Тысяча вопросов
Санжар Керімбай
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Тысяча вопросов» («Мың сұрақ») — познавательная книга, построенная в форме сказаний и легенд. В основе произведения — история о Мәлике, задающей тысячу вопросов, на которые отвечает учёный по имени Әбілда. Через их диалог раскрываются темы нравственности, воспитания, духовного поиска, смысла жиз...
Отбасы хрестоматиясы
Алматы-2024
УДК 398ББК 82М 90
қазақстан республикасы мәдениет және спорт министрлігідін істері комитетінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №24-6-12/1040хатына сәйкес “Дінтану” сараптамасынан өткен
«Отбасы хрестоматиясы» қорының жобасы Тұтас кітапты немесе кітаптың қандай да бір бөлімін кез-келген форматтаавторлардың рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды.Барлық құқықтары сақталған.
Жобаның авторы: Санжар Керімбай Құрастырып, алғысөзі мен түсініктерін жазғандар:Мұхит Төлеген – Дінтанушы, PhD докторы.Сәкен Нұрқабекұлы – Филология магистрі.Әділбек Нәби – Дінтанушы магистр. мың сұрақМ 90 Отбасы хрестоматиясы. /С.Керімбай, М.Төлеген, С.Нұрқабекұлы, Ә.Нәби, 10 басылым. – Алматы: «Отбасы хрестоматиясы», – 2024. –208 бет.
ІSBN 978-601-7558-53-6
Бұл кітап ертегі және аңыз жанрында құрастырылған. Мәлике деген Ұрым патшасы мың сұрақ қояды. Оған Әбілда есімді оқымысты жауап береді. Мың сұрақта аңыз, қисса, тәлім-тәрбие, шешендік сөздер, экзистенциялық ойлар қамтылған.Кітап этнопедагогика ғылымына қызығатын мектеп оқушыларына, студенттерге және ізденуші ғалымдарға арналады.
УДК 398ББК 82
ІSBN 978-601-7558-53-6 © «Отбасы хрестоматиясы» 2020
АЛҒЫСӨЗ
Бұл кітап «Отбасы хрестоматиясының» кезекті өнімі. Алдыңғы кітаптардан байқасаңыз олардың түпкі идеясы Виктор Франклдың логотерапия ғылымына негізделген. Логотерапия адами болмысты зерттейтін экзистенциализм ғылымының бір бұтағы. Экзистенциалистер мәселені көлденең қояды. «Жердегі тіршіліктің хикметі не?», «Адам өмірінде мән бар ма?» «Адам ұрпағы асыл мұратты көздеп, ол міндетін абыроймен арқалап, мағыналы тіршілік ете ала ма?».«Homo Sapіence» деген атпен Жер планетасында пайда болған қазіргі адам ес біліп, ойлап, сөйлеп үйреніп, қолдан қару жасап, от жағып, орман өртеп, кейін келе қала соғып, ғылым өндіргелі бір кемдігінен құтыла алмай әлек. Бұл – оның жыртқыш мінезі! Қанша жерден Homo Sapіence яғни АҚЫЛДЫ АДАМ деген ардақты атты иеленсе де бөтен кісіні айтпағанда ет жақын туысының өзін түкке тұрғысыз дүние рақаты үшін кейде жайратып салатын қатігез қылығын қоя алмады.Ғалымдардың айтуынша, жүз мың жыл бұрын ақылды адам 6 ағайынды болыпты. Ақылы мен айласы басым түскен арғы атамыз (Homo Sapіence) қалған 5 ағайынды туысын тұқым тұқиянымен біржола жойып жіберді. Дәл қазір өркениетті ғасырда өсіп-өніп жатырмыз деген 7 миллиард жанды да «Өмірім қайтсе қауіпсіз болмақ?» деген бір сұрақ ұдайы мазалайды. Себебі адамзат бөтен аймаққа алаңсыз аттанбақ тұрмақ, түнде туған өлкесін емін-еркін кезе алмайды. Дәл өзі сияқты бөтен кісіден зарар көруі әбден мүмкін.Әлеуметтік зерттеулер бойынша қазіргі адам сырттағы қатігез дұшпанның емес, қасындағы тасжүрек туысының қолынан көбірек қаза табады. Ювал Ной Хараридың айтуынша, 2012 жылы әлем бойынша 56 миллион адам өлген. 620 мың адам кісі қолынан қаза тапқан. Оның 120 мыңы соғыста жер жастанса, 500 мыңы зорлық-зомбылық пен қылмыстың құрбаны болған. Салыстыра кету үшін айтайық, сол жылы әлемде 800 000 адам өзіне қол салып, бұл пәнимен қоштасқан. ХХІ ғасырдың ғылымы қанша тырысса да адамның жыртқыш мінезін жоя алмай жатыр. Керек десең, ғылымның өзі миллиондаған адамды бір сәтте жоқ қылатын қару-жарақ жасауға жәрдем берді.«Сонда адам бұл өмірге азап пен қорлық тарту үшін ғана келген бе?» деген ой туады. Өнердің бүкіл саласы жырлап өткен мейірімді, шапағатты, әділетті адам қайда? Егер адамның мұндай түрін табу мүмкін болмаса, зорлық пен зомбылыққа, азап пен қорлыққа толған бұл өмірде тіршілік үшін күресудің не мәні бар?! Дегенмен адам қанша жерден қатігез болса да, оған ұлық мәртебені телуден жалықпайтын бір ілім бар. Ол – ДІН ілімі! Құран рухы бойынша адам Алланың жердегі халифасы. Құран қиссасында Тәңірі тағала адамның кірпіш тәнін қалаған соң періштелерге көрсетіп сынатады. Періштелер пенденің ет пен сүйектен жаралған денесіндегі физиологиялық мұқтаждықтарды көріп шошып кетеді. Мынадай құмарлыққа қанбайтын, атақ-даңққа тоймайтын адамды жарату, расымен, өте қауіпті еді. Тойымсыз адам ұрпағы жерге түссе, қан қасап қырғынның басталғалы тұрғанын олар қапысыз дәл болжады. Себебі ішім-жемге тәуелді пенде мұқтаждығын өтеп, құмарлығын қандыру үшін ештеңеден аянбайтын. Бақталастық пен тақталаста қан төгіп, туған бауырын бауыздап тастау қиын емес еді. Осыны білген періштелер «Уа, Тәңірім, адамды жаратпа, жер жүзіне таратпа. Тіршілікті қанды қолға қаратпа!» деп зар илеген екен. Сонда Тәңірі тағала кірпіш тәнге өзінің болмысынан РУХ деген кереметті үрлеп, адамды иләһи болмысқа айналдырады. Бұдан соң адам мен періште білім сайысына түсіп күш сынасады. Адам ата бүкіл сыннан сүрінбей өтіп, жарыста озық шығып, өзінің тәңірлік құдіретін көрсеткен екен. Сонда ғана періштелер АДАМҒА бас иіп, сәжде қылады. Себебі бұл адам енді басқа АДАМ болатын. Қарсы келген жалғыз Ібіліс адамның рухани өзегін көрмеген күйі «Малғұн» атанып, қаңғып кеткен екен деседі. Ендеше қазіргі әлем жұртының да іздегені, тілегені, қалағаны жыртқыш «Homo Sapіence» емес, періштелер бас иген «Құдайдың халифасы» болса керек. Психоаналитиканың үшінші буыны саналатын Логотерапия да адамның ең бірінші осы қырын басты назарға алады. Оны пенденің трансцендентті қыры деп айшықтайды. Мағынасы – ғайыппен, тәңірлік әлеммен байланыса алатын қабілеті дегенді білдіреді. Дін мен логотерапия осы нүктеде амалсыз түйіседі. Бұл ретте Құран позициясы айқын әрі ашық. Киелі кітап бойынша адам ұрпағы Алланың болмысынан «Рух» атты ғажайыпты еншілеп алған соң, осы рухани болмысы оны ғайыптағы бір әлемге үнемі тартады да тұрады. Әулие, ғұламалар бұл сезімді адамның Аллаға деген сағынышы деп түсіндіреді. Расымен солай болуы бек мүмкін. Себебі физиологиялық һәм психологиялық тұрғыда пенденің төрт құбыласын түгендеп, бір езуінен бал, бір езуінен май ағызып қойсаң да, өмірден жалығу деген дертінен айыға алмайды. Материалдық жағдайы жақсарған сайын кісі баласы азғындап, кері кете беретін кесірі бар. Дін мұны «адамның Алланың дидарын қалаған сәтте көретін жұмақтағы уайымсыз хәлін аңсауы» деп тәпсірлейді. Кісінің көңілі күнәнің кірінен аршылып, жүрек көзі ашылғанда Жаратқанның жамалымен қайта қауышады. Сол кезде жаны жай табады. Ал, логотерапия дін емес, академиялық ғылым. Оның мақсаты Мәннен көз жазып қалған адамның ізгілік жолындағы ізденісін оңымен жалғастыруға жәрдемдесу. Экзистенциялық сараптама жасап, пациенттің жауапкершілік сезімін ояту. Барлық пенде өз өмірі үшін жауапты. Бір-ақ рет берілетін тіршілік мүмкіндігін құртып алуға ақымыз жоқ. Мәнді һәм мағыналы өмір сүруге міндеттіміз. Өмір шіркін мағынасыз реңге боялған сәтте кез келген кісі құсалыққа ұрынады. Ертеңгі күннің болуын қаламайды. Жан сарайын кеміріп бара жатқан экзистенция вакумінің қара құрдымына жұтылған сайын жан дүниесін үрей жайлайды. Бұл бәледен сәтімен құтылу үшін логотерапия мынадай рецепт ұсынады. Біріншісі – жасампаздық құндылық. Құдайдың бойға берген дарыны мен өнерін шығармашылық алаңда көрсету. Кейінгі ұрпаққа ғибратты із қалдыру. Екіншісі – сезім құндылығы. Қоршаған ортадағы табиғаттың тамашасына қарап тамсану. Сезімтал адамдармен рухани сұқбатқа жиі түсіп, өміріңді мағынамен байыту. Үшінші – позиция құндылығы. Бұл көбіне өмірінің санаулы күні қалған кесел кісілерге арналған. Емі жоқ ауруға шалдыққан кісілерді «Қайсар рухтың» позициясына бекінуге үндейді. Бұл ретте ауру адам ажалмен жекпе-жек шығады. Неғұрлым оны қорықпай қарсы алса, соғырлым өмірінен Мән тауып, ақиретке жеңіспен аттанды деп есептеледі. Логотерапия адамға нақты бір дінді ұсынбайды. Қай дінді таңдау пенденің өз еркіндегі шаруа. Бірақ логотерапия кез келген діннің рухани һәм мәдени өнімін кәдесіне жаратудан қашпайды. Олай болса, біз де осыған сәйкес алдыңғы ата-бабалар өндірген діни құндылықтарды ХХІ ғасырда жатсынбай қолдана аламыз. Жалпы алғанда логотерапия мен дін бірнеше мәселеде үндеседі. Бірінші: діннің мақсаты – адам бойындағы нәпсі сезімін тұсаулап, көкірек көзін ашу арқылы рухани болмыстың тәнге үстемдігін орнату. Жүрек көзі ашылған бір момынның өзі қоғам үшін, керек десең бір мемлекет үшін өте маңызды рөл ойнайды. Қоғамның саулығы, мемлекеттің амандығы жекелеген тұлғалардың рухани саулығына тікелей тәуелді. Мысалы, бір ғана Әзіреті Мұхамбет пайғамбардың жәй пенде хәлінен пайғамбарлық дәрежеге өсуі тұтас бір өркениеттің дүниеге келуіне ықпал етті. Логотерапия бойынша да солай. Ол тұтас бір қауымға, не топқа терапия жүргізбейді. Жекелеген субъектілердің көңілін мазалаған экзистенция сұрақтарына жауап береді. Психология дертінен айыққан адам, салауатты қоғам құруға атсалысады. Екінші, дін де, логотерапия да адамның өмірде Мән табуына жәрдем береді. Бұл ретте екеуі де мойындаған бір фактор бар. Ол адамның ұлы Мәнге ұмтылғанда ғайыпқа қол соза алатын ғажайып қабілеті. Мұсылмандар мәңгі БАР және ең ұлы Мән деп Тәңірдің дидарын қабылдайды. Себебі Құранның өзінде «Қияметте Алланың дидарынан басқа заттың бәрі ғайып болады» деген аяттар кездеседі. Логотерапия бұл феноменді «Өзін-өзі трансценденция жасау» деген терминмен ұқтыруға тырысады. Пенде шіркін осыншама шектеулі хәліне қарамастан 18 мың ғаламның тасасында құпия тұрған бір Құдіретке ұласқысы келіп жанталасады. Үшінші, дін де, логотерапия да Өмірдің Мәнін іздегенде жалпыадамзаттық құндылыққа бас иеді. Екеуі де мәнді-мағыналы, ғибратты кез келген мәдени өнімді жатсынбастан көңіліне құйып, өзінің діни сеніміне бейімдеп, көкірегіне тоқып алады. «Өмірден өнеге, ғибрат, мән, мағына тапқың келсе, көкірегің хикметке толы болсын» деген дивизді ұстанады. Төртінші, екеуі де адамның арманы, қалауы, талабы кірпіш тәнінің ішінде болмайды деп сенеді. Кісінің жеке басына ғана бағытталған рақат пен құмарлықты адамның қас жауы деп таниды. Екеуі де менмендік дертімен өлердей қас. Олар өзіңді ұмытып, өзгенің бақыты үшін күрескенде ғана өз бақытыңды қоса табасың деген көзқарасты ұстанады. Бұдан бөлек логотерапияның тағы бір артықшылығы бар. Ол моральдық танымнан бас тартып, адам санасын онтологиялық танымға бейімдеу. Моральдық танымға маталған пенде айналасын екі-ақ түрлі сұрақпен тексерді. «Сонда бұл дұрыс па, дұрыс емес па?» деп тар шеңберде қамалып қалады. Ондай пенде ақ-қара түсті теледидарды ғана көріп өткен ХХ ғасыр адамын еске салады. Қоғамдағы құбылысты талдағанда оның танымы ақ және қара түсті ғана қабылдайды. Ол кез келген оқиғаға «Бұл – дұрыс не дұрыс емес» деп қана үкім береді. Ал, онтологиялық танымның ерекшелігі мынау: ол кез келген құбылысқа баға беріп, үкім кеспейді. Оның мәнін, мағынасын, ғибратын тереңінен ұғынауға тырысады. Бұл танымға бейімделген кісі бір құбылысты көргенде «Бұл өмірде Мән табуыма септесе ме, әлде кедергі бола ма?» деп сұрайды. Қолыңыздағы «Мың сұрақ» кітабы ертедегі мұсылман ғұламаларының онтологиялық тұрғыдан жазған кітабы. Мұнда адамға ақыл айтып, «Өйтуің керек, бүйтуің керек. Анау дұрыс емес. Мынауың қате. Анауың күнә» деп үкім беріп отырмайды. Сұрақ-жауап жанрындағы бұл классикалық үлгі дін ілімі өндіріп шығарған барлық құндылықтың ішкі мәні мен мазмұнын ашып түсіндіруді ғана мақсат еткен. Түпкі көздеген мұраты оқырманның көкірегін хикметке толтыру. Көңіл дариясын мағыналы әңгімемен байыту. Олай болса, бұл кітап сіздің де отбасыңызға ҚҰТ пен Береке болып дарысын дейміз!
Санжар КЕРІМБАЙ
МЫҢ СҰРАҚ ДЕГЕН НЕ?
Адамның көкірегін құндылыққа толтырып, ел-жұртының қамын ойлайтын, ізгі білімді, ғалым етіп тәрбиелеу, кемел болмысқа айналдыру – кез келген ұлттың ортақ мақсаты. Әсіресе, ғұламалар ұрпақ бойындағы еркіндік, жауапкершілік, мейірім, махаббат, ізгілік т.б. феномендерді жетілдіру, дамыту үшін аянбай еңбек етеді. Дүниетаным қалыптастыру, әсте оңай емес. Мәселен, құрылысшылар аянбай тер төгіп, үй салады. Үйді ғасырлар сынына төзіп, бұзылмай тұруы оның іргетасына толық тәуелді. Егер іргесін қалау кезінде кінәрат кетсе, ғимарат аз уақытта күйреп тынады. Дәл солай, баланың дүниетанымын жас кезінде хикметпен, мәнді қиссамен, жырмен өріп тастамаса, өскенде татымды жеміс бермейді. Осы жағынан, «Мың сұрақ» – сан сынақтан өткен, бүгінгі жеткіншектің де, ересектің де сұранысын толықтай өтей алатын кітап. «Мың сұрақ» – большевиктер билікке келіп, мыңжылдық мәдени-рухани мұраларды өртегенде, діни қисса-аңыз, хикмет, жыр-дастан, әпсана-хикаямен бірге күлге айналған мирастың бірі. Совет өкіметі әдейі жойған «Қисса сүл-әнбия», «Диуани хикмет», «Сияр Шәріп» сияқты дүниелермен қатар «Мың сұрақ» кітабы да күлден тірілген Феникстің тағдырын еске салады. Бір ғажабы, бұл кітаптың ондаған нұсқасы бар. Кейбіреуі өлең-жыр түрінде де ұшырасады. «Мың сұрақ» алғаш рет 1891 жылы «Қазан» баспасынан шағатай тілінде араб жазуымен, қара сөз үлгісінде, сұрақ-жауап түрінде шыққан. Содан кейін араға тура бір ғасыр салып барып 1991 жылы Алматыдан «Санат» баспасында жарық көрді. Кітаптың бұл нұсқасын Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, журналист Орынбай Оралбеков баспаға дайындаған. Алғашында елу мың данамен жарық көрген. Кейін 1997 жылы «Имандылық туралы мың сұрақ» деген атпен он мың данамен қайта басылған. Шағын ғана кітапшада Ұрым елінде өмір сүрген Мәлике деген қыздың тағына кие, отауына ие болар ғұлама жар іздеп, жер-жаһанға жар салғаны баяндалады. Қаншама талапкер бағын сынап көргенімен, сынақта мүдіріп, зынданға тасталады. Ханшайымның мың сұрағына Түркістаннан келген Әбілда деген жігіт жауап беріп, сайыста жеңіп шығады. Кітаптың бір нұсқасын ақын Исраил Сапарбай да 2002 жылы «Мәлике сұлудың мың бір сауалы» деген атпен жарыққа шығарды. Ол 1998 жылы Өзбекстандағы Жызақ аймағына барғанда, өзбекше «Мәлике сұлудың мың бір сауалы» деген кітапшаны сыйға алған. Содан оны қазақшаға аударып шыққан. Бұхаралық Мұхаммед Зафар деген ғұлама жазған бұл нұсқаның мазмұны толық. Әрі ішінде өте мәнді мәліметтер берілген. Бірақ этнограф-ғалым Болат Бопайұлы «Бастаудан бақиға дейін» деген кітабында осы сайысты «Мәлике мен Бықияның жұмбақ айтысы» деп береді. Онда бас кейіпкердің есімі Әбілда емес, Бықия. Әрі ол жас жігіт емес, жетпістен асқан қария. Құрастырушы кітаптың алғысөзінде өзінің кітап қорында жұмбақ айтыстың сегіз түрлі қолжазбасы бар екенін айтады. Ол алғаш рет 1968 жылы бұл кітап жайлы әкесі Бопай Халелұлынан естіген екен. Осы деректерге қарап отырып, біз кітаптың Қазақстаннан бөлек, Татарстанда, Өзбекстанда, Қытайдың Шыңжан аймағында да кеңінен таралғанын көреміз. Індете зерттесек, ізі Түркияға дейін барып тірелуі де мүмкін... Қазақстан жұртшылығы кітаппен тәуелсіздік алған жылдардан бері таныса бастағанымен, мұның тек-төркіні, мәні мен маңызы әлі айқындалған жоқ. Тереңдей зерттегенде, бұл еңбектің түркі халықтарының әдеби, рухани және білім беру жүйесінен айрықша орын алатын дүние екенін бағамдаймыз. Бұл жай ғана қолжазба кітап емес. Бір кездері Орта Азия мен Түркістан өңірін өркениетке жалғаған көне медреселерде тәлім алған талапкер шәкірттер мұндағы барлық сұрақ-жауапты жаттап, жүрегіне тоқып алатын. Бастауыш білім көзіне баланған осы жинақты діліне сіңіргеннен кейін ғана «Он екі пән» ілімін игеруге кірісетін. Демек, «Мың сұрақ» мектеп-медреседегі пәндердің алғашқы баспалдағы іспетті еді. Бұдан бұрынғы үлгілерінің Бұхарадағы «Көкілташ», «Мир-араб», Қарнақтағы атақты «Қалпе», «Шәмет ишан», «Хашыр дамолла», «Әбілқайыр қазы», Шаяндағы «Аппақ ишан» медреселерінде қолжазба күйінде оқытылғаны анық. Ал осы медреселерден түлеп ұшқан шәкірттердің бәрі қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан жандар болған. Атап айтқанда, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шортанбай Қанайұлы, Ораз-Мұхаммед ахун, Тұрмағамбет ахун, Алдашбай ахун, Тапал ахун, Ақмырза ишан, Балмағамбет Балқыбайұлы сынды тұлғалардың еңбегінен, жыр-толғауынан «Мың сұрақта» кездесетін қағидалар жиі ұшырасады. Сүгір жырау «Өнеге шашқан жыршылық – Құдайға бұл да құлшылық» дегенде, ақын-жыраулардың осы қасиетін меңзеген. Яғни олар медреседе үйренген білімнің нәрін жұртқа хикметтер, өлең-жыр, жыр-дастан, аңыз-қиссалар арқылы жеткізген. Өкінішке орай, СССР Түркістан өңіріндегі медреселермен қоса дәріс кітаптарын да түгелдей жойғандықтан, бұл оқу орындарында нақты қандай кітаптардың оқулық ретінде қолданылғанын анықтай алмай отырмыз. Тарихшы Қайрат Адамбосынов қана қазақ жеріндегі медреселер жайлы тереңірек зерделеген. Ол медреселердегі оқу курсының «Алғашқы ілім» деп аталатын сұрақ-жауап түрінде жазылған пәнді игеруден басталатынын айтқан. Ал оның ел арасындағы атауы «Мың сұрақ» болған. Біз де осы тақырыпта Түркияда біршама зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесі көңіл көншітерлік. Түркиядағы ғалымдардың Низамия, Османлы және Түркістан медреселері жайлы зерттеулерін қарап отырсақ, мұнда хикмет ілімін үйренушілердің сұрақ-жауап әдісін меңгертуге көңіл бөлгенін көреміз. Түркияда медреселер жайлы жазылған жүз елуге жуық диссертацияның көбісін шолып, маңыздыларын зерделеп шыққанда, діннің негізгі мәні мен мәйегін шәкірттердің діліне дарытуды көздейтін сұрақ-жауаптардың қолданылғанын анықтадық. Арифе Чифтчи, Эрсой Ташдемиржи, Бетул Жан сияқты ғалымдар медресенің оқу бағдарламасында сұрақ-жауап кітаптарының маңызы зор болғанын айғақтайды. Мәселен Бетул Жан «Кез келген ілімді үйретуде сұрақ-жауап тәсілі ең басты, ең ұтымды әдіске баланды. Ал хикмет ілімін меңгерту үшін Құранның мәнін, жаратылыстың сырларын, адамның болмыс-бітімін айқындайтын мәліметтерді диалог үлгісімен сұрақ-жауап түрінде қолданады» дейді. Ал Әбдірахим Юбули деген зерттеуші «Шығыс Түркістан медреселерінде Ислам дүниетанымын, Сопы Аллаярдың «Сәбат ул-Ажизин» атты шығармасы негізінде зерделеу» деген магистрлік диссертациясында Шыңжан, Үрімжі өңіріндегі медреселерде «Данышпан Мәлике» деген шағатайша жазылған қолжазбаның оқытылғанын сипаттайды. Мұның да сұрақ-жауап түрінде өрбіген ғылым сайысы екенін көрсетеді. Оның айтуынша, осы және осы тектес дүниелер халық дүниетанымында терең із қалдырған. «Мың сұрақ» тек медресемен ғана шектелмей, қазақ арасында отбасы тәрбиесінде кеңінен қолданылған. Әлеумет бас қосқан ортада, мәселен, жиын-тойларда жиі айтылған. Тіпті небір қарымды, қабілетті ақын-жыраулар импровизация тәсілімен әрі қарай көркейтіп, дамыта берген. Әдеби жағынан келгенде, бұл жанр негізінен айтыс дәстүрінен тамыр тартып жатыр. Көне түркі мәдениетінде айтыс өнері өте кең таралған танымал сала. Түркі-Ислам өркениетінің негізін салған Қожа Ахмет Яссауидің көне өлең-жырларға көп мән бергенін оның «Диуани хикметінен» байқаймыз. Оны хикметіндегі «Бейіш пен тозақтың айтысынан» көреміз. Көшпелі халықтарда өлең сөзбен сайысу үрдісі жақсы жетілді. Бұл дәстүр кейін ғылыми ортада да, халық арасына да жайылып кетті. Әсіресе Қазақстанның Сыр бойы мен Батыс өңірінде Құран қиссалары өрнегімен жұмбақ айтыс құрау барынша көркейген. Ел жадында сақталған сондай жұмбақ айтыстың бірі – Нұрым Шыршығұлы мен Қашаған Күржіманұлының айтысы. Нұрым жиын үстінде Қашағанға Құран қиссаларынан қиын сұрақтар қояды. Қашаған да терең ілімін байқатып, бәріне дұрыс жауап береді. Кердерінің ахун қызы Ағибаш пен Ақтан Керейұлының жұмбақ айтысына да Адам атадан Мұхамбет пайғамбарға дейінгі елшілер көші, хәл ілімі, Қожа Ахмет Яссауи мен хикметтері арқау болған. Сәттіғұл Жанғабылұлының Бөлекбайұлы Әмірбаймен хат арқылы жазысқан жұмбақтарында да рухани ілім мен діни мәселелер терең қозғалған. Сәттіғұл ақынның замандасы Көкен Төлепбергенұлымен өрбіткен жұмбақ айтысы да ауыздан-ауызға ұмытылмай жеткен. Сонымен қатар, Ыбырайым ахун Құлыбайұлының Әлім руынан шыққан Медетбай молдамен жұмбақ айтысы да бірқатар жинақтарға енген. Осылардың ішіндегі Сәттіғұл Жанғабылұлы мен Сүгір Бегендікұлының айтысын шоқтығы биік шығармаға жатқызуға болады. 1922 жылы Шәкей сал Дәуішқызы деген қыз Орталық газет бетінде барлық қазақ ақындарына арнап жұмбақ өлең жолдаған. Оны шешуге Кете Жүсіп Ешниязұлы, Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы, Ыспан Сүлейменұлы, Жұманазар Үрімқұлұлы, Шораяқтың Омары, Керейт Даңмұрын, Олжабай Нұралыұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты ақын-жыраулар атсалысқан. Олардың жауаптары 1994 жылы «Мәдениет» газетінде жарияланды. Осыған қарап, біз Сыр бойында да жұмбақ айтыстың өркен жайғанын байқаймыз. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Шораяқтың Омары, Құлан Алдабергенұлы, Нұртуған Кенжеғұлұлы сияқты Сыр сүлейлері бір-бірімен жиі-жиі жұмбақ айтысқа түсіп, рухани ілімді толассыз насихаттап жүрген. Алма Қыраубаева «Бір қыз бен он алты ақын» деген еңбегінде Сыр өңірінде қанат жайған жұмбақ айтыс дәстүрін дәріптейді. Дегенмен осы киелі жанрды тек қос аймақпен шектеп қою қиянат болар еді. Арқа өңірінде өткен «Кемпірбай мен Шөженің» айтысында да «Мың сұрақтағы», «Ахуал қиямет», «Қисса сүл-әнбия» мұраларындағы киелі сарындар кездеседі. Қазақстанның барлық аймағынан діни-рухани жұмбақ айтыс үлгілері әлі талай табылып қалары сөзсіз. Әзірге мұны алдағы уақыттың еншісінде деп білеміз. Біз бұл кітапта қолда бар «Мың сұрақ» кітабы үлгілерін түгел пайдаландық. Негізінен, адамның болмысына қажетті, мәнді сауалдар мен жауаптарды сұрыптап алдық. Сонымен қатар, халық арасында кең жайылған жұмбақ айтыстағы қиссаларға, аңыз-мифтерге қатысты дүниелерді де қолдандық. Дін психологиясы саласында құрғақ жаттаған білім емес, диалог арқылы сұрақ-жауаппен берілген деректердің санаға бірден сіңетіні айтылады. Өйткені адамның жан қатпары, қабылдау жүйесі осыған негізделген. Сондықтан осы «Мың сұрақтың» жас ұрпақ тәрбиелеуге, адамгершілікке баулуға қосар үлесі өте мол деп бағамдаймыз.
Мұхит ТӨЛЕГЕН Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде Ұрым деген шаһар болыпты. Қамалды қала қос теңіздің арасында, Мәрмәр түбектің жағасында бой түзепті. Жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен мекен екен. Ұрымды көрмеген, көркіне көңіл бөлмеген кісінің «өмір сүрдім» деуі бекер екен. Қисапсыз кеме мен қайығын көк толқынға көгендепті. Айбынды қорғандарын қия жартастармен шегендепті. Керуендер күні-түні жеті ықылымнан ағылып, шаршы-базарының қақпасы толассыз ашылып-жабылып жатады екен.Сол шаһарды Әріп Сұлтан деген патша билепті. Әділет пен адалдыққа пейілін дәйім етіп, қиянат пен кесірді күйретті. Кедей-жадау, момын-міскіндерге қормал болып, оларға қылдай да жәбірі тимепті. Тақта отырған кезінде бұқара халқының көзін ашып, оларға діннің де, дүниенің де ғылымын үйретті. Көреген жолы, береген қолы, жомарт жүрегі, саламат тілегі патшаны ел-жұртына сыйлы етті.Әріп Сұлтанның жалғыз қызы бар еді. Қара басына дүниенің қазына-мүлкі жетпеді. Ешкім де алдынан кесе-көлденең өтпеді. Ардақты да аяулы бекзат бір жан еді. Сұлтан перзентіне Мәлике деген көркем ат беріпті. Мәликенің маңдайына Тәңірім шалқар бақ беріпті. Падиша қызын тартылмас әулетіне, таусылмас дәулетіне, сарқылмас сәулетіне балапты. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, бар қызмет-кәдесіне жарапты. Ханшайымның ажарына ай сәулесі қоныпты, көркіне күн шуағы толыпты. Шаттанғанда шартарапқа нұрлы шұғыласын шашыпты, елжіресе екі жаһаннан мейірім-махаббаты асыпты. Лебізін естіген жанның көңілі майдай еріді, ділі көркейіп, көкірек сарайы кеңіді. Жамал-жүзін ғайыптан бір көрген адам қайран қалып тамсанатын. Жиһанды кезген кезбе-диуаналар оның сұлулығын айтып, жүрген жерінде жар салатын. Мәлике бойжеткен сайын ажары да, ойы мен назары да арта түсті. Жастайынан ілім-ғылым іздеп, батыс-шығыс, желдік-түстікті түгел шарлапты. Ой-санасымен он сегіз мың ғаламның сырларын тегіс барлапты. Дінге салсаң діннен, пәнге салсаң пәннен жаңылмады. «Ханның қызымын» деп паңданып, тәкаппар мінездің тұзағына шалынбады. Өлең-жырмен толғап сөйлегенде, тыңдаушының сай-сүйегіне дейін егіліп, тұла бойы балқыды. Ғылымның кеніне тереңдеген сайын ақыл құсы адаспай самғап, шабытының шырайы шалқыды. Қандай кітаптың даңқын естісе де, бағасы мен нарқын сұрамады. Қалаған пұлын беріп, сатып алғанша тағат тауып тұра алмады. Алтын-күмісін, ділдә-теңге, інжу-гауһарын ілімнің қазынасына қарыштап жұмсады. Дүниенің қызылды-жасылды думанынан, нәпсінің тән мен жанды өртейтін құмарынан өзін тежеп тұсады. Ұрым мен Қырымның, Қап тауы мен Шын-Машынның, Тұран мен Мысырдың құпия тұнған кітап қоймаларын түгесті. Өзі де әкесіндей ілімнің күшімен еліндегі қараңғылық түнегін серпіп, әділдік үшін күресті. Әкесі демекші... Заман озған сайын оның да ажар-келбеті біріндеп тоза бастады. Кешегі қайратты сақал-шашына түскен боз қырау молайды. Алпыстан әрі өткесін, жетпіске жасы жеткесін, жабысқан кесел-сырқатының да екпіні зорайды. Ақыры қайырымсыз дерт қол-аяғын тұсаулап, төсекке алып ұрды. Ақырғы сағаты тақағанда қызын жанына шақырды. – Қызым.., – деп тебіренді. – Жер-жаһанның еш байлығына бермейтін жалғыз жауқазыным. Сөзіме азғана құлақ сал! Әкеңнің бұл дүниеде татар қанша дәм-тұзы қалды дейсің? Бұл пәни – бір көшкен керуен. Құра алмайсың еш сейіл-серуен. Ата-бабамның аттанған жағына мен де кетермін-ау. Сірә, сол сапар сәті тіптен таяп қалды ғой деймін. Ағаш ат бір күн ерленсе, көкірегі толып шерленсе, жаныңды сақтар мекен жоқ... Мен ақырға жөнелгенде, қалиялы халқым тек өзіңе аманат. Жиған іліміңді елдің жолына жұмсарсың, ағат кеткен жерімді түзетерсің. Бірақ, жарқыным, осы жұрттың қызметіне жара. Сен туғанда, қатты қуанып, көңілімдегі қайғы мен мұңды жойып едім. Тәңірге сендей қыз бергені үшін мың рет шүкір етсем де аз. Бірақ алтын тақтың иесі, ақ орданың киесі бар. Теңіңді тауып, тілегіңе жеткен күніңді көргім келген еді. Тағдырым осылай болса, амал не? Тек өзіңе ілімі де, ақылы да сай келетін ғұлама жолықсын деп тілеймін. Мен білсем, ол сонау Тұран даласынан келуі тиіс. Кезінде бұл өлкеде Әзіретім ілім шырағын маздатып жақты. Жеті ықылымның жүмлә хан-сұлтан, патша-мырзалары сонда тәлім алды. Осы ілімнің қуатымен қаншама адам кемелденіп, ділінің оты жанды. Талапты ерлердің тұяғы таусылмаған шығар. Шүлені шөл болып сарқылмаған шығар. Күллі әлемге жар салып, талапкерлерді ілім сайысына шақырарсың. Жадыңа тоқыған рухани ілімнен мың сұрақ қоярсың. Бәрінің жауаптарына мән беріп, білім-біліктерін бақыларсың. Сыннан сүрінбей өткеніне бағыңның да, тағыңның да билігін ұсынарсың, – деп өсиетін айтты. «Өзекті жанға бір өлім» деген, Әріп Сұлтан халқы үшін қабырғасын сөксе, қайыспайтын нар еді ғой кәтепті. Алтын тақта мәңгі отыра алмады, қайырымсыз ажал оны да қармап әкетті. Патшаны қалың бұқарасы қайғырып, азалы күйде тынымсыз жоқтады. Ол көз жұмған соң, ешкімнің де сауық құрып, той тойлауға зауқы соқпады. Бірақ «орнында бар оңалады» емес пе?! Ақыры жыл өтпей ел-жұрты ханның қаңыраған айбарлы ордасына қайта жиылды. Ұрымның төрт жағынан дарияның арнасындай құйылды. Мәликені таққа отырғызып, сән-салтанатпен патша сайлады. Ұрымның қайғыдан қайыстай қатқан қамалдарын қуаныш пен шаттық лебі қайта жайлады. Кенезесі кепкен өзек-жылғаларына су жүгірді. Күңіренген орман-тоғайларында бұлбұл мен бозторғайлар талмай сайрады. Мәлике аз уақытта астана жұртын меңгерді. Жарлы мен байды, кемтар мен сауды теңгерді. Жарлық пен бұйрықты қатар шашып, жүгенсіз кеткен залымды тезге салып жөндеді. Жақсы ісімен жүрегі жаралы, көңілі жарым талай дерттіні емдеді. Аш-арық, жоқ-жітіктің жағдайын ойлап, солардың күнкөрісін қамдады. Әкесінің аманатын бір сәт болсын, есінен шығармады. Екі білегін сыбанып, күндіз отырмай, түн ұйықтамай, ел-жұртына риясыз қызмет етті. Енді басқа өлкеден де патшаларынан аяусыз тепкі көріп,Ұрымнан пана табуды қалаған мүсәпір жолаушылар келіп жатты. Бірақ патшайымның көңілінен әкесінің аманат-өсиеті еш өшпеді. Ақыры бір күні жер-жаһанға былай деп жар салды: – Жүрегімде жатыр жұмбақ мың сұрақ,Білімді әрі ғалым ерге шын сынақ. Жауап берсе, алтын таққа жайғасып, Ақ ордама жағар ғажап нұр шырақ Жаңылса егер жай табады зынданнан Жалқы күйде жаны сонда тыншымақ. Кімде кім ділімде тұрған мың сұраққа мүдірмей, кідірмей жауап берсе, соған тұрмысқа шығамын. Алтын тақтың иесі де, мәрмәр сарайымның киесі де сол болады. Оған Қызыр дарып, Бақ қонады. Салтанаты ақтық демі шыққанша жалғасады. Атақ-даңқы алты құрлық, жеті ықылымға асады. Бірақ тағы бір ауыр шартым бар. Тек шын ғұламаға ғана еркімді беремін деген антым бар. Кімде-кім білімі жетпей, жаңсақ жауап берсе, дереу қапасқа тастаймын. Өмір-бақи зынданда жазасын тартады. Ақырғы сәті жеткенше, сонда жатады, – депті. Ертесіне оқымысты, ғұламалар сарайға ағыла бастады. Бірақ бәрі де сыннан сүрініп, сұраққа мүдіріп қалып жатты. Бірі қалмай, қырық құлаш зынданға тоғытылды. Ұрым шаһарын үрей басып, жер астынан ғалымдардың зарлы наласы естіліп тұрды. Талапкер легі толас тапты. Мәлике қыз бірде бір білімі кемел кісінің келмегеніне қапаланып, терең ойға батты... Сол заманда Тұран даласында Түркістан деген аты әлемге әйгілі шаһар болыпты. Шаһардың сән-салтанаты тіптен ерекше екен. Көздің жауын алатын көркем сарайлар, көркіне көрген жан таңданатын керемет баулар... Сарайлардан күні-түні мейман, мүсәпірлер арылмады. Қызметшілер кез келген жолаушыны қол қусырып күтіп алып, дәстүрден еш жаңылмады. Қанша ұрпақ ауысып, қанша заман өтті. Небір дәулетті хандар, ырысты байлар, әділетті билер өтті. Алайда ел-жұрттың қонақжай пейілі бір сәт болсын тарылмады. Алтын таққа мінген әміршілер елдің қамын ойлап толғанды. Аштық пен жұттан, айтпай келетін апаттан күні бұрын қамданды. Жұрттың да пиғылына береке дарып, ауқаты мен дәулеті молыға түсті. Бағбан мен диқандардың жәрдемімен елдің қамбасы мен қазынасы толыға түсті. Бау-бақшасында алма, анар, інжір, жүзім, шие тәрізді тәтті жемістер жайқала өсіпті. Бүйірінен аққан Сырдың толқынды суы сусаған жердің шөлін басып, Батысқа қарай толассыз көшіпті. Қаратаудың жоталарын бір-біріне жалғаған Қарашықтың баурайынан самал жел толассыз есіпті. Қандай ғажап шаһар еді, Түркістан?! Мағырып пен Машырықтан сансыз нәсіл осында тоғысып-түйіседі. Бұқарасы ғұламаның біліміне тәнті болып, сөзіне құрметпен бас иіседі. Бір бауыр, бір жүрекке айналып, ынтымақ пен бірліктен қылдай да айнымады. Сондықтан бұл шаһардың басына бақ айналды. Іргедегі Бұқар мен Шамды былай қойғанда, жырақтағы Мекке мен Мәдинадан, Мысыр мен Құдыстан керуендер толассыз ағылып келіп жатты. Құлзым мен Қаразымнан, Ұрым мен Қырымнан, Танай мен Мажардан жеткен саудагерлер жәрмеңкенің көрігін қыздырды. Түркістанның арқасында Жібек жолының даңқы мен дәрпі жер дүниеге жайылды. Хан базарда не жоқ дейсің, бәрі бар. Әмбар мен жұпар жаңғағы, дәрітамыр, қалы кілем, жібек маталар мен түрлі-түсті бояулар, алмас, маржан, алтын, күміс, садақ, қылыш, найза, айбалта... Осының бәрі сегіз қиыр шартараптан тең-тең жүкпен ағылар еді. Яссының қанбазарынан іздеген нәрсе түгел табылар еді. Түйе мен піл, мүйізтұмсық пен арыстан, сілеусін мен елік, қаршыға мен сұңқар, тауыс пен тоты, түйеқұстар тор ішінен көз арбады. Шебер ұсталар өткен-кеткенге көзе мен құмыра, кесе мен кәрлендерін, табақ пен тостағанын саудалады. Зергерлер сақина мен білезігін, жүзігі мен алқасын, сырғасы мен тоғасын тартып, жан-жақтан қаумалады. Бағбандар алмасы мен өрігін, қауыны мен қарбызын, шабдалысы мен шиесін сатып, пайдаға кенелді. Дихандар Сырдың бойынан арпасы мен тарысын, бидайы мен күрішін, жүгері мен қарақұмығын түйеге теңдеп, Түркістанға жөнелді. Ісмерлер Қырдан мал айдап келгендерге тай-тай мата мен кездемесін, көйлек-көншегі мен шапанын үлестірді. Шаршы ішінде жаршылар мен делдалдардың жағы сембей сарнаған үні естілді. Алыстан атан түйемен келген кірешілердің арман-мақсаттары түгел орындалады. Түгел жұрты екі көзі төрт болып, жолаушылардың жолын бағады. Бұл бір Тұранның қияқты баябан шөлін гүл-шешекке бөлеген, әрі Тәңірдің құдіреті мен киесі жебеген ілім ордасы еді. Төрткүл дүниеден түркі жұртының талай өрендері, ғалым-ғұлама, дәруіш-диуаналары мен әулие-ерендері осында келіп сая тапты. Ілім аңсаған талай жастың көкірегі мен кеудесіне Хақтың ілімін маздатып жақты. Ишан-пірлердің алдынан жыл сайын мүрит-талабалар мыңдап өрді. Шариғаттан тәлім алды, тариқаттың нәрін алды, мағрифаттан бағын алды, хақиқаттың мәнін алды. Бірі шілтендермен шәрбат ішіп, алқа зікірінде жан-жүрегіне дауа тапты. Екі жаһанның сырларын мәй-шәрбаттың тамшысына сатты. Енді біреуі сүңгуір болып, ой теңізінен неше түрлі інжу-маржандар терді. Ғайыпқа самғап, тылсымның пердесін түрді. Тағы біреуі темірқазықтай жол көрсетіп, талай жанға дін менен ата салған жолды көрсетті. Діл-жүректің безбенімен он сегіз мың ғаламның құпия құбылыстарын өлшепті. Адам болып көркейгендер ғаламның ғажайып сырларын ұқты. Жер-жерге асыл ілімнің шуағын шашу үшін сапарға шықты. Түркістанның маңайындағы Қарашық, Қарнақ пен Шорнақ, Құшата мен Атабай ауылдары да маңайға танылған құтты мекендер еді. Түркістанды осынша гүлдендіріп, көркейткен кім еді? «Әзіреті Қаратау, аса алмаған одан жау». Тәңірдің тілегімен жоғарыда көк аспан, төменде қара жер жаралды. Адам мен Хауадан ұрпақ өрбіп, жұмыр жердің шет-шетіне, әр тарабына толассыз таралды. Жұмыр жер жаралғанда, Жаратқанның ерекше құты түскен өлкесі – Тұран даласы еді. Әсіресе Тұранның тел өңірі Сайрам мен Түркістанның төсінен тараған нұр көк аспанға дейін ұласып тұратын еді. Ақын-жыраулар мен шайырлар үнемі Сайрамды сүйсіне жырға қосатын еді: Көктен нұры құйылған, Сайрам шаһары емес пе? Күллі әулие жиылған – Сайрам шаһары емес пе? Ыдырыс нәби қырқалы, Қызыр-Ілияс тұр тағы, Шәрілердің сұлтаны – Сайрам шаһары емес пе? – деп, тіл мен жағы талғанша мадақтайды. Арғы жағы Мысыр мен Меккеден, бергі жағы Көкілташ пен Мірарабтан он екі пән ілімін меңгерген дәруіш-шәкірттер Түркістанның ойы мен қырын түгел адақтайды. Құраннан қайнар алған жыр-дастандар айтылмай, Яссының таңы атпайды. Сүлейлер мен ахундар алуан түрлі бал мен алуадай қиссаларды толғағанда, жиылған жамағат аузынан суы құрып отыра қалушы еді-ау. Олар Адам атадан бастап, Ән Әзірет Расулға дейін жырлағанда, дауыстары елді баурап алушы еді-ау. Әзіреті пайғамбар Миғражға ұшқанда Сайрам мен Яссының тасып жатқан, көк аспанға асып жатқан нұр шапағын көрді. Ыдырыс, Ескендір, Қызыр мен Ілиястың басып кеткен іздерін білді. Шаһарды көріп, көңілі сүйсінді. Осы шаһардан өзінің аманатын арқалайтын ұрпағының шығатынын көкірек көзімен түйсінді. Жұмақтан келген құрманы Арыстан бапқа аманаттап, өзі Алланың бұйрығымен дәрул пәниден дәрул бақиға бет түзеді. Ән Әзірет сәруар дүниеден өткеннен кейін де қаншама баптар келіп осында дін ашты. Олардың тегеурініне қарсы тұра алмаған қара ниет залымдар жосыла қашты. Әбдіжәлел, Әбдірайым, Әбділәзиз баптар мен Ысқақ бап Сайрамда дін таратып, мұнаралы мешіт бінә етті. Сөйтіп, мұғтар мен тарсалардың тепкісіне ұшырап азып-тозған халықты рухани іліммен қайтадан түлетті. Одан қос ғасыр өткен соң аманаттың иесі, асыл нұрдың киесі болған әулие дүниеге келді. Ол, әрине, Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи еді. Әзірет Сұлтан Сайрамнан шықты. Осында ілім үйренді. Адалдық пен ізгілікке ұмтылып, жамандық пен зұлымдықтан жиренді. Дария болып тасқан кезде әкесі Ыбырайымнан бата алып, Қаратаудың баурайындағы Яссы шаһарына жол тартты. Арып-ашып, қаншама жол жүрді. Темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей болған кезде осы қалаға келіп жетті. Яссыны ол кезде ел-жұрт Шауғар деп атайтын. Бұл «ойлы-қырлы, кедір-бұдыр» деген мағынаны білдіретін. Әзірет осында отыз жыл бойы азап пен соққыға, жала мен балағатқа ұшырап, сабыр-төзіммен Хақтың ілімін жайды. Жалғыз ұлы Ыбырайымды осы жолда құрбандыққа берді. Бірақ ешқашан сабыры сарқылып, үміті тартылып, шегініп қалмады. Бүкіл ғұмырын Хақтың ілімін таратуға арнады. Содан кейін оның атақ-даңқы төрткүл дүниені шарлады. Жер-жерден Әзіретке ілім үйренуге талаптанып келетін шәкірттер ағылып жатты. Талай күншіл, міншіл, діншілдер Әзіреттің атақ-абыройын көтере алмай, онымен тіресетін. Нәпсімен айқасудың орнына Қожа Ахметтің беделін қызғанып күресетін. Бірақ онымен бетпе-бет келіп, жүздескенде, ілім сайысында бәрінің де сағы сынды. Хақтың дарытқан дәрежесін қызғанып, күндеген, көкірегі соқырлардың бағы сынды. Көбісі Әзіреттің ілімін мойындап, оның алдынан тәлім теріп, дәріс алуға қалды. Әбден рухани ілімге толысып, хәл ілімін терең меңгерген соң дүниенің түрлі сыр-құпияларына қанды. Түркістанда Әзірет Сұлтан медресесінде сол кезде Әбілда деген жас шәкірт білім алып жүрді. Жастайынан ілім мен білімнің ұңғыл-шұңғылына сүңгіп, екі жаһанның сырларын білді. Құранды құр жаттамады, оның ішіндегі құпиясына қанықты. Тәңірі оның ықылас-пейіліне разы болып, кеудесіне өзгеше бір ықылас-ынта дарытты. Күні-түні кірпіштей кітаптарды қалағанынша оқып, хикметтердің қызығына батты. Қылуетке түсіп, ара зікірін айтып, шалқыған шаттық сезімін де тапты. Медреседе он екі пән ілімін тынбай қотарып, дариясын тауысты. Тынбай зікір салып, пірінің құрметіне бөленді. Әзірет Сұлтанның хикметтерін жатқа айтты. Мешітке келген мұқтаж жанның табанына топырақ болып қызмет етті. Ерте тұрып, кеш жатып, міндетін адал атқарды. Сахар уақытын қаза қылмады. Пірінің құманын қойнына алып жылытатын. Аллаға үздіксіз мінәжат етіп, белін бүкпеді. Үнемі келген жұрттың табанына топырақ болып иленіп, ешкімнен алғыс пен рақмет күтпеді. Пірі оған риза болып, құтты батасын берді. Әбілда қолы бос кезде құс салып, Қаратаудың ойы мен қырын, баурайы мен жайлауын түгел шарлады. Баптаған қыран мен қаршығасы, бүркіті мен сұңқары, лашыны мен ителгісі көк аспанның төсінде самғады. Бірақ олжасының бәрін сауғаға беріп кететін. Жайлауда отырып, әңгіме шертсе, аузынан гүл төгілетін. Сөз сөйлесе болды, ар жағынан ақ ниеті мен пейілі көрінетін. Медресеге онымен сұхбаттасу үшін әр қиырдан адамдар іздеп келетін. Ол ешбірінің да меселін қайтармай, бәрінің жан жарасын емдеп жіберетін. Көңілдеріндегі уайым мен қайғының табын сылып алып, әп-сәтте-ақ қуаныш пен шаттыққа толтырып тастайтын. Адам атадан бастап, Нұх пен Жүсіп, Ыдырыс пен Ғайса пайғамбарлар жайлы небір ғажайып аңыз-қиссаларды шертеді. Сөйлеген сөзі, толғаған жырына мейман жұрттың бәрі құмарланып елтеді. Сондықтан елгезек шәкіртке жұрттың бәрі қатты разы еді. Бір күні Әбілда түнде ұйықтап жатып түс көрді. Түсінде ғажап іс көрді. Көк аспанның жүзі бұлбұл, бозторғай, сандуғашқа толып кетіпті. Олар толассыз құйылып келіп, көк тіреген алып сарайға ілініп тұрған алтын торға асығып кіріп жатыр. Барлығы түгел кіріп біткен соң тордың есігі тарс жабылды. Әлгі құстар аянышты үнмен шырқырап шырылдай жылады. Әбілда дереу ұмтылып, тордың есігін ашуға қол созды. Сол сәтте қара жер қақ айырылды да, тормен арасы алыстай берді. Екі араны теңіздің көкпеңбек суы алып кетті. Көзді ашып-жұмғанша тор ғайып болып, оның орнында қара нүкте бұлдырап қана қалды. Сол кезде ғайыптан «Ей, Әбілда, бұлардың тағдыры сенің жарлығыңа байланып тұр. Сен келіп, құтқармасаң ажал оғы өлтірмек боп сайланып тұр» деген зор дауыс естілді. Әбілда бұл дауыстың қайдан шыққанын айыра алмай, жан-жағына алақтап, тұрып қалды. Бірақ кімнің айтқанын біле алмады. Әбілда шошып оянды. Ұйқыдан тұрған соң бұл істі қалай жорырын білмей, ұзақ жатты. Санасынан әлгінде көрген түсі еш кетер емес. Көңілі қобалжып, ішіне алаң сезімі кірді. Шәкіртінің бұл күйін ұстазы демде сезе қойды. Сахар зікірінен кейін сұхбатқа жайылған сыпыра үстінде бұған мейірлі жанарын тіктеп: – Әбілдажан, бірдеңе болып қалды ма? Көңіліңде алаң бар ғой, – деп сұрады. Әбілда іркілмей: – Иә, тақсыр, түнде түс көрдім, түсімде ғажап іс көрдім. Көк күмбезін бұлбұл мен бозторғай, сандуғаш басыпты. Біреу алып сарайға алтын тор іліп, ішіне неше түрлі дән мен жемді шашыпты. Бәрі соған құмарланып, ұмтылады. Дән мен жемге жетпек болып тырмысып, торға қарай жұлқынады. Қанша құс кірсе де алтын тор бір толмады. Ақыры көкті торлаған құстың бәрі түгел алтын торға жиналды. Сол сәтте алтын тордың есігі тарс жабылды да, бәрі сыртқа шыға алмай қиналды. Бірі де тұзақтан құтыла алмады. Тордан құтыла алмаған соң шырылдап, аянышты үнмен шырқап зарлады. Сол кезде мен тордың есігін ашпақ болып талпындым. Сол сәтте аяғымның асты бұрқ етіп жарылып, есікке қолым жетпей қалды. Жарылған жарманың араны барған сайын ұлғайып, көзді ашып-жұмғанша көкпеңбек теңіз суына толды. Кенет «Ей, Әбілда, бұл құстарды сен ғана құтқара аласың» деген дауысты естідім. «Бұл ненің ишарасы екен?» деп соны жори алмай аң-таң отыр едім, – деді. Ұстазы тамағын кенеп, ойлы үнмен сөз бастады: – Балам, түсің бір алапат оқиғаның жаршысы тәрізді. Жаббар Ием, саған ғайыптан хабар жіберіп, бір сойқаннан ишара берген сияқты. Бұлбұл мен бозторғай – ілім-ғылымға көңіл берген ғалым-ғұламалар. Әзіреті пайғамбардың өсиеті мен өнегесін өміріне серік етіп, ғаламның сырын оқып, оны кеудесіне көрік еткен жандар. Олардың бәрі торға қамалса, демек, апатқа ұшырап, бір бәлеге ұрынды деген сөз. Оларды сен ғана құтқара аласың. Түнеугүні Хазар жұртынан келген керуенбасыдан бір жаңалық естіп едім. Ұрымның ханы Әріп Сұлтан заманында осы медреседен тәлім алған ханзада еді. Екеуміз құлын-тайдай тебісіп, бірге өсіп, бірге жетілдік. Бір ұстаздан дәріс алып, білім мен ғылымның тұнығына мейіріміз қанбай, тоймай оқи беретін едік. Әріп досым жеті жыл Түркістанда ілім игерген соң еліне қайтқан. Оның Мәлике атты жалғыз қызы бар екенін білетінмін. Ол да әкесі сияқты ілім мен білімге жастайынан құштар болған екен. Жақында Әріп патша дүниеден өтті. Мәлике қыз әкесінің орнына таққа отырған екен. Әке өсиеті бойынша өзіне тең келетін жар іздеп жатыр екен. Дүние жүзіндегі ғалым-ғұламаларға тегіс жарлық шашыпты. Көкейіне түйген, дін мен ғаламның түрлі құпиясын тегіс ашатын мың сұрағы бар. Мың сұраққа кім дәл жауап берсе, ханшайымның соның етегінен ұстаймын деген серті бар. Сұраққа жауап беріп, бағын сынауға кез келген жанның еркі бар. Бірақ талапкерлер тым көбейіп кетіпті. Әрі ешкім сұрақтарына дұрыс жауап бермеген соң Мәлике қыз ашуға мініп, жаза басып жаңылысқандардың бәрін зынданға тастап жатыр. Сөйтіп, әлемнің түкпірінен келген білімпаздар түгелдей зынданға қамалыпты. Оларды құтқару тек сенің қолыңнан келеді, ұлым. Көрген түсің осының ишарасы. Ертең таңсәріден жолға шық! Асу-асу белді, айдын шалқар көлді, асқар-асқар тауды, алма-өрікті бауды асып өтесің. Ақырында Ұрым деген шаһарға келіп жетесің. Мәлике қыздың сұрағына, тосқан сынағына сен ғана жауап бере аласың, – деді. Әбілда жолға әзірленді. Кедей-кепшік, мүсәпірлерге садақа таратып, нәзір берді. Сол түні кесененің босағасында жатып бір түс көрді. Түсінде ғажап іс көрді. Қожа Ахмет Яссауи, тоқсан тоғыз мың машайық, сексен сегіз пәруәр, жетпіс мың абдал, он екі мың мүфти, қазы, жиырма жүз мүрәррси, оны екі мың қосшы, он төрт мың хадім, он алты мың бөгеуіл, он сегіз мың жасауыл – түгел бас қосып, зор мәжіліс құрып жатыр екен. Сонда Әзіретке жер-жерден қонақтар келіп отырды. Үргеніштен Шаһуан Ахмет, Бұхарадан Баһауаддин, Ғыждуаннан қожа Жиһан, Ташкенттен Әзірет Имам Мәуереннаһрда жатқан әулиелер бірі қалмастан осында жетіпті. Сұлтанның оң қолында бір кісінің орны ашық қалды. Өзге күмбездің іші-тысы лық толыпты. Бір уақытта бір зор деген әулие келіпті. Бұрынғы келгендердің бәріне отырып көріскен екен. Бұл кісіге әзірет Сұлтан тұра келіп, көрісіп, әлгі ашық тұрған жерге отырғызыпты. – Бұл кім? – деп сұрасса, дін Хорезм шейіттерінің төресі, ақыл-ойдың белесі шайқы Нәжмаддин Күбірей екен. Содан Күбірей сөз бастапты: – Мысыр, Мекке, Үргеніш, Бұхар, Самарқанд, Жұпар, Хожант пен Қоқан, Әндіжан, Марғұлан, Ташкент, Түркістан ежелден ілім дарыған, хикметке жарыған жер еді. Осы өлкенің ғұламалары тұздай құрып таусылатын болды. Бүкіл ғұламалар бір қыздың сұрағына жауап бере алмай, зынданда шіритін хәлі бар. Оның сұрағына жауап беріп, сынағына төзетін кім бар? – деп сұрады. Әзірет Сұлтан: – Мына бала соған әбден жарайды! – деп, Әбілданы көрсетті. Шайқы Күбірей айтыпты: – Бұл бала ханшайымды жеңіп, ғұламаларды құтқара ала ма? Ауыр қолы бар ма, шашып-төгіп қол жинап алатұғын пұлы бар ма? – деді. Оған Әзірет Сұлтан жауап қайырыпты: – Мұның өзінің жанкүйер қырық жігіті бар. Ертеңмен туының түбінде тұратұғын он жігіт беремін. Арыстан бапқа барады, ол кісі он жігіт қосады. Қошқар атаға барады, ол он қосады. Әзірет Имам он қосады, пәлен-пәленді қосады, түген-түгенді қосады, – деп, Ұрымға барғанша кісінің санын жүзге жеткізді. – Тұр, балам, жай қолыңды! – дегенде, Әбілда ұшып тұра келді. Әзірет Сұлтан қолын көтерген соң, тамам әулие жалғызы қалмай, білек көтерді. – Қайырға көш қыл, қайырға көш қыл, қайырға көш қыл! – деп, үш айтып, бетін сипады. Ояна келсе, түсі екен, жүрегі қолды-аяққы тұрғызбай, алып ұшып барады. Түс көрдім деп жанға айтпады. – Жүр, жігіттер, Арыстан бап әулиеге зияратқа барайық! – деді. Аттанып шаһардан шыға бергенде он жігіт көшпелі қазақтан гулесіп келіп қалды: – «Түркістаннан Әбілда деген ғалым келеді» дейді. «Ұрымға барып, Мәликені сыннан жеңеді!» дейді. Соған нөкер боламыз! – деді. Әбілда елу кісі болып, Арыстан бапқа барса, он кісі жиылып, алдарынан тосып тұрды. Олар да: – Әбілдаға нөкер боламыз! – десіп жиылғандар екен. Олардың арасында небір өнерлі, білімділер де бар еді. Бірі жауырыны жерге тимеген палуан екен. Бірі құралайды көзге атқан мерген екен. Бірі қырық күншілік жерді бір сағатта алатын желаяқ екен. Енді бірі алып теңізді қақ жарып, жүзіп шығатын жүзгіш екен. Ұрым мен Түркістанның арасы қырық күншілік жол еді. Әбілда дария кешіп, тау асып, әбден ашығып, күнге тотығып, желге қақталып, жабайы аңмен алысып, қарақшылармен жұлысып, әрең дегенде патша сарайына жетіпті. Мәлике оны көрген бетте:– Тағы бір бас кетер ме екен домалап?Екі көзден қанды жасы сорғалап, Ажалына асыққан бір ер ме едің? Мұнша қалай жаннан безген пенде едің? – деді менсінбей. Әбілда кідірмеді:– Тәңірім берген ілім нұрымен өрледім. Білім жинап, қызыққа еш ермедім. Жауап бермей, жаза бассам, амал не? Сыннан өтсем, ақталар бар еңбегім, – деді тайсалмай. – Ендеше, отыр. Кімсің, қайдан келдің? – деді. Әбілда қолына домбырасын алып бүй деп толғай жөнелді: Бір жауһар гүлі екенсіз гүлзар бақтың,Шын гауһар нұры екенсіз тәж бен тақтың,Армысыз, ақылы артық Мәлике қыз,Дауамат арта берсін дәулет-бақтың.Жайылған ауазаңды естіген соң,Жайыңды іздеп шығып, бүгін таптым.Есімім – Әбілда ер, асылым – түркі Туғаннан ілім қуып, ойға баттым.Кеудеме жүгін артқам ду-ғаламныңУәдесін ұмытқам жоқ әлімсақтың.Нәпсімді күндіз-түні жаудан қорғап,Ұйқы мен күлкі арсызға өте сақпын.Түркістан баябаны – туған өлкем, Тұрғыны емес едім мен бұл жақтың.Жайлаған Алтай жері – Өтүкенді,Теңдессіз ләшкері едім Тәңірі-хақтың.Бауырынан түлеп шыққан перзентімін «Ергөнек» деп аталған үңгір-жаптыңТәңірінің қалауымен төрт бұрышынДүниенің қылдым талай ала шапқын.Дүбірі дұшпан жұртын дүр сілкінткен – Ұрпағы мен боламын Ғұн мен Сақтың.Алысып Үрістеммен жығылмағанЕр Тоңға – жұратымын Әпрасәптың.Еліме іздеп келіп, қыр көрсеткенКирдің де туын жығып, басын шаптым.Жеріме көз алартып келген ДарапТаба алмай қалды өзінің алтын тақтын.Ескендір қос мүйізді – ол да келіпБасынан ұшырған-ды дәулет-бақтын.Шыңғысхан күллі әлемді тізерлетті,Тәубеден сезгеннен соң шыққан уақтын.Көреген Әмір Темір, Бабыр, Сайын Дұшпанын «ойбайлатты» оқтын-оқтын...Жеріме түскен ізі сайрап жатырАтасы – Адам Сафи – адамзаттың.Ыбырайым Тұранға кеп құт дарытқан,Отынан аман қалып Намыраттың. Ыдырыс Бозқаладай шаһар салыпКөркейткен шамын жағып шаңырақтың.Шөктірген Нұх кемесін осы жергеТауым бар – куәсі-дүр сол бір шақтың.Қойнынан пана тапқан Бибі-Мәриям – Тұрандай саясы мол заңғар бақтың.Миғражда Тұран жерін көзбен көргенСүйікті Пайғамбары Саттар Хақтың. Расулдың аманаты аман-есен – Құрмамен келіп жеткен бізге хақ дін.Аманат арқалаған ер сахаба – Арыстан – бабасы еді сансыз баптың.Алған соң аманатын Әзірет Сұлтан Тазартқан жан сарайын көңілі дақтың.Әлемге әйгілі ұстаз – әл-ФарабиСапасын арттырып тұр асылзаттың.Ұлықпан мың жасаған Хәкім баба – Тұранда мәжіліс құрған бірі ед сафтың.Сол жерде дүниеге кеп Қызыр бабамАжалсыз орындап жүр әмірін Хақтың...Даламның қасиеті дарып өскенБірі едім мен де сондай көңілі шаттың.Арымның садағасы – жиған малым,Жарымның жамалына барым саттым.Сауалың болса қояр, әзірлей бер,Сұлу қыз, ұстасы едің «шах» пен «маттың».Алдыңда кібіртіктеп қалар болсам,Басымды ойланбай-ақ бір-ақ шапқын.Жауабым сауалыңа лайық болса,Демессің бұдан былай жалғыз тақпын.Ал, енді сұрағың қой, Мәлике қыз,Пәрменін паш етейін Жаббар Хақтың! – деді. Мәлике кекесінмен жымиып: – Ендеше сына бағыңды, батырым! – деді де, сұрағын бастап кетті.
Mәлике: Қайдан келесің?Әбілда: Әлімсақтан келемін.
Mәлике: Қайда барасың?Әбілда: Ләмәканға барамын.
Mәлике: Қайда тұрақтайсың?Әбілда: Қабірге тұрақтаймын.
Mәлике: Не жейсің?Әбілда: Ел-жұртымның қамын жеймін.
Mәлике: Пейіште не нәрсе жоқ? Әбілда: Құдайдың қазасы мен жазасы жоқ. Mәлике: Адамды кедейлікпен қорқытатын кім?Әбілда: Сайтан. Ол жүректен жай алады. Ойдың арнасына тұмсығын тығады. Жүрек иесі ғапыл болса, көңілдегі нұрлы ойды сорып алады. Оның орнына бүй деп уәс-уәс салады: «Жылдық зекетіңді беріп тыныш отыр! Күнәң көбейсе, өлерде бір қажылыққа барарсың. Мейірімді Алланың кешпейтін күнәсі, жарылқамайтын құлы жоқ. Заманың түлкі болса, тазы боп шал! Дін тарату, адасқан жұртты жолға салу пайғамбардың ісі. Хикмет жаю – әулиенің міндеті. Оларға ұқсауға тырыспа! Құр босқа өсекке ілінесің. Досың күледі, дұшпаның табалайды. Адал адамға мал бітпейді. Кедей-кепшік қайыр сұрайды. Құр босқа дүниең шашылып, кедей боласың. Бала-шағаң аштан өледі». Mәлике: Пайғамбарымыз бір істі бұйырды. Ол һәм дүние, һәм ақирет азығы. Ол не?Әбілда: Алланы көп зікір ететін дәруіштердің сұхбатынан қалмау. Mәлике: Жұмыс істесе де, істемесе де шаршап жүретін пендені Құдай Құранда қандай хайуанға теңеді? Әбілда: Итке. Үстіне жүк артсаң да, жүк артпасаң да тілі салақтап жүреді. Mәлике: Қай киімнің қалтасы жоқ?Әбілда: Кебіннің қалтасы жоқ. Төрткүл дүненің байлығын иеленсең де, ақиретке бір сабақ жіп алып кете алмайсың. Mәлике: Адамның өліп, ақиретте қайта тірілуін еске салатын не нәрсе?Әбілда: Құрт пен көбелек. Алманың ішіндегі құрт ұшамын деп ойламайды. Өз кебінін өзі тіккеннін сезбейді. Бірақ өліп, қайта тірілгенде көбелек болып ұшады. Mәлике: Ақырзаманға дейін өзгермейтін не?Әбілда: Ол – киелі нұр ардағың, кәләм шәріп – Құран Кәрім. Бір әрпін жетпіс мың періште қорғайды. Аңдап оқыған, діліне тоқыған жанға Алланың берекеті мен шұғыласын жолдайды. Аятына амал қылған кісінің мұрат-мақсатын оңдайды. Күндіз-түні Хақтың әмірі мен мейірін толғайды. Mәлике: Құранның басы не?Әбілда: Құранның басы – ғұсыл-дәрет. Бұл амал аяттың жүрекке дарып, көңілге терең орнығуы үшін керек. Ғұсылсыз қадам баспағын. Әйтпесе, періштелерді қуарсың, дүниені арам қыларсың. Құранның қойнауына сүңгігенде, тазалықтың қадірін ұғарсың. Бойыңды әркез кір мен ластан аулақ ет. Ойыңды көркейтіп, ел-жұртыңды баурап өт. Mәлике: Құранның жүрегі не?Әбілда: Ясин сүресі – момындардың екі дүниелік үлесі. Ауру-дертке ем болар. Оқыса жолын оңғарар. Шексіз шипаның қайнары, жын-шайтанның жолын кесер айбары. Күніне қырық мәрте оқыса, жын иектеген жан дертінен айығады. Шарапат берекеті оқылған үйдің төрінен босағасына дейін жайылады. Ясиннің нұры найзағайдай жарқылдайды. Хикметін жүрегіңе сіңірсең, шаңырағыңнан ырыс-береке сарқылмайды. Mәлике: Құранның анасы не?Әбілда: Құранның анасы – Фатиха-дүр, фазилеті пәниден бақиға-дүр. «Беташар сүре» деп момындар әспеттейді. Жаттаған жанның жадынан еш кетпейді. Әр әрпі алтыннан қымбат, әр аяты түпсіз терең жұмбақ. Бүкіл өзен мен көлді сия қылып, қаламға құйып жазса да сырына жетпес. Барлық тағат-ғибадаттың басынан кетпес. Оны Түркі жұртында бата деп дұға-тілекке де балайды. Батиқа алған кісінің сапары сәтті болады деп санайды.Mәлике: Құранның қанаты не?Әбілда: Қанаты – Аятүл Күрсі. Оның аты Лаухыл Мақфузда бар. Есіме алсам, елжіреп тебіренем, Тәңірдің шексіз шапағатына еміренем. Бұл түскенде Ібіліс еңіреп жылаған. Екі көзін қанды жасқа бұлаған. Үміті мен сенімін өрт шалып құлаған. Шарапаты Алланы көңілде бірлейді, оқығанның жансарайы гүлдейді. Жансарайына шайтан бас сұға алмайды. Сиқыр мен тіл, көз бен сұқтан қорғайды. Үздіксіз айтсаң, екі тойың қабат болар, ақыретің абат болар. Бақыт пен береке қоса дариды. Сырқат адамға оқып, дем салса, жазылады. Жүрегінен хикметтің бұлағы ағылады. Mәлике: Құранның өзі киер тәжі қайсы?Әбілда: Бұл тәжің – Тәбәрәк-дүр. Қадір-қасиетін бағалап біл! Дәм-тұзы таусылған адамды жақындары жер қойнына табыстайды. Содан кейін бейіт басында осы сүрені бағыштайды. Өйткені бұл пендені қабір азабынан сақтайды. Мүңкір-Нәңкір сұраққа алғанда, жәрдем беріп жақтайды. Тағы бір атын Мүлік деп те атады. Ғұмырында ықыласымен оқығандар нұр ішінде жатады. Mәлике: Құранның құйрығы қайсы?Әбілда: Сүренің аты – Ықылас, Бұл – Құранның құты, рас. Қайта қайта оқыса тат басқан жүрекке ем. Сауабы Құранның үштен біріне тең. Иманына серік болса, қабірі кең. Сан мәрте айтсаң, көсегең көгереді. Тәубаға тастай бекісең, көңілің шапағына бөленеді. Үйге кіргенде, үздіксіз қайталасаң, пақырлық жоғалады. Бақ құсы басыңа оралады. Сапарда жүріп тілге алса, Алла тағала отбасына қорған болады. Тілеместен ырзық пен несібесі жолдан болады. Mәлике: Құранның байланар қазығы қайсы?Әбілда: Ол Бақара сүресінің аяты. «Әмәнәрәсулу» ел аузындағы жәй аты. Сол үшін аманатты сақтаушы құлып сияқты. Қанша тәпсірлесең де ,таусылмас тұнық сияқты. Құранның тиянағы мен қазығы бұл. Қанша дәмін татсаң да, сарқылмас азығы бұл. Пайғамбарым Миғражда естіп балқыған. Мүбәрәк лебізі жүрегін шарпыған. Мұны оқыса, көңіліне нұр толады. Иба-әдебіне сыр қонады. Арзу, тілегі орындалады. Тынбай зікір етсең, періштелер қолыңды алады. Мәлике: Сен айтқан аяттардың шарапаты жүрекке қайтсе орнайды? Әбілда: Ей, ханшайым, оның да көп шарты бар. Пайғамбардың бізге айтқан сүндеті мен салты бар. Ол пенде Құранды оқығанда тәуба қылып, күнәсіне өкінсін! Көңілінің қаралығы мен жүрегінің кірлерін кетірсін! Көз жасы аққанда маржандай төгілсін! Әрбір күні мен түні ықылас пен ынтамен өрілсін! Күнәсіне шын күйінгенде, бауыры өртенгендей налысын! Тағат пен ғибадатта бойын бүкпей, күш-қайратын жанысын! Хақ Расулдың өсиетімен, алдымен нәпсісін барлап танысын. Содан кейін Тәңірінің қазынасын табуға талпынсын! Ораза ұстап, құмарлығын тыйып, жүдеп-жадап, сарқылсын. Қиянат пен ғайбат сөзден, бей-берекет әңгімеден тартынсын! Міне, сондай жанға ғана аяттың нығметі қонады. Шын ниетімен оқығанның діліне сүрелердің берекеті толады. Бұл сөзімді арам ниет, дүмшелер мен жалған сопылар ұқпайды. Олар Құранды қанша оқыса да, ешбір фазилеті жұқпайды. Mәлике: Бес нәрсе адаммен бірге қабірге ілесіп барады. Екеуі үйіне кері қайтады. Үшеуі мәңгілік серігіне айналады. Ол не? Әбілда: Үйіне қайтатын екеуі: марқұмның табыты мен оранған кілемі. Мәңгілік жолдастары: оранған кебіні, жасаған амалы, сенген иманы. Mәлике: Не нәрсе көкте де емес, жерде де емес, құпия сырын бұл жалғанда ешкім білмес?Әбілда: Ол Қағбадағы қара тас. Mәлике: Таң намазы кімнен қалды?Әбілда: Адам ата мен Хауа анадан қалды. Екеуі пейіште жүргенде қараңғы дегенді білмейтін. Себебі пейіште үнемі жарық болып тұрды. Пейіштен қуылып, жерге түскенде айнала қара түнек еді. Екеуі «жер бетінде жарық болмайды екен» деп қайғырып, қорықты. Уақыт айналып, таң қылаң бергенде екеуі қуанып кетті. Шаттықтан Тәңірге шүкірлік айтып, екі мәрте сәждеге бас қойды. Mәлике: Бесін намазы кімнен қалған?Әбілда: Ыбырайым пайғамбардан қалған. Тәңірсі оны сынап, жалғыз ұлы Ысмағұлды құрбандыққа шал деп бұйырды. Ыбырайым баласын ертіп, тауға шыққанда күн шақырайып төбеге көтерілген еді. Ыбырайым сыннан сүрінбей өтті. Соңғы сәтте Алланың әмірімен көктен көк қошқар түсті. Ұлының аман қалғанына қуанған Ыбырайым Тәңірге шүкірлік етіп, төрт мәрте сәждеге бас қойды. Mәлике: Екінті намазы кімнен қалды?Әбілда: Жүніс пайғамбардан қалды. Бірде Жүніс пайғамбардың еліне жұқпалы індет келді. Жүніс кемеге мініп, қаладан қашып бара жатқанда теңізде дауыл тұрып кеме батуға айналды. Қиындықпен күресудің орнына қаладан қашып кеткен Жүністі Рахман Иесі жазаламақшы болды. Алланың әмірімен Жүніс кемеден суға секірсе ғана кеме жұрты апаттан аман қалатын болды. Жолаушылар Жүністі жабылып жүріп теңізге атты. Сол сәтте оны дәу жайын балық жұтып қойды. Пайғамбар балықтың ішінде қырық күн жатты. Қырық бірінші күні балық Жүністі қарнынан шығарды. Ол қырық күнде тәубеге келіп, биік рухани дәреже тапқан еді. Аспанға қараса, Күн еңкейген шақ екен. Жүніс Тәңірге шүкірлік етіп, төрт мәрте сәждеге бас қойды. Mәлике: Шам намазы кімнен қалды?Әбілда: Ғайса пайғамбардан қалды. Дұшпандары оны зынданға тастап, азаптың түр-түрін жасады. Оны ағашқа керіп өлтірмек болды. Сол сәтте Аршы-Күрсі қозғалып, бүкіл періште дұшпанға қарғыс айтып, өлім тіледі. Бірақ Ғайсаның жүрегінде кек жоқ еді. Ол Аршы-Күрсі мен періштелерді сабырға шақыру үшін жауына рақым тілеп, Тәңірге сәжде етті. Үш рет сәжде етіп, төртінші мәрте жығыла бергенде жендеттер жетіп келіп, Ғайсаны өлтіруге алып кетті. Содан бастап шам намазында үш бас қана намаз оқылатын болды. Mәлике: Құптан намазы кімнен қалды?Әбілда: Мұса пайғамбардан қалды. Ол көшіп келе жатқанда әйелі Сапураның толғағы келді. Қырсыққанда қымыран іридінің кері келіп, беймезгіл уақытта қойына қасқыр шапты. Шақпақ жағып, отпен қуалайын десе, от тұтанбай қойды. Жалғыз иті қасқырмен айқаса кетті. Әйелін қатты толғақ қысып жатты. Не істерін білмей, Мұса қатты састы. Сол сәтте көз ұшында от көрінді. Жүгіріп барса, жерге шаншылып тұрған аса таяқ екен. Асасының басы от сияқты жанып тұр. Мұса оны жұлып алып, қасқырларға қарсы шапты. Қорқаулар қашып кетті. Иті жеңіл жараланып аман қалды. Лашығына кірсе, әйелі аяқ-қолын бауырына алып, аман-есен босанған екен. Қауіп пен қатерден аман қалғанына шүкірлік етіп, Мұса төрт мәрте сәждеге бас қойды. Mәлике: Үтір намазы кімнен қалды?Әбілда: Әзіреті Мұхамбет пайғамбардан қалды. Алланың расулі миғражға ұшқанда сегіз пейішті аралады. Сайраған құстардың үніне, тәтті жемістердің иісіне мас болып, бір сәт есінен айрылғандай болды. Жұмақтың нығметтеріне шүкірлік етіп, төрт бас намаз оқымақ болды. Алғашқы екі басында сәждеге маңдайын тигізген соң, үшінші бас намазын өтуге қиямға тұрды. Бір кезде пейіштің әсем нығметтерін тағы бір мәрте көргісі келіп көзін ашып қалғаны сол еді, тамұқта күйіп жатқан Әбужәһілді көріп, шошып кетті. Намазда ұстаған қолы түсіп кетті. Намазын бұзып алмайын деп, қайтадан тәкбір айтып, «Құнұт» дұғасын оқи жөнелді. Кейін осы оқиғаны серіктеріне айтып берді. Үтір намазы осылайша намазға енді. Mәлике: Не себепті сәжденің бірі – парыз, бірі – уәжіп. Әбілда: Адам топырақтан жаралған соң періштелермен ілім сайысына түсті. Сайыста жеңілген періштелер адамға сәжде жасады. Тек Ібіліс ғана «Адам топырақтан жаралды, мен оттан жаралдым» деп, сәжде етпей, қырсығып тұрып алды. Сол кезде ол Алланың дәргейінен қуылып, малғұнның кейпіне енді. Періштелер сәждеден бас көтергенде ұсқынсыз Ібілістің қарғыстан қарайған түрін көріп шошып кетті. Сол сәтте «Алла-ай, өзің сақтай көр!» – деп сәждеге екінші мәрте құлады. Mәлике: Намазда оң жаққа, сосын сол жаққа қарап сәлем беру кімнен қалды?Әбілда: Адам ата пейіште жүргенде «Дүниеге тарайтын ұрпақтарымды көрсем бола ма?» – деп Аллаға арыз етті. Жаратушы Рахман Адам атаның белінен оның қияметке дейін таралатын бүкіл ұрпағының тұқымын құдіретімен суырып алды да, кеңістікке шашып жіберді. Самсаған сансыз рух аспан әлеміне сыймай кетті. Тәңірі Адамға:– Оң жағыңа қара! – деп бұйырды. Адам ата оң жағына қарап еді, жүзінен нұр тараған момын ұрпағын көрді. Оларға сәлем беріп:– Сендерге Алланың рақметі жаусын! – деді. Тәңірсі:– Енді сол жағыңа қара! – деді. Адам ата сол жағына қарап еді, қиянаттан көз ашпаған қара ниетті ұрпағын көрді. Олар қорлық пен жәбір тартып тұр екен. Жүрегі солқ етіп, тұла бойы дірілдеп кетті. Бірақ оларға мейірімі оянып:– Сендерге де Алланың рақметі болсын! – деді. Тәңірі Адам атаның бұл ісіне риза болды.– Неге оларға рақмет тіледің? Олар қараниетті, залым ұрпағың емес пе? – деді. Сонда Адам ата:– Уа, Тәңірім, олар қанша жерден залым болса да іштен шыққан шұбар жылан ғой. Оларға да мейіріміңді төге гөр! – деп тіледі де, олар үшін үш рет «Астапыралла» деп дұға жасады. Сондықтан Намазда екі иыққа алма кезек сәлем беріп, күллі адамзаттың амандығына дұға жасау Адам атадан қалған өнеге екен. Mәлике: Не себепті намазда отырғанда сұқ саусақты көтереді?Әбілда: Періштелер Адамға сәжде жасағанда, Ібіліс қасарысып тұрып алды. Сол кезде Тәңірі тағала қаһарланып: – Менің дәргейімде кібірлерге орын жоқ, – деді. Сосын Ібілісті дәргейінен қуып шығуды Жебірейілге тапсырды. Періштелер бұл кезде Адамға сәжде етіп жатқан еді. Жебірейіл басын көтеріп, Ібіліске сұқ саусағын шошайтты. Өзге періштелер де Жебірейілге ілесіп, сұқ саусағын шошайтты. Сол сәтте Ібілістің мойнына қарғыс қамыты киіліп, Тәңірдің дәргейінен қуылды. Осыдан соң намазда отырғанда Ібілістің бүкіл ісін әшкерелеу, оған сұқ саусақты қадау бізге үлгі болып қалды. Mәлике: Рукухка тұру кімнен қалған?Әбілда: Ыбырайым пайғамбардан қалды. Намұрт патша өзін Құдаймын деп жарияға жар салды. Маған табынып, сәжде етіңдер деп бұйырды. Ыбырайым пайғамбар оған илікпеді. Намұрт оның басын ию үшін мынадай қулық ойлады. Сарайының есігін бұзып, адам белімен бірдей етіп жасады. Бір күні халықты сарайына жинап, Ыбырайымды қонаққа шақырды. Ондағы ойы манау еді: Ыбырайымның есіктен иіліп кіргенін жұртқа көрсетіп: «Міне, Ыбырайым да менің дәргейіме басын иіп, тәу етіп кіріп келе жатыр» – деп мақтану еді. Алайда Ыбырайым қулығын асырды. Ол тапал есіктен еңкейіп өтіп жатып, екі қолын тізесіне қойды да үш рет Тәңірді мақтап, тәсбих айтты. Сосын тігінен тұрып:– Барша құрмет пен мадақ ұлық Аллаға тән! Жаббар Ием, өзіне мадақ айтушы құлдарын ести берсін! – деді дауыстап. Мұны көрген Намрұттың қаны басына шапты. Қаһарланып оны отқа өртейтін болды. Бірақ Құдайдың құдіретімен Ыбырайым отқа жанбады. Ыбырайымның осы амалы кейінгі момындарға үлгі болып қалды. Mәлике: Әттахият дұғасы қайдан қалды?Әбілда: Ол Миғраж түні Хақ тағала, Әзіреті Мұхамбет пайғамбар және Жебірейіл періштенің әңгімесінен шықты. Хақ расулі Миғражға самғап, Тәңірдің дәргейіне барғанда Жаратқанға құрмет көрсетіп:– Әттахияту лиллаһи уәссалауату уәттаиибату, – деді. Тәңірсі оны қарсы алып:– Әссәламу аләйка әййюхәннәбию уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ, – деді. Пайғамбар қайтадан:– Әссәламу ғаләйна уә ала ибадиссалихина, – деп, Алланың сәлеміне жауап берді. Жаббар Хақ пен Оның хабибінің сөйлескен сөзіне тебіреніп кеткен Жебірейіл періште:– Әшһәду әллә иләһә иллалла уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә расулуһу, – деді. Осылайша әттахият дұғасы дүниеге келіп, намазда оқылатын болды. Мәлике: Бес уақыт намаздың ишарасы қайдан қалды?Әбілда: Ұлық Алла ең әуелі Әзіреті Мұхамбеттің Нұрын жаратқан соң, оны төрт бұтақты бәйтеректің үстіне салтанатпен қондырады. Оның басына ләулік тәжін кигізді. Сол кезде Нұр Тәңірге тағзым етіп, бес рет сәждеге бас қойды. Кейін бұл ишара бес уақыт намаздың негізіне айналды. Mәлике: Отыз күн ораза ұстау кімнен қалған?Әбілда: Адам ата мен Хауа анадан қалды. Екеуі пейіште тыйым салған бидайды жеген соң Жерге қуылды. Алайда бидайдың қалдығы азқазанда қорытылмай жатып қалды. Тәңірі оларға ораза ұстауды бұйырды. Екеуі отыз күн ораза тұтқанда бидай толық қорытылып, бойлары арам астан тазарды. Mәлике: Әуелде арам болып, кейін адал асқа айналған жеміс қайсы?Әбілда: Ол бидай дәнегі еді. Әуелде Тәңірсі Адам ата мен Хауа ананың оны жеуіне тыйым салды. Сол себепті бидай арам асқа айналды. Жерге түскен соң Жебірейіл періште бидайдың дәнегін әкеліп берді. Оның адам ұрпағы үшін адал асқа айналғанын айтты. Mәлике: Дәрет алу кімнен қалды?Әбілда: Адам атадан қалды. Тыйым салған бидай кеңірдегінен өткен соң Ібіліс адамның жұтқыншағын мекеніне айналдырып алды. Адам ата Тәңірді зікір етейін десе, көмейінен шыққан сөзге Ібіліс кедергі келтіріп, дыбысын сыртқа шығармады. Адам ата не істерін білмей тұрғанда Жебірейіл келіп: «Тамағыңды сумен үш рет шай!», – деді. Адам ата тамағын шайып еді, Ібіліс амалсыз мұрнына тығылды. Жебірейіл: «Мұрныңды шай!», – деп бұйырды. Адам ата мұрнын үш рет шайып еді, Ібіліс бетіне жабысып жатып алды. Адам бетін үш рет шайып еді, Ібіліс оның оң білегіне жармасты. Адам ата оң білегін жуған кезде Ібіліс қашып, сол қолына ауысты. Адам ата сол қолы мен білегін жуды. Ібіліс шегініп, Адамның мойнына отырды. Адам ата мойнын жуып еді, ол қашып барып құлағына тығылды. Адам ата сумен құлағын шайды. Ол жерге де тұрақтай алмай, шайтан шаштың ішіне жасырынды. Адам шашына мәсіх тартқанда, Ібіліс Адамның оң аяғына жабысты. Оң аяқты жуғанда, сол аяққа қашып барды. Сол аяқты жуғанда ғана Ібілістің адам денесінен паналар жері қалмай, қаша жөнелді. Осыдан бастап, Адам атаның дәрет алу үлгісі бізге өнеге болып қалды. Mәлике: Азан шақырып, қамат түсіру кімнен қалды?Әбілда: Жебірейіл періштеден қалды. Әлімсақта Адам ата жаралған соң Ібіліс періштелерді ертіп адамды тамашалауға келеді. Адамның денесіне кіріп, бүкіл ағзасын аралады. Сосын оның құлағын сипап:– Құлағын хақ сөзге керең қылдым. Дүниенің ғана сөзін еститін болады. Хикметті сөзден енді ғибрат алмайды, – деді. Көзін сипап:– Ақиқатқа соқыр қылдым, – деді. Аузын сипап:– Бейпіл сөзге бейім қылдым, – деді. Мұрнын сипап:– Пейіштің иісін сезбейтін қылдым, – деді. Осыдан бастап пенденің бес сезім мүшесі ақиқатты айырмайтын болды. Тәңірсі Жебірейілге бұйырып:– Адамның оң құлағына азан шақыр, сол құлағына қамат түсір! – деді. Періште азан шақырғанда Адамның құлағы ашылып, Хақтың әмірін ести бастады. Осыдан бастап мұсылманды құлшылыққа шақырғанда Жебірейілдің үлгісімен азан айтатын дәстүр қалыпты. Mәлике: Құрбан шалу кімнен қалды?Әбілда: Ыбырайым пайғамбардан қалды. Ол Тәңірсіне бүй деп дүға етті. «Ей, Аллам, маған ұл берсең, мен де сенің жолыңда ең қымбат затымды аямас едім», – деді. Жаббар Хақ тілегін қабыл етті. Ыбырайым тоқсанға келгенде Ажар анамыз бір ұл туып берді. Оған Ысмағұл деп ат берді. Қартайғанда көрген жарығы болған соң ұлына көңілі ерекше ауды. Бір күні Тәңірсі оны ауыр сынаққа алды.– Уәдең есіңде ме? Ұл берсең барымды да, нарымды да аямаймын деген едің. Ендеше жалғызыңды МЕН үшін құрбандыққа шал! – деді. Сынақ Ыбырайымға ауыр тиді. Бірақ ол уәдесіне берік еді. Пайғамбар ұлын ертіп таудың төбесіне шықты. Көкірегі қарс айырылып, жүрегімен қан жылап тұрып, ұлын құрбандыққа шалды. Бірақ Құдайдың құдіретімен өткір пышақ өтпей қалды. Сол сәтте Жебірейіл періште көктен қошқар алып түсті. Ұлық Алла Ыбырайымға:– Сынақтан өттің. Маған ұлыңды емес, қошқарды құрбандыққа шал! – деді. Ыбырайым қошқарды құрбанға шалып, етін ел-жұртына әкелді. Бұл кезде ел-жұрты Ысмағұлды жоқтап қайғырып жатқан еді. Олар тірі келген баланы көріп қуанып сала берді. Қуаныш үш күнге созылды. Осыдан бастап құрбан шалу, Құрбан айт тойлау бізге үлгі болып енді. Mәлике: Зікір айту кімнен қалды?Әбілда: Әзіреті Мұхамбет пайғамбардан қалды. Әлем әу баста жаралмай тұрғанда Тәңірі тағала:– Бисмиллаһи рахманир-рахим! – деді. Ол сөз сол заматта бір тамшы Нұрға айналды. Жарық Нұр жарқырап шыққан бойда Ұлық Аллаға құйқылжытып мың түрлі әуенмен зікір айтты. Зікірдің үні қою қараңғы кеңістікті қақ жарып, жап жарық сәуле шашты. Ұлық Алла ерекше махаббатпен ол Нұрға «Мұхамбет» деген көркем есім берді. Оның есімі «Алланың мақтаулысы» дегенді білдірді. Нұр-Мұхамбеттен соң зікір айту Қалам мен Лаухыға мирас болды. Қалам зікір салғанда мәрмардай әппақ түске енді. Лаухы зікір салғанда жұлдыздай жарқырады. Онан соң зікір айту Аршы мен Күрсіге нәсіп болды. Аршы мен Күрсі зікір айтқанда қараңғылық пердесі түріліп, ғаламды жарық жайлады. Онан соң зікір айту періштелерге бұйырды. Онан соң зікір айту отқа ауысты. От зікір айтып еді, ғайыптан жел ұйытқи соқты. Жел де зікір айтып, Алланы ұлықтай бастап еді, оның әсерінен сулар аға бастады. Су зікір айтып құйқылжытып еді, балықтар жөңкіле жүзді. Балықтар жаппай зікір айтып еді, құмның басы бірігіп, тыңайған топыраққа айналды. Топырақ Аллаға мадақ айтып зікір етіп еді, топырақтан дән өніп шықты. Дән зікір айтып еді, дереу бүр жарды, бүрден гүл ашылды. Гүл зікір айтып еді, айналасында жасыл желек шөп жайқалды. Шөптер зікір айтып еді, бойлары көкке жетіп, алып ағаштарға айналды. Ағаштар зікір айтып еді, бұтақтарына құстар келіп қонды. Құстар зікір айтып еді, Жердің беті жан-жануарға толды. Жануарлар жаппай зікір айтып еді, адамның тіршілігіне мән дарыды. Адамдар зікір айтып еді, арасынан ақжүректі момындар іріктелді. Момындар зікір айтып еді, одан көкірек көзі ашылған әулиелер легі сап түзеді. Әулиелер зікір айтып еді, пайғамбарлар пайда болды. Пайғамбарлар зікір айтып еді, олардың ізінен үмбеттері шұбырды. Үмбеттері зікір айтып еді, он сегіз мың ғалам тербеліп кетті. Mәлике: Ара зікірі кімнен қалды?Әбілда: Зәкәрия пайғамбардан қалды. Қаскөйлер оған күн бермеді. Пайғамбар жұртынан қашуға мәжбүр болды. Қашып келе жатқанда алдынан қалың емен көрінді. Еменге:– Мені дереу жасыр! – деп бұйырды. Ағаш ашылып, құшағына пайғамбарды жасырды. Бірақ Зәкәрияның шапанының етегі қабығына қысылып, тысқа көрініп қалды. Дұшпандар оны тауып алды. Ағашты қалай ашарын білмеді. Амалсыз талды арамен кескілей бастады. Сол сәтте Зәкәрия Құдайға:– Мені құтқаршы, – деп жалбарынды. Құдай тағала:– Әй, Зәкәрия, пайғамбарлығыңа сеніп, ағаштан көмек сұрадың. Мұның қателік болды. Енді зікір айтқан хәлде ажал табасың. Болмаса, имансыз кетесің, – деді. Зәкәрия араның дыбысына ілесіп, зікір айта бастады. Осылайша абыроймен қаза тапты. Кейінгі жұртқа «зикр-арра» тағаты үлгі болып жетті. Mәлике: Алқа зікірі кімнен қалды?Әбілда: Дәуіт пайғамбардан қалды. Ол Тәңірсін мадақтап, зікір айтқанды жақсы көретін. Бірақ сан алуан әуенге қосып, түрлендіре айтуды білмейтін. Бір күні тау ішінде жалғыз отырып, Тәңірсіне зікір айтты. Сол сәтте оң иығына бір бұлбұл келіп қонды. Ол зікірге қосылып құйқылжыта сайрады. Артынша сол иығына қонған бір қарлығаш зікірге қосылып шықылықтай бастады. Бұдан соң аң-құс атаулының бәрі Дәуіттің маңына қарай ағылды. Аққу келіп саңқылдады. Көкқұтан ұшып қиқулады. Шыр айналып торғай шырылдады. Тырна келіп тыраулады. Шағала болса шаңқылдады. Сұңқар келіп саңқылдады. Бүркіт қалықтап шаңқылдады. Үйрек ұшып барқылдады. Шүрегей, кептер, бөдене келіп пырылдады. Безгелдек болса безілдеді. Жапалақ желіп барқылдады. Көкқұтан тұрмай қиқулады. Қарға тынбай қарқылдады. Әупілдек алыстан әупілдеді. Шіңкілдек жетіп шіңкілдеді. Құрқылтай қонып құрқылдады. Жылқышы қуанып шырқылдады. Күрке тауық күркілдеді. Бытпылдақ секіріп бытпылдады. Көкек қонып көкектеді. Сауысқан секіріп шықылықтады. Тауық тынбай қыт-қыттады. Тауыс құйрығын жайып қырқылдады. Шақшақай келіп шақылдады. Зікір әбден қызған кезде жылқы жарықтық алыстан шаңдатып келіп зікірге қосылды. Ол кісіней бастады. Артынша түйе жетіп боздай жөнелді. Сиыр келіп мөңіреді. Қой мен ешкі жарыса маңырады. Ит еркелеп үре жөнелді. Қасқыр алыстан ұлыды. Жерді дірілдетіп піл де күркіреді. Борсық пен кірпі іннен шығып мырсылдады. Мысық пайғамбардың етегіне аунап пырылдады. Түлкі болса шәуілдеді. Айбатты арыстан ақырды. Құрбақа секіріп бақылдады. Осылайша Дәуіт пайғамбарды жан-жануар мен жәндіктер алқалай қоршап, онымен бірге зікір айтты. Зікірдің әуені сан түрлі мақамда құбылып, тауды жаңғыртып жатты. Зікірдің әуеніне балқыған асқар таулар, балқыған қара тастар қамырдай езілді. Жылаған кезде қара тасты жарып бұлақ ақты. Дәуіттің өзі де зікірдің әсерінен мас болды. Осыдан бастап аң-құспен бірге алқа құрып, әуендетіп зікір айтатын болды. Осы үлгісі кейінгі ұрпаққа мирас болды. Мәлике: Зікірде не үшін алқа-қотан отырады?Әбілда: Бірде Дәуіт пайғамбар сақина сияқты сауыттың торғай көз шығыршығын соғып, бір бұрышқа үйе беріпті. Бір кезде көршісі келіп:– Уа, Дәуіт, таңнан бері тыным таппадың. Не соғып жатсың? – деп сұрады. Дәуіт:– Өзіме сауыт соғып жатырмын, – деді. Көршісі:– Көрсем бола ма? – деп сұрады. Дәуіт үйіліп жатқан шығыршықтың ішіне екі қолын сұғып жіберіп, өзіне қарай тартты да текемет қаққандай етіп қатты сілкіп қалды. Сол сәтте сансыз сақина сақұр-сұқыр тоқылып, майданда киетін сауыт боп шыға келді. Дәуіт сауытты үстіне киіп алып: – Мұның хикметін білесің бе? – деп сұрады. Көршісі басын шайқады. – Торғай көз шығыршықтың әрқайсысы зікір алқасын меңзейді. Егер әр отбасы алқа құрып, Аллаға зікір айтатын болса, қаптаған алқалар бір-бірімен рухани байланысып, елдің рухани сауытын құрайды. Ондай сауыты бар елді дұшпан да, сайтан да ала алмайды, – депті. Сол себепті зікірді алқа құрып отырып айтады. Mәлике: Қажылық кімнен қалды?Әбілда: Адам атадан қалды. Әлімсақта Тәңірі тағала бүкіл адам ұрпағыннан уәде алды. Оларға:– «Әләсту би-раббикум». Сендерді жаратып, тәрбие етуші мейірімді Иелерің Мен емес пе? – деп сұрады. Барша адам рухы:– «Қолуу бәләә». Әлбетте, сенсің, иә Алла!!! – деп жамырай шуласты.– Ертең дүниеге барған соң мені ұмытып кетпейсіңдер ме? – деді Тәңірі.– Жоқ. Біз дүние есігін аша сала сені іздейміз, – деп жамырады. Жаратушы Хақ:– Қияметте бәріңді топырақтан қайта тірілтіп, уәделеріңді тексерем. Өз өмірің өзіңе айғақ болады, – деді. Бәрі келісті. Алынған уәдені қара тасқа жазып бір періштеге ұсынды. Періште қара тасты алып, Меккеге түсті. Қиямет қайымға дейін ол қара тасты күзетіп тұрады. Бір күні Адам ата мен Хауа ана пейіштен қуылып, жерге түсті. Екеуі үйленіп, жаңа жерді игеріп, күйбең тіршілікке жұтылып кетті. Сол кезде Хақ тағала Адам атаға:– Меккеге қажылық жаса! – деп бұйырды. Адам ата сапарға аттанды. Бірақ қажылықтың не екенін білмейтін еді. Меккеге жеткенде қара тасты көрді. Заматта әлімсақ уәдесі есіне түсті. Адам ата ит тіршілікке жұтылып, әлімсақ уәдесін ұмытып кетпес үшін Тәңірі тағала оған қажылық жасауды парыз етті. Кейін бұл дәстүр мұсылман жұртына ауысты. Mәлике: Құбылаға қарап құлшылық ету кімнен қалды?Әбілда: Әзіретті Мұхамбет пайғамбардан қалды. Оған дейінгі бүкіл пайғамбар Ысқақтың ұрпағынан тарап еді. Олар әл-Ақсаға қарап, ғибадат жасайтын. Әдепкіде Әзіретті Мұхамбет пайғамбар да солардың ізімен әл-Ақса мешітіне құбыла түзеп, құлшылық етіп жүрді. Бірақ пайғамбардың бұл ісі дұшпандарға дем берді. Олар «Діні хақ болса неге басқа жұрттың киелі шаһарына қарап құлшылық қылады?» деп мысқылдайтын. Бір сапарда пайғамбар намазда тұрды. Намаздың қақ ортасына жаткенде «Жүзіңді Меккеге бұр!» – деген Алладан әмір келді. Пайғамбар сапта тұрып құбыласын өзгертті. Иманы әлсіздері оған ілеспеді. Көңілін Хаққа мықтап байлағандар пайғамбарға ұйыды. Осылайша мұсылманнның өз құбыласы пайда болды. Mәлике: Неке қию кімнен қалған?Әбілда: Жебірейіл періштеден қалды. Адам ата мен Хауа ана пейіш-тен қуылған соң, бірі – Саринжап тауына, бірі – Жиддә тауына түсті. Қырық жыл бірін-бірі көре алмай зарығып, іздеумен жүрді. Бір күні Тәңірсі олардың күнәсін кешіп, қос ғашықты табыстырды. Сосын Жебірейілді шақырып: «Екеуінің ақ некесін қи!», – деп бұйырды. Мәкәйіл мен Ысрапыл періштелер куәлікке жүгінді. Әзірейіл періште күміс кесеге пейіштің балдай тәтті кәусарын құйып әкелді. Жебірейіл суға неке құтпасын оқып, екі жасқа ішкізді де, некесін қиды. Осыдан бастап, бірін-бірі сүйіп қосылған екі жастың некесін қию салтқа енді. Mәлике: Ғұсыл алу кімнен қалған?Әбілда: Адам атадан қалды. Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскенде жалғыз еді. Әрі жаңа өмірге икемсіз, қорғансыз еді. Дұшпаны Ібіліс те екеуінің ізіне түсті. Жатса тұрса аңдығаны екеуі болды. Қапысын тапса кесірін тигізудің сәтін аңдыды. Сондықтан Тәңірі тағала екеуіне жәрдемші етіп Жебірейіл періштені жіберді. Жебірейіл екі жасты жаңа өмірге бейімдеді. Бір күні некесі қиылған соң, екі ғашық алғаш рет төсекте табысты. Ертесіне Адам ата ұйқысынан оянып еді, Жебірейіл жанына жолай алмай алыста тұрды. Адам түсінбей: «Жебірейіл, достым менен неге қашасың?», – деді. Жебірейіл: «Сен түнде құмарлыққа баттың. Денеңді нәпсінің оты шарпыды. Бізді Тәңірі тағала саф таза нұрдан жаратқан. Жаныңа жоласақ қараң жұғып кірленеміз. Сондықтан жақындай алмаймыз», – деді. Адам ата: «Қаралықтан тазару үшін не істейміз?», – деді. Осы кезде Жебірейіл адам ұрпағына алғаш рет ғұсыл дәретін үйретті. Mәлике: Салауат айту кімнен қалды?Әбілда: Қалам мен Лаухыдан қалды. Ұлық Алла Қаламды жаратқан соң оған: «Жаз!», – деп бұйырды. Әуелден ақырға дейін болатын оқиғаны Лаухыдағы тағдыр тақтасына тіздірді. Оған Лаухы-Махфуз деп ат берді. Қалам айнадай жарқырап тұрған тағдыр тақтасына ең бірінші «Мұхамбет» деп жазды. Қалам жазып болып: «Бұл кімнің есімі?», – деп сұрады. Хақ тағала: «Әй, Қалам, әдепті бол! Бұл есімді ерекше құрметпен айтуды бұйырам! Мұхамбеттің Нұры болмағанда сен де жаралмас едің. Менің сырларыма қанығып, Нұрыма шомылып, махаббатыма суарылмас едің. Оған құрмет көрсет және салауат айт!», – деді. Сол кезде Қалам өзінің әдепсіздігіне ұялып, мың жыл бойы қорқыныштан дірілдеп, қалшылдап жаза алмай тұрып қалды. Өзіне қайта келген соң «Мұхамбеттің» қасына салауатты қосып жазды. Осыдан бастап Әзіреті Мұхамбет пайғамбардың аты аталса, салауат қоса жолданатын болды. Mәлике: Тәспі тарту кімнен қалған?Әбілда: Әзіреті Мұхамбет пайғамбардан қалды. Пайғамбар миғражда Алланың дәргейінде қонақ болды. Тәңірі тағала хабибіне сыйлық бергісі келді. Сөйтті де Өзінің нұрынан тоқсан тоғыз маржан тас жаратты. Әр маржан тасқа бір-бір есімін жазды. Сонан соң асыл иманды жіп түріне келтірді де ,оны үш өрім етіп есіп, маржан тастың ортасынан өткізді. Иман жібінің екі ұшын түйін етіп байлады да, түйінге «лә иллаһа илла Алла, Мұхаммад расул Алла» деп жазды. Тәспіні пайғамбарға беріп «Үмбетіңе айт! Тәспіні белден төмен ұстамасын! Оның әр тасында менің есімдерім жазылған. Ақиретте пендем мизам таразыға тартылып, амалы мен күнәсі өлшенеді. Күнәсі басым түссе, хәлі қиындаса таразының екінші ұшына тәпсінің тастары жайғасады. Кім тәспімен зікірді көп айтса, оның тастары салмақ қосып ауырлап, таразыны басады. Пендені ақирет азабынан құтқарады», – деді.Mәлике: Дастарқанға бата қайыру кімнен қалған?Әбілда: Жебірейіл періштеден қалды. Бір күні Жебірейіл періште Ыбырайымға уахи ала келді. Ыбырайым тамақты жалғыз іше алмайтын еді. Екі күннен бері нәр татпай отырған. Ол Жебірейілді көріп қуанып кетті де, оны төрге сүйреді. Жебірейіл: «Мен – періштемін. Бұ дүниенің тамағын ішпеймін. Себебі, бұл дүниенің өз тәртібі бар. Бес күн жалғанда ішкен-жегеннің, көрген қызықтың есеп-қисабы бар. Ертең мақшар алаңында бұл пәнидегі ішкен-жегеннің сұрауы болады. Сондықтан дастарқаннан ас татпаймын», – деді. «Ендеше ас ішіп болған соң дастарқаныма бата беріп, отбасыма дұға етесің. Астың өтеуі сол болсын!», – деді. Жебірейіл келісті. Дастарқан басында екеуі сырға толы рухани сұқбат құрды. Періште Ыбырайымның ықылас-пейіліне риза болып, астан соң дастарқанға бата жасап, дұға етті. Осыдан бастап астан соң дастарқанға бата жасап, дұға тілеу салты пайда болды. Мәлике: Не үшін қажылық сапарда Мәруа мен Сафа таулары арасында жеті рет жүгіреді. Әбілда: Оның қиссасы былай: Ыбырайым пайғамбар тоқсанға келгенше сәби көрмеді. Жан жары Сараның да пұшпағы қанамады. Содан бір күні бәйбішесі оған тоқал етіп Бибі Ажарды алып берді. Тоғыз ай, тоғыз күннен соң Бибі Ажар босанып, дүниеге алтын асықтай ұл келді. Оған Ысмағұл деп ат берді. Осы кезде Ібіліс малғұн зымиян әрекетті күшейте бастады. Бибісараның жүрегіне тоқтаусыз уәс-уәс салумен болды. Оның оң жағынан, сол жағынан келіп азғырды. Бибісара кейде қызғанышына ерік беріп, сайтанның тіліне ерді. Ашумен тоқалға да жөн-жосықсыз тиісіп, ұрысып кететін. Одан бөлек Ібіліс жұртты да азғыра бастады. Олар бәйбіше мен тоқал арасындағы күндестікті ойдан шығарып, қоздыра берді. Бұл алып-қашпа әңгіме Ыбырайымның отбасына ауыр тиді. Пайғамбар не істерін білмей ауыр жағдайда қалды. Сол сәтте Алладан уахи келіп:– Әй, Ыбырайым, ертең сахар уақытында түйеңе Ажарды мінгізіп, Сафа мен Мәруа тауларына қарай жүр, – деді. Ертесіне Ыбырайым Ажар мен Ысмағұлды алып, Сафа тауына қарай тартты. Құм даланы кезіп отырып, бір төбенің басына келді. Түйе сол жерге келгенде шөгіп, жатып алды. Әрі-бері тұрғызбақ болып еді, түйе басын жерге тигізіп, орнынан қозғалмады. Сол сәтте Ұлық Алладан әуез жетіп: – Әй, Ыбырайым, Ажар мен ұлыңды осында таста де, кері қайт! Артыңа бұрылушы болма! – деді. Бұл сынақ Ыбырайымға қатты тиді. Бірақ амал не, ұлы мен жан жарын бір Құдайға тапсырып, кері қайтты. Бибі Ажар да «Алланың әмірі болса, онда арам өле қоймаспыз. Құдайдың бір ойлағаны бар шығар» деп өзін жұбатты. Ол баласын көтеріп емізейін деп еді сүт шықпай қойды. Баласы шөлден қаталап жылай берді. Сол кезде анасы су іздеп біресе Сафа, біресе Мәруа таулары арасында жеті рет жүгірген екен. Мәруа мен Сафа тауларының екі ортасында жүргіру салты осы Ажар анамыздан қалған екен деседі. Мәлике: Зәмзам қалай пайда болды?Әбілда: Бибі Ажар анамыз екі таудың арасында алма кезек жүгіріп жүріп су іздеп жүргенде сәбиінің үні шықпай қалады. Ажар «Балама бірдеңе болды екен» деп шошып кетіп, жүгіріп келді. Қараса, Ысмағұлдың өкшесі тиген жерден Құдайдың құдіретімен атқылап су шығып жатыр екен. Бұлақ атқылап, айналаға жайыла бастайды. Сол кезде Ажар анамыз суды қолымен бөгеп, «Зәм зәм» деді. Бұл тоқта деген сөз еді. Егер сол сәтте суға «Тоқта!» деп айтпаса, жер бетінде екінші рет топан су басталып кетер еді деседі. Мәлике: Қажылық сапарда не үшін шайтанға тас атады? Әбілда: Ұлық Алла Ыбырайымға «Ысмағұлды құрбанға шал!» деп бұйырды. Пайғамбар Құдайдың әмірін орындауға бекінді. Сол кезде Ібіліс Бибі Ажарды азғырып бастады: – Ыбырайым бәйбішенің ұлы Ысқақты артық көреді. Соны пайғамбар етіп, бар мұрасын аманат етпекші. Ал Ысмағұлды құрбан етіп көзін жоймақшы. Жаның барында ұлыңды құтқар! – деді. Бибі Ажар анамыз сынақта сынбайтын, нағыз тақуаның өзі еді. Ол күйеуінің адал жүрегі мен Құдайдың әділдігіне иманы берік болатын. Ібілістің уәс-уәсіне берілмеді. Малғұн ендігі кезекті Ысмағұлды азғырды. Оған: – Әкең қайда апара жатыр, білесің бе? – деді. Ысмағұл:– Досына, – деп жауап берді. – Оның досы Қағбаның ішінде емес пе? – Құдай лә-мәкан. Ол барлық жерде, бір мезгілде бар. – Әкең арқан мен қанжарды не үшін алды? – Білмедім. – Сұра, не үшін алғанын! – деді малғұн. Ысмағұл әкесіне қарап:– Көке, арқан мен қанжарды не істейміз? – деді. – Ұлым Құдайға құрбан шаламыз, – деді әкесі көзіне жас толып. Бұл кезде Ыбырайым екі көзінен жас ағып, ұлын қимай, жылап келе жатыр еді. Ібіліс баланың жүрегін тағы түртіп: – Қайдағы құрбандық? Құрбандыққа шалатын малдарың қайда? Әкең не үшін жылап келеді? Мен білсем, ол сені құрбандыққа шалмақшы, – деді. Ысмағұл ойланып қалды. Ібіліс оның күмәнін бұрай түсіп: – Есің бар да, тезірек қаш! Әйтпесе, алжыған әкең сені өлтіріп тастайды, – деді. Ысмағұлда пайғамбарлық ұшқын бар еді. Ол уәс-уәс ой салып жатқан Ібіліс екенін біліп қойды. Білген бойда дереу кәлима айтып, зікірін үдетіп сайтанды денесінен қашырды. Ол денесіне дари алмай қашықта құлағы салпиып қарап тұрды. Бірақ сонда да қоймай, «Маған қарай қаш. Ажалдан құтыласың» дегенді ишаралап, ілесіп келе жатты. Ысмағұл шыдай алмай: – Құдай жолында шыбын жаным садақа. Бірақ соңғы сәтке дейін Құдайдың рақымынан үмітім бар. Ал, сен малғұн, үмітсізсің, – деді де, жерден жеті тас алып, жеті рет лақтырды. Ысмағұлдың атқан тасы малғұнның денесіне от боп тиді. Кейіннен жүрегін сайтанға алдырмайтын момындарға қажылық сапарда жеті рет шайтанға тас лақтыру сүндет болып бекіпті. Мәлике: Құрбан шаларда тәкбір айту кімнен қалды?Әбілда: Ысмағұл пайғамбардан қалды. Пейіштен көк қошқар түсіп, ұлы Ысмағұл аман қалды. Ыбырайымға түскен сынақ сағаты бітті. Құдай тағала құрбандыққа көк қошқарды шалуды бұйырды. Сол сәтте Ыбырайым қошқардың басын құбылаға қаратып, тамағына қанжарын тақады. Жебірейіл періште Ысмағұлға тәкбір айтуды үйретті. Ол: – Аллаһу акбар, аллаһу акбар, лә иллаһа иллалла. Аллаһу акбар, аллаһу акбар уәлиллаһил-хамд, – деп тәкбір айтып тұрды. Құрбан шалу тәртібі де кейінгі мұсылман жұртына парыз болып бекіді. Мал сойылғанда тәкбір айтып тұру Ысмағұлдан қалған сүндет екен. Тәкбірдің даусын естігенде құрбандық малдың үрейі басылып, жаны ауырмайды деседі. Mәлике: Бір қайырлы мекен көрдім. Ырыс, құт, береке, хикмет – бәрі сонда. Ол жерге жұғысқан жанның ділі ашылады. Бірақ сондай қайырлы мекеннен ықыласты бір адамды таппайсың. Екінші бір мекенді көрдім. Ішінде көргенің азап пен қорлық. Отырарға орын жоқ, жатарға жай жоқ. Ол не мекен?Әбілда: Біріншісі әулие-ғұламаның мәжілісі. Екіншісі – зындан мен түрме. Mәлике: Құранда қанша сүре бар?Әбілда: Отыз пара, жүз он төрт сүре бар. Оның мың аяты – пайғамбарлар жайлы хикаят, мың аяты – ерлер жайлы баянат, мың аяты – әйелдер жайлы аянат, мың аяты – шариғат, мың аяты – он сегіз мың ғаламдағы баянат, мың аяты – екі дүниедегі рауаят, екі жүзі – тіл-көз, ауру-сырқауға ем аят, тағы екі жүз – марқұмдарға дем аят, екі жүз аяты – жұмбағы көп дүр аят, алпыс алты аяты – Аллаға мәлім сыр аят. Mәлике: Тәңір тағала Құран Кәрімде өзі ұлықсат еткен, бірақ ең жек көретін нәрсесі не? Әбілда: Сүйіп қосылған ерлі-зайыптының ажырасуы. Ұрыс-керістен шаңырақ шайқалғанда Аршы мен Күрсі аспаны қалшылдай бастайды. Сол себепті Құранда талаққа рұқсат етсе де, Алла тағала ажырасуды жек көреді. Mәлике: Шұбырған бір халық көрдім. Көшесінде ас ауқат таудай боп үйіліп тұр. Бірақ өздері талғажау қылар талқан таппай тентіреп жүр. Бұл не жұрт, не заман?Әбілда: Бұл маһшар алаңы. Хақтан әмір жеткен күні пенде біткен топырақтан тіріліп, ақиретке жөңкіледі. О дүниеде үйіліп тұрған тағам бұ дүниедегі сауапты істер болатын. Оларды дүнияда көре тұра жасамады. Қайырлы амалдар ақиреттің азығы екен. Дүнияның қызыл-жасылы о дүниеде сағым екен. Сондықтан олар махшарда аштыққа ұрынады. Қасында тұрған ас ауқаттан ауыз тие алмай қор болады. Mәлике: Бұл дүниеде пейіштің кәусарынан су ішетін адам бар ма?Әбілда: Бар. Мұхамбет пайғамбар миғражға ұшқанда Жебірейіл періште оған кәусардың суын ұсынды. Пайғамбар:– Бұл кәусардан үмбетім де іше ме? – деп сұрады. Жебірейіл:– Жоқ, бұл саған ғана арналған құрмет! – деді. Пайғамбар:– Үмбетіме бұйырмаса мен де ішпеймін, – деді. Сонда Жебірейіл:– Үмбетің отыз күн ораза ұстап, кешке ауыз ашатын суларын алдын ала дайындап отырсын. Періштелер сол кезде кәусардың суынан олардың ыдысына тамызып кетеді, – деді. Сондықтан отыз күн ораза ұстаған адам ғана кәусардан дәм тата алады екен. Mәлике: Зекет беру кімнен қалды?Әбілда: Тәңірден қалды. Ұлық Алла бүкіл әлемге нұрын шашып, өзінің мейір-махаббатымен бөлісті. Жердегі әрбір тіршілікті ұмытпай, ризығын берді. Кімде кім Тәңірге ұқсағысы келсе зекет беруден аянбасын! Mәлике: Екі иықта отырған екі періштенің аты кім?Әбілда: Бірі – Рақып, екіншісі – Атыд. Оларды Кироман Катибин деп атайды. Ракып – адамның жақсы амалдарын ғана жазады. Атыд – жаман істерін тізеді. Сөйлеген сөзің мен жасаған амалыңды бірін қалдырмай жазып отырады. Махшар алаңында таразының бір басына игі істерін, бір жағына жаман әрекетін әкеліп қояды. Әзіретті Мұхамбет пайғамбар миғражда екі періштеден:– Адамның қай амалын жиі жазғанды ұнатасың, қай амалын жазғанда жиіркенесің? – деп сұрады. Кироман-Кәтибин:– Жомарттың амалын жазғанда шабыт аламыз. Ішітар күншілдің бақталас амалын жазғанда жиіркенеміз, – деп жауап берді. Mәлике: Қабірде сұрақ алатын қай періште?Әбілда: Әңкүр-Мәнкүр. Олар бізді қабірде күтетін періште. Марқұмды көрге жатқызып, қырық қадам аттаған соң Әңкүр-Мәнкүр келеді. Олардың түсі сұсты болады. Көрген кісінің сол заматта жүрегі жарылып, өліп кетер еді. Салмағы мың пұттық, оттан жасалған гүрзісін сүйретіп келеді. Ол адамнан ең бірінші:– Раббың кім?, – деп сұрайды. Жай адам қорыққаннан тілі байланып, жауап бере алмай қалады. Бірақ Құдайды жиі зікір ететін момындар қиналмастан:– Раббымыз Алла! – дейді. Сосын:– Кімнің үмбетісің? – деп тағы сұрақ қояды. Ақжүректер:– Әзіретті Мұхамбеттің үмбетіміз, – деп жауап береді. Қабір періштесі:– Әзіретті Мұхамбет біздің досымыз. Оның үмбетінен сұрақ алу біз үшін зор мәртебе, – деп, момынға жақындай түседі. Марқұм сұрақтарына дұрыс жауап берсе, періштелер оны мақтайды. Егер жауап бере алмаса, Әңкүр-Мәнкүр оларды:– Әзіретті Мұхамбеттің атын пайдаланған жалғаншысың, – деп айыптайды. Mәлике: Қандай жерде сәлем беруге және сәлем алуға болмайды?Әбілда: Монша мен дәретхана малғұнның үйі дейді. Сол себепті әуреті ашық адамға сәлем берілмейді. Ібіліс кібірліктің кесірінен «малғұн» атанып, Алланың дәргейінен қуыларда Тәңірден он нәрсені сұрап алды. Оның бірі баспана еді. Ол: – Адамға баспана бердің. Ол сонда өмір сүріп көбейеді. Ал менің баспанам қайда болады? – деп Құдайға арыз айтты. Тәңір тағала:– Монша мен дәретхана – сенің мекенің. Сонда барып тұрақтайсың, – деді. Содан бастап дәретхана мен монша Ібілістің үйі саналды. Онда кіргенде «біссімілдә» деп кіру шарт болып қаланды. Ол жерлерде сөйлемеу, түкірмеу тыйымға баланды. Mәлике: Бір намаз бар. Көкте де оқылмайды, жерде де оқылмайды. Ол не намаз? Әбілда: Жаназа намазы. Марқұмды ағаш атқа мінгізген соң, жұрт жиылып намаз оқиды. Ол намаз көктің де, жердің де есебінде емес. Себебі жаназа намазы марқұмға арналып оқылады. Марқұм ағаш атқа қойылғандықтан ол жердің де, көктің де санатында жоқ. Ағаш ат бір күн ерленсе, Көкірегі толып шерленсе, Көміліп тәні жерге енсе,Тағатын қылып жүре алмас. Бұл намаз парыз елге де, Бірақ жоқ көкте, жерде де Сауабы жетер пендегеЕсебін ешкім біле алмас. Mәлике: Періштенің тамағы не?Әбілда: Алланың зікірі. Себебі періштенің тәні жоқ. Сондықтан топырақтан өніп шығатын тамақты азық етпейді. Әсілі нұр болғасын, зікірде айтылатын Алланың көркем есімдерінен ғана қорек алады. Зікір салған сайын Алланың мейірім шапағатына бөлене түседі. Адам да Жаратқанның есімдерін зікірде қайталаған сайын жүрегі нұрға толып, періште сипатқа ауысады. Аллаға ең жақын жүретін ақжүрек пенделер зікір айтуға ықыласты момындар. Mәлике: Адам баласы бүкіл заттың тұрағын таба алады. Затын да, сипатын да айыра алады. Бірақ жалғыз нәрсенің тұрағын таба алмайды. Затын, сипатын тани алмайды. Ол не нәрсе?Әбілда: Тәңірі тағаланың сипаты мен тұрағы. Mәлике: Тәңірі тағала қай пендесін жек көреді? Әбілда: Сансыз нығметке бөленсе де, шүкір етуді білмейтін қомағай пендесін жек көреді. Mәлике: Тәңірдің жақсы көретін пендесі кім? Әбілда: Жомарттар. Себебі Құдайдың өзі жомарт. Нығметін момынға да, кәуірге де теңдей береді. «Жомарттың жүрегі – алтын» деген тәмсіл осыдан шыққан.
Mәлике: Кірлеген көңілді не тазартады?Әбілда: Зікір.
Mәлике: Ақылды жүйрік қылған не нәрсе?Әбілда: Пікір.
Mәлике: Айныған пейілді түзейтін не нәрсе?Әбілда: Шүкір.
Mәлике: Ауызды тазалайтын нәрсе не?Әбілда: Біссімілдә.
Mәлике: Жүз он төрт балапан бар бір ұяда, Сөздері балдан тәтті бек зияда. Жүз он төрт балапанда алты мың тіл бар. Білмейді қайбір надан қапияда. Әбілда: Жұмбаққа жүрегімнің жыры ұласар, Жауабы бар хикметтің нұрын ашар Жүз он төрт болса Құран сүрелері Алты мың аяты оның сырын ашар. Mәлике: Бұрынғы уақытта бір хан болған. Лашын, сұңқар, қаршыға, бүркіт салған. Оның төртеуі де харап болып, Күйкентай отыз үш мыңға барған. Әбілда: Ханың сол, Хақ Сәруар – пайғамбарың, Дос тұтсаң төрт жарыңды жайнар бағың. Әубәкір, Омар, Оспан, Әзірет Әлі Аянбай жауды жеңген айбарларың. Сахаба отыз үш мың сап түзесіп, Әлемге дін исламның жайған нәмін Mәлике: Дүниеде бір көпір бар мұздан тайғақ, Өтеді қой мен ешкі одан айдап. Ебі келсе түйе мен сиырда өтер. Бұл сөзге «хадис» пенен «аят» айғақ. Әбілда: Адамға ар қымбат па, құр мал құт па? Байлыққа бақты сатып шырмалдық па? Құдайым, нәпсіңді өлтір деп бұйырды «Мен үшін шал деп түлік құрбандыққа». Қарызын Хаққа осылай ер өтемек, Тойлайды сосын айтты мерекелеп, Сираттан атқан оқтай жеңіл өтер Құрбандық шалған жанға береке кеп. Mәлике: Бір құстың зияны бар адамзатқа, Шағады мезгілімен әр уақытта. Еш адам онан қашып құтылмайды. Құдая, сол құсыңнан өзің сақта.Әбілда: Ажалды шығара алар теріске кім? Өлгенде алдан шығар жөн істерің Құспен сен ишаралап отырсың ба? Сипатын Әзірейіл періштенің. Mәлике: Қолымда бес алмам бар. Оның екеуі күнге піскен, екеуі түнде піскен. Ол не алма?Әбілда: Бес уақыт намаз. Бесін, Екінті намазын күндіз оқиды. Таң, Шам, Құптан намазын күннің көзі жоқ кезде оқиды. Mәлике: Бір құс бар адамды алалайтын, жылына бір рет келіп жаралайтын. Ол не құс? Әбілда: Ораза. Көңілге үстемдік ете бастаған нәпсі батырды жыл сайын ораза келіп жаралап, тәубесіне түсіріп отырады. Mәлике: Бір жыртқыш бар жануарға ұқсайды. Еркіне жіберсе иесін талайды. Ол не жыртқыш?Әбілда: Нәпсі. Нәпсі – адамның серігі. Хақтың жолында мінетін көлігіміз. Алайда тақуалықпен оны жүгендеп ұстамасаң, өзіңді таптап кетеді. Mәлике: Ақ пен қараны айыратын момынның құралы не?Әбілда: Құран Кәрім. Сондықтан да кітаптың бір аты – Фурхан.
Mәлике: Құран неше жылда түсті?Әбілда: Жиырма үш жылда.
Mәлике: Алла тағаланың жүзі қай тарапқа қараған?Әбілда: Қараңғы үйге шам қойсаң жарығы барлық жағына бірдей түседі. Тәңірдің де жүзі сол сияқты барлық жағын бірдей бағдарлайды. Mәлике: Алла тағаланың мекені қай жерде? Аршыда ма, Күрсі де ме?Әбілда: Тәңірдің мекен-жайын біліп болмайды. Қай жерде деп ойласаң сол жерде. Оның орталығы әр жерде, шет-шегі жоқ еш жерде. Mәлике: Әлем қалай жаралды?Әбілда: Ұлық Алланың «Кун» деген бір әмірінен барлық дүние жаралды.Лә Илләһа Иллалла – иманымыз, Бір имандай болмады жиғанымыз. «Кун» деген бір әмірге жолыққасын,Паякун енді біздің болғанымыз.Mәлике: Бір көпір бар. Бірде қылдай болып қысқарады. Бірде ені кеңіп ұзарады? Ол не көпір?Әбілда: Сират көпірі. Күнәһар үшін қылдан жіңішке, қылыштан өткір болады. Ақ жүрек момын үшін дүниеден кең болады. Mәлике: Патшаны да, байды да, батырды да, кедейді де тәубесіне түсіріп, жермен жексен ететін Алланың өкілі кім?Әбілда: Ол – Әзірейіл періште. Өлімнен құтылмайсың қашсаң-дағы, атадан арыстан туып ассаң-дағы деген осы. Өлім адам таңдамайды. Mәлике: Тәңірі неге адамды екі бұттың ортасынан шығарды?Әбілда: Себебі адамның көңілі тез өседі. Қарны тойып, аты озып, атағы шықса, көзін шапшаң шел басады. Перғауын сияқты өзін Құдай сезінеді. Сондай кібірлікке ұрынып, иманнан жұрдай болмас үшін өзінің әуретті жерден, лас нәжіске араласып туғанын еске алып тұрғаны ләзім. Сонда ғана пенденің көңілі асқақтап, көкірегі көтерілмейді. Mәлике: Ғылым-білімге құштарлық неден туады?Әбілда: Тәңірсін танысам деген ниеттен туады. Mәлике: Тәңірсін жүрекпен тани ма, жүріспен тани ма?Әбілда: Жүрекпен таниды. Ертеде біреу Құдайды іздеп жер бетін кезіпті. Темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей болды. Жастық ғұмырын, күш-қуатын сапарға сарп етіп, дүнияны аралапты. Бір күні дәрмені құрып, еңбектеуге шамасы келмей, жерде жатыр еді, қасына бір әулие келді. Ол: «Әй, байғұс, пендесі Тәңірін екі аяқпен емес, жүрекпен таниды», – деді. Сол кезде ғана әлгі дәруіштің санасы жарқ етті. Жүрегіне терең үңіліп еді, іздеп жүрген Құдайы жүрегінде тұр екен. Сондықтан әулиелердің қалған бір сөз бар: «Адам Құдайды бас көзімен емес, көңіл көзімен ғана таниды».
Mәлике: Құдайды қайтсе таниды?Әбілда: Әркім өзін таныса, Құдайды таниды. Mәлике: Ібіліс неше адамды жақсы көреді?Әбілда: Он адамды. Бірінші, өзін құдай санап, әлсізге тізесін батырғанды. Екінші, серттен пен сөзден тайғыш айлакер аярды. Үшінші, біреудің сыртынан тон пішетін пасықты. Төртінші, жеке мүддесі үшін сотта жалған куәлік берушіні. Бесінші, затының кем-кетігін біле тұра алушыға алдап сататын арамзаны. Алтыншы, момынға бәле жапқан жалақорды. Жетінші, парақорды. Сегізінші, өсімқорды. Тоғызыншы, ағайын-туысымен араздарды. Оныншы, ілімге көңіл бермейтін қараңғы надандарды.Мәлике: Шайтанның тоқпағы не?Әбілда: Алланың есімдері. Себебі Құдай Құранда бүй деді: «Ең ұлық есімдер Аллаға тән. Алланы сол есімдерімен айтып шақырыңдар!».Хадис шәріпте бүй деді: «Сайтан жүректің түбінде сүлік сияқты жабысып тұрады. Алланың зікір еткенде басына тоқпақ тиеді. Жалқаулар зікірден ғапыл қалғанда сайтан ойға уәс-уәс салып, жүрекке тұмсығын қайта тығады». Mәлике: Неше нәрсеге мақтанбаған жөн? Әбілда: Жеті түрлі. Бірінші, «Ғалыммын» деп мақтанбасын. Әзәзілден асқан ғалым жоқ еді. Мақтанамын деп шайтанға айналды. Екінші, «Баймын» деп мақтанбасын. Қарынбай мақтанамын деп жерге тірідей жұтылды. Үшінші, «Тақуамын» деп мақтанбасын. Тақуалығы асқан Барсиса бір-ақ сәтте кәпір болды. Төртінші, «Менің бабам текті» деп мақтанбасын. Бабамыз Адам ата да бидай жеп жұмақтан қуылды. Бесінші, «Ұрпағым көп» деп мақтанбасын. Перғауын мен Шәддаттың баласындай ұрпағы мол – жан жоқ. Бірақ сансыз ұрпағынан бір пайда көрмеді. Алтыншы, «Сұлумын» деп мақтанбасын. Жүсіп құлдықта жатқанда оны керуеншілер шығарып алды. Сұлулығына қызығып сатпақшы болды. Сонда Жүсіптің көңілі бұзылып: «Мені базарға қоятын болса, дүниенің байлығы жетпейтін шығар» деп ойлады. Бірақ құлдыққа сатылғанда құны бір бақырға да татымады. Жетінші, «Мықтымын» деп мақтанбасын. Нұх заманында Құждан асқан алып, мықты жоқ еді. Топан су қаптағанда Нұхтың кемесін келеке етіп «Мен алыппын. Су сирағыма да жетпейді» деп паңданды. Бірақ суда аяғы шіріп, ол да жерге жұтылды. Mәлике: Аспан мен жерден, он сегіз мың ғаламнан, Аршы мен Күрсіден де кең зат бар ма?Әбілда: Бар. Ол көңіл айнасын кір шалмаған мұсылманның салим жүрегі. Mәлике: Қабірге қоярда неге әйелді бес рет, еркекті үш рет кебінмен орайды?Әбілда: Адам ата мен Хауа ана пейіштен қуылғанда денесі жалаңаш еді. Інжір ағашы Адам атаға үш жапырақ, Хауа анаға бес жапырақ беріп тәнін бүркеді. Әйелге бес жапырақ бергені – ұятты жері еркекке қарағанда көптеу еді. Ақиреттің шарты бойынша о дүниеге бір сабақ жіп әкетуге болмайды. Тек пейіштен келген жапырақпен кету керек. Жерге түскен соң Інжірдің жапырағы шіріп, одан мақта өсіп шықты. Сол себепті мақтадан жасалған боз кебінге орайды. Mәлике: Дүние дегеніміз не?Әбілда: Адам пәни жалғанда баянсыз не нәрсені дос тұтса сол дүние саналады.Mәлике: Қиямет дегеніміз не?Әбілда: Өлгендер қайта тіріліп, бірі – жұмаққа, бірі – тамұққа бөлінеді. Сондықтан оны Қиямет қайым дейді. Mәлике: Тәңірі тағала жердегі пендесінің жүрегіне неше мәрте назар салады?Әбілда: Күніне үш жүз алпыс мәрте, бәлкім одан да көп. Мұның бір бөлігін – Әзіз, екінші бөлігін – Рақым сипатымен қарайды. Mәлике: Тәңірдің дидарын көретін жан бар ма?Әбілда: Бар. Миғражға ұшқанда Мұхамбет пайғамбар ғана көрген. Одан өзге бірде бір періште, бірде бір адам көрмеген екен. Егер қайсы бір адам жүрек көзін ашса, махшар алаңында Тәңірдің дидарын көре алады. Mәлике: Қағбадан да зор қағба бар. Ол не?Әбілда: Ол адамның көкірегіндегі қағба. Меккедегі қағбаны Ыбырайым ағаш пен тастан соққан. Ал көкіректегі қағбаны Тәңірі құдірет қолымен соққан. Mәлике: Періштелердің саны неше?Әбілда: Мұны бір Алладан басқа ешкім білмейді. Бірақ мәшһүр періштенің саны тоғыз. Бұлардың әрқайсысы жетпіс періштенің сардары. Әр сардарға жетпіс мың періште бағынышты. Аты мәшһүр біріншісі – Жебірейіл. Оның міндеті уахи тасу. Екіншісі – Мәкәйіл. Міндеті ырзық жеткізу. Үшіншісі – Әзірейіл. Міндеті жан алу. Төртіншісі – Ысрапыл. Қиямет күні сүр үрлеуші. Бесіншісі – Дәрдәйіл. Ай мен Күнді, жұлдызды бақылап отырушы. Алтыншысы – Ысмайыл. Жер жүзіндегі барша өсімдік атаулының желеп-жебеушісі. Жетіншісі – Зұлқайыл. Қиямет күні пенделерді таразыға тартушы. Сегізіншісі – Ахрайыл. Жер жүзіндегі барша дария мен мұхит суларды жүргізуші. Тоғызыншысы – Мәлік. Жеті тозақтың күзетшісі. Mәлике: Ғаршы әлемінің өлшемі қанша? Әбілда: Оны Тәңірден басқа ешкім білмейді. Жабар Хақ Ғаршы әлемінде он сегіз мың ғаламды жаратты. Әр ғаламды бір-бір ұстынға бекіткен. Ертеде Шамайыл деген періште Тәңірге:– Маған рұқсат бер. Ғаршыны түгел айналып келейін, – деді. Тәңірі келісті. Содан Шамайыл періште Ғаршыны айналып мың жыл ұшыпты, бірақ шет-шегіне жете алмай қанаты талып, қауырсыны түсіп, азая беріпті. Періште Құдайдан қанат сұрап алып, мың жыл тағы ұшты. Осылайша он мың жыл ұшып, он мәрте қанат сұрап алды. Бір уақытта періште:– Уа, Тәңірім! Ғаршының қанша жерін айналып көрдім екен? – деп сұрапты. Тәңірі оған:– Бір ұстын мен екінші ұстынның арасында әлі жүрсің, – дейді. Шамайыл таңғалып:– Уа, Тәңірім, бұл он сегіз мың ғаламды түгел аралап шығатын періште бар ма? – деп сұрайды. Тәңірсі:– Жүрек көзі ашылған момындар ғана Рухтың күшімен он сегіз мың ғаламды бір пәсте шарлай алады, – депті. Mәлике: Ақиретте Мизам таразысын толтыратын құдіретті сөз бар ма?Әбілда: Бар. Бірде Шұғайып пайғамбар мінәжат үстінде Тәңірге: «Маған Таразы мизамды көрсетші», – деп өтінді. Жаббар Хақ тілегін қабыл көріп, ғайыптан бір терезе ашты да қияметтің таразысын көрсетті. Таразының үлкендігі сондай он сегіз мың ғаламның бүкіл бұйымын ішіне салсаң тары құрлы салмағы жоқ, домалап жүрер еді. Шұғайып шошып кетіп:– Уа, Жасаған Ием! Адам баласы іс-амалымен бұл мизамды қалай толтырмақ? – деп сұрады. Сонда Хақ тағала:– Ей, Шұғайып, Мен мейірімді Құдай емеспін бе? Әр нәрсенің ақырын біліп, ойлап қойғанмын. Пендем «Сүбханалла уа бихамдиһи» деген сөзді шын жүрегімен айтса, сол сөздің қуаты таразыны төңкеріп түседі, – деді. Мәлике: Алла ақиретте құлдарын тергегенде әділ сипатымен жазалай ма, әлде пазылымен соттай ма?Әбілда: Егер әділ сипатымен тергесе, бірде бір құлы пейішке кірмес еді. Сондықтан мейірімді, құлсүйгіш сипатымен тергейді. Қияметте Тәңірден бұйрық келеді: – «Өмірімді қиянатсыз сүрдім. Пазылың керек емес. Тек әділдікпен терге» деген сенімді пенде болса, ортаға шықсын, – дейді. Сол кезде барша адамзат Жақыпқа қарап: – Сен шық. Сенен өткен момын жоқ, – дейді. Жақып амалсыз шығуға бекінеді. Ұлық Алла оның далада жүргенде байқамай таптан кеткен құмырсқалардың бала шағасын жинайды. Олар өлген әке шешесінің ақысын сұрайды. Әкемізді тірілтіп бер деп талап етеді. Жақып бұл сұмдықты көріп талып қалады. Есін жиған соң:– Иә, Жаратушы Ием, пазылыңмен сотта. Өзің жар бол! – деп жалбарынған екен. Mәлике: Қияметте он сегіз мың ғалам жойылып жоқ болады. Бүкіл жаратылыс пен мақұлық шаң-тозаңға айналып ғайып болады. Сол кезде нұрын шашып жалғыз нәрсе жарқырап көрінеді. Ол не?Әбілда: Алланың дидары. Мәлике: Тозақ оты қай кезде тұтанады? Әбілда: Адамның көңілінде «Мен басқалардан артықпын» деген кібірлік дерті асқына бастағанда тозақтың оты тұтана бастайды. Мәлике: Қай кезде қызуы артады? Әбілда: Тәкаппар адамдар көбейген сайын от қатты лаулап жанады. Мәлике: Қай кезде ыстығы бәсеңдейді?Әбілда: Кібірлер азайып, топырақ сипатты момындар көбейген сайын тамұқтың да қызуы басыла береді. Мәлике: Адам ғылымның жартысын қалай игереді?Әбілда: Дұрыс сұрақ қою арқылы ғылымның жартысын меңгере алады. Мәлике: Ілімнен бұрын бір ілім бар. Ол не?Әбілда: Әуелі құлшылықтың ілімін білмек парыз. «Білмей құлшылық қылған жынмен тең» деген тәмсіл содан қалған. Мәлике: Мұсылманның бес парызын ата?Әбілда: Әуелі кәлима айту, сосын бес уақыт намаз оқу, ораза ұстау, қажылыққа бару, зекет беру. Мәлике: Парыздан бұрын парыз бар. Ол не? Әбілда: Ең әуелі құлшылықтың ілімін білмек парыз. Жүрек көзін ашуды мақсат еткен момындар құлшылық қайтсе түзеледі, не істесе бұзылады, соны бірінші меңгеруге міндетті. Наданға намаз үйретсең, сәждеге барғанда маңдайын жарады деген сөз содан қалған. Мәлике: Парыздың ішінде парыз бар. Ол не? Әбілда: Ол – Ықылас! Ілім-білімді, құлшылық ғибадатты кітап оқып меңгерген момындар намазда жан-жүрегімен егіліп, езіліп тұратын хәл табуға міндетті. Олар «Мен Тәңірі тағаланы көріп тұрмын. Егер ОНЫ көре алмасам, ОЛ мені сөзсіз көріп тұр» деген көңіл күйде құлшылыққа шынайы берілу парыздың ішіндегі парызға жатады. Мінәжатта мұндай шынайы хәл таппаған намазхандар келе келе екіжүзді мұнафыққа айналып кетеді. Сондықтан Хақтың жолына ниетін байлаған момындар бұл парызға бекем болады. Мәлике: Парыздан соң парыз бар. Ол не?Әбілда: Ол Қауіп-Рижа! Өлгенше үміт пен үрейдің құшағында өмір сүру. Ілім-білімнің қатерлі бір тұсы бар. Сақтық, қорқыныш, үрей сезімі болмаса, құр ғалымдық көңілді өсіріп, дидар талапты өшіреді. Ібіліс осыдан құрыды. «Мен бәрін білемін» деген астамшылығы ақыры алып ұрды. Көңілдегі үміттің нәзік сәулесін өшіріп алмау да момындар үшін ауыр бір міндет. Ақжүрек адамдар Алладан ешқашан үмітсіз болмайды. Оның мысалы былай болады: Бір бөлмеде 100 мұсылман мәжілісте отырса. Жебірейіл келіп: «Әй, Алланың пенделері! Алладан сүйінші хабар жетті. Осындағы әлеуметтің тоқсан тоғызы жұмаққа баратын болды. Бақытсыз біреуі ғана тозаққа түсетін болды», – десе, ақжүрек адам «Сол жалғыз бейбақ мен болмайын» деп қорқуы керек. Ал егер Жебірейіл: «Қаралы хабар мынау! Біреуі ғана пейішке аттанады. Тоқсан тоғыз мұсылман тамұққа тасталады», – десе, көңілі кіршіксіз пенделер «Жұмақта Алланың дидарына ұшырайтын жалғыз жан мен шығармын» деп үміттеніп отыруға міндетті. Осы үрей мен үміт жүректен жоғалса, мұсылман кібірге айналып, сайтанмен достасады. Жаратқанның рақметінен үміті кесілсе, иманы қоса қиылады. Мәлике: Нәжістің өзін былғайтын нас зат бар ма? Әбілда: Ол – насыбай. Ауызы нас адам әжетханада отырып, насыбайын астына түкірсе нәжіс атаулы оны жабылып қарғайды. Олар «Уа, Тәңірім! Бізге «Не бол!» деп бұйырсаң, сол болып тыныш қана жатырмыз. Ешкімге зиян тигізбей өзімізбен өзіміз бекер жатқан зат едік, мына қараңғы пендең үстімізге насыбайын түкіріп, бізді былғап кетті. Мұндай қиянатшыл құлыңа жаза бола ма, жоқ па?» арыз айтып шулайды. Мәлике: Насыбай неліктен мұншалықты нас болды? Әбілда: Себебі, ол Ібілістің зәрінен жаралды. Ібіліс әлімсақта Адамды көзін ілмеді. Өзін одан артық санап, ақыры малғұн атанды. Ұлық Алла «Мына оңбағанның мойнына қарғыс қамытын кигізіп, дәргейімнен аласта!» деп Жебірейілге тапсырды. Жебірейіл әскерімен жабылып кеп малғұнды қамады. Қол аяғын қайырып, мойнына қарғыс қамытын қинап кигізді. Сол кезде Ібіліс қорыққаннан кіші дәретін бұтына жіберді. Үрей қысқанда қорқақтардың дамбалын былғап қоятыны содан қалыпты. Құдай тағала «Мына малғұн дәргейімді былғады. Зәрін алып құртыңдар!» деді. Періштелер оның зәрін алып осы дүниеге тастады. Оның зәрі тиген жерден насыбай, шылым өсіп шықты. Мәлике: Тәспі қалай пайда болды?Әбілда: Ыдырыс пайғамбар ілім-білімге құштар еді. Бір күні Құдайға жалбарынып: – Уа, Жасаған, менің көкірек көзімді аша көр! Сенің ілім дарияңа сүңгігім келеді, – деді. Тәңірі тағала:– Менің көркем есімдерімді күніне жетпіс мың мәрте айт! – деп бұйырды. Ыдырыс: – Уа, Тәңірім, жетпіс мың мәрте айтқанымды қалай санаймын. Саннан жаңылып, қара бассам қайтемін? – деп уайымдады.Сол сәтте Тәңірі тағала өзінің тоқсан тоғыз есімінен доп-домалақ маржан тастарды түйді. Иманды жіп кейпінде жасап, маржан тастардың ортасынан өткізіп байлады. Жіптің байланған түйініне кәлима-шаһадаттың мөрін қойды. Осылайша тәспі пайда болды. Тәспіні Ыдырыс пайғамбарға түсірді. Ол әр күні сахар тұрып, Алланың есімдерін тәспімен аударып, жетпіс мың мәрте мадақ айтады екен. Мәлике: Ең алғаш қол жайып дұға еткен қай пайғамбар?Әбілда: Ол Ыдырыс пайғамбар еді. Оның заманында ақ жүрек момындар көп болды. Олар Тәңірдің бар және бір екенін білетін. Бірақ Құдайға шүкіршілік етудің жолын білмейтін. Шүкір етіп, тілек тілеудің оңтайлы амал әдісін таппады. Ол кезде жол көрсетіп, жөн сілтейтін рисәләлар молынан түспеген. Бір күні Ыдырыс жеті адамды ертіп сахараға шықты. Оларға: – Мен қазір дұға етемін. Сендер «Әумин» деп тұрыңдар! Тілектің қайтсе қабыл болатынын білейік, – деді. Бәрі келісті. Ыдырыс бірінші екі қолын жоғары көтеріп тұрып, Тәңірге дұға қылды. Серіктері «Әумин» деп тұрды. Бірақ қылт еткен белгі байқалмады. Ыдырыс екінші жолы алақанын айқастырып көрді. Тілегі қабыл болмады. Үшінші жолы алақанын теріс қаратып тұрып тілек тіледі. Бұл жолы да ешқандай белгі көрінбеді. Осылайша Ыдырыс бірнеше әдісті қолданды. Ең соңында алақанын жайып тілек етіп еді, Алладан әуез келді. Оған отыз пара рисала түсірді. Онда шариғат қағидасы баян етілді. Осыдан бастап Ыдырыс пайғамбар Тәңірден не тілесе де алақаннын жайып сұрайтын болыпты. Мәлике: Дәреттің неше түрі бар?Әбілда: Үш түрі бар. Біріншісі, дененің таза болуы. Тазалық – иманның жартысы деген хадис шәріпте. Асыл рух таза тәннің ішінде құлшылыққа құштар болады. Дене дәретсіз болса асыл рух жиіркеніп, жиырылады. Рух шіркін қайраттанып, сілкініп, үнемі сергек тұрмаса, нәпсінің уыты көңілге тез тарайды. Екіншісі – жүректің таһараты. Ет-жүректе кібірлік болмауы тиіс. Өзіңді өзгеден артық көретін астамшыл ойдың көкірекке енуіне жол бермеу керек. Жүрек таза болмаса оны тәкәппарлық былғайды. Көңілдің көзін қараңғылық пердесі қаптайды. Үшінші – тіл дәреті. Өсек әңгіме мен жалған, бос сөзден тілді пәк ұстау шарт. Момынның іші тазармай, ісі де ағармайды. Жан бақшасында Алланың бұлбұлы сайрамайды. Сондықтан Хақтың жолын таңдаған момындар денесін ысқылап жуғанға мәз болмауы тиіс. Көңілін кір басқан мұсылманға Алланың парыздары салмақ болып сезіледі. Құлшылықтан рақат алудың орнына азаптанып, қиналады. Көңілдің кірі кетпей, Хақтың нұры жүректің көзін ашпайды. Тазалық тән мен жанда қатар жүруі керек. Мәлике: Ақиретте Мұхамбет пайғамбар өзінің үмбетін қалай таниды? Әбілда: Кім пайғамбарға салауатты көп айтса, соның рухы ерекше жарқырап көрініп тұрады. Сонысына қарап тез таниды. Әлиқиса, осы кезде ымырт түсіп, күн қарайған шақ еді. Мәлике сұрақтарын доғарды. Әбілда бірінші күні қойған жұмбақтарға мүдірмей жауап берді. Мәлике де қарсыласының діни сауатын байқайын деп, сұрағын тек мұсылмандық ережелерден бастаған еді. Тыңдаушы жұрт та Әбілданың шешендігі мен білгірлігіне таңғалды. Тереңнен сүзіп, әмір-мағруптан үзіп берген жауабына ел сүйсінді. «Аузын сәл ашса да, дөп ашатын нағыз сұңғыла екен» деп бас шайқасты. Мұндай сөздің маржаны мен терең мағыналы әмір-мағруп естімегелі қай заман!? Мықты деген ғұламалардың өзі Мәликенің бірінші күні қойған сұрақтарынан сүрініп, абырой-беделі күл болатын. Түркі баласының мұндай хикмет пен даналықты қалай үйренгеніне Мәликенің өзі де таң болды.Мәлике әуелде Әбілданы көп ғалымның бірі деп ойлаған. Себебі әдепкіде қыздың жұмбағын шешеміз, патшайым мен хан тағына ие бола қаламыз деп дәмеленген шала сауатты ғалымсымақтар көп болды. Алды зынданнан шыққан соң ғана олардың нөпірі саябырсыған еді. Сондықтан Әбілданы да менсінбегені рас. Тіпті оған қонақасы да бермеді. «Көп болса, мұның да арынын бесін мезгіліне дейін басармын» деп ойлады. Тек шын ғалым екенін аңғарған соң ғана құрметі оянды. Жанындағы серіктерімен бірге қонақ етіп, қой сойды. Ертесіне таң атпай қала жұрты сарайға жиналып алыпты. Әбілданың даңқы түнімен көше-көшені аралап, сай-саланы жағалап шаһар халқына түгел жеткен тәрізді. Бәрі Түркістаннан келген ғұламаны бір көруге іңкәр боп жиналған беті екен. Етікші бізін, тігінші инесін, ұста шегесін, саудагер базарын, аспаз қазанын тастай сала ордаға келді. Топ халық сарайға симады. Ұзын сонар кезекке тұрды. Патшаның сұрағы мен Әбілданың жауабын сырттағы жұрт есіктегі күзетші сарбаздардан естіп, бірі екіншісіне, екіншісі үшіншісіне жеткізіп жатты.Мәлике екінші күннің сұрағын бастады.
Мәлике: Адам неден жаралған?Әбілда: Топырақтан.
Мәлике: Дәлелің бар ма?Әбілда: Дәлел адамның дене мүшесі. Екі иығы тауға ұқсайды. Қатты сүйегі тасты еске салады. Жерде ащы-тұщы бұлақ болатын болса, адамның да құлағынан, көзінен, тілінен ащы-тұщы су ағады. Жерде салалап аққан өзен-дария толып жатыр. Кісінің де алпыс екі тамырынан аққан қан сан салалы өзенді еске салады. Жер сілкінсе, тау тас дірілдеп зілзала болады. Біз де түшкіргенде денеміз дүр сілкінеді. Шашымыз шөп сияқты. Олар да үнемі жаңарып өсіп отырады. Жерде үңгірдің жеті атасы толып жатыр. Адамның да құлағы, мұрны, аузында үңгірге ұқсас қуыстар бар. Берекелі тың жердің мол өнім беретіні сияқты ақжүрек момынның да қоғамға берер өнімі зор. Кейбір жер қурап, шөл далаға айналады. Сол сияқты қуыскеуде пенде де қу медиен далаға ұқсайды. Мәлике: Адам атаны қай топырақтан жаратты?Әбілда: Адамның бет-әлпетін Меккенің топырағынан жаратты. Сол себепті иманға ұйыған адам Меккеге қарап бет түзеп, құлшылық ету парыз болды. Бір қолын батыстың, бір қолын шығыстың топырағынан жаратты. Сол себепті адам баласы қалаған тарапынан ұнатқан бұйымына қол жеткізе алады. Екі аяғын мәңгі тоң қатып жататын солтүстік тараптың топырағынан мүсіндепті. Адам аяғының мықты әрі суық болатыны содан қалыпты. Бағдат пен Шамның топырағынан кіндік пен қарын тұсын пошымдады. Сондықтан Бағдат пен Шам ілім-білімнің ошағына айналды. Адамның кеудесін таудың топырағынан жаратты. Тәкаппарлыққа ұрынғанда көкіректің көтеріліп кететіні содан екен. Ал арқа балшығы сахараның шағыл құмынан иленді. Адамның жон арқасы өте төзімді болыпты. Білегін Тұран даласының топырағынан жаратты. Сол себепті білекке қайрат пен күш молынан дарыды. Мәлике: Сүлеймен патшаны сөзден жеңген бар ма?Әбілда: Бар. Ол құмырсқа болатын. Бірде Сүлеймен пайғамбар: – Ей, құмырсқа, сен артық жаралдың ба, әлде мен бе? – деп сұрады. Құмырсқа: – Әлбетте, мен артық жаралдым. Неге десең: сенің өзге денеңе қарағанда басың кіші. Басың кіші болғандықтан да көп жағдайда денеңнің ырқына еріп кетесің. Ал менің басым үлкен. Денем қанша арбаса да басымды еркіне жетектей алмайды. Сенің қарның жуан екен. Соған қарағанда денеңді қарның билейді. Тойымың жоқ, қанағатың аздау болса керек. Менің қарным қылдырықтай. Нәпсім иттей болып қанша ұлыса да дегеніне көнбеймін. Бір күнде жарты тарыдан артық тамақ жемеймін. Асымды досыммен бөлісемін. Екі аяғың денеңе қарағанда шидей екен. Соған қарағанда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін болсаң керек. Мені қарашы, басқа денеме қарағанда бөксем жуан. Өзімнен алты есе үлкен міндетті ауырсынбай арқалай аламын. Тәңірі мені жаратқанда ақылымды көп етті, тамақ үшін уайымымды жоқ етті. Көңілімді тоқ етті. Өзімнен зорды көтеретін күш берді. Әлбетте, сенен артық жаралғанмын, – деді. Сүлеймен сөзден тосылды. Мәлике: Пақырлық кімнен қалған? Әбілда: Әзіреті Ғайсадан қалған. Оның су ішетін ағаш кесесі ғана бар еді. Бір күні бұлақтан екі алақанымен су ішіп отырған бір кедейді көрді. «Мынау менен де өткен пақыр екен. Менде бір кесе болса да дүниенің байлығы бар. Бұл байғұста су ішетін ыдыс та жоқ», – деп ағаш кесесін әлгі кедейге сыйлап кетіпті.Ажал сәті таяп, бір күні Ғайса Тәңірі әлеміне сапар шекті. Алайда төртінші қатта тұтылып, әрі қарай өтуіне Тәңірі тағала рұқсат етпеді.– Уа, Жасаған Ием, менен өткен кедей жоқ еді. Қай тұстан тұтылдым? – деп сұрады Ғайса таңғалып. Тәңірі тағала:– Ей, Ғайса адамда сенен өткен пақыр жоқ. Кедей өмір сүрдің. Біреуге қылдай қиянат жасамадың. Бірақ сонда да пақырлықтың шыңына жете алмадың. Шапаныңның астарын ашып қара! Ол жерде жыртықты жамайтын жалғыз инең бар. Сол ине Тәңір әлеміне өтіп кетті. Менің талабым бойынша ақиретке пәниден бір сабақ жіп те алып өтуге болмайды, – деді. Сол кезде Әзіреті Ғайса өкініштен аһ ұрған екен. Мәлике: Жердің салмағынан ауыр зат бар ма?Әбілда: Бар. Ол – кәлима-шаһадат. Заманында Әзірет Әліден асқан күшті болмапты. Қуаты бойына сыймай: «Жердің тұтқасы болса, көтеріп алып, айналдырып ойнар едім», – дейді екен.Бір күні жердің тұтқасын іздеп жолға шықты. Алдынан бір қария кездесті. Ол:– Әли, балам, түйіншегім түсіп кетті. Соны алып берші. Мен еңкейсем тұра алмаймын, тұрсам еңкейе алмаймын, – деді. Әли аттан қарғып түсті. Түйіншек дегені алақандай зат екен. Бір саусағымен іліп алмақшы болып еді, сұқ саусағы майысып, ауырып кетті. Білекпен көтермек болып еді, түйіншек қозғалмады. Екі қолымен көтеріп еді, тізеден жерге кіріп кетті. Сол кезде Қария:– Балам-ау, сені де күш көп деп жұрт мақтайды-ау. Бірақ, торғайдың тұрқындай түйіншікті көтере алмадың. Сен жердің тұтқасын іздеп табарсың. Бәлкім көтерерсің, бірақ жерден де ауыр зат бар. Ол – кәлима-шаһадат, – депті де түйіншікті таяғымен іліп алып, жөніне кетіпті. Әлиге кездескен қария Қызыр ата екен деседі. Ал түйіншікте жапырақтай қағазға жазылған кәлима-шаһадат екен. Мәлике: Үкіні не үшін өлтіруге болмайды?Әбілда: Топан су біткен соң Нұх пайғамбар кемені шалдыратын жер іздеді. Сол кезде аспанмен тірескен асқар таулар:– Нұхтың кемесі маған тоқтайды, – деп бір-бірімен таласыпты. Қазығұрт тауы ғана басын иіп:– Заңғар таулар тұрғанда бізге не жорық?.. Кеме бізге тоқтамайтын шығар, – деп кішірейіпті. Қазығұрт тауының мінезі Жаббар Хаққа ұнап, пайғамбарына:– Кеме Қазығұрт тауына шөксін, – деп әмір етті. Нұх: – Қазығұрт тауын қалай табамын? – деді. Тәңір тағала сол сәтте үкі деген құсты жаратып жәрдемге жіберді. Үкі күндіз де, түнде де жол бастап кемені аман-есен Қазығұртқа шалдырды. Нұх риза болып, үкіге батасын берді. Содан бастап үкіні өлтіруге болмайды деген тыйым қалды. Мәлике: Қарлығашты неге өлтіруге болмайды? Әбілда: Намұрт патша Ыбырайымды отқа жаққанда қарлығаш қанатымен су тасыды. Пайғамбарға болысты. Ыбырайым оттан аман шыққан соң қарлығашқа риза болып батасын берді. Содан бастап «қарлығашқа тиіспе» деген тыйым қалды. Мәлике: Денесі жеті күнде шіріген қай пайғамбар?Әбілда: Ол Жүсіп пайғамбар еді. Мысырға патша болған соң әкесі бауырларын ертіп Жүсіпке сәлем беріп келді. Жүсіп аттан түсіп, алдынан шығайын деп еді, уәзірлері:– Уа, хан ием, ұлық патшаға қараның алдында аттан түскен жарамас. Абыройыңыз түседі. Кешірімді кең Алла сіздей пайғамбардың күнәсін кешпегенде кімнің күнәсін кешеді, – деп кеңес айтты. Жүсіп соған иланып, әкесінің сәлемін аттың үстінде тұрып алды. Бұл қылығы Құдайға жақпады. Өлген соң денесін жеті күнде шірітті. Әсілінде, пайғамбар мен әулиенің денесі шірімейді. Тек әдепсіз қылығы үшін Жүсіптің ғана денесі шіріп кетті. Мәлике: Адам ата үмбетімен ақиретте нешінше сапта тұрады?Әбілда: Үшінші сапта тіріледі. Бірінші сапта Әзіреті Мұхамбет пайғамбардың үмбеті тұрады. Екінші сапта Хадиша анамыз Әзіретті пайғамбардың әйел үмбеттерін бастап тұрады. Үшінші Адам ата өз үмбетімен тұрады. Себебі Адам ата бидай жеп күнәлі болды. Хауа ана бидайды еріне еркелеп жегізді. Ал Хадиша анамыз барын да, нарын да Әзіретті Мұхамбеттің хақ жолына арнады. Өзі де соның жолында құрбан болды. Мәлике: Бір күні төрт періште бір сұраққа таласыпты, таба алмай төрт мәселе қарасыпты. Мың жыл ойлап, жауап таппай тарасыпты. Ол не сұрақ еді? Шешуі қандай?Әбілда: Ол төрт періште – Жәбірейіл, Мәкәйіл, Ысрапыл, Әзірейіл еді. Олар төрт сұрақтың жауабын таппай сансырады. Адамның дәрежесі несімен артады? Пендені ақиреттен құтқаратын нәрсе не? Пенденнің Құдайға қай ісі ұнамды? Қандай нәрсе пенденің бүкіл игі ісін жоққа шығарады?Бұл сұрақтардың жауабын таппай төрт періште Мұхамбет пайғамбарға жүгініпті. Сонда Мүбәрәк бүй деп жауап беріпті: – Адамның дәрежесі жомарттық іс қылғанмен артады. Пендені ақиреттен құтқаратын нәрсе – үміт пен күдік. Пенденің Құдайға ұнайтын нәрсесі – ынтымақ. Пенденің бүкіл ісін жоққа шығаратын нәрсе – мақтан сөз. Мәлике: Пейіш әу баста жетеу еді. Сегізінші пейіш қайсысы?Әбілда: Ол – Иран бағы. Ертеде Шәддат патша Тәңірмен теңесемін деп, жер бетінде жәннат тұрғызды. Бүкіл жемісті егіп, алтын-күмісті төгіп жиырма жылда әдемі бақ жасады. Оны түрлі аң-құспен толтырды. Жиырма мың қыз бен жиырма мың ұлды бақшаның қызметшісі етіп бекітті. Ертесіне өзі салған пейіштің табалдырығын аттай бергенде Әзірейіл періште жанын алды. Ал, Иран бағын періштелер көкке алып кетті. Осылайша пейіштің саны сегіз болды. Мәлике: Пейіштің саны неге тозақтан көп?Әбілда: Себебі Алланың қаһарынан мейірімі артық. Мәлике: Балаға ат қойып, азан шақыру кімнен қалды?Әбілда: Жебірейіл періштеден қалған. Әлімсақта Ібіліс Адам атаның құлағын сипап: «Құлағы Хақ сөзіне керең болсын! Бос сөз бен есірік өлеңге үйір болсын!», – депті. Сол сәтте Адамның құлағы бітеліп, Хақтың хикметін естімей қалды. Тәңірсі Жебірейілге бұйырып:– Адамның оң құлағына азан шақыр! Хикметтің мазмұны азан арқылы көкірегіне құйылсын! Сол құлағына тәкбір айт! Хикметті сөздер сол құлағынан шығып далаға кетпесін! – деді. Сол кезде періште алғаш рет Адамның оң құлағына – Азан, сол құлағына – Қамат айтыпты. Осыдан соң ғана Адам атаның құлағы Хақтың әуезін еститін болыпты. Мәлике: Тәңірсі оттан нені жаратты?Әбілда: Алғаш екі мақұлықты жаратты. Бірі – Әбілет, екіншісі – Тәбілет. Олар аяғын айқастырса әйелге, талтайса еркекке айналады екен. Сол себепті қыз баланың аяғын талтайтып, ер баланың аяғын айқастырып отырмауына тыйым шыққан. Әбілет пен Тәбілет некесіз жұптасып, одан Ібіліс пен жын-перілер туды. Ібілістің «Адамнан артықпын, адам топырақтан, мен оттан жаралдым» деп көкірек ұруы да осының дәлелі. Мәлике: Денесінде аузы мен тісі болмаса да жеміс жейтін не нәрсе?Әбілда: Ол – Мұса пайғамбардың асатаяғы. Ол Мысырға барғанда перғауынның құлдары сиқыр көрсетті. Қамыстан жылан жасап, Мұсаны қорқытпақ болды. Сол сәтте Тәңірі тағала Мұсаға мұғжиза дарытты. Мұса асатаяғын жерге тастап еді, ол заматта айдаһарға айналып, сиқыршылардың жыланын құрбақа құрлы көрмей жұтып қойды. Сиқыршылар қорқып қашып кетті. Мәлике: Жаны, қанаты болмаса да аспанға ұшып кеткен қандай тау?Әбілда: Ол – Тұр тауы. Мұса пайғамбар Тұр тауына келіп, Тәңірден «Жамалыңды көрсетші» деп өтінді. Тәңірі тағала құдіретті нұрының бір сәулесін Тұр тауына түсірді. Соның өзін алып тау көтере алмай, аспанға қалықтап ұшып кетті. Мәлике: Мұса кәлимолла Аллаға «Дидарыңды көрсетші» деп өтініш қылғанда Тәңірсі неге көрсетпеді?Әбілда: Себебі Мұса пайғамбар соның алдында ғана кәпір Перғауынның түрін көрген еді. Перғауындай ең оңбаған, ең нас, ең мұнафық, ең пасық патшаның түрін көргендіктен Алла оған дидарын көрсетуді лайық деп таппады. Осыдан бастап, көзіңнің нұрын сақта, залымдармен тамақтас болма деген өсиет қалды. Мәлике: Жаңбыр жаумайтын, өзен-суы жоқ жерде ел-жұрттың шөлін қандырған қандай бұлақ еді?Әбілда: Ол Мұсаның бұлағы болатын. Оның қауымы Мысырдан қашып шыққан соң шетсіз, шексіз шөлге тап болды. Елі ашығып, шөлден қиналды. Сол кезде Мұса пайғамбар Тәңірден тілек тілеп, асасымен жерді он екі рет шұқыды. Құдіреттің күшімен қара тастың ортасынан он екі бұлақ жарып шықты. Халқы қара суға қарық болып, мейірін қандырды. Мәлике: Ата-анасы жоқ тіршілік иесі бар ма? Әбілда: Бар. Ең бірінші – Адам атаның әке-шешесі жоқ. Тәңірім оны топырақтан жаратты. Екінші – Хауа Ана. Тәңірі оны Адам Атаның сол жағындағы бұғана қабырғасынан жаратты. Үшінші – Ысмағұлды құрбандыққа шаларда көктен көк қошқар түсті. Оның да ата-енесі жоқ еді. Пейіштен тіке түсті. Төртінші – Салық пайғамбардың ақ түйесі. Ел-жұрты Салық пайғамбардан мұғжиза сұрады. Тәңірдің құдіретімен Салық таудан түйе жаратты. Сол түйенің ата-енесі жоқ. Бесінші – Ғайса пайғамбар. Әзіреті Ғайсаның шешесі бар, әкесі жоқ. Тәңір тағала құдіретін көрсету үшін Мәриям анамыздың құрсағына бала бітірген еді. Бұл нәресте Тәңірдің рухынан жаралған соң Ғайсаны рухолла деп аталды. Мәлике: Пәни мен бақида ешқашан кездеспеген тағамның аты қандай?Әбілда: Ол – Ғайса пайғамбарға көктен түскен балық еді. Ертеде Ғайса пайғамбарға қараңғы жұрты:– Хақ пайғамбар болсаң, Құдайыңа айт, бізге піскен балықты көктен жаудырсын – деді. Ғайса дұға қылып еді, аспаннан үлкен балық түсті. Мұндай ғажайып балықтың дәмін әлемде ешбір жан татып көрмеген еді. Оның қуаты – жеген жанды қырық жыл тоқ қылды.Мәлике: Пайғамбарлар бітімі неше түрлі?Әбілда: Екі түрлі. Жартылай періште, жартылай – адам. Біздің түркі жұртында айтылатын: «Жүрегі таза кісінің періштеден айырмасы болмайды» деген тәмсіл содан қалған. Мәлике: Қанішерлік кімнен қалды?Әбілда: Адам атаның ұлы Қабылдан қалды. Ол туған бауыры Әбілді іштарлықпен өлтіріп, қанын төкті. Себебі Әбіл ақжүрек еді. Құдайға тек ақжүрек пенделер ұнайтын. Ал іші тар, қаскөйлер ақжүрек адамды жек көреді. Мәлике: Неше кітап түсті? Әбілда: Төрт кітап. Мұсаға – Тәурат, Ғайсаға – Інжіл, Дәуітке – Зәбүр, Мұхамбет пайғамбарға – Құран түсті. Мәлике: Шүкірлік кімнен қалған?Әбілда: Дәуіт пайғамбардан қалды. Бірде отыз ұлын көріп, көңіліне астамшылық кіріп, жамағатты күтпестен намазын бастап кетті. Соған ренжіген Ұлық Алла отыз ұлына бір сәтте қаза жеткерді. Дәуіт астамшылық қылғанына қатты өкінді. Бір жылдан соң Тәңірсі Сүлеймендей парасатты ұлды берді. Дәуіт содан бастап күніне мың рет шүкірлік ететін болыпты. Мәлике: Алла қай күні он пайғамбарға жақсылық істеген?Әбілда: Ашура күні. Адам ата мен Хауа ананың күнәсін кешірді. Нұх пайғамбардың кемесін судан құрлыққа шығарды. Ыбырайымды Намұрттың отынан құтқарды. Мұсаны Перғауыннан азат етті. Ыдырыс-ты пейішке кіргізді. Ғайсаны көкке алып ұшты. Аюпты ауруынан жазды. Жүністі балықтың қарнынан босатты. Жүсіп пен Зылиқаны ғашық етіп қосты. Сүлейменге жүзік беріп, таққа отырғызды. Мәлике: Мұхит пен теңіз неден қалған?Әбілда: Нұх пайғамбардың топан суынан қалды. Топан суды пендесінің жадына тоқу үшін Тәңірім оларды мысал етіп қалдырды. Мәлике: Адам ата мен Мұхамбет пайғамбардың арасында қанша пайғамбар өтті?Әбілда: Жүз жиырма төрт мың пайғамбар. Олардың жүз жиырма мың жеті жүзі – Нәби, үш мың үш жүзі – Мұрсал. Нәбилер Жебірейілді түсінде көрді. Мұрсалға ояуында періште хабар берді. Мәлике: Пайғамбардың ішіндегі абзалы қанша?Әбілда: Жиырма. Олар: Адам ата, Нұх, Ыбырайым, Ысмағұл, Ысқақ, Жүніс, Ыдырыс, Дәуіт, Сүлеймен, Лұт, Жақия, Зәкәрия, Салық, Ғайса, Аюб,
Ілияс, Мұса, Қызыр, Жақып, Хақ Мұстафа.
Мәлике: Олардың ішіндегі қаншауы абзал?Әбілда: Төртеу. Ыбырайым, Мұса, Ғайса, Хақ Мұстафа. Мәлике: Қиямет қайымда Ысрапыл сүр үрлегенде қанша тесіктен дыбыс шығады?Әбілда: Алты тесіктен шығады. Біреуінен әнбиелердің жаны, біреуінен періштелердің жаны, біреуінен жындардың жаны, біреуінен адамзаттың жаны, біреуінен шайтандардың жаны, біреуінен хайуандардың жаны шығады. Мәлике: Сабырлық кімнен қалған?Әбілда: Аюб пайғамбардан қалды. Алапеспен ауырып, денесін қырық жыл құрт кемірсе де, сабырын бұзбай жата берді. Мәлике: Тәңірі неге адамның бәрін топырақтан жарата бермеді? Әбілда: Әр адамды жеке-жеке жаратса Ібіліс оларды тез азғыратын еді. «Адамның бәрі бір-біріне бауыр болсын!», – деп Хауа анадан өргізді. Мәлике: Ғарабтан қанша пайғамбар шықты?Әбілда: Бес. Олар Һуд, Салық, Шұғайып, Смағұл, Хақ Мұстафа. Мәлике: Қызыр пайғамбардың шын аты кім?Әбілда: Оның шын есімі – Бәлия еді. Әкесінің аты Мәлкен. Бәлия мейірімді болып өсті. Жұрттың бәріне жақсылық жасайтын. Тәңірге осы мінезі ұнап пайғамбар болды. Басқан ізінен шөп шығып, жасыл түске боялатын еді. Соған қарап жұрттың бәрі оны Қызыр атап кетті. Түркі халқында «Жүрген жеріңнен шөп шықпайды» деген сөз Қызыр сияқты бола алмадың деген ишарадан туған. Мәлике: Адам неге әйелін жанындай жақсы көреді?Әбілда: Себебі Хауа ана Адам атаның бір бөлшегінен жаралды. Сол себепті ер адам әйелін өзінің ішінен шыққандай жақсы көрді. Мәлике: Енші беру кімнен қалған.?Әбілда: Тәңірі тағаладан қалды. Адам ата мен Хауа ана жерге түскенде оларға енші етіп он қой мен бір жылқы берді. Мәлике: Мұхамбет пайғамбар туғанда бір мақұлық жылапты. Ол кім?Әбілда: Ол Ібіліс малғұн еді. Бұрын ол көкке шығып, тағдыр тақтасын қарап, емін-еркін жүре беретін. Мұхамбет пайғамбар туылған соң, Ібілістің қанаты қырқылды. Енді ол көкке ұша алмайтын болды. Ұшып бара жатса жердегі бір момын «Аллаһу акбар» деп азан шақырады. Сол сәтте Аллаһу акбардың қуаты жебе сияқты зуылдап келіп, Ібілістің арқасына қадалады. Мәлике: Тәңірсі кімдерді жұмақтан аластатты?Әбілда: Сегіз нәрсені пейіштен қуды. Ең әуелі Ібілісті қуды. Екінші – Адам ата. Үшінші – Хауа ана. Төртінші – Тауыс. Бесінші – Жылан. Алтыншы – Бидай. Жетінші – Інжір. Сегізінші – Арша ағашы.Адам ата Сарандиб тауына, Хауа ана Жиддаға түсті. Сайтан – Салқан тауына, Жылан – Исфиһанға, Тауыс – Үндістанға, Бидай – Тұран даласына, Жиде ағашы – Бұқараға, Арша – Алтай тауына, Інжір әл-Ақсаға түсті. Мәлике: Бұл алтауының пейіштен қуылуының не себеп?Әбілда: Ібіліс Адамға өштесіп пейіштен қуылды. Адам ата мен Хауа ана бидай жеп қуылды. Ібіліс Хауа ананы азғырарда жыланның тілінің астына жасырынды. Тауыс пейіштің күзетшісі еді. Ол да Ібілістің сөзіне иланып, күзетіне бекем болмай дұшпанға алдырды. Бидай өзін кінәлі сезініп, ол да жерге түсіп, Тұран даласына егілді. Адам ата мен Хауа ана бидайды жеген соң күнәлі болып, пейіште өсіп тұрған Жиде ағашының саясына тығылды. Жиде бұтақтарымен олардың киімін шешіп алды. Тәңірдің халифасына әдепсіздік танытқан соң жазаланып, жерге қуылды. Арша ағашы да пейіште өсіп тұр еді. Ол бұтағымен жалаңаш қалған Адам ата мен Хауа ананың денесін бүркеді. Адамға болысқаны үшін жерге түсті. Інжір ағашы ұятты жерін жабу үшін Хауа анаға үш жапырақ, Адам атаға екі жапырақ берді. Адамға болысқаны үшін ол да пейіштен шеттеді. Мәлике: Анасынан туа сала тілі шыққан нәресте кімдер?Әбілда: Ең әуелісі Ғайса пайғамбар. Он бес күннен соң сөйлеп кетті. Анасы Мәриямды «Некесіз ұл туды» деп жұрт қаралағанда Ғайса тілге келіп куәлік берді. Екіншісі – Жүсіп пайғамбарға Зылиқа жала жапқанда жаңа туған сәби кәулік етті. Үшіншісі – Ыбырайым пайғамбар. Жиырма күннен соң тілі шығып, анасына насихат айта бастады. Төртіншісі – Мұхамбет пайғамбар. Әминадан туылған соң «Үмбетім, үмбетім, үмбетім» деп үмбеті үшін Тәңірден рақым сұрады. Бесіншісі – Тажал. Ол анасынан туар-тумастан сөйлеп кеткен. Мәлике: Балиғат жасқа жетпестен неше пайғамбарға уахи келді?Әбілда: Бес. Бірінші – Ғайса пайғамбар. Екінші – Жақия. Үшінші – Сүлеймен. Төртінші – Жүсіп. Бесінші – Хұд. Мәлике: Жерді не көтеріп тұр? Әбілда: Румайыл атты періште бар. Оның төрт қолы бар. Құдайдың құдіретімен жеті қабат жерді төрт қолымен ұстап тұр. Мәлике: Аршы-Күрсіге дейінгі аралықта не бар? Әбілда: Аршы-Күрсінің үлкендігі – бес мың жылдық жол. Мұнымен бірге Тәңірі тағала бір ақ өгізді жаратқан. Оның әр аяғының арасы – бес жүз жылдық жол. Басында екі мүйізі бар. Әлгі Тахт әл-Сарай осы өгіздің мүйізінің арасында тұр. Өгіз Балықтың үстінде, Балық Судың үстінде, Су Желдің үстінде, Жел Оттың үстінде, От шексіз қараңғылықта орналасқан. Ал шексіз қараңғылық Аршы-Күрсінің үстінде тұр. Аршы Күрсінің қандай екенін бір Алланың өзі ғана көріп, біледі. Мәлике: Қағбаны кім салды?Әбілда: Ең әуелі Зұқайыл, Әжрейіл, Дардайыл, Ысмайыл атты төрт періште салды. Адамзатта бірінші болып Адам ата салды. Хауа Анамен бірге балшық илеп, тас өріп, Қағбаның қабырғасын тұрғызды. Қағбадан бұрын жер бетінде бірде бір үй салынып, бірде бір кірпіш әлі қаланбаған еді. Балшықты қалай илеп, кірпішті қайтіп өруді Жебірейіл періште Адам атаға үйретіп тұрды. Заманнан заман озған соң, Қағбаның кірпіші тозған соң Ыбырайым пайғамбар қайта тұрғызды. Оның қиссасы былай. Әлқисса бірде Ыбырайым пайғамбар Құдайға: – Уа, Жаратқан Ием! Өзімді бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. «Алмақтың да салмағы бар» деген. Мыңғырған малдың сұрауы қиын бола ма деп қорқамын. Артығын қайтып ал! Мен азға қанағат қылайын! – деді. Тәңірсі оған: – Ей, Ыбырайым, мен Қадір түнін түндердің ішіне, Қызырды қарттардың ішіне, берекені нанның ішіне жасырғанмын. Берекем азайсын десең, нанның қиқымын шашып же! – деді. Ыбырайым нан жегенде шапанын жайып, қиқымын теріп жейді екен. Байлығы көбейген үстіне көбейе түсіпті. Бір күні үйіне төрт дәруіш келді. Олар таңдайына бұлбұл ұя салған керемет әншілер екен. Құйқылжыған әуенмен Тәңірдің есімдерін ғажайып бір сазға салып, зікір етті. Ыбырайым әдемі әуенге елтіп қалды. Құмары қанбай қайталап айтуды өтінді. Олар:– Ақысын төле, – деді. Ыбырайым келісті. Олар зікір айтқан сайын Ыбырайым қора-қора қойын, үйір-үйір жылқысын, өріс толы сиыры мен түйесін берді. Ең соңында итінің күмістен жасалған қарғыбауына дейін беріп, бір сағатта тақыр кедейге айналды.Төрт дәруіш дегені төрт періште болып шықты. Олар Ыбырайымның жомарттығын сынайын деп келген беті екен. Көңілдері көншіп, малын қайтарып бермек болды. Ыбырайым:– Мен бір сөзді адаммын. Құдай жолына атаған малымды қайтарып алмаймын, – деп тұрып алды. Періштелер қатты састы:– Малыңды жұмаққа әкете алмаймыз. Оны не істейміз? – деді абдырап. Ыбырайым оларды жібермей қойды. Осы кезде Тәңірден әуез жетіп: – Ей, Ыбырайым, маған атаған малыңның бәрін сат. Ақшасына Қағбаны соқ! – деді.Ыбырайым малының бәрін сатып, Қағбаны қайта жаңартыпты. Мәлике: Тәңірі тағала Салауатты кімге берді?Әбілда: Салауат айтуды он түрлі қылып жаратып, оның тоғызын Әзіреті Мұсаға, қалғанын жәми жұртқа бөліп берді. Мәлике: Сабырды кімге берді?Әбілда: Сабырды да он түрлі қылып жаратып, оның тоғызын Әзіреті Аюпқа, қалғанын барша халайыққа бөліп берді. Мәлике: Әділдікті кімге берді?Әбілда: Әділдікті де он түрлі етіп жаратып, тоғызын Әзіретті Мұхамбетке, қалған бір бөлігін жұртқа таратты. Мәлике: Даналықты кімге берді?Әбілда: Даналықтың тоғыз бөлігін Ұлықпан Хәкімге, бір бөлігін ғалымдарға берді. Мәлике: Батырлықты кімге берді?Әбілда: Батырлықты онға бөлді. Тоғызын Әзірет Әліге, бір бөлігін барша батырдың жүрегіне қондырды. Мәлике: Патшалықты кімге берді?Әбілда: Оның тоғыз бөлігін Сүлеймен пайғамбарға, қалған бір бөлігін қияметке дейін дүниеге келетін патшаларға берді.Мәлике: Ұсталықты кімге берді?Әбілда: Ұсталықтың тоғыз бөлігін Дәуіт пайғамбарға, қалған бір бөлігін жер бетіндегі ұсталарға бөліп берді. Мәлике: Адам ата пейіштен неге қуылды?Әбілда: Мұның бес түрлі себебі бар. Біріншіден – Адам ата мен Хауа ана Тәңірдің тыйым салған жемісін жеді.Екінші – Адам ата пейіштен түспесе, адам ұрпағы тарамас еді. Үшінші – Тәңірі Адам атаның таңдау еркіне қол сұққан жоқ. Ол өз таңдауымен бидайды жеп, қуылды. Егер таңдау еркіндігі болмаса, періштелер сияқты пейіште мәңгі жүре берер еді. Төртінші – Адам ата жерге түспесе, оның бойындағы әділдік, еркіндік, жауапкершілік, ар-ұят сияқты сезімдері көрінбес еді. Бесінші – Адам ата жерге түсіп сыналмаса, Ібіліс Тәңірге арзу айтып: «Уа, Тәңірім, сен Адамды менен артық көрдің. Егер адам артық жаратылыс болса жерге жібер, мен сынайын», – деп әділдік сұрар еді. Адамның артық жаратылыс екенін Ібіліске көрсету үшін сынақ тезіне салды. Мәлике: Неше пайғамбардың сақилықпен аты шықты?Әбілда: Төрт пайғамбар: Адам ата, Нұх, Ыбырайым, Әзіреті Мұхамбет. Мәлике: Тіршілікте ең мықтысы кім?Әбілда: Жолбарыста қырық адамның күші бар. Бір асхабта қырық жолбарыстың күші бар. Бір әулиеде қырық асхабтың күші бар. Бір пайғамбарда қырық әулиенің құдіреті бар. Ал Әзіреті Мұхамбетте қырық пайғамбардың салауаты бар. Мәлике: Тәңірсі Адамды жаратқанда оның бойына әуелі нендей қасиетті дарытты?Әбілда: Ең алғаш Ақыл, Ұят, Мейірім, Сабырды дарытты. Төртеуі Адам атаға келіп: – Ей, Адам, бізді саған жіберді, – деді. Адам ата: – Қалаған орынға жайғасыңдар, – деді. Ақыл адамның басына жайғасты. Ұят көзге қонды. Мейірім көңілге ұялады. Сабыр көкіректен орын алды. Онан соң Нәпсі, Ашу, Арсыздық, Қатыгездік келді. Нәпсі: – Мен Құдайдың әмірімен келдім. Мені қайда қоймақсың? – деп Адам атаға зіркілдеді. Адам ата:– Өзің қалаған жеріңе жайғас, – деді. Нәпсі: – Басыңа жайғасамын! – деді. Адам ата:– Онда Ақыл тұр ғой, – деді. Нәпсі: – Мен келгенде Ақыл ығыса тұрар, – деді. Екінші болып Арсыздық:– Мен қайда жайғасайын? – деді жылмаң-жылмаң етіп. Адам ата: – Өзің тауып жайғас, – деді. Ол көзге жайғаспақшы болды. Адам ата: – Көзімнен Ұят мекен алған, бос емес, – деді. Арсыздық: – Мен келгенде ол орнын босатады, – деді. Үшінші кезекте Қатыгездік келді. Адам ата оған да жайғасатын мекен іздеді. Ол: – Көңілден орын аламын! – деді. Адам ата: – Онда қазір Мейірім бар. Бос емес, – деді. Қатыгездік: – Мен тұрғанда Мейірімге не жорық?! – деді де, көңілдің қойнауына кіріп кетті. Төртінші болып Ашу келді. Ол:– Мен көкіректен орын аламын! – деді. Адам ата: – Оған сабыр жайғасқан еді, – деді. Ашу: – Сабыр өз бауырым, жанында боламын, – деді. Осылайша, Ақыл мен Нәпсі, Ұят пен Арсыздық, Мейірім мен Қатыгездік, Ашу мен Сабыр бір жерден жай алғасын, адам бойында үнемі таласып, тартысып отырады екен. Мәлике: Дұрыс жауап бердің. Ал енді, айта қойшы, адамның бойында неше жауһар бар?Әбілда: Төрт бірдей жауһар бар. Төртеуінің де баукеспе ұрысы бар. Бекем болмасаң ұрылар ар иманнан жұрдай қылады. Біріншісі – Иман. Оның ұрысы – Сайтан. Одан сақтанудың жолы – зікір.Екіншісі – Ақыл. Ұрысы – кібірлік. Одан сақтанудың жолы – топырақ мінез.Үшіншісі – Ілім-Білім. Оның ұрысы – надандық. Одан сақтанудың жолы – ойқұмарлық.Төртіншісі – Жомартық. Оның ұрысы – дүниеқоңыздық. Одан сақтану-дың жолы – мырзалық. Мәлике: Іштарлық кімнен қалды? Әбілда: Ібіліс малғұннан қалды. Ілім сайысында періштелер Адамнан жеңіліп, оған сәжде жасады. Сол кезде Ібіліс бір өзі басын имеді. Адамның ұлық дәрежесін көре тұра мойындамады. Кімде кім жақсының ілімін мойындамай, іштарлық етсе сайтанмен дос болады, періштемен қас болады. Басқаның ақыл парасатын мойындау да – батырлық. Мәлике: Неше пайғамбар патшалық қылды?Әбілда: Төрт пайғамбар. Олар: Сүлеймен, Жүсіп, Дәуіт, Мұхамбет.Мәлике: Машырықтан Мағырыпқа дейін неше кісі патшалық құрды?Әбілда: Төрт адам. Екеуі мұсылман, екеуі кәуір. Мұсылманы – Сүлеймен мен Ескендір. Кәуірі – Шәддат пен Намрұд. Мәлике: Дүние неше заттан жаралды?Әбілда: Төрт. Топырақ, от, су, желден құралды.
Мәлике: Әділетсіз патшалар кімнің ұрпағы?Әбілда: Перғауынның ұрпағы.
Мәлике: Ұсталық кімнен қалған?Әбілда: Дәуіт пайғамбардан.
Мәлике: Шипагерлік кімнен қалған?Әбілда: Ұлықпан хәкімнен.
Мәлике: Батырлық кімнен қалған?Әбілда: Әзіретті Әліден.
Мәлике: Ең алғаш адамның қанын төккен кім?Әбілда: Қабыл. Адам атаның Әбіл, Қабыл деген егіз ұлы болды. Әбіл қой бақты. Қабыл егін екті. Бір күні екеуі Құдайға құрбан шалмақ болды. Қабыл көгере бастаған бір десте бидай әкеп, тастың үстіне қойды. Әбіл отарындағы ең семіз қойын Құдай жолына арнады. Бір кезде найзағай ойнап, семіз қойға жай түсті. Ал бидай отқа өртенбеді. Ол кезде Құдай құрбанды қабыл алғанын от арқылы білдіретін. Қабылдың ашуы келді. Ашу пайда болғанда Ібіліс жетіп келді. Ол:– Әй, Қабыл, Құдай сенен гөрі Әбілді артық көрді. Құрбандығыңды қабыл алмады. Сен пұтқа табынбайсың. Қолың істе болғанмен, көңілің күндіз түні бір Аллада. Бірақ бір нәрсені аңғармадың. Құдай пендесін алалаушы. Әлімсақта мені де өзге жаратылыстан алалап, әділетсіз қуып шыққан, – деп үздіксіз уәс-уәс салды. Ібілісті азғыруына қарсы тұра алмаған Қабыл іштарлығы шыдатпай, інісін таспен ұрып өлтірді. Мәлике: Ең алғаш топыраққа жерленген кім?Әбілда: Әбіл. Оған дейін жер бетінде кісі өлімі болмаған еді. Қабыл інісінің өлі денесін қапқа салып, апталап арқалап жүрді. Жансыз дене борсып, иістене бастады. Не істерін білмей абыржып жүргенде, екі қарға бір-бірімен шұқысып, біреуін өлтіріп қойды. Тірісі аяғымен жер қазып, өлгенін көмді. Қабыл осыны көріп, інісін топыраққа жерледі. Содан бастап адамды жерге көму салтқа енді.Мәлике: Түс жору кімнен қалған?Әбілда: Жүсіп пайғамбардан қалған. Жүсіп зынданда жатқанда Мысыр патшасы түс көрді. Түсінде жаман іс көрді. Бидайдың қураған жеті масағы әлі сүт боп, жетілмей тұрған жеті масақты жеп қойды. Артынша жеті арық сиыр жеті семіз сиырды жалмады. Бұл түс ненің нышаны екенін білмей патшаның басы қатты. Бүкіл түс жорушыны жинады. Бірақ ешкім жори алмады. Бұл кезде Жүсіп пайғамбар зынданда жатыр еді. Патша Жүсіпті алдырды. Ол:– Еліңде астық жеті жыл қатарынан бітік шығады. Бірақ, одан кейін жеті жыл қатарынан жұт болады. Жауын жаумайды, өзен тасымайды, егін шықпайды. Аймақты ашаршылық жайлайды. Жұтқа дайындала беріңіз, – деп түсін жорып берді. Мәлике: Пайғамбарға ілім үйреткен пайғамбар кім еді?Әбілда: Ол Қызыр ата еді. Бірде Мұса пайғамбардың көңілі шалқып: – Менен ілімі асқан адам бар ма екен? – деп ойлады. Сол сәтте Тәңірден әуез түсіп: – Әй, Мұса, Парсы мен Ұрұм дариясы тоғысқан жерге бар. Сонда Қызыр есімді менің құлыммен жолығарсың. Содан сұра! – деді. Мұса жолға шығып, ұзақ сапарлап Қызырға ұшарысты. Сол сәтте бір шымшық ұшып келді де, екеуінің ортасына бір тамшы су тамызды. Қызыр жымиып күлді. Мұса: – Неге күлдің? – деді. Қызыр: – Бұл шымшық нені ишара еткенін білесің бе? Сенің жиған-терген ілімің тамшыдай ғана дегенді ишаралап тұр, – деді. Мұса шамданып қалды: – Онда теңіздей біліміңді көрсет! Мен саған ерейін, – деді. Қызыр шарт қойды:– Мен ақылға сыймайтын іс жасаймын. Сен тағат қылып, ақырын күт! Артық сұрақ берме! Шартты үш рет бұзатын болсаң, сапарымыз тәмам, – деді. Мұса келісті. Екеуі жолға шықты. Ұзақ жүрген соң, бір кемеге мінді. Кеме иесі Қызырдың танысы екен. Одан ақы алмады. Кеме жағаға жеткенде Қызыр қолына балта алып, кеменің ағаштарын қиратып, түбін ойып тастады. Кеме қисайып, жүзуге жарамай қалды. Мұса шыдамай: – Ақы алмаған жақсы адамға неге қастық қылдың? Мұның не? – деді.– Уәдең қайда? – деді Қызыр. Мұса кешірім сұрады. Сапар жалғаса берді. Екеуі бір ауылға кірді. Ешкім бұларды қонақ етпеді. Бір кемпір ғана үйіне шақырып қондырды. Кемпірдің не ұлы, не қызы жоқ, жан дегенде жалғыз ешкісі ғана бар екен. Қызыр кемпірге білдірмей, түнде қораға кірді де пышағын алып, ешкіні бауыздап тастады. Мұса ашуланып: – Ешкіні неге өлтірдің? Аспен ұрғанды таспен атқаның не? – деді.– Уәде қайда, Мұса? – деді Қызыр екінші рет. Мұса үндемеді. Екеуі кемпірмен қоштаспастан жүріп кетті. Жүре-жүре бір шаһарға келді. Ел шетінде қабырғасы құлайын деп тұрған бір қораны көрді. Қораның ішінде екі жетім бала өмір сүреді екен. Қызыр оларды қуып шығып, қораның қабырғасын қиратып, төбесін жерге түсірді. Мұса тағы да шыдай алмай:– Әй, Қызыр, қос жетімді жылатып, қуып жібердің. Ескі қора болса да олардың панасы еді. Енді олар қайда барады? Неге бұздың қорасын? – деді түтігіп. Қызыр: – Әй, Мұса, уәдені үшінші рет бұздың. Осымен сапар да, сабақ та тамам. Бұдан артық сені ертіп жүре алмаспын. Сен Алланың хикметті істерін ұқпайтын надан екенсің. Әуелі, кемені қиратқаным – сол елдің патшасы көрші елге соғыс ашып, кеме жинап жатты. Енді жандайшаптар кедей танысымның жүзуге жарамсыз кемесін алмайды. Соғыс біткен соң досым кәсібін жалғастырады. Екінші, ешкіні бауыздаған себебім – кемпірдің Құдайға жаққан қылығы бар. Үнемі сахар тұрып, Құдайды зікір етеді. Бірақ ана ешкісі бәле болды. Не өлмейді, не қоймайды. Құдай мен екеуінің арасына перде болып тұрып алды. Кемпір алаңсыз Құдайдың мекеніне кетейін десе, ешкісін қимайды. Құдай да кемпірді жақсы көрген соң, тілегін қабыл етіп, ешкісін өлтірмей келе жатыр. Енді кемпір алаңсыз Досының мекеніне аттанады. Үшінші, қораны қиратқан себебім – онда да сыр бар. Құдайым екі жетімнің несібесін басқа жақтан нәсіп еткен еді. Бірақ бұлар ана ескі қорадан шықпай қойды. Қораны Алланың әмірімен қираттым. Енді екі жетімнің барар жер, басар тауы шаһардың ішіне кіреді. Оларды бір байдың әйелі көріп мейірімі оянады. Олардың бала-шағасы жоқ қубас еді. Екі жетімді асырап, бала етіп алады, – деді. Сол кезде Мұса өзін білімдар санап, Алла алдында айыпты болғанын ұқты. Қоштасар сәтте Қызырға:– Ілімің расымен артық екен. Маған ақыл беріңіз, – деп қолқа салды. Қызыр: – Ілімнің ең үлкені – сабыр. Сен сабыр сақтап, істің артын күткенде үш оқиғаның да хикметін түсінер едің. «Сабыр түбі – сары алтын» деген осы, – депті. Мәлике: Не үшін түнде сансыз жұлдыз жарқырайды, ағады? Кімдер оны бағады?Әбілда: Ол бесінші қатта тұрып жарқыраған Сүлейменнің жүзігі екен. Әзіретті Мұхамбет пайғамбар Миғражға самғағанда аспан астын тілгілеп, айналасын шұғылаға бөлеп жатқан бір сәулені көрді. Пайғамбар: – Бұл сәуле қайдан шығып жатыр? – деп таңғалды. Жебірейіл періште: – Бұл – бесінші қатта сақталып тұрған Сүлейменнің жүзігі. Бұл сол жү-зіктің сәулесі. Ол ғарыштағы жұлдызға шағылысқанда жұлдыз аққандай күй қалдырады. Үмбетің бұл кезде тілек тілесе, дұғасы қабыл болады, – деді.Мәлике: Дүниедегі ең ақымақ, ең есерсоқ мақұлық қайсы?Әбілда: Ол – Адам. Себебі Тәңірі адамды өзіне халифа қылып жаратты. Адамның бәсі періштеден артық болды. Оған әлімсақта бүкіл періште сәжде етті. Адамның бәсі айуаннан да артық еді. Бүкіл аң-құстың билігін қолына берді. Адамның бәсі Ібілістен де артық болды. Оны ілім-сайысында жеңді. Тәңірсі адамға жүрек ілімін берді. Ол он сегіз мың ғаламның құпиясын ашатын кілт еді. Сөйте тұра адам ғапылдыққа ұрынып, өзінің бәсін жоғалтты. Жүрек көзін ашып, ғаламның сырына қанық болудың орнына, көкірек көзі бітеліп, кеудесіне хикмет емес дүние жинап, ақырында жанның да, жансыздың да жауына айналды. Мәлике: Өзі еркектен жаралар, еркек одан таралар. Ол кім?Әбілда: Ол – Хауа ана. Адам атаның сол жақ қабырғасынан жаралды. Хауа анадан барша ұрпақ таралды. Мәлике: Адамды алдап азғыру кімнен қалған?Әбілда: Ібіліс малғұннан. Ол алғаш Хауа ананы азғырып, бидай дәнін жегізді.
Мәлике: Әділдік кімнен қалған?Әбілда: Әзіреті Мұхамбет пайғамбардан.
Мәлике: Сараңдық кімнен қалған?Әбілда: Қарынбайдан.
Мәлике: Жомарттық кімнен қалған?Әбілда: Атымтайдан.
Мәлике: Тау мен құстар қай пайғамбармен бірге дауыстап зікір айтқан?Әбілда: Дәуіт пайғамбармен.
Мәлике: Түйенің пірі кім?Әбілда: Ойсыл қара.
Мәлике: Жылқының пірі кім?Әбілда: Қамбар ата.
Мәлике: Сиырдың пірі кім?Әбілда: Зеңгі баба.
Мәлике: Қойдың пірі кім?Әбілда: Шопан ата.Мәлике: Ғашықтардың пірі кім?Әбілда: Жүсіп пен Зылиқа. Мәлике: Шайтанның малғұндығын кім әшкерлеген?Әбілда: Әзіреті Мұхамбет пайғамбар. Мәлике: Нұхтың кемесі қайда тұр?Әбілда: Төртінші қатта тұр. Мұхамбет пайғамбар миғражға самғағанда Нұхтың кемесін төртінші қаттан көрген. Мәлике: Екі дүниеде де өсіп тұрған бір жеміс бар?Әбілда: Ол – құрма. Ол пейіште де, жер бетінде де өседі. Мәлике: Хақ Расулдың сүйіп қосылған жұбайының аты кім?Әбілда: Хадиша ана. Түркінің пірі Яссауи бабамыз «Диуани Хикметінде» Мұхамбет пайғамбар мен Хадишаның ғашықтық сезімін былай жырлайды:Сөйтіп жүріп Мұхамбет жасқа жетті он жеті,Хадишаның жүзіне түсті нұр боп келбеті. Мұхамбетке кез келсең, айтар едің сұңқар деп,Хадиша оны көргеннен зар иледі іңкәр боп. Махаббаты аударды Хадишаның тілегін,Мұхамбетке ғашық боп өрт шарпыды жүрегін. Күн-түн жылап Құдайға, жасы айналды бұлаққа,Көріп Құдай көз жасын, жетті ақыры мұратқа Мәлике: Басында қос мүйізі бар қай патша?Әбілда: Ескендір Зұлқарнайын. Ол дүниеге келгенде залым патшалардың әмірі жүріп тұрды. Олар жер бетіне соғыс салып, жазықсыз жандарды мың-мыңдап қырды. Ескендір туғанда Тәңірсі оған екі мүйіз берді. Оның мүйізін көргенде жаудың құты қашып, жүрегін үрей билейтін. Ескендір әскерін бастап, түн қатпай жортты. Жауыздарды жазалап, теңіздей толқыпты. Ескендірдің мүйізін көріп, жау қалшылдап қорқыпты. Жер жаһанды апат пен бәледен тазалапты. Жөнге келмеген жауларды әділ үкіммен жазалапты. Мәлике: Бір ту бар. Оның бір жағы жарық, бір жағы қараңғы түнек. Ол кімнің туы? Әбілда: Ол Ескендір Зұлқарнайынның туы. Тәңірім Ескендірдің бағын асырды. Оған бір ту берді. Оны алға созса, жолына Күннің шұғыласы жайылды. Жер беті айнадай жарқырап, соғыс пен майданның лаңын айшылық жерден айырды. Байрағын артқа кергенде, басқан іздерін түнек жайлапты. Аңдыған дұшпаны мен арбасқан жаулары қараңғыдан ештеңе көрмей, бірін бірі жайратты. Мәлике: Әжүж бен Мәжүж деген кім?Әбілда: Ол Ескендір патшаның заманында өмір сүрген азғын бір ел еді. Олар көз көретін, аяқ жететін жердің бәріне бәле толтырыпты. Басқан іздеріне қайғы мен сор тұныпты. Олар Ескендірдің айбынынан ықпады. Қанша шайқасып қырса да, Зұлқарнайын оларды тауыса алмады. Біреуін өлтірсе екеуі пайда болды. Екеуін өлтірсе төртеуі пайда болды. Ұрған сайын семіріп, өлген сайын көбейіп, құмырсқадай қаптады. Шарасы таусылған Ескендір Тәңірден көмек сұрады. Тәңірі оған «Аллаһу әкбар» деген дұға үйретті. Сол сөзді айтқанда Әжүж бен Мәжүж қолға түсіп, әскері жермен жексен болды. Ескендір оларды ұстап, Қап тауына қамады. Пейіште періштелер соққан шынжырмен байлап, бекітті. Тауды айналдыра қалың темірмен қоршап, қамал салды. Қамалдың қалыңдығы алпыс құлаш. Биіктігі жетпіс құлаш болды. Әжүж бен Мәжүж сол зынданда әлі жатыр. Күн сайын мыңдаған құбыжықты дүниеге әкеліп, әскерін көбейтеді екен. Балалары әр тыныс алған сайын есейіп, көзді ашып жұмғанша алпамсадай дәуге айналады. Шаштары дулығаға, терісі сауытқа, тырнағы қылышқа айналып шығады. Бірақ жер бетінде бір момын «Аллаһу әкбар» деп азан шақырса барлық әскері бір сәтте қырылып қалады екен. Қашан жер жүзінде азан шақыратын адам қалмайды, сол кезде олар көбейіп, шынжырды үзіп, қамалды қиратып жарық дүниеге шығады. Мәлике: Қырық жаста сақалы қара, ал баласының 120 жаста сақалы ақ болған кім еді?Әбілда: Ол – Ұзайыр пайғамбар. Бір заманда Ысрайыл жұрты Құдайын ұмытып, азғындыққа салынды. Құдай қаһарланды да, жер бетіне Набухан Насыр дегенді шығарды. Ол қалың әскер жинап, Шам елдерінің бәрін жайпады. Әл-Ақсаны қиратты. Халқын қойдай қырды. Тірі қалғаны қашып тауды паналады. Қолға түскені құлдыққа жегілді. Тірі қалғандардың ішінде Ұзайыр пайғамбар да бар еді. Ол кезде оның жасы қырықта болды. Ол қырылып жатқан халықты, қирап жатқан қаланы көріп «Мына жерде енді ел пайда болмайтын шығар», – деп үмітін өшірді. Сөйтіп жатып көзі ілініп кетті. Бір кезде тысыр еткен дыбыстан, селк етіп шошып оянды. «Жау артымнан қуып келді ме?» деп қорқып кетті. Таудан ақырын түсіп еді, сау-саламат тұрған Құдыс шаһарын көрді. Қалада зәулім үйлер бой түзеген. Базары қызып, қазаны қайнап, тіршілігі жайнап жатыр екен. Әл-Ақса мешіті де еш қирамаған, орнында тұр. Ұзайыр өң мен түсін айыра алмай таңғалды. Шаһар ішінен өз үйін тауып алды. Кіріп келіп еді, төрде отырған ақсақалды көрді. Жөн сұрасып еді, баласы болып шықты. Ұзайыр не болғанын түсінбей аңтарылды да қалды. Сол сәтте Құдайдан әуез жетіп: – Әй, Ұзайыр, есіңде ме, сен менің құдіретіме күмән келтіріп едің. Құдіретімді көрсету үшін сені ұйықтатып, бүгін тірілттім. Қираған қаланы тұрғыздым. Қырылған халықтан ұрпақ өрбіттім. Әл-Ақсаны қайта салғыздым. Мұның хикметі біреу ғана – cоңғы демің үзілгенше менің үмітімнен күдеріңді үзбе, – деді. Мәлике: Сүндеттеу салты кімнен қалған?Әбілда: Ыбырайым пайғамбардан қалды. Бірде мынадай оқиға болды. Тәңірі тағала Жебірейілге: – Досым Мұхамбеттің дүниеге келер сәті жақындады. Таң сәріде ұйықтамай отырған пендемнің үстіне Мұхамбеттің нұрын шаш! – деді. Жебірейіл сахарда ояу отырған тақуаны таппады. Азар деген бір дінсіз ғана пұт жонып отыр екен. Періште Құдайға келіп көрген жайын баяндады. Жаббар Хақ айтты: – Ендеше, сол Азардың беліне шаш! – деді. Жебірейіл түсінбей: – Уа, Тәңірім, ол саған емес, пұтқа табынады. Оған қалайша Әзіретті Мұхамбеттің нұрын шашып, белінен пайғамбар шығарасың? – деді. – Әй, Жебірейіл, мен шебер Алламын. Бір іс бастасам, ақырын әуелден көріп, біліп тұрамын. Азардың ұлы дүниеге келген соң, оны сүндеттейсің. Бұл оның мұсылмандығын білдірсін, – деді. Азардың ұлы жеті жасқа келгенде оны сүндеттеді. Бала мұсылман болып шыға келді. Бұл жас бала – Ыбырайым пайғамбар еді. Мәлике: Тұсау кесер кімнен қалған?Әбілда: Адам ата мен Хауа анадан қалды. Әуелде Тәңірі тағала Әбілет пен Тәбілет деген екі мақұлықты жаратып, жер бетіне жіберді. Олар жерге түсе сала некесіз қосылып, ұрпақ көбейтіп, дүниенің астан-кестеңін шығарды. Әбілет пен Тәбілеттің алғашқы некесіз туған баласы Ібіліс екен. Одан кейін ашына, дию, жын, пері, түлен, құлан, үбе, мыстан, жезтырнақтар дүниеге келіпті. Дүниені әбден былғаған соң періштелер Әбілет пен Тәбілетті тозаққа әкетеді. Бір күні Адам ата мен Хауа ана да жер бетіне түсетін болды. Оларды азғыру үшін Әбілет пен Тәбілеттің ұрпағы күтіп тұрды. Тәңірі тағала Жебірейілге бұйырып: – Пейіште Адам мен Хауаның тұсауын байлап, жер бетіне түскенде кес. Ібілістің торынан сүрінбей өтсін, – деді. Жебірейіл әмірді бұлжытпай орындады. Адам мен Хауаның табаны жерге тиген соң, жеті қадам жүргізді де тұсауын кесті.Мәлике: Не себепті ит далада, мысық үйдің ішінде өмір сүреді?Әбілда: Себебі ит адамның кіндігінен, яғни сыртынан жаралды. Ал мысық адамның өтінен, яғни ішінен жаралды. Адамның сырты лас, іші таза болып келеді. Сондықтан ит тыста, мысық іште өмір сүреді. Мәлике: Құдай тағала адамның қай дене мүшесінен жануарлардың пошымын жасады?Әбілда: Әлімсақта Ұлық Алла адамның бүкіл дене мүшесінен, ішек қарын ағзаларынан аң-құс біткеннің бәрін сомдап, жасап қойды.Әуелі адамның көзіндегі топырақтан бір түйіршік алды да одан түлкіні жаратты. Түлкінің екі көзі ойнақшып, адамды алдап кететін айлакер қасиеті содан қалыпты. Кірпіктен бір түйіршік құмды алып қоянды жаратты. Қоянның кірпіктері дірілдеп қорқып тұратын мінезі содан қалды. Адамның қасынан аққуды жаратты. Осылайша Аққу һәм кербез, һәм сымбатты құсқа айналды. Адамның мұрнынан титтей балшық алып одан тышқанды мүсіндеді. Тышқанның иіс сезгіш қасиеті осыдан қалыпты. Адамның құлағынан үкіні сомдады. Үкінің дыбысты жақсы еститін қасиеті осыдан дарыды. Адамның иегінен текені жаратты. Текеде сақал болатыны осыдан екен. Адамның ернінен үйректі жаратты. Үйректегі тұмсық осының нышаны екен. Адамның тісінен бір түйір қиыршық алып одан қасқырды жаратты. Қасқырдың жыртқыш болатыны содан екен. Адамның тілінен бал арасын жаратып гүлге қондырды. Осыдан бастап бал арасына екі қасиет қатар дарыпты. Шақса – у екен. Бал берсе – шипа екен. Беттің балшығынан Тауысты жаратты. Оның ғажайып сұлу бейнесі содан пайда болды. Бірақ көркем түріне мастанып опық жеп қалатыны қасиеті де осыдан қалыпты. Адамның шашынан кірпіні жаратып жан беріпті. Кірпінің үрпейіп, тікірейіп жүретін әдеті сол екен. Адамның маңдай топырағынан бүркітті ұшырды. Бүркіттің биікте самғайтыны әрі паң мінезі осыдан қалыпты. Кеуде топырағынан арыстанды тірілтті. Арыстанның айбатты келетіні осыдан екен. Иығынан бір уыс топырақ алып өгіздің ұрпағын өргізді. Өгіздің күшті болып, диірмен тартатыны содан екен. Адамның мойын топырағынан керік жаралды. Керіктегі мойынның серейіп ұзын болғаны содан екен. Адамның кіндік топырағынан ит пішінделді. Осының себебінен ит пен адамның тіршілігі бір-біріне тәуелді бопты. Адамның арқасындағы азғантай топырақты сылып алып, одан түйені дүниеге келтірді. Түйенің ауыр жүкті қиналмай арқалайтын қайраты осыдан қалыпты. Адамның омырауынан сиырды пошымдады. Сиыр содан бастап сүтті жануарға айналды. Адамның қабырғасынан мешінді тірілтті. Мешіннің адамға ұқсаған пошымы осыдан қалыпты. Адамның білегінен жолбарысқа дене мен жан берді. Жолбарыстың қайратты әрі алымды болатыны осыдан екен. Адамның алақан топырағынан қойды шұбыртты. Қойдың берекелі жануарға айналғаны осыдан екен. Адамның саусағынан өрмекшіні өргізді. Өрмекшінің тор тоқитын ісмерлігі осыдан шығыпты. Адамның тырнағынан көртышқан дүниеге келді. Көртышқанға жер қазатын қасиет осылай дарыды. Адамның тізесіндегі топырақтан алып пілді жаратты. Піл аяғының әрі жуан әрі күшті болатыны осыдан екен. Адамның табан топырағынан жылқыны жарыққа шығарды. Жылқының жүйрік келетіні осыдан қалыпты. Адамның балтырынан киікті жаратты. Киіктің жылдам жүгіретіні осыдан қалыпты. Адамның өкшесінен тасбақаны жаратты. Тасбақанның қатты болатын қасиеті осыдан қалыпты. Адамның құйрығындағы топырақтан доңызды жаратыпты. Доңыздың арам жануарға айналған себебі сол екен. Адамның қолтығындағы топырақтан күзенге тіршілік сыйлады. Күзеннің сасық болатыны содан екен. Адамның әуретті жерінен жарғанат пайда болыпты. Жарғанат содан бастап күндіз ұшуға ұялып, тек түнде ғана тіршілігін жасайды екен. Адамның ішегінен жылан жаралыпты. Жылан азығының асқазанда емес, ұзын-сонар бойында қорытылатыны осыдан екен. Адамның өтінен мысық жаралды. Адам үшін мысықтың бірде пайдалы, бірде зиянды болатыны осыдан екен. Адамның бүйрегінен балықты жаратты. Балықтың суда өмір сүретін қасиеті осыдан қалыпты. Адамның өкпесінен құрбақа жаралды. Құрбақаның бірде үлкейіп, бірде кішірейіп жүретіні осыдан екен.Адам мен жан жануардың арасында осындай жақындық болғандықтан да оларды нақақ өлтіруге тыйым салынды. Ал Адамның ет-жүрегінен ешқандай жануарды жартпады. Себебі ет-жүрек адамға ғана тән ағза болатын. Айуанда жоқ адамда ғана бар мейірім, махаббат, шапағат, қанағат, сабыр, сақтық, еркіндік, жауапкершілік сияқты адами қасиеттердің ұйыған мекені ет-жүректің іші екен. Сондықтан адамдық бейнесін сақтап қаламын деген пенде жүрегіне ие болсын! Мәлике: Пейішке кіретін бір ит бар. Ол қайсысы?Әбілда: Ол Әсһабүл қефтің иті. Мәлике: Пейішке кіретін бір түйе бар. Ол қайсысы?Әбілда: Ол – Салық пайғамбардың түйесі.
Мәлике: Пейішке кіретін бір есек бар. Ол қайсы?Әбілда: Ол – Ғайсаның есегі. Мәлике: Пейішке кіретін бір қой бар. Ол қайсы?Әбілда: Ысмағұлдың орнына құрбандыққа шалынған көк қошқар. Мәлике: Бір жансыз зат бар иесінен бұрын пейішке кірген. Ол не?Әбілда: Ол Ыдырыс пайғамбардың кебісі. Әлқиса, оқиға былай болған.Бір күні Тәңірі тағала періштелерге «Ыдырыстан асқан білімді жоқ» деп мақтанды. Періштелер Ыдырысты Құдайдың рұқсатымен қонаққа шақырып сынамақ болды. Сұхбат үстінде Ыдырыс Әзірейілге:– Жан тапсырып көргім келеді. Жанымды алып, қайта салшы. Өлім хәлін бастан кешіп көрейін, – деді. Әзірейіл Ыдырыстың жанын табанынан тартып, мұрнынан суырғанда, Ыдырыстың жан дауысы шықты. Жанын қайта кіргізгенде, Ыдырыс:– Жан шіркін тәтті екен! Қатты қиналдым. Адамның өлімнен не үшін қорқатынын енді түсіндім. Ысрапыл сүр үрлегенде, дүние астаң-кестең болады екен. Сол құдіретті көргім келеді. Сүр үрлеші, – деді Ысрапылға. Құдай досының көңілін қимай, ол кернейін тартты. Керней тартқанда Ыдырыстың зәресі қалмады.– Сүрдің дауысы зәрлі екен. Айбатынан он сегіз мың ғалам дірілдеді. Зәрем зәр түбіне кетті. Енді қыл көпірден өтіп, жеті тозақты көргім келеді, – деді. Мәкайіл оны қыл көпірден алып өтіп, тозақты көрсетеді. Тамұқтағы сұмдықты көріп, жаны шошиды.– Тозақ қорқынышты екен. Алла пендесін тозаққа тастаудан сақтасын! Енді жұмақты аралап көрейін, – деп Жебірейілге қолқа салды. Ол да Құдай досының көңілін қимай, келісіп:– Жарайды, бірақ шартым бар. Пейішке кірген адам қайтып шыққысы келмейді. Қайта шығам деп уәдеңді бер! – деді. Ыдырыс сөз берді. Жебірейіл оны ертіп, жұмақтың сегіз қабатын түгел аралатып көрсетті. Ыдырыс сәмбі талдың жанына келгенде бір кебісін әдейі ұмыт қалдырды. Аралап болған соң пейіштен шықты. Жұмақтан ұзай бергенде: – Пейіште бір кебісім қалып қойды. Тез барып, алып келейін, – деп рұқсат сұрады. Жебірейіл:– Жарайды, тек тез кел! – деді. Пайғамбар сол кеткеннен мол кетті. Кешіккен сайын періште мазасызданып тұрды. Шыдамы таусылып, Ыдырысты іздеп қайта кірді. Қараса, пайғамбар әлгі сәмбі талдың саясында дамылдап жатыр екен.– Әй, Ыдырыс, бұл не жатыс? Мен сені күтіп тұрмын ғой. Шық сыртқа! – деді. Пайғамбар таңданып:– Шыққаны қалай? «Жұмаққа бір кірген адам қайта шықпайды» деп өзің айттың ғой? – деді.– Иә, бірақ сен қайта шығамын деп уәде бергенсің?– Мен уәдемде тұрып, пейіштен шықтым. Екіншісінде кебісімді алу үшін кірдім. Ол кезде уәде бергенім жоқ.– Адам жұмаққа кіру үшін алдымен өліп, қайта тірілуі керек.– Оны білемін. Әлгінде Әзірейіл жанымды алғанда бір өліп, тірілгенмін. – Адам қайта тірілу үшін қиямет болуы керек. – Әлгінде Ысрапыл сүр үрледі. Мен қияметтің дауысын естідім ғой, – деді. Сөзден жеңіліп бара жатқан Жебірейіл сасқалақтап:– Жұмаққа кірер алдын қылкөпірден өту керек, – деді. Сонда Ыдырыс:– Мәкайылмен бірге қылкөпірден өтіп, тозақты аралап шыққаным есіңнен шығып кетті ме? – деп сұрады. Періште сөзден жеңілді. Сол кезде Жаббар Хақ: – Әй, Жебірейіл, сөз тапқанға қолқа жоқ! Оны білімді деп айттым ғой. Ыдырыс айласын асырды. Енді оның жұмақта мәңгі бақи қалуына рұқсат! – деді. Осылайшы Ыбырыс пейіштен мекен алды. Бірақ пейішке оның өзінен бұрын кебісі бірінші кірген деседі. Мәлике: Бір мақұлық бар. Адам ата заманынан аш жүрді. Нұхтың топанында өзіне азық тапты. Ол не? Әбілда: Ол – жылан еді. Әуелде жылан пейіштің күзетшісі болды. Бір күні Ібілісті пейішке кіргізіп, Тәңірдің қаһарына ұшырады. Аяқ-қолынан түгел айырылып жерге түсті. Жазасы ретінде Тәңірі оған ризық бермеді. Мәлике: Топан суда Нұх пайғамбардың кемесінде болмаған екі мақұлық бар. Ол қайсы?Әбілда: Оның бірі – қарлығаш, бірі – маса еді. Нұх кемесін тышқан тесіп, ішін су жайлағанда жылан бүкіл денесімен тесікті бітеді. Ұзақ уақыт мұздай суда жатқандықтан денесін суық жайлады. Жылан денесінің мұздай болатыны содан қалыпты. Оның үнемі алтын бар жерді мекендеп, алтынның буына денесін қыздырып жататыны осы екен. Жылан тесікті бітерде Нұхқа арыз айтты:– Маған Тәңірі тағаладан ризақ бұйырмады. Сен пайғамбарсың. Алладан сұрап, рақаттанып жейтін сүйікті асымды алып бер! – деді. Нұх келісті. Топан су тартылып, кеме Қазығұрт тауында аман-есен жағаға шықты. Жылан Нұхтан уәдесін сұрады. Пайғамбар:– Не жегің келеді? – деді. Жылан: – Мен өзім таңдаймын. Қайсысын ұнатамын, соны сүйікті ризығым етіп бекітесің, – деді. Нұх амалсыз келісті. Әу баста кемеге мінерде Нұх пайғамбар жылан мен шаянға қарап: – Кемеде біреуді шағып алып, жаралап жүрерсіңдер. Уларыңды тастаңдар, – деп әмір еткен еді. Жылан улы тісін, шаян тікенін тастап кемеге кірген болатын. Бірақ Құдайдың құдіретімен жыланның улы тісінен маса, шаянның тікенінен сона пайда бола кетті. Олар да ызылдап кеме іші кіріп алған екен. Жылан дәмді қан іздеуге масаны жұмсады. Жәндік зуылдап ұша жөнелді. Барлық жануардың қанын сорып, тәтті азық іздеді. Ең соңында бесікте жатқан Нұхтың немересінің бетіне қонды. Қанын сорып көріп еді, тәтті екен. Қуанып жыланға хабарлауға асықты. Сол сәтте Тәңірі тағала қарлығашты жаратты да:– Масаның жолын тұт! Менің пайғамбарыма зияны тимесін! – деп әмір берді. Ә, дегенше, қарлығаш масаның алдынан ұшып шықты. Маса жыланның тілінен жаралғасын ол заманда сөйлей алатын қасиеті бар еді. Қарлығаш:– Әу, маса ең тәтті қан ненікі? – деп сұрады.– Адамдікі, – деді маса. – Кәнекей, мен де дәмін татып көрейін! – деді. Маса тілін шығарып еді, қарлығаш тілін жұлып алды. Маса ызыңдап, сөйлей алмай қалды.Тілінен айрылып жыланға келді. Жылан:– Тәтті қанды таптың ба? – деді. Маса ызыңдап сөйлей алмады. – Ненің қаны тәтті? – деп жылан екінші рет сұрады. Сол кезде қарлығаш шыға келіп:– Мен жолығып сұрағанда құрбақа деп еді. Құрбақаның қаны тәтті, – деді. Жылан бір нәрсенің болғанын сезді: – Ендеше маса неге сөйлей алмай қалды? – деді. Қарлығаш:– Ол қомағай екен. Тәттіге құнығып, өзінің тілін жұтып қойған, – деді. Сол кезде Нұх пайғамбар қолын жайып:– Уа, Тәңірім, жыланның азығы етіп құрбақаны бер! – деп дұға етті.Жылан бұрын пейіште мекендеген еді. Қарлығаштың денесінен пейіштің иісін сезіп қойды. Заматта қарлығашқа тап берді. Қарлығаш жалт берді. Жылан оның құйрығынан тістеп жұлып алды. Содан бастап қарлығаштың құйрығы айыр болып қалды. Адамның жанына жақын өмір сүріпті. Біздің түркі жұртында «қарлығаш қай үйге қонса, сол үйде береке болады» деп ырымдайды. Мәлике: Не себепті Жәбірейіл, Әзірейіл, Мәкәйіл, Ысрапылдың дәрежесі өзге періштелерден артық болды?Әбілда: Әлімсақта бүкіл періште ілім сайысында жеңілген соң Тәңірі тағала:– Адамға сәжде етіңдер! – деп бұйырды. Сол кезде төрт мұқарап періштенің маңдайы сәждеге бірінші боп тиді. Сол себептен дәрежелері өзгеге қарағанда кемелденіп шыға келді. Мәлике: Кекшілдік кімнен қалды?Әбілда: Ібілістен қалды. Ол Алланың дәргейінен қуылған соң, кеудесіне кекшілдіктің отын жақты. Осы кекшілдік дерті ақиретке дейін оған Алланың мейірім сипатын көрсетпейді. Мәлике: Адамның жаратылысы қанша жерден мықты болса да бір әлсіз нүктесі бар еді. Ол қай тұсы? Әбілда: Ол адамның күмәншіл мінезі. Мәлике: Қабірге мазарды ең алғаш кім тұрғызды?Әбілда: Ыдырыс пайғамбар. Ол ілімнің соңына түсіп дүниені шарлап шыққан жалғыз пайғамбар еді. Жер бетінде оның табаны тимеген топырақ қалмады. Бір күні ол ілім-білімнің күшімен Нұхтың заманын, оның кеме соғып жатқанын, топан су болатынын біліп қойды. Бүкіл жануар Нұхтың кемесіне тығылып, аман қалады. Бірақ әруақтардың моласы қирап, жоғалады екен. Ыдырысқа бір ой келді. Ол осының алдын алайын деп, жер бетіндегі жүрегі таза момындардың мазарын салуды, оларға құлыптас қоюды міндет етіп алды. Кейін топан су қаптап, жер бетін сел басқанда Ыдырыстың салған мазарларын қирата алмады. Топан су тартылған соң да, ол мазарлар кейінгі заманға аман-есен жетті. Мәлике: Сәлемдесу кімнен қалды?Әбілда: Ол сияр кітаптарда былай баяндалады: Тәңірі тағала ең әуелі Әзіретті Мұхамбет пайғамбардың нұрын жаратты. Ол нұрдың бір тамшысынан Қалам мен Лаухыны жасады. Сосын Алла тағала ол екеуіне:– Менің сүйікті пайғамбарыма сәлем беріңдер! – деді. Ол екеуі Мұхамбеттің нұрына:– Ассалаумағалейкум, иә Мұхамбет! – деп сәлем берді. – Уағалейкумассалам уа рахматуллаки уа баракатуһ, – деп Пайғамбардың Нұры сәлемді қабыл алады. Сол сәтте Алладан әуез жетіп:– Кімде кім сәлем берсе соған берекетім жауады. Кім сәлемді қабыл алса, саған жұмағым нәсіп болады, – деді. Алла тағала сәлем беруді әмір еткен соң мұсылман баласы үшін сәлем беру парыз саналды. Пайғамбардың нұры сәлемді қабыл алған соң сәлемді алу – сүндетке айналды. Мәлике: Жердің аузы бар ма? Әбілда: Бар. Шебер Алла жерді жаратқанда оған тіл бітті. Ол Тәңірге тәхлил-тәспих айтып, тоқсан тоғыз есімін зікірге қосты. Алла оған риза болып:– Қара Жер, ықыласыңа разымын. Сен ақиреттің көлеңкесі боласың. Адамзаттың бес күн жалғандағы сынақ алаңы сенде өтеді. Адам ұрпағы пәни жалғанда еккен егінін ақиретте Менен алатын болады, – деді. Жер: – Уа, Тәңірім, мен де Сенің мәңгілік назарыңда болғым келеді. Сынақ алаңынан басқа маған қандай да бір нығметің нәсіп бола ма? – деп сұрады. – Қара Жер, қайғырма. Мен әділ Құдаймын. Бір үйімді сенің бетіңе соғамын. Құдіретімнің белгісі ретінде қара тасты жерге түсіремін. Тәубе қылып, Менен рақмет тілеген құлдарым Менің үйіме зиярат жасайтын болады, – деді. Жердің осы тәхлил-тәсбих айтқан аузы қазіргі Меккенің орны екен. Ұлық Алла Адам ата жазықты болып жерге кетерде оған былай деді:– Әй, Адам, Жерге барған соң Менің үйімді соғасың. Мен әлімсақта қара жерге құрмет көрсетемін деп уәде еттім. Барлық қылған тәубеңді Қағбаға барғанда қабыл көремін. Қағбаның белгісі қасиетті қара тас болар! – деді. Содан бастап Қағба Құдайдан рақмет тілеп, қажылыққа баратын барлық тақуа-тауазылардың киелі мекеніне айналыпты. Мәлике: Әруаққа неге Құран бағайыштайды?Әбілда: Ол туралы мынадай аңыз бар. Тәңірі тағала ешқашан, ештеңеден жаралмаған, әуелден бар зат еді. Әлемнің іші де, тысы да бір өзі. Әлемнен бөлек те емес, бірге де емес құпия қазына болатын. Жаббар Хақ түр-түсі, шет-шегі, бет-келбеті, салмағы, мекені болмайтын мәңгілік құбылыс. Құдай өзінің құпиясын ашып, рухани қазынасы мен шарапатын он сегіз мың ғаламға тарату үшін, өзіне орынбасар жаратуды ұйғарды. Сол кезде тау-тас, орман-ағаш, от-су, аспан-жер барлығы «Адамды менен жаратса екен» деп таласты.– Мен биікпін, менен жарат, – деді Тау. – Мен әзизбін, менен жарат,– деді Алтын. – Мен тасқынмын, менен жарат, – деді Су. – Мен дүлеймін, менен жарат,– деді Жел. – Мен күштімін, менен жарат, – деді От. – Мен асқақпын, менен жарат, – деді Аспан. – Мен жұмсақпын, менен жарат, – деді Ағаш. – Мен қаттымын, менен жарат, – деді Тас. Сөйтіп барлығы таласып жатқанда, жер ғана сынықтық танытып: – Мен мақұлық атаулының табанының астында жатамын. Ұлық Алла орынбасарын мұндай қадірсіз заттан жаратпас. Түбім – топырақ. Бүкіл күл-қоқысты маған көмеді, лас суды маған төгеді. Мен бұл құрметке лайықты емеспін, – деп ойлады. Сонда Тәңірі тағала: – Әй, Тау, сенде бір мін бар, тәкаппарсың, кішіреюді білмейсің. Алтын, сенде бір мін бар, баяның жоқ. Сыртың жылтырақ, ішің қалтырақ. Су, сенде де мін бар, тасығанда өткел бермейсің. Жел, сен – тұрақсызсың, мінезің құбылмалы. От, сенің мінің – қатыгезсің, жанғанда жақсы мен жаманды айырмайсың, жан-жағыңды жайпап кетесің. Аспан, сенің мінің – мақтаншақсың, өзіңнен басқаны көзге ілмейсің. Ағаш, сен – әлсізсің, сынақта сынып кетесің. Тас, сен – мейірімсізсің, жақынға жылуың жоқ, – деді. Сосын жерге қарап:– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – деді. Осы кезде Қара жер Алладан дат сұрады. – Уа, Жаратушы Ием, адамды менен жаратқаныңа қарсы емеспін. Олар қанша мыңдап жерленсе де, мен олардың денесін шірітіп, тәндерін топыраққа айналдырамын. Бірақ, адам баласы ғапылдықтан күнәні көп жасайды. Олар өмірден өткен кезде, менің қойныма таудай күнәлар арқалап келеді. Сонда олардың ауыртпалығын кім көтереді? Жасаған қиянаттары мен зорлық-зомбылықтары менің де арқама батар, – деді. – Қара жер қайғырма! Мен шебер Алламын. Олардың күнәсін жойып, саған салмақ салмауға құдіретім жетеді. Мен адам ұрпағына Құран түсіремін. Марқұм болған адамның ұрпақтары әруақтарды еске алып, оларға құран оқытып, дұға ететін болса, олардың күнәлары жойылып отырады. Сонда саған да артық жүк түспейді. Мұсылмандар әруаққа құран оқуды тоқтатқанша осылай жалғаса береді, – деді. Қара жер сонда барып тынышталыпты.Әруаққа құран оқу салты тоқтағанда қара жер адамдардың күнәсін көтере алмай жарылып кетеді деседі. Ақырзаман осылай басталады екен. Мәлике: Не үшін Адам атаны Сафиулла деп атады?Әбілда: Адам ата топырақтан жаралғандық оны Сафиулла деп атады. Мәлике: Шишті не үшін Һибетулла деп айтты?Әбілда: Адам ата мен Хауа ана Әбілден айрылған соң қайғыдан қан жұтты. Жаббар Хақ екеуін жұбату үшін Шиш деген ұлды сыйға берді. Сондықтан Шишті Һибетулла деп атады. Бұл – Алланың сыйы деген сөз. Мәлике: Ыдырысты неге Саһафулла деп атады?Әбілда: Себебі Ыдырыс алғаш болып әріптерді таңбаға түсірген пайғамбар. Сондықтан оны – Алланың жазуының иесі деп атаған. Мәлике: Нұхты неге Нажиулла деді?Әбілда: Нұх кеме жасап топан судан аман қалды. Сондықтан оны Нажиулла деп атады. Мағынасы – Алланың бақытына ие болушы деген сөз. Мәлике: Не үшін Хұд пайғамбарды Әмирулла деп атайды?Әбілда: Тәңірі тағала Хұдты тоғыз жасында пайғамбар етіп таңдап, Арабтардың жеріне Әді деген еліне жіберді. Сол елдің Әжақ деген патшасына Алланың әмірін жеткізген еді. Сондықтан оны Әмирулла, яғни Алланың әмірін жеткізуші деп атады. Мәлике: Ыбырайымды Халилолла деп неге атаған? Әбілда: Ұлық Алла Ыбырайымды өзіне дос тұтты. Сондықтан оны Халиолла деп атады. Мәлике: Лұт пайғамбарды Сәлимолла деп не үшін атаған?Әбілда: Лұттың заманында Садум деген шаһардың халқы қатты азғындап кеткен еді. Тәңірі тағала сонда да олардан күдер үзбеді. Оларға Лұтты пайғамбар етіп, өзінің сәлемін жіберді. Сондықтан Лұтты Сәлимолла, яғни Алланың сәлемі деп атаған. Мәлике: Ысмағұл пайғамбарды не үшін Забихулла деп атады. Әбілда: Себебі әкесі Ысмағұлды құрбандыққа шалмақ болды. Сол сәтте көктен қошқар түсіп, аман қалды. Сондықтан оны Забихулла, Құдай жолына құрбан болушы деп атады. Мәлике: Жақып пайғамбарды неге Исраилулла деп атады?Әбілда: Ысқақ пайғамбар үлкен ұлы Ияздың пайғамбар болғанын қалады. Ал Құдайдың назары кіші ұлы Жақыпқа түсті. Сондықтан оны Исраилулла деп атады. Мағынасы Құдайдың таңдағаны деген сөз. Мәлике: Жүсіп пайғамбарды неге Рүятулла деп атады?Әбілда: Себебі Тәңір тағала Жүсіпке түс жорудың мұғжизасын берді. Сондықтан оны Рүятулла деп атады. Мағынасы Құдайдың түс жорушысы деген сөз. Мәлике: Аюб пайғамбарды не себепті Сабирулла деп атаған?Әбілда: Оны дерт меңдеп, денесін қырық жыл құрт жеп жатса да тағатын үзбеген. Сынақта сүрінбеген. Ібіліс оның әйелін арбап, отбасы мен достарының арасына да от салды. Аюб сонда да сыр бермеді. Ібіліс күніне мың түрлі бәле шақырса да, Аюб жеңілмеді. Денесінен түскен құрт болса, оны жерден алып: – Алла саған менің етімді ризық етіпті. Несібеңнен айрылма, – деп құртты жарасына қайта салады екен. Аюптың сабырлылығын көріп, сайтандар түңілген екен деседі. Сондықтан да оны Сабирулла, Алланың сабыры деп атаған. Мәлике: Шұғайып пайғамбарды неге Насихулла деп атады?Әбілда: Шұғайып арабтың Мәдейін деген қаласына барып жұртқа насихат айтқан еді. Оларға ең бірінші «Адал болыңдар!» деп уағыз айтты. Сондықтан оны жұрт Насихулла, Алланың насихаты деп атап кетті. Мәлике: Не үшін Мұса пайғамбарды Кәлимолла деп атады?Әбілда: Себебі Мұса пайғамбар Тұр тауында Тәңірсімен тікелей тілдесті. Сондықтан оны Кәлимолла, Алламен тілдесуші деп атады. Мәлике: Харунды неге Муинулла деп атаған?Әбілда: Мұса пайғамбар дүниеге келер кезде Перғауын түс көрді, тұсінде ғажап іс көрді. Бәйтүл Мұқадас жақтан жалындаған от келіп, оны әскерімен қосып өртеп жіберді. Перғауын шошып оянып, түсін жорытты. Көріпкел-бақсылар «Исраил жұртында дүниеге келетін сәбилерді өлтір!» деп кеңес айтты. Перғауын сәбилерді өлтіруге жарлық шашты. Сол сәтте Ымыранның әйелі босанып, дүниеге Мұса пайғамбар келді. Шешесі патшаның әмірінен қорқып, сәбиін сандыққа салды да, Ніл өзеніне ағызып жіберді. Оны Пер-ғауынның әйелі Әсия тауып алды. Ол нәрестені сарайға әкеліп, баға бастады.Патша сәбиді көрген бетте өлтірмекші болды. Сонда әйелі: – Қаршадай бала саған не зиян ете алады? Оны өлтірме! – деп араша түсті. Сонда перғауын Мұсаның алдында шоқ пен алманы қойып: – Егер бала шоқты ұстаса аман сақтаймын. Егер алманы таңдаса ақылы бар деген сөз. Онда сөзге келмей өлтіремін! – деді. Мұса алманы ұстамақ болып жақын барып еді, Жебірейіл періште оны бұрып жіберді. Ол тәлтіректеп барып, шоқты ұстап алды да, аузына салып жіберді. Сол кезде тілінің ұшы күйіп сақауланып қалды. Перғауын баланың таңдауын көріп, ақымаққа балады. Кейін Мұса пайғамбар болып, елге уағыз айта бастағанда тілінің мүкістігі кедергі келтірді. Сол кезде Құдай тағала оған серік етіп туысқан інісі Харунды қосты. Сондықтан да Харунды Муинулла, яғни Алланың көмегі деп атаған. Мәлике: Жүніс пайғамбарды не үшін Зуннунулла деп атады. Әбілда: Жүніс пайғамбар қырық күн балықтың ішінде жатты. Зуннунулла – Тәңірдің балығының иесі деген сөз. Мәлике: Не үшін Ілиясты Хикметулла дейді?Әбілда: Ілияс – Қияметке дейін тірі қалған пайғамбардың бірі. Ол Қызырға ілесіп, ел аралап жүреді екен. Қызыр ата халыққа Құдайдың берекесін дарытса, Ілияс Алланың хикмет-даналығын үйретеді деседі. Сондықтан да оны Хикметулла, Алланың даналығы деп атаған. Мәлике: Ескендір Зұлқарнайынды не үшін Жаһидулла дейді?Әбілда: Себебі ол батыс, шығыс, түстік, желдіктегі жауыздардың бәрімен шайқасып, тізе бүктірген баһадүр еді. Алланың дұшпаны Әжүж бен Мәжүждің әскерін күл талқан етіп, өздерін Қап тауына зынданға шегеледі. Сондықтан оны Алланың күрескері – Жаһидулла деп атады. Мәлике: Не үшін Ұлықпан хакімді Тәбибулла деп атаған?Әбілда: Тәбибулла – Алланың дәрігері деген сөз. Ұлықпан мың түрлі дерттің дауасын тапқан данышпан еді. Сондықтан Тәбибулла аталды. Мәлике: Дәуіт пайғамбарды не үшін Зерратулла деп атаған?Әбілда: Дәуіт темірден түйін түйіп, сауыт-сайман жасаған ұста еді. Сондықтан оны Зерратулла деп атады. Бұл Алланың сауыты деген сөз. Мәлике: Сүлеймен пайғамбарды не үшін Тәжулла деп атады?Әбілда: Себебі Құдай тағала Сүлейменге жер мен көктің билігін берді. Жан-жануардың тілін үйретті. Құдіретті жүзік берді. Патшалық берді. Сүлеймен арқылы Құдай тағала өзінің құдіретін паш етті. Сондықтан оны Алланың тәжі деп атаған. Мәлике: Ұзайыр пайғамбарды не үшін Насырулла деп атады?Әбілда: Себебі ол Шам халқына Алланың жәрдемі етіп жіберілген еді. Сондықтан Насырулла аталды. Мәлике: Жақия пайғамбарды не үшін Хашиулла атады?Әбілда: Себебі Жақия пайғамбар жұртқа кішіпейіл мен көркем мінездің үлгісін көрсетті. Сондықтан оны Алланың кішіпейілі деп мақтаған. Мәлике: Ғайсаны неліктен Рухолла деп атады?Әбілда: Себебі Ғайса әкесіз туды. Құдайдың құдіретімен жаралғасын оны Рухолла деп атады. Мәлике: Әзіреті Мұхамбет пайғамбарды не үшін Хабибулла деп атады?Әбілда: Себебі Құдай тағала Мұхамбет пайғамбарды ерекше жақсы көрді. Оны сүйгені сонша он сегіз мың ғаламға рақмет етіп жіберді. Сондықтан оны Хабибулла, Алланың сүйіктісі деп атаған. Мәлике: Мықты болсаң Адам атаның ерлігін жырла.Әбілда: Тәңірі тағала Адам атаны балшықтан ӨЗІ мүсіндеді. Оған рух үрлеп, көкірек көзін ашты. Ібілісті ілім-сайысында тас-талқан етіп жеңді. Күллі періште оған сәжде жасады. Хауа анамызбен жұбын жазбай, адал махаббаттың алғашқы үлгісін көрсетті. Адам атаның себебінен Құдайдың ықыласты құлдары мен пасық құлдарының арасы ажырады. Жаббар Хақтың ауыр сынағын алғаш бастан кешті. Қара тасқа ең бірінші тәу етті.Мәлике: Ыдырыс пайғамбардың ерлігі жайлы не айтасың?Әбілда: Ыдырыс – ең бірінші әліппені түзеген пайғамбар. Дыбысты теріге түсіріп таңбалаған терең ілім иесі. Жазу-сызу содан басталды. Ол болмағанда ғалымдардың хаттары тасқа түсіп сақталмас еді. Біз Алланың сүйікті достарына көктен түскен рисаланы оқымас едік. Ол – періштелерден айласын асырып, Әзірейілдің құрығына ілінбей кеткен жалғыз пайғамбар. Ол жұмақта қазір де өмір сүріп жүрген жалғыз пайғамбар. Мәлике: «Екінші Адам» атанған Нұх туралы не айтасың?Әбілда: Оның жүрегі ой мен қиялға бай еді. Пайғамбарлар ішінде ең ұзақ ғұмыр сүру соның маңдайына жазылды. Ол надандыққа әбден батқан ел-жұртын қаншама жыл сүйреді. Ар мен намыс, ұят пен ибаны, мейірім мен қайырымды халыққа жеткізем деп жаны жай таппады. Төбесі көк тіреген алып бәйтеректен алып кеме тұрғызу Нұх сияқты батырдың ғана қолынан келетін еді. Жануарлар мен адамдарға пайғамбарлық етіп, топаннан аман алып қалды. Ол болмағанда, біз осы күнге жетпес едік. Мәлике: Енді Ыбырайым пайғамбарды ұлықта?Әбілда: Ыбырайымды сахарда туған шолпандай ұлық пайғамбар деп айтады. Одан асқан дарқан жоқ. Қонақ күту, жомарттық содан басталды. Көңілі түскен кісіге астындағы жалғыз атын сойып беретін нағыз мәрттің өзі еді. Жалғыз отырып ас ішпеді. Құшақтасып көрісу содан қалды. Оған қос пайғамбардың әкесі атану бақыты бұйырды. Төрт періштенің зікіріне ғашық болып, бар малын сарп қылған. Өз қаржысына қасиетті Қағбаны жаңалаған Алланың сүйген досы еді. Алла оны бекерге Халиолла деп атаған жоқ. Ол – Хақтың жолында жалғыз ұлын құрбанға шалмақ болған ең тәуекелі мықты ұлық пайғамбар. Мәлике: Ысмағұл пайғамбардың дәрежесі қандай?Әбілда: Ысмағұл – мың жылда бір туатын ер. Анадан туа сала зәмзәмнің көзін ашты. Оның шарапатынан зәмзәм суы тоқтаусыз ағып тұр. Оның рақатын қазір біз көріп отырмыз. Ол Алланың жолында шыбын жанын пида етті. Жас та болса, бас болатын дана еді. Жомарттықта әкесінен асып түсті. Ыбырайым оны құрбанға шаларда: «Әй, ұлым, көрдің бе, менен өткен жомарт жоқ. Жалғыз ұлымды Алла үшін құрбан қылдым», – дегенде, ұлы: «Әке, сен жалғыз ұлыңды құрбан етсең, мен жалғыз жанымды құрбан етіп жатырмын. Қайсымыз жомарт екенбіз?» – деп, Ыбырайымды сөзден тосқан. Мәлике: Ыбырайымның екінші ұлы Ысқақтың қандай ерлігін білесің?Әбілда: Ысқақ пайғамбарлар көшін бастаған. Анасы Сара тоқсанға келсе де, пұшпағы қанамаған бақытсыз әйел еді. Ысқақ анасының үміті үзілуге шақ қалғанда көзінің қуанышы болған бақытты жан еді. Алланың дидарына ғашық болу содан басталған. «Жаратқанның жамалын қайтсем де көремін» деп ұйқысын «бауыздаған». Кеш жатса да, сахар уақытын қаза кетірмей, бұлбұлдарға қосылып, құйқылжыған әуенмен Аллаға зікір айтқан. Оны «бәну Исрайылдың ұлық атасы» дейді. Мәлике: Жақып пайғамбардың қандай ерекшелігі бар? Әбілда: Ол да – ұлық пайғамбар. Ол сияқты жүрегіне сақ болған ешкім жоқ. Қылдай қиянаттан қашық жүрді. Жолда жатқан құрт-құмырсқаға зияным тимесін деп әр қадамын аңдап басты. Құдай үшін көз жасын тауысып жылаған ол сияқты адам жоқ. Көзінің жасынан шөліркеген шыбын сусындаған. Періштелер әр тамшысын пейіштің жібегіне орап, құрметпен ұстаған. Мәлике: Жүсіп пайғамбарды сипатта!Әбілда: Жүсіп – Құдайдың ерекше жаратқан қайырымды құлы. Суық құдықта қиналып жатса да, қабағын шытпаған асыл ер. Туған ағалары қастық қылса да, жүрегіне кек сақтамаған нағыз ақжүрек. Бауырымен үш күн араздасқан адамға иман нұры дарымайды. Қастандық қылған тоғыз ағасын кешіріп, панасына алған. Адал жарға сенімді күйеу болған жігіттің нағыз сұлтаны еді. Зинадан қашып, өзін өзі зынданға тастаған. Құдайға осы қылығы жаққандықтан, Раббысы оған түстің мұғжизасын берген. Түс жоритын сол кереметі бүкіл жұртына қайырлы болды. Сегіз жылға созылған алапат аштықтың алдын алды. Перғауынның тағына отырып, әділдікпен ел басқарды. Зылиханың махаббатын Алланың ғашықтығына ұластырған ұлық пайғамбарлардың бірі еді. Мәлике: Дәуіт пайғамбардың батырлығын баянда! Әбілда: Ер Дәуіттей жүрек жұтқан батыр пайғамбар аз. Ол он үш жасында Жалұттай жауыздан қасиетті Қағбаны азат қылды. Ақырғанда дауысы алпыс шақырым жердегі жаудың жүрегін ұшырды. Отыз ұлының орнына Раббысы оған Сүлеймендей бекзаданы нәсіп етті. Нанын адалдан жеймін деп Алладан кәсіп сұраған. Патшалық тағын тастап, адал еңбекпен күн кешті. Темірді балшықтай иледі. Ел-жұртын жыланның шабуылынан құтқарды. Алғаш болып сауыт-сайман соқты. Ұсталардың пірі болды. Оған Забурдың жырларын түсірді. Ән салғанда ұшқан құс пен жүгірген аң тоқтап тұрып әсем дауысын тыңдаушы еді. Мәлике: Су иесі – Сүлейменнен сөйле.Әбілда: Сүлеймендей Құдайға сүйікті болған пайғамбар аз. Алланың оны жақсы көргені сондай: мақұлық атаулымен тілдестіріп, даналығын шексіз шыңдатты. Сүлеймен содан сөзге ұста, ойға ұшқыр болды. Жын-періні тізе бүктіріп, әл-Ақсаны салдыртты. Өзі өлсе де, таяғына сүйеніп қырық жыл тұрды. Оның сұсты келбетінен қорыққан жын-пері өлі-тірісін біле алмады. Құрт келіп аса таяғын кеміріп құлатпағанда жындар әліге дейін әл-Ақсаны салып жүре беретін еді. Жердегі жануарды менсінбегесін, Алла оған пейіш-
тен тұлпар түсірді. Әлемнің билігін бір жүзікке сыйғызды.
Мәлике: Жүніс пайғамбар несімен ұлық болды? Әбілда: Ол сияқты ауыр сынаққа төзген ешкім жоқ. Қырық күн қылуетте жалғыз жатып тағат қылған талай тақуалар өткен. Бірақ ол сияқты қырық күнді тар қапаста өткізген ешкім жоқ. Кемедегі жұрт қол-аяғын байлап теңізге лақтырғанда балыққа барып жұтылды. Жайынның қарнында қырық күн қамалса да, зікірін тілден тастамады. Абыройының асқақ болғаны соншама: күллі балық жабылып, жалаңаш денесін жасырған. Соның себебінен Залуқа атты балықтың ұрпағына береке дарыды. Теңізде жүзген жалғыз пайғамбар. Мәлике: Мұса пайғамбардың парасатын сипатта!Әбілда: Өкініп тәубе етуде Мұса кәлимолла талай жанға үлгі болды. Алла оны перғауындай жауыздың сақалының астында сақтады. Перғауынмен айқасқанда қолына аса таяқ ұстатты. Күшін жаудан басым етті. Теңізді жарып, перғауынды суға тұншықтырды. Халқын құлдықтан елдікке бастады. Тұр тауында Алламен жақын келіп сырласты. Жұртына Тәуратты әкелді. Көктен тағам түсірді. Қырық күн тұрып тағат қылып, Алланың разылыған алды. Шешендікте одан өткен пайғамбар жоқ. Мәлике: Ғайса пайғамбардың дәрежесі қандай?Әбілда: Адамды сүюде Ғайсадан асқан ешкім жоқ. Бір бетін ұрса, екінші бетін тосатын шынайы махаббаттың иесі. Бибі Мәриям анамыздың пәктігінен жаралған пәк пайғамбар. Өлікті тірілткен, ауруды тұрғызған, ақсақты жүргізген, соқырды жазған, мың бір дерттің шипасын білген. Теңізден жаяу өткен. Бауырмалдықта, кең пейілдікте одан өткен адам жоқ. Мәлике: Тәңірі тағала Әзіреті Мұхамбетті жаратып: «Мен сені он сегіз мың ғаламға рақмет үшін жараттым» деген. Енді Мұхамбет пайғамбардың фазилетін жырла. Әбілда: Әзіретті Мұхамбет кемелдердің кемелі еді. Адам ата бидай жеп, күнәлі болды. Біздің пайғамбар барлық күнәлар үмбетіне рақым қылады. Ыдырыс пайғамбар пейішке кіру үшін періштелерден айласын асырды. Хақ пайғамбар миғражға самғағанда Ұлық Алланың рұқсатымен сегіз жұмақты түгел аралап шықты. Нұхтың сабыры сарқылып, топан суды Алласынан тілеп алған. Ал Алланың хабибі, керісінше, жаулары тісін ұрып сындырса да, оларға рақым тіледі. Ыбырайым өзін мойындап, ізіне ергендердің ғана қамын жеді. Ал расул болса ізіне ергеннің де, ермегеннің де келешегін ойлап, түнімен тағат таппай дұғада отырды. Жүсіптің түрін көрген сарайдағы әйелдер ғашықтықтан дегбірі кетіп, саусақтарын кесіп алған. Олардың нәпсілері қозып, көңілдерін бұзық ойлар шырмаған. Ал ақырдың елшісіне кемелдік келбеті нәсіп болды. Оның жүзін көрген Меккедегі талай зинақор сол күні нәпсіге құлып салып, оңалып шыға келетін. Мұсаның асасы перғауынның сарайындағы сиқыр атаулыны түбірімен талқандады. Ал Әзіреті Мұхамбеттің Құраны жер бетіндегі сиқыр біткенді сындырды. Дәуіт темірді қамырша илейтін. Пайғамбарлар мөрі болса тастан да қатты жүректерді жылы лебізімен-ақ былқылдатып илеп жіберетін. Сүлейменнің дауысын естігенде жындар қорқатын. Ал пайғамбардың үмбеті «Аят-үл күрсіні» оқығанда жын-шайтанның бәрі қалшылдады. Ғайса өлген адамды тірілтетін. Бірақ одан дініне пайда болмады. Себебі тірі тәннің ішінде рухани өліп қалған ет-жүрегіне рухани нәр бере алмады. Ал пайғамбарлар патшасы өлген өлікті емес, тірі адамның өлген жүрегін тірілтті. Ғайса кереметімен судың бетінде батпай жүрді. Ал Алланың сүйіктісі рухтың күшімен көкте қалықтады. Мәлике: Тәңірі тағала Сүлейменге жүзік берді, Нұхқа кеме берді, Жүсіпке түс жоруды берді, Мұсаға асатаяқ берді, Ғайсаға адамды тірілте алатын мұғжиза берді. Әзіреті Мұхамбет пайғамбарға қандай кереметті нәсіп қылды? Әбілда: Адамзатқа лайық ең үлкен мұғжиза Әзіреті Мұхамбеттің өзіне және үмбетіне нәсіп болды. Құран ілімін меңгерген мұсылманның баласы көкірек көзін ашатын ең ұлық нығметке қол жеткізді. Сол үшін де бүкіл пайғамбар «Мұхамбеттің үмбеті болсам» деп армандап кеткен. Себебі Құранның уахи болуы – ең ұлы мұғжиза! Мәлике: Әзіреті Мұхамбет пайғамбар миғражда отын жинап жүрген бір шалды кездестірді. Ол зор мехнат тартып, арқасына отын артады. Жиған шөпшегін көтере алмай зорығады. Сонда да «Бұл жиғаным әлі аз», – деп, отынға көзі тоймай, қу бұтақты тере берді. Жаңа бұтақты көрген сайын арқасындағы отынын ұмытты. Соның кесірінен жүгі ауырлап, жалп етіп құлады. Бірақ отынға көзі тоймайды. Мұның сыры неде?Әбілда: Ол дүниеқоңыз адам еді. Бейшара тірісінде дүние-мүлікке тоймаған. Қала берді, жиған дүниесінің ішінде ғаріп-міскіннің көз жасы бар. Жүгін ауырлатып тұрған нақақ көздің жасы. Жиғандарын бауырларымен бөліспеді. Өз рақатына да қимады. Өлгенше мал көбейтіп, ешкімге зекет бермеген сараң адам. Ол ақиретте де осылай отын жинап, қор болады.Мәлике: Миғраж сапарында хақ пайғамбар бір құдық қазған адамды көрді. Құдығын машақатпен қазып болғаннан кейін маңдай терін сүртіп, оған қауға тастады. Бірақ құдықтан бір тамшы да су шықпады. Әлгі пенде қайта-қайта тастады. Ақыры болмағасын, шөлдегеннен ерні кезеріп, қайтадан құдық қаза бастады. Жанына барып қарасам, құдығы суға толып тұр. Бірақ шелегіне су ілінбейді. Бұл не хикмет?Әбілда: Бұл құдықшы – бақытсыз жан. Қауғасын қанша салса да, өзі қазған құдықтан бір тамшы су іше алмай, мәңгі бақи қор болады. Ол адам дүниеде талай жанға жақсылық жасаған бай еді. Бірақ жақсылығын міндет етіп, елден мақтау тілеп, өзгеден сый-құрмет дәметіп жүретін. Соның кесірінен игілігінің қайырын мәңгі дүниеде көре алмай сорлап отыр. Мәлике: Тозақтың әсілі не?Әбілда: Қайғы – тозақтың тоңы, ашу-ыза – тозақтың оты, ауру-дерт – тозақтың азабы, имансыздық – тозақтың жолы, күнә – тозақтың тамыздығы, арсыздық – тозақтың көлігі, маскүнемдік – тозақтың кілті, соғыс – тозақтың ошағы, ғайбат – тозақтың тілі, қиянат – тозақтың қақпасы, опасыздық – тозақтың жалыны, зина – тозақтың серігі, шайтан – тозақтың туысы, тәкаппарлық – тозақтың тұғыры, берекесіздік – тозақтың тұрағы, қайырымсыздық – тозақтың арқауы, күншілдік – тозақтың торы, ұрлық – тозақтың терезесі, парақорлық – тозақтың босағасы, жауыздық – тозақтың табалдырығы, арамзалық – тозақтың көпірі, күпірлік – тозақтың көзі, өсек – тозақтың құлағы, қарғыс – тозақтың аузы, жамандық – тозақтың аяғы, надандық – тозақтың қолы. Ең қауіптісі – осы надандық. Надандық жайлағанда тозақтың барлық сипаты тіріле бастайды. Мәлике: Пейіштің әсілі не?Әбілда: Адамның бір-біріне еткен мейірім-шапағаты – жұмақтың жолы. Қабақ шытпай, бір-біріне қуаныш сыйласа – жұмақтың нұры. Шаттық адамның ғұмырын ұзартса, ашу-ыза ажарын алады. Бағын тайдырады, бақытын қашырады. Берекеттің жолын тоқсан тоғыз күн буып тұрады. Мезгілсіз қаза мен емі жоқ ауру ашудан жабысады. Қуанған адам пейішке, ызалы адам тозаққа жақындай береді. Мәлике: Тозақ отының сөнетін кезі бола ма? Әбілда: Адамдар тәкаппарлықтан құтылуға тырысса, тозақтың да оты өшіп, жалыны бәсеңдейді. Ал біреумен бақталас болып, күншілдік дертіне шалдықса, тозақ оты лаулап жанады. Мәлике: Адамның көзі не деп армандайды? Әбілда: Мен жақсы нәрсені көргім келеді. Дүниенің көркем және ғажап сыйларын тергім келеді. Арамнан сақтанып, адалға шаттанамын. Дүниенің неше түрлі көрінісін түйіп алып, ми мен жүрекке ақтарамын, – дейді. Мәлике: Адамның құлағы нені көксейді? Әбілда: Мен жақсы нәрселерді тыңдағым келеді. Шанағыма ғибратты тәмсілді, өнегелі бар сырды жинағым келеді. Өсек пен өтіріктен аулақ жүргенді қалаймын. Хикмет іздеген жанның қызметіне жараймын, – дейді. Мәлике: Адамның аяғы нені мақсұт етеді?Әбілда: Мен жақсылыққа қарай жөнелгім келеді. Сапар шегіп, қазынаға кенелгім келеді. Жамандық пен зұлымдықтан теріс айналамын. Ілімге талпынған дәруіш талапкердің қажетіне сайланамын, – дейді. Мәлике: Адамның тісі не деп үн қатады?Әбілда: Мен адал ас татқым келеді. Ауызға қамал болып, түрлі бәледен қаққым келеді. Асқазанға жылы-жұмсақ, нәрлі тағам жіберемін. Ғұмыр бойы бұзылмай, сау тұру менің тілегенім, – дейді. Мәлике: Адамның тілі не деп толғайды?Әбілда: Мен Тәңірді көркем үнмен мадақтағым келеді. Сөзге жүгініп жаратылыстың жұмбақтарын сараптағым келеді. Ащы мен тәттінің дәмін де мен айырамын. Маған жүректі жібітетін өсиет-толғаулардың да жайы мәлім, – дейді. Мәлике: Ерін не деп тілейді?Әбілда: Ата-ананың бетінен сүйгім келеді. Шешен сөйлеп, сыңарыма жанасып, тигім келеді. Иемнің жүз-әлпетіне көрік бітіремін. Сыр-сымбатын құртып алмайын деп күтінемін, – дейді. Мәлике: Мұрынға тіл бітсе, не деп сөйлер еді?Әбілда: Мен сәбидің маңдайын иіскесем қуанамын. Хош жұпардан ләззат алып, жұбанамын. Жайнаған ғажайып гүлдердің қасиетін бірден сеземін. Адамды дерттен сақтау үшін кейде ауыр иістерге де төземін, – дер еді. Мәлике: Адамның мойны не деп армандайды?Әбілда: Мен кішіпейіл мінезді жақсы көремін. Хақтың жолына қарай ұм-сынып, басты беремін. Кісінің жөні мен сапарын мен бағдарлаймын. Жақсылықта иемнің басқалардан мойны озық тұрса екен деп армандаймын, – дейді. Мәлике: Кеуде не деп толғайды?Әбілда: Мен даналармен қауышқым келеді. Ілім мен білімнің бәрін оқып, тауысқым келеді. Жүрекке қормал болып, оған үй беремін. Тәңірді еске алғанда, нұрлы, шұғылалы күйге енемін, – дейді. Мәлике: Адамның арқасы нені көксейді?Әбілда: Мен әлсізге қорған болып, қалқалағым келеді. Жауапкершілік пен міндетті арқалағым келеді. Қара нардай бейнеттен қайыспаймын. Қандай соққы көрсем де майыспаймын, – дейді. Мәлике: Адамның иығы не деп толғайды?Әбілда: Мен парыз бен борышты жүктегім келеді. Пендемнің еңсесін тіктегім келеді. Иеме дүниенің бар игілігін жеткізіп берсем деймін. Тұрмыстың дауылы мен бораны қанша қақпақылдаса да теңселмеймін, – деді. Мәлике: Адамның белі нені мақсұт етеді?Әбілда: Мен ерлік пен елдік істерге өзімді буғым келеді. Айнымас талап пен майрылмас мақсаттың ізінен қуғым келеді. Машақат пен мехнатта сынып кетпес қайсармын. Дәрмен мен жәрдем беруден жалықпас жайсаң-мын, – дейді. Мәлике: Екі қолға тіл бітсе, не деп сөйлер еді?Әбілда: Мен күшімді қайыр-сахауатқа сарп еткім келеді. Иемнің мәнге жетіп, бақытты болуы үшін тер төккім келеді. Қажыр мен қайрат мені қолданады. Күшіме бүкіл ғалам таңданады, – дейді. Мәлике: Алақан не деп сөйлер еді?Әбілда: Мен жетімнің басынан сипағым келеді. Ием мені ашып, өзгелерге сый, тәлім береді. Ашық тұрсам, жомарт пейілім мен саламат көңілімнің нышаны. Түйілсем, жұмылған жұдырығым – бірлік пен ынтымақтың мысалы, – дер еді. Мәлике: Адамның тізесі нені аңсайды?Әбілда: Мен тағат пен құлшылыққа жүгінгім келеді. Әділдік пен туралықтың алдында ғана бүгілгім келеді. Іздегенім ерді сынайтын, шарыққа салып шыңдайтын майдан дер едім. Бәденді тік ұстасам, иеме айбар беремін, – дейді. Мәлике: Адамның табаны нені қалайды?Әбілда: Мен тозбайтын ниет пен азбайтын тілекті қалаймын. Қандай ауыр бейнетке болсын, қара нардай жараймын. Табанымның бүрі болса, амалымның дүрі болар. Қайраты таймайтын, қуатын қайрайтын адамға батырлықтың сыры қонар, – дейдіМәлике: Ібілістің сүйікті достары кім?Әбілда: Өсімқорлар.
Мәлике: Ібілістің ет жақын туысы кім? Әбілда: Зинақор мен өтірікші.
Мәлике: Ібілістің құлдары кім? Әбілда: Айықпайтын маскүнемдер.
Мәлике: Ібілістің құрметті қонағы кім?Әбілда: Ұры-қары.
Мәлике: Ібілістің сырласы кім? Әбілда: Сиқыршылар.
Мәлике: Ібіліске кім шабыт сыйлайды? Әбілда: Талақ айтып, ақ некесін бұзатындар. Мәлике: Ібілістің сүйіктісі кім? Әбілда: Құлқынның құлы болып, тағаттан мақұрым қалғандар.
Мәлике: Ібілістің қазынашысы кім? Әбілда: Зекетсіздер.
Мәлике: Ібіліске бақыт сыйлайтын жан бар ма?Әбілда: Бар. Олар ақылы маталған надандар. Мәлике: Ібілістің тәнін кім паршалайды? Әбілда: Тәуба қылып тура жолға бет бұрғандар. Мәлике: Ібілістің іші-бауырын кім өртейді? Әбілда: Тәңірі үшін кешірімшіл адамдар.
Мәлике: Ібілістің жүзі неден қараяды? Әбілда: Жасырын берілген садақадан. Мәлике: Ібілісті не буындырады? Әбілда: Біреу Әзіреті Мұхамбет пайғамбарға салауат жолдаса, Ібіліс буына бастайды. Мәлике: Ібілістің қолын кімдер байлайды? Әбілда: Жомарттар. Жомарттың қолын жоқтық байлайды, Ібілістің қолын жомарт байлайды.Мәлике: Ібілістің құрған тұзағы неден құриды?Әбілда: Ғалымдардың сұхбатынан. Мәлике: Ібіліс кімді жек көреді?Әбілда: Әділдікпен ел билеген патшаларды, іліміне амал қылған ғұла-маларды, Алла жолына мал жұмсаған жомарттарды, сахар тұрып, Хаққа жылаған тақуаларды жек көреді. Мәлике: Ібіліс кіммен өш?Әбілда: Несібесін адалдан табатын, үнемі Құдайға шүкіршілік ететін момынға өш. Мәлике: Ібілістің аңдыған дұшпаны кім?Әбілда: Арамды ауызға салмайтын тақуалар. Мәлике: Момын шынайы құлшылық еткенде Ібіліс қандай күйге түседі? Әбілда: Безгек дертіне ұшырап, тұла бойы дірілдейді. Мәлике: Момынның көзінен жас аққанда Ібіліс қандай күйде болады?Әбілда: Бейне бір мұхит суына тұншыққандай күй кешеді. Мәлике: Ібіліс Алланың дәргейінен қуыларда қандай өтініш айтты.Әбілда: Ібіліс әуелде періштелердің ұстазы болып еді. Оның ілім дәрежесі өскені сонша, Әзәзіл деген құрметті атағы болды. Адамға сәжде етпей Тәңірдің дәргейінен қуыларда бұрынғы еткен құлшылығының ақысын сұрады. Жаббар Хақ:– Не сұрайсың? – деді. Ібіліс:– Он түрлі нығмет сұраймын. Бірінші, адам баласының арамнан жиған малына ортақ боламын. Екінші, «Біссімілдәсіз» ішкен асқа араласамын. Үшінші, кімде-кім арам іске ниет қылса, оның атын қамшылаймын. Төртінші, адам баласына көрінбей жүремін. Бесінші, қияметке дейін өлмейтін ғұмыр бересің. Алтыншы, адамның жүрегінен жай бересің. Жетінші, адамның қанында бірге ағып жүремін. Сегізінші, ғұсылсыздың көмейіне ұя саламын. Тоғызыншы, қалауымша көбейгім келеді. Оныншы, дүние-байлыққа үстемдікті мен жүргіземін, – деді. Жаббар Хақ:– Болсын! Бірақ менің ықыласты құлдырамды тура жолдан тайдыра алмассың, – депті. Мәлике: Ібілістің айласы жүрмейтін ықыласты құлдар кімдер? Әбілда: Құлшылығын оңашада өтейтін момындар. Ондайлардың оң қолы зекет бергенде, сол қолы зекеттен бейхабар болады. Олар Құдайдың дидарына ғашық. Сахар тұрып зарлағанда көзінің жасы бетін жуады. Күн сайын ала таңды «Иллалламен» қарсы алады. Олар мақтау сөз естісе, денесін балталап жатқандай азап күй кешеді. Мәлике: Жаһанда бір құзғын бар. Әбілхаяттың суын ішкен. Содан қияметке дейін өлмейтін қуаты бар. Аңдығаны өлексе. Ол қай мақұлық?Әбілда: Ол – Ібіліс. Қияметке дейін Алладан өлмес ғұмыр сұрап алған.
Мәлике: Әзіреті Мұхамбет пайғамбар жомарт болған ба? Әбілда: Болған. Мәлике: Оны қалай дәлелдейсің?Әбілда: Мүбәрактың жомарттығын содан біл! Оның атына бір салауат жолдасаң, ол саған он салауат жолдайды.
Мәлике: Пейіште тірі жүрген пайғамбар кім?Әбілда: Ол Ыдырыс пайғамбар. Мәлике: Пейіште жүрсе де, Ыдырыстың көңілінде бір мұң бар. Ол не мұң?Әбілда: Ыдырыс жұмақтың ең ғажайып сарайларына кіре алмайды. Періштелер ол жаққа өтуге рұқсат жоқ деп, Ыдырысты жібермейді. Себебі ол жаққа хақ пайғамбардың дидар талап үмбеті ғана кіреді. Сол үшін Ыдырыс пайғамбар «Әзіреті Мұхамбеттің үмбеті болсам» деп үнемі егіліп жылайды екен. Мәлике: Алланың дидарымен қауышамын деп патшалығын тәрк еткен кім?Әбілда: Ол Ыбрайым Адхам еді. Ол Балх шаһарының патшасы болды. Бір күні тақта отырып: «Осы Құдайдың дидарына қалай жетсе болады?» деп ойлады. Сол сәтте патша сарайының төбесінде біреудің жүргені естіледі. Ыбырайым шатырға шықса, бір дәруіш жүр екен. Патша оған:– Әй, не істеп жүрсің? – деп айқайлады. Ол: – Түйе іздеп жүрмін, – деп жауап қайтарды. Ыбырайым күліп:– Әй, ақымақ, патшаның шатырында қайдағы түйе? – деп сұрады. Дәруіш:– Сен де патшаның тағында отырып алып, Құдайды іздеп отырсың ғой. Мен де сол секілді түйемді іздеп жүрмін, – деді.Ыбырайым сөзден тосылды. Сол сәтінде патшалығын тастап дәруішке айналып кетіпті.Мәлике: Ақиретте барлық пайғамбар өзінің үмбетіне шапағат етеді. Тек бір пайғамбар ғана шапағат ету дәрежесінен айрылған. Ол кім еді?Әбілда: Ол Нұх пайғамбар. Нұхтың төрт баласы болды. Ең үлкенінің аты – Кенғам еді. Бірақ ол Құдайды бір деп танымайтын надан екен. Сонысына қарамай әкесі ұлын ерекше жақсы көрді. Жер бетін топан су алғанда ол ұлын кемеге мінгізбекші болды. Бірақ Кенғам таудың төбесіне қашып, кемеге мінбей қойды. Кейін оны толқын жұтып, жантәсілім болғанда, Нұх Құдайдан ұлының күнәсін кешіруді тіледі. Сол сәтті Жаббар Хақтан ескерту келіп: – Әй, Нұх, сен ұлыңа емес, барша адамзатқа жіберілген елшісің. Неге жалғыз ұлыңның ғана қамын жейсің? – деді. Нұх ағат ісі үшін Тәңірден кешірім тіледі. Құдай оны кешті, бірақ «Шафағат кубра» дәрежесінен айырды. Сол себепті ол ақиретте өзінің үмбетіне шапағат ете алмайтын болды. Мәлике: Ібіліске насихат айтып, тәубеге келтірмек болған қай пайғамбар?Әбілда: Ол Нұх пайғамбар болатын. Пайғамбар үлкен кеме жасап, оған барлық жан-жануарды кіргізген соң, Адам атаның мүрдесін әкеліп, кеменің дәл ортасына жайғастырды. Кеме топан суда қырық күн, қырық түн жүзіп отырды. Кеменің ішіне лып етіп Ібіліс те кіріп кеткен еді. Бір күні пайғамбар оған уағыз айтып, бетін бері бұрмақ болды. Ібіліс оған: – Ей, Алланың елшісі, мен расымен тәубе еткім келеді. Сен пайғамбарсың, Құдайға сөзің өтеді. Тәңірге дұға етші менің күнәмді кешіп, тәубемді қабыл етсін, – деді. Нұх қуанып кетіп:– Уа, Жасаған Ием, мына Ібіліс малғұн тәубе етіп отыр. Тәубесін қабыл етіп, күнәсін кеше гөр, – деді. Ұлық Алла:– Ей, Нұх, мен кешірімді Алламын. Дүниеде мен кешпейтін күнә жоқ. Ібіліс әлімсақта Адамға сәжде етпей қасарысып, менің дәргейімнен қуылып еді. Егер Адам атаның мүрдесіне сәжде етіп, менің озалдағы әмірімді орындаса, барлық күнәсін кешемін, – деді. Нұх сайтанға қарап: – Адамның мүрдесіне бір мәрте сәжде ете салсаң, Құдай күнәңді кешіреді, – деп өтінді. Сонда Ібіліс: – Мен Адам атаға тірі кезінде сәжде етпеп едім. Енді өлі денесіне сәжде етемін бе? – деп қарсы сұрақ қойды. Нұх сонда барып сайтандағы тәкаппар мінездің әлі сынбағанын түсінді. Мәлике: Тәңірі тағаланың мал-мүлкі, дүние-қазынасы бар ма? Әбділда: Бар. Заманында Мұса кәлимолда Тәңірсінен: – Уа, Жасаған Ием, Маған дүние-мүлкіңді көрсетші, – деп өтініпті. Сонда Жаббар Хақ: – Ана таудың бір шатқалына шық! – деп бұйырды. Мұса шатқалға барса, кілең арық қой, шұнақ ешкі, кәрі сиыр, қотыр тай, тышқақ лақ, соқыр түйелер қаптап жайылып жүр екен. Одан бөлек күйе жеген киіз, тесілген текемет, сынған сандық үйіліп жатыпты. Мұса сасып қалып:– Уа, Жаратқан, мыналар шынымен сенің мал-мүлкің бе? – деп сұрады.– Иә, – деп жауап берді Рахман. – Қалайша сенің малың ақсақ-тоқсақ, ауру-сырқау? – деп таңғалды Мұса. – Енді маған не дейсің, Мұса? Адамдардың Құдай жолына атаған садақасы, шалған құрбаны осылар ғой, – депті. Әлқиса, осымен екінші күннің сұрағы бітті. Әбілда бұл күні де сыннан сүрінбей өтті. Мәлике оның зеректігіне таңданды. Расымен, әлі ешбір ғұлама екінші күннен асып көрген емес еді. Әбілданың даңқы жер-жерді, теңіз-көлді аралап, жайылды. «Түркістаннан бір ғұлама шығыпты» деген дақпырт Мәрмар теңізінің жағасын жаңғыртып жатты. Таң атты. Жұрт тағы да сарайға жиналды. Бұрын барғаны орын алды, кейін келгені орын таппай, бармағын тістеп, сорына налыды. Бір түннің ішінде Ұрым шаһары шеттен келген жат жұртқа толып кетті. Олар Әбілданың даңқын естіп, сол мезетте атқа қонып, Ұрымға жөңкіле жөнелген екен. Шаһардың мейданына жиналып, Мәликенің бүгінгі сұрағын күтіп тұрды. Әбілдаға жақ болып, Құдайдан тілеуін тілеп, дұға қылып жатты.Мәлике қыз үшінші күннің сұрағын бастады. Мәлике: Ешкінің түбі қайдан шықты?Әбілда: Қойдан пайда болды. Ертеде бір кедей байға жалданып, қойын бақты. Бай арамдық жасап, жалшының ақысын жеді. Оған: – Адамға ризық беруші Құдай ғой, рас па? – деді. Жалшы: – Иә, – деді. – Ендеше ақыңды мен емес, Құдай берсін. Буаз қойым қозы тапса менікі, қозы таппаса сенікі, – деді. Момын байғұс амалсыз келісті. Әділдік Құдайдың бір есімі деген. Сол түні Алланың құдіретімен байдың тоқсан қойы қатар төлдеді. Бірақ саулықтар қозы емес лақ туыпты. Бай да Алланың кереметін көріп таңғалды. Амалсыз уәдесін орындады. Жалшы байдың берген малын айдап кете барды. Лақтар есейіп ешкіге айналды. Ешкі жарықтық тез өсіп-өнді. «Байығың келсе, ешкі бақ», «Ешкі қойдың туысы» деген сөз осыдан қалған. Мәлике: Қашыр қайдан пайда болды?Әбілда: Есек пен аттан пайда болды. Ертеде Намұрт патша Ыбырайым пайғамбарды отқа өртемекші болды. Құлдары қырық арба отын жинап түйеге артты. Алайда Ойсыл қара орнынан қозғалмады. Жылқы болса осқырынып жанына да жуытпады. Өгізге артып еді, ол тұрмай жатып алды. Есекке артпақ болып еді, ол ақырып қаша жөнелді. Қашырға жегіп еді, ол отынды қуана тасыды. Содан Ыбырайым пайғамбардың наласына ұшырап, ұрпақ қалдыра алмайтын бишара боп қалды. Қашыр есек пен аттан ғана пайда болады. Өздігінен ұрпақ көбейтуге қауқарсыз. Мәлике: Екі қарақшы бар. Бірі күндіз жортып, бірі түнде жортып біздің өмірімізді ұрлап жүр. Ол кімдер?Әбілда: Күн мен түн. Мәлике: Көлемі сонша ұлық бола тұра көздің қарашығына сыйып кететін не нәрсе? Әбілда: Көк пен жер. Мәлике: Дәулет құсы деген қандай құс?Әбілда: Оны араб тілінде һұмай деп атайды. Ол Тәңірдің ерекше құдіретімен жаратылған құс екен. Оның түсін, түгін көрген адам жоқ. Жерге қырық кез жақын келеді. Көлеңкесіне киліккен адам не патша болады, не жұрт билейді, не жұрттан асқан бай болады. Ол құс жерге қонбайды. Себебі аяғы жоқ. Ұшқыр да құс емес екен. Бір күншілік жерді бір айда алады. Қарлығаш оның бір айда ұшқан жерін бір күнде басып өтеді. Һұмай құстың дүние жүзінде жейтін қорегі – қу сүйектің кемік басы. Оның ишараты мынау: бақыт құс басына қонған байдың да, ханның да барар жері – қабір. Һұмайдың тұмсығы тисе, қу сүйектің кемік басы суға тиген қанттай болып егіліп, қамырдай боп жұмсарады екен. Себебі ол құс Тәңірден бүй деп тілепті: «Мені еш мақұлықпен бір қорекке ортақ қылма» депті. Ол ешбір құспен тамаққа ортақ болмағандықтан да адамның көзіне көрінбейді. Бірақ дәулет құсы қарлығашқа қарағанда адамды танымайды. Оны мынадан білеміз. Мұса пайғамбарда жалғыз есегінен басқа малы болмады. Оның замандасы перғауынды патша қылып байлыққа батырды. Қу ағаштан құмалақ сауған Қарынбайға мыңғырған мал бітірді. Мәлике: Күн неліктен қызарып шығып, қызарып батады?Әбілда: Тәңірсі күнді жаратқан соң: – Аспанға шық! – деп бұйырды. Күн уәж айтып: – Аспанға шығар болсам, қараңғы жұрт «жаратушы Құдай» деп маған табынып, адасады. Сондықтан шықпаймын, – деді. Құдай қаһарланып: – Әй, Күн, мен бәрін білуші Алламын. Адамзат сені тәңір деп танымас үшін түнді қоса жараттым, – деді де, періштелерге қарап: – Күнді аспанға күштеп шығарыңдар! – деп әмір етті. Үш жүз алпыс бес періште Күнді темір шынжырмен байлап, аспанға сүйреп шығарды. Күн періштелердің жұлқылап, еріксіз сүйрегеніне ашуланып, қызарып кетті. Күннің шығыстан қызарып шығуы содан екен. Күн аспанда жарқырап шыққанда, өзінің тіршілік атаулыға нәр беріп тұрғанына масаттанып, көкжиекке батуды ұмытып кетеді екен. Сол кезде періштелер оны қайтадан шынжырмен тартып түсіреді. Күн бұлқан-талқан болып, қызарып-бөртіп барып батады деседі. Мәлике: Күннің тұтылу себебі неде?Әбілда: Адамдар күнәні көп жасаса, Күннің көзін кіреуке шалады. Күнәні толассыз жасай берсе, күн жүрісінен жаңылып, қиямет-қайым орнайды. Мәлике: Алла тағала Айды қандай хикметпен жаратты? Әбілда: Ай жарығын Күннен алады. Ай сәулесі болмаса жердің бетін түнек басып, тіршілік мағыналы реңінен айрылар еді. Адамдар да Күн сияқты жарқыраған ғұламалардан ілім жарығын алып қараңғы жұртқа ілім жарығын шаша алады. Түркі жұртындағы «Бір ғалымды көрсеңіз, болмасаң да ұқсап бақ» деген тәмсіл содан қалған. Мәлике: Тәңірі тағала жұлдызды нендей хикметпен жаратты?Әбілда: Жұлдыздар адасқан жанға жеті түнде жол көрсетеді. Теңіздегі кемелер мен сахарадағы керуендер жұлдыздарға қарап жол табады. Момынның да міндеті жұлдыз болып жану. Өзі де жарық һәм айналасына да тоқтаусыз жарық шашады. Мәлике: Бір нәрсе көрдім, өліп жатыр, жетіп ажал. Малының қисабы жоқ безбенге сал. Сүйегі көкте де емес, жерде де емес, жұмбақты шешпей тұрып, ойланып ал! Әбілда: Жерге кеп өліп жатқан жетіп ажал, санының есебі жоқ ол жауған қар. Шам алып жер мен көктен іздесең де, еритін қарда қайтіп сүйек болар. Мәлике: Жеті қат көк неден жаралды?Әбілда: Әзіреті Мұхамбеттің нұрынан жаралды. Нұрдан бір тамшы үзіліп түсіп, одан көл-көсір дария пайда болды. Дарияны қайнатып еді, одан түтін шығып, жеті қат аспан түзілді. Бірінші қабаты – Рафиқа деп аталды. Ол көк зүміратпен әспеттелді. Онда сан жетпес ғилмандар мекендейді. Олардың санын Құдайдан басқа ешкім білмейді. Олар жерге бір-бір тамшы жаңбыр мен қарды алып түседі. Жерге түскен сәтінде адамның түрін көрсе, ғилмандар періштеге айналады. Егер көре алмаса, толыспаған ғилман қалпында көкке көтеріледі. Екінші мәрте жаңбырдың тамшысын алып түсуге оған кезек келмейді. Бұл жердегі періштелердің мәшһүрі – Ысрапыл. Ол ғилмандарға әмір беріп, жаңбыр жаудырады. Желдің күшімен бұлттарды әрі-бері айдайды.Аспанның екінші қабаты – Әрфилун деп аталды. Онда мыңдаған періште мекендейді. Ол перішенің санын Тәңірден басқа ешкім санаған емес. Олар Ай мен Күннің, жұлдыздың жұмысын басқарып отырады. Алланың әмірімен кей жұлдызды сөндіреді, кей жұлдызды жағады. Егер бір періште жұмысынан жаңылып кетсе, қиямет-қайым орнап кетеді. Ол жердегі періштелердің сардары – Дардайыл. Бірінші аспан мен екінші аспанның арасы – бес жүз жылдық жол деседі. Аспанның үшінші қабаты – Құлзұм деп аталды. Ондағы періштенің де саны Құдайға ғана аян. Ондағы періштелер тәспі аударып, Аллаға үздіксіз зікір айтып тұрады. Бұл періштелердің даусын мақұлықта бұлбұл ғана естиді екен. Ол да қосыла құйқылжытып зікір айтады. Себебі бұлбұлдың нәсілі періште деседі. Адам ата пейіштен қуылғанда Тәңірге арзу айтып, бірге жерге түсіпті. Құстың түріне еніп, адам арасында өмір сүреді екен. Үшінші қаттағы періштелердің мәшһүрі – Ысмайыл. Аспанның төртінші қабаты – Мәуін деп аталды. Мұндағы періштенің санын да ешкім білмес. Бұлар жер бетінің амандығын тілеп, тәспі тартады. Мұнда Әзірейіл періште бар. Ол өлген адамның жанын суырып әкеледі. Ертеде бір адам Әзірейілден сұрапты: «Уа, Әзірейіл, жер бетінде соғыс көп. Қас-қағым сәтте мыңдаған адам қырылып қалады. Сен олардың жанын қалай алып үлгересің?», – депті. Әзірейіл: «Ей, адам, уақыт сендерге қас-қағым сәттей көрінеді. Мен үшін сенің кірпік қаққан сәтің мың жылға татиды. Бір адамның қазасы мен екінші қазаның арасы мың жыл. Күте-күте талып кетемін», – депті. Аспанның бесінші қабатын – Әрқия дейді. Бұл ең сұлу, әдемі қабат. Себебі мұнда сұлулық пен махаббат ұя салған. Мұнда жүзіктің көзінен өткен сұлу періште көп. Бірінің ажары бірінен өтеді. Егер бір періште оқыста жер бетіне түсіп кетсе барша адамзат соның жамалын көруге таласып, қырылып қалар еді. Бірақ бұл періштенің бәрін бір төбеге жинасаң Жүсіп пайғамбардың сұлулығына жете алмас. Озалда Тәңірі сұлулықты жаратып оны жүзге бөлді. Тоқсан тоғызын Хауа анаға берді. Бір бөлігін тағы жүзге бөлді. Оның тоқсан тоғызын Жүсіп пайғамбарға берді. Қалған бір бөлігін тағы жүзге бөлді. Оның тоқсан тоғызын Бибі Ажар, Бибі Сара, Бибі Фатима, Бибі Айша аналарымызға дарытты. Қалған бір бөлігін сан жетпес бөлікке бөліп, әуелден ақырға дейін дүниеге келетін әйел затына шашып жіберді. Сол себепті әйел баласы әдемі болады. Мұндағы періштенің мәшһүрі – Истифаил. Бұл қабаттағы періштелер екі түрлі қызмет атқарады. Бірі жер бетінде жаңадан туған нәрестеге сұлулықтың сәулесін тасиды. Екінші тобы ғашық болған екі жастың жүрегіне махаббаттың дәнін егеді. Аспанның алтыншы қабаты – Пана деп аталды. Мұнда Мәкәйіл періште бар. Бүкіл адамзат пен жан-жануардың ризық несібесі осы қабатқа орналасқан. Мұнда да сансыз періште бар. Ол күнде жер бетіне түсіп, тіршілік иесіне ризық шашады. Біздің ас ішіп, су ішуімізге осы періштелер қалтқысыз қызмет етеді. Олар жердегі пенденің ас-ауқатын жеткізіп берген соң күтіп тұрады. Егер пенде асын ішіп болған соң дастарқанға бата қылса, тілегін заматта Тәңірге жеткізеді. Егер бата қайырмаса, қолы бос күйінде дәргейіне көңілсіз оралады. Аспанның жетінші қабаты – Ұрана деп аталды. Мұнда Жебірейіл мекендейді. Даналық пен ақыл-парасат осы жетінші қатта тұр. Даналықты жер бетіне таратушы сансыз періште тағы бар. Олар жерге күніне бірнеше мәрте түсіп, талап қылған адамның көңіліне даналықтың дәнін себеді. Уә, Мәлике патшам, қазір сіз екеуміздің айтыс-тартысымызға да мыңдаған періште куә болып, қызмет етіп жүр. Бұл жеті қат аспанның үстінде тағы қат-қабат әлем бар. Жеті қат аспан біз бен періштелерге ғана белгілі. Қалған мыңдаған қабат аспанның сыры тек бір Аллаға аян. Жүрек көзі ашылған момындар ғана жеті қабат аспаннан әрі шарлай алады. Мәлике: Жеті қат жер неден жаралды?Әбілда: Ол да Әзіреті Мұхамбет пайғамбардың нұрынан жаралды. Тәңірсі бір тамшы нұрды үзіп алып, одан дария жасады. Дарияны қайнатып еді, ол тасып, қалың көбігі шықты. Дария қайнаған сайын көбік қалыңдай берді. Дарияны жеті рет қайнатқанда жеті қабат көбік пайда болды. Одан жеті қабат жерді жасады. Жердің алғашқы қабаты – Замқа деп аталды. Бұл жердің бір бөлігін судан, бір бөлігін құмнан, бір бөлігін мұздан етті. Бір бөлігін жазираға бөлеп, бір бөлігін тау етті. Адамзат пен аң-құсқа, өсімдікке жайлы мекен жасады. Жердің екінші қабаты – Жалда деп аталды. Бұл қабатта құрт-құмырсқа, жылан-шаян мекендейді. Қараниет зұлым адам жерленсе, олар қабірін қазып кіріп, тәнін азаптайды. Егер ақжүрек момын жерленсе, тәнін кір-қоқыстан тазалайды.Жердің үшінші қабаты – Ирқа деп аталды. Бұл жерде қазына көмілген. Әзелде «адамзаттың азығы болсын» деп періштелер пейіштің қазынасын дорбаға салып жерге шашқан екен. Содан кен түзеліп, қазба байлық жасалды. Ақылды адам оларды терең шыңыраудан қазып алып, дүние тіршілігін жайнатады. Жердің төртінші қабаты – Жұрма деп аталды. Бұл қабат таулы-тасты келеді. Жанартаулар жалын шашып, от құсады. Тамұқ оты содан жасалды. Кейде кернеуіне сыймай сыртқа атылады. Бірақ ақжүрек адамның мінезінен ғана именіп, тыныш табады. Егер жер бетінде ақжүрек жандар азайса, жыртқыш жанартаулар жарылып, жерді күл қылады. Жердің бесінші қабаты – Мәсия деп аталды. Мұнда бет-әлпеті адамға, бірақ сұлбасы атқа жақын, аяқтары өгізге ұқсас мақұлықтар өмір сүреді. Олар азаптан да, сауаптан да мақұрым. Қиямет-қайым оларға жүрмейді.Жердің алтыншы қабаты – Әжиба деп аталады. Улы шаяндар мекені. Олар бұғып жатса – төбеге, қозғалса – кемеге ұқсайды. Егер олардың біреуі жер бетіне шыға қалса, бүкіл тіршілікті ойран-топыр қылады. Уының бір тамшысы дарияға тамса, әлемдегі бүкіл су уланар еді. Улы шаяндар да ақжүрек момыннан именіп, төбеге шыға алмайды. Жердің жетінші қабаты – Айна деп аталады. Онда Тажал мекендейді. Оның аяғына жүз мың шынжыр салынған. Жер бетінде бір адам әке-шешесін ренжітсе, Тажалдың бір шынжыры шешіліп отырады. Егер әке-шешесін қуантса, Құдайдың құдіретімен үзілген шынжыр қайта жалғанады. Мәлике: Дария қайдан пайда болды?Әбілда: Нұх заманындағы топан судан пайда болды. Мәлике: Төбелер қайдан шыққан?Әбілда: Моладан. Өлген пенде жерленген сайын топырақ көбейіп, төбе биіктей түседі. Мәлике: Он сегіз мың ғаламнан бұрын не жаралды?Әбілда: Әуелі Мұхамбеттің нұры жаралды. Әу баста мекенсіз, мысалсыз, барлығы мен бірлігіне ой жетпейтін Ұлық Алла: – Бисмиллаһи рахманир-рахим, – деді. Ол сөз сол заматта бір тамшы Нұрға айналды. Жарық Нұр жарқырап шыққан бойда Ұлық Аллаға құйқылжытып зікір айтып, қараңғы кеңістікке сәуле шаша бастады. Тәңірі тағала ерекше махаббатпен ол Нұрға «Мұхамбет» деп есім берді. Оның есімі «Алланы өте көп ұлықтаушы» деген мағынаны білдіретін. Мәлике: Әзірет Мұхамбеттің Нұры неше дариядан нәр алды?Әбілда: Он екі дариядан. Оның біріншісі – Әділет дариясы, екіншісі – Ынсап дариясы, үшіншісі – Бауырмалдық дариясы, төртіншісі – Мейірім дариясы, бесіншісі – Бекзаттық дариясы, алтыншысы – Сұлулық дариясы, жетіншісі – Имандылық дариясы, сегізінші – Өнер дариясы, тоғызыншы – Білім дариясы, оныншы – Ұждан дариясы, он бірінші – Ізгілік дариясы, он екінші – Шапағат дариясы еді. Пайғамбардың Нұрын әр дарияға мың жылдан малындырып шомылдырды. Нұр дарияның ішінде тұрғанда әр демінде «лә илаһа иллалла» деп зікір айтып тұрды. Сөйтіп Нұрды кемел дәрежеден ең кемел сатыға тағы да көтерді. Дариядағы барлық ізгілік пен парасат Нұрға сіңіп толысты. Мәлике: Бір дарақ бар. Оның он екі бұтағы бар. Әр бұтақта отыз жапы-рақтан. Әр жапырағының бір жағы ақ та, бір жағы қара. Ол қандай дарақ?Әбілда: Ол дарағыңыз – бір жыл. Он екі бұтағы – он екі ай. Әр бұтағындағы отыз жапырақ – отыз күн. Жапырақтың ақ жағы – күндіз, қара жағы – түн. Мәлике: Желдің пайдасы мен зияны неде?Әбілда: Пайдасы ауаны тазалайды, өсімдікті ұрықтандырады, зияны – күшейе келе дауылға айналады. Мәлике: Қыс кіргенде жаз қайда қалмақ?Әбілда: Ол жер астына кіріп өзінің уақыт-сәтін күтеді. Мәлике: Аю неден бәділ болды? Әбілда: Әу баста аю бір диірменші адам еді. Бірақ ебедейсіз, тоң мойын, қызғаншақ болды. Ұнды шашып, бидайды басып жүре беретін. Ұны шашылып жатса да, аш-жалаңаш мүсәпірге бермейтін. Олардың көз жасын тоң мойыны күжірейіп көрмейтін. Қызғаншақтығы әбден асқынған кезде ұн сақтайтын қоймасын жердің астына тықты. Диірменіне жақындаған адамды себепсіз сабап жықты. Бір күні бал жеп отыр еді, кеседегі балына ара кеп қонды. Оның қызғанышы дереу қозып, жәндікке тап берді. Ара жалт берді. Ол қуалай жөнелді. Ара ұшып ұясына барды. Ұясын бір кедейдің шатырына салған еді. Диірменші қорбаңдап шатырдың үстіне шықты. Араның ұясын тауып, балын алмақшы болды. Аралар жабылып шаға бастады. Диірменшінің денесі ісіп кетті. Арадан ышқына қашқанда салмағын шатыр көтере алмай, гүрс етіп ортасына құлады. Нәпақасын әзер тауып жүрген кедейге бұл апат ауыр тиді. Диірменшіден ақы сұрап еді, ол аямай соққыға жықты. Кедей жылап қалды. Құдай момынның ақысын жемейді деген. Құдіретімен денесі ісіген диірменшіні бір түнде аюға айналдырып жіберді. Қорбаңбай жүрісі, тоң теріс мінезі, қызғаншақ кеселі, алпамсадай денесі бәрі аюдың реңіне келе қалды. Әлі күнге дейін араны қуалап, омарталарын аударып, төңкеріп, қопарып, қиратып бір шымшым балын іздеп жүреді екен. Мәлике: Түлкі неден бәділ болды? Әбілда: Түлкі бір әйелдің жалғыз қызы еді. Шешесі Құдай деген бір мейірімді жан еді. Ал, қызы болса желөкпе болып шықты. Шамадан тыс сәнқой болатын. Ұятты жиды, әдебін тыйды, ибасын қиды. Біреуден әдемі киім көрсе, ол көйлекті ұрлап киетін немесе қызғаныштан жыртып тастайтын. Айлакер деген атын ұрлықшы деген заты жамады. Сылқым сері жігіттер де осы қызды жағалады. Қымсынуды білмеді. Шешесінің жан айқайын құлағына ілмеді. Әдемі киім көрсе арын сатты, шешесін абыройсыз етіп, зар жылатты. Бір күні Құдай тағала шешесінің көз жасын көріп, қызына наласын атты. Қызы сол сәтте Құдайдың құдіретімен бұлаңдаған түлкіге айналды. Түлкі жүнінің көрікті болатыны қыздың баяғы қылығынан екен. Қансонарда қарға аунап, жүнін жиі өзгертетін әдеті әліге дейін қалмапты. Ұрлық жасап бұ күнге дейін елдің ішін жалмапты. Қулық мінезі де сол қыздан жұққан екен. Ел шетінде жортып бара жатса, азанның даусын естіп тұра қалатын себебінде сыр бар. Бұрын шешесінің намаз оқитын сәтін көп көрген. Азанды естігенде сол есіне түсіп, шешесін сағынып еріксіз тұрып қалады екен. Мәлике: Тоты құс неден бәділ болды?Әбілда: Тоты құс – бір керігетпе адам еді. Оның шын есімі Бабағай болыпты. Мәнді сөз бен пәнді сөзді айыра алмас сорлы болды. Қыздың да, кемпірдің де даусын салып құбылтты. Шал-шауқанды мазақ етіп, көп алдында қынжылтты. Бірде бір әулие Құдайдың бірлігін, пайғамбарлардың ерлігін мақтап жамағаттың ортасында қисса айтып отыр еді. Бабағай оны мазақ етті. Әулие сөзін кемпірдің даусына салып түрлентті. Жұрт алдында Құдай досын күлкі етті. Сол сәтте илләһи сөздің киесі ұрды. Бабағай құсқа айналып, пыр етіп ұша жөнелді. Күлкісін жия алмай отырған жұрт сол заматта тәубесіне келді. Тіпті әулиенің өзі бұл кереметке таңғалды. Осыдан бастап хикметті сөзді әзіл қылжаққа айналдырмаңдар деген тыйым қалды. «Есті сөзді есер бұзар, ессіз сөзді ессіз тұтар» деген тәмсіл де осыдан шығыпты. Бабағайды кейін жұрт папағай, попугай атапты. Парсы жұрты оны туту деп атаған екен. Ол сөзіңді қайталап ойнайтын, кертартпа дегенді білдірді. Құдай тағала Бабағайдың ісінен сабақ алсын деп тоты құстың сөйлейтін қасиетін жоймады. Мәлике: Қабан неден бәділ болды? Әбілда: Қабан әу баста адам еді. Бірақ шық бермес, сараң, ниеті пасық, арам еді. Ой-өрісі мақтау сүйгіш балаң еді. Көңілінде хақ ілімнің сәулесі жоқ қараңғы еді. Балық аулап күнелтетін, торын сүйреп күнде өтетін. Құдайға жалбарынып, «Құрған торыма балық толсын, балықтарым алып болсын» деп тілейтін. Балықсыз оның күні қараң еді. Бірақ қайырлы іс пен жомарттыққа шабан еді. Құдай тілегін беріп, күнде олжалы қайтатын. Бірақ жұртпен олжасы тұрмақ, балығының қылтығымен де бөліспейтін. Зекет сұраса, қорс етіп, ашуланатын. Осы мінезіне қарап жұрт оны «тоң жүзді қабан», «тоң жүз» деп атады. Бірде Қабан әдетінше олжалы шығып, балығын арқалап келе жатқанда алдынан аш-жалаңаш бір мүсәпір шықты. Оның бала-шағасы екі күннен бері нәр татпай, ашығып жатыр еді. Ол жалынып, бір тілім нан сұрады. Қабан оған қарамай, өзенді жағалап жүре берді. Мүсәпір зар жылап аяғына жығылды. Қабан ашуланып қорс етті де, кеудесінен итеріп жіберді. Аштықтан қалжыраған байғұс жерге жалп етіп құлады да, еңкілдеп жылады. «Жүрегің жібімес не қылған тоң жүзді адамсың. Адам атыңнан садақа кет!» деп қарғады. Мүсәпірдің наласы ұрып, сол сәтте Қабан жануарға айналып шыға келеді. Оның доңыз аталуы «тоң жүзді» дегеннен шығыпты. Қабан аты әу бастағы азан шақырған есімі екен. Бір қызығы Қабанның арқалаған балығы да денесіне жабысып, бітісіп кетіпті. Аштық кезінде қабанның жон арқасынан ет кесіп алуға болады дейді аңызда. Бұл ет – қабанның емес, баяғы арқалаған балықтың адал еті екен деседі. Мәлике: Бір зат бар жер мен көктің арасында. Көрінбейді өзі түгіл қарасы да. Білінбей жер үстінде жүрсе-дағы, пайдалы күллі адам баласына. Бұл не өзі, жұмбақты табасың ба?Әбілда: Ауа ғой бұл адамдар тыныс алар. Тынысы болса жанды тірі санар. Келеді қыста суық жел кейпінде, көктем мен күзде соғар жылы самал. Мәлике: Аспанда ұшып жүрген алты теңге торғай, жүреді өмір-бақи жерге қонбай. Сиырдан сытылған бұл шымшықтардың, пайдасы тиеді екен елге қандай? Әбілда: Аңыз көп туған жұрттың қиялынан. Адамның кеудесіне құяды мән. Алты құс – алты жұлдыз Үркер екен, сиырдың құтылған кеп тұяғынан. Бұл Үркер, көк аспанның қонағы екен, жарқырап шықса қысың болады екен. Ақ боран көз аштырмай түтей соғып, бар ғалам ызғарынан тоңады екен. Алтауы және жерде тұрақтапты. Үш айда көктем болып, бұлақ та ақты. Ізінше жайнап егін, бау-бақшасы, үш ай жаз келер сосын күні аптапты. Мәлике: Бір байдың мың бір қойы қоздайды екен. Біреуі біреуінен озбайды екен. Болғанмен алтын астау, күміс күндеу, болғанша қиямет қайым тозбайды екен. Жұмбағым дәл осылай боздайды екен. Әбілда: Мың қойың – жұлдыз көкке көрік берген. Күмбезден жерге нұрын төгіп келген. Көшпелі жұртым сырын терең біліп, қараңғы түнде өзіне серік көрген. Мәлике: Бір айдаһар көрдім, күндіз жатып, түнде шығар. Қаһарлы қалыбына әркім құмар. Болыпты туғаннан-ақ күнмен талас, күнді көрсе айдаһардың жүзі солар.Әбілда: Ай емес пе, сәуле шашып маңызданар. Жарығын бірақ Күннен қарызға алар. «Айдаһар екен өзі» деп толғайтын, Ай жайлы ел аузында аңыз қалар. Мәлике: Бір жәндік бар түнде ұйқыдан тұрады. Таңға дейін тамақ іздеп, шыр-шыр етіп шарқ ұрады. Бірақ Тәңірсі әу баста оған несібе жаратпады. Ешкімге күнін қаратпады. Ол не жәндік? Әбілда: Ол қара шегіртке еді. Ертеде перғауын өзін «Құдаймын» деп атапты. Қол астындағы халықты қорқытып, өзіне сәжде жасатты. Әміріне көнбеген момынды азапқа салып қинады. Кібірлігі жер жаһанға сыймады. Өзін адамдық қасиеттерден ада, тәңір ретінде көрсеткісі келді. Елге көрсетіп тамақ жемеді, жұрт көзінше түзге отырмады. Бір күні жорықта қарны ашып, нан жеп отырғанда, қасына нөкері жетіп келді. Перғауын дереу нанды жұдырығына жұмып қалып:– Уа, Тәңірім менің масқарамды шығарма! Абыройымды төгіп, мені масқара етпе! Нанды жоқ қыл! – деп жалынды. Құдай тілегін қабыл етті. Перғауын алақанын ашып қалғанда, қара шегіртке ыршып түсіпті. Жерге түскен бетте толассыз шырылдап, жұрттың мазасын алды. Ол перғауынның тілегімен жаралғасын, Алла тағала оған ырзық-несібе жазбапты. Сондықтан ол нәр татпай, үйдің іргесінде шырылдап қана жата береді екен. Мәлике: Надан адам білімге шорқақ болар. Білем десе, басына сор тап болар. Бір сұрағым бар менің, қайсы жәндік, ас-ауқатқа кісімен ортақ болар? Әбілда: Ол шыбын еді. Перғауын бірде түзге шықты. Сол сәтте тағы бір нөкері жетіп келді. Перғауын одан құмалағын жасырып, қалпағымен үстін жаба салды. Ішінен тағы да дұға етіп: – Уа, Тәңірім, тағы да сырымды жұртқа ашпа, абыройымды шашпа! – деді. Мейірімді Құдай бұл жолы да тілегін қабыл алды. Перғауын қалпағын көтеріп қалғанда, гу етіп бір топ шыбын ұшып шықты. Нөкері бұл кереметке таңғалып, перғауынның аяғына жығыла кетті. Осылайша шыбын перғауынның нәжісінен пайда болды. Оның да әу баста Тәңірі белгілеген нәсібі жоқ еді. Сондықтан ол адамның асымен ортақтасты. Түбі боқтан шыққандықтан, қуып жіберсең, кез келген тезекке қона кететіні содан екен. Мәлике: Бәбісек неден бәділ болды?Әбілда: Ертеде бір кісінің бойжеткен шолжаң қызы болыпты. Қызы таңнан кешке дейін айнаға қарап, шашын тарап, бетін сылап отырады екен. Қонақ келсе қымсынбады. Қарсы алуға құлшынбады. Ас пісірсе орамал тақпайтын салақ еді. Ертелі-кеш қолына ұстаған заты тарақ еді. Үстінен үнемі сасық иіс шығып жүретін. Бір күні үйіне Шұғайып пайғамбар қонаққа келді. Үйдің иесі аяғына тік тұрып қарсы алды. Дастарқанға барын қойып, малын сойып бәйек болды. Бір кезде рухани сұхбат жүріп жатыр еді үй иесінің қызы алба-жұлба шашын жайып, дастарқанға келді. Отырды да күндегі әдетінше шашын тарады. Шашындағы кір асқа түсті. Үй иесі ұялғаннан жерге кірді. Бір-екі рет қызына жәйлап ымдап еді, ол түк түсінбеген сыңай танытты. Әкесі ашуланып кетіп: – Әй, осы тарағың басыңа жабысып, құрып кетші, – деді. Қыз сол сәтте бір құсқа айналды да пыр етіп, шаңырақтан ұшып кетті. Әкесі аңтарылып қалды да, артынан бақырып жылап жіберді. Пайғамбарға жалынып, қызын қайтарып беруді сұрады. Шұғайып пайғамбар: – Шеше қарғысы шоқ деген. Әке қарғысы оқ деген. Атылған оқ қайта айналып адырнаға салынбас. Өкінгенмен пайда жоқ. Құдайдың ісіне айла жоқ, – деді. Әкесі жылап қала берді. Осылайша салақ қыз бәбісек деген құсқа айналыпты. Тарағы басына жабысып, құстың айдары саналыпты. Салақтығы әліге дейін қалмапты. Иісі жүрген жерін жайлапты. Көрген жұрт оны сасық көкек деп атайды екен. Көкек дейтін себебі әкесін сағынғанда «көкө-көкө» деп жылап алады екен. Мәлике: Тасбақа неден бәділ болды?Әбілда: Тасбақа да бір заманда адам еді. Азан шақырған аты – Бақа еді. Саудаға ерте жастан араласып, базардан шықпайтын болды. Бірақ жеміс-жидек сатқанда таразыдан жейтін нас еді. Бір жылдары ел жұрты жұтқа ұшырап, ас-ауқаттан тарықты. Елдің бәрі қолда бар нәпақасын ептеп жеуге мойынсұнды. Бақаның да қоры тез таусылып, тентіреп тозып кетті. Оның әрі бай, әрі жомарт көршісі бар еді. Бақа соған келіп: – Қияметте жәрдем көршіден деген. Сен сияқты мол қор жинап үлгермедім. Бала-шаға аш отыр. Бір табақ бидайды қарызға бер. Кейін қайтарып берермін, – деді. Жомарт көршісі ойланып тұрмады. Үлкен ыдысқа толтырып бидай салып берді. Бақа қыстан аман шығып, ақыры көктемге ілінді. Көршісінен тұқымдыққа жарты қап бидай және сұрады. Ол тағы да сұрағанын қиналмай берді. Бақа егін егіп, күзде мол астыққа кенелді. Сол жылы жомарт көршісінің бидайы қурап қалды. Бірақ ол аса қатты қайғырмады. «Жақсы көрші тапқаның, мол олжаға батқаның» деп көңілді хәлде үлкен табағын алып Бақа досының үйіне келді. Бақа қоймасының аузы-мұрнын толтырып, астық жинап тастапты. Есігінің алдында індеріне дән тасып жүрген құмырсқалардың аузындағы бидайды тартып алып, қоймасына жинап жүр екен. Көршісінің табағын көріп:– Мына табағың тым үлкен екен. Сенің маған бидай берген ыдысың мынадай болатын, – деп кішілеу бірдеңені көрсетті. Көршісі Бақаның арам пиғылын аңдамай, алданғанын сезіп: – Не тапсаң да сараңдығыңнан табарсың. Жер басып адам болғанша жорғалап аң болғаның жақсы еді, – деді күйініп. Момынның зары зая кетпеді. Сол заматта Бақаның арқасына көршісінің үлкен табағы кеп жабысты да қалды. Бақа шошып кетіп, оны сілкілей бастады. Сол кезде көкірегіне өзінің кіші табағы кеп тағы жабысты Екі ыдысты жұлқылап, ала алмай арпалысып жатқанда қапыда айуанға айналып сала берді. Көршісі мына сұмдықты көріп шошып кетті. Айтқан сөзіне өкініп, Құдайдан кешірім сұрады. Бірақ қарғысы қайтпады. Бақа айуанға айналған қалпы маң далаға қарай тырбаңдап кете барды. Жұрт оны содан бері тасбақа атап кетіпті. Мәлике: Аққу неден бәділ болды?Әбілда: Аққу бір қайырымды әйел еді. Оның төрт ұлы бар екен. Әйел балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай әлпештеп өсіреді. Ерте тұрып, кеш батқанша балалары үшін тыным таппайды. Бір күні әйел қатты сырқаттанып қалды. Іші-бауыры жанып, ыстығы арта түседі. Қатты шөлдеп, су ішкісі келеді, бірақ су ішуге әлі жетпеді. Үлкен ұлын шақырып:– Ұлым, анаңа бір кесе су әперші, – деді. Ұлы оның айтқанын құлағына ілместен, ойнауға шығып кетті. Ана басқа ұлдарын да шақырды. Бірақ ешқайсысы анасының қызметіне жарамады. Мұны көрген ананың көңілі жара болды, ұлдарына нала болды. Қатты әлсіреп, өлуге таяды. Қатты налуға балаларын да аяды. Құдайға жалбарынып:– Аузыма бір тамшы су тамызбаған ұлдарымнан көңілім қалды. Мына түрімен мен өлсем көмусіз қалармын. Мұндай күйікті тартқанша, құсқа айналсам етті, – деп еңіреді. Сол заматта дұғасы қабыл болды. Кейуана демде аққуға айналып, көкке самғай жөнелді. Ойнап жүрген балалары шешесінің аққуға айналып ұшқанын көріп, соңынан жүгірді. Қанша жүгірсе де, жете алмай, жылап-жылап үйлеріне қайтты. Балаларынан құрмет көрмеген соң аққу ұя салмайды екен. Ол жұмыртқасын басқа ұяда басады. Балапандарын да басқа құстар асырап бағады. Мәлике: Қай жемістің пайдасы бар?Әбілда: Тәңірі жаратқан жемістің бәрі пайдалы. Әлқисса бірде періштелер: – Уа, Тәңірім, сен адамдар сияқты үш уақыт тамақ жейтін болсаң, не жейтін едің? – деп сұрады. Тәңірі тағала: – Таңертең шабдалы, түсте жүзім, кешке інжір жеуші едім, – деді.– Ауырсаң, не жейсің? – деді. – Анар! – деді. – Шаршасаң не жейсің?– Қауын!– Шөлдесең не жейсің?– Қарбыз! – Қалғысаң, не жейсің?– Жиде!– Ұйықтай алмасаң ше? – деп сұрады періштелер. – Алма жеймін, – деді Тәңірі тағала. Мәлике: Айуа жемісі неге құп-құрғақ?Әбілда: Оның мынадай қиссасы бар. Ұлықпан хәкім дүниедегі барлық кеселдің дауасын тапқан ғұлама екен. Бірде қарттық меңдеп, ажал сәті жақындады. «Мен дүние салсам, мына жұртты кім емдейді?» деп қатты уайымға батты. Бірде бір ой сап ете қалды. Дастарқанға барлық жемісті толтырып бүй деді: – Кімнің қандай қасиеті бар, баяндаңдар! Кейінгі ұрпақ ауырса, сендерді жеп жазылатын болсын! Дастарқанда шашылып жатқан төрт-бес Күріш алдымен сөз алды: – Төресімін тағамның. Пайғамбардың асыл тісінен мән алдым. «Ясин» сүресінен нәр алдым. Бойына қуат дарытам, мені жеген адамның, – деді. Дастарқанға сыймай тұрған қойтастай Асқабақ паңдана сөйлеп кетті:– Бар ас-ауқаттың қуатымын. Жүрегі әлсіз кісіге, дертінен жүдеп жүрген жанға күш беретін суатымын. Бауыр ауруына шипамын. Ойлаймын бас пен ми қамын, – деді. Желегі желкілдеп асқабақтың жанында тұрған Сәбіз желпінді:– Дәруменнің кенімін, көз аурудың емімін. Жанарыңды жақсартам, ерінбей күтіп-баптасаң, құнары мол ас тартам. Шырыным бар бал дәмді, ой-зейінің артады, – деді. Қабат-қабат тон киген, тұрқы алып дөңкиген Қырыққабат та қарап тұрмады. Жағаласып сөз алды: – Әрбір тоным пайдалы. Сансыз шипа сайлады. Жеген сайын жасарар, қарттық менен қашар ал. Қайнатсаң егер қырқы да, барлық жанға ас адал, – деді. Сәукелесі селкілдеп ащы Пияз жұлқынып алға шықты:– Аласа ғана бойым бар, тоғыз қабат тоным бар. Азықпын мына елге, менде ғой шипа да, ем де. Қабығымды аршығанда көзіңе жас үйіреді, тұмау мен жөтел жолай алмай күйінеді, – деді. Сосын бүйректей бұлтиған Ботташық домалап келіп Ұлықпанның алдына тұра қалды:– Тамаққа өң беремін, қоймалжың шырыш өндіремін. Әрі ауқатқа өзгеше дәм беремін. Мені білмейтін қай жан бар, шипам да көп, пайдам бар, – деді. Бүртік-бүртік түгі бар, қисық бұтақтай түрі бар Қияр да қалыспады. Ол да Хәкімнің қолына табыстады:– Мені жесең, шаршағаның басылар. Тамаққа деген тәбетің ашылар. Тәніңдегі бүкіл дертіңді қашырар. Қабығым теріңді тазартады, сөлім тәніңді ағартады, – деді. Кезек қаны бойына сыймай тепсініп тұрған Қызылшаға келді:– Мені жегеннің бірден қаны көбейді. Саулығыңды күшейтіп, шаттыққа бөлейді. Қант қызылшасынан бал-шекер жинайды. Тәттінің түр-түрін жасап, баршаға сыйлайды. Бауыр мен бүйрекке ем боламын. Ерінбей егіп, күтіп-баптасаң жөн боламын, – деді. Қазандай қара Қауын да, дөңгелеп кеп бүй деді:– Хауа ананың мирасымын, қарбыздың қоңсы-сыйласымын, балалардың сыйлы асымын. Дәмім тіл үйіреді, жеген жан сүйінеді. Пайғамбардың қолының табы қалған, қауын егіп, күтіп-баптаған адамның бағы жанған.Қауынмен таласып, ортаға Қарбыз шықты, соңынан ешкімді ілестірмей жалғыз шықты:– Тәңірім алғаш бу қылған, буды ерітіп, су қылған. Судан қарбыз тудырған. Жүзімді балмен жудырған. Құмды жерді сүйемін, аптапқа әбден күйемін. Бүйректегі кеселден айықтырамын, бақшаға келсең, құшағымды жайып тұрамын, – деді.Көкөністер легі біткеннен кейін жеміс-жидектер дастарқанға ағылды. Әдеп-ибамен кезек алып, бәрі де Ұлықпанның алдынан табылды. Бірінші Алма шықты домалап, дастарқанды жағалап:– Құнары мол алмамын. Таңдайда қалар бал дәмім. Жұртқа ырзық-береке, болу менің арманым. Дастарқанның көркімін, бағбанның да сертімін. Мені жеген адамның ізі қалмас дертінің, – деді. Ұяттан үлбірей үзіліп, Жүзім де нәзік үнмен сөз алды:– Тәтті ерекше шырыным, әпсананың сырымын. Пайғамбардан бата алдым, Шырмауықтай маталдым. Ібіліске де байландым, шарапқа да айналдым. Мейіз қылып кептірсе, дастарқанда жайнармын. Содан кейін Ұлықпан хәкім көз салып еді Құрмаға, ол да әсем үнмен сөйлеп кетті ырғала:– Пейіштен түстім. Меккеде пістім. Жемісім ауыз бекіткен момынға нәр береді. Мені жесе, күш-қуаты жаңғырып әлденеді. Құранда қасиетімнің бар дерегі, – деді. Банан да орақтай иіліп, тәжім етіп сөзге кірісті: – Барлық жандар мені жеуге құмар тым. Сары тонымды дерсің бейне бір алтын. Тәтті дәмім балаларға ұнар шын. Дәм татса егер жүрек-тамыр жақсарған. Тойынады жандар ассыз аш қалған, – деді. Бананнан соң Шабдалыға сөз тиді: – Бүкіл елдің бағбаны – өсіреді шабдалы. Жемісімді жеген жұрт – «Шипалы тал» деп атады. Құнарлы топырақта діңім қатады. Балбырап піскенде, жемісім балға айналар. Жеген кісі дәміме таңдай қағар, – деді тақпақтап. Хәкім шабдалыға шаттана қарады. Сол сәтте мөлдіреген Қарақат та төрге озды:– Есімім болар Қарақат. Берген жұртым сан атақ. Бау да, тау да, дала да, сай-сала да бұтамның тұрағы болар. Көп жесеңіз, көзіңіз қырағы болар. Сүйсіне жеген бар бүлдіршіннің құмары қанар, – деді. Ізінше қошқыл реңді шие келді. Ұлықпан оның да қасиетін санасына түйе берді. Шие іркілмей сөз бастады:– Мен моншақтай шиемін. Күннің нұрын сүйемін. Қан беремін адамға, сән беремін ғаламға. Сан шипаға иемін, – деп толғады. Кешікпей Құлпынай да жетті. – Мен қып-қызыл құлпынаймын. Бау-бақшада құлпырамын. Барша адамның тәні мен бәденін, жақсартып, жасартсам деп ұмтыламын. Иісім мұрын жарады, көркімнен әтір тарады. Жөтеліп-түшкірген кезде жапырағым емге жарады, – деді. Жаңғақ та дастарқан үстінде шыр айналды. Барлық жеміс енді оған қарай қалды.– Сауытым бар қатты, шұбарлау жарғақты. Миың өсіп толығар, күнде жесең жаңғақты. Дәнімнің мол деп пайдасы, көбісі мені таңдапты, – деді толғанып. Анар да арайлы жүзбен алға ұмсынды. Жұрттың назары оған ауғанда, ұяла қымсынды. – Дәндерім – пейіштің інжу-маржаны. Адам ата Тәңірден алыпты мендей олжаны. Күзде пісіп, құт-береке боп жауамын. Өзім – мың да бір дертке дауамын. Сан нәбиден бата алдым. Нарттай жайнап тұрғасын, анар болып аталдым, – деді. Іле-шала денесін бүр басқан, жапырағын кезек-кезек ырғасқан Ананас да өзін таныстыруға кірісті: – Менің атым – Ананас, тұрқым қауынмен шамалас. Тәнім ыстықты сүйеді, суық аязды қаламас. Жегенге – жеңсік аспын, татпағанға таңсық аспын. Шырыны мол сөлге жолықтырам, жіліктің майын толықтырам, – деді. Қоңыр бұрымы күлтелене төгілген Жүгері де алға аяңдады. Өзінің қасиетін айтып аянбады: – Ортаңызға келді жүгері. Мысыр шәрінің түлегі. Баданамды жегеннің, артар қайрат-жігері. Собығымда уыз, шырын бар. Құртқашаштай жайылған, жонымда ұзын бұрым бар. Менің-дағы ұным бар. Пісірсе елеп, нан тәтті. Сәнге бөлеймін алқапты, – деп термеледі. Бір кезде Жидеге де кезек тиді. Ол да: – Мен мәуемін, жидемін. Күзде көркем күйдемін. Адамнан жырақ өсемін. Мекен тұтпан үйлерін. Жайқалдым бұрын пейіште, қалғасын нала-кейіске. Жерге әкеп екті періште, сусыз қыр мен еңіске. Шалғайда тамыр жаямын, жолаушыға саямын. Кеселдің тән-денесінен, аурудың табын жоямын. Гүлімнен хош иіс аңқиды. Иіскеген жанның бойы балқиды, – деп толғады. Осылайша жеміс-жидек пен көкөністер кезегімен өзінің қасиетін айтып шықты. Тек айуа деген жеміс қана жақ ашпады. Ұлықпан: – Әй, сен неғып үндемейсің? – деп сұрады. Айуа: – Мен жемістің төресімен. Барлық ауруға еммін. Меніменен тең кім? Тіпті өзге жеміспен қатар тұрып, қасиетімді салыстыру мен үшін қорлық. Сондықтан сөз сөйлеп жатпаймын, – деді паңданып. Хәкім оның тәккаппар мінезін жөн көрмей, айуаны қолына ұстады да, сығып қалды. Жемістің барлық сөлі сыртқа ағып кетті.Осыдан бастап айуа жемісі құп-құрғақ болып қалыпты. Ал айуаның сыртында Ұлықпан хәкімнің бес саусағының іздері қалып қойған екен. Бірақ айуа айтса айтқандай барлық ауруға ем екен. Мәлике: Жылқы неден жаралды?Әбілда: Желден. Тәңірі тағала Адам ата мен Хауа анамызға жаза кесіп, пейіштен қуып, қос ғашықты жерге түсірмек болды. Бірақ екеуінің үрейден қалшылдап, жылап тұрғанын көріп, Тәңірдің мейірімі оянды. Жерге құр тастай салғанды жөн көрмеді. Желді дәргейіне алдырып, одан қанатты екі пырақты жаратты. Біріне – Хауаны, екіншісіне – Адамды мінгізіп жерге баппен жіберді. Олар пыраққа мінген соң, сәл де болса жұбанғандай болды. Пырақтар заулап отырып, екеуін аударып алмай, аман-есен жерге жеткізді. Адамды Сәрінджаб, Хауаны Жидда тауына түсіріп, кейін қайтпақ болды. Сол сәтте Адам ата пырақты құшақтап, жылады: – Уа, Жасаған Ием, мен жат жерден қорқып тұрмын. Жан-жарым Хауаның да қайда екенін білмеймін. Мені жалғыз қалдырмай, жаныма серік етіп пырақты қалдыр, – деді. Мейірімді Алла тілегін қабыл етіп, пыраққа: – Адамның шапса қанаты, кисе жанаты, жау тисе қорғаны, ішсе сусыны, ашықса асы болғайсың! Оларға адал қызмет ет! – деп бұйырды. Ат амалсыз көнді. Пырақтың қос қанаты қырқылып жерге түсті. Қанатындағы күш-қайраты аяқтарына ауысты. Қырқылып түскен бір қанатынан мың көбелек, бір қанатынан мың инелік пайда болды. Аттың жылқы атануы – желден шығады. Адам ата әдепкіде пырақтың не екенін білмей Тәңірге:– Бұл не? – деп сұрады. Тәңірі:– Жел, – деп жауап берді. Әуеліде ат қолға үйренбей асау мінез танытып қашады екен. Адам ата Хауа анаға «Желді мына жағынан қу», «желді ана жағынан қу» деп айқайлайды екен. Кейін бұл сөз «жел қу», заман өзгере «жылқу», «жылқы» аталып кетіпті.Жылқының төрт көзі болған екен. Жерге үйрене алмай, пейіштегі тірлігін аңсап жылай беріпті. Күні-түні жылағаннан төрт көзінің екеуі суалып, көрмей қалды. Аттың маңдайындағы көзге ұқсас шұңқырлар құрғап қалған қос жанардың орны екен. Содан бастап ат адамның ажырамас серігіне айналады. «Ат – ер қанаты» деген сөз осыдан қалыпты. Мәлике: Атжалман неден бәділ болды? Әбілда: Әуелде атжалман бір қасапшы еді. Сүбе-сүбе еттерді жіліктеп, мүшелеп тіліпті. Алайда келе-келе арамдыққа әбден құнықты. Адалдық пен әділдікті басыбайлы ұмытты. Жұрттың малын сойып бергенде ең дәмді, ең майлы жерін ұрлап алып, өз қабына сүңгітті. Обал, сауап дегенмен ісі болмады. Қос пышағы жалаңдап, ет пен майдан басқаға көз ілмеді. Бір күні біреу оған жылқысын әкеліп, сойып бер деп өтінді. Қасапшы қуана келісті. Семіз биені көргенде екі көзі ойнады, арамдықты ойлады. – Бұл биеңді тастап кет! Менің бір әдетім бар еді. Малды сахар уақытында ғана соямын, етіңді таңертең дайындап қоямын, – деді. Мал иесі келісті. Жылқысын байлап, жүре берді. Қасапшы түнімен етті мүшелеп, дайын қылды. Иесі ертесі келіп еді, қасапшы: – Терің әне тұр. Етің жоқ, – деді.– Қалайша? – деді иесі. – Сахар кезінде дәретімді алып, «біссімілдә» деп мал сойып бастап едім, бір топ періште жетіп келді. Арасында Жебірейіл де бар екен. Ол: «Бұл етті Тәңірге алып кетеміз. Соның сыбағасы. Мұртын бұзбай бересің», – деді. Құдайдан әмір келген соң, мен пақырда не амал бар? Жылқыны бауыздап, терісін сыпырдым да, етті бұзбаған қалпы соларға садақа деп бере салдым, – деді беті бүлк етпестен. Момын байғұс не сенерін, не сенбесін білмей аңтарылып тұрып қалды. Қарғайын десе тілі Құдайға тиеді, қарғамайын десе еттің әлегі өңменінен өтіп барады. Үйде шиттей бала-шағасы аш отыр. Жалғыз жылқысын соғымға сойып, осы қыстан қиналмай шығамыз деген дәмесі күл-талқан болды. Көз жасын сығып, шарасыз үйіне қайтып бара жатыр еді, шәуілдеген күшіктің даусын естіді. Қараса бір күшік қораның шетін қазып жатыр екен. Жаңа сойылған еттің ұшынан тістелеп, сыртқа шығарып, тартқылай бастады. Иесі жылқысының етін тани кетті. Қасапшыға қарап еді, ол қос пышағын шығарып, оны өлтірмекші болып, жақындап келе жатыр екен. Сол сәтте әлгі момын «Уа, Жасаған, мына айуанның қаскөй ниетінен сақтай гөр» деп жалбарынды. Тілегі заматта қабыл болып, қасапшы қорқынышты айуанға айналып шыға келді. Қос пышағы екі күрек тісіне айналды. Беліндегі ұзын егеуі құйрығы болып оралды. Момынға айбат шекті де, қораның тесігіне сүңгіп жоғалды.Содан бастап ол айуанды жұрт «атты жалмаған» деп атапты. Кейін келе атжалман аталған екен. Мәлике: Қасқалдақ неден бәділ болды?Әбілда: Әу баста қасқалдақ адам болыпты. Жан баласына пайдасы тимеген жаман болыпты. Азан шақырған аты – Алда екен. Байлықтан жұрдай, туыстан тұлдай жетім болғандықтан, жұрт оны қасқа Алда деп атайды екен. Ол елден жырақта жанына жан жуымай, жалғыз күн кешеді. Мүсәпір күйге түседі. Бірде оған бір байдың назары түсіп, жаны ашыды. Пақырдың ит тірлік өмірін көріп, ет-жүрегі езілді. Ол: – Ей, міскін, жұрт сенен теріс айналды. Қайыр-сахауат бізге парыз еді. Сен менің үйіме келіп тұр. Сен үшін арнайы қазан көтермесек те, бұйырған дәмнен сыбағаңды аларсың, – дейді. Қасқа Алда оған қуана келісіп: – Уа, мейірбан мырза. Жақсылығыңды өле-өлгенше ұмытпаспын. Тірі болсам, бір қайтарармын. Өзім қайтара алмасам, Тәңірден тілеуіңді тілеп өтермін, – деп басы жерге жеткенше иілді. Сөйтіп, бай оны үйіне әкелді. Алда тойып тамақ ішіп, көңілі жайланды. Уайым-қайғысын ұмытты. Мырзаға «Мені ініңдей жұмса» деп өтінді. Анда болып, сүтке қан тамызып, ант ішті. Опасыздық жасаған адамды ант ұрсын деп серттесті. Анда деген «бір қанбыз, бір жанбыз» деген сөз екен. Құданда деген сөз де осыдан шығыпты. Бірақ Алда берген антына адал болмады. Бірте-бірте арам пиғыл ойлады. Байдың малына көз салды. Бір күні жау шапқанда, байдың қол-аяғын матап, дұшпанға ұстап берді. Сонда жаны ышқынған бай: – Ей, Алда! Маған қылған жақсылығың осы ма? Адам деген аттан садаға кет! Бұдан кейін жер басып жүрме! – деп айқайлады. Сол сәтте оны ант ұрып құсқа айналды. Жұрт өз көзіне өздері сенбей таңғалды. Бәрі «қасқа Алда-ай!», «қасқа Алда-ай!» деп бас шайқасыпты. Сөйтіп бірте-бірте бұл құстың аты «Қасқалдақ» аталып кетті. Қасқалдақ сол ұшқаннан ұшып отырып, бір көлдің ортасындағы қамыстың ішіне кіреді. Осында су ішпей, ұшпай бүк түсіп жатып алады. Өкініштен бауыры қап-қара болып күйіп кетіпті. Халықтың «қарабауыр қасқалдақ» деп атайтыны осыдан қалған екен. Мәлике: Бұлбұл қалай пайда болды?Әбілда: Озалда бұлбұл көктегі періште болған екен. Адам ата пейіште жүргенде оған ғашық болып үнемі сыртынан тамсанып жүреді екен. Адам ата мен Хауа ана жерге қуылғанда Тәңірден дат сұрап жерге бірге түсіпті. Бұлбұлдың түрлі әуенге салып сайрауы періште кезінде үйренген зікірінен екен деседі. Мәлике: Дүниеде ең бағалы темір – алтын. Бірақ әйелдер неге күміс білезік таққанды жақсы көреді? Әбілда: Оның сыры былай: Адам ата жерге түскен соң қарны ашты. Жұмақтағы дайын ас мұнда жоқ еді. Жебірейіл періште Адам атаға құнарлы жеміс пен жидектен адал ас пісіріп жеуді үйретті. Кейіннен Адам ата мен Хауа ана ақыры табысқан соң ері алысқа аңға шығып, азық әкелуге мәжбүр болды. Адам ата қазан асып, ауқат пісіруді енді жан-жарына үйрете бастады. Сол кезде барлық ас-ауқат Тәңірге арыз айтып: – Уа, Жасаған Ием! Мына әйел бөпесінің дәреті тиген жаялықтарын тазалайды. Сосын кір жуған қолымен бізді ұстап, былғайды. Біз адал қалпымызда адамзатқа қызмет еткіміз келеді. Уа, Тәңірім, өзің бір шарасын қыл! – деп зар иледі. Тәңірсі:– Мен білезік жіберемін. Соны білегіне тағып жүріп ас-ауқаттын әзірлесе астың адалдығы мен басының амандығы саламат сақталады, – деп оларды жұбатты. Пейіштен алтын, күміс, гауһар үшеуін алып Хауа анаға жіберді. Алтын мен гауһар кірпияз еді. Олар: – Бізді білегіне тағып, сәбиінің кір-жаялығына салмақшы ма? Бізді былғайды. Оған көнбейміз, – деді де, гаухар суға секірді, алтын тау мен тастың қойнауына кіріп кетті. Ал, күміс кішіпейіл еді. Ол Алланың халифасына адал қызмет етуді мәртебе санады. Әйелдің білегіне сән бітіріп қала берді. Алтынның тасқа бітетіні, гауһардың су түбінде жататын себебі осыдан екен. Ал, күміс барша зиянды заттан қорғайтын қасиетке ие болыпты. Содан бастап «Алтынды сәнге, күмісті емге тағады» деген атасөз қалды. Мәлике: Борсық неден бәділ болды?Әбілда: Борсық та әуел баста адам болыпты. Шын есімі Бөрісақ еді. Әке-шешесі бөрідей сақ болсын деп ат беріпті. Жасы жетіге жеткенде әкесі дертке шалдығып өліпті. Содан бастап шешесі екеуі тұрмыстың бар машақатын бірге көріпті. Бөрісақты бағып-қағу үшін кейуанаға ауыр жүк түсіпті. Кісінің есігінде жүріп, ыстыққа күйіп, суыққа үсіпті. Баласына тамақ тауып беру үшін әркімге бір жалданыпты. Сиырын сауып беріп, отынын да жарыпты. Талғажау қылар тамақ тауып, әйтеуір бір күннен бір күнге жалғаныпты. Ұлына шешесінің бейнеті білінбей, ас-ауқат өзі келіп жатқандай көрінді. Тіпті үйге сүрнігіп жеткенде, шешесіне есік ашуға да ерінді. Бір күні кәрі анасы төсек тартып, жатып қалды. Үйге кіретін несібе де кілт тоқтады. Бөрісақтың қарны ашып, тамақ жегісі келді. Түнде сыртқа шығып, жан-жағын барлап көрді. Бір күні көршілердің тауығы мен жұмыртқасын ұрлады. Дәнігіп алған соң, бұл әдетін тыймады. Терісі қалыңдап кеткесін, жәй ұрыс пен сөгіске қыңбады. Жұрт оған ұрсып та айтты, ұрып та айтты. Бөрісақ сонда да жаман әдетін қоймады, жұмыртқаға тоймады. Бірақ бұл кәсібі барған сайын қиындады. Бір күні «Ұрлығыңды доғар!» деген ашулы шешесіне қол жұмсады. Шешесі ұлының өзіне қол көтергеніне қатты налыды. Борсықты көп ұзамай анасының киесі атты. Бәділ болып, бір аңға айналып кетті. Жұрттан жырақтап, сулы, жапан даланы мекен етіпті. Бөрісақ деген есімі келе-келе борсыққа айналыпты. Борсықтың таяқпен ұрған сайын семіретіні, көзіне не көрсе соны кеміретіні, бұрынғы жаман әдетінен қалған екен дейді. Мәлике: Жолбарыстың терісі неге жолақ-жолақ?Әбілда: Оның мынадай қиссасы бар. Ертеде Мұса пайғамбар Перғауын-нан қашып Меккеге келеді. Жолай Шұғайып пайғамбардың үйіне түсті. Шұғайыптың Сапура деген сұлу қызы бар еді. Мұса бір көргеннен оған ғашық болды. Қыз да Мұсаны ұнатты. Бірақ Мұсаның қыз айттырар малы жоқ еді. Шұғайып Мұсаға:– Менің қойымды бағасың. Егер бір жыл ішінде аң-құсқа алдырмай аман сақтасаң қызымды беремін. Егер бір қойдың құлағы қанайтын болса шарт бұзылады, – деді. Мұса келісті. Ол заманда Меккеде бір жолбарыс мекендейтін. Ол жұртты қан қақсатқан жыртқыш екен. Елдің малына шапқанда, аша тұяқ қалдырмай, жайпап кететін. Жолбарыстың түрінен адам шошитын. Бітімі тайыншадай ірі еді. Қойларды қылғытқанда қылтық құрлы көрмейтін. Ол кезде жолбарыстың түсі шөл даланың түсіндей сары екен. Бір күні ол Мұсаның да қойларына бас салды. Мұса аса таяғын жолбарысқа қарай лақтырды. Онысы Құдайдың құдіретімен айдаһарға айналды. Айдаһар аузын ашып от бүркіді. Жолбарыс қалың сексеуілдің ортасында тұр еді. От жартылай сексеуілге, жартылай жолбарысқа тиді. Жыртқыш қаша жөнелді. Содан бастап от шарпыған сексеуілдің қалың жапырақтары күйіп, бұтақтары селдіреп қалды. Ал жолбарыстың от тиген жүндері қарайып кетіпті. Осыдан соң, жолбарыс шөл далаға жоламайтын болыпты. Мұса абыроймен Шұғайыптың қойын бір жыл бағып, Сапураға үйленді. Мәлике: Қара жердің жек көретін нәрсесі бар ма? Әбілда: Бар. Ол адамның түкірігі. Әуелде адамнан бұрын Әбілет пен Тәбілет деген екі мақұлық жаралыпты. Тәңірі оларға жерді мекен етіп берген еді. Олар жерге түскен соң үнемі түкіріп жүреді екен. Түкірген сайын қара жер қорланатын. Жер бір күні төзімі таусылып: «Уа, Тәңірім, мені мына екі мақұлықтан құтқар! Бұлардың жанын тезірек ал! – деп қарғады. Бір күні Әзірейіл періште Әбілет пен Тәбілетті де құрықтап, жаһаннамға әкетпекші болады. Сол кезде Тәңірсі: – Әй, Әзірейіл, олардың жанын кіргізіп, алдымен жердің қойнына бер! Бұлардың жерден тартатын жазасы бар! – деді. Періште екеуін алып, көрге тықты. Құдай құдіретімен Әбілеттің бүкіл түкірігін жинап шаяндарды жаратты. Тәбілеттің түкірігінен қарақұрттарды жасады. Сосын: – Бұл екеуі жердің үстіне қақырып, түкіріп оны қорлаған еді, енді соның сазайын тартсын! – деді. Сол сәтте шаяндар мен қарақұрт екеуін шағып, жан-жақтан талай бастады. Әбілет пен Тәбілет шаяндардың уынан мың рет қиналып өліп, мың рет қайта тірілген екен. Әбден азапталған соң жаһаннамға кетіпті. Жер бетіндегі қарақұрт пен шаяндар Әбілет пен Тәбілеттің түкірігінен пайда болыпты. Содан бастап жер бетінде бір адам түкіретін болса қара жер зар жылайды екен. Түкірген адамның соңғы демі бітіп, жер қойнына барғанда түкірігі шаян мен қарақұртқа айналып өзін шағады деседі. Мәлике: Қой неден жаралды?Әбілда: Шөптен жаралды. Алла тағала он сегіз мың ғаламды жаратты. Одан кейін тіршілік ету үшін жан-жануарды жер жүзіне таратты. Осыдан бастап, Күн жерді алтын арайға бөлеп, таң атыпты. Кешке жақын қызарып барып Күн батыпты. Барлық мақұлық күндізгі митың тірліктен шаршап келіп, ұйқыға шым батыпты. Ұлық Алланың жаратқан жандыларының ішіндегі зәрлісі шаян екен. Өзі айыр құйрық аяр екен. Адамдар мен жануарларды шағып, күн бермепті. Күллі мақұлық оның мейірім мен достығын бір көрмепті. Айналадағы жандарға жәбір-жапасы көп тиіпті. «Адамның бәрін шағып өлтіремін» деп кек түйіпті. Оның да себебі бар еді. Шаян мен қарақұрт Әбілет пен Тәбілеттің түкірігінен жаралған соң жер бетіне уын жайып, тіршілікті жоймақ болды. Адам ата бала-шағасын күзетіп, түні бойы қарақұрт, шаянмен алысып шығады екен. Бір күні шыдай алмай Жаратқаннан жәрдем сұрады: – Уа, Тәңірім, мына шаяндардың әлегінен құтқар гөр! – деп жалбарынды. Тәңірі тағала: – Шөпті сипа! – деді. Адам ата шөпті «Біссімілдә» деп сипап еді, Алланың құдіретімен маңырап қой пайда бола кетті. Құдай тағала момын малға ерекше қасиет дарытыпты. Ол қарақұрт пен шаянды қуалап жүріп жейді екен. Олардың уыты қозылардың уызына айналды. Қой жарықтық қарақұртты жеген сайын семіре берді. Содан бастап қарақұрт пен шаян қойдың иісі бар жерге жоламайтын болыпты. Қойдың берекелі болатыны шөптен жаралған қасиетінен екен деседі. Мәлике: Түйе неден жаралды?Әбілда: Шөлден жаралды. Бір күні Тәңірі тағала Адамға «Қажылыққа бар!» деп әмір етті. Адам ата Меккені бетке алып жолға шықты. Ол кезде адам аяғы тимеген жер көп екен. Жол салынып, құдық қазылмаған. Адам ата шөлден әбден қаталап қиналды. Астындағы аты шөлге шыдамай жолда қалды. Адам ата жаяу тартты. Қойны-қонышына құм толып, ілгері жүргізбеді. Әбден қалжырап бір жерге жетіп жығылды. Адам ата Құдайға жылап: – Уа, Тәңірім, әл-дәрменім таусылды. Жүрерге шамам жоқ. Атым шөлге шыдамай жолда қалды. Маған жәрдем ет! – деді. Құдай тағала:– Құмды сипа! – деп әмір етті. Адам ата «Біссімілдә» деп құмды сипап еді, құм арасынан бақырып түйе шықты. Тәңірі тағала: – Ей, Адам, сен үшін түйені жараттым. Енді шөлдегі серігің осы жануар болады, – деді. Түйенің жаралған жері қазіргі Мәдиненің топырағы екен деседі. Адам атаның тілегін Тәңірім сол жерде қабыл қылғандықтан Медине қаласына кие дарыды. Адам ата түйеге мініп, Меккеге шаршамай аман жетіпті. Ондағы қара тасты айналып, бірінші рет қажылық жасайды. Осылайша Меккеге қажылық жасау Адам атадан қалған екен. Адам ата Меккедегі шатырында демалып отырғанда Жебірейіл періште жұмақтан құрма мен кәусар бұлағының суын әкелді. Адам ата құрманы жеп, сүйегін жерге тастап еді, одан құрма ағашы өсіп шықты. Құрманы пейіштің жемісі дейтіні осыдан екен. Кәусардың суын ішіп жатқанда бір тамшысы үзіліп, жерге түсіп сіңіп кетіпті. Жер астында ұзақ жатып қасиетті зәмзәм суына айналады. Ысмайыл пайғамбардың заманында сол судың қоры құдық болып қазылыпты деседі. Мәлике: Қасқыр қайдан пайда болды?Әбілда: Қасқыр иттің туысы екен. Ертеде Адам атаның екі иті болыпты. Олардың біреуі – ақ, екіншісі – қара түсті екен. Адам қойларын ол екеуіне сеніп тапсырыпты. Иттер таңертең қойды өріске жайып, кешке қораға қамап жүреді. Бір күні қара иттің ниеті бұзылды. Нәпсісі қысқанда өзін ұстай алмай бір қойды тамақтап тастапты. Ақ ит оны көріп, онымен айқаса кетеді. Осылайша бір-бірін ала алмай жатқанда Адам ата келіп қалды. Қара ит иесін көріп орманға қаша жөнеліпті. Қайта келуге бет жоқ. Содан орман тоғай мен жапан түзді жағалап, ақыры жабайы айуанның кейпін киді. Бұрынғыдай ас беретін егесі жоқ. Амалсыздан жыртқышқа айналып, жемтігін өзі табатын болды. Бірақ қанша уақыт Адам атаның жанында жүріп бауыр басып қалған еді. Содан Адам атаны сағынып ұлиды екен. Ит оның даусын естіп: – Өз обалың өзіңе, нәпсіңе билетіп нең бар еді?! – деп үріп, жақындатпайды екен. Бұдан қайыр болмаған соң қасқыр Жаратқанға ұлып: – Уа, Тәңірім, итті қарашы, жанында егесі бар. Үнемі қамқор болып ас берді. Жататын жер берді. Мен жалғызбын. Менің кімім бар? – деп арзу айтыпты. Тәңірдің оған жаны ашып: – Ей, қасқыр, сен қайғырып қам жеме. Сенің иең Менмін! – депті. Осыдан бастап «Иттің егесі болса, қасқырдың Тәңірсі бар» ден сөз қалыпты. Мәлике: Түйенің мойны неге қисық? Әбілда: Ыбырайым пайғамбар үйіне қонақ келмесе, ас іше алмайды екен. Үш мезгіл дастарқанында мейманмен бірге отырып, сұхбат құрып тамақ жейді екен. Ешкім келмесе, қақпаның алдына шығып, кім көрінсе, соны шақырып, ауқатымен бөлісетін. Бір күні таңғы асын бөлісейін десе, ешкім келмепті. Сыртқа шықса, бір түйе мінген қария келе жатыр екен.Пайғамбар оны қонақ қылмақ болды. Оны құрақ ұшып қарсы алып, төрге шығарды. Бірақ қарияның діні бөтен екенін көріп:– Әттең, сені қонақ қылайын деп едім. Бірақ дінің басқа екен. Беті-қолыңды жуып, сақал мен мұртыңды менікіндей етіп ал! Менің дініме кір! Сосын бірге отырып ас ішейік, – деді. Қария ренжіп:– Мені дініңе мәжбүрлеу үшін шақырдың ба? – деп түйеге мініп, кетіп қалды. Сол кезде Құдайдан Ыбырайымға әуез келді: – Ей, Ыбырайым, Мен жер бетіндегі бүкіл халықты дініне, түріне қарап алаламай, ырзық-несібесін тең беремін. Менен неге үлгі алмайсың? Таңғы ас – Тәңірден деген. Оның несібесін сенің дастарқаныңнан бұйыртып едім. Сен оны қуып жібердің. Қария байғұс аш кетті, – деді. Ыбырайым қатесін түсінді. Үйінен шыға салып, қарияның ізінен қуды. Одан кешірім сұрап, жалынып-жалпайып, үйіне қайта шақырады. Ренжіген қария оның сөзін тыңдамай, әрі қарай кете берді. Ыбырайым түйенің мойнына қос қолымен асылып, оны тоқтатуға тырысты. Әуелде түйенің мойны оқтай түзу болған екен. Ыбырайым тартқылаған соң иір-иір болып қалыпты. Түйе сол сәтте қиналып кетіп, кіші дәретін жіберіп қойды. Дәреті шашырап, Ыбырайымның аяғын былғайды. Пайғамбар «Қап, дәретімді бұзды-ау» деп түйенің қасасын артына қайырып жібереді. Осыдан бастап түйе сідігін арт жағынан шаптырады екен. Бір кезде қарияның жүрегі жылиды. Өкпесі тарқап, түйесінен түседі де, Ыбырайымның үйіне қонақ болады. Мәлике: Кемпірқосақ неден пайда болған?Әбілда: Нұхтың кемесі Қазығұртқа тоқтаған соң бүкіл жанды мақұлық сыртқа шығып, көңілдері жайланды. Пайғамбар үш ұлымен бірге жерге қазық ұрып, жаңа қоныстың іргесін қалап жатқан. Бір кезде жаңбыр жауып кетті. Нұх пайғамбар «Топан суы тағы басталып кете ме?» деп қорқып кетіп, Тәңірге жалбарынды. Сол сәтте Құдай тағаладан әуез келіп:– Ей, Нұх, басыңдағы сәлдеңді алып, көкке қарай лақтыр! Не болғанын көресің, – деді. Нұх дереу сәлдесін шешіп алып, аспанға атып жіберді. Сол-ақ екен, сәлдесі көкжиекке барып асылып тұра қалды. Күннің жарқын сәулесі мен су тамшыларынан керемет түстерге боялып, құбылды. Қызыл, сары, жасыл, көк, күлгін түстермен көз арбады. Нұх мына ғажап көріністен көз айыра алмады. Жаратқан тағы да бір сыр шертті:– Ей, Нұх, бұл бір мөрлі келісім болсын. Енді бұдан былай топан суы баспайды. Жаңбыр қанша жауып, нөсер қанша құйса да, аяғында тоқтайды. Ұрпағың мен қауымың мынаны білсін! Көк жүзінде кемпірқосақ керілсе, жауынның толастағанының белгісі, – деген екен. Содан бастап, адамдар жаңбырдың тоқтағанын кемпірқосаққа қарап біледі екен. Мәлике: Ит атаулы кедейді көрсе арпылдап тұра ұмтылады да, ал байларға тиіспейді. Мұның себебі неде?Әбілда: Ит арам мен адал асты ажырата бермейді. Алдына келсе қылғыта береді. Байлар да солай. Тапқан пайдасы мен дүниесі – кейде арам, кейде адал. Сол үшін де олар ұқсас, бір-біріне жақын. Сондықтан байларға зекет беру парыз болды. Мәлике: Зекет бермесе не болады? Әбілда: Онда арамы араласқан тегін табыс кәсіпке кесірін тигізеді. Аты жаман ауру шақырады. Қойына қасқыр шабады. Сиырына топалаң келеді. Жылқысына ұры түседі. Зекетсіздің малы сүндетсізге бұйырады деген содан қалған. Мәлике: Малдан неге зекет парыз?Әбілда: Ғұламалар кітап ақтарып ілім жинайды. Ілімнің шырағымен қараңғы елді надандықтан құтқарады. Олардың ісі де, кәсібі де, міндеті де сол. Байлардың зекеті болмаса ғалымдар бала-шағасына алаңдап, өнімді еңбек ете алмайды. Сондықтан мал екеш малдың өзі ілімнің жолында жұмсалуды жақсы көреді. Зекетсіз мал ақиретте иесінің алдынан шығады. Олар Аллаға арыз айтып, иесінің айыбын ашады. Сол кезде әділ Құдай төрт түлік малдың ақысын түгендеп, иесінен кек алуға рұқсат етеді. Сол кезде малы тұяғын отқа қыздырып зекетсіз байдың бетіне шыжғыртып басады. Мәлике: Ит неден пайда болды?Әбілда: Адамның кіндігінен жаралды. Тәңірі тағала адамды топырақтан жаратып, барлық мақұлыққа орынбасарын тамашалауды бұйырды. Періштелер жиналып, адамды айналып қарап көрді. Сол кезде Ібіліс лып етіп адамның мұрнынан кіріп, оның бүкіл дене мүшесін, ағзасын, қан тамырын аралап қайта шықты. Адамның қарнын ұрып көріп еді, бос балшықтан даңғырлаған дыбыс шықты. Ібіліс:– Іші даңғырлаған қуыс екен. Мақтағанды жақсы көреді. Мұның түбіне осы мақтансүйгіштігі жетеді, – деп қарнына түкіріп жіберді. Жаббар Хақ Жебірейілге бұйырып:– Ана залымның түкірігі тиген жерді қыршып алып таста! – деді. Жебірейіл адамның қарнынан бір шөкім топырақты ойып алды. Ойылған жері кіндік болып қалыпты. Құдай тағала сол бір шөкім топырақты илеп, одан итті жаратты. Итке үш түрлі мінез дарыды. Бірі – шайтани, бірі – адами, бірі – періштенікі.Шайтани мінез Ібілістің түкірігінен пайда болыпты. Сондықтан ит өте сезгіш келеді. Күндіз, түн деп айырмады. Бірдей біледі, бірдей көреді. Арамды да жейді, нәжістен де жиіркенбейді. Құтырса, иесін де қауып алады.Адами мінез Адам атадан жұғыпты. Себебі адамның кіндік топырағынан жаралды. Сондықтан адамды бауыр көреді. Жанашыр жақынына балайды. Еркелейді, қалмайды, ереді. «Осы үйдің баласы көп болса екен. Балалары болса, бет-аузын жалар едім. Құйған тамағын жер едім. Еркелеп ойнар едім» деп тілейді. Сол үшін адамдар итті жақсы көреді.Періште мінез Жебірейілдің дарыпты. Ол шайтан түрткен жердің топырағын қыршып алды. Сондықтан қожайынын дос көреді. Ас бермесе де, кетпейді. Күні-түні егесінің күзетінде. Малын, жанын сақтайды. Қандай қорлық тартса да, арамдық ойламайды. Неше күн аш жүрсе де, егесіне ренжімейді. Итке ас берсе, періштелер риза болады екен. Мәлике: Сиыр неден жаралған?Әбілда: Сиыр судан жаралған. Адам ата жерге түскен соң, Жебірейіл оған бидай дәнін әкеліп: – Бұларды егіңдер, берекелі дақыл болады, – деді. Адам ата: – Мұны қалай егемін? – дегенде, періште: – Жерді жыртып, дәнді ек! Сосын суғар! – деді. Адам ата жерді жыртып жүріп, әбден шаршады. Тәңірге арыз қылып: – Уа, Жасаған Ием! Мен қалжырадым. Маған күш-қайрат бере гөр! – деді. Жаббар Хақ:– Өзенге қолыңды батыр! Не ілінсе соны тартып шығар! – деді. Адам ата өзен суына қолын батырды. Қолына бір нәрсе ілінгендей болды. «Біссімілдә» деп тартқанда судан өкіріп өгіз шықты. Оны соқаға жегіп, жұмысқа салды. Өгіз қырсық екен. Қозғалмай сіресіп тұрып алды. Діңкесі құрыған Адам ата таяқты алып, малдың жамбасынан тартып-тартып жіберді. – Ей, Адам, неге ұрасың? – деді өгіз ашуланып. – Тіл алмағаның үшін, – деді Адам. Өгіз: – Сөз тыңдамаған соққыға лайық па? Айтқанды тыңдамай сен де бидай жеп, жұмақтан қуылғансың, – деді. Адам ата: – Құдай маған сені берді. Қыңырлығыңды біліп, сойылды жаратты. Енді Тәңірімнің бергенін пайдаланбасам, менікі нағыз мойынсұнбағандық болар. Әркім өз жазасын өзі тартар. Менің күнәмді сен арқаламайсың! – деді де, өгізді екінші рет белден салып кеп жіберді. Сөзден жеңіліп, аузына құм құйылған өгіз айтқанға көніп, айдағанға жүрді. Ол содан бастап, «ләм-мим» деп жақ ашпайды екен. «Аузын буған өгіздей» деген осыдан қалыпты. Сиыр малының судан өткенде аузын суға малып өтетіні судан жаралған белгісінен екен. Мәлике: Кекіліктің тұмсығы неге қызыл?Әбілда: Адам атаның Қабыл және Әбіл деген екі ұлы болыпты. Бір күні Қабыл рухани кеселге шалдықты. Ол інісінің өрге басқан ісін көрсе іштарлығы қозатын болды. Күншілдігі оянғанда Ібіліс қасына жетіп келеді екен. Ол Қабылдың көңілін жаулап, уәс-уәс салуды үзбеді. Оның қаскөйлік ниеті күшейе түсті. Бірақ інісіне қандай қиянат жасарын білмеді. Ол заманда адам өлтіру деген түсінік жоқ еді. Ібіліс оған ақыл айтып: «Жұдырықтай тасты ал да, Әбілді басынан ұр! Одан адам өлмейді қорықпа. Тек ашуыңды шығарасың. Оның бассүйегі тастан да қатты. Сенбесең сынап көр!» – деді.Қабыл залымның тілін алып, ұйқыда жатқан інісінің қарақұсынан бір ақ ұрды. Әбіл тіл тартпай кетті. Ібіліс тілегі орындалған соң «Менің бұл іске қатысым жоқ. Құдай сен сияқты қарабеттен сақтасын!» деп, Қабылды тастап қашып кетті. Қабыл сол кезде барып есін жиды. Інісін әрі-бері жұлқылап көріп еді, оянбады. Жүрегі соқпапты, тынысы тоқтапты. Оның денесін не істерін білмей арқалап жүрді. Бұл хабарды естігенде Адам ата жанын қоярға жер таппады. Әбілдің өлген жеріне жүгіріп жетті. Баласының басына тиген тасты құшақтады. Тасқа жұққан қанның ізін маңдайына басты. Жерге тамған қанды көріп еңкілдеп жылапты. Нақақ төгілген адам қанының ауыр болатыны содан екен. Құдай тағала досын жұбатқысы келді. Ол Әбілдің жерге тамған қанынан қызғалдақты өсіріп шығарды. Қызғалдаққа Әбілдің иісін дарытты. Жұдырықтай тасты кекілікке айналдырды. Кекіліктің тұмсығының қызыл болатыны – тастағы Әбілдің қанының бояуы екен. Содан бастап Адам ата мен Хауа ана баласын сағынғанда кекілікті көріп мауқын басады екен. Қызғалдақты көргенде ұлының иісін иіскегендей болып, көңілі жұбанады екен. Мәлике: Бөдене неден бәділ болды? Әбілда: Бөдене әу басында адам еді. Жүрек көзі ашылған бір ұлық ұстаздың шәкірті болатын. Ұстазы оны көшеде аш-жалаңаш қайыр сұрап жүрген жерінен тауып алыпты. Үсті-басы алба-жұлба, кір-қожалақ екен. Жыртық киімін бит пен бүрге басып қапты. Өзі тыриып, қол-аяғы сидиып, көздері шүңірейіп кеткен. Бет-аузы жарадан көрінбеді. Ұстаздың балаға жаны ашып, ертіп алды. Оны өз баласындай тәрбиеледі. Барлық жиған-білгенін үйретті. Неше түрлі өнер мен ғылымға, ғаламның ғажайып сырына баулыды. Баланың азан шақырып қойған аты – Бөдене екен. Ол қағілез әрі алғыр бопты. Жеті түрлі ілімді жеті жылда меңгеріп ғалым атанды. Бірақ білімі нәпсісін семіртіп, менмендігін өсірді. Тіпті өзінің ұстазын да менсінбей, оның сөзін жүре тыңдайтын болды. Жұртты әдемі сөзбен арбап, уағыздың түр-түрін айтты. Ілімін ақылға сатып, білгенін саудалады. Абыройы аспандап, өзін «тарихаттың пірімін, әулиенің бірімін» деп жариялады. Бірақ жұрттың махаббатына бөлене алмады. Халық оның ұстазын құрметтейтін. Баласына азан шақыртып, әруаққа құран оқытқысы келгендер ұстазды шақыратын. Бұл Бөденеге ұнамады. Бір кесеге сиқыр суын оқып, ұстазының үйіне барды. Суды ұстазының үстіне шашып, оны құсқа айналдырып жіберуді ойлады. Ұстазы оның бұл пиғылынан хабарсыз еді. Шәкіртінен әлі де болса үмітін үзбейтін. Алыстан оның келе жатқан сұлбасын көріп алдынан шықты. Бөдене ішінен бір дұға оқып, кесені шашуға ыңғайлана бергенде, бір тасқа сүрініп, етпетінен құлады. Кеседегі суы бетіне шашылды. Сол заматта өзі құсқа айналып кетті. Ұстазы сонда барып шәкіртінің залым ниетін ұқты. – Біреуге ор қазба, өзің түсесің деген осы. Мен сені жақсы шәкірт болсын деп өсіріп едім. Сөзімді жүре тыңдасаң да, үмітімді үзбеп едім. Бірақ не тапсаң да ниетіңнен таптың, – деп басын шайқай беріпті. Құс пыр етіп ұшып кетеді. Осыдан бастап жұрт ол құсты көрсе бөдене деп атапты. Бөдене кейде қырларға, кейде тауға, кейде шөлге ұшып, жанын қоярға жер таппайды екен. Халық мұны да ұстазының наласынан деп ұғыпты. Бөдененің жұмыртқасы мың бір дертке ем екен. Мұның себебі: ұстазынан алған саф ілімінің шарапатынан деседі. Ал жұмыртқа қабығындағы дақтар сол ілімді теріс ниетке пайдаланғанын әйгілейтін белгі екен. Мәлике: Раушан гүл неден жаралды?Әбілда: Әзіретті Мұхамбет пайғамбар миғражға ұшып бара жатқанда маңдайынан бір тамшы тер ағыпты. Ол жерге тамып, одан раушан гүл өсіп шыққан деседі. Раушан иісінің жұпардай аңқитыны пайғамбардың терінен сіңген қасиет екен. Ол жайлы біздің түркі жұртында мынадай бәйіт бар: Жайқалып өскен раушан гүлҒажап бір иісі аңқиды. Қолыңа жайлап алсаң бір, Елжіреп бойың балқиды. Сыр айтам гүлдің тегінен, Келді екен қайдан, ойлаңыз, Пайғамбар-нәби терінен Жаралған екен дейді аңыз. Миғражда самғап жүргенде Тамыпты тері ғаршыдан Жаралды раушан бір демде Мүбәрәк маржан тамшыдан Мәлике: Қай жұлдызды қай пайғамбардың сипатына сай жаратты?Әбілда: Тәңірі тағала оттан бір топ шоқ жұлдызын алды да, аспанға шашты. Ол қойдың тұрпатына ұқсап, көктің екінші қатына барып тұра қалды. Ол шоқ жұлдызға Адам атаның қасиетін дарытты. Адам ата жер бетінде алғаш пайда болған пайғамбар еді. Бүкіл тіршілік одан басталды. Ол жұлдызды біздің түркі жұрты – Отамалы деп атайды. Ол күн мен түн теңескен шақта жарқырай жанып, тіршілікті тірілтеді. Ұйқыдағы аңдар оянады. Топырақтағы дәнек қауызын жарады. Ағаштар бүршік атады. Қалың қар еріп, жылғадан су ағады. Бұл жұлдыз туғанда, адамдар шаттанады. Бір-бірімен көрісіп, көңілдегі сырларын ақтарады. Жаңа өмір, уыз тіршілік осы айда басталады. Бұл айды – наурыз деп те атайды. Құдай тағала топырақтан тағы бір топ жұлдызды жасады да, аспанға шашты. Олар да көк жүзінде қалқып барып, Торпақ бейнесінде құрала қалды. Оған Нұх пайғамбардың сипатын дарытты. Нұх топан судан аман шығып, Адам атаның тіршілігін қайта жалғаған пайғамбар еді. Оның кемесіне жайғасқан мақұлық қана тіршілікке жалғанды. Сондықтан бұл ай қауіп-қатер айы. Қалың қар еріп, өзен тасып, көктен шелектеп жауын жауып, таудан сел жүреді. Бұл бір қараған адамға топан суды елестетеді. Жер бетіндегі мақұлық біткен Нұхтың топан суынан қашқандай әсерде болады. Бірақ су сай-салаға құйылып, жаңа өмір жанданады. Нұх пайғамбардың Қазығұртқа тоқтап, көңілі жайланғаны сияқты адамзат та селден құтылып, жайма шуақ тірлік кешеді. Жаббар Хақ келесі бір шоқ жұлдызды желден жасап, аспанға шашып жіберді. Олар екінші қат көкке барып, теректің егіз бұтағындай тұра қалды. Бұл жұлдыздар Зауза деп аталды. Ол шоқ жұлдызға Жүніс пайғамбардың қасиетін дарытты. Жүніс пайғамбарды балық жұтып, қырық күн қарнында ұстаған еді. Қырық бірінші күні ғана қамаудан босатты. Жүністің босанғаны сияқты жер бетіндегі тіршілік те қар мен мұздың құрсауынан толық босайды. Бұл шоқ жұлдыздар желден жаралған соң, жер бетінде самал тұрғызып, шалшық суды кептіріп, құрғатады. Борпылдақ жерді қатайтып, бойына қуат береді. Жаратушы тағы бір шоқ жұлдыздың ретін судан жаратты да, аспанға шашты. Олар Саратан бейнесінде кескін түзеді. Ол шоқ жұлдызға Жүсіп пайғамбардың сипатын дарытты. Жүсіп өте сұлу болған еді. Сондықтан жер беті жасыл желекке бөленіп, сұлу табиғатқа айналады. Шоқ жұлдыз судан жаралғандықтан жер қойнына береке дарытады. Алла тағала келесі шоқ жұлдызды көк жүзіне шашқанда, олар Арыстан бейнесінде сурет сызды. Бұл жұлдыздар оттан жаралған еді. Тәңірім оларға Дәуіт пайғамбардың қасиетін дарытты. Дәуіт көрікті қыздырып, темірден түрлі түйін түйетін ұста еді. Сондықтан шілдедегі шоқ жұлдыздар жердің бетін Ер Дәуіттің көрігіндей қыздырып жібереді. Келесі шоқ жұлдыз – Сүмбіле деп аталды. Ол шоқ жұлдызға Ыдырыс пайғамбардың сипатын дарытты. Тәңірім бұл жұлдыздарды топырақтан жаратқасын олар жерге береке дарытты. Бүкіл жеміс пісіп, өнімін бере бастайды. Ыдырыс пайғамбар ілімнің атасы болды. Сондықтан бұл айда жер бетіндегі адам баласының білімге деген құштарлығы артады екен. Мизам кейпінде тұрған шоқ жұлдызға Ыбырайым пайғамбардың қасиетін дарытты. Ыбырайым пайғамбар берекенің нышаны еді. Сондықтан бұл айда жер ана байлыққа кенеледі. Барлық тіршілік біткен бір тойып, ұясына қор жинайды. Ол шоқ жұлдызды Құдай тағала желден жаратқан еді. Сондықтан адамның да пейілі желдей есіп, таразының екі басындай ойнақшып тұрады. Мұнысы «есегім судан өтті, егінім пісті» деп қам көңіл жанға айналады. Шылқыған байлық Тәңірін ұмыттырады. Жемісі піскенше берген тасаттығы, садақа-зекетін ұмытады. Ақырап шоқ жұлдызы – шаян бейнесінде сомдалды. Оған Шиш пайғамбардың қасиетін дарытты. Шиш ең алғаш тоқыма тоқыған, киімнің неше атасын тіккен пайғамбар еді. Тоқымашылардың атасы кім десең – Шиш деп айтар еді. Сондықтан бұл айда жер бетіндегі мақұлық біткен жүнін ауыстырып, қыстық киімін киеді. Өсімдік біткен жазғы киімін шешеді. Хақ тағала Ақырап шоқ жұлдызын судан жаратқан еді. Сондықтан жаңбыр көп жауады. Қауыс шоқ жұлдызы аспанда садақ пен жебенің бейнесінде бейнеленді. Оған Аюб пайғамбардың қасиетін дарытты. Аюптың денесін құрт жеп, ауыр сынақты бастан өткізген еді. Сонда да сабырын сындырмай, сынақтан аман шыққан. Бұл айда жер бетіндегі тіршілікке де ауыр сынақ түседі. Қыс қатайып, қыса түседі. Аюптай сабыр сақтаған жан ғана табиғаттың суығына төзеді. Тәңірі тағала бұл шоқ жұлдызды оттан жаратқан еді. Сондықтан адам баласы отынмен де, ошақпен де дос болады.Ұлақ шоқ жұлдыздары Тауешкі бейнесінде жасалды. Құдай тағала бұл шоқ жұлдызға Ғайса пайғамбардың сипатын дарытты. Дарытатын жөні бар. Ғайса осы айда дүниеге келген еді. Сондықтан тарсалықтар жыл басын Ұлақ айынан бастайды. Ғайса кедейлікпен күн кешкен пайғамбар еді. Сондықтан жердегі тіршілікті кедейшілік қыса түседі. Ұлақ айындағы ауыр азап пен қиындыққа Ғайсадай мықтылар ғана төтеп бере алады. Құдай тағала бұл шоқ жұлдыздарды топырақтан жаратыпты. Мұнысы топырақтай сабырға шақырған белгісі екен. Тәңірі тағала желден бір топ шоқ жұлдызын жасап, аспанға шашып жіберді. Ол шоқ жұлдыздар суқұйғыш бейнесінде түзіле қалды. Бұл шоқ жұлдыздарға Сүлеймен пайғамбардың сипатын дарытты. Құдай тағала Сүлейменге желдің билігін беріп еді. Сондықтан Сүлеймен пайғамбардың атынан Көнек айында жел қожалық етеді. Жел соқса суық болып, басылса күн жылынады. Құдай тағала бұл шоқ жұлдыздарды желден жасағандықтан да, желдің билігі үстем болады. Бұл айды біздің түркі жұртында Көнек деп атайды. Үт айындағы шоқ жұлдыздарды Тәңірі тағала судан жасапты. Оны аспанға шашқанда балық бейнесінде тұра қалыпты. Оған Мұса пайғамбардың қасиетін дарытты. Мұса өз халқын перғауынның құлдығынан босатып алған еді. Сондықтан бұл айдың хикметі мынада: Бұл шоқ жұлдыздар тіршілікті қыстың құрсауынан босатуға тырысады. Бұл жұлдыздарды көргенде жер ана бусанып, жылай бастайды екен. Бұл бір жағынан шоқ жұлдыздардың судан жаралған белгісі деп те айтады. Әуелден адам қамын Алла ойлаған деген. Тәңір тағала он екі түп шоқ жұлдызды жаратқан себебі: адам тіршілігіне пайдасын тигізсін дегені. Сонан соң Қызырды жерге, Ілиясты суға жіберді. Қызыр жердегі, Ілияс судағы жолаушыға болысып, тірлігіне қарасты. Онан соң Мұхамбет пайғамбарға бүкіл ғаламның рақымын берді. Мәлике: Шолпан жұлдызы қалай пайда болды? Әбілда: Қабыл Әбілді өлтірген соң періштелер: – Уа, Жаратқан, біз озалда «Адамды жаратпа, жер жүзіне таратпа» деп зар иледік. Оның білімі бізден артық болғанымен күнә жасауға бейім екен, – деді. Жаббар Хақ: – Мен адам бойына ішпек-жемге әуестік, дүние-мүлікке қызығушылық, рақатқа тоймас ашкөздік сияқты құбылмалы нәпсі сезімдерін дарыттым. Бұдан бөлек адамның басына кездейсоқ келер мың түрлі бәле, жүз түрлі кесел тағы бар. Адамға берген сынақтың бір парасын сендерге берсем, сендер де тура жолдан тайып, қылмыскер атанар едіңдер, – деді. Періштелер: – Құдай сақтасын. Қандай сынақ берсең де, біз тура жолдан таймас едік, – деп шуласты. Тәңірі тағала: – Өз араларыңнан ең күшті, білімі озық деген үш періште шықсын. Адам кейпінде жаратып, жерге жіберейін. Адамның күйін бастан кешіп көрсін! – деді. Харут, Марут, Әзірейіл есімді үш періште келісті. Алла оларды жерге түсіріп, бойына нәпсі құмарлығын салды. Әзірейіл періште сынақтың оңайға түспесін бірден түсінді. Табан астында тәубаға келіп: – Уа, Жасаған Ием, тәуба қылдым. Сынаққа төзбеспін. Періште қалпыма қайтар, – деп жалынды. Алла тәубасын қабыл алып, кері қайтарды. Қалған екі періште бір елге барды. Олардың түр-сымбаты, білімі елден озық еді. Жұрт біліміне бас иіп, бірін қазы, бірін мүфти етіп сайлады.Бір күні олардың алдына ұрысып қалған ерлі-зайыпты келді. Әйел ай десе аузы, күн десе көзі бар хас сұлудың өзі екен. Қазы мен мүфтидің оған көңілі кетті. Жұбайларды жарастырудың орнына, ойлары бұзылып: – Келіншегіңді шамадан тыс қара жұмысқа саласың. Демалуға мұрша бермейсің. Әйеліңді талақ ет немесе бір адал кісінің қасынан үй салып, оңаша шығар! Дем алып, тынықсын! – деді. Ері қазы мен мүфтидің сөзіне имандай сенді. Бірақ әйелін талақ етуге Құдайдан қорықты. Ол Ұлық Алланың ажырасуды жек көретінін білуші еді. – Жақсы, дегендерің болсын. Бір адал кісінің қасынан үй салып, оңаша шығарайын, – деді. Қазы мен мүфти: – Бізден асқан адал адамды таппайсың. Отауды екеуміздің үйіміздің ортасына тік! Әйелің сол жерде тұрсын! Ешкім оған тиіспейді, біз бас-көз боламыз, – деді. Күйеуі әйеліне оңаша үй салып берді. Сұлу әйелмен көрші болғасын, қазы мен мүфтиді нәпсінің құмарлығы қинай бастады. Олар бір-бірінен жасырынып, күні-түні әйелді аңдумен болды. Бір күні құмарлықтарын тежей алмай, әйелдің ауласында қараңғыда кездесіп қалды. Бір-бірінің ойын ыммен түсініп, «құмарды бір қандырайық, ертең құлшылық етерміз. Алла бізді кешірмегенде кімді кешіреді» деді де, әйелдің үйіне келді. Әйелдің есімі Зухра еді. Ол: – Сендерді жұрт иманның айнасы дейді. Адал некедегі әйелге не беттеріңмен келдіңдер, – деді. Екеуі: – Айтқанға көнбесең, сені күйеуінің көзіне шөп салды деп, көпшіліктің көзінше масқаралаймыз. Жала жауып, таспен атып өлтіреміз, – деді. Амалы таусылған Зухра қулыққа басып: – Дегендерің болсын. Бірақ алдымен маған «Исми ағзам» (Алланың ұлық аттарын) дұғасын үйретіңдер, – деді. Олар дұғаны үйретті. Сосын Зухра: – Мен жуынып келейін, – деді. Зухра тұла бойы тазарған соң, исми ағзам дұғасын оқып: «Уа, Тәңірім, мені мына күнәһар құлдарыңнан сақта, пәк қалпымда аспанға алып ұш», – деп жалынды. Бұл мезгіл Ұлық Алланың ең жақсы көретін – сахар сәті еді. Әйелдің дұғасы заматта қабыл болды. Зухра көкке самғай ұшып, Шолпан жұлдызына айналды. Содан бері сахар мезгілі болғанда, Зухра таңшолпан болып туады екен. Мәлике: Жеті қарақшы қалай пайда болды?Әбілда: Ертеде жеті ұры болыпты. Олар күндіз жол торып, керуен тонап, кәсіп етеді екен. Бірақ тамық отынан қатты қорқыпты. Түнде аяқтарын арқанмен байлап, бастарын төмен қаратып, салбыратып тұрады да, Алладан кешірім сұрайды екен. Сөйтіп таң атқанша тұратын көрінеді. Бір күні жетеуіне ажал жетті. Әзірейіл жанын аларда, Тәңірі тағала: – Бұл жетеуінің істеген қиянаты көп. Таразыға тартсам, тамұққа бір-ақ шығады. Бірақ бұлар түнімен жанын қинап, басымен салбырап тұрып, жылап кешірім сүрайтын. Сондықтан, бұларды өлтірмей жұлдызға айналдырамын. Қияметке дейін адасқан керуенге жол көрсетіп, қызмет қылсын. Жер бетіндегі ұры-қарылар бұларды көргенде менің тамұғымды есіне алсын! – деді. Содан бастап жеті қарақшы көкке ұшып кеткен екен. Әлі күнге дейін күнәсін жуып, жұртқа жол көрсететін болыпты. Мәлике: Үркер қалай пайда болды?Әбілда: Періштелер Әбілет пен Тәбілетті шынжырлап, тамұққа әкетіп бара жатқанда, олардың денесінен он екі тамшы қан түскен. Олар отты құртқа айналып шыға келді. Олар жер бетін қуырып, аптап ыстыққа орады. Көл құрғап, жасыл желек сарғайып, жер танабы сақырлап кеуіп кетті. Бұл жер бетіндегі тіршілік атаулыға жайсыз еді. Олар ыстықтан қашып күні түні сауға іздеп жүретін. Құдай тағала аң-құстардың жалынған үнін естіп, тілегін қабыл етті. Періштелерге әмір етіп, отты құрттарды аспан әлеміне көтеріп шығарды. Енді жер бетінде қара суық басталды. Жер ана мұз құрсауына қамалып, өсімдік біткен қалың қар астында қалды. Жануарлар тағы қиналып, Құдайғы арзу айтты. Тәңірі тағала тілектерін қабыл етіп, он екі құрттың алтауын жердегі мұхитқа тастап, алтауын көкке жұлдыз етіп жақты. Осы кезде ғана жер бетінде жайлы табиғат орнады. Алты ай суық, алты ай ыстық болатын болыпты. Егер кей жануар қатты ыстықты қаласа, оларға өмірі қар түспес жайлы мекен жаратты. Енді бір жануар қатты суықты қаласа, оларға жаз түспес қарлы мекенді пайда қылды. Осыдан бастап әркім қалаған жерінде өмір сүретін болды. Көктегі алты жұлдыз Үркер деп аталды. Бірақ отты жұлдыздар бір-бірімен қайта табысуды армандайды екен. Кей сәтте үркер жұлдызы жерге жақын келіп туыстарын іздейді. Мұхит астында жатқан алты жұлдыз да теңізді толқытып, көкке шыққысы келеді. Бір күні осы он екі құрт бір-бірімен табысқанда, жерде қиямет-қайым орнайды деседі. Мәлике: Бір кесе іші толған қызыл моншақ. Байымас, алса да ешкім жүзін қол сап. Дегенмен шипасы бар жанға дауа. Іздейміз кейде кесел, үзір болсақ. Ол не моншақ?Әбілда: Моншақ толы кесе – анар жемісі болар. Әзіретті Адам ата пейіштен қуыларда Тәңірі тағала оған: – Жүз жерден жаза басып қарабет болсаң да, Ібілісті білім сайысында шаң қаптырған ерлігің есімнен кетер емес. Ауыр аманатты арқалап дүние тіршілігіне кетіп бара жатырсың. «Аман ердің аты шығады» деген. Жердегі тіршілікте иманыңды ұрлатпай, арыңды былғатпай көкірек көзің ашылып, менің дәргейіме биік абыроймен ораласың деп үміттенемін. Алдыңғы ерлігің есімнен кетпек емес. Ендеше сол ерлігіңнің еншісі ретінде жұмақта өсетін інжу-маржанды сыйға тартамын, – деді де, жібек орамалға бір уыс жақұт тастарын түйіп, қолына ұстатты. Адам ата жерге келген соң түйіншекті ашып көріп еді, жақұт тастар жеміске айналып кетіпті. Жемістің атын білмей «Анар» деп атапты. Анар дегені «оттай, нарттай» деген сөзі екен. Адамға енші беру, жолға шыққанда сәт-сапар тілеудің алғашқы үлгісін осылайша Ұлық Алла көрсеткен екен. Мәлике: Үкінің көзі неге күндіз көрмейді?Әбілда: Ертеде топан су тартылып, Нұх пайғамбар кеме шалдыратын жер іздеді. Сол кезде әлемдегі асқар таулар: – Нұх маған тоқтайды. Адамзат ұрпағы менен қайта таралады, – деп таласыпты. Тұран даласындағы Қазығұрт тауы ғана сынықтық көрсетіп: – Бұл дәрежеге лайық емеспін. Тәңірі орынбасарын биік тауға тоқтатар, – деді. Алла Қазығұрттың кішіпейілдігіне риза болып: – Нұх, кемені Қазығұртқа қондыр. Тіршілік сол жерден басталсын! – деп әмір берді. Нұх: – Қазығұрт тауы қайда? – деді. Жаббар Хақ үкі деген құс жаратып: – Мына Үкіні қасыңа ал! Оның көзі өткір. Қазығұртқа баратын жолды сол біледі, – деді. Үкі Қазығұртқа жеткенше кеменің алдында жол көрсетіп, ұшып отырды. Нұх Жиддә тауын, сосын Арарат тауын айналып өтті. Кеменің желкені көрінгенде таулар балбырап, балқып кетіпті. Сондықтан да олардың жақпарында кемеге ұқсас жартастар түзіліпті. Нұх Қазығұрт тауына аман-есен тоқтапты. Үкіге риза болған Нұх пайғамбар: – Орман-тоғайдың иесі бол! Шаңырағымның киесі бол! – деп бата беріпті. Осыдан бастап үкіге айрықша кие дарыпты. Асқар таулар қанша жалынса да, Үкі тоқтамай оларды айналып өтіпті. Сонда таулар үкіні қарғап: «Көзің көр болып көрмей қалсын!» депті. Үкі содан бастап көзі күндіз көрмейтін соқыр болыпты. Мәлике: Мәжнүн аталған қай пайғамбар?Әбілда: Нұх. Ол топан су болатынын айтып, алып кеме жасай бастағанда жұрт оны мәжнүн деп келеке етті. Мәжнүн – есі ауысқан, жынды деген сөзді білдіретін. Мәлике: Топан суда тірі қалған екі мақұлық бар. Олар кімдер?Әбілда: Оның бірі – Mыстан кемпір, екіншісі – Құж еді. Мыстан кемпір суға батпай жүре беретін. Құрғақ құрлық қалмаған соң, тамақ таппай, ақыры аштан өлді. Ал Құждың бойы ұзын еді. Орнынан түргелсе бойы таудан асып, бұлттар алқа сияқты мойнына киіліп тұратын. Топан су Құждың тізесінен зорға асыпты. Ол қарны ашса, судан балық сүзіп, оларды күнге қақтап жейтін. Құж құрғаққа шықпаған соң, сирағы шіри бастады. Балтыр еті жидіп, сүйегі көрінгенде жүруден қалып, құлауға айналды. Сол кезде Нұхтың кемесі алдынан шыға келді. Шайқалақтап әрең тұрған Құж тура кеменің үстіне құламақ болды. Құждың кесір мінезі бар еді. Ешкімнің ақылын алмайтын, оң істі терісінен істейтін. Осы мінезін жақсы білетін Нұх: – Біздің үстімізге құла! Кемені басып қал! – деп айғайлады. Құж қырсығы ұстап, кері қарай құлады. Кеме аман қалды. Құждың денесі шірігенде, сирақ сүйегі Ніл дариясының үстіне көпір болып қалған екен. Мәлике: Нұх кеме жасауды қайдан үйренді?Әбілда: Үйрекке қарап үйренді. Ол заманда ешкім әлі кеме жасауды білмейтін. Нұх та таңғалып:– Уа, Тәңірім, кемені қайтіп жасаймын? – деп сұрады. Құдай тағала оған көмекші етіп Жебірейіл періштені жіберді. Періште оған үйректі көрсетіп: – Ей, Нұх, ана үйрекке қара! Кеменің тұмсығы үйректің мойны сияқты иіліп, алға қарай шығып тұрсын! Тұмсығы желді қақ жарып, айнымай жүзуі үшін керек. Кеменің арты үйректің құйрығына ұқсасын! Бұрылғанда оңай болады. Үйректің бауырында денесіне су дарытпайтын май болады. Топан таяз болсын, терең болсын – үйректің тобығынан келмейді. Сен де кеменің астына май жақ. Сонда кеменің ағашы шірімейді, – деп кеңес берді. Мәлике: Нұхтың кемесінде қандай жануар пайда болды? Әбілда: Үш жануар пайда болды. Олар доңыз, тышқан, мысық еді. Кеме тар болғандықтан, тез былғанып, жануардың тезегіне толып кетті. Нұх: – Уа, Жасаған, кеме нәжіске толды. Не істемек керек? – деп сұрады. Жаббар Хақ: – Пілдің арқасын сипа! – деді. Пайғамбар пілді сипағанда оның ұзын мұрнынан доңыз түсті. Шошқа нәжісті жеп, тап-тұйнақтай қылды. Кеменің ішіне Ібіліс те жасырын жайғасқан еді. Ол доңызды арбап: – Менің Әзәзіл деген атағым бар. Бұрын барша періштенің ұстазы болғанмын. Менің қолым тиген жануар қасиетті болады. Кел, арқаңды сипат! – деді. Доңыз Ібіліске жонын тосты. Арқасын сипағанда доңыздың танауынан екі тышқан атып шықты. Піл тышқанды көріп, шошып кетті. Пілдің тышқаннан қорқатын мінезі осыдан қалыпты. Тышқандар кемені кеміре бастады. Кемеге су кіріп, жан-жануар әуре-сарсаңға түсті. Нұх не істерін білмей: – Уа, Жаратқан, енді не қылдым? – деп жалынады. Ұлық Алла: – Дереу жолбарыстың арқасын сипа! – деді. Жолбарысты сипағанда, оның мұрнынан мысық пайда болды. Ол жалма-жан тышқандарды қуалай жөнелді. Нұх оған риза болып «Жауырының жерге тимесін» деп арқасын сипады. Нұхтың батасын алғандықтан, мысық құлағанда жон арқасын жерге тигізбей, төрттағандап түседі екен. Ібілістің қолы тигендіктен, доңыздың еті арам болып саналды. Мәлике: Жарқырауық қоңыз қалай пайда болды?Әбілда: Нұх пайғамбар кемеге барлық жануарды тиеген соң, жер бетін топан су басты. Қырық күн бойы жаңбыр жауып, еш толастамады. Кемеге су кірмеу үшін пайғамбар есік, терезені шел қалдырмай түгел жапқан еді. Бірақ кеменің іші қап-қараңғы түнекке айналды. Бәрінің бойын үрей биледі. Сол сәтте Нұх пайғамбар Құдайға қолын жайып: – Уа, Тәңірім, маған жарық бере гөр! – деп жалынды. Тілегі заматта қабыл болып, Жебірейіл періште екі гаухар тас әкеліп берді. Гаухар тасты кеме ішіне тастап еді, олар жарық шашатын қоңызға айналып кетті. Кеменің ішін жарық нұрға бөледі. Сол кезде ғана барлық жануардың үрейі басылып, кеме ішіндегі тіршілігін бастап кетті. Мәлике: Ешкінің жегені – ошаған. Құйрығы неге – шошайған? Әбілда: Оның да қиссасы Нұх заманында болыпты. Нұхтың кемесінен барлық жануар жай алғанда ешкі ғана қасарысып кірмей қойыпты. Пайғамбар әрі шақырады, бері шақырады. Ешкі көнбейді. Ұстайын десе қашып, ұстатпайды. Бір күні ешкіні қуалап жүргенде пайғамбардың түймесі үзіліп түседі. Ол Құдайдың құдіретімен бір түнде ошаған деген шөпке айналып шыға келеді. Сабағынан әдемі иіс пен гүл шығарады. Ешкі оны көргенде сілекейі ағып, жеуге ұмтылады. Сөйтсе, шөптің жасырын өскен бармақтай тікенектері бар екен. Олар ешкіге жабысып, жібермей қояды. Ешкі одан босай алмай, маңырап қоя береді. Пайғамбар ертесіне ешкіні маңыраған даусынан тауып алады. Қанша күн қасарысып, сонша діңкелеткеніне Нұхтың ашуы тарқамаған еді. Ол ешкіні құйрығынан ұстап: «Мың жерден қасарыссаң да, маған ұрпақ керек!», – деп, кемеге қарай лақтырып жіберіпті. Пайғамбардың қолы қатты тигеннен ешкінің құйрығы шошайып қалған екен. Ошаған деген шөп те Нұхтың түймесінен пайда болған соң бірде адамға, бірде айуанға жабысып жүреді екен. Ал оның мың бір ауруға шипа болатын қасиеті пайғамбардың шарапатынан екен деседі. Мәлике: Есек неге арам жануарға айналды?Әбілда: Топан су басталғанда Нұх кемеге барлық жан-жануарды асығыс кіргізіп жатты. Есек кіріп келе жатқанда Ібіліс оны арбап:– Есек, саған ерекше қасиет біткен. Ешқашан досқа қиянат жасамайсың. Мені топан суға қалдырмай, өзіңмен бірге кемеге алып кір, – деп жалынды. Есек келісіп, екеуі ішке ұмтылды. Кемеге жақындағанда Ібіліс: – Нұх мені кіргізбейді. Құйрығыңа тығылып кірейін, – деді. Есек: – Мақұл, – деді. Ібіліс есектің құйрығына жабысты да, оны кері қарай сүйрей жөнелді. Есек шыдай алмай, ақырып жібереді. Шошып кетіп, зәрін жіберді. Тар жерде топырлап тұрған хайуандар азан-қазан болды. Нұх есекке жекіп: – Кір ішке! – деді. Есек кірейін десе, Ібіліс құйрығынан тартып, жібермей қойды. Нұх екінші рет: – Ей, малғұн, өткелді бөгемей, кір ішке! – дегенде есектен бұрын Ібіліс лып етіп, кемеге жайғасты. Нұх оған: – Ей, сайтан, сені кім шақырды. Шық! – деп ақырды. Ібіліс: – Кір, малғұн! – деген өзің. Малғұн менің атым. Әміріңмен кірдім, – деді. Нұх сөзден жеңілген соң, есекке қарап: – Көрген күнің қараң болар,Жүрісің шабан болар,Жегенің сабан болар,Етің арам болар, – депті. Есек содан бастап, еңбегі адал болғанмен, еті арам жануарға айналды. Есектің әліге дейін өткелде суға зәр жіберетін жаман әдеті осы оқиғадан қалыпты. Қазір де есек Ібілісті көрсе, өткелдегі оқиға есіне түсіп, ақырып, жаны қалмай қорқады екен. «Есек сайтанды көрсе ақырады екен» деген тәмсіл осыдан қалыпты. Мәлике: Нұхқа кеме жасауға кім көмектесті?Әбілда: Құж көмектесті. Ол сол замандағы ең алып адам болған екен. Сорайған бойы таудан асып, бұлтты басады екен. Оның бір ғана қайғысы болыпты. Ол – қарнын тойғызу. Ішегі тәулік бойы шұрқырап тұратын. Ертелі-кеш орманнан отын шауып, нәпақасын айырып жүрді. Бірде Нұх Құжды шақырып, кеме жасайтын ағаштарды тасып беруін өтінді. Құж: – Қарнымды тойғызсаң, ағашты тасиын. Осыған дейін майлы ас жеп, қарным жұбанған емес. Тойып тамақ ішу – маған арман, – деді. – Айтқаның болсын, – деді пайғамбар. Құж ертесіне Нұхтың ағаштарын тасып берді. Жұмысы біткен соң, Нұх оның алдына бір шелпек әкеліп қойды.– Өй, мынауың жұмырыма жұқ болмайды ғой, – деп Құж ашуланды. – «Біссіміллә» деп же, сонда тоясың, – деді пайғамбар. Құж «біссміллә» деп шелпектің жартысын жегенде тоқтығы білінді. Жартысын қалтасына салып алды. Қарны тойғанға мәз болып, жөніне кетіпті. Мәлике: Жарқанат не үшін түнде ғана үшады?Әбілда: Оның мынадай қиссасы бар. Бір күні Ғайса пайғамбар бір топ балықшыға кезікті. Олар Ғайсаға: – Әй, Ғайса сені елші дейді. Сол рас па? – деп сұрады. Ғайса: – Иә, мен пайғамбармын, – деді. – Пайғамбар болсаң, керемет көрсетші. Елші екеніңе сенейік.– Мұғжиза тек Жасағанның қалауымен болады. Иман келтірсең, керемет көрсетемін. Қызық үшін сұрасаң, кесірі ұрады, – деді. Балықшылар бір ауыздан: – Бізді таңғалдырсаң дініңе кіреміз, елші екеніңді мойындаймыз, – деп уәде берді. Ғайса:– Қандай мұғжиза көрсетейін! – деді. Бірінші балықшы балықты көрсетіп: – Мынаның аузынан құс шығар, денесі жүнсіз болсын! Аузына дем сал, көз алдымызда ұшсын! – деді. Екінші балықшы: – Құстың тұмсығы болмасын. Басы қойдан аумасын. Тістері болсын, бірақ шөп те, ет те жемесін. Қорегі қан болсын, – деді. Үшіншісі: – Құлағы есектің құлағына ұқсасын, бірақ естімесін. Көзі болсын, бірақ көрмесін. Аяғы болсын, бірақ жүрмесін, – деді. Төртіншісі:– Құстың емшегі болсын. Бір емшегінен сүт ақсын, екіншісінен су ақсын. Өз емшегін өзі сорсын, – деді. Бесінші: – Құстың қанаты кеменің желкеніндей болсын, бірақ суда жүзбесін, – деді. Алтыншы адам: – Құс жұмыртқа баспасын. Толғатып тусын, – деді. Жетіншісі: – Әй, Ғайса, жаратқан құсың мен сияқты шықылықтап күлетін болсын, – деп оттай салды. Ғайса балықтың аузынан бір құс шығарып: – Сұрағандарың осы ма? – деп, балықшыларға лақтырып жіберді. Түрі сиықсыз, аузында тісі, салбыраған екі құлағы, екі емшегі бар мақұлықты көргенде олардың зәресі ұшты. Құсты жерге тастай салып: – Елші екеніңе сендік. Мынаның қарасын жылдам құрт! Түрі неткен қорқынышты, – деді. Ғайса: – Құдай «Кун» деп әмір бергенде жаралмайтын зат жоқ. Қанша жерден қиялмен қиындатсаң да, Тәңірі тағала қиыннан қиыстырады. Ол сондай шебер Алла, – деді. Балықшылар: – Ау, бұл зәремізді ұшырады ғой. Көрген адамның жүрегі жарылып өлер, – деді. – Ендеше тек түнде ұшсын. Адамға көрінбесін! – депті Ғайса. Жарқанат осылайша балықшылардың қиялынан туыпты. Түрі ұсқынсыз болғасын тек түнде ұшады екен. Мәлике: Тоқылдақ неден бәділ болды? Әбілда: Мұса пайғамбардың қауымында қолының сұғы бар бір ұры болыпты. Қауымында одан зиян шекпеген адам қалмапты. Төңірегін түгел зар қақсатқан баукеспе енді Мұсаның асатаяғын ұрлап, пайғамбар болғысы келеді. Бір күні түнде іргеден баспалап келіп, босағаға сүйеулі тұрған асатаяқты білдіртпей алып кетеді. Үйіне әкеп, асатаяқты қуысқа тыға бергенде ол қара шұбар жыланға айналып, өзіне тап береді. Ұры жанұшырып: – Ойбай, жылан! – деп ауылды басына көтеріп айғайлайды. Көрші-қолаң түгел жиналады. Мұса да жетіп үлгереді. Асатаяқтың ұрланғанын біліп: – Жаныңа жан жуымасын! Басыңнан қайғы арылмасын! Өркенің өспесін, өзегің жарылмасын, – деп ашу үстінде теріс бата беріпті. Тәңірі тағала ұрыны сол мезетте тоқылдаққа айналдырып жібереді. Ұлық Құдай оның ырыздығын ағаштың өзегіне жасырады. Тоқылдақтың ешбір құсқа жуымай, ертелі-кеш ағашты тұмсығымен соққылап, құрт-құмырсқаны азық ететіні осыдан екен. Әлқиса, үшінші күннің жұмбағы осымен тәмам болды. Әбілда бұл сыннан да аман шықты. Оның шешендігі мен даналығы Ұрым асып Қырымға, Бағдат пен Шамға, Мысыр мен Машынға жетіп жатты. Жүк артып, керуен тартқан саудагерлер елден елге, ауыздан ауызға таратты. Барша жұрты телміретіп Ұрымдағы оқиғаға қаратты. Бәрі келесі күннің жарлығы, Әбілданың тағдыры қалай болар екен деп алаңдап отырды. Әбілда құтпан намазын оқып, ерте ұйқыға кетті. Таңда сахар тұрып, зікір салып, Құдайдан «Келесі күннің жеңілін бер!» деп тіледі. Бүгін төртінші күн. Мәлике тақта отыр. Сұрақтарын байыппын, саптап отыр. Ең қиынын бүгінге сақтап отыр. Түркінің баласы бүгін де озық шығып, бәйге ала ма деген күдік көңілін торлап отыр. Шарасыздан жүрегі сорлап отыр. Әбілда ордаға кіріп келді. Мәлике селк етті. Жігітке қарап, басын изеп, елп етті. Бұл оның Әбілданы мойындағаны еді. Бірақ алда қойылар көп сұрақ бар. Әбілданы азапқа салар, сынақ бар.Мәлике төртінші күннің сұрағын бастап кетті. Мәлике: Ер адам қанша нәрседен қорқады?Әбілда: Елсіздіктен, қаңғырып жүрсе жерсіздіктен, ауырса белсіздіктен қорқады. Мәлике: Үш нәрсе аз болса да саз болады. Ол не нәрсе?Әбілда: Біріншісі – садақа. Аз берсең де қайыры көп. Екінші – ысырапсыз жұмсалған ақшаның берекесі мол. Үшінші – жасалған дұғаның аз болса да сауабы зор. Мәлике: Бұл дүниеде не жетім?Әбілда: Патшасы әділ болмаса ел жетім. Шөп шықпаған жер жетім. Балығы жоқ көл жетім. Керікеткен келінге күні қараған кемпір менен шал жетім. Бақыты тайған бай жетім. Қатынсыз қалған үй жетім. Оқылмаған кітап жетім. Құран бағышталмаған әруақ жетім. Мәлике: Төрт асыл бар. Төрт асылға түсетін төрт жасыл бар. Ол не? Әбілда: Төрт асыл – Иман, Тағат, Ихсан, Сахауат. Төрт асылды аздыратын төрт жасыл – Шайтан, Байлық, Күпірлік, Даңғойлық. Мәлике: Бір жылан бар адамға зәрін шашқан, одан қорқып пенде жоқ тұра қашқан. Бірақ бәрі соны ұнатып, дәмін татқан. Ол не?Әбілда: Ол қайырсыз дүние-мүлік. Тірі адамға да, өлі адамға да берер залалы бар. Бірақ жұрт сонда да оның ізінен қуып, жүгіреді. Мәлике: Жеті көкті тесіп өтіп, Аршыға жететін не нәрсе?Әбілда: Біреудің сыртынан айтқан өсек сөз. Мәлике: Адамға көрінбей жақын жүретін не нәрсе?Әбілда: Жамандық. Жау жоқ деме жар астында, бәле жоқ деме бөрік астында. Аңдамасаң аяқтан шалып құлатады. Мәлике: Адамның бір дұшпаны бар. Бірақ адам оны қатты жақсы көреді. Ол не?Әбілда: Ол дүние-байлығы мен баласы. Адам тірісінде оларды жақсы көреді. Соның кесірінен жүрек көзін ашып, Жаратқанның жамалына ынтықтығын жоғалтады. Ақиретте зекетсіз малы мен білімсіз ұлы өзіне дұшпан болып жабысады. Мәлике: Тырнақты қай күні алған абзал?Әбілда: Дүйсенбі алса ақылы өседі, бейсенбі алса дертінен айығады, жұмада алса берекесі артады. Тырнақты алған соң «біссімілда» деп оны топыраққа көміп тастайды. Көмілмеген тырнақ ауру шақырады. Себебі жын-жыбырдың сүйікті асы адамның тырнағы. Мәлике: Астың басы не, аяғы не?Әбілда: Астың басы – Біссімілдә, аяғы – Аллаһуакбар. Мәлике: Тәңірім қандай алты мүшеге тыйым салған? Әбілда: Қолға, арам асты ұстауға тыйым салды. Аяққа, арам жерді басуға тыйым салды. Ауызға, арам асты ішуге тыйым салды. Ақылға, арамдықты ойламауға тыйым салды. Көзге, жамандықты көрмеуге тыйым салды. Құлаққа, өсек естімеуге тыйым салды. Мәлике: Адамның үш байлығы бар. Ол қайсы?Әбілда: Біріншісі – денсаулық, екіншісі – ақ жаулық, үшіншісі – он саулық.Мәлике: Төртеуді аздыратын төртеуді ата!Әбілда: Ақылды нәпсі аздырады, ойды уайым аздырады, мейірді қаттылық аздырады, ұятты арсыздық аздырады. Мәлике: Бір айрылған соң қайта қосылуға көнбейтін нәрсе?Әбілда: Жігіттік дәурен. Мәлике: Адамға алыс болғанда не алыс? Жақын болғанда не жақын?Әбілда: Алыстың алысы – өткен өмір, жақынның жақыны – өлім. Мәлике: Түзетуге көнбейтұғын не нәрсе?Әбілда: Айтылған сөз – атылған оқ. Әзіреті пайғамбар миғражда бір тасты көрді. Тастың ішінен ірі денелі өгіз шықты. Шыға сала тасты өршелене сүзе бастады. Бірақ тасты жарып, ішіне қайта кіре алмады. Жебірейіл періште оның сырын пайғамбарға ашықтады: «Бұл өгіз аңдаусыз айтылған орынсыз сөз. Шыққан жеріне кері бара алмайды. Бірақ сөз иесін осылайша сүзіп өлтіруі мүмкін. Сондықтан үмбетіңе ескерт. Бір сөзді айтпас бұрын он рет ойланып, тоқсан рет толғансын!», – деді. Мәлике: Үш арсыз бар? Ол не?Әбілда: Бірі – ұйқы, бірі – тамақ, бірі – күлкі. Мәлике: Үш даусыз бар? Ол не?Әбілда: Бірі – мінез, бірі – кәрілік, бірі – өлім. Мәлике: Үш қадірсіз бар. Ол не?Әбілда: Бірі – жігіттік, бірі – денсаулық, бірі – ақылды қатын. Мәлике: Үш нәрсе бар. Тұрған жерінен қозғалмайды. Бірақ тұрған жеріне сыймайды. Әбілда: Бірі – өлген өлік, бірі – от басындағы күл, бірі – бойжеткен қыз. Мәлике: Ие болуы керек екі нәрсе бар. Ол не? Әбілда: Бірі – қолыңдағы барың, бірі – түпкі сырың. Мәлике: Дүниенің кеңдігі не?Әбілда: Патшалардың әділдігі, ғалымдардың ғалымдығы, байлардың қайыр-сахауаты, жақсылардың дұғасы. Мәлике: Өсек неден басталады?Әбілда: Мал мен қыздан. Олардың үстінен өсек болмай қоймайды. Сондықтан да қызға қырық үйден тыйым. Қалса, күңнен және бір тыйым деген тәмсіл қалған. Мәлике: Дінге кімдерден қауіп төнеді?Әбілда: Үш түрлі адамнан. Бірінші – ниеті бұзық ғалымнан. Екінші – залым патшадан. Үшінші – өзін әулие санайтын жалған сопыдан. Ғалым да, патша да ел арасына іріткі салып, шындықты бұрмалайды. Ел ішінде алауыздық тудырады. Надан сопы ғылымнан хабары болмаса да, дінді қара басының мүддесіне бұрмалап, елді адастырады. Мәлике: Адам баласының жақсы да, жаман да досы кім?Әбілда: Мал-мүлкі мен ұл-қызы. Мәлике: Адам баласы неше жерде қорлық тартады?Әбілда: Төрт жерден. Біріншісі – шақырмаған жерге барса, екінші – өтірік жала жабылса, үшінші – дұшпанға күні түссе, төртінші – өліктен қалжа сұраса қорлық тартады. Мәлике: Адамды өкінішке қалдыратын үш түрлі ғапылдық бар. Ол қайсы?Әбілда: Біріншісі – өлімді ұмыту. Екіншісі – залым адаммен бірге отыру. Үшіншісі – кедейдің мұқтажын тыңдамау. Мәлике: Ер жігітке не жарасады?Әбілда: Тәубе ғана жарасады. Менмін деген азаматтың көңілі өсіп, астамшылыққа ұрынғанда бүкіл ажары мен көркінен айрылады.
Мәлике: Әйелге не жарасады?Әбілда: Ар-ұятының болғаны.
Мәлике: Ғалымдарға не жарасады?Әбілда: Тақуалық жарасады. Ғалым өз білгенін өзі пайдаланбаса мәуесіз ағаш сияқты. Мәлике: Байларға не жарасады?Әбілда: Сахауат жарасады. Сахауатсыз бай суы жоқ арыққа ұқсайды. Мәлике: Өлімнің неше түрі бар?Әбілда: Төрт түрі бар. Ақ өлім, қара өлім, қызыл өлім, жасыл өлім.Ақ өлім – асарыңды асап, жасарыңды жасап барып дүние салу. Қара өлім – шиттей бала-шағасын артында қалдырып, отбасына ауыр салмақ салып өлу. Қызыл өлім – апат болып, бір отбасы түгел қырылып қалу. Жасыл өлім – әке-шешесі қартайып отырғанда жарқылдап ойнап жүрген баласының қапылыста дүние салуы. Мәлике: Бір ақсақал көрдім. Тау ішінде он бес лақ, жиырма бес серке, отыз бес орақ, қырық бес қылыш, елу бес егеу, алпыс бес арқан, жетпіс бес шідер жоғалтып, таппай жүр. Оның жайы не?Әбілда: Он бес лақтың жоғалғаны – қарияның тастан-тасқа секіріп, лақтай болып, желіп өткен он бес жас өмірі еді. Жиырма бес серкесін жоғалтқаны – желкілдеп тұрған жиырма бес жасын жоғалтқаны. Жиырма бесінде адам серкедей топ бастап, ойқастап тұрады. Отыз бес орағы – отыз бес жасы. Отыз бесінде орақтай жан-жағына келгенді жайпап тұратын кезі. Қырық бес қылышы – қырық бес жасы. Қырық бес жасында шаршы топта сөз бастап, өткір қылыштай жарқ-жұрқ етіп тұрған кезі. Елу бес егеуі – елу бес жасы. Елу бесінде қылыштың жүзі мұқалып, күш қуатын қайрай алмай егеумен ысқылап жүрген кезі. Алпыс бес арқаны – алпыс бес жасы. Алпыс бесінде арқандап қойған аттай, ұзақ жүре алмайды. Арқан бойынан алысты анықтап көре алмайды. Жетпіс бес шідері – жетпіс бес жасы. Жетпіс беске келгенде шідерленген аттай аяғын анық баса алмайды. Шідері – таяғы. Таяқпен дос болғаны. Сүйенері де, сүйкенері де сол таяғы. Мәлике: Ұшқан құсты торға түсіретін, жүгірген аңды орға түсіретін не нәрсе? Адамды мазаққа, ақиретте азапқа қалдыратын не нәрсе?Әбілда: Тамақ. Айуан қу тамақ үшін көз алдындағы қауіпті аңғармайды. Адамның да жауы иегінің астындағы жұтқыншақ. Жұтқын тамағына ие болған адам орға да, торға да түспейді.
Мәлике: Теңізден терең нәрсе бар ма?Әбілда: Бар. Ол адамның ойы.
Мәлике: Желден жылдам нәрсе бар ма?Әбілда: Бар. Желден тіл жүйрік.
Мәлике: Балдан тәтті нәрсе бар ма?Әбілда: Бар. Алланы зікір етуден тәтті нәрсе жоқ. Мәлике: Жерден жалпақ нәрсе бар ма?Әбілда: Бар. Үшбу ләһат.Мәлике: Ғалымдардың тақуалығы болмаса не болады?Әбілда: Жемісі жоқ бақтай болады. Мәлике: Хәкімдердің әділдігі болмаса не болады?Әбілда: Жауыны жоқ қара бұлттай болады.
Мәлике: Пақырдың сабыры болмаса не болады?Әбілда: Майы жоқ шам сияқты. Мәлике: Жас жігіттің тәубесі болмаса не болады?Әбілда: Жүгені жоқ асау ат сияқты болады. Мәлике: Жас қатынның ар-ұяты болмаса не болады?Әбілда: Тұз салмаған, дәмі жоқ ас сияқты болады. Мәлике: Бір нәрсе бар жансыз, денесіз, бірақ тыныстап тұр. Өзінің бір жа-пырақ еті жоқ, бір ұрттам қаны жоқ. Белгілі жаны жоқ. Бірақ сөйлейді. Ол не?Әбілда: Ол – Ғалымның хаты. Мәлике: Адамның рақаты неше нәрсемен өлшенеді?Әбілда: Үш нәрсемен: Тәңірді аузынан тастамау, ел-жұртына қызмет ету, адал ас жеу. Мәлике: Дәруіш үшін не жарасады?Әбілда: Қанағат еткен. Бүкіл өмірін сабыр-тағат үстінде сарп ете отырып рақат пен ләззаттан баз кешеді. Мәлике: Бес нәрсені жоятын бес нәрсе бар. Ол не?Әбілда: Шаттық – Қайғыны, Жалған сөз – Ризық-несібені, Тәуба – Күнәні, Қайыр-Садақа – Бәле-жаланы, Арам ас – Обал-сауапты жояды. Мәлике: Қандай адамнан аулақ жүрген абзал?Әбілда: Жеті түрлі адамнан. Бірінші – иманы жоқ сұмнан. Екінші – екі жүзді қудан. Үшінші – арсыз молдадан. Төртінші – ділі пасық, аузы сасық өсекшіден. Бесінші – ұяты жоқ адамнан. Алтыншы – тойымсыз арамнан. Жетінші – оқымаған наданнан. Мәлике: Көңілдегі сырды кімге ашпаған жөн?Әбілда: Бес түрлі адамға. Бірінші – әйелге, екінші – балаға, үшінші – дұшпанға, төртінші – құл-құтанға, бесінші – наданға. Мәлике: Адам өзін неше нәрседен тыю керек?Әбілда: Бес нәрседен: Бірінші – тамақты тоя жеуден. Екінші – көп ұйықтаудан. Үшінші – көп қыдырудан. Төртінші – дүниеқұмарлықтан. Бесінші – көп сөйлеуден. Мәлике: Бұл шарттарды орындамаса не болады?Әбілда: Тамақсаулық көңілді қарайтып, денені ауырлатып, жүрекке салмақ түсіреді. Тәннің семіруі рухты әуреге салады. Көп ұйықтау ауру-сырқауды арттырып, айнала-дүниеден бейхабар, бейғам етеді. Қыдырымпаздық ақыры бір күні опық жегізіп, қам-харекеттен қалдырады. Дүниеқұмарлық дертке дауа, жанға сая таптырмайды. Құлқынның құлы көзіңе топырақ толғанда ғана тыныш табады. Көп сөз бен бос сөз өсек-аяңға жол ашып, күнәға батырады. Мәлике: Шыңыраудан су тартып өзгенің ыдысын суға толтырғанымен, өз кесесі бос қалатын, ел-жұртқа ас бергенімен өз балалары аш қалатын қай пенде?Әбілда: Арзан атақ шығару үшін мал шашатын байлар. Орынсыз ысыраптың кесірінен олардың қатын, бала-шағасы тақыр кедейге айналады. Ысырапшыл байлар халыққа қанша қайыр қылса да, ақыретте ұтылады. Ісіне сауап жазылмайды. Мәлике: Елді жарылқап, өзі аш қалатын кімдер?Әбілда: Ол – ақырзаман ғалымдары. Ел-жұртқа насихат айтқанымен, оны өздері амалға асырмайды. Амалға аспаған істің де сауабы аз, шарапаты кем. Мәлике: Анасын емген сайын арықтай түсетін семіз кім?Әбілда: Ол – залым патша. Ондай залымдар өз халқын өзі тонайды. Ел-жұртын тонаған сайын абыройы жоғала береді. Мәлике: Бір жылан бар – қанша адамды шағып, улап өлтірсе де жұрттың бәрі соған ынтық. Әбілда: Ол жылан – байлық. Баянсыз байлыққа пенденің бәрі құмар. Дүниеқұмарлығын тоқтата алмағандар оның арбауына алданып, қармауына түседі. Сосын азаттығын жылтыраққа айырбастап, байлыққа мәңгілік құл болады. Ақыр соңында азапқа түсер, тозақта пісер! Мәлике: Қарнында қаршадай күшіктері шәуілдеп үріп жүретін қандай ит?Әбілда: Ақырзаман боларда ұл әкесін, қыз шешесін тыңдамайды. Өзі би, өзі қожа болады. Қариядан қасиет қашады, жастарды әбілет басады. Бұл жұмбақ осының ишарасы. Мәлике: Екі қасапшының біреуі адал семіз ет сатса, қасындағы серігі арам малдың арық-тұрық етін сатады. Жұрт семізге емес, арығына таласады. Бұл қалай? Әбілда: Арзан атақ, биік мансап іздеп, арам тірлікке араласып, арын был-
ғаған адамдар қияметте күнәға батар, тозақта жатар. Бұл соның ишарасы. Мәлике: Қатар тұрған екі аспаздың біреуі адал ас пісіріп сатса, екіншісі арам ас пісіріп пайда табар. Алдыңғысы: «Ей, жарандар! Адал астан дәм алыңдар!» десе, кейінгісі: «Ей, халайық, арамнан ауыз тиіңдер!», – дейді. Ел-жұрт соны көре тұра соңғысына құмар. Мұны қалай түсінуге болады?Әбілда: Мұның мәні мынау: қайсыбір адам адал жары бола тұра салдақы сайқалға көз салғыш. Мұның аты – зинақорлық. Мәлике: Бір әке-шешеден туған үйлі-баранды үш бірдей азамат көрдім. Кенжесінің сақалы қудай әппақ. Ортаншы ұлының сақалы жарым-жартылай ақ. Үлкенінің сақалы әлі қара. Бұл неліктен?Әбілда: Кенжесінің сақалы ақ болса – әйелі беймаза. Ортаншысының сақалы жартылай ақ болса – әйелінің күлкісі сұйық. Үлкенінің сақал-шашы қара болса – қатынының мінезі жайлы. Ол ерін күткен нағыз асыл жар. Ерді өрге сүйрейтін де, көрге сүйрейтін де әйелі. Мәлике: Ұйқы рақат сыйлайды, бірақ пейіште неге ұйқы жоқ?Әбілда: Ұйқы – өлімнің елшісі, еріншектің еншісі, ауру-сырқаудың басы, еңбекқордың қасы. Сондықтан жұмақта ұйқы жоқ. Мәлике: Әйел заты несімен ұнамды?Әбілда: Ар-ұятымен ұнамды. Ар-ұяттан жұрдай әйел де бір, ақыл-есі жоқ есек те бір. Мәлике: Ер жігіт несімен ұнамды?Әбілда: Сабыр-қанағатымен ұнамды. Қанағатсыз еркек тойғанын білмес доңызға тең. Мәлике: Ғалымдар несімен ұнамды?Әбілда: Кішіпейіл мінезімен ұнамды. «Ғалыммын» деп кеудесін қаққан пенде мәуесіз дараққа тең.Мәлике: Байлар несімен ұнамды?Әбілда: Қайыр-сахауатымен ұнамды. Сараң бай балығы жоқ сасық көлшікпен тең. Мәлике: Патшалар несімен ұнамды?Әбілда: Әділдігімен ұнамды. Әділетсіз патша жаңбырсыз бұлт сияқты. Аспанды қаптағаны болмаса, ішінде бір тамшы суы жоқ. Бір тал шөпке де шарапаты тимейді. Мәлике: Хан мен қара теңесе ме?Әбілда: Үш жағдайда теңеседі. Бірінші, анадан туған сәтте хан мен қара тең болады. Екінші, сәждеге бас қойғанда дәрежесі теңеседі. Үшінші, ажал сәті таяп, жағы мен тілі байланып, үш жерінен буылып, қара жердің қойнына кіргенде теңеседі.
Мәлике: Аз деген не? Көп деген не?Жер деген не? Көк деген не? Әбілда: Аз дегенің – пәни, Көп дегенің – бақиЖер деген – сабырлық. Қанша жүк артсаң да қисаймай тұра береді. Көк деген – тәкаппарлық. Көк «Мен биікпін!» деп мақтанады. Бірақ көтерілсең ішінде түк жоқ. Бұлт болып қара түнекке орайтындай болып көрінеді. Бірақ жел соқса не жауын жауса жоқ болады. Мәлике: Бір шаһар дүниеде аты мәлім, Дүниеге тегіс жайған қанаттарын, Шаһардың үйі менен халқын дәлдеп, Білуге шамасы жоқ ешбір жанның.Сөйлесіп бір-бірімен тіл қатысып,Бірінің сұрамайды бірі хәлін.Олардың бәрі бірдей кәсіп қылмас, Жатады Хақтан тілеп ырзықтарын,Мезгілі қала ішінде бір жыл жату, Шығарар сыртқа мезгіл тақалғанын.Тар есік, кіп-кішкетай дарбазадан,Кіргізіп, шығарады жанның бәрін.Бұл шаһар қай жерде тұр, аты қалай?Түсіндір халайыққа білсең, жаным! Әбілда:Бұл жұмбақты шығардың ба, өз бойыңнан?Жұмбаққа жүйрік едім, асылым сойдан.Шаһар деген – ананың құрсағы ғой,Дүниенің төрт бұрышына қанат жайған. Мәлике: Ер жігіттің қанша қасиеті бар?Әбілда: Жеті қасиеті бар:Қаны – атта,Қуаты – қыранда,Сенімі – тазыда,Сұсы – кездікте,Серті – қақпанда,Оты – мылтықта,Әділ-айласы – ау-жылымда. Мәлике: Әзіреті пайғамбарымыз миғраж түні Алланың дәргейіне қонаққа барды. Пайғамбарымыз миғраж сапарынан мұсылман үмбетіне тоғыз түрлі қасиетті зат ала келіпті. Соларды ата!Әбілда: Олар – Құран, жастық, дастарқан, шапан, сәлде, орамал, жайнамаз, сәлемдесу үлгісі және намаз. Мәлике: Базардан бір ақ сандық сатып алып едім. Ішін ашып қарасам бір құзғын, бір үкі, бір жылан, бір бұлбұл отыр. Құзғын мен жыланның тамағы бір екен. Үкі мен бұбұлдың талғамы бір екен. Бұл не сыр? Әбілда: Құзғын – шайтан, жылан – нәпсі, үкі – ақыл, бұлбұл – періште. Жыланның үкіге шамасы жетпейді. Бірақ айдаһарға айналса үкіні де бұлбұлды да бұйым құрлы көрмейді. Мәлике: Дүниеде төрт әулие тірі кеткен. Солардың біреуінен бірі өткен. Аттарын төртеуінің тауып берші. Әбден-ақ, білгіш болсаң оқып кеткен.Әбілда: Оның бірі – Ыдырыс, бірі – Ғайса. Қалған екі пайғамбар үнемі бірге жүреді. Олар Қызыр мен Ілияс. Мәлике: Бітіпті бір аралға біраз егін. Қырық дәнін бас-басына берген тегін. Көнбесең еркіңменен бұл бергенге. Ақырында падиша алар кегін. Ол қандай егін?Әбілда: Мен білсем бұл мұсылманның қырық парызы. Мұны ұстамаған жанның қияметте жағдайы қиын болар. Жұмбақ соны меңзейді. Мәлике: Ұйықтап жатып түс көрсем, ойымда әрне бар екен? Көкке шығып қарасам, дүние жүзі тар екен. Назар салып байқасам, мінгенім сонда шар екен. Жапанға еккен бақшамда жалғыз қарбыз бар екен. Жиырма төрт бөлік қарбыздың бес бөлігі сары екен. Отыз тамыр ішінде жиғаны тек нәр екен. Ырзығына көз салған, сұраушылар сан екен. Ақылы жеткен пендеге іші бір толған дән екен. Сол қарбыздың тағы да, бір егесі бар екен. Жеткізіп берсе үйіне, Құдай соған жар екен. Бұл не мән екен?Әбілда: Бұл мұсылманның бес парызы. Жалғыз қарбыз деген – Иман, Қарбыздың бес бөлігі сары дегенің – бес уақыт намаз. Отыз тамыры бар дегенің – отыз күн ораза. Сұраушылар бар дегенің – Зекет-садақа, Қарбызды жеткізіп берер үйі дегенің – Қажылық. Мәлике: Жылқыны қарнына қыстырып, түйені ерніне қыстырып, есекті құлағына қыстырып, қасқырды ат қып мініп, «Айт» дегенде жүре берген ол не?Әбілда: Ғалым қыз серттен қалай таяр екен. Жұмбақтың жайы бізге аян екен. Әртүрлі жануардан үлес алған – сужүрек мақұлығың қоян екен. Мәлике: Меккеден бір адам келді. Аузы бар, сөзі жоқ. Аяғы бар ізі жоқ. Күніне қалжаға екі қойдың етін жейді. Бұл кім?Әбілда: Меккеден келетін адам – сәби. Себебі ана дүниеден, Құдай әлемінен келеді. Аузы бар, бірақ сөйлей алмайды. Аяғы бар, бірақ жүре алмайды. Қалжаға жейтін екі қой – анасының қос омырауы болар. Күніне алма-кезек емеді. Мәлике: Алыстан бір нәрсе көрдім. Орнымнан тұрып қарадым. Ой жүгіртіп барладым. Бір бес қара келе жатыр – сегіз аяқ. Төртеуі көтереді бірін аяп. Құдайым еске түсіп, сол сәтінде, қасына ақырындап келдім таяп. Санасам бесеуінің тырнағы жүз. Біреуінен түспейді құмға бір із. Көңіліне қарасам жаз емес, күз, Жүректері от емес, бейне бір мұз. Бұл осындай сыр болды. Жұмбақты шешу мұң болды. Бұл сонда не болды?Әбілда: Мен білсем бұл мәйітті ағаш атқа салып мазарға апара жатқан төрт адам. Мәйітті көрсе адамның Құдайы есіне түседі. Әр адамда жиырма тырнақтан болса – бесеуінде жүз тырнақ. Көңілдерін күз басса жақын туысын жоғалтқаны болар. Мәлике: Бір мақұлық көрдім. Басы бар да, шашы жоқ. Көзі бар да, қасы жоқ. Жүретін аяғы жоқ, сүйенген таяғы жоқ. Не қолы жоқ, жүретін жолы жоқ. Қанаты бар, құс емес. Жылтырақ, бірақ мыс емес. Бізі бар да, жібі жоқ, тәні бар да, түгі жоқ. Аузы бар да, үні жоқ. Сусыз жерде шөлдейді. Қолға ұстасаң «Кетемін» деп көнбейді. Бұл не еді?Әбілда: Жұмбағың жүректерге барып қонар. Ғалымның діліне нұр, жарық толар. Намрұттың оғы тиіп, адал болған, судағы бұл жәндігің балық болар. Мәлике: Бір мақұлық көрдім. Құралай көзді, сұм жүзді. Киікше секіреді, зор дауыспен кекіреді. Жолбарыс тонды, бура санды. Аңараңдап аузын ашады, соңыраңдап жерді басады. Маса көрсе тілін тосады. Бұл не?Әбілда: Кезігер өзен-көл мен қырда тағы. Кежіге маза бермей, түн қатады. Бақылдап бар даусымен аттан салар, білмес кім, шұбар тонды құрбақаны?! Мәлике: Мақұлық көрдім. Төрт аяқты, мың таяқты. Бойы аласа, түрі бір қызық тамаша. Қояндай құлағы бар, қойдай құйрығы бар. Мысық аяқты, түлкі тұмсықты. Ешбір аңға қосылмас, жортады өзі оңаша. Аз жортады, жол жүруге шорқақ. Бұл қандай мақұлхат?Әбілда: Түйрелген инедей ғой түрпілері. Көрген жан үрейленіп іркіледі. Ырзығын жер бауырлап теріп жеумен, көбейер иен дала кірпілері. Мәлике: Бір жыртқыш бар. Орманнан шығар, сырты шұбар. Ізі бар, адымы жоқ. Көзі бар, кірпігі жоқ. Үстіне біткен жүні жоқ, сипаласаң міні жоқ, адам көрер түрі жоқ. Қолы жоқ, не аяғы жоқ. Сүйенген не бір таяғы жоқ. Ол не екен? Әбілда: Ширығып, жүрсе жолда бұраңдаған. Көзімен құс біткенді шын арбаған. Тілінде толған зәһар, шаққаны өлер. Жыртқышқа балайды екен жыланды адам. Мәлике: Екі аяқ, сегіз бармақ, іліксе дүниенің бәрін алмақ. Өзінің тілі бар да, тістері жоқ, Жұтады көрінгенді алмап-жалмап. Ол не болды, сонда?Әбілда: Қашады одан түлкі, құлан да үркіп. Олжасын шеңгелімен тұрар жұлқып. Құсбегі баптап салып қансонарда – қасқырды қырдан алған қыран бүркіт. Мәлике: Алпыс екі миуасы бар алып шынар. Төрт бұтағы жалғасып көктеп тұрар. Әрқайсысында бар екен бес жапырақ, жапырақтың ұшында жезді қалпақ. Екі әйнек бар, шыны да, темір де емес. Сынып кетсе, қалпына қайта келмес. Төбесінде бес ұя қараңдайды, бірақ оған ешбір құс жоламайды. Әбілда: Алпыс екі мүшелі адам болар. Қол-аяқсыз күндері қараң болар. Бес жапырақ – бес башпай, бес саусағың. Жезді қалпақ – тырнағы ол адамның. Екі әйнегі – кісінің қос жанары. Нұры кетсе, жамайтын жоқ амалы. Екі құлақ, қос танау – ол самалы. Жалғыз ауыз тарайтын нәр тамағы. Мәлике: Бір «әліпті» мұнарадай көзім көрді. Екі «мим», екі «сүкін» оған ерді. Болғанда «иа» ден камал, нұрдан гауһар. Арабша хат танитын жазбай білді. Әбілда: «Әліп» – адамның тұрқына келеді. Екі «мим» – екі көзімен көреді. «Сүкін» – ол аққан жастың тамшылары. Екі «иә» болады қос құлағы, «нұр» болса, гауһар сипат сөз шығады. Мәлике: Бір бұлақ көрдім, құстан ұшқыр, оқтан жылдам. Бес жүз жылқы суатынан ішіп тұрған. Таудың биік шыңынан бастау алар. Сәулесі жер-жаһанға түсіп тұрған. Ол қандай бұлақ? Әбілда: Бұлағыңыз адамның көзі болар, жер-жаһанды барлайтын тезі болар. Мәлике: Келе жатып бір таудан аңқайған ұра таптым. Ұраның ішінен гауһардан қора таптым. Қораның ішінен ақылды дана таптым. Ол дананың артынан білімді бала таптым. Баланың отырған жері түпсіз терең ор екен. Түбінде құрдым тор екен, ұзақ та ұзақ жол екен. Түсіп кетсең байқаусыз, шығуы да зор екен. Ол не болды екен?Әбілда: Ой жүгіртіп, барласам, ауыз екен ұра дегенің. Ауызбен өтер ішкен-жегенің. Гауһар қорада тістер тізілген, тіл болар дана біз білген. Баласы – бұл көмекей, шығып тұрған түбектей. Ор дегенің – жұтқыншақ, әрі жағы түпсіз түнектей. Мәлике: Қызылдан киген киім, басқа қалпақ. Саусағы төртеу болған, емес жалпақ. Үстіне неше түрлі тон жамылып, жүреді мас адамша талтақ-талтақ. Өзінің шашы да жоқ, тарағы бар. Егіні жоқ, арқалаған орағы бар. Ол не мақұлық?Әбілда: Білмейтін мақұлықты жан аз болар. Ғалымға надан кісі араз болар. Сипатын мың құбылтып сөйлесең де – шықпайтын үй жанынан қораз болар. Мәлике: Бір құс көрдім, үлпілдеген жүні жұмсақ. Тұяғы ұстап көрсем, алмас пышақ. Тұмсығы имек, көрмейді күндіз көзі. Шарықтап көкті кезіп, түнде ұшады. Ол не мақұлық?Әбілда: Топанда алып жүрген Нұх кемесін. Қаптаған қасиетті түк денесін. Үкінің көзінен де, өзінен де Тәңірім дарытқан мол құт көресің.Мәлике: Сейсенбі күні сейіл құрма деген ырым неден қалған? Әбілда: Тәңірі тағала сейсенбі күні қайғы қасіретті, ауру-сырқауды жаратқан деседі. «Қисса сүл-әнбия» аңыздарында сейсенбі күні Қабыл Әбілді қызғаныштан ұрып өлтіріпті. Ең алғашқы адам қаны сол күні төгіліпті. Намрұт патша Ыбырайым пайғамбарды сол күні отқа жағады. Пайғамбарға қастық ойлайды. Жүніс пайғамбарды кемеден суға лақтырады. Оны Алланың әмірімен үлкен балық жұтып, соның қарнында қырық күн жатады. Жақия пайғамбар осы күні зұлымдықпен өлтірілген екен. Зәкәрия пайғамбарды дұшпандар арамен кескілеп өлтіреді. Ол жаны шыққанша ара зікірін айтып, иманын сатпапты. Ара зікір осыдан қалыпты. Сүлеймен пайғамбар сейсенбіде жүзігін ұрлатып, сайтанға дес беріпті. Қала берді, тағынан айрылып, қайыршыға айналыпты. Залымдар осы күні Салық пайғамбардың түйесіне қастық жасайды. Топан су сейсенбі күні басталыпты.Пайғамбарлардың басындағы ауыр жағдайлар сейсенбі күні болғандықтан момындар сейсенбі күні барынша сақтанады екен. Мәлике: Пайғамбарлар мен әулиелердің денесі шірімеуші еді. Жүсіп пайғамбардың денесі неге шіріп кетті? Әбілда: Заманында Жүсіп пайғамбар Мысырдың патшасы болды. Бір күні ұлын көру үшін әкесі Мысырға келе жатты. Жүсіп оны қарсы алу үшін алдарынан шығады. Ол аттан түсейін деп жатқанда бір уәзірі: – Тақсыр, келе жатқан әкең болса да, аттан түспей амандас. Мысыр патшалығының айбынды абыройын сақтау керек. Олар саған кіріптар болып келе жатыр, – деді. Жүсіп: – Тәңірі тағала әкесіне құрмет көрсетпегендерді сүймейді, – деді. – Алла сенің ниетіңді жүрегіңнен көріп тұр. Кешірімді кең Құдай сендей пайғамбардың кішкене күнәсін кешпегенде, кімнің күнәсін кешеді дейсің? – деді уәзірі. Жүсіп осы сөзге иланып қалды. Әкесіне аттан түспей сәлем берді. Бұл Алла сүймейтін әдепсіз қылық еді. Осы әдепсіздігі үшін Жаббар Хақ Жүсіпті жазалады. Әдетте Алланың әмірімен пайғамбардың денесі көмілсе де, топырақта шірімей саламат сақталатын. Жүсіптің мәйітіне ондай бақыт бұйырмады. Тәні топыраққа сіңіп жоғалды. Қала берді, Жүсіптің ұрпағынан пайғамбар шықпады. Мәлике: «Қаза жетсе көз байланар» дегенді қалай түсінесің?Әбілда: Ертеде бір бәбісек аңшының торына түседі. Аңшы оны Сүлеймен патшаға сыйға тартады. Сүлеймен пайғамбар аң-құс біткеннің тілін білетін еді. Бәбісек:– Уа, патша ағзам! Жер бетінде мен көрмес, мен білмес жердің суы болмайды. Жердің асты-үстіндегі бұлақ пен өзеннің бәрін көре аламын. Сапарға шықсаң мені серік ет! Көмекшің болайын, – деді. Мұны естіген қарғаның қызғанышы түртіп: – Уа, патшам! Бәбісектің сөзіне сенбе! Ол өтірік айтады. Егер оның мұндай өнері болса, аяғының астындағы тұзақты қалай көрмеді? Қалайша қақпанға тұтылады? – деді. Сол кезде Бәбісек: – Мен жалған айтпадым. Алладан әмір келіп, қаза жетсе, көзің күн тұтылғандай байланады. Аяғыңның астындағы тұзақты да көрмейсің, – депті. Мәлике: Ертемен ерте тұрдым, даладан үш бала көрдім. Біреуі қамқа тонға малынған, зерлі шапан жамылған. Екіншісінің тәнін жабар ғана лыпасы бар, қолында жемісті ағаштың бұтасы бар. Үшіншісі тұттай жалаңаш, бірақ оны масқараға баламас. Ағыл-тегіл көтерген ақшасы көп, оны салайын десе қалтасы жоқ. Ақшасын тықсам деп талпынады, жасырар жер таба алмай шарқ ұрады. Бұлар ненің нышанасы, қандай сырдың ишарасы? Әбілда: Оның біріншісі байлығын тек өзіне жұмсайды. Дүниені қара басы мен отбасы үшін ғана жиып-құрсайды. Ешкімге жәрдемі тимейді, кедей-пақыр, момын-міскінді сүймейді. Екіншісінің жеп-ішерлік қана дәулеті бар. Бірақ жұрттың қамын ойлайтындай ақыл-қауметі бар. Жемісті ағаштай елінің қамын ойлайды. Машақат тартса да, адам атын жоймайды. Үшіншісі, күндіз-түні көз ілмей, байлық жинайды. Бірақ Қарынбайдай малын не өзіне қимайды, не халқына қимайды. Пенде дүниеге жалаңаш келеді, жалаңаш кетеді. Адам – ғапыл, дүниені дер «Менікі». «Менікі» деп жүргеннің бәрі – Оныкі. Сараңның ашкөз ниеті мен пиғылы өлгенше тыйылмайды. Тыраштанып қанша мүлік жиғанмен, тіршіліктен бір сабақ жіп те бұйырмайды. Шаранамен туған кісі бөз оранып өтеді, бір сағымды қуғанменен, ұстай алмай кетеді. Мәлике: Жапан түзбен сапар шектім. Айнадай жалтыраған үш шалқар көлге жеттім. Жақындап көз салсам, біріне көктен тамшылар саулап тамады. Қараған сайын көңілімді елжіретіп, баурап барады. Екінші көл түпсіз терең тұңғиық екен. Көлемі жер-жаһан, дүниеден де шын биік екен. Үшіншісі жалтырап жанарды суырғанымен, суы жоқ. Аққу-қазы қиқулап жатқанымен, жайқала өскен нуы жоқ. Сағымдай сусып, көзді арбайды. Сонау алыстан асығып-аптығып келгендерді алдайды. Бірақ көппен бірге осы көлге қармақ салдым. Қанжығам майланып, үш балық алдым. Сені білгір ер дейді. Бұлар нені меңзейді? Әбілда: Бірінші көл – пенденің анасының қарнында, су ішінде жатқан кезі. Көктен жауған тамшылар атаның сұлыбынан, ананың құлыбынан шыққан адамның өзі. Атаның шаһуатының мәні көп-дүр, ананың құрсағында қаны боп тұр. Жаратқан сол тамшыны бар етіпті, жыбырлап жетілетін хәл етіпті. Үш айда қанды судан тән етіпті. Сол көлде тоғыз ай, он күн тұтыпты да, ата-анаға көз нұры бала етіпті. Сол айдыннан шыққасын, ананың мейірімін ұққасын, көңілің балқыды. Сәби шағың еске түсіп, шаттығың шалқыды. Екінші көл – адамның өлген күні, кетер мекені. Қабірге түскен жан әрі қарай не етеді? Терең көлдің тұңғиығында бір сыр жатты. Алла досы әулие-әмбие ғана шешер осы жұмбақты. Жүректің қазығы, ақыреттің азығы – кәлима-дүр. Тән деген бақтағы иманның қақпағы – ар-иба-дүр. Кәлима сол:Лә иләһә иллалла, Иллаллада пайда бар, Білмеген жанған не айла бар? Барар жерің қараңғы, Шамшырағыңды сайлап ал. Үшінші көл – пәни дүниенің ишарасы. Жарқырап жатқаны – өткінші екенінің нышанасы. «Суы жоқ көл» дегенің дүние сусыған сағымнан аумайды. Сәулесімен арбап, талай адамды аулайды. Алыстан қарасаң, аққу-қазы қиқулап, толқып жатқан көлді көресің. Бірақ осы жалған сағымға жету үшін өзіңді құрбанға бересің. Суы жоқ көлден үш балық ұстапсың. Бірақ оның да хикметін ұқпапсың. Бірі – тіршілік, бірі – денсаулық, бірі – байлық. Өлім барда – тіршіліктің, кесел барда – денсаулықтың, бәле барда – байлықтың сәні кірмейді. Бұл үшеуі де өлі балық сияқты, орнына жұмсамасаң, үсті-басың сасып кірлейді. Бар ізгі тірліктің мәнін өлмейтін өмірден іздейді. Жаратқанның дидарымен қауышсам деп үмітін үзбейді. Мәлике: Сол көлдің жағасына үш үй тігіліпті. Жолаушылар «Мұнда не бар екен?» деп ішіне үңіліпті. Екеуінің керегесі де жоқ, дөдегесі де жоқ. Құр, тегеріш, белдеу мен басары жоқ, бақаны мен түндігін түріп ашары жоқ. Туырлық, басқұр, үзігі жоқ, оюлы киізі мен әшекейі болмағасын, көркі мен қызығы жоқ. Қаңқасы бар қаңқиған, жағалауда жалпиған. Тұлдыры жоқ, жалаңаш. Тұруды ешкім қаламас. Үшіншісінің тек қана шиі жоқ. Шиі болмағасын, жұпыны, жадау, күйі жоқ. Ішіндегі адамға жан-жақтан келген сыйы көп. Бірақ сыртына ши тұтып, дауылдан қорғайтын қамқор биі жоқ. Сөзбен желдей есерсің. Жұмбағымды, бәлкім, шешерсің? Әбілда: Үш үй көрсең, пәни дүниені бір барлапсың. Шешімін таппай, ақылыңмен талай жерді шарлапсың. Алдыңғы көрген екі үйің заманның сызын меңзейді. Уақыттың сүрегі ешкімнің де талабына көнбейді. Бір үйі өткен шақтың бедерін ыспаттайды. Алыста қалған дәуренің енді қайтып ұстатпайды. Өткен істі қалпына келтіруге тіс батпайды. «Болары болып, бояуы сіңіп», қазыққа байланады. Дәуірлерге ұласып, тауарихқа айналады. Тағы бір үйі келешекті тұспалдайды. Ой-ақылда келешекті болжайтын күш болмайды. Алланың ісін пайғамбар болжап білмейді. Бұл ғаламның жүзінде келешектің сырын білетін жан өмір сүрмейді. Ізгілігің мен игілігің басқа оралар бақытыңның елшісі болар. Осылар ғана келер шақтың табысты еншісі болар. Үшінші үйің – қазіргі сүріп отырған өмірің. Жасауы мен жабдығы – түрлі арман мен қиялға толы көңілің. Шиі жоқ болатұғыны – ажалдың келіп, адамның жанын алатұғыны. Үйді ши қоршаса, пенде мәңгі өлмес еді. Жан тапсырудың азапты михнатын көрмес еді. Адамның басындағы дәуренін өшіретін, оны дүниеден ақыретке көшіретін жел – өлім. Қара күн ғой, сын сағатта бұл пәниден сапар қылсаң, болмас тіпті шаңырағыңнан бір тамшы су татар мұршаң. Ажал сенің қарамайды жердегі әмір-құдіретіңе, үкіміңмен бар ғаламды астаң-кестең қаһар қылсаң. Мәлике: Үш үйге мен де назар бердім. Қарап ем, үш қазан көрдім. Майлы күйе басып, әбден қарайып кетіпті. Үш аяқты мосыға бекіпті. Бірақ екеуі жарық екен, сынғаны анық екен. Үшіншісінің түбі жоқ. Мұны ескерер бірі жоқ. Ақылы асқан данасың, шешімін қалай табасың? Әбілда: Сен көріпсің үш қазан, тұтқан мосы үш таған. Үшеуін де әбден майлы күйе басыпты. Өйткені ықылым заманнан бері оттан түспей, деміл-деміл тасыпты. Бұлар адамның пейілі мен ниетін көрсетті. Ұлылар кісінің жомарттығы мен дархандығын қазанмен өлшепті. Екі қазан уақыт өте келе жарылып сынған. Себебі пенденің бейіліне сараңдық пен қараулық тұнған. Адам күндіз-түні тырмысып дүние мен байлық жинайды. Бірақ оны туысқанына да, бауырына да беруге көзі қимайды. Кедей-кепшік, жоқ-жітікке садақа, зекетін беруді қаламайды. Құдай берген дәулеттен басқаға азғана үлесін тарту етуге де жарамайды. Сөйтіп, зекетсіздің малын сүндетсіз жейді. Ізгілер «мұндайлар Құдай алдында сый-құрметсіз» дейді. Ол байлығын баласына да қалдырғысы келмейді. Ішінен шыққан перзентіне де сенбейді. Жарық қазаннан төгілген астай бүкіл мал-мүлкі суалады. Ақырында өзі де жапандағы бәйтеректей қуарады. Үшінші түбі жоқ қазан қатынын астарлайды. Қатын көрсеқызар һәм қарау болса, дүние түгіл жейтін де ас қалмайды. Көңілі тапқанға байының тапқанын шашады. Жұтқан сайын тойынбай, айдаһардай аранын ашады. «Қазанға жолама, күйесі жұғады, жаман қатынға жолама, бәлесі жұғады» деген осы болады. Мәлике: Қазанның жанынан үш пышақ таптым. Үшеуін де беліме тақтым. Екеуі – сынық, біреуінің сабы жоқ. Жүзінде қан мен жынның табы жоқ. Суы жоқ көлден өлі балық алдым. Шиі жоқ үйге кіріп бардым. Түбі жоқ қазанға асып қойдым. Сабы жоқ пышақпен кертіп жеп, әбден тойдым. Қарным – қабақтай, бұтым – таяқтай болды. Бетім – табақтай, аузым – аяқтай болды. Ас біткесін, отырған үйдің жапсарынан шығып кеттім. Есіктен емес, керегенің көзінен өттім. Көзді ашып-жұмғанша тезінен өттім. Өзіңді тынбай сынадым. Мұның да жауабын сұрадым. Әбілда: Пышақ дегенің қару-дүр. Қайраты – шарыққа жану-дүр. Қару – адамның қуаты. Күш алатын суаты. Үш пышақ тапқаның – үш қаруды сақтадың. Бірі – ашу, бірі – шаһуат, бірі – ақыл. Ашуыңа ерік бермей, тұра тұр. Шаһуатын тежеп ұстар шын батыр. Бұл екеуі сынған пышақ сықылды. Тізгін берсең, тыйым көрмей құтырды. Бірақ пайдасы жоқ, азабы көп. Берекесі жоқ, мазағы көп. Үшінші пышақтың сабы жоқ болатыны – ғылымсыз ақылдың Тәңірден жырақ қалатыны. Балықты түбі жоқ қазанға асқаның, бір қарау қатынмен бас қосқаның. Сабы жоқ пышақпен кертіп жеп алғаның, ақылыңмен мал тауып, қатының үшін қамдадың. Қарның қабақтай, бетің табақтай болса, нәпсің семірген екен. Лебізің үш қанат үйге сыймай, жер-көкке төгілген екен. Аузың – аяқтай, бұтың – таяқтай болса, рухың арықтап шаршаған. Өсек сөзден қиналып, Хақ кәламын аңсаған. Шиі жоқ үйдің жапсарынан шықсаң, ғапыл кезіңде ажал жаныңды алар. Артыңда қисапсыз дүниең мен малың қалар. Керегенің көзінен өтсең, осылай жүрсең, жан тапсырарда қиналарсың. Өлімнің хақтығына сонда ғана иланарсың. Мәлике: Әуелде біреу жалғыз, екеу – егіз, Көзде жоқ, көңілде бар нәрсе сегізАспанды тіреп тұрған төрт ұстынның Сырты арық, біреуінің іші семіз. Жауабын бұл сұрақтың қалай дерміз? Әбілда: Адамбыз, арға зармыз, жанға зармыз, Беретін осыларды Алла – жалғыз. Ерікті ерттеп берді жігер менен, Кәсіпті ал өзіміз таңдағанбыз. Жауабын берсем тағы, сауал әзір, Екі егіз – Адам ата, Хауа ана-дүр, Екеуі болмаса егер, пенде дүреп, Бәденге рух тамшысы жауа ма бір? Көңілде бар дегенің сегіз жұмақ, Ағады ішінде бал теңіз-бұлақ. Пейіштің кереметі мол болғанмен, Алланың дидары ғой, әсілі бақ. Төрт ұстын тіреп тұрған төрт кітабың, Аяттар сырға толы шертті тәлім. Семізі Кәлам Шәріп – Құран Кәрім, Әмірін берік ұстап, серт тұтамын. Мәлике: Әуелде жаратылған екі патша, тұрады бірі қуып, бірі қашса. Алдында үш жүз алпыс нөкері бар, болады мың сегіз жүз тұқым шашса. Әбілда: Қос патшаң – Күн мен Түн, шын байқадым. Нөкер деп үш жүз алпыс жылды айтамын. Жылына мың сегіз жүз намаз оқып, жасаймын ақыреттің тынбай қамын. Мәлике: Бір мақұлық көрдім. Өзі ат басты, арқар мүйізді, бөрі кеуделі, бөкен санды, құс қанатты, құмырсқа ізді, бота тірсекті екен. Бұл не болды? Әбілда: Бұл қалай жұмбағыңды төгілткенің? Нәпсіңді құр мақтанға семіртпегін. Әйтпесе жазда жайпап, қыста өлетін, құшасың кебін сен де шегірткенің. Мәлике: Өзі шидім құс көрдім. Қараның да, ханның да, баланың да, барша жанның да басына қымсынбай қона береді. Қонған сайын адамнан маза кетеді. Ол не құс? Әбілда: Сауалдан сан алуан сүрінбедім. Мұның да айтайын мен шұғыл жөнін. Ханға да, қараға да бірдей қонар – жәндігің қара жарғақ шыбын дедім. Мәлике: Бір мақұлық көрдім. Өзі қоян жақты, тақыр жонды, төрт тұяқты, төрт аяқты. Өзі жүйрік, жуан құйрық. Ол не мақұлық?Әбілда: Көбейсе малың, көздің құрты болар. Көбінің жоны жазық тұрқы болар. Майданда ер жігіттің шын қанаты – жүйрігің сен мақтаған жылқы болар. Мәлике: Кеше бір мақұлық көрдім. Басында таяғы бар, төрт аяғы бар. Санасам сегіз тұяғы бар. Ұсқынсыз сияғы бар. Жағымсыз үні бар, ұзын қылшық жүні бар. Ол не болды?Әбілда: Баға алмай, мұны өрісте ес кетеді. Бастарын қоса алмайсың кешке тегі. Секеңдеп секіретін тастан-тасқа – белгілі бұл түліктің ешкі екені. Мәлике: Бір мақұлық бар. Көл, өзен, дарияны жаны сүйген. Жасынан қора салып қамыс, шиден. Қаншама терең суды бойлағанда үстіне бір тамшы да су тимеген. Ол не жануар?Әбілда: Жылтырар түгі күміс жұлдыздай бір. Жолына қақпан, тұзақ құрғызбай жүр. Өйткені өзен-көлге үйін салар – көрмедім мақұлықты құндыздай бір. Мәлике: Бір нағыз жануар, көзі өткір, көңілі тар. Сірә да, келіп, басқа ұрсаң, ойламайды намыс, ар. Қара да бар, ханда бар, Шын-Машын мен Қырымда бар. Түркістан үрімінде бар, Бұқара базарында бар. Ол не жануар? Әбілда: Мейірім болмаса адам қалар семіп, жүректен нұр сәулесі тарар сөніп. Жан досы бір-ақ сәтте жауға айналар. Сатпайтын иті ғана – адал серік. Мәлике: Бір көш көрдім. Төлебайдың баласы төбелесіп келеді. Егізбайдың өгей ұлы ерегесіп келеді. Екеуі қарауыл боп қарайды, біреуі шөпшек тереді. Ол не көш?Әбілда: Жұмбақтың ұзыны бар, келтесі бар. Жауапты жүрегімнен ерте шығар. Бұл – түйе, төрт аяғы, аузы менен қос таудай жотасында өркеші бар. Мәлике: Дүниеде бір молда бар. Уағында азан оқиды. Мезгілінде айқайлап, қайтып кеп жер шұқиды. Ол қай молда?Әбілда: Шақырар тұрып алып таңсәріде. Естілер дауысы оның бар шәріге. Қораздың осылайша жар салғанда. Қалау мен көптен күткен аңсары не? Мәлике: Бар екен бір мақұлық ұннан майда. Өз басын айдайды екен қиын жайға. Ұстасақ үгітіліп жоғалады, дамылдап отырмайды ешбір жайға. Ол не мақұлық?Әбілда: Құдайым неткен Ұлық, Шебер еді. Көктен көп рақым нұрын төгер еді. Сол нұрдан өніп шыққан гүлге құмар. Сұлу ғой қырдың ғажап көбелегі. Мәлике: Бір ұзыннан өскен қамыс көрдім. Қия өскен қамыс көрдім. Жылтырауық көл көрдім, пысылдауық төл көрдім. Шұңқыр құдық көрдім, екі сызық көрдім. Бір кеспелтек пен бір бүкпелтек көрдім. Бұл не болды?Әбілда: Қамыстың ұзыннан өскені шаш болар, қия өскені қас болар. Адамның екі көзін көлге, мұрнын пысылдауық төлге теңедім. Шұңқыр құдық – ауыз болса, екі сызық ерін шығар. Кеспелтекті – иек, бүкпелтекті – мойын деп жорыдым. Мәлике: Момын адам төрт шадиярды дос тұтады екен. Ол шадияр кімдер?Әбілда: Олар – Әубәкір Сыдық, Әділетті Омар, Нұрлы Оспан, Әзіреті Әлі. Мәлике: Ажал сәтінде адамға Әзірейіл періштеден де бұрын жететін кім еді?Әбілда: Ол Ібіліс малғұн. Пенде шіркін жан тапсырарда қатты шөлдеп қысылады. Сол кезде Ібіліс бір кесе салқын су әкеліп «Иманыңды сат» деп азғырады. Әлсіз адамдар бұл кезде сынып кетеді. Тақуа момындар ғана соңына дейін шыдап береді. Мәлике: Жол бойына жағалай қонған елді көрдім. Ақ сақалды керуен басы шалды көрдім. Шал таяғын көтеріп бақырған сайын, жұрт жүгін жиып, көшке ілесіп, көшіп жатыр. Ол ненің ишарасы?Әбілда: Адам бір көшкен керуен. Пәни жалғанда уақытша тыныстап, ақиретке сапар шегеді. Керуен басы – Әзірейіл періште. Ол ақырса патша да, құл да, кедей де, бай да жан тапсырады. Оның ақ сақалды, шал бейнесі адамның қарттың шағын бейнелесе керек-ті. Мәлике: Не үшін күріш дақылында «Ясин» сүресінің қуаты бар деп айтады?Әбілда: Бірде Ухуд шайқасында Мұхамбет пайғамбардың астыңғы күрек тісі сынған еді. Бір сахабасы сынған тісті тауып алды. Оның пайғамбар тісін аяқ асты қылуға дәті жібермеді. Тісті үйіне әкеліп, шарбағының адам аяғы тимес бір бұрышына көмді. Бір күні тіс көмілген жерден әппақ күріш өсіп шықты. Сахаба пайғамбарды шақырады. Мүбәрәк келіп, «Ясин» сүресін оқып, дұға жасады. Ол сахабаға:– Алла менің тісімнен күріш өсіріп шығарды. Оған Ясиннің қуатын бердім. Оны аяқ асты етпеңдер, – деп өсиет айтты. Осыдан бастап күрішті қастерлі әрі берекелі дақылға айналыпты. Мәлике: Құдайдың басқа салған ең ауыр нәубетін ата?Әбілда: Өзіңнен туған ұл-қызың салғаласып сөз қайтарса, одан өткен нәубет жоқ. Соры қалың әкенің кер бағып ұлы өседі, сөз бағып қызы өседі деген тәмсіл осыған орай айтылған. Мәлике: Пейіште қанша дарақ бар?Әбілда: Пейіште бірде бір дарақ жоқ. Жұмақтың топырағы құнарлы, су нәрлі болғанымен ол жерде бірде бір ағаш өспейді. Пейіштің ағашын момындар осы дүниеде игілікті істерімен егіп отырады. Мүбәрак пайғамбарымыз миғражда Ыбрайым халилулламен жүздесті. Ол ақырдың пайғамбарына бүй деді: «Үмбетіңе, менен сәлем айт. Пейіште орман жоқ. Жасыл желекте рақаттанып жүргісі келсе тіршілікте ғапылдыққа бой алдырмай, салих амалдар көрсетсін. Амалы артқан сайын жұмақтағы жайы да дарақтармен жайнай түседі». Мәлике: Әулие кереметін көрсетсе, Құдай неге оны ұнатпайды?Әбілда: Керемет көрсетумен – адамға даналық дарымайды, ілім қонбайды, жүрек көзі ашылмайды. Әзіреті Мұхамбет айды екіге жарып мұғжиза көрсеткенде, құрайыш халқы, оған «сиқыры бізден күшті» екен деп қарады. Бәрібәр мұсылман болмады. Мәлике: Өзі білмейді, білгеннің тілін алмайды. Ол кім? Әбілда: Ол – надан. Наданнан аулақ болған жөн Мәлике: Өзі білмейді, бірақ білетін кісіден сұрайды. Ол кім? Әбілда: Ол – шәкірт. Ықыласты шәкіртке ұстаз болған жөн. Мәлике: Көргені көп, түйгені мол. Нені білу керегін жақсы біледі. Ол кім? Әбілда: Ол – данышпан. Оның ізінен еріп, ілім үйренген абзал. Мәлике: Пенденің Тәңірден тілейтін бір рақметі бар. Бірақ адам оны көрсе қашады. Ол не нәрсе?Әбілда: Ол көктен жауған жаңбыр. Жаңбырдың әр тамшысын бір періште ұстап түседі. Жерге түскен тамшыдан жер қуат алып, өнім береді. Бірақ жаңбыр жауса пендесі тасаға тығылады. Мәлике: Адамзат қанша ұнсырдан жаралған?Әбілда: Төрт ұнсырдан жаралды. Олар топырақ, су, от, ауа. Мәлике: Қандай дәлелің бар?Әбілда: Адамның көз жанарын алып қара. Көздің ашылып, жабылып тұрғаны – желдің барлығына дәлел. Сорғалап жас ағады. Ол судың барлы-ғына дәлел. Көзге бір нәрсе тисе жарқ етеді. Бұл оттың барлығына дәлел. Ал көздің бір арадан қозғала алмай тұрғаны – топырақтың барлығына дәлел. Мәлике: Не үшін арпа ішінде бір бидай деп айтады?Әбілда: Адам ата мен Хауа ана пейіштен қуылып жерге түскен соң, Жебірейіл оларға жұмақтан үш уыс дән алып келген еді. Сөйтіп:– Уа, Адам, Хауа екеуің осы дәнді бөліп алып, жерге егіңдер. Бұдан сендердің және әуелден ақырға дейін өмір сүретін ұрпағыңның ырзық-несібесі өніп шығады, – деді.Адам ата мен Хауа ана екеуі жерді жыртып, тұқым шашты. Адамның еккенінен бидай шықты. Ал Хауаның жерінен арпа өсті. Содан бастап, бидай Адамның, ал арпа әйелдің үлесі саналатын болыпты. Қыздар не әйелдер арасында жалғыз еркек болса, «арпа ішінде бір бидай» дейтін сөз содан қалған екен. Мәлике: Қатар салынған екі шаһар көрдім. Бір шаһардың іші – бал, екіншісі – заһар. Балы бардың іші толған нығмет, ал көрші шаһардың іші толған – мехнет. Ол не болды?Әбілда: Екі шаһар дегенің жұмақ, тозақ. Іріктеліп баратын күллі адамзат. Мәлике: Бір шаһар көрдім, ішінде екі адам ғана мекен етер. Бірі кетсе орнынан бірі келер. Шаһардың ішінде бір гауһар шам бар. Тұратын жарық етіп үйді бекер. Екі адам бұл гауһарға кезек-кезек, құсады бірі – заһар, бірі – шекер. Заһар тисе, ол гауһар өшіп қалар, шекер тисе раушан боп қайта жанар. Бұл не сыр?Әбілда: Ашу мен ақыл болған шаһарға бәс. Жерінде бірі тұрса, бірі тұрмас. Ашу заһар болғанда, ақыл – шекер. Пенденің иманы екен ол гаухар тас. Иманға ақыл дос та, ашу – ол қас. Мәлике: Бар екен жан көрмеген жалғыз дарақ, бұтағы тоқсан тоғыз көрсем санап. Шоғынан бір сілкінсе болады екен, ғаламға он сегіз мың бір жыл тамақ. Ол не дарақ?Әбілда: Жалғыз дарақ – деген Жаратқан Хақ, Есімі тоқсан тоғыз көрсем санап. Мәлике: Ертеде ағайынды үш жігіт өмір сүріпті. Үшеуінде де өзге жұртта жоқ ерекше бұйымдар бар екен. Бірінің сиқырлы айнасы болыпты. Айнаға қарағанда жер жүзі түгел көрінеді. Екіншісі ұшатын кілемді иеленіпті. Көзді ашып-жұмғанша қалаған жерге зымырап жетеді. Үшіншісі ғажайып алманы еншілепті. Өлген адамның ерніне тигізсе, жан бітіп, алманы жеп, тіріледі. Бір күні үшеуі отырып, айнаға қараса, бір ханның сұлу қызы өліп қалыпты. Қызды қабірге қойғалы жатыр екен. Үш жігіт кілемге отырып, көзді ашып-жұмғанша ұшып жетеді. Кенже ұлы алманы беріп, қызға жан бітіреді. Қыз тірілгесін, үшеуі оған таласады. Үлкен ұл:– Менің айнам болмаса, өлген қызды қайдан көрер едіңдер? – деді. Ортаншы ұл:– Кілем болмаса, қалай жылдам жетесіңдер? Сендер келгенше жерлеп қояр еді, – деді. Кенже ұл: – Менің алмам болмаса, келгенмен, көргенмен не пайда? Қыз тірілмес еді, – деді. Осылайша талас тоқтамады. Хан да, жұрт та қызды кімге бе-рерін білмей дал болады. Егер төрелігін берсе, дауды қалай шешер едің?Әбілда: Қызды алмасы бар жігітке берер едім. Себебі алдыңғы екі жігіттің айнасы мен кілемі өздерінде қалды. Олар әрі қарай сапарын жалғап, жүре береді. Ал үшінші жігіттің алмадан басқа мұрасы жоқ. Барын да, нәрін де қыздың аузына тосып, аман алып қалды. Сондықтан қыз соған тиесілі. Мәлике: Бірде менің шаһарымда мынадай оқиға болыпты. Жеті жасар баласын есепке үйреткісі келген әкесі бір күні:– Ендігі жеті жылда түйеміз екі есе, жылқымыз – үш, сиырымыз – төрт, қойымыз бес есе көбейсе, онда бәрін қосқандағы саны сенің қазіргі жасыңнан екі есе көп болады екен, – депті.– Ол кезде біздің үйдегі жылқының, түйенің, сиырдың, қойдың әрқайсысы қанша болады? – деп баласы әкесінен сұрайды.Оны білу қиын емес. Есептеп шығар, – дейді. Сен қалай ойлайсың, бұл үйдің түйесінің, жылқысының, сиырының, қойының саны қанша?Әбілда: Егер жеті жылдан кейін екі түйе, үш жылқы, төрт сиыр, бес қой болатын болса, онда барлығы он төрт мал болар еді. Бұл үйде бір түйе, бір жылқы, бір сиыр, бір қой болған. Жеті жылдан кейін екі түйе, үш жылқы, төрт сиыр, бес қой болады. Мәлике: Өткенде қасапшым бір жылқы соятын болды. Оған ет алушылар тез жиналды. Ол сойылған малды төңіректеп тұрғандарды көзімен санап шығып, сәл ойланып қалды: «Бұлардың әрқайсысына бір жіліктен берсем, онда үш жілік ет артылып қалады. Екі жіліктен сатсам үш адамға ет жетпейді. Енді қандай амалын табайын?» деп басы қатты. Сен қалай ойлайсың, ет алуға қанша адам келген?Әбілда: Сойылған малдың барлық етін он екі жілік деп есептеймін. Сонда ет алуға келген тоғыз адамның саны шығады. Мәлике: Тоғыз жолдың торабында тоғыз аңшы кездесіп қалыпты. Олар бірімен-бірі түгел қол берісіп амандасып шығады. Сосын біреуі тұрып:– Бәріміз қанша рет қол алыстық? – деп сұрайды.– Кім білсін, мен өзім сегіз адаммен амандастым, – дейді екіншісі. Содан бәрі ойланып қалады. Сен қалай ойлайсың, тоғыз жолаушы біріне-бірі қанша рет қол берісті?Әбілда: Бірінші адам – өзінен басқа сегіз адаммен, екінші адам – қалған жетеуімен, үшінші адам – алты адаммен, төртінші – бес адаммен, жетінші – екі адаммен, сегізінші адам ең соңғы бір адаммен қол алысады. Барлық қол алысулар саны – отыз алты. Мәлике: Менің шаһарымда тұратын бір қария дүние салды. Оның үш ұлы бар еді. Үш баласына 17 жылқы мұра қалдырып, тұңғышына жартысын, ортаншысына үштен бірін, кенжесіне тоғыздан бірін өсиет етіпті. Бұлар үлестерін бөлісе алмай, дағдарып қалады. Сол кезде көршісі жалғыз атын әкеліп, 17 жылқыға қосады да: «Енді үлестеріңді ала беріңдер», – дейді балаларға. Он сегіз жылқыдан тұңғыш баласы жартысын, ортаншысы үштен бірін, кенжесі тоғыздан бірін алып бітіседі. Сонда үш ұл қанша аттан алды, көршінің аты қайда қалды?Әбілда: Көршінің атын қосқанда әкеден қалған мұра 18 ат болды. Үлкен ұлы өсиет бойынша 18 жылқының жартысын алды. Ортанша ұл үштен бірін алды. Кенжесі тоғыздан бірін, яғни екі тоғыздан бір-бір жылқы алды. Сонда үлкен ұлға – 9 жылқы, ортаншы ұлға – 6 жылқы, кішісіне – 2 жылқы тиді. Көрішісі өзінің атын қайтып алды. Мәлике: Бірде үш ағайынды жігіт жолаушылап келе жатып, көл басынан көп жұмыртқа тауып алады. Оларды қазанға салып, шоқтың арасына қояды да, жұмыртқа піскенші мызғып алады. Алдымен үлкені оянады. Қараса жұмыртқа пісіп тұр екен. Жұмыртқаны санап, үшеуіне тең бөледі. Өз үлесін жейді де, қайтадан ұйқыға кетеді. Аздан соң ортаншысы оянады. Ол да қазандағы жұмыртқаны үшке бөліп, өз үлесін жейді. Сосын ұйқыға кетеді. Ең соңында кенжесі оянады. Ол қалған жұмыртқаны үшке бөліп, бір үлесін өзі жеп, қалған 8 жұмыртқаны екі ағасына алып қояды. Осы кезде үлкен ағасы оянып:– Ортаншы ағаңның сыбағасын қалдырдың ба? – деп сұрайды.– Әлбетте, екеуіңнің де сыбағаңды алып қойдым, – дейді кенжесі. – Жоқ, мен өз сыбағамды жеп алғанмын, – дейді ағасы. Осы кезде ортаншысы да оянып кетіп, – Мен де өз үлесімді жеп алғанмын. Қалған жұмыртқа екеуіңдікі, –дейді. Сонымен үш жігіт әу бастағы жұмыртқаны қайта санап, мән-жайды анықтайды. Әділ шешім шығарады. Енді сен айтшы, қалған 8 жұмыртқа қалай бөлінуі керек?Әбілда: Мен білсем әу бастағы жұмыртқа саны – 27. Ағасы тұрып өз үлесіне тиген 9 жұмыртқаны жеп алды. Ортаншысы қалған 18 жұмыртқаны үшке бөліп, алтауын жеп алды. Кенжесі 12 жұмыртқан үшке бөліп төртеуін жеп алды. Кейінгі 8 жұмыртқадан ағасы үлес алмайды. Екі інісінің арасында ғана бөлінеді. Мәлике: Ертеде бір ханның жалғыз қызы ауырыпты. Дертінің шипасы Иранбақтың алмасы екен. Бақ үш қорғаннан, үш дарбазадан тұрыпты. Әр дарбазада күзет бар екен. Бірақ бірде бір адам ол бақтан алма әкеле алмапты. Бірде бір жетім бала: «Қазам жетсе өлермін, болмаса аман келермін», – деп жолға шығады. Баққа келгенде күзетшілер оған шарт қояды: – Алған алмаңның тең жартысын өзіңде, қалғанынан және бір алма қосып бізге беріп кетесің, – дейді. Бала келіседі. Сөйтіп, бірінші қарауылға бақтан жинаған алманың жартысын және бір алма артық береді, екінші және үшінші қарауылға да соны істейді. Соңында балада бір алма қалады. Ол алманы қызға әкеп береді. Қыз дертінен айыққан екен. Қалай ойлайсың, бала бақтан неше алма алды және әр қарауылға неше алмадан берді?Әбілда: Мен білсем, бала барлығы 22 алма алып шыққан. Бірінші қарауылға – 12, екінші қарауылға – 6, үшінші қарауылға – 3 алма берген. Өзінде қалғаны – 1 алма. Мәлике: Ертеде бір жігіт үйіне бір бау шөп арқалап келе жатты. Жолда адасқан ешкіні көріп, жетегіне алды. Бір кезде алдарынан қасқыр шығып: – Әй, жігіт, дос болайық, – деп өтінді. Жігіт қасқырды қосып алды. Олар біраз жүрген соң, бір дарияға жетті. Дариядан өтейін десе, қайыққа екі кісіден артық сыймайды екен. Жігіт не істерін білмей, басы қатты. Өзімен бірге шөпті алып өтейін десе, қасқыр ешкіні жеп қояды. Қасқырды алып өтейін десе, ешкі шөпті жеп қояды. Ешкіні алып өткенімен, келесіде ешкі мен қасқырды не ешкі мен шөпті жалғыз қалдыра алмады. Не істемек керек? Жігіттің орында болсаң қандай ақыл табар едің?Әбілда: Алдымен, арғы жағаға ешкіні алып барамын. Екінші кезекте шөпті апарып, ешкіні қайтадан қайыққа мінгіземін. Оны бергі жағаға тастап, қасқырды салып аламын да, арғы жағаға өткіземін. Қасқыр мен шөп арғы жағада тұра береді. Мен қайтып айналып, ешкіні аламын да, арғы бетке өткізер едім. Мәлике: Бір қарияның ержеткен үш ұлы болыпты. Қартайған шағында малын балаларына еншіге бөліп береді. Шал он екі жерге қаз-қатар қазық қағады да, бірінші қазыққа – бір қой, екіншісіне – екі қой, үшіншісіне – үш қой, осы ретпен ең соңғы он екінші қазыққа он екі қой байлайды. Сосын балаларына қарап: – Әрқайсың төрт қазықтан алсаңдар, мал тең бөлінеді, – дейді. Үш ұл қазықтарды әрі-бәрі қарап, төрт қазықтан таңдап алады. Сонда барлығы қанша қой болды. Балалар қай қазықтарды таңдап, теңдей етіп бөлді.Әбілда: Егер екі жігіттің бірі – бірінші, бесінші, сегізінші, он екініші қазықты, екіншісі – екінші, төртінші, тоғызыншы, он бірінші қазықты таңдаса, үшінші ұлға да мал үлесі тең бөлінеді. Әрқайсына 26 қойдан тиеді. Мәлике: Бірде Атымтай жомарттың үйіне бір топ қонақ келді. Үй иесі оларды жылы шыраймен қарсы алып, төрге оздырды. Дастарқан жайылды. Қазанға ет салынды. Тамақ пісіп, табақ тартылар шақта үй иесі меймандарын көзбен шолып шықты да, сәл ойланып қалды. Ошақ басында жүрген жұбайына келіп:– Екеу ара бір табақ тартсақ, онда бір табақ ет жетпей қалады. Үшеу ара бір табақ қойсақ, онда бір табақ ет артылып қалады. Енді не істесек керек? – деді. Қалай ойлайсың, келген қонақ саны қанша, табақ саны қанша?Әбілда: Қонақтар үш адамнан отырғанда оларға төрт табақ қажет болады. Егер екіден отырса алты табақ керек. Сонда адам саны – он екі, табақ саны – бесеу. Мәлике: Бір саудагердің ауыр жүк артқан ат пен қашыры жол үстінде қатар келе жатады. Үстіне артылған жүгінің шамадан тыс ауыр екенін айтып, ат қатты налиды:– Сен несіне ренжіп келесің? – дейді оған қашыр. – Егер сенің үстіңдегі бір қапты менің арқама артса, онда менің жүгім сенікінен екі есе ауыр болып кетер еді.– Ал егер мен сенің үстіңдегі бір қапты алсам ше? – деп сұрайды ат.– Онда екеуіміздікі тепе-тең шығар еді, – дейді қашыр.Сонда ат пен қашырдың үстінде қанша қаптан жүк болған?Әбілда: Ат қашырдың үстіндегі бір қапты алса, жүктері теңеледі. Егер аттың үстіндегі бір жүкті қашырға салса, ол екі есе жүкті тартуға тура келеді.Сонда ат үстінде бес қап, қашырда жеті қап болғаны. Мәлике: Ертеде жалбыр тонды бір кедей жалғыз атынан айрылып қалады. Ойда-жоқта көзден ғайып болған атын іздеп әуре-сарсаңға түседі. Ойдан қырға, жоннан жотаға шығады. Бірақ жоғалған ат табылмайды. Оның атын біреу тауып алып, кездейсоқ жолыққан адамға 9 ділдаға сатып жібереді. Малдың жаңа иесі атты семіртіп, алған құнанынан екі есе қымбатқа сатады. Аттың бұл иесі кәнігі бапкер екен. Ол атты баптап бағып, бәйгеге қосады. Аламан бәйгеде ат бірінші болып келеді. Бәйгесіне өз бағасынан екі есе көп ақша беріледі. Бірақ бапкердің қуанышы көпке бармайды. Жайлауда жүрген ат жоғалып кетеді. Ол өзінің ең әуелгі иесі – жалбыр тонды кедей үйіне қайта оралады. «Жоғалып табылған мал – олжа» деп, ол қуанғанынан сүйінші сұрап келген адамға үш сом беріпті. Енді сұрақ: Ат иелері қанша пайда тауып, қанша зиян шекті?. Әбілда: Атты тауып алған алғашқы адам оны сатып 9 дәлда пайда тапты. Аттың екінші иесі оны семіртіп, екі есе бағаға сатты. 18 ділданың 9 ділдасы бұрынға сатып алған ақшасының орнын жапса, 9 дәлда пайдасына жарады. Аттың үшінші иесі бәйгеге қосып, жүлдеге 18 ділда алды. Ол да сатып алған 9 ділдасын қайтарды да, 9 ділда пайда тапты. Ал жалбыр тонды кедей байғұс сүйіншіге 3 ділда беріп, шығын шекті. Мәлике: Әкесі мен баласы үй тұрғызу үшін кірпіш құюға кіріседі. Әкесі баласына екі кірпіштен құятын қалыпты береді де, өзі үш кірпішті қалыпты алады. Еңбекке ынталы бала қолына қалып тиісімен, лай иленген апанға жүгіріп барып, дереу іске кірісіп кетеді. – Мен, міне сексен кірпішті құйып та қойдым, – дейді бала қуанып. – Сені қазір-ақ қуып жетемін, – деп әке қолына қалыбын алып іске кіріседі. Әке мен бала бірінен-бірі қалыспай, сәске түске дейін жұмыс істейді. Бір уақытта әкесі баласын қуып жеткенін айтады. Бала екі түрлі қалыппен құйылған кірпіштерді санап шығады. Өзі құйған кірпіштердің саны әкесі құйған кірпіштермен тепе-тең болып шыққанына таң қалады. Сұрақ: әкесі нешінші жүрісте баласын қуып жетті? Әбілда: Әкесі баласын сексенінші жүрісте ғана қуып жетеді. Мәлике: Ертеде бір қойшы малын ірілендіруді ұйғарды. Түйесі, жылқысы және сиыры бар ауылдасына барып, оған тілегін жеткізді. Ауылдасы келісе кетті. Сәл ойланып отырып, ол сауын малының қойға кесімді санын айтты: – Інгенімнің әр жілігі – екі қой, биемнің екі жілігі – үш қой, ал сиырымның әр аяғы бір қой, – деді. – Жарайды, келістім, – деп қойшы қойларды санап берді. Келісім бойынша атқа мініп, інген мен сиырды жетелеп үйіне оралды. Сонда қойшы айырбасқа қанша қой берді?Әбілда: Шаруа інгенге – жиырма төрт қой, биеге – он сегіз қой, сиырға – төрт қой, барлығы қырық алты қой берген. Мәлике: Ертеде бір ханның жалғыз қызын көктен бір құс келіп, көтеріп әкетеді. Хан не істерін білмей басы қатты. Сонда бір уәзірі:– Теңіздің ар жағында Сәлім деген балықшы тұрады. Оның жеті ұлы бар. Жетеуі де сен тұр, мен атайын өңшең өнерпаз. Қызыңызды бір тапса, солар табады, – деді. Хан: – Сәлімге сәлемімді жеткіз. Қызымды қай ұлы құтқарса, соған үйлендіріп, патшалығымды беремін, – деді. Жеті ұлдың үлкені аспанға ұша алады екен. Ол көкте жеті күн, жеті түн шарлап, сегізінші күн дегенде қара құсты табады. Ол бір дарияның жағасында қонып отыр екен. Қасында Ханшайым бар. Хан әскерін ертіп дарияға келді. Қарақұс аттың дүбірін естіп, қызды алып аспанға ұшты. Жігіттердің үлкені екіншісіне: – Көрсет өнеріңді! – деді. Екіншісі құралайды көзге атқан мерген екен. Атқан оғы қарақұстың қақ маңдайына тиді. Қарақұс өліп, қыз суға құлды. Жігіттердің үшіншісі жүзгіш екен. Ол суға сүңгіп, қызды жағаға шығарды. Хан қызымен табысып, жылап-сықтап жатқанда, дария ішінен бір айдаһар шықты. Жігіттердің төртіншісі асқан ұста екен. Қолындағы екі тасын бір-біріне соғыстырып қалғанда 500 шақырым жерден қорған соғылады. Әлгі айдаһар қорғанның сыртына оралып, жатып қалды. Бірнеше күн тас қорғанның ішінде бұлар да жатты. Айдаһар тас қорғанды сыртынан орап алып, қысып, сыға бастады. Бұлар қысылып өлер болған соң, бесінші жігіт өнерін істеді. Ол жер астынан жол салғыш екен. Қолындағы асыл тасын шаққанда, 500 шақырым жер астынан жол салынып шығады екен. Айдаһар сол күйінде таста оралып жатып қалды. Бұлар жер бетіне шыққан соң, еліне апаратын жолдың қай жақта екенін біле алмай, айласы таусылып, адасты. Алтыншы жігіт жол болжағыш екен. Дұға оқып, көзін сипап еді, он бір күндік жерден жол көрді. Бірақ, өздері арып-ашып әбден шаршаған еді. Жүруге әл-дәрмені қалмады. Кенже ұл қолынан бал тамған аспаз екен. Қойнындағы бір асыл табағын алып, жұртты күніне үш мезгіл тамаққа тойдырып отырды.Хан бірнеше күн жол жүріп, ордасына жетті. Сәлімнің жеті ұлына риза болып:– Қызымды біреуің адал жар етіп алыңдар, – деді. Сол кезде жігіттерталасып қалды. Ең үлкені: – Бұл қызға менің істеген өнерім бәрінен басым. Мен болмасам, бұл қыз жоқ еді, – деп, жеті күн қарақұстың ізімен аспанда ұшқанын айтты.– Сенің өнерің таусылып, қызды қарақұс аспанға алып бара жатқанда мен атпасам, қыз жоқ еді, – деді екіншісі. – Сен аспаннан қарақұсты атып суға түсіргенде, мен судан сүңгіп алмағанда, қыз жоқ еді, – деді үшіншісі.– Мен тастан қорған соқпағанда, бәріңді айдаһар жұтып қоятын еді, – деді төртіншісі.– Мен болмасам, бәрің тастың астында қырылып өлер едіңдер, – деді бесіншісі.– Бәрің жол таба алмай, адасатын едіңдер. Қиыннан жол тауып берген мен емес пе? – деді алтыншысы.– Менің табағымнан ас жемесеңдер, бәрің аштан қатар едіңдер, – деді кенжесі. Осылайша бәрі де өз өнерін айтып, әділдік іздеді. Сен осыған қандай төрелік айтар едің?Әбілда: Жеті жігіттің де өнері бірдей, бірақ қызды сүңгуірге қосар едім, Өйткені ол қызды басқалардан бұрын құшты. Денесі денесіне тиді. Судан шығарарда білегінен ұстады. Сондықтан қыз соныкі болуы тиіс. Мәлике: Ертеде бір кемпір мен шалдың жалғыз ұлы болыпты. Бір күні бала ат басындай алтын тауып алады. Көтерейін десе, әлі келмейді. Көмекке әкесін шақырады. Әкесі алтынды үйіне көтеріп әкеледі де, кемпірге сақтауға беріпті. Арада ұзақ уақыт өтіп, бала ержетеді. Әке-шешесі қартаяды. Бір күні үшеуі алтынға таласады. Бала:– Алтынды мен көрмегенде, сендер қайдан табасыңдар? – дейді. Әкесі: – Балам, мен көтеріп әкелмесем, алтының далада қалады! – дейді. Шешесі де таласып:– Алтынды мен сақтамасам, осы күнге дейін тұрар ма еді? – дейді. Талас тоқтамайды. Сен осы даудың төрелігін қалай беріп, кімге болысар едің?Әбілда: Мен алтынды сақтаған шешесіне берер едім. Себебі бала жас. Өз бетімен нан табар. Әкесі қайратымен күн көрер. Ал, шешесі болса әрі кәрі, әрі қайраты жоқ. Күнін көре алмайды. Сондықтан шешесіне болысамын. Мәлике: Ертеде екі жігіт бір қызға бір мезгілде құда түсті. Қызды қайсысына берерін білмей қыздың әкесі қатты састы. Біріне берсе, екіншісі ерегісіп, екі ел арасына дау-жанжал туады. Ақыры қыздың өзі айла тапты. Ол жігіттерге:– Сонау көрінген қарауыл төбеге барыңдар да, осы жерге дейін жарысыңдар. Кімнің аты қалып келсе, соның етегінен ұстаймын, – деді. Екі жігіт қыздың қулығын қарауыл төбеге барғанда бір-ақ білді. «Ал кеттік», – дескенмен екеуі де тұрған орнынан қозғалмады. Уәде бойынша қыз кімнің аты қалып келсе, соның етегінен ұстамақ. Екеуінің де озып барғысы жоқ. Не істерін білмей тұрғанда бір желмая мінген қарт кісі келді. Ол бір ауыз ақыл айтты. Мұны естіп жігіттер ауылға қарай жарыса жөнелді. Бірінен-бірі озуға тырысты. Қалай ойлайсың, жігіттер жарысып шабатындай, қария қандай ақыл айтты?Әбілда: Әу баста қыз қайсысы ат қалып келсе, соның иесіне тиемін деді. Сондықтан қария «Аттарыңды ауыстырып мініңдер» деп қана ақыл айтуы мүмкін.Мәлике: Ертеде бір аралда қырық қыз өмір сүріпті. Олар бірінен бірі асқан сұлу екен. Бір айыбы бір-бірімен бақталас еді. Әрқайсысы іштей: «Мен бәрінен сұлумын», – деп ойлапты. Бір әдеті жандарына жуыған жігітті өлтіреді екен. Бір күні бір балықшы жігіт қайығымен дауылдан ығып, аралдың жағалауына шығып қалды. Бақытсыз бейбақты аң аулап жүрген қыздар ұстап алды. Оған:– Өлер алдындағы соңғы тілегіңді айт! Қазір біреуіміздің қылышымызбен басың алынады, – деді. Сонда жігіт соңғы тілегін айтқан екен. Қырық қыздың біреуі де оған қару көтере алмай, босатып қоя беріпті. Жігітті аман сақтаған қандай тілек? Әбілда: Ақыл ажалды да жеңеді деген. Ақылды жігіт қылышын жалаңдатқан қырық қызға: «Менің басымды іштеріңдегі ең ажарсызы шапсын», – дейді. Бақталас қыздар өз арасынан ажарсызын таба алмайды. «Мен едім» деп ешқайсы алдыға шықпады. Амалсыз жігітті босатты. Әлқиса, Мәлике мен Әбілданың сұрақ-жауап сайысының төртінші күні де аяқталды. Талапкердің тағдыры шешілер күнге де таяп қалды. Екеуінің айтысына куә болғандар ілімнің бұлағынан қанып ішті. Мәликенің сауалдарына, Әбілданың жауаптарына тамсанып, разы болды. Тыңдаушы жұрттың кеудесіне ғылымның сәулесі қонды. Құдай қолдап, Әбілда жеңіп кетсе, тақ та, бақ та еншісіне тиеді. Төрт күн ішінде оның атақ-даңқы шаһар ішіне ғана емес, шартарапқа да жайылып кетті. Түркістаннан келген ғұлама жігіттің дәрежесі асқақтай берді. Жақын-жуық елдерден Әбілданың жүзін бір көріп, сөзін естуге құмартқандар Ұрымға жинала бастады. Шалғайдағы жұрт Ұрымнан келетін керуендерді сарыла күтіп, саудагерлердің аузына телмірді. Келгендерді жарты күндік жерден күтіп алып, әңгімесін тыңдамай жібермеді. Соңғы күн қалғанда, Мәлике Әбілдаға мынадай ұсыныс айтты:– Уа, Әбілда замандасым! Өзіңді қазынамның сырын ашатын ерге баладым. Бүгінге дейін білімің болдырмай жетіп жарадың. Сырлы сұхбатымызды осы жерден үзе тұрсақ деймін. Жиылған жұрт тамашалайтын бір сайыс майданын құрсақ деймін. Қасыңа өңкей Тұранның жолбарыс жүрек, арыстан білек ерлері ере келіпті. Одан басқа Қырым мен Қапқаздан, Шын-Машын мен Құлзымнан небір майталмандар өре келіпті. Солардың да өнерін көрейік. Балуандар мен мергендердің, марғасқа мықтылардың бағасын берейік. Бәйге аттары да топты көргесін табаны қызып, жұлқынып тұр. Кермеге сыймай кең жазықты аңсап, ұмтылып тұр. Жеңімпаздар үшін тайтұяқ алтын, қойтұяқ күміс жүлделер бар. Ұтқан адамның атақ-даңқы ел жадында мәңгі қалар, – деп ой тастады. Бұл Әбілданың де көптен көкейінде жүрген еді. Ол бірден мақұлдап, қостай кетті: – Жөн айтасың, ханшайым! Біз, әлбетте, сөз сайысымен бірге күш сайысының да бәсін жоғары бағалаймыз. Елге қорған болатын ерлердің талабының мұқалғанын қаламаймыз. Сол үшін дос-жарандарымды алып келдім. Оларға байрақты топқа бақ сынатам деп уәде бердім. Сақадай сай тұрмыз қазір біз. Жарлық шашсаң, әміріңе әзірміз, – деді әдеппен. Мәлике бұрын Түркінің батыр ұлдары, Тұранның палуандары дегенді көп естуші еді. Соны көзімен бір көргісі келді. Уәзірін шақырып, ертесі күнгі сайыс өнерін ұйымдастыруды тапсырды.
КҮШ ӨНЕРІ
Күншығыстан шапағын сөгіп таң атты. Мәрмәр теңіздің бетін күннің шұғыласы жапты. Көктен мұнартқан бұлттар жалқын нұрға боялды. Ел-жұрт тегіс ұйқыдан оянды. Көп өткен салтанатты көсеге-сарайдың шойын қақпасы айқара ашылды. Ішінен ақбоз арғымақтарға мінген жаршылар шыға келді. Бүгінгі айбын, көркі елден ерек. Керней-сырнайларының үні де бөлек. Екпіндері сұрапыл һәм тым қатты. «Тыңдаңыздар, жарандар» деп бәрі бірдей тіл қатты. Шоғыр топ шаршы-базар алдында ойқастады. Сол сәтте бас жаршы тамағын кенеп сөз бастады: – Уа, қадірлі әлеумет! Сіздерді мақтар теңеу көп. Бабамның ізет-үрметі, өсиет еткен сүндеті – «Азамат-ердің міндеті, жұртыңды құтқа бөлеу» деп. Білесіздер бәріңіз, жасыңыз да кәріңіз. Даңқы кетті маңайға, алтын күмбез сарайда. Өтуде білім сайысы. Арман болған талайға. Түркістаннан ер келген, дос-жараны тең келген. Кеудесінде олардың, Хақ ілімі тербелген. Ділмар, шешен, ғұлама. Сөзге кие өң берген. Бұл ерлердің өнерін, тамаша ғып ел көрген, – деді. Екінші жаршы да серпіле ұмтылды. – Бүгін соңғы бәсекең, күш сайысы осы екен. Өнер, ақыл, қуатың – адамзаттың досы екен. Көркейтпесең бұларды, өмірің мәнсіз, бос екен. Ақылдың да бәсі үстем. Адамды тартар лас істен. Өнерлілер өрлейді, талапты өрен сөнбейді, діліне дақтар енбейді, адалын таңдап, ас ішкен. Қуатың болса шарықта, сынатып көрсет халыққа. Қайратың, адал еңбегің – шығады алып жарыққа. Ал, қадірлі, ағайын, сайыстың көрген талайын. Бүгінгі жарыс сипатын, бір хабарлап алайын! – дегенде, үшінші жаршы алға озды: – Атан жілік жігіттер. Ерлігінен үмітті ел. Тау қопарар күштері, таңғалдырған істері. Арыстанмен айқасқан, жолбарыспен шайқасқан, азулы сан жыртқышпен, қайратын сынап байқасқан. Марғасқа, маңғаз алыптар, аямай күшің салып қал. Асып туған арысты, жиылған жұрт анықтар, – деп термелей жөнелді. Келесі жаршы да түйдек-түйдегімен толғады. Сайыстың талапкерлерін кезегімен таныстыра берді: – Арғымақ аттың аласы, қас игінің баласы, алдаспан қылыш суырған, жау апшысын қуырған, тебінгі терге қажалған, артық туған мажардан – келді батыр Қиястай. Тұлғасы құдды құрыштан, мың дұшпанмен ұрысқан, қанды көбе сыймаған, қан-көрікте шираған. Талай қамал-қорғандар, екпінінен күйреген, текпінінен қираған. Ұлты оның саха-дүр, Саян деген баһадүр. Саулар өзі лашындай, лаулар еді жасындай, Темірұл ер келіп тұр, шалғай елден Машындай. Атқан оғын оздырған, жауды көрсе тоздырған, бір ойында алпыс балта сындырған, жау жігерін құм қылған. Тұраннан келген Алғадай, сұңқар бітім самдағай, – деп бір толастады. Соңғы жаршы да әрең шыдап тұр екен. Асыға басып, ілгеріге өрледі. – Анадолы, Ұрымды, шарлаған Қапқаз, Қырымды. Шахин деген батырым. Қайсар, өжет, батылым. Тұлпарға мініп шапқанда, мықты тұтар тақымын. Күш-қайраты тасыған, мысынан дұшпан жасыған. Ерлердің де ерені, бас жүлдеден дәмелі, – деп атағын аспандатты. Содан кейін бас қазы ойын тәртібін түсіндірді: – Уа, көпшілік қауым. Бірінші сайыс – күш жарысы. Әр өңірдің өрендері қайратын сынайды. Олар ауыр шарттарға шыдайды. Өгіз бен атты, түйені көтереді. Мұнда пілді де еңсеретін бар, зілді де еңсеретін бар. Бір-бірімен тең түскен сайын артылар жүктің салмағы ауырлай береді, – деп ережені баяндай кетті. Содан кейін майданға талаптылар шақырылды. Бәрі де басында сүріне қоймады. Талаптарын тәуекелге байлады. Бірте-бірте жүк салмағы да өсе берді. Өгізден, биеге еселенді. Бірқатар алып биенің төрт аяғынан қапсыра ұстап, жерден жұлып алды. Бірнешеуі шамасы жетпей, әуреленіп тұрып қалды. Уақыт өткен сайын саптары селдіреді. Күн сәскеден ауды. Іріктеліп шыққандарға жұрттың мадағы жауды. Соңында атанды көтеруге санаулысы ғана қалды. Салмағы қырық пұт түйені көтеруге, алдымен, Қияс шықты. Төрт сирағынан ұстап алып, кезек-кезек ырғады. Түйені жұлқылап, әрі-бері толғады. Бірақ жерден жұлып алуға күші жетпеді. Сосын ортаға Саян батыр да шықты. Ол да болаттай білегімен қанша жұлқыды. Атанды көтеремін деп жұлқынды. Сүт пісірім уақытта оның да қайраты түгесілді. Темірұл да екпіндей келгенімен, қарқыны басылып қалды. Ол да шетке жылыс-тай берді. Ең соңында екеу ғана қалды. Шахин ер шарт түйініп, түйеге шүйлікті. Төрт аяғын тең буып, жерден сәл көтерді. Бірақ мойнына асыра алмай, түсіріп алды. Сол кезде Тұранның ұлы Алғадай да шықты. Жуан, сом қолдарын түйенің бауырына сұқты. Алдымен, салмағын байқады. Міз бақпай тұрған жануарды емендей шайқады. Сөйтті де, «Әруақтап!» аттан салды. Таудай түйені теңселтіп тұрып, жерден жұлып алды. Қорыққан атан «Бақ!» етіп бақырды. Демін ішіне тартқан ел-жұрт теңселіп, ұран шақырды: – Уай, бәрекелді, ерім! – Жасай бер! – Алғадай, қайратың талмағай! – деген айғайлар айналаны көміп кетті. Алғадай ер жұрттың ықылас-ниетіне ілтипат көрсетті. Байрақты сынға қатысқан барлық ердің қолдарын алып құрметтеді. Қайраты басым түсіп, шүкіршілік тойын қылды. Өзіне бұйырған түйені құрбан шалып, етімен аш-арықты тойындырды. Сөйтіп, ел-жұрт Тұраннан, Түркістаннан келген ерлердің өнері мен қайратын білді. Бұл сайыс та ұзақ заман бойы әлеуметтің аузында аңыз болып айтылып жүрді.
АТ ЖАРЫС
Осы кезде хабаршы екінші сайысты бастап кетті. Кенеттен сарай қақпасынан аттар ойнап шықты. Жаршылар жүйрік арғымақтармен атойлап шықты. Құйрық-жалы төгілген, бипаздап бәрі өрілген. Сән-салтанатына қараған жанның бәрі тамсанды. Қаланың жықпыл-жықпылын, түкпір-түкпірін аралап жар салды. – Уа, халайық, халайық! Назар салып қарайық. Ақыл менен білімді, құт-ырысқа балайық. Мереке мен кілең той, бүгін бізде түмен той, Әбілда деген арыс бұл. Жігіт екен бағы ұшқыр, сыннан келеді сүрінбей, зындан бұдан алыс тұр. Қазір енді басқаша, біз көретін жарыс тұр, – деп жағы сембей қайталады. Сол-ақ екен, екіншісі де суырылып алға ұмтылды. Қыран бүркіттей қомданып, дүр сілкінді: – Ау, ағайын, ағайын! Қызметіңе жарайын. Ақ пейілді жақсыны, асқар тау деп санайын. Бүгін бәйге, аламан, күтіп тұр ғой бар алаң. Тілдің майын тамызып, жүйрікті айтам қалаған. Дүлдүл болған құлыннан, Ұрым менен Қырымнан, Жиылыпты қырыңнан, Жайық пенен Сырыңнан, Тұран менен Ұнаннан, Сәйгүліктер құралған, Шын-Машын мен Құлзымнан, – деп екпіндеді. Үшінші жаршы да көп күттірмеді: – Сан алуан жүйрік бар, күмістей қылқұйрық бар. Атсейістер баптаған, кебек, сабан татпаған. Тимесін деп назары сар жабулап қаптаған. Түндікпенен күн берген, түтікпенен су берген. Ауыздығын шайнаған, азу тісін қайраған. Қапқаз жалды қара айғыр, сақпан шабыс сары айғыр, тоқпақ жалды торы айғыр, арыны мол ала айғыр. Бәрі жүйрік, шіркін-ай! Қызығына қарай біл! – деді. Сол кезде төртіншісі даусын кенеді. Естеміс ердің Кербестісін пыраққа да теңеді. – Келген сонау жырақтан, тұрпатын ел ұнатқан. Ауыздықпен алысқан, атқан оқпен жарысқан. Шабандоздың тізгінде, екі қолы қарысқан. Самғайды екен шапқанда, ұқсайды екен сақпанға. Маң-маң басар жай жүрсе, Кербесті атты айғыр ше? – деп мақтады. Одан кейін де бірі зор дауыспен: – Ұрым да құтты жер еді, жылқысы мол ел еді. Қападоқы тауында, Жаңашаһар бауында, қанатты аттар көп еді, Сүлеймен деген пайғамбар, сонда аттарын жайған бар. Сол жануар нәсілі, жүйріктердің асылы. Жиһан деген тұлпар бар, даңқын айтсам жұрт аңдар, – деп оны да тілінің қуаты жеткенше мақтады. Мұны естіген жұрттың бәрі алаңға құйылды. Шәрі халқының бірі қалмай жиылды. Жүз жылда бір болатын дүбірлі жарыстың хабарын естігенде әркімнің-ақ делебесі қозды. Шекелеріне ақ орамал байлаған күтушілер келгендерді жайғастырып, табандарынан тозды. Көп кешікпей, ат жарыс та басталды. Аламан бәйге жүз шақырым еді. Жер-жерден келген мыңдаған тұлпар қосыла шапты. Шаң тұтасып, аспанды ала бұлт басты. Жер мен көк тұяқтан түтін болды. Мәрмәр теңізінің мөлдір алабы шаңдаққа айналды. Ішінде саркідір сақа аттар бар, дәмелі дөнен де бар, жүйрік бестілер де жетерлік. Серке санды құла бар, серпінді көк бұл да бар. Алуан түрлі күлік бар, асқан неше жүйрік бар. Бәрі де бір-бірімен құйрық тістесе жүйткіді. Омырауларынан жел ұйтқыды. Аздан кейін бабы аз, болбырлар болдырып қала берді. Терлері жаңбырдай саулады. Екпіндері оттай қаулады. Көріктей кеудесі қызып, шын бабына келгендер үдете түсті. Біраздан кейін төрт ат алға шықты. Оның бірі Тұранның Кербестісі, екіншісі Ұрымның Жиһаны, үшіншісі Қырымның Құбақаны, төртіншісі Құлзымның Құмайы еді. Төртеуі де кеуделесіп келеді. Жер дөңгелеп артта қала береді. Шабандоздардың жаны мұрнының ұшында тұрғандай. Аздан соң, Жиһан алға түсті. Онымен үзеңгі қағысып, Кербесті де қалар емес. Ал қалған екеуі бірте-бірте бәсеңдей берді. Екеуі де бір-бірімен тартысты. Құйрық-жалын кезек-кезек шарпысты. Алға ұмтылып, озам деп өңмендеді. Аспан – көк, жер – жасыл, екі ортада қара ноқат заулайды. Алыстан қарағанда, қосауыз мылтықтың оғынан бір аумайды. Кербестінің тамшылары оянды. Қамбар ата түлігі сан мәрте ырғасып, қарақшыға да таянды. Сол сәтте кер айғыр бір жұлқынды. Бойындағы асау қаны бұлқынды. Күшіне күш қосылды. Өзен суындай жосылды. Қарқыны барған сайын артты. Ала сызыққа арқан бойы қалғанда, мойны озды. Кейін қара үзіп кетті. Ел ұрандап, қиқу салды. Екі тұлпар іркес-тіркес көмбеден өтті. Іле-шала тағы екеуі де жетті. Бәйгеден келген сәйгүліктерді жаршы хабарлай жөнелді: – Кербесті! Бәйгесі жүз жылқы! – Жиһан! Бәйгесі жетпіс бес жылқы! – Құмай! Бәйгесі елу жылқы! – Құбақан! Бәйгесі отыз жылқы! Естеміс батыр тұлпарын желдіртіп кетті. Тұран елінің тағы озған мәртебесіне жұрт тағы қайран қалды. Ұрымның тау-тасына, өзен-көліне, құм-беліне жүйріктің аты тарала берді. Сөйтіп, үшінші күнгі сайыста да қонақтардың аты бәйгеден озып келді. Ел-жұрттың бәрі мұны аңыз қылды, артынан айтып жүрді дастан-жырды. Мәрт Естеміс сәйгүлігінің жүлдесін жүз мұқтажға таратып жіберді. Оның жомарт пейіліне жұрт қатты риза болды.
ПАЛУАН КҮРЕС
Ат жарысынан соң үшінші сайыстың түрі де басталып кетті. Жаршылар Толмабақша сарайының жанындағы Ат майданына шыға келді. Астына мінген ақ боз тұлпарлары мейіздей қатып жарапты. Мыс пен қоладан құйылған қазмойын кернейлерінің үні күншілік жерге жетіп жатты. Әрқайсысы шаһардың көше-көшесін, соқпағын кезіп жүріп жар салды. Қала тұрғындары оларды көсеге-үйлерінен шығып қарсы алды. Ең алдағы жаршы: – Уа, жарандар, жарандар! Бәрің бері қараңдар! Кәрі-жасың балаң бар. Ат майданға ағылып, асылыңды тағынып, жетіңдер сонда сабылып! Бүгін қызық мерекең, арта түссін берекең. Ханшайым жомарт, кең екен, сауалы сансыз көп екен. Сүрінбей келген әзірге Әбілда да ер екен. Ханшайымның сынағы, бітуде екен сұрағы. Бірде бір рет мүдірмей, сөнбей тұр әлі шырағы. Мәлике қыздың қолқасы, енді өнердің алқасы. Палуандар тұр жұлқынып, бұла күш сыймай бұлқынып, қайнайды майдан ортасы. Әбілданың серігі, Тұранның қайсар өр ұлы. Елтеріс деген ұлан бар, самғайтын көкке қыран бар, өздерің көріп сынаңдар. Жауырыны жерге тимепті, кілемге бәрін түйрепті. Білектен күші саулаған, әдісімен баураған. Ас пен тойда байрақты, қайратын шыңдап сайлапты. Байланбай өзі бәйгесін, мұқтаждарға байлапты, – деп бір тоқтады. Жаршының сөзін екінші серігі іліп алып кетті: – Мұндайды кім көріпті? Қырдың аязына тоңыпты, аптабына күйіпті. Даланың қуатын жиыпты. Түнімен жылқы қайырған, қайың құрық майырған. Тағыдан малын қорыпты, аюды да соғыпты. Жолбарысты жеңіпті, сауға қып елге беріпті. Сондай жомарт жан екен, жауына бірақ тар екен. Бүгінгі мынау сайыста, бұл ерге кім пар екен? – дегенде, үшіншісі: – Бізде де бар палуан. Өнері сан алуан. Ұрым менен Қырымға, атағы кеткен ұлың да. Мысыр менен Ұнаннан, Шын-Машын мен Тұраннан, көп күресті үйреніп, шығарған жұртты құмардан. Бұлшық еті ойнаған, машығын бір қоймаған, сан жарыста жүлде алып, бәйгелерге тоймаған. «Бұл кім?» деп ел елеңдер, марапатқа бөлеңдер, есімін оның айтайын, Қаһарман атты өрен дер, – деп, қос балуанның атағын аспандатты. Жұрттың бәрі қызық сайысты көруге асықты. Жан-жақтан ағылғандар Ат майданына сыймай тасыпты. Қапалы шаршының қақпасын ұстаған саудагерлер келіпті, алыс-жақынға керуен жөнелткен байлар да жетіпті. Қара жұмыстан нәпақасын айырған кедейлер де жүр екен. Айна-тарақ сатып күнелткен бақалшы да тұр екен. Мәрмәр теңізі мен Қара теңізде жүзген балықшылар да жиналыпты. Саяхатшылар да «қызық көрейік» деп осында келуді ұйғарыпты. Әлдеқайда қос балуан күш сынасар сәтті күтіп тықыршыпты. Бір кезде ортаға төреші де шықты. Қос балуанның беліне ақ ораулы ақ кездеме-ден белдік байлады. Одан кейін ишарат қылып, екеуінің сайысын сайлады. Күллі түркі жұртына аты мәлім Елтеріс барыстай, ал шойындай қара Қаһарман аюдай екен. Бір-бірімен ұстаса кеткенде түз тағылары айқасып жатқандай көрінді. Қаһарман бірден Ұнандағы ұстазынан үйренген әдісімен белінен көтеріп шалқалай лақтырмақ еді. Бірақ мұндай шабуылдың талайын көрген Елтеріс аяғын сирағына іліп алып, бой бермеді. Өзі де оң жамбасқа салып, шалып қалмақ еді, оған аюдай өңкиген зор тұлға илікпеді. Тұран мен Ұрымның қос ұлы алғаш рет майданда жолығып, алып та, шалып та жығып байқады. Бүркіттің тұяғындай саусақтар, қайыңның діңіндей білектер алып тұлғаларды бәйтеректей шайқады. Аңдысты да, ар-басты да. Қалың жұрттың алдында өнерлерін түгел көрсетті. Халық екеуінің күресін әбден тама-шалап, тез бітпесе екен деп тіледі. Сәскеде басталған күрестің бітетін түрі көрінбеді. Ұзақ аңдысқан екеуі міз бақпай қатты тіресіп тұрды. Елтерістің өндіршегі бүлкілдеп, жалпақ кеудесі көрікше желпілдейді. Екінші бір тыныс көзі ашылғандай, көңіліндегі алаң басылғандай сезімге енді. Тұла бойын асау қан кернеп, ен даланың қызу лебі ескендей болды. Қаһарманның да жонынан саулаған тер жерге құйылды. Манағы қарқынының беті қайтып, күш-қайраты сұйылды. Мағырыптың барлық балуанын сыпыра жеңген әдісінің бәрін қолданса да, түк шықпады. Машырық жұртында өзіне теңдес таппаған Елтеріс оның амал-айласына міз бақпады. Ақыры намаздыгер бітіп, мерзім ақшамға айналғанда бүкіл қуатын жиды. «Алладан» медет тілеп, пір-леріне сыйынды. «Әуп» деп Қаһарманды қапсыра құшақтап, шыр айналдырды. Сөйтті де қар-сыласын иығына дейін көтерді. Әрі қарай зор денені «гүрс» еткізіп, көз ілеспес күйде кілемге алып ұрды. Мұндай алып күшті көрмеген Қаһарман ұзақ уақыт есеңгіреп қалды. Содан кейін есін жиып орнынан тұрды. Жығылғанына жүні жығылып қалса да, Елтерістің қолын алып, мойындады. Төреші дереу Елтерістің жеңгенін жариялады. Көрермен халық оған разы болып тұс-тұстан жамырап жатты. Сол кезде бас қазы Елтерістің қолына тайтұяқ алтынды беріп тұрып:– Бәрекелді, ұлым. Өзің атадан асып туған ұл екенсің. Бағың жанып, тасың өрге домалап тұр екенсің. Құдайым, бұған мерей бер. Өнеріңмен жұртыңды шаттыққа бөлей бер, – деп ақ тілек айтты. Керемет өнер сайысына куә болғандар қызығын әңгімелеп тауыса алмай жатты.
ЖАМБЫ АТУ
Бұл кезде төртінші сайыс та басталып кеткен еді. Әдеттегідей бір топ жаршы тұлпарларымен шаңдатып шыға келді. Қолдарында күміс, қола кернейлер. Дауылпаз, даңғыралары да бар. Шекелеріне тартқан шыттары самал желмен желбіреп барады. Қаумалаған жұрт «Бұлар не айтар екен?» дегендей телміре қарады. Сол-ақ екен бірінші жаршы тамағын кенеп, айқай салды:– Уа, ағайын, ағайын! Алғысыңды алайын. Қол қусырып алдыңда, сырларыңа қанайын! Әніме де салайын, жалындай боп жанайын. Бүгін, Алла қаласа, қызыққа толар маңайың! – деп бір тоқтады.Серігі «лып» еткізіп, іліп ала жөнелді:– Толастамас ән-жырың, тағы сайыс бар бүгін. Білесіздер, ханшайым – Мәликенің жарлығын. Жеңді сауал-сұрақта, ғұламаның барлығын. Жан жоқ, бірақ, тегінде, Әбілда деген ерімдей. Жауабынан жаңылмай, келе жатыр жеңілмей. Хикмет екен кеудесі, ғылымның мол сәулесі. Дүниемен ешқашан, болмапты әуес, әуресі. Түркістанның түлегі, ғұламаның бірі еді. Әзіреттің мұрасын, насихат қып жүр еді. Ашып ілім сырын да, құт әкелді Ұрымға. Өзінен басқа көп екен, жан достары мұның да. Палуанын көрдіңіз, бағасын да бердіңіз. Бәйге атына сүйсіндің, жүйрікті ондай қисын кім? Берсек бүгін сөзге есе, бәсекең бар өзгеше. Жамбы атуға келген көп, мүлт жібермес көздесе, – деп барып толас тапты. Үшіншісі ытырылып шықты: – Қырымнан да келген бар, Ұрымнан ел сенген бар, құралайды көзге атқан, қырағы сан мерген бар. Небір мықты көзмерген, көздемей атар қолмерген. Байрақты сан жарыста, шаршы, алқаға өң берген. Ал, қанекей, ерлерім. Нысанашыл мергенім, алтын жамбы атып ап, өнеріңмен өрлегін! – деді. Төртінші жаршының да үні әуелеп кетті: – Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, Оғы Мәрмәр мен Қара теңізден тең өткен. Жүлде алғанда, жұртына үлестірген, қуаныш пен шаттыққа кенелткен. Алуан-алуан марғасқалар бас қосыпты. Бәрі де тықыршып, осы сайысты тосыпты. Ал, ендеше, қырандардың томағасын сыпырамын. Топ алдына шығарып, міндетімнен құтыламын, – деп, бәрін ортаға шақырды. Сол-ақ екен, жиылған жұрт алаңға үңілді. Сырғауыл бақан басына алтын жамбы ілінді. Мергендер екі жүз қадам жерден атуға кірісті. Бірақ жақтарын кезенген ерлердің оғы адасып кетіп жатты. Жайшылықта құралайды көзге атқандар жебелерін айдалаға атты. Біресе үстінен мүлт кетеді, біресе астындағы бақанға сарт етеді. Алақандай жамбының оққағары бардай. Ілінген жерінен бірде бір қозғалмай қойды. Көбінің тауы қайтып, тауаны шағылды. Айласын таба алмай, әбден сабылды. Соңында Ұрым елінің мергені Баязит пен Тұран елінің мергені Өтеміс қана қалды. Өзгелері шегініп, бір шетке қарай ығысты. Жамбыны түсіре алмай, елеусіз ғана жылысты. Алдымен, Баязит кезек алды. Кере құлаш садағын тартқылап, бабына келтірді. Жамбыны атарына сенімді болып, желпінді. Сөйтті де, әбден сығалай көздеп, тартып қалды. Түйенің көнінен есілген кірісі дыңылдай тербеліп, ауаны қарпып қалды. Жебе желмен суылдап, зымырай ақты. Жұрт дем шығармай, оның ізіне бақты. Қас-қаққанша, оғы жамбыны жанай өтті. Болат ұшы тиер-тиместей болып, күшіген жүні жалай өтті. Жұрт «шу» ете қалды. Бақанға асқан шуда жіп тербелгенімен, жамбы жерге түспеді. Сол сәтте Өтеміс мерген де шыға келді. Оның айбаты елден ерек екен. Бес қару асынған бітімі бөлек екен. Қарағайдан садақ будырған, қылшанын сары үкі жүн оққа толтырған. Жебелері төрт қырлы, бәрі қызыл қына сырлы. Төрт қанатты, тобылғы сапты. Садағының адырнасы шайы жібек оққа кірісті. Бұлғары садақ, бұқар жай. Көркі сән-салтанатқа бай. Шығып, жұртқа сәлем берді. Содан соң қорамсағына қол салды. Ішінен біреуін таңдады. Садағының кірісіне қойды да, ширыға тартты. Тебінгіден тебе атты, үзеңгіден үзе атты. Жебесі желмен суылдай ұшты. Көзді ашып-жұмғанша жамбыны іле түсті. Алтын жамбының кенет көкке атыла құлағанын ел тегіс көрді. Бәрі ұран салып, шулай берді. – Мың жаса, мергенім! – Нағыз ер екенсің, батыр!– Тұранның ұлы өрлей бер! – деп аттандады. Өтеміс мерген жұртқа айнала ізетпен тағзым етті. Содан кейін қырандай даусымен сөз бастады: – Уа, жұртым! Біз мұнда байлық іздеп, атақ көздеп келмедік. Әділдік үшін ақылымыз бен күшіміздің жеткен жеріне дейін сермедік. Ықылас-ниеттеріңізге мың алғыс. Бүгін жеңіске жетсем, ол алыста қалған ата-анамның батасы болар. Сіздердің тілектеріңіз де жүрекке қуат боп қонар. Алтын жамбыны алғанмен, байып кетпеспін. Бір жылтырақ таспен мақсатыма жетпеспін. Жұмсағанға алтын жақсы. Көмгенге қара тас та жарай береді деген. Мен мұны ілім қуған, ғылым оқыған шәкірттерге атадым. Игілігіне жаратып, мұқтаждықтарын өтесін, – деп, жамбыны бір ғұлама қарияға табыстады. Жұрттың бәрі «Бәрекелді! Өркенің өссін. Тәңірсі мұратыңа жеткізсін», –деп ақ лебізін жаудырды. Ақсақалдардың ақ батасы ердің көкейінен кетпей, көпке дейін жаңғырып тұрды. Бұл күні де халық ертемен сарайға лық толыпты. Бәрі соңғы күннің сынағы, Мәликенің сұрағы қалай болар екен деп тағатсыздана күтіп отырды. Іштей Әбілданың бұл күннен де сүрінбей өтуін тілеп, күбір-сыбыр етіп, бет сипап дұғаларын қылып жатты. Тіпті кейбірі кешегі сайыс өнерінің қызығынан әлі шыға алмай жүр. Тұран ұлдарының бөріге ұқсас түрі мен мінезі көрген жанды қайран қалдырумен болды. Кейбірі Әбілданың жүзін көрмесе де, серіктерін көріп көңілін көншітіп, көз жанарын тойдырып жатты.Жаршы биік мінберден соңғы күннің сұрағы басталғанын хабарлады. Жұрт құлақ түріп, жым-жырт тына қалды. Ұшқан бірді-екілі шыбынның ғана ызыңы естілді. Мәлике сұрағын бастады. Мәлике: Адамзатты періште мен жан-жануардан артық етіп, сыр сымбатын ең көркем кейіпке келтірген қай қасиеті? Әбілда: Еркіндік! Адамның көркі – еркі! Мәлике: Адамның озалдан ерікті болғандығына не дәлел айтасың? Әбілда: Тәңірі тағала әлмисақта күллі рухты жаратып: – Сендерді тәрбие етуші ұлық Иелерің мен емеспін бе? – деп сұрады. Күллі рух:– Уа, Тәңірім, әлбетте сенсің құдіретті Иеміз! – деп шуласты. Жаббар Хақ: – Ертең өмір сүргенде баянсызға алданып, құр мақтанға малданып, сайтанға еріп сандалып Мені ұмытып кетпейсіңдер ме? – деп және сұрады. Бүкіл әруақ:– Жоқ! Тіршілікте Сені зікір етуден танбаймыз, тура жолдан таймаймыз. Иманды қолдан бермейміз, пасықтарға ермейміз! – деп уәде етті.Егер адамның ерік қалауы болмаса Тәңірі тағала неліктен адамзаттан серт алып тұр? Періштелерге неліктен мұндай сұрақ қойылмады? Себебі оларға ерік қалауы мен таңдау ықтияры берілмеген. Сондықтан да олар бейкүнә хәлде тіршілігін Алланың әмірімен жасай береді. Есесіне дәрежесі де өспейді. Ал адамзат қаласа періштеден жоғары болады немесе мақұлықтан төмен айуанға айналып, қор болып өледі. Мәлике: Еркіндіктің хикметі не?Әбілда: Оның хикметі – Алланың аманатын арқалау! Мәлике: Алла адамға қандай аманат тапсырды?Әбілда: Ол – мейірім-махаббат еді.Әлмисақта Жаратқан Иесі бүй деді:– Мен аманат жаратамын. Тіршілік сахнасында кім оны қорықпай арқалап жүрсе, абыройы бәрінен асқақ болады. Амантты дұшпанға алдырса, ең сорлы тіршілік иесі де сол болмақ. Амантты өз еркімен кім алады? – деп Тәңірсі жар салды. Сол кезде Аспан, Тау, Тас, Орман, Тоғай, Алтын, Күміс мұндай ауыр талапқа шыдас бермеді. Олар аманатты ұрлатып алсақ мәңгі бақи қор боламыз деп қорықты. Сол кезде Жаратқанның жамалына шексіз ғашық болған атамыз Адам сапи ойланып жатпастан:– Мен арқалаймын! Ол не аманат? – деп сұрады. Тәңірсі айтты:– Ол – мейірім-махаббат. Қазір оны жүрегіңе қондырамын. Одан соң сен ақылды ғана емес, шексіз мейірімді де мақұлыққа айналасың. Мейірім-махаббат кеудеңде тұрғанда күллі мақұлыққа жаның ашып, жанды-жансызға болысып, еріксіз елжіреп тұрасың. Егер аманатым тал бойыңнан шығып кетсе, тасжүрік зұлымға айналасың. Қияметте кеудеңді ашып тексерем. Сол кезде жүрегіңнен тек қиянат, алдау, арбау, зорлық-зомбылық көретін болсам, айтпады деме, мәңгі бақи тартқаның азап пен қорлық болады, – деді. Мәлике: Аманатты ұрлатпаудың бірінші шарты не?Әбілда: Әуретті жерін жабық ұстау. Момындар жалаңаш жүрмейді.Жебірейіл періште Әзіреті пайғамбарға балағын түріп жүруге де рұқсат етпеген. Мәлике: Екінші шарты қандай?Әбілда: Арам асты ішпек тұрмақ, жалауға да болмайды. Ұлық Алла Құран Кәрімде «Астың адалын, тамақтың тазасын таңдап һәм шақтап жеңдер», – деп бұйырған. Мәлике: Аманатты ұрлатпаудың үшінші шарты не?Әбілда: Мағынасыз әңгіме мен бос сөзден тыйылу. Бос сөз – аманаттың қас дұшпаны. Бәдік кісі не болса, соны сөйлеп аманатын ұрлатады. Байқамаса, жүрек те кірленеді, кірленсе қара тастай түске енеді. Тасжүрек – зұлымдықтың бастауы. Сол үшін де Тәңірі тағала қызыл тілді үш қамалдың ішіне қамаған. Олар: екі ерін, екі жақ, отыз екі тіс. Егер сүйексіз тіл осы үш қамалды бұзып өтіп, өтірік пен өсекке жегілетін болса, пенденің басы бәледен арылмайды. Өлген соң ішкені ірің, көргені қорлық, тартқаны азап болмақ.
Мәлике: Дененің патшасы кім?Әбілда: Тән патшасы – ет жүрек!
Мәлике: Жүректің әскері бар ма? Әбілда: Бар.
Мәлике: Олар кімдер? Әбілда: Жүректің әскері: қол, аяқ, көз, құлақ және басқа да ағзалары. Олар жүректің қызметшілері. Олар туабітті табиғатына сай жүрекке бағынуы тиіс. Ет жүрек оларды жұмсағанда көз көріп, аяқ аттап, қол созылады. Басқа да дене мүшелері солай қимылдайды. Періштелер Тәңірдің құзырында қалай бағынышты болса, дене мүшелері де жүрекке дәл солай бағынуы тиіс. Мәлике: Жүректің ақырғы мұраты не? Әскер оған неге керек? Әбілда: Жүрек Алланың құзырына бет алған. Құран Кәрімде Тәңірім бүй деді: «Ақиретте мыңғырған малың мен шұбырған бала-шағаңнан пайда жоқ. Алланың құзырына жүрегі кіршіксіз момындар ғана жете алады», – деді. Олай болса, жүрек те Тәңірдің дәргейіне жету үшін, ұзақ та қиын сапар шегеді. Сапарда оны тосатын қатер де мол. Әскер оны сол жаудан қору үшін керек. Олар жүрекке хикметсіз ойды кіргізбес үшін жәрдемші болады.
Мәлике: Жүректің азығы не? Әбілда: Азығы – ІЛІМ!
Мәлике: Ілімді жүрекке жеткеретін не нәрсе? Әбілда: Игілікті амалдар!
Мәлике: Бұ дүниенің хикметі не? Әбілда: Адамзат үнемі сапарда. Бұ дүние сапар кезінде керуен тоқтайтын уақытша сарай. Себебі, кірпіш тән жүректің көлігі. Ендеше жүрек те сапарда жүр. Жол жүру үшін қуат керек. Біз игі амалдармен жүрекке нәр береміз. Соның қуатымен жүрек өзінің иләһи сапарын жалғастырады. Мәлике: Бұл сапарда нені неден қорғауға міндеттіміз? Әбілда: Сапарда тәніміз жүректің көлігі болғандықтан оны күтіп ұстауымыз керек. Денеге зиянды нәрсені дарытпауға тиіспіз. Мәлике: Дүниедегі ең үлкен бақытсыздық не?Әбілда: Жүректің өлуі. Мәлике: Жүректің өлуі деген не? Әбілда: Жүректің дүние рақаты мен қызығына толық байланып бітуі. Мәлике: Ол неден болады? Әбілда: Жүректе қайрат пен қалау бар. Осы екеуі асау болады. Кейде жүрекке бағынбай кетеді. Олар жүрекке үстем келіп, дегендерін жасатса ет жүрек ақыры жеңіледі. Сол кезде сапары қиылады. Асыл мұратынан көз жазады. Мәлике: Тәңірі тағала Құранда Жүсіп пайғамбар қиссасында бүй деді: «Бұл жәй адам емес. Негізінде ғажайып бір періште дерсің». Осы аятты ашықта. Адам періште сипат бола ала ма? Мысалымен ұқтыр. Әбілда: Жүк артқанда ат пен есек те ортақ қызмет атқарады. Олардың айырмасы есепке алынбайды. Бәлкім есек төзімді һәм пайдалы жануар саналар. Аттың хикметі майданда анық көрінеді. Есі дұрыс батыр соғыста есек емес, тұлпар мінеді. Атпен жауға шабасың, қашсаң құтыласың. Адам да сол сияқты. Ішіп-жеп, тұқым көбейткенде жан-жануардан айырмасы шамалы. Бірақ Алланың ұлықтығын танып, жүрек көзін ашса, кәміл адамға айналады. Осы жолдан таймаса періште сипатына ұласады. Мәлике: Ілім неше сатыдан тұрады? Әбілда: Ілім-білім мың сатыдан тұрады. Оның тоғыз жүз тоқсан тоғызы бұтағын әдеп қана құрады. Әдепсізді әулиенің наласы кеп ұрады. Бір сатысы ғана талапкерді білімге қарай бұрады. Мәлике: Адамның бітіспес дұшпаны кім? Әбілда: Ол Ібіліс сайтан! Ұлық Алла Құран кәрімде бүй деп ескертті. Әй, адам ұрпағы, сенің жауың – Сайтан. Оны дұшпандыққа ұста. Онымен өлгенше күресіп өт. Ғапылдық қылсаң дұшпаның иманды ұрлайды. Түркі жұртындағы «Дінде жүріп дос ізде. Дұшпан өзі-ақ табылады» деген тәмсіл содан қалған. Мәлике: Иманның гауһарын күзету үшін көңілге қанша қорған саламыз? Әбілда: Төрт түрлі қорған саламыз. Біріншісі алтын қорған. Ол – Тәңірдің парызы! Бас көзінен қашамын деп, жүрек көзін ашамын деп, нәпсі кедергісінен асамын деп Хақтың жолына белсеніп шыққан мейірімді момындар Алланың парызына бекем болады. Мен болдым, толдым, астым, тастым деп парызды жеңілдікке санаса иманын ұрыға алдырады.Екіншісі – күміс қорған. Ол – пайғамбар сүндеті. Хақ расулдың іс-әрекеті мен өмір сүру өрнегі. Сүндет – әр істе әділ болып, қара қылды қақ жару! Тәулік бойы айнымас бір хәлде жүру. Бұл мақамда момынға жұмсақ, кәуірге қатты боласың. Өсектен қорқып, ақиқат алаңынан кері шегінуге ақың жоқ. Сүндетті ұстанбайтын мұсылманда иман болмайды. Үшінші қорған – сом темірден соғылған. Мемлекеттің жалпыға ортақ заңы. Заң орындалмаса елде бұлғақ басталып, бүлік шығады. Арты соғысқа ұласады. Сол үшін момындар заңнан аттамайды. Соңғы қорған кесектен қаланған. Ол – Құран рухымен үндескен салт-сана мен әдет-ғұрып. Бұқара халық ғұламалар сияқты кітап оқи алмайды. Хәкімдер сияқты заңды меңгере алмайды. Олар салт-дәстүрмен берекелі тіршілік кешеді. Бұл қорғанды қаламаған пенде ақырында иманын ұрыға алдырады. Мәлике: Қандай пенде Тәңірді бір деп танымайды?Әбілда: Елдің ынтымағын ойламаған мұсылман Алланы бір деп біле алмайды. Мұсаның қауымы бірде күнәға ұрынды. Тәңірі тағала оларға қаһарланды. Бәле жіберіп қауымды жазаламақ болды. Ұлық Құдай Мұсаға бүй деді: «Үш түрлі бәле бар. Біреуін таңдаңдар. Соны жіберемін», – деді. Мұса жұртына келіп Алланың шартын естіртті. Бірі – аштық. Бірі – ауру. Үшіншісі – алауыздық. Қауымдағы абыздар мен ақсақалдар ақылдаса келіп: «Ұлық Алла не аштық, не ауру жіберсін. Бірақ алауыз болмайық. Ынтымағы кеткен елдің қыздары күң болар, ұлдары құл болар», – деді. Мұса өз жұртының таңдауын айтты. Алла оған риза болып: «Елдің ынтымағын ойламаған ер МЕНІ бір деп тани алмайды. Ынтымақ үшін күрестіңдер. Сол үшін сендерге кешірім жасаймын», – деді. Мәлике: Әйел заты қандай жағдайда әулие баланы дүниеге келтіреді?Әбілда: Ер азаматтың көкірегі жүкті болмай, ұрпағы текті болмайды. Мәлике: Ер азаматтың көкірегі немен жүкті болады? Әбілда: Шермен. Азамат ердің ішінде ат басындай шер қатады. Ол шер елдің қамынан құралады. Елдің ертеңін ойламайтын жігітті мігіт дейді. Мігіттің көкірегі қуыс болар. Көкірегі қуыс еркектің әйелі де көңілсіз келеді. Көңілсіз қатыннан көтені жоқ бала туады. Мәлике: Құс бұ дүниеде екі рет туылады деп айтады. Әуелі жұмыртқа боп туылады. Сосын балапан жұмыртқаны жарып, жарық әлемнің есігін ашады. Адам да құс сияқты екі рет туады. Қай кезде? Әбілда: Адам тоғыз ай, тоғыз күн толғанда жатырды жарып, сәби болып туады. Кемелдікке келгенде ақылдың нұры, сабырдың қылышы, рухтың қайратымен өзімшіл нәпсінің жатырын тіліп, әулие болып, он сегіз мың ғаламның есігін ашады. Мәлике: Адамның жүрегін қара тастай қатырып, өлтіріп қоятын ең қауіпті бола тұра өте елеусіз нәрсе не?Әбілда: Арзан күлкі, бос сөз, мағынасыз әңгіме. Ғапыл жұрт бұларды осыншалықты қатерлі деп санамайды.
Мәлике: Адамды ашудан сақтайтын не нәрсе? Әбілда: Ақыл мен сабыр. Мәлике: Үш нәрсе бар, бірақ үшеуінде үш нәрсе жоқ.Әбілда: Біреудің басы бар да ақылы жоқ, біреудің ғылымы бар да амалы жоқ, біреудің байлығы бар да қайыры жоқ. Мәлике: Бір жүйрік көрдім. Шашасына шаң жұқпайды. Көзді ашып-жұмғанша әлемнің төрт бұрышын түгел кезеді. Ол не жүйрік? Әбілда: Адамның ойы. Түркі жұртында көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе деген сөз осыдан қалған. Мәлике: Бір үй көрдім. Үй ішінен науқас көрдім. Науқас тырбаңдап дертіне дауа іздейді. Бірақ таба алмайды. Ол дерттен барлық адам қорқады. Бірақ торына тұтылмай өтпейді. Ол не дерт?Әбілда: Ол кәрілік. Ақымақ патшалар соның дауасын табам деп, бүкіл қазынасын тауысқан. Бірақ қарттықтың дауасы жоқ. Мәлике: Бір асыл тәжді көрдім. Бірақ бағасы жоқ. Оған қарай ұмтылған іні менен ағасы жоқ. Әбілда: Бағасы жоқ асыл тас – ақыл. Ақыл деген денеге егулі дән, суарылса кіреді оған да жан.
Мәлике: Шын ақыл қалай сөйлейді?Әбілда: Шын ақыл аузын жауып, ділін ашады. Мәлике: Қанша нәрсе егіз болып жаратылған?Әбілда: Сегіз нәрсе. Олар: күн мен түн, пейіш пен тозақ, бай мен кедей, бақ пен сор, ғалым мен надан, ер мен әйел, өмір мен өлім, қуаныш пен қайғы. Мәлике: Дүниенің қаттылығы не?Әбілда: Дүниенің қаттылығы – жоқшылық. Жомарттың қолын жоқтық байлайды. Ғалымның аяғын тұсайды. Момынның табанына тастай батады. Келгенше қонақты ұялтады. Келген соң үй иесін ұялтады. Осыны пайдаланып надан байлар ілімді момыннан төрге озар. Кедейшілік кесірінен көпшіліктің пейілі тозар. Мәлике: Адам жастықтың желігімен қартайғанын байқамай қалады. Оған қарттықты алғаш рет естіртетін кім?Әбілда: Самай шашы. Ақ қырау алдымен самайға түседі. Есі бар еркек самай шашын көргенде желікке тоқтау салып, қазыналы қарттыққа дайындалады. Мәлике: Қарттық неден қорқады? Әбілда: Қарттық жасына лайық сөз ұстамаудан қорқады. Қазыналы қарттық кісіге тек қуаныш сыйлайды. Мәлике: Өлімнің қандай жақын үш досы бар?Әбілда: Бір досы – дерт. Бір досы – торығу. Бір досы – ұйқы. Мәлике: Бір нәрсенің аты бар да, заты жоқ. Ол нәрсені жұрт айтуға ерінбейді. Бірақ көптің көзіне көрінбейді. Ол не?Әбілда: Ол – адамның иманы! Мәлике: Адамның төрт қымбат асылы бар. Ол қайсы?Әбілда: Бірінші ар-ұяты, екіншісі – мейірі, үшіншісі – ақылы, төртінші-сі – қанағаты. Мәлике: Не нәрсе адамда еріксіз?Әбілда: Үш нәрсе. Еріксіз туу, еріксіз қартаю, еріксіз өлу.
Мәлике: Момынның ең өткір қылышы не? Әбілда: Ғайыпқа деген сенімі! Мәлике: Адамда неше ғайып бар?Әбілда: Әуелі ажал ғайып, күтпеген қонақ ғайып, тосыннан келетін несібе ғайып. Мәлике: Көкірекке үш нәрсе сәуле салады. Олар нелер?Әбілда: Ғылым, өнер, сұхбат. Мәлике: Екі жолдас бар. Тізе қосып тұрғанда дүниенің түбін түсіреді, тауды орнынан көшіреді. Екеуін бір-бірінен айырып, ешкімнің жолдас қылып алуына көнбейтін не нәрсе?Әбілда: Екі жолдас: жан мен тән.Мәлике: Кісінің қолына түспейтұғын, еккенмен бітпейтұғын, қуғанмен жетпейтұғын не нәрсе?Әбілда: Сабыр. Мәлике: Үш нәрсе тұрақсыз. Қай уақытта жалт беріп, уыстан шығып кетерін ешқашан болжай алмайсың?Әбілда: Бірі – жан, екіншісі – дәулет, үшіншісі – сыр. Мәлике: Шүкіршілік етуден де тәтті не бар?Әбілда: Көкірек көзі ашылған әулие-ғұлама кісілермен әңгіме-сұхбат құру. Мәлике: Бес қымбат бар. Олар не?Әбілда: Олар иман, ақыл, сабыр, шүкір, әдеп. Мәлике: Көктемнің қанша түрі бар? Әбілда: Үш түрі. Біріншісі «Раби набат» деп аталады. Ол өсімдіктердің көктемі. Адамның айналасын құлпыртып, түрлендіретін көктем. Барша тіршілікті мұз құрсауынан босатып, көзге көрінетін табиғатқа нәр береді. Екіншісі «Раби абданә» деп аталады. Бұл денелердің көктемі. Көзге көрінетін табиғатты ақыл көзімен барлап, хикметін ашуға ұмтылған адамның кеудесінде пайда болатын көктем. Адам әр нәрседен ғибрат алып, Алланың құдіретіне пікір еткен сайын жан сарайы құлпырып, көктемдей түрге енеді. Үшіншісі «Раби қулуб» деп аталады. Бұл жүректердің көктемі. Мұз құрсауынан босанған жер ана сияқты, адамның жүрегі де қатып қалған кірден тазарып, тіріле бастайды. Мәлике: Мен Ұрымның патшасымын. Қазынам толған байлық. Есебіне ешкім жете алмайды. Менің байлығымды есептеп бере аласың ба?Әбілда: Түк те қиын емес. Сіз бір алып кемеге мініп, көштіңіз делік. Бүкіл қазына, байлығыңызды артып алғансыз. Кенет мұхитта дауыл тұрып, кемеңіз қирады. Бүкіл дүниеңіз теңіздің түбіне кетті. Өзіңіз бір тақтайға жабысып, жағаға жеттіңіз. Бөтен жұрт жайлаған айдаладағы аралға жеткенде тұла бойыңызда қандай өнер, білім, ақыл, сана, ой, пікір тұрған болса, мәңгілік байлығыңыз сол ғана деп біліңіз. Мәлике: Екі түрлі қабір бар. Олар не? Әбілда: Бірінші қабір – көр. Көрге қойылған марқұм жарыққа қайта шықпайды. Екіншісі адамның көңілі. Ол да сыр сақтайтын қабір. Нағыз момындар сырға берік болады. Айтылған құпия мен сыр оның көңіліне бір рет кірген соң аузынан қайта шықпайды. Өлгенде бірге көміледі.Мәлике: Аң-құс пен жан-жануардың қабірі қайда? Әбілда: Олардың қабірі адамның асқазаны. Ұшқан құс, жүзген балық, жүгірген аң пенденің асқазанына келіп «жерленеді» Мәлике: Кей надардар өздерін әулие-әнбиемен теңгереді. Олар да адам. Біз де адамбыз. Олардың бізден артықшылығы жоқ дер. Әулие де ұйықтайды. Ас ішеді. Шаршайды. Қартыққа жеңіледі, жоқтыққа жұтылады. Керек десең пайғамбардың өзі Құран кәрімде «Мен де сендер секілді «бәшармын» яғни ет пен сүйектен жаралған адаммын» деді. Ендеше біз де сондаймыз дейді. Осыған не уәж айтасың? Әбілда: Тұранның даласын екі түрлі киік жайлайды. Олар бір жерде жайылып, бір суаттан су ішеді. Бірінен жағымсыз иіс мүңкиді. Екіншісінен жұпар иіс аңқиды. Керек десең одан әтір жасайды. Екі түрлі қамыс бар. Екеуі де бір көлде өседі. Бірінің іші қуыс. Екіншісінің тұла бойы тұнған қант. Кең далада екі түрлі ара гүл мен шөпті аралап ұшып жүр. Гүлдерге бірге қонады. Біреуі у береді. Екіншісі бал шығарады. Адамдар да солай. Сырт келбеті ұқсас келгенімен ішкі сарайы өзгеше болады. Мәлике: Жарайсың. Адамның айырмасын таптың. Енді адамзаттың ортақ сипатын қалай табасың! Әбілда: Қазір Күн шуағын шашып тұр. Түнде Ай сәулесі төгіледі. Қараңғы үйде шам жағамыз. Ас пісірсек от жағамыз. Жарық атаулы түрлі тараптан түссе де табиғаты бір. Заты нұр. Ай да сәулесін Күннен алып құйып түр. Күннің де негізі тозақтың отынан жаралған екен деседі. Адамдар да солай. Мінез-құлқы сан түрлі болса да мейірім шуақта ортақ сипатқа ие. Енді алманы алайық. Олардың да түрі көп. Бірі қызыл, бірі сары енді бірі жап-жасыл. Бірі тауда, бір бауда өседі. Бірі қалада, бірі далада жайқалады. Түрлі алманы жинап-теріп бір тостаққа салып мыжғылап сықсаң, шырыны ортақ дәмге ие болады. Адамзат та солай. Қайғы мен қасіреттің тезіне түсіп сығылып, сыналғанда мұң-мұқтажы ортақ болады. Мәлике: Тақуаны не нәрсе екіжүзді қылады?Әбілда: Сөзі мен ісі екіге жарылғанда. Мәлике: Момындар қандай хәлде әлсіз болады? Әбілда: Дидар талап болмағанда. Алланың дидарын армандаған момындар ешқашан мойымайды. Қаза жетсе тізесі бүгілмейді, ауру жеңсе де үгілмейді. Жақсылығым еш кетті деп торықпайды, ерлігім елеусіз қалады деп қорықпайды. Еткен еңбегін бұлдамайды, ар ілімін пұлдамайды. Қайғы мен шаттықты сынақ деп қабылдайды. Егер осындай ең ұлы мұратты көңіліне бекітпесе момындар әлсіз болады. Мәлике: Әккі аңшы қаршығаны торға, қасқырды қақпанға түсіру үшін неше түрлі айла қолданады. Қазға ұқсап қаңқылдайды, қаршыға болып шаңқылдайды. Қасқыр болып ұлиды. Олар жалған дыбысқа алданып, аңшының тұзағына түседі. Енді осының хикметін ашықта. Әбілда: Бұл мұнафықтың сипаты. Елді алдау үшін сопы болып сұңқылдайды. Әулие болып тебіренеді. Ғұлама болып ділмәрсиді. Яғни елді алдау үшін де ілім керек екен. Жалған сопы арамза бейнесін ашық көрсете алмайды. Екіжүзді арсыздар елді у татыған уағыздарына сендіру үшін пайғамбардың шапанын жамылып, сәлдесін басына орап жүруге мәжбүр. Сонда ғана олар жұртты өздеріне сендіріп, уағызын өткізіп алдай алады. Арам жолмен асын тауып жесе де, жалғаншылар әулие-әнбиенің абыройына тәуелді. Мәлике: Халық алаяқты қалай айырады? Әбілда: Пақырлығына қарап айырады. Әз пайғамбар «ертең не ішіп жеймін?» деп уайымдамаған. Ұрпағыма деп сандығында алтын-күміс сақтамаған. Қорасында мал ұстамаған. Қарынбайға ешқашан ұқсамаған. Егер тақуаның, сопының, имамның қорасында малы, ауласында талы, сандығында күмісі, базарында түсімі болса, ол барып тұрған жалғаншы болғаны. Түркі жұртында «есек қана ертеңін ойлап қайғырады» деген сөз содан қалған. Әзіреті пайғамбарым «Кедейлік – мақтанышым!» деген. Себебі пақырлық мақамына мұнафықтар өте алмайды, дүние жинамай тұра алмайды. Жұрт адасқысы келмесе, ділмарсыған сопының пақырлығына назар салсын. Мешіт пен минбарда отырып, мал жинаған діндардан аулақ жүрсін. Дидар талап ерлердің ризығын Алла тағала күтпеген тұстан өзім жеткерем деп уәде еткен. Шын иман осыған сенеді. Мәлике: Пақырлықтың хикметі не? Әбілда: Оның хикметі мынау. Нағыз пақыр әзіреті пайғамбарым сияқты мал-мүлікті ілімнің жолында жұмсайды. Дәруіш ілім қуады. Ал, бақ-дәулет дәруішті қуалайды. Кедейлік тәннің сыртында емес, ішінде болады. Пақыр болу – жомарт, шыншыл, кішіпейіл болу. Кісіден бұрын асқа қол созбау, әдептен озбау. Тойып тамақ ішпеу. Жоққа сабыр, барға қанағат ету. Ойға батып, тағат үзбеу. Қате ісіне өкіну, тағдырдың сынағына көну. Өзіңді мақтамау, өзгені даттамау. Алланы үздіксіз ұлықтау, құмарлықты құрықтау. Бұйырғанға тәубе етіп, баянсызды тәрк ету. Кім де кім пақырлықты осы мақамда меңгермесе, өз обалына өзіне. Ондай пенде мағынасыз пақырлықтың құрбаны болады. Мәлике: Қайтқан кісіге жаназа оқимыз. Жаназаға жиналған жұрт мәйітке қарап «бұл пақыр бала-шағасына не дүние-мүлік қалдырды?» деп сұрайды. Жаназаға періштелер де қатысады. Олар қандай сұрақ қойып, тілдеседі?Әбілда: «Бұл пақыр келешегіне қандай байлық жіберді екен?» деп сұрайды. Ізгі амалдар қияметте адамды азаптан құтқарады. Ал, артта қалған мал-мүліктің кесірі көп. Дүние мүлкін бөліскенде ұрпағынның ынтымағы бұзылады. Соған орай бізде «алтау ала болса, кереге басы сайын бір бәле» деген аталы сөз қалған. Мәлике: Әзіреті пайғамбарымыз миғражға ұшқанда Сүлейменнің қазынасына кезікті. Бірақ алтын-күміс, дүр-гауһар көзге шалынбады. Сонда нені көрді?Әбілда: Ақыл-парасат, сабыр-қанағат, мейірім-шапағат сияқты даналықтың нұрын көрді. Бұл дүниенің алтын күмісі ол дүниеге ауысқанда Алланың әмірімен рухани байлыққа айналған еді. Сүлеймен бұ дүниелік қазынасын о дүниеге әдейіге алып кетті. Сол қазынаның шашылып қалған бір-екі түйірінің өзі наданның дүниеқоңыз дертін қоздырып, ашкөздерді тоздырып, ақылдыдан ақымақты оздырды. Оның қазынасы бұ дүниеде түгел қалғанда, жердегі халық соғыстан көз ашпайтын еді. Мәлике: Сүлейменнің қазынасы кімге бұйырады? Әбілда: Ақжүрек момындарға бұйырады. Сүлейменнің қазынасын күзеткен періштелер түнде жерге түсіп, ұйқыдағы жұрттың жүрегін тексереді. Кімде дүниеқоңыз дерті болмаса, оның жүрегіне Сүлейменнің қазынасынан санасына сәуле салады. Ондай адам ертесіне әрі дана, әрі шешен болып оянады. Мәлике: Ит жарықтық жылына екі рет сегізден күшіктейді. Қой жылына бір қозыны әзер төлдейді. Итті ешкім сойып жемейді. Ал қой жарықтық күн сайын қасапханадан асханаға аттанып жатыр. Бірақ сонда да қойдан көп мақұлық жоқ. Ит байғұс сонша туса да, көбейе алмайды. Қой неліктен мұншалықты берекелі? Әбілда: Себебі қойлар таң сахарда ұйықтамайды. Ояу хәлде тік тұрып, Тәңірсін еске алады. Сондықтан қойдан береке үзілмейді. Ит керісінше. Түнімен қаңғып, Айға қарап үріп, сүйек-саяғын кеміріп, түн ортасы ауғанша ұйықтамайды. Сахар уақыты туғанда марғауланып қалғып кетеді. Сондықтан оған береке дарымады. Ел-жұртым, ұрпақ-жұрағатым береке-бірлікте өсіп-өнсін деген мұсылмандар сахар уақытында ұйықтамайды. Олар сергек хәлде Илла-Алламен таңды атырады. Мәлике: Егер қас тақуа «Менен өткен мықты жоқ, тәубем көп» деп мақтанса не болады? Әбілда: Ұлық Алла Құран кәрімде бүй деді: «Егер кімде кім Хақтың жолынан тайса, Тәңірі тағала оның орнына басқа бір ақжүрек адамдар легін шығарады. Олар Алланы сүйеді. Алла оларды сүйеді. Тақуалығын айтып мақтанған адам Алланың махаббатынан мақұрым қалады». Мәлике: Ғазалиды ғалым қылған кім? Әбілда: Керуен тонаушы қарақшылар. Ғазали бала күнінде бір керуенге жалданып, пұл таппақшы боп бір сапарға аттанады. Жолда керуенге қарақшылар шабуыл жасап, бәрін тонап алады. Сол кезде бала Ғазали қарақшылар көсеміне барып «Маған ештеңе керек емес. Тек ілім жазылған дәптерімді қайтарып беріңізші. Сандықтың ішінде жатыр еді» дейді қиылып. Көсем қарқылдап күліп: «Әй, ақымақ, ілім дәптерде болады деп кім айтты саған? Ілім деген мына жерде болуы керек емес пе?» деп басын нұқып көрсетті. Ғазали сонда ғана түсінді. Ғылымын ендігіде ұрлатпас үшін ілім атаулыны жаттап алатын болды. Осылайша ол теңдессіз ғалымға айналды. Мәлике: Алла неліктен кей адамды ақиретте соқыр қылып тірілтеді?Әбілда: Себебі олар зікірдің шарапатын, фазилетін көріп, біліп, түсініп тұрса да қасақана көрмеген болып, дүниеқоңыздыққа салынады. Ұлық Алла ілімге қиянат жасаған дүниеқоңыздардың мойнына өмірі бітпейтін мағынасыз тіршіліктің қамытын кигізеді. Олар өлгенше осы арбаны сүйрейді. Ақиретте соқыр болып тіріледі. Олар «Иә, Алла! Бізді не үшін соқыр қылып тірілттің? Дүниеде тірі жүргенде жанарымыз көруші еді ғой? Неге бұлайша қор болдық?» деп зар илейді. Ұлық Алла оларға: «Сендер менің зікір-пікірімді көре тұра, өтірік көрмеген болдыңдар. Енді тілеп алған соқырлығың осы болады» дейді. Сатып алған аурудың емі жоқ деген сөз осыдан қалған. Мәлике: Хасан Басри сайтанды қалай танып қойды?Әбілда: Бір күні Хасан Басри шәкірттерімен хақ сыпырасында отыр еді, алыстан бір сәуле көрінді. Ол барған сайын зорайып, айнала жарықтана түсті. Бір кезде көз қарықтыратын жап-жарық әлем орнағандай болды. Сол сәтте ғайыптан бір әуез естілді. «Ей, қас тақуа, Хасан құлым! Мен сені жаратқан ұлық Алламын! Бүгін сен кемелдіктің шыңына шықтың. Адамшылықтан сенен асқан момын жоқ. Пайғамбарыңа үлгілі үмбет болдың. Енді саған құлшылық қылудың қажеті жоқ. Мен сені барлық ғибадаттан босатамын» дей бергенде Хасан Басри жерден тас алды да, жіберіп ұрды. Нұр лап етіп сөнді де, әлігінде ғана құдіретті боп жаңғырған дауыстан шиқылдаған жағымсыз дыбыс шықты. Ол – Ібіліс еді. Шәкірттері қайран қалып: «Оу, ұстаз, сіз малғұнды қалай танып қойдыңыз. Біз шынымен де Алла тағала сөйлеп тұр екен деп қалдық» деп ағынан жарылды. Ұстаз бүй деді: «Ібіліс қана момынның көңілін осылай өсіріп, иманын асылықпен өшіреді».Мәлике: «Қатын» деп кімді айтады?Әбілда: Дүниенің қызыл-жасыл рақаты мен алтын-күміс жылтырағын есі кете жақсы көрген еркекті де, әйелді де «Қатын» дейміз. Мәлике: «Қызтеке» деп кімді айтады?Әбілда: Жұмадан қалмай, намазда аяғы талмай, қажылықтан қаржысын аямай, осыншама шаршап-шалдығып, құлшылық қылғанда есіл дерті тек жұ-маққа кіріп, хор құзын құшу болса, ондай еркексымақты «Қызтеке» дейміз. Мәлике: «Нағыз Ер» деп кімді айтады?Әбілда: «Нағыз Ер» деп Алланың дидарына ғашық болған әйелді де, еркекті де айтамыз. Олар тозақтан қорқып құлшылық жасамайды. Хор қызынан дәметіп зекет бермейді. Ерлер Алланың дидарына ғана ынтық боп, ізгі амалын бұлдамастан, шаршамастан, ел-жұртының табанының астына топырақ болып риясыз қызмет етеді. Мәлике: Жердің асты-үстіндегі ең дәмді су қайсы?Әбілда: Ауызашар суы. Рамазан айында ораза ұстаған момын ауыз ашатын суын алдын ала дайындайды. Періштелер жұмақтың кәусар бұлағынан су алып, олардың ауызашарға дайындаған суына бір-бір тамшыдан тамызып кетеді. Кәусардан үлес тигендіктен, ауызашар суы – әлемдегі ең дәмді су боп саналады. Мәлике: Алла тағала фәзилеті қай пайғамбардың үмбеттіне мейлінше жақын келеді?Әбілда: Әзіреті Мұхамбеттің үмбетіне барынша жақын келеді. Ақырдың мұсылманы да ми қайнаған шілде айында ораза ұстайды. Олардың заманында адамдар аштан өлмейді, тоқшылық пен семіздіктен өледі. Дастарханы түрлі ас-ауқат пен түрлі шәрбат суға толып тұрады. Олар Алланың рақметінен үмітті болып, Күн батқанша ас-суға қол созбайды. Сол кезде олардың төзім мен сабырына риза болған ұлық Алла оларға мейірім-пазылымен барынша жақын келіп жарылқайды.
Мәлике: Қорқыныш неден пайда болды?Әбілда: Тозақтан.
Мәлике: Үміт неден пайда болды?Әбілда: Жұмақтан.
Мәлике: Махаббат неден пайда болды?Әбілда: Алланың дидарынан.Мәлике: Не себепті өлім сәтінде біреулер күліп кетеді, біреулер жылап кетеді?Әбілда: Тәңірі Адам атаға рух үрлеп еді. Рух тәнге кірді де, бір қараңғы түнекті көрді. Зер салып қараса іші қорқынышты екен. Рух қараңғы дененің ағзаларын аралап көрмекші болды. Бұл кезде тәннің егесі болып нәпсі отыр еді. Ол жеті басты айдаһар кейпіне еніп рухқа бірден шабуылдады. Рух қорғана кетті. Нәпсінің қара-құрым әскері бар еді. Олар да түрлі жыртқыштың кейпіне еніп, рухты жан-жақтан қоршады. Құмарлық жылан түрінде тап берді. Ашу аюдай болып ақырып, талап тастамақшы. Күндестік шибөрідей жабыла кетті. Іштарлық сарышаян боп шақты. Ашкөздік қорқаудай азуын көрсетті. Қулық болса түлкі түрінде үндемей келіп балағынан қапты. Пасықтық сасық күзендей ырылдады. Надандық есек құсап ақырды. Арамдық доңыз болып қорсылдады. Рух балшық тәннен дереу шыққысы келді. Алайда амалсыз Алланың әміріне бағынды. Рух, шіркін, тар қапаста бишара хәлге түсті. Сол сәтте Тәңірден мейірім-шапағат тілеп жылап жіберді. Оның көз жасы Алланың мейірімін оятты. Жомарт Алла мейірім-шапағаттың шуағын төккенде рухтың көңілі жайланып сала берді. Сәби дүние есігін ашқанда жылап туатыны содан екен. Мұнысы рухтың тәнге жайғасқандағы қорқыныш хәлінен қалған мирас екен. Шақалақ анасының мейірімін көргенде ғана жұбанады. Мұнысы Тәңірдің мейірімін сезгендей хәлі екен. Нәпсінің талауына түспесін деп Жаббар Хақ рухқа оқ өтпейтін сауытты сыйға тартты. Ол сауыт сабырдан, қанағаттан, мейірімнен, адалдықтан, достықтан, ақылдан, парасаттан соғылған еді. Тәңірден көмек келгенде ғана рух сипаты шыңдалып, нәпсіге қарсы тұра алады. Ажал сағаты соққанға дейін тән үшін талас тоқтамайды. Нәпсі мен рух дене ішінде итжығыс түсіп жатады. Қайсар рухы жеңгендер жан тапсырғанда жымиып жатып ақырға аттанады екен. Нәпсі айдаһары жеңгендер өлім төсегінде жылап жатып қиылатыны содан екен деседі. Мәлике: Адамның көңілі неше дариядан нәр алады?Әбілда: Жетеу.Бірінші дария – Тіршілік дариясы. Адам баласы дүниеге келген соң тіршілік қамын жасайды. Тірі қалып, аман-сау жүрудің жолын меңгереді. Екніші дария – Білім дариясы. Тіршілікке жалғанып, қолы аузына жеткен момын оқу оқып, сауат ашпаса, қараңғылықтан шыға алмайды. Білім болмаса ит тіршілікке байланып, надандықта қалып қояды. Сондықтан хат танып, білім жинау мұсылманға парыз болмақ. Үшінші дария – Ақыл дариясы. «Ақыл – білімнің сауыты» деген. Екі дүниені қатар байлайтын ақыл нұр болмаса, құр білімнен пайда жоқ. Ақылсыз білім, Хақты тануға жол бермей, пендені тәкаппарлық дертіне ұрындырады. Сондықтан жаралыстан ғибрат алып, үнемі ойланып, ақыл айнасын нұрландыру бізге міндет болмақ. Төртіншісі – Мейірім-шапағат дариясы. Ақылды мұсылманға бұл дарияның хикметі дарымаса, суық ақылға бой алдырады. Ондай адамның көңілі қатайып, мейірім-шапағатқа кедей болады. Махаббатсыз ақыл тұл. Бесінші дария – Бейнет дариясы. Бұл дарияның хикметі қонғанда адам күш-қайратын адамзаттың игілігіне жұмсайды. Жинаған мол білімі мен мол тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үйретеді. Осы жолда тер төгеді, еңбек етіп, халыққа қызмет етуден ләззат алады. Тақуалыққа табанды болады.Алтыншы дария – Зейнет дариясы. «Бейнеттің бір зейнеті бар» деген. Бұл дарияның шарапаты тиген момын еліне құрметті болады. Жас кезде төккен ащы терінің жемісін жейді. Халқы ондай адамды төбесіне көтеріп сыйлайды.Жетіншісі – Имандылық дариясы. Иман дариясы дарыған момынның жүрек көзі ашылады. Бұл кезде оның кеудесінде жалғыз-ақ арман қалады. Ол – Алланың дидарымен қауышу. Олар құлшылық қылғанда бейне бір ұлық Алланы көріп тұрғандай сезімде болады. Риядан толық айығып, көңілінде ақирет күнінің қаупі дүнияның уайымынан басым болады. Мәлике: Біздің елде имамдар мен ғұламалар халыққа әуелі иман үйретіп жүр ғой. Сен иман дариясын – ең соңғы дария етіп қойыпсың. Бұл қалай? Әбілда: Иман дариясы ең соңында емес, керісінше ең жоғарғы сатыда тұр. Осы жеті дариядан түгел өткен мұсылманға кәміл адам дәрежесі нәсіп болмақ. Мәлике: Тәңірге ұқсап іс қылу деп нені айтады?Әбілда: Ұлық Алла көзге көрінбейтін зәрреден бастап, бүкіл жұлдызды шыр айналдырып басқарып отыр. Күллі тіршілік иесіне ризық жеткеріп тұр. Бірақ сонда да Тәңірі тағала өзінің мекенін білдірмейді. Қайда тұрғанын біле алмайсың. Мұсылманның баласы тура осылай іс қылса сөзсіз ұлық дәрежені иеленеді. Әлемнің қиындығын шешіп, күллі адам ұрпағының мұқтаждығын өтесең де «Маған қараңдар. Мен мынадай ерлік іс тындырдым» деп өзіңді көрсетіп мақтанбасаң ғана іс-әрекетің Тәңірге ұқсайды. Мәлике: Мұсылманды не нәрсе рухани дертке шалдықтырады? Әбілда: Елге айтқан уағызын өзі істемесе. Екінші – тілі жүрегі қаламаған-ды сөйлемесе. Ұлық Алла Құран кәрімде бүй деді: «Әй, момындар, өздерің істемейтін нәрсені неге ел-жұртқа айтасыңдар?». Мәлике: Қайырлы амал ары таза момыннан туа ма, әлде мейірімді іс-әрекет жасағанда кісінің ары тазара ма?Әбілда: Риясыз амал мұсылманның ар-ұятын ағарта түседі. Әзіреті пайғамбар мынадай оқиғаны үлгі етті. Бір шаһарда абыройы қалмаған жөзөкше болыпты. Жұрт оны жек көретін. Бір күні ол су алуға құдыққа келеді. Құдық басында бір қаңғыбас ит қаталап жатыр екен. Жаны ашыған әйел кебісімен құдықтан су алып жануарға берді. Мақұлық содан жан сақтап, ақыры тірі қалды. Құдайға әйелдің бұл амалы ұнады. Тәңірі оның бүкіл күнәсін кешіп, жұмақа кіргізді. Жануарға жасаған игі ісі әйелдің былғанған арын тазартты. Есесіне арым таза, құлшылығым көп деп мақтанған талай мықты шидің басын сындыра алмай жүр. Мәлике: Жер бетінде қисапсыз халық бар. Бәрін де Алла жаратты. Бірақ олардың тілі мен діні бөтен. Салт-санасы мен әдеп-ғұрпы бір біріне ұқсамайды. Осыншама ала-құла бола тұра, олар Алланың бірлігін, тауһидін қалай табады?Әбілда: Әлімсақта ұлық Алла Адам атаны жаратып, әуелден ақырға дейін келіп кететін ұрпағын белінен шығарып кеңістікке шашып жіберді. Адам ата ұрпағына зер салып қараса оладың діні, тілі, салт-санасы бір біріне ұқсамайды екен. «Уа, Тәңірім, менің ұрпағым сан-алуан. Діні мен тілі бір біріне ұқсамайды. Ертең тіршілікте СЕНІҢ бірлігіңді, ақиқатыңды қалай табады?» – деді. Сонда Жаббар Хақ бүй деді: «Құлым, сен қайғырма. Мен шебер Алламын. Оларды дүниеге келтіргенде жүрегінің түбіне ар-ұяттың дәнін егем. Олар ар-ұятын ағартып, тазартуға міндетті. Тіршілікте кімде кім арының жетегінде жүрсе, Менің ақиқатымды адаспай табады. Ұрпағыңа өсиет қыл! Ар-ұятына бекем болсын!» – деді. Біздің жұрттағы «жетектесе ұятың, жетектел де кете бер» деген сөз содан қалған. Мәлике: Қанша жерден ар-ұяттың жетегінде жүрсек те кейде жаза баспай тұрмаймыз. Оның хикметі не?Әбілда: Адамның жаза басып, ар-ұятының адастыратын да сәті болады. Оның да терең хикметі бар. Ешқашан адаспайтын, сүрінбейтін, қателеспейтін адамның көңілі өседі. Ондай пенде тәубені ұмытады. Тәубені ұмытқан пенде басқаға өктем келеді. Менің ғана ұстанған жолым дұрыс деп, өзгенің дінін, тілін, әдет-ғұрпын қисық деп қудалайтын зұлымдар солардан шығады. Сондықтан да ұлық Алланың өзі Құран кәрімде осыны бізге өсиет етіп, кей аяттарын «Әрине, анығын бір Алла ғана біледі!» деп аяқтаған. Мәлике: Жақсы, оны білдік. Егер кісінің ары мен ақылы айқын істі көрсетпесе, пенде шіркін, қандай қадамға баруы керек? Әбілда: Ондай кезде мұсылманның мықтысы тәуекел етеді. Егер ұлық Алла сауапты істі алдын ала көрсетіп тұрса, ерлік жасап не керек? Келешегі айқын болған абыройлы іске жақсы да, жаман да қатар ұмтыла бермей ме? Келер істің келешегі жұмбақ болған кезде Тәңірге сенген мықтылар тәуекелге бел байлайды. Ондайлар жеңсе тасымайды. Жеңілсе жасымайды. Сондықтан да біздің халықта «Нар тәуекел – ердің ісі!» деген аталы сөз қалған. Мәлике: Ары жоқтың – ақылы жоқ дегенге не айтасың?Әбілда: Ар мен ақыл жолдас! Ар деген көңілдің айнасы. Таяз пенде ақылына сеніп, айламен қиянат қылады. Ақылын пайдаланып алдап-арбауды меңгереді. Ар-ұяттың айнасын қулық мінез былғайды. Қарайған ардан жарқыраған ақыл шықпайды. Таяз кісі ақылды боп көрінгісі келеді. Бірақ кірлеген көңіл оның надандығын паш етеді. Сондықтан ақылды боламын деген адам ең бірінші арының ағарып тазаруына барын салады. Мәлике: Түркінің ұстазы Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи хикметінде: «Топырақ бол, ғалам сені басып өтсін. Қорлық тартсын, кәпір нәпсі басы қатсын!» – деп жиі жырлайды. Топырақтың хикметі не? Әбілда: Әлмисақта ұлық Алла өзіне орынбасар жаратам деп жар салды. Сол кезде Тау, Тас, Аспан, Су, Алтын, Ағаш адамды менен жаратса екен деп таласты. Керемет қасиеттерін айтып мақтанды. Топырақ былай ойлады: «Қой, мына кіл мықтылармен таласпайын. Табан мен тұяқтың астын жатқан қадірсіз заттан Адамды жарата қоймас. Осылардың қызметіне жарап жата берейін» деді. Тәңірі тағала сынықтық мінезді сүйетін. Топырақтың иілгіш, қарапайым, сынық мінезі Жаббар Хаққа ұнады. Сосын бүй деді: «Бәріңнен де маған топырақ ұнады. Қараңдар! Күллі жан-жануар оның үстін басып жүр. Ол «қыңқ» демейді. Олар ұлы, кіші дәретін топыраққа төгіп жатыр. Ол болса қалдық атаулыдан тәтті бұлақ пен құнарлы ас-ауқат өндіріп шығарады. Сонда да қара Жер жақсылығын бұлдамайды. Момын кейіпте ақысыз қызметін атқарып жатыр. Адамды да топырақтан жаратсам, жасаған жақсылығын ешқашан міндет қылмайтын бақытты да берекелі тіршілік кешеді» деп топырақты таңдады. Топырақ сипат тапқандар басқалардың былығын өзіне жұтып алып, топырақ сияқты олардан хикметтің гүлін шығарады. Мәлике: «Іштегі кір» деп нені айтамыз?Әбілда: Іштегі кір – бақталастық! Ұлық Алла Адамды жаратқан соң періштелерге көрсетті. Олар адамды «атаққұмар, мансапқор, қанқұмар» деп қорсынып, жаратпады. Сосын періште мен Адам ата ілім сайысында күш сынасты. Жүрек көзі ашылған Адам ата бүкіл періштені шаң қаптырды. Олар Адамның ақыл парасатына қайран қалды. Оны терең танымай жатып «Бұл қанқұмар надан болады» деп сыртынан тон пішкендеріне қатты өкінді. Сосын оған иіліп сәжде жасады. Сол сәтте Ібіліс қана қасарып тұрып алды. Тәңірдің «Мұның не?» деген сұрағына «Мен одан артықпын!» деп қасара түсті. Ол адамның бағын көре тұра өп-өтірік көрмеген бола қалды. Оның ақыл парасатын қасақана көзге ілмеді. Пенде пақырға Ібілістің осы мінезі жұққанда өзінен ірі, шын мықтымен бақталасады. Рухани ілімі өзінен артық болған момындарды күндейді. Оларды жабылып талауға пасықтарды үндейді. Мәлике: Іштегі кірден қалай құтылады? Әбілда: Ақыл парасаты өзіңнен асып түскен шын мықтыны жұрт алдында ашық мойындауың керек. Іштей мойындап тұрып, нәпсіңе бой билетіп, қасарыссаң Малғұнның кебін киесің. Сондықтан азамат ердің досымен дос, дұшпанымен қас болуға міндеттіміз. Соған орай біздің жұртта «Өзің бола алсаң бол. Бола алмасаң болған ердің атын ертте!» деген аталы сөз қалған. Мәлике: «Хақ сыпырасы» деген не?Әбілда: Ол – салихтардың сұхбаты. Ол жерде бос сөз, дүниенің уайымы, мал-мүліктің қайғысы, ел-жұрттың өсегі айтылмайды. Хақ сыпырасында тас жүректі қамырдай қылып жұмсартатын Алланың құдіретті есімдері ғана тілге тиек болады. Хадис шәріпте «Тәңірді жад етпейтін бос сөз, ет жүректі тас сияқты қарайтып, қатайтады. Одан сақ болыңдар» деп ескертті. Әзіреті пайғамбарым мұндай жиылысты «Жұмақтың бақшасы» деп те атаған. Мәлике: Нағыз ғалым мен шын дананың белгісі қайсы? Әбілда: Олар қанша жерден ғұлама атанса да білімінің шектеулі екенін ашық мойындайды. Себебі ұлық Алланың ілімі шет-шегі жоқ түпсіз мұхит. Оны толық оқып, тоқып, білдім деп мақтанған ғалым наданға айналады. Керек десең, Мұса пайғамбардың өзіне Қызыр ата жанына ілестіріп жүріп ілім үйретті. Бірақ Мұса сынақтан өте алмады. Ұстаз бен шәкірт арасындағы шартты бұзғаны үшін Қызыр ата оған ілім үйретуден бас тартты. Осылайша Мұса шектеулі іліммен қап қойды. Мәлике: Хадис шәріпте «Өлместен бұрын өл!» деген өсиет бар. Оның хикметі не? Әбілда: Мұсылман рухани түлеп, жүрек көзін ашу үшін нәпсәни тұрғыда өлуі тиіс. Баянсызға құл болған арман, арзу, мақсат, тілектері толық өлгенде ғана ол өмірге қайта келгендей күй кешеді. Діндардың көңілінде дүниенің қызыл-жасылы алаулап тұрғанда рухы тірілмейді. Хақтың жолына түскен момындар дүниенің дау-шарына араласпайды. Оны жұрт сынаса да, боқтаса да, қарғыс айтса да, қараласа да ол бейне бір өлік сияқты естімеген, көрмеген боп жүре береді. Кек қайтарып, өш алу ойына кіріп те шықпайды. Қалай өлуді меңгерген мұсылманның ірісі өмір бақи өле алмайды. Мәлике: Түркі жұртында «Өнер алды – қызыл тіл!» деп мәтел бар. Соның хикметін ашықта?Әбілда: Өнер алды – қызыл тілдің мәнісі мынау. Бір күні Ыбырайым пайғамбарға Жебірейіл періште уахи алып келеді. Ыбырайым оған «Бірінші тамақтанып алайық. Уахиды соңынан айта жатарсың» дейді. Олар дастарқан басында жақсы сұхбат құрады. Ас ішіліп, бата байланған соң Жебірейіл кетуге айналады. Ыбырайым оған «Сен уахиды айтуды ұмытып бара жатырсың?», – дейді. Жебірейіл: «Уахи әбден айтылды. Дастарқан басындағы рухани сұхбат – Алланың уахи еді. Ұрпағыңа менен өсиет айт. Дастарқан басында дүниенің сөзін сөйлемесін. Сұхбаттың мәні мен мазмұны Алланың уахиына тең дәрежеде салмақты болсын!», – деді де, көзден ғайып болды. Содан бастап дастарқан басында уахиға тең келетін әңгіме айтып, сөз ұстау бекзат өнерге айналды. Сондықтан да біз ұрпағымызды ең бірінші осы өнерге баулимыз. Мәлике: Алла тағала адамға сөйлесін деп ауыз берді, тыңдасын деп құлақ берді. Құлақтың пен тілдің хикметі не? Әбілда: Ұлық Алла аз сөйлесін деп ауызды біреу берген. Көп тыңдасын деп құлақты екеу берген. Шақалаққа емізуді үйретпесе де, ол туа сала сүт еме бастайды. Ал, сөйлеуді арнайы үйретпесе тілі шықпайды. Ол құлақпен не естиді, соны ғана дыбыстайды. Ұл мен қыздың таңдайынан інжу-маржан төгіліп тұру үшін, әуелі сөздің дүр-гауһары құлағына құйылып, кеудесінде түйілуі керек. Бесік басында айтылған былапыт сөз бен өсек-өтірік он жылдан соң балаңның аузынан сыртқа қарай кері төгіледі. Сондықтан, біздің жұртта бесік басында мағынасыз сұхбат жасауға болмайды. Ұл мен қызды хикмет іліміне бесіктен баулимыз. Сол үшін аналарымыз бесік жырын әлдилеп, бөпенің құлағына құяды. Олар өскен кезде сөз бастайтын шешен, ел бастайтын көсем болады. Менің балам осы ма?Басында бақыт құсы ма?Ғайып ерен, қырық шілтенБөбегімнің досы ма?Әлди, әлди, әлди-ай.
Лә иләһә иллалла,Иллаллада пайда бар.
Мұхамбеттің үмбетіОсындай бала қайда бар?Әлди, әлди, әлди-ай
Әлди бөпем құт бөпем,Бұл сөзімді ұқ, бөпем.Лә иләһә иллаллаКөкейіңе тұт бөпем. Әлди, әлди, әлди-ай. Мәлике: Рухтың құлағы бар ма?Әбілда: Бар. Ол мысқыл сөз бен астарлы ой-пікірді естіп қояды. Рухани құлағы саңыраулар астарлы әңгімені ұқпайды. Хикметін тұтпайды. Қисса мен аңыздан дәлел сұрайды. Жөн сөздің мағынасын теріс бұрайды. Әзіреті Мұхамбет пайғамбар серіктерімен отырғанда тек астарлап сөйлейтін. Сахабалар оның хикметін бірден ұғатын. Ал кәуірлер пайғамбармен бірге отырғанда хақ расулдың әңгімесін ұқпай қор болатын. Себебі олардың рухани құлақтары тас керең еді. Олар тек дүниенің мағынасыз сөздерін ғана жақсы түсінуші еді. Мәлике: Рухтың көзі бар ма?Әбілда: Бар. Көзін жұмып, дүниенің бәрін елестете алады. Мәлике: Рухтың тілі бар ма?Әбілда: Бар. Екі ерін мен қызыл тілге әрекет бермей-ақ кітапты оқи береді. Миы мен жүрегінің ішінде көңілі қалаған кісімен тілдесіп, сұхбаттаса алады. Мәлике: Құлшылықтың мәні не?Әбілда: Шүкіршілік. Мүбәрак пайғамабарымыз түнімен намазда тұратын. Сахабалар:– Уа, Алланың хақ расулы, сіз Жаратушы Иеміздің сүйікті пайғамбарысыз. Сіз болмасаңыз он сегіз мың ғаламды да жартапас еді. Сізді күллі ғаламға рақмет етіп жаратты. Олай болса жаныңызды несіне қинайсыз? Неліктен парызды өтесеңіз де түнімен құлшылық қылып тыным таппайсыз? Біз ғой Құдайдың қарабет құлымыз. Қанша ғибадат қылсақ та, аздық етеді. Мұның мәнісі не? – деп сұрады. Сонда Хақ пайғамбар:– Ұлық Алла мені шексіз нығметке бөледі. Жетімдіктен өсіріп, тәрбиелеп, осы күнге жеткізді. Кеудемді жарып, көңілімді мұнтаздай етіп тазалады. Сайтанның ылаңын маған дарытпады. Өзімді һәм пайғамбар һәм патша қылды. Уахи беріп, Құран түсірді. Достарым сүйінді, дұшпандарым күйінді. Ғаламдағы ең ұлық мұғжизаны нәсіп етті. Үмбетімді барлық пайғамбардың үмбетінен артық қылды. Жомарт Алланың маған берген нығметін санап тауыса алмаймын. Олай болса, осыншама байлық пен дәулетті, мұғжиза мен кереметті иеленіп отырып, түнде уайымсыз-қайғысыз ұйықтап жатқаным қалай болар екен? Ақылды адам мұншама тегін нығметке шүкір қылмас па? Ең көп нығметке ие болған жан бәрінен көп шүкір етпес пе? Кім рухани нығметке молынан бөленсе, сол үмбетім шүкірлікті қисапсыз көп қылсын. Себебі көкірек көзімен күллі ғаламның сырына қанық болатын ең ұлы бақыт екінің біріне нәсіп болмайды! – деді. Мәлике: Егер Құдай тағала Ібілісті жаратпаса, не болар еді? Әбілда: Егер Ібіліс болмағанда, Адамның қандай құдірет иесі екенін біле алмас едік. Адам ата ілім сайысында періштелерді күйрете жеңді. Ібіліс содан бастап Адаммен дұшпандасып, тұқым-тұқиянымен азғырып құртуға серт берді. Адам да сол сәттен бастап бір сәтке мүлгімей, сақ отыратын сабыр тапты. Адамның ұрпағы малғұннан айласын асырып, оның тұзағына түспегенде ғана Алланың дәргейінде қаһарман құлы атанады. Ал ар-иманын саудаға салып, ындынын сайтанға билеткен пендесінің бәсі төрт аяқты айуаннан да төмен болады. Егер Ібіліс болмаса, жақсы мен жаманның, асыл мен жасықтың, батыр мен қорқақтың, жалғаншы мен шыншылдың, сараң мен жомарттың, ақжүрек пен күндестің, кеңпейіл мен кекшілдің, опасыз бен адалдың, жағымпаз бен өткірдің, әділ мен қиянатшының, тауазы мен тәкаппардың, тақуа мен салақтың, саққұлақ пен ақпақұлақтың, ғұлама мен миғұланың, дана мен наданның парқы ашылмас еді. Құдай өзінің сүйген құлдарын осы дүниенің майданында ізгілік үшін Ібіліспен айқастырып, әділ жолмен іріктеп алады. Егер Ібіліс болмағанда жақсы мен жаман да, ізгі мен пасық та ақиретте Алланың дидарын көруден дәмелі болар еді. Сондықтан Ібіліс Алланың ықыласты құлдарын опасыз құлдарынан ажыратып беретін безбен іспетті. Мәлике: Ең оңай, ең қиын құлшылықтың түрі? Ол құлшылықты жасағанда, жүрегің жаңғырып тұрады. Құлағың түк естімейді. Әбілда: Бұл – Алланы үнсіз еске алу. Мәлике: Ең оңай, ең қиын дұға қайсы?Әбілда: Ол – Кәлима шаһадат. Заманында Мұса пайғамбар Аллаға арыз қылып:– Уа, Тәңірім, маған ең оңай дұға түрін үйретші, – депті. Жаббар Хақ:– Жаттап ал, Мұса! Лә иләһә илла Алла, – деді. Мұса кәлимолда: – Уа, Жасаған, бұны елдің бәрі айтады. Мен пайғамбармын ғой. Өзіме ғана арналған ең қиын дұғаны үйретші, – депті. Құдай тағала:– Онда дайындал! Қайталап айтып, жаттап ал! – деді.– Дайынмын! – деді Мұса.– Лә иләһә илла Алла, – деді Жаратқан.– Уа, Құдайым, мынау баяғы оңай кәлима емес пе? – деп Мұса таңғалды.– Әй, Мұса, кәлима айту оңай деп кім айтты? Сен кәлиманы Мен шапағат еткен соң ғана қиналмай айтып жүрсің. Оңай болса, ана жүрген қара құрым халыққа үйретші. Солар үйреніп айтар ма екен? – деді. Мұса үнсіз қалды. Себебі, қырық жыл еңбек етсе де, қауымы кәлиманы тез ұмытып, бұзауға табынып кетіп еді. Мәлике: Пенденің тілі мен жүрегі қатар сөйлесе не болады? Әбілда: Пенденің тілі мен жүрегі жарыса сөйлесе, былыққа белшеден батады. Кеудесіне Хақтың сәулесі түспейді. Ондай жан хикмет бұлағынан тамшы да ішпейді. Мәлике: Ал адам жүрегін тыңдап, тілін тыйса, не болады? Әбілда: Адамның жүрегі сөйлеп, тілі тыйылса, басы бәлеге шатылудан аман қалады. «Басқа бәле – тілден» деген содан қалған. Мәлике: Ал тілі мен жүрегін үнсіздікке бірдей үйреткен жанның хәлі қандай? Әбілда: Кісі тілі мен жүрегін үнсіз ұстауды әдетке айналдырса, кеудесі хикметтің қоймасына айналады. Ой теңізіндегі барлық інжу-жауһар оның олжасы болып сайланады. Мәлике: Ерлердің ынтымағы неден бұзылады? Әбілда: Періштелер ілім сайысында Адам атадан жеңілген соң, оған иіліп сәжде қылды. Ібіліс қана «Мен одан артықпын» деп, кібірлікпен тағзым етпей, тұрып алды. Ұлық Алла сайтанды «Менің дәргейімде кібірлерге орын жоқ. Сені Менің қарғысым атты» деп, қуып жіберді. Малғұн атанған Ібіліс Алланың құзырында болған қызметіне ақы тіледі. Адамды азғырып, жолдан тайдыру үшін дүниенің бүкіл қызыл-жасыл нығметін сұрады. Ұлық Алла «Қанша жерден азғырсаң да, Менің ықыласты құлдарыма сенің өктемдігің өтпес» деді. Сонда Ібіліс «Бүкіл дүниенің рақатын ұстап тұратын тағы бір баянсыз қызық бер» деді. Сол кезде Алла тағала қос бұрымы тобығына түскен айдай сұлу аруды оның алдына қойды. Ібіліс мұны көріп қуанып кетіп: «Мақтап отырған құлдарың дүниеге бой алдырмайтын, қанша жерден тақуа болса да, алма мойын, аршын төс қас сұлуды көрген кезде құмарын тежей алмас. Осы маған олжа болды» деді де, бүкіл дүниенің баянсыз нығметін қас сұлудың екі бұрымына байлап, өзінің дәргейіне алып кетті. Осыдан бастап, Ібіліс барлық амалы таусылғанда, еркектерді сұлу қызбен арбайтын болыпты. Содан бері елдің бағына туған батырлар айдай сұлу ару үшін араз болып, бір-бірімен жауласып, ынтымағын жойған екен. Мәлике: Ғылым артық па, байлық артық па?Әбілда: Заманында Әзіреті Мұхамбет пайғамбар: – Мен ілімнің қаласы болсам, Әли оның қақпасы, – депті. Мұны естіген жұрт Әлиді сынамақ болды. Оған «Ғылым артық па, байлық артық па?» деп он рет сұрады. Әзірет Әлі оларға он түрлі жауап берген екен: – Біріншіден – ғылым артық. Ол – әулие-әмбиенің мирасы, мал – Перғауын мен Қарынбайдың мұрасы. Екіншіден – ғылым артық. Ол адамды сақтайды. Малды адам сақтайды. Үшіншіден – ғылым артық. Оның досы көп, малдың қасы көп. Төртіншіден – ғылым артық. Оны жұмсасаң арта береді, малды жұмсасаң азая береді. Бесіншіден – ғылым артық. Ғылым құрметті атақ береді, мал сараң деген атқа қалдырады. Алтыншыдан – ғылым артық. Ол өзін-өзі асырайды, ал малды бағып қағу керек. Жетіншіден – ғылым артық. Ғылым қиямет күні иесіне шапағат еткізеді, мал иесіне қисапсыз жауап бергізеді. Сегізіншіден – ғылым артық. Өйткені ол тозып, жоғалмайды. Мал – қолдың кірі. Бірде бар, бірде жоқ, өледі, жоғалады. Тоғызыншы – ғылым артық. Ғылым көңілді нұрландырады, адамға ақыл-ой қосады. Мал масаттандырады, дүниеқоңыз етеді. Оныншы – ғылым артық. Ғылым Тәңірге ғибадат қылады. Ал мал иесінің көңіліне тәкәппарлық салады. Мәлике: Менің елімде құран мен хадисті жатқа соғатын мыңнан аса ғұлама бар. Олар қазір зынданда жатыр. Себебі Құранның сырына сол күйі бойламаған. Кеудесіне хикмет дарымаған. Саған хикмет ілімі қалай дарыды?Әбілда: Олар Құран Кәрімді Әзіреті Мұхамбет пайғамбарға түскен деп оқиды. Мен Құранды жеке басыма түскен кітап деп оқимын. Сондықтан да Құран Кәрім менің жүрегімде ілімнің шырағын жағады. Әлқиса, сонымен сайыс да бітті. Бес күн бойы екеуінің аузына кезек-кезек телмірген жұрт демін ішіне тартып, ақырын күтті. Бәсі мен дәрежесі дүниенің қазынасына бергісіз ғажайып бір сырлы сұхбат өрілді. Бұл сында Әбілда жеңді, Мәлике жеңілді. Мәлике көкірегіне жылдар бойы жиған сауалдарын түгел қойды. Әбілда да шалқыған шалқар білімін көрсетті. Екеуінің мәнді айтысынан тыңдаушылар небір ғажап әңгімелерге тойды. Енді Мәлике не істер екен? Ханшайым тамағын кенеп, сөйлеп кетті:– Бәрекелді, Тұранның ғұлама ұлы! Іліміңіз бен ғылымыңыз кемерінен асып тұр екен. Сенің көкірегіңдегі білім шырағынан үлес алмаған жанның ғұмыры тұл екен. Менің ғана емес, ел-жұртымның да кеудесінде сәулелі шуақ маздаттың. Рухтың ақыл-парасатын Ұрымның топырағында бір самғаттың. Ал, енді мен де уәдемде тұрып, шартымды орындайын. Еркім сенің еншіңде, тағым дайын. Бағымның киесі бол, тағымның иесі бол! – деді. Әбілда да толғай-толғай тіл қатты:– Ниетіңе дән ризамын, Мәлике ханшайым. Тәңірден «жүрегіме ілімнің сәулесін құй» деп тілеуші ем әрбір таң сайын. Бұл менің емес, үміт артқан елімнің жеңісі. Хикметке құштар жанның кеңейе бермек өрісі. Сыннан өттім, ақталды бар еңбегім. Бірақ мен Ұрымға атақ іздеп, абырой іздеп келмедім. Әзірет Сұлтан бабамның «Хәл» ілімін өміріме шырақ еттім. Жер-жиһанның ғұламаларының зар-наласын естіп, соларды құтқаруды мұрат еттім. Сондықтан зынданда жатқан ғалымдарды босат. Олар еліне қайтып, халқына тәлім берсін. Ал алтын тақ та, айбынды орда да маған жат. Менің аңсарым – Хақтың дидары. Дүниеге құмар жанның көмескілене түсер иманы. Мүбәрак пайғамбарымның сүннетіне берік едім. Әзіреті Мұхамбет сүйген жары Хадишаның үстінен тірі кезінде тоқал алмап еді. Мен де сол өнегені үлгі тұттым. Сондықтан Тәңір қосқан қосағымның үстінен екінші әйел етіп сені ала алмаймын. Ерте келген егіз тамшыдай ұқсас жан бауырым Тоқтамыс бар. Оның ақылы мен ілімі менен бір мысқал да кем емес. Сен келіссең, бақты да, тақты да соған қидым. Сені келін етіп алайын, – деді.Мәлике көп ойлана келе, ризашылығын білдірді. Қапастағы ғалымдарды тегіс босатып жіберді. Ал Әбілда мен қасындағы ерлеріне мол сый-сияпат тарту етіп, үш күншілік жерге дейін шығарып салды. Өзі Әбілданың інісі Тоқтамыспен бас құрады. Олар ұзақ та мәнді ғұмыр сүрген екен. Әділ биліктің арқасында Ұрым жұрты біраз жыл бойы гүлденген екен.
ҚОРЫТЫНДЫ
ХХІ ғасыр адамының бойында түсініксіз рухани дерт бар. Ол дерт – бол-мысынан адасып, өзін БАР ретінде сезіне алмау. Тұрмыстық һәм әлеуметтік проблемасы оңынан шешіліп тұрса да, көңілін алаң басып, жүрегі орнықпайды. Әуелі бұл сезім психологиялық ауытқушылық сияқты боп көрінеді. Мұны солай қабылдап, дәрігерге қаралып жататын да кісілер бар. Ал басқалары бұл дертін елемеу үшін, жұмысқа қатты жегіледі немесе ойын-сауыққа барынша салынады. Бірақ уақыт өте көңілдегі алаң қайта көтеріліп, өрши береді. Бұл адам өзінің табиғатын толық танымаудан туатын дерт. Себебі адам психологиялық жаратылыс емес, ол онтологиялық тіршілік иесі. Адам рухы әуелден бар және психологиялық, физиологиялық қабаттары өлгеннен соң да тіршілігін жалғастыратын мәңгілік БАР БОЛМЫС. Ол өзінің осы хәлін анық сезініп тұрмайынша экзистенциялық мазасыздықтан шыға алмай, аласұра береді. Ал бұл дерттің бірден бір емі – адамның БОЛМЫСТЫҚ сипатын ашатын, терең мағыналы жауһар ойлармен, рухани құндылықтарды көкірегіңе жинау. Мұндай мәнді құндылықтар күңгірттенген санаға сәуле шашады. Онтологиялық қабаттағы рухани болмыстың дүр сілкініп, психологиялық қабатын жарып шығуына көмектеседі. Осы кезде ғана адамның шынайы табиғаты анық көрінеді. Көңілдегі алаң жоғалады. Қолыңыздағы «Мың сұрақ» кітабы да сол мақсатта жазылған. Бұл шығарма бабаларымыздың сан ғасырлық сүзгісінен өтіп, рухани жауһарлар қатарынан ойып орын алған еңбек. Ықылас қойған оқырманның алаң басқан көңіліне шуақ шашып, көкірегін даналыққа толтырады, болмысына азық береді. Оның хикметін түйсініп, бойға сіңіргендер өмірдің кез келген жағдайында өзін БАР және мәңгілік тіршілік иесі екенін қорықпай көрсете алады. Бір сөзбен айтқанда, тағдырдың ауыр сынағын жеңіп, өнегелі өмір сүріп, өркениетті қоғам құруға үлесін қосады деп сенеміз.Кітапты құрастыру барысында ісіміздің алға басуына тілектес болып, жарыққа шығуына атсалысқан Айшуақ Дәрменұлы, Ғабит Абдуләзизұлы, Айгүл Жұмабайқызы, Ләйлі Құндақбай, Нұрман Батталғазыұлы, Ақылғазы Қайырғазыұлы, Нұрбол Жайлауұлы, Сержан Оңалбекұлы, Адхам Аминұлы, Ғалым Болатұлы, Мұрат Ыбырақымұлы, Бағдат Болатұлы, Марат Сабырұлы, Сейілбек Саттарұлы, Муроджан Махамаджанұлы, Амангелді Мейрамбекұлы, Медет Тарлабекұлы, Ақансері Өскенбай, Руслан Иісов, Арман Ғинаятұлы, Асқар Тұңғышбаевқа алғысымыз шексіз.Кітаптың жарық көруіне демеушілік жасап, жәрдемін аямаған Абзал Құспан мырзаға шын жүректен рақметімізді айтамыз.
МЫҢ СҰРАҚ
ЖОЛҒА ШЫҒУЫ
ӘБІЛДАНЫҢ
МӘЛИКЕНІҢ
СҰРАҒЫ
ЕКІНШІ
КҮН
ҮШІНШІ КҮН
ТӨРТІНШІ КҮН
БӘЙГЕ
СОҢҒЫ КҮН
МАЗМҰНЫ
АЛҒЫСӨЗ 3
МЫҢ СҰРАҚ ДЕГЕН НЕ? 7
МЫҢ СҰРАҚ 11
ӘБІЛДАНЫҢ ЖОЛҒА ШЫҒУЫ 15
МӘЛИКЕНІҢ СҰРАҒЫ 25
ЕКІНШІ КҮН 55
ҮШІНШІ КҮН 99
ТӨРТІНШІ КҮН 139
БӘЙГЕ 171
СОҢҒЫ КҮН 181
ҚОРЫТЫНДЫ 206
Отбасы хрестоматиясы Редакторы Әділбек НәбиКорректоры Жансая АманбекқызыӨлеңдерін құрастырған Ләйлі ҚұндақбайТехникалық редакторы Арман Ғинаятұлы ИБ №97Теруге 01.07.2020 ж. берілді. Басуға 27.11.2020 ж. қол қойылды.Пішімі 70х1001/16. Қаріп түрі «Academy.kz». Басылымы офсеттік. Есептік баспа табағы 13. Таралымы 1000 дана. “Отбасы” Баспа үйі050009. Алматы қаласы.Наурызбай ауданы, Шұғыла, 340/3, корпус 17.Байланыс телефон: +7 707 327 56 65E-maіl: otbasyhrestomatіasy@gmaіl.com
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру