TELEGEI

Home

Құлық метафизикасы

Иммануил Кант

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Құлық метафизикасы

МЕМЛЕКЕТТІК "МӘДЕНИ МҰРА" БАҒДАРЛАМАСЬНЫҢ КІТАП СЕРИЯЛАРЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ БАСТАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары Бас редакциясының алқасы: Тасмағамбетов И. Н., бас редактор, Тәжин М. М., бас редактор...

Құқық туралы ілім
Екінші бөлім

§45 (1724-1804) - неміс философы, әлеуметтік ойшыл, XVІІІ- XІX г.г. неміс классикалық философиясының негізін қалаушы. Кенигсбергте дүниеге келген. Сегіз жасында мемлекеттік гимназияға берілді. 1740 ж. жергілікті университеттің теология факультетіне тусті. Оны бітірген соң үй мұғалімі болып жұмыс істеді; 1755 жылдан – приват-доцент, 1770 жылдан – Кенигсберг университетінің профессоры. Кантты шын мәнісінде бостандық философы деп атайды. Өзінің әлеуметтік-саяси ілімінде ол халықтың жоғарғы билігі (халық егемендігі) идеясын дамытты. "Әдет-ғұрып метафизикасында" (1797) құқық туралы ілімнің метафизикалық бастауларын баяндап берді. Кант "құқықтық мемлекет" пен "азаматтық қоғам" тұжырымдамасын жасаушылардың бірі. Философ тиранияға үзілді-кесілді қарсы. Деспоттықты жою үшін биліктің қатаң бөлінуі керектігін қадап айтты - елді адамдар емес, заңдар билеуі керек. Канттың саясат пен моральдің арақатынасы, "адал саясат" және т.б. туралы ойлары осы күнге шейін өзекті болып отыр. Кант жекелеген адамдар мен мемлекет арасындағы бейбітшілікті қоғамның мінсіз саяси ахуалы деп біледі. Мемлекет (cіvіtas) – құқықтық заңдарға бағынған көптеген адамдардың бірлестігі. Осынау заңдар априори заңдар, яғни жалпы сыртқы құқық ұғымынан өзінен-өзі туындайтын заңдар секілді (статуттық заңдар секілді емес) қажет болатындықтан, мемлекет пошымы да жалпы мемлекет пошымы, яғни идеядағы, таза құқық принциптеріне сәйкес болуға тиіс мемлекет, және де бұл идея ортақтыққа (демек, ішкі) кез-келген шынайы бірігудің темірқазығы желісі (norma) қызметін атқарады. Әрбір мемлекетте үш билік, яғни жалпыға ортақ етіп үш тұлғаның (trіas polіtіca) бойында біріктірілген ырық болады, олар: заң шығарушының қолындағы жоғарғы билік (егемендік), әміршінің (заңға сәйкес билейтін) қолындағы атқарушы билік және қазының (potestas legіslatorіa, rectorіa et іudіcіarіa) қолындағы қазылық билігі (әркімге тиесілісін заңға сәйкес беретін), бұл практикалық силлогизмдегі үш пікір тәрізді: жалпы ортақ етіп біріктірілген ырықтың заңын қамтитын көбірек шарт; заңға сәйкес істеу әмірі, яғни осы ырыққа жетелеу принципін қамтитын азырақ шарт және осы жағдайда құқыққа не сәйкес келетіні жөніндегі com шешімін (үкімін) қамтитын қорытынды. §46 Заң шығарушы билік тек халықтың біріктірілген ырқына ғана тиесілі болады. Шынында да, кез-келген құқық содан туындауға тиіс болғандықтан, ол міндетті түрде әлдекім жөнінде құқыққа сай істемеу ахуалында болуға тиіс. Бірақ әлдекім басқа адам жөнінде шешім қабылдаған кезде, оған құқыққа сай істемеу мүмкіндігі болады; алайда мұндай мүмкіндік өзі жөніндегі шешімдерде ешқашан болмайды (өйткені volentі non fіt іnіurіa). Демек, әркім барша жөнінде және барша әркім жөнінде бірдей шешімдер қабылдайды деген мағынада баршаның келісілген және біріктірілген ырқы, демек жалпыға бірдей етіп біріктірілген халық ырқы ғана заң шығарушы бола алады. Осындай қоғамның (socіetas cіvіlіs), яғни мемлекеттің заң шығару үшін біріккен мүшелері азаматтар (cіves) деп ата¬лады, ал олардың мәнісіне етене құқықтық атрибуттар: әркімнің өз келісімін берген заңнан өзге заңға бағынбауына негізделген бостандығы; өзінен жоғары деп халықтың құрамындағы өзі оған жүктеген құқықтық міндеттерді бұған да жүктей алуға моральдық хақысы бар адамдарды ғана мойындауға негізделген азаматтық теңдік; үшіншіден, өзінің тіршілігі мен күн көруі үшін халықтың құрамындағы басқа біреудің жүгенсіздігіне емес, ортақтық мүшесі ретіндегі өзінің тол құқықтары мен күшіне қарыздар болуға негізделген азаматтық дербестік атрибуты, демек, құқықтық істерде әркімнің өзінен басқа ешкім азаматтық тұлға ретінде оны алмастыра алмайды. Азаматтың біліктілігін дауыс беру қабілеті ғана құрайды; ал бұл қабілет халықтың құрамындағы ортақтықтың жай ғана бөлшегі емес, оның мүшесі, яғни басқалармен бірге өз қалауы бойынша қарекет ететін бөлшегі болғысы келетін адамның дербестігін көздейді. Бірақ осы соңғы қасиет белсенді және енжар азаматтарды (енжар азамат деген ұғым азамат деген ұғымның түпкі мәніне қайшы келетін секілді көрінсе де) айыра білуді қажет етеді. Төмендегі мысалдар осы қиындықты жоюға көмектеседі: көпестің піркәншігі немесе қолөнершінің шәкірті, малай, кәмелетке жетпеген (naturalіter vel cіvіlіter), әрбір әйел және жалпы алғанда өзінің күнкөрісін (тамақтануы мен қорғалуын) өз жұмысымен емес, басқалардың бұйрығы бойынша (мемлекет тарапынан берілетін бұйрықтан басқа) сақтауға мәжбүр болатындар - осынау адамдардың барлығының азаматтық бейнесі жоқ, және олардың тіршілігі – әйтеуір бір күн көру секілді. Жасаған бұйымдарын ашық сатуға шығара алатын еуропалық ағаш ісмерімен немесе темір ұстасымен салыстырғанда мен ауламда жұмыс істеу үшін жалдаған отын кесуші, темірмен жұмыс істеу үшін балғасымен, төсімен және көрігімен үй аралап жүретін Үндістандағы ұста; мектеп оқытушысымен салыстырғанда үй мұғалімі, жалға алушымен салыстырғанда оброк төлеуші шаруа және т.с.с. – бәрі де ортақтықтың қолбалалары ғана, себебі оларды басқа индивидтер билеп-төстеуге және қорғауға тиіс, демек, оларда ешқандай азаматтық дербестік жоқ. Алайда басқалардың ырқына осынау тәуелділік пен теңсіздік тұтаса келе халықты құрайтын адамдар ретіндегі олардың бостандығы мен теңдігіне тіпті де кереғар емес; дәлірек айтсақ, бостандық пен теңдік шарттарына сәйкес қана осы халық мемлекет болып, азаматтық құрылыс ахуалына аяқ баса алады. Бірақ осынау құрылыста дауыс беру құқығына ие болу, яғни жай ғана мемлекетке табын болуға емес, азамат болуға тең құқық иелерінің барлығы бірдей лайық емес. Шынында да, жаратылыстық бостандық пен теңдік заңдарына сәйкес басқалардың бәрі оларға мемлекеттің енжар бөлшектері ретінде қарауды талап ете алуынан мемлекеттің өзіне оның белсенді мүшелері ретінде қарау, оны ұйымдастыру немесе қандай да бір заңдардың енгізілуіне жәрдемдесу құқығы туындамайды; одан туындайтыны – олар өз келісімін беретін дұрыс заңдардың тегі қандай болса да, олар бостандықтың жаратылыстық заңдарына және халықтың құрамындағы баршаның сол бостандыққа сәйкес теңдігіне қайшы келмеуі керек екендігі ғана; атап айтқанда олар осы енжар ахуалдан белсенді ахуалға өту мүмкіндігіне қарсыласпауы керек. §47 Мемлекеттегі аталған үш биліктің әрқайсысы белгілі бір мәртебе, және, олардың әрқайсысы жалпы алғанда мемлекет идеясынан сөзсіз туындайтын әрі оны (конституцияны) құру үшін қажет мемлекеттік мәртебе. Осы биліктің барлығында ортақ басшының (бостандық заңдары тұрғысынан біріккен халықтан басқа ешкім бола алмайтын) халықтың бытыраңқы бұқарасына бодан ретіндегі қатынасы, яғни билеушінің (іmperans) бағынушыға (subdіtus) қатынасы бар. – Халықтың өзі мемлекетке айналатын акт, шындап келгенде, мемлекет идеясы ғана, соның арқасында оны заңды деп санауға болатын бірден-бір нәрсе – бастапқы шарт, оған сәйкес халықтың құрамындағы барша (omnes et sіngulі) өзінің сыртқы бостандығынан бас тартады да, ортақтықтың, яғни мемлекет (unіversі) ретінде қарастырылатын халықтың мүшелері ретінде сол бостандықты дереу қайтадан қабылдайды; және мемлекет немесе мемлекеттегі адам қандай да бір мақсат үшін өзінің тумысынан біткен сыртқы бостандығының бір бөлігін құрбан етті деп түюге болмайды; ол жабайы, заңға негізделмеген бостандығын мүлдем тастап шыққанда, мұны өзінің жалпы бостандығын заңға негізделген тәуелділікте, яғни құқықтық ахуалда дереу толық күйінде қайтарып алу үшін істеді, өйткені сол тәуелділік соның өзінің заң шығарушы ырқынан туындайды. [...]

МӘҢГІЛІК ТЫНЫШТЫҚҚА

Голланд трактирщигінің жарнамасында бейнеленген бейіттің тұсындағы осы сатиралық жазба кімге арналған? Барша жұртқа ма, әлде соғысқа ешқашан тоймайтын мемлекет басшыларына ғана ма, әлде, бәлкім, сол тәтті түсті көріп жатқан философтарға ғана ма? Мәселе шешілген жоқ. Әйтсе де осы шығарманың авторы өзінің қамын ойлап мынаны ескертеді: практик-саясаткер теоретик-саясаткермен дауында жеткілікті дәйекті болып, теоретиктің жария түрде және бүкпесіз айтқан пікірін мемлекетке қауіпті деп ойламауы тиіс; өйткені олардың арасындағы қарым-қатынас сондай, практик теоретикке тәкаппар паңдықпен, жоғарыдан қарап, тәжірибеге негізделген принциптерге сүйенетін мемлекет үшін бос идеялары қауіпті емес мектеп кемеңгеріне қарағандай самарқау көз салады; тәжірибесі ұшан-теңіз мемлекет қайраткеріне, оның серігінің жүрістері қанша сәтті болса да, ойынның нәтижесінен қорықпауына болады. Автор бұл ескерту (clausula salvatorіa) осы шығарманы кез-келген жаман оймен түсінуден оны жеткілікті шамада сақтайды деп үміттенеді. Мемлекеттер арасындағы мәңгілік тыныштық туралы шарттың алғашқы баптарынан тұратын бірінші бөлім 1. "Бірде-бір бітім шарты, егер оны жасаған кезде жаңа соғыстың негізі құпия түрде сақталса, бітім шарты деп саналмауы керек".Олай болмаса бұл қандай да бір дұшпандық қалмағанын білдіретін бейбітшілік емес, уақытша бітім, әскери қимылдардың уақытша тоқтатылуы ғана болар еді және оған "мәңгілік" деген сын есімді қосудың өзі күдікті плеоназм (көпсөзділік, қайталау – иуд.). Бітім шарты болашақ соғыстың қолдағы барлық іліктерін, тіпті, бәлкім, осы сәтте шарттасушы тараптардың өзіне белгісіз, бірақ кейін мұрағат құжаттарынан айла-шарғымен, қитұрқымен табыла кетуі мүмкін іліктердің өзін жояды. Егер әр нәрсені өз атымен атасақ қазіргі сәтте тараптардың бірде-бірі ауызға алмайтын (өйткені, соғысты жалғастыруға екеуі де әбден әлсіреген, дегенмен соғысты қайтадан бастауға алғашқы қолайлы ілікті пайдалану жөніндегі қылмысты пиғылдан бас тартпаған) ескі талаптарды келешекке сақтап қою (reservatіo mentalіs) әміршіге лайық емес иезуиттік казуистика, сондай-ақ ондай қарекеттерді негіздеуге даяр тұру оның министріне лайық емес. Әлбетте, мемлекеттік кемеңгерліктің ілім-білімді ұғымдарына сәйкес мемлекеттің шынайы қадірін кез-келген әдіс-тәсілдермен оның құдіретін үнемі арттырудан көретіндерге біздің пікіріміз шәкірттік, таптаурын пікір болып көрінеді. 2. "Бірде бір дербес мемлекет (үлкен болсын, кіші болсын – бәрібір) не мұрагерлік жолымен, не айырбас, сатып алу немесе сыйға тарту нәтижесінде басқа мемлекет иелігіне көшпеуге тиіс". Гәп мынада, мемлекет (айталық, ол орналасқан жерден өзгеше) мүлік (patrіmonіum) болып табылмайды. Мемлекет – адамдар қоғамы, оларды өзінен басқа ешкім де бұйрық беріп, билей алмайды. Сондықтан, өз тамыры бар ағаштың діңі сияқты оны басқа мемлекетке бұтақ секілді ұластыруға тырысудың қай-қайсысы да ол мемлекетті моральдық тұлға ретінде жойып, моральдық тұлғаны затқа айналдыру деген сөз болып шығар еді және бастапқы шартқа қайшы келер еді , ол шартсыз халықты басқаруға ешқандай құқық туралы ойлауға да болмайды. Мемлекеттердің де некеге отыра алуынан құралатын иелену тәсілі қазіргі кезде Еуропа үшін (жер бетінің басқа бөліктері ондайды ешқашан білген емес) қандай қатер төндіріп отырғаны баршаға мәлім; бұл некеге күш жұмсамай-ақ, туыстық одақтардың арқасында өз құдіретін арттырудың немесе өз иеліктерін кеңейтудің жаңа қитұрқы тәсілі секілді қарайды. Бір мемлекеттің екіншісіне оларға ортақ емес жауға қарсы пайдаланылатын жалдамашылар ретінде өз әскерлерін беруін де осыған жатқызу керек; бұл жағдайда бодандар өзіңнің қалауыңша пайдалануға болатын заттар ретінде пайдаланылып, тұтынылады. 3. "Тұрақты әскерлер (mіles perpetuus) уақыт өте келе толық жойылуға тиіс". Өйткені, соғысқа үнемі дайын тұру арқылы, олар осынысымен басқа мемлекеттерге үнемі қатер төндіреді. Олар шегі жоқ әскери күш мөлшерімен бір-бірінен асып түсу талпынысына түрткі болады және бейбітшілікпен байланысты әскери шығындар ақыр соңында қысқа соғыстан да ауыр бола бастағандықтан, тұрақты әскерлердің өзі осы ауыртпалықтан құтылу мақсатындағы әскери шабуылдың себебіне айналады. Мұның үстіне адамдарды өлтіру немесе өлтірілу үшін жалдау, - оларды басқаның (мемлекеттің) қолындағы қарапайым машиналар немесе құралдар ретінде пайдалану деген сөз, ал бүл біздің әрқайсымызға тон адам құқықтарымен сыйыспайды. Ал азаматтарды өзін және өз отанын шабуылдан қауіпсіздендіру мақсатында қаруды пайдалануға ерікті түрде, әлсін-әлсін үйрету – басқа мәселе. Байлықты еселей беру де дәл сондай нәтижеге жетелей алады, атап айтқанда: басқа мемлекеттер мұны әскери қатер деп біліп, сол қатердің шамасын анықтау соншалық қиын болмаса, алдын ала шабуыл жасауға мәжбүр болады (себебі үш күштен: әскери күштен, одақтар күшінен және ақша күшінен – соңғысы соғыстың ең сенімді құралы бола алады). 4. "Мемлекеттік қарыздар сыртқы саясат мақсаттары үшін пайдаланбауға тиіс". Ел ішінен немесе одан тыс жерден қаржы іздеу, егер елдің экономикалық мұқтаждары жолдарды жақсарту, жаңа елді мекендер салу, қуаңшылық бола қалса деп азық-түлік қорын құру және т.б.) үшін істелінсе, күдік тудырмайды. Бірақ державалардың өз арасындағы күрес құралы ретінде несие жүйесі (оның тұсында қарыз шамадан тыс өсе береді, бірақ кепілдікті күйінде қала береді, себебі несиелерлер өз талаптарын бір уақытта қоймайды), - бір саудагер халықтың осы ғасырдағы құйтырқы жаңалығы – қауіпті ақшалай күшті, атап айтқанда соғыс жүргізу үшін қажет қорды құрайды. Барлық басқа мемлекеттердің қоса алғандағы қорларынан асып түсіп, бұл қор салықтар түсімінің тоқтатылуымен ғана (дегенмен, өнеркәсіп пен қолөнерге ықпал етіп, айналымды жандандыру арқылы бұл уақытты ұзаққа созуға болады) таусылуы мүмкін. Соғыс жүргізудің жеңілдігі, оған билеп-төстеушілердің бейімдігі қосылып кеткенде соғыс адам баласына туа біткен секілді көрінеді және мәңгі бейбітшілікке барар жолдағы зор кедергі болып табылады. Сондықтан да алғашқы шарт сол кедергіні жою міндетін кіргізуге тиіс, әйтпесе түптің түбінде болмай қоймайтын мемлекеттік банкроттық басқа мемлекеттерге орынсыз нұқсан келтіреді. Демек, басқа мемлекеттердің осындай мемлекетке және оның жөнсіз талаптарына қарсы бірігу құқығы бар. 5. "Бірде-бір мемлекет басқа мемлекеттің саяси құрылысы мен басқаруына зорлықпен араласпауға тиіс". Өйткені, бұған басқа не нәрсе құқық бере алады? Бәлкім, бір мемлекет басқа мемлекеттің бодандарына көрсететін жаман үлгі болар? Керісінше, бұл тағлым, халық өзінің заңсыздығымен өз басына қандай қасірет келтіргенінің үлгісі қызметін атқара алады. Жалпы алғанда, бір бостан адам басқа біреуге көрсететін (scandalum acceptum сияқты) жаман үлгі, соңғысына нұқсан келтіру деп әлі қарастырыла алмайды. Рас, ішкі ырың-жырың салдарынан мемлекет әрқайсысы дербестікке ұмтылатын жеке мемлекет болып табылатын екі бөлікке бөлініп кеткен жағдайды бұған жатқызуға болмайды. Егер олардың біріне бөтен мемлекет көмек көрсетсе, мұны басқа мемлекеттің саяси құрылысына араласу деп қарастыруға болмайды (өйткені басқаша жағдайда анархия пайда болады). Бірақ осы ішкі дау шешімін тапқанша бөгде державалардың араласуы тек өзінің ішкі дертімен арпалысып жатқан тәуелсіз халық құқықтарының бұзылғаны деген сөз. Мұндай араласу, демек, басқалар үшін жаман үлгі болып табылады және барлық мемлекеттердің дербестігіне қауіп төндіреді. 6. "Бірде-бір мемлекет басқа мемлекетпен соғыс кезінде болашақта, бейбітшілік кезінде өзара сенімді мүмкін емес қылатын, мысалы, құпия кісі өлтірушілерді (percussores), уландырушыларды (venefіcі) жіберу, тізе бүгу шарттарын бұзу, жауласқан мемлекетте опасыздық жасауға (perduellіo) азғыру және т.б. секілді" дұшпандық әрекеттерге бармауға тиіс". Бұлар күрестің арам амалдары. Соғыс кезінде де жаудың ойлау жүйесіне қайсыбір сенім болуы қажет қой, әйтпесе ешқандай бітім шартын жасасуға болмайды және дұшпандық қарекеттер тып-типыл етіп жіберу соғысына (bellum іnterrecіum) айналады. Соғыс дегеніміз жаратылыстық ахуалда (үкімі заң күшіне ие болатын ешқандай сот инстанциясы жоқ ахуалда) оз құқықтарын күшпен орнатудың қайғылы, амалсыз құралы. Тараптардың бірде-бірінікі қате деп жариялана алмайды, себебі бұл үшін сот шешімі болу керек және тек соғыстың ақыры ғана (Құдай сотында дейтінде осының қалай орын алатыны секілді) дұрыстықтың кімнің жағында екенін шешеді. Мемлекеттер арасындағы жазалау соғысы (bellum punіtіvum) мүмкін емес (себебі олардың арасында бастық пен бағынышты қатынасы жоқ). Осыдан тып-типыл етіп жою соғысы салдарынан екі жақтың да жойылып кетуі мүмкін, олармен бірге құқық атаулы адамзаттың аса үлкен мазаратында ғана мәңгілік тыныштыққа жеткізеді деген қорытынды шығады. Сонымен, осы секілді соғысқа, сондай-ақ оған жол ашатын құралдардың пайдаланылуына сөзсіз тыйым салынуы керек. [...] "Кант И. Собрание сочинений, В 8 т. Т. 7.М., 1994"басылымынан қазақшалаған Асхат ӘБІШЕВ.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙