Баянғали Әлімжанов шығармалары. 4-том
Баянғали Әлімжанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Баянғали Әлімжановтың шығармалар жинағының 4-томына ақынның жаңа өлеңдері мен поэмалары топтастырылған. «Қорасан қарақшының қолмергені» – қазақ поэзиясындағы ең үлкен поэмалардың бірі. Ол тың тақырыпты қозғайды – жаңылысып түрмеге түскен арманшыл жастың қасіретті тағдыры жайлы толғайды, адамдардың басынан өткен сан алуан, өзгеше трагедиялық жағдайларды суреттейді. Бұл кітапқа сонымен бірге «Қазақ
Баянғали
Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ІV томҚорасан қарақшының қолмергеніӨ
лең дер мен поэмалар
Көкшетау 2016
ӘОЖ 821.512.122-93
КБЖ 84 (5Қаз)-5
Ә 55
Әлімжанов Б.
Ә 55
Шығармалары: Көп томдық. Б. Әлімжанов. – Көкшетау:
Келешек-2030, 2016.
ІSBN 978-601-302-125-6
Т. 4. Қорасан қарақшының қолмергені. Өлеңдер мен
поэмалар. – 318 б.
ІSBN 978-601-317-063-3
Баянғали Әлімжановтың шығармалар жинағының 4-томына ақынның жаңа өлеңдері мен поэмалары топтастырылған. «Қорасан қарақшының қолмергені» – қазақ поэзиясындағы ең үлкен поэмалардың бірі. Ол тың тақырыпты қозғайды – жаңылысып түрмеге түскен арманшыл жастың қасіретті тағдыры жайлы толғайды, адамдардың басынан өткен сан алуан, өзгеше трагедиялық жағдайларды суреттейді. Бұл кітапқа сонымен бірге «Қазақ көші», «Қыз намысы» поэмаларымен қатар, «Өтірік поэма», «Атланттан атпен өткен аталарым» атты әзіл поэма және кейінгі уақытта жазылған өлеңдері мен ән өлеңдері жинақталған.
ӘОЖ 821.512.122-93
КБЖ 84 (5Қаз)-5
ІSBN 978-601-317-063-3 (Т. 4)
ІSBN 978-601-302-125-6 (жалпы)
© Әлімжанов Б., 2016.
ӨЛЕҢДЕР ӨЗ ЖОЛЫҢ
Өкінеміз бекер біз
Өтеді-ау деп уақытты.
Өтпей қойса нетерміз
Өтумен бәлкім бақытты!?
Еңбек қып дара, толымды,
Ерекше жаңа порымды.
Өтуің керек жүгіріп,
Өзіңнің марафоныңды!
БҰЛАҚБАСЫ –АУЫЛЫМ
Бұлақ басы!
Мөлдір бастау бұлағым.
Сәби кезден
Сездім күннің шуағын.
Жалаңаяқ
Қозы-лақпен жарысып,
Көк кілемдей
Көгалына құладым.
Осы ауылда
Тұңғыш рет қуанып,
Осы ауылда
Тұңғыш рет жыладым!
Гүлін теріп,
Қыр басында көктемнің,
Өшкеніне
Қарамастан өкпемнің,
Шегіртке мен
Шыр-шыр етіп ыршыған
Көбелекті
Қоймай қуып жеткенмін.
Дала кезіп,
Орман шарлап тынымсыз,
Жидек теріп,
Адасып та кеткенмін.
Аңыз тыңдап аталардан
Әжімді,
Домбыраның
Шегін тұңғыш шерткенмін!
Балалармен
Қырда жылқы баққанмын.
Тоқпақ жалмен
Түнді жарып шапқанмын.
Мөлт-мөлт еткен жұлдыздарға
Үңіліп,
Қиялымның
Патшалығын тапқанмын.
Қыр астында
Доп қуалап құмартып,
Сары сақа
Шиырып кеп атқанмын.
Сиыр іздеп,
Қиырларды шиырлап,
Қара жолдың
Аспанға аттым ақ шаңын.
Кітаптардың
Беттерінен сыр іздеп,
Ғалам кезіп,
Тәтті ойларға батқанмын.
Қарсы алғанмын
Құрбы қызбен ең алғаш
Құла дүздің
Арайлаған ақ таңын.
Туған жердің
Тамырынан нәр алып,
Алыстағы
Арманыма аттандым!
Бұлақ басы...
Басталған бір тіршілік,
Бірінші рет
Маған күліп күн шығып,
Бірінші рет
Осы ауылда толқыдым.
Жүрегімнен
Елжіреген жыр шығып...
Бұлағымнан
Айығамын бір жұтсам,
Дүниеден
Кеткен кезде тұншығып!
СЫРМА
Шетінде ескі ауылдың бала күнім,
Жайлаймын жер мен көктің аралығын.
Ойнаймын құрбылармен қиқуласып,
Қорғанды қардан үйген жарады үнім.
Далада кеше ғана тырна қонған,
Сырғиды қарды сипап, сырма боран,
Барады өткен іздің бәрін көміп,
Қарайды оған бей-жай мына жалған.
Ақ селеуден сырласын табатындай,
Ақ қайыңға оралып қонатындай,
Сумаңдайды құмдағы ақ жыландай,
Суылдайды құстардың қанатындай.
Сырма биі сылқылдап бір тынбайды,
Саябырсып кейде сәл, тың тыңдайды,
Ала қашып жөнелсе ақша қарды,
Сынығындай шынының жылтырайды.
Сылқым судай сыңқылдап сай-салада,
Сылаңдайды сұлудай айдалада.
Адырлардан үптеген ұлпа қарды
Сыйлайды екен апарып қай балаға?!
Сырмаменен сырларым дала кезіп,
Сырғанайды тынымсыз жаннан безіп.
Сыңсиды кеп сыздатып сай-сүйекті,
Суырады өзекті, сананы езіп.
Нені іздейді тынымсыз бұлтты күнде,
Қайда бармақ, артады жүкті кімге?
Жетер жері бар ма екен еркін желдің,
Не табады жеткенде түп-түбінде?!
Қимай-қимай қонғанда күн ұяға,
Бұлыңғыр күйге енеді дүния да.
Үдей түсіп екпіні адуынның,
Ақ құйрығын айға атып, құлия ма?!
Байыз таппай жалғандық жарасымда,
Балғын ойым байланып борасынға.
Бұлдыраңдап қуады толған айды,
Бұлаңдаған бұйра бұлт арасында.
Жеткізбейді жұмбақ ай, тұңғиық көк,
Сырма боран сарнайды: «Тым биіктеп,
Қарағым-ау, қайтесің, маған орал,
Көкжиектің түбіне сүңгиік!» – деп.
«Орал маған» дегенде боран маған,
Орай-борай ойымды орап алған...
Қайда менің сол бір кез, балаң күйім,
Қармен бірге қайтадан оралмаған!?
Ойым қайда ақ боран ала қашқан,
Ойын қайда құрбымен араласқан...
Сусып аққан уақыттай тұрақ таппай,
Сырма көше береді, қалады аспан!
АҚ КӨГЕРШІН
Ақмаралға
Тынық мұхиттың жағасынан,
Таудай толқынның арасынан,
Талып жетеді бір әуен
Кешегі Кеңащының баласынан:
– Ақ көгершін, көгершін,
Қалай, қалай ұшасың?
– Міне былай, міне былай,
Қанат қағып ұшамын!
Ұшамын дейтін...
Білген бе алыс кетерін?
Қалдырып қимас
Киелі ата мекенін.
Сезген бе сонда
Сәбидің таза жүрегі,
Көгершін болып,
Көк мұхит асып кетерін!
Мұхитты бойлап,
Даланы ойлап, елжіреп,
Көкжиек кезген
Қарақат көзі мөлдіреп.
Тұрғанда толқып,
Толқынның жалы елестер,
Әженің аппақ
Орамалындай желбіреп!
Жанарын сулап,
Құлағы шулап, жағада,
Құшағын жаяр
Жүгіріп келген балаға...
Тынғанда толқын,
Айдыны мұхит ұқсайды.
Селеумен ойнап,
Керіліп жатқан далаға!
Сағыныш күйі
Тұнып-ақ жатыр тереңде,
Балалық шақта
Айтатын сүйіп өлең де.
Жармасып қана,
Толқынның аппақ жалына,
Даланың бір түп
Жусаны қалқып келер ме?!
Келсе ғой кешіп,
Айдынды мұхит әлемін,
Қуанар еді,
Исінен тауып жан емін.
Құлағы кейде
Шалғандай болып тұрады.
«Құлыным» деген
Мейірлі үнін әженің!
Арман ғой өмір,
Қол бұлғар алда нелер шың.
Бұйырса бәрін
Көрерсің, өсіп, өнерсің.
Аман-сау жүрші,
Қанатың талмай қияда.
Мұхиттан асқан
Ақ пейіл, аппақ көгершін!
ДАҢҒАЗА МЕН ӨЛЕҢ
Даңғазаға
Дарақылар сүйіне,
Қол соққанда,
Іштей күліп, күйіне,
Жер шарының
Жүгін артып, жүрекке,
Ақын қайтып келе жатты,
Үйіне.
Қазағымда
Ағыл-тегіл, көп өлең,
Көп болғасын,
Алтынымсың демеген,
Сақтап қалған
Елдігі мен ерлігін,
Өлеңі ғой,
Қиналғанда жебеген...
Жасын жырлы
Асылдардың сынығын,
Ешкім де жоқ
Ел алдында елеген!
Ақындықта
Құн қалды ма?
Мұң қалды!
Қандай өлең талқыланды,
Тыңдалды.
Түгел сөздің түбін қуып,
Түгендеп,
Түсінетін
Осы күні кім бар-ды?!
Жын қуғандай жанталасып,
Жан-жақтан,
Өліп-өшіп
Жарнамаға жармасқан.
Ақы-пұлын
Ебін тауып өткізіп,
Әркім сөйлер
Ақылынан алжасқан.
Даңғаза мен
Дақпырт басқан заманда,
Жылтыр беттер
Жұлдыз болса май басқан.
Ой азабын
Арқалаған ақынды,
Ұғатындай
Үнсіз ғана айлы аспан!
Керегі не кітап жазып,
Жыр жазып,
Жүйкеңді жеп,
Жаның қинап, құр қажып,
Жазған жырың кімге дәрі,
Кімге азық,
Келер күнің
Кірер көрін тұр қазып!
Ой бөлісер оқырмансыз,
Ормансыз,
Өлең сөздің
Болашағы болжамсыз.
Ақиқаты зерделеніп,
Ақыны,
Оқылатын
Орыс қандай армансыз?
Мадақ сөз бен
Мазақ сөзге жол беріп,
Қазақ жыры
Қалғаны ма қорғансыз!?
Жақсы-жайсаң
Жыр батпанын салмақтар.
Қасақана
Басқаларды ардақтар.
Өшігеді
Неге сонша өлеңге?
Өйткені онда
Иілмейтін аруақ бар!
Нағыз өлең
Туады ақыл, жігерден.
Тәуелсіз ол,
Жеміңнен де, шідерден.
Шын ақындар
Шығыста да, Батыста.
Бар тарихты
Таразылап түгендеп,
Патшаның да
Ақ-қарасын айырып,
Күнәһарлау
Кейіпкер ғып жіберген!
Тарихына
Ой жүгіртсең көп елдің,
Түр-түріне
Қанығасың кемелдің.
Кейде тұтас
Патшалықты сыйғызар,
Бір шумағы,
Бір-ақ жолы өлеңнің!
Жанды баурап
Жорға тілдің бүлкілі,
Қаныңда ойнар
Найзағайдың күркірі.
Өлең сөзді
Көпе-көрнеу елемеу –
Ана тілді
Кемсітудің бір түрі!
Көкірегі
Көрсоқыр-ды, керең-ді,
Көре алмайды
Өлеңдегі тереңді.
Ғалым атын
Жамылып ап залымдар,
Тұншықтырып
Өлтірмек пе өлеңді!?
Лаулай беріп
Өшті неге жалындар?
Күйінгеннен
Ішті неге дарындар?
Тірілерді
Өлтіріп ап үн-түнсіз,
Жоқтау сөзге
Көшті неге ғалымдар?!
Тоқта, ақыным...
Қымбат па еді құр пікір?
Пікіршілдік пиғылдан қаш!
Тұр, құтыл!
Ақындығың рас болса,
Сатулы,
Күпіршілдік
Пікірлерге бір түкір!
Нағыз ақын
Бола алмайды назалы ер,
Ғайыптан кеп,
Қонған жырды жаза бер.
Оқымаса
Оқымысты оқымас,
Оқиды әлі
Аман тұрса қазақ ел!
Разы болып
Халқың берген бағаға,
Қарапайым
Қалпыңмен жүр арада.
Елге беріп
Құдай берген өнерді,
Ізгі ойларды
Оята бер санада!
Өлеңмен ел
Өркен жайып өскен-ді,
Өткір сөзбен
Топас тонды тескен-ді,
Өлмес рухын
Өлеңіне тапсырып,
Келешекке
Көше берер көшпенді!
Тірлік-тартыс,
Жеңеді деп қай кеңес,
Жүріп жатқан
Күнде, түнде, айда егес.
Өлең бірақ,
Биік соның бәрінен,
Пендешілік
Бәсеке емес, бәйге емес!
Ойға шомып,
Көңіл тербеп, бағар мұң,
Лүпілдеген
Жүрегіндей ғаламның,
Поэзия
Мөлдір, жұмбақ бір әлем,
Жаратқанға
Жақындауы адамның!
ҚАРА ҚЫЗҒА МАДАҚ
«Ай аруды
Әспеттейді бар аңыз,
Ал біз мүлдем
Ескерусіз қаламыз,
Жазыңызшы
Мадақ жырын бізге!» – деп,
Күлімдеді
Кең сабадай қара қыз!
Адам ұлы
Аяулысын аппақ дер,
Аппақ қызды
Ел ардақтап, таппақшы ер,
Сұлулыққа
Сүйсінеді әркім де,
Мықты болсаң,
Қара қызды мақтап көр!
Ойнақтаған ойсыз емес,
Шоқ басқан,
Тәрбиелі,
Тыйым сөзге тоқтасқан.
Қараңғыны
Жарық қылып, жылытқан,
Қарақаттай көзі қандай
От шашқан!
Қара шашы
Сәйгүліктің жалындай,
Тісі – маржан,
Тілі гүлдің балындай.
Қара жорға
Қара жолда тайпалған,
Тұңғиығы
Тұнып жатқан танылмай!
Қарға аунаған
Емес орман түлкісі,
Көлгір емес,
Шын жүректен күлкісі.
Кезген емес
Дүниені көзді арбап,
Жүзі жарқын,
Қисаймаған үкісі!
Көлдей тұнық көңілдері,
Қаяусыз,
Опа, далап
Жақпайды олар аяусыз.
Саяхатқа
Анголаға апарсаң,
Аппақ болып көрінбей ме,
Бояусыз!
Айнымаған
Ата жолдан, ізеттен,
Мейір төгіп,
Айналасын ізгі еткен.
Қара қыздың
Қара қазан қолында,
Қара орманның
Қасиетін күзеткен!
Тастай берік
Ерге берген сертіне,
Шалдықпаған
Жалт-жұлт жұлдыз дертіне.
Құдайынан
Кем көрмейді жұбайын,
Күйдірмейді
Қызғаныштың өртіне!
Қайыспайтын
Қара нардай жегінге.
Қарға тамыр,
Қабырғалы елімде,
Құрсағына
Құт дарыған қазына,
Қара торы ана болса,
Тегін бе?!
Білмейді олар
Желік қуған селтеңді,
Көре білсең
Көңілі пәк, көркем-ді,
Қара қыздар
Қазағымның құнары,
Әулиедей
Әжелер ғой ертеңгі!
Аталардан
Ықыласты бата алған,
Қаймықпаған
Қара бұлттай қаһардан,
Қара қыздан
Қабылан боп туғасын,
Қалың қазақ
Қара қазақ атанған!
Шындығы осы,
Қоссам да ептеп әзілді,
Қағидаға
Қайшы келер қазіргі...
Инеліктей аппағынан әлемнің,
Мама қаздай қара қыздар қадірлі!
КҮНӘЛІ БОЛСАҢ...
Күнәлі болып
Қалдың ба жаным, байқамай,
Өмір ғой енді...
Болады жұмбақ жай талай.
Қапысын таппай
Қоймайды-ау қамсыз пенденің,
Сақпанын сайлап,
Қақпанын құрған сайтан-ай.
Адамның жаны
Ұқсайды мөлдір тұмаға,
Қиыршық түссе,
Лайланып батар күнәға.
Жылама, жаным,
Ешкімге және мұң шақпа,
Қайшылық толы
Тағдырды әркім ұға ма?!
Күнәсіз пенде
Болмайды мына ғаламда,
Ол үшін бірақ,
Жатқызба бәрін жаманға.
Тәубаға келсең,
Тазарар қайта тұнығың,
Кешеді құдай,
Құдайдың құлы адам да!
Қаншама қашық
Қара мен ақтың арасы,
Бір бояу емес
Ақылға салып қарашы.
Аппақ та емес,
Қара да емес адамдар,
Аралық түсте
Кешеді-ау ғұмыр шамасы!
Оңай ма іздеу,
Өмірдің биік мұратын.
Түйіртпек аз ба,
Түбіне жүрек тұнатын.
Адамның жаны
Бір жұмбақ ағын сияқты.
Лайытып барып,
Тазарып іштей тұратын!
ОРАЛУ ЖОҚ ҚОЙ...
Аяулым менің,
Аман бол енді,
Айда анық
Оралу жоқ қой.
Өткенге қайра айналып,
Жадымнан неге
Кетпейсің мүлде көшіп сен?
Жанымыз әлде
Қалды ма мәңгі байланып?!
Толғанып кейде
Ғажайып күйді сағынып,
Мұңайған шақта
Өзіңе өзің шағынып,
Түсіңде көріп
Арайлы таңның алдында,
Ояндың ба екен
Ақ сәуле алқа тағынып?!
МҰҢАЙМА, ЖАНЫМ
Мұңайма, жаным,
Мұң деген жегі
Жеп қояр сені білінбей,
Бірінен бірі
Туындай берер
Тұныққа түскен дірілдей.
Төбеңнен төнсе
Түнерген бұлттай...
Түріле көшер көгіңнен,
Аңқылдап желдей,
Жадырап күндей
Күлімдеп жүрсең, күлімдей...
Дақ салмай қоймас
Дойырлау тірлік
Аңғал да нәзік көңілге,
Қайғысыз, қамсыз,
Уайымсыз кім бар,
Жанталас мына өмірде,
Арайын жанның,
Сарайын тәннің
Тазартып тұрмай болмайды.
Желініп бітер,
Жеңіліп тынар,
Тат түссе болат темір де!
ӘРБІР АДАМ...
Бұйрық айтпа, байыбына бармастан,
Қанат қаққан шексіздікке талмастан,
Әрбір адам жазылмаған бір кітап,
Бір-бір аруақ, бүгінгіге жалғасқан.
Әрбір адам танылмаған бір тарих,
Аман қалған оқ пен оттан, алмастан,
Құлақ түріп тыңдай білсең, әр адам,
Алма жеген атасы айтқан алғашқы ән.
Ескі тамыр, үзілмеген ежелден,
Жапырағы келешекке жармасқан!
ҰШЫП КЕТКЕН ҮН
Амангелді Сембиннің рухына
Әнімен
Таңғалдырған тәмам елді,
Аяулы
Әнші Сембин Амангелді.
Мәскеуде
Оқып жүрген албырт кезде,
Бір әнге
Күн батарда салған еді!
Салсаң да
Ән сынақтың қандайына,
Жарқырап
Дара тұрған маңдайында.
Біржанның
Көмейінен үзілген үн,
Аманның
Қонды ма екен таңдайына?!
Атылды
Әннің көкке ақбұлағы,
Түнгі Мәскеу тербеліп,
Аптығады,
Маэстро!
Бис! Бис! –
Деп, қолын соқты,
Бас тартып,
Күткендей-ақ бас құданы.
Әнімен
Амангелді баурап алды,
Алмаған ешкім жаулап
Москваны,
Жаңғыртты
Ығы-жығы көшелерін,
Бұлбұлдың
Балкондағы шаттық әні.
Кім білсін,
Қайталанбас сол бір сәтте,
Айтылып кетті ме екен
Ақтық әні?
Кеңестік көсемдерге
Жақпағанмен,
Көшеліге
Ән отын жақты - дағы,
Москвалық
Табысқа масаттанып,
Москвалық арақпен
Ащылады!
Ащылады...
Аямай ащылатты...
Ағайын тойға тартты,
Тасты қатты,
Қызбабас,
Қошеметшіл қыздырмалар,
Қадірлі қонақ қылып
«Жақсы бақты»,
Өкпесі
Күйіп кетер деп ойламай,
Кеу-кеулеп,
Құлагерге қамшы басты!
Шаңдағын
Түріп айдап лас қаланың,
Тоқтатып
Жан тырнаған мастар әнін.
Балконнан
Амангелді ән салғанда,
Жастары
Шайқатылған бас қаланың.
Бұлбұлды
Сайратпақшы болған торда,
Биліктің
Қырау басқан қас-қабағын,
Жаңғыртқан
Жер-жаһанды бұла дауыс,
Кернеген
Көк күмбезін Ла-Скаланың!
Шырқады
Кең залдарда заңғарларға,
Дауысы
Жетті шыңға,
Аңғарларға.
Ел ұйып,
Ең ұлық деп айдар тақты,
Ең биік ноталарды
Алған жанға.
Елітіп
Күміс көмей күмбіріне,
Үздіккен
Аруларда арман бар ма...
Аққу ән
Неге адасты айдынынан?!
Кім білсін,
Үркітті ме құзғын, қарға,
Шыдамай ән отына
Күйіп кетті,
Ресторан,
Сырахана, подвалдарда.
Қиқулап,
Қамқорсыған топқа алданды,
Қарамай талапқа да,
Талғамға да!
Ән арман,
Орта жолда кетті құлап,
Ес жиып,
Ойланғанда кеш-ті бірақ,
Түн тербеп,
Күн түбіне үні жеткен,
Ұлы әнші
Іштей өксіп өтті жылап.
Сыйлады
Жан шуағын шәкірттерге,
Өмірде
Жақты шырақ, ашты бұлақ.
Тіршілік
Тұсағанмен төрт аяғын,
Ұстатпай
Асқақ үні кетті бірақ!
Тумайды
Хас таланттар тектен-текке,
Өнерде
Кім бар екен жеткен шекке!
Әуеде
Жаңғырады сол бір дауыс,
Көктен кеп,
Ұшып қайта кеткен көкке!
Көп пе екен,
Шын жүйріктер, аз ақ па екен?!
Сембинін
Сағынады азат мекен.
Жарқ етті де,
Жоқ болып кетті дейміз,
Ғажайып
Сонысымен ғажап па екен?!
БІР ҒҰМЫР
Татар ақсақалы Назыйим Сэйфуллинге
Купеде,
Екі адамдық,
Бүгінгі сал,
Өзгеше
Түндегіден күндізгі хал,
Қыз келсе
Сырласатын деп отырса,
Көтеріп
Төрт сөмкені кірді бір шал!
Сексенде
Сексеуілдей қатардағы,
Жараған сәйгүліктей
Сапардағы.
Қаңтарда қақап тұрған,
Қазан жаққа,
Ауылын іздеп барған
Татардағы!
– Назыйим – менің атым,
Назым деді,
Қазақта
Қыз аты деп әзілдеді,
Жасарып
Жанарынан ұшқын атты,
Жазылып
Әзілменен әжімдері...
– Не нәрсе,
Жол тартқызған кәрі қыста,
Сыздатқан
Жүрегіңді сағыныш па?
Сары аяз сақылдап тұр,
Сықыр-сықыр,
Қол емес,
Ел кезетін сабылысқа!
– Жер шіркін
Тірі жанға жұп-жұмыр деп, –
Татары
Қарағанды тұр күлімдеп.
– Адамға
Туған жерден ыстық не бар,
Елімді
Бір көруім – бір ғұмыр деп!
Бір ғұмыр – бір көргенім!
Не деген сөз!
Шығады-ау,
Көп көргеннен кемеңгер сөз,
Шын өмір,
Тағдыр-талқы деген осы,
Қоспаған
Сөзге көбік, өлеңге жез!
БЕТПЕРДЕ
Көзге күліп,
Секілденіп сүйінген,
Көзің тайса,
Күншілдіктен күйінген.
Алақаны
Қағып тұрып арқаңнан,
Сәл нәрседен
Жұдырық боп түйілген,
Пенделердің
Көңілі де сатулы,
Бедел деген
Перде,
Бетке киілген!
Бастық болсаң,
Боданыңа беделсің,
Көсем болсаң,
Көрсоқырға кемелсің.
Шын беделді
Түскенде көр тағыңнан,
Жанын сатқан
Пенделікке не дерсің!?
Бедел қап па
Енді бізге уайым боп,
Жеп бітеді
Жанды жегі, қайыңды от,
Жалған бедел
Жинаймын деп әркімге,
Жанталасып,
Жалбақтайтын жайым жоқ!
БАҚ ПЕН БАҒА
Сенің бағың байлаулы ма бағасына біреудің?
Қажеті не оған бола жүйкеңді жеп жүдеудің!?
Төрелігін айтатындай төніп тұрып төбеңнен,
Екі бірдей дүниеге бола қапты тіреу кім!?
Өкпелетіп, опындырып, опырардай ол сені,
Кім соншама кеуде керген, бір-ақ мысқал мөлшері,
Бәз біреуге ренжісең, әлсіздігің өзіңнің,
Ойлап көрші, ол емес қой бұл өмірдің өлшемі?
ТІРІМІН...
Күннің көзінде,
Жердің жүзінде келемін.
Тірімін,
Өмірге
Бар әлі керегім.
Көзімде – мейірім,
Көңлімде – өлеңім,
Бағым мен байлығым,
Адамға берерім.
Өлеңмен жұбатып
Дүние ғаламды,
Келеді бәрін де
Өлеңге бөлегім...
МЕН БАРМАҒАНАРАЛДАР...
Адамзатта таусылған ба армандар,
Арманда да орындалмай қалған бар.
Әлі күнге шақырады түсімде,
Мен адасып кете алмаған ормандар!
Күннен-күнге кетпес арман азайып,
Емін-еркін қиял-қанат жазайық.
Мен баспаған жерлер тұнған жұмбақ сыр,
Мен шықпаған таулар неткен ғажайып!
Көк теңізді кешіп қанша адамдар,
Көкжиектен бақыт іздеп амалдар.
Мен жүзбеген мұхит қандай тұңғиық,
Жасыл жұмақ пен бармаған аралдар!
Оңай болып көрінгенмен ойдағы,
Қол жетпейді құба сайға айдағы,
Ыстық неге көңіліме ерекше,
Мен кезбеген Мұзды мұхит аймағы!
Көкшіл мұздың көлбеңдеген сұлбасы,
Аппақ әлем –жердің шеті, жыр басы.
Керемет боп көрінеді неліктен,
Оппа қарда ақ аюдың тұлғасы!
Сұрғылт көкті тымық қоңыр күздегі,
Суылдатып қайтқан құстар тізбегі...
Араласқан жапырақпен сары ала
Тайгадағы жолбарыстың іздері...
Табиғатқа үнсіз іштей ілесіп,
Менің жаным сонда нені іздеді?!
ИГУАСУ
Тау кернеп,
Тастан өрлеп,
Үңгіп асу,
Білмейтін аққан сайын
Бір жуасу.
Ең жойқын сарқырама
Жаһандағы,
Мың құлаш биіктігі
Игуасу!
Игі су,
Игі асумен үндесетін,
Үндістің
Үздіктірген күй дуасы.
Орғиды
Бір жартастан бір жартасқа,
Ғажайып,
Табиғаттан сый бұл асу,
Жылжып кеп,
Шұңғымаға жығылатын,
Мұнарлы уақыт-мұңға
Мың куә су!
ЗЕРЕНДІ ТҰНҒАН ЗЕРЛІӨЛЕҢ
Зер салар деп зерделі,
Зерлеп жаздым өлеңді.
Зеренге қалай сыйды екен,
Өлеңге сыймас Зеренді!
Білезігі зеңгірдің,
Үзіліп түскен Зеренді.
Жүзігіндей жұлдыздың,
Тізіліп түскен Зеренді.
Желігіп келген мергенді,
Желімен жөндер Зеренді.
Зерігіп келген зергерді
Зерімен емдер Зеренді!
Ақ шағыл құмы сүзгідей,
Көздері көлдің күзгідей,
Қайраңы тіздеп қайрағын,
Қожырлы тасы күрзідей.
Зеңгіден безген бұзаудай,
Бұжырбоз жартас базына,
Бозалаң таңғы тұманға
Оранған өлке – қазына!
Қара құз кезер керіліп,
Зәңгідей зәрлі найзасын.
Заулап бір өткен заманда,
Зәузаттың ізі қайдасың?!
Шеңбірек атқан шерлі көл,
Зеңбірек тесіп өтпеген.
Айзере қыздың шолпысы-ай,
Сыңғыры тауға беттеген!
Сұқсырдың үні сұңқылдап,
Сызылған әнмен үйлесіп,
Үздігіп ізгі сезіммен,
Кетесің ғажап күй кешіп.
Зеңітіп тұрған санаңды,
Кеңітіп берер бір демде.
Зынданнан шығып зымыран,
Зың ете қалар жыр кеуде.
Қарағай көкке шаншылған,
Құшақтап ару қайыңды.
Зәрезап болған зар көңіл,
Ұмытар сонда уайымды.
Зеренді тұнған зерлі өлең,
Зерделеп оқыр жан бар ма?!
Күн де өлең, көл де, түн де өлең,
Өрлеген тауға орман да!
Сабырмен күліп күз күні,
Тартады көңіл тізгінін.
Зеренді жерін кезіп көр,
Іздесең үзбей ізгіні.
ӨТКЕННІҢ ЕЛЕСІ
Саясат
Сара жолды салмақтар дөп:
«Құдай жоқ,
Пайғамбар жоқ,
Аруақ та жоқ,
Мәңгілік материя
Кеңістікті,
Кезеді
Жел айдаған қаңбақтай боп!
Әлемнің
Етек-жеңін жыйғызамыз,
Тентекті
Тәртіпке сап тыйғызамыз.
Тарыдай қауыздағы,
Дүниені,
Партия
Қаулысына сыйғызамыз!»
Жақсыны жер аударды,
Қудалады,
Белсенді
Шолтаңдаған уралады.
Сарабдал саналыны
Торға қамап,
Саясат
Семсерімен туралады...
Сыймады,
Қаулыға өмір,
Сия алмады,
Тамырын
Тіршіліктің қия алмады.
Туралып кетті өздері,
Торда қалды,
Құдайсып,
Ұмытқандар бір Алланы.
ПРЕЗИДИУМ
– Бекітіп ірге,
Келтіріп бірге күре, қиюын,
Түгендеп тірлік,
Күнбе-күн тізіп кіре құюын.
Ұйғарған ұйым
Қиын істерге мойныңды бұрып,
Мығымдап мимен,
Иығың тосып, тіре, диюым! –
Пәрменнен мұндай
Дәрменін аяр дегендей кімің,
Төбеден төніп,
Тұнжырап отыр президиум!
ОРДА МЕН ЛАШЫҚ
Бәйтерегің бұлт оранса,
Айбат қой,
Ғимараттар...
Бой түзеткен қайратты ой,
Төр-тамаша,
Өрлесең де таласа,
Босағада кімдер отыр,
Ойлап қой!
Құлашыңды
Сермесең де қашыққа,
Асқақтауға
Зәулім үйде асықпа.
Еске алып тұр
Тірлік кешкен жандарды,
Сыз қабырға,
Мұз еденді лашықта!
ӨКІМ МЕН ӨЛЕҢ
Қай атаңнан естідің,
Өлең-жырдан қазаққа
Өкім жақын дегенді.
Көшпенділер ежелден
Өлеңмен көкке көтеріп,
Өлеңмен ұрған енеңді,
Үлкендерге ізет қып,
Кішілерге құрмет қып,
Өз басымды исем де,
Ие алмаймын ешкімге
Атадан қалған өлеңді!
Түсінсең де осылай,
Түсінбесең де сол енді!
Алашқа біткен ақ өлең,
Манасқа біткен сап өлең.
Пәнилігі – бақ өлең,
Бақилығы – пәк өлең.
Жұртымның қан мен жаны өлең,
Термелеп кетсең түрі көп,
Тереңдеп көрсең түбі жоқ,
Тіршіліктің бәрі өлең,
Ғасырына ғарыштың
Қаймықпай келген қайсарым
Қазаққа біткен қара өлең.
Жарқырай берші жаңғырып,
Мың компьютер жабылып,
Мың жылда жасап бере алмас,
Мәңгілік жап-жас кәрі өлең!
ӨЛЕҢНІҢ ӨКПЕСІ
Өлең бізге өкпелеулі сыңайлы,
Өзек қылған кең дүние, күн, айды.
Жетесіздік желіккенде желбіреп,
Жетімсіреп жертөледе жылайды.
Өлеңге обал, өшіп қалған оқылмай,
Обырлықты айтпағанда былайғы.
Ауық-ауық ақылымды аунатып,
Тумай кеткен құмай өлең тулайды.
Елдігіңді, бәлкім, уақыт құйыны
Өлеңіңді тұншықтырып сынайды.
Өлеңсіз ел – ел бола ма, келер күн
Әлі бізден жырдың құнын сұрайды.
Әулиені көлегейлеп әуейі,
Ескі сөз де, есті сөз де мұңайды.
Әлі менің жазылмаған жырым көп,
Сөзбен сурет салсам деймін шырайлы...
Өлең бірақ, өкпелеулі сыңайлы!
АҚЫНДЫҚТЫҢ ӨЛШЕМІ...
Ақындықтың өлшемі өлең ғана,
Келсе қолдан жазып көр терең, дана.
«Өнер алды – қызыл тіл» деуші еді ғой,
Неге өлеңге бұл күнде керең дала!?
Ақындықтың белгісі жырдың жаны,
Ойдың нәрін татырса тілдің дәмі.
Қырдың әні түрленіп қылымдағы,
Құлпырмай ма тіріліп гүлдің бәрі!
Киелі жыр ақынға келген көктен,
Желік емес, желп етіп желмен кеткен.
Ақындықтың өлшемі – өлең ғана,
Жүрмейді оған пенделік, шен мен шекпен.
Алдауға да, ақынды мақтауға да,
Байлауға да болады, соттауға да,
Бірақ өлең бағынбас!
Бағынғаны,
Ұйқастырған қызыл сөз, оттау ғана!
АЛҒЫС
Өттік біз де біраз өмір өткелін,
Көрдік қыс пен жазиралы көктемін.
Базынам да бар шығар-ау бірталай,
Адамдарға алғысым да көп менің!
Қиналғанда,
Жүдеп-жадап жүрегім,
Сүйеу болды мейіріммен ұлы елім,
Ей, адамдар!
Мен сіздерге ішімнен,
Алғыс айтып,
Тілеулес боп жүремін!
АЙЛА
Қабанға қарсы ұмтылма, ер дегенге...
Тұрмағамбет Ізтілеуов.
Қабанға қарсы ұмтылма,
Айналып кет.
Қуа берсе,
Бөгелме ойланып көп.
Сайғанда
Сайдың тасын қақ бөлетін,
Сүңгідей
Сайманыңмен сайланып соқ!
Қамалға
Тік шабатын батыр қайда,
Айқасы бұл заманның
Ақыл, айла.
Амалдап,
Бір басыңды аман сақта,
Қайтарар
Халқың үшін хақыңды ойла.
Көбесі
Көлеңкенің сөгілмейді,
Көз жасы
Көлденеңге төгілмейді.
Ерлері
Бүгінгінің бәрі айлакер,
Құпия,
Көпшілікке көрінбейді.
Жүректе
Иманың мен Отан тұрсын,
Арқаңда
Аруағың боп атаң тұрсын.
Тисін деп түйір пайдаң
Туған елге,
Жадыңда
Атаң берген батаң тұрсын!
ЕСКІ БІР СУРЕТ...
Ақ боз үйлер қалғығанда майсада,
Саумал иісін аңқытады тай саба.
Сар даланы сағынышпен тербетіп,
Алтыбақан айналғанда ән сала.
Ақсүйекті қойынына жасырып,
Үнсіз ғана жымияды сай-сала.
Кеудесіне көрген сырды тұндырып,
Көкте қалқып бара жатыр ай сара.
Айға ілесіп кете алмайды қыз-жігіт,
Қолын созып, қанаттарын жайса да.
Табиғаттың тылсымына таңғалып,
Түнмен бірге тына қалған ой, сана!
КЕШКІ АУЫЛ
Болсам егер сурет жайын білетін,
Салар едім кешкі ауылдың суретін.
Күннің қызыл арайына малынып,
Қырдың жасыл шырайы бір кіретін.
Табын күткен топ ішінде қауқылдап,
Таяқ ұстап, кемпір-шалдар жүретін.
Сағым шағын сағынышпен еске алып,
Басты шайқап, кеңкілдесіп күлетін.
Топтан шеттеп, үнсіз ғана жымыңдап,
Бір бозбала, бір бойжеткен жүретін!
Өткен күнді еске алысып аз ғана,
Мәжіліске мәре-сәре мәз бола.
Табын келіп, таяқ сермеп кемпір-шал,
Жөнелгенде, жөткірініп қозғала,
Ең соңында бөгеледі елеусіз
Бал-бұл жанған бойжеткен мен бозбала!
Сиыр біткен ыңыранып, мөңіреп,
Жер көшкендей у-шу болып төңірек ,
Мал қорада бал бармақты жеңгейдің
Шелегіне сүт толғанда мөлдіреп,
Бұзау іздеп бозбала мен бойжеткен,
Қырда жүрер көйлектері желбіреп!
МҰХИТ ПЕН МҰҢ
Өзенді бойлап өлкені кезгім келеді,
Мекен ғып біраз қауырсын қанат кемені.
Ақша бұлттарға орана кетіп кей-кейде
Мұхитқа барып мұңымды шаққым келеді.
Мұңымды шақсам, ұғар ма мені көк теңіз,
Көк теңіз ұқса, басылар ма екен өкпеміз.
Біз неге сонша күйешіл болдық, күйдіргі,
Неліктен, айтшы, осындай болып кеткенбіз?!
Мұңайып барсам, мұхиттың өзі мұңды екен,
Айдынын лайлап, мұңайтқан оны кім екен?
Жаныңа дауа, дертіңе шипа болар ма,
Қашып барсаң да, қашықта жатқан мың мекен!
Өзіңнен өзің құтылам деме, қашсаң да,
Адамзат әлі ашпаған жерді бассаң да.
Алқына бермей, ақылға келіп, жүгінші,
Бойыңа қуат бойлатып құйған аспанға!
Іздесең пана риясыз таза сезіммен,
Табасың әуел иманнан, кәміл сенімнен.
Біреу кеп сенің көтермес тағдыр жүгіңді,
Табасың күшті өзіңнен ғана, өзіңнен!
ӘСІРЕ МАДАҚ
Кісіні күнге теңеу күнә болар,
Әулиеге теңеу де шүбә болар.
Ай деп айтсақ, асылық, айкезбелік,
Адастырып әкетер дуа болар!
Тыраштанып, жарыса мақтаймыз кеп,
Біз қалайша басқадан аспаймыз деп,
Ешкім әлі аузынан шығармаған
Жаңа теңеу неліктен таппаймыз деп,
Не бітіріп, не қойды халық үшін
Ол арасын саралап жатпаймыз көп!
АЙ МЕН БАЙ
Бедел болмас байғұс ат,
Бейғам елге қайғы сап,
Жатырсың ғой жайланып,
Шалқақ туған ай құсап.
Енді сенің алдыңнан
Жайылады қай құшақ!?
Пәлені бастап қайдағы,
Өріңнен түстің ойдағы.
Болса да жайсыз өзіме,
Жайлы болсын жерге деп,
Жайлы болсын елге деп,
Тік туады ай дағы,
Елге қызмет қылам деп,
Тік тұрады бай дағы!
ТАЛАС
Қара өлеңге таласы бар кімнің де...
Өлең бірақ таласатын жер ме екен?
Өмір – күрес деген сырды білдің бе...
Күрескеннің бәрі бірдей ер ме екен?
Өз күні үшін өзгелерді өшіріп,
Күрес түбі бірін-бірі жеу ме екен?!
ЖАРЫС
Өмір деген бәсеке, жарыс дейді,
Жарыста қалып қою намыс дейді.
Қайтсем асып түсем деп басқалардан
Жанталасып арпалыс, алыс дейді.
Қай мұратқа жетті екен жарысқандар,
Бірін-бірі жығам деп алысқандар.
Басқада жарыссаң да, ей, адамзат,
Басқыншылық соғысты бәсеке ғып,
Қырып-жою жолында жарыспаңдар,
Атыңа адам деген жараспай ма,
Жақсылықтың жолында жарыссаңдар!?
ӨМІР, НЕГЕ БҰЛАЙСЫҢ !? Күліп жүріп жылайсың, Жылап жүріп күлесің. Көңілге ыстық көп жанның Көшкендігін білесің.
Қимағасын жылайсың,
Қиналсаң да шыдайсың.
Күлдіріп тұрып жылатқан
Өмір, неге бұлайсың !?
ӨРІМ ӨМІР
Опындырып
Өркен жаяр өрімді,
Күрсіндіріп
Күн шуақты көңілді.
Көріп, біліп,
Бұл дәуреннің қызығын,
Жалған деуге,
Хақың бар ма өмірді!?
Жеткізгенше
Тағдыр, уақыт сызығын,
Бұзбай сөйле
Ата сөздің түзігін.
Алдамшы деп қақсай бермей,
Рұқсат бер,
Көрсін жастар
Бұл пәнидің қызығын!
ӨНЕГЕЛІ ЖОЛ
Өтесің-ау өмір деп,
Ағызбай көздің сорасын.
Көңілге жайлы, іздеп көр,
Қонымды сөздің сарасын.
Күйдірмек болған күйелеп
Елеме ездің табасын.
Қадірің білмес тобырдың,
Қайтесің төмен санасын.
Тұлғалар таудай көтерген,
Адамзаттың баласын.
Еңбектен тауып бағын да,
Еңбекпен алған бағасын.
Өнеге тұтып, үлгі қыл,
Адамның ізгі данасын.
Еліңе арна ісіңді,
Жолыңды сонда табасың!
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫМДАР
Адамға ең бастысы, иман, ақыл,
Бойыңа білім, қуат жиған мақұл.
Сақтайды сабыр – соттан, шүкір – оттан,
Әдепсіз мінез, нәпсі тыйған батыр!
*****
Жақсы сөз – жарым ырыс, жанға тыныс,
Айтарда әр сөзіңді таңда дұрыс.
Кіреді жылы сөзбен інге жылан,
Қынынан суырмайды жау да қылыш!
*****
Өмір ақылға сыймайды,
Сонысымен қинайды!
*****
Үш миллион адам өлді аштықта...
Үшеу емес...Үш мың емес...Миллион!
Өлді! Қалды! Сұрау да жоқ, сот та жоқ!
*****
Ғаламторға
Сыйып кеткен ғаламшар,
Қолыңа кеп
Қонып тұрған сияқты!
*****
Өмір бізді сындыруда,
Сынауда,
Шама да жоқ
Шыңғыруға,
Жылауға.
Боз қыраулы белден асқан
Құландар
Белгісіздік
Құрдымына құлауда!
*****
Туған жерің
Тұнып тұрған қасиет,
Біз өзіміз
Көп сезіне бермейміз!
*****
Туған елдің
Оттай ыстық құшағы.
Шыдай алмай
Күйіп-пісіп қаламыз!
*****
Сыздатып ызбар,
Бұздырып қанын мұз оба,
Зығырданы қайнап,
Алдырып бойын ызаға.
Дойырдай тілмен,
Добалдай қолмен қиратса,
Доброның өзі
Айналып кетер злоға!
*****
Кейде сөз –
Көзді алдаған қызыл құрақ,
Келтірген
Бірін иіп, бірін бұрап,
Құйрығы
Өтіріктің бір-ақ тұтам,
Құрығы
Сырығымен ұзын бірақ!
*****
Кезеді жандар
Көк пенен жерді,
Тынымсыз,
Іздейді нені?..
Мұздайды миың,
Сыздайды жаның
Ұғымсыз...
*****
Бар ма екен Күнде қапы,
Айда қата,
Тапты екен ұйық жерді,
Қайдан ата?
Не болды
Мәңгі өмірлік мән іздеген,
Гильгамеш,
Қорқыт,
Фауст,
Гайавата?!
*****
Алланың берген өнерін
Бәйгеге қоспа пенделік!
*****
Ғайыптан келген өлеңді,
Безбенге салып бездірме!
*****
Ақылдың түрі сан алуан,
Кім табар оның қатпарын?!
*****
Біржақты оймен түйіндеп,
Төрелік айту қауіпті!
*****
Ақылсыз адам адасар,
Имансыз ақыл қатерлі!
*****
Бітіргені бір батпан,
Пікірлері мың батпан!
*****
Нағыз ақындар
Сүйер әр қияны.
Еркін ғой олар,
Білмейді
Иерархияны!
*****
Бір адамға байланбаған шығарсың,
Байтақ әлем, түпсіз теңіз, құзар шың.
Мен өлеңсіз өмір сүре алмаспын,
Менсіз, өлең,
Сен де олқы боп тұрарсың!
ПОЭМАЛАРҚАЗАҚ КӨШІ
Қобыз бен абыз
Боздаған боз даладан үн келеді,
Ескендей ежелгінің мұңды өлеңі.
Бозторғай балбал тасқа қонақтаған,
Бұғады, білетіндей бірдемені!
Балбалдың әжімінен жел мүжіген,
Толғанып, ой қуасың ер ізімен.
Түріктің тақта отырған түп ханындай,
Таппайсың мұндай тұнжыр жер жүзінен!
Көнерген, күнге күйген әжімінен,
Іздейсің бір үндестік қазіргімен.
Байырғы ел күзеткен қариядай,
Бозарып таң атқанда көзін ілген!
Сарыны сан ғасырлық айға жеткен,
Қобызы қолындағы қайда кеткен?
Қазбауыр бұлтқа қосып аңыз жырын,
Абыздай мәңгі қалғып, ойға кеткен!
Көненің көңіл қозғар киесінен,
Кетпейді еңіреген күй есіңнен.
Жел мініп, жер бетінен көшіп кеткен,
Жұрттардың сыр шерткендей жүйесінен.
Қылқобыз күңіренген құла дүзде,
Мыңжылдық мұң құяды құба күзге.
Құйғытып қылқұйрықпен ғайып болған
Бабаның жұмбағы көп мына бізге!
Биіктен ой салады салмақты аспан,
Даланы, өтті заман, қалмақ басқан.
Үздігіп іздейсің кеп әлденені,
Қашалған қылым тарих таңба тастан!
Қаһарман жыры
Ай, жарықтық кең дала,
Құла дүз, құба жондар-ай,
Бір шетінен дүркіреп,
Құстай ұшқан киігі.
Бір шетіне зырқырап,
Қырық күнде жетпеген,
Бір жағының қар, мұзы
Сереленіп жатқанда,
Бір жағында бүр жарып,
Жемістері көктеген.
Көк бөрідей ұлдары
Көк сүңгісін көлбетіп,
Көлденеңдеп шапқанда
Түз тағысы қылт етіп,
Алдын кесіп өтпеген,
Сертке берік ерендер
Семсердің тұрып жүзінде
Дәмнен аттап кетпеген.
Асылық қылып асқақтап,
Қырсығып табақ теппеген.
Жаңылып кетсе азамат,
Азар беріп жанына,
Абыройын төкпеген.
Қан майданда жаудың да,
Ту сыртынан оқ атпай,
Басын тігіп бәйгеге,
Жекпе-жекке беттеген.
Арулар күлсе күймеден,
Үміттеніп түймеден,
Көрінгенді сүймеген,
Дүниені тербетіп,
Домбырасын күйлеген.
Аузыменен алдамай,
Тебіреніп, толғанып,
Жүрегімен сөйлеген.
Сүрінгенге күлмеген,
Жығылғанға тимеген,
Арқада қосы қисайса,
Дос түгіл, қасын сүйеген.
Атойлап алға атылып,
Ұрандап ұрыс салғанда,
Найзасының ұшында
Тоқсан қалша билеген.
Кердеңдеген кәуірді
Кәуаптай қылып түйреген!
Қазақтың қайран ерлері-ай,
Найзаларын саптасып,
Тұлпарларын баптасып,
Қылыштың жүзін таптасып,
Бірін-бірі ардақтап,
Батырсың деп мақтасып,
Қандай заман болад деп,
Алты малта, бес құртын
Қоржын түпке сақтасып,
Даланы жауға бастырмай,
Ел шетіне сақ болған.
Астарында тақ болған,
Бастарына бақ қонған,
Алты Алаштың баласы
Мызғымастай тұтасып,
Тұранның байтақ жерінде
Қырандай ұшқан шақ болған!
Даланың азат қазағы –
Адамзаттың ғажабы,
Артық-кемі тағы бар,
Аз емес тартқан азабы.
Жақтағанда бір-бірін,
Жаннан асқан бауырмал,
Бал ауызы бір бөлек,
Жақпағанда іші тар
Алауызы бір бөлек.
Қызғаныштан ішіне
Қарап жүріп кек қонған,
Бір-бірін мүжіп жеп болған,
Жігерлері мұқалып,
Жіліктері жұқарып,
Жүдеп тұрған кезінде,
Аңысын тауып жаулары
Аңтара шапқан шақ болған.
Даланың бетін өрт шалып,
Жұмыртқадай ақ үйлер
Отқа оранып жоқ болған.
Осы көрген қорлығы
Мәңгі-бақи қазаққа
Ұмытылмас дерт болған.
Ондай күнді құдайым
Бермесін деп ұрпаққа,
Тілек ќылып күндіз-түн
Сол үшін күрес-серт болған!
Қара шаңырақ қасиеті
Боздадың, қылқобызым, аңырадың,
Әз дәуір, азаттық боп сағынарың.
Ақыры тебіреніп төрге шықтың,
Көтеріп қазақ қара шаңырағын!
Шаңырақ – қазағымның қасиеті,
Арыс та, данышпан да бас иетін.
Шалқытып шаңырақтан шаттық әнін,
Танытқан жер-жаһанға дос ниетін!
Шаңырақ – алдырмайтын қамалы да,
Айбары, ақыл-ойы, амалы да.
Шаңыраққа алатын бір қаратып,
Тайраңдаған тасырлау қонағын да!
Қыран ұл шыңға беттеп, талап еткен,
Шаңыраққа қиылып қарап өткен.
Шаңырағын шайқалтпай жесір қатын,
Жетім ұлдан жеті ауыл тарап өскен!
Таусылып талай тағдыр, тәмамдалған,
Зеңбірек зіркілдеген замандардан.
Соқса да құйындата қара дауыл,
Қирамай қоңыр үйлер аман қалған.
Жұтатса да көненің көңіл күйін,
Жұта алмаған өлмейтін өмір күйін.
Қиратса да патшаның ақ сарайын,
Құрта алмаған қазақтың қоңыр үйін!
Жанға жылу жапанның суығында,
Ұшыратын ұлысты ұлы ұғымға.
Қасиеті төріне қонақтаған,
Киесі бар кереге, уығында.
Шаңырақта шарана жаралатын,
Шаңырақтан жан-жаққа таралатын.
Шаңыраққа жиылып шартараптан,
Шаңырақтан танытқан қазақ атын!
Бұл бір шындық, бүгінгі балдар ұғар,
Арттағы елді ұмытпа, алдағылар.
Көкке шырқап кетсең де, бір қарап қой,
Шаңырақта атаңның аруағы бар...
Шаңырағым, сен барда қазағым бар!
Қымыз иісі
Сан дәуір сахарадан өткен-кеткен,
Ат соғып, кенезесі көптен кепкен.
Саумал иісі самалмен аңқығанда,
Көңілі көшпендінің көкке жеткен!
Кектенбей, дұшпанға да таспен ұрған,
Дархан бабам ұялтып, аспен ұрған.
Дастарханы кең болып пейіліндей,
Керегелі елдігін доспен құрған!
Жеңілдетіп халқымның ауыр шағын,
Бірге кешкен дәм-тұзы дәуір сағым.
Бауырмалдық білдіріп қонағына,
Төге салған сап-сары бауырсағын!
Әжемнің дәмін қалай аңсамайын,
Әлемге әуелетіп ән салайын.
Қазы, қарта, жал, жая, құрт, ірімшік,
Сары қымыз ашатын жан сарайын.
Піскен сайын бұрқырап көн сабасы,
Саумал иісі аралап сай-саласын.
Ие болса ұл мен қыз қымызына,
Берік болар қазақтың босағасы!
Қаз қаңқылы
Қырдағы қаздың қаңқылы,
Қазақтың тербеп жүрегін.
Тұрғанда бөлек ән тыңдап,
Аспанға қиял қалқытып,
Ақ самалдай аңқылдап,
Ай, бір дәурен сүргенде,
Суылдап келді төбеден.
Қылыштай қанат жарқылдап,
Қырдағы бейғам қоңыр қаз,
Құладын қуды ілер деп,
Қырымға кетті қаңқылдап,
Ұрымға ұшты далпылдап!
Қорқаулар қоршауы
Айналғанда,
Елдің айды өлеңі,
Сипай басып,
Көлбеп жатқан көдені,
Ішке бүгіп
Селебедей тырнағын,
Қыр астында
Қорқау жортып келеді!
Қарыс азу,
Қанжар тістер сақылдап,
Қанды қасап
Қалды тіпті жақындап,
Қаперінде
Қауақ бастың қатер жоқ,
Қыр басында
Тақпақ айтқан тақылдап!
Қырып салды,
Қызыл қанға бояды.
Жарып тастап,
Жалмады жал, жаяны.
Сай салада
Саудырады сүйектер...
Бәрін көрді...
Үнсіз бірақ Ай әлі!
Адалдықтың
Қадірі жоқ арамға,
Ауыз салса,
Айналады тағамға.
Дуалайды,
Арбайды кеп алыстан,
Қуалайды
Қоршап алып, аранға!
Құлан қайғысы
Дүбірлетіп
Дүниені
Дүркіреген желісім,
Түгел шарлап,
Құла дүздің
Ой, қыры мен тегісін.
Құлан жортқан
Деген атақ,
Даңққа бөлеп, дүрілдеп,
Аңыз бен күй,
Өлең мен жыр,
Кернеп кеткен ел ішін.
Баяғыдай
Жатқан жоқ па
Байтақ дала керіліп,
Сыймадық па,
Неге сонша
Тарылады өрісім?!
Құба жонда
Қиқу шықса,
Құлашымды сермедім.
Ен далада,
Еркіндігім,
Жүйріктігім сенгенім.
Желмен ойнап,
Желіп жүрген
Жер жүзінің еркесі,
Жымды баққан,
Қанға құмар
Жыртқыштарға жем бе едім?!
О, Жаратқан!
Жал құйрық пен
Сом тұяқтың орнына,
Тастай жүрек,
Алмас азу,
Шеңгел неге бермедің!?
Әлде менің
Адалдығым,
Сор болды ма өзіме?
Жолықтым ба,
Асып, тасып,
Бір тосқанның кезіне.
Тарпаң мінез,
Темір тұяқ,
Сахараның тағысы.
Тап келдім бе,
Қапияда,
Тағдыр-талай тезіне!?
Көкейіне
Құрт түсіріп,
Жал-құйрығым төгілген,
Іліндім бе
Қанды қақпан,
Сұрмергеннің көзіне?
Қайдан келді,
Сұп-сұр болып,
Құба жонға бұл мерген?!
Қыр құланын
Қыр деп бұйрық,
Бұл мергенге кім берген?
Кімге қандай
Қысастығы
Батты тарпаң тұлпардың?
Қарды теуіп,
Аяз сүйіп,
Өз бетімен күн көрген!?
Күнге ұмтылса,
Күнә ме екен,
Күлте жалды құланға,
Боран ойнап,
Бодан ойлар,
Бойын буған түндерден!
Жазығым не?
Ешкіммен де
Жағаласып, алысып,
Көргенім жоқ.
Тірі жанның
Қанын ішіп, шабысып,
Бар болғаны
Өз бетіммен
Ұшсам деп ем далада.
Өз жолыммен,
Құйғытып бір,
Ескен желмен жарысып,
Ұшып бара жатқан кезде,
Ұшып түстім құдыққа,
Сұрмергеннің
Қорғасыны
Қабырғама жабысып!
Қырда туып,
Бұлтпен ойнап,
Құдықта өлген құланмын.
Құрбанымын,
Құландарды
Қыру деген ұранның,
Кете бардым,
Кең даламда,
Қас-қағымда қор болып.
Құлан құнын
Бұл жалғанда
Кімнен даулап сұрармын.
Қыл құйрығым
Қорқауларды
Буындырып мойнынан,
Қияметте
Қыл көпірде
Жерді тарпып тұрармын!
Құрбақа қуанышы
Тарпаң едің, құланым,
Тасқа тиіп тұяғың,
Тар құдыққа құладың.
Табаныма тиді-ау бір,
Қиған қамыс құлағың.
Жаныңды бақпай, паналап,
Жапырып көлдің құрағын.
Дауылға қарсы құйғытып,
Нең бар еді, пырағым.
Шеңгелінен жыртқыштың,
Суыра тартқан не сорың,
Ғұмырдың сансыз сұрағын,
Дүркіреп өтіп дүние,
Дүбіріңнің қырдағы,
Сезгемін бір күн тынарын.
Жұлдыздай аққан тағдырдың
Білгенмін бір күн сынарын.
Тұғырың қане, көктегі,
Құдықтың түбі – тұрағың.
Құландығыңды қайтейін,
Құрбақа болды сыңарың.
Құдықтың жатып түбінде,
Құлақтан басып, бақылдап,
Құр-құрлап мініп тұрамын.
Құдыққа құлан құласа,
Ілмей ме қуды құладын.
Құлаған сайын құландар,
Құдықпен бірге қуанып,
Сән-салтанат құрамын!
Құла дүз қасіреті
Құлады қария,
Кәрі әже,
Таусылып
Шара да, шама да,
Табылмай,
Талмайтын дәнеме,
Жығылды ана да,
Бала да.
Бар малын
Жарайтын кәдеге,
Тартып ап,
Бостырған далаға.
Әдейі
Жасалған бәлеге,
Қайрансыз
Батыр да, дана да.
Жалғанда
Жоқ мұндай ереже,
Сыймайды ақылға,
Санаға,
Қыруды
Көрсеңдер дәреже,
Қараңдар,
Күштілер, далаға!
Бұл нәубет,
Ғасырлық ғаламат,
Теңдесі
Бар ма екен ғаламда?!
Қырылды
Оқ тимей азамат,
Жалмауыз,
Зұлматты заманда,
Жұлынып
Тамырдан жамағат,
Тапталды
Аяусыз табанда,
Жабысып
Талғаусыз жаманат,
Туралған
Жақсы да, жаман да,
Қырмайды,
Қылады қанағат,
Тойған соң
Каннибал надан да,
Осынша
Жауыздық адамзат,
Жасайды
Қалайша адамға?!
Құлаған
Тірі адам кешегі,
Қураған қу сүйек,
Шашылған,
Ақырғы
Мекені, төсегі.
Құла дүз
Құлазып аһ ұрған.
Бозторғай
Шырылдап өтеді,
Боздақты
Биікке шақырған.
Осылай
Баянсыз көшеді,
Дүние
Қаншама асылдан.
Дәл саны
Көрсетер нешені?
Айтпайды,
Сұрап көр ғасырдан,
Құйтырқы
Кімдердің есебі,
Қанқұйлы
Қылмысты жасырған!?
Құзғын пиғылы
Шоқ! Шоқ! Шоқ! Шоқ!
Жанды ма ақыр,
Өртенді ме, күйді ме?
Өрт тілеген
Көптен бергі
Көз жасымды иді ме?
Сөнбесе екен,
Сөнбесе екен,
Лаулай түссін от, жалын,
Жалма бәрін...
Қара орманын,
Қора-жайын,
Үй міне!
Күйдіретін,
Бүлдіретін
Жерлерің де көп сенің.
Бір керемет,
Тамаша ғой
Біздер үшін теп-тегін.
Қажымастан
Күні-түні,
Тістеп әкеп, төбеден
Тастай берем,
Тамызық қып,
Жер жүзінің шөпшегін!
Күліп тұрған
Күллі ғалам
Күйік болып кеткенше.
Шөпшек тасып
Жүре берем
Күш-қуатым жеткенше.
Жаным кіріп,
Жанған сайын
Жалын құшып жер-жаһан,
Қуанамын,
Күлге айналып,
Түгел жанып біткенше!
Қарлығаш қайырымы
Қарапайым
Қарлығашпын...
Қасиетім негізгі,
Қайырымды,
Адамзатқа,
Үйір болдым ең ізгі,
Дүниенің
Өртін басып,
Сөндіруге талпынып,
Әкелемін,
Бір тамшыдан,
Тұзды суын теңіздің!
Бірін-бірі
Аямаған,
Өлтірген де, өртеген,
Ақыл-ойдың
Иесі адам,
Неге ойнайсың отпенен?
Отап, жалмап,
Жоймақпысың...
Шексіз ғалам, ғарышта,
Жер-Анадан басқа сенің
Үйің жоқ қой,
Жоқ кемең!
Болды ма әлде,
Бұлжымайтын,
Бұл бір сұмдық заңдылық,
Қанша ғасыр,
Адамды адам,
Қырып, жою, қан қылып?
Неге сонша,
Құмарсыңдар
Өлтіруге, өртеуге.
Одан басқа
Таппағандай,
Бұл өмірден мәнділік,
Тынбай қағып,
Талса дағы,
Қанатымды, шырылдап,
Су себелеп,
Өрт ғаламға
Тұра берем мәңгілік!
Адамзатты,
Кәрі күшті,
Зәрі қатты сұқтардан.
Қарлығашпын,
Қауырсындай
Ақ пейілім құтқарған,
Мен айрықша
Жақсы көрем,
Қарлығаш ниет қазақты,
Ынтымақты
Дос пен бауыр,
Тапқан он сан жұрттардан!
Қыран жыры
Бәрін көрдің арпалыстың,
Жанталасқан жалғанда.
Бәрін жеңдің, алты арыстың,
Аруағындай самғарда!
Күйкіліктен биік ұшқан,
Еркіндігің – жеңісің.
Дүниеге жайдың құлаш,
Көз жеткісіз өрісің!
Батысқа да барып қайттың
Шығысқа да шырқадың.
Теңіздің де дәмін таттың,
Көрдің құмның бұрқағын.
Тайганы да араладың,
Тау мен тастан қарғыдың.
Жер мен көкті сараладың,
Жылға татыр әр күнің.
Қыран атын қылым жұртқа,
Қиын сәтте таныттың.
Ақ ниетті мәрттік жырын,
Ай-әлемге ағыттың!
Азат көкте қанат жайып,
Таза рухпен қалықта.
Алтын күннің арайымен,
Ақиығым, шарықта!
АТЛАНТТАН АТПЕН ӨТКЕНАТАЛАРЫМ...
Әзіл поэма
Шығысқа шырқағандар
Уақыттың көк мұхиты тулағанда,
Заманның көк дауылы шулағанда,
Толқыған ру-тайпаның тарихынан
Топшылап, бір толғайын тыңдағанға!
Қиялап тау мен тасты Керей басқан,
Шатыр деп қайда болсын мерейлі аспан.
Шығандап Қиыр Шығыс шығып кетіп,
Басталған дейді содан Корей дастан!
Тарылып өскен елге жапан далам,
Жер шолып, менің атам Жапон барған.
Киото – киік оты, тоғайған соң,
Тоқ үйі – Токио тек атанбаған.
Шуылдап, жылқы қайда оттайды деп,
Дуылдап, шай қоятын от қайда деп,
Аралды азан-қазан қылғаннан соң,
Аталып кеткен екен Хоккайдо боп.
Аралы қоңсы қонған Хонсю бопты,
Күйсеуі, мал тойынып, Кюсю бопты.
Бабамыз басын қасып жағалауда,
«Апырмай, не деген суй, мол су!» – депті.
Аралдың бір төресі Окинава,
Орын бар ол жерде де қоқимаға.
Қиратудан карате ойлап тапқан
Кератаңа қарама қоқилана!
Бір атаң өскен екен білікті боп,
Ел оған лақап берген Біліппін деп.
Су кешіп, бір аралды иемденді
Тарихта аты қалды Филиппин боп!
Біліппін сүйген екен Мәмиләні,
Мың қыздан нақ сүйерін тани алды,
Сүйгені Мәмиләні соншалықты –
Атаған астанасы Маниланы!
Шашылған дүниеге талай атам,
Самоаны жайлаған Самай атам,
Атанды Малайзия деген ел боп,
Балықтың майын ішіп Малай атам.
Тайып хан Таитиге тайып кетті,
Қайып хан Гаитиде қайық тепті.
Мая би Майамиде маймыл қуып,
Гавайда Қабай атаң «кәйіп бопты»!
Сырықтай сирақтары суда тұра,
Шөмішін тұнық суға шым батыра,
Сусынын қандырғасын Суан батыр
Аталып кетіпті арал Суматра!
Бастады Бандар сері жол алам деп,
Қолқанат болды інісі Бегаман кеп,
Мұрын ел Брунейді мекен етіп,
Тұр бүгін Бандар-Сери-Бегаван боп!
Масқарды бастап шыққан Мадақ, Асқар,
Қоржында қырық-елу қадақ ас бар.
Теңізде шөлден кеуіп, аштан қатып,
Аралға әрең жеткен Мадагаскар!
Батысқа беттегендер
Көрмеген ақылынан артып айла,
Бармаған аталардың аты қайда?
Сванетия Сыбанға мекен болып,
Адыгей қоныс бопты Атығайға!
Қарашай Қарасайға бөтен емес,
Черкестен Шеркеш алыс кетер емес,
Атауларға ақырын ой жүгіртсең,
Ұқсауы түбірінің бекер емес!
Албания Албандар алған мекен,
Хорватың Қарқабаттан қалған екен.
Серіби Сербияға қанат жайып,
Қарадөң Черногория болған екен!
Жорыққа Балталы да аттаныпты,
Алпыс бір ала балта саптаныпты.
Теңізге алты балта батып кетіп,
Балта батқан Балтық деп ат қалыпты!
Басында әр тарихтың аталық тұр,
Көнеден қиялыңмен хат алып тұр,
Ителі Апеннинде қалып қойып,
Бұл күнде Италия аталып тұр.
Ыстыдан ысылған ер Ыспан екен,
Ысықтан Мортығали қосқан мекен.
Пір ене – Пиренейге тұрақтаған,
Бүгінгі Португалия, Испан екен.
Бірігіп Керей-Найман өріс тапты,
Олардан Кермания – неміс қапты.
Шатланып шот маңдайлы Шотаманың,
Жерінде Шотландия жеміс тапты!
Тауыпты Есентемір Ерлан қия,
Әйгілі осы күнгі Ирландия.
Рахиябек – қазіргі Рейкьявик,
Исландия – ер Еслан құрған ұя!
Нұралы, Нұрымбетпен Нұрбек, иә,
Тараған Ақымбеттен, бір боп ұя,
Бөлініп о да көшіп, шырқап кетіп,
Барған жері белгілі – Норвегия!
Барыпты Балға Керей Балқан тауға,
Бораннан орай-борай қалқан тауға.
Қорған сап, Болгария болып қазір,
Аттарын құз жартасқа арқандауда!
Қалатын ұлы көштен Керейт пе еді,
Көлденең кезіккенді дүриттеді.
Өкірген бір заманда минотавр,
Үңгірді үй ғып алған Криттегі!
Мұхитта бір арал бар Мальта деген,
Дауылда адасқандар қалқа көрген.
Аралға аман-есен әрең жетіп,
Матайлар түп қоржыннан малта жеген.
Америка асқандар
Көшпенді кәмшат киген, қамшы, аттылы,
Көшкенде, қара көзден тамшы атқыды.
Камчатка – түбек аты содан қалған,
Еске сап елдегі өзен Қамсақтыны.
Сібірден теңіз кешіп, әрі асқанда,
Атаңның шарықтаған әні аспанға.
Түбекті Әлі батыр тіліп өтіп,
Айналған Аляскаға – Әлі асқанға!
Әуенді атаң солай әуелетті,
Қажымай алға бастап әлеуметті.
Әліден ер Әлеует туған екен,
Алеут деп жүрміз ғой әлеуетті.
Тарыдай дүниеге тарағанда,
Бір тайпа ел тақ тұрыпты Қанаданға.
Торы атпен Торонтоны көктей өтіп,
Қоныпты Торы қыпшақ Канадаға!
Жүгірткен жүйрік ойын ми шығанға,
Тежей ме Оңторыны үйшік алда.
Онтарио көлінде аңтарылып,
Бишіхан ат қаңтарған Мичиганда!
Қысқанда бабаларды заман қатты,
Етігін ескі көнмен табандапты.
Еру боп Ергенекті жағасында,
Көл аты Эри деген содан қапты.
Алысқа ат барады ақтабанда,
Тоғайып шалып, жусап, оттағанға.
Бас болып топ Табынға ер Отаман
Тигізген Оттавада от табаға!
Байға тоға бола ма майда қоға,
Кім білсін, қайда табыс, қайда тоба.
Айдахар деген атаң айналсоқтап,
Ақыры қонған екен Айдахоға!
Қалыспай ер інісі Арқан жас та,
Тоқтапты табан тіреп Арканзасқа.
Аризона мекен боп Әрижанға,
Байлаған тұлпар басын қалқан тасқа!
Бостоның өзіміздің Бостан екен,
Дортмундты Дөртуылың ашқан екен.
Конкордты Қоңыраттар қоныстанып,
Дулутты қалың Дулат басқан екен!
Өткен іс уақиғадай тап кешегі,
Қалыспай қалың елден Уақ көшеді.
Осы-ау деп Уақ кешені ойға қалам,
Картадан көрген сайын Уокешоны!
Мол ырыс бұйырмас деп монтаны ерге,
Бастаған Маңғытайды Монтан мерген.
Тәуекел түбі сөйтіп желқайық боп,
Бүгінде монтиып тұр Монтенегро!
Қалыспай Қияттағы Қиыс тоңға,
Кіріптар болмаймын деп киіс тонға.
Қиқайып, қиыс жолды қиып өтіп,
Қоныпты көшін бастап Хьюстонға!
Атаңнан талай тылсым ат қалыпты,
Аңыз боп, әуемізде жатталыпты.
Аттылы ант бергесін Аттилаға,
«Атлант!»деп, Атлантыңа аттаныпты!
Атамыз жүйрік көздеп, жүре кезді,
Жан тартып, бүйрек бездей Ирокезді.
Ереккөз, Үйреккөзге ирек кездей,
Жақындығын сезбей ме жүрек көзі!
Ғұмыры атыспенен атүсті өтті,
Алысып, жау жеңбеген Ацтекті,
Ас та төк бай боп өткен алыстағы ел,
Еріксіз еске салар асыл текті!
Үндісте үлкен тайпа Майя дейді,
Майяның ата-тегі қайда дейді?
Майя деген атамыз Мая би деп,
Майқы бидің ұрпағы жая жейді!
Аңызды жұрт құптайды, бұлт айтады,
Қағып ап құймақұлақ құтайтады.
Ап-ащы, апа, ащы дегенді естіп,
Жат жұрттар Апач депті бұл тайпаны.
Ел үшін жаннан безген бейнетті ұлды,
Әспеттеп талай көркем бейне туды.
Тегін бе бала күннен бауыр көрсек,
Көсемі апачтардың Виннетуды!
Уақыттың отымен көп дерек күйді,
Аңыздан аңғара біл ерек күйді.
Ер мінезді Серекке ұқсатамын,
Үндістің өр тайпасы Черокиді!
Қағазда хатталмаған қан шығыны,
Жаһанға жеткен шындық жан шырылы.
Команчи деп атаса, күмәнші кім,
Түп тегі Құман-Қыпшақ Қамшылыны!
Баласы Ақсарының Еменалы,
Інісі бірге туған Семеналы.
Семинола үндістер сол емес пе,
Тарихы танылмаған терең әлі?!
Ұлдары Күрсарының кілең батыр,
Гуронның түп атауы Күрең батыр.
Могиканың кәдімгі Мағихан ғой,
Әр атаудың артында бір ел жатыр!
Мағихан биіктікке шын ғашық боп,
Ат қойған бір ұлына Шыңға Шық деп.
Чинга Чгук танылған бар әлемге,
Басқыншыға балтаңды құмға тық деп!
Көмескі континенттің көп сиқы әлі,
Қоңырат суды бүркіп, от сипады.
Текесі текила ішіп, Техас кетіп,
Мекесі мекен еткен Мексиканы!
Үш батыр Кәріп, Құбай, Қабан ағаң,
Теңізден өтуді аман амалдаған.
Теңіз – Кариб, ал елі Куба атанып,
Тауыпты астанасын Гаванадан!
Каноэ деген қайық Қанай мінген,
Қорықпай тұңғиықтан қалай мінген?
Мінгені Байлар, Жандар байдарка боп,
Канарға жетіп, шөлім қанар деген!
Теңізден тірі шығып, тобаға кеп,
Тобықты тобық жепті, жобаға кеп.
Бастаған Тырыли Дат, Тобағабыл,
Тұр бүгін Тринидад Тобаго боп!
Інісі Көнсадақтың Көндірас хан,
Арманы – ақша бұлт пен мөлдір аспан.
Жел мініп, желкен керіп, жаһан кезіп,
Ақыры бір-ақ шыққан Гондурастан!
Қосарға арымайтын құла атын ала,
Аман-сау жерге жетіп Гватемала.
Тапсырып ұлдарына ел тізгінін,
Демалды Ашамайлы қуат, ем ала!
Балға айтты: «Ойып тасты, тегіс үй, Балта,
Дауылдан болар бізге келісті үй қалқа!»
Тасқа тіл, ағашқа күн туғызатын
Қос Керей қала салды – Тегусигальпа!
Қыздырып көздің құртын тамаша үй тұрған,
Тұтанып, тұтты дейді Танаш би тұлан.
Көшебе, Тарышыны жұмылдырып,
Қала сапты, атақты Теночтитлан!
Түбірін қусаң сөздің балама көп,
Көп атау қалған екен жанама боп.
Паң анаң Паң атаңмен пана тауып,
Аталып кеткен екен Панама боп.
Бір ата көшкен керей Қарақас та,
Қарамай қара теңіз, қара тасқа.
Венесуэла – көне су елге барып,
Ат берген астанасы Каракасқа!
Ягуар – жағы барды қу қуар деп,
Тұрғанда, қалған екен кугуар кеп.
Қуғара қылыш алып, қиқулады:
«Құрғырды қорқыратып қу, Ғұмар», – деп!
Теңізді, жердің түбін табам алдан,
Деп шарлап, Бағаналы Бағам бағлан.
Кез болып аяғында көп аралға,
Белгі боп ол заманнан Багам қалған.
Көргендер көп кедергі төрде билер,
Тау-тасты тесіп өткен Керделілер.
Кердері кеп жеріне күрке тігіп,
Атанған керілген тау Кордильер!
Жолынан адастырмай анты бастан,
Жалайыр Андас атаң Андыны асқан.
Жайылып мекендепті тау аңғарын,
Арты – аңыз аттаныстың, алды – дастан.
Өзен бар орғи аққан Ориноко,
Көзге ыстық шөлден кейін көрінді өте.
Кеңесіп Өрімбике, Арынбөке:
«Біз үшін, – десті, жайлы, орын, көке!»
Қалым би тапты бойлап жолын қия,
Келімберді Адайға толымды ұя.
Дауылды заманнан соң дамылдап ел,
Болыпты өркен жайып Колумбия!
Жан жеңбес айы батпай айбаттыны,
Бөле би бастап барып Байбақтыны.
Болыпты байырқалап Боливия,
Аңыз ғой, демесең де айғақ мұны!
Екейден аттаныпты екі батыр,
Бір туған Үке менен Көкі батыр.
Екеуі еңсе тіктеп, ел болыпты,
Бүгінгі Эквадорға жетіп ақыр!
Ай ана айналған ғой Гайанаға,
Әйтпесе, ұқсатасың қай анаға.
Гвиана емес пе Бүби ана,
Болады ой жүгіртсең айналаға.
Сырманақ сұр қылаңмен сұғынған ба,
Бір сәтке үңіліп көр Суринамға.
Сыр ұғам Сыр-намадан деп тұрғандай,
Құпия қызығынан құры қалма!
Парақбай Тарақтының дарағы бай,
Жейді екен жалшысы – жал, барағы – май.
Ел бопты қанат жайып бара-бара,
Парагвай – тарихтың бір парағындай.
Қырықбай бай болғанда құрығы май,
Ұрықбай інісі екен ұрығы бай.
Ұрпағы өсіп-өніп, ел болыпты,
Уругвай – құрылықтың тұғырындай!
Көп іздеп жанға жайлы жақсы мекен,
Шеруші, Меркіт шеру тартты ма екен.
Перуден періп өтіп перілердей,
Чилиден шилі өзенін тапты ма екен?!
Чилиде атақты шөл Атакама,
Аң қуып барды ма екен Ботақара,
Қиқулап, саятшылар жан-жағынан,
Дегеннен шықты білем, ата, қама!
Сол жақтан қоныс алған Арғын, Тана,
Пампастар мал-басына болған пана.
Бұл күнде ұлан-байтақ айтулы жұрт,
Әлемге даңқы шыққан Аргентина!
Біраз ел Бразилия жатыр жалпақ,
Кигені шолақ дамбал, шатыр қалпақ.
Бірәзілге ұқсайды жүрісі де
Тарамыс, серіппедей, батыр талтақ!
Асықты, Рамазандай сабаз омпа,
Түсірсе, ұшырады Тама жоңқа.
Таяғы тиген жерден бұлақ шығып,
Арналы өзен бопты Амазонка!
Тау кернеп, тастан өрлеп, үңгіп асу,
Білмейтін сарқырама бір жуасу.
Жаһанда теңдесі жоқ мың құлаштай,
Игі су, биік асу – Игуасу!
Алғасын жағасында Тоқа тыныс,
Бір өзен атаныпты Токантинс,
Тапал жас тоқталыпты Тапажосқа,
Тапқан соң талшық қылар қатаң жұмыс!
Жантекей жағалауға барған тақап,
Туым деп Жанайдарды алған атап.
Рия жоқ, жан мейірін іздеген соң,
Рио де Жанейро боп қалған лақап!
Сәмбіні кім аңғарар самбадағы,
Билейді ләңгі адамы ламбаданы.
Карнавал әуеніне құлақ түрсең,
Сезілер көне күйдің сарнағаны!
Өткеннің оймен кешіп теңіздерін,
Түбірлеп көрдім сөздің негіздерін.
Атланттан атпен өткен аталарым,
Әзілмен әлем кезіп, сені іздедім!
ӨТІРІК ПОЭМА
Өтірік-өрт
Адал өскен
Жігіт еді марғасқа,
Шыншыл еді,
Сыншыл еді әу баста.
Тура жолмен
Жүрмек еді түп-түзу,
Өмір бірақ,
Келе бермес жамбасқа.
Өскен жері
Ескен желі Көксеңгір,
Таза жаңбыр
Жауатұғын көктен кіл.
Аңғал өскен
Адал ұлы ауылдың.
Жан жүрегі
Кіршігі жоқ, мөп-мөлдір!
Аулақ еді
Алдаудан да, қылмыстан,
Пиғылдардан
Қулық, сұмдық, зымыстан.
Бар жазығы
Жалған сөйлей білмейтін,
Сол себепті
Қуылатын жұмыстан.
Кейде өзіне,
Дейтін, талдау жасап ер:
«Артық сөздің бәлесінен
Қашады ел,
Кімге керек
Шыншыл жанның шырылы,
Алдай сал да,
Алға қарай аса бер!»
Көне алмайтын
Бұған бірақ тал шыбық,
Арпалысып,
Жүрегінде дау шығып:
«Көре тұра өтірікті
Көпірген,
Үнсіз қалу,
Құптау әлде қарсылық?!»
Жауап таппай
Бұл сауалға жас өрен,
Күйінетін,
Қара терге малшынып,
Бірақ одан қандай пайда,
Жатқанда,
Күнде өтірік жаңалықтар
Ашылып!
Бойлата ма
Қатпар, қатпар тереңдер,
Ал, адамдар,
Не десеңдер о деңдер,
Осы күні
Зират іздеп, көр қазып,
Бейіттапқыш
Боп кетті ғой берендер...
Жаңа соққан
Жалған мазар басында,
Көсілді кеп
Күллі әлемдік кемеңгер.
Өтірікті
Қара судай сапырды,
Сұлу сөзбен
Аңқау елді қатырды.
Осы жерге
Төрт жүз елу жыл бұрын,
Өз қолымен
Көмгендей-ақ батырды!
Қисынсызға
Күйіп кеткен шыншыл ұл,
«Сұрағым бар!» –
Деп ортаға атылды!
«Балағымнан
Алды мынау демеңіз,
Жалған сөзден
Түбі жапа шегеміз.
Ондай батыр
Осы жерге қойылса,
Білмей өстік
Бала кезден неге біз?!
Айып болмас,
Ақиқатты сұраған,
Бүкіл халық,
Таңғалып тұр мынаған.
Басқа жанның
Тартып алып моласын,
Аңыз, дерек,
Қолдан жасап құраған.
Бейіті бар
Батырдың деп бұл жерде,
Естімедік,
Айтқан емес бір адам!»
Ортаға алып
Мұндай жынды баланы,
Жұрт дуылдап,
Боқтап аузын жабады:
«Алты Алашқа
Атағы асқан атаңнан
Аяйсың ба
Иен жатқан даланы?
Қайда көмсек,
Өз еркіміз емес пе,
Елді жаудан
Қорғап өткен бабаны?!»
«Аямаймын...
Өтірік қой бірақ», – деп,
Жас өркеннің
Жасқа толды жанары.
«Әй, жасыма,
Жас жігерің құм болып,
Келді дейсің
Өткен істі кім көріп.
Біз растап,
Қол қойғасын келісіп,
Өтіріктің
Өзі кетер шын болып!»
Даулады деп,
Аруақтарды, атаны,
Аулақтады
Ардақтайтын қатары.
Осылайша
Жексұрын боп аймаққа,
Шықты жастай
Шыншыл деген атағы!
Мекемеге
Мамандығы дөп келген,
Заңды түрде,
Жұмыс сұрап көп келген.
Біраз уақыт
Әне, міне деп жүріп,
Өтпей қалды
Өтіп тұрып өткелден.
Тағдыр қоймас
Адамдарды мұңсыз ғып,
Мұңсыз, қамсыз
Тірлікке көп ұмсындық.
Сау басына
Сақина боп жабысып,
Шырылдатты
Шыбын жанын шыншылдық!
Алыстады
Қол жеткізбей көп ғажап,
Бедел де жоқ,
Марапат жоқ,
Жоқ мадақ.
Жол шетінде
Қала берді боп мазақ,
Күйінгеннен
Күлге айналған от қазақ!
Өтірік-өнер
Тау басына
Шыға алмайсың құламай,
Маңдайыңды
Жарға соқпай, жыламай...
Бірде артынан:
«Тоқта, бері келгін!» – деп,
Дауыстады
Жылы жүзді бір ағай!
«Басылғанда
Алай-дүлей арының,
Арна табар
Бойындағы дарынын.
Орнын тауып,
Жұмсай білсең барыңды,
Қадірлі боп,
Қампаяды қарының!
Шындығыңмен
Шырқамайсың ұзаққа,
Шымшықтай боп
Ілінесің тұзаққа.
«Өсем десең,
Өтірікті үйрен!» – деп,
Шын жанашыр
Шыр-пыр болды шыраққа!
«Алдай білсең,
Елге әдемі, оңды боп,
Көрінесің...
Көркейесің шенді боп.
Үйреніп ал,
Өтірік те бір өнер,
Шын сөзіңді
Естиін мен соңғы рет!
Кеңесімді
Көкейіңе түйіп ал,
Ай, әлемнің
Айла, амалын жиып ал.
Емін-еркін
Келсе мұны меңгергің,
Дөкейлердің
Жиынына жиі бар.
Шыншыл жүрек
Қорғансыз ғой жалаңаш,
Өтіріктен
Берен сауыт киіп ал!
Өтіріксіз
Өмір бар ма пендеге,
Құбылмай ма
Көңілдегі перне де,
Жақсы-жайсаң
Жалған сөйлеп жатқанда,
Шыншыл болып
Шырылдайсың сен неге?!
Шындық сенің
Туа бітті дертің бе?
Ұмтыл алға,
Өткен істен серпіл де.
Күштілердің
Қолында ғой бар тұтқа,
Кімді қайда
Қоям десе еркінде.
Өсем десең,
Шындығыңды қойдағы,
Өтіріктің
Төңірегін төркінде!
Байқау керек,
Төнетұғын қауіпті ер.
Өтірікпен
Шындығыңды жауып көр.
Керек десе,
Кергімей-ақ көсемнің,
Көз қиығы
Түскен жаққа шауып кел.
Екі мың жыл бұрын жазған
Атасы,
Кітапты да
Қажет болса, тауып бер.
Жоқ жазбаны
Таба алмасаң, мүжілме,
Келістіріп,
Қолдан қайта жазып бер!
Сұм екен деп
Түңілме тек бұл ағам,
Шындық үшін
Мен де талай құлағам.
Сыбағамнан
Тиесілі қағылып,
Құралақан,
Қаңғып қалып жылағам!
Өмір – жалған,
Өтірікпен өрілген.
Адам – байғұс,
Жалған үшін егілген.
Құбылады,
Өзгереді сәт сайын,
Неше түрлі
Күй төгіліп көңілден.
Амал қанша,
Адамға да, өмірге,
Алдағаны
Шын сияқты көрінген!
Өтіріксіз
Құриды адам әлемі,
Оған тиме,
Сына өзіңді әуелі.
Шындық деген
Дене ғой тыр жалаңаш,
Өтіріктен
Киім кисе – әдемі!
Ащы шындық
Улай берсе әлемді,
Тәтті өтірік емес пе оның,
Бар емі?
Кедір-бұдыр,
Келеңсіздеу тіршілік,
Өтірікпен көмкерілсе,
Әдемі!»
Ағалығын
Әлгі кісі білгізді,
Кеңселерге
Бедел салып кіргізді.
Ақырында
Өзі бастық боп жүрген,
Облстатқа
Қызметкер қып тұрғызды!
Түбі бірге,
Болғаннан соң бір текті,
Ағатайы
Бауыры үшін тер төкті.
Шындық іздеп
Шырылдаған бейбағың,
Өтіріктің
Ортасына күмп етті!
Есеп-қисап,
Қоспасы көп, ал, енді,
Күліп келіп,
Береді әркез сәлемді.
Үсті-үстіне
Үстеліне қаптайды,
Көрейік деп,
Кәне, шыншыл бәлемді.
Сипырлардың
Сиқырларын ұғады,
Басы қатты,
Қайсын қалай бұрады?
– Өтірігі көптеу екен,
Есептің,
Не істеймін? – деп
Ағайынан сұрады.
– Жалақы ма?
Аздау десек бола ма,
Жылай берсек,
Одан жағдай оңа ма.
Жоғарғы мен
Орта есепті тіз дағы,
Төмен жағын сызып таста,
Санама.
Сонда шырқап
Шыға келер көрсеткіш,
Бейне жұмақ
Орнағандай далада!
Малдың саны
Өсіп жатыр мыңғырып,
Шүкіршілік,
Кеткен жоқ қой тым құрып.
Былтыр сойған
Сиыр биыл бұзаулап,
Жүре берсін,
Есебіңді тындырып.
Қай қорада
Қанша малдың тұрғанын,
Жатыр дейсің
Кім түгендеп, кім біліп!?
Ұзақтығын
Өмір жастың түгел сен,
Тексересің,
Тыныш жүрмей,
Тірелсең.
Ішің білсін бар жағдайды,
Ал бірақ,
Жоғарының,
Талабына сүйенсең,
Аяйсың ба,
Бір он жылды жұртыңнан,
Нең кетеді,
Қосыңқырап жіберсең!? –
Ойхой, содан,
Бұл да жұртты алдады,
Жалған сөзге
Жанын әбден жалдады.
Бал мен майды
Тамызғанда тілінен,
Жан-жағының
Бәрін тегіс жаулады.
Өтірік пен шынды қосып,
Соққанда,
Алданбаған
Тірі пенде қалмады!
Әлсіздігін
Ақылымен жеңсе егер,
Талай жерге
Барады екен еңселі ер.
Шындық үшін
Шырылдаған сол бейбақ
Өтірікке
Болып алды ең шебер.
Қисынсыздың
Келтіреді қиюын,
Тек өзіне
Кресло бер, кеңсе бер.
Байқап, басын
Шайқай берсін білгендер,
Шешенім деп,
Аңғал, қалың ел сенер.
Көсілгенде
Күпілдетіп көбікті,
Демосфен де
Дем ала алмай, теңселер.
Мұны көрсе
Өлер ме еді асылып,
Остап Бендер
Қайта айналып келсе егер!
Өтірікпен арпалыс
Қосылған соң
Жер көшірген дүбірге,
Кіріп кетті
Ұранға да, күбірге.
Өтіріктің
Ортасында жүрсе де,
Түйір шындық
Қалды жүрек түбінде.
Шыбын жанға
Маза бермей сол шіркін,
Шырқырайды
Қыстың ұзақ түнінде.
Жеті қабат
Жер астына тықса да,
Жарып шығар
Кезін күтіп күнінде!
«Талай жерге
Барарсың-ау алдаумен,
Алданумен,
Пайдалы жол таңдаумен.
Қылкөпірден
Ойлайсың ба өтем деп,
Құрығыңа
Сырығыңды жалғаумен?»
Түйір шындық
Жанын түнде өртеді.
Жарықтық-ай,
Жазылмайтын дерт пе еді!
Өз-өзіне алданыш қып
Ақыры,
Өтіріктің
Шын тарихын зерттеді!
Адам ұлы
Ай-әлемге таралған,
Ақиқатқа
Жету болып бар арман.
Амал қанша,
Жаралғанда адамзат,
Өтірік пен
Шындық бірге жаралған!
Қалай кінә
Тағарсың бар халыққа,
Шыққан талай
Данышпан да, алып та.
Бірін-бірі
Алдап жатқан дүние,
Сыймас, бірақ,
Шындық атты қалыпқа.
Шын мен жалған,
Екі жарты, бір бүтін,
Ақ пен қара,
Қараңғы мен жарық па?!
Өмір деген...
Ей, адамның баласы,
Оңай ма екен,
Ой жүгіртіп қарашы.
Мүмкін емес
Бір өлшемге сыйғызу,
Өмір деген...
Шын мен жалған арасы!
Таразылап
Сан тағдырын мұңлықтың,
Тарау-тарау,
Тылсым, жұмбақ сырды ұққын.
Пенде шіркін
Сенделумен өтеді-ау,
Ортасында
Өтірік пен шындықтың!
Бүгінгі шын,
Ертең жалған,
Бекер ме?
Бәрі өтірік,
Өкінбе тек, өтерде,
Шындықтың да
Өтірік қой бір беті.
Түсініп көр,
Ой, қиялың жетер ме,
Өтіріксіз
Өмір сүрсе пенделер.
Періште боп
Аспанға ұшып кетер ме?!
Өткен іске
Жүре қоймас соқыр сын,
Мінін теріп,
Әр жерінен шоқырсың.
Тарихты да,
Әп-әдемі киінген
Шешіндіріп
Көрсең өзің шошырсың!
Киіп алған кительдерін,
Шапанын,
Ордендерін,
Погоны мен атағын.
Шарапатын
Шат жүзіне шығарып,
Қатпарына
Жасырады шатағын.
Қазынаға кенелесің,
Тарихтың
Қазып көрсең
Ойлы-қырлы сапарын!
Атақ-даңқтың
Көбігіне малынып,
Жалт-жұлт еткен,
Жұлдыздарын тағынып.
Тату-тәтті
Тұр тарихтың төрінде,
Шын мен жалған...
Ел жүр соған табынып.
Тұра берсін,
Тиіспеңдер тарихқа,
Оп-оңды боп,
Өтірігін жамылып!
Ардақтылар...
Суретте тұр төрдегі,
Көп құпия,
Түйгені мен көргені,
Езуіне
Үйірілген күлкіге,
Тылсым жұмбақ
Жиылғандай жердегі.
Әспеттеген сайын оны
Әсіре,
Қу сүйектер не дер екен
Көрдегі?!...
Үндемесе,
Ойланғаны ақынның,
Ал өтірік өлең жазса –
Өлгені!
Әжептәуір
Ақын еді ол дағы,
Өлең атты,
Ойхой, шексіз жолдағы.
Билік пенен
Сыйлықтарға жалтақтап,
Азат басы,
Амал қанша, сорлады.
Қайда қалды
Ежелгі бір ереже,
Сайрамайды
Дейтін бұлбұл тордағы,
Сайрағанда...
Құйқылжытып жіберді,
Егілетін,
Дүниенің зорлары!
Тарыққанда
Алтын көрді қоланы,
Қопармады
Қиялымен обаны.
Тау сағадан
Соға алмады бөрідей,
Жылы, жайлы,
Жағалады қораны.
Алдап-сулап
Қақса арқадан дөкейлер,
Аямады мадақ сөзді,
Оданы!
Нағыз өлең
Ата сөздің жүйесі,
Тегін емес,
Ғайып оның иесі.
Одашыл боп
Жүргенінде байқалмай,
Көшіп кетті
Текті өлеңнің киесі!
Рухсыз жырмен
Толқыта алмай қазақты,
Іштей тартып,
Қалды талай азапты.
Сатып кетті,
Атақ, байлық, мансапқа,
Құдай берген
Теңдесі жоқ ғажапты...
Ақын деген
Дақпырты зор бірақ та,
Жазады әлі,
Заказбен жыр, мадақты!
Кім оқиды
Аса шыншыл дастанды?
Шындық жұтқан
Талай дана бастарды.
Шыншыл бол деп
Шыбын жанын шыңғыртып,
Адал бол деп
Адастырма жастарды!
Бұл сауалдың
Тереңіне бойла да,
Өмір деген
Тек шындық деп ойлама.
Шындығыңа
Тыр жалаңаш сүйкімсіз,
Лыпа болған,
Өтірікпен ойнама.
Шешінгісі
Келмес білем ешкімнің,
Әп-әдемі боп тұрғанда
Айнала!
Өтірікке
Десін қанша қаным қас,
Адам бар ма
Шындығынан жаңылмас.
Ой мен қырды
Оймен шолып қарасаң,
Өтіріксіз
Өңкей шындық табылмас!
Қоздыратын
Қара жынды қайдағы,
Бұздыратын
Бейбіт күйді бойдағы.
Қып-қызыл өрт,
Зияны көп шындықтан,
Сып-сыпайы
Өтіріктер пайдалы!
Шындықпенен
Қатар қонған ұғымға,
Шешкен қиын
Түйіндерді қылымда.
Ордалы істер
Өтірікпен өрілген,
Болған талай,
Бүгінгіден бұрын да.
Жанға жайлы,
Дертке шипа болатын,
Өтіріктен
Артық не бар шынында!
Сұрап көрші,
Жерден, көктен, мың елден,
Шолып шықшы
Бар тарихты түгелден.
Шындық үшін
Шамырқанып адамзат,
Шектен шыға
Ширығысып, жігермен.
Шарболаттар
Шарпысқалы тұрғанда,
Өтірік кеп,
Жарастырып жіберген!
Таразылап,
Ұғар дейсің кімді кім,
Өңкей шындық
Түтіп жейді-ау бір-бірін.
Өтірікпен
Сылап-сипап арасын,
Үйлестіріп
Жібермесе жік-жігін!
Арғы жағын
Ойламаймыз көбіміз,
Өтіріксіз
Айтылған ба сөзіміз.
Шыншылмыз деп
Кімді алдаймыз, ағайын,
Неге алдаймыз,
Өзімізді өзіміз!
Қатпар-қатпар
Ақпарларға қосылған,
Өтіріктен
Неменеге шошығам?
Ешкімнің де
Ештемесі кеткен жоқ,
Кімнің несі,
Құрып қапты осыдан?!
Нең кетеді,
Қосыңқырап, бөскеннен,
Жосылғаннан,
Еркін желдей ескеннен.
Артта қалып
Жатсаң дағы ісіңмен,
Аузыңменен
Теңесе бер өскенмен!
Өтірік те
Адамның бір қиялы,
Қиялында
Шарлайды адам қияны.
Балдай тәтті
Өтіріктің, ойланшы,
Кімге, қане,
Тиді қандай зияны!?
Ойлап тұрсаң
Ақиқатшыл мұңлық көп,
Ақылыңа
Сыймас бірақ сұмдық көп.
Адам аз ба,
Өтірігін өзінің,
Өліп-талып
Дәлелдейтін шындық деп!
Аңғалдарға
Ақылдылар күлуде,
Құлағына,
Қулық –құрық ілуде.
Өтірікті айтуда емес,
Мәселе,
Оны шынға
Айналдыра білуде!
Шараң бар ма,
Арбау, айла, амалға,
Әккіленіп,
Әдістенген адамға.
Өтірікпен
Өркен жайған патшалық,
Ойлап көрші,
Арғы-бергі заманда.
Өтірікке
Негізделген саясат,
Өтірікпен
Әп-әдемі қоғам да!
Сараптайтын
Саналы жан түсінер,
Түсінер де
Іштей үнсіз күрсінер.
Өтірікпен
Өмір сүріп өнер де,
Өтірікпен
Күн көреді кісілер!
Өтіріксіз өмір бар ма,
Көңіл жоқ...
Өтірікпен
Кетеді ауыр жеңіл боп.
Ащы өмірдің
Кім шыдайды зәріне,
Өтірікті
Қоссаң тәтті көрінбек!
Өтірікке
Кеткен әбден ет өліп,
Бетіміз де бүлк етпейді,
Нетелік?
Қол қоямыз
Құйтырқылы қисынға,
Күліп қойып,
Өп-өтірік жөтеліп!
Жылмаңдатса
Жігін тапқыш жандайшап,
Қолға тұрып,
Тұтылмайды қандай сап,
Иіп әкеп,
Келтіреді қисынға
Құрығына
Сырықтарын жалғай сап.
Біз де әйтеуір
Құтыламыз амалдап,
Құптағансып,
Күштілерді алдай сап!
Шындық қусаң,
Қозғалады қайдағы,
Бұзасың кеп,
Жұрттың жүзін жайдары.
Шыныңды айтсаң,
Жынды дейді жұрт сені,
Жалған айтсаң,
Азаматсың пайдалы.
Атқа мініп,
Шыншылмын деп жүргендер,
Өтірікші емес пе екен,
Айлалы?!
Болса да адам,
Қандай дара, дарынды,
Аттап өтпес,
Қалыптасқан танымды,
Шындықтан да
Шымбайларға бататын
Жалған мадақ
Жанға жайлы, жағымды.
Өтіріксіз
Өтпейді бір тойың да,
Тығылады
Талай тастар қойынға.
Бетке күліп,
Тәтті сөздер айтылар,
Басқа нәрсе
Бұғып жатып ойында.
Шыныменен
Шыншыл болсаң, әуелі,
Өтірікші екеніңді
Мойында!
Таңдандырам,
Тандырамын есінен,
Қалмаймын деп
Құйын уақыт көшінен.
Даңғырлатып
Төпелейді төбеден,
Сенсация...
Сендіреді сесімен.
Тыңдаушыны
Миғұла ғып, мәңгі ғып,
Өтірікті
Айтады естен тандырып.
Аңғал қауым
Бәріне де бас шұлғып,
Үрлей бермек,
Одан әрмен жандырып.
Өтірікке біреу жайлы,
Неліктен,
Сенеміз де,
Гулетеміз мәнді ғып!?
Ғасырлардың
Қатпарларын қазған боп,
Өтірікпен
Олжа тауып, озған көп.
Қолжазбаны
Қаптатады кітап қып
Мың жыл бұрын
Менің атам жазған деп!
Шешенсініп,
Шын айтқансып шетінен,
Иіп әкеп
Келтіреді ретімен.
Экраннан
Есіп жатыр қызыл сөз,
Есіп жатыр
Газеттердің бетінен...
Өтіріктің
Өрісі тар деген сөз,
Бұл заманға
Жүрмей қалды-ау,
Өкінем!..
Түні бойы ой қуалап,
Қалғитын,
Таңға қарай...
Танғандай боп есінен!
Өтірікті жеңген өтірік
Сауысқандай
Сақтан мейлің, сақтанба,
Батпан құйрық
Бағыттайды қақпанға.
Қабырғасы
Жаңа ғана қаланған,
Құрылысты
Біткен үй деп тапқан да.
Қол қойдыртып,
Қабылдатып амалсыз,
Қиналғанда,
Бастықтары сатқан ба?
Жеп қойды деп
Теңгелерін тендердің,
Қалыңдатып,
Бәлені әбден жапқан ба?
Тек әйтеуір,
Құйтырқылы жағдаймен,
Ойда жоқта,
Түсті ағасы оқпанға!
Аңдып жүріп
Тергеушілер тіс қаққан,
Ысқаяқты
Тапқан екен штаттан.
Ақша әкеліп,
Берген болып параға,
Кеңсесінде,
Кісен салып, ұстатқан!
Шырылдайды
Шыншыл аға: » Мен емес,
Жеген жоқпын,
Бәрі жала,
Жөн емес!
Қабырғаны
Қабылдатқан бастығым,
Тіл алмасам,
Арты қиын ерегес!»
Темір торға
Адал, арам – бір құны,
Тәртіп, заңның,
Бар-ау талай сұмдығы.
Біреу үшін
Барып тұрған өтірік,
Бәз біреудің
Шырылдаған шындығы!
Жалады ма
Бал ұстаған бармағын?
Жан білмейді,
Үзіп-жұлып алғанын.
Білетіні,
Жақсы кісі ағасы.
Білгісі де
Келмейді оның ар жағын,
Жақсылығын ақтау керек,
Сол үшін,
Шақырды бұл,
Аталардың аруағын!
Зыр жүгіріп,
Талай жерді шарлаған,
Есігі жоқ,
Есі шығып бармаған.
Бірде-бірі
Нанбайды ғой, нанбайды,
Дегеніне,
«Ағам пара алмаған!»
Ойлап-ойлап,
Жол іздеді басқаша,
Ағаш сорлы,
Балтадан жал таппаса,
Бәлені тек
Бәле ғана қайтарар,
Басқа жол жоқ,
Бұл да жала жаппаса,
Шындық үшін қызмет қылып,
Өтірік,
Өтіріктен,
Қайтеді бір аттаса?!
Біліп тұрып
Бәлеқордың жаласын,
Көп іздеді
Амал-айла шарасын.
Саралайтын
Шамасы жоқ сын сәтте,
Арпалысқан
Шын мен жалған арасын.
Өтірікке
Құрбан болар шағында,
Өтірікпен
Алып қалды ағасын!
Дайындалып,
Сөзін әбден пісіріп,
Жеңіп шықты,
Құйтырқы сот таласын!
«Ағамызды
Жала жауып ұстатқан,
Бір кісіге
Ақшаны әкеп тастатқан.
Дәл сол сәтте,
Істің қалай болғанын,
Мен тығылып,
Көріп тұрдым шкафтан!
Түс кезінде
Кеңсесінде ағайдың,
Бір сұлуды,
Айналдырған талай күн.
Оңашалап,
Енді сүйе бергенде,
Бір топ адам,
Келіп қалды...
Қалаймын?
Қызымды алып,
Кіріп кетіп шкафқа,
Есім жиып,
Тесігінен қараймын!
Біреу кіріп,
Бір бума ақша лақтырды,
Ағай шошып,
Құлауға да шақ тұрды.
Қаптап келіп
Сол мезетте мырзалар,
Әлгі ақшаны
Ағамызға жапсырды!
Қыз да көрді,
Мұндай сойқан сұмдықты,
Куә болып,
Ол да айтады шындықты!»
Осы сөзді
Қайталаған қаймықпай,
Қыз одақтас,
Болып шықты тым мықты.
Заң бойынша,
Екі куә жетеді,
Ақтап, аман
Ап қалуға мұңлықты!
Тұрып алды,
Қыз бен жігіт табандап,
Жалақорды
Жер-көктегі жамандап.
Өтірікке
Қарсы келіп өтірік,
Алып шықты
Ағекесін амалдап!
Қуанса да,
Шын құтқарып алғанға,
Қалды ішінен,
Бір өкініш, арманда.
Өтірікті
Тек өтірік жеңе ме,
Одан басқа
Жол жоқ па әлде жалғанда?!
23.11.2014 ж. – 22.11.2015 ж.
ҚЫЗ НАМЫСЫ
Поэма
Махаббат мастығы
Қара өлең, құт дарыған қазынасың,
Талай сыр қара өлеңмен жазылар шын.
Сағынып соғам саған ауық-ауық,
Сенемін, сен де мені сағынарсың.
Буынды бұрап-бұрап, қырық құрап,
Жазғандар сенен артық тауып алсын!
Көңілдің шуағы – шын, ызғары – сын,
Күйдің де өзгертпей ме күз қағысын.
Бір қиын хикая бұл жігіт жайлы,
Таптаған табанына қыз намысын.
Төрелік айту қиын жұмбақ сырға,
Тірліктің күн біліп пе түнгі ағысын!
Өмірдің жұмбағы көп, жан білмеген,
Өтпейді ешкім шауып даңғылменен.
Жастарды жалыны мол жүздірмей ме,
Арманның айдынында тағдыр кемең.
Ауылдан Алматы кеп, түсті оқуға,
Ару қыз ай шуақты Балғын деген.
Жастықтың қазанындай КазГУ деген,
Көгінде қыран қалқып, қаз гулеген.
Сол бір кез, қайталанбас бақытты кез,
Ән тербеп, жас кеудені наз кернеген.
Әр күнін, әр сағатын арындаған
Әлемнің байлығынан аз көрмеген!
Балауса Балғын деген аты қандай,
Көңілі көрген ердің шалқығандай.
Дыбысы білінбейтін жүрісінің,
Аққу боп, ақша бұлт боп қалқығандай.
Қалатын дымы шықпай мықтылардың,
Буынан, шарпып өткен, балқығандай.
Қондырған көңіліне көктемені,
Ауылда қиырдағы көктеп еді.
Тас жолда апат болып ата-анасы,
Келмеске кеткен мініп көк кемені.
Аялы әжесінің бауырында,
Алаңсыз өсіп, оқып жеткен еді.
Айрықша көктеп шыққан дара шыбық,
Балғынды жаны таза, баласынып.
Танысты, сенгіштігін пайдаланып,
Төртінші курстан бір дана шығып.
Алыстан айналдырды ақырындап,
Қамқорсып, кітап беріп, ағасынып.
Бұл өзі сақа жігіт Келден деген,
Екі жыл әскерде боп, ел, жер көрген.
Білетін өзін ұстай көп ішінде,
Жері жоқ көзге түсіп, кердеңдеген.
Көргенде ойнақшитын көзібірақ,
Көлденең көк көйлекті көлбеңдеген!
Келденнің келісті еді кескіні де,
Тұлғалы, тау жығардай екпіні де,
Қап-қара қас, кірпігі сән бергендей.
Бетінің бір азырақ секпіліне,
Ұшқындап қара көзі сөйлегенде,
Желпілдеп кететұғын кекілі де!
Көсілген қарай-қарай шамасына,
Сабырлы көпшіліктің арасында.
Сыпайы, жөн білгіш боп көрінетін,
Аңғал қыз көзсіз сенді ағасына,
Аруды әккі Келден алдап-сулап,
От тастайтын қорғансыз санасына.
Жарты жыл кітап оқып, залда отырды,
Талқылап, пікірлесіп, таңды атырды.
Исаның Құралайын оқығанда,
Осы деп елестетті жан батыры.
Келденнің көздеп атқан от жебесі,
Жас қыздың жүрегінде жанды ақыры!
Жігітті сүйді сұлу жан-тәнімен,
Жанының табысқандай аңсарымен.
Алаулап махаббаты сүйген сайын
Сағынып оянатын таңсәріден.
Санады адамзаттың асқарына
Кем көрмей көк тіреген Хантәңірден!
Есірген ессіздік
Ессізге сезім –ойын, өмір-сауық,
Мәйегін кім тауыпты темір сауып?
Келденге желік бітіп, желдей ұшты,
Тағы бір сұлуларға көңілі ауып.
Құмары басылған соң Балғын қыздан
Ойлайтын құтылуды жөнін тауып.
Ару қыз махаббатқа мастаныпты,
Өртеген от сезімнен бақ тауыпты.
Алтайы түлкі алдым деп, ақиықтай,
Сүйгенге Келден қызды шаттаныпты.
Шалқыған шарап ішіп сәттерінде,
Сыр ашып, достарына мақтаныпты!
Бір жігіт Балғын қызды ән қылыпты,
Мадақтап, ару депті сән қылықты.
«Арманым, қол жетпейтін, асыл затым,
Көргендей болам аппақ таңғы бұлтты!»
Қостады оның сөзін бір көк түйнек,
Оның да жүрегін қыз жандырыпты.
Жайыпты жолдастарға аңғал жанын,
Аруға айдай сұлу таңғалғанын:
«Бір таза нұр төгілген жүзі қандай,
Қалаймын менде сондай жар болғанын!»
Мырс ете қалды сонда Келден батыр:
«Сол ма деп, қол жетпеген армандарың!»
«Иә, сол, кетпей жүрген санамыздан,
Күн батса, Балғынжан деп саламыз ән.
Бір күні бөтен біреу қағып кетіп,
Сан соғып, құр өкініп қаламыз ба?
Түлкідей қарға аунатып, іліп түсер,
Бір қыран шықпады ма арамыздан?!»
Қонады бақ маңдайға, сор таңдайға,
Тартады сорпаң қайда, ортаң қайда?
Сыр – сезім, серт пен намыс, ұят-аят,
Бәрі бір көр көкірек талтаңбайға.
Ақылы ауызында ақымақтың,
Кесір сөз одан басқа жол таңдай ма?!
«Ерлердің мен шықтым ғой ортасынан!»
Дегенде, қақты түйнек арқасынан.
Сүйгенін сипаттады қалай қызды,
Ләззатты, жаны кіріп, қан тасыған.
Төсіне төсін тақап, тілін сорып,
Суреттеді салғанын шалқасынан!
– Бұлғындай бұлғаңдаттым Балғыныңды,
Бір шайқап көрейін деп бал күнімді.
Сыбдырлап, көк балауса жапырылды,
Қызыққа куә болып дәл бүгінгі.
Дем жұтып, дірілдейді бұла дене,
Дегендей аянбай бір ал құныңды!
Шалғынға шалқайтып ем қараңғыда,
Жабысып аш кенедей тамағына.
Түнімен тынбай таттым тәттілігін,
Түскенше таң сәулесі табанына!
Тамсанып, суы құрып ауыздардың,
Бірі жоқ, қой дейтұғын надан ұлға!
Ару қызын аялап, аймалаған,
Кім болады алқаға жайған адам.
Айырып көр заманда ашық-шашық,
Ер қайсы, езі қане, қайда надан?!
Не дерсің есерлікке, ессіздікке,
Арудың ар-намысын ойламаған!?
Айрандай ақтара сап қыздың арын,
Бақытын, болашағын бұзды бәрін,
«Е-ее!» – десті, «еһе!» – десті, гуілдесті,
Гүмпілдеп, сыра керген тұзды қарын.
«Көретін екен өзін...реті келсе...!»
Деп түйнек, жұтып салды жүз грамын!..
Қыздың соры
Қыз сорлы, таба алмаса азаматын,
Арудың ез шығарар жаман атын.
Кешікпей жан-жағынан сумаңдады,
Сыпсың сөз қақ жүрекке қадалатын,
Әуелде түсінбеді Балғын бала
Бықсыған айналаның балағатын!
Аңғал қыз арғы жағын ұғынбайтын,
Жігіттер жұмбақ күліп, жымыңдайтын.
Жыртылып қалған екен етегі ақыр,
Жармасып, жөн бар ғой деп, жырымдайтын.
Тіл қатуға бата алмай жүргендердің,
Балғынға болды бәрі қырындайтын!
Сабақтан қызбен бірге келді түйнек,
Оңаша бір бұрышқа көрді сүйреп.
«Қайтесің періштемсіп, бәрін білем,
Келденді сүйіпсің ғой, мені сүй» деп.
Соққыдан мұндай сұмдық сынып түсіп,
Солқылдап, төкті жасын түйдек-түйдек!
Қыз еді қайсар текті, заты мықты,
Сойқанды, сұмдық сырды ақыр ұқты:
– Қараң қап, сораң аққыр, сол керек! – деп,
Сорпасын жолдас-жора сапырыпты,
– Келденмен ойнап қойған шошақай! – деп,
Курсқа, факультетке аты шықты!
Қарагөз, аппақ бота, қаршадай-ды,
Ақ бота қалай шуақ аңсамайды.
Аямай, ащы тілмен тілімдеді,
Тең құрбы, ағай, апай ақ самайлы.
Сыпсыңдап, саусағымен шұқып сырттан,
Күндіз-түн табалаудан шаршамайды!
Біреудің құлағаны қызық жұртқа,
Ер сүйеп қолтығынан, қыз ұғып па.
Қайғысын бейшараның азық қылып,
Не дерсің бұлтыңдаған бұзық ұртқа,
Ақкөңіл, арман қуған жетім жанды,
Оп-оңай айналдырды құбыжыққа!
Қаңқудан, қан бұзатын, жеңілді қыз,
Көл болып, көзден жасы төгілді қыз.
Бара алмай қалды біраз сабақтан да,
Бұдан да артық көріп өлімді қыз:
Қарабет болдым елге, енді қайттім? –
Деп келіп, Келденіне егілді қыз!
Опасыздық
– Сөзім жоқ, сылтау айтып, ақталарға,
Қалайша түсіндірем басқаларға,
Мен сені сүйіп едім, сеніп едім,
Қалдырдың неге мұндай масқараға?!
Азамат, ақсұңқарға балап едім,
Осындай сорлы ма едің, асқақ аға!?
Мақұрым қап ұяттан, ақылдан да,
Қарғыс ап алыстан да, жақыннан да,
Неге мұнша болдыңдар өсекқұмар,
Неге жаман болдыңдар қатыннан да?! –
Булыққан Балғын қыздың дыбысы өшті,
Келдекең көкпеңбек боп ақырғанда:
– Сендерде ұят бар ма, намыс барма?
Жантая кетесіңдер жабысқанға,
Қолында кетесіңдер көрінгеннің,
Талтайып тал түбінде табысқанға.
Әр жерге бір аунаған «аруларды»,
Ұқсатам ақыл-есі ауысқанға!
Қанжардай жас жүректі тілімдеді,
Айтылмай қыздың сөзі тілінде өлді.
Аяғым ауыр деуге әлі жетіп,
Демі бітіп, дауысы дірілдеді.
Айқайлап, одан әрмен Келден батыр
Қорқаудай қозы жеген гүрілдеді!
– Әуелде, олай болса, неге ойнадың,
Ойнарда өліп-өшіп, нені ойладың?! –
Кірісті кекетуге жетімекті,
Сездіріп ішіндегі жын қайнауын:
– Өзің ие болмасаң өз бауыңа,
Шиелеп, міндет пе еді мен байлауым?!
– Сүйемін, жан-тәніңмен сүй дегенсің,
Еркімді, ес қалдырмай билегенсің! –
Жылады: – Енді бір-ақ жол қалды, – деп, –
Сен маған тез арада үйленесің! –
Мырс етіп, жалт бұрылды сонда Келден:
– Менсіз-ақ көйлегіңді түймелерсің!
Несіне ақсақ қойдай маңырадың,
Біліп қой, әйелге бай табыларын.
Мен сені ала алмаймын, ауылымда
Жарым бар, үш балам бар сағынарым.
Қалайша ошағыма ойран салып,
Ордамның құлатамын шаңырағын?! –
Балғын қыз сонда білді алданғанын,
Басына арылмастай сор қонғанын
Көзінен бір-ақ сәтте бұл-бұл ұшты,
Білім ап, адам болмақ армандары.
«Сүйдім деп, орға жыққан арам ойын,
Апырмай, қалай ғана аңғармадым?»
Түсінді, алданып күн өткізгенін,
Жауыздың жар шетіне жеткізгенін:
– Осынша алдайтындай сүйген жанды,
Ит пе едің, иіс алмас тексіз бе едің?
Кетпесін өсек-аяң өз басыңнан,
Өртесін өзегіңді отты демім!
Алдадың махаббатты адамдағы,
Бар нәлет жаусын саған ғаламдағы,
Жақсы көрген нәрсеңнің бұл өмірде,
Опасыз болып шықсын саған бәрі!»
Сілейген салсымаққа оқты көзін,
Бір қадап, Балғын сөзді тәмамдады.
Сол беті қайырылмай кеткен шығып,
Бездіріп бет албаты бөскен қылық.
Балғын қыз түңілді енді адамдардан,
Жаралы жанын астаң-кестен қылып,
Өшті де осылайша от махаббат
Шоқ болып қала берді өшпенділік!
«Мен байғұс күйінгенде босқа қалып,
Кеудесін жүрмек пе бұл топта қағып.
Күйдірген тағдырымды сүмелекті,
Бермеймін зорлады деп, сотқа нағып?
Басына бір бақыраш бензин құйып,
Біржола жіберсем бе отқа жағып!?
Сайрандап сапалақтар, талап, үріп,
Момындар сай түбінде қалады ұлып.
Сапының сақтан қалған, сабы кетіп,
Сандалған, сағы сынып дала ғұрып.
Кек алам Қап тауының қанжарымен,
Қапыда қабырғадан қадап ұрып!
Не табам құр егіліп, күйіп, піссем,
Сүйгенім мазақ қылып, күліпті үстем.
Қазақтың қылышының қайраны жоқ,
Семсерін самурайдың іліп, күшпен.
Төбеден төмен қарай бір-ақ тартып,
Қайтеді екі бөліп, тіліп түссем!»
Ширығып, қара көзі жарқылдады,
Бірақ та нәзік жүрек атылмады.
КазГУ-дің, аңсап келген, қазыналы,
Қазы да мазақ етіп қаңқылдады.
Қалтқысыз халқын сүйген қарагөзді,
Қазағы «қарабет» деп қарқылдады!
Қайырылған қанаттың қайғы-мұңын,
Қайраңдаған кеменің айдынын кім,
Айқындап, ақылға сап жатар дейсің,
Ұстанады жанына жайлы ұғымын...
Жоқ болды бір-ақ түнде шерлі мұңлық,
Бәрінен айырылып байлығының!
Нарық толқынында
Байқаусыз жылдар жылжып, дәуір батқан,
Өзгеріс келді өмірге дауылдатқан.
Төңкеріп нарық заңы дүниені,
Тірлігін қалың жұрттың ауырлатқан.
Бір заман түсініксіз туды басқа,
Долларға бір бауырды бауыр сатқан!
Келді де асты-үстіне астамдықтың,
Аңсаған күні туды бостандықтың.
Туғанмен тәуелсіздік, шаруа күйреп,
Қалды жұрт, ізін таппай қашқан құттың.
Күректей көк диплом керексіз боп,
Түбінде қала берді көк сандықтың.
Сенделіп, сең соққандай әу басында,
Жақын қап ақылынан алжасуға.
Ес жиып, қамын жасап, кірісті жұрт,
Жалына асау тірлік жармасуға.
Келден де қызметінен босап қалып,
Бел буып, кірді өмірдің саудасына.
Қолдағы таусылған соң тоқты-торым,
Пайданың іздеп тапты мол бір қорын.
Арқалап ала сөмке тасыды кеп,
Шынжаннан шуаш, шуаш шорым-борым,
Әйелі берекесіз, ақылы аздау,
Келденнің ауырлатты қалың сорын.
Ұқсатып ұстай алмай тапқан малын,
Судай ғып, оңды-солды шашқан бәрін.
Той жасап, тон кисе де, жол тисе де,
Шалқыды, мұрат көріп мақтанғанын.
Өздері сезбей қалды өстіп жүріп,
Қарызға белшесінен батқандарын.
Кіруге кредитке көңіл күпті,
Кірмесе күңгірт тартты өмір тіпті.
Бар еді кірме досы, керме қасты,
Банкте, айыр сақал, темір мұртты:
– Ал, – деді, – долларменен төмен пайыз,
Береміз сізге біраз жеңілдікті!
Доллармен кредитке кірді келіп,
Мойынға қайыс қамыт ілді келіп.
Темір мұрт, тікірейген кірпі шашты,
Банкирге бауырындай жүрді сеніп,
Кірме дос келте ойлайтын Келдекеңнің,
Езуін кредитпен тілді керіп!
Қоя ма мыс-мыс ақша қалтадағы,
Кердеңдеп, әу басында талтаңдады.
Кешегі көз салмайтын кереметтер,
Көкелеп, Келдекелеп жалпаңдады,
Жантайып жақсы-жайсаң, төрде жатып,
Жеуге жал, ішеріне бал таңдады!
Келдекең кердеңдесе қасты керіп,
Әйелін қысты одан да қатты желік.
«Әйтейік, бүйтейік біз, баймыз ғой» деп,
Қамшыны Келден көкке басты келіп.
Қаржыны кредитке үйіп алған,
Малындай әкесінің шашты келіп!
Әдемі мүліктерді мың-мың дана,
Ресейден әкеп сатты, мұны қара...
Ұзатты дүрілдетіп екі қызын,
Тойында ән салдырып бұлбұлға да...
Жыл өтпей қайтып келді екеуі де,
Көтеріп қолдарына бір-бір бала!
Ұл ерке, көрсетті көп теріс қылық,
Ай сайын жаңалайды көлік мініп.
Зерігіп, тойынғанда ермек үшін
Ойнайтын мәшинәсін соғыстырып.
Үйленіп, адам болу ойында жоқ,
Жүргені көрінгенді «келістіріп».
Ессізге бітсе байлық, есерлікпен,
Аямай өз тамырын кесер түптен.
Әуейі болды Келден аяғында,
Әріптес әдемі әйел ресейлікпен.
Бұл әйел Ресейден көп керек затты,
Вагондап әкеп, пайда еселеткен!
Ақшаны берді аямай ашынаға,
Ақылды ер осылайша шашыла ма?
Әйелі шет жағасын сезіп қойды,
Ондайды ұзынқұлақ жасыра ма:
– Отасқаным опасыз боп шықты! – деп,
Ойнатты әңгіртаяқ басына да!
Болғасын ұлы – масыл, қызы – уайым,
Келденнің қарауытты жүзі дәйім.
Керегін кәсібінің келістірген,
Деуші еді ашынасын қызыл қайың.
«Жүз вагон жүк әкелем» деп аттанып,
Жоғалды ол, көп ақшамен ізім-ғайым!
Соққыдан жығылса да, жата бермей,
Қайтадан атқа қонды қатал ердей.
Басына не түссе де пенде шіркін,
Дәм-тұзын тіршіліктің татады өлмей.
Алатын Балғынды еске, кейде өмірден,
Шынымен өтем бе деп опа көрмей!
Қарызы қысқан кезде, қылды зарын,
Сарқылып иен байлық, солды қарын.
Өткізді несиенің өтеміне,
Өмірлік жиған-терген, қолда барын.
Үй-жайын, кеңсесін де, көлігін де,
Сыпырып, сотпен кесіп, алды бәрін!
Ерте-кеш ессіздерді еңіреткен,
Кредит қысқан кезде кеңірдектен.
Ешкімнен ештеме де ала алмады,
Ел кезіп, жәрдем тілеп төңіректен,
Қалдырды кірпі шашты кірме досы,
Бір үй мен бір көлігін жеңілдікпен!
Қарызға батқан жанда жай бола ма,
Айналды одан теріс айнала да.
Бір кезде бай атанып, кердеңдеген,
Келденің қалды сорлап айдалада.
Өзінің ниетінен таптым деген
Өзімшіл опасызда ой бола ма?!
Отыз жыл өткен соң...
Күйбеңнен күндіз күйіп, түнде қайнап,
Саларын білмей тісті кімге қайрап.
Ескілеу иномаркі әрең мініп,
Үһілеп, бірде жуып, бірде майлап,
Қамымен күнкөрістің тәкси болып,
Ілесті қу тірлікке ілдебайлап.
Тозса да, тиын тапқан – құнды көлік,
Тоқтаусыз жүріп жатты күнді көріп.
Тасыған талайларды тәксиіне,
Бір күні бір бай қатын мінді келіп.
«Тоғыз жүз теңге» деді, жақын маңға,
Бұл оны қалды әуелде жынды көріп!
– Жай емес, мынау жалпақ жайын қатын,
Жөн бар, – деп, мұны да ептеп майыратын, –
Алды да мың теңгесін, күмілжіді:
– Жүз теңге майда жоқ деп қайыратын! –
Осындай сасық қулық іске жарап,
Шылымын, су, шырпысын айыратын!
Өтірік айтар көзді бақырайтып,
Байғұсқа намыстан да бақыр артық.
Келденге сылқым әйел сылқ-сылқ күлді:
– Батпаққа қалғандайсыз батыр, батып.
Осылай әркімді алдап өтесіз бе,
Санаумен шақаларды шақырлатып?!
Әйелді алдап еді пайда түртіп,
Бір шарпып өткен кезде найза кірпік.
Өн бойы өз-өзінен қалтырады,
Қан ойнап жүрегінде, май да кілкіп.
Мазақ қып әйел кетті, күрсінді бұл,
Бітелер жүз теңгемен қайда жыртық?!
Құдалық сапары
Арада бір сарынды бес күн өтті,
Кешкілік бір дәу жігіт екпіндетті:
– Бір сөтке бізді тасы, құдалық, той,
Мың доллар, жақсы атқарсаң бұл міндетті!
Сауданың неше түрін көрсе дағы,
Соманы мұндай кесек естімепті!
Бас шұлғып, құрақ ұшып, ләпбайлады,
Қаржыға кіріптар ғой жаппай бәрі.
Тынымсыз, күні-түні кісі тасып,
Бір айда мұндай ақша таппайды әлі.
Бағыттап тауға қарай, жуан жігіт,
«Алай жүр, былай бұр» деп қақпайлады.
Соңынан көп көліктің сүмеңдеді,
«Қалма» деп, жуан жігіт дігерледі.
Моторын ылди жерде ылдым-жылдым,
Сөндіріп, жанармайын үнемдеді,
Жалтақтап жанындағы жат жігітке,
Байғұстың байқалып тұр тіленгені.
Сөйледі: Сақалымды сыйласаңдар,
Баймын деме, пұлыңды қимасаңдар! –
Тоқтады бір қиыста қиястанып:
– Қисайып, жатып қалам қинасаңдар,
Тағы да бес мың теңге үстемелеп,
Жүрмеймін, бір бак бензин құймасаңдар!
Көзінің ұшқын атып қиығынан,
Жалт етіп жынды күлкі миығынан:
– Бейшара, сен кім едің соншалықты,
Бэлланың бас тартатын бұйрығынан! –
Мінгізді, жүр қане деп көлігіне,
Қайқайтып бір тепті де құйрығынан!
Жын кетті, бас көтерген алғашында,
Білмейді, нанарын да, нанбасын да.
Кім кепіл, қия жолда, тау ішінде,
Кептеліп бір жырада қалмасына...
Сол түні қонды жалғыз бір қуыста,
Бір тулақ тастай салып жамбасына!
Құдалық түні бойы дүрілдеді,
Араның ұясындай гуілдеді.
Түн салқын, тау ішінде, амал қанша,
Жылытпай тозған көрпе, дірілдеді.
Қайдағы-жайдағы ойлар басын кернеп,
Біразға дейін көзі ілінбеді.
Сыбаға сұрайтындай салмақ та жоқ,
Сарқыттан саусақ сорып, бармақтап жеп.
Әлденіп, әрең қалғып жатыр еді,
Әлдене ағараңдап, ар жақтан кеп.
Желбіреп, кірген кезде, Келдекеңіз,
Әуелде шошып кетті аруақ па деп!
Баяғы қайда кеткен батыр қылық,
Жөтеліп, қорыққасын, қақырынып.
Жүрегі түсті орнына әрең-әрең,
Тірі адам екендігін ақыр ұғып.
Бүктеліп, түрегелді тәлтіректеп,
Жаутаңдап жат бейнеге, жапырылып!
Көрініп әуел түнгі жарқанаттай,
Үстіне төніп келген тарпаң аттай,
Елеске көзін салса, әйел екен,
Болпиған, сүп-сүйкімді, балпанақтай,
Келденге тесе қадап отты көзін,
Қозғалмай, тұрды біраз тіл де қатпай!
Таныды өткендегі бай қатынды,
Нұр шашып, айналғандай ай тақырды:
– Ақыры кездестік-ау! Мен – Балғынмын! –
Дегенде, құлап барып, қайта тұрды:
– Шынымен Балғынсың ба?! – деді ышқынып,
Тамыры шеке кернеп, шайқатылды.
Базар жыры
– Иә, Келден! Мен Балғынмын! Таныдың ба?
Таңбысың бір кездегі арығыңа?
Бұл күнде жардай қатын сүйріктей қыз,
Уақыттың амал бар ма жарлығына,
Көрдің бе отыз жылда ой жүгіртіп,
Қолыңмен талқандаған тағдырыма!?
Көңлінде саңлауы жоқ күлімсі адам,
Мен үшін сен едің ғой бірінші адам.
Сорлаған тірлігіңді көрген кезде,
Айызым қанғанша бір күлдім саған.
Міндім деп мазақ қып ең бір кез мені,
Мен бүгін кегімді алдым, міндім саған! –
Мына сөз қатты тиді батырыңа,
Ой тоқтамай шайқалған шатырына.
Өлтіріп тастайды-ау деп, қатты қорқып,
Тығылды тас жүрегі алқымына.
Бір қарап, Балғын сөзін жалғай берді,
Екпіндеп, үдей түсіп қарқыны да!
– Өкіндім, махаббаттың өткеніне,
Егілдім, алдап, тастап кеткеніңе.
Күйіндім, елге әйгілеп, мазақ қылып,
Арымды аяқ асты еткеніңе.
Мәрт елдің бір кездегі сертке берік,
Өрені өсекші боп кеткеніне!
Ашындым, ашылды бет албырттықпен,
Оздырдым біраз уақыт салғырттықпен.
Бершімек өскен сайын зәрем ұшты,
Жазалыдай зынданда жарлық күткен.
Алдырттым, ақырында аборт жасап,
Әлдене айыптайды арғы түптен!
Десем де, дым шығармай, істі ыңғайла,
Пенде жүрген жерде сөз бықсымай ма?
Келерін қайдан, қалай жан ұқпайды,
Әйтеуір жетеді өсек сыпсыңбайға.
Әшкере болмай тұрып, бой тасалап,
Жөнелдім ауылыма, ізгі жайға!
Негізі, мені өсірген әжем еді,
Жан еді ең мейірбан әлемдегі.
Баулыды жақсылыққа жастайымнан,
Айтпайтын жамандықты, бәлелерді.
Немерем өнегелі өркенді боп,
Өсер деп жақсы адам боп дәмеленді.
Елге кеп, сыр жасырып, көзге күлем,
Бәлені, әжем бірақ, сезді білем.
Тереңдеп, әжімдері, көп күрсініп,
Уайымға тола берді сөзі кілең.
Қайтқанда, өксіп жүріп, аппақ жүзін,
Жасырды туған жердің бозы – кілем.
Алшақтап замандастан, ғұрыптастан,
Мен болдым тағы мысық бұғып басқан.
Нар тұлға ерлер қандай аянышты,
Тірліктің салмағынан сынып қашқан.
Қаһарман қыз-қырқыннан өнеге алдым,
Қаймықпай қан базармен қылыштасқан!
Шырылдап кездім жалған дүниені,
Жұлқылап, талшыбықтай жел иеді.
Жолдан да тайған кейбір кездер болды,
Тиіп кетіп қаптаған жын иегі,
Сытыла, білдім сынбай, майысумен,
Қақиған ағаш сынар, ел біледі!
Сауда ғып барахолка базарында,
Қайнадым қара өмірдің қазанында.
Қаншырдай қатқан қара қайыс болдым,
Ұқсаушы ем айдын көлдің сазанына.
Қиянат көрген адам қиналғанда,
Құдайдың болар дейтін назарында!
Базардың бәсін көрдім, бұлын көрдім,
Қоспасыз адамдардың құнын көрдім.
Жұқарған жанталастан жүйкелердің
Атылған ақкөбік боп жынын көрдім.
Тартылған таразыға тағдыр, тірлік,
Өмірдің боямасыз шынын көрдім!
Ерлерден қиындыққа қыздар епті,
Қиындық нәзік жанды мұз-қар етті.
Аяулым аймалайтын ақ жүзімді
Күн қақтап, жел кептіріп, ызғар өпті.
Көрмеген шөгір кіріп табаныма,
Көк тас пен саз балшықтың сыздары өтті.
Аңғарып заман сырын, әккілендім,
Біреуге шәпкі бердім, тәттіледім.
Біріне бірін соғып аяғында,
Қор жиып, кәдімгідей жақсы болдым.
Зерделеп ой-шұқырын, құйтырқысын,
Бизнесті жүргізудің таптым жөнін!
Қайрадым өзімді-өзім, жігерлендім,
Әуестік, әсемпаздық шідерледім.
Киініп қарапайым, қытып ұстап,
Тиыннан тиын құрап, үнемдедім.
Үйрендім бірді екіге көбейтуді.
Қол жайып ешкімнен де тіленбедім.
Меңгердім сатулы өмір ұғымдарын,
Жүргенбіз, білмей қайтіп, мұның бәрін.
Жобаға келетіннің жолын тауып,
Парамен аузы-мұрнын тығындадым.
Жөнімен жеке меншік дүкен ашып,
Күшейіп айналымым, зырылдадым!
Көп сөз ғой, қалай таптым, қайдан алдым,
Кесек ем, керек жерде майдаландым.
Тікелей Түркиядан тауар алып,
Бәрін де ебін тауып пайдаландым.
Байыдым бірте-бірте көзге түспей,
Әйелде, білесің ғой, айла барын!
Бэлла
Жасырып Балғын атты, Бэлла болдым,
Тынымсыз жорта бердім, жолда қондым.
Ресторан, монша салдым ақшасына,
Түріктен таңдап, тасып алған тонның.
Базарды түгелімен сатып алып,
Ақыры, қатарымнан алда болдым!
Кезіктім, шын ғашықпын деген ерге,
Лайық жар маған жоқ деп, сенен өңге.
Жалындап, жаны қалмай, талай күндер,
Жанымда үйіріліп, дөңгелене,
Кешікпей үйленуге уәде беріп,
Кетеді айнып, келгенде жеме-жемге!
Қиын-ау, бір шыққан соң ат қазаққа,
Күйеулер күйіп кетіп жатқан жоқ па.
Соңымнан шұбатылған сол бір өсек,
Күйесін көңіліне жаққан шақта...
Ғайбаттың батпағына батқан елден,
Біржола кетпек болдым басқа жаққа!
Шаршадым, соңымнан сол сөз ергеннен,
Не ләззат табасыңдар тезегімнен?
Қинайды, бір қимастық ар жағымнан,
Өлсең де, кетпе дейді өз еліңнен.
Сөз қылып, сырттан күліп, бетім тіліп,
Өз елім неге тепті өзегімнен?!
Басар тау, барар жерім тарылғанда,
Қамқор жан ара түсер табылған ба?
Аздырып әзәзілдер алды-артымнан,
Жан-жақтан жалмауыздар жабылғанда.
Жел қаққан ашық, шашық етегіме
Не таптың, көзің сүзіп, қағынғанда!
Сендер менің таптаған құрағымды,
Сендер менің лайлаған бұлағымды.
Шырағымды сөндіріп, жанбай жатып,
Қаңқу сөзбен сарсылтып құлағымды.
Торғайдай бір басымды талқыға сап,
Теріске бұрған өмір – ұлы ағынды.
Адалымды былғадың арамыңа,
Жас жаным жазылмайтын жаралы да.
Құмарыңа құрбан ғып тағдырымды,
Қарамадың көз жасым, обалыма.
Иманыңды үйірер күн туғанда,
Тас болып тұрам сенің тамағыңа!
Мен әйелмін, ашынған, қаны қатқан,
Тағдырдың жастай ащы дәмін татқан.
Ездердің сен сияқты егескенде,
Езуін тіліп тұрып, жынын қаққан.
Ғайбатшыл адамға да, қоғамға да,
«Мә!» деп қолын шығарып, дамыл тапқан!
Зиянсыз, мен де ақкөңіл қазақ едім,
Аузында ағайынның мазағы едім.
Өсектеп, тыныш өмір сүргізбеп ең,
Енді тыныш өлуге маза бергін.
Тұншығып бықсығыңа, бұға бермей,
Жұтайын дүниенің таза демін!
Көп ақша кеудеге жел, жігер берді,
Шарла деп дүниені дігерледі.
Әлемді кезсем дағы, кетуге елден
Әлдене бөгей берді, шідерледі.
Әлдилеп, әлпештеген сәбиімнен,
Аруағы ақ әжемнің жібермеді!
Албырттық зардабы
Жүргенде аулағырақ тасырлардан,
Кездесті маған да бір асыл адам.
Сабырлы, парасатты, мәрт мінезді,
Келгендей сонау көне ғасырлардан.
Ақтардым ағыл-тегіл құпиямды,
Толқыды, жан сырыма жасырмаған:
– Жан едің, неткен ойлы, неткен мұңды,
Қайтесің, қаузай беріп кеткен күнді.
Мен сені шын сүйемін, қосылайық,
Сүрейік қуанышпен жеткен күнді.
Өзіме адал болсаң, бұдан былай,
Салауат, қопармаймын өткеніңді!
Ойландым, білмей қалдым не дерімді,
Көңлімді күмән буып көп өрімді.
Көріндім дәрігерге мықты деген,
Сезсем де көз жасымды төгерімді,
– Ашығын айтыңыз! – деп, ақы бердім,
Білмекке не болса да көрерімді!
– Алғашқы аборттың ең жаман жері –
Болмайды енді мүлде балаң! – деді,
Талып қала жаздадым, кеудем қысып,
Мән бар ма бұл өмірде маған енді!?
Ана болу бақыты бұйырмаса,
Не пайда бай қылғаннан бағалы ерді?!
Жасырмай, шынымды айттым адал ұлға,
Қара бұлт қонса дағы қабағына:
– Өшкен от, тартылған су, кепкен ағаш,
Бедеулік көнбейді еш бір амалыңа.
Мен саған қосылғанмен, көктеп өспей,
Қалам ба бір әулеттің обалына?!
Қиналдым, қатты сүйдім, қия алмадым,
Амал не, маңдайына сия алмадым.
Қоштастым, адам құсап, дос пейілмен,
Көз жасым, талай түндер тыя алмадым.
Кісіден көріп тұрып кесапатты,
Көнеміз, бұйрығы деп бір Алланың!
Сүйгені алдап, қорлап, тастап кеткен,
Быт-шыт қып, қыз бақытын басқа тепкен.
Отыз жыл өткен жоқ па одан бері,
Төгілген қара көзден жас та кепкен.
Мен кіммін? Құртпын ба әлде, қоңызбын ба,
Өмірге босқа келіп, босқа кеткен?!
Сәби даусы
Қыдырып Қырым бардым, Ұрым бардым,
Шырқалып жер жүзінде бүгінгі әнім.
Бұрылып Балқан бастым, Альпіні астым,
Бұғынып, ешкімнен де тығылмадым.
Көзіме кеп қалғанда кермек толқын,
Көңлімнің тереңіне тығындадым!
Алыста, Америка даласында,
Серуендеп көк мұхиттың жағасында.
Бір күні кешке таман жүргенімде,
Бір бала, төрт-бес жастың шамасында,
Мамалап келе жатыр құлдыраңдап,
Жағада, ақшағылдың арасында!
Ақ та емес, қара да емес, құба ғана,
Қалғандай табан ізі құмда ғана.
«Мама! Мама!»дегенде көк жаңғырып,
Дегендей, тыңда мұхит, тыңда, дала,
Қараймын, аң-таң болып жан-жағыма,
«Мама» деп кімді айтып тұр мына бала?
Асықтай, айдалаға иірілген,
Адасқан құлын құсап үйірінен.
Айдынын көк мұхиттың кешіп өткен,
Балапан, аман шыққан иірімнен.
Басып кеп батылсыздау маған қарай,
Түртеді, үркіңкіреп, бүйірімнен!
Мен күліп, көз жүгірттім түр-түсіне,
Ұқсаттым байырғының үндісіне.
«Мамалап» оралғанда етегіме,
Әлдене, түсініксіз, кірді ішіме.
«Мама» деп мына бала мені айтып тұр,
Кеудеме бастым оны, бір күрсіне!
Селк етті, құшып тұрып, өксігендей,
Өзіме не болғанын кеттім білмей.
Кездескен ойда жоқта сәби маған,
Лүпілін жүрегінің жеткізгендей...
Сол кезде келіп қалды бір сары әйел,
Біздерге бұл бақытты көпсінгендей!
Сабырмен баланы алды, күліп келіп,
Жылады, бала беті түбіттеніп.
«Мама» деп талпынады маған қарай,
Белгісіз әлденеден үміттеніп.
Баласын бауырына басқан ана,
Қарайды мен бейбаққа күдіктеніп!
Зекіді, «үйге жүр» деп баласына,
Ілесті ол сүлесоқтау анасына.
Бұрылып, сұрады әйел кенет менен:
«Келдіңіз бе қазақтың даласынан?!»
Бас изеп, иә дедім, әлгі әйелдің,
Жас толды көк көзінің шарасына!
Баса алмай сәл тұрды да, алған демін:
– Мен былтыр сіздің елге барған едім,
Алматы қаласынан бұл баланы
Асырап, заңды түрде алған едім.
Қараңыз, сезіп тұр-ау қан мен жанын,
Осыған болдым қатты қайран! – деді!
«Гуд бай» деп, өз жолымен қырындатты,
Табандап, жағалаудың құмын қатты.
Қол созып маған қарай, мамалаған,
Баланың көк мұхитқа үні батты.
Шуылдап жүрегімнің толқындары,
Кеудемнің жағалауын ұрып жатты!..
Кемемен бардым алыс аралдарға, Мың алғыс, мұхитқа жол салғандарға. Төсінен темір тұмсық тілген кезде, Көк толқын көпіреді ақжалдана... Кетпейді естен, мамалап, қолын созып, Мұхиттың ар жағында қалған бала! Ана Сайрандап, келдім аман ауылыма, Уайымның бата бердім ауырына. Мұхиттан ары асырған қара көзді, Не дерсің замананың дауылына. Сәбиді бөтен елде жаутаңдаған, Мен неге баса алмаймын бауырыма?!
Шыңдалған шыңылтырда еркім менің,
Қалмайтын жерде сөзім, өтінгенім.
Бір күні тәуекелге белді байлап,
Сөйлесіп, басшылықпен, сертім бердім.
«Бетіме кім қараса, соны алам» деп,
Үйіне кіріп келдім жетімдердің!
Балдардың жалт қарады бәрі маған,
Жылылық сезді ме екен жалындаған?
Мамалап тұра ұмтылды бірі қалмай,
Қозыдай енесіне жамыраған.
Еңіреп құшақтастық өңкей жетім,
Туғаннан мейірімге жарымаған,
Мен сездім, шын бақыттың табылғанын,
Құдайдың бұйрығы деп қабылдадым.
Егіліп, жан мейірім төгілгенде,
Төсімнен сездім сүттің ағылғанын.
Бір бала аламын деп келген басым,
Бала ғып бауырыма салдым бәрін!
Жолымен үлгі болар бұрынғының,
Қырықты қасиетті ырым қылдым.
Барлығын алаламай алдым бір-ақ,
Екі мен үш жастағы құлынымның.
Зар едім бір балаға, шыға келдім,
Анасы боп қырық қыз, қырық ұлдың!
Ақыл-ой іскерлікке араласса,
Жұмысың оңға басып, ағады ақша.
Жұмсасаң ізгілікке, игілік боп,
Орайын ойдағының табады ақша.
Аямай мол ақшаны, жолын тауып,
Салдырдым бір тамаша балабақша!
Үй кернеп сексен дауыс кеткен кезде,
Шаттанып, төбем көкке жеткендей ме?!
Жасатып, бар жағдайын талапқа сай,
Бөлгіздім сексеніне сексен бөлме.
Қалады өз үйі боп өз бөлмесі,
Күні ертең, Алла жазса, өскен кезде!
Өмірдің ойлы-қырлы өрнегінен,
Бейнеттің небір түрін көрмедім мен.
Жалғызы бір атаның, үміті едім,
Әйтеуір, үзілмедім, өлмедім мен.
Әкемнің атын бердім тегі қылып,
Бақыт та құтты шығар кермегімен!
Бәйтерек болмасам да өскен дара,
Көңілден өшпесе де кешкен нала.
Бақытты сезінемін өзімді шын,
Мамалап жүгіргенде сексен бала.
Сырымды сор татыған, сорғалап жас,
Түсінер, тек басынан өткен ғана!
Ақ неге кейде нахақ күйеленбек?
Жас өркен албырттықпен күйе бермек?
Қаршадайдан күнәға батырды өмір,
Күн туар, бәрі есеппен жүйеленбек.
Мақшарда қыл көпірден сексен бала,
Мамалап, алып өтер сүйемелдеп!
Тап-таза бұлақтарды ылайлама,
Неліктен жылайды қыз, жылайды ана?
Өлшемі өткен өмір өзгермейді,
Аударып, олай қара, былай қара.
Жаратқан бұл пәниге Құдай мені,
Бақида төрешім де Құдай ғана!
Кім үзбей тасты қазып, тапты жақұт,
Кім өмірлік рахатқа жатты батып?!
Болмайды-ау өңкей тәтті тағдыр деген,
Адамға туа бермес жақсы уақыт.
Жазылған маңдайыма осы менің,
Даланың жусанындай ащы бақыт!
Қаусаған Келден
Оқталды, неше рет сөз қайтарғалы,
Әлдене тұншықтырып, айта алмады.
Қайқайып, қош деместен Балғын кетті,
Мамырлап, мама қаздай балпаңдады.
Апырмай, қалай ғана асып кеткен,
Бәйгеден қалып қойған байтал бағы!
Көргенде бір кездегі ғашық жасын,
Туғандай сасып еді, басына сын.
Әуелден теріс жолға түскен жігіт,
Алдаумен арзандатқан алтын басын.
Әлдене тілді өзегін, түсінгенде,
Бұл қыздың тырнағына татымасын!
Әйелдің кетті мұны мысы басып,
Жөнелді көп машина қырдан асып.
Жақын кеп, жуан жігіт жап-жасыл ғып,
Уыстап мың долларды кетті шашып.
Алдында аппақ болып Балғын кетті,
Келденің қалды қаусап, құты қашып!
Өңім деп, өзіне өзі сенгісі жоқ,
Өмірге келмеп пе еді ер кісі боп.
Күйінді өткен іске тұңғыш рет,
Маңдайдан өзін-өзі пергісі кеп.
Тоқталды, әрең-әрең, жанын қимай,
Оқталып, құздан құлап өлгісі кеп.
Әуелден мұның жолы – алдау жолы,
Алдау жолдың аяғы тарлау болды.
Күйзеліп, күрсінді де, теріп алып,
Қалтаға көк долларды салған болды...
Бір жүзі шын боп шығып долларының,
Ал қалған тоғыз жүзі жалған болды!
7.01.2015 ж. 5.01.2016 ж.
ҚОРАСАН ҚАРАҚШЫНЫҢ ҚОЛМЕРГЕНІ
Поэма
Қамаудағы қадамдар
Абақты,
Алты қадам
Арлы-берлі,
Ауырлық
Қайысқандай нардың белі.
Жалғанды
Жалпағынан басқандарға,
Сезілген
Дүниенің тарлығы енді.
Арасы
Алты қадам
Төр мен есік.
Көкірек қысылады
Келген бөсіп,
Торлаулы
Терезенің ар жағында,
Тұрлаусыз
Уақыт ойнар желдей есіп.
Құдайдың
Құдіретіне күмән бар ма,
Ұрыға,
Қарыға да берген несіп.
Алты адым
Арлы-берлі
Қас-қағым сәт...
Шамасы
Осындай жол
Көр мен бесік.
Жастықпен
Біреу түссе басы айналып,
Бел байлап,
Біреу қылмыс жасайды анық.
Өшігіп
Өмір бойы өтсе біреу,
Біреулер
Өкінеді кеш ойланып.
Азапты
Адымдарды есептесең,
Жер шарын
Шығар екен неше айналып?!
Төрт тарап
Тұтқын үшін төрт қабырға.
Телміріп
Келетіндей көп сабырға.
Көңілі
Күллі әлемді кезетіндей,
Үгіліп үнсіз үміт...
Жоқ дабыра!
Қамауда
Қырық адам,
Құжынаған.
Тыным жоқ
Шыбын жанға ызыңдаған.
«Қырықтың бірі – Қыдыр»
Деген қайда,
Кім қане,
Қан мен жаны бұзылмаған?
Бұлар да
Кеше кісі саналыпты.
Жамандық
Жылдар бойы жамалыпты.
Сыя алмай
Дүниеге жойқындарың,
Ақыры
Қараңғы үйгеқамалыпты.
Қамауда
Қилы тағдыр топтасыпты.
Қейбірі
Талай мәрте соттасыпты.
Сыр шертіп,
Шер тарқатып жатқанда жұрт,
Жас жігіт
Шайнайды үнсіз ақ қасықты.
Кәдімгі жастарға тән
Төбелесте,
Мастықпен
Он тоғызда от басыпты.
Ауылдан,
Ақ самалы аңқылдаған,
Доп қуса
Ертелі-кеш алқынбаған.
Балтабай,
Орта бойлы, шымыр, шапшаң,
Серпінді,
Жас қайыңдай солқылдаған.
Қап-қара
Қайғы тұнып көздеріне.
Күрсініп,
Тұншығардай өз деміне.
Кей-кейде қайраттанып,
Қайрап өзін,
Жұрттың да
Құлақ түрер сөздеріне.
Тағдырлар
Кейде жынды, кейде мұңды,
Сыяр ма
Пенделердің безбеніне!?
Жынды пышақ
Бір мұжық
Әкесімен ішкен арақ.
Мас болып,
Жанжалдасып, іскен қабақ.
Аузынан пергенде әке,
Қызыл қан боп,
Сау еткен
Тісін бала іштен санап.
Десанттың
Өткір құрыш қанжары екен,
Қолына
Жанталаста түскен жарақ.
Әкесі қашқан кезде,
Қас жауындай,
Артынан
Лақтырыпты күшпен қадап.
Кірш етіп
Жон арқасын тесіп өткен,
Құлаған
Байғұс әке осы бетпен.
Әйтеуір
Тірі қапты емханада,
Түрмеге
Түскен бала есі кеткен.
Тентек су
Сорлатпаған кімді тұсап?
Сөйлейді,
Айыққан соң, мұңды құсап:
–Апырмай,
Қайда,
Қалай лақтырсаң да,
Ұшымен
Қадалатын жынды пышақ!
Жұрт оған күледі кеп:
– Неткен пышақ!
Әкеңді
Өзі қуып жеткен пышақ.
Өкпесін
Тесіп өтіп, қан жұтқызған
Көргенсіз,
Бетіменен кеткен пышақ!
Осылай
Есер ұлды оспақтайды,
Өкініп,
Ол шекесін тоқпақтайды.
Сойқанды
Кешіріпті әке жылап,
Тергеуші
Істі бірақ тоқтатпайды.
Сілтеген
Суық қару сұмырайды
Бес жылға
Қалай ғана соттатпайды.
Алайда,
Шын әділет сорлы әкеге,
Баласын
Сірә, бұлай жоқтатпайды!
Автотұрақтағы ажал
Ашумен
Талай маңдай жар соқпап па,
Ақылмен
Болмай ма оған салсақ ноқта?
Тұрақта
Сөзге кепті екі жігіт,
Жолыққан
Тау текедей тар соқпақта.
Жолға да
Көшедегі таласамыз,
Қайтер ек,
Қатарласып қонсақ таққа?
Үлкені
Кішісіне келген қырын,
Кішісі
Қайдан білсін оның сырын:
– Сен кімсің, әй, боқмұрын, –
Дейді зекіп,
– Өтетін
Мына жерден менен бұрын?
Бұр былай,
Босат маған дереу жолды,
Үлкеннің
Жолын кесу – жаман ырым!
–Күн сайын
Көріп жүрміз біз мұндайды,
Шегіну
Менен гөрі сізге ыңғайлы.
Сәл шегіне тұрсаңыз,
Кетем өтіп,
Қалады
Жол сізге, – деп жымыңдайды.
Үлкені
Қып-қызыл боп кеңірдегі:
– Кет, былай
Тапап өтем сені! – деді.
Қарамай
Кішісі де бет-жүзіне,
Лақтырды
Күл-қоқысын көңілдегі!
Қаһарға мініп үлкен,
Бұра тартқан,
Көлігін
Апыл-ғұпыл тұрақтатқан.
Кішкентай
Айбалтасын алып шығып,
Басынан
Бозбаланың бір-ақ шапқан!
Осылай
Бейтаныстан жаңа көрген,
Қапыда
Қанға батып қала берген.
Ес-түссіз
Үш күн жатып есіл жігіт,
Ақыры
Амал бітіп, арам өлген!
Қоздырып
Жастық оты делебесін,
Жан бар ма,
Көрмеген ер төбелесін.
Бірақ та,
Шектен шығып, қан төгуге
Барады дәті қалай,
Неге,
Не үшін?!
Кесіпті
Қанішерге сегіз-ақ жыл,
Дегендей,
Тағы да қан төге берсін!
Қарақшы Қорасан
Қаймықпай
Қараңғыны тіліп өткен,
Қыр асса
Қалталыны дірілдеткен.
Қарақшы,
Қырық асқан, қырма сақал,
Қасқырдай
Сөйлегенде қыр-қыр еткен.
Жігітке
Сүйеніш боп шыға келді,
Жаутаңдап
Жан-жағынан демеу күткен.
Қаусатқан
Қалың топты қара батыр,
Болғанды жолға бөгет,
Жарады ақыр.
Курортқа
Бет алғандай қарқ-қарқ күліп,
Зонаға
Алтыншы рет бара жатыр.
Қорасан,
Аты жұмбақ,
Алпамсадай,
Болардай
Қуатынан талқан сарай.
Аруағы
Ар жағынан түртіп тұрса,
Жүреді
Қалай тыныш, талтаңдамай.
Қайратты,
Ұзын бойлы, кең иықты,
Сан мәрте
Бұзып өткен тар ұйықты.
Қажырлы,
Қатпары мол, ықпалы зор,
Қорасан
Жас жігітті сөзге ұйытты.
Балтабай
Оған сырын шертті бірде,
Тыңдады
Үнсіз көкжал кермиықты.
Балтабайдың Қорасанға
шерткен сыры
Ауылдың
Еркін өскен баласымын,
Ат мініп,
Желден ұққан дала сырын.
Апаттан
Әкем жастай қайтыс болды,
Жалғыз мен
Алданышы анашымның!
Кердеңдеп
Кеуде қағып,
Ісіп баққан.
Саунада
Аунап-қунап ішіп жатқан.
Бір дөкей
Мас күйінде рөлге отырып,
Көлікпен
Көшеде екі кісі қаққан.
Осылай
Менің әкем опат болып,
Біздің үй
Зар еңіреп, қанға батқан.
Сол дөкей
Біраздан соң босап шықты,
Парамен
Қанды жуып
Ісін жапқан.
Жанымды
Жейді келіп ауық-ауық,
Шер-шемен
Бала күннен іште қатқан!
Сонда да қудық арман
Жалын, өрттей,
Оқуға түсе алмадым
Балым жетпей.
Майтабан,
Тобанаяқ,
Жарамсыз деп,
Әскерден
Қала бердім тағы да өтпей.
Ер жігіт
Жүргені жөн әр қияда,
Барғым кеп
Көппен бірге армияға.
Өтіндім
Әпесерден әскерге алсаң,
Ел үшін
Дайынмын деп жан қиярға!
«Кроста
Кемдік қылса майтабаным,
Күрестен
Есесін мен қайтарармын.
Мысықтай
Қараңғыда өткір көзді,
Майданда
Майтабаның айтар әнін.
Түсірем
Төбелессем шөкесінен,
Қасиет
Құдай берген төтесінен.
Көздемей
Қағып түсер қолмергенмін,
Шымшықты
Шырқап ұшқан шекесінен!»
Сардарым
Деді сонда, сұсты аңғарта:
«Қалайша
Қалдырмақсың дұшпанды артқа?
Жаныңды
Жылы жерде күткенің жөн,
Солдаттық
Сай емессің стандартқа!»
Басыма
Туғандай боп ақырзаман,
Қалайша
Біз кембіз деп, батырлардан.
Намыстан
Өлердей боп үйге келдім,
Жарамсыз,
Дімкәс деген аты жаман!
Анашым
Отыр екен тілеп іші,
Адамның
Болса да бір жігерлісі.
Қуанды
Көз алдымда жүрші аман деп,
Келмейді
Мені ешқайда жібергісі.
Ауылым –
Алтын бесік, құт мекенім,
Білемін,
Бұл сөзді әзір жұрт кекерін.
Қамкөңіл
Халық отыр қалт-құлт етіп,
Сыпырып
Әкеткен соң жылт етерін.
Жұмыс жоқ,
Жүргеніміз құр сенделіп,
Ешкімге
Пайдамыз жоқ бір теңгелік.
Қысыр сөз,
Қылжақ күлкі
Қарт пен диван,
Бір үміт
Көтерердей ертең келіп.
Сондықтан
Жиі-жиі болар жиын,
Тойлайды
Алса біреу тауар, бұйым.
Жу-жу деп зуылдайды
Желөкпелер,
Қаптайды шегірткедей,
Солар қиын.
Жай кезде
Ақша жоқ деп жылап жүріп,
Ішуге,
Жерден қазсын, табар тиын!
Айтады
Қамкөңілдер қайда назын,
Болады
Бағы тайған майға жазым.
Құрдастар
Қияли боп, бір-біріне,
Жуғызбақ
Болған тіпті жайнамазын!
Ағайын,
Көрші-қолаң,
Қолдан қорек
Іздеген.
Тарау-тарау жолдар бөлек,
Ауылдың бір бөлегі
Намаз оқып,
Бір тобы
Бас жазумен болған әлек!
Үйрендік
Өстіп ептеп ішкілікті,
Алданыш,
Ұмыттырар күйкілікті,
Үйлендім
Бірге оқыған жақсы қызға,
Ауылда
Қалатын боп түпкілікті.
Қараулық
Көрсем қаным қызатұғын,
Танауын
Тәкаппардың бұзатынмын.
Дөкірлік,
Кесірлікті беттен қағып,
Өкіртіп
Өсекшіні ұратынмын.
Кектесіп, беттескенді
Кертіп ұрдым,
Егескен спецтерді
Серпіп ұрдым.
Жамандық атаулыға
Жыным ұстап,
Шермәшті
Шекесінен шертіп ұрдым.
Келмеді
Әлсіздерді өкпелеткім,
Ұстадым
Сертін мықты жекпе-жектің.
Біреуді
Екеу болып сабамадым,
Бас салып
Жығылғанды тепкен жоқпын.
Тентек деп
Төбелескіш даңқым шықты,
Санасты
Меніменен жалпы мықты.
Алыптар
Атышулы аймақтағы,
Құрметтеп,
Құйды маған жартылықты.
Бір күні
Көрші ауылға тойға бардық,
Ақыры
Не боларын ойламадық.
Шарапқа
Қызып алған өрім жастар,
Би билеп,
Тайдай тулап тайраңдадық.
Той қызық
Ауылдағы, палаткада,
Қалтарыс,
Қора-қопсы – шарапхана,
Бұрышта
Жастар шыны шылдырлатса,
Күрсініп
Шалдар өтер қарап қана!
Беу, жастық,
Бір-ақ аттар бел-белесті,
Гулетіп
Той көрігін кеу-кеулесті.
Бір жігіт
Дойман қара билеп жүріп,
Бізбенен
Қайра-қайра ерегесті.
«Қаңғырып
Басқа ауылдан кепсіңдер» деп,
Әдетпен
Қағынады елдегі ескі.
Ұқпайды
Ұят-аят, қой дегенді,
Ақыры
Бастап кеттік төбелесті.
Арақтан
Жайылған у айналды отқа,
Аяғы
Тойдың болды ойран-ботқа.
Ағайын
«Айналайын, қой» дегенмен,
Өңкей мас
Қыстыра ма ойбайды артқа.
Қиқулап
Қайрайды кеп қайманалар,
Айғаймен май құйғандай
Майдан – отқа.
Аянбай
Қойғыласып бір-бірімен,
Қанатын
Ой мен қырға жайған топта.
Таяқты
Талмай сілтеп мен де жүрдім,
Қаймықпай
Қарсы шауып дойман доққа.
Қайраты,
Мейманасы тасқанымен,
Қапысын
Табар оның хайлам жоқ па?
Маймылдай
Маймаң етіп, тайқып кеттім,
Қабандай
Айыр азу салған уақта.
Қайқайтып
Қақ маңдайдан пергенімде,
Тайшадай
Домалады тайған боққа.
Айыры
Қолындағы қайырылып,
Байқамай
Майлы қарнын сайған уақта.
Ауызы
Айға қарап қала берді,
Дегендей
Айықтырар айран жоқ па.
Жайындай
Қайраңдаған абайламай,
Тағдырым
Осылайша байланды оққа!
Тарадық
Біраздан соң жын басылып,
Қырғынды
Қала берді түн жасырып...
Үйімде жатыр едім,
Келді жетіп,
Қос бірдей қызыл жаға,
Күнге асылып!
Сұп-суық погондары
Көзді қарып,
Бас қаңғып,
Ес қалмаған сөзді ұғарлық.
Бір ожау
Су ішкен соң түсінгенім,
Кетіпсің,
Дейді дәуді, өзің жарып.
Зырқ етіп
Зәр түбіне зәрем кетті,
Тордағы
Бозторғайдай біз бір ғаріп.
Айдауыл алдына сап
Әкеткенде,
Анам мен
Қалды әйелім мұзға оранып.
Тергеуші
Қатал екен табандатқан,
Тағады
Маған айып батпан-батпан.
Бір болған
Ауылдасты жиып алып,
Қорқытып,
Қысып әбден,
Амал тапқан.
«Сендерді
Соттамаймыз» дегеннен соң,
Барлығы бас сауғалап,
Маған жапқан!
Шіркін-ай,
Талай достар іштерінен,
Дықтанып
Жүреді екен тістенумен.
Түңілдім
Мен туралы түсінігін,
Көргенде
Тергеушінің үстелінен.
Бастаған төбелесті
Мен деп жазған,
Мінімді
Жіпке тізіп ел боп жазған.
– Мінеки,
Барып тұрған ит екенсің, –
Деп күлді
Майор істі тергеп, қазған.
«Шамына
Тиеді тез сынның тезі,
Кірмейді
Құлағына мыңның сөзі.
Қияңқы,
Пияңкіге ұйтқы болған,
Байлаусыз
Қызыл көзді жынның өзі.
Бұрқырап
Бұл көшеге шыққан кезде,
Кетеді
Бұлтқа кіріп күннің көзі!»
Үйір боп,
Береді екем бұзыққа дем,
Бүлікті
Салады екем қызыққа мен...
Осылай
Сеніп жүрген қимас жұртым,
Бетімнен
Бір-ақ тартты сызықшамен!
Күйдіріп,
Тірі өлтірген ел бағасы,
Секілді
Тергеушінің қолағашы.
Құдасы
Екен және дөй қараның,
Аудандық
Сотымыздың төрағасы!
Ол дағы
Қызыл майдан тойда болған,
Қырғынды көзбен көріп,
Ойға қалған.
Қазық қып
Қағамын деп қара жерге,
Кектенген
Мен сорлыға қолға қонған.
Орындап
Жан әкемнің аманатын,
Жолындай
Келешекке жалғанатын.
Алаштың
Азаматы болсам деуші ем,
Азамат сотталушы...
Алған атым!
Қор қылып,
Төмендеттім анам басын,
Төбемде
Ойнақтады замандасым.
Қылмысты
Қаршадайдан жек көруші ем,
Түрменің
Таттым міне баландасын!
Осындай
Болды ма екен бұрын да адам.
Жоқ әлде
Бұзылды ма бүгін ғалам?
Ұғатын
Жан бар ма екен бұл жалғанда,
Жанымды
Байыз таппай шырылдаған!
Кім білсін,
Болғанымда алымдырақ,
Көлімде
Көктер ме еді қалың құрақ.
Ол рас,
Жастық – мастық, жазығым бар,
Қылмыскер
Емес менің жаным бірақ!
Қорасанның Балтабайға
шерткен сыры
Көздері
Шыға жаздап шарасынан,
Толғанып,
Жас жігіттің наласынан.
Шылымын
Құшырлана бұрқыратып,
Бұлдырап
Қою түтін арасынан.
Қорасан
Сөз бастады: «Ешбір адам,
Тумайды
Қарақшы боп анасынан.
Қылмыскер
Сезінбеймін мен де өзімді,
Алты рет
Өтсем де сот сарасынан!
Мен дағы сәби едім,
Мөлдір едім,
Өмірге
Ғашық болдым, елжіредім.
Керемет істер жасап,
Ат шығарып,
Жаулағым
Келді жастай ел жүрегін.
Жастықпен
Жалындадым, асып-тастым,
Жандырып
Ішін талай дос пен қастың.
Жаяулап
Жер-жаһанды кезіп кетіп,
Келетін ғарышқа ұшып,
Мұхит асқым!
Махамбет,
Робин Гуд пен
Чинга Чгук,
Корсарды
Жастайымнан шындап ұғып,
Қаратқым келді әлемді
Бір өзіме.
Ең биік,
Жан жетпеген шыңға шығып,
Амал не,
Көп арманым көктей солды,
Қурады
Қатты қыста сынған шыбық.
Келіпті
Басқа уақыт, басқа қоғам,
Бір-бірін
Бауыр сатып, дос та алдаған.
Қандасын
Қылтасынан қырқып, шалып,
Асуда тосып алып,
Бопсалаған.
Түлкі өмір
Қанша қусам жеткізбеді,
Тірліктің
Тежей берді көп тізбегі,
Ақылы
Оқуды әрең бітіргенмен,
Жұмыс жоқ,
Төрт жылғы оқу ретсіз болды.
Параға ақшам жетпей,
Ең ақыры,
Хақылы
Қызметке де өткізбеді.
Бір дөкей
Туралатып тез бағасын,
Орныма
Қабылдатты өз баласын.
Алматы алпауыт қой,
Ақшасыздың,
Аяусыз
Домалатар қожға басын.
Қалада
Қаңғып-қаңғып, үйсіз-күйсіз,
Бабамның
Қайта таптым боз даласын.
Алматы –
Арман қала,
Алма бағы,
Атыңды
Әлі де жұрт малданады.
Бұл күнде ығы-жығы,
Тынысың тар,
Қолқаңды
Ыс пен түтін қармап алды.
Біздерге
Бұйырмады бір бұрышың,
Жас өркен
Енді қанша алданады?
Жүрегім
Суық сорып, мұздай берді,
Пәтерде,
Сыз еденді
Жалдамалы.
Қиялдан
Қайран болмай жерге түстім,
Әкенің
Сүрлеуіне мен де түстім.
Кенелмей
Кең әлемде ен байлыққа,
Қамымен
Күнкөрістің кенге түстім.
Осылай
Өлді арманым боқ басында,
Тарихтың
Жазылмадым тақтасына.
Көңілім
Көкке қанша тартса дағы,
Тірідей
Кірдім ақыр жер астына.
Қайлаға
Қайратымды салдым сарқып,
Жеті қат
Жезқазғанның шахтасында.
Қаһармен
Қопарғанда тар шахтаны,
Белгісіз
Маңдай тердің қанша аққаны.
Мардымсыз табанақы
Жүйкені жеп,
Тоздырып,
Қанша жанды шаршатқаны!?
Тойымсыз
Өндірістің жайынынан,
Қайыстай
Қара нарлар қайырылған.
Тас кенге
Таскенедей жабысқанда,
Алмастай
Құрал-сайман майырылған.
Жұтқаны
Сызды ауа мен улы тозаң,
Жасынан
Денсаулықтан айырылған.
Бастықтың
Құйылғандай бәрі мыстан,
Сұп-суық,
Жалт-жұлт еткен нағыз мыстан.
Сылтау қып
Шетелдегі шаруаларды,
Сауна мен
Сұлу іздеп сабылысқан.
Қайқайып
Кеп тұрады қадағалап,
Қампайып қарындары,
Қағып ыштан.
Бейнетке
Белшесінен батып жүріп,
Бес кенші
Қаза болды жарылыстан.
Бес бірдей
Бір-ақ күнде көмді жанды,
Әр үйге
Бір миллион бөлді қаржы.
Теңгемен
Өтелер ме өмір құны,
Азамат
Опат болды,
Өлді, қалды!
Қайтерсің,
Көп қой тірлік сорақысы,
Тажалдың
Тұмшаланған тозақы ісі.
Бір кештік
Көжесіне жетпейді екен
Кеншінің
Өлгенде алған көрақысы!
Онымен
Тіріле ме енді өлгендер,
Кіре алмай
Тар забойға сенделді ерлер.
Көз бар ғой,
Көріп жүрміз,
Кердеңдейді,
Көлденең
Көп табысқа кенелгендер.
Кеншінің
Бір айлығын бір-ақ шөлмек
Вискиге
Жұмсайды екен кемеңгерлер!
Бір күні
Бара қалдық ресторанға,
Дастархан
Жаймақ болып дос-жаранға.
Үш жігіт,
Үш қыз отыр көрші үстелде.
Көңілді
Айтылуда тостар анда.
Көл-көсір,
Жорғалардың жанында біз,
Бәйгеге
Секілдіміз қосқан арба!
Олармен
Таласатын шама бар ма,
Кірістік
Ептеп үнсіз амалдауға.
Мол қылып
Тапсырысты біз де бердік,
Арзандау
Арақ-шарап, тағамдарға!
Адам жоқ
Тойханада бізден басқа.
Ерлерде қалта жұқа,
Түзде патша,
Тартылып,
Сымдай боп тұр даяшылар,
Дегендей,
«Бізден – қызмет, сізден – ақша».
Аздан соң,
Қыздырдық кеп мәжілісті,
Арақтың
Үйреншікті дәмі күшті.
Тынымсыз
Көрші үстел де гүжілдейді,
Байқасам,
Вискиге мұз салып ішті.
Даяшы
Қас-қабағын бағып тұрған,
Бір кезде
Ас-табағын алып ұшты.
Зырылдап,
Қайта шығып, келді бізге,
Көршілер
Деді, «виски берді сізге»,
Аң-таң боп,
Қалсақ та әуел, тост көтеріп,
Осындай
Алғыс айттық ерлік ізге!
Қыздар да
Қарай қапты, көзін қадай,
Отырмын
Түп қалтаны өзім санай.
Жүз мыңға
Бір бөтелке виски алып,
Сыйлауға
Шамамыз жоқ біздің ондай.
Осындай
Ішкендерде ізет деген,
Ер жігіт
Кіммен, қайда жүздетпеген.
Қолдағы
Ақ арақтан баса құйып,
Ұсындық,
Біз де сыйды құрметпенен.
Қысқа қол
Сағымызды тұр сындырып,
«Фу, гадость!»
Дейді қыздар күрсіндіріп,
Көсемі мырс-мырс күлді:
«Мынаны да,
Жүрсіңдер
Қалай ішіп, сусын қылып?!»
«Металдың
Магнаты мен –
Даниялмын,
Айдынды
Ағындаған дариямын.
Ас түгіл,
Бастығыңды сатып алам!»
Деп бұлғап
Көк былғары әмиянын
Ашқанда,
Дым білдірмей демеп қойдым:
«Бар ғой деп Даниялым,
Далиямын!»
Ол да бір
Асау екен ала қашқан,
Қиқуы
Жерді тербеп, жарады аспан.
Уыстап,
Шашып-шашып тастай салды,
Жап-жасыл
Қағаздарды санамастан.
Ақшаның
Көрінгесін кесектері,
Даяшы
Лып-лып етіп есептеді.
Еліріп,
Есерленген алтауының,
Болыпты
Бес миллион есептері.
Бір кеште
Ішіп-жеуге кеткен шығын,
Құнындай
Кешегі өлген бес кеншінің!
Еденге
Ердің құнын төге салды,
Осы ма
Асып-тасып жеткен шыңың!
Жастықтың
Күш-қуатын кенге төгіп,
Тірідей
Денсаулығын жерге көміп,
Оқыстан
Өле қалса, апат болып,
Өтірік аяғансып,
Теңге бөліп,
Өздері
Кердеңдеп жүр кең әлемде,
Жақсы боп, көзге түсіп,
Жемге бөгіп,
Дарақы даңғазаға
Не дер еді,
Тіріліп келсе мұнда,
Көрдегі өлік!?
Әнеки,
Өмір қайда, олжа қайда,
Жыныңды
Қай-қайдағы қозғамай ма?
Мыналар
Шайқап жүрсе дүниені,
Мен неге
Жан қинаймын тар забойда?!
Құдай-ау,
Неткен байлық, неткен ақша!
Секілді
Өз қолымен еккен бақша.
Көрер ем
Оңды-солды шашқандарын,
Біз құсап
Төккен қара термен тапса!
Қозғалды
Ескі кегім, қаным қайнап,
Олар мәз,
Қызып алған, гүл-гүл жайнап.
Үшеуін
Иегінен үш-ақ қақсам,
Домалап,
Дымы шықпай қалар жайрап.
Ақылым
Ар жағымнан тежеу салды,
Іс қылсаң
Тастай қыл деп, бәрін ойлап.
Басталды
Дарақы би, қойындаспақ,
Даниял: «Көрсек дейді
Ойын бастап,
Ұнап тұр
Маған мына сенің қызың,
Үстіне
Бес мың ап, бер,
Айырбастап!»
«Көрсетпе, – дедім, –мұндай
Малдығыңды,
Құп алар
Құл емеспін жарлығыңды.
Есі жоқ
Ешкі құрлы секеңдеген,
Алмаймын
Айырбасқа қалдығыңды.
Он мыңға алсаң, берем,
Басы бүтін,
Өзің біл,
Сарқып бітсең сандығыңды!»
Мақұл деп
Қисалаңдап, қол алысты,
Қашанда
Шешеді деп доллар істі.
Мысықтай монтанысып
Мен де күлдім,
Жасырып
Ішімдегі жолбарысты.
Оп-оңай
Оған он мың қолақпандай,
Он теңге
Ойда-жоқта жоғалтқандай.
Осыны
Бір сор түртіп кезіктірді-ау,
Қайтемін,
Ебін тауып тонап қалмай!
Айтпайды
Ішкі сырын ақылды ашып,
Данчо деп,
Алдым оны жақындатып,
«Билей бер,
Мен ол қызды мәймөңкелеп,
Келейін
Айтқаныңды мақұлдатып.»
Қуанды,
Қалбалақтап жаны қалмай,
Көрініп
Бөтен қыздың дәмі балдай...
Сыр бермей қонақтарға,
Шығарып сап,
Оралдым
Қараңғыда қабыландай.
Есерге
Елеусіздеу ымдап едім,
Алқынып,
Жетіп келіп «шын ба?» деді.
Ал, қане,
Он мың доллар әкел бері,
Күтіп тұр,
Көніп сұлу, мұнда дедім.
Көлпілдеп,
Көлігіне әрең барып,
Шығарды
Ақша тола сөмкені алып,
Бауырдан
Періп-періп жібергенде,
Бүк түсіп,
Жатып қалды естен танып.
Жөнелдім
Сол бетіммен Ресейге асып,
Қисайып
Енді жолым кеткені анық!
Арманы
Болып едім тәмам қыздың,
Ел үшін
Келіп еді қамал бұзғым.
Тар жолды
Талайыма жазған екен,
Амал не,
Тайды үстінде табан мұздың.
Тонауға
Кірістім мен жемқорларды,
Жалмауыз,
Ынсабы жоқ, арам құзғын!
Ащы түтін
Ар жағын
Айтқызбай-ақ түсін, бала,
Дегендей,
Ишара ғып үнсіз ғана.
Қорасан
Қорапшаға қолын салып,
Сорды кеп
Махоркасын құшырлана.
«Өз еркің
Болмаса да басы бүтін,
Өзіңді
Өзің қорға, жақсы күтін.
Мынаны көрсең ептеп,
Күш береді,
Басады
Ащы мұңды ащы түтін!»
Ұсынды
Балтабайға темекісін:
«Көр, – деді, –
Көңіл аулар кермек күшін.
Деміңді
Ішке тарт та, ұста біраз,
Шыдап бақ,
Сіңіріп ал керектісін!»
Көрмеген
Өмірінде шылым тартып,
Аузына
Салды бойын жылу шарпып.
Өзегін
Ащы түтін тіліп өтті,
Қақалып, шашалды кеп
Жерді тарпып,
Артынша
Буындары балбырады,
Бір рахат
Күйге кірді, бойы балқып.
Бұлғаңдаған Бух
Сизода
Неше түрлі отыр кісі,
Бар оның көнтерлісі,
Қотырлысы.
Бух деген лақап атты
Бір алпауыт,
Ықпалды,
Болмаса да нөпір күші.
Өзі де
Бух десе Бух,
Бұландай-ды,
Жалғанда адам жоқтай
Бұдан майлы.
Жүргенде
Шайқатылып арлы-берлі,
Қауын бас,
Жуан мойны бұлғаңдайды.
Жалмаңдап,
Жер-жаһанды жайпап сөйлеп,
Жайылып
Жайын аузы ырбаңдайды.
Бухыңа
Қаңбақ құрлы көрінбейді,
Өзегін өзге жұрттың
Буған қайғы!
Оншалық
Айтпайды ашып шыққан ұлтын,
Сипалап,
Баптайды кеп мықтап ұртын.
Дейді жұрт:
«Әкесі анау, шешесі анау»,
Қазақша судай бірақ,
Қутың-бұлтың!
Өзгеге
Өмірінде сыр ашпайды,
Өзінен
Өзі күлер жыртың-жыртың!
«Таңдаулы,
Озық ойлы біз азданбыз,
Түнекте
Жол көрсетер шырағданбыз.
Біз үшін
Ұлт деген жоқ, дін деген жоқ,
Мировой
Космополит гражданбыз.
Санатқа
Патша қоспас пақырларды,
Қайтеді
Байлар санап бақырларды.
Айласын
Асырады ақылдылар,
Айдап сап
Бір-біріне батырларды.
Ұшпаққа
Шығарады кейде лебіз,
Дөкейге
Жағар сөзді дей береміз.
Құртам деп
Мына сендер бір-біріңді,
Жүргенде,
Біз үндемей жей береміз.
Біз жеттік
Ақыл-ойдың озығына,
Бұлар мәз
Бізден қалған тозығына.
Кеп тұрған
Алданғысы аңқау елді,
Апырмай,
Алдамаудың өзі күнә!
Өзгеге
Білінбейді ізіміз де,
Сүйкімді
Күллі жұртқа түріміз де.
Тағдырға
Алғыс айтып отырамыз,
Жегізіп
Қойған үзбей сізді бізге!»
Осындай
Құрдым ойлы, жылмаң, жылым,
Ар жағы
Жықпыл-жықпыл, бұлдыр-бұлың.
Бух деген
Бір ғаламат отыр мұнда,
Маңына
Үйірілген аңғал құлын!
Жөн сілтеп,
Жауап берсе сұрағына,
Жанына
Жақындайды жырағы да.
Ерітіп тәтті тілмен,
Үйіреді,
Түрмелік
Тәрбиенің құралына.
Қояды
Бастан сипап барлығын да:
«Сендердей
Елдің ерке ұланына,
Қарайтын
Болса егер де қамқорлықпен,
Түрменің
Түбіне әкеп тығады ма?!»
Болғанмен тілі балдай,
Ойы – заһар,
Қауқар жоқ
Оған қарсы тұрар мұнда.
Не болмақ
Улы қоқыс төге берсе,
Бастаудың
Мөлдір тұма бұлағына.
Тағылық
Тәжірибе тағылымын,
Тығындап
Құя берсеқұлағына,
Байқамай
Құрығына ілігеді,
Даланың
Құлын түгіл, құланы да!
Не түрлі
Құйтұрқысын сот пен заңның,
Сараптап,
Шоттап құнын төккен қанның.
Жұмбағын
Меңзеп қойса, тоқтайды жұрт,
Сөзіне
От пен судан өткен жанның!
Өртелген өрен
Бес жігіт бір ауылда,
Содыр, сойқан,
Қорқаудай қорқынышты
Бұжыр, бойшаң.
Добалдай қол-аяғы,
Өңкей палуан
Жүріпті
Елді үркітіп қойқаң-қойқаң!
Оларға
Қарсы тұрған еркі мықты,
Ерді алдап
Қазандыққа келтіріпті.
Қапыда
Ебін тауып қарағұстан
Сүйменмен
Бір-ақ соғып өлтіріпті.
Денесін
Пешке тығып, көсеп қойып,
Қарт ойнап,
Арақ ішіп отырыпты.
Күлі мен
Сүйектерін қалған-құтқан,
Ауылдың
Шет жағында қарға тыққан.
Ештеңе
Болмағандай ойнап, күліп,
Соғымда
Қуырдақ жеп, арақ жұтқан.
Іздейді ел
Бес күн бойы азаматын,
Адақтап
Құда, жекжат, жамағатын.
Балалар
Ойнап жүріп, бас сүйегін
Тауып ап,
Елге айтады жаманатын!
Жұрт шулап,
Бүкіл аудан дүрлігеді,
Қармаққа
Қылмыскерлер ілігеді.
Сүйменмен
Соққан жігіт мойнына алып,
«Өлтірдім
Ерегесеп мұны» деді.
Прокурор,
Полиция, сарапшылар,
Айғақтап,
Айтқан сөзін тізімдеді.
Біреуі
Күйінді ме, өкінді ме,
Асылып,
Дымы шықпай, үйінде өлді.
Орманда
Қашып жүріп енді бірі,
Қаңтардың
Аяз қысқан түнінде өлді.
Тікелей
Кісі өлтірген қаныпезер,
Түрменің
Отыр міне, түбінде енді.
Қайғысыз,
Қарт соғады, қарқылдайды,
Тамақты
Опырады, тарқылдайды.
Дұшпанды
Елге шапқан жеңгендей боп,
Сөйлесе,
Батырсынып жарқылдайды.
Кім білсін неге екенін,
Тек әйтеуір,
Бух оған
Ақыл айтып балпылдайды:
«Қорқпағын,
Болмаса айғақ, куәларың,
Шындықты
Мойындамау – бұ да дарын.
Табандап
Тұрып алсаң, түк қылмайды,
Тек қана сыр бермесін
Шыдап арың,
Құдайдың
Жазуымен болса бәрі,
Сендердің
Жоқ, – дейді Бух, – кінәларың!
Сондықтан
Мойындама,
Мойындама!
Тергеу, сот,
Құр әншейін ойын ғана.
Әуелде
Шындығыңды айтып қойсаң,
Құрдымға
Кеттім-ау деп уайымдама,
Мәжбүрлеп
Айтқызды деп, бас тартсаңдар,
Тоқтайды,
Білем істің, жайын, бала,
Жабыңдар
Бәрін өлген екеуіне,
Жол осы,
Құтылатын дайын ғана!»
Осылай
Жігін тауып, түбін жайғап,
Берген соң,
Айтар сөзін бірыңғайлап,
Қанішер
Сот болғанда өп-өтірік
«Өлтірген
Мен емес» деп тұрды сайрап!
«Қорқытып,
Полицайлар ұрды» деді,
«Тергеуді
Теріс жолға бұрды» деді.
«Өлтірген,
Өртеген де ана екеуі,
Куә боп
Мен амалсыз тұрдым» деді.
«Әуелде
Мойныма алдым қорққанымнан,
Айтамын
Енді сотта шынды» деді,
Ақыры,
Адвокаттар әлгіні ақтап,
Жауызға
Бар-жоғы алты жылды берді.
Осынша
Өтірікке жол беретін
Біздің сот
Сонша сорлы, жынды ма еді?!
Заң қайда,
Ешкім жалған айта алмайтын,
Әркімнің
Ырғауына шайқалмайтын?
Айналып
Кетер ек қой әділ соттан,
Әуелгі
Айтқан сөзден қайтармайтын.
Бұл өзі неткен тергеу,
Неткен тәртіп?
Әркімнің
Жетегінде кеткен тәртіп,
Уыстап
Қызыл қанды тоймай ішкен,
Қанішер
Мұратына жеткен шалқып?!
Басқа елге қаптай тонап,
Топтап атқан,
Бүліктен
Бәрі шығар оққа батқан.
Қазақта
Бірақ мұндай сұмдық жоқ-ты,
Өлтіріп,
Бірін-бірі отқа жаққан!
Заман ба
Бұзған әбден бізді лайлап,
Аздырып,
Үгіттеп ұл, қызды ыңғайлап.
Қалайша
«Мен бұлармен бірдеймін» деп,
Балтабай жейді жанын,
Жыны қайнап.
Біреуге
Қара жерді жастандырып,
Онысын
Ерлік көріп, мақтан қылып,
Жер басып,
Неге алшаңдап жүру керек,
Қанішер
Тойда мүжіп тоқпан жілік?!
«Зонаға
Осылармен барады екем,
Ақыры қарабет боп
Қалады екем,
Одан да
Өлтіргенім жақсы еді ғой
Көп болса,
Оншақты жыл алады екем!»
Артынша
Шошиды кеп: «Шаламын, – деп, –
Анам бар,
Жан-жарым бар,
Алаңым көп!»
Қайрайды
Өзін-өзі: «Қайда болсын,
Қайтсем де
Адам болып қаламын!» деп.
Жәлептің жаласы
Жан білмес,
Көктен әлде жерден ғайып,
Әйтеуір
Кетеді ерлер жолдан тайып.
Сармантай
Деген боксер бірге отырды,
Тағылған
«Қыз зорлады» деген айып.
Шарболат
Шаршы алаңда зырлайтұғын,
Қолдары
Қақ сойылдай зулайтұғын.
Тәртібін
Мәрт өнердің берік ұстап,
Кіндіктен төмен қарай
Ұрмайтұғын.
Береді
Боркемікке беделді кім,
Тер төкпей,
Өнер ашпас кемелдігін.
Олимпке
Елдің туын көтерем деп,
Күн сайын
Шыңдай берген шеберлігін.
Әдепті,
Сырбаз әрі сыпайы да,
Жарысқа
Барған қыр мен Қытайыңа.
Рингте
Талай мәрте толқып іштей,
Байланған
Төрешінің ұпайына.
Түрмеде
Отыр енді кіріптар боп,
Тағдырдың
Тура келген құқайына.
Сармантай
Елге ерке боп, бал ішіпті,
Бір тойда
Бір сұлумен танысыпты.
Көзінен
Мөлдіреген көз алмапты,
Көргендей
Тап-таза бір таңғы шықты!
– Қызықтым
Оймақ ауыз, тәтті ерінге,
Шалқыдым
Қонғандай-ақ бақ төріме.
Қонаққа
Шақырып ем, қоштасарда,
Келіп тұр ертеңіне...
Пәтеріме!
Аянбай,
Аяулымдай аймаладым,
Көңіл мас,
Қауіп бар ма қаперімде?
Оранып опа, далап,
От боп келген,
Алаулап
Өн бойымды
Өртке көмген.
Еркелеп
Емін-еркін сүйген сұлу,
Ертесі
Зорлады деп сотқа берген!
Кім біліп
Сұмдық сырын,
Кім білмеген,
Тергеуші
Түсі суық, дігерлеген,
Алдыма
Бар қағазды жайып салды,
Сараптау,
Айғақ, құжат түгенделген!
Шошындым,
Ойбайладым,
Күйіп-пістім,
Ол қызды
Деп еркімен сүйіп, құштым.
«Сенемін,
Бірақ арыз, айғақ мынау,
Заң қатал,
Бұза алмайды бұйрықты ешкім!»
Тергеуші
Көзсіз сеніп сарапшыға,
Қуырып,
Алды-артыма қаратты ма?
Қолыма
Кісен салып, дедектетіп,
Әкеліп,
Қамап қойды абақтыға.
Солқылдап,
Тайқымаған соқтығыстан,
Беренмін,
Ойда жоқта отты құшқан.
Емеспін
Саусылдаған сар текешік,
Дәметкен
Көрінген бір көк шыбыштан.
Өзі ғой
Әлденені іздеп келген,
Көлгірсіп,
Үкіленіп,
Қыз беттенген.
Әйелдің
Арбауына түсіп қалып,
Қанша жұрт
Абақтыда тізбектелген?!
Көп кінә
Көзін сүзген құнажында...
Заңда жоқ, бірақ, бітті,
Ылажың да,
Сүйкеніп,
Сипаланып келсе сұлу,
Кім ие
Бойын буған бұла жынға?!
Туғанда
Буырқанған күй басына,
Қарай ма
Әдеп, тәртіп, ибасына.
Үздігіп, сүзілгенге
Үзіп шықпай,
Буыршын
Буына ма бұйдасына?!
Жәлепті
Жалдай салып бір түндікке,
Қиын ба
Пәле жабу ер кіндікке.
Шетінен
Соттай берсек сүйіскенді,
Күні ертең еркек қалмас
Еркіндікте!
Әділ заң
Қарамай еш көңіліне,
Салдырмай
Қара таңба өміріне,
Ерлерді
Қорғау керек әйелдерден,
Сүйкеніп,
Өзі келген нөміріне!
Қымызды кім ішпейді,
Ата ізімен,
Қайтар ма
Тіліп өтпей соқа ізінен.
Әдейі келген екен
Әдемі қыз,
Бақталас
Бауырлардың заказымен!
Өмірдің
Біреулерге
Бәрі де ойын,
Сиқырға
Сыйға тартқан кәрі қойын.
Оп-оңай
Азаматқа күйе жағып,
Әйгілеп,
Төге салу абыройын!
Аңсаған
Аппақ таза арманым – шың,
Жеткізбей
Күйіп кетті-ау арам үшін.
Қор қылды-ау
Қараңғы үйде масқаралап,
Аяқтан шалғандардың
Амалы шын.
Ойнақтап
Ойда жоқта орға құлап,
Өксиді өкініштен,
Жанады ішім,
Жолына
Жауыздықтың жұмсалмақ па,
Халыққа мерей болар
Қара күшім!
Нахақпын,
Жоқ десем де еш жазығым,
Қопарып,
Тексерместен түп қазығын.
«Әйелді
Қорлады» деп бес жыл берген,
Кесімі
Күмәнділеу көп қазының!»
Ақталмай
Күткен үміт жоғарыдан,
Сармантай
Қайрай берді кекке азуын.
Қыз алып қашқанның хикаясы
Ал енді
Мына жігіт шалыс басқан,
Халықтық
Салтымыз деп қалыптасқан.
Сыртынан
Сұлу қызға құмар болып,
Бас салып,
Сөзге келмей алып қашқан.
– Шортандай
Шоршығанмен торымызда,
Құтылмас
Түскен ару қолымызға.
Қарамай ойбайына
Орамал сап,
Жеңгейлер
Шашу шашты жолымызға.
Әйел ғып...
Енді бітті деп отырсақ,
Қызы екен
Генералдың сорымызға!
Еліне
Еңіреген сәлем жеткен,
Ертесі
Әскер қаптап жер мен көктен.
Түскенде ауламызға,
Мыштай болдық,
Жүруші ек
Еркек жоқ деп менен өткен!
Қаһары
Қатып қалған қабағына,
Тік тұрдық
Генералдың талабына.
Қабаған қара төбет
Қарыс азу,
Арсылдап,
Атылды кеп тамағына.
Қолма-қол
Қаңқ еткізіп түсірді атып,
Таймаған
Тұрған жерден табанына.
Еңіреп
Алба-жұлба қызы шықты,
Баттасып
Бет-аузына далабы да.
Жас толып
Жанарына жандаралдың,
Құшағын
Жайды зарлы қарағына.
Қолыма
Кісен салып қос полицай,
Батырдың
Тұқыртқанда балағына.
Атамыз
Ақ сақалын алға тартып,
Ақ шашын
Төседі анам аяғына!
– Ақ сақал,
Ақ шашты мен аялаймын,
Аттасам,
Қанатымды жая алмаймын.
Деуші едім...
Мынау істің жөні бөлек,
Қызымды
Қорлаттырып қоя алмаймын.
Ұл емес,
Мал өсірген екенсіңдер,
Жазасын
Тартқызамын,
Аямаймын!
Қызымды
Алып қашып қорлағанда,
Еріксіз
Үйіңе әкеп зорлағанда,
Ақ сақал,
Ақ шаштарың қайда болды,
«Аталап,
Анажан» деп зарлағанда!
Монтаны,
Момын бола қаласыңдар,
Обалды
Өлерде еске аласыңдар.
Ақ сақал,
Ақ шашыңды қанға былғап,
Құдайға
Ертең не деп барасыңдар?!
Бұрылып
Кете барды сол бетімен,
Мен сорды
Жоятындай жер бетінен!»
Тұтқындар
Талқылады екіленіп,
Екпіннен
Нарлары да тербетілген:
– Әй, жігіт,
Сен не деген ақымақсың,
Зорлықпен,
Алып-қашып қатын апсың.
Бақытты
Боламын деп ойладың ба?
Басыңды
Дәрігерге бақылатқын!
– Кісінің
Мал ұрласаң хақын жерсің,
Кім сені
Бұдан кейін батыр десін.
Қыз алып қашу үшін
Ең алдымен,
Ол саған
Махаббатпен мақұл десін,
Еркені
Еркінен тыс алып қашқан,
Дұрыс па
Мына сенің ақыл-есің?
– Қызбенен
Қызық біздің жас күніміз,
Жылатып,
Жұбатудың мәстүріміз.
Қыздарды
Ойбайлатып алып қашу –
Атадан
Қалған біздің дәстүріміз!
– Оң көріп өз ісіңді...
Ой, атаңның...
Оп-оңай
Келген екен бай атанғың.
Аруды
Зорлап,
Қорлап,
Зарлатуды,
Салтынан
Көріп едің қай атаңның?
– Ғашықтар
Адалдықпен анттасатын,
Жолында
Махаббаттың от басатын.
Біреуге
Атастырып қойса қызды,
Амалсыз
Ата салттан аттасатын.
Қаталдық құрсауынан
Ер жігіттер,
Сүйгенін
Келісіммен ап қашатын!
– Бүгінге
Бұрынғы өткен тұрмыс аңыз,
Десек те,
Бар ісінде болмас маңыз.
Махаббат,
Ықтиярмен келіспесе,
Бас салып алып қашу –
Қылмыс нағыз!
– Ел едік
Білетұғын ер қадірін,
Амал не,
Жойса жігіт өз қадірін.
Түбіне
Темір үйдің тоғытылсын,
Аяусыз
Қорлағандар қыз тағдырын!
– Апатқа
Түсіп інім, ағамменен,
Атам қайтып,
Артынан анам да өлген.
Мүгедек
Болып қалды бауырларым,
Әртүрлі
Күнін көріп амалменен.
Мені де
Оңдырмайды-ау деп ойлаймын,
Мысық пен
Қыз қарғысы жаман деген!
– Сол керек, – десті, – сендей
Бәйтөбетке,
Ерікті
Қыз таппаған тәмам елден!
Сот үкімі
Сонымен,
Сотқа тартты Балтабайды,
Қалтасыз
Кедей кімді қалқалайды?
Тірексіз,
Қорғаушы жоқ бишараны,
Жабылып
Жан-жағынан балталайды.
«Жауапты
Қысқа, нұсқа мығым қайыр,
Адамға
Алыпсың деп тығып айыр!»
Айыпты
Тірейді кеп алқымына,
Төраға
Түсі суық, аты – Дайыр.
Егіліп
Анасы отыр әрең-әрең,
Тілеумен
Болса екен деп түбі қайыр!
Негізі
Жемқор дейтін ел Дайырды,
Балтабай
Оған шапшаң сөз қайырды:
«Мен қалай
Жазықты боп жауап берем,
Өзіне
Кіріп кетсе өз айыры?
Жүр едік
Бимен балқып, топта шалқып,
Жіберді мені боқтап,
Жақтан тартып.
Жауабын
Мен де бердім шапалақпен,
Әділін
Кім айтады соттан артық?!
Осылай,
Төбелесті ол бастады,
Қосыла
Кетті ауылдас жолдастары.
Топтасып
Біз де оларға қарсы тұрдық,
Үлкендер
Айтып жатқан тойбастарды!
Дөй қара
Қора жаққа барып шыққан,
Бір ескі,
Қисық айыр алып шыққан.
Ұрғанда мені көздеп,
Қайырылып,
Байқамай
Өз қарнына өзі тыққан.
Түк емес,
Ұшы ішегін іліп кетіп,
Азырақ
Артық-ауыс желі шыққан!»
Шырқырап,
Шынын айтып
Шырылдады,
Төраға,
Түсі суық,
Ұғынбады.
Көрмеген,
Істі болып, кіріптарлық
Кісіге
Ойыншықтай мұның бәрі.
Тағдырын
Қас-қағымда шешіп берді,
Бес жылға
Қатаң режим кесіп берді,
Әкетті,
Қоштастырмай, кісен салып,
Айдауыл
Сарт-сұрт жауып есіктерді.
Қолында
«Болашақтың жолдамасы»,
Жүректе
Қатып қалған зорға жасы,
Зонаға
Кете барды тағдыр айдап,
Ауылдың
Аңқылдаған бір баласы.
Құшақтап,
Иіскей алмай құлыншағын,
Зар илеп,
Сот залында қалды анасы.
Бақыты
Талқан болған боз жігіттің
Тығылды
Біржолата сорға басы.
Зонада
Кекіріп,
Кефир ішкен кемеңгерлер,
Эфирден
Лепіріскен жемеңгерлер.
Зонада
Чефир ішіп серпілісіп,
Сөндірген
Өртін ішкі өлермендер.
Бәрі де
Бір заманның геройлары,
Сыяды
Кең өмірге небір «мендер»!
Зонаға
Этаппенен кетерінде,
Сизоның
Қасық малып секеріне.
Қорасан
Балтабай мен Сармантайға:
«Қауіп бар, –
Деді, – мына екеуіңе!
Сендерді
Бар қатерден қорғап қалам,
Үндемей
Ере берсең жетегіме!
Сыр берме,
Дымың болсын іштеріңде,
Жұмсаңдар
Күш-жігерді тістенуге.
Дубактар
Дойыр мінез оңдырмайды,
Олардың
Шектеу жоқ қой істерінде.
Қайғыңа,
Күйігіңе қарасын ба,
Болмаса
Әділеттік санасында.
Қырсығып,
Қытығына тиіп кетсең,
Құныңды
Көк тиынға санасын ба.
Қамайды
Құрып жатқан іріп-шіріп,
Көкжөтел,
Құрт аурудың арасына.
Інілер
Күнін көрмек ебін тауып,
Сүйенсе
Асқар таудай ағасына!»
Екеуі
Құрақ ұшып, қол тапсырып,
Тығылды
Қорасанның қорасына!
Қорасан
Қамқор болды Балтабайға,
Ақылсыз
Артық жүкті арқалай ма?
Барақта
Бағы тайған балаларға,
Қарақшы
Ағасындай қалқа қайда?
Сынақтан
Сынбай өтті бала сағы,
Өйткені қорғаны бар,
Қорасаны.
Зектердің
Бәрі де оны құрметтейді,
Қорасан
Осылардың орасаны.
Ерекше,
Ер келбетті, еңгезердей,
Бұл жерде
Оған жан жоқ тең келердей.
Жабылса
Алда-жалда жанжалдасып,
Көкпар ғып
Бес-алтауын өңгерердей.
Күшіне
Ақылы мен айласы сай,
Ықпайды
Бастықтан да өңгелердей.
Еттері
Қыр арқаның қара мыстай,
Тартылған
Сіңірлері тарамыстай.
Қабырға
Солқ етеді періп қалса,
Көргендер
Таңғалады, жағаны ұстай!
Табақтай
Жалпақ беті жалтырайды,
Шоқтай боп
Қара көзі жарқырайды,
Махорка
Бұрқыратқан Қорасаннан
Қаймығып,
Қаймана жұрт хал сұрайды.
Қаһарын
Төккен адам қырына алып,
Көргендей
Қолтырауын қалтырайды.
Өзі онша
Құмар емес шулатқанға,
Қиқу жоқ
Сөз тыңдайтын құлақтарға.
Керегін
Алдырады сырттан ептеп,
Айтқанын
Орындатып дубактарға!
Толғанып,
Ой жүгіртіп өткен ізге,
Қарайған
Көңілінен көктем іздеп.
Жалында
Асау қиял кетеді алыс
Алысып
Ақ толқынмен көк теңізде.
Беймәлім
Құрылыққа жол салғандай,
Қатерлі
Қорқынышпен қоршалғандай.
Қорасан
Көк түтінге көміледі,
Көк мұхит
Кезіп жүрген корсарлардай!
Күмән
Бір күні
Бух сұрады Балтабайдан:
«Сендерге
Бітеді осы арқа қайдан?
Елпілдеп,
Қуанғанда жас баладай,
Жар салып
Жарты әлемге айқайлаған?!
Шетіңнен
Шыңға біткен шынарсыңдар.
Шарт етіп
Сәл нәрседен сынасыңдар.
Кешегі
Көшпендінің тұқымдары
Неге осы
Дау-жанжалға құмарсыңдар?»
«Біреудің
Байқап қалсам арамдығын, –
Балтабай деді: – Иттік,
Жамандығын,
Солардың
Бетін тіліп, сойып салу
Секілді
Бойға біткен мамандығым!»
«Біржақты,
Сендер қызық ойлайсыңдар,
Өмірді
Ақ-қара деп қоймайсыңдар.
Адамды
Жақсы-жаман деп бөліп ап,
Әрқайсың
Өзіңше рөл ойнайсыңдар.»
Балтабай
Намыстанып тырсылдады,
Бух күліп,
Басын сілкіп бырсылдады:
«Тіршілік
Ақ-қараның күресі деп,
Бөлудің
Ойлап көрсең қыртыл бәрі!
Табынып жүргендерің
Дара көріп,
Ақ-қара
Ортасында қалар бөгіп.
Әрдайым
Жүре алмайды пенде шіркін.
Тек қана
Аппақ, яки қара болып.
Жақсылық,
Жамандықтың таласында,
Адамның
Арпалысқан санасында.
Қаншама
Құбылмалы бояу жатыр,
Аралас
Ақ пен қара арасында.
Пенделер бірде былай,
Бірде былай,
Бір күйде
Тұра алмайды үнемі ұнай,
Жүреді
Бүгін мұнда, ертең анда,
Жазбаған
Пешенеге түрмені ұдай!»
Бух сөзін
Жалғай түсті: «Анда-санда,
Қорасан
Қорғаным деп санасаң да,
Аңқылдап
Сене бермей, аңдағайсың,
Ол сені неге үйретті
Анашаға?
Бетіне
Егер тіктеп қарсы келсең,
Басыңды
Бір-ақ тығар парашаға.
Алдай бер
Бұрынғыдай бер жағыңмен,
Ар жағын
Ақылға сап тамашала!
Пахандар
Парасатты, зерек болған,
Бастары
Тұнған архив, дерек толған.
Қамқорсып,
Жүрсе саған, тегін емес,
Қолмерген
Мына сендей керек болған!
Осының
Туғаннан-ақ қаны бұзық,
Есептеп
Отырады бәрін тізіп.
Кім, қайда,
Келер күні не істейтінін
Жобалап,
Бағыттайды жолын сызып.
Ерем деп айтағына,
Айға шауып,
Өкініп қалып жүрме,
Жарды сүзіп!»
Дал болды
Білмей сенер-сенбесін де,
Асаудай
Жер тарпыған кермесінде.
Басылды
Іштей тулап,
Ақылға кеп,
Бекерге
Бүлінем деп мен несіне?!
Көрмепті
Қамқорлықтан бөтен қылық,
Ойланды,
Түсіп бәрі енді есіне!
Алданыш
Далада
Өскен ұлан жай бола ма,
Қарайды
Ой көзімен айналаға.
Сабырмен
Сараптады әлгі сөзді,
Бармады
Құр беталды байбаламға.
Дүние
Санасында шыр айналып,
Шыбын жан
Тыным таппайшығар лағып.
Шылымды
Шөп қосылған шеге-шеге.
Үйреніп
Алды мүлдем құмарланып.
Темекі
Тартса бойға әл кіреді,
Тартпаса
Басы зеңіп, мәңгіреді.
Меңіреу
Тас қабырға құрсауында
Сенделер,
Зомби құсап зәңгідегі.
Жан шіркін
Айла-шарғы жасапты анық,
Әр сәтін
Өткізбекке рақаттанып.
Қабағы
Қарс жабылды Қорасанның,
Қорабы
Темекінің босап қалып.
Тынысы
Тарылады Балтабайдың,
Қызығын
Көріп жүрген қосақталып.
Қорасан
Балтабайға сырын ашты:
«Нашаны
Серік қылған жырынды атты,
Өзекті
Тіліп өткен ащы түтін,
Іштегі
Мұң мен шердің уын басты,
Ішіне
Махорканың қосып салып,
Сырттағы
Достар бізді жылулатты.
Жап-жақсы
Жол бар еді, тексеріс кеп,
Бүлініп,
Басекеңдер бүгін жапты.
Тарылып тамырларым,
Сүйек қақсап,
Ми құрғап,
Буын бұрап, құным қашты.
Көршіден
Елеусіздеу алып келші,
Аңдулы менің айғай,
Шуым қатты!»
Балтабай
Ағасына екі айтқызбай,
Нұсқаған
Барағына қырындатты.
Байқатпай
Бір қорабын алып келіп,
Екеуі
Көк түтінді дырылдатты,
Бұл дағы
Қолға тұрды біржола деп,
Қорасан
Шылымының күлін қақты!
Күйреген шаңырақ
Сүмбіл шаш,
Сәмбі талдай сүйген жары,
Суындай
Сүмбіленің суық зәрлі,
Түсінде
Темір торлы терезеден,
Тіл қатты,
Естілді анық күйік зары.
«Мен гүлмін
Қыр басына жаңа шыққан.
Көктемде
Тұтқиылдан дауыл соққан.
Ата-анам
Әлпештеген аяулы едім,
Аумайтын
Көзіндегі қарашықтан.
Ұстап ем
Етегіңнен азамат деп,
Қарамай
Талай жанға дара шыққан.
Қонды ғой деп ойлап ем,
Маңдайға құт,
Тағдырым
Татырмады-ау таңдайға түк.
Айналды
Жар төсегі тар қапасқа,
Келмейді
Менің сөнгім жанбай жатып!
Көңілім алай-дүлей,
Алаң да көп,
Отырсың
Абақтыңда баланда жеп.
Ауылда
Кеуіп-семіп мен жатырмын,
Ермек қып
Еркелетер балам да жоқ!»
Балтабай
Мына түстен жаман састы.
Қамқоршы ағасымен
Ақылдасты.
Қорасан
Қарыс азу, қырыс мінез,
Қорс етті,
Қарс айыра қара тасты.
«Анаңдай
Сірә біреу ах ұрар ма?!
Әйелді
Ойыңа да, батыр, алма!
Ел қорғап
Кеткен жоқсың қан майданға,
Сарғайып
Сені күтіп отырар ма?!
Қашанғы
Көрер дейсің сені тіреу,
Көңлінен
Туар деме оңды тілеу.
Түрмеде
Бүрге талап сен жатқанда
Іргеде
Бүркелейді оны біреу!
Құдыққа
Құлағанның сұмдығы осы.
Ойнайды
Құлағында құрбы, досы,
Құмарын
Қандырғанның құлы болған,
Қатынның бәрі қаншық,
Шындығы осы!»
Қорасан
Кесіп-пішіп қырылдайды,
Өмірлік
Өлшем бұл деп нығырлайды.
Жас жүрек
Бұлқынады қарсылық қып,
Усойқы
Сұмдық сырды ұғынбайды.
Құмалақ
Салғызады балшыларға,
Босаға берік десе,
Ырымдайды.
Қаншалық
Өзін-өзі алдаса да,
Өн-бойын
Буа берді мығым қайғы.
– Қореке,
Маған анық ағалығың,
Ойымнан
Шықпай қойды анам бүгін.
Қолыңның
Ұзындығы көпке әйгілі,
Біліп бер
Үй-ішімнің амандығын!
Деместен
Балтабайды бауырым ең,
Қорасан
Жауап беріп жаурынымен.
Кешкісін
Оңашаға алып шығып,
Соткамен
Сөйлестірді ауылымен.
Ауылдас ағайыны
Ашық кетті:
«Анаңды,
– Деді, – қайғы басып кетті,
Әйелің
Әуейі боп әлдекіммен,
Ұрланып
Қала жаққа қашып кетті!»
Балтабай
Жай түскендей төбесінен,
Теңізге
Құлағандай кемесінен.
Қалғанда есеңгіреп,
Ер Қорасан,
Таяныш
Болды тағы кеңесімен:
– Бұл тағдыр
Талай жанға қырын келді,
Бұрын да
Болған,
Болмақ,
Бүгін де енді,
Жас жаның
Байыз табар, тыңдап көрсең,
Сорлының
Сенен де өткен сырын, – деді,
– Жүйкені
Жөнге салар ем осы, – деп,
Ширатып,
Өз қолымен шылым берді!
Опасыздық құрбаны
Тар қапас
Талайларды мұңдас қылды,
Қорасан
Барлығымен құрдас сынды.
Сары шаш,
Қызыл жүзді бір кісімен,
Бір кеште
Жігіттерін сырластырды.
Сындырған
Уақыт қанша жанды мықты,
Кезінде
Бұл да шырақ жандырыпты.
Жан досы бірге оқыған
Сібір жақта,
Сырқатқа
Айықпастай шалдығыпты.
Бұл менің
Азаматтық парызым деп,
Аттандап
Алматыға алдырыпты.
Ардақтап
Аурухана, ақша төлеп,
Атақты
Біреуіне салдырыпты.
Дос үшін
Жан аямай, қанын беріп,
Ақыры
Ауруынан жаздырыпты!
Күрсініп,
Деді: «Көңіл күйін ізде,
Әйтпесе,
Мынау өмір қиын бізге.
Ем-домын
Алып тұрды, барып-келіп,
Бір жылдай
Жатып біздің үйімізде.
Дос болған
Албырт, таза жас шағымда,
Жігіттің
Санаушы едім асқағына.
Жарым да
Күтіп-бақты барын салып,
Мен оны
Көтерген соң асқарыма.
Бір кеште
Келе жатсам үйге аяңдап,
Тәксидің
Екеуі отыр арт жағында.
Қасымнан
Үйге қарай өте берді,
Кеткені
Көзім түсіп қас-қағымда.
Бір түрлі жан досым мен
Жан-жарымның,
Түйісіп
Қалған екен бастары да!
Бір бәле
Алғаш маған аңғарылған,
Амал бар
Басқа қандай таңғалудан.
Ойыма
Кірсе де бір жаман күдік,
Мен келдім
Көрмегенсіп соңдарынан.
Ал енді содан былай
Мазам кетті,
Дүдәмал
Халдің әбден азабы өтті.
Не бар деп
Екеуінің арасында,
Қиналдым
Сөндіре алмай жанған өртті.
Бір күдік
Жегідей жеп,
Іштен талап,
Зәр болды
Өз үйімде ішкен тамақ.
Әйелім сөйлеп, күлсе,
Қайран досым,
Тесіле
Қарайтындай төстен қадап.
Осылай
Күндер ептеп өтіп жатқан,
Ішімде
Қызғаныштың өртін жаққан.
Ерекше
Әйелімнің ықыласы,
Досыма
Бәйек болып, күтіп-баққан.
Сүйінсе
Бір-біріне көзі күліп,
Күйдірер,
Шыбын жаннан безіндіріп.
Сонда да
Досқа «кет» деп айту қиын,
Түрі жоқ
Қозғалатын өзі біліп.
Дәрігер
Сауығудың жөнін айтып,
Үйінде қабылдайтын
Емін айтып,
Емхана
Есебінен шығарса да
Кетпейді,
Түсіндірем енді қайтіп?!..
Бір күні
Екі-үш күнге жолға шығып,
Ертерек,
Түнделетіп келдім қайтып.
Жоқ менде
Қу күдіктен өзге себеп,
Оны да
Сезіктілер сезбесе деп.
Есікті кілтпен ашып,
Кірсем жайлап,
Өз үйім
Көрінеді өзгеше боп!
Жанғанда
Тылсым жұмбақ түн шырағы,
Талай сыр
Тұңғиықта тұншығады.
Сондай бір
Бөтен күйге бөленгендей,
Төр үйден
Ыңырсыған үн шығады.
Өмірдің
Көп қой сұрақ, шырғалаңы,
Біліп көр
Кім ақпейіл,
Кім арамы?
Үстелде арақ, шарап,
Ал төсекте...
Жан досым
Жан-жарыммен ырғалады!
Жақын кеп
«Бұл қалай!?» деп тіл қатып ем,
Сол күйі
Дымы шықпай тұра қалды.
Қалтқысыз
Қамқор боп ем ерге мен де,
Шыдаймын
Қалай,
Қорлап,
Жерлегенде?!
Үстелден
Қапелімде қолға іліккен,
Пышақты
Ашуменен сермегенде,
Кірш етіп
Қабырғасын тесіп өтті,
Ойладым,
Не қалды деп өлмегенде.
Өкіріп аунап түсті,
Қатын жатыр,
Талтайып,
Шамасы жоқ жөнделгенге.
Шабынан
Ашық-шашық осып өттім,
Қан шапшып
Қалды талып дөңгелене.
Тастағым
Келді екеуін турап-турап,
Тоқтадым
Қолым бармай жеме-жемде...
Дүние астаң-кестең,
Алай-дүлей,
Ес жиып
Біраздан соң сол бөлмеде,
Өлгім кеп бауыздалып...
Райдан қайттым,
Не болмақ
Екі балам мен де өлгенде.
Шақырдым
Полиция, дәрігерді,
Жазаңды
Бер деп енді шермендеге!
Қай кезде
Опасыздық сән болыпты,
Бұл іске
Естіген жан дал болыпты.
Ес-түссіз үш күн жатып
Екеуі де,
Бірінен
Кейін бірі
Жан беріпті!»
Үндемей
Тартты шылым, күйік қысып,
Ашынды,
Тыңдаған жұрт күйіп-пісіп.
Талқылап,
Тас-талқан боп, сандалысып,
Сан-саққа
Жүгіртті кеп гүжілдесіп!
– Құпия,
Адам жаны,
Ойнамалы,
Қанының
Ашылған жоқ қайнары әлі.
Жұмбағын
Жан-дүние шеше алмаған,
Ақтарып,
Оқысаң да қай дананы.
Көңілі
Кейде көктем елжіреген,
Ызғарлы,
Түйілгенде ай қабағы.
Мейлі ғой,
Адам – пенде, араздасып,
Кейіннен
Тіл табысып, жайланады,
Алайда,
Дәм мен тұздан бір-ақ аттап,
Белгісіз
Итке қалай айналары!?
– Бұл сұмдық,
Дұрыс адам ұғынбайтын,
Ондайдың
Құны бар ма шыбындай тым?
Бола ма
Адам деуге азғындарды
Досының
Әйеліне қырындайтын!
– Бұзылған,
Арамдыққа есі кеткен,
Түбіне
Талайлардың досы жеткен.
Ақырын
Ақырзаман кеп қалады-ау,
Имансыз
Кете берсек осы бетпен!
– Жұлдызын
Жақсылықтың жандырды кім?
Кім үшін
Қолға кісен салдың бүгін?
Мың жерден дос болса да,
Бола ма екен,
Біреудің
Сонша арқалап тағдыр жүгін!?
– Тірлігін
Жасайды әркім тең-теңімен,
Өзінше
Сүреді өмір мән, сәнімен.
Досыңды
Демеп, сүйе,
Қол ұшын бер,
Бірақ та
Түсіп кетпе жан-тәніңмен!
– Әркімнің
Өмірі өзен – жылжып аққан,
Ішінде
Небір бәле бұғып жатқан.
Еркек – төбет,
Қатынның бәрі – қаншық,
Ылығып,
Бір-бірінің қыбын тапқан.
Сол керек, –
Дейді, – сенің өзіңе де,
Үйіңде
Жат еркекті бір жыл баққан!
Осы ғой
Ақыл деген кеш келетін,
Ер екен
Сот жағдайды ескеретін,
Сорына
Әйел бопты айыптаушы,
Шетінен
Еркектерді жек көретін.
Атағын
Әділ деген айға астырмақ,
Жазалап,
Жауапкерді жайғастырмақ.
Әйелдің
Еркіндігін шектеді деп,
Саяси
Маңызын да ойластырмақ,
Алайда, қай қоғамда
Байы бардың,
Бар еді правосы
Ойнас қылмақ?!
Сойдың деп,
Нәзік жанды күйелепті,
Күйесі
Жиырма жылға жүйе бопты.
Шашылған
Үй-жайы мен балдарына,
Әпкесі
Бірге туған ие бопты!
Шерменде
Шер тарқатып, сөзге алданды,
Қансырап,
Қатқан жүрек қозғалғаны.
Батқанмен
Балтабай да ойға талай,
Жанының
Жарасына ем қонбады!
Бакыланның бәлесі
Бұл зона
Көрген талай кемеңгерді,
Жасанып,
Жаннан безген берендерді.
Қошқардай
Кеше сарт-сұрт сүзіскендер,
Қозыдай
Моп-момақан көгендегі.
Бараққа
Кезекті бір этаппенен
Бакылан,
Лақап аты, деген келді.
Бакылан,
Бақырауық, тегі, бетпақ,
Сөйлесе,
Еседі екен сөзін қоттап.
Шойын бас,
Бұқа мойын, жылан көзді,
Балпауыз,
Тікенек шаш, өзі төртпақ.
Сақина
Тілеп апты сау басына,
Отынның
Жүрген екен саудасында.
Жапырып,
Жалғыз өзі жығып тастап,
Ағашты
Үйіп кеткен тау басына.
Көршісі
Ұшырасқан ертеңінде,
Отынды
Артып алған арбасына:
«Ау, – дейді,
Мұның қалай, неге аласың?
Қасқыр да
Қас қылмайды жолдасына!»
Тыңдамай
Ауылдасы: «Өзім кестім!»
Дейді де,
Айналады дауласуға.
Қашан да
Дау-дамайдың арты талас:
«Жегенің –
Бір қасық май, жарты қалаш,
Өмірі
Арбаң толып көрген емес,
Ал бүгін
Қайдан кепті артық ағаш?
Түсір, – деп,
Бұл ұмтылған, – отынымды»,
Жолдасы
Ойламаған опынуды:
«Тартып ап, ұрды десем,
Әділеттің,
Көрерміз,
Қолдайтынын соты кімді!»
«Айғақсыз
Айғай қалар езген сөз боп,
Дәлелсіз
Шындық жерде қалған кез көп!»
«Айғақ па?
Міне саған!» – деді дағы,
Перді кеп
Өзін-өзі көзден көздеп.
Өлермен болады екен
Мырық кісі,
Кінәлі
Мен боп шықтым күдіктісі.
Аузынан
Түсе қалды қанмен бірге
Құрт жеген
Екі бірдей шірік тісі.
Жөнелді
Елге қарай жаяу-жалпы,
Ширықты
Оны көріп ауыл халқы.
Шыңғырып,
«Мені ұрды» деп жатып алды,
«Ағайын
Мұның не?» деп, қылды талқы.
Мен емес, өзі десем,
Нанбайды ешкім,
Шырылдап шындық үшін
Маңдай тестім.
Әурелеп сотқа сүйреп,
Ақырында,
Арқалап
Екі жылды, жанбай өштім.
Жобасы,
Қырсық мені шалған туа,
Айнала
Қаптаған жын, толған дуа.
Біреудің тіліне еріп
Баяғыда,
Ант ішіп,
Болып едім жалған куә!»
Осылай
Жайын айтып кірді топқа,
Өзінше
Сөзге шешен, тілі шақпа.
Қызылкөз,
Ұялмас бет, талмайтын жақ,
Жай жүрмей,
Ши жүгіртер түрлі шапқа.
Кимелеп,
Бұзып-жарып, сөзді күтпей,
Айтады
Не бәлені көзге тіктей.
Бір жұма
Барқыраса қарлықпайтын,
Өңеші
Қажалмайтын керзі етіктей.
Артынан
Аттылының абалайды,
Қапыда
Сүрінгенді табалайды.
Улы ыза
Төгіледі көмейінен,
Сөйлесе
Қоғам жайлы, заман жайлы.
Түк қоймай
Жақсы-жайсаң азаматты,
Жалмаңдап,
Жағы талмай жамандайды,
Жалғыз-ақ
Қорасаннан қаймығады,
Басқа ешкім
Бұның аузын жаба алмайды.
Адамның
Бәрі күйкі пенде дейді,
Өзіне
Тірі жанды теңгермейді.
Тәртіпке
Шақырғанға Бух күледі:
«Мұндайлар
Көрге кірмей жөнделмейді!»
Төзе алмай
Братандар барақтағы,
Бір күні
Бакыланды қарақтады.
Бәлемді
Балағатшыл балағынан
Бағанға
Іліп қойды қамақтағы.
Салбырап
Тұрған кезде, сала құлаш
Бәдіктің
Тілі аузынан салақтады.
Мұндайға
Бұрын-соңды жолықпаған,
Өн-бойы
Дірілдеді қорыққаннан.
Қан-жыны
Түсер шаққа таялғанда,
Қорасан,
Бух екеуі, болысты оған.
«Жетеді,
Босатыңдар, түрегелсін,
Тимеңдер,
Ортамызда жүре берсін.
Таратып
Ғайбат, өсек айналаға
Айт деген,
Жаққа қарай үре берсін!»
Бух оған
Неше түрлі ақылды айтып,
Байғұсқа
Бас шұлғытып, мақұлдатып,
Қауымға
Қисық сөзін таратуға,
Қояды
Бакыланды бақылдатып!
Сармантай
Қатар жатқан казармада,
Әуелде
Қарсы алды оны ажарлана.
Қызарып
Кеңірдектер, дауласқанда
Қызады
Казармаңыз базардан да.
Не түрлі
Сұмдық сөзді сапырады.
Ақылға
Қонбайтынды назарға алма!
Араның
Ұясындай гуілдейді,
Кім дұрыс,
Кім бұрысы білінбейді.
Бұрқырап
Ақ көбіктер езулерден,
Денесі
Даукестердің дірілдейді!
Бұлардың
Күле қарап егесіне,
Ұқсап бір
Үйдің мықты шегесіне.
Тобырды
Қастастырмай мығым ұстап,
Қорасан
Отырады төбесінде!
Бакылан
Дайын тұрар дауласуға,
Сақина
Тілегендей сау басына.
Кей-кейде
Сөз таласы ушыққанда,
Аяғы
Айналады жауласуға.
Бетімен
Жібереді қалжың басын,
Тартқылап
Тісіменен қанжығасын.
Сиырдай
Сыйлағанды білмейтұғын,
Піспектеп,
Аямайды әжуасын.
Сармантай
Тартты бірде жақтан оны,
Қалжыңнан
Қалақайдай қажығасын.
Айқасты
Әбжіл боксер,
Ірі палуан,
Аямай
Біреуі ұрса, бірі шалған.
Бух ұстап, айырған боп,
Сармантайды,
Бакылан
Алып соғып, мініп алған.
Балтабай
Сармантайға ара түсті,
Жағадан
Бакыланды ала түсті,
Қан ағып езуінен,
Көкпеңбек боп,
Бетіне
Табақтай боп таңба түсті.
Екеуін
Екі-ақ сілкіп екі жаққа,
Қорасан
Бір көрсетті қара күшті.
Жыққандай
Жүгіменен мықты өгізді,
Бухты да
Бір-ақ бұрап бық дегізді.
Санынан
Сармантайдың бір салғанда
Сылқ түсті
Жоғалтқандай түп негізді!
Шуылдап
Қарауылдар шауып жетті,
Жалма-жан
Бух жағдайды мәлім етті,
Көгерген
Бакыланның көзін көріп,
Карцерге
Балтабайды алып кетті!
Карцердегі қақталу
Пенденің
Көп екен ғой көретіні,
Түзейтін
Тозақы жер әулекіні.
Қараңғы,
Тастай суық, көрмен бірдей,
Үзім нан,
Бір аяқ суберетіні...
Біреу кеп сарт еткізіп,
Тар тесіктен,
Бір қорап
Тастай салды темекіні.
Аямай
Бұрқыратты махорканы,
Түтіні
Секілді әуел ат арқаны.
Көтеріп
Әкетеді көлбей ұшып,
Көңілі
Артқа тастап итарқаны!
Назасын
Нашаға айтар мұңды батыр:
«Болмадым
Алтын түгіл, құнды бақыр,
Ертеңнен
Күтетұғын енді не бар?
Түңілдім
Бұл өмірден,
Сындым ақыр!
Құйғытқан
Құлын едім, маң далада,
Құрыққа
Ілінгесін жан қала ма.
Саунада
Сандал киіп, сауық құрмай,
Таландым,
Қандал тағып, қандалаға.
Кінә бар,
Өзгеден де, өзімнен де,
Саналы ер
Сағым қуып сандалар ма?»
Күнді де
Күйінішпен батырады,
Дөңбекшіп,
Іштей үнсіз аһ ұрады.
Түсінде
Шақырады елес болып,
Ажалдың
Ақ сөңкелі атырабы,
Түнімен
Тажалдармен арпалысып,
Әр таңды
Өкінішпен атырады.
Зардабын
Тартқызды әбден жас өренге,
Зонаның
Зәрі қатты запыраны.
Шылымын шегіп алса,
Жаны кіріп,
Жын ойнап жанарында,
Арқырады!
Шылымды
Тартқан сайын болды мұңсыз,
Өмір жоқ
Сияқтанды енді мұнсыз.
Карцерге
Қамады ма барлығы үшін,
Жоқ әлде
Болғаны ма сонша құнсыз?!
Не бәле
Бығып жатыр бойларында,
Не барын
Жан білмейді ойларында.
Өткенде
Құрып еді, Бухқа сеніп,
Байқамай
Бірдеме деп қойғанында!
Құйтырқы,
Бұл ұқпайтын сыр көп тіпті,
Тартылған
Тарамыстай дыр боп мықты.
Тар жерде
Көк түтінмен ысталған жан,
Қақтаған
Еттей қатып, сүр боп шықты.
Балтабай
Танығандай торды жаңа,
Бұралаң,
Ойқы-шойқы жолды қара.
Он күнде
Айлалы боп шықты нағыз
Ақкөңіл
Ауылдағы өлді бала!
Зонада
Ыза буған,
Дырдай бәрі,
Ызыңға
Төзбейтіндей ыңғайлары.
Жанасып,
Өңкей жынмен бірге жүріп,
Өзі де
Бірте-бірте жынға айналды.
Жан ана
Тағы да
Бір сынақтан аман өтті,
Сонда да
Көңілінде алаң көп-ті.
Сумаңдап,
Сұр жыландай жан мұздатып,
«Анасы
Қайтты» деген хабар жетті.
Бастыққа
Жетіп барды тапырақтап,
Көзінен
Парлап жасы жапырақтап.
Сұранды
Бір жұмаға, жағдай айтып:
«Анама
Келейін, – деп, – топырақ сап!»
Топ басы
Сыймай кетті бір қалыпқа:
«Ұмытпа
Жүргеніңді бұғалықта,
Дегенің
Үйге жібер қай сасқаның,
А, бәлкім,
Сұранарсың құдалыққа?!
Жап-жас боп
Сенің мына жүрісің не,
Береке
Болмапты ғой бір ісіңде.
Анаңды
Шыныменен жақсы көрсең,
Неліктен
Ойламадың тірісінде?!
Не таптың
Тілін алмай борандап құр,
Жоқтайсың
Енді жақсы бола қап бір.
Дәп сенің күйігіңнен
Өлді шешең,
Бар, жоғал,
О, көзіңнен сораң аққыр!»
Жарасын
Бастық тура тапты да атты,
Жанына
Балтабайдың қатты батты,
Оңаша
Өзіменен-өзі қалып,
Көзінен
Қанды жасты сорғалатты.
«Шындық қой,
Болса дағы ащы қандай,
Өмір жоқ,
Енді маған тәтті балдай.
Қайтейін,
Пешенеме жазылған соң,
Бұза алмас
Қанша ұрсаң да тасты маңдай!
Қайғының
Құтылмадым қарасынан,
Не қалды
Жалғандағы жарасымнан.
Жүргенде
Әйел үшін жанымды жеп,
Аяулы
Айырылдым анашымнан.
Қызығын
Күтіп жүрдім келешектің,
Келетін
Айды кезіп, жерді өлшеткім,
Маматай...
Мейірбаным,
Көңіл нұрым,
Не көрдің бұл өмірден,
Не көрсеттім?
Сәл ғана
Тәтті өмірдің таттың дәмін,
Жазмыштың
Жастайыңнан тарттың зарын.
Тек мені
Әлпештеумен күнің өтіп,
Тек менен
Өміріңнің таптың мәнін!
Мейірмен
Ақ сүт беріп ауызыма,
Жарыттың
Сәби күннен уызыңа.
Шашылған
Дүниеге біз бір тары
Қайтадан
Жиналмайтын қауызына.
Қайтейін,
Дидарыңды көре алмадым,
Дүние-ай,
Неткен тар ең,
Неге алдадың?!
Сен маған
Бәрін бердің, анашым-ау,
Мен саған
Дәнеме де бере алмадым!
Бір сенсіз
Өмір түнек, қаңыраған,
Тағы да
Артты салмақ тағдыр маған.
Қай жаққа
Аруанадай кеттің желіп,
Ботаңды
Жалғыз тастап аңыраған!»
Аспанға
Жатты қарап шалқасынан,
Анашын
Іздеп жұлдыз ортасынан.
Қорасан
Көңіл айтып қазақ жолмен,
Құшақтап,
Қақты ақырын арқасынан!
Жемге көмген
Тосатын
Сәт келгенде қолды арқанға,
Қор болып,
Кім түспеген торлы апанға?
Бұл жерде
Неше түрлі жандар отыр,
Момын да,
Қарақшы да, горлапан да!
Пендені
Тағдыр шіркін сорлатқанда,
Тіреліп
Ми батпаққа жол батқанда,
Түрменің
Баландасын кім татпаған,
Патшалар,
Генералдар,
Солдаттар да.
Оп-оңай
Оңды адамның отыруы,
Оң қаптал
Айналғанда сол қапталға,
Кім қалай,
Қайдан келді дерің бар ма,
Жетеді
Кімнің көзі мол қатпарға!
Ауылда
Екі көрші төбелескен,
Ондайды
Талай көрген ел емес пе,
Артынан
Татуласып кетуші еді,
Кешегі
Төбелесін елеместен.
Ал мынау
Қаныпезер біреу екен,
Қайткенде
Кек алам деп ерегескен.
Далаға
Сөйлесем деп алып шыққан,
Қойнына
Темір келтек салып шыққан.
Көпірік
Сөзге алданған ана байғұс,
Жан емес
Күдіктеніп, қауіпті ұққан.
Төбеден
Темірменен перген кезде,
Тіл тартпай
Аңғал бала өлген демде.
Апарып
Қырманның ең шетіндегі,
Үйінді
Қызып жатқан көмген жемге.
Мәйіттің
Біраздан соң жеммен күйген,
Еті ағып
Жоқ боларын қайдан білген?
Сыймайтын
Ақылыңа мұндай сұмдық,
Қай кезде
Шығып еді біздің елден?
Бірталай
Ешкім білмей уақыт өткен,
Ресейге
Әлгі көрші қашып кеткен,
Жай жүрмей
Ол жақта да кісі өлтіріп,
Сотталып,
Біздің елге қайта жеткен.
Алғаны
Барлығына он екі-ақ жыл,
Апырмай,
Ғажап еді тәртіп неткен!
Күйінді,
Бір сауалға жауап іздей,
Қинады
Жанын тырнап, дамыл бермей.
Жастықпен
Төбелесіп қалған бала,
Болмақшы
Мыналармен қалай бірдей!?
Бұл жағдай
Заңды қашан ойландырмақ,
Қашанғы
Қорғансызды ойран қылмақ?
Кездейсоқ
Бір қателік қалай ғана,
Адамды
Қанқұйлыға айналдырмақ?
Бұл сауал
Шырмауықтай шырмай берді,
Санасын
Тұмандатып шулай берді.
Қисынсыз
Қиянаттың қасіреті,
Жас қанын,
Жан-жүрегін улай берді!
Санаймыз
Неге өткенді қас-қағымға,
Сан тарих
Тұнып тұр ғой астарында.
Ойласаң
Келер күннің қашықтығын,
Жүгіну керек шығар
Басқа ұғымға.
Әр күні
Абақтының мәңгіліктей,
Жылжыған
Жылай-жылай жас шағыңда!
Азапты
Уақыт өтпес, аттай заулап,
Өртейді
Жан-жүректі оттай лаулап.
Күліне
Күйіп кеткен гүл өмірдің,
Кесірлі
Бір кесапат шықты қаулап.
Жатпайтын қысқартуға,
Кешірімге,
Үкімнің
Қаттылық бар кесімінде.
Татитын
Ғұмырына бұл бес жылдың
Сұрауы,
Құны қайда,
Өші кімде?!
Күні-түн
Үрейленіп,
Күтіп үміт,
Мүжіліп,
Әбден бітті күпті жігіт.
Қан толып жүрегіне
Ақырында,
Кектеніп
Дүниеге шықты жігіт!
Бостандықта
Қорасан
Сызып берді жол-жобасын:
«Өр мінез,
Болашағы зор баласың,
Болмаса
Басқа сенің барар жерің,
Осы үйде
Жатып біраз демаларсың.
Иесі біздің адам,
Ақша сонда,
Түгендеп,
Керегіңді мол аларсың.
Өзі қыз,
Айналдырып ала білсең,
Қиналып,
Қор болмайсың, жөн боласың.
Артыңнан келем өзім,
Үш айдан соң,
Майданда
Енді бізбен бір боларсың!»
Іздеген
Жаралыға, жанға тыным,
Түрменің
Ұмыттырды қара түнін.
Жалғаса
Жыпырлаған жалпақ тамдар,
Бір шеті
Жықпыл-жықпыл Алматының.
Үйлері
Үйме-жүйме, жапсар-жапсар,
Тар көше
Ию-қию, қатпар-қатпар,
Өзегі
Үзік-үзік, іркес-тіркес,
Жағада
Жатыр жұмыр шоқпар тастар.
Жүреді
Түнде жаннан безген адам,
Бейхабар,
Мүлдем аулақ өзге ғалам.
Он рет көрген үйін,
Қараңғыда,
Таппайды
Таң атқанша кезген адам.
Абалап,
Арлы-берлі жүр иттері,
Ірі иттер
Жөпшендіні дүриттеді.
Елестер
Үркек көзге минотавр,
Өкірген
Үңгірінде Криттегі!
Гүлайым
Үй екен елеусіздеу,
Бір ыңғайлы,
Демалды,
Болмағандай бұрын қайғы.
Келбетті
Ер жігітке көз төңкеріп,
Жас сұлу
Жылап жүріп жымыңдайды.
Туғандай,
Күлімдесе, жаңадан ай,
Ұялы,
Үлкен көзі баданадай.
Тізулі
Өткір жебе кірпіктері,
Лүп еткен
Жүрегіне қадалардай.
Бұл ару
Яки нағыз ғашық адам,
Лебізі
Иман сырын жасырмаған.
Тырнағын
Ішке бүккен яки мысық,
Тышқанды
Баптап жеуге асыраған.
Әдемі...
Лағыл, інжу, маржан, жақұт,
Алқадай
Неге қонбай қалған бақыт?
Аруға
Үлбіреген
Гүл орнына
Қайтерсің...
Темір кісен салған уақыт!
Төрт жылға
Алматының соты кескен,
Өмірі
Кетпейтіндей өкімі естен.
Гүлайым,
Үй иесі қыздың аты,
Екеуі
Әпкесімен жетім өскен,
Алысып
Тіршілікпен, жастай ширап,
Өшпейтін
Келешекке оты көшкен.
Екі қыз
Айы өткен соң жоқшылықтың,
Қол жетпес
Армандай боп тоқшылық күн,
Қайнаған
Қанбазарға қойып кеткен,
Ұшына
Шашын түйіп от шыбықтың!
Сауданы
Адал, арам талғамаған,
Бұлардың
Адамы жоқ алдамаған.
Қарамай
Сапасына, сасығына,
Тоғытса,
Тауары жоқ жолда қалған!
Бір ісін
Жалғастырып бір ісіне,
Жүргенде
Мәз боп аз-мұз кірісіне,
Тұрмысқа
Шыға қалды сәті түсіп,
Әпкесі
Бір дөкейдің інісіне!
Әп-сәтте
Бастық болып шыға келді,
Шаруаны
Қалауынша бұра берді.
Тендер мен
Гендерліктің арқасында,
Секілді
Елдің заңды мұрагері.
Суы көп,
Сұрауы жоқ кезде шалқып,
Тұмсығын
Ен байлыққа тыға берді.
Гүлайым
Әпкесіне тура келген,
Алқалап
Кілт пен мөрді бұған берген.
Қалтқысыз,
Көзсіз сеніп әпкесіне,
Кез келген
Қағазға қол қоя берген.
Жоқ еді
Жамандығы әпкенің де,
Айналған
Сіңлісінің бапкеріне.
Жетілген
Жекеменшік заманында
Жобасын
Жетік білген «шәпкенің» де.
Ойланбай
Ақша жұмсап оңды-солды,
Ол өзі
Үйлі-жайлы, тонды болды.
Аранға
Ұйымдасқан түсіп кетіп,
Меншігі
Мемлекеттің қолды болды.
Айналып әділетті
Айла қашқан,
Заман бұл,
Майлы қасық пайдаға асқан.
Жей берген,
Ұйымдасып жемқорлармен,
Берем деп
Қалай жауап ойламастан.
Тендердің
Шенділерде ауыр басы,
Бірдеме
Алғанға мәз бауырласы.
Қабылда
Десе болды, қол қояды,
Қалқиған
Құрылысты қабырғасы!
Қызметкер
Дөкейлерге инабатты,
Болмаса,
Барлық ісі қирамақ-ты.
Қабылда,
Бітті десе, қол қояды,
Басталған
Іргетасы ғимаратты...
Барлығын
Гүлайымға арта салды,
Тексеріс
Іздегенде бейнауатты!
Гүлайым мойнына алған,
Жоқ таласы,
Әпкенің
Бар шиеттей төрт баласы.
Қалқалап
Тәтесін де, көкесін де,
Сотталып
Кете барған соқа басы.
Өзі үшін,
Өзге үшін де сорға батқан,
Түрменің
Төрт жыл қара нанын татқан.
Сол жақта
Қорасанның кісілері,
Қамқорсып,
Жөнін тауып, жолға тартқан.
Аман-сау
Құтылған соң, мерзім бітіп,
Өзінің
Ескі үйінде тұрып жатқан!
Әйгілеп
Көңіл күйін мәлімдемей,
Әйтеуір,
Лашын ілмей, мәлін жемей.
Ақылмен
Несібесін тауып адал,
Қалқыды,
Арам нанның дәмін көрмей.
Мінеки,
Сол себепті жолы қатты,
Жігітке,
Жағдай жасап, тегін бақты.
Өмірдің
Ғажайып бір жұмбақ күйі,
Осылай
Армандаған теңін тапты.
Ғашық боп
Бір көргеннен Балтабайға,
Дегбірі
Қашып қыздың, күлім қақты,
Өмірден
Аузы күйіп, жәбір көрген,
Сорлы қыз
Шерлі жаннан пана тапты!
Балтабайдың Гүлайыммен
сырласуы
Оңаша үй,
Арасында көп жапсардың,
Мұқтажы
Ештемеге жоқ жастардың.
Әдейі
Іздеген жан адасатын
Бұл үйге
Ізі де жоқ кеп жатқанның.
Тып-тыныш,
Жаздың жылы жұмсақ түні,
Қалайды,
Қанатымен мол жапқанын!
Гүлайым
Еш қатерге ұрындырмай,
Керегін
Әкеп тұрды, шылымды ұдай.
Байыппен
Баптады әбден батырым деп,
Бағытын
Бөтен жаққа бұрылдырмай,
Бірақ та
Балтабайда серпіліс жоқ,
Тартпайды
Думан, қызық бұрынғыдай!
Қиын-ау,
Бір кеткен соң қырын кісі,
Шермәштің
Емес және жырындысы.
Құлықсыз тіршілікке,
Құлазиды,
Келеді
Тар бөлмеге тығылғысы.
Ұмтылып,
Өзінше бір іс қылмайды,
Айнала не боп жатыр,
Пысқырмайды.
Ерте-кеш
Экранды ермек қылып,
Басқаны
Құлағына қыстырмайды.
Күн батса
Сыртқа шығып отырады,
Елеусіз,
Елдің шеткі атырабы,
Шылымды
Шөп қосылған шегіп алып,
Ақырын
Әңгімені сапырады.
Сөйледі,
Еске түсіп бала шағы:
«Жасыл құрт
Жапыраққа жармасады,
Түртпектеп
Шыбығымен ессіз балдар
Шаншып ап,
Құлатуға таласады.
Не шара
Ой-санасыз көп балғынға,
Сылқ етіп,
Құлап түсті көк шалғынға.
Апырмай,
Қайдағыны жан еркемнің
Жанына
Жантайғанда еске алдым ба?!
Түйсіксіз
Жәндік іштей сезді нені?
Не нәрсе
Бізді ұяттан бездіреді?
Шұқылап,
Көк шалғыннан тауып алып,
Таптайттап,
Табанменен езгіледі.
Таптық деп,
Бір жәндіктің біз ыңғайын,
Бәрі мәз,
Мен де аяқты созғылаймын.
Мыжылып
Жасыл құртың жасыл шөпке,
Жоғалды
Біржолата ізім-ғайым.
Суреттен
Бала күнгі көңілге алған,
Өзгеше
Сыр ашады өмір маған.
Жабысқан
Жапыраққа біз бір жәндік,
Төніп тұр
Төбемізден темір табан!»
Гүлайым
Қолын ұстап, жалынды кеп:
«Мүжіле
Бермесеңші, жаныңды жеп,
Салауат өткен іске,
Жаңа өмірді,
Бастайық,
Жақсылықтың бәрін тілеп.
Ақ адал
Сүйіп өтем бір өзіңді,
Бақытым
Сағындырған табылды деп!
Мен сені
Арманыма балағанмын,
Сен үшін жаным құрбан,
Садағаңмын.
Аттайық
Жаңа өмірге, қол ұстасып,
Басына
Барып келіп жан анаңның!»
Балтабай
Сүйді құшып Гүлайымды:
«Бір сен, – деп,
Бұл өмірде қалағаным!»
Жусан мен наша
Бір кезде
Аңсауменен жүрген мекен,
Түсіне
Сағындырып кірген мекен.
Ауылға
Тіреген жоқ аттың басын,
Бір түрлі,
Сондай суық, мүлде бөтен.
Қорымға,
Қыр басына тіке тартты,
Суытқан
Оны сонша кімдер екен?
Жазылмас
Жүрегінің жарасы боп,
Сол жағдай
Қалды ешқандай дауасы жоқ.
Кімді іздеп,
Кімге бармақ жетім жігіт,
Алдынан
Күліп шығар анасы жоқ!
Анасы
Барда алаңсыз құлындай-ды,
Дүние-ай,
Неге сенің түбің қайғы?!
Ескі ауыл,
Ескі сүрлеу,
Ескі зират...
Бір сарын
Ықылымнан ызыңдайды.
Құшақтап,
Ұлы өмірдің нелер гүлін,
Бұйығып,
Күтіп жатқан келер күнін.
Молалар
Мүлгиді үнсіз,
Еседі жел,
Уақыттың
Еске салып шеберлігін.
Төбесін
Ескі қырдың, көзге ілінбей,
Елесі
Кезетіндей ежелгінің.
Келместің
Кеткен батып құрдымына,
Не дейді
Арманда өткен мұңлығына!?
Басында
Көп отырды ойға батып,
Күбірлеп,
Құлқуалла қылды дұға.
Көзінен
Жасын бірақ төгілтпеді,
Қалса да
Кәдімгідей шөгіп тегі...
Астында
Осы қырдың асыр салып,
Қуатын
Инелік пен шегірткені.
Бір кезде
Естен тана құмар болған,
Көбелек
Көңіл мұзын ерітпеді.
Кетердей
Дала иісінен ұшып қайғы,
Жусаны
Жын қаққанды ұшықтайды.
Көрпедей
Қалың көде құлай кетсе,
Бетінен
Қылтанағы қытықтайды.
Аунады
Туған жердің алабына,
Кірбің бар
Гүлайымның қабағында.
Шегіртке
Шөп түбінен шыға алмайды,
Шырылдап
Ыршығанмен жоғарыға.
Көдені
Көлбей сипап көбік бұлттар,
Көбелек
Көлпілдейді қонарында.
Жүрегі
Жібімейді біріне де,
Сыздайды
Саруайымның сораңында,
Шыбындай
Жылтыраған янтарьдағы,
Жылуы
Қатып қалған жанарында!
Секірген
Гүлайымның бұрымына,
Селт етпей
Шегірткенің шырылына.
Жусанды
Бір иіскеп, бір күрсініп,
Сүлесоқ
Қолын созды шылымына.
Даланың
Шөбін басып жамбасына,
Шыққандай
Тағы да бір жол басына.
Жусанға
Аунап өскен қара бала,
Отырды
Наша тартып дөң басында!
Шын сүйген,
Азаматын зорға балап,
Шырылдап
Қарлығаштай қорғаламақ.
Елестеп
Кетті бір сәт Гүлайымға,
Балтабай
Отырғандай тордан қарап!
Түн жамылған ант
Махаббат,
Мұң аралас, күндер өтіп,
Өртеңге
Өркен жаяр гүлдер өсіп.
Жүргенде,
Солқылдата соғып қақпа,
Қорасан
Іздеп келді түнделетіп!
Қарсы алды,
Қуанғандай жыл құсына,
Ол да мәз,
Жолыққандай тұңғышына,
Қасында
Бух, Сармантай, Бакылан бар,
Қауқылдап,
Құшақ жайды құрбысына.
Шай-пайға қарамастан,
Шаруа бар деп,
Әкетті
Таудың таса қуысына.
Толтырып
Тоғыз оқты тапаншаға,
Қорасан
Балтабайға тұрды ұсына.
Тым-тырыс
Талтайып тұр төртеуі де,
Телміріп
Тапаншаның ұңғысына.
Балтабай
Байқап алдын, жымың етті,
Нықталып,
Нысанаға қырын кепті.
Оң қолын
Оқыс сілтеп қалған сәтте,
Тоғыз оқ
Қараңғыны тіліп өтті.
Үздіксіз
Тапаншаның үрейлі үні,
Үрпиген
Тыныштықты дірілдетті.
Аулаққа
Тізіп қойған шырағдандар
Бірінен кейін бірі
Бұлың етті!
Бәрі де
Балтабайға болды разы,
Айтылды
Мадақтау сөз, көңіл назы.
Қорасан
Арқасынан қағып тұрып,
Сөйледі,
Бол дегендей өзің қазы:
«Ақшаны
Табасыңдар көл-көсір ғып,
Түстім деп қорқпа жолға,
Ел шошырлық.
Жүресің
Алшаң басып, ешкім саған
Шәй демес,
Жасамасаң сен кесірлік!
Басымда
Талай бұлғақ болғаны анық,
Найзаны
Кімге, қайда толғамадық.
Қаншама
Қалталыны тонасам да,
Қолымды
Көргенім жоқ қанға малып!
Қуғынның
Тосқауыл боп жолында жат,
Мергендік
Қызығына молынан бат.
Ешкімді
Қаза қылып, қанын төкпей,
Дәл көздеп,
Бізді ататын қолынан ат!
Қаймықпай
Қосар болсаң қарқын, жігер,
Астында
Аяғыңның алтынды көр.
Бізбенен
Бір болам деп өле-өлгенше
Алла деп,
Түн жамылып, антыңды бер!»
Төнгенін
Сезсе дағы қара албасты,
Бас тарту
Өз тобынан жарамас-ты.
Қанына
Қарайған ұл неден қорқсын,
Қол беріп,
Құшақтасып, уағдаласты!
Гүлайымның көз жасы
Гүлайым
Өксіп-өксіп төкті жасын,
Құшақтап
Кеудесіне соқты басын:
«Жаным-ау,
Тыныш бақыт іздейік те,
Несіне
Өміріңді өрт қыласың?
Тазасың,
Өтеп шықтың бар жазаңды,
Есіңе
Ала берме тар ғаламды.
Жаңадан
Бастасаңшы, өркендетіп,
Өзіңнің
Отбасыңды,
Жар,
Балаңды!
Жалынып,
Жылап сенен өтінемін,
Жаным-ау,
Мен де өзіңдей жетім едім.
Жетімдер
Бір-біріне сүйеу болса,
Соншалық
Алыс болмас жетілер күн.
Жоғалтқым
Келмейді енді бақытымды,
Құдайдан
Сенен артық не тілермін?!
– Тағдырдың
Амал бар ма тоқпағына,
Түсірген
Кезеңнің тар соқпағына.
Үйірі
Көкжалдардың босатпайды,
Тартады
Ықпалымен оқпанына.
Түрмеден
Шыққанымен, шықпайды екен,
Нашаның
Батқан адам батпағына.
Ризамын,
Қоштасайық,
Тілеулеспін,
Өмірден
Бақытыңды тапқаныңа!
– Көнбеймін,
Мұндай ессіз жарлығыңа,
Разымын,
Саған қосқан тағдырыма.
Сенімен
Өмір сүрем, жазса құдай,
Сенімен
Көріп өлем барлығын да!
Көзінен
Гүлайымның төгілген жас,
Өмірдің
Ұмыттырды тарлығын да!
Жорық жолында
Бұл топтың
Сирек адам салтын ұғар,
Мүше боп,
Кіре алмайды жалпы құмар,
Білмейді
Бірін-бірі бәрі бірдей,
Ішінде
Ақылды бар, тантығы бар.
Астыртын,
Айламенен іс қыл деген,
Темірдей
Қорасанның тәртібі бар.
Жүреді
Жай адам боп жайшылықта,
Түспейді
Тірі жанмен қайшылыққа.
Құпия белгі беріп,
Шақырғанда,
Жетеді,
Жүрсе дағы айшылықта.
Опырып
Орыс барды, өзбек барды,
Күн бұрын
Кімді аларын көздеп барды.
Тып-типыл тонап алып,
Қан шығармай,
Із-тозсыз,
Ескен желдей сөз боп қалды.
Бухыңыз
Бастығы екен «штабының»,
Жоқ онда
Жарға жығар ұшқары ұғым,
Бағыттап
Бандылардың барлық ісін.
Бөктірген
Қанды майға іш қарынын,
Тонауды
Кімді, қашан, қайда, қалай,
Жоспарлап,
Айтқан сөзі нұсқа бұның.
Қорасан
Қалың қолдан қорықпайды,
Қайғырып
Тірлік үшін торықпайды.
Жазмыштан озмыш жоқ деп
Көп айтады,
Бұйрықсыз
Пәле-жала жолықпайды.
Тобы да
Іріктелген сайдың тасы,
Бір-бірін
Тайталаста толықтайды!
Бух айтты:
«Бір жемқор бар, салып қорған,
Оңаша,
Ел шетіне барып қонған.
Үйіне
Үйіп жатыр жегендерін,
Ақымақ
Екен өзі барып тұрған.
Қамалып,
Қалай ғана тұншықпайды,
Қара нан
Тірі жанға шымшытпайды.
Тырс еткен
Дыбыс сырттан кірмес болса,
Үйден де
Тысқа дымдай үн шықпайды!»
Жаланған,
Бір топ жігіт әлекедей,
Жемқорға,
Келді ымыртта көлеңкедей.
Ыстық су,
Суық судың агенті боп,
Сармантай
Кірді үйіне, келекелей.
Иесін
Ұрып жығып, ішкі есікті,
Тепкенде,
Сынып түсті тәрелкедей.
Қорасан
Жігіттерін бастап кірді,
Бәрі де бетперделі,
Қаптап кірді.
Иесін,
Екі бала, әйелімен,
Шошытып,
Бір бұрышқа топтастырды:
– Бұл үйде
Артық-ауыс ақша жоқ, – деп,
Жемқорың
Жанұшырып, шатпақ қылды!
– Аузыңмен
Өзіңді алда, ашытқы ғып,
Жүрмейді
Маған бірақ сасық қулық,
Көнбесең
Бауыздаймын, – деді, – қазір!
Жемқорды
Желкесінен басып тұрып.
– Долларың
Артық па еді балдарыңнан,
Алтының
Жақын ба әлде жан-жарыңнан.
Ортаға
Сал әкеліп сандығыңды,
Сауға деп,
Садаға деп жандарыңнан.
Тағы да
Ұрлайсың ғой қазынаны,
Құтылсаң
Қылпылдаған қанжарымнан!
Қанжарды
Кеңірдекке батырғанда,
Шошынып,
Семіз қатын аһ ұрғанда
Қырылдап,
Айтты ақшаның қайда екенін,
Жан керек
Деген бар ғой батырға да.
Еденге
Екі жігіт еңкейісті,
Қиратып,
Алып шықты мол кейісті.
Қорасан
Ашып көрді, тола доллар,
Жемқорға:
– Ұмыт, – деді, – сен кейісті!
Есікке
Беттеп бәрі жөней берді,
Міндеті
Балтабайды бөгей берді.
Жемқорың
Тапаншасын суырып ап,
Сыртынан
Қорасанның кезей берді.
Балтабай
Басып салды топшысынан,
Үлгерген
Гүрс еткізіп оқ тұсынан.
Шыңғырып
Ұшып түсті әлгі байғұс,
Оқыстан
Тиген оқтың соққысынан.
Тиген оқ
Қолын сәл-пәл бұра салған,
Шибөрі
Жолбарысқа жара салған.
Қопарып қалың етін,
Қарпып өткен,
Қорғасын
Қорасанды қара саннан.
Бұрылды
Бұлшығынан қан шұбырып,
Бөгелді,
Санын таңып, сәл құбылып.
Бұрышта
Бір уыс боп бейшаралар,
Үрпиіп,
Шыбын жаннан тұр түңіліп.
– Осы ма
Үлкен шаруа тындырғаның,
Ешкімге
Естілмейді шыңғырғаның.
Жігіттік
Қағидам бар бұлжымайтын,
Өзімді
Ұрған қолды сындырамын!
Қорасан
Көк қанжарын бұлғап алды,
Балалар
Қорыққаннан шуламады.
Жемқордың
Жан кеткендей өн бойынан,
Әйелі ышқынды кеп,
Шыдамады:
– Өз еркің,
Бізді өлтірсең осы арада,
Бейкүнә
Сәбилерді қосарлама.
Ала бер,
Екеуінің садағасы,
Ақша тұр
Бір шабадан шошалада.
– Өзің біл,
Қазір бізге ерем десең,
Балдардың
Амандығын көрем десең.
Рұқсат,
Құдай қосқан қосағыңмен,
Қимаймын,
Құшақтасып өлем десең!
Алқынып,
Тарылғандай әйел демі,
– Қош бол! – деп,
Күйеуіне сәлем берді.
Сармантай
Салып алды сар сапыны,
Бар бәле
Әйелден деп әлемдегі.
Тіл тартпай жан тапсырды
Ері күліп:
– Байыңнан бұрын өлдің,
Бәлем! – деді.
Балтабай
Шыдай алмай: – Ер едіңіз,
Болса да
Қандай үлкен себебіңіз,
Жегенін
Жемқорлардың құстырсам да,
Қолымды
Қандамаймын деп едіңіз!
– Өлмейді
Ешкім де үйін үптегеннен,
Бауырдан бір-ақ ұрып,
Бүктегеннен.
Мал үшін,
Жайлау үшін жандасса да,
Мойнына
Қазақ қанды жүктемеген!
Қынапқа
Көк қанжарды қайрай салған,
Қорасан
Қан кешуді ойлай салған.
Қиқарды,
Қиқулаған, қойғыласып,
Қоймаса,
Қой дегенде, қойдай сойған!
Қоймассың
Бұдан бұлай күмән сұрақ,
Көрейін
Ерлігіңді тұрар шыдап.
Тапжылмай,
Таңдай қақпай, тура қара,
Бұл итті
Кескілеймін, турамшылап!
Жемқорды
Жығып салып, ұрғылады,
Бейшара
Шыдай алмай шыңғырады.
Байғұстың
Қызыл қанын шашыратып,
Қанжармен
Кесіп алды бір құлағын.
Танды ма
Ашу қысып, ер есінен,
Кірісті
Мұрынына келесіде.
Адамның
Азабына шыдай алмай,
Балтабай
Басып салды төбесінен.
Қорасан
Тұрған үнсіз бақылауда,
Бұйрықты
Берді дереу Бакыланға.
Көтеріп
Бензин толы бакылашка,
Бакылан
Шауып келді оқырана.
Қорасан
Басын изеп мақұлдады,
Балтабай
Жия алмай тұр ақылды әлі.
Кетсін деп
Бәрі жанып, айғақ қалмай,
Бакылан
Бензин құйып бақылдады.
Үйі – тас,
Ал жиһазы тамызықтай,
Қолма-қол
Түгі қалмай лапылдады.
Балдарға
Дәрі иіскетіп талдырады,
Апарып
Көлігіне салдырады.
Бір уыс ақша салып,
Қалтасына,
Алдына
Балабақша қалдырады!
Қиынның
Дайынмын деп қандайына,
Көрем деп
Жазылғанын маңдайыма.
Балтабай
Қанша қайрат қылса дағы,
Төгілген,
Қалдырмады қан жайына.
«Адамның
Мен де қанын іштім-ау!» – деп,
Мүжіліп,
Бата берді саруайымға.
Нашамен
Басқан болды, өзін алдап,
Ашылып
Айта алмады Гүлайымға!
Шағыстыру
Бух аңғал,
Яки надан ғапылды аңдап,
Лебізге
Иланатын тақырды аңдап,
Қолына
Айламенен нәпсі құлын,
Түсірсе
Түп ниеті мақұлданбақ.
Азғырды
Ақырындап Бакыланды,
Піспеген
Бакыланның ақылы әлі.
Шоқ тастап,
Шапқа түртіп, шағыстырып,
Қамқорсып,
Ішке тартып бақылады.
Ақырын
Қайрай берді қырсықтырып,
Қағынды
Сөзбен бойын түршіктіріп.
Баяғы
Ерегесін еске салып,
Арасын
Сармантаймен ушықтырып.
Ақыры
Тағы да бір айқастырды,
Аямас
Шекке дейін байқастырды.
Сарт та сұрт
Сармантайдың соққысынан,
Бакылан
Неше құлап, қайта тұрды.
Соңында
Арашашы бола қалып,
Екеуін
Алдап-сулап, жай таптырды...
Бакылан
Шеттей берді содан кейін,
Бастары
Бәрінің де шайқатылды!
Арандату
Қапы жоқ
Бухтың біліп сайрауында,
Ой тастап
Қорасанның байлауына.
Және бір істі бастап,
Жөн сілтеді:
«Бір үй бар
Таудың таса қойнауында,
Мекені
Ұйымдасқан ұрылардың,
Айналған
Жын-шайтанның ойнағына.
Құпия қоймасына
Ен байлықтың,
Құйылып жатыр барлық
Қаймағы да,
Жетеді
Бәрімізге осыны алсақ.
Әлемнің
Кетем десек қай жағына,
Содан соң
Қойсақ болар бұл кәсіпті.
Бар мұнда
Қандай қызық, қай мағына!?»
Қорасан
Бухтың сөзін дұрыс көрді,
Жинады
Ту астына «жұмыскерді».
Бакылан келмей қалып,
Кейіді жұрт,
«Апырмай,
Бұныкі не жүріс?» деді.
Алмайды телефонын,
Қанша соқса,
Тығылып
Қалды-ау тауып, тыныш жерді,
Қорасан
Айтты Бухқа: «Іздеп барып,
Тексеріп,
Түгін қоймай ұрыс тегі!»
Аттанды
Аруақтанып ақырғы іске,
Ұрыста
Болмақ қандай тұрыс енді!
Табыстың
Еліктіріп тәтті лебі,
Тау-тасқа
Күн еңкейе сәтті келді.
Қаңтарып
Көліктерін кең жазықта,
Жаяулап
Тобыменен тартты ілгері.
Міндетін
Барлаушылық атқаруға,
Сармантай
Түсті таудың соқпағына.
Атылды
Қақ маңдайдан қара мылтық,
Тура кеп
Қалған екен тосқауылға.
Тіл тартпай
Тұрған бойда жан тапсырды,
Бокстан
Қайран болмай от қаруға.
Құтқарды
Қорасан мен Балтабайды,
Екеуі
Қожыр тасты қалқалайды.
Жылыстап келе жатса,
Өкпе тұстан,
Күн сала
Бір қорықшы жол қарайды.
Қорықшы
Қорасаннан қорықса да,
Жан екен
Шомбал тастай, толық қара.
Табаны
Таймайды ғой ер жігіттің,
Тайгада
Жолбарысқа жолықса да.
Алдында
Қара мылтық өңгергені,
Көтеріп
Кезей берді...
Үлгермеді,
Лып етіп,
Тар қолтықтан тартып салды.
Қорасан қарақшының
Қол мергені,
Қалпақтай
Ұшып түсіп, қалды қатып,
Ажалдың
Осы болды кез келгені.
Сол сәтте
Оқ жауды кеп борандатып,
Жабылып
Жатқандай бар ғалам атып.
Қорасан
Қорғасынмен құшақтасып,
Қорқырап
Құлап түсті қанға батып.
Сонда да
Соңғы сөзін айтып кетті:
«Бух жетті
Түбімізге арандатып,
Қорасан
Көрінде де тыныш жатпас,
Қашан Бух
Құрығанша арам қатып.
Салсам да
Байға бүлік, заңға бұлғақ,
Жәбір ғып,
Жоламадым жанға құрғақ.
Жүздеген
Жемқорларды тонасам да,
Көргем жоқ
Өз қолымды қанға былғап!
Жалғанда
Көп болса да жаманатым,
Бақида
Жақсы деген болады атым.
Өсірдім
Төрт баламды тарықтырмай,
Өмірде
Еркін қағар ер қанатын,
Және де
Алғанымның бір бөлігі.
Жетімдер
Жыртығына жамалатын,
Солардың
Алғысынан үмітім бар.
Уақытта
Барлық істер саналатын,
Қорқытып,
Қанын төгіп, тонағам жоқ
Елімнің
Қарапайым жамағатын.
Сенікі
Қалған ақша, қайтар кекті,
Жалғыз-ақ
Осы саған аманатым!»
Қия алмай
Қалдыруға өр ағасын,
Балтабай
Қалай ғана қиналмасын.
Қорасан
Иман айтып, кете барды,
Қырандай
Сыпырылған томағасы.
Ұзамай
Күн де батты,
Қараңғыны,
Паналап,
Тарғыл тас пен тораңғыны.
Қуғыннан
Қашқан кезде, еске түсті
Тығылмақ
Түнде ойнаған балаң күні!
Болғанмен
Балдай тәтті бұрынғы әні,
Өзгеріп
Кеткен әбден бүгін бәрі,
Ұлыған
Үрейді алып ұшқыр оқтар,
Әйтеуір
Милығына ұрынбады.
Кетпейді көз алдынан
Қорасанның,
Қолқадан
Қызыл қаны шұбырғаны.
Ойланды
Тұңғыш рет өлім жайлы,
Көзіне
Көрінгенде шыбын жаны.
Біткен жоқ
Құтылғанмен әупірімдеп,
Тірліктің
Тауқыметті тығылмағы!
Ақсарбас
Атап айтып құдайыға,
Аман-сау
Келді қашып Гүлайымға.
Құлады
Құшағына пана тауып,
Ес жиып,
Батты екеуі бір уайымға.
Не болмақ
Ендігі өмір әрі қарай,
Бұрылмақ
Тағдыр жолы тағы қалай?
Өтпек пе
Бұғып,
Бықсып,
Қашып, пысып,
Не сөнбей,
Я болмаса жалындамай?!
Апырмай,
Бұрын қалай аңдамаған,
Ақымақ,
Яки болған аңғал адам.
Қарақшы
Ширек ғасыр жұртты тонап,
Өзінің
Қолын қалай қандамаған?!
Бұл болса
Қанша адамның көзін жойды,
Жолды да
Өз еркімен таңдамаған.
Өлтірткен
Көсем судан таза болып,
Бар кінә
Қалай ғана қолда қалған!?
Күйіктің
Білер дәмін татып көрген,
Бәлеге
Басын неге шатып келген?
Бітірген
Бар шаруасы Балтабайдың
Біреудің
Көз жасынан нәсіп терген.
Қарақшы
Қорасанға қол мерген боп,
Нұсқаған
Дұшпандарын атып берген!
Есептеп
Отырады өткелде кім,
Керуеннің
Кеше кешіп өткен легін.
Өзегін
Өртейді кеп ащы өкініш,
Өмірде
Осы ма деп жеткен жерім!?
Не қалды
Енді бұған алданатын,
Бекінді
Қайтармаққа кеткен кегін!
Бухтың айласы
Қара жер
Қараңғыны жамылғасын,
Бух келді,
Бұлғаңдатып тағы басын.
Әрине,
Іздеп келді, көздеп келді,
Құпия
Қорасанның қазынасын.
Балтабай
Тіке сұрақ қадап қойып,
Ырғады
Қыртысы мол қабырғасын:
– Аранға
Алданбай жан ұрынар ма,
Хабарлап
Қойған біреу ұрыларға.
Қорғасын
Қара боран қаптағанда,
Тау-тастан
Жер таппадық тығыларға.
Жоспарды
Сенен басқа жан білмейтін,
Шыныңды айт,
Әлде бүккен сырың бар ма?!
Майдалап,
Мәймөңкелеп,
Миын майлап,
Келтіріп
Көңілінің күйін жайлап,
Бәлені
Аударды Бух Бакыланға,
Дәп содан
Келген іс деп түйін байлап:
– Бакылан
Сармантаймен бақталасқан,
Егесіп,
Төбелесіп, балталасқан.
Жоғалып
Кетуі де тегін емес,
Кегінен
Сармантайдың қорқа қашқан.
Біздерде
Есем бар деп есептейтін,
Сол сатқын,
Содырлармен сорпаласқан!
Досымды,
Жылап жүрмін, жоқтап, інім,
Алдыңда
Шынымды айтып ақтарылдым.
Мен қайтіп
Қастық қылам Қорасанға,
Куәсі
Жақсы, жаман шақтарымның.
Бірге ғой
Барлық табыс, жиған байлық,
Кеткен ғой
Біте қайнап шек қарыным.
Өлмек жоқ,
Дейді артынан өлгендердің,
Тірегі
Мен болашақ бақтарыңның!
Болмаса
Арым таза, келер ме едім,
Сендерге,
Сірә өзімдей сенер ме едім.
Табылса
Жасырулы ақша, байлық,
Сендермен
Қылдай қылып бөлер едім!»
Дегендей
Күлейін бе, жылайын ба,
Балтабай бір қарады
Гүлайымға.
Әйелді
Алдау қиын айламенен,
Түспейді
Өтіріктің ыңғайына:
«Бәрін де,
Бакыланды да жойған осы!»
Деген ой
Ойнап шықты шырайына.
– Сенеміз, – деді, – сіздің
Сөзіңізге,
Ақшаны
Іздеп жүрміз өзіміз де.
Жетеді
Күнкөріске бізде бары,
Айтамыз,
Ізге түскен кезімізде!
Қиын сәт
Тап келгенде бауырға сын,
Кім ойлар
Таразының ауыр басын?
Ақыл-ой,
Әділ сезім бой тасалап,
Сұрапыл
Ашу-ыза дауылдасын.
Шығарып,
Салған болып, алдап-сулап,
Өзектің
Аттағанда арғы басын.
Балтабай басып салды,
Жығылды Бух,
Қорғасын
Тесіп өтіп қауын басын!
Сотқа – сот!
Екеуі
Ақылдасып, істі талдап,
Сақсынып,
Салпаң құлақ, сырт көзді алдап.
Балтабай
Бой тасалап, жылыстады,
Жанынан
Гүлайымның бір үй жалдап.
Есінде
Көрген жәбір өмірдегі,
Өзегін
Өртейді кеп небір кегі.
Жанына
Тыным бермей күні-түні,
Жүйкесін
Жейді келіп жебір жегі.
Өткеннің
Есесін ап, есептесу,
Ең соңғы
Тілеуі сол көңілдегі.
Күн кешті,
Сездірмей еш сыр халыққа,
Ақырын
Барлау жасап, бірқалыпта.
Баяғы
Балтабайды соттаған сот,
Үлкейіп,
Ауысыпты орталыққа.
«Осы сот,
Пәле басы, өрт шығарған,
Өксумен,
Өкінішпен өтті жалған.
Өшірсем
Өз қолыммен Дайырды мен
Қумай-ақ қойдым, мейлі,
Кекті қалған!»
Осыдан
Қайтатындай өмір құны,
Кек алса
Табатындай көңіл тыным.
Білдірмей
Ішкі сырын Гүлайымға,
Соңына
Түсті соттың күні-түні.
Жақсылар
Өнегелі жол таңдайды,
Жанбағар
Жардан қорқып жалтаңдайды.
Алданған
Әзәзілге әумесерлер,
Алпысын
Талтүсім деп талтаңдайды.
Шықтым деп
Тұлға болып тау басына,
Тағдырды
Талай салған саудасына.
Алпысқа
Толған Дайыр серімін деп,
Бір қыздың
Құстай ұшты саунасына.
Көз тігіп
Жүрген оның тұрағына,
Балтабай
Міне шапты пырағына.
Аңдушы
Алмай қоймас дегендейін,
Түсірді,
Ақыр міне, тұзағына.
Көліктен
Енді түсе бергенінде,
Тақады
Тапаншаны құлағына:
– Жүр, сотым,
Өзім сені сабындаймын,
Жуған соң
Кебіндей кең қабым дайын.
Екеуміз
Екі жарты бір бүтінбіз,
Бірге өлсек,
Оның несін уайымдаймын!?
Мастанған
Билігіне есер ме едің,
Әйтпесе,
Тал шыбықты кесер ме едің.
Сенсіз мен
Айналмас ем қарақшыға,
Менсіз сен
Жұлдыз тағып өсер ме едің?!
Уақыт жоқ
Мәңгіліктен мәнді күтпек,
Бақыт жоқ
Жүрген жанға қанды жүктеп.
Керді де сенен келген
Көріп алдым,
Қараймын
Ажалға да енді тіктеп!
Дайырды
Кеңірдектен бір-ақ сығып,
Артына
Көлігінің салды бүктеп!
Үйіне алып келді,
Қалтарысқа,
Халі жоқ
Сері соттың арпалысқа.
Қараңғы,
Тар подвалға байлап қойып,
Сөйлесті
Жер қалдырмай жалтарысқа!
– Дайыр сот,
Жөндеп қара,
Таныдың ба?
Тағып көр,
Құдаң үшін тағы кінә! –
Айырды
Айтқан кезде қайырылған,
Дайырдың
Түсті есіне барлығы да!
– Көздерің
Ақша десе тұнған мұндар,
Қай кезде
Адам жанын ұға алдыңдар?
Ауылдың
Аңғал адал қазағы едім,
Қанқұйлы
Қарақшы ғып шығардыңдар!
Ойлап көр,
Қане, қайсы тарапты да,
Қауымды,
Қанбазарды, санатты да.
Өмірі
Төбелеспей өткен бар ма,
Шарпысар
Тұяқты да, қанатты да,
Қалады
Қойғыласып қайраткерлер,
Момын да,
Қияңқы да, талантты да,
Еркекті
Төбелескен соттай берсең,
Жер беті
Айналады абақтыға!
Мен дағы
Айдындағы бір кемемін,
Ізгілік,
Желкен керіп, іздегенмін.
Түрмеде
Шіримін деп ойлағам жоқ,
Обалым,
Жанбай сөнген кімге менің!?
Тиісті
Кімге,
Не үшін,
Қанша мерзім?!
Мың ойлап,
Осы менің білмегенім!
Қанша жыл
Адамды атып сойғандарға?
Қанша жыл
Орманды отап жойғандарға?
Саналы
Түрде әдейі қылмыс жасап,
Тоймастан
Майға бөккен доймандарға.
Солармен
Қалай ғана бірдей болмақ,
Жастықпен
Біреуді бір қойған бала!?
Қорқаулар
Момын елді талағанда,
Әділ сот
Оған бей-жай қараған ба?!
Қайтады
Адам құны
Қанішерді,
Айт қане,
Қанша жылға қамағанда?!
Қанішер,
Қара жүрек,
Азғын, айуан,
Қапыда
Алты адамды қойдай сойған.
Небәрі
Жиырма-ақ жылға кесіліпті,
Бір сәтте
Бір әулеттің көзін жойған!
Кім біздің
Сотымыздың заңын пішкен,
Әдейі
Алжастырып әділ істен.
Маньяк
Сотталыпты жеті-ақ жылға,
Кішкентай қызды зорлап,
Қанын ішкен!
Құрық жоқ
Қулығы көп құтырғанға,
Халықтың
Қанын сорған құтылғанда.
Ашумен
Адуынның аузын бұзған,
Ауылдың
Ақкөңілі тұтылған ба?!
Еңседен
Баса итерсең еңіске құр,
Жетпейді
Жас өркенің жеңіске бір,
Бас салып
Қолға түссе соттай бермей,
Жетімді
Желеп, жебеп,
Жөн іске бұр.
Кімнен кем,
Кескін, келбет, бой салмағы,
Секілді
Мұздай қатқан констебль!
Шетелде
Заң сүйеніш болады екен,
Қылмыстық
Жағдаятты жояды екен.
Тәртіпсіз
Тентектерді тентіретпей,
Тәртіпті
Күзеттіріп қояды екен!
– Қанішер
Шетеліңде қайғы жер ме,
Болады
Аты шығып, әйгілі елге.
Адамды жетпіс жеті
Қырған жауыз,
Отыр ғой
Үш бөлмелі жайлы жерде!
– Ең адал,
Әділетті сотпын деме,
Даңғырлап,
Даңғазамен бөстің неге?
Ауылдың
Адал, аңғал жас баласын,
Қасына
Қарақшының қостың неге?
Өртесең
Өркеніңді өспей жатып,
Ел болып
Еңсе тіктеп өстім деме!
Құдайым
Момын қылып жаратты ма?
Ықпай ма
Албасты да қабақтыдан?
Дәрмені
Жетпегесін пәрменіңнің,
Жалақтап
Түнде жортқан жарақтыға.
Алқапта
Аптап жұтқан аңғалдарды,
Аямай
Тоғытасың абақтыға.
Болатын
Ел мергені өреніңді,
Бердің ғой
Қол мерген ғып қарақшыға!
– Сөз тыңда,
Құр бекерге ерегеспей,
Қылмыс боп
Саналады төбелес те.
Атқардым
Міндетімді заң бойынша,
Кінәлі
Тек өзіңсің, мен емес қой!
– Үлгісін
Үйренем деп талай жұрттың,
Жолына
Түсіп алдың малайлықтың.
Ұмытып
Ата жолын айып-анжы,
Маңқидың,
Мантиялы ағай, мықтым.
Жазалап,
Жаза басса жастықпенен,
Өзіңнің
Өркеніңді қалай құрттың?
– Ешкімді
Құртқан жоқпын, заң осындай,
Заңға сай,
Үкім әділ, жөн-жосындай!
– Түзету
Керек онда мұндай заңды,
Бекерге
Тағдыр күйіп, жан шошынбай!
Болмаса
Жауыздығы ісінде көп,
Айып сал,
Мөлшерін де пішінде дөп.
Шегелеп
Бермеп пе еді бабаларым,
Бөріктің
Бас жарылса ішінде деп!
Зындансыз
Әділ, дана жөніңді ойла,
Ел едің абақтысыз,
Жолың майда.
Ердің құны
Екі ауыз сөзбен бітіп,
Қол сынса,
Жасыратын жеңің қайда!?
Біреуді
Сәл нәрсеге күйелейді,
Ешқашан
Сүрінгенді сүйемейді.
Қалталы
Қалай бұрса, солай жүрер,
Біздің заң
Бір бұйдалы түйе дейді.
Қорқтың ба,
Пара алдың ба қағынғаннан,
Сұраусыз
Неге сонша ағылған қан!?
Солармен
Қалай ғана бірдей болмақ,
Жастықпен
Жаза басып жаңылған жан!?
Ұғымға
Адамшылық үйлеспейтін,
Бұл өзі неткен тәртіп,
Неғылған заң?!
– Білмеймін
Не болғанын одан бұрын,
Қайқайтып
Көз алдымда құдамды ұрдың.
Қолдандым
Заңның күшін, білінбейді,
Үкімді
Құдам үшін бұрғандығым.
Құдасын
Қолдамайтын адам бар ма,
Қауымнан
Дауыс жина, сұра бүгін!
– Әділ сот
Соттау керек құдай үшін,
Болмайды
Заңның бұру бұлай күшін.
Құдаңа
Тағдырымды құрбан еттің,
Өлесің
Енді қазір құдаң үшін!
Мойныма артып мәңгі,
Мастығымды,
Соттаған
Сенен алам жас құнымды.
Арманым асқақ еді,
Жете алмадым,
Амал не,
Жастап өлем жастығымды!
Дайыр сот
Ажал лебін енді сезді,
Сұрады
Жанталасып соңғы сөзді.
– Ал, жақсы,
Соңғы сөзің – соңғы тілек,
Тез қайыр!–
Дегенде сот жұмды көзді.
– Айт енді,
Не де болса іркілме түк! –
Деген соң,
Көмекейін бүлкілдетіп:
– Рұқсат бер,
Тым болмаса телефонмен,
Кетейін
Немереммен бір тілдесіп!
– Ауысты,
Дайыр, сенің неден есің?
Көрген жоқ
Менің анам немересін.
Тып-тыныш
Ошағыма ойран салып,
Дедің бе,
Өше берсін, өле берсін,
Жарқырап
Өз жұлдызың жеке-дара,
Мейлі ме
Өзгенікі сөне берсін?!
Тамырын
Қия берсек жас өркеннің,
Кім жаймақ
Келешектің керегесін!?
Бермеймін
Сенің соңғы тілегіңді,
Суырып
Алам қолқа, жүрегіңді.
Етіңді
Турамшылап итке тастап,
Күл қылып
Суға шашам сүйегіңді!
Жә, болды,
Иманыңды айт, тілің байла.
Кісілік келбет сақта,
Құның жойма.
Біреуді
Соттарыңда, ең алдымен,
Өзіңнің
Сотталатын күніңді ойла!
Жеттің бе,
Қане, көкке,
Өрлегенде,
Қай жаққа кетем дейсің,
Өлмегенде.
Жер-көктен
Желдей есіп сені іздеген,
Өлтірем,
Әскер қаптап келгенде де.
Көрерсің
Көр түбінде көрешекті,
Өкіртіп
Мүңкір-нәңкүр тергегенде!
Шылымын
Наша қосқан тартып алды,
Жын ойнап,
Жанарында жарқылдады.
Көтере
Берген кезде тапаншасын,
Сыртқы есік
Жанталаса сартылдады!
Тоқтады,
Тапаншаны алға ұсынып,
Дайыр сот
Көзін жұмды, қан қысылып.
Жүрегі
Әлденені сезгендей-ақ,
Гүлайым
Жеткен екен жанұшырып!
Ажалға,
Қайран мұңлық, ара түсті,
Тежеді
Ақылымен қара күшті,
Құшақтап
Балтабайды, мұның не деп,
Жас төгіп жанарынан,
Қабағы істі!
– Өлтірсең,
Бәрі бітпек,
Түсін! – деді, –
Дәл мұндай
Кімге керек күшің!? – деді.
– Барсаңшы,
Жазығың жоқ,
Жаның сақта,
Бұл менің
Ең ақырғы ісім! – деді.
– Өзіңмен...
Өлсем бірге
Өкінбес ем,
Сәбиім...
Аянышты...
Ішімдегі!
Өзінің
Сенбей әуел құлағына,
Қайталап
Сұрақ қойды шырағына.
Гүлайым
Үнсіз басын изегенде,
Шаттанды,
Мінгендей-ақ пырағына...
Қаптады
Қарулы әскер сол мезетте,
Бұлардың
Жасырынған тұрағына!
Балтабай
Шұғыл шешім қабылдады,
Дайырға
Жетіп барып, дабылдады:
«Әскермен
Сөйлес, – деді, – телефонмен,
Құр босқа
Қиратпасын қабырғаны!
Тырп етсе,
Сен де өлесің,
Мен де өлермін,
Тағдырдың
Жазғанына көнген ермін.
Тоқтатсаң мыналарды,
Мұрсат берем,
Бетінен
Бір сүюге немереңнің!»
Дайыр сот
Сырт әлеммен байланысты,
Ол жақта
Ақылдасып, ойланысты.
Ақыры
Талабына көніп бұның,
Баланы
Жеткізумен айналысты!
Ажал аузындағы әңгіме
Балтабай
Қайғылы һәм қуанышты,
Екеуі
Құшақтасып, жұбанысты.
Алаңсыз,
Есік, әйнек бекітулі,
Еске алды
Ескі күнді, ту-у алысты.
– Қыдыру
Қызық емес қай балаға,
Өспей ме
Қанат жайып айналаға.
Онда мен онда едім,
Немере апам,
Жездеммен
Қой бағатын айдалада.
Соларға
Каникулда бара қалдым,
Жиенмен
Сай-саланы араладым.
Үш суыр
Қатар отыр сай басында,
Ақырын,
Аңдып келіп, сараладым.
Өздері жардай семіз,
Майға бөккен,
Сайран сап,
Масақ терген сайда көптен.
Орнынан тапжылмайды,
Төніп келсек,
Сопиып
Сан тараулы ойға кеткен.
Қиқулап,
Біз құтырып қас-қағымда,
Тағының
Тас жаудырдық бастарына.
Жан-жаққа
Жұлқынғанмен кете алмайды,
Аңшының
Түскен екен қақпанына!
Мұндай сәт
Кездеспеген бұрын маған,
Олжа деп,
Жиен бірін ырымдаған.
Өзіме
Екіншісі қарсы шапты,
Қан шапшып,
Езуінен жырымдалған.
Суреті
Сол суырдың әлі есімде,
Көзіме
Көзін қадап, ырылдаған.
Не керек,
Соғып алдық екеуін де,
Ілесіп
Бір желіктің жетегіне.
Қарасам,
Үшіншісі көрінбейді,
Тірідей
Оны тастап кетермін бе?
Шынжырды
Сүйреп інге кіргенімен,
Кедергі
Темір қақпан жетегінде.
Бір кегім
Қайтатындай бұл суырдан,
Құлақшын тігетіндей
Қылшығынан.
Тартқылап
Шынжырынан суырып ап,
Шыңғыртып
Ұрдым таспен тұмсығынан!
Бұл өзі нендей ыза,
Ненің өші?
Кісінің
Кейде қызық көңіл-қошы.
Жәндікке
Жазығы жоқ жәбір берген,
Ісімді
Түсініп көр менің осы!
Ерлік пен олжа көріп
Тіс қаққанды,
Сүйретіп
Үш суыр мен үш қақпанды.
Ап келсек
Апам үнсіз бетін шымшып,
Мұңайып,
Бұрынғыдай іш тартпады.
Жездеміз,
Ақкөңіл жан аңқылдаған,
Дауысы
Тас жарғандай шаңқылдаған.
Біздерге ұрсып жатыр:
«Қайдан шығып,
Қалайша
Болдыңдар деп, қанқұйлы адам?!
Бұйырған
Табиғаттың татқан дәмін,
Обал ғой
Түз тағысын соққандарың.
Бір күні
Алдарыңнан шығады-ау!» – деп,
Тұрғанда,
Аңшы келді, баққан бәрін.
Әйтеуір
Жездем оны аттандырды,
Суыр мен
Қайтып беріп қақпандарын.
Сұраусыз
Кетпес тозаң, кіршігі де,
Өмірде
Небір жүйрік іркілуде,
Сұп-суық,
Тар қуысқа кірдім ақыр,
Суырдай
Жасырынған ін түбіне!»
Екеуі
Күрсінді ауыр, үнсіз, терең,
Ілініп
Мөлдір тамшы кірпігіне!
Өмір жалғасы
Телефон
Шырылдады сол заматта:
«Ал, міне,
Ие бол, – деп, – қолқанатқа!»
Бұлар тұр
Жасырынып қараңғы үйде,
Жабысқан
Жарқанаттай жарқабаққа.
Жүгірген
Балдырғанды құлдыраңдап,
Қалың қол
Қалтарыста тұрды барлап.
Дайырдың,
Тастай қатты, сол уақытта,
Жас толды
Жанарына бұлдыраңдап.
Кезеніп
Тапаншасын бір бүйірден,
Балтабай
Тұрды байқап, сырын аңдап.
Аталап,
Сәби бала, құстай ұшты,
Дайырдың
Жүрегін бұл қыса түсті.
Ауладан
Өте беріп, үйге жетпей,
Қурайға
Шалынысып мұрттай ұшты.
Өмірге
Қарап келген заң көзімен,
Қатал сот
Қарады енді жан көзімен.
Жеткенде,
Қайта тұрып, немересі,
Төгілді
Жаспен бірге, қан көзінен,
Балапан
Түк түсінбей жаутаңдайды,
Осынша
Жасты көріп шал көзінен!
Құшақтап,
Егілді ойлап, өтер күнді,
Балтабай
Деді бірақ, кекеп мұны:
– Немерең
Не дер еді, ертең білсе,
Парақор,
Қиянатшыл екеніңді?!
Ал, сотым,
Осыменен өлеміз бе,
Жоқ әлде,
Келісімге келеміз бе?!
Дайырдың
Тұтанғандай үміт оты: –
Біріміз
Бірімізге сенеміз бе?!
Сендерді
Аман-есен қалдырамын,
Қуғыннан,
Қан төгуден қалжырадым.
Тимеңдер Гүлайымға,
Жазығы жоқ,
Көрсін де,
Көктеп шығар бал құрағын!
Болсын де
Аяулы ана, үлгі істермен,
Өсірсін,
Ізгі ұрпақты үрдіс көрген.
Сияды
Бірақ, қайда,
Кім болады,
Некесіз
Туған бала қылмыскерден?!
Бекітіп,
Бір түйінде бітіміңді,
Ең соңғы
Шығар бізге үкіміңді,
Қи біздің
Некемізді осы қазір,
Қағазға,
Ал мойныңа, түсіруді!»
Мұндайды
Күтпеген сот абдырады,
Қалдым деп,
Бір өлімнен балбырады.
Ажалдың
Ауызында, оқ астында,
Тартқандай
Күтпеген сый тағдыр әлі.
Қиылды,
Қанды неке – заңды неке,
Шерткенде
Терезені жаңбыр әні!
– Сенемін,
Енді теріс болмас қылық,
Үмітін
Келешеккежалғастырып.
Тікелей
Қолына бер Гүлайымның,
Қағазын
Некеміздің заңдастырып.
Аруағым
Атады кеп немереңді,
Тағы да
Алдар болсаң алжастырып!
Мейірім
Хаққа жағар, халқым білер,
Жетімді
Желеп, жебер салтым білер.
Аманат,
Енді саған сәби тағдыр,
Мойныңа,
Масыл емес, қантыңды жер,
Алланың
Атын алып ауызыңа,
Қамқоры
Боламын деп антыңды бер!
Анттасып,
Үшеуі енді алысты қол,
Бөлектеп,
Айырғандай бағытты жол.
Қоштасты
Гүлайыммен сүйіп тұрып,
Құшақтап,
Деді: – Мықты, бақытты бол!
Өткеннің
Көп қопарып шөгіндісін,
Пәс қылма
Пәк сәбидің көңіл құсын.
Аямай ұрпағым деп,
Ұртынан тіл,
Сауатын
Ұры болса тебінгісін,
Мәйегі
Бұзауыма қалсыншы деп,
Сиыр да
Сауғызбайды жебіндісін.
Атын қой
Бөбегімнің Жусанбай деп,
Жусандай
Ащы, мықты тегін білсін!
Шегінер
Жер қалған жоқ, бітті шамам,
Осымен
Тағдыр,
Уақыт жетті маған.
Орнынан
Көшіп кетпес мен өлді деп,
Бір-бірін
Қырып-жойған өртті ғалам!
Қоштасып,
Қоя берді үшеуін де,
Қоршаудың
Шуы қатты күшеюде.
Отырды
Оңаша үйде шылым тартып:
«Тірідей
Түрмеге енді түсермін бе!?
Әскерлер...
Асқар тау ғой әр үйдегі,
Оны атсам,
Анық елдің зар илері.
Күтпей ме,
Әкем қашан келеді деп,
Алаңсыз
Ойнап жүрген сәбилері!
Ұлдарға
Әскердегі атпадым оқ,
Атудан
Сірә, бақыт тапқаным жоқ!»
Қоштасып,
Иман айтып, ер Балтабай,
Атты өзін...
«Қайран өмір, қас-қағым!» – деп,
Арманшыл,
Азапты жас ақырында,
Аспанға,
Кете барды от-жалын боп!
2014 ж. маусым – қыркүйек.
ӘН ӨЛЕҢДЕРІ
Туған елім, Қазақстан
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Балбал тастан бастау алған,
Байырғыдан дастан болған
Бостандығым,
Батыр өткен бабалардың
Аманатын ақтап ерлер
Қосқан үнін.
Жусан исін жұпар көрген,
Жан шуағын жұртқа берген,
Мейірбанды туған елім-ай!
Кемелденіп берендерің
Өрлей берсін өрендерің,
Елім!
Қайырмасы:
Азат елім,
Байтақ далам,
Қазақстан.
Асқар тауым,
Айдын көлім,
Қазақстан.
Көк байрағың
Көкте шалқып,
Қазақстан.
Күллі ғалам
Құрмет қылсын
Қазақстан!
Арман құсын айлы аспанға,
Ар-намысын алдаспанға
Тапсырғанда,
Тұлпарлардың тұяғымен
Түпқазығын тарихының
Қақтырғанда.
Бейнет, нәубет, жалын көрген,
Қайратымен бәрін жеңген
Көк найзалы көкжал елім-ай!
Қыран болып ұл-қыздарың,
Жарқырасын жұлдыздарың,
Елім!
Қ-сы.
Әпкетайым, апайым
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Ата-анамның көзіндей,
Ай шуақты сезімдей,
Апатайым, апайым,
Жан бар ма екен өзіңдей?
Балқаймағың қолыңда,
Бауырсағың алдыңда,
Алаң болып жүрсің бе,
Бауырыңның жолына?!
Қайырмасы:
Бауырыңды қия алмай,
Ауылыңды қия алмай,
Бір жігітке ілесіп,
Кетіп едің қиялдай.
Апатайым, әпкешім,
Баянды болып бақ көшің,
Бірге жасап жездеймен,
Өркенің өсіп көктесін!
Бауыр үшін жан берген,
Қиналғанда дем берген,
Әпкетайым, апайым
Өміріме сән берген.
Бауырым деп жүрегің,
Лүпілдейді білемін.
Қуат берер жаныма
Оттай ыстық тілегің!
Қ-сы.
Нағашы
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Өшпеген өткендердің от-шырағы,
Көтерген ердің жүгін көп шыдамы.
Көргенде нағашымның көркем жүзін,
Еркелеп, ұшып кеткім кеп тұрады.
Қайырмасы:
Нар тұлғалы нағашым,
Дархан көңіл данасың.
Бөлек дейтін анашым
Нағашымның бағасын!
Мұхиттың мұз жаратын кемесіндей,
Ежелгі ерендердің елесіндей.
Қонады көкейіңе айтқан сөзі
Келелі кемеңгердің кеңесіндей!
Қ-сы.
Анамның бірге туған бауыры деп,
Адамның ардақтаймыз тәуірі деп,
Дәуірдің куәгері мың жасаңыз,
Ескінің үзілмеген тамыры боп!
Қ-сы.
Айым
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Сен менің айым ба едің, күнім бе едің,
Жарқ етіп бір көргеннен күлімдедің,
Айта алмай жан сырымды саған ашып,
Ішімнен атыңды атап күбірледім.
Қайырмасы:
Айым десе, айымсың, айым, айым,
Айым болсаң, ай гүлін аямайын.
Айгөлектей аяулым, айлы түнде
Ай сәулелі әніммен аялайын!
Жарасар ай десем де, күн десем де,
Әйтпесе мен осындай күй кешем бе?
Көктемгі жыл құсындай алып ұшқан,
Осы әнім себеп болсын тілдесерге!
Қ-сы.
Аспанда ай туа ма түн болмаса,
Бола ма айда сәуле күн болмаса?
Жалғанда қыздың сәні келер ме екен
Жанында аялайтын ұл болмаса?
Ғажайып күй
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Өзіңмен қалсам кезігіп,
Ғажайып бір күй туатын.
Екеуміз ғана сезініп,
Екеуміз ғана ұғатын.
Қайырмасы:
Айтуым керек болса да,
Сөз табу қиын мұндайда.
Айым-ау, мені қинамай,
Айтқызбай білсең болмай ма?!
Алаулап нұрың жүзіңде,
Ботадай көзің мөлдіреп,
Жарқ ете қалған кезіңде
Кетеді жаным елжіреп.
Қ-сы.
Наздана күлсең сыңғырлай,
Жадырар жаным жаңарып.
Жаңбырдан соңғы қырлардай
Дүние кетер тазарып!
Сен ешқашан өзгерме
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Бейнеңді іздеп мен сенің,
Өмірді оймен өлшедім.
Өзіңмен өткен күндерге
Жанымның бердім бөлшегін.
Арайлы күндей көріктім,
Ағарған таңда көріппін.
Есімнен қалай тандырып,
Елес боп қайдан жолықтың?!
Қайырмасы:
Жыр ойнаған сөздерде,
Нұр ойнаған көздерде,
Аймен бірге айналған
Аяулы бір кездерде.
Өмірдің зулап өтерін
Албырт көңіл сезген бе?
Мен өзгеріп кетсем де
Сен ешқашан өзгерме!
Сүйегің қандай текті еді,
Көздерің қандай отты еді,
Жаныма шуақ құйылып
Жұтқандай болдым оттегі.
Сәуірде келген сәулелім
Сәулеңді таппай әуремін,
Ғайып боп кеткен бір сәтте
Дәуірге татыр дәуренім!
Қ-сы.
Айдай балқып
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Есімде, есімде сол бір кез
Тұңғиық толқынды мөлдір кез,
Жұлдыздай жалт етіп жанымды
Жандырған керемет көрдім көз.
Қайырмасы:
Айдай балқып айдынға кеп қонатын
Аққудай боп келші жайған қанатын,
Пәктігіне бұл пәнидің қызығып
Кірпік қақпай қарасыншы қара түн!
Жауһарым секілді қолдағы
Жақындап келді де алдады,
Өзгертіп әкетті қай жаққа
Өмірдің сан тарау жолдары?
Қ-сы:
Уақыттың тезіне бағынбай
Болар ма бәрі сол шағыңдай,
Алыстай бермек пе армандар
Самалмен ойнаған сағымдай!
Қ-сы:
Кеңістік
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Қыз:
Жанымдасың, жап-жақынсың бірақ та,
Жүргендейсің қол жетпейтін жырақта.
Жігіт:
Қас-қағымға ұзап шықсам қасыңнан,
Нәзік үнің келетіндей құлаққа.
Қыз:
Таудан асып, бұлтты жарып келер деп,
Көз талдырып күттім сені елеңдеп...
Жігіт:
Сар даладан самал болып есіліп,
Теңізден де бөгелмес ем терең деп.
Қыз:
Арамызда көз көрмейтін кеңістік,
Ұмтылсақ та жеткізбейтін шексіздік.
Жігіт:
Өкінсек те өзгермейтін кеңістік,
Өтінсек те өткізбейтін шексіздік...
Қыз:
Өмір – ағын, жүздіреді айдында,
Ақ желкенді арманды ойға алдың ба?
Жігіт:
Кім біледі, сен ертелеу келдің бе?
Әлде бәлкім, мен кешігіп қалдым ба?!
Өкпелеме, жаным
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Қуанамын көрген сайын өзіңді
Жасыра алмай жүректегі сезімді.
Неге екенін кім біледі, бірақ та,
Айта алмаймын нағыз керек сөзімді.
Қайырмасы:
Жаным, сенің жанарыңнан
Жан жылуын сеземін.
Кірбің көрсем қабағыңнан,
Өз-өзімнен беземін.
Қол ұстасып, сөз байласып,
Біз екеуміз, гөзелім,
Бір арнада қосып едік
Бұл өмірдің өзенін!
Қ-сы.
Бірге тілеп бағымыздың жануын,
Бірге іздейік жанымыздың дәруін.
Қиын емес қуанту да адамды,
Одан да оңай өкпелетіп алуың.
Қ-сы.
Өкпелемей, өткен іске өкінбей,
Келші бермен, көрместей боп бекінбей.
Неге сонша нәзік екен адамдар,
Бір-бірінен пана іздеген жетімдей!
Ару мен арба
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Көздің жасы үнсіз тамып кесеге,
Күрең суды кермек татыр десе де,
Бағын сынап бағасымен базардың,
Арулар жүр арба сүйреп көшеде.
Таң нұрына шомылдырып жан нұрын,
Жөнеледі көздеп тірлік жабдығын.
Арбаға сап сүйреп бара жатқандай,
Өздерінің өзгешелеу тағдырын.
Қайда олардың мөлдір биік арманы,
Қандай болар алыс күндер алдағы?!
Бәрін-бәрін көміп кетіп барады,
Ала сөмке артқан арба шаңдағы.
Үйренгесін бүгінгінің саудасын,
Үзбей ме екен нәзік әннің жалғасын?
Сұлу сүйреп келе жатыр базардан,
Салдырлатып босап қалған арбасын.
Кеңащы
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Әркім де өз ауылын алтындайды,
Ауылға айтар сөзі сарқылмайды.
Басына Намазғұлдың шыға келсем,
Кеңащым қарсы алдымнан жарқырайды.
Қайырмасы:
Кеңащы, Кеңащы, Кеңащы,
Жерің кең, ал суың неге ащы?
Үйретіп үлгісін үлкеннің,
Болашақ жастарға жол ашшы!
Шалдары біздің елдің қандай еді,
Аталы айтқан сөзі балдай еді.
Жаныңды жадыратып шуақ берген,
Жарықтық жанып тұрған шамдай еді.
Қ-сы.
Бұл жерге кімдер келіп, кімдер кеткен,
Қимайтын ертегідей күндер өткен.
Аңқылдап аман-есен жүздесейік,
Ұл-қызы ауылымның өсіп жеткен.
Қ-сы.
Темір жол маршы
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Қопарып тасты, шойынмен ойнап,
Тауды да бұзған, бойында қайрат.
Жол салған жандар ғалыммен бірдей,
Жаңалық ашқан орнымен ойлап.
Қайырмасы:
Саяхат-сапар бір қызық дерсің,
Жол жүрсін адам, өмірді көрсін.
Пойызға сыйған қаншама тағдыр,
Оңғарсын құдай, оңынан берсін.
Шпалдан шпал, рельстен рельс,
Белестен белес, өрістен өріс.
Темір жол тура өмірдің жолы
Тартады алға, бұрмайды теріс.
Қ-сы.
Жолаушы күліп бұлғайды қолын,
Жолсерік тауып ыңғайлы жерін.
Доңғалақ әні тынымсыз тербеп,
Жырлайды дала, зулайды желің.
Қ-сы.
Құдалық
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Құмарбек Қалқатав
Қиядан келдік,
Құда бол дедік.
Құдайым қосты,
Тәуба деп көндік.
Атаның жолы,
Қойды да жедік,
Балдарға бата,
Бақ тілеп бердік.
Қайырмасы:
Ауыл мен ауыл
Құда мен бауыр.
Өркендеп балдар,
Жайылсын тамыр.
Қызықтап тойлап,
Сөйлейік тәуір.
Бұл да бір дәурен,
Бұл да бір дәуір!
Атаның салтын
Сыйлаған халқым.
Қош келдің, құда,
Жүзіңіз жарқын.
Құдағи қандай,
Сөзіңіз алтын.
Мың жылға дейін
Бөлек қой нарқың!
Қ-сы.
Құдалық деген
Бағың ғой келген.
Ойлаған жанға
Мәні де терең.
Не болар дейсің
Құр ішіп-жеген.
Тартылсын күйлер,
Айтылсын өлең!
Қ-сы.
Жезде
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Құмарбек Қалқатаев
Жарасар әзіліміз жездеменен,
Жезденің орны бөлек өзгелерден.
Бала кезде апамның үйден безіп,
Кетерін жездеменен сезбеген ем.
Қайырмасы:
Жезде, жезде, жезделер,
Өмір – өзен өзгерер,
Өзгерсе де өзгелер,
Өзгермесін жезделер!
Жездейді ардақтаймыз біз бүгінгі,
Жайқалған бәйтеректей күздігүнгі.
Кетер ме ең құла дүзге қараңды үзіп,
Апамыз тартпағанда тізгініңді.
Қ-сы.
Жездені сөзбен езген жезтаңдай дер,
Төзімді, сезімталын ақмаңдай дер.
Өзім десе өзегін аямаған,
Жездеке, жүзге дейін томпаңдай бер!
Қ-сы.
Сәулелі менің ауылым
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Әшірхан Телғозиев
Ауыл бар біздің елде Сәуле деген,
Толған күй, толған аңыз, толған өлең.
Әр үйі, әр көшесі бір ансамбль,
Сәуленің шөбіне де қонған өлең.
Қайырмасы:
Сәулем, Сәулем – ауылым,
Сәулелі болсын дәуірің.
Аман-сау жүрші қайда да
Ауылдан ұшқан бауырым!
Ауылым тоғыз жолдың торабында,
Айрықша аязы мен бораны да.
Шырқаса бауырларым бұлтқа ілесіп,
Атадан қалған әнім таралуда.
Қ-сы.
Ауылым Құрттыкөлдің жағасында,
Мыңшұңқыр, Құдықағаш арасында.
Қонсаң да қандай биік қияларға,
Ауылдан ыстық ұя табасың ба?!
Қ-сы.
Құдықағаш ауылым
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Әшірхан Телғозиев
Ауылым Құдықағаш, Құдағашым,
Жүрегім сені қалай жырламасын.
Аяулы ауылдар көп даламызда
Сен бірақ ерекшесің, бір ғанасың!
Қайырмасы:
Көкейімнен кетпейді
Асыл арман күйлері.
Бала күнде бал еді
Жасыл орман жидегі.
Көздің жауын алатын,
Шөпке біткен шиесі.
Сөздің мәнін табатын
Үлкендердің жүйесі.
Құдықағаш ауылым
Үзілмеген киесі!
Алқапта ақ бидайы толқыған жер,
Аспанда аққу әні шалқыған жер.
Ежелден берекелі құтты мекен,
Иісі қазағымның аңқыған жер!
Қ-сы.
Ауылым Мақпал таудың бауырында,
Заманның аман қалған дауылында.
Ақ жолы ата-ананың алға бастап,
Ұрпағы қанат жайып, жалғануда!
Көрікті көкшетаулықтар
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Ерлан Ташев
Аялап ақын-жыршы әнге қосқан,
Арқада бір қала бар елден асқан.
Керілген көл жағалай Көкшетауым,
Күлімдеп жарқын жүзін күнге тосқан.
Қайырмасы:
Тауында таза саулық бар,
Жанында алтын сандық бар.
Қайыңдай сұлу қыздары,
Қарағай ұлда нарлық бар.
Тілегі ата-ананың
Секілді аппақ жаулықтар.
Аман-сау жүрші, аман-сау,
Көрікті көкшетаулықтар,
Қымбатты көкшетаулықтар!
Ұядай әсем қала ыстық қандай,
Қияға қанат қағып ұштық қонбай.
Аяулы атамекен қимасақ та,
Өмірде қилы-қилы түстік жолға-ай!
Қ-сы.
Алыста жүріп сені ойға аламыз,
Туған жер, тағдырыңа толғанамыз,
Өсе бер, көркейе бер, Көкшетауым,
Сағыныш самалымен оралармыз!
Қ-сы.
Аңсаған ата-жұртым
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Танзип Есіркепов
Көкшетауым – атажұртым, алыстан аңсап келдім,
Таудан асып, тасты басып жаңадан жол сап келдім.
Көкжиектен көк мұнарың көргенде судай тасып,
Көңілімнің күйін шертіп сызылтып ән сап келдім.
Қайырмасы:
Көкшетауым, Көкшетауым – көркемім әлемдегі,
Қимастықпен қаракөздер қарайды бар елдегі.
Шудаланған, Бурабайдың бойына тұна қалған,
Бұйра бұлтпен бірге жетсін сағыныш сәлемдері!
Бөлек тауым – Жұмбақтасым, ғажайып Оқжетпесім,
Білеміз бе жұмбағыңды жырлауға сөз жетпесін.
Мәңгі жап-жас жап-жасыл боп жасай бер, жарықтығым,
Көлің шалқып, күнің күліп, көгіңе оқ жетпесін!
Қ-сы.
Сырлы Көкше
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Ермұрат Үсенов
Қарағай жас жігіттей ұрандаған,
Ақ қайың биші қыздай бұраңдаған.
Басына мәңгі жап-жас Көкшетауым,
Ешкімді, бұлттан басқа шығармаған.
Тастары тұнып тұрған жұмбақ сырға,
Бурабай аңыз ба екен, әлде шын ба?!
Оқжетпес ойды көкке шарықтатса,
Бөлейді жапырақтар тәтті мұңға.
Әнімен бар әлемді тербейтіндей,
Басқа жер оған теңдес келмейтіндей.
Тоздырған темір ғасыр жан сарайын,
Көкшетау сұлулықпен емдейтіндей!
Ай Көкше
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Көкшеде, көлдің бетінде
Көк толқын ойнап құбылып,
Кемерлі жардың шетінде
Өмірден тұрсаң түңіліп,
Тұп-тұнық Көкше көркінен
Мұздаған жүрек жылынып,
Қуат ап елге қайтарсың,
Дүние сырын ұғынып!
Қайырмасы:
Ай, ай Көкше, ай Көкше,
Көгілдірім күн Көкше.
Ай, күнім деп әлемді,
Аялайық тіл жетсе,
Ай, ай Көкше, ай Көкше!
Көгінде қалқып қыраны,
Шыңында шуақ күлімдеп,
Жұпармен желпіп самалы,
Айдында қыздар дірілдеп,
Тыныштық тербеп орманды.
Мөп-мөлдір күйге бөленбек,
Жаңғырып сен де жырлайсың,
Сәбидей жаның уілдеп!
Қазағымның қымызы-ай!
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Бейбіт Дәлденбаев
Мама бие жайлауда мамырлаған,
Сүт кернеген желіні тамырланған.
Құба жонда құлыны құлдыраңдап,
Ойпаң жердің отының нәрін алған.
Қайырмасы:
Қымызым-ай, қымызым,
Өмірде бір қызығым.
Дуылдаған думанның
Демі болған қымызым.
Мың аурудың мың да бір
Емі болған қымызым.
Желкілдеген жігіттің
Желі болған қымызым.
Сый-құрметтің ежелден
Жөні болған қымызым!
Қазағымның қымызы-ай,
Даланың иісі аңқыған.
Қазағымның қымызы-ай,
Ішкеннің бойы балқыған.
Қазағымның қымызы-ай,
Көңілің көкте шалқыған.
Бал қымызды баптаған
Айналайын халқымнан!
Дала кезсе жылқышы дүрсілдетіп,
Бие сауар зайыбы күрпілдетіп.
Саумал күйі тербейді төңіректі,
Көн сабаны піскенде күмпілдетіп.
Қ-сы:
Қазақтың баласымын
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Сүлеймен Ибрагимов
Кейде тоқ, кейде болдым жүдеу-жадау,
Керек пе сөз көбейтіп бәрін санау?
Апырмай, мен де осындай болсам дейтін
Тұлға көп адамзатта қадау-қадау,
Ешкімнің биігіне таласпаймын,
Өзімнің жолым жатыр тарау-тарау!
Қайырмасы:
Аңсаған адамдардың жарасымын,
Арнаған туған елге бар асылын.
Қиялы көп болғанмен зияны жоқ,
Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын!
Мәңгілік жырлай берсін дала тынбай,
Жырларын өсе берсін бала тыңдай.
Көргенде жарқын жүзді адамдарды,
Аппақ нұр жүрегіме толатындай.
Сол нұрды көбейсін деп дүниеге,
Себемін қарлығаштың қанатындай!
Қ-сы.
Гүл-гүл, дүлдүл
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Құлпырғанда қыздар гүл-гүл,
Құр қалмаңдар, жігіт дүлдүл
Думанында жастық шақтың,
Сайрағандай өңкей бұлбұл!
Қайырмасы:
Арманыңа айдай, алтын тұғыр,
Жеткізер ме майда, қыбыр-қыбыр.
Құлашыңды жай да, кең әлемге,
Ұмтыла бер, алға, бірге жүгір!
Ай-хай, күйдің үні күмбір-күмбір,
Кімге дәрі күйкі күбір-күбір.
Жұптарыңды жазбай, қол ұстасып,
Ұмтыла бер, алға, бірге жүгір!
Қыздар бұлбұл, жігіт дүлдүл,
Бір-біріне болған ділгір,
Дүрілдеткен дүниені,
Жастық жігер, тұлпар дүбір!
Қ-сы.
Қыздар бұлбұл, жігіт дүлдүл,
Бірі сұлу, бірі білгір.
Бақыт жолы шақырады,
Ұмтыл алға, бірге жүгір!
Айналайын, аналар
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Ана дейміз қуанып, өрлегенде,
Пана іздейміз қиналып, шөлдегенде.
Кетер ме едік біз мүлде адамдықтан,
Мейірімін ананың көрмегенде?!
Қайырмасы:
Анашым, анатайым,
Мамажан, маматайым.
Мейірім шуағыңды
Әлемге таратайын.
Ай – әлемнің жыр-әні,
Аналардың пейілі.
Көңілінің шуағы,
Көзіндегі мейірі.
Қаталдықтан дүние мұздағанда,
Ызаланып, жарыла жаздағанда.
Көз жасынан тоқталып аналардың,
Ақ сүтімен жылынып, тазарғандай.
Қ-сы.
Ақ тілеуі ананың болмағанда,
Жұлдыздарға адамзат самғаған ба?
Айналайын, аналар, аман жүрші,
Бесік тербеп, әлдилеп, бар ғаламда.
Қ-сы.
Еріңнің шықпа басына
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Сүйемін десең еліңді,
Киелі туған жеріңді,
Боламын десең аяулы,
Алдымен сыйла еріңді!
Құлпырар гүл де бөктерде,
Нәр алып жасыл көктемде,
Әйелсіз ер де бір ғаріп,
Еркексіз әйел көктер ме!?
Қайырмасы:
Қонғанда күннің сәулесі,
Толқыған желмен шашыңа.
Асылым сенсің, жаным деп,
Ғашығың жүрсе қасыңда.
Аяулым десе армандай,
Асылық қылып, тасыма.
Жұлдыз боп тіпті кетсең де,
Еріңнің шықпа басына!
Еліңнің шықпа басына!
Қ-сы.
Азамат ерлер әйелді,
Алақанына салатын.
Ардақтай білсе бір-бірін,
Арманын бірге табатын.
Бақыттың білмей бағасын,
Біреулер бәле салатын.
Басына ердің шығам деп,
Байқамай құлап қалатын!
Қ-сы.
Әжелер көкке өрлеген,
Бетіне ердің келмеген.
Азамат көрсе, бөгеліп,
Жолынан өтіп көрмеген.
Бес жасар ұлдың алдында,
Дәмге де бата бермеген.
Аталық рухты сыйласа,
Кем болып содан өлмеген!
Мұғалім
Өлеңі мен Әні: Баянғали Әлімжанов
Қоңырау күмбірлеп соғылып,
Балалар отырса партаға,
Жаңа бір сабақты бастауға,
Шығады мұғалім ортаға.
Қайырмасы:
Мұғалім, мұғалім, мұғалім,
Ең әуел оқуға үйреткен,
Күлімдеп келгенде мектепке,
Қуанып, қараймыз құрметпен.
Көктемдей көңілді көрінген,
Көзінен мейірі төгілген,
Мың алғыс өзіңе, мұғалім,
Мектепке мәңгілік берілген,
Мұғалім, мұғалім, мұғалім!
Мұғалім оқиды мәнерлеп,
Балаға бабалар өлеңін.
Ана тіл нұрынан нәр алған,
Балалар сүйеді өз елін!
Қ-сы.
Аялап баланы әрдайым,
Оқы деп, талпынып, қарағым.
Мерейлі мейірбан мұғалім,
Үйреткен өмірдің сабағын!
Қ-сы.
Балдырған
Бала, бала, балдырған
Өмір отын жандырған,
Кел, ертегі тыңдайық
Ата-бабаң қалдырған.
Қайырмасы:
Бала, бала, балдырған
Өмір отын жандырған
Күн нұрындай күлімдеп
Көз мейірін қандырған.
Бала, бала, балапан
Балдай тәтті балақан,
Әжең қандай әдемі
Аялаған алақан.
Қ-сы.
Ат тұяғы дүрсілдеп
Атын әлем білсін деп,
Атаң бата береді
Балдар аман жүрсін деп!
Қ-сы.
Немерем
Әлдилеген
Әжесінің әнімен,
Құшақтаймын,
Иіскеймін тағы мен,
Немеремнің
Иісі артық мен үшін,
Әлемдегі
Әтірлердің бәрінен!
Қайырмасы:
Өмірлі бол,
Кеңи берсін өрісің.
Өркенді бол,
Теріп еңбек жемісін.
Тілеуіңді
Тілеймін мен күн-түні,
Жүрегімді
Жұлып берем сен үшін!
Шаттандырып,
Алғашқы аяқ алысың,
Құлыншақтай,
Құлдыраңдап шабысың.
Қандай ыстық
Ата деген бір-ақ сөз,
Қандай тәтті
Әже деген дауысың!
Қ-сы.
Балапаным,
Садағаң боп кетермін,
Байтақ дала,
Сенің ата мекенің.
Бар әлемді
Аралай бер аман-сау,
Ұмытпа тек,
Атаң қазақ екенін!
Қ-сы.
Жиен
Алыстан сағындырып жиен келді,
Еркелеп нағашы елін түгендеді.
Есептеп қырық жылғы серкештерін,
Қой-ешкі, қозы-лақты иемденді.
Қайырмасы:
Көкжиегін көңілдің
Кеңейткен сені сүйемін.
Бетіңді қалай қайтарып
Желкеңнен қайтіп түйемін.
Жолыңа сенің атаймын,
Жөнімен ата жүйенің,
Қырық серкеш түгілі,
Керуенін қырық түйенің,
Көркейе бер, өркендеп,
Аман-сау, ерке жиенім!
Ас болмас желке неге майы болса,
Ел болмас жиен неге малы болса?
Арбалап, алдап-сулап ала бермей,
Қарасар нағашыға халы болса.
Қ-сы.
Таралдық тарыдай боп таудай шалдан,
Бауыр ғой жиен бізге, жалғайды арман.
Жездейге біразырақ тартса дағы,
Апамнан жақсы жағы аумай қалған!
Қ-сы.
Сүймесең сүйме...
Аяулың болса армандай,
Айың мен күнің теңелер.
Ғашыққа ғашық жолықса,
Дүние нұрға бөленер.
Қайырмасы:
Жүрекке жүрек үйлесіп,
Шын сүйген жанның бағы бар...
Сүймесең сүйме... қайтеміз,
Сүйетін адам табылар.
Жалынып тапқан бақыттың
Жалғандық жайы тағы бар.
Алдаумен жеткен мұраттың
Алдайтын және шағы бар.
Қ-сы.
Шуақты таза көңілмен
Мөп-мөлдір сезім аңсадым.
Үндестік іздеп өмірден,
Үмітім үзбей ән салдым.
Қ-сы.
Жан-жарым
Ай-жұлдызды араладым,
Сенен артық таба алмадым.
Арып-ашып алыс жолдан,
Саяңа кеп паналадым!
Қайырмасы:
Бір өзіңе алаңдаймын,
Қайтіп жаның жаралаймын.
Күндей күліп сен тұрғанда,
Көп жұлдызға қарамаймын!
Жарым да сен, жаным да сен,
Тыңда менің әнімді әсем.
Жанға шипа сенің күлкің,
Басқа жерден табылмас ем!
Қ-сы.
Жаныңа кеп жылынамын,
Саяңа кеп тығыламын.
Ақылға сап, түсінерсің,
Әзіл-шын деп мұның бәрін!
Қ-сы.
Бұл – біздің той
Бір тойым бар деп
Беретін лайық бойыма,
Сіздерді әркез
Алатын едім ойыма,
Ағайын-туыс,
Құда мен жегжат, дос-жаран,
Жарқырап, жайнап,
Хош келдің бүгін тойыма!
Қайырмасы:
Келіңдер тойға,
Келіңдер тойға, көрейік.
Қызықты бірге,
Тілекті бірге тілейік.
Біздер де сізді,
Сіздер де бізді аялап,
Күлейік ойнап,
Сыйласып тойлап жүрейік!
Думанды бастап,
Қыздырып шаттық әнімен,
Шалқытып көңіл,
Шырқайық достар сәнімен.
Той көп қой қазір,
Шүкірлік оған, алайда.
Бұл тойдың орны
Біз үшін бөлек бәрінен!
Қ-сы.
Бір жерден шығып,
Ақ ниет, тілек, ойымыз.
Бірдей боп тұрсын
Дәреже, құрмет, бойымыз.
Көңілдің әні,
Өмірдің сәні үйлескен,
Бұл дәурен-ғұмыр,
Сіз бенен біздің тойымыз!
Қ-сы.
Жұмбаққа толы дүние
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Түңіле берме өмірден,
Түңілгенде не етерсің?
Күңірене берсең күн-түні,
Күпір де болып кетерсің.
Ашам деп көңіл сарайын,
Көп күлгенде не етерсің?
Кеңкілдей берсең күн-түні,
Кеңкелес болып кетерсің.
Иіле берме әрнеге
Иілгенде не етерсің?
Бүгіле берсең біржола
Бүкір де болып кетерсің.
Көтере берме кеудеңді,
Көпіріп қайда жетерсің?
Көбіктің түбі – өтірік
Үп етсе, ұшып кетерсің.
Бойыңа сыймай қуатың,
Бұзып-жарғанда не етерсің?
Қиянат-обал арқалап,
Бір күні мүрдем кетерсің.
Сұлумын деп сүйініп,
Секеңдегенде не етерсің?
Сүйкене берсең әрнеге,
Сүйкімсіз болып кетерсің.
Үрейге бойды алдырып,
Үрпигенде не етерсің?
Үңги берсең өзіңді,
Кеуек боп босқа кетерсің.
Әр нәрсе тәтті дәмімен,
Бәрін де татып өтерсің.
Жұмбаққа толы дүние-ай,
Мәніне қайтіп жетерсің!!!
Мазмұны
ӨЛЕҢДЕР ............................................................................................ 3 ӨЗ ЖОЛЫҢ ................................................................................................. 3 БҰЛАҚБАСЫ – АУЫЛЫМ ....................................................................... 3 СЫРМА ........................................................................................................ 5 АҚ КӨГЕРШІН ........................................................................................... 7 ДАҢҒАЗА МЕН ӨЛЕҢ .............................................................................. 9 ҚАРА ҚЫЗҒА МАДАҚ ............................................................................ 14 КҮНӘЛІ БОЛСАҢ... ................................................................................. 17 ОРАЛУ ЖОҚ ҚОЙ... ................................................................................. 18 МҰҢАЙМА, ЖАНЫМ ............................................................................. 18 ӘРБІР АДАМ... .......................................................................................... 19 ҰШЫП КЕТКЕН ҮН ................................................................................ 20 БІР ҒҰМЫР ............................................................................................... 24 БЕТПЕРДЕ ................................................................................................. 25 БАҚ ПЕН БАҒА ........................................................................................ 26 ТІРІМІН... ................................................................................................... 27 МЕН БАРМАҒАН АРАЛДАР... ............................................................... 27 ИГУАСУ .................................................................................................... 28 ЗЕРЕНДІ ТҰНҒАН ЗЕРЛІ ӨЛЕҢ ............................................................ 29 ӨТКЕННІҢ ЕЛЕСІ .................................................................................... 30 ПРЕЗИДИУМ ............................................................................................ 31 ОРДА МЕН ЛАШЫҚ ............................................................................... 32 ӨКІМ МЕН ӨЛЕҢ ..................................................................................... 32 ӨЛЕҢНІҢ ӨКПЕСІ ................................................................................... 33 АҚЫНДЫҚТЫҢ ӨЛШЕМІ... .................................................................. 34 АЛҒЫС ....................................................................................................... 34 АЙЛА ......................................................................................................... 35 ЕСКІ БІР СУРЕТ... .................................................................................... 36 КЕШКІ АУЫЛ ........................................................................................... 36 МҰХИТ ПЕН МҰҢ ................................................................................... 37 ӘСІРЕ МАДАҚ ......................................................................................... 38 АЙ МЕН БАЙ ............................................................................................ 38 ТАЛАС ....................................................................................................... 39 ЖАРЫС ...................................................................................................... 39 ӨМІР, НЕГЕ БҰЛАЙСЫҢ !? ................................................................... 39 ӨРІМ ӨМІР ................................................................................................ 40 ӨНЕГЕЛІ ЖОЛ .......................................................................................... 40 ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫМДАР ........................................................................ 41
ПОЭМАЛАР ...................................................................................... 45 ҚАЗАҚ КӨШІ ............................................................................................ 45 Қобыз бен абыз ..................................................................................... 45 Қаһарман жыры .................................................................................... 46 Қара шаңырақ қасиеті .......................................................................... 49 Қымыз иісі ............................................................................................. 50 Қаз қаңқылы .......................................................................................... 51 Қорқаулар қоршауы ............................................................................. 51 Құлан қайғысы ...................................................................................... 52 Құрбақа қуанышы ................................................................................ 55 Құла дүз қасіреті ................................................................................... 56 Құзғын пиғылы ..................................................................................... 58 Қарлығаш қайырымы ........................................................................... 59 Қыран жыры ......................................................................................... 61 АТЛАНТТАН АТПЕН ӨТКЕН АТАЛАРЫМ... ..................................... 62 Шығысқа шырқағандар ........................................................................ 62 Батысқа беттегендер............................................................................. 64 Америка асқандар ................................................................................. 65 ӨТІРІК ПОЭМА ........................................................................................ 73 Өтірік-өрт .............................................................................................. 73 Өтірік-өнер ............................................................................................ 77 Өтірікпен арпалыс ................................................................................ 84 Өтірікті жеңген өтірік .......................................................................... 96 ҚЫЗ НАМЫСЫ ....................................................................................... 101 Махаббат мастығы ............................................................................. 101 Есірген ессіздік ................................................................................... 103 Қыздың соры ....................................................................................... 105 Опасыздық .......................................................................................... 107 Нарық толқынында............................................................................. 110 Отыз жыл өткен соң... ........................................................................ 113 Құдалық сапары .................................................................................. 114 Базар жыры ......................................................................................... 116 Бэлла .................................................................................................... 119 Албырттық зардабы ........................................................................... 121 Сәби даусы .......................................................................................... 123 Ана ....................................................................................................... 125 Қаусаған Келден ................................................................................. 127 ҚОРАСАН ҚАРАҚШЫНЫҢ ҚОЛМЕРГЕНІ ...................................... 129 Қамаудағы қадамдар .......................................................................... 129 Жынды пышақ .................................................................................... 132
Автотұрақтағы ажал ........................................................................... 134 Қарақшы Қорасан ............................................................................... 136 Балтабайдың Қорасанға шерткен сыры ............................................ 137 Қорасанның Балтабайға шерткен сыры ............................................ 148 Ащы түтін ........................................................................................... 160 Бұлғаңдаған Бух ................................................................................. 161 Өртелген өрен ..................................................................................... 165 Жәлептің жаласы ................................................................................ 170 Қыз алып қашқанның хикаясы .......................................................... 176 Сот үкімі .............................................................................................. 181 Зонада .................................................................................................. 183 Күмән ................................................................................................... 187 Алданыш ............................................................................................. 190 Күйреген шаңырақ ............................................................................. 193 Опасыздық құрбаны ........................................................................... 197 Бакыланның бәлесі ............................................................................. 205 Карцердегі қақталу ............................................................................. 213 Жан ана ................................................................................................ 216 Жемге көмген ...................................................................................... 219 Бостандықта ........................................................................................ 223 Гүлайым .............................................................................................. 225 Балтабайдың Гүлайыммен сырласуы ............................................... 230 Жусан мен наша ................................................................................. 233 Түн жамылған ант .............................................................................. 237 Гүлайымның көз жасы ....................................................................... 239 Жорық жолында ................................................................................. 241 Арандату ............................................................................................. 251 Бухтың айласы .................................................................................... 258 Сотқа – сот! ......................................................................................... 261 Ажал аузындағы әңгіме ..................................................................... 275 Өмір жалғасы ...................................................................................... 279 ӘН ӨЛЕҢДЕРІ ........................................................................................ 285 Туған елім, Қазақстан ........................................................................ 285 Әпкетайым, апайым ........................................................................... 286 Нағашы ................................................................................................ 287 Айым.................................................................................................... 288 Ғажайып күй ....................................................................................... 289 Сен ешқашан өзгерме ......................................................................... 289 Айдай балқып ..................................................................................... 290 Кеңістік ................................................................................................ 291 Өкпелеме, жаным ............................................................................... 292
Ару мен арба ....................................................................................... 293 Кеңащы ................................................................................................ 293 Темір жол маршы ............................................................................... 294 Құдалық ............................................................................................... 295 Жезде ................................................................................................... 296 Сәулелі менің ауылым ....................................................................... 297 Құдықағаш ауылым ............................................................................ 298 Көрікті көкшетаулықтар .................................................................... 299 Аңсаған ата-жұртым .......................................................................... 300 Сырлы Көкше ..................................................................................... 300 Ай Көкше ............................................................................................ 301 Қазағымның қымызы-ай! ................................................................... 301 Қ-сы: .................................................................................................... 302 Қазақтың баласымын ......................................................................... 302 Гүл-гүл, дүлдүл ................................................................................... 303 Айналайын, аналар ............................................................................. 304 Еріңнің шықпа басына ....................................................................... 305 Мұғалім ............................................................................................... 306 Балдырған............................................................................................ 307 Немерем ............................................................................................... 308 Жиен .................................................................................................... 309 Сүймесең сүйме... ............................................................................... 310 Жан-жарым ......................................................................................... 310 Бұл – біздің той ................................................................................... 311 Жұмбаққа толы дүние ........................................................................ 312
Баянғали Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Қорасан қарақшының
қолмергені
ІV том
Өлеңдер мен поэмалар
Жауапты редакторы Р.Ж. Әбдірахманова
Редактордың көмекшісі Н.Х. Шакен
Корректоры Г. Шаймергенқызы
Басып шығаруға 25.10.2016 ж. қол қойылды
Пішіні 60×84 1/16. Қағазы офсеттік. Офсеттік басылыс.
Шартты баспа табағы 19,9. Таралымы келісім бойынша
020000. Көкшетау каласы, Абай к-сі,112.
тел. 8(7162) 40-21-55, e-maіl: techno@keleshek-2030.kz
«Келешекторгснаб» ЖШС баспасында басылып шығарылды
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру