жолдасына қылған қасы.
Патшаға ол мынадай ақыл айтты:
“Орданың бекітер деп босағасы”.
Мергенді босағаға қойды байлап,
Жатады босағада көзі жайнап.
Қайтарып үш жүз балуан сойылшысын,
Патша Гүләйіммен жатты ойнап.
Сол кезде Құламерген зар жылайды, 190. Зарланып бір Аллаға көп жылайды.
Төсектен жаңа тұрған қыз баласын
Шақырып, ол мынадай деп жылайды:
– Қарағым, қалқам, қандаймын,
Жылап саған зарлаймын.
Сендерді мен көргенде
Ботасы өлген нардаймын.
Қасыма келші, қарағым,
Қайда екен қару-жарағым.
Маңдайыңнан иіскетші,
200. Мен армансыз болайын.
Шәрипа сонда тұрып сөз сөйлеген:
– Сен емес менің атам, патша, – деген.
Сөзіңнің былжыраған керегі жоқ,
Төсекте атам жатыр апамменен.
Сарайға қайрылмастан кіріп кетті,
Бұл сөзді естіген соң Құламерген.
– Құдай-ау, не жаздым, – деп зарлық етті.
Жөнелді қарамастан туған қызы,
Құданың бұл да болса бір сызығы.
210. Жылайды Құламерген бір Аллаға,
Құдайдың құдіретіне бар ма шара.
Зар жылап Құламерген жатқан шақта,
Оянды Жоянмерген ұлы жаңа.
Құламерген шақырып,
Ұлына сонда жылайды.
Көзінің жасын бұлайды:
– Айналайын, жалғызым,
Маңдайыңнан иіскет, – деп,
Қатты зарлық қылады.
220. – Айналайын, жан ата,
Он жасқа да келмедім.
Байлаған сізді кезеңде
Соғысып бірге жүрмедім.
Босатар едім мен сізді,
Болса егер дәрменім.
Бір ақыл Құламерген ойлайды енді,
– Атамның алтын сапты қылышын бер, – деп,
Шешеңнен соны сұрап жыла, – дейді.
Мұны естіп Жоян мерген жүріп кетті,
230. Барды да шешесіне зарлық етті.
Патша сонда жатып сөз сөйлейді:
– Немене, мұның жайын білші, – дейді.
Бер қарай таң атқаннан мазаны алды-ау,
Жылатпай сұрағанын берші, – дейді.
Балаға қылыш бермей, қынды берді,
Ойын қып қынды мініп бала жүрді.
Ойыны әбден қанып болғаннан соң,
Алдына әкесінің әкеп берді.
Қылыштың қабын Мерген алды қолға,
240. Құдайым өзі бастап тура жолға.
Түбіне бір пышақты салдырған-ды
Ұстаға қылыш қынын соқтырғанда.
Гүләйім ол пышақты білмейді екен,
Балаға білсе қынды бермейді екен.
Сонымен қынды Жоян алып келді,
Пышақты түбіндегі көзі көрді.
Әкесі: – Бұл пышақты қолыңа алып,
Тигізсең бір шетіне қияр, – деді.
Баласы қиып-қиып босатады, 250. Қолына өз пышағын ұстатады.
Орнынан тұра келіп Құламерген,
Жағалай қырық уәзірді жусатады.
Жағалай қырық уәзірдің бәрін қырып,
Орнына байланғандай қайта отырды.
Әлқисса, қырық уәзірінің қырылғанын патша білмей қалады. Таң атып, Гүләйім ұйқысынан оянып, патшаға назданып жатқан кезде Құламерген өзінің таңылған жерінде отырып қырық уәзірді қырғандығын жариялайды.
Патша сонда тұрып ашуланды,
Қолына шыдай алмай қылыш алды.
Батырдың босағанын байқай алмай,
Жанына өлтірем деп жетіп барды.
Ал, сонда Құламерген ашуланды, 260. Маңдайға жұдырықпен қойып қалды.
Бір ұрған жұдырықты көтере алмай,
Тіл тартпай сол арада өліп қалды.
– Құдай-ау, бергеніңе шүкірлік, – деп,
Қауіпсіз Мерген ұйықтап жатып қалды.
Бір шақта Мерген тұрды ұйқысынан,
Гүләйім бек ұялды қайғы жұтқан.
Сарғайып күншығыстан таң кеп атқан.
Жамандық ұзамайды көңіл қара,
Патша бағы қайтса түсер тақтан.
270. Көтертіп Шәрипаны Гүләйімға,
Жөнелді Мерген шығып арал жақтан.
Мінгесті Жоянмерген ат беліне,
Айдады Гүләйімді төркініне.
Үш айдай қосақтаулы қатын, қызы,
Өзінің айдап келді елдеріне.
Келгенін мергеннің жұрт көзі көрді,
Болғанын бір сұмдықтың патша білді.
– Не жазым қылды саған қарағым? – деп,
Ол патша келген жерден сұрап кетті. 280. Айтады Мерген кешкен уақиғасын,
Төгеді атасына көзден жасты.
– Балаңыз шайтандыққа азып кетіп,
Өзімді өлтіруге қылды қасын.
Патша істің жайын енді білді,
– Жендеттер тез келсін, – деп хабар етті.
Екеуін жаяу айдап алып барып,
Бастарын кесіп бүгін алсын, – деді.
Апарып екеуін де асты дарға,
Жерилар миын шашып құзғын, қарға.
290. Жоқ деген аққа зауал, ей, жарандар,
Демеңдер басымызға пәле қайда.
Жамандық осыменен кетті дейді,
Ақырында жақсылыққа жетті дейді.
Тағы да Маржан сұлу балдызы бар,
Мергенге соны неках етті дейді.
Балдызын Маржан сұлу алғаннан соң,
Қайнында бес жыл уақыт өтті дейді.
Бір кезде мекендерін сағынған соң,
Патшаға мұны баян етті дейді: 300. – Ей, ата, мен қайтайын жерге, – дейді,
Талап жоқ онан өзге менде, – дейді.
“Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі”
Деген бір мақал бар ғой елде, – дейді.
Патша рұқсатын берді оған,
– Барсаң бар, жолың болсын, жаным, балам.
Жиенін дәл сол күні шақырады,
Апарып тоғыз жүздей жылқысына
Бір шұбар Дұлдаш деген атты берді.
Дұлдаштың жайын айтып бағалатты,
310. Күмістен төрт аяғын тағалатты.
– Жоянмерген, жиенім,
Мына атты көр, – дейді.
Баласы ед Қулық биенің,
Алла жазды Дұлдашты.
Жиенім саған бергенім,
Бес айлық жолды бес күнде-ақ
Басасың, бала, Мергенім.
Жануардың жүрісін
Бір мініп өзім көрмедім.
320. Сұрап келген көп батыр,
Біріне оның бермедім.
Бұл сөзді естіген соң Жоянмерген,
Қасына Дұлдаш аттың жетіп келген.
Иесін көргеннен соң Дұлдаш жануар,
Иіскелеп ол баланы тұра берген.
Елімен қоштасыпты сұлу Маржан,
Көш жүріп жол ортаға келіп қалған.
Көш бастап келе жатыр Құламерген,
Баланы жылап жатқан көзі көрген. 330. – Баланы, – Маржан сұлу, – алма, – дейді,
Алам деп пәлеге сен қалма, – дейді.
Дүниеде дұшпаның көп пенде едің,
Өзіңе өзің пәле салма, – дейді.
Ал сонда Құламерген көп сөйлейді,
Қайғысын өз басының жеп сөйлейді.
– Алам деп қатын тілін қапа болғам,
Алмаймын қатын тілін, – деп сөйлейді.
Бұл сөзге сұлу Маржан құлақ салды,
Еңкейіп жас баланы қолына алды.
340. Бәрінің сиқырлықпен көзін байлап,
Жас бала білінбестен түсіп қалды.
Мергеннің арт жағынан тұрды қарап,
Көңілі қорыққан соң әрбір тарап.
Сауыты, сайман, мылтық, оқ, найзасын,
Жас бала түсіріпті бек сиқырлап.
Сиқырды Құлагер ат сонда біліп,
Қарайды арт жағына мойнын бұрып.
Аң аулап Жоянмерген артта қалған,
Кезікті әлгі бала соған жүріп.
Әлқисса, жас бала болып құбылып, жол тосып жатқан жалмауыз кемпірдің ұлы Орақ батыр еді. Ол патша мен қырық уәзірдің тағдырын естіген соң жеті жүздей қол бастап соғысуға келген. Құламергеннің күшін көріп, қолын қалтарысқа қалдырып, өзі бала болып құбылып, қапысын тауып екі батырды өлтірмек болады. Бірақ артта қалған Жоянмерген әкесінің қару-жарағын таниды да, екеуі майдандаса кетеді. 350. Орақ пен Жоян батыр салды күрес,
Батырлар, күшің болса енді тірес.
Дүние біреуіңе жоқ болады,
Батырлар, қапыл қалмай енді сірес.
Орақпен үш күн, үш түн алысады,
Толғаған күші еркін жас балдырған,
Бұралып тал шыбықтай майысады.
Сол кезде Құламерген жетіп келді,
Атына қамшы басқан екпіндеді.
Баласын шаршап жүрген көзі көріп, 360. – Орақты енді маған берші, – деді.
Намысы кернеп Жоян ашуланды,
Қызарып екі көзі оттай жанды.
Денесін алып дүлей күш кернеді,
Таудай қып жерден тартып жұлып алды.
Жоғары тоғыз қабат айналдырды,
Орақты Жоян батыр алып ұрды.
Орақтың басын кесті домалатып.
Әлқисса, Орақтың басын кесіп, сауыт-сайманын алған Жоянмерген қайтадан атқа қонады да, қалың жауға қырғидай тиеді.
Қойға кірген қасқырдай
Бір шетінен қырады.
370. Мылтық жетер жер болса,
Атып кетіп барады.
Қылыш жетер жер болса,
Шауып кетіп барады.
Өз білгенін батырлар
Істеп кетіп барады.
Өртке жанған қамыстай
Күйіп кетіп барады.
Әй, жануар, Дұлдаш ат,
Аяғы жетер жер болса, 380. Теуіп кетіп барады.
Үш күн тынбай қырады,
Төртінші күн қараса,
Болған екен тамаша.
Өзге әскері таусылып,
Үш-ақ адам қалыпты.
Оны да ұстап алыпты.
Құлағын кесіп құнтитып,
Мұрнын кесіп шұнтитып,
– Еліңе барып сәлем айт, – деп,
390. Қоя берді жымпитып.
Үшеуін жолға салып қоя берді,
Өзінің аралына жүре берді.
Қызықты неше түрлі аңды аулап,
Мергендер аралында жата тұрсын.
Қызыққа аңын аулап бата тұрсын.
Келеді үш пұшықтың енді сөзі,
Қандырып тыңдағанның құлақ құрышын.
Үш пұшық сымпиып жетті елдеріне,
Өзінің Бұлғары шаһар жерлеріне. 400. Қырғынның бастан-аяқ бәрін теріп,
Баяндап сөз сөйледі елдеріне.
Патша бұл қырғынды естіді анық,
– Неткен күш, – дейді бұған қайран қалып.
Мергеннен не қылсаң да өшіңді ал, – деп,
Жінікті жалмауызға хабар салып.
Мыстанға бұл хабарды естіртіпті,
Орақты естіген соң есі шықты.
– Қаныңды тірі болсам ішермін, – деп,
Мініп ап желмаяға жүріп кетті. 410. Ақырып, айбарланып кемпір келді,
– Болса үйде Құламерген шықсын, – деді,
Кемпірдің заһарынан қорыққан соң,
– Аңда, – деп сұлу Маржан айтып берді.
Тұрыпты сонда кемпір уақытын айтып,
– Барамын мен үйіме бүгін қайтып.
Сайланып Құламерген дайын болсын,
Келемін бесінші күн тағы қайтып.
Келіпті Мерген кешке аңнан қайтып,
Жылайды сұлу Маржан кемпірді айтып.
420. Көтеріп оң қолымен жүзін сүртіп:
– Әлің келер, Мерген-ау, оған қайтіп?
Әлқисса, мұны естіген Құла мерген абыржып қалады. Ол: “Кемпір биыл үш жүз жасқа келеді. Гүләйімді азғырып, жақсы өмірді аздырып жүрген сол. Менде ұзында өші, қысқада кегі бар, Жоянның қолынан өлген Орақ батыр кемпірдің жалғыз баласы. Оған атса оқ, шапса қылыш өтпейді. Мен қашайын, не көрсем де далада жалғыз көрейін. Кемпір келсе ізіме салып қоя беріңдер”, – дейді.
Қашпаққа Құламерген дайындалды,
Заһары кемпір сұмның қандай қатты.
Сүйгені – қатын-бала үйде қалды.
Жөнелді Құламерген атқа мініп,
Айтады баласына зарлық қылып:
– Егерде кемпір келсе ізіме сал,
Пәлеге қалып жүрме қарсы тұрып, –
Деді де Құламерген жүріп кетті,
430. Қатын-бала жылаумен зар еңірепті.
Тағы да үш күн, үш түн өткеннен соң,
– Құламерген қайда? – деп кемпір жетті.
Кемпірдің айбарынан қорыққан соң,
– Қашты, – деп Жоянмерген айтып берді.
Көрсетті Құлагердің жатқан ізін,
Ойылған жер ошақтай басқан жерін.
Кемпірдің маңдайында бар жалғыз көз,
Тұра алмас адам қарап оның жүзін.
Сұм кемпір желмаямен кетті суыт, 440. Артынан жете алмады үш ай қуып.
Төрт айдай сонда малғұн қуалапты,
Бес айда жете алмады жақын жуық.
Болғанда алтыншы ай қуды тағы,
Қарасы Құламерген бұлдырады.
Келеді желмаяға қамшы басып,
“Жетем, – деп, – қай уақытта асып-сасып”.
Сол кезде Орал тауға жеткен екен,
Айналып Орал тауды жүрді қашып.
Ол Мерген Орал тауда жүре тұрсын, 450. Мехнат қайғыменен көре тұрсын.
Азырақ қатынынан сөз қозғалық,
Тыңдаған ел құлағын түре тұрсын.
Бір күні сұлу Маржан ұйықтап жатқан,
Түс көріп, хабар алды Мерген жақтан.
Мергеннің халі-жайын білдірмекке,
Түсінде аян болды жалғыз Хақтан.
Баланы оятады сұлу Маржан,
Оянып Жоянмерген құлақ салған.
– Жалмауыз әкеңізге жеткен екен,
460. “Баламды көрмедім”, – деп қылады арман.
Әкеңнен қалған екен алтын жүзік,
Әкең жүр дүниеден күдер үзіп.
Тез жеткіз, жолың болар бұл сапарда,
Көрерсің тірі жүрсең талай қызық.
Әкеңнің оғы менен садағын ал,
Сөзіме менің айтқан құлағың сал.
Қалтаңнан жүзікті ал да жолға таста,
Кезіңе келіп қалар жалмауыз дәл.
Бұрылар сонда кемпір саған қарап, 470. Атып қал жалғыз көзден тура қадап.
Жығылар сонда кемпір омақасып,
“Екі ат” деп, бір оғыңды сұрар қалап.
Бір атқан жалғыз оғың жетер оған,
Жаны оның жаһаннамға кетер содан.
Екі атпа, тілімді алсаң, Жоянмерген.
Мінді де Дұлдаш атты жүріп кетті,
Жүрісі жануардың сондай қатты.
Оралға бес-ақ күнде барып жетті.
Әкесін шаршап жүрген көзі шалды, 480. Жүзікті қалтасынан қолына алды.
Жолына әкесінің тастап еді,
Көрген соң Құламерген қолына алды.
Астында Құлагер ат үдеді енді,
Жануар құстай ұшып жігерленді.
Кеткенде Мерген сонда қырдан асып,
Артынан кемпір келді жанталасып.
Балаға сонда кемпір жалт қарады,
Садақпен жалғыз көзден қалды басып.
Жығылды оқ тиген соң омақасып, 490. – Ер болсаң, Жоянмерген, екі атшы, – деп,
Кісімен өзін атқан қарсыласып.
– Бір атқан жалғыз оғым жетер, – дейді,
Сұмдығы жаннан асқан залым кемпір
Ажалы Орал тауда жетті дейді.
Әкесінің зары:
– Жоянмерген, жалғызым,
Үш пәледен арылдым.
Бірінші ажал, қарағым,
Босағаға таңылдым.
500. Екінші ажал, қарағым,
Жас балаға алдандым.
Сайманды ұрлап алғанда,
Жауды қырып сен салдың.
Үшінші ажал, мінеки,
Атаңнан тұр хал кетіп,
Кер аттан тұр сән кетіп.
Қысылып жүрген кезімде
Келдің, қалқам, сен жетіп.
Келе салып өлтірдің
Сұм жалмауыз кемпірді,
Қоя бермей дәндетіп.
Сол жерде Құламерген көп жылайды,
Қайғысын өз басының жеп жылайды.
– Жалғаннан бүгін көшсем, арманым жоқ,
Жалғызым тірі көрдім, – деп жылайды.
Құданың құдіреті қандай епті,
Осындай бастарынан заман өтті.
Басында мехнатты көрсе дағы
519. Ақырында мұратына олар жетті.
АРЫҚ МЕРГЕН
Болыпты өте ертеде Арық мерген,
Ақылды, өзі батыр садақ керген.
Аң аулап жатпай-тұрмай құла түзден,
Кедейге қамқоршы боп азық берген.
Бір күні жол тартыпты мерген алыс,
Асыпты асқар таудан елге таныс.
Бір үлкен шөлден өтіп, өзен аттап,
Барыпты бөтен жерге бір бейтаныс.
Жатыпты кеш болған соң ат арқандап, 10. От жағып, атқан елік етін қақтап.
Пысырып етті алдыға алған шақта,
Жетіпті бір сұлу қыз бұлғалақтап.
Үстінде асыл киім, теңге таққан,
Аяғын басқан сайын сылдыр қаққан.
Қылмиып бір тізелеп бұраң қағып,
Қыз келіп орын алды еңіс жақтан.
Қыз отыр бір шөп алып шұқыланып,
Мергеннің бар қылығын көзбен бағып.
Кезіккен елсіз жерде сұлу қызға, 20. Мерген де таңданады қайран қалып.
Мерген де ет шаншып ап пышағына,
Әдейлеп ұсынады қонағына.
Ұмтылып қыз пышақтан ет алғанда,
Сырт етіп пышақ ұшы сынбады ма?!
Түсінді сонда мерген жау екенін,
Тұрағы елсіз иен тау екенін.
Болса да өзі жалғыз амал тауып,
Тажалдың таптамақшы құт мекенін.
Сиқыр қыз жезтырнақтың нағыз өзі, 30. Ойнақтап тоқтамайды екі көзі.
Аралап тажалдықпен жапан түзде,
Сумаңдап құлқын іздеп жүрген кезі.
Көк шөпке қолын сүртті ет жеп болып,
Маңайды қыз да отыр көзбен шолып.
“Сүртуін майды майға”, – деді дағы,
Қыз тұрды орнынан кетпек болып.
Мерген де қыз кеткен соң қылды қауіп,
Әкелді бір кесінді терек тауып.
Сұлатып жерге жастап жатқызды да, 40. Қояды қаптал шапан оған жауып.
Сонан соң бір терекке шықты барып,
Қолына өз қаруы садақты алып.
Қыз келіп мытығанда сол теректі,
Түсірді етпетінен тартып қалып.
Бірақ та қыз жаралы, кетті қашып,
Орнынан әрең тұрды жаман сасып.
Тисе де екі оқ қатар өлмей кетті,
Көк шөпке із қалдырды қанын шашып.
Көк шөптен тоқтамады аяқ тайып, 50. Әркімге жауды жою емес айып.
Бір-екі ащы дауыс шықты дағы,
Бұл маңнан табылмады болып ғайып.
Ал мерген таң қылаңдай асын ішіп,
Жөнелді ұзын сонар ізге түсіп.
Сиқыр қыз қатпар-қатпар тауға тартқан,
Қалудан қатты қорықты көзге түсіп.
Кезікті бір жартасқа мерген барып,
Әр жерін аралады жолын шалып.
Жан-жағы құз-құлама қиын екен, 60. “Шықпас” деп мерген қалды оған нанып.
Бір шетке жүре берді мойын бұрып,
Шаршады өрлі-қырлы жаяу жүріп.
Жартастың бір шетінен шыққанында,
Қараңғы болды, ымырт үйіріліп.
Сол күні және қонды қорым тасқа,
Жайлы орын табылмады мұнан басқа.
Су көрмей тәулік бойы арып-ашып,
Ұйықтады ер-тоқымды жастап басқа.
Жол жүріп қалжыраған күніменен, 70. Негізгі сөз түгемес мұныменен.
Таң атып, жерге жарық түскен кезде
Оянды құзғын-қарға үніменен.
Ас ішіп таң атқан соң тағы жүрді,
Дыбысқа алуан-алуан құлақ түрді.
Азулы сан жыртқыштың мекенінен,
Жатқанын қыздың өліп көзі көрді.
Осы тау жезтырнаққа болған мекен,
Жан бағып тажалдықпен жүреді екен.
Екі көз арт жақтағы мергенде боп, 80. Сұрқия тастан құлап өлген екен.
Жемтігін жезтырнақтың алды тауып,
Мергенге жолықса да талай қауіп.
Істеген ерлігінің белгісі үшін
Тырнағын жезтырнақтың алды шауып.
Азырақ жалғыз өзі құрды кеңес,
Ойласа бұл сұм, әсте, жалғыз емес.
Қалғанын тағы тауып құртуды ойлап,
Жан-жақты түгел кезді ертелі-кеш.
Болса да екінші күн су көрмеді, 90. Су іздеп бір шатқалды тік өрледі.
Басына сол шатқалдың таяғанда,
Бір бұлақ сылдыраған кез келеді.
Бұл судан мерген келіп шай қайнатты,
Болғанша шайын ішіп кеш те батты.
Жүруге бұдан ары болмаған соң,
Сол жерге ат оттатып мерген жатты.
Осы жер бір жолбарыс мекені екен,
Күндізі әлде ұйықтап жатқан ба екен.
Адам мен ат иісі мұрын жарып, 100. Аяңдап жолбарыс та жеткен екен.
Жолбарыс баспалап кеп жақындады,
Елеңдеп ат осқырды, қалшылдады.
Осқырған дауыспенен тұрса орнынан,
Таяп кеп жолбарыс тұр атылғалы.
Талайда Арық мерген батыр еді,
Бастапта тәтті ұйқыда жатыр еді.
“Аузында азулының кетпейін”, – деп,
Жалма-жан қимылдап қамтылды енді.
Семсерді сонда мерген қолына алды, 110. Шатынап екі көзі оттай жанды.
Үлгеріп басқа қару алғанынша,
Екеуі қоян-қолтық келіп қалды.
Екеуі бола қалды арбақ-құрбақ,
Бірі аң, енді бірі адам ұрпақ.
Екеуідің ерегесте бірі өлсе,
Болмақшы құзғын-қарға қанына ортақ.
Жолбарыс келген жерден алды басып,
Адамнан кетті оның күші асып.
“Япыр-ау, ажал шіркін жетті ме?” – деп, 120. Мергенің бастабында қалды сасып.
Жолбарыс қанды аузын салмақ болды,
Шел қаптап, екі көзі қанға толды.
Мерген де тез қамданып семсерімен,
Жыртқышты тақыр шаптан жармақ болды.
Жолбарыс тұр еңкеймей қаңтарылып,
Алқымға мерген қолы тиген барып.
Бұлқынып аунағанда бар күшімен,
Жолбарыс түсті астыға аударылып.
Мықты қол жолбарысты алқымдады, 130. Алқымға қол батқан соң қырқылдады.
Тіктесіп екі мықты алысқанда,
Тозаң боп жердің шаңы бұрқылдады.
Бір кезде ақ семсерін қолына алып,
Жіберді шаптан өрлей ішін жарып.
“Үһ!” деп сонда мерген демін алды,
Терісін жолбарыстың сойып алып.
Сол жерде демін алды бір күн жатып,
Азыққа семіз теке таңдап атып.
Қуырып бақыршаға май қуырдақ, 140. От жағып, көк түтінді будақтатып.
Сонымен тағы жүрді шатаңды өрлей,
Аты да босаңсыды көзі терлей.
Үш күнде жал басына таяп қалды,
Кез келген кедергіге кезек бермей.
Алдынан көркем бір жер кез келеді,
Сұлулық қандай оған тең келеді.
Көк аспан тау басына төңкерілсе,
Ақ қайың самал желмен тербеледі.
Тауменен жағаласқан ну қарағай, 150. Тік өрлеп кең қапталды өрге қарай.
Даланың алуан гүлі көзді тартып,
Сайрап тұр тал басында бұлбұл, торғай.
Мақсатқа жетеді адам жалықпаған,
Шын жүйрік топта озады талықпаған.
Бозторғай жерге қонбай ән шырқаса,
Құзында қыран ұшып қалықтаған.
Басында ешкі, теке қойдай өріп,
Қарайсың көз айырмай қызық көріп.
Шатаңда бұғы, марал жатса жусап, 160. Елік тұр алаңқыда жонын беріп.
Түн болса аюы да ақырады,
Байғызы тыным таппай шақырады.
Ұлыса тамақ іздеп аш қасқыры,
Шәуілдеп қу түлкісі шабынады.
Жайылып ұларлары қапталында,
Немесе терең сайдың шатқалында.
Топ-топ қып балапанын ұшырады,
Жатып ап құзар тастың қатпарында.
Бұларға көп қызықтап көзін салды, 170. Сүйсініп көп қызыққа демін алды.
Бір тасқа тамашалап шығып еді,
Көп қойды қарсы беттен көріп қалды.
Бір кезде жалға шықты үш атты адам,
Келеді ыра төмен шыққан заман.
Тұс-тұстан құрайлаған дауысымен
Қойлары қапталдағы құзға таман.
Өгіздей серкелері қой бастаған,
Иенде еркін өскен жан баспаған.
Мерген де атын ерттеп мініп алды, 180. Қадамын жеделдетті жай тастаған.
– Жол болсын, – деді біреу жалғыз көзді,
Мерген де нағыз жауды енді көрді.
– Аң қарап шығып едім ағат жүрдім,
Жөн сұрай келіп тұрмын көріп сізді. –
Деп мерген баяу ғана жауап берді,
Жалғыз көз мергенді де байқап көрді.
“Бір күндік азық болар күйік бар”, – деп,
Жүруге қалмай еріп бұйрық берді.
Көк жартас қойнауына бұлар келді,
190. Арпалыс ой кернеді асыл ерді.
Бекіткен қара үңгірдің аузын мықтап,
Үзіктей тас қақпаны мерген көрді.
Қуаныш сейілткендей ақыл-ойды,
Жалғыз көз, ұзын сирақ, сұңғақ бойлы.
Тұтқадан ұстады да лып еткізіп,
Орнынан әлгі тасты алып қойды.
Үңгірге кіріп жатыр қой да саулап,
Ет жүрек тоқтамайды атша тулап.
Жалғыз көз қойды санап болғаннан соң, 200. – Үйге кір, – деді оған көңіл аулап.
Болғанда бұлар кіріп есік жапты,
Айырар кім бар мұнда сор мен бақты.
Қожайын төрге шығып отырды да,
Бақыршы будақтатып отты жақты.
Жанында жалғыз көздің екі адам бар,
Сиқынан байқалады мұң менен зар.
Қапыда қолға түсіп кете алмапты,
Кең дүние бұлар үшін болыпты тар.
Қарайды, тіл қатпайды жаутаң қағып, 210. Жүреді кешке дейін қойын бағып.
Ел-жұртын, бала-шаға, үйін ойлап,
Бірін де айта алмайды мұңын шағып.
Бұларға мергенді де қосты апарып,
Тағы да есік ашты тас қопарып.
Ішіне қара үңгірдің кірді дағы,
Жалғыз көз төрге шықты масаттанып.
Бұрынғы екі адамға бұйрық берді:
– Біріңді бірің сойып пысыр, – деді.
Азырақ дем аламын көз мызғытып, 220. Ет пысса мені оятып, түсір, – деді.
Екі адам жағаласты бұйрық қылған,
Бұларды қырқыстырды әлгі антұрған.
Өлтірді тез қимылды баяулауын,
Аямай бұрынырақ таспен ұрған.
Боршалап қазанға әкеп етін салды,
Маздатып отқа салды қара талды.
Астында оты күшті болып еді,
Қазан да көп кешікпей бұрқылдады.
Ет пысып, уақыт жылжып өте берді, 230. Естіген ертегіні көзі көрді.
Ет пысып болған шақта әлгі залым
Есінеп орынынан түрегелді.
Бұл кезде ет те түсіп дайын болды,
Астауға адам еті төбе болды.
Білегін сыбанып ап, жалмаң қағып,
Жалғыз көз асап жатыр оңды-солды.
Қызарып жалғыз көзі қанға толып,
Етті жеп, сорпа-суын ішіп болып.
Бір қойды адамдарға “же” деп берді, 240. Мергенді жаңа тапқан барлай шолып.
Бір қойды қорек етті қалған адам,
Қарны ашып отырғандар бағанадан.
Алған соң азын-аулақ өлмес қорек,
“Жатыңдар” деп бұйырды әлгі надан.
Салынған сарпалдаңға кешке дейін,
Жатуға ыңғайланды болып бейім.
Жамбасқа қара үңгірдің тасы батып,
Мерген де ұйықтамады көпке дейін.
Бір кезде жалғыз көзді тұрды аунап, 250. Адамды қой орнына жеген жалмап.
Құпия бір нәрсені күбірлейді,
Мерген де ұйықтаған боп, жатыр тыңдап.
“Япыр-ау, не болды оған кешікті ғой,
Мінеки, үш күн болды көрсетпей бой.
Өлмесе келер еді, тірі емес қой?”, –
Деген сөз жалғыз көзге түсірді ой.
“Тосайын және екі күн күдер үзбей,
Шығармын келмесе егер өзім іздей.
Өлтіріп қойған болса егер біреу, 260. Қоймаспын мен де оның мойнын үзбей.
Болады бұған қауіп адамзаттан,
Келмесе іздеу керек, қарап жатпан.
Кезіксе мойнын шілше бұрар едім,
Күшім бар тұла бойда батпан-батпан”.
Күбірлеп осыны айтып, сырт айналып,
Төсекке қайта жатты қатты ойланып.
Қауіп жоқ бүгін маған деген мерген,
Ұйқыға ол да кетті ыңғайланып.
Таң атты, жалғыз көзді ішті шарап, 270. Қалғаны түндегіні етті тамақ.
Астан соң жалғыз көзді тысқа шығып,
Үңгірге барды қойған қойды қамап.
Ашты да тас есікті куалайды,
Далаға шықпақ болып қой саулады.
Қой беттеп өрісіне кеткен кезде,
Тағы да тас қақпалы үйге барды.
Бұл үйі ет сақтайтын кең қоймадай,
Тастапты сөре-сөре етті қақтай.
Асулы дайын тұрған дайын еттен 280. Жалғыз көз құшырлана соқты бара-ай.
Бұл кезде мерген де ойын пайымдады,
Қауіптен таяп тұрған тайынбады.
Алмас жүз ақ балтасын ішке тығып,
Сайысқа болатұғын дайындалды.
– Біріңді бірің асып бересіңдер,
Не айтсам бұйрығыңа көнесіңдер.
Асықпай бабыменен әбден пысыр,
Әйтпесе көресіні көресіңдер.
Бұл жолы тез қимылдар Арық мерген,
290. Жазықсыз жаннан қорқып ұрып жерген.
Ұрған тас бейне садақ оғындай боп,
Күнәсіз әлгі байғұс бекер өлген.
Қазанға етті салып, отты жақты,
Өлтірді сыр білдірмей бір нақақты.
Бұрқылдап қазан қайнап қалғанында,
Жалғыз көз құс ұйқымен мызғып жатты.
Қазан да бұрқылдаған қызып алған,
Әркімді алдандырған пәни-жалған.
Істік те қып-қызыл боп дайын болды, 300. Ертерек айламенен отқа салған.
Сонда ер ақ балтасын қолына алды,
Істікті көзден дәлдеп періп қалды.
Доңызша өкіргенде әлгі тажал,
Мерген де қой ішіне кіріп алды.
Жалғыз көз іздесе де таба алмады,
Табам деп әрлі-берлі алаңдады.
Ұстайын дәл есіктен деген ойда,
Алдынан тас есіктің жаңылмады.
Таң атты, ашылды есік күндегідей, 310. Қой шығып шулап жатты кәдімгідей.
Өткізді екі бұттың арасынан,
Түстеп тұр қолмен сипап, көзі көрмей.
“Ақ серкем алты мүйіз бастай берсін,
Түймелі сұр, теңбіл шұнақ қостай берсін.
Қой шолпаны көк қошқар қожасы боп,
Соңынан барлық қойым ере берсін”. –
Деп сипап мүйізінен, сауырынан,
Шұбырып шығып жатты қой шулаған.
Ұстап ап бір серкені мерген сойды, 320. Осылай қапелімде айла ойлаған.
Пәледен құтылады ақыл тапқан,
Теріні жамылды ол сойып болған.
“Шұбарым сербегейлі” дей бергенде,
Лып етіп шығып кетті борбайынан.
Қап, бәлем, – соқыр қалды – “айырылдым”, – деп,
Қайғырып айырылғанға уайым жеп.
Жөніңді тым болмаса білдірмедің,
Кім едің, не себепті жүрген келіп?
– Ей, тажал, менің атым Арық мерген,
330. Мақсатым – сені жою, соған келгем. –
Деді де, дәл жүректен атып қалды,
Сұлатты халық жауын өзі өшіккен.
Осыдан аралады көрмек болып,
Жазасын жау табылса бермек болып.
Жарқылдап ақ балта мен ақ семсерді,
Келеді үңгір ішін түгел тінтіп.
Үңгірдің іші толы адам екен,
Бұларға жазы-қысы болған мекен.
Мергенді көре сала шошыды олар, 340. Сойылып су жүрек боп қалған екен.
– Қорықпаңдар, – деді мерген, – құтқармақпын,
Сеніңдер, өздеріңдей адамзатпын.
Сайысып сендер үшін осы арадан,
Екеуін мен өлтірдім жезтырнақтың.
Қуанды қамалғандар “ақсарбастап”,
– Жатқанда құтқардыңыз ажал ұстап.
Қашанда ұмытылмас бұл жақсылық,
Ел-жұртқа жеткізе гөр тура бастап.
– Бәрің де сыртқа шығып жазыңдар бой,
350. Жасайық дүрілдетіп біздер де той.
Ес жиып, әлге келіп сорпаланып,
Сойыңдар таңдап әкеп жеткенше қой.
Жатқанда бұлар мәз боп дуылдасып,
Баса алмай қуанышын қуалдысып.
“Кеп қалды бір топ адам” деген хабар,
Әкелді күзетшілер асып-сасып.
Мергеннің елі екен іздеп шыққан,
Ізінен “тірі екен” деп хабар ұққан.
Түнесе мерген қайда, сонда түнеп, 360. Мезгілі осы болды ақыр тапқан.
Қуанды барлықтары қосып басын,
Шатқалдың аралап жүр қожыр тасын.
Қой сойып, ет қайнатып қазан-қазан,
Дайындап қонақасы – ишарасын.
Дем алып құрғандары ойын-сауық,
Қызыққа барлығының көңілі ауып.
Жасады сыбызғыны сол арада
Сары ағаш, өгізқурай іздеп тауып.
Осылай сауық-сайран салған екен,
Тең бөліп барлық малды алған екен.
Қуантып елі-жұртын қайта оралып,
372. Өмірлік мұратына жеткен екен.
ӘБУ ЖЫЛАН
Жүйесі сұлу сөздің қорда, қалам,
Тайпалған төрт аяғың жорға, қалам.
Артыңа жазғаныңнан сөз қалдырсаң,
Жетесің арманыңа сонда, қалам.
Өткеннен бір әңгіме бастау үшін
Сөзіме қуат беріп, қолда қалам.
Бәрін де бір-ақ күнде жазғандайсың,
Тек менің саған жетпес ақыл-санам.
Осыдан алты мың жыл өткен бұрын, 10. Жасапты түрлі халық неше ықылым.
Өткен сол ұлы түрік қауымында
Мен дағы сөз қыламын соның бірін.
Басталмақ не періден, яки жыннан,
Қорқамын өтпей қалса сөзім сыннан.
Алдында оқырманның жайраңдар ем,
Татымды болып шықса сөзім шыннан.
Дәуіттің сегізінші немересі,
Едіған патшаның шөбересі.
Ол оның оқымысты жалғыз ұлы, 20. Ешкімнің тең келмеген терезесі.
Әйгілі тапқыр, ойшыл, ғалым еді,
Жасынан оқу-ғылым дарып еді.
Адамның сыртын көрсе, ішін білген,
Ақылы туған айдай жарық еді.
“Артымда тәжі мен тақыт ұстайды”, – деп,
Қарт патша қуанып-ақ қалып еді.
“Балама сүйген қызын әперсем”, – деп,
Бір күні уәзірге ақыл салып еді.
Болмасын кімдер құда патшаға, 30. Қуанып қызы барлар қалып еді.
Кісі сап сөйлесетін екі араға,
Әдеті сол кездегі халық еді.
Аты екен баласының Шаһимұрат,
Баланың ішкі сыры атаға жат.
“Қыз таңдап менің балам, той жасатсын”, –
Делініп әкесінен жазылды хат.
“Сен менің үміт күткен жалғызымсың,
Артымда өлсем қалар бақ ізімсің.
Бала – бақыт, бала – шах, бала – тақыт, 40. Көретін өмірімдегі қызығымсың.
Отыр ғой қуанғалы бүкіл елім,
Тек, балам, сен ғанасың асқар белім.
Артымда сен жоқ болып қаза тапсам,
Әркімге болар еді-ау халқым телім”.
Түскендей қуанышты бүгін келін,
Әкетіп шатлық кернеп жүректерін.
“Той жасап, қайтсек, қызық көреміз”, – деп,
Шал-кемпір қуанысты байлап сенім.
Сөз туар көк сиядан ағылған соң, 50. Хат кетті баласына жазылған соң.
Қуанды патша, ханым екеуі де,
Кесімді сөзге жұп табылған соң.
Кемпір-шал болып отыр қуанғандай,
Үміттің туғанынан бу алғандай.
Хатты оқып көргеннен соң Шаһимұрат,
Қайтармақ не деп жауап бұған қандай?
Тапсырды хатты апарып уәзір Сағат,
(Сөзімді түзетіңдер бар болса ағат).
Қолына ап уәзірдің берген хатын, 60. Байыптап оқып көрді бала Мұрат.
Ибамен орынынан тұрады енді,
Мақсатын уәзірдің ұғады енді.
Асықпай жан-жағына хабар беріп,
Бірге өскен қырық жолдасын құрады енді.
Қырығына күлімсіреп қарады енді,
Бір ақыл барлығына салады енді.
Бар еді бір жолдасы Жәни деген,
Айғайлап сырттан келіп араға енді.
Ол айтты: – Қызды мырза таңдап алсын, 70. Қолына дүние жиһаз қамдап алсын.
Падиша ерік берсін баласына,
Демеді қайда кетті, қайда барсын!
Әкелсін қызы барлар хабар тауып,
Падиша мақұлдай ма көңілі ауып?
Құптайды барлығы да мұның сөзін,
Ер Жәни кеткеніне ақыл тауып.
Деген “Сөз тумақ, өлмек” нағыз шындық,
Қалады сұм қара жер бетін жауып.
Бұл дүние күлгірсіген бір сұлу қыз, 80. Өмірдің ішкізетін сүтін сауып.
Болғанда жер – айдаһар, ажал – қылыш,
Желкені қиып түсер бір күн шауып.
Баласы бір хат жазды әкесіне,
Өсірген деді рахмет мәпесіне.
Иіліп уәзір хатты табыс етті,
Қадірлі ханзаданың тәтесіне.
Хатты алып уәзір Сағат қайтып келді,
Пиғылын баласының айтып келді.
“Бала көңілі далада” болғаннан соң, 90. Уәзір алған беттен тайқып келді.
Падиша отыр еді намазында,
Ол көрді бала жазған қағазын да.
Шайқайды Сағат басын таңдай қағып,
Сыр жатыр біз ұқпаған сабазыңда.
– Балаңыз қыз таңдаймын дегенді айтты,
Әуелі айтқан сөзден кейін қайтты.
Беремін алмасам да қалың малын,
Айтып бар деді сізге мына жайтты:
“Мен сөйтіп жер жаһанды аралаймын,
100. Қыз таңдап төрт тараптан саралаймын.
Көрсетсін өзі әкеліп әркім қызын,
Қыз іздеп үйіне оның бара алмаймын”.
Әкесі мақұл болды баласына,
Көзінің жалғыз нұры – қарасына.
Онымен бірге өсірген қырық жастың
Бәрінің де қарап қабақ санасына.
Артқызды алтын, жақұт алпыс нарға,
Тоқшылық қандай оңай қолда барға.
Кигізіп ыңғай киім қырық жасқа, 110. Мінгізді пар-пар асыл, қостан жорға.
Жөнелді салтанатпен ханның ұлы,
Қалдырып ханзада атын сан шаһарға.
Алдынан қыз көрмекке ағылан шашып,
Күн бұрын хабарлайды халықтарға.
Әкелді талай сұлу естіген жұрт,
Бірі де ұнамады шалықтарға!
Бар екен “Үрім” атты үлкен қала,
Патша екен Сағит Қанат туған дана.
Патшаның Жәмиіл атты бір қызы бар, 120. Тумаған бұл пәниде ондай бала.
Бұл хабар естіліпті барған елден,
Жасы бар он алтыға жаңа келген.
Дидары толған айдай толықсыған,
Бір көрген мас болады шығып шерден.
Артында қалмаса екен деп тілейсің
Қызғанып басқан ізін қара жерден.
Қалады ес ақылың мүлде ауысып,
Алдыңнан бұлаң етіп басса кердең.
Дуласты естіген жұрт беріп баға, 130. Қайтсе де өтіп қалар сынақ белден.
Сылдырап келді сұлу шұбатылып,
Жүргенде толықсиды бұратылып.
Алдынан хан ұлының өткен кезде
Жас, кәрі қарап қапты қиратылып.
Ханзада оның барып қолын алды,
Көз жұмып бір азырақ ойға қалды.
“Тарыдай бір мінің бар тал бойыңда,
Болмаса жарар едің”, – деп-ақ салды.
Қыз айтты: – Жан екенсің сөзге құмар, 140. Шындыққа көз сүрініп көңіл тынар.
Мінсіз жан табамын деп қаңғырыпсың,
Ондайды жаратқан жоқ пәруардигар.
Болмайды жолың сенің қайда барсаң,
Қауіпті күпіршілік ойламасаң.
Асқақтап арманыңа жете алмайсың,
Беліңді тәуекелге байламасаң.
Соны айтып, қыз аттанып қайтты еліне,
Келмеді істің сәті кемеліне.
Тон тозып, ат арықтап, ақша азайды, 150. Берген соң алмаса да беделіне.
Ханзада тағы тартты шетке сапар,
Қаймығып қыз сөзіне қылмай капар.
Бір иен жазираға беттеп еді,
Асқар тау тоса берді қатар-қатар.
Мінген ат қырқаны аспай болдырады,
Қарғысы қыздың қайтіп оңдырады.
Жетелеп бірде жаяу, бірде атты,
Қырқы да арып-шаршап қалжырады.
Бір сайға шаршаған соң қонды барып, 160. Бәрі де азып-тозып болды ғаріп.
Ешбір тіл қатыспады ауыз жарып,
Тасыған хан ұлынан көңілі қалып.
Оңаша бір ағаштың саясында
Ханзада жатыр еді демін алып.
Тамылжып бәйтеректің бұтағынан
Бір бұлбұл сайрап кетті әнге салып.
Хан ұлы назар салды бұл әуенге,
Жеткізбес арман шіркін “аһ” дегенге.
Ғажайып таң тамаша болды бәрі 170. Бозторғай дәл адамша сөйлегенде.
Жас бұлбұл әсем күйді бұрап жатыр,
Нақыштап адамша сөз құрап жатыр.
– Ей, жігіт, қайсы жақтан келесің? – деп,
Бір-бірлеп мәні-жайын да сұрап жатыр.
Ол айтты: – Падишаның баласы едім,
Көзінің жалғыз нұры – қарасы едім.
Алды-артым құйрық-жалсыз болып туған
Патшаның жалғыз ғана сарасы едім.
Жасымнан іздеп едім оқу-ғылым,
180. Келгенше он жетіге таппай тыным.
Көрімдік, көргеніме қалың беріп,
Талайдың ұнатпадым тауып мінін.
Тағы да жаһан кезіп кетіп барам,
Мінеки, айтып бердім сөздің шынын.
Сандалған ғарібіңе көмек көрсет,
Болайын қара лағың, жас бұлбұлым.
Мұны естіп әлгі бұлбұл кетті сайрап,
Ханзада тыңдап отыр көзі жайнап.
– Бір сұлу көріп едім өткен жылы,
190. Ақарал деген жерде жатқан жайлап.
Ол өзі Ақаралдың ар жағында,
Атақты Көкаралдың бер жағында.
Алмақшы қандай жігіт бағы ашылып,
Он алты, он жетінің дер шағында.
Дейтұғын Харұт патша пері қызы,
Белгісіз жатқан жері жапан түзі.
Құпия сақталып тұр осы арада,
Диюға байқалмайды басқан ізі.
Диюдың Хамұн атты бір ұлы бар, 200. Жасынан аруларға ғашық құмар.
Ол қызды көріп қалса тартып алмақ,
Перінің шарасы жоқ оған қылар.
Әкесі тілсәмат қып қойған тығып,
Қыз сорлы амалсыздан жатыр бұғып.
Жүре ғой маған еріп, қазір, достым,
Көріп қайт өз көзіңмен жөнін ұғып.
Ақсұлу – оның аты, күнмен тең,
Төгілген таққан алқа жаға мен жең.
Сен дағы бір білімді зат екенсің, 210. Бар дағы сынап көрші, қай жерің кем?
Сөзіне жас бұлбұлдың сенеді енді,
Ат мініп торғайға еріп жөнеді енді.
Бойына Ақаралдың таяғанда,
Тұрғанын алтын сарай көреді енді.
Сарайға бұл екеуі жақындайды,
Шын сеніп бұлбұл сөзін мақұлдайды.
Сарайдың алдындағы шарайнаға
Шағылысып қыз суреті жарқылдайды.
Суретін ғажап қалды қыздың көріп, 220. Тұр екен шашын тарап, қасын керіп.
Міні жоқ хас сұлу кезіккен соң,
Ханзада қорғасындай балқиды еріп.
Ол айтты: – Мен барайын, сен тұра тұр,
Мойныңды шындық сөзге сен бұра тұр.
Қақпаға бұлбұл ұшып кетті кіріп,
(Бұл өзі айта берсем бірталай жыр).
Барды да бұлбұл ұшып, қайта келді,
Мән-жайын Ақсұлудың айта келді.
– Тоқтай тұр тағат қылып түс ауғанша,
230. Көрсетем ертіп барып қима белді.
Көрінді жарты күні жарым жылдай,
Қалмады ақыл-есі бұрынғыдай.
Болар деп қашан жауап қима белден,
Көз салып, құлақ түріп тұрды тыңдай.
Бұл мырза осы арада тұра тұрсын,
Кеткен соң бастан еркі, күні құрсын.
Азырақ қыз жайынан сөз қозғалық,
Қандырып оқырманның құлақ құрышын.
Алтын шашын тарап қойған ұлпа бұрым, 240. Ауызбен айту қиын қыздың түрін.
Қиғаш қас, қима бел, қыран иық,
Арайлы, ақ сүмбідей қырлы мұрын.
Жұқа ерін далап жағып боялғандай,
Түсінде көрген мас боп оянғандай.
Қастарын бейне қолмен сызып қойған,
Ай сұлу, айбаршалы жазық маңдай.
Тізулі отыз тісі аппақ меруерт,
Алыстан жарқылдайды жаққан шамдай.
Тұп-тұнық қарағаны қандай тәтті, 250. Секілді көтеріліп атқан таңдай.
Сүйріктей он саусақтың бар саласы,
Теңеуге табылмай тұр сөз сарасы.
Оғындай нажағайдың жарқылдаған,
Тартады тынықтырып көзқарасы.
Кигені кәмшат бөрік қырмызыдан,
Қалғандай естен танып көрген адам.
Жын-шайтан, адам, пері бәрі бекер,
Байқасаң бағана артық хор қызынан.
Осындай сұлу екен бұратылған, 260. Сүйген жар шыққандай-ақ мұратынан.
Айланып әлгі бұлбұл қайта келді,
Түгепті жарым күні тосып тұрған.
– Бейнесін көрдің қыздың айнадағы,
Шын ғашық сүйген болсаң ойла тағы.
Серт жасар алдыңызда бір белес бар,
Беліңді жігіт болсаң байла тағы.
“Ол жігіт қазір қайтып кетсін, – деді,
Аман-сау жолдасына жетсін, – деді.
Қайтарып ел-жұртына адамдарын,
270. Тек өзі жалғыз қайтып келсін”, – деді.
Сөзіне қыздың айтқан көне кетті,
Ат мініп жолдасына жөнелетті.
Адасып ханзададан отырғанда,
Аман-сау достарына келіп жетті.
Көрген соң барлығы да қуанысты,
Ұмытып әлгі тартқан жұбанышты.
“Алланың адам басы добы” деген,
Алдағы кім біледі ғайып істі.
Ол айтты нөкеріне: – Қайтыңдар, – деп, 280. Әкеме менен сәлем айтыңдар, – деп.
Айтпайтын сіздерге жан сырым бар,
Бұл жерде бірнеше күн боламын, – деп.
Ісімнің беталысын оңап алып,
Артынан бір күн жетіп барамын, – деп.
Тосыңдар Атбасқанның шаһарынан,
Бүрсігүн бет көрісіп қаламын, – деп.
Сандалып жолдастары қайтты еліне,
Босқа еріп жын соққанның беделіне.
Бәрінің хан ұлынан көңілі қалды, 290. Іс сәті келмеген соң кемеліне.
Әреңге Атбасқанға келіп жетті,
Бәрі де ғазап тартып тентірепті.
Хан ұлын тоса-тоса азып-тозып,
Кешірді бастарынан қасіретті.
Жоғалды ханның ұлы деген хабар,
Мағұрыптан машұрыққа келіп жетті.
Ішінде барлығынан артығырақ
Жәни жас тартты ғазап-қасіретті.
Кездесіп ер Жәниға бір ақсақал: 300. – Жылайсың осынша көп неге? – депті.
Өзіне жаны ашыған ақсақалға
Айта алмай сөздің жөнін еңірепті.
– Жылайтын, – Жәни айтты, – бар ғой жөнім,
Хан ұлы жалғыз Мұрат құрбым менің.
Қыз таңдап әуел баста алыңыз, – деп,
Аузымнан шыққан сөзім бар ғой менің.
Бұл сөзге хан да мақұл болып еді,
Қолында дүние, малы толық еді.
Қазынаның алтын, гауһар арасында
310. Арылтып жер жаһанды шолып еді.
Жақтырмай талай қызды сырлы бала,
Жасынан ғылым қуған өзі дана.
“Табам, – деп, – жер жүзінен бір сұлуды,
Ел-жұрттан сапар шегіп кетті дара.
Айрылдық жапан түзде ханзададан,
Құданың құдіретіне бар ма шара?
Падиша енді көрсе оңдыра ма?
Ақсақал, осы арасын ойлап қара.
Бастаған бұл қылмысты мен болдым ғой, 320. Ұққан соң айырасыз болса сана.
Шал тұрып: – Сөз мәнісін ұқтым, – деді,
Бұл сөзді бұрын айтпай тықтың, – деді.
Қарығың ашылмаған сорлы байғұс,
Мехнаттың Қап тауына шықтың, – деді.
Қаңғырмай, қарақтарым, қайт еліңе,
Кім төгіп ақша берер беделіңе.
Сен оны қайғырғанмен таба алмайсың,
Келмейді бұзылған іс кемеліне.
Жасырмай әкесіне барып ұқтыр, 330. Көне бер қаһарланса дегеніне.
Падиша бола алмайды ақылсыз жан,
Ісіңнің қарап көрер себебіне.
Ер Жәни мақұл алып қарттың сөзін,
Жиып ап ақыл қосты өмегіне.
Барлығы бұл ақылды қабылдады,
Ас ішіп, аз отырып, дамылдады.
Толықтап ат-көлік пен азық-түлік,
Сақадай сай жол қамын дайындады.
Келеді күндіз-түні тынбай жүріп, 340. Хабарлап жол бойына құлақ түріп.
Жапанға жалғыз кеткен жан туралы
Ешбіреу айта алмайды хабар біліп.
Еліне таяғанда барлығы да,
Біртұтас шошып кетті сағы сынып.
Шаһардың шетіне олар кірген кезде
Бір жайсыз хабар жетті ханға естіліп.
Ішінде жалғыз ұлы жоқ дегенде
Анасы талып кетті шашын жұлып.
Төгіліп екі көзден қан менен жас, 350. Падиша сөзден тоқтап қалды тынып.
– Алдына келтірмей-ақ падишаның,
Қамалсын! – деп шығарды үкім қылып.
Байлап ап қол-аяғын зынданға атты,
Бас кесер алдарынан жаллад шығып.
Жабылып зынданының есіктері,
Салынды күмбір етіп үлкен құлып.
Зынданда бұлар енді жата тұрсын,
Мехнат жандарына бата тұрсын.
Айталық ата-ананың қайғы-зарын,
360. Қандырып тыңдарманның құлақ құрышын.
Ата-анасының зары:
– Айналайын, жалғызым,
Қандай жерде қалды ізің?
Аралайын жер-көкті,
Бірден санап жұлдызын.
Ішімізде от жанады,
Жүрегіміз жаралы.
Қу түбірдей кемпір-шал,
Қалдық жұртта қаралы.
370. Үкілеген тұлпар ең,
Қасірет басты сананы.
Ғайып болған, қарағым,
Ашылмаған қабағым,
Жаңа пысқан алманың
Кім үзді екен сабағын?
Тақты талақ етейін,
Шақай тартып табақ ап,
Қаңғырып жаһан кетейін.
Аулақ менен дүние, 380. Мәжнүн болып өтейін.
Патшалық санат құрмаймын,
Бір күн де тірі тұрмаймын.
Неменесін алып ем
Жаратқан жаппар Құдайдың.
Жалғызымнан айырылып,
Қанатымнан қайырылып.
Қатқан сабақ ырғаймын,
Борасын гүлін сындырған,
Балдырған емес қураймын. 390. Аллаға айтар зарым көп,
Құйрық, қанат, жалым жоқ.
Қарғам, бері келші, – деп,
Қолымды кімге бұлғаймын?!
Топырағыңды көрмедім,
Қолымнан сусын бермедім.
Жалғызым сапар шеккенде,
Артынан неге ермедім.
Қаңырап қалды-ау ордамыз,
Ойылғандай ортамыз. 400. Өлмегенде не қалды,
Тоз-тоз болды торқамыз.
Иен қалды тақытым,
Қайтты ғой бастан бақытым.
Қайғы жұтып өлетін,
Осы болды-ау шақтым.
Ішіне барып кірейін
Дайын тұрса табытым.
Дүние бізге не керек
Өлімнің кисек қамытын. 410. Осылай ата-анасы қылады зар,
Кең дүние қайғы қылса болады тар.
Айрылса жалғызынан өлер сорлы,
Жаратқан өзің қолда паруардигар.
Ел-жұрты, уәзірлері жиналады,
Бұлар да уата алмай қиналады.
– Сабыр ет, әлде, бала тірі шығар,
Бермесе Тәңірім бақыт кім алады.
Бүкіл ел қасіретке қалды батып,
Болмапты ақыл айтып тоқтатары.
420. Рақымы құдіреттің өзіне тән,
Кімді алқап, кімді қарғап жоқ қылады.
Мұрат тұр көрген жайда аттан түсіп,
Қусырып жас келіндей қолын құшып.
Қараса маңайына көз жүгіртіп,
Бір тажал темір қанат келді ұшып.
Бұл тажал қасына оның түсті келіп,
Тал белін қаһарлана қысты келіп.
Шыңғыртып жас баладай жіберді оны,
Қалдырмай бойда қуат, басында ерік. 430. Тажалдың көзқарасы өте бұзық,
Ала көз, сойдақ тісті, түрі тозық.
Секілді мұрны пештей, аузы үңгірдей,
Қарайды қылқың қағып, мойнын созып.
Ақырып аждаһадай ар-гүр етіп,
Қаһары барған сайын кетті қозып.
Дүниеде ең атақты жыртқыштардың
Ешбірі шығар емес мұнан озып.
Ойласаң істің шарты жалғыз Хақта,
Қылысып тәуба үйіріп тұрған шақта. 440. Бармақтай баққа туған бұлбұл торғай
Зулатып ұшып келед сарай жаққа.
Тағы ұшып осы араға келді бұлбұл,
Бау-бақта ол сайраса ашылар гүл.
Бұлбұлдың дауысына құлағын сап,
Тым-тырыс тоқтай қапты әлгі құрғыр.
Тажалға бұлбұл келіп: – Тоқта! – деді,
Жұмысың маған айтар жоқ па? – деді.
– Орында бұл жайдағы міндетіңді,
Айланып бұл араны соқпа! – деді. 450. Жөнелді шұбатыла тажал ұшып,
Мұратты жіберіп ед қатты қысып.
Жүрегі шошығаннан тоқтамады,
Денесі кейде суып, кейде ысып.
Үмітін өз жанынан өзі үзіп,
Қысымнан қасы-көзі кетіпті ісіп.
Кеп қонды әлгі бұлбұл қасына оның,
Қанатын көлеңкелеп басына оның.
Тоқтатты ақыл айтып азаматты,
Сүрткізіп көзіндегі жасын оның. 460. Салынған алты қабат алтын сарай,
Қойылған қақпа алдына гауһар жанай.
Нақышын інжу-маржан, меруерттің
Ауызбен тауысқысыз айтып санай.
Байлаулы қос арыстан қақпа алдында,
Алланың өзі кепіл сақтарында.
Ұмтылды көргеннен соң адамзатты,
Ақсиып азу тісі жақтарында.
Осыдан Мұрат кетті қатты сасып,
Жалт берді арт жағына тұра қашып. 470. Темір тор арыстанды қоршап қалды,
Тетікті қалған екен бұлбұл басып.
Қорқыныш тіршіліктен қандай жаман,
Темірдей отқа түскен кетті жасып.
Қанатын бұлбұл тағы қағып еді,
Арыстан тұра қалды далаңдасып.
Қайрандап бұған жігіт тұрған шақта,
Қыз шықты ақ сарайдан есік ашып.
Ибасы сұлулардың тәтті-ау шіркін,
Жаратқан рахымды есте нәсіп. 480. Дауысы әрең шығып сыздықтаған,
Мұратпен қол алысты құшақтасып.
Шыбын жан шығып кетпей қайтіп тұрған,
Алдынан көлбеңдесе сүйіп ғашық.
Қиялы ұшқан құстай көтерілді,
Телегей теңіздей боп жатқан тасып.
Қасына Ақсұлудың барды жанап,
Әуелі аман жайлы болды жауап.
Байқаса бір міні жоқ тал бойында,
Тексеріп бас-аяғын тұрса қарап. 490. Әуелі жолғасқанда қол алысты,
Қос дидар қызғылт тартып ағарысты.
Ибалы қыздан жауап басталған соң,
Шатлықтың бозторғайы аспанға ұшты.
Сарайға кірді екеуі құшақтасып,
Дариядай жастық көңіл кетті тасып.
Дариға-ай, бүгін өлсе арманы жоқ,
Отырса ақ сұлумен дидарласып.
Алдынан даяр екен түрлі тағам,
Жіберді о да бір ләбсін ашып. 500. Көңілінен қаяу кетіп жайланған соң,
Жігіт те қорқар емес асып-сасып.
Ел-жұрты, әке-шеше шықты есінен,
Мақсатқа жеткеннен соң Мұрат ғашық.
Қыз айтты Мұрат жасқа жауаптасып:
– Көңілің жан екенсің жүрген жасып.
Айтарлық саған менің бір сөзім бар,
Кең ойлан қабырғаңа ақылдасып.
Қоятын саған менің шарттарым бар,
Жар сүйер жан екенсің жаның құмар.
510. Серттесіп мені алуға шыдамасаң,
Онда еркің, бүгін қайтып жөніңе бар.
– Қорықпан, – жігіт айтты, – шартыңыздан,
Қылмаңыз қауіп-қатер артымыздан.
Не десең ғазиз басым сенің үшін,
Серт берем бас тартпауға салтыңыздан.
– Үш жыл тұр осы жерде елге бармай,
Асқар тау, ағынды су, белге бармай.
Еріксең сарай ішін серуенде,
Қысқасы бақшадағы көлге бармай.
520. Тағамды күтушілер әкеледі,
Мені де туған әкем мәпеледі.
Ғашық боп мені аңдыған бір дию бар,
Сол ғана маған төнген қатер енді.
Менде жоқ одан басқа қайғы-уайым,
Сені әкеп маған қосқан бір Құдайым.
Шартым сол, асылзада, саған қояр,
Ұғынсаң ауыр емес сөз сыңайын.
Барамыз ел-жұртыңа үш жыл өтіп,
Тарыққан соң қалмай ма дию кетіп. 530. Қоямыз қайтыс болсаң қолымыздан,
Бұл жерде өліп қалсаң қаза жетіп.
Мұрат айтты: – Мұныңа көндім, – деді,
Жолыңа жас жанымды бердім, – деді.
Айрылып жолдастардан жалғыз басым,
Сен үшін жан пида ғып келдім, – деді.
Қолдасып ақ төсекке жатты бұлар,
Қорылдап тәтті ұйқыға батты бұлар.
Сөйлейік жастық жайлы бір азырақ,
Үзіліп тыңдай қалсын жаны құмар. 540. Ақ білек талма белді алды қысып,
Иіскеп тамағынан бетін құшып.
Тұла бойы қорғасындай балқиды енді,
Атылып ақпа жұлдыз жерге түсіп.
Шолп етіп тәтті еріндер кезек тиіп,
Шымырлап жан денеден шыққанда ұйып.
Қояр ма нысанаға дәл тигізбей,
Алдынан кезіккенде алтын киік.
Ақсұлу туған айдай шалқалайды,
Дәрменсіз қол-аяғын әрең жиып. 550. Қарасаң бірі – пері, бірі – адамзат,
Махаббат төсегінде жатыр сиып.
Рұқсат, дем алайық дегеніне,
Бір сәтке жібере ме жігіт қиып.
Осындай қызық күндер өтіп жатыр,
Құла тон, кисе даяр баста шатыр.
Ләззаттың боз тұманы тұмшалаған,
Іс артын қайдан білсін Мұрат батыр.
Барады қызықты өмір шыр айналып,
Уақыт таяп қалды жыл айналып. 560. Байқаса, денесі әлсіз күннен-күнге,
Жүрегі дүпілдейді, басы айналып.
Төмендеп халі түсіп күннен-күнге,
Көз көрмей алыс жерді қалды мүлде.
Әуелгі ат бәйгесі жолда тоқтап,
Боп қалды ала алмайтын күнде жүлде.
Ол сезді бір науқастың жабысқанын,
Сүйіп тұр жүрегі әлі табысқанын.
Ентігіп қарыс жерге жүре алмайды,
Белінің жаңа білді қайысқанын. 570. Айтты ол сұлуына ауырғанын,
Ауру меңдетіпті тау қыранын.
Ар жағы әлі ешкімге түсініксіз,
Ел-жұртын сағынды ма, бауырларын.
Тағы айтты: – Сахараға барайын мен,
Отардан бір мал тауып алайын мен.
Әкеліп қой сорпасын ішсем қайтер?
Сол үшін жаныма ақша салайын мен.
Қыз айтты: – Сертің қайда әуелде айтқан,
Ер жігіт не болады серттен қайтқан? 580. Егер сен сахараға жалғыз барсаң,
Ғазәзіл азғырмасын бір жын-шайтан...
Отырды қысылғаннан жігіт жылап,
Ағызып екі көздің жасын бұлап.
Болса да өзі басқа, жүрегі – ет қой,
Болад деп түсіп қалды қыз да құлап.
Қыз айтты: – Сахараға барыңыз, – деп,
Соманы жаныңызға салыңыз, – деп.
Сорпа ішіп көңілімізді көтерелік,
Кездессе бір қой тауып алыңыз, – деп. 590. Қуанып ақбоз атқа мінді жігіт,
Беліне алмас қылыш ілді жігіт.
Кергітіп сахараға бет алады,
Баласы падишаның сәнді жігіт.
Отарға сол күн кепті дәрігер шал,
Жарандар, мына сөзге құлағың шал:
“Себеп бар шықпас жанға, – деген ғой Хақ”,
Дәрігер кез болыпты алдынан дәл.
Кезіккен Қыдыр болып осы шалы,
Белгілі оған науқас көрсе халі. 600. Дәрігер сәлемдесіп қарап тұрса,
Көрінді солып кеткен жүзі сары.
Айырды дерттің түрін көрмей тұрып,
Жай-күйін жігіт айтып бермей тұрып,
Аурудың пайда болу ахуалын,
Жасырды сорлы байғұс Құдай ұрып.
Шал айтпай қалай істі біледі екен,
Ғайыпты кітап ашып көреді екен.
Жатқанын Әбу жыланның Ақаралда,
Мөлшерлеп сыртынан шал жүреді екен. 610. Шал білді халі азайып қалғандығын,
Бір қырсық бейшараны шалғандығын.
Жайлаған Ақаралдың Әбу жыланын,
Сұлу деп жаза басып қалғандығын.
Икемді жазса қалам сөзді ыңғайлы,
Қисынды болып шықса сөз шұрайлы.
Халайық, таң қаласың құбылысқа,
Азырақ тоқталайық Әбу жайлы.
Жыланның ата тегі өзі екен ғой,
Құбылғыш денесінде көзі екен ғой. 620. Жасы бар мыңнан асқан жыландарды,
Ежелгі ат – Әбу деген сөз екен ғой!
Жүз жасқа келсе айдаһар болады екен,
Жуандап бәйтеректей толады екен.
Денесі мыңға келсе кішірейіп,
Құбылып әр түрлі боп тұрады екен.
Бір мезет торғай болып ұшып-қонып,
Айналып дүние жүзін шолады екен.
Әйел боп, жігіт тауып алдап сүйіп,
Бойынан қан қуатын сорады екен. 630. Айрылып ет пен қаннан сүйек қалып,
Құрт жеген миуадай солады екен.
Қызарып, бірде ағарып мың құбылып,
Алуан түрге кіре қалады екен.
Қу сезім төндіреді басыңа ажал,
Кезікті бұл сорлыға Әбу тажал.
Шал ойлап бас қатырып отырса да,
Әбуден құтқарарлық таппай амал.
Айтайын дәрігердің атын, Сәлім,
Жасынан даңқы әйгілі көпке мәлім. 640. Кітабын тәуіптердің көп оқыған,
Туа да өнер дарып алған тәлім.
Амалдап үлкен айла жасамасаң,
Бетпе-бет алдыртпайды ол бір залым.
Бір айла тез қарекет қылмағанда,
Аз күнде бітіреді жастың халін.
Қой сойып, сорпаға сап уды беру,
Осы бір сәтті орай деп тапты амалын.
Ол білді көргендей-ақ ауру халін,
Құтқарар тағы да айтты даруларын. 650. Бойына тарап кеткен Әбжыланның,
Бір-бірлеп түсіндірді заһарларын.
Жігіттер күмәндігер бола қалды,
Жүйелі түсінген соң істің мәнін.
– Бір ту қой жеті жылдық табыңдар, – деп,
Шақырып хабарлапты қойшыларын.
Кез келген өлмегенге өлі балық,
Ту қойды берді тауып малшыларың.
Қуанды сонда тұрып Шаһимұрат,
Көзінің енді жетіп ашыларын. 660. Ол қойға бір құты уды қоса беріп,
Дәрігер ұғындырды жоспарларын.
– Дұға оқып оның көзін байлаймын мен,
Залымды тылсыматпен жайлаймын мен.
Жіберем хабар беріп еліңе де,
Әр қилы әдіс-амал сайлаймын мен.
У салған сорпа беріп бір байқап көр,
Осыдан құтылмас деп ойлаймын мен.
Ешқандай секем беріп, сыр алдыртпа,
Қайткенде құтқарамын сөзіме сен.
670. Алдырам шақыртқызып осы араға,
Бар еді үлкен ғалым өзіме тең.
Сен барып сорпаға сап уды ішкіз,
Екі ойлы болма, жаным, сөзге келсең.
Қорылдап ұйықтаған боп жатып байқа,
Көрсетер бір хикмет неге десең.
Сарайға жігіт қайтты қойын алып,
Әлі де кете алған жоқ сөзге нанып.
Ас ішіп, жатар уақыт болғаннан соң,
Қисайды төсегіне Мұрат барып. 680. Көйлегін шешіп берді Ақсұлуға,
Оның да жоспары бар сырды ұғуға.
Қорылдап тәтті ұйқыға батқансиды,
Сығалап жатты қарап әлгі қуға.
Көйлектің битін әбден қарады енді,
Төрт бүктеп аспалыққа салады енді.
Мұраттың ұйықтағанын байқаған соң,
Көз тігіп жан-жағына қарады енді.
Қысылып қырық бұралып отырған қыз,
Жылан боп бір ысқырып қалады енді. 690. Болды да Әбу жылан бейне айдаһар,
Иіріліп сарай ішін шалады енді.
Жалаңдап айыр тілі заһар шашып,
Жақындап кіреуітке таяды енді.
Құбылып бір ысқырып бұлбұл болды,
Шықпаған жаны жатыр Мұрат сорлы.
Әуелеп үй ішіне қанат қағып,
Аздан соң орнына кеп қайта қонды.
Қанатын бір қозғалтып қақты дағы,
Сұлу қыз бола қалды қалпындағы. 700. “Сезбейтін ешнәрсені маубасым” – деп,
Мұраттың қасына кеп жатты тағы.
Амалсыз шошығаннан Мұрат жатты,
Байқаса ажал оған жақындапты.
“Қарғам-ай, ғашық жарым, сүйгенім”, – деп,
Көлгірсіп залым оны құшақтапты.
Тоқтар ма жүрегі оның дірілдеген,
Дүнияда қорқыныш жоқ мұнан қатты.
Шара жоқ құтыларға қайран боздақ,
Пәлені басына іздеп өзі тапты. 710. Аңдысып бірін-бірі таңды атырып,
Сол күні қыз бен жігіт ұйықтамапты.
Еске алып Жәмиіл қыздың айтқан сөзін,
Ағызып көзден жасын солқылдапты.
Ебі жоқ суық көңіл іске қиыс,
Махаббат бұрынғыдай қалды сүйіс.
Басында сорлы жігіт байқамапты,
Бар екен қыз сұлуда жылан иіс.
Барласа сырты сұлу, қыздай екен,
Ашыған сілекейі удай екен. 720. Жас жүрек алыпқашпа аңғармапты,
Ақ еті қатып қалған мұздай екен.
Жақтырмай Жәмиіл қызды асқанына,
Әдейі кезіктірген Құдай екен.
Оқушым асқақтаған асылады,
Қарғысы қыздың қалай атқан екен?!
Таңертең тұра салып қойды сойды,
Қыз отыр шашын тарап, сылап бойды.
Салды да бір құты уды сары аяққа,
Үстіне ет пен сорпа шылап қойды. 730. Отырып кәселерін қолдарына ап,
Етті жеп, сорпаны ішіп әбден тойды.
Заһарға заһар қайтіп тасыр қылсын,
Ол удың ішкеннен соң күшін жойды.
“Әбжылан” етке тойып, бал-бұл жайнап,
Тастады іске асыртпай жоспарлы ойды.
Жаңылар адам азса тәубасынан,
Дәрігер дүрбі салды тау басынан.
“Қанып өлді ме”, – деп ойлап еді,
Бұлықынсып көрінді қыз ауласынан. 740. Сәлімнің жолдасы екен ғалым Асқап,
Оқумен жын-періні жүрген жасқап.
Келіпті шақыртқан соң жолдасына,
Көрсетті болған жайды оған нұсқап.
Бұл жайлы екі ғалым ақылдасты,
Құтқармақ бұдан қайтіп Мұрат жасты.
“Баланың ел-жұртына әтей барып,
Бір хабар табамыз”, – деп мақұлдасты.
Бет алып бұл екеуі жүріп кетті,
Жасамақ үлкен амал кереметті. 750. Күн-түні тынбай тартып екі ғалым,
Падишаның ордасына келіп жетті.
Ордаға келіп жетті кешке таяу,
Көзі жасты падишаның, көңілі қаяу.
Толассыз бал аштырып балгер жиса,
Хабар бар “тірі” дейтін ұйқылы-ояу.
Екі адам қақпаға кеп салтанатты,
Падишаға хабар берді шарапатты.
– Кезіксек сізге барып, – дейді олар,
Жіберді жалғастыр, – деп осы шартты. 760. Патша айтты: – Құдай айдап келген шығар,
Көңілін менің үшін бөлген шығар.
Ертіп кел көріселік оларменен,
Хабарын жалғызымның білген шығар.
Басында олар өзін таныстырды,
Істерді жақсы-жаман салыстырды.
Кезіккен баласының хал-жайынан,
Тастады бәрін де айтып, ашып сырды.
Айтты олар әтей іздеп келгендігін,
Жаны ашып жасқа көңіл бөлгендігін. 770. Қамалған Әбу жыланның қапасына,
Көзімен сөйлеп берді көргендігін.
Падиша естіген соң жаман састы,
Жиып ап білгіштерін ақылдасты.
Сандалыс аяқталып, шабыс шықты,
Қайткенде құтқармақшы Мұрат жасты.
Бас қатып, ақыл таппай айналған соң,
Шешілмес қырық шие байланған соң.
Алдына келді бұлар Сәлім, Ғаппас,
Екеуі демін алып жайланған соң. 780. Бұл іске, – олар айтты, – Қысылмаңдар,
Көп шығар іштеріңде ысылғандар.
Бір сарай жеті қабат салғызалық,
Үш күнде дайын болсын темір тамдар.
Жап-жалтыр іші-сырты болсын алтын,
Кем қылмай толтырыңдар істің шартын.
Астына орнатылсын құпия пеш,
Дүр етіп бір-ақ жерден от тартатын.
Құлыбы мықты болсын есігінің,
Әйнегі болат болсын тесігінің. 790. Тас көмір от алғышпен толтырылып,
От бергіш даяр тұрсын пештігінің.
Ішінде дүние-жиһаз жайнап тұрсын,
Самаурын меш үстінде қайнап тұрсын.
Жиналып жастар тартып кернай, сырнай,
Ән айтып, сауық-сайран ойнап тұрсын.
Үш күнде бітірілсін сарай салып,
Ол бітсе тойға келмек барлық халық.
Патшаның құтты мешін сарайына
Келуге келінді әтей шақырталық. 800. Осылай жоспарымның жөні келсе,
Сәт болар келін бұған келіп кірсе.
Құлыптап есіктерін палуандар,
Астынан үлкен пешке от берілсе.
Барлығы бұл планды мақұлдасты,
Падиша қазынасының аузын ашты.
Жиналып тамшы, ағашшы, өңшең ісмер,
Бұл іске сатұр-сұтыр араласты.
Отырмас бекер адам патшалықта,
Босатты зынданынан қырық жасты. 810. Қуанып құтылған соң пәлесінен,
Олар кеп ел-жұртымен амандасты.
Падиша кем көрмеуші ед баласынан,
Жәниді шақырып ап құшақтасты.
Төгілген көз жастары екеуінің
Жібітіп жібергендей қара тасты.
– Шақырып өзім барып әкелем, – деп,
Ер Жәни ел-жұртымен уағдаласты.
– Егерде Әбуді ертіп келе алмасам,
Бәй тіктім Мұрат үшін ғазиз басты. 820. Мұратпен бір жерде өлсем арманым жоқ,
Айрылып қайтем онан жасап жасты.
Әлденіп, аз уақыт демін алып,
Сіңіріп бойларына ішкен асты.
Жегілген пәуескеге қос арғымақ,
Тағылып шілия тұрман алтыннан нақ.
Сырланған пәуескесі поталменен,
Ішіне орнатылған гауһардан тақ.
Бар еді бір сиқыршы бұл шаһарда,
Тоқшылық не қылғызбас қолда барда. 830. Шақыртты сиқыршыны патша ағзам,
Қақтырды болат таға жорғаларға.
Жөнелді Жәни батыр күймені айдап,
Үш сұлу бірге кетті күндей жайнап.
Қыз-жігіт әзіл айтқан сәні келіп,
Күймеге көрік берді күліп-ойнап.
Дем алмай күндіз-түні тартты бұлар,
Тас басып, таулар асып, дария бойлап.
Падиша тілек қылды Жаратқанға,
Дүбірлі қуанышты халық тойлап. 840. Егерде Мұрат аман келер болса,
Жолына ақ сарбасын қойған байлап.
Жол тартты өңкей бағлан екпіндетіп,
Сарайға бет алған соң келді жетіп.
Сарнатып кернай, сырнай әуендерін,
Ән қосып қыз бен жігіт өлеңдетіп.
Алдына ақсарайдың келді бұлар,
Көркіне көрген жанды етіп құмар.
Ақсұлу сәскеде ұйықтап жатыр екен,
Төсектен атып тұрды ұмар-жұмар. 850. Жүгіріп сыртқа бұлар шыға келді,
Тұрғанын бір тамаша көзі көрді.
Ер Жәни құшақтасып Шаһимұратпен,
Тарқатты құшып, жылап ішкі шерді.
Үш қыздан құтылмапты сәулет, көрік,
Кигені дүрия, шағи, кәмшат бөрік.
Қақ тіліп қара жерді жұлқынады,
Мінгені астындағы өңшең елік.
Айланып іс сәтіне, бақ оңына,
Ақсұлу амандасты өзі келіп. 860. Екі дос құшақтасып тұр еді әлі,
Оларды айырыпты ақыл беріп.
Зәр жылан айласымен құбылады,
Мұратқа айрылмастай болып серік.
Жаңылды әлгі сұмырай бұл барыста,
Өзіне сор қайнамақ осы тұста.
Ақырып аждаһадай күркірейтін,
Жымиып жатып қапты жолбарыс та.
Ордаға кірді бұлар күліп-ойнап,
Қызыққа қызғанышсыз бәрі бойлап. 870. Сұлу қыз, ақын жігіт басты әуенге,
Бұлбұлдар мың құбылтып қайта сайрап.
Бас қосып тағамға әуел отырысты,
Көтеріп “кәусар” атты шарап ішті.
Соғылып зәр сұлуға рюмкалары,
Мастықтың тамшысы оған барып түсті.
Байқады қыздың қызып отырғанын,
Келтірді жайлап айтып сөздің мәнін.
Ата-ана қуанышпен бір көрмекке,
Арнаулы олар айтты шақырғанын. 880. Жаһандағы ісмерлердің бәрін жиып,
Арнайы алтын сарай салдыртқанын.
Топ жинап, жаһаз ашып думандатып,
Қуанып бір көрмекші келінжанын.
– Ел-жұрт пен ата-анаңның батасын ал,
Бұйымтай біздің осы, сұлу ханым.
Бұл сөзге Әбу сиқыр қалды түсіп,
Алған соң бойы қызып, шарап ішіп.
Күймеге апыл-ғұпыл отырғызды,
Қоймады, алды еркіне бәрі пысық. 890. Жіберді қос тұлпарды Жәни ұрып,
Соққан жел қала берді артта ысқырып.
Болғандай мүлде разы тілсіз орман,
Еңкейіп қала берді басы мүлгіп.
Тұлпарлар көбік шашып, иіп мойын,
Ерленді ер Жәни да жайыз бойын.
Көтертіп әлсін-әлі құмыраны,
Басқаға бұрылтпады қыздың ойын.
Көрінді хан ордасы алтын сарай,
Көз тігіп әлгі сиқыр қалды қарай. 900. – Па, шіркін! Туған ай ма шыққан күн бе?
Бұл не? – деп Жәни достан жатыр сұрай.
Ол деді: – Сіздің отау сарайыңыз,
Артылар оған кіріп талайыңыз.
Той қылып, ел жиылып, неке қиып,
Бөленер той-думанға маңайыңыз.
Сарайға бұлар енді келіп түсті,
Бұйрықтан құтылмайсың, құдірет күшті.
Ата-ана, елі-жұрты шашу шашып,
Көтеріп сыйлық тост шарап ішті. 910. Қуанды падиша мен барлық халық,
Бәрінің сырты шаттық, іші зарлық.
“Қырық күн той, отыз күн ойыны бар” – деп,
Падиша хабарлады шашып жарлық.
Келіннің басталды той бетін ашып,
Уәзір, ғұламалар ақылдасып.
Таратып міскіндерге қайыр-сақуат,
Алатын түрлері жоқ жаза басып.
Көз салып барлық қимыл-әрекетке,
Сыр бермей Әбу де жүр араласып. 920. Екі елі ханзададан айрылмастан,
Сусындап ол да істеп жүр жанталасын.
Алдыртар бұ дағы оңай сайқал емес,
Бір парқы көзден таса сайтан емес.
Байқасаң талығу жоқ әлпетінде,
Әлі де аңдысудан қайтар емес.
Күзеткен жеті тәулік көз ілместен,
Ер екен қасарысқан Жәни егес.
Болмаған тарихта көз жіберсек,
Білдіртпей жан алатын мұндай кеңес. 930. Пендеге рақым қылар Тәңірім өзі,
Қолдаған ақиқатты әділ сөзі.
Ойламаған мақсаты іске асып,
Мұраттың бағы ашылар келді кезі.
Сайлауыт аңдып тұрған қыз бен жігіт,
Қырағы барлығының шалды көзі.
“Асқанға тосқан” деген заңды кезек,
Дәл осы көк темір үй басар тезі.
Үйдегі қыз бен жігіт шықты бәрі,
Лезде есік жапты палуандары. 940. Піл құлып салынды да бекітілді,
Сақадай сай күзетіп тұрған бәрі.
Білтелі май көмірге от қойылды,
Астына алып пештің шоқ қойылды.
Нажағай қабылдайтын ыстық шашып,
Айлана темір үйге от қойылды.
Айғайлап Әбу жылан ысқырады,
Ақырып арыстанша ышқынады.
Жан бермек қарап тұрып қандай қиын,
Қиратып шығу үшін күш қылады. 950. Талқандап бес қабатын болған кезде
Әбудің терісінен ыс шығады.
Былқыған қызыл темір жіберсін бе?
Күйгізіп тиген жерін пысқырады.
Болса да қанша сойқан қызы отқа,
Әлсіреп, күйіп-пысып ысқырады.
Малынып майша жанып балғын дене
Бір кезде көк түтінін бұрқырады.
Осылай күйіп өлді Әбу жылан,
Қас сайлап адамзатқа қаққан сылаң. 960. Болыпты бір хикая естен кетпес,
Сондағы Әбу жылан салған ылаң.
Айтыпты сансыз алғыс патша, ханым,
Ісіне разы болып Асқап, Сәлім.
Аямай, қазына ашып, берді сыйлық,
Құрметтеп шағынаштың ғалымдарын.
Той қылып, тілеу тілеп, тәуба қылды,
Шақырып жеті ықылым халықтарын.
Қысқаша осы жерден тоқтаталық,
969. Оқырман разы бол барлықтарың.
ТЕЛІМ – ТЕНТЕК ҚИССАСЫ
Аты екен бұл қиссаның Телім – Тентек,
Бұрыннан ел аузында болған ертек.
Жауыздық жаны ашымай жас баланы,
Өлтірген қыздырып ап таспен өртеп.
Болыпты ағайынды үш азамат,
Ертеде көп іс өткен не ғаламат.
Айтайын әңгімесін осылардың,
Тыңдасаң құлақ салып, ей, жамағат.
Жігітке үлкен тұсау кедейшілік, 10. Алшаңдап баса алмайды ойнап-күліп.
Жақсылап жан асырау оңай болмай,
Істейді әр немені үзіп-жұлып.
Олардың Телім – Тентек кішкенесі,
Аусарлау, ойы төмен жарым есі.
Болғанмен жасы кіші, бойы серен,
Батыр мен балуандай бар денесі.
Үлкені кәсіп қылған қақпан құрып,
Көздейді анда-санда ерте тұрып.
Бір күні ағасымен таласады, 20. Қақпанды келмек болып Тентек көріп.
Көп болған қақпанға түк ілінбеген,
Әуелі уақытымен көрілмеген.
Бүгін бір дәмелі күн сияқты еді,
– Қарағым, қойсаң қайтер, інім, – деген.
Көнбейтін мұндай жерде Тентек батыр,
Әр түрлі кеселдерді салып жатыр.
Ақылға айтқан сөзге, сірә, көнбей,
Сонымен Телім көздеп барады ақыр.
Ол барса жатыр екен қоян түсіп, 30. Аяғын жаралапты қақпан қысып.
Жаны ашып, бақырған соң жылады деп,
Босатып қоя берді аттан түсіп.
Қоянға: – Байғұс-ай, – деп, – ұзын құлақ,
Аяғың ауырған соң тұрсың жылап.
Бақырып мені көріп жылағаның,
Тұрсың ғой бір шыбынды менен сұрап. –
Деп оны қоя берді жаны ашып,
Серперді босатты да мықтап басып.
Темір бау аяғынан тайғаннан соң, 40. Жөнелді үш аяқпен аулақ қашып.
Қақпанды үйге сүйреп қайтып барды,
Мән-жайды ағаларға айтып барды.
Кәсібін ғайып берген қоя беріп,
Ауызға келген бақты тайқытқаны.
Ағасы айтты: – Тегі сен жындымысың,
Қашанда оңбай жүред қылған ісің.
Бұйырған несібені лақтырып,
Таластың жұмысыма немене үшін?
Бармайсың енді менің қақпаныма, 50. Қанша күн болса дағы жатқанына.
Бүлдіріп бір жағынан шашып жүрсең,
Қалай ортақ боларсың тапқаныма?
Жаны ашып жібермейді түскен аңды,
Көрмедім тірі күнде сендей жанды.
Тәңірдің бергеніне қарсы тұрсаң,
Қайтып, қане, бағасың екі ағаңды?
Осымен бірнеше күн өтіп кетті,
Аз ғана тапқандарын кәсіп етті.
Тентекке Алла сабыр бере ме екен, 60. Қақпанды көздейтін күн тағы жетті.
Бұл күні үлкен аға өзі барған,
Інісін кетпек еді сөзбен алдап.
Мұндайда Тентек көніп қашан көрген,
Күш бермей кезекті алып тағы бармақ.
– Мен барам бүгін тағы қақпаныңа,
Қашанда ортақ болам тапқаныңа.
Сырттағы жұмысыңды бітірейін,
Ағатай, алаңсыз бол жатқаныңа.
Көрейін сол жеріңе тағы барып,
70. Қолыма бос мойынды шоқпарды алып.
Алдыңа түскенді енді тірі әкелмей,
Өлтіріп әкелермін бір-ақ салып.
Ағасы айтты: – Шырағым, осының жөн,
Сенің де емес екен ақылың кем.
Көк желкеңнен өзіңді бауыздаймын,
Енді түскен нәрсені қоя берсең.
Әуелі шоқпарыңмен қатыр көсіп,
Аяқты темір қақпан тұрсын қысып.
Бұдан былай өлсең де жібермегін, 80. Жатса да әке-шешең бірі түсіп.
Тапсырып Тентегіне қатты айтыпты,
Көңілін әбден шыңдап қатайтыпты.
Енді түскен нәрсені қоя берсең,
Саусағыңмен шағамын бақайшақты.
Осымен кетті інісі жігерленіп,
Болады түскенді енді жібермелік.
Ағасының айтқанын мақұл алып,
Қақпан жаққа тезірек кетті желіп.
Аға сөзі жындыға болды серік, 90. Иенде ақымақтың өзінде ерік.
Барса түсіп қақпанда отыр екен,
Алдында кеткен кемпір тезек теріп.
Қуанып тұра шапты көре сала,
Ұрыпты шоқпарменен бара сала.
Есірік есі кеткен ұға ма оны,
Еш адам болмаған соң арашада.
Жан тәтті болғанымен жарлық қатты,
Шешесін шоқпарменен ұрды қатты.
Қақшаңдап отырмайтын қақбас кемпір, 100. Аяғы аң орнына қаза тапты.
Анаға жыламады, қуанып жүр,
Балақ түріп, білегін сыбанып жүр.
Баланың сонша мықты болғандығы,
Сөзінен ағасының бу алып жүр.
– Шіркін-ай, жақсы болды мынау маған,
Үйіме олжалы боп барамын-ау.
Көбірек ағаларым ұрсып еді,
Олардың енді алғысын аламын-ау.
Мақтанбақ ағасына енді барып,
110. Болғандай қуанышта аңға қарық.
Кемпірдің аяғына шылбыр байлап,
Жөнелді үйге таман сүйреп алып.
Асығыс келе жатыр қайта шауып,
Алғандай үлкен жақсы олжа тауып.
Алдына қарай берет көз бұлдырап,
Қара тер моншақтаған бетін жауып.
Кемпір де дал-дұл болды сүйреткен соң,
Шоқпарлап сүйектерін күйреткен соң.
Естігенін қояр ма екі есе етпей, 120. Ағасы бар ақылын үйреткен соң.
Апарып ағасына қанды қақпан,
Кемпірді көрсетіпті өліп жатқан.
– Не түссе де айырылма деген едің,
Аңыңызды алып келдім сіздің атқан.
Ағасы шошынады көргеннен соң,
Қапыда қайран ана өлгеннен соң.
Амалы таусылады тағы да ойлап,
Бұйрықты өзі мықтап бергеннен соң.
Амал жоқ, қайтеді енді кеселді ерін,
130. Ешкімге бермеуші-ақ ед еселерін.
Оқыстың бәріне де ортағы боп,
Амалсыз жерлеп қойды шешелерін.
Мұнан соң ай айналып жылға толды,
Істеді балалары ескі жолды.
“Қарызы апамыздың қалды” десіп,
Жылдығын шешесінің бермек болды.
Бар малы жетуші еді екі басқа,
Бұйым ба кедейшілік өңкей жасқа.
Мінетін Теңбілшолақ атыменен, 140. Бар еді құнан өгіз қызыл қасқа.
Жылдыққа атын әкеп сойды дағы,
Былқытып қазанға асып қойды дағы.
Екі ағасы екі жаққа жүгірмекші,
Ел жинап шақыруға маңайдағы.
Жібермейді екеуін де Тентек тағы,
– Халықты мен шақырам бұл маңдағы.
Жалғыз қалып бұл жерде отыра алман,
Жын-шайтан бәрі келет қай-қайдағы. –
Деген соң оны тағы қоя берді,
150. Шақырып келер дейді талай жерді.
Жындының жас баладай қылығы бар,
Кім тыңдар кісі екен деп Текең ерді.
Биіктеу шығып алды бір жотаға,
Қарайды қызығына бала-шаға.
Таңертең атын сойып, асып қойған,
– Ет же, – деп айғайлайды аузын қаға.
Бұл сөзді кім елейді естісе де,
Кейбіреу “не деп тұр” дейд жынды неме.
Жөн айтып жосынымен шақырмаса,
160. Сөзіне ақымақтың ел сене ме.
Адам жоқ, кеш батарда өзі кепті,
– Биіктен хабарладым бәрін, – депті.
Қылығын бауырының білгеннен соң,
Екі аға екі жаққа өзі кетті.
Тентекке: – Кетпе, – депті – осы арадан,
Басына жер ошақтың жолатпа жан.
Өгізбен асып қойған етін бағып,
Келгенде тапсырасың есен-аман.
Байлады қазық қағып қасқа өгізді,
170. – Маңына келтірме, – деп, – басқа өгізді.
Аузыңа ет салмайсың бір жапырақ,
Келгенше қайта айналып тоспай бізді.
Айтқандай отырыпты қыбырламай,
“Ел келсе ет жейміз” деп көңілі жай.
От жағып қазандарға қапалап жүр,
Басынан аққан тері болып сай-сай.
Жабығып отырғанда жайын ойнап,
Қарны ашып, еңсе түсіп, тамақ ойлап.
Өгізге қасындағы қарағанда, 180. Ол күйсеп жатыр екен жынын шайнап.
Өгізге: – Ей, ақымақ, маған, – депті,
Кім берді “жеме деген” андағы етті.
“Біз келмей желінбесін” деген еді,
Қарашы елден бұрын мынау жепті.
Сұрайды неше қайта берсеңші деп,
Хайуан қанша айтқанмен ұға ма геп.
– Тапсырып екеумізге кетіп еді,
Ел келмей етті неге жатырсың жеп?
Асқан жынды көрмедім сен немеден,
190. Ел келіп ет жегенде мен де берем.
Кемісе екеумізден бірдей көрет,
Біз келмей бір жапырақ жеме деген.
Шыныңмен жегеніңнен бермеймісің,
Қасыңда мен отырсам көрмеймісің.
Жылқының семіз етін сонша жесең,
Ішіңнен май сорғалап өлмеймісің.
Хайуанға “ұқпадың” деп ызаланып,
Жүгірді қасындағы балтаны алып.
Ашумен қатуланып барды дағы, 200. Өгізді қақ маңдайдан қалды салып.
Өгіздің басын балта бөліп кетті,
Ұзамай жаны шығып өліп кетті.
Отырды Текең жалғыз өлеңдетіп,
Қан дүзіп қасындағы серік кетті.
– Қу қасқа ит, сұрап жатсам бермеп едің,
Елемей жей бердің ғой бер, – деп едім.
Адамға қолынан дән татырмайтын,
Дәл сендей сараңды мен көрмеп едім.
Өлгенің жақсы болды тірі қалмай,
210. Мен емес, өзің өлдің тілімді алмай.
Келгенде ағалар да көреді ғой,
Тауыстың еттің көбін жалмай-жалмай.
Жануар жазығы жоқ қалды өліп,
Шақырған елдің дағы алды келіп.
Ашумен ағалары назаланды,
Өгізді өлі жатқан көзі көріп.
Сұрады: – Мына малға не болды? – деп,
Жүгіріп екі ағасы алдымен кеп.
Өгізді обалды етіп талқандапты, 220. Сен сонда қайда жүрдің, Телім – Тентек?
Текең айтты: – Оны әдей мен шапқамын,
Сұрасам бермеген соң жеп жатқанын.
Қазандағы етіңнің көбін жеді,
Өзі ақымақ екен ғой ант атқаның.
Ақымақ көрінеді бұл өгізің,
Итіңнен қайырымсыз күдер үздім.
Татырмай жегенінен қойғандықтан,
Балтамен бір-ақ шауып, шұр еткіздім.
Неге өзі жей береді маған бермей, 230. Тауыспақ еттің бәрін сендер келмей.
Сөздерің жеме деген естімесе,
Жарым есің ақылы жоқ қайтеді өлмей.
Не қылсын аға шіркін ақылсызға,
Құтырық ұстамалы миы қызба.
Қылатын ешбір шара болмаған соң,
Қойыпты тағы кешіп амалсыз да.
Өгізді сойып, етін тағы асады,
Ет таусылмай аяғы таң атады.
Тамақ жеп жұмыстарын бітірген соң, 240. Жайына жиналған жұрт тарасады.
Қайтарып асын беріп қонақтарын,
Тентектің айтып түгел қылықтарын.
– Басыңнан қылған ісің асып кетті,
Жоғалттың мал, адамның қырып бәрін.
Туғалы көре алмадық сенен пайда,
Ат, өгіз, әуелінде, апам қайда?
Түгемес осыншалық зиян салсаң,
Кетелік айырылысып осындайда.
Тентек емес, болдың сен зиянкесті,
250. Мұндайлық көрмеп едік жарым есті.
Көрген күн, өткен өмір осы болса,
Әр жайға бытырасып кетсек, – десті.
Бауырдан безді түгел ағалары,
Ана өліп, бастан кеткен паналары.
Ұрыс пен күнде жанжал көбейген соң,
Өзара кетісіпті бағалары.
Үлкендері отырысты ақыл ойлап,
Терең ой теңізіне батты бойлап.
Ақылы ойлап тапқан сол болыпты, 260. Тентекті тастап қашу мықтап байлап.
“Тіршілік не болмақшы бүйтіп жүрген,
Бауырдан жақсылық жоқ болды көрген.
Болған соң жаман туыс зияны көп,
Есікке сүйреледі басың төрден.
Іс бітпес күнде жанжал, төбелестен,
Не пайда өнері жоқ ерегестен.
Апамды еш кінәсіз өлтіруші,
Тіріде ұмытылып кетер ме естен.
Осыдан бір құтылсақ, – дейді, – ептеп, 270. Бір болсақ қорлықпенен өмір өтпек.
Бауыр боп мынау бізді оңдырмайды,
Шіріген бір жұмыртқа қайда кетпек”.
Екеуі бекініпті осы сөзге,
Көп ойдың керегі жоқ жоқтан өзге.
Еш амал мұнан басқа таппаған соң,
Ойланып айналдырмақ істі тезге.
Текеңде болып жатыр ерекшелік,
Ешкімге көрген емес есе беріп.
Қолма-қол байлауына көнер ме елдің, 280. Қысымсыз, тосалғысыз тұрғанда ерік.
Бір жатса ұйықтайды ол үш күн, үш түн,
Тырп етпей жатады екен қаққандай жын.
Тосады ағалары осы сәтті,
Болыпты жатпағалы бірнеше күн.
Келіпті ұйықтайтұғын осы күні,
Қоныпты шұғыменен кәрі жыны.
Кетудің дайындығын көріп болған,
Жөнелмек екі ағасы “Қош, – деп, – іні!”.
Бос қалса, қуып жетер қайдан болса, 290. Жан қалмас жетіп алып майдан болса.
Жүгірер сапалақтап сағымдай-ақ,
Өлшемді ұйқысының уақыты толса.
Болмас-ты байламаса берік қылып,
Айрылмас ұйықтамаса көре тұрып.
Тез тұрып қуып жетіп қояр болса,
Жоғалтар екеумізді бір-ақ қырып.
Байлады диірменнің бір тасына,
Көтеріп апарды да тап қасына.
“Тәуекел не де болса қидық”, – десіп, 300. Тапсырды аруаққа – апасына.
Екеуі бірікті де кетті қашып,
Талай жон-белестер мен жотаны асып.
Кез болып сергелдеңдік серуенге,
Келеді көңілдері қатты жасып.
Тоқтаусыз бұлар алға жүре берді,
Басады талай сөтке талай жерді.
Ұйқысы әбден қанып Тентек батыр,
Орнынан асып-сасып түрегелді.
Оянып “ағам-ау” деп айғайлапты, 310. Ойланып істің жайын таба алмапты.
Байланған беліндегі тасты көріп,
Апамның ұршығы екен деп ойлапты.
Екі ағам кеткен екен аңға шығып,
Қалғам-ау ілесе алмай ұйқы жығып.
Ұршықты тастап кетпей ала жүріп,
Іздейін ағалардың жөнін ұғып.
Тасты арқалап жүгіріп кетті шауып,
Сескеніп ешнәрседен етпес қауіп.
Иенде ебелектеп келе жатыр, 320. Алыпты жалғыз алма түскен тауып.
Жарымын тығып алды, жарымын жеп,
“Жеткенде ағаларға беремін, – деп.
Жеймін ғой тойғанымша мұнан былай,
Табылса түсіп жатқан тағы да көп”.
Жөн сұрар кезікпеді тірі жанға,
Ағалап айғайлайды анда-санда.
Жеткені ақылының соншалықты,
Жүргендей ағалары осы маңда.
Кейде отырып аз ғана дем алғалы, 330. Көтерген ауыр таспен құрып халі.
Жегісі кеп қызығып айландырып,
Иіскеп жалап қояды жарты алманы.
Орнынан ұшып тұрып жүгіреді,
Қара тер өне бойдан төгіледі.
Бұйрықша кеткендерге кез болмаса,
Ақыл жоқ аңғал байғұс не біледі.
Екеуі кейде ойлайды: “Келе ме, – деп,
Кезіксе енді келіп бола ма елек.
Ойына тағы бір іс оралады, 340. Байлаулы көп жатқан соң өле ме”, – деп.
Қиялдап арт жағына ой жіберді,
Көз шіркін шалып еді талай жерді.
Жанары қос қиықтың жалт еткенде,
Ұзақтан бір қарайған сезіледі.
Байқады тосқауылдап баяуласып,
Отырып ойланады демін басып.
Ағалап айғайлаған дауысы естіліп,
Бейнесі бауырының көрінді ашық.
Бір ойлап бастабында шошынады, 350. “Не пәле шығарар, – деп, – мынау тағы”.
Ойында інісінің дәнеме жоқ,
Зарығып іздеп келіп қосылады.
Үшеуі жыласыпты сағынысып,
Құшақтап бірін-бірі қатты қысып.
Әркімі іштерінен қынжылады,
Өзінің қылықтары еске түсіп.
Тоқтапты жыласудан мауқын басып,
Өзара отырысты амандасып.
Туыстар аман-есен бас қосқан соң, 360. Сөйлесті көңілдері судай тасып.
Бұл жерде сусын да жоқ, тамақ та жоқ,
Тап дерге тақат қылмай талап та жоқ.
Тентектің ағаларға арнағаны,
Ұсынды жарым алма қожақ-қожақ.
Ағасы жарты алманы қолына алды,
Тентектің бұл ісіне қайран қалды.
Тастап кетсе тағы да ойлапты деп,
Аузына ұялғаннан әрең салды.
Ағалары алмасын ап жеді дағы, 370. “Бауыр ет деген осы” – деді дағы.
Бір туып, бірге өлуді серт қылысып,
Үшеуі қол ұстасып жүрді тағы.
Текеңе: – Ауыр тасты таста – деді,
Зіл салмақ езер бекер жас денені.
Туысқа ағалардың жандары ашып,
Аяқтап көңілдегі басқа кегі.
Тентек айтты: – Ұршықты тастамаймын,
Әдейі әкеп беріпті апатайым.
Анаға бала қайыр қылар болса, 380. Көрсеткен осы болсын күн мен айым.
Сендер кетіп қалғанда қақпан құрып,
Ұршықты тауып алдым ұйықтап тұрып.
Пайдасын мұнан былай көрмейміз бе,
Мұрасын апамыздың алып жүріп.
Үйіріп арқасына салып алды,
Кеудеге қоян қолтық таңып алды.
Ағаларының алдымен жүгіргенде,
Артынан шумақталып шаңы қалды.
Шөлдеді ұзақ жүріп, су таба алмай, 390. Шөл қанса болар еді көңіл де жай.
Кезіксе алдымыздан бір ішім су
Болар ед мініс ат, тағалы тай.
Ұзақтан көрінеді бір бәйтерек,
Ол дағы жолаушының соқпа жері ед.
Қуанып “су болар” деп таяғанда,
Шерікті қалың шоғыр көзі көрет.
Шошыды көре салып: “Өлеміз – деп,
Бұл жерге ажал айдап келеміз – деп.
Қарсылық көрсетерлік еш амал жоқ, 400. Біз – үшеу, ат-қарулы аналар – көп”.
Тұрды да біраз ғана ақылдасты,
Қосылып бір түйінге мақұлдасты.
Жүгіріп бір жыраның ішіменен,
Терекке шеріктерден бұрын асты.
Басына бәйтеректің шығып алмақ,
Мән-жайын төбесінен ұғып алмақ.
Мәуенің далдасына жасырынып,
Ішіне жапырақтың бұғып алмақ.
Тентекке: – Аса қорқып саспа, – депті, 410. Көрініп беті ашыққа қашпа, – депті.
Биікке алып енді шыға алмайсың,
Тасыңды арқаңдағы таста, – депті.
Үш жаяу бәйтерекке барып шықты,
Көне ме айтқан сөзге Текең мықты.
– Апамның ұршығынан айрылман, – деп,
Тастамай ауыр тасты алып шықты.
Шеріктер ағаштағы суға келді,
Байлады саясына көліктерді.
Теректің басында отырғандар
420. Бұлардың бар қимылын әбден көрді.
Су алып, тамақ істеп, шай қайнатып,
Қайшылас біреу жүріп, біреу жатып.
Неше күн дән көрмеген Телім – Тентек
Ағаштан сығалайды көзін салып.
Тамақтың иісі аңқиды буы шығып,
Үн шығармай үшеуі отыр бұғып.
Пісіріп, алдына алып кейбіреулер
Уыстап көмейлетіп жатыр тығып.
Көргенде Тентек қайтіп шыдайды оны, 430. Бос болса көрер еді екі қолы.
Ұстаған ауыр таспен әрең отыр
Далдада бой тасалап қайнап соры.
Шыдамай: – Апырым-ай, аға, – деді,
Қысылдым, қуығыма сідік келді.
Күшпенен қиналсам да шыдап едім,
Ақыры мына заһар мені жеңді.
Ағасы: – Өлсең де, ойбай, симе, – деді,
Пәлеге мына жатқан тиме, – деді.
Қолына қалың жаудың түсе қалсаң, 440. Құзғындай жемтік тапқан үймелейді.
Тентек қашан көнетін айтқан сөзге,
Бір дауыстап жіберді осы кезде.
– Екеуің жарты алмамды жегісіңдер,
Өзім алам, бері әкел тап ілезде.
Бұған қылар тағы да амалы жоқ,
Алма тұрмақ бір түйір анары жоқ.
Есе бермей еңкейіп шаптырғанда,
Жапыраққа жайылды, тамары жоқ.
Ештеңе өнбеген соң мұнысынан,
450. Бұзылып жан шошырлық өң-түсінен.
– Тышқым келді, аға, – деп бұлқыныпты,
Айғайлап жасырмай-ақ бар күшімен.
Әңгіме ағаш асты дуылдаған,
Самалмен жапырақ та суылдаған.
Дауысы көп адамның саң құлақтап,
Бірер айғай оншалық ұғылмаған.
Ағасы қысылады шошып енді,
– Қайтемін ақымақты осыны енді.
Кеселді кесегімен іздеп отыр, 460. Қой дегенде онан әрі екіленді.
– Сөзіңнің керегі жоқ, айтпа бекер,
Бізге орын болмайды екен мынадай жер.
Бір тышып алуыма қосылмасаң,
Қайдан тапсаң онан тап, алмамды бер!
Ағасы шара таппай қосылады,
Бауыры енді неге тосылады.
Атқытып биік жерден жібергенде,
Құмалақ төмен қарай жосылады.
Астына көз жіберді тышып қалып,
470. Құйрықты бір күшеніп қысып қалып.
Мұның да мәнері жоқ бір іс болды,
Дәреті ашық жерге түсіп қалып.
Ештеңе өнбей отыр қиқылдақтан,
Тамақтар неше түрлі жерде жатқан.
Тыншығып көрген сайын отыра алмай,
Бір амал Телім – Тентек тағы тапқан.
Кеселді не болса да бастағалы,
Істетпек тағы да бір жақсы амалды.
– Апам ұршығы арқама батты, – депті,
480. Биіктен күмбірлетіп тастағалы.
Ағасы түн тосады кетпек болып,
Олардан ептемекші нәрсе торып.
Тентек те көп ойлайды әр түрлі әдіс,
Ертерек пысқан асқа жетпек болып.
Ағалар онан әрі шошынады,
Тасты қоя беруге қосылмады.
Кеселді неше қилы бастап Тентек,
Жортақтап бір орынға отырмады.
– Онда сен менің жарым алмамды тап,
490. Таппасаң, тыныш отыр, аузыңды жап.
Өзі де шыбын жаным шыққалы отыр,
Әуелі жоғалтамын өзіңді тап.
Жеп қойған табылады алма қайдан,
Кеселдің өнер жері осындайдан.
Шырағым, онда өзің біл демегенде,
Шықпақшы әйте біреу үлкен майдан.
Тағы да “мақұл” деді амалсыздан,
Әйтеуір не болса да шығатын жан.
– Андағы жерді барып бүлдіргенде,
500. Түседі басымызға атпайтын таң.
Дегенде қоя берді диірменді,
Тентектің қылығы бар артық-кемді.
Аспаннан қазандай тас былш еткенде,
Барлығы тәубә-зікір үйірді енді.
Ағаш асты болыпты астаң-кестең,
Біреулер талып қапты танып естен.
Үміт жоқ тіршіліктен өлімді ойлап,
Зікірін айтып бәрі жаннан кешкен.
Шуласып, Құдайға айтып тілектерін, 510. Бірінің бірі айтады жүректерін.
“Белгісі жанүзердің осы екен”, – деп,
Кейбіреу баса алмай тұр сүмек терін.
Әл де жоқ, амал да жоқ адамдарда,
Аспаннан түскен пәле амал бар ма.
Ат-көлік, азық-түлік бәрі қалды,
Шеріктің амалы жоқ оны аларға.
Азырақ әлділері қашып кетті,
Анадай бір далаға барып жетті.
Ағаштан асып-сасып түсіп алып, 520. Қос қолдап Телім – Тентек тамақ жепті.
Кейбіреу көріп оны мылтық атты,
Дарымай оқ зымырап кетіп жатты.
Асықпай, тамақты жеп, кең тұрған соң,
Шеріктер “бұл не жан” деп аң-таң қапты.
Еркін жеп тамағына әбден тойды,
Кеудесін көтерді де жазып бойды.
– Қатты шерткен құмалақ көзге тиет,
Ойнамай, ақымақтар, қой, – деп қойды.
Таңырқап айтқанына қорқып шерік,
530. – Мынаның не қылса да өзінде ерік.
Қорғасында теңеп тұр құмалаққа,
Сыбағаны жүрмесін енді беріп.
Өлшеу жоқ мынау батыр адам екен,
Байқасаң ахуалы жаман екен.
Оқ атқанды “құмалақ шертпе” дейді,
Осыдан құтылайық аман-есен.
Шеріктер шошып бұған жоламайды,
Оларды Тентек жауға санамайды.
Жаннан жан шошытар тағы іс бар, 540. Жата қап оқтай зырлап домалайды.
– Домалақ пәле деген осы екен, – деп,
Болмаса перілердің досы екен, – деп.
Кетелік бойда жанның бар күнінде,
Бізге жоқ дәл мынадай пәле жеңбек.
Сонымен қарсыласпай кетті қашып,
Арттағы мүліктердің бәрін шашып.
Тамағын жеп үшеуі тойды дағы,
Олжа қып бәрін түгел қалды басып.
Нәрсені қалған түгел алды жиып,
550. Ат мініп, құрал асып, киім киіп.
Алғанынан артылған мүліктерді
Түбіне бәйтеректің кетіпті үйіп.
Аттанып бұл арадан кетіп қалды,
Бір үлкен бай манапқа жетіп барды.
Жарақты жасанғандар барғандықтан,
Мейман, дос, сыйлық жолмен күтіп алды.
Ертеңі жөн-жосықты сұрасыпты,
Екі жақ бірін-бірі сынасыпты.
Пейілі кең, дәулеті мол болғаннан соң, 560. Үшеуі ақтарылып сыр ашыпты.
Қоныпты бұл адамға бас пенен бақ,
Бір елде тұрған екен өзі ағалап.
Ен дәулет, шалқып жатқан мол ырысты
Үшеуі орын етіп жағаламақ.
Сондықтан ашып түгел кеңеседі,
Бай дағы мәнсаптан сау емес еді.
Жатпай-тұрмай жалғасып кеп тұратын,
Төңірек алыс-жуық ел өсегі.
Осы елдің патшасы екен Ғабділ Жүніс, 570. Соғыстан аз ғана күн алып тыныс.
Маңайын төңіректеп жеп тұратын,
Сол күні бір шаһарға қылған жүріс.
Жорыққа шерік кетіп, бастық қалған,
Қонақ қып бірін-бірі мас қып қалған.
Елеусіз суға барып түседі екен,
Болмаса қарауыл жоқ алдын шалған.
Көп шерік осы топты қашып кеткен,
Аспаннан пәле түсіп, шошып кеткен.
Қаңғырған иендегі үш жаяу жан 580. Қайтіп олжа алады қалың көптен.
Бұл жерде анықталып істің жайы,
Таразы теңгерілсе сөз шынбайы.
Үлкен жау ауыр шығып болмаған соң,
Патшаның қаһарланған жоқ шынайы.
Соғыспен қарсылық жоқ төбелесте,
Кісі өліп, қан төгіліп ерегесте.
Ат, көлік, құрал-сайман, адам да аман,
Айғағы істің факт сол емес пе.
Бұл патша ел болмаса шауып алар, 590. Күш қылып қарсыласқан жауын алар.
Көзі тар шағын көлемді адам емес,
Адамсып әлсіздерге әлек салар.
Мұның да тентек болған бір баласы,
Ұқсамайт патша ұлына ер қарасы.
Әр түрлі ақымақтық іс қылған соң,
Көп болған алыс кеткелі екі арасы.
Бір күні осы жынды елді үркітіп,
Жоғалған ел ішінен өзі жітіп.
Ақыры патша алдына тауып әкеп, 600. Айында әрең шыққан жұмыс бітіп.
Тапқан соң тура барып ел иесін,
Пәледен құтылады жиып есін.
Оқыстан өткен бір іс болғандықтан,
Патша жиып алды дүниесін.
Қоспады жала менен өтірікті,
Қайтеді қаңғып жүрген есірікті.
Зияны, бүлінгені болмаған соң,
Басқадай қылмыс тақпай кешіреді.
Үшеуін тастап кетті жан бақсын деп, 610. Жалданып осы байға мал бақсын деп.
Патша пақырларға кеңшілік қып,
Жайына тастап кетті қайтармай кек.
Үшеуі қалды байға жалдануға,
Күш сатып еңбегімен жан бағуға.
Тұрақтап осы орынды мекен етпек,
Болмас деп енді бекер сандалуға.
Әуелі қожайынмен келіседі,
Ант пенен уағда сертін беріседі.
– Екеуміз малыңызды берсек бағып,
620. Ініміздің мінезі теріс еді.
– Оған кәсіп бермеңіз, – депті байға,
Бізге де, саған да тым бермес пайда.
Бұл қырсық оңған жұмыс істемейді,
Ашып айтып қоялық осындайда.
Бай ұқты осы сөздің мәні-жайын,
Кәсіп те тұрмаған-ды оған дайын.
Қосында ағасының Телім – Тентек
Өткізді санап бекер күн мен айын.
Бір күні Тентек іздеп байды тапты,
630. Әуре қып неше түрлі әлек сапты.
– Маған неге бір түлік мал бермейсің?
Бос жату жас жанымды жабырқатты.
Бағатын мал бермейсің неге маған?
Жылқы, сиыр бағып жүр, ана, екі ағам.
Меке қойын өзіме берсең, бай-ау,
Кең айдап, көсілдіріп мен де бағам.
Кәсіпсіз бекер қойдың еріктіріп,
Қолқандай азаматты көре тұрып.
Бағуымды бір сынап көрмеймісің,
640. Арнаулы бір малыңды бере тұрып. –
Деген соң бөліп берді бір жүз қойды,
Ескертіп көп нәрсені айтып қойды.
Тентектің құлағына сөз кіре ме,
Әйтеуір қой алған соң көңілі тойды.
– Маңайдың бәріне жай ерте бар да,
Артынан жайған малдың әсте қалма.
Әнебіреу көрінген көкшіл тауға,
Қашанда жаямын, – деп қойды апарма.
Ол бір тау қашандағы мал бақпайтын,
650. Шөбі жоқ, сайларынан су да ақпайтын.
Пәлесі тасынан да көп болады,
Әр түрлі кесел шығып құр жатпайды.
Қойды айдап Тентек кетті: – Болады, – деп,
Жөндеймін кешке жақын қораны кеп.
Байеке, малыңыздан қам қылмаңыз,
Тұнық су ішкіземін, соны шөп жеп.
Қой жайды сонылатып бірнеше күн,
Барады тағы кернеп бойдағы жын.
– Бұл байдың “ана тауға барма” деуі,
660. Кім білсін қалай екен жалған-шынын.
Айдайын осы қойды тауға таман,
Көрейін не де болса ақырзаман.
Апарып байдың қойын сонылатып,
Тойғызып алып келсем несі жаман?!
Қойды айдап “тәуекел” деп Текең кетті,
“Сол тауға не де болса жетем”, – депті.
Барса таудың бер жағы мұз бенен су,
Өткізем деп қойменен тепеңдепті.
Қой судан өтпейді екен сабаса да, 670. Тентекке қарап жүру жараса ма.
Шарасын өткізудің ойланады,
Қараңыз тағы қызық тамашаға.
Иірді бір шұңқырға жинап бәрін,
Көсілтіп жатқызады сирақтарын.
“Кебісімді шеш деген екен ғой” деп,
Сыпырды бәрінің түгел тұяқтарын.
Қан жоса болды қойдың сирақтары,
Орнынан қалды тұрмай қирап бәрі.
– Кебісін шешсем дағы өтпей жатқан,
680. Осындай қырсық па еді байдың малы.
Себебін енді өтпеген тағы ойлайды,
Дауыстап жатқан қойды құрғұйлайды.
“Енді бұл тонымды шеш дегені”, деп,
Тері сойып жайратты аппақ майды.
Май мен қанға бояды судың бойын,
Бір жынды кешке дейін салып ойын.
Аң, құстың жемі қылып тастап кетті,
Семіртіп жаятұғын байдың қойын.
Сауыс боп үсті-басы кешкейітті, 690. Бара сап қожайынға жөнін айтты.
Өз ойын, істегенін жасырмапты,
Бастан кешкен бүгінгі барлық жайтты.
Байекең естіген соң ақырыпты,
Келсін деп екі ағасын шақырыпты.
– Малымның басын толық төлеңдер, – деп,
Дауына қойды осылай тақырыпты.
Малына күйіп кетті байдың іші,
Ашумен басып сынды азу тісі.
Бір іске тақамақшы пақырларды,
700. Тасымай тоқтала ма дәулет күші.
Қысады “қайтесің” деп екі ағасын,
Жоғары бағалады малдың басын.
– Қолыма толық сома салмасаңдар,
Беремін бұзықтардың сыбағасын.
Осындай түсіп жарлық жерден ауыр,
Қапы қып жаннан кешті аға-бауыр.
Оңаша ақылдасып екі үлкені,
– Құтылсақ құрбандықпен болар тәуір.
Бай көнсе ақымақтың берсек өзін, 710. Жоғалтса ебін тауып соның көзін. –
Деп екеуі мақұлға келісті де,
Дайындап алды байға айтар сөзін.
Қайтып кеп қожайынға бас ұрады,
Айтуға амалсыз сөз батынады.
– Кегіңді қылмыстыдан өзің ал, – деп,
Жалынып-жалбарынып жатып алды.
Бай айтты: – Малы жоқтың жанын алам,
Жүректен кетпей отыр салған жараң.
Ақымаққа қайырым етемін, – деп,
720. Обалды болып кетті малым арам.
Ініңді өлтіремін малым үшін,
Әуелі үшеуіңе қаптал күшім.
Қайтарам мал ашуын осыменен,
Онан соң өздерің біл ендігісін.
Құп көріп ағалары “құлдық” деді,
– Осымен қайтарылсын малдың кегі.
Тентекті не қылсаң да бердік саған,
Қайтпаймыз уағдада тұрдық, – деді.
Бай сонда шығарады сұмдық істі,
730. Болған соң еркі өзінде ұқық күшті.
– Көрікпен қазандай тас қыздырсын, – деп,
Ұстаға ауылдағы бұйрық түсті.
Жиналып ұсталары түгел барып,
Көрікке қазандай тас қойды салып.
Сұмдығы байекеңнің қанқұйлы екен,
Тентекті өлтірмекші тасқа қарып.
Істейді опасыздық бейуаз жанға,
Пенде жоқ арашашы осы маңда.
Бай келіп көрді дағы дайындықты,
740. Тас әбден шоқтай болып қызарғанда.
Ақымақ, аңғал аусар мақұлықты
Қасына алдап оны шақырыпты.
Қиядан тасты төмен домалатып,
– Ағаңды тас соқты, – деп бақырыпты.
Тас көзге көрінеді қызыл шоқтай,
Тентек те ұшады оған атқан оқтай.
Жібермей жол ортадан ұстап алып,
Ағасын арашалау тасқа соқпай.
Жетті де құшақтады қызыл тасты, 750. Жас жаны жанған отқа араласты.
Аға тас, бай қатыгез болғандықтан,
Аямай берді ажалға есіл жасты.
Құшақтап тасты астына басып алды,
Ұқпады ауырғанды, ашығанды.
Ойы адал, жүрегі хақ байғұс бала
Ағасы үшін құрбан еткен шыбын жанды.
Мәз-мәйрам қарап тұрды қатыгез бай,
Кек қайтып есе алдым деп көңілі жай.
Құшақтап қызыл тасты Тентек батыр, 760. Дауылдап жалын болып шыжыған май.
Қастықтан қаза тауып тасқа күйді.
Ағасын амандауға жанын қиды.
Жастықпен әрқилы іске душар болды,
Қайтеді жетілмеген жастық миды.
Кешірім жақсы болар кем білгенге,
Барлық жан қанық болмас сен білгенге.
Білгір болсаң білмеске кең болған жөн,
Тым әуес бола бермей өлтіргенге.
Ежелден Телім – Тентек ерегеспе, 770. Жынды деп болмайды оны елемеске.
Ақыры не болғанын көбің ойла,
Әңгіме болсын дедік бір күн кешке.
Болыпты көпке кеңес ерте күнде,
Әркімнің ауыз айтқан ертегінде.
Арыңды ақылменен жеңбегенде,
Тентектен күнің төмен ергеніңде.
Аяғы созылмаған мұнан әрі,
Нұсқасы осыншалық қолда бары.
Ертек, жұмбақ, тақпақ пен өлең еді,
Ертеден халқымыздың мұралары.
Тентектің анығында аты – Телім,
Осы еді біраз ғана білгендерім.
Ғапу ет, оқырмандар, өздеріңіз, 784. Қиссаның артық-кемді болған жерін.
ЕКІ АҒАЙЫН
Қолыма қалам алып жазамын хат,
Қылыңыз бір Аллаға құлдық тағат.
Тәуба қып Жаратқанның бір өзіне
Айтайын жарлықпенен бір мінәжат.
Жаратқан бір Аллаға сәт айтайын,
Салауат Пайғамбарға жете айтайын.
Достысы Мұхаммедтің төрт шаһариар,
Оларға разы Алла тағы айтайын.
Адамды топырақтан жаратқан Хақ, 10. Пайғамбар бір Құдайдың достысы нақ,
Рақмет имамларға деп сөйлейін,
Жаза гөр мүдіртпестен тіл менен жақ.
Пірі екен ер жігіттің Шаһимардан,
Алладан хат жазамын тілеп жәрдам.
Біз ғаріп ақ көңілмен тілегенде,
Келер ме медет-қуат осылардан?
Медет бер сиынғанда, Мәуһіләна,
Ғаріпке біз секілді болғыл пана.
Қолыма қалам ұстап хат жазғанда, 20. Мүдіртпей көкірекке салғыл сана.
Осындай өз ойымда кеңес құрдым,
Күреде жамбыл үйде бір ай тұрдым.
“Өлең қып бір хикая шығарсам”, – деп,
Осыны ертелі-кеш ойлап жүрдім.
Алланы сыйынайын ауызға алып,
Ілеге қарап тұрған қызай халық.
Жазайын бір әңгіме жаранларға,
Сөйлетсе көкірекке кеңес салып.
Қобдалы баян қылып айтып кеткен, 30. Бәріне тірі адамның зауал жеткен.
Бұрынғы халифалар заманында
Пірістапар, Иман деген екеу өткен.
Қысқартып басқа сөзді мен тастайын,
Пірістапар, Иманнан сөз бастайын.
Жамағат, құлақ салып тыңдасаңыз,
Сөзінен шалым айтқан адаспайын.
Жоқ екен бұрынғыда өтірік-жалған,
Істерін қылады екен көңілге алған.
Қазақтың ескі заңы, үлгі сөзі, 40. Ертегі бұрынғылар айтып қалған.
Қолында қожа-молла Құран – кәлам,
Тағы да бір әңгіме шықсын менен.
Қобдалы кәриядан естіген соң,
Қиссасын Пірістапар қылдым өлең.
Бұрынғы уақытта бір хан өткен,
Білмеймін ханның атын, мұным неткен?
Бұқара қол астында адамдарын
Асырап, жақсы бағып үкім еткен.
Хан еді мұсылманда дана кісі, 50. Болмайды мұныменен жұрттың ісі.
Өзінің патша болған заманында
Бітіпті әділдікпен әр жұмысы.
Патша жақсы кісі, ойы толық,
Тұрыпты жұртын сұрап, әділ болып.
Бала жоқ патшаның өз басында,
Жүреді сол себептен іші толық.
Патша бала көрмей қайғыланды,
Шыдамай қайғысына күйіп-жанды.
“Әулиеге зиярат қылайын”, – деп, 60. Ішінен осылайша ой ойланды.
Һәр малдан әулиеге нәзір берді,
Патша аралады талай жерді.
Қатыны сонан кейін буаз болып,
Тоғыз ай, тоғыз күнде бір қыз көрді.
Патша балалы боп, қылды тойды,
Әкеліп төрт түліктен малды сойды.
Бұл тойға жұрт жиылып, қуаныш қып,
Бұл қыздың Істалипа деп атын қойды.
Патша балалы боп қуанады, 70. Қайғыны көңілдегі шығарады.
“Көрсетпей еш адамға бақсам”, – дейді,
Асырап мәпеледі бұл баланы.
Бағуға күндік жерден салды сарай,
Алтыннан кірпіштері болды талай.
Мұнара алтын, гауһар және орнатты,
Қысқарақ жазып тұрмын сөзге жарай.
Есігі бұл сарайдың алтын қақпа,
Ішінде сандал ағаш, сулар ақпа.
Бақ болды көрген адам таңлағандай, 80. Су ақты бұлбұл сайрап әр тарапта.
Бір сарай үш жыл жасап әрең бітті,
Ішінен шыққың келмес кірсең тіпті.
Ішіне сол сарайдың отыруға
Гауһардан нақыш салып тахыт қыпты.
Жатады Істалипа баққа барып,
Темірден сырт жағына қорған салып.
Қорғанға жалғыз ауыз есік қылды,
Жиылса бұзар емес қанша халық.
Болаттан іш жағына салды құлып, 90. Көрсеңіз таң-тамаша өзің тұрып.
Қорғаны, сарайы, бағы біткеннен соң,
Падиша ойлайды ақыл-кеңес құрып.
Ойлайды “қызымды адам көрмесін – деп,
Қызыма жаман үлгі бермесін”, – деп,
Осындай айламенен берік қылды,
“Шетіне ешбір адам келмесін, – деп.
Көп болса қызметкері жаман, – дейді,
Ішінен бірі болар надан, – дейді.
Балама әрбіреуі жол көрсетер, 100. Азады қам сүт ішкен адам, – дейді.
Қасында қызметкері біреу болсын,
Балама жалғыз үйде сүйеу болсын.
Баламның өз қасында бағып тұру,
Асырап таза қылып кімнен болсын?
Діні абзал, бір де болса берік болсын,
Әр жолын мұсылмандық көріп болсын.
Бағуға және бір қыз мен табайын,
Қасына ханшаның серік болсын”.
Патша жаманнан һәм қылды қауіп, 110. Шақырды уәзірін ақылы ауып:
– Елімді билеп тұрған тегіс кезіп,
Молда қыз – бір баланы келтір тауып.
Бір талай мұныменен уақыт өтті,
Патшадан жарлық алып, уәзір кетті.
Оқыған молда қызды сұрай-сұрай,
Шеттегі бір шаһарға келіп жетті.
Қызы еді бір кедейдің, өзі молда,
Уәзір бес дүз ділда берді сонда.
Ділда беріп бұл қызды сатып алды,
120. Сонан соң қуанышпен түсті жолға.
Уәзір мұндай қызды тауып алып,
Жолықты патшаға енді барып.
Қараса басқа қыздан сипаты артық,
Патша масайрады хұрсан болып.
Патша көп қуанды мұны көріп,
Сыйлады уәзірін инғам беріп.
Сарайда өзі ауаша жатқан қызға
Қыз келіп, қызмет істеп, болды серік.
Жатады Істәлипа күліп-ойнап, 130. Дүниенің қызығына бар ма тоймақ?!
Бір талай мұныменен уақыт өтті,
Көңіліне шек алмады бөтен ойлап.
Бір талай мұныменен заман өтті,
Он беске Істәлипа келіп жетті.
Күзді күн жеміс пысқан уақытында,
Екеуі бақты аралап тамаша етті.
Әр түрлі жеміс көрген бұлар бақтан,
Жемекке әрқайсысын бір-бір қаққан.
Бір жеміс жерге түсіп кетіп еді, 140. Хан қызы қолына алып дәмін татқан.
Жемекке бұл жемісті қызады ойы,
Болады хан қызының енді тойы.
Жемісті алып аузына салған шақта
Балқыды қорғасындай тұла бойы.
Жемістен қыз бір сұмдық көріп қалды,
Денесі қорғасындай еріп қалды.
Сенделіп басы айналып кете жаздап,
Сол жерде қайран болып тұрып қалды.
Хан қызы тоқтамастан кетті жүріп, 150. Сарайға өзі жатқан барды кіріп.
“Япырым-ау бұл не деген іс болды”, – деп,
Ішінен ой ойлайды сонда тұрып
Хан қызы енді сонан буаз болды,
Ішіне уайым мен қайғы толды.
Іші өсті күннен-күнге көзге түсіп,
Сарғайып зағыпырандай жүзі солды.
Жылайды ханның қызы болып ғаріп,
Күлмейді бұрынғыдай ашық-жарық.
“Осыған қас қылмайын”, – деп ойлайды, 160. Адамнан болмағаны өзіне анық.
Хан қызының көңіліне қайғы толды,
Бір күні іші ауырып, толғақ келді.
Құдыретіне Алланың шара бар ма,
Нақақтан байғұс ханша мұндай болды.
Қолына үш дүз ділдә алды санап,
Сөйледі қасындағы қызға қарап:
– Базарда бар, – дейді, – бір бақсы кемпір,
Шаһарды барсаң болар тез аралап.
Егер де үйден шығып жүрер болса,
170. Жетелеп тез келіңіз көзін байлап.
Сонымен кемпірді іздеп дая кетті,
Таба алмай бір азырақ жапа шекті.
Көрінгеннен кемпірдің сұрап үйін,
Күн батар уақытында әрең жетті.
Кемпірдің алып келді байлап көзін,
Қасында буаз қыздың көреді өзін.
Ақы беріп ол көзін байлатқан соң,
Айта алмады ішіндегі арман сөзін.
Бұл кемпір әрі-бері ем қып бақты, 180. Толғақтан қиналмасқа дәрі жақты.
Құдайдың құдыретіне қараңыздар,
Сол жерде Істәлипа екі ұл тапты.
Кемпірді дая әкетті көзін таңып,
Хан қызы бала тауып қалды жатып.
Осындай бір ғажайып іс болады,
Құдырет жасады екен мұны қайтып?!
Хан қызы үш күннен соң есін жиды,
Үстіне неше түрлі киім киді.
Бала деген адамға қандай ыстық, 190. Бетінен екеуінің екі сүйді.
Бірін өзі, біреуін дая бақты,
Өлтірмейік деген бір ақыл тапты.
“Таза қылып баланы асырайық,
Не деп қойсақ болады бұған атты”.
Қолына бес дүз ділдә санап берді,
Болжайды ақылменен талай жерді.
– Базарда сонау жерде бір қожа бар,
Ақы бер, көзін байлап ап кел – деді.
Ақшамда қожаны іздеп дая кетті,
200. Құдайым осыларды ауыр етті.
Көрінгеннен қожаның сұрап үйін,
Ел жатар уақытта әрең жетті.
– Тақсыр, қожа, асығыс жұмысым бар,
Жолыңа жүрсеңіз, – деп боламын зар.
– Жеріңіз баратұғын қайда? – дейді,
Қожаңа берер болсаң пайда, – дейді.
Әуелі жанқалтама ақшаңды сал,
Онан соң екі көзді байла, – дейді.
Қолына бес дүз ділдә санап берді,
210. Қолға алып тақсыр қожа қарап көрді.
Екі көзді сол жерде байлатты да,
Жетелетіп даяның соңына ерді.
Сарайға алып келді көзін байлап,
Төрге әкеп отырғызды мұны жайлап.
– Екі ұлға ат қойсын, – деп шақырғамыз,
Қойып бер, ей, қожаеке, атын ойлап.
Дүнияда зейіні мол бұл бір молда,
– Қой, – дейді, – бірін оңға, бірін солға.
Баланы бұрын туған оң жаққа қой, 220. Соңғысын солға қойсаң болар сонда.
Қойылды бұрын туған оң жағына,
Қойылды соңғы туған сол жағына.
Қожаекең балаларға ат қоймақ боп,
Азан-тәкбир қояды құлағына.
– Оң жақтағы баланы Иман, – дейді,
Нәпсіні жақсы болар тыйған, – дейді.
Отырған сол жағымда балаңызға,
Ат қойдым Пірістапар бұған, – дейді.
Қожаны қайта үйіне алып кетті,
230. Даямен көз байлаулы барып жетті.
Біле алмай сонда қожа бұл мәністі,
Ойлайды күн-күн сайын әрбір гәпті.
Екеуін бұл екі қыз асырады,
Көрсетпей тірі адамға жасырады.
Сипатын екеуінің көрген сайын,
Жаратқан бір Құдайға бас ұрады.
Балалары өсіпті жаннан артық,
Тұрады сарайында нұры балқып.
“Өскенде тірі болып жүрмейді-ау”, – деп, 240. Жылайды Істәлипа ішін тартып.
Балалар енді анықтап білді тілді,
Екеуі төрт-бес жасқа келіп кірді.
Қолына садақ алып, торғай атып,
Осындай тамашамен ойын қуды.
Қорғанға тоқтамады екі бала,
Түседі хан қызына енді сана.
Атқан торғай далаға шығып кетсе,
– Шығар, қуып алам, – деп алды маза.
Екеуін тоқтата алмай қайғырады, 250. Көңілі қайғыменен қамығады.
Не қыларын біле алмай ақырында,
Бұларды өлтіруге қам қылады.
Дая қыз сонда айтты көңілі ауып
Баланы өлтіре алмай ебін тауып:
– Өздеріміз өлейік пышақ ұрып,
Балалар артымызда қалсын жарық.
Хан қызы айтты: – Мұндай іс жарамайды,
Бұл бақты біреу келіп аралайды.
Екі бірдей баланы тауып алса,
260. Біздің адал өлімге қарамайды.
Ал, сөйтіп, ұят ойлап өлеміз біз,
“Бір сұмдық тапқан” дейді бұл екі қыз.
Екеуі екі бала тапқаннан соң,
Баруға ахиретке қойыпты жүз.
Сөз қылар онан кейін тамам халық,
Балалар обалды боп, көрмес жарық.
“Арамнан пайда болған мұны өлтір”, – деп,
Екеуін хан өлтірер алып барып.
Онан да бұл екеуін өлтірейік, 270. Саудасын екеуінің бітірейік.
Ұятын бұл жалғанның көтергенше,
Біз қанын екеуінің көтерейік.
Біреуіне біреуі ақыл берді,
Даяшы да бұл сөзді мақұл көрді.
– Екеуін сен апарып өлтіргін, – деп,
Құшақтап жылап жатты қара жерді.
Даяшы бұл екеуін алып шықты,
Көрсетпей алып жүрді пышақ, жіпті.
Екеуін бір аулаққа алып барып,
280. Тас қылып қол-аяғын буды мықты.
Өлерін осы арада білгеннен соң,
Балалар кетті еңіреп зарлап тіпті.
Балалардың зары:
– Байладыңыз қолымды,
Даярладың жолымды.
Айтшы бізге, жан шеше,
Неге бұздың үйіңді?
Өзіңнен туған ұл болсақ,
Неге салдың зұлымды?
Тірі адамға бермесін,
290. Сенің мұндай күніңді!
Біз екеуміз баламыз,
Отқа босқа жанамыз.
Шыныменен өлтірсең,
Ұжмақтан орын аламыз.
Өлімге қайтіп қияды,
Біздің тапқан анамыз?!
Іште кетіп барады
Ақыл менен санамыз.
Біз екеуміз жас едік, 300. Ойынменен мас едік.
Төртеу едік бір үйде,
Қандай іске қас едік?
Алып шықтың қаладан,
Құтылам деп жаладан.
Тауып алып бақтың ба,
Бізді шеше даладан?
Неғып мұнша шошыдың,
Біз секілді баладан?
Қайғылы болып өтіпті, 310. Біз сияқты сан адам.
Бұзылды қалай ниетің,
Шықты ма дұшпан арадан?
Даяшы қыздың айтқаны:
– Балаларым, ұғып ал,
Сенің атаң хан, – дейді.
Перзент деген жағынан
Жалғыз қызы бар, – дейді.
“Қызым жаман болар”, – деп,
Ханның іші тар, – дейді. 320. Адам көрмес падиша
Қызын салды сарайға.
Айта берсем бұл сөзім
Кетеді ғой талайға.
Біз екеуміз жатып ек
Жан жуытпай маңайға.
Анық сөзім Құдайға
Жолықпадық адамға.
Бір жеміс жеп осында
Екі бала туғанда. 330. Таза қылып сіздерді,
Жұпарменен жуғанда.
Екі бірдей асыл зат
Нәсілің нұрдан жаралған.
Арғы затыңды айтайын
Хан затынан таралған.
Ұят ойлап біз тұрмыз,
Осы күнгі адамнан.
“Бала тапқан қыздар” деп,
Бір сөз шығар наданнан. 340. Хан естісе бұл сөзді,
Абырой кетер анаңнан.
Өлтіруге сендерді
Қия алмаймын, қарағым.
Көзімнен аққан жасымды
Тия алмаймын, қарағым.
Ханның қызы болмаса,
Бала таптым дегеннен
Ұялмаймын, қарағым.
Соны айтып даяшы да жылады, 350. – Қандай қылсам болад, – деп,
Балалардан сұрады.
Балалар айтты сонда: – Анам, – дейді,
Болады тірі десең жаман, – дейді.
Жейдемізді алып бар қанға малып,
Береді Құдай қуат маған, – дейді.
Жылайды бұл үшеуі болып ғаріп,
Жейдені екі-үш жерден қойды жарып.
Қоян атып қанына әбден былғап,
Анама көрсет, – деді, – алып барып. 360. Жейдені даяшы қыз алып барды,
Алдына алып барып, жайып салды.
Патша қызы жейдені қатты сүйді,
Елжіреп іші-бауыры оттай күйді.
– Солармен бірге өлсем болмас па еді,
Мен бағып не қыламын йен үйді?!
Екі қыз сол үйінде жата тұрсын,
Қайғы мен уайымға бата тұрсын.
Екі бала қаңғырып кеткен былай,
Осыған әңгімеміз мойын бұрсын. 370. Жүгірді бұл екеуі үш күн, үш түн,
Жамағат, жалған емес, бұл сөзім шын.
Бестен оқ, екеуінде екі садақ,
Жас бала қарны ашып жылайды тым.
Осындай екі бала жүрді қашып,
Жылады жапан түзде қарны ашып.
Сойылды құмға күйіп табан еті,
Дүниеде бұларда жоқ ешбір нәсіп.
Екеуі демі құрып жүре алмады,
Бұл қандай жол екенін біле алмады. 380. Демін алып азырақ отырды да,
Сол жерде екеуі де ұйықтап қалды.
“Екеуің екі шаһарға патша бол”, – деп,
Түсінде Қызыр Ілияс назар салды.
Балалар түрегелсе тоқ болыпты,
Арыған-шаршағаны жоқ болыпты.
Екеуі және біраз жүріп еді,
Екі айыр екеуіне жол жолықты.
Екеуі сол арада көп ойлады,
Айтпаған іштерінде сөз қоймады. 390. – Екеуіміз кетейік екі жолға,
Бұл жолдар кетіп жатыр оң мен солға.
Біріміз өлсек, біріміз тірі болсақ,
Ата-ананы көргелі болар сонда.
Болалық не көрсек те жалғыз-жалғыз,
Құдай-ау, анамызға тірі барғыз.
Тең өлсек екеуіміз бірге жүріп,
Таусылмас сонда біздің арманымыз.
Екеуі қайғыменен ойлайды ойды,
Қайғыдан жапан түзде көңілі солды. 400. “Жасарып тірі болсақ тұрсыншы”, – деп,
Екі айыр жол басына екі оқ көмді.
– Жаратқан адамзатты бар қып жоқтан,
Ажал келмей өлмейді аш пен тоқтан.
Дүниеде өлі-тірі, бар-жоғымызды,
Білеміз хабар алып көмген оқтан.
Уағда осы серттен бұзылмасын,
Өтті ғой қайғыменен мұңлы басым.
Оқ қуарса біздердің өлгеніміз,
Реңі тірі болсақ бұзылмасын.
410. Иманжан осылай деп бір дем салды,
Оқ бойы жап-жасыл боп жанып қалды.
Айырылуға қия алмай бірін-бірі,
Сол жерде жылауменен бір күнді алды.
Көрісті бұл екеуі құшақтасып,
Айырыла алмай барады іштері ашып.
Сандарын шапалақпен бір-бір салып,
Екеуі екі жолға етті нәсіп.
Оң жақтағы жолына Иман кетті,
Сөйлеуге шебер, бейім, аузы епті. 420. Үш күн, үш түн Иманжан жүріп еді,
Патшасы өлген бір шаһарға келіп жетті.
Қырық күн тұрады екен аза қылып,
Той қылар онан кейін ойнап-күліп.
Ұшырып патшасының тоты құсын,
Қонғанды алады екен патша қылып.
Дәл бүгін уағдалы қырық күн болды,
Жалаңаш әлгі бала шаһарға келді,
Жалаңаш, жаяу келген жас баланы,
Шаһар халқы тамашалап бәрі көрді.
Жеті жасар баладан, жетпісте шал,
430. Жиналып сауық кезде тоты ұшырды.
Қонады Иманжанға тоты барып,
Сенбеді, қайта ұшырды тотыны алып.
Ұшқан сайын қонады бұған тоты,
Тамам жұрт тамаша етті қайран қалып.
Барлық ел таңданады жас балаға,
Жалғыз бала елге кеп бас бола ма?!
Ұшқан сайын қонады бұған тоты,
Құдай берсе адамзат қас бола ма.
Одан кейін Иманды алып барып, 440. Киіндірді қазынадан киім алып.
Құдай өзі жөндесе несі қиын,
Тағына Иман патша мінді барып.
Сол өлген патшаның бір қызы бар,
Өзі бек сұлу еді Саһипжамал.
Падишаға лайық ханша, – деп,
Некесін молдалар кеп оқыдылар.
Иманжан патша болып жата тұрсын,
Қызыққа тамашамен бата тұрсын.
Пірістапар бір жолмен кетіп еді, 450. Осыған әңгімеміз мойын бұрсын.
Бір жолмен Пірістапар кеткен былай,
Салады қандай күйге мұны Құдай.
Келеді жапан түзде қарны ашып,
Құдайға мінәжат қып, жылай-жылай.
Алдында қасқыр отыр жүресінен,
Адасты мұны көріп бір есінен.
“Садақпен неде болса атайын”, – деп,
Атқалы оғын сүйеп тізесімен.
Қасқырға тіл бітірді Хақ Тағала: 460. – Сен мені атпа, – деді, – жаным, бала.
Өзіңмен қияметтік дос болам, – деп,
Аяғына бас қойды келе сала.
Қараймын жолыңызға келе ме, – деп,
Құдайым тілегімді бере ме, – деп.
Жолдас боп мен өзіңе қосыламын,
Шапағат қияметте тие ме, – деп.
Сонымен қасқырды ертіп жүрді жаяу,
Сіркедей көңілінде жоқ-ты қаяу.
Бір аю қарсы алдында және жатыр, 470. Бөгелмей қасқырды ертіп келеді таяу.
Аюды көргеннен соң қорқып қалды,
Өлімнен аз сескеніп ойына алды.
“Садақпен не де болса атайын”, – деп,
Қолына Пірістапар садақ алды.
Аюға тіл бітірді Жапар Кәрім:
– Ей, бала, сені тосып құрыды әлім.
Өзіңмен қияметтік дос болайын,
Титтей де саған тиер жоқ залалым.
Қараймын жолыңызға келеді, – деп,
480. Құдайым қашан қуат береді, – деп.
Пір бала, мен өзіңе жолдас болам,
Үміт қылам шапағат тиеді, – деп.
Дос болды Пірістапардың жолын тосып,
Қайраты молайады көңілі өсіп.
Жасынан асырған күшігіндей,
Осындай хайуанатты Құдай қосып.
Істапар жүгіреді жолға түсіп,
Көңілі көтерілді алып ұшып.
Алдында бір жолбарыс жатыр еді, 490. Ойлады атайын деп зәресі ұшып.
Жолбарысқа тіл берді бір Құдайым:
– Ей, бала, менен сен де қылма уайым.
Өзіңмен ахиреттік дос боламын,
Келмеді, – деп болды ғой көңілім жарым.
Қараймын жолыңызға көзім талып,
Қаңғырған тілек тілеп біз бір ғаріп.
Шапағат бізге біраз қылмасаңыз,
Кетпеңіз ахиретте сөзден танып.
Жүрді олар жолға түсіп, аттай желіп,
500. Құдайдың не қылса да өзінде ерік.
Жасынан асыраған күшігіндей,
Келеді бұл үшеуі қасына еріп.
Істапар осы жолмен бір ай жүрді,
Қап-қара мұнар басқан шаһарға келді.
Шаһарға бұл бойынша кіре алмады,
Бұл қандай шаһар екенін біле алмады.
Қасына хайуандарын ертіп алып,
Бір тауға бет алдағы аяңдады.
Көрінген әлгі тауға жетіп келсе, 510. Бір шалға ешкі баққан жолығады.
Істапар әрең жүріп тауға жетті,
Құдайым осыларды әуре етті.
Қарны ашып келе жатқан бұл үшеуі
Ол шалдың аз ешкісін қуып жетті.
Шақырып хайуандарын шалға келді,
Ибамен қол қусырып, сәлем берді.
Бұл қандай оқиға деп аң-таң қалып,
Шалыңның тұла бойы тітіреді.
– Мен барда бүйтіп қорықпа, бабам, – дейді,
520. Ішпедім неше күндей тағам, – дейді.
Малың бағып барайын кешке таман,
Барып тағам әзірлет маған, – дейді.
Және үш хайуаныма бөлек ас қыл,
Сөзімді менің айтқан өзіңіз біл.
Құдай айдап кезіктім енді сізге,
Бала болып тұрамын бірнеше жыл.
Шал байғұс қорыққанынан үйге кетті,
Қасына кемпірінің барып жетті.
– Осындай бір ғажайып іс көрдім, – деп,
530. Таңырқап кемпіріне мағлұм етті.
Ет асты, алған екен бір қой сойып,
Хайуанға көже құйды теректі ойып.
Алдынан кешке шықты қарсы ала,
Дайындап мұның бәрін жасап қойып.
– Мен тойдым, астан әбден іштім, – дейді,
Әлхамдулилләһ, Құдайға шүкір, – дейді.
Хайуанға науаменен көже беріп,
Сен қораның шетінде отыр, – деді.
Береке осы шалда, тоқ болыпты,
540. Малы өсіп күннен-күнге көп болыпты.
Пірістапар мал бағып жүрген кезде
Малынан ешбір шығын жоқ болыпты.
Береке бала келіп, шалға кірді,
Жамағат, естідің бе мұндай сырды.
Төрт-бес жыл шалдың қойын бағып еді,
Бір мыңға қойдың саны барып тұрды.
Істапар қой бағады таяқ алып,
Шулаған шаһар халқы айғай салып.
Күнде көрсе, бұл шаһар жылап тұрған, 550. Шалдан бір сұрамаққа аң-таң қалып.
– Ей, ата, бұл шаһарда кім тұрады,
Бірі жылап, біреуі шақырады?
Жылайды неге күнде шаһар халқы?
Шал айтпай баласынан жасырады.
– Ей, балам, ол шаһарда ештеңе жоқ,
Қасымда жүрсең, балам, көңілім тоқ.
Шаһарды сен сұрама, мен айтпайын,
Сұрайтұғын оныңда дәнеңе жоқ.
– Ей, ата, айтып берші сөздің шынын,
560. Бала болып мен жүрдім мұнан бұрын.
Болайын мен разы, ата, сізге,
Мәнісін ұғындыршы осы сырдың.
– Ей, балам, оған көңіл бөлме, – дейді,
Тірі жүр, не қылсаң да өлме, – дейді.
Шаһарды сен сұрама, мен айтпайын,
Сен тегі ол шаһарды көрме, – дейді.
– Неше жыл сізден тағам іштім, – дейді,
Асырап мені жақсы күттің, – дейді.
Айтпасаң жегіземін жолбарысқа,
570. Қаныңнан жалғыз қасың жұтсын, – дейді.
Шал қорқып сонда тұрып жылайды енді,
– Сақтай гөр мен ғаріпті, Құдай, – дейді.
Мәнісін сен тыңдағын, мен айтайын,
Себебі жылайтұғын былай дейді:
– Ей, балам, бұл шаһарда бір патша бар,
Бойжеткен өңшең сұлу үш қызы бар.
Неше жылдай талас боп бір нәрсеге,
Соның үшін шулаған мұсылмандар.
Бір арал бар шаһардың ар жағында,
580. Үш дию бар аралдың бұлағында.
Шешесі үш диюдың жәдігөй кемпір,
Жатады бұл төртеуі шаһар бағында.
“Айтады еліңе ойран саламыз, – деп,
Патшаның тағын тартып аламыз, – деп.
Үш қызын патшаның берсе бізге,
Бейбіт боп сонда ғана қаламыз”, – деп.
Осылай диюменен кеңес етті,
Аяғы бұл кеңестің егес етті.
Үш диюға үш қызын бермек болып, 590. Диюлар ақырында сертке жетті.
Қыздарын ертеңгі күн бермек болды,
Дию малғұн аралдан келмек болды,
Қызын берсе ел-жұртын аман сақтап,
Алланың не салғанын көрмек болды.
Осыны айтып, жылады бейшара шал,
Жылай-жылай қалмады өзінде хал.
Бала айтты сонда былай әлгі шалға:
– Өзің ие бола тұр мына малға.
Маған қару тауып бер бәрін сай қып, 600. Көңіліңе ешқандай қаяу алма!
– Не беремін, менде жоқ найза, қылыш,
Қарағым, маған келіп болдың ырыс.
Өзіңнен қайраты мол ол бір дию,
Қыласың оныменен қайтып ұрыс?
– Олай деме, қайрат бар, ата, менде,
Бір адам тең келмейді осы елде.
Естідің бе, ей, шалым, шыныңды айт,
Қару-жарақ жоқ па екен ешбір жерде?
– Ей, балам, анау жерде төбе тас бар,
610. Пендені не қылса да Құдай бастар.
Астында сол төбенің жатыр, – дейді,
Тірі адам көтере алмас үлкен шоқпар.
Бұл сөзім рас, балам, жалған емес,
Қасына жаман адам барған емес.
Жиналып қанша халық аламыз, – деп,
Ешбіреу күші жетіп алған емес.
Опасыз мына жалған қалар деген,
Талайды алдап жолға салар деген.
– Ей, шалым, естідің бе? Сөйле, – дейді,
620. Ешбір жан ол шоқпарды алар, – дейді,
– Тыңдасаң осы сөзді ақыр, – дейді,
Өзіңді ойлағаның ақыл, – дейді.
Алар деп Пірістапар естігемін,
Төбеде соны тосып жатыр, – дейді.
– Ей, шалым, басқа сөзді таста, – дейді,
Жылама, ақылыңнан саспа, – дейді,
Аламын сол шоқпарды өзім барып.
Төбеге мені тура баста, – дейді.
Шал байғұс ол төбеге анық барды,
630. Көңілі бұл жалғаннан қалып барды.
Амалсыз, көнбеген соң қойшы бала,
Төбеге тура бастап алып барды.
Істапар шоқпар жайын алды біліп,
Төбеге жақындады тура жүріп.
Барды да пәрменімен күшін салып,
Шоқпарды төбе астынан алды жұлып.
Жамағат, естіп пе едің мұндай халді,
Шоқпарды төбе астынан жұлып алды.
Шоқпар үшін бір тауды қопарған соң, 640. Шал тұрып қайратына қайран қалды.
Қайраты шоқпарды алып толады енді,
Үйіне әкесінің қонады енді.
“Таң атса сол диюмен ұрысам”, – деп,
Көңілі мәз-мереке болады енді.
Жатады Пірістапар ұйқы көрмей,
Отырды шалдың айтқан тіліне ермей.
“Диюмен соғысам” деп қиялдайды,
Мінәжат қып Аллаға, көзін ілмей.
– Ей, ата, сіздің айтқан сөзге нанам,
650. Осындай қайрат берген Алла Тағалам.
Соғысам сол диюмен бүгін барып,
Майданды қыз беретін көрсет маған.
Шал бастап майданына алып барды,
Пірістапар айналаға көзін салды.
Диюдың алдын тосып, келе ме деп,
Мекен қылып отырды биік жарды.
Патшаның жанында уәзірі бар,
Ержеткен уәзірдің үш ұлы бар.
Үлкен ұлын патша шақырып ап: 660. – Үлкен қызды апар, – деп салды хабар.
Үлкен ұлы бұл қызды алып барды,
Көңілі бұл жалғаннан қалып барды.
Қол-аяғын байлап ап әкелді де,
Майдан жерге апарып тастай салды.
Дию келді “бұл қызды алайын” деп,
“Басына ақыр заман салайын” деп.
Орнынан Пірістапар тұра келді,
Диюмен бір ұрысып қалайын деп.
Істапардың ызасы жаннан асты, 670. Дию да жұтамын деп қадам басты.
– Ол қызды мені өлтірмей алмайсың, – деп,
Алдынан Пірістапар қаһар шашты.
Балаға ол да ақырып қоя берді,
Екеуі тітіретті қара жерді.
– Алдыңғы ұру кезек сенікі, – деп,
Пірістапар диюға кезек берді.
Пірістапар диюға кезек берді,
Қаһармен дию оны келді де ұрды.
Сойылы диюдың да сондай күшті,
680. Істапар тізесінен жерге кірді.
Дию малғұн қорқады жаман сасып,
Жығылмады Істапар қайраты асып.
Кезек алып сонан соң бір-ақ ұрып,
Диюды талқан етті қанын шашып.
Үш хайуан етін жеді қарық болып,
Істапар күлімдеді мұны көріп.
Баяғы жасырынған уәзір ұлы
Қызды алып жөнеп берді көңілі толып.
Қызға айтты уәзір ұлы: – Білсең, – дейді, 690. Сөзіме менің айтқан жүрсең, – дейді.
Диюды өлтірдім, – деп мен барайын,
Лайық көрсең маған тисең, – дейді.
Қыз дағы осы сөзді мақұл көрді,
Патшаға келді дағы сәлем берді.
– Сізге дұшпан диюдың көзін жойған
Мына жігіт, – деп оны нұсқады енді.
Өз баласы айтқан соң патша нанды,
Шақырып неке қиды молдаларды.
Ортаншы ұлын уәзірдің шақырды да,
700. Ортаншы қызын байлап және берді.
Патша оны тағы шақырады:
– Сендерден неге аяйын жиған малды.
Қол-аяғын қызымның байла дағы,
Диюға алып бар, – деп жарлық салды.
Диюға өңгеріп ап алып келді,
Бойы таудай диюды көзі көрді.
Істапар о да келіп отыр еді,
Көре сап қыз диюды, талып қалды.
Диюмен соғысуға бала келді,
710. Дию да ақыра кеп қоя берді.
– Мені өлтірмей ол қызды алмайсың, – деп,
Орнынан Пірістапар тұра келді.
Диюға сен ұрғын деп кезек берді,
Көрмеген бұл дию да мұндай ерді.
Шоқпарынан диюдың аман қалып,
Тізеден Пірістапар жерге кірді.
Диюдан Пірістапар кезек алды,
Шоқпармен дәлдеп тұрып басқа салды.
Үш хайуан етін жеді қарық болып,
720. Жамағат, естідің бе мұндай халді.
Уәзір ұлы тұр еді жасырынып,
Қыздың қолын шешеді ол асығып.
– Құдай қосса екеуміз қосылсақ, – деп,
Қызға зарлап жалынды ол бас ұрып.
Қыз дағы оның сөзін мақұл көрді,
Азғырған сол жігіттің тіліне ерді.
Өз баласы айтқан соң падиша сенді,
Мына жігіт өлтірді деген еді.
Неке қиып ол қызын тағы берді,
730. Жігіттер жалған айтып, рахат көрді.
Екі қызын екеуі алғаннан соң,
Кіші қызын беретін кезек келді.
Кіші ұлын уәзірдің шақырып ап,
Падиша әмір берді оған қарап:
– Диюға осы қызды апар, – дейді,
Сен дағы қалғандайсың іске жарап.
Кіші қызын диюға алып жүрді,
Көңілі бұл жалғаннан қалып жүрді.
“Әкем мені шынымен берді ме?” – деп,
740. Іште мұңын айта алмай налып жүрді.
Дию да майдан жерге келіп еді,
Өзінің қайратына сеніп еді.
Екі ағасы жоғалып кеткеннен соң,
Ашу кернеп көңілі желігеді.
Бұл диюдың басқадан қайраты мол,
“Алам, – деп, – аға кегін, – ойлаған ол.
Істапар да алдынан қарсы шығып,
Екеуі жекпе-жек кеп ұмтылды сол.
Бұл малғұнның басқадан күші мығым, 750. Істапар жолын тосып тұрған бұрын.
Кезек берді диюға сен ұрғын деп,
Дию да білмей қалды мұның сырын.
Бұл дию Істапарды келді де ұрды,
Істапар кезек беріп қарап тұрды.
Бәрінен бұл диюдың күші бөлек,
Істапар белуардан жерге кірді.
Істапар кезек алып ұрам депті,
Диюдың қорыққанынан есі кетті.
Бар күшін бойға жиып ұрғанында, 760. Диюдың зор денесін дал-дұл етті.
Хайуандар етін жесті қарық болып,
Шешеді уәзір ұлы қызды келіп.
– Құдай қосса екеуміз қосылсақ, – деп,
Алдына ала жөнелді қызды өңгеріп.
Қыз сонда: – Сенің сөзің жалған, – дейді,
Бір жігіт мені айырып алған, – дейді.
Өтірік айтып жалғанда қиянат қып,
Тозақта ахиретте жанбаң, – дейді.
– Ей, жігіт, рас айтсақ сөздің шыны,
770. Басынан барша жанның өтер күні.
Біреудің абыройын сіз алмақ боп,
Сірә да, кім үйреткен сізге мұны?
Істапар сол арада көп ойлады,
Өзінің келешегін бек ойлады.
“Жар қылып осы қызды алсам егер,
Өзіме серік болар”, – деп ойлады.
Уәзір ұлы бұл қызды алып кетті,
Үйіне падишаның келіп жетті.
Бұл қызды және аман келгеннен соң, 780. Падиша шүкірлік қып сабыр етті.
Падиша той жасады елін жиып,
Нашарды тамақ беріп, тойындырып.
Бірнеше күн тамаша біткеннен соң,
Халықты таратады жолын қылып.
Падиша кіші қызын қасына алды,
Өткеннен сұрағалы басындағы.
– Шырағым, қалай аман келдің? – дейді.
Дию малғұн не болды қасыңдағы?
Қыз айтты: – Әке бердің мені қиып,
790. Симадым сыртыңызға, ішке сиып.
Шынымен әкем мені қор етті-ау, – деп,
Уайым – қайғы жедім ішім, – күйіп.
Амалсыздан диюға бардым, – дейді,
Бір жігіт мені айырып алды, – дейді.
Қасында ертіп жүрген үш хайуан бар,
Соғысты диюменен салды, – дейді.
Қолында бір күмбездей шоқпары бар,
Болды ғой мен ғаріпке Құдайым жар.
Қарамай байлаудағы маған дию, 800. Жігітке тұра ұмтылды пейілі тар.
Дию ұрды баладан кезек алып,
Аман қалды шоқпардан ол бір ғаріп.
Кезек алып ол бала ұрып еді,
Диюды талқан етті басын жарып.
Патша айтты: – Бұл сөзге сенсем, – дейді,
Баланы танимысың көрсең? – дейді.
Егер тағы сол бала кез боп қалса,
Берейін, балам, сені көнсең, – дейді.
– Ей, ата, осы сөздің ақыл, – дейді,
810. Көрейін бұл сөзіңді мақұл, – дейді.
Танимын ол баланы көрсем менде,
Еліңді бірін қоймай шақыр, – дейді.
Бұл қыз да шығып тұрды сахнаға,
Ел-жұртын жиды патша осы араға.
Үш күндей қалың елі өтіп еді,
Жоқ болып шықты ақыры батыр бала.
– Ей, ата, мен қарадым алға, – дейді,
Жиылған көз жібердім жанға, – дейді.
Ол жігіт бұл халықтың ішінде жоқ,
820. Келмеген енді кісі барма? – дейді
Біреу айтты: – Бір кемпір, бір шал қалды,
Бағады тау ішінде аздап малды.
Олардың асыраған бір ұлы бар,
Біз барып шақырмадық осыларды.
Патша: – Оған біреу барсын, – деді,
Олар да тамаша қып алсын, – деді.
Кімде болса тез әкел үшеуін де,
Қызыма бір көрініп қалсын, – деді.
Жасауыл жалпаң қағып шауып кетті, 830. Алдына кемпір-шалдың барып жетті.
Жүріңдер ордаға, тез киініңдер,
Падиша “алып кел” деп жарлық етті.
Шақырған сол патшаға бала келді,
Шоқпарын қолына ұстап ала келді.
Үш хайуанын қасына ертіп алып,
Тұп-тура патшаға барады енді.
Ел-жұрты мұны көріп, қашты дейді,
Топырлап бірін-бірі басты дейді.
Патша тұра келді қорыққанынан, 840. Балаға орын нұсқап састы дейді.
Падиша айтты: – Сіз бұрын келмедіңіз,
Еш хабар болған істен бермедіңіз.
Үйінде бір кәрінің жатып алып,
Мені, сіз, кісі орнында көрмедіңіз.
– Болмаймын, тақсыр патша, сізден ұлық,
Мен кеттім, өлтірдім де диюды ұрып.
Қайырымды сел қылды екі қыздың,
Осыны жата бердім қайғы қылып.
Падиша айтты: – Қайғырма, жаным, балам,
850. Артықша қуат берген Алла Тағалам.
Маған дұшпан диюды өлтіріпсің,
Қызымды мен берейін енді саған.
Падиша неке қиып қызын берді,
Шығарып қазынадан малын бөлді.
Қақ жарған қара қылды әділ бөліп,
Биледі Пірістапар қалың елді.
Істапар патша болып бір жыл тұрды,
Еліне әділдікпен үкім қылды.
“Тамашалап бір күні келейін”, – деп, 860. Иттерін ертіп алып аңға жүрді.
Шығыпты тамашаға сейіл құрып,
Көңілді көтеруге мойын бұрып.
Үш иті бір араға кетті кіріп,
Тамаша бірін-бірі ойнап қуып.
Бір кемпір шыға келді жалаң қағып,
Баламен амандасты қолын алып.
– Көрсем, – деп мен де сені зар болып ем,
Айрылған баласынан мен бір ғаріп.
Ойлайды: “Мен үйіне барайын, – деп,
870. Үйлерін тамашалап қарайын – деп.
Артық па баласынан мұның жаны,
Қас қылса басын кесіп алайын”, – деп.
– Ей, ана, сіз жүріңіз алдымызға,
Арманда балаңыздан қалдыңыз ба?
Әуелде бізді аңдыған дұшпан едің,
Дос көңіл енді бізге салдыңыз ба?
– Ей, балам, өзің жүргін ілгеріңе,
Ақылды таң қаламын білгеніңе,
Қарағым, көз қуатым, жүрші ілгері,
880. Мен қарап көрейінші жүргеніңе.
Істапар алдыға аяқ салды дейді,
Кемпір сиқыр дұғасын алды дейді.
Бір дем салып, сол жерде үшкіргенде,
Істапар тас боп қатып қалды дейді.
Істапар қара тас боп қатып қалды,
Иттері кешке таман үйге барды.
– Хайуаны келді, өзі жоғалды, – деп,
Патша қызы еліне хабар салды.
Онан соң патша шықты: – Қарайық, – деп,
890. Артынан иттерінің барайық, – деп.
Баланың қайда екенін иті білер,
Іздеп барып қайтсек те табайық, – деп.
Падиша мұңға батты, ойлап ойды,
Ел-жұрты таба алмастан сарсаң болды.
Қараса адам бойы бір қара тас
Барғандардың анықтап көзі көрді.
Иманжан патша болған кейін қалып,
Оғынан тұрушы еді хабар алып.
Бір күні барып көрсе сол оғына, 900. Қалыпты оғы қурап қазан болып.
Иманжан тағат қылмай жолға түсті,
“Ініміз көрді” екен, – деп, – қандай істі.
Түнде де, күндіз түгіл дамыл алмай,
Келгенше шаһарына құстай ұшты.
Ағасы шаһарға осы жетіп келді,
Қамыққан, қайғыланған елді көрді.
– Шаһарда патша болып кім тұрад, – деп,
Ең алғаш кезіккеннен ұқты жөнді.
Бір бала сұраушы еді әділ болып,
910. Халық та жақсы көрген көңілі толып.
– Үш күн болды сол бала жоғалғалы,
Көпшілік қайғы жұтты көңілі солып.
Иман айтты: – Ордасы қайда патшаның?
Көрсетші оның үйін, қалқа, жаным.
Алдымен ордасына ат байлайық,
Ұғармыз онан кейін істің мәнін.
Үйіне падишаның қадам басты,
Келіні, патша қызы есік ашты.
Ұқсайтын күйеуіне бұл қонаққа,
920. Ибамен құрмет етіп амандасты.
Қонаққа келтірілді албан тамақ,
Қонақ та ауыз тиді бірден санап.
Ұққан соң жай-жапсарды тым асығыс,
Кетуге дұға қылып етті талап.
Хайуандары шықты да қорасынан,
Жөнелді иесіне жаны ашыған.
Иманжан оларменен еріп келді,
Қу кемпір шықты алдынан аласұрған.
Кемпір келіп балаға сәлем берді: 930. – Жүрмісің есен-аман, балам, – деді.
Бір көрсем деп сені де зар болып ем,
Кезіктірді Құдайым маған, – деді.
Кемпір тұрып: – Сен жүргін үйге, – дейді,
Ініңіз шәһит болған күй ме? – дейді.
Құдай артық жаратқан сені дағы,
Тұрайық жолдас болып бірге, – дейді.
“Иман бала ойлады”: Бас бұзар, – деп,
Сұмпайы сайқал кемпір қас қылар, – деп.
Сиқыршы дені бұзық боса керек, 940. Мені де інім сынды тас қылар, – деп.
Осындай ойлап тұрсаң дүние бұзық,
Талайды жолға салған алдап жүріп.
Сиқыршы түрі жаман бір сұм екен,
Осы екен бұл інімді қойған буып”.
– Сен жүрші ілгеріге, қалқа, балам,
Ақылды білгеніңе мен таңғалам.
Қарағым, көз қуатым, жүрші ілгері,
Артыңнан қарап жүрсін ғаріп анаң.
– Алдымен үлкендік қып анам жүрсін,
950. Артынан кішілікпен балаң жүрсін.
Ана жолы бек ұлық дүниеде,
Артыңнан ғаріп балаң қарап жүрсін.
Ақыры кемпір алда жолға тартты,
Қысылды Иман бала жаман қатты.
“Үйге барсам маған да қас қылар, – деп,
Дайындап маған тағам тіпті тәтті”.
Артынан ерді жігіт әрең зорға,
Қарады “медет бер”, – деп, – оң мен солға.
“Алла” деп қылышпенен шауып еді, 960. Кемпірдің басы ұшып түсті жолға.
Иманжан тас қасына қайтып келді,
Құдайға мінәжатын айтып келді.
Қасында інісінің зар жылайды,
– Ей, Алла, қабыл қыл, – деп, – ақ тілеуді.
– Ей, Алла, дүниені сен жараттың,
Әлемді он сегіз мың кең жараттың.
Ұшқан құс, жүгірген аң, қарайған жан
Бәріне ризық беріп жем жараттың.
Жан беріп сол қатарда бізге дағы,
970. Солармен бізді дағы тең жараттың.
Туған жанның барлығы ұқсас емес,
Әр түрлі кеудесіне шер жараттың.
Не қылсаң да құдыреттің жетеді ғой,
Жан беріп бұл інімді бері қаратқын.
– Адам ата құдіреті,
Бұл ініме жан берсең.
Ғаріп болған күнімде
Көз жасымды бір көрсең.
Қара тас болған ініме
980. Сөйлесуге тіл берсең.
Болар едім армансыз,
Көріп тұрып жан берсем.
Медет бер, Хауа анамыз,
Қайғыменен жанамыз.
Бұл сияқты асылды
Қайдан іздеп табамыз?
Дүние толған топаннан
Аман қалған Нұх Нәби
Болғын біздің панамыз. 990. Әулиелер құрметі,
Бұл інімнің жанын сал.
Мұның үшін құрбандық,
Мен ғаріптің жанын ал!
Інім еді данышпан
Кіп-кішкентай күнінде-ақ
Аюменен алысқан.
Ер жігіттің пірлері,
Медет қыл, Ғали Арыслан.
Қызыр бабам, медет қыл, 1000. Бес жасымда табысқан.
Дана туған шырағым,
Болжайтын істі алыстан.
Қара тас болып қатыпсың,
Семіп мұнда жатыпсың.
Кемпір-шалға бала боп,
Дәм-тұзын оның татыпсың.
Жәді кемпір қас қылып,
Түн-түнекке батыпсың.
Осыны айтып зарланып, 1010. Еңіреді бұл ғаріп:
– Ісімді алға бастыр, – деп,
Бір Алла, өзің оңғарып.
Медет бер, – деп тіледі,
Әрі-бері толғанып.
Тұр деп еді тұрмады,
Жалғанға мойын бұрмады.
Бейшара болған ағасы,
Тағы жылады зарлады:
– Бауырым, рас кеттің бе,
1020. Ол дүниеге жеттің бе?
Мен бейшара ағаңды
Мәңгі шерлі еттің бе?
Иманжан осылайша зарланады,
Алладан тілек тілеп қарманады.
Күндіз-түні көз ілмей, демі құрып,
Азырақ көзі ілініп ұйықтап қалды.
Түсінде Қызыр бабам айтты датын,
Аллаға жетті дейді мінәжатың.
Ініңіз аман-есен тіріледі, 1030. Оқысаң дәрет алып мұғажатын.
Алланың құдыреті кең деседі,
Тілекті шын тілесе жөн деседі.
Оқысаң ықыласпен мұғажатын,
Сиқырды дүниедегі сол шешеді.
Иманжан түрегеліп дем салады,
Дұғамен қара тасты қақ жарады.
Тілсіматпен байланып қалған екен,
Інісін аман-есен шығарады.
Екеуі құшақтасып көріседі, 1040. Беттерден жылай тұрып өбіседі.
Байланып тілсіматпен қалған екен,
Құдайдың шын жаратқан серісі еді.
Үйіне Пірістапар алып жүрді,
Естіген бұл хабарды жұрт жиылды.
Алдынан алған жары қарсы шығып,
Қосылып, шұрқырасып шақты мұңды.
Жиналып бүкіл халық келді қаулап,
Істапар көрген ісін айтты баурап:
– Тастады мені байлап жәді кемпір,
1050. Ағамды алып келді Құдай айдап.
Кемпірді өлтірді де мені жазды,
Әйтпесе, өліп едім сорым қайнап.
Істапар той жасады жұртын жиып,
Кедейге тамақ берді тойындырып.
Орнына патша сайлап шаһарына,
Еліне жүрді ағаның мойын бұрып.
Қасына бес жүз әскер алды жолдас,
Жетілген осылардай адам болмас.
Шаһарына ағасының келді олар, 1060. Дүниеде қарғыс алған адам оңбас.
Ағасы той тамаша жасап жатыр,
Қызметкер жігіттері өңшең батыр.
Он екі ай той жасады ұлан-асыр,
Тіктірді бес жүз ерге бес жүз шатыр.
Ағасы бір уәзірін патша сайлап,
Ол алды бес жүз әскер енді жайлап.
Екеуі мың әскермен жүрмек болды,
Іздеуге шешелерін белді байлап.
Осындай тамашамен жолға шықты, 1070. Кезінде екі патша болған мықты.
Атасының шаһарына бұлар келіп,
Хал-күйін өз елінің әбден ұқты.
Патша болған атасы жасы жетіп,
Кәртайған өне бойдан халі кетіп.
Екеуі кісі салды қарт патшаға,
Ұрпағы едік десті қалған кетіп.
Падиша сөз ыңғайын аңғарады,
Қызым қашан тапқан деп таң қалады.
Істәлипа отырған ерге тимей, 1080. Балаларын көруге зар болады.
Шешесін жібереді қызына енді,
– Білейін дейді мұның шынын енді.
Өтірік айтпай, қорықпай бәрін айтсын,
Екі қыз болған істің сырын, – дейді.
Қарасам екі жігіт екі патша,
Тегінде балаларды рас тапса.
Кәр төгіп не қыламын қарт басыммен,
Керегі болды маған шынын айтса.
Істәлипа баяндады ахуалын:
1090. – Тірі екен-ау дүниеде қалқа, жаным, –
Деді дағы егіліп кетті жылап.
Баяндап балалардың бар мән-жайын.
Ханым ұғып барлығын қайтып келді,
Расын осы істің айтып келді.
– Баласыз қу бас едік, – деді патша,
Ендеше, бұл ұрпақты Құдай берді.
Патша халқын жиып айтты сырын,
Бұл істі естімеген бұдан бұрын.
Көпшілік мұны естіген аң-таң қалды,
1100. Сауықтың содан кейін тікті туын.
Екі бала падишамен амандасты,
Бұлардың шарапаты жаннан асты.
Шешелерін көруге тым асығып,
Екеуі бақша жаққа қадам басты.
Келеді шешесінің бақшасына,
Ойнаған бала күнгі қақпасына.
Көрісіп бір-бірімен құшақтасып,
Шешесі сонда былай қақсасында:
Айналайын, қарағым, 1110. Қолға ұстаған жарағым.
Айырылып сенен қалғанда,
Ашылмады-ау қабағым.
Өлтірдім сені дегенде,
Орныңа мың қарадым.
Туылғанда екеуің,
Жүз кісіге баладым.
Асыл туған, шырағым,
Артымдағы лағым.
Туып едің асылдан, 1120. Көңілім менің жасыған.
Екеуіңнен айырылып,
Құсым ұшты басымнан.
Тірі деген ойда жоқ,
Қасиетім бойда жоқ.
Өлтірді деп жүріппін,
Ішім жалын, сыртым шоқ.
Айналайын, құлыным,
Айырылып сенен құрыдым.
Естігенде хабарың, 1130. Бекіді менің буыным.
Бес жасқа жаңа жеткенде,
Даяшы алып кеткенде
Тірі қалып өлмедім,
Өлтіремін деп ерткенде...
Осындай еңіреді ханша жылап,
Зарына тұра алмады адам шыдап.
Көрісіп бір-бірімен аман-есен,
Сергіді мұң-қайғыдан аунап-қунап.
Істәлипа отырған ерге тимей, 1140. Баланың қайғысымен ойнап-күлмей.
Даяшы, міне, осындай айла қылған,
Жүретін талай жылдан оны білмей.
Мұратқа ақырында бұлар жетті,
Екеуі патша боп дүрілдетті.
Әділ боп заманында бұл екеуі,
Осылай дүниеден өтіп кетті.
Біреуі сол шаһарға патша болған,
Жүргізіп әділгін оң мен солдан.
Бақшасын шешесінің орда қылып,
Істапар сол арада тұрып қалған.
Иманжан патша болған екі шаһарға,
Құдайдан не тілейді одан өзге.
Жастары жүзге жетіп өмір сүрген, 1150. Пендесі бола бермес сол бір кезде.
МҰРАТ САЛИХ ПЕН МАҒРИПА
Қолыма қалам алып жаздым нұсқа,
Болады тіршілікте дүние жиса.
Тәңірім тілеуіңді бермей қоймас,
Жолына адал ниет жанын қиса.
Пенденің көнбейтұғын амалы жоқ,
Жақсылық-жамандықты Тәңір қылса.
Болыпты бір саудагер Түркістанда
Есеп жоқ дүние-мүлік, малын жиса.
Пақыр, міскін, ғаріпке қайыр қылған, 10. Болмапты ондай көпес елге сыйса.
Аты еді саудагердің Мұрат Сәлих,
Алыпты Мағрипаны тұрмыстанып.
Бет біткен адамзаттың сұлуы екен,
Келбетін берген Тәңірім осыншалық.
Оқыған Нәфусарып, Мұқтасарды1,
Аралап көп таныған талай шәрді.
Әдепті, мағыналы айтқан сөзі,
Діндар адам сол кезде ең жоғары.
Мағрипа болған екен сондай діндар, 20. Талма бел, талшыбықтай бойы сындар.
Аққұба, алма мойын, асқан көркем,
Сыртынан құмарланар көрген жандар.
Мұрат Сәлих асқан бай болған екен,
Есепті мал ынсапқа толған екен.
Нысапқа малы толса қажы бауыр,
Діндік жақта заң болып қалған екен.
Сәлих айтты бір күні: – Қажы барсам,
Құдайға тәуба қылып мойынсұнсам.
Нәсіп болса қайтармыз тауын көріп, 30. Байтоллаға бас иіп, тәуап қылсам.
Кағбаға ет, Кахида асу, Танын көрсем,
Жол бойы жарлыларға қайыр берсем.
Мағрипаға ақыл салды осылайша,
– Қажы барып Харапада2 құрбан шалсаң.
Ниетің дұрыс екен мақұл көрдім,
Әмин, болсын ісің бара қалсаң.
Екеуі осылайша ақылдасты,
Біреуі айтып, біреуі мақұлдасты.
– Сен келгенше жалғыз қайтіп отырам, – деп,
40. Көзіне Мағрипа алды ыстық жасты.
Сәлихтің Ясын аты інісі бар,
Шақырып алып деді: – Бір ісім бар.
Мен келгенше жеңгеге қарасып тұр,
“Інісі бардың деген ғой тынысы бар”.
Қажыға жүрмекшімін етсе нәсіп,
Қаражат қалдырамын жетер асып.
Отын-су бір нәрсеге мұқтаж қылма,
Жеңгеге тұрарсың сен қарайласып.
– Құп болады, – деп інісі мақұл көрді,
50. Сендіріп ағасына уәде берді.
Туысы бір інісі болғандықтан,
Мұрат Сәлих қуанып оған сенді.
Қош айтып, жолға шықты Мұрат Сәлих,
Қиыспай аттандырды сонша халық.
Мағрипа жылай-жылай үйде қалды,
Кеткен соң сүйген жары, қайғыланып.
Тамақты қайнысы әкеп береді екен,
Жеңгесі оған қатты сенеді екен.
Өтіпті осылайша талай күндер, 60. Апыр-ай, түбі қалай болар екен?
Бір күні тағы тамақ берген екен,
Шаш тарап отырғанда келген екен.
Толқыған он төртінде толған айдай,
Дидарын жеңгесінің көрген екен.
Көрген соң нәпсі қозып қайнысының,
Біле алмай не қыларын жүрген екен.
Дертіне ешбір айла таба алмастан,
Бір түнде жеңгесіне келген екен.
– Көңіліңе жаман ниет кірген шығар,
70. Ойыңды шайтан бұрып жүрген шығар.
Құдайдан қорық, ұял адамзаттан,
Көрсетпей тез қараңды, үйден жоғал.
Қажыға кеткен ағаң іздеп сауап,
Меккеге барған шығар етіп тәуап.
Қайт, қайным, тәуба қылып ниетіңнен,
Махшар күні беремін не деп жауап.
Нысапсыз қорықпайсың ба ақиреттен, –
Деп қайнысын шығарды үйден айдап.
Көзіне жас аралас жас та келді, 80. Қиянат іс қылмады түбін ойлап.
Қайнысы жеңгесіне ашуланды,
Бір қастық жасайын деп қатуланды.
“Дүниеде менен сорлы жан өтпес”, – деп,
Азуын-азуына басып алды.
Қайнысы айтты:
– Кең дүниеңді тар қыламын,
Алдың биік, артыңды жар қыламын.
Айтқаныма көнбесең тұра тұр сен,
Осы көрген күніңді зар қыламын.
Берді ол төрт жігітке алтын-күміс,
90. Ойына кірді дағы бұзықтық іс.
“Жеңгем зина қылды, – деп мен айтамын,
Беріңдер қазы алдында куәлік іс”.
Көңілінен тәуба қашып, шайтан кірді,
Қазыға айтпақшы боп бұлар жүрді.
Қазыға арыздама жазып беріп,
Қақпаға төрт жігітті алып кірді.
Арыздама осылай жазған мұңы:
“Жеңгем зина қылды, – деп, – күндіз-түні.
Көзбен көрген төрт жігіт куәшім бар, 100. Айт ақыл, алып келдім сізге бұны.
Ей, тақсыр, арыз қылдым сізге келіп,
Айтпасам күнә болар көзбен көріп».
Төрт жігіттің куәлік сөзін естіп,
Қазы да ашуланды түсі оңып.
Әйелді ұрып-соғып алып келді,
Төрт жігіт қасындағы куәлік берді.
Шариғат үкіміменен жаза беріп:
– Таспен ұрып өлтір, – деп әмір берді.
Мағрипа айтты: – Нақақпын, Құдайға шын, 110. Төрт адам жалған айтты куәлігін.
Қайным қастық істеп жүр көнбедің, – деп,
Оған мақұл демедім мен де бүгін.
Еш адам қатын сөзін тыңдамайды,
Жендеттер жан-жағынан жұлмалайды.
Шаһардан аулақ алып барды дағы,
Тірідей көметұғын ор қазады.
Әйелді белуардан көмеді енді,
Жиналған көп жамағат көреді енді.
Әмірмен келгендердің есебі жоқ, 120. Оларға бірден тасты береді енді.
“Шариғат үкімі” деп тас жаудырып,
Қалың жұрт жабыла кеп ұрады енді.
Әйелге ұрған тасы төбе болды,
Бейкүнә бейшараға обал болды.
Тәңірім өзі сақтап кеш кіргенде,
Есі ауған бейшара әйел маңын көрді.
– Ей, Алла, бастан күнәм асқан шығар,
Күнәдан ғаріп көңілім қашқан шығар.
О, Тәңір, барлық ісім өзіңе аян,
130. Ісімді періштелер жазған шығар.
Жаққыздың перғауынға ақирет отын,
Сақтаған Пайғамбардан тірі жетім.
Көк қошқар Сымағұлға құрбан еттің,
Құдай-ау, менің сенен көп үмітім.
Жүністі дарияда балық жұтқан,
Құтқарған оны дағы құдіретің.
Лайлайынды3 қырық жыл құр жесе де,
Теспеген денесінің бұлшық етін.
Жер-көкке патша қылдың Сүлейменді, 140. Тартқызып құдіретіңмен мың бір дертін.
Атам жоқ қаһарланып айғай салар,
Анам жоқ жалғыздықтан қасына алар.
Біз түгіл Пайғамбарды әлек қылды,
Ажал жетсе кім қашып әлек қылар.
Құдай-ау аман көрсет алғанымды,
Артында арман қылып қалғанымды.
Тәңірім өзі медет берер ме екен,
Айтпадым адалдықпен жалғанымды.
Осылай деп бұл әйел зарлап жатыр, 150. Қайғылы тас астында болып пақыр.
“Аллаға не күнәлі іс қылдым”, – деп,
Өзінің өткендерін ойлап жатыр.
Сол шақта бір Ағыраби келе жатты,
Ыңырсыған бір дауыс естіп қапты.
Сайтан ба, әлде жын ба деп тоқтай қап,
Дыбысқа ыңыранған құлақ сапты.
Ол адам келіп тұрды тас жанына,
Зарлаған құлақ салды дыбысына.
Тәңірдің бұл ісіне құлақ салды, 160. Жылаған тас балқиды көз жасына.
Түйеден түсіп жігіт жақын барды,
Үйілген үстіндегі тасты алды.
Қараса жатқан жан бір әйел екен,
Құтқарып үйген тастан ашып алды.
Керуенші айтты әйелге: – Неткен жансың,
Жасырмай айт шыныңды не қылғансың?
– Сырымды мен айтайын бастан-аяқ, –
Деді әйел, – Зәлімдерден жедім таяқ.
Сөйлейді бастан кешкен істің бәрін,
170. Қайнының зұлымдығын жасырмай-ақ.
Жігіт әйел сөзіне нанды дағы,
Есіркеп көзіне жас алды дағы.
Басы, көзі жаралы бұл әйелдің,
Түріне қайран болып қалды дағы.
Көрді таңғаларлық нұрлы жүзін,
Әйелге жігіт айтты арыз сөзін.
Неке қиып алайын әйелдікке,
Егерде шын риза болсаң өзің.
Ғашық болдым мен сіздің өзіңізге, 180. Толған айдай нұр тамған жүзіңізге.
Ерге тию міндетті іс ұрғашыға,
Разы бол көңіл-күй сөзімізге.
Жігітке сонда әйел былай деген:
– Құдайға мұңымды айтып жылай берем.
Сақтай біл шариғаттың дұрыс жолын,
Менің ерім Меккеде тірі екен.
Ол Меккеде қажының бірі еді,
Жолына шариғаттың мойын бұрды.
Күтемін мен, тек соның жұбайымын, 190. Жігіт те әйел сөзін дұрыс көрді.
– Ендеше қияметтік қарындас бол, –
Деп жігіт әйел сөзіне мақұл болды.
Құлақ асам бұл айтқан талабыңа,
Таңдандым мағыналы жауабыңа.
Аман келсе еріңе мен тапсырып,
Бейшара қалайын бір сауабыңа. –
Деп түйеге мінгізіп алып жүрді,
Түнімен басты олар талай жолды.
– Бір мүсәпір әйелді әкелдім, – деп,
200. Үйіне Мағрипаны алып кірді.
Тапсырды әйеліне Мағрипаны,
Сөздері айта берсе оның мұңлы.
Киер киім, ішерге тамақ беріп,
Сыйлады “сауап болар” десіп оны.
Үйге әкеп дауалады Мағрипаны,
Сақайып бейшара әйел мағдырланды.
Маңайдан сұрап келген көп жандарға
Сөйлеп берді өткен сол оқиғаны.
Оңаша Мағрипаға бір үй берді, 210. Құрметтеп Ағыраби күтіп жүрді.
Бірі аға, біреуі қарындас боп,
Сол үйде талай уақыт тұра берді.
Бар еді Ағырабидің бір інісі,
Болса да ата-анасы жақсы кісі.
Бір күндер Мағрипаға ғашық болды ол,
Пенденің не қылса да Тәңір ісі.
Ғашықтық дертіне айла таба алмады,
Әр сағат көргісі кеп алаңдады.
Ақыры Мағрипаға мағлұм етіп, 220. Ақтарды жүрек сырын, жаба алмады.
– Саған ғашық болыппын мен бейшара,
Жүрегім болды сен деп пара-пара.
Сенен себеп болмаса кетті мазам,
Бұл дертіме дәрмен боп мені ая.
Ішім оттай лаулайды, сыртым түтін,
Еместей боп қалды ғой ақылым бүтін.
Перімісің сиқырлы, көктен түскен,
Толқиды толған айдай нұрлы жүзің.
Сені деп қарыс жерге жүре алмаймын,
230. Әлім жоқ сенсіз жерде тұра алмаймын,
Мағрипажан, қайтсең де жауап берші,
Бұл дертке сенсіз дауа таба алмаймын.
Мағрипа жігіт сөзін ұғып алды,
Бір қайғы көкірегіне сұғып алды.
Бір пәледен құтылдым деп жүргенде,
Бейшара бір пәлеге тағы қалды.
– Ей, жігіт, сөзің қабыл болмас, – дейді,
Мағрипа бұл сөзіңді алмас, – дейді.
Тәуба қыл, шайтандыққа мойын бұрма,
240. Дертіңе менен дауа болмас – дейді.
Мен жүрген шер көкірек бір адаммын,
Баспанасыз қорланған бейуаз жанмын.
Зорлық пенен зомбылық бәрін көріп,
Айырылған ел-жұрттан бейшарамын.
Жігітке айтты осыны әйел ғаріп,
Тәуба қыл жақсы ниет көңіліңе алып.
Мен басымды Тәңірге тапсырамын,
Пәниде зия қылман білсең анық.
Жігіт әйел сөзіне сенбей қалды, 250. – Сүйесің қайтсеңде де мендей жанды.
Өйтпесең сені жұртқа масқара етем, –
Деп әйелге әр түрлі үрей салды.
Сөйте отырып екеуі ерегесті,
Біреуі бол, біреуі болман десті.
“Көнбесең тартқызам, – деп, – сазайыңды”,
Жігіттің барған сайын кеудесі өсті.
Қашанда бисмиллаһи ғой сөздің басы,
Балаға қорған болар ата-анасы.
Мағрипаны асыраған Ағырабидің 260. Бар еді жар дегенде бір баласы.
Сол ғана Ағырабидің жалғыз ұлы,
Шыққан бір басындағы бақ жұлдызы.
Мағрипаның үйіне апарды да,
Баланы бауыздайды сол күн түні.
Мағрипа түк білген жоқ, ұйықтап жатыр,
Осылай қастық қылды әлгі қатыл.
Қып-қызыл үйдің ішін қан-жоса қып,
Көрпе-кешек, төсекке жағып жатыр.
Ол жігіт те ойлап жүр талай ойды, 270. “Таңертең көремін, – деп – қалған тойды”.
Пышақты от жағына тықты дағы,
Қанды әкеп қолына да жағып қойды.
Сөйтті де жігіт шығып кетіп қалды,
Өз үйіне сездірмей жетіп алды.
Осындай қара ниет қастық жасап,
Үйіне барды дағы жатып қалды.
Мағрипа таң атқан соң ояныпты,
Үй іші қызыл қанға боялыпты.
Бауыздаулы бала жатыр төр алдында, 280. Әйел шошып өлуге айналыпты.
Баланы Ағыраби іздеп келді жетіп,
– Қарындас, не қылғаның мұндай етіп?
Мен сені туысымдай көріп жүрсем,
Ақыры құртқаның ба түпке жетіп?
– Ағатай, бала өлтірген мен емеспін,
Мен сізге бар адамның теңі емеспін.
Мені өлімнен құтқарған сіз едіңіз,
Құдай бар, мұндай істі істемеспін.
Нансаңыз баланы мен өлтіргем жоқ,
290. Құдай бар, иншалла, көңілім тоқ.
Сіз аға, мен қарындас болған жанбыз,
Сізге қастық істейтін жөнім де жоқ.
Наныпты Ағыраби зарланған соң,
Жас ағып екі көзден парланған соң.
“Біреудің қастандығы болу мүмкін”, –
Деп түйді барлық істі аңғарған соң.
Ағыраби айтты: – Қарындас, құлақ салшы,
Бір мың алтын берейін тығып алшы.
Әйелім енді өшігіп қастық істер, 300. Сондықтан бұл арадан кетіп қалшы.
Жылай-жылай Мағрипа алды алтынды,
Ақиретке ақ едім ғой деп зарланды.
Ертіп шығып Ағыраби жол көрсетті,
Мағрипа амалсыздан кетіп қалды.
Мехнат, машақаттың бәрін көрген,
Мағрипа кетті ұзап осы жерден.
Құдай басқа салған соң амал бар ма,
Басы ауған жаққа кете берген.
Мағрипа алыстан бір шаһар көрді, 310. Жүре-жүре аяңдап соған келді.
Аралап шаһар ішін келе жатып,
Жиналған топ-топ болып адам көрді.
Таяулап Мағрипа да келіп қалды,
Жиналған қалың жұртқа таңырқады.
Қалың жұрттың ішіне араласып,
Біреуден “не жиын?” деп сұрай қалды.
Ол айтты: – Бұл жігіттің қарызы мол,
Қайтармаған бейшара қарызын ол.
Алғаны бір мың алтын болған екен, 320. Дарға аспақ боп жігітті жатқаны сол.
Ол дарға тартылмайды алтын берсе,
Өлмек егер қарыздан түк бермесе.
Патшаның қолданған шарасы осы,
Бітті өмірі, қарызын төлемесе.
Мағрипа айтты: – Алтынды мен берейін,
Құтқарып оны өлімнен жіберейін.
Бір жас екен дүниеден қызық көрсін,
Өлтірмеңдер, қарызын мен төлейін.
Алтынды алып, жігітті қоя берді, 330. Әйелдің бұл ерлігін халық көрді.
Өлімнен азат қылып Намұрұтты,
Мың алтынды қолма-қол санап берді.
Намұрұт тағзым қылды Мағрипаға:
– Тірі жүрсем болайын саған аға.
Алла разы бұныңа болсын, – деді,
Бір ақтармын бұныңды келсе шама.
Мағрипаны үйіне ол ертіп барды,
Алдына жайды әкеліп дастарқанды.
Құтқарып жанын алып қалғаннан соң, 340. Жалынып Мағрипаға жалбаңдады.
Жігіт ойлады: “Бұл мені сүйе ме екен,
Ғашықтықтың отына күйе ме екен.
Алтын беріп жанымды алып қалды,
Сол үшін енді маған тие ме екен”.
Мағрипаға жігіт айтты: – Маған тисең,
Алып берсем базардан киім кисең.
Көп ақшаңды мен үшін сарп қылдың,
Қатын қылып алайын мені сүйсең.
Мағрипа айтты: – Ақымақ, олай деме, 350. Тентіреп жүрем неге, тисем ерге.
Бар жазығым ажалдан құтқарғаным,
Аулақ жүр маңайымнан жынды неме. –
Деп екеуі сол жерде жанжалдасты,
Қалмады қыр соңынан әлгі албасты.
“Тағы да не пәлеге жолықтым”, – деп,
Намұрұттан сорлы әйел және қашты.
Қашып жүріп дарияға келген екен,
Кемеші көп саудагер көрген екен.
Сүмең қағып Намұрұт та Мағрипаның 360. Соңынан иттен жаман ерген екен.
Кемешілер кемеге жүгін салды,
Бұларға Намұрұт та жетіп барды.
– Мынау менің жариям4 қашып жүрген,
Осыны сатамын, – деп айғай салды.
Қарады бір саудагер жарияға,
Жол басып жүргелі тұр дарияға.
Ақыры бірнешеуі айтты оған:
– Мың ділдә берейік, – деп – жарияңа.
– Болады, – деп ол мыңды алып алды,
370. Қалтаға көп ақшаны салып алды.
– Мен бұның жариясы емеспін, – деп,
Мағрипа да жас төгіп көп зарланды.
Абыр-сабыр кеме де жүріп кетті,
Қуанғаннан Намұрұт күліп кетті.
Қалың ердің ішінде жалғыз әйел,
Бұл әйелден бар еркек үміт етті.
Біреуі көзін қысты, бірі шымшып,
Қояды ондайларға әйел ұрсып.
“Мен алам” деп шуласты кемешілер,
380. Шырмады Мағрипаны тағы қырсық.
Кейбіреуі мойнынан құшақтайды,
Кейбірі мазақтайды, сықақтайды.
Мағрипа ақылынан адасады,
Түн болса бейшараны ұйықтатпайды.
Келеді тынбай жүріп кеме суда,
Кез болды Мағрипа да өңкей дауға.
Қалың ердің ортасында жалғыз әйел,
Деген ғой “бұқа буға, азбан дуға”.
– Таңда, – деп қамалайды бірімізді,
390. Бес күн болды байқадың түрімізді.
Осы жерде дарияға лақтырамыз,
Алмасаң егер біздің тілімізді.
Таусылды сонда ақылы Мағрипаның,
Қоярға жер таппады енді жанын.
“Аяғымды қия бассам пәле болды-ау,
Бұлардан енді қалай жол табамын”.
– Айт, айт, – деп тағы дағы қамалады,
Қалай деп айтарға сөз таба алмады.
Терең ой түкпірінен амал тауып,
400. Мынаны айтуға ол ойланады.
“Қарасам бәрің жақсы, тәуір жігіт,
Түгелдей мені алуға қылдың үміт.
Күресіп көріңіздер түгел шығып,
Кім күшті болса алсын әйел қылып”.
Барлығы қызып алған арақ ішіп,
Бірі лоқсып, біреуі жатыр құсып.
Көп адамның ішінде нелер бар ғой,
Біреу момын, біреу қу, біреу пысық.
Алысты кеме үстінде барлық адам, 410. Күш сынасып алмақшы ағалаған.
Біреуді біреу суға ылақтырып,
Қырғынға ұшырады қатты жаман.
Жел соғып, таудай-таудай толқын атты,
Қараса кемеде бір жан қалмапты.
Бар адам қалқақ қағып су бетінде,
Шошыған Мағрипадан әл қалмапты.
Кемені толқын айдап дөңгелетіп,
Мағрипа келе жатыр есі кетіп.
Үш күн жүріп дарияның ортасында, 420. Бір мезгілде шетіне келді жетіп.
Шықты дағы кемені байлай салды,
Ес-ақылын аз тұрып жинап алды.
“Әйел боп жүрсем тағы пәле болар”, –
Деді де еркек киім киіп алды.
Бұрымын төбесіне түйіп алды,
Бір қалпақты кемеден киіп алды.
Дарияның жағасынан шаһар көріп,
Жігіт болып жасанып соған барды.
Патшаның сұрап кірді ордасына, 430. Құдай оңға бастаса болмасын ба.
– Патшаға жолығатын бір ісім бар,
Рұқсат бер? – деп айтты қорғаушыға.
Біреу кірді патшадан рұқсат сұрап,
– Келіп тұр бір саудагер жолы ұзақ.
Құзырыңа, патша ағзам, кірсем – дейді,
Келуіне, патшам, қылсаң рұқсат.
Патша айтты: – Рұқсат кірсін, – дейді,
Бар ма екен маған айтар бір сыр, – дейді.
Патша айтты Мағрипаға кіргеннен соң: 440. – Қане айт, қайдан келдің, кімсің? – дейді.
Затым – әйел, Мағрипа – атым менің,
Түркістан деген шаһар туған жерім.
Басыма бір қиындық іс түскен соң,
Пана іздеп тақсыр патша сізге келдім.
Айтты ерінің қажыға кеткендігін,
Қайнының зор қастандық еткендігін.
Ағырабидің інісі мен Намұрұттың,
Қастығынан мехнат шеккендігін.
Сонан соң кемешіден көрген ісін, 450. Дарияда көп адамның өлген ісін.
Қанша дүние кемеде асыл бұйым
Сумен ағып бұл жерге келген ісін.
Патша айтты: – Ал, маған не қыл дейсің?
Көп азап көргеніңе уайым жейсің.
Ойыңдағы барыңды түгел айтшы,
Тілегіңді тілеген Тәңірім берсін.
– Тілегім сол, кемедегі затымды алсаң,
Патшалық қазынаңа әкеп салсаң.
Барлық дүние-мүлкімді түгел алып,
460. Пақыр, міскін, ғаріпке садақа қылсаң.
Арнаулы мен кіретін бір үй салсаң,
Пәледен аман болсам демімді алсам.
Егерде Мұрат Сәлих келе алмаса,
Таратып хабарымды іздеу салсам.
Бар еді бір өнерім ауру көрсем,
Шипалық дәрі беріп ем істетсем.
Сіз аға, мен қарындас болып өтсем,
Риза боп осыларға рұқсат етсең.
Патша барлық сөзін қабыл алды, 470. Бар мүлкін қазынаға әкеп салды.
Өзіне арнайы бір үй салдырып,
Мағрипаны құрметтеп күтімге алды.
Дүниеден көрген бір кез қиянатты,
Мағрипа тапты енді рақатты.
Әр іске дұға оқыса қабыл болып,
Әйелге Құдай берді кереметті.
Ақсақ келіп бата алса аяқ бітті,
Саңырау келіп бата алса құлақ бітті.
Жарлы келіп бата алса малды болды, 480. Әйелдің талай жерге даңқы кетті.
Тілсіз келіп бата алса сөзді болды,
Соқыр келіп бата алса көзді болды.
“Әмин” деген батасы қабыл болып,
Әйелдің іші кірсіз ізгі болды.
Мағрипаның емшілік өнері асқан,
Ол жазды талай науқас кәрі-жастан.
Бұл бір сөз тұра тұрсын осы арада,
Сөйлейін қайта айналып әуел бастан.
Аман-есен Сәлих қажы үйге келді, 490. Қарсы алып шаһар халқы сәлем берді.
Ел-жұрты, туыстары түгел келіп,
Қажыны сағынған жұрт аман көрді.
Келген жұрт түгел тарап кетті енді,
Сәлих та шүкіршілік етті дейді.
Ел кетіп үй оңаша болған кезде,
Ясажға: – Жеңгең қайда кетті? – дейді.
Ясаж айтты: – Ол бада бақыт зия қылды,
Оның бұзық екенін халық білді.
Шаһарда қазы, патша, әкімдер боп, 500. Шариғат жолымен үкім қылды.
Ағасы Ясажы айтқан сөзге сенді,
“Ол қатында обал жоқ екен”, – деді.
Қажылығын еске алып, сабырлық қып,
– Қайырын Құдай өзі берсін, – деді.
Ағасы аралады көп ауылды,
Сәлемге туыстар да көп ағылды.
Осындай қуаныштың дәл үстінде,
Көп кешікпей Ясажының көзі ауырды.
Ясажының екі көзі көрмес болды, 510. Қажыға шәй қайнатып бермес болды.
Іні соқыр, қатын жоқ қажекеңе
Қу тұрмыс бір тыныштық бермес болды.
Айтты сонда біреулер: – Бір қатын бар,
Дем салып ауруға дұға қылар.
Алдына қандай ауру барар болса,
Науқасынан аз күнде сақайта алар.
Бұл сөзді елден естіп Сәлих ұқты,
Ойлады оған бармай болмас тіпті.
“Ясажыны сол емшіге көрсетем”, – деп, 520. Інісін алып жабдынып жолға шықты.
Үйден шығып не қилы басты жолды,
Жол жүргелі, мінеки, бес күн болды.
Дәм тартып, риздық айдап осы күні
Үйіне Ағырабидің келіп қонды.
Ағыраби қонақтарын қарсы алды,
Әңгіме сөйленеді әрбір жайлы.
Тамақ ішіп жайланып отырған соң,
Жұмысын қонақтардың сұрасады.
Сәлих айтты: – Бұл інім болды соқыр, 530. Қандай ем істетсем де болмай отыр.
Бір шаһарда емші әйел бар деген соң,
Қонағың соны іздеп барғалы отыр.
Ауру айығады екен дем салғанда,
Бұндай емші табылмас бұл жалғанда.
Құдайдан шипа тілеп іздеп барам,
Қайтамыз осы інім жазылғанда.
Ағыраби айтты: – Інім топ боп жатыр,
Оған да ешбір дауа жоқ боп жатыр.
Сізге мен де қосылсам қалай дейсіз? 540. Ертіп барар еш адам жоқ боп жатыр.
– Болады, – деп бұларды ертіп алды,
Жолдас болып төртеуі кете барды.
Жолшыбай Намұрұтқа кез боп қалып,
Жөн сұрасып бесеуі тұра қалды.
Сәлих айтты мән-жайын қиындықтың,
Намұрұт ұқты шын сырын бұл бір істің.
Жабысты: – Бүгін маған қонақ бол, – деп,
Сіз білетін емшіні мен де ұғыстым.
Деді ол да: – Сіздерменен бірге кетем,
550. Бір жүріп ол араға бірге жетем.
Мақаупес дейтұғын науқас болдым,
Мен де барып соған бір ем істетсем.
Бесеуі ертесінде жүріп кетті,
Мағрипа тұрған шәрге барып жетті.
Емшіге қаралатын адам көп боп,
Бірнеше күн дегенде кезек кепті.
Мағрипа тани кетіп, перде киді,
Сөйлейді сыр білдірмей аса сыйлы.
– Үш ауру әкеп ем құзырыңа, –
560. Деп Сәлих дәруішке басын иді.
Мағрипа бұл үшеуін тексереді,
Ішінен үшеуіне кектенеді.
– Сендерді ертең түсте дауалайын,
Мінеки, болды енді кеш те, – деді.
Мағрипа патшаға жетіп барды,
Ол оны “өрге шық” деп қабылдады.
Өзіне қастық қылған үшеуінің
Келгенін патшаға хабарлады.
– Тақсырым, бұл сөзімді қабыл көрсең,
570. Шаһар халқын ертең түс жиып берсең.
Үшеуін дауалайын жұрт алдында,
Залымдар кім, бейуаз кім, халық көрсін.
Бұл сөзді патша ағзам қабыл көрді,
Уағында шаһар халқын жиып берді.
Халқы түгел алаңға жиналған соң,
Төртеуінің біреуін ертіп келді.
Сәлихты патша алды өз қасына,
Ол бастады былай деп сөзді асыға.
– Алдымен үшеуің де қалдырмай айт,
580. Не зұлымдық боп өтті өз басыңда.
Айтпасаң жазылмайсың қылмысыңды,
Жасырғанмен болмайды бұл ісіңді.
Егерде әр қисының нақ айтпасаң,
Зынданда бітіремін жұмысыңды.
Қылмысын ең алдымен соқыр айтсын,
Сонан соң топ ауру айтпай қайтсін.
Үшінші мақаупес те шынын айтып,
Жазылып дәруіштен үйге қайтсын.
Қыстайды “шыныңды айт”, – деп соқырды енді, 590. Айтпасқа шара болмай отырды енді.
Ойлайды ол, “айтпағанмен жазылмаймын”, –
Деп басын көтере алмай тұқырды енді.
Соқыр айтты: – Ей, жаным, жазған жанмын,
Ақиқат жолдан тайып азған жанмын.
Ұят пен ар пердесін жыртып тастап,
Өзгеден өзіме көр қазған жанмын.
Шайтан уасұл5 жүрегіме салды менің,
Ақылымды аздырып алды менің.
Мазұлымға6 қастық істеп бейуаз жүрген, 600. Екі көзім соқыр боп қалды менің.
Сондықтан қаһар төкті Хақ тағалам,
Соқыр боп екі көзім бітті тамам.
Айтайын шындық істі ең басынан,
Ана отырған Мұрат Сәлих менің ағам.
Мағрипа осы ағамның әйелі еді,
Өз теңі, таңдап-тауып, сүйіп алған.
Аға кетті қажыға бармақ болып,
Бір парызын ада етіп алмақ болып.
Кетерінде тапсырды бар шаруасын, 610. Мен қалдым өзім ие болмақ болып.
Аз күннен соң жеңгеме ғашық болдым,
Ардан безіп адамдық, пасық болдым.
Ғашық отқа күйдім деп жеңешеме,
Сөзіме көндіруге асық болдым.
Бұны естіп жеңгем менің ашуланды,
“Оңбаған жексұрын”, – деп қатуланды.
“Ардан безген абыройсыз ақымақ”, – деп,
Жарылып кетуге де жақын қалды.
Мен ойлаймын тіліме жеңгем көнсе, 620. Білдірмесем қажыдан ағам келсе.
“Інің маған осындай істеді”, – деп,
Енді қайтем ағама айтып берсе.
Онан да бұл жеңгемді өлтірейін,
Басына пәле-қала келтірейін.
Өлтіре алмай қалсам да ебін тауып,
Жоғалтайын, бұл жерден кетірейін. –
Деп ойлап содан шығып базар бардым,
Сыбайлас төрт адамды тауып алдым.
– Жеңгем зина істеді, куә боп бер, –
630. Деп осы қастандықты ыңғайладым.
Оларға айттым қазыға барайын, – деп,
Бұл істі шариғатқа салайын, – деп.
Төртеуіне төрт алтын ақша бердім,
Маған сендер көмектес, ағайын, – деп.
Төртеуі бұл сөзіме мақұл болды,
Ойладым деп осыным ақыл болды.
Қазыға бардым дағы арыз қылдым,
“Менің жеңгем бұзақы қатын болды.
Ылажсыз бұрын да жүрген екен, 640. Арам ойға қу жеңгем кірген екен.
Түн болса бойдақ жігіт сонда болды,
Менен басқа төрт адам көрген екен”.
Төртеуі айтты: “Мына сөз тіпті шындық,
Жалған сөз сөйлемеймін, тақсыр, құлдық.
Түн болса жігіт біткен сонда боп жүр,
Көзімізбен осыны көріп жүрдік”.
Куәлік бұл төртеуі беріп кетті,
Қазы да бұл сөздерге сеніп кетті.
Таспен ұрып өлтіруге зинақорды, 650. Шариғаттың жолы деп үкім етті.
Мағрипа зар иледі: “Құдайым, – деп,
Бұл пәлеге не ылажы қылайын, – деп.
Аллаға бетім жарық, ісім нақақ,
Тәуекел, не де болса шыдайын”, – деп.
Жеңгемді шәр шетіне алып жүрдік,
Шариғат үкіміне бағындырдық.
Жиналған жұрт ортаға алып Мағрипаны,
Тас жаудырып сол жерде жанын үздік.
Осындай зұлымдығым болды менің, 660. Қан қарызы менде боп сол жеңгемнің.
Біреуге қазған көрге өзім түсіп,
Себебі осы болды бұл көзімнің.
Сөйлейді сонда тұрып тонан аяқ,
– Мендей зұлым болған некен-саяқ.
Таңда махшар күніне жүз қарамны,
Бір мархабат қылмаса Тәңірім аяп.
Тегінде Ағырабидің інісі едім,
Бір әйелге сондағы ғашық болдым.
Сөз айтып ем, ол әйел ұнамады, 670. “Көнбедің” деп ақыры қастық қылдым.
Қастық соған істедім көнбеген соң,
Тілеген тілегімді бермеген соң.
Өз ағамның баласын бауыздадым,
Қаскүнемдік қайтерсің дендеген соң.
Пышақты от жағына тығып кеттім,
Қатынның қолына қан жағып кеттім.
Баланы өлтірген қып пәле жауып,
Ақырын үйден ептеп шығып кеттім.
Жоқ болды әлгі қатын содан кейін, 680. Көрмедім дәл бүгінгі күнге шейін.
Қатынды Ағыраби жоғалтты әйтеу,
Не болғанын білмеймін одан кейін.
Жоқ шығар менен, сірә, жауыз адам,
Ағасының жалғызын бауыздаған.
Сол қарғыспен тартылып қол-аяғым,
Бейшара бір жан болдым домалаған.
Сонда Намұрұт: – Мен залым қатыл, – дейді,
Осы ісім соққы болды ақыры, – дейді.
Мың алтынмен бір әйел босандырды, 690. Патша дарға асқалы жатыр еді.
Сөз салдым сол қатынға маған ти, – деп,
Сені мен сүйіп тұрмын, сен де сүй, – деп.
Бұл сөзім құлағына тигеннен соң,
Қатын лағнет оқыды түйдек-түйдек.
Қашты ол, соңынан мен де ердім,
Кемеші саудагерге бірге келдім.
Ол қатын маған ақыр көнбеген соң,
Саудагерге мың алтынға сатып бердім.
Қатынның асыл еді ой-санасы, 700. Әйелдердің еді ол бір ең данасы.
Мақаупес ауруына тап болғаным,
Сол әйелдің тиді ме екен шын қарғысы.
Патша енді сөйлейді дәруішке:
– Тап осындай болуы шындық іс пе?
Қалған жері, қате айтқан сөзі бар ма?
Толық бір талдау жасалық бұл бір іске.
Дәруіш деді: – Үшеуі дұрыс айтты,
Демеймін мына жерін бұрыс айтты.
Хан да отыр, халық та отыр, қара да отыр, 710. Алдыңызда бітірер жұмыс айтты.
Хан айтты: – Сендер неткен залым едің,
Залымдықпен обалға қалып едің.
Үшеуіңе сол қатынды алып келсек,
Жұрт алдында жаңылмай таныр ма едің?
Үшеуі бұған бөгеліп аз отырды,
“Айт” деп ақырып патша, тақты ұрды.
Төмен қарап тұқыра басын иіп,
– Таныр едік, тақсыр, – деп жауап берді.
Ясажы айтты: – Менің көзім көрмейді ғой, 720. Көрер көз маған Құдай бермейді ғой.
Көзім болса әттең-ай таныр едім,
Көз алдыма ол әйел келмейді ғой.
Патша дәруішке: – Емде, – деді,
Наба суы бар ма еді сенде?, – деді.
Дәруіш наба суын бір тамызып,
Көзіңді жұма отырып терле, – деді.
Патша айтты Сәлихқа: – Ей, бұрадар,
Отырған бұл арада қанша жандар.
Халық көрсін, үш залым және көрсін, 730. Мағрипа, бетіңдегі пердеңді ал.
Бұл сөзге Сәлих аң-таң қалып отыр,
Құлағын нақ естуге салып отыр.
Жалған деуге болмайды жанды дәлел,
Болған істің бәрі ойға қонып отыр.
Патша айтты: – Ал, Ясаж, көзіңді аш,
Ағаң менен жеңгеңе қылыпсың қас.
Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам,
Арамдық істеген жан әзелде оңбас.
Мағрипа да пердесін жұлып алды, 740. Таңырқатты отырған тірі жанды.
Үшеуі қастық қылған Мағрипаның,
Емдеуімен жазылып аман қалды.
Көрісті ол Сәлихпенен, құшақтасты,
Жылады екеуіне, жұрт шуласты.
Шаһар халқы құрметпен қошаметтеп,
Неше күн сауық құрды көп дуласты.
Қашанда қара ниет қастық оңбас,
Әділеттіктік аты арып, тоны тозбас.
Бір мезгіл жанталасқан жалақорға, 750. Бір айналып кезегі келмей қоймас.
КӨКЕК ПЕН ЗЕЙНЕП
Өте әрі шақ – ертеде,
Мінетін кез керкіге7.
Құстар тілін білетін
Жандар бопты Меккеде.
Сол жандардың талайы
Құспен бір боп мекенде
Құс өмірін ұғыпты,
Білсін десіп бұл пенде.
Тартса да олар бейнетті, 10. Құс қасынан келмепті.
Сонда олар көріпті
Көкек пенен Зейнепті.
Ғашық екен екі құс,
Өздері тым келбетті.
Қосылып ұя сала алмай
Кезіпті кеп жер-көкті.
Құстың зарын естіген
Адам жанын тербепті.
Сонда адамның жаны ашып, 20. Көзінен жас селдепті.
Ғашық құсқа жыр арнап,
Жаратқанға еңірепті:
“Аспанменен зымынды
Жаратыпсың Жасаған.
Айды күннің нұрына
Қаратыпсың Жасаған.
Ұжымақ пен тозақты
Жұп жараттың Жасаған.
Әрқайсысына лайықты 30. Жұрт қараттың Жасаған.
Қасиетіңнен Жүсіпті
Ғашық етіп Жасаған.
Зылиханы сен оған
Мәшұқ еттің Жасаған.
Асан менен Үсенді
Тең жараттың Жасаған.
Даңқын оның әлемге
Кең тараттың Жасаған.
Ғаріп пенен сәнәмді 40. Айырылмас еттің Жасаған.
Қызыл гүлден тікенді
Арылмас еттің Жасаған.
Шырын үшін Фархатқа
Тау шапқыздың Жасаған.
Махаббаттың көк гүлін
Аунатқыздың Жасаған.
Бір жұп құсты телмірттің
Бір-біріне Жасаған.
Махаббатқа жеңдірттің 50. Өз еркінен Жасаған.
Көкекті әкеп Зейнепке
Ғашық еттің Жасаған.
Кіріптар қып бейнетке
Қасіретті еттің Жасаған.
Жеткізіп енді арманға,
Қоссаңшы басын, Жасаған.
Ғашықтар, сірә, қанған ба,
Тоқтатшы жасын, Жасаған!..”
Етсе де адам тілектер, 60. Еш өнімі болмапты.
Көкек пенен Зейнептер
Іздесуін қоймапты.
Ұя салар жер іздеп,
Аш қап, қарны тоймапты.
Жем жеп қуат тапқан соң,
Тағы ұшуды ойлапты.
Сөйтіп орман ішінен
Дән теріп жеп жүріпті.
Тұмсығының ұшымен 70. Бірін-бірі сүйіпті.
Маңайында жүрген құс
Келіп бәрі көріпті.
“Неткен ғашық бұлар” – деп
Қырқылдасып күліпті.
Бір жақ шеті орманның
Теңіз екен шегі жоқ.
Мекендеуге ар жағын
Ұйғарыпты екі дос.
Сондықтан да дән терген, 80. Мақсатына жетпек боп.
Қанша құстар теңізден
Өлген екен өтпек боп.
Әл болмаса денеде
Түскен суға топ-топ боп.
Бұл сабақты ұққан соң,
Алмақ болған топ-тоқ боп.
Дән теріп жеп екеуі
Көп жолдарды кешіпті.
Жеген дәні таңдайға 90. Тым-ақ татып кетіпті.
Көні кепкен байғұстар
Бас көтермей жесіпті.
Жүре-жүре екеуі
Мүлде адасып кетіпті.
Уәде еткен ұшар шақ
Әлдеқашан өтіпті.
Бірін-бірі таба алмай
Көп жапалар шегіпті.
“Қайда кеттің әкау?” – деп 100. Мұң-мінәжат етіпті.
Мәшұғы болған Зейнепке
Жолығып бір мақұлық,
Сұқтап тұрып қос көзін
Ишарат қыпты шақырып.
Шақырғаны сол екен
Қорқылдапты бақырып.
Ала-жасыл түкті екен,
Қалыпты Зейнеп жақтырып.
Айнып досы Көкектен 110. Қозыпты нәпсі шатылып.
Көзі оның тартқан соң,
Барыпты жақын атылып.
Әлгі мақұлық дәл сонда
Келіпті шөпті жапырып.
Құйрығымен бір соқса
Қалыпты Зейнеп бақырып.
Кетіп те қапты есінен,
Көзінен оты шашылып.
Мақұлық сазға жөнепті, 120. Өз бейнесін жасырып...
Бұл жайттан хабарсыз
Көкек кеткен бір бөлек.
Қалып жалғыз амалсыз,
Алаңдады ол өте ерек.
Көп тосса да келмеді,
Сау болса егер жетер ед.
Келмеген соң Зейнепті,
Көп іздеді не керек.
Ешбір жерден таппады, 130. Көзден жасы себелеп.
Қайтып келді жағаға,
Ұшуға енді ентелеп.
Уағында ұшып өтпесе
Дауыл тұрмақ бір мезет.
Өткенінше ол дауыл,
Күтпек керек көпкешек.
Сондықтан тез қамданып,
Қақты қанат шетке кеп.
Ұшты Көкек заулатып, 140. Қатты сермеп қанатын.
Қанаты жел аңыратып,
Екпіндетіп қағатын.
Қос жанары қызарып,
Бейне шоқтай жанатын.
Беталысты түзеген,
Межелі жерге баратын.
Асты теңіз, үсті аспан
Қара жер жоқ қонатын.
Кезігіп кейде шағала, 150. Қиқылдасып қалатын.
Сөйтіп, Көкек ұшқанда,
Зейнепті ойға алатын:
“Қош, қош енді, Зейнебім,
Еш болмасын еңбегің.
Жем қуалап кетіп ең,
Өз уағында келмедің.
Көп іздеумен өзіңді
Арып-шаршап терледім.
Қайда кеттің, не болдың? 160. Хабарыңды бермедің.
Сонан тағат қыла алмай,
Сапарға қанат сермедім.
Құрсағыңды тойғызсаң,
Артымнан заулап келерсің.
Шырғалаңға жолықсаң,
Ақылменен жеңерсің.
Өз нәпсіңе берілсең,
Мені неге теңерсің?
Онда жойып сенімді, 170. Артымнан қуа келмейсің.
Олай болсаң, әрине,
Уағдамызға не дейсің?
Тек қиямет болғанда,
Бет-жүзімді көргейсің.
Еске алсаң сен дағы
Дәл осылай дегейсің!..
Айтарым сол, Зейнебім,
Теңіз үсті еңіредім.
Қарасам да артыма 180. Зарықтырдың, келмедің.
Қайтуға енді шамам жоқ,
Айдынның көбін ендедім.
Жете қонам өлмесем,
Көріп жердің сербегін.
Келсең мені іздерсің,
Қыдырып орман белдерін.
Тірі болсам сенің де
Білінер маған келгенің.
Сонда басты қосармыз, 190. Тиармыз жасын еңіреудің...”
Махаббатты, тілекті,
Ғашық отты жүректі
Әл-дәрмен қып өзіне
Ұшуын Көкек үдетті.
Күндер өтсе нұр сеуіп,
Қоп-қоңыр боп түн де өтті.
Осыменен неше күн
Өтсе дағы білмепті.
Ақыры бір кешқұрым 200. Көрді адырлы бір бетті.
Жетіп соған қонды да,
Сапарын сәтті түгетті.
Дән теріп жеп азырақ,
Кетті тәтті ұйқыға.
Таң атқанда жадырап
Қапты бойы, тұрқы да.
Су бойынан су ішіп,
Қарап еді сұрқына.
Тәп-тәуір-ақ жүдепті 210. Топшысы келмей ырқына.
Мұнда аз күн дем алды,
Келгенінше сиқына.
Ыстық аптап, мол дәндер
Келтірді тез шырқына.
Сонан Зейнеп! Зейнеп! – деп,
Мұң-зар етіп бұлқына,
Кезді өңірін бұл жердің,
Танысып ел-жұртына.
Мақұлықты көрген соң, 220. Зейнеп айнып Көкектен,
Қорқылдаған даусынан
Нәпсі қозып, ес кеткен.
Білмеді қанша жатқанын,
Зіл болып бойы меңдеткен.
Есі кіріп көптен соң,
Іздеді оны төңіректен.
Көрінбеді көзіне
Жасыл ала мақұлық.
Қыжалат боп өзі де 230. Қиял сүрді отырып.
Ойланды ол өз жайын,
Көзін жасқа толтырып.
Қиялында ол көрді
Батыр Көкек тұлғасын.
Пұшайман қып сенделді,
Ап қашқандай бір басын.
Тағы да кетті есінен,
Көңілінде көріп қимасын.
Сонда әлгі мақұлық 240. Жатыпты аңдып Зейнепті.
Өзінше көп ой сапырып,
Былайша қиял тербепті:
“Мынау байқұс талма м?,
Әлі есіне келмепті.
Миы ауысып қалған ба?
Көзінен жас селдепті.
Көрсеқұмар жан екен,
Іздеген ылғи ермекті.
Маған да сүзіп жанарын, 250. Көңіл күйін тербетті.
Көрмесе тағы безеген
Көрінеді әйтеу жер бетті.
Опалы емес түбінде
Болса да өзі келбетті.
Әлсін-әлі ессіз боп,
Сол ғұрлы бұған не жетті?!
Тек сәп салғам қиылып,
Оған менің нем кетті!” –
Деп құрқылдап тағы да 260. Шөпке сіңіп ол кетті...
Көптен кейін Зейнеп те
Келді есіне қайтадан.
Көзін тастап төңірекке,
Құбылып бір айтады ән:
– Мен не болдым, апырым-ау,
Көзіме немене көрінді?
Қайда кеттің асыл-ау,
Көрсетші бір көзіңді?
Көріндің де жоқ болдың,
270. Не қылдым мен сол ғұрлы?
Жасыл ала келбетің
Көріндің сонша порымды.
Соңыма, сірә, түспесең,
Тосып ең неғып жолымды?”
Деді дағы “үһ-үһ!” деп,
Олай-бұлай толғанды.
Тамақтары бүлкілдеп,
Тағы бір ой ойланды.
“Сұлу сұлу емес-ті, 280. Сүйген сұлу, түбінде.
Жоғалтыппын мен есті,
Нәпсіні қйған күйімде.
Опасыздық болар бұл,
Көкегім қайда бұл күнде?
Оны іздеп табайын
Есім қайта кіргенде.
Ар жаққа ұшып кетпекші ек,
Жүр екен ол не күйде?” –
Деді де ол қомданып, 290. Қанат қақты аспанға.
Ұша жүріп ойланып,
Көп жер кезді сасқанда.
Кезді шөлді, даланы,
Орман, тауды, адырды.
Талмай қанат қағады,
Өтіп Көкек қадірі.
“Көкек! Көкек!” десе де
Айналып кең жер-көкті.
Қаншалық жер кезсе де 300. Таба алмады-ау Көкекті.
Көрінбеді көзіне
Шын ғашығы – Көкегі.
Әлсіреді өзі де,
Кетіп мұңмен кетеуі.
Зарын тыңдап көргендер,
Іш ауыртып кетеді.
Тілеу тілеп тағдырға,
Шын мінажат етеді:
– “Көкек пенен Зейнепті
310. Жұпты етіп ең Жасаған.
Көп көрсеттің бейнетті
Жеке еттің де Жасаған.
Көрсеқұмар болам, – деп,
Жалғыз қалды бұл Зейнеп.
Тауып алды басына,
Мәңгі арылмас мол бейнет.
Өзгеге ой бөлдің, – деп,
Жалғыз қойдың Жасаған.
Ала ниет болдың, – деп, 320. Айырдың жұбын Жасаған.
Досыңды таба қылдың, – деп,
Назаландың Жасаған.
Опаға жапа қылдың, – деп,
Жазаладың Жасаған.
Өзгеден үміт күттің, – деп,
Айыптадың Зейнепті.
Қорылдай болсын жұптың, – деп
Тартқыздың оған бейнетті.
Ала көңіл болғанды 330. Аямадың Жасаған.
Соңынан қылған ойлауға
Қарамадың Жасаған.
Көкек кетті Зейнебім,
Келеді деп Жасаған.
Оған мұрсат бермедің
Сенеді деп Жасаған.
Осыменен айырылды-ау,
Көкек, Зейнеп Жасаған.
Қанаттары қайрылды-ау, 340. Тартып бейнет Жасаған!”
Жер-әлемді айналып,
Келді Зейнеп жеріне.
Мақұлықты ойға алып,
Басты аяғын еріне.
Көрмеген соң ештеме,
Қарқылдады керіле.
“Тағы кеппін адаспай,
Көңіл қосқан жеріме.
Көрінбейді сұлу жан, 350. Кеткен бе екен еліне? –
Деп тұр еді күлімдеп,
Қоғалы саз бойында.
Үн қатты оған мақұлық,
Тұрып жардың қомында.
Мақұлық:
– Өзі сұлу, ділі нас,
Дән тересің қалып аш.
Қаран бопты-ау күндерің,
Дертіңді төк қарындас?
Зейнеп:
– Сұлу да сұлу перімін,
360. Қам-қайғыдан жеримін.
Сұлу жанды көргенде,
Қаштың қайда серігім?
Мақұлық:
– Көре салып қызықтым,
Отына түсіп үміттің.
Сонда арсалды болып ең,
Қалайынша ұмыттың?
Зейнеп:
– Құс сұлуы нәзік ем,
Көріп естен танып ем.
Өртеніп ем дертіңнен,
370. Сенбейтұғын нағып ем?
Мақұлық:
– Айтқаны ылғи жалған-ды,
Сүйген жардан танған-ды.
Көрсем аулақ безінем,
Қиянат жолға барғанды.
Жан екенсің осындай,
Көріп көзім қанған-ды. –
Деді де ол құрқылдап,
Кетті ұшып пырылдап.
Қалды Зейнеп сол жерде,
380. Тырнап бетін жырымдап.
Өтті уақыт, кеш болды,
Ұшты Зейнеп далаға.
Еңбегі оның еш болды,
Жүрегі толып жараға.
Өкінді қылған ісіне,
Көкек кіріп түсіне.
Келді ұшып теңізге,
Сиынып бойда күшіне.
Ұшты олай, бұлай да, 390. Атын атап Көкектің.
Өтуге жүрек шыдай ма
Көрместен теңіз о шетін.
Ұшты үміті торығып,
Қорқып шексіз айдыннан.
Қалды өзі де зорығып,
Әлсіреген қайғыдан.
Жүрді жерді шұқынып,
Олай-бұлай жорғалап.
Келді сонда шұқшиып, 400. Қорылдай да шырғалап.
Зейнеп дереу оңшалып,
Сылаң қақты жасанып.
Отырмады томсарып,
Күлімдеді қарсы алып.
Мың бұралды назданып,
Басы төмен еңкейіп,
Екпеттеуге аз қалып,
Көрсетті артын теңкейіп.
Шық-шық етіп қорылдай, 410. Жүрді айналып қасында.
Тұмсығымен жақындай,
Түртіп қалад басына.
Сөйткен сайын еңкеңдеп,
Зейнеп мойнын иеді.
Тұмсығымен өңмеңдеп,
Қорылдайды сүйеді.
Сөйтіп Зейнеп ұнатқан,
Қорылдайға жұпты боп.
Жұмыртқа да ол тапқан, 420. Қорылдайдан жүкті боп.
Өтті күні осылай,
Қайғы-дерті ішінде.
Көкекпенен қосылмай,
Кезіккен тек түсінде.
Әңкі-тәңкі боп басы,
Ұшып жүрер «Көкек!» деп.
Қорылдайдай жолдасы,
Жүреді арттан секектеп.
Жұмыртқасын баса алмай, 430. Тастап кетіп қалады.
Басып оны қорыдай,
Аздап ұрпақ алады.
Осыменен өсе алмай,
Келген Зейнеп ұрпағы.
Екеуі сыр шеше алмай,
Бір-бірінен бұлтарды.
Қорылдай кетсе алысқа,
Яки қалса ол ұйықтап.
“Көкек!” деп Зейнеп шақырса, 440. Қалады екен тыныстап.
Бұны біліп қорылдай,
Жүреді екен шеткері.
Сонда Зейнеп сорлыдай,
Тырнайды екен к...н.
Кейде танып есінен,
Төгеді екен дерттерін.
Құстың тілін білетін
Жандар көріп бұларды,
Қылығына күлетін. 450. Айтып талай сырларды:
“Көкекке ғашық боп Зейнеп,
Тау мен таста сайрайсың.
Тартсаң дағы зор бейнет,
Неге атынан танбайсың?
Опа қылмай уәдеге,
Неге оны алдайсың?
Мақұлыққа көз тастап,
Неге жолдан азғансың?
Көрсеқұмар, арты бос, 460. Өзің де сорлы жазғансың.
Сол үшін де Көкектің
Қарғысына қалғансың.
Көкек! Көкек! Көкек!... деп,
Қанша айғай салсаң да,
Көре алмайсың Көкекті,
Ақыретке барсаң да.
Саламын деп ұяңды,
Қыдырдың-ау көп шетті.
Қылма қысыр қиялды, 470. Таба алмайсың Көкекті.
Көкек десең ішіңнен,
Сасық бір леп тарайды.
Қорылдайың шиқылдап,
Талып саған қарайды.
Енді Зейнеп сен үшін
Қажеті тек қиямет.
Көкек саған қарамас,
Сен жасадың қиянат.
Ғашық-мәшұқ болғанды 480. Айыра алмас машақат.
Көңілі жақын достарды
Бөле алмайды кесапат.
Опасыздық, батпақты
Сен кешіпсің белшеңнен.
Мәңгі жапа тартпақты
Көтеріпсің желкеңмен.
Махаббат бір шам болса,
Опа оның майы ғой.
Опасыздық нәм болса, 490. Ол өлімнен ары ғой.
Опасыздық, адамдық
Армен мүлде шығыспас.
Адамға керек адамдық,
Қиындардан ығыспас...”
Осыны айтып құсшыл жұрт,
Сықақ етіп Зейнепті.
Айтқан талай насихат,
Ұрпақтарға өнекті.
Сонда олар Көкекті, 500. Мүсіркеген еске алып.
Жырлар айтқан не текті,
Ғашықтарды бетке алып.
“Көктемеде бау-бақта
Көкек тынбай сайрайсың.
Көңілің ауып жар жаққа
Қанат – шалғың қайрайсың.
Зейнептің күйік отымен
Күндіз-түні аңырайсың.
Ләйлі менен Мәжнүндей 510. Көріссем деп зарлайсың.
Зейнеп тектес құс көрсең,
Сол ма екен деп қалмайсың.
Бүйтіп зарлап жүргенше,
Қасына неге бармайсың?
Қанатыңды қомдап ап,
Өт теңізден екпіндеп.
Көзіңнен жас сорғалат,
Ғашық үшін селкілдеп.
Кейде тіпті кетіп жүр 520. Желке шашың желкілдеп.
Сөз қатасың құстарға
Зейнепті айтып елпілдеп.
Онымен не таппақсың?
Қаласың босқа кеңкілдеп.
Опасыз болса ол Зейнеп,
Несіне оны ойлайсың?
Зейнеп! Зейнеп! Зейнеп! – деп
Шақырғанды қоймайсың?
Оны ойдан шығарып, 530. Басқамен неге болмайсың?
Естісек Зейнеп о жақтан
Жар тауыпты өзіне.
Қорылдай ма торылғы?
Кіріпті оның сөзіне.
Соныменен жұптасып,
Ұя сапты бұтаға.
Тілімен су ұрттасып,
Тұрады екен жұтарға.
Сол себепті еске алып, 540. Көңіл артпа қитарға.
Көкек, сенің қылығың
Әсер етер адамға.
Ғашық-мәшұқ болғандар,
Сені өзіне балауда.
Естіп көрсең жырларын
Сан жетпейді оларға:
“Зейнеп! – десең, о, Көкек,
Қарс айрылар жүрегің.
Өзіңді етіп мен өрнек, 550. Ғашықтық жолда жүремін.
Сенің халің мүшкіл-ақ,
Жүрегім шын жыртылар.
Естілгенде үнің нақ,
Сай сүйегім сырқырар.
Сен секілді менің де
Адасқан бір жарым бар.
Ғашық оты кеудемде
Жанар тауша жарылар.
Зейнеп десең көп сайрап, 560. Келер менің құмарым.
Жүрем сенше мен зарлап,
Табылмаса жұбайым.
Сен секілді, о, шіркін,
Болса ұшар қанатым.
Болмас едім мен міскін,
Едім ғой жарды табатын.
Дертің жаман болса да,
Дертіме менің жетпейді.
Жарды деп жүзің болса да, 570. Солғаның менен өтпейді.
Ғашықтықтың жолында
Жаным құрбан болсын, – деп.
Шыға қалың сорым да,
Жүрер жолым оңсын, – деп.
Махаббат бір пәле екен,
Кетпес бастан айналып.
Ғашығы жоқ білмес-ті,
Тұрады тек таңғалып.
Қанатыңды серіпсең, 580. Отың қозып желпінер.
Мен отымды желпісем,
Лаулап жалын өлтірер.
Сен ағашта сайрайсың,
Ғашығыңды ойға алып.
Мен жырласам қанбайсың,
Әуенімен толғанып.
Самғап көкпен барғайсың,
Кім жолыңа қас қылар.
Сәлемімді алғайсың, 590. Ғашығыма тапсырар.
Мен де жолдан адастым,
Мен секілді жар іздеп.
Өзен кешіп, тау астым,
Айтқаннан соң парыз, – деп.
Көкегісің сен құстың,
Мен көкегі адамның.
Сеніменен тең түсіпті,
Сенімен бір қадамым.
Зейнеп деп сен зарласаң, 600. Мен жарым деп жылаймын.
Сен іздеуге бармасаң,
Мен іздеймін, сұраймын.
Құдай бізді демесін,
Демесін де жебесін.
Қиямет күні болғанда,
Көрсетер бір төбесін.
Сонда жетіп арманға,
Сүйген жарды көрерміз.
Қош айтып бұл жалғанға,
Зарлай-зарлай өлерміз.
Ғашық жолы – отты жол,
Жалынына жандырар.
Арманына жетсе қол,
Өлсе де жанын қандырар...”
Осыменен бұл қисса,
Тамам болды қараңыз.
Құстар ісі болса да 618. Жан ісіне балаңыз.
ҚОЙШЫ БАТЫР
Бір байға Қойшы батыр жалшы болған,
Қапамен жүрегі оның шерге толған.
Ойы оның батырлықпен ел қорғамақ,
Жігіттің кезі еді әбден толған.
Жас Қойшы осы істі армандайды,
Көңілі қой бағуды ар ойлайды.
“Арыстанмен айқасып, жолбарыспен
Шайқасып, күш сынасам”, – деп ойлайды.
Далада қорықтық қып сүтін ішті, 10. Қиялдап ойына алды әрбір істі.
Шетіне саптыаяқтың қаптап келіп,
Күн ыстық, қара шыбын қона түсті.
Сабымен пышағының қалды ұрып,
Шыбынды үймелеген салды қырып.
Санаса, қанша екенін білмек болып,
Өлгені дәл бір жолғы болды қырық.
Ойлады: “Бір жолда өлді қырық қатып,
Батырлар мақтанады бекер шатып.
Қолыма қылыш алып шапсам жауға, 20. Қалмай ма қызыл қанға бір-ақ батып.
Сонымен жайылмай ма батыр атым,
Жаралған қасиетті адамзатпын.
Халқтың жауын жеңсем ұрыс салып,
Алғысын алмаймын ба жамиғаттың».
Бай білді бұл қойшының тұрмастығын,
Сөзінің бұрынғыдан қиғаштығын.
Қақысына жиырма қой, бір ат беріп:
– Ақың жоқ, – деді, – енді соқыр тиын.
Ат мініп тумысында ол көрмеген, 30. Ат жетектеп, қой айдап жүре берген.
Белгісіз қаншалықты жол жүргені,
Салынған бек тамаша шаһар көрген.
Шаһарға тура келді қойын айдап,
Көңілінде әрбір істі келеді ойлап.
“Соқтыртып ұстаға алмас қылыш,
Берейін осы қойды соған айдап.”
Бар екен бір бұрышта қалың ұста,
Қолөнері артылған осы тұста.
– Қақысына жиырма қой мен беремін,
40. Бір қылыш соғып бер, – деп айтты қысқа.
Тиеді жиырма қойға неше қылыш,
Ұстаға қиын емес мұндай жұмыс.
“Мақұл” деп сөз қайырмай соқпақ болды,
Ұсталық кәсіп еткен пайда қуғыш.
– Қынабы жақсы болсын өрнек салған,
Жан жолдасым етпекпін қолыма алған.
Жазу жаз қынабына әдемілеп:
“Бір жолда қырық адамның басын алам”.
Қойшы батыр соны айтып, кетіп қалды,
50. Уағдалы күні де жетіп қалды.
Айтқандай даярлап қойған екен,
Қойшы алуға қылышын жетіп барды.
Қылышын алды дағы қойшы кетті,
Бір иен қалың орман сайға жетті.
Ат мініп өмірінде көрмеген жан,
Жетелеп атын жаяу тентірепті.
Арқандап атын Қойшы қалды жатып,
Ұйқыға шаршаған соң кетті батып.
Оянса, қасында жүр бір-екі адам, 60. Түн түріліп, таң дағы қалған атып.
Өзара бұл екі адам кеңеседі,
– Бұл жатқан бекер адам емес, – деді.
Бір шауып қырық адамның басын алса,
Мұнымен қандай адам теңеседі.
Бұлардың сөзін естіп “батыр” жатты,
Екі адам мұны көріп басы қатты.
– Оятып сөйлессек, – деп біреуі айтса,
Біреуі айтты: – Ашуы болар қаты.
Екеуі кетпек болды енді қашып,
70. Атына мінбек болды асып-сасып.
Қапыда сасқалақтап бірі барып,
Батырдың бір аяғын қалды басып.
Қылышын қойшы батыр қолына алды,
Тұра ұмытлып, аянбай сілтеп қалды.
Шайқасы тұңғыш рет сәтті болып,
Бірінің қойшы батыр басын алды.
Жөнелді енді бірі жан сауғалап,
Артынан Қойшы батыр тұрды қарап.
Қуғанмен жаяу оған жете алмас-ты, 80. Әзірше атқа міну ауыр талап.
Күн шыға ат жетелеп тағы жүрді,
Тау көркін тамашалап бәрін көрді.
Батырды алып ұшқан асқақ арман,
Сондықтан қанша жүрсе ерінбеді.
Күн батқан соң бір иен жерге келді,
Болуға «тау қыраны» буған белді.
Ер жастап, жұлдыз санап жатыр еді,
Алыстан жарқыраған бір от көрді.
Ойлады: “Ел болса егер барайын, – деп, 90. Бір хабар не де болса алайын, – деп.
Егерде жасанған ел жауым болса,
Жайратып бәрін қырып салайын, – деп”.
Қараса әлгі жарық қозғалады,
“От алып кім кезеді бұл даланы?
Анықтап не екендігін айырып ап,
Артынан іс қылайын”, – деп ойлады.
Әлгі от бірте-бірте келді жақын,
Анықтап батыр отыр байқап артын.
Қараса шам ұстаған жалғыз адам, 100. Қасына келіп түсті байлап атын.
Шамды қойып күрекпен қазады жер,
Топырақ үйіп жатыр шығарып тер.
Баспалап Қойшы батыр көріп отыр,
Сабырлы баспайтұғын ол дағы ер.
Әлгі адам жер үңгірдің бетін ашты,
Қойшы көрді бір сұлу қалам қасты.
– Сүйесің бе мені? – деп зекіреді,
Билік жоқ қыз байғұста, төкті жасты.
Қызды ол шапалақпен бетке тартты,
110. Қойшы батыр баспалап қарап жатты.
Бір шыны су, бір тілім нан берді де,
Үңгір ауызын қызды сап, қайта жапты.
Жапты да қайта кетті келген ізбен,
Ғажайып іс кезікті жапан түзден.
Жетелеп қойшы атын, жүрді артынан,
Соңында не боларын көрмек көзбен.
Осылай екеуі де кетті жүріп,
Аңғармады қойшыны ол да біліп.
Алдыңғы адам бұрындау келді дағы, 120. Бір үлкен қақпаға кеп кетті кіріп.
Қақпаның ол есігін алды жауып,
Қойшекең кіре алмады ебін тауып.
Дем алды атын ұстап сол арада,
Кезі екен түн ортасы қалған ауып.
Күн шықан соң төңірекке көзін салды,
Жиналған анық көрді барша жанды.
Алып қамал ішінде бір шаһар тұр,
Салынған ғимараттар түгел сәнді.
Бұл шаһар да бір ханның қаласы екен, 130. Хан қызы көп адамның таласы екен.
Із-тозсыз ханның қызы жоғалыпты,
Қойшы көрген қыз ханның баласы екен.
Ел-жұрт боп бұл қызды көп іздепті,
Қойшы көрген хабаршы ханға жетті.
Хандағы намыспенен қаһарланып,
Тәуекел батырларға үкім етті.
Іздеген бағанағы екі батыр,
Біріне түспеп пе еді “заман ақыр”.
Қашқаны ханға келіп хабар берді: 140. – Орман да жан көрмеген бір дәу жатыр.
Жолдасымның бір шауып басын алды,
Қашып зорға құтылып жаным қалды.
Деп жазған жазуы бар қылышында:
“Бір шауып қырық адамның басын алды”.
Қызыңды табар болса осы табар,
Көпті көріп, көп жортқан адам болар.
Сол адамды бір тауып сөйлесуге
Ханға кеп жеткізеді анық хабар.
Мұны естіп хан жұртына етті бұйрық, 150. Келтірді уәзірлерін жұртты жиып.
“Қызымды кім тапса, егер, сол адамға,
Беремін разылықпен неке қиып”.
Тағы да бір батыр бар жапан түзде,
Алыс емес шаһарға осы кезде.
Көрген адам хабарын маған айтса,
Беретін силығым көп тағы сізге.
Шаһарға хан салғанда солай сүрен,
Ат жетелеп бұл топта батыр жүрген.
– Бұл не қылған көп адам, не қылған іс? –
160. Деп сұрайды көрінген әрбіреуден.
Біреу айтты: – Хан қызы жолғалғанын,
Оны іздеп жұрттың бәрі сандалғанын.
Кім тапса қызын соған бермек болды,
Білмеді жұрт ол қызды кім алғанын.
“Дәл екен одан түнде көрген қызым,
Мен барып ханның енді көрсем жүзін.
Табам деп ханға барып уағда беріп,
Бұйырса мен аламын осы қызын”. –
Деді де ханның тартты ордасында. 170. Қалың ел қаумалаған ортасында.
Ұстауға ешбір адам бата алмайды,
Көрген жан сүйінеді тұлғасына.
– Хан ордасы қай жерде? Ханға барам,
Болмаңдар маған, жұртым, ешбір алаң!
Жетелеген екі аттың біреуін танып,
Жүгірді жолдасы өліп, қашқан адам.
Құрақ ұшып қойшыға сәлем берді,
– Көретін күн болды-ау, – деп, – сіздей ерді.
Бері қарай жүріңіз, – деді дағы, 180. Сүйінші сұрап батыр ханға келді.
Хан дағы қарсы алды оны өзі шығып,
Үй берді жатуына ол тынығып.
Алдына неше алуан қойды тағам,
Күтушілер иіліп қол қусырып.
Хан келді қасына оның жөнін сұрап,
Батыр да хан бетіне қойды қарап.
– Жөнімді әзір менің сұрамаңыз,
Айтыңыз, қоятұғын болса талап.
Хан айтты: – Көпті көрген сіз бір дана,
190. Бірі істен менің көңілім болды ала.
Бар еді жалғыз қызым әлпештеген,
Жоғалып табылмады бар ма шара?
Жұрт жиылып қызымды көп іздеді,
Ат жетер аралады жапан түзді.
Бір тапса, көпті көрген сіз табар, – деп,
Осы үшін шақыртып ем әтей сізді.
Халыққа бұл жұмысты жария еттім,
Айырылып жалғыз қыздан запар шектім.
Қызымды кім тапса, егер, бермек болып, 200. Осылай бұл жұмысқа уағда еттім.
Сөйледі сонда тұрып қойшы батыр:
– Мен табам уағдаңда тұрсаң ақыр.
Қасыма сайманымен дайын болсын,
Жүретін бірге ілесіп қырық батыр.
Табамын бүгін түнде қызды барып,
Келемін ордаңызға ертең алып.
Уағында осы болсын сізге айтар,
Жүрмеңіз іс біткен соң серттен тайып.
– Хан басым қағыс кетсе болар қара,
210. Бұл іске алаң болма, батыр бала.
Қызымды тірі тауып келсең болды,
Қосамын шын ниетпен саған ғана.
Жол тартты қойшы батыр тура бастап,
Көрген жер көкірегінде түнді жастап.
Қасына дәл құдықтың барғаннан соң,
Қоршау қып сабаздарды қойды тастап.
Сайлауыт қырық батыр дайын тұрды,
Қойшы батыр бағып тұр келер жолды.
Мезгілі таянғанда келетұғын, 220. Алыстан кәдімгідей шам көрінді.
Келді де ор басына жеделдетіп,
Ол қазды қара жерді екпіндетіп,
Тереңдеп есігіне таяғанда,
Тұс-тұстан қырық батыр келді жетіп.
Ұстады қалың адам мұны әрең,
Ол дағы батыр екен асқан ерен.
Сондықтан ханның қызын алып қашып,
Өзінің алмағына әбден сенген.
Алысып жан үздірді бір қаншасын, 230. Ол жалғыз, қарсы жақ көп не қыла алсын.
Ақыры қойшы батыр жеңіп шығып,
Жалғыздың сол арада алды басын.
Шығарып құдықтағы қызды алды,
Мақсаты ойындағы орындалды.
Бөлентіп қуанышқа патшаны,
Табыспен қойшы батыр қайтып барды.
Патша орындамақ айтқан сөзін,
Батырға тойын жасап бермек қызын.
– Әзірше той жасауға асықпа, – деп,
240. Батыр да сабыр сақтап ұстады өзін.
Бұл ханның көптен асып даңқы артқан,
Теңескен бір патша бар жақын тартқан.
Кезінде осы қызға құда түсіп,
Алуға елші салып сол сұратқан.
Елшіге патша жауап бере алмаған,
Өйткені қыз жоғалып болған алаң.
Жағдайды содан бергі баян қылып,
Сөйлейін екі сөзді екі ханнан.
Көрші хан сөз сөйлеген ашуменен, 250. – Іс екен жаралғаннан мен көрмеген.
Кемітіп патша атымды керек етпей,
Атақсыз бір қорашқа қызын берген.
Осыны айтып, шақыртты уәзірлерін,
Түсірмек едім ханнан жақсы келін.
Барыңдар ханға тағы елші болып,
Қыз бермесе соғысар айтсын жерін.
Соғысқа қапы қалмай дайыңдалсын,
Әйтпесе қызын беріп “қалың” алсын.
Біліңдер қайсысына мақұл екен, 260. Екінің бірін таңдап өзі ойлансын.
Кідірмей бұл хабарда ханға жетті,
Естіген ел-жұртынан зәре кетті.
Хан жинап уәзір мен манаптарын,
– Амалын табыңдар, – деп жарлық етті.
Уәзірлер айтты: – Мұны күйеу білсін,
Ортаға шақырыңыз ол да келсін.
Ақылмен амал тауып шешу керек,
Өкінер іс болмасын қара дүрсін.
Ақылын, ханеке, оның алғаның жөн, 270. Еш адам ол кісіге келе алмас тең.
Соғыстан қорқып қызды бергеніменен,
Іс тауып алмайық біз онан үлкен.
Шақырып батырдан хан ақыл алды,
Өзің шеш деп ауыр жүк салмақ салды.
– Соғысса соғысайық, қорқамыз ба, –
Деп батыр қыз беруге намыстанды.
Ол сонда патшаға қойды талап,
– Соғыста мен мінетін атты жарат.
Темір ер-тұрмандары берік болсын, 280. Хауыпсіз мінетұғын тепкішек сап.
Атыңыз жүйрік болсын қуса жетер,
Еріңіз бос болмасын ұрса кетер.
Жиыңыз әскерлерді сайлауттан,
Жатпайық енді қарап бізде бекер.
Патша әмір қылып, әскер жиды,
Батырды қалың қолға басшы қойды.
“Жүрмесін, – деп, – қапыда жазым қылып”,
Сақтанып неше жерден күзет қойды.
Соғысқа екі жақта дайындалды, 290. Хан үшін қан төгуге ел сандалды.
Хан кәперсіз сарайда жатыр шалқып,
“Табар”, – деп, – күйеу балам бір амалын”.
Жүйрік ат, ер, тепкішек дайын болды,
Падиша бастап келді қалың қолды.
Батырға кәукелектеп құрақ ұшып,
Әскерлер сапырылып оң мен солды.
Ылажысыз батыр сонда шықты жауға,
Өз ойы кету еді қашып тауға.
Күзеті ханның қойған күшті болып, 300. Бұл ойын болмады әсте орындауға.
Жетелеп жаяу жүрді бозжүйрікті,
Майданға екі жақта жиылыпты.
Жасанып келген жаулар қарап тұрмас,
Батырлар бастап кетті жекпе-жекті.
Айқасып қарсыласты нелер мықты,
Бірі шауып, біреуі найза тықты.
Ерегескен екі ердің біреуі өліп,
Хан үшін талай адам қанын төкті.
Күйеуге кезек келді енді ақыр, 310. Таусылып өз жағынан жеке батыр.
Мінгізді тұлпарына тілек тілеп,
Аяқ сап тепкішекке мінді батыр.
Жөнелді алып қашып әлгі жүйрік,
Тұлпар ед жарап тұрған күйі келіп.
Қуанды қарсы жағы “қашты анау” деп,
Қайын жақ “қырар, – дейді, – қайта келіп”.
Ат кетті сайға таман құйын болып,
Қалың жұрт таңырқап тұр мұны көріп.
Иілген түбі шірік бір қарағай 320. Көлденең ер алдына қалды ілініп.
Қопарды қарағайды аттың күші,
Темір ер ашамайлы берік ісі.
Айналып ат қайтадан топқа шапты,
Белгілі болды осылай “батыр күші”.
Екпендеп келед шауып қарсы жаққа,
Қайын жақ айтып жатты “құдай сақта!”.
Өңгерілген қарағай көрген кезде
Ығысты зәресі ұшып қарсы жақ та.
Сөйткенше қалың жауға кетті кіріп, 330. Ұғар емес біреуді-біреу біліп.
Есі кетіп, соғылып қарағайға
Адамының бір қаншасы жатыр өліп.
Өңгерген теңселеді ен қарағай,
Үйіріп жүргендей-ақ батыр солай.
Екпінмен ағаш соққан кездерінде
Бірге ұшты атыменен адам талай.
Қарсы жақ жапырылып тұра қашты,
Күйеу жақ ұран салып қуа шапты.
Тұлпар да ауыр жүкпен көп шапқан соң, 340. Болдырып осы кезде тұрып қапты.
Қойшы батыр тізгінді алды қолға,
Басын бұрып жүйрікті салды жолға.
Батырдың алдындағы қарағайды
Әкерлер алды жерге әрең зорға.
Жүйріктің батыр сонда басын тартып,
Қуанды жеңісіне тасып-шалқып.
Қайын атасы батырға жіберді адам,
– Қумасын қашқан жауды, келсін қайтып.
Жіберген адам жетті құрақ ұшып, 350. Батырға тағзым етті аттан түсіп.
Оралып батыр қайта келген кезде,
Ел жетті таңғалып, таңырқасты.
Батырға барлық елдің көңілі толды,
Шайқасы сәтті болды неше жолғы.
Хан дағы күйеуіне дән риза,
– Жеңімпаз батыр екен, – деп, – ақ жолды.
“Ойлады осы кезде қойшы батыр:
Дүние бастан талай өтіп жатыр.
Ат мініп, қарғайды мен өңгердім,
360. Қырық емес, сан қырықтың басы жатыр.
Әуелі бір батырдың басын алдым,
Қыз ұрлаған дәуге де әлек салсам.
Жайын елге жазықсыз соғыс салған
Қатыгез ханнан жұрттың кегін алдым”.
Ерлікке көзі жеткен ел иланад,
Ер деп сені таныса ел, кіреді ажал.
Қисынын әр нәрсенің келтіріп тұр,
Жаратқан барша жанды жалғыз Жаппар.
Тынымсыз дүние өтер күреспенен, 370. Жан жасамақ өзіңдік үлеспенен.
Сол елден алман алып тұратұғын
Бар екен бір айдаһар құр өтпеген.
Тірі жан болмапты оған қарсы келген,
Он қой мен бір қыз ала жылына елден.
Тізімдеп ел ішінен жас қыздарды,
Келгендер өз кезегі соған берген.
Кезі еді айдаһардың тағы келген,
Шуласып қалмады үрей қалың елден.
Кезегі қыз беретін патша да боп, 380. Сондықтан ел шуласып зар еңіреген.
Падиша ылажысыздан болды мақұл,
Таппаса күйеу бала енді ақыл.
Айдаһарды құртпаса, жұртты қырып
Түседі ел басына заман ақыр.
Хан келіп күйеуінен сұрады ақыл,
– Шарасы табылар ма, ойлан, батыр.
Ар көріп тайсақтаудан батыр сонда:
– Амал бар, қорықпаңыз! – деді ақыр.
“Қайыспай қандай іске мақұл, – дейді, 390. Кім көрген жүрек жұтқан мұндай ерді.
Айдаһар келсе енді алаңсызбын,
Бағыма бұл батырды құдай берді”.
Тек, хан емес айдаһар елдің жауы,
Масыл боп ел басына түскен тауы.
“Амал бар” – деп батырдың айтқандығы –
Халық қамы, айдаһар ата жауы.
Отырып қойшы батыр ойға батты:
“Ұрысым бұдан бұрын болды сәтті.
Ат міндім, қылыш шаптым, қызды таптым, 400. Айдаһармен айқасу жанға батты”.
Көп ойлап жете алмады ой түбіне,
Кез болды бір қиын іс тағы міне.
Киініп жеңіл киім, іс тағы міне,
Түн жастанып келіпті бір иенге.
Тақыр жер, айналасы адыр дала,
Кез болды бір бәйтерек жалғыз ғана.
Таң атып, күн түріліп қалған екен,
Терекке батыр шығып қылды пана.
“Күн ыстық терек басын паналасам, 410. Аялдап осы арада демімді алсам.
Бет түзеп, күн батқан соң тағы жүріп,
Табылар бір бекініс араласам”.
Батырға терек басы орын болды,
Екі көзге тығылып, ұйқы толды.
Азырақ көзі ілініп кеткен екен,
Шуылдап бір төбеге адам келді.
Бұл келген патша бастап шаһар елі,
Айдаһар елден алман алар жері.
Күйеуді іздеп бәр жерден таппаған соң, 420. Бергелі қой мен қызды алып келді.
Шаһардан жұрт батырды көп іздеген,
Кетті ме, бірақ, қашып әлде бізден.
Немесе айдаһармен айқаспақ боп,
Жүр ме екен жолын тосып жапан жүзден.
Амал жоқ шыныменен кетсе қашып,
Енді айналсақ уақыт кетеді асып.
Бірер жәрдем батырдан болмаса, егер,
Қой мен қыз айдаһарға болар нәсіп.
Патшаның келген осы “жем” бергелі, 430. Жыласып, шуылдасып қалың елі.
Айдаһар дәл теректің түбінде екен,
Үстінде батыр қалғып тұрған еді.
Шулаған ел дауысы кетті үдеп,
“Келеді анау, енді қозғалды”, – деп.
Оянып ел дауысынан батыр сонда,
Көз салды айналаға “не болды” деп.
Ысқырысып айдаһарда заһар шашты,
Мұны көріп батырың қатты састы.
Тасаланып бұтаққа қалмақ болды, 440. Өзін жөткеп, қарманып жанталасты.
Ұстаған бұтақ сынып, батыр ұшып,
Үстіне айдаһардың міне түсті.
Көрмеген мұндай істі жаралғаннан,
Адамнан айдаһардың зәресі ұшты.
Ысқырды құйрығымен жер сабалап,
Қалың ел шуласуда “я, Құдайлап!”
“Не деген жүрек жұтқан батыр” еді,
Түннен келген екен ғой осыны ойлап”.
Зарленеді айдаһар тіпті үдеп, 450. Үстінен қойшы батыр емес түспек.
Тақымын барған сайын қатты қысты,
Түсе қалса егер де өзі өлмек.
Көңілі енді орнықты жүрек тоқтап,
Айдарынан ұстады бірақ шоқтап.
Айдаһар біраз сонда бәсеңдеді,
Құйрығы жер сабаудан қалды тоқтап.
Бар күші айдаһардың айдарда екен,
Қойшы батыр ұстады оны бекем.
Қылыш-қамшы, айдарды тізгін қылып, 460. Мініп ап айдаһарды топқа келген.
Таң қалды көп жамағат мұны көрген,
– Ойпырмай, батыр еді неткен ерен!
Айдаһар астындағы жуансыпты,
Болып ед жаңа ғана құны перен.
– Шапсаңшы енді батыр қылышпенен,
– Алсаңшы басын кесіп енді тезден.
– Мінгенде айдаһарды өзі білді,
Сұрамас шапса ақыл енді сенен.
Мініп ап айдаһарды топ жиынға,
470. Қылышты басып отыр құйрығына.
Сұрады батыр сонда патшадан:
– Айдаһар қыз жұтатын шын осы ма?
Патша басын иіп тағзым етті,
Батырлық таң қалдырды қалың көпті.
Құтқарған көр аузынан ханшада
Батырға өз жаулығын тарту етті.
Арманын ақыр батыр орындады,
Ел қорғау еді баста ойындағы.
Сол жерде айдаһардың басын алды,
480. Айдарды жіберместен қолындағы.
Елінің алды батыр ықыласын,
Халықтың ыразы етіп кәрі-жасын.
Қызын беріп, некелеп падиша да,
Көтерді әскер басқа дәрәжәсін.
Қойшы еді қорлық көрген бай қолында,
Жүретін қысы-жазы мал соңында.
Қамшылап айдаһарды ат қып мінді,
Талапты ер талаптанған өз жолында.
Бай түгіл, падиша да басын иді, 490. Қызын беріп, көрсетті артық сыйды.
Ер жігіт елдің қамын ойлау керек,
Не қылмақ елден аяп баста миды.
Қорқа жүріп соңында болды батыр,
Егескенге түсірді заман ақыр.
Мақсаты қойшы болмай, ел қорғау ед,
Талпынып арманына жетті ақыр...
“Нұр жауар талаптыға” деген рас,
Адамға талаптанбай бақыт қонбас.
Ел үшін жас шағыңда еңбек сіңір, 500. Кәртейгенде қайратың бойда тұрмас.
САНАЛЫ САРА
Жұбайы Ибраһимның екен Сара,
Ақыл мен сұлулықта шыққан дара.
Құрбы боп олармен бір өткен екен,
Кеселді, кербез Намұрт падиша да.
Ғашық боп сәлем жазған Намұрт оған,
Қағазын жыртқан екен пара-пара.
Өш еді еріменен басқа жөннен,
Патшаға мына іс тағы салған жара.
Көп уақыт Ыбрайһимға қорлық қылған, 10. Патшаның үкіміне бар ма шара.
Отқа май құйғандай ғып жіберіпті,
Сараның хатты жыртқан ісін қара.
Аяғы қайтер екен кім біледі,
Сараға қолданбақ ол қандай шара?
Елшілер жағымды сөз көп айтса да,
Көзіне ілмей қойды бара-бара.
Біреулер ардақтайд дер патша десе,
Біреулер өлтіред дер қаны қара.
Жүре ме ұрып-соғып кім біледі, 20. Түсіріп сау етіңе бітпес жара.
Қорқытса кейбіреулер осылай деп,
Оған да қыңқ етпеді жанын сала.
Біреулер пайда жоқ дейт егесіңде,
Падишамен айтысасың сен несіне?
“Айтқанын орындасаң тиемін, – деп,
Падиша көтерер ед төбесіне.
Боласың сонда оның ақылшысы,
Орданың бірге болып кеңесінде.
Билеген дүниені Намұрт қандай, 30. Жүресің қай-қашанда ел есінде”.
Қорқыту, жарылқауға көнбей қойды,
Сирек қой мұндай әйел жер үстінде.
– Сөзіңді ұқтым, – деді, – көп абысын,
Патшаның қандыра алман мен нәпсісін.
Бақ, мәнсап, байлығының керегі жоқ,
Өлтірсе тағы мейлі өзі-ақ білсін!
Бұл сөзді падиша естіп, ойға кетті:
“Араға бекер саппын сонша көпті.
Адамға білдірмейтін құпияны,
40. Бәлкім, ол білдіреді”, – деп өкпе етті.
Осылай ойға кетіп патша бек те,
“Ол бәлкім көніп қалар жекпе-жекте.
Ол кезде жөн болады Сараныкі,
Халыққа білдірдің деп мені сөксе.
Желігі патшалықтың екен мұным,
Ашуға кетпейін мен текетен-текке.
Ордама шақыртып ап сөйлесейін,
Әзірше етпейінше Сараға өкпе.
Орда айдынды, әскер сұрлы, патша зәрлі, 50. Келгенде не дегізбес бетпе-бетке.
Ғашықты ашулы деп кімдер қият,
Шақырсам ордаға оны болар ұят.
Жекелей шақыртуға бар ғой уақыт,
Әуелі мейман етіп көрейін сыйлап”. –
Деді ол, бұйрық етті күтушіге:
– Қырық түрлі тамақ жаса бөліп төрге.
Бәрі де дәмді болсын, мін шықпасын,
Келеді қымбат мейман бүгін үйге.
Күтініп осылайша тұрған кезде,
60. Шақырған мейманы да келді ілезде.
Намұрт мұндай қуанып көрген емес,
Жүрегі соқты оның тезден-тезге.
Боп кетті мейманхана шам жаққандай,
Шіркін-ай, мейман болған ғашық қандай!
Өкшесі кө...ке тиіп аспаздардың,
Әрі-бері зыр жүгіріп асыққаны-ай!
Кәдімгі мыңдап мейман күткізгендей,
Дастарқан болды бейне бұлт тізгендей.
Біреуі қалжың бастап деген болды: 70. “Болдық қой ішпей тұрып ішкізгендей”.
Тағы бір аспаз тұрып деді былай:
– Келемін бір нәрсені мен ұғынбай.
Болды әуре бір қатынға сонша неге?
Мейманды күтіп ек қой бұрын талай.
Ол кезде күтушіден кемдік өтсе,
Қоятын сол күйінше құз астырмай.
Ал бүгін инедейін ақау шықса,
“Патша қойман деді жазаламай”.
Бәрі де рас екен ойлап тұрсам,
80. Аузымды жабайын тез назаланбай.
Аспаздар жүгірісті қыпыжықтай,
Ішінде патша сөзін жүрді ұмытпай.
Тамақты арт-артынан әкеп жатыр,
Қол-аяқ қимылына мін жуытпай.
Отырған дастарқанға жұрт жағалай,
Сараны отыр патша қаумажалай.
Сара да қырық табақтан ауыз тиіп,
Шекерлі шайын ұрттап отырды жай.
– Алыңыз, мұныңыз не, тұр ма жақпай? –
90. Десті кеп әрқайсысы тыным таппай.
Падиша да қарап отыр: – Бұл несі? – деп,
Тамақты өзі татып, еш мін таппай.
Қарқылдап күлді Сара қарап тұрмай:
– Бәріңнің тіліңді алсам жарасқандай.
Бір басқа дүз кісілік тамақ жесем,
Өлер ем іш жарылып қонақ болмай. –
Деп еді көп ауыздар жабылды да,
Барлығы қалды тынып, тақақтамай.
Сараға қарап қалды көптің көзі, 100. Патшаға тигендей боп әлгі сөзі.
Дастарқан жиналған соң кетпек болып,
Тарқайтын алды-алдына жетті кезі.
– Рахмет, меймандыққа шақырыпсыз,
Көп жедік асқа қолды матырып біз.
Қайтуға енді бізге рұқсат ет,
Қалдық қой көп жосынға жатылып біз.
Дегенде Намұрт тұрды жөнді білген,
– Рұқсат көпшілікке, – деді, – бізден.
Саражан, сен орданы айналып қайт, 110. Бар еді сөйлесер сөз өзіңізбен.
Ордаға кірді Сара шат-шадымен,
Сұлу жүз нұрдай шалқып жарқыраған.
Намұрт тесірейіп қалды қарап,
Төңкерген қара көзін бақылаған.
Бастауға сөзді қалай ойланып тұр,
Құрылып қарашығы жалтылдаған.
Отырып талайдан соң сөз бастады,
Қарап ап дүзігіне алтындаған:
– Тек сізге ғашық болды менің жаным,
120. Әйелсіз түсінетін ердің жанын.
Болса да мыңдап сұлу қол астымда
Бәрінен сізге құмар болам дәйім.
Дегенде Сара отырып деді былай:
– Мұныңыз сұмдық екен таң қалғандай.
Жар сүю болса егер көңіліңізде,
Қыздар көп күндей сұлу таңдағандай.
Ері бар маған ғана телміргенше,
Сондайдың нағып жүрсіз бірін алмай?
Жар сүйіп, ой ұстаған мен бір жанмын, 130. Емеспін маған патша ұйығандай.
Қайтыңыз ондай ойдан бір-ақ жола,
Қойды деп өкпелеме тілімді алмай.
Отыр ед бас салуға батылданбай,
Намұрт тұра алмады ашуланбай:
– Сен маған қыз көрсетпей, өзіңді біл,
Ойланып жауабыңды айт, қатуланбай.
Патша сөйлеп болсын дегендей қып,
Сара да тыныш отырды басын бұрмай.
Жас падиша тым тәкәппар, ашуы көп,
140. Шекесін ашуымен қасыды кеп.
“Сөзімді алмағаны неткен қорлық” –
Деді де сөйлеп кетті басын изеп:
– Ойларсың патша маған қапты күйіп,
Ол мені өлтірмейд деп көзі қиып.
Қорлықты көрсете алам жан көрмеген,
Қылмаймын енді сені көзге күйік.
Әскерім қыл мойныңнан арқан тағар,
Сөйлесең, қыбыр етсең қамшы салар.
Қолыңды арт жағыңа байлап тастап,
150. Ауаша бір тоғайға алып барар.
Төрт жаққа керіп тастап борбайыңды,
Етіңе жүздеп-мыңдап дүре салар.
Сен тұрсың осындай күн көрейін, – деп,
Қорлықпен бостан-босқа өлейін, – деп.
Денеңді бақа, тышқан оя еткенде,
Зарларсың, тақсыр, саған ерейін, – деп.
Көзіңе елестеттім көреріңді,
Бүрсігүн жауабыңды айт келейін, – деп.
Осылай айтылды сөз түйдек-түйдек, 160. Сара оған жауап қатты мынадай деп:
– Қашанда саған айтар жауабым бір,
Қолыңнан келгеніңді қыла бер, – деп.
Кесірмен Намұрт сонда деді бүйдеп:
– Тұр екен қаның тасып, ажал билеп.
Сыртыңнан бақылаушым айтқан маған,
Жүректі көрінгенсіп қинайды, – деп.
Тастаймын топырақ қып енді сені,
Тұрған соң дүниені өрім билеп.
Еліріп жан айтпаған сөзді айттың, 170. Қолыңнан келгеніңді қыла бер, – деп.
Білмейсің сен ақымақ ердің нарқын,
Қарамен айырмайсың ханның парқын.
Сенімен мылжыңдасып отырмаймын,
Ордамнан тез шығып кет жәһил қатын!
Патшадан сөз қалған жоқ ашу батып,
Айтпады жүрегінің мұңын сарқып.
Жалыну, жарылқауға басқан да жоқ,
Тек қана зорлық күштің уын айтып.
“Есікті қайта кірер қатты серіппе”, 180. Көріп пе ең мұндай сөздің дәмін татып?
Өмірді, я өлімді таңдағайсың,
Саған мен сөз айтпаймын енді қайтып.
Ордадан кет деген соң, кетті Сара,
Патшаның үкіміне бар ма шара?!
Өшіккен соң падиша өлтіреді,
Сараның көңіліне түсті жара.
“Келіп ал әбден ойлап ақылыма,
Елдегі қош айтайын жақыныма”. –
Деп күнде күтіп жатты көп мейманын, 190. Шақырып туыс, жолдас, жақынын да.
Намұртпен арадағы болған істі
Айтқан жоқ, қойып әтей жасырынға.
“Өлгенде бір-ақ білсін елі-жұртым”, –
Деп ойлап келіп алған ақылына.
– Биылғы көрген түсім қауыпті, – деп,
Тек қана осыны айтқан ақырында.
Уайымдап айтқан емес ол мұны да,
Жайраңдап күлкі үйірілген шырайында.
Мейманын аттандырып болғаннан соң,
200. Отырды шақыртар деп сарайында.
“Ажал менен азаптан кім құтылған,
Өлмеймін қашып, сірә, ел-жұртымнан.
Иемнің жазған ісін кім бұзады,
Шыға алман Тәңірімнің мен ырқынан”.
Өмірде бар ежелден екеу қатар,
Болғанда бірі – ауру, бірі – ажал.
Аурудың ісі азырақ рақымы бар,
Тек қана рақымы жоқ ажал қатал.
Сараны шақыртамын деген күні 210. Кенеттен Намұрт патша болыпты сал.
Ауру мен ажал, сірә, бет қарамас,
Демейді анау мықты, мынау осал.
Бәрін де адамзаттың жерге тығар,
Егерде ауру жетсе болып тажал.
Билеген дүниені ердің ері,
Сал болып жатып қалды Намұрт сері.
Жанынан шошынды ол уайым жеп,
Қам жеді қасындағы уәзірлері.
Тілі сау, денесі сал жатқанында, 220. Жиылған былай десті кемеңгері:
– Ауруға ем жасайтын еліңіздің
Жиналсын емкүстері – дәрігері.
Намұрт: – Таптың, – деді, – жолдастарым,
Өмірде тату өскен сырластарым.
Қимайтын тырнағымды қара жерге
Едіңдер жанашырым, қимастарым.
Ежелден батыл болған бір мінезім,
Шошындым осы аурудан менің өзім.
Жасымнан тату өскен достар едің,
230. Ақтайтын сол достықты келді кезің.
Жас пенен тілегім сол кәрілерден
Қалмасын ешбіреуі дәрігерден.
Ғұлама, оқымысты бәрі келсін,
Жатырмын күдер үзіп бұл өмірден.
Жол тауып алып қалсын қайран елім,
Қойнына бермей мені, қара жерден.
Бар еді дүниеде екі пәле,
Бірі – ауру, біреуі – ажал және.
Ауру келіп нығарлап басып отыр, 240. Аяғы мұның соғар әлденеге?
Тұрғанда ажал келмей, қамданыңдар,
Шабыңдар, оқтырыңдар бәрің молда!
“Патшадан не сұрасаң аласың”, – деп
Айтыңдар барлық елші, әлімдерге.
Тапсырмасын беріп боп, алды демін,
Шабармандар жөнелді шәрілерге.
Тезінен тарап хабар барлық жерге,
Кеп жатыр шақыртқандар айтқан жерге.
Жиналып талай емсек келгеннен соң, 250. Бір уәзір сөз сөйледі келгендерге:
– Құрметті сөз сөйлеймін көптеріңе,
Сүйікті ел қорғайтын бектеріме.
Дібірсіз тыңдауыңды өтінемін,
Жазып ал, молдаларың, дәптеріңе.
Науқас боп падишамыз Намұрт жатыр,
Жасынан ел қорғаған ол – бір батыр.
Денесін қозғалтуға дәрмені жоқ,
Түсіп тұр басымызға заманақыр.
260. Қазірше түсіп отыр сендерге ісі,
Патшаның күнде түспес елге ісі.
Жазсаңдар бұдан өтер абырой жоқ,
Болады ондай жан шын ел үлгісі.
Өздерің миға салып ойлап көрші,
Айтыңдар келмей қалған болса емші.
Жасаңдар білген емді сал жазатын,
Әуелі өздеріңе өзің сенші.
Ел деген патшалар болмаған жар,
Елімен шешіледі мұң менен зар. 270. Ем болмайтын дәріні істетем, – деп,
Жазамен аспақталып көрмеңдер дар.
Ал енді науқас жанды тез көруге,
Барлығың, бұл арадан тарқалыңдар.
Сөз бітті, емшілер кеп жатыр көріп,
Пәлен деп айта алмайды көңіл бөліп.
Ажалдан басқаға ем жасайтындар.
Есінен танды қорқып, кетті өңіп.
Өйткені аурудың түрі жаман,
Қалады сақайтпаса өзі өліп. 280. Біреуі оны десе, бірі бұл деп,
Айтады өз қарасын тамыр көріп.
Жатқанда әбігер боп өстіп бұлар,
Біреуден Сараға да тиді хабар.
Ауруды табалайтын Сара емес қой,
Демесең көңілінде аз ренжу бар.
Себебі ақылды жан, санасы өр,
Орынсыз басқаға өлім, тілемейд зар.
“Таба жолы тар болар” деп ойлайды,
Араз болса ашумен болған шығар. 290. “Жаман достан білімді дұшпан артық”
Дейтұғын ескіде де мақалдар бар.
“Егер де қазам сонан жетіп тұрса,
Қайтемін, онда оған не лаж бар? –
Деп ойлап, Сара бір сәт отырды жай,
Дұшпаны ауырса да хошал болмай.
“Ер ерлігін білместік ақымақ қой,
Қиын ғой табылмағы патша мұндай.
Болғанмен маған дұшпан, елге қамқор,
Халқына әділетті болды сондай”. 300. Осыны іштей ойлап жүре берді,
Жазылып қалса екен деп япырым-ай.
Намұртты барлық емші жатты бағып,
Әр адам білгенінше дәрі жағып.
Қонбады қылған емі ешкімнің де,
Патша жатты ойбайлап жыбыр қағып.
Кетті есі емшілер мен уәзірлердің,
Бірі де шипа қылмай дәрілердің.
Намұрт кетті шошып зәре қалмай,
“Астында қалам ба деп қара жердің”. 310. Жатқанда үркіп-қорқып бәрі әбіржіп,
Біреуі былай деді емшілердің:
– Төрт-бес салды жазғанын көзім көрген,
Үйі бар тар көшеде бір әйелдің.
Қарасам осы адам жоқ ішімізде,
О дағы бірі еді шипагердің.
– Танысаң өзің барып ертіп кел, – деп,
Біреуі бұйрық етті уәзірлердің.
Шақырып келді біреуі зыр жүгіре,
Отырған дайын болып Сара үйінде.
320. Бұл емші бастан-аяқ баяндады,
Намұрттың жатқандығын сал күйінде.
– Ешбір ем қонбаған соң көптен бері,
Арнайы іздеп кеп ем сіздің үйге.
Жазғаның төрт-бес салды көзім көрген,
Жүріңіз Намортты енді дәрілеуге».
– Бармаймын, – деді Сара сізбен бірге,
Жетпейді менің шамам дәрілеуге.
Менікі ұшық болса, соны ұшықтау,
Қоспаңыз мені үлкен дәрігерге.
330. Тағы да бармауымда бір себеп бар,
Әйелдің ерден алар рұқсаты бар.
Сұрап ап рұқсатты жұбайымнан,
Онан соң барсам маған дұрыс болар.
Сонымен түсті емші демін алып,
Отырды төңірегіне көзін салып.
Келген соң еріне айтты тұрып Сара,
Келгенін ол емсектің бұйрық алып.
– Жатыпты Намұрт патша науқас болып,
Кетіпті дәрігерге орда толып. 340. Айтыпты “мені емші” деп мына кісі,
Шақырып сол себептен отыр келіп.
Сол сәтте Ибраһим айтты ұғып:
– Азды-көп жүруші ең ғой ем-дом қылып.
Бұл кісі соны көрген болса керек,
Айтқан ғой көрген ісін іші жылып.
Бару-бармау емшінің өз ісі ғой,
Араға түспекшімін мен не қылып.
Сарадан ренжіген соң Намұрт хан,
Алдырып Ибраһимді сотқа тартқан.
350. Қылмыс жоқ артатұғын пәлендей бір,
Патшаға наразы деп жаланы артқан.
Осыдан аз күн бұрын сес білдіріп,
Шығартқан “өлтірем” деп үкім қылып.
Мұны да кек көрместен Ибраһим,
Әйелге рұқсат еткен іштен жылып.
Зорлығын Намұрттың Сара айтқан жоқ,
Еріме не қылам деп жаныстырып.
Бар дейтіні емеуірін көрсеткен соң,
Барайын деді Сара біраз тұрып. 360. Сара да сөйлеп қалды үйде отырып:
– Намұрт кетіп еді аласұрып.
Көңіліне жақпағанды жаншу үшін
Тастамақ болды тіпті тұтас қырып.
Ал бүгін өз жанымен әуреленді,
Жағадан сал атты бір ауру бұрып.
Бет алды жындыланған басшы адамды
Тастайды кей шақтарда Тәңірі жығып.
Мен айтсам елге әйгілі ісін айтам,
Бостан-бос отырған жоқ құр жазғырып.
370. Тегінде өте әділ падиша еді,
Жыл толды құтырғалы Құдай ұрып.
Жамандығын көргенде, жақсылығын
Көрмей қалсақ қалармыз соқыр болып.
Даңқы бар дүниеге Намұрт еді,
Қалың ел өте жақсы көруші еді.
“Егіндікті көркейт” деп бұйрық беріп,
Көрмеген ашаршылық бүкіл елі.
Ғаріп, міскін, жетімге көмек беріп,
Тойғызып қазынадан келіп еді. 380. Уатып кім жыласа, сүйемелдеп,
Ақсақ-шолақ, соқырға жағып еді.
Ауруларды қаратып емшілерге,
Ажалдан арашалап қалып еді.
Оқытып ұрпақтарды бүкіл елде,
Жетілген талай жастар ғалым еді.
Елден қайғы жоғалып, қуаныш кернеп,
Ел ақын – жыршысына жарып еді.
Салғызып көп қаланы қалың елге,
Біреуін үйсіз қылмай бағып еді. 390. Кеңейтіп, төрт түлікті көп өстіріп,
Ет – май – сүт өзен болып ағып еді.
Жазираға бұрғызып өзендерді,
Жасылға жамылдырған барлық жерді.
Қайыршыны жоғалтып ел ішінен,
Тыйып еді ұры-қар зәлімдерді.
Бүкіл жасты үйретіп әскерлікке,
Қорған қып тыныштыққы алып еді.
Айта берсем сан жетпес еңбегі бар,
Кетпей ме ел ұмытса лағып енді. 400. Өкпелеп ол өктемге бармай қойсам,
Қыжыл болар адамдық арым енді.
Бәріміз де барамыз жер қойнына,
Өмірде кім тартпайды зар-мұң енді.
Қазірше ол ауру, ол мүсәпір,
Селбесу емші үшін қарыз еді –
Дей жүріп, күйеуіне тамақ беріп,
Кеткендей өз сөзіне өзі еріп.
Біткен соң үйдегі ісі киінді де,
Жөнелді шақырушыға болып серік. 410. Шақырған адамға еріп барды Сара,
Жазылып қалса екен дейт бұл бейшара.
Келгендер көңіл сұрап жол бермейді,
Жасақтар кіргізді әрең етіп шара.
Біткендей бұл орданың тамашасы,
Тек қана ыбыр-жыбыр адам басы.
Зарланып отыр екен келіншегі,
Бет-аузын кеткен жауып қара шашы.
– Менен бөлек әйелге қарамаушы ең,
Басталды осылайша сөздің басы. 420. – Намұртты жаза гөр, елі-жұртым,
Осындайда, – дейді, – оны жарылқашы.
Кетті жырлап, сұңқылдап бұл әйелі,
Су құйғандай сорғалап көзден жасы.
Намұрт байқап елдің көңіл-күйін,
Зекіді: – Мазамды алып зарланбашы!
Барлығы қошаметтеп падиша сөзін,
Әйелге “қой!” деп жатты кәрі-жасы.
Қорсылдап сорлы әйел қалды тоқтап,
Бола ма қайғылыға ашу-оспақ. 430. Кей жанның өкпесінен күлкі қысып,
Неше рет кете жазды сықылықтап.
Ең алғаш Сара үйге енген кезде
Падиша жатқан еді ықылықтап.
Оқыса ғұламалар дұғаларын,
Көп емші тұрған қамап, тамыр ұстап.
Есіктен кіріп Сара тұрған кезде
Өшірет келмеді оған ә дегенде.
Адам көп, біреу кіріп, біреу шыққан,
Бір уәзір көрді де айтты: – Келдіңіз бе? 440. Намұрт жатыр екен өңі қашып,
Өлімнен қауыптеніп қатты сасып.
Қасына көңілін сұрап Сара барды,
Өр дауыс, жылы жүзбен амандасып:
– Аға екем, тәуірсіз бе, қандай тұрсыз?
Сақайып қаласыз, – дейді көңілін ашып.
– Уайым етпеген жөн ауруды,
Ойланса таудай жүк боп алар басып.
Кәдімгі қарындасындай жарық-жұрқ етеді,
Сараның шын пейілімен жаны ашып.
450. Намұрт жатыр еді түрлі ойда,
Сараны көріп, батты терең ойға:
“Шыны ма, сиқыры ма, әлде қалай?
Апыр-ай, келді ол нағып осындайда?
Бұл Сара неге келді осы жерге?
Қолынан келсе дайын өлтірерге.
“Мені емші деп мәлімдеп айтып қой” деп,
Бұрыннан айттыма бір дәрігерге?”
Бір уәзірін шақырып сұрап еді,
– Бұл емші келді, – деді – дәрілеуге.
460. Екі көз бір-бірімен сайысқанда,
Намұрттың қалды жүзі дірілдеуде.
Намұрт: – Тәуірмін ғой, – деді, – қарақ,
Деп айттың жазыласың келе сала-ақ.
Жазылам қанша күнде, қандай еммен,
Қанеки, айтшы, – деді, – Сара шырақ?
– Дәрі жоқ ауру жұлар әзір менде,
Әйтсе де бермейміз ғой сізді өлімге.
Дәрігер, ғұламалар мыңдай бопты,
Мен дағы ем жасаймын көппен бірге. –
470. Деді де тамыр ұстап кесіп айтты:
– Сақайып қаласыз, – деп, – он бес күнде.
Халқыңа сіңірген еңбегің көп,
Еш адам ұмытпайды оны мүлде.
Ішінен құрып жатыр патша кеңес,
Өткізген Сараменен талай егес.
“Егер де ішетұғын дәрі берсе,
Онысын Намұрт мүлде ішпек емес”.
–Дедіңіз, Сара қалқаш, жазыласың,
Беретін дәріңді айт, беріп кеңес. 480. – Емім сол, бұын елге істеп келгем,
Суменен ұшықтаймын, дәрі емес.
Дегенде Намұрт та жалт қарады,
Көңілінде шешілмеген бардай елес.
– Қанеки, оны қалай істетесіз?
Әйтеуір, дәріні іштен ішпе дерсіз.
Жазылсам еміңізден, жаным Сара,
Алуға немді болсын күш етерсіз.
– Отырам, – деді Сара – мен тұрмаймын,
Сіздерге тура келсе ел жұмсаймын. 490. Таңдатып ең сенімді адамыңнан,
Екеуін осы араға еткін дайын.
Патша екі адамын дайын қылды,
Сара да ісін оған байым қылды.
Айтар деп қандай дәрі таңырқасып,
Көп емші, қалың молда пәһім қылды.
Сара айтты: – Сен екеуің дүкенге бар,
Жап-жаңа, ұсталмаған бір шелек ал.
Кесеге бір шымшым тұз қосып ал да,
Тап-таза бастау судан толтырып ал. 500. Ағаштың көмірінен асықтай қос,
Үстіне жеті қасық сүт құйып ал.
Барлығын қосқан сумен шомылдырсам,
Сол кезде жазылады ауру сал.
Бар саны ыдыспен болды жетеу,
Сараның үстінде енді айтқанды өтеу.
Ішетін дәрі берсе, ішпес еді,
Енді бұған көнбеске амал нешеу.
Барлығын осылардың суға салып,
Шелектен жалғыз кесе суды салып. 510. Бетіне Намұрттың бүрікті-ай келіп,
Кесеге анда-санда аузын малып.
Таңырқап тұрды қарап қалың халық,
Бірі де шыға алмады сөзбен жарып.
Тағы ұзын мата, орамал алдырып кеп,
Сабады оныменен суға салып.
Осылай керіп қойып ұрды Сара,
Селкілдеп қалшылдады Намұрт қара.
Сүйсініп ұрған сайын “болады” деп,
Сара емші озды өстіп жеке дара. 520. – Басқа ем жасалмасын, – деді, – бұған,
Сақайып қалады енді бара-бара.
Келесің он бес күнде қалыбыңа,
Ойыңнан кетсін аулақ ақау, жара.
Сенімді үш-ақ адам бақсын, – деді,
Өзгесі үйлеріне қайтсын, – деді.
Келемін он бес күнде жазылған соң,
Тастаңдар көрпеге орап, жатсын – деді.
Айтқандай он бес күнде келді Сара,
Айығып кеткен екен Намұрт дана. 530. Дұшпаннан дос шығад деп ойламаған.
Мәнсаппен кесірленген қаны қара.
Ем қылған үйден Сара ішпейтін ас,
Ешкімге ойламайды ол титтей де қас.
Бүгінгі кейбіреудің ұшықтауы,
Әне, сол Сара анадан қалған мирас.
Намұрт шықты алдынан жайраң қағып,
Иіліп бүгіледі жалпаң қағып.
Сараның емдеуімен жазылған соң,
Жүгіріп қысты қолын жарбаң қағып. 540. – Үйге жүр, мейман бол, – деп құлдық ұрды,
Сара да өшсіз, кексіз жандай күлді.
– Әдетім, дәм татуға болмайды, – деп,
Қайтуға көп өтініп бетін бұрды.
Жасынан мықты болған Намұрт сері,
Билеген дүниені төрттің бірі.
Сараға қандай құрмет етер екен,
Болар ед боп жүрмесе достың кері.
Еңбегін ақтар ма екен, ұмытар ма екен,
Ең биік мәнсапты ғой ердің ері.
550. Егерде Сара мұны құтқармаса,
Топырақ болар еді жатқан жері.
Болмаса ел билемей ме ойы терең,
Болса оңай бағына ма дүние-әлем.
“Жазды дер ауруымды қорықққанынан”,
Егер де болса оның ойы төмен.
Сара еңбек алмаса да көп жалынып,
Деп айтты: – Не сұрасаң соны берем.
Бірақ та Сара ешнәрсе алмай қойды,
Деп: – Ауруды сақайту борышым, – дегем. 560. Сарадан жан болған ба адал жүрек,
Жеткізер адамдарды таза тілек.
Беріктіктен ақыры бақыт тапты,
Адамға бақтың бірі – батыр жүрек.
Намұрт бұйымтайын сұраған кеп,
Сара айтқан “еңбек ақымен алман” деп.
Ажалдан қарсы жауын алып қалған,
Тарихта сирек-ақ қой ондай еңбек.
Кейбіреу аздап еңбек көрсетсе егер,
Дәметіп дүние қуып, қылар дүрмек. 570. Өлшесе-ау әркім өзін осыларға,
Болар ед бұл дүние шын көркеймек.
Сараны нәрсе алуға көндіре алмай,
Ақыры қойды Намұрт мұндай тілек:
– Бірінші, еріңізге бердім ерік,
Ол сіздің адал жарың мәңгі серік.
Үкім өткендегі есеп емес,
Сыйлаймын мұнан былай оған сеніп.
Екінші, таңдап жүріп жерін алсын,
Аралап мен басқарған жерді көріп. 580. Көптеген қауымы бар кәсіп еткен,
Берейін бір шаһарды өте берік.
Бар жалғыз қарындасым Ажар атты,
Беремін жақтырсаңыз етіп серік.
Осыны күйеуіңмен ақылдас та,
Қабыл ал лебізімді, кетпей жеріп.
Келгенде Намұрт сөзі осы араға,
– Тоқтаңыз, болды, – деген бұл Сара да.
Күйеуі Ибраһиммен ақылдасып,
Барыпты таңдап көшіп Африкаға.
590. Көшерде кеткен мұнан Ажарды алып,
Жайласқан Мәдинеге шаһар салып.
Таралып екі әйелден көптеп ұрпақ,
Сол жайда өсіп-өнген өркен жайып.
Ибраһим ұлты боп сол ұрпақтар,
Әлемге танылыпты қызыр дарып.
Еңбекшіл, күресшең боп соңғы ұрпағы,
Қолына алған дейді Кәләм шәріп.
Сараның көрдік бұл бір даналығын,
Ағартқан жау жүректің қаралығын.
Жамандыққа жақсылық істеп ақыр,
Сақтаған махаббаттың тазалығын.
Осындай өнегелі жандар өткен,
Әйгілеп дүниеге адалдығын.
Қиссасы Сара ананың бітті осылай,
605. Көрсетіп арлы жанның адамдығын.
СӘУКЕЛЕ
Алтай, Ертіс ежелден егіз есім,
Жасыл орман жайнатқан құбылысын.
Жазы жәннат дегенмен, қысы қырау,
Ғасырлардың қарсы алған дүлей қысын.
Шоқыларын сұлатып тұман шалған,
Талай жанның тасында ізі қалған.
Сол бір заман өксітіп аруларын,
Арыла алмай өтіпті мұң мен зардан.
Соның бірі Сәукеле елге таныс, 10. Басып өткен іздері қалса да алыс.
Ұлты басқа болса да, діні басқа,
Тарих үшін жырладым болсын қалыс.
Шежірелер тарихтың соңындағы,
Деректерге қарасаң қолыңдағы.
Алтайды әуел кезек қоныс еткен
Көшпелі моңғұл, қазақ бұрындағы.
Барсаң да қайда самғап тарих керек,
Салғаның жөні саралап, алтын елек.
Талайдың аңсары ауған Алтай тауға, 20. Қоңтажы келе қапты тым ертерек.
Ол заман бу көретін хан нәсілі,
Тарих өткерсе де сан ғасырды.
Дүние күңгірт тартып бара жатыр,
Сездірмей тылсым өмір жанға сырды.
Қоңтажы кетуі рас кезінде ауып,
Жалған сөз «ауды деген қазақ шауып».
Шындығын сол тарихтың жазбақшымын,
Шежіре бабалардан алдық тауып.
Қоңтажы төрт ғасырдан бұрын өткен, 30. Отыз ру соянға үкім еткен.
“Ақсүйек хан нәсілі, төремін” деп,
Қан тамып қылышынан дүрілдеткен.
Жетпістің екеуінде хандық құрған,
Тұлғасын қара күштің сай қып құрған.
Уәзір жасағымен сақадай сай,
Аумағын алып күштер аңдып тұрған.
Елінен отыз сұмын жасақ салып,
Қорғайды бақ-дәулетін насаттанып.
Не білгір, не шешендер алдында жүр, 40. Бәрі де жалғыз жанға жақсы атанып.
Мен оның бақ-дәулетін жоқтамаймын,
Әулеті, сәулеті деп тоқтамаймын.
Қисынсыз жалған жала, күйе жағып,
Біреудің естіп едім оттағанын.
Ол өзі қатыгез жан елден асқан,
Көз жасты мөлтілдетіп жерге басқан.
Алтайды алақанмен басып тұрып,
Аранын аш бөрідей Сауырға ашқан.
Дөрбілжін, Қобық – Сауыр уаңдарын, 50. Қорқытып алған талай жуандарын.
Тап берсе, қалағанын тартып алып,
Қарсы келсе қандасып қуар дәйім.
Еңіреді қара жұрт езілгеннен,
Ол мақұрым әділ жол сезінгеннен.
Ананың жалғыз қызын тартып алып,
Үнін қосып зарлатты бозінгенмен.
Кіндіксіз атамұра секілденген,
Тағдыры иімеді өкінгенмен.
Шыдамай жолсыз қылған озбырлыққа, 60. Сауыр да Гүң уаңнан өкіл келген.
Таралға тарту жолы көрінді олақ,
Бір қамшы, бір пышақ бар өзі шолақ.
Ат, түйе, алтын-күміс келмеген соң,
Қоңтажы Гүң уаңға қойды сұрақ.
Шеше алмады бұл істің мәнін біліп,
Ар көрді сұрауға елін жиып.
“Келеке қып жіберген тартуы” деп,
Бет қаратпай елшісін салды қуып.
Елшісі Гүң уаңның қайта келді, 70. Шешуін жұмбағының айта келді.
Өзінен білімді, артық көрінген соң,
Күн санап күндестігі артады енді.
Жіберген шолақ пышақ, шолақ қамшы,
Жұмбақ тілмен оятқан еді жаршы.
Шолақ тілді, шолақ қол халық саған
Шығады дегені еді ертең қарсы.
Қоңтажы заманында шалқып тұрған,
Бір сұлу қызы бопты онан туған.
Көрген жан келбетіне ғашық болып, 80. Жолына құрбан етіп жанын қиған.
Сәукеле көрікті еді сұлу біткен,
Жасанып хан сарайда жанын күткен.
Тотыдай түрленеді бақшадағы,
Алқызыл нұры тамып алма беттен.
Жасы оның он жетінің шамасында,
Орыны қыз біткеннің жағасында.
Жастардың Сәукелесі ед тамсанарлық,
Еліне артық еді бағасы да.
Тал бойы ұзын да емес, қысқа да емес, 90. Аузынан шыққан лебіз нұсқа-кеңес.
Сөзіне үлкен-кіші балдай ұйып,
Айтқанын, әсте, жерге тастар емес.
Толғанып өсе берді толған айдай,
Ұнасып қос жанарға ақша маңдай.
Елінде ерке сұлу көз салады,
Болашақ болар шіркін әлдеқандай.
Жасағын қара соян басқаратын,
Дұшпаны айбарынан жасқанатын.
Себілдір деген батыр шығып еді, 100. Сайысса қас батырдай қасқаятын.
Басы оның тай қазанның шарасындай,
Жауырыны кең жайлаудың саласындай.
Тепсінген тегеурінді сойдай адам,
Бір тауды иыққа сап алатындай.
Айдары аш беліне түсетұғын,
Арақты шөлмегімен ішетұғын.
Жаралған сом денесі сұлу екен,
Келіспес бір жері жоқ мүшесінің.
Садағын тоғыз батыр ие алмаған, 110. Сауытын қырық батыр кие алмаған.
Моңғұлдың мың жылғы өткен тарихында,
Ондай боп ешбір ұлан жаралмаған.
Бойы оның зәулім шынар, алып терек,
Хан дағы көреді екен елден ерек.
Жүрегін жастық жалын шалып кетіп,
Көз қырын Сәукелеге салса керек.
Жастықтың шалқымалы дәуірі ғой,
Себілдір замандастың тәуірі ғой.
Көңілге ғашық дерті ұяласа, 120. Жас жанға соқпа дерттің ауыры ғой.
Сытылып сабырлы ойдың тежемінен,
Жасырып өсек тілдің кезебінен.
Тіл қатты Сәукелеге, сырын шертті,
Орын ап ғашық жалын өзегінен.
Ұсынды жол бойынша күрең құты,
– Қабыл көр, – деді, – бикеш сұлу, тоты.
Мен қар есіктегі күзетшіңмін,
Сен ару ханышасың ханның ұрқы.
Сен күнсің көкте бейне күлімдеген,
130. Түсте көрсем өңімде көрінбеген.
Сен мені құтқара көр, Сәукележан,
Қоштасып кеткелі тұр өмір менен.
Сен менің жұлдызымсың жанып тұрған,
Бекзатсың хан сарайда жалғыз туған.
Армансыз бұл жалғанда болар едім,
Жолыңда, Сәукележан, болсам құрбан.
Мен қара, сен ханыша, хан еркесі,
Не болар өмірімнің күні ертесі.
Ішімде ғашық оты лауылдайды, 140. Жандырып жүрегімді қыз білтесі.
Кім білсін сен тобылғы, мен тораңғы,
Күзетіп қаламын ба жат қораңды.
Өртеніп ғашық отқа жанып барам,
Есті едің есіркей көр, тос боранды. —
Деп жігіт жүрек сырды білдіреді,
Күн санап ғашық жалын күйдіреді.
Тәкаппар, асқақ өскен ханның қызы,
Қарай ма қараларға кім біледі?!
Арпалыс ғашық дерттің тепкісінде 150. Ұйқысыз нелер қиын атты түн де.
Азапты ауру адам секілденіп,
Әйтеуір Себілдірде қапты сүлде.
Қыз сүйсе қырсығы жоқ, жігіт бақты,
Ғашық дерті қызға дағы отын жақты.
Әр күні жая тастың төбесінде
Жас жандар ғашық дерттің емін тапты.
Осындай күндер өтті, күлім қақты,
Шәрбаты махаббаттың болып тәтті.
Сайрандап үш шоқыны мекен етіп, 160. Жастарда қызық думан қызып жатты.
Көңілі Себілдірдің жүрді шалқып,
Махаббат қызығына бойы балқып.
Махаббат тұнығына лай құйып,
Кетпесе болғаны ғой қызы тайқып.
Дүрбіттен осы кезде біреу шықты,
Өзі мерген деседі, өзі мықты.
Тіресіп оған ешкім беттемейді,
Хан-төре, балуанын түгел жықты.
Даңсалы бұл жігіттің аты – Сұңғат, 170. Бар біткен өнеріне сұлу сымбат.
Шақырып хан қасынан орын берді,
Ерекше жас батырмен құрды сұхбат.
Қара деп санамады жұрт қорашы,
Болған соң хан сарайдың бір жорасы.
Кең маңдай, жайсаң сары дегендей-ақ,
Арда емген көк дөнендей ер тұлғасы.
Қараға хандық затын бұлдамаған,
Көңіліне тәкаппарлық орнамаған.
Ойнады Сәукеле қыз, жатсынбады, 180. Тұрған соң бақыт құшып қолда заман.
Қоздырды сұлу пері делебесін,
Құртты да ғашық жалын кенересін.
Қараның қалбағайлы батырына
Теңер ме хан аруы терезесін.
Күн өтіп, айлар жылжып келе берді,
Жайраңдап жастар да ойнап күле берді.
Сұңғаттың салмақты әзіл-қалжыңынан
Қыз дағы тылсым сырды біле берді.
Асау ой, албырт көңіл толқымалы, 190. Тентек қыз теңін іздеп жұлқынады.
Бір сүю бір жүрекке ұнасар ед,
Өсекке қалмаса игі қыз тұрағы.
Қызықшыл әйел құрғыр кім біледі,
Дүние сонша қызық, күлгірме еді.
Сұңғатқа қыз ниеті ауып кетті,
Айтуға бөтен жауап үлгермеді.
Қонған бақ Қоңтажыға таудан биік,
Жылан да жер бетіне жүр ғой сиып.
Осқырып жат ауылға тұрыпты Алтай, 200. Гүлдерін көркейте алмай алтын ұйық.
Таласып жауқазынмен ерте көктеп,
Хандығын Қоңтажы да тұрды өбектеп.
Дүние бір алдамшы құс екен ғой,
Бірге қонып, біреуі шолып өтпек.
Хандықтың ұсталды да тасы күрең,
Бақ-байлық ақ соянға қонды кілең.
Моңғұлдық ата салтын ескерместен,
Сәукеле еркелікке басты білем.
Жел соқса гүл еріксіз ырғалады, 210. Хан қызы ғашық дертке шырмалады.
Бір өзі екі жанға ғашық болып,
Сәукеле салды өзіне шырғалаңды.
Қызғаныш Себілдірдің еркін алып,
Ішінен қапаланды күйіп-жанып.
Сұңғаттың көзін мәңгі жоғалтпаса,
Жас жүрек тынышталсын енді нағып.
Себілдір ердің ері елден асқан,
Сүйгені Сәукеле қыз әуел бастан.
Айрылып жол ортада қалып қойса, 220. Емес пе анық намыс қара басқа.
Сұңғат та өркөкірек ісік кеуде,
Алыпсоқ дайын еді тартып жеуге.
Сом біткен мойыл дене, қызба жігіт,
Ежелден жаны құмар батыр деуге.
Суық сөз елден-елге тарай берді,
Елеңдеп сұмдықшыл көз қарай берді.
Шырмалған ғашық дертке екі жасты
Сыртынан руластар аяйды енді.
Борандай қыздың шашын ұйпалаған, 230. Қырғидай торғай іліп боршалаған.
Тынымсыз өсек гулеп кетіп жатты,
Қылығын қос батырдың қор санаған.
Асаудай албырт жүрек ала қашқан,
Аюдай ақырысып жемтік басқан.
Жоғалтып бірін-бірі жіберуге,
Сайысып талай рет күш сынасқан.
Пар келіп екеуінің қара күші,
Бұзылып сұстанады өңі-түсі.
Істесіп сан қияпат қылықтарын, 240. Қалмапты бір-біріне істер ісі.
Сәукеле екеуін де тең көреді,
Өзінше осы жолын жөн көреді.
Күн санап күндестіктер қоза беріп,
Шашылып құпия сыр, ел біледі.
Ханның да құлағына шалынады,
Шамданып, шамырқанып тарылады.
– Қараға хан басымды қорламан, – деп,
Ақырып, айбар шегіп қағынады.
Қызына байланған соң жаман атақ,
250. Кәрі хан ашуланды қаһар жасап.
Қарманып қанды шеңгел салмақ болды,
Сақадай сайланып тұр қанды жасақ.
Хан жиды әрбір ару тайпаларды,
Шойындай шой қара бас шайқалады.
“Қорланды хан нәсілім қараға”, – деп,
Оңайға тоқтамасы байқалады.
“Құлдарым есіктегі құтырмасын,
Білсін ол менен қашып құтылмасын”.
Айбар сөз қызына да айтып салды, 260. – Мәлім ет, – деп, – басынан құш ұшырмадым.
Екі ерді таспен атып, көмем, – деді,
Не келеді қолынан көрем, – деді.
Құтырды құл жабылып қорашыдан,
Қызға да ауыр жаза берем, – деді.
Аққандай Ертіс тулап сабасында,
Көпірді хан қасарып жағасында.
Еліне зілді жауап салып отыр,
Қалдым деп дұшпандардың табасына.
Өрлесең Ертіс басы жалғыз ағаш, 270. Ол күнде бақ күндестер жерге талас.
Қырқысып бірін-бірі тынши алмай,
Бездірген өз туысын етіп алаш.
Ақ тышқан, шегір тайдың дарасынан,
Бір батыр шықты соян баласынан.
Аты оның – Әмірсана қара соян,
Дәл осы қанды қуған жаясынан.
Ер екен жауын көрсе кектенерлік,
Дұшпаны атын естіп сескенерлік.
Ағалап хандық елді алға шыққан, 280. Бар екен бір басында біткен ерлік.
Аюды лақтай ғып бұраушы еді,
Ат көтеріп өз күшін сынаушы еді.
Дау-шарда, талас-тартыс әділ сөйлеп,
Еліне Әмірсана ұнаушы еді.
Елі күлсе бірлікте күлуші еді,
Ел қайғысы мендік деп білуші еді.
Ержүрек парасаты елден асып,
Алға ұстап қара соян сенуші еді.
Ханға қарсы шаба алаған тұңғыш рет, 290. Садақ атса, құс түсті көкке шіреп.
“Атылмасын екі жас бейуаза”, – деп,
Ханына елші салып, қойды тілек.
Ел тілегі қосылып бұл тілекке,
Ел ниеті ауыпты бір ниетке.
Кәрі жанға қасқайып жауаптасып,
Моңғұлды бөлді ақыры екі үйекке.
Қоңтажы екеуінің көзін жоймақ,
“Кәртейгенде тағымды жүр, – деп – қорлап.
Әмірсана араға түсіп отыр, 300. Екі жасты өлтірмеу қамын ойлап.
– Отқа түссе кім төзер жақын-туыс,
Екі жасты өлтірмеу – деді – дұрыс.
Қауым жұрттың арызын айтса дағы,
Иланбады Қоңтажы кәрі қырыс.
Себілдір, Сұңғатқа да беріп ақыл,
Сан сұңғыла сөздерден салып нақыл.
Көбелектей шырмалып, шоққа айналып,
Ерлік істе біреуің болып мақұл.
Біреуіңе бер дағы, бірің шегін,
310. Қуыспаңдар бұл істің артық-кемін.
Әмірсана толғана түптен сөйлеп,
Бұл істің болжап отыр арғы тегін.
– Шырағым, есің бар ма, Себілдір, – деп,
Ақылмен болды мұны шегіндірмек.
Бір қыз үшін екі ердің басы кетсе,
Ойлаушы сұмдық істің тегін біл, – деп.
– Отырмыз қалың ел боп отыз сұмын,
Бұл жұрттың мен білемін жайы-күйін.
Таңдап көр бір сұлуды өзің сүйіп,
320. Халқыңның көрсетейін сізге сыйын.
Қой дағы Қоңтажының Сәукелесін,
Көрейік дүрбіттердің әуселесін.
Жалынып Әмірсана зарлап отыр,
Өсіріп Себілдірдің мәртебесін.
Себілдір бордай болып егіледі,
Көз жасы көлдей болып төгіледі.
– Айрылып Сәукеледен жүргенімше,
Ажалға дайынмын, – деп жүгінеді.
Онан соң: – Бауыр Сұңғат, келші, – деді,
330. Жолыңды Себілдірге берші, – деді.
Екеуің бір әйелге таласқанша,
Ата заң, ел салтына ерсі, – деді.
Шамданып, бұған Сұңғат ашуланып,
Іс қылып азаматқа ашынарлық.
– Сүйікті Сәукеле қыз, ғашық жарым,
Қанша күшің бар еді басынарлық.
Қара соян күшіңді көремін – деп,
Мен қалай Сәукелемді беремін, – деп.
Әзірлеп бес қаруын сақадай сай,
340. Жолында Сәукеленің өлемін, – деп.
Өзіне Себілдірді жақын көріп,
Әмірсана жалынады ақыл беріп.
Сөйлесті Сәукелеге кісі салып,
Тұрғанда ханшаның басында ерік.
Наз етті Сәукелеге кінә тағып,
Екі ерге жалғыз басын жүрген таңып.
Көрсеқызар жастықпен әдеп бұзып,
Ер басына тудырды қатер-қауіп.
Ел басына түсірді ауыр салмақ, 350. Ел салтында жоқ еді екі ер алмақ.
Халық болып қорғайық бостандығын,
Ерікті сүйсін өзі бірін таңдап.
Ел бүлінер ер өліп туып шатақ,
Қыз соңына ереді жаман атақ.
Бірін таңдап Сәукеле сүйем десе,
Мен қорғайын жолына қасам жасап.
Қыз айтты: – Екеуін де сүйемін, – деп,
Ортақ боп екеуіне жүремін, – деп.
Күнім кетсе басымнан бағым тайып, 360. Жолында екеуінің өлемін, – деп.
Малы емеспін, әкемнің жалғызымын,
Өзге емеспін, өзіндей хан қызымын.
Бостандыққа, еркіме қол сұға ма?
Ондай болса құрысын хандық түзім.
Ғашық жалын жүрегін шалып кеткен,
Бойын билеп ақылын алып кеткен.
Құмартты да соңында қу арманның,
Қайта алмады үшеуі тайып серттен.
Тау тағысы секілді бедірейіп, 370. Бұқадай сүзісетін күжірейіп.
Тар қыспақ қия жолдан тоса қалды,
Атқалы бақталасын ежірейіп.
Оның да істегені машық еді,
Өнері тұстасынан асып еді.
Жебені дарытпады, қағып алды,
Келтіре қос өкпеден басып еді.
Үйіріп бос мойынды талай рет,
Қаршылдап көк сүңгілер тұрды шіреп.
Дал болып екі батыр ажырасты, 380. Шақырып ой теңізі қара шүңет.
Ағады әсем бұлақ сылдыр қағып,
Бәрі де бәсекемен барады ағып.
Ақ қайың ырғалады сұлық сері,
Шолпысы шұғынықтан үкі тағып.
Ершідей шотын алған тоқылдауық,
Жоқтап жүр көкек кімді сұңқылдауық.
Үш шоқы мелшірейіп тұр қалпында,
Нажағай қорқыта алмас жарқылдауық.
Секілді сорлы көкек сынық қанат, 390. Себілдір қалды өміге селқос қарап.
Дертіне махаббаттың шалықты да,
Тартады қапалықпен асау арақ.
Жыныс орман, тауда өзен гүрілдейді,
Өсек өріп тынымсыз сөз гулейді.
Май болып махаббатқа еріп кеткен,
Сұңғат түкті сезбейді, күйінбейді.
Елден оқшау қалған соң дараланып,
Өсек сөзбен жүректері жараланып.
Екі батыр қонаққа шақырылды, 400. Кенет бір күн хан жақтан аяланып.
Батыр аңғал, рас сөз ежелдегі,
Сезілмеді қатерлі оқ кезелгені.
Сол қонақта шынжырлап алған екен,
Аюдай күші басым көзелдері.
Баяғы шой қара тас қалпын сақтап,
Қойғандай көк құрышпен сыртын қаптап.
Мәңгіге мұз жүрегі жылынбастай,
Қойсаң да миллион ғасыр күнге қақтап.
Секілді қаңтардағы қарлы боран, 410. Ашудан қайтар емес кәрі ноян.
Екі жікке бөлінеді ерегеспе,
Ханға төтеп бере ме қара соян.
Он екі бек жиылып осы кезде,
Хан тентегін халқымен салды тезге.
Хан халыққа бергенсіп жатып алды,
Сайқалдығы болса да көрер көзге.
Кітап ашып лама үкім кеспек,
Әдепсізді өлтіріп, істі шешпек.
Дау-жанжал ұзақ талқы болып кетті, 420. Біреу баяу сөйлесе, біреу күштеп.
– Дарға асып өлтірсек болар, – дейді,
– Ғибрат алып ел іші оңар, – дейді.
– Қызды тірі тастасақ ерге қоспай,
У жайлап қызыл гүлі солар, – дейді.
Уәзір жасағымен сайланып тұр,
Істің арты жаманға айналып тұр.
Бүктүсіп Сәукеле қыз жатып қалды,
Сүйікті екі досы байланып тұр.
Мұңлы орман мүләйіп иіп басын,
430. Сәукеленің қоршады жая тасын.
Аласұрып аптығып жасауылдар,
Күзетті тас бекітіп хан ордасын.
Екі ерді таспен атып көмбек болды,
Жазаның ең ауырын бермек болды.
Үш ғашықтың кеңесі ұлан жаздай,
Отыз сұмын моңғұлға ермек болды.
Қарағайдың етегі текше жұртта,
Ор қазылды көрсетіп қауым жұртқа.
Орға тірі тасталып екі жігіт, 440. Тартылыпты осылай заңсыз сотқа.
Қайда дерсіз аруы махаббаттың,
Болып кетіп жүр ме екен арға сатқын.
Махаббаттың жолында жанын қиып,
Теуіп кетті шәрбатын алтын тақтың.
Тоғыз қада түбіне әрі барып,
Ақтық рет қоштасты қадақ тағып.
Құстай ұшып келді де Сәукеле қыз,
Жаза орынға атылды топты жарып.
Ыршып келіп түсті де жаза орынға, 450. Қос білегін ұсынып қос мойынға.
Арманына жеткендей екі досы
Ізетпен қойды басын жас қойынға.
Бір жасақ бестен жебе жаудырады,
Керең боп қалды білем тау бұлағы.
Атылған сонша қалың жебелердің
Оларға бірде-бірі дарымады.
Әлемде жоқ ғажайып қылық болды,
Атылған тас шұңқырға лық толды.
Бұрқ етіп терісінен дауыл шығып, 460. Кезіне ақырзаман жуық болды.
Азадан асау өзен асты тулап,
Киелі жыныс орман кетті шулап.
Сұрапыл долы дауыл көкті үйіріп,
Жер әлем түтін бопты будақ-будақ.
Бет қарап жан иесі тұра алмаған,
Бір жерге адам басы құралмаған.
Тозғындап жан-жануар бет-бетімен,
Біреудің-біреу жөнін біле алмаған.
Айықты жеті сөтке шамасында, 470. Адамдар сыңсып орман арасында.
Қараса Сәукеле тұр алып пері,
Қорғаған екі батыр бар қасында.
Жақтырмай хан қылығын кәрі Бұрқан,
Шығыпты осындайлық ауыр шұрқан.
Бүкіл ел есеңгіреп алапаттан,
Табиғат дүниесі неткен тарпаң.
Халайық қалған кезде есеңгіреп,
Көңілі ханның дағы бәсеңірек.
Ол бұрын көрмеген соң үш шоқыны, 480. Бір сезім туылды да әсерлірек.
Қараса үшеуі де адам мүсін,
Мықтыдай мекен еткен орман ішін.
Бір қызды екі батыр ортаға алған,
Кәрі хан айырмады өңі-түсін.
Бұйралап қара шашын тарап тұрған,
Әлемге салқын жүзбен қарап тұрған.
Емес пе Сәукелесі алдындағы,
Көңілін асқар шыңға балап тұрған.
Амал не болғаннан соң наным солай, 490. Іс мәні болды дағы соған орай.
Үш мүсін, үш ғашыққа арнай сапты,
Бәрі де Көк Тәңірге емес пе оңай.
Ақ бұрқақ соқтырғанда Тәңір көктен,
Жандары жасыл құс боп ұшып кеткен.
Сәукеле махаббаттың пірі болып,
Мүсіні әлі күнге тұрады өктем.
Кеңесі болса дағы мылжың-қыртың,
Сенімі солай екен көне жұрттың.
Бұл сөздің мәні-жайын сұрастырып, 500. Алтайда Норызын деген шалдан ұқтым.
Аңыз бар аңыздарда ұғысарлық,
Ел тарихын білмеу де тоғышарлық.
Ханы әділ, халқына жайлы болса,
Қара жұрттың несі бар жұлысарлық.
Әмірсана Қоңтажы басындағы,
Аты қалған Ертістің тасындағы.
Екі мүсін сол екі батыр десек,
Сәукеле ме шынында қасындағы.
Махаббаттың пірі деп аңыз еткен, 510. Мөлшері бір мың жылдан бұрын өткен.
Үңілдім ішкі сырын ұғайын деп,
Пердесін діншіл тобыр жұлып беттен.
Ден қойып ділмар шалдың кеңесіне,
Нәз қойып Сәукеленің темесіне.
Екі ұлттың тарихынан дерек таптым,
Еліктеп сол ертектің елесіне.
Еңіреп етегіне қойып басын,
Жылады Сәукеленің сүйіп тасын.
Шындыққа өткен тарих көзді жібер, 520. Салиқа-Сәмен дағы айтты расын.
Тарихты талдай білу оңай емес,
Бастады тағы бір шал былай кеңес:
– Сәукеле жермен құрдас дегеніңіз,
Бәлки, бұл көне таным, бұлдыр елес.
Үш шоқы болуы анық адам мүсін,
Кім білер табиғаттың дүлей күшін.
Дүние өлі зат қой жер менен көк
Өзгертер қайсы тауды адам үшін.
Біреуін үш шоқының Жая дейміз,
530. Орманы басындағы сая дейміз.
Құлынның жаясындай жая тасқа,
Ат қойған бабаларды дана дейміз.
Сәукеле сол Жаяны мекен еткен,
Басына көлеңке қып орман еккен.
Жете алмай арманына ару бикеш,
Арманда асау марал бауырында өткен.
Шоқыда сол себепті аты қалған,
Қос жанар сөнерінде жасы тамған.
Батырып қызығына қызықты өмір, 540. Өтіпті жалт еткізіп соқпа жалған.
Басында екі шоқы – екі батыр,
Аңдысып садақ тартқан ізі жатыр.
Сондықтан Әмірсана, Қоңтажы боп,
Атанып ғасыр бойы келе жатыр.
Кірбеңшіл әдетіңнен қытымырлап,
Сен дағы мазаларсың құр сыбырлап.
Өткен соң өкінерсің санаулы өмір,
Бере алман сонда жауап мен қыбырлап.
Кер заман сүрдеуі бір алыс соқпақ, 550. Кім жетер бұлтаңына оны жоқтап.
Десе де делебеме тылсым болып,
Қалып ем Сәукелеге біраз тоқтап.
Қарарсың Сәукелеге сен де үңіліп,
Бәлки, бұл болмаса да гүл шұғынық.
Діні қырсау, хан қарақшы заманына
Тарихтың заң-зәкүнін алшы ұғынып.
Жете алман арманына ерте кетіп,
Қалатын кейінгілер ертек етіп.
Теңіздей тереңіне батар едің, 560. Біреуін сол тарихтың берсе шертіп.
Тарихқа айғақ болып атамекен,
Ұрпақтан-ұрпақ жалғап қалған екен.
Үш жастың қан қарызын қайтаруға
Қара жұрт ханмен соғыс салған екен.
Өлтіріп алғаннан соң ханның қызын,
Екі жақ бекініс қып таудың құзын.
Қарадан Әмірсана ханға шауып,
Тарихқа тайталаста тастады ізін.
Жайлаудан ел көшетін кезі болды, 570. Алтайдың қоңырсалқын күзі болды.
Тұқымын қара соян құрту үшін
Қолбасшы Қоңтажының өзі болды.
Соғысты бүкіл елге жайды дағы,
Сұстанып қас жауына алды дағы.
Жіберді мың жасақты сақадай-сай,
Хабарсыз жатқанында қарсы жағы.
Бастығы жалғыз жиен Батуба еді,
Екі ауыл ілік-шатыс тату еді.
Беделін нағашының қорғау үшін 580. Батуба айбарланған қатулы еді.
Шұлғытып ханның семіз құр аттарын,
Жапырып көк жайлаудың құрақтарын.
Ауылын Әмірсана қоршап алды,
Кесті де бекініс жол қыраттарын.
Хабарсыз жатқан ауыл суық тілден,
Жойқын жау тілсімденіп түнде тиген.
Үйіріп қанды қылыш, жарлық шашты,
Батуба шымдай темір сауыт киген.
Таң ата қанды қырғын басталады, 590. Қиратып жай түскендей баспананы.
Ешкім жоқ ұғатындай ақ-қараны,
Найзаға іліп тастап жас баланы.
Қан болып аққан дейді Доржы бұлақ,
Түскендей жалпақ елге зеңгір құлап.
Масайрап жатқан ауыл сар жайлауда,
Қараулап қызыл күні батты бірақ.
Жатаған малдай болып қалды өлік,
Батуба да қандай зұлым қанға жерік.
Ойнатып қылыш-найза алма-кезек, 600. Қылп еткен адамзатты қалса көріп.
Ауылды тайпасымен қырып салып,
Айдады төрт түлігін олжаға алып.
Жойқын мал жолға сыймай ылықсиды,
Батуба да құшырланды мейірі қанып.
Ауыл шауып, мал қуып батыр үстем,
Жеңгендей желігеді жойқын күшпен.
Күдір жол, қалың орман, аптық кеуде,
Кеш бата ұлы Ертіске әрең түскен.
Алдынан жапырылды жауы қашып, 610. Сойыпты тоқсан өгіз етін асып.
Тастады, тарылмады тасқа басып,
Барады бет қарамай белден асып.
Отындар мая-мая үйіліпті,
Майлы етке маңғаз көздер сүрініпті.
Орынын қу шақайдың тартып алып,
Шыбындай қызыл көрген жиылыпты.
Сорлаған қара соян тартып азап,
Десіп жүр барлығы да етіп мазақ.
“Көкесін” даяр етпен қамдайды деп, 620. Керулі төстіктерден жатты қажап.
Етке бөгіп жатам да бүгін тыныш,
Таң ата саламын деп үлкен ұрыс.
Батуба масайрады маңыздалып,
Тапқан соң мол қазына ырғын ырыс.
От маздап қу қарағай шатырлады,
Қарсы алып жатқандай-ақ батырлары.
Ылықсып олжа малға өзен толып,
Осындай мәртебесін асырған-ды.
Жадағай жатқан елге салып ойран, 630. Алысқан олжа бөліп ылғи молдан.
Соныны дүзе шалып аттар кетті,
Батырлар аунайды енді етке тойған.
Масайрап барлығы да болып қарық,
От маздап бір өзенді етті жарық.
Қасқырдың жемтік басқан нағыз өзі,
Сұмдарға еш жері жоқ таңырқарлық.
Зулаған бір мезетте дыбыс шықты,
Жүндей түтіп маздаған қызыл шоқты.
Белгісіз адам ба, әлде албасты ма? 640. Алдымен Батубанның өзін жықты.
Ат дүбір айғай-сүрен білінбейді,
Қылп еткен адам көзге көрінбейді.
Зулап кеп шыныдай тас басты жарып,
Шүмектеп аққан қандай дірілдейді.
Қашқынды қараңғыда сілейтеді,
Ағашқа аса қойып терейтеді.
Қасқырдай шаба бұғып, жатыр сұғып,
Білмейді-ау, жекпе-жекті кедей тегі.
Қызған кез Бату батыр ошақтары, 650. Таяған Әмірсана жасақтары.
Сыбанып, селебесін сайлап алған
Секілді аспазының қасаптары.
Жамылып жасыл қайың жапырағын,
Қоршап ап Батубанның атырабын.
Шуылдап етке түсіп жатқан кезде,
Үйірген қарсы беттен зақпыларын.
Жайратты қалың жауды жасыл түспей,
Қырыпты Әмірсана кіріп іштей.
Хан естіп ертесінде суық хабар, 660. Қалыпты долданғаннан асын ішпей.
Қашқандар жаяу-жалпы келіп жатыр,
Сұп-суық мұздай хабар беріп жатыр.
Өзгенің керегі жоқ, қара жұрт қой,
Жалғыз-ақ ауыр тиді Бату батыр.
Қызыл тон Қоңтажының қарындасы,
Жақыны, жанашырлы – ақылдасы.
Оның да ен дәулетке мұрагері,
Жалғызы – бүгінгі өлген Бату басы.
Отызға ілінбеген оның жасы, 670. Хан болып отыр тақта Қоң нағашы.
Шыр еткен үш әйелден көргені жоқ,
Дұшпаны күлмесе игі боп табасы.
Кәрі хан қайта шапты қатуланып,
Іс қылды өз жұртына ашынарлық.
Ежелгі бағынышты қарашалар,
Қанша күшің бар еді басынарлық.
Екі жақ бекіністі шығып тауға,
Айланды кешегі дос бүгін жауға.
Тартысып садақтарын қылп еткенге, 680. Әкетті бірін-бірі етіп сауға.
Жыртылып бет-перденің шырындары,
Жауығып ел арасы қиындады.
Іздесе табылмайды қу шақайлар,
Қисапсыз хан жасағы шығындалды.
Ашылып шақайының арандары,
Қорымға жатып алып адамдары.
Қамады Қоңтажыны бір шоқыға,
Қылыштар түссе төмен жалаңдады.
Зар етіп тамшы суға ұлықтарды, 690. Өзенге тірі пенде жуытпады.
Биіктен көбі тастап тартып еді,
Арқанын қыл садақпен қиып салды.
Осылай кәрі ханды торықтырды,
Соғыспен саң саңлақты зорықтырды.
Бөлініп Әмірсана өз ішінен,
Ел ауған алапатқа жолықтырды.
Не боранға дүзгендей бақал емен,
Қоңтажы қу түлкінің миын жеген.
Сенімді серіктерін жанына алып, 700. Із тастап ұлы өзенді көшті төмен.
Жасағын қолындағы жиып ұстап,
Жау күшін жағаласпен болды тоспақ.
“Тырнадан таз ашуын алғанындай”,
Халқына ол дағы ауыр салды қыспақ.
Қайдағы құрап, жамап өтірікті,
Адамды шетке шыққан өлтіріпті.
Шарпыды соғыс оты ой мен қырды,
Қалдырды ауыл-аймақ тіршілікті.
Қамыққан ел ісіне ханы да жоқ, 710. Хан қайғырды түскеннен соң тағына шоқ.
Қараны дос, хан жауым дегенімен,
Ол сөзде Әмірсана тағы да жоқ.
Жамандыққа ол кетті ниеті ауып,
Тамақ етті маңайын қырқай шауып.
Бір күні хан ордаға кіру үшін
Жайлады ол дағы бір хайла тауып.
Иіріп қалың жылқы әкелді де,
Байлады елеген мен кәтелді де.
Қалдырмай қатқан тұяқ ел маңына, 720. Үркітті кермедегі сетерді де.
Жіберді тулақ тағып шу асауға,
Ауылына Қоңтажының қоя салды.
Жылқымен жаяу жасақ араласып,
Тайсалмай хан ордаға тура салды.
Жылқысы бір өзеннің құрап қуған,
Неткен үрей десеңші кенет туған.
Әп-сәтте жауланып хан ордасы,
Көк тымақ қолға түсті жылап тұрған.
Қоңтажы ауып кетті осы жылы, 730. Тарихтың бізге таныс ішкі сыры.
Айланбай сол бетімен алыс кеткен,
Осы еді тоқсан жастан алған сыйы.
Алтайдан Қоңтажы хан кеткенде ауып,
Жей алмай Әмірсана тамақ тауып.
Қуғыншы, қу шақай деп аты шықты,
Алтайдың жайын жатқан елін шауып.
Еліне тоғыз құлтай жаулық жасап,
Әйгілі болып шықты қанды қасап.
Кәнігіп ұрлық, қулық, зұлымдыққа, 740. Кешегі селге кетті абырой-атақ.
Ұрлықпен елі тойып жарымады,
Ашығып тайпалы ауыл тарығады.
Қырғындап жайын жатқан қалың елін
Қыс-жазы жортуылмен сабылады.
Әрі асып адырлы алқап қолы барды,
Шайқады не керемет толыларды.
Жазықсыз қылыштады, қырып кетті,
Бейуаз жатқанында сорлыларды.
Рулы ел, тайпалы ауыл түгескенін, 750. Елінің естіген соң кеңестерін.
Түкібай қатуланып атқа мініп,
Жерлеген батыр еді егескенін.
Соғыс боп өр Алтайда қанды қырғын,
Қан сасып жоғарыда қалды бұлғын.
Шыдамай жекпе-жекке Әмірсана,
Майданнан осы жолы болды қуғын.
Түкібай батыр екен елден асқан,
Аптығын жауларының жалғыз басқан.
Теңесіп Түкібаймен соғыса алмай,
Шаңғымен Әмірсана Қобдаға асқан.
Тазартып жерін жаудан ер Түкібай,
Келіпті жазғасалым жыл құсындай.
Рухы өсіп рулы жұрт болып кетті, 764. Құрметте, есте сақта ерді осындай.
БӨКЕН ЖАРҒАҚ
Шертуші еді бабамыз
Бебеулетіп бір күйді.
Күйден көп сыр табасыз,
Білсең өмір-айдынды.
Бебеулейтін атқақтап,
Сыңғырлайтын аспандап.
Мың құбылған шертпе күй
Ерітетін ойды асқақтап.
Қатпары көп өмірге, 10. Сүңгіп ұшқыр көңілге.
Ирек жолды тарихтың
Бұлт шұбыртып көгінде.
Ағып келіп қиырдан,
Айдын көлге құйылған
Көп өзендей өмірдің
Сыры күйге жиылған.
Сыбызғыдан сырғанап,
Төгілсе күй бір ғажап.
Бойды билеп, ойды алар 20. Күй толқыны тулап-ақ.
Арманның ақ сұңқары
Болып шарлап жырларды,
Жігіт мұңын, қыз зарын
Бүгінгіге жалғайды.
Қыздың мұңы зарланған,
Көзден жасы парланған.
Бебеулейді, өксиді,
Шыңырауға айналған.
Қобыз үні жарасқан, 30. Қуысталған ағаштан.
Ондағы жүрек қылынан
Ұшқан күй мен қанатты ән.
Төрт тесікпен оюлап,
Жіппен орап, қиюлап,
Өңішімен бөкеннің
Қапталғаны порымды-ақ.
Сыбызғының бұл сыны
Қуантады күйшіні.
Онда “Бөкен жарғақтың”8 40. Сылдыр қағып тұр тілі.
Сылдыр қағып тұр тілі,
Жігіт тілі, қыз тілі.
Тұманды шақ, қапы өлім,
Шыңырау – құй сыр түбі.
Таңдай қағып таңданып,
Кейде өкініп, шамданып.
Естіген жұрт күй сырын
Отырады аңғарып.
...Бөкен, бөкен, ақ бөкен, 50. Әсем бөкен, сақ бөкен
Жұлдызша ағып зымырап,
Оқтан ұзап шап бөкен.
Бұрғы мүйіз бұрама,
Бұрма-бұрма, қынама.
Текесінің мүйізі-ай
Неткен әсем, сірә да!
Арқан бойы секіріп,
Тау таласа текіріп,
Көрмеген-ау тұяғы 60. Тасқа тисе кетіліп.
Сол бөкеннің жарғағын
Киген шағы шаруаның.
“Бөкен жарғақ” күйінің
Ашсақ терең қайнарын.
Жұтаң өмір, жұт заман,
Қайда онда құт заман.
Тарпаңдықпен табиғат
Қаншалап көп жұтты адам!
Міне, осы шақтардан, 70. Қалың-қалың қатпардан.
Терең ашып күй сырын,
Ата-бабам ақтарған.
Аумақты тау, айдала,
Шатқалы мол сай-сала.
Ақ теріскей төсінде
Боздайды қыз зар қаға.
Бойжеткен қыз егілед,
Көзден жасы төгілед.
Қайғы жарып жүрегін, 80. Қабырғасы сөгілед.
Қыз мұңына тегінде
Ашынған көп елі де.
Көп жүректер езіліп,
Көп тулаған сезім де.
Шолпанындай аспанның
Қырмызысы асқардың.
Осы қыздың мұң-зары
Ашынтқан көңілін жастардың.
Кілті емес пе күй жанның? 90. Араласқан сырға мұң.
Қыз ағасы Әлбатыр
Қыршын жанын қиған кім?
Қай ғасырда, қай шақта,
Сонау ерте-алшақта.
Тұрлауы жоқ бұлт заман
Шараны тым тар шақта.
Жұтаң, жұқа халі бар,
Жетім-жесір зары бар.
Тауда отырып бір түтін, 100. Тартқан бейнет қамы бар.
Иен тауда жалғыз үй,
Талшыққа тар, зарлы күй.
Тартыпты өмір оларға
Шері қалың қайғы сый.
Ауа қонған сай аттап,
Кеткен елден саяқтап.
Осы жесір-жетімнің
Айтам жәйін ардақтап.
Патша болған залымнан, 110. Бай малымен қағынған.
Күңіренген қалың ел
Бас көтермей алымнан.
Мал мен жаны қорғалмай,
Тозған халық торғайдай.
Жаратқанын жазғырған,
Болғаннан соң сормаңдай.
Иесі боп мәнсаптың,
Тұтқасы боп бай таптың.
Қожасы еді Жанқылыш 120. Жырғалаңдай алқаптың.
Жылқысы оның мол еді,
Қымызы жаз көлі еді.
Бақпаса оны жылқышы,
Мұндайлық бақ жоқ еді.
Жылқышы еді Байбосын,
Отарлатқан бай қосын.
Атамұра – тал құрық
Арқалаған бай көшін.
Көп бейнетті көрсе де, 130. Елден саяқ жүрсе де,
Бишән сынды жарымен
Бас құраған күркеде.
Айы туған оңынан,
Ақ Шолпаны солынан.
Әлбатыр мен Күләндай
Ұрпақ ерткен соңынан.
Күндері өтті, ай өтті,
Мұң басып жыл жәй өтті.
Жылай-жылай талпынып, 140. Ұл ержетті, қыз өсті.
Телім-телім ұл жүрді,
Өрім-өрім қыз жүрді.
Ұл мен қыздың күнінен
Жүрек үсіп, мұз кірді.
Кие жүріп жарғақты,
Отын алды, мал бақты.
Ар-намысты ата-ана
Қорланумен зар қақты.
Сол жылдардың бірінде, 150. Тышқан жылы кіруде,
Қағыршылық болды жаз,
Басып шаңдақ күнінде.
Жаңбыр жаумай, кербақты,
Желтоқсанда жел қатты.
Қақап кетті қаңтар да,
Шегедей боп жер қатты.
Нысаны деп бұл жұттың,
Үрей ұшып жүр жұрттың.
Жұтқа қарсы шама жоқ, 160. Жүдеу шағы ел-жұрттың.
Малын ойлап Жанқылыш,
Байламмен салды күш.
Жер шалдырып ұзақтан,
Бастады бір жарлық іс.
“Жұттан қашсақ, есебі,
Жылқы отарға көшеді.
Көктемде бір-ақ оралсын!”,
Бай жарлығы осы еді.
Бес қос жылқы көшті ұзақ, 170. Елден шалғай кетті ұзап.
Байбосындар не білсін,
Құрылғанын көп тұзақ.
...Қырау кірпік қыс келді,
Аспан сұрғылт түске енді.
Жұт нысаны ушығып,
Қыс та ерте түскен-ді.
Қарға малтып қарағай,
Шоқы шөкті баладай.
Төңкерілді сұрлы аспан 180. Жерді басып қалардай.
Соқыр, дүлей тұнжырап,
Басын тауға ұрғылап,
Қатпар-қатпар қара бұлт
Тау үстіне тұр құлап.
Көзін сүзіп аспанға,
Әлсіз қадам басқанға.
Аң біткеннің ажалы
Жетті қардан, тастан да.
Аязда үсіп құстар да, 190. Хал таппады ұшқанға.
Қарс айрылды дәу жартас
Айбарлы аяз қысқанда...
Міне, осындай жұт шақта
Бишәнді алып қыстаққа,
Кісі салды Жанқылыш
Күлән қызды құшпаққа.
“Тоқалдыққа Күләнды
Берсе болар ұнамды.
Жылы суға қол малып, 200. Көред қайыр-дұғамды”. –
Депті ұялмай Жанқылыш,
Айбарланып, сап ұрыс.
Жаушылар да жалақтап,
Сөздер айтты нәдұрыс.
Естіп, ана егілді,
Көзден жасы төгілді.
Балапанын бауырына ап,
Қабырғасы сөгілді.
– Жеткіз мұнан хабар, – деп,
210. Әкеңе азық апар, – деп,
Әлбатырды жүргізген
Әкесі ақыл табар, – деп.
Кімге шағад зар-мұңын,
Кең дүние тар күнін.
Езілді іші Күләннің,
Естіп ана зарлы үнін.
Басынды бай қузап көп,
Ана ашынды тулап кеп,
Қанжардай боп қадалды 220. Қыз жүрегін турап кек.
Бай сақалы сапсиған,
Майлы көзі шақшиған.
Қабандайын көрбиіп,
Қасқа тісі ақсиған.
Қыз түсіне бай кіріп,
Басты шошып қайғы бұлт.
Байдың үрей, зытынан
Ас ішпеді қайғырып.
Қайғы қайрат емес-ті, 230. Ана-бала кеңесті.
Бай қолында өлуге
Белді байлап егесті.
Деп атына ер салды,
Маңайына зер салды.
Бес аспабын дайындап,
Жүрер жолға көз салды.
Ана оралды шаужайға:
– Бақсақ керек аужайға.
Қорыталық ақылды, 240. Ойлап тәуір бір жайла.
Қарындасы да қайырылып,
Қайғы жұта майырылып,
Ағасын құшып, өтінді:
– Ойласайық, жай біліп...
Тыңдап сөзді тоқталды,
Келді ақылға ұстамды.
Ақылдасты бас қосып,
Жасап соңғы жоспарды.
Көрсе ұғып әркімнен, 250. Жолаушылап бай кеткен.
– Осындайда қамданып,
Құтылайық бұл дерттен.
Жазмыш салды, көнейік,
Байдан ірге бөлейік.
Тау үңгірін мекендеп,
Жазға дейін көрейік.
Өлсек өлдік сол тауда,
Жан бермейік дұшпанға.
Нағашы жұрт төркінге
260. Кетейік өтсек қыстан да. –
Десіп олар тоқтаған,
Аязға етін қақтаған.
Қарлы тауға сүңгіді
Жанқылыштан тайсап жан.
Иен тауда жалғыз үй,
Талшыққа тар, зарлы күй.
Міне, осылай бет алған
Жаралы жан, жарлы күй.
Жалғыз сиыр – бар малы, 270. Бір “саққұлақ” арланы.
Таудан тапты тас үңгір,
Бүрген – алды, қар – маңы.
Байдан қорлық көп көріп,
Көкірегін кек керіп,
Атамекен жерінен
Босқындады жөткеліп.
Бұлар тауда күн көрсін,
(Көз жастарын кім көрсін?)
Бағы тайған жандарға 280. Қоймақ еді кімдер сын?
Шолғындап мал отарын,
Қағылдап қарын жотаның,
Байбосынды іздейік
Бишәннің жан қосағын.
Тауды тұман бұлт басқан,
Жапан түзден құт қашқан.
Босқын-босқын аңдар жүр,
Ұша алмаған құс қатқан.
Қаптай басқан қарларды, 290. Көрсең басқан талдарды.
Шаңқан аппақ биелер
Жұлысқан жеп жалдарды.
Жылқы бетті оймыштап,
Қардың астын ойғыштап,
Тіске сыздық іздеген,
Тамыр қазып сорғыштап.
Қар да, аяз да тең тиген,
Бірінен бірі зор тиген.
Тоқпақ жалды айғырлар 300. Аштан өліп теңкиген.
Жылқышылар айқасты,
Қар-боранмен шайқасты.
Орман кесіп, талшық қып,
Долы қыспен байқасты.
Болды күні осылай
Жылқышы басы қосылмай.
Қар астына көмілген
Қостары жатыр қоңырқай.
Бай жылайды мал үшін, 310. Малшы жылайд жан үшін.
Жылқышылар апатта,
Қайрай түсті намысын.
Түнек болып бұлтты аспан,
Жердің жүзін жұт басқан.
Ақ мылтықтар атылып,
Сай-саладан құт қашқан.
Көрмегелі аспанды
Бір айдан да асқан-ды.
Қосқа келіп бір сөтке, 320. Қосылмаған бастары.
Жылқыны айдап кесінге,
Қосқа жай жоқ кетуге.
Байбосын жүр көксайда,
Мұрша жоқ бел шешуге.
Келмеген соң қосқа әлі,
“Жүр ме күрек ашқалы?” –
Десті келген жылқышы,
Қосылмақ ед бастары.
Шықты оны іздеуге, 330. Жылқыны да көздеуге.
Қар қалың, адым аштырмайт,
Жүріс қиын өрлеуге.
Жұтта жатпас жылқышы,
Андыздап жүр жылқысы.
Қатқан бәрі қаншырдай,
Бұрауланған жылқы іші.
Бір биік бет көшіпті,
Қаптал қары жосыпты.
Тау, теңіз боп көшкіні 340. Аңғарға ағып түсіпті.
Қарағайлар қирапты,
Шатқалға қар симапты.
Таз басындай тақырлап,
Бүкіл бетті қырнапты.
Жылқышылар шошынды,
Қимай аға – есілді.
Жаяулап түгел із шалды,
Күдіктенді, күрсінді.
Айқайлайды дауыстап, 350. Кетті үндері алыстап.
“Байбосын-ау, Байбосын!” –
Десті бүкіл тау-қыстақ.
Көшкін қарға көміліп,
Тұтамдай боп көрініп,
Құрық ұшы тұр екен,
Кетті түгел егіліп.
Салып ойбай, аттанды,
Жаңғыртты кең шатқалды.
Жылқышылар оншақты 360. Көшкінді ашты қатпарлы.
Балталармен оймыштап,
Ағаштармен қойғыштап,
Ашты қарды бір сөтке
Құрық маңын көзде ұстап.
Өтті өкпеден үскірік,
Беттер кетті істігіп.
Еріндері айырылып,
Бой дірілдеп, іш суып.
Көздер кетті қанталап, 370. Жөтел, қырыл – бәр тамақ.
Алды отырды сенделіп,
Халі кетті, шалқалап.
Қайратты тек қанағат,
Күш шығарған қабағат.
Үңгіп кірген көшкінді
Айбалтасын сайлап ап.
Тағы бір таң атқан шақ,
Қас-көзге мұз қатқан шақ.
Есіл елдің тағдырын 380. Айтты жылап, аттан сап.
– Таптым! – деді Қанағат,
Түршікті жұрт қабағат.
– Есіл ерден айырылдық! –
Деді естіртіп айқайлап.
Көрініпті аяғы,
Дал-дұл шалбар балағы.
Қарағай бойы қалың қар,
Алуға күш бар әлі.
Мөлдір жастар көзді алды,
390. Жігер қайта қозғалды.
Үнсіз қимыл жанба-жан
Жүректерден қозданды.
Жігер-қайрат есе артып,
Байбосынды алды босатып.
Жүрек қаны тоқтаған,
Бұл дүниеге қош айтып.
“Биік беттің көшкісі,
Жанқылыштың тепкісі,
Бауырын езіп өлтірген!” – 400. Деп қозғалды кек күші.
Шалса да үсік бет-жүзді,
Мәйітті қосқа жеткізді.
Дұға оқып, арулап
Жаназалық өткізді.
Қайрап бәрі қайратын,
Жасады кең жәннатын.
Жұма күні тигізді
Жерге марқұм жамбасын.
Кеуделерді кек керді, 410. Құзғын басты бөктерді.
Тазқаралар, құмайлар
Тартты жемтік-көкперді.
Көп жылқыны көшкін айдап,
Кеткен қырып қан сойдақ.
Қатты апатқа не амал бар,
Қалды бәрі көп сорлап.
“Өлмеген малын апарып,
Бай кек алар қасарып.
Берекемен бас қосып, 420. Баймен соғыс ашалық.
Туыс кегін алмасақ,
Жүрміз қайтіп жан құстап?!
Айдағанға көнетін
Кетпейік біз мал құсап!”
Қанағаттың бұл сөзін
Құптады сүртіп қос көзін.
Бар жылқышы кеуде ұрды,
Келтірмек боп бір кезін.
Тұрсын олар кектеніп, 430. Жылқы отардан жөткеліп.
Жанқылышпен сайысып,
Айқасқанша бет келіп.
Тауға барып келейін,
Жалғыз үй жайын білейін.
Бишән менен ұл-қыздың
Халін сөйлеп берейін.
Тас үңгірде жалғыз үй,
Тартты тауда зарлы күй.
Жалғыз сиыр медеуі, 440. Қар астында болды қи.
Қыстан әзер өткенде,
Келген кезде көктемге,
Ана, бала бозарып,
Құр сүлдері жеткенде.
Болды лайсаң жер беті,
Сай-саладан сел кетті.
Толды арналар аң-құсқа,
Айдын шалқар көл беті.
Тау көшіп, тас құлады, 450. Жыныс орман сұлады.
Үрейлі үндер тау іші,
Құқай құлақ тұнады.
Барлық жерді басты сел,
Төбелерден асты сел.
Тас үңгірін Бишәннің
Кенет келген жапты сел.
Бас көтермей жастықтан,
Дәрмені жоқ аштықтан.
Бишәнді кетті сел жұтып, 460. “Тамақ” құйып балшықтан.
Жан далбаса алысып,
Апатқа қарсы қарысып,
Әлбатыр мен Күлән жүр
Толқындармен қағысып.
Құлазып тау тынғанда,
Құзғын шулайт құз-жалда.
Қасқыр өліп қыратта,
Жаңғырыққан құздар да.
Екеуі де аш қалып, 470. Жеді құсты бассалып.
Әлбатыр мен Күлән жүр
Сел тұнбасын ақтарып.
Сарқып күшті бойдағы,
Ойылса да қолдары.
Тұнба жардың түбінен
Тапты ананы, қоймады.
Ардақты ана ақ маңдай,
Қолаң шашы мақпалдай.
Ұл-қызына (көзі ашық) 480. Мейір төніп жатқандай.
Солған жүзі ашаңдай,
Әжімсіз өң жасаңдай.
Соқса жүрек ұл-қызын
Кеудесіне басардай.
Ана мейірі жанға азық,
Ақ сүтіне қанған лық.
Аймалап өскен ұл мен қыз
Жоқтады ұзақ зар қағып.
Тау жаңғырта зарлады, 490. Көзден жасы парлады.
Секілді еді аққан бұл
Денедегі қандары.
Талықсыды, келді еске,
Бола ма енді көнбеске.
Қырық бесте қиылып,
Кетті-ау ана келмеске.
Мейірінен ананың
Жоқ қой енді қанарың.
Тағы талай жол басып, 500. Ойды екеуі табанын.
Ананы олар арқалап,
Әлі құрып, шаршап-ақ,
Зиратқа әзер жеткізді.
Мұңға батты барша алап.
Жатыр зират жаурап бәр,
Өксігендей аруақтар.
Құшақ жайып жер ана,
Иілгендей тау-қатпар.
Қойылды ана арулап, 510. Зират дөңді бауырлап.
Көңіл суып, көз ісіп,
Қайтты екеуі ауырлап.
Маңдайдан сор арылмас,
Болды аға-қарындас.
Әлемдегі жарлылар
Осыларман тағдырлас.
Тау да селден тазарған,
Аман қалып ажалдан,
Бала жігіт Әлбатыр 520. Сүйегі сом жаралған.
Жиырмада жасы бар,
Қыр гүліндей ашылар.
Қарақат көз, қыр мұрын,
Қою қара қасы бар.
Бидай өңді түсі бар,
Жолбарыстай күші бар.
Аң ауласа, құс атса,
Таң қалдырар ісі бар.
Әлбатырмен тетелі, 530. Зерек туған жетелі.
Қарындасы Күләннің
Толған айдай бет-өңі.
Жасы биыл он жеті,
Хор қызындай келбеті.
Мінезі бар жібектей,
Бар ішінде көп дерті.
Ақылды, әрі ойлы еді,
Дәл орташа бойлы еді.
Сүйегіне сүзілген 540. Көрген жанның көздері.
Сағынды олар әкені,
(Ұқпаған әлі қатерді).
Көріп мауқын басуға
Таудай тірек – дәт еді.
(Қашан хабар жетеді),
Ақыл қосты екеуі.
Тайсап тұрып тау жаққа,
Болды жер үй мекені.
Әкесі аман оралса, 550. Бас бір жерде бола алса,
Ана сөзін ақтамақ,
Жанқылыштан кек алса.
Жасау үшін тіршілік
Еңбектенді құлшынып.
Беттен-тастан ойды үй
Бір жаз бойы түртініп.
Мекен етіп тау жақты,
Шарлар кең аумақты.
Шатқалдардан аң аулап, 560. Садақ атып жан бақты.
Аң терісі жарғақты
Киім етіп тән жапты.
Күркесінде тынықты,
Кезіп келіп жан-жақты.
Көкшіл теңіз бетінде
Шықпай қалып шетіне.
Аққан ағаш секілді
Өмірлері өтуде.
Тұрлаусыз бұл сапарда 570. Өстіп жапа тартар ма?!
Қауіп-қатер көп әлі,
Барса елге қатарға.
Бұлар өстіп көрсін күн,
Айтар бәлкім серпінді үн.
Келді “Бөкен жарғақтың”
Күй арқауын келтіргім.
Сол жылғы жұт сор келіп,
Сел апаты мол келіп,
Төрт түлікті сыпырды. 580. Кетті адам да жерге еніп.
Мекен етіп бөктерді,
Жеркепе еткен беттерді.
Төрт-бес үйлі шаруа бар,
Баққан аңмен шиеттерді.
Осындағы аз жанды
Жақсы азықпен қамдауды,
Көңілге алып Ердостың,
Жігер оты қозданды.
Кезді тауда бөктерді, 590. Атты аңды, кептерді.
Талшық етіп бірнеше үй,
Ас-суына септеді.
Ыстығында июльдің,
Біріменен шиырдың
Тауға тартты аңшы Ердос.
Аңын алмақ қиырдың.
Қожыр тасты қоңыр тау,
Түксиеді, жатырқау,
Иен тауды кезді кеп, 600. Жалғыз Ердос жабырқау.
Түс қияр шақ, күн ашық,
Аяғын ол тез басып,
Аш кезеңге шықты өрлеп,
Аң табуға боп асық.
Аштықтан жүріп бұралып,
Көз қанталап, қызарып.
Көзге ілінсе қандай аң,
Атып алмақ қуанып.
Оқ жетер жер – жырада, 610. Бүргені мол құлама.
Көрінді аңның бөксесі,
Жаңсақ емес, сірә да.
Арасында бүргеннің,
Қалқалана кіргенін,
Көрді ағарған таңынан
Жалақ іздеп жүргенін.
Болса керек ақбөкен,
(Желге қарсы жақта екен).
Ағараңдап бөксесі, 620. Оққа ілінер шақта екен.
Ердос алып садағын,
Түйе қарап қабағын.
Тартып қалды тізерлеп,
Тартып ішке танауын.
Бір жығылып тұрды ол,
Артқа мойын бұрды ол.
“Аң емес, адам екен ғой,
Неткен жазым, ақау, бұл?” –
Деп түсіріп садағын, 630. Уқалады жанарын.
Таңдай қаға тамсанып,
Кермек шалды тамағын.
Тұрды әлгі адам, жығылды,
Сұмдық болды бұл ғұрлы.
Ет жүрегі Ердостың
Аузына кеп тығылды.
Алға қарай жүгірді,
Асығып та жығылды.
Қайта тұрып ұмтылды, 640. Термен беті жуылды.
Кетті аяғы сенделіп,
Сергелдеңдей меңденіп.
Өзін өзі ұмытты,
Өкініштен тербеліп.
Жырашыққа келгенде,
Атқан “аңын” көргенде,
Ұқсап қалды сілейіп,
Тірі тұрып өлгенге.
Тас мүсінге ұқсап қап, 650. Есін жиып үш аттап.
Талықсыған жігітті
Алды жерден құшақтап.
Еңіреді, боздады,
Көзі қарайып торланды.
Қанға батқан сорлы жан
Қас-кірпігін қозғады.
Көзі кекпен сұқтанбай,
Опық жанды ұққандай.
Танауынан болды әзер 660. Бір тыныс дем шыққандай.
Бірақ аузын ашқанда,
Танау қушық тартқанда,
Естен танды Ердос та,
Иегін ол қаққанда.
Қарайды Ердос абайлап,
Әрі жылап, әрі ойлап.
Бөкен келер жер екен,
Ашысы бар жар ойнақ.
Аңдығаны түз серісі, 670. Кигені бөкен терісі.
Жүнін сыртқа қаратып,
Екен киіп келісі.
Тері іштен түймелі,
Мылпадайын илеуі.
Арланды аңдып атуға,
Жасап жүрген күйбеңі.
“Жазым болды неткен бұл?
Қиылды-ау бір қызыл гүл.
Қанын қалай ішкіздің, 680. Қай мүсәпір екен бұл?
Жазықсыз бір жаранға
Тиді оғым, жар Алла.
Жазықсыз қан құтқармас,
Бет алдым ба зауалға?”
Ол осылай зар жылап,
Бойдан кетіп әл-қуат.
Тұрған шақта сезікпен,
Келді біреу аңдып нақ.
Сыбдыры бар аяқтың, 690. Қалған екен таяп тым.
Көрінбейді бүргеннен
Жырада оң қанаттың.
Ердос қарғып өкпені,
Ұзақ алып оқ бойы.
Қалың бүрген ішінен
Сығалады, кетпеді.
Мойнында бар садағы,
Басқан аңдып қадамды.
Бір бойжеткен жыраға 700. Жылжып баяу барады.
Ердос отыр таңырқап,
Жасын төгіп жабырқап.
Өлді өзіндей жас жігіт,
Неткен тағдыр жаңылшақ!
Қыз да жетіп жыраға,
Кезіккендей ұраға.
Тіксініп, шорт тоқтады,
Жатыр сұлап Әл-аға.
Қолына алып садағын, 710. Маңына бір қарады.
Өліп жатқан жігітті
Ырғап, құшып барады.
“Аға” деп тез өшті үні,
Танғандай естен кескіні.
Өксіп-өксіп тұрды да,
Зар-зар қағып кетті үні.
– Аға, аға, жан аға,
Денең қызыл қан, аға.
Келді Күлән қарындасың,
720. Құлағың сал, Әл-аға!
Аға, аға, жан аға,
Мұң-зарыма нан, аға.
Қандай сұмнан жан үздің,
Жаным сенен садаға?!
Киікше өстік тау бағып,
Анадан жетім біз қалдық.
Тұяқ едік екеуміз,
Неге ел іздеп аумадық?
Бірге соққан жанымыз, 730. Бірге аққан қанымыз.
Сен кетіп, мен қалдым ба,
Неғып бүйтті халіміз?
Атам жоқта атам ең,
Анам жоқта анам ең,
Асқар белім, айдыным,
Өмірдегі панам ең.
Саған жеткен қазаның
Тарттым ауыр азабын.
Қандай қаскөй өзіңе 740. Атты екен оғын ажалдың?
Ақылды едің азбайтын,
Жалынды едің маздайтын.
Қалай сені аңдып кеп,
Қаныңды ішті қандай сұм?
Қыз осылай жоқтады,
Садағын ап оқтады.
Бозінгенше боздап ол,
Қарлығып үні тоқтады.
Қыз қимылын көргенде, 750. Ердос болды шерменде.
Бейне дала тарылып,
Қысты қатты көрден де.
Қыз үніне қосылды ол,
Көзден жасы жосып мол.
Көкке қарап тіленіп,
Тау-шыңдарға созды қол.
Күрсінгендей қапталдар,
Шашын жайып ақ талдар.
Шерлі шалдай үһілеп, 760. Түнереді қарт заңғар.
Шыдамай Ердос мұң-зарға,
Ұшпақ болды құздан да.
Өзін қайта тоқтатып,
Ажал күтті қыздан да.
Ол өзіне деп отыр:
“Қызда таудай кек отыр.
Кегін алсын жауынан,
Мені атпай қыз неге отыр?
Мұңына мұң қосамын, 770. Оғына кеудем тосамын.
Жазықсыз жаңсақ қан төктім,
Қалайша енді қашамын?!”
Осылайша ол толғанған,
Сыбызғысын қолға алған.
Бір зарлы күй бастады
Бебеу қаққан, долданған.
Секектеген бөкендей,
Шоршып-шоршып кетердей
Ұшқан құстай зымырап, 780. Көз ұшынан өтердей.
Сыдырып таудың қияғын,
Тасқа шекіп тұяғын,
Шыр айналған ақбөкен
Ащысын жалап жыраның.
Таудың жұтып бұлағын,
Бұлкілдетіп құлағын.
Аш кезеңнен асқандай,
Ертіп егіз лағын...
Несібін теріп өмірден, 790. Бүргенді бетті тебінген.
Тері киген аңшы ол
Бөкен болып көрінген.
– Қалың бүрген ішімен,
Ақбөкеннің түсімен.
Қалай ғана, сорлым-ай,
Көзіме кеп түсіп ең?!
Жаңсақ оқ дос танымас,
Жау емес ем қаны қас.
Қалды егіліп артыңда
800. Қайғысы мол қарындас.
Қандай жанның ұлы едің,
Қай төбенің гүлі едің?
Қанды кегін алсын қыз,
Осы еді шын тілегім...
Күй осылай толқындап,
Мың құбылды солқылдап.
Күйдің сырын ұғынды,
Құлақ сап қыз мол тыңдап.
Тартылып жан шерлері, 810. Қыз жүрегін тербеді.
Көздің жасын тоқтатып,
Күймен ойы меңдеді.
Қара қурай қолға алды,
Сыбызғы етіп толғанды.
Ағасына жоқтау қып,
Тартты күйді толғамды.
Күй ботадай боздады,
Шерлі мұңы қоздады.
Күй тыңдаған Ердостың 820. Достық шері қозғалды.
Күйдің соңы шымырап
Атқан оқтай зымырап,
Оқыс атқан жігіттің
Жан жүрегін суырат.
Ана зарын, арманын
Тауда қалай қалғанын.
Сағынышын әкенің
Күй қып шертті зарлаулы үн.
Бастап күймен жарысты, 830. Қайғы-шерді жайысты.
Қатулы қыз үн қатты,
Қабырғасы қайысты.
– Қандай жау ең, ей, сұм-ау,
Неге атасың бейкүнә-ау?!
Садағымның оғына
Жекпе-жекке кел мынау!
Ағам еді ол асылым,
Алтын сақа асығым.
Қанға қанды қайтарам,
840. Аға өлімін, ашуын...
Күй де тынды сорғалап,
Мамырлап, әрі жорғалап.
Тына қалды бір сәтке
Ашу кегі, о, ғажап!
Ердос енді қозғалды,
Ұшар құстай қомданды.
Сыбызғысын қолына ап,
Қызға таяу ол барды.
– Ей, дұшпаным, сен бе едің?
850. Сені іздеген мен едім.
Кел нысанаға, жаныңды үз,
Неткен жауыз пенде едің? –
Деді қыз тоқтады,
Садағын ап оқтады.
Тосты жігіт кеудесін,
Ақ өлімнен қорықпады.
Ашу керген зарлы қыз
Нысанаға алды қыз.
Тарта-тарта адырна 860. Қос қарынан талды қыз.
Мұң мен ойы қосылып,
Көзден жасы жосылып.
Босап кетіп садағы,
Қалды атпай тосылып.
Ердос берді садағын,
Ашық ұстап қабағын.
– Осымен ат мені, – деп
Жарқ еткізді жанарын.
Қыз қиғаштап солына,
870. Садақты алды қолына.
Діріл тартып тұрғандай
Садақ тартқан қолы да.
Ашу жиып қабаққа,
Нысанаға алып қарап та.
Ата алмады, қолынан
Жерге түсті садақ та.
Жігіт тартқан сол күйді,
Оймен толған ол қилы.
Басын ұстап оң қолы, 880. Қолаң шашы толқиды.
Жүрегі ауыр жарақат,
Отты көзбен қарақат.
Жалт қарады жігітке
Тартқандай бір парасат.
Жігіт айдай жарқын жүз,
Жабырқаулы салқын жүз.
Өжеттігін байқады ол,
Риясыз парқын қыз.
Бойжеткенге көз тастап, 890. Жігіт тағы сөз бастап.
– Кегіңді ал, қарындас! –
Деп алдында тұрды асқақ.
Күлән басын шайқады,
Істің мәнін байқады.
“Ашу – дұшпан, ақыл – дос”,
Бұлтша ыдырап тарқады.
– Ей, азамат, атар ем,
Қызыл қанға батар ең.
Қасым болсаң сен егер,
900. Опық күйін тартар ма ең?!
“Білмеген у ішеді”
Деген ойға түседі.
Халық айтқан асыл сөз
Маған ақыл-күш берді, –
Деп Күлән бас шайқады,
Садағы қолдан тайқады.
“Келсе алдыңа атаңның
Құнын кеш”, – деп айтады.
Атқан болсам саған серт, 910. Ата алмасам маған серт.
Атылмаған садағым
Саған да, маған да болды серт, –
Дегенде Ердос егілді,
Көзден жасы төгілді.
Әлбатырды құшты о да,
Қабырғасы сөгілді.
Қайта тұрды, қозғалды,
Сыбызғысын қолға алды.
Тартты күйін Ғазиздің, 920. Жосылдыра толғанды.
Күлән оған қосыла,
Көзден жасы жосыла,
Толқындата тартты күй
Ардақты аға, досына...
Таудан асып, шың құшып,
Шыңдармен бір шұлғысып,
Зеңгір көкте зарлы күй
Бебеу қағып жүрді ұшып.
Қырандай қанат қақты күй, 930. Тау-тасқа мұң шақты күй.
Толқынымен өзеннің
Шымырлана ақты күй.
Ердос пенен Күләннің
Жоқтау айтқан жыраның –
Күйін “Бөкен жарғақ” деп,
Жұрт осылай шығарды.
Тартып олар мол мұңды,
Ұзақ-ұзақ жол жүрді.
Ардақты ана қасына 940. Әлбатырды қондырды.
Етіп мәңгі ұмытпас,
Қойды оларға құлпытас.
Жасырылған жан жүзі,
Қалай көңіл суытпас?!
Тастан ойып кең жазды,
Ата-жөнін тең жазды.
Жоқтау күйін атақтап,
“Бөкен жарғақ” деп жазды.
Ердос оқып құранын, 950. Тіледі оған иманын.
Мұңлы мола мүлгіді,
Төскейден ап тұрағын.
Қоштасарда сүйекпен
Қыз егілді тілекпен.
– Кегіңді, аға, кешірдім,
Паң рухыңды тілеп мен.
Ағама басым бәй тіккем,
Қиям жаныңды қайтіп мен.
Опықты іске кек жүрмес,
960. Кесе алмадым артық мен.
Кешіре көр, ағатай,
Ақыл-кенім санаған.
Ерлігіне Ердостың
Қандай жауап таба алам?!
Қыздың тулап жүрегі,
Қызғылт тартып реңі,
Ұсынылды жігітке
Балдырғандай білегі.
Жігіт те ойын ұштады, 970. Қыз білегін ұстады.
– Үмітіңді ақтаймын
Жерден болсам тысқары.
Жігіт те терең толқыды,
Жүрегі тулап шоршыды.
Күләннің төселді
Басына кеуде, қолтығы...
Күншығыстан сол шақта,
Сонау адыр – қолқаттан
Құйын ба, ат тұяғы ма
980. Көзге түсті будақ шаң.
Аттылар жортып дөңдерден,
Кертіп өтті белдерден.
Зиратқа кеп кідірді,
Жас топырақпен көмкерген.
Екеуі өзен жағалап,
Келеді тау сағалап.
Секілді олар бір көштен
Сынып түскен сағанақ.
Секілді олар сағанақ, 990. Өзен бойын жағалап,
Тұнық суға жүз жуып,
Тыныс алған бағана-ақ.
Кең пейілді анадай,
Иә, кірсіз баладай.
Өзен бойы, орман, су,
Қасын күле қағады-ай.
Таяп келді шапқан топ,
Топ жұлдыздай аққан топ.
Ердос пенен Күлән да 1000. Далдаға өзін тартқан жоқ.
“Дұшпан болса шайқасып,
Қалайық бір байқасып.
Достар болса дәт көріп,
Жамырайық айқасып”.
Осы олардың байламы,
Сайлап тұрған жайлары.
Жақын таяп келгеннің
Қанық болды жай-мәні.
Достар болды анық бұл, 1010. Ердос күйін тартып тұр.
Топ бастаған Қанағат,
Күлән оны танып тұр.
“Бауырымдап” жылаумен,
Көрісті олар Күләнмен.
Құшақтасты Ердоспен
Көп амандық сұраумен.
Кектің отын қоздатып,
Жылқышылар қозғалып,
Баймен сайыс жасапты. 1020. Екеуіне айтты сөзді анық.
Бай қашырып ұйқысын,
Кетіріп елдің сиқысын.
Төлетпекші болыпты
Жұтқа кеткен жылқысын.
Жылқышылар ел үшін
Қозғалыпты тегі шын.
Жанқылышты жерлепті
Байбосынның кегі үшін.
Атқа мініп баптаған, 1030. Сойыл алып қақтаған.
Жауын түгел ойрандап,
Ел үмітін ақтаған...
Естіп Күлән әкенің,
Басына жеткен қатерін.
Ойбай салды қан жылап,
Құшты талып ат ерін.
Ердос барып сүйеді,
(О да іштен күйеді).
Көңіл айтып әкеге, 1040. Қайғыра қабақ түйеді.
Оқылғанда құран да,
Жиды есін Күлән да.
Жұрт та айтты жұбату
Ақыл қосып Күләнға.
Деді Күлән қайғырып:
– Әкеден қаппын айырылып.
Мен не деген сорлы едім,
Жастай қалдым майрылып.
Шешем менен Әл-ағам
1050. Орын алды сағадан.
Әкем бар ғой деуші едім
Тіреу болып қараған.
Неткен ғажап тағдыр ең,
Не ғып бізді аңдып ең?
Қақсататын сол ғұрлы
Мен құдайға нағып ем?
Біреу, екеу, үшті алдың,
Бізге ғана күш салдың.
Кетті өртеніп жүрегім, 1060. Мен де өлуге құштармын.
Артық едім мен кімнен,
Қорықпан мен де өлімнен.
Әке-шешем, ағамның
Орын алсам көрінен...
Қатты жылап сілесі,
Көптен кейін кірді есі.
Әрең зорға жұбатты
Туыстары, Ердосы.
Қайта ұғып мән-жайды, 1070. Істің бәрін аңғарды.
Жылқышылар жұбатты
Осы мұңлы жандарды.
Қосқа бәрі жиналды,
(Айтып сойған бір малды).
Неке қиды отаулап,
Ердос пенен Күләнды.
– Енді Құдай оңдасын,
Қызыр келіп қолдасын.
Отауыңа құт қонып,
1080. Бақыт келіп орнасын.
Тірлік қуған жолыңда
Еш жамандық болмасын.
Жамандық еткен жандарың
Өз көріне өзі оралсын... –
Деп Қанағат бата айтты,
Әрбір сөзін қатайтты.
“Жақсы ниет жанға азық”,
Жаралы көңілін сақайтты.
Байбосынның түтіні
Ұшты түзу – оңлы.
Кейде осылай болады
Тағдырдың зор үкімі.
Күләнға Ердос ұнасты,
Ата өмірі ұласты.
“Бөкен жарғақ” — мұң күйі
1096. Мұра боп елмен сырласты.
БҰЛҒЫН – СУСАР
І
Жұрт шерткен “Бұлғын-Сусар” күйдің аты,
Осы күй қандай істен шықты заты.
Бұлғын – қыз, Сусар – жігіт баяндалып,
Кешір, дос, болса жері шала-шарпы.
Міне, оған неше ғасыр болса дағы,
Біз үшін күйдің сыры сонша мәнді.
Өнердің өз иесін жаздым былай,
Талпынған талаптының сол сабағы.
Бірбай қарт Алтайды мекендеген, 10. Арманға албырт жаны жетем деген.
Қызы екен “Бұлғын” атты айдай сұлу,
Маралдай қыр басында секеңдеген.
Шыққанда он алтыдан он жетіге,
Жібермей қатал әке енді еркіне.
Ұлына Суырбайдың құда түсіп,
Мал алып жария етті жер бетіне.
Суырбай ел жуаны, бай болатын,
Құда боп, құда үйіне байлады атын.
Кәсібі баяғыдан ұрлық-зорлық, 20. Жан еді жаны құмар пайдаға тым.
Ал енді мына абырой тағы келді,
Қасқырдай ашты аранын қауып елді.
Ұлы оның Бектас деген бір алкеуде,
Үйленер кезі болып қалып еді.
Бұлғынды аламын деп масаттанды,
Жанында атқосшысы, жасақтары.
Ішіп-жеп “ұрын бару” тойын жасап,
Қаһарын жай халыққа шаша берді.
Былшиған әкесіндей бұл да быртық, 30. Сықсиып қарайтұғын көзі жыртық.
Құрт түсіп таңырайған шолақ танау,
Тұратын өз орнынан аулаққа үркіп.
Қап-қара, дәл бүйідей бет-бейнесі,
Тұрғандға ыржалақтап бейнесі осы.
Шошитын бұрын оны көрмеген жан,
Бойында “а” дегенде қалмай есі.
Шүйдесі жағалықты келген басып,
Жылылық сол сұрықсыз беттен қашып.
Жасы жас болса дағы мосқал дене, 40. Ел оны деп айтатын “Бектас пасық”.
“Бай-байға” дегендейін енді міне,
Қайынның қажы әулеті келеді үйіне.
Бұлғын қыз пысқырып та қарамады,
Тарылды ойда жоқта кең дүние.
Жеңгесі, жеңешесі келді сөгіп,
Құтырған адам, – дейді, –нербісі өсіп
Ертесі Бектас отыр оңаша үйде,
Жығылған қарақұстай жерді соғып.
Сұрқия Суырбайдың батырына 50. Ақылшы жолдастары, жақыны да.
– Сабыр ет, сабыр қыл, – деп жұбатты кеп,
Бұлғынжан түсер әлі ақылына.
Әрі көп ештеңеден хабары жоқ,
Ойлама мұны жолдың жаманы деп.
Бұлғынды сенен басқа кім алады?
Болмаса атастырған адамы жоқ.
Қамшысын білеп, Бектас ақырады:
– Ол маған болар ертең қатын әлі.
Көремін көнбегенін ол малғұнның, 60. Жыртық көз жын толғандай шатынады.
Өкіріп өз бетімен ол кетті де,
Күрсінді Бұлғын қайғы тербеп мүлде.
Аң екен, адам емес күйеу деген,
Жиренер қылығынан жер-көк мүлде.
Ұқса да қыз көңілін ата-анасы,
“Біржола боп кетті, – деп, – бата басы”.
Жорыды еркелікке барлығын да,
Жақын деп кейін екі жасы арасы.
Болған соң болдық деді ахиреттік, 70. Бұған қыз жауап берді жатып өксіп.
Тұйыққа қамалғандай сорлы аққуды
Алмақшы пұшық Бектас қатын етіп.
ІІ
Қызды мұң буды дағы алып ұрды,
Кешегі еркіндігі сағынулы.
“Бектасқа барсам, егер, шыныменен
Дүние қидым, – деді, – жарлығыңды”.
“Осы ма менің теңім?” деп өкінді,
Ол бәрі ойдағыдай көретін-ді.
Мінеки, жүз байталға басын сатып,
80. Әкесі “ақылға кел” деп өтінді.
Жастықты жуды жасы төгіліп пар,
Қай жанға дейді барып, мұны құтқар.
Ауа жоқ тыныстайтын, азаптанды ол,
Басына сұр шоқпары соғылып бір.
Жеңгеге ыржың қаққан тіл қатпады,
Кеш батты, жапты ауылды түн мақпалы.
Алмады ол көз шырымын, көрер таңнан,
Егілген жүрегінің тулап қаны.
Бергенде алакеуім таң да жарық, 90. “Асылып өлейін – деп, – талға барып”.
Ұрланып шықты ауылдан мұңлы сұлу,
Ойда жоқ батылдықпен таңғажайып.
“Әділет-әділет, – деп ыңырсыды,
Бал-шарап көріппін-ау бұрын суды.
Адалдық, өзің ғана жан жолдасым,
Мойныма түсті өлімнің шығыршығы”.
Аралап көк тоғайды жүре берді,
Орындар өз үкімін жүрек еді.
Қайғы менен қасірет өртеп ішін, 100. Қабағы қара бұлттай түнереді.
“Сезімнің бар, – деп, – алда ең ыстығы”,
Жел өксіп, көк күрсініп, жел ышқынды.
“Жеп ал” деп барымыздан біраз ғана,
Жаудырап жан-жағында жеміс тұрды.
Десекші қабырғаға қандай батты,
Жас Бұлғын алған беттен таймай бақты.
Көлденең бұтағына бір еменнің
Ақ торғын орамалын байлап жатты.
Боз бурыл жартастарға шөгіп бұлт, 110. Күн шықты көл ғашығын көріп тұрып.
Кенеттен Бұлғын селк ете қалды,
Бір адам келеді екен елік қуып.
ІІІ
Қалуға жасырынып үлгермеді,
Таң атпай елік қуған бұл кім еді.
Түйткілсіп әлгі адам да тұра қалды,
Елігі таудан асып, тындым болды.
Ұялып қыз желегін тістей берді,
Жігіт те түсінгендей іштей мұны7
Қасына жетіп келіп амандасып,
120. Барлығын жай-жадағай істей көрді.
Байлаған бұтаққа аппақ орамалды
Бұлғынға шешіп берді одан әрі.
Қыршын қыз тіршіліктен неге безсін,
Бар ойы жас аңшының соған ауды.
Қараса, аңшы жігіт қыр маралы,
Ай нұрындай қабақты, күн жанарлы.
Кірпігі құралайдың кірпігіндей,
Көзі оның мөлдір жасқа шыланады.
Қынай бел, тал шыбықтай бұраң бойлы, 130. Еткендей құндыз шашы құмар бойды.
Жас Сусар сұлу қызға: – Атың кім? – деп,
Ақырын әдеппенен сұрау қойды.
Көңілсіз, Бұлғын – деді қыз мұңайып,
Тоқтатқан жолыңыздан біздің айып.
Сақылдап күліп кетті Сусар сонда,
– Елікпен кетер дейсің кімді байып.
Қараса Бұлғын, сұлу мына жігіт,
Аспаннан түскен бейне қыран жігіт.
Тұлғасы тұтас болат секілді екен,
140. Бірақ та үндеген жоқ сыр алдырып.
Өрт жүзді, өткір көзді, биік қабақ,
Қойғандай қою қасын керіп қадап.
Екі кез, екі иығы – екі жақта,
Ұшардай осы бүркіт шүйіп қанат.
Сөйлесіп тұр жасқанбай шын ашылып,
Қиуада қыз сырына құлаш ұрып.
Ырғайдан аша басты сирағы бар,
Мылтығы иығында тұр асылып.
Шығады адамшылық қылығынан, 150. Көз алмай тұрды Бұлғын қыбырынан.
Жасынан құрбы-құрдас секілденді,
Қолына тарағын ап бұрығынан.
– Атыңыз өзіңіздің кім болады? –
Деді қыз қаны беттің тулап әрі.
Бөгелмей айтты жігіт: – атым – Сусар,
Мен керей руының керме адамы.
Келдіңіз осы жерге неге налып?
Білдім мен орамалды көре қалып.
Өмірдің саған мәні болмады ма,
160. Келді ме әлде сайтан жебеп алып?
Төгілді Бұлғын жасы қайта бастан,
– Өмірмен мен ерке едім тайталасқан.
Басымды сол бай әкем малға сатты,
Аранын қанағатсыз шайтан ашқан.
Пенде боп Суырбайдың сыртығына,
Құрбыңның басына сұм күн туды да.
Шыдамай бұл қорлыққа өлмек едім,
Сіз жаңа кезіктіңіз қырсығыма.
Сіз шығып қалдыңыз кеп қапелімде,
170. Бұл менің бақытым ба, қатерім бе?
Бай қызы, қажы әулеті боп жүргенмен,
Жан екем пайдасы жоқ жат еліме.
Ім, – деді Сусар ойға шомып терең,
Байға мал, ісі бар ма ерікпенен.
Жүрегін шайып оның бұл бір күйік,
Барлығын тыңдап тағы тұрды да үйіп.
Қынапта өткір шолақ кездігімен
Қурайды анадайдан алды қиып.
Сыңсыған шықты ғажап сыбызғы үні, 180. Ақтарды ақ сұлуға сырын күллі.
Жел желпіп, орман толқып екеуінің
Үкілі сияқтанды шымылдығы.
Қайыңдар келіншектей би биледі,
Махаббат әуені ынтық күйдің лебі.
Кеудеде тілсіз жүрек діріл қағып,
Біреуін біреуі алғаш “сүйдім” деді.
Көз қысып алтын кірпік күн де күлді,
Жер балқып, жер құшақтап, гүл де білді.
Қайран қап бейне өзіне еріктен тыс, 190. Бұлғынның қаны қашып, тұрды ерні.
Бұлақтың шықты шат боп сарылды үні,
Саялы сайға түскен сағым күлді.
Тұрған жан көз алдында, ау, халайық,
Күткендей суға батып сағындырды.
Шыққандай бір тереңнен шолпылдатып,
Сұлуға бақ тыңдатып, сор тыңдатып.
Кез қылды кереметтей осы қазір,
Тұр осы жалпақ жерді солқылдатып.
– Мен қайтем, – деді Бұлғын жайдары аппақ,
200. Артымнан жүрмесін ел, бай далақтап.
Қолыңыз тисе, егер, осы кеште
Кетіңіз біздің үйге жай қонақтап.
Қуанып мұны Сусар көрді мақұл,
Сөйлесу шын ниетпен бұл да ақыл.
Бұлғынға берді уәде бармақ болып,
Жібермек емес осы жерді қапыл.
ІV
Аң емес айдай сұлу ендігі үміт,
Алдында бар қатерге белді буып.
Ертерек екіндіде бай үйіне
210. Ел кезген сыбызғышы келді жігіт.
Сәлемін тоғышар бай алмаса да,
Ол оған қарап зейін салмаса да,
Жіберді әсем күйді тартып-тартып,
Әдейі тоқтай қалып анда-санда.
Аңқау бай аузы ұрадай аңырайып,
Таңқиып келте мұрны таңырайып.
Өнердің ұланына таңданады,
Жантайып жастығына қыңырайып.
Бай жақын қозғалғанда енді бері, 220. – Тартпаймын, осымен күй болды – деді.
Бай сонда: – Мал сойыңдар бұл балаға,
Бір қонақ көңіл ашар келді, – деді.
Аздан соң білмегенсіп қыз да келді,
Жүрегі келмес пе деп мұздап еді.
Қайғының қалың тоңы балқып еріп,
Көңілден көшіп жатты ызғар енді.
Сыршыл жас Сусар көпті елеңдетті,
Боздатты “Бозінгенді” безілдетті.
Ақсаңдап “Ақсақ аю” зарын төгіп, 230. Біресе, «Жалғыз өскен Есен» кетті.
“Соқыр шал”, “Соны жайлау”, “Аққу биі”,
“Арманды ер”, “Қос келіншек”, “Ат күйігі”
Аштырып айналаның түгел аузын,
Сусардың судай ағып жатты күйі.
Бай, бірақ, бұл күйлерді жақтырмады,
Ішпегін бауырына ап тулайды.
– Сабыр қыл, байеке, – деп көп жамағат,
Қонақтың қайта бетін қақтырмады.
Ортасы осыменен түннің ауды,
240. Жұрт тарап, әсем күйдің тынды бәрі.
Қыз Бұлғын құрбы қызын түгел ертіп,
“Ақсүйек ойнайық” – деп тұрып алды.
Тәтті екен сыбызғы үні жанға жайлы,
Жүректің адал болса бар баяны.
Арманның айдын-көлін күймен тербеп,
Бір аққу кеп қонғандай алға аяулы.
Бай жатты бәйбішемен, малай жатты,
Төбеден толықсыған ай аунапты.
Сусарды шықты ойынға біреу ертіп, 250. Тілегін сұлу солай абайлатты.
Ақ торғын қыз көйлегі судыр қағып,
Елзегек ерке қимыл сыбдыр бағып.
Жақұты жарқылдаған кепешінің,
Үкісі бұлғақтайды бұлаң қағып.
Кеудеде шолақ камзол оқа басқан,
Тірсектеп қос бұрымы бой таласқан.
Қынай бел қандай нәзік қиылып тұр,
Көркіне пері қызы жетер ме асқан.
Жігітті жібергендей желпіп жібек, 260. Әзілмен әсем күлкі еркін жүрек.
Әдейі таласқанда “сүйекке” олар,
Жүгірсе басқалардан серпіндірек.
Сырласты бір оңаша көмбеде қап,
– Тілегім осы, – деді кезбе қонақ.
Серттесіп, сергектікпен қол алысты,
Ант үшін ақ жүзікті берді орап.
Ұнатты бірін-бірі сонша қатты,
Қыз-жігіт бұл екеуін қоршап алыпты.
Ұқса да, ұқпаса да түгелдей мәз, 270. Бақытты кім ұмытсын сол сағатты.
Ақ сәуле түсті жарып, таң ағарып,
“Ақ сүйек” ақырында тарады арып.
Жігіттей жолы болған осы түнде,
Бақытты қандай бір жан табады анық.
V
Мергендік болғаннан соң шын атады,
Сусарды бір саудагер ұнатады.
Бөкеннің жас мүйізін тарту етіп,
Осыдан асқан жүйрік бір ат алды.
Аталған арғымақ ат Қозыкүрең, 280. Көрінген шамдай жанып көзі бірден.
Кеудесі кең есіктей шалқақ жатқан,
Жетілген жас шамасы тез ілінген.
Есік пен төрдей бойы дөп-дөңгелек,
Құлағын қайшылайды тым елгезек.
Құлан жал, құлын мүсін, құндыз түкті,
Бұлшық ет қол мен санда бөлек-бөлек.
Жорғасы ер көзінен жас ағызған,
Ерні салбыраңқы аса ауыздан.
Елпілдек екі танау едірейіп, 290. Кетуші ед жүрісінде аса қызған.
Бауыры жазықтанған желсе бір дем,
Сауыры ақ отаудай дөңгеленген.
Төрт аяғын келсаптай түйе түсіп,
Жерді ойып жібергендей өр тебінмен.
Құсты ілген құламадан құдиғанда,
Құландай орғып жүрген құйындарда.
Жүреді әр жүріспен әсем басып,
Жұқтырмай түгіне шаң қиындарда.
Бәйгеден талай келген бұл күрең ат, 300. Талай жан сүйегінен білді қарап.
Жаратып баптап Сусар мініп жүрді,
Жанында сақтап мәлім сырды ғажап.
VІ
Көк тәулік, көк өзеннің жағасында,
Ақ үйлер, жыртық қос бар арасында.
Адамға шыпылдаған тола түсті,
Байланды аты сайдың саласына.
Суырбай ұлы келіп құданың да,
Шай құйып, табақ тартып қол ағуда.
Ұзату байдың қызын жол бойынша,
310. Торқалы той боп жатты бұл ауылда.
Тай мен қой сойылуда қоралап кеп,
Ақ бата жасалған соң қораға ап кеп.
Келіпті жасау-жақпыт бай үйіне
Әр елден, әр рудан тоғанақ боп.
Бай отыр еш қабылдап бармай жанды,
“Тойыңыз құтты болсын!” қардай жауды.
Күтуші отырғызып әрбір үйге,
Сақалдың қысқа-ұзынын талдап әрі.
Осы ма байдың бізді қош алғаны, 320. Бір жуан кергиді әдей өш алғалы.
Қымызға қыңырайып кейбір жеке,
Кейбірі етке өкпелеп шошаңдайды.
Әрекет жасауға тез енді бекіп,
Жой-жоба ой толғамнан дерлік өтіп.
Жолшыбай бұрылғандай той үстіне,
Сусар да күрең атпен келді жетіп.
Оны ешкім атын ұстап сыйламады,
Ауылдың адамындай бір баяғы.
Еленбей ел ішіне кетті кіріп, 330. Бұлғынға көрінді әдей ең аяулы.
Шыланған мөлдір жаспен көз кірпігі,
Күткен жан көрінген жоқ күндіз-түні.
Аңырған ақ сұлуға Сусар ымдап,
Белгіні берді “шық” деп білдіреді.
Отаудың көп айланбай өтті алдынан,
Өзеннің өтті оңаша соқпағынан.
Атымен ақ қайыңның арасында
Бұлғынды тұрды тосып артқы ауылдан.
Шапанын бос жамылып үш қыз шықты, 340. Адамдар мұны сезбей тұрды сыртқы.
Айылын тартты Сусар күреңінің,
Тоғайдың төтесімен өстіп шықты.
Берді қол дереу – шапшаң Бұлғын жетіп,
Ана екеуі шорт тұрды шошып кетіп.
«Қош» деді қолын сермеп қыз оларға,
Барады ауылынан зулап өтіп.
Дауысын шығарды да, бір-ақ ашты,
Екі қыз енді артына тұра қашты.
Тал түсте Бұлғынды алып кеткен хабар 350. Сай-сала, тау менен тас, қырға ұласты.
“Аттан!” деп ақырды бай айналаға,
Бұл қорлық той үстінде жай ғана ма?
Дүние күл-көмірен болып кетті,
Қыз қайда, аттар қайда, қайда бала?
Біреуді біреу білмей у-шу болды,
Біреуге-біреу неғып тұрсың дейді.
Бай қолы атқа мініп, а дегенше,
Қара жер дүмпуімен дүрсілдеді.
Мінгескен қыз-жігітті кетті қуып, 360. Кей жанның жүр қолында етті жілік.
Жатқандай біреу күліп, біреу жылап,
Мынау іс десіп жатты кекті қылық.
Тас жолда ирек-ирек бастап өрге,
Күрең де жорға шабыс басты өнерге.
Шоқы орман қалып жатыр қас қағымда,
Келеді мол аралық тастап елге.
Келеді қуғыншылар жан-жақтағы,
Етектеп тауға өрмелеп жалдап бері.
Күреңнің қалды артында “тезек теріп”, 370. Әрі тоқ, тойдың шабан шардақтары.
Айналды болдыруға бар ат бітіп,
Кейбіреу байырқалап қарап күтіп.
Күн көзін қолдарымен көлеңкелеп,
Қарасаң күрең атқа қанат бітіп.
Барады құздан әрі оқша зулап,
Ұйлығып тұрып қалды топ сауылдап.
Жыртысын жыртқан Бектас албастының
Бірнешеу қумақ болды тосқауылдап.
Қалың ел қайта ауылға ошарылды, 380. Бай бетін тырнап өзі жоса қылды.
– Сусарды өлтіріңдер, – деді молда,
Бұзықтық болғаны үшін осы айыбы.
Шыққанда тас қияға тез ұшыртып,
Күреңнің Сусар шытпен көзін сүртіп,
“Көтеріп алайық”, – деп – белін аттың,
Тоқтатты әрең ғана жасын іркіп.
Ақ көбік ат денесін сабын жапқан,
Қара су омыраудан сауылдатқан.
Ерін ап жас терекке қойды байлап,
390. Жаны ашып жануарын дамылдатқан.
Екеуі отыр енді сәл ғана жай,
Тұр екен бір топ өскен қара қурай.
Сыбызғы жасап алып Сусар содан,
Бір күйді тартты жаңа талабындай.
Ойда жоқ бұл ерекше жаңа іс еді.
Қол жетпес өмірінің табысы еді.
Құтқарған ғашықтарды күрең аттың
Жаңағы жорғасы еді, шабысы еді.
Нақыштап тартып отыр елең қылмай, 400. Шабытың осындай келеді ыңғай.
Түсіріп күйге осы оқиғаны,
Қайырып қайта-қайта шертеді ұдай.
Көңілі кеңи түсті ап тынысын,
Ішкендей бал шәрбатын шаттық үшін.
Желі қып тартты күйге сондай әсем,
Атақты астындағы ат жүрісін.
Арынды, құбылмалы, сырлы, мұңлы,
Үш буын үшеуі де болды ұғымды.
Қойды атын “Бұлғын – Сусар” осы күйдің. 410. Құтылған қашып атпен сол бір күні.
Қабаққа қараса қыз шығып енді,
Кеп қапты оншақты жау қуып оны.
– Кетейік, кеп қалды, – деп безек қақты,
Сусаржан, ертте атыңды, жүгір енді.
Жоқтай-ақ дүниеде өзге арманы,
Ал, Сусар күйін тартып қозғалмады.
Шырылдап Бұлғын байғұс жылап кетті,
Айтарға енді әйтеуір сөз болмады.
– Түстің, – деп, – қолға тірі, – жұлқылады,
420. Ал, Сусар тоқтамады шіркін әлі.
Деді ол: – Әбден жаттап алмасам, бұл,
Ертең-ақ ойдан шығып ұмытылады.
Қатерді тас жаңғырып, тау да ұқтырды,
Орнынан Сусар сонда салбырт тұрды.
Қалыпты жүз метрдей қуғыншылар,
Ер салып күрең атқа қарғып мінді.
Жөнелді тағы екеуі құлаш жайып,
Көп-көрім қалған екен ат тыңайып.
Тағы да желдей есіп, құстай ұшты, 430. Бір демде көз ұшынан болды ғайып.
Шошынған қыз жүрегі түсті орнына,
Құтылып кетті қалай, құс болды ма?
Асады арасынан ақ білегін.
Орнына әлсіздіктің күш толды да.
Құшады қуанышпен бірін-бірі,
Ақ алма бал-бұл жанып сұлу нұры.
Сусардың күй шығарғыш осы өнері,
Ол алғаш таңғажайып сырын білді.
Екеуі екі күнде кетті алысқа,
Жолшыбай күй тартылды көп танысқа.
Осыдан “Бұлғын – Сусар” күйі тарап,
442. Біреуден-біреу алып кетті алысқа.
ҮШ ЖЕТІМ
Үлкен өзен Ертістің жағасында,
Қалың біткен қарағай ағашында.
Бар еді мекендеген қазақ елі,
Жан саны екі түмен шамасында.
Сол жерді бір бай адам мекендеген,
Байлықпен мұратына жетем деген.
Бұл кісінің Бегдана аты еді,
Ел оны құрмет етіп «Бекең» деген.
Бар еді Бегданада екі-үш бала, 10. Бір жас, үш жас, біреуі бесте ғана.
Сол кезде балалардың әкесі өліп,
Басқалқа болып қалды жалғыз ана.
Баланың үлкенінің аты – Ғалым,
Ортаншының аты ұйқас еді Сәлім.
Ат қойған кенжесіне Мырзабек деп,
Сонымен үшеу дейміз бала санын.
Өлген соң қаза жетіп қатын ері,
Алыпты ғұрып бойынша әмеңгері.
Ол ерде бұрыннан да бір әйел бар, 20. Өзіне жолдас болған көптен бері.
Ердің аты – Асылхан, қатыны – Айша,
Ауқатты адам еді жүрген байша.
Малы көп қырдың елі не іздемес,
Кісі еді тілеу тілеп жатқан жайша.
Бұл кісінің бар еді жалғыз ұлы,
Өсірген еркелетіп жастан мұны.
Шешесі оған ешкімді теңгермейтін,
Үш жасқа келген еді дәл сол жылы.
Баласының қойылған аты – Қасым, 30. Шешесі оған аударған ықыласын.
Ауқатты адам баласы ардақты ғой,
Кім көтерсе, сол ішеді байдың асын.
Әрине, екі қатын болмас тату,
Жанжал іс шыға келсе сөзі шату.
Бұл әйел екеу ара өш болған соң,
Қиын ғой балаларға сиып, бату.
Аздан соң соңғы әйел және өлді,
Үш ұлы жетім қалып зар иледі.
Өгей әке-шешенің қолында қап, 40. Бұларға қиыншылықтың бәрі төнді.
Шешесінің аты еді Банужамал,
Тәрбиелі кісі еді толық кәмал.
Балалары жас қалып, қаза болды,
Алланың тағдырына жоқ қой амал.
Әрқашан жетімдерге Алла пана,
Сөйтсе де жас баланың ісі шала.
Қормалы, жан ашыры болмаған соң,
Бейшаралар пақыр болар елден ала.
Жас бала жылар жайы келмеген соң, 50. Ескеріп ешкім тамақ бермеген соң.
Жүгіріп ыңғайына әлпештейтін,
Еркелеп ана емшегін ембеген соң.
Балаларға еш адам қарамады,
Қол ұстасып танысын аралады.
Біреу жылап, кейбіреуі есіркеді,
Онан үлкен жәрдемге жарамады.
Өгей шеше кейде бұларды ұрады да,
Орнынан тез жүгіріп тұрады да.
Ұрсып, қарғап, аяусыз қақпай көріп, 60. Шешені ойлап балалары жылады да.
Тамақ, киім, жататын орны жайсыз,
Өгей шеше күтуі өте ыңғайсыз.
Дәмсіз тамақ, есікте жатар орын,
Қатықсыз қара көже ешбір майсыз.
Қара жер, төсеніш жоқ жатар орын,
Балалар жамылады жаман тонын.
Олары бойларына түгел жетпей,
Таң атқанша қайнатады суық сорын.
Құраулы киімдері өңшең жыртық, 70. Ойнайды бірін-бірі қолмен түртіп.
Мұңайып біреуі енді жылағанда,
Жылайды қалғандары көзін сүртіп.
Бірі ойнаса басқасы қуанады,
Ойын ғып жоқ нәрсені уанады.
Біреу келіп “байғұс” деп сипап кетсе,
Соған да арқаланып буланады.
Мұндайда Айша көрсе сұрланады,
Зілденіп, тәкаппарсып қырланады.
Біреулер бір нәрсені сұрай қалса, 80. Бермеспін дегендей-ақ бұлданады.
Жетімдерді өгей шеше құлданады,
Мейірімсіз ұрып-соғып сұмданады.
Әкеге жоқ жаламен шағыстырса,
Өгей әке онан жаман жынданады.
Қай – қашан қатын сөйтіп қуланады,
Өз қылмысы ерінен ұрланады.
Ертеден келе жатқан бұл бір әдет,
Қашан тозып салтынан бұл қалады.
Ойнаса жетімдермен өз баласы, 90. Айшаның соған түсер көзқарасы.
Жетімдер балалықпен қылдан тайса,
Қарғыстан құтыларға жоқ шарасы.
Арада бір жыл өтті осы ретпен,
Жетімдер азып кетті зарлы дертпен.
Өгей әке-шешеден еш қайыр жоқ,
Мейірі жұмсап қайтпайды басқы серттен.
Үлкені қорғаштайды інілерін,
Көтерді кейде ағызып маңдай терін.
Онан басқа жақсылық етер шамасы жоқ, 100. Шаршаған соң тоқтайды ұстап белін.
Сөйтеді де шешені ойлап, зарығады,
Кей уақытта ессіздікке шалығады.
“Мен өзім не болсам да оқасы жоқ,
Ана екеуі қайтеді?” – деп қамығады.
Бұл күйді ата-анаға айта алмайды,
Бұлар да өзі біліп байқамайды.
Шеше өлген соң баланың күні қаран,
Еш адам жылы жауап қайтармайды.
Байлығы Асылханның толып еді, 110. Дәм татып бір үйге кеп қонып еді.
Сол үйде ұйықтап жатып түс көреді,
Сол кезде таң мезгілі болып еді.
Түсінде Асылханға өлген қатын
Айтады балалар тартқан мехнатын.
Сол түсте айтқан сөзі төмендегі:
“Лаж тап жетімдерге сия алатын.
Қалайша өз балаңды аялайсың,
Менің үш балапанымды аямайсың.
Оларды есіркейтін еш адам жоқ, 120. Оларға сен жуықтап таямайсың.
Қатпаған қабырғасы жас меңіреулер,
Қайтейін, қайда барып саялайсың.
Ішер ас, киер киім болмады ғой,
Болмаса жылына бір қарамайсың.
Олар да өз балаңдай бала еді ғой,
Менің де сондық дәнім бар еді ғой.
Қара деп қатыныңа неге айтпайсың,
Белгілі, оның да іші тар еді ғой.
Өртейді жүрегімді ішім күйіп, 130. Жыласа, әсіресе, біреу тиіп.
Алладан мың рақымет болсын соған,
Көтерсе мейірі түсіп біреу сүйіп.
Мал-мүлік дүниені алдың жиып,
Жүресің жан ашымай қайтып қиып.
Естияр біреуі жоқ үшеуінің,
Жүре алмас өздігінен киім киіп.
Кемдігін таусылмайды айтсам жиып,
Әлім жоқ тоқтатарға жылау тиып.
Бірінің күйін бірі біле алмайды, 140. Соны ойласам, таламын бойым ұйып.
Мен көштім тағдыр ажал оғы тиіп,
Жалғанда дүние жидым жаным қиып.
Бұйрықпен шарасыздан тастап кеттім
Қорлықтың үш жетімге бәрін үйіп.
Сәлем айт, менен қалған үш жетімге,
Тапсырам сен тұрғанда енді кімге?
Тапсырды бір Аллаға шешең дерсің,
Мезгілсіз ерте кірген қараңғы інге...”
Соны айтып Банужамал кетіп қалды, 150. Ұзамай Асылхан да тез оянды.
Жамалдың зарлығына іші елжіреп,
Әуелі бір азырақ жылап алды.
Ойлайды: “Жетімдерді түзейін, – деп,
Мехнаттың шынжырларын үзейін, – деп.
Жетімдер мен шешесін қуандырып,
Алғыстың мұхитына жүзейін”, – деп.
Соны ойлап, ауылына қайта келді,
Айшаға көрген түсін айта келді.
Өлген әйел – Жамалдың зарлы мұңын, 160. Анықтап айтып берді Айшаға енді.
Айша айтты: – Бар тапқаның осы ма?! – деп,
Ашуланам көңіліңнің босына, – деп.
Мен ұрып Жамалыңды өлтіргем жоқ,
Алақтап жау қуғандай шошыма, – деп.
Өлген қатын сөзін мен неге аламын,
Не себепті қорықтым дей аламын.
Тірі күнде менімен қатты өш болған,
Мен енді баласынан кек аламын!
Соны айтып, Айша үйден кетті шығып, 170. Асылхан үндей алмай қалды бұғып.
Шайпау қатын ерді де қажытпай ма,
Ұрысудан ұялып қалды бұғып.
Бәдік қатын жоқ пенен барды білмес,
Кісі алдында ұят пен арды білмес.
Өз басыма келер деп ойламайды,
Күйсіздікпен жалынған зарды білмес.
Шайпауда махаббат пен мейір болмас,
Шаптығудан басқа еш пейіл болмас.
“Арсыз неме бар сырды елге ашар” деп, 180. Күйеуі де ондайға зейін қоймас.
Қу қатында көңіл ашар сейіл болмас,
Татулық әзілдікке мейлі болмас.
Қашан көрсең аумайды бір мінезден,
Мың бір әуре ондаймен болсаң жолдас.
Сонымен Айша сөзге көне алмады,
Ұруға Асылхан да төне алмады.
Ежелден көніп кеткен әдеті еді,
Асылханның түсімен сөне алмады.
Айша тағы өрледі одан әрі, 190. Жетімдерге сақтаулы іште зәрі.
Соққы, түрткі, қақпай, қарғыс үдеген соң,
Жетімдердің ақ жүзі болды сары.
Өз бетімен тамақ та сұрай алмай,
“Ұрсады” деп үн шығарып жылай алмай.
Жасты көзбен біріне-бірі қарап,
Ақырын қыңқылдайды шыдай алмай.
Амал не, қатын сөзге көнбеген соң,
Байының үгіті де өнбеген соң.
Осы жаймен арада бес жыл өтті, 200. Жетімдер өсіп қалады өлмеген соң.
Асылханның Әз деген жақынында,
Әйелінің ел мақтаушы ед ақылын да.
Ол қатынның аты еді – Маһисара,
Балаларды сол алды ақырында.
Үнемі дәулет қолда тұра алмайды,
Бір кетсе ол оңайлықпен құралмайды.
Егерде құралуға бейімделсе,
Ол малды қасқыр жеп, ұры алмайды.
Дәулетсіз адам көңілі тына алмайды, 210. Кембағал жары алмай жүре алмайды.
Қай-қашан нашарлардың сөзі пұлсыз,
Бөтен тұр ғой жақыны тіл алмайды.
Жұмсаса байдың тілін кім алмайды,
Пақыр адам ешқайда сіңе алмайды.
Үй ішінің кемтігін толтыра алмай,
Қайсы ісін басқарарын біле алмайды.
Азайды Асылханның дәулеті де,
Күн санап нашарлады сәулеті де.
Бақ кетсе, байлық оңай жоғалмайды ма?! 220. Сең келсе кететұғын тау беті де.
Аздан соң дәулет кетіп, болды тақыр,
Асылхан қатынымен болды пақыр.
Киер киім, ішерге тамақ болмай,
Күйзелді Алла ісі ғой бұл да ақыр.
Тыныш жүрмес ағайын да, абысын да,
Көре алмас бір-бірінің табысын да.
Айтысар қатын ұрысса қарлықтарын,
Ойламас ерлерінің намысын да.
Бір күні Айша менен Маһисара 230. Бір жұмыс турасында екеу ара,
Азырақ шарқылдасып отырды да,
Айша жүгіріп Сараны жұлды бара.
Көргендер айырысты арашалап,
Жиылған ел көп болды тамашалап.
Асылхан мен Әз дағы сол жерде еді,
Олар да қарап тұрды жанасалап.
Ел кетті, біраздан соң тұрмай тарап,
Ондайға кім тұрады ұзақ қарап.
Қазысты кемдіктерін екі қатын, 240. Қайсы бірін айталық түгел санап.
Айшаның шайпаулығы Әзге батты,
Ағайын тату еді бұрын қатты.
Жазықсыз әйеліне соқтыққан соң,
Бұл жолы көңіл қалды өте қатты.
Ағайын көңіл қалса алыстайды,
Жақын деп бірін-бірі таныспайды.
Ашық-жарқын туыстық болмаған соң,
Болымсыз аз нәрсеге жанаспайды.
Сонымен Әз көшіп кетті ашуланып, 250. Өте ұзақ орналасты қоныс алып.
Екі ара екі айлықтай жол боп қалды,
Әтейілеп іздемесе бармас талып.
Жетімдерді Маһисара асырады,
Қуанып, қайғы-зардан ашылады.
Мәпелеп балаларын әлпештейді,
Өзінен артығырақ асырады.
Жетімдерді Маһисара еркелетті,
Кісі еді мейірімді де, сөзге де епті.
Ғалым, Сәлім екеуі ересек қой, 260. Әсіресе ардақтады Мырзабекті.
Маһисара қақпай-түртпей асырады,
Жас бала жайнап гүлдей ашылады.
Кімде-кім жылы ұшырап әлпештесе,
Балалар соған барып асылады.
Күтілсе жетім жылдам өсіп жетер,
Ойдағы қайғы менен шері кетер.
Маһисара балаларды ардақтады,
Бола ма жамандауға құры бекер.
Ғалымның жасы келді дәл он беске, 270. Сол кезде-ақ толып еді ақыл-еске.
Біреуі он үш, біреуі он бір жаста,
Екі жасар аралары тете емес пе.
Аздан соң жиырмаға Ғалым келді,
Таныды араласып түгел елді.
Әз дағы мал мен мүлкін басқаруды
Ғалымға біржолата тапсырды енді.
Балам деп үш жетімді Әз еленді,
Олар не айтса, сөзіне қатты сенді.
Балалар мал-мүлікті өзі билеп, 280. Теңшеді енді Ғалым артық-кемді.
Бұлар сөйтіп балаларды күйлендірді,
Ғалымға қыз әперіп үйлендірді.
Бұл дағы салтанатты бір бай болды,
Таппайсыз Әз секілді мыңнан бірді.
Әз – әке, Маһисара болды – шеше,
Бейнетін балалардың тартты неше.
Жылап-еңіреп отырған ғаріптерді,
Қолына алмап па еді күні кеше.
Іс түгел бақ қонарда оңалады. 290. Дос көбейіп, дұшпаның жоғалады.
Дәулет қонып, қырсығы тарқаған соң,
Ғалымның тасы өрге домалады.
Мектепке екі інісін берді Ғалым,
Бұлар оқып бітірді мектеп пәнін.
Оқу-жазу, есепке толық болып,
Атағы төңірекке болды мәлім.
Бір күні Сара ұйықтап жатыр еді,
Бас қалқасы сол күнгі шатыр еді.
Түсінде “Банужамал” былай дейді, 300. Сол күні айдың біткен ақыры еді:
“Ей, Сара, Алла сізге разы болсын,
Рақмет, қуанышқа көңілің толсын.
Үш жетімді әлпештеп жеткіздің ғой,
Сен болмасаң бейбақтар қайтып оңсын.
Олардың сізден басқа құты бар ма?
Бейнеттен сізсіз олар құтылар ма?
Жылап-еңіреп, зарығып жүргендегі
Жәрдемің соларға еткен ұмытылар ма?
Мен бір аруақ, қолымнан келерім жоқ, 310. Бұл жерде сенен басқа сенерім жоқ.
Амалсыз балалардан ерте айрылдым,
Оларға басқа берер көмегім жоқ.
Көп бейнет көріп еді сағы сынып,
Қуанып, тыныш болдым, көңілім тынып.
Қайтпаса менен, бірақ, Алладан қайтар,
Асырадың жаның ашып, мейірің түсіп...”
Соны айтып, Жамал кетті үйден таса,
Оянды Маһисара көзін аша.
Жамалдың алғысына разы боп, 320. Лепіріп сөйлеп кетті көңілі таса.
Бақ қонса, адам өршіп арындайды,
Ешкімге ісі түсіп, жалынбайды.
Өштік-қастық, өсек-аяң ағайынның
Ескеріп есепке де алынбайды.
Бір күні Ғалым сейілмен шықты жолға,
Көп ақша, жол қаражат алып қолға.
Өткен күн кембағалдық үміт болып,
Жетісті мұратына жоқтан барға.
Жас жігіт жиырмадай қасына ерген, 330. Әнші-өлеңші, бүркітші және мерген.
Керекті сауық үшін адамдар деп,
Тапқаны солар болды жиған-терген.
Тамама сән-салтанат, сейіл-серуен,
Сауығы толықтанған бейне керуен.
Бірнеше шатыр алып үй орнына,
Аралап жүре берді қалың елден.
Қайда келсе, сол жерде болды сауық,
Кемдігін толықтады ебін тауып.
Тұрғын елдің жастары араласып, 340. Кірісті қызықтарға көңілі ауып.
Күрес болды, жарысты бәйге ат шауып,
Болмады бұл сейілде ешбір қауіп.
Танысты талай елмен бұл сапарда,
Ат беріп, кейбіреуге шапан жауып.
Тағы жүріп кеп жетті бір қалға,
Жол жүріп бірнеше күн екі араға.
Алғаш жолға шыққаны осы болып,
Көрінді өте қызық бұл балаға.
Қалада бір ауладан орын алды, 350. Серуендеп бірнеше күн тұрып қалды.
Бір күні көше аралап келе жатып,
Ғалымның бір кемпірді көзі шалды.
Бұл кемпір көшеде жүр қайыр сұрап,
Үстіне шоқпыт киім киген құрап.
Маңызды адамдарды көргеннен соң,
Былайша мұңын айтты зарлап-жылап:
– Ей, балам, көп екен ғой өзіңде мал,
Шешеңнің хал-жайына көзіңді сал.
Бұрлығып тамақсыздан әрең жүрмін,
360. Разы ғып пақырыңның батасын ал.
Бір кезде біз де шалқып болғамыз бай,
Қонаққа қозы соймай, сойғамыз тай.
Дәулет қолдың кірі екен, кетіп қалды,
Немене айтып-айтпай, ой, Құдай-ай!
Адам жоқ бай уақытта қараспаған,
Кембағал-нашарлар жоқ жанаспаған.
Мал мен тамақ ол уақытта керексіз ғой,
Мал үшін еш адаммен таласпағам.
Жалғыз-ақ бір ісім бар кетпейді ойдан, 370. Жас уақытта сіңген мінез шықпас бойдан.
Шапшаң ауыз, шалкестеу мінезім бар,
Басыма тиіп одан да талай тойғам.
Бір кезде үш жетім жас болды менде,
Балада қадыр қалмас шеше өлгенде.
Өгей бала күтуі өте қиын,
Бабымен ұстай алмас ешбір пенде.
Айтайын бастан өткен істің бәрін,
Үш бала – Мырзабек пен Ғалым, Сәлім.
Қолыма сол жетімдер қарағанда, 380. Еш рақым істемеген мен бір залым.
Балалар зарыққанда сынаушы еді,
Жатарда бет-бетімен құлаушы еді.
Туралап менен тамақ сұрамайтын,
Мен қудан үміт үзіп, жылаушы еді.
Тапсырған шешелері өлерінде,
Дүниеден біржолата жөнерінде.
Тағдырдан белгіленген мезгіл жетіп,
Балалар бағы өшіп сөнерінде.
Ойласам енді маған еш обал жоқ, 390. Жалынсын, атып таста жалғыз тал оқ.
Қолда барда жетімге соны істедім,
Өз обалым өзіме болсын шоқ-шоқ!
Мінеки, дәл алпысқа келді жасым,
Бар еді жалғыз балам, аты – Қасым.
Асылхан күйеуімнің аты еді,
Олар өліп, мен қалдым сорлы басым.
Көргенім бастан кешкен осылайша,
Қайыршы қу шешеңнің аты – Айша.
Еш адамға қадірің болмайды екен, 400. Қолыңнан дәулет кетіп, бағың тайса...
Сөзінен кемпірді тұр Ғалым сезіп,
Күйі жоқ, жүр екен ғой елді кезіп.
Бұл бізді күн көрсетпей қуса дағы
Ойлайды “не қылам деп бұдан безіп”.
Ғалым айтты: – Шеше, сіз, етпе уайым,
Сөзіңнен болды мәлім хал мен жайың.
Жүріңіз бізбен еріп үйімізге,
Барған соң киім-тамақ бәрі дайын.
Кемпір айтты: – Сендерге мен ере алмаймын, 410. Жемісін мақтан сөздің тере алмаймын.
“Жолаушы-жомарт”, дейтін мақал да бар,
Құр сөзге батамды мен бере алмаймын.
Албаты бос сөзіңді мен алмаймын,
Қуантқан қу сөзіңе сене алмаймын.
Қаңғыртып бір иенге тастап кетсең,
Айналып елді тауып келе алмаймын.
Сендіру бұл кемпірді болды қиын,
Әуелі тамақпенен берді киім.
Бәрін де керегінің алып беріп, 420. Көрсетті нандыруға Ғалым сиын.
Қаладан үш күннен соң бұлар көшті,
Кемпірдің сыйлаған соң үні де өшті.
Жол жүріп бірнеше күн келді ауылға,
Малды көріп кемпірдің көңілі өсті.
Айшаға үй бергізді оңашалап,
Күтуге Ғалым енді етті талап.
Не нәрсе керек болса тауып берді,
Түгендеп айту қиын бірден санап.
Айша ойлайды: “Апырау, осы қалай?! 430. Жақсыны көріп едім бұрын талай.
Неліктен бұлар мені күтіп жатыр,
Істедім не жақсылық бұған орай.
Бүйтіп тұрса, жүдеп те арымаймын,
Бұлардың ешбіреуін танымаймын.
Қалайша жандары ашып, күтіп жатыр,
Соның жөнін білмесем жарымаймын”.
Әз, Сара, балалармен ақылдасып,
Көрісті Айшаменен амандасып.
Анықтап аты-жөнін айтып берді, 440. Өздерін таныстырды сөзін ашып.
Әз айтты: – Құдай ісі таңырқарлық,
Тұрақты іс емес қой қолда барлық.
Ғаріп болар деп сізді кім ойлаған,
Дүние ісі бірде кең, бірде тарлық.
Үш жетімнің үлкені Ғалым деген,
Сол мұнда кеше сізді алып келген.
Жүргенде жолаушылап кездесіпсіз,
Алғашқы сапары осы барып келген.
Мырзабек, Сәлім – мынау балаларың, 450. Білесіз екі жасар араларын.
“Келді, – деп, – өз шешеміз” – қуанысып,
Келіп тұр көреміз деп аналарын.
Балалар соны айтқанда тұра салып,
Айшаны құшақтады жылап барып.
– Қолыңда шеше өлген соң үйреніп ек,
Міне, біз сол уақыттағы үш жас ғаріп. –
Деп айтып біраз жылап уанысты,
Көрісіп бір-бірімен қуанысты.
Өткен-кеткен жай-күйді ұғынысып,
460. Сөйлесті келешекте болар істі.
Айша айтты: – Сағындыңдар көрмеген соң,
Келіп тапты шешелерің өлмеген соң.
Күтетін сендер мені орын жоқ ед,
Отырмын қазып жерге көмбеген соң.
Бұрын мен бәріңе де күн бермедім,
Мұны білсем сендерге үндер ме едім.
Обал жоқ күту түгіл өртесең де,
Бүйткенше, мен қу мыстан неге өлмедім.
Ешкімді жолатпадым маңайыма, 470. Қатты едім суық бауыр ағайынға.
Солардың енді ойласам жазығы жоқ,
Нақақтан өтірік мін тағайын ба?!
Жоқ еді балалардың жазығы да,
Болмаған жеткілікті азығы да.
Орынсыз қағып-түртіп жылатқан соң,
Бұлардың болмаушы еді разлығы да.
Сол қылмыспен айрылдым бай, баладан,
Қаңғырып тамақ іздеп айналадан.
Мінезім еш адамға жаққан емес, 480. Ол күнде сезер ақыл қайда маған?!
Кетірдім жетімдердің мазаларын,
Сонымның енді тарттым сазайларын.
Не ексең соны орасаң» деген сөз бар,
Мен қудың тартқызыңдар жазаларын!
Тоқтады Айша сөзі соныменен,
Кім оны жазалайды оныменен.
Өз қылмысын Айша өзі айтып берді,
Терісін өзі терген оңыменен.
Ғалым айтты: – Айша апа, олай деме, 490. Өткендегі қате үшін қайғы жеме.
Қуанып сізді көріп қош боп қалдық,
Өткен іске өкінеміз мұнша неге.
Келдіңіз Құдай айдап қолымызға,
Біз дағы қуанамыз соныңызға.
Өле-өлгенше сізді біз асыраймыз,
Бас тігіп бәйек болып жолыңызға!.
Әз, Сара, балалар боп қосып басты,
Айшаны күтпек болып ақылдасты.
Тегінде бір үйлі жан болған еді, 500. Тағы да сондай болып араласты.
Бәріне енді кемпір бата берді,
Қайғысыз, уайымсыз жата берді.
Жек көріп қуалаған жетімдердің
Ұялмай, міне, дәмін татады енді.
Теріс үгіт адамды аздырады,
Әңгіме мысал үшін жазылады.
Кітаптан мінін ұғып түзелсін деп,
Кемдігі көп адамның қазылады.
Білім, сезім жарыста оздырады, 510. Оятып делебені қоздырады.
Шадыр ер, шайпау қатын жолдас болса,
Үй ішін арекемен тоздырады.
Өзгеден жас жетімнің күйі ауыр,
Бұларға көп адамдар суық бауыр.
Жас уақытта қуалап, кейін тауып,
Айшаға ұқсап жүрме, пенде, әйтеуір.
Жазылды бұл әңгіме естіп, құрап,
Тексерер зиялылар көріп, сынап.
Кемдігін, қателерін түзетсін деп,
Тоқтаттым оқырманнан жәрдем сұрап.
Бұл емес қалжың-сықақ, яки, әзіл,
Бұндай іс ел ішінде бар ғой әзір.
Пайдасы аз да болса бола ма деп, 524. Жазушы әңгіме етті пақыр назыр.
ҮШ ЖЕТІМ ҚЫЗ
Бисмилла, ал, қолыма тұттым қалам,
Жаратқан, рақым ет болып панам.
Қиссасын үш жетім қыз баян еттім,
Қыла гөр өзің жәрдем, Хақ Тағалам.
Әуелі қалам алып жаздым нұсқа,
Жария болмаған іс бөтен тұсқа.
Алла өзі құдыретімен берген нәсіп,
Жерде мақұлық, аспанда ұшқан құсқа.
Сөйлейін бір әңгіме бұрынғыдан, 10. Бұл істі естіген жан көңілі тынған.
Әйгілі әлемдегі адамзатқа
Сөз сөйлейік, тыңдаңдар, Бағдаттан.
Ертеде Бағдат шаһарында Шах Ғаббас деген падиша үкім жүргізіпті. Шах Ғаббас падиша әр аптаның жұма күні кешінде Бағдат шаһарының бас-аяғын аралап, тексеру жүргізіп тұрады екен. Падиша бір түні бас уәзірін ертіп, шаһардың сырт жағында келе жатса, бір жардың астынан жылт-жылт еткен оттың жарығы көрінеді. Патша мен уәзір ақырын келіп, жардан еңкейіп қараса, ең кіші қыз екі әпекесіне:
– Біреуің отыз, біреуің жиырма бесте,
Жастық та талай нәрсе түседі еске.
Мен, міне, он екіге келдім биыл,
Барады ішім пысып ерте-кеште.
Дүниеден дұрыс емес үміт үзбек,
Келіп жүр бір талпынғым талап іздеп.
Отырмай бекер қарап кеңес болсын,
20. Сіздерден отыр бір сөз сұрағым кеп.
Айрылып ата-анадан жүрміз жүдеп,
Қатықсыз қара суды қылып қорек.
Бір Алла тілегіңді берем десе,
Тілер ең, үлкен апай, қандай тілек?
– Мезгілім ойнап күлер өтіп кетті,
Жасымнан азапты күн маған жетті.
Өлгенде ұжмақтан орын бер, – деп,
Тілер ем мен осылай ахиретті.
Тілегін естіген соң үлкен қыздың,
30. – Тілекті беріп жатса енді біздің,
Кіші апай, айтыңызшы ойыңызды,
Тілейтін не тілек бар, – дейді, – сіздің?
Ортаншы қыз:
– Қаңғып жүріп қайтем, – дейді,
Тілекті берсе патша айтам, – дейді.
Ұлына уәзірдің тиер едім,
Үміт үзу өмірден шайтан, – дейді.
Үлкен қыздың аты – Айым, ортаншы қыздың аты – Ғайша, кіші қыздың аты – Шәмсия екен. Айым мен Ғайша өз тілектерін айтып болған соң, Шәмсияға тілегіңді айт дегенде, Шәмсия:
Ал енді Шәмсиядан тыңда сырды,
Патша мен уәзір тыңдап тұрды.
40. – Көңілім падиша, уәзірден биігірек,
Екі апай не қыласың сұрап мұны.
– Көңіл өссе көркейіп ер жетеді,
Адамды талап қозғап тербетеді.
Сөйтсе де көңіліңдегі арманыңды айт,
Аз ғана әңгіме айтсаң нең кетеді? –
Деп тақымдап болмаған соң, Шәмсия:
– Әуелі халқым білсе құрметімді,
Бай болсам асыраған көп жетімді.
Шах Ғаббас патша мен уәзіріне
50. Қылдырсам екен деймін қызметімді.
Патша мен уәзір жүрсе қызмет қылып,
Өзінен салауатымды артық біліп.
Осындай елден асқан ерге тимей,
Ел билеп неге керек таққа мініп.
Естіді патша, уәзір бәрін тамам,
Таң атып, таққа отырар болды заман,
Бұйырды: – Алып кел! деп жасауылға.
Үш қыз бар жар астында кейпі жаман.
Қыздардың айтып берді түрі-түсін, 60. Киімі пәлен түрлі, сондай пішін.
Тез барып жасауылдар алып келді,
Көріңдер, падишаның қылған ісін.
Шақырып Айымды ол қасына алды,
Падишаның бұл ісіне жұрт таңғалды.
Өлгенінше бағатын қазынадан
Сарайда софы болды асыранды.
Ғайшаға неке қиып жұрт алдында,
Уәзірдің алып берді баласына.
Тілегін екі қыздың бірдей беріп, 70. Шәмсия қалды ханның табасына.
Падиша жанарынан айбат шашып,
Деді ол Шәмсияға: – Надан, сасық!
Қаңғып жүріп падиша мен уәзірге,
Қызмет қылдырмақсың әмір шашып.
Тілегін екі қыздың бердім сынап,
Сен ете алмайсың мұнда тұрақ.
Қылдырар маған қызмет жеріңе бар, –
Деп оны Бағдаттан қуды бір-ақ.
Патшаға тіл тигізді елден азып, 80. Адамға бұдан үлкен бар ма жазық.
Қылдырмақ ханға қызмет оңай емес,
Ғаріп қыз елден шықты, тілден жазып.
Не шара падишаның жарлығына,
Көнді ол ауырлықтың барлығына.
Қаңғырып жапан түзді кезіп кетті,
Дүниенің енді түсті тарлығына.
Ғаріптің жаның ашыр көрсең күнін,
Тамақ жоқ, үстіндегі жыртық киім.
Далада қаңғырып ол үш күн жүрді, 90. Басына іс оның ауыр түсті қиын.
Жол жүріп, дамыл алмай неше күнге,
Кетті оның арып-ашып кетеуі де.
Шөлдеп, шаршап, қалжырап хал кеткенде,
Бір таудың келіп жетті етегіне.
Су іздеп қарап жүред жан-жағына,
Бір тастың көзі түсті аймағына.
Көтеріп жатқан тасты алды жерден,
Қарамай шөлдегеннен салмағына.
Қараса бір кесегі мың ділдалық, 100. Таусылмас алса дағы қанша халық.
“Сап алтын, мұны қалай етемін”, – деп,
Өзіне-өзі тұрды ақыл салып.
Бір Алла ғаріп қызға жәрдем қылған,
Жұлдызы Шәмсияның оңнан туған.
Қып-қызыл ылғи нағыз алтын екен,
Бір құдықтың іші мен сырты толған.
Алла тұр жақсылыққа бастайын деп,
Тілеуін байғұс қыздың қостайын деп.
Ойлады ол: “Бір-екеуін алайын да, 110. Өзгесін бетін жауып тастайын”, – деп.
Қасында тас бастау бар мөлдіреген,
Қыз өзі ұмытпас қып белгілеген.
Қараса, патша сарай мұнаралы,
Көрінді көз ұшында елбіреген.
Өзенді ағып жатқан төмен құлап
Жағалап келе жатса қыз зар жылап,
Кезікті жар басында жалғыз лашық.
Қыз келіп сырт жағынан тұрды тыңдап.
Бар екен лашықта кемпір мен шал, 120. Көрінбейд маңайынан еш жанды мал.
Лашықта екеуі отыр басқа жан жоқ,
Балаға өмір бойы болыпты зар.
Сол күні ілініпті бірақ қайран,
Кемпір күліп, шал байғұс тіпті жайнаң.
Дарияның түспей жүрген мақұлығы,
Япырым-ай ілінді екен бүгін қайдан?!
Есіктен қыз Шәмсия кіріп келді,
Иіліп ол балаша сәлем берді.
Жайнаған шам-шырақтай жас баланы 130. Отырған кемпір-шалдың көзі көрді.
– Ей, балам, келдің екен қандай жайдан,
Біз көрген жан емессің бұл маңайдан.
Жапанда елсіз, жансыз кезіп жүрген,
Балақай, жолың болсын, жүрсің қайдан?
– Жан ата, жүргемін жоқ кісі таңдап,
Айтпаймын өтірік сөз шынға жалғап.
Ықтияр болсаңыздар бала болсам,
Таппаспын сіздей кісі таңдап-талғап.
Шәмсия кмпір-шалға болды бала,
140. Кез қылды ғаріптерді Хақ Тағала.
Бағанағы екі алтынды шалға беріп,
Шиттай боп үйдің іші болды жаңа.
Шал өзен жағасына салды сарай,
Бір үлкен бақша орнатты соған жарай.
Қызығып отын, суға, жатар жайға,
Тартады керуеншілер соған қарай.
Дәулеті жылдан-жылға алған басып,
Барады күннен-күнге судай тасып.
Секілді гүл-бәйшешек бітіп шырай, 150. Жайнаған Шәмсия қыз көңілін ашып.
Барады он төрт жасқа аяқ басып,
Мінезі балдай тәтті, жайдары ашық.
Әділдігі қара қылды қақ жарғандай,
Шіркін-ай! қандай жанға болар нәсіп.
Көрініп көзге жақсы ісіменен,
Жеткізді Жаратушы шыныменен.
Азырақ басқа жақтан сөз қозғалық,
Шәмсия тұра тұрсын осыменен.
Бар екен Шам шаһарда бір асқан бай, 160. Қу емес патшалардай мәнсап қуған.
Өзінен озып бір ұл туған одан,
Толықсып аспандағы туған айдай.
Өзінің он сегізге жасы жеткен,
Үйреніп әр нәреге талап еткен.
Бұлжытпай атасының орнын басып,
Дүкен сап жеті жаққа қолы жеткен.
Түйелеп алтын-күміс жұртқа сатқан,
Күсет болып саудасы, пұлға батқан.
Бір Құдай көңіліне қозғау салған, 170. Ол байдың манабы еді тыныш жатқан.
Осылай бай баласы сапар қылды,
Қасына ертіп мыңдап нөкерлерді.
Баяғы кәрі шалдың сарайына
Түсуді мырзаларым мақұл көрді.
Атақты Шам шаһардың байбатшасы,
Дәл қазір он сегізде жас шамасы.
Әр күні бау-бақшалы кең сарайда
Боп жатты ойын, қызық тамашасы.
Мырзаның қызды көріп есі кетті, 180. “Алсам, деп, – Шәмсияны” үміт етті.
Алдымен қызды сынап байқау үшін
Базардан ылғи жанат алып кепті.
Жанатты бір жолдасы берді қызға,
– Болмасын ұзын-қысқа, – дейді мырза.
Жарасымды бір ішік тігіп берсін,
Айтқанын бай ұлының айтты тура.
Қыз білді байбатшаның сынағанын,
Ақ көңілдің берер деп сұрағанын.
Сор мен бақ екеуінің бірі шығар, 190. “Жөн, – деді, – неде болса шыдағаным”.
Әтейлеп берді ғой деп мені сынап,
Біреуден бой нұсқасын алды сұрап.
Қалыптан өз бойына таразылап,
Ішікті тігіп болды қыз да шыдап.
Ішікті тікті баппен екі күнде,
Шығарып ине жіптен болды мүлде.
Жігіт кеп киіп көрсе, қойғандай дәл,
Бұл өнер бола бермес әлдекімде.
Жігіт көріп, таң қалып, болды қайран, 200. Олпы-солпы таппайды ешбір жайдан.
Құдалық сөйлеспек боп осы жерде,
Аялдап бірнеше күн етті қайран.
– Бұл жерде бірнеше күн тұралық, – деп,
Уақыттың өткеніне шыдалық, – деп.
Жіберді құдалыққа екі жігіт,
– Ықыласын біздер шалдың сұралық, – деп.
Жаушылар келді шалға қыз қалаған,
Мап-майда жауаптары ызбалаған.
– Мырзаға, қызыңызға құда болсақ, –
210. Деп келдік, туғанбыз ғой біз анадан.
Балаңа баламыздың жасы теңдес,
Дүниеде мұндай орай келе бермес.
Қара емес, хан берер қыз мырзамызға,
Еңкейгенге шалқайса орны келмес.
– Баламның сөйлесейін анасына,
Анасы ақылдассын баласына.
Сіздерге қыз бермейміз дей алмаймыз,
Жеткен соң қыз балиғат шамасына.
Ентігіп кемпіріне келді кәрі,
220. Тосып тұр жас мырзаның жаушылары.
– Балаңа барып сөйлес, байғұс кемпір,
Құда болсам деп кеп тұр алар жары.
Қалиға Бәтиманы қосқан жаста,
Әйелді жатқа жазған әуел баста.
Сөйлесін балаңменен кемпір өзі,
Жауабын алып кел, сен, ақылдас та.
Шешесі қызға келді қадам басып,
Ойының айтты бәрін ақылдасып.
Айтқанын анасының қабыл алып,
230. Сайрайды бұлбұлдайын аузын ашып:
– Алған соң сіздер мені панасына,
Мен жеттім балиғаттың шамасына.
Өздерің, ата-анам, біліңіздер,
Атам ерік салыпты баласына.
Парызым ата менен ана күту,
Дұрыс емес сіздерді ренжіту.
Алладан әмір болса несі қиын,
Жамандыққа жақсылық болар тыю.
Бар мен жоқтың олар да білер парқын,
240. Бұзбайды ата-баба ескі салтын.
– Берейін қалыңмалды өзім айтып,
Қырық түйе әкелсін артып алтын.
Жігітке айтты жаушылар қайта барып:
– Шал қызын бермек болды қалың алып.
Артатын қырық түйе құлы менен
Қырық түйе әкелсін алтын артып.
Қызға ол қалған екен шын құмартып,
Бұл сөзге күлді мырза езу тартып.
Қолма-қол алып жүрген саудасынан 250. Он құл мен жүз түйе алтын әкелді артып.
Жаушылар арадағы желдей есіп,
Әкелді қалыңмалды елдей көшіп.
Келесі сәрсенбі той қылмақ болып,
Құбылды Шәмсия қыз көңілі өсіп.
Бақ келіп қонады екен нақ осындай,
Жүрген қыз өмір бойы бағы ашылмай.
Жарқырап шыға келді жалғыз күнде,
Құбылып тоты құстың қанатындай.
Талапты Шәмсия қыз болып мұндай, 260. Мақтауы бұл өңірге кетті симай.
Шал-кемпір жасап тойын ұзатады,
Жалғызын жүретұғын жанға қимай.
Талдағы шырмауықтай шыр айналып,
Сүйісті екі ғашық құмарланып.
Шырылдап төбесінде қолдап-қорғап
Махаббат періштесі жүр айналып.
Сапырып той шарабын құйды қандай,
Тойына жиылды ел мың-мың сандай.
Қосылды екі бекзат құмарланып, 270. Баяғы Құсайын мен Шаһарбандай.
Атасы шүкір қылды қыз ұзатып,
Тойынан ел тарқады көп күн жатып.
Шәмсия: – Бағдатқа барамыз, – деп,
Алғызды Бағдаттан жүз піл сатып.
Жүз пілге алтын-күміс жүгін артып,
Жөнелді көшіп олар шеру тартып.
Мырза да шықпайды оның айтқанынан,
Ақылды жаралған соң жаннан артық.
Бір сөздің жаңа келдік қызығына, 280. Алланың тұрар пенде сызығында.
Мырзаны қатын бастап алып келді,
Баяғы алтын көрген құдығына.
Мырза тұр ғой қыз білмейтін құдық сырын,
Құдайым кезіктірген мұны бұрын.
Бұйрықша кезіктірген Шәмсияға,
Жыланның патшасының жиған пұлын.
Шәмсия құдықтың кеп аузын ашты,
Көрсетіп ақық-меруерт жатқан тасты.
Қып-қызыл ылғи нағыз алтын екен, 290. Байбатша мұны көріп, таң қалысты.
Шәмсия ұмытпастай белгілеген,
Қасында тас бастау бар мөлдіреген.
Бағдат шаһарының жуық жерден,
Көрінді мұнарасы елбіреген.
Мырзадан падишаға елші кетті,
Бағдатқа олар дағы келіп жетті.
Мырзаның өзі – дастан, жолы – бостан,
Елшісін патша қарсы алып, құрмет етті.
Елшіні қонақ етті қарсы алып, 300. Жер алып, алды зәулім сарай салып.
Алтын-күміс мырзаның мол байлығын,
Әңгіме етіседі жұрт таң қалып.
Мырзамен патша, уәзір болды жолдас,
Бірінің бірі сөзін, сірә, бұрмас.
Шәмсия мақсатына жету үшін
Патшаның қатынымен болды құрдас.
Ханымға жақындай кеп қылды зорлық,
“Патшаға мұнан өтер бар ма қорлық”, –
Деп ханым патшаға күңкілдейді: 310. – Мырзаның қатынына қатын болдық.
Шәмсия мырзасына айтты бір күн:
– Бізде бар таусылмайтын дүние шіркін.
Бағдаттан бір жақсы жер сатып алып,
Көрейік мал қызығын емін-еркін.
Айтқанын Шәмсияның қабыл алды,
Не қылсын қисапсыз мол жатқан малды.
Бағдаттан бір жақсы жер сатып алып,
Алтын мен ылғи меруерт сарай салды.
Алдырып жеті ықылымның міністерін,
320. Аралап дүниенің барлық жерін.
Сарайдың іші-сырты сондай көркем,
Келтірді жасаушылар тым мәнерін.
Жасалған таза алтыннан бау шарбағы,
Қонатын үйлер салды адам дағы.
Ысқырған айдаһардың суретінен
Орнатқан ортасында алтын тағы.
Бақшада сыңғырлатып бұлбұл сайрап,
Тұрады төрт жағынан гауһар жайнап.
Жанатын түн болғанда берді жанар, 330. Бір шебер Шәмсиямен тапты ойлап.
Бұл шамның ол екеуі сырын ашып,
Айтпайды бұл шаһарда ешкімге ашық.
Патшаны келтірмекке қояды екен,
Қақпағын жұма күні түнде ашып.
Ашылып гауһар әйнек болды жарық,
Шаһарды нұрға бөлеп қылды қарық.
Падиша менен уәзір көріп оны,
Қарайды ол әйнекке қайран қалып,
Патша, уәзір әйнекті көреді бұл, 340. Күндіз жоқ, түнде жарық бұл қалай сыр?!
Елеусіз екі ғаріп адам болып,
Көрелік түнде келіп анықтап бір.
Айтайын уәзір мен падишадан,
Екеуі қайыр тілеген болып адам.
Уәзір мен патша деп жан ойламас,
Түрлері екеуінің тым-ақ жаман.
Аяңдап жетіп келді патша, уәзір,
Бақшаға кіріп кетті, етпей құзыр.
Шәмсия күзетшіге деді: – Аулаға 350. Кім кірсе де алдыма келтір әзір!
Күзетші байқап тұрған бұрын сырттан,
Патша мен уәзірді мықтап тұтқан.
– Ұрысыңдар, рұқсатсыз баққа түскен, –
Деп ұрып, текпілеп көп киім жыртқан.
Шәмсия жетіп келді аяғансып,
Өңіне екеуінің қарағансып.
Ұрғызбай күзетшіден алды айырып,
Мырзаның әйелінше өте паңсып.
Қолында екеуінің екі таяқ,
360. Сарайға кіріп келді ұялмай-ақ.
– Қылыңдар маған қызмет екі сөтке,
Бақшаға кіріпсіңдер қарамай-ақ.
Құлдар жоқ бүгін біздің үйде қалған,
Сандықты моншаға апар киім салған.
Берейін екеуіңе екі ділдә,
Жақсы ғой еңбегімен ақтап алған.
Сандықты алып жүрді монша жаққа,
Тұрмайды басса аяқ тайғанаққа.
Жығылып кезек-кезек шатқайақтап,
370. Жарылып қабақтары қалды ұятқа.
Қысылған сайын олар ұяты кеп,
Әтейге жібермейді тұра тұр деп.
Шәмсия киімдерін киген шақта,
Сандықты әкелді әрең қайта сүйреп.
Сандықты алып келді өліп-талып,
Ішінен екеуі де жаман налып.
Екеуін сол араға тұрғызды да,
Үйіне кіріп кетті қайта барып.
Бейнемен есіркеген рақым салып, 380. Береді екі ділдә қолына салып.
– Еттіңіздер маған қызмет осында кеп,
Азсынбай алыңыздар, – деп, – екі ғаріп.
Десін де білдіртпедік олар барсын,
Барсын да сарайына демін алсын.
Айтқанын орындаған Шәмсия кеп,
Айтады мырзасына мына ісін.
– Мырзаға, беделіңді асыр, – дейді,
Судай қып сары алтынды сапыр, – дейді.
Падиша мен уәзірді ханымымен,
390. Қонаққа бүгін кешке шақыр, – дейді.
Орындайды Шәмсия айтса не деп,
Оларды қонақ қылды тағам же деп.
Патша, уәзір отырды ханымменен,
Әр нені өздерінше әңгімелеп.
Падиша Шәмсияны мақтады кеп:
– Ата-анаң сіздің неткен бапты еді, – деп,
Қара адамнан жан тумас сіздей асыл,
Өзіңді қандай бегзат тапты екен? – деп
– Ей, падиша, білесің бе ағайынды,
400. Алдырған үш жетім қыз жабайыңды.
Екеуін алып қалып мен сорлыны
Бастырмай қумап па едің маңайыңды.
Қуған соң Бағдаттан мен де кеттім,
Сондағы айтқан сертке кеше жеттім.
Қылдырып түні бойы қызметімді,
Уәзірмен екеуіңді тентіреттім.
Падиша Шәмсияның ұғып сырын,
Түсінді ойнағанын отпен бұрын.
Шәмсия мырзасымен ойнап күліп, 410. Шаттанды тілегіне жетіп бүгін.
Падиша шықты үйден қатты жасып,
Өлімнен ұят күшті бетті басып.
Тәж бенен тағын тастап сол күні түн
Бетке алып Мысыр жақты кетті қашып.
Шағында кешегі күн алшаң басқан,
Ойламайтын “асқанға тосқан бар” деп.
Падиша рақымы жоқ кетті қаңғып,
Масқара боп еріксіз елден қашқан.
Хан падиша харамдықтың латына,
Өзінің шек келтіріп бір атына.
“Нұр жауар, – деген бар ғой, – талаптыға”,
Шәмсия жетті ойлаған мұратына.
Жасында мұңлық болған көңілі алаң,
Шәмсия бақытты болды адам.
“Үш қыздың” әңгімесі осылайша,
426. Ғапу ет, оқыған жан, болды тамам.
КЕЗБЕ ШАЛ
Қолыңа қаламыңды ал, Құрбанғали,
Отырсың бір қиялды толғанғанлы.
Ақ қағаз, қара сия қалсын артта,
Бір күні аттандырар дүние пәни.
Ақынның өлсе артында сөзі қалар,
Ұрпақтар оқып көрген десін пәлі!
Бой созып, топтан озып шықпақ қиын,
Әркімнің өзіне хас бар ғой халі.
Қалам ап бір қиялмен салдым шимай, 10. Қолда деп атам “керей” аруағы-ай.
Жүз жастан асқан кім бар, ойла, жұртым,
Қалмай ма ажал жетсе бұл дүние-ай.
Отыздың сегізінен өттім тағы,
Ақнның өлең жазар осы шағы.
Кешегі Құрбанғали жазған-ау деп,
Өрендер аңыз қылсын артымдағы.
Өз атым Құрбанғали, елге таныс,
Құсайын – әкем аты, қалмас қағыс.
Рухани сана жақтан шабыт берем, 20. Ұрпаққа берерім жоқ заттық табыс.
Аз ғана мен сөйлейін әңгіме айтып,
Іс өтсе өкінішті келмес қайтып.
“Төрт мысал” оқырманға ұсынамын,
Беруге ой өрісін аз байытып.
Сөздерге құлақ салдым жақын-алыс,
Қалдырмай ертегіні есте қағыс.
Абайдан атақты ақын болмасам да,
Өлеңнен жорға салдым кейде шабыс.
Өткенге баға берсек жарыстырып, 30. Бай-жарлы, патша-биді салыстырып.
Залым да, ақымақ та, сұмдар да өткен,
Момын мен зұлымдарды алыстырып.
Ат қойдым бұл қиссаға “Кезбе шал” деп,
Айтарым бұл қиссадан тәлім ал деп.
Бастайын енді шалдың әңгімесін,
Өтінем, жамағаттан, құлақ сал деп.
Айтамын бұрынырақ болған шалды,
Болыпты баласы көп және жарлы.
Кәрілік ден саулығы тағы нашар, 40. Асырау оңай болмас үйлі жанды.
Сол үшін қатты күйіп, шаршап талған,
Айтпақшы тәңірін тауып арыз-арман.
“Тәңірдің өзін тауып айтайын”, – деп,
Бет елді шал қаңғырып кетіп қалған.
Бір иен жүре-бара шетке келген,
Сенделген жол үстінде қасқыр көрген.
– Қай жаққа баратұғын адамсың? – деп,
Қасқыр да сөйлесуге тілге келген.
Шал айтты: – Кетіп барам Құдайды іздеп,
50. Құдайдан жөн емес қой үміт үзбек.
Бала жас, өзім кәрі болғаннан соң,
Бақ-дәулет сұрап барам әдейі іздеп.
Қасқыр айтты: – Япыр-ау, мен де дерт көп,
Болып ем теріс азу талайды жеп.
Осы күн тышқан ұстап жей алмаймын,
Жіберді мені құртып бір ауыру кеп.
Еш нәрсе құтылмаған істеріменен,
Арыстан қорқушы еді күштерімнен.
Қор болдым қарғыс атып осылайша, 60. Айырылып сол халге не себептен?
Жоқ еді теріс азу менен өткен,
Мен болдым ауру меңдеп, қор боп өткен.
Жақпайды жасағанға қай қылығым,
Кездестім осы халге не себептен?
Енді мен жазылатын ем бар ма екен,
Өлместік қорек қылар жем бар ма екен?
Сұрай кел тура барсаң бір Құдайдан
Өтетін осылайша жөн бар ма екен?!
“Болады” деп кезбе шал кетті жүріп, 70. Құдайды іздеп иенге құлақ түріп.
Қалың орман шетінен бір бәйтерек
Алдынан айғайлапты тау жаңғыртып.
Бәйтерек адамға ұқсап тілге келді,
Орман мен тау жаңғырып күңіреді.
Арсиып қурап қалған аруақтай,
Көрінді кезбе шалдың көзіне енді.
Сөйлейді терек сонда: – Ей, адамзат!
80. Барасыз қайда кетіп етіңіз дат?
Тоқталып жөніңді айтып кетіңізші,
Менің де емес еді көңілім шат.
Күннен-күнге бәйтерек құрап-семді,
Мінеки, миюам түсіп, көңілім сөнді.
Бір күнде бар ағаштың патшасы едім,
Не бұйрық айтсам олар соған көнді.
Кешегі алыбыңыз бүгін ғаріп,
Айтайын мұнан басқа енді немді.
Шал айтты: – Тәңірді іздеп кетіп барам, 90. Өзім кәрі, жас еді қатын-балам.
Кәртейіп денсаулығым азайған соң,
Оларды асырауға келмей шамам.
Айтпақпын осынау бір арманымды,
Алдымнан кез боп қалса Алла тағалам!
Жаратқанға айтпағым осы арыз,
Адамзатқа Алла айтса болар парыз.
Жоқ-жітікке қайырымды, әділ, – дейді,
Болмаса алам ба, – деп, – ақша қарыз.
Терек айтты: – Тағы да едім биік, 100. Тұрушы ем төбем шалқар көкке тиіп.
Сәулетпен бойды түзеп сымбаттанып,
Түбіме көмдіріп ем “алтын үйіп”.
Тамырыма көмген алтын кесел болып,
Қуартып жапырағымды тұрмын солып.
Сұрай кел барсаң тура бір Тәңірден,
Тап болған арылар ма осы күйік?!
Тәкәппар терек болдым халыққа зор,
Халықтан қарғыс тиіп болғаным қор.
Жасарып жаңаланар күн болар ма, 110. Сұрай кел, Құдай тапсаң арызым сол.
Мақұл айтып кезбе шал жүре берген,
Саз кешіп, аяқ шешіп асып белден.
Көк шалғын, көк орайлы, әсем гүлді,
Бір теңіз шалқып жатқан көлге келген.
Су жұтып, сарық басып отырғанда,
Бір балық жақындапты шоршып көлден.
Менің де халім қиын тыңдасаңыз,
Ей, адамзат, әуелі жөніңді айт сен.
Балықтың зарлап айтқан арман халін. 120. Шал тыңдап ұғыныпты тілін білген.
Сөйлейді балық сонда: – Мен де арманда,
Бар ма екен менен сорлы бұл жалғанда!
Бір күнде су астының «патшасы» едім,
Мінеки, зар боп тұрмын бір жардамға.
Көзіме сен көріндің өлер шақта,
Тәңірім кез келтірді адамзатқа.
Көрсетші құдай ақы көмегіңді,
Жардам ет құтылуға бұл апатқа.
Мен дағы дегеніңді орындар ем, 130. Қайырылып қайта отырсам алтын таққа.
Қылқынып тамағымнан ас өтпейді,
Сорлы өмір қош айтып тұр мал мен баққа.
Сол кезде асқар таудай шыққан жотам,
Аш қалған айналыппын аруаққа.
Қызыл жан қысылғаннан орын таппай,
Бұрылтып қаратпай тұр екі жаққа.
Құтылар бұл аурудан күн бар ма екен,
Датымды айт кезіксеңіз Жаппар хаққа!
Шал айтты: – Қам жемеңіз, патшам-ау, еш, 140. Сөзіңді мынау айтқан қылармын ес.
Айтайын арманыңды Жаратқанға
Иншалла, кезігермін ертелі-кеш.
Кезбе шал осыны айтып жүріп кеткен,
Бір заңғар – асқар тауға барып жеткен.
Алды тұйық, жан-жағы ұшпа жартас,
Қамалып әлгі шалың ойға кеткен.
Осылай арып-шаршап отырғанда,
Шалдығып сорлы, байғұс ұйықтап кеткен.
Шал жатыр түс көргендей өңі ме әлде, 150. Бір дауыс естіліпті аспан-көктен.
– Ойлаған арманыңды осы арада айт,
Ал, кімді іздеп келдің, не себептен?
Шал айтты: – Тәңірді іздеп шығып едім,
Тәңірде бақыт көп деп ұғып едім.
Бала жас, өзім кәрі болғандықтан,
Бақ-дәулет алайын деп шығып едім.
– Алыстан арып іздеп келдің маған,
Екенсің қырсық сорың арылмаған.
Бақ-дәулет өзіңе өлшеп бердім міне,
160. Мақұлық, қайт, үйіңе есен-аман!
Бақ қонды шал оңалып болып сәтті,
Жолдағы еске түсті аманаты.
Сол қасқыр, бәйтерек пен наһан балық
Тағдырдың ғаріп болған махұлиқаты.
Шал сөйлеп бұл үшеуін мағұлым қылды,
Соқпақшы неге апарып істің арты.
Көп зарлап қалып еді “үш мүсәпір”,
“Тағдырдың болар ма деп рахыметі”.
– Жолыққан әуел саған залым қасқыр,
170. Жетілген залымдыққа сонша мәштір.
Қылмысы зұлымдықтың бәрін тауып,
Бұл күнде қор болып жүр қара басқыр.
Ешкімге жүруші еді бермей есе,
Зарлатқан момындарды әлденеше.
Қасқырдың ауруы сол жазылатын –
Адамның ең ақымақ етін жесе.
Теректе залым еді асқан биік,
Бойы өрлеп, бұлттан озып, көкке тиіп.
“Сәулетті жапырағымды көркейтсем” деп, 180. Тамырына көмгізген ед алтын жиып.
Алтынның буы тиіп, тамыры шіріп,
Тартып тұр осы күнде ғазап-күйік.
Ғазаптан құтылуды арман қылса,
Тәуба қып өткеніне есін жиса.
Гүлденіп әуелгідей болар еді,
Алтынды тамырындағы қазып алса.
Балықта өз кезінде алып еді,
Атағы су астында қанық еді.
Патшалыққа лайық мәнсап алып, 190. Мойнына алтын алқа салып еді.
Өз халқын өзі жұтып сорып еді,
Семіріп іші майға толып еді.
Денесі өсіп алқаның бауы қысып,
Буынып содан ауру болып еді.
Дүниені біреу жөн бе жиып алса,
Мақлұйхат не көрмейді Тәңірі салса.
Балық та әуелгідей сауығар ед,
Алқаны мойнындағы үзіп алса.
Түзу қайт, енді үйге кетпе адасып, 200. Мойындап жоқшылыққа жүрме жасып.
Құдайдың саған жазған жазуы бар,
Істей бер ақ ниетпен адал кәсіп.
Шал оянса ешкім жоқ болды ғайып,
Іс болды нәтиже жоқ таңғажайып.
Ойланып “өңім бе бұл, түсім бе?” – деп,
Шал қайтты ізіменен беттен тайып.
Осылай кезбе шалың қайтады енді,
Ойына сақтап түгел естігенді.
Кетуге уағдасын ада қылып, 210. Айналып бағанағы көлге келді.
Кезбе шал көрді осылай көрмегенді,
Ізінше өзі көрген көлге келді.
Шөлдеген ерні кеуіп, халі кетіп,
Бас қойып, тұнық суын жұтты-ау енді.
Су жұтып отыр еді шөлі қанып,
Алдына тағы келді іздеп балық.
– Аллаға арызымды айттың ба? – деп,
Тіл қатты балық жылап, шалды танып.
Әйтеуір мен аспаннан алдым хабар,
220. Жақсылық-жамандықты пиғылың табар.
“Бақ-дәулет өзіңе өлшеп бердім”, – деді,
Көріпті көз жасымды паруардигар.
Мен қайттым Тәңірім таппай орта жолдан,
Сен жемқор екенсің ғой елді сорған.
Халықтың қарғысына ұшырап көп,
Ақиқат құтылмайсың құрған тордан.
Болам деп “патша ағызам сен” жүріпсің,
Атырапқа айбар шегіп бұлқыныпсың.
Мойныңа мәнсап үшін таққан алқаң, 230. Мінеки, денең өсіп қылқыныпсың.
Сан бейуаз момындарды жұтып едің,
Көрдің бе Тәңірім салған бұл бір ісін?
Алқаны мойыныңдағы үзіп алса,
Кеңиді демалысың, бар жұмысың.
Жол басып кетуге шал әзірленді,
Тапсырған ада қылып бір жұмысты.
Балық айтты: – Алқаны ал, мұратқа жет!
Мені де ғаріп қылған осынау дерт.
Бағасы бұл алқаның жүз мың ділдә, 240. Бұл дағы саған Алла берген дәулет.
Құтылып бұл пәледен болсам азат,
Болмаспын мен де қайтып құдайға шет.
Алқаны сатып жетсең мұратыңа,
Болмайды жатып ішсең жаныңа сеп.
Ажалдан арашалап қалсаң егер,
Беретін саған санасыз дәулетім көп.
Жалынып балық айтты: – Алқамды ал!
Болады таусылмастай дәулет пен мал.
Жеменгер жауыздықтан тыйылайын, 250. Істесем қайта оны Құдайға сал.
Наһанға шалдың айтқан мынау сөзі,
Сөйлейтін ақымақтың келді кезі.
– Алқаңның маған, әуел, керегі жоқ,
Жарылқап тағдыр мені қойған өзі.
Ақылдан артта туған ақымаққа,
Не керек алтын, гауһар, мыс пен жезі.
Аяңдап ақымақ шал жолға түсті,
Балықтың қала берді жайнап көзі.
Шал байғұс жолға түсті тағы жаяу,
260. Көңіліне алмайды ол ешбір қаяу.
Ұқтырып аманатын кету үшін
Терекке әтей іздеп келді таяу.
Сықырлап ыңырсыған дауысы шығып,
Терек те бас игендей ұйқылы-ояу.
– Секілді бақыт қонған адамдайсың,
Айттың ба арманымды? – деді баяу.
Шақшиып шал қарады келген жаяу,
Салмақ боп жүрегіне тағы қаяу.
Шал сонда: – Тыңда, – деді бәйтерекке,
270. Ағаштан сен шығыпсың жекпе-жекке.
Тәкәппар болыпсың сен бойың түзеп,
Түбің жерді ап, таяпты төбең көкке.
Не жеміс, көлеңкең жоқ көпке берген,
Қурапсың безенумен бекер текке.
Айттым мен Тәңіріңе арманыңды,
Тамырыңа алтын үйіп алғаныңды.
Шірітіп тамырыңды үйген алтын,
Буымен қурап семіп қалғаныңды.
Халықпен қарапайым бірге болмай, 280. Басыңа өшпес жара салғаныңды.
Жалынды естіген соң бұл қу терек,
– Жеткізген талабымды болдың зерек.
Алтынды дайын жатқан қазып алсаң,
Болмай ма таусылмас пұл саған керек.
Жазайын жастар үшін болсын ертек,
Ақымақ құрғақ сөзді бақыт көрмек.
– Ауыр ғой, алтынды алып жүре алмаймын,
Жаратқан мал мен бақты өзі бермек.
Алтынды керек қылмай түсті жолға,
290. “Жапанда тұрмаймын, – деп, – бекер шөлдеп”.
Аспаннан найжағайлы жауып нөсер,
Құлатты қу теректі апат сел кеп.
Бай, патша асқандардың бәрің сол ғой,
Азырақ мысал үшін қалдым меңзеп.
Кезбе шал осыны айтып басты ілгері,
Артында аз болмады жүрген жері.
Алмады ол Алла берген тегін ақша,
Ала ма мұнан есеп біреу тегі.
Тоқтамай бара жатыр шал да кетіп, 300. Басына бақ қонғандай өлеңдетіп.
Бұралып өлуіне таяп жүрген
Қасқырға ақымақ шал келді жетіп.
Шал айтты: – Тіл алмайсың, жолға келсең,
Айтайын арманыңды сөзге сенсең.
Сен байғұс жазыласың әуелгідей,
Адамның ең ақымақ етін жесең.
Түгетіп аманатын жолға түсті,
Қашанда момындықтан зұлмат күшті.
“Бақытқа кенелдім” деп кетіп барад, 310. Шал байғұс қайдан білсін ақырғы істі.
Мұны естіп, қасқыр залым ойға кетті,
Сорлыны ажал айдап тентіретті.
“Алмаған қымбат алқа, қапты алтынды
Осыдан ең ақымақ өтпес”, – депті.
“Шалды жесем дертіме шипа болар”, –
Депті де қасқыр шалды бас сап жепті.
Сыр берме дұшпаныңа келсе қалың,
Жеп алды ақымақты қасқыр залым.
Ақ көңіл, адал болам деген жауға, 320. Жем болды сорлы-ақымақ кезбе шалым.
Қасқырды халық жыртқыш залым дейді,
Бай, кедей, жалғыз демей бәрін жейді.
Сұмпайы, залым, жыртқыш, қорқаулардан,
Сақтан деп халық үнемі зар илейді.
Қаңғырған Тәңір іздеп бұл кезбе шал,
Оқырман талдау жасап, ғибрат ал.
Дос пен қас, жалған-шынды айырмаған,
Тірлікте зиян тартар осындай дәл.
Тәкәппар, жемқор, ақымақ, залымдарға 330. Жақсылық, сірә, істейтін бір жан бар ма.
Осылар жер бетінің жексұрыны,
Алданғандар түседі мүшкіл халға.
Кім биік? Бұл дүниеде байлар биік,
Күшейтпек түп тамырын алтын үйіп.
Орнымен жиған малы ұсталмаса,
Кетпей ме сол тамырын бір күн қиып.
Төрт мысал жаздым осы естелікті,
Қас-досын білімді адам ескеріпті.
Қаскүнем, зиянкестер құлағанда, 340. Жиреніп жермен суда сескеніпті.
Кей адам дүние үшін жолдан азып,
Арғы жағын айтпасақ артық қазып.
Адамға мәңгі қажет ар мен ождан,
Болатын екі өмірге бірдей азық.
Тіленбе жоқ нәрсеге қолды жайып,
Кетесің еңбек етсең шалқып-байып.
Тәкәппар, жемқор, ақымақ, залым болма,
Бұл мысал келер осы сөзге лайық.
Осымен сөз аяғы болсын тамам,
Жазуға бұдан артық болмай шамам.
Бір мұра арт жағымда қалу үшін
352. Қиссаны жазды осылай Құрбан ағаң.
ХАН ХҮКІМІ
Қадиман патша болған елден асқан,
Өзінің тәртібінше хүкім шашқан.
Қызырды көрсететін жан бар ма? – деп
Өзінің уәзірімен ақылдасқан.
– Қызырды әгар тапса көрер едім,
Қандай іс хүкім қылса көнер едім.
Ішінде он екі айдың көрсеткенге,
Мың ділдә санап соған берер едім.
Бір адам табатұғын ділдәмді алса,
10. Белгілі мекені жоқ іздеп барса.
Тапқанға мың ділдәнің сұрауы жоқ,
Өлтірем, ділдәмді алып таба алмаса.
Осылай әр шаһарға хабар шашты,
Аз ғана ділдә беріп таба алмас-ты.
“Мың ділдә алдап алып қашайық”, – деп,
Кей адам екі-екіден ақылдасты.
Еш адам бұл ақылмен бара алмады,
Алам деп көзін малға сала алмады.
Екі емес хан жарлығы, бір деген-дүр, 20. Ділдәні жанынан қорқып ала алмады.
Сол шақта жасы жеткен бір кәрі шал,
Бойында жыртық дамбал, көйлегі бар.
“Қызырды мен табам” деп жетіп келді,
Кісідей таныс болған, көргені бар.
Елеңдеп шалдың көзі қарап қалды,
Келді де шал ділдәні санап алды.
Сорлыда салатұғын қалта да жоқ,
Шешті де көйлегіне орап алды.
Шал барды өз үйіне ділдәні алып, 30. Алады киім, тамақ базар барып.
Тұзаққа мойынынан ілінді де,
Ақыры қалай болар, шығар нағып?
Үй жылы, киім бүтін, тамақ тойған,
Сорлы шал ділдә алам деп басын жойған.
Қызықпен шал бейшара білмей қалды,
Қызырды көрсететін мезгіл толған.
Шалың жүр бір Құдайға нақ сиынып,
Шалдың халін сұрасын кім күйініп.
Қызырды көреміз деп шаһар халқы, 40. Үлкен бір базар болды жұрт жиылып.
Шал келді “өлемін” деп зәресі ұшып,
Кіржиіп желке тері, иіні түсіп.
Салбырап хан алдына тұрды барып,
Екі аяқ бір-біріне шалынысып.
Патша отыр уәзірімен ақыл құрып,
Сөйлейді ділдәні алған шалды көріп.
Ғұмырында аштықпен күн кешірген,
Қызыққан жәдігөй шал пұлды көріп.
– Қызырды табамын деп қу шал, арсыз,
50. Патшаның пұлын жедің ықтиярсыз.
Осындай өтірік айтқан нілсіз жәдігөйге,
Уәзірім қандай жаза бұйырарсыз?
Бас уәзір: – Шалым, мойның қиылады,
Өзіңнің өлеріңді ойла, – деді.
Бауызда тамағынан шалдың, – деді,
Мықты етіп қол-аяғын байла, – деді.
Селкілдер мұны естіп шал бейшара,
Ғажап па, сақтаса оны Хақ Тағала.
“Күлли шайин ражиғун әсилә”, – деп, 60. Сөйлейді шал қасында бір жас бала.
Патша айтты: – Ал, екінші хан уәзірім,
Білесің бастан-аяқ шалдың сырын.
Мына шал мың ділдәні алып алды,
Екінші сіз айтыңыз мұның жөнін.
– Малы жоқ, алатұғын шалды соғып,
Бауызда жалғыз шалды жерге жығып.
Бітеу сой, шал терісі мықты болар,
Қоялық ағашқа іліп сабан тығып.
Бағана шал қасында тұрған бала,
70. Береді шалға мәдет Хақ Тағала.
“Күлли шайин унзила илә әсилә”, – деп,
Бұл сөзге бала жауап берді және.
Патша айтты: – Ал, үшінші уәзірім,
Қалайда сіз біліңіз мұның жөнін.
Қызырды көрсетем деп ділдәні алған,
Болмайды бұдан былай шалға сенім.
Уәзірі сонда жауап берді ханға,
Хан қасында жиылған жақсыларға.
– Бейшара жан сақтауға алған шығар,
80. Не болар ғапу етсек сорлы шалға?
Ерегес не болады ақыл кемне,
Біздерге мақсат емес шалды жеңген.
Бір кеткен мың ділдәңіз қайтып келмес,
Бауыздап мүсәпірді өлтіргенмен.
Бағана шал қасында тұрған бала,
Беріп тұр шал жауабын екі арада.
“Күлли шайин илай әсилә”, – деп,
Тағы да жауап берді бұған қара.
Патша айтты: – Бала, сізді тәуір көрдім, 90. Сөйлейтін шалдың сөзін жолдас па едің?
“Әр нәрсе нәсіліне тартады” деп,
Сен бала үшке дейін жауап бердің.
Бала айтты: – “Байла” деген бас уәзір,
Жолдас емес өзіңе, қас уәзір.
Атасы ұры болған кісі өлтіріп,
Өзінің көңіліндегіден хабар берер.
Екіншің: – “Шалды байлап сой”, – деп айтты,
“Терісіне сабан тығып қой”, – деп айтты.
Атасы қасап қылған, қасапшы еді,
Ол өзінің көңіліндегі хабарды айтты.
Үшінші, рақым айтқан уәзірің,
Баласы нәсілі жақсы падишаның.
Әуелгі екі уәзірдің дұшпан болар,
Түбінде зиян салар қасы дайын.
Мұны айтып көз алдында ғайып болды,
116. “Мен – Қызыр, кешіріңіз, – деп, – шалдың қанын”.
ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР
ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРГЕ ТҮСІНІКТЕМЕ
Құламерген
Қазақ халқының ертеден бері айтып келе жатқан жырының бірі – “Құламерген, Жоямерген”. Бұл жырдың сюжетін “Аламан мен Жоламан”, “Құламерген” ертегілерінен алып, дастанға айналдырған ақындардың бірі – Омбы өңірінде туып-өскен Әбдірахман Бектасов. Аталған жыр 1909, 1912, 1916 жылдары Қазанда11, 1939 жылы VІІ-VІІІ-кластарға арналған хрестоматияда22 және 1964 жылы “Батырлар жыры” атты жинақта33 басылып шыққан. Қазір ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер интитутының қолжазбалар қорында жырдың бірнеше варианты сақтаулы44. Жыр нұсқалары арасында шамалы айырмашылықтар бар. Осы аталған нұсқалардың ішіндегі ең көлемдісі және баспа арқылы ел арасына кең тарағаны да Ә.Бектасов нұсқасы болып саналады. “Құламерген, Жоямерген” жыры жөнінде М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, Т.Сыдықов, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев сияқты ғалымдар өз пікірлерін білдіріп, эпостың үлгілері, ерекшеліктері, жырдың көнелігі, тарихы туралы өз ойларын білдірді55. “Құламерген” ертегісі қарақалпақ халқында да сақталған66. Сол сияқты аталған жырдың варианттары Монғолия мен Қытайда тұратын қазақтар арасында да кең тараған. Монғолия қазақтарының нұсқасы 1991 жылы “Халық мұрасы” атты жинақта басылды77. Қытай қазақтарының арасына таралған “Құламерген” жырын кімнің, қашан жырлағаны белгісіз. Фольклорлық үлгілерді жинап бастырушы О.Егеубаевтың берген мәліметіне қарағанда жырды Қадыр Сұлтанұлының айтуынан жазып алып, “Шалғын” журналының 1980 жылғы 1-санында жариялаған “Шыңжаң халық баспасы” қазақ бөлімінің меңгерушісі, фольклоршы, жазушы Оразбек Қанапияұлы. Қадыр Сұлтанұлының жырлауында “Құламерген, Жоямерген” жырының байырғы желісі барынша сақталған. Бас қаһармандардың есімдері, іс-әрекеті, шығармадағы мотивтер тізбегі, жер-су атаулары (Хазар теңізі, Орал тауы, Бұлғар шаһары) бірдей. Екі жырда да Құламергеннің аты – Құлагер, Жоямергеннің таңдап мінетін аты – Делдеш болып келеді. Екі нұсқада да ертедегі аңшылық өмір неғұрлым кеңірек сақталған. Өз еңбегімен күн көріп жүрген Құламерген мен Жоямергеннің күтпеген жерден зұлым күштерге тап болып, айқасқа түсуі, көп қиыншылықты жеңіп, мұраттарына жетуі баяндалады. Жыр батырлық пен ерлікті дәріптеп, қандай да дүлей күш болмасын соны жеңе алатын ер жүрек батырды аңсаған ел арманын көрсетеді. “Құламерген” жырының сюжеттік құрылымында әлем халықтарының фольклорлық туындыларында жиі кездесетін көне дәуірдің кейбір елестері көрініс тапқан. Солардың бірі – матриархат дәуірінің белгісін елестететін мыстан кемпір бейнесі. Мыстан кемпір аталған шығармада оқиғаның шиелесуіне себепкер бейнесінде көрінеді. Оның азғыруымен Гүләйім теріс жолға түсіп, Бұлғар шаһарының патшасымен көңіл қосады. Сөйтіп, Құламергеннің отбасы бұзылады. Құламерген мен Жоямерген патшаның мыңдаған әскерімен соғысып жеңіске жетеді. Шығармада батырлардың айналасындағы адамдар әр қилы жағдайда көрінеді. Ал соның бәрінде үнемі араласып жүретін ортақ кейіпкерлер де бар. Соның бірі – батырға қысылған кезіндегі жәрдемшісі, астындағы аты. Жырда батырларға керек жерінде көмек беретін ат жүйрік қана емес, керек кезінде тіл бітіп, сөйлейтін ақылшы серік болып көрінеді. Жүйрік аттың осындай сипатта көрінетін тұстарын “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын” сияқты қаһармандық эпостардан және бурят халқының эпосы “Гэсэрден”, тува халқының аңызы “Бокту – Кириш пен Бора Шээлиден”, башқұрттың “Заятөлек пен Су сұлу” аңызынан, қалмақтың қаһармандық эпосы “Жәңгірден” т.б. кездестіруге болады. Сол сияқты аталған дастанның оқиға өрілімінде сиқырлы күштер туралы ұғымдар күрделі орын алады. “Құламерген” жырының “Шалғын” нұсқасы мен Ә.Бектасов жырлаған (Алматы, 1964) салыстырып қарағанымызда Қадыр Сұлтанұлы жырлаған дастанында төмендегідей айырмашылығы бар екені анықталды: 1. “Шалғын” вариантында Құламергеннің әйелінің аты – Гүләйім болса, 1964 жылғы басылымда – Күнәйім. 2. “Шалғын” вариантында Құламергеннің ұлы Жоямергеннің жер асты, су патшалығы әлемінде болып, әр қилы ауыр сындардан өтіп, жер асты патшасы Жыланбектің қызы Күнсұлуға үйленетін эпизоды мен сол тұстағы Делдеш аттың иесіне көрсететін қызметі сияқты көріністер жоқ. 3. “Шалғын” нұсқасының мәтінінде жырдың кейбір тұстары қарасөзбен баяндалған. Осы екі нұсқаны салыстыра зерттеу нәтижесінде аталған екі жырдың түбірі бір бастаудан таралғаны анықталды. Ал әр нұсқаның жыршысы белгілі сюжетті өзінше жырлаған. Қадыр Сұлтанұлы жырлаған “Құламерген” дастанының көркемдігі жақсы, оқиғасы қызық. Мәтінде аздаған арап, парсы және жергілікті, сөздер кездеседі. Олар қазақ тіліне аударылып, томның соңындағы арнайы сөздікке топтастырылды. Томға енгізіліп отырған “Құламерген” жырының мәтіні 1980 жылы Қытайда шыққан “Шалғын” журналының бірінші санынан алынды.
Қ. Алпысбаева
Арық мерген
Ел арасында ертеден келе жатқан жыр. Жырды кім жырлағаны белгісіз. Шығарманы ел аузынан жазып алып, баспаға ұсынған Мақсұт Моғұтұлы. Дастан алғаш рет “Қазақ қиссалары” атты жинақтың 5-томында жарияланған88. “Арық мерген” дастанының мазмұны қазақтың арасында ертеден келе жатқан, ертедегі аңшылық өмірдің суреттері неғұрлым кеңірек сақталған, өз еңбегімен күн көріп жүрген, аңшы мергендер туралы ертегілердің бірінен өрбіген. Жырдың композициясы қаһарманды дәріптеу мақсатына сәйкес құрылған: Оқиға қаһарманның үйден шығумен басталады. Бұл бүкіл оқиғаның өзегі. Кейіпкер үйден шығысымен оқиға қоюлана түседі, яғни қаһарманды мадақтау үшін оның алдына қиын бөгеттер қояды. Ол асқар таудан, үлкен шөлден, өзеннен өтіп, жалғыз өзі сапар шегіп жүріп жезтырнаққа кез болады. Мұндай сюжет “Арғы мерген”99, “Жезтырнақ”110 т.б. ертегілерде кездеседі; одан соң жолбарыстар мекеніне тап болып, олармен бірнеше күн ұрыс салады; соңында жалғыз көз сияқты мақұлықпен қақтығысады. Кейіпкердің алдынан осы секілді үш үлкен бөгет кездеседі. Әрбір жаңа бөгет бұрынғысынан да қиын, әрі күрделі болып келеді. Қаһарман осылардың бәрінен аман-есен өтіп отырады. Мысалы, жалғыз көзді мақұлықтың күштілігі мен қайратына қарамастан оны жеңіп, қол астындағы тұтқындарды босатып, еліне оралады. “Кейіпкердің, міне, осындай алып та күшті дұшпандарын жеңуі – сөзсіз, халықтың бұқара қорғанышы боларлық жан туралы арманының жемісі мен оның жақсылық пен жамандыққа, әділеттік пен әділетсіздікке деген көзқарасының сәулесі”1111. Жырдың мазмұны тартымды, көркемдігі біршама тәуір. Мәтінде басқа тілден енген біршама сөздер кездеседі. Олар қазақ тіліне аударылып, томның соңындағы арнайы сөздікке топтастырылды. Томға ұсынылып отырған “Арық мерген” дастанының мәтіні 1986 жылы Бейжің қаласындағы “Ұлттар баспасынан” шыққан “Қазақ қиссалары” атты жинақтың 5-томынан (649-868-бб) алынды.
Қ. Алпысбаева
Әбу жылан
Дастан Алтай аймағына кең таралған. Бұл жырды Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданының тұрғыны Шаяхмет Жәңгірұлының айтуынан жазып алып, баспаға ұсынған Заңқан Сәкияұлы. Шығарма алғаш рет 1992 жылы “Бурылтоғай ауданының қисса – дастандары” атты жинақта жарияланған1212. “Әбу жылан” дастанының оқиғалық құрылымы күрделі. Мұнда талай замандардың елестері бар деуге болады. Солардың бірі – көне дәуір санасын елестететін тұсы, яғни кейіпкердің жер жүзінен бір сұлу табамын деп, белгісіз қауіп-қатері мол сапарға аттануы. Міне, оқиға осыдан барып дамиды. Кейіпкер көптеген қиыншылықтарға кез болып, оларды жеңіп отырады. Ал бұдан былайғы жерде оқиға өрілімінде қиял-ғажайыптық элементтер кездесіп отырады, яғни шығарма оқиғасында адамдардан басқа дию, көгершін, жылан сияқты кейіпкерлер араласып жүреді. Оған мына бір мысал дәлел бола алады. Кейіпкер көгершіннің айтуымен Арал тауына барып, Ақсұлу атты сұлу қызды көріп ғашық болады. Осы тұста жыршы қыздың кескін-келбетін, көрік-сұлулығын дәріптеуге ерекше көңіл аударған. Қыздың сұлулығы дастан поэтикасына орай көркемделіп, дәріптеледі. Қыз бен жігіт үйленеді. Қыз күн сайын түнде күйеуінің қанын сора бастайды. Мұндай сюжеттер көптеген ертегілерде кездеседі. Олардың қатарына “Айдаһар қатын”1313, “Айдаһар”1414, “Арғы мерген”1515, “Аюдәу”1616 т.б. ертегілерді жатқызуға болады. Талданып отырған дастандағы кездесетін тағы бір мотив – “бал ашу” мотиві. Оған мына бір мысалды келтіруге болады. Кейіпкер Ақсұлуға үйленгеннен бері өзіне бір науқастың жабысқанын біледі. Бірақ оны ешкімге айтпай, жасырып жүреді. Оның науқас екенін сезген бір шал кітап ашып, Ақсұлудың қыз бейнесіндегі жылан екенін біледі. Жігітті одан сақтандырады. Бұл орайда аталған мотив оқиғаның одан әрі дамуына дәнекер болып тұр. Мұнан кейін дастан мазмұнына тағы да басқа сюжеттер кіріп, кейіпкердің Әбу жыланнан құтылуымен аяқталады. “Бал ашу” мотиві “Құсайын қиссасы”, “Олжабай батыр” “Салсал”, “Сәнуар патша” сияқты жырларда көрініс береді. Жырға “қыз, не әйел” бейнесінде келіп кейіпкерге ұшырасатын айдаһар туралы ертегілердің бірінің сюжеті арқау болған. Дастанның көркемдігі жақсы, оқиғасы қызық. Мәтінде басқа тілден кірген біраз сөздер кездеседі. Олар қазақ тіліне аударылып, томның соңындағы арнайы сөздікке топтастырылды. Томға енген “Әбу жылан” дастанының мәтіні 1992 жылы Алтай аймағынан шыққан “Бурылтоғай ауданының қисса-дастандары” атты жинақтан (44-87-бб) алынды.
Қ. Алпысбаева
Телім – Тентек
Қытайда тұратын қазақтардың арасына кең таралған дастандардың бірі – “Телім – Тентек”. Бұл жырды жырлап ел арасына таратқан Әріпжан Жанұзақұлы деген ақын. Ақынның Ғарифолла деген ұлы бұл дастанды әкесінің қолжазбасынан көшіріп алып, сексенінші жылдары баспаға табыс еткен. Шығарма мәтіні алғаш рет 1986 жылы Қытайда шыққан “Мұра” журналының 1-2-сандарында жарық көрген1717. Жырдың мазмұны көптеген елдердің ертегілерінде кездесетін, “Ақымақ бала” туралы сюжеттен алынған. Шығармада Тентектің жастықпен әр түрлі ақымақты іс қылғаны үшін әр қилы жағдайға душар болғандығы баяндалады. Телім – Тентек өмір жағдайына бейімделе алмайды, сондықтан ол ақымақ болып көрінеді.Ол екі ағасына ұқсамайды. Екі ағасы өздеріне қажетті шаруа істесе, Тентек бәрін керісінше істейді. Бірде қақпанға түскен қоянды босатып жіберсе, енді бірде қақпанға түсіп қалған кемпірді босатудың орнына, оның аяғына шылбыр байлап, үйіне сүйретіп апарады. Сондай ақмақты істерінінің бірін көрсететін, яғни судан өте алмай тұрған қойлардың тұяқтарын сыпырып тастайтын тұсынан мына бір мысалды келтіруге болады:
Қой судан өтпейді екен сабаса да,
Тентекке қарап жүру жараса ма.
Шарасын өткізудің ойланады,
Қараңыз, тағы қызық тамашаға.
Иірді бір шұңқырға жинап бәрін,
Көсілтіп жатқызады сирақтарын.
“Кебісімді шеш деген екен ғой” деп
Сыпырды бәрінің түгел тұяқтарын.
Шығармада Тентектің іс-әрекеттері күлкілі етіп суреттеледі. Осыған ұқсас эпизодттар “Делдар тентек”, “Кеген тентек”, “Намаз сатып алған бай” т.б. ертегілерде кездеседі1818. Телім – Тентек қаншалықты ақымақ болғанымен оның жүрегі таза, қайырымды, ойы адал жан. Ол екі ағасының жасаған опасыздығы мен тасбауырлығына қарамастан оларға талай рет қайырым жасайды. Тіпті ағасы үшін өзінің жанын құрбан етеді. Жырдағы негізгі назар қатыгез байдың сараңдығы мен Тентектің екі ағасының әділетсіздігін әшкерелеуге аударылады.
Шығарманың тілі таза, шұрайлы. Басқа тілден кірген сөздер жоқтың қасы. Томға ұсынылып отырған “Телім – Тентек”дастанының мәтіні 1986 жылы Қытайда шыққан “Мұра” журналынан алынды.
Қ.Алпысбаева
Екі ағайын
Бұл жыр ел арасына ауызша тараған. Дастанды жинап, жүйелеп баспаға ұсынғандар: Іле аймағы, Тоғыз тарау ауданының белгілі ақыны – Көпбосын Сәскеұлы мен сол ауданның мәдениет қызметкері – Дәулет Жапарұлы. Шығарма алғаш рет “Қазақ қиссалары” атты жинақтың 13-томында жарияланған1919. Дастанға арқау болған – жазықсыз қуғынға ұшыраған жандар туралы Шығыс пен Батысқа кең тараған сюжет желісі. Оқиға патша қызының жемістен жүкті болып, одан туған балалары: Иманжан мен Пірістапарды өлімге қиып, үйден қууынан басталады. Ақырында қыздың даяшысы балаларды аяп, киімдерін қанға бояп алып келеді. Осы сәттен бастап қуғынға ұшыраған балалар көптеген қиындықтарды бастан кешеді. Жырдың осы тұсы “Болат пен Жанат”220, “Гүлшаһри”2121 дастандарын есімізге салады. Жырдың композициялық құрылымы күрделі. Ол ертегілік, хикаялық сюжеттер мен мотивтерден тұрады. Олар: дүние жүзі халықтарының ертегі, эпостарында жиі кездесетін перзентсіздік зары, яғни дүниені белшесінен кешіп жүрген патшаның бір шыр еткенге зар болып, қартайған шағында Істәлипа атты қыз көруі; Иман мен Пірстапардың көптеген ертегілер мен эпикалық жырлардың кейіпкерлері сияқты ерекше жағдайда тууы, яғни олардың дүниеге келуіне қасиетті жемістің себеп болуы; болашақ кейіпкерлердің дүниеге келу тарихын баяндайтын эпизодттар фольклортану ғылымында “ғажайып туу мотиві” деп аталады. Дастандағы “ғажайып туу мотиві” кейіпкерлерді әсірелеп көрсету үшін қолданылған көркемдік тәсілдердің бірі. Классикалық, ғашықтық эпостардағыдай аталған дастан кейіпкерлері де өзгелерден ерекше болып көрінеді. Олар ақылды, өнерлі, кейде батыр сипатында суреттеледі. Аталмыш дастанда зәбір көрген, тарыққан жазықсыз жандарға қысылған кезде жәрдемге келетін ғажайып күш – ғайып ерен, қырық шілтендер қызметі де көрініс тапқан. Сол сияқты аталған дастанда халық ауыз әдебиетінде ең кең тараған “Аллаға жалбарыну” мотиві де кездеседі. Мұнда бұл мотив кейіпкердің жан қиналысын, күйзелісін, шарасыздығын аңғартады. Оған мына бір мысалды келтіруге болады. Иманжан тасқа айналып кеткен інісінің кейпін көргенде, шарасыздан Аллаға мінәжат айтып, былай жалбарынады:
Ей, Алла, дүниені сен жараттың,
Әлемді он сегіз мың кең жараттың.
Ұшқан құс, жүрген аң, қарайған жан
Бәріне ризық беріп, жем жараттың.
Жан беріп сол қатардағы бізге дағы,
Солармен бізді дағы тең жараттың.
Туған жанның барлығы ұқсас емес,
Әр түрлі кеудесіне шер жараттың.
Не қылса да құдіретің жетеді ғой,
Жан беріп, бұл інімді бері қаратқын...
Оның тілегі қабыл болып, Алланың құдіретімен інісі тіріліп ағасымен табысады. Соңында екі бала шешесін іздеп тауып, барша мұраттарына жетеді. Аллаға жалбарыну мотиві “Таһир – Зухра”, “Сәнуар патша” сол сияқты басқа да көптеген діни дастандарда жиі кездеседі. Жырдың көркемдігі жақсы, оқиғасы қызық. Мәтінде басқа тілден кірген біраз сөздер кездеседі. Олар қазақ тіліне аударылып, томның соңындағы арнайы сөздікке топтастырылды. Томға енген “Екі ағайын” дастанының мәтіні 1993 жылы Бейжің қаласындағы “Ұлттар баспасынан” шыққан “Қазақ қиссалары” атты жинақтың 13-томынан (288-348-бб) алынды.
Қ. Алпысбаева
Мұрат Сәлих пен Мағрипа
Дастан қытайдағы қазақтардың арасына кең таралған. Бұл дастанды Іле аймағы, Күнес ауданының тұрғыны Әлиакпар Шаңданұлының айтуынан жазып алғандар: Тоқан Кәмалұлы мен Нұрсұлтан Орманұлы. Шығарма мәтіні 1991 жылы Іле халық баспасынан шыққан “Күнес ауданы қисса-дастандары” атты жинақта жарық көрген2222.
Дастанның қысқаша мазмұны төмендегідей.
Күйеуіне адал Мағрипа атты әйелдің жаланың кесірінен көп азап шегіп, қорлық көрсе де адамгершілік қасиетін жоғалтпай, сабыр мен ақылдылық арқасында жеңіске жетіп, күйеуіне қосылып, бақытқа кенелгені баяндалады. Мұндағы баяндаудың барысы үнемі әділдік пен сабырлылық жеңісіне бағытталады. Жырға арқау болған “Мың бір түннің” 489-490 түндеріндегі айтылған әңгімелер2323. Шығармада біраз мотивтер қамтылған. Солардың бірі – көптеген халықтың ертегі, жырларында кездесетін жазықсыз қуғынға ұшыраған жандар туралы мотив. Дастанның композициясы күрделі. Ол бір-біріне жалғасып отыратын бірнеше әңгімелерден құралған. “Мұрат Сәлих пен Мағрипа” жырының бір нұсқасы (Қазан, 1889) “Хикаят Марғұба қатын” деген атпен “Бабалар сөзі” сериясы бойынша әзірленген жүз томдық жинақтың 5-томында жарық көрді2424. Құрастырушы осы мәтінге берген түсініктемесінде қолжазбалар қорында аталған дастанның мұнан да басқа бірнеше нұсқасы бар екенін көрсетеді және оларды салыстырып, айырмашылықтарын талдайды2525. Жоғарыда айтылған екі мәтінді салыстырып қарағанымызда, екі шығарманың мазмұны ұқсас болып шықты. “Хикаят Марғұба қатын” дастанындағы оқиғалық желілер мен сарындар түгелімен “Мұрат Сәлих пен Мағрипа” жырында кездеседі. Алайда екі шығарманың сюжеті ұқсас болғанымен, оқиғаларының кейбір айырмашылықтары да бар екені анықталды. Мысалы, 2004 жылғы басылымда кейіпкердің шеккен тауқіметі кеңірек баяндалады. Сол сияқты “кеме оқиғасы” екі шығармада әр түрлі суреттеледі. Мағрипаға зәбір көрсететін адамдар Әлиакпар Шаңданұлының нұсқасында суға кетіп қаза болса, ал 2004 жылғы басылымда ол адамдар кемемен бірге өртеніп кетеді. Екі мәтіннің баяндалу мәнері де әр түрлі болып келеді. Яғни әр нұсқаның жыршысы белгілі сюжеті өзінше жырлаған. “Мұрат Сәлих пен Мағрипа” жырының көркемдігі жақсы, оқиғасы қызық. Мәтінде басқа тілден енген біршама сөздер кездеседі. Олар қазақ тіліне аударылып, томның соңындағы арнайы сөздікке топтастырылды. Томға енген “Мұрат Сәлих пен Мағрипа” жырының мәтіні 1991 жылы “Іле халық баспасынан” шыққан “Күнес ауданы қисса-дастандары» атты жинақтан (271-306-бб) алынды.
Қ Алпысбаева
Көкек пен Зейнеп
Дастан ел арасына ауызша айту арқылы тараған. Жырды айтушылардан жазып алған Іле аймағы, Тоғыз тарау ауданының тұрғыны – Рәш Нәбиұлы. “Көкек пен Зейнеп” дастаны алғаш рет 1993 жылы Бейжің “Ұлттар баспасынан” шыққан “Қазақ қиссаларының” 13-томында жарық көрген2626. Жырдың сюжеті шығысқа кең тараған, мазмұны өте қызықты әңгіме, ертегі, хикая, қиссалардың бірінен алынған. Мұндай хикаят, әңгіме, ертегілер көптеген жинақтардың құрамында кездеседі. Дастанның мазмұны ғашық болған екі құстың (Көкек пен Зейнеп) тағдырын баяндауға құрылған. Екі құс жем іздеп жүріп адасып кетеді. Зейнеп қорылдайды кездестіріп, оған ғашық болады. Көрсеқұмар болған Зейнеп ақыры жалғыз қалады. Негізінде бұл шығармада ажырасып қалған кейіпкерлер бірін-бірі іздегенімен алыс сапарға шығып, мехнат шекпейді. Олар көбінде ойланып, толғана береді, онысы ұзақ болып келеді:
“Қош, қош, Зейнебім,
Еш болмасын еңбегің.
Жем қуалап кетіп ең,
Өз уағдаңда келмедің.
Көп іздеу мен өзіңді
Арып-шаршап терледім.
Қайда кеттің, не болдың?
Хабарыңды бермедің
Сонан тағат таба алмай,
Сапарға қанат сермедім.
Құрсағыңды тойғызсаң
Артымнан заулап келерсің...
Жыршы кейіпкерлердің қайғысы, ішкі налысын, шарасыз кешкен күйлерін монолог арқылы шебер суреттеген. Мұндағы Көкек пен Зейнеп образы – шартты түрде алынған аллегориялық образдар болғанымен ғибрат ашық айтылады. Жырдың мақсаты өнегелі сөздерге тіреледі. Мақсатқа тек ақылмен, адамгершілік, адалдық, еңбекпен жетуге болатынын насихаттайды. Шығарманың көркемдігі жақсы. Мәтінде басқа тілден кірген сөздер жоқтың қасы. Томға енген “Көкек пен Зейнеп” жырының мәтіні 1993 жылы Бейжің қаласындағы “Ұлттар баспасынан” шыққан “Қазақ қиссалары” атты жинақтың 13-томынан (403-431-бб) алынды.
Қ. Алпысбаева
Қойшы батыр
“Қойшы батыр” дастаны қытайда тұратын қазақтар арасында ертеден мәлім. Әсіресе, Алтай аймағының бірқатар аудандарында кең жайылған. Жырды айтушы Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қарамағай ауылының тұрғыны – Сағдидолла Қисықұлы. “Қойшы батыр” дастанының мәтінін 1992 жылы Сағидолланың айтуынан қағазға түсірген жергілікті ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы – Құрбан Құныпияұлы. Дастан алғаш рет 1992 жылы “Бурылтоғай ауданының қисса-дастандары” атты жинақта жарияланған2727. Жырға арқау болған қазақ еліне кеңінен таралған “Қойшы батыр2828” атты ертегінің сюжеті. Дастан:
“Бір байға Қойшы батыр жалшы болған,
Қапамен жүрегі оның шерге толған.
Ойы оның батырлықпен ел қорғамақ,
Жігіттің кезі еді әбден толған.
Жас қойшы осы істі армандайды,
Көңілі қой бағуды ар ойлайды…”
деген өлең жолдарынан басталады. Кейіпкер сол арманын жүзеге асыру үшін әрекет жасайды; яғни ол патшаның жоғалып кеткен жалғыз қызын тауып береді; жазықсыз елге соғыс салған ханнан елдің кегін алады; сол сияқты тірі жан қарсы келе алмаған айдаһардан елін құтқарып, халық ықыласына бөленеді. Сөйтіп патша қызына үйленіп, әскер басы болады. Осының бәрінде кейіпкер жауларынан күш асырып, бәрін жеңген болып шығады. Ол қысылған сәттерінде өзінің тапқырлығы, айлакерлігін құрал етеді. Сөйтіп, өз ақылы, қайраты, тынымсыз әрекеті арқылы әр түрлі қиындықтардан аман шығады. Жырдағы осындай сюжеттер көптеген халықтың ертегілеріндегі айлакер кедейлер, малшылар жайындағы әңгімелерге өте ұқсас болып келеді. Дастанның мақсаты – талапты, тапқырлықты, алғырлықты, әділдікті дәріптеу. Яғни талаптанған, еңбек еткен адамның өз бақытына жететінін насихаттау болып табылады.
Шығарманың тілі таза, көркем. Басқа тілден кірген сөздер жоқтың қасы. Томға ұсынылып отырған “Қойшы батыр” дастанының мәтіні 1992 жылы Бейжің қаласындағы “Ұлттар баспасынан” жарық көрген “Бурылтоғай ауданының қисса-дастандары” атты жинақтан (255-280-бб) алынды.
Қ. Алпысбаева
Саналы Сара
“Саналы Сара” дастанының сюжеті “жарына адал әйелдер” туралы шығысқа кең тараған новеллалық ертегіден өрбіген. Ертегіні жырға айналдырған Қорғас ауылының тұрғыны Иян Асқарбекұлы. Шығарманың мәтіні алғаш рет 1992 жылы Бейжің ұлттар баспасынан шыққан “Қазақ қиссалары” атты жинақтың 12-томында жарияланған2929. Дастанда ертеде Намұрт деген патшаның өз күйеуіне адал Сара деген әйелге ғашық болып сөз айтқаны, ол көнбеген соң, күйеуін жазықсыз түрмеге жапқызғаны, сөйтіп ерлі-зайыптылардың тағдыр тәлкегіне түсіп, өмірдің небір тауқыметін тартқаны, ақыры Сараның ақылдылығы мен сабырлығы арқасында ері түрмеден босатылып, бақытқа кенелгені туралы айтылады. Осындай адал жарлар туралы сюжеттер “Мархұма330” атты ертегіде, “Мың бір түндегі” 489-490 түндері3131 айтылған әңгімеде, “Хикаят Марғұба қатын3232” атты дастанда т.б көрініс тапқан. Жарына адал Сара қаншалықты азап шеккенімен адамгершілік, имандылық қасиеттерін жоғалтпайды. Барлық ауыртпалыққа төзе біледі. Ақылы мен сабырлығы арқасында қиындықты жеңеді. Ол өзін жәбірлеушілерден кек алмайды. Намұрт патшаның әділдігін, халқына жасаған жақсылығын ескеріп, оны аяп, ауруынан емдеп, кешірім жасайды. Аталған жырдағы баяндаудың барысы үнемі әділдік, адалдық, ақылдылық, сабырлылық жеңісіне бағытталып отырады. Сараның бейнесі жырда былай суреттеледі:
Сарадан жан болған ба адал жүрек,
Жеткізер адамдарды таза тілек.
Беріктіктен ақыры бақыт тапты,
Адамға бақтың бірі – батыр жүрек...
“Саналы Сара” дастанының көркемдігі біршама жақсы. Жыр мәтінінде басқа тілден енген біраз сөздер кездеседі. Олар қазақ тіліне аударылып, томның соңындағы арнайы сөздікке топтастырылды. Томға енгізіліп отырған “Саналы Сара” дастанының мәтіні 1992 жылы Бейжің қаласындағы “Ұлттар баспасынан” шыққан “Қазақ қиссалары” атты жинаққтың 12-томынан (164-192-бб) алынды.
Қ. Алпысбаева
Сәукеле
Дастан ғашықтар хикаясына арналған. Шығармада өткен ғасырларда Жоңғар даласын мекендеген ру-тайпалардың тұрмыс-тіршілігі, феодалдық салт-сана мен көшпелі халықтардың ескі әдет-ғұрпы бейнеленген. Сондай-ақ, дастанда жоңғар халқының ежелгі наным-сенімдері мен мифтік сана көріністері де ұшырасып отырады. Мұны жыр соңында кейіпкерлердің “Бұрқан – құдайдың” құдіретімен тасқа айналу сәтінен көруге болады. Жыршы Алтай, Ертіс өңірлерін мекендеген моңғол-қазақ ұлыстарының көне аңыздарына сүйене отырып, тегі туыс халықтардың тарихын жыр тілімен шынайы кестелеген. Дастан оқиғасын ел арасына тараған ескі аңыздардың ізімен жырлаушы Қытайға қараған Алтай аймағы, Көктоғай ауданы, Шәкүрті ауылының тұрғыны – Қызыр Алдажарұлы. Жергілікті фольклор жанашыры, ақындық өнері бар ол аталған дастанды өзі құрастырған “Жалаңаш батыр” атты қиссалар жинағына (Шыңжаң “Жастар-өрендер” баспасы, 1998 жыл) енгізген. Томға ұсынылып отырған “Сәукеле” дастанының мәтіні осы кітапта басылған нұсқа бойынша әзірленді.
С. Қосан
Бөкен жарғақ
Қытайдағы қазақ халқының сүйіп тыңдайтын жырларының бірі – “Бөкен жарғақ”. Жырды кім жырлағаны белгісіз. Шығарманы ел аузынан жазып алып, жүйелеп, баспаға берген Іле аймағы, Нылқы ауданы, Мәдениет үйінің жауапты қызметкері, белгілі ақын Дәулетбек Қаңбақұлы. Дастан алғаш рет 1992 жылы Бейжің “Ұлттар баспасынан” жарық көрген “Қазақ қиссаларының” 12-томында жарияланған3333. Жыр сюжетіне арқау болған ел арасына кең тараған “Бөкен жарғақ” атты күйдің шығуы туралы аңыз. Қысқаша мазмұны төмендегідей: Бір жылы жұт болып, Жанқылыш деген бай қол астындағы жылқышысын отарға көшіріп, Күлән атты қызын тоқалдыққа алмақшы болады. Әкесі мен анасы қаза болып, Күлән мен Әлбатыр екеуі жетім қалып, тағдыр тауқыметін тартады. Бір күні Әлбатыр аң терісін жамылып аң аулауға шығады. Ердос деген жігіт Әлбатырды аң екен деп өлтіріп алады. Күлән ағасын жоқтап күй шығарады. Күйдің атын “Бөкен жарғақ” деп атайды. Істің мән-жайын түсінген Күлән Ердоспен бас қосып, әкесінің түтінін қайта түтетеді. Күй ел арасына кең жайылып кетеді. “Бөкен жарғақ” – Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ өмірінің шындығын көрсететін жырдың бірі. Дастанда барлық оқиға Күлән мен Әлбатырдың тағдырын баяндауға қатысты өрбиді. Шығарманың ерекшелігі – суреттеу мен баяндаудың мейлінше нақтылығы. Күлән мен Әлбатырдың туып өскен ортасы, әкесі – Байбосынның тұрмыс-халі ақиқат, әсерлі суреттелген. Олардың тұрмыс-халі мынау:
Жұтаң, жұқа халі бар,
Жетім – жесір зары бар.
Тауда отырып бір түтін,
Тартқан бейнет қамы бар.
Жалғыз сиыр – бар малы,
Бір “Саққұлақ” арланы...
Ал Күләннің басындағы оқиға, яғни кедейдің қызын Жанқылыштың тоқалдыққа алмақшы болуы да, сол кездегі шындықтың бір көрінісі. “Бөкен жарғақ” дастанының көркемдігі жақсы. Мәтінде басқа тілден енген сөздер аз. Томға енген “Бөкен жарғақ” жырының мәтіні 1992 жылы Бейжің “Ұлттар баспасынан” шыққан “Қазақ қиссалары” атты жинақтың 12-томынан (346-403-бб) алынды.
Қ. Алпысбаева
Бұлғын – Сусар
Ел арасында кең таралған аңыз. Жырға кім айналдырғаны белгісіз. Бұл жыр ел арасында ауызша және қолжазба күйінде сақталған. Дастанның мәтінін Алтай аймағы, Шіңгіл ауданының тұрғыны, “Астық” мекемесінің қызметкері Қабыл Шәмілұлының айтуынан жазып алып, реттеп баспаға әзірлеген сол ауданда тұратын Мәдениет үйінің қызметкері, белгілі айтыс ақыны – Құрманбек Зейтінғалиұлы. Дастан алғаш рет 1991 жылы «Іле халық баспасынан» жарық көрген “Шіңгіл ауданының қисса-дастандары” атты жинақта жарияланған3434. Дастанның қысқаша мазмұны төмендегідей: Байлыққа көзі тоймаған Бірбай қарт Бұлғын атты сұлу қызын Суырбай деген байдың ұлына ұзатпақ болады. Бұлғын қарсылық білдіріп, өзі сүйген Сусар атты жігітпен қашып кетеді. Жігіт жолшыбай “Бұлғын – Сусар” деген күй шығарады. Осыдан бұл күй ел арасына тарап кетеді. “Бұлғын – Сусар” әлеуметтік-тұрмыстық дастан. Жас қыздың сүймеген адамына айттырылуы “Бұлғын – Сусар” жырының оқиғалық желісін құрайды. Кедей қызы Бұлғынды Суырбай деген байдың баласына айттыру Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоғамында болған шындықтың бір елесі деуге болады. Көптеген қазақтың сұлу қыздарының күштілердің құрған тұзағына еріксіз құрбан болғаны белгілі. Бірақ Бұлғын өз намысы үшін күресуге қабілетті. Ол әкесінің құда түсіп қойғанына қарамастан, сүйген жігітімен қашып кетеді. Жырда қоғамның өз ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен күрестер сөз болады. Жырдың көтеріп отырған мәселесі сол дәуірдің шындығы, негізгі нысанасы – адамның бас бостандығы, әйелдің тең праволылығы. Дастанның композициясы барынша қарапайым. Шығармада барлық оқиға Бұлғын мен Сусардың бақыт үшін күресіне, тағдырына қатысты өрбиді. Кейіпкерлердің іс-әрекеттері нанымды. Жырда Бұлғын мен Сусардың талпынып, азаттыққа жетпек болған әрекеті кең суреттелген. “Бұлғын – Сусар” жырының көркемдігі біршама тәуір. Мәтінде араб, парсы, тілдерінен енген біраз сөздер кездеседі. Олар қазақ тіліне аударылып, томның соңында арнайы сөздікке топтастырылды. Томға ұсынылып отырған “Бұлғын – Сусар” жырының мәтіні 1991 жылы “Іле халық баспасынан” шыққан “Шіңгіл ауданының қисса-дастандары” атты жинақтан (227-249-бб) алынды.
Қ. Алпысбаева
Үш жетім
Дастан оқиғасы ертедегі қазақ өмірінен алынған. Сюжеті қарапайым. Мазмұны “Үш жетім қыз” дастанына ұқсас. Мұнда қыздардың орнында ата-анасынан жастай айрылып, тағдыр тауқыметін тартқан үш жетім ұл – Ғалым, Сәлім, Мырзабектердің басынан өткен ауыр тұрмыс суреттеледі. Жалпы қазақ фольклорында көп кездесетін “үш ұл” мотивіне құрылған ертегі, жыр, дастандар жетерлік. Мәселен, “Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы” атты кітапта “Үш ағайынды жігіт”, “Үш жетім бала”, “Үш зерек бала”, “Үш дос”, “Үш мерген” т.б. аңыз, ертегілердің тізімі беріліп, олардың қысқаша мазмұны баяндалған3535. “Үш жетім” – ертегілік дастан. Халықтық шығарманың Шыңжаң қазақтары арасында тараған нұсқасын өлеңмен жырлаушы Бұратола өңірінің тұрғыны, белгілі ақын Нәзір Омарұлы. Дастан мәтіндерін көшіріп жазып алып, сақтаушы және баспаға ұсынушы – Сейітқазы Тамшыұлы. Алғаш 2001 жылы “Қазақ қиссалары” жинағының 17-томында (Бейжің “Ұлттар” баспасы, 150-177 беттер) жарық көрген. Томға аталған басылым бойынша әзірленді.
С. Қосан
Үш жетім қыз
Дастан оқиғасы ертедегі Бағдат шаһарында – Шах Ғаббас патшаның заманында өтеді. Шығарма сюжеті “Мың бір түн” хикаяларының бірінен алынғаны аңғарылады. Дастанның кейіпкерлері – ағайынды үш жетім қыз (Айым, Ғайша, Шәмсия), падиша мен уәзір, перзентсіз, малсыз кемпір мен шал образдары да шығыстық ертегілерде ең жиі кездесетін тұрақты персонаждар. Мұндағы кіші қыз – Шәмсияның өз ақыл-парасатымен бақыт пен байлыққа қол жеткізуі фольклорлық шығармаларға тән ежелгі сарындардың бірі. Ғылым тілінде бұл мотив – “минораттық ғұрып” деп аталады. Үйіне қыз келіп, “бала болатын” шалдың дарияға салған қармағына ақ қайран сияқты сирек балықтың ілінуі де ертегідегі “алтын балық” мотивін еске түсіреді. Шыңжаң қазақтары арасында кең тараған дастанның жырлаушысы белгісіз. Шығарманың бұл нұсқасын жинаушылардың бірі – Бейбіт Қырықбайұлы болса, жүйелеп, көшірген – Қабден Балықшыұлы. Дастан алғаш 2001 жылы Қытайда жарық көрген “Қазақ қиссаларының” 18-томында (138-187 беттер) жарияланған. Бұл томға мәтін аталған басылым бойынша әзірленді. Бұрын-соңды зерттелмеген. Қазақстанда тұңғыш жарияланып отыр.
С. Қосан
Кезбе шал
Дастан оқиғасы шығыс халықтары арасында ерте заманнан танымал көне ертегілік сюжетке құрылған. Шығарма мазмұны жағынан мысал жанрына барынша жақын тұр. Әлбетте өткен ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінде осы тектес көшпелі сюжеттер қара сөзден өлеңге, яки керісінше ертегіге, одан қалса қисса түріне құбылтып айтыла берген. Бұған осы дастанды нәзиралай жырлаушы Құрбанғали Құсайынұлының “Төрт мысал оқырманға ұсынамын”, “Ат қойдым бұл қиссаға “Кезбе шал” деп” дейтін сөздері де куә. Қалай десек те, дастанның кейбір нұсқалары Қытайға қарасты Алтай, Тарбағатай, Іле өңірінің қазақтары арасына кең тарағаны белгілі. Шығарманы жатқа айту арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізушінің бірі шыңжаңдық Насырулла Құрманғажыұлы. Аталған нұсқа 1992 жылы Іле «Халық» баспасынан жарық көрген «Бурылтоғай ауданының қисса-дастандары (209-225 б.б.) атты фольклорлық жинақта алғаш рет жария болды. Дастанның көлемі шағын, сюжеттік құрылымы да онша күрделі емес. Кейіпкерлері: шал, қасқыр, бәйтерек, балық және Тәңірдің өзі. Ақырында, ақылсыз қария аш қасқырдың жемі болады. Осыған ұқсас ертегілік сюжеттер бізде де сақталған. Мәселен, ОҒК (Ш.142) қолжазба қорында сақталған «Бақытты басқа тепкен жігіт» атты ертегіде осы оқиға сәл өзгерістермен қайталанады. Мұнда кезбе шал орнында жігіт, Тәңір орнында Қызыр, Бәйтерек пен балық орнында – патша мен бай, ал қасқыр орнында – айдаһар болып кезігеді. Осыған ұқсас тағы бір ертегі «Қасқыр мен кедей» деп аталады (ОҒК, Ш.108). Мұнда бір еріншек кісі Құдайдан байлық сұрап бара жатып, жолда қасқырға, жеміс ағашына, балыққа жолығады. Сөйтіп, олардың арыз-сәлемін Алла тағалаға жеткізуге уәде береді. Кейіннен, Құдай тілегін берген жалқау жеміс ағашы мен балықтың сыйлығынан бас тартып, ақыры аш қасқырдың жемі болады. Дастан мәтіні бұрын-соңды жарияланып, зерттелмеген. Томға ұсынылып отырған нұсқа шыңжаңдық басылым (Іле «Халық» баспасы, 1992 жыл, 209-225 беттер) бойынша дайындалды.
С. Қосан
Хан хүкімі
Дастан сюжеті шағын әрі қарапайым. Шығарманың бас кейіпкерлері – Қадиман патша, Қызыр мен шал және үш уәзір. Дастанда патшаның әмірі бойынша шал Қызырды іздейді. Мың ділдә ақы алған қарияға Қызыр бала кейпінде жолығады, әйтсе де оны ешкім тани қоймайды. Патшаның екі уәзірі қартты дарға асып өлтіруді және терісін сойып, денесін ағаш басына іліп қоюды ұсынады. Үшінші уәзір шалға кешірім етуді сұрайды. Әр уәзір жауап берген сайын әлгі бала: «Әр нәрсе асылына қайтады», «Әрбір зат қалыбына түседі», «Барлығы өз тегіне тартады» деген сөздерді қайталай береді. Патша себебін сұрағанда, бала уәзірлердің әрқайсысының шыққан тегін, мінез-құлқын сипаттап береді де; «Мен – Қызыр, кешіріңіз, шалдың қанын», – деп көзден ғайып болады. Дастанның басты идеясы – адалдық, әділдік және қайырымдылық қасиеттерін дәріптеуге құрылған. Дастанның кейбір нұсқалары Шыңжаң өңірі қазақтары арасында «Қызырды іздеген патша», «Әділ ханның хүкімі» деген атаулармен мәлім. Оның бір вариантын Іле аймағы, Күнес ауданы, Талды ауылы, 7-қыстақтың тұрғыны Құсайын Ержанұлы деген зейнеткер 1984 жылы ел аузынан жазып алған. Ол 1991 жылы осы ауданның «Қисса-дастандары» жинағында жарық көрген. Ал «Хан хүкімі» дастанының тағы бір нұсқасы Алтай аймағы, Буыршын ауданы, Егізтөбе ауылының тұрғыны Қалиғазы Дастанұлының айтуынша, «Ғазиз әулие» атты кітаптан көшіріліп, кейін ауызекі жолмен халыққа тараған. Дастанның аталған нұсқасының мәтіні 1991 жылы «Буыршын ауданының қисса-дастандары» (67-71 беттер) атты жинаққа еніп, Іле «Халық» баспасында жарық көрген.
Бұл томға осы соңғы нұсқа бойынша әзірленіп, ұсынылды.
С. Қосан
МӘТІНДЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ ЖӘНЕ ДІНИ ЕСІМДЕР
Алла (Аллаһ) – ислам дінінде бүкіл ғарышты, тіршілік дүниесін және қиямет қайымды жаратушы, баршаға бірдей, жалғыз және құдіреті күшті Құдай есімі.
Құран Кәрімде айтылғандай: “Ол Алла біреу-ақ, Алла мұңсыз (әр нәрсе Оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес” . Мұсылмандардың түсінігі бойынша, Алла Тағала әлемді, жерді, өсімдіктерді, жануарларды және адамды жаратты. Ол адамдардың тағдыры – жазмышты белгілейді. Қияметте Алла барлық өлгендерді тірілтеді де, пәнидегі істерін таразылап, біреулерін – жұмаққа, енді біреулерін – тозаққа жібереді. Адамдарды дұрыс жолға түсіру үшін Алла Тағала оларға мезгіл-мезгіл пайғамбарларды жіберіп тұрған. Мұхаммед (с.ә.с.) – Алланың адамдарға жіберген соңғы Елшісі; оған Алланың Құраны Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен жиырма үш жылда толық түсті. Алланың нақты бейнесі жоқ және ол бейнеленуге тиіс те емес. Намаз оқып, сәждеге бас қою арқылы ғана оған берілгендікті білдіруге болады. Ал табынудың басты орны – Меккедегі Қағба, онда аспаннан Алла жіберді деп есептелетін қасиетті қара тас бар. Алла Тағаланың құдіреттілігін, әділеттілігін, қайырымдылығын, т.с.с. өзіне ғана тән қасиеттерін оның тоқсан тоғыз есімі көрсетеді. Мысалы: Акбар (ең ұлық), Тағала (ең жоғары), Кәрім (жомарт), Рахман (мейірімді), Рахым (рақымды), Халық (жаратушы), Шәріп (қасиетті), Ахад (жалғыз), Самад (мәңгі), Жаппар (құдіретті), Ғафұр (кешірімді), т.б. Алланың атын зікір ету рәсімі Аллаһу акбар, Әлхамдулилаһи, Сұбхан Алла сөздерін отыз үш реттен айтып, тәсбих тастарын санамалау арқылы жүзеге асады.
Әли – Османнан кейін билік басына келген төртінші әділетті халиф. Хазірет Әли – Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, әрі оның Фатима атты қызын алған күйеу баласы. Мұсылман елдерінің ауыз әдебиетінде Әли орасан, алып күш иесі. Жаулары Әлидің айғайынан-ақ өліп, талып қалатын болған-мыс. Фольклорлық туындыларда оның зұлпықар, қамқам, самсам деген үш қылышы болғаны айтылады. Әсіресе, Әли зұлпықарын сілтегенде бірнеше жүз кәпірді шауып түсіреді. Әлидің есімі көптеген шығыс қиссаларында, оның ішінде діни дастандарда жиі ұшырасады. Әдетте, хазірет Әли сол қиссалардың басты кейіпкері, жеңілмейтін батыр, халықтың қамқоршысы, мұсылмандардың қорғаны, бетке ұстар қаһарманы ретінде көрінеді.
Хазірет Әлидің атына Шаһимардан, Қайдар, Арыслан, Шері, Мұртаза сияқты бірнеше теңеу, эпитеттер тіркесіп отырады. Әлидің астындағы аты Дүлдүл де ауыз әдебиеті үлгілерінде кең тараған ұшқыр, жүйрік, ақылды пырақ аттың нышанына айналған.
Дәуіт – Құран кейіпкері, пайғамбар, Сүлеймен пайғамбардың әкесі.
Жүсіп – Зылиқа – шығыс халықтарының “Жүсіп-Зылиха” атты әдеби-фольклорлық туындыларының кейіпкерлері, махаббат пен сұлулық символы.
Құсайын (Хұсайын) – Мұхаммедтің қызы Фатима мен Әли ибн Әбу Тәлибтің кіші баласы, шииттердің үшінші имамы. Ислам тарихында Хұсайынның есімі Хасенмен бірге аталады. 669 жылы Хасен өлгеннен кейін Әли ұрпақтарына басшылық етеді.
Алайда 680 жылы халифа Мағауия қайтыс болғаннан соң Иракта үмийалықтарға қарсылық күшейеді. Осы кезде куфалық халифа Йазидтың белсенділігі де арта түсті. Оның адамдары Хұсайынның немере інісі Мүслімді дарға асып өлтіреді. Куфаға келе жатқан Хұсайын қайғылы хабарды естісе де, сапарын жалғастыра береді. Оның Кербала шөлінде ат суытқанын білген Йазид Хұсайынға қарсы төрт мың әскерін қарсы аттандырады. 680 жылдың 10-қазанында күші басым жаумен ерлікпен айқасқан Хұсайын жолдастарымен бірге ұрыс даласында шейіт болады. Имам Хұсайын қайтыс болғаннан кейін Кербала шииттер табынатын қасиетті орынға айналады. Ал оның өлген күнін барша шиит қауымы аза тұтып, құрметпен еске алады.
Қызыр, Қыдыр баба – көптеген шығыс халықтарының, сондай-ақ қазақтардың да мифтерінде, фольклорында, діни аңыздарында жиі кездесетін, аты аңызға айналған архаикалық образ.
Оның генезисі, тұлғалық сипаты өте күрделі, әлі толық зерттеліп айқындалмаған. Бір ғалымдар Қызыр бейнесін көне архаикалық түсінік, көзқарастармен байланыстырып зерттесе, кейбір ғалымдар – тек ислам ықпалымен пайда болған деп түсіндіреді.
Қызыр туралы әрбір халықтың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан түсінігі бар. Қазақ фольклорында Қызыр баба [Қыдыр] – ел аралап жүрген ақ киімді, ақсақал кейпіндегі әулие, адамға қамқоршы, бақыт, дәулет беруші, әр түрлі қиындықтардан қорғаушы.
Ләйлі – Мәжнүн – Таяу және Орта Шығыс пен Оңтүстік Шығыс, Азия халықтарының “Ләйлі мен Мәжнүн” атты әдеби-фольклорлық туындыларының кейіпкерлері. Араб мәнбілері бойынша, Мәжнүн өмірде болған, VІІ ғасырдың аяғы мен VІІІ ғасыр аралығында өмір сүрген ақын. Ләйлі мен Мәжнүн қазақ фольклорында шын ғашықтардың сүйенер пірі ретінде суреттеледі.
Мұхаммед – ең соңғы пайғамбар, Ислам дінінің негізін салушы. Мұхаммед (ә.с.) 570 жылы Мекке қаласында дүниеге келген. Пайғамбардың әкесі Абдулла Мұхаммед өмірге келместен екі ай бұрын қайтыс болған. Ал, анасы Әмина Расул Алла алты жасқа толғанда дүниеден өтеді. Мұхаммед Мұстафа (ә.с.) алғашында сүт анасы Халиманың, онан соң атасы Ғабдулмүтәліптің, ол қайтыс болған соң ағасы Әбутәліптің тәрбиесінде болған.
Алғашқы уахи хазірет Мұхаммед Меккеден үш шақырым жердегі Хира үңгірінде ғибадат етіп отырған түні таң алдында рамазан айында түсті. Мұхаммед 610 жылдары 40 жасында Алланы, яғни бір Құдайға табынатын дін – Исламды уағыздай бастайды. Мұхаммед (ә.с.) Ислам дінін жария еткенде арабтардың басым көпшілігі пұтқа табынатын. Олар Ислам дініне қарсылық білдіріп, түрлі қастандық жасады. Сондықтан б.д. 622 жылы Мұхаммед (ә.с.) өзінің жақтастарымен бірге Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударады. Бұл жыл Ислам жыл санауының басы деп есептеледі. Оның арабша атауы – “хижра”, яғни “қоныс аудару” деген сөз.
Мұхаммед Мұстафа (ә.с.) бин Абдулла 633 жылы Мәдина қаласында қайтыс болды. Мұхаммед пайғамбардың “Мұстафа” (таза, нұрлы, сипатты), “Расул” (елші), “Хабибулла” (Алланың сүйіктісі), “Сағидулла” (Алланың көмекшісі), т.б. эпитет есімдері бар.
Нұх – пайғамбар, Құран кейіпкері. Інжілдегі Ной. Құран Кәрімде оның аты 43 рет аталады және 71-сүре осы Нұх пайғамбар мен оның әулеттеріне арналған.
Дүние жүзі халықтарының көбінде Нұхтың есімі “топан су оқиғасымен” байланысты айтылады. Аңыз бойынша, жер бетін топан су қаптағанда Нұх пайғамбар оны Алланың жәрдемімен алдын ала сезіп, алып кеме-күпшекті жасайды да, күнәсіз адамдар мен жан-жануарлардың әр түрінен жұптан алып, әлгі кемеге мінгізеді, осы кемеге мінген тіршілік иелері апаттан аман қалып, өмір қайта жалғасады.
Сүлеймен – Құран бойынша Дәуіт пайғамбардың баласы, Інжілдегі Соломон. Шамамен б.д.д. 965-928 жылдары бұрынғы Иудей патшалығын билеген деп есептеледі. Сүлеймен Иерусалим қаласындағы Яхус храмын салдырған.
Аңыз бойынша, Дәуіт пайғамбардың отыз ұлы болған. Бір күні Алла Тағаланың әмірімен әлгі ұлдардың бәрі де бірдей қаза болыпты. Сонда Дәуіт еш абыржымай, сабыр сақтап, Алла Тағалаға одан сайын ғибадат еткен. Осыған разы болған Жаратқан Ие Дәуіт пайғамбарға “отыз ұлға татитын” бір ұлды, яғни Сүлейменді береді. Сүлеймен мұсылман елдерінің ертегі, дастандарында “аң мен құстың, пері мен жынның, жан-жануар, құрт-құмырсқаның тілін білген” деп дәріптеледі.
Фатима (Бибі Бәтима) – (635 жылы қайтыс болған) – Мұхаммед пайғамбардың қызы, төртінші халифа Әлидің әйелі, Хасен мен Хұсайынның анасы, мұсылман әлемінде ерекше қадір тұтатын қасиетті әйел бейнесі. Фатимаға табыну, шамасы, Х-ХІІ ғасырларда, содан тарайтын әл-фатимийун әулетінің ықпалы күшеюіне байланысты туып қалыптасса керек. Фатима – шииттердің діни хикаяларының басты қаһармандарының бірі. Көптеген мұсылман елдерінде алақанды белгілейтін ежелгі нысана “Фатиманың қолы” деген атақ алған. Оның небір үмітсіз ауруларға да ем қондырып, дәру дарытатын қасиеті бар деп саналған.
Шаһариарлар [шаһар /п/ – төрт, яр /т/ – жар, серік] – тарихта “ал-Хулафа ар-Рашидун” деген атпен белгілі, араб мемлекетін бірінен соң бірі кезекпен билеген төрт әділетті халиф – Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли.
Олар Мұхаммед пайғамбар уағыздаған жалғыз Құдайлық дінді ең бірінші болып қабылдап, оның ең жақын, шын берілген сенімді серігі, жолдасы болды және Ислам дінін тарату, нығайту ісін ары қарай жалғастырды.
СӨЗДІК
Абдыра – киім-кешек салатын сандық, кебеже
Адырна – садақтың керме қайысы
Айыл – ер-тоқым ауып кетпес үшін малдың бауырын, шабын орап тартатын жалпақ қайыс
Ахирет, Ақирет – ақырет күні. Мұсылмандардың ұғымы бойынша бұл күні қияметтің болуы, Алладан өзгенің жоқ екендігі, өлгеннен кейін сұрақтың қойылатындығы анық сезіледі. Пенделер тірі кезінде істеген күнәларына жауап беретін күн. Ары таза, күнәсі жеңіл болса, Алланың жақсылығын сезіп, ауыр болса, қабір азабын тартатын күн; о дүние деген ұғым; ақырзаман, дүниенің соңы.
Алман – алым-салым
Арда емген – құлын күнінен бастап, құнанына дейін еміп, ақ жілік болған
Аужай – ыңғай, жай-жапсар
Әзелде /ж/ – о баста, әуелде
Әтей /ж/ – әдейі
Бада болу – жоқ болу, мүлдем құрып кету
Байғыз – үлкендігі қара торғайдай сәл ірірек сұр түсті түн құсы
Бейуаза – мезгілсіз, уақытсыз
Білеулеу – мығымдап, нығарлай ұстау
Ғазиз – қадірлі, қымбатты, ардақты
Ғаріп /а/ – бейшара, мүсәпір, міскін
Дая – қызметші
Делебесі қозу – көңілі алып ұшу, желігу
Еңіс – жотаның, өрдің түсе берісі, ылди
Жайла – орын тебу, қоныстану, мекендеу
Жаллад /а/ – әскер, жендет, бас алғыш
Жарғақ – түгін сыртына қаратып тіккен сырт киім
Жардам /ж/ – жәрдем
Жәннат /а/ – бақ. О дүниеде күнәдән ада, таза адамдардың баратын орны (жұмақ, пейіш). Жәннат – бұлақтар мен сулары мол, саялы бақ. Онда дәмі өзгермейтін сүт өзені, шарап, бал өзендері ағады. Жәннатқа түскендер қалаған нәрселерін ішіп-жейді. Жәннатты Ридуан бастаған періштелер күзетеді.
Жәһил /а/ – надан, білімсіз
Жиһан, жаһан /п/ – әлем, дүние
Жігіну – жындану, нақұрыстану, астаң-кестеңі шығу, қарбаласу
Заһар /а/ – у
Инғам /а/ – тарту, сыйлық
Иншалла /а/ – Алла қаласа
Кәтел /о/ – қазан
Кетеуі кету – шырқы бұзылу
Көзел – көпті көрген, сұңғыла
Көрік – ұста дүкеніндегі көмірді үрлеп темірді қыздыру үшін теріден жасалған үрлеуші
Қарық – көздің суықтан, әсіресе шаңқан қарлы далада жүруден болатын ауруы
Қасам /к.с./ – ант, серт
Қиуа – алыс жер, қиян, шалғай
Қораш – көзге олқы көрінетін, жұпыны
Құзар – асу бермес биік, заңғар
Құқай – азап, бейнет, қиындық
Құмай – таулы жерді мекендейтін ірі жыртқыш құс
Лама – будда дінінің сопысы, дінбасы
Мағұрып /а/ – батыс
Мағшұқ /а/ ғашық, сүйікті
Машұрық /а/ – шығыс
Мархабат – рақым, қайырым
Махшар /а/ – адамдардың о дүниеде жаза күніне жиналатын орны
Мәштір /о/ – шебер
Меш /ж/ – пеш
Мосқал – біраз жасқа келген, егде, қартамыс
Мұрсат /а/ – уақыт, мерзім
Мыту – шымшылау, қайта-қайта нұқу
Мінажат /а/ – құлшылық ету
Нәзір /а/ – құрбанның бір түрі, уәжіп-құрбан; Құдай жолына берілетін садақа, қайыр
Оқа – жібек және зер жіптерден өрнектеле тоқылған зер.
Омақасу – кенет ұшып, мұрттай ұшу
Ошарылу /ж/ – бір жерге жиналу, топталу, шоғырлану
Өбектеу – жаны қалмау, бәйек болу
Пәни – бұ дүние
Пәруардүгар – Жаратушы Алла, Құдай
Пәуеске – төбесін, сыртын былғарымен жапқан, ою-өрнек сап сәндеп жасаған, күймелі жеңіл арба
Перғауын – Ертедегі мысыр патшаларының атағы, титулы
План /о/ – жоспар
Потал /ж/ – күміс оңдес жұқа мата
Пысыру /ж/ – пісіру
Сайлауыт /ж/ – сақадай сайланған, әбден іріктелген
Санат /а/ – құрметті, дәрежелі, атақты
Сәна /а/ – ой, қайғы
Селебе – ұшы үшкір, жүзі өткір ұрыс қаруы
Сонар – қалың қар жауып ашылғаннан кейінгі аңға шығуға қолайлы тынық күн
Соны – ешкім аяқ баспаған, тың жер
Сөтке /о/ – уақыт, мерзім
Сүмбі – жіп-жіңішке, түп-түзу
Сүрен салды – бүлік салды, сойқан салу
Сырттық – сырт киімдерді тыстауға жарайтын қалың мата
Тазқара – үлкен жыртқыш құс, жыл құсы
Тәуба /а/ – мойындау, тәубеге келу
Телім – үлес, сыбаға, тиесі
Тепкішек – Жоғары-төмен көтеріліп түсу үшін жасалған басқыш баспалдақ, саты
Тоғанақ – бума, жүк
Топшы – құс қанатының кеудеге жалғасқан жері
Тораңғы – шөлейт аймақтарда, өзен аңғарларында түк жапырақты, көп жылдық қатты ағаш
Тұқыра – басын төмен салып, мойнын ішке алу
Түйткілісу – қобалжу, толқу, әбігерлену
Тылсым – тыным, тыныштық, жым-жырт
Түзі /ж/ – жүзі
Тылсымат /а/ – тұтқындарды ұстайтын жабық, құпия зындан тектес құдық
Уаң – мәнсап аты, аға сұлтан дәрежесі
Ұзын сонар – ұзаққа созылған
Ұрын бару – күйеу жігіт жеңгелеріне сый-сияпат алып, айттырған қыздың аулына жасырын келу
Факт /а/ – дерек, дәлел
Халифа /а/ – орта ғасырлардағы мұсылман елдердің мемлекет билеушісінің атағы, лауазымы
Хас – дәл, нақ, шын мәніндегі
Хикмет, хикмат /а/ – керемет, ғажайып, сұмдық
Хор, хордың қызы – діни наным бойынша жұмақта болатын мәңгі жас, өте сұлу қыз
Шағи – таза тінді жібек мата
Шарайна – сауыт, латы
Шаужайға оралды – алдын орау, кес-кестеу
Шаһар, шәр /а/ – қала
Шел – көздің қарашығын жауып тұратын ақшыл ет, ноғала
Шерік /т/ – әскер, қол
Шұрқан шығарды – әлек салды, шатақ шығарды
Шіл – құр тұқымдасына жататын, кекілікке ұқсас, сұрғыл түсті кішкентай құс
Шілия – аттың қамытын мойнына кернеу үшін қажет әбзел
Ықылым /а/ – жер, бөлік, ел
Ыра – ылди-еңіс, құлди
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Алтай аймағы – Қытай Халық Республикасы Іле Қазақ автономиясы облысына қарасты әкімшілік аймақ. Батысында Қазақстанмен, Солтүстік батысында Ресеймен, Солтүстік Шығысында Монғолиямен шектеседі.
Бағдат – (кей жорамалдарға қарағанда ежелгі парсы тілінің “бага”– құдай, “дад”– берген, яғни “құдай сыйы” сөздерінен шыққан) – 1921 жылдан қазіргі Ирак мемлекетінің астанасы. Тигр өзенінің екі жағасын бойлай салынған.
Қаланы “Мадинат ас-Салам” (Бейбітшілік қаласы) деген атпен халифа Мансұр 762 жылы салдырған. Бағдат – орта ғасырларда араб әдебиеті мен мәдениетінің орталығы болған қалалардың бірі. Осында бірсыпыра шығыс ғалымдары [Насредин Туси, Әл-Фараби, т.б.] оқып, білім алған.
Бұлғары (Болгар) – Еділ Бұлғариясының астанасы. Еділ өңірінің ірі саяси және мәдени орталығы болған. Бұлғар қаласын 1431 жылы Мәскеу князі Василий Темный бағындырғаннан кейін, Еділ бойы өңірінің орталығы Қазан қаласы болды. Бұлғардың қираған орны Татарстан аумағында, Еділ өзенінен алты шақырым жердегі осы аттас ауылдың маңында.
Қап тауы – Құран аңыздары бойынша, жер жүзін қоршап тұрған тау тізбегі. Бұл таулар аспан түстес зүбәржаттан құралған, ал ең биік шыңында вулкан орналасқан. Жер бетіндегі барлық таулар Қап тауымен байланысты, Алла Тағала осы таулар тізбегіндегі шыңдардың біріне қолын тигізсе, жер сілкінісі болады. Қап тауының арғы жағын йәжуж бен мәжүж деген қорқынышты халықтар мекендейді, олар әр түн сайын тауды егеу сияқты тістерімен кеседі, бірақ күндіз тау бастапқы қалпына қайта келеді, сөйтіп бұл халықтар жер бетіне шыға алмайды. Қап тауымен байланысты көптеген аңыздар бар. Солардың бірсыпырасында Қап тауының арғы жағында керемет мақұлықтар, дәулер мен перілер мекендейтін ғажайып елдер бар деп айтылады.
Мәдине – арабша “қала” деген сөз. Меккеден кейінгі екінші қасиетті қала саналады. Исламның негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбардың 622 жылы Меккеден осында қоныс аударуына байланысты Хижаздағы Ясрибке мұсылмандардың берген атауы. Мұсылмандардың жыл санауы осы қоныс аудару жылынан (хижра) басталады. Мұсылман мемлекетінің негізі қаланғанда Мәдине оның алғашқы астанасы болды.
Мекке – мұсылмандардың қасиетті қаласы. Онда бас мешіт әл-Мәсжид әл-Харам мен Қағба орналасқан. Исламның негізін қалаушы Мұхаммед (с.ә.с.) осы қалада дүниеге келген. Мұхаммед (с.а.с.) Меккеден кеткенімен Мәдинедегі жаңа құлшылық ету үйінің есігін Қағбаға қаратты (Құбыла). Мұсылмандардың Меккені 630-жылы жаулап алуы оның діни орталық ретіндегі айрықша жағдайын қалпына келтіріп қана қоймай, одан да жоғары дәрежеге көтере түсті. Меккеге барып тәуап ету исламның бес парызының бірі болып саналады.
Мысыр – Африканың солтүстік-шығысын және Азиядағы Синай түбегін алып жатқан Египет мемлекетінің арабша атауы.
Үрім, Рұм – шығыс халықтары орта ғасырда Византияны осылай атаған. Сол халықтардың фольклоры мен әдебиетінде Рұм атауы өте алыс, ғажайып өлкенің символы ретінде қолданылған.
ТОМҒА ЕНГЕН ДАСТАНДАРДЫ ЖЫРЛАУШЫ, АЙТУШЫ ҺӘМ ЖИНАУШЫ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ
Әріпжан Жанұзақұлы (1878 – 1946) – Әріпжанның азан шақырылып қойған аты – Әзімжан. Ел арасында Әріпжан аталып кеткен. Ақын Бәйжігіттен төрт ата бері Дәулетбай батырдан тарайды.
Әкесі Жанұзақ Шіңәнұлы дейтін кісі ерекше шежіре, шешен ақын болған адам. Шыңғыс хан ұрпақтарының қазақ даласына жасаған жантүршігерлік озбырлығына қарсы Қаракерей Қабанбай батыр мен оның немере інісі Дәулетбайдың ерлік істерін жырлап, тарихта қалдырған және қазақ фольклорының алтын қоры қатарында саналып жүрген “Бақтиярдың қырық бұтағы” атты дастанды жырлаған. Әріпжан кішкентай кезінен бастап әке жолын қуған. Күнді – түнге жалғап жыр айтатын суырып салма ақын болған. Ол отау көтеріп әкеден енші алғанда, мал орнына қызыл тал мен аршадан қилыстырып жасалған, кейін өзіне ұзақ жыл серік болған домбыраны және әкесі жырлаған “Дастархан”, “Азат бақыт”, “Алпамыс”, “Шәкір – Шәкірат”, “Нұғман – Назым” қиссаларын қалап еншіге алған екен. Ақынның өмірі Тарбағатай тауының теріскей мен күнгей бетінде өткен. Өзі де көптеген қисса, толғау, өлең, жыр шығарған. Әкесі жырлап, аяқтай алмаған “Бақтиярдың қырық бұтағы” дастанын жырлап, аяқтаған.
Дәулетбек Қаңбақұлы – Іле аймағы, Нылқы ауданында туған. Жоғары оқу орнын бітірген. Нылқы ауданы Мәдениет үйінің қызметкері. Ол сондай-ақ ШҰАР жазушылар одағының және ШҰАР фольклоршылар қоғамының мүшесі. “Ғазірет Әлі мен Дариғаның күресі”, “Нұғман – Назым”, “Пұрақ баланың хикаясы”, “Мұхаммед – Қанапия” қиссасы, “Сұлтан патшаның қиссасы”, “Ұры мен жолбарыс” сияқты халық мұраларын жинап, сақтаған. Кейбіреулерін жүйелеп, басылымдарда жарық көрсеткен. “Іле халық баспасынан” 1990 жылы басылып шыққан “Нылқы қазақ қиссалары” атты екі кітаптың бас редакторлық қызметін атқарған.
Қызыр Алдажарұлы – 1926 жылы Алтай аймағы, Көктоғай ауданы, Шәкүрт ауылында туған. Ғұлама ақын. Өлемжі Ахытұлының (1866-1940) туған немересі. Жастайынан ата тәрбиесінде болып, сол кісінің ақындық өнерін қуған. Атасының “Сейфүлмәлік”, “Бәдіғұл – Жамал”, “Сейітбаттал ғазы”, “Ишан Махмұд” сияқты қисса-дастандарын жаттап, елге таратқан. Атасына еліктеп өзі де жастайынан көптеген қисса-дастандар жырлаған. Солардың біразы басылымдарда жарық көрген. “Жалаңаш батыр”, “Қасым батыр”, “Сәукеле” атты үш жыры 1998 жылы “Шыңжаң жастар – өрендер” баспасынан “Жалаңаш батыр” атты кітап болып басылып шыққан. Ол сондай-ақ Қытай Халық Республикасы фольклоршылар қоғамының мүшесі.
Нұрсұлтан Орманұлы – 1961 жылы туған. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы. Орта мектепті бітірген. Қазір Күнес ауданы, Қарабура ауылы, Ақтаған екінші қыстағының егіншісі.
Оразанбай Егеубаев – 1935 жылы Шыңжаң өлкесі, Шағантоғай ауданы, Ойқұдық ауылында туған. “Өмір өткелдері”, “Тау ұлы”, “Ту мекенде”, “Қазақтың ғашықтық жырлары”, “Қазақ қиссалары – батырлық, тарихи жыр-қиссалар”, т.б. еңбектері жарық көрген.
Ол Таңжарық Жолдыұлының өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар зерттеп, жаладан ақтап, ақын мұрасын халық игілігіне қайта жаратуда көп еңбек сіңірген ғалым.
Тоқан Кәмалұлы – 1960 жылы туған. Орта мектепті бітірген. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы. Қазір Күнес ауданы, Қарабура ауылы, Құмтөбе екінші Кент мектебінің мұғалімі.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР
ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК – Орталық Ғылыми кітапхана
ҚҚ – Қолжазба қоры
Ш – шифр
дәп. – дәптер
/а/ – араб
/о/ – орыс
/п/ – парсы
/тат/ – татар
/т/ – түркі
/ж/ – жергілікті
/к.с./ – көне сөз
моңғ. – моңғол
/қ/ – қытай
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Әуезов М.О. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1991. 2. Бабалар сөзі. 5-том / Томды құрастырып ғылыми қосымшаларын дайындаған: Б.Әзібаева. – Астана: Фолиант, 2004. 3. Батырлар жыры. 3-том. – Алматы, 1964. 4. Бердібаев Р. Қазақ эпосы. – Алматы, 1982. 5. Ғабдуллин М., Сыдықов Т. Қазақ халқының батырлық жыры. – Алматы, 1972. 6. Ертегілер. 3-том. – Алматы, 1988. 7. Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы. 1-том. – Алматы, 1976. 8. Қазақ тілінің сөздігі, – Алматы, 1999. 9. Қазақ ертегілері. 2-том. – Алматы, 2000. 10. Қазақ кітаптары / Құрастырғандар: Е.Есова, Ү.Субханбердина, Д.Сейфуллина, – Алматы, 1986. 11. Қасқабасов С. Казахская волшебная сказка. – Алматы, 1972. 12. Қоңыратбаев Ә. Эпос және оның айтушылары. – Алматы, 1975. 13. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар. – Алматы, 1985. 14. Мың бір түн. 3-том. Аударған Қ.Әбдіқадыров. – Алматы, 1993. 15. Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. – Алматы, 1993. 16. Арабско-русский словарь. Составитель Х.К.Баранов. – М., 1968. 17. Древнетюркский словарь. – Л., Наука, 1969. 18. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Құрастырушылар: Р.Сыздық, Н.Уәлиұлы, Қ.Жаманбаева, Қ.Күдеринова. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. 19. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы, 1999. 20. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Құрастырған І.К.Кеңесбаев. – Алматы, 1977. 21. Персидско-русский словарь. Под ред. Ю.А.Рубинчика. І-ІІ т. – М., 1970. 22. Татарско-русский словарь. – М., Советская энциклопедия, 1966. 23. Турецко-русский словарь. – М., Русский язык медиа, 2005.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру