Мазмұнға өту
Home

Аяз би

Жұмабай Шаштайұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Аяз би

Авторы: Жұмабай Шаштайұлы

Екі томдық таңдамалы шығармалары Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ Роман УДК 821.512.122 ББК 84 қаз 7-44 Ш 27 «МӘДЕНИ МҰРА» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ АЯСЫНДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ СЕРІК ӘБІКЕНҰЛЫ ҮМБЕТОВТІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ШЫҒАРЫЛЫП ОТЫР ІSBN 978-601-7130-69-5 (Т.2) ІSBN 978-601-7130-68-8 Шаштайұлы Ж. Ш 27 Екі томдық таңдамалы шығармалар. / Жұмабай Шаштайұлы. Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2010.

Т.2. Аяз би. Роман. – 368 б. ІSBN 978-601-7130-69-5 Жазушы Ж. Шаштайұлының екі томдық таңдамалы шығармалар жинағының екінші томына кезінде оқырмандардың айрықша ықыласына бөленген «Аяз би» романы енгізіліп отыр. Шығарма кешегі кеңестік кезеңнің өліара тұсындағы қоғамның партноменклатура деп аталатын бөлшегінің құпияға толы қатпарларын терең ашуға арналған. Келмеске кеткен кешегі Кеңес империясына жан-тәнімен қызмет еткендерді бүгін жоққа шығару оңайдың оңайы. Ал дәл сол кезеңге сондағы билік биігінде жүргендердің көзімен қарап, баға беріп көрдік пе? «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жа қын жоқ» демекші роман кейіпкері тым-тым алысқа кетіп қалған өт кеніне ой көзімен үңіледі. Кешегі Аяз бидің кебінде болған бүгінгі Аяз биіміздің жаңсақ басқан тұсы қайсы, қарапайым пенде ретіндегі өкініш, қуаныштары қандай? Дәл қазір тәуелсіз қазақ елі нің аязбилер армиясы босағаларына көнетоз шапан іліп, тәубеле ріне түсе ала ма? Шығарма осындай астары қалың заманауи сұрақ тарға жауап іздейді. © Шаштайұлы Ж., 2010 © «Ан Арыс» баспасы, 2010 УДК 821.512.122 ББК 84 қаз 7-44

М иятбек Нұржанов ойлап қарап тұрса, пойызға мiнбегенiне ең кемi отыз жылға тақапты. Көпшiлiк вагон дегенiң құстың ұясындай жыпырлап қонақтаған кiл өңкей көген көз жолаушы. Жол-жөнекей кезiккен разьезд бен станциялардың бәрiне тоқтайтын жүрiсi және баяғының өгiз арбасындай тым баяу. Шiлде мезгiлiнiң аңызақ отты табы тыныс жолдарын кеулеп, көкiрек сарайын бiтеп тастайтын тымырсық. Көпшiлiк лебiнен жайлап кеткен сүйкiмсiз иiс онсыз да қапырық ауаны ылжыратып, жүрегi айныған Нұржанов жан-жағына көңiлсiз көз тастады. Түннiң бiр уағында ғана қалаға жететiнiн ойлағанда тағаты таусыла тынышсызданып кеттi. Беттiң әрiн бес түйiп қойып, құр мәйкiшең отырған төртпақ бiтiмдi қарадомалақ жiгiтке осындайда амалсыз қарайды. Қасындағы үш-төрт серiгiне әлденелердi сыбырлап, қитұрқылана айтқан сайын тырсиған қозы қарнына күш түсетiндей еңкiлдеп еппен күледi. Тоқ екi бүйiрiнiң тынымсыз бүлкiл қаққанын бiраз қызықтап бақты. Сөздерiнiң төркiнiнен аңдағаны: сонау Қарақалпақстанға етке мал өткiзiп қайтып келе жатқан беттерi екен. Қанша дегенмен жол азабы оңай ма, қаудиыпқаудиып өсiп кеткен сақал-мұрттарынан жүздерi бiртүрлi үрпиiңкi көрiнедi. Бүйрек беттi бiреуi бүкiл денесiмен терезеге ұмсынып, сыртқа сазара қараған күйi қимылсыз отыр. Серiгiнiң мұнысын жақтырмаған сыңайда қозы қарын қарадомалақ көз қиығын ол жаққа қадап, аузын жайындай ашып, есiнеп алды да:

– Оу, жарқыным, отырған жерiмiз онсыз да тар қапас, оған ауа жiбермей сен жабысып, тұншықтырып өлтiретiн болдың ғой, – дедi. Қозы қарын қарадомалақ сөзiнiң шыбын шаққан құрлы әсерi болмаған соң әркiмге бiр бағжаңдап қарай бастады. Көзi абайсызда Нұржановпен түйiскен сәтте не қылған адам өзi дегендей, тұла бойын түгел тiнтiп шолып өттi де, төңкерiлген қозы қарнына iркiле сұқтанып барып: – Әй, дегенмен де Қарақалпақстанға да тәртiбiң жетiптiау. Бұл жолы сұм-сұрқия, сұғанақтарға кезiккен жоқпыз, – дедi. Нұржанов селт ете түстi. Осындай сөздiң ұштығы шықса-ақ қуыстанып, өзiнен-өзi құты қашатын болған. «Қарақалпақстанда орнаған тәртiптiң дәл осы жерге қаншалықты қатысы бар?» – деп ойлап қойды iшiнен. Сол жақ шетте шахмат ойнап отырған екеудi жан-жағынан бiр шоғыр адам қоршай қаумалап алыпты. Әйел шiркiндердiң қас-қабақтары салыңқы. Кейбiр еркек жазғандар балаларын бiресе тамбурға көтерiп шықса, бiресе су әкелiп әлек. Бұған бәрi таңсық. Кеудесi кенет шым-шым сыздап ала жөнелдi. Елегзiп жалғызсыраған кезде бос кеуекке айналған iш дүниесiнiң қуысынан бiр ащы нәрсе өзегiн удай шарпып, өртеп өтедi. Жаны ауырғаннан да мағынасыз сүлесоқтыққа осылай ұрынған жаман. Томырыла көндiккеннен басқа оған амалы қайсы. Алматыға да жетер, құрақ ұшып қарсы алатын баяғыдай кiмi бар бiрақ? Бiреу жүрекжарды сөзiн айтып, кешiрiм сұрайтын сияқтанатын да тұратын. Онысы құр алданыш тұтар жай әуселесi екенiн кейiн барып ұқты. Жарты тәулiкке жолай қосылған серiктестерiне қарап отырып: «танымасын – сыйламас» деген ойды көкейiне қонақтатты. Бiрақ оның жетегiне елiге ерместен iшкi ұстамын берiк сақтады. «Шынымен де бұлар менi қайдан бiлсiн. Мал өткiзiп келе жатқан анау зоотехник әлденеге наразы ма, ұрынарға қара таппаған қағынулы ғой, бiртүрлi». Бәлкiм мұның жағдайына қанықса, саған суап, сендейлерге сол керек деуден тайыбайтын әулекi тәрiздi. Адамды бiр кiсiдейақ танимын деген нық сенiмiнен айрылып, екiдай күй кешетiн болғалы – қаратұтар дәнеңесi жоқ қу жалғыздығы жиi-жиi есiне түсетiндi шығарып жүр. Запыранды ойдың уыты көкiрегiнiң қуыс-қуысына жайылып, бiр өткiр кермек дәм қолқасын қаба тынысын бiтеп, сандала сансырап қалады. Безерген қалпы сыртқа көз жiбердi. Мына дала

жарықтық шiлденiң жайсыз мезгiлiнде қоңырқай реңiнен қуаңдана оңып, сұрғылттана сұйқылтым тартыпты. Бiр уыс бiр уыс болып бүрiсе жиырылған қаудыр-қаудыр жау жапырақ кейде қалың ұшырасады. «Дәрiгерлердiң айтатын әлгi бүйрегi қатып-семiп осылай түкке жарамай қалатын шығар?» Мұндайдан бұрын кәдiмгiдей тiксiнiп қауiп алатын, бұл жолы ол қаперiне кiрiп те шықпады. Құлақ шекесi шың ете түстi. Жанары қарауыта бұлдырап, дүние шыр көбелек айналып жүре бердi. Аузына он жыл қараған ауданына аттап басып баруға жүрегi қазiр дауаламайтыны несi? Қаптаған насайтопырдың iшiнде кенет жападанжалғыз отырғандай шошына селт етiп, көңiлi түсiнiксiз алаңдап, құлази жабырқады. Мұның бәрi әшейiн уақытша, дәуренi ертең-ақ қайтадан жүре бастайды деген қылаң еткен үмiттен аз-кем сергiп, жан-жағындағыларды шолуға дереу елгезектенiп кiрiстi. Бұл күйi де бiрақ ұзаққа бармастан қайтадан қамығып, екi иiнi салбыраған пұшайман қалыпқа енедi. Алдыңғы күнгi үйiндегi қолайсыз әңгiме ойына оралған сайын жүрегi құрғыр жiңiшкелеп сыздап ауырып өтедi. «Сараның соншалықты кергитiндей не бiлгенi бар?» – дедi өзiне-өзi. Не болса соған тыз етпе әйелiнiң сыралғылыққа жуыспас кiрпияз жат нышанынан айбынатынына iшiнен мойынсұнды. Қорынудың жайсыз сезiмiнен арылмаған күйi жолаушыларды шетiнен байыппен шолуға кiрiстi. Шеткерiректе бала ұстап отырған әйелге кенет көзi түстi.Жұқалтаң жүзiне сәт сайын лыпып шыққан нысапұяты бұрқ етiп қызарады да алаулай жөнеледi. Зарығып талыққан сезiм мен сағыныш езiле елжiрейтiн бiр босаң халде жан жүйесiн сыздата тербедi. Кекселенiп, қасаң тартқалы берi таза, ыстық алып-ұшпа сезiм дегбiрiн қоймай қу жанын безек қақтырмап едi. «Менiң Назеркемнен асып бара жатқан үлкен де емес, иманы бетiне үйiрiлген қандай ибалы жан едi өзi» – деп ойлады. Бейтаныс жас әйелге қарап отырып, өзiнiң мұншалыққа ұлғайып кеткенi санасында қылаң берген замат құйқылжыған көңiлi бiрден су сепкендей басылып қалды. «Ұлымды қойшы, еркек деген аты бар, оқуын бiтiрсе бiрдеңе қылып күнiн көрiп кетер. Менiң қызметтен кеткенiм мұнда әйелiм мен қызыма қатты батып отырған жоқ па!» Әлдене есiне түскендей Нұржанов аяқ астынан атып тұрды. Қарадомалақ зоотехник мұның оқыс әрекетiне басын жұлып алып, аңыра бөгелдi. Бастапқы түсiнен әбден оңып кiрлеген мәйкесiнiң бұратылып кет-

кен иық бауын асықпай жөндедi. Тырсиған қозы қарнына көңiлi толмаған сыңайда үңiрейе үңiлiп, басын көтердi. – Не болды, туысқан, жайшылық па? Жалғыз қарадомалақ емес, өзiн көп көз бағып отырғанынан ыңғайсызданып кеткен бұл: – Шөлдегенiм, – дедi де тамбурға қарай бет алды. Бiр тегершiкке сәт сайын соқтығатын қатқыл ырғақ ауаға жұмсақ сiңiп, ендi бiржола тыныштық орнағандай алдарқатып барып сақылдап үдей жөнелген дыбыс сұрапыл екпiн ала бастады. Толассыз сақылдаған әлгi қатты құрғақ сарын арқырай заулаған шапшаңдыққа құдды iлесе алмай басы-көзiн тоқпақтап жылаған қаяулы адамның өкiнiшке толы өксiгiн құлағына келтiретiндей қамкөңiл күйге түсiп, көзi жасаурап өттi. Қалқайып терезенiң тұсында тұрған бұған әркiм бiр-бiр қарайды. Темекiлерiн бұрқылдата тартқан бiр топ балаң жiгiт келесi шетке топырласты. Сампылдаса сөйлесiп, қарқ-қарқ күлген қамсыз қалыптардан жерiне терезеге жабыса түстi. Бұлар соншалықты күлетiндей не айтып жатыр деп бiр-екi мәрте зейiн қойып, құлақ түрiп тыңдағысы да келдi. Құдды өзiн келемеждеп тұрғандай қолайсыз сезiмнен арыла алмады. «Облыстық партия комитетi бюросының шешiмi бойынша Нұржанов, сiз, КПСС қатарынан шығарылдыңыз» – деген саңқылдаған ашық қоңыр дауыс құлағының нақ түбiнен естiлгендей шекесi шыңылдай солқылдап, көз алды қарауытып кеттi. Осы кезде даңғазалана даурығып күлген жiгiттерге «доғарыңдар» деп айғайлап жiбере жаздап сәл қалды. А лдыңғы күнi кешкiсiн жұмыстан келiп газеттердi әдеттегiсiнше аударыстырып қарап отырған. Ешқайсысын дендеп оқуға зауқы соқпай көз жүгiрте бастағанда – үш адамның бiрдей КПСС қатары нан шығарылғаны тайға таңба басқандай анық жазылып ты. Өз басындағы кептi талайлардың құшқанына тәубе қылудың қанағат сезiмi қара көңiлiнен саңылау тауып, содан төгiлген сәуледен тұла бойы жылынғандай бiртүрлi сергек күй кештi. «Бұлардыкiнiң жанында менiкi не тәйiрi. О баста осыларды қолға алғанда бар ғой». Өзегiн отша қарып өткен әлдене алқымына тiрелдi де, ыссы нәрсеге айнала көкiре гiн тырсита кернеп ала жөнелдi. Мұндай алабөтен жағдайға етi

өлiп кеткен соң көнтерлi көмбiстiкпен өткерiп жiберген нен басқа амалы қайсы. – Тамақ iшетiн бе едiң? – деген әйелiнiң даусынан қалт тынды. Ернiнiң ұшымен екiұшты шақыруына ерiксiз тосылды. «Үйде Назеркенiң пальтосынан басқа бөтен әңгiме жоқ сияқты едi. Жиған-тергенi әзiрге баршылық, керектi киiм де алынар. Ұл болса анау – үйленбек. Не, сонда бұлар менiң баяғы ағылып-төгiлiп жатқан заманым дей ме? Жағдайымды әйел әйел болып, бала бала болып бiр ойлап қойса нелерi кетедi?» Орнынан сөйтсе де тұрып, ас бөлмеге қарай сүйретiле құлықсыз басты. Дастарқан басында ұлы да, қызы да отыр екен. Бұған көзiнiң астымен қараған Сараның ақсары жүзiндегi айықпас кiрбiң молая түскенi сонша – сәл нәрсеге жылап жiберетiндей кейпi аянышты. Өзiн қанша мығым ұстап, орнына салмақты жайғасқаны мен әйелiнiң күдiкке толы секемшiл қарасынан қуыстана дег бiрi қашатынын сездi. Өзiнен аумаған ұлы Таңаттың қас-қабағы түксиiңкi. Шешесi мен бауыры сөзiн тыңдай ма, тыңдамай ма, онда еш шаруасы жоқ қызы әлденелердi жайраң қаға айтып отыр. Өң-шырайы Сараныкiндей қағылезi қағылез, қысыңқы бiткен көзi ұлға болса бiр сәрi – қызының сынын оңдырмай бұзып тұрғанын аңдады. Бұрын мұндайдың бiрi де ойына кiрiп шықпайтын, құйтымдай ғана нәрсенiң өзi көзiнен таса қалмай оттай басылатынды шығарып жүр. Балалығынан әлi арылмаған Назеркенiң бәрiбiр осындай алаңсыз қалпы жанына жағады. «Иә, жоқ» дегеннен басқа артық-ауыс сөзге бармайтын ұлының әрқашанғы тұнжыраған ұсқыны көңiлiн әжептәуiр қобалжытады. Сара бұған дiттеп қарап барып жүзiн ренiштi сыңайда бұрып әкеттi. «Бұл менi шынымен-ақ жақтырмай жүр ме?» Осы бiр ой көкейiне қапелiмде келсе де сыр бермеген сызданған ыңғайда қолына қасықты ықылассыз алып, аузына апара бергенi сол едi: – Пап, когда мне пальто с ламой купите? Я, уже в этом стыжусь, – деп екi иығын қиқаңдатып, аузын бұртита қойған қызына ә дегенде не айтарын бiлмей аңқая тосылып қалды. Мынауыңды тыйсаңшы дегендей түксиiңкi ұсқыны қызылкүреңiте шымырлап, әйелiне сазара қадалды. Ештеңегеде қатысы жоқтай Сараның райы бiртүрлi немкеттi. Жас кептеле мөлтiлдеген ұялы қара көзiн бұл жаққа емес, сонау қиянға қадаған сәтi момақан аярлыққа ұқсайды. Сәл iлә тапса тұла бойын төтен долылық буып

тұрған қалпымен ессiз шажылдап-бажылдап шыға келетiн сияқты. Қызына көзiн қайта тiккенде әлi сол қыңқылдаған күйi бұған жаудырай қарап тұр екен. «Қызым-ау, менiң жағдайым онсыз да шекесi қызбай тұр ғой», – дей жаздап барып тiлiн тiстей қойды. – В твоем уме только одни вещи, больше ничего, ну мещанка, – деп алдындағы ыдысын ортаға шиыра лақтырып, атып тұрған ұлының мұрны делдиiп, көздерi шақшия шатынап кетiптi. Бiр нәрсеге миы жетпей аңырған Назерке ағасына таңырқай бағжиып барып, кекесiнмен мырс етiп күлiп жiбердi. – Ты кто, гений что ли? – По сравнению с тобой, да, – деп Таңат әкесi мен шешесiне көзiн ата қадап, жұлқынып шығып жүре бердi. Көкейiн тескен сол «лама» деген бәлесi жуыр маңда әперiлмейтiнiне түңiле тұлданған Назерке: – Я хожу как нищая, а вам все безразлично, – деп солқылдап жылап жiбердi. Әлдекiмнен көрген теперiшiнiң зарын әкесi мен шешесiне шаққандай тығыла өксiп, ықылық атқанынан Нұржанов әуелi шошына селтиiп қалды. Бойын ашу мен налаға ұқсамайтын бiр түсiнiксiз шарасыздық билеген бұл қызының әлпетiне қараған сайын көңiлi дыз етiп қобалжып қоймады. Көз қиығын әйелi жаққа амалсыз тастады. Бақса, Сара бұл әңгiмеге еш қатысы жоқ бейiлсiз кейiпте бiр нүктеге қадалып, сазарып қана отыр. Жанын мазалаған ойран ойдың қысымы кең ашылған жабырқаулы жанарына бiр тамшы жас боп мөлтiлдеп iлiнiп тұрғандай. Нұржановқа кенет өзi түсiнбей жүрген жайды әйелi баяғыда-ақ ұғынып қойғандай көрiндi. Соның сырын Назеркенiң жүзiнен оқитындай ол жаққа емекси жалт бұрылды. Басын салбырата төмен жiберiп екi иығы селкiлдей егiле жылаған талшыбықтай солқылдаған қызының денесiнен сол баяғы балаң еркелiктi таныды. Таныды да жүректегi сөзiн аяқ астынан айтқысы келiп, шашынан ақырын сипады. Бетiнен сүйiп жұбатпаққа ұмсынғанда жан дәрмен қарсылық жасап жұлқына шоршыған Назерке өз бөлмесiне қарай тұра жүгiрдi. Ерлi-зайыпты екеуi ас бөлмесiнде ұзақ үнсiз отырысты. Әлдене деп тiл қатуға дәтi жетпей көзiнiң астымен Сараға аракiдiк қана қарап қойды. Сөз айтуға оқталған сәтте ақсары жүзi қуара құбылып, танауының желбезегi қусырыла дiрiлдегенiне дейiн аңдады.

– Елдiң бетiне тура қараудан қалдым, бiлсең. Жаманжәутiк жерлестерiңе дейiн Мәкең қазiр не iстейдi, аман ба деп сұрайды. Тiптi, бiреулерi елдiң аузы жаман, оған еш қамықпасын деп жақсы кiсi боп қамқорси қалатындарын қайтерсiң. – Осы сөздердi үлгiрмей қалатындай әйелi тынышы қаша үзiп-жұлып, асығып-аптығып айтты. Ұстамды қалпын қанша сақтауға тырысқанымен сәл үндемей қойса жанын жаралайтын жаман сөз үдей түсетiнiнен қабағын әбiгерлене шытынып, қинала тiл қатты. – Елдiң аузына бәрiбiр қақпақ қоя алмайсың, оның бәрiн маған несiне айтып отырсың! Таңырқай абдыраған Сара ұзақ аңырды. Отырған орнында қозғалақтап, кещелiктен түңiлiп кеткендей кенет бетiн баса солқылдап жылап жiбердi. – Сенiң нең кеттi, ештеңе естiмейсiң, көрмейсiң де бiлмейсiң. Ал менiң берекемдi жұмыстағы әйелдер-ақ алып бiттi. Бет-жүзiңдi бақырайтып қойып, сiздiң күйеуiңiздi қамап қойғаны рас па дей ме... – Асылып өлiп қалған демедiң бе? Сара жылағанын сап қойып мұны жаңа танығандай бағжия қарады. – Керек болса, оны да айтқан, – дедi. Басын төмен сылқ түсiрген Нұржанов сөлбiрейiп ұзақ отырды. «Жаман-жәутiк жерлестерiң» дегенi кiмдер сонда? Партия қатарынан шығарылған күнi бiреуiнiң де қарасы көрiнбеп едi. Дәуренi жүрiп тұрған кезiнде осы қалада не көп, туысқаны көп болатын. Бiреуi болмаса бiреуi жанға дауа сөзiн келiп айтар деп күткен. Құр сүлдесiн сүйретiп есiктен кiргенде осы Сара сонда бұған жәутеңдей қарап, бас салып құшақтай алған. Сыр бермей қанша безерсе де кеудесi өртене удай ашып, сәл дыбыс қатса өкiрiп жылап жiберетiнiнен сезiктендi. Басынан тумысында кешiп көрмеген босаң сезiм етжүрегiн елжiрете сыздатып шыдат паған соң, еркек басымен ақыры екi көзiне ерiк берiп егiл генде – иегi иегiне тимегенi есiнде. Сөйткен Сарасы ендi мынау, бiр жағынан қамзау бола ма десе – ел өйтедi, бүйтедi деп қойқаптағыны қозғап, жауды жақындата түседi. Сiркесi су көтермей онсыз да әрең жүрген жоқ па. Қыздың сұры анау: бүкiл арманы – лама. Ұл болса әкесi өлгендей түнередi де жүредi. – Назеркенiң әпер дегенiн әпермейсiң бе? – дедi бiр кезде үнсiздiктi бұзып.

Секем ала селт етiп таңырқай бағжия қарай қалған Сараның етенелiкке жуыспайтын салғырт әлпетiндегi салқындық ерiксiз тосылдыратынын байқады. Қарап тұрмай кекесiнмен суық жымиысын көргенде не iстерiн бiлмей дағдарды. Аяқ астынан тұлан тұтқан Сара бұған оқты көзiн қадады. – Әперетiн адамыңды тап! – Бұрынғылардың бiреу-мiреуiне жолық, елдiң бәрi бiрдей опасыз болып кетпеген шығар. – Бiздi қазiр кiм керек қылайын деп тұр?! Сөз таластыра беруден түк өнбейтiнiн ұқты. Тоқтамды сөз ауызға осындайда түспей дымыңның құритыны жаман екен. Содан сүйретiлiп тұрды да төсегiне барып шешiнiп жатып қалды. Бiрақ кiрпiгi айқаспай қойды. Оның үстiне күйбеңдеп жүрiп алған Сараның жарықты әл-әзiр сөндiрер түрi жоқ. Бiрдеңе десе бiттi: «Жатырсың ғой, ұйықтай бер» – деуден де тайынбайтынын бiледi. Төсекке аспай-саспай жайғасқан соң «Здоровье» журналын ары-берi парақтап, аударыстыра бастады. Тыныш таппай дөңбекшiп, аласұрып жатқан мұны адам екен-ау деп кiшкене елеп қойса қайтер едi, шiркiн. «Ұлымның бiр бiлгенi бар шығар, бәлкiм? Менiң жағдайым оған да оңай тиiп жүрген жоқ қой. Неге сонша түксиедi, бiрақ? Бiрдеңе-бiрдеңе жөнiнде шешесi екеуi ашып-жарып сөйлесе ме, осы десеңшi, әуелi?» – деп ойлап, бұрылып қараса – оқыған журналы жайына қалып, Сара қалың ұйқыға кiрiсiптi. Әйелiнiң ұйқы үстiндегi әлпетi қызық екен аңдаса. Көзiнiң төңiрегiн өрмекшiнiң торындай жыпырлап әжiм басыпты, соқа жүрiп өткендей маңдайы жыражыра. Манағы қамкөңiлдiлiктен iз-тұз қалмаған қас-қабағы тұнған жайбарақат. Тек миығына жиылып тұрған момақан күлкi қияпатына бұрын байқамаған жылылық үйiретiндей бiраз шама аңыра бөгелiп барып, сөндiргiш түйменi шарт еткiзiп басып тынды. Сәл бұрын ғана таңдайынан шаң шыға «әперетiн адамыңды тап» деп тақылдаған әйелге ұқсамай құдайы момын бола қалған Сараның ұйықтап жатқандағы кейпi көз алдынан кетпей көлбеңдеп тұрып алды. Кенет: «ендi маған жетпегенi әйелiмнiң өңiндегi өзгерiстердi аңду едi» – дедi өзiн-өзi кекетiп. «Осы күнгiнiң әйелдерi қазiргi еркектердi еркек пе дегендi неге мегзеп айтады екен? Нақ менiң шешемнiң орнында болса, мына Сара не iстер едi?» Аяқ астынан жүрек тұсы шым ете түстi. Мынау көрдей қараңғы бөлмеде тынышы қаша тынысы тарылып, көкiрегiн қарыс айыра ауыр күрсiндi.

Ш iлденiң шығар шағындағы бiр жайма-шуақ күн едi. Бұл онда бала, бала да болса соғыс деген сөздiң дүниеге кәрiн төгiп, елдiң еңсесiн баса құтын қашырып тұратынын сезетiн. Қарақайыстай қатқан әйелдердiң шамдағай қимылдары көз iлеспестей жылдым. Шешесiнен бiр елi ажырамайтын алты-жетi жасар баланың ол кездегi әрекетi ешкiмге таңсық көрiнбейтiн. Бау-бау ғып орып тастаған жүгерiнi тiкесiнен-тiк қойған қатарлардың қасына үш-төрт собықтан апарып, бұл да тұрғызады. Ара-арасында айтылған әңгiме мен сықылықтаған күлкiге бiр қосылып қоймайтын анасының қабағы тым салыңқы екенiн көңiлiне жайсыз түйгенi есiнде. Кiсi бойынан биiк жүгерiге құдды өшi кеткендей өршелене ұмтылып, шетiнен баудай түсiрiп, сыртылдатып орған орасан құлшыныстың екпiнiне таңырқай аңқайып қалатын. «Бар, апар», – деп болымсыз жекiгеннен басқа артық-ауыс сөз айтпай, орағының жүзiн жалаңдата шұғыл кiрiскен шешесiнiң сопақтау өңi тастүйiнденiп, қой көзiнiң қарашықтары бұл бiлмейтiн әлде бiр нәрсеге қадалып тұратындай көрiнетiн. Моншақмоншақ сорғалаған терiн маңдайынан сырып тастағанда ғана белiн жазып, сәл демiн ала алқынып тұратын. Бiр кезде әңгiме-күлкi сап тыйылып, аяқ астынан әбiгерленген әйелдер зыр қағып жүгiре бастады. – Ойбай, қатындар, соқыр келiп қалды! – дестi бiрбiрiне үрейлене сыбырласып. Соқыр келе жатыр деген бiр көздi құбыжықтан бетер жаман естiлген едi сонда бұған. Қазанның түп күйесiндей қошқыл өңiндегi ызбар аясы қызғылт көзiне жиылып, әркiмнiң өңменiне соны бойлата жүгiртiп қадаған уақытта бала Миятбектiң үрейi ұша секиiп қалған. Ауыздығын қарш-қарш шайнаған астындағы оқтаудай жұмыр күрең омыраулай жұлқынып, осынша қатын-қалашқа қыр көрсеткен ыңғайда алайған көзiн әдейi төңкерiп тастайтындай. Ат үстiндегi ырғатыла тербетiлiп отырған Жолбосынның иығында қарақұрым китель, сом жұмыр серкесандандырып көрсететiн бұтында галифе, алшысынан киген басында ши қалпақ. Жыртиып бiткен жалғыз көзiнiң қарашығы аласының қызғылтына тұтасып, дүниедегi өшпендiлiк атаулының уытын жиып алғандай құтырынған сәулесiн әркiмге кезекпе-кезек кiдiртiп кеп,ақыры бұған тұрақтатты.

– Кiмнiң баласысың, ей? – Ақпейiлдiң, – дедi бұл жүрексiне ұяң тiл қатып. Жалғыз көзiн бiр жұмып, бiр ашқан Жолбосынның өңi түтiге түсiп, атының бүйiрiнен нұқып қап тiзгiндi күштеп тартқанда – тұрған орнында күрең шыр айналды. Үрейi ұшқан бұл шешесiнiң бауырына барып тығылды. Шалқая жөнделiп отырған анау атын билете басқызып, бұлардың қасына таяп келдi. Қошқыл кескiнi маймен сылағандай жып-жылтыр екенiн сол екiарада аңдап үлгердi. – Бөрiнiң бөлтiрiгiн қарай гөр, тура аузынан түсiп қалғандай. – Құрдас-ау, ол байғұстың артында қалған жалғыз тұяғын көпсiнбесеңшi. – Мұны бауырына қыса түскен шешесi қаймықпастан Жолбосынға қасқая қарады. Бригадир еңкейiп, төне жақындағанда жұмулы көзiнiң орнын сайқымазақ қып кере тартып қойғандай құбыжықтанған сиықсыз бiр сұмдық нәрседен жүрегi шошына дiр ете қалды. – Халық жауының тұқымы тұздай құрып кетсе де ештеңе етпейдi, көп болса менен табасың, – деп Жолбосын өзiнiң төсiн қақты. – Сенен бала тапқанша, иттен-ақ тапқаным жақсы. – Шешесiнiң даусы бұзылып шыққанда төбеқұйқасы өзiненөзi шымырлаған бұл Жолбосынға бажырая қарап қатты да қалды.Жалғыз көзiн оқшырайта iркiлген бригадирдiң күрт шымырлаған кескiнi шымқай қызылқара күреңiтiп барып, қамшысын сiлтеп кеп қалды. Мұның құлындағы даусы шығып, шыңғырып жiбердi. – Жә, баланы шошытасың, – деген шешесiнiң үнiн шала-шарпы естiдi. – Мә, саған бала, контрдың қатыны! – деп, Жолбосын қамшысын үстi-үстiне батырлата сiлтедi Шешесiнiң үлдiреген сәтен көйлегiнiң дала-даласы шыға ыдырап, қамшының iзi аппақ қардай етiне бiлем-бiлем түсе бастады. Жылағанын сап қойып есалаңдана есiрiктенген Жолбосынның қап-қара жүзiнен тайсақтамай шақшия қарсы қарап, ышқына айғайға басып: – Әкеңнiң... соқыр, өлтiрем! – деп тұра ұмтылды. Тап осы кезде жон арқасынан сарт етiп оратыла тиген қамшы етiн тiлiп түсiп, оған балқыған қорғасын құйылғандай от боп дуылдап, уыты шымылдап жайыла бастаған кезде қу жанын қоярға жер таппай бiр отырып, бiр тұрды. Күтпеген жер-

ден: «Қу соқыр, екiншi көзiңдi ағызып түсiрейiн бе, осы» – деп саңқылдап шыққан дауыстан ұрқырап-шұрқыраған қатын-қалаш сап тыйылы. О, тоба – Дүрия әпкесi. Жолбосын қамшысын қолынан қалай жұлып алғанын, тiптi, байқамапты – тап беретiн ыңғайда қарсы алдында қасқая қарап тұр екен. Қаршадай ғана талдырмаш қыздан жаннан безген мұндайлық тәуекелдi күтпеген бригадир екi қолын ербеңдете күреңдi үстi-үстiне тебiнiп, тура тапап өткiсi келгендей өңмеңдеген бойы төнiп-төнiп қояды. Алшысынан киетiн бас киiмi бiр жақ шекесiне сырғып кеткен Жолбосынның жалғыз көзi алая шапыраштанып: – Қағынды салдақы, жаныңның барында қамшымды әпкел берi! Халық жауының қарындасы деп көзiңе көк шыбынды үймелетiп, ФЗО-ға айдатпасам ба, қарап тұр, – дедi. Атжақты ақсұр өңдi әпкесi демiн ентiгiп алған сайын кеудесi көрiктей көтерiлiп-басылады. – Жетiм мен жесiрдi басынамын дейсiң ғой, мә, саған басынған! –деп, қамшыны оңды-солды сiлтеген сайын үркектеп, басын қақшитқан күрең көткеншектеген күйi шыркөбелек айналып кетедi. Қамшының ұшы шабына жазатайым тигенде ытқып-ытқып мөңкiген аттан аударылып қала жаздаған Жолбосын ерге түзелiп отыруға арпалысып баққанда бас киiмi жерге ұшып түстi. Төтеннен сезiк алғандай жалғыз көзiн жан-жаққа алақтата жүгiртiп, ауылды тура бетке ала далбақтап шаба жөнелдi. Дүрия бiр орнында тапжылмай қалшиып көп тұрды. Қолына тас қып ұстап алған қамшыны кенет жирене лақтырып жiбердi де, бұлар жаққа көзiн алайта тастап: – Немене, байың ұрғандай сонша жоныңды төсеп, өлсең де алқымына жармасып өлмейсiң бе?! – дедi. Бағанадан сыр бермей бедiрейе безерiп тұрған шешесi дәл осы сәтте сылқ етiп отыра кеткендегi қимылдың өзiн ауырсынып, қабағын күйзеле шытынды. Екi иығы әлсiз селкiлдеп, дыбысын шығармай тұншыға жылады. Әшейiнде жалынып-жалпайып, өлердегi сөзiн айтатын әпкесi қайырылып соқпастан жұмыс iстеген жағына қарай салып ұрып барады. Жолбосын соқырдың сабағаны аздай әпкесiнiң дүрсе қойып, шешесiне тепсiнiп кеткенi несi, түсiнсе бұйырмасын. Қайнеке деген арсың-гүрсiң әйел көкшiл көздерінің шарасын жасқа толтыра меймiлдетiп, мұны бас салып құшақтай алды.

– Жарығым әшейiн, еркек тана ғой, өзi, «әкеңнiң... соқыр өлтiрем» дедi ғой. Құдай жазаңды бергiр қу соқырды кейiн өсiп, үлкен жiгiт болғанда алдына әлi -ақ әкелерсiң. Ал ана әкеқыз батырдың тұқымы емес пе, соқырдың қамшысын қолынан жұлып алып, өзiн сабап жiберген жоқ па. Сонда Қайнеке түк болмағандай жайраң қаға күлгенде көңiлге қатқан тоңды жiбiтпесе де, дүниенi әжептәуiр кеңiтiп, тынысты желпiнтiп тастағандай көрiндi. Қараса, шешесi де жылағанын қойып, тапжылмастан бiр нүктеге сазара қадалып отыр екен. Шырт қараңғы түн. Кiрпiгi айқаспай дөңбекшiп әлi жатыр. Сондағының бәрi осы әзiрде ғана боп, ашына қорынған уақытта өттiң дәмi аузына келiп, тыныс жүйесiн тұтқан у етбауырын шарпып, көзiне ащы жас үйiрiлдi. Марқұм анасын құдды тiрi сияқты сезiнiп, жүректегi лебiзiн ақжарылып айтқысы келетiнi несi? Әлдеқашан сүйегi қурап қалған шешесiн қорған тұтып, пана көре беретiн пенделiк әуселесiне кенет жыны ұстады. Қасында қаперсiз ұйықтап жатқан мына әйелiнен де жылы сөз аңсайтын кездерi бар. «Көзiмнiң жалғыз ғана қарашығы, жарығым-ау» деп үйiрiле төнiп түсетiн әпкесiнiң қылығы ойына сақ ете қалды. Сөйткен әпкесi қартайып, осы күнге дейiн кемпiр болып та қалған шығар? Жолбосын соқыр айтқанында тұрды ма, әлде, ретi солай келдi ме, ауылдың бiр топ қыз-келiншегiн көп ұзамай темiр жолға жұмысқа алғанда iшiнде әпкесi де бар едi. Ат-арбада кетiп бара жатқан әпкесiн шешесi екеуi бiр бел асырып шығарып салғаны есiнде. Дүрияны содан қайтып көрген жоқ. «Қыз күнiнде бәрi жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деушi едi бұрынғылар. Сол айтқандай, әкеқыз бейшараға не көрiндi екен?» дейтiн шешесi кейде ауыр күрсiнiп. Қызы несi, қатын болғаны қалай, бiрiн де түсiнбейтiн. Оқу бiтiрiп, қызметке жаңадан iлiге бастағанда: «Әлгi қу қардың күй-жайын көзбен бiр көрiп қайтқан-ақ жөн едi» – деп қоймай айта беретiн. «Әпкем қазiр қайда?» – деп сұраған бұл сонда бiртүрлi екiұштылау. «Бел деген станция бар дейдi ғой, сонда көрiнедi. Соғыстан бiр аяғынан айрылып келген бiреумен тұрмыс құрды деп едi. Шиеттей бала-шағалы бопты. Сенен басқа iздеп-сұрар кiмi бар, бiр барып қайтсақ төбесi көкке екi елi жетпей қалар едi, байғұстың». «Апа, кiшкене арқа басымыз кеңiсiн, сонан кейiн бара жатармыз» – деген. «Арқа-басымыз бiржола кеңiдi ендi» – дедi өзiн iштей кекетiп. Осы маңайдағы

бекеттердiң бiрiнде алғаш оқу бiтiрген жылы механик болып iстегенде темiржолшылар аузынан Бел деген станция түспейтiн. Соған қарағанда өзi оншалықты қашық болмауы керек. Қырық жыл көрмеген әпкесiне деген сағыныш жанын сыздата толқытып, ыстық леп оңдырмай шарпыған уақытта жүрегi уылжи шымылдады. «Кезiнде көркi десе көркi бар, жас десе жас әпкем бiр аяғы жоқ мiскiн адамға неге шықты екен?» Болары болып, бояуы сiңген жайды ойлаудың ауырлығына көзiн ендi жеткiзгенiн дiттей түсуге жүрегi дауаламады. Дүрияның кескiн-кейпiн елестетiп, көз алдына қанша әкелiп бақса да суретiн нақ келтiре алмай әлектендi. Бiр кезде: «Барып қайтсам қайтедi?» – дедi өзiне-өзi. Тұтқиылдан келген бұл ой жанын өне бойы жегiдей жейтiн нәрседен аулақтатып әкететiндей. Әпкесiн ғана көргiсi келетiн аңсары тыныш тапқызбай тағатын тауысуға айналды. Жуынып-шайынып, қырынып, киiнiп болғанда барып Сара бiр-ақ тұрды. Әуелi бұған наразы әлпетпен сазара қарап, жүзiн тайдырып әкетер сәтте кекесiндi ащы күлкiнiң табы езуiне ұйып қалғанын аңдады. Ду-ду көтерiлген ашуы кеудесiн тырсита кернеп, жарылардай сыздап бара жатса да барынша сыр бермеуге тырысып: – Әй, мен бүгiн Бел станциясындағы әпкеме жүремiн, – дедi. Басын ас бөлмесiнен қылтитып шығарған Сара қасыкөзiн кере, iркiлiп барып таңырқай тiл қатты: – Мен бұрын естiмеген Белдегi не қылған әпкең ол?! – Бұрын естiмесең, ендi естiп тұрсың ғой! Сол таң-тамаша қалған баяғы кейпiнен арыла алмаған әйелi: – Оразаңды ашып кетпеушi ме ең, – дедi. Отбасының дәнекерлiгiне жүретiн осы бiр сөз мұздаған жүрегiн жылытуға сәл жараса да, қайрылмастан кете барды. Облыстық агроөнеркәсiп бiрлестiгi ауыл шаруашылығы техникасы бөлiмiнiң инженерi Миятбек Нұржанов бастапқы кезде екi адам отыратын бөлмеге қоңылтақсып кiретiн. Жасы өзiмен шамалас жiгiт ағасы қашан көрсең алдындағы қағазға шұқшия қадалып төр жақта отырғаны. Келушiлердiң сәлемiне басын құлықсыз көтерiп, аузын болымсыз жыбырлатады да қайтадан тұқшия қалады. Сол

екiаралықта басы зеңiп, шырағы әлсiреген кiсiдей кiм болса соған сүзiле қарап, ұзақ бөгеледi де: – Иә, ауылда не жаңалық? – дейдi. Лезде жауап берiле қоймаса әшейiн жорта сұрап тұрған кейiппен: «сен айтпасаң да алдын-ала бәрiн бiлiп алғам» дейтiндей рақаттана керiлiп-созылып жайыла күледi. Бейтаныс адам сондайда мынаның мiнезiн неге жорырын бiлмей қысылып-қымтырылып, жаутаңдап, әркiмге қарай бастайды. Қасындағы серiгiнiң мұндай қылығына бойын үйрете алмай-ақ қойған Нұржановтың өзi кейде қараптан-қарап қуыстанады. Оның үстiне осы жұмысқа тұрғалы берi мұның әрбiр қимылын бағып отыратын сияқты көрiнедi. Алдындағы қағаздан бас алмай шұқшиып отырған оған есiктен кiрiп келiп бүгiнде қолының ұшын берiп амандасты да өз орнына қарай беттедi. Костюмiн жайғаспастан бұрын асып-саспай шешiп, қаз-қатар тiзiлген орындықтардың бiрiнiң арқалығына iлдi. – Жер кең болса бiр жөн. Мәке, бастық болып қалған әдетiңiз бiр қалмайды. Қалт тынып барып жалт бұрылды. Жайыла күлген күйi анау қамсыз отыр. Орындық арқалығына костюмiн iлгенде тұрған не бар. Тұтана жаздауға шақ қалды. Сонау аңыздан күрiштiң орылғанын машинаға тасып уақытты кетiргенше сиымдылығы үлкен ыдыстарды тиiстi орындарға орналастырып, соған құя беру жұмысымен шұғылданғанына бiраз болып қалып едi. «Осының бiр нәтижесi шықса екен» – деп тiлейдi. Бұл да көңiлiн күптi етiп бiттi бiр жағы. Облыстық партия комитетi ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң меңгерушiсi осы ұсынысты көргенде: «Нұржанов ауылды көгертiп болып, ендi жаңалық енгiзуге кiрiскен екен ғой» – деп келемеж қылыпты. – Мәке, осы сiзде ұзын-саны қырық-елу костюм бар шығар? – Санын алып жүрген сен бiлмесең, мен қайдан бiлейiн! Бидай өңi бұрқ етiп күреңiте шымырлап, тобылғы көзi назалы ұшқын ата тесiрейе қалған әлпеттiң жайсыз өзгерiсiнен құты қашыңқыраса да, анау сыр бермеген жайдары қалпын сақтады. – Мәке, сiз оған ренжiмеңiз. Үлкен бастық болған адамды көрдiм деп есептесем – ол сiз боласыз. Сондықтан мен

сияқты пақырға сiздiң әрбiр қимылыңыз таңсық көрiнiп тұрады. Шаруасын кiлт доғарып, қасындағының ұсқынынан бөлекше сыр оқығысы келгендей бажайлап ұзақтау шолды. Қунақ тарта қулана құбылған жұқалтаң жүзi бұл тағы бiрдеңе десе, қарқылдап күлiп жiберетiннен тайынбайтынын байқады. «Құлан құдыққа құласа құлағында құрбақа ойнапты» деген осы. Мұнымен сөз таластырып, опа таппас. Бiрақ әйелi мен мынадай жаманның не бiлгендерi бар сонша? Дүниенiң өзгеше құпиясын ашқаннан соң көк тиындық құны қалмағандай бұған мүсiркеу аралас жымысқылықпен қарайтын сықпыттарын түсiнсе бұйырмасын. Жұмыстан ертерек шығып, пойызға мiндi де, Бел қайдасың деп тартып отырды. Түндегi әйелiмен болған жайсыз әңгiме, кiрпiк айқастырмай түн баласы дөңбекшiп шыққаны, жұмыстағының сұрына қарамай кiсiнi сынап, сайқымазақ қылатын әдетi – бәрi жабылып ақыры алып ұрды. Бiр оянғанда қараса – Қопадан өтiп бара жатыр екен, тағы бiрде көзiн ашса – Отарға келiптi. Ұлы сәскеде Алматыдан шығып, iңiр қараңғысында Белге жетсе онда бәлендей қашық емес екен деп ойлады. Темiржол маңайынан әркiм-әркiмнен сұрастырып жүрiп, әпкесiнiң үйiн тапты-ау, әйтеуiр. Сыртқы екi бұрышқа бiрдей орнатылған лампыдан айнала самаладай жап-жарық. Соған өршелене ұмтылып үймелеген шыбыншiркейлердiң бiр ұшып, бiр қонған есалаң әрекеттерiнен мағына аулағандай бiрауық қызықтап қарады. Еңселi келген шатырлы үйдiң алдындағы еден төселген жаппасында кешкi тамаққа алқақотан жайғасқан бiр топ адам бұған одырая қарасты. Орнынан атып тұрған жасамыстау жiгiт: – Жоғары шығыңыз, – деп төр жақты нұсқады. Амандасқаннан кейiн көрсеткен орынға малдасын құра жайғасқан бұл өзiнен сәл кейiн отырған қартаң әйел бейнесiне тiктеп қарауға жүрегi дауаламай жүзiн ерiксiз төмен тұқыртты. Алдындағы көжесiне қасығын малып қойып, мұны жатырқай аңқайған ойын баласының да, шешесiнiң бауырын балапандай қорғалаған тұлымы желбiреген кiшкене қыздың да кескiндерi алдында ғана атып тұрып, iлтипат танытқан жiгiтке келiңкiрейтiнiн байқады. Жасы отыздың мол ортасындағы сұңғақ бiтiмдi тарамыс жiгiттiң шиыршық ата ойнақшыған шықшытынан шәргез қайрат, шамдағай шапшаңдық сезiледi. Босағадағы

қараторы келiншек көженi үлкен кесеге iлпiлдете толтырып құйып, бұған ұсына бергенде шықшытты жiгiт iлiп алып, мұның алдына еппен ақырын қойды. Алыстан ат сабылттыра iздеттiрiп келген сойдиған қу сүйегi ғана бар, қатқыл қабақты, шүңiрек көздi қаусаған кемпiр ме, сонда. Секем алып селт етпей бiр нүктеге қадалған тас мүсiн қалпынан бауырмал сезiмiн өтейтiн түк таппай көңiлi құрғыр су сепкендей басылып, елегiзiп, демде бей-жай бола бастады. Өңiрi қырқылған қара дұхаба камзол, сұрғылт гүлдi шыт көйлектiң жеңiнен сорайып шығып тұрған қу шыбықтай жiңiшке бiлегi әлжуаз да жұпыны. Баяғы адуын әпкесiнен қалған жалғыз жұрнақ – ұясы терең жанарынан қоңырқай ұшқын түйiрлене өткiр жылтырайтынын аңдады. Сол-ақ екен бiр салқын леп жетпегендей кеудесi ысынып, құлақ шекесi шыңылдап ала жөнелдi. Мұның ұсқыны қатты бұзылып кеттi-ау, сiрә. Атжақты арық кескiнi күрт күреңiткен кемпiр де, бiр орнында дегбiрсiзденiп отыра алмады. Жорта жатырқаған сыңайда бұған көзiн төндiрiп өттi. – Әпке, мен Миятбекпiн ғой, – дедi тап сол замат даусы тарғылдана шығып. Бiр мезет шүңiрек көзiне уытты ұшқын ұялай, мұны iшiп-жеп қарап: – Бiр кейпiң Ақпейiлге келедi екен, – дедi Жүрегiн әлдене жұлқып тартып қалғандай тұла бойы тоңази дiрiлдеген Нұржанов: «Басымыз ендi қанжығада қосылсынға» ұқсайтын мұнша суыған жатбауыр құлықтан күрт ортайған көңiлi құлазып кеттi. – Бауырыңыз келгенде жүрегiңiз жарылып неге қуанбай отырсыз, апа, – дедi осы кезде жаңағы қағылез жиен. Сөзге ортадан орынсыз килiккенiн жақтырмаған сыңайда шүңiрек көзiн ұлының өңменiне бiр сәт тура қадай кiдiрiп, бұған қайта бұрылды. – Шешең аман-есен жүр ме? Өлгенiн бiлiп тұрып әдейi сұрағандай көрiнген соң жалт қарап, әпкесiнiң жүзiнен сыр аулай ұзақ iркiлдi. Кәрiлiк өз дегенiн iстегенi болмаса нышанынан қамкөңiл пұшайман көлеңкенiң сынықсүйем сорабының жұқана iзiн таба алмай әлектендi. «Шешең аман-есен бе?» дегенi әйтеуiр бiрдеңе деудiң бодауына бола айтыла салғандай. «Шешем бар болса, осы бiр ит өлген жерге тентiреп нем бар едi» деп ойлағанда

ыстық жалын қолқасын қауып, көздерiнiң үстi жыбырлап, тамырлары тынымсыз бүлкiл қақты. – Өлгенiне жетi жыл болған, – дедi ақыры қабағын кiржите шытынып. Әпкесiнiң шүңiрек көзiндегi қызғылт нұр күлгiн тарта солғындап, мөлтектеген жас үстi-үстiне ыршып шықты да, әжiмдi бетiне кiдiрiстемей төмен саулап, кемсең-кемсең жылаған сәтте атжақты кескiнiндегi манағыдан бергi безерулi қатқылдық iзiм-ғайым жоғалды. – Құт-берекем-ай, бiздi жетiлген соң не қылсын деп торсиып өкпелеп жүрмеймiн бе, мен бейбақ. Соның көзi тiрi тұрса, әйтеуiр төркiнге бiр барармын деп ойлаушы ем. Бiр жапырақ бала деп кiм көрiнгенге таба, ит-құсқа жем болып жеткенде қарашы ендi. Әдiреғағыр, сол бала кiмге опа бередi дейсiң. Бiр емес алтауын тауып, арқа етiм арша, борбай етiм борша болып жеткiзiп, өзiмнiң мiне, ақырында қу қаңқа сүйегiм ғана қалды. Өлмеген соң жүредi екенсiң әшейiн. Көңiлi бордай егiлiп, сай-сүйегi сырқырап, босап бара жатса да қатулы қалыппен сыр бермей тымырайып отырды да қойды. Шешесiнiң шырқын алмайын дегендей қағылез жиен ақырын басып сыртқа шығып барады. Орнынан сып берiп тұрған қараторы келiн де дастарқан үстiн апылғұпыл жинастыруға кiрiстi. Әжелерiнiң аяқ астынан шала бүлiнiп, ағыл-тегiл жылағанына сенер-сенбесiн бiлмеген екi немере тосырқаған күйлерi екi жерде состиысып тұр. Осының өзiнен бұл үй тiршiлiгiнде еш артық-ауыс сөзi жоқ бiртоғалық барын аңдады. Мұнда ешкiм маған киiм керек деп тепсiнбейдi, елдiң сөзiнен-ақ өлетiн болдым деп кергiмейдi. Iшiмдегiнi тап деп тымыраймайды. Әркiмнiң өз орны, өз айтатын сөзi бар. Көп жылғы қызметтiң арқасында бұл қандай есiк-төрдi көрмедi дейсiң. Сонда осындайдың неге бiрiн де аңғармады екен? Мұндай түйткiлге туасы тап болмаған сияқты. Жылағанын сап қойған әпкесi де ләм деп тiл қатпастан сазарып қана отыр.Осы кезде шамдағай жиен қазақы қызыл тоқтыны жетектеп әкелiп, бата сұрады. Не iстерiн бiлмей асып-сасып қалғанын байқаған әпкесi ұлына дереу жекiп тастады. – Соятыныңды бұлдамай соя берсеңшi, бұл сенiң батасатаңды бiледi дейсiң бе! – Ой, оған несiне әуре болдың...

Осылай деуiн дегенмен, бiраз уақыттан берi өзiне арналып сойылғалы тұрған бiрiншi қой екенiн ерiксiз ойлады. – Айдаладағы сиқымның маңырамасын аяйсың ба, сойсын! Бұған қулана көзiн қысқан жиенi: – Апам бауыры келiп едi, тiптi, күшейiп кеттi ғой, – дедi. Ет жақын адамдарына жуыспай, өзiнiң кенет саяқсып айдалада қалғанына көзi жеттi. «Қу қарға бiр барып қайту жөн едi» деп шешесi жазған баяғыда айта берiп, соңына қарай жұмған аузын ашпай қойғаны жадына оралды. Не де болса, жат бауыр тартқаны рас. Әпкесi не iстеп, не қоятынына қызықпады да. Тек қанша баласы барын сұрады. Мұның «екеу» дегенiне «екеуi де ұл ма?» – деп, азсынғанын көрнеу жасыра алмай даусын оқыс ызбарлы шығарды. Бiр ұл, бiр қыз екенiн естiгенде қабағын шытынды. – О, құдай, қызды да бала деп, кетедi ғой жөнiне, мен сияқты қаныпезер болса төркiнiн де ұмытар. Мұның басынан өткен жағдайдың дүмпуi осы араға да жеткенге ұқсайды. Әпкесiнiң етсiз арық пiшiнi демде қамкөңiлдене бұзылып, бұған телмiре қарағанда бұрынғы айналып-толғанатын кейiппен қайта ұшырасатындай жүрегi құрғыр бiртүрлi шымырлап, көңiлi босай бастады. – Бәрiнен де басыңның амандығын сұра,- деген әпкесiнiң сөзiн алыстан естiгендей болды. Мiне, ендi басының амандығын тәубе ғып, әпкесiнiкiнен Алматыға қайтып келе жатқан бетi. Бiр ырғақты баяу қозғалысқа етi өлiп кеткендей ештеңенi ерен санамауға айналды. Жылдамдықтың белгiлi шамасының өзiне жалпайған жазық дала, шалқайған адыр-қырат тиген-тиген жерiнде сылқ түсiп қалып жатса, буалдыр сағымға бөккен өрдегi сонау тау ойпатпен деңгейлесе, аласарып көрiнедi. Құлдилай зымыраған аңызға назары қайта түстi. Осынау жазықтың үйiрiлiп-төңкерiлген әр шаршысындағы қазқатар тiзiле үйiлген сабан шөмелелер жүрек тұсын сыздатып өтетiн түсiнiксiз сезiмге бөледi. «Әлгi қураған қу қарды iздеп барсаң, төбесi көкке екi елi жетпей қалар едi» деп айта беретiн шешесiнiң соңына қарай пышақкестi тыйылғанын есiне алған замат өзiнiң сезiмсiз нойыстығына өкiнудiң запыранды кермегi қолқасын қауып өттi.

Қ ала маңайындағы ауданға хатшы болып сайланған алғашқы жылы бұл қатынап iстедi. Таңертеңгiсiн Сара жұмысқа, балалары оқуға кетiп, шешесi екеуi ғана шай iштi. – Апа, ендi тағы бiр кесе құйып жiберiңiз. – Бiр кесе емес, бiржола қанып iшiп ал, – деп шешесi кескiнiне бажайлап қарағанын сездi. Осылай оңаша анасымен қалса-ақ тiке сөйлеуден тайсақтап, өзiнен-өзi төменшiктеп, берекесi қашатын әдет тауып едi. Сондықтан сағатына қарағыштап, асыққан сыңай танытып бақты. Анасының бәденiне бұрын қалай зер сала дұрыстап үңiлмеген: көзiнiң ұясы тереңдеп, жағы суала қушиып, аққұба өңi боп-боз. Бұ кiсi сондайлық азатындай ненiң уәйiмiн жеп жүр деп ойлағанша: – Балам, – деген кесiмдi қатқыл дауыстан дегбiрсiздене жалт бұрылғанда – аясы жасаураған жанар өзiне шүйiле қадалып қалыпты. – Әкең ұсталып кеткенде сен бар-жоғы екiде едiң. Сонда Байсерке бейшара сонау Талдықорған жақтан екеумiздi әкелiп, ел iшiне қосты. Ағайынның ағайындығы сондайда ғана. Мыналардың бiр пәлесi жұғып кетiп жүрер, құрысын деп өзiн сырт ұстаса қайтер ең?! Сөйткен ауылыңа бiр барып қоюды бiлмейсiң. Байсерке де қатты ауырып жүрген көрiнедi, көңiлiн сұрап қайту парызың. Өлген-жiткендер де бар, кiрiп-шыққаның дұрыс. Сонда сұраулы кейiпте шеше кескiнiне тесiлiп, ұзақ бөгелгенi есiнде. «Ай, қайран кәрiлер-ай, бұларға бәрi оңай. Ауыл қайда, бiреу қайда? Жұмыс, жұмыс деп үйдi көрмей түздi кезiп шапқылап жүргенiмдi көзi көрмесе бiр жөн. Аузына қарап отырған бақандай бiр аудан анау». Бiрақ бұл ренiштiң сызын сыртқа сездiрместен жылыұшырай жымиып: – Апа, айтқаныңыздың бәрi орынды, шаруа бiр ыңғайлы болсын, барамыз, – деп көтерiле бергенде шешесi сұстана түйiлiп, отыра тұр дегендi ым қағып бiлдiрдi. – Сен ендi жас емессiң, бақандай қырыққа келдiң. Қойныңда жатқан қатыныңның, бауырыңда жүрген балаларыңның ниеттерi таза берiлген бе, берiлмеген бе, соны бiр уақ ойлап қоймайсың. Келiмдi-кетiмдi кiсiң қонақ қана. Жаның қысылғанда бәрiбiр жақыныңды табасың. Қызметтiң буына мастанып кетпе, балам! Қазiр осы тамбурда тұрып Нұржанов анасының сол айтқандарын есiне алған уақытта көңiл ауаны төңкерiлiп

құбылмады, шым-шым сыздаған көкiрегiн тарсынғандай жүрегi солқ етiп бiр төмен түстi, ытқып бiр жоғары шықты. Сол сәтте iшкi сарайынан бос қалған кеңiстiк орны анық сезiлiп, тыныс алған сайын сол араны ащы леп желпи түйреп өтетiн секiлдi. «Жаның қысылғанда жақыныңды бәрiбiр табасың». «Қайда сол жақын? Кiмдер олар? Ешкiмдi бөлiпжармай бәрiн өзi туысқан қыла берген соң солай ойлаған шығар? Кәрiлердiң көпшiл болуының қатпар-қатпар сыры бар, оларын түсiну бәрiбiр қиын. Заман басқа екендiктерiн ұқпайтындары жаман» – дедi iштей тепсiнiп. Мұның аяқ астынан кiдiлене қалғанын сезген шешесi айтып отырған сөзiн кiлт доғарып, жауап тосқандай бiрер сәт жаудырай қарап барып, терең күрсiндi де, орнынан тұрып кеттi. Жол бойы да, жұмысқа келiп креслосына көмiле жайғасқан соң да, шешесiнiң айтқандары көкейiнде жаңғырығып, бейнесi көз алдында кесекөлденеңдеп тұрып алды. «Байсеркенiң маған несi өтiп кетiп едi, сонша. Айдалада қалған жесiр әйел мен жетiм ұлды бiр ауылдың үлкенi болған соң алып келiп елге қосу, бiлсе – мiндетi. Ештеңе жоқ,ешкiмге ешқандай пәлесi жұқпапты. Нақақтан-нақақ ұсталған әкесiн ақыры ақтаған жоқ па. Әй, осы қазақшылықай, Жолбосын соқыр өлсе де бәлкiм мен баруым керек шығар? Қап, апамнан жаңа соны да сұрамай, не деп жауап қатар едi?» деген ойын үстiне кiрiп келген екiншi хатшы Николай Павлович Гуржий бөлiп жiбердi. Қол алысып болған соң алдындағы орындыққа бүкiл салмағымен шөктi. Толықша ақсары жүзiнен әлденеге алаңдаулы кiрбiңнiң мол iркiлiсiн аңдады. «Тыныштық па?» деп сұрай жаздап өзiн тежеп қалды. Гуржий көкшiл көзiн наразы кейiпте бұған төңкере тастап: – Миятбек Ақпейiлович, шатақ, шатақ, – дедi жайсыз нәрсе айтатында жалғыз ауыз ғана бiлетiн қазақша сөзiн әлденеше қайталайтын әдетiне бағып. «Әкесi өлгендi де естiртедi. Сонша сырдақтатып, мәймөңкелейтiндей не болды» деген сыңайда қабағын шытынып, Гуржийге сазара қарағанынан танбай отыра бердi. – Облыстық газетке шыққан кешегi сын аздай өзiмiздiң газет бүгiн «Қызыл Октябрьде» жетпiс жетi жылқының жетпейтiнi туралы бiр подвал сын шығарыпты. Сызданыңқы әлпетiнен шұғыл арылып, қаттап жиылған алдындағы газеттердi аударыстырып жiберiп, аудандықты

таба алмаған соң дереу секретаршаны шақырды. Iшке кiрiп келген талдырмаш қызға дүрсе қоя бердi. – Әр уақытта таңертеңгiсiн менiң алдымда аудандық газет жатуы керек деп қанша рет айтамын сендерге! – Сөзiн аяқтар-аяқтамастан селектрдi басып қап, ар жақтан қашан үн қатылғанша түйiле тосып отырды. Радиоқабылдағыштiкi тәрiздi әлде бiр дыбыс арқырап-сарқырап күшейiп барып сап тынды. – Садықбеков тыңдап тұр, – деген дауыс саңқылдап шықты. – Маған келiңiз! Iшке қайтадан қаздаңдап кiрген секретарша аудандық газеттi қолына ұстата бердi. Бұл жылдам айқара ашты да, төне қадалған күйi қатты да қалды. Үстерiне кiрген идеология хатшысы Садықбековтың сәлемiн жөндеп алуға да мұршасы келмедi. «Iлмиген редакторсымақты қарай гөр. Үндемегеннен үйдей бәле шығады деген осы екен-ау. Бюрода бұтына жiберiп қойған баладай әркiмге жаутаңдап отырушы едi, ендi мынауын қалай түсiнсек. «Қызыл Октябрьдiң» басқарма төрағасы Тұрғынбековтен бастап, халық сотының төрағасына, аудандық прокурорға дейiн қоймай тиiсiптi. Бәрiнен бұрын бүкiл елге жария боп кеткенi жаман болды-ау» деп ойлап, Гуржийге қарама-қарсы жайғасқан Садықбековтың аққұба дөңгелек кескiнiндегi жайдары ұстамдылықтың құтын қашырғысы келгендей көзiнiң астымен сүзiле қарады. – Сiз кешегi облыстық газетке шыққан сын мақаланы оқымаған сияқтысыз ба, қалай? Қас-қабағын таңырқай керген Садықбеков: – Оқыдым, – дедi. – «Жау жағадан алғанда, бөрi етектен жармасқанның» керi болды ғой, онда мынау, – деп, аудандық газеттi Садықбековтың алдына тастай салды. Жасы бiразға ұлғайған Садықбеков ұстамды қалпынан таймай, көз қиығын әуелi аудандық газетке тастап барып бұған байыппен бұрылды. – Бiз оларға сын жазбайсыңдар деймiз, ал жазса ұрысқанымыз сонда қалай болмақ? – Жазсын, кiм жазбасын деп жатыр. Бiрақ мынадай мәселеге сақ болу керек қой. Тиiстi жазасын алғандар алды. Ендi оның қоясын қазып не керегi бар едi. Өмiрде мұнан да маңызды мәселе толып жатыр ғой, жазсын соны.

– Шынында да, – деп Гуржий Нұржановты қостап қойды Аяқ астынан боп-боз боп қуарған Садықбековтың шырайлы жұқалтаң жүзiне бұрқ етiп қан ойнап шыға келдi. Нұржанов өзiн байыпты ұстауға қанша тырысқанымен қаймықпай шақшия қарағанынан селт ете түстi. – Газет мәселенi өткiр қойып отыр. Басшылық қызметтегi адамдардың бiразының партиялық мәселелерiн қарау керек. Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығына, аудандық мал дәрiгерлiк станцияның бас дәрiгерiне, аудандық «Сельхозтехника» бiрлестiгiнiң басқарушысына жылқышы Тұрғынбековтың қолхаты арқылы соғым берiптi. Мұны сот, прокуратура неге ескермеген? Тұрғынбековтың қоғамдық малды талан-таражға салуға қандай хақысы бар? Неге жалғыз жылқышы сотталу керек? – Қалеке, сiз кәдiмгi бұл жайдан бейхабар адамның сөзiн айтып отырсыз, – деп Гуржий Садықбековты бөлiп жiбердi. Таң-тамаша болған идеология хатшысы аңырып барып ол жайдың мәнiсiн анықтай түсуге ниеттенген сыңайда төнiп кеп қадалғанда – Гуржий иығын қомдап, оның бәрi о бастан солай ғой деген ыңғайда екi алақанын шарасыз жайды. Садықбеков бiресе бiрiншiге, бiресе екiншiге алмакезек қарап: – Қалай?! – деген кезде даусы оқыс жiңiшкеленiп шығып кеттi. – Қалай, солай! – дедi Гуржий әрiптесiнiң кещелiгiнен түңiлген кейiпте екi иығын және де қиқаңдатып. Гуржийдiң тап осы сәттегi осал тұсын тегiн жiбергiсi келмеген Садықбеков қол астындағы нұсқаушыға ақыл айтатын әдетiнше еңсесiн тiктеп, айбаттанып алды. – Сiз не деп тұрғаныңызды бiлесiз бе, Николай Павлович, партиялық принцип сонда қайда қалады, Тұрғынбековтердiң iстегенiне, жоқ, көне беруге тиiспiз бе? Жағдайдың, мiне, осы жағын ажыратып алуға тиiспiз. Мәселенi Нұржанов ет қызулықпен орынсыз көтерiп қойғанын сездi. Тығырыққа тығылған Гуржий таяныш iздегендей бұған жалтақтап қайта-қайта қарай бердi. Сөзге ортадан килiгудiң ретiн таппай дегбiрсiзденiп те барады. «Қоғамдық академияны үздiк бiтiрген деседi осы Садықбековты, үздiк бiтiрсе бiтiрген шығар, сөзге әйтеуiр

ұста» деп ойлады. Ал ендi жаңағыны қаншалықты шын жүрегiмен айтып отыр, оған сенсе құдай барды. – Әңгiменi сiздер мүлде басқа жаққа бұрып жiбердiңiздер. Партиялылығын қарау үшiн де негiз керек. Әлгi жылқыларды Тұрғынбеков тегiн үлестiрдi дейсiз бе, тиiстi бағасына бөлдi. Бiз оған егер партиялық жаза беретiн болсақ, онда бәрiне де беру керек болып шығады. Басқа жұмыстарды жайына қалдырып, осыған ғана кiрiссек, обкомдағылар бiзге не демек? Жоспарды кiм орындайды, жұмысты кiм iстейдi? – Тиiстi ақшамызға бәрiмiз соғым ала берсек, онда қоғамдық малдың не тамтығы қалады? – деп, Садықбеков одан сайын өзеурей түстi. «Жоқ, ол сенiң қолыңнан келе қоймас, ол үшiн мына менiмен тiл табысуың керек» дедi iшiнен кекете мырс-мырс күлiп. Мұның көкейiндегiсiн құдды оқып қойғандай Садықбеков алдыңғысынан бетер үдей жөнелдi: – Жоқ, сiз жаңадан келген адамның сөзiн айтып отырсыз. Газет көтерген мәселенi келесi бюрода қарап, лайықты шешiмiн шығарып жiберсек, халық алдындағы беделiмiз әжептәуiр артпай ма. Бiлсеңiз, аудандағы ахуал да жақсара түсер едi. Құрып кеттi дегенде Тұрғынбековты ең ақырғы партиялық қатаң сөгiсiнде қалдырып, орнынан алу керек. «Тұрғынбековке неге тiстей қатып қалды мынау. Әлде бiр бақастығы бар ма? Гуржий жаман ғұрлы ақылы жоқ па, бұл жазған құдайшылығын айтып отыр ғой, түсiнсе. Тұрғынбеков төбеңе тышып кетсе де шыдайсың.Мұның әлде, бiреудiң қолымен от көсеуден дәмесi бар ма екен? Оның бола қоймас». – Жаңа келген адам болайын, болмайын, ең әуелi аудандағы жағдайды сiзден емес менен сұрайды. Сондықтан да қандай iс болсын ақылдасып iстелiк. Ұшқары шешiмге барып, күлкi болып жүрмейiк. Аудандағы ахуалды жақсарту үшiн сiз айтқан шараға ұрыну – қауiптi. Редакторға қатты ескертiп айтыңыз, мұндайға бару үшiн бұдан былай аудандық партия комитетiмен ақылдасып алсын. Қалихан Садықбеков томсарыңқы жүзбен тұрды да, шығып жүре бердi. Оны есiкке дейiн көзiмен шығарып салған Нұржанов әлдене айтпаққа тағы да оқталып отырған Гуржийден зерiге қабағын шытты. Бюро отырысы сайын Садықбековтың жұлқынып сөйлеп, қыдыңдап сұрақ қойып, өзiн өзгеше еркiн ұстайтынын ойлағанда: «бiрiншi

хатшы мен бе, жоқ, ол ма?» дедi шамырқанып. Осы кезде ұсқыны сұрлана бұзылып кетсе керек, Гуржий қозғалақтап байыз таппады. – Миятбек Ақпейiлович, «Қызыл Октябрь» жоспарды орындамайтын тәрiздi. Ойдағы астық мәз болмап едi, таудағысы да көңiлдегiдей емес екен. Жайдары кейiпке көрнеу көшкен Нұржанов Гуржийге бiр ауық өзiмсiне күлiмсiреп: – Николай Павлович, жағдайдан қайткенде шығу керек екендiгiн менен жақсы бiлiп тұрып, оны маған несiне айтасыз. Қалай болған күнде обкомға орындадық деген рапорт берудi барынша ойластырып көрiңдер. Г у р - жий шығып кеткеннен кейiн де өзiне-өзi келе алмады. «Бүгiн не қылған күн өзi, қайдағы жоқты таңертең апамның айтқаны анау, оған Садықбеков пен газеттегi шыққан мақала қосылды. Құдды бәрi уәделесiп алғандай». Өзiнiң алдындағы бiрiншi хатшы қызметтен абыройсыз кеткен едi. Жаңағы Садықбековтың онымен қарым-қатынасы айтарлықтай болмаған деседi. Ел сөзiне сене беру де қиын: бiреулер өсiрiп айтқанға бейiм, жек көретiндерiн жерменжексен ғып тұқыртып тастауға дайын. Садықбековтiкi ақиқат-ақ болсын, бұл ашық-ақ кетсiн, бiрақ одан не опа таппақ? Бәрiбiр Тұрғынбековтiкi дұрыс болып шығып, қарап отырып өзi ақымақ болып тынады. Жан-жақтан түртпектейтiн жау да көбейедi. Баяндамалардан түспеуге айналады, кiм жаман, Нұржанов жаман. Егер тап солай болса Садықбековтың ұпайы түгел, абырой-бедел бәрi соныкi екенiн бiледi. Үстелдi шерткiлеп Нұржанов көп ойланып отырды. Жүрек сескенiп, көңiл құлазитындай түк жоқ, бiрақ тынышы кетiп, берекесi қаша беретiнi несi? Бәрiнен де Садықбековты еркiн көсiлте сөйлетiп қойғанына опынды. Келтесiнен қайырып, тыйып тастау керек едi. Қызметке келгеннен кейiн көп ұзатпай бұл ауданды аралауға шықты. Колхоз-совхоз кеңселерiнде аялдап, басшылардан әуелi мән-жайға қанығып алады. Сиыр фермаларын аралап, содан қойлы ауылға тартады. Тұрғынбеков басқаратын «Қызыл Октябрь» шаруашылығында жасы көп болса қырықтар шамасында ғана Қазақбай Қырғабақов деген қойшы бар екен. Аузында бiр тiсi жоқ, сөйлеген сайын опырайған иегi мұрнына тие жаздайды. Кейде көкейiне сезiк кiргендей желқақты өңi тастүйiн тартып, кiсiге

түлейлене суық қадалады. Сұрақтарға екiойлы кейiппен кiдiрiп барып жауап қатады. Қалың қабақты Тұрғынбеков оған сұстана түйiлiп, шегiр көзiмен iшiп-жеп қарағанда анау етiгiнiң ұшымен жер шұқылай бастайды. – Мәке, бұл бiздiң колхоздың маңдай алды шопаны. Биыл 137-ден қозы алды.Келер жылы әр жүзге жүз елуден айналдырам деп уәде берiп отыр. Рас қой, Қазеке? – Ашық қоңыр даусын нық өтiмдi шығарған Тұрғынбеков қойшыға қарай бiр-екi аттап жақындай түстi. Басын жерден ауыр көтерген қойшы назарын ешкiмге тiктемей, белгiсiз тарапқа шүйiлген уақытта кескiнi күреңiте күмiлжiп барып: – Бұйыртқаны болады да, – дедi. Шегiр көзi шарасына сыймай шақшиған Тұрғынбеков қойшыны тарпа бас салатындай ентелей ұмтылып кеп қарсы алдына қалт тұра қалды. – Бұйыртқаның не сенiң ей, еркек деген бiр-ақ сөздi болмаушы ма едi? Қандай сөз айтылса да көңiлiне ауыр алмайтын қойшы кенет ырсиып күлiп жiбердi. – Ет қызумен адам не демейдi. Мынадай бiтеукөкiректермен не iстемекпiн деген шарасыз сыңайда жан-жағына алақ-жұлақ қараған Тұрғынбековтың тұлдана сұрланған ұсқыны әлемтапы рықтанып: – Мәке, көрдiңiз бе, – дедi тiстене. – Шеттерiнен осылай кежегесi кейiн тартып тұрады. Қашанғы бұларды берi тарта бересiң. Неге өздерiндей Көкебаевты көрмейдi? Жүзден жүз тоқсан жетiден қозы алған сондай азаматқа ең құрығанда ұқсауға тырыспайды ғой бұлар. Шала бүлiнген Тұрғынбековты Нұржанов үн-түнсiз бақты. Жерден басын алмай, қипақтап берекесi қашқан қойшы Көкебаевты естiгенде тiксiне кегжиiп, бастығына бiр мезет өшiге қадалды. Опырайған иегiнiң тiгiсi жазыла, салбыраған мұрнының ұшы делдиiп, нұры қоңырқай көзi шарасына сыймай шатынап: – Бiзге сол Көкебаев тiрi тұрғанда ешқандай жақсылық жоқ, иттiң баласын тура ату керек! – дедi дүңкiлдеп. Құлақ тұнатындай тыныштық орнады. Шегiр көзi алая кең ашылған Тұрғынбеков абыржи тосылып барып, мынаған еш дауа жоқтығынан түңiлген кейiпте шалт бұрылып жүре бердi.

Аузы опырайған қайдағы бiр қойшының айтқаны көпке дейiн көкейiнен кетпей қойды. Бейнеттi белшесiнен кешкен адамның тiлi ащы келетiнi, бәлкiм, рас та шығар? «Ал осы Садықбековтың не бiлгенi бар? Егер ол менiң орнымда отырса не iстер едi?» деген ой әлсiн әлi мазалап, ылғи тығырыққа қамалып, жан азабына түсетiн болып жүр. М iне, ендi Бел деген станциядан келе жатқан бетi. Дүниенiң осынша аумағын тарсынатындай сарайы ашылмастан айналаны көңiлсiз шолады. Аңызақ аптапқа тандыры қатып, кенезесi кепкен мынау аймақтың бiр ұштығы өзiне тиесiлi екенiн сезiнетiн сенiмiнен айрылғанына кенет жаны жүдеу тартты. Алып бара жатқан керемет жылдамдық болмаса да ұдайы сақылдаған қатқыл ырғақтың әр айналымының өзiнде құлдилаған сонау жазықтың мезеттiк жалт етiп жалпайып, сылқ түсiп ғайып болатын сәтi сияды. Жол бойына тiгiлген тал-дарақ бiткен күзелген жалдай бiрөңкей. Шаңытқан далада жиде, шiлiк, бұталардың көкала күмiс түстi реңi көзге ерекше жылы ұшырайтынына бейiлi қатты ауып, қамсыз тұрған. Төтен нәрсенiң қыспағына абайсызда түскендей жүрегi кенет бұлқына қатты соқты. «Облыстық партия комитетi бюросының шешiмi бойынша Нұржанов сiз КПСС қатарынан шығарылдыңыз». Жаңадан сайланған облыстық партия комитетi бiрiншi хатшысының көзi өңменге тура қадалса да, бой тiксiнетiн уыттың зәрi оншалықты сезiлмейтiндей көрiнген. Ашық қоңыр даусының тек қатқыл шешiмдi шыққанынан ғана қаупi күшейiп, әркiмге назарын тiгуге мұршасы жеткенде түксиiп-түксиiп алған кескiн-шырайлардан көңiлi түсiнiксiз қобалжып өткенiн бiледi. – Партбилеттi үстелге қойыңыз! – дедi иығын қомдай, ырғала қозғалған хатшы. – Қосып жазуды мен шығарған жоқпын. Менен де бұрын болған. Сол үшiн жазалау керек болса жалғыз менi емес, бәрiн де жазалаңыздар! – дегендi үзiп-жұлып әрең айтты. Қалтырап-дiрiлдеп шыққан үнiнiң қилы әуенiн өзi де аулай алмайтын дәрежеге жетiп, iшкi жан толқынысының сұрапылынан көзi алды тұмандана, құлақ шекесi үздiксiз дыңылдап тұрып алды. Қойылған кiнәларға мойынсұнудың орнына жалқы екенi жадына орала кеттi. Бұрқ көтерiлген

ашу-ызасы сәл болса ақылынан алжастырып, бас-көз жоқ айғайға басатындай тұтанып бара жатқанын бiлдi. – Сөздi қой, қолыңмен iстегенiңдi мойныңмен көтеруге тура келедi, – дедi хатшы бiрден сенге көшiп. Басын жерден алмай тұқшиып отырған екiншi хатшыға кенет көзi түсiп кеткенде жүйе-жүйесi босап, жылап жiбере жаздады. Көзкөрген, дәмдес-тұздас болған мынадан еш қайран жоқ па, сонда? Мұның жағдайы қабырғасына батып бара жатқан соң шарасы бiтiп, томырылып отыр ма екен әлде? Дәмеңе болайын сенiң. Сондағы Николай Трофимовичтiң отырысын далда тұтқан екен ғой, әшейiн. Бiр ауыз сөз айтатын жөнi емес пе едi әйтпесе. «Сенiң жағдайыңды жаманжәутiк жерлестерiңе дейiн менен сұрайды» дегенде оған Сара Арқабектi қоспайды-ау, шамасы. Ондай сұмырайға бiздiң қатын шаң жуытпайды ғой». Түкпiрдегi ауданның бiрiншi хатшысы Жалмұқанның осыдан екi-үш жыл бұрын оңашада айтқан әңгiмесi жадынан шықпай, ойына ыңғай оралатын болып жүр. «Бiрде орта жастағы адам кiрдi, – деп бастап едi Жалмұқан сонда. – Сырт пiшiнiне қарасаң – әп-әжептәуiр аңғарлы кiсi. Ойлы да сынық. Iшiне бүккен сырлы мұңы бар тәрiздi. Бiраз уақыт бастай алмай күмiлжiп отырды. Мен де асықтыра қойған жоқпын. Бiр кезде анау бiртүрлi ұяң кейiппен жасқана қарап: «Мен сiзге бiрiншi хатшы есебiнде емес, бiр шаруа бойынша ақылдасайын деп келiп едiм, – дедi. – Ел қатарлы еңбек етемiн. Әйелiм, екi балам бар. Соңғы уақытта айдалада қалғандай сезiнетiн бiр бәлеге ұшырадым. Жасырақтау кезде көзiме шөп салғанына дейiн бiлемiн. Сонда-ақ ажырасып кетуiм керек едi, жүректi адам ғана ондай қадамға бара алады екен. Қазiр әйелiм маған екi баламды қарсы қояды. Не iстеуiм керек, айтыңызшы?» – дейдi әлгi. Бiрден кесiмдi жауап беру оңай ма, бiраз бөгелiп барып: «Соншалықты дәрежеде құл болып кетуге болмайды, ажырасыңыз, – дедiм. Ана бейшараның сонда не дегенiн бiлесiң бе, Мәке?» Әңгiме айтқан кезде Жалмұқан сөздiң астарына үңiлiп, содан мән-мағына iздеп, дәсерлене беретiн қылығы бұған о бастан-ақ ұнамайтын. Күйзелiстi кейiпте ол үнсiз қалып, назарын бұған бiршама тiге iркiлiп, көңiлсiз ойлардан серпiлгендей кенет кiрпiктерiн ширақ қимылдатты. Сол сәтте нышаны қунақ тартып, езуiне қитұрқы күлкi үйiрiлгенiне дейiн байқады. «Партиялылығымды қайтемiн?» – деп анау қарап отыр. Маңызды нәрсе айтатын сыңайға

енген Жалмұқан қабағын қарыс жаба терең күрсiнiп алды. «Мәке, бiздiң адамдар партияның өзiне құл болып бара жатқанын, байқайсың ба. Анаған ашуланып кеткенiм сонша, жеке басыңның шекесi қызбай тұрғанда партияны не қылайын деп едiң деп айғайлап жiбердiм. Басқа басқа, менен тап мынадай сөздi күтпеген бейшара есi дұрыс па дегендей таң-тамаша боп, состиып барып сыртқа шығып жүре бердi». Әдемi аққұба жүзiне қызыл бояу тебiндеп шығып, мұның өңменiне қоңырқай көзiн тiктеген Жалмұқан: «Мен оған ендi не деуiм керек, шыда, көн десем, обал» – дедi. Қабылдауына келген сол адамның шұғыл шешiмге бәрiбiр бара алмайтынын алыстан орағытып әкелiп, көкейге қонатындай ғып дәлелдегенi есiнде. Мұның алдына алғаш Арқабек те iнiңiзбiн деп келген едi. «Шүкiр, бұ күнде iнiге кенде емеспiз, бұйымтайыңды айта отыр» деп оған салғырт райда назарын самарқау салқын тастаған. «Сiзге Байсерке атам сәлем айтты» дедi босағада селтиiп тұрған күйi. «Байсерке» дедi бұл iштей таңырқап. Оның өрен-жаранының сұқпытына байыптап қараса, жанаспайтындай. Өз белiнен перзент болмаған соң Мәдуардың бiр ұлын асырап алды деп едi, бiрақ оған ұсқыны келiңкiремейдi. – Байсерке ақсақалдың сен кiмiсiң? – Туысқанымын. Не қылған туысқанысың деп қазбалап сұрау қолайсыз, бiтiмiн бастан-аяқ түгел тiнтiп шолып шықты. Майға көбiрек тұрып пiскен тоқаштай жып-жылтыр өңiне байыптап қараған сайын бiреудiң кейпiн есiне салады, бiрақ құрғырдың кiм екенiн есiне түсiре алсашы. Тiктеу маңдайынан түзу құлаған қыр мұрнының өткiрлеу ұшы, бейкүнәлана жаудыраған қап-қара көзi, өзiн сонша сыпайы, сынық ұстаған күйде едiрейiңкi тұрысы – бәрi, сондай таныс. – Байсеркенiң туысқаны болғанда кiмнiң баласысың? Мұрнының өткiр ұшы делдие түсiп, көзi кең ашылып, аңқая тосылған анау: – Жолбосынның, – дедi. «Әуелi екпiндетiп сөйлегенiне дейiн аумайды екен-ау, иттiң» дедi iшiнен. «Сенен бала тапқанша, иттен тапқаным жақсы» деп сонау бiр кездерi жап-жас уылжыған келiншек шешесiнiң айтқаны ойына сақ ете түскенде – шекесi

шыңылдай жөнелiп, көз алды жыбырлаған буалдыр сағымға толды да кеттi. – Саған әкең Байсеркенiң туысқанымын деп айт деп пе едi?! – Нұржанов оған түсiн суыта қадалып барып, жерiгендей жүзiн бұрып әкетiп,сыртқа ұзақ телмiрдi. Ал анау мұның өңiндегi жайсыз құбылыста еш шаруасы жоқтай: – Ауылға барған сайын Байсерке атам ылғи бiздiң үйге келедi. «Миятбекке бардың ба, бармасаң бар, халiн бiл, ағаң ауырыңқырап жүр де» – деп қайта-қайта айтып қоймаған соң, сiзге жолыққаным ғой. – Сәлем айт, қолым қалт еткенде өзiм де бiр барып қайтармын, – дедi. Күндердiң бiр күнiнде өзi басқаратын ауданда Жолбосын соқырдың ұлы iстейдi-ау деп ойласа не қылсын. Ойынан жатса-тұрса кетпейтiн түйткiлдi нәрсеге айналды. Мұның шешесiн әкесi баяғыда қан-жоса ғып сабағанымен қоймай, менi көрдiң бе дегендей ендi баласының жетiп келгенi бұған қыр көрсеткенiмен бiрдей тәрiздi. Байсерке де алжиын деген шығар? Басқа адам құрып қалғандай тура сол Жолбосын оңбағанның баласын тапқанын қарашы. Анау арақкеш Мәдуарын-ақ жiберсiншi, дәудiрлеп қазiр-ақ жетер едi. Облыстық партия комитетiнiң пленумынан шығып қаладағы үйiне соққанда қызы «папалап» келiп бас салды. Орнынан құлықсыз көтерiлген ұлы состиып қана тұрды. Өлiп-өшетiн бола қоймаса да қызының бетiнен шөпiлдете сүйiп, баласының басынан ғана сипады. Шешесiнiң ажарында кiрбiң барын аңғарса да жайдары қалпынан айнымай: – Апа, бiр жерiңiз ауырып жүр ме? Өңiңiз неге солғын? – дедi. Еттен ари бастаған шешесiнiң атжақты әжiмдi кескiнiнен бейiлсiздiк сейiлместен қабағын оқыс ауырсына шытынып, бiр ауық сынағандай бұған сүзiле қарады. Бұл кiсiнiң ұшқалақтық жасап, артық-ауыс сөйлеп қойып соны жуыпшаятын жалпаң-жұлпаңға салынған жалтарма мiнезiн көрген емес екен ойласа. – Менде құсалықтан басқа не болсын. Осы төңiректе сөйлесiп, шер тарқатысар пенде жоқ. Сенде балалардың не шаруасы бар дейсiң. Төрт қабырғаны кешке дейiн күзеткеннен басқа ештеңе iстемей жаудырайсың да отырасың.

– Апа, жаз шыққанша шыдаңыз,тура екi-үш ай ауылда боласыз, – дедi бұл анасының ыңғайынан шығуға тырысып. Өңiндегi кiрбiң тарқамаған шешесi бәрiбiр сүлесоқ қалпынан танбады. «Адам қартайған сайын бабын табу қиындай түсетiн шығар? Әйтпесе жалғыз емес, қасында ермек қылатын балалар бар. Не iшем, не кием демейдi. Бұдан артық өл дейме ендi» деген ой санасында қылаңытқан сәтте осындай сөздiң сарынын тыйып тастауға бiр оқталды. Жолбосын баласының жақында қабылдауында болғанын қалай әңгiмелеп кеткенiн өзi де сезбей қалды. Қараса, осының алдындағы сүлесапа салғырттығынан лезде арылған шешесi құлық қоя тыңдаған уақытта арық жүзiн торлаған әжiмдерiне дейiн бiртүрлi жазылып, нұры тайыңқы көзi күлiм қаға бастапты. – Ол қу соқырдың баласы әжептәуiр жiгiт болып қалып па?! Дән разы сұрақтың серпiлiстi мәнiсiне бара алмай тосылған бұл: – Иә, оқу бiтiрген бiр баласы бар, өзi агроном, – дедi. – Қу соқырымның баласы жараған екен ғой, – дедi шешесi жаңағы бiр бейiлдi райынан жаңылмай. «Қу соқырым, қу соқырым» деп сонша елжiрей қалғаны несi? Ол иттiң баласын бұдан былай маңыма жуытпаспын». Анасының жүзiнен тобылғы түстес көзiн тайдырмай ұзақ кiдiрдi. Ұлының түксиiп жаратпай қалғанын аңдаған шеше бастапқы күйiнен де бөлекше сыншыл, байыпты, сынық қалыпқа көштi. Әдетте шешесi мұндайда түсiн суытып, жанарын өңменнен тайдырмай телмiре қалатын. Бұл жолы өйткен жоқ. Шырайы күреңiте құбылып, шарасыз күлiмсiреген бойы ешкiм естiп қоймасын дегендей бұған емiне төнiп түстi. – Сол соқырдың сабағанынан саған келген жамандық қайсы! – Манағы құлықсыз кейпiмен шешесi қайта табысқанын аңдады. Лып етiп орнынан тұрып терезе жаққа барды да, сыртқа ұзақ үңiлдi. «Сабағанын жақсылыққа балай ма, сонда, мұнысы қызық екен» деп ойлады бұл орындыққа нығырлана жайғаса түсiп. «Осы кәрi адамдарды түсiнсе, бұйырмасын. Жаманшылықты тағы ұмыта қалады. Ал ендi осы үйде не жоқ, бәрi бола тұрып, құсалықтан өлетiн болдым» – дейдi және. Осы ойдың жетегiне iлескен сайын бойын шарасыз ашу биледi. Осы кезде шешесi жалт

бұрылғанда шарасы жасаурап, реңiнiң сұрлана қалғанын байқап, абыржи дағдарды. – Алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген. Мейлi, құрып кетсiншi! – Шешесi әлденеден қысылғандай сөзден қалт тыйылып барып қайта жалғады. – Сенiң әкеңнен мен жиырма екi жасымда қалыппын. Ендi сен маған құдайшылығыңды айтшы, бiр ұятқа қалдырған жерiм болды ма?! – Жоқ, – дедi бұл абдырай тiл қатып.

Т амбурға топырлай жиналған манағы бiр топ балаң жiгiт қайтадан будақ-татып темекi тартуға кiрiстi. Қанша назар бұрғысы келмесе де айқайлай сөйлеп, даурыға күлген алаңсыз қалыптарына кенет қызыға қарады. «Осылар үлкеннiң алдында кiшкене иба сақтау керектiгiн бiлмей ме екен?» Iшке кiрейiн десе ана бiр қозықарыннан қашқақтайды. Орнында тұра берейiн десе мыналар... Сыртқа ерiксiз тағы да көз жiбердi. Сонау таудың етегiндегi көлеңке басы ұзара түсiптi. Темiр жолдың жиегiндегi тоқтау шалшыққа бiраз уақыт қадалды. Атасы су болған соң бетiнде мың-сан иiрiм-бедер қатпарлана жиырылыпжазылатынына iшiнен қайран қалып тұрған. – О, озеро Балхаш! – дедi жаңағылардың бiрi даурыға айғайлап. Қалғандары Балқаш көлiн көруге жапатармағай тұра ұмтылысты. Содан даңғаза күлкiнiң тиегi ағытылды дерсiң. Қуаң мезгiлде құты қашқан өлкенi бұлар мазақ етiп жатқандай көрiнiп кеттi. Жарықтық мынау туған жаратылыс жаны ашып, басы ауырмайтындардың келекесiне былқ етiп қоймайтын не деген салқынқанды көмбiс. «Сорлы шешем сонда өзiнiң ұятқа қалмағанын Жолбосын соқырдың қамшысының арқасы деп көз жұмғаны ма?» – дедi кенет өзiне-өзi. – Бәлкiм бұған да кезiнде сондай қамшы керек болған шығар?!» Мұның қабылдауында Жолбосын соқырдың ұлы тағы да болды. Ауылдағы елдiң бәрi мұны өзiнен сұрай беретiндiгiн iшi-бауырына кiрiп кете жаздап жеткiздi. Байсерке ақсақалдың дұғай-дұғай сәлемiн құдды шалдарша тiлiн төсеп сөйлеп, айна-қатесiз салып бердi. «Құзғын болып кетпесем, төрiмнен көрiм жуық қалды. Көзiмнiң тiрiсiнде ойдағықырдағы ағайынның басын бiр қосып кетудi ұйғарып отырмын. Екi жұмадан кейiн қайткен күнде келсiн. Шешесi

– Ақжамбыны қалдырмасын» – дептi. Түнеукүнгi шеше сөзiнiң әсерi ме, бұл жолы әйтеуiр өткендегiдей қатқыл қабақ танытпады. Асығып-аптығып сөйлегенде әлденеден жазып-жаңылып қалатынынан қорқатындай сұраққа ылдым-жылдым жауап қататын шапшаң. Әкесi қазанның түп күйесiндей қошқыл қара да, мынаның өңi ашаңдау. Жолбосынның қызғылт жиектенiп тұратын жалғыз көзiнiң түсi тап қазiр есiнде жоқ, мынаның қоңыр қарашықтары тышқандiкiндей жылтың қағады. – Сенiң атың кiм едi, өзi? – Көзiн бейкүнә жаудыратып: – Арқабек, – дедi. – Арқабек! Ондай атты әкең саған қайдан тауып қойып жүр? – Кекесiнмен мырс етiп күлiп жiбердi. Бағжаңдап құты қаша бастаған Жолбосын ұлының кейпiн қызықтағандай шүйiле төне түсiп: – Партияда барсың ба? – деп, ернiнiң ұшымен жай ғана сұрай салды. – Жоқ, – дедi анау жылы сөз дәмете емексiп. Әлдебiр жағдайды есiне түсiре алмаған қиналысты сыңайда креслосына көмiле бiраз iркiлiп барып, селектрдi басып қалды. Содан әлi аңқайып тұрған Жолбосынның ұлына түсiн суыта шүйiлiп: – Сен бара бер, – дедi. Шешесiн, әйелi мен бала-шағасын алып ақыры ауылға тартты. Жолға қатты қамданып, барын киiп, бақанын ұстаған анасын көңiлi өсе түссiн деп алдыңғы орынға әдейi жайғастырды. Базарлықты аямай үйiп-төгiп алған ба, буыншақ-түйiншектердi жүргiзушi артқа көп уақыт тасып әлектендi. Ара-арасында және тым елбелектеп: «Жарықтықай десеңшi, баяғыда жаяу жүрген жерлерiмiз ыстық қой, адамға» – деп, тiл қатып қояды. Қоңырқай адыр-қыратқа әлсiн-әлi жалт бұрылып, бiрауық ой жетегiне iлесiп кеткендей қадалып, қимылсыз телмiре қалады. Не қыс, не көктем емес, былжыраған лайсаң маусымның өзiнде әр төбе мен бұта көзiне оттай басылған мұның өзi де алып-ұшып барады. «Бәкене қайным аман болса, осы күнге дейiн елдi бiр шыбықпен айдап, алдына салып алған шығар?» деген шешесiнiң сөзiн осындай көңiл күйде отырып, шала-шарпы естiдi. «Бәкене қайнысы – Байсерке, туысқан, ағайын, жекжат, дос-жар, сонда олар кiмдер?» дедi кенет. Мұның қас-қабағын бiреулер бағады, жоғарыдағылардың даусы неге қатқыл шықты деп бұл алаңдайды. Алдарына барған

сайын әуелi шырайын байқайды. «Ал менiң шешемнiң бәкене қайнысы елдi алдына салып ап бiр шыбықпен қалай айдамақ? Айналып келгенде Байсерке кiм? Бар-жоғы ауылдың жасы үлкен ақсақалы ғана... Менiң әкем осы күнге дейiн тiрi тұрғанда... Байсеркенiң қасында төбедей емес пе? Менiң өзiм қандай шал болар екем?» Сара жаққа назарын ерiксiз бұрды. Көңiлi әлденеге толмаған бұйығы қалыпта бұған болымсыз жымиып қана қойды. Көрiнген нәрсенi әшейiнде дызақтап сұрап мазаны алатын Назерке екеш Назерке бұртия томсырайып алыпты. Сөзге жетектеп отырып, сыздықтатып тартпасаң тiс жарып, тiл қатпайтын ұлын қояақ қой. Атасына тартқан дейдi мұны шешесi. Тартса тартсын. Атасы мен әжесiнiң дәрежесiне жетсе жаман болмас». Ауылдың қарасы көрiнгеннен-ақ дегбiрсiзденген шешесi әлсiн-әлi мойнын созып, үздiксiз қарағыштай бастады. – Қазандарын көтерiп, қамдарын жасап жатыр екен, бишаралар. – Апам қызық, – деп, әлденеден қысылғандай Сара тығыла күлдi. Көк қақпаның маңындағы топырлаған ел әбiгерге түсiп, абыр-сабыр бола қалды. Жақындаған сайын әркiмнiң түсiн түстеп тануға айналды. Есiктi айқара ашып, әлдекiмдерге әмiр берiп жүрген анау сiреңқара – Байсеркенiң немере iнiсi – Мәдуар. Арақты тартынбай сiлтейтiн шығар сабазың, бойына әлi шыр бiте қоймапты. Өңiрi ою-өрнекпен әдiптелген қазақы шапанды мынауың кiм? О, құдай тас төбеңдi ұрғыр Ұябай, әртiспiсiң деген». Сөйтсе де оған iшi жылып, шын жүрегiмен жайыла күлдi. Мұны «Қазақконцертте» iстейдi деушi едi» деп ойлағанша болған жоқ – «Волга» ақырын сырғанай сырғып, iшке бет алғанда-ақ анталаған жұрт қақ жарылып жол бердi. Қалт-құлт етiп таяққа сүйенiп тұрған Байсеркенi көзi шалғанда Нұржановтың тұла бойы дiр ете түстi. Осының өзiн ауырсына ма, бүйрек беттi дөңгелек жүзiн қинала шытып, бұларға қарай кiбiртiк-кiбiртiк басты. Машинаның есiгi ашылған заматта-ақ шешесi Байсеркеге тұра ұмтылды. – Қараорманым, ескi жұртым қайным-ау, аман-есен жүрмiсiң? – Жамбым-ау, асыл жеңгем-ау, өзi болған қыз төркiнiн танымас деп, бiр көруге зар қылдың ғой. Кемсең-кемсең жылаған Байсерке де құшағын аша әлтiк-тәлтiк басып қарсы жүрдi. Екеуiнiң мауықтары әбден

басылып, құшақтары ажырағанда барып Байсеркемен қос қолдап амандасты. Нұры өшiп, өлеусiрей жылтыраған көздерiне қарауға бiртүрлi дәтi жетпей арқасынан қақты да, иiрiлiп күтiп тұрған жұртпен шетiнен қауышып шықты. – Партияның iрi қайраткерiн қарсы алу үшiн тайлытаяғымыз қалмай келдiк, көрмейсiң бе. Алматыдан атақты артист бауырымыз Ұябайды арнайы алдырдық, – деп, Мәдуар миығынан күлдi. Өңкиген әлпетiнен осы сөздi ағынан жарылып айтқан, айтпағанын анықтап оқу қиын екен. «Мектепте жүрген кезiнде-ақ қисық-қыңыр сөйлегенi үшiн мұғалiмдер ылғи көзтүрткi қылатын. Ендi өзi де сабақ бередi, балаларды қай шекесiн қыздырып оқытады дейсiң». Демiнен бұрқ етiп шыққан арақ исi келдi. Өзiне қарай тура қалталақтап келе жатқан Ұябайдың әлден-ақ масаң екенiн аңғарды. Жып-жылмағай бiр уыс жүзi быж-тыж, нұры солғын жыртиған көздерiн кiлмите қадап: – ДО-дан ФА-ға, ФА-дан МИ-ге, МИ-ден үйге барам, – дедi. «Мына антұрған не деп кеттi?» – деп ойлап үлгергенше: – Патшам, баяғыда музыкалық нотаны жаңадан үйренiп жүрген бiр домбырашы осылай дептi. – Сөйлеген сайын ары-берi қолын сермеп, жын ұрғандай кенет төсiн жұдырығымен қойыпқойып жiбердi. – Мен кiммiн, мен бiр жүрген жаман сары. – Ашық қоңыр даусы көкiрек сарайынан iркiлiссiз саңқылдап шығады. Сөздiң әр ырғағын таңдайына үйiрiп, кеудесiн кере қомданып лебiн жұтынған сәт кiлмиген көздерi құтырына ойнақшып, сұйық қасы тiтiрене жыбыр қақты. Бағанадан сахнада тұр екем деп ойлап қалғандай аяқ астынан бәтуалы кейiпке көшiп, жосықсыз қылығынан әжептәуiр ыңғайсызданған кейiпке енген Ұябай: – Иә, патшам, ат-көлiгiң аман ба? – деп, мұны бас сала құшақтай алып, әлдекiмге қолын шошайта нұсқады: – Маэстро, арақ әкел! Мына апай-топайда Ұябайдың жаңағы қоқан-лоқысын ешкiм ерен қылмады. Әлдеқалай әйелiне қөз тастап үлгердi. Құдды құбыжық көргендей Ұябайдан тұла бойы тiксiне селтиген тұрыс әлпiнiң жаттығын көңiлiне жайсыз түйдi. Ғайыптан кез бола кеткен әпендеге балалары мәз, бiр-бiрiне ризалықпен қарап, iшек-сiлелерi қатқан сәттегi уәйiм, алаңнан ада, кiнаратсыз реңдерiне арбала кiдiрдi.

Дастарқан басына жұрт бiртiндеп жайғаса бастағанда Ұябай мұның қарынан жiбермей тас қып ұстаған күйi жетектегеннен жетектеп төрге бiр-ақ алып келдi. – Патшам, сенiң орның әрқашан да осы жер екенiн ұмытпа! Содан ортаға билей басып шықты да, «уа, халайық» деп әруақтана айғайлап жiбердi. – Байсерке ақсақалдың қасиеттi шаңырағына жиналып отырғандардың бiр бөтенi жоқ мұнда. – Тiкесiнен тiк тұрған ол кенет қонақтарға тағзым ете сәндi иiлiп кеп жалт бұрылды да, Байсеркенiң қасына жетiп барды. – Солай ғой, ақсақал! – Қоштау-қошеметтi күтпестен жалпы көпшiлiкке назарын қайта тастап, бiраз iркiлiс тапты. Жүрiс-тұрысы қанша ширақ көрiнгенiмен қысыңқы көзiнiң айналасы бiртүрлi көгiстене сүйкiмсiз тартқанын аңғарып: «iшедi-ау, бейшара» деп ойлады. Мұндай қызу асабалықтың шағын қонаққа қажетi шамалы болса да кiрiспе сөздi Ұябай ұзақсонар сөйледi. – Өмiр бойы мұғалiм болып қызмет iстеген Байсерке ағаның шапағатын осы жерде отырғандарыңның қайқайсың көрмедiм деп айта аласыңдар. Жiгiттiң сұлтаны анау төрдегi Миятбек те, Киев университетiнiң философия факультетiн бiтiрген сонау Мәдуар да, орталарыңда ортекедей орғыған Ұябай тентектерiң де осы аяулы ағаға қарыздар. Осы кешiмiздi ашу құрметi ендеше ағаның өзiне тиедi. Орнынан созалаңдап әрең көтерiлген Байсерке бiршама алқынып тұрды. Жыламсыраған даусы бiр сұмдық қалтырап, үздiк-создық шықты. – Лұқпан хакiм мың жасадым деген екен... Ұябайдың өзiн атын атап, санатқа iлiп кетенiне кәдiмгiдей желпiнiп, жан-жағына қоразданып одырая қарап отырған философ Мәдуардың көзiмен көзi абайсызда түйiсiп қалды. Қарашұбар кескiнi шымқай күреңiтiп, аласы мол қоңыр жанарының қарашықтары дәйек таппай ойнақшыған кәдiк қарасына дәтi шыдамай назарын бұрып әкеттi. Күтiмсiздеу түксиiңкi қалпы жiбiмейтiн тоңмойын. Әжептәуiр оқу орнын бiтiрген мұның бармаған жер, баспаған тауы қалмаған шығар? «Ойбай, Мәдуар Алматыда академияда iстейдi, кандидаттығын қорғамақшы» дестi. Ендi бiрде үлкен дөкейдiң қызына үйленiп, дүркiретiп той өткiздi. Бiр жыл болды ма, болмады ма, онысымен ажырасып тынды. Содан кейiн не үйi, не күйi жоқ, қалада далақтап көп жүрiп қалды-

ау, осы. Адам қатарынан шыға жаздаған кезде Байсерке ақсақал әйтеуiр қоймай жүрiп ауылға әкелдi, жұмысқа орналастырды, қасында отырған ана қаракер қатынға үйлендiрдi. Бес-алты күшiктерi бар дейдi. Ой жетегiне iлесiп кетiп байқамапты, Байсерке сөзiн ендi өзiне бағыштаған екен. – Миятбек шырағым, жетiмдiктi көп көрiп, өз еңбегiңмен осы әлетке жеткеннен кейiн бе, жат бауыр болып бара жатқан сияқтысың. Ақжамбы жеңгемнiң ғана баласы емес, бүкiл елге ортақ ұл болдың. Көп созып неғылайын, қайда жүрсең де абыройлы бол, тасың өрге домалай берсiн. – Ду қол шапалақтап, орнымыздан тiкемiзден-тiк тұрып, бәрiмiз бiр кiсiдей алып жiберейiк, – деп, Ұябай өзiнiң асабалық қызметiн тым үдете түстi. – Әй, конферансье, бұл жер саған театр дейсiң бе, – деп Мәдуар қағытып өттi. «Конферансье, дәл тауып айтты-ау, мынау» – дедi Нұржанов iшiнен. Құдды сахнада тұрғандай Ұябай ауаны қауа алға ұмсынып, қилы әуенге сала даусын құтыртып шығарды.Быж-тыж бiр уыс жүзiн жеңiл алау шарпи ортаға жұлқынып шықты да көз қиығын Мәдуарға қырын тастады. – Әй, сәбакi, он жерден пилосоп болсаң да конферансье дегеннiң не екенiн бiлмей кететiн болдың-ау. Уа, халайық! Сонау бiр бала шақтарда, Қарлығаш қанат қаққанда, Шiлдеде, я ақпанда Көз жасын маған көрсетпей Отаным жылап жатқанда ......................................... Аяулы менiң Отаным, Көзiнiң жасын iркуде, Көңiлiнiң мұңын бүркуде. Дәрменсiз едiм сонда мен Көзiнiң жасын сүртуге. «Е, құрған Ұябай-ай, дәл осы жерге әртiстiгiңдi көрсетпей-ақ қойсаң қайтер едi» деп ойлаған әуелi бұл. Кенет етжүрегi елжiреп, ебiл-себiл жылағысы келетiн тосын халге тап болғаны. Қарашұбар өңi қуқылдана күреңiткен Мәдуар иығын бiр-екi мәрте қомдап, мына отырғандардың бiреуiн де мiсе тұтпаған ыңғайда жағалата шолып барып, қоқаңдап атып тұрды.

– Азаматсың Ұябай, бiз пендемiз, сен перiштесiң, сол үшiн әпкелшi берi бетiңдi! Құшақтарын көп жыл көрiспеген жандардай айқара ашып, бiр-бiрiне тұра ұмтылысқан екеуi шопылдатып ұзақ сүйiстi. Әзелде басынан кешкен босаң күйден лезде арылған Нұржанов бұлардың өздi-өзi дәсер бола көрнеу бұлдана қалғандарын жаратпай қабағын шытынды. Мұның өңiндегi өзгерiстi бiрден байқаған Байсерке де ана екеуiне бiрауық сазара қарап: – Әй, сендерге не болды өздi-өзiңе сонша сұқтанып, – дедi. Айқасқан құшақтар дереу ажырасып кеттi. Үшкiр мұрны делдиiңкi тартқан Мәдуар жан-жағына қоқилана қарағанда алайған шарасы құтырынған ұшқын атса, елпелектеп ортаға суырылып шыққан Ұябай: – Уа, халайық! – дедi ышқына айғайлап. – Ұябай, сахналық әдетiңдi таста да жай-ақ сөйлей бершi, былай ел құсап, қарапайым отырайық та бiр, – дедi Нұржанов бауырмал кейiппен жұмсақ үн қатып. Селт етiп жалт бұрылған Ұябай бұған бажырая қараған сәтте бозарған көзiнiң алашарбы iшi iркiлген сайын солқылдап жылап жiберетiндей пұшаймандана бiр сұмдық солғын тартты. Өне бойы гримделе беретiн жүзiнiң бос терiлерi қатпарлана жиырылып, онсыз да келiсiмсiз кесперiн әдейiлеп кере тартып қойғандай сайқымазақтанған ұсқынын әлде бiр мақұлыққа ұқсатқан Нұржанов амалсыз қозғалақтап, көз қиығын Байсерке жаққа қиыла тастады. Мұның ниетiн ол да емеурiннен ұғып, шау тартқан денесiмен ұмсынып, әлдене демекке оқтала бердi. Жаңағы қалпынан танбаған Ұябай кенет: – Алдияр тақсыр, айыпқа бұйыра көрмеңiз, «бас кеспек болса да тiл кеспек жоқ» – деп, тағзым ете иiлiп, артымен есiкке қарай жылжи жөнелдi. – Бұл райком емес, бiлген кiсiге Байсеркенiң үйi. Кiм болсаң ол бол, әуелi шаңыраққа қара! – Қарашұбар өңi сұрлана тұтанған Мәдуар атып тұрды. Қарына жармаса көтерiлген әйелiн сiлки итерiп тастады. – Әй, бұл шаңырақ осы отырғандардың бәрiне ортақ. Сен ит кiмдi бөлiп-жарып отырсың, кәнi, дымыңды шығарма! – деп, Байсерке ақырып жiбердi. Шалықтаған кiсiше алақтап-жұлақтаған Мәдуар өзөзiнен булыға тығылып, ақыры сылқ түсiп отыра кеттi де

орталанған шөлмектегi арақты фужерге төңкере бiр-ақ құйып, қағып салды. Билей басып тағы да жетiп келген Ұябай сымдай тартылып қақ ортаға тұра қалды. – Уа, халқым, келесi сөз ауылымыздан шыққан аяулы азамат Миятбекке берiледi. – Осы заманның Сарыбай биi ме, не сонша?! – деп, Мәдуар тыныш тұрмай сөзге қыстырылды. «Арақкеш неме менi көре алмайтынын ақыры сездiрiп тынды-ау. «Жаманның көңiлi жоғарыда, басы жерде» деушi едi. Мынау тап сол ғой» деп ойлап, аспай-саспай орнынан жайлап көтерiлдi. Елдi өзiне қаратып алғысы келгендегi әдетiнше бiраз iркiлiп барып сөйлемекке оқтала бергенде Мәдуармен назары абайсызда түйiстi. Тояттаған құзғын құстай балбұл жанған жанары қызылжалқындана жалт-жұлт еткен ұшқын ататынын аңдады. «Неге бiз сонша жайдақпыз? Сонау Киев университетiн бiтiрдi деген мына жаманның Байсеркеден қай жерi iлгерi? Аспан-сайбақ қылған Ұябайы анау, жүрген бiр тексiз. Сөз берiп алып, өзiнiң сыртқа шығып кеткенi қай сасқаны екен? Елдiң осындай адамына қарасаң, кiсi қызығатындай». Көкейiн кептеп келiп қалған ренiштердi осылайша түптен қозғап, ағынан жарылуға бiр оқталды. Бiрақ бұларға өзiнiң қолда өскен құлын, ал оның тай аты ешқашан қалмайтынын ойлаған пәсте сөзi шiлдiң қиындай пышырап, әр шөптiң басын бiр шалғандай көрiнген соң амалсыз доғара қойды. – Бiрiншi хатшының сөзiне алып қоялық, – дедi Мәдуар. Сопақша келген қарашұбар кескiнi маңғаздана салғыртсып, ызбарлы назарын мұның өңменiне ұзақтау кiдiрттi. «Сұрына қарамай арақкеш иттiң кекеткен несiн алған екен?» дедi iшiнен сазара қараған қалпы. Қарсы сөйлей көрме дегендi ым қағып бiлдiрген Сара да әбiгер. Сыртқа шығып кеткен Ұябай елпiлдеп қайта жетiп келдi. Жаңағы мезетте жүнi жығылып, бiртүрлi мүләйiмси қалған сияқты едi, лезде елiрмелi мiнезiне көшiп, екпiндеп алғанына таңырқады. Бұл иттiң өзiне тиiстiсiн сырттан ешкiмге көрсетпей жайғастырып келетiнi ойына сақ ете түскенде: «Бәсе, мұның ұсқыны неге сонша азғын десе, өстiп, қашып-пысып жүрiп iшедi екен ғой» – дедi өзiне-өзi. Онысын ар санайтын Ұябай ма, шағын денесiн ұршықтай үйiрiп, жалт-жұлт етiп шықты да, қалт тұра қалды. – Уа, халайық! – Айтпақ ойын аяқ астынан ұмытып, соны есiне түсiргiсi келген беймаза кейiпте қинала аялдады.

Кенет ай-шайға қарамай бұған жеткен бойда бүкiл болмысымен ұмсына төнiп кеп қадалды. Лайлана жыртиған кiлмiк көздерiнiң қарашықтарындағы болымсыз жылтыраған нұр ғана томашадай бiтiмiне от қызу беретiндей, әйтпесе, бiр уыс бетiнiң болбыр терiлерi жан кетiп қалғандай көкпеңбек. – Патшам, әлде бiр жерде көңiлiңнен шықпай қалған жерiм бар ма, болмаса бiреу ренжiттi ме, айт! Нөкерлерiңе тура өз атыңнан жарлық берем! – Елдiң өзiңдей азаматына бiр уақ қарап қоймайсың ба, бап-басалқалы, беп-берекелi. Ырбың-жырбың не теңiң сенiң, көзге күйiк болмай, жоғалшы ары! Ұмсынулы қалпынан бiртiндеп жазыла тiктелген Ұябайдың быж-тыжы шыққан ескi өңi әлденеден сезiктенгендей қоңырқай тарта күреңiтiп, айыбын мойындаған монтаны қамкөңiл баладай томсара тосылып барып: – ДО-дан ФА-ға, ФА-дан МИ-ге, МИ-ден үйге барам, – дедi де жұлқына жалт бұрылған күйi сыртқа шығып жүре бердi. «Мейлiң, қайда барсаң онда бар, жын ба, сайтан ба, адам бiлiп болмайды» дедi iшiнен қабағын қарыс жаба. Айнала отырғандарды көзiнiң астымен суық шолып өттi. Шақшия шатынаған Мәдуар ұсқыны шәлкем-шалыс. «Қадiрқасиеттi бiлмейтiн өңкей тексiз иттiң үйiрiне қайдан түсiп едiм, талап жейтiн түрi бар ғой». Өзегiн өртеп өткен өкiнiш жүрегiне запыран болып байланып, көкiрегiн удай ашытып жiбердi. Көңiлi алай-дүлей. Оның үстiне тас мүсiннiң кейiпсiз кеспiрiнен аумаған Байсеркенiң көздерi екi жаққа ақшиып, демi жетпегендей тынысын екiлене алған сайын кеудесi көрiктей көтерiлiп-басылатынына бiршама тiксiне қадалды. «Жетпiске келсе де жетесi жоқ бұл жазған сонда менiң теңiм Мәдуар мен Ұябай деп ойлай ма екен? Аудан басшыларына, жарайды, бара алмай-ақ қойсын, ал ендi осы ауылдың бастығын шақырса жетiп жатқан жоқ па!» – деп ойлаған кезде Байсеркеге деген жеккөрiнiштi сезiмi аяқ астынан асқынып, қабағын күйзеле шытынды. Сараның көзiмен көзi тағы түйiсiп өттi. Ақсары жүзiн демiлдемiл шарпып өткен қызыл бояу лап-лап етiп өрекпiген бiлте шамның кiлт жiңiшкерiп сөне жаздағанындай алақұйын күйде отырғанын байқады. Шешесiнiң абысынажындарымен бөлек қалғаны қандай оңды болған, ол кiсi

әйтпегенде мыналарға дауыс көтерiп, бiрдеңе деп жүрер ме едi, кiм бiлсiн. – Миятбек мырза, сiздiң көңiлiңiзге тәкаппарлық келiп қалған екен-ау. «Бұл сүмелек ит сөйлемей-ақ қоя тұрса не қылады екен?» деп ойлағанша болған жоқ, Байсеркенiң даусы қалтырапдiрiлдеп үздiк-создық шықты. – Әй, шырықты бұзбай тыныш отыр! Әйтпесе жолың анау! – Осының өзiне әжептәуiр зорығып, демiн жиi-жиi ентiгiп алған оның ақшия ашылған солғын жанары назалана кiреукеленiп кетiптi. Көкейiне келiп қалған сұм күдiктiң ақи-тақи растығына көзi жете алмай, аңыра тосылған Мәдуар ақыры бәрiн анық түсiнiп, соның зардабы бiрден миына шапқандай құтырына атып тұрды. Өзiмен iлесе лып көтерiлген қаракер әйелiн қолымен жасқап жiбергенде қарашұбар өңi қола түстене тұтас шымырлап, Байсеркеге оқты көзiн қадады. – Қартайған шағыңда Ақпейiлдiң баласына жағынбайақ қой, бәрiбiр өсiрмейдi. – Мынаның денi дұрыс па, қайдағы өскендi айтып отыр, одан да қашан өшесiң деп сұрамайсың ба! – Өшпей-ақ та қой, өлмей-ақ та қой. Алда-жалда өлетiн болсаң, өзiңдi мынау көмбейдi, мен көмем, мен! – деп Мәдуар күшене айғайлап жiбердi. Етжеңдi денесiмен баяу бұрылғанда бұлтиған бүйрек бетiнiң салбыраған бос терiсi тынымсыз жыбырлаған Байсерке немере iнiсiне бiрауық сазара қарап iркiлдi. – Көмсең көм, ендi не қыл дейсiң маған! – Өзiнiң айтқан сөзiне тұщынбай қалған ыңғайда күйзеле басын шайқап: – Әй, бiрақ сен сол көмiп те жырғатпайсың-ау деп қорқамын. Көметiн адам қонақпен бiрге қонақ болып отырмайды. Құрып кеткенде Ұябай құсап зыр қағып жүгiрiп жүредi. Келген – Қағынып-ұшынып мен сонша не iстеп қойдым?! – Әй, қой болды ендi, көмесiң бе, көмбейсiң бе, оны уағында көре жатарсың, әуелi өлiп алайықшы, – деп, Байсерке қолын бiр-ақ сiлтеп, жүзiн бұрып әкеттi. Басын төмен салбырата жiберiп, бүк түсе бүгжиген отырысы сүлесоқ, самарқау. Ақылы быт-шыт Нұржанов бойын бейiлсiздiк биледi. «Мына жаман сонда Байсерке өлсе көметiнiн бұлдай ма, ол керек десе тiкелей мiндетi. Осыны бес жыл бойы оқытып, қолына диплом берген бiздiң үкiмет те шатасқан-

ау», – дедi iшiнен күйiне. Алақтап-жұлақтап дегбiр таппаған Мәдуар кенет өзiнен iлгерi жайғасқан кiсiлердiң алдындағы шөлмектi жұлып алып, жұлқылап аузын ашқан сәттегi қимылының өзiнде арық кескiнiнiң бұлшық еттерi бұлтылдаған тас кесектей ары-берi қозғалып, көзiнiң өшпендi уытын әркiмге бiр тесiрейте қадап өтедi. – Әй, әкең арақтан өлген жоқ едi ғой, – деген Байсеркенiң даусы бәсең естiлдi. Басын кегжите жұлып ала қойған Мәдуар кенет әлдебiр жайды парықтаған сыңайда аңқая аңырып барып, езуiне ащы мысқыл үйiрдi. – Отыз жетiншi жылы менiң әкем ұсталып бара жатып, өлем-ау деген ойында жоқ. Ел сықылды бiрiншi хатшы да емес, бар-жоғы колхоздың бастығы. «Халқым-ау, менсiз күнiң не болар екен» деп зар жылапты сорлы. Осыған сөйлемей-ақ қояйын деген. Қараптан-қарап ұрынғанын көрмейсiң бе. – Мәдуар, сен осы жетiм өстiм, панасыз болдым, теперiш көрдiм деп айтуға Байсерке ағаның көзi тiрi тұрғанда қайтып аузың барады? Байқа, бiр жағына қарай қисайып қалып жүрмесiн. Сенi мен көмем, мен көмем деп өзеуреп өңештейсiң келiп. Ол не деген ұятсыздығың! Шарасына сыймай көзi шақшия атырылса да бұл жолы Мәдуар орнынан асықпай, байыппен көтерiлдi. Бұлайша ұстамды бола қап, көрнеу кiсiмсидi деген ой қаперiне кiрiп шықпаған Нұржанов бiр пәс тосырқай бөгелдi. Сұмқұлақ сұрына қарамай мына жаманның бәрiнен де езуiне үйiрген ащы мысқылы арқылы көшелi кiсiнi елестететiнi жанына қатты батты. – Қойшы ей, сен! Үлкен қызмет iстеген соң өзiңдi жақсы адам екем деп ойлап қалып жүрген шығарсың. Шалқақтама, сенiң кiм екенiңдi бiз жақсы бiлемiз. – Ал, бiлсең айта ғой, мен сонда кiммiн? – Кiммiн, кiм екенiңдi әлi күнге дейiн бiлмей жүрсiң бе? Мансапқорсың, жебiрсiң, ал естiгiң келiп тұрғаны осы болса! – Танты, танти түс, бiрақ ертең осы сөзiңе жауап беретiнiңдi ұмытпа! Қанша сыр бермеуге тырысса да тұла бойынан жүгiрiп өткен дiрiлден құлап кететiндей теңселiп, денесiн әлсiн әлi түзеп, тiктелiп әуреге түстi. Иығын қиқаңдата алға қарай

ұмсынып, өрекпи өжектейтін ұсқынынан ығып-сескенудiң мысқалдай белгiсi бiлiнбейтiнiне абдырай iркiлдi. – Қорқытпа, бәрiбiр қорықпаймын! – Туысқандықтың арқасында ғана қасымда отырғаныңды бiл. Әйтпесе сен сияқты пияншiктiң құны маған бес тиын. Тiлiңдi жақсылықпен тартпасаң, айтпады деп жүрме! Осы кезде әлденеше ұмтылып жатып қалталақ қаға көтерiлген Байсерке қалш-қалш етiп бiраз iркiлiп тұрды. – Әй, ит, қой ендi, естiп тұрмысың, қой! – деп айғайлап жiбердi. Демiн алқына ауыр алған оның көкiрегi көтерiлiп басылғанда дөңгелек домбығыңқы жүзiнiң қаны қаша қуаңдап, кәдiк алайған шырағының нұры әлсiреп, бiртiндеп өшiп бара жатқанынан тiксiндi. -Әй, қайран Абай-ай, бәрiн айтып кеткен екен ғой, қарасаң. Осындайлар ғой, елдiң сиқын қашыратын. Алдындағы орындықтың арқалығынан шап берiп ұстай алған Мәдуар сiлтеп жiберетiн ыңғайда кiдiрiп барып, қабағын шытына сiлкiп тастап: – Абай, Абай! Абай сендердiң не теңдерiң, ей! – дедi де сыртқа қарай аттап-пұттап шығып жүре бердi. Жұрт жағалай томсарған-томсарған күйi қалды. Асабалық мiндетiн аяғына дейiн атқаруға шамасы жетпеген Ұябайы анау, бүкiл елдiң апшысын қуырып, берекесiн қашырып кеткен Мәдуары мынау. Аяқ астынан қитыққан бұл Байсеркеге назарын бiртүрлi суық қадады. «Алжығанға ұйғарайын десе ақыл-есi бүп-бүтiн. Жаңағы екi шошқаны сонда менiң теңiм дей ме екен?» Мұншалықты көрлат сезiмсiздiкке кенет жыны қозды, миына ып-ыстық қан шауып, көз алды шымырлап қарауыта жөнелдi. Мұның көкейiндегiсiн жалма-жан оқып қойған кiсiше Байсерке дiмкәстiгiн айқын сездiре, көкiрегiн қарыс айыра ауыр күрсiнiп алды. – Қарағым Миятбек-ай, ана Ұябайды қойшы, ол да бiр жүрген жарым көңiл бейшара. Ернi жiбiп бала сүйiп көрмеген адамды қиялға ұрынса да онысын түсiнiп, кейде кешiредi екенсiң. Қара басқанда мұнда Мәдуарды басты ғой. Оқу өтiп кеттi дейiн десең, оған да ұқсамайды. Саудың тамағын iшiп, жындының iсiн iстейдi. Ертесi тез жиналып, асығыс аттанбаққа қам жасасты. Екi иығынан демiн ентiге алып, қақпаға дейiн етжеңдi денесiн сүйрете қалталақтап әрең-әрең iлескен Байсерке сыны селт етпес құлықсыз. Шарасына сыймай ақшиған көзiнiң

тамырлары сәл зор келсе жарылып кететiндей адырая қанталап тұр. Шешесiнiң де кейпi солғын. Байсеркеге состиып қараған әлпетiне лажсыз үйiрiлген пұшайман күйiн жасыра алмай қамыға тiл қатты. – Қош боп тұр ендi. Ауырма-сырқама. Бiр қора жұрт ақсақалсыз қайтып күн көредi, қалқайып жүре тұрсаңшы. – Әй, Жамбы-ай, ескiнiң көзi кеткеннен кейiн қадiр де, қасиет те қалмайма деп қалдым. Бiз заманымыздан ерте туып қойдық қой деп өкiнемiз. Ендi бiреу келiп әкем ондай едi, мұндай едi деп кергiтедi. Кiмнiң кiм екенiн сен екеумiзден жақсы бiлетiн жан қалмаған шығар осы күнi. – Жә, жә, жас кезiңде қылжаң едiң, қартайғанда мылжың болайын дегенсiң бе, – деп шешесi Байсеркенiң сөзiн әзiлге жеңдiрдi. Бұл әңгiменiң бiр ұшы өзiне тиетiнiнен бiртүрлi қуыстанып кеткен Нұржанов: – Ал, аға, рахмет, жөнi келсе соғып кетiп тұрамыз ғой, – деп қолын ұсынды. Мұның оқыс қимылынан тосырқай бағжиған Байсерке көзiнiң төңiрегiне көлкiлдеп жас iркiлгенiн байқады. – Шырағым Миятбек, «жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң көре алмайды» дейтiн ағайының осы. Осыдан қара да тұр, бәрiбiр безбейсiң. Саған ешкiм жақсысын бермейдi. Туысқанның барынан да жоғы жақсы деп күпiрлiк те ойлама. Немере iнiм болып шекемдi шылқытып отырған Мәдуар жоқ. Сен де алысым емессiң, бiлсең, бiр кiсiнiң баласымыз. Ештеңеңнiң де керегi жоқ, ойбай, Байсеркенiң райком iнiсi бар екен, сол келiп кетiптi деген атағы ғана жетедi маған. Қайтар жолда Байсерке сөзi санасында жаңғырығып, миын шағып тұрып алды. Көңiлi «райком iнiсi деген атағы ғана жетедi» дегенге тоғайып сәл желпiнейiн десе, жүн жеп, жабағы тышып жүрген Мәдуар: «Осы күйiңде мәңгi тұра берем деп ойлайсың ғой, қателесесiң, жолдас Нұржанов» дейтiндей кейқуат ұсқынына қарамай. Мұның түсi бұзылып, түксие түстi. «Иттiң баласының не бiлгенi бар, қит етсе диалектиканың заңы солай деп көлгiрсiп шыға келедi. Диалектика оның не теңi екен, жанын бағып қана тыныш жүрмей ме!» – Әй, байғұс Байсеркем-ай, мүсәпiр болыпты да қалыпты әшейiн,- деген шешесiнiң сөзiнен селт етiп, жалт бұрылды. Құдды бұларға тiл қатпағандай назарын қу далаға қадаған қалпы қимылсыз отыр екен. Қайдағы бiр қалтылдап қаусай

бастаған шалды бұл не қылсын. Санда бар, санатта жоқ Мәдуар арақкештiң: «осы күйiңде мәңгi тұра бермексiң бе» деген бiр ауыз сөзi тамған удай жүрегiн ашыта қуырып жiбердi. «Дегенмен оның не бiлгенi бар, кiшкене айта түсуi керек едi. Бiр бүйiрден Байсерке килiгiп қоймағанын қарашы». Жаман Мәдуардың сөзiне мұншалықты күйзелiп, таусылғанына кәдiмгiдей қорынып, жөнделiп отырды. «Iшiңдi күйдiрiп, өзегiңдi өртейтiн бiр әрекетке бармасам ба, осыдан қарап тұр, иттiң баласы!» дедi бiр кезде шамырқана шарт түйiлiп. Тұрғынбеков басқаратын шаруашылықтағы орны тыптипыл жетпiс жетi жылқының шуы аудандық газетке басылған соң бiржола тынғанға ұйғарған. «Правдаға» арыз жазған бiреу оның қиындысын қоса салып жiберiптi. Олар обкомға, ондағылар бұларға қайта жолдапты. Мәдуардың түнеукүнгi сөзi жүрегiне шаншудай қадалғанда – мынау оған тағы жанамалап кiрген қанжардай кеудесiн өне бойы сыздатып тұрып алды. Бұған ендi не деп жауап бермек керек? Осыны ұйымдастырып жүрген Садықбеков емес пе деген күдiк көңiлiне аяқ астынан орныққанда арызды ден қойып қайтадан оқи бастады. Ауданда жөнсiздiк етек алып кетiптi. «Қызыл октябрь» ұжымшары басқарма төрағасы Тұрғынбековке ай дейтiн ажа, қой дейтiн қожа жоқ. Ысырапқор, жебiр. Мөлдiреп отырған кейбiр жас отбасылардың шырқын бұзуға дейiн барды. Оны партия қатарынан аластап, жауапқа тартудың орнына шолжаңдатып қойды. Мұндай жүгенсiздiкке принциптi баға беру аудандық партия комитетiнiң мiндетi емес пе. Олар керiсiнше шарасыздыққа салынып отыр. Дәу де болса мынау Садықбековтың әдiсi. Мұны Гуржийге оқытып, пiкiрiн бiлiп алуға бекiндi. Селектрге екiойлы қадалып барып, бiр кезде секретаршаны шақырды. Талдырмаш қана уылжыған қыз бала кiрiп келгенде жас отбасылардың шырқын бұзып жүрген Тұрғынбековтың әрекетi ойына сап ете түсiп, сазарған күйi бiраз бөгелдi. «Егер онысы рас болса – онда бұл кiсi өлетiн жер». Бiршама уақыттан кейiн ғана селт ете қап: « Маған Николай Павлович кiрсiншi» – дедi. Осы жазда Ыстықкөлге бiр-екi күнге демалып қайтуға бара жатып, жолай Жалмұқанға соққандағы әңгiме тап осы екiарада жадына оралды. Қабылдау бөлмесiндегi жастау келiншек өзiмен биязы амандасқанына аузын болар-болмас жыбырлатқан бұл: «Саттаров отыр ма?» деп сұрады. Мұның өктем қылығына бiр уақ томсара сүзiлiп қараған әйел: «Ал-

дында кiсi бар» деп келте жауап қатты. «Саттаровтың секретаршасына дейiн шамшыл, бұдан жоғары өрлесе қайтер екен, сабазың» деп iшiнен мысқылдап үлгергенше болған жоқ, емен есiк шалқая ашылып, сақал-шашы қудай аппақ қария қалпағын қолына ұстап, емпеңдеп шығып келе жатты. Оны босағаға дейiн шығарып салған Жалмұқан мұны көргенде таңертеңнен берi құдды күтiп отырған жанша жүзiне еш таңырқау үйiрместен ұстамды қадалып барып, жылы шыраймен жайыла күлдi. Қос қабат есiктiң ортасында бөгелiп қалған қартты қолтығынан демеп: «Қамықпаңыз, ақсақал. Сiздiң балаңыз ғана кiнәлi емес деп есептесеңiз, тағы бiр анықтап көрелiк. Совхоз директоры партиядан үлкен емес шығар», – дедi. Содан соң Нұржановтың қолын құшырлана қысып, сiлкiлеп жiбердi. – Бiр облысқа бара-бар бай ауданның бiрiншi хатшысын өз босағамыздан қарсы алу бiз үшiн зор мәртебе. – Жалмұқанның жұмсақ қоңыр даусынан жаңағы сөздi айтқан кезде қуақы әзiл сарынын аулауға мұршасы келмедi. Кiсiнi үйiрiп әкететiн емен-жарқын бауырмал қалпы адамды еркiнсiте қоймайтын сарабдал. Бұл төрге қарай оза бергенде бұдан жырыла сәл кейiндеп қалған Жалмұқан: – Ниночка, бiзге кофе әкелсең, – дедi өтiнген раймен. «Бояушы бояушы десе сақалын бояйдының» нағыз өзi емес пе екен мынау? Коньяк десе аузы ауыра ма, жоқ, көлеңкесiнен қорқатын сорлы ма?» Жалмұқан жеке басы ештеңе шеше алмайтын жалтақ, атқару комитетiнiң төрағасы да, хатшылары мен бюро мүшелерi де еш қысылмастан өздерiн еркiн ұстайды десетiн. – Иә, Мәке, биылғы табыстарың қалай, мақталып жатырсыңдар ма? Бiздiң жағдай онша мәз болмай тұр. Құрғақшылық болса мынау, астық шықпай қалды. Шөптiң бiр бөлiгiн өздерiңнен дайындап жатырмыз. «Кiсiдегiнiң кiлтi аспанда» деген тағы бар. Қамыстарыңды не керек, әйтеуiр аямайсыңдар. – Жалмұқан болымсыз жымиып қойып қабағын кенет күйзеле шытынды. Аққұба дөңгелек жүзiне үйiрiлген ойлылықта мұның көкейiндегiсiн тап басып танып, соған абыржи құбылатын тәрiздi. Осы кезде қаздаң-қаздаң басып кiрген хатшы әйел шағын ыдысты әуелi мұның алдына әдемi иiлiп қойды да, сондай iлтипатты Жалмұқанға да көрсетiп, сып берiп шығып кеттi. Әлденеге алаңдаулы кейiппен отырған ол бұл жолы рахметiн бастапқы кiшiктiгiндей емес бiртүрлi солғындау бiлдiрдi.

– Бiр қолайсыз жағдайға көңiлiмнiң бұзылып тұрғаны, Мәке. «Жаңа бiрлiк» деген совхозымыз биыл жүз биеден он бiрден ғана құлын алған едi. Неге бұлай деп тексерсек, жоқ жылқының орнын сол құлынның есебiнен толтырып жiберiптi. Жаңағы қарияның баласы жылқышы екен, соның жағдайын айтып келiптi. Директор жап-жас жiгiт, бiрақ жасап отырған сұмдығын қарашы. Ендi соны қорғаштап, жоғары жақтан телефон соға бастағандар да шықты. Сенiң қалай ойлайтыныңды қайдам, Мәке, менiң байқауымша, осы басшылыққа ұмтылатындардың көбi шаруашылықты көгертемiн деп бармайды, ең бiрiншi қу құлқындарын ойлап барады. Жалмұқан кофесiн бiр ұрттап, қайтадан жерге қойды. Жүзiндегi кiрбiң молая орнынан тұрды да терезе тұсына барып бiрер сәт сыртқа телмiрдi. Томырыла қабаржыған кескiнiне қарап, «осы да уәйiмдеп күйзелетiн шаруа ма» деп таңырқап едi бұл сонда. Ештеңесiн бүкпей ашық айтқанына бiр жағы өзiне сенгендiкке жорыған. Әйтпесе бұл сырт адам емес пе. Нұржанов төңiректi түгел шолып өттi де, орындықтың арқалығына шалқалай түсiп: – Ендi ол директорыңа қандай шара қолданбақшысың? – дедi. Жалмұқанның қыр мұрнының өткiрлеу ұшы делдиiп, таңырқаулы қалыпта селтие аңырып барып: – Оған қандай шара қолданатынын бюро шешедi. Әйтеуiр мен партиядан шығару жағындамын. Ондай көзбояушылықты қалай кешiруге болады. – Жоғары жақтан телефон соққандардың өтiнiшiн қайда қоясың? Жалмұқан көрнеу аңқаусып сұрағанға жорығандай селт етiп бұған тiксiне қарады. – Мәке, астананың қасындағы ауданды басқаратын адамға мұның бәрi таңсық. Бiздiң жағдайда кадр тұрақтамайды. Құлазыған қу медиен далада жастар тұрғысы келе ме. Ал басшыларға мұны айтсаң, тыңдамайды. Олар тек жоспарды ғана сұрайды. Аудан орталығында әлi күнге дейiн мәдениет үйi жоқ. Аудан алғаш өз алдына бөлiнiп шыққанда жұрттың не дегенiн бiлесiң бе, «Жаңа талап» өзiнiң соқыр iшегiнен құтылып тынды-ау» – дептi. Баржоғы жетi-ақ шаруашылығымыз бар, олардың бәрi және ой жаққа орналасқан. Қызылтаудың аты дардай болғанмен заты осы ғана. Бiз қалай бөлiнiп шықтық, «Жаңа талап» солай дәуiрлеп жүре бердi.

«Қара аспанды қаптатып жiбердi ғой мынау. Зарлағанмен жұмысты бiреу келiп iстеп бермейтiнi екiбастан мәлiм». – Мәке, сенiң кейде ұйқыңнан шошып оянатын уақытың бола ма? – деген сұраққа елең етiп, басын жұлып алды. Жалмұқан бұған емiне төнiп, қадала қалыпты. Сүйкiмдi көрiнетiн кескiнiн байыптап қараған сайын томпайыңқы көзi мен сәл-пәл шығыңқы шықшыты әлпетiн бүйрек беттендiрiп жiберетiнiн аңдады. Әлi ешкiмге тiс жарып айта қоймаған аса құпия сырын ашатындай одан сайын еңкейе түсiп, даусын ақырын шығарды. – Iстi бұлай жүргiзуге болмайды, күндердiң күнiнде осы тiршiлiгiмiзден оңдырмай таяқ жеймiз бе деп қорқамын. Секретаршаны Гуржийдi шақыруға жұмсаған аралықта Жалмұқанмен болған сол әңгiменi ойлап үлгерген бұл әлi қыбыр етпей отыр. Мәдуар екеш Мәдуарға дейiн жаманат сықылды бiрдеңенiң шет жағасын күңсiтiп шығарып қояды. Сонда бұлардың не бiлгенi бар? Мұндайда Николай Павлович бiр жағыңа қамзау болуға жараса ғой, шiркiн. «Жоқ, мен ештеңе бiлмеймiн» деп жалт берiп шыға келетiн әдетi. Алды-артын аңдап, байқастап басатын сақтыққа көшкiсiақ келедi. «Бұдан былай абайламасам болмас» дейдi. Көңiлi орнықпай үрей иектеген мезет ойы онға, санасы санға бөлiнiп, iшi бауыры қалтырап, тұла бойы тоңазып, шымырлап ала жөнелдi. Обком хатшыларының мұны сынағысы келуi де мүмкiн ғой. Баяғы айтқанын Жалмұқан қалай шештi екен? Әнекеңнiң төңiрегiндегi бiреу алдында телефон соққан ғой. Соған миы қатып, дал болып отырғандағысын сырт көзге сездiрмей, күпiнгенiн қарашы, тағы. Былай қу өзi. Дүниенi кеңiнен ойлайтын кiсiше қайдағы-жайдағыны тередi. Дегенмен бiр сенетiн адамы бар-ау. Әйтпесе, көрсеткiшi де оңып тұрған жоқ. Кем жылқының орнын бiздiң Тұрғынбеков Жалмұқанның директоры құсап жаңа туған құлынның есебiнен неге толтырып жiбермедi екен? Сол ғұрлы миы жоқ па? Ойын кiлт үзiп, амалсыз сағатына қарады. «Мәссаған, он жарым болыпты. Созылып-керiлiп жаңағы қайда жүр? Бүгiн өзi неге тым-тырыс? Аудандық тұтынушылар одағының бастығы осы кезге дейiн бiр соғып кетуi керек едi, неғып көрiнбей қалған?» Ұлты – дүнген. Қазақшаны аздап бұрып сөйлейдi. «Мәке, менi iздеп қалған жоқсыз ба, қойшыларды озым аралап қайттым» – дейдi. Есiмi тағы қазақша – Нұрдiлда. Қазiр қит етсе бiттi Сара Нұрдiлдаға айтайыншы деп шығады. Қанша көңiл аудар-

майын десе де әйел шiркiн қоя ма, мынаны Москвадан алдырыпты деп түрлi-түстi қағаз қораптағы үндi шайына дейiн көрсетедi. Қағаз қораптардың сыртындағы пiл суреттерiнен Қауызовтың сiрiңке қара ұсқыны сұлбаланып шыға келетiндей. Мойны құлқиған ұзын, томпайған қиық көздi, тiкірейген қысқа шашты Қауызов бишараның бекер обалы кәне, ешкiм оған жеке жауапкершiлiгiне жүктеп, мiндеттемесе де, жоғары жақтан келген кiсiлердiң күтiмiн қың демей өзi атқара беретiнi жақсы. Қаржыны қайдан табады, ненiң есебiнен шығарады, оның бiрiнде де мұның шаруасы жоқ. Сөйткен Қауызовты Садықбеков алақолды адам деп жақтырмайды. Судың да сұрауы болатынын бiле тұрып, еще кiнә қояды. Не қат болса соның бағасы аспанға шығып кететiн заман. Қауызов жазған оны қайсы бiрiне жеткiзсiн. Кейде әйелi Сараға да таңы бар. Канаданың мейлi терi тоны, мейлi Бельгияның пальтосы түссiн, көзiн жұмып қойып бәрiн ала бередi. «Ұят емес пе, бiр жолы қояақ қоймайсың ба» дегенiне, тiптi, құлақ аспайтын болып барады. «Осының бәрiне ақшаны қайдан тауып жатырсың?» – деп әуелi бiр жолы сұраған. Қалт тына жалт қараған Сара абыржи абдыраған сәтте ақсары жүзi қызара қылаңытып құбылғанын аңдап үлгердi. Дереу бойын жиып ала қойып тiктеле қалған кезде бұрын қалай байқамаған, талшыбықтай қаздиған бiтiмiнiң қалқайыңқы екi мықыны бiрден толымды көрiнiп, көзге оттай басылған уақытта көңiлiн құмарлыққа жетелейтiн сиқырын сезiндi. Тып-тыныш тұрған нәрсеге тиiп кетiп, жазатайым тұнығын лайлап алатындай секем алды. Қауызов, Қауызов деп бұрындар таңдайы тақылдайтын Сараның қазiр Нұрдiлда, Нұреке деп емешегi езiле қалатынына қайран. Кейiнгi кезде өзi де иығына ылғи жаңа киiмдердi iлетiнiн, тiптi, елемейтiнге айналды. Бiреуден қыңып-қысылмайтын жайлы тiршiлiгiне мына бiр Тұрғынбеков деген бәле аяқ астынан килiгiп, тас-талқанын шығаратындай жаны мұрнының ұшына кеп тызалақтай бастайды. Тiкелей Әнекеңнiң өзiне кiрiп, түгiн қалдырмай жай-жапсарды алдына жайып салса қайтер едi. Қасқабағын марғау кергенде томпақ көзiнiң бос терiсi серпiле жиырылып, сазара қадалған мезеттегi ащы мысқылмен болымсыз езу тартатын облыстық партия комитетi бiрiншi хатшысының төбедей отырысы көз алдына келе қалды. Өне бойы салқын сабаттың саясынан ұзамай жел қағып, күн тимеген қоңды реңi шаршаңқы салғырт райда: «Бiр-бiр

аудан ауыздарыңа қарап отырғанын ұмытпасаңдаршы осы сендер» дейдi. Түсiнген адамға бұдан артық айтудың керегi жоқ шығар дейтiндей көзiнiң қиығын сәл қиғаштау қадап iркiледi. Содан дереу қатуланып ала қойып, түксие төнiп, шаруа жайын сыздықтатып сұрастыра бастағанда елпелектеп жауап бере жөнелетiнiн адам өзi де байқамай қалады. Бiрақ оны мiсе тұтатын Әнекең жоқ, қабағын күйзеле шытынып, сүбеленген екi жағы жиырылып жазылған кезде адамнан гөрi бас салғалы тұрған жыртқышқа көбiрек ұқсайды. «Бұл кiсi кейiнгi кезде салмақ қуып, диетаға көштi деп едi, әлi сол қалпында ғой» деп ерiксiз ойлады. «Ауыздарыңды қу шөппен сүрткендi қашан қоясыңдар? Жауын бола ма, болмай ма, онда менiң шаруам жоқ, маған астық, ет, сүт керек. Болды, бiттi, көп сөздiң малтасын езiп қайтесiңдер». Түпкi ойын айтқызбай осылай тыйып тастаған соң адамның бетi бiрден қайтып қалады екен. Сөйткен Әнекеңе айдаладағы Тұрғынбековтың әңгiмесi неге керек. Осыған бола қайдағы-жайдағыны ойлап, сонша таусылатыны несi? Шынына келгенде Жалмұқан кiм, бұл кiм? Азусыз жалтақ бiреудiң әңгiмесiне мұнша қамығудың қаншалықты қажетi бар? Тек ана бiреудiң отбасын бұзды дегенi ғана жаман. Тұрғынбековтың де басы екеу емес шығар, не бопты ондайға бара қоймас. Бәленi төндiре түсiп, қоюлатып жiберудiң амалы болар, әшейiн? Осы кезде iшке өңмеңдеп кiрiп келген Гуржий мұның салыңқы қабағынан аңқая қалт тоқтады. Бiр сәт түйiскен көздерiнен бiр-бiрiн жабырқай жатырқаған тосаң ұшқын бiлiндi. Жастары шамалас болса да Гуржийдiң ширақтығы шамалы, болбырлау. Сопақтау толық ақсары жүзiнен шешiмтал алғырлықтан жұрнақ та жоқ. Сұстана безерiп отырған Нұржановқа өкпелi жандай дүрдiк ерiндерi бұртиып, бағжаңдаған күйi қарсы алдындағы орындыққа жалп етiп отырып жатып: – Миятбек Ақпейiлович, бұл шатақ, шатақ, – дедi. Одан арғысын айтуға жүрексiнген сыңайда Гуржий бiр уақ iркiле аңырды. Көңiлi олқы тарта қоңылтақсыған Нұржанов: «Әнекеңе кейде жөнсiз ренжитiн пендешiлiгiмiзай, шiркiн» дегендi ойлап, екiншi хатшыға суық шүйiлдi. – Тұрғынбеков бiреудiң отбасын бұзды деген не сөз өзi? Сасып-салбыраған Гуржий алқымындағы галстүгiне бiрден жармасып, ары-берi ырғап қойды.

– Кезiнде сондай қауесеттiң шыққаны рас. Бiрақ ол әйел кейiн отбасымен қалаға көшiп кеттi. – Ындыны жуас, ұяңдау кейпiмен абыржыған сәтте көкшiл көзiне ұялаған жалқын ұшқын дегбiрсiздене ойнақшып, шикiл кескiнi бұрқ етiп тұтас қызарды. Жылт еткен бейiлдiлiктiң жұқанасы сезiлмеген мұның түксие безерген ұсқыны өлi тыныштыққа ұзақ үстемдiк орнатты. – Садықбековпен ақылдасып алып, менiң атымнан дұрыстап жауап әзiрлеңiз. – Гуржий ләм-мим деп тiл қатпастан сыртқа шыға бергенде: – Николай Павлович, – деп ақырын тiл қатты. Екiншi хатшыға отыр деген емеурiндi қабағымен жасқап, сұстана бiлдiрдi. Сөздi бiрден бастамастан жан-жағына асықпай қаранып алып, Гуржийдiң өңменiне тобылғы көзiн тiктегенде ол дереу назарын төменшiктете қойды. – Бiздiң арамызда осы арызды ұйымдастырып жүрген бiреу бар. Николай Павлович, сол кiм деп күдiктенесiз? Басын жұлып алып, бағжаң етiп қарағанда сазара үрпиiп бүлк ете түскен қалың бетi шымырлай күреңiтiп, ырғалыптербеле, қозғалақтап отыра алмады. Жанарын түйiстiруден де алып қашып, жауап қатудан да жүрексiнгендей иығын қиқаң еткiзiп тынды. Ашылып-жарылмас сызданған салмақты қалпынан танбаған Нұржанов: – Николай Павлович, сiздiң мұныңыз дұрыс емес, бiз көп жағдайда қорғана бiлуiмiз керек, – дедi. Мұндайлық сенiм өзiне артылатынын күтпеген Гуржий асып-сасып: – Жақсы, жақсы, Миятбек Ақпейiлович, тырысып көрейiн,- деп елпек қаға бастады. Түбiнде Тұрғынбековтен бiр ши шықпай қоймайды, одан құтылудың қамын қазiрден жасамаса болмас деген ойға тас бекiндi. Секретаршаға ауыл шаруашылығы басқармасының бастығын өзiне қосуын табыстады. Тұрғынбеков деген бәле шынымен де Әнекеңнiң адамы ма? Бұл елдiң аузын бақсаң ол кiсiнiң жағдайы мәз емес дейдi. Ал алдына барсаң, баяғы Әнекең. Арақкеш Мәдуардың түнеукүнгi сөзi көкейiнен кетпей жатталып қалғаны анау. Философсымақ бауырының көзi көрiп, құлағы естiмеген ерлiкке барғысы келiп, өзiненөзi Нұржанов кейде: «Өзегiн өртеп, көкiрегiн мысықша тырнайтындай не iстесем екен?» дейдi құлшынып. Күнiн көре алмай жүрген арақкеш сөзiнiң келсаптайлығын қарамайсың ба. Жолбосын соқырдың ұлы осындайда есiне

сап ете түсетiн әдетi. Өзiнiң аты да қызық. Гуржийге құлақ қағыс қылып, Келгенбаевқа жақсылап тапсырып қоймасам ба оны. «Сол неменi өсiрiп, iштерiн күйдiрiп, тұз жалатпасам ба, қарап тұр!» дедi тiстене. Партияда жоқпын деген сияқты едi-ау. Әкесi құзғынға тартпаған шығар? Әйтпесе, осы күнге дейiн бiр жерден шығып үлгеретiн едi». Осы кезде шыр ете қалған телефон трубкасын жалма-жан көтердi. «Миятбек Ақпейiлович, Келгенбаев» деген секретарша қыздың жiңiшке жұмсақ үнi сап тынғанда, iле-шала ер даусы асығып-аптығып шықты. «Сәлеметсiз бе, Мәке, «Қызыл Октябрьге» түнделетiп барып қайттым. Саулықтарда iш тастау бар екен. Төл де кiнәратқа ұшыраса керек. Директор соның бәрiн жасырып бағады. Шөп те жетiмсiз». «Әй, маған ұшыраса керек, сияқты дейтiн сөздерiңнiң көк тиынға қажетi жоқ! Бас-басыңнан тақақтап сұрамайынша өздерiң келiп баяндауды бiлмейсiңдер. Заманақыр, жер тақыр қылғанша, бүкiл мамандарыңды жаппайсың ба!»- дедi де трубканы тарс еткiзiп қоя салды. «Шөптiң жетiмсiздiгi қалай? Бiр жарым жылдық мал азығының қорын дайындадық деп күзде рапорт бермеп пе едi? Ол шаруашылыққа уәкiл жаңағы Келгенбаев». Күрмеу түйiнi мәңгi бақи шатасқан өмiр сұмдық қорқынышты көрiнiп кеттi кенет. «Тұрғынбеков сонда кiмнiң адамы болғаны? Әнекеңнiң қолтығын сағалап жүрсе, осы күнге дейiн емеурiнмен болса да бiлдiрер едi ғой. «Сондай қауесет болғаны рас» дейдi жаңағы екiншi хатшысымақ. Вертучка аяқ астынан шырылдай жөнелдi. Мұны дереу Әнекеңе жорып үлгердi. Өте-мөте тығыз шаруа болмаса ол кiсi көп мазаламайды. Санасына лезде мыңсан ой киiп, трубканы құты қаша қалтырап, еппен көтердi. – Миятбек Ақпейiлович, сiздi мазалап тұрған обкомның партия кабинетiнiң меңгерушiсi Щадрин. Саяси оқудың жай-жапсарын тексеру үшiн сiздерге арнайы комиссия ертең шығады. «Атаңа нәлет қорқыта ма, мынау қайтедi?» дедi iштей ширығып. Қоңқақ мұрынды жалтыр бас Щадриннiң түйедей кейпi елестеген сәтте: «ел төл алумен арпалысып жатқанда қайдағы саяси оқу» деп ойлауын ойлады. Обкомда iстейдi деген аты барға ұйғарып, артық-ауыс ештеңе демедi. Бұл тiкелей Садықбековтың шаруасы. Ол түкпiрдегi «Рассвет» совхозында уәкiл, қазiр сонда жүр. Үгiт және насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi-ақ мұны дыңдай қылады. Дереу соны шақыртты. Қан-сөлсiз сартап өңiне салғырттық ұдайы ұйып

тұратын ұзынтұра жiгiттi Нұржановтың бiртүрлi суқаны сүймейдi. Түксиiңкi райда сазара қадалған оның ұстамды келiсiне iштей қитығып, даусын қатқыл шығарды. – Саяси оқуды тексеру үшiн Щадрин бастаған бiр топ адам келетiн көрiнедi. Қалай, дайынсыңдар ма? Мұндайға етi өлiп, көндiгiп кеткен мынаның шалбарланған жүзiнiң әжiмдерi одан сайын қатпарлана жиырылып, қаймықпастан назарын бұған тiке тастады. – Мәке, бәрiнен де бұлардың күтiмi қиын. Парторгтарға айтсаң азарда-безер. Бiлдей бiр үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсiн мiсе тұтпайтын кейiппен қабағын шытынған Нұржанов көз қиығын әуелi терезе жаққа тастады. «Әнекең неге өстедi екен десек, жөн-жосықты бiлмей кейде осылай дiңкесiн құртады екенбiз ғой» – деген ой өзiн бiртоға есейтiп жiбергендей сезiндi. – Аудандық партия комитетiнiң аты сендерге аздық ете ме, осы. Әлде одан басқа шаруам жоқ деп ойлайсыңдар ма?! Болмаса сендердi шектеген жерiм бар ма? Керек десең, директорларға шық, тыңдамай ма, келiп айт, одан кейiнгiсiн көре жатармыз. «Өздерiңдей Қауызовқа қарамайсыңдар ма, жоқтан бар жасайды» дей жаздап барып тiлiн тiстеп ала қойды. Осы фамилияның ар жағында бiр пәле жатқандай қуыстанатыны бар. Нақ осы сәттегi бөлiм меңгерушiсiнiң әлпетi қуқыл тарта сазарып, бастапқы ұстамдылығынан айрылып, қипақтай бастағанын аңдады. Осымен болды дегендей ым қаққанда бөгелместен шығып жүре бердi. Қаздаңқаздаң басып кiрiп келген секретарша ықтияттап қыстырып алған қағаздың бiрнеше данасын тағзым еткендей мұның алдына иiле қойып, қалт тұра қалды. Нұржановтың көкейiн бiр түсiнiксiз сезiм қытықтап өткендей болды. «Жұмыс, жұмыс деп жүрiп әйел жұрағатының әдемi қылығын байқаудан да қалып барамыз-ау» – деп ойлағанша: – Миятбек Нұржанович, сiзге бiр кемпiр кiргiсi келiп отыр, – деп, оған кiнәлi құдды өзi сияқты пұшаймандана, төменшiктеп тiл қатты. «Кемпiр-сампыр, шал-шауқандарақ осы есiктi тоздырып бiтетiн болды» дегендей кегжие қарады. – Бүгiн қабылдамайтын күн демейсiң бе! – Айттым, көнбейдi, – дедi секретарша көзi бақырайып.

Осы кезде вертучка тағы да шырылдай жөнелгенде тiксiне селт ете түскен бұл көз қиығын секем ала тастады. Маған ешкiм кiрмесiн, бара бер дегендi шытулы қабағымен қолын сермей сездiрiп, трубканы жалма-жан жұлып алды. – Мәке, бұл Тоғаев қой, – деген дауысты естiгенде барып жанын шақырғандай еркiн тыныстады. Обкомның ауыл шаруашылығы бөлiмiн меңгеретiн Тоғаев өзiнен бiршама кiшi. Бұл осы ауданға келердiң алдында ғана орналасып едi, ендi бөлiм басқарады. «Көтергiш краны осал болмай тұрғаны ғой, мұның» дегендi осы екi арада ойлап үлгердi. Сөйтсе де даусын барынша жайдары шығаруға тырысып бақты. – Иә, Тiлектес, орын құтты болсын! – Рахмет, Мәке, бұл заманда бала-шағаның амандығын сұрауды қойып, әуелi жоспар орындала ма дейтiн болдық қой. Бiрден шаруаға көшкенiмдi айыпқа бұйыра көрмеңiз. Әнекең өзiңiзге дұғай сәлем жолдап, биылғы төлдi қайткенде орындасын дейдi. – Тiлектес-ау, шаруа қиынға соғайын деп тұр-ау. – Мәке, өзiңiз бiлесiз, мен бар-жоғы жеткiзушi ғанамын. Сiзге Әнекеңнiң тағы бiр өтiнiшi бар. Тұрғынбековтың мәселесiн қараған уақытта шашын аламын деп абайсызда басын алып жүрмесiн дедi. Сау болыңыз. Үздiксiз ызыңдаған шолақ дыбыстан құдды сыр аулаған сыңайда құлағын ырықсыз тоса отырып қалды. Бiр кезде ғана барып: «Бұжыр-бұжыр безеу беттi Тоғаевың да кiсi болды деген осы» дедi кекетiп. Е-е, бұл жағдайдың беталысы жаман, түбi насырға шауып тынбай қоймайдыау. Тiкелей бiрiншiнiң өзiне шығуға бiр оқталды. «Әнеке, осылай да осылай, не iстейiн, қалай ұйғарасыз?» Көзiнiң үстiндегi бос терiлерiн жиырып-жазып шүйiлген кезде жаядай жарлауыттанған жазық жағына атыз-атыз түскен әжiмдерiне дейiн елестеп өттi. «Сен не, облыстық партия комитетiнiң жауапты қызметкерiне сенбеуге дейiн семiргенсiң бе? Байқа, бiзге сенi сендiрiп беру түкке де тұрмайды» деп, аң патшасынан аумайтын маңқиған болмысымен ақырып жiберетiн мiнезiне жүрегi дауаламады. «Жоқ, бұжыр бет қу, Әнекеңнiң атын жамылып ап өз бетiнше жасап отырған айласы ма екен?» Ойы сан-саққа жүгiрген Нұржанов бiр тетiктi ұстай алмай әлек. Мұның орнында Жалмұқан не iстер едi? Қазiр обкомның екiншi хатшысы, бұрын өзiнiң бөлiм бастығы болған Силаевпен ақылдасып

көрсе қайтедi? Онысы ойламаған жерден Әнекеңе жетiп жүрсе тағы қиын. Облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Әнуарбек Жасановтың өзi тектес, қарапайым ғана пенде екенiн ойлауға Нұржановтың тiптi батылы бармайтын сықылды. Әрi-сәрi күйде отырған сәттiң үстiне секретарша қыз кiрдi. – Миятбек Ақпейiлович, сiздiң үйiңiзден звондап тұр. «Баяғы Қауызов тағы бiр шүберектiң шетiн шығарған болар? Әй, әйелмiсiң деген, соған бола жұмыстағы адамды мазалайды» деп, трубканы құлықсыз көтердi. – Миятбек, балалар осы қазiр ғана телефон соқты. Апам аяқ астынан ауырып, жедел жәрдем алып кеттi дейдi. Пұшаймандана шыққан әйелiнiң сынық даусынан шошынған сәтте ыстық толқын бет-жүзiн шарпып өттi. Асығып-аптығып сыртқа шыға бергенде қабылдау бөлмесiнде отырған кемпiр созалаңдай көтерiлiп: «Әй, әкем, бiр ауыз сөзiм бар едi» дегенiне бұрылып қарамастан қарсыдағы Гуржийдiң кабинетiне кiрiп келдi. Ұйымдастыру бөлiмiнiң нұсқаушысы Гуржийге емiне түсiп айтып жатқан жайынан қалт тынып, баса-көктеп кiрiп келген бұл кiм өзi дегендей алая жалт қарады да, таңырқай үрпиiп, орнынан жайлап тұра бастады. Бiрiншi хатшының сұп-сұр ұсқынынан сезiктенсе де, жайдары жымиған Гуржий: – Миятбек Ақпейiлович, манағы жағдай бойынша Кривопалов екеумiз ақылдасып отыр едiк, – дедi. «Иә, екеуiң бәрiн қарық қып, жырғатарсыңдар жаман қатты» дедi iшiнен келемеждеп. – Шұғыл түрде қалаға кетiп барамын. Шешем сырқаттанып, ауруханаға түсiптi. Уақтысында келе алмай кешiгетiн жағдай болса бюроны өзiңiз өткiзе берiңiз. Тұрғынбеков iсiн ушықтырмай қараған дұрыс шығар. Әлгi вагондармен келетiн жемдi үлестiру мәселесiн талқылауды қоя тұрыңыз. Мұның сыздана ыздиған қатулы қабағынан мынау шынымен қаймықты ма, жоқ, бейшараның жаратылысы қамкөңiл елгезек пе, әйтеуiр, қолды аяққа тұрмай елпелек қағып кеттi. – Миятбек Ақпейiлович, анаңыздың саулығын берсiн, жұмыс жағына еш алаң болмай-ақ қойыңыз. Жолай әйелiн алып Нұржанов бiрден қалаға тартты. Тақтайдай тегiс тас жолды сыза сырғыған «Волганың» жайлы жүрiсiн мiсе тұтпағандай спидометрге әлсiн-әлi

қарағыштады. Шыбын жаны шырқыраған спидометр тiлi тоқсан мен жүздiң тұсына iлiнгенде әл-дәрменi бiткендей қалт-құлт етiп, дiрiлдеп тұрып алды. Сараның ажарына үйiрiлген кiрбiңді ене жайы қабырғасына батып, соған алаңдаған беймаза күйге жорып қойды. – Апам саған бiр жерiм ауырады деушi ме едi? Ерлi-зайыптылардың осындайда бiр-бiрiн қара тұтып, дәнекерлiкке жүретiн мият iздегендiктен бөлек, шеше қалпындағы бiр өзгерiстi көрнеу байқамай қап қара басқан жоқ па деген үрейден тынышы қаша қобалжи тiл қатқандағысы едi бұл. Қамығулы әлпетпен селт ете қалған Сара бiр мезет бұған томсара қарады. Қас-қабағын сақ керiп, үркектеп тосырқайтын қылықты райын көрмегелi қай заман. Содан да болар кеуде тұсы бiртүрлi сыздай жөнелдi. – Ондай ештеңе демейтiн. Аздап қаны көтерiлетiн, қажеттi дәрi-дәрмектi тауып берiп кеткем. Аяқ астынан шыққан кекселеу үн бастапқы көңiл күйдiң қалыбына сыймайтындай бiр сұмдық түсiнiксiз халге тап қылды. Алпыстан әлдеқашан асып, жетпiске таяған шеше жазғанның артық-ауыс сөзге жоқ, есiлген жiбектей биязы мiнезiнiң қадiрi аяқ астынан аспандап, қимастық сезiм уыты жүрегiн шым еткiзiп, көңiлiн босатып, бордай егiлтiп жiбердi. Екi сөзiнiң бiрi «сендерге бiр күн салмақ салмай, құдай маған ақ өлiмiн бұйыртсаға» саятынын қартайған адамдардың атам-заманғы үйреншiктi тiлегiне ұйғаратын да қоятын. Шешесiнiң арықтап бара жатқанына кейде қамығып, алаңдаса да, осы күнге дейiн дәрiгерге апарып қаратпағанына миы жетпей даң бола бастады. – Апам ұзағырақ жатып қалса балаларға қиын болатын болды-ау. Бұл сөздi әйелi ренiшпен қынжыла айтқандай көрiнген соң, одырая жалт бұрылды. Манағы иманды момақан қалпынан iзбiн де қалмаған жүзi салғырттана самарқау тартыпты. Мезгiлсiз уақытта бәрiнiң өстiп қабаттасып қалатыны-ай дейтiн қынжылысты өңiнен анық оқитын сияқты. Сара он жерден шешесiндей бола алмайтынына ерiксiз жүгiндi. «Балаларға қиын болмас үшiн шешесiнiң ауыруға да хақысы жоқ екен ғой, сонда! Мiне, әңгiме қайда!» «Қатын деген дұшпан болады, қарағым, оның тiлiне ерем деп сорлы шешеңдi ұмытып кетiп жүрме» деп айтқан кiм едi осы? Жұмыс, жұмыс деп естен де айрылдық,

ол аздай Тұрғынбековтың iсi миды шiрiтiп бiтетiн болды. Әнекең мен Тұрғынбеков екеуiн бiр-бiрiне ойда жоқта ұқсатқанына абдырағаны сонша – қасындағы әйелiне сыр берiп қойғандай қуыстанды. Әнекең бас бiлмейтiн шу асау жылқы секiлдi адамға шекесiмен одырая қараса, анау да сөйтедi. Дөң маңдайлы Әнекең кiсiге түйiле қадалған сәт нұрлы қоңыр көздерiн салбырай жиырылған үстiңгi бос терiлерiмен жасырып, жаба қояды. Әнекең дегенiң үлкендер айтатын бақтың нақ өзi шығар, бәлкiм? Бақ жарықтықтың ұзын кiрпiгi көзiн көлегейлеп, тұтас жауып тұрады деушi едi. Әнекеңнiң де томпайған көзiнiң үстiндегi терiлерi жиырылып-жазылған сайын ар жағынан кiсiнi дәт қылып қаратпайтын уытты да зәрлi тұнық жанар жалт етiп шыға келедi. Ана Тұрғынбеков дегеннiң де маңдайы дөң. Жалт бұрылатын шалт жойқын қимылынан мұрны делдиiп, шегiр көздерi шапыраштана ақшиып, жемiне шапқалы тұрған жыртқыштай ұсқыны аса айбаттанып кетедi. Әнекең мен Тұрғынбеков ұқсастығының аяғына шығып болғанша қаланың шетiне iлiккенiн сезбептi. Тура үйге апаратын жолдың ықпыл-жықпылына шейiн әбден бiлiп алған жүргiзушi Ленин даңғылының өкпе тұсынан шығатын бағытқа қарай бiр-ақ тартты. Тез-ақ жетiп баратын аралық бiтпейтiндей тағаты таусылып, тықырши бастады. Машина тоқтаған бетте-ақ әлденелерге қарайлап қалған шоферi мен Сараға аялдамастан, екiншi қабатқа көтерiлген бойда қоңырауды үстi-үстiне басты. Әуелi ешкiм дыбыс қатпаған соң: «Балалар әжелерiне кеткен екен ғой» деп ойлады. Ал есiк сылдырлап ашыла бастағанда жаңағы әзетте құр дәмелене қалғанына ашуы түсiнiксiз қозды. Кiлттердi сартылдата бұрап ашып, iлгiштердi ағытып болғанға дейiнгi уақыт сұмдық ұзақ көрiндi. Соңғы iлгегiн сонда да ажыратпай Назеркенiң болымсыз саңылаудан көзi жылтырап көрiнгенде Сараның сақтық тәлiмi бұларға мұншалықты жұғады деп, тiптi, ойламапты. Жез шынжырлар ерегiскендей сылдыр қаға ағытылып, есiк ашылып тынды-ау, ақыры. Әшейiнде ай-шайға қарамай бас салатын әкесiнiң әлемтапырық ұсқынынан шошына бағжиған күйi бiр орында тапжылмай селтиiп тұрып қалған Назеркеден: – Апамды қай ауруханаға алып кеттi? – деп сұрады. Көзiн наразы төңкере тастаған қызы иығын қиқаң еткiзiп:

– Не знаю, может Таңат знает, но он только что куда-то ушел, – дедi. Көзiнiң алды қыбыр-жыбыр құжынаған әлденелерге толып барады. Ой-санасының терең түкпiр қалтарысынан болымсыз ғана төгiлген сәуленi iлдә тұтатын қайтпас қайран көңiл әуселесi арқылы ғана ашуын әрең-әрең тежедi. Дереу телефонға жармасып, осы үйдегi көп анықтаманы iздестiргенiмен керектiсi көзiне шалына қоймай әлегi шықты. Бұлар тұратын аудан емханасының бас дәрiгерi – ауылдас әйел. Ең бiрiншi соған телефон соқпаққа ұйғарған. Осы кезде iшке артынып-тартынып шофер кiрдi. Бұған томсара бiр қарап алып, ас бөлмеге қарай мықшыңдап өтiп барады. Әжептеуiр естияр саналатын қызының «не знаю» деп немкеттi жауап бере салғаны көкейiнен кетпей жанын жабырқатып тұр. Кiшкентайынан бағып-қағып, әлпештеп өсiрген әжесiнiң ауырып-сырқағанына сонда қабырғасы қайысып қоймай ма? Түрлi-түстi пакеттердiң бiрiн қолтығына қыстырып, екiншiсiн қолына ұстап кiргенi сол екен, Назерке жүгiрiп барып шешесiн бас салды. Тап бұлайша өлiп-өшiп зарығатындай болған жоқ едi. – Алтыным-ау, қорқып қалған жоқсыңдар ма? – деп шөпiлдесе сүйiсiп жатып, Сара тiл қатып та үлгiрдi. – Мама, мою просьбу исполнила? – деп қызы бiрден өз шаруасына көштi. Жанына жағатын жаңалық естiдi-ау, шамасы, Назерке сықылықтап күлген бойда секiрiп-секiрiп барып шешесiнiң мойнына асыла кеттi де, бас-көзiне қарамай аймалай бастады. Ұзын дәлiздiң залға апаратын босағасында селтие тұрып қалған Нұржановтың тобылғы көзiнiң қызғылт шарасы зәрлi уытқа тола, жалпақ жүзi түксие күреңiтiп, әйелi мен қызына сазара қараған қалпы ұзақ кiдiрдi. Көкiрегiн кептеген ашу-ыза миына шауып, шекесiн шыңылдата жөнелдi. «Қап, осыдан қарап тұр, бұдан былай iсiм, Қауызов ит, сенiмен болсын! Мұның үлкенiнiң де, кiшiсiнiң де басын айналдырып, жынды қылып тастағанын қарашы». Күйеуiнiң қатты бұзылған ұсқынынан шошынған Сара аялы үлкен көзiн лезде мөлдiрете жаудыратып, қамкөңiлдi әлпетке ене бiр сәт аялдап тұрды да бұлғаң-бұлғаң басып, өз жөнiне қарай тартқанына одан сайын қитыққан Нұржанов кенет ақырып жiбердi: – Мына қызыңды көрбей-жербейге әуестендiрiп қойғанша, әжесiнiң ауырғанына кiшкене қайғыратын ғып үйретпейсiң бе!

Қалт тоқтаған Сара әдетiнде жоқ байыппен мұны барлай iркiлдi. Шешең ауырса қайтемiз, дүниеден қыршындар да өтiп жатқан жоқ па дейтiн ұстамды назарын тура өңменiне түйреген мезет жүзi еш құбылып қоймастан түпкi бөлмеге сып берiп кiрiп кеттi. Осы кезде шешесiнiң жүрiстұрысынан аумайтын қимылды со бойы қайталаған Назерке де ернiн шүйiре алара қарап: – Ну, нервы, – дедi. К өпшiлiктiң арасында қысылып отырғанша Алматыға жеткенше Нұржанов осы тамбурда тұра беруге бейiл. Әне бiр қарадомалақтан-ақ көресiнi көрiп бiттi. «Темiр жолға қайта құру келмеген бе» дей ме, одан қалса Қарақалпақстандағы орнаған тәртiптi айтады. Тек елдiң келiп мұнда темекi тартатындары жаман. Тып-тыныш шегiп кетсе мейлi ғой, әлденелердi айтып қарқ-қарқ күле ме, өздерiнiң екi сөзiнiң бiрi тағы боғауыз. Есiгi құрғыр да сартсұрт ашылып, тынымсыз ерсiлi-қарсылы өтiп жататын адамдар да жүйкеге тиедi. Сұлай құлазыған бiр өңкей даланың қуаң көрiнiсi де зерiктiрiп жiбердi. «Шiлде де қолайсыз мезгiл-ау, мына жерде не ажар, не көрiк бар дейсiң». Андамұнда ұшырасатын жатаған үйлердiң күнге астасатын сапсары әгi бояуынан оңып, ақшылтым тартқан сұп-сұр. Аяғы да талған екен, бұрышқа таман барып жүрелеп отырғысы келiп кеттi. Мұнысына әркiм-әркiм таңырқап қарап өтетiн болған соң, терезенiң болымсыз жақтауына бар салмағын сала сүйенiп тұрды. Ойы неден үзiлiп кетiп едi? «Шешем байғұстың ертерек өлуiне қызым мен ұлым себепшi болған шығар бәлкiм?» Мұндай ой бұрын-соңды басына келiп көрмегендiктен – осы бiр сұм күдiгiне тереңдеп дiттеуге дәтi бармай өзiнен-өзi тосылды. «Қойныңда жатқан қатының, бауырыңда жүрген балаларыңның өзiңе ниеттерi таза берiлген бе, берiлмеген бе, соны да бiр уақ ойлап қарамайсың». «Сорлы шешем басында-ақ бәрiн ескертiп кеткен екен-ау». Қолындағы телефонды сол жолы тастай салған бойда сыртқа атып шықты. Машинасына жұлқынып кеп жалп етiп отырып, есiктi қатты жапты. Iле-шала жайғасқан шоферi қалай қарай жүремiз дегендей бұған аңқая қарады. Подьезден жүгiре шыққан Сараның қарасы анадайдан көрiнгенде: – Бол, жүр! – деп әмiр бердi.

Машина ытқи жөнелгенде қолын ары-берi ербеңдеткен Сара таңырқаған шарасыз сыңайда селтиiп қала бердi. Жұрттың: «жол үстi ғой» деп осындайда ант-су iшетiн дағдысы есiне оралды. Ағыл-тегiл ақтарылғысы келетiн жүйке-жүйесi босаған тосын күйге тап болған бұл – пойыздың шапшаңдығы шұғыл артып, сақылдай жөнелгенiн бiрден аңдай алмады. Терезенiң аумағына сиятындай дүние көз мөлшерiнен сәт сайын ауытқи аунап барып, сұлқ түсiп қалып жатыр. Ө здерi тұратын ауданға қарасты ауруханаға салып ұрып жеткенде ақ желеңдi бейшаралар құрақ ұшып, зыр жүгiрдi. Реанимацияға бас дәрiгердiң өзi бастап әкелдi дi, осы жерде күте тұрыңыз деп iшке кiрiп кеттi. Тақат тауып тұра алмай бiр орнында тықыршып бұл қалды. Жол бойында әр түрлi жағдай басына келсе де, дәл осылай болады деп тiптi ойламапты. Шешесiнiң халi шынымен де қиын екенiне көзi жеткен сәт бiр ысынып, бiр суынған өн бойынан қалтыраған дiрiл бiлiндi. «Апам ауруханаға жатып қалатын болса балаларға қиын тиедi-ау» деген Сараның жолдағы сөзi жадына оралғанда аяқ астынан ашуы қозып, зығырданы қайнады. Бас дәрiгер түкпiрдегi палатаның бiрiне кiрiп, лезде қайта шықты да мұны солай қарай бастап алып жүрдi. Қақ ортаға орналасқан керуетте шешесiнiң шалқасынан сұлық жатқанын көргенде жүрегi лүпiл қаға тынышсыз соғып кеттi. Зың ете түскен шекесiнiң бiр жақ шетi әуелi сұп-суық тартып, шымырлап ұйи жөнелдi. Қасында отырған жастау келiншек орнынан лып көтерiлдi де, iлгерi барып состиып тұра қалды. Анасы жазғанның көзi тарс жұмулы, қан-сөл жоқ өңi боп-боз. Қоңқая ұзара түскен мұрны бiр қусырылып, бiр делдиген мезет сылынып тасталғандай қушиған жағы жарлауыттана опырайып, шұңғыл тартқан көзiнiң ұясынан жылт еткен ұшқын лыпыл қағып сөнетiндей дереу солғындана бастағанын аңдады. Маңдайының қатпарлары жиырылып-жазылған кезде тарам-тарам әжiмдерiнiң арасындағы бусанған сызаттардың аппақ екенiн байқады. Қиналыстың сұрапыл зардабы бiр сәтке тыншып, реңi алабұрта құбылған шешесiн жатырқаған сыңайда Нұржанов құты қаша үрпиiп тұр. Көзiн ашып қалғанда өзiн көретiнiнен жүрексiне қолайсызданатын түсiнiксiз күйден арыла алмай тықыршыды.

– Кризис өте қатты. – Бас дәрiгерге жаңағы жас келiншектiң ақырын сыбырлап айтқан сөзiн сол қалпы естiдi. «Кризис деген қай бiр оңған нәрсе дейсiң» деп ойлап, екеуiне алма-кезек қадалды. Әлденеден қуыстана қысылған олар да бұған жалтақ-жалтақ қарасып қойды. Осы кезде шешесiнiң көзiн ашқанын бәрiнен бұрын көрiп, қалт тынды. Нұры әлсiреп, тұманытқан шырағын бұған бiр сәт қадап, күйзеле тыныс алды. Шарасында меймiлдеп тұрып алған сыншыл ойдың зәрлi уытынан қатты састы. Одан сайын үңiрейе тереңдеген жанарының ұясы кенет жасқа шыланып, мөлтектеп тола бастады. Әлдене айтпаққа ниеттене басын қинала қозғап, қабағын әлсiз кердi. Құп-құрғақ кезерген ернiн жiбiтуге шамасы жетпей, тынысын ентiге ауыр алды. Бас жағындағы дымқыл дәкемен дәрiгер келiншек аузын сулады. Бүкiл күшiн жия бұлқынып, кеудесiн кере көкейiндегiсiн үзiп-жұлып, қинала ақырын сыбырлауға кiрiстi. – Қу жалғыз, аман бол... Баяғы жаман күнiңдi ұмытып кетiп жүрме... Менi ауылға апарып қой. Е нi тап-тар тамбурдың о жағы мен бұ жағына ыңғайлана тұрғысы келген бұл әлденеше қайтара ауысып көрдi. Сарт та сұрт ашылған есiктiң қатқыл дыбысына ерiксiз елеңдегенi болмаса, ары-берi өткендерге назар салуды қойды. «Баяғы жаман күнiңдi ұмытып кетiп жүрме». Мұнша мәндi сөз екенiн дәл сол уақытта бұл қалай ойламаған. Жайсыз бiрдеңелердi еститiндей сонда өзiнен-өзi қипақтап, берекесi қашпап па едi. Шешесiмен бетпе-бет кеп әңгiмелесуден тайқи беретiн қорғаншақ пиғылын бiлдiрмеуге тырысып, ұстараның жүзiндей лыпыл қағатын. Анасының өзiне деген қарақазандай өкпесi барын iшiнен сезе тұра – неге ашылып-жарылып сөйлеспедi екен. «Қойныңдағы қатының, бауырыңдағы балаларың» дегеннен де көп бұрынғы қырғиқабақ алакөз жайды көпекөрнеу байқамай, дүние орнында тұр, одан артық не керек деп өтiрiктен-өтiрiк көңiлiн жұбатып, соған өзi және иланып қала беретiн. Шешесi мен Сара екеуi бiр-бiрiне қалай болып едi осы? Келiнiнiң көзiнше жазған анасы сөзге сирек араласып, көбiне үндемей тымырайып қана отыратын. Онысын бұл құдай жаратқандағы мiнезiне жоритын да қоятын. Әйелiне деген өшпендiлiгi аяқ астынан

қозып, шиыршық ата тiстенiп, бiр орнында тықыршып тұра алмады. Сыртқа ерiксiз телмiрiп, ұзақ қадалды. Көз ұшынан қылтиып көрiнген сонау жалғыз жарым қора мен үй ширатыла есiлген сағымнан ақшаңдана еңселенiп, екiлене көлбеңдейдi. Өзек жыралардағы жер тiстеп тырбия қаудиған қаңбақтар тоятын қандырып болып теңкиiптеңкиiп жатып алған теңiз мақұлықтарынан аумайды. Күндердiң күнi болғанда жаратылыс жарықтық осынша қамсыз бейқамдығына аямай опынатын тәрiздi. Кейде зу етiп торғай ұшып өтсе, әлдебiреудiң лақтырып қалған кесегiндей топ етiп жерге түсетiн сәтiн алдана күтедi. Мұның ойлағанын растағысы келген ыңғайда құйтақандай құс жансыз зат сияқты тiк төмен сорғалай жөнеледi де, кенет қанатын жаза салып, құйындата құйғытып барып бауырымен жер сыза қалықтай бастайды. Ми қайнатар мынау аптап ыстықты бұйым көрмеген ойнақы да қунақ осы бiр әрекет сан мәрте қайталанса да, бақылаудан айнымаған күйi әлi тұр. Арқан бойы биiкке көтерiлiп алып бiр орында шаншыла қанатын сыпылдата тынымсыз қаққан бозторғай бейшара тұмсығымен жазатайым жер сүзетiндей өрге қарай жанұшырып ұмтылатын сықылды. «Неге сонша безектеп шырқырайды екен жазған?» Сондағы үзiп-жұлып әрең айтқан анасының «қу жалғыз, аман бол» деген сөзi санасында сол күйi жаңғырыққан сәтте көкiрегi от қапқандай күйiп-жанып, көз алды бұлдырап, тиянақ-тұрлауы жоқ дүние секеңдеп, шыркөбелек айналып кеттi. Шешесiнiң қасына дәрiгерлер көп аялдатпай оңаша шығарып алды. «Поджелудочный железа» қызметтен шыққан, жүрегi операцияны көтере алмайды» дей ме, не керек, әйтеуiр қара аспанды төндiрiп, заманақыр қып жiбердi. Дүниеде бұ құрғырлардың осынысы жаман да. «Поджелудочный железа, деген өт пе, без бе, не?» Барыпкелiп жатқан шешесiнiң жағдайын өз көзiмен көрдi ғой. Адам ойының жаман нәрсеге келгенде жүйрiктiгiне не дауа. «Егер тәуекел десеңiз көрелiк, ол үшiн келiсiмiңiздi қолма-қол жазып бересiз» деп бас дәрiгер тақақтап қояр емес. Олай-бұлай болып кетсе... Бiр нүктеге сазара қадалып, түксиiп тұрды да қойды. «Осындайда ақылдасатын туысқан керектiгiн бұрын кiм бiлген. Турадан-тура Байсеркеге тартып кетсем бе екен? Оған бiрақ мыналар не дейдi?» Шындап саспаққа айналды. Бұлар бөлмеге кiрместен, дәлiзде иiрiлiп тұр едi. Ақ желеңдi тонғандай қаусырына жамы-

лып, ар жақтан Сара шыға келдi. Жаны онсыз да қысылып, сасып-салбырап тұрғанда әйелiнiң бiзөкше туфлиi тас еденге тиген сайын тақылдап, шыңылдаған дыбыс төңiректi түгел алып кеттi. Көзiн бұған бiр мезет тiктеп барып, дереу қасындағыларға аударып жiбердi де, томсарыңқы жүзiмен солғын амандасты. Тықыршып байыз таппаған бас дәрiгер: – Ал ендi қандай ұйғарымға келесiз? – дедi. Бұл бiрден кесiмдi сөзiн айта алмай бөгеле бердi. Сара мән-жайға қаныққан бойда: – Бiз ақылдасып алып, жауабын сонан кейiн берейiк, – дедi. Бұлар бiр шешiмге келгенше оңаша қалдыра тұрайын дегендей бас дәрiгер әйел өз жөнiне кеттi. Бiр орнынан тапжылмай бұл селтиiп тұрды да қалды. «Шiркiннiң ақылдасқышын, бұған менiң шешем емес, Қауызовтың ойдан-қырдан алдыратын дүниесi керек қой. Қабырғасына жаман қатты батып бара жатқаны» дедi iшiнен тiстене. Әйелi бiртүрлi сынық тартқан қалпы қайта-қайта бұған жаудырап қарағыштай бердi. Бiржола жiбiп, жұмсармаса да қатынды өстiп анда-санда тәубесiне келтiрiп қойған терiс те емес. Шешесiнiң жағдайы болып тұрғаны, әйтпесе бiраз шырқыратып шырылдатқан дұрыс-ақ едi. – Миятбек-ау, ендi не қыламыз? – Арада құдды ештеңе болмаған кейiппен Сараның етене тiл қататынын сездi. Кеуде тұсы шымылдап, өз-өзiнен жүйе-жүйесi босаған Нұржанов мұнша төтен халдiң беталысынан көңiлi қобалжыды. Сөйтсе де сыр бермей тымырая түстi. – Миятбек-ау, бұл қай тұрысың? Таныс деген дәрiгерлермен сөйлесiп көрелiк те. – Сөйлессең ендi сөйлеспейсiң бе! – Дүрсе қойып жiбергенмен ойда жоқта тығырықтан шыққандай жүрегi алып-ұшты. «Адам сасқанда не iстеп, не қоярын бiлмейдi екен-ау. Әйтпесе Байсеркенiң қолында не тұр. Мынаның таныс дәрiгерi баяғыда Таңатты емдеген профессор ма, жоқ, басқа ма? Мұның бiр жақсы жерi сондай адамдардан қол үзбейдi әйтеуiр». Бiр сағаттың шамасында бiраз жер екi аяқтарынан тiк тұрған сыңайлы. Дөңгеленген аппақ телпекейлi кiршiксiз ақ желең кигендер шешесi жатқан палатаға қаптап келе бастады. Жасамыстарынан гөрi өздерiнiң қартамыстары көбiрек. Бағанағы жас келiншек ары-берi зыр қағып жүгiрсе, бас дәрiгер жай-жапсарды әлек-шәлегi шығып түсiндiруге

кiрiстi. Лауазымды дәрiгерлер бас-бастарына билiк айтып, абыр-дабыр болмады. Бiрiн-бiрi зейiн қоя тыңдап, көргендiлiк танытып-ақ бағады. Олардың бұл тұрған жаққа тек бiр қарап қоймағандары шамына тиiп барады. «Кiмнiң құдыретiмен келгендерiн бiлмейдi-ау, шамасы», – дедi iшiнен. Мұншалықты қаптаған адамды жақтырмағандай анасы байғұс қабағын күйзеле шытынды. Бiреуi тамырын ұстаса, келесiсi жүзiне ұзақ үңiледi. Кейбiр сөздерiнiң мәнiсiне барыңқырамай аңырған бұл көз қиығын амалсыз әйелi жаққа тастады. «Здоровье» журналын жiбермей оқитын Сара мына дөкейлердiң сөзiн құныға тыңдаған сайын пiшiнi бұзылып, қатулана түстi. Бiр мәмілеге келгендей кенет бәрi орындарынан қотарыла қозғалды. Көзi үлкейiп, мұрны делдиiп кеткен әйелi мұның қасына дереу жетiп келдi де, бiреу естiп қоймасын дегендей сақ түрде ақырын сыбрлай тiл қатты. – Бұлар бiр шешiмге келе алмады. – «Менен ендi сүйiншi сұрап тұрсың ба?!» деген суық сыңайда түксие қадалған күйеуiне ұя бұзбайтын монтаны қалыпқа енген Сара үрпие iркiлiп барып: – Мәкеңмен де ақылдасып көрдiм, ең дұрысы қоя тұру керек, – дейдi. «Мәкең дегенiң кiм тағы? Баяғыда Таңат қатты ауырып қалғанда емдеген кiсiнiң аты да Мәдуар едi-ау, айтпақшы. Баласы құлан таза айығып кеткен соң екеуiнiң бiр оңаша отырғаны бар. Мұның Алматыға қызметке жаңадан келген кезi онда. Оған сонда: «менiң де Мәдуар деген оқымысты бауырым бар» деп күпiнгенi есiне түстi. Қолының жеңiлдiгiн өтеудiң бодауына бола әйтеуiр жаман арақкештi мақтаныш тұтуға дейiн барыпты-ау. Осы кезде арба сүйретiп келген екi әйел мұның шешесiнiң қасына жетiп барды да бiрi дереу басынан ұстап, екiншiсi аяғына жармасты. Бұл да тұра ұмтылуын ұмтылғанымен шеше кескiнiнен тiршiлiк белгiсiн көре алмай ерiксiз дағдарды. Онсыз да барып-келiп жатқан адамды ары-берi аунатып, берекесiн алу қай бiр оңған iс. Қаперлерiне ештеңе кiрiп-шықпастан аналар былқ-сылқ еткен дененi серейте ұстаған күйi берзент төсекке апарып еппен жатқыза салды. Енесiнiң басын жөндеп өбектеп-ақ баққан Сара да бiраз аралыққа дейiн iлесiп барып, бiр кезде iркiлiп қала бердi. Шалқалап сырғыған шешесi алыстаған сайын бесiгiне бөлеп, тербетiп ұйықтатқан сәбидей тыншыған реңi алаулай құбылатыны назарын бiртүрлi

түйреп өтетiн секiлдi. Көкiрегiн бiр суық леп үрлегендей iшi-бауыры тоңази қалтырап, беймаза күйге тап келдi. Дүние түгел шалқалап сырғып ала жөнелгендей мазасызданып, таяныш iздеген күйi ақырын-ақырын жылжып барып қабырғаға сүйендi. Қасында әйелi бары есiне түсiп, қараса, жүзi құп-қу болған Сара манағы орнынан жылжымастан аңырып тұрып қапты. Одан сайын секемi күшейiп, қапқара санасында жылт еткен саңылау қалмастан көкiрегi шымырлай кептелiп, тынысы тымырсықтана тарылып барады. Өзiне қарай жылдам басып келген Сара қалт тоқтап, суланған қоңырқай жанарын жаудырата төндiрген уақытта қайғылы әлпетiнiң имандай шынайылығы жүрегiн жiңiшкелеп сыздата ауыртып жiбердi. – Мәке, бүгiн нәр сызбадың-ау, өзi! Екi сөзiнiң бiрi Қауызов, қит етсе бiттi анау денсаулыққа зиян, я мынау витамин дейтiн әйелге мүлде ұқсамайды. Ендi анасының орнын басып, қамқорлық атаулыны бiржола өз мойнына алған сыңайға енген Сара кейпiнен бұрын-соңды кезiктiрмеген естияр мейірiмдi аңдайтын тәрiздi. «Қайдағы тамақты айтып отырсың» деген қатулы қабақпен әйелiне сазара қарағанмен ләм деп тiл қатпады. Тыпың қаға зыр жүгiрген ақ желендiлер көлбеңдеп өткен сайын бiреуi арнайы бұрылып келiп, жанына қуат берер бiр жылы лебiзiн айтатындай дәмеленедi. Жаңағы оқымысты дөкейлер кiсi екен деп мұны елеп қоймағандары қалай, жанына бәрiнен де сол қатты батып барады. «Бiздi шақырттың не, шақыртпадың не? Осынша құдыретiң болса бұрыннан ай қарап жүрдiң бе?» дегенге ұқсайтын сызды доқты келбеттерiнен оқитын тәрiздi. «Апам бiр жерiм ауырды деп тiс жарып айтпаушы едi, ал ана Байсеркенiң өлем дегенiне қай заман, қалтаңдап әлi жүр». «Қу соқырымның баласы жараған екен» деп, қатты разы бола сүйсiнген шешесiнiң сондағы қылығын неге жорырын бiлмей ақылынан адасты. Сорлы анасын сабап жатқандағы Жолбосын соқырдың тұрпаты көз алдына келгенде – аласұрып ерсiлi-қарсылы жүре бастады. Тап осындай қысылтаяң шақта адам ойына не болса сол келiп, жаналқымнан алатыны несi екен, соған жыны қозып шиыршық ата түстi. Келушiлерге арналған орындықтардың бiрiнде бiр нүктеге телмiре қадалып, қаздиып қана отырған Сараның көз шарасы молынан ұялаған қорқыныштан кең ашыла бағжиып кетiптi. Осы кезде шофердiң iшке бас сұғып, ерлi-зайыптылардың екi жерде состиып

тұрғандарынан аңыра бөгелiп, зып берiп қайта шығып кеткенiн аңдады. Әркiмнiң өзiне тиесiлi мiндетi болатынын ерiксiз ойлады. Анау шофер болған соң сыртта жүруi керек. Сара әйелi – сол үшiн де қасында. Бұлар тұрмақ, кейде мұның өзi де Әнекеңе кiру үшiн қабылдауында бiр-екi сағат сазара күтiп, есiл уақытын текке кетiредi. «Гуржийге бюроны өткiзе бер дегенде әлгi Тұрғынбековтың мәселесiн қара деп дұрыстап тапсырмадым-ау, қап, әттегене. Маған десе Садықбеков оны түтiп жесiн. Бiрақ бiр Садықбеков не iстей қоймақ? Атқару комитетiнiң төрағасы да, оның орынбасары да, екiншi хатшы да Тұрғынбековты қолдап шығады» – деген ой иектей бастағанда-ақ екi қолын артына қайыра ұстайтын қызметтегi әдетiнше сырбаздау қалыппен арыберi құлшынып жүрдi. Шешесiнiң жағдайын мүлде ұмытып, ойы ертеңгi болатын бюроға шырмалды. Тұрғынбековтың мәселесiн қойып, бiр жағына шығаратындай жiгер Гуржийге қайдан бiтсiн. Партиялық жазадан құтылып кете алмайтынын бiле тұрып, Тұрғынбековтың қызметiнде қалуын Әнекең қалайды дегенге сенсе бұйырмасын. Құрып кеттi деген күнде оған ең ақырғы қатаң сөгiс жарияланып, ол есеп кiтапшасына жазылуы керек. Гуржий де өлетiн жерiн бiлетiн ысқаяқ қу. Мұның өзi келмейiнше бiр сылтауын тауып, кейiнге шегерiп қояды-ау. – Миятбек, Миятбек, – деген дауысқа жалт бұрылды. Сараның ұсқыны үрпиiңкi екен. Ой жетегiне iлесiп, тiптi дауыстап жiберген жоқ па екем деп қуыстанды. – Жаңағы кiсiлер шақырып жатыр. Солай қарай тұра жүгiрдi. Iшке кiре берiп қаздай тiзiлiп отырған дөкейлердiң өзiне жапатармағай қарасқандарынан қысыла қалшиып тұрып қалды. Төрге нығыз жайғасқан қалың беттiсi мұны бастан аяқ түгел тiнти шолып, назарын назарына түйiстiрiп, бiраз кiдiрiс жасады. – Бiз үлкен кiсiнi онкология институтына жөнелтудi ұйғардық. Сондағы мамандар қарап шыққаннан кейiн барып бiр шешiмге келермiз. А нда-санда ұшырайтын алаңқай қу тақырлар үйiрiлеүйiрiле шыркөбелек айналып кеп бұлқына сылқ түсiп тынады. Арақашықтықтың рет-тәртiбiн мүлтiксiз сақтап жалт берiп қалт тұра қалатын қарағай бағандар қалқайған аңқау қалыптарымен екi ойлы сыңайда ұмсына ұмтылып,

шалт кiдiретiнге ұқсайтын тұрықтарындағы етжақындық жүрегiн аямай сыздатып жiбередi. Қопалы жазық бетiндегi қабыршықтанып кеткен ақтаңдақ-ақтаңдақ сортаңдар күнде таңертеңгiсiн әлемiштеп жағынатын әйелiнiң алуан түстi кремiнен аумайды екен. Жылтырап шыға келетiн Сараның ақсары жүзiне анықтап қараған сайын бiртүрлi қыштанып, солғын тарта бастағанын байқайды. Жаңадан үйленген кезi-ау, шамасы. Бiр күнi мұны ертеңгiсiн шешесi оятты. Әйелi әлдеқашан жұмысқа кетiп қалса керек. Келiнiнiң ашық-шашық қалдырып кеткен әтiр-кремдерiне жатырқай состиып қараған Ақжамбы әрқайсысын бiр-бiрлеп ұстап, шұқшия үңiлiп көп бөгелдi. – Осылардың өзi алақандай беттiң әрiн тайдырып жiберетiн бәлекет пе деп қалдым. Шешесi әлдененi бетiне салық қып тұрғандай көрiнiп, бойын бiр шарасыздық билеген бұл мырс етiп күлген де қойған. Ал шындығына келгенде сол жолы әжептәуiр кiдiлене қитығып: «Үлкендердiң осындайы жаман да, әтiркремде тұрған не бар? Тiптi соған кiрiспей-ақ қойса да болады ғой» деп ойлаған. Қазiр мына құлазыған қуаң далаға қараған сайын көзi талып, көңiлi елегзидi. «Бiздiң өлкеге бәленше Франция, түгенше Ұлыбритания сиып кетедi деп сонша неге күпiнедi екенбiз?! Әтiр-крем дегенiң беттiң сау-тамтығын қалдырмай оңдырып жiбергенде, ал мына шаңқиған күннiң қызуы не жан қояды дейсiң. Сараның бетiн қойшы, көп болса тозар. Ендi несi қалды дейсiң. Дәл осы жерге егiн өсiрiп, шөп дайындап көршi. Қырсыққанда, бiрiншi хатшы болған жылдары құрғақшылық тұрып алып, мал азығына Балқаштың қамысын ора бастаған жоқ па едi. Iште отырған ана бiр қозықарын сияқтылардың қайта құру, жеделдету дегенге келгенде таңдайларынан шаң шыға тақылдайтындарын қайтерсiң. Қарақалпақстандағы орнаған тәртiптi зар қақсап неге айта бередi?» Осы ойларынан ұстайтын Нұржанов бәрiбiр бiр iлiк таппады. Мектепте өткен он жылды, институттағы бес жылды жарайды, жөнiне-ақ қойсын. Басының буы кеппеген жастау болған шығар, бәлкiм? Бiрақ сонша жыл қызметтiң қызығына түсем деп шешесiнiң жанына бiр дендеп бойлап қоймағаны қалай? Пойыз жүрiсi тағы да баяулай бастады. Әр нәрсенiң өз лайығы болады деген тiптi рас та шығар? Жыпырлаған жатаған тамды шап-шағын станция кезiктi. Мұндағы

жалғыз-жарым өскен қарағаштарға дейiн тарбиып-тарбиып тұр. Атасы ағаш болған соң көлеңкесiн әйтеуiр түсiрiп бағуға сертi бардай бiр жамбастап құлаған сұлбасы шөкiмдей ғана шап-шағын. Жапырайған үйдiң маңдайшасына «Вокзал» деген жазудың iлiнгенiн көрiп, «болмасаң да ұқсап бақ» деп iшiнен келеке қылды. Терезеден өздерiне анталай қараған жолаушыларға жергiлiктi адамдар тiптi селт етiп қоймайды. Күн қақты қабақтары самарқау. Шөлiркеп кеткен Нұржанов кеберсiген ернiн жiбiтiп, ерiксiз жұтына түстi. Ресторан жаққа баруға бiр оқталып, тез айныды. «Онда қай жетiскен сусын бар дейсiң, лимонад шөл қандырмайды, одан да шiркiн мұздай су болса ғой» дедi. Бiр кезде пойыз ақырын-ақырын сырғып, зымырай жөнелдi. Шағын станцияның аумағы тура алақандағыдай көз алдында үйiрiле көлбеңдеп қалып барады. Жанұшырып жамыраса iлескен әлденеше қосар жолдар бiр тұста бұлаң ете бұлт берiп, жоқ болып кеттi. Сақылдаған бiр ыңғай қатқыл ырғақ әлi күш алып үлгермеген алғашқы сәттегi мамырлаған баяу қозғалыс жанына ерекше жайлылық сыйлайды. Осындай жерде де адамдар тұрады-ау деп астамшылық ойлайын деп ойлаған жоқ. «Темiр жол бойындағы жазғандар барға қанағат, жоққа салауат, бiртоға жандар шығар?» дедi қайта. Алматыда артист болып iстейтiн Ұябай, баяғыда Киев университетiн бiтiргенде бiразға дейiн дақпырты басылмаған Мәдуар ақыры не болды, екеуi де арақтың құлы. Дегенмен бұ қазақ атақ пен мақтанға келгенде неге дес бермейдi?» Көкiрегi удай ашып, көз алды тұмандана: «Әй, екi көр, оңбаған-ақ құрғансыңдар ғой, қатынға дұшпан көз қылып: «Мәке, халiң қалай болып жатыр?» деп бiр сұрап қоюды бiлмейдi. «Жаның қысылғанда жақыныңды табасың, баяғы жаман күнiңдi ұмытып кетiп жүрме» деп шешесi тәубесiне келтiретiн сөздi айтқандай-ақ айтыпты-ау. Етжақыны ендi әпкесi ме?» Осы жолдың өзiне етқызулықпен шығып кеткен екен қараса. Жүрейiн деп отырғанының алдында ғана Дүрия: «Не бұйымтайың бар, айта отыр?» деген. Жөн сұраудың ежелгi ырым жоралғысына балап, бiрер сәт өзiне шаншыла қараған әпкесiнiң қоңырқай жанарының қызғылттау аясынынан бала кезiнен таныс ұшқынды ұшыратқанда жүрегi шым ете түстi. Дегенмен де жасы келгенде қиын ба деп қалды. Көңiлi босап, көзi дымқыл тартқан

ба... Әй, шiркiн, мұның әуселесi-ай. Бұл кiсiнiң ойы сөйтсе мүлде басқада екен. – Қайтейiн, қолымда болса бәрiн өзiңмен көшiртiп жiбермейiн бе. Өңкей қураған қу жетiмектердi әне жеткiзем, мiне жеткiзем деп жүрiп ақыры өзiм мынадай күйге ұшырадым. Баяғының кiсiлерi «қыздың жаманы бiр шәугiм шайға жарайды» деушi едi. Ақжамбы жазған менен бiр күдерiн үзбеген шығар? Жас күнiмде онша шекем қызбап едi, қартайғанда да жақсы кемпiр бола алмадым. Қарағым, ендi ренжiмей аттан. Дүрияның бiрдеңе сұрап келдiге жорығанына орта жолда қатты налыды. Сөзi де жүйелi, ақыл-есi де бүп-бүтiн әпкесi мұның бiр ауыз жылы лебiзiн аңсап, iздеп келгендiгiн сезбедi-ау. Көптi көрген десе – көптi көрген. Төркiнтөстiгiн ұмытып, бүкiл ниетi мейлi барған жерiне-ақ аусын. Бiрақ қырық жыл көрмеген бауыры келгенде қай-қайдағы есiне түсiп, егiлуi керек емес пе едi. Көкiрегiн жалын аптабы қауып, көзiне ыстық жас үйiрiлдi. «Жалғыз екем ғой, жалғыз...» дей бердi. О нкология институтына шешесiн апарғанда да бiраз уақыт басы-қасында болып, дәрiгерлермен сөйлесiп көрдi. Бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай бәрi: «Әуелi тексеремiз, сонан кейiн айтамыз» дейдi. Ауруханадан көз байланғанда бiр-ақ шығып, үйiне келдi. Сара ас үйде жүр екен. Әжелерiнiң жағдайына қабырғалары шынымен қайыса ма, ұлы мен қызының ұсқындары үрпиiңкi. Күнде өсетiн бала емес пе, қол-аяғы ұзарып, тарала түскен Таңат көзiн өңменге туралап, дiттете қадайды. Бағана мұның дүрсе қойып кеткендiгiне өкпелi Назеркенiң қабағы әлi бұртиыңқы. Мұның өңiндегi ызбардан сескене ме, әлсiн әлi жаутаңдап қарағыштаған шофер жазғанның да ұсқыны шаршаңқы. Есiгi ашылып қалған ұлының бөлмесiндегi түрлi аппаратураларға амалсыз кiдiрдi. Шешесi екеуi қоймай жүрiп Қауызовқа тапқызған жапонның жұтынған түрлi-түстi саймандарынан жалт-жұлт ойнаған қызылдыжасылды сәуле көздi арбайды. Тамылжи төгiлген сазды әуенге елти қалт тынды. Тұманды ойлары сөгiлiп, күйлiмұңлы көңiлi елбiреп, басының қадiр-нарқын нақ осы сәт шындап сезiнгенде: «менiң бағама кiм жете қойсын» деген iшкi астамшыл пiкiрiнен қымсынбады. «Қу жалғыз»

деген шешесiнiң әлгiндегi сөзi жадына оралғанда жаңағы бiр тәкаппар тоқтамына ол еш бiр сәйкеспеген соң кәрi адамдардың қашанғы сары уәйiмiне балады. Содан кейiн ұлы мен қызын сырттарынан бiраз бақылап тұрды. Бұлардың шидiң басын сындырып көрмеген күтiмдi жүздерiне кiрбiң көлеңкесi ешқашан қонақтамайтын сияқтанады. Қызының түр-тұрпаты шешесiнiкiндей ақсары, тек көзi өзiнiкiндей қысыңқы бiткенiне қарамай кескiнi қараторы болғанда ештеңе етпес едi, жыпсиыңқы жанар ақсары түстiң сынын әжептәуiр қашыратынына iшiнен налып та қойды. Ресторандағы даяшыдан аумай Сара тынбай зыр қағып жүр. Жиектерi алтындалған тарелкаларды жағалата тiзiп, қасық, шанышқы, пышақтарға дейiн рет-ретiмен бiрбiрлеп қойып шықты. Әр орындықтың тұсына тiкшелеп бүктелген шағын-шағын әдемi ақ сүлгiлердi қыдита-қыдита орналастырды. Ортаға буын бұрқыратып тамақ әкелгенде ақ сүлгiнi алқымына асықпай қыстырған Нұржанов шоферына ерiксiз көз салды.Бақса, асқа ұмсынатын ыңғай байқатпастан өзiмен-өзi селтиiп отыр екен. – Өмiрсерiк, кел, жақында! Селт ете түсiп, дереу қасыққа жармасқан ол ондағы түрлi өрнек бедерлердi аударып-төңкерiп тамашалай қарады. Оның қатты қысылып отырғанын сезген Сара туралған қазы-қартадан, ет-қамырдан төпелетiп салып, алдына қойды. Бiрiншi хатшының балаларына дейiн пышақ пен шанышқыны қатар ұстайтындарына таңырқаулы сыңайда тағы да аңырып қалған оған: – Өмiрсерiк, қысылмай қазақшалап ала бер, – дедi Сара. Таңат пен Назерке тамақтарын тез iшiп тұрып-тұрып кетiстi. Өмiрсерiк те терлеп-тепшiп өзiнiң үлесiн бiтiрдi-ау, әйтеуiр. Араарасында тұрқы ұзын мөлдiр фужерға қызылкүлгiн сусынды құйып iшiп, тамақты сырбаз жедi бұл. Елеусiз қимылдың бәрiн құдды алдын-ала нақ есептеп, ендi оның әр сәтiне үлгеретiнiне сенiмi кәмiл жанның жайбарақаттығы бардай. Қимылы лыпыған жылдым баяғы Сара ғана әрекет үстiнде. Ертеңгi қат-қабат шаруаны ойлаған мезет iшi қыпылдай жөнеледi. «Тұрғынбековтың мәселесiн түбiнде қалай шешкен оң? Обкомдағы әлгi Тiлектес қу Әнекеңнiң атын жамылып, қулыққа салып отырса қайтпек? Апамның жағдайы болса мынау». Береке-баяны жоқ ойдың бiр ұштығынан ұстай алмай әбiгер халде отырғанда бұрыштағы телефон шар ете түстi. Мұны бiрден Гуржийге ұйғарды.

Әуелi шешесiнiң хал-жағдайын сұрайды, сонан соң ертеңгi өткiзiлетiн бюроны жүргiзу тәртiбiн тағы бiр ақылдасып алады. Ар жақтан балалары да көтермедi, бер жақтан бұл да ұмтылмады. Үстi-үстiне безектеп қоймаған соң ас бөлмеде жүрген Сара жетiп келiп: – Бiреуi ала салса не қылады екен?! – дедi ренiштi түрде. Бiрден шұрқырасып сөйлесiп кеттi. – Иә, иә, жақсы ма, бүгiн түстi, бiз сол кiсiден жаңа келiп отырған бетiмiз. Бар. Өзiңнiң бала-шағаң аман ба? Мiне, қазiр. – Телефонды бау-шуымен көтерiп әкелiп, әйелi бұған ұстата салды. Трубканы құлықсыз алған бұл үнiн көңiлсiздеу ыңырантып шығарды. Ар жақтан естiлген ұстамды қоңыр дауысты бiрден таныды. Орталық Комитетте нұсқаушы болып iстейтiн жерлесi – Ертай. Көп сөзi жоқ томаға-тұйық жiгiт. Бiраз жыл бұрын Сiбiр жақтың жоғары оқу орнын бiтiрiп, сол жақтың заводында металлургия инженерi болып iстедi. Содан Алматыға ауысқан. Осы Ертайды аппаратқа алу жөнiндегi ұсынысты облыстық партия комитетiнде жүргенде Нұржанов жасаған едi. Жолы болып кеттi. Әуелi нұсқаушылық мiндеттi атқарды, көп ұзамай өнеркәсiп бөлiмiнiң меңгерушiлiгiне өстi. Ендi мiне, Орталық Комитеттен бiр-ақ шығып отыр. Тасының өрге домалауына Орал жақтан алып келген башқұрт келiннiң септiгi тиiп жүр-ау, шамасы. – Иә, Ертай, шаруаң дұрыс па, балалар аман ба? – Аманшылық, Мәке, апамның жағдайын естiп, халiн бiлiп қояйын дегенiм ғой. Нұржановтың iшi бiртүрлi жылып сала бердi. «Ағайынның аты ағайын. Алматыда атқа мiнген екеумiзден басқа кiм бар?» деген ойын әбес санаудың орнына көңiлi соған едәуiр желпiнiп қалды. Шымырлай ысынған көкiрегiнiң қызуы бетiн шарпып өткендей дуылдап ала жөнелдi. Сонда да сабыр сақтап, асықпай баяу: – Кiм бiлсiн, жағдайы әйтеуiр қиын болып тұр ғой, – дедi. Мұның шешесiнiң қиын жағдайы Ертайды бiразға дейiн тосылтып тастады. «Құдайдың назары түзу болсын» дегендi айтатын қазақылығы және жоқ. Әңгiме ауанын басқа жаққа ауыстырып жiберудiң ретiн таппағандай сәл қиналыңқырап, ертең Москваға iссапармен кетiп бара жатқанын сөз арасына елеусiздеу қыстырып жiбердi. – Мәке, Бүрбаевты бiлесiз ғой, – дедi бiр кезде. – Иә, бiлем?

– Сол Орталық Комитеттiң сiздердiң облыс жөнiндегi инспекторлығына бүгiн бекiдi. Оған бәлендей айран-асыр бола қойған жоқ. Бiрақ кiлең суқаны сүймейтiн адамдардың өсiп жатқанына кейде қайран қалатыны бар. Он жерден инспектор болса да оның қолында әзiр не тұр. Совхоз директорлығынан аудандық атқару комитетiнiң төрағалығына көтерiлiп, жоғары жаққа ауысқан Бүрбаев тойған қозыдай топ-толық жiгiт. Қыпқысқа тiкiрейген шашы, ежiрейе қадалатын дөп-дөңгелек көзi, кеспелтек бiтiмi – бәрi, тана бұқаның тұрпатынан ауса не қылсын. Сол сұрына қарамай тағы тұрған бойы паң. Обкомға келгенде әкесiнiң үйiнде жүргендей кiсiге шекесiмен қарап, алшаң-алшаң басып шедiрейiп өтедi. Кiмнiң қалай жылжып, алдын-ала қайда баратынын көрiпкелдiкпен болжап отыратындай көретiн өзiн. Ойдажоқта бiреу көтерiле қалса жетi атасынан түп-тұқиянына шейiн тарату – бұл күндегi iскерлiктiң бiр парасы. «Бүрбаев сонда кiмнiң адамы?» деп Ертайдан сұрай жаздап барып өзiн әрең тежедi. Бiр сәттiк үнсiздiктiң мәнiсiне жеткендей Ертай да асықпады. Қас пен көздiң арасында Нұржановтың басын неше қилы ой киiп-жарды. Үлкен кiсiнiң орнына кейiн Бүрбаев сындылар барса не болмақ? Иә, шал қартаюға айналды. Жұрттың аузын бақсаң, оның орнына Әнекең лайықты. Ал бұл iшкi таразысымен өлшеп қараса, Әнекең де жарамайтын сияқты көрiнедi. – Мәке, өзiңiздiң шаруаңыз дұрыс па? Әнекеңнiң жағдайы онша мәзбiндi емес-ау. Үстiнен түскен арыз да көп, бiрқатар былық-шылықтары да шығып жатыр деседi. Қысқасы, ол кiсi туралы алып-қашпа сөз жеткiлiктi. Үйдi де заңсыз бөлiстiрген деседi. Тiптi, бiр тұтас этажды Сiбiрден келгендерге сатып жiберген дей ме. Оның қаншасы өтiрiк, қаншасы шын екенiн кiм бiлсiн. Әйтеуiр КПСС Орталық Комитетiнiң өзiнен арнайы комиссия шығады дейдi. Шешесiнiң бiр күн ауырғанына бола дүниеден осынша бейхабар қалғанына кенет қатты таңырқады. Әнекеңнiң қабылдауына қалтырап-дiрiлдеп кiрiп, абайсызда жазыпжаңылып қалам ба деп берекесi ұшса, жап-жас болып алып Ертайлар шiмiрiкпестен: «Әнекеңнiң жағдайы мәз емес» дейдi. Иттердiң дәттерi берiк. Алдымен Әнекеңнiң дәрежесiне жетiп алмай ма.. – Мұның зияны шалға тиiп кетiп жүрмей ме? – Причем здесь шал, он же кристальный человек.

А рқасын өне бойы қабырғаға берiп тұрған Нұржанов әлде бiр жағдай есiне аяқ астынан сап ете түскендей қалт тұра қалды. Содан терезеге бүкiл денесiмен ұмсынып, селт етер ештеңе жоқ баяғы бiрыңғай көрiнiстен жүрегi айнығандай қабағын тыжырына шытынды. Үлкен кiсiнiң тiлеуiн тiлеп несiн алған екен сонда. Ертайдың сол жолғы «причем здесь шал, он же кристальный человек» дегенiне қатты еліткенi несi? Соны жадына берiк тұтынып алып, зор таяныш көргенiн қарашы бұл байғұстың. «Таяныш болса болды ғой» дедi бiр кезде кекесiнмен. Арақкеш Мәдуар әулие шығар. «Миятбек мырза, сiздiң көңiлiңiзге тәкаппарлық келiп қалған екен» деп едi. Өң-түсi құп-қу өлкеге қарап тұрып, жадау көңiлiн селт еткiзетiн әлдене iздестiрiп бақты. Онша-мұншада көп iсi жоқ Ұябайға дейiн: «Қазақтың көп жiгiттерi қарын тойдырып, қатын сүйгендерiне мәз» деген соң не жорық. Әсiлi кiсi санатына қосып көрмеген Ұябайың бұ күнде аты жер жаратын конферансье. «Райком iнiсi бар деген дақпыртың да жетедi» деп болымсыз ғана нәрсенi медеу тұтқан Байсерке жарықтықтың дүниеден озғанына қай заман. Ендi бiреуге iнi болудан қалып, үлкендiкке қарай бет бұрғанына мойынсұнған сайын Нұржанов неге екенi белгiсiз, көпшiлiк вагон iшiндегi жас балалы келiншектiң ажарын көз алдына әкеледi. Иманы бетiне шыққан әйел жұрағатының бұл сықылдысы қазiр тым сирек. «Баласын жолдан тауып алған жалғызбасты жазған шығар?» Қайдағы бiр жас әйелдiң сыбай-салтаң бойдақтығын қалайтын iшкi құзғын ниетiнен Нұржанов еш ыңғайсызданған жоқ. Жапан далада жарқ етiп көзге iлiгетiн ештеңе болмаған соң, бастары жерге жеткенше иiлген топ-топ шеңгелге, жарбиған қарабараққа,тырбиып-тырбиып мүлгiген жусан атаулыға бiршама алданған сияқтанды. Тамбурда ұдайы ербиiп тұрған бұл кенет өзiне қатты жаны ашып: «Ол әйелдiң күйеуi жоқ болғанда саған келiп-кететiн не?!» дедi өзiн-өзi кекетiп. Е ртаймен телефон арқылы сөйлескен түнi санасын кимелеген мың-сан ойдан көз iлмей дөңбекшiп шықты. Көршi ауданның бiрiншi хатшысы Жалмұқан бiр жағы әрiптес, бiр жағы қатары. Сөйтсе де оны өзiне ешқашан тең санаған емес. Сондай сарыуәйiмшiл, асанқайғы адамның мұндай дәрежеге көтерiлгенiне кейде таңы бар. Бiрақ ол да бiрдеңе бiледi дегенге жүгiнген сәтте Нұржанов бiртүрлi

мазаң күйге ұшырайды. «Жын-сайтан иектеген Ұябайды қойшы, қанша дегенмен артист. Арақкеш жаман Мәдуарға не жоқ» дедi. Ұябай – Ұябай басымен, Мәдуар арақкеш сұқпытымен мұның миына кiрiп-шықпайтын сұмдықтарды айтатындары қалай? Дәл осы сәтте өтiрiк нөпiрiнiң таудай көпiрши көтерiлген көбiгi елестедi. Өзi жетекшiлiк ететiн ауданда шынына келсе – қозы жоспарының орындалатын еш ретi жоқ. Ал осыны батылы барып Әнекеңе жеткiзсiншi, басына қара аспанды орнатып, айықпас тұманға қалдырар едi. Бұл кiсi бiр жаққа қарай жылжып кетiп жүрсе, орнына сонда кiм келмек? Тана бұқа – Бүрбаев па? Ол сықылдылардан гөрi Әнекеңнiң өзi дұрыс. Тоқпағына етiмiз үйренген. Әрi-сәрi ойдың бiрiне де тиянақтамай ақыры көзi iлiнiп кеткен екен. Ояна келсе таң атып, жаратылыс жайма-шуақ сәулеге бөгiп үлгерiптi. Сыртта техниканың толассыз гүрiлi сарқыраған тау суының асау сарынындай бiр өшпейдi. Түнде тамақ iшкеннен кейiн Өмiрсерiктi ауданға аттандырған. Сол ендi ертелетiп келiп қалды ма екен деп терезеден сыртқа көз жiбердi. Тоңазулы тұнық ауада көше тазалаушы әйелдiң сыпыртқысын олай-бұлай сiлтеген қимылы ересен. Кенет шешесiн есiне алды. Ол кiсi әрқашан ерте тұрып, таңертеңгi қала тiршiлiгiн осылай ұзақ шолатынын ойлады. Адамдардың дәл осы кездегi қимылы ширақ келетiнiне аса ден қойған жоқ. Арнайы комиссия сонау Москваның өзiнен шықса түбi жақсылыққа апарып соқпасы мәлiм.Салып ұрып мұның ауданына келе қалса Тұрғынбековтың мәселесiн қайтпек? Қырылып жатқан қозының жағдайы анау. Шөп те шамалы, жемнен де тықырлап қалдық-ау.

Ж алт-жұлт етiп қалып бара жатқан далалы өлкенi туасы көрiп тұрғаны осы секiлдi көңiлi жабырқап, жатырқай шолды. Қарақалпақстаннан қайтқан қарадомалақ зоотехниктiң қозықарнын сипалаған разы кейпiн есiне алса бiттi жыны қозады. «Осындай есектер бiреудi сөз қылып несiн алған екен?» Дүниенiң апалаң-топалаңы шыққалы қашан. Соның бәрiне сыр бермей өткерiп, шыдап баққан жүрек шiркiннiң мықтылығына шындап қайран қалды. Партиядан аластатылғанда басын бұл өлiмге де тiккiсi келген. Сөйтсе онысы бiлместiк екен. Құдыреттi Әнекеңнiң өзi түрмеден бiр-ақ шыққан жоқ па. Ел ойдан шығара ма,

жоқ шынымен солай ма, Әнекеңдi тергеуге алып келе жатқанда күзетшi милиция байқамай қолын шекесiне апарып, құрмет көрсетiп қойыпты. «Әнекең дегеннiң сұсы зәреңдi зәр түбiне жiберетiн сұмдық едi ғой». Әнекең туралы Нұржанов бәрiбiр көп ойлап, күйзелiп, қабырғасы қайыса қоймайды. «Қалай болған күнде мұнда үлкен кiсiге обал. Елдiң бәрiне сенем дегенi түбiне жетiп тынды ақыры» дедi кенет. Әшейiнгi тұрысының өзiнде етегiн тартқыштай беретiн дағдысы бар қоқайған кiсiнiң соңғы кезде екi иығы қушиыңқы тарта бастағанын байқаған. Пiшiн-бiтiмi кесек, еңсегей бойлы кiсiнiң жүзiндегi мұқым құбылыс табиғи момақан көрiнiп едi. «Қазiр шiркiн кездесiп, әңгiмелессе, не ойлағаны бар екен?»

О нкология институтындағы шешесiне сол жолы Нұржанов мазаң сезiмнен арыла алмай бiр сұмдық жүрексiне қуыстанып кiрдi. Көзi iшiне қарай үңiрейiп, қарашықтары өлеусiреп, нұры сөне бастапты. Өңi шүберектей құп-қу шешесiнiң дем алысы жиiлеген сайын бiр қусырылып, бiр делдиген мұрнының ұшы желбiреп, дiрiл қағады. Бұған назарын iркiп, үзiп-жұлып тiл қатты. – Байсеркенi алдырған жоқсың ба? – «Апа, қалайсыз?» деп сұрауға оқтала берген Нұржанов не дерiн бiлмей состиып тұрды да қалды. Кешегi абырсабыр кезде Байсеркенi есiне бiр алып, артынша-ақ ұмытып кеткенiне қазiр қынжылып та қойды. «Бұл кiсiнiң Байсеркеге деген ықыласы неге бөлек сонша?» дедi өзiне-өзi. Сiдiгiне сүрiнiп қалт-құлт басқан Байсеркенiң өзiн жетектеп алып жүретiн бiр кiсi керек. Қызғаныш секiлдi әлдене көкiрегiн қабаттаса тырнап, ренiшiн ақыры тежей алмай: «ол келсе сiзге жан бола ма?» – дедi iшiнен тағы кiжiнiп. – Апа, түнде қалай болды? – деп, төне жақындап кеп сұрады. Күйзеле ауыр күрсiнгеннен басқа шешесi ләм деп тiл қатпады. Дыбысын шығармастан iшке мысықша басып кiрген келiнiне Ақжамбы назарын салмастан сұлық жатты. Қалшия кiдiрiп барып әлдене есiне түскендей Нұржанов сыртқа тұра жүгiрдi. Лифтiнiң түймесiн басып, шамы жанып, сарт етiп қашан есiгi ашылғанша тағат таппады. Жайбарақат отырған шофер өзiне қарай алып-ұшып келе

жатқан бастығын көрген замат кiлтiн сырт еткiзiп бұрап, дереу оталдырып жiбердi. – Өмiрсерiк, сен тура ауданға шап! Ауыл шаруашылығы басқармасында зоотехник болып iстейтiн Жолбосынның баласы Арқабек дегендi көрде жатқан жерiнен болса да маған тауып әкел! Заулай жөнелген машинаның соңынан ұзақ телмiрiп тұрды. Осының ақырынан секем алған замат ары-берi сенделiп, тағатсыздана жүре бастады. «Жаман айтпай жақсы жоқ, шешем бiрдеңеге ұшыраса» деген ойынан шошына селт етiп, қалт тоқтады. Ауру адам қарасаналы болады дейдi. Солай болған күнде анасының ажарынан ренiштiң сызын байқайтыны қалай? «Жеңiл-желпi нәрселерге ренжи беретiндей ұшпа кiсi емес. Әлде бiр жөнсiздiк болды ма?» Енесiнiң жүзiнен аурудан басқа сырды Сараның оқи қоюы екiталай. Көңiлiне түйген түйткiлдерiн Байсеркеге түгiн қалдырмай ақтарып жүрсе ұят-ау. Түнiмен дөңбекшiп ұйықтамай шыққанда Әнекеңнiң уәйiмiн жеп, Бүрбаевтың өскенiне бас қатырып, шешесiн бiр рет те есiне алмапты-ау, сабаз. Соны ана жүрегi сездi ме екен, әлде? Дегбiрсiзденiп кеткен бұл қайтадан жоғарыға қарай көтерiлдi. Келушiлерге арналып қойылған орындықтардың шетiн ала жайғасып, қаздиып отырған әйелiмен ұшырасты. «Апамның қасында тұрмағаны несi мұның?» деп ойлағанмен дәл осы арада оны сұрап жатуды ретсiз санады. Атып тұрған Сараның ақсары жүзi қуқыл тартып, кiрпiктерi тынымсыз жыпылықтап кеттi. Заты қанша дегенмен әйел емес пе, ене кескiнiндегi ренiштi бұл да байқаған-ау, сiрә. – Миятбек, врачтар апамды үйге алып кетсеңдер де болады деп жатыр. Ұсқыны аяқ астынан қатты бұзылған Нұржанов жаңағы сөздi дәрiгерлер емес, құдды әйелi айтып тұрғандай жұлқына төнiп кеп, түйiле қадалды. Күйеуiнiң тап мынадай сұрынан сескене кейiн шегiншектесе де, Сара бәрiбiр бұған жаудырай қарағанынан танбады. Аумақтана бағжиған көзi жасаурай мөлтiлдеп, әлдене айтпаққа оқталып барып қалт тынды. Сенiң сөзiң құрсын дегендей одырая қараған бұл шешесi жатқан палатаға тұра ұмтылды. Қасында кешегiден басқа әйел тұр екен. Кiрiп келген бұған наразы сыңайда көзiн төңкере тастап, аяқ жақтан жайпақтау ыдысты алып сыртқа беттей бергенде:

– Әй, қарағым, бақытың ашылып, өмiр жасың ұзақ болсын! – дедi. Осы бiр алғысын үзiп-жұлып әрең айтқан шешесi көзiн тарс жұмып алды. Бiр уақытта кiрпiгiн қыбырлатып болымсыз ашқанда жанарының iшi жанып-жанып өшкен шоқтай сұрғылт, солғын да, дымқылдан ақжемденген жиектерi қызғылт күлгiн. Қасындағы орындықты иегiмен нұсқап, отыр дегендей ым қақты. Ересен қимыл жасағандай осының өзiне қатты ентiгiп кеттi. Қарашықтары бозаң тартып, ағы алая тұманданған қос шырағынан сұрапыл арпалыстың мезеттiк тыншығанын аңдағаны сол едi. – Өңкей опасыздардың арасында алдағы еншiңе не бұйырып тұр екен, қарағым-ай?! Көкiрегiне шемен боп қатып қалған нәрсесiн амалсыз ақтарып салғанына опынғандай, анасының көзiнен тарамтарам жас сауылдап аға бастады. Зiлмауыр сөздiң уыты өңешiн тұтып қалғандай кеудесi удай ашып барады. Бұл кiсi не деп кеттi деген де жоқ. Өз ақырынан үрейленген сезiм санасының терең түкпiрiнен бас көтерiп, әбiгерлене тынышы қашты. Ытқып-ытқып шыққан жастары самайын сулай бастаған соң еңкейiп қол орамалымен сүртiп алып жатып: «Үйге алып кетiңдер дегенi бұлардың қай сасқаны?» дедi. Шешесiнiң күйзелiстi нышанынан азып-тозған белгiлердi анықтап барлаған сайын: «етi сылынып, қу сүйегi ғана қалыпты-ау» деп ойлады. Көңiл жұбатар сөзiн айтқысы-ақ келедi. Аузынан шыққанда-ақ көрiктi ойы әрiнен таятынынан жүрексiндi ме, әйтеуiр ерiксiз тосыла бердi. Содан ақыры сүйретiлiп сыртқа шықты. Бiр орнында секиiп тапжылмай тұрған әйелiне де бұрылмай, тепкiшекпен бойлап төмен түсiп келедi. Қаптаған бұлың-бұлың бұрылмалар мұны құдды мазақ қылғандай алдынан жамырап шығады да бұлт берiп, құрдымға қарай қайтадан құлдилай жөнеледi. Бiрiншi қабатқа осылай жетiп болғанша дiңкесi құрып та бiттi. Осы институт ауруханасының сол жақ қапталындағы елеусiздеу көшеден транспорт аз өтедi екен. Ары-берi сонымен көп жүрдi. Береке-баяны жоқ ойлардың тығырығына тiрелiп, тұйығынан шыға алмай әлек. Кешегi дөкейлердiң қас-қабақтарындағы сыздан: «Мықты болсаң бұрыннан қаратпадың ба?» дейтiн доңайбат барын ендi болжағандай. «Үкiмет ауруханасына орналастырсам ба екен?» дедi кенет. Осы кезде iштен Сара шықты. Бұған бұйығы келiп, сұраулы кейiппен бiр уақ жаудырай қарады.

– Аналар үйлерiңе өзiмiз-ақ апарып тастайық деп жатыр. Көп жыл жолдас болған әйелiн жамандыққа қиғысы жоқ-ақ. Опасыздық жайлы айтқан шешесiнiң бiр ауыз сөзi әйтпесе көкiрегiн сыздатып, сыртқа шығып кете жаздап тұр. Сөйтсе де ләм демедi. Шарасын жасқа толтыра мөлтiлдеткен Сара ернiн қырқа тiстеп алыпты. Ұябұзбас, момақан, мүләйiм. Байғұс анасының жаңағы бiр жылауы көз алдында көлбеңдеген сәт ет жүрегi жиырыла шымылдап өттi. Жан азабының наласы ғана емес екенiн жүйрiк көңiлмен болжауға бiртүрлi дәтi жетпейтiн тәрiздi. Мұның келешегiне ғана және бағышталмаған сыңайлы. Жеке ренiшiн «өңкей опасыздарға» қоса түйгендей көрiнген кезде тағат таппай тықыршып: «Мыналар неге кешiктi?» дедi жан-жағына алақтап қарап. – Миятбек-ау, ендi не iстеймiз?! – Әй, мен шешемнен құтыла алмай жүрген жоқпын ғой. Кеше бәрi басқаша сайрап едi, бүгiн не көрiнiп қалған өзi?! – Айтпай жүрiп, ауруын асқындырып алған дейдi. Әйелiнiң даусы алыстан талып жеткендей естiлдi. Мұрны қоңқайып, жанарының нұры өшкен, етiнен арып құр сүлдерi қалған анасының бейнесi көз алдында көлеңдеген замат көкiрегiн кептеген ащы өксiк өңешiн өртеп өттi. Қарсы алдында пұшайман күйде мүләйiп тұрған Сараның болмысында шытырман мүттәйiмдiк бардай. Қауызовқа қоймай жүрiп таптырып алдырған киiмдерi үстiнде төгiлiп, қонымды-ақ отыр. Мұның әйелi емес, құдды «Время» бағдарламасын жүргiзетiн мөлдiреген диктордай үлбiреп, үздiге жұтынып тұратынын қайтерсiң. Бiр қарағанда қаптаған шишалар мен сықпа кремдер бедерiн жасандырып, келiстi-ақ көрсетедi. Ал анықтап барласаң, мысық тырнағының iзi қалғандай бет терiсi қызылшақалана талаураған тарамтарам. Сынық та қамкөңiлдi тап қазiргi қалпынан Чехословакия мен Мәскеудiң «Мода», «Здоровье» журналдарын үзбей оқып, жан қамын күйттейтiн өзiмшiл пиғылының жұрнағы да сезiлмейтiн тәрiздi. Басы ауырып, балтыры сыздай қалса бiттi, дәрiгерге тұра шабатын әйелi бiр уақ енесiн ескермегенi несi? Осылай әңгi-тәңгi боп тұрғанда, соңына екi-үш машина ерткен «Волгасы» қастарына таяп келiп тоқтады. Топырлап түсiп жатқандардың iшiнен құлқиған ұзын мойынды Қауызовтың сұңқиған пошымын бiрден көзi шалды. Жолбосын соқырдың баласы сидиған сiрiңке қара

сияқты едi – шыр бiтiп, толысып, жұмырлана бастапты. Апырақтап-тапырақтап асығып-аптығып жеткен ол мұрны делдиiп, жаудырап бiртүрлi емiне қарады. Мөлтiлдеген тұп-тұнық қарашықтары мұңдана қаймығып, жылт еткен сәтте соғыс жылдарында бiрсыпыра әйелдiң жолдан тапқан балаларының көздерi мынаныкiнен аумай, тура осылай мөлдiреп тұратыны жадына оралды. «Сенен бала тапқанша – иттен тапқаным жақсы» деп, қасқайып қарап тұрған қайран шешесiн Жолбосын соқырдың қамшының астына алғаны елестеген уақытта қаны басына шапты. Қақырапқақырап айрылған ақсәтен көйлегiне бiлем-бiлем түскен iзден шым-шым шыққан шымқай қан сол қалпы көз алдына келдi. Жүрегi бұлқынып-бұлқынып соғып, түксие сұрланған қалпы Жолбосын ұлына безере бедiрейiп қадалды. Ентелеп келiп, шеттерiнен амандасқандардың ұсқындары үрпиiңкi. Етене саналатын Қауызовтың өзi жай-жапсарды сұрауға жүрексiнгендей состиып iркiле бердi. Түйе құстай сорайып, мұның қасына ептеп жақындаған сайын шешектен қалған бетiндегi сепкiлдердiң ұңғыл-шұңғылы қарадақтанып көрiнедi. Ернi дүрдiк, шашы тiкiрейген Қауызовтың тым қап-қара өңiн бiршама бақылаған Нұржанов: «Осы сұрына қарамай, мұның барып тұрған зинақор деседi. Әйел сорлылар сонда мұның несiне қызығады екен?» деп ойлады. Ауданның қаржы шаруашылығын ұстаған Көкенов, iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы, майор Бейсенбаев, үгiт және насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Мұқамедиев – бәрi, неге екенiн кiм бiлсiн, Қауызовқа қарай жалтақтай бередi. Осылардың iшiндегi ең сүйкiмдiсi сыптай денелi Көкенов. Тұрған бойы сырбаз. Үстiне қылпық жуытпайтын таза, күтiмдi қалыпта жан-жағына көз қиығын паң тастайды. Осындай қысылтаяң шақта да Бейсенбаевтың дүңкиiңкi жаратылысы бiртүрлi тоң-торыс. Қонақта бiрнеше мәрте бiрге болғанда осы милиция майорының әйелiне мұның ықыласы қатты ауып едi. Көзi алайған мынадай топастау пiшiннiң несiне қызықты екен бейшара деген ой мұны ыңғай кезiктiрген сайын мазалайды. Ал Мұқамедиев баяғы олпы-солпы қалпы. Ақсары әжiмдi жүзi селт етiп серги қоймайтын марғау. Сөйтсе де Нұржанов соған бiрiншi назарын бұрды. Бюроның жоспардағы мәселе бойынша өтiп жатқанын бiлсе де, қосымша жайларды сұрастыруға кiрiстi. «Әнекеңе қазiр «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген уақ. «Байтал түгiл бас қайғы» боп жатқанда ол кiсiге Тұрғынбеков не керек.

Қап соны бүгiн бiр жағына шығарып жiбергенде болатын едi, бiлмегенiм-ай» деген өкiнiштiң табы өзегiн шалып өттi. «Айтқаныңды айтқандай ғып iстейтiн екiншi хатшының сұры анау. Осы Гуржийдiң тым сақтығына қарағанда орыс емес-ау, негiзiнде бiр шикiлiк бар сияқты». – Апамның жағдайы қиын боп жатқанда бюроны қайтпек ең, Миятбек-ау. Өздерiн төңiректеп жүрген жаманатты есiнен тез шығарып жiбергендiгiне қуыстана абыржығандай Сараның даусы шырылдап шықты. Қайдағы бiр милиция майоры Бейсенбаевтың сұлу әйелi туралы ойлағанын Сара құдды сезiп қойғандай мұның берекесi ұша, дереу Жолбосын баласына шүйiлдi. – Сен мына машинаның бiрiне мiнiп, ауылдан Байсерке ақсақалды алып кел. Ақжамбы жеңгеңiз қатты жығылыпты де. Сiздi қайта-қайта сұрап, жоқтап жатыр деп айт. Апамды бiз қазiр үйге алып кетемiз. Сен кешiкпей жет. – Бiрiншi хатшы жерлесiнiң суық қарасынан сезiк алғандай Жолбосынның Арқабегi ұнжырғасы түсiп, сөлбiрейiп тұрған. Мынадан кейiн-ақ алақтап-жұлақтап бiресе Қауызовтарға, бiресе машиналар тұрған жаққа қарады. Қауызов пен Көкенов екеуi бiрдей : – Менiң машинама мiн, – дестi. Қауызовтың сүлiктей қара «Волгасына» отырған Жолбосынның баласы едiрейiп, жүргiзушiге барар бағытты маңғаз нұсқады. «Жолбосын соқырдың жетi ата жетпiс жетi пұстысы мен өрен-жаран үрiм-бұтағының арасынан ауылға машинамен бару несiбесi мынаның маңдайына жазылғанын қарашы». Көңiлiне келiп қалған астамшылықтан Нұржанов iшiнен мырс етiп күлiп жiбердi. Бiр-бiр ауылдың бетке ұстар азаматы мыналар қанша жалбақтаса да, ешқайсысын мiсе тұтпастан құлази жалғызсыраған күйi ауруханаға бет алды. Жолбосын ұлының әлгiндегi машинаға кiсiмсiген отырысы бiр жағынан көңiлiне сыймай, iштей қырыстанып келедi. «Атаңа нәлет соқырдың сiдiгiнiң асылын қарашы! Ауылға ендi қоқилана қоразданып барады-ау». Есiктiң көзiнде тұрған жедел жәрдем машинасының тұсына ерiксiз қалт тоқтады. Бұлардан бұрын iшке кiрiп кеткен Сара бiр кезде делеңдеп шықты да, дереу жедел жәрдемнiң есiгiне жармасты. Iле-шала зембiл ұстаған екi адам шешесiн машинаның iшiне алып кiрдi. Сұлық жатысынан шошына селтиген бұл бiр кезде сол жаққа қарай тұра ұмтылды. Әйелi бiр шетке

жайғасып үлгiрiптi. Өзiмен бiрге құрал-саймандарын алып шыққан дәрiгер анасының қасынан үйiрсектеп шықпай жүр. Бұл солай қарай жүрексiне жақындай түстi. Шешесi көзiн баяғыша тарс жұмып алыпты. Жан-жағына алақжұлақ қаранған бұл жапатармағай «Волгаға» мiнiп жатқан Қауызовтардан таяныш табатындай бiраз көз айырмады. Осы кезде ақырын сырғи жөнелген жедел жәрдем машинасы бiршама бұрылма қиылыстарды артқа тастап, сайраған даңғыл жолға бiр-ақ шықты. Қауызовтар да құйрық тiстесiп қалмай iлесiп келедi. Қаланың кәдiмгi үйреншiктi қайнаған тiршiлiгi, ерсiлi-қарсылы кiдiрiссiз жүйткiген техникаға да зер салмады. Алма-кезек жанған бағдаршамдарға амалсыз тоқтағанда барып селт ете түседi. Есiк жақтағы бұрышта қыбыр етпестен Сара бүрiсiп отыр. Аққалпақты, ақжелеңдi ақсары келiншектiң жұқалтаң сұлуша жүзi әлденеден алабұрта құбылатынын аңдады. Талдырмаш та жинақы жас дәрiгердiң өн бойына көзiнiң сұғын қадап барып, назарын сыртқа тастады. Осы кезде ауылдағыдай жайбарақат, маймаңдай басқан екi кемпiрдi анадайдан көзi шалды. Осынау у-шуы мол апай-топай тiршiлiктi елең қылмастан екеуара қызу әңгiмелескен қалыптарына қарап тұрып, жүрегi шоқ түскендей қызынып кеттi. «Мына жедел жәрдемнiң iшiнде өздерi құралпы кiсiнiң өмiр мен өлiм арасында арпалысып жатқанын қайдан бiлсiн». «Қарағым, бақытың жанып, өмiр жасың ұзақ болсын!» деген алғысын анасы жазған мына дәрiгер келiншекке ендi қайтып бағыштай алмайтындай. Жедел жәрдем тоқтаған бетте үйге қарай Сара тұра жүгiрдi. Топырласа түскен Қауызовтар да жетiп келiстi. Iшке өңмеңдеп кiрген Бейсенбаев пен Көкенов зембiлдi екiжақтап алды да, келесi ұшын Қауызовқа ұстатты. Мұншалықты әбiгердi түсiнбегендей Нұржанов тапжылмай сiлейiп тұр. Бiрен-саран көршi қолаң да жиылыпты. Шешесiмен ылғи да бiр жүрiп, әмпей-жәмпей әңгiмелесетiн тет Дашаның бiр шетте мол денесi солқ-солқ етiп еңкiлдеп жылап тұрғанын көргенде – алқымына тас тығылғандай тынысы тарылып, жанары қарауыта шымырлай жөнелдi. Ебiл-дебiл боп сыртқа атып шыққан ұлы мен қызының ұсқындары да үрпиiп, состиып-состиып қалыпты. Әйелiнiң әпкесi Перизат мұның балаларын кезекпе-кезек құшақтап, әбiгерге түсiп жүр. Ыңғай жиыстырмай жайып жүретiн қап-қара шашы дөңгелене кесiлгендiктен әрбiр қимылына

селтеңдеп iлеседi. Жобалау институтында инженер болып iстейтiн қайынбикесiнiң осы бiр жасаң қалпы көңiлiн ауламаса да, көкейiн қытықтап өтетiн қызуы бардай. Екеуiнiң арасында жүрекжарды ешқандай әңгiме болып көрмегендiктен бе, түсiнiксiз салқындық бар. Шешесiн iшке алып кiрiп бара жатқандардың соңынан жапырлап iлескендерге бұл еш зейiн бұрмаған. Жарық дүниеде тет Дашадай жан бар екенiн жадынан шығарып жiбергенiне таң болып қойды. Не өзiнiң, не Сараның, не ұлы мен қызының көздерiнен осы шаққа дейiн тырс етiп жас шықпағанда – Даша кемпiрдiң дәп мына қылығы етжүрегiн езiп, елжiретiп жiбергендей болды. Жалпақ жүзi сазарып, тобылғы көзiнiң аясы қызғылттанған күйi жұрттың соңын ала кiрдi. Ауданнан келгендер бiр шетте иiрiлсе, ұлы мен қызына босаға жақтан орын тиiптi. Анасын жайғастырған бөлмеден Сара шығып келедi. Ар жақтан мамырлап басқан Даша кемпiрдiң мол денесi де көрiндi. Қоңды шырайынан әзiрде ғана ағылтегiл жылаған табының болымсыз белгiсi қалыпты. Мұның қасына ақырын таяп, көңiлiн мүсiркей аулап, қолын алды. Қимыл-әрекетке онша жоқ, тоқ нышанға амалсыз бұрылғанда шын тiлеуқор ниеттi таныды ма, танымады ма, мұндай жиынға қаланың әйтеуiр өте-мөте тарлығын мезетiнде ойлап үлгiрдi. Даша кемпiрге ықыласын басын изей бiлдiрiп, шешесi жаққа беттедi. Қасында отырған дәрiгер келiншек бұған көз қиығын суықтау тастады. «Сарадан бастап барлығы неге жөн-жосықты айтпайды? Институт шешемдi қайтарып, дәрiгердi қасына қосып бергенi несi?» Өңiнен тiршiлiк белгiсi бiржола өшуге айналған ба, тыныс алып жатқанының өзi беймәлiм. Тек ине салайын дегенде бұл терiс айналып: «Әлсiз дененi құр пiспектей бердiау» дедi. Қауызов бастаған топ шешесiн кiргiзiсiп, жайғастырысып болған соң орын алып топырламай сыртта жүре тұруды ұйғарысты. Ұлы мен қызы бiр жаққа шығып кеткен бе, жуық маңнан көрiбейдi. Зәрлi уыт атқан қоңыр көздi Өмiрсерiк қана қағаз жәшiктердi мықшыңдап даладан тасуда. Шешесiнiң бөлмесiнен осы кезде шыққан дәрiгер есiктi ақырын еппен жапқан бойда қобдишасын ұстап сыртқа беттедi. Бiр ауыз жөнiн айтпастан жөнегенi мұның көңiлiне сыймай, кiдiртпекке оқталғаны сол едi – ар жақтан Сара шыға келдi. Абдыраған екiдай нышанын байқады.

– Обезболивающий укол ставила, а к вечеру участкового врача вызовите, – дегендi жүре айтқан дәрiгер, тiптi, аялдайтын емес. «Обезболивающий дегенi құр далбаса емес пе, бұлардың соны да бұлдағаны ма?» деп ойлады. Бәрiне кiнәлi кенет әйелi сияқты көрiнiп кеттi. Ас бөлмеге қарай зып берген Сараның соңынан жетiп барды. Үлкен қойдың жiлiк-жiлiкке бөлiнген жаймаланған етi бiр қауым жер алыпты. Үйітілген бас ырсиып жатыр. Сандары қомақтана бұлтиған күркетауықтар. Жәшiк-жәшiк алма, банкi-банкi болгар қызанағы мен қияры, саудыраған тастардай жұқа қалбырлардағы уылдырық – бәрi, Қауызовтың қоймасынан екенiн айтпай түсiндi. «Не контовать» деген сыртында баттиған жазуы бар, тұрқы бөлекше жәшiктердiң әлденешесiн Өмiрсерiк ас бөлменiң аузына көмейлетiп қойып кеттi. – Саған бұлар не деп едi өзi, обезболивающий уколмен кiмдi алдағысы келедi?! Состия селтиiп, бағжия қараған Сара әлдене деп тiл қатуға жүрексiнгендей ақсары өңi алабұрта абдырап, тұтығып, iркiле бердi. – Ауруын жасырып жүрiп, асқындырып алған десе ендi мен не iстейiн?! – Асқындырып қойып сен қайда қарап жүрсiң?! Жөн-жосықсыз жапа шегудiң залал-зардабы жанын ауыртқандай үлкейiп шарасына сыймай кеткен әйелiнiң көзiне мөлдiреген бiр қабат жас тұрды. Жүзiне терең қиналыс iркiп: – Бүкiл бiр ауданды аузына қаратқан ұлы анасының жағдайын сезбегенде, жай жүрген жаман қатын ненiң жөнiн бiлсiн, – дедi. Не деп қарсы уәж айтарын бiлмей дағдарған Нұржанов жай жүрген жаман қатынды бiрiншi хатшы алушы ма едi дей жаздап барып тыйылы. Ондайлардың санатына Сара өзiн ешқашан қоспайтыны бесенеден белгiлi. Одан ары ашуы қозбайтын шарасыз халге тап болғанына таң. Содан кiлт бұрылып, анасының бөлмесiне тартты. Есiктi жайлап ашып, iшке ендi. Құп-қу ұсқында еш өзгерiс жоқ, демi жетпегендей мұрны қусырыла дiрiлдеп барып тынады. Қаталап шөлдеген кiсiдей ернi кезерiп кетiптi. Дымқыл дәкемен сулауға оқтала бергенде Сара кiрiп келдi. Дереу енесiнiң жастығын жөндеп, басын ұстады. Мұның қолындағы шүберектi жұлып алды да, суға қайтадан малған әрбiр қимылының шамдағайлығынан осы шаруаға бiржола бет

қойған тастүйiн бекемдiк сезiледi. Бастапқы кездегiдей бұған жалтақтап, берекесi ұша әбiгерге түсiп, құты қаша сасып-салбыраған жайдың бiрi де аңғарылмады. Әйелiнiң тұл бойынан келiндiк ынта-бейiлдi танығандай болғанда көңiлi өрекпiп, шарасы дымқыл тартқандай көрiндi. Кiшкене аралықтың өзiнде басынан мың-сан күйдi өткерiп, сыртқа шығып бара жатып: «Байсерке ақсақал тезiрек келсе екен» дедi. Оны бас салып құшақтап, өкiрiп жылағысы келетiн босаң күй ерiк бермей кететiндей кеудесi от боп жанып, көкiрегi сұрапыл қызынып барады. Облыстық партия комитетiнде бұрын қызметте жүргенде жолдас болып қатысқан жiгiттердiң келiншектерi мұнымен ұяң амандасты да, iске дереу қызу кiрiсе бастады. Гуржий мен Садықбеков бастаған ауданның тайлы-таяғы қалмай ұзыннан ұзақ құрылған үстелге бәрi жағалай жайғасты. Ернi дүрдiк, мұрны қоңқайған екiншi хатшысы әлденеге қамығулы, әлпетi әйтсе де ұябұзбас момақан. Мұны осы мiнезi үшiн де бәлкiм жақын тұтатын шығар. Көп жайды Гуржийден әйтеуiр iшiне бүгiп қалмайды. Әдемi ақсары кескiнi қағылез де сезiмтал Садықбеков қазiр де сырбаз. Анасының хал-жағдайын қазақы ыңғайда қарияларша сұрастырып: – Миятбек, атамыз қазақ айтпай ма, «ауру батпандап кiредi, мысқалдап шығады» деп. Сарыуәйiмге салынбай, сабыр ету керек, – дедi. Аудандық атқару комитетiнiң төрағасы Игорь Никитич Поцелуев өзiнiң ұзынтұра бiтiмiне ұқсатып О дыбысын тым созыңқырап айтып, поволжиялықтарша әндетiп сөйлейдi. Шүңiректеу көкшiл көзiн кiсiге сүзiлте қадаған уақытта шамалы уыт сезiлсе де, онысынан адамның құты қашпайды. Қаперiне ештеңе кiрiп-шықпайтын тек Тұрғынбековке әлсiн әлi назары түскен сайын: «Мұның мәселесiн бiр жағына шығармаған соң-ақ осы» деп ойлады. Жан-жағына көзiн алайта тастаған кезде атжақты жүзiнiң бұлшық еттерi шиыршық ата бұлтылдап ойнап, мұрнының желбезегi делдиiңкi тартады. Дүрмекке қосылар алдындағы тықыршып тұрмай, елiрiп кететiн құдды арғымақ ат. Қайдағы бiр директордың бiрiншi хатшының үйiне келгенде өзiн сенiмдi ұстайтын тәкаппарлығы көңiлiне сыймай, ерiксiз назарын аудартады. Есiктiң қоңырауы дәл осы кезде үстi-үстiне басылып, үй iшiнде сiлтiдей тыныштық орнатты. Ас бөлмесiнде жүрген әйелдердiң бiрi жүгiрiп барып ашып қалғанда –

әуелi Жолбосын баласының тоқ тұрпаты, содан соң аяғын ауыр алып келе жатқан Байсеркенiң сұлбасы көрiндi. Демi жетпей ентiккен кезде кеудесi көрiктей көтерiлiпбасылады. Нұры солғын жанарын алайта аунақшытып, адымдаған сайын сұрапыл қиналыстың зардабынан бүйрек бетi қарауыта түтiгiп кетедi. Әлденеге соқтығысып қалудан сақтанып, екi қолымен ауаны зағип адамша қармана бередi. Тұла бойы мұздап, шымырлай жөнелген бұл орнынан қалай атып тұрғанын сезбедi. Қаумалай отырғандар да сөйттi. Оң жақ қабырғадағы есiктi осы үйге сыралғы бiреу жалмажан ашып жiбердi. Байсеркенi қолтықтап алған Жолбосынның баласы оны ендi солай қарай сүйрелей бастады. Жолбосын баласының дегенiне көнбей қалт тоқтаған Байсерке оған одырая бiр қарады. Содан мойнын созып, алға қарай жылжуға ишара жасады. Сүйемелге табан тiрей нықталды да, табалдырықтан ары аттады. – Жамбы-ау, Ақжамбым-ау, асылым-ау! Сұм жалғанда қу басым сенi ғана жұбаныш етпеушi ме едi. Алды-артыңа қарамай, қайда тастап барасың мен бейбақты! Қыбыр етпей жатқан шешесi көзiн ашуға әрекет қылып, қас-қабағын әлсiз кергенде аппақ қағаздай қуаңдаған рең алабұртып, қызыл жүгiрiп өткен сәттiк өзгерiс лезде ғайып болды. Кенет болымсыз бұлқынып, аяқ-қолын серпе сұлық тынғанда басы қайқая шалқалап, көздерi алая ашылып барады. Шешесiнiң демi бұлайша шұғыл таусылып, жүрiп кетедi деп ойламаған бұл: – Ақжамбы-ау! – деген Байсеркенiң сұңқылдаған даусын мият тұтатындай. Жаулығын көзiне басып бiр шетте жылап тұрған Сараға көзi түстi. Сiңлiсi күйiкке шалдығып қалатындай қасындағы әпкесi жұбатып әлек. Жылап алғанға ұқсайды, оның да шырағы қып-қызыл. Анасының ақтық демi екенiне әлi сенбегендей безере бедiрейген қалпынан танбады. Тек бiр кезде әйелiнiң аяқ астынан жан даусын шығара шыңғырып жiбергенiнен селт ете түстi. Төңiрегi бей-берекет абыр-сабыр болды да кеттi. Әпкесiнiң құрсауынан босанғысы келгендей Сара жұлқынып жатыр. Бiреулер Байсеркенi қолтығынан сүйемелдеп, тұрғыза алмай әуре. Осынау қарбалас шақта бұл анасынан жазатайым айрылып қалған екен. Қараса – көлдей ақ матамен бетiн жауып үлгiрiптi. Адамдар өлiмнiң рет-тәртiбiн бiлетiнiне күмәнданған әрi таңырқаған сезiмнен арыла алмай екiдай күйде сiлейiп тұр. Шыркөбелек айналған бұлдыр мұнар дүниенiң арасынан шешесiнiң бiржола көз жұмғаны

миын солқ еткiзген замат өзегiн от қарып, көкiрегi сұрапыл қызына жөнелдi. Қорғасындай зiлмауыр салмақтан жүрегi солқ етiп төмен тартылды да, тура сол арадан тұңғиық түпсiз саңылау пайда бола кеттi. Iш дүниесi азынаған қуыс, өңтүстен жұрдай. Анталай қаумалаған жұрттың алдында бұл жылай да алмайды екен ғой. «Бәрiнен де дөкейiмiздiң жетiм қалғаны қиын болды, өгiздей өкiрдi» десе қу ауыз бiреуi – қалғаны iлiп әкетiп, қауға тиген өрттей бұрқырата лаулатар. Кiм көрiнгенге көз түрткi боп, үлкенi сабап – кiшiсi мұқатқан баяғы заманда бұл бала – бала да болса жүрегi сыздап, оңаша-оңашада солқылдап жылап алатын. Ондайда сергiп жеңiлейiп қалса, мiне, ендi далда ғып, нысана тұтар тұлдыр жоқ құлазыған қу медиен даладай. Шешесiнiң орны осылай мәңгi-бақи үңiрейiп қалатыны көкейiне тұтқиылдан келгенде – шекесi шыңылдап, iшi-бауыры тоңазығандай қалтырап, кеудесi удай ашып қызына жөнелдi. Опыр-топыр көпшiлiктен сытылып шықты да, жатын бөлмеге сып берiп кiрiп кеттi. Еңсесiн жаншыған төтенше салмақтан денесi салбырай ауыр тартып, шаршап-шалдыққанын ендi сезiп, төсекке қисайды. Қараңғы көңiлiнiң қалтарыс түкпiрiнен әлдеқалай жалт еткен шұғыла сәуле жанарын қарықтырып өткендей көз алдын шымырлата жыбырлатып жiбердi. Сан-сақты шарлап сабыр таппаған санасы жалғыздығына жүгiнген замат екi баласын ойлап, жуық маңнан қара көрсетпейтiндерiне қатты таң қалды. Тырс етiп жас шығармай безбүйректене безерiп алған ұлы мен қызының кейiптерi елестеген мезет алқымына тас кесек тығылғандай суына шуылдаған көкiрегi ысына бастады. Егәрки әжелерiн балалары жоқтап шырқырап тұрып жыласа бар ма, өзiн дәп осылай жалғыз-жарым сезiнер ме едi, сезiнбес пе едi. Сондағы басынан өткерген халiне Нұржанов қазiр бiртүрлi нанбайтын тәрiздi. Шошынып қалмасын деп балаларды басқа жаққа жiбере қойған Сара шiркiннiң сондағы қылуасы зығырданын қайната ширықтырып әкеттi. Алатаудай енесi құлап жатқанда әйелiнiң есi екеу, түсi төртеу боп, балаларды ойлауға мұршасы келмей кету керек емес пе едi? Осы күнге дейiн екеуi не кием, не iшем деген жоқ. «Мүйiз шығатын болса, осыларға шығатын едi, көттерiнен үрпая түсетiн болса, осылардан түсетiн едi». Басы-көзiн тоқпақтап, Сара қанша аласұрса да мұның жүрегi тiптi шым етiп қоймады. Адамзат баласының өзiмшiл жаратылысына нақ осы сәтте көзi жетiп, бойын шарасыздық жеңiп, дел-сал

күйге түстi. Ұдайы сақылдаған қатқыл ырғақ та әбден мезi ғып бiттi. Бiр кезде сатырлаған дыбыс күшейе-күшейе сұрапыл жылдамдыққа шыдай алмайтындай пойыз шайқалақтай жөнелдi. Әлдебiр тетiгi үзiлiп кетiп, тiк ылдиға құлдилай бастайтындай көрiнгенде – рельстен шыққан вагондар бiрбiрiне мiнгесе, тау болып үйiлiп қалатыны елесiнен үрейi ұшты. Көзiнiң алдын бiр уақ тұман тұтып, басы зыңылдап шуылдады да тұрды. Күтпеген жерден зәресiнiң қалмағанын ойлауға құлқы шаппады. Атақ-абыройдан жұрдай, кiсi санатынан шығып қалған мына күйiнде де өлiмнен сұмдық қорқатынына кенет қатты таң қалды. Әлек-шәлегi шығып, төсiн қойғылаған Ұябай бейшара баяғыда: «Мен кiммiн, мен бiр жүрген жаман сары» дегенде бетi быж-тыж боп, жiпсiк көзi жасаурай қызарып кететiнiне дейiн елестедi. Манағы үрейленгеннен әлi басылмаған жүрегi лүпiл қағып, тынышсыздана соғады. Ендiгi қалған бар жақыны Ұябайдай – көңiлi босады. «Өңкей опасыздардың арасында алдағы еншiңе не бұйырып тұр екен, қарағым-ай». Шешесiнiң ең соңғы айтқан осы сөзi аяқ астынан есiне сақ ете түстi. Әйел, бала-шаға, дос-жар дегендердiң барлығының сырын бiлiп, көкейiне тоқып, түйiп жүрiп, тiс жарып ашпай өзiмен бiрге көрге ала кеткенiне кенет өкпесi қарақазандай бола қалды. «Сол кезде басын жарып, көзiн шығарып тұрып айтқанда бәлкiм, барлығы басқаша болар ма едi, кiм бiлсiн?» Анау-мынау емес бұрышта бiр кездегi Нұржановтың құлқиып тұрғаны өзгеден гөрi өзiне тым қораш көрiнiп кеттi. Сарт-сұрт ашылған екi жақтың да есiгi бiр тыным таппайды. Өткен-кеткендер бұған назарын бұрып та қоймайды. Жолаушы деген халықтың ұлы да, қызы да құдды үйлерiнде жүргендей оны-пұны нәрселерiн үстерiне әшейiн iле салған. Дүниеде бiр сұрқайлықтың барын бұрын қалай байқамаған. Азып-тозған Ұябай мен Мәдуардан да сын-сұқпыты бөлек – өмiр бойы шаужайынан қалмай жармасып келе жатқан сол жұпынылықты неге телiрiн бiлмей дағдарды. Ол әйтеуiр шешесiнiң үлдiреген баяғы көнетоз ақ сәтен көйлегi тәрiздi дала-даласы шыға ыдырап, аппақ етiне бiлем-бiлем түскен қамшының көлдiреген iзiндей жүрегiн сыздатса, ендi бiрде көзiн алайта ойнақшытып, демi жетпей, кеудесi бiр көтерiлiп, бiр басылған Байсеркенiң ентiкпелi ұсқынынан аумайды. Әлi боянып үлгiрмеген әйелiнiң бетiне таңертеңгiсiн қараған сайын өз-өзiнен абыржып қалатын дағдысын қоя алмай-ақ келедi. Аңызақ

мезгiлдегi шыт-шыт айрылған қу тақырдай Сараның өңi құнарсызданып, тозаңыта шаңытып тұрады. Дұшпандығы тағы әбден қатайған кiсiше зәһарлы ұшқын ұялаған жанарын жалт-жұлт еткiзiп өте шыққанда – бұл әжептәуiр сасып-салбырап, мазаң күйден арыла алмай қалатын әдетi. Шарайнаның алдына бiр кезде бабымен жайғасып, әуелi күлгiнсары кремдi баттастыра жағып, содан кiшкене аспаппен кiрпiгiн түзеуге кiрiседi. Жаңағы күлгiнсары түстiң үстiне ендi аппақ кремдi жұқалап жалатып, асықпай мұқият ысқылап шығады. Соның бәрiн болған соң барып шай әзiрлеуге бiр-ақ тұрады. Көз шарасы мөлдiрей меймiлдеп, жүзiне иманы үйiрiледi. Айна алдындағы шишалар мен аспаптардың мұндайлық сиқырына сенбегендей әйелiнiң өңiне әлсiн-әлi қарағыштайды. Үлкен қызметтiң буына мас болып жүрген жылдары керiлiп-созыла отырып алып әйелi осылай боянушы ма едi, боянбаушы ма едi, соған зер салып қарамағанына өкiндi. «Осының өзi алақандай беттiң әрiн тайдырып жiберетiн бәлекет екен», деп шешесiнiң баяғыда айтқаны ойында. Осы сөзге сонша қитығатындай не тұр едi? Демiне араласқан кермек дәм өңешiн шұғыл қыздырып жiбердi. Көзiнiң алды удай ашып, шеке тамырлары солқылдап алып барады. Кеудесiн тарсынғандай жүрегi бiртүрлi бұлқынып-бұлқынып соқты. «Шешем жазған Байсеркенi күтiп жатқан екен-ау». Осы ақиқатты ойда жоқта ашқанда неге жүгiнiп, неден жұбанарын бiлмедi. Сонда қыбыр етпестен ұзақ жатып алды. Тымырсық түнектiң iшiне қамалып қалып, жарық дүниеге жан ұшыра ұмтылатын мазаң сезiм ғана шырқын қашырады. Бiр кезде «апам-айлап» зар еңiреп жылаған дауыс Ұябайдiкi екенiн танып, төбе құйқасы шымырлай жөнелдi. Солығын баса алмай шындап өкiргенiне бiр жағы нанбайтын екiдай күй кештi. «Айдаладағы бiреудiң шешесiне бүйтiп жылау тек өзi артист, өзi iшкiш Ұябайдың ғана қолынан келедi» – деп ұйғарды. Басылмастан өрши түскен Ұябай: «Ешкiмдi алаламай, бәрiмiздi бiрдей көретiн қайран асыл анам-ай, халiңдi бiлiп, көңiлiңдi бiр сұрап кетуге жарамағаным-ай, мен бейбақтың!» Ақыл-есi дұп-дұрыс, сау адамның ғана аузынан шығатын мына сөздер мұның жан-дүниесiн түсiнiксiз күйге бөлеп өттi. Байсерке мен Ұябайдың қабырғалары соншалықты қайыса күңiренетiндерiне аң-таң. «Қызметiмнiң құдыретi ғана бұларды өстiп сұңқылдатып қойған» деген тоқтамға тiрелгенде жанын сол жұбатып, бiр

мезет тыншу тапқызғандай болды. Ұябай ақыры басылдыау.Өгiздей өкiрген үнi өшiп, үйдiң iшiнде сiлтiдей тыныштық орнай қалды. Елегізiп кеткен бұл әлденеше рет тұрмаққа оқталды. Ұябай артист мұның үстiне баса-көктеп кiрiп келсе екен деген жеңсiк ниетi ықтиярын билеп барады. – Патшамыз қайда кеткен? – дедi бiр кезде ол. Бiреулердiң бәсең үн қатып, жөн нұсқағанын мiсе тұтпаған Ұябай әлденелердi дарақыланып айтып, үздiксоздық жеткен даусы бiр кезде бұл жатқан бөлменiң тура есiгiнiң қасынан естiлгенде не iстерiн бiлмей асып-сасып, бойын жиып ала қойды. Оның есiктi айқара ашып тастап, ләм деместен бiр мезет бөгелiп тұрғанына дейiн сезiндi. Сөздi неден бастап кетерiн бiлмей қысылғанға жорыған бұл ақырын қыбыр етпеген күйi күттi. Басыңды елiң келсе бұлдайын деп, Жауапсыз жатып апсың тұрмаймын деп. Шешеңдi берген құдай өзi алды Жатырмысың құдайды да ұрлаймын деп. Ұябай үстi-үстiне шұбыртып барады. «Мына оңбаған пияншiк Сүйiнбайдың өлеңiн өзi шығарғандай ұялмай соғады ғой, тiптi» дедi. Кiсiлiктiң жөн-жосығын осыдан күткен мұның әуселесi-ай, шiркiн. Сөйтсе де ешқандай ашуы келмедi. «Тағы да шатып, бүлдiрiп жүрер» деп қуыстанған Нұржанов жайлап басын көтердi.Мұның тұсына Ұябай өңмеңдеп келiп қалыпты. Селтиiп босағада Мәдуар тұр. Быж-тыж бiр уыс жүзiнде еш өзгерiс жоқ Ұябай сол қалпы. Сызық тәрiздi жiпсиген көздерiне көрiсiп, көңiл айтатын сәттiң ынсабы үйiрiлiптi. Ешкiнiң асығындай шап-шағын денесiне қоңыр костем-шалбар, аппақ қардай жейде, қапқара бабочка, бәрi қонымды. «Сұрына қарамай бабочка тағып алғанын қарашы, әй, артист шiркiндер, арсыз келедi деген рас-ау» дедi iшiнен. Қоңыр көздерi құтырына ұшқын атқан Мәдуардың құс мұрыны одан сайын қоңқайып, үсiк шалғандай екi бетiнiң ұшы көгжiлтiм. Костемiнiң екi өңiрi мен жеңi сауыс-сауыс кiр, қырқылып ыдырауға жақын қалыпты. Шалбарының бұрынғы сыдырма ауының орнына қадалған түймелер көзге бiрден қораш ұрады. Байсеркенiң үйiндегi баяғы екпiннiң бiрi де жоқ – тауы шағылып, сағы сынған қалпы кемсеңдеп келiп мұны бас салғанда-ақ арақ пен темекiнiң исi мұрнын жарып өттi. Бiреудiң киелi ақ төсегiне қонжиып отырып алғаным жарамас дегендей Мәдуар дереу атып тұрды. Ұябай кеудесiн сахнадағы

дағдысынша шалқақтау ұстаған күйi қалқып басып тағзым еткендей сәл иiлiп, тiктеле жөнделдi де, басын қақшитып тұра қалды. – Қазаның арты қайырлы болсын, берекесiн өздерiңе берсiн, – дедi де төс түйiстiрдi. Жанға жайсыз тиетiн сөздердi төпеп айтқан құдды бұл емес, басқа бiреу сынды жүзiнде қымсынудың кiшкене де болса белгiсi сезiлсе ше. Зиялы бола қап көпе-көрнеу кекiрейiп алған одан бұл кенет қатты жерiнiп кеттi. Мұндайлық жүдеп-жадағанына бiртүрлi сенбегендей содан Мәдуар жаққа назарын суық тастады. Осы кезде үстерiне асып-сасып Гуржий кiрiп келдi. – Миятбек Ақпейiлович, Силаев! Салмақты қалпынан танбаған Нұржанов орнынан асықпай көтерiлдi. Гуржий мен екi ағайынына еш ишара танытпастан басқа бөлмеге қарай маңғаз басты. Залға құрылып қойылған үстелдiң төрiнде отырған Байсеркенiң қасына Николай Трофимович Силаев бастаған обкомның бiр топ адамы жайғасыпты. Аудан азаматтарының үрпиiсiпүрпиiсiп қалғанын байқады. Мұның қарасы көрiнген замат-ақ орындарынан көбi атып-атып тұрысты. Николай Трофимовичтiң күн тимеген ақсары өңiне бiрден шымырлап қан тептi. Еңкiш тартқан екi иығын салбыратқан күйi көкшiл көзiн жасаурата қарсы жүрiп кеп мұны бас сап құшақтай алды. – Дорогой мой, Миятбек Акпейлович, мы знаем что это большое горе, не восполнимая потеря. Но, как говориться, будьте мужчиной. Дүниедегi ең аяулы адамына мұңын шаққысы келгендей көңiлi егiлген Нұржанов Николай Трофимовичтiң омырауына басын қойды. Демi жетпей ентiккен Байсерке де кемсеңдей бастады. Көзiнен жасы, мұрнынан сорасы аққан қарт адамға ешкiм зер сала қоймады. Шарасы жасқа шыланған Гуржий, шүңiрек көкшiл көзiне зәрлi уытты жиып алып безерген Поцелуев, шақшиып қалған Садықбеков, ырғайдай мойны одан сайын ұзарып, кiрпi шаштары тiкiрейiп-тiкiрейiп кеткен Қауызов, осылардың ең төменгi жағын ала селтиiп тұрған Арқабек, бәрi – екi дөйдiң көрiскендерiн кие тұтқандай жүздерi алабұртады. Солықтарын басып болған соң бастапқы орындарына бәрi қайтадан жайғасты. Алдарындағы ас-суға бiрден бас қоймай екi қолдарын бос жiберiп, состия үн-түнсiз отыры-

сты. Нұржанов тарапынан да еш ишара жасала қоймады. Ең төменгi жақтан орын тиген Мәдуардың қозғалмағанын қалайтын iшкi ойы көкейiнен кетпеуге айналды. «Ауы құрғыр көзге түскiш екен» дедi. Ұябай баяғы асабалық қызметiн атқаруға дайын екендiгiн байқата ма, керекжарақты реттей бастады. Мойнын қылқита созған Қауызов та қолын шошайтып, әлдекiмдерге нұсқау берiп жатыр. Мәдуар мен Ұябайға Байсерке шалық тиген кiсiше алақжұлақ қарайды. Көлкiлдеп iсiнген бетiнде тiршiлiк нышаны аз. Демiн ентiгiп алған сәтте әлденеше түйме баттиыпбаттиып көрiнiп, көзiн жосықсыз алайтып төңкердi де: – Ұябай, жылан жылғыдан қалған сендердiң әдеттерiң бар едi, байқаңдар, – дедi. Николай Трофимович секем алып селт ете Байсеркеге жалт бұрылып, таңырқаған сыңайда аңыра iркiлдi. Бұлардың ата салтының жөнiн жазатайым бұзып алған жоқпын ба дегендей облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы айнала төңiрегiндегiлерге сұраулы жүзбен жәутеңдеп қарап қалды. Тамақ алыңдар деп қасындағы жастау жiгiт түсiндiрдi-ау, сiрә, лезде жадырай күлiп, айырға жармасты. Обкомның екiншi хатшысына зыр қағып барып бәйек бола қызмет еткен Арқабек асып-сасып жүрiп, қарияға тамақ салуды ұмытып кеттi. Мұны еш әбес санамаған Николай Трофимович әуелi қасындағы үлкен кiсiге iлтипат жасады. Қайтадан жанұшырып келген Арқабекке ештеңе етпейдi, ондай-ондай бола бередi дегендi кiшiк бiлдiрiп, Байсеркеге жылыұшырай қарады. – Берите, аксакал, берите. – Ыспасибо, ыспасибо. Мұндайда ағайынның сын-сымбаты жұртқа көз қылу үшiн де көрiктi болғаны жақсы екен-ау. Төрде тас белгiдей мелшиiп отырған Байсеркеге, ыстықтың тамырындай лыпыл қаққан Жолбосын соқырдың баласына, манағы бiр ауыз сөзден кейiн пұшайман бола қалған Ұябайға, құр көкiрегiн өрге айдаймын деп жүрiп, көн шалбары көтiне қатып, ақыры құн төлеп тынған Мәдуарға дейiн ашуы қозып: «Елден ерекше осыларға қандай жау тиiп едi – берекелерi неге қашады?» дедi. Екiншi хатшының назары өзiне ауып, биязы тiл қата бастағанын да сезбептi. Қараса – ұзыннан-ұзақ үстелдi жағалай жайғасқан жұрттың назары түгел орнынан тұрып сөйлеуге ниет бұрған Николай Трофимовичке ауып үлгiрiптi.

– Бiздiң қымбатты досымыз Миятбек Акпейлович, сiздiң ауыр қазаңызға бiз шын жүрегiмiзбен ортақтасамыз. Өмiрде ананың орны бөлек, бiрақ амал не, тiрi адам тiршiлiгiн iстеу керек. Бұл хабарды естiгенде Әнекең де шын көңiлiн бiлдiрiп, болған iске болаттай берiк болсын дедi. Нұржановтың басына ыстық қан шауып, көзiнiң алды жыбыр-жыбыр сағымға толып жүре бердi. Көзiн бiр ашып, бiр жұмып, қабағынан қар жауа түнерiп отыратын Әнекеңнiң аузынан мұншалықты тiлеуқор ыстық ықыласты лебiз шықты дегенге қанша сенiңкiремесе де iштей елтiп, емiне түстi. Әнекең екiншi хатшысын жiберiп көңiл айтып жатыр, бiлген кiсiге одан артық не керек? Тоң мойын қатқыл кейпi жазып-жаңылсаң дүрсе қойып, iндетiп түбiне жетпей тынбайтын қазымыр беймаза мiнезi лезде ұмыт боп, дүниеде Әнекең қадiр тұтып, аялайтын жалғыз ағасындай кеудесiн жылылық жайлады. Көңiлi босап, көкiрегi қызынып, көзi құрғырға ыстық жас тағы да үйiрiлдi. Дәл осы сәтте сөзге Гуржий килiкпегенде бұл сыр берiп қоятын едi. Әшейiнде шабандау қимылдайтын өзiнiң екiншi хатшысы орнынан апыл-ғұпыл көтерiлiп, Поцелуевқа көз қиығын сергек тастады. Аса маңызды жайды айтпаққа оқталған сыңайда ойлы iркiлiп барып сыпайы тiл қатты. – Қымбатты Николай Трофимович, бiздiң досымыз Мәкеңнiң басына түскен қиын жағдайға өзiңiздiң келiп, ортақтасқаныңызға дән разымыз. Бәрiмiз қадiр тұтып, әкемiздей сыйлайтын Әнекеңнiң сәлемiн жеткiзгенiңiзге көп рахмет. Байсеркеден басқасының барлығы бiр кiсiдей қағып салды. Дастарқан басында Жолбосынның ұлы, Қауызов, тiптi Гуржийге дейiн қалбақ қағып жүрген соң, бұл өзiн одан бетер мығым ұстай бастады. Николай Трофимович те көңiлiн аулағысы келгендей қайта-қайта жалбақтап, «Мәке, Мәке» деуге көштi. Обкомның екiншi хатшысының мұнысы жанына майдай жағып та барады. Сыр бермей ыздиып қана отырған баяғы Садықбеков. Осыны әйтеуiр ұғу қиын, көп ашылып-жарылмайды. Жiңiшкелеу қап-қара қасын керiп қойып, шiренiп отыр. Мұндайларды «жерге жақын, пәлеге жақын» деушi едi шешесi жазған. Сонысы рас та шығар, бәлкiм? Бюро мәжiлiстерiнде Поцелуев пен Гуржий екеуiне дес бермейтiн Садықбеков – шақар. Бұдан өзi де ығады кейде. Гуржийдiң сөзiнен кейiн-ақ жұрттың тығыны ағытылып

жүре бердi. Поцелуев, одан кейiн Николай Трофимовичтiң нөкерлерiнiң бiрi, содан соң кезек Садықбековке тидi. – Өлiк үстiнде қазақ бұрын арақ iшпейтiн, рәсiмге кейiн ене бастады, – дегенде сопақ кескiнi шымырлай алабұртқан Николай Трофимович аң-таң боп, отырғандарға алмакезек бағжаңдап қарай бердi.Нұржановтың жан сезiмiнiң қалтарыс-қатпарларынан төтенше өре түрегелген бiр нәрсе өн бойын дуылдатып өттi. Мәдуардың арақтан күйiп тынған қап-қара ұсқыны осы сәтте нарттай күреңiтiп кеткенiн байқады. Быж-тыж өңiнiң қыртыс-тыртысы жазыла қоқиланып алған Ұябайдың жiпсiк көздерi шырақтай жана бастапты. Титтей нәрсенiң ұштығы шықса-ақ жұлқынып кiрiсуге шақ тұрған бұлардың кейiптерiнен секем алайын дедi бiр жағы. Қазақтың бұрынғы рәсiмiн дәп бұл жерге қыстырып несiн алған екен дегендей Садықбековты ала көзiмен бiр атып, орнынан тұрған Нұржанов қолайсыз сәттiң тiгiсiн жатқызып, сылап-сипап , елетпей жiберуге тырысты. – Қадiрлi Николай Трофимович, менiң қайғыма ортақтасып, көңiл айта келгендерiңiзге көп рахмет. Шынында да «тас түскен жерiне ауыр» екен. Қазақ өлген адамды құтты қонысына қондыру керек дейдi. – Тура осы жерге келгенде сәл iркiлiс жасады. Обкомның екiншi хатшысынан бастап, барлығы бейiлдi шырай танытып, бастарын жанашырлықпен шұлғыды. Тiптi Садықбеков әлгiндегi жiберiп алған бiлместiгiне опынғандай қызарақтап, жаутаң қағып отыр. – Жиырма жасында жесiр қап, менi осы әлетке жеткiзген шешем қызығымды әлi де көре түскенi жөн едi. Қайтейiн, оған жазбапты. Мен өзiмдi жалғызбын деп ойламаймын, осынша дос-жар, ағайын барда. Оны ретi келсе Әнекеңе де жеткiзерсiз. Мен коммунистiк партияның жауынгерiмiн. Өмiрiмнiң ең қиын шағында да осы сертiмнен айнымаймын. Сiздердi арқа тұтқан соң осы сөздердi айтып тұрмын. Көңiлi нiлдей бұзылған Нұржановтың көзiне жас кептеле бердi. Даусының түрлi иiрiмдерiне елтiген Байсерке аузын ашып, аңқайып қалыпты. Обкомның екiншi хатшысының маңдайы қызарып, iрi сопақ кескiнiне үйлеспейтiн кiшкене көкшiл көздерi жасаурап, Нұржановқа етжүрегi езiлiп, елжiрей телмiрдi. Поцелуев еңселi бiтiмiн одан сайын тiктеп, жинақылана түссе, Гуржий босаң болбыр болмысына ие бола алмай қалғандай жайыла жалпайып кетiптi. Ау-

зымен дем алатын Қауызовтың күреңiткен қоңырқай жүзi мен иығына iлген қарақұрым пенжегiнiң қасында қиқыжиқы тiстерi ырсиып-ырсиып тұрса да күрiштей аппақ боп көрiнедi. Жолбосынның Арқабегiне дейiн толысқан денесiн жiптiктей ғып ұстауға тырысқаны сонша – зор келгендей демiн екi иығынан ала ентiгiп тұр. Николай Трофимович Садықбековтың жаңағы бiр сөзiнен кейiн рюмкедегiнi қағып саларын бiлмей бөгелiңкiреп, қысылып-қымтырылып езуiне шарасыз күлкi үйiрдi. – Бiздiң идеологиялық хатшымыз сiздi қорқытып тастаған ба, Николай Трофимович? Қалихан Алтынбековичтен бiрге iстесек те бiз де сескенемiз, алыңыз, – дедi Нұржанов осы отырыста алғаш рет әзiл араластырып. Облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы Силаев арақтың уыты әлi толық дарып үлгiрмеген, бiрақ жеткiлiктi дәрежеде қызған адамдардың әдетiнше теңселiңкiреп барып, тiктелiп алды. Мұның сөзiнiң астарына ендi бойлағандай көзiн мейiрлене шүйiрiп: – Идеологтардан мен тұрмақ, сам Әнекең қорқады. Өйткенi олар өте қауiптi адамдар, – дедi. Жұрт жаппай ду күлдi. Кескiнi өрттей қызарып, екi қолы алдына сыймай қатты әбiгерленген Садықбековке Силаев: – Қалихан Алтынбекович, я шучю, – дедi де бiр пәс орнай қалған қолайсыздықты сейiлткiсi келгендей Николай Трофимович ешкiмде, еш нәрседе шаруасы жоқ, басын кеудесiне салбырата жiберiп, қаужырай мүлгiп отырған Байсеркеге бүкiл денесiмен бұрыла қарады. – Ну как аксакал, устали? Әуелi көзiн ақшитып ашқан Байсерке сергiмеген сүлесоқ қалпы басын көтерiп, жөнделiп отырды. – Бiзге ендi усталдан басқа не қалды дейсiң. Өмiр де, қызық та сендердiкi. «Атың барда желiп жүрiп жер таны, асың барда берiп жүрiп ел таны» деген бұрынғылар. Таныңдар, бiлiңдер, қарақтарым. Одан басқа не дейiн, – деп, ас қайырудың ырымын жасады. Орындарынан қотарыла қозғалған жұрт сыртқа беттегенде Силаев мұны оңаша алып шықты. Бұрын обкомда iстеп жүрген уақытта, кейiн де осы кiсiнi пiр тұтып келсе – iшкен арақ, жеген тамақтың арқасында мiне, ендi терезесi тең адамдарша емiн-еркiн сөйлесiп тұрғаны санасында жаңғырығып үлгiрдi. Сол сол-ақ екен, көңiлi өрекпiп, домбыраның шанағындай көкiрегi күмбiрлей жөнелдi.

– Миятбек, обком тарапынан көмек керек болса, қысылмай айтыңыз. – Менiң ауылым мына тиiп тұрған жерде, сүйегiн сол жаққа апарып қоймақшымыз. Николай Трофимович, ықыласыңызға рахмет! Тоқ пейiлiне разы боп кеткендей Силаев Нұржановты бас салып құшақтап, бетiнен шөпiлдетiп сүйiп-сүйiп алды. Кәрiстердiң тұздап-бұрыштаған ащы-тұщы көксөгiнiң дәмi екiншi хатшының лебiнен мұрнына келгендей болды. Анаумынау емес Силаевтың өзi жарбаңдап жатқанда қалай қарап тұрсын, қарымтасын Нұржанов та жiбермей бақты. Көңiлiнiң терең түкпiрiнен осы бiр қылығын құптамайтын сезiм қарсылығы тым әлсiз едi. Жан толқынысының қуатты иiрiмдерiнiң қақпақылына түсiп, өлiмсiреген нұры бiр өшiп, бiр жанып, қалтылдап, қалталақтаған бойда құрдымға қарай қойып кеткендей көрiндi. Қонақтарды есiктiң көзiне дейiн шығарып салып тұрып, ас бөлмесiнде қаптап отырған қатын-қалашты бiр мезгiл сырттарынан шолды. Қара орамал салынып, маңдай тұсына шарт түйiп алған Сара жаңадан босанған әйелдей кiрпияз да әлжуаз. Жүзi қан-сөл жоқ боп-боз. Қастарын қияқтай ғып қара қарындашпен сызып, опалаған бетi аппақ бордай, шашын шодырайта желкесiне жиып ап бөксесiн бұлтылдата ойнатып, мамырлап басатын мына бiр қуыршақ ертедегi хан сарайының кәнизагын еске салатындай. Бұл дәуде болса Ұябай антұрғанның әйелi. Кенет шешесi Ақжамбы Ұябай әлемiш қатынымен осы үйге кеп дәл бағанағыдай жылайтынын, ал жалғыз ұлының жалғандағы ең қимас адамы құдды екiншi хатшыдай сүйiсiп қоштасатынын алдынала болжап, бiлiп кеткендей көрiндi. Қызмет бабындағы адамдардың бiр-бiрiне деген жылы iлтипаты, ықылас-пейiлi бiр дастарқандық екенiне көзi жеткелi қашан. Ертесi-ақ бұл әлденеден жаңылып, жаза басқандай осқырына қарап, оспадар бола қалатынына ақылы жетпей, миы қатады. Шешесiнiң өлiгi алдында бұл неге сонша қуыстана бередi. Асбөлмеде шайларын сораптап iшiп, қызу әңгiме соққан әйелдердi сырттарынан бақылап тұрып осындай ой кештi. Орталық Комитет хатшысына жақында ғана көмекшi болған Ертайдың келiншегi Мәнсура тоқсан әйелдiң iшiнен қиналмай айыратындай сап-сары. Сараның асты-үстiне түсiп, бәйек болып-ақ бағады. Маңдайына алақанын тосып, қызуын тексерiп, аптечканы ақтарып жатып таблетка

тауып iшкiздi. Қаралы орамалды қаттырақ тартып, иығына iлген шолақ жеңдi қымтаңқырап қойды.Мәнсура келiннiң бұл бәйегi жанына жағады-ау, шамасы. Күйiктен қу жанын қоярға жер таппай аһ ұра күрсiнiп, тербеле теңселiп кетедi. «Бәрiнен де Ұябайдың қатыныныкi дұрыс, – дедi кенет iшiнен. – Аймандай ғып бетiн опалап, қасын қарындашпен бiр тартып қойса да еш қымсынбайды. Өзi ана бейшарадан көп үлкен-ау». Ауданнан келгендердiң бәрi сыртта. Дастарқан басында Байсерке, Ұябай, Мәдуар қалған. Қайтып келсе ана екеуi бiрер рюмкенiң басына су құйып үлгiрiптi. Болыптолып отыр. Дүниеден баз кешкен Байсерке басын төмен тұқыртқан күйi пысылдап ұйқыға кiрiсiптi. Бұған әуелi Ұябай жалт қарады. Арақтың уытынан жүзi түтiге күреңiтiп, аясы қып-қызыл жанары түндегi мысықтың көзiндей құтырына ұшқын атады. Шырамытатын сыңайда бұған бiр мезет сығырая шүйiлдi. Алаң атаулыдан түк жоқ тап мұндай тоқпейiл пiшiн жанын жабырқататын тәрiздi. «Есi дұрыс адам анадай қатынмен тұра ма?» деп ойлаған сәтте-ақ бойын бiр бейiлсiздiк биледi. – Патшам, мен мына сәбәкiге айтып отырмын: өзiң өзегiңнен теппейдi деп. Байсерке ағаның үйiндегi баяғы иттiгiңдi мен бiлетiн Нұржанов болса әлдеқашан ұмытып кеттi деп. – Лып етiп орнынан жеңiл көтерiлiп, тынымсыз шайқалақтаған рюмкенiң төгiлiп-шашылғанын ерен санамаған Ұябай даусын барынша әндете созады. Әлдененiң шалығы тиген кiсiше қалт тына қалқиып отырған Мәдуар көкейiне бiр ой тұтқиылдан қонақтағандай қопаңдап, атып тұрды да қолын шошайтып жоғары көтердi. – Жаңағы Силаев деген кiм? – Әй, қараңғы сәбәкi, облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы. – Мейлi он жерден екiншi хатшы болсын. Оның өзi диалектиканың не екенiн бiле ме екен? Бәлкiм Бухарин сияқты бiреу шығар? Ал Жасанов деген құдай ма, неге келiп көңiл айтпайды?! – Түу, мынау сәбәкi десе сәбәкi екен ғой, «итке темiрдiң керегi не?» Көзiнiң алды ысынып, шеке тамырлары солқылдап, тұла бойынан болымсыз дiрiл жүгiрiп өткен Нұржанов бойын кенет құлықсыздық биледi. Мына екi сойқанның дауасыз нақұрыстығына жыны қанша қозса да бiр сұмдық шара-

сыз. «Иттiң басын алтын табаққа салсаң шоршып түседi» деген осы екен ғой. Дүниеде шешесiнiң өлгенi рас та, қалғанының бәрi өтiрiк болып жүрмесе не қылсын?» Осы бiр секемшiл сауал жүрегiне жiңiшкелеп бойлап, сыздата ауыртып, жанын қинады. Бұл әуелi анасы жатқан бөлменiң есiгiн ашты. Тiкесiнен-тiк қойған алмұрт тәрiздi үш пиялай өлiмсiреп жанып тұр. Аяқ-қолын еркiн соза шалқасынан мәңгiге жайғасқан шешесiнiң тап мына қалпы өзiне мүлде бейтаныс. Тұтасынан тұмшалап жапқан ақ матадан өлiм исi аңқып, тұла бойын тiтiркендiрер суық леп ұратындай. Күнi бүгiнге дейiн шешесi болып келген дене ендi бiржола жат елеске айналатынына сенбейтiндей, бiр мезет сенделiп қалды. Осындай сезiнiстi өзiнен басқа тағы да ешкiм басынан кешпейтiнiн ойлағанда шоқ түскендей өзегi өртенiп өттi. Сырттан имене кiргендер есiктiң маңайынан алға озбай топырлап, иiрiле бастады. – Сара! – деп дауыстағанда-ақ Ертайдың әйелi жүгiрiп жетiп келдi. Әлi күнге қазақша бiр ауыз бiлмейтiн осы келiн қолына жалғыз енесiн сыйдырмай қуып жiбердi дегеннiң қаншалықты рас-өтiрiгiн бiлмейдi. Кiрпiк-қасына дейiн сап-сары шiркiннiң имену дегеннен хабары жоқ па, не айтпақшы едiң дегендей қаймықпастан қасқая жұтынып қарайды. Ар жақтан Сараның өзi көрiнгенде ғана: – Сен мына дастарқан жақта не болып жатқанына кiшкене көңiл бұрып қойсаңшы, – дедi зiлдене. Сараның ақсары кескiнiне бұрқ етiп бiрден қан тептi. Абыржи таңырқаған сыңайда көзiн кең аша селтие iркiлiп, ләм деместен бұрылып жүре бердi. «Шешемнiң өлiп жатқаны анау, қойныңдағы қатыныңа қолпаш керегi мынау, бұл не деген сұмдық» дедi iшiнен. Мұның сөзiнен шам алған әйелi Ұябай мен Мәдуарға бара тиiстi. – Көрген-баққан арақтарың бiр бұл емес шығар. Ертең-бүрсiкүнi құбырымен тартып қоямыз, iшесiңдер сонда. Қазiр кiсiлерге орын берiп, өздерiң былай шыға тұрсаңдаршы, түгi! – Алдияр тақсыр, мiне, мiне, – деп артист елпелек қақты. – Шаңыраққа қарамай шырқымызды қашырған бұл кiм өзi, – дедi философ. – Айналайын, бұл ешкiмнiң жекеменшiк шаңырағы емес, үй үкiметтiкi, үйдiң иесi де үкiметтiң адамы, бiлсең.

– Демек Нұржанов әйелiнiң бұл айтқаны да философиялық категория. Қой, конферасье мырза, жүр, сенiң үйiңе барып жатайық. Құбырынан бiр-екi шөлмек толтырып ала кетелiк. «Бұлар маған туысқан болып жарытпас» дедi Нұржанов шешесi жатқан бөлменiң есiгiнде тұрып. «Осыдан артық ағайын таппайсың да, безбейсiң де» деген Байсеркенiң баяғыда айтқан сөзiне жүгiнер-жүгiнбесiн бiлмедi. «Осыларсыз-ақ күнiмдi көрiп келдiм, көре де берермiн. Ит терiлерiн басына қаптап, қуып шығайын ба» деп бiр оқталды. Иiрiлiп тұрған мына жұрттан ұят-ау. «ДО-дан ФАға, ФА-дан МИ-ге, МИ-ден үйге барам» деп Ұябай әндете жөнелдi. Соңынан қалталақтап iлескен Мәдуар: «Әй, конферансье, құбырдан бiр-екi шөлмек толтырып ала жүр. Нұржановтың үйiнде баяғыда-ақ коммунизм, қорықпа» дедi. «Маэстра, бұйрығыңды бұлжытпай орындаймын» деп Ұябай қолын ары-берi сiлтеп, ауаны осып-осып жiбередi. Ас бөлмесiне кiрген екеуiнiң самбырлаған дауыстары одан сайын үдедi. «Ертайдың орны бөлек екен ғой мұндайда, қарашы, бастығымен Москваға кете қалғанын» деп ойлап үлгергенше Ұябай қуыршақ әйелiмен алыса бастапты ендi. Кiсiлердiң залға кiрiп, жайғасып үлгiргенi тәуiр болды. Әйтпесе мынаның қатынының ұсқынынан бәрi шошынып жүрер. Тартыншақтап, қарсыласқанына қарамай әйелiнiң қолынан тас қып ұстап алған Ұябай мұның алдына жұлқылап сүйреп әкелдi. – Хан ием, мынау бiздiң тоқалмен танысып қой. «Тоқалыңмен қоса құры, құрып кеткiр» дедi iшiнен. Көмiрдей қап-қара ғып шашын бояп алған, бетi алабажақ әйелдiң пәтуасыз күлiмдеген көзiнен жерiне бұрылып кеткен бұл Ұябайға еңкейiп, қатқылдау сыбырлады. – Әй, антұрған, әруақты кiшкене сыйласаңдаршы, мына есiктiң ар жағында өлген кiсi жатқан жоқ па! Сезiктене бағжаң ете қалған Ұябайдың жiпсiк көздерi кiлмиiп, бiр уыс быж-тыж ұсқыны пұшаймандана үрпиiп тұрғанда, қабырғаны жағалап ар жақтан Мәдуар шықты. «Ұя, жүр үйге қайтайық» деп, жеңiнен тартқылаған қуыршақ әйелдiң қолын қағып жiберiп: – О, маэстро, аманбысың, – деп Мәдуарға құшақ жая тұра ұмтылды. Көңiлi соған-ақ бұзылып, көзiне жас алған Мәдуар:

– Мысық бетiм-ау, бағанадан берi сенi iздеп таппадым ғой, қайда жүрсiң? Бұл үй бiз үшiн комунизм емес екен, капитал билеген дүниеден кеттiк. Менiң амандығымды сұра, Алматы үлкен – табамыз, – дедi. – Бүгiннен бастап менiң пiрiм сенсiң, – деп қуыршақ әйелiн дедектетiп сүйрей жөнелген Ұябайдың соңынан Мәдуар мүләйiм кейiппен өңмеңдеп iлесiп барады. Арқасын қабырғаға бере ұзақ қалшиған Нұржанов: «Өңкей опасыздардың арасында еншiңе не бұйырып тұр екен, қарағым-ай» деген шешесiнiң сөзiн жадына алды. «Сондағысы осы шығар бәлкiм? Көрдi, ештеңе жоқ – өлмес». Сұрының әлемiштiгiне қарамай, жаңағы әйелдiң: «Ұя» деп дәсер бола қалғанына күйiп кете жаздады. Ақылынан адасқандай қабырғаға сүйенiп келiп, шалық тиген кiсiше шатынай қараған Мәдуардың «Мысық бетiм-ау» деп бiртүрлi елжiреп тiл қатқаны ойынан кетпей қойды. «Әй, құрған Мәдуар, өле алмай жүрiп, ат қойғышын қарашы». Ұя – Ұябайды әрi ауру, әрi аш, iсiнiп-қабынып, жүнi жығыла бұралып жататын көзi жұмулы көңiлсiз әлпеттi мысыққа ұқсатты. Ауданның бетке шығар өңкей қаймағына Силаевпен табақтас болу несiбесi бұйырды. Шайда адамның қарасы анағұрлым көбейе түстi. Аудандық партия комитетiнiң бөлiм меңгерушiлерi, атқару комитетi төрағасының орынбасарлары, iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы, не керек, орталықтағы активтiң тең жарымы осында отырғанға ұқсайды. Әлi колхоз-совхоз басшылары, парторгтары, кәсiподақ комитеттерi мен селолық, поселкелiк советтердiң төрағалары, кәсiпорын, мекеме, комсомол жетекшiлерi – бәрiн қосса, құдай-ау, жер қайысқан қол болады екен-ау деп ойлап, шеттерiнен бажайлап шолып шықты. Құлқиған ұзын мойнынан ыңғайсызданғандай Қауызов үстелдi бауырлай жайғасса, манағыдан кейiн өзiне-өзi келе алмай шырайлы дөңгелек жүзi алабұртқан Садықбеков шайқасықты ары-берi бұлғаңдата ойнатып, ермек тауыпты. Кең-мол пiшiлген Гуржий ғана баз қалпы. Арасында мұның көзi орнынан әлi қозғала қоймаған Байсеркеге түскен сайын бiр жерге жайғастыру керектiгiне мазасызданып, назарымен Жолбосын соқырдың ұлын жағалай iздестiрдi. «Кебежедей неме қайда жүр екен?» Анау-мынауға оңайшылықпен қысылып-қымтырылмайтын Поцелуев шүңiрек көкшiл көзiн жан-жағына төңкере тастап, әлдененi шешiлiп кетiп

айта алмай сазара тығылып отырғанын аңдады. Жұрттың назары соған қарай ауа беретiн секiлдi. – Мәке, – дедi бiр кезде. – Ауданнан шықпай тұрыпақ бiз ақылдасып алғанбыз. Жерлеу жөнiндегi жалпы басшылық маған жүктелдi. – Не, жоғарғы жақтан солай етiңдер деген арнайы нұсқау келдi ме! – Сөзiн аяқтатпай ортадан киген кезде Поцелуев ыңғайсыздана тұтығып қалды. – Көп жұмыс бар ғой, Мәке. Сол себептi де жан-жаққа хабар беру Садықбековке, материалдық жағы Гуржий мен Қауызовқа, – деп жалғастырып бара жатыр едi, Нұржанов қолын көтерiп қап, тоқта деген белгi жасады. – Игорь Никитич, менiң шешемдi мемлекет қайраткерi дәрежесiне көтерудi қойыңыздар! Бар-жоғы жай ғана кемпiр. – Түксие сұрланған Нұржанов қысыңқы көзiн шүйiлте суық қадады. – Жұмыс барысында шай деспей қалмайтынымыз белгiлi. Бiрiншi хатшы шешесiн жерлеу кезiнде аудан көлемiнде комиссия құрғызды деп бiреумiреу арыз жазбасына кепiлдiк бере аласыз ба?! Жалпы ондай нәрсенiң ешқандай қажетi жоқ. Жұмыс бабындағы әдетiне баққан Нұржанов жұртты үйiрiп әкеттi. Бiреудiң тағдыры нақ қазiр шешiлгелi тұрғандай үрейлi тыныштық орнады. Әшейiнде менiң айтпағым бар едi деп сөз сөйлеуге тырысатын, шiркiн, Садықбеков ылғи осылай болса ғой. Гуржий әдеттегiсiнше бейтарап. Алақ-жұлақ етiп жан-жағына наразы қараған Поцелуев жан баласынан еш қайран жоқтығына көзi жетiп, сөзге тағы да жiгерлi кiрiстi. Бұл жолы О дыбысынан таяныш iздегендей екпiндi соған молырақ түсiрдi. – Миятбек Ақпейiлович, бiз де бiр қауым елмiз, «Бақа сисе көлге сеп» деген өздерiңiздiң бiр тәуiр мақалдарыңыз бар екен. Сол айтпақшы, мына азын-аулақ тиын-тебендi аудандық партия комитетi мен аудандық атқару комитетiнiң аппаратындағы жiгiттер мен қыздар берiп едi, осыны қабыл алыңыз, – деп, екi қомақты конверттi ұсынды. – Қайғыма ортақтасып, қасымнан табылған ықыластарыңызға рахмет! Сiздерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Жұрт жапатармағай орындарынан тұрып, опыр-топыр боп сыртқа беттедi. Елдiң алдына түсiп алған Садықбековты көргенде түсiнiксiз секеммен қатты тосылды. «Идеологтар – өте қауiптi адамдар. Олардан мен тұрмақ сам Әнекең

қорқады» деген Силаевтың сөзi әлде бiр күңгiрттеу жайға мегзейтiндей. «Әй, осы сөз тегiн айтылып тұрған жоқ-ау. Әнекеңнiң жағдайы шынымен де қиын болар?» Күдiгiн ары қарай қаузауға жүрегi дауаламады. Жұрттан жырылып бөлектенген Поцелуев, Гуржий, Қауызов үшеуi мұның аузына жаудырай телмiрсе, ештеңеде iсi жоқ Байсерке төрде құнжиып отыр. «Бұл өзi дәрет сындыра алмаған да шығар? Қап, жаңағы Жолбосын соқырдың қуы қайда кете қалды екен?» – Аға, сiз жатып дем алмайсыз ба, – дедi ақыры. Басын кегжең еткiзе жұлып алған Байсеркенiң нұры өшiп, өлiмсiреген көзiнiң аласы ақшиып, қарашықтары аунақши мағынасыз ойнақшығанынан тұла бойы тiтiрене дiрiл жүгiрiп өттi. – Бүгiн Жамбыны күзетiп шығайын, менi одан да сол жерге апарыңдар. Қауызовтың бары қандай оңды болды. Лыпыған бойда Байсеркенiң қолтығынан ұстап тұрғызып, жетектеп әкеттi. Өлiктi күзететiн рәсiм Нұржанов есiнен, тiптi, тарс шығып кетiптi. Өкiнiшке ұласатын мұң-налалы кермек сезiм көкiрегiн кептеп, тыныс алған сайын бiр ащы леп қолқасын қабады. Байсеркенi алдырғандағы сорлы шешесiнiң ойы – жалғыз қалдырмай күзетiп шықсын дегенi екен ғой. Өлiм сұмдық ақиқат, адам бiлiп болмайтын оның кiсiлiктi мiндеттерiнен кенет көңiлi қобалжып, Байсеркенiң қыбырлап тiрi жүргенiн тәубе қылған түсiнiксiз күй кештi. Бiр нүктеге сазара қадалып қалған мұның қас-қабағын баққан Поцелуев пен Гуржий үнсiздiктi бұзып, әлдене деп тiл қатуға батылдары жетпегендей томырылып отыр. – Игорь Никитич, вы панибратством занимаетесь что ли? Комиссию по похорону матери Нуржанова создаете. Это кое-кому как факт пригодиться, вот увидите. Шүңiрек көкшiл көзiн дiттетпей тайқытып әкеткен Поцелуев тұқырып қалса, шымырлай күреңiткен Гуржийдiң марғаулау салбыраңқы жүзiнiң құты қаша қуқыл тартып, отырған орнында қозғалақтап береке таппады. – Вы тоже хорош, Николай Павлович, допустить до такой оплошности! Орталарына Байсеркенi жайғастырып болып Қауызов оралғанда бұл дереу сұсты райынан қайтып, үшеуiне бiрдей iш тарта тiл қатты.

– Бүгiн түнiмен болса да бiздiң «Казсельхозтехниканың» басқарушысы қаланың автопарктерiнiң бiрiмен көлiк жөнiнде келiссiн. Өйткенi адам көп. Азық-түлiк, керекжарақ киiз үйдiң бәрi бiздiң ауданнан тасылмасын. Сенiмдiсенiмдi деген екi-үш директорды ауылға Қауызов өзi бастап апарады. Жылқы, қой тасып көзге түскенше сол жерден келiскен дұрыс. Ыз деген сөз шықпау жағын мұқият ескерiңiздер. Шұғыл тапсырмадан соң бәрi кiдiрместен аттанып кеттi. Даңғыраған үлкен залда басын төмен сылқ түсiрiп, отырды да қойды. Ас бөлме жақтан қатындардың абыр-дүбiрi емiсемiс естiледi. «Қаланың өзiнен келмеген әлi қанша адам бар» деп ойлап, басын көтерсе – сонау түпкi бұрыштағы креслоның бiрiнде өзiне жаудырап қарап Өмiрсерiк отыр. – Оу, Өмеке, сен тамақ та iшкен жоқ шығарсың, мұнан бiрдеңе қаужаңдап алсаңшы. «Иә, жоқ» деп жауап қатпастан орнынан сүйретiлiп тұрған ол ұзыннан-ұзақ үстелдiң бiр шетiне сылқ етiп жайғасып, еттiң үлкен кесегiн аузына бiр-ақ ұрды. Тартыншақ ұяңдығын жайына тастап, қазақша кiрiскенiне мырс етiп ырықсыз күлiп жiбердi. Аяқ астынан жалғызсырай елегізiп, қоңылтақсыған замат коньяктың бiр рюмкасын қағып салуға оқталып барып Өмiрсерiктен ұялып қоя қойды. «Обкомда бiрге iстеген жiгiттер неге келмей жатыр? Әйелдерi осында, өздерi жоқ» дедi iшiнен. Осы кезде қоңырау шар ете түстi. Ас бөлмесiндегi әйелдердiң бiрi зыр қағып барып есiктi ашып қалғанда – ар жақтан Жолбосын соқырдың енгезердей ұлының өңкиген тұрпаты көрiндi. Жан-тiнi қалмай емпеңдеген бойы алдына жеткенде – үй иесiнiң ызбарлы назарынан тайсақтай iркiлдi. Томпақтау толық жүзiнде қызылкүрең қан ойнап, үшкiрлеу мұрнының ұшы делдиiп, қап-қара жанарын мөлдiрете жаудыратып, төндiре түстi. Жасына лайықсыз толысып кеткен жуан бiтiмге осы бiр көзi сымдай тартылған сүйкiмдiлiк үйiретiн сықылды. «Керек кезде табылмай қойып ең, қайдан шыға келдiң?» деп сұрай жаздап, әлдене айтпаққа жүрексiне оқталып тұрғанын аңдап, сабыр сақтады. «Бұл сонда маған не демекшi? Ештеңесi өтiп кете қойған жоқ. Ауылдан Байсеркенi алдырғаныма бола иектегiсi келсе – қызық екен» деп ойлап бiр қойды. Бiр аттап, екi аттап жақындаған сайын кескiнi шешесiн сабаған Жолбосынның баяғыдағы жексұрын тұрқынан айнымайтындай көрiнiп кеттi.

Анықтап қараса, мынаның шырағы да құтырынған қызғылт сәулелi ұшқын атады екен. Санасы кенеттен көмескi тартқан Нұржановқа төңiрегi буалдырланып, бұлыңғыр бола қалғандай көрiндi. Iшiн от жалап, өңешiне дейiн удай аши жөнелдi. Жан толқынысын жасыра алмаған Жолбосын ұлының өңi одан бетер алабұртып: – Аға! – Жосықсыз дiрiлдеп шыққан даусынан бiртүрлi болып кеткен бұл оған одырая қарады. – Бұ дүниеде арқа тұтатын адамым болса, ол – сiзсiз. Сыртта жүрген соң қадiрiңiзге жететiн де менмiн. Сiздiң маған қарайып, аманесен жүргенiңiздiң өзi сес, абырой-атағыңыздың өзi азық. – «Мынау не деп барады өзi? Өлетiн адамның бақұлдасқанына ұқсайды ғой» деп ойлаған бұл ежiрейген қалпынан танбады. Мұның суық сыңайынан сескенген Арқабек етжеңдi толық денесiмен ентiге демiн ала, бел буған iсiне тәуекелi жетпегендей бiршама iркiлiп тұрды. – Мына азын-аулақ ақшаны апама қосқаным едi, соны жаман ойлап қалмай қабыл алыңызшы, аға! Жанқалтасынан көкшiл конверттi суырып алғандаақ қалыңдау екенiн байқады. Көзiнiң сұғын оның тура өңменiне тiктеген бұл мелшиген күйi қалды. Толқынысын басқан Жолбосынның ұлы өзiне-өзi тез арада келiп, ұсынбаққа ыңғай бере бастағанда түсiн суыта шүйiлген қалпы: – Сен не, маған пара бересiң бе?! – дедi. – Олай деп ойлай көрмеңiзшi, аға. Осындай-осындайға жарамасақ, несiне адам боп жүрмiз. – Жолбосын соқырдың ұлының даусы жыламсырай бұзылып шықты. Қарсы алдындағы өгiздiң жарты етiндей болған жас жiгiтке райын жылытпастан сұстана түйiлiп: «ана екi нақұрысқа қарағанда мынаның адам сықылы бар сияқты» деген тоқтамға iштей келдi. – Маған алыс емеспiн деп есептесең, онда жекжатжұрат, ағайын-туыстардың тiзiмiне қосыл. Сондайдың жолжорасын, ырым-сырымын жасап жатқандар бар шығар? Сен одан да Байсерке ақсақалдың қасында түнi бойы болшы. Одан арғы сөзге бармай Нұржанов бұрылып жүре бердi. Бiр нәрсенiң ретiн бүлдiрiп алған сыңайда Жолбосын соқырдың ұлы конверттi тас қып ұстаған күйi қалшиып қатты да қалды. «Мұндай әрекетке бару үшiн бұл бiреумен ақылдасты ғой, сонда онысы кiм?» Егер оның кiм екенiн

бiлсе көңiлi бiржола тыншып, бұдан былай ештеңеге алаңдамайтын тәрiздi емекси беретiнi несi? «Жолбосын соқыр қалтасынан өлiп кетсе де көк тиын шығара қоймас. Әй, бiрақ жыланның аяғын көрген сұм емес пе, түпкi есебi iшiнде, кiм бiледi?!» Өмiрсерiк манағы орнынан көрiнбедi, машина жаққа кетсе керек. Адамдардың және бiр тобы келгенше сәл мызғып алуды ойлап, өз бөлмесiне кiрдi. Қисайғаны сол едi – қор етiп ұйықтап кеткен екен. Иығынан бiреу жұлқылап оятқанға көзiн ашса – Сара. Шаршағандық молынан ұйыған әлпетiмен бұған самарқаулау сүзiле қарады. – Поцелуев телефонға шақырып жатыр. Шешесi өлiп жатқанда өзiнiң санасыз ұйқысынан бiртүрлi қуыстанып, сергiп, серпiлместен мең-зең күйi отырып қалды. Көңiлiнiң арғы түкпiрiнен өретүрегелген құлазу түсiнiксiз түңiлiске ұласқан мезет қайқаң-қайқаң басқан әйелiнiң сырт порымына ерiксiз көзi түстi. Тап мына сұқпыт туған енесi өлген келiннiң кейпiне ұқсаса құдай барды. Осындай әсердiң өзi жанына жайсыз тиiп, ширыға атып тұрды. Шешесiнiң жартылай ашық бөлмесiнiң тұсынан өтiп бара жатып қызылкүлгiн көмескiлеу сәуледен аппақ мата да, мелшиiп тас мүсiндей қимылсыз отырған Байсерке де жұмбақ сырлы әлемдей алаулап көрiнетiнiн көңiлiне түйiп қойды. «Жолбосын соқырдың ұлы жоқ қой, қайда кете қалды екен?» деп, дереу трубканы көтердi. – Мәке, ертең облыстық партия комитетiнiң кезектен тыс пленумы болады деген телефонограмма келiптi, сiздiң одан хабарыңыз бар ма едi? – Жоқ, – деп жұлып алғандай жауап қатса да санасы қиян түкпiрдi шарлап бiр-ақ қайтты. Соған қатысып бiр-ақ баратындарын, бағанағы айтылған шаруалардың барлығы тиiстi орындарға тапсырылып, ертең түгел реттелетiнiн үстемелетiп жеткiзгенiн құлықсыз шала-шарпы тыңдады. «Әнекеңнiң орнына сонда кiм келмек?» Жарты тәулiктiң ар жақ, бер жағында шешiлетiн мәселе тағатын тауысып, байыз таппай сенделiп жүре бастады. «Бәсе, Силаев неге сонша жақсы бола қалды десем...» Оның жақсы-жаман болғанында тұрған түк те жоқ, адам мен адамның бiр-бiрiне елене бермейтiн парыз-мiндеттердiң көптiгiн Нұржанов кенет апайқын түсiндi. Алдында ғана бауырмал Силаев ертеңгi күнi «бiздiң қадiрлi досымыз» деуге жарар-жарамасын бiр құдай бiледi. Қандай әуенге төңкерiлетiнi әлi белгiсiз. Баяғыда

үлкендер екi сөзiнiң бiрiнде: «адамзат баласы опасыз» дегендi қайталап айта берген соң әрiнен тайып, мағынасы жауыр болғандай көрiнетiн. Мiне, ендi мына жалғаннан опалы нәрсенi анық айырып, саралай алмаған Нұржановтың ақылы быт-шыт. Томпақ көзiнiң үстiндегi бос терiлерiн жиырып-жазғанда жанары шу асау жылқыныкiндей алайып, дөң маңдайының қыртыс-қыртыс әжiмдерiн жыпырлата одыраятын Әнекең дүниедегi етжақын адамы тәрiзденiп кеттi. Тана бұқа Бұрбаевты бұрнағы күнi Ертай тегiн айтпаған шығар? Дөңгелене тырсиған неме кiмге опа бере қойсын. Әнекеңдей азамат ендi қайда дейсiң? Бойына сенiп жылдан құр қалып жүрмесе, абырой-атағы жеткiлiктi үлкен кiсiнiң бiр ойластырғаны бар шығар-ау. Жылт еткен үмiттi кәдiмгiдей таяныш тұтып, қобалжыған көңiлi сап басылды. Жаңа адамға үйренiп, ығын тауып, ыңғайына көнгенше кiм бар, кiм жоқ. Соған-ақ қайтадан қамығып, жағдай анаумынау боп кетсе ығы зор кiсiсiн таппай дал бола бастады. «Мәке, сенiң кейде ұйқыңнан шошып оянатын уақытың бола ма? Күндердiң күнiнде осы тiршiлiгiмiзден оңдырмай таяқ жеп жүрмесек жарады да» деп бiр сұмдықтың шет жағасын шығарып қойған Жалмұқанның баяғы әңгiмесiне сонда құлық қойып, құлақ аспапты. Әрi-сәрi, мең-зең күйiнiң үстiне әйелi келдi. – Әлгi екi асыл бауырың осыдан шыққаннан-ақ айықтырғышқа түсiптi. Сол жерден ұялмай тағы өздерi телефон соғып тұр. Кiшкене ұйықтай түссiн деп сенi оятпадым да, Өмiрсерiктiң қасына үйде жүрген жiгiттi қосып жiбердiм. Иттi күшiгiм десе аузыңды жалайды деген сол. Қазiр екеуi ыржалақтап келiп те қалатын шығар? Томырылып отырған қалпы Сараға көзiнiң қиығын ғана тастады. «Айықтырғыштан басқа Ұябай мен Мәдуар қай жаққа бармақ?» – дедi iшiнен зiлдене. Кiсiлер келгендiгiн Ертайдың келiншегi хабарлағанда да сызданған қалпынан танбады. Құдыреттi адамдарды тағынан тайдырып, арақкеш нақұрыстарды тиiстi орындарына апарып қамайтын iстiң бәрi кенет бiр жаратушының қолында тұрғандай көрiнiп, өзiнiң күпiршiлiк ойлағанынан әжептәуiр қуыстана абыржыды. Дүниенi реттеп, тәртiпке келтiрiп тұрған жаратушының қиғаш назарына iлiнбеу үшiн iшiнен сыйынып, жалбарына бастағанын өзi сезбедi. Кейбiр ауданның бiрiншi хатшылары, обком аппаратында iстейтiн бiр топ жiгiттердiң арасында жүзтаныс, бейтаны-

стары бар залға ұбап-шұбап кiрiп, бiр-бiрлеп көрiстi де, үнтүнсiз жайғаса бастады. Мұндайда суырылып сөйлеу қиын ба, орнаған жайсыз тыныштық бiршама уақыт бұзылмады. Төңiрегiндегi жұртты бiр шолып өткен Жалмұқан бiр кезде етене жақындығын байқатып, толқи тiл қатты. – Мәке, осы жаңа ғана обкомға келгенде жiгiттерден естiдiк, қазаның арты қайырлы болсын, береке-саулықтың бәрi ендi өздерiңе бұйырсын. Жалмұқан көкейiндегiсiн дөп басып, тауып айтқандай барлығы бастарын бiр кiсiдей шұлғысты. Көңiл айту рәсiмiнiң бiрыңғай боп келетiнiне етi үйренгенi сонша – ендi әңгiме шығару жайына ойысатынын болжап үлгергенше болған жоқ Жалмұқан: – Анаңызды әкпе-сiңлi, бауырларының жанына апарып қойғалы жатқандарыңыз дұрыс екен, – дедi. Бәрiн алдынала сұрап бiлiп, әңгiме оның жөн-жосығын таразылағанында емес, Жалмұқанның «әкпе-сiңлi, бауырларының жанына апарып қойғалы жатқандарыңыз дұрыс екен» деген бiр ауыз сөзiнен ата-баба, үрiм-бұтақтан бермен тартатын өлгендерге деген құрметтiң жүрекжарды шынайы сарынына илана ұйыды. Үстел үстiндегi тағамдар қайтадан жаңартылып, шай әкелiндi. Жалмұқан бастаған бiрсыпыра жiгiттер орындарынан тұрып сөйлеп, Нұржанов пен Сараға көңiл айтты. Жайнаған дастарқанға сараң қол созып, рюмкелердiң ернеуiне ерiндерiнiң ұшын ырымын жасап қана тигiзетiн келушiлер, «алыңыздар, жеңiздер» деген кәде-жораға салқын ишаралы жауап қатады. Сөздiң анасы – сәлемнiң өзiн талғап-таңдап берiп-алатын үлкен дәрежелi ыздиған қалыптарынан танбай кейкиiп, күнi бойы отыруға дағдыланған бұлар мұндай аз-кем әңгiмеге, тiптi, ашылып-жарылмайды да. Жұмыр басты пенде екендерi тек өлiмдi жерге келгенде ғана естерiне түсiп, ноян қалыптарын жаратушының қолына бiр уақ тапсыра тұрып, жапатармағай жарбаңдасып қоштаса бастады. «Көңiл айту құр рәсiм ғана, одан басқа ештеңе емес» дедi кенет өзiне-өзi. Жан дүниесiн кернеп, кеңiрдектеп тұратын толымды нәрсе аяқ астынан ояздана олқы тартып, күрт төмен түсiп кеттi. Жұрттың соңын ала Жалмұқан: «Ертең үлкен жаңалық болатын түрi бар» деп ақырын сыбырлап, шығып жүре бердi. Қорқып қобалжыған адам «ертең үлкен жаңалық болатын түрi бар» деп, шүйiншi сұрағандай ғып

айтпаса керек едi. Жүректегi сөзiн қозғап, көңiлiндегi кiрiн кетiрiп алғысы келген Нұржанов жаратушы құдыретке жүгiнiп, тәу етпекке ниетi ауды. Сол жаратушы құдыреттiң бүкiл бiтiмi Әнекеңнен аумайтындай. Томпақ көзiнiң бос терiлерi жиырылып-жазылып, алая қадалатын сұсты кейпi көлбеңдеп кетпей тұрды да қойды. Кiрiп-шығып жүрген көршi-қолаң, ас бөлмесiндегi дабырласқан қатын-қалаш, тас мүсiндей мелшиiп анасының қасында отырған Байсерке, сүйретiлiп шығып бара жатқан Даша кемпiр – барлығы Нұржановқа сұмдық қамсыз жандардай көрiнiп кеттi. Тыныс алған сайын ыстық леп бетiн шарпып, кермек татитын нәрсеге кеудесi толып, булығып бара жатқандай. Осы кезде бастапқы қобалжып сескенетiн ұяңдығынан бүтiндей арылып, өзiне қарай батыл, ширақ басып келе жатқан Жолбосын соқырдың ұлын көрдi. – Аға, Мәдуар мен Ұябай екеуiнiң айыбын төлеп, шығарып алдым да үйiне апарып тастадым. Зор жұмысты тындырып келгендей тұрысы нығыз, екпiнi қатты. «Төлеген айыбын бұлдай ма, әлде қайтедi мынау» деген наразы кейiпте оған бiр мезет сазара қарады да, бiр ауыз жылы лебiзiн айтпастан бұрылып жүре бердi. Бiрiншi хатшының осы сәттегi мiнезiн неге ұйғарарын бiлмей дағдарған Жолбосын соқырдың ұлы бiр орында тапжылмай селтиiп тұрды да қалды. «Ендi маған сол екi хайуанның уәйiмiн жеу жетпеген екен» деп жекiп тастауға шақ қалып барып, өзiн әрең тежедi. Шалбарының ауын жөнге келтiре алмай әбиiрiн көрсетiп қоюға шақ қалып жүрген Мәдуар иттiң тiлi қотыр, сала құлаш ұзын. О сы тамбурдан ғана қара жанына тыншу тапқан Нұржанов күркiреп-сарқыраған сарынға әбден етi өлiп, сүйкiмсiз иiс-қоңысты тiптi елемейтiн дәрежеге жеттi. Ұшы-қиырсыз жапан даланың iш пыстырар жалаң, жадағай көмпiс көрiнiсiн құлықсыз шолып қана тынады. «Осынша жердi шашауын шығармай иеленiп келген бабаларымыз не деген мықты едi» деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Құлазыған қу медиен мұнша дала кiмге керек?» Осы ойын әбес санамақ түгiл Нұржановтың туған жерге деген өкпесi күшейiп, асқына түстi. «Бiрiншi хатшылықтан қалай тайды, солай жауын құйып бердi дерсiң. Мұның кетуiн құдды күтiп тұрғандай. Қызметтен кiм опа тапты? Орнынан

алынғалы берi тынбаған сөз үлкен кiсiнiң құлағын сарсытып та жiберген шығар? Әнекең болса түрмеде. Ақырының осылай боп бiтерiн солар бiр уақ ойлады ма екен? Бұлар ештемеге алаңдап қоймаған-ау, шамасы». Сенiп келген адамдарының сиықтарынан құдай мұны тас төбесiнен ұрғанда ендi түңiлiп, үмiт-сенiмiнiң заялығынан өзегi өртендi. Өз-өзiнен шекесi шың етiп, көз алды бұлдырап, тұманыта жөнелдi. Ш ешесiнiң сүйегiн ауылға апарып қоятын күнi молданы қаладағы мешiттен алдырды. Ет-жеңдi келген дөңгелек жүздi дембелше жiгiт ағасының тұла бойынан сыпа тақуалық сезiлмейдi. Олпы-солпы бiтiмiн алқам-салқам ұстаса да, өтiмдiлiгiне сенiмi кәмiл тәрiздi шал-шауқан, кемпiр-сампырға бұйрық райда өктем сөйлейдi. Шешесiнiң денесiн ортаға шығартып, тасбиғын қолына алып, аузын тынымсыз жыбырлата бастады. – Аллаға тапсыратын адамда ешкiмнiң қарызы, айтатын арызы жоқ па?! – Жоқ, жоқ, – деген дауыстар iле-шала жамырап шықты. Өлiктiң әкесi мен шешесiнiң атын сұрады. Алқыныпжұлқынып жауап қатқан Байсеркеге сенiң де кезегiң келiп қалыпты-ау дегендей көзiн бiр сүзiп, бастапқы райына қайтадан көштi. Қаптаған шуылдақтардың бiреуi де көрiп тұрмаған құдыретпен күбiрлеп сөйлесуге өзiнiң хақы бардай қабағын қарс жауып алып, Жауқашар мен Ақжамбының есiмдерiн қадап-қадап атап, бетiн сипап аяқтады. Сыртынан бiреу бақылап тұрғандай бiртүрлi қуыстанған Нұржанов көпшiлiк жасаған әрекеттi амалсыз тездетiп қайталады. Үстi-үстiне ағылып келiп қосылып жатқан машина аулаға сыймай кернеп барады. Өз жетекшiлiгiндегi ауданнан келген жойқын автобустардың жиырма шақтысы қаздай тiзiлiп, сонау шетте қаңтарылып тұр. Тұс-тұста топ құрап иiрiлген жұрт шоқ-шоқ боп өсiп үйiрiле төңкерiлген тоғайға ұқсайды. Зыр қаға жүгiрiп қызмет iстегендер құмырысқаның илеуiнен аумай абыр-сабыр боп ерсiлiқарсылы ағылып жатыр. Қолтықтарына музыкалық аспаптарын қыстырып ап өзара сөйлесiп тұрған солдаттар тым жайбарақат. Қарабұрымды көкжасыл, қызылала веноктар подьездiң күншығысындағы бұрышын тұтас алып-

ты. Көп қабатты үйдiң балкондарынан қылтиып-қылтиып шыққан бастар мұнша жиынның қарасын бұрын-соңды көрмегендей анталай қарайды. Бiрiншi хатшылар елден жырақ маңғаздана маңқиып, қыбыр-жыбыр аласүргiндi жатырқаған сыңайда бiр шекелеп шолады. Әрбiр қимылды қалт жiбермей қапысыз бақса да Нұржановтың бiр құлағы әңгiмеде. «Арыз көбейiп кеткен соң Әнекеңдi басқа облысқа ауыстырып, орнына Байқадиевты алып келген үлкен кiсi не деген ақылды». «Фамилиясы томпақтау демесең Байқадиев өзiмiздiң адам, iштерi күйiп, тұз жалағандар қаншама». «Сендерге керегi ақыры осы ма, онда мiне, дегенi ғой». «Айды аспаннан бiр-ақ шығарды ғой, не керек». «Әй, дегенмен Әнекеңдi қимайтынын бiрнеше жерден байқатып қойғаны дұрыс болмады». Ұйымдастыру пленумы әңгiмесiнiң өрiс ауанына елти шiмiрiккен Нұржанов үлкен кiсiнi жақын тұтатын аяулы сезiмiне қосамжарласқан шарасыз халден iшi уылжыды. Өзi де жүрекжарды лепесiн қосып жiбергiсi келiп, бiр-екi мәрте оқталды. Бiрақ шеше сүйегiнiң жатқаны мынау, қазақтың созалаң ырым-сырымы анау. Содан жұртты қабағын түксите сұсымен бақты. Қаптаған шуылдақтар бiр нәрсенi бүлдiрiп жiберетiндей айналасын суық шолатын милиция майорының шенiндегi iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы Бейсенбаевтың дүңкиiңкi тұрпаты жуық маңда жiбiмейтiн тоңмойын. Үгiт және насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Мұхамедиевтың ақсары өңi шаршаңқы да момақан. Аудандық қаржы бөлiмiнiң меңгерушiсi мына екеуiнiң қасында бәйгеге шабатын құр аттай. Көз тартар әйел жұрағатына тойымсыз аусарлықпен жұтынып қарайтынын байқайды. Оларды нұсқаушылар, мекеме бастықтары, шаруашылық парторгтары қоршап қаумаласа, директорлар өздерiнше бiр төбе боп оқшау тұр. Бұлардың барлығы кенет етжақын адамдарындай көңiлi құйқылжып, көзiне жас үйiрiлдi. Сарыуәйiмге салынып, дүниеден баз кеше түңiлiп кете жаздағанына жыны ұстады. Жер бесiкке салынған сүйектi бiр топ адам көтере бастағанда-ақ бал арасының ұясындағыдай гүжiл сап басылды да, жұрт сеңдей қозғалып, қақ жарыла жол бердi. Осы кезде музыка күңiрене жөнелдi. Төбе құйқасы шымырлаған Нұржановтың жалпақтау жүзi қуқыл тартып, дымқылданған көзi кiреукелене бұлдырады. Екi иығын сөйтсе де тiк ұстап, топтың соңын ала ақырын iлестi. Байсеркенi қалталақтатып Жолбосынның ұлы жетектеп алыпты. Қап-қара орамал са-

лынып, төгiлтiп қара көйлек киген Сара – қасына ұлы мен қызын алып, ана қаздай бастап барады. Жез табақшаларды бiр-бiрiне қойып қалғанда құлақ жаратындай қатқыл дыбысты ыңырана боздаған сарын басып кетедi де, қып-қызыл темiрге су шашып жiбергендей бiрер сәт өшпестен быжылдап тұрып алады. Қасiреттi шақтың қадыр-қасиетiне осы бiр тосаң үн сәйкеспей жүйкесiне тие берген соң, кернейдiң шынтағындай әр түрлi ыңғайда иiп, әдемi жасалған аспаптардың жiп-жiңiшке түтiк ауыздарына ерiндерiн бұртита тосқан музыканттарға көз қиығын тастады. Саусақтары клавищ түймелерде тынымсыз жүгiрiп, әуен-әуезге елти құнжың қағады. Шайқатыла тербетiлiп, бiр-бiрiне қутыңдап көздерiн қысысып қойғандарын байқаған замат жан-жүйенi егiлте зарлатқандарына орай кiшкене сабыр сақтамағандары көңiлiне, тiптi, қатты келдi. Өзiн қоршап, қаумалаған нөкерлерi мұны аңдап қоятындай қуыстана қысылды. Дәмесiнiң заялығына iшiнен опынып, сүлесоқ кейiпке көштi. Бiрыңғай сарын сонда да шiмiрiкпестен ыңырана қайталана бередi. Көп қолдар аялай көтерiп жербесiктi ашық машинаның үстiне шығарды. Кiлеммен көмкерiле тұтас жабылған соң төр жаққа Нұржанов өзi жайғасты. Ұлы мен қызы, әйелi, тағы бiрқатар адам шеттерiнен отыра бастады. Мұның «Волгасына» Байсерке мiнiп, керуеннiң алдына түстi. Оған музыканттар мiнген көлiк жалғасты. Бүкiл билiк өз қолына тигенiне насаттанған сыңайдағы iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы Бейсенбаевтың сүйкiмсiздеу доңайбаттанған пошымы қазiр елгезек. Жүргiзушiлердiң бiразын алдына иiрiп қойып, әлдененi қызу түсiндiрiп жатыр. Өздерiне тиесiлi автобустарына жұрт жапатармағай ұмтылуда. Халық бастапқыдай қарақұрым емес, едәуiр сиреген. Қызмет iстеп жүрген жiгiттер ғана әбiгер. Милиция машинасы орнынан жылжығанда-ақ жаппай қозғалып, аш iшектей шұбатылған керуен негiзгi жолға тiптi жетiп болмады. Бұрылыс сайын сiресiп-сiресiп тұрған қызылжағалылар. Әйелi де, ұлы мен қызы да, жағалай отырғандар да тым-тырыс. Сүйектi орап, тұтас тұмшалап тастайтын қазақы рәсiм дұрыс-ау. Егер ашықтан-ашық қарсы алдыңа қойса адам оған да көндiгiп, мiзбақпайтын сезiмсiз бiрдеңеге айналар ма едi – кiм бiлсiн. Ақ кебiннiң iшiнде былқ етпей сұлық жатқан дене өзiне еш қатысы жоқтай жабырқай жатырқайтынынан секем алып, ұят сияқты қылаңытқан мазаң сезiм миын осқылап

өттi. Жанары алаулай ысынып, төңiрек қызылшымқай түске түгел боялып шыға келдi. Бейсенбаев қанша реттеп, тәртiпке келтiрсе де көш жерге ұзаған машина керуенi әлi де ала-құла. Жеңiл машиналарды араларына көптеп жiберiп алған автобустар суатқа қарай ұбап-шұбаған отардың iшiндегi өңмеңдеп ұмтылған сиырлардан аумайды. Алматыдан ары кетсе елу шақырым ғана тиiп тұрған мына жер осыншаға созылып кетедi деп ойлап па-ау. Жол жөнекей кезiккен әр ауыл арқылы қашықтықты шамалаған сайын тағатсызданып, сағатына қарағыштайды. Ауылдың шетiне өйтiп-бүйтiп iлiктi-ау, әйтеуiр. Керуен баяу қозғалысқа көшкенде музыка бiрден боздай жөнелдi. Солдаттардың әлгiндегi бiр-бiрiне қутыңдап, көздерiн қысысқандары жадынан мүлде шығып кетiп, тұла бойын тоқ ұрғандай шымырлап ала жөнелдi. Үй-үйдiң тұсында шал-кемпiр, қатынқалаш, бала-шаға аңқайып-аңқайып қалыпты. Бейiтке апаратын жол айрығында осы аудан басшылары бастаған қарақұрым жұрт қақ жарылып қарсы алды. Төбеге қарай жаяу шұбырған ауылдастарының арасынан жамағайындары мен мектепте бiрге оқыған кейбiр жолдастарының кескiнкейiптерi көзiне оттай басыла бастады. Өзiнiң қол астында жұмыс iстейтiн бiрқатар жiгiттер көпшiлiктiң арасынан қараң ұрады. Жиынның мұнша көптiгiнен жүрегi шайлыққандай машинасының есiгiн ашып қойып, елден бөлекше едiрейiп тұрған Тұрғынбековтың бейнесi анадайдан көрiнедi. «Әнекеңнiң кетiп қалғанына бұл бейшараның қабырғасы қатты қайысып, күйзелiп жүрген шығар?» деп ойлады Нұржанов кенет. «Ештеңе жоқ, Әнекең де жақсы кеттi, бiздiң де жағдай жаман болмайтын шығар?» дедi осы екiарада iшiнен масайрап. Б ел станциясынан көп ұзамай-ақ осы тамбурда тұрақтапты қараса. «Дүниенiң астаң-кестеңi неге сонда-ақ шықпады екен?!» дедi тiстенген күйi. Әнекеңнiң шапағаты тигенi сонда осы ма? Байқадиевтың бар-жоғы қазiр белгiсiз. Көршiлес облысқа Әнекеңнiң шекесi қызбаған соң кетпегенiн бiле тұра өзi тақылеттес жұрттың сонша даурыққанына қазiр айран-асыр. Облысты аралаған уақытта бiр-екi рет тiлдескенi болмаса, үлкен кiсiмен бетпе-бет сөйлесiп кеңiнен отырған емес. «Мұның аталары атқа мiнгенде аяқтары салбырап жер-

ге тиiп тұратын жарықтық» дегендi көнекөз қариялар айтып қоймайтын. Тисе тиiп тұратын да шығар. Үлкен кiсi шынардай тiп-тiк те, Әнекең оның жанында тырбиып өскен жантақтай шап-шағын. Әнекең өзiн оның алдында сөйтсе де еркiн ұстап, төңiрегiндегiлерге шекесiмен одырая қарап, қас-қабағымен жасқап жұмсайтын. Тек өзiнен екi бас жоғары кiсiге әлдене демекшi болғанда ғана томпақ көзiнiң үстiндегi бос терiлерi жыпырлай жиырылып, өтiмдi базыналықпен жүзi шуақтана жымиып қоятынын байқайтын. Жанына жағатын сүйкiмдiлiкпен ұшырасып, зор еңселi адам дән разы болғандай езуiне болымсыз күлкi үйiредi. Бүкiл жұрттан жырылып қалған осы бiр оңаша тұрысынан Нұржанов әдепкiдей қорынбады. Кең-молынан пiшiлген үлкен кiсiнiң еңсегей бiтiмi момақан да сабырлы көрiнгенiмен одақтағы он адамның бiрiнен, бiрi болғанда бiрегейiнен саналатын оның бойында тұнған сенiмдiлiк имандай ұйытып, көңiлiн күптi қылатын кей нәрселерге алаңдаса, сол бар ғой деген кезде сейiлiп жүре беретiнi қайда! Облыстық партия комитетiнiң конференциясында жұрт үлкен кiсiмен суретке түсiп қалу үшiн жанталасты. Ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiлiгiне жаңадан бекiтiлген ашаң өңдi, сұңғақ, сүйкiмдi жiгiт ұйлығып қалғандарды қазқатар тiзiп, әбiгерге түсiп-ақ жүр. Соншалықты ыждаһатпен кiрiскенiне қарағанда бұл өте жауапты жұмыс па дерсiң. Бiр кезде зор тұлғалы кiсi берi қарай беттедi. Оның қолтығынан ғана келетiн Әнекең әлде бiр жайды берiлiп айтып, баяғыша жайыла күлiп келедi. Әнекеңе сәл еңкейiңкiреп, ұйып тыңдаған кесек пiшiндi адамның кейпi аңқау, аңғал. Үлкен кiсiнiң келесi қолтығындағы облыстық атқару комитетiнiң төрағасы Әнекеңнiң аузын ғана бағады. Қабылдауына анда-мұнда ғана кiретiн екi басшының да қас-қабақтары жайма-шуақ. Жұмыс барысындағы қатқыл қабақ, суық райдан iзбiн де қалмай ортаға жадыраған жарқын сыңайда асықпай жайғасты. Бiрiншi хатшы бiткен сонда үлкен кiсiге жақынырақ тұруға тырысты-ау. Жаратылысы қанша зор болғанымен ол қайсы бiрiне жетсiн. Үш бұтты ошақ тәрiздес сайман-құралының қасынан айналсоқтап шықпай жүрген суретке түсiргiштi Қауызов тұрпатына қатты ұқсатқан бұл сонда. Алдындағы әйнектi дуалағандай аялай сипалап, берi қараңыздар деп ишара жасады да, бiр тетiгiн сарт еткiзiп басып қалды. Содан болды, тұра берiңiздер деген белгi бердi. Қақ ортадағы еңселi кiсi мiзбақпаған күйi

отырып алды. Тағы да бiр түсiруiн қалаған екен деп ылдымжылдым қимылдаған суретшi бастапқы әрекетiн сол бойы қайталап шықты да, осымен бiттi дегендей шарасыз жымиып қойды. Отырған орнынан қозғалмаған күйi бедiрейе қарап, және қайтала дегендi қабағымен жасқап бiлдiрдi. Не iстерiн бiлмей асып-саса абдыраған суретшi жазғанның қалпын сазара бақылаған үлкен кiсi бiр кезде күлiп жiбердi. Одан ары аялдамай тұрып жүре берген тұлғалы адам қалың көпшiлiктiң арасына кiрiп бара жатқандағы өңкиген кейпi алыстан менмұндалап көзге ұратынын байқады. Бiр қауым ел пiр тұтатын жанның сыртқы кесек бiтiмi көзден жасырынып кеткенше баққан бұл сонда оның екi жаурыны қушиып, сәл еңкiш тартқанынан бiр медет күтерлiк сая жоқтығын әлдеқалай сезiнген едi. Атақ-даңқы мен абырой-беделi өте биiк адамның сондағы суретшi жазғанға жасаған құқайын не әзiл-қалжыңға, не ерiккендiкке жорырын бiлмедi. Көп уақыт бойы және ойынан шықпай жүрдi. Адам неғұрлым жоғарылаған сайын кiсiлігi толып, дүниенiң мағынасына тереңдейдi, емеурiннен бәрiн сезiп, астарына бойлай алатын дәрежеге көтерiледi деген түсiнiк ойына әлi жарықшақ түсiп көрген емес. «Әнекеңдер осал емес, ал үлкен кiсi туралы дұшпандары не десе о десiн, бәрiбiр халық үшiн туған адам» деген ойынан да айнымайды. Осы тамбурда тұрып, сол кiсiнiң жағдайына алаңдаған уақытта iшi удай ашып, қызына жөнелдi. «Сондай басшы жақпаған бұ қазаққа еш дауа жоқ шығар?» дедi тағы өзiне-өзi. «Дегенмен о кiсiге қазiр қиын-ақ, өзiнiң баласы да жоқ дейдi. Бұрындары табанын жалауға дейiн барған жарамсақтардың бәрi сырт айналған шығар?» Осы күнi газеттердiң бетiн ашып оқуға жүрегi құрғыр дауаламайды. Оқыса-ақ бiттi ол кiсiнi азғын, алаяқ басшылардың қатарына қосатыны жанына батып, ашуы қозады. Бiр кезде құлықсыз тартып, ештеңенi ойлауға зауқы соқпады. Басы зiлмауыр салмақты көтере алмағандай зеңiп, бұлдыраған жанары қарауыта жөнелдi. Алда-жалда өле кететiн болса, шешесiне көрсетiлген құрметтiң бiрi де жасалмайтыны ойына тұтқиылдан келгенде – өкiнiштiң уыты көкiрегiн тырсита керiп жiбердi. Өлген соң бәрiбiр емес пе деген уәжге қанша жүгiнсе де оған санасы тиянақтамай шарқ ұрып, шартарапты шарлауда. «Бәрi пенделiк дәме ғой, – дедi бiр кезде. – Күнi кеше дүниенi дүркiреткен үлкен кiсiнiң көзi жұмыла кетсе қайбiр құрмет көрсетiледi дейсiң».

Бала кезiнде осы қаракөтермеде аздаған ғана мүрде болса, қазiр жотаның терiскейi мен күнгейiн бiрдей қорған, күмбездер алып кетiптi. Дөңге шыға берiс жерде бiр топ жiгiт шешесiнiң денесiн иықтарына салып алып өрге қарай тырмысты. Ашық машинаның үстiнен түскен бойда-ақ ауылдастары шеттерiнен көрiсе бастады. Тiптi жастау дегендерiнiң өңдерiне қарап-ақ шырамытады. Көңiлi босап, көзiне жас үйiрiлген бұл әсiресе өз қатарларымен көбiрек үйiрiледi. Балқыған қорғасын лықси толқып келiп, иiрiмдене қалт тоқтап, суығаны тәрiздi кеудесiнде шымырлаған сезiм ыстық ықыласынан айнып, лезде сергектiгiнен айрылып қалды. Өзiнен кейiн көп Байсеркеге қарай беттейдi. Оның кейпi ешқайсысына бейiл бұрмайтын тосаңдау. Әйелi мен ұл-қызы шеткерiректе тұр екен қараса. Мұндай шақтың жөн-жоба, рет-тәртiбiн бiлетiндiгiне сенiмдi Сара өзiн еркiн ұстап, төңiрегiндегiлерге әлде бiр нәрсенiң жайын жан-тiнi қалмай қызу түсiндiруге кiрiсiптi. Аналар да ұйып тыңдаған сыңайда бүкiл ынта-бейiлiн оған аудара қойыпты. Естияр ұлы шешесiнiң аузына қабағын шытынып қараса, мұнша көпшiлiктен жалығып кеткендей қызы қорған-күмбездерге көз қиығын тастап, бiртүрлi елегізiп тұр. Қауқылдаса жеткен бiр топ шал-шауқан аттарынан жапырласа түсiп жатыр. Кенет Жолбосын соқырдың ерге едiрейiп отырысы көзiне оттай басылып, қалшиып қатты да қалды. Өзгелер көлiктерiн бекiтiп, әбiгер болып жүргенде ол тiзгiндi үзеңгiге iле салды. Жанқалтасынан темекiсiн алып, оқырая тұтатты да, түтiнiн үстi-үстiне будақтатып шығарды. Иығына iлгенi көнетоздау әскери бушлат, басында тықырланған елтiрi жаман тұмақ. Жып-жылмағай қапқара жүзi түтiгiп, қасындағы серiктерiне қарайламастан бұларға қарай тура жүрдi. Жатырқаған ыңғайда жалғыз көзiн айналасына тесiрейтiп қадаған сайын аясына ұялаған зәрлi қызғылт ұшқынның жасқаншақ жабырқаулығын аңдады. Тiлсiз орасан күштен шекесiнiң бiр жағы жазатайым опырылып түскендей олқы соға ойпаң тартып, етiмен ет болып бiтiсiп, жылмия құбыжықтанған нобайы жүрегiн айнытты. Байсеркенiң қолтығынан сүйеп, ербиген өз ұлына оқырайып бiр қарады да, назарын жағалата жүгiртiп отырып, ақыры бұған тұрақтатты. Қошқыл кескiнi бұрқ етiп күреңiте шымырлап, иегiн кемсеңдеткен бойда тұра ұмтылып кеп бас салып көрiстi. Бүкiл дiтi ақымшыларға ауған Нұржанов Жолбосынға кiшкене зер салып қарап

та қоймады. Шошайған топырақ үстiне мәйiттi жайлап жайғастырған жiгiттер қыжым жамылғыны күннiң көзiне көлегейлеп, сүйектi жербесiктен суырып алып, ақым аузына қарай шамдағай сүңгiтiп жiбергенде жүрегi шым ете түстi. Шекесi шыңылдап, жанары тұманыта бұлдырап, құпқу ұсқынымен сiлейiп тұр. «Қазаның арты қайырлы болсын, қарағым» деп, кәукiлдеген Жолбосынның сүйкiмсiз құмығыңқы даусы да бiр жағынан жүйкесiне тиiп, берекесiн қашырып барады. Көршiлес аудандардан келген әрiптестерi мен өз қызметкерлерi төңiректеп, қаумалай бастағандаақ көңiлi босап, жылап жiберуден өзiн шаққа ұстады. Дүниенiң шырқын ала аяқ астынан шыңғырған Сараның үнi сұңқылдай жөнелгенде тұла бойы ток ұрып өткендей қалтырады. Адамдардың қалқасынан үңiрейе көрiнетiн ақым аузы қасқырдың апанындай суық қарауытады. Әрбiр әрекеттi көз жазбай бағып, ара-арасында қатқыл да қысқа нұсқау беретiн едiрейген аққұба мұртты кiсi жақтырмағандай Сараға жалт бұрылды. Бұл өзi кiмнiң әйелi дегендей ежiрейе бөгелiңкiреп барып: – Әй, қарағым, қоя тұр кiшкене, обал болады! – дедi. Сара дереу сап тыйылды. Бұл сөз тура өзiне бағышталғандай бойын жиып алып: «обал боладысы несi екен?» дедi iшiнен. Екi-үш адам қайыр-садақа сұрағандай әркiм нiң алдына күректерiн жағалата тосып, уыс-уыстан сусыл дап түскен топырақты көрге қарай қол жалғап жөнелтiп жатыр. Бетон плитаның әлденешеуiмен ақым аузын тас қып бекiтiп, төңiрегiн топырақпен әдiптеп, көмкерiп тастағанын көрдi. Хақ өлiмге қанша мойынсұнып, ерiксiз жүгiнсе де, сәл саңылау қалдырмастан сонша тұншықтырып тастағаны көңiлiне сыймай, әлдекiмге айқайлап, ақырғысы келiп, қабiрге қарай ұмтылып қалғанда, қарынан бiреу ұс тай алды. Жалт бұрылып қараса – Жалмұқан. Әдемi дөң гелек жүзi қуқыл тартып, тiлеуқор жанашырлықпен жалтақтаған ол: «Мәке, сабыр ете гөр» дедi. Мұңын шағып, сырын ашар адамы ендi табылғандай Жалмұқан кеудесiне басын сүйедi. «Мәке, сабыр ет, сабыр ет» дедi ол және ақы рын ғана. Мұнысы «бiрiншi хатшы басыңмен жылағаның ұят» деп тоқтау айтып жұбатқаны ма, жоқ әлде, жазғырғаны ма, екi арасын әйтеуiр айыра алмай iшiнен дал болып қойды. Бұл жылады екен деп сасатын көпшiлiк және жоқ, шаңын бұрқылдатып топырақты лақтыруға кiрiскенде опырайған терең шұңқыр ернеуiнен асып кеңiрдектеп қалып едi –

бiр қараса, дөңденiп шошая бастапты. Көптiң аты көп, дереу томпайтып, айналасын қырнап, сыпырып-сиырып бола бергенде-ақ әлдекiм құранды күңiренген үнiмен оқи жөнелдi. Үстiндегi киiмi қолқылдап кең отырғаны на қарамай маңғаз жайғасқан шығыңқы бет, қысыңқы көз кiсiнiң бойында кергiген кесiрлiлiк те жоқ емес-ау, тәрiзi. «Молдалардың әкiмiндей сезiнетiн шығар өзiн. Бәрiбiр бiрiншi хатшы емес қой» дедi iшiнен кекетiп. Қорғала ған торғайдай оның ық жағында сымпиып отырған Жолбосын соқырдың пошымына абдырай қарады. Оқырайған жалғыз көзiн бiр нүктеден тайдырмай шарта жүгiнiп алғандағы ұсқынында сәуле-сезiк дегеннiң жылты да жоқ, тас мақау тәрiздi порымында тақуалыққа жуысатын қасиеттiң жұқанасы да сезiлмейдi. Құран оқылып болып ел абырсабыр қозғалып, тұс-тұстан қотарылып көтерiле бастағанда тағы бiреу сұңқылдап ала жөнелдi. «Өзiмiздiң соқыр ғой» деген күбiр-сыбырды емiс-емiс құлағы шалды. Сарайынан тосаңдау құмығыңқы шығатын күңгiрт үн «мен соқырмын, мен соқырмын» дейтiн тәрiздi жарамсақтана жалбарынышты естiлетiндей. Қырынан қараған кезде көзi жоқ жағы құбыжықтың түйсiксiз түрiндей тыртыса керiлiп, басы қаңғалақтап қозғалған сайын жанары тұратын орыннан ақыл-естi бiрдеңе ытқып шыға келетiндей көңiлi түсiнiксiз қобалжып өттi. «Аңқау елге арамза молда боп жүр екен ғой, бұл мүттәқым». Дүниедегi болжалсыз дауасыздықтан көкiрегi шымылдап, сыздап барады. Адам нөпiрiнiң қалың ортасында тұрса да, таяныш тұтар ештеңе таппағандай сұмдық жалғызсырады. Осы кезде Жолбосын соқырдың ұлының сүйемелдеуiмен жас қабiрдiң тұсына әлтiк-тәлтiк басып барған Байсерке: «Қайран Ақжамбы жеңгем-ау!» деп өкiрiп жылап жiбердi. Кеудесi бүлк етiп бiр көтерiлiп, солқ етiп бiр басылған оның күйзелiстi күйiнiшi өн бойын шымырлата тоңазытса да, мелшиген қалпынан танбады. Iсiнiп кеткен борбиған саусақтарымен сорғалаған жасын қолапайсыз сүртiп, өкiре солқылдаған Байсерке қауқылдаса өре түрегелген жұртты сап тыйып, өзiне жаппай жалт қаратты. Мұрты едiрейген аққұба кiсi жеңiл машинаның бiрiн шақыртып, Байсеркенi қолтығынан сүйеп, қышап отырғызып жатып: – Осы көпшiлiктiң iшiнде жеңгеңiз сiзге ғана керекпе. Қайғырғанда қайтесiз, бәрiбiр қайтып тiрiлiп келмейдi. Жақсы бiз тұрмақ, құдайға да керек екен ғой, – дедi.

Мұрты едiрейген неменiң сөзi жүрегiне оқтай қадалып, әйелi жаққа көз қиығын амалсыз тастады. Шымбайына батқан, батпағаны белгiсiз Сара безерiп алыпты. Әжелерiн көз алдарында шұңқырға жайғастырып, көп адам жабыла көмгендерiне ұлы мен қызының қапа боп қайғырғандарынан гөрi, дүниеде мұндайдың болатынына таңырқау шалыстанған жүздерi алабұрта беретiн сияқты. «Осыларды байқаған соң айтқан екен ғой, жаңағы» дедi. Байсеркенi машинаға отырғызған мұртты тағы кiм қалды дегендей жан-жағын жiтi шолып шықты. Кенет аяғын үзеңгiге сала берген Жолбосынды көрген замат көзiне қитұрқылау ұшқын ұялата шүйiрiп, өңешiн соза айғайлап жiбердi. – Әй, Жолбосын, сенiң күнәң көп емес пе едi, құранды қай бетiңмен оқып жүрсiң?! – Өз сөзiне өзi мәз болып қарқылдап күлген мұртты ләм деп тiл қатпастан ерге қонжиып отыра сап жөнiне тайып бара жатқан Жолбосынның артынан қайтадан дауыстады. – Ана сұмды қараңдар, жауаптан жалтарып қашып барады. Сүйек қойылып қайтқаннан кейiн бiрқатар рәсiмдер рет-ретi бойынша тез атқарылды. Ұзыннан-ұзақ құрылған шатырға жегжат-жұрат, ауыл адамдары, ақымшы, жүргiзушi, музыкант бiткендердiң барлығы кiргiзiлдi. Ал бiрiншi хатшылар, обкомнан келген өкiлдер, аудан көлемiндегi лауазым иелерi, шаруашылық басшылары ақшаңқан киiз үйлерге бөлек-бөлек отырғызылды. Ең қадiрлi орындар Нұржановтың үйелменi мен Байсеркеге тидi. Сымдай тартылған кiл даяшы жiгiттердiң табақтабақ ет тартқандағы қимылдары көз iлеспес тым әбжiл. Дастарқанда құс сүтiнен басқасының бәрi бар. Қазы-қарта, жал-жая, уылдырық, құрт-iрiмшiк, жүзiм-алманы былай қойғанда, көкөзек уақытта көзге таң көрiнетiн қызарған помидор, көгерген қияр, не керек, әйтеуiр, тұнған береке. Өз ауданының екiншi, үшiншi хатшылары, ауатком төрағасы, қаржы бөлiмiнiң меңгерушiсi астатөк молшылыққа тiкелей қатысы барын сездiретiндей өздерiн мығым ұстайды. Директорлардан тек Тұрғынбеков қана бар екен. Олардан гөрi бұл Қауызовты жоқтады. Келмей бара жатса шақыртып алам ғой деп өзiн тыныштандырып үлгергенi сол едi, ұзын мойнын қылқитып оның өзi де кiрiп келдi. Тiгiнен түп-түзу құлаған мұрнының ұшы делдиiп, қысыңқы көзiн мүләйiмсiте жәудiретiп, бұған бiртүрлi емiнiп қарады. Дүниеде өзiне шын берiлген және сыралғы ыстық ықыласты танығандай

етжүрегi аяқ астынан елжiредi. Күлшелi баланың қашан да сүйкiмдi екенiн бiлдiре түскiсi келгендей анау да тәлiмсiп, жорта бөгелiңкiреп тұрды. – Мәке, бiздiң чукча ағайындар айтатын «огненная вода» жағына қалай қарар екен қонақтар? Орайын келтiрiп айтқан қолқаға сәл жадыраған Нұржанов отырған жұртқа сұраулы жүзбен жағалай қарады. Осы ауданның бiрiншi хатшысы ауыл бiздiкi дейтiн ниетте бәрiнен бұрын тiл қатты. – Сұрап бергенше ұрып бер демей ме атамыз қазақ. Оның үстiне Мәкең қырыққа келмей жатып жетiм қалып отыр. Кiшкене көңiл көтеретiн жердiң ретi осы емес пе. Әлекедей жаланып, сақадай сай тұрған үш жiгiт құралсаймандарды әркiмнiң алдына тiзiп қойып, ақ матаға оралған ыдыстағы iшiмдiктердi рюмкаларға сыпайы құйып шықты. Еттерi әбден үйренiп кеткен нояндар мұндай биязы да кiшiк әрекетке зер салып та қарамады. Алтын жалатылған мөлдiреген ыдыстарды тек Байсерке ғана таңсық көрiп қызықтады. Бiр кезде мазасыздана қап, әлдене айтпаққа оқталғанын аңдап, соған қарай еңкейдi. Байсеркенiң ентiгiп дем алғандағы шуылы құлағын дүңгiрлетiп жiбердi. – Сейсен деген осы ауылдың бетке ұстар азаматы ғой, шақыртсаңшы. – Ақсақал, мұртты айтасыз ба, қазiр, – деп, осы ауданның бiрiншi хатшысы iлiп әкетiп, оған дереу нөкерлерiнiң бiрiн жұмсап жiбердi. Iшiп-жемi ырғын да сыңсыған дастарқан үстiнде арақшарап еркiн сiлтендi. Қанша қызара бөртсе де былқ етпей отырған бiрiншi хатшылар ыздиған қалпы арғы-бергiден қозғап, тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн орағытып барып қайырады. Мұның туып өскен ауданының бiрiншi хатшысы құдды жиналыс өткiзiп тұрғандай тура бiр сағат сөйледi. Желқұзға тимеген салқын саядағы күтiмдi қалпының қоңдылығы бүлкiлдеген бұғағының аппақтығынан аңғарылады. Сөзiнiң әсерi қандай екенiн бiлгiсi келгендей кейде әдейi кiдiрiп, бұған көзiн шүйiлте қадаған уақытта қалың қабағы салбырап, шаршаңқы кейiпке көшедi. Мынау өзiн мiсе тұтпай ма, қайтедi деген күдiк көңiлiне ұяласа да, сазара сыр бермеген қалпынан танбады. Бұл өңiрден шыққан атпал азамат Мәкеңнiң анасын бүгiн ақырғы сапарына көпшiлiк болып аттандырып салғанына жеттi-ау, ақыры. Бiрақ соның өзiнде осы ауданнан шыққан аяулы жандардың қатарына

Ұябайды қосақтап жiбергенiне Нұржанов: «мынауыңның есi дұрыс па, сол мысық беттен басқа кiсi құрып қалғандай» деп iштей ренжiп, олқы көрудiң қоңылтақ сезiнiсiнен арыла алмады. Көз қиығын ерiксiз әйелiне тастағанда кекесiндi күлкiнiң езуiне үйiрiлiп өткенiн аңдады. Облыстық партия комитетiнiң пленумдарында, партия активтерiнде сөйлеген сайын осының орысшасы жалпақтау көрiнетiн. Әр шөптiң басын бiр шалған қазақшасының да онша тұшымды шықпағанына қайран қалып қойды. Ойын шымырлатып жатық жеткiзген баяғы Жалмұқан ғана: «Өмiр қиын, қиын да болса жете сезiнiп жүрген бiз жоқпыз». Бұған бүкiл денесiмен бұрылып, назарын қадай бiршама iрiккенде – кескiнiне ұялайтын ойлы тартымдылықтан өзiнен-өзi қысылатындай жайсыз күй кештi. «Анаң асқар тауың едi, саялайтын баурайың, аялайтын мекенiң едi. Тағдырдың жазуына амал бар ма, бекем бол. Саған әрине, ендi ешкiм анаңдай бола алмайды» – дегенде көңiлi өрекпiп, көзiне жас кептеле бердi. «Анаң асқар тауың едi...» Сол асқар тауы құлағанын айтпастан Жалмұқан лебiзiнiң аяғын жұтып қойды. Өмiр бойына бар боп келген адамның бiржола зымзия жоқ боп кеткенi миын солқ еткiзiп сұрапыл ұрғанда – Нұржанов бiрер сәт дел-сал күйi есеңгiреп отырып қалды. Әркiм мұндайда өз еркiмен тұрып ниетiн бiлдiруге тиiс. Мансап-дәреженi сыйлап үйренген бұлардың арасынан әуелi бiрiншi хатшылар түгел, обкомның бiрқатар жiгiттерi сөйлегеннiң өзiнде тым ұзаққа созылуға айналған отырыстан кейбiреулер жалығып, дегбiрсiздене бастады. Ұлының тап осындай әлетке жеткенiн, Сарадай көргендi келiннiң қызығына кенелiп, Таңат пен Назеркедей немерелерiнiң өскенiн көрiп кеткен әжеде не арман бар деп соққанда – тәубесiне келтiретiн сөздей елти алданғанын мұның өзi сезбедi. Дәл осы арада мұны қара тұтқан сықақшы жерлесiнiң ауданға кеп кездесу өткiзгендегi тосын қылығы ойына сап ете түстi. Жиналғандар шетiнен сөйлеп, жеркөкке сыйғызбай мақтай жөнелгенде ыңғайсыздана ұяң жымиып қойған ағасы: «Жұртым-ау, мақтайтындарың белгiлi, мына сұрларыңмен менi ұлы сықақшылардың қатарына қымсынбастан қосып жiберетiн түрлерiң бар. Өйтiп-бүйтiп уақытты өткiзгенше iске бiрден кiрiссек қайтедi» дегенi. Бос сөздердi езгiлеп, мезi болғанша кiшкене серпiлетiн жерге барайық дегенi екен ғой, ойласа. Ұлы мен қызы жұрттың не деп жатқанында еш шаруасы жоқ, әлдененi

өзара күңкiлдесiп әңгiме соғып отыр. Ара-арасында шешелерiн де сөзге тартады. Әйелi мен балаларының қабырғалары қайысып, күйзелмеген кейiптерiн бақылаған сайын көлгiрлiк пен өтiрiкке шырмалып келгенiн осы күнге дейiн сезiп қоймаған алаңғасарлығына айран-асыр. Осы сезiгi айдай ақиқат болып көрiндi. Манадан жұрт сөзiне елтiп, елiккенiне жыны ұстай бастады. Жан баласына зер салмай танауы делдиiп, шегiр көздерi алая паң отырған Тұрғынбековке жазатайым көзi түстi. «Мұныкi алып бара жатқан не қылған менмендiк?» дедi кенет. «Мұны бәлкiм ел осынысы үшiн де жек көретiн шығар?» Бiрiншi хатшының кабинетiне именбей кiрiп, ойындағысын iрiкпей жайып салатын мұның ошаң еркiндiгiн Әнекеңе сенгендiктiң арқасы деп ойлайтын. Қараса – қазiр де мығым. Қонағасына сойылған екi жылқы өз есебiне кiретiнiн бұлдап отырғаннан сау емес шығар деген күдiк көңiлiне келдi. Жұрт сыртқа шыққан соң да жөн-жөнiне тарқасып, бiрден кете қоймады. Өзi басқаратын аудан адамдары қапысын тауып, оңаша сөйлесiп қалуға тырысатын пиғылдары барын байқатты. Әуелi Қауызов пен Тұрғынбековтың дегенiне ерiп, қалтарыстау жерге оңашалау барып тұрысты. Мәймөңкелемей төтесiнен сөйлейтiн шегiр көздi директор: – Мынау сiздiң анаңызға жеке қосқанымыз, – деп қомпайған қомақты конверттi батыл ұсынды. «Жеке қосқанымызы несi?» дедi iшiнен аң-таң қалып. Қолын созған күйi тұрған Тұрғынбековтың едiрейген бiтiмiнде секем-сезiк дегеннiң құбылыс бояуынан түк жоқ баяғы әпербақан омырау. Қас-қабақтан оқып қоятын сұңғыла Қауызов есесiне жуып-шайып: – Мәке, «батыр аңғал келедi» демей ме, Алтекеңнiң кейде осылай аңдамай қалатын әдетi бар. Көпшiлiкке арналған нәрсенiң жөнi өз алдына, мынау ендi екеумiздiң сiздiң алдыңыздағы iнiлiк парызымыз деп есептеңiз , – дедi. Бұжыр-бұжыр сопақ кескiндi Қауызовқа осындай оралымды сөздi қимаған Нұржанов бiрер сәт аңқая iркiлдi. Қысыңқы бiткен қоңыр көздерiнiң қарашықтарына ұялаған қызғылт ұшқын дегбiрсiз ойнақшитынын аңдады. Нәсiлi бөтен, тiршiлiк-салты басқа Қауызов ниетiнiң ақ-қарасын айырып, қузамастан: – Жiгiттер, пейiлдерiңе рахмет, бұларыңды ана жеңгелерiңе апарып берсеңдершi, – дедi де бұрылып жүре бердi.

Содан кейiн-ақ мұны ешкiм оңашаға алып шықпады. Әр түрлi буын басшылары мұны қаумалап қоршап алысқанда, араларынан бiр-екеуi кезекпе-кезек сытылып шығып кетедi де, бiр уақыттарда қайтадан ортаға сымпиып оралады. Жаңағы Қауызовтардыкi секiлдi тоқ конверттердi Сараның қолына табыс етiп жатқандарын бұл былай-ақ сезiп тұр. Сөйтсе де одан еш қолайсызданып қоймады. Бiр кезде бәрi қош айтысып, машиналарына мiнiп, жөнеп бердi. Поцелуев, Гуржий, Садықбеков бастаған бiрен-саран адамдар ғана көптен жырылып қалды. Бiлген кiсiге бұлардыкi адамшылық. «Қайткенде жалғыз қалдырмайық деген ниеттерi ғой» деген тоқтам жасады. Өмiрсерiкке iлесiп бiрнеше жiгiт буыншақ-түйiншек бiткендi әлек-шәлегi шыға тасуда. Осы кезде балаларын iлестiрiп, қайқайып Сара да шықты. Алаулаған өңiнен тоғайған көңiлiн жасыра алмайтын мекерлiгiн оқыған мезет тобырдың бәрi жиылып келiп ақша мен дүниенi тау ғып үйiп тастаса да, шешесiнiң бiр сәттiк тiрi бейнесiне татымайтынын күтпеген жерден сезiндi. Қойқаңдаған әйелi мұндай күйдi басынан ешқашан өткермейтiнiне өзегi өртене өшпендiлiгi қозды. Таяғына сүйенiп бұған қарай жүрген Байсеркеге тұра ұмтылды. Екiүш күннен берi Жолбосын соқырдың ұлына арқа сүйеп алғаны байқалады. Кiшкене жүргеннiң өзiне демi жетпегендей көздерi шарасына сыймай алайып, қалталақ қаға ентiгiп, аялдайды. Бұған берi жақында деген ишараны әрең жасады. – Сенiң үйiңнен мас боп кеткен Мәдуардың қарасы бiржола батты. Батса батсын. Ендi оны көр ғана түзетедi. Тек сорлап қалған мен болдым. Ақырымның әлде қайтетiнiн ойлап, уәйiм жеймiн баяғы. Сенген адамыңның сиқы анау, менiң сұқпытым мынау: бiр аяғым жерде, бiр аяғым көрде. Келiн дейтiн келiннiң ұсқынын көрiп тұрсың. Әбден құрып, суалып бiттi бишара. Не кигенге, не iшкенге жарымаған соң қиын екен. Ақжамбы бар ғой, бәрiн реттеп, сол жөнiне келтiрер деушi едiм. Құдай маған оны да көп көрдi. Қор болып жатып қалып жүрсем, аузыма су тамызатын адам табылмай, осы күнiме зар болам-ау деп те қорқамын. Өле кеттi дейтiн күн болса, басы-қасында өзiң жүр. Мына тексiз иттерге бiр азаматтың айбары керек екенiн жадыңа мықтап тоқып ал!

Т амбурда тапжылмай тұрған мұның құлағына жарықшақтана жыламсырай шыққан сондағы дауыс сол қалпы жеткендей көрiндi. Аттанар шақтағы жүрек қылын қозғайтын ауылдастарының сөздерi жадында жаңғырыға бастады. Жанашыр тiлектердiң бiрiне де көңiлi көншiмей, белгiсiз тарапқа қасқая қарап тұра берген. Дәл осы кезде қаптаған шуылдақтардан әбден жерiнiп болғандай найқала басқан әйелiнiң сырт тұлғасынан қан-жаны араласқан жақындық таба алмай дағдарған. «Волганың» есiгiн шалқайта ашып, жалп етiп отырғанының өзiнен көпшiлiкке деген кiшiлiк сезiмнен адалығын нақ сонда тап бұлай сезiнбеген шығар. Шоферға әлденелердi бұйырып нұсқаған жат кейпiнен қазiр қатты шошынды. Екi-үш күннiң iшiнде Өмiрсерiк бейшара әжептәуiр жүдеп-жадап қалыпты. Мұның әйелiнiң ызғарлы әмiрiнен жасып, парқы сонша түскенi несi екен бейшараның. Сараның сондағы жауапсыз өктем кесiр-кеселi бұлардың ақырын осыған соқтырып тынған шығар. Селт етiп қоймайтын сұрықсыз тiршiлiктiң тiлiн өзi ғана бiлетiндей терезеден сыртқа ұзақ телмiрдi. Шофердiң сондағы екiойлы ұсқыны көз алдына келгенде адамды басынудың жосықсыздығына ашынудың сызы жүрегiн шымылдатып өттi. Назеркеге лама пальтосының табылмай жүргенiне тап осы сәтте қынжылып қойды. Лама пальтосын есiне алған себебiн бiрақ ойлаған жоқ. Үлкендiкiшiлi креслода отырғандардың барлығы дерлiк бiр дауылдан-ақ қалмай ұшып кеткендерiне кенет қатты таң қалды. «Не деген осал жаратылған пенде едiк» дедi тiстенiп. Мұнда бәрiнен олжалы Байқадиев болды. Қызметтен босауын босады, бiрақ партиялылығы дiн аман. Әдiлетсiздiктiң құрбаны боп кеткенiне жүгiнген замат тұла бойын сұрапыл ашу кернеп бара жатты. «Адам құрып қалғандай қысық көз, қисық қабақ Байқадиевты өсiрген үлкен кiсiң барып тұрған ақымақ шығар?!» дедi ұстамынан айрыла балағаттап. Бұрынырақта Москвада бiр ай оқуда болғанда солтүстiк облыстардың салалық хатшысымен қонақ үйде көршiлес жатты. Жас шамасы өзiнен алшақ емес етжеңдiлеу кiсi жөн-жосықты қысқаша сұрасқаннан басқа артық-ауыс әңгiмеге әуелi бармаған. Адамдардың көрнеу асықпай байыпты бола қалатындарына ақыл-ойы кейде жетпейдi. Өмiрдiң қысқалығын кiм ойлағанды айтқанда мiрдiң оғындай да, ал лауазымның мұрат жолына әлденеше жылдарды қиналмай сыйғызып, ақырында бәрiн бес минутқа

балап жiберетiндiктi түсiнсе бұйырмасын. Мынау бiр айлық жолдасы да өздерiнiң тiлiнде бес минутсыз облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болғалы тұрған адамға қанша сайса да, әлi бiрiншi хатшы емес екенi айдан-анық. Болары, болмасы да белгiсiз. Сөйтсе де оның сондай болашағы бары үшiн ғана алдынан қия өтiп көрмеген Нұржанов барынша iлтипат танытып баққан едi. Бара-бара үйренiсiп, бiрiн-бiрi күлдiрiп, әзiлдесiп қойып жүрдi. Бiр күнi ұрттаңқырап алғанда ол ағынан жарылды. «Сендер сол Сайын Болатқанович деп әлдеқандай қып жүрген жаман Байқадиевтарың бар ма, мектепте мына менiмен бiрге оқыды. Негiзi солтүстiк жақтың қазағымын, оңтүстiк жақта әкем көп жылдар қызмет iстедi. Сондықтан мен сендер жақта өстiм. Сол Сайындарыңның мұрнынан боғы тыйылмай, ылғи салбырап ағып тұратын. Балалар оған байқатпай қағазға тосып алып, қыздарға жағамыз деп әйде кеп тырқыратып қуушы едi-ау. Сөйткен оны анадай жерге апарған вот кто значит старик» дедi. Мұның үндемей томсарып қалғанынан қуыстанған ол: «Бастығыңды жамандап жiбергенiме намыстанып отырған жоқсың ба, сен» деп арқасынан қаққан. Байқадиевке бола несiне ренжiсiн. Тек үлкен кiсiнiң қосақ арасына кеткенi көңiлiне сыймастан әжептәуiр дық алды. «Сонда бұл үлкен кiсiнi шынымен жек көре ме екен?» деп ойлаған. «Бiрге өсiп, бiрге оқыған адамның қатты жылжып кеткенiн бәлкiм, қызғанатын шығар?» деп те жорыған. Сондағы әңгiме ойда жоқта есiне түстi. Ылғи салбырап ағып тұратын мұрынбоқты көзiне елестетiп көргенде бiртүрлi жерiне тыжырынды. «Бала кезiнде мұрнының бiр кiнәраты болған шығар. Бiрақ Байқадиев облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қалпында түсе салғандай кергiген жоқ па!» Тасы өрге домалай бастаған шақта қанға сiңдi қазақтың ескi ғадетiне салынып, ала қойды бөле қырықпап па едi. Өз елiнiң жiгiттерiн таңдап, шетiнен жылжытып, өсiре бастаған кезде ендiгi нәубет маған да келiп қалған шығар деп қауiп ойлап, күптi көңiлмен жүргенi қайда? Оның үстiне әлденелердi аңғартып, бiр сұмдықтарды тұспалдап, әйтеуiр бiлдiре бастаған. Әнекеңдiкiндей зәр сезiлмесе де бәрi отырған орнының құдыретi ғой, көзiн сығырайта қадағанда құтберекесi қашқан бұл ақталудың жолдарын алдын-ала iздестiрiп бағатын. «Бұл құрғақшылық әбден дiңкелетiп құртты ғой, Сәке. Өзiңiз де аралаған сайын көрiп жүрсiз,

егiн шықпайды емес, шығады. Қазiр мына суытып тұрған ауа райы бәрiн буып тастайды. Ал күннiң көзi шықса аштылығы сондай, егiстi түп-түгел күйдiрiп жiбередi». Қысыңқы көзiн бұған шүйiлте төндiрген Байқадиев түктiң мәнiсiн ұқпағандай селт етпей iркiлдi. Таңырқаған сыңайда кенет қасын керiп, кекесiнмен ащы жымиған мезет мынау мүлде басқа адам сияқтанды. Тек қалқайған екi құлағы ғана түп атасы қарапайым пенде екенiн есiне түсiретiндей. «Егер мен үлкен кiсiнiң алдында тура сен құсап зарлайтын болсам, ол кiсiнiң маған не дейтiнiн бiлесiң бе?» дедi. Дәл осы арада бiр кiлтипан бардай аңыра тосылған бұған Байқадиев еңкейе жақындай түскенде қалқайған құлақтары көзiне жылы ұшырайтындай көрiндi. «Қызметiңдi алып жүре алмайды екенсiң, онда орныңды босат» дейдi. Қысыңқы көзiн сәл ашып, қап-қара қарашықтарын өңменге тура қадаған уақытта Байқадиев қалпынан кiсiге жамандық жасай алатын зымиян қалтарысы сезiлмейтiн-ақ сияқты. Мұны суқаны бiрақ неге сонша сүймейдi, соған таң. Үлкен кiсiнiң есiмiн дәл осы жерге атаудың не қажетi бар едi, түсiнбей ерiксiз тосылғаны да сол едi. Үлкен кiсiнiң көңiлi бұған толмай жүр деген жұрттың алыпқашты сөзiне сенер-сенбесiн бiлмей дағдарды. Мұны бiр жаққа қарай жылжытып, орнына нойыс бiреудi әкелiп жүрсе тағы да қиын. Ыңғай қарауыта түнерiп алған аспаннан тырс етiп бiр тамшы тамбағанына қарағанда астық биыл тағы да оңбайды-ау. Әнекеңнiң тұсында бұл дәл бұлай алакөңiл болып па едi. «Байқадиев өйтiп қоқан-лоқы жасағанша сонда-ақ орнынан неге алып тастамады екен?» дедi тiстене. Мұнда қайта құру Жалмұқанның тасын өрге домалатып әкеткен жоқ па. Қазiр облыстық партия комитетiнiң идеологиясына басшылық жасайтын хатшы. Орталық Комитеттiң бөлiм меңгерушiлiгiне әне барып қалады, мiне барып қалады деп жұрт айтқанын болдыра алмай әлi елеңдеумен жүр. Үлкен дөкейге айналғалы берi оны бiр-екi жолы сыртынан көрген. Ауыл шаруашылығының қазiргi жай-күйiн қараған жиналысқа агроөнеркәсiптiң аппараты түгелге жуық қатысты. Облыстық партия комитетiнiң осы күнгi бiрiншi хатшысы бастаған бiр топ адам президиумға рет-ретiмен келiп жайғаса бастады. Отырар-отырмастан-ақ Силаев бiрiншiге қарай еңкейiп, құлағына әдеп әлдененi түсiндiруге кiрiстi. Ананың мiзбақпаған дөңгелек жүзiнен мұны баяғы партиядан шығарғандағы тоң жiбiмiстей сол ызбарлы

қалпында ұйып қалған тәрiздi. Бұрын көк деп келген мынаның көзi жап-жасыл екен-ау. Силаевқа алая қараған сәтте жалт ете түскен жасыл ұшқынның мейірiмсiз сойқанды сырын аңдағандай болғанда ду етiп көтерiлген ашуы өрши жөнелдi. Айналдырған екi-үш айдың iшiнде мұның әлегi аспаннан бiр-ақ шыққаны осы бiреудiң кесiрi. Аузын құлағына жақындата түсiп, сыбыр-жыбырын үдеткен Силаевқа шырай бермей сазарған күйi қалды. Облыстық партия комитетiнiң жаңадан келген бiрiншi хатшысының қабағындағы әлi жазыла қоймаған кiрбiң шаруасының ретiн таппаған адамның сыр бермей сыртын қампайтқан далбасасына ұқсайтын бiрдеңе бар. Тұтқиылдан үстемдiк алған табашыл сезiм жан дүниесiн шұғыл сергiтiп өттi. «Жұртқа қиянатын асырып жiберiп едi, соның обалы тегiннен-тегiн кетпес. Бәлкiм, сонысын уәйiмдейтiн шығар?» деген үмiт санасының қараңғы түкпiрiнен себезгiледi. Екеуiн де қанша жексұрын көрiп, дұшпандығы жiбiместей қатая түссе де бiрiншiнiң Силаевқа деген ықыласы жоқтығын өз көзiмен көрiп, қыбы қанатын желпiнiстi күй кештi. Жасыл көздi бiрiншiнiң оң жағын ала жайғасқан Жалмұқан ұстамды. Аққұба дөңгелек жүзi алыстан тiптi қағаздай аппақ болып көрiнедi екен. О бастан қонымды киiнетiн көзелiң қазiр он жасқа жсарып кеткендей жып-жинақы. «Баяғыдағы айтатын сөздерiн бұл күнде жадынан мүлде шығарып та жiберген шығар? Дегенмен өзiмен бiр жолығып көру керек едi, қалай қабылдар екен, әп дегенде қорқып кетер әуелi». Шешесi өлгенде Жалмұқанның конвертке салып жүз сом бергенi есiне сап ете түстi. Сол жүз сом ендi еш дәнекерлiкке жарамай қалғанына кенет қатты қапаланды. «Жалмұқан қазiр не ойлайтын болды екен, бұрынғыдай түсiнен шошып оянатынды қойған шығар?» дедi iшiнен тағы. Осы күнi дәуiрi жүрiп тұрғандардың барлығы да басынан бағы тайып, баянсыз қызметтен кетер. Сонда осылардың қандай күйге тап болғандарын көрiп өлсем арманым жоқ» деп ойлаған да қойған. Бұл ойы құдекеңнiң құлағына жеттi ме, ұзамай Силаев өз мамандығы бойынша жұмысқа ауысуына байланысты орнынан босады деген кiшкене хабарды газеттен оқыған едi. Сол сәтте табалағыш ой өре түрегелмедi. Қайта бiр қимас жеңсiк сезiм көкiрегiн шымылдатып жiбердi. Ит те болса көз көрген, таныс-бiлiс адамдардың қызметтен кетуi қараса, тым жиiлеп барады. Бүйте берсе түбiнде ешкiм

қалмайды-ау дейтiн қаупiн iшiне бүгiп сыртқа шығармаған. «Ана жасыл көздi сұм бұдан жоғарырақ жерге бара қалса, әлi талайдың сорын қайнатады-ау» дедi бiр кезде. Мүлде ұмыт боп кеткен әпкесiн көрiп қайтқысы келген әуселесi не әуселе екенiн ұқпады. «Мына тексiз иттерге бiр азаматтың айбары керек екенiн жадыңа мықтап тоқып ал» деп табыстаған Байсеркенiң аманатын ақыры орындай алмағанын ойлаған сәтте жұтқан ауасына дейiн бiртүрлi кермек татитындай көрiнiп кеттi. Сол ерте көктемде шешесi өлгеннен кейiн-ақ қарбаласқа толы өмiр алды-артына қаратпай алып жөнелсе де – үрейлi сезiк-секемнен бәрiбiр арыла алмады. Мұқым шаруаның кетеуi кеттi, төлден шығын көп, жүн жоспарға жетпей, астық күйiп тынды ақыры. Шөп те жөндi шықпады. Ойдағы шаруашылық түгел Балқаштың бойын жағаласа, тауды жайлағандар көзделiнген мал азығының жарымжартысын ғана әупiрiмдеп дайындады. Газет деген шiркiн де шiмiрiкпестен: «жаздың бiр күнi жылға азықты» күндегiсiн күнде төпеп, мәлiметтердi қоса жариялаған сайын көрсеткiштердiң көлемi көңiл көншiтетiндей-ақ. Бiр iшкi тоқтамымен осындағы өтiрiктiң көптiгiне жүгiнсе де соны тереңдеп ойлауға жүрегi бiр сұмдық дауаламайды. Аудандық партия комитетiнiң кезектi бiр пленумында Силаев кеп сөйлеп, жылқы заводы жүз биеден он бiр құлыннан алғанын мысалға келтiргенде Нұржановтың төбе шашы тiк тұра жаздады. Жоғары жақтағылар бәрiн бiлiп тұрып, осы күнге дейiн үндемей келгендерiне қатты қайран қалды. Бұларында жаманаттың құпия сыры жатқандай iшiнен ыңғай қауiп алатын. Тамбурда жан баласына жуымай, оңаша, саяқ тұрған бұл сол кездiң тiршiлiгiнен жалған көлгiрлiктi сезсе де, сұмдық жүрексiнетiнiн дал бола есiне алды. Үлкендi-кiшiлi жиын, түрлi-түрлi бас қосулардың бәрiнде ең әуелi: «Леонид Ильич Брежнев бастаған КПСС Орталық Комитетi Саяси Бюросының құрамы бiр ауыздан құрметтi президиумға сайлансын» деп бiреу ұсыныс енгiзсе бiттi, орындарынан дүр көтерiлген көпшiлiк ду қол шапалақтап жiбергенде басынан бұл екiдай сезiмдi өткерушi едi. Дақ мына құрметтi шын жүрекжарды ықылас екен деп қалатын. Жөн-жоралғы аяқталып, бiр пәс тыныштық орнаған соң кезек баяндамаға тиетiн. Ұлан байтақ Отанымыздың қол жеткiзген осы күнгi жетiстiктерi партиямыздың таңдаған жолының дұрыстығын көрсетедi. Оның мысалы тағы алыстан қарастырылмай

Қазақстаннан-ақ табылып, сөз одан ауданға бiр-ақ ауысады. Көрсеткiштердiң қомақты саны атала бастаған кезде мұның бәрi құдды құлағынан қағыс қалып келгендей бiртүрлi емексiп, көңiлiн кiр шалмаған кезiндегi сияқты үмiтiн жалғап алдана түседi. Бүкiл экономиканың тұтқасын ұстағандар ақымақ емес шығар, барлық жағдайдың күрмеу түйiнiн шатастырмай айырып отырғанға ұйғарып: «бiзде жақсылық көп қой» дейтiн сол сәтте серпiлiп. Жамандықты iшкiш Мәдуар ғұрлы сезе алмағаны қалай? Өмiрдiң әртүрлi сәттерi миын шабақтап өткен сайын қолы қызметке iлiккен жiгiттер құдайын ұмытып, шалқая қалатындары несi екен? Талайына бұйырғалы тұрған тап осы сынды сол кездiң өзiнде-ақ шешесiнiң болжағанына кенет таң қала тосылды.

Ш ешесiнiң жетiлiгi өтiсiмен-ақ ел жаппай шақыра бастады. Қаладағы жекжат-жұрат, ауылдағы ағайын-туманың селт етерi, Жалмұқан тәрiздi жер-жердегi жолдас-жора, өз ауданының бас көтерерi түгел кезекке тұрып бергенде – қонаққа барудан да кiсiнiң бетi оңбай қайтып қалады екен. Қазақтың ырым-сырымы да көп. Бұған бас ие деп жағалы киiм, одан кем соқпайтын Сараға да қымбат зат, балаларына әзiрлеген сый-жоралғыға қоса қалталарына ақша салып жiберетiндi шығарды. Мұның көңiлiн табудың жолына жұрттың жаппай шабылып, үйiптөгiп жатқанын кiшкене елеп, зер салып қоюға құлқы бармады. Шешесiнiң үлкен көк сандығы еншiсiне тиген Сара абажадай қақпағын қонаққа барған күннiң ертесi ашып, Өмiрсерiктiң мықшыңдап көтерiп әкелiп түпкi үйдiң бұрышына қойған заттарын жазып, әдейi көрсiн дегендей мұны дауыстап шақырды. – Мәке, мынаны қара, саған түктi фин пальтосын кигiзiптi. Қалай қонады екен, өлшеп көршi. Сараның үнi сондай мамыражай. Шешесi өлмей тұр екен ғой, өлiп едi өзiнен бастап қатын-баласына дейiн қарық боп қалды. Бәрiнен бұрын әйелiнiң ажары тәуiр. Көңiлiне осы түйткiл келген замат қамсыз-мұңсыз Сараны жаңа танығандай әлпетiне абыржи қарады. Жоспар дейтiн пәленiң орындалмай керi кетiп тұрғаны анау, апшысын қуырып, дығырлаған облыс басшыларының сұрқы тiптi суық. Шешесiне күнi кеше көңiл айтып келiп, жүрекжарды

жанашырлығын бiлдiрген Силаев екеш Силаевтың дауыс ауанында ызғарлы леп бар. Қанша дегенмен көз көрген ғой деп мән-жайды жайлап түсiндiрмекке тырысқанда, маймөңкелеген сөздi төтесiнен бiр-ақ тыйып тастады. – Миятбек Ақпейiлович, оның барлығын маған несiне айтып отырсыз, бiзге ең бiрiншi жоспар керек, ал қалғандары өзiнен-өзi келедi. Осы сыралғы жанның шiмiрiгiп қоймайтын мүлде жат сөзiнiң кесiмдi сарынына ерiксiз тосылды. Дастарқан басындағы жалпаң-жұлпаңы мол, iлтипатқа толы әңгiменiң ақыры осылай түкке татымай қалатынына көзi жеткен сайын көңiлi жаситын әдеттi қоя алмай-ақ келедi. Қаптаған шақырыстардың кез-келгенiнен бастапқы қолпаштың өзiнен жалған қитұрқылықты аңдаған тұста нөкерлерiне көзiн аларта тастап, шырайын суыта сұстандырып алады. Бiр мезет орнаған қолайсыз үнсiздiктiң барысында өзiнен кейiнгi хатшылар бiрiншiнiң қас-қабағына жаутаңдап, әркiмге бiр сараң тiл қатып қана тынады. Оңазалау Гуржийдiң аузы тынымсыз қимылдап, әлсiн-әлi толтырылып қоятын фужердегi сусынына жиi-жиi қол жүгiртедi. Екiншi хатшының тамақсаулығын қызықтап ұрлана қараған Поцелуев болымсыз езу тартып қояды. Сараны үйiрсектеген оның әйелi ара-арасында әлденелердi құлағына сыбырлап, етжеңдi денесiмен тығыла сүйкiмдi күледi. Гуржийдiң қасыкөзi қап-қара әйелi өзiмен-өзi болып, тымпиып, томағатұйық отыр. Сүйекке сiңдi дағдысынан бiр жаңылмайтын баяғы Садықбеков. Бидай өңдi қағылездеу әйелi күйеуiнiң ыңғайына әбден көндiккен бе, еш әңгiмеге ашылыпжарылып кiрiспейдi. Осы жұрт Жолбосын соқырдың ұлы Арқабектi де тастамайтын болған. Аяқ жақтағы орындықтардың бiрiне жайғасқан әйелi екеуiнiң назары ылғи өзiнде. «Осылардың әйелге келгенде ауыздарының салуы бар ма, қалай?» деп ойлайды сондайда. Қараторының әдемiсi келген келiншектiң жаудырата мөлдiреткен бота көздерiн тайқытып әкеткенiне дейiн ұяң, бейкүнә. Iшке үштөрт рюмка барғаннан соң жадырап, жан-жағындағыларға жылыұшырап әзiл тастайтын әдетiне баққанда-ақ – нысанасына көбiне iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы Бейсенбаев iлiгедi. Доңайбат шеккенге ұқсайтын дүңкиiңкi тұрпаты түйсiксiз можантопайланып, әмiр күткендей қоқаңдап байыз таппайды. – Қалай, комиссар Мэгре? – дейдi бұл суық жымиып.

Екi қолын алдына сыйғыза алмай құты қашқан оның қарақошқыл өңi қанкүреңденiп, қысылып-қымтырыла жалтақ-жалтақ қарайды. – Қылмыс дүниесiнде нендей жаңалықтар болып жатыр? – дейдi тағы да жорта шүйлiгiп. Қонақта отырғанын ұмытып кеткен ана жазған қашаннан қалыптасқан милициялық дағды бойынша тiктеле жөнделiп алады. Келiншегi күйеуiнiң мұнша қор жаратылғанына күйiнгендей жүзiн төмен сала қойғанда маңдайына дейiн алаулап, қып-қызыл болып көрiнедi. Өзiнiң өктемдiгi арқылы осы бiр әдемi әйелдiң жүрегiне шоқ тастағысы келетiн жеңсiк ниетiн тежеуге бiр сұмдық еркi жетпейдi. Бет терiнiң мұндай аппақ болатынын туасы бiрiншi рет көруi. Көзiн кең аша абдырап қараған мезет шарасының қоңыр қарашықтарынан ойнақшып өткен қызылжалқын сәуле ыршыған шоқтай көкейiн түйрей қарып түстi. Ұзын кiрпiктерiн қағып-қағып қалып, назарын бұйығы бұрып әкеткенде – Нұржанов бiр түсiнiксiз халдiң дауасыздығын тым алыстан сезiндi. Дүниедегi бақдәреже, атақ-мансап атаулымен санаспайтын әйелдiң керемет тартымдылығы әлгiндей дауасыздықты асқындырып, жанын сыздата ауыртып жiбердi. Отырыстың ортасына қарай жұрт шешiлiп, еркiн көсiле бастайды. Кiм болса да Нұржановпен тiлдесiп, назарына iлiгiп қалғысы келетiн ниеттерiн байқатады. Облыстағы тiкелей бастықтарының бұл жөнiнде айтқан жылы лебiздерiн жеткiзген уақыттағы екпiндерi қазақ үйдiң түндiгiн желпiлдетiп жiберетiндей. Сөз ауандарына қарасаң – аудан әлi өркендеп, көркейетiн көрiнедi. Бұл өйткенi өте мықты хатшы. Олардың бұл тәрiздi сөздерiнен келiп-кетер түк те жоқ. Мұның көңiлiнен шығу үшiн байғұстар сол бастықтарының атын сатуға дейiн барады. Сөйтсе де жанына жағатын әңгiменi естiгiсi кеп ындыны құрып тұратынын қайтерсiң. Қысыңқы қоңыр көзiн қунақ жылтыратқан Қауызов осы кезде сөзге араласпақшы ыңғайын танытады. Ыржиып күлгенде қушиған сопақша жағы қатпарлана жиырылып, тiк құлаған қыр мұрнының екi ұшы делдиiп кететiнiне дейiн қызықтай тосылды. – Мәке, ақшаның құдайы Көкенов бүгiн ұтылудың кезегi менiкi дейдi. Сiздiң оған қалай қарайтыныңызды бiлгiсi келiп тықыршып отыр. – Көкенов жолдастың онысы адамгершiлiк, – дедi бұл жұлып алғандай.

Төңiректi күлкi көмiп кеттi. Дөңгелек жүзi алабұрта қызарақтаған Көкенов: – Бiздiң ауылдың бiр қойшысынан биыл қаншадан қозы аласың деп сұраса, бiр кәндәлаки жиырма бесдеп жауап берiптi. Так что, бiз ешқашан да саспаймыз, – дедi. – Итiң преферансты мықты ойнайтын болып тұр ғой, – дедi Нұржанов күлкiсiн доғара алмаған күйi. Осы бiр ойынның аты бiрiншiнiң аузынан шықса-ақ еркек бiткен елiгiп, отыра алмай қопаңдай бастайды. Бiрақ бұл көпекөрнеу асықпай қалады. Қарсысындағы Поцелуев та, өзiнен төменiрек жайғасқан Гуржий де артықтау сiлтеңкiреп жiбергенге ұқсайды, екеуара дабырласып сөйлесе бастапты. Әйелдерiнiң жеңдерiнен тартқылағандарын да ерен санамай, көрмегендерiне көп болып, сағыныштары басылмаған жандарша шырақтары шоқтай жайнап, өңмеңдеп, өңештерiн соза әңгiме соғады. Осы екеуiнiң қалыптарынан жанына мият тұтатын ештеңе таппай аяқ астынан көңiлi қоңылтақсыған бұл Садықбеков жаққа көзiн тiктi. Өзi осы жерде отырғанымен ойы басқа тарапты кезiп кеткен-ау, сiрә, көздерi кең ашылып, бiр нүктеге тас боп қадала қапты. «Елден ерек бұл соншалықты ненi ойлайды?» дедi iшiнен. Бiрiншi хатшы болып келгелi берi Садықбековты түсiнсе бұйырмасын. Қашан көрсең бүйректен сирақ шығарып жүргенi. Өзi және барып тұрған қарақазан. Әлi күнге дейiн үйiнен дәм татырған жоқ сабазың. Соған дәтi қалай шыдайды екен? Атасы басқа Гуржий мен Поцелуев құрлы болмағанына намыстанып қоймайтын не деген көрләт. Мына екеуi бекер обалы кәне, жұрттан қалыспай үйлерiне шақырды. Әуелi орыстың пельменiн әкелдi. Содан қазақшалап бас қойды. Арақ-шарап дегендi су ғып ағызды. Әсiресе, Поцелуев әйелi қонақта қандай ашық болса, үйде де сондай ақжарқын екен. Өзi тұздаған помидор, қияр, капустасына дейiн мақтап, жемiс-жидектен қайнатқандарының түр-түрiнен ауыз тигiзiп, сол арқылы қонақтардың көңiлiн аулауға тырысады. Поцелуев Гуржийге қарағанда әлдеқайда сергек, керектi жерiнде шешiлiп те сөйлейтiн. Қызығы – үйiнде өзiн бiртүрлi тұйықтау ұстап, көп ашылып-жарылмай тығылып отырды. «Игорь Никитич, Игорь Никитич» деп бұл әлденеше жолы сөзге тартып көрдi. Шүңiректеу көзiн бұған сүзiлте қадап, ұзынтұра бiтiмiн қолапайсыз иiп, ұяң күлiп сараң тiл қатады да томырылып отырады да қояды. Мол денесiмен қалқып баса

бiресе бұған, бiресе Сараға үйiрiлiп төнген әйелi бейшара: «Сара Әбдiковна, Миятбек Ақпейiлович, алыңыздар, iшiпжеңiздер» дейдi шала-пұла бiлетiн қазақшасына салып. Екеуi соған-ақ мәз. Айыбы тым толысып кеткенi, әйтпесе бет-әлпетi әлi сүйкiмдi әйел бұларды қылығымен баурап, Поцелуевтың томсарыңқы ұсқынын тiптi елетпей жiбередi. Басында «Анна Григорьевна» деп әспеттеп отырып, Аняға қалай көшкенiн өзi де сезбедi. Үй iшi дүние жиһазға тұнып тұр. Шашауы шықпастан бәрi және орын-орнына талғаммен орналастырылған. Қарсы қабырғада Перовтың «Аңшылар демалысы» деген картинасы iлiнiптi. Қас қарайып қалған апақ-сапақ мезгiл. Жапан далада олжалы отырған үш аңшы. Атып алған құстары сылқиып-сылқиып қастарында жатыр. Сүйек-саяқты кемiрген ит анау. Әлдененi қызу әңгiмелеп отырған бiреуiнiң кескiнi тым айбарлы. – Миятбек Ақпейiлович, бағанадан берi суретке көп қарадыңыз. Ал бұлардың не жөнiнде әңгiмелесiп отырғандарын бiлесiз бе? Одан өзiнiң мүлде бейхабарлығынан қысылған бұл не деп жауап қатарын бiлмей сасқалақтап қалғанда – Поцелуевтың әйелi болымсыз жымиып, екеуiне қызу әңгiме соққанға қолын нұсқады. – Бiр күнi аңнан келсем, әйелiм басқа бiреумен жатыр екен дегенiне ұйып тыңдап отырғаны сенер-сенбесiн бiлмеген сыңайда аңқайып қалса, басын қасып қипақтағаны: «Әй, сен қу алдап отырсың» дейдi. Суретке қадала қарап барып, айтылған жайды көз алдына елестетiп көрiп, тура солай сезiнген замат iшек-сiлесi қата күлiп жiбердi. Ал Сара ептеп жымиып қана тынды. Мiне, сөйткен әйел мұның алдында бұрындары еркiн сезiнбегендей көзiнiң қиығын әлсiн әлi жатырқай жабырқап тастайды. Коньяктың уыты бойына дарып, дарылдап сөйлей бастаған күйеуiнен бiр жағы сескенетiндей үрпиiп қарап қояды. Осы бiр қолайсыз сәттен Анна Григорьеваны алып шығу өз қолында тұрғанына сенiмi кәмiл Нұржанов: – Игорь Никитич, өзiңiзге қарасты банкiнiң бастығы бiрнеше жүз доллардың чегiн жыртып беру үшiн кiшкене еңбек сiңiруiңiздi сұрайды, – дедi. Қызғанда алаңғасарлау кейiпке енетiнiн бұрын да талай мәрте байқаған. Қазiр де екiойлы сыңайда бұған бажырая қарап:

– На то и это банк, – дедi Поцелуев сұқ саусағын жоғары шошайтып. Сол-ақ екен бұл қабағын қарс түйiп ап орнынан маңғаз көтерiлдi. Тым еркiн көсiлiп кеткен Поцелуев бiрiншiнiң шалт қимылын байқамай Гуржийге емiнiп келiп: – Николай Павлович, давай по стопку по русский, – деп даңғазалана айғайлап жiбердi. Ауаткомның төрағасын Нұржанов ала көзiмен бiр атты. Әйелi жазғанның берекесi қашып, сасып-салбырап не iстерiн бiлмей тұр. Үй иесiнiң де, Қауызовтардың да шыр-пыры шығып, жiк-жапар болғандарына қарамай Сараны алып үйiне қайтты. «Осы жұрттың шақырғандарына бара-бара, жаңағы ноқайларды басыма шығарып алғаннан саумын ба?» деген күдiк иектедi жол-жөнекей. Үйiне келiп жатқан соң да ұйықтай алмай көп дөңбекшiдi. Таңертеңгiсiн оянса әйелi әлдеқашан тұрып кеткенге ұқсайды. Ұйықтаған уақыт аралығында өмiрде бiр жаңалық болғандай елең қақты. Кешегi отырыс кенет ойына сап ете түскенде көңiлi су сепкендей басылды. Бақ-дәреже, лауазымның еш септiгi жоқтығына налыған сүлесоқ күйi киiнiп, сыртқа беттедi. Ас бөлмесiнде жүрген Сара таңырқағандай бұған бағжия бiр қарап, қайтадан өз шаруасына кiрiсе бердi. Гүлдi жұмсақ қызғылт түктi матадан тiгiлген халатын төгiлте киген әйелi көз алдында өзгеше құбылып, баяғыда өлiп қалған қайдағы бiр ынтызар сезiмiн қытықтап оятатын сықылды. Дәл осы сәтте Бейсенбаев әйелiнiң аппақ жүзi алабұртып, желбезегiнiң қусырыла дiрiлдегенiне дейiн көз алдына келген замат –жалынды оттың қозының лебi желпiп өткендей кеудесi тұтас ысына жөнелдi. Бейсенбаевтың қоңыр көзiн алайта назалы тастаған қап-қара жабайылау ұсқынынан ақыл-есi кем дойыр нойыстықты осы қазiр аңдағандай бойын бiр түсiнiксiз беймазалық биледi. Бiр мысқал артық салмағы жоқ қағылез жаратылысты дүниедегi жалғыз сыңарындай сезiндi. Жаңажаңа бүршiк атып, айнала төңiректегi күтiмдi тазалықта ажарлы әйелдi ойлау сыйымды тәрiздi көңiлiн бiр тәттi үмiт нәзiк тербеп өттi. Түнеукүнi осы арада қыбырлап жүрген жұмысшыларды көрген. Олардың не iстемектiгiн тiптi ойлап қоймапты. Сөйтсе түбiн қопсытып, ақтап, қоқырсоқырды шығарып, бәрiн ретке келтiрiп тастаған екен. Қыңыр-қисық бұтақтардан арылған жемiс ағаштарының тұп-тұнық қызылқоңыр дүмдерi, дүр көтерiлген көк,

салқын ауа – әлдене деп үн қатсаң-ақ шыт-шыт айрылатын әйнектей нәуетек. Тыныс алған сайын тұла бойы сергiп, көкiрек сарайы ашылып, көңiлi көтерiле бастады. Ат шаптырым аула iшiнде ары-берi көп жүрдi. Бұрынғы бiрiншiнiң осы үйдi қатырып тұрып салдырғанын ойлап па едi, жоқ, ойламап па едi. Көздi қарықтыратындай жалтжұлт еткен ақ қаңылтыр шатыр сәндi жабылған. Ортада жазды күнi шай iшетiн саяжай күмбездей дөңгеленедi. Өрнектi тақтайларды қиюластырып, төңiрегiн жұмырлап көмкерiп тастаған. Шатырға жетеқабыл орнатқан бiрыңғай темiр бағандарға өрмек қып тартқан жiңiшке сымдар – жүзiмдiк. Есiктiң алдынан шығар ауызға шейiн жамыраған шыршалардың қалқайыңқы тұрпаттары осындағы тiршiлiктi қалт жiбермей бағуға әдейi қойған күзетшiлерден аумайды. Бұ жарықтықтарыңның қаракөк түстерi шырайына кiрiп, бұтақ қанаттарын еркiн жайып, сәл болса шыр айналып кететiндей өздерi бiртүрлi елтең-селтең. Зәулiм қоңыр қақпаның бiр кiсiлiк аузынан маңдайшаға дейiн төселiнген тротуар, оның екi жақ қапталы сәндi шарбақпен түп-түзу тартыла қоршалған. Осының бәрiн бұрынғы адамның ерiнбейжалықпай iстеткенi көңiлiн алаңдата беймаза күйге тап қылды. Алағзыған күйде үйге кiрiп, не iстемекшi болғанын ұмытып қалған жанша босағада бiрер сәт сiлейiп барып, жуынатын бөлмеге кiре берейiн дегенде әлдекiм сыртқы есiктi қақты. Түктi де естiмегендей кранды ашып, жайлап жуынуға кiрiстi. Үйге бұлайша ертелетiп ешкiм келмейтiн, жүйрiк түйсiк арқылы сөйтсе де мұны Поцелуевқа жорыды. Асхана жақтан басын қылтитып шығарған Сара: – Есiк ашық, кiре берiңiз, – деп дауыстады. Iшке енгеннiң амандасқанынан-ақ Поцелуевтың даусын таныды. Түндегi өркөкiрек өктемдiгiнен жұрнақ та қалмаған үнi ұяң, момақан. – Мәкең таң атпастан жұмысқа кетiп қалған ба? – Таңырқаулы шыққан жiңiшкелеу үнiне жүрексiнген тосаң сарын араласты. Мұның қарасын көргенде барып секем ала селт етiп, сiлейiп тұрды да қалды. – Игорь Никитич, жоғары шығыңыз, мен жуынып болайын дедiм. – Кексiз, жайдары тiл қатқанын малданғандай бастапқыдан гөрi ол өзiн мығымдау ұстап, төрге қарай озды. Тап мұнысы көңiлiне сыймай кеткен Нұржанов безерiп үндемей қойғанда болатын ба едi деп те ойлады. «Онда тұрған бәлкiм ештеңе жоқ шығар? Кiсi күткенде жалпаң-

жұлпаңы көп қазақтың болымсыз нәрсенi көңiлiне кiдi алып қалатын әдетi емес пе?» деп өзiн-өзi iштей жұбата бастады. Жуынып-шайынып келгенде орнынан атып тұрған Поцелуев жаудырап қараған замат шүңiректеу көкшiл көзi моншақтап төгiле жаздаған жас тәрiздi монтаны мөлтiлдеп мүләйiм мөлдiрейдi. Бөгiп iшкен түндегi коньяктың уы әлi толық тарқамағанға ұқсайды. Ащы күннiң өтiнде өне бойы жүргендей екi бетiнiң ұшы сүрең тартып, қызылшақалана талаурап тұр. Ақыл-есi сергiп үлгермеген қаңғалақтаған қалпы мағынасыз, жеңiлтек. – Маке, вы меня извините, вчера ничего не помню, – дегенде пұшайманданған сопақ әлпетi осы бiр сөздiң тығыны ағытылған соң-ақ бәрiнiң орнына келетiнiне бек сенiмдi тәрiздi мұны бас салып құшақтай алды. Қамсыздау тұрған Нұржанов бетiн алып қашып үлгергенше қолқасынан аңқыған сүйкiмсiз лебiмен бүркiп өтiп, өңмеңдеген бойы кеп шөпiлдетiп сүйдi. – Ладно, ладно, – дедi бұл қабағын кiржитiп. Бейшаралау адаммен тiлдескенiне көңiлi ортайған Нұржановқа кенет жалғыз таяныш тiрегi әйелi сияқтанды. Таңнан тұрып, боянып-таранып үлгiрген Сара шiркiн мұндайда түлеп-түрленiп, күйеуiнiң тоңмойындығын елетпей жiберетiндей үлбiреп шыға келедi. – Игорь Никитич, вы садитесь, – дедi. – Сара Әбдiковна, спасибо, – деп орындыққа екiойлы кейiпте жайғасқан Поцелуевтың өңiндегi манағы масаңдық лезде сейiлiп, жүзiн төмен тұқырта тұқшиып отырып қалды. – Вчера уже я понял, что наш панибратство далеко зашло. По моему все надо прекратить, а то мы не коммунисты, какие то шарлатанами стали. – Мәке, Игорь Никитич кабинетiнде отырған жоқ, үйiңе келдi, – деп даусын сыңғырлата сиқырлы шығарған Сараға оқты көзiн бiр атып: – Это не женские дела, – дедi де тұрып жүре бердi. Осы бiр әрекетке еркiнен тыс барғанына iшiнен таңырқап қойды. Дастарқан басында состиысып қалған әйелi мен Поцелуевты арасында өстiп тобасына келтiрген дұрыс деп есептедi. Сыртқа апыл-ғұпыл киiнiп шықса – есiктiң көзiнде өзiн атқару комитетiнiң төрағасы сазара күтiп тұр екен. Аудандық партия комитетiнiң үйiне қарай бiр-бiрiне ләм деп тiл қатпаған күйi беттедi.

Ж олаушылар пойызының тамбурында тапжылмаған Нұржанов туып-өскен жердiң киесiнiң алдында жазған-жаңылған жабырқаулы беймаза сезiмнен арыла алмады. Араны толмас үңiрейген олқы оңазалықты жадынан шығарып жiберiп, жадау табиғаттың бiрыңғай көрiнiсiнен тосын нәрсе байқағандай сыртқа телмiрiп, төне түстi. Жалт берiп үйiрiле төңкерiлетiн ойдым-ойдым ақсор қу тақырлар ащы күннiң өтiне қақталып, жел тиiп, шаң қапқан сұрғылт жусан, түп тамырымен жұлынып кете жаздап селтеңдеген ебелек, анда-мұнда жанұшырып жорғалап бара жатқан кесiртке көзге шалынып қалса да көңiлiн еш желпiнтiп қоймайды. Мұнша қуаң тiршiлiк жалғандағы ең жақын жанашырындай күйлi-мұңлы сәт иектеген сайын елiрiп, екпiндеп алған Поцелуевтың сондағы кейпi аяқ астынан көз алдына келдi. Жүзi қып-қызыл боп күреңiтiп, бойына ие бола алмай шатқаяқтап тұрса да «давай, по стопку по русский» дегенiне кiлмiк көз Гуржийдiң iркiлместен қағып салғанына әлi күнге дейiн таң. «Кiсi күтуге келгенде қазекең неге сонша қол қусырып, құлдық ұрады екен? Өзгелер оны халықтың нашарлығы деп ұқпаса не қылсын? Әйтпесе, «сыйға сый, сыраға бал» деп қасқайып тұратын жөнi емес пе». Ауданда iстейтiн бүкiл қазақ басшылар Гуржий мен Поцелуевтың көңiлдерiне келiп қалмасын деп, қонақта отырған жерлерiнде тек орысша сөйлеуге тырысатындықтарын есiне алды. Қазақпен таныс-бiлiс қана емес, арасында өсiп, дос-жар, жекжат-жұрат, ағайын тапқан солардың өзi кейде асылыққа барғанда, басқаларға не жорық. «Орыс тiк мiнездi келедi, көзiңдi бақырайтып қойып шындықты айтады» деген санасына қаршадайынан сiңiп қалғаны сонша – олардың турашыл ақтығына ешқашан күмән келтiрiп көрмептi. Билiк дегеннiң бәрi уысынан шығып кеткен соң барып бiраз жайға көзiн жеткiзе түстi. Бiреуден бiреудiң артып тұрмағанын ойлады. Егер Силаев мықты болғанда, Әнекең сондайлық көр көкiрек емес, алды-артын байқайтын-ақ кiсi едi. Гуржий мен Поцелуев мұның дегенiнен бiр шығып көрдi ме екен. Қайта ана Садықбеков қызылкөз пәле едi. Көкейiндегiсiн iркiп қалмай бюрода ашық айта алатын. Гуржий де, Поцелуев та, Қауызов, Тұрғынбеков, Көкенов, Бейсенбаев, Жолбосын соқырдың ұлы Арқабекке дейiн кенет түп атасымен болмағандай, тек сол жалғыз Садықбековты пана тұтқан әлсiз қорғаншақ халден iшiнен қуыстана бастады. Жайдары жымиып күлген

сәтте бетiндегi пайда бола кететiн шұңқырына дейiн етене, сүйкiмдi. Қап-қара майда шашын шалқасынан қайырып, тарам-тарам шимайы мол жазық маңдайын қиналыста жиырып, ылғи ойлы қияпатта тұратын Садықбеков бақса, сырбаз екен-ау. Жолаушылар пойызының лас тамбурында тұрып, еш айла-қаракетсiз мына қоңыртөбел дүниенi шолу – үстiне қылпық қондырмайтын күтiмдi Садықбеков кейпiне сәйкеспейтiнiне бiртүрлi түсiнiксiз қорынып кеттi. Әпкесiнiң ит жылғы бауырмалдығына бола жолға шыққаны құр сандалыс екенi санасында қылаңытты. Бiр сұмдық опынулы сезiм ұлғая-ұлғая ақыры көрiктен шыққан қып-қызыл темiрдей көкiрегiн көктей өтiп, албыратып-жалбырата күйдiрiп кеткен орындары рет-тәртiптен жұрдай, күйрепкүйзелген иен түпсiз тiршiлiкке шым-шым батып бара жатқандай сезiндi өзiн. Ш ешесiнiң «жетiлiгiн» өткiзгеннен кейiн Байқадиевты құттықтау үшiн обкомға барды. Жаңа бастық отырысының нығыздығы Әнекеңдiкiне тiптi ұқсамайды екен. О кiсi төрдi ала жайғасатын, мынау қиғаштау орналасыпты. Өзiне жақындағанша бедiрейе қарап, еш қозғалмаған бiрiншiнiң шығыңқы бет сүйектерi менмұндалап көзге анадайдан ұрады. Әлдененi есiне түсiре алмағандай қараторы кескiнiне мезеттiк қиналыс iрiккенде – қысыңқы бiткен қоңырқай көзi мүлде жоқ боп кетедi екен. Брежневтiң қақ төрдегi портретi тамсаныптамсанып қойып сөйлегенде тым қою даусы ұйқысын аша алмаған адамша манаурап, марғау шығатыннан гөрi жастау кезiне келетiн сергек, айбынды. Қалың қасының екi арасын түйiстiре түсiп, төңiректi ойлы қабақпен жiтi шолады. «Әнекең үлкен кiсiнiң ұлғайған шағын қаласа, мынау жасаңдау кезiн таңдаған екен-ау» деп жаңа басшы қызметiн Бас хатшының суретiн ауыстыру шұғылдығының мәнiсiне бойлай алмай мазасызданды. . – Иә, Миятбек Ақпейiлович, төрлетiңiз. Сарайынан iркiлiссiз таза шыққан даусы кең бөлмеде саңқылдап, жаңғырыға естiлетiн тәрiздi. Әнекең кезiнде бұл кабинетке кiрер алдында көңiлi қобалжи өрекпiп, берекесi қашатын. Көңiл-күйi қалай, ашуланып отырған жоқ па деп бүге-шүгесiн қалдырмай тәптiштеп сұрап алатын. Қазiр соның бiрiн де iстемей өзiн еркiн ұстап, iшке сенiмдi кiрген

едi. «Төрлет» дегеннiң бәрiнен де «iңiзi» құлағына ерекше жағымды естiлдi. Қопаң етiп орнынан көтерiлген Байқадиев дереу қолын ұсынды да жалп етiп қайтадан отыра кеттi. Байыптап барлай қарағанына қуыстанған бұл мынаның әкiмдiк мысын бiрден сезiндi. Бастапқы еркiндiгiнен лезде айрылып қап бойын дереу жиып ала қойды. – Анаңыздың қайтыс болғанын естiп жатырмыз, қайырын өздерiңiзге берсiн, – дедi таза қазағуар ыңғайда көңiлiн бiлдiрiп. – Басқа жағдайдың бәрi дұрыс шығар деп ойлаймын? Балалар аман ба? Қысыңқы қоңыр көзi қунақ жылтыраған Байқадиевтың тұп-тұнық аласынан жарқ етiп көрiнетiн қарашықтары ызғарлы ұшқын ататынын сезiндi. «Облыстық партия комитетi бiрiншi хатшысының креслосына отырған соң-ақ жiгiттiк айбары жетiмсiздеу сұры келiсiп жүре бередi екен ғой» дегендi тағы да ойлап үлгiрдi. Ал Байқадиев сол iшiпжеп қараған қалпы: – Бiрiншi хатшының шешесi өлсе бүкiл ел болып қайғырады. Анаңнан айрылып қалғаның тек өзiңе ғана ауыр, бәрiн әйтпесе ел-жұрт көтерiп алған шығар? – дедi. Ештеңенiң мәнiсiне және де бара алмай бұл таң-тамаша боп аңқая дағдарды. Бұрыннан «тонның iшкi бауындай» болмаса да екеуiнiң бiр-бiрiне деген аман-сәлемi түзу едi. Бiрiншi хатшылыққа өскелi берi сөзiнiң қалтарысы да көп, астары сан қатпар сияқты. Облыстық атқару комитетi төрағасының орынбасары болып жүрген шағында кескiнiнен тап мына секiлдi кесек ойлылық аңғарылмайтын. Ендi осы орынға жаратыла салғандай отырысы мығым да сенiмдi. Жайдары қалпы лезде өзгерiп, қату тарта қалады. – Жақын арада ауданды жақсылап тұрып аралап, жағдайдың бәрiн өз көзiммен көрiп, танысып шығамын. – Бұған бiр мезет шүйiле төнiп, қас-қабағын сұстана керiп қойды. Бұл iле тiл қатпаған соң ауданның жай-жапсарын суыртпақтап сұрастыра бастады. Асықпай жаймен жауап беруге тырысқанымен жаңа бiрiншiнiң алдында әлде бiр жерден жаза басып қалатындай қуыстана сасқалақтады. Оның үстiне анауың олай, мынауың былай деместен: – Көп сөздi бiлмеймiн, биыл қайткен күнде жоспарды орында, жылдың аяғына қарай рапортыңды салтанатты түрде қабылдайтын болайық! – Сөзiн келтесiнен бiр-ақ қайырған Байқадиев сазара қарап, сыздана қалды. Облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысынан көңiлi күптi болып шыққан Нұржанов жолай қаладағы

үйiне соқты. Шешесi өлгелi берi бiрiншi рет келгенге ме, аңқалаңдап анасы қарсы алатындай алағызып, етжүрегi сыздап ауырып өттi. Есiктi жүгiрiп келiп ашып қалған Назерке «папатайлап» бас салып, құшақтай алғанда бiртүрлi босаң күйде тұрған бұған онысы қосымша боп көкiрегi алайдүлей қызына жөнелдi. Балаларға бас-көз боп жүрген өзiмен түйдей құрдас қайынбикесi. Жалпаң-жұлпаңы жоқ тiк мiнездi, кiрпияз. Онысын күйеуге тие алмай қалғандығынан көредi. Сараның өңi ақсары да, мұныкi қараторы. Бiрден жылыұшырамай, түйiлiп қарайтын дағдысын жасағанда көңiлi нiлдей бұзылды. Жазған анасы тiрi тұрса өз үйiн өстiп өгейсiр ме едi. Өгейсiгеннен де бөлек жүрегiн қан жылатқан тым ащы ойлар басын шыңылдатып, көз алдын тұмандандырып жiбердi. Назерке әлi бала емес пе, әкесінiң өңiндегi құбылысты еш ерен санамастан: – Папа, мен фортепьянаның үшiншi класын бiтiрейiн дедiм, при том на отлично, – дедi. Мұның реңiнен жайсыз өзгерiстi байқаған сәтте райындағы табиғи қатқылдықты лезде жұмсартып: – Мәке, ауырып қалған жоқсыз ба, түсiңiз бiр сұмдық қой, – дедi. – Мен кiшкене демiмдi алайын, – деп Нұржанов секектеген қызының тұлымынан аялай сипап қойып, өз бөлмесiне қарай озды. Серейген-серейген ағаш бұйымдардың қоңырқай түстi бедер-өрнектерiн жатырқаған ыңғайда бiр ауық суық шолды. Қисық қабақ, бiтiк көз Байқадиевтың биiк мансабы мен бақ-беделi сағын сындыратындай сұсты да жат, өзiнен тым алыс көрiндi. Дiңкесiн құртатын секем-сезiк бiткеннен жалыққаны сонша: «Бәрi құрып кетсiншi» дедi кенет. Ұлы – оқуда шығар, оны бiр уақ жақтап қоймайтыны несi? Бұл да бiр өзiнше түйткiл сынды бiрдеңе, не ол емес, не бұл емес түсiнiксiз күйге тап қыла бередi. Қазiргiсi алып бара жатқан ауру дейтiнге келмейдi. Тұла бойын дендеген құлықсыздықтан қимылсыз жатты да қойды. «Анаңнан айрылғаның тек өзiңе ғана ауыр, әйтпесе бәрiн ел-жұрт көтерiп алған шығар?» деген облыстың бiрiншi басшысының аузынан шығуға тиiстi емес. «Құдай ұрғанда осының бiр қитұрқысы болып жүрмесiн? Үстiмнен арыз түскен соң сөйдеген шығар, әуелi?» Төңiрегiндегiлердi ойша тiзiп қараса – ылғи Садықбековке тiреле бердi. «Бәленiң бәрi Тұрғынбековтен шығушы едi,

шешемдi жерлегендегi шашылған дүниенi ендi оған қосып жiбермесiн де бұлар?» Санасы сан тарапты кезiп қайтқан Нұржанов Тұрғынбековтың мәселесiн қараудың ыңғайын қалай тапсам екем деген ойынан оянған iшкi ұят сияқты әлденеден жаны жүдей бастады. Шаруашылығын аралап жүрiп бiр iлiк табуға болады ғой, әйтпесе. Түрлi ойдың әуенiне төңкерiлiп жатып арасында мызғып та кетiптi. Құр аттай жеңiлейе сергiп тұрды. Тамақ әзiрлеп қойып күтiп отырған қайынбикесi мұны көре салған бетте шұбатылған түктi орамал ұсынды. Жуынып-шайынып асықпай сүртiнiп болғанша едәуiр уақыт өттi. Обкомдағы жiгiттердiң бiрiмен хабарласып, саунаға баруды бiр ойлады. Өздерi қолқалап шақырып жатпаған соң, оларға жалпаштанатындай көрiндi. Ертаймен хабарласып байқаса ше. Орталық Комитет хатшысының көмекшiсi болғалы қазiр оның да бiртүрлi. Өзi-ақ барайын десе жалғыз адамға түк қызық емес. Қолды-аяққа тұрмай бiреу жүгiрiп, елпiлдемесе – көңiл де көншiмейдi. Қауызовты шақырып алуға бiр оқталды. «Ондай суқит осы уақытқа дейiн орнында отырады дейсiң бе, әлдеқашан бiр жаққа тайып тұрған шығар?» деп ойлады. Қайынбикесiнiң сырт қалпын бес биенiң сабасындай басалқалы әйелдердiң кейпiне ұқсатып, қайта-қайта жүзiне қарағыштады. Әзiлдемек болғанда мұның осылай қуақыланатынын бiлетiн кәрi қыз түсiн суытпастан көзiн төңкере тастап: – Ойыңдағыңды iркiп қалмай айта берсеңшi, – дедi. Жылы шырай таныта жымиып, қып-қызыл күрең шайды майыса ұсынды. – Бiрiншi хатшының бабын тауып үйренбегендiктен қысылып жатырмыз да баяғы. Байқаусызда жазып қалып жүремiз бе деп те қорқамыз. Қырық деген әйел жұрағатына осал жас болмаса да бiтiмi әлi балғын қайынбике денесiнiң тығыздығына сұқтана қарап, ақыры әзiлге сая тiл қатты. – Перизат-ау, өзiңiздей қайынбикесi бар бiрiншi хатшы осал бiрiншi хатшы емес деп жүрмiз ғой. Қараторы кескiнi шымырлай күреңiткен қайынбикесi көзiн кең аша жалт бұрылды. Лезде тоң-торыс әлпетке көше қалған Перизаттан секемденген Нұржанов аңысын байыппен аңдыды. Өкпесi жиылып кеп қара қазандай болған сыңайда кенет селқос тiл қатты. – Бiрiншi хатшының отбасымен сырттан сыйласқан дұрыс па деп қалдым бәрiнен де. Әйелiнiң көңiлi ештеңеге

толмайды, тiлiн табу да қиын. Ұлы мен қызы менмен. Бiрiншi хатшының өзi ат iзiн салмайды. Не уәж айтарын бiлмей Нұржанов томырылып отырды да қалды. Қаладағы үйдiң уәйiм боп жүргенiн қайынбикесi қайдан бiлсiн. Мына iргеде тұрған соң әйтеуiр мұра ғой деп онда да бiр үй салдырып жатыр. «Басында бiр емес, екi үйi бар» деп сыпсыңбай бiреу бiр жапырақ арызды жөнелтсе қиын тиетiнiн бiледi. Әнекеңе бiр кезде құлағдар қылғанда «қорықпа» деген. Сөйткен Әнекеңнiң қадiрiне жетпей, күпiршiлiкке барған ит пендешiлiк-ай. Бас терiсi келiспеген Байқадиевтан жақсылық күтiп жүрген бұ жұртың да қызық екен-ау. Көңiлi қоңылтақ тарта құлазып кеткен Нұржановтың асқа тәбетi шаппай қап, болдым деген ишарат жасады. Iш-же деп қолқаламаған қайынбикесi бiр нүктеге тас қадалған қалпы қимылсыз отыр. Бұл да үндемеген күйi тұрып жүре бердi. Бүгiн күн – сәрсенбi, соның сәтiне қарай Байқадиевке жолығып едi, оның өзiне деген ықыласниетi ұнамады. Қайынбикесiнiң қылуасы анау. Өмiрде еркi мен ырқынан тыс құбылыстардың болып жатқанына тереңдеп дендеуге дауаламай, береке баяны жоқ зымыраған тұрақсыздықтан жүрегi сескендi. Өмiрсерiк бiр-екi сағатқа сұранып кетiп едi, ендi сол тезiрек келсе екен деп тағаты таусыла бастады. Залда ары-берi жүрдi. Перизаттың ыдысаяқты жуып жатқандағы сылдыры осыған дейiн ап-анық естiледi. «Қатынның ашуы қазан қайнатуға жетедi» деушi ме едi бұрынғылар. Қазiргi әйелдердiң шамасы одан асып кеткен жоқ па. «Мұншалықты тұлданатындай екеуiнiң араларында не боп қалды екен?» дедi iшiнен тағы. Әйелi күн аралатып тынбай келiп тұрады. Жолбосын соқырдың ұлы – Арқабек Сараның қазiр ең сенiмдi қолқанаты. Оның жазған әйелi де мұның үйiнiң тiршiлiк қамытын мойнына бiржола киiп алған тәрiздi. Бет-ажары томпақ, бота көздерi жәудiрей мөлдiреген жас әйелдiң ұяң бiтiмiн барлаған сайын көмпiс нәзiктiгi сезiледi. Қазақ баласы ғана жақын тұтатын әйелдiң тап мұндай кiсiлiгi жүрек қылының зарыққан сезiмiн жұлқып өткендей миы мен санасында әдемi ызың жаңғырығып жатады. Жолбосын соқырдың ұлы әйелiне тiптi назар салып та қоймайды. Сара да бейшараға өзiмсiнген бұйрық райда тiл қатқан сайын ыңғайсызданып қалатын бұл: – Гүлбаһрам қалқам, – деп бәйек болып кетедi.

Оған да селт етiп қоймай тынымсыз қыбырлай беретiн жас әйелдiң қылығына ақыры етi үйренiп кеттi. Қаладағы үйiнде өзiмен-өзi боп тұрғанда айдаладағы Жолбосын соқырдың ұлы Арқабек пен әйелi Гүлбаһрамның өздерiне таза берiлгендiктерiн есiне алған сәт кем-кетiгiнiң орны бiлiнбей кететiндей бауырмал сезiм жүрегiн тербедi. Олардың таза ниеттерiнiң өтеуiн бұл да еселеп қайтарып жатқан жоқ па. «Бәрiнен де мына қайынбикесiне не жоқ, не кием, не iшем демейдi. Қауызовтың қоймасынан киiм таңдаса Сара әпкесiн бiр ескерусiз қалдырған емес. Өздерiмен бiрге қонаққа да апарады. Сонда несiне мiндетсидi? Баланың аты бала, ара-арасында алдап-сулап қойса жетпей ме?» дедi. Мана демалып жатқанда қызы мектепке кетiп қалыпты. Әйтпесе сөйлесiп көрген де терiс емес едi. Ұлын күтпекшi болғанмен онымен мандытып не әңгiмеге бармақшы. Үндемей томсырайып отырады да алады. Есiк қоңырауы шыр ете түскенде бұл дереу сағатына қарады. Өмiрсерiктiң әлгi айтқан екi сағаты ендi болыпты. Кiм екенiнде шаруасы жоқ Перизат есiктi аша салды да бұрылып жүре бердi. Өмiрсерiктiң марғаулау қарақошқыл ұсқынын көрген бетте: – Мiне, мiне, мен шығамын,- деп Нұржанов асығысүсiгiс киiндi де, «жақсы» деген лебiзiн ақырын айтып жүре бердi. «Волганың» артқы орындығына шалқалай жайғасты. Көңiл-күйiнiң ауанына қарай дүние төңкерiлiп құбыла ма, қаптаған сiрескен-сiрескен рабайсыз тас үйлер қайынбикесiнiң әлгiндегi суық ұсқынынан аумайтындай сұп-сұр. Жапырақ жара бастаған қиқы-жиқы кәрi ағаштарға дейiн үшкiрлене көкке ұмтылған бүршiктерiнiң мөлдiреген жауқазын түсi көзге жылыұшырайды. Рульде әрқашан сенiмдi отыратын Өмiрсерiктiң үстiне iлген макентошын осы жолы ғана байқағандай аңырды да қалды. Бырысып-тырысқан балони материалдың жағасының ақжолақтанған кiрi көзге бiрден шалынады екен. Бiрнеше қайтара жуылған-ау шамасы, шалғайының тұсы быж-тыж. Жаңағы ақжолақтанған жағадан шодырайып шыққан желкесi қап-қара. Бұрын бұл бейшараға былайша зер салып қарамапты. Жұрттың кидiрiп жатқан пальтолары мен костем-шалбарларының бiреуiн бере салса Сараның несi кетедi екен? Осыдан гөрi етi тiрi, жып-жинақы, ширақ шофердi алайын-ақ дейдi. Осы күнi жұрт аяқпен емес, ауызбен жүретiн болды. Үй iшiндегi әңгiмелердi сыртқа жаю қай

бiр жақсылық дейсiң. Мына сорлының бiр тәуiр жерi аузына берiк, бiр жағы әбден сырмiнез. Бiрақ адамның жаманы дәл осы шығар, әйтпесе бiрiншi хатшымен үнемi сый-сияпатты жерге барамын, кiшкене бойымды түзейiн деп ойламай ма. Әйелi де оңбайтын бiреу ғой. Сан түрлi ойдың жетегiне ерiп отырып, ауданға қалай жеткенiн де сезбептi. Қараса, Өмiрсерiк мұны тура аудандық партия комитетiнiң алдына әкелiп, ләм демеген күйi өзiне жаудырап қарап қойып отыр. Шоферiнiң дәл осындай жетесiз ұяңдығына ренжiгендей қабағын кiржите шытынып, машинадан құлықсыздау түстi. Ұйыған денесiн жазып, жан-жағын жiтi шолды. Үш қабатты еңселi үйдiң алдындағы отырғызылған шыршалар сүмбiдей тiк, тек қаудия қалқиған қалыптары аңқаулау, момақан. Сөйтсе де етене еш жақындығы жоқ, бүкiл үш қабатты үйдiң қожасы екендiгiне пысқырып қарамай – көңiлқос бейтарап күйде жайымен ырғатыла тербетiледi. Қолын алға қарай нұсқаған қақ ортадағы Ленин ескерткiшiне зер сала назар тоқтатты. Иегiн тым үшкiрлендiрiп, қабағын түйгiзе жөнсiз сұстандырып жiберiптi. Бiтiмiн дембелшелендiре құйып, киiмi де үстiне қонбай ыртиып-жыртиып тұрғандай. «Мұны Садықбеков неге байқамайды?!» дедi ашуланып кетiп. Еш нәрсеге зауқы соқпастан жоғарыға қарай ықылассыз көтерiлiп келе жатты. Жол-жөнекей жолыққан аппарат қызметкерлерiнiң жалбақтап амандасқандарына салғырт қабақпен бас изеп өте бердi. Қабылдау бөлмесiне кiрiп келгенде күтiп отырған жұрт орындарынан атыпатып тұрысты. Тiптi бiреуi қолын ала жүгiргенiне бұрылмай қабинетiне қойып кеттi. Таранып-сипанып болған жоқ. Үстiне кiрiп келген секретарша: – Миятбек Ақпейiлович, Силаев бүгiн мiндеттi түрде хабарлассын дейді, – дедi. Селт етiп ежiрейе тесiлiп, қалт тұрып қалғанын да сезбептi. Мына жазған берекет таба алмай қибыжықтап, бiрiншiнiң сұп-суық ұсқынынан шошынып, жаутаң қаға шығып жүре бердi. Бiр жайсыздықты сезiнген Нұржановтың тынышы түсiнiксiз қаша бастады. Байқадиев пен Силаев екеуi бiр жасырын шешiмге әлдеқашан-ақ келiп қойып, соны iштерiне құпия сақтап жүргендей көрiне бередi. Әйтпесе, тым маңызды шаруа боп бара жатса Гуржий немесе ана Садықбековке-ақ айта салса жетпей ме. Силаевтың тiкелей телефонын дереу теруге кiрiстi. Екi дүркiн ұзақ дыңылдан кейiн барып трубка көтерiлсе де, бiрден дыбыс қатылмады.

Сол аралықтың iшiнде дегбiрi қашқан Нұржанов «алло, аллоны» үстемелетiп жiбердi. Бiр кезде ғана «Силаев слушает» деген қатқыл дауысты естiгенде: – Николай Трофимович, – деп бұл өбектей жөнелдi. Облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы амансаулықты сұрап жатпастан бiрден iске көштi. Мұның атыжөнiн айтып, әспеттеместен: – Слышешь, дело керосином пахнет, – дедi. Көкжелкесiнен бiреу қойып қалғандай төбе құйқасына дейiн ұйый шымырлап, көзiнiң алды қарауытып барады. – Там у тебя одни беспорядки. Тургынбеков занимается припиской, ты по гостям шляешься, – деген Силаевтың сөздерi санасына емiс-емiс жеттi. «Поцелуев и Гуржий пьянствует, ты вместе с ними в одной компаний. Там еще какие то Кауызов, Кукенов и прочие твои любимцы. Вот таких анонимков мы тоже получили, и в одно временно отправлено в ЦК. Здесь так и предупреждена. Дорогой мой, так что жди комиссию, скорее всего от ЦК». Силаев одан әрi созбаламай трубканы қоя салған замат жүйкесiне тиетiн үздiк-создық дыбыстар құлағының түбiнде ызыңдап тұрып алды. Мұны жазған кiм деп санасы шарқ ұрмады да. Ең әуелi: «бiрiншi хатшы болған немдi алған екен, сол үйренген обкомымда iстей бергенiмде кiмнен сорлы, кiмнен кем болар ем» деп ойлады. Байқадиевтың қабағындағы жiбiмейтiн тоңның сырын ендi бiлдi. Бiрақ ол мұның бәрiн неге өзiме айтпайды? Жаңа бiрiншi хатшының ойында сонда не бар? Әшейiнде Миятбек Ақпейiлович деп сызылып, мән-жайды кiшiпейiл сұрастырып, елеусiздеу қып нұсқауын емеурiнмен беретiн Силаевқа не жоқ? Секретаршаны шақыратын қоңырауды кенет үстi-үстiне басып қалды. Шажылдап-бажылдаған қоңырау үнi бүкiл аудандық партия комитетiн алып кеткендей қатты естiлдi. Есiктi жүрексiне үрпиiп ашқан секретаршаға: – Гуржий маған тез келсiн, – дедi. Маң-маң басқан әр қадамы сайын бос еттерi бүлк-бүлк еткен екiншi хатшы көкшiл көзiнiң астымен бiр қарап, екi ойлы кейiппен iркiлiп барып, қолын батылсыздау ұсынды. Бұл да ықылассыз алды. Т әрпiне ұқсас жапсарлатып қойылған үстелге сұғынған орындықты шиқылдата сырғытып, оған жалп етiп қонжиып отырды да өзiмсiнген сырмiнез райда бұған бүкiл денесiмен бұрылды. Сезiмтал сергектiк дегеннен жұрдай аңқайған аңғал тұрқынан қара

жанына дауа болатын түк таппаған бұл кенет бойын кернеген ашуын жасыра алмай сыздана тiл қатты. – Тұрғынбеков мәселесiн тексерiп, анықтама дайындаған кiм едi?! Селк етiп бағжаңдаған Гуржийдiң қалың бетi бүлк ете түскенiн тағы да аңғарды. Мұның соны ұмыта қалғанына бiртүрлi сенiңкiремеген таң-тамаша сыңайда: – Филимонов, – дедi. Елулердегi шашы аппақ қудай, iстiк мұрын, жүзi жұп-жұқа қағылез адам бұрындары атқару комитетiнде iстейтiн. Гуржий қоймай жүрiп ұйымдастыру бөлiмiнiң нұсқаушылығына алдырған едi. «Сол ендi iстiң қай бiр шекесiн қыздырып, шылқыта қояды дейсiң». Сөйтсе де: – Ол не дайындап едi? – деп қатқыл сұрады. – Арыздағы айтылған жағдайдың көбi дерлiк анықталған болатын. – Тұтығыңқырап абыржи тiл қатқан Гуржийдiң алқымынан бастап бетiне дейiн қып-қызыл болып кеттi. Тұтанып кете жаздап барып өзiн-өзi әрең тежеген бұл бүгiжiңкiреп, берекесi қашып отырған ананы одан сайын тұқырта түстi. – Мен шешемнiң жағдайымен алысып кеткенiмдi өзiңiз бiлесiз. Аудан үлкен, қайсыбiр жағдай менiң есiмде тұруы керек. Осылай-осылай деп алдын-ала ескертiп қойсаңыз қайтер едi. – Орнынан атып тұрып, қолын арыберi сермелеп сөйлей жөнелдi. – Мiндеттi түрде маған бәрiн обкомның екiншi хатшысы хабарлауы керек пе?! Менiң адамгершiлiгiмдi түсiнбейдi екенсiз, онда басқаша сөйлеселiк. Поцелуев екеулерiңiздiң арақ iшетiндерiңiздi, араларыңа анда-санда менiң қосылып кететiнiмдi бәрiн осы қазiр ғана Силаев жеткiздi. Басын төмен сылқ түсiрген күйi үн-түнсiз отырған Гуржийдiң нарттай қызарған қоңды жүзi алаулап барады. – Николай Павлович, сiздiң бойыңыздағы бiр қасиетке мен қатты таң қаламын. Сiз өмiр бойына екiншi хатшы болып өтуге қазiрден-ақ келiскен сияқтысыз. Жаңағы сөзiнiң әжептәуiр дарығанын көзiнiң астымен бұған бiр қарағанда ұсқыны салбырап, шымырлай түскенiнен жазбай байқады. Соны одан әрi үстемелете түсу үшiн бастапқы ашуына қайта мiнiп, сөзiн екпiндете жалғай жөнелдi. – Менiң шешем өлiп жатты. Ал ауданның бүкiл шаруасы сiздiң мойныңызда қалды. Тiптi шоферiм арқылы

бюроны менсiз өткiзе берсiн деп сәлем айтып та жiбердiм. Сонда Тұрғынбековтың мәселесiн қараудың ретiн келтiрiп, бiрдеңе жасауға болатын едi ғой. Ең құрығанда арыздың алдын алатын шара ұйымдастыру керек емес пе едi. Гуржий басын жұлып алып назарын бұған томсарыңқы тастады. – Не айтқыңыз келдi, айтыңыз. Жоқ, мен сiзге жала жауып отырмын ба?! Екiншi хатшы назарын қайтадан төменшiктете қойды. – Жолдас Гуржий, сiз айтыңыз, ертең бәрiбiр Орталық Комитеттен келетiн комиссияға жалғыз мен ғана емес, бәрiмiз бiрдей жауап беремiз. Бәлкiм сiз ойлайтын шығарсыз, менiң шешем өлгенде Тұрғынбеков басықасында болды деп. Өлген кiсiге көңiл айтып тұрған адамды мен қалай қуып шықпақпын. Ол тiптi адамгершiлiкке де жатпайды ғой. Оның үстiне мәселесiн бюрода қарап үлгерген жоқпыз. Тұқырулы қалпынан танбаған Гуржий тағы да ләм деп лебiз жармады. Нұржанов кенет алдындағы ашуының құлшынысты қызуынан айрылып, бiр сұмдық шарасы таусылған бейiлсiз күйге ұрынды. – Поцелуевпен ақылдасып көрiңiз. Ертеңгi бюро мәжiлiсiнде Тұрғынбековтың мәселесi қайткен күнде қаралатын болсын. Қазiр бәрiне хабарлансын. Бюроның алдында не ойластырғандарыңды маған баяндарсыңдар. Ал ендi кiрiсе берiңiздер, – дедi бiртүрлi сенiмсiздiк бiлдiргендей күмiлжiңкiреп барып. Әлдене айтпаққа оқталып, iркiле берген оған ықылас танытпай қолын сiлтедi. Сағатына қараса – әлi төрт. Бүгiн уақыт деген бiр орнынан тапжылмай тұрып қалғаннан сау ма, өзi? «Шешемнiң өлгенiне Тұрғынбековтың ақша бергенiн Қауызовтан басқа кiм бiледi?» дедi кенет өзiне-өзi. Қауызовты жiңiшкелеп көруге бiр оқталды. «Бiрiншi менен бүгiн бiр сұмдықты сұрады, тыныштық па, өзi?» деп бiреу-мiреуге айтып жүрсе, бүкiл елге жайылып кетер. Ешкi сойған жердi онсыз да түйе сойған қылатын бұ жұрт ұшындырып, ушықтырып әкетуге желеу таппай жүрген жоқ па. Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Келгенбаевты iздетiп едi, шаруашылықтарды аралап кете қалыпты. «Қайдан тапсаңдар, одан табыңдар, тура маған жетсiн» дедi. «Силаевтың айтқан припискасы не бәле? Жыл сайын қабылданып жатқан нақты жоспар да, көтерiңкi социалистiк мiндеттемелер де айналып келгенде

бәрi өтiрiк емес пе. Қағаз жүзiнде орындалып жатқан жоспарды жоғарыдағылар шынымен бiлмейтiн шығар?» Бүкiл аудан бойынша әр жүз саулықтан алынған жетпiс қозының сексен болып шыға келуi тiптен оңай. Оны Нұржанов облыстық партия комитетi ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып жүргенде-ақ бiлетiн. Қайткен күнде жоспарды орында деп үстелдi тоқпақтайтын Әнекеңнiң ондайды сезбедi дегенге тiптi нанса не қылсын. Кезiнде шаруашылық мәселесiмен Байқадиев та көп айналысқан жоқ па едi? «Приписка» деп дiкектеген Силаевтың өзi бүкiл облыстың экономикасын ұстап отыр. Сонда қайтып судан таза, сүттен ақ боп шыға келмек? Нақты жағдайды ескермей бұлар сөйте тұра жоспар, жоспар деп тақ-тақ ететiндерiне не жорық. Ал осының бәрiн жасырмай турасынан айтып көрсiншi, қара есекке терiс мiнгiзуден тайынбас. Осыдан кейiн ұйықтап жатқан жерiнен адам қайтып шошып оянбасын. Жалмұқан шынымен де әулие екен-ау. Шым-шытырық ойдың сүрлеу iзбiнi көмескi. Соның бiр ұштығын ұстай алмай әбiгер боп отырғанда секретарша кiрiп: – Сiзбен телефонмен Келгенбаев сөйлескiсi келедi, – дедi. Нұржанов күйiп кете жаздады. Мұның ұсқынынан үрпие шошынған әйел баласы не iстерiн бiлмей дағдара селтиiп қалды. Бұл трубканы жұлып ала салып, әй-шайға қарамай: – Әй, Келгенбаев, мен сенi милиция жiберiп алды райын ба, сенiң телефонмен сөйлескенiңнiң түкке де керегi жоқ маған. Қазiр жет деп айтып едiм ғой! – дедi де қайта дан сарт еткiзiп қоя салды. Артықтау кеткенiн сезiнгенi мен, еш опынбастан селектердi басқанда ар жақтан асы ғыпаптығып Гуржий тiл қатты. – Таң ертеңгiсiн менiң қабылдауыма Келгенбаев, Қауызов келсiн, сонан кейiн Поцелуев екеуiңiз кiресiздер, – дедi. Мұндай шешiмге еркiнен тыс барғанына өзi де қай ран. «Осындайда Жалмұқанмен сөйлессе ғой, шiркiн» деп ойлады. Асықпай киiнiп, сыртқа шықты. Өмiрсерiкке бара бер деген ишара бiлдiрiп, үйiне қарай жайымен жүре бер ген бұл «Байқадиевтың бүгiнгiсi не?» дедi. «Тек анаңнан айрылып қалғаның өзiңе ғана ауыр, бәрiн әйтпесе ел-жұрт көтерiп алған шығар?» деген сөзiнiң сыры көп ұзамай Силаев арқылы ашылды. Дiкеңдеген Силаевтың да арты белгiлi. Оған қайткен күнде Байқадиевке жағынып қалуы

керек. Жаңа басшының алдында бедел алу үшiн бiреу құрбандыққа шалынады. «Сондағы iздеп тапқандары мен бе?» дедi кенет тiстенiп. «Дело с керосином пахнет» деп соншалықты шүйiлiп, жалғанға жария қылатындай ештеңе де жоқ қараса. Тұрғынбеков сықылдылар шындап iздесе әр ауданнан да табылады. Қайынбикесiнiкi не сонда? «Сара екеуiнiң арасы бiрдеңе боп жүр ме, сұрап қойған жөн болар ма едi» деп ойлауын ойлағанмен, соған бүгiн еш құлқы шаппайтынын да бiлiп келедi. Бұл есiктi ашып кiрiп келгенде сампылдап сөйлеп жатқан әйелi қалт тынды. Содан бұған дереу жетiп кеп сырт киiмдерiн шешiсiп, киiмқыстырғышқа iлдi. Мұндайды бұрын ерен санамайды екен ғой, қала дағы үйiне барғанда қайынбикесi осындай дың ырымын жаса мағаны қазiр жанына қатты батты. Күйеуiнiң көңiлсiз еке нiн сезген Сара ашық-жарқын қалпынан тыйыла қап, мұның әрбiр қимылын абыржи бағып, қалшиып тұр. Ас бөлме сiнде жүрген Арқабектің әйелi көз қиығын үрке тастап, сызы лып ұяң амандасқанына аузын болымсыз ғана жыбырла тып өттi. Түпкi бөлмеге дейiн соңынан қалмай iлесе зыр жүгiрiп келген Сара: – Әлденеге ренжулiсiң ғой, Перизат бiрдеңе деп қой ған жоқ па? – деп сұрады. – Бiрдеңе деп қойған жоқ! – дедi бұл жұлып алғандай. Одан ары iркiлместен Сара жөнiне кеттi. «Қайынби кемнiң ендi маған бiрдеңе дегенiн терiп, тiзiп жүруiм қа лыпты» дедi iшiнен. Бейсенбаевтың сұлу әйелiне бұдан былай назын бiлдiре алмайтындай көрiнгенде көңiлi әжеп тәуiр олқы түсiп қалды.Тiке қараған сайын сол әйел неге сонша алабұртады екен? Жүрегi лүпiл қаға нәзiк соқты. Келгенбаевты маған алып жет деп бұйырса – қарабожбан күйеуi ай-шайға қаратпай алдына салып қазiр-ақ айдап әкелетiнi кәмiл. «Заты асыл сондай әдемi жазған анадай нақұ рыс қа қалай тидi екен?» Нұржанов спорттық костюм-шалба рын киiп ап ары-берi жүре бастады. «Садықбеков ешқа шан да арызды өз қолымен жазбайды. Сонда оның сыбайласы кiм?» Гуржий жаман осы жайды бiр ойлап қой майдыау. Обкомдағылар да қызық, Гуржий тәрiздiлердi осы түбi қалай болар екен деп кiшкене тексерiп қойса қайтер едi, қызметтiң құшыры ұрғыр оңбағандар. Шешесi өлгенде мiндеттiң көбiн өз мойнына қайыспай алған Тұрғын беков жазғанның еңбегi еш, тұзы сор болатын болды-ау». Осы

кезде үстiне кiрген Сара манағы сынық сыпайы қалпын сақтап: – Ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының аты кiм едi, сол тығыз шаруа бойынша сөйлеспек едiм дейдi. Безерген бейiлсiз күйi телефонды осында алып кел деген белгi бердi. Сымы ұзын аппаратты ұбата-шұбата көтерiп әкелiп, мұның қолына ұстата салды. – Келгенбаев! – Қатқыл да шешiмдi дауыс әуенiн еш құбылтпады. – Ертең бюро мәжiлiсi. Сен Тұрғынбековтың шаруашылығы туралы баяндама жасайсың. Приписка бар ма, бар болса қандай? Түгiн қалдырмай айт! Бiрден iске көшiп, шаруаны үйiп-төгiп тапсырып болғанда ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының тырс етiп дыбыс қатпай қойғанына таңырқай тосылып: «Түсiн дiң бе?» деп сұрады. «Түсiнуiн түсiндiм-ау» деп күмiлжи бергенде анаған: «Басқа ештеңе бiлмеймiн, осы айтқанда рымды орында!» деп сөзiн шорт қайырды да, трубканы тастап кеп жiбердi. Келгенбаевқа берген нұсқауын бастан-аяқ тың дап тұрған Сара таңырқай абдыраған кейiппен: – Ол апам өлгенде бәрiн көтерген жоқ па?! – дедi. Қабағын қинала шытынған Нұржанов «бұл әйел кiрiсетiн шаруа емес, жайыңа жүр» деп ақыра жаздап барып өзiн әрең тежедi. Түсiн бермей түнерiп қараған күйi бiр сұмдық құпияны ашатын кiсiше даусының әрбiр иiрiмiне салмақты ырғақ түсiрiп: – Бұдан былай оның бәрiн ұмыт та, тамағыңды әзiр ле, – дедi. Секем ала сескенiп қараған әйелiнiң кескiнi қуара құбылып, дыбысын шығармастан сыртқа ақырын беттедi. Бiр жаманаттың болғанын бiле қойып, iшiнен тына қалатын Сараның сезiмтал сұңғылалығы қандай жақсы. Осы кезде Арқабектiң келгенiн әдеттегi дабырынан естiдi. Әкесi – Жолбосын соқырдың үйiнде жүргендей тым ошаңдағаны мұны қара тұтатынын көрнеу сездiргiсi келетiн ниетi жатқандай жанына жағып барады. Жалғыздан-жалғыз елегiзiп, кеудесi тымырсықтана томырылып отырғанша құрығанда осы секiлдi бiреу керек қой деп түйдi. Бiр емес екi бiрдей жылқыны шешесiнiң қонақасына әкелiп, жайратып тастаған Тұрғынбеков бейiлiнiң жорасына тап мына әрекетi сәйкеспейтiнi жанына қатты бататындай. «Өзiне тиесiлi малы болса қайдан, ал өкiметтiкiн аясын ба?» дедi өзiн-өзi уатып. Ертеңгi күнi орнынан алынып, есеп кiтапшасына

қатаң сөгiс қоса жазылса – бұған ол да дұшпан. Орны жоқ жетпiс жетi жылқының екеуi Нұржановтың шешесi өлгенде қонақасына сойылған деуден де тайынбас әуелi. Ал оңашада берген мың жарым сомын сыртқа жая қоймас. Суға кеткен тал қармайдының керiн Тұрғынбеков бiр жасайтынын жасайды. Қолқасын қапқан ащы леп көкiрегiнiң қуыс-қуысын түгел шарлап, тыныс жүретiн өңешiне дейiн кермек дәм тұтып қалды. Кiсi азда дастарқанды Сара кiшi бөлмелердiң бiрiне жая салатын. Бұл жолы залға дайындауға кiрiскен сыңайлы. Әйелдерден қалыспай қимылдап жүрген Арқабек қас-қабағы келiспей тұрған бiрiншi хатшымен бұйығы амандасты. Осының мөлдiреген қарақаттай көзiне ылғи тәнтi. Монтаны кейiппен жәудiрей қарап, үлкен үстелдiң босаға жақтағы шетiне жалп етiп отыра кеттi. Шыр бiткелi берi қараторы сопақ жүзi тойға пiскен тоқаштай томпиып тұрады. Асхана жақтан әлденеше рет қатынаған әйелiнiң тұрпаты мынаның әлпетiнен ауса не қылсын. Келiннiң мұрны тек дөңестеу бiткен секiлдi. Бұл үйге етi әбден үйренгендей мамырлап, аспай-саспай басатынды шығарыпты. Иманы жүзiне үйiрiлiп шыға келедi дегеннiң барлығы бекершiлiк пе дейдi кейде. Тұрғынбеков пен Қауызов сонау жайлауға жеке үй тiктiрiп, екi-үш күн қатарынан айран-асыр қып күткенде осы келiндi қасынан Сара бiр елi тастамаған. Сондай ықылас-пейiлдiң үстiнде де ашылып-жарылмай өзiн томаға-тұйық ұстаған. Мына Жолбосын соқырдың ұлы қайта әртүрлi әңгiмеге араласып, сөздiң аяғын тоспайтын дәрежеге жетiп едi. Екi-үш мәрте қабағымен жасқап, қаттырақ айтқан соң ғана құдайы момындығына көшкен. «Аяз әлiңдi, құмырсқа жолыңды бiл» деген. Ұяңдау жас әйелдiң бойы үйренiп, ашылып, өзiн еркiн ұстауын бiр жағы жек көрмейтiн де секiлдi. Алдарына тамақ келiп, ендi ала бергендерiнде Келгенбаевпен сөйлескен манағы жерде тұрған телефон шырылдап, безек қаға жөнелдi. Бұған жалтақ-жалтақ қарап, тұра ұмты латын ыңғай танытқан Арқабекке қоя тұр дегендей қабағын шытты, Сараға сен ал деп иек қақты. Орнынан лып көтерiлген әйелi «алло» деп даусын сиқырландыра нәзiк соз ды. Аса тығыз шаруа болмаса ауданнан ешкiм мазала мауға тиiс. «Обкомның тағы бiреуi ме?» деп ойлаған Нұржанов сырт көзге асып-саспаған байсалды қалпын сақтаған мен, әйелiнiң:

– Иә, өзiңнiң де бала-шағаң аман ба? – деп созбақтап тұрып алғанына тағатсыздана бастады. Соны сезе қойған Сара бұған абдырай қарады. – Саяткереев қой, шұғыл шаруа боп қалды, сөйлесуге бола ма дейдi. Ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Саяткереевты бұл жалпы жек көрмейдi. Алтын жалатылған көз әйнегiнiң жиегiн күнге жалт-жұлт шағылыстырып, қолын қайта-қайта жүгiртiп түзете берген сайын iлiм-бiлiм молынан қонғандай қияпаты тартымды да сыпайы. Орысша-қазақшаға бiрдей. Ойындағысын iрiкпей тiке айтып салғанда өңi күреңiте құбылып, сұрлана доңайбаттанған кезде сырт көз бiрден тiксiнiп қалады. Бiрақ сонысына қарамай, алды-артын орап, тым майда сөйлейдi. Сара ұсынған трубканы құлағына құлықсыз апарып: – Нұржанов тыңдап тұр, – дедi манаураған ұйқылы-ояу дауысқа салып. Әшейiнде жағымды естiлетiн Саяткереевтiң қоңырқай үнi аптығып шықты. Әлде бiр жағдайды жеткiзуге жүрексiнiп, күмiлжи беретiнiн сезген бұл: – Иә, айта берсеңшi, – дедi дүрсе қойып. – Тұрғынбеков бүгiн аяқ астынан ауырып, қаладағы ауруханаға түсiп қапты, деп қазiр ғана парторгi телефон соғып тұр. Оның өзi жоқта мәселесi бюроға қойылар ма екен деп сұрайды тағы. – Ауырғаны қалай?! – деп Нұржанов ессiз ашуға берiлiп айғайлап жiбердi. Оның ауырғанына кiнәлi құдды Саяткереев сынды даусын одан бетер қатайта шығарды. – Әй, Тұрғынбеков өлсе бар ма, ертең тура өлiгiн қараймыз деп айт! Гуржийге тапсырған iстiң ақыры осындайға әкелiп соғатынын ойлағанда лап етiп көтерiлген ашудың қызуы алқымына дейiн қарып өттi. Аяқ астынан алай-дүлей бұзылған ұсқынынан шошынып, селтие-селтие аңырған Сара да, Арқабек те, Гүлбаһрам да ерсiлi-қарсылы жүре бастаған бұған көз қиықтарын ұрлана тастап, iштерiнен тынып қана отыр. «Тұрғынбеков деген барып тұрған бәле екен ғой. Әй, дегенмен де бiр кеңесшi көкесi бар-ау. Онысы Гуржий болып жүрмесiн? Оған жанын бағып алса да жарар» деп ойлаған бұл ащы кекесiнмен мырс етiп күлiп жiбердi. Бiраз уақыттан кейiн барып дастарқан басына оралды да бiр-екi кесе шай iшiп, тұра бермекке оқталған. Осы кезде Арқабектiң «ағалаған» даусынан қалт тоқтады. – Ертең мен партияға өтейiн деп едiм...

«Өтсең өт, ендi маған не қыл дейсiң» дей жаздап барып оған жалт бұрылды. Мынаның шiмiрiгiп қоймайтын қыдиған отырысы, бiр шекелеген едiрейген қарасы – баяғы шешесiн қамшының астына алғандағы жалғыз көзi қызыл жиектене жасаурай оқырайған Жолбосын соқырдың өзiмен ұшырасқандай абдырай состиды. «Құдай-ау, мынау тура әкесi екен ғой» дедi сол замат iшiнен. Әлденеден сұмдық ыңғайсыздана, назары төменшiктеп пәс тарта түскен қайта әйелiнде бұлардың тұқым-тұянының маңдайына жазбаған иман бардай алабұртқан кескiнi жүрегiн бiртүрлi жiбiтiп жiбердi. Сөйтсе де қабағын түксите түсiп, Арқабекке бiр мезет одырая қарады. – Жау жағадан алғанда, бөрi етектен тартатынның керiн келтiрмей кiшкене қоя тұрмадың ба?! – дедi де бұрылып жүре бердi. Сыртқа шығып, аумақты бақтың iшiн бiраз серуендеп жүрдi. «Сара бұларды сонша неге иектете бередi?» дедi кенет. Осы жазғыру тегеурiндi емес, әлденеге босаң, шарасыз ренжудiң ретiне ұқсайды. Жолбосын соқырдың шешесiн сабағандағы сәтi жадына қайта оралғанда кектi сезiм өнбойын тербеп өткендей көкiрегi дамылсыз шуылдай бастады. Жолбосын соқырдың қолындағы қамшысын жанұшыра жетiп келiп тартып алған әпкесiнiң кейпi көңiлiнiң алыс түпкi қалтарысынан көмескi сұлбаланды. Сол-ақ екен мұңлы-зарлы сезiм жүрегiн сыздата ауыртып жiбердi. Iздер-сұрары жоқ жазған әпкесi сұмдық әдiлетсiздiктiң құрбандығына шалынғандығына көзi ендiендi жеткендей зығырданы қайнады. «Сол кiсiнi неге есiме салып қоймады екен?» деп Байсеркеге де аяқ астынан ашуы келдi. Бұрынғы бiрiншi бәрiн ескерген-ау, сабазың. Бiрiншi хатшы басымен адам алакөңiл күй кешкенде, жападан-жалғыз осы бақтың iшiн аралайтынын бiлген-ау, шамасы. Саңырауқұлақтың қалпағы сықылдандырып әр-әр жерге орнатқан шамнан сүт сәулеленген нәзiк жарық айнала төңiрекке болымсыз төгiледi. Тас төселген жалғыз аяқ жолмен ары-берi көп жүрдi. Бұрынғы бiрiншiнiң де басы осылай сан мәрте қатқан шығар? Сонда ол өзi орнатқызған ергежейлi мына шамдарды жанына жалау тұтып, тас төселген жол табанына жұмсақ тиген болар? Тұрғынбеков екеуi тым жақсы болды деседi, осы жердiң оңашасында көп мәселенi шешiп, көкмойынның талайының басына су құйып тастады-ау. Быдың-шыдың берекесiз ойлар бiрiнен соң бiрi киiп, басы әңгi-тәңгi боп шуылдағанда ақшылтым

түске ене қолбаңдаған дүние тұңғиық түнекке қарай құлдилап жөнелетiндей көрiндi. Содан бәрiнен зәрезап боп үйге кiрсе – сырттағы секiлдi мұнда да көмескi жарық. Дағарадай мұнша кең үйде Сара екеуiнiң ғана жататынын ойлағанда – бiртүрлi елегiзiп, жаны құлазыды. Облыстың бiрiншi хатшыларыныкiндей бiр-бiр милиция тұратын болса деген iшкi ойын еш астамшылыққа баламады да. Әйелi әлдеқашан жатып қалыпты. Тұсындағы торшердi шырт еткiзiп жаққанда барып Сара басын көтердi. Мұны бiр мезет сынық кейiппен мұңая барлады. Әйелiнiң етене жақын осы әлпетi Жолбосын соқырдың зомбылығына жанұшырып келiп ара түскен әпкесi бейшараның тәуекелiне ұқсайтындай көңiлi аяқ астынан нiлдей бұзылды. Көкiрек сарайы тымырсықтанып, тынысы бiтелгендей iш дүниесi тұтас аши жөнелдi. «Шөлдеген шығарсың, сусын әкелiп берейiн бе?» деген Сараның даусы тым алыстан естiлгендей көрiндi. Жауап қатуға да құлқы шаппай, бiр нүктеге тас қадалған қалпы ұзақ отырды. Қызыл бақайына дейiн төгiлген аппақ iш көйлегiнiң сыртынан қызылшымқай гүлдi өрнегi бар халатын киiп жатқан әйелiнiң қимылына абайсызда көзi түскенде көкейiн құмарту сезiмi қытықтап оятты. Көмейлете құйып әкелген гүлсары түстi әдемi сусынды жарым-жартылай iшiп, әйелiне қайта ұсынған заматта-ақ ақырған қышқылтым дәмнiң лебi iшiн жайлап, хош иiсi мұрнын жарып өткенде – сабасына түсiретiн бiр жайбарақат күй кеше бастады. – Апама елден бiрталай ақша жиналыпты, – дедi Сара бiреу естiп қоятындай ақырын сыбырлап. Денесi ток ұрғандай дiр ете қалған Нұржанов әйелiне жалт бұрылды. Бiрақ ләм демедi. «Алдымызда қандай заман күтiп тұрғанын бiлiп бола ма? Шындап келгенде жиылған ақшаң түкке де жарамай қалар». Бояу құрғырдан Сараның ақсары өңi әбден құрғап, жазылған жараның орнындай шыт-шыт айрылып тұрғаны қайта-қайта көзiне ұра берген соң, терiс қарап бүк түсiп жатып қалды. «Тұрғынбеков ауруханаға түсiп, амалын тауып кеткенiн қарашы». Дөп-дөңгелек бетiнiң ұшын тарам-тарам қызыл тамырлар жолақтаған, көздерi тайпақ маңдайына бiткен сол шаруашылық парторгiнiң ұсқыны кенет көз алдына келгенде бұл өзiнен-өзi шамырқанып кеттi. «Саяткереевке телефон соққан иттiң сұмырайын қарай гөр тағы». Жауын-жауынның арасынан су болмай, құп-құрғақ шыққысы келедi ғой сонда. Ол дегенi бола қоймас».

Ұ зыннан-ұзақ құрылған үстелдiң қақ төрiне әдеттегiдей өзi келiп отырды. Мұның сол жақ қанатына Поцелуев, Гуржий, Садықбеков, сауыншы әйел, Саяткереев, Келгенбаев бiртiндеп келiп шеттерiнен жайғаса бастады. Сол жақ қабырғаға тақай қойылған орындықтарға прокурор, аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы, үгiт және насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi, аудандық газеттiң редакторы және қаралатын мәселе бойынша анықтама дайындаған нұсқаушылар қаз-қатар тiзiлiп отырды. Машин каға алдын-ала басылып, таратылып берiлген күн тәртiбiн бюро мүшелерi жаңадан көргендей соған бәрi шұқшиып қа лыпты. Бюроға шақырылғандарды жағалата шолған Нұржанов редакторға назарын ұзақ кiдiрттi. Жүзi арса-арса, шашы аппақ қудай, сыриған арық денесiмен екi бүктелiп отыр ған тұрқынан жiгiттiк айбарды таба алмай қиналды. «Мойны қылқиған ұзын екен, Қауызовтың ағайыны емес пе?» дедi iшiнен кекетiп. Бiрiншiнiң өктемдiгiнен жүнi кәдiмгiдей жығылып, оқтау жұтып алғандай сiресiп, қимылсыз отырған ана Келгенбаев Нұржановқа жалтақтап қайта-қайта қарайды. Гуржийдiң де сағы сынық. Алдында ғана әке сiнен оңдырмай таяқ жеген баладай қалың екi бетi бұлтиып, мұның қас-қабағын көзiнiң астымен ұрлана қапысыз бағады. Өзiне деген сенiмiн жоғалтпаған Садықбеков қана. Қарамақарсы отырғандардың бiрiмен көзiн түйiстiрiп, күлiмсiреп қояды. «Осының-ақ қутыңдауы бiтпейдi екен!» дедi iшiнен жақтырмай. Жұрттан өзiн бейтарап оқшау ұстаған Поцелуевтың шүңiрек көкшiл көзi судың түбiнде бұлдырап жатқан көк тастан аумайды. Алдындағы қағаздарға бiр мезет қадалып барып, басын жұлып алған Нұржанов бюро мүшелерiне бағыштап тiл қатты. – Кiмде қандай ұсыныс бар? Қыбыр-жыбыр сап басылып, үнсiздiк орнай қалды. Ендiгi iстiң бәрi машинкаға басылған жазуларда қалғандай бюро мүшелерi соған қайтадан жаппай үңiлiстi. – Мүшелiкке қабылданатындарды алдымен бiтiрiп алып, негiзгi мәселенi содан кейiн қарамаймыз ба? – дедi. Саяткереев алтын жалатылған көз әйнегiне әлденеше рет қол жүгiртiп, отырған орнында қозғалақтай тербелiп қойды. Алдындағы қағаздан өзгеше сыр аулаған сыңайда шүйiле бөгелiңкiреген бiрiншi хатшы: – Бұған қалай қарайсыңдар? – деп сұрап едi, бәрi «дұрыс, дұрыс» десiп iлiп әкетiстi. Босаға жақтағы

нұсқаушыға Нұржанов дереу иек қақты. Осы әмiрдi манадан күтiп отырған ол лып көтерiлдi де, сыртқа шығып, әскери қалашықтағы мектеп партия ұйымының хатшысы мен жас әйелдi iшке ертiп кiрдi. Әбден әккiленiп алған партия ұйымының хатшысы қысылып-қымтырылмастан, әуелi бәрiне жалпылап еркiн амандасты да, қолындағы папкiсiн жазып жiберiп, саңқылдап оқи жөнелдi. Босаға жақтағылардың ыммен нұсқаған жерiне шошайып қана отырған жас әйелдiң ақсары жүзi ду етiп қызарып, сәл бiрдеңе десең бiттi безiп ала жөнелетiндей тым сақ. Әкесi – ғылыми атақ-лауазымы бар медицина қызметкерi екен, шешесi политехникалық институтта мұғалiм. Ленинградтың педагогика институтын бiтiрген әйелдiң күтiмдi кескiнiн барлай қараған Нұржанов тiк құлаған үшкiрлеу мұрнының желбезегi делегейленiп, қусырылып кететiнiне дейiн аңдады. Сондай үлкен қалада туып-өскен жазған басқа табылмағандай бiр офицердiң етегiнен ұстағанын қарашы деп ойлап үлгiрдi. Жас әйелдiң тұлғасын бастан-аяқ шолып шыққан Нұржанов партия ұйымы хатшысының өзiне әкелiп ұсынған кандидаттың анкетасына көз жүгiрте бастады. – Кiмде қандай сұрақ бар? – дедi арасында бюро мүшелерiне көзiнiң қиығын қадап. Сауыншы әйел осындайда тыныштықты бұзудан қолайсызданғандай төңiрегiндегiлерге бiр қарап алып, қалшиып тұрып қалған әйелге бiтүрлi имене емiнiп: – Партияға не үшiн өтесiң? – дедi. Күштi жан толқынысынан жiңiшке нәзiк үнi дiрiл араласып шыққандағы жауабының дұрыс-бұрыстығына ден қоймаған жанашырлық таныта қадалыңқырап барып серпiлдi. – Өзi Ленинград қаласында туыпты, өмiрбаяны да жақсы екен, сұрақ тоқтатылсын деген ұсыныс енгiземiн, – дедi ең шеткерiрек отырған Саяткереев. Оны бюро мүшелерi бiрауыздан қостап шыға келдi. Сыптай боп тұрған әйелге назарын жайлап тастап, жылыұшырай жымиып: – Сiздi Совет Одағы Коммунистiк партиясының мүшелiгiне кандидат боп қабылдануыңызбен құттықтаймыз! – деді. – Рахмет! – деген жас әйел сол баяғы жан толқынысын жасыра алмаған күйi бұрылып жүре бердi. Бiр сәттiк жайма-шуақ ахуалды өзiмен бiрге ала кеткендей күтпеген

жерден көңiлi пәс бола қалған Нұржанов елегізи бастады. Кезекшi нұсқаушы жаңағы екi әйелдi шығарып сап, Арқабектi iшке кiргiздi де, оның анкетасын жаймен оқуға кiрiстi. Қанша жинақы тұруға тырысса да бұлтиып шыққан жуан қарны костемiнiң түймелерiн тырсита кередi. Ажарында түйткiл атаулыдан еш белгi жоқ, бiреудiң белiнен өрген жалғыз ерке баладай әлпетi тоқ, момақан. Мұрнының ұшы тершiп, тынысы жетпей бара жатқандай танауы әлсiнәлi делдиiп кетедi. Қайта-қайта иығын қомдап, өзiнше қоқырайып қойғанмен жосықсыз толысқан тұрқында сезiмтал сергектiктiң жұқанасы да бiлiнбейдi. Анкетасын едел-жедел таныстырған нұсқаушы ылдым-жылдым басып кеп папкiнi бұған ұсынды. Фамилиясы, әкесiнiң аты деген графалардағы «Жолбосын Жолбосынұлы» деген жазуларға көзi түсiп, «мұның жолы болып-ақ тұр ғой» дедi iшiнен кекете. Асықпай шүйiлген қалпы: – Жолдастар, сұрақтарыңызды қоя берiңiздер, – дедi. – Сен қазiр ауданның ауыл шаруашылығы басқармасының бiлдей бас зоотехнигiнiң мiндетiн атқарып жүрсiң. «Қызыл октябрь» совхозындағы жағдаймен таныс сың ба, егер таныс болсаң, ондағы төрт түлiк малдан шығын биыл неге көп? Төл жоспары да орындалмады. Осының себебi неде деп ойлайсың? Поцелуевтың О дыбысын соншалықты созып, қоңыраулатқанына елтiгендей креслоға шалқалай жайғасқан күйi Нұржанов көзiн тарс жұмып алып, ары-берi шайқатылып, тербетiле бастады. Ара-арасында ғана көзiн сығырайта ашып, Арқабекке сүзiлiп қарап қояды. Ойы тұрмақ санасына кiрiп шықпаған сауал мәнiсiне бара алмай бағжиып, жыпылықтап, берекесi қашқан Арқабектiң тұрқында жiгiттiк айбардан түк қалмай, тоқ нышанындағы тартымдылық зым-зия жоғалды. Суытып, жаратпастан көкпарға бiрден салып жiберiп, қызылмай ғып зорықтырған аттай тырсия сыздап тұрған қарны бүлк-бүлк еткен сайын керiле кернеп түймеленген костемiнiң әдемi әдiптелген тiгiстерiне дейiн көзге анық көрiнедi екен. Поцелуев сауалының бiр қитұрқысы барынан секем алғандай бюро мүшелерi тымтырыс. Тек тықыршып отыра алмаған Келгенбаевтың жапжалпақ жүзi қан күреңденiп, әлденеше рет алға ұмсынып, ешiмге тiктеп қарамастан: – Жолбосынов жаңа адам, оның бәрiн ол қайдан бiле берсiн, – дедi күңк етiп.

– Асықпа, ескi адамдар да жауап беретiн кез келедi қазiр, – дедi. Көзiн бұған төңкере тастаған Келгенбаев басын төмен сылқ түсiрiп, томырылып отырды да қойды. Қатты әсерленгендей таң-тамаша болған Поцелуев төрдегi бiрiншiнiң өзiн ерен санамаған сыңайда еңсесiн тiктей қоқиланып, бүкiл денесiмен Келгенбаевқа бұрылып, қатқыл тiл қатқанда – қып-қызыл боп кеткен алқымының ұсақ бөрткендерiне дейiн көзге оттай басылатынын аңдады. – Сондай да сөз болады екен, жаңа ештеңеге жауап бермейтiн болса, ауданды таратып жiберу керек шығар?! «Бұл неге мегзеп отыр?» деп ойлады Нұржанов. Сөзiнiң төркiнiнде мұны олқысынудың астамшылығы жатқандай. «Суббординацияны сақтамастан басынғысы келедi ғой, сонда» деп ойлап, даусын дереу қатқыл шығарды. – Жеттi ендi, ол өзiнше қаралатын мәселе. Қаншалықты принципшiл екендiктерiңiздi сонда көремiз. Келгенбаев сол төмен тұқырған күйiнен әлi танбапты. Шүңiрек көкшiл көзiнен жасыл ұшқынды жалт еткiзген Поцелуев бұған абыржып бiр қарады да, жүзiн бұрып әкеттi. Садықбеков әдетiнше қасы-көзiн кере сәл еңкейiп, Арқабекке ақырын тiл қатты. – Лениннiң «Бiр адым iлгерi, екі адым кейiн» атты еңбегiнiң қандай тарихи себептерге байланысты жазылғанын айта қойшы. Мұрнының ұшындағы терi манағыдан бетер жылтырап көрiнген Арқабек кенет әлденеге қылт етiп өкпелеген ойын баласынша томсырайып, екi қасының ортасын жиыра қатты ойланып қалған ыңғайын байқатты. Садықбеков болымсыз жымиған қалпы жауап күтiп әлi отыр. Осы бiр сұрақтан сұмдық жайсыздықты сезiнген Нұржанов өзiненөзi қуыстана құты қашты. Саяткереев баяндама әзiрлегенде Ленин сөздерiнiң ретiн тауып, цитаттар қолданатынын тiптi ойлап қоймаған екен. Оның өзi солай болуға тиiс деп ұйғаратын. Идеология хатшысын осы кезде жатырқай қараған Гуржийдiң сүбелене жонданған жағының қатпарланып әлденеше жиырылғанын көрiп, «соншалықты неге семiрiп кеткен?» деп ойлап үлгiрдi сол замат. – Сiз қызықсыз, Қалихан Алтынбекович, Жолбосынов ондай күрделi сұраққа жауап беретiндей тарихшы емес қой.

Басын оқыс кегжите қап, аңырая тосылған Садықбеков бiр кезде Гуржийдi жеп жiберетiндей көзiн ежiрейте шүйiлттi. – Николай Павлович, бұл айтқаныңыз осы жерде қалсын, басқа ешкiм естiмей-ақ қойсын. Бәрiмiз де жоғары оқу орнында КПСС тарихын оқыдық, диплом алдық. Бәлкiм, сiз ойлайтын шығарсыз, Лениннiң барлық еңбегi тарихшылардың еншiсiнде деп?! Кесек еттi, топ-толық жүзi нарттай қызарып кеткен Гуржий берекесi қаша жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап алып: – Қалихан Алтынбекович, сiз өйтiп бұра тартпаңыз, мен тек сұрақтың күрделiлiгiн айттым, – дедi. Дөңгелек кескiнi алабұрта қызбаланған Садықбеков: – Бәлкiм, сiз де Николай Павлович, институтта КПСС тарихын мына жiгiтке ұқсап, нашар оқыған шығарсыз, – дегенде өзге бюро мүшелерi ерiксiз езу тартты. Дүрдiк ерiндерi бұртиған Гуржий көзiн Садықбековке төңкерiп назалы тастағанмен ләм деп тiл қатпады. Бағанадан берi бұл әңгiменi үнсiз бағып отырған Нұржанов: – Екеуiңiздiң айтысыңызбен жұмысты аяқтаймыз ба, қалай? – дедi қабағын шытынып. Содан соң жиып алуға келмей қарнын шәнтиткен қалпы сiресiп тұрған Арқабекке қарады. Төтеннен киген зұлматтан қатты шошынғандай тұп-тұнық қап-қара көздерi бiртүрлi бейкүнә жәудiрейдi. Тұтқиылдан кiрген алаң саңылауы ұлғайып, көңiлiн бебеулеткен мазаң хал жанын тыншытпай тербеп өттi. Садықбеков жаққа тiптi қарамауға тырысты. Қарадүрсiн дүниенiң мәнiн ұғыну онсыз да қиямет. Оған «Бiр адым iлгерi, екi адым кейiн» кiтабi қосылған уақытта мағына елесi санасында қылаңытпай әлек қылды. «Партияны құруымыз бiр адым алға жылжығанымыз да, екiге бөлiнгенiмiз екi адым керi шегiнгендiкке жататын ба едi, әйтеуiр осының төңiрегi». Сырт көз осынысын сезiп қойғандай өз-өзiнен қуыстанып қараса – Келгенбаев екi ойлы кейiппен бiр-екi мәрте ұмтылып барып көтерiлгенiн байқады. – Жолдастар, Қалихан Алтынбековичтiң айтқанына толық қосыла отырып, Жолбосыновтан түбiнде жапжақсы маман шығатынын да айтқым келедi. Өз iсiн жақсы бiледi, жауапкершiлiкпен атқарады. Жұмысбасты адамға саяси жағын шыңдап отыру қиын екенiн ескерiп, кейде кешiрiммен қараған да дұрыс. Болашақта Жолбосынов

одан қорытынды шығарады деп сенемiн. Сондықтан да ол КПСС мүшелiгiне кандидат болып қабылдансын деген ұсыныс енгiземiн. Бюро мүшелерi Нұржановқа жаппай аңтарыла қарасты. Рай бермей сазарып отырған бұл Жолбосын ұлына қысыңқы көзiн ұзақ кiдiртiп, көңiлi толмаған сыңаймен қабағын шытынды да: – Бұл ұсынысқа қалай қарайсыңдар? – деп, қазылықты жалпыға тастады. Садықбековтан басқасы Келгенбаевтың ұсынысын қолдап, мүшелiкке өтуге келгенде жақсылап дайындалсын деген тiлектерiн бiлдiрiстi. Бiр ауыз лебiз айту керектiгiнiң жорасына бола Нұржанов анаған түксиiңкi қараған қалпы: – Жолбосынов, КПСС мүшелiгiне кандидат болып қабылдандыңыз, бұл сынақ мерзiмiнде сенiмдi ақтамасаңыз шығарып тастау бiзге қиын емес екендiгiн есiңiзде сақтаңыз, – дедi. Партия қатарына қабылдау шаруасы аяқталған соң «Қызыл октябрь» совхозының мәселесiн қарауға кезек тидi. Партком хатшысы бастаған бiр топ адам имене кiрдi. Кiрпiктерi тынымсыз жыпылықтаған, шикiл өңi қып-қызыл тамырлармен өрнектелген партком хатшысы Кiрiсбековтың екi иығы салбырап кеткендiктен бе, еңсесi тым еңкiш көрiндi. Оның жанындағы жас зоотехник қайта ширақтау. Сарсылып жұмыс iстеген адамнан гөрi орталықтардың бiрiнен мамандығын жетiлдiрудiң оқуынан қайтқандай кескiнi күн мен желге еш тотықпаған бозаң. Жұмысшылар комитетi төрағасының шалбаршалбар жүзiнде қамығып, торығудың нышаны бiлiнбейдi. Шаруалау тұрқынан аңғарлы ойлылықты байқау да қиын. Еңселi келген етжеңдi бас экономистiң қоңқақ мұрнының орта тұсы орақ тәрiздi дөңдене иiлiп бiткендiктен жаратылысын сергектiгi шамалы бөлек-салақ қып өңкитiп көрсетедi. Көзiн әркiмге бiр жуас жасқаншақ ыңғайда төңкерiп тастап, қалшиып-қалшиып қатып қалған бөлiмше басқарушыларына қарай сәл жылжыса бiттi, шоқ басатын сықылды тыртысып тапжылмай тұр. Бiрiншi хатшы болып келген алғашқы кезде бюро мәжiлiсiнiң қабылдауына кiргендегi адамдардың ұсқындарына қарап, бiртүрлi таңырқайтын. Ал кейбiреулердiң қыңа қоймастан еркiн отырғанын байқаса шамданатынды шығарды. Келе-келе уысында тұрған шексiз билiкке iштей марқайып, түлеп,

түрленетiн сезiнiстердi басынан өткердi. Осы бiр ойдың жетегiне ерiп, байқамай қалса керек, қараса – Келгенбаев әлдене айтпаққа оқталып қопаңдағанмен жүрегi дауаламай iркiлiп, тосылған сәтте жап-жалпақ жүзi қуқыл тартып, мұншалықты кесек бiтiмге үйлеспейтiн кiп-кiшкене мұрнының желбезегi делдиiп кетедi. – Мәке, мына тұрған бас зоотехник Қойбағаров партия мүшесi емес, мұның мәселесiн қараған қалай болар екен? Осыны да сөз деп айтып тұрсың ба дегендей Келгенбаевқа бiр мезет ежiрейе қараған Нұржанов ащы мырс еттi де, дүрсе қойып айғайлап жiбердi. – Партия керек десең, сайтанның iсiн де қарай бередi! Поцелуев, Садықбеков, Гуржий, бәрi – бұған абыржып тосылған сыңайда екiойлы бөгелiп, партияның мұншалықты құдыретiне төрде отырған бiрiншi хатшы арқылы ерiксiз мойынсұнғандай аяқ астына жуасып, монтаны қалыпқа көштi. Бiр ауыз сөздiң әсерi осынша күштi болатынын күтпеген Нұржанов жайылыңқы отырысынан дереу жиылып алды да, еңсесiн тiктеп, Кiрiсбековке көзiн сүздi. Алаңғасар әрi батымсыз кейiппен бiр мезет ошарылып қалған ол қапысын тапса бiр жаққа қаша жөнелетiндей орнынан сопаң етiп көтерiлдi. Партия ұйымы хатшысының дәл осы сәттегi ұсқыны секем-сезiктiң өзiнен есi ауып қалғандай басы қалталақ қаға бастады. Нұржанов кенет мынаның бұл орынға дұрыс бармағанын ұқты. Жанына және осы бiр түйсiк қамзау болатындай әжептәуiр жеңiлейiп, сарайы да кеңiдi. Сұмдық жауапкершiлiктiң салмағы өзiнен басқа жаққа ауып бара жатқанына iштей құшырланып, көңiлiне ұстамсыз желiк кiргенiн аңдады. Кiрiсбековтың сөз ауанынан аудандық партия комитетiнiң бюросына дайындалған анықтамаға толық қосылатынын әп дегеннен ұстап алған Нұржанов оны дереу тыйып тастады. – Бiз сенен ол справкадағы айтылған жайтқа қосылатын, қосылмайтыныңды сұрап тұрған жоқпыз. Кiлмиген көзiмен бұған бiртүрлi монтаны қараған Кiрiсбеков ары қарай не дерiн бiлмегендей бөгеле бердi. Зорлана күңкiлдеп тiл қатқандықтан ба, жоқ, ойының жүйесi бұзылғандықтан ба, сөзiнiң ұзын-ырғасы дұрыс шықпады. Мынадай сұрына қарамай Кiрiсбеков Тұрғынбековты бiр ауыз жамандаған жоқ. Өң-кескiнi ширақ зоотехник те күмiлжiп, кiбiртiктеп, берекесiн қашыра сөйледi. Бұларға

ренiшiн жасыра алмаған Садықбеков дағдысынша қолын сермелеп: – Әй, сендер Тұрғынбековты несiне қорғайсыңдар! Ол кезiнде былай бұйрық берген деп айтпайсыңдар ма! Оның жағдайын ойламай-ақ қойыңдар, – деп қатты-қатты зекiп жiбердi. Садықбеков сөзiнiң түп-төркiнiнен жайсыздықты аңдағанмен сыр бермей сазарып алған бұл шеткерiрек отырған анау Филимоновқа қадалып барып, ал сен не дер екенсiң баяндап көршi дегендей иек қақты. Жасы жерортадағы Филимонов шағын самдағай денесiмен жылдым тұрып, қоңырқай назарын тайқытпастан мұның өңменiне тiктедi. Бүкiл бiтiмi суретшiлердiң қырынан салған сайқымазақ кейпiнен аумайды; жүзi қап-қара, мұрны үпүшкiр. Өне бойы өтектеп ауыстырмай киетiн көмiрдей қапқара костем-шалбары жалтырап, көзге шағылыса бередi. Қалақайдай сұрына қарамай даусы жұп-жуан. Өзгелердей емес өзiн және сенiмдi ұстайды. Ә деп сөзiн бастағанда Тұрғынбеков жеке-дара басшылықты жақсы көредi дедi. Партия ұйымымен де, бас мамандармен де санаспайды. Биылғы жылы қозының көп шығын болуының себебi – жемшөп жетiспеген. Филимонов құдды өтiрiк айтып тұрғандай Нұржанов дереу ортадан кидi. – Берген мәлiметтерi бойынша шөп жоспарын асыра орындаған жоқ па едi?! Филимонов сол асып-саспаған күйi тiктеле қадалып, әңгiмесiн қыңбастан ары қарай жалғастыра бердi. Одан жалпы ұққаны мынау. Малшылар бәрi бiр ауыздан шөп жоқ болды дептi. Филимонов дамылсыз сөйлеуде. Көбiсiн құлағынан ары асырып, кейбiрiн ғана көкейiне қондырып, Садықбековтың кескiнiндегi құбылысты қалт жiбермей бағуда. Филимоновты бейiл қоя тыңдаған сайын қасыкөзiн керiп, әдемi дөңгелек жүзi әйел пiшiнденiп кететiнiн аңдады. Поцелуевтың қабағы одан гөрi қатулы, шүңiрек көкшiл көзiне ызбар ұялап, сопақ өңi сазара сұрланып алыпты. Манаураған қалпынан танбаған Гуржийдiң қалың еттi жағы әлденеше қатпарланып, иегi мен мойнын тұтастыра құнжита, ерiндерiн дүрдитiп, бұртита қойыпты. Филимонов сөзiн бiтiрiп, қандай әмiр болады дегендей қалшиып тұрып қалыпты. Ендiгi кезек өзiне тиетiнiн сезiнген Келгенбаев көмiлiп отырған орнынан созалаңдап тұрып, жан-жағына қаранып жөткiрiнiп алды.

– «Қызыл октябрьдiң» шөбi қыстың ортасында-ақ таусылып қалған болатын. Тұрғынбеков жолдас бiрақ оны барынша жасырып бақты. Неге әйтпесе сол кезде сүт көрсеткiшi күрт төмендеп кеттi? Өйткенi сиырлардың азықтық рационы азайып, бiр ғана сүрлемге қарап қалды. – Келгенбаев алғашында кiбiртiктеп бастаған сөзiн қызған сайын үстемелетiп, совхоз жайында анықтама берiп тұрған кiсiге ұқсамай даусын бiртiндеп қатайтты. Жалпаң-жұлпаңы көп ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының дәл осы сәттегi шешiмдi де ширақ қалпын танымай қалғандай Нұржанов бөгелiңкiреп барып дереу сөзiн бөлiп жiбердi. – Келгенбаев жолдас, мұның бәрiн кезiнде аудандық партия комитетiне неге хабарламағансыз?! Қалт тынған Келгенбаев бұған бiр мезет абыржи қарады. Жалпақ жайылыңқы бетiнiң жылтыраған терiсi умаждалып әбден жұмсарған аппақ қағаздай ұп-ұсақ әжiмдер торлап алғанын байқады. Күйзелген нышанда назарын ендi совхоздың парторгiне аударды. Еңкiш қалпынан өзгермеген күйi ол көзiн пұшаймандана жыпылықтатып, береке таппай қозғалақтауға көштi. Бұл қабағын ызбарлана түйе түсiп: – Сен не бiтiрiп жүрсiң? Партия ұйымының секретары деген, совхоз коммунистерiнiң алдына мәселе қып қойып, оның қорытынды протоколын аудандық партия комитетiне жiберсе, бiз мұнда ай бағып отырған жоқпыз ғой, қарайтын едiк, – дедi. Көзiн бұған мөлтiлдете төндiрген Кiрiсбеков даусын бiртүрлi жүрексiне шығарды. – Мәке, қыстың ортасында шөп таусылған жоқ, қыстауларға дер кезiнде тасып жеткiзе алмай қалдық. Күйiнiп кеткен Келгенбаев күйзеле түңiлген сыңайда басын шайқады. – Кiрiсбеков, сен коммунистсiң ғой, тек шындықты айт. Көршi ауданның совхозынан екпе шөп сатып алғандарың қайда? Тап осыған таң-тамаша қалған Садықбеков бiресе Келгенбаевқа, бiресе Нұржановқа кезекпе-кезек көз тастап, бүкiл мәселе құдды өзiне тiрелiп тұрғандай қолын шарасыз жая сөйлей жөнелдi. – Жолдастар, бәрiне айыпты Кiрiсбеков емес. Филимоновтың айтуы бойынша Тұрысбеков совхозға жеке дара басшылық жасайды. Демек ол ешкiммен санаспайды. Кiрiсбеков жас жiгiт. Партия ұйымының

секретарлығына сайланғанына бiр жылдан сәл ғана асты. Бұл менiмше, оң-солын әлi толық танып болған жоқ, сондықтан қатаң сұралатын адам тек Тұрғынбеков. Ал ол болса симулянттыққа салынып, ауруханаға барып жатып алды. Тұрғынбеков келмейiнше бұл мәселе қаралуға тиiс емес деп ойлаймын. Садықбековке Гуржий мен Поцелуев тiке беттей бермейдi. Ешбiр қарсы уәж айтпастан бұл жолы да екеуi үнтүнсiз қалысты. Орнай қалған қолайсыз үнсiздiктi бұзып жiбермесе үшiншi хатшының сөзiне ден қойылғандай көрiнiп кетедi. Сондықтан бұл Садықбековты қаперiне iлмеген сыңайда дереу бас зоотехникке қарай ойысты. – Мал азығының бiр жарым жылдық қорын жасадық деп күзде неге жалған мәлiмет бердiңдер?! Парторг айтқан жайды анау да ақикөзденiп түгел қостап, безерiп тұрды да алды. Және күйiнiп кеткен Келгенбаев отырған орнынан жұлқынып көтерiлдi. – Мәке, бұлар өзара келiсiп алған. Мен ештеңе бiлмейдi деп ойласа бұлар қатты қателеседi. Қыстың екiншi айындаақ бұлар он мың қойды аштан өлтiрдi. Ендi бүкiл активке, мал мамандарының бәрiне, қойшыларға алды екi-үш қойдан, арты iрi қарадан салық салған. Мынаны не түлен түртiп отыр дегендей Келгенбаевты ала көзiмен бiр атқан Нұржанов Кiрiсбековке қайтадан шүйлiктi. – Мұның бәрiн бiз неге бiлмеймiз? Бiз сенi жеке-дара басшылыққа құмар Тұрғынбековты ауыздықтасын деп, партиялық принциптi сақтасын деп жiбердiк қой. Партия ұйымының жаңадан барған жетекшiсiне бiрiншi басшының айтқанынан шықпа деп пе едiк?! Онан кейiн ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы осының бәрiн бiлiп отырып, бiзге дер уағында неге хабарламаған?! Ұсқыны мүләйiмси бұзылған Келгенбаев бұған бiр мезет аңырып аңқая қарады. Бiр нүктеге сазара қадалған Садықбеков әлденеден секем алғандай селт ете түсiп, Келгенбаевқа жалт бұрылды. – Болары болып бояуы сiңгеннен кейiн бүйтiп ақжүрек болғаннан не шығады. Қыста аудандық партия комитетiнiң алдына мәселе ғып неге қоймадыңыз? Сiз сол шаруашылыққа тiптi уәкiл емессiз бе! Барлық жағдайды факт ғып әдейi жинап жүргендейсiз!

Садықбеков бiр қызса жуыр маңда тоқтай қоймайды. Сөз ауанына бойлап қарасаң – ауданға жалғыз өзiнiң ғана жаны ашитын сықылды. Және бүкiл билiк қолында тұрғандай астам сөйлейтiнi шымбайына батып-ақ барады. Әйел пiшiнi алаулай алабұрта атып тұрып, көзiн шақшита қадаған уақытта шоқтана жайнаған қызылжалқын сәуле дәт қылып қарай алмайтындай тым өткiр екенiн аңдады. – Осы бiз Тұрғынбековтың симулянттығына несiне қараймыз? Ендi оның қулық-сұмдығына басқалар қалай жауап бермек? Осы шаруашылықтағы жағдайды көрiпбiлiп жүрiп үндемеген Келгенбаевтың жауапкершiлiгi жоқтығын қалай түсiнемiз? Принципшiл болғымыз келсе ақырына дейiн болайық та! Көкейiне келген күдiктi ойдың мәнiсiне тереңдеп бара алмаған Нұржанов тосылыңқы әлпетпен үн-түнсiз ұзақ отырды. Иегiн сәл көтерген Гуржий тұтасып кеткендей көрiнетiн басы мен мойнының аражiгiн ажыратып алыпты. Идеология хатшысының мұнша ожарлығына таңырқай абдыраған Поцелуев бiртүрлi тосаң. Сауыншы әйел әркiмге бiр жаутаңдаған жетiмектен аумайды. Қараторы дөңгелек жүзi шымырлай күреңiткен Саяткереев көзәйнегiн қайтақайта түзегiштеп, бiр орнында береке тауып отыра алмай қопаңдап, қозғалақтай бердi. Ал мұрнының ұшы делдиiп, атыздай боп көзi кең ашылып кеткен Келгенбаевтың түсi бұзыла: – Қалихан Алтынбекович, сiз құдды Тұрғынбековты бiлмейтiндей айтасыз ғой. Ол күнi кешеге дейiн мен тұрмақ бiрiншiнiң өзiн амалы жоқтығынан сыйлап келдi. Қалған жұртты адам деушi ме едi, айтыңызшы! – дедi. Даусы қалтырап, жыламсырап шықты. Келгенбаев мұңын өзiне шаққандай сезiндi ме, ыздиып алған Садықбеков төрдегi отырған мұны да көрнеу елемей қамқорси тiл қатты. – Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының сөзiн айтуға тырыссаңызшы. Понимаешь, Тұрғынбеков деген бiреу шыққан екен. Осының алдында ғана Мәкеңнiң өзi айтпады ма, «партия – сайтанның да iсiн қарай алады» деп. Тұрғынбеков шайтаннан мықты емес шығар. Жұрт ду күлдi. Болымсыз езу тартқан Нұржанов: – Жолдастар, – дедi. – Садықбеков жолдас өте дұрыс айтады. Келгенбаев өз қызметiнiң деңгейiне сай сөйлеп отырған жоқ. Тұрғынбековтан қорқатындай кiм едi ол сон-

ша. Аудандық партия комитетi бюросының мүшесi кiм көрiнгеннiң жетегiне ерiп кете берсе, онда бұл мәселенi несiне қарап отырмыз. Тұрғынбеков еш жаққа кете қоймас. – Қуыстану сезiмнен бүтiндей арылып, билiк тiзгiнiн қолына сенiмдi алған Нұржанов шешiлiп сөйлей бастады. – Аудандық партия комитетi бюросының мүшесi Келгенбаевтың бұл жөнiндегi жалтақтығына ескерту жасаса да артықтық етпейдi. Келгенбаев орнынан ыршып тұрды. Бүкiл денесiмен ұмсына бұған бұрылғанда жалпақ жағының еттерi әлденеше қатпарлана жиырылып, өңi өрт сөндiргендей түтiгiп кеттi. – Мәке, мен оған келiспеймiн. Егер Әнекең басқа жаққа ауыспағанда Тұрғынбековтың мәселесi ешқашан қаралмайтын едi. Орны жоқ жетпiс жетi жылқы жабулы қазан жабулы күйiнде неге қалды әйтпесе! – Қалтырай созылып шыққан Келгенбаевтың парықсыздау сүйкiмсiз даусы миын шағып жiбергендей Нұржанов қинала тыжырынып: – Ол кiсi кеткен соң тiлiң ұзарайын деген екен, доғар! – дедi. Бюро мүшелерiнiң бәрi таңырқап, бұған жапатармағай қарасты. Етқызулықпен абайсызда көтерiлiп кеткенiне опынғандай Келгенбаев екi иығы салбырап, орындығына сылқ ете түстi. Совхоз партия ұйымының хатшысы Кiрiсбеков бастап қалшиып тұрған адамдар бюроның мына беталысынан шошынғандай тұқшиып-тұқшиып төмен қарап қалыпты. Ең бiр шешушi сәттiң аңдысын баққан Нұржанов iштерiнен тына тымырайысқан бюро мүшелерiне көз қиығын қадап өтiп: – «Қызыл октябрь» совхозы партия ұйымының секретары ешқандай партиялық принцип танытпай, директо рдың жетегiне ерiп кете бергенi үшiн, шаруашылықты шы ғынға белшесiнен батырғаны үшiн орнынан алынып, партия лық қатаң сөгiс есеп кiтапшасына қоса жазылсын. – Нұржанов көкiрегiне құдды магнитофон орнатып алғандай осы бiр шешiмiн қиналып-күйзелместен екпiндетiп жеткiздi. Тек Кiрiсбековтың ақырғы сәттегi сап-сары жүзiнiң танымастай өзгерiп, аяусыз жаза кескенiне әлi сенбегендей қоңырқай ұяң көздерi үстi-үстiне жыпылықтағанына қарауға дәтi жетпегендей назарын бюро мүшелерiне бұрып әкеттi. Бақса, бәрi мұндай шұғылдықты күтпегендей абыржулы кейiпке енiп, қыбыр-жыбырлары көбейе бастағандарын

сездi. Бiрақ жүздерiне iркiлiс тапқан екiойлылықтан арыла алмай бүгежектеп, таңырқау шалыс сәуле жасаурай жылтыраған жанарларын бәрi алып қашты. Бiр нүктеге қадала безерген Садықбеков аяқ астынан серпiле атып тұрды. Үстелдiң ернеуiне екi қолын тiреп, кеудесiн шалқақтау ұстаған тап мына тұрқы қызмет қалыбына сыйымсыз, сыпайы әдет тен жат. Өзiнiң қол астындағы үшiншi хатшының мұны сынан секем алса да сыр бермей сазарды. Осы креслоға отыр ғалы берi басынан өткерiп көрмеген қобалжыған бiр түсi нiксiз хал. «Мынаның бәрi Садықбеков жағына шығып кетiп жүрсе, масқара-ау» деп ойлап үлгiрдi. – Партия жазалаушы орган емес, тәрбиелеушi орган, жолдастар! Бiз осыны неге жадымыздан шығарып аламыз?! Бiз қазiр адам тағдырын шешiп отырмыз. Қызметiн жаңадан бастаған адамға екi бiрдей жаза беру дұрыс емес. Келгенбаевтың жаңағы айтқанының да жаны бар. Егер Жасанов жолдас бiздiң облыстың бiрiншi хатшысы болып тұра бергенде бұл мәселенiң қаралуы екiталай едi. Егер шындықты мойындай алатын болсақ, бiз де әдiлетсiздiкке барып тұрмыз. Сондықтан да Кiрiсбековке қатал кетпейiк. Гуржий, Поцелуев, Саяткереев – бәрi бастарын көтермеген күйi жерге қарап, үн-түнсiз отырып қалды. Күтпеген жерден сауыншы әйел мен сөйлейiншi деп қолын көтердi. Бұған жасқанбай тiке қарағанда шымырлай күреңiткен желқақты бидай өңi оншалықты кексе емес, күтiмi келiссе әп-әдемi әйел екенiн аңдатады. Орысшаны жап-жалпақ қазақыландырып сөйлейтiн әдетiне бағып: – Қалихан Алтынбековичтiң айтқанына түгелдей қосыламын. Кiрiсбеков жас жiгiт, әлi ысылмай жатқан шығар. Болашақта тәп-тәуiр партия қызметкерi болып кететiнiне сенемiн, – дедi. Түксие сызданып алған мұның ұсқынынан шошынған сыңайда жалтақ-жалтақ қараған сайын бұқпалаған торғайдай кейпi бiртүрлi үрпиiңкi тарта түстi. Ешкiмнен қайран болмайтынына көзi анық жеткен Нұржанов тағы бiреуi бүлдiрмей тұрғанда белiнен басып қалуды көздедi. – Садықбеков жолдас, жаңағыдай сөздi айтуға дәтiңiз қалай барады?! Басқа жаққа ауысқанымен Жасанов әлi бiрiншi емес пе. Партия қызметкерi, iрi мемлекет қайраткерi. – Тап осы тұста сөзiн әдейi кiлт үздi. Басын төмен тұқырта отырып қалған Келгенбаевқа оқты көзiн бiр атып, сонан соң барып Садықбековке бұрылды. Аққұба дөңгелек кескiнi

әлденеден әжептәуiр әсерленгендей алабұртып, қасы-көзiн керiп қоятыны Нұржановтың қитығына одан бетер тиiп, сұстана шүйiлiп, сұрлана төнiп түстi. – Кiшкене болса да алды-артымызға қарап, байқап сөйлейiк те. Сондай үлкен адамның қайдағы бiр директормен байланысы бар дегенге кiм нанады? Осындай күңсiген әңгiмелер ертеңгi күнi Әнекеңнiң құлағына тиiп жүрсе ұят емес пе! – Әнекеңнiң үлкен адам екенiнде дауым жоқ. Дегенмен ол өзiнiң Ленин емес екенiне баяғыда-ақ көзi жеттi деп ойлаймын. Сондықтан менiң айтқан сөзiм Жасанов тың құлағына қалай шалынса да қорқатын жайым жоқ. Қақ маңдайынан қамшымен салып өткендей бiр мезет сiлейiп қалды. Iшкi сарайында сұрапыл ашу бел алып бара жатқанын шала-шарпы сезсе де, жаңағыдай сөздiң астарына ақылмен бойлап үлгiрмедi. Қырсық-қыңырлық тың жосықсыз зауалына тап болғандай жан дүниесi шара сыз халде күйзелiп барады. Садықбеков жаққа қарауға тiптi жиренетiн тәрiздi, Гуржий мен Поцелуевты, Саяткереев пен сауыншы әйелдi құлықсыз райда шолып өттi. Бұл тығырықтан шығудың жолы қандай болар екен дегендей бәрi бұған анталай қарап қапты. Бастапқы екпiнiнен айрылып, құдайы момын қалыпқа көшкен Келгенбаевтың жалпақ жағынан соқа жүрiп өткендей андыз-андыз әжiм сызықтары андағайлап көрiнедi. Әңгiменiң аңдысын баққан бюроға шақырушыларға дейiн бiр сұмдық пұшайман. Қа зiр ессiз айғайлап жiберетiндей шошынулы сыңайларға бiр-бiр суық назарын тастап, ақыры: – Әңгiме бұл жерде сiздiң қорқатын, қорық пайтыныңызда емес. Мәнiстiң бәрi – iске кiмнiң жауап беретiн, бермейтiнiнде. Қалқада тұрып тас ату оңай. Демек, бiрiншi хатшы Садықбеков емес, әл-әзiрге менмiн. Аудан дағы барлық жағдайға тiкелей жауап беретiн өзiм болғандықтан барлығының да түбiн ойлаймын. Басы ауырып, балтыры сыздамаған адамның құдаймен iсi жоқ. Менi көрмей-бiлмей отыр дейсiңдер ме, кiмнiң не ойлап, кiм нiң не деп жүргенiне дейiн бiлемiн. «Қызыл октябрьден» келгендерге Садықбеков, әрине, өте жақсы адам болып көрiнiп отыр. Партия ұйымының секретары шаруашылыққа ди ректормен бiрдей жауап бередi дегендi мен ойлап тапсам сөз басқа. Кiрiсбековтiң мәселесi жөнiндегi ұсынысымды

сон дықтан да дұрыс дегендерiңiз қолдарыңызды көтерi ңiзд ер! – дедi. Гуржий, Поцелуев, Саяткереев, сауыншы әйел бәрi сабаққа жақсы дайындалып келген оқушы балалардай бiр-бiрiмен жарыса қолдарын жоғары шошайтысты. Садықбеков сазарған қалпынан танбады. Басын жерден алмаған Келгенбаев ешкiмге назар салмаған күйi қолын бәрiнен де жоғары соза көтерiп, дереу сылқ еткiзiп төмен түсiрiп жiбердi. Бағжаң-бағжаң етiп, көзi жыпы лық қаққан Кiрiсбековтің жылап жiберуге шақ қалған ұсқы нын көргенде жүрегi өз-өзiнен шым ете түстi. Көкiрек сарайына со замат ыстық бу шымырлап енгендей көңiлi түсi нiксiз босап: – Бауырым, партиядан шыққан жоқсың, ешқашан да сондықтан үмiтiңдi үзбе. Қызметтен босап қалған адам ертең-ақ ел қатарына қайтадан қосылып кетедi, – дедi. Бұрын-соңды дағдысында болмаған бауырмал сезiм тербей тiл қатқанына өзi де таңырқады. Көп ашылып-жарылмайтын сұсты бiрiншiнiң мына лебiзiне бюро мүшелерi де, шақырылғандар да елтiп, соңынан сенiң кiреме гендей аңырысып қапты. Лезде қатқыл сыңайға көшкен Нұржанов: – Бас зоотехниктiң мәселесiн несiне сөзбұйдаға саламыз? Өзiне тиiстi мiндетiн алып жүре алмағандықтан жұмысынан босайтыны белгiлi емес пе, – дегенде жұрт жамыраса қоштай жөнелдi. Еш нәрсемен шаруасы жоқтай Садықбеков қана бiр нүктеге тас қадалып қалған кейпiнен өзгермедi. Мұның шамына онысы тиiп-ақ бара ды. Ара дағы айтыс-тартыстан көңiлiнде пайда болған сыз ұлғайып-ұлғайып кеп бүкiл жан дүниесiн жайлап алды. Сөйтсе де сыр бермеген қалпы күн тәртiбiндегi мәселе осымен қаралып бiткенiн хабарлады да, алдын дағы қағаздардың бiрiне шұқшия төнiп түстi. Бюро мәжiлiсiн я пленум өткiзiп болғаннан соң Әнекең ешкiмге зер салмай өзiмен-өзi сұмдық ой кешетiндей кейiпке енетiнi санасында қылаңытып өттi. Әнекең сияқты адамдар қам көңiл күйге түседi деген үш ұйықтаса түсiне кiрмептi. «Дегенмен ол өзiнiң Ленин емес екенiне баяғыда көзi жеттi деп ойлаймын» деген Садықбековтың жаңағы бiр сөзi миын осып-осып өткенде, сұмдық есе жiберiп алғандай сезiндi. Оған аяқ астынан өшпендiлiгi өршiп, зығырданы қайнап, шамырқана шарқ ұрды.

«Қызыл октябрь» совхозының қаралған мәселесiнiң қорытындысына көңiлi күптi боп, орнықпай, алаңдап жүргенде күтпеген жерден облыстық партия комитетi бiрiншi хатшысының көмекшiсi телефон соқты. – Сайын Болатқанович, сiздi ертең сағат онда келiп кетсiн дейдi. – Амандық-саулықты сұрады ма, сұрамады ма, асып-сасқан Нұржанов оны тiптi ескеруге шамасы келмей селтидi де қалды. «Бұл шақырыс кәдiк шақырысау» дедi iшi-бауыры қалтырай тоңазып. Байқадиевтың әдiс-айласын алып үлгiрмесе де, бiр мiнезiн анық байқап жүр. Түрлi дәрежедегi басшыларды орнынан аларда алыпқашты әңгiмелердiң бiрiн де болдырмастан, жазатайым ұйымдастырып, елетпей жiбередi. Соған ұқсайтын бiрдеңе емес пе екен деп те қауiптендi. Ертесi тiке қабылдау бөлмесiне кiргенде асыққанаптыққан екпiнiн жақтырмағандай секретарша мұны көзiнiң астымен бiр сүзiп өтiп, солғын амандасты. Мосқал тарта бастағанымен реңiн әлi бере қоймаған әйелдiң күл түстенген шашына ылғи таңырқап қарауын қоя алмайақ келедi. Құдай о баста жаратқанда кәдiмгi шаш болған шығар? Ал қазiргiсi қуыршаққа жапсырыла салған химиялық жасанды талшықтан аумайды. Байқадиевтың секретаршасына дейiн бiлдей бiрiншi хатшыға жүрдiмбардым немкеттi қарайтыны қанша қитығына тигенiмен, осының өзi тегiн емес-ау дейтiн күдiк көңiлiне ұялаған сәт жүрегi өрекпiп соғып кеттi. Алдындағы қызыл папканың арасына әлденеше қағаздарды салды да, iшке қарай қаздаң-қаздаң басып беттеп барады. Мелшиiп отырған бұл Байқадиевтың қазiргi бейнесiн көз алдына елестетiп көрдi. Ар жақтан лезде шыға келген секретарша: «Кiре берiңiз» дедi селқостау. Ауыр емен есiктi өзiне сенiмсiздеу тартып, бiр кiсi еркiн сиятын екi ортаға келгенде бiр қабатын жауып, келесiсiн ашқанға дейiнгi сәтте орнаған қараңғылықты әжептәуiр жатырқап состиып тұрды. Әнекеңе ұқсап қақ төрде отырмай, сәл қиястау жайғасқан Байқадиевтың нақ осы қалпынан аңдалатын қарапайымдылық көңiлiн бiршама тыншытып, өзiн еркiн ұстай бастаған. Жаңа ғана әкелiп берген қағаздарға шұқшия үңiлiп, мұның келгенiн тiптi байқамаған тәрiздi. Бұл ақырын амандасқанда барып жайлап басын көтердi. Шығыңқы бетiнiң шодырайған екi ұшы көзге бiрден ұрғанымен, сопақшалау келген әлпетi өне бойы салқын саялы орында отырғандықтан боп-боз

түсi томпақтығын елетпей жiберетiнiн байқады. Қоңырқай көзiн бұған шүйiлте, суықтау жымиғанда ғана қысыңқы жанары со бойы көрiнбей, шығыңқы шықшыты бетiн жалпайтып, бiртүрлi қисық қабақтанып кететiнiн аңдады. – Облыстық көрсеткiштi артқа тарта беретiн батыр, қал қалай? Әп дегенде лайықты жауап таба алмай дағдарған Нұржанов түсiнiксiздеу күй кешiп, құлағы шуылдап ала жөнелдi. Көңiлi қобалжып, жүрексiне тiл қатты. – Өзге ауданға барсаңыз жатып-жастанып қайтасыз да, бiзден тек түстенетiндiктен биылғы жағдайымыз болмай тұрған шығар? Селт ете түсiп бұған қыдия қараған бiрiншiнiң өңi сазара құбылып, мұның жетесiздiгiнен түңiлiп кеткендей басын шайқады. – Нәтиженiң бар-жоғына қарамай шапқылай беретiн сен не, менi өзiңдей көресiң бе?! «Мынаның сөзi тым iрi ғой» деп iшiнен ойлап үлгергенiмен, ешқандай қарсы сөзге келмей безерген күйi тұра бердi. Назарын бiр нүктеге қадаған Байқадиев мұрнымен емес аңқая ашылған аузымен дем алатынын, соған-ақ өңi топастанып кететiнiн аңдаған сәт көңiлi едәуiр олқы тартты. Қысыңқы қоңыр көзiн бұған қайтадан тiктеп шүйiлген кезде – жаңағыдай кiнәрат сезiлместен жыпжылмағай боп жылтырап шыға келетiнiне таңырқады. – Так что, облыстық партия комитетiнiң бiрiншi секретары жақсы табыстарға жеткендерге ғана ықыласты. – Алқымын бунаған бiрөңкей қызылшымқай галстүгiн арыберi ырғап қойып, ыздиып, ызбарлана түскен Байқадиев күйзелiстi ренiшпен жүзiн бұрып әкеттi. Аузы аңқая ашылып кеткен жаңа бiр мезеттегi алаңғасар әлпетiне момақан әңгiлiк үйiрiлетiн тәрiздi едi, әжуалы мысқыл iркiлiс тапқан сопақ өңi лезде сұстана сұрланып, мұны iшiп-жеп барады. Әнекеңнiң өктем тәкаппарлығына мойынсұнып үйренген Нұржанов Байқадиевтың мұнысын әкiмдiк мысынан гөрi қызмет бабындағы көңiл ауанына ұйғарып, аса қорына қоймаған. «Нәтиженiң бар-жоғына қарамай, далақтап шаба беретiн сен не» деген сөздiң түйткiлiне бойлай алмай мазаң ой иектеп, санасы сандалып, сан тарапты кезе бастады. Бiр кезде бiрiншi екi көзiн қитұрқылана сығырайтып, ұшқындата ойнақшытып, қулана жымиып қойды. – Үйдегi келiннiң қолынан дегенмен бiр дәм татып қойған да терiс емес-ау.

– Сәке, дәм татырмайын деп жүр дейсiз бе? Көршi облыстың жiгiттерi бiр әңгiме шығарыпты, естiп пе едiңiз? Облыстық партия комитетiне бiрiншi секретарь жаңадан келiп, бүкiл аудан басшыларымен таныспаққа ұйғарып, бәрiн қабылдауына шақырады. Орындарынан шеттерiнен тұрып, мен бәленмiн, мен түгенмiн деп аты-жөндерiн айта бастайды. Кезек шалғайдағы ауданның бiрiншiсiне келедi. Сонда жаңа хатшы тұрып: – Ә, сенiң екi қоржын бас алтының бар деседi ғой, сол рас па? – деп сұрапты. Анауың да асып-саспайтын сабаз-ау, шамасы. – Рас, аманшылық болса, соның бiреуi сiздiкi болады, – деп, қасқиып тұрып жауап берiптi. Екi иығы селкiлдеп, еңкiлдеп тұрып күлген Байқадиев бұған сүйсiне жылыұшырай қарады. Соны сезiнген Нұржанов одан сайын еркiндiкке салынып: – Сәке, сол айтпақшы, бiзде ең құрығанда қоржынның сыңар басындай алтынымыз жоқ. Арғы-бергi жағдайды ойлап келiнiңiз бәлкiм қысылатын шығар? – дедi. Осының алдында ғана жылы шуақ төгiп өткен бiрiншiнiң жайдары жүзi лезде суып, бұған сұстана шүйiлдi. – Ауыздарыңды қу шөппен сүрту ғой әйтеуiр сендердiкi. Өздерiңдей көршi облыстың шығарған анекдотта рына дейiн iрiлiк бар. Байқадиев өзiнен-өзi бөгелiп қалды. Мынаның кескiнiне мана iркiлiс тапқан момақан шырайдың шаң бергенiне қазiр сенер-сенбесiн бiлмегендей әлсiн-әлi жүзiне екiұдай күйде ұрлана қарады. – Сендер сол облыстың жiгiттерiне күлесiңдер, бiрақ өздерiң сондай бола алмайсыңдар! Облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы неге мегзеп отырғанын түсiнбей дал болған Нұржановтың осы сәтте жүрегi сазғандай көкiрегi тұтас бос кеңiстiкке айналып, түсiнiксiз құлазып кеттi. «Мұның сонда ашықтанашық сұрап тұр ма?» деп абыржи қозғалақтады. Жолбосын соқырдың ұлы мен Қауызовтың мұндайда кескiн өңдерiндегi құбылысты бажайлап бақыламағанына өкiндi. Ары қарайғы әңгiмеге қалай килiгерiн бiлмей қысылыпқымтырылған Нұржанов мұншалықты құйқылжыма көңiл күйде Байқадиевты бұрын кезiктiрiп көрмегенiн ерiксiз есiне алды. Креслоға көмiле жайғасқан ол бұған көзiнiң астымен суық қадалып барып: – «Қызыл октябрьдiң» мәселесiн қалай шештiңдер, осы? – дедi.

Сөздi неден бастарын бiлмей тұтыққан Нұржанов алға қарай еркiнен тыс әлденеше рет ұмтылып-ұмтылып қалды. Мұнда шаруасы жоқ кiсiше әлде бiр қағаздарға шұқшиған Байқадиев: – Айта бер, құлағым сенде, – дегенде даусынан шаршаңқы, самсоз сарынды аулады. Бастапқы толқынысын басып, жүрексiнуден арылған Нұржанов алдыңғы бюроның әңгiмесiн бастан-аяқ баяндап бердi. Салыңқы райда құлықсыз тыңдаған Байқадиев бiр кезде: – Садықбеков қанша жастағы адам өзi?! – деп сұрады. – Елулерден асқан ғой. – Е, онда талай мектептен өткен қу десеңшi. – Сабырлы қалпын сақтап, ықылассыз күйде ыңыранып отырған Байқадиев кенет әлденеге таңырқап, соған ашуланып кеткендей басын күйзеле шайқады. – Жұрт дегенiңнен ештеңе жасырып қала алмайсың. Әнекеңнiң әйтпесе айдаладағы директормен байланысы барын қайдан бiледi? – Белгiсiз тарапқа қарап отырып бiртүрлi айтқандықтан ба, Нұржанов өзiн бұл әңгiмеге қатысы жоқтай сезiндi. Облыстық партия комитетi бiрiншi хатшысының нақ қазiргi болмысынан байқалған шарасыздық ұзаққа созылмады. Шұғыл серпiлiп, бұған ежiрейе төнiп түстi. – Алды-артыңа қарап, кiшкене ойланып көрмедiң бе, мәселенiң бәрiн ушықтырып жiберiп, олай болды, бұлай болды дейсiң. Тұрғынбековты орнынан алып, қалғандарына сөгiс жарияласаң да жететiн едi. Ендi үстiңнен түскен арыз оңдырады деп ойлама! Даусы қаттырақ шығып кетiп қалт тынған Байқадиев бұған оқты көзiн қадап, жауап тосқан халде томырылып отырып қалды. Лайықты уәж айтудың ретiн таппай Нұржанов ләм дей алмады. Жап-жақсы өрiстей бастаған әңгiменiң шырқы бұлайша бұзылғанына опынысты сезiм өршiп, шекесi шыңылдап, жанары тұманыта бұлдырады. Ашуын баса алмаған күйi Байқадиев «кете бер» дегендей қолын сiлтедi. Бұл орнынан көтерiлiп, сыртқа қарай сүйретiле беттедi. Шаруаға қатысты бiрдеңенi ту сыртынан айтатын шығар деп қадамын қанша бәсеңдетiп, дәмеленсе де Байқадиев ерегiскендей тырс етiп дыбыс қатпай қойды. Машинаға отыра салысымен еш жаққа бұрылмай бiрден ауданға тартты. Жаңағы ауыр әңгiменiң әсерiнен айыға алмай, ойы сан тарапты шарлап әлек. «Байқадиев сонда бұған не айтпақ болды? Әнекеңдi сөз қылып тұрып,

Тұрғынбековты ғана құртуың керек едi дегенiне не жорық? Садықбековке бүйрегi бұра ма, қайтедi өзiнiң? Сынаптай сырғып ұстатпайтын сияқты. Ең соңында барып, ауыздарыңды қу шөппен сүртесiңдер дегенi қай сасқаны?» Ақылы осылай быт-шыт болған Нұржанов кенет Әнекең мiнезiн есiне алған кезде көкiрегiн ыстық леп шарпып өттi. Ол әуелi суық ызбармен қарсы алып, түксиiңкi қабағы соңына қарай жазылып, жайдары тартады да, кетер кезде ренiшiн есiнен тарс шығарып жiберетiн. Есiкке жеткенше әлсiн әлi тоқтатып, оны-мұны шаруаны тәптiштеп сұрап қоймайтын. «Сөйткен кiсiнi де қарадай жек көрiппiз-ау, мынауың сұмырайлау ма, қалай?» Байқадиев тұрқы арқылы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы лауазымы тым жұпыны тартып, аласарып кеткендей көрiндi. Осының өзi күпiршiлiк шығар деген ой көкейiне жайсыз қонақтады. Сол сол-ақ екен өз халiнiң мүшкiлдiгiн сезiндi. Алдымен мықты, құдыреттi деген дақпырт шығады да, соңынан оның құзырына құлдық ұру ғана қалатын тiршiлiктiң қасаңдау нобайы дәл қазiргi босаңдау көңiлiн құйғыта құйқылжытып, дәйек тапқызбады. «Дегенмен ол өзiнiң Ленин емес екенiне баяғыда-ақ көзi жеттi деп ойлаймын» деп қойып қалған бәлкiм Садықбековтiкi дұрыс шығар?» Жол үстiнде келе жатып Нұржанов тiптi Садықбековпен шешiлiп сөйлескiсi келiп кеттi. Сол ниетiн құптатқысы келетiн таянышты айналасынан iздедi. Өмiрсерiктiң күжiрейген желкесiне қарап едi, қазанның тұтқышындай қап-қара, добалдау ұсқынында селт етпейтiн мығым ұстамдылықты аңдады. Өз шоферiнiң ауыр мiнезiнен запы боп кетiп әңгiмеге тартқысы келген ниетiнен айнығандай, бiршама сазара қарап барып жүзiн бұрып әкеттi. Осы орынға құйыла салған шойындай сырт бiтiмi тым сом. «Осы ел мен туралы не деп жүр?» деп Өмiрсерiктен сұрағысы келгенмен iшкi бiр сақ сезiм ерiксiз бөгей бердi. Аудан орталығына келген соң, жұмысқа баратын райынан тез қайтып, үйiне қарай жүр дегендi нұсқады. Келсе – үйiнде баяғы Арқабек әйелiмен жүр. Елпелеңдеп алдынан шығып, қос қолын ала жүгiргенiне саусақтарының ұшын құлықсыз ғана ұсынып, төргi бөлмеге қарай оза бердi. Сара ас бөлмесiнiң есiгiнен басын қылтитып шығарып: – Мәке, балаларға соқтың ба? – деп сұрағанына да жауап қатпады. Төсекке киiмшең құлай кеткен мұның соңынан iле-шала жеткен әйелiнiң: – Не болды, бiр жерiң ауырды ма? – деп, безектегенiне де жiбiмедi. Тек телефонды

қасыма әкелiп қой дегендi ишарамен бiлдiрiп, терiс қарай аунап жатты. Береке баяны жоқ бағанағы быдың-шыдың ойдан басы зеңiп, көзiнiң тамырлары тартып, бүлкiл қаға жөнелдi. «Тұрғынбеков онсыз да жұмыстан кеткен жоқ па?» дедi кенет өзiне-өзi. «Тұрғынбеков бәрiбiр өлмейдi, мұнан босаса соған татитындай қызметтi Әнекең ертең-ақ тауып беретiнi аян. Сол Тұрғынбековтың бойынан Әнекең не көре қойды екен сонша? Өркөкiрек, кердең, керауыз емес пе?» Бiр кермек қызғаныш сияқты нәрсе өзегiн қарып өткендей кеудесi аши жөнелдi. Сондай үлкен азаматтар Тұрғынбеков сықылды ұрдажық жындыны қалайтынын түсiнсе бұйырмасын. «Маған мәселен неге қормал болмайды ол?» Бұл ойын еш әбес санамаған Нұржанов осынысынан кiшкене шiмiрiгiп қоятын сезiм қылаңытпады. «Жолбосын соқырдың ұлы қатыны екеуi бұл үйден неге шықпайды? Жұмыстары қайда?» Бiрақ мұны бiртүрлi зiлсiз ойлады. Көзi iлiнiп бара жатқанын сездi. Беймезгiл уақыттағы ұйқы болған соң ба, сәлден кейiн тұрып кетем ғой дегенмен бiр жаққа қарай асығып-аптықтыратын жан ұшырған мазаң сезiм уәйiмге ұласа ақыры жұлқынып көтерiлдi. Содан сыртқа шығып, айналаны шолды. Есiктiң алдына келген үстi ашық машинадан Арқабек әлденелердi түсiрiп жатыр, әйелi – Гүлбаһрам қыбырлап қамбада жүр. Сара төңiректен көрiнбейдi. Сырттарынан сазара қарап бөгелген Нұржанов бәрiбiр ештеңенi етене қабылдамайтын жабырқаулы күйде селтиiп тұрып-тұрып, ары жүрiп кеттi. Машинадан түсiрiлiп жатқан не зат екенiнде шаруасы жоқ құлықсыз күйi бақта ұзақ серуендедi. «Облыстық партия партия комитетiнiң бiрiншi секретары тiлемсек болғанда, өзгелерге не жорық?» – дедi бiр кезде. Келесi күнi Нұржанов ертелетiп тұрды. Бақты бiраз серуендеп қайтып, жуынып-шайынып, сақалын алып болғанша талай уақыт өтiп кеткендей тағаты таусылып, асығып бақты. Қараса – ойына ештеңе кiрiп шықпастан әйелi әлi ұйықтап жатыр. Жаны ашымас мұнша қамсыз санасыздыққа ашуы қозбайтын шарасыз халде бiраз аңырып тұрды. Тек мұның қас-қабағындағы ренiштен секем алып қоймай шалжиып жатқанына таңырқады. – Әй, түнеукүнгi ақшалар қайда, бiр-екеуiн алайын, әкелшi берi, – дедi даусын қатқыл шығарып. Басын дереу жұлып алған Сара аң-таң күйi аңқайып қарап қатты да қалды. Оны қайтпекшi едiң деп сұраудың ретiн таппағандай әйтеуiр

бiр абдыраған пiшiн. Үстiндегi үлбiреген iш көйлегi шұғыл қимылынан көлең етiп төгiлiп, жарқ етiп көрiнген ақ балтырын жасырып үлгiрдi. Әйелiнiң осындай тосын қылықтары сезiмiн қытықтап өтетiн сықылды едi, қазiр мелшиген күйi елең етпедi. «Қартаюдың алды осы шығар?» деген күдiк мұндайда көңiлiне ерiксiз келедi. Бiр қабырғаны тұтасынан алып, өңкей сiресiп тұрған ағаштардың ең түкпiрдегi суырмаларының бiрiнен сылдырлатып әуелi көп кiлт алып шықты. Содан жоғары жаққа қарай созыла түсiп, шкафтың аузын кiлтпен ашып, өзiне қарай жұлқып тартты да, белдерi көкшiл қағазбен шорт байланған он сомдықтардың екi бумасын бұған қарай лақтырып жiбердi. Алдына топ ете түскен қызылшұнақ ақша құйрық-жалдан жұрдай боп, қолға әбден үйренген көмбiс жәндiк тәрiздi момақан. «Мына көкайыл қатын қайтедi-ай, табан ақы, маңдай терiмен тапқандай тепсiнгенiн қарай гөр!» дедi iшiнен. Қайқаңдап сыртқа беттеген Сараның сырт тұлғасынан сезiлетiн тәкаппар астамшылықтан жатырқай iркiлiп, дереу телефонға жармасты. Ар жақтан Өмiрсерiктiң манаурап шыққан ұйқылы-ояу даусына қарамай «тез жет» дедi. Кешегi алакөңiл күйден гөрi бүгiн көкiрек сарайы ашылып, жүрегi де бұлқына өрекпiп соғып, тағаты таусыла шиыршық ата ширығып кетедi. «Байқадиевтың әуселесiн көрейiн, сұрағаннан ол ұялмағанда, бергеннен мен ұялмақпын ба?!» Осы кезде iшке сөлбiрейiп кiрген Өмiрсерiкке қарай тұра ұмтылып, өзiмен бiрге итере-митере сыртқа ертiп шықты. Отырған бетте-ақ: «обкомға тарт» дедi де сағатына қарады. Сегiз ендi болды, бұйыртса, тоғыз болмай-ақ жетiп барады. Мұндайда шоферiнiң сөйлемейтiнi қандай жақсы, ойы сансаққа құйқылжи жүгiрiп, шартарапты кезiп кетедi. «Әдейi сынамаққа iстеп едiм, мiне, сен кiмсiң» деп дабыра ғып жүрсе қайтпекпiн. Менен құтылудың жолын әрi оңай табады, әрi адал, әрi таза азамат ретiнде танылуына жақсы. Бiрақ өйте қоятын адамға ұқсамайды. Оған бәрiнен де ақша қажетiрек шығар? Ол әуелi мұны азырқанып жүрер?» Тұтқиылдан осы ойға тiрелгенде мазасы кете батады. «Азырқанса азырқансын, одан артық не керек» дедi. Өз ойымен өзi әлек болып отырып, обкомға жеткенiн бiр-ақ бiлдi. Тоғыз әлi бола қоймапты. Есiк көзiндегi милициямен иек қағысып өтiп, бос тұрған лифтiге қойып кеттi. Қуыршақ шашты секретарша орнынан әлi көрiнбесе де, бiрiншiнiң жұмысқа әлдеқашан келгенiне сенiмi нық. Сәл ентiгiн басып, ауыр

емен есiктi жүрексiнбестен еркiн ашып, iшке енген бойда босағада қалт тұра қалды. Көмекшiсiмен қызу әңгiмелесiп отырған Байқадиев жалт қараған уақытта сопақ кескiнiне тәуiр ой төтеннен үйiрiлгендей бозғылт өңiне қызғылт бояу молынан жүгiрiп өттi. Бұған назарын бөгеңкiреп, қарсы алдындағы серiгiне бұрылып өтiнген райда: – Мына Нұржанов жолдас ертелетiп келiп қапты. Бiр маңызды шаруасы бар-ау, шамасы. Айып етпесең, артынан бәрiн асықпай ақылдасайық, – дедi. Елпелек қаққан көмекшi мұнымен де шырай бере жылы амандасып, асығыс-үсiгiс сыртқа шығып жүре бердi. Қашан екi есiктi бiрдей жауып, бiржола қарасы батқанша орнынан тапжылмаған бұл Байқадиевке ентелеп жетiп келдi. Осы бiр тосын әрекетiн iшiнен қанша әбес санаса да, обкомның бiрiншi хатшысының ажарындағы әр құбылысты мүлт жiбермей бақылауға тырысты. Әуелi таңырқаулы сыңайда аңқая қараған Байқадиев мынаның екпiнiн тежей алмайтын әуейлiгiнен ептеп сезiк алғандай, түксиiңкi кейiпке көше қойды. Жан толқынысын жасырып қалуға шамасы келмеген бұл: – Сәке, – дегенде даусы қалтырап-дiрiлдеп шықты. Облыстық партия комитетi бiрiншi хатшысының әлпетiндегi бейiлдi шырай күрт семiп, селт етпес байыпты қалыпқа көшкенi мұны әжептәуiр тосылтып тастады. Қысыңқы қоңырқай көзiнiң ойнақшыған ұшқыны дiттей қадалып, өңменiнен өтiп барады. – Сәке, орамал тон болмайды, жол болады дегендей, азғантай нәрсе алып келiп ем, соны игiлiгiңiзге жаратыңыз. – Жанқалтасынан ақшаны қысылып-қымтырыла құты қаша асып-сасып шығарған замат қасы-көзiн керiп, абыржи қалған Байқадиев ұсқынын қапысыз байқады. Ұсына берейiн дегенде қолы қалтырап кеттi. Сол баяғы қарасынан танбаған күйi кекесiнмен ащы мырс етiп күлiп жiберген Байқадиев: – Сақал-шаштарыңа ақ кiрiп, ақсақал жасына аяқ бассаңдар да осы сендерге бар ғой, бiр ақыл кiрмей қойғанына ылғи таң бола беремiн. Қашан болса «ешкi сойған жердi түйе сойған қылып» жүресiңдер... «Мынау не деп кеттi? – деп ойлап үлгiрдi бұл. – Сендер, сендер, сонда ол кiм?» Бедiрейе қарап, ұмсынбастан отырып алған Байқадиевтың маңдайы тым аласалау бiткенiн дәл осы сәтте анық аңдады. Қоңыр қарашықтары дегбiрсiздене

ойнақшып, тоятын тiлеген ұшқын сұғанақтау жылт-жылт етедi. Соны сезген бетте көңiлi ортайып, бастапқы жан толқынысынан лезде сабасына түсiп, салқын сабырлы қалыпқа көштi. – Сәке, бәрiмiз де ер-азаматпыз ғой, алдымен аман болайық, қалғанын кейiн көре жатармыз. Бидай өңi күреңiте шымырлап, қысыңқы көзiнiң қарашықтарынан құтырынған сәуле шашырата жалмажан атып тұрған Байқадиев бұған ежiрейе төнiп, жақындап келдi. Нұржановтың жүрегi құрғыр еш қорықпайды, сөйтсе де сәл кейiн шегiншектеп, ұсынулы қолын бiрақ қайтып тартып алмады. – Әй, сен менi кiм деп тұрсың, көзiме көрiнбей қараңды батыр қазiр! – дедi қатқыл сыбырлап. – Сәке, Сәке, – дедi бұл жалынып-жалбарынғандай. Ұсқыны одан сайын сұрланып, сәл кешiксе бiр шамдағай қимылға баратындай Байқадиев денесiн оңтайлана тiктеп алды да: – Абыройың айрандай төгiлмей тұрғанда қараңды батырасың ба, батырмайсың ба?! – дедi. Секретаршасын шақыртатын тетiктi баспаққа Байқадиев ыңғай бiлдiргенде созылған қолын жиып ала қойып, ақшаны қалтасына сүңгiтiп жiбердi. Облыстық партия комитетi бiрiншi хатшысының бiрбет тастүйiн кескiнiнен селтие тұрып-тұрып барып жүре бердi. Санасына ештеңе кiрiп те шықпады. Қабылдау бөлмесiнде отырған өлi шашты әйелдiң көзiмен көзi түйiскенде, сынампаз қарастың ызғары бойына тарағандай амандасудың жоралғысын жасауға да шамасы келмедi. Лифтiге де мiнбей тепкiшекпен төмен түсiп болғанша зықысы шығып бiттi. «Мынауың барып тұрған ит екен ғой» дедi iшiнен тiстене. Есiк көзiндегi милицияға қарауға жүрегi дауаламай, құты қашқан түсiнiксiз күй кештi. Әлде бiр сырт көз өзiн бастан-аяқ бағып тұрғандай қуыстанған бойда машинаның артқы есiгiн аша-маша жанұшырып келiп, жалп етiп отыра қап бой жасыра қойды. Атқақтап соққан жүрегi аузына тығылып, ентiгiн баса алмаған қалпы: «жүр, жүр» дей бердi. Асып-саспаған Өмiрсерiк бұған бүкiл денесiмен сұраулы кейiппен алая қарады. – Ыбылжымай болсаңшы! – дедi зығырданы қайнай қатқыл сыбырлап. Қаланың бас көшелерiнiң бiрi болған соң ба, тынбай аққан машиналар сәл толас тапқанша бұрылыста

тұрған шақтың өзi мұның дегбiрiн қашырып жiбердi. Құдды бiреу қуып кеп артынан шап берiп ұстай алып, бiр жаққа қарай сүйрей жөнелетiндей көрiндi. Жаңағыдан соң Өмiрсерiк те шамдағай қимылмен бұлт берiп бұрылып, тiк төмен зымырай жөнелгенде барып саябырсыды-ау, ақыры. Амалы бiтiп, шарасы таусылғандықтың зiлмауыр салмағы шекесiн шыңылдатып, дүние түгел буалдыр тартып барады. Кешегi-бүгiнгi әңгiменi бастан-аяқ қайтадан есiне алды. Байқадиевтың қысыңқы қоңыр көзiнiң қарашықтары дегбiрсiз ойнақшып кеткенi көз алдына сол күйi келгенде тағаты қалмай, тықырши бастады. Өмiрсерiкке қайтадан керi бұрыл дей жаздап барып қалды. «Тәп-тәуiр рай берiп отырып, аяқ астынан жын ұрғандай айғайлап шыға келгенi несi?» Осындай дәрежесiнде тұрып: «қараңды батыр, жоғал» деген сөздердi есту басынан бағын тайдырып, бағасын кетiрудiң жаманатты белгiсiндей көрiнiп, қатты үрейлендi. Ақшаны ұсынғанда бұған ежiрейген жанарынан қымсынудың еш бiр ұшқынын байқамапты, ойласа. «Сонда ол неге ашуланды?» дегендi өзiне жол бойы мың мәрте қойды. Көңiлi жұмысқа баруды бiртүрлi қаламай рулдi үйге қарай бұрғызды. Сыртқы қақпа жабық тұр екен, Өмiрсерiк барып ашып, қайтадан отырғанға дейiнгi уақыт аралығында бұл ештеңе ойламаған сияқтанған. Алда-жалда орнынан түсе қалса Өмiрсерiк сықылдылар ертеңгi күнi қақпаны ашпақ тұрмақ, машиналарымен үйдiң тұсына әкелiп тастауға жарамас деген ой санасында қылаңытқан замат алқымына әлде бiр нәрсе тығылып, өн бойы тұтас дуылдап ала жөнелдi. «Әйел қайда кеттi екен?» деп кiлтпен есiктi ашып, бiрден ас бөлмесiне кiрдi. Соңынан үн-түнсiз iлескен Өмiрсерiкке бiр пәс назарын тастап, құлықсыздау кейiппен: – Телефонды алып келшi берi, – дедi ақырын. Өмiрсерiктiң қолапайсыздау ұсынған телефонды алдына алып, керектi сандарды терiп, секретарша қыз ар жақтан «алло» деп майыса үн қатқанда –ақ: – Мен Нұржановпын, ауырып жатырмын, сұрағандарға солай айт, – дедi де трубканы ендi керегi жоқ заттай ұясына тастап кеп жiбердi. Содан бiр нүктеге сазара қадалып отырды да қойды. Бiртүрлi елегiзiп кетiп басын көтерсе – өзiне бақырая қарап солбырайған кейiппен тұрған Өмiрсерiктi көрдi. Ең әуелi: «бұл екеш бұған дейiн бiрдеңенi сезетiн шығар?» деген ой келдi. Шоферiнiң олпы-солпы түйсiксiздеу қалпында ендi не iстемек керек дейтiн алаң жатқан сияқты.

«Жұрттың шоферларының таңдайларынан тақылдап шаң шығады. Мына бейшараның мақаудан қай жерi iлгерi?» дедi кенет. Сөйтсе де: – Өмiрсерiк, андағыдай тұрма, қолыңды сабындап жу да, шай қой, тоңазытқышта не бар бәрiн әкел, оразамызды ашайық, – дедi. Осы кезде сырттан Сара кiрдi. Ас бөлмесiнде беймезгiл уақытта отырған мұның ұсқынынан тiксiне бағжиып, абдырай қараған әйелiнiң күтiмдi ақсары ажарына назарын бұл да ұзақ iрiктi. Қасы қолмен сызғандай түп-түзу, жып-жинақы. Опаланған бетi аппақ. Ернi шиедей қып-қызыл. Көзiнiң айналасына қалыңырақ жағылған қара бояудан қос шырағы мөлдiреп, қанша әдемi көрiнсе де еш етенелiгi жоқтай iшiнен жатырқап жабырқайтын секiлдi. – Бұларың не, ана бөлмеге бара тұрыңдар, қазiр мен тамақ әзiрлеп жiберейiн, – дедi. Қамсыз-мұңсыз сыңғырлаған жiңiшке үнiнен күйеуiнiң мынадай қалпынан сезiк алып, шошынудың жұрнағы бiлiнбейтiн тәрiздi. Орнынан шұғыл серпiле тұрып, келесi бөлмеге қарай беттегенде де жаңағы бiр жатырқаушылықтан арыла алмады. «Байқадиев не iстеп жатыр екен?» дедi кенет. «Силаев сияқты нөкерлерiн шақырып алып, түгiн қалдырмай әңгiме қып, Нұржановтың көзiн құрту керек деген шешiм қабылдап қойған шығар?» Көлеңкесiндей iлесiп қасынан қалмаған Өмiрсерiктi де, ана жақта ас қамдап жүрген әйелiн де есiнен тарс шығарып жiберiп, терең ойға бата түстi. «Мен егер Байқадиевтың орнында болсам не iстер едiм?» дедi өзiне-өзi. Дегбiрсiзденiп кетiп ары-берi жүре бастады. Мұндай тосын әрекеттi мелшиiп отырған шоферi тiптi елең қылар емес. «Қандай басшы шу болғанды жақсы көрсiн. Екi мың сом жолда жатқан жоқ. Демек, ол менi тағы күтедi. Бiрақ сонша түлен түрткендей болғаны несi?» Бұдан былайғы өмiрiнiң қалай болатынына алаңдап, тынышы қаша тықыршыды. Сара тамақты түрлендiрiп әкелгенше бiрталай уақыт өттi. Жүрегi қарайып, асқазаны сазғандықтан емес, бiрдеңенi қаужаңдаса соның өзi дәтке қуат берiп, жайсыз сезiмдер кiшкене ұмыт бола ма екен деген әшейiн бiр далбаса үмiт. Тоңазыған қазы-қарта, көз жауын алатын түрлi көгенiстер, қымбат-қымбат конфет, рет-тәртiбiмен тiзiлiп қойылған шанышқы-пышақ, жаудыраған әдемi тарелкалар мұның көзiне оттай басылып, осы өмiрiнiң қадiр-қасиетiн ерiксiз сездiрiп өтетiн сықылды. Обкомның идеология жөнiндегi хатшысы бiрде телефон соғып, бiр топ ақын-жазушыларды

жақсылап күтiп, аттандырып салуға бас-көз болуды өтiнген соң әуелi оларды өзi қабылдады. Ауданның хал-ахуалын асықпай әңгiмелей бастаған. Байқаса – бәрi құлықсыздау. Күн ыстық болатын. Тершiген беттерiн қайта-қайта желпiседi. Әлегi шыққан тiптi бiреуi етжеңдi денесiмен тыныш таппай ары-берi қозғалақтап, көкейiндегiсiн iрiкпей ақыры айтып салды. – Мәке, әңгiме қайда қашар дейсiз. Күннiң жанып тұрғаны мынау. Кешкi салқында кеңiнен толғаймыз ғой, құдай амандығын берсе. Мұндай ыстықта қымыз басты ауыртып, маужыратып, ұйқыны келтiредi. Тобылғы торы сыраның бiр саптыаяғын толтырып тұрып сiмiрiп алса ғой, шiркiн. «Әй, қой, мұның ұят болады, сәл шыдай тұр» деместен өзгелер үн-түнсiз қалысты. Алыстан кiсi келгенде алдын ала шақырылатын Қауызовты сынаған сыңайда көз қиығын тастап едi, ол алдыртайын ба деген сұраулы кейiппен ұмсынып-ұмсынып қойып отыр екен. Бұл иек қаққандаақ сыртқа атып жөнелдi. Көп ұзамай қарадомалақ сатушы жiгiт бiр тегене сыраны iлпiлдетiп әкелiп алдарына қойды да, өздерiнiң ыдыстарына құйып, үлестiре бастады. Шөлдерi қанып, кепкен көндерi жiбiп, көшелi әңгiмеге қарай ойысатын ыңғайларын танытқанда Нұржанов оларды ресторанға қарай бастап алып жүрдi. Дастарқанда құстың сүтiнен басқасының бәрi бар екен. «Мiне, нағыз натюрморт» деп едi сонда әлгi еңсегей қара. Сол натюрморт жадында жатталып қалғандықтан ба, қазiр Сараның дастарқан мәзiрiндегi күнделiктi натюрмортқа, ана мөлдiреген алма-жүзiмге, жаңғақ, өрiк, мейiзге, дөңгелектеп кесiлiп бiр ыңғайда қойылған қазы-қарта, шұжық, ет, тұздалған қызанақ, қияр, капустаға жұтына қарағанымен осының бәрi әшейiн көз үшiн тұрған сияқтанып көрiнiп кеттi. Жүзiмнiң бiр талынан ауыз тидi. Тәттi де қышқылтым шырыны аузын үйiрiп өткенiмен қолқасын запыранды нәрсе қауып, жүрегiн айныта бердi. Сондағы кабинетiне талтаңдап көтерiп әкелген бiр тегене қоңыр қошқыл түстi iркiлдеген сыраның шымырлай быжынап, шайқатылып төгiле жаздағанына дейiн көз алдына келдi. Еңсегей қараторы жазушы шiлденiң ыстығына қарамай, коньяктың үш-төрт рюмкесiн қағып салғаннан кейiн серiктерiне дестiк бермей, мастанып, мақтана бастады. Арақтың буы мен күннiң ыстығы екеуi қосылған соң оңдыра ма, миы ашып кеткендей көзi тұманыта

бұлдырап, басын шайқап-шайқап қойғанда аңқау әлпетiне алаңғасарлық молынан үйiрiлдi. – Мен қазақтың маңдайына бұрын-соңды бiтiп көрмеген жазушымын, – дедi де шiмiрiкпестен бедiрейiп отыра бердi. «Мынаның қасында жынды Ұябай имантаразы екен ғой» деп ойлап үлгергенше кемиектеу жасамыс жiгiт өзiнен жасы әлдеқайда үлкен еңсегей қараға ежiрейе төнiп түстi. – Әрбiр халтурщик өзiн олай деп ойлай беретiн болса әдебиетiмiздiң көсегесi көгередi екен. Қараторы жазушы төбесiнен оңбай соққы тиген жанша көзiн алайта қадап, көкейiне кiрген тұтқиыл сезiк дереу басына шауып, санасы шатаса ауырлаған сыңайда аңыра iркiлiп барып: – Бiрiншi хатшының билiгi қандай болатынын көрдiң ғой, жаңа. Егер тыныш отырмасаң, осы жақтан кеткенiңше екi көзiңдi КПЗ-да мөлитемiн тура, айтпады деме! – дедi. Кемиек те жайдан-жай отыра қоймады. Аға әрiптесiне қарай екi қолын сермелей тырбанып, ұмтылып бақты. Аудан жiгiттерi мен сау отырған жазушылар екеуiнiң арасына арашаға түсiп, төбелес шығартпады әйтеуiр. Ешқайсысына қайыр-қош айтпастан Нұржанов сыртқа қарай жүре бердi. Аудандық партия комитетiнiң үйiне бет алып келе жатқанда кемиектiң ышқынып шыққан даусы еркiн естiлiп тұрды. – Сенiң бiрiншi хатшың қазақ халқының алдында мәңгiге күнәһар болып қалғысы келсе КПЗ-ға қаматсын менi! Кекесiнмен мырс етiп күлiп жiберген Нұржанов: «Өйдөйт, шiркiндер-ай!» дедi. Сол бiр жағдайды қазiр есiне алып отырып Нұржановтың жүрегi бiртүрлi шымылдап кеттi. Өздерiнше қарқарадай зор боп тепсiнiп, тегеурiнiн танытқан сол жазғандардың ашуызасы қауһарсыз, зияны жоқ екен ғой, ойласа. «Залалсыз адамдарға да ренжимiз-ау» дедi осы бетiнде. Бiр-екi шыныдан арыға зауқы соқпай кесесiн төңкерiп салып, орнынан тұрып жүре бердi. Өзiне таңырқай қарап, бағжия бөгелген әйелiне де назарын бұрмады. Сыртқа шыққан соң: «Ендi не iстегенiм жөн?» дедi өзiне-өзi. «Мұндайда ақыл қосатын адамның ыңғайы жоқ екен-ау. Сара: «бiр жамағайынымыз бар, әйелi татарка, үлкен кiсiнiң үйiмен тiкелей араласады» деп соғушы едi. Бағана Байқадиевтан шыққан бетте соларға кiрiп, бiр ауыз айтуға бел буып, бекiнгенмен былай шыға бере жүрегi дауаламады. Мұның бұлай ұзап ұйқысын қашырып, берекесiн алғанша не бүк, не шiк боп

бiржола бiткенi дұрыс. «Әлгi Жолбосын соқырдың ұлы осы төңiректе жүрушi едi, жер жұтып кеткен бе, қайда?» дедi бiр кезде өзiне-өзi. Еңсегей келген қараторы жазушы сондағы балағаттасқан кемиекке «iбiлiс» деп едi. Онысы не бәле болды екен? Жымысқы жанардың төрт бұрышты тiк қарашығы лезде қылдырықтай жiңiшкерiп, қайта ұлғайған мезет жасыл жалқын ұшқын адам нобайына жуыспай мысықбеттенген репет көз алдына қорқынышты елестедi. Әлгiнiң «iбiлiсi» бәлкiм сол шығар? Ойы он, санасы қырық саққа жүгiрiп, береке баяны жоқ хал кешiп тұрғанда үйден ентелеп шыққан Сара: – Миятбек, сенi телефонға шақырып жатыр, – дедi. «Ол кiм?» деп сұрамастан, тұра жүгiрген бұл қас пен көздiң арасында Байқадиевтың өзiне я көмекшiсiне жорығанда жүрегi лүпiлдеп соғып, сәл болса сыртқа ытқып шығып кететiндей аузына келiп тығыла бередi. Ентiккен бойда трубкаға жармасып, дыбысын бiлдiргенде ар жақтан көмекшiнiң ашық қоңыр даусын жазбай таныды. – Жүгiрiп келгенсiз бе, ентiгiп тұрсыз ғой. – Оның не бұйымтаймен телефон шалғанын бiлгiсi келiп тағаты таусыла «иә, иә» дей бердi. – Мәке, – дедi анау аса маңызды бiр құпия шаруа айтатын кiсiше даусын бәсең шығарып: – Обкомның резиденциясын бiлетiн бе едiңiз? – Ерлан-ау, обкомның көп нәрсесiн бiлмеймiз ғой, бiз. Көмекшi сылқ-сылқ күлiп: – Мәке, вы оказывается человек с юмором, – дедi. Қызмет бабының барысы арқылы қалыптасқан түйсiк бойынша бұлардың екеуара мұны сөз етiп, күлкi қылғанын «Мәке, вы оказывается человек с юмором» дегенiнен-ақ бiле қойды. Өзiн мұншалықты дәрежеге дейiн қомсынғандарына әуелi Нұржанов қорынып, намыстанбады да. Күнi бойы осы бiр жағдайға бола уәйiм жеп, ақылынан адасып, осынша азап шеккенiне кенет қатты налыды. «Бұлардың әуселесi белгiлi болып тұрып, соншалықты қорыққан жазған басым-ай» дедi ақыры күйiнiп кетiп. Мұның ұсқыны қатты бұзылғанынан секем ала селтиiп тұрып қалған әйелiне, дастарқан басында тапжылмай отырған Өмiрсерiкке бiр-бiр назарын тоқтатып, ары-берi жүре бастады. Байқадиев, Байқадиев мұны сонда ойыншық көргенi ме? – Миятбек-ау, не болды, аманшылық па? – деген Сараның жүрексiне шыққан жiңiшке даусы да бiр жағынан құлағына жайсыз, қатқыл естiледi. Дереу Өмiрсерiкке: – Жинал, бол кеттiк! – дедi.

Д абырласа даурыққан жiгiттер бiр-бiр темекiнi ауыздарына қыстырып, көк түтiндi үстi-үстiне будақтата бастады. Көзiнiң қиығын оларға құлықсыздау тастаған кезде әрекет-қылықтарының осынша жай-дақтығына iшiнен таң болып қойды. Сонда да құлақ түрiп көрiп едi, әңгiмелерi: «Сара Абрамға келiп, Авгам» – дедiге саяды екен. Сара деген есiм етене естiлгенiмен Нұржанов өзiнiң Аврам еместiгiне көзi жетiп-ақ тұр. Бұлардың Сарасының да, Абрамының да бiр адамнан жетiп-артылатын қулық-сұмдығына қарамай, соншама күлкiге ұшырап, сайқымазақ болатынына қайран. Осы жасына дейiн Абрам мен Сара тәрiздi жарым ес, шала ми келесауларды кезiктiрсе бар ма, бұл мұрнын кесiп беруге даяр. «Сара Абрамға келiп: Авгам» дегенiн аяғына дейiн тыңдамай қапты. Қарқылдаған дарақы күлкi тамбур iшiн кернеп: «ну Сага дает» дедi бiреуi. Парықсыз күлкiнiң тығыны тағы ағытылғанда сыртқа ерiксiз телмiрдi. Дүние шыр көбелек айналып, табан астында сырғып жүре беретiн сияқтанады. Тұттай жалаңаш тақыр тiршiлiкте көкiрекке ұялатар жылылық жоқтығына налы, налыма, өзiн әйтеуiр жаңағы оңбай күлкi болып жатқан Абрам мен Сара емес екендiгiн шүкiршiлiк етер ниетi қылтиып бой көрсететiн тәрiздi. «Мына сұрымызбен бүгiн Алматыға жетер ме екенбiз?» дедi iшiнен тағаты таусылып кетiп. Алып-ұшқан көңiлi алабұртып барып басылды. Iш дүниесiн қызыл жел үрлеп өткендей көкiрегi қызынып, дымқыл тартқан көзiнiң ылғалы бiразға дейiн сезiлiп тұрды. Мейірiмсiз меңiреу тiршiлiк суретiнен жалығып, мына шуылдақтардың әңгiмелерiне амалсыз құлақ түрдi. Әуежайға такси жалдап келген бiр чукча есептегiшке қарап екi сом елу тиынды көредi де, сен қу менi алдап тұрсың деп анаған жиырма бес сом берiптi. Қыран-топан күлкiге және де кезек тидi. Жырқ-жырқ етiп жорықсыз жыртыңдаған бозбалалардың кескiн-кейiптерiндегi жаны семiз алаңсыз ұсқындарына қанша зер салмайын десе де, аңқау алаңғасарлықты сонша мазақ қылғандарына қитығып, бiр-екi мәрте ұрынбаққа оқталды. Бiрақ одан қандай абырой таппақ? Бiрыңғай қысқа бастырылып, тек желке шаштары күркетауықтың ұзарып кеткен құйрығындай бұлардың бастары жұмыртқа тәрiзденiп бiртүрлi сопайып көрiнедi. Көкiректерiне ерекше жуандатқыш тетiк қосып қойғандай дауыстарына дейiн барылдап сүйкiмсiз шығады. Ал сыртқы дүние баяғыша бұйығы, сырмiнез сипаттан ада.

Тек тұсынан арындап пойыз өте бастаған сәтте аумақтың көз жетер шаршысына дейiн дүр сiлкiнiп оянып, жалт-жұлт еткен сағым үйiрiлiп-төңкерiлiп бiртiндеп алыстап барады. Жалғанның өткiншiлiгiн жаны күйзеле қабылдайтын дәйексiз сезiм жүрегiн шымылдата сыздатып жiбередi. Жұмысқа таңертеңгiсiн бара жатқан бетiнде ылғи орыс шiркеуiнiң алдынан өтедi. Төңiрегiне тас төселiнген алаңқай ашық тұстан ыңғай ұшырататын кемпiр кенет ойына сап ете түстi. Адамдардың бiр-бiр нан алып уата шашып жататынына тiптi етi үйренiп кеткен едi. Көгершiн деп әспеттейтiн құсты осы арадан суқаны сүймей қалып жүр. Шырқ айнала топырлаған қомағай немелер жыпыр-жыпыр етiп бiрiнен бiрi өте секеңдеп, жан ұшыра ынсапсыз ұмтылған үстiне – тас төселген тұтас шаршы алаң бетi кешегiден қалған нанның қоқымы. Осылардың жойдасыз саңғытқан нәжiсi сол нанмен араласа миласып жатыр. Басып жүре беруге дәтi бармай амалсыз айналып өтетiн. Кенет шаруа дорбаға қол салып кеп жiберiп, уыстап ап жемдi құлаштап-құлаштап шашқан қартаң әйелдiң ересен шалықты қимылынан ерiксiз қалт тоқтады. Шiркеудiң шошақ төбесiндегi шарайнадай жалтылдаған жездi шеңберлерге, сорайып-сорайып шыққан крестерге әлсiн әлi қарап қойып: – Мать, ты меня слушаешь?! – дейдi. Дөңгелек жүзi төтенше жан тебiренiсiнен алабұртып тұрған тәрiздi. Тағдырдың қатал талқысынан соң айықпас дерттiң салқын табы ұйып қалған кескiнiне сейiлместен қолын маңдайына, екi иығына алма-кезек апарып, үздiксiз шоқынуға көштi. Содан саңқылдап сөйлей жөнелдi. Бүкiл ынты-шынтысымен берiлiп, ара-арасында: «А, мать!» деп, жанжүрегiмен жан тарта тiл қатқандағы сұрапыл толқынысы бұрқ етiп өңiне шыққан қызыл бояудан анық сезiледi. Дауыс әуенiнен киелiлiкке тәу етудiң әсерiн сезiнген заматта құмырысқа жүргендей жон арқасы жыбырлап өттi. Екпiндеп қайтадан сөйлей бастағанда бiр сөзiн де түсiне алмады. Ақыл-есiнен сәл шатасқан әйел дәл осы сәтте өзiн алыс жақтан арыпашып жетiп, жүректегi мұңын армансыз ақтарып жатқандай әсерге бөленетiн сыңайлы. Адамдар абыр-сабыр боп арыберi өтiп жатыр. Кейбiреулер таңырқаған ыңғайда жаймен бұрылып қарайды. Дәуренi жүрiп тұрған кезде мұндайға назарын салар ма едi, салмас па едi? Қас пен көздiң арасында тұқырып, бейшара халiнен көңiлi пәсейiп, мұз қарығандай

iш дүниесi суына қалтырап тұрғанда – шiркеу жаққа екi бүктелiп тағзым ете иiлген қартаң әйел артқа қарай бiртiндеп шегiнiп барады екен. Екi қолын төсiне қойып, қайта-қайта тағзым етедi. Шалықтаған кәдiкшалыс мiнез иесiне ұқсамай мұнша көмпiс кiшiк ыңғай төңiрегiндегi адамдардың бүкiл астам тәкаппар ниетiнен кешiрiм өтiнген iзгiлiкке көбiрек келетiндей. Шуылдақ бiткен онсыз да тар тамбурдың iшiн көкала түтiн қып жөндерiне кеттi. Қолқасын қапқан темекi исi мен қайдағы бiр көмiрдiң ысы, жақын арадағы дәретханадан келетiн мүңкiген леп жүрегiн айнытады. Сiркесi су көтермей тұрғанда ар жақтан қарадомалақ зоотехник шыға келдi. Таң-тамаша болған сыңайда кiрлеген мәйкiсiнiң иық бауын қайта-қайта түзегiштеп, бұған аңтарыла қарап барып, кеңкiлдеп күлiп жiбердi. – Туысқан-ау, бұл жерде жападан-жалғыз не ғып тұрсың? Оған безере қарағанымен ләм деп жауап қатпай қойды. Анау мұның суық әлпетiнен сәл тосылғандай көзiн бiр сүзiп өтiп, қозықарнын аялай сипалаған күйi келесi жақтың терезесiнен сыртқа бiраз телмiрiп тұрды. Сол араға барғанға дейiнгi тыртыңдаған жүрiсi жынын қоздыра қабағын шытынды. Қаражолақ мәйке, шертиген қарын, бұлтиып шығып кеткен әйелдердiкiндей құйрық, сөйтсе де кiшкене бiр қымсынып қоюды бiлмейтiн со бойы тоқ нышан. Тамбур терезесiнде тағы қолайсыздау талтайған қалпы: – Мұнша жердi жайлай бергенде қазақ не ұтам деп ойлады екен? – дедi. Осы бiр сөз жерге, елге қатысы жоқ, тым жатбауыр шыққандай көрiндi ме, Нұржановтың әуелi ойсанасы көмескi тартып, шымырлап ұйыған бiр жақ шекесi қараңғылана үңiрейiп бара жатты. Кенет ток ұрғандай тамырлары дызылдап ала жөнелiп, найзағайдай жалт еткен әлдене жасын тәрiздi сұлап түскен сәт дүние жап-жарық боп кеттi. «Өңкей опасыздардың арасында көресең қалай болар екен, балам-ай?!» Тынымсыз тарс-тұрс соққан жүрегi көтерiлiп-басылып, ыстық жалынның лебi көкiрегiн шарпып өткендей тұтас қызынып барады. Мұның қасына қарадомалақ зоотехник келiп әлденелердi айтқанымен сазарған жүзiнен секем ап жәутеңдесе де ойындағысын аяғына дейiн iрiкпейтiн дағдысы ма, тынбай сампылдап сөйлеп тұр.

– Жердiң бәрiн химиялап құртып алып, тағы астық сұрайтындарын айтам-ау! Бұл сөз өзiне бағышталған, бағышталмағанын айырып ойлауға мұршасы келмей, шекесi үздiксiз шыңылдап, сiлейген қалпынан танбады. «Өңкей опасыздардың арасында көресең қалай болар екен, балам-ай?!» Талықсып жатып шешесiнiң үзiп-жұлып әрең айтқан осы сөздерiнiң мағынасы миына анық жетiп, соншалықты жұмбақ боп көрiнетiн дүниенiң түйiнiн сол кезде-ақ шешiп кеткенiн ендi түсiндi. Өкiнiштiң уыты кеудесiн аяусыз тызылдатып өттi. Ойлап қарап тұрса, өңкей опасыздардың iшiне жазған шешесi мұны да қосқан екен-ау. Аурумен түн баласы қарақан басы арпалысып, жалғыздықтың қапасында жапа шеккен соң барып айтқан сөзi болып шықты-ау, жарықтықтың. Келiнбаладан опа жоқ, содан соң Байсеркенi қайтiп iздемесiн. «Әй, қарағым, бақытың ашылып, өмiр жасың ұзақ болсын!» деп айдаладағы медбикеге ақ батасын бергенiнiң мәнiсiн не ғып түсiнбедi екен кезiнде? «Құдайдан Сараның да үмiтi бар-ау» дедi кенет тiстенiп. Жұдырықтай бiр нәрсе көкiрегiн от боп қарып түсетiндей өңеш-өзегi ысынып, басы әңгiтәңгi болып барады. Жұдырықтай жаңағы бiр нәрсе ендi жанды жараға айналып, өзiнен улы сөлiн шығаратындай бүкiл санасы кермек татып, аяусыз аши бастады. Жан толқынысының сұрапыл күшi екi көзiне түскендей суырып тартып, зар қақсап ауырғанын да елеместен тұра бердi. Басынан қанша зобалаң өтiп, досқа күлкi, дұшпанға таба болған осы халiнде жүрiп анасының сондағы сөзiн жадына бiр алып қоймаған жетесiздiгiне қайран қалды. Мөлдiреген тұнық тұмба тәрiздi елес есiле жөнелгендей көрiнгенде, соңғы кездегi ой-сезiмiне лайықсыздау, кiнәратсыз тазалық көңiлiн аяқ астынан желпiп өткендей болды. Үлбiреген шiлтерлi перденiң ар жағынан тым алыста, өзiнен көз алмай қадалып тұрған шешесiнiң назарымен ұшырасып қалғандай сезiндi. Еркiнен тыс ұмтылып та қалды сол замат. Жым-жылас ғайып боп кеттi. Бұрын да ұшыратқан бiр таныс елес сияқтанды. Дүниедегi ең аяулы адамнан қас қағым сәтте айрылып қалғанына налып, ызалана бастады. Күрт суынған көңiлi қатын, бала-шаға, ел-жұрт, туғантуысқаннан жатырқап, дұшпандығы жiбiместей қатайып барады.

О блыстық партия комитетi резиденциясының ауласы ат шаптырым. Сырты ұлу тастармен қапталған екi қабатты әдемi, еңселi үйдiң алды шағын гүлзар. Майысқан ақ балтырлы қайыңдар, ыздиған көгiлдiр шыршалар сән-салтанатын бұзбай, қалың нуға жалғасып кетедi де, қойнауына ене түскен адамдарды қақ жарыла жамырап қарсы алады. Мына үйдiң кiре берiсiндегi шап-шағын есiгiне дейiн кiсiнi жатырқатпайтын жылылық бардай. Босаға жақтағы кiшкене бөлмедегi жасамыс әйелдiң сызылған отырысы ғана бұл жердiң қоғамдық орын екенiн еске салып өтетiн сияқты. Тұс-тұста екi ашпалы жалпақ-жалпақ, сұсты есiктер қонақжай меймандостықтан гөрi сырт кiсiнi өзiнiң қоңырқай қатқыл түсiмен сескентiп, тосырқатады. Ортада кiсi бойындай, кiсi бойындай қыдиған креслолар. Журнал үстелiнiң бедер-өрнектерi мына үйдiң бақуаттылығын паш етiп тұрғандай. Мұның жоғары жаққа қарай озуға батылы бармай, iркiле бергенiн сезген әйел: – Екiншi қабатқа қарай көтерiле берiңiз, – дедi. Тепкiшегiне дейiн мың бұралтып, әлденеше орам ғып жасағандықтан ба, екiншi қабат тым ұзарып кеткендей. Жан жүйесiн бiр толқынды сезiм болымсыз қалтыратып өткенiмен елең қылмастан iшке батыл басып кiрдi. Кең бөлменiң қақ ортасында тұрған ұзын үстелдiң төрiне таяу жайғасқан ақ шашты, жүзi қарақошқыл кiсi бейуақытта келген мұны жақтырмағандай көзiн сүзiп өтiп, Байқадиевқа ықыласын қайта аударды. Бұған қырын қарап қойып әңгiмесiн одан әрi жалғастыра берген облыстық партия комитетi бiрiншi хатшысының қас-қабағы салыңқы екенiн аңдады. Жасы жерортадан асқан ақ шашты кiсiнiң бетi қапқара да жып-жылтыр, ары-берi қозғалақтаған мөлдiреген қарашықтары дегбiр таппай ойнақши беретiнiне бiршама көз алмай қадалды. Байқадиев бұған ұзақ тесiлiп барып: – Тәке, бұл жiгiт жаңағы айтқан Нұржанов деген iнiңiз, менен гөрi сiзге бiр табан жақынырақ, – дедi. Басын кегжең еткiзе жұлып алып, одырая қараған ол бiрiншi хатшының резиденциясында отырмын-ау, ыңғайсыз шығар деген сезiк ойына кiрiп те шықпайтын сықылды. – Сайынжан-ау, бiз жеке-жеке жортатын бөрiмiз ғой. Бұның егер менiң iнiм екенi рас болатын болса бiр арандамай қоймас. – Даусы май iшкендей қарлығыңқы. Көрнеу қолбалаға ұқсатып, «бұның» деп екiұшты ғып сiлтегенi

көңiлiне бiрден дық ете түстi. Сөйтсе де сыр бермей, түнере түксиiп тұра бердi. Мұндай кейiптен сескенген ыңғайда Байқадиевтан қорғаныш iздегендей жорта пұшаймандана қалған ол: – Сайынжан-ау, ұсқыны суық неме екен, бас салып сабайтындардың сортынан емес пе мынауың, – деп, өз сөзiне разы болғандай екi тiзесiн қойғыштап, қарқылдап күлiп жiбердi де, дереу сап тынды. Бұл қанша намыстанып, қорынса да әйтеуiр иi жұмсақ кетәрi емес ниеттi аңдап, қайткен күнде көнтерлiкпен көтеру керектiгiн iшiнен бiр түйiп қойды. Бұдан жүзiн тайдырмай бiраз сазара бөгелген Байқадиев ақ шашты серiгiне көзiнiң қиығын тастағанда-ақ аясынан жылт ете түскен ойнақы да қунақ ұшқынды байқап қалт тынды. – Мiне, Тәке, бұл жiгiт iнiңiз болады. Әнекең секiлдi үлкен деятел ағамыздың қойып кеткен азаматы. Көрсеткiшi биыл бiрақ болыңқырамай тұр, оны несiне жасырамыз. Бұл сабаздың одан қысылатын түрi жоқ. Бүгiн бiр нәрсенi бүлдiрiп ала жаздады. Соған қарағанда Тәке, iнiңiз масқара бүлдiргiш пе деп қалдым. Ақ шашты бейтаныс адамның қарақошқыл кескiнi күп-күрең боп шымырлап, бiртүрлi сағы сынған момақан қалыпқа көштi де, көзiн бұған бiр пәс алайта қадады. – Жiгiтiм, оның дұрыс емес. Қазiргi заманда қараптанқарап тұрып сөзге iлiгiп кету оп-оңай. – Ақ шашты сөзiн кiлт доғарып, Байқадиевке одырая қарағанмен келбетiнен өзiмсiнген райы анық сезiледi. – Сайынжан, Әнекеңдi қанша дабырайтып мақтағанымызбен ескi уровеньде қалған кiсi ғой, ол. Бұл айтқаным осы жерде қалсын. Мына сияқты жiгiттерге әйтпесе, дұрыстап тәрбие бермей ме. Байқадиевтың жанына тап осы сықылды сөздер майдай жағатын сыңайлы. Бетiнiң шығыңқы екi ұшы күлiмсiреген сәт одан бетер шодырайып, нәзiк сезiмталдықтан алыстаған пошымы түйсiксiз көрiнiп, тартымдылығынан айрылып қалатынын аяқ астынан аңдады. Әкiмдiк мысасына мiнiп, ыздиып ызбарлана қалғаны болмаса, бiтiңкi жанары бәрiбiр көзiн жаңадан тырналап ашқан су мақұлығынан бiр мезет айнымай, ақ шаштыға иек қаққанда ғана анау-мынау емес обкомның бiрiншi хатшысы екенi еске түседi. – Мына кiсi Қазақстандағы ең мықты экономист Тасыбек деген академик ағаң. – Тәке, – дедi кенет осы қазiр ғана таныстырудың жоралғысын жасағанның өзiн бұлдағандай

ыңырана шалқайып, – Сiз жаңа Әнекеңдi кiнәлап отырсыз. Ал бұлар тәрбиеге көнбейдi. Не айтқаныңа түсiнбейдi, не берген нұсқауыңды аяғына дейiн орындамайды. Ұрыссаң тағы ренжидi. Мысалы мынау, анау Жалмұқан деген бар, екеуi осы жерге өмiрде аттап басқан емес. Ал қалған қуларды шақырмасаң да осы арадан шықпайды. Сонда мен оларға айтты деп ойлайсыз ба, жоқ. Iшiңдегiңдi олар айтқызбай бiледi. Мiне, сонысын базына ғып шетжағалата жеткiзiп көрсем, бұл менен ақша сұраған екен деп бумабумасын жұмысқа әкелiп тұр. Тәке, басқа ауылдың адамы болғанда тура бар ма, ұстатып жiберетiн едiм. Қойшы, елден ұят шығар, өздi-өзiмен қырқысып жатыр деген сөзге қалармыз деп ойладым. Ең болмаса, сiздей үлкен ағамен көзбе көз отырғызып, айыбын бетiне аямай басайын деген ой ғой, менiкi баяғы. – Мұның – көргенсiздiк, – дедi академик. Өзiне зор күш түскендей өңi қан қызыл күреңденiп, алақ-жұлақ етiп жан-жағына қаранды. Нұржанов мiзбақпастан мелшиiп отырды да қойды. Мұншалықты қорлауға адамның көндiгетiнiн ерiксiз ойлады. Еденге төселген мамық кiлем, қарқарадай-қарқарадай арқалықтары едiрейiңкi орындықтар, ортаға жайылған кiршiксiз аппақ дастарқан, мөлдiреген тұнық ыдыстар, мұны тiлдеп, күстәналауға көшкен екеуiнiң қарабайыр порымдары ғана осынау баршылыққа сәйкеспейтiн тым жадағай. Ақ сақалды, ақ шашты академик басымен Байқадиевтың ығына жығылып, ыңғайынан шықпаған күйi тағы бiр әңгiменiң ұштығын шығарып қойды. – Сайынжан-ау, бiз қартая бастадық. Демография ғылымының тiлiмен айтқанда бiз бар ма, өз пирамидамызға жақындап қалдық-ау. Сондықтан да iнiшектердi айдалада жүрiп қара тұтып, таяныш көремiз. Жаңағыдай балалықшалалық дегендерiңдi шамаң келгенше кешiрiп қойғаның дұрыс. «Қолдан келсе жақсылық жасаған жақсы, бiреуiнен болмаса бiреуiнен қайтады» дейтiн баяғының кiсiлерi. – Екi жаққа бiрдей қаранып алып, сөзiн аяқтаған академик екi тiзесiн және түйгiштеп қойды. Түсiн бермей тымырайып алған Байқадиев бұл тұрған жаққа көзiнiң қиығын немкеттiлеу тастады. Бiр орыннан тапжылмай сiлейе қатып қалған мұның мына қалпына көңiлi толмағандай қабағын шытынды.

– Тәке, сiз бiр жақсы көретiн ағам болған соң мұны бiр жолға кешiрейiн. Ауданының көрсеткiшi оңып тұрмағанын айттым жаңа. Бос белбеу болмай тартылып, қатарға қосылуға тырыссын. Бұлардың нысанаға бiрден тигiзбей алыстан сермей орағытқан әңгiмелерiнiң түйiнi неге әкелiп соғатынын кенет Нұржанов тағатсыздана күте бастады. Осында келгелi бергi бiр-ақ ауыз естiген тосын сөзi «пирамида». Сол көкейiне жатталып қалыпты. Осы кезде үстерiне кiрген жас әйел ақырын ғана амандасып, дастарқанды қамдастыруға кiрiстi. Күн-қағар тәрiздендiрiп тiккен ақ қалпақша да, белбеуiн шашақтандыра сәндеп тартып алған алжапқышы да кiршiксiз аппақ. Сүп-сүйкiмдi, ып-ықшам жас әйел әрбiр қимылы сайын тағзым еткендей сәл бүгiлiп қойып, еңгезердей еңселi тоңазытқыштан түрлi-түрлi тағамдарды рет-ретiмен ала бастады. Қасық-шанышқы, пышақ, тарелка бәрiн әркiмнiң алдына бiр-бiрден тiздi. Содан буаз бөтелкелi елшiлiк арақты ортаға әкелiп жайғастырды. Екеуiнен шеткерiрек отырған Нұржановқа бұл үйде бiр нәрсе ерекше таңсық. Сыртының бәрi жылтыр плиталармен қапталып, әдiптелген анау камин. «Бұған өзi от жақпай ма, түтiннiң табы бiлiнбейдi ғой» деп ойлады. Байқадиев осы үйдiң қожасы тiкелей өзi екенiн бiлдiре бұған арақты құйып шық деген ым қақты. Мұның қимылын көз алмай баққан бiрiншi: – Тәке, көңiлiме сыймай кеткен соң шақыртқаныма үлкен басыңызды кiшiртiп жетiп келiпсiз, рахмет. Мынаны амандық үшiн алып қоялық, – дедi. Көзiн байыпсыздау алақ-жұлақ еткiзiп жан-жаққа жүгiртiп өтiп, қуақы жымиып қойған академик: – Сайынжан-ау, жiгiттер облыс көрсеткiшiн кейiн тартып жатыр деп ренжiген едiң, ештеңе жоқ, дастарқандарыңыздың берекесi жаман емес сияқты, – дедi. Байқадиев ақ шашты кiсiге жылыұшырай қарап барып рюмкесiн қағып салды. Академик ырымын жасап қана қоймақшы едi, өзеуреп қоймай қыстаған Байқадиев ақыры iшкiзiп тынды. Облыс көлемiнен ары қарай жоғарыда iстейтiндердiң бiр-бiрiне деген құрғақ та салқын қарымқатынастарының жуық маңда жөнге кеп, жүрекжарды әңгiмеге бара қоймайтындарына әбден етi өлiп кеткен бұл бәрiнiң аңысын баққаннан басқа шарасы жоқтығын да сезедi. Бұл екеуiнiң әңгiмелерiне ниетi құламайтын секiлдi.

Әйтеуiр бiреуiнiкi көлгiрлiк. Сондықтан да өзiн несiне күнәһар санасын.Өзiнен бiр бас биiк тұрған басшылықтың алдынан қия өтпеудiң жөн-жоралғысын бұзып алмаса болды да, тәйiрi. Облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы жеделдетiп алғызып қойған үш-төрт рюмка iштегi қыжылды басатын да көрiнедi. Бастапқы нығыз да маңғаз бiтiмдерiн заһар суы жiбiтiп, әңгiме ақжарылқап пейiлде қызу өрiстедi. Алқымына дейiн қып-қызыл болып күреңiткен академиктiң алақ-жұлақ ететiн дәйексiздеу қоңыр көздерiнiң аясы қызылжалқындана суық тартып, шүйiлiп сұстана бастады. – Жiгiттер, «ханның сөзiн қара да айтады, бiрақ та аузының киесi болмайды» дегендей, бiз де осы жаман түрiмiзге қарамай, бiраз нәрсенiң даму өрiсiнiң бағытын болжап отырамыз. Осы бiр сөз жанына жайсыз тигендей көңiлсiздеу ойдың жетегiне ерген Байқадиев белгiсiз тарапқа ұзақ тесiлiп, бiр кезде селт ете түстi. Қайдан келiп қалып едiң дегендей Нұржановқа аңыра таңырқай қарап: – Оу, сен бiр жолың болғыр жiгiт екенсiң ғой, – дедi. Ыңғайсыз әңгiменiң тағы бiр ұштығы шығып қала ма деп бұл өзiнен-өзi қуыстана тықыршып, жайсыздана бастағанда – үстерiне сау етiп екеу кiрiп келдi. Бiрi – облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы Николай Трофимович Силаев та, екiншiсi – облыстық iшкi iстер басқармасының бастығы Пiрмағамбетов. Дастарқан басында Силаевтан өткен иманжүздi адам бұ дүниеде жоқ шығар, сiрә. Атжақты сұлуша кескiнi жайыла күлгенде бiртүрлi жасаңғырап, баяғыдан тонның iшкi бауындай таныс-бiлiс адамдарша өзiне баурап алатын дағдысы. – О, дорогой мой, Тасыбек Жангараевич! – деп академикпен қос қолдап тұрып амандасып, иығынан қақты. Ал бұған келгенде көзiн сүзiп ұзақтау iрiктi. Жасыл жанарынан күдiктi ойдың табы бiлiнiп, бiр мезет суық тартқанымен сыр бермей: – Миятбек Акпейлович, ваши дела как? – дедi де мұның қолын жiберместен сiлкiп-сiлкiп қалды. Осынысының өзi көңiлiндегi тоңды ерiтiп жiбергендей болды. Ал Пiрмағамбетов дембелше денесiн барынша тiк ұстап, амандасудың рәсiмiн әскери жасап, қолын шекесiне апара қалт тұра қап:

– Честь имею, – дедi қыдиып. Өзiн барынша еркiн сезiнiп, ешқандай да қысылып-қымтырылмайтын мына пол ковниктiң қылығына таңырқай қарап, аңқайып қалған екен: – Өзi тапал, өзi нахал Пiрмағамбетов деген полков ник осы болады, – деген Байқадиевтың сөзiне ду күлiстi. – Он насколько нахал не знаю, Сәке, но он действительно тапал, – дедi Силаев та қарап қалмай. Төңiректi тағы да күлкi көмiп кеттi. Қас-қабақтарына ешқашан кiрбiң қонбағандай жайсаң да жайдары жүздердiң көтерiңкi лебiздерi едәуiр айтылып, отырыс созылып бара жатты. Дастарқан үстiндегi жылы шырайлы ахуалдың тұзағына iлiнгiсi келмей, саяқтау отырған бұл мыналардың еркiне iлесiп кеткенiн кейде байқамай да қалады. Терезесi тең кiсiлерше отырғанға алдану оп-оңай; ер-тоқымын бауырына алып бұлардың тулауы да, сыздана ыздиып-ыздиып шыға келуi де қазiр-ақ. Байқадиевтың бүгiнгi құқайының ақыры неге апарып соғатыны да белгiсiз. Көңiлдiлiкке жаппай көшкен бұларың Нұржановтың түксиiңкi әлпетiн ерен санай қоймады. Сан тарапты шарлаған әңгiме өрiсi шарықтап барып қайтады. Нұржановтың байқауынша, осынша үлкен қызметтiң тұтқасын ұстаған Байқадиев, Силаев, анау академик – бәрiнiң лебiздерiнде асып-тасқан көңiлдiлiк сезiлмейдi. Ар жағына дендеп апартқызбай даң қылатын алаң бардай ма, қалай? Қызды-қыздымен бiр кезде академик: – Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткiзу негiзсiз нәрсе, – деп қойып қалды. Бiрiншi де, екiншi де ток ұрғандай сiлейе аңырып барып, бiрер сәттен соң академикке екi жақтан ежiрейiсе төндi. Әсiресе, Байқадиевтың бидай өңi күреңiте шымырлаған уақытта бетiнiң шығыңқы ұштары жалпайып, қысыңқы көзiнiң ұясынан суық ұшқын уыты себезгiлеп, тас түйiн таймас қалыппен: – Оу, Тәке, мен не деймiн, қобызым не дейдi боп кеттi ғой мұныңыз. Қойыңыз, ұят болады, – дедi. – Да, действительно это никуда годится, – дедi Силаев та бастапқы аңқайған кейпiне ендi ашу-ыза үйiрiп. Елшiлiк арақтың қуаты ма, жоқ академик жаратылысынан солай ма, қаракүрең кескiнi қып-қызыл нарттанып Байқадиевке шақшия қарады. – Товарищи, все-таки вы взрослые люди, – дедi. Булыға тығылып қалған ол көзiн тынымсыз алақтатып-жұлақтатып,

түкiрiгiн шашырата тұтығып сөйледi. – Леонид Ильич мың жерден нұсқау берсе де, Қазақстанның мүмкiндiгiне тура қарау керек. Ойлап қараңдаршы, негiзгi малды өлкелерде қыс дегенiң алты-жетi ай қатарынан бiр-ақ болады. Оңтүстiк ыстық, тақыр. Солтүстiк со бойы астық. Қолдағы бар малға жем-шөп тауып бере алмай отырғанда, елу миллион, мәссаған! Жарайды, мына жақтан Монғолдан сатып алармыз. Ал маған керегi жем-шөптiң жеткiлiктi базасы. Қарсы айтар уәждi бiрден таба алмай күмiлжiген Байқадиев: – Тәке, сiз сонда не, партия нұсқауын терiске шығарып отырсыз ба? – дедi. Мына сөзге таң-тамаша боп таңырқаған сыңайда алақтаған көзiн Байқадиевтың өңменiне дiттете iрiккен академик: – Қарағым Сайынжан-ау, партияның нұсқауын сiз сияқты, бiз сияқты адамдар дайындайды. Кей жерлердi жете есептей алмай қателесетiн де шығар, – дедi. Күтпеген жерден сөзге полковник килiктi. – Жолдастар, елу миллион жөнiндегi таласты саунадан кейiн жалғастырсақ деген ұсыныс бар, оған қалай қарайсыздар? Күйзелiстi нышанға аяқ астынан енген Байқадиев Силаевқа көзiнiң қиығын жолай тастап, бүкiл денесiмен Пiрмағамбетовке бұрылды. Бiрiншiнiң ыңғайына қарай Силаев та емiнiп қалды. Әлденеден ши шығып кететiнiнен сезiктенген Нұржанов қипақтай бастаса, полковниктiң дөпдөңгелек жүзi үрпиiп, шарасы үлкен көздерi жапақ қақты. Оты бетiне шығып, өңi өрттей қызыл күреңiткен академик шақшиып қапты. – Ей, сен қайдағы дау-таласты айтып отырсың. Партияның нұсқауын орындау үшiн дау-талас болады деп саған кiм айтты?! – Да, да, – дедi Силаев бiрiншiнiң сөзiндегi ақиқатшындыққа елтiп, ерекше әсерге бөленгендей. Ал Нұржановқа мұндай әңгiменi қоштауға тек Силаевтың хақысы бардай көрiндi. Байқадиев түңiле басын шайқап: – Тәке, көңiлiңiзге келсе де айтайын. Осы ғалымдар бос сөзге неге сонша әуес? Үйлерiңiзде, жұмыстарыңызда отырып не десеңiздер о деңiздер. Ал облыстық партия комитетiнiң мынадай қара шаңырағында екi елi ауызға төрт елi қақпақ керек сияқты. Өйткенi, бұл партия iсiне күмән

бiлдiрумен бiрдей. Үлкен кiсiнiң құлағына алда-жалда жететiн болса – ешқайсымызды ол оңдырмайды деп ойлаймын. – Сен, Сайынжан, ренжiме де, ашуланба да, бұл жаман ағаңа облыстық партия комитетiнiң резиденциясы ешқандай таңсық емес. Егер мұныма сенбесең, осы қазiр тұрғанда үлкен кiсiнiң дачасына барайық. Саған айтқан сөзiмдi ол кiсiге де айта аламын. Оған бiрақ үлкен кiсi ренжи қоймайды. Өйткенi, ол кiсiнiң өзi де ғалым емес пе. – Тәке, Тәке, сабыр етiңiз. – Бiрiншiнiң өңiндегi жайсыз өзгерiстен Силаевтың да дегбiрi қалмай, бiресе Байқадиевке, бiресе академикке жаутаңдап қарай бастады. Асып бара жатқан аса тереңдiгi жоқ, бiрақ дақпырты басымдау академиктiң үлкен кiсiнi аузына алғандағы райының сондайлық сенiмдiлiгiне Нұржанов таңырқай абдырады. Бәрiнен де: «ол кiсiнiң өзi де ғалым емес пе» дегенi оны тәңiрден кәдуiлгi пендеге жуықтатып жiберетiндей көрiнедi. Көзi көрмес алыста, қолы жетпес биiкте деп қабылдайтын қасиеттi лауазым иесiн Нұржанов бұрын-соңды мұндай жақындықтан сезiнбеген екен, ойлап қараса. Бұдан кейiнгi әңгiме қожырап, берекесi қашты. Барлығының дерлiк қабақтарына кiрбiң ұялады. Бiрiншi болып көтерiлген академик Байқадиевке түйiле қарап: – Ниеттерiңе рахмет, – деп лебiзiн қысқа қайырып жүре бердi. Бастапқы кiшiпейiл қалпынан айныған бiрiншi Пiрмағамбетовке шығарып сал дегендей сыздана иек қақты. Ол орнынан тұра сап академиктiң соңынан жүгiре жөнелдi. Одан ары отыра берудiң мәнiсi жоқтығына көзi жеткен Нұржанов: – Сәке, ұлықсат болса мен қайтайын, – дедi. Бұған оқыс жалт бұрылған Байқадиев қабағын жиiркене шытынып, сен қоя тұршы дегендей қолын сiлтеп қалды да, жүзiн бұрып әкеттi. Бұнысын тағы неге жорырын бiлмей, Силаев жаққа ерiксiз қарағыштады. Оның да сұлуша өңi сазарып, мұны көзiмен сүзiп қойып отыр екен. – Академик ағаңның қандай екенiн көрдiң бе?! – деген Байқадиев сөзiнен селт ете түстi. Неге мегзегенiн айыра алмай абыржыған Нұржанов назарын амалсыз төменшiктете бердi. – Осы сенiң ағайындарың неге сонша мақтаншақ? Сонысына қарамай, өздерi ақкөкiрек емес, арамдау. Бұл ептеп басын көтерiп қараса, тура өңменiне қадалып тұрған Байқадиевтың қысыңқы қоңыр көзiнен тоятта-

нып үлгiрмеген жыртқыш құстың құмарпаз ұшқынынан аумайтын ынсапсыз сәуле ойнақшитынын аңдады. Жылмиған жымысқы сынампаз әлпетiнен және қуыстана дегбiрсiзденiп: – Сәке, олар менiң екi туып, бiр қалғаным емес қой, – деп дүңк ете қалды. Шабына шоқ түскендей ышқына ыршып шыға келген Байқадиев: – Иә, бәрi сенiң екi туып, бiр қалғаның емес, бiрақ сен де солардан алыс кете қоймағансың. «Яблока от яблони далеко не падает» деген рас емес пе. Құмда өскен бiзден гөрi сен алмалы ауылдың баласысың, ол жағын жақсы бiлетiн шығарсың. Николай Трофимович, правильно я говорю, – дедi оған тiптi көзiнiң қиығын да салмай. – Сәке, конечно вы правы, панибратсво в партийной работе не совместимо, – дедi Силаев. – Вот именно, – деп Байқадиев одан бетер құшырланып кеттi. Облыстың екi бiрдей басшысының түсiнiктерiнен күрделi ойларды аулай алмай әлектендi. Есесiне, бұлар үшiн өзiнiң түк құны жоқтығына көзi жеткен сайын қорыну сезiмi кеудесiн аямай тырнап, өшпендiлiгi сұмдық қозып барады. Пiрмағамбетов қайта кiрiп келген кезде Байқадиев манағыдай емес сәл саябырсып, арлы-берлi жүре бастаған. Қалт тоқтап, полковникке одырая бiр қарап қойды. Мұндайды елемей етi үйренiп кеткен ол дереу буаз шөлмектi елшiлiк арағына жармасты. – Сәке, алжыған академиктiң сөзiне бола апшымызды сонша қуырып жiбердiңiз, мынаны сiздiң сабаңызға түсуiңiз үшiн iшiп қоялық, – дедi. Байқадиев Пiрмағамбетовке ерекше сүйсiнген райда жымиып, бұл жаққа қарай иек қақты. – Мына Нұржанов жолдас жаңағы Түйебаевты екi туып, бiр қалғаным емес деп азар да безер болады, қалай онысын ескеремiз бе? Пiрмағамбетовтың әулекiлене өзiн ашық қомсынғанын сезiнген сайын оған ұрынудың ретiн қапы жiбермей, қолайлы сәтi осы-ау дегендi iздеп бағып-ақ отыр. Бiрақ оның әрбiр жосықсыздау қылығына бiрiншi басымен Байқадиев сылқ-сылқ күлiп, жүзiндегi ашулы ызбар бiртiндеп сейiле бастағанынан ерiксiз тосылды. Содан бұл амалсыз Силаев жаққа көз қиығын салды. Ол да сазарыңқы әлпетiнен танбай, Пiрмағамбетовке анда-санда көзiнiң астымен ғана қарап қойып, үндемей отыр. Полковник осы кезде «Таню-

ша» деп қатты дауыстап жiбердi. Бағанағы қуыршақтай әдемi қыз жетiп келiп, қалт тұра қалды. Пiрмағамбетов өзiмсiнген өтiмдi райда Байқадиевке жаудырай қарап: – Сәке, осы бiз бүгiн ненiң құрметiне жиналып отырмыз,алыстан қонақ келетiн бе едi, өзi? – дедi. Оған қысыңқы көзiн жылтырата қунақ шүйiлтiп, болымсыздау жымиып қойған Байқадиев: – Мына Нұржанов жолдас тақияңа тар келiп тұр ма? – дедi жорта ренжiгендей. Таңырқағанын жасыра алмаған полковник көзiн одан сайын кең ашып: – Нұржанов жолдас бiздiң компанияға кiрудiң ырымын жасап па едi? – дедi. Байқадиев рахаттана күлiп жiбердi. Жымиып қана қойған Силаев: – Берiкбол Саяқович, какой вы еще о штрафе придумали, он на самом же деле всерьез будет принимать. Силаевпен де тонның iшкi бауындай сырмiнездiктi малданған Пiрмағамбетов: – Николай Трофимович, мұндай жолдастар әлi көп жағдайдың мәнiсiн бiлмейтiн болған соң, жөн-жобасын ескертiп айту парызым деп жатқаным ғой, – дедi де аспазшы жас әйел баласына бұрылды. – Танюша, облыстық партия комитетi резиденциясының асханасын сырт көз кедей екен деп ойлап қалып жүрмей ме? Әзiл-қалжыңның ұзын-ырғасын ұққанымен, соған лайықты уәж тауып айта алмағандай әдемi жүзi алабұрта құбылған қыз: – Қазiр ыстық тамақ әкелемiн, – деп бездең қаға жөнелдi. – Қап, әттегене, бағанадан берi сөйтпей, жаңа академик, тамақтарың дайын емес екен деп ренжiп кете қалғанын қарашы, – деп, соның тiзесiн түйгiштейтiн әдетiне салғанына Байқадиев пен Силаев мәз болып күлiстi. Әңгiмеге емен-жарқын араласпай томсырайған Нұржанов Пiрмағамбетовтың пәтуасыздау дарақы әзiл-қалжыңын құдды өзiн келеке-мазақ қып тұрғандай қабылдады. Бiрiншiнiң қайта-қайта соқтығып, қажайтыны да оңай тимей барады. «Бүгiнгi әңгiменi айдаладағы академикке айтқандағы мақсаты не мұның?» деген ой санасын тағы киiпжарып өттi.

– Нұржанов жолдас, ырымын қалай жасаймын деп уәйiмдеп отырсыз ба? Ештеңе емес. Саспаңыз. Бiз аман болсақ, әлi талай қияметтiң қыл көпiрiнен өткiзiп жiберемiз. – Бұл тағы да Пiрмағамбетов. «Не деген дiлмәр». Байқадиевтiң өзiне сүзiле қарап қалғанын аңдады. Әкiмдiк мысының өктемдiгiне я қасына қоңсы қондырмайтын астамшылығына ұқсамайды, көңiлi сәттiк босаған уақытта осы кешкен күйiне орай бауырмал назардың жылт ете қалған ұшқынын анық сезiнген сияқтанды. Қайта бер деп шынымен рұқсатын бердi. Нұржанов көңiлiне ұялаған түсiнiксiз кiрбiңмен ауданға аттанды. Бiр нәрсеге тиянақтап дiттемей сарсаң боп сандалған санасы резиденциясына Түйебаевты Байқадиевтың неге шақырғанына миы жетпей дал бола бастады. Ж олаушылар пойызының құдай ұрғандай вагонының тамбурында тұрып, Нұржанов облыстық партия комитетiнiң резиденциясындағы сол жайсыз әңгiменi есiне алғанда келiп-кетер әсердiң түк жоқтығын одан ары ойлауға құлқы да шаппады. Өне бойы сақылдаған қатқыл ырғақ үздiксiз айналған дөңгелектердiң тегершiгiне тиетiнге дейiн айнымастан қайталанып келiп кенет бiр алапат күш барлығын бiр бұрышқа қуып тығып, өзi үстемдiк ала күркiреп-сарқырап естi шығарып жiбередi. Оған әжептәуiр алаңдап, бойын жиып үлгiргенше, лезде үйрен шiктi ырғағына көшiп, қайтадан үздiксiз сақылдай бастады. Темiр жолдан жырақ өскен Нұржанов пойыз iшiндегi тiршi лiкке үйрене алмай-ақ қойды. Тапа-тал түсте ыртиып-тыр тиып қолайсыздау жатқан кейбiр әйелдер анау. Қарадомалақ зоотехник секiлдiлер қарақожалақ мәйкiлерiнен кiшкене қымсынып қоймайды, тiптi. Жұпыны, жұтаң, жайдақ тiршiлiк бiткеннен жалығып, әбден жапа шеккен қоңылтақ сезiм iш дүниесiнiң қуыс-қуысын тоңазыта қалты ратып өттi. Лауазымы биiктер өздерiнен шенi төмендердi тең санамай келiп, ақырында табысып, бiр-бiрiне жiгi ажыра мастай жiпсiз байланып қалатын ырықсыз жайдың төркiнiн кезiнде ойлап па едi, ойламап па едi. Мiне, ендi болары болып, бояуы сiңгеннен кейiн барып бәрiн саралап, салмақтай алатынына қайран қалып тұр. «Байқадиевтан неге сонша

қо рықты екем?» дедi өзiне-өзi. Мұны кiсi қатарына қосып көр мептi ойлап қараса. Соны сезiп, бiлiп жүрiп, түк аңғармаған, жорта көлгiр аңқаусығанына қазiр қатты опынатын сезiм көкiрегiн кеулей енiп, кернеп барады. Б iрiншiнiң жөнсiз жерден ұрынып, жанын қажайтын қазымыр да қытымыр мiнезiнен жүрегi шайлықса да алдын-ала хабарласып, ниетiн бiлдiр генде еш қарсылық танытпаған соң ұзамай резиденцияға тағы келдi. Директорларға тапсырып, арнайы жасатқызған құрт-iрiмшiктен бөлек – қымыз, қымыран, қазы-қарта бәрiн баяғы Өмiрсерiк мықшыңдап тасуға кiрiстi. Төрде мiзбақпай түксиiп отырған Байқадиев қымыздан боларболмас ауыз тидi де Пiрмағамбетовке қулана күлiмсiреп, көзiн қысып қойды. – Сенiң де артық-ауыс сөйлей беретiнiң бар-ау, осы. Нұржанов жолдастың адамгершiлiгiне күмән келтiрген дей болып едiң түнеукүнi. Мiнеки, көрдiң бе, бiрiншi хатшы қазынаның тамағынан шығып кеткен шығар деп әкелген мол сыбағасын. Тек ауылдағыдай дәмдiлеп асып беретiн бiр тәуiр келiншек болса ғой, шiркiн. Көздерiн кең аша ажырайған Пiрмағамбетов: – Сәке-ау, сол да сөз болып па, ол да Нұржанов жолдастың қолында тұрған шаруа емес пе, – дедi. Бұлардiкiнiң қайсысы әзiл, қайсысы шын екенiне көзi жетпей аң-таң боп отырып қалған Нұржанов Байқадиевтың қысыңқы көзiнiң күлiм қағып кеткенiн осы кезде байқады. «Әлгi Силаев менiң қай жерiмнен панибратсво тапты екен?» деген ой санасында қылаңытты. Облыстық iшкi iстер бөлiмiнiң бастығын және бiр жаңа қырынан таныған сыңайда сүйсiне қарап iркiлген бiрiншi: – Үйдегi келiн Миятбектiң үстiнен бiрде-бiр рет шағым айтып көрген жоқ. Соған қарағанда сенiкi әшейiн нәрсе, – дедi. Шағын репетiне қарамай полковниктiң асқынып кердеңдеп бара жатқан қылығына қарадай қаны қайнаған Нұржанов – қолынан келер қайран жоқтығынан сызданып қана отыр. «Көзi қақ маңдайына бiткен осы құрбақадай бiреу көресенi көрсеттi ғой» дедi iшiнен. Көзiн оған аларта атып қадады. Сезiк, түйсiк дегеннен мақұрым полковниктiң қаперiне ештеңе кiрiп шықпайтын әлпетi қитығына тиiп,

әбден титықтатып бiттi. Бiрiншiге өтiмдiлiгiн мұның көзiнше көрсете түсiп, есiнен айырғысы келгендей даусын назды сарында шығарып, қасақана өктемси тiл қатты. – Сәке, мен көбiне сiзге шындықты айтам деп жақпай қалатыным бар. Жұртшылық оның үстiне милиция қызметкерлерiнде ақыл-естiң көп болғанын қалай бермейдi. Ал ендi бар ғой, бағанадан берi адамгершiлiгiне сiз разы боп отырған мына Нұржанов шыбық тимес шыңқ етер боп жүрсе қайтесiз?! «Мынау не деп кеттi?!» деп ойлаған Нұржанов көз қиығын амалсыз Байқадиев жаққа тастады. Бидай өңiнде еш өзгерiс бiлiнбеген ол алғашында ұстамды тәрiздi едi. Бұған тек елең етiп жалт бұрылған замат қысыңқы қоңыр жанарының қарашықтарынан ойнап өткен ұшқынның ызбарын тұла бойы бiртүрлi шымырлай сезiндi. – Пiрмағамбетов жолдас-ай, жазалаушы органның қызметкерi екенiңдi ылғи да сездiрiп алатының жаман. Бiлсең, екеумiздiкiнен гөрi бұлардың арғы аталары батыр болған. Түнеукүнi академик ағамыздың тепсiнiп кеткенiн көзiң көрдi ғой. Ендеше, бұл батырдың анау-мынау мiнезiн көтерiп, шыдап бағуыңды сұраймын. Жағымды естiлетiн бiрiншiнiң қоңырқай даусынан кекесiндi сарынның қатқылдау ырғағын анық аулап: «Екеуi неге бұлай сөйлейдi?» дедi iштей даң бола. Бiрақ оны ары қарай қузап, дiттей түсуге шамасы қайсы. Өткенде жазыпжаңылып, сасып-салбырап, берекесi кетiңкiреп қалғандай көрiнген Пiрмағамбетов қазiр Байқадиевтың iшi-бауырына кiрiп, баурап әкеткеннiң өзiнде тым еркiн. – Сәке, менiң бiр жаман нағашым бар едi, жақында сол бiр анекдот ойлап шығарыпты. Қаласаңыз, айтып берейiн. Қабағы аяқ астынан салыңқы тартқан бiрiншi ықылас қоймай марғау кейiп танытып, белгiсiз ойдың сорабына түсiп кеткендей бiр нүктеге ұзақ тесiлдi. Содан кейiн көзiн бұған бiр сүзiп өтiп, полковниктiң шымбайына әдейi тиетiндей сырмiнез қомсынатын ыңғайда елеусiздеу жымиып, ақырын тiл қатты. – Нағашы деген жұрттың жолы үлкен болады деушi едi. Мұндайда жөн-жоралғыны сақтамасақ ұят шығар, ал тыңдап көрелiк, айтшы. Ып-ықшам денелi полковник ары-берi ырғала қозғалып, қутыңдаған қунақ кейiппен назарын бiр нысанадан тайдырмай:

– Сол нағашым бiр күнi түс көрiптi, – дедi. – Түсiнде өлiп қалады. О дүниенiң қияметтiң қыл көпiрiнен өтер сотында ұжмаққа ма, жоқ әлде тозаққа барғың келе ме деп сұрапты. Әуелi ұжмағың қандай, тозағың қандай болады, көрейiн де дептi асып-саспаған нағашым. «Онда жүр» деп бастап алып кеп бiр есiктi ашса, кiл еркек карта ойнап отыр. Орталарында әлi шетi ойылмаған табақ-табақ ет, ұзын мойындарын қылқита сорайған арақ-шарап, бiр-бiр темекiнi ауыздарына қыстырып ап даурыға сөйлеп, даңғаза ғып жатыр екен. Бұл бiздiң тозағымыз дептi. Тағы бiраз жер жүрiп кеп келесi бiреуiн ашып қалса, есiктен төрге дейiн төселген масаты кiлем, ана шеттен мына шетке дейiн жайылған дастарқан, асып-төгiлген бауырсақ, құрт-iрiмшiк, қазықарта, жал-жая, жемiс-жидек, бiр жаныңа әйтеуiр не керек, бәрi тұнып тұрған көрiнедi. «Бұл бiздiң ұжмағымыз, ал ендi осы екеуiнiң қайсысын қалайсың?» демей ме. Нағашым көп ойланбастан маған сол тозағың-ақ жетедi деп кесiп айтады. «Ал онда бопты» дептi де бiр үйге әкелiп қамапты. Жаңағы iшiлiп жатқан арақтан, желiнiп жатқан тамақтан түк жоқ, түсi суық көрдей қараңғы бөлме. Дереу жанұшырып есiктi қағып-қағып қалса – саған не керек деп ар жақтан әлдекiм тiл қатпай ма. «Жаңағы көрсеткен тозағың басқаша сияқты едi ғой» дейдi нағашым. Сонда анау: «Ол бiздiң әшейiн үгiт пунктiмiз» дептi де жөнiне кете барыпты... Байқадиев бұған еңкiлдеп рахаттана күлдi. Былқ етпеген полковник сәл езу тартты да қойды. Бастапқы қолайсыз жағдайдан арылып, серпiле сергiгендей жайдары қалыпқа көшейiн дегенде Пiрмағамбетовтың көзiн төңкере тастағанынан бiртүрлi сезiктенiп үлгергенше анау ары қарай жалғап әкеттi. – Сәке, сол айтқандай Нұржанов жолдас үгiт пунктiне ұқсатып бiрдеңе жасаса болмай ма? – Сөйттi де қораздана қоқиланып, бұ жаққа көз қиығын тастап, Байқадиевтан сыр тарта жаудырай қарады. Нұржановтың шекесi аяқ астынан дың ете түстi. Көз алды бұлдырап, бiр жаққа қарай дүние түгел зымырап бара жатқандай көрiндi. Буаз шөлмектi елшiлiк арақты өткендегiдей Байқадиев алдырмады. Арыберiден соң қысыр әңгiме толас тауып, бiрiншi шаруаға қарай ойысқанда дереу әкiмдiк айбарына көшiп, сұстана түйiлiп, шүйiле төнiп түстi. Нұржановтың құты қашатын тұсы осы. Белгiлi көрсеткiштердiң кейбiрiн мәлiмет

бiткеннен құралақан қалған кiсiше қайтадан сұрастыра бастайды. – Мiндеттеменi қойшы, сонда жоспар да болмайын деп тұр ма?! Үндемей сазарып қалған Нұржанов қарсысындағы полковниктен бiртүрлi қуыстанып, оның жүзiн ұрлана шолып қойды. Байқадиевтың сұрастырып отырған жайларына тiкелей қатысы бар жанша мұның аузын қалт жiбермей бағатынына қитықса да сыр бермей сазарды. Түсiн суыта сұрланып алған Байқадиев өзiн байыптап барлай қараған сайын үрпиiп, құты қаша түседi. Тiк мұрны делдиiңкi тартқан бiрiншiнiң қоңырқай даусының әрбiр иiрiм, құйылыс-ырғағына дейiн қатқыл шыққанын аулады. – Миятбек, сен ең бiрiншi мына жағдайды жақсылап түсiнiп ал! Менiң резиденцияма осылай келiп-кетiп жүрсе болды екен деп ойлап қалма. Сенiң әуелi маған жоспарды орындай алатын iскерлiгiң керек. Ал бұл жерге келетiндердiң бәрi үйлерiне жағаларын жайлауға жiберiп қайтпайды. Олар да сен құсап дүниенi көшiрiп әкеледi. Сенiңше, мен сонда қайтуым керек? Бiреудiң көзi жақсы, бiреудiң сөзi жақсы. Әнеукүнгi сұмдығыңды мен мыналардың бiреуiне де айтқан жоқпын. Ал ана Түйебаевқа айтқаным, iнiсi қандай екенiн көрсiн деп ойладым. Бұл жерде отырмақ түгiл, есiктен сығалап қарауға зар болып қала жаздағаныңды ұмытпа! – Осы сөзден кейiн орнаған үнсiздiктi бұзуға ешкiмнiң дәтi жетпейтiндей. Мұншалық қорлау сөздi естiгенiне неге екенiн кiм бiлсiн, өлердей намыстанбаса да, Нұржанов назарын жорта жоғары көтермей төменшiктете бердi. Ашуызаға ұқсайтын әлдене көкiрегiн тырнап, түсiнiксiз қыжыл ұлғайып-ұлғайып кеп кеудесiн тұтастай қыздырып бара жатқанын да елемедi. Осы бiр жайсыздықты сейiлткiсi келген Пiрмағамбетов тыныш таппай қибыжықтап, әлдене демекке оқтала бергенде: – Жә, жетер! – деген Байқадиевтың қатқыл ырғағынан жаңылмайтын жаңағы бiр даусы сәл өрекпiгеннiң өзiн су сепкендей басып тастады. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң барлық түрiнен облыс бойынша сол жылы жоспар орындалмады. Облыстық партия комитетiнiң пленумында бұл мәселе бiршама сөз болғанымен себеп-салдардың көбi ауа райының қолайсыздығына аударылып, келеңсiз жағдайлардың бiрсыпырасының аты аталып, түсi түстелместен жабулы

қазан жабулы күйiнде қалды. Байқадиевтың да, Силаевтың да дауыс ауандарындағы өктем сыз бiртiндеп жоғалып, iстiң байыбына жайдары қалыптарымен жайма-шуақ барады да: – Жiгiттер, биылғы жыл осымен кетсiн, барлық күшжiгерлерiңдi келесi жылға салып көрiңдершi, – деседi өтiнген райда. Iш тарта баурағандай сарын бiр демде қатайып, көкiрекке құйылған жылы нәрсеге сұп-суық тоң араласып, қойыртпаққа айналғандай тұла бойын дел-сал қып мұздатып жiбердi. – Сендерге кiшкене жеңiл болсын деп оң қабақ танытып қойсаң бiттi пәлеге қаласың. Дәл осы айтып тұрғаның не! – деп шаптығып шыға келедi. Сырт көзге қанша байқатпауға тырысқанымен ыстықтың тамырындай лыпылдаған қызмет дегеннiң аумалы-төкпелi боп тұратыны адамды бiр көңiлкүйде ұстамайды екен. Басы жап-жақсы, соңы божырап, берекесi қашса-ақ, тазы ашуын тырнадан алатынның керiн келтiрiп, аппараттан бастап ауданнан ауылға дейiн селт етер жұрттың апшысын қуырып, аптығын басып тастайды. Бұл да қол астындағыларды аяқтарынан тiк тұрғызады. Адамдардың қалшия қатып қалатыны алғашында жүрегiн ептеп жiбiтiп, ендi қайтсын-ай бейшара деп iшiнен мүсiркесе, кейiнгi кезде жер-жебiрiне жетiп, жерге кiргiзiп жiбере жаздайтын әдет шығарды. Жалбарынып жаудыраған бағынышты жазған әуелi көңiлдi «Мәкелеп» аулап, алдарқатып бақса – соңына қарай безбүйректене безерiп ап, көзiнiң астымен тайсалмай томсара қарайтындарынан сезiк алатын болып жүр. «Оттап-оттап қоясың, одан басқа не?!» дегенге ұқсайтын етi өле көндiккен ойды алда-жалда оқып қалса-ақ бiттi талағынан тарс айрылған Нұржанов не айтып, не қойғанын байқамайтын дәрежеге жеткенiнен кейде қуыстанады. Бұл бүгiн түске шығып, көлiгiне отыра бермек болғанда анадай жерге барып тоқтаған Келгенбаевтың машинасын көрiп, амалсыз кiдiрдi. Түсе сала өзiне қарай тұра жүгiрген қорбаңдаған дене көрер көзге қораш, сөйтсе де сыр бермей сазара күттi. Жақындаған сайын бүлк-бүлк еткен екi бетi иегiнiң астындағы қалың етпен тұтаса салбырап, көзiнiң алды көгiс тартып, iсiнiп кетiптi. Омырауы алқа-салқа, галстугы бiр жағына қарай ауып, қос қолын ала ұмтылған оған Нұржанов тыжырына қарап, саусақтарының ұшын ғана бердi.

– Әй, – дедi даусын созып ыңыранта шығарып. – Сен өзi ауыл шаруашылығы басқармасының бастығысың ба, жоқ әлде дайындаушы боп кетiп пе едiң?! – Бұл сөздi қай мағынада қабылдағаны белгiсiз Келгенбаев өңмеңдеп кеп иiле қолын алған соң барып бойын тiктедi. Жалпақ жүзiнен жаңағыға шамырқанудың ешбiр белгiсi бiлiнбейдi. Тек қана мына сұрқынан ыңғайсызданған қалыпта шарасыз жымиып: – Мәке, дайындаушыдан iлгерi ештеңемiз қалмады. Бiздiң осы күнгi шаруамыз елден мал алып, етке өткiзу болып тұр, – дедi. Қарлығыңқы үнi тоңазығандай қалтырап шығады. Бiр шекелеп қарағанынан танбаған Нұржанов дәл осы сәтте астамшылыққа барайын деп бармады. «Бұл бейшараның бар бiлгенi осы болған соң қайтсін ендi» деп ойлады. Содан кейiн еш нәрсенiң жөнiн сұрамастан бұрылып жүре бердi. Аңқайып тұрып қалған Келгенбаевтың бiр кезде «Мәке, Мәкелеп» соңынан тұра жүгiргенiне де кiдiрмедi. Машинасына отырып, үйiне қарай тартып бара жатқанда жаңағы жаққа көз қиығын тастаса – орнынан жылжымаған күйi анау қалшиып тұрып қапты. Нұржановтың көңiлi оған да селт ете қоймады бiрақ. Кез-келген адамның ыңғайын тауып, қажеттi уақытта жылы сөз айту керектiгiн Нұржанов түсiнбейдi емес, түсiнедi. Жұрттың жалпаң-жұлпаңына етi үйренiп, елең қылмайтын болғалы сыртын берiп жаңағыдай қайрылмай кететiн әдет тауып едi. Табыс әлi қоңторғай. Көздi бақырайтып қойып Байқадиевтың айтқан сөздерi ойласа – кiсi өлетiндей. Сол үшiн де кейде дөңбекшiп, түн баласы ұйықтай алмай шығады. Бiрiншiнiң беталысынан жүрегi қанша сескенсе де, оған деген өшпендiлiгi өршiместен бiр түсiнiксiз хал сарсылтып, сарсаң ойға салдырмай: «Бұдан былай маған қандай қызмет бұйырар екен?» деген сауалтоқтамға тiреле бередi. Сондай сезiмге берiлген уақытта қазiргi бiрiншi хатшылығын бiртүрлi өгейсiп, жатырқап қалады. Үйiнiң тұсына машина кеп тоқтағанда тұманды ойлардан серпiлместен Өмiрсерiкке ләм демеген күйi есiктi тарс жауып, үйiне қарай жүре бердi. Екiншi тоқсаннан бастап қайынбикесiне сыйыспаған соң балаларын қолдарына алған болатын. Сара сол себептi де қалаға бұрынғыдай шапқыламайды. Осындағы үйдiң тiршiлiгiне толық кiрiсiп, коммуналды кәсiпорынның жұмысшыларына бiраз нәрселердi қайта жөндетiп жатыр. Осыған да Нұржанов

басынан екiдай күй өткередi. «Бұ қатын осы жерде мәңгiге қалатындай неге сонша жанталасады?» деп бiр ойласа, «бiр күн болса да адам құсап тiршiлiк еткенге не жетсiн, мұныкi де дұрыс шығар бiр жағы» дейдi кейде. Қолдарына келгелi Назерке әкесiн бас салатын әдетiн тастаған. Жаңа жерге үйрене алмай жүргендей тоң-торыс мiнез танытып, бәрiн де тосырқайтын тәрiздi. Мейiрi түскенде «қызым менiң, гүлiм менiң» деп еркелеткенiне елтiп, елеңдемейтiн болып барады. Жақтырмаған сыңайда басын қайқаң еткiзiп, бұрылып жүре бергенде тұлымдары дегбiр таппай селтеңдей жөнелетiнiне дейiн бiр ерке сүйкiмдiлiктi сезiп қана тынады. Қабағын түкситiп алған ұлы баяғыша тоңмойын. Өзiнiкiне ұқсайтын қысыңқы көзiнен бастап, қыр мұрыны, атжақты жүзi iрiленiп, еркектiгiн анық байқататын кезең тақап келе жатқанын сезiнген сайын Нұржанов ұлымен ашылыпжарылып сөйлескiсi келедi кей кездерi. Тек пiшiнiнiң суықтығынан ерiксiз тосылып, көкейiндегiсiн iшке iрке бередi. Сөйтсе де «Оқуың қалай? Бұл жердiң мектебi ұнады ма?» деп суыртпақтап сұрастыра бастаса болды, ежiрейiп, ұлының өзiне жатырқап бiртүрлi қарайтынын байқайды. Және де қасақана жауап қатқысы келмейтiн секiлдi. Сол сәтте Таңаттың қас-қабағынан, әсiресе, көзiнiң айналасы мен мұрнының үстiнен бұлқынған күштiң тұнба тылсым құдыретiн сезiнiп, айтып жеткiзе алмайтын әкелiк мейiрімi бұрын-соңды басынан кешпеген босаң күйге тап қылады. Нұржанов сондай сезiнiстi аңсап, ұлының қасынан айналсоқтап шықпай қоятын уақыттары да бар. Ол ендi қайтып оралмайтын өте сирек сәт пе, Таңаттың өңiне үңiлiп, қанша iздесе де сол жан тұшындыратын күйлi-мұңлы қаделi сезiнiстi бiрақ қайтып ұшырата алмай әлек. Мiне, бүгiн де қызы мен ұлы мектептен келiп, түскi тамақтарын iшiп отыр екен. Сара ғана бәйек боп, бас киiмi мен сулығын iлдi. Қолын жуып болғанша сүлгiнi тосып тұрды. Дастарқан басына келгенде орындығын ұсынды. Әйелiнiң ақсары жүзiнде кiрбiң барын аңдап, ұлы мен қызының кескiндерiн тiнти шолып өттi. Көңiлдi уақыттарында қызы әңгiмесiз қалдырмаушы едi, қазiр тұнжырап отыр. – Миятбек-ау, бiз бала асырамай, бәле асырағаннан саумыз ба? Мына ұлыңның қазiр сенiң алдыңда ғана менiң жалғыз әпкем туралы айтпаған жаман сөзi қалмады. – Сараның бұзылып шыққан даусы жүрегiне жайсыз

тигендiктен бе, қалт тынды. Басын дереу жұлып алып, ұлына жалт бұрылды. Күтпеген жерден жүрегi шым ете түстi. Ұлының ежiрейiп шешесiне қараған ұсқынынан аңсап жүрген таза күштiң әлгi нұсқасын тани қойып, қалт тынды. Орнынан жұлқына атып тұрған Таңаттың мұрнының ұшы делдиiп, шегiр көзi шақшиып кең ашылды. – Да, она мымра, больше никто! Қалшиып қалған Сараның ақсары жұқалтаң өңiне бұрқ етiп шыққан қызыл бояу алқымына шауып, тұтас қамтыды. Ұлының тұла бойынан әлгi бұлқынған күштiң аңқылдаған албырт нойыстығынан жүрегi сескенiп, албарып қалған Нұржанов кенет таяныш iздеген сыңайда көз қиығын әйелi жаққа тастады. Лезде сағы сына үрпиiп, кемсең-кемсең жылаған Сараны қырынан қараған кезде көңiлi құлдырап, қоңылтақси жөнелдi. Жағының арса-арсасы шығып, әжiм торлағанын дәл бұлай жақыннан көрмегендiктен бе, таңырқаулы қалыппен аңқая iркiлдi. – Әпкем сендерге мыстан кемпiр болғанда, менi ұялмай қалай шешем дейсiңдер?! – Шарасынан асып-төгiле шаптыққан Сара ұлының жағасынан жармаса кететiндей тап-тап берiп қойды. – Да, хватит с тебя мама! – дедi Назерке шешесiнiң көзсiз ашуынан сескенген үрпиiңкi кейiппен. Ендi ұлын былай қойып, iсiм сенiмен болсын дегендей қызына өршелене ұмтылған Сара кiсi шошырлық долырған ұсқынға енiптi. Аяусыз опаланған бетiнiң ұштарында таңлақ-таңлақ нүктелер қызылшақаланып көрiнетiн сүйкiмсiз бiрдеңе. Қыз баланың реңiн бұзатын Назеркенiң жыртиыңқы көзi ұясынан шығып кете жаздап бағжиып, орындығының арқалығына қарай бiртiндеп шалқалай бердi. – Әй, баланы шошытасың, – дедi бұл. Бiрақ бұдан басқаша айтпақ ниетi болған. Iшiнен соны жұптап, сыртқа шығарғанға шейiн көңiлiн жайлаған құлықсыздыққа шымырлаған сезiм қабаттасып, өн бойы бiр ысынып, бiр суынып, төтенше күй кешiп тұрғанда Назерке шыңғырып жiбердi. Сараны итере-митере қызын барып бас салып, бауырына басты. Екi иығы селкiлдеп, солқылдап жылаған Назеркенiң «папатайлап» өзiн құшақтай алғанынан шошынбағанын бiлдi. Сөйткенмен iш дүниесiндегi әлгi бiр дiрiлдiң басылатын түрi жоқ, жүрегi де қабаттаса атқақтап соғып, аузына келiп тығыла бердi. Бiр шетке сытылып

шыққан Сара манағы райынан қайтпастан ендi ұлына шүйiлiп, өршелене өзеурей бастапты. Таңаттың балаң ұсқынынан бiр нәрсенiң байыбына бара алмай дағдарған екiдай кейiптi байқайды. Қорқып, жүрексiнгендiктiң жұқанасы сезiлмейтiнiн аңдаған сәт өз ұлын өзi бiртүрлi жатырқайтындай. Селқос райда шешесiн жаратпай астамшылықпен қараған Таңат: – Среди всех вас бабушка намного прогрессивнее была, – дедi де бұрылып жүре бердi. Көкайыл ашуға ерiк берiп алып, ұлының алдына жетiп барған Сара екеш Сара осы сөзге ерiксiз тосылып, аңырып тұрды да қалды. Үш ұйықтаса түсiне кiрмейтiн ұлының жаңағыдай сөздi айтқанына сенер-сенбесiн бiлмей тосырқаған қалпы әйелi жаққа ұрлана қарағыштады. Аяқ астынан орнаған ыңғайсыздықты сейiлтудiң жолын әйелi тағы тауып кеткендей көрiндi. Мұңын шағатын адамы тек қызы секiлдi Назеркенi барып құшақтай алды. Бойын алып қашып торсаңдағанына қаратпай Сара: – Моя миленькая, моя единственная, пожалею тебя, ты меня тоже пожалей, – дедi. Алқымына әлдене тығылып қалғандай кеудесi қызынған Нұржанов одан ары тұра беруге шыдамы жетпедi. Әйелiнiң мiнезiн аярлыққа телiр-телiмесiн де бiлмей, мұншалықты құбылып-құйқылжыған жын-сайтан бiткеннен қатты түңiлiп, жатын бөлмесiне қарай жүре бердi.Таңаттың жаңағы бiр сөзiн ауыр алған-алмағаны да белгiсiз, диванкреслоға көмiлiп отыра кеттi. Тиянақсыз дүниеден жерiнетiн сияқтанды. Бiр сынампаз назар ылғи өзiн қырағы бағып келе жатқандай сезiндi. «Iшiп-жеудi ғана бiлетiн, барын киiп, бақанын ұстаған ұлын ешкiмге жақындығы жоқ кiсәпiр деп ойлап жүрсе, қарай гөр». Бұлардың бәрiнен де әжесiн жоғары қойғанына таң. Өлгелi берi шешесiн шындап бiр есiне алып көрмегенiнен қуыстанатын сезiм көңiлiнiң қалтарысынан қылаң ұрып, кеудесiн жайсыз сыздатып өттi. Терезеден барып қараса – Өмiрсерiк әлi келе қоймапты. «Сол да ыбылжыған бiр сорлы» дедi iшiнен. Жұмысқа жаяу тарта берудi ұйғарып, сыртқа шықты. «Мыналар тамақ та iшкiзген жоқ. Мейлi, күнi бойы нәр татпай қойшылар да өлмей жүр ғой» деп ойлап қойды тағы. Жаяу жүруден тегiнде қашпайды. Сырт көздiң «мынау бiрiншi хатшы емес пе» дейтiн сұғанақ сұғынан сескенетiн сияқты. Сол себептi Өмiрсерiктi күтiп, аулада ары-берi жүрдi де қойды.

С ол жылдың күзiнде Байқадиевқа кiрiп, демалысқа шығатын уақытқа келiсiп, ауданға көңiлдi қайтты. Облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы оның үстiне әдеттегi қазымырлығына салынбай: – Келесi жылғы жұмыс жақсарар ма екен, сен осы әйбатылап тұрып бiр тынықшы, – дегенi. Облыстық кәсiподақтар комитетiнiң төрағасына жолай жолығып, бiр тәуiр жолдама сұрап көрiп едi, етжеңдi мол денесiне лайықсыз елпелектеген анау: – Сiзге керек десеңiз, Жапонияға тауып берейiн, – деп күпiнгенi. «Мынаның жалбақтауына қарағанда бiр iсi түсейiн деп жүрген шығар?» деп ойласа да разылық бiлдiрiп, ауданға аттанды. Қас қарайып қалған кезде үйiне келсе Арқабек пен әйелi екеуi отыр екен. «Красный октябрь» совхозының мәселесi қаралғаннан кейiн директордан бастап, бас зоотехник Арқабекке дейiн жаңадан тағайындалған едi. Шаруа басты боп кеттi ме, әйтеуiр көрiнбей қойып едi, мiне, ендi келiптi әйтеуiр. Бұл iшке кiрген бетте-ақ қолын ала жүгiрген оған Нұржанов алабөтен жылыұшырап: – Иә, толар-толмас совхоздың болар-болмас бас зоотехнигi шаруаң қалай? Үй-iшiң аман ба? – деп сұрады. – Аманшылық аға, аманшылық аға, – деп, үстi-үстiне жауап қатқан Арқабектiң одан бетер толыса бастаған томпиыңқы кескiнiнен Жолбосын соқырды шырамытқандай болғанда ғана Нұржанов дереу түксиiңкi қалыпқа ендi. Мұның қу тiс әкесiне келiңкiреп бара жатқаны көңiлiне дық болып тиетiндi шығарып жүр. Арқабектiң тұла бойын түгел тiнте шолып шықты да, кекесiнмен жымиып: – Сен не, бiрiншi хатшының бауыры өзiммiн, түбiнде директорлық менiң жолым деп күпiнiп жүр дейдi ғой, жұрт, – дедi. Жiптiктей боп тұра қалған Арқабек аң-таң күйде көзi бақырайып барып, ағалық базынаны ұқ-қанда шыпширақ тiл қатты. – Кiм бiледi аға, арғы атамызды отқа шапқан дейдi, солардан бойымызда бiрдеңе қалса, өйдеп айтсақ, айтып та жiберемiз. Разы боп кеткен Нұржанов қарқ-қарқ күлдi. Сара мен Арқабектiң әйелi – Гүлбаһрам ас бөлмесiнде жүр. Балалары өздi-өзi бөлмелерiнде отырғанға ұқсайды. Мұның плащы мен бас киiмiн бәйек боп iлген Арқабек аяғына сүйретпесiн ұсынуға дейiн барды. Ас бөлмесiне кiрiп, келiнмен амандасқаннан кейiн Сара тыныш тұрмады.

– Менiң қайнымның ондайы жоқ сияқты едi деп шынымен ойлап қалсам, бiздiң Мәкеңнiң қалжыңы қалмайды әйтеуiр. Осы кезде iнiлiк iзеттен аспай Арқабек сыпайы тiл қатты. – Алды-артымызды ендi-ендi танып, байқап келемiз ғой, аға. Мәдуар бауырымыз қатты қызған уақытта: «Құл жеймiн дейдi құйрықты, құдай бiлер бұйрықты» демеушi ме едi. Осы жұмысты жөндеп атқарып алсам да маған жетедi. «Бас зоотехник болғалы берi iшке қонатын сөздердi тауып айтатын бопты. Директор ғып қойсам мынау қырар» деп ойлаған бұл Арқабек тұрпатына назарын және де кiдiрiстетiп, әкесiнiкi сияқты мұрнының қоңқайыңқы бiткенi кенет көзiне оттай басылды. Жолбосын соқыр тек со-пақтау болса, мынаның пiшiнi дөңгелектеу. Екi бетi томпайған, қалың. «Әй, дегенмен жерлiгiне тартқан жерi жоқ, өзiнiң» деп ойлады. Тамызық бола түссiн дегендей Сара орталарына бiр шиша коньяк әкелiп қойды. Араарасында қағып салып, ананы-мынаны әңгiме қылып, бiр кезде тiкелей мәселенiң өзiне ойысып кеткенiн байқамай да қалыпты. – Дұрыс айтасың, директорың жаман жiгiт емес сияқты, бiр-екi жыл жақсылап жұмыс iстесiн, Келгенбаевтың орнына түбi соны апарып қоямын-ау, – деп соғып та жiбердi. Бiрiншiнiң мұншалықты ашылып-жарылып, iшкi сырын сыртқа шығара бастағанын малданып, тоғайған кейiпте отырған Арқабекке аяқ астынан қабағын түйе сұстанған Нұржанов: – Бұл әңгiменi сен бiреу-мiреуге айтып қойып жүрме, аудандағы кадр мәселесiн бiрiншi жерлесi екеуi ақылдасып, шешедi екен деп шығарар бұл жұрт, – дедi. Әлгiндегi ақжүрек бауырмал ыңғайға арбалып, аңқау аңғалдықпен отырып қалған Арқабек кiшiк қалпына еш өзгерiс енгiзбестен бәз-баяғы ұстамды күйде: – Аға, ондайға еш алаң болмаңыз, өлетiн жерiмiздi бiлетiн әлетке жеттiк қой, – дедi. Одан арғы әңгiмеге барғысы келмеген Нұржанов өзi бастап орнынан тұрды да: – Сен ана директорыңа айт, келесi айдың ортасына қарай бiрiншi демалысқа шығып, Қырым жаққа курортқа кетедi екен деп. Кейiн бiлмей қалып ек, кештеу естiдiк деп жүрмесiн, әдейi айтып тұрмын, – дедi.

Арқабек мұны жаңа танығандай көздерi жыпылық қағып, құт-берекесi қаша үрпидi. Сынампаз назарын тайқытпаған бұл мынаның әлденеден секем ала қорқыңқырап тұрғанын сезсе де оны неге жорырын бiлмей дағдарды. Әлсiн-әлi қарағыштаған сайын бастапқы еркiндiгiнен бүтiндей айрылған Арқабек сағы сынып, жүнi жығылған кейiппен бұған көзiн төңкере қадап қана тынады. Ақыры көкейiне келiп қалған ойды iрiкпестен: – Сен не, директорың жөнiнде бiр нәрсенi ашып-жарып айта алмай қысылып тұрсың ба? Жасырма! – дедi. Екi көзiн алақ-жұлақ еткiзiп дегбiрсiздене асығыпаптыққан Арқабек: – Ондайы жоқ сияқты, кiм бiлсiн? – дедi. Осының алдында ғана бауырмал сезiмге еліткен бұл лезде самсоз салғырт райда: – Ал, онда бара бер, – дедi. Ернiнiң ұшымен «жақсы, сау болыңыз» дегендi жыбырлатып әрең айтқан Жолбосын соқырдың ұлы жүрексiнгендей ақырын бұрылып, жөнiне кете барды. Қақпақтай екi жаурынының ортасы әшейiнде далиып, еңсегейленiп толымды көрiнсе, қазiр қушиып, құр сүлдесiн сүйреткен кейпi бiртүрлi басыңқы. Бұған бәлкiм солай көрiнген де шығар? «Неге сонша дегбiрсiздендi?» деген түйткiл көкейiнен кетпей кесекөлденең тұрып алды. Ұлының бүгiнгi айтқаны ойына сап ете түскенде өзiнен сұмдық жатсырап бара жатқанын iштей күйзеле мойындады. Осы ақиқатқа амалсыз жүгiнген сайын шарасыздықтан дымы құрып, бойы құлықсыз тарта жөнелгенде шаршап сансырағандай көзiнiң алды жыбырлай есiлген сағымға толды да кеттi. Жаңағы Жолбосын соқырдың ұлын былай жылы жауып қойғанда, анау Келгенбаев, Қауызов, Гуржий секiлдiлердi сәл мiсе тұтып, көңiл желпiнтер серiкке баламайтыны екiбастан. Тап бұл астамшылығын әбес санамақ түгiлi жалғызсырап, бiртүрлi елегзи бастады. Ас бөлмесiнде қыбырлап жүрген әйелiнiң әлгiндегi түсiнiксiз қылығын неге жорырын бiлмей дағдарды. Қаршадай Назеркеге сонша сайқалданып, бетiн өзiне қаратып алғысы келген әрекетiнде аналық мейiрдiң жоқтығына қатты таңырқады. Көзiн жыртитып алып мысқылмен тәкаппар күлетiн Байқадиевтың құдай сүйер ұсқыны жоқ. Оның бүткiл кейпi аяқ астынан елестеп өттi. Еңсесiн аямай жаншитын зiлмауыр үстемдiгiн қабырғасы қайыса сезiндi.

Ертеңгiсiн жұмысқа келсе қабылдау бөлмесiнде Қауызов өзiн күтiп отыр екен. Жалма-жан орнынан атып тұрып, екi қолын ала жүгiрдi. Оған көзiнiң қиығын салғырт қалыппен самарқау ғана тастады. Мұндайда амандасудың мезiретiн жасау керек болған соң қолын құлықсыздау ұсынып тұрып, секретаршаға назарын бұрды. – Николай Павлович маған тезiрек келсiншi. Сол екi арада Қауызовтың сопақша кескiнiндегi өзгерiстердi бақылап үлгiрдi. Тiп-тiк құлаған қыр мұрнының ұшы делдие көтерiлiп, бiрыңғай қып-қысқа шашы тiкiрейiп, қоп-қоңыр көзiнiң жiпсиген ұштары қолдан тiгiлгендей ұзарып бiткендiктен бе, әйтеуiр мұның тұрқынан бұл өңiрдiң ұрқына келмейтiн бөтендiктi аңдады. Кейiнгi кезде шақыртпаса Қауызов өз бетiнше көп келмейтiндi шығарып жүр. Сол себептi де оған жылы шырай бермей, сызданып кабинетiне кiрiп кеттi. Безеу басқан қарақошқыл өңi күреңiте сұрланған Қауызов мұның соңынан iлеспекке оқталып-оқталып барып қалғанына дейiн сезiндi. Сырт киiмiн iлiп, орнына жайғасып болғанша асығып-аптығып Гуржий де жеттi-ау. Нұржанов оған да самарқау бұрылып, қолын құлықсыз ұсына салды. Одан сайын толысып бара жатқан етжеңдi денесiн ширақтау алып жүре алмайтын екiншi хатшының ындыны жуастау болмысынан өзiнен айбынатын беймазалық барын байқады. Дүрдiктеу ернiн бұртитып, ара-арасында ғана назарын тiктеген сәт қалың бетi бүлк етiп қояды. Сөз бастамастан бұрын оған тесiле қараған Нұржанов: «Бұл бишара Садықбеков сияқты жұмыстың нәзiк тұстарына неге дендей алмай қалады екен?» деп ойлап қойды. Мұның ұсынған кадрлары көбiнекөп өтпей жатады. Алғашқы кезде онысының бәрiн көңiлiне түйiп қоятын, соңынан тiптi ұмытып кете беретiн боп жүр. Күтпеген жерден тiке телефон шыр ете түскен соң көтерсе – ең шалғай совхоздың директоры екен. Еттiң жылдық жоспарының орындалғаны жөнiндегi жаңалықты асығыпаптығып айтқанына селт етпеген Нұржанов ананың сөзiнiң ортасынан киiп, кiлт үзiп жiбердi. – Әй, сен барлық көрсеткiш бойынша орындасаң, мына сұрыңмен төбемiзге шай қайнататынның нағыз өзi боласың ғой. – Қазымырланып кетiп, директордың жержебiрiне жете бастады. Арасында өзiнiң демалысқа жүргелi жатқанын, әйтпесе шаруашылылықты түгел аралап шығу керек едi дегендi қосып қойды. Содан бiр кезде:

– Ұқтың ба?! – деп сұрады. – Ұқтым, ұқтым, – дедi анау сасып-салбырап. – Ненi ұқтың?! – дедi бұл қайтадан дүрсе қойып. Бiрақ ар жақтан күмiлжiп, кiбiртiктеп дыбыс қата алмаған соң Нұржанов тағы да тұтанып кеттi. – Мiне, сендердiң тiршiлiктерiң осы. Бiр ғана еттi орындап, дүниенiң бәрiн тындырып тастаған екем деп жүрсiң ғой. Келесi жылы қозыдан, жүннен орындамасаң басқаша әңгiме жасаймын, айтпады деме! – Трубканы қоя салып, Гуржийге бiрауық ежiрейе қарады. – Николай Павлович, көрдiңiз бе, сiздiң жинақтаған кадрыңыз қандай? Көзiн бұған төңкере қадап өткен Гуржий тиянақты отыра алмай қозғалақтап, сәлден соң назарын тiптi төменшiктете бердi. «Бұл бишараны қанша қаузасаң да, осыдан артыққа бармайды ғой» деп ойлаған Нұржанов жайдары қалыпқа көшiп, кеше Байқадиевқа барып демалысқа шығу мәселесiн шешiп қайтқанын айтқанда, көзiн әдетiнше төңкерiп тастаған Гуржийдiң қалың бетi тағы бiр бүлк ете түстi. Шаруа жайында екеуi ұзақ сөйлестi. Бiр кезде аса маңызды мәселенi манадан айтуды ұмытып кеткен сыңайда көкшiл шарасын кең аша бағжиған Гуржий: – Мәке, қабылдау бөлмесiнде Қауызовтың отырғанына бiр сағаттан асты, – дедi. Қауызовтың фамилиясы жылы шырайлы, ықыласты әңгiмеге әзәзiл болып тигендей түсi күрт бұзылған Нұржанов шегiрлеу көзiнiң сұғын Гуржийдiң өңменiне ұзақтау кiдiрттi. «Ана сұм мұның да кеңiрдегiнен бiраз нәрсе өткiзiп жiберген шығар, әйтпесе неге сонша әбiгерленедi?» деп ойлап үлгiрдi. Екiншi хатшының осынша көшесiздiгiне көңiлi толмай, одан арғы әңгiмеге кенет ықыласы шаппай қалды. Келесi айдың ортасына дейiн әлi бiрталай уақыт барлығын ескерiп, оған шейiн талай-талай ақылдасармыз деп жөнiне жiбердi. Гуржий шықты дегенше болған жоқ, қылқиған ұзын мойнының бұрандасы босап кеткен сықылды басы қаңғалақтаған Қауызов босаға жақта бiр мезет қалшиып тұрып қалды. Мұның түксиiп суық қадалатынынан тосырқап, беймаза халге ұшырайтынын сездi. Қарақошқыл сопақ өңi шымқай күреңiтiп, томпайған қоңыр көзiнiң тiгiсiне дейiн жазылып, бұған жаудырай қарап барып, алдындағы орындыққа жалп етiп отырып жатқанда аясының тұтас қызғылт тартқанын аңдады. Шошынған сайын үшкiрлеу мұрнының ұшы делеңдеп, желбезегi қусырыла түсiптi. Түксиiңкi, сұсты райынан

қайтпай, одан сайын қатая түскен бұл оны бастан-аяқ түгел тiнтiп шолып шықты. – Сенi не, жоғары жаққа қарай өскелi жатыр дей ме? Жiпсиген қоңыр көздерi шырадай жанып, екi құлағы ыңғайсыз қалқайып, аң-таң күйде қалған Қауызов: – Жоқ, – дедi. – Сол әңгiме рас па деп ойлаймын. Сен қазiр аудандық партия комитетiн менсiнбейтiн болдың. Мал шаруашылығына сауда қызметiн қаперiңнен шығарып та жiбердiң. Облыстық газеттiң тiлшiсi ойраныңды шығарып жазып кетедi. Саған ол үшiн әрине, түк те болмайды, ұрысты еститiн баяғы бiр Нұржанов бар. Ал сен сүттен ақ, судан таза боп қолыңды жылы суға малып жүрсiң. Сонда сен қайдан шыққан құдайдың еркесiсiң?! – деп үстi-үстiне дүрсе қоя бердi. Қоп-қоңыр шырағының заһарлы ұшқынын мұның өңменiне дiттете тайқытпай түйреп өткенiмен, даусын бәсең, пәс шығарды. – Мәке, тоқсан сайын келетiн тауарлардың көбiн соларға жөнелтiп жатырмыз. Қант-шай, ұн – бәрi жеткiлiктi. Тисе терекке, тимесе бұтаққа дейтiн тiлшiлердiң әдетi емес пе, шаруашылықтарды шолақ тонмен аудандық «Казсельхозтехника» бiрлестiгi қамтамасыз етуi керек. Қойшыларға оны түсiндiре алмайтын болған соң облыстық базадан өзiм барып сұрап ем, жоқ болып шықты. – Мұның осылай безектеп, шырылдай жөнелетiнiн алдын-ала сезiп отырғандықтан ба, сазарған қалпынан танбай құлықсыз тыңдады. Тек: «бұл сонда неге өзiм емес, озым болмақ? Ө деген дыбыс дүнгендерде түп атасымен жоқ па екен әлде?» деп ойлаған Нұржанов қабағын күйзеле шытты. – Баяғыдан белгiлi үйреншiктi жырлар ғой, мұның бәрi. Жаңа ештеңе жоқ па? – Осы сөздi әуелi кекесiнмысқыл ретiнде айтқанымен өмiрдiң ұсақ-түйегi тойдырып, жалыға жабыққан күйi сазара ұзақ iркiлдi. Қанша iскер, алымды саналғанымен Қауызовтан еш қайран жоқтығына iшiнен налыған мезет кiп-кiшкене қауқарсыз жаратылысына ерiксiз жүгiндi. Қым-қиғаш ойдан серпiлтiп, көңiлдi желпiнтетiн ермек айналадан табылмайтынына елегізiп кетiп, қарсы алдындағыға түксие түйiле түстi. Мұның ызғарлы қабағынан пұшаймандана бiртүрлi бүгежектеген Қауызов басын сылқ еткiзiп төмен салбыратып жiбердi.

– Не шаруамен келiп ең, айта бер, – деген бұған аң-таң боп өзiне тура тiктелген жанарында етене таныс сырмiнез ұшқын жылт-жылт етiп, қутыңдап өткенiне дейiн сездi. Айтқанындай-ақ, арадағы қолайсыздықты серпiлтiп тастайтын баяғы базынаға толы үндi таныды. – Мәке, сiзге кiруден қалып барамыз. Ұжымдық демалысты сағынып қалған шығарсыз, соны бiле кетейiн деп келдiм. Нұржановтың қабағы әлi қату. Сөйтсе де iшкi дүниесiнен төтенше жылы ағыс жоғары шауып, көкiрегiн тұтас шарпып өткендей болса да бiрден лақ ете түспей суық жымиып: – Мынауың да баяғы жартас бiр жартас, жарайды, бұл жолғы аяқ алысыңды бiр байқап көрелiк. Все таки заманчивое предложение, – деп бiр мезет тынып барып, сөзiн қайтадан жалғап әкеттi. – Сендер ойлайсыңдар ғой деймiн, бiрiншi хатшы ана Гуржий, Поцелуев, Садықбеков сияқтыларды бiр күн көрмей қалса сағынып тұрады деп. Керек десең бар ғой, осы жұмыста отырып солардың жүзiне қарағым келмейдi. – Нұржанов өзiнiң мұншалықты асылық айтқанын әбес көрмейтiн сенiмдi кейпiн сызданған күйi сақтады. Баяғы төменшiктеген Қауызовтың өңiне бұрқ етiп қою күрең қан шауып, томпақ көзiнiң үстi ерекше қызарып бара жатқанын байқады. Жоғарыдан қарағанда жұқалтаң, шақшақай ұсқын туасы бөлектiгi болмаса, бауырмалдығын имандай сендiргiсi келетiн көмбiс. Тек әлдененi бүлдiрiп алып, соның жазасын тартуға шындап мойынсұнған ойын баласына ұқсап, ұзын кiрпiктерiн үстi-үстiне жыпылықтата бастады. Осы кезде тiке телефон шырылдап безек қақты. – Мiне, көрдiң бе, бiздiң совхоз директорларының бәрi өзiң сияқты. Биыл бiр ғана көрсеткiш – еттiң жоспарын орындап едi, соның өзiн мiндет қып мазамды алып бiттi. Бұдан көбiрек жұмыс тындырса бұл жерде менi тұрғызбас әуелi, – деп Нұржанов сөздi ұзыннан ырғап барып трубканы құлағына тосты. Сыпайы амандасып алған сенiмдi дауыс әуелi фамилиясын атады. Содан соң барып қызметiне тоқталды. – Дұрыс, дұрыс, – дедi Нұржанов iле-шала. – Байқаймын, сен тәуiр жаңалық айтатын сияқтысың. Бiздiң жiгiттер күнi бойы алдымда отыр. Бiрақ iлiп алар ештеңе болмай тұрғаны. Мұны неге жорырын бiлмей сәл тосылған облыстық кәсiподақ комитетiнiң қызметкерi бiрден шаруасына көштi.

– Елекең сiзге сәлем айтып жатыр. Қырым жаққа екi жолдама бар дейдi, соның екеуiн де алар ма екен деп сұрайды. Жасы жерортадан асқан өңi быж-тыж, олпы-солпы кескiн көз алдына келе қалды. Елекең – облыстық көлемдегi басшыдан гөрi жинақ кассаларының, болмаса банкiлердiң қазақылау бухгалтерiне көбiрек ұқсайды. Сол сұрына қарамай өзi сұмдық дәметкiш деп еститiн. Осы бiр ойлар шауып үлгiрген Нұржанов Сараның биыл өзiмен бiрге еш жаққа шыға алмайтыны есiне түстi. «Соқа басымды айдалада қылқитып жүргенше қасыма мына Қауызовты ертпеймiн бе» деген ой да қапелiмде келдi. – Бiзге сол екi жолдамасы дұрыс. Не бопты бiрқауым елмiз ғой, қасыма еретiн бiр азамат табылар. Елекеңе сәлем де, өзiне арнайы кiсi жiберемiн. – Содан Қауызовқа шүйiлдi. – Осы елдiң айтып жүргенi не сөз? – дедi бiр кезде. Жайсыздау естiлген сұраққа дегбiрi қаша, басын жұлып алған Қауызов Нұржановтың суық әлпетiмен тағы ұшырасты. Қоп-қоңыр көзi кiреукелене жәудiреп, сопақтау ұзын әлпетiне қызылкүрең қан шапты. Қушиыңқы иықтарын ары-берi қозғап, береке тауып отыра алмады. – Мына әскери қалашықта бiр офицердiң әйелi егiз ұл тапса, екеуi де Қауызовтан айнымай қалыпты дей ме осы? – Нұржанов ешбiр күлместен көзiн қияс тастағанда қоңыр қою шырағынан қызылжалқын сәулелi ұшқын ойнап өткенiн аңдады. Нақақтан-нақақ жапа шеккен жандай бiр терең мүләйiмсiген қалыпқа ендi. – Мәке, менiң жауларым көп қой, солар ылғи ел арасына осындай қауесет таратып жiбередi, – дедi. Үстi-үстiне ақталып, әлденелердi төпей жөнелген Қауызовқа «жеттi, доғар» дегендей қолын сiлтеп, сыр бермей сызданған қалпынан таймастан, қатқылдау тiл қатты. – Келесi айдың ортасына қарай менiмен бiрге Қырымға барасың. Қазiрден бастап соған дайындала бер. Осы жерден шыққан бетiңде анау бiздiң кәсiподақтың басшысына жолығып, екi жолдаманы алып келсiн деп айт. Маған қажеттi документтердi толтыра берсiн де. Бұл қалай болар екен деген екiойлы кейiппен сәл iркiлiп қалған Қауызов көкейiндегiсiн ақыры сыртқа шығара алмай, күмiлжiп барып есiкке беттедi. Еңкiштеу иығы қушия түсiп, жотасы күжiрейiп, доқ танытқандай қалпын Нұржанов қаперiне де қыстырмады. Байқадиевтың

алдындағы өзiнiң бейшара күйiн ерiксiз ойлады. Ешқашан қыбы қанбайтын өшпендi сезiм көкiрегiн тербеп өткендей болды. Облыстық партия комитетi бiрiншi секретарының аумалы-төкпелi мiнезiне өйтiп-бүйтiп көндiгер-ау. Мұнда анау Пiрмағамбетов жаманның қорлығы өтiп жүрген жоқ па. Осыдан ба екен кiм бiлсiн, Жолбосын соқырдың ұлы – Арқабекке жаны ашып, есiркей берудiң тiптi керегi жоқ деген тоқтам Нұржановтың жанын тыншытатын бiр мамыражай күйге бөлейдi. Қ ырымға аттанатын күн таяған сайын ауданның тайлы-таяғына дейiн қалмай, шеттерiнен кiре бастады. Келгенбаев екеш Келгенбаев өтiмдiлiгi бұрыннан бардай мұның үстiне екпiндеп ендi. Жап-жалпақ қоңды кескiнiне анау үп-үшкiр мұрны мен жiп-жiңiшке даусы тiптi үйлеспейдi. Барлығына етi үйренсе де аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының қораш жаратылысына неге екенiн кiм бiлсiн, Нұржанов көндiге алмай-ақ қойды. – Мәке, бiр жақсылап дем алып келiңiз, шаруаға алаңдамай-ақ қойыңыз... – «Мынау Байқадиевтан да ары өтiп бара жатыр ғой» дедi iшiнен кекете. Алыс жолға шығып бара жатқан соң ғана үндемедi. Оның үстiне мына бейшара күлшелi баланың харакетiн қылатын кезде бiрдеңенi айтып ап, оған өзi таңқылдап күлетiн әдетi бар едi, бүгiн онысын да елемедi. Ары-берi бұрылған сайын етiнен тайыңқырап, жарлауыттанған екi жағы ылғи да бiр жазылып, бiр жиырыла бергендiктен атыз-атыз боп түскен екi-үш терең сызық көзге анадайдан ұрады. Жылтыраған бетiнiң де терiсiн жыпырлаған ұсақ әжiм торлай бастапты. Айдаладағы бiреудiң өңiне сонша тесiлгенiм не дегендей жүзiн шытына бұрып әкеткенше болған жоқ, төс қалтасына сүңгiп бара жатқан ананың борбиған қолын көзi шалды. Осы қимылдың өзiне қабақтай қарны әжептәуiр бөгет болғандай бiртүрлi құнжиып барып, ақырында бiр тоқ конверттi суырып алды. Дөңкие борбиған саусақтардың арасында аузы желiмделген төрт бұрышты қағаз түкке де тұрмай қалатын сықылды. Тек көкшiл астары мөлдiреп, көздi арбап өткенде мөлшерiн iштей шамалай бастағанын өзi де байқамапты. – Мәке, мына бiр ақшаны өзiңiзге арнайы қағыстырып жиып жүр ем. Бiлсеңiз – бiз сiзден үлкенбiз. Бiз деген

өгiзбен жастымыз ғой. Сондықтан ағаның iнiге тәбарігі болады. Ендi соны жатырқамай қабылдауыңызды өтiнемiн. «Бюрода аузын буған өгiздей боп үндемей отыратын мынауың сөзге шешен болып жүрмесiн» деп ойлап үлгiрдi. Iш дүниесiн ыстық толқын желпiп өтiп, өзекке тебе алмайтын ерекше бауырмал халдi басынан өткердi. Сөйтсе де елжiреп елпектемей, сол баяғы әкiмдiк мысы басым қалпын жоғалтпастан ернiн болымсыз жыбырлатып: – Рахмет, – дедi. Көптен берi ойында жүрген шаруаның үлкенiн тындырып, көңiлi жайланған кiсiдей аяқ астынан маңғаздана кекiрейiп қалған Келгенбаев қоштасудың рәсiмiн апыл-ғұпыл жасап, кiлт бұрылып жүре бердi. Маң-маң басып бара жатқан оның сыртқы бiтiмi жуан. «Бұған дүниеде менен өткен құдырет жоқ қой, – дедi кенет. – Тiршiлiгiнiң ыстық-суығының барлығы менiң қас-қабағыма ғана байланысты. Байқадиев, Силаев сияқты дөкейлердiң бар-жоғында мұның еш шаруасы жоқ». Келгенбаевтың ықыласы көңiлiне қаншалықты жылы тиiп, «бұл бишараның ниетi шын» деп ұйғарғанымен де тұтқиылдан көкейiне келiп қалған бiр сұмдық сорлылықты сезiну – көңiлiн қоңылтақсыта жаман ғып тастады. Сол күнгi басталған апырылыс-сапырылыста кене-тенеден ойына келген сорлылық санасынан тiптi шықпай қойды. Шаруашылық, мекеме, ұйым, кәсiпорын басшылары, партия ұйымдарының хатшылары бiрiнен соң бiрi кiрiп, асығып-үсiгiп бұйымтайларын айтып бiткенше жан дәрмендерi қалмай жiк-жапар болып кетедi. Мұның суық қабағынан шошынып, жатырқаған жазғандар сөздi неден бастарын бiлмей қысылып-қымтырылып, мүләйiмсiп қарап қояды. Сүт бетiне шығар қаймақтардың күмiлжiп, кiбiртiктеп берекелерiнiң қашуын әу баста өзiнiң сұсына жорып, одан сайын райын жылытпастан қытымырлана қыдиып отырып алады. Қалталарынан қалтырап-дiрiлдеп суырып алған конверттi жүрексiне ұсынғандарына ұмсынып қоймастан сазарған күйi қалады. Түрлi ыңғайда шығатын конверт құрғырлардың көңiлдi желпiнтiп, құшырландырып жiберетiн қызуынан бiртiн-бiртiн айрылып бара жатқан сияқты. Аудандық банк басқарушысы Көкенов өзгелерге ұқсамай, ыздиып кiргенi Нұржанов көңiлiне шынымен де сыймады. Талай мәрте бiрге қонақта болып, бiрнеше рет үйiнен дәм таттырғанын малданатын еркiн өтiмдiлiктi сырмiнез базынаға қанша жорыса да iштей қитығып, бiр қиғылықты салғысы-ақ бар. Мынаның бiр есепке сүйкiмдi

көрiнетiн жұқалтаң жүзiнен берекелi молдықтың белгiсiн таба алмай даң бола бастады. Үшкiрлеу бiткен қыр мұрнының үш жағы шолақтау қайырылғандықтан шошая делдиiп тұрады. Дембелшелеу бiтiмiн нығыз ұстап, аса маңызды шаруа айтатын ыңғайда бұған өзiмсiне емiнiп жақындай түскенде маңдай тұсының шашы селдiрей бастағаны көзiне анық шалынды. Мынаның бүкiл жинақы бiтiмiне елеулi нұқсан келгендей көңiлi бiрден ортайып, уақыттың бәрiбiр өз дегенiн iстемей қоймайтыны ойда жоқ жерде санасын киiп-жарып өттi. Көкенов қылуасына оншалықты ден қоймаған екен. Шындап зейiн бұрып қараса – екi аяғын айқастырып алып, қаперiне ештеңе кiрiп-шықпастан тура нағашысының үйiне келгендей емiн-еркiн отыр. – Мәке, қызыр жарықтықтың кiрпiгiнiң ұзын болатыны сонша, ылғи көзiн жауып тұрады екен деушi едi баяғыда шалдар. Кiрпiгiн өте сирек серпидi екен, сонда кiм көзiне бiрiншi түссе, соған бақ қонатын көрiнедi. Қасыңызда жүрген ағайын баршылық. Iнiлерiңiз бұ жолы қатты қамықты. Сiздiң қызырыңыз арамыздағы жалғыз дұнғанға қоныпты. Нұржанов мынаның дiлмәрсығанына емес, сөйлеген сайын таңдайынан шаң шығатындай тақылдайтын заржақтығына қатты қайран қалып отыр. «Сол жалғыз дұнғандай болсаң қайда жүрсiң?!» деп дүрсе қоя жаздап барып өзiн әрең тежедi. Адам деген шiркiндi аяғына дейiн бiлiп болудың қиындығын бiртүрлi көңiлсiздеу ойлады. Жаңағысы назы ма, наразысы ма, екi арасын айырмады, оны саралап, сараптауға құлқы да шаппады. – Келер жылы өлмесек, сенiң де кезегiң келiп қалар. Бәрi дайындыққа байланысты. Қауызов демалудың бүтiндей жаңа жобасын ұсынды, ал оны қабылдамасқа менiң амалым қайсы. – Мынаның алдын тосып тастағысы келген Нұржанов осы бiр сөздердi әдейi ащы кекесiнмен айтты. Аудандық банк басқарушысы өзiне артылған салмаққа байыпсыздық байқатпай сырбаз сабырлылығын сақтады. Тек бiрiншiнiң дауыс ауанынан кекесiндi сарынды аулаған мезет жұқалтаң бидай өңiне лыпып қан жүгiрiп өттi. Көзiн бұған сол замат төңкерiп тастағанда – жанарының шеңбер аумағы тым дөңгелектенiп бiткенiн байқады. Содан-ақ ой-сезiмге жұтаң репетiн танығандай болды. Қаптаған отырыстың бiрiнде Қауызов па, әйтеуiр бiреу мұны «тазша бала» дегенi есiнде. Өртенген орманның орнындай

Көкеновтың маңдай тұсындағы андыз-андыз сирек шашына әлсiн-әлi көзi түсе бердi. Әдеттегi қазымырлығына салынбай Нұржанов әлiптiң артын асықпай бақты. Өзiне деген салқын назар мен самарқау қабақтың ызбарын елеместен Көкенов негiзгi шаруасына көштi. – Мәке, бiз бұлақтың басында отырған соң ылғи судың тұнығын iшемiз. Сондықтан сiзге әрбiр қолдан өтiп, әбден кiр болған нәрсенi сыйламаймыз, – деп жанқалтасынан өзгелердiкiне ешбiр ұқсамайтын көгiл-дiр, көрiктi де нәзiк, аузы әрi ресми желiмделген жалпақтау конверттi суырып алды. – Iнiңiздiң монетный двордан алдырған сыйын қабыл алуы-ңызды өтiнемiн, Мәке. Бастапқы еркiндiгiнен жаңылып, бiртүрлi сынық тартса да, именбей ұсынды. Анау дегендей қақсал жiгiт болмаса да, Көкенов осы қызметтi iстегелi оншақты жыл боп қалыптыау. Сонда бұл бiр-екi бiрiншiнiң басын жұтып үлгiрген қу ғой. «Мұның да ит жетектеп аңға шыққан пәле шығар» деген ел арасындағы анайылау қитұрқы әңгiме есiне сап ете түскенде – мырс етiп күлiп жiбердi. Көкенов көгiлдiр конверттi созыла ұсынғанда: – Не, мен сенен көмектесiп жiбер деп қаражат сұрап па едiм! – дедi. Үкiкөздене дөңгеленген жанардан кенет ештеңе аулай алмайтындай мағынасыз тартқанын аңдағанда – ендi Нұржанов айран-асыр ойда қалды. Тiптi ар көрмейтiн ноқайлау ұсқынның жуыр маңда былқ ете қоймайтын дәтi берiк ұстамдылығынан ақыры өзi ыңғайсыздана бастады. Байқадиев түнеукүнi мұны қуып шыққанда – бұл безерiп отырып алу керек пе едi? Көкенов мұның көкейiндегiсiн әлдеқашан-ақ оқып қойғандай назарын тайқытпастан сазбеттене бiртүрлi бедiрейе қарап: – Мәке, сiз олай деген жоқсыз. Бүгiн бар, ертең жоқ дүние, сiздей асыл азаматтан бәрiнiң садағасы кетсiн! Бұрынғы басшыларға да қоң етiмдi кесiп беруге дейiн барғам. Оған қарағанда сiз екеумiз, Мәке, ағайынды адам емеспiз бе. Қазақстан тәрiздi ұлан-байтақ республика көлемiмен салыстырып қарағанда екеумiздiң шыққан жерiмiз де, тегiмiз де бiр. Мұнша жасқа келгенше Нұржанов өмiрдiң түрлi қитұрқысын түсiнуден әлдеқалай кешеңдеп, еш нәрсенiң рет-тәртiбiн бiлмей қалған бейiмсiздiгiне ерiксiз жүгiндi. Көкейiнiң түпкi терең қалтарысынан қылаң бере жылт

ете түскен сергек ой дүниеде бiр әйтеуiр көлгiр өтiрiктiң барына табан тiреткенде – буырқанып бұлқынбастан бұйығы қалпын сақтауға тырысты. Оның үстiне жаңағыдай елiктiрiп, жүрегiн елбiреткен сөздiң шырқын қашырып, берекесiн алмайын дегендей ажарына жылылық үйiре жымиып: – Өте жақсы айттың, – дедi. Көңiл күйдiң мұндай өткiншiлiгiне қанша алданбайын десе де өзiнiң асыл жаратылғанына иланбасқа амалы қалмаған Нұржановтың бойы бiр сұмдық шiмiркенiп өттi. Тек Көкеновтың есiмi аузына түссе ше. «Қасымжан ба едi, Досымжан ба едi?» деп ойлады. Сөйтсе де сыр бермей, сөзiн байыппен ары қарай жалғастырды. – Қазақтың мен бiлсем дәл үлкен кiсiдей дәуiрлеген адамы жоқ. Сырт көзге төрт түлiгi түгел сай көрiнетiн шығар. Бiрақ қайдан олай болсын. Естуiмше, ол кiсiнiң де көңiлiнде қаяу бар тәрiздi. – Аузынан шығып кеткен лебiзiн Нұржанов қайта жұта алмады. Көкеновтың өңменiне тобылғы көзiнiң сұғын бiраз кiдiрте iркiлiп, ары қарай не айтардың есебiн таппай күмiлжи бердi. «Үлкен кiсiден де басқа әңгiме жетпей ме, бұл жерге оның қандай қатысы бар едi?» деп өзiн-өзi iштей сөгiп қойды. Көкеновтың дөңгеленген үкiкөзiнiң шеңбер аумағы сәл-пәл ұлғайып, таңырқау шалыстанған бағжиыңқы әлпетiнде айта түссе екен дейтiн ынтасы аңғарылады. Бiрақ бұл бастапқы ықылас-ниетiнен айрылып, екпiнiн жоғалтып алды. Қайдағы бiр банктiң басқарушысына ақ-адал сырын ақтара жаздаған осалдығына опынған сыңайда бiр мезет томырылған Нұржанов аяқ астынан түсiн суыта Көкеновты көзiнiң астымен шолып өттi. – Адам баласына қалай болған күнде көргендiлiк керек. Анау Келгенбаев дегеннiң ақылы шолақтау. Сөзi де ойпытойпы. Кейде не айтып, не қойғанын бiлмей қалады. Мiне, сол бүгiн бiр көргендiлiгiн көрсетiп, қатты разы қылып кеттi. Адамның көңiлi өсiп, әжептәуiр марқайып қалады екен. Қарағым сен, екiншiлей өйтпе, бұлданып, дәсерленбе. – Iнiңiздiң бiр қателiгiн кешiрiңiз, Мәке. – Кiшiлiк әдепке толық енiп, үлкеннiң алдынан қия өтпейтiн лыпыған, қағылез сыралғы қалпына өзгеше сүйкiмдiлiк үйiрiлiптi. Тiктеле жөнделiп, қаймықпай тура қараған кезде маңдай тұсындағы селдiр шаштары еленбей, болмыс-бiтiмi тұтас мiнсiздiктен тұратындай көрiнiп кетедi. Жақсылыққа қарай бет бұрған әңгiменiң тағы да шырқы қашқанын жақтырмай,

тiксiне қалған сыңайдан секем ала бөгелген Нұржанов көрнеу жылы шырай бере тiл қатты. – «Қазанға түскен қайтып қапқа түспес», адал ақ көңiлмен алып келген екенсiң, рахмет! – Бiрталай жерге апарып тастамаққа оқталып, онысынан амалсыз тыйылды. «Мынауың тағы бiрдеңенi бүлдiрiп жүрер» дедi. Бастапқы айтқан ақылды сөзiнiң буы тез тарқаған Көкеновтың жұқалтаң жүзi ыздия, кiшкене қыр мұрнының үп-үшкiр ұшы қусырылып орнынан көтерiлдi. Көзiнiң сұғын ананың өңменiнен тайдырмай тiктеген Нұржанов: – Сен жаңағы сөзiңе қарағанда бiрiншiге пара бердiм деп бара жатқан жоқсың. Ағаның алдындағы iнiнiң парызын өтеп бара жатырмын деп ойлайтыныңа сенемiн, – дедi. Қасы-көзiн таңырқай керiп, қалт тоқтаған Көкеновтың дөңгелек әдемi жүзiне бұрқ етiп қан жүгiрдi. Айтпақ болған сөзiнен сәл кешiксе жаңылып қалатындай асығып-аптығып барып, булыға тұтығып тiл қатты. – Мәке, бiздi әлi күнге дейiн бала көресiз! Сол бiр ыңғайына аумаған Нұржанов суық жымиды да қойды. Өңiне шапқан қызыл бояу тарқамаған Көкенов өзiн-өзi зорлап күлгенiмен, iшiне жиып алған өкпе-назын жасыра алмайтын ызбар бәрiбiр ұялап тұрды. – Мәке, бiз секiлдi кәкiр-шүкiр бастықсымақтар көп шуылдақтардың бiрi екендiктерiн аттаған сайын көрсетiп қоя бередi. Артықауыс әбестiктерiме сондықтан кешiрiм өтiнемiн. Жанарын қырындау тастағанда қарашықтарынан жылт ете ойнақши ұшқын атқан жарқылды аңдап, алаңдаулы күйде тосылып қалған бұл Көкеновтың шығып жүре бергенiн де сезбептi. Көңiлiне оңдырмай дық алып, өзiне-өзi келе алмай состиып отырды да қойды. «Кәкiр-шүкiр бастықсымақтар» деп мынау ненi мегзеп кеттi?» дедi iшiнен. Жаңа суырмаға тастай салған өзгеше көгiлдiр конвертке көзi түскен сайын сұп-суық нәрсе қарып жiберетiндей тiксiнiп қалады. Үрейқорқынышқа мүлде ұқсамайтын, қоңылтақсыған сезiм көңiлiн мұздатып, төңiрегiнде қыбырлап жүрген кәкiршүкiрдiң бәрiн әп-сәттiң арасында сұмдық жатырқап, жабырқаған күйде тыбыр етпей отырды да қойды. Осы кезде қап-қара сағым есiле жөнелiп, нобайы баланың еңбегiндей жұмырлана тынымсыз бүлкiлдеген әлденелер көзiнiң алдына теңбiлденiп-теңбiлденiп толып кетедi. Күңгiрт көлеңкелi сұлбалар сайтанның сайқымазағындай боп кеңк-кеңк күлген Келгенбаевтың тұрпаты болып елестейдi. Әсiресе

оның жап-жалпақ бетiне еш сәйкеспейтiн кiп-кiшкене iстiк мұрнының пысылдаған лебiн тура жанынан сезiнгендей болғанда тұла бойы ерiксiз тiтiрендi. Көкеновтың манағы бiр бауырмал естiлетiн сөзiне қанша елтiсе де, жағымды сезiм бойына сiңбей селсоқ кейiппен оңашалықты қалап кешкiсiн үйiне келсе – баяғы Арқабек әйелiмен отыр. Ауданның тайлы-таяғы қалмай келгенде мұның директоры екеуiнiң қарасы көрiнбегенi ойына сап ете түстi. «Красный октябрь» совхозы директорының ат iзiн салмай қойғаны несi? Мынадан сұрайын десе бiрдеңе дәметiп тұр ма деп ойлайтын шығар деп үндемедi. Сара бұған көзiн қырын тастап, тұсынан өте шықты. Бұл Қырымға аттанам дегелi әйелiнiң iшiне тоң қатқандай қабағы бiр ашылмай әлек салып жүр. Онысын көрнеу елемейтiн сыңай танытқысы келгенмен Сара жөнсiз жерден қыр көрсетiп, көңiлiндегi дығын сездiруден ылғи да тайынбайды. Сондайда әйелiнiң бойынан сырмiнездiлiктiң жұрнағын да таба алмай Нұржановтың дал болып қалатыны бар. Әйелдiң қасқабағына отбасының берекесi тiкелей байланысты екенiне көзi жете түскен сайын iштей қуыстанып, дегбiрсiзденетiн әдеттен бiртүрлi арыла алмай қалады. Қайқаңдап бара жатқан әйелiнiң сырт тұлғасына бiрауық одырая қарап тұрып: «Мынау қайтедi-ей, өзi. Менiмен бiрге кетсе балалар қайтып күн көредi деп уәйiмдемей ме, қанша дегенмен шеше деген аты бар емес пе?» деп ойлады. Өз қоламтасын бұрын-соңды мұндайлық жатырқап па едi, көңiлi күрт ортая қоңылтақсыған күйi босағада аялдап қалғанда орнынан атып тұрып, өзiне қарай өңмеңдей беттеген Арқабекке сазара қарады. Мұның да мұрнының үп-үшкiр бiтiсi ақылына сыйматындай. Демiкпесi бар кiсiдей ентiге тыныс алған сайын жұп-жұқа танауы көтерiлiп-басылып, лезде қусырылып кетедi. Тұп-тұнық, қап-қара көздерiнiң мөлдiреп, жаудырайтынына бiршама алдана бөгелдi. «Бұл директорына айтпаған шығар? Әйтпесе қалай келмейдi?» деп түйген Нұржанов оның бүкiл бiтiмiн көз алдына елестетiп көрдi. Өзiне батып ұрсуға кiсiнiң дәтi бармайтын түксиiңкi жiгiттiң түр-тұлғасынан бекемдiктi аңдағандай болады. Айнала төңiрегiндегiлердiң бәрi жалбақтап жатқанда, бiреуiнiң қитар баладай қасарыса сiрескен қыңыр жаратылысы өзiне деген шексiз сенiмiне селкеу түсiретiндей көңiлiн жайсыз сезiм кеулеп, алаң ұялайды. Мұның сәлемiн Жолбосын соқырдың ұлы оған жеткiзсе

де елп ете қоймайтын тоңмойын бiтеукөкiрек бiрдеңеге кез болғанына жүгiнген сайын ар-намысы өре түрегелiп, шамырқана бастайды. Арқабек әйелiнiң кiсiнi өзiне баурап тартып тұратын сынық та ұяң қалпы берекелi жазда әбден толысып, толықси пiскен бидайдың баданадай аппақ дәнiне ұқсайды. Күйеуi бас зоотехник болғалы былқылдап басатын ақборықтай Гүлбаһрамның бойынан нақ қазiр дала мен күннiң иiсi келетiндей. Тоятын тiлеген бiр тусыраулы нәпсiсi дүмпiп, буырқана бұрсанып, бұлқынатындай. Жолбосын соқырдың ұлының меншiгiндегi, бұған еш қатысы жоқ қайдағы бiр Гүлбаһрам дейтiн жастау әйелдiң бүкiл бiтiмiн сүзiп өтiп, мұнша құмартуының мәнiсiне жете алмай дал болып қойды. Содан төрге озып, киiмiн ауыстырды. Қолын шайды. Ас бөлмесiнде отырғандардың қасына үнсiз келiп жайғасты. Осы арада тамақтануды жалпы Нұржанов онша жақтырмайды. Сол үшiн әйелiмен артық-ауыс сөзге барып қоямын ба деп үндемедi. Сараның қабаржулы қабағын елемей, Ыстықкөлге барып жүрiп қырғыз сыйластарының әйелдерiн еркелетiп, әспеттейтiн кездегi әдетiне салынып: – Аяш-ау, менiң жолымды қайныңа жуып бермейсiң бе? – деп назын бiлдiрдi. Сара бiр шөлмек коньякты үн-түнсiз әкелiп ортаға қойып кеттi. Гүлбаһрам да осы үйдiң бiр мүшесi сықылды тосырқап тосылмастан жұмысқа еркiн кiрiсiп, тынбай қыбырлап жүр. Бiр шетте ыздиып отырған Арқабек көзiн түйiстiруден қашқақтай беретiн сыңайлы. Нұржанов өзiнiң кейде сұмдық аңғарымпаз боп кететiнiне таң. – Сен не, бастығыңа менiң демалысқа кететiнiмдi айтқан жоқ па едiң? Шошына селт ете қап жалт бұрылған Арқабектiң қапқара жанары бiр мезгiл жәудiрей бөгелдi. Бидай өңi бұрқ ете күреңiтiп, үп-үшкiр мұрны делдиiп: – Сол күннiң ертесi-ақ айтқам, – дедi. – Сонда ештеңе деген жоқ па? Бiр бейкүнә берiлген сыңайға ене «жоқ» деп ақырын ғана жауап қатты. «Ол қайдан шыққан ноян?» дей жаздап барып өзiн әрең тежеген Нұржанов бiр нүктеге сазара ұзақ қадалды. Өн бойын шарасыздық билеп, бейiлсiз тартты. Арқабектiң директорына деген өшпендiлiгi бiр ғажабы қозып та қоймады. Артық-ауыс сөз айтпастан иегiмен нұсқап, коньякты аш та құй деген ишара жасады. Анау дереу шөлмекке жармасып, апыл-ғұпыл ашып, рюмкелерге ернеулете құйып

шықты. Арқабекке iш деген белгi берiп, өзi қағып салды. Ашырқанбағандай тамаққа да ұмсынбады. Әлпетiндегi сыз сейiлместен Арқабекке назарын бөгеңкiреп барып, тағы да бiр-бiрден қайталап жiбер дегендi қабағымен бiлдiрдi. Iш дүниесiн майлы ащы дәм тұтып, содан ду көтерiлген қызу леп тұла бойына бiртiндеп жайыла бастады. Iле-шала қағып салған Арқабектiң ұсқынын жатырқағандай бiр уақ оған сүзiле қарады. «Жолбосын соқырдың ұлы неге ана Келгенбаевтай емес? Ол бiрдеңенiң жөн-жосығын бiлетiн сияқты. Кiсiнiң қыбын қандыратындай сөзi де көшелi. Мынау қара басының қамын ғана ойлайды. Ал қалғаны күл болмаса бүл болсын, бәрiбiр». Коньяктың және бiр рюмкесiн қағып салды. Бастапқы қысылып-қымтырылған халiнен арылып, еркiнсiген Арқабек түймелерiн ағытып жiбергенде қарны лақ етiп ақтарылып түстi. Сара мен Гүлбаһрам буын бұрқыратып тамақ әкелгенде бұл үйдiң тәртiбiне әбден сырмiнез Арқабек дереу бұған қызмет көрсетуге кiрiстi. Тағамдардың түр-түрiнен салып, коньякты құйып қоюды да ұмытпады. Iшке қызу барған соң Жолбосын соқырдың ұлын iшiнен мiсе тұтпаса да, серiгiн бiр мәндi әңгiмеге тартқысы келдi. Мұның көкейiндегiнi оқып қойғандай Сараға жаудырай қараған Арқабек: – Жеңеше, ағамыздың жолына келiнiңiз екеуiңiз жүз грамм iшiп қоймайсыз ба? – дедi. Сол бiр ықылассыз қалпынан айнымаған әйелi Арқабекке көзiнiң қиығын құлықсыздау тастады. – Ағаң сияқты сен де кейiн балалардың тәрбиесiн Гүлбаһрамның мойнына жүктеп қоятын боласың-ау. Бiздiң Мәкеңнiң бiр жақсы жерi балалар өзi қалай болып жүр деп бiр ойлап қоймайды. Тағы мiне, өзi алысқа кетiп бара жатып, өйтiңдер-бүйтiңдер деген ақылын да айтпайды. Ал өкiметтiң жұмысына келгенде алдына жан салмайды. Бұл сөздердi сазара тыңдаған Нұржанов өкпе артудың жорасы оңайдан табыла кететiнiне кенет қатты қайран қалды. Тұтана жөнелейiн десе оның да қолайын таппай дағдарып, «сонда бұл өмiрiнiң несiне разы емес» дедi қитыға ашуланып. Жолбосын соқырдың ұлы мен келiнi қанша сырмiнез саналса да, артық-ауыс ештеңе айта алмайды екен бұлардың көзiнше. Қабағын қыржита түксиiп алған Нұржановтың атжақты жалпақ жүзi күреңiте құбылып, қысыңқы көзiнiң сұғын әйелiнiң өңменiне суық қадады. Жанына сая таппастан жүзiн Арқабекке бұрғанымен одан да да жылт сезбей күйзеле басын шайқады.

– Сен екеумiздiң балаларға жанымыз қиналғаны шамалы. Менiң шешемнiң арқасында баланың боқ-сiдiгiнiң қандай болатынын бiлмей кеттiң ғой. Егер ол кiсi өлмегенде бұлар сол үйренген жерiнде оқи беретiн едi. Ал сен мына Қырым тұрмақ Жапонияға барсам да менен iлесiп қалмас едiң. Ақсары жүзi бұрқ етiп қызарған Сараның көзi ойнақши дегбiрсiзденiп кеттi де, аяқ астынан орнаған қолайсыздықтан құтылудың жолын Гүлбаһрамнан тапқандай бiр кезек сазара қарады. – Менiң бағыма сондай ене бұйырды. Құдайға шүкiр, қадамым да жаман болған жоқ, көп ұзамай қалаға жұмысқа ауыстық. Ал ендi осы кiсiнiң жолы оңғарыла берсiн деп iшiп қоялық, кәне. Ә дегенде ашуына ерiк берiп алғанына iшiнен бұл опынып қалды. Қызмет дегеннiң өзi күнделiктi тiршiлiктiң қыр-сырынан аулақтатып жiберетiнiнен сау ма, өзi? Әйелiнiң жаңағыдай сөзiне бiр уәж табатын жөнi бар емес пе, әйтпесе. Байқадиевтың әуенiне төңкерiлем деп жүрiп, өмiрде ең негiзгi нәрседен көз жазып қалғандай ма, қалай? Шамырқанған Сара коньякты ашырқанбай қағып салып, iш деген ишараны Гүлбаһрамға бiр-түрлi қатқыл бiлдiрдi. Көзiн қанша мөлдiрете жәудiретiп, сынық тартқан сыпайы әйелiнiң бойынан бұрынғы тартымдылық белгiнi таба алмай қалғандай аңырды. Сол замат жадау, жұпыны жайдақтық төңiректi жайлап бара жатқандай сезiндi. Осы бiр сезiм және жан-жүйесiне оңдырмай сызат салып өттi де, бiр рюмка коньякты iшiп, қалың ойға түсiп барып, бiр кезде ғана басын көтердi. – Сен сол бастығың жөнiнде бiр нәрсенi жасырып жүрсiң-ау деп ойлаймын. Мен тұрғанда неден қорқасың, айт! Арқабектiң қап-қара шарасы мөлдiрей мүләйiм төнген сәтте жан баласына тiс жармай келген мұң-налалы құпия сыры көлкiп сыртқа шыққандай жас тәрiздi әлдене кiреукелене тұрып алды. Бiр-екi дүркiн алға ұмсынып қойып: – Аға, ол жүрген бiр фанатик, – дедi. Шырайын еш суытпастан таңырқай iркiлген Нұржанов Арқабекке шүйiле қадалып: – Онда ол адал жiгiт қой, – дедi. Жолбосын соқырдың ұлының аңыра кiдiргенiнен адалдық деген сөздiң түп-төркiнiн ұмытқан я ұғынбаған

кейiпке енгенiн аңдаған мезет неге екенiн Нұржанов өз-өзiнен қуыстанса да, сазара жауап күттi. Фанатик дегендердiң тамырын бiрден дөп басудың қиындығын шамалайды. Иландыра бiлсең, әйтеуiр олардан өткен мықты көмекшi жоқтығын әлдеқалай ұққандай болған. Осы бiр ойдың жетегiне ерiп отырып, ондайдың санатына Садықбековты жатқыза алмайтынына амалсыз жүгiндi. Адалдық деген адамдардың ойдан шығарған қиялы тәрiздi көрiнiп кеттi кенет: – Жол жүрердiң алдында ертерек жатып дем алайын, – деп, орнынан тұрып, сыртқа шығып жүре бердi. Жаңағы фанатик деген бәле жатар-жатқанға шейiн ойынан кетпей қойды. Бет-пiшiнi сопақша, қоңқақ мұрынды, қатпа қара жiгiттiң отырған орнын ойып түсетiндей салмағы барын сезедi. Шiренiсi жаман, сенген бiреуi бар ма, әлде? Қашанғы әдетiнше Сара өзiн ұзақ күтiп-баптады. Бетiн сылады, шашын тарқатып, түнгi киiмдерiн ауыстырды ма, әйтеуiр әйелiнiң осы бiр әрекеттерiн көз жазбай баққан мұның санасында жылы-жұмсақ дүниенiң тұмса нышаны адуын бейнеде көлеңдеп өткендей болды. Қырымға тұңғыш рет салт басының бара жатқанын кенет ойлағанда көкiрек сарайы кеңiп, күмбiрлей жөнелдi. Жанына өзгеше бiр тиетiн еркiн сезiнiс, әдемi көрiнiстердi көз алдына әкелген сайын тағаты таусыла құшырланып кетедi. – Жаңағы бауырың сенiң жолыңа бес жүз сом әкелiп берiп кеттi, – деген Сараның даусы ғана шырықты қашырып жiбергендей басын жұлып алды. Түнгi киiмдерiн ауыстырып үлгiрген әйелiнiң тығыншықтай тырсиған тығыз денесiне көзi сүрiнгенiмен көңiлiн желпiнтiп өтетiн сезiм буырқанбаған күйi сүлесоқ қалды. Жолбосын соқырдың ұлының бес жүз сомын сұмдық азырқанған түйткiл ой одан сайын көңiлiн құлазытып жiбердi. Басын жұлып алған манағы ыңғайынан әлi танбаған күйi: – Ол иттiң баласы менi қайыршы дей ме екен, бес жүз сомды қалай ұялмай әкеледi, – дедi тiстенiп. Бұл сөздiң мәнiсiн ұқпаған сыңайда сұраулы жүзбен бұған сазара қараған Сара ләм деп тiл қата қоймады. Осының алдында ғана жаны рахат тапқан жайлы сезiм сейiлiп, «Қызыл октябрь» совхозы директоры мен Жолбосын соқырдың ұлының көңiлiне дық болып орныққан қылуаларына түсiнбеген күйi iшiнен дал болып жатты да алды.

Ж олда келе жатқаны тарс есiнен шығып кеткен Нұржанов кенет өзiн сондағы өмiрiне тым жақындағандай сезiнiс көңiлiн қобалжыта тербетiп, жанын сыздатып өттi. Көкiрегiне бiртiндеп жайыла бастаған бiр жылымшы нәрсенi елемедi. Қаперiне ештеңе кiрiп шықпайтын алаңсыз санасыздықтан сөйтсе де секем алатын сияқтанды. Миын шағатын сақылдаған қатқыл ырғаққа кейде ерiксiз зейiн бұрады. Құлазыған қуаң далаға екiойлы кейiпте көз жүгiрте бастаған мезет жанын жай тапқызбай аласұртқан күй иектедi. Нақ осы сәтте жұпыны жадау тiршiлiкпен бетпе-бет ұшырасып тұрғаны туасы осы секiлдi сұмдық зерiгiп кеттi. Құр алдамшы үмiттiң елесiне арбалған аңқаулығына iштей әжептәуiр қынжылды. Баяғы Қырымға аттанған желөкпе шағы көмескi тартып, елеске айналғандай бiр сұмдық түсiнiксiз халге душар боп төңiректi түгел өгейси шолды. Тамбур деген құрғыр бастапқыдан да тарылып, тыныс алудың өзi қиындап бара жатса да терезеге телмiруден де айнымады. Ш ығарып салушы шуылдақтар аэропортқа жетпей-ақ қызып алған едi. Үкi көзiн дөңгеленте ойнақшытқан Көкенов әсiресе белсенiп кiрiсiп, жұтынып сөйлейдi. Қолындағы коньяк қармақтың қалтқысындай қалтаң қағатынын ерен санамайды. Нұржановты қаумалай қоршап алғандарға iлпiлдеген рюмкенi шетiнен ұсынып, асабалық мiндеттi құдды өзiне алғандай кезекпе-кезек сөз берудi және мiнсiз атқарды. Шамадан тыс сiлтеңкiреп жiберсе қоңды жүзi шымқай күреңiтiп, көзi кiлмиiп кететiн Гуржий бойына ие бола алмағандай ара-арасында теңселiңкiреп қояды. Көкпеңбек жанарына ұялаған жылтыңдаған қунақ ұшқынын әркiмге дегбiрсiздеу қадағанда сопақ кескiнiне лып етiп шыға келетiн қызыл бояу –Поцелуевтың жұқалтаң әлпетiн одан бетер қағылез көрсетедi. Бұған жалбақтап тiл қатып алады да, аузын жаппай бағанадан сапылдап сөйлеп тұрған Көкеновты жаңа танығандай шүйiле төнiп барып, Нұржановқа қайтадан назарын бұрды. – Мәке, өгiзге туған күн бұзауға да туады. Түбiнде бiз де демалысқа шықпай тұра алмаймыз. Көкенов жолдастың бұрын мұндай қабiлетi барын бiлмеушi едiм, болашақта ескеретiн қасиет екен.

Жұрттың бұ сөзге ду күлгенi қаперiне кiрiп те шықпаған Көкенов сол баяғы еркiндiгiнен жаңылмаған күйi бұған көзiнiң қиығын қулана тастап, тағам толы табақты ұстап тұрған Арқабекке шүйiлiп өттi. Осы қарастан сезiктенген сыңайдағы Жолбосын соқырдың ұлының ет-жеңдi денесi бүлк ете түскенде қолдарының қалтырап өткенiн қапы жiбермей байқады. – Мәке, «Красный октябрьге» осы кiмдердi жiбергенбiз?! – Сұрлана қалған бұл Көкеновтың неге сiлтеп тұрғанын бiрден түсiнген ыңғайда Арқабекке суық қадалды. – Сен не бұлардың мықты боп кеткнiн әлi бiлмеушi ме едiң?! Ана директор екеуi көпiрден өтiп алдық деп ойлап жүр ғой, ал алда талай өмiр бар, оны да уақтысында көрермiз. Қанша сабырлы болуға тырысқанымен дауыс ауанындағы ызғарлы лептi бәрiбiр сездiрiп алды. Қызушалыс жұрт бұл сөздiң астарына үңiлмедi. Көбi әзiл-қалжыңға ұйғарған сыңайда болымсыз езу тартысып қойды. Баяғы Көкенов әркiмнiң алдына барып тұра қалған кезде жалма-жан жетiп келген Арқабек те рюмкенi ұсына қояды. Бас тартудың жөнiн таппай ана жазған Нұржанов жаққа жалтақ-жалтақ қарап ап бiр-екi ауыз лебiзiн бiлдiрiп, дереу қағып салады. Үлкен шаруаны бiтiрген тоқмейiл кейiппен Көкенов ендi келесi адамға қарай аяңдайды. Зор сынақтың кезегi өзiне тигендей ол да тiктеле жөнделiп болғанша Көкенов назарын Қауызовқа тұрақтатады. Осыған дейiн көкейiне аса маңызды бұйымтайын iркiп кеп, соны жайып салудың ретi ендi келгендей бiршама кiдiрiстеген ол: – Әй, сен атаңның басқалығын жасап, орта жолда Мәкеңе жаман жолдас болып жүрсең айтпады деме, арамыздан тура аластап жiберемiз, – дедi. Жұрт және ду күлдi. Онсыз да шымқай күреңденiп тұрған сопақ кескiн өрттей қызарып, алаулай жөнелдi. Сөйтсе де көңiлiне түк ауыр алмаған сыңайда Қауызов ыржаңдап күле бердi. Жаңағы бiр сөзiнiң тапқыр шыққанына сенiмi кәмiл Көкеновтың дөңгелек әдемi жүзiнен масаңдық анық байқалмаса да, үкi көзiн сәт сайын ойнақшытып, әркiмге бiр алайтып байыпсыз жеңiлтек қадайды. Сiлтеңкiреп жiберген Қауызов көзiн төңкерiп тастаған мезет туасы бөлек қызылжалқын ұшқынның өткiр сәулелерi керi шашырайтын тәрiздi. Алғашқыда көкiрегiн бiр нәрсе толымды кернеп, кезекпе-кезек ашыла берген коньяктарды тiптi көпсiнбеген болатын. Кейбiреулердiң қызыңқырап ап,

өзеуреп өңештей бастағанынан бiртүрлi тартыншақтап, томырылған томаға-тұйық кейiпке көштi. Шығарып салуға келгендердiң бiрiнiң әуежайда танысы болып шықты. Сырт көзден оңаша, қысылып-қымтырылмастан жеке бөлмеде еркiнше сiлтеп тұрған сәттерi осы едi. Арқабектiң қолындағы табақтың тағамдары әлсiн-әлi жаңарады. Манағы жүнi жығылғандықтан гөрi бiрталай шарап iшiне барған соң кiл өңкей нояндардың арасында жүргенiне қарамай, өзiн еркiн ұстай бастапты. Мұның қабағындағы ызғарды көпе-көрнеу елемей әңгiмеге араласып, әркiмге тамақты еркелей ұсынады. Онысы көңiлiне сыймай, бiрекi мәрте тыйып тастағысы да келдi. Жол жүрiп бара жатқанда жоқ ырым шығармай-ақ қояйын дедi. «Мұның директорының не бiлгенi бар?» дедi тек. Былай өзiнде омыраулағыш өркөкiректiк атымен жоқ. Аузы тамақтан босамай тынымсыз қаужаңдаған Гуржийге әлдеқалай көзi түстi. Ырду-дырдуы мол осындай сәттiң өзiнде енжар самарқаулығына нанар-нанбасын бiлмей дағдарыңқы сыңайда жек көре қарады. Шикiл өңi қып-қызыл болып шымырлай бөрткенiнде манадан бас тартпай сiлтеген арақ iшiн оттай жандырып, сонан шыққан ыстық бу бетiн шарпып тұрғандай алаулайды. Өңкей бiр тамақсау, тойымсыз жандардың қалың ортасында қалғандай көңiлi аяқ астынан ортайып кеткен Нұржанов сұмдық құлази бастады.

Т ерезеден сыртқа телмiре қараған қалпынан әлi танбаған мұның еш нәрсеге көзi сүрiнбестен буалдырлана бұлдырайды. Сiркесi су көтермейтiн бiр нәуетек сезiм кiрпияздана бас көтерген сайын жан жүрегiн оңдырмай шымылдатып өтiп, кеудесi әуелi ысынып, содан удай аши жөнелдi. Сағымға кiлки мұнартып жатқан сонау көжиектен өзгеше бiр сыр аулаған сыңайға енсе де, өзiнен-өзi селт ете қап байқаса – басында түк ой жоқ, құр әшейiн селтиiп тұр екен. Бiр өңкей қатқыл сарынның миын шағып жiберетiндей дыбысы кейде күштi естiлетiнiне таң. Аяқ астынан бiрдеңе боп қалғандай құрғыр жүрегi атқақтап соғып, қолқа өңешiне дейiн шарпыған ыстық леп тыныс жүйесiн қуалай жөнелдi. Өне бойы қайталанатын бiрыңғай құла тiршiлiк қазiргi жылдамдықтың мөлшерiне сыймағанына наразы тәрiздi жалт-жұлт етiп үйiрiле қалатын мезетiнен көңiлiне түйткiлдi қаяу қонақтады. Шақырайған ащы күннен оңып,

сұп-сұрғылт түске енген сол сұрқай дүние селт етпейтiн меңiреу сұрқына қарамай, құшағын жая тұра ұмтылатын ақкөңiл, аңғал адамдарға ұқсап кететiн сықылды. Туған жаратылыстың қалбаңдаған қарапайымдылығын көпекөрнеу елемей өте шыққан пойыз жылдамдығын Нұржанов бiрiншi жолы қаламады. «Бетегелi белден боз» деген қайдағы бiр ескi сөз күтпеген жерден жадына оралды. Андағайлаған ұлан жазықта анда-санда ұшырасатын қаптал-қыраттардың сап-сары көдесi мен селеуi көзiне оттай басылып барып, жалт етiп жоқ болып кетедi. Сол замат көз жанарының ұясына әлдеқайдан нұрлы шуақ қонақтағандай серги бастады. Осы бiр сергудiң арқасында ма, жаңағы «бетегелi белден бозды» қазақ осылай пойыздың iшiнде тұрып айтқан шығар?» деп мырс етiп күлiп жiбердi. Қазақ шiркiннiң сөз орайына қарасаң, құдды бiр биiктен бәрiн бақылап ап, содан кейiн қисынын келтiретiндей көрiндi. Қауызов екеуiнiң сондағы Қырымға ұшып барғаны жан-жүйесiн ұмсынтып, ұмтылдыратын ынтызар күйге душар қып, көңiлi дәйек таппай алып-ұшты. Ұғым-түсiнiгiнiң терең түкпiрiнен сәт сайын қылаңытқан нобайы тым суық түп-тұяны жоқ бос кеңiстiк сықылды әлдене санасын көлегейлеген мезет – құлазулы шымырлаған дүние үйiрiп әкететiндей. Жел мен құзға, ыстық пен аптапқа бiрдей көнбiс қыдиған көде, қылмиған селеу арадан және ұшырасса, алаң атаулыны ұмытып, бiржола тыншитын сияқтанады. Сыртқа одан сайын телмiре түсiп, сонау қиырға қадалған сәтте көдеден шапан жамылған шошақ төбенi көзi шалды. Жаңағы көтерiңкi күйдiң қызуы әп-сәтте сап басылып, өне бойы санасын көлегейлеген әлгi бос кеңiстiктiң тылсым тұңғиығына шымшым батып бара жатқандай тұла бойын құлықсыздық дендеп үлгiрдi. Т үннiң ортасында Симферопольге қонатын шақ та таяды-ау. Самаладай жанған шамдардың ара-арасынан қордалана қарауытқан қараңғылық жұмбақ сырын сыртқа жаймайтын жат, суық нәрседей көңiлiн қобалжытып өтедi. Жатырқаулы жалаң сезiм кеуде тұсын байыпсыздау тербеп өткен сайын жайсызданып кетiп, қаперiне ештеңе кiрiп шықпастан, пысылдап ұйықтап жатқан Қауызовқа абдырай қарады. Әлi толық сергiмегендей үнi құмығыңқы шығатын стюардесса жұртқа белбеулерiн салуын өтiндi. Қаланың жай-

жапсарын, өткен-кеткен тарихы мен бүгiнгi жетiстiктерiн диктофонға жазылып алынған дауыс саңқылдап баяндай жөнелдi. Абыр-сабыр боп жиналуға кiрiскен жолаушыларды көргенде бұл дереу Қауызовты бас салып жұлқылағанмен анау ерегiскендей орындық арқалығына шалқалап жатты да алды. Мұрнының ұшы делдиiп, тынысын шуылдата алған Қауызов сұқпытынан жатырқап бөгелiңкiреген Нұржанов қадiрлi басымен осы бiреудi оятқанына iшiнен қатты қорынды. Бейтаныс дүниенiң шырттай қараңғысынан көңiлi құлазып, жан-жүйесiн оңдырмай сыздата дендеген беймаза сезiмнен ширыққан бұл ақырында сiлкiп-сiлкiп жiбердi. Қауызов әуелi көзiн ашты. Сансыраулы қалпында Қауызов көзiн уқалап, еркiн есiнеп: – Келдiк пе, – дедi. Асып-саспай шыққан дауыс ауанынан бiртүрлi селт ете қап, жалт қараған Нұржанов мынаның қатты ұйқыдан кейiнгi манаураған марғау ұсқынынан аңқая тосылды. Көлкiлдеп iсiнiп кеткен томпақ көзiнiң алдына назарын ұзақ кiдiрттi. Ықылассыздықтың сырына бойлады ма, бойламады ма, бiтiсi бөлек бас сүйектiң шымқай қоңыр сүйкiмсiз түсiнен жирене иллюминатордан сыртқа көз салды. Ештеңенi ажыратып болмайтын қараңғылықтың әр тұсынан жарып шыққан жарық бiрте-бiрте молайып, көздi қарықтырып барады. Ауасыз кеңiстiкке тап келгендей ұшақ осы кезде сылқ төмен қарай құлдилай жөнелгенде жүрегi зырқ етiп аузына кеп тығылды. Қауызов жаққа ырықсыз жалт бұрылғанда ол басын төмен салбыратып жiберiп, қаннен-қаперсiз отыр екен. Әлденеше ұмтылып кеп қонуға тәуекелi жетпегендей жер бауырлап ұзақ ұшқан ұшақтың бiр кезде дөңгелектерi сақ етiп жерге тигенде құлақ жаратындай сұмдық күштi сарын толассыз гүрiлдеп ала жөнелдi. Нұржановтың кеуде тұсында iле соған қабаттасқан шуыл басылмай, басы әңгi-тәңгi болып келедi. Бұл жарықтықтың мiнер кезi мен түсетiн сәтiн қашаннан сүймеушi едi. Екеуiн де сазарып ұзақ күтетiнi жаман. Оның үстiне сiркесi су көтермейтiн кiрпияздықтан да арыла алмайды. Ұйқысын аша алмай әлi маужырап отырған Қауызовтың ұсқыны қитығына тиетiндей. Қызушалыс кезiнде мiнiп, ендi ұйқылы ояу күйi түспекке тақағанға дейiн серiктерiнiң бiрiне де жөндеп көз тоқтатып қарамаған екен. Анау алдындағы орындықтарға үш бойжеткенмен бiрге жасамыс келiншек жайғасқанын о баста көкейiне түйiп қойған едi. Өзара орыс-

ша сөйлескендерiне бола жатырқап, жуыспаған. Сол қазақы пiшiндер қазiр көзiне жылыұшырап, етене көрiне бередi. Естияр келiншекке назарын кiдiрткен шақта танакөзiн жаудырата төңкере қадады. Көзiнiң қиығын қылмыңдатып тастағанда әктелгендей опаланған бетiнiң аппақтығына Нұржанов құлықсыз шүйiлдi. Басалқалы келiншектен гөрi жиырмалардағы талдырмаш бойжеткеннiң бойында кiсiнi өзiне баурап тұратын тартымдылық iш дүниесiн уылжытып өттi. Сыртқа шығатын кездi жолсоқты жұрт шыдамсыздықпен жалдырай күтетiн қашанғы әдетi. Шығуға ұлықсат деген белгi жанғанда барлығы жапа-тармағай артынып-тартынып көтерiлiп, ұбап-шұбап есiкке қарай беттедi. Қоңырсалқын ауадан бойы тоңази бiрден сергiсе де, көңiлi алағзи қоңылтақсыған Нұржанов бiрталай аралыққа жаяу жүрiп келе жатып жаңағы әйелдердi ес тұтатын секiлдi әлсiн-әлi қарағыштады. Әуежайдың маңайында қаптаған таксилердiң тұсында қоңқайған мұрынды, салбыраған мұртты өңкей еңгезердей еңселi жiгiттер «эй, дорогойлап» тұра ұмтылысты. Қауызовтың қалқайған ұзын тұрқы олармен бой таластырып тұрғандай қысқа-қысқа тiл қатысып, сөзбұйдаға салмастан келiстi-ау, сiрә, машинаның артына жүктердi дереу сала бастады. Бәрiн тасып болған соң алдыңғы есiктi ашып, бұған отырыңыз деген ишара жасады. Бiрден өңмеңдеп ұмтылмай iркiлiп барып, бейтаныс жерде таксиге отыруға жүректерi дауаламаған манағы жанары төңкерiлген аппақ келiншекке көз қиығын тастады. Мұның жайғасуын тағатсыздана тықырши күтiп тұрған Қауызов: – Мәке, ондайлардың әлi көкесiне кезiгесiз, жүрелiк, – дедi. Мына сөз шымбайына қатты батты. – Демалуға бiрге келген соң, қалай болса солай сөйлей беруге болады деп есептейсiң бе, жоқ, менi көзi қарауытқан бишара деп ойлайсың ба?! Қазақтың қыздары екен, бөтен жердi жатырқап тұр ма деп ойлағанға сонша!... Әй-шайға қаратпай шофер ала жөнелдi. Деуiн дегенмен бiр дауасыздыққа тап болған Нұржанов көп уақыт бойы томырылып үнсiз отырды. Қауызовтың тым еркiнсуi көңiлiне сыймағанмен ашуы қозбайтын бiртүрлi дел-сал хал. Ұшақтың iшiндегiдей емес, әжептәуiр сергiп, қунақ тартқан Қауызовтың шофермен әңгiмелескендегi парықсыздау самбырлап шығатын үнiнен Алматыдағы iшкен коньяктың уыты әлi тарқай қоймағанын сездi. Одан берi де он сағаттан асып-

ты ойласа. Iш дүниесiнен ду етiп өре түрегелген қимастық сезiм жүрек қылын нәзiк тартып өткендей, көңiлi босаған тосын күй иектедi. Күңсiген ащы дәмнiң лебiнен жүрегi айнып, басы сұмдық сынып ауырғанда қамкөңiлдiгiн бiрден ұмытып, қу жанын күйттей бастайды. Шөлiн басатын мұздай сұп-суық сусынды аңсаған сайын аңқасы кебе аузы құрғап, түкiрiгiн жұтына бередi. Қауызовтың таксистпен әңгiмесi жарасып, әмпей-жәмпей боп кеткенiне де шаруасы жоқ, өзiмен-өзi боп отырған сәтте таксистiң: «Казахстан говорят богатая страна» дегенiне елең ете түстi. «Страна» дегенiнде көңiлiн марқайтатындай-ақ көтермелеудiң астарлы сырын аңдағандай болды. Сөйтсе де Қазақстаннан көкiрегiне жiңiшкелеп енген сағыныш сықылды отты сезiм осы уақытқа дейiн қаңсып кеуiп қалған тамырларынан жаңадан ыстық жүргендей тұла бойы ысынып, жаны жай таппайтын мазаң күйдi басынан кештi. Бұлың-бұлың бұрылысы мен қитұрқысы көп жолда қараңғылықты қақыратып жара заулаған «Волға» бiр кезде әдемi ақшаңқан үйлердiң алдына келiп бiр-ақ тоқтады. Қауызов таксист екеуi жалма-жан түсiп, жүктердi таси бастағанда ғана Нұржанов машинаның есiгiн жайлап ашты. Қырым жарықтықтың топырағына табаны алғаш тиiп тұрған соң ба, тәу еткендей бiрер сәт сiлейiп тұрды да аяңдап жүрдi. Iшке енгенде тыным таппай, зыр қаға жүгiрген демалушылардың көбi әйел екен. Жанжақтан ағылып келiп осында тоқайласқан жұрт бiрiне-бiрi әлi етене емес жабырқаулы кейiпте сеңдей соғылысып жүр. Кең де жарық зәулiм дәлiздiң төр жағындағы арқалықтары көк мәуiтпен қапталған қыдиған-қыдиған креслолардың бiрiне барып көмiле жайғасты. «Бұл жұрт қалай шаршамайды, өңдерi құп-қунақ» деп ойлады. Жайғасар алдындағы белгiлi харакет: құжат толтырудың әуресi. Қауызов әйтеуiр жұрттан бұрын бәрiне үлгiрiп, жүктi екiншi қабатқа шығаруға дейiн жаңағы таксишiнi жiбермей көмектестiрдi. «Бұл не қылған жүк, бұл қу осы жерде де сауда жасайын деп жүргеннен сау ма?» деп iшiнен кекетiп қойды. Келесi күнi асықпай оянды. Бөлменiң iшi кiршiксiз аппақ. Есiк пен терезеге тұтылған шiлтер кiсiнiң көңiлiн желпiнте үлбiрейдi. Төңкерiле мөлдiрей төнген көк зеңгiр аспанда бiр шөкiм бұлт жоқ. Бойын бiр төтен ынтызарлық билеп, орнынан атып тұра терезеден сыртқа көз жiберген сәт-теақ қалт тынды. Маужыраған тымық ауада бiтiмi өзгеше, дiңi тiп-тiк сымбатты, сонысына қарамай тұрысы қалқайыңқы,

момақандау пальмаларға, ұштары бiр өңкей қырқылған өзгеше көкпеңбек гүлзарлардың ортасын ойып орнатқан қызылды-жасылды науадай алаулаған гүлдерге назары оншалықты тұрақтамады. Сонау аспан түстес көгiлдiр айдынды теңiздi долылық буғандай буырқана бұрсанып, таудайтаудай толқынын лақ еткiзiп ақтарып салатын сұрапыл тегеурiнi жан шошытады. Шарасына сыймай шайқатыла тербелген қозғалыстан мың-сан иiрiм жөңкiле жылжып, жондана жалданып үлгiргенше әуеде үзiлiп қалған су сау етiп көпiрши төгiледi. Құмырысқаның илеуiндей жағалауда қыбырлаған адамдарға бiрiн-бiрi қуалай ұмтылған өркешөркеш толқын бүкiл демiн бойына жиып ала қойып, көкке шаншылған құйындай замғап кеп ересен екпiнмен өкiре сұлап түсiп, сылқ тынады. Бұрын-соңды судың мұншалықты телегей молшылығын сезiнiп көрмеген Нұржанов өз-өзiнен жүрексiнiп, тұла бойы тiтiрене тоңазып өттi. Өзге дыбыс айдаһар аранына жұтылып бiтiп, дүниенi кезген құдыреттi гүрiл ғана құлақ тұндырады. Теңiздiң буалдырланған өрiнде көздi қарықтырып жiберетiн ақшылтым сағымға әлдеқалай алданып тұрғанда, бiр бағыт бойымен жүйтки заулаған ақсауырлы әлденелердiң қойып кетiп қайтадан ортқи ыршып барып және де гүмп берген жұтынған аусарлы сұлу қимыл-әрекеттерге арбалды да қалды. Жаратқан иенiң мұнша шеберлiгiне таң-тамаша болған Нұржанов жүрегiн тербеп өткен төтенше ынтызар сезiм құлшынтып, өн бойын өзгеше сергiтiп жiбердi. Елегізу-құлазудан құлантаза айығып, көршi бөлмедегi Қауызовқа бас сұғып қарады. Аузы ашылып, күрек тiстерi сойдия ұйықтаған оның қопқоңыр ұсқыны ырсиған түлкiден аумайтынына бiршама iркiлдi. Жаңағы бiр жайлы әсерге мынадай сүдiн еш үйлеспейтiнiне көңiлi олқы тартып, өзiнiң мұнда жай демалушы екенiн ерiксiз есiне алды. Аһылап-үһiлеп орнынан тұрған Қауызов керiлiп-созылып: – Мәке, қалай ұйықтадыңыз? – деп арасында екiұштылау дауыстап қойды. Мұның ләм деп тiл қатпағанын ешбiр елең қылмастан терезеге барып сыртты шолды.Бiрақ әсерленiп таңырқамастан, ыңылдап әндетiп жүрiп жуынды. Аса ауыр бейнеттен әбден қиналып, шаршағандай ұсқыны үрпиiп, көзiнiң алды күлтелене iсiнiптi. – Қырым деген осы Мәке, ғажап қой, қараңызшы. Бiр нүктеден көз айырмай тас боп қадалған Нұржановтың санасында жаңағы дельфин жарықтықтардың қылығы кет-

пей тұрып алды. Құлшынысы ересен қимылдан мысқалдай салмақ сезiлмейтiн жеңiлдiкке таң. Дәл жаңағыдай әрекет күйлiқуаттылықтан ғана жасалынбайтын сықылды. Сүйiр тұмсықты жұп-жұмыр теңiз жануарының жалт-жұлт етiп шоршып-секiрген көңiлдiң бiр керемет хошынан ғана болатын сылқымдығына аңсары ауғаны сонша – терезеден барып теңiздi тағы да шолды. Сол баяғы бұрқ-сарқ қанаған астаң-кестең дүние. Осы жердiң тiршiлiгiне ғана сыйымды бұлжымайтын табиғат заңына өрекпiп көтерiлген iшкi қызғанышы – жан дүниесiн оңдырмай қыздырып өттi. – Мәке, келiңiз тамақтанып алалық, – деген Қауызовтың қашанғы басалқалы қамсыз-мұңсыз естiлетiн үнi тыншуға шақыратын жайбарақат. Қараса, үстелдiң үстiн жайнатып қойыпты. Туралған қазы-қарта, шағын қалбырдағы қара уылдырық, бiр құты коньяк. Аузына барғанша тағаты таусылып, алақанын уқалап дегбiрi қалмаған Қауызов сұқпыты елден әкелiнген дәмнiң қасиет-құшырына сәйкеспейтiн бұратылған тырыли. – Қырымға келген алғашқы күнiмiздi дұрыстап отырып атап өтiп, шомылуға барайық, Мәке. «Е, бопты, онда» дедi iшiнен бұл. Аузының суы құрып айтып қоймайтын жұрттың ләззатқа кенелу ауылы, неге екенiн кiм бiлсiн, алыс сияқты көрiнiп кеттi. Соған-ақ жаны жабырқау тартып, күрт ортайған көңiлмен алдындағы рюмкенi ашырқанбастан қағып салып, қарап отырды. Iшкi қалтырап тоңазыған нәрсенi бұрқ етiп көтерiлген ыстық лебiмен шарпып, тынысын кеңейтiп, ерекше жадыраған күйге түсiрдi. – Нұрдiлдә, коньяк ауылдан да табылар. Қара теңiздi тамашалалық барып. – Орнынан шұғыл көтерiлiп, жағажайға жинала бастады. Коньяктың қалғанын әдемi жол дорбасына салғалы жатып, бұған Қауызов сұраулы жүзбен жаудырай қарады. – Мәке, тағы бiр бүтiнiн алып аламыз ба, қайтемiз? Нұржанов жалт бұрылғанымен ләм деместен сыртқа қарай шығып жүре бердi. Манағы көгiлдiр түстенген әдемi төңiрек күн арқан бойы көтерiлген сайын жұтынып тұрған ажарынан айрылып қап, шаңқиған күн көзiнен қоңыртөбелдене бастағандай. Ялта деген жарықтықтың бәрiбiр топырағының құнары мен ауасының шипасы тұла бойды сергiтiп, серпiлте түсетiн секiлдi. Iшкi дүниесiнiң терең түкпiрiнен бой көрсетпей бұғынып жатқан құлшынысты сезiм буырқана шығып, көкiрегiн шымыр-

лата кернеп барады. Сол түсiнiксiз хал елден тым алыстап кеткенiн есiне түсiрген замат елегiзи жалғызсырап, алдында безек қаға бездеңдеген Қауызовқа амалсыз көз салдырды. Үстiнде ине-жiптен жаңа шыққан финдiк спорт костем, аяғында аппақ туфли, басында туырлықтай сомбреро. Осында келгелi берi Қауызов пiшiнiнен мұңайып, жабырқаған белгiнi таба алмаған бұл өзiнiң қызмет деп жүрiп көп жайдан шеттеп, құр алақан қалғанын сезiнген сәт серiгiнiң алдында әкiмдiк мысы бiртүрлi азайып бара жатқандай көрiнедi. Қалың көпшiлiктiң арасында маймаң қаға заулаған Қауызовтың қарасынан көз жазып қалмау үшiн бұл да асығып-аптығып басады. Гуiлдеген құдды араның ұясындағыдай шуыл төңiректi тұтас кернеп тұрады екен байқаса. Теңiздiң үстi де құртша жыбырлаған адам. Ақыры бiр жерге тиянақтаған Қауызов иығына iлген дорбадан екi төсенiштi шығарып, жаюға кiрiстi. – Қалаған орныңыз сiздiкi, Мәке, шөлдесеңiз – Германияның қалбырдағы сырасы бар, жаурасаңыз коньяк iшесiз, қарныңыз ашса – қазы-қарта жейсiз. Әзiл-қалжыңға үйiрсектеу, тамырды жаңылмай дөп басқыш Қауызовты бұрын бiлетiн сияқты едi. – Әзiрге жарап тұрған жайың бар, алдын жақсы бастап, аяғын қожыратып жiберетiн жiгiттердi де көргенбiз. Нұржанов бұл сөздердi шырайын жылытпастан түксиген кейiппен айтты. – Мәке-ау, асатпай жатып құлдық деуге болмайды ғой. Бүгiн бiрiншi күн, алда әлi талай уақыт бар. Одан артық әңгiмеге барғысы келмейтiн райын байқатқан Нұржанов спорттық костем-шалбарын асықпай шешiне бастады. Ата сақалы аузына бiткен шағында кiшкене лыпадан басқа тұттай жалаңаш қалпынан бiртүрлi қуыстанып, айнала төңiректегi жұртқа ұрлана қарағыштап қояды. Әртүрлi жайғасқан әйелдердiң кейбiрi қолапайсыздау теңкигентеңкиген ыңғайларынан тiптi қысылатын түрлерi жоқ. Сүмбiдей тiп-тiк аяқтарын соза тастаған сұлу бикештердiң әбден күнге тотығып, қола түстенген еттерiн соншалық жақын арадан көрiп тұрса да, бойын еш ынтазарлық билемей, өзiнiң қайта бөлек-салақ боп жайылып, жалпая бастаған порымынан ыңғайсызданатын сезiм қылаңытты. – Бiз Мәке, мақпал маусымының соңына таман келiп қалдық,- деген Қауызовқа бұрылып қараса, көз шарасындағы қызылжалқын ұшқын тоятсыздана қутыңдап, жалаңаш

әйелдердi iшiп-жеп, сұқтана қарап тұр екен. «Бұл неге сонша сабырсыз?» деп ойлады. – Мәке, ана бiр санның жуанын қараңызшы, – дедi тағы тыныш тұрмастан. Нұржанов серiгiне тiксiне қадалып қалды. «Мақпал маусымының аяғы» дегенi көкейiне қона кетiп едi. Ендi сандардың жуандығына тамсанған қылығын түсiнсе бұйырмасын. «Мұның өзi әңгi шалыс неме ме?» Жүрген жүрiсi мен тұрған тұрысы былай қараса, дұп-дұрыс. Киген киiмi анадай. Қағылез де. Бiрақ бiрдеңесi жетiспейдi әйтеуiр. Тап осы сәтте бiр сұмдық жалғызсырап, жан-жағын құлықсыз шола бастады. Тырайып-тырайып жатқан әйелдер сырт көзден кiшкене сезiктенiп, қусырынып қоймайтындарын аңыра шолды. «Мақпал маусымының соңына таман» дегеннiң мәнiсiн ендi түсiнгендей Нұржанов көңiлсiз тарта түстi. Мана Қауызов шөлейттi жерде өсiп, жетiлмей тырбиып қалған талдай буылтық денелi, жуан бөкселi саркiдiр қатындардың көптiгiн мегзеген екен-ау» деп түйдi. – Мәке, ананы қараңыз, – деген Қауызовтың нұсқаған жағына ерiксiз бұрылды. Дене бiтiмi тiп-тiк әйел бұлардан әрiрек озып барып, аспай-саспай шешiне бастады. Қыздырынып жүргенiне бiраз болғанға ұқсайды. Қола түстенген қоңырқай еттерi жұп-жұмыр балғын. Жаңадан таққан кеуде тартқышының иық бауы бұрынғы орнына дөп түспей, күн тимеген тұсы ақжолақтана жиектелiп қалыпты. Ой құшағына енген кейiпте өзi бiр нүктеден көз айырмай ұзақ қадалады. Аққу мойын, атжақты әйел баласы-ның тал бойынан мiн таба алмай аңқаңдаған Нұржанов санасын жасының тым ұлғайып қалғаны төтеннен кимелеп өттi. Сол-ақ екен көңiлi пәс тарта құлықсыздыққа ұрынып, ұнжырғасы түсе бұйығылау отырған. – Мәке, мынау екi жүз сомға келiседi, – дедi Қауызов мұның құлағына ақырын сыбырлап. Бiр кесiм артық ет жоқ, құлын мүшелi әйелдiң бұлайша нарыққа түсетiнi мұның ойы тұрмақ, санасына кiрiп шықпапты. «Екi жүз сом деген не, тәйiрi, бес жүз сом болса да мейлi» деген бiр iшкi емексiген үмiтке иек артқанын өзi де сезбедi. Тал бойында бiр мiнi жоқ жас әйел тұлғасын әдейi көрсете түскiсi келгендей суға қарай қыдың-қыдың асықпай басады. Ұзын мойнын одан бетер қылқитқан Қауызов жүрелеп отырып алған күйi томпақ көзiн тайдырмай, кең аша қадағалап тұр екен. Суға барған соң қалт тоқтап, биiктен секiретiн спортшыға ұқсап алға қарай сұлу мүсiнiмен әдемi ұмсынып, гүмп

берiп қойды да кеттi. Манағы ыңғайынан айнымай қараған Қауызов титтей уақыт аралығында әлдененiң шалығы тигендей ынсаптан түк жоқ, көзсiз құмарлықтың сәулесi бұлыңғырланып тұрғанын байқады. Тәнiн суға жасырып, бiртiн-бiртiн қашықтап бара жатқан әйелдiң қылтиып басы ғана көрiнедi. Кемерiнен асып-төгiлген теңiздiң сарыны табиғатты күштi тербеп, шымырлаған таза лебi мұның да жан сарайын желпiп өтетiндей жаңағы келiншектi нысана қылып бақылап, рахат сезiмге бөлендi де отырды. Мәзмәйрам у-шу жұрт көптiгiн iстеп, ештеңеге оншалықты назар сала бермейдi. Екi қолын құлаштай сермеген әлгi әйел жiгерлi қимылмен жүзе жөнелдi. Бiр кезде соған қарай әлдекiмнiң жан ұшыра малтап бара жатқанын көзi шалды. Сайдан шыққан сайтандай бұл кiм дегенше болған жоқ, ананың қол-аяғының арбаңдаған рабайсыз қозғалысынан секем ала, дереу қасындағы Қауызовты iздедi. Орнында ұшты-күйлi жоқ. Әлдебiр ашты нәрсе қолқасын қауып, iш дүниесiн қыздыра жалап өттi. Табаны судың iшiнде жерге нық тиiп тұрғандай, әйелге өзеурей жақындаған Қауызовтың бағасы өзiнен әлдеқайда өтiмдi көрiнiп кеттi. Судан жырақ өсiп, малтауды бала кезiнен үйренбегенiне нақ осы жолы қатты қорынды. Қаптаған осынша көптiң iшiнде өзiнiң елеусiз қалғаны жанына бататын да сияқты. Соған кiнәлi құдды Қауызов сықылданып ашуы қатты қозды. Бiр ауыз жөнiн айтпастан әйелге тартып кеткенi ақылына сыймай барады. Шығарып саларда Көкеновтың: «Жаман жолдас боп жүрсең, айтпады деме, арамыздан аластаймыз» деп күпiнгенi нақ қазiр ойына сап ете түстi. «Тегiн адам таз бола ма, ол бiр нәрсенiң жөн-жосығын бiлген де шығар, бәлкiм?» Көп-көрiм уылжыған келiншекке ай-шайға қарамай жанаса кеткенi әйтсе де ақылына сыймай тұр? Ешқандай қатысы жоқ, айдаладағы әйелдi Қауызовтан өлердей қызғанатынын өзi түсiнбей, iшiнен ыңғайсызданып та қойды. «Әйел заты да құдайдың қазынасы шығар, ал құдайдың қазынасына таршылық жасаған адам оңбайды деушi едi» деп өзiн-өзi кекете мырс-мырс күлiп, суға қарай беттедi. Аяғын малып көрсе – мұздай, дереу тартып алды. «Бұл ел қалай жаурамайды?» Ширатыла бұйраланып келген жал-жал толқын шапшып шығады да, жандәрмен бұлықси жылжып барып, құйындай үшкiрлене сұлық құлайды. Тiлi жоқ тас мақау, сезiмi жоқ дүлей нойыс терең қарауыта шымырлап, қаптай

түнерiп, жұмарлап ала жөнелетiн екпiнiнен әжептәуiр сескенген Нұржанов екiойлы кейiпте кiдiрiп тұрған. – Мәке, жиiркенбей қойып кетсеңiз су жылып бередi,- деген Қауызовтың даусы тура тұсынан шыққанға жалт бұрылса – сыдиған арса-арса арық дене жанап өтiп бара жатыр екен. Шымқай қоңыр терiсi құдды суға тимегендей құп-құрғақ жылтырайтынына таңырқай бөгелдi. Шық секiлдi тек тұрып қалған тамшылар түйiршiк-түйiршiк моншақтай мөлт-мөлт етедi. «Мұның өзi жын ба, перi ме? Жаңа ғана көз ұшында жүрген сияқты едi» деп әйелдi iздестiре бастады. Сөйтсе манағы орнына барып етпетiнен жатып алыпты. Қауызов солай қарай бездең қағып барады. «Су-дың iшiнде жүрiп-ақ танысып үлгерген бе?» деп таң-тамаша болғанымен, оларды ырықсыз аңдитын қылығынан өзi тағы қуыстанатын сықылды. Әйелдiң тұсына дедектеп жетiп барып анау шоқиып отыра кеттi. Бұрыннан сырмiнез адамына емiне жақындаған сыңайда еңкейiп тiл қатқанымен, әйелдiң жота тұсы бүлк етпестен қимылсыз қалды. Соның өзi мұны желпiндiргендей белуардан келетiн тұсқа құшырлана сүңгiп кеттi. Әуелi етiн мыңсан ине сұққылағандай тiтiрене шымылдап, демде жайлы әсерге ауысты да, жаны рақат табатын жылылықтан тiптi шыққысы келмедi. Тек лықсып келiп итерiп қалған толқын тегеурiнi жұлып әкететiндей сескендi. Әлсiн әлi табанын жерге тiреген сайын орасан су бұлдырай мұнартып келiп тарпа бас салатындай жүрексiнiп, кейiн шегiншектеп кететiнiн өзi де сезбей қалады. Бiр кезде барып Қауызов жаққа көз қиығын тастап, жаңағы әйелге сүйкене қылқиып отырғанын көргенде: «Мынау тез арада-ақ тiл табысып үлгiрдi ме?» деп таңырқауын қоймады. Қызғаныштан басқа әлдене өңешiн кермек таттырып жiбердi. «Әйел затында ес деген бар ма екен өзi? Әлде Қауызов сықылдылардың сиқыры бола ма?» Таныстық рәсiмiнiң мұндай шұғыл шапшаңдығына сенiңкiремеген кейiпте селтиiп қалған бұл Қауызовты өзiмен бiрге ертiп шыққанына опына бастады. Өзiнiң осынша ұсақтығынан қорынып, қолқасына кептеле тұрып қалған запыраннан кеудесi удай ашып өттi. Қауызов мұны көпе-көрнеу елемейтiн сықылды. «Iсiм сенiмен болсын иттiң баласы» деп, өшпендiлiгi қоза тiстендi. Бiр уақытта анау дедектеп жүгiрiп барған бойда екi қалбыр сыраны қол дорбадан дереу суырып алды. Сып-сидаң, жiп-жiңiшке сүйегiнен қымсынған кейiппен

еңкiш тарта бүрсеңдеп қайыра жеттi де бiреуiн қолын көстите созып, қолапайсыздау ұсынды. Әйел жөнделiп отырды. Содан бұл тұрған жақты иегiмен нұсқап тiл қатқан тәрiзденiп едi, оған да бар дегендi қолын сiлтеп бiлдiрдi. «Ой, қойшы, бәрiбiр жақпайсың оған» дегенге ұқсайтын ыңғайын танығандай болғанда басы зың ете түстi. «Бұл менi әуелi жарылқап жүрмiн деп ойлайтын шығар?» деген күдiк көңiлiне оралғанда судан ширыға атып шықты. Суық ауадан тоңазып қалтыраған бойда орнына дiрдектеп барып, көлдей орамалды жамыла қойды. Етi құсеттене түршiккен замат жылы-жұмсақ үй-iшiлiк тiршiлiкке деген сағыныш аяқ астынан өрши жөнелдi. Сол кезде кербездене сызылып тұратын әйелiнiң кейпi елестеп, етене жақындықты бұрынсоңды бұлайша сезiнбегендiктен жан-жүйесi боркемiктене босады. Коньяктан қағып салғысы келiп бiр тұрды, тек Қауызов пен бейтаныс әйелден қымсынды. Қалбырдағы сыра әйелге онша ұнамады шамасы, кiшкене ауыз тиiп, иесiне қайтадан ұсынды. Қауызов оның өте қиыннан табылатынын шыр-пыры шыға бiраз әуреленiп, түсiндiрiп-ақ бақты. Ал әйел бәрiбiр оған құлақ аса қоймады. Сан алуан жалаңаш денелердiң көбiнен Қауызовтың жалпы түртұрпаты өзгешелеу; аяқтары шидей жiп-жiңiшке; мойны қылдырықтай, көздерi әшейiн жүгiртiп өткен бiр сызықтай жiпсиiңкi. Сонысына қарамай тағы дәмесi зор. Мұның қас-қабағындағы жайсыз құбылысқа көрнеу назар бұрып қоймайтын сенiмдi сыңай. «Онда кiшкене коньяк iшiңiз» деп өңештей түстi. Қауызовқа бiр мезет қырын қарай бөгелiңкiреген әйел: «Кiшкене iшуге болады, тек сiздiң серiгiңiз жақтырмайтын сияқты» дедi. «Алғашында сондай әсер бередi, ал негiзiнде ондай кiсi емес» деген Қауызовтың өзiне берген бағасына бiрден елең ете түстi. «Ал негiзiнен ондай кiсi еместiң» ар жағынан жан баласын жамандыққа қимайтын өзiнiң ақжағалы, ақкөңiл жаратылысын елдiң әйтеуiр түсiнетiнiне көңiлi марқайды. Ауа жетпегендей аузын аңқайтып ашып, қоп-қоңыр шырағы дегбiрсiздене жылтылдаған Қауызов «Мәкелеген» қалпы құрақша жалпылдап иiлдi. Ол бұған қанша жалбарынышты қараса да сызданған райынан танбай, әйелмен аузын жыбырлатып қана амандасты. Бет терiсiнде еш кiнәрат жоқ кiршiксiз таза. Атжақты, маңдайы жазық, түп-түзу құлаған пышақтай мұрнының ұшы шорт қайрылған шолақтау. Осы бiр болымсыз айыпты тiптi ерен санамас па едi, сәл күлiмсiреген кезде

танауының ұшы делдиiңкi тартып, қатуланып ала қойғанда желбезегiне дейiн үңiрейiп, желпiлдеп кететiнiн аңдады. Газеттен ортаға дастарқан жайып, елден алып келген алуан түрлi дәмдi дорбадан шығарып, жиналмалы ыдыстарды тiзiп қойып, жұқа қалбырдағы уылдырықтың бетiн аңшыларға тиесiлi пышағының жалаңдаған жүзiмен дөңгелектеп кесiп ашып тастады. Мұншалықты әбжiл қимылдан көз айырмай қызықтап күлiмсiреген әйелдiң бетiнде пайда бола кеткен кiшкене шұңқыр әлпетiне одан сайын сүйкiмдiлiк үйiрiп өтетiнiн байқады. Мұны бiрақ ешқандай құмарлық сезiм иектемедi. Қысық көз, бұлтиған бүйрек беттi ғайыптан кездескен екеудiң бiрiнiң қалбаң-құлбаңы тұрмақ, қолаяғы ұзын, келiстi әйел – екiншiсiнiң ыздиып, сыздана қарайтынын елейтiн емес. Тек ел жемейтiн тамақты, жұрт iше бермейтiн шарапты бұл екеуi қайдан табады деген дүдәмал шалыс ой көкейiне қонақтағандай көздерiн кең ашып, таңырқап қарап қана қойып тынады. Барлығын ылпылдатып-жылпылдатып лезде әзiрлеп жiберген Қауызов коньяк құйылған ыдысты жоғарырақ көтерiп, бейтаныс әйелмен бiрсыпыра танысып қалғандығын малданғандай: – Марина, мен сiзбен аса құрметтi Мәкең – Миятбек Ақпейiловичтi таныстырғым келiп тұр, – дедi. Даусы толқып кеткендей жарықшақтана бұзылып шықты. Мұншалықты тебiренiстi күйге аяқ астынан түсетiндей бола қойған жоқ едi. Секем ала көз қиығын тастаса – жоралғыларды сақтаудың жауапкершiлiгiнен әбден зәрезап болған кейiпте қаздиып отырған Қауызовтың күреңiткен ұсқынында бейiлсiздiк барын аңдады. Марина деген әйелден жүзiн тайдырмай төпеп сөйлей жөнелген оның қалқайған құлағы, айналасы томпақ, аясы қоңыр сәулелi көздерi, қып-қысқа тiкiрейген қап-қара шашы, қаздың жұмырқасындай сопақ кескiнi, тiкеден-тiк құлаған мұрны – барлығы, сырмiнез етене, сонысымен қоймай кiсiнi селт еткiзiп қоймайтын қаражаяу. Сол-ақ екен өз үстемдiгiнiң батпан салмағын туасы бұлай айқын сезiнiп көрмегендей көңiлi бiрден тыншыды. Қауызов жазғанның жайдақтығын аңғарып үлгiрген Марина деген әйел бәрiн тоқып-бiлiп алып қоңылтақсып тұрса да, езуiне жиылған биязы күлкi соны сездiрмейтiндей. Онысы мұның қитығына тиетiндей. Алыстан орағытып барып әңгiмесiн ақыры әйелге әкелiп тiреген Қауызов бүкiл денесiмен бұған бұрылды. – Мәке, Марина Батыс Украинадан келiптi. – Өте жақсы, таныстық үшiн алып қоялық.

Екеуi бiрден қағып салды. Марина тек ернiнiң ұшын тигiзбекшi бол-ғанда Қауызов дереу қыстауға кiрiстi. Шарасыздау жымиып қойып, жар-тылап қана iштi. «Жайықтың қызыл балығының уылдырығын жеңiз, мынау жылқының қазысы болады, дәм татыңыз» деген сықылды сөздердi үстiүстiне айтып: – Мәке, жаңа коньяктың тағы бiреуiн алайық дегенде көнбей қойып едiңiз, көрмейсiз бе, – дедi. Үнiнде наразылықтан гөрi базына басым. Бел-гiсiз дүние мен бейтаныс әйел, айнала төңiрек шуылдаған көпшiлiк – iшiне қызу барған соң, көз алдындағының бәрi бұлдырап, шыр көбелек айнала жөнелгенде қимастық сезiм төтеннен оянғаны. – Марина, Батыс Украинада не жұмыс iстейсiз? – Сұрағының қолайсыздау шыққанын бұл iшiнен сезiнгенiмен, сыр бермеген күйi түксие шүйiлдi. Көзiнiң қиығын бұған қулана қадаған әйел маржандай тiстерiн әдейi жарқырата көрсетiп, сықылықтап күлiп жiбердi. Көңiлiне түйткiл боп орныққан қыр мұрнының ұшын тура алдынан анықтап қараса – түп-түзу. – И там тоже только отдыхом занимаюсь. – Одан сайын сықылықтап күлген әйелге Қауызовтың парықсыздау масаң даусы қосамжарласқанына бұл бiртүрлi қитығып, оған ала көзiн ата тастады. Бiрақ ол барылдап даңғырлаған қалпы: – Мы тоже, Марина, там у себя только с отдыхом занимаемся, – дедi. Ептеп сырмiнез бола бастағандай көрiнген Марина аяқ астынан сынық тартты. «Екi жүз сомға келiседi» деп о баста Қауызов айтқан баға сезiм тұнығын лайлап, жапқан жаладай өз-өзiнен қуыстанды. Осы кезде шарасы үлкен көзiн Қауызовқа бiр мезет төңкере тастап барып: – Да, видать, что вы только отдыхаете, – дедi. Мына сөзден әжептәуiр кәдiк алып қалған Нұржанов әйелдiң жүзiн барлай шолғанда, бастапқы ықыласынан айныған бiр салқын қабақты таныды. Алдыңғы ынтызар әсер мезетiнде суынып, iшкi құштарлығың десi қайтып қалғандай көрiндi. Баяғы алаңсыз жайдақтығына салынған Қауызов қана коньякты жағалата құя берейiн дегенде, әйел: – Спасибо, за угощение, – деп тұрып жүре бердi. – Марина, Марина, что с вами, – деп Қауызов та соңынан ұмтылып барып қалт тынды. Содан бұған жаутаңдай қарап, қайтадан сылқ етiп отыра кеттi. Сұлуша әйелдiң өңiндегi

салғырттық ойынан кетпей даң бола Қауызовқа қарап бөгелiп қалыпты. Осының тұзы татымаған қу шығар, былай бәрiнiң ретiн бiледi, дарылдақ, ақкөңiл, бiрақ бәрiбiр бiр кiлтипаны бар» деп ойлады ақыры. Бұлғаңдап бара жатқан әйелдiң сырт тұлғасына ұзақ көз тiктi де, бiр кезде орнынан өзi де көтерiлдi. Iш дүниесi қаңырап бос қалғандай ыстық пен суық кезекпе-кезек алмасып, бiресе қалтырай тоңазып, бiресе қызуы көтерiлген жайсыз күй кешiп, жатын орнына қарай ақырын бет алып келедi. Бiр титтей уақыттың iшiнде ойлап қараса, бұл – бiраз құқайға тап болыпты. Нұржанов басымен мана Қауызовты аңдып, қызғаныш бiлдiргенiне қатты қорына бастады. Марина деген әйелдiң көпе-көрнеу өздерiнен жерiнген себебiн таба алмай ақылы быт-шыт. Есiк алдында серуендеп жүрген кәрi-құртаң, шал-шауқан, кемпiр-сампырларға көз қырын тастап өтiп: «осыларға не жоқ екен» дедi iшiнен. Бұл ойын тiптi астамшылыққа да баламады. Жанаса кетсең бiттi, әңгiмеге шақыратын қарт адамдардың жүрiс-тұрыстарынан өмiрге есесiн жiбермеуге тырысып, жасаңғырағысы келетiн әрекеттерiн әйтеуiр жаны қаламайды. Нұржанов кенет өзiнiң ең кемi жиырма жыл қызмет iстейтiнiн ойлағанда көкiрегiн ыстық жалын шарпып өтiп: «Соның өзiнде бар-жоғы алпысқа келедi екемау» деп ойлады. Алпыстан әлдеқашан асып, жетпiске тақаған шалдың әлi мықтылығы қанат бiтiре түскендей iшiнен түлеп, әжептәуiр желпiнiп алды. Шоқпар сықылды бастары түйнектелген кеспелтек ағаштарды қаз-қатар тiзiп қойып, алысырақтан көздеп атып құлатып жатқан қимылдарының бағасын бұлдай алатын тәлiмсуге бiр жағы айран-асыр. Бiр-бiрiне тағы «Коля, Володя» деп еметайы езiле қалатын бауырмал. Шеткерiректегi екi-үш кемпiр ерлердiң ойындарын зор ықыласпен қызықтай қарайды. Ұзақ ғұмыр кешсе де жорта қылықтанып, жорта масаттанған осы кәрi-құртаңдар қитығына тиетiндей қастарынан ылдымжылдым өте шығуға тырысады. Бөлмесiне келiп киiмшең күйi жата кеткенiмен, мың-сан ой санасын кимелеп, шекесi дыңылдап тұрып алды. Ақыл мен санаға, ой мен тоқтамға бағынбайтын өмiр ағысын Нұржанов тiршiлiгiнде iлуде бiр сезiнетiн, жаңағы шал мен кемпiрлердiң қалыптарынан ештеңеге мойымайтын көңiлдiлiктiң астарында – дүниеде беймәлiм өзгеше сыр бардай көрiнiп кеттi. Алақұйын осы халiнiң үстiне Қауызов кiрдi.

– Мәке, жаңа қазақ әйелдерiмен жолығып, танысып қайттым, – дедi құдды бiр үлкен iс тындырғандай қос танауы желпiлдеп, аясы қоңыр жiпсиген көзi қутың-қутың ұшқын атып. Мұның ынсапсыздығына нақ осы жолы көзi жете түскендей бiртүрлi жиiркене қарап: «әйелдерiңмен қоса құрып кет, құрып кеткiр» деп iштей жүзiн бұрып әкеттi. Марина деген әйелдiң бұлардан түңiле қоятындай не боп қалды екен деген ой көкейiне қонақтаған сәт: «мына парықсыз дарақы неме алдында бiрдеңенi бүлдiрдi ме?» дедi. – Мәке, тамаққа баралық, орнымызды көрелiк. – Осындайда тамақ дегеннiң бары қандай жақсы. Елден алып келген Қауызовтың дәмi татып кеткендей жүрегi алмай тұрған сияқты едi. – Мәке, астың алдында жүз грамға қалай қарайсыз? – деп қылқия қараған серiгiнiң ұсқынына күлкiсi келiп кеттi. «Бiреуге қараған күн қайбiр жақсы дейсiң. Анда-санда жылы қабақ танытып қоймаса, мынау үрпиiп қалады екен» деп ойлады. – Нұрдiлдә, рахмет, басым ауырып тұр. – Мәке, қаласаңыз, патшалар iшкен шарап бар, шөлд есеңiз – шампан дайын. Қиыла өтiнген Қауызовтың сопақ пiшiнiне өзiне шынайы берiлген ниетiн байқағанда жүрек тұсы нәзiк шым ете түстi. – Нұрдiлдә, әуелi тамаққа барып, елдiң жүзiн көрейiк. Содан қайтып келген сон, патшалар iшетiн шарабыңнан аздап ауыз тиелiк, – дедi. Қалың бау-бақшаның ортасында жеке-дара iрге көтерген асхананың еңсегей шатыры ұшуға қанатын жая қомданған бұрынғының құдды алып самұрық құсындай. Әлгi кәрi-құртаңдар жұрттан бұрын тамақтанып үлгерген бе, әр-әр жердегi орындықтарға екi-үштен жайғасып ап, өзара шүйiркелесе әңгiме соғып отыр. Қанша дегенмен қарттық дендеп, қалталақтай бастаған оларға қараған сайын демалудың рет-тәртiбiн бұлар өзiнен тәуiр бiлетiндей көрiнедi. Өмiрдiң қызық-шыжығынан әлдеқашан тоқтағандарына қарамай, әйелдiк ерке базыналық қылықтарын тастамаған кемпiрлер шалдарға өтiмдi сүйкенiсiп, әңгiме тiзгiнiн алып кетiп отырған қалыптарынан ақсүйектiк ғұрыпты әлi жоғалтпаған кербездiк сезiледi. Ал iшке енгенде жыпырлай жайылған аппақ дастарқандар көңiлiн бiрден желпiндiре тоғайтып,

бiр толымдылық көкiрегiн керней жөнелдi. Арқалықтары да аппақ маталармен тысталған орындықтар ыздия-ыздия қыдиып тұр. Құрттай құжынаған адам – бiрақ зәулiм үйдiң iшiн кернеп тұрған шу кiсiнi ешбiр тосырқатпайды. Түрлiтүрлi тағамдар салынған арбаларын ақырын жылжытқан даяшылар әркiмнiң алдына тамақтарын биязы қойып, келесiге қарай беттейдi. Мейлi он жерден Қырымда жүрсе де Нұржанов кенет өзiн демалыс орындарының мынадай дағдысынан тiптi жат сезiндi. «Дәп мына жердiң Алматы мен Ыстықкөлдiң демалыс үйлерiнен несi iлгерi? Тек теңiзi болмаса?» деген күпiршiлiк ой келдi. Дегенмен, кешелi берi ыстық тамақ iшпегендiктен бе, асқа бiрден тәбетi шауып, алдындағысын айпап-жайпап жiбердi. Түскi ас Қауызовқа да жағып барады. Тек сорғалаған терiн қайта-қайта сүртiнiп, әлек-шәлегi шыға берген соң: – Жiгiттермен iшкен шараптың уыты сыртқа ендi шығып жатыр, – дедi әлденеден қуыстанғандай. Ылғи құйқылжып орнықпастан әлденеге алаңдаулы көңiл күйiнiң бiр нәрсеге дiттеп тұрақтамай күрт төмендеген сайын дауасыздыққа ұрынған бұл қасындағы Қауызовты қара тұтудан қалып бiрден құлази бастайды. «Демалып жүргеннiң өзiнде адам бұлай жалғызсырайтын болса, онда әлгi тыныққан дегенi сонда қандай?» деп ойлады. Астарын iшiп боп сыртқа беттей бергенде Марина қарсы жолықты. Жотасы жартылай ашық көйлегi өзiне қонымды екен, денесiн құлын мүшелендiре көрсетедi. Көз қиығын елеусiздеу тастап, тұсынан өте шыққанда өзiне деген назардың немқұрайдылығын танып, өн бойындағы күйкiлiктi ыңғайсыздықпен сезiнгендей болды. Жатын орнына қарай ақырын аяңдап келе жатып Батыс Украинадан келген қайдағы бiр әйелге бола көңiлiнiң сонша бұзылатынын қанша ойламайын десе де санасынан кетпей бекiнiп тұрып алды. Патшалар iшетiн шараптың шөлмегiн тауысқанша тамаша екенiне тамсанып, өткен-кеткендi екеуара қызу әңгiмелеп кеттi. Ит арқасы қиянда жүрiп ойлап қараса, ауданды әңгiмелеген әлдеқалай қызық екен. Бұрын бұл төңiректе сөз қозғамағандықтан ба, қамшы салдырмай сiлтеген Қауызов мұны тiптi елiктiрiп әкетiп барады. Сөз Садықбековтың әйгiлi сараңдығына тiрелді. Бiр күнi ол үйiне кiсi ертiп бара қалыпты. Әйелiне оның түнеукүнгi

арақ қайда, әкелсеңшi дейтiнiн айтқанда Нұржанов көзiнен жас аққанша iшек-сiлесi қата күлдi. – Мәке, Садықбековтың әйелi тоңазытқыштан әлгi арақты шығарса – жартысы-ақ қалыпты. Ерiп барған адамы оны азсынып отырса, елу грамдық ыдысқа бөлiп құйыпты да, мынаны орнына қоя салшы деп қайтадан ұсыныпты. – Нұржанов бұл сөзге және рахаттанып күлiп алды. Одан ары қарай Гуржий, Келгенбаев, Поцелуев, Көкенов нысанаға iлiгiп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталған уақытта Қауызов төтеден киiп, өңештей жөнелдi. – Мәке, Гуржийдi қанша момын адам деп мақтағаныңызбен оның бiр енi iшiнде. Өтiрiктен-өтiрiк аңқаусып, адал болып көрiнгiсi келедi. Әйтпесе елдiң арасына iрiткi салатынның нағыз өзi. Дүниеде бiр жайдақ қарапайымдылықтың ешқашан жақсылық әкелмейтiнiн бұдан бұрын да талай рет көз жеткiзгенi рас едi. Қазiр бiр әдемi көңiл-күйдiң ауанымен Қауызовтың мына сөзiн көңiлiне оншалықты ала қоймады. Бiрақ бiрден ықыласын жоғалтып, құлықсыздыққа көше, қасына ерген серiгiне одырая бiр қарап, түксиiңкi сыңайға ене, бiразға дейiн томырылып отырды. Тұнық қызылкүлгiн түстi шараптың соңғысын сарқып құйған Қауызов: – Мәке, алып қоялық, – дедi. Бастапқы көтерiңкiлiк сап басылып, жалғызсырап елегзитiн босаң сезiмге тағы тап келдi. Жан жүрегi елбiреген бауырмал күйден елжiрей езiлiп, соның ыстық толқынының лебi желпiп өткен сайын алыпұшқан мазаң күйге душар бола қалады. Онсыз да күп-күрең жүзi арақ iшкен соң оңсын ба, жалынға қақталып тұрып қалғандай Қауызовтың қып-қызыл кескiнi наразылықты жиып, түйiлiп алған суықтықпен талаурай бөгелдi. Қоңыр көзiнiң қарашығынан жылт ете қалған зәрлi ұшқын ойнақшып өткенде ғана ақылы ауыса бастаған масаңдықты аңғара қап Нұржанов одан әрiге бейiл бермей, терiс қарап жатып алды. Көзiне шымырлап ұйқы тығылып, маужырап бара жатқаны есiнде. Содан қанша ұйықтағанын бiлмейдi, оянса – қас қарайып, төңiрек қарауытып кетiптi. Қауызов орнында жоқ. Басы көтертпейтiн зiл қара тас, қол-аяғы ұйи, дел-сал күйде бiр нүктеге сазара қадалып ұзақ отырды. Санасын әдеттегi көлденең ойлар киiп-жармай тыншып, сыры беймәлiм алаңсыздау тiршiлiкке үнсiз мойынсұнған құлықсыздық үстем. Мұндайда алданышқа жарайтын Қауызов та керек

екен-ау. «Бағана қазақ әйелдерiмен таныстым деп жүр едi, соларға кеткен шығар?» деп бiр қойды. Патша шарабы деген құрғырың буынды алады екен, әрең-әрең тәлтiректеп тұрды. Жуынып-шайынып, өзiн ретке келтiрiп, сыртқа шықпақ болғанда алып-ұшып Қауызов жеттi. Масаңдығынан толық айығып бiтпеген тәрiздi, көзiнiң алды iсiне көлкiлдеп тұр. Дауысының әуен құйылысына қарлығыңқы үнi қабаттасып, өңешiн тырнап шығатындай жайсыз естiледi. – Мәке, тез жиналыңыз, қатқан екi әйелмен келiсiп келдiм. Ресторанға баратын болдық. Тай жегендей екпiнiн жақтырмаса да «ресторанға барамыз» дегенiнде шымырлаған тып-тынық көңiл ауанын түсiнiксiз ынтызарлық билеп өткендей болды. Ай-шайға қаратпаған Қауызовтың ығынан шыға алмай, соңынан томпаңдап iлесе жөнелгенiн өзi де байқамай қалды. Ресторанның айнала төңiрегi жыртылып-айырылған адам. Самаладай қаптап жанған шамнан күндiзгiдей жарық төгiледi. Шоғыр-шоғыр боп орналасқан адамдардың көңiлдi шырайларындағы әртүрлi күлкiнiң iздерiне дейiн көзiне оттай басылып, бiр толассыз гүжiлдеген дыбысқа жақын арадан естiлетiн сыңғырлаған әуендi әйел күлкiлерi құлаққа ерекше жағып, кiсiнi құшырландырып жiберетiндей, өн бойын бiразға дейiн ерiк бермей дуылдатып тұрды. Қызық пен ләззат бiткенге тойымсыз обыр үйдiң шатырының астында әйел-еркегi бiрдей ауыздарына бiр-бiр темекiнi қыстырып, жайбарақат жайсаңдықпен әңгiме соққан қалыптарында iшкi көңiл пердесiн әлдеқашан сыпырып тастап, жалтжұлт атқан жанарлардың тоятын аңсаған пиғылдарын дәл осы жерде қоса оқитын сықылданды. Дегенмен бұлардың қашан, қайда жүрiп танысқандарына қайран. Мұрындары қоңқайған, бiр өңкей мұртты жiгiттер әлекедей жаланып зыр қаға қызмет iстеп жүр. Нұржанов Алматыда даяшы еркектердi оншалықты жақтыра бермейтiн. Келушiлерге тiлене-сұқтана қарап, жуысып кетуге дайын тұратын мыналарды тiптi суқаны сүймей, шеткерiрек барып өзiнше байыппен шола бастағанда, Қауызов бiреуiмен шүйiркелесе сөйлесiп, тез-ақ келiстi-ау шамасы, бұған қайтадан өңмеңдеп жеттi. – Мәке, жүрiңiз, бос орын табылды. Жайғасып болған соң даяшыдан тағамдардың түр-түрiн сұрастыра бастаған Қауызов бiртүрлi көңiлi толмағандай оған бiрден дүрсе қоя бердi.

– Что за ресторан, ничего путевого нету. У вас должен быть национальное блюдо, ладно, покамесь принесите холодные закуски и бутылку армянского! – Содан бұған бiр уақ жаудырай қарады. – Мәке, сiз отыра тұрыңыз, мен жаңағы әйелдердi сырттан күтiп, осында ертiп келейiн. Қауызов осының бәрiн құдды кезектегi атқаратын мiндетi сезiне ме, осы қылығының дұрыстығына сенiмi кәмiл тәрiздi өзiн тым жеңiл ұстайды. Осында келгелi берi ой мен елегізу айнымас серiгiне айналып едi. Қаптаған насай-топырдың iшiнде мiнеки тағы да жалғызсырай бастады. Көкiрегiн сондайда ылғи кермек дәм тұтып қап, аузына запыран сықылды әлдене келедi. Жас шамасы жиырманың ар жақ бер жағындағы балапан мұртты балаң даяшы жiгiт көлдей орамалмен жауып әкелген тағамдарын рет-ретiмен қоюға кiрiстi «Әр жақтың салты басқа, иттерi қарақасқа» дегендей бәрiнен де бұлардың коньяк құятын ыдыстары ұнасымды екен. Темiрден түйiн түйген қас шебердiң қолынан шыққандай шап-шағын, сүп-сүйкiмдi. Киелi құстың балапаны тәрiздi аяғы қылдырықтай ұзын да, түрлi ыңғайда бұдырланып, бедерленген шынысы айнадай жалтырап, мөлдiрейдi. Болар-болмас нәрсенiң сынып түскен сәулесi бiр қимас қымбат дүниенi еске салатындай, жүрегi түсiнiксiз бұлқынып соғып, уылжыған дәмдiлiктiң шырынсөлiн ақырына дейiн жұтына алмағандай тамсанып қалып, айналасын қаумалай орналасқан көпшiлiктi жатырқай шолды. Қасы-көзiн көкала шымшықтай ғып бояп алғаны болмаса ана бiр келiншек сыбызғыдай екен. Қасындағы өңкиген етжеңдi адамның маңдай тұсындағы шашы селдiреп, жалтырай бастаса да өзiнiң емiнiп, бауырына кiрiп кете жаздаған әйел баласын аяйтын сезiммен емес, күш-қуатына сенiмдi немқұрайдылықпен баурап алғанын танығандай болды. Жастары бiрталайға ұлғайып кеткен екi әйел аса қызу әңгiмеге кiрiскен сыңайлы. Одан сайын тамызық тастай түскiсi келгендей алдарындағы ащы судан анда-санда ғана ұрттап қойысады. «Сәл кәрiлеу, әйтпесе жуысуға болады екен» деп ойлап үлгiрдi. Сонау қиян түкпiрде, оңашалау барып жайғасқан үш-төрт қазақ жiгiттерi мен әйелдерiн көзi шалғандай жүрегi өз-өзiнен шым ете түстi. Мойнын созыңқырай қарады. Алдарындағы тағам анау дейтiндей мол емес, коньяктарын да орталап қалыпты. Осынша көптен оңашаланған отырыстарында бiр-бiрiнiң аузын баққан қазақы бұйығылық байқалады. Әсiресе, жазық маңдайлы,

жалпақ бет ортадағының маңғаздау отағасылық қалпы бауырмал. «Қазақы ұяңдықтың кесiрiнен неге бiз осы жекедара жүре алмаймыз? Басқа халыққа қарасаң бәрiбiр» деп ойлағанша болған жоқ «Мәкелеген» Қауызовтың даусын естiп жалт қарап, қалт тынды. Шыр-пыры шыға елпелектеп бәйек болған жұқалтың тұрқы бiртүрлi ұшқалақ. Осының алдында ғана әжептәуiр сергiп, тыңайғандығынан жұрдай айырылып қап, тұла бойы аяқ астынан дел-сал тарта, селқос күй кешкен бұл: «Осыны да адам деп ерткен мен де жынды екем» дедi iшiнен тiстене. Қырықтан әлдеқашан асып жығылған әуелi сарыкiдiр қатынға, содан кейiн шарасы тұздай көкпеңбек шидиген арығына алма-кезек көз салды. Сұңғақ та талдырмаш келгенiн бастапқысынан гөрi жөндемдiге ұйғарды. Бiрақ мұнысы тосылып тосырқамастан бiрден дастарқанға бас қойып, аусар қомағайлықпен алдындағысын айпап-жайпап барады. «Мына бейшараның iшiнде жыланы бар шығар?» дедi кекетiп. Мұның көкейiндегiсiн оқып қойғандай анау бiр мезет шарасы көкпеңбек көзiн бұған бағжита iркiлiп барып: «После воды как хочеться кушать» деп тiл қатты. Етжеңдi әйел серiгiнiң жайдақтау мiнезiнен ыңғайсызданғандай, кiрпияздана ыздиып отыр. Қауызов осының арасында ұшып-қонып жүрiп даяшыға бiр жолығып келдi. Iшiне кiшкене ел барған соң, арық әйел жан-жағына бұрылып, қарағыштауға көшкенде, ойпаңдана түскен қушықтау жағындағы айғыз-айғыз әжiм сызаттарына көзi түскен замат Нұржановтың көңiлi одан сайын ортайып, сұмдық құлықсыздыққа ұрынды. Сөйтсе де Лида деген есiмi жадында. Жасаңғырағысы келiп беттерiн қанша әлемiштеп бояғандарымен ажарлары қайтып, жүздерiнiң нұры тая бастағандарына көзi жете түскен сайын табалауға толы сынампаз назар ту сырттарынан көз жазбай бақылап тұрғандай көрiнiп, қатты қуыстанып кетедi. Қауызов баяғы есiп сөйлейдi. «Девчата, это наш многоуважаемый Мәкең» деп әуелi қолпаштап, таныстырып алды. Осы екi әйелмен құдды Алматыдан бiрге ұшып кеп, содан тонның iшкi бауындай бола қалғандай Қауызовтың мұншалықты тексiз жайдақтығына ашуы қозды. Түсiн суыта безерiп қарағанмен оның елең қылатын түрi жоқ. «Дарья Алексеевна, у нас в Казахстане так не принято, давайте до конца» деп қиыла өтiнгенде толық жүздi томпайған әйелдiң оңдырмай опаланған бетi алабұртып, жасына лайықсыз қылық таныта сықылықтап күлiп жiбердi де, талдырмаш

келгеннiң құлағына еңкейiп: «Смотри, Лида, какой он добрый» деп сыбырлағанын қапы жiбермей естiп қалды. Қауызовқа деген мұндайлық тәуiр ықыласты бұған әдейi көз ғып айтатын сыңайлы. Омыраулай өңештеп отырып, қайта-қайта қыстап, әп-сәттiң iшiнде-ақ бiр коньяктың басына су құйып тынды ақыры. Әлгi сынампаз сырт назар осындағының барлығын мүлтiксiз бағып тұрғаны аяқ астынан сап етiп есiне түскенде – өзiнен-өзi құты қашып, жанжағына жалтақтап қарағыштады. Қауызов даяшыны қайта шақырып ап, тағы бiр қайтара заказ бергенде: «Осы бiр кәрi қатындарға соншалықты шабылғаны несi?» деп ойлады. Бастапқыда-ақ қымсынудың сәл жұрнағы сезiлмеген едi, ендi iшке бiраз коньяк барған соң Қауызов пен етжендi әйел тiптi еркiнсiп барады. Бiр-бiрiне иық түйiстiре шат көңiлмен күлiмсiреп қойып, қызу әңгiмеге кiрiскен сыңайлары бар. Дүниеге үстемдiк құрып тұрған тоқкөңiлдiлiктiң қатты ағысына түсiп кетiп, содан ендi жанұшыра арпалысса да шыға алмай, шарасыздыққа қамалған Нұржанов талдырмаш әйелдi әңгiмеге құлықсыздау шақырды. Сол-ақ екен сонау Қиыр Шығыстан басталып, Ялтаға келiп бiр-ақ тынды. Сөзiнiң түп-төркiнiнен ұққаны күйеуi офицер, екеуi ажыраспаққа қамданып жүрген көрiнедi. Ентiкпемен ауырып, осында демалуға келiптi. Ентiкпесiн айтқан уақытта Нұржанов бiртүрлi тiксiнiп қалды. Демнiң арасында бүкiл өмiрiн алақанға салғандай ғып бүге-шiгесiн қалдырмай түгел баяндап берген әйелдiң арзандығын қоңаш көрiп, көзiн жерден алмай, үн-түнсiз отырып қалған болатын. «Эй, ты друг, почему не пьешь?» деген дауыстан селт ете түстi. Етжеңдi әйелдiң масаңдау порымымен ұшырасқандай болды. Түйiле қадалған көздiң тоят таппай, нысапсыз жылтылдаған ұшқынынан мына әйелдiң болмысында зиялылықтан түк жоқ екенiн шамалады. Тек қана ләззат көксеген қитұрқы көзге назарын төңкере тастап – iркiлген заматта, әңгiмеге барылдаған күйi Қауызов араласты. «Мәке, Дарья Алексеевна сiзбен түйдей құрдас екен». Нұржанов ақырып жiберiп, тыйып тастауға бiр оқталды. Сөйтсе де сыр бермеуге тырысып: «Денсаулығым болмай тұр» деп қабағын күйзеле шытынып, сыртқа шығып жүре бердi. Мұны күтпеген Қауызов әлденеден соңынан ұмтылды да қалт тынып, қалшия қатып қалғанын байқады. Сонау бұрышта отырған қазақтарға жанасуға бiр оқталып, ол ниетiнен де

тез айныды. Қауызовқа деген өшпендiлiгi өршiп, зығырданы қайнай бастады. Кенет Сара өмiрдегi қалпы көз алдына келе қалғаны. Алдындағы кеудесiн жандырып бара жатқан ашуға ендi қосымша шымылдаған қосылды. Сараның көз шарасындағы мұң аралас ренiш елестесiмен, бетпе-бет кеп ұшырасатындай бiртүрлi қобалжып, бөлмесiне имене кiрген бойда босағаға таман селтиiп ұзақ тұрды да қалды. Тiршiлiктегi ең аяулы жаны Сара, ұлы мен қызы, ал қалғанының барлығы бiр күнi үшiн жалбақтайтынын бұрын-соңды дәл бұлай етжүрегiмен сезiнген-сезiнбегенiн ойлап көрмептi. Үй-iшiнiң жылуын аяқ астынан қатты аңсаған жүрегi өрекпiп соғып, әудем уақыт кеудесiн ұрғылап тынышын ала бердi. Коньяктың күйiк татыған ащы дәмi қайта-қайта қолқасын атып, бiр жағы ол да қабаттаса бастады. Әлгi патша шарабынан қағып салғысы келiп тұрып, Қауызов әлденеден жаман ойлап қалып жүре ме деп қоя қойды. Ары-берi жүрдi, терезеден анда-санда сыртты шолды. Бiрен-саран серуендеген жұптар болмаса, айналада мүлги маужыраған тыныштық. Неон шамдарынан төгiлген сүт жарыққа үймелеген шыбын-шiркей мен көбелектерге бiр мезгiл алдана қарап: «Он жерден Қырым болса да бұнда да құрт-құмырысқа өрiп жүр» деген ойын бiразға дейiн талшық еткендей қимылсыз тұрды. Түннiң бiр уағында Қауызовтың түк болмағандай өңмеңдеп жетiп келетiн ұсқынынан өткен сүйкiмсiз нәрсе жоқтай көрiндi. Есiп сөйлей бастағанда қалқайған құлақтары мен үстi көтерiңкi томпақ боп бiткен жiпсiк көздерiнiң дегбiр таппай ойнақшитын қарашықтарынан тек мағынасыздықты ғана аулайтындай. Төсекке киiмшең күйi қисайды. Басын мыңсан ой киiп-жарып, бiреуiнiң iзбiнiн ұстай алмай әуре болып жатыр. Қауызовты бiреуге қатты ұқсатады, бiрақ кiм екенi есiне түспей әлек. Ұйықтап кеткен екен, өз-өзiнен елегізiп оянды. Қауызов әлi келмептi. Сағатына қараса түнгi бiр, атып тұрды да, қайтадан сылқ түсiп, сазарып отырды да қойды. Ту сыртынан өне бойы қадалып түратын әлгi сынампаз назардың аясына сұп-суық ой үйiрiлгендей бойы тiксiне тiтiренiп, жүрегi кеудесiне сыймай дүрс-дүрс соғып кеттi. Тынысы жетпей бiртүрлi қыстығып бара жатқан соң, жартылай ашық терезенiң тұсына барды. Қап-қараңғы түннiң арасынан кiшкене саңылаудан төгiлгендей неон шамдарының жарығы бастапқыдан гөрi әлсiреп, солғын тарта бастапты. Кенет бiз өкшенiң тасқа тық-тық тиген ды-

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙