TELEGEI

Home

"Әдебиет – дәуір айнасы".

М. Базарбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

"Әдебиет – дәуір айнасы".

«Ғылыми қазына» сериясының кезекті томына көрнекті ғалымдар, филология ғылымдарының докторы, профессорлар М.Базарбаев пен Т.Кәкішевтің зерттеулері еніп отыр. Зерттеулердің дені тәуелсіздік тұсында жаңаша көзқараспен жазылған. Кітапта қазақ поэзиясының кешегісі мен бүгіні, оның даму барысы тарихым...

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

КЛАССИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР

20-ТОМ

МҮСІЛІМ БАЗАРБАЕВ,

ТҰРСЫНБЕК КӘКІШЕВ

ӘДЕБИЕТ – ДӘУІР АЙНАСЫ

«Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы

Фольклортану, әдебиеттану және өнертану секциясының мүшелері:

Қалижанов У.Қ. (төраға), Әлібекұлы А. (төрағаның орынбасары), Қалиева А.Қ. (жауапты хатшы), Ананьева С.В., Әзібаева Б.У., Әлбеков Т., Елеукенов Ш.Р., Ерғалиева Р.Ә., Күзембай С.Ә., Қирабаев С.С., Қонаев Д.А., Қосанов С.Қ., Қорабай С.С., Мұқан А.О., Ісімақова А.С.

Томды басуға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі ұсынған

Томды құрастырып, баспаға дайындағандар:

Орда Г.Ж. (жауапты редактор), Ақыш Н.Б. (жауапты шығарушы),
Мұқатай Б., Құдайбергенов Н. (құрастырушы).

Пікір жазған:

Рахымжанов К. – филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

«Ғылыми қазына» сериясының кезекті томына көрнекті ғалымдар, филология ғылымдарының докторы, профессорлар М.Базарбаев пен Т.Кәкішевтің зерттеулері еніп отыр. Зерттеулердің дені тәуелсіздік тұсында жаңаша көзқараспен жазылған. Кітапта қазақ поэзиясының кешегісі мен бүгіні, оның даму барысы тарихымызбен сабақтастырыла қаралып, қазақ өлеңінің ұлттық сипаты дәстүр мен жаңашылдық тұрғысынан сабақтастырыла зерттелген. Сөз зергерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы талдаулар ұлттық әдебиеттің көркемдік ерекшелігін саралайды. Кітап әдебиеттанушы ғалымдар мен ізденушілер, аспиранттар мен жоғары оқу орындарының студенттеріне және ұлт әдебиеті мен тарихын білгісі келетін әдебиет сүйер қауымға арналған.

АЛҒЫСӨЗ

(Мүсілім Базарбаев пен Тұрсынбек Кәкішевтің

әдебиеттік зерттеулері)

Филология ғылымдарының докторы, профессорлар Мүсілім Базарбаев (1927-1995) пен Тұрсынбек Кәкішев (1927) – 1940 жылдардың аяғы мен 1950 жылдардың басында әдебиет майданына қатар келіп, ұлттық әдебиеттану ғылымының кәсіби түрде қалыптасуына, дамуына, әлемдік деңгейге көтерілуіне үлкен үлес қосқан әдебиеттанушы ғалымдар. Олардың есейіп әдебиетке араласуы 1944, 1947 жылдардағы аты шулы қаулыларға тура келді. Идеология саласында белең алған саяси науқан аға буын өкілдерін түгел шарпығанын көрген бұл ұрпақтың алдында үлкен міндет тұрды. Бұлар «ұлтшылдықпен күрес» науқаны қызып тұрған шақта саясаттың сойылын соғып пендешілік танытпай, ар алдында ұлт пен халыққа адал қызмет етті. Белсенділік танытып біреуге топырақ шашу арқылы бедел жинауды мақсұт етпеген жастар ақырын жүріп, анық басуды дағдыға айналдырды. Дүние есігін қатар ашып, қоғам өміріне бірге араласып, ХХ ғасырдың аумалы-төкпелі оқиғаларының бел ортасында жүріп, ұлттық әдебиеттануға қалтқысыз қызмет етті. Бір жылы туып (1927), С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетінде білім алған олар студент кездерінен жастардың республикалық «Лениншіл жас» газетінде қаламдарын ұштады. Мүсілім Базарбаев (1927-1995) 1927 жылы 15 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданынның Кекірелі елді мекенінде дүниеге келді. 1948 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті тарих-филология факультетінің журналистика бөлімін бітірді. Әдеби-сын мақалаларымен баспасөзде 1946 жылдан көрініп, әр алуан тақырыптағы әдебиет пен өнер туындыларына пікір, сараптамалар (рецензиялар) жазды. Б.Бұлқышевтың «Заман біздікі» атты шығармалар жинағына жазған рецензиясы мен «А.П.Чехов», «А.С.Грибоедов», «А.С.Пушкин», «Орыстың ұлы демократы», «А.Н.Радищев» атты мақалаларында өзінің ізденімпаздығы мен әдебиетті талдай білетіндігімен танылды. «Жамбылдың ақындық шеберлігі», Абай туралы: «Гордость казахского народа», «Казахский поэт – просветитель» атты көлемді мақалаларымен көпшілікке таныла бастаған оның С.Торайғыров, Б.Бұлқышев, Ж.Жабаев, А.Құнанбаев туралы мақалаларынан көркем шығарма табиғатына терең бойлауы байқалды. 1953 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақ әдебиетінің оқулығын жазу туралы», «Қазақ әдебиетінің тарихынан сапалы еңбек жазу керектігі жөнінде» деген мақалалары ғылыми ортадан қолдау тауып, 1954 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы президумы мәжілісінің қаулысы бойынша белгілі ғалымдар М.Әуезов, С.Мұқановтардың басшылығымен М.Базарбаев (Е.Лизунова, А.Нұрқатов, Х.Сайкиев, С.Сейітовтармен бірге) оқу құралын жазатын авторлардың құрамына енді. Оқулық жазуға араласқан жас әдебиетшілердің ішінен М.Базарбаевтың (авторлармен бірге) алғашқылардың бірі болып жазған 10-класқа арналған «Қазақ совет әдебиеті» оқулығы 1954 жылы жарық көрді. Бұл оқулықтың талап-тілекке сай жазылғандығын 1986 жылға дейін 11 рет қайта басылғанынан да көруге болады. Толықтырылып, түзетілген осы оқулық 1989 жылы 11 класқа арналып қайта жазылды да, 1994 жылға дейін басылып отырды. Мүсілім Базарбаев «Лениншіл жас» газетінде жүргенде еліміздің саяси, қоғамдық, рухани өміріне студент кезінен араласуына тура келді. Содан кейінгі әр жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде, Қазақстан Ғылым академиясында, Мәдениет министрі, Сыртқы істер министрі тәрізді жауапты қызметтер оған аса үлкен міндет жүктеді. Мүсілім Базарбайұлының тек ғалым емес, халқының мәдениеті мен болашағына жаны ауыратын ұлтжандылығы оның әрбір мақаласы, баяндамасы, монографиясының мазмұнынан байқалады. Ол Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңесбаев, Ахмет Жұбанов, Мәлік Ғабдуллин сияқты ғылым корифейлерімен араласа жүріп, олардан көп нәрсені үйренді, бойына жинады. Ғылыми ортаға ертерек келіп, ұлт зиялыларымен етене араласып, білікті әдебиеттанушы, зерделі ғалым, шебер аудармашы, сындарлы сыншы, көрнекті қайраткер ретінде танылды. Ғалым қаламынан туған жиырмаға жуық ірі монография мен 300-ге тарта мақалада әдебиеттің тарихы, теориясы, сыны түгел қамтылды. И.С.Тургеневтің таңдаулы төрт повесін («Первая любов», «Вешние воды», «Ася», «Постоялый двор»), М.Ибрагимбековтың «Мезозей тарихы» пьесасы (екі көріністі, 1977) мен Аристофанның «Лисистрата» және «Фесмофорлар мейрамындағы әйелдер» комедияларын (1991) қазақ тілінде сөйлеткен аудармашы әдебиеттер байланысы мен көркем аударма мәселесін зерттеумен бірге қазіргі әдебиеттің сынына белсене араласты. «Образ человека труда в казахской поэзии» (1961), «Живые традиции» (1962), «Әдебиет және дәуір» (1966), «Национальные традиции и новаторсто» (1973), «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (1973), «Эстетическое богатство нашей литературы» (1976), «Көрікті ойдан – көркем сөз» (1994), «Казахская поэзия: художественные искания (к традициям Абая)» (1995), «Замана тудырған әдебиет» (1998) тәрізді еңбектерінде ұлттық әдебиеттің өзекті мәселелері жан-жақты қамтылды. Ғалым зерттеулерінің негізгі өзегі – дәстүр мен жаңашылдық. Дәстүр дегенді ғасырлар бойы қанға сіңген әдет, салт, үрдіс, дағды, ғұрыппен түсіндірген ғалым оның тез өзгеріп, не болмаса жоғалып кетпейтіндігін нақты мысалдармен түсіндіре келіп, жаңашылдықтың қалай пайда болатындығын пайымдады. Ел өміріне келген жаңалықтың әдебиетті мазмұнымен байытатынын, сол мазмұн арқылы жаңа түр, форма қалыптасатынын ғылыми саралап, оны ұлттық әдебиеттегі нақты мысалдармен дәлелдеді. «Әдебиеттік дәстүр, яғни әдебиеттегі ұлттық дәстүр, сөз жоқ, әрбір халықтың, ұлттың өмірді көркемдік, образдық жолмен тануынан шығып қалыптасқанын» ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, дәстүрдің ғасырлар бойы қалыптасатынын «негізін Абай қалаған жазба поэзияға дейінгі» және онан кейінгі ұлттық поэзияға шолу жасау арқылы саралайды. Дәстүр ұласуы мен жаңашылдықты халық тарихымен байланыстырып, жекелеген ақындардың өлеңдерінен мысалдар келтіріп, қазақтың көшпелі өміріне сай қалыптасқан халықтық бейнені қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен түсіндіреді. Ұлттық характердің ел өмірінен алынатындығы да нанымды әрі дәлелді. Эстетикалық талғамның заман талабына сай дамып отыратындығынан көркемдік ізденістердің туа бастауы да ел өмірімен бірлікте өріледі. Қаламгерлердің өз дәуірінің көркем шындығын жасайтындығынан әдебиет – дәуірдің айнасы екендігін ұғынуға негіз бар. Ғалым қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихына үңіліп, ондағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесін жекелеген ақындардың шығармашылығы арқылы көрсетуге тырысты. ХІХ-ХХ ғасырдағы ұлттық поэзияның күрделі де өзекті мәселелерін заман талабына сай жаңаша зерделеді. Абай дәстүрін жалғастырған ақын шәкірті Ш.Құдайбердиев пен М.Жұмабаев поэзиясын да бүгінгі күн тұрғысынан қарап, терең талдау жасады. Қазақ поэзиясындағы жаңаша эстетикалық түсінікті ғалым А.Тоқмағамбетов, Ж.Молдағалиев шығармашылығы негізінде зерделей білді.

Мүсілім Базарбайұлы тіл тамырларын «Жер», «Халық», «Адам», «Мекен», «Мезгіл» деген ұғымдармен бірлікте қарап, қазақ тілінің табиғи болмысына үңілді. Ол: «Мұнан шығатын қорытынды – қазақ сөздерінің әуенділігі («Растягиваемость» деген мағынада), созып, ұзарып ұзақ әуенмен айтуға келетіндігі. Әсіресе адам аттарын жер-су аттарын қойғанда жердің шалғайлығы, көшпелі өмір жайы, мал бағатын халықтың кәсіп-тіршілігі айрықша еске алынатын сияқты. Ол есім сөздердің типтік мағынасынан ғана емес, дауысты дыбыстардың басым болып келуінен де байқалады», – деп тұжырым жасайды. «Қыз жібектегі» теңеу, метафораларды Бұқар, Мұрат, Шал, Дулат, Майлықожа, Шернияз, Базар жырау, Ақан сері, Шәңгерей, Сүйінбай мен халық әндерінен мысалдар келтіріп, жер, тіл, адам, табиғат, уақыт арасындағы өзара тығыз байланысты көрсетті. Ыбырай, Абай, Сұлтанмахмұт поэзиясында адамның тарихтағы, қоғамдағы орны жаңаша қойылса, Шәңгерей Бөкеев, Омар Қарашев, Нұржан Наушабаев, Әріп Тәңірбергенов шығармаларында әлеуметтік, азаматтық сарынның жаңа бағытта көріне бастағанына назар аударды. Жинаққа енген «Ұлттық дәстүр, мазмұн және форма» зерттеуі – қазақ поэзиясындағы дәстүр және жаңашылдық туралы толыққанды мағлұмат беретін дүние.

Мүсілім Базарбаев еңбектерінің бір парасы – әдебиет тарихы. Өз алдына отау тіккен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының тұңғыш директоры М.Базарбаев әдебиет тарихын жасауға бар күш-жігерін жұмсады. Қазақ әдебиетінің тарихын жасауда әдебиет дәуірге бөлініп, әдеби бағыттар мен оған үлес қосқан қаламгерлердің туындылары мен көрнекті ақын-жазушылардың шығармашылығы монографиялық үлгіде жан-жақты зерттелді. Осының нәтижесінде «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1961-1967) атты ІІІ томдық (6 кітап) жарық көрді. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1948), «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» (1949), «Қазақ совет әдебиетінің очеркі» (1958) атты кітаптарға түзетулер мен толықтырулар енгізіп, көптеген тараулар тыңнан жазылып қосылды. Бұған дейін І томдық қана тарихы бар қазақ әдебиеті 6 томдық тарихта едәуір кеңейтілгені белгілі. Ол қазақ әдебиеті тарихын орыс тілінде Мәскеуден шығаруға басшылық жасап, «Очерки истории казахской литературы» (1960) мен «История многонациональной советской литературы» атты көп томдық іргелі зерттеудің негізгі авторы және редакторларының бірі болды. Ғалымның осы жылдардағы еңбегі жөнінде С.Қасқабасов: «Егер қазіргі әдебиеттану мен фольклортану ғылымдарымыз биік деңгейде болса, бұл ең алдымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының арқасы. Ал, осы Институттың бүгінгі жетістіктерінің бастауы сонау 1960 жылдарда жатыр. Ақиқатын айтсақ, Әуезов институтының «жұлдызды шағы» – көрнекті ғалым, мемлекет қайраткері, әдебиет сыншысы әрі аудармашы Мүсілім Базарбаевтың директор болған жылдары», – деген болатын. М.Базарбаевтың Институтқа екінші мәрте директор болып келген кезі Алаш арыстарын ақтау, олардың мұрасын насихаттау, зерттеу ісімен тұспа-тұс келді. Бұл шаруаға да ол Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Шериаздан Елеукенов тәрізді әріптестерімен бірге белсене араласып, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсынұлының, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың шығармаларын жинап, қайта жариялап, зерттеумен айналысты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тұтас кеңестік дәуір әдебиетін мансұқтайтын біржақты көзқарас пайда бола бастады. Ғалым 1960-жылдардағы әдебиет тарихын жасауда жинақтаған тәжірибесін және пайдаланып, кеңестік дәуір әдебиетін жаңаша зерттеуге басшылық етті. Өткенге топырақ шашуға болмайтындығын түсіндіріп, әдебиеттің де өмірден туындайтынын нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетті. Кеңестік дәуір әдебиетін үлкен үш дәуірге бөлуді ұсынып, әрбір кезеңнің өзіндік ерекшеліктерін халық тарихымен байланыстыра зерттеуді негізге алды. Осындай маңызды жұмыстың арқасында Мүсілім Базарбаевтың басшылығымен «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті» (1996), «40-50-60 жылдардағы қазақ әдебиеті» (1997) атты үлкен екі ұжымдық еңбек жазылды. Ғалым дүниеден өткен соң, үшінші кітапқа жоспарланған «70-80 жылдардағы қазақ әдебиеті» атты кеңестік дәуірдің үшінші кезеңін қамтитын зерттеу аяқталмай қалды. Оның басшылығымен әдебиеттің ақтаңдақ беттері тыңғылықты зерттеу көзіне алынып, 1920-1930 жылдар әдебиетінің толық тарихы жасалды. Ғалымның басшылығымен тұңғыш рет арнайы зерттелген бұл дәуір әдебиеті негізгі үш жанрдың төңірегінде қарастырылды. 40-50-60 жылдар әдебиеті де осы үлгі бойынша зерттелді. Қаһарлы жылдар әдебиетін жете зерттеген ғалым басқыншы жауды жеңіп, кек алу тақырыбын С.Мұқанов, А.Тоқмағамбетов, Т.Жароков Ә.Сәрсенбаев, Ә. Тәжібаев, Ж.Саин, Д.Әбілев, Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, С.Сейітов, С.Мәуленов сынды ақындардың лирикалық өлеңдері мен Омар Шипин, Доскей Әлімбаев, Төлеу Көбдіков, Кенен Әзірбаев сияқты халық ақындарының тылдағы еңбекшілерді жігерлендіруге құрылған жырларының майдан мен тылға көп күш-қуат бергенін нақты мысалдар арқылы жинақтай білді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ әдебиеті поэзия, проза, драматургия сынды негізгі жанрлар бойынша зерттелді. Майдан газеттеріне арнайы тоқталуы сол тұстағы баспасөздің Отан қорғау жолындағы атқарған қызметін аша түсті. Ұлттық әдебиетіміздің тұтас тарихын зерттеген ғалым соғыстан кейінгі жылдардағы көркем әдебиетті зерттеуде көркем сөз өнерінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын тілге тиек ете отырып, сол тұстағы қазақ әдебиетінің көркемдік табыстарын жинақтады. Бұл жылдардағы ұлт әдебиеті заман талабына сай еңбек, бейбітшілік, патриоттық, азаматтық, тарихи тақырыптар төңірегіне топтастырылды. Қ.Аманжолов, Х.Бекхожин, Ж.Саин, Ж.Молдағалиев, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, С.Мәуленов, М.Әлімбаев, С.Сейітов т.б. майдангер ақындардың шығармаларындағы өмір шындығының көркем шындыққа айналғанын зерделеді. М.Әуезовтің «Абай» (1949), «Абай жолы» (1954) романдарында, Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» (1953) романында, С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов» (1954) пьесасында тарихтың көркем бейнеленген жолдарын ашып көрсетті. Ғалым еңбектерінің ішінен тәуелсіздік жылдары жаңаша көзқарас негізінде жазған «Көрікті ойдан – көркем сөз» (1994), Абайдың 150 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Казахская поэзия: художественные искания к традициям Абая» (1995), «Заман тудырған әдебиет» (1997) еңбектері – ұлттық әдебиеттану ғылымына қосылған соны үлес. Қазіргі әдебиетке дер шағында пікір білдіріп отыратын сындарлы сыншының Ғ.Мүсіреповтің, Х.Есенжановтың, Қ.Аманжоловтың, С.Шаймерденовтің, Ж.Молдағалиевтің, С.Сейітовтің, тағы да басқа ақын-жазушылардың туындыларына арналған сын мақалалары бүгінде өте бағалы зерттеулер ретінде қабылданады. Сонымен бірге ол ұлт әдебиетін монографиялық үлгіде зерттеуде табысты еңбек етті. Осы тұрғыда Ә.Бөкейханов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Ж.Жабаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, А.Тоқмағамбетов, Қ.Аманжолов, Х.Есенжанов, С.Шаймерденов, Ж.Молдағалиев сынды қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан ақын-жазушылардың шығармашылығы зерттеу нысанына алынды. Әр дәуір әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын зерттеу нәтижесінде ұлттық әдебиеттің жеткен биігі нақты мысалдармен көрсетілді. «Ұстаз қаламгер» атты зерттеуде Сәбит Мұқановтың алғашқы тырнақалдысынан бастап оның поэзия, проза, драматургия мен әдеби сынға қосқан зерттеу еңбектері толығымен сөз болып, қаламгердің толық шығармашылық портреті жасалды. Ол кез келген ақын-жазушының шығармашылық портретін жасау үшін оның шығармаларына толық талдау жасайды. Қашан да қазақ әдебиетіне кім не қосты? – деген сауалды жадында ұстап отыратындықтан әрбір қаламгердің талғамына сай стильдік ерекшеліктері олардың ойшылдық, сыршылдық, суреткерлік қырлары арқылы анықталып, шумақ, тармақ, бунақтарға дейін көңіл аударылады. Әсіресе, тың бейнелерге ерекше назар аудару нәтижесінде жаңашылдыққа баса назар аудару – ғалым зерттеулерінің негізгі тәсілі. Табиғат суреттерін бейнелеу құралдарын, сөз тіркестерін сөз еткенде оған дейінгі ақын-жазушылардың бейнелеу тәсілдерін жадында сақтай отырып, әдемі салыстырулар нәтижесінде ұлттық әдебиеттану ғылымына тың тұжырымдар ұсынды. М.Базарбаевтың ақын-жазушылардың әдеби портретін жасаудағы Шәкәрім мен Мағжан туралы зерттеулерінің орны ерекше болғандықтан, олар осы басылымға беріліп отыр. 1959 жылы (15-19 июль) Тіл мен әдебиет институты өткізген «Қазақ әдебиетінің негізгі проблемалары» атты ғылыми-теориялық конференция қабылдаған үш ұсыныстың бірі – «Қазақтың XYІІІ-XІX-XX ғасырдағы әдебиетінің тарихын зерттеу жайында» болса, сондағы 11-тараудың 9-тармағы Мақыш Қалтаев, Омар Қарашев, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтермен бірге Шәкәрім Құдайберді шығармаларының идеялық мазмұны мен бағытын айқындау болғаны мәлім. Көп ұзамай Шәкәрім Құдайбердіұлы 1958 жылы қазанда ақталғаннан кейін-ақ, Мүсілім Базарбайұлы оның мұраларына ерекше ықылас бөле бастады. 1966-1969 жылдары оның басшылығымен Шәкәрім шығармалары жиналып, зерттеліп, 1969 жылдың 3 желтоқсанында институт жанындағы Іліми үйлестіру кеңесінің мәжілісінде талқыланады. Араға 7 күн салып осы мәжілістің шешім-қаулыларын, жинақ пен жолдама хатты Орталық Комитеттің секретариатына тапсырғанмен ол жақтан ешқандай жауап болмайды. Дегенмен, кеңестік дәуірдің тоталитарлық жүйесінің Шәкәрімге қарсы екеніне қарамастан, өзінің Мәскеуде қорғаған докторлық диссертациясының бір тарауын Шәкәрімге арнауы – өз ұлтының мақтанышы болған ұлына көрсеткен құрметімен қоса, зерттеу тақырыбына деген адалдығы еді. Шындықты айту, сол жолда күресу – ғалымның негізгі және басты қасиеті болды. Ол қолына тиген билікті пайдаланып көркем мұраны халық қажетіне жаратуға бар күш-жігерін жұмсады. 1969 жылы Орталық Комитеттің Ғылым және оқу орны бөліміне, С.Мұқановқа, 1985 жылы 14 мамырда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа жазған хаттарында Ш.Құдайбердиев мұраларының жиналып, зерттеліп, жарыққа шығуын талап етеді. 1988 жылы Ш.Құдайбердиев ресми түрде екінші рет ақталған соң ғана әдебиетші ғалымдар оның мұрасын зерттеуге мүмкіндік алды. Ал, М.Базарбаев ақынның шығармашылығы жөніндегі сүбелі еңбегін ширек ғасыр бұрын жазып қойған еді. Себебі, оның бойында Шәкәрім поэзиясына деген құштарлық бала кезінен қалыптасқаны естеліктерінен белгілі. Ол сырт мұқабасы жыртылып, авторы белгісіз болып кеткен 1935 жылы С.Сейфуллин бастырған Шәкәрімнің «Ләйлі – Мәжнүн» поэмасын жас кезінен жатқа айтатынын өз естелігінде айтқан-тын. Шәкәрім мен Мағжанның әдеби мұрасы туралы «Шәкерім ақын», «Мағжан Жұмабаев» зерттеулері қашан да өз құнын жоймайтыны рас. Әдебиеттер байланысы, көркем аударма туралы зерттеулерінің ішінен «Низами және қазақ поэзиясы» атты еңбегін ерекше бөліп айтуға болады. Бұл зерттеуде қазақтардың ежелгі Шығыс мәдениетімен тығыз бірлікте болғандығын нақты мысалдармен тұжырымдады. Қазақ поэзиясындағы Шығыс дәстүрі А.Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев, Қ.Бекхожин шығармалары негізінде қарастырылды. Мәселен, Шәкәрімнің Фирдауси, Сағди, Омар Хайям, Хафиз, Жәми, Низами, Физули, Науаи сынды Шығыс шайырларының шығармаларымен жете таныс екендігін оның туындыларымен түсіндіреді. Зерттеушінің ақынның көркемдік-эстетикалық жетістігі мен шеберлігін Шығыс пен Батыс классиктерімен салыстыра отырып дәлелдеуі ұтымды. Ақынның кеңестік дәуір тұсында нақақтан-нақақ қаралануы оның шығармаларының негізгі критериі болған гуманизммен ұғындырылды. Қазақ КСР Мәдениет министрі (1971-1976), Қазақ КСР Сыртқы істер министрі (1976-1981) болған кезінде республика көлемінде ғана емес, Одақ үшін маңызды шараларды атқаруға тиісті болды. Осы жылдары Кеңестер одағында өткен мәдениет пен өнерге арналған халықаралық конференциялар мен конгрестердің ұйымдастырушысы ғана емес, тұрақты баяндамашысы да болды. Оның «Қазіргі заман және өнер» (1972), «Қоғамдық даму және өнер» (1973), «Әдебиет пен өнердің қоғамдық функциясы» (1974), «Өнердің ұлттық және интернационалдық мазмұны» (1975), «Советтік мәдениет және оның шетелдік сыншылары» (1976) атты баяндамалары қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ғана емес, бүкіл кеңес әдебиетінің маңызды мәселелерін көтергені анық. Сол тұстарда өткен әлемдік симпозиумдарда Кеңес одағы атынан Швеция (1966), ФРГ (1972), Индонезия (1973), Чехословакия (1973), Дания (1975), Конго (1980) елдерінде бүкіл Кеңестер Одағы министрлерінің атынан жасаған баяндамалары – мәдениет пен өнер жолында жасаған еңбектерінің көрінісі. Бірнеше елге бүкіл КСРО атынан делегацияны басқара барып, Кеңес Одағы халықтарының әр саладағы жетістіктерін баян етті. Шетел басшыларымен келіссөз жүргізді. Осындай көп қырлы жұмыстары арқасында Қазақстанды шетке таныстырды, өз халқының мәдениеті, әдебиеті, өнері, экономикасы жайлы байыпты да, салмақты ойлар айтты. М.Базарбаев зерттеулерінің ол өмірден өткеннен кейін де жарыққа шығып жатқандығы – еңбектерінің теориялық тереңдігінде. Оларды мамандар да, қалың жұршылық та пайдалануда. Оның қаламынан туған «Шәкәрім Құдайбердиев» (қосалқы автормен бірге), «Мағжан Жұмабаев», «Жұбан Молдағалиев» атты зерттеулері мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (6,7,9 томдарына (2004, 2005)) атты академиялық еңбекке енді. Олар арнайы зерттеулердің объектісіне айналып, оның зерттеу еңбектері туралы докторлық диссертация қорғалды. Бұл – Мүсілім Базарбаевтың ғылыми тұжырымдары өміршең деген сөз. Тұрсынбек Кәкішев 1927 жылы 15 тамыз күні Ақмола облысы Бұланды ауданындағы Алтынды кенішінде алтын өнеркәсібі жұмысшысының отбасында дүниеге келген. 1950 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. Еңбек жолын актерлықтан бастап, студент кезінен «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеді. Осы басылым жөнінде М.Базарбаевтың: «Қазір қазақ журналистикасының дәстүрі толық орнығып бекіді. Талантты қалам шеберлері бар. Солардың көбі «Лениншіл жастан» тәрбиеленіп шықты. Бұл газет, мәселен, бір «кіші университет» есебінде талай жас талапкерлерді даярлады. Оның алғашқы дәуірі жиырмасыншы жылдарға дейін кететінін айтпасақ та жалпыға мәлім», – деген пікірін жадымызда ұстайтын болсақ, Тұрсынбек Кәкішев те осы университеттен қаламын ұштап, түлеп ұшты. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, университет жолдамасымен қазіргі «Мектеп» баспасының жоғары оқу орындары оқулықтары редакциясының аға редакторы болып қызметке орналасты. Баспада қызмет істеп жүргенде Ә.Шәріповтің 1951 жылы орта мектептің ҮІІІ-ІХ сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын «Редакциясын басқарған – М.Ғабдуллин» деп шығарып жібергенін Тұрсынбек Кәкішев «Қамқоршы» деген естелігінде тарата айтқан болатын. Аталған оқулықтан Қ.Жұмалиевтің аты-жөні алынып тасталғанмен, оқулық мазмұны сол қалпында қалғандықтан Ә.Шәріпов бұл ерлігі үшін жауап бергені тарихтан белгілі (Ә.Шәріпов. Көргенім, көңілге түйгенім. – Алматы: Дәуір, 2012). Мұның өзі біз сөз етіп отырған авторлардың қиын-қыстау кезде өмір сүргенін байқатады. Ол 1951 жылдың күзінде ҚКП Орталық комитетінің баспасөз бөлімінің ұйғаруымен марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын тәржімалайтын аудармашылардың екі жылдық курсіне жіберіледі. Бір жыл оқығаннан кейін ҚКП Орталық Комитетінің жанындағы Партия тарихы институтына ғылыми қызметкерлікке ауыстырылады. Бұл жылдар болашақ ғалымды архивтік құжаттар негізінде деректі мақалалар жазуға, өзінің негізгі мамаңдығына ыңғайланып, шаң басқан мұрағат құжаттарын тиянақты қарауға, оны тыңғылықты зерттеуге дағдыландырды. 1958 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының аспирантурасына түсіп, 1960 жылы «Қазақ әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық-творчестволық мәселелер (1917-1929 ж.ж.)» деген тақырыпта каңдидаттық диссертация қорғайды. Институттың аға ғылыми қызметкерлігіне жоғарылап, зерттеуін «Октябрь өркені» (1962) атты монографияға айналдырады. Қоғам өміріндегі айтыс-тартыстар 1920-1930 жылдары кең етек жайса, мәдениет пен әдебиет төңірегінде де бұл жылдары дау-дамайлар аз болған жоқ. Талас-тартысы көп дәуір әдебиетіне баға беру, оны ғылыми саралау оңай шаруа болған жоқ. Бірақ ол бұл тығырықтан жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің идеялық шығармашылық мәселелерін зерттеу арқылы шықты. Тұрсынбек Кәкішевтің ғылыми зерттеулерін саралағанда көзге түсетін негізгі тақырып – Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы. Бұл қатарда ғалымның «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» (1968), 1972 жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша шыққан «Сакен Сейфуллин», «Сәкен Сейфуллин» (1976), «Сәкен Сейфуллин сенің сүйікті жазушың» (1989), «Сәкен және Гүлбаһарам» (1994), Сәкеннің соты» (1994) , «Тар жол тайғақ кешудің тағдыры» (1996), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), «Мағжан – Сәкен» (1999), «Сайыс» (2001) тәрізді оннан аса еңбектерін атауға болады. Өзі қолымен құрған Кеңес үкіметіне жау болып табылған Сәкен мұрасын арашалап, оны қара күйеден тазарту жолында мұрағат деректеріне сүйеніп көп ізденді. Бұл еңбектер бірін-бірін қайталап тұрған жоқ, керісінше әр кітапта Сәкеннің өмір жолы жаңа деректермен байып, бірін-бірін жаңа қырынан толықтырып тұрған дүниелер. Сонау жетпісінші жылдары «Сәкен Сейфуллин» монографиясының «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен орыс тілінде шығуы ұлттық әдебиеттегі үлкен құбылыс болғанын ұмытпаған абзал. Сәкеннің өмірі мен шығармашылығын ғұмыр бойы зерттеген ғалым жыл өткен сайын жаңа деректерге толы еңбектерді бірінен соң, бірін көпшілік оқырманға ұсынып, сәкентанудың қоржынын байыған үстіне байытып келеді. Ғалым зерттеулерінде тағдыр тауқыметімен күрескен Сәкен Сейфуллиннің өзін де, өмірін де нақты деректер арқылы сөйлетіп, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына жан бітіреді. Колчактың азап вагонынан аман қалған Сәкеннің Кеңес үкіметінің басында жүрген кезі де адам қызығарлық емес. Совнарком төрағалығынан тезірек кетуді ойлаған Сәкеннің ұлтжандылығы үшін «ұлтшыл» атанып, халқын сүйгені үшін «халық жауы» атанып, қара күйе жағылуы сол тұстағы ел өміріндегі аумалы-төкпелі заманның айқын көрінісі ретінде шынайы да нанымды суреттелген. Зерттеуші Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын бірлікте қарастыру арқылы оның өмір жолы мен толымды бейнесін жасап берді. Осы қатарды ғалымның «Мағжан – Сәкен» (1999), «Сайыс» (2001) сынды еңбектері толықтырады. Ол Мағжан мен Сәкенді таразының екі басына салып, олардың арасын ажыратқан саяси-әлеуметтік ахуалдың астарына үңілді. Олардың Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған жылдары, жастардың «Бірлік» ұйымы, М.Дулатовтың балдызы Гүлшаһра сұлуға қатысты деректер, шығармашылық жолындағы ізденістер, Мағжанның «Шолпан», Сәкеннің «Өткен күндер» тәрізді тұңғыш жыр жинақтары туралы мәліметтер – бәрі де нақты деректерге сүйене баяндалған. Осылайша мұрағат құжаттарын орнымен сөйлете білген ғалым зерттеу еңбегінің құндылығы тың деректерінде болатындығын байқатты. Ғалым еңбегінің бір парасы – қазақ әдебиеттінің жекелеген өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеулері. 1967 жылы жарық көрген «Дәуір суреттері» атты монографияға С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Майлин, С.Шәріпов, Ж.Тілепбергенов, Е.Бекенов, С.Ерубаев және т.б. жайындағы зерттеулері енді. Мұндағы жекелеген қаламгерлер туралы зерттеулер сол дәуір әдебиеті туралы толыққанды мәлімет береді. Ғалым аталған қаламгерлердің мұрасын жинаумен, қайта жариялаумен бірге оларды зерттеумен де айналысты. 1957 жылы Саттар Ерубаевтың мұралары жинастырылып жеке кітап болса, кейінгі жылдары толықтырылып 1979 жылы екінші, 1994 жылы үшінші рет қайта жарияланды. 1959 жылы Сабыр Шәріповтің екі томдығын Қ.Жармағамбетовпен бірлесіп шығарса, С.Шәріповтің 100 жылдығына орай 1982 жылы екінші рет жариялады. 1960 жылдан бастап С.Сейфуллиннің алты томдығын шығаруға белсене қатысып, оның 4,5,6 томдарын құрастырады. 1969 жылы Жиенғали Тілепбергеновтің «Ізбасар» атты таңдамалы жинағын шығару, 1996 жылы оны толықтыру, Елжас Бекеновтің «Дала қоңырауына» алғы сөз жазу, «Қазығұрт» баспасынан С.Сейфулиннің 12 томдығын шығару да осы саладағы үздіксіз еңбектердің жалғасы. Оның қазақ әдебиетінің тарихын жасауға қосқан үлесі де жетерлік. 1965-67 жылдары «Қазақ әдебиеті тарихының» ІІІ томының І және ІІ кітаптарына жекелеген тараулар мен бөлімдер жазып, екінші кітаптың жауапты редакторының бірі болды. Е.Ысмайылов, М.Дүйсенов үшеуі бірігіп КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы дүниежүзілік әдебиет институты шығарған «Көп ұлтты совет әдебиетінің» (1970) алты томдық тарихының І томына қазақ әдебиеті туралы тарау жазды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасы шығарған «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты басылымның жалпы редакторы болды. Ұлттық әдебиеттану ғылымына қосқан ғалымның келесі еңбегі – қазақ әдебиеті сынының тууы мен қалыптасуы жөніндегі зерттеулері. 1971 жылы «Қазақ әдебиеті сынының туу және қалыптасу жолдары» атты тақырыпта қорғаған докторлық диссертациясы мен «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982), «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» (1999, 2003), «Жанр жайлауы» (2007) осының нақты мысалы. Ғалым бұл еңбектерде қазақ әдебиеті сынының Октябрь революциясына дейін туғандығын, Ұлы Отан соғысына дейін жанрлық жағынан әбден қалыптасып, оңаша отау тіккендігін ғылыми түрде дәлелдеп берді. Шаң басқан мұрағатпен жұмыс істеудің көзін тапқан ол әдеби-сынның бастауын арыдан іздеп тапты. «Айқап», «Қазақ» тағы басқа газет-журналдардағы материалдарды жинап, мол қазынаға кенелді. Солардың негізінде қазақ әдеби сынының тарихы бар екендігін ғылыми ортаға мойындатқан тұңғыш зерттеуші ретінде танылды. ХХ ғасыр басындағы әдебиетті зерттей жүріп әдеби сынның әдеби процестегі жетекшілік рөліне үңілді. Әдеби сынның жекелеген қаламгерлердің шығармашылық тағдырына ғана емес, жалпы әдеби процеске тигізетін ықпалы зор екендігін дәлелдеді. Қазақ әдебиеті сыны саласындағы еңбегі қазіргі таңда республиканың жоғары оқу орындарының негізгі оқу құралына айналып, оның алғашқы бағдарламасы 1982 жылы жасалып, 1994 жылы 25 баспа табақ көлемінде оқулығын шығарды. Осы айтылғандардың барлығын ол ұстаздық жолында іс жүзінде насихаттауда, шәкірттердің санасына сіңіруде. 1968 жылдан бері Қазақ ұлттық университетінде «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» жалпы курсын, «Сәкеннің жаңашылдығы» және «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік ізденістер» жайында дәріс оқып келеді. Ғалымның зерттеу нысанына алынған қаламгерлер мен қоғам қайраткерлерінің туып-өскен ортасы, қызмет еткен жерлерін көзімен көріп, олар ұстаған заттарды көзімен көріп, қолымен ұстап, жанымен түйсіну – оның негізгі ұстанымдарының бірі. Осындай мақсатпен Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов және басқа қаламгерлердің жүрген жерлерін түгел аралап, қазақ жерінің төрт бұрышын түгел шарлады. Ол Қазақстанның қай бұрышында жүрсе де, қай елге сапар шексе де қоғам және қалам қайраткерлеріне қатысты деректерді іздестіріп, жаңа тың мәліметтер тауып жүреді. Азапты сапарлардан кейін туған тынымсыз еңбектің жемісі «Ұштасқан үш өзенмен» (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Жасампаз өлке» (1989), «Сандалтқан «Садақ» (2002) болып қолымызға тиді. Шаң басқан мұрағаттан жыртылып жоғалған беттерді іздеп табудың қиынның қиыны екенін мұрағатпен жұмыс істеген жандар жақсы біледі. Ал, Польша, Қытай, Иран, Түркия, Моңғолия, Франция сынды елдерге шыққан сапарларында қазақ халқының әдеби мұраларын жинап, қазақ диаспорасының жай-күйінен толыққанды мағлұмат берді. «Қазақ диаспорасының рухани әлемі» атты ғылыми тобы шет елдегі қазақтардың фольклорлық, этнографиялық, музыкалық, материалдық құндылықтарын зерттеуге көп үлес қосты. Қытай, Моңғолия және Ирандағы қазақ диаспораларына барған экспедицияларды басқара жүріп, шет елдегі қандастарымыздың мәдениеті мен әдебиетінен мол мағлұмат беретін «Моңғолия қазақтары» деген жинақты дүниежүзілік қазақ қауымдастығына ұсынды. Мұның өзі ғалымның ұлты мен халқын шынайы сүйгендігін аңғартады. Осындай мақсатты көздеген қайта құру кезеңі мен өтпелі дәуір тұсындағы алғашқы ғылыми сапарында олжалаған тың деректері мен соны мәліметтері ғалымның азаматтық ұстанымын танытты. 1988 жылы жазылған «Қағидаға айналған қателерді түзетейік» атты көзсемсөзі «Алаштың ақиқатын ашып айтайыққа» ұласса, «Санадағы жаралар» (1992) мен «Толғам» (2004) атты кітаптары оның сапарларының мақсаты мен мәнін аша түсті. Мерзімді баспасөз бен радио-теледидарға берген сұхбаттары, конференция мен форумдарда жасаған баяндамалары, дөңгелек стөлдер мен семинарларда сөйлеген сөздері оның қазағын, халқын сүйген алашшыл азаматтығына қызмет етеді. ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бері қазақ тілі үшін ашық күресіп келе жатқан ғалымның ана тілінің тағдырына қатысты айтыс-тартыстардың бел ортасында жүретіндігі оның табандылығы мен қайсарлығын танытады. Еліміз тәуелсіздік алған тұста әл-Фараби атындағы ұлттық университет жанындағы «Қазақ тілі» қоғамын басқарған оның тіл тағдыры туралы сөздері жан тебірентері анық. Ғалым бойындағы осындай қасиеттер оның үлкен азаматтық болмысын аша түсері даусыз. Тұрсынбек Кәкішевтің Қазақстан жоғары оқу орындарына сіңірген еңбектері ескеріліп, 1995 жылы 5 қазанда Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының (Қазақстан бөлімшесі) құрметті академигі болып сайланса, 1996 жылы 4 желтоқсанда Еларалық қоғамдық Айтматов академиясына толық мүшелікке қабылданды. 1979 жылы «Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген ғылым кайраткері» атағы берілумен атап өтілсе, 1998 жылы «Парасат» орденімен, 2005 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақтармен марапатталды. Б.Базарбаев пен Т.Кәкішев қаламынан туған зерттеулер ұлттық әдебиеттің әртүрлі өзекті мәселелерін дер шағында көтергендіктен, қазақ әдебиеттану ғылымының талабына сай кәсіби деңгейде жазылғандықтан қай дәуірде де құны арта түспек.

Г.Ж.Орда филол.ғ.д.

МҮСІЛІМ БАЗАРБАЕВ

КӨРІКТІ ОЙДАН – КӨРКЕМ СӨЗ

ШӘКӘРІМ АҚЫН

(1858-1931)

Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық мұрасын зерттеу енді ғана өрістеп келеді. Оның өмірі мен шығармашылығын тереңінен, кеңінен қамтып әңгіме ету абыройлы іс. Әсіресе ақын жазып қалдырған мұраны мұқият жинап бастыру үлкен міндет. Бұл әңгімемізде Шәкәрімнің ақындық өнері жайында біраз ұққандарымызды ортаға салу ниетіндеміз. Бірақ, онан бұрын Шәкәрімнің ақталу тарихына байланысты бірер сөз айта кеткіміз келеді. Өйткені 20-30 жыл ішінде ІІІәкәрім мұрасын жарыққа шығаруға байланысты әрқилы пікір алысу, талқылау, кеңесу, ой қорыту кездерінде, ұсыныс жасау тұстарында, бұл іске біраз атсалысқан жайымыз болған-ды. Ақынның туған жерінен, партия, совет органдарынан түскен көп хаттар, сұрақтарға байланысты 60-жылдардың басында ҚКП Орталық Комитеті арнаулы комиссия құрып, оның ұйғарымын тыңдаған. Кейін, яғни 1965 жылы ақынның өз басына байланысты жайлар біраз анықтала бастаған соң, көркем шығармаларының идеялық дәрежесін қарау, әрі ақын мұрасын түгел жинау жайында Академияның Әдебиет және өнер институтына тапсырма жасалған-ды. 1966-1969 жылдары институт үш жыл бойы Шәкәрім шығармаларын жинап зерттеп, ақырында 164 өлеңін, 3 поэмасын, бірнеше аудармаларын мамандар талқысына салды. 1969 жылы 3 желтоқсанда Алматы жоғарғы оқу орындарының, Академияның қоғамдық ғылымдар институттарының, Жазушылар Одағының, басқа да мәдениет, баспасөз орындары мамандарының қатысуымен Институт жанындағы Іліми үйлестіру кеңесінің мәжілісі шақырылды, онда кең пікір алысылды. Қортындысында бір-ақ қана шешім қабылданды: Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларында идеялық, я басқа саяси қате жоқ, көркемдігі жоғары, осы себепті ақынның қазір Институт жинаған 706 беттік мұрасы бір кітап болып басылсын. Мәжіліс бастығы С.Мұқанов еді. Сөйлегендер ішінде әдебиетшілер, жазушылар С.Мұқанов, С.Кеңесбаев, М.Ғабдуллин, ЬІ.Дүйсенбаев, Ж.Молдағалиев, И.Жарылғапов, 3.Ахметов, 3.Қабдолов, С.Қирабаев, М.Базарбаев т.б. болды. Мәжіліс шешімін ҚКП Орталық Комитетіне жеткізу Институт жетекшісі ретінде осы мақаланың авторына тапсырылды. Сол жылдың 10-желтоқсанында аталған жинақ пен жолдама хатты, шешім-қаулыны алып, Орталық Комитеттің секретариатына табыс еттім. Ақырғы әңгіме сол болды, қайтып Шәкәрім жайында ләм-мим деген жан болмады. Суға батып, құмға сіңгендей мәселе үн-түнсіз қалды. 1985 жылы 14 мамырда, жиырма жыл өткен соң, ҚКП Орталық Комиетіне Шәкәрім мұрасын шығару жайында үлкен хат жаздым. Бірақ оған да жауап болмады. Тек, 1988 жылы ғана көпшілік қауымның тағы да сұрау салып, талап етуіне байланысты Шәкәрім шығармалары жарық көретін болды. Осы шырғалаңның бәрі сонау 1958 жылы қазанда Шәкәрім құлантаза ақталғаннан кейін болып отыр-ау! Не деген менмендік, төрешілдік, керек десеңіз, топастық. Өйткені СССР Прокуратурасы 1958 жылы ақтағаннан кейін мәселенің шешілгені анық қой. Қара дүлей күштер сондай заң қағаздың өзін жоққа шығарып, ақын атын 30 жыл бойы ататпай келді. Ол әлі саяси ақтау емес деп, аңқау елге арамза молдалар өктемдік етті. Қайтесіз, нағыз трагикомедиялық жай. Қаншама уақыт надандық билемеді, қаншама уақыт ақыл адасып, ес жаңылмады. Соншама тоғышарлық дүлей төрешілдік енді артта қалды ма, жоқ па деп осы күнге дейін күмәнданасың. Мәдениет, әдебиет майданында айтса адам сенбейтін жайлар бастан кешілді. Ендігі міндет соны қайтадан болдырмау, қайта келтірмеу, ақыл, ой, сана мәселесін нұсқаумен шешуден әбден арылу. Енді міне, ақын шығармалары халық игілігіне айналған кезде, бар күш-жігерін осыған жұмсаған Шәкәрімнің баласы Ахат та арамызда жоқ: 1984 жылы 80-нен асқан жасында дүние салды. Оның бармаған, жазбаған, кезбеген жері кем-ақ. 1958 жылғы ақтау да соның көп ізденіп, сұрануына байланысты еді. Абайдың Жидебайдағы қыстағы қайта қалпына келтіріліп, Семейдегі мұражайдың филиалы болғанда Ахатты соның меңгерушісі, қараушысы етіп бекітіп едік (Мәдениет министрлігінде істеп жүрген шағымызда). Кейін Ахат Абайдың Семейдегі мұражайында біраз уақыт қызмет істеді. Шәкәрім ұрпағына қамқорлық етуде, ақын атын ақтауға және Қарауыл мен Жидебайда Абай мен Шәкәрім атындағы мәдени қорық жасауды ойласуға өз үлесін қосып, ықыласын аямаған, көп ізденіс жасаған адамның бірі Абай ауданының бұрынғы партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаев болды. Әлі де болса, ол Абай қорығын жасау туралы, Жоғарғы Кеңес қарауына дейін ұсыныс жасаумен келеді. Абайдың туғанына 125 жыл толу кезінде ұлы Абай бейіті мен Шәкәрім бейіті біраз жөнделді. Бірақ, түбінде архитектуралық өзгеріс енгізбесе, бұл бейіт – ескерткіштердің қазіргі түрі көңілге қонбайды. Шәкәрімнің есімі мен шығармашылығына мәдениет пен әдебиет әлемінен тиісті орын беру жөнінде осындай ұзақ уақыт бойы айтыс, тартыс, даулы-дамайлы ой-пікірлер толастамай жүріп жатты. 1959 жылы Академияның Тіл мен әдебиет институты ұйымдастырған қазақ әдебиетінің негізгі мәселелеріне арналған конференция қаулысында-ақ Шәкәрім мұрасын терең зерттеп идеялық-көркемдік бағытын анықтау жөнінде ұсыныс жасалған-ды. Ол ұйғарым да өз бетімен қала берді. Шындығында ол конференция біраз мәселелердің сырын ашқан, әсіресе, Мұхтар Әуезовтің көлемді қорытынды сөзінде едәуір даулы жәйттардың беті бері қараған еді. Оның қаулы-ұсынысында фольклор мен әдебиет тарихының біраз шығармаларына дұрыс талдау жасалған-ды. Не керек, бұл да аяқсыз қалды. Сонымен, қарап отырсақ, бір кезде әдебиет ғылымы батыл қойып, өзі шеше бастаған мәселелерге тиым салынып, зерттеу ісі біржола жабылған. Мұның бәрін өзіміз тікелей бастан кешкендіктен ашына еске алмасқа болмайды-ақ. Жоғарыда айтылған көп ұйғарым, ұсыныстар әдебиет зерттеуші қауымның ойы болатын. Қай-қайсысына болса да, тікелей қатынасқанбыз. Амал не, Шәкәріммен қатар Омар Қарашев, Нарманбет, Әубәкір, Кердері, Мұрат, Дулат, Шортанбай шығармалары зерттеуден мүлде тыс қалды. Бұл жағдайға да енді ғана қайта оралатын жөн келді. Міне, төрешілдік пен өктемдік, бұйрық іс-тәсіліне айналған тоқырау заманының берген «жемісі» осында. Шәкәрім ұлы Абайдың жақын туысы. Немере інісі. Ақындық мектебі де Абайдан өткен. Жастайынан ата-анасынан жетім қалып, Абай қолында тәрбиеленген. Жеті жасында хат таныды, әрі қарай өз бетімен көп оқыған. Батыс, Шығыс әдебиетіне қанық, әсіресе Шығыс поэзиясының жұлдыздары Фирдоуси, Науаи шығармаларын көп оқыған. «Ләйлі – Мәжнүн» сияқты қиссаны аударған. Сонымен қатар орыс, Батыс Европа әдебиетінен көп мағлұмат алған. Осының бәрі Абай тәрбиесі, Абай ықпалынан. М.Әуезовтың «Абай» романында бұл жай Дәрмен бейнесімен анық берілген. Абай өз айналасындағы талантты жастарға әр түрлі оқиғадан хабар беріп, сол тақырыпқа шығарма жазуға шақырып отырғаны белгілі. Мағауия, Ақылбай шығармалары оған дәлел. Сондай-ақ «Еңлік-Кебек» жайын жазуды Шәкәрімге тапсырған. Бұл жайды М.Әуезов «Абай жолы» романында былай береді: «Өз ішінен осы Дәрмен деген інісін «Абайға шәкірт етіп, жолдас етем» деп әкеп қосқан қарт Дәркембайға қазір Абай алғыс айтып келеді...

– Дәрмен, Дәрмен, сүйінші! Еңлік жыры сенікі, – деді Мағаш.

Абай: – Жыр Дәрмендікі. Дәрмен, сен жазасың», деп қорытады. Романда Шәкәрім прототипін анықтайтын басқа да анықтамалар көп. Біздің айтпағымыз, Шәкәрімнің тікелей Абай тәрбиесінде болғандығы. Кеңес дәуірінде Шәкәрім шығармаларына тиым салудың басты себебі – оның Алашордаға қатысуы, оның Семей басшылығына мүше болуы. Бірақ ақын ол тарапта белсенді жұмыс істемеген, оның ұйымдастыру істеріне қатыспаған. Абай дәуірінің, оған тетелес кейінгі заманның ірі ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері – бай мұра, көркем қазына. Бір кезде бастауыш мектепте осы мақала авторы жатқа білген «Ләйлі – Мәжнүн» жырының иесі атақты Шәкәрім екенін біліп пе! 30-жылдары жарық көрген, сыртқы беттері жыртылған, С.Сейфуллиннің азғана алғы сөзі де өшкен кітапша «Арабта бір бай бопты дәулеті асқан» деп басталатын. Жыр жазған кім, бастырған кім екенін енді біліп отырмыз. Сол, 30-жылдары көзден ғайып болған ақын шығармалары 50-60 жыл өткен соң, енді ғана қайта оралды. Әдебиет тарихында бұл оқиғаның алатын орны үлкен-ақ. Қазақ поэзиясының Абай қалдырған дәстүрін ілгері созып, көп жаңалықтармен байытқан Шәкәрім Құдайбердіұлының көркем мұрасы туған әдебиетіміздің елеулі белесінен саналмақ. Ақын жөніндегі осы ой-түйініміз мұнан ширек ғасыр бұрын қағаз бетіне түскен еді. Осы зерттеуде соның сұлбасы толық сақталды. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары асқан көркемдігімен, соны қалпымен баурайды. 1922-23 жылдары «Шолпан» журналында басылған «Ләйлі – Мәжнүн» (1935 жылы С.Сейфуллин ол поэманы жеке кітапша етіп шығарды), 1924 жылы Семейде басылған «Дубровский» әңгімесі (А.С.Пушкиннен аударма), 1936 жылы «Әдебиет майданында» жарияланған «Боран» (Бұл да А.С.Пушкиннен аударылған) хикаясы болмаса, совет дәуірінде Шәкәрім шығармалары арнайы жиналмаған, жарық көрмеген, белгілі поэмалары «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебек» және «Қазақ айнасы» деген біраз өлеңдерінің жинағы 1912 жылы Семейде «Жәрдем» («Ярдам») баспасында жарияланған. Шәкәрімнің өз басы да, шығармашылығы да қазақ әдебиеті тарихындағы, терең, жіті зерттеуді керек ететін көрініс. Ақын өзінің өлеңдерінде ойланып, толғануы көп, уайым-қайғы басқан, жалғыздық жапасын мол тартқан жан ретінде көрінеді. Лирикалық өлеңдерінен ол, әсіресе, айқын сезіледі. XX ғасырдың бас кезіндегі шым-шытырық әлеуметтік оқиғалар Шәкәрімді көп толғантқан, негізінде ақын дүниені рационалистік жөнмен тануға ұмтылған. Әлемдік мәдениеттен, әлеуметтік жайлардан көп хабардар болған. 1917 жылғы революцияларға құлағы елең етіп, бостандық туралы біраз өлеңдер жазса да, бірақ кейін ол тақырыпқа терең бармайды. Бірді-екілі өлеңін алашқа оның көсемдеріне арнайды, олар жөнінде жылы сөздер айтады; Шәкәрім қазақ халқының болашағы, ұлттық мемлекет болуы тек соларға байланысты дегендей ойды айтады. Мұның бәрі, сөз жоқ, заман кейпінің белгісі. Ағартушылықты, оқу, білімді, өнерді насихаттай отырып, байларды, атқамінерлерді батыл сынап, еңбекші халықтың ақысын жемеуге, оларды демеуге шақыра отырып, революция мен азамат соғысы жылдарындағы әрқилы оқиғаларға белсене араласпайды. 1916 жылғы қозғалыс, 1917 жылғы төңкеріс, азамат соғысы, қазақ ауылын советтендіру сияқты жер жүзін сілкінткен өзгерістер дүбірі Шәкәрім өлеңдерінде солғын естіледі. Жалпы кедейге ұнамды ұранмен басталған, бірақ даурықпасы көп саясат ақын көңіліне ұялай қоймаса керек. Рас, ақынның бұл кезде қартайып, қуғын, күрес, уайым, жапа, жалғыздық жайлардан титықтап қалған шағы еді. Алпыстан асар шағындағы өлеңдерінде ол көбіне өлім, өмір туралы, жастық кетіп, кәрілік басқаны жайында көп жазады:

Жастық жалынсам және келер ме,
Мастық денеге қызу берер ме, –
Суыған тұла бой.
Маған қарама, көңілім, мұңайып,

Саған жеткізбес, ол ғайып, –
Жас өмір өткен ғой.
Бұл алпысты, түскен тісті
Тозған түсті жасымда,

Сөгуші едім, опық жедім,
Бәрі менің басымда.

Ақынның тау арасында жеке, аскеттік өмір құруы да оның дүние дүбірлерінен аулақ болайын дегенін аңғартады. Сөйтсе де көп әңгіме, сөзге бұл да себеп болады. Ақынның елімен, қауыммен арасы суи береді. Өмір, тіршіліктен, халық тұрмысынан қолын үзеді. Сауытына тығылған ұлудай тас бүркеніп, тек өзінің жүрек дүрсіліне, алас ұрып, толас таппаған ойына құлағын түреді. Осы кезеңі туралы ақын өзі:

Кейбіреу безді дейді елден мені,
Есалаң айтады екен сезіп нені.
Хақихатты танитын баста ми жоқ,
Ондайлардың сау емес анық дені.

Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,
Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып,
Елу бес жыл жинаған қазынамды,
Оңашада қорытам ойға салып, – дейді.

Бұған қарағанда ақын шынында да өмір «алаңына» ермей, өзінің философиялык, ақындық ой-армандарын қорытқысы келген. Ағайын араздығы, ру таласы, ауыл ішіндегі партиягершілік сияқты жайлар да оның аулақ кетуіне себеп болған, өзі де солай дейді. Келесі бір өлеңінде осы мәселені қозғаған:

Кейбіреу безді дейді қатынынан,
Туысқан, бауыр, бала жақынынан;
Қаңғырып Толстойша өлер дейді,
Шатасып қартайған соң ақылынан.

Мен болсам Толстойдай арманым жоқ,
Шатасып ақылымнан қалғаным жоқ.
Сырымды білетұғын сендер емес,
Өлейін деп елсізге барғаным жоқ.

Таза ой ойлай алмас үйде басым,
Ойсыз сіңбес ішкен асым.
Ой жемісін теремін өлгенімше,
Өсектесін, күндесін, мейлі қасым.

Елден қара үзіп, жеке шығып кетуінің себебі бұл үзіндіде де айқын айтылған. Қат-қабат ой билеп, өмірдегі өзгерістерді бағдарлап байқау үшін және өзінің ынтық ісі – өлеңі үшін тыныштық іздеген; жалғыздық күйде өзімен өзі кеңескісі келгендей. Ақын көптеген өлеңдер, поэмалар, мысалдар, нақыл сөз, әңгімелер жазып, өте бай мұра қалдырды. Шәкәрім поэзиясы жоғарыда айтқанымыздай, жаңа лебімен, сазды үнімен, ойлылығымен, сұлулығымен тартады. Ақын шығармашылығының жайын, сырын, өзіндік ұғымын білу үшін, жалпы көркем әдебиетке қалай қарады, қандай баға берді, қалай түсінді – осы жағына көңіл аударғанымыз дұрыс. Шәкәрім әдебиетке мүлде басқаша, өзгелерге қарағанда, айрықша ұғыммен қараған. Әдебиетке жаңа тілек, жаңа міндет жүктеді. Әдебиетті ақын ағартушылық құрал ретінде пайдалануды көздейді, көркем шығармалар арқылы халықты мәдениетке, өнер-білімге тартуды ойлайды. Бұл жағынан Шәкәрім қазақ әдебиетінің Абай мен Ыбырайдан келе жатқан халықтық дәстүрін онан әрі жалғастыра түскен ақын.

Білгенімді жазушы ем,
Бекем буып белімді.
Мінін айтып қазушы ем,
Түзетпек боп елімді, –

дейді Шәкәрім. Ақынның өз өлеңдері арқылы қандай мақсатты жүзеге асыруды көздегенін аңғару қиын емес. Өз елінің мінін айтқанда да, оны алға шақырғанда да сол қауымды түзету, өрге бастыру ниетінде болғанын білдіреді. Ескіліктің, надандықтың өзіне мәлім кертартпа жақтарын сынау арқылы ғана елді түзеуге болады деп ойлайды. Ақынның өскен, өмір сүрген ортасы мен дүниеге көзқарасын ескерсек, осыдан артықты, яғни белсенді ұранды одан күту де қиын. Ақындық талантын өркениетке, қауым мүддесіне арнауын үлкен ерекшелік деп қарауымыз қажет.

Мен жетелеп өлемін,
Өрге қарай қазақты.
Өлсем де ойын бөлемін,
Сөзбен салып азапты.

Білімдінің сөзіндей,
Сөзім демен таза-ақты.
Қазақ болса өзімдей,
Қыла алмайды мазақты, –

дейді ақын. Қазақтың көзін ашып, көңілін оятуды ақын азаматтық борышым деп таниды, тіпті өлгеннің өзінде халыққа сөзіммен ой саламын, маза бермеймін, оны өрге қарай сүйреймін деуі қажыр, қайрат белгісі. Шәкәрімнің жазба әдебиеттің дәстүріне лайық бір өзгешелігі өз тұсындағы бірсыпыра ақындарға қарағанда, өз айтқандарының бәрін бірдей ақиқат, шындық, дайын тұрған ақыл деп ұсынбауы, оқушының өз талғамына салып, керегін қабылдауды мегзеуі, әрбір мұраға байыпты сын көзімен қарай білуге шақыруы.

Кім айтса да, сынамай қойма, жаным,
Ақылыңа сынатып ойла, жаным.
Пәленше екем айтқан сөз дұрыс қой деп,
Жүректің таразысын жойма, жаным.

Тегіс тексер сөз көрсең сыр мен сынын,
Түзетуге именбе тапсаң шынын.
Әдеп сақта, жалғыз-ақ қате айтты деп,
Былшылдапты дей көрме тапсаң мінін.

Біле тұра кім айтар қате сөзін,
Білімдіге есептер әркім өзін.
Тұрған жері, әдеті, туған елі,
Адастырар, айтқызар байлап көзін, –

деген шумақтардағы жылы рай, сыпайы әуендер, сондай-ақ философиялық тұжырымдар мен байсалды ой-пікірлер Шәкәрімнің ақындық мәдениетін өзіне тән биіктігімен танытады. XІX ғасырдың соңғы кезі мен XX ғасырдың алғашқы жылдарында қазақ әдебиетін әлеуметтік ой құралы, рухани күш дәрежесіне көтерген қазақ ақындарының алды Шәкәрім, демократиялық бағыттағы жазба әдебиеттің «тіл ұстартып өнер шашпақ, наданның көңілін қойып көзін ашпақ» дәстүрін едәуір ілгері бастырған. Әдеби ұғым-түсініктерге үлкен талғаммен қарауды Шәкәрім қазақ тәжірибесінде алғаш қойғандардың бірі. Осы арқылы ол оқушысының эстетикалық таным-талғамын жаңаша қалыптастыруды көздеді. Ақын өз тұсындағы қоғамдық өмірдің бірсыпыра шындығын орынды көре білген және оған өз қатынасын танытып отырған. Шәкәрімнің өмір сүрген тарихи кезеңінде патшалық Россиядағы жиһангерлік күштердің қанаушылық саясаты шет аймақтарда да айырықша өріс алып, еңбекші бұқараның тұрмысын бұрынғыдан да ауырлата түскені мәлім. Ғасырлар бойы үстемдік етіп келген надандық пен қараңғылық қазақ қоғамында бұл кезде өзінің кертартпалық сипатын өте-мөте айқын аңғартқан еді. Қоғамдық өмірдің осы сипаты ерекшеліктері Шәкәрім ақынның назарынан тыс қала алмады.

Япырау, бұл не деген наданшылық,
Осынша жайылар ма жаманшылық.
Есі шығып елірген бәрі де мас,
Ар қайда, ақыл қайда, адамшылық, –

деп күйінеді ақын. Ел ішінде билікке таласып, партия құруды ақын қоғам өміріндегі ауыр салмақ, зиянды құбылыс деп есептейді. Ақын ел билігіне таласып жүрген байлардың байыған жолын да, амалын да тап басып, дәл көрсетіп отырады. «Ел зарлатып зорлықпен мал жиып ап», – деп шындықты өз атымен айтады. Партия құрып билікке таласқан пысық, атқамінерлердің сырларын ақын барынша мол ашты.

Партияның басшысы, батырың осы,
Қайраты мол, ішкені ант, шашқан пара...
Малмен сатып алған соң ел де оныкі...
Қарсы келсең басыңды қағып тастар,

Болмасыңа амал жоқ сен де оныкі.
Қанға тойған көп итке қарсы келсең,
Жаның қалар, тақсыр-ау, сен деп білсең.
Немесе:

Байдың асын сұм менен залым жейді,
Ұрысы ұрлап момынның малын жейді.
Немесе:
Бар жұмысы алдау мен ұрлық, пара,

Бірін арам демейді бұл бейшара.
Немесе:
Қайдағы қу алдампаз төрге шықты...
Осы күнде арамның жолдасы мол,

Қу мен сұмды кім жиса, шын мықты сол.

Ел ішіндегі атқамінерлерге арнаған бұл сөздері сол кездің шындығын бірсыдырғы дәл, анық танытып тұр. Ақынның осы тақырыптағы өлеңдерінен аңғарылатын тағы бір жай – автор ел билеушілердің сұрқиялық іс-әрекеттерін сынағанда өз тұсындағы кейбір ақындар сияқты бұрынғы «батагөй, әділ билерді», «жақсыларды» арман етпейді, ол заман өткен, өзі көріп отырған шындықтың бетін ашады, оларға деген өзінің наразы көңілін білдіреді, әділдікті, адамгершілікті аңсайды.

Билеуші тап өкілдерін сынауға арналған бірсыпыра шығармаларында басқа көп ақын көре бермейтін өмірдегі кейбір көлеңкелі жайлардың да сыры ашылады. Ақын жалпы байлар мен ел пысықтарының бір тілек, бір мақсатта екенін «Қорқақ бай» деген өлеңінде айқын аңғартады. Сырттай момын боп көрінетін байлардың да елге тізесін батыратынын немесе сондай үстемдікке ұмтылатынын ақын орынды сипаттайды. Осы ретте ол:

Әлі жеткен кісіні о да жейді,
Қолынан іс келгенде солай жайы.
Ойласаң көп бұл елдің осындайы,
Шоқынғаны дәулеті, қой мен тайы.

Немесе: «Қулар» деген өлеңінде:
Байлардың қу білмеген сыры болмас,
Тамам қудың бірі мен бірі жалғас.
Араз болып жүрсе де пайдасы бір,

Орын дайын, бұл итің құры қалмас, – деп жазады. Жалпы үстем тапқа тән психологияны бұлайша айыра танып, дәл суреттеу Шәкәрім поэзиясының реалистік мәнін танытады. Ел ішінде шектен асқан парақорлық пен әділетсіздік, қараңғылық пен теңсіздік ақынды кейде ауыр жан күйзелісіне ұшыратып отырады. Жекелеген өлеңдерінде ақынның:

Елге көнсем, ақ жолдан адасамын,
Көнбей жүрсем, көп итпен таласамын.
Тек отырсам тепкілеп шыдатпайды,
Енді қайтіп бұл елмен жарасамын.

Әйтсе де, ақынның кей кездегі бұл сияқты дағдарушылығы көбіне-көп сезім күйін, түзу жол таппай сандалғанын аңғартады. Оның:

Ермегім жоқ, елімнен үмітім жоқ,
Қайтейін осындаймен көңіл бөлмей...
Ел тіліме көнбейді,
Жыладым да қамықтым.

Үмітсіздік дендеді
Зарықтым да шалықтым...

Немесе, «Менің де көп жаралы жүрегім бар, Надандықтан қираған сүйегім бар» деуі де осыдан. Оның шығармаларындағы жан күйзелісіне байланысты туған кейбір ой-түйіндер ақынның надандық түнегіне қарсы күресте шаршау, қажу сезімдерінен туғаны анық. Шәкәрімнің адамгершілік дегенге көзқарасы қандай? Ақынның адамгершілік деген ұғымға қатысты ой-пікірлері ағартушылық көзқарастарымен үндес, сабақтас. Ақын адамгершілік туралы ойларының қайсысын болса да өсиет, үлгі ретінде ұсынады, жамандықтан қашып, жақсылыққа ұмтылуды уағыздайды. Абай сынаған өтірік, өсек, мақтаншақтықты Шәкәрім де жеріне жеткізе сынайды.

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,
Анық төмен болмай ма хайуаннан.
Ынсап, рақым, ар-ұят табылмаса,
Өлген артық, дүниені былғағаннан, –

деген Шәкәрім. «Еріншек, ашу, құмарлық – жамандықтың басы осы» деп түйіндейді. Автордың адам мінезіндегі жамандықтың негізгі белгілерін дұрыс сынай отырып, ұсынары не дегенге келетін болсақ, мұнда да ақынның өз мақсатына берік болғанын байқаймыз. «Бояу мақтан бола ма, Ішімізді құр қылмай» дейді ақын. Демек, ол адамның сыртқы сұлулығынан гөрі адамгершілік жағынан сұлу болуын басты қасиет деп таниды. Ақынның адамгершілік туралы көзқарасы «Өзіме» деген өлеңінде дәл де тұжырымды баяндалады.

Кейін баспай, ентелеп ілгері бас,
Соны ойла, өзге қызық істі ойлама...
Адамзат өзін өзі сынау керек,
Тазалық, әділдікті ұнау керек.

Өлсе де тура жолдан мойын бұрмай
Ақтан көрген пәлеге шыдау керек.

Шәкәрімнің бұл арада жұртшылықты ілгері ұмтылуға шақыруы да, адалдық үшін жанын қиюға дейін шыда деуі де озық пікірлер. Бұлар ақын творчествосындағы адамгершілік, әділетке сену жайындағы сырын толық танытады. Ақынның адамгершілік, дұрыстық туралы ұғымына өнер-білім, еңбек және әйел теңдігі жайындағы ой-түйіндері әбден сиып жатыр.

Ақынның ойшыл, философ болуынан оның ғылымға артар үміті де үлкен:
Үш-ақ түрлі өмір бар – бәрі де мас,
Бір реуішті болады шал менен жас.
Ең керекті дегенің ортаншы өмір,

Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.
Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,
Өкініші қалмайды кетсе ағатың.
Күні-түні дей көрме, ғылым ізде,

Қалсын десең артымда адам атың.

Ұлы Абай «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім» десе, Шәкәрім адам өмірін үш кезеңге бөліп, оның сол Абай меңзеген ең қуатты жастық шағын ғылымға арнауды насихаттайды, сол тұстағы албырт жігердің бір сағатын да бос өткізбеуге шақырады. Шәкәрімнің өмір сүрген кезеңдегі қазақ қоғамының мәдени-экономикалық жағдайын ескерсек, ақынның сондай мешеу ортада отырып, жас адамға бірден-бір қажет өнер ретінде ғылымды ұсынуы көрегендік.

Шәкәрім Абайдың «Шәкіртсіз – ғалым тұл» деген нақылына сүйене отырып, ғылымның қоғамдық өмірге пайдалы әсер етуін тілейді. «Насихат» деген өлеңінде ол:

Қай ғылымды білсеңіз де,
Қазір оны елге жай.
Құр ішіңде кеткенінше,
Пайдалансын өзгелер –

дейді. Ақын ғылым-білім жеке бастың мүддесіне ғана емес, ең алдымен халық игілігіне жұмсалсын деген пікірді ұсынады. Бұл тұжырым ақынның бірсыпыра шығармаларында қайталанады. Ғалым адамға арнаған сөзінде ол: «Жер сықылды пайдалы бол. Пайдалансын ел сенен», «От сықылды жылы болсын жүзіңіз бен сөзіңіз», «Жел сықылды желпі жұрттың шаршағанын, талғанын» дейді. Шәкәрім ғылымның және ғалым адамның қоғамдық өмірдегі орнын көрсетумен қатар, ғалымның ең алдымен нағыз адам болуын негізгі шарт ретінде қояды. Еңбек, еңбек ету, қимылдау, тырбану Шәкәрім шығармашылығында ерекше орын алады. Әдебиетіміздің Ыбырай мен Абайға дейінгі кезеңінде бұл тақырып жеткілікті өріс ала алмаған еді. Ыбырай мен Абайдан бастап қазақ әдебиетінде еңбекке байланысты жаңаша көзқарас туды. Ыбырай, Абай еңбекті адамдық қасиеттің ең негізгі белгісі ретінде таныды, адал еңбекпен өмір сүруді насихаттады, еңбектің қоғамдық өмірдегі маңызын жоғары бағалады. Ыбырай мен Абайдан кейін бұл тақырыпта С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев тағы басқалары мол жазғаны мәлім. Адамның адамдық қасиетін Шәкәрім еңбекке деген қатынасына қарай таныды. Еңбексіз келген байлықты, немесе өзгені қор етіп мақтан үшін жиналған байлықты, мал-дүниені Шәкәрім жиіркене айтады.

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,
Ғибадат пен адалдық ар үшін жи.

Ақынның адал еңбекпен ар үшін тіршілік етуге үндеуі, адамдық ар мен еңбекті бір-бірімен байланысты түрде қарауы оның өмірден әділдікті арман еткен ізгі тілегіне сай.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай айтқандай, Шәкәрім:
Ерінбесең еңбекке дәулет дайын,
Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайым, – дейді.

Қазақтың феодалдық қоғамында байлық туралы орнап қалған ұғымға Шәкәрім үзілді-кесілді қарсы.

Анық байлық денеге біткен өнер,
Білімдінің бәрі де соған сенер.
Арам жиып мақтанған дәулет емес,
Алдымызда бір күн бар есеп берер –

дейді ол. Еріншектікті ақын көп шығармасында-ақ әшкерелейді. Тұрмыстағы ең бір зиянды құбылыстардың бірі ретінде көрсетеді. «Еріншек» деген өлеңінде:

Еріншектік, салақтық.
Салақтықтан надандық
Бірінен бірі туады,
Жоғалар сүйтіп адамдық.

Еріншек таза жүре алмас.
Қаракет жоқ, ғылым жоқ
Өз бойынан ұялмас,–
Білімсіз, әрекетсіз еріншекті,

Күнәкар да болмаспыз өлі десек, – дейді. Жалқаулық пен еріншектікке бой ұруды бұлайша өлтіре сынау қазақ әдебиетінің тарихында Шәкәрімнен өзге ақын-жазушылардың аузынан шығуы кемде-кем. Елең-селең бос жүруден безінуге шақырады ақын:

Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ,
Қол өнерден пайда қыл үйреніп-ақ, –

деуі, сөз жоқ, бағалы пікір. Рас, Шәкәрім адал еңбекті жақтағанда, ұйымдасқан еңбекті, немесе еңбекшілердің бірігіп күш жинап, қанаушыларға қарсы бас көтеруін қолдау дәрежесіне бара алған жоқ. Оның өскен қоғамдық ортасы да, өмірге көзқарасы да мұндай талап-тілекке мүмкіндік бермеді. Әйтсе де, оның парақорлық пен арамтамақтықты сынап, адал еңбекке шақыруы, адамның адамдық қасиеттерінің бірін адал еңбекке байланыстыруы орынды уағыз еді. «Арың сатпа, терің сат адалды ізде», «егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ» деген жолдарды ақын өлеңдерінен көп ұшыратамыз. Еңбекке, оқу, білімге, өнерге шақырады, жалқаулықты, бойкүйездікті, надандықты сынайды, талапты бол дейді.

Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла – қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос – сол шарасы.

Және:
Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек,
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол.
Тағы да:

Еңбекке шыда ебін тап та,
Сабырдың түбі сары алтын.
Өзімшіл болма көпті ардақта,
Адамның бәрі өз халқың.

Шәкәрім шығармашылығын қарастырғанда, оның қоғамдық өмір жайындағы жекелеген пікірлері мен философиялық ой-түйіндері туралы айтпай кетуге болмайды. Өз ортасының белгілі көреген адамы Шәкәрім әлеуметтік өмірдің әр алуан сұрқын байқай білді және оларға өзінің қатынасын айқын білдіріп отырған. Оның қоғамдық хұқық пен философияның жекелеген мәселелері жөнінде өзіндік жүйелі түсінігі болған. Мұның өзі Шәкәрімнің қатардағы ақын ғана емес, ірі ойшыл екенін танытады. Әр заман тұсындағы сияқты Шәкәрімге дейін де, оның өз шағында да дін иелері мен ел билеушілердің үнемі уағыздап келген жалған, кертартпа тұжырымдарының бірі – өмір азды, біреуден қорлық көру де, зорлық көру де тағдырдың ісі, оны өзгерту адамның қолынан келмейді деген ұғымның төңірегінде болатын. Шәкәрім осы бір ескі, әрі теріс ұғымды батыл сынаған ақын.

Кейбіреулер жазады қу өмір деп,
Тұрағы жоқ алдамшы су өмір деп.
Көрген қызық, қылған іс бәрі де ұмыт,
Я көлеңке, я түс, у өмір деп...

Кім үйретті дүниені жамандатып,
Оны сөгіп өзіңді амандатып,
Мұны үйреткен білімсіз шала молда,
Қу қазыққа байлаған табандатып.

Қоғам өмірінде орын алып келген теріс түсініктер мен жалған ұғымдардың шығу көзін ақын дұрыс таниды, сынайды. Оның надандық пен кертартпа ұғымдарды уағыздаушыларды қатты сынауын сол қиын-қыстау дәуір тұрғысынан қарасақ, үлкен батылдық, әрі көрегендік деп қарауға болады.

Ақынның «дүние алдамшы» деген тұжырымға қарсы ұсынар пікірі салмақты.
Өмір емес алдаған – өзіңді өзің,
Пәленше екем айтты деп қалма сеніп,
Немесе:

Дүние алдамшы, өмір қу деп елірме, – дейді ол. Демек бұл арада ақын адамды өзіне, өзінің іс-әрекетіне өткені мен болашағына дұрыс қарай білуге шақырады, өзің жақсылыққа ұмтылсаң, өмір сені кейін итермейді, барлығы да өзіңнің талап, жігеріңе байланысты деген пікірді ұсынады. Оның бұл пікірінен өмірге тізгініңді беріп жіберме, шамаң келсе өмірдің тізгінін өзің ұстап, тілеген жағыңа бұр деген үлкен ой туады. Мұны Шәкәрімнің қоғамдық көзқарастарындағы ұнамды құбылыстардың бірі ретінде бағалағанымыз жөн. Шәкәрім өзі өмір сүрген қоғамдық ортада теңсіздік пен әділетсіздіктің мейлінше үстем болып тұрғанын да жете тани білді. Сол қорлықтан құтылудың жолын көрсете алмағанымен, адалдықтың, ақтықтың жойылмайтындығына кәміл сенді. Сондықтан да:

Белін бекем буғанның белі талмас,
Ел бұзса да, адалдық өзгерілмес, – дейді.

Ақынның бұл арада «адалдық өзгерілмес» деген сөзі халық өмір сүрсе, адалдық та сол халықпен бірге өмір сүре бермек деген пікірден туғанға ұқсайды. Ал «Ел бұзса да» дегендегі «ел» әр түрлі билік орындардағы қанаушылар өкілдерін білдіреді. Автор ел билеушілердің көпшілігінен-ақ ешбір адалдық, жақсылық күтпеген. Шәкәрімнің қоғам өміріндегі кейбір құбылыстарды тануында, белгілі жеке адамдарға берген бағаларында терең ой, байламдар жатыр. «Қалқаман-Мамыр» поэмасында Шәкәрім Әнет бабаны былайша суреттейді.

Әнет бабаң арғынның ел ағасы,
Әрі би, әрі молда ғұламасы.
Орта жүзге үлгі айтқан әділ екен,
Сол кезде тоқсан беске келген жасы.

Қалай болғанда да, әр кездегі адам қоғамында әділ билер мен әділ сөйлейтіндердің болуы тарихи шындық деп қарайды. Ақынның Кеңгірбай би, Нысан абыз жөніндегі бағаларынан да осы тұжырымды көреміз. Шәкәрім шығармаларында барды да, жоқты да ынтымаққа шақырған, бірігіп іс істеуге үндеген жайттар бар-ақ:

Онандағы біріңе-бірің пейіл ет,
Білгеніңді түзу айт, адалға жет.
Мұны ұқпасаң, оңалма онан да әрмен,
Қулар түгіл ит жесін ту бәлекет, – дейді.

Бірігіп іс істеп, берекемен күн көруге шақырады. Жалпы ескілікті тұрмыс-тіршіліктің бәрін бірдей жоққа шығармайды. Жақсы жақтарынан үлгі алуға шақырады. Ақынның Нысан абызға берген сипаттамасына көңіл аударсақ, Нысан абыздың «көріп кел білгіштігін» шын пейіл, адал көңілімен жырлайтынын көреміз. Бұл да ескі наным, сенімдерді құрметтеуден екені белгілі. Халық жадын, халық түсінігін қадір тұту үлкен парыз. Шәкәрім Құдайбердіұлы адам, оның орны мен қызметі, ісі, қылығы жайында, ақыл мен ой жайында, көңіл мен жүрек, түйсік, сезім жайында, жақсы мен жаман, адалдық пен арамдық, түзулік, құлық, ақтық сияқты мәселелер туралы көп философиялық толғаныстар, тебіреністер жасаған. Әсіресе, қазақ қоғамына, оның қауымдық, ұлттық ерекшеліктеріне, оқу-білімінің аздығына, ұйымшылдықтың жоқтығына, керенаулыққа байланысты жәйттарды батыл көтерген. Абайды көп толғантқан өсу, ғылым ағарту ісі, алға, болашаққа қарау Шәкәрім поэзиясында түгелдей дерлік өріс табады. Адамның жеке басының жетілуі, ақыл мен парасатқа ұмтылу, адал болу, кісі ақысын жемеу, халық қамын ойлау – ақынның жатпай-тұрмай тебірене ойлаған тақырыптары. Көпшілігі насихат, ғибрат түрінде болып келсе де, Абай салған шыншылдық, сыншылдық сарын анық көрініп, дамып отырады. Өрнек, сурет, бейнелеу әдістері анық реалистік әдебиеттің қалпын байқатады. Өлең өлшемдері де сан алуан өзгеріп, құбыла, құлпыра түседі. Адамның қоғамдағы орнын ақын жоғары бағалап, оған көп жүк артады, міндет қояды. Рас, дидактика, уағыз басым, бірақ, адрессіз, атсыз емес, нақты ортаны, нақты адамдарды мегзеп айтқан. Мұндай ғибрат, уағыз сөздер Абайда да бар екенін білеміз. Бұл тектес өлеңдер, негізінде, жалаң насихат емес, ақынның қоғам, адам жайындағы жинақталған ойын білдіретін ақыл сөздер, философиялық түйін, толғаулар. Жалпы өмірге әлеуметтік көзқарасын байқасақ, рационализм сезіледі. Оқудың, білімнің, өнердің адамға, ортаға тигізер пайдасы, ықпал, әсері көп айтылады. Жеке бастың жетілуі ақылға, білімге байланысты деген пікір үнемі уағыздалып отырады. Шәкәрімнің өлеңдерінде «халқым, қазағым, туған ел жұртым» деген ұғым жиі ұшырайды. Және оны ақын алуан түрлі тақырыптарды қозғай отырып, өлеңнің негізгі кілті, мазмұны есебінде ұсынады. Қай шығармасын алсақ та, шаруасы жағынан артта қалған, оқу, өнерден, озат мәдениеттен кенже қалған халықтың жайын, тағдырын көреміз. Ақын көбіне налып айтады, кейіп те айтады. Тек мағынасы жағынан ғана емес, сөз түзілісі, формасы жағынан да мұндай жолдары Абайға өте ұқсас. «Қазақ», «Тағы сорлы қазақ» деген өлеңдерінде Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп келетін өлеңдеріндегі ой, идея дамытылады.

Ойда жоқ өнер, білім, жол табатын,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбі не болар деген жан жоқ,
Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын...

Қайран елім, қазағым, қалың жұртым,
Көп айтып, уа, дариға не қылайын...
Көретін көзі жоқ,
Ұғатын сөзі жоқ,

Қазақтың бұл күнде
Аты бар, өзі жоқ.
Түзелер кезі жоқ,
Түзетер тезі жоқ,

Жер жүзі халқының
Қазақтан езі жоқ.

Қазақ халқының феодалдық дәуірде, ел билеушілердің ру араздығын қоздырып, айла-сұмдығын жүргізіп тұрған дәуірде береке, бірлік болмақ емес, ел ішін бұзатын байлар, қулар жойылмай, өсу, өрлеу болмайды деген қорытындыға келеді ақын.

Бір ұрты май, бір ұрты қандар да бар,
Қой терісін жамылған жандар да бар.
Жазасызды жазалап атақ алып
Ақ жүрексіп жүретін паңдар да бар.

Абайдың белгілі өлеңімен салыстырсақ, Шәкәрімнің онан көп мазмұн идеялық үлгі алғанын көреміз:

Қалың елім қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың...

Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.

Сонымен бірге, елін, халқын қаншалықты сүйетінін, оның жаман жақтарына күйінсе, келешегін ойлап, жақсы жақтарын ойлап, сүйсінетінін ашық білдіреді. Кемшіліктерін қатты сынаса, ел ішіндегі залалды қылықтарды батыл айтса, жұрт сонан безінсін, бойын аулақ ұстасын деп істейтінін ақын тебірене айтады.

Мен қайғы жедім ғой,
Қапы өттім дедім ғой,
Қазағым, қам ойлан,
Сен де адам едің ғой!

Елді сөктім сайтанға ересің деп,
Неге оларға тізгінің бересің деп.
Елірткенге еліріп ере берсең,
Ескерттім азып-тозып өлесің деп

Тағы да талай сөз жаздым,
Елім тәлім алсын деп.
Қазақтың мінін көп қаздым,
Адам емес, аңсың деп.

Бұл сөздерден ақынның халқына тәубасындай сенетіні, жаны қинала тілек тілейтіні көрініп тұр. Абай бастаған сыншыл реализм сарыны Шәкәрімде онан әрі өріс алған. Сыншыл реализм әдебиетінде халық тағдыры аса елжірей, жүрек ауыра жырланған тақырып, әсіресе, орыс әдебиетінде, Н.А.Некрасов поэзиясында бұл тақырыптың қаншалықты терең жырланғаны мәлім. Қазақ әдебиетінде халық, жұрт, ел тақырыбын көлемді, аумақты етіп арманы мен тілегіне ден қойып, жай-күйіне жіті көңіл бөліп жүрегі қарыс айрыла жазған – Абай. Кейінгі дәуірде бұқарашыл ақындардың бұған тоқталмағаны кемде-кем. Шәкәрім шығармашылығынан да халық мұңының едәуір көтерілгенін көреміз. Жолдастыққа, достыққа берік болу, қайырымды болу, бір сөзде тұру сияқты адамгершілікке байланысты мәселелерді Шәкәрім тек ақыл айту, белгілі шындықтарды тізу жолымен емес, оның өмірдегі алуан түрлі көріністерін алып, сынау, мінеу әдісімен көрсетеді. Адамның қоғамдағы бір-біріне қатынасын, мінез-құлқын ашып, оның ұнамсыз жақтарын әшкерелеуде Шәкәрім тереңдікті, көргіштікті байқатады. Абай көбіне налып, қиналып айтса, бұл бір жағынан ренішін білдіріп, екінші жағынан келемеж, күлкі ете айтады. «Адамнан артық жәндік жаралмаған» деп басталатын өлеңінде ақын табандылыққа, айнымастыққа келгенде кейбіреулерден ит артық, онан алар тәлім көп деген пікірді білдіреді. «Әйтпесе өзге адамнан ит ілгері, достықты ит ұмытпайды артық жері» дейді де, ақын адамның ұнамсыз қылығын «жүз жылдық дос бір күнде жау болады, көңіліне бір қылығың симаса да» деп дәл басып көрсетеді. Әрі қарай:

Қарызы бар еді деп мойын бұрмас,
Сол күні-ақ дұшпаныңмен болар сырлас.
Бұрынғы жақсылықтың бәрін ұмытып,
Не қылса бір зияны тимей қоймас...

Ит иесін қаппайды құтырса да,
Адамның шын досы жоқ, иттен басқа, –

деп қорытындылайды. Екі жүзді адамның қалпы тапқырлықпен суреттелгені айқын көрініп тұр. Әсіресе, айни салып, дұшпаныңа қарай жүгіреді деуі нағыз жеріне жеткізе, тауып айтылған сөз. Сонымен қатар, ақынның тым өсіре, асыра айтып отырғанын да ұғуымыз керек. Ол әдейі істелген. Түбегейлеп келгенде, әрине, адамнан ит артық бола алмайды, оған қол қою қиын. Мұны ақын да біледі, бірақ әдейі «иттен басқа дос жоқ» деген қортындыны ұсынады. Мұның бәрін тіке мағынасында емес, ауыспалы мағынасында ұғыну қажет. Кейбір қауіпті адамдардан қалай сақтану керек деген тезиспен қараса, ақынның өсіріп, үлкейтіп айтқан пікірі өзінен-өзі түсінікті. Сатып кететін, қауіп-қатерге ұшырататын достық, әрине, болғанынан болмағаны артық (оның орнына жақсы ит болғаны дұрыс па, жоқ па, ол – екінші мәселе). Бұл даусыз. Ал итті алсақ, оның берілгендігіне шек келтіруге болмайды. «Ертең қалай қарары белгісіз» достан гөрі (қылығы, ісі жағынан ол әлі бітеу жара, ашылмаған адам), бар ынта, ықыласы сыртында көрініп тұрған итке шүбәсіз, күмәнсіз сенуге болады. Бұл шындық. Ақын осыны алып, әдейі мысал ретінде айтқан. Өлеңнің соңында өз пікірін бекіту үшін, ақын түн жамылып қастандыққа келе жатқан біреуді (бұрынғы дос) ит жарып өлтіргенін баяндайды. Сюжет алғашқы тезисті ақтауға керек болған. Сөз тіркестеріне, шеберлігіне келсек, ақын халық аузында айтылып жүрген ұғым, түсініктерге жүгінген («Ит иесін қаппайды») және Абайдың «күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» дегеніне қарамастан итті бірден-бір дос етіп көрсеткен. Онысында, бірақ, қайшылық жоқ, Абай әдейі болмайтын нәрсенің болғанын айтады. Күшіктей асыраған ит әдетте иесін қаппайды. Бірақ ол жайды Абай адам қылығына көшіріп, тұспалдаған. Абайдың екі жолы түгелдей метафора, күрделі метафора. Өйткені күшік деп отырғаны ит емес, адам, өзі тәрбиелеген, өзі өсірген жан, бірақ ол өзіне қарсы шыққан. Абай өлеңінде осы жайды айтқан. Шәкәрім негізінде, дос, дұшпан жайындағы ойын Абайдың ой, байламдарына сәйкес өрбітеді. Мәселен, Абайдың:

Дос алады: бермесең бұлт берем деп,
Жауыңа қосылуға серт берем деп, –

деген екі жолын Шәкәрімнің «Сол күні-ақ дұшпаныңмен болар сырлас» деген жолымен салыстырсақ, мағына жағынан өте ұқсас екенін байқаймыз. Тек Шәкәрім тіке, кесіп айтады. Абайға жалпы мінездеу, жинақтай айту тән де, Шәкәрімде нақты сурет, бейнелеу басым. Осы тақырыпқа сай Шәкәрім рушылдық, ымырашылдық, жалған жақындық сияқты жәйттарды қатты сынап, ондай істің көбі әркімнің өз өктемдігін жүргізу үшін жасалатынын әшкерелейді. Ондай өлеңдерінен сықақ, күлкі естіледі, ирония сезіледі.

Досты мықты қылмақсың,
Дұшпаныңды қырмақсың,
Аяғында сен де бір
Кішірек құдай болмақсың.

«Абай марқұм» дейтін осы өлеңінде Шәкәрім ұлы ақын арман еткен көп жайларды еске алып, үлкен толғанысқа енеді. Лирикалық героймен сөйлескен, ақылдасқан болып, өзін қинайтын біраз мәселелерді ортаға салады. Жоғарыдағы үзінді сол лирикалық геройға арналған. Ақын негізінде дұрыс қылықты алады да, оны өзі теріске шығарады. Себебі сынап отырған адамның түпкі ойы – «арам ой», досты көбейтіп, дұшпаннан арылу ғана емес (ол түбінде жаман нәрсе емес қой), соның арқасында өзі мықты болғысы келеді. Ақын сондықтан да «кішірек құдай болмақсың» деп кекетеді, мазақ етеді. Көңіл күйі жөнінде, ақыл, ой, жүрек толқуы, сезімі жөнінде, дүние өмір туралы жазған өлеңдерінде Шәкәрім нағыз жазба әдебиет дәстүріндегі ақын ретінде танылады. Батыс, шығыс әдебиетінен көп оқып, онан айта қаларлықтай үлгі, өнеге алумен бірге, өз талантының молдығы, сөз өнері байлығы, талғам тереңдігі осы дәрежеге көтерген. Қозғаған тақырыптары мен оны шешу, түбіне терең бойлау жағына келгенде жақсы дәстүрлермен қатар біраз жаңашылдық қалыпты да білдіреді. Адам көңілі, табиғат жайлы, сұлулық, көркемдік, махаббат жайындағы лирикаларында Шәкәрім қазақ поэзиясын тың сурет, бейнелермен, соны сөз, теңеулермен байытқан. «Қабағынан қар жауған қараңғы бұлт жоғалды» дегенде Абай дәстүрін (табиғатқа, жылдың мезгілдеріне жан бітіріп, адамша) ілгері дамытқан, өз тарапынан жаңалық қосқан. «Түнерген бұлт», «қара бұлт» деген халық аузында бұрыннан бар. Ал «қараңғы бұлт» деп айтпайды. Шәкәрім қараңғы бұлтты «қабағынан қар жауған» деп адам бейнесіне жақындатады, адамға тән мінез, сипаттама жасайды. «Өлген көңіл – ындынсыз өмір» сөз тіркестерінің жаңаша екенін байқау қиын емес.

Жаралы жүрек жыбырлап,
Өліп қалған сұм жүрек.
Оятсам да тұрмас-ты;
Қайғылы көңіл тырп етіп,

Қабағын ашпас салбырап.
Қайғылы біздің көңілден
Қайғырған сайын қан шықты:
Жаздың күні болғанда

Жаңбыр жауар күркіреп,
Жаралы біздің көңілге
Бір тамбайды сіркіреп, –
деген жолдарды оқимыз. Келесі «Бақшадағы гүлдер» деген өлеңінде:

Көңілі ояу, көзі ашық елде кім бар?
Өлі жүрек, өзімшіл, күншіл мұндар! –

деген жолдар бар. Қарап отырсақ, Шәкәрім бұл тақырыпта да соны ізденістерге барған, өзіндік өрнек, бейнелер жасаған. Көңілдің қабағы салбырады, сұм жүректің оянбауы, күншілдерді «өлі жүрек» деп метафорамен атауы – бәрі де тек жоғары парасатты жазба поэзия дәстүрінде болуға лайық. Көңіл күйін, жүрек соғысын бейне бір адам мінезіне, адам ісіне ұқсату арқылы ақын үлкен бейнелі сурет жасаған. Сонымен бірге, айтылмақ ой идея әрине, тереңдей түскен, мазмұны байыған. Жаңбыр жауу табиғаттың аса бір қасиетті құбылысы; жан біткеннің бәріне нәр беретін, жібітетін жауын, осы ұғымнан шығуы айқын; «Жаралы біздің көңілге бір тамбайды сіркіреп» дегенде, мүлде тың, жарасымды сурет табады. Бұрынғы поэзия үлгілеріне қарасақ, бұл мүлде жаңаша. Өйткені еңбеккер қазақтың ұғымында ежелден жауын табиғаттың қасиетті құбылысы болып есептеледі. Оған себеп: ен дала жауынсыз шөл далаға айналып кетер еді. Онда шөп те жоқ, мал да жоқ. Сол түсінік бойынша ақын әбден торыққан, жылылық көре алмай қамыққан жүректі жаңбыр тимеген қураған далаға теңейді. Ол семген, ылғалсыз, кепкен. Жүрекке шипа боларлық ештеңе жоқ. Сондықтан да ол өледі, тастай болып қатады. Саналы жанға мұнан артық трагедия бола ма! Ақын лирикалық қаһарман басындағы осы халді білдіреді. Сонымен бірге қиянатшыл жандарды да мейірімсіз деген мағынада осылай айтады. «Тас бауыр», «тас жүрек» деудің орнына «өлі жүрек» деуі (өзімшіл мұндарды) поэзияда ауыспалы мағынасында бұрын кездесе бермейтін жаңалық (өлген адам, немесе, сезімсіз суынған жүрек жайында талай айтылуы мүмкін, яғни өзінің тіке мағынасында; бірақ адам бейнесін беру үшін айтылған түрін кездестірген емеспіз).

Жаңалық, сонылық түрін мына жолдардан да байқайсыз:
Қайран терең ойым, қартайып тоздың ба?
Еріншек боп бұйда создың ба?..
Есті жи, тозды ми...

Жыр жазбасаң, тартар ой
Күннен күнге жалқауланып баяу...
Мида жоқ бұзық қан, ақылың таза,
Не себептен боласың, ойды бұзып,

Күдер үзіп, наза.

Бұл үзінділерден де ойдың «қартаятынын», «тозатынын», «жалқауланатынын», мидың «тозатынын» байқап отырмыз. Қазақ поэзиясында бұрын кездеспеген тіркестер. «Сергек ой», «терең ой», «алжасқан ми» «ауысқан ми» деген сөз тіркестері әбден таныс та, ал «тозған ой», «жалқау тартқан ой» дегендер болмаған. Ақын жаңа сөз тіркестерін жасау арқылы айтылмақ ойдың мән-мағынасын толық жеткізе алған. Олай дейтініміз ақын жаңа эпитеттерді кездейсоқ қолданып отырған жоқ: оның айтайын дегені анығында да тозған ой, запыда болған, шаршаған ой, істен, қызметтен, талқыға көп түсуден тозған. Ақынның айтқалы отырғаны «алжасқан», «адасқан» ой, немесе «ауысқан» ми емес. Әрбір физикалық дене, зат сияқты ойдың да, ақылдың да тозатынын білдірген. Ақынның зары да, мұңы да, осы сөздерде тұр; трагедиясы да осында. Өйткені бұл сөз тіркестері тектен-тек қолданылмаған, әбден титықтаған адамның қалпын аңғартады. Ұлы Абай «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» дегенде, сол кездегі ортаның қайшылық, қиындықтарын, өз басына түскен тауқыметті білдірген. Абайдың ағартушылық, ілгерішіл бағытын ұстанған Шәкәрім де сол феодалдық-патриархалдық жағдайдағы сорақы кемшіліктерді көріп налиды.

Жолама қулар маңайға,
Не қылмадық талайға!
Кім жағады сендерге
Тартқызған азап Абайға!

Соның да тілін алмадың,
Сабадың, сөктің, қарғадың.
Көріне қашан кіргенше
Арсылдап иттей қалмадың,

- дейді Шәкәрім, Абай күйін жақсы біліп, терең ұққан ақын өлеңі Абайдың жауларына шығарған үкімдей естіледі, ақын басындағы трагедияны көзге елестетеді.

Байқасақ суреткерлік жағынан адамның көңіл-күйін, жүрек тілегін, мұң арманын білдіруде Шәкәрім енгізген жаңалықтар мол. Рас, Абайда «ыстық жүрек», «ет жүрек», «терең ой», «ауыр ой», «зерек ақыл», «адасқан күшік» (ой жөнінде) «жаралы жүрек», «жас жүрек», «қан жүрек», «ауру жүрек» «қара көңіл», «қам көңіл» сияқты эпитеттер көп. Шәкәрім бұлардың санын да, сапасын да арттырған. Мәселен, ойдың «еріншек» болуы, ал жыр жазбаса (яғни күнде ойланып, толғанбаса) «жалқау тартуы» сияқты ұғымдар бұрынғы поэзияда атымен жоқ. Денені, қолды ғана емес, ойды да, миды да жаттықтыру, шынықтыру керек дегенді уағыздайды. Ой, ми мақсаты үздіксіз жұмыс істеу, тынымсыз іздену, қарману. Адамның ұлы қасиеттерінің бірі – ойлану қасиеті. Ақын сол қасиеттен айрылмауды, қайта оны жетілдіре беруді көздейді. Абай дәстүріндегі поэзияның биік мәдениетін, алғырлығын, философиялық түйін-толғанысқа деген қабілетінің молдығын байқаймыз. Бейтарап ой-қиялға қабілеттілік әдебиетті өнер биігі еткен факторлардың бірі дер едік. Өйткені сурет, кейіп, бейне дегендердің өзі осылай ойлаудың, қиялданудың өмірдегі бар нәрсенің дұрыс баламасын іздеп табу ғана емес, оның өсіңкі, көтеріңкі сипатын жасау ғой. Айнала дүниедегі бар нәрсені сол күйінде айту, хабарлау тек ақпарлық, информациялық іс. Әдебиет онымен шектелмек емес, әдебиет оған абстракт ойлаудың нәтижесінде жан, өң бітіреді, белгілі мүсінге келтіреді, ішкі сырын ашады. Мысалы белгілі бір нақтылықты, жалқылықты таныту үшін жалпыны іздейді; сырт қарағанда қатысы жоқ дүниелердің көбін зерттеп, салыстыру арқылы әлгі жалқыға қайта оралады. Енді оның көлемін, қалпын, сырын молырақ ұғамыз, әрі дұрысырақ танимыз. Бұл бейне, форма, мүсін. Өзіне хас мазмұнды ұстап, танытып тұрған мүсін. Суретте жай адам да көріп-білетін нәрсені айтқанымен сол адам түсініп, ұқпаған, немесе, көңіл қоймаған, хабар етпеген жайды аңғартпақ. Ол үшін абстракция керек. Ұшқыр қиял керек. Еркін қиялсыз, терең ойсыз, яғни талдауға, жіліншіктеп шағуға күші жететін ұғым, түсінік болмайынша, бедерлі бейне жасау мүмкін емес. Ұшқыр ойдың, оған деген адам қабілетінің белгісі әр нәрседен-ақ байқалады. Біз тек оған көңіл қоя бермейміз. Ол қабілеттілік сана алғаш сәуле бергенде-ақ пайда болған. Мәселен, ағашты ағаш күйінде, тасты тас күйінде ұғыну бар да, ал ағаштың жанатынын, тасты қару етуге болатынын білу тіршілік тәжірибесінен басталған. Ал екі де екінің төрт болатынын білу үшін көп қабілеттілік керек: неге үш, бес, алты емес – бұған ойлану керек, Талдау, жинақтау болмайынша әр заттың, немесе әр істің шын қасиеті ашылмақ емес. Ал талдап, жинақтау үшін бейтарап еркін ой керек, абстракция қажет. Адам баласының бар рухани табысы (техникадағы табыс та ең алдымен рухани табыс, өйткені ол адам рухының, ой құдіретінің нәтижесі ғой) осы абстракты түрде ойлай білудің арқасында ғана мүмкін болды. Әдебиеттегі абстракциялық ой әрбір заттың, құбылыстың балама қасиетін, сырын кеңірек ашпақ. Көркем бейне арқылы оның затын, мазмұнын танытпақ. Мәселен аспанды аспан, тауды тау дегеннен біз ешбір бейнелік ұғым ала алмаймыз. Ол тек информация ғана. Ал информация бізге көп нәрсені білгізгенімен (мәселен, статистика, хабар, фотосурет) әдеби бейнедей эстетикалық сезім туғызбайды, тебірентпейді, өйткені оның мақсаты бөлек, бейнелік ұғым, түсінікке қатысы жоқ. Ұлы Абай:

Күлімсіреп аспан тұр,
Жерге ойлантып әрнені, –

дегенде кісіні терең ойға шомылдырарлықтай көркем бейне жасаған. Ақынның абстракциялы ойы арқасында ғана ол мүмкін болды. Аспан күлімсіремейді, оны жұрт біледі, жер ойланбайды, оны да жұрт біледі. Ендеше ақын несімен тамсандырады. Біріншіден, басқалар көрмегенді, байқамағанды біліп сезуімен; екіншіден, көрген-білгенін басқаша, тұспал сөзбен, бірақ жұрт иланарлықтай шебер бейнелеп айта білуімен. Ақын қай сәтте болса да жанды-жансыз дүниенің бәрін адам түсінігімен, яғни адамға қатынасымен баламалайды, соған қарап бейне түзеді. Мал қора да, тас қорған да өздігінен тұрғанда оған ештеңе емес. Егер қора мен қорғанның адамға қатысы бар жері болса, сонда ғана ол поэзияға материал болып ене алады. «Күлімсіреп аспан тұр» дегенде оқушы бірден ашық, жайдары күнді еске алады және құрдан-құр емес, өзінің жай-күйіне қатысты мөлшерде, соның өлшемімен қабылдайды, ақын мұны біледі, себебі өзі сол сезім құшағында болған. Оның үстіне сөздердің өзара қиысуы да бейнелік әсерді күшейте түседі. Тек «аспан күлімсіреді» деген тіркес ауыз-екіде айтылмайтын, қолданылмайтын жаңа тіркес, сөйтсе де бұл тек арзан қол, хабарлы сөйлем болар еді. Абайдың айтуында соны, әдемі сурет пайда болған да, оқушыға мықты әсер етерліктей қасиетке ие болған. «Жерге» деген сөздің өзін де екі түрлі түсінуге болады. Біріншіден, ол кәдімгі жер. Аспан ашық болса, жер беті жарық сәулелі, ал бұлтты болса, қараңғылық, қаракөлеңке басады. Бұл белгілі құбылыс. Осы ретте ақын аспанға да, жерге де жан бітіріп, бейнебір адам сықылды суреттейді. Енді екі жолдың екеуі де «аспан», «жер» ретіндегі тіке өз мағынасынан айырылып, «жерге» дегенін «адамдарға» деп ұғуымыз қажет. Яғни жер бетіндегі адамдарға («ойлантып»). Бұл ретте «жерге» метафора болып табылады. Қай-қайсысында болса да, әңгіме жай аспан мен жай жер туралы емес екені анық. Ақынның мегзеп отырғаны лирикалық кейіпкердің көңіл-күйі. Мұнан шығатын қорытынды әрбір нәрсе бейнелік бедер алмай құр факты ретінде көркемдікті таныта алмайды, эстетикалық әсер, сезім туғыза алмайды. Ұлы Бальзак «глупо как факт» дегенде фактінің жалаңдығын, көзге түрткендей бедіреюін, бейне бір дөңбек тастай көлбеюін, сонымен бірге, қайран қаларлықтай сырсыздығын айтқан болу керек. Факт – сыр емес, оқшау көрініс, хабар. Әдебиеттік образ, бейне болу үшін оларға жан біту керек, ес кіру керек. Ол үшін суреткер алхимикше қимылдайды, шөлмекте сақырлап қайнаған судан алтын шығаратындай рухқа енеді. Көп таңдау, арбаумен белгілі құбылыстың тетігін табады, сырын ашады. Суреткердің алхимиктен айырмашылығы жай қосынды ғана таппайды, өзінің рухы мен санасына сай жанды бейне табады, оған тіршілік, өмір береді. Ескі грек мифологиясындағы Пигмалион суретшінің оқиғасы осыған ұқсайды. Бірақ оның скульптурасына, шынын айтқанда, жан екі рет бітеді: біріншіден, суретшінің сұлуы бейнелеу өнерінің биік туындысы ретінде жандыға бергісіз көркем бейне болса, екіншіден, сол мінсіз көркемдігінің, айтып жеткісіз әдемілігінің арқасында оған суретші өзі ғашық болады да, соның рухымен мүсінге кәдімгідей жан бітеді, ақырында әйелі болады. Көркем бейненің адамға етер әсерін, ықпалын айтқанда, бұл мысалдан сол образ, бейненің кәдімгі адам сияқты мінезі, өмірі, іс-қимылы, қасиеті болатынын анық көреміз. Ал ондай жанды бейне жасау үшін, әрине суреткер өзі жан бергендей қарманыс, ізденіс жасауы тиіс, ол ізденіс әбден ойланып, толғанбайынша, әр нәрсені тегіне, болмысына қарай барлап, абстракциялық қиялға енбейінше нәтижелі болмақ емес. Байырғы поэзиядан, көне әдебиеттен Абай бастаған жаңа, жазба әдебиеттің жер мен көктей айырмашылығы осы образдық ойдың, бедерлі ой-қиялдың жетілуінде. Жетіліп, толығып қана қоймай, көптеген жаңа мүмкіндіктер ашуында; бейнелік ұғым, түсініктердің құлашын кеңейтіп, атқарар қызметін күрделі етуінде; тек «тапқырлық», «қызыл тілдік», «шешендік» жолмен емес, және ол үшін емес, ақылды, зерлі, есті поэзия тудыруында. Абай поэзиясының дүние жүзі әдебиетінің данышпандық туындылары қатарынан орын алатыны осыдан. Жаңалық іздерін, Абай поэзиясының таңбаларын Шәкәрім Құдайбердіұлының табиғат, өмір жайлы лирикаларынан көп байқаймыз. Бұрынғы бар ой, идеяларды толықтыра, өзіндік мәнермен жырлай отырып, ақын соны пікірлер айтады. Философиялық ой-қиялға берілу, өмірдің жеке фактілерін тізбелеу, сөйтіп онан белгілі бір жинақтау түйіндер жасау оның лирикаларының деніне тән.

Дүние қу, бір ағын су,
Түстік онда шөп болып.
Күнде ағамыз, сандаламыз,
Бейнетіміз көп болып.

(«Шаранамен туып едім») Өмір, дүние тақырыбын осылай кейде аллегория, кейде тікелей дидактика жолымен түсіндірігісі келеді. Теңеу, метафора, мысалдары, бейнелеу амалдары қызғылықты болғанмен ақын мұндай өлеңдерінде көбіне-ақ ескі сүрлеуде. Бір жақсы айырмашылығы тізбелемей, мысал, сурет етіп, болған оқиға сияқтандырып айтуы. Ақын көп өлеңдерінде өмірге материалистік көзқарасын байқатады. Ол пікірін дәлелді суреттемелермен, бейнелі ой-жорамалдармен бекітеді. Әсіресе, ғылыми жаңалықтарды көп насихаттайды, өзі соның жұмбағын шешкісі келеді.

Күннен неге түсіп тұр мұнша жарық,
Сегіз минут ширекте жерге барып.
Әншейін құр жарқырап тұрып алып,
Жылылық нұрмен бірге жүр қозғалып...

Барша әлем тапжылмай тұрып қалса,
Бола ма уақыт деген өлшеу салып?
Мақсат тәртіп, керексіз тозаңы жоқ,
Тексермей неге отырмыз мұны ойланып?...

Мұхитқа тозаң құрлы тұз салайын
Ойлайсыз сол нешеге бөлінді деп.
Келесі өлеңіндегі мына жолдарға назар аударалық:
Жаралыс басы қозғалыс,

Қозғауға керек қолқабыс.
«Жан» де, мейлің бір «мән» де,
Сол қуатпен бол таныс–
Әлемді сол мән жаратқан,

Қозғалмаса көшпейді,
Көшпеген нәрсе өспейді.
Өспеген нәрсе өзгермес,
Түрден ол түрге түспейді

Қозғалыс түрлеп жаратқан.

Осы үзінділерден материалистік диалектиканың біраз заңдарын көруге болады: жылылық (закон сохранения энергии), қозғалыс (движение), уақыт, әлем (время и пространство), тозаң (атом), бөліну (деление атома), жан, мән (сущность), қуат (энергия), түрден түрге өзгеріс (изменения видов, состояний) және басқа категорияларға байланысты өзінің түсінігін білдіреді және онысы дұрыс та. Жаратылыс механикасын ғылыми жолмен ұққан адам өміріне байланысты қорытындыларында да сол тұрғыдан таймайды.

Құс, балық, шаян, көп алуан,

Айуаннан өсіп болдық адам.

Кейіміз есті, кейіміз надан,

Жаралыс салған сондай мән.

Жанымыз күннен келген нұрдан,

Тәніміз топырақ пенен судан.

Күн – атам, анық жер – анам,
Бірі нұр беріп, бірі тамақ,
Бұзады бірақ қайтадан.
Ер жетем, толам, қайта солам,

Әрі анам – бұл жер, әрі молам,
Денемді жұтпай тынбаған.

Адамның дүниедегі орнын, тіршілік күйін ақын өте дұрыс ұғып суреттейді. Айуаннан дегені маймылды айтқаны болу керек. Бәрі «жаралыс» (жаратылыс) заңына байланысты өтіп жатады дегені де ақылға қонады. Ал, адамдардың кейі есті, кейі надан болуы да осы әуелгі «жаралыстан» деуі ақындық түйін, өте жарасымды-ақ, езу тартқызады. Адамның жақсы, жаман болуы ортаға, қоғамға, мақсат, идеяға да байланысты екенін ақын білмейді емес; бірақ бұл детальдар социологияның жұмысы; әңгіме бүкіл әлем жайында болып отырғанда ақын о жағын бажайлап жата ма! Жерді «әрі – анам, әрі – молам!» деп тауып-ақ айтқан. Күннен басталған өмір ақыры қайтадан бұзылып жатқаны. Шәкәрімнің табиғат, жаратылыс, дін жайындағы көзқарастарында өзіндік жүйе бар. Шәкәрім «құдай бар, құран шын» деп түсінген. Құдайға қарсы болмай, адал мұсылман болу Шәкәрім үшін негізгі шарт. Оның дін саласында өзіне де, өзгеге де қояр басты талабы осы.

Шын мұсылман болайын деп ойласаң,
Құдайға құл болудың мәнісін біл, –

дейді. «Бір құдайға құл болсаң, жетеді сол» деп те айтады. «Құдай өзі береді, тағдырға қарсы соқтықпа», «Пендесін аштан өлтірмес, қарсы болма құдайға», «Келер істі жалғыз-ақ алла білер», «Бір аллаға сыйынған арам өлмес», – дейтіні де бар. Автор кейде осы пікірін сәл өзгертіңкіреп, басқаша түрде де білдіреді.

Рас құдай жазбаса, бітпес жұмыс,
Сүйтсе де бізге міндет талап пен іс.
немесе:
Деп ойлама бұйрықсыз дәулет қайда,

я болмаса,
Рас құдайдың қылғаны болмай қоймас,
Бірақ зорлап пендесін іске салмас, –

дейді. Сөйтіп ақын талап ет, ізден деген негізгі дұрыс пікірін кейде дінмен, құдай атымен де байланыстыра айтады. Ақынның адамгершілік идеяларының бірсыпырасы осы дін, немесе діни өсиет тұрғысынан баяндалады.

Ақ ісіңе құдай жақ,
Адамнан тіпті шошыма,
немесе:
Құдай таза жаратты сен таза бол,

Ұқсаң анық айттым ғой бұл тура жол,
кейде:
Қамдан, сақтан, қағып бақ, бәле келсе,
Бәрін құдай қылады дегенге ерме, –

дейді ақын. Адамдықты, ақтықты құдайдың өзі де жақтайды деген пікірге келеді. Ақын шариғатқа берген түсінігінде де сүйіспеген жастарды зорлап қосудың терістігін көрсете кеп, неке туралы шариғаттың да «адамгершілік рухты» көздегенін дәлелдеуге тырысады. Еңлік пен Кебектің күнәсіз өлтірілуін ақын «надан елдің болады діні қатты» деп, сол діннің қаталдығынан көреді. Бұл пікірде де автордың «адамгершілікке толы» дінді ойлағаны аңғарылады. Шәкәрім көптеген өлең-жырларында елдегі шала молдаларды сынайды, оларға «шала молда дін бұзар» деген ұғым тұрғысынан қарайды. Білімсіз, надан молдалардың дін атын пайдаланып, тоғышарлық істер істеуін мейлінше жек көреді. Автордың бұл саладағы сынында да адамгершілікті жақтап отыратын дінді және сондай дін иелерін көксегені айқын аңғарылады. Ақынның махаббат жөніндегі ізгі ойларында да сүйіспеншілікті қадір тұтып, лайықты бағалай білетін дінді «іздеп табуға» әрекеттенген сияқты. «Қалқаман-Мамыр» поэмасында Қалқаман атынан айтылатын мына бір сөз осы ниетті байқатқандай:

Ей, Мамыр, бұл іс оңай алдамасаң,
Зорлық жоқ, өзің сүйіп таңдамасаң.
Ержеткен қыз еркімен ерге тиер,
Молдалардан есіттім әлдеқашан.

Бұл арада адамгершілік пен махаббат еркіндігінің қамқоршысы ретінде суреттеліп отырған молдалар Қалқаман атынан мақталса, Шәкәрім түсінігінің өзінде де ұнамды молдалар болатынға ұқсайды. Демек, Шәкәрім дін де, дін иелері де өз мәнінде болса, адал болса, қоғам өміріндегі озық құбылыстардың қатарында бола алады деп білген. Жастардың ескі әдет-салттарды аттап өтіп, бас бостандығын алуына да дін, қалыптасқан салт жәрдем жасайды деп таныған. Шын адамгершілік, бүкіл адамзаттың үрдіс-тұрғысынан қарасақ, осындай ұғым-түсініктерде қате де жоқ екеніне қол қоямыз. Ғылым, жаратылыс, философия тақырыбынан табиғат (жер, ай мен күн, жан-жануар, өсімдік) лирикасына ауысқанда да Шәкәрім ғылымдық негізден аулақ кетпейді, белгілі құбылыстың заңды ерекшеліктерін өлеңнің фабуласына қоса отырады. Абай сияқты табиғат көріністерін, жыл мезгілдерін адамға, немесе оның қылығына ұқсатып жырлау ақынға тән. Жердің сан алуан өсімдіктер мен жан жануарларға толы қалпын: «жан беріп, жарық жылы нұрдан, күн – атам жерді буаз қылған» деген кейіптеумен айтады. «Әбден толып жарық ай» атты өлеңінде Шәкәрім ай мен күнді сүйікті жарға бәсекелескен адам есебінде алып, үлкен поэзиялық сурет жасайды. Айды суреттей келіп, оның бұдыр екенін, бірте-бірте кеміп, орақтай болып, ақырында жоғалып кететінін айтады (астрономиялық құбылыс):

Қармақтай белі бүгіліп,
Таласудан түңілді
Жаны шықты жығылды,
Таласты екен несіне!

Ай өлген соң күн шықты,
Мен жеңемін оны деп,
Айдан гөрі мен мықты,
Болмады айдың жолы деп.

Нұрлы күннің бетінде
Алты, жеті дағы бар
Уайым сол, ниетінде
Көреді-ау деп тағы бар.

Ай мен күнді адам ретінде алып, әдемі кейіп, сурет жасайды да астрономиялық фактыларды да ақын өлеңге қосып жібереді. Және жайдан-жай емес, белгілі портрет жасау үшін пайдаланады. Мәселен, айдың жер көлеңкесіне жасырынып, ақырында «қармақтай бүгіліп қалатыны» рас (әдемі табылған образ) ал күннің бетінде жеті-сегіз дақ бар екені де рас (ол дақтар астрономия айтуы бойынша әрбір он бір жылда бір көрініп отырады). Оны адам бетіндегі секпілі есебінде алып көрсетеді. Өлең лирикалық сұлулығымен тартады. Белгілі «Қыс» өлеңінде Абай қыс суретін ақсақал шал, кәрі құда кейпінде беретіні белгілі. Оның өзіне лайық заңы бар. Көктем әр уақытта жастықты, қай нәрсенің болса да жас шағын елестетеді. Қыс, әрине, тегі қатты қартқа ұқсайды. Аппақ қар, боран да түс, бояуы жағынан ағарған шашқа дәл келеді (көктемге көк, көгерген түс лайықты болғаны сияқты). Бірақ Абайдың ұтқан жері бұл емес. Оның үлкен өнері қысты «кәрі құда» бейнесінде алуы:

Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып мазаңды алды.

Поэтикалық суреттің әдемілігінде, дәлдігінде мін жоқ. Дәстүрлік түсінік пен үлкен жаңалықтың ұштасқанын байқаймыз. Дәстүрлік дейтініміз қысты тек адам ретінде емес, «кәрі құда» ретінде алуы. Қазақ әдетінде «құда», «құдандалы» жандардың өздеріне лайық қарым-қатынасы болады. Туыс, жақын саналуымен қатар, «құданың» өкпе, назы да аз болмайды. Кінә тағар, мін тағар уақыттары көп. Кейде ат құйрығын үзіскендей алшақ та кетіседі. Татуласу үшін ат-шапан айып төлеу керек. Сондай мазаң адамның (құда, сонымен бірге, көбіне-көп қарт адам болады ғой) қыс суретін беретін метафора ретінде алынуы ескі, дәстүрлі образдың жаңа қалыпта көрінуі. Өлеңнің жаңалық жағы басым. Шыншыл суреті, тапқан бейне, бедерлері жөнінен жаңа профессионалды әдебиетке тән белгілерін жоғарыда атап өткенбіз.

Жыл мезгілдерін, мәселен, қысты адамға теңеу, адамға лайық (сонда да кәрі кісінің, «құданың») мінез бітімі бұрынғы әдебиетте атымен жоқ. Бұл дәуірдің ақындары, өздері сол бұрынғы ауыз әдебиетінің жақсы дәстүрін алса да, ауыз әдебиетінің қайсыбір жақтарын тым жабайы көреді. Ол кездегі ақындардың ой-санасы атам заманғы жоққа сенушіліктен анағұрлым жоғары. Сондықтан, жануарларды сөйлету, не табиғат құбылыстарына бас ию, бұрынғы «құт», «жұт», «қыдыр» тәрізді иелерге сену оларға енді ескішілдік сыяқты. Ал кейіптеуді жаңа дәуірге лайықтап, мәдениетті елдердің ақындары тәрізді жаңаша құруға ол ақындардың шамалары жетпеді. Осы себептерге байланысты Абайға дейінгі әдебиетімізде кейіптеу поэтикалық тілдің ерте туып, кеш қалған түрінің бірі болды. Абай кейіптеуді қайта тірілтті. Әр түрлі өмір құбылыстарын суреттеуде болсын, автордың ой-пікір, көзқарастарын жанды етіп айтып беруде болсын, ең күшті құрал екенін танытып, өз өлеңдерінде, аудармаларында кейіптеудің тамаша-тамаша үлгілерін көрсетті. Абай бұрынғы ауыз әдебиетіндегі кейіптеулердің, әсіресе, Лермонтовтың табиғатты суреттеу әдісін үлгі етті. Ауыз әдебиетінен алғаны жансыз нәрсені сөйлету болды. Бірақ, Абайда ондағыдай «табыну», жалбарыну жоқ. Абай табиғатқа жан бітіреді, қимылдатады, сөйлетеді, сезіндіреді, бірақ ескі әдебиет нұсқаларындағыдай оларды шын жаны бар, күші бар деп ұғудан Абай аулақ. Табиғат құбылыстарын ақын кейіптеу арқылы суреттесе, ол оған сенгендігі емес, суреттеген нәрсесін күнделікті тұрмысқа жақындатып, оқушыларына жанды түрде елестету. Поэзиясы дәстүрлі арнадан шықпайтын (оны жоғарыда айтқанбыз) XVІІІ-XІX ғасыр ақын-жырауларынан бейнелеу амалдарының мұнарасы биік әдебиетке тән үлгілерін табу қиын. Бұл жөнінде Қ.Жұмалиев пікірі бірден-бір дұрыс. Шынында да, барды бардай, жоқты жоқтай айта салу, тіке, маңдай алды суреттеу өскен әдебиет үрдісі емес-ті. Біліммен толыққан, мәдениеті байыған, ойлау, топшылау, жобалау амалдары молайған, ойдың логикалық жүйесіне сай алуан сурет, қиялға ерік бере алатын әдебиет қана өмірдің, табиғаттың ғаламат құбылыстарын күрделі образдық суреттермен бере алады. Дүние жүзі әдебиет өнерінің қазынасынан, Шығыс пен Батыс мәдениетінен мол үлгі, өнеге алған Абай ғана қазақ поэзиясын басқалармен терезесі тең дәрежеге көтере алды, мағынасы жағынан да, түр формасы жағынан да қазақ өлеңіне түбірлі өзгерістер, жаңалықтар енгізді. Орыс әдебиетіне ынтыға құмар болған, оның классиктерін ұстазым деп атаған Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы қазақ поэзиясының осындай өсу, кемеліне келу сапарындағы елеулі белесі. Поэтикалық ізденістері, өлеңдерінің мәдениеттілігі, жасаған сурет, бейнелерінің дәлдігі, әрі көркемдігі, сөздің мағыналық сиымдылығын тереңдетуі – мұның бәрі Шәкәрім шығармашылығының томаға тұйық емес, басқа мәдениетті халықтар әдебиетінің озық үлгілерімен ұштас жатқанын байқатады. Гомер, Хафиз, Пушкин, Толстой, Гоголь, Некрасов қазыналары ақынға мол рухани азық. Оларға табынады, бас ұрады.

Оятқан мені ерте Шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тілін үйренумен,
Надандықтың тазарып кетті кірі.

Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,
Алдампаз, арам сопы «кәпір» қойдың.
Жанымен сүйді әдебиет, ардың жолын,
Сондықтан ол иесі терең ойдың.

Келесі өлеңінде ақын бұл ойын онан әрі тереңдетеді:
Білсе егер Салтыков пен Толстойын,
Сезсе олардың айтылған терең ойын.
Гоголь мен Пушкиндерден ғибрат алса,

Қазақтың бөлер еді-ау нұрға бойын.

Алаяқ, сұм, сопы, молдалардың қазақ халқын орыс халқына қарсы қою, діни араздықты қоздыру сияқты қылықтарын қатты сынайды да, онан мынадай қорытынды шығарады.

Өнерлі, білімді елден тәлім алмай,
Қуларға еріп, момындар тартар азап.
Ала аяқ сұмдарға ерсең, болмас жолың,
Қазағым-ау, қаңғырып қайнар сорың.

Көріп отырмыз, «момындар», «қазақтар» деп ақын бұқара көпшілікті, еңбекші халықты айтып отыр. «Сұм» дейтіні билеуші аз, сопы молдалар. Білім мен мәдениет қонған, оқу, өнері дамыған орыс халқының елін ақын батыл өнеге етіп ұсынады, тәлім алуға шақырады. Жоғары мәдениетті, ойшыл ақынға орыстың демократияшыл әдебиеті көп әсер, ықпал еткен, суреткерлікке үйреткен. Орыс әдебиетінің көп туындыларын терең ұғынып, ықыласпен қазақ тіліне аударуы да ақынның данышпан әдебиетке қарай бұрған достық бетін аңғартады. Шәкәрім Құдайбердіұлы – сөз өнерін, ақын орнын жоғары бағалағандардың бірі. Бұрынғы қазақ өлеңі көбіне онан-мұнан құрастырылған, тереңге бармай, үстірт, жалаң суретке жалтылдаққа әуес болғанын ақын сынайды:

Қазақтың жайы белгілі,
Өлеңі өңкей құрама
Байқадық қой ендігі,
Оны менен сұрама.

«Ауылым қонды Нұраға
Мінген атым сұр ала»,
Керексіз сөзбен бұрала,
Қазақ сүйтпей тұра ма!..

Сөзді әнге дұрыстап
Өлшеуменен сығама.
Симаса да сырықтап
Зорлық қылып тығама.

«Ақындарға» деген өлеңінде поэзияға, жырға қандай талаптар қоюға болатынын, қандай жырдың көкейге қонатынын ақын былай анықтайды:

Ерікті билеп алсын айтылған жыр,
Сырты – гүл жарасымды, ішінде сыр.
Жаныңның ләззәт алар жарығындай,
Мәңгілік өшпейтұғын төгілсін нұр

Ән менен күйдің тілі – үн
Ұқпасаң оны саған мін.
Мұңлы, зарлы үндер еріксіз жылатар,
Қамыққанды кейі жұбатар.

Ой, ақылымды қозғар, ән-күйді,
Жаным, жай тапқандай ұнатар.
Маңызсыз айғай ән болмас,
Татымды онда мән болмас.

Абай дәстүрін мықты ұстанған ақын өлең мен жырға қоятын талабында да ұлы Абайға ұқсап бағады. «Құр айғай ән бе екен, құлаққа сән бе екен?!» деген жолдарды еске түсірсек, талап-тілек ұқсастығын, сонымен бірге, өлеңнің сыртқы формасының да ұқсас келетінін байқаймыз. Алайда ақын, әрине, өзіндік мәнер, өрнек іздеген, бұрынғының шеңберінде қалып қоймай, жаңа бейне суреттер жасаған. Абай: «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» десе, Шәкәрім: «қадалып жүрегіне ақ қанжардай, оятсын ой – күйезді жан бергендей...»; «үйріліп көкейіне ұйып жатсын, тазартып жүрек кірін жуып жатсын»; «сырты – гүл, жарасымды, ішінде сыр» деп өлеңге, поэзияға қоятын талабын анықтай, тұжырымдай түседі. Мәнді, мағыналы болу, халық мұңын жырлау – поэзияның бірінші міндеті. Сонымен бірге, орнымен сұлулығын, әсемділігін сақтау, «қиыннан қиыстыру» (Абай айтқандай) ақылға шарт. Шәкәрім «ұйқасты, сипатты, ішкі сырлы жырыңды әнге қосу» дейді. Поэзияның эстетикалық әсерін өте жоғары бағалайды, оған ғажайып арбағыш күш бітіріп, формасы жағынан «мың» құбылтып, түрлендіріп жазған үлгілері көп.

Жыршыл ән салар толғанып ойдан,
Мұңлы зар қозғалар байқалып бойдан.
Жаныңнан бір майда сыр шығар, сезімі ояу оны ұғар;
Тіл билеп, үн күйлеп, суреттесе өмір жайлы ән,

Мұңдатса, шырқатса, ентелетсе, оянбай ма өлген тән!

Өлең сиқырына шексіз сенетінін, әрі сүйетінін ақын айқын-ақ білдірген. Өлең мазмұнынан шығатын қорытынды: шын мәніндегі көркем ән, өлең жанды тебірентпей қоймайды, оның эстетикалық әсері өте күшті. Шәкәрім поэзиясынан форма, буын, жол сандары сияқты элементтерді алып қарасақ, сан алуан. Жоғарыдағы үзіндіден сол жаңалықтардың бәрі байқалады. Өлең («Таң журналына өлеңмен байғазы» – 1925) үш шумақтан тұрады, әр қайсысы бес жолдан. Ал ұйқасы буын саны жағынан мүлде өзгеше. 1. 3 3 3 2=11........................................а 2. 3 3 3 2=11........................................а 9 9 3. 3 3 3 3 2 2 2 = 18.............б

10 5 4. 3 3 4 2 2 1 = 15 ...................в

10 6 5. 3 3 4 2 1 2 116..................в Ішкі ұйқастарын (ырғағына, бір ойдың бітуіне қарай) еске алып осы шумақты он жолға бөлуге де болады:

Жыршылар ән салар,
Толғанып ойдан.
Мұңлы зар қозғалар,
Байқалып бойдан,

Жаныңнан бір майда сыр шығар,
Сезімі ояу оны ұғар.
Тіл билеп, үн күйлеп, суреттесе.
Өмір жайын ән,

Мұңлатса, шырқатса, ентелетсе,
Оянбай ма өлген тән!?

Онда схема былай түзілер еді де, буын саны мен ұйқас кезектілігі бір-біріне басқаша түрде қабысар еді: 1. 3 3 = 6............................................а 2. 3 2 = 5............................................б 3. 3 3 = 6............................................а 4. 3 2 = 5............................................б 5. 3 3 3=9..........................................в 6. 3 2 2=7..........................................в 7. 3 3 4=10........................................г 8. 2 2 1=5.........................................д 9. 3 3 4=10........................................г 10. 2 1 2 1=6......................................д Өте қызғылықты, зейін қойып қарар заңдылық байқалады. Ақынның өз қолжазбасына сүйенсек, осы үш шумақтан тұратын өлеңнің әр шумағы бес жолдан. Онда жоғарыдағыдай схема: а–а–б–в–в болып шығады. Буын саны он сегізге дейін барады. Ал соңғы реттегідей өлеңнің ішкі ырғақ, ұйқас заңдылығын ескеріп, он жолға бөлсек (мағынаға нұқсан келмейді және әдемілігі де, әуезділігі де бұзылмайды), буын саны бес, алтыдан онға дейін барады да, алғашқы төрт жол мен соңғы төрт жол шалыс ұйқасады, ортадағы екі жол қатарынан ұйқасады: а–б–а–б–в–в–г–д–г–д. Бұл күйде де, ырғақ, ұйқас жағынан өлең сонылықты байқатады. Көбінесе тұйық буынмен бітетін ұйқастарға әрі ырғақ екпіні, әрі ой екпіні түседі. Онда заңдылық бар; айтқалы отырған негізгі ойы осы соңғы буындардағы сөздерде: ойдан, бойдан, ән, тән, т.б. Шәкәрім өлеңдерінде мұнан басқа да жаңа түрлер баршылық. Абай өрнегімен жазылғандар да мол. Олардың барлығын бірдей талдап жатудың орны жоқтай. Тек анық түйіп айтатын жай – Шәкәрім жаңа бағыт, жаңа дәуірге сай (XX ғасырдың басын айтамыз) жаңаша ойлай білген. Жырдың ендігі мақсатын аңғарып, хал-хадерінше соны ақтап шығуға ұмтылған. Сөз қадірін жақсы аңғарған ақын «ойлаңыз біздің әскер өле ме, қағазға бір басылып қалған соң» деген метафорамен өлеңді әскерге балайды («Ажалсыз әскер» – 1904 ж.). Қазақ мәдениетінің Абай тәрізді аса ірі қайраткерлерінің тәрбиесінде болу Шәкәрімді туған ел әдебиетінің арғы-бергі мұраларымен танысып қана қоймай, оның осындай ақындық талантының да ерте оянып, жедел қалыптасуына жағдай жасады. Шәкәрім нағыз реалистік поэзияның ақыны. Оның өлеңдері қай жағынан болса да, шынайы өмір құбылыстарын қозғайды. Ең алдымен адам, қоғам өміріне байланысты жайлар ақын поэзиясының негізгі өзегі болып келеді. Мұндай өлеңдерінде екіұштылық, дүдәмалдық деген болмайды, оқушы сезіміне бірден әсер етіп, баурап алады, ойды, сананы тебірентеді. Шәкәрімнің ақындық стилінде, жоғарыда айтқанымыздай Абайдан үйренгендік, Абай ақындығының ықпалы әрдайым байқалып отырады. Айталық, Абай би-болыстарды «Болыс болдым мінекей» деген өлеңінде олардың өз атынан сөйлеп, мысқылдайтыны сыяқты Шәкәрімде де осы әдіс, тәсіл орын алады. Мысал үшін оның «Шаруа мен ысырап» деген өлеңіндегі аты-жөні белгісіз бір мақтаншақтың мына сөзін келтірелік.

Қымбат ішік, қыл шапан,
Папирос тарттым баптанып,
Бешпет, шалбар сукнодан,
Тігінші тіккен ақша алып.

Күміс баулы сағатым,
Қойнымда жүр сақталып.
Резинкеден калошым,
Аяғыма шақталып.

Ер тұрманым жарқырап,
Күміс шапқан қақталып.
Қуанып өле жаздаймын,
Киіміме мақтанып,

Өйткенімен бәрі борыш,
Құтылам ба ақталып.
Пұл әпердім әркімге,
Ерте ойланбай сақтанып.

Бір күні осы кетеді-ау,
Ішек-қарнымды ақтарып.

Шәкәрімнің шыншылдық әдіс, тәсілі бұл бағыттағы шеберлігі біреуді сынауға не бір кемшілікті көрсетуге арналған шығармаларында ғана емес, өзге шығармаларында да үнемі байқалып, оның шығармашылығына тән негізгі қасиет ретінде сезіліп отырады. Аз сөзбен көп мағына, белгілі бір сурет жасау, оқушысын тиянақты бір пікірге жетелеу – Шәкәрім лирикасының басты ерекшелігі. Абайдың қазақ әдебиетін түр жағынан байытып, бірнеше өлең ұйқасын жаңадан енгізгені мәлім. Абай жасаған сол үлкен бастаманы әдебиетімізге алғаш жая, тұрақтандыра түсушілердің бірі Шәкәрім. Абайдың «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң», «Сен мені не етесің», «Білімдіден шыққан сөз» т.б. өлеңдерінің түр үлгілері негізінде Шәкәрім көптеген өлеңдер жазады. Бұл өлеңдер оның Абай дәстүрін сақтап, жанашыр ақын болғанын танытады. Махаббат тақырыбы Шәкәрім өлеңдерінде, жалпы шығармашылығында қай қырынан көрінеді? Ақын бұл мәселеде де қазақ әдебиетінің өзінен бұрынғы озық дәстүрін онан әрі жалғастырушы. Оның махаббат туралы түсінігінің өзіндік бір өзгешелігі – адал махаббатты шынайы адамгершіліктің белгісі ретінде тануы, махаббат тек екі адамның арасында ғана болып қоймай, әрбір жүректе жалпы адамға деген үлкен махаббаттың болуы қажет деп санауы.

Не қылсаң қыл адамға махаббат деп,
Мейлің сөк, мейлің үйрет айла ізденбей, –

дейді ақын. Автордың махаббат мәселесіне бұлайша әлеуметтік мән беруі – ақын шығармашылығының тағы бір қырын көрсететін белгілердің бірі. Шәкәрімнің бұл пікірі Абайдың «Махаббатсыз дүние бос» деген ой-пікірімен де үндес. Шәкәрім шығармашылығының өнімді саласы – поэма. Бұлардың көпшілігі ескі аңыз, оқиғаларға арналған. Адамның бас бостандығы, әлеуметтік теңсіздік, ескі әдет-ғұрып салдарынан туатын драмалық, трагедиялық жайлар көтеріледі. Ақынның бірсыпыра поэмасында осындай әлеуметтік тақырыптар көтерілсе де, негізінен жастар тағдыры, махаббат, сүйіспендік жайындағы әңгіме тереңірек қозғалады. Ақынның көлемді поэмалық шығармалары – «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебек», «Ләйлі – Мәжнүн». Жастардың жүрек сезімін жаншып, жара салып келген феодалдық кертартпа әдет-салттарды сынайды, топас, қара күштің құрбаны болып арманына жетпей кеткен жас қыршындардың аянышты өмірін суреттейді. Ақын сүйіскен жүректердің трагедиялық халге душар болуын бейнелей отырып, ескі ғұрыптар мен жаңа жас үміттің арасындағы бітіспес қайшылықтарды аршып көрсетеді, феодалдық қоғамның заң-жосықтары үстемдік етіп тұрған кезінде Қалқаман мен Мамырдың да, Еңлік пен Кебектің де өз тілек, армандарына жетуі мүмкін емес-ті, кейіпкерлер өлім құшағынан шыға алмайды. Бұл фактылар аталған шығармаларда реалистік мәнде, жоғары көркемдік сапада суретін тапқан, сөйтіп ақын махаббат тақырыбын жырлай отырып, қазақ қоғамындағы ескіліктің етегіне жармасқан кертартпа күштерді, әдет-салттарды орынды сынайды, осы арқылы жалпы сол тұстағы әлеуметтік құрылысқа наразылық айтады. «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебек» поэмаларына берілген алғы сөздерінде Шәкәрім былай дейді: «Қалқаман, Мамырдың ісіне ескі қазақтар теріс көзімен қараса да, осы күнгі көңілінің көзі ашықтар жазасыз екенін біліп дұға қылса керек». Автордың аузына бұл сөзді салып отырған сол кездегі тарихи-әлеуметтік жағдай еді; атап айтқанда, феодалдық ескі салттардың, әдет-ғұрыптардың іргесі сөгіліп, жаңаша қарым-қатынастың орын ала бастауы. Осы тарихи құбылыс ақынды Қалқаман мен Мамырды жақтаушылардың қатарына тартады. Бұдан ақынның өз тұсындағы өмір ағымын бірқатар дұрыс танып, оған аз да болса, ілесе білу талабында болғанын көреміз. «Еңлік – Кебек» поэмасына кіріспесінде ақын: «Шариғатта әкесінің атастырғаны жас қызға неке есепті десе де, өзге дүниелік пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегені. Әйтпесе жас баланы сатып пайдаланып, еріксіз кем-кетікке беріп, обалына қал демейді. Мен соны ойлап Еңлік, Кебекті соншалық жазалы демеймін», – дейді. Бұл арада ақынның шариғат жайын адамгершілік жолына иіп әкелу ниеті, Еңлік, Кебекті жазасыз адамдар деп тануы орынды-ақ. XX ғасырдың бас кезінде феодалдық кертартпа салттар әлі де біржолата жоғалмай тұрған дәуірде Шәкәрімнің сол ескілікке қарсы шығып, Қалқаман мен Мамырдың Еңлік пен Кебектің жазықсыз өлімін жырлауы, жаңа қадам, жақсы талап еді. Сондықтан да мұны Шәкәрім шығармашылығының аса бағалы жағы ретінде қарау қажет. Еңлік пен Мамыр да, Қалқаман мен Кебек те шығармада махаббат еркіндігін аңсаған, бүкіл адамзатқа тән қасиеттері мол жас жандар ретінде көрінеді. Олардың арасындағы махаббат сезімі шынайы адамгершілікпен ұштасып жатады. Осы ретте Еңліктің мына бір сөзін сол кейіпкерлердің қайсысына да ортақ қасиет ретінде атай өтуге болады.

Мен татысам жігітсің маған татыр,
Міне осындай ішімде қайғым жатыр.
Ойнас емес, өмірлік жолдасым деп,
Беремісің уәде Кебек батыр...

Аз күндік арам жүріс аужал емес,
Бермесең уағдаңды мүлде кесіп.

Ғашықтық мәселесінде Қалқаман мен Мамыр, Еңлік пен Кебек осы бір ортақ адалдық, ақтық сезімнің төңірегінде көрінгендерімен, кейіпкер ретінде бірін-бірі қайталамайды, дара, өзгеше бейнелер есебінде суреттеледі. Кейіпкерлердің ғашықтық сезімі поэмалардың қайсысында да романтикалық бағытта баяндалады. Олар сол жолда адалдықпен өлудің өзін үлкен адамдық қасиет деп таниды. Осы ретте Мамырдың өлім құшағына енгелі жатып айтқан мына бір сөзі көп кейіпкердің-ақ басындағы ортақ жайды танытады.

Тілегім келді орнына арманым жоқ,
Артында Қалқаманның қалғаным жоқ.
Мені сен өлтіргенмен жасармайсың,
Сүйткенмен жас жанымды алғаның жоқ, –

дейді Мамыр Көкенайға. Мамырдың осы бір сөзі арқылы ақын азаматтық ары үшін күресіп, адалдықпен қаза табудың өзін адамдық биік қасиет деп танитынын байқатады. Автордың бұл түсінігін де құптамасқа болмайды. Шәкәрім «Ләйлі – Мәжнүн» поэмасында да адал махаббат жырын шертті. Поэма шығыс ғашықтарына тән аңызға құрылған сияқты болғанымен оқиға реалистік сипатта баяндалады. Ақын сүйіскен жастарға тосқауыл болған қара дүлей күштерді жиіркенішті сезіммен суреттей отырып, махаббаттың жеңімпаздығын паш етеді. Шығарма ғашық жандардың өлім құшағына енуімен аяқталса да, махаббат сезімінің ештеңеден жасқанбайтын, қандай қиындықты болса да жеңе алатын қуатты, тегеурінді күш екенін танытады. Шәкәрімнің махаббат тақырыбында жазылған поэмаларының қайсысында болса да, биік адамгершілік сенім, бір-біріне қалтқысыз берілген шынайы сезім тебірене жырланады. Шәкәрім поэмаларын оқыған адам оның бұл жанрда кең тынысты, серпіні мол ақын болғанын аңғарады. Ақын поэмаларының композициялық даму заңдылығы, тақырыбына дәлдігі, реалистік ерекшеліктері ірі көркем шығармаларға қойылатын талаптардың қайсысына да еркін жауап бере алады. Ақын бұл еңбектерінде әсіресе адам бейнесін жасауға, кейіпкерінің психологиялық дүниесін ашуға шеберлігін танытады. Шәкәрімнің поэмалары негізінен ғашықтық, махаббат тақырыбына арналуының өзіндік себебі де бар. Поэма жанры тумай тұрғанның өзінде қазақтар арасына шығыстың ғашықтық жырлары едәуір тарап үлгірген болатын және едәуір орын алатын. Сондықтан ол поэзия жанрында тыңнан туып келе жатқан кесек шығармаларға аз да болса, әсерін тигізбей қоймады. Осы жайды Шәкәрім поэмаларынан да нақты байқаймыз. Шәкәрімнің поэмаларын тек шығыс әдебиетінің, не өзіміздің ауыз әдебиеттің әсері негізінде ғана бағалау, әрине дұрыс болмас еді. Шәкәрім поэма жазуда көркем әдебиеттің өзінен бұрынғы үлгі-өнегесін лайықты пайдалана отырып, өз тарапынан да көп ізденді, тың жаңалықтар жасады. Оның поэмаларындағы реалистік мотивтер мен кесек образдарды сол шығармашылық іздену мен өсудің лайықты нәтижесі ретінде бағалауға тиіспіз. Шәкәрім шығыстың аты-шулы ғашықтары Ләйлі мен Мәжнүнін жазғанда, бұл саладағы шығыс поэзиясының машықтары оны әбден қызықтырғанын ұғуға болады. Шығарманың негізгі сюжеттік желісінде шығыстық ежелгі рухы сақталғанымен, поэманы негізінде аударма емес, Шәкәрімнің төл еңбегі, өзіндік туындысы ретінде қарау жөн. Бұл сияқты жағдай көркем әдебиетте жиі кездесіп отыратын құбылыс. Ләйлі – Мәжнүн оқиғасын баяндауда Шәкәрім шығыс аңызының желісінде қалып қоймайды, көпке ортақ болған сюжетті өз тарапынан соны көріністер, психологиялық мінездемелер арқылы толықтырып, шығарманың өткірлік күшін едәуір арттыра түскен. Поэманың тақырыбы да автордың адал махаббат жырын жырлайтын ниетімен тығыз үйлеседі. Шәкәрім поэмаларының негізгі ерекшелігі әрине кесек мінездер қақтығысына, күтпеген қылықтар мен әрқилы оқиғаға бай болып, басты кейіпкерлер тағдырының үнемі трагедиялық жағдайда өтетіндігі. Қазақ әдебиетінде Шәкәрім – сюжеттік поэма жанрын дамытқан шебер ақын. «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебек», «Нартайлақ – Айсұлу», «Ләйлі – Мәжнүн» (түбі Фзули Бағдадидан аударма болғанымен, жоғарыда ескерткендей, өзіндік қоспа толықтырмаларының көптігінен, әрі еркін, төл жырға айналдыруынан мұны ақынның авторлық шығармасы деуіміз керек) поэмаларында оның ақындық дарыны айрықша көрінеді. Ертегі, аңыз болып кеткен трагедиялық сюжеттерді алып, көркемдігі жоғары туындылар жасады. Бір жағынан қазақ қауымына жетерліктей түсінікті тілмен (ескі қисса, жыр үрдісін қолдана отырып екінші жағынан шиеленіскен, шытырман оқиғалы сюжет құрып, бұрынғы ұзыннан ұзақ толғау сипаттас жырға түбірлі жаңалық енгізді. Абайдың «Ескендір», «Масғұд» поэмалары, Ақылбайдың «Дағыстан», Мағауияның «Медғат Қасым» поэмаларын еске алсақ, Шәкәрім поэмаларының да бір жағынан Шығыстан тараған сюжеттерге құрылып, негізінде адамгершілік, махаббат, ізгілік сияқты тақырыптарды романтикалық биікке көтере жырлаған төркіндестігін байқаймыз. Пушкиннің «Евгений Онегин» романын Абай аударса, Шәкәрім Пушкиннің «Дубровский» повесін поэма етіп аударды (1924 ж.). Бұл Шәкәрімнің Абай ізімен келіп Пушкин мұрасына кезіккенін білдіретін факт. Осы аударманың негізгі құндылығы да ең алдымен осы ерекшелігінде. Шәкәрімге аудармашы ретінде арнайы баға беру үшін, оның тақырыпқа мүлде барып, еркін тіпті прозаны өлеңмен аударғанына ең алдымен көңіл қою қажет. Шәкәрім мұрасын тұтас қарағанда ақынның ұлы Абайды тамаша ұстаз тұтып, әрдайым одан үйренуге ұмтылып отыратынын жоғарыда айттық. Шәкәрім шығармашылығының негізі – қазақ қоғамын қараңғылық пен надандықтан құтқарып, өнер-білімге тарту. Ақын творчествосындағы бағалы, көркем шығармалары мен аса нанымды, орынды пікірлері, ой-байламдары да осы үлкен мақсатқа бағынған. Жоғарыда айтылғандай кейбір қайшылықтарына қарамастан, өмір танудағы әрқилы пікірлері мен топшылауларына қарамастан, Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ поэзиясында айқын із қалдырған ақын. Ескілік пен діннің шырмауына іліккен, заман қайшылығының соқпақтарынан анық жол іздеп қарманған жан, ақырында өзі айтқан, өзі тілеген «дұрыстық», «ақтық» жол орнағанда, әлі ойланып-толғану халінде еді. XX ғасырдың басында аз да болса, ұсақ буржуазиялық ағартушылық ене бастаған дәуірде, қазақ байларының, атқа мінерлерінің патша әкімшіліктерімен ауыз жаласуы күшейген кезде ақынға сол жайдың теріс әсері тимей қоймаған. Көркем шығармаларында, негізінде, дұрыс позициядағы ақын, философиялық ой, топшылауларында көбіне түртінектеу, қараңғыда қарманғандай тұстары жиі. Сөйтседағы оған кертартпа, реакционер деген атақ тағудың орны жоқ. Философ ғалым Қ.Бейсембиев «XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы кезіндегі идеялық-саяси ағымдар» деген еңбегінде: Шәкәрім «Қазақтың қоғамдық ойының діни мистикалық, идеалистік бағытының ең көрнекті өкілі» – дейді. Автор көбіне ақынның дінге нанымын, ол туралы еңбектерін мысалға алып (мәселен, «Мұсылмандық шарт»), «мракобес», «мистик» деген тұжырымға дейін барады. Рас. Шәкәрімнің дінге нанымы күшті болған. Дүниедегі кемшілік көбі діннің бұзылуынан деп ұққан. Бірақ бұл тараптағы бірде-бір еңбегі басылып шықпаған, белсенді үгіт-насихат жүргізбеген (елден аулақ кетіп, жеке тұрған ғой), мешіт ұстамаған, сондықтан да оған Лютер типіндегі реформаторлық роль атқарды деу 6 тым асыра айтушылық. Әйтседе, көркем әдебиет саласындағы айта қаларлықтай еңбегін бағалап, «Шәкәрім творчествосындағы реалистік сәттерді жоққа шығара алмаймыз, оның талантты ақын болғанын мойындаймыз»,7 «Шәкәрімнің ақын есебіндегі реалистік ерекшеліктері, оның шығармаларының көркемдік шеберлігі туралы мәселе арнайы зерттеудің ісі болмақ» дейді автор. Бұл тұжырымына әбден қосылуға болады. Әсіресе, поэзиялық шығармалары, азаматтық, табиғаттық, махаббат лирикалары, жоғарыда атап көрсетілгендей, бұрынғы дәстүр мен жаңадан ізденудің, бейнелеу амалдарының жаңа тәсілін табудың анық айғағы. Абайдың реалистік дәстүрі мен көркемдік, шеберлік жаңалықтарын бекітіп, әрі қарай дамытқан. Қазақ поэзиясының тарихында Шәкәрім шығармашылығының алатын орны үлкен. Лирикалық өлеңдерін, поэмаларын, жалпы ақындық бетін арнайы зерттеп, аша түсу абыройлы іс. Ақын мұрасының қалың оқушы жұрттың қолына жетіп, қастерлі қазынасына айналуы бұған мол жол ашады.

1969 (1990)

Қ о с ы м ш а:

Шәкәрім мұрасы жөнінде көп айтыс-тартыс болып келгенін жоғарыда айттық. Енді соның өз қолымыздан өткен қайсыбір құжаттарын келтіріп өтелік. Барлығы бесеу.

Қосымшалар:

1. Первому секретарю ЦК Компартии Казахстана товарищу КУНАЕВУ Д.А.

Об издании поэтического наследия ШАКАРИМА КУДАЙБЕРДИЕВА (1858-1931)
Глубокоуважаемый Динмухамед Ахмедович!

Постоянные и многочисленные запросы, поступающие от трудящихся Абайского района Семипалатинской области, родины поэта, а также от широкого круга интеллигенции – литераторов, ученых и читателей – о судьбе наследия Шакарима Кудайбердиева, заставляют меня обратиться к Вам с предложением вернуться к вопросу об издании наследия поэта и поручить Институту литературы и искусства им. М.О.Ауэзова провести дополнительную работу и подготовить тщательно проверенный текст его произведений. Как литератор, занимающийся изучением творчества поэта в течение более чем двадцати лет, я вполне убежден в идейно-художественной ценности его поэзии. Мое обращение к Вам диктуется еще и тем, что уже однажды ЦК Компартии Казахстана поручал Институту изучить наследие поэта и дать предложение на предмет издания (в .). После сбора и исследования поэтического наследия Шакарима Кудайбердиева в течение трех лет и всестороннего обсуждения его на Координационном научном совете, где за публикацию выступили видные деятели науки и культуры: С.Муканов, С.Кенесбаев, А.Тажибаев, Д.Мулдагалиев, С.Кирабаев, А.Нурпеисов, 3.Ахметов, И.Жарылгапов, М.Габдуллин, А.Дербисалин, 3.Кабдулов, Т.Абдрахманов и пишущий эти строки, в . такое предложение было дано. Издание сборника поэта поддержали также Г.Мустафин и Г.Мусрепов. Этому предшествовало Постановление Прокуратуры Союза ССР, снимающее обвинение с Шакарима Кудайбердиева за недоказанностью и определившее, что «Шакарим Кудайбердиев считается реабилитированным» (письмо Прокуратуры СССР от 29 октября .). Поскольку личность поэта, как гражданина, реабилитирована, вполне было логично издать его произведения, установив идейно-художественную ценность. Как было изложено выше, она оказалась высокой. Он, по существу, яркая фигура, внесший огромный вклад в развитие казахской литературы послеабаевского периода, дальше развивший абаевский гуманизм, реализм, выступивший как демократ, интернационалист, наряду с созданием шедевров лирики и поэм, осуществивший переводы на казахский язык творений А.Пушкина, Л.Толстого, Низами, Физули, Хафиза и др. Л.Толстого он считал своим учителем. Положительную роль в этом сыграло Постановление ЦК Компартии Казахстана от . «О состоянии и мерах улучшения изучения и критического использования литературно-поэтического и музыкального наследия казахского народа», на основе которого в . была проведена Научно-теоретическая конференция под руководством отделов ЦК Компартии Казахстана, где с анализом творчества деятелей литературы прошлого выступил М.О.Ауэзов. Конференция приняла рекомендации по углубленному изучению наследия поэтов, в том числе и Шакарима, и обнародованию их произведений. В целом произведения Шакарима Кудайбердиева широко издавались как до революции, так и после нее. Отдельными книгами изданы «Генеалогия казахов» в . в Оренбурге, «Калкаман – Мамыр», «Зеркало казахов». «Енлик – Кебек» в 1912 г. в Семипалатинске. В советское время: в 1918, 1923, 1924, 1935, 1936 гг. он печатался в журналах «Шолпан», «Абай», «Адебиет майданы»; такие произведения как «Дубровский», «Буран» (переводы из Пушкина), «Лейли и Меджнун» – с предисловием С.Сейфуллина – изданы в 1924, 1935, 1936 гг. Около десяти стихотворений, в том числе «Я ученик Льва Толстого» в . напечатаны в газете «Казах адебиети». Наконец, в . в серии «Библиотека поэта» в Ленинграде на русском языке издано около пятнадцати стихотворений в сборнике «Поэты Казахстана». Таким образом, произведения поэта в разное время печатались отрывочно довольно часто (о нем дана положительная статья в Краткой Литературной Энциклопедии – КЛЭ, 1978, Москва). Но цельного издания его наследия не было. Особенно в последнее время его имя уже совсем не упоминается. В недавно изданный (в .) трехтомник под названием «Поэты пяти веков» произведений Шакарима Кудайбердиева издательство «Жазушы» не включило, хотя он был подготовлен Институтом и рекомендован к печати его Ученым советом. Наряду с Шакаримом, из сборника оказались изъятыми поэты Дулат, Мурат, Шортанбай, Абубакир-Кердери, Нуржан Наушабаев, Машхур Жусуп Копеев, Нармамбет Орманбетов, Бернияз Кулеев, Макиш Калтаев, Гумар Карашев (погибший коммунистом, написавший стихи о Ленине, об Октябре), хотя их произведения никогда не вызывали споров. Это обстоятельство заставляет меня обратить Ваше внимание на нежелательную тенденцию, бытующую среди издателей: лучше запретить, чем пойти по пути разбора и раскрытия противоречий. Объективное исследование проблем истории культуры, с привлечением материалов, показывающих слабые и сильные стороны тех или иных творческих личностей, стало делом сложным, поскольку Лито не пропускает ни одного подобного имени даже в тех случаях, когда это крайне необходимо для аргументированного научного анализа. Дело дошло до того, что запрещают упоминать имя Турагула, сына Абая, собирателя образцов литературы. Трудно, а иногда просто невозможно оперировать историческими фактами в исследованиях из-за огромного количества запрещенных имен и изъятых наименований. Творения вышеназванных поэтов прошлого рекомендациями конференции . подлежат публикации и изучению в вузах. Известно, что историю не надо ни улучшать, ни ухудшать. О слабых сторонах творчества названных поэтов всегда говорилось. Например, в некоторой части их поэзии замечается непонимание поступательного хода общественного развития, боязнь проникновения капиталистических отношений, особенно купли-продажи, тяга к патриархальщине. Но они же изобличают, критикуют баев, феодалов, двойной гнет – со стороны царских колонизаторов и местных вельмож, несправедливость, ратуют за равноправие, труд, образование, проповедуют ум, честь, достоинство. Лишать читателей такого духовного богатства, означало бы обеднять культурную историю народа. Пример бережного отношения и вдумчивого использования всего положительного, прогрессивного в творениях того или иного деятеля культуры на благо воспитания художественного вкуса народа, показывает русское советское литературоведение. Например, в этом году широко отмечается 100-летие со дня рождения В.Хлебникова, хотя он в свое время был вождем футуристов, выступал «заумными стихами, формалистическими изысками», призывал «бросить Пушкина, Достоевского, Толстого и прочих с Парохода Современности». В области стиха, однако В.Хлебников выступил с рядом новшеств. Издаются многотомными собраниями сочинения И.Бунина, «враждебно встретившего Октябрьскую революцию, эмигрировавшего в Париж, изменника, восхвалявшего интервенцию против Советской России», выступавшего даже в период Великой Отечественной войны в стане врагов (БСЭ, Москва). Также издаются большими тиражами и изучаются в вузах творения К.Бальмонта, Л.Андреева, М.Цветаевой, Д.Мережковского, 3.Гиппиус, даже Н.Гумилева, И.Северянина, «которые были злейшими врагами Советского Союза, примкнули к белоэмигрантам» и кончили жизнь на чужбине (БСЭ, КЛЭ, «Русская литература начала XX века», 1962, Москва). Однако, среди их творений есть полезные, ценные, которые глубоко индивидуальны и которые обогащают русское художественное слово, поэтому читающему поколению, любому культурному человеку, их надо знать. Образцами марксистско-ленинской методологии в изучении культурного наследия прошлого являются указания самого В.И.Ленина, когда он, сурово осуждая пролеткультовцев, призывавших отказаться от всего наследия прошлого, независимо от его значимости, советовал очень бережно относиться к духовному богатству народа. «Марксизм не отбросил ценнейших завоеваний буржуазной эпохи, писал В.И.Ленин в проекте постановления о пролеткульте, а усвоил, переработал все, что было ценного в более чем двухтысячелетнем развитии человеческой мысли и культуры». В.И.Ленин решительно отвергал, «как теоретически неверные и практически вредные, всякие попытки выдумывать свою особую культуру», оторванную от богатейшего народного опыта («В.И.Ленин о литературе и искусстве», 1957, стр. 397). Известно, что современная советская культура – преемница передовой, прогрессивной культуры прошлого всех народов СССР. Глубокоуважаемый Динмухамед Ахмедович! Ставя Вас в известность о таком положении в исследовании истории культуры, по существу, искусственно созданном, прошу Вашего совета и указания вернуться к выполнению до конца уже принятых ранее постановлений ЦК Компартии Казахстана по обнародованию литературного наследия прошлого. Необходимо убрать искусственные завалы и пересмотреть изъятые наименования, чтобы исследователь имел возможность оперировать ими в своих работах, а лучшие издать. Прошу Вашего указания о подготовке необходимой справки о жизни и творчестве Шакарима Кудайбердиева и о составлении собрания его поэтических произведений. Институт литературы и искусства им. М.О.Ауэзова вполне может выполнить эту задачу.

С уважением М. БАЗАРБАЕВ, директор Института литературы и искусства им. М.О.Ауэзова АН КазССР, кандидат в члены ЦК Компартии Казахстана.

14 мая 1985 года ***

10 декабря .

2. В отдел науки и учебных заведений ЦК КП Казахстана

О художественном наследии
Шакарима Кудайбердиева

Решением Секретариата ЦК КП Казахстана в 1965 году Институту литературы и искусства им. М.О. Ауэзова было поручено собирать и изучить поэтическое наследие Ш.Кудайбердиева на предмет издания и о результатах доложить в ЦК КП Казахстана. Решению предшествовала большая работа по установлению поэтического лица Ш. Кудайбердиева. В частности, об издании его наследия ходатайствовали Семипалатинский обком и облисполком, трудящиеся Абайского района той же области, Союз писателей Казахстана. Из числа литераторов, писателей, поэтов, журналистов и ученых Центральным Комитетом партии была создана авторитетная комиссия, призванная определить характер творчества Ш.Кудайбердиева. Комиссия представила в ЦК КП Казахстана справку, поддерживающую издание наследия поэта. На основе этих документов Секретариат ЦК КП Казахстана обязал Институт доисследовать творчество Ш.Кудайбердиева и представить обоснованное предложение на предмет издания. В течение трех лет Институт собирал стихи, поэмы, рассказы, переводы Ш.Кудайбердиева и проводил исследование. В настоящее время поэтическое наследие Ш.Кудайбердиева, собранное из разных источников (рукописных фондов, из ранее изданных книг, газет и журналов) составляет 706 машинописных страниц, т.е. около 25 п.л. или около 20 тысяч строк. Сюда вошли 164 стихотворения, 3 поэмы, 5 прозаических произведений, 18 художественных переводов. На основе исследований Институт пришел к выводу о том, что поэтическое наследие Ш.Кудайбердиева не содержит ничего идейно вредного, наоборот оно продолжает демократическую традицию казахской поэзии XX века (см. справку). 3 декабря с.г. поэтическое наследие Ш.Кудайбердиева было обсуждено на совместном заседании Научно-проблемного совета «Закономерности развития казахской литературы» и Ученого совета Института литературы и искусства АН КазССР. На заседании присутствовали кроме членов советов представители КазГУ, КазПИ, ЖенПИ, Союза писателей. Выступили 12 человек. Все выступившие говорили об издании избранных произведений поэта с критическим предисловием и комментариями (стенограмма прилагается). Совет на этой основе пришел к выводу об издании однотомника Ш.Кудайбердиева и все материалы для окончательного решения вопроса вместе с собранным поэтическим текстом направить в ЦК КП Казахстана. В выполнение решения Секретариата ЦК КП Казахстана и на основе выводов Научного и Ученого советов, направляем поэтическое наследие Ш.Кудайбердиева для решения вопроса об издании.

К этому письму приложены:
1.Ш.Кудайбердиев (1858-1931). Краткая справка – 5 стр.

2.Стенограмма (протокол) обсуждения поэтического наследия Ш.Кудайбердиева на совместном заседании Научно-проблемного совета «Закономерности развития казахской литературы» и Ученого совета Института литературы и искусства им. М.О.Ауэзова АН КазССР – 30 стр.

Ш.Кудайбердиев. Сочинения. 706 стр. (с комментариями).

Директор института, заместитель председателя Научно-проблемного совета «Закономерности развития казахской литературы», член Всесоюзного научно-проблемного совета «Закономерности развития мировой литературы в современную эпоху»

М. БАЗАРБАЕВ

3. Шәкәрім шығармалары жөнінде Сәбит Мұқанұлымен әңгіме, пікір алысу.

10 сентябрь 1969 ж.

Минсовет демалыс үйі.

С. Мұқанов:

Қазір Академия Шәкәрім шығармаларын жинауда көп жұмыс істеген. Бірақ әзірге таңдамалыларын шығарған дұрыс. Абай поэзиясы биік шың болса, Шәкәрім көбіне соның төменгі етегінде жүреді. Шыңырап биікке кетпейді. Таңдамалыға не енеді дегенде көбіне-көп төл туындыларын, жақсы деген поэмаларын алу жөн. Мәселен, поэмалардан «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр», «Ләйлі – Мәжнүн», «Дубровский» енгені дұрыс. Прозасы ескі емле. Онша жетектемейді. Қазақ шежіресін қосуға болады. 100-150 өлең ену керек. Туманян дашнактарға қатысқан. Ал Шәкәрімде жаңа өмірге қарсы ештеңе жоқ. Алашордаға қатысты дегендердің түпкі негізі ақынның атын пайдаланудан шыққан болар. Алғы сөзді объективно жазу керек. Судан шыққандай (шомылып) тап-таза болмау керек. Талқылау кезінде әр дүниесін әркімге қаратып баяндату қажет: өлең, поэма, проза, шежіре. 4. Қарағым Мүсілім! Прокуратураның маған хабарлаған екі рет, 29 октябрьде 1958 жылғы және 29 ноябрьде 1959 жылғы қатынастарының копияларын жібердім. Қарағандының Орталық газетіне октябрьде 1980 жылы жарияланған Жайық Бектұровтың «Ақын мен арамза» атты толғауы жазылған газетті жібердім. Тілектес ағаң Ахат. 1981 жыл.

Менің адресім. г.Семипалатинск, улица Кирова, 101. кв. 13. телефон 2-40-26.
5.Семипалатинская область, Абайский район
Райком партии
Матаеву

Уважаемый Хафиз Матаевич, со скорбью узнал о кончине Ахата Қудайбердиева, бывшего работника музея Абая на Жидебае, собирателя, пропагандиста творчества большого поэта Шакарима, крупного представителя казахской поэзии послеабаевского периода. Ахат был неутомимым тружеником, хранителем культурного наследия родного народа. Хорошо зная его, неоднократно беседовавший о наследии Шакарима, я глубоко опечален, что лишились такого знатока творчества своего отца, помощника для нас. Приношу глубокое соболезнование.

Директор Института литературы и искусства
им. М.0.Ауэзова АН КазССР М.Базарбаев

7 сентября 1984 года

КӨК ДАУЫЛДАЙ КЕУДЕЛІ

Қасым Аманжоловтың ақындық, адамдық қалып-тұлғасы алабөтен өзгеше еді. Нағыз тынымсыз поэзияға лайық өз бітімі де елгезек, сергек, ылғи ояу жан болатын. Осыған сай тілі де өткір, ащы келетін. Мұнысы шыншыл өлең өнерінің тұздығындай Қасым поэзиясын әрлі, әрі нәрлі ететін. «Дауыл ғой дауылдан бар тұрған бойым, мен қайтіп іштегі өртті жасыра алам» деп өзі мойындағандай өлеңі де өртеніп, жалындап тұрды.

Құя алман үгітілген балшық өлең
Көңілімде көл жасаман тамшыменен,
Серінің семсеріндей сертке таққан
Өлеңнің өткірін бір алшы менен, –

деген жолдардан да ақынның өлең жөнін өзінше түсінумен қатар, өз басының мінезін, қайтпайтын қайсарлығын, ащы да болса, шындық досы екенін байқаймыз. Ақынның 1948 жылы шыққан «Дауыл» жинағы оның шығармашылық бетін анықтаған кітап болды. Кезінде бұл жинақ жөнінде әр қилы пікір айтылған. Әсіресе, оған енген «Сары арқа», «Ертіс» өлеңдеріне космополиттық өлеңдер деген кінә тағылғаны есімізде. Нағыз патриоттық рухта жазылған осындай және басқа бірсыпыра ақындардың өлеңдеріне қойылған кінә қисынсыз-ақ еді, сондықтан да Қасым сыяқты лаулап тұрған талант иелері біраз тоқырауға ұшырап қалды. Бұл ұрда-жық сын кәдімгі 1950-51 жылдардағы космополит науқанының салдары еді. Оның басы украин ақыны В.Сосюраның «Украинаны сүй» деген өлеңінен басталғаны мәлім. Шындығында, Қасымның бұл өлеңдері туған жерді басып, батысқа, майданға бара жатқан азаматтың елі, жері туралы ойы, толғауы еді. Амал қанша, ойдан шығарылған науқан кезінде әр әдебиет өз ішінен космополит табуы керек болды да, Қасым ақын соның құрбаны етілді. Кейін, есімізде, Қасым көбіне аударма ісіне ауысты, М.Лермонтовтан, А.Пушкиннен аударды. Қайтыс болар алдында шыққан таңдамалы жинағына көбіне-көп осындай аудармалар енді де, төл шығармалары өте аз кірген еді. 1953 жылдың декабрь айында Қасым Аманжоловпен соңғы рет кездестік. ҚКП Орталық Комитетінің әдебиет және өнер бөлімінің қызметкерлері Андрей Трофимович Изотов пен осы әңгіме авторы екеуміз ақынның көңілін сұрауға бардық. Бұл жөнінде бірінші хатшы Ж.Шаяхметовтың тапсырмасы болғанын бөлімде айтқан. Ақынның науқасы дендеп, біраз ауырлаған кезі еді. Әйгілі пәтер жайындағы эпопея аяқталып, ақынның екі бөлмелі үйге қолы енді жетіп, қыстың көзі қырауда пәтерге жаңа ғана кірген кезі. Ленин даңғылы мен Виноградов көшелерінің маңайынан тұрғызылған екі қабат жұпыны жатаған үй. Соның бірінші қабатынан пәтер тиген екен. Біз барсақ үйдің іші бу, ылғал екен, жанған от, плита, қайнаған самаурыннан қабырғалар суланып кеткен. Қасым өзі керуетте қабат-қабат жастық үстінде жантайып жатыр. Есіктен қарсы алған жұбайы Сәпен бізді жоғары қарай жетелейді. Біз орындық алып, ақынның жанына кеп отырдық. Жөтел қысып, ентіге дем алып отырған Қасекең бізге өте жылы шыраймен қарап, ықыласпен сөзге араласты, есен-саулық сұрасты. Соңғы жинағының бір данасын ала келгенбіз, оның үстіне Жұмекең сәлем айтып жатыр деген соң, көңілі мүлде көтеріліп, басын жастықпен демей, әнгімеге кірісіп кетті. Көптен таңдамалы кітабы шықпаған ақын соңғы жинағына балаша қуанып жатыр, көлемі де біраз бар екен деп қояды. Науқасының мән-жайын сұрастырғаннан кейін, ол да, біз де тезірек айығу тілегін айтысып, қоштастық. Ғазиз жан кейін бір жылға толар-толмаста дүние салды. Қайтыс болғанына жыл толғанда ақын Әбділда Тәжібаев «Қазақ әдебиетінде» «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы» деген көлемді еске алу мақаласын жазды. 1955-1956 жылдары ақынның үш томдық толық жинағы жарық көрді. 1965 жылы бір томдық таңдамалары басылып шықты. Мұның бәрін ұйымдастырып, жүзеге асырғандар Е.Ысмайылов, Ә.Тәжібаев, С.Мәуленов, Т.Әлімқұлов еді. Бұл басылымдар ақын атына деген үлкен ізгі белгілер болып қалды. Қазақ поззиясында өзіндік айбарлы үн қалдырған талант иесі Қасым Аманжолов өткен жол 30-жылдар мен Ұлы Отан соғысы, сонан кейінгі жеті-сегіз жыл шамасы. Өмірінің соңғы кездері ауыр науқаста өтті. Ақын айрықша талант, дарынымен ерте көрінді, бүкіл саналы өмірін қалам өнеріне жұмсады. Қазақ поэзиясын көркемдік, өткірлік, тапқырлық, идеялық тереңдік, мазмұндылық жағынан ілгері бастырған ақын еді. Мәдениетіміздің белесті асуындай өз алдына бір төбе, мол мұрасы соңғы қаламдастары мен оқушыларына мирас боп қалды. Ата-анадан жетім қалған Қасым Семейдегі балалар үйінде тәрбиеленіп, сондағы бастауыш мектепте, кейін мал дәрігерлік техникумда оқиды. 1930 жылдар шамасында орта білім алып, орысша оқып үйренген ол әдебиеттік іске, яғни жазушылық қызметке, алаңсыз көшеді. Алғаш мектептегі кездерінде жазса да, Қ.Аманжоловтың поэзия майданында жемісті еңбек етуі 30-жылдардың орта шенінен басталады. Бұл тұста ақын қазақ әдебиетінің классиктерін, орыс әдебиетінің алыптары А.Пушкинді, М. Лермонтовты, украин ақыны Т.Шевченконы, әсіресе кеңес поэзиясының маршалы В.Маяковскийді, шетел әдебиетінен Д.Байронды сүйіп оқыған. Орал қаласындағы педагогикалық институтта, Ленинградта орман шаруашылығы институтында оқығанымен, негізгі көңілі әдебиетте, поэзияда болған ақын 1932 жылы Алматыға қайтып оралады да, «Лениншіл жас» газетінде қызмет істейді. Алғашқы жинағы 1938 жылы «Өмір сыры» деген атпен жарық көреді. Ұлы Отан соғысына қатысады. Қ.Аманжоловтың соғыстан кейінгі өмірі түгелдей поэзия жолында өтеді, 50-жылдардың бас кезінде аса дендей бастаған науқасы жанын қинайды. Соның өзінде ақын өлеңдері оптимизмге толы. Еңбек адамы, бейбітшілік туралы, майдан өмірі жайынан қызғылықты өлеңдер жазады. Ақынның поэмалары, әсіресе «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы, аса жоғары баға алды. Өзі оқыған ақындық мектебін аңғартқандай Қ.Аманжоловтың алғашқы өлеңдері М.Горькийге («Сұңқар жыры»), В.Маяковскийге («Ақын»), А.Пушкинге («Ақынның ескерткіші») арналады. 1940 жылы жазған «Жалғыз жалау» деген өлеңі де М.Лермонтов әсерімен жазылғаны сезіледі. Осыған орай «Ақын соты», «Ақынның мінезі» деген көзқарасын аңғартады. Ақын – күрескер, өз Отанының патриоты, ол қас пен досқа немқұрайды қарай алмайды. Жауына бүркіттей шүйілсе, досына қанатымен су тасиды. Ақын – от жүректі, ыстық қанды жан. Самарқау, салқындық оған жат, ерлікті сүйеді. «Жолдас маршал» (1940) өлеңінде ақын өзінің патриоттық сезімін былай көрсетеді:

Өлім деген
басынар қорқақ жанды,
Қорқақ болсын
деп туған жоқ адамды;

Жігіттігің не керек,
жүрсең бұғып,
Толқын қуған қайықтай шетке ығып;
Сертім осы,

қабыл ал,
жолдас маршал!
Жалын жүзді жауынгер келдім,
қарсы ал.

Тыныштықта
маманмын
жыр тоқуға,
Майдан болса

даярмын оқ атуға.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қ.Аманжолов майданның нағыз қызу ортасында болды. Елін, халқын, жарын сүйген ыстық махаббатты, жалынды лирикалы өлеңдері осы тұста туады. «Ұлы Отан соғысы туралы жыр» (1943 ж.), «Елге хат» (1944 ж.), «Үстімде сұр шинелім» (1944 ж.) деген және басқа да көптеген өлең-жырларында ақын елге төнген қауіпті, неміс басқыншыларының айуандық әрекеттерін, бұл тажалға бүкіл халық болып қаһар төккенде ғана жеңіске жетуге болатынын, жеті басты жалмауыздай пәленің түбіне өз жерінде жетіп, қан қақсату керектігін жігерлі, уытты өлең жолдарымен, елін, жерін сағынып, көкірегі қарс айрылған адал ұлы жүрегімен жырлайды. Қ.Аманжолов бүкіл соғыс жылдарын қолына қару алып, қатардағы солдат болып өткізген. Қиыр Шығыстан сонау батысқа дейінгі жолды шарлайды. Қайда жүрсе де, адалдықты, адамдықты, батырлықты паш етеді:

«Өлім» деген арсыз сөз,
Қайдан маған болдың кез,
Өлім – жауым, өмір – дос,
Неге өлейін бостан-бос, –

деп жазады ақын, көңілінің толқыған бір кездерінде. Туған жерді, асыр салып жас шағында ойнаған, есейгенде бойда жігер қайнатып, ақындық, поэзиялық өнерге үйреткен қазақтың ен даласын талай еске алып, Қ.Аманжолов терең сезімге құрылған лирикалық өлеңдер жазған. «Өтіп бара жатырмын» (1943 ж.), «Ертіс» (1943 ж), «Қанқұйлы жау» (1943 ж.) сияқты өлеңдері патриотизмді мадақтайтын – жоғары идеялы шығармалар. «Ертіс» деген өлеңінде ақын былай дейді.

Күй төгіп кернейлетіп ағады Ертіс,
Лебімен балқытады даланы Ертіс,
Ертісім, еркіндіктің бесігі – бұл,
Ер жігіт, ерте тұр да Ертіске түс.

Жерімнің жатқан бұл бір көк жойқыны,
Үстінде ойнақтаған өр толқыны,
Болаттай суарылған осы Ертісте
Қайтып та ер болмасын қазақ ұлы.

1945 жылы жазылған «Жеңіс даусы», «Алматы», «Өз биігім – өз советім» атты өлеңдерінде ақын ұлы жеңісті жырлайды. Жеңіс даусы саңқылдайды, тебірентеді; махаббатты аңсаған, тыныштықты көксеген жандар ұшарға қанатсыз, бойды қуаныш кернеп Мәскеуге, елге сәлем жолдайды. Қ.Аманжоловтың соғыстан кейінгі өлең-жырларында Отан келбеті, бейбіт өмірдің тыныштығы, еңбекші халықтың тіршілік, тұрмыс сипаты, жарқын болашақ үшін күрес, ұлы бесжылдықтар табысы негізгі тақырып болады. Қуатты, дәрменді поэзиясында ақын өмірдің әр алуан жайттарын, адам көңіл-күйінің әр қилы мезеттерін алып жырлайды. Ең алдымен кеңес адамы – ақынның өзі де, ал ақын – бүкіл халық, кеңес халқы. Мәселен, фашистке қарсы соғысқан жалғыз ақын ғана емес, бүкіл кеңес халқы, соның ішінде мыңдаған қазақ өкілдері қарумен қарсы шыққаны белгілі. Ақын осының бәрін поэзия дәстүріне лайық өз атынан, лирикалық қаһарман атынан айтады. Фашистерді жерлеп, табалайтын өлеңінде «сен аспанда жұлдыз қақтың, мен далада түйе бақтым» деген жолдар бар. Ақын «түйе бақтым» деп жалпы қазақ тұрмысына тән мал бағу тіршілігін айтып отырғаны белгілі. Ата-бабадан келе жатқан кәсіп. Ал жаңа заман тұсында ғылым, білім алып, мәдениетке жеткен халқы инженер де, шахтер де, ғалым да болды. Бірақ фашистер оларды баяғыша «тағы» халық, сауатсыз халық деп басынды. Ақын осы психологияны ұғады да, жауға мынадай кекесінді, иронияны айтады:

Егерде мен түссем қолға,
Қамар ең-ау темір торға.
Олай болмай, бұлай болды,
Біздің бақыт, сіздің сорға.

Сен фашиссің, мен қазақпын,
Өзің айтқан «азиатпын».
Таң қаларсың «философым»
Ғажабына табиғаттың.

Көкірегін ұрып, кекіреңдеген, бүкіл Ресейді «тағы», «бұратана» халықтарымен қосып үш айда алып бітем деген гитлершілдер 1945 жылы жер құшты, өз жерінде күл-талқан етілді. Лирикалық қаһарман осыған қуанады, масаттанады, бүкіл халық, ел атынан айға ұмтылам деп мертіккен жауды сықақ, мазақ етеді. Поэзияда қай ақын, қай өлеңінде болса да, өз атынан сөйлегенде, ортақ ойды айтып отырғаны, лирикалық қаһарман атына айтып тұрғаны түсінікті. Қ.Аманжоловтың азаматтық сарыны күшті, адамды сүю, оның ісіне қуану, қоғамға, қауымға пайда келтіру парыз деген рухта жазылған лирикалық өлеңдері аса көркем, тартымды, сұлу. Осы ретте махаббат туралы, адамның көңіл күйі туралы, табиғат жөніндегі өлеңдерін де атауға болады. Кейіннен ыстық-сезім, жалын, от ессе, кейіннен тамылжыған тәтті үн, гүл мен күннің сыбыры естіледі. Сұлулық пен жарастық суреттеледі:

Алыста асау өзен күркіреген,
Жер жатыр жалт-жұлт етіп бір түлеген.
Аспанның ермегіндей жерге төккен
Бір нәзік жұпар жаңбыр сіркіреген.

Табиғат суретін ақын осы арада өзінше, басқаларда кездесе қоймайтын бояумен бергені көрінеді. 1950 жылы жазған «Сыйса егер өмір сыры бар жаныңа» деген өлеңінде адамгершілікті, кішіпейілдікті айтады:

Жерде тудың, қадірін сен біле біл
Аспанға ұшсақ, сонда да жерге үңіл;
Туған жерде тік бассаң аяғыңды,
Сен мықтысың еркіндеп ойна да күл.

Өмірінің соңғы кездерінде Қ.Аманжолов Отан алдындағы, халқы, ағайын досы, отбасы алдындағы ақындық борышы туралы көп жазды. Бұл сәттегі өлеңдері – елін сүйген, жұртын сүйген, туған Отанын ілгері, алға бастап бара жатқан қаһарман азаматтың нағыз патриоттық жырлары. Әсіресе, ауру дендеп, мазасын алған шақтарда да Қ.Аманжолов сары уайыммен сарнамайды. Айнала жарқын жазға, өмірге, жарқын дос көңіліне қарап жадырайды. Көптеген лирикалық өлеңдерінде Қ.Аманжолов қарызды өтеу, борыштан құтылу деген мотивті көп айтады. Ондағысы Отан, халық алдында босқа өмір сүрмеген болайын деген тілек. «Поэзия асыл жар, тек өзіңе тең болсам», «Көкіректегі күйіңдей, жырыңды жаз ерінбей», «Бәрін де беріп ел-жұртқа, қарыздар болмай өлейік», «Көп борыш мойнымызда өтелмеген, ойым жоқ қарыздар боп кетем деген» сияқты өлең жолдары Қ.Аманжоловтың аурудан қауіптеніп, бар ақындық талантын көрсете алмай кетем бе деген ойын аңғартады. Расында да, соңғы 2-3 жыл ішінде ақын көп өлең жаза алмады. Тек тиіп-қашты болмаса, ылғи емделу, аурухана, не үйде төсек тартып жатып қалатын болды. Қ.Аманжолов өмірінің үзілуі қазақ көркем әдебиеті үшін өте ауыр қаза еді. Өйткені бергенінен әлі берері көп ақынның нағыз таланты қаулап өсер шақ енді келген-ді. Соңғы жылдары үстемелеп жазып, ақыры 1954 жылы бітірген «Өзім туралы» деген өлеңі ақынның іштей ойлану, толғану сыры сияқты, әрі кейінге қалдырған аманат сөзіне ұқсайды. Қазір көпшілік жұрт жаттап алған осы өлеңде мынадай жан тебірентер шумақтар бар:

Ризамын туғаныма адам болып,
Өкінбей қаламын деп бір күн солып.
Адамзат сапарының мейманымыз
Бір мезет жер бетіне кетер соғып.

Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.

Соңғы төрт жолды шумақ үкімет қаулысы бойынша ақынның басына орнатылған ескерткіш тасқа ойдырып жазылды. Қ.Аманжолов поэзиясына дауылды, екпінді, серпінді күш тән. Екпінді болғанда көбіне құр айқай, даңғазалық үлгімен жазылған ұран өлеңдер іспетті емес, терең сезім мен мазмұнның, отты, уытты сөздердің екпіні, оқушысын баурап әкететін әсерлі, құнарлы шумақтар екпіні. Ақынның Отанға, елге арнаған өлеңдерінен В.Маяковский поэзиясының сарыны естіледі. Бұл тек жай еліктеуден емес, үлкен тақырыпты үлкен пафоспен жырлау керектігінен шыққан үндестік. «Дүние дұшпандарына» (1948 ж.), «Той бастар» (1950 ж.), «Отыз үш жыл» (1950 ж.) және басқа өлеңдерінде Қ.Аманжолов саяси, қоғамдық тақырыпты жырлаудың үлгісін көрсетті. «Ленин және дүние» (1940 ж.) деген өлеңінде Қ.Аманжолов мынадай аллегориялық сурет жасайды:

Емдеді дүниені сонда Ленин,
Ақтарып ақыл-миын, көкірегін...
Бойына дүниенің қан жіберіп
Орнатып берді өз миын, өз жігерін...

Лениннің қызыл туы алды орап
Шұғылаға шомылдырып жер мен көкті.
Дүрсілдеп дүниенің кеудесінде
Лениндік алып жүрек тынбай соқты.

Ежелден еңбекші мен жатып ішер, қаналушы мен қанаушы екі ұдай күресіп, қақ жарылған дүниені ақын ауырған адам есебінде алады да, Ленинді емші, дәрігер ретінде суреттейді. Ленин идеясы бүкіл адамзат жүрегіне ұялағаны рас, оны ақын дүние кеудесінде лениндік жүрек соқты деп образды теңеумен айтады. Қ.Аманжолов өлеңдерінің түрлік, формалық, ұйқастық, буындық әралуандығы сүйсіндірмей қоймайды. Өлеңнің буынын, ырғағын, ұйқасын өзгертіп, сан құбылтып, айтар ой, мақсатқа бағындырады.

Нұрлы дүние – туған елім,
Жарқылдайсың жас айбынмен.
Бір сен үшін туған едім,
Бір сен үшін жасаймын мен.

(«Нұрлы дүние», 1951 ж.) Бұл шумақтағы ой тек осы формада, сегіз буынмен, «бір сен үшін» деген сөздердің екі рет қайталануымен аса әсерлі шығып тұрғандай. Әрине, бұл ойды басқа формада айтуға да болар еді. Бірақ онда оқушының алар әсері басқаша болуы да мүмкін. Ақын лирикалық өлеңдермен қатар, көптеген поэмалар жазған. Олардың тақырып, мазмұндары әр қилы. «Құпия қыз» (1939 ж.), «Бикеш» (1940 ж.), «Ақын өлімі туралы аңыз» (1943 ж.) және басқа да поэмалары ақынның уақиғалы (сюжетті) ұзақ шығармалар жазудағы шеберлігін байқатады. Өресі кең, үлкен таланттың ақыны оқушы жұртшылықты «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасымен айрықша риза етті. Қазақ әдебиетінде, әсіресе поэзияда, соғыс кезеңінде тап осындай жоғары баға алып, көп аталып, көп айтылған шығарма кемде-кем-ақ. Өйткені халық басына соғыс әкелген трагедияны мұншалықты жеткізіп, жан тебірентерлік етіп айтқан ақын аз-ақ. Поэма майданда қаза тапқан талантты жас ақын Абдолла Жұмағалиевқа арналған. 26 жасында жау оғынан қыршын кетеді. Өжет, ер ақын жастығын ала өледі. Қ.Аманжолов осы қазадан ел қайғысын, майданда азап шеккен жандардың ерлік, қаһармандық бейнесін көреді. Қас жау құтылып кете алмайды, жүрегін бомба етіп атуға даяр халықтан жау қалтырамай тұра алмайды деген мотивті автор уағыздайды. Поэманы үш бөлімге жіктеп қарауға болады. Бірінші бөлімде ақын (автор) толғауы берілген. Бұл – бір аса күшті жүрек отымен жазылған жолдар. Майдан суреті, кекті жан ашуы шиыршық атқан, оттай жарқылдап ұшқындаған сөздермен сипатталған. Өмір мен өлім айқасы өлең сөздерінің тізбегінен, буын, ырғағынан сезіліп жатады:

Майдан етіп дүние төрін,
Темір, гүрзі қақтап отқа,
Жекпе-жек кеп өмір, өлім,
Соққыласып жатқан жоқ па?..

Алда болмақ трагедия көп баяндаусыз, сараң суреттермен аңғартылады. Бірінде ақын:

Қырғын соғыс ортасында,
Жүрді ұлан
Кекті зілін
Қоса түйіп қорғасынға, –

десе, келесі жолдарда «қонды орманға қорғасын бұлт» деп қайталайды. «Қанды ізін қара түнге, көме тастап жаулар отыр» деген жолдар жалпы қауіп күтулі кезеңнің қорқынышын қоюлата түседі. Бұл кіріспе сияқты бөлімде ақын аз сөзбен отты кектің, ерегіске жанын тіккен, өзі оқ боп атылғандай жас ұланның жай күйін суреттейді. Екінші бөлімде лирикалық қаһарманның ой-тілегі тікелей өз сөзімен айтылады. Мұнан нағыз батырдың, тайсалмас ер жүректі жауынгердің намыс пен кекке булыққан айбатты бейнесін көреміз:

Қасиет күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!

Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп.
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл, жүрек!

Қас дұшпанды жеңудің бірінші серті оны жек көре білу болса, тап осы қаһарманның жек көруі жауды ұнтақтамай, таптамай, кеңірдегінен алып мытымай қоймайтын жек көріс болар. Бүкіл кеңес халқы неміс басқыншыларына лағынет айтса, оның жас ұландары жауға оқ боп атылғаны мәлім. Мұның мысалдары көп. Ақынның осы өлең жолдары нағыз батырлықты, түнерген күндей салмақты, саналы батырлықты паш етіп тұр. Нанымды, шындық образ – осы.

Үшінші бөлімде ақын қаза тауып, жер дүние күңіренгендей қаралы:
Ұшты құстар шартарапқа,
Хабарлауға ер өлімін.

Қасым Аманжолов поэзиясында көп ұшырайтын қасиетті дауыл бұл жолы тағы соғады. Аспан да, дауыл да әділетсіздікті көтере алмайды, жас құрбан жайын дүниеге жаймақ.

Бұлтын жиып көкірегіне,
Күрсінді бір аспан ауыр;
Қос қанатын соғып жерге,
Азаланып жетті дауыл;

«Таптатпан, – деп, – күлін жауға»
Құшып алып кетті дауыл,
Республика аспанында
Осынау күйді шертті дауыл.

Поэманың аяғы осындай апофеозбен бітеді. Мұнан ер өліміне қайғырумен бірге, ата жауымен алысып, кегін ала кеткен батырға деген ризашылық, сүйіспеншілік сезіледі. Трагедияның алдан үміт күттірер оптимистік сипаты көрінеді. Қаһарман батыр өзі де артында қалғандарға:

Туған халқым, туған жұртым,
Алшы жаудан, алшы кекті, –

дейді, кек алар жұрт, ел барына сенеді, мұны ойлап, жаралы жан рухани жұбанады. Поэманың жарық сәулелі жерінің бірі – осы. Әрине, патриот қаһарманының ерлік ісі кімді болса да жадыратады, қаза тапқанмен, азаматтық борышын ақтап, атын мәңгі тірілер қатарында қалдырғандай, оптимистік бояуы айқын көрінеді, Қ.Аманжолов поэмасында екі түрлі философиялық ойды аңғартады: ерлік өлмек емес, өлең өлмек емес, Поэманың қаһарманы – қыршын батыр, ер, сонымен бірге ел намысын жыртқан, ел кегін бойына жинаған ақын. Шығарманың өзекті ойы осында: өмір мен өлең жайында. Табиғат құбылысы, көңіл күй жайы поэмада аз суреттермен ұмытылмастай етіп берілген. Мәселен:

Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар, –

дегенде, зуылдап ағып келіп жатқан снарядтардан қалың орман ағаштарының шаштай бір талдап жұлынып, құлап жатқаны көзге елестейді. Немесе:

Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар, –

дегенде, жер сілкінген жарылыстардан жар опырыла құлап, суға сіңіп кетіп жатқаны шынайы суретпен берілген. «Ақын өлімі туралы аңыз» – аса көркем тілмен, жоғары идеялық мазмұнда жазылған поэма. Орыстың және батыстың классикалық поэзиясын көп оқудың нәтижесінде және оның маңдай алды шығармаларынан үйрену мақсатымен Қ.Аманжолов әуелде тиіп қашты, соңынан арнайы іс етіп аудармашылық қызметпен шұғылданады. Ақын аудармаларының әдебиеттік маңызы үлкен. Өйткені орыс поэзиясының дүние жүзілік маңызы күшті шығармалары бүкіл қазақ әдебиетіне, басқа да сапалы аудармалар сияқты, жаңа үлгі, өрнек әкелді. Қ.Аманжолов аудармаларының ішінде А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, Н.Некрасовтың, Т.Шевченконың, В.Маяковскийдің, А.Твордовскийдің таңдаулы деген шығармалары бар. Сондай-ақ ақын Д.Байроннан, Низамиден де аударған. А.Пушкиннен аудармаларының ішінде: «Ақын», «Чадаевқа», «Тұтқын», «Еркіндік» атты әйгілі өлеңдері бар, «Полтава» атты поэмасын да аударған.

Күбірлейтін
ежелден
ақын емен.
Өлең бетін әскердей

сапқа құрып.
Жолдарымен
жорыққа кетем
жүріп:

Қорғасындай
салмақты
өлеңдерім
Жеңіске,

өлімге де
буған белін.

Қ.Аманжолов – төл шығармаларымен, аудармаларымен қазақ әдебиетінде, бүкіл әлемдік поэзияда өзіндік із, стиль қалдырған, көркемдік, мазмұндық жағынан қазіргі қазақ өлеңін байытқан ірі талант. Сөз өнерін еркін билеп, дәстүрлі өрнекке өз жаңалығын қосқан, қаламының желі бар, өлеңінің арқасы бар, сегіз қырлы, бір сырлы ақын. Шығармалары өзінің тірісінде де, кейін де өз замандастарының, қаламдастарының жоғары бағасына ие болды. Бүкіл одақтық жазушылар съезінің мінберінен (1954 ж.) Қ.Аманжолов өлеңдері мақтау алған. Жазушы Леонид Соболев былай деген-ді: «Ол қаптаған жауға қасқайып қарсы тұрып, жалғыз оғы қалғанша жалынға өртенген өзінің шебін қорғап соғысып, ерлікпен қаза табады. Осы туралы Қасым Аманжолов «Абдолла...» – «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэмасын жазды. Бұл – шынында да, терең сезімге және жарқын образдарға лық толы, салтанатты, ұлы бейнелі аңыз». Заманымыздың атақты ақыны, мәдениет қайраткері Николай Тихонов: «Қазақ ақындарының жырларында өмірдің кең тынысты лебі өзінің табиғи түйсігімен елестейді... Қасым Аманжолов «Абдолла» поэмасында батыр Абдолла Жұмағалиевтың ерлігін жырлады, геройдың отты өлімін бейнелеуге шебер ақындық сөздер, бояулар таба білген, – деп жазған. Қазақ әдебиеті сынында да, әдебиет тану ғылымында да Қасым Аманжолов поэзиясы жоғары баға алып келеді. Ақын творчествосы «Қазақ совет әдебиеті тарихы очеркінің» 1957, 1958, 1960 жылғы басылуларында жеке тарау болып зерттелінген. Алты томдық «Қазақ әдебиеті тарихында» да Қасым Аманжолов творчествосына монографиялық бөлім берілген (1966 ж.). «Өзім туралы» өлеңінде ақын «Өртке тиген дауылдай өлеңімді Қасымның өзі емес деп кім айтарсың» дегеніндей Қасым Аманжолов шығармашылығы қазақ поэзиясының жарқын беттері болып тарихтан орын алды. Өз үні, өз стилі өзіне лайық, отты, дауылды жылдар мен жырлардың дауылпаз ақыны қазіргі әдебиетімізбен бірге жасасып келеді. 1940 жылы жазылған «Дауыл» деген өлеңінде-ақ:

Көк дауылдай кеуделі
Жігіт болдым, ер жеттім.
Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз,

Қарсы алуға дайынмын,
Соқса да дауыл дамылсыз, – деген еді.

1969

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР, МАЗМҰН ЖӘНЕ ФОРМА

Дәстүр деген ұғым мазмұн, формамен бара-бар емес. Мысалы, «Ұлттық дәстүр» мен «ұлттық форма» бір дүние емес, бір-бірінің синонимы болып табылмайды. Формаға қарағанда дәстүр кеңірек мағынаны білдіреді. Оның мезгілдік, мекендік айырымы үлкен. Дәстүр белгілі бір дәуір барысында өзгермейтін болса, немесе аз өзгеріске ұшырайтын болса, форма мен мазмұн олай емес, көркем шығармада айтылмақ ойдың мән-мағынасына қарай, идеясына қарай өзгеріп отырады. Яғни өркендеген әдебиеттің мазмұны жаңа екені сияқты, форма да жаңа болуға тиіс және солай да. Ал дәстүр ұлттық шығарманың қалпын байқататын көне элемент ретінде мазмұнды да, форманы да қамтиды және ұзақ эволюцияны басынан кешіреді. Жақсы дәстүр ұлттық көркем шығарманың қаны мен сөлі сияқты оның жақсы мазмұнын да, оған лайық формасын да аңғартады. Бұл жолда дәстүрдің кейбір тұрақты түрлері де, немесе, ұлттық психикаға, мінез-құлыққа байланысты алуан түрлі көріністерінің жиынтығы да белгілі қызмет атқарады. Мазмұн мен форма бірлікті байқатса, ұлттық дәстүр сол бірлікті айқындай түсетін, бекіте түсетін фактор. Мұның басты себебі ұлттық мінез-құлықтың психиканың ұзақ тарихтық түзілісте белгілі бір тұрақтылыққа ие болуынан дәстүр осының сәулесі, яғни характердің көрінуі. Мұнан дәстүрдің сана мен ақылда болатын, яки болмақ өзгерістерден бұрын тұратыны, сондықтан оған біраз әсер ететіні ұғылады. Дәстүр алдымен тек әдебиеттік, өнерлік көрініс емес. Дәстүр, әдет, салт, үрдіс, тіпті дағды, ғұрып деген сөздер кең мағынада адам мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қылықтар. Демек, ұлттық дәстүр тез өзгеріп, немесе жоғалып кете қоймайтын құбылыс. Ұзақ уақыт бойына, тіпті таптық формациялардың ауысуына қарамастан өзгермей қалатын кездері де бар. Мұндай әдет-ғұрыптар адам санасының жаңалануына біраз уақыт кедергі жасауы да мүмкін. Бірақ бұл жерде әңгіме озат дәстүрлер мен әдеттер, немесе, кертартпа, зиянды дәстүрлер мен әдеттер жайында болып отырған жоқ. Әңгіме мезгіл мөлшерімен алғанда дәстүрдің ұзақ дәуірдің нәтижесі болуында, сөйтіп адамдар тіршілігінің түрлі сферасында байқалуында. Үрдіс, дәстүрдің, салттың адам психикасына, мінезіне байланысты түзіліп қаралатын тұрақты құбылыс екенін В.Г. Белинский даусыз нәрсе деп қарап, әдебиет туралы былай дейді: «...әдебиет қолдан жасалынбайды; оның жасалуы халықтың ырқынсыз, көңіл қалауынсыз, ниетінсіз болатын тіл мен дәстүрлердің жасалуы сияқты»8. Демек әдет, салт дегендер ұлттың көп ғасырлық өмір тіршілігінен шығып, миға ғана емес, қанға сіңіскен құлықтар. Бұл пікірді В.Г. Белинскийдің мына тұжырымынан анығырақ байқауға болады: «...барлық қауымға бірдей түсінікті тілі жоқ халық болады деу қиын; сондай-ақ тек өзіне ғана тән айрықша дәстүрлері жоқ халық болады деу онан да қиын. Бұл салт, дәстүрлерді елдің табиғатына қарай тігілген киім-кешектерден көруге болады, түбінде халықтың нанымында, сенімінде және жалпы ұғымында жататын отбасындағы көне қоғамдағы өмірінің түрлі формаларынан көруге болады... Салт, дәстүрлер көнелігімен берік; уақыт елегінен өткен сайын нығая бермек, әрі рудан руға, буыннан буынға, атадан балаға мұра ретінде жалғаса өтіп отырады. Олар халықтың сыр-сипатын байқатады, онсыз халықтың өзіндік кейіп-қалпы байқалмас еді; керісінше ойлау құрғақ, еш уақытта жүзеге аспайтын қиял. Халық неғұрлым жасаң болған сайын, оның салт, дәстүрлері де сол ғұрлым айшықты, көп бояулы болып келеді және мұны өзіне бірден-бір жарасқылықты көреді; уақытқа, сауаттың ашылуына байланысты мұның бәрі бірыңғайланады; әйтседе олардың өзгеруі тек ақырын ғана, білінер-білінбес түрде ғана жүріп отырмақ, онда да біртіндеп, бірінен соң бірі. Асылында халық ол салт, дәстүрлердің кейбіреулерінен өз еркімен бас тартқаны мақұл, сөйтіп жаңа салт, дәстүрлерді қабылдағаны дұрыс; бірақ бұл арада да әр жақтың күресі, өлермендік күресі, әр жақтың өзінің не ескіні ұстанатыны, не жаңаны қалайтын жақтаушылары, классиктері мен романтиктері болмақ. Халық өзінің салт, дәстүрлерін қасиетті қазынасындай, өзінің еркінсіз оны кенеттен бұзамын, немесе шұғыл реформамен өзгертемін деушілерді қас жаумен тең көреді»9. Әдебиет пен көркемөнерде, халықтың жалпы мәдениетінде бұл шындық сәулеленіп көрінуі тиіс. Яғни белгілі ұлттың, халықтың өмір тануы, оны қабылдауы өзі тұратын ортаға, қоғамдық хал-жағдайға, географиялық, климаттық тұрақтылыққа байланысты туып қалыптасып жататыны сияқты оның образды ойы да, көркемдік түсініктері де әлгімен тығыз сабақтас. Күнделікті өмір-тіршілікте, іс-қимылында ғасырлар бойы танымал болған, дағдыға айналған әдіс-айланы қолданатын сияқты көркемдеу құралдарында да сондай етене болып кеткен, образ бейнелерді көп қолданады. Бұған қарап, әрине, әдебиет пен көркемөнердегі барлық өрнек, нақыштар, көркемдік бояулар түгелдей дәстүр болады екен деген ой тумауы керек. Ұлтқа, халыққа тән өзгешеліктер, айырым белгілер ең алдымен мазмұн, мән-мағына ретінде қаралуға тиіс. Өйткені басқалық, өзгешелік сол мазмұнға байланысты ғана байқалып танылмақ. Әрине, оның өзі белгілі форма, түр арқылы жүзеге асып жатады. Дәстүр, салт, әдет-ғұрып дегендер жаңағы мән-мағынаны, түбірлі, түпкі мазмұнды аңғартатын, байқататын белгілер сияқты. Бірақ соңғының өз мағынасы кең, рөлі күшті, тек белгі болумен, форма болумен шектелмей мазмұнды, заттың, құбылыстың мәнін білдіретін реттері көп. Мұнда дәстүр мазмұнды да, сыртқы форманы да қамтиды. Дәстүрдің тез өзгеріп, не жойылып кете қоймауының басты себебі мазмұндық функциясының мол болуынан сияқты. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін арнайы зерттеген философ Н.Сәрсенбаев мына шындыққа дұрыс назар аударған: «Әр ұлттың психикалық түзілісі ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүр және ұлттық мінез-құлық сияқты бір-біріне байланысты, бір-біріне сүйенген компоненттерді қамтиды. Және ұлттық сезімдер мен ұлттық мінез-құлық түрлері ішкі факторлар ретінде, осы ұлт таптарының рухани ерекшеліктері мен қасиеттері ретінде көрінеді, ал ұлттық салт пен дәстүрлер сыртқы факторлар ретінде, қоғамдық пікірлер күші ретінде, осы ұлт өкілдерінің қоғамдық тәртібін бір қалыпқа келтіретін материалданған идеялар ретінде байқалады». Бұған қарап салт-дәстүрлердің, біріншіден, ұлттық психикаға байланысты біраз тұрақты, немесе, тұрақтанған нәрсе екенін аңғарсақ, екіншіден, ұлттың мінез-құлқын, қоғамдық кейпін байқататын құрал екенін, сол мінез-құлықтың көріну амалдарының бірі екенін көреміз. Бұл жайтта оның сыртқы факторлары, яғни, бейнелі, бедерлі, формалық қасиеттері мол сезіледі. Әдебиет пен көркемөнер шығармаларында ұлттық дәстүр, салт, өнегелер, әсіресе айқын көрінетінін айтып, әрі қарай Н.Сәрсенбаев былай дейді: «ұлттық сезім әрбір халықтың әдебиет пен көркемөнердегі табыстарын саралаумен тығыз байланысты. Бір ұлттың, халықтың музыкасы үйреніп жаттықпаған басқа ұлттар өкілдеріне онша әсер етпеуі мүмкін. Мәселен, халық творчествосының шығармаларын алайық. «Қыз Жібек» немесе «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпостары қазақ халқының төңкеріске дейінгі бүкіл тарихын, тұрмысын, мәдениеті мен рухани кейпін байқатады; бұл шығармаларды сол кездегі қазақ өмірінің энциклопедиясы десе де болғандай. Олар қазақтарға этикалық, эстетикалық және өмір тану жағынан орасан әсер етеді, көңілін хош етеді. Бірақ олар, сонымен қатар, басқа ұлттар өкілдеріне соншалықты әсер етпеуі де мүмкін. Қырғыздың «Манасын», карельдердің «Калеваласын» алсақ та жағдай солай». Айтылған пікірдің ұлттық дәстүрге, ұлттық айырмашылыққа байланысты жағын түгел қостай отырып, бір ескертпе жасау керек. Ол мынадай: әрбір көркем шығарма, мейлі әдебиеттік, мейлі музыкалық болсын, рас, ұлттық сыр, сипатты байқатады, әсіресе дәстүрлі фольклор шығармаларына бұл әбден қатысты. Сонымен бірге, нағыз ұлттық, халықтық, жақсы дәстүрлерді бойына жинаған көркем дүние екінші ұлт өкіліне жат көріне ме? Біздіңше жат көрінбейді. Ешбір әсер етпейді деуге бола ма? Біздіңше болмайды, яғни әсер етеді, етуге тиіс. Өйткені, ұлттық дәстүр, ұлттық сезім дегендерді абсолют мағынада түсініп, ешбір ырыққа көнбейтін, өзіндік, томаға тұйық дүние десек, онда бір ұлт мәдениетімен екінші ұлттың танысуы, бір халықтың қоғамдағы, не әдебиет пен өнердегі жақсы дәстүрлерінен үлгі алуы мүмкін болмас еді. Себебі түсінбеген, ұқпаған нәрсені адам өнеге тұтуы мүмкін емес қой. Мысалға алынған «Қыз Жібек» жырының өзіне назар аударсақ, қазақ ауыз әдебиетіне тән салт-дәстүрлер көп болғанына қарамастан, қазақтардың сол кездегі тұрмысын, образдау, бейнелеу түсінігін байқататын көркемдеу дәстүрлеріне қарамастан, оның қай халыққа болса да түсінікті таныс көш суретін, ондағы қыздар портретін алайық: он төртінші көштен кейін ғана Қыз Жібекке жеткен жыршы алдында қанша көште, сұлу қыздарға бірінен бірі асатын суреттеме берсе де, Жібекке басқа, соны, сұлу сөздер таппай ма? «Әлқисса, сондағы Жібектің формын баян қылмақ» деп бастайды жыршы:

Қыз Жібектің құрметі,
Жиһаннан асқан сәулеті.
Ләйлі – Мәжнүн болмаса,
Өзгеден артық келбеті...

Қыз Жібектің дидары –
Қоғалы көлдің құрағы,
Көз сипатын қарасаң –
Хор қызының шырағы.

Дүррі жауһар сырғасын
Көтере алмай тұр құлағы.
Бой нұсқасын қарасаң,
Бектер мінген пырағы.

Қыз Жібектің ақтығы –
Наурыздың ақша қарындай.
Ақ бетінің қызылы –
Ақ тауықтың қанындай.

Екі беттің ажары –
Жазғы түскен сағымдай.
Білегінің мүсіні –
Ақ балтаның сабындай.

Оймақ ауыз құмай көз
Іздеген ерге табылды-ай.
Өткірлігін байқасаң...
Нұр тұқымын еккендей

Екі ауыз сөз сөйлескен,
Мұратына жеткендей.
Тірісі түгіл Жібектің
Өлігіне адам қырылып,

Бетінен келіп өпкендей...
Бейіштен жанған шам-шырақ,
Көзі жайнап жанып тұр.
Белі нәзік талып тұр,

Тартқан сымнан жіңішке,
Үзіліп кетпей нағып тұр10.

Қыз Жібектің сұлулық сипатымен бірге, оның мінезіне, көңіл-күйіне қатысты мына бір суретті де келтірелік:

Жібектің жайын сұрасаң
Асып туған анадан
Шаһизада кісі еді.
Кісі бойы кереует

Алтын тақтың үстінен
Қояндай қарғып түседі,
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзі жалтылдап,

Алтынды кебіс сартылдап,
Жүйрік аттай ойқастап,
Құнан қойдай бой тастап,
Қалмайын деп ұялып,

Жан-жағын қарап байқастап,
Кер маралдай керіліп,
Сары майдай еріліп,
Тәңірі берген екі аяқ,

Бір басарға ерініп,
Үйден шықты Қыз Жібек
Көрінген көзге дүниенің
Баршасынан жерініп11.

Ұзақ та болса, осы портрет-суретті түгел келтірген себебіміз (дұрысында бұл түгел емес, жырдың ұзына бойына Жібек образы барған сайын толығып, соны суреттермен ашыла беретіні жұртқа мәлім) қазақтың байырғы жыр сипатын байқату да, сонымен бірге, ұлттық ұғым ерекшеліктері мол болғанымен, мұндай күрделі портреттердің қай халық өкіліне болса да түсінікті екенін және баурап аларлықтай әсер ететінін аңғарту. Көріп отырсыз, осы суреттемеде өзінің тіке мағынасында қолданылған сөз кемде-кем. Жібек бейнесін анықтауға арналған сөз өрнектері өте әсем, әдемі. Барлық теңеу, метафора айнала табиғаттан, шаруа, кәсіп қалпынан алынған. Бұл үзінді, сонымен бірге, қай тілге аударса да, суретінің дәлдігімен, әсіресе, шебер жасалуымен кімді де болса таң қалдырар еді. Басқа көптеген жырлардан да мұндай шыншылдығы мол суреттемелерді ондап, жүздеп табуға болады. Қазақ фольклорын зерттеуші академиктер М.Әуезов пен Қ.Жұмалиев өз еңбектерінде жырдың бұл ерекшеліктеріне мол назар аударды. «Образ жасау жөніндегі өте шебер берілген нәрсе – қаһармандардың басында болған күйініш-сүйініш суреттері. Олардың ішкі сезіміндегі не қуаныш, не қорқыныш тәрізді құбылыстарды, оқушылар тап өз басында болған қайғы, шаттықтай әсер ететіндей етіп беру – негізгі шарт. Сондықтан да қаһармандардың басында болған күйініш-сүйінішті суреттей білудің мәні үлкен. Бұл жағынан «Қыз Жібек» жыры асқан құнды жыр. Және: «Ақынның көш бастап бара жатқан бірнеше сұлуды суреттеулерін алсақ, бірі екіншісінен аса түседі. Және сол көп қыздар біріне бірі ұқсамайды... Қыз Жібектің сұлулығын басқалардан да асыра суреттейді», – деп жазады Қ.Жұмалиев. «Жібектің жүрісінен сол қаһарманның сыртқы кескіні де, ішкі дүниесі де бірдей көрінетінін» және мұның өзі «жырдағы сипаттаудың бір шеберлігі» екенін айта келіп, М.Әуезов жоғарыдағы сурет жөнінде: «Асыға басқан, жарын көруге ынтызар болған Жібек тыңдаушының да дәл көз алдында кетіп бара жатқандай», – дейді. Осы пікірлерді ғалым М.Ғабдуллин де қайталайды12. Мұның бәрі жалпы жырдың, немесе оның жеке суреттерінің оқушыға күшті әсер ететінін, оны толғантпай, сүйсіндірмей қоймайтынын растайды. Қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде, лирикалық батырлық эпостарында сол халықтың дүние танымы көрінетіні белгілі. Сонымен бірге, тұрмысы, әдет-ғұрпы, салты, дәстүрі байқалады, тіршілік жайы аңғарылады. Бұл – шығарманың танытқыштық жағы. Ал эстетикалық әсеріне келсек, нағыз халықтық шығарма басқа ұлт өкілдерінің де тамсана оқып, таң қалатын, таңданатын туындысы болуы тиіс. Өйтпейінше бір ұлттың көркем туындысы басқа ұлтқа түсініксіз, немесе эмоционалдық әсер етпейтін дүние болып қалар еді. Ал іс жүзінде олай емес екені мәлім. Қайта ұлттық дәстүрге бай, көркемдігі жоғары, айырым белгілері мол туындылар екінші халық өкілдері үшін тіпті қызғылықты, тартымды келеді, өзіне жете таныс емес жайттарды оқып білуге жетектеп, ынталандыра түседі. Әрбірден соң бір ұлттың көркем дүниесінің басқа ұлт өкілінің көңілін аударатын тартымдылығының өзі ол шығарманың ұлттық бояу, дәстүрге қанық бояуынан, айырым, ерекшеліктерінің мол болуынан. «Қыз Жібектен» келтірілген жоғарыдағы образ-сурет өзіндік бояуының молдығынан, бүтіндігінен қазақ халқының ертедегі тұрмыс қалпын, поэзиялық дәстүрін білемін деген басқа ұлт оқушысын мүлде баурап алар еді. Және осы үзіндінің өзінен қазақ тарихына, оның дүние танымына лайықты теңеу, эпитет, метафоралармен бірге басқа көп халықтың поззиясында, әсіресе, фольклорлық поэзиясында болатын айшықтарды табуға болады. Басқа халық оқушысының жыр желісін толық түсініп, қанағат алуына, қызыға, сүйсіне оқуына оның тигізетін себі көп. Философиялық жағынан алып қарағанда, салт дәстүр ұлттық өзгешелікті аңғартып, байқата тұрса да, ұлттық мінезді білдірсе де, ол екінші ұлт өкілі түсініп білмейтін категория емес екені анық. Қайта озық дәстүр, ұнамды қылықтар екінші ұлт үшін де үлгі өнеге мектебі болмақ. Ұлттық сын мен сырға бай, дәстүрлі нақышы мол әдебиет туындылары жалпы адам баласындық мәдениеттен тыс емес, қайта соның қорын толтырады. Бұрын бірін-бірі білмей, танымай келген халықтар мен тайпалар қол өнері мен тіл өнеріне қарай басқа халықтарға белгілі болып, ал олардың мәдениеті жалпыға ортақ болған жайлар көп. Мұның мықты мысалдарын Кеңес Одағы халықтарының өмірінен табуға болады. Кезінде қазақтың халық музыкасы жөнінде Ромен Роллан мен Максим Горькийдің айтқан сөздері баршаға мәлім. 1926 жылы Л.Затаевич шығарған «Қазақтың 1000 әні» деген жинақпен танысқан М.Горький «Тамаша музыка үлгілері болашақ Моцарт, Бетховен, Шопен, Мусоргский, Григтер үшін аса бай, қымбат материал» деген. Ал Ромен Роллан осы әндер жинағы жөнінде А.Затаевичке жазған хатында: «Тіпті мені таң қалдырғаны олардың маған бөтен көрінбегендігі. Басқаны былай қойғанда ол әндер маған біздің Еуропаның музыкалық фольклорымен бірге туыстай сезіледі», – дейді. Мұнан қазақ музыкасымен, фольклорымен бұрын мүлде таныс болмаған, Еуропа мен орыс мәдениеті дәстүрлерінде өскен жазушылардың халық музыкасының сырын тез ұғып, бай мазмұнын тез түсінгенін көреміз. Тап осындай жайды қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлт аспаптары оркестрі жөнінде де айтуға болады. Халықтың байырғы әндерін, күйлерін репертуарына негізгі бағдарлама етіп алған бұл оркестрдің концерттерін тыңдамаған ел аз. Әрі музыкасының, әрі орындау аспабы мен тәсілінің ұлттық сипатына қарамастан, оған ризашылық білдіріп, қол соқпаған тыңдаушы жоқ. Құрманғазы күйлері орыс, украин, өзбек, немесе тағы басқа қай ұлттың болса да тыңдаушыларын сүйсіндіреді. Москваның колонналы залында оркестр Құрманғазыны ойнағанда, бір орыс тыңдаушысы: «Қайда Құрманғазы, жақсы музыкасы үшін қолын қысайын» депті. Бұл қазақтың қанына сіңіп кеткен байырғы музыкасының басқа ұлт тыңдаушысына да мықты әсер ететінін дәлелдейді. Халық қуанышы мен күйінішін білдірмейтін, оның арманы мен қиялын аңғартпайтын, қайта рулар мен тайпалардың бай мен бектердің, дін басыларының мүддесін уағыздайтын әдет-ғұрыптар, салт- дәстүрлер аз емес. Әдебиет пеп көркемөнерде ол да орын алған. Әсіресе, мақал-мәтелдерде, айтыс өлеңдерінде, тұрмыс-салт өлеңдерінде бұл жиі кездеседі. Қазақ халқының өмір-тіршілігінен, күнделікті тұрмысына мұндай түбірі таптық қайшылықты аңғартатын әдет-ғұрып, салттар келмеске кеткені сияқты, онын поэзиялық, музыкалык, яғни өнерлік көріністері де қазір мүлде жоқ. Кертартпа, зиянды қылық, әдеттер (ру басын мақтау, жағыну, жылу, зекет жинау, әмеңгерлік, атастыру, қалың мал алу, әйелді сыйламау т. б.) шынында фольклорда соншалықты мол көрініп жатпайды. Жоғарыда айтылғандай мақал-мәтелдерде, ру басылары өздері ұйымдастыратын айтыс өлеңдерінде және тұрмыс-салттық поэзияда кездеседі. Кейбір қисса, поэмалардың өңделген, яғни үстем тап ыңғайына қарай өзгерілген нұсқаларында ұшырайды (мысалы Төлеген өлгеннен кейін Қыз Жібектің Сансызбайға қосылуы); бірақ бұл жерде екі жастың өз еркімен қосылып отырғанын, оның үстіне жырдың тым көне заманда, олай некелесу оғаш емес, қайта әркім ұстанатын салтқа айналып кеткен заманда туғанын да ескеру қажет. Негізінде халық поэзиясы оның даналығын байқатады, өмірдің қараңғы, көңілсіз жақтарын емес, әділетсіздікті емес, жарық күнді, жарастылықты, сұлулықты, әділетті жыр етеді. Бұған байланысты халык поэзиясында өз өмір танымына, түсінігіне лайық ұнамды іс-қылықтар, жақсы дәстүрлер суреттеледі. Халық әдебиетінде бұл басым; батырлық, ерлік, қара күшті қалайда жеңіп шығу ертегілер мен хикаялардың негізгі арқауы. Өйткені оның арманы, тілегі сол. М.Горький айтқандай, «Фольклорды жасаушылар ауыр, мүшкіл халде өмір сүрсе де, құлдық еңбегін қанаушылар еш етсе де, өз басының өмірі теңдіксіз, қорғанышсыз өтіп жатса да, осының бәріне қарамастан фольклорға сары уайымшылдық мүлде жат». Қанаушы тап халық өміріне қанша қысым жасаса да, оны өз мүддесіне бағындыруға қаншама тырысып бақса да, фольклор негізінде көпшілік бұқараның, езілген таптың өмір, тіршілігін, арман, тілегін білдіретін ескерткіш болып қалды. Ол түсінікті де. Жүздеген жылдар бойына айнала өмірге, табиғат құбылыстарына деген, адамдардың қауымдық тұрмыс-тіршілігіне деген белгілі бір түсінік, ұғым әбден қалыптасқан, санаға сіңген. Ала-сапыран оқиғалар да, қатты күйзелістер де, шапқыншылық та, жұт та, табиғат ғаламаттары да халық жадынан шықпайды, халық оны ұмытпайды. Сондай-ақ көне заманнан бері келе жатқан қауымдық, отбасылық тұрмыстағы адамдардың бір-біріне қатынасы, әрбір дәуір тудырған әлеуметтік құбылыстар да оның жадына құйыла бермек. Фольклорлық шығармалар сол ұзақ өмірдің сәулеленіп көрінуі, халықтың көп ғасырлар бойы дамыған санасының айғағы, айнала табиғатты, тіршілік еткен жандарды көркемдік жолмен тануының айғағы, сонан туған түсінік, ұғым. Бейнелеу кұралдары да сол ұғымнан, өмір танудан шығып жататыны белгілі. «Адамдардың түсінік, ұғымы олардың өмір-тіршілікте үнемі басшылыққа алатын күштерінің бір»,13– дейді Н.Г.Чернышевский. Батырлық жырлардың, ертегілердің түптеп келгенде халықтық дүние екенін В.Белинский де, Н.Добролюбов та, Н.Чернышевский де өздерінің эстетикалық, философиялық еңбектерінде толық дәлелдеп көрсеткен. Өмірдің сан қилы құбылыстарын басынан кешірген халық өз даналығын, тапқырлығын, ой-арманын фольклорда білдірген. «Тек күш-қуаты мол, қайнаған өмірі, ар-намысы бар, таза, адал халықта ғана халықтық поэзия дамиды. Сондықтан да бұл поэзия күш-қуатқа, шын мағынасындағы поэтикалық мазмұнға толы боп келеді... Жалпы алғанда онда өмір, күш-қуат, қарапайымдылық, адалдық бар, оның тынысы да таза, пәк. Өзінің мазмұны қандай болса, түрі де сондай: қарапайым, шыншыл, асыл, қуаты мол». Н.Чернышевскийдің бұл айтқанынан халық шығармашылығының пайда болу, туу жайы ғана емес, оның өсу, даму сипаттарының да қандай болатынын білеміз. Қай халық болса да жақсылыққа, адалдыққа, әділеттілікке ұмтылады. Бірақ осы жолында еңбегі еш болатындай, тауы шағылып беті қайтатындай күйзелістерге де ұшырайды. Халық поэзиясының сыңайы осыған қарай құрылып, түзетіледі де, кейінгі ұрпаққа бір кездегі шындықты білдіреді. Көпшілік азшылыққа бағынған қанаушылық заманда, қалың бұқара қара түнек таршылық көрген кезеңде, шығармашылық еркіндік біраз бәсеңдеуі ықтимал, бірақ бұл дәуірдің оқиғалары халық жырларында ақыры өзіне тән ерекшеліктерімен көрінбек. Өткен тарихына, тағдырына қарай әр халықтың фольклоры тақырып, мазмұн, көркемдік жағынан әртүрлі келеді. Халықтың сол замандардағы өсіп дамуына байланысты фольклордың дәстүрлік түрлерінің сақталуы да, дамуы да әртүрлі болуға тиіс. Жалпы прогреске, дүние жүзілік мәдениетке қол жеткен халықтарда оның әсер, ықпалы, дәстүрі аз да, ал тарихи тағдырларға байланысты өсіп, жетілу кезеңдерінде көп мешеулік көрген халықтарда оның ықпалы көп, дәстүрі тірі. Халықтың күнбе-күнгі өмір тұрмысында ұстанатын, ежелден сақталып келген салт, дәстүрлер жайында, олардың, әсіресе, әдебиет пен көркемөнер туындыларында айқын көрінетіні туралы және сондай туындының алғашқы үлкен түрі фольклор екені жайында әңгіме қозғағанда біздің айтпақ болғанымыз, біріншіден, дәстүр деген сөздің көптеген қоғамдық, тұрмыстық қатынастағы іс, қылықтарды білдіретін мағына екенін ескерту, бұл сәтте оның философиялық, этнографиялық бағытта қаралуы тиіс екенін байқау, екіншіден, ұлттық дәстүрлер ұзақ ғасырлар бойы түзіліп, орныққан нәрсе болғандықтан халықтың көркем шығармашылығында оның айқын ізі, әсері болатынын, осыған байланысты бірте-бірте әдебиеттік дәстүрлердің туып қалыптасатынын аңғарту. Әдебиеттік дәстүр, яғни әдебиеттегі ұлттық дәстүр, сөз жоқ, әрбір халықтың, ұлттың өмірді көркемдік, образдық жолмен тануынан шығып қалыптасқан. Оның арғы төркіні белгілі бір халықтың белгілі географиялық ортада, белгілі климаттық жағдайда, адамдардың белгілі әлеуметтік қатынастары нәтижесінде түзілген әдет, салт, дәстүрлерде екенін жоғарыда айттық. Екеуінің арасында сабақтастық бар. Ол сабақтастықтың бірі себеп, екіншісі салдар сияқты. Бірақ объекті, тексерер, қарар дүниесі екі бөлек. Сондықтан әдебиеттегі дәстүрлер халықтың ғасырлар бойы жасаған өмір-тірліктегі салт, дәстүрлері сияқты ұзақ өсу, даму тарихына, басқа әдебиеттерді танып және өзіне де таныта білуіне байланысты. Бай дәстүрі бар әдебиет дегенде, оның пісіп жетілгендігі де, азаматтық міндеттерді атқаруы да, тақырып молдығы да, сондай-ақ көркемдік, суреттегіштік қабілеті де еске алынады. Сонымен бірге, әдебиеттегі дәстүр деп көбіне-көп қазір қызмет атқарып жүрген, белгі бір әдебиеттің ұнамды айырым белгісі болып табылатын, оның қазіргі сипатын танытатын, бірақ әріден келе жатқан ерекшеліктерін айтамыз. Әрине, оның кейбіреулері ескіріп бара жатқан болуы мүмкін, әдебиетте уақытша көрініс болып қалуы да мүмкін. Оның орнына жаңашыл ізденіс жолымен жаңа дәстүрлер орнап жатуы ықтимал. Бұл заңды құбылыс. Бірақ оның бәрі сол әдебиеттің өзгешелігін танытпақ. Сондай-ақ нақтылы бір әдебиеттегі дәстүрлердін, бәрі бірдей ұнамды болмай, кейбіреулері өткен дәуірдің үлесі ретінде жүретіні де болады. Бұл жағдайда да ол өзінің мезгілдік болса да, тиісті қызметін атқармақ, сөйтіп айтылмақ әдебиеттің ерекшелігін, сырын аңғартпақ, М.Әуезов: «Біздің поэзия өзінің өткен тарихтық тегінен үзіліп, төркінсіз әдебиет боп кеткен жоқ! Халықтың асыл мұрасының үлкен арнасын, саналы мұрагер есебінде, үлкен көлемімен ілгері қарай жақсы дамытып, асырып өсіріп келеді. Сан да, сапа да, түр де, көрік те солай. Екінші бір жай, ұлттық традиция мәңгі-бақи бір орында сілейіп қатып тұратын қалып емес. Ол үлкен қозғалыста, өзгерісте. Қазақ әдебиеті, мәдениеті өзінің ғана көлемінде, өрісінде қалуда емес, қайта, әсіресе, айналасынан, дос айналасынан ұдайы үлгі алып үйрене өсуде»14, деген-ді. Соңғы сөйлем өсіп, өнудің қазіргі жайын, барысын байқатады. Жаңа дәуірде бір-біріне сүйенісе, жалғаса дамып келе жатқан қалыпты, яғни жаңашылдық төркіндеріне байланысты қалыпты аңғартады. Біздің көңіл аударғымыз келгені өткендегі дәстүрлердің қазірдің өзінде зор өмір танытқыш құрал болып отырғанын, ұлттық дәстүрден бүгінгі әдебиет, поэзия безіне алмайтынын, қайта оған көп сүйенетінін М.Әуезовтың арнайы айтқаны және оның әбден дұрыс екендігі. Ұлттық дәстүр дегенді жеке қарап, оған қоса мазмұн мен форма жайын әңгіме етуіміздің бір себебі осы. Өйткені дәстүр, жоғарыда айтылғандай, сырт сипатты аңғартқанымен ұлттық мінезге, ұлттық өзгешелікке тікелей қатысты болғандықтан маңыз, мағынаны да қамтиды. Мұның ара-қатынасы, яғни, айқын білінер жері мазмұн мен форманың бір-бірімен байланысында, жалғастығында. Сондықтан да қазақтың бұрынғы және қазіргі поэзиясына тән ұлттық дәстүрді, сол дәстүрдің кешегісі мен бүгінгісіне тән жай-жағдайды бөліп қарауды көздедік. Бір әдебиетші қазақ поэзиясын қазақ әдебиетінің «пра-пра-пра-бабушкасы» деп еді. Осы сөзде шындық бар. Эпостық жырлардан, тұрмыс-салт өлеңдерінен бастап, қазақ поззиясы барған сайын кең өркен жая берді, халықтың жұбаныш та, қуаныш та табатын, мұңын да шағатын ақылшысы, дос, серігі болды. Өлең өнерін қазақ өте жоғары қойған, тапқырлықтың білгірліктің белгісі деп қараған. Сары күннің астында сары даламен шұбала көшкен өзінің бар мәдени мұрасын осы өлеңде, поэзияда сақтаған. Сәулетті сарайдай, күмбезді қаладай, немесе биік мұнаралы, пирамидалы ескерткіші де осы өлең-жыр. Орыстың белгілі оқымыстысы, саяхатшысы Г.Н.Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» дегенде, қазақтар арасында ән мен өлеңнің көп тарағанын және айтушылар мен шығарушылардың сарқылмас мол талантына таң қалғанын білдіру үшін айтқан ғой. Поэзияның фольклорлық түрінен бастап, негізін Абай қалаған жазба поэзияға дейінгі, онан соң бүгінгі дәуірдің поэзиясына дейінгі ұзақ творчестволық жол дәстүрге, жаңашылдыққа бай. Көне заманнан бері бар сөздік өнерін поззия түрінде сақтап келген халықтың қалыптасқан ұлттық дәстүрі мол. Сол ұлттық дәстүрлердің арқасында ғана бүгінгі ұлттар әдебиетінің қатарында қазақ әдебиеті, әсіресе қазақ поэзиясы өзіндік түр, сипатпен көрініп отыр. Оның ұлттық дәстүрі жалпы әдебиеттің сырын, бояуын байытады, жаңа өмір құбылыстарын реалистік жолмен суреттеу арқылы оның мазмұнын тереңдетеді, реализмнің жаңа белестеріне қарай сілтейді. Ұлттық дәстүрлердің көрінуі, байқалу жайлары сан алуан. Ең алдымен көзге түсетіні тұрақты ұлттық психикаға, мінезге байланысты туған белгілер. Ал психика да, мінез де аспаннан бүтін күйінде түспей, белгілі халықтың, ұлттың белгілі мекенде, белгілі мезгілде, белгілі қалыппен өмір сүруіне байланысты түзілетінін жоғарыда айттық. Психика дегенде өмір тану, өмір білу, тіршілік қамына, табиғат жайына байланысты орныққан мінез-құлықты, түсінікті айтамыз. Бұған орай адамдардың бір-бірімен өзара қатысы да қағыс қалмайды. Поэзиядағы ұлттық дәстүр болып ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан сарын, мотив, тұрақтанған бейнелеу құралдары да осыдан таралмақ. Дидактикалық сарын, халық түсінігі мен үлгісіндегі ақыл, өнеге, үгіт, насихат сарыны, суреттен гөрі хабарлауы, баяндауы басым сарын, кейін шығыс әсері, әсіресе, ескіше оқуға, ілімге байланысты үлгілер көбейген кезде этикалық, тәрбиелік тақырыптардың қанат жаюы, тарихи, немесе, негізінде реалистік өлең, поэмалардың сюжетінің көбіне-көп фольклорлық аңыз, әңгімелерге, яки ғажайып оқиғаларға құрылуы – міне осындай және басқа да ерекшеліктер бұрынғы поэзияда көп орын алған. Бейнелеу құралдарының бар арсеналы – қазақтың кең даласы, ондағы табиғат көрінісі, жан-жануарлардың өмір тіршілігі, күн сәулесі, айлы түн келбеті, соққан жел лебі, қамысты көлдің айдыны тағы басқалар. Қысқартып айтқанда, қазақ ұғымының маңызды факторлары болған табиғат пен қауымдағы типтік көріністер. Өлең мен жырдың, халықтық поэмалардың түр, формасына байланысты ерекшеліктер өз алдына бір сала. Жыр, толғау, желдірме, қара өлең, айтыстың сан алуан түрлері, тақпақ, жаңылтпаш тағы басқа формалар өзінің бағыт, мақсатына қарай қазақ поэзиясында белгілі ұлттық ерекшеліктер қалдырған. Басқа да өзгешеліктер поэзияда мол. Бұл айтылғандардың әрқайсысы жеке мәселе етіліп қойылмай, қазіргі поэзияда байқалуы, ізі, әсері, сақталған қалпы, көрінісі ретінде қаралмақ. Өйткені біздің әңгімеміз поэзияның тарихы жайында емес, оның бір ғана проблемасы – дәстүрі мен жаңашылдығы туралы. «Қыз Жібек» жырын талдаған академик М.Әуезов поэманың қазақ өміріне байланысты мына ерекшелігін атап көрсетеді. «Жырдағы адамдардың мінезінен, әрекетінен көшпелі тұрмыстың шаруашылығын, көп әдет-ғұрпын, түрлі нанымдарын көресіз... Одан көшпелі елдің шұбырып көшкен көш суреті, тігілген шатыр, жапан кезген жалғыз атты жолаушылардың суреті сияқты көп ескілікті көріністер танылады»15. Бұл рас та, әрі дұрыс та. Бірақ мұнда жырдың объекті, айтылмақ, суреттелмек жайттардың жырда қалай көрінгендігі сөз болып отыр. Ал жыр оған қандай тәсілдермен жетті, бейнелеу құралдарына нені пайдаланады десек, мұнда да сол кездегі көшпелі тұрмыстың атрибуттары бірінші планда тұратынын байқаймыз. Қазақтың ен даладағы өмір-тіршілігіне, табиғатына сай түсінік, нанымдардан туған ұқсатуларды, теңеулерді көреміз. Бұл туралы да М.Әуезовтың мына пікірін келтірелік. «Адам келбетін көбіне теңеумен жасайды. Теңеудің жұбы ретінде алынатын сөздер ай, күн, жұлдыз, алтын, гауһар, тана, хор, пырақ, ақша қар, ақ тауықтың қаны, сары алтынның буы, сымға тартқан күміс, ор қоян, құнан қой, пейіштен соққан самал тәрізділер. Бұлар айналадағы табиғат көріністерінен алынған ұғымдар, жатық теңеулер. Қазақтың шаруашылық тіршілігінің негізі – төрт түлік малға байланысты теңеулер де көп»16. Жырда көп кездесетін «Асу да, асу бел, дейді, аса бір соққан жел, дейді» деген жолдар да шалғай жатқан сары даланы көзге елестетеді. «Қобыланды» жырындағы Тайбурылдың ұзақ шабысынан ат қасиетін байқататын әдемі суреттермен қатар, мойны ұзақ, алыс жол, «қырық күншілік» сапар шектіретін ен дала көзге елестейді. «Ебелек ұшпас елсізден, көбелек ұшпас көлсізден, құла мидай шөлдерден, адам жүрмес жерлерден, батпақ, ылай көлдерден, асқар-асқар белдерден, жалғыз шауып жол шекті». Бұл бір сурет. Көктем шыққандағы табиғат жайын Ы.Алтынсариннің мына өлеңінен көрелік:

Сәуірде алуан-алуан жауар нөсер,
Нөсердің қуатымен жер шөбі өсер.
Көкорай дүние жүзі шалғын болып,
Жын, айуан, адамзат баурын төсер...

Жүгірер киік, құлан тау мен қырда,
Қуанып ықыласпен келген жылға.
Алыстан мұнарланған сағымдары
Шақырып тұрар келіп кел деп мұнда

Көл бұзылып, көк шығып қойнын ашса,
Қаңқылдап қонар оған қаз бен тырна.
Адамзат сайран етер көңілі жай
Секіріп ойын салар құлын мен тай.

Қой маңырап, сиыр мөңіреп шат болады,
Тасиды күркіресіп өзен мен сай.

Халық ұғымына әбден сіңген дала бейнесі осылай поэзияда өзінің реалистік суреттерімен көрінеді. Жырдан алған үзінділерден дала туралы жалпы дерек білгендейміз, оның ұшы-қиырсыз, таусылмас кеңдігін ұққандаймыз. Ы.Алтынсариннің «Жаз» өлеңінен алынған шумақтан онан гөрі нақтырақ суретті көреміз. Адамдар тіршілігіне, айналадағы табиғат пен жан-жануарлар өміріне байланысты көріністер жырға қарағанда, реалистік жолмен баяндалып жатады. Қазақ өміріне тікелей қатысы бар табиғи суреттерден қашық кетпейді, көшпелі елдің жайлауға шыға бастаған кездегі кейіп-қалпын, айнала табиғат сырын аңғартады. Басқа кәсіпті ұстанған елдер үшін «қойдың маңырағаны» мен «сиырдың мөңірегені» соншалықты эстетикалық қанағат бермеуі мүмкін. Тіпті көп халықтың поэзиясында бұл қайта тұрпайы, ерсі көрінер еді. Әр халықтың өз түсінігі, нанымы бойынша, әдемілікті, жарастылықты білдіретін бейнелі суреттері әртүрлі болмақ. Мәселен, қазіргі чукот жазушысы Юрий Рытхэу «Біздің жағалаудың адамдары» деген әңгімелерінде еденге жайылған тулақтай ақ қағазды жастана қабырға газетін жазып жатқан жандарды сеңге шығып, теңкиіп-теңкиіп қалған түлендерге теңейді. Чукоттардың өмірімен таныс емес жазушы, әрине, мұндай ізге бармас еді. Чукоттар үшін, бірақ, бұл өте түсінікті және аса сәтті табылған теңеу. Чукот халқының осындай ежелгі ұғым-түсінігіне сай суреттеу құралын орынды қолданып отырған жазушы, әрине шебер, тапқыр. Өйткені күнбе-күнгі өмір-тұрмыста ит жеккен шаналы әбден танымалы, әрбір қимыл, әрекеттеріне дейін таныс дүние. Әркім өз бетінше, қалай болса солай зеңіп жүрген көріністің шанадан босай сала жапа тармағай босаған иттердің суретін елестететіні тіпті нанымды. Бірақ харакеті басқа халықтың жазушысы өз түсінігіне лайық келетін теңеуге жүгінер еді. Әр елдің әдебиетінен бұған көптеген мысалдар келтіруге болады. Абай шығармаларына келсек, қазақтың ескі өміріне тән суреттер асқан реалистікпен жырланатынын көреміз. Ы.Алтынсариннің «Өзен» деген өлеңінде дәлдік мол. Жазғытұрым таулардан сарқырай аққан өзеннің суретін ақын асқан шеберлікпен, нақтылы сурет бояулармен береді. Абай өлеңдерінде осы табиғат сыры онан әрі ашылып, қазақ аулының даладағы, тау алқабындағы, өзен саласындағы қоныстанып жатқан суреті айнала жер, су, ай мен күн, адам көңілі, қуаныш күйі сияқты сан алуан көрініс, сезімдермен ұласып, біртұтас картина жасайды, онда түрлі түстердің гаммасы түгелдей көрініп, ашық жарқын колорит бергендей, ал музыкаға балап алсақ, күмбірлеген оркестр үніндей. Мұндай суретті «Жаз», «Жазғытұрым», «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдерінен айқын көруге болады. Жаңа көшіп қонған ауыл суретін «Жаз» өлеңінде Абай былай келтіреді:

Жазды күні шілде болғанда,
Көк орай, шалғын бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда:
Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда.
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап.
Ат, айғырлар, биелер

Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап
Құйрығымен шылпылдап
Арасында құлын, тай

Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары, төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса, сымпылдап.
Қыз, келіншек үй тігер,

Бұрала басып былқылдап,
Ақбілегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап17.

Қазақтың өмір-тіршілігіне, тұрмыс жайына байланысты бұл суреттің өте нанымды екені талас туғызбайды. Егерде осы көріністі қыл қалам шебері полотноға түсіретін болса, өте жарасымды картина шыққан болар еді. Көшіп-қонып жатқан жазғы ауыл суретін ақын шебер, әрі реалистік жолмен берген. Айнала табиғат көрінісі, жан-жануарлар қимылы, күн шұғыласы, адамдардың іс-әрекеті – бәрі де көз алдыңызға елестегендей. Ешбір қате сөз, сурет, не орынсыз қимыл мұнда жоқ. Бейнелеу амалдарының өзі ерекше. Объект мұнда хабарлау, айту, жеткізу әдісімен суреттеледі. Метафора, эпитет, теңеу сияқты сәттер мұнда жоқ. Бастан-аяқ ақын хабарлау тілімен сөйлейді, әйтседе оқушы қиялында толық аяқталған суретті білдіретін әсер қалдырады. Әрбір жолды жеке алып қарасаң, аздаған орын ауыстыруымен қара сөзге, прозаға айналдыруға болғандай. Өйткені мұнда күрделі қиыстырылып келген бейнелеу амалдары жоқ, тек баяндау ғана бар. Әрбір сөз, сөйлем тура мағынасында қолданылған, ауыспалы мағынада алынған бір де сөз жоқ. Соған қарамастан жалпы сурет өте әдемі де, нақтылы, әсерлі. Реалистік жағына келсек, жоғарыда айтылғандай, мүлтіксіз, нанымды. Ақын бір мезгілдік, бір дүркіндік көріністі жан-жағынан, кеңінен қамтиды, және оның бәрін үйлесімді көрсетеді. Яғни бірінен-бірі өнетін бірнеше іс-қимылды алады да, олардың бәрін оқушы өз көзімен көріп тұрғандай дәлдікпен, нақтылықпен суреттейді. Дұрысын айтқанда, суреттейді емес, көрсетеді, нұсқайды. Шумақты түгел оқығанда сурет өзінен өзі пайда болғандай әсер етеді. Мәселен, «Көк орай шалғын бәйшешек ұзарып өсіп толғанда» дегенде ешқандай сурет жоқ. Бірақ әрі қарай, бірден бірге сурет нұсқасы жасала бастайды. Ол ақын шеберлігінің құдіреті: әрбір сөз тек өз мағынасында ғана қолданылғанымен (суреттілікті күшейтетін ауыспалы мағынада алынған сөз жоқ екенін ескертсек), сиымдылығы, туралығы арқылы жалпы картинаны анықтай түседі. Құлын, тайлардың айнала «бұлтылдап» шабуы, үйрек пен қаздардың «сымпылдап» ұшуы және қыз-келіншектердің «былқылдай» басып, «сыңқылдай» күлісіп үй тігуі көркем суретті аңғартады. Әрбір іс, қимыл бұлтартпайтындай дәлдікпен және өте жарасымды баяндалады. Мұның бәрі өлеңнің реалистік қалпын күшейтеді. Жалпы суреттің әсерлі шығуының тағы бір себебі – айтылмақ, көрсетілмек объектінің бір мезгілдегі күй-қалпын ақынның басты мақсат етіп алуы. Өлеңде мезгілдік эволюция жоқ, немесе кешелі-бүгінді, ертелі-кешті болатын істер араласып жатқан жоқ. «Жаз» деген атына лайық ақын, мәселен, сәске түстік, не болмаса түстік мезгілді алып, сол мезеттегі көріністерді қамтуға тырысқандай. Жылқының суда «шылпылдауы», «шыбындауы», шалғыннан «қылтылдауы», құлын, тайлардың «бұлтылдауы», қыз-келіншектердің үй тігуі тағы басқа қимылдар, әрекеттер бір мезгілде бірден болып жатқан істер. Уақыт кезегі, яғни бірінің артынан бірі болып жатқан іс жоқ. Байырғы поэзияда, фольклор шығармаларында мұндай реалистік картина кемде-кем. Тайбурылдың, Сандалкөктің шабысын, немесе «Қыз Жібектегі» көш көріністерін беретін үзінділер, сөз жоқ әсерлі, әдемі. Ондағы әсерлілік ең алдымен бейнелеу сөздерінің молдығынан, үстемелеп үдей беруінен. Шынында жеке алып қарасақ, «қырық күншілік жолды» «бір күнде алған Тайбурылдың шабысы жалпылама суреттеліп жатпай ма? Әйтеуір бір тауларды, әйтеуір бір белдерді, көлдерді басып өтіп жатады. Тұяғы тиген тас саз балшықтай иленеді. «Қыз Жібекте» әдемі суреттер көп. Әсіресе біріне бірі ұқсамайтын кештер. Өте ғажайып. Бірақ олардың өзі халық поэзиясына тән шартты белгілерімен көрінеді, дәстүрлі кейіп, қалыптарымен баяндалады. Көзінің әдемілігі, жүзінің ақтығы, белінің нәзіктігі айтылады. Жібек портреті шеберліктің шыңы десе болғандай. Мұнда дәл тауып көрсетілген мінез, қалыптар аз емес. «Ақ маңдайы жарқылдап, танадай көзі жалтылдап» дегенде, немесе, «жүйрік аттай ойқастап, құнан қойдай бой тастап», «кер маралдай керіліп, сары майдай еріліп» деген жолдарда Жібектің бар сұлулығы, көркемдігі образбен айтылған. Эпостық шығарма ретінде алып талдағанша бұған мықтап көңіл бөлініп, оның жоғары сапасы баса айтылар еді. Бірақ жазба поэзия ретімен келсек, осы эпитет пен метафораға, теңеуге толы суреттен тек шартты, яғни тұрақты белгілерге құрылған бейнені көреміз. Мәселен, жоғарыда келтірілген төрт-бес жолда Жібек шындығында қандай екенін байқататын, оның түсін, не ісін білдіретін тіке мағынасында алынған бір сөз жоқ. Оның орнына: тана, жүйрік ат, ойқас, құнан қой, бой тастау, кер марал, сары май сияқты сөздер тізбегі көп. Осыншама эпитет, теңеулер арқылы Жібектің қасиеттері беріледі. Бірақ, оның іс, әрекеті сонда да болса ап-анық емес, яғни «Жібек керуеттен түсіп, кебісін киіп, жүгіріп далаға шықты» дегендей айқын болып тұрған жоқ. Образбен ойлауға қабілеті бар әрбір тыңдаушы, немесе оқушы мұны өзі ұғып алуға тиіс. Бұған қарап, әрине, оны түсіну қиын деген ұғым тумайды. Фольклорлық шығарманың өзіне лайық заңы, дәстүрі бар, оны бұзуға болмайды, сондай-ақ, оның заңдарын, дәстүрлерін жазба поэзияға, бүгінгі өмірді суреттейтін поэзияға түгелдей қолдануға тағы жарамайды деген пікірді айтпақпыз. Ол, сонымен бірге, жазба поэзия фольклордың бейнелеу құралдарынан, халық ұғымына әбден сіңген дәстүрлі образ, амалдардан жұрдай болу керек деген де сөз емес. Өйткені, тіл, ұғым наным бір болған соң бір-біріне қатынасы болмай тұрмайды. Бұл шындық. Бірақ өмір-тұрмысқа, айнала дүние танымға байланысты, дәуірге байланысты бірінші сатыдан екіншіге, екінші сатыдан үшіншіге дегендей тұрақты, шартты бейне, үлгілер өзгеріп отыратынында сөз жоқ. Абайдың «Жаз» деген өлеңін талдағанда біз көбіне-көп қазақ халқының ежелден санасына сіңген дала суретін, көшіп-қону, жайлау суретін алып, оның өмір-тұрмыстағы сияқты әдебиетте де үлкен бейне ретінде жүретінін білдіру еді. Бұл пікірімізді әрі қарай созуды кідірте тұрып, фольклорлық әсер, дәстүр деген мағынада мына жайға көңіл бөлу қажет. Жоғарыда келтірілген Ыбырай өлеңінде болсын, не Абайдың «Жазында» болсын реалистік сурет, көрініспен қатар, халық поэзиясының элементтерін табуға болмас па еді? Біздіңше әбден болады. Әңгіме ауыл маңайын, өзен мен көлді, жылқы мен сиырды, үйрек пен қазды айтқанында емес, соны суреттеп беру тәсілінің өзінде фольклорлық үлгілер көп. Абай өлеңі, біріншіден, формасы жағынан жырға ұқсатып жазылған. Жеті буынды, кезек ұйқас. Тұйық буынға бітетін және ылғи үш буыннан тұратын ұйқас сөз алғашқы төрт жолдан кейін аяғына дейін сақталады.

(б):
: : : : ааа : : : : ббб
: : : : ббб : : : : еее
: : : : ввв : : : : ббб

: : : : ббб : : : : жжж
: : : : ггг : : : : ббб
: : : : ббб : : : : ззз
: : : : ддд : : : : ббб

Бұл схемадан үш буыннан құралған бірақ, соңғы тұйық буыны ылғи «дап» болып отыратын ұйқастың әр жолдан кейін қайталайтынын және аралықтағы жолдың еш жерде ұйқаспайтынын көреміз (өзді өзі де және ұйқасы бар жолдармен де). Бірақ, бұл жаңалық халықтық шығармаларда жиі кездеседі. Оның үстіне ұйқасқа алынған «қылтылдап», «ыңқылдап», «сымпылдап», «былқылдап», «сыңқылдап» деген сөздерде ешбір жаңалық жоқ, эпос пен лиро-эпоста көп ұшырайтын сөздер.

«Қобыланды» жырында:
Садақтың бауы сартылдап...
Жел соққандай жалпылдап,
Белеңнен асты былқылдап,

Тозаңы шықты бұрқылдап,

– деген жолдар ұшырайды. Басқа жыр, поэмаларда да мұндай суреттер кездесе береді. Фольклорлық, дәстүрдің бұл – бір көрінісі. Ал фольклорлық үлгі, айналып келгенде, халық ұғымына сіңген ұлттық дәстүрге келіп тіреледі. Мұндай үлгілердің қаншалықты өмірлі екеніне және қаншалықты қажет екеніне кейін ораламыз. Бұл жерде әңгіме фольклорлық поэзия мен жазба поэзияның бейнелеу дәстүрлері жағынан ұқсастығы, сонымен бірге беретін әсері, ұқтырар мазмұны жағынан әр басқалығы. Абай өлеңінің реалистік сипаты күмән туғызбайды. Ол қалай мүмкін болды? Байырғы поэзиядағы он ауыз сөзден бір ауыз сөз тіке мағынасында айтылмайтын жай мұнда жоқ. Әр заттың, не қимылдың өзіне тән баламасын басқа, ауыспалы образ, бейнемен көлегейлемей дәл, нақты айту Абай поэзиясының ерекшелігі. Осы тақырыппен тектес, «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңін алайық.

Желгіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің топырағы
Құлпырған жасыл жер жүзі.

Бұл үзінді алғашқымен салыстырғанда образдылығы жағынан басқаша, терең, әрі лирикалық әсерлілігі мол. Реалистік сурет оқушыға белгілі бір сәттегі көңіл-күйді, ойды аңғартады. Табиғат көрінісінің аса жарастылықты қалып, бейнесі көз алдыңызға елестейді. Суреттің дәлдігі, нақтылығы ерекше. Тынық түнде көл бетіне түскен ай сәулесінің дірілдеп көрінуін сипаттау суреткерлік шеберліктің белгісі. Әркім-ақ ұшырататын бұл мезгіл, көрініс өнебойы лирикалық сезім, әсер тудыра бермеуі мумкін. Өйткені қарапайым кісі әдемі, тамылжыған түнге рахаттана қарағанымен, мөлдір ауадан қанағаттана жұтқанымен, ақын көзімен, ақын сезімімен көрмеген соң, жалпы сурет жайбарақат, бейтарап қалыпта қабылданады. Ақын оған жинақтау, сынау, салыстыру көзімен қарайды, сондықтан да жай адам көріп, біле бермейтін белгі, нұсқаларды табады, бұл – бірінші кезең, алғашқы материал, әсер. Екінші кезең соны суреттеу, көрсету, яғни басқа адам көрмеген (сезіммен байқамаған деген мағынада) объектіні көрмеске, сезінбеске болмайтындай етіп қайта жасау, қайта құрау – бұл сәтте айтылмақ, жасалмақ суретті барша жан көреді, сезеді, лирикалық картинадан ерекше әсер, ләззат алады. Бұл соңғы рөл көбіне оқушылардікі, оқырмандардікі. Ақынның, суреткердің орындалған мақсаты да осы. Өйткені, біріншіден, басқа жан мән бере қоймайтын айырма, ерекшеліктерді ол жинақтап, образ, бейне ретінде көрсе, екіншіден көркемдеу, шеберлікпен баяндау жолымен оны көпке танытып, соның игілігіне айналдырып отыр. Бұл – шеберлік, суреткерлік. Тек шындық сурет жасай білгенде ғана ақын лирикасы өзінің нысанасына дәл тимек, мақсатына жетпек. Абай өлеңінде осы жағы айқын, айқын ғана емес, жоғарыда айтылғандай, ерекше, өзгеше. Түн желсіз болса да, судың бетіне түскен ай сәулесінің дірілдеп тұруы шындық. Өйткені қанша тынық болғанымен көл беті толқиды, болар-болмас леп су бетін шарпиды. Бұл сәтте ай суреті теңселіп көрінетіні рас. Ақын осы жайды көреді де, дәл суретін келтіреді. «Дірілдеп» деген сөз де айтылмақ ойды толық жеткізіп тұр. «Сәуле дірілдеді деген сөз тіркесін таба қою оңай емес. Бірақ «сәуле» «сумен» қатар айтылғанда екі заттың бір-біріне ұқсас қасиеттік қатынасы ойға оралып, толық бір сурет жасауға мүмкіндік берген. Шынында дірілдеп тұрған сәуле емес су ғой, яғни судың беті. Судың беті қабыршақтанып, толқыған соң, сәуле де солай қозғалыста көрінеді. «Сәулесі суда дірілдеп» деген жол түгел алғанда толық суретті аңғартады. Халық поэзиясына қарағанда жеке ақындардың шығармадағы, жазба поэзиядағы реалистік элементтер барған сайын дами түскен. Яғни фольклордағы реалистік нұсқа, сарын жазба поэзияда мүлде жаңаша тармақтанып, нақтыланып, белгілі мезеттегі ой-күйді, не суретті анық сипаттауға жеткен. Сонымен бірге, бұл әлі, мәселен, қазіргі поэзиядағы реалистік сурет емес, онан басқа, өзгеше. Мағыналық жағынан ескі ауылдың көрінісін, қазақтың көшпелі өміріне лайықты суретті аңғартатыны сияқты, түрі жағынан фольклорлық, поэзиядан алғандары көп. Бірақ адамның күнбе-күнгі тіршілігіне байланысты жайларға тіке келіп, оны осылай нақты суреттермен баяндауы реалистік элементтердің күшейе бастағанын, бара-бара классикалық жазба поэзияға тән нақты образдылық туатынын байқатады. Халық поэзиясы мен жазба поэзияның синтезінен келіп, қазақтың Абай бастаған жаңа поэзиясы нағыз реалистік жолмен дамығаны айқын. Бұл арада суреттеу, бейнелеу тәсіліндегі реалистікті емес, жалпы өмір тану, дүние тану, оны шындықпен талдау, көрсету мағынасындағы реализмді айтып отырмыз. Яғни сөздің кең мағынасында, ол жай көп зерттеу еңбектерде айтылып, дәлелденген. Сондықтан негізгі ойымыздан ауытқымай, қазақтың бұрынғы және соңғы поэзиясына тән табиғи өзгешеліктің сыр-сипатын ашып көрелік. Абай дәстүрін кейінгі қазақ ақындары ілгері дамытты. Оның өлең кестелерін, сөз бедерлерін, бейне жасау тәсілін батыл қолданып (иемденіп), өз заманындағы құбылыстарды жан-жақты, терең талдап суреттеуге мүмкіндік алды. Бұл талассыз мәселе, оған толығырақ тоқталмақпыз. Қазіргі сөз жалпы қазақ өлеңіне не тән, не ортақ дегенде, қазақ поэзиясы ең алдымен қазақ даласына, тауы, тасына, сарқырап аққан өзеніне, аңызғақ көліне, құмды шөліне, төрт түлік малына, «малма тымақ»18 жанына тән. Көшпенділік өмірі де, дүние танымы да осы поэзияда көрінеді. Біз «поэзия – өмір айнасы» деген тезисті айтқалы отырған жоқпыз. Ол талассыз нәрсе. Әңгіме тереңірек, көлемдірек. Дәстүр бүкіл халықтың, не тайпаның дүние танымына, санасына орнаған түсінігіне байланысты болса, сол ұғым өнер саласында көрінеді десек, біз ең алдымен нені байқар едік? Жерді, туған жер бітірген мінезді, жерге байланысты тірлікті байқар едік. Әрбір әдебиетте «жер мен тіл», «жер мен адам» деген мәселе қаздиып тұруы тиіс. Әдебиет өмірді суреттейді, адамдар әрекетін көрсетеді, әлеуметтік тұрмысты, теңсіздікті, күштілердің озбырлығын, әлсіздердің жәбір-жапасын баяндап әшкерелейді, адамгершілікті, әділеттікті уағыздайды. Бәрі де дұрыс. Бірақ қайсы әдебиет, немесе поэзия осылай етпейді, немесе оған ұмтылмайды? Орыс әдебиетінің тарихына қарасақ тап осылай. Ал француз әдебиеті ше? Бәрі де солай. Грек мифологиясы ше? Кейінгі Эсхил, Аристофан, Гесиод ше? Лафонтен, Сервантес, Данте, Шекспир? Бұлар да. Жақсы мен жаман, ізгілік пен жауыздық, әділеттік пен әділетсіздік, өлім мен өмір, махаббат сияқты мәңгілік тақырыптарды көп әдебиет, көп ғасыр жырлаған. Қазақ әдебиеті де солай. Эпостық жырлардағы адам харакеттері бүкіл дүние жүзі эпосы барған дәрежеде. Мұнан не түйін шығаруға болады? Барлық әдебиет бар кезде көтерген ортақ проблемалармен бір әдебиеттің айырмашылығын ашу қиын, әдебиет өзгешелігі онымен дәлелденіп бітпейді деген қортынды туады. Әрине, тақырыбы, қойған мәселесі, оны шешуі ұқсайды екен деп барлық әдебиетке бір көзбен қараудан аулақпыз. Сондай-ақ әдебиеттің бәрі бірдей өне бойы даңғыл жолмен өсіп дамыды, қарама-қарсы күштер күресі болмайды, прогрессивтік ағымдар кертартпашылықты жеңу барысында орнығып, нығаймайды деген де ұғым тумауға тиіс. Бұл, біріншіден, белгілі «бірыңғай ағым» теориясына ұғындырар еді де, екіншіден, тарихтық, фактылық жағынан мүлде қате болар еді. Біз жалпы адам баласындық мәдениет, қазына, күллі жұртқа ортақ әдебиет жайында айтып отырмыз. Ал ондай әдебиет атану үшін, немесе оның қатарына қосылу үшін үлкен шарт – бүкіл адамзаттың мұң-мүддесіне сай болу керек. Жоғарыда аталған және басқа аталмаған әдебиеттердің осы ізгілікті уағыздағаны анық. Осыған қол қойсақ, тап сондай тақырыптарды көтерген қазақ әдебиетінің өзгешелігі неде? Қысқаша айтқанда, мекені мен мезгілінде, оған тәуелді адамында. Әдебиет әр халықтың өмір тіршілігін көрсетеді дейміз. Ал сол халық, адам жерге, табиғатқа, уақытына; заманына әбден тәуелді. Белгілі өлеңде «нам покоряются пространство и время» делінсе де, туған жердегі, отандағы алып өзгерістер айтылған. Оларды әбден тәуелді етіп алдық деген сөз емес. Бейнелі, образды сөз. Сонымен бірге заманына, туған жеріне тәуелді құбылысты білдірген. Сондықтан бұл сәтте де ақын «бағынады» дегенмен, екі жаққа бірдей құбылыс болған соң, өзі де сол мекен, мезгілге бағынышты екені байқалады. Өйткені әңгіме әйтеуір бір жер, әйтеуір бір уақыт жайында емес, «қасиетті өз еліміз» жайында. Поэзия көбіне-көп адамның көңіл күйін, ой-арманын байқататын өнер болған соң, сол адамның күнделікті табиғатқа, туған, өскен жерге тәуелді халі көрінбей қалмайды. Ал әр халықтың мекені, оған байланысты тіршілік, әрекеті әр басқа екені мәлім. Оған таныс, біліс дүние өзгеге басқаша көрінуі, тіпті түсініксіз болуы ықтимал. Өлеңде, поэзияда бейнелі өрнекке ие болған мекен мен мезгіл белгілері, өзгешеліктері өнерлі сурет (немесе өнер суреті) ретінде екінші өмірге ие болады. Яғни халық, адам туған жеріне, үйренген табиғатына тәуелді болса, ақын сол халықтың, қауымның өкілі ретінде жалпыға тән түсінікті, ұғымды білдіреді. Өлеңде санадағы осы түсінік ақын үшін бейнелеудің, айнала өмір тіршілікті суреттеудің құралы, амалы болмақ. Өйткені халық түсінігіне, нанымына сай жазбаған ақын, немесе соған лайық тумаған шығарма өзіндік беті жоқ, сыр-сипаты жоқ, мезгілсіз, мекенсіз туған баладай (табиғатта бұлай болмайтыны белгілі) ешкім танымайтын дүние болып шығар еді. Дәстүрлі белгілерді бойына жинаған көркем туынды басқа халықтарға да түсінікті, жоғарыдағы Қыз Жібек суретін қалай да түсінеді, сезінеді. Және ұлттық ерекшелігіне, сонылығына қызыққан болар еді. Сонымен бірге, ол көлденең оқушы қазақ топырағында болмаған, оны көрмеген де болуы мүмкін; қазақтардың кейбір дәстүр, салттарын түсінбеуі де ықтимал. Сонда да болса дәстүр, салтқа сүйеніп жазылған шығарма өзіндік ерекшелігі бар, ұлттық айшықтары мол туынды ретінде басқа халық оқушысына жат көрінбейді, қайта оған жаңаша, тыңнан әсер беретін, образ сонылығымен тартатын туынды болып танылмақ. Бұған көптеген дәлелдемелер келтіруге болады. Бұрын белгісіз болған халықтардың талантты жазушылардың туындылары өз халқына тән дәстүрлі айшықтарының молдығына, әдет-ғұрыптық, тіршілік-тұрмыстық өзгешеліктеріне қарамастан қайта ондай ерекшеліктер басқа халық оқырмандарын ынталандыра түсетіні белгілі. Поэзияда осы факторлар қалай көрінеді, қандай мазмұнда, формада байқалады? Ескі әдебиет пен жаңа әдебиетте бұл дәстүрлік көріністер қандай айырымдарымен танылады? Бұл мәселенің тарихи, теориялық мән-маңызы біздіңше өте зор. Жеке қойылып отырған проблеманың (дәстүр жайындағы) түпкі қазығын анықтап алуға себін тигізеді. Ең алдымен «Жер», «Халық», «Адам», «Мекен», «Мезгіл» деген ұғымдарды алайық. Осыған «Тіл» деген ұғымды қосалық. Жапан дала суретіне көз жіберелік. Қазақ даласы. Ол тропика емес. Жазығы бар, құмы бар. Аңызақ желі бар. Құмда сексеуіл өседі, шөлде өседі. Сексеуілдің бұтағы, шырпысы бар, жапырағы жоқ. Қайырсаңыз морт сынады. Томары үлкен. Көшпелі халық «қарулы отын» деп, күздің қара суығы мен қысында отқа жағады, қақтана жылынады. Ұшырай қалған жолаушыға «Эвкалипт», «Пальма», «Кипарис» десеңіз ол ешнәрсеге түсінбес еді. Бұл сөздер абориген санасына ешбір сәуле түсірмейді, ешнәрсені мегзетпейді, оның құлағы селт етпейді. Егер сіз: «әттең біздің жерде эвкалипт өспейді» десеңіз, сонда барып қана ол: «Бұл бір өсетін бірдеңе екен ғой» деген ойға келуі мүмкін. Ол түсінікті. Көрмеген, естімеген нәрсенің формасын да, заттың тегін де ойынша келтіріп, белгілі ұғым есебінде қабылдай алмайды. Өйткені далада ондай ағаштар жоқ, өспейді. Мұның есесіне сіз дала сыры жайында әңгіме шертсеңіз, ол тоқсан құбылтып, алуан суретті алдыңызға жаяды. «Масатыдай құлпырған», «көгал», «көкорай шалғын жер», «айдын шалқар көл» деп келеді. Сонымен бірге, аңызақ, аптап желсоққан, құмын дауыл суырған, шаңын құйын ұшырған, қонарын сай білетін, ұшарын жел білетін қаңбағы жөңкілген құлазыған даланы да, жан-жануарлар дүниесін де өзіне таныс тегімен, тобымен, үйірімен, тіршілік, мінездерімен қоса қаз-қалпында суреттеп берер еді.

Асқар таудың сәні жоқ:

Төрт түліктің қонысы,

Басылмайтын сонысы,

Көк майса белі болмаса.

Асусыз асқар асқақтан

Аңыратып асқың келе ме?

Әр түрлі өлең өсіп көгеріңкі

Мақпалдай төсеп салған қайран жерім.

Мақпалдай көгеріңкі төсеп салған.

Жанаттай десем мислі жалған,

Жап-жасыл жер жүзінің қоштығына
Аспанда торғай шырлап еткен сайран.
Бір сағат саф ауасын татқан адам
Табады неше түрлі дертке дарман19.

(Шәңгерей Бөкеев, «Қайран жерім»).

Дала сипатын, туған жер келбетін беретін мұндай өлеңдер мысалын көптен келтіруге болады. Эпостық шығармалардан, жеке ақындық туындылардан бастап, Октябрьден бұрынғы классикалық жазба әдебиеттен, онан кейінгі және бүгінгі әдебиеттен ондай суреттер ондап табылады. Рас, қазіргі әдебиет суреттеу тәсілі басқаша, жаңаша болып келеді, Абай шығармаларының өзінде дала, жан-жануар, табиғат көркі жаңаша айтыла бастағанын жоғарыда ескерткенбіз. Бірақ бұл жердегі әңгіме суреттеу шеберлігінде, немесе тәсілдің ескіше, яки жаңаша болуында емес, дәстүр деп айтылатын ұғымның поэзияда халықтың мекен-жайына, тұрмыс құрған Отанына, туған жеріне тікелей байланысты екенінде. Бұл, негізінде, түсінікті. Халық санасының сол өмір, тұрмысқа, еңбекке, бір-бірімен қатынасына қарай түзіліп, ұзақ эволюция жолымен дамитыны сияқты, көркем әдебиетте сананың сәулесі ретінде ұзақ эволюцияны бастан кешіреді, халықтың сана-сезіміне, дүние танымына сай образдар мен суреттер негізінде өрістейді. Түбейгейлеп келгенде бұл, әрине, халықтық, ұлттық дәстүрдің ең алғашқы негізі, атрибуты; сондықтан да ол аса тұрақты, айшықты белгі ретінде қазіргі әдебиеттің де ерекшелігі болып табылады. Рас, мезгіл өткен сайын мекен суретінің де өзгеріп, халық жадына ежелден сіңген түсініктердің екшеліп, бара-бара өзгеше қалыпқа ене бастауы заңды. Адам мен жер, табиғат, оның орын тепкен мекені, жайы осыған байланысты ұғымы, тілі деген проблема көркем әдебиет үшін, яғни образбен ойлау өнері үшін, халықтың айнала әлемді бейнелі сурет, кейіптеу жолымен тануы үшін ең алғаш материалдар болған. Әдебиеттегі дәстүр дүние танудың дәстүрлі, байырғы, яғни көнеден келе жатқан жөн-жосығымен тығыз байланысты екені анық. Жоғарыдағыдай дала суретін жасағанда және оның тек қана дала емес, дарқан, кең дала, сары дала, «жердің жүзі түрленіп, жап-жасыл адыр, төбелер, неше алуан түрімен түрлі-түрлі шөп өнер... бәйшешектер түрленіп, шақпағын жағып жарқырап, күркіреп бұлт күңіреніп, жақсылығын көктемнің жанның бәрі тұр көріп»20деп ақын айтқандай, шөбімен, гүлімен құлпырған, күн сәулесімен суарылған даланы айтқанда, ақын күнделікті, өзіне танымалы суретті байқатады және оның бейнелеу, баяндау әдісінен сол мекенге, мезгілге лайық үлгілер айқын көрініп отырады. Сонымен байырғы дәстүр жайын айтқанда «Жер» және «Тіл» деген ұғым, ол екеуінің ара қатынасына байланысты мәселе жеке қаралып, талданып өтуі абзал. «Жер» және «Тіл», анығырақ айтсақ, табиғат, мекен, оған байланысты сөйлеу тілі, бейнелеу тілі. Асылында, ешбір әдебиет алғашында осы байланыссыз, осы ықпалсыз өсіп, дамымаған болар. Бұл байланыстық, әрине кейін де үзілмейді, қазір де бар. Бірақ ол байланыс алғашқы тегінен ұзақ алысқа кеткен, күрделенген, көп бейне-бедерлер өзгерген, бұл – уақыт әрекеті. Ал алғаш түзілуінде ауыз әдебиетінің бірінші шайыры болсын, тіл ұстартқан шешені болсын, кейінгі ақын-жыраулар болсын жер-анадан күнелтерлік қорек қана емес, жанға азық та тапқан. Батырлық, ғашықтық, тұрмыс-салттық туындыларда, белгілі ақын-дарындар шығармаларында тіл мен жердің бір-бірімен тәуелділігінің қанша мысалы бар! Жоғарғы үзінділер шет жағасын ғана білдіреді. Әрбір ауыз өлеңде, жырлар түйдегінде, ұзақ қиссаларда, бергі жазба әдебиетімізді өрістеткен классиктер тілінде ең алдымен жер, туған жер, мекен сыры сезілмей ме?! Дарқан дала, дәл сондай кең тыныс, ұзақ желіс байқалмай ма?! Алысты жаңғыртқандай шыңғырған дауыс естілмей ме?! Дала жайын әңгіме еткенде ғана емес, жалпы поэзияда, көркем тілде тіршілік еткен мекеннің мөр таңбасы бірден аңғарылады. Адамгершілік, ізгілік, жамандық, жақсылық, махаббат пен зұлымдық, тау мен тас, жер мен көк, жан-жануарлар – тіпті қайсыбір тақырып көтерілсе де осы таңба сезілмей тұрмайды. Кейде тіке мағынасында, кейде ауыспалы мағынасында туған жер келбеті «толғауы тоқсан қызыл тілдің» бірінші қозғалтқыш күші болғаны анық. Адамның көңіл-күйін, ішкі сырын, немесе сыртқы түрін, бет әлпетін баяндағанда, сан-алуан ой-қиялға толы философиялық толғаныстарды білдіргенде, өмір-тұрмыс, тіршілік жайларын жырлағанда бейнелеу құралы ретінде туған жер сипаты, оның айырықша сурет, көріністері, табиғи құбылыстары көп пайдаланылады. Жануарлары, өсімдік дүниесі, көлі мен даласы, желі мен жаңбыры, айы мен күні бейнелік, образдық қызмет атқарады. Туған тіл туған жермен тығыз байланысты болуы себепті тек ойлау, сезіну, түсіну категориялары ғана емес, күллі рефлекстердің бәрі осы арнада жүріп жатады. Әуелде санаға осылай табиғи жолмен орнаған, сіңіскен түсінік, сезімдер кейін әдебиетке, көркем тілде сол қалпында қайталанып, бірақ енді образ, бейне рөлінде танылады. Қазақ көркем сөзіндегі бейне-бедерлер, суреттер дарқан далаға, кеңдікке, өрістің молдығына, жердің шалғайлығына, күнінің ыстығы мен суығына, желі мен шөліне, қамысы мен көліне, жанды да, жансыз да дүние әлеміне лайық: сүйріктей, аққудай, еліктей, соққан желдей, дауылдай, айдын шалқар көлдей, нар бурадай, жорғадай, емендей, тал шыбықтай деген сияқты теңеулердің кейде адамның өзіне, кейде мінезіне лайық айтылатынын білеміз. Мұнан басқа да жүздеген сөздер мен сөз тіркестеріне назар аударсақ, бүкіл тілдің лексикалық құрамының жерге, табиғатқа байланысты екенін байқаймыз. Қазақ тілінің өзінде дауысты дыбыстардың көп болуы, әсіресе, «а», «о», дыбыстарының жиі ұшырауы кездейсоқ нәрсе емес. Мұның өзі де кең дала табиғатынан шыққан. Жеке атаулардың және адам аттарының дауыстық, дыбыстық естілуі де осындай. Мұнда да дауысты дыбыстар көп. Араб, парсы халықтарынан келген және дінге байланысты енген бірлі-жарым атау есімдер, некен-саяқ сөздер болмаса, қазақтың байырғы тілінде дауысты дыбыстар ден алады. Асау, Атан, Тарлан, Қаратау, Алатау, Арасан, Қарасан, Арыстан, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Арқар, Марал, Орал, Баян, Дала, Жол, Жөн деген сияқты атау сөздерде дауысты дыбыстар негізгі фон жасап тұрғаны аиқын. Сондай-ақ Шортанбай, Дулат, Абай, Махамбет, Найманбай, Асаубай, Балтабай, Аманжол, Қараман, Жоламан, Нарымбет, Айман, Шолпан, тағы басқа адам аттарына назар аударсақ, мұнда да дауысты дыбыстар көп қайталанатынын көреміз. Атау есімдерге байланысты ғана емес, жалпы сөйлеу тілімізге бұл ерекшелік айрықша тән. Қазақ тіліндегі буын екпінін, сөз екпінін зерттей келіп академик С.Кеңесбаев дауысты дыбыстардың осы ерекшеліктерін де айтады.

Мұнан шығатын қортынды – қазақ сөздерінің әуенділігі («Растягиваемость» деген мағынада), созып, ұзарып ұзақ әуенмен айтуға келетіндігі. Әсіресе адам аттарын жер-су аттарын қойғанда жердің шалғайлығы, көшпелі өмір жайы, мал бағатын халықтың кәсіп-тіршілігі айрықша еске алынатын сияқты. Ол есім сөздердің типтік мағынасынан ғана емес, дауысты дыбыстардың басым болып келуінен де байқалады. Мәселен, Қойшыбай мен Жылқыбайды дер кезінде тауып алу үшін айқайлап шақыру керек. Жері шалғай, техникасы, не болмаса басқа амалы жоқ елде күшке салып айқайға басқаннан өзге дәрмен жоқ. Ал дауысты дыбыстар ұзақ созып айқайлап шақыруға мүмкіндік береді. Дала сыры, көшпелі тұрмыс сыры осыны аңғартады.

Дала қандай кең болса, оның желі мен бораны қандай дүлей болса, соған лайық адамдардың өмір тіршілігінде де, өзара қатынасында да осы дала табиғатына лайық мінез, әдеттер орнаған. Жер мойны қашық адасу мен алқасу оп оңай болып тұратын мидай жапан далада айқайлап бірін-бірі тауып алуға да, шақырып алуға да, тіпті анадайда тұрып сейлесуге де осы тіл, осы есім бірден бір дұрыс дөп. Дайрабай, Далабай деген аттар осындай кең тынысты, мол, дарқан даланы меңзетеді. Ал еуропалық бір атты бұған жарату өте қиын болар еді (ағылшын немесе неміс есімін алсақ).

Қазақтар «әу дем жер» дейді. Бұл жердің қашықтығын не жақындығын білдіру үшін алған өлшемі. Яғни «әу» деп айқайлағанда естілетін жер, онша алыс емес дегені. «Көш жер» дейді. Мұнда да көшіп аялдайтындай мезгіл ұғылады. «Иек астында», «қол созым жер», «таяқ тастам жер», барып келуге «сүт пісірім уақыт» немесе «ет пісірім уақыт» кетеді дейді.

Мұнда да барар жердің алыс-жақындығы уақыт өлшемімен алынған. «Шақырым жер» дегенде айқайлап шақырған дауыс естілер жер екенін ұғамыз. Айналып келгенде қашықтық өлшемінің өзі көшпелі өмір қажетінен туғандығы анық. Метрлеп, гектарлап өлшеу жоқ, және ол қажетсіз де. Ен даланы ешкім бөлшектеп иемденіп жатқан жоқ. Пәлен шақырым, түген шақырым дегенде көбіне-көп ауыл мен ауылдың, жайылым мен қоныстың, немесе көш пен көштің ара қашықтығы айтылады. Қандай жағдайда болса да, негізгі өлшем құралы дауыс, дыбыс жетер меже. Мұның бір жағынан тіршілік сипатына лайық екенін аңғарсақ, екінші жағынан тілдің дала табиғатына лайық айқайлап, созып, әуендетіп айтуға, сөйлеуге, шақыруға болатын дауыстық, дыбыстық қасиеті мол жүйеде дамығанын байқаймыз. Көшпелі қазақтар алыстан көреді, қырағы келеді. Әсіресе малшылар солай. Өйткені көз сүрініп тоқтар орман, тауы жиі емес ен далаға шығаннан қарай-қарай үйренген. Қыранның алыстан шалатыны сияқты шаңдатқан салт аттыны да, қарайған малды да сонадайдан көреді. Бұл да табиғаттың адамға тікелей әсер етуінің, яғни адамның үйренген жер ыңғайына биологиялық бейімделуінің айғағы. Тіл де осы тәріздес. Ойлау жүйеміз түсінікке, ұғымға қаншалықты тығыз байланысты болса, тіліміз де, сөйлеу тәсіліміз де соған бейім, ұқсас. Жер, мекен, туған табиғат халықтың тіл құралымында, сөйлеу нақышында өзінің сурет-таңбасын, із-бедерін, жұпар иісін қалдырған. Сондықтан да сөйлеу тілімізде болсын, немесе әдебиет тілінде болсын, мекен мен мезгілдің иісі сіңген, ен жазира жер мен талай заманның мөртаңбасы түскен дәстүрлі, бедерлі сөз халықтың туған тегін, тіршілік жайын, тарихын аңғартатын паспортпен тең. Ол сыры да, сыны да кетпейтін, қайта барған сайын ашыла түсетін мәңгілік бояу. Көркем әдебиеттегі дәстүр, көркем тілдегі дәстүр осы: бөліп алып қарауға, шыққан тегінен, жаратылысынан ажыратып қарауға келмейтін, оған көнбейтін құбылыс. Дәстүр, әдет, салт деген ұғымдардың философиялық, эстетикалық мағынадағы қызметтері ұқсас: ол ең алдымен сол халықтың географиялық тұрағына, мезгіліне, дүние танымына байланысты түзілген нәрсе, оның қанына сіңген, көңіліне ұялаған, мінез-құлқын, ойлау, ұғыну, сезіну тетіктерін түгел жайлаған дүние. Әрбір абстракты түрде ойлауға қабылеті бар халық осыған орай бейне, сурет жасамақ. Адам, өмір, әйел, ер, сүйіспендік, зұлымдық сияқты философиялық тақырыптарда да, сондай-ақ отбасы, тұрмыстық, салттық тақырыптарды қозғағанда да бұл түсінік айқын сезіліп тұрады. Ескі жыр үлгілерінде ол, әрине, басым. Қазіргі көзқараспен келгендіктен де ол айырмашылық айқынырақ көрінеді. Ақын, суреткер шығармашылығына туып өскен мекен-жайдың тигізер әсері сан алуан. Әңгіме бір пейзажды, не бір ғажайып көріністі суреттеп беруге ғана емес, туған табиғаттың, онымен біте қайнасқан ұғымның ақынды шартарап ойларға жетелеуінде, әлем құбылыстарын философиялық жолмен танып, оның образ, бейнесін жасауға түрткі болуында. Яғни мекен, суреттері шығармашылық процеске тікелей ықпал етеді. Оның образдық, суреттік шекараларын ғана белгілеп қоймайды, өзекті мазмұнын байқатады, халықтың дүние танымына сай бейнелі түйіндер жасауына мүмкіндік береді. «Абай жолы» эпопеясында М.Әуезов адам мен жер, табиғат, адам мен уақыт, адам мен қоғам, туған мекен және тіл мәселелеріне көп тоқталады. Ағартушы, философ ақынның данышпан поэзиясының өрбіген тегін ашуға ұмтылады. Сөз қайсы өлеңге қайсыбір жағдай, оқиғаның себепкер болғандығы туралы емес (ондай мысалдар нақтылы фактыны ғана қамтиды ғой), жалпы Абай поэзиясының халықтық тегі, дәстүрі, Абай тілінің қазақ мекен еткен жер мен судың, ен даланың перзенті екені жайында; жазушының ақын өнеріндегі осы негізгі көзді ашып көрсетуі туралы.

«Абай жолы» эпопеясында бір суретке назар аударалық.

«Бұл күй айналадағы бар дүниеге ақынның дағдыдан тыс дәл бүгінгідей ой көзімен үңіле қарауына жетекші болады. Тағыда кең, тыныш, жым-жырт өлкеге, өңірге Абай ұзақ-ұзақ көз тастайды... Қатпарлы қалың адырлардағы кеш көлеңкесі өмір кешіндей сезіледі...

Абайдың бұрын бір шақта «Мұңды көңілім сырласар сұрғылт тартқан бейуақта!» дейтін шағы келеді... Бейуақ дүниені қоңыр тарттырып, жүдете берді...

Абай осы сәтте бұл дүниені өзіне де бір соны болған жаңа оймен шолып, бағып тұрған. Жер, туған жер, ең толық, ең мол сырлы өзгеше әңгімеші екен. Өмірдің бірталай биік беліне шыққан Абайдың өткен шақтары елес-елес тізіліп өте бергендей. Сол қатпарлы таулар, ақ далалар, ұзын аққан түйе өркеш әсем салалар... Өзендер бұның өмірінде талай-талай шақтарының беті ашылып тұрған өзгеше кітабы тәрізді. Әр өмірге сәл тоқтаса, нелер ыстық қуанышты елес береді.

Абай өз өмірінің желісін тағы бір тартып өткендей. Жер, өлке әрбір оқшау шақтарды айқын баян етіп тұрғандай болады. Тағы да жаңағы бір кездегі ертегі кемесіндей, тылсым дүниесіндей көрінген тау, тастарды шола тұрып, өзгеше бір ойға кетті...

Дәл осы сәт кешінде анық ақындықтың үлкен биігіне ой сезімінен өрлеп шыққан зор өнерпаздық езгеше бір өлеңі туып еді: болашақ пен өз заманы өзгеше бір халде жарастыра табыстырғандай21.

Шығармашылық психологиясы! Оның қамтыр өңірі кең. Бұл арада М. Әуезов ұлы ақынның туған жермен, өз заманы, мезгіл, уақытымен «тілдесуі» негізінде болашаққа тастаған көпіріндей «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?!» деген атақты өлеңінің тууын сипаттаған. «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла!» Толғану, тебіреніс! Туған жер мен халық тағдырын ойлау, келешек қамын жеу – «Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өскен мендей жанды жақын тану, жан тарту арзанға түсе ме?!»22. Ақын өлеңіне арқау, түрткі болған табиғат көрінісі мен мезгіл кейпі осылайша философиялық тұжырымға, ой толғанысына алып барады. Ал образдық категорияларына, сөздер тізбегіне көңіл қойсақ, онда туған жердің, туып өскен өлкенің жұпар иісі аңқып тұрғанын көреміз. «Мұңды көңілім сырласар, сұрғылт тартқан бейуақта!» деген өлеңнің осындай бір шақта туғанын эпопея авторы аңғартады. Романда суреттелген мезгіл жайы мен лирикалық геройдың күйін салыстырсақ, образдық қабысу айқын көрінеді: сұрғылт уақыт, бей уақыт, бей мезгіл; бұған сай мұңлы көңіл! Әрине, мұндай мысалдарды Пушкин, Лермонтовтан да, Байроннан да табуға болады. Көңіл күйін білдіретін лирикаларда табиғат көрінісінің, мезгіл ерекшелігінің басты факторы ретінде көрінетін жайлары көп. Әңгіме олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі, айырмашылығы болуында. Ойлау категорияларының, оған байланысты образдық ұғым, түсініктердің бәрі әрбір суреткердің туған жеріне, табиғатына, өмір сүрген мезгіліне сәйкес түзіліп жататынында. Шынында басқа елдің әдет-ғұрпын, салты мен тұрмысын әдейілеп жазып суреттегенде болмаса, қай ақын, жазушы жоқты бар етіп, көрмегенін көргендей етіп айта алады!? Туған жермен, оның ауасымен, ана сүтімен біткен мінездің тұрақтылығы сияқты, образдық ой, түсініктің де тұрақты, сипатты қалпы бар. Орыс поэзиясында емен алып күштің белгісі, баламасы ретінде, ал қайың тазалықтың, махаббаттың белгісі есебінде алынса, қазақ поэзиясында «сексеуілдей қатты», «тал шыбықтай нәзік», «тобылғы сап қамшы» деп келеді. Көптеген терең эпитеттер малға, жан-жануарлар дүниесіне, табиғат құбылыстарына, ауа райына байланысты. Мұның мысалдары өте көп. «Орыс орманы», «орыс қысы», «ақша қар» деген сөз тіркестерінен де біз көбіне-көп бір белгілі жерге, жайға байланысты басқа жерлерден гөрі осы аймақ, өлкеге байланысты мағынаны түсінеміз.

Уж осени холодною рукою
Главы берез и лип обнажены,
Она шумит в дубравах опустелых,
Там день и ночь кружится мертвый лист,

Стоит туман на нивах пожелтелых
И слышится мгновенный ветра свист.
Поля, холмы, знакомые дубравы!
Хранители священной тишины!

Свидетели минувших дней забавы!
Забыты вы... до сладостной весны!23.
(«Осеннее утро»).
Немесе, «Зимнее утро» деген өлеңіндегі мына жолдарды алайық:

Под голубыми небесами,
Великолепными коврами,
Блестя на солнце, снег лежит,
Прозрачный лес один чернеет,

И ель сквозь иней зеленеет,
И речка подо льдом блестит...
И навестим поля пустые.
Леса, недавно столь густые

И берег, милый для меня24.

Орыс жерінің өзіне тән суреті қаншалықты айқын, дәл жасалғанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Табиғат көркімен қатар, күзгі, қысқы мезгілдің көңілге етер әсері қандай нәзік сезіммен берілген! Лирикалық геройдың көңіл-күйі айнала табиғат күйімен қабысып жатыр. Рас, бұл үзінділерде туған өлке суреттері тіке алынып, табиғат көріністері тіке мағынасында баяндалып отыр. Яғни қысқы, күзгі пейзаж өлеңге тақырып етіп алынған, ауыспалы мағынасында айтылып отырған жоқ. Бірақ осы суреттегі көріністің қай-қайсысы болса да, орыс әдебиетінде адам мінезіне, оның бейнесіне байланысты теңеу, эпитет ретінде жиі қолданылатыны белгілі. Себебі қай ақын, жазушы болса да, бейнелеу құралдарын айнала өмірден, өзіне қанық дүниеден алмақ. Ал ондай дүние – ең алдымен, әрине, туған жер мен табиғат, оның сол жерге ғана тән ғаламат көріністері. Суреткердің халықпен бірге қанына сіңген дәстүрлі түсінігі, ұғымы, айнала табиғаттың сәулесі, тіршілік қамының таңбасы тілден білінбей қоймақ емес. Сөйлеу тілі болсын, көркем сөз тілі болсын, – ол ең алдымен адамдардың өзара қатынасу құралы болуымен қатар, сол белгілі топтағы, тайпадағы адамдардың белгілі жермен, табиғатпен қарым-қатынасының да сәулесін, әсерін байқататын құрал. Тіл көркем әдебиеттің негізгі құралы десек, байырғы дәстүрлер де осы тілде сақталған. Сонан да бейнелі суретті тіл туралы, жалпы көркем әдебиеттегі дәстүр туралы айтқанда оның терең тамыры халықтың тіршілік еткен мекені мен мезгіліне, одан туған образдық түсінік, ұғымына байланысты екенін мойындауымыз қажет. Анатоль Франс «Жер және Тіл» деген мақаласында әр халық тілінің туған жерге, тіршілік, харекет жайына тығыз байланысты екенін айтады. «Туған ана – жер мен адамдардың сөйлеу тілінің арасында құпия сыр, байланыс бар. Адам тілі бораздада туған: оның тегі селода; қала, бәлкім, оған біраз әдемілік берген болар, бірақ оның бар мықтылығы даладан, туған жерден. Біз бәріміз сөйлейтін тіл – дөкір тіл, шаруа тілі... я біздің сөзіміз осы торғай әніндей дарқан далада туған»25. Арсен Дармстетердің «Сөздер тағдыры» деген зерттеуін оқығандағы осы ойларын ілгері жалғастырып. Анатоль Франс былай деді: «я адамдар сөзі жерден пайда болған: онан жер исі аңқиды... Римдегі дөңгеленген мәр-мәр сарайлар ағаштан, не сабаннан салынған көне замандағы күркелер қалпын сақтап қалғаны сияқты, Тит Ливийдің тілі де селолық бейнелерді сақтаған... Ол заманның мықтылары (римдіктерді айтады – М. Б.) жер өңдеуші ата-тегі аманат етіп қалдырған сөздерді мол пайдаланған: жер қайысқан әскерлерінің екі жақ, флангаларын егіз мүйізі, не қошқар мүйізі (соrnu) деген; легион бөлімдерін хуторды айналатын қоршауға (соһогз) ұқсатқан, ал когорталардан ұсақтау бөлімшелерді бидай бауы деген (manіpulus). Ал мына бір жай римдіктер туралы ондаған тарихшылардың талай айтқандарынан артық мағлұмат береді. Еңбек арқасында биік дәрежеге қолы жеткен мойымайтын жандар «саllеrе» деген етіcтікті «шебер болу» деген мағынада қолданған. Ал «саllеrе» деген сөздің алғашқы мағынасы не деңіз! Ол «қол ойылу, қажалу» деген! Ақыр соңында тек шаруалар тілінде ғана бір сөздің екі түрлі мағынаны білдіретінін көреміз: «жер құнарлығы» мен «адам қуанышы» ол үшін бірдей – тек шаруа адамының тілінде ғана: есінен ауысқан адам бораздадан ауытқыған диханшымен теңеледі. (lіrа – борозда; dіlіrаrе – есінен адасу). Француз тілі де жер өңдеу кәсібі негізінде туып дамиды. Ол cело өмірінен алынған метафораларға толы; түгелдей дала мен орман гүлдерінің құшағында жайнайды. Сондықтан да Лафонтен мысалдарынан осы гүлдер исі аңқиды». Тілді жасаушы негізінде халық екенін айта келіп, Анатоль Франс әрі қарай өзі әңгіме етіп отырған оқымыстының мына пікірін қолдайды: «Сөздер халық түсінігінен туған ең алғашқы мағынаны өз бойында сақтайды. Ұрпақ артынан ұрпақ өсіп, өніп жатады. Олардың әрқайсысы алдыңғы ұрпақтан сөйлеу тәсілінің, ойдың, бейнелеудің ауыз-екі дәстүрін алады да, оны кейінгі ұрпаққа жаткізеді». Бұған лайық ұлы жазушы былай дейді: «Ұлттың тарих барысында біртіндеп еніп, қалыптасқан түрлі жорамал жоралғылары, өмір тіршілігі тілде өз таңбасын қалдырып отырған. Қазіргі тілден шіркеу мен феодализм, күресті жорықтар, король құдіреті, салт правосы мен Рим правосы, схоластика, Қайта туу, Реформация, гуманизм, философия ғасыры, революция мен демократия қалдырған іздерді молынан табуға болады». Бұл айтылған пікірлердің жалғыз француз тіліне ғана емес, басқа да тілдердің туып, өсіп, дамуына тән, ортақ екенінде дау жоқ. Бернард Шоудың белгілі «Пигмалион» пьесасындағы лингвист профессордың образы да осыны дәлелдейді. Ол әр адамның сөз қолдану, сөйлеу мәнеріне қарай қай жердің адамы екенін айырады. Істейтін кәсібін де айтып береді. Дала тұрғындарының, әсіресе көшпелі халықтардың өзіне лайық тілі, түсінігі бейнелі сөзі сол жердің табиғатынан, тіршілік қалпынан туған. Көркемдеу, суреттеу құралдары да соның негізінде пайда болғаны анық. Олардың тілінде жермен қатар малға, мал шаруашылығына байланысты мәнерлі сөз, ұғымдар көп. Оның өзі дала кейпімен, ауа райының қалпымен байланысып жатады. Қырғыз жазушысы Ш.Бейшеналиев «Сарбайдың ұлы» атты романында шопандар өмірін суреттей келіп: «тау тұрғындарының ата-бабаларынан дауысты, саққұлақ, қырағы болып туатыны белгілі; бірін-бірі көре алмайтындай тасада, әрі едәуір қашықта тұрса да екі қырғыз айқайласып табысады. Әуелі болар болмас күңгірлеген сөздері бара-бара анықталып, әбден жаттыққан шопанның құлағына енді ұзын сонар сөйлемдер естіліп жатады. Дауыстары да ұлғая бастайды, аязды ауада жаңғырыға түседі» дейді. Тіршілік, тұрмысы малға байланысты қазақтарға да бұл өте тән. Қазақтың кең даласында айқайлап сөйлеу, шақыру, жоқ іздеу, сұрау салу – бәрі де жиі кездесетін, әрі әбден қанға сіңген жай. Екеу ара сөйлескенде де, қаттырақ дауыс шығару, тамақты кеней сөйлеу жаратылыс жағдайына байланысты әлдеқашан туып қалыптасқан әдет. А.Франсайт айтқандай, мұның өзі шаруа адамына, тіршіліктің, істің адамына тікелей байланысты. Жер мен суға, тау-тасқа, ен далаға, жаратылыстың осы өлкеге лайық көріністері мен ғаламаттарына байланысты түзіліп, қалыптасқан сөздер, теңеулер, метафоралар қазақтың сөйлеу тіліндегі және поэзия мен әдебиетіндегі дәстүрлік белгіні байқатады. Ауыз-екі тілге жүгінсек, мұның көп мысалдарын көреміз. Халықтың көшпелі өміріне, тіршілігіне байланысты туып орныққан, немесе осыдан барып бейнелеу құралына айналған сөздер ұлттық тілдің, сөздік қордың негізгі мол бөлімі десек қате емес. «Ат шаптырым жер» деген ұғым, немесе, «бір көш жер» деген түсінік белгілі бір меженің қаншалықты алыс-жақын екендігін байқатады. Жер кеңістігіне қарай алынған осы өлшем, әрине, қазақтарға ғана түсінікті. Басқа жұрттың адамы: «шаршағанша шапқан ат көп жерге бармай ма?», «көш жүре берсе, кете бермей ме?», «бұл өлшем қалай анықталады?» деген сұрақтар қоюы мүмкін. Қазаққа ондай сұрақтардың керегі жоқ. Өйткені шауып та, көшіп те дағдыланған мөлшер бар. Ол мөлшерді бүкіл қазақ біткен ұғады, шамалайды. «Күн арқан бойы көтерілгенде» дейді ауыл адамдары. Ал, арқанның ұзыны да, қысқасы да болады ғой. Бірақ ол қанша дегенмен құрық емес, тұсау да емес. Арқанда тұрақты ұзындық бар. Мейлі қысқа да болса, ол – арқан. Жүруге талпына бастаған баланың «тұсауын кесу» деген ұғым бар. Тұсауланған малдай кібіртіктемей, тезірек аяқтансын деген тілектен туған. Кейбір адам жайында: «ол әбден ер қашты болған» дейді. Ерттей-ерттей жауыр болған аттың мінезінен шыққан: көп міністен шаршаған, ер тиген жануар енді ертоқымды маңайына жуытпайды. Бір істен мезі болған, жеріген адам да, мысалы, сондай. «Танадай көзі жалтылдап» («Қыз Жібектен»), «бота көз» деген теңеу, метафоралар да тек мал баққан халықтың тіл қорында болуы ықтимал.

Жүген, құрық тимеген,
Мая шөптен жемеген,
Тұнықтан бойлап су ішкен,
Арқада ойнап тебіскен,

Үйірден жалғыз қаларсың,
Кеудеңнен шығып шыбын жан...
Жалғаншы, жарық дүние
Бізден де бір күн қаларсың!

Піл сауырлы қара жер,
Қойныңды ашып, қол жайып,
Құшағыңа аларсың!
(Шәңгерейден)

Адамның тағдырын үлкен метафоралық образбен байқатқан ақын дағдыдағы, күнделікті тіршіліктегі көріністер, суреттер арқылы нанымды философиялық ой-түйін жасайды. «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» деген сөз бар. Бұл поэзияда да, ауыз-екі сөзде де жиі ұшырайды. Қызыл-таяң кезеңге байланысты айтылады. Ер жігіт пен жүйрік ат образы көп жағдайларда қатар жүреді. Мықтылықты, төзімділікті, жүйріктікті айтқанда да ең алдымен ат ауызға алынады.

Ал ақындардың өз талантын жүйрік атқа, тұлпарға баламағаны кемде-кем болар.
Айдасаң алыс жерімді,
Алсаң ащы терімді,
Өзіне-өзі сенімді,

Тоят төс, салпы ерінді,.
Топтан торай бермейтін
Тұлпар аттай құнақпын.
(Дулат Бабатайұлы).

Дүбірге қызған жүйріктей,
Қызып тұр әзір табаным.
(Майлықожа Сұлтанқожаұлы).
Әлі менен Шөменің

Мен едім даңқты шайыры!
Екі енені тел емген

Күпшек санды күреңмін,

Төсімнен тартса жетпейтін —
Жуандықтан айылы.
(Базар жырау Өтемісов).
Сөйлемесем кім білер

Қызыл тілдің жорғасын

Құлағың салып тыңдай бер

Жүйрігің кеңес қозғасын.

(Мұрат Мөңкеұлы).

Абайға дейінгі ақындардың көпшілігінде жүйрік ат, жорға, тұлпар – бәрі де үнемі ақындық талантты байқататын метафора ретінде алынады. Халық поэзиясында көп ұшырайтын бұл образ бері келе, әсіресе жазба әдебиет дамыған кезде азайған. Бірақ бұл екінші әңгіме. Қазіргі сөз ақындардың айнала өзіне таныс дүниеден бейнелеу құралдарын жасауы жайында.

Сөз өнері туралы мына бір бейнені алып қаралық:
Шешендіктің сәні жок,

Сөзіне сүттей ел ұйып,

Қолтығына ел сиып,
Басына бақыт қонбаса.
(Дулат Бабатайұлы).
Қазақты сүттей ұйытты,

Аузымнан шыққан лебізім.
(Базар жырау Өтемісов).

Мұндай мысалдарды тағы да көп табуға болады. Сөздің тыңдаушы жұртқа тигізер әсерін айтқанда «Ұйыған сүт» өте жиі қолданылатын теңеулердің бірі. Мал бағулы кәсіп ететін елде ғана мұндай теңеу болуы мүмкін. Елжірей, ықылас қоя тыңдауды (әсіресе, өлең, жырды) қазақ «ұйып тыңдау» дейді; мұнан поэзияның жан баурар күші байқалады. Рас, тек поэзия, жырды ғана емес, жақсы өнегелі сөз жөнінде де халық осылай айтқан. Қай жағдайда айтылса да, түбірі бір, түпкі мағынасы бір. «Сүттей ұю» деген сөз, сонымен бірге ел, отбасы тыныштығын да білдіреді. Мұнда да береке, бірлік, жарастық меңзеледі. Халықтың сөйлеу тіліндегі «Сүттей ұйып» деген сөз тіркесі қазақ малшыларының негізгі кәсібінен, атам-заманғы тұрмыс тіршілік қалпынан туған теңеу ретінде бара-бара көркем әдебиетке енген, бейнелі сөз ретінде суреттеу құралына айналған. «Нар жолында жүк қалмас» деген мақалдың көшпелі өмір дәуірінен қалғаны белгілі. Поэзияда бұл сөз тіркесі де көбіне мықтылық, мойымайтын күштілікті білдіретін теңеу, метафора ретінде қолданылады. Қазақтың ежелгі кәсіптерінің бірі – аң аулау болған. Құс салу, ит қосу – өнердің ең жоғарғы түрі. Негізінде ескі көне қауым заманынан қалған кәсіп феодализм тұсында бір жағынан әлі тіршілік қамы ретінде, екінші жағынан өнер, сауық ретінде сақталған. Мәселен, қара қасқа атты Қамбарды алсақ, «Тоқсан үйлі тобырды» аң аулаумен асырайды ғой. Бұл жай аң аулау ен даланы мекендеген қазақтардың ежелден келе жатқан тіршілік формасының бірі екенін дәлелдейді. Мал бағу, онымен бірге ығып, көшпелі өмірге енудің өзі де бірте-бірте сол кәсіптен туған болуы ықтимал. Кейін, келе-келе аңды садақпен атып, не таспен, таяқпен ұрмай жаратылыстың өз күшін өзіне қарсы қолданған: бір жандыны екінші жандыға айдап салуды үйренген. Тағы бүркіт, қаршыға, лашын, ит, тазы және басқаларын қолға үйретіп, қасқыр, түлкі, киік, қоян, құс ұстататын болған. Сөйлеу тілімізде де, поэзиямызда да осы кәсіптен қалған сөз тіркестері көп. Әсіресе халық поэзиясынан, жазба әдебиетке дейінгі ақындар шығармашылығынан мұны жиі ұшыратамыз (Рас, Абай поэзиясында да бұл бар). Халық өнерінде қыз бен жігітке махаббатқа байланысты жайлар үнемі дерлік құмай тазының қызыл түлкіні қуып жетіп ұстауы, лашын құстың қоян алуы сияқты ұқсатулармен суреттеледі.

Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,

Алдымнан сен бір қашқан марал-дағы.

Қараймын томағамды ашьп-жауып,
Тауыңнан ақиықша Оралдағы.
Мен болып қыран бүркіт ілер едім,
Түлкі боп шықсаң таудың даласына.

Сұқсырдай су ішінде мекен етіп,

Ілінбей қармағыма жүр едіңіз,
Көрініп қолға түспей жүрсің қайда,
Қара жерде мекен еткен түнегіңіз?

Ой, Ардақ, сен ақ қоян секектеген

Қасымда бір тазым бар жетектеген...

Ой, Ардақ, сен ақ қоян шыңнан қашқан,

Артыңнан мен ақ сұңқар түлеп ұшқан.

Қан қылмай ақ жүніңнен бір ілгізші,
Тамаша қарап тұрсын дос пен дұшпан.
(Халық әні «А р д а қ»).

Осындай кәсіп, іске, жер табиғатына, жаратылыс көріністеріне байланысты туып, үйреншікті болып қалыптасып, санаға, көңілге орнаған дәстүрлік ұғым, түсініктер алдымен ауыз әдебиетінің, кейін ақындық, жазба әдебиеттің бейнелеу құралдарына айналғанын көреміз. Жер, тіл, адам, табиғат, уақыт арасындағы өзара тығыз байланыстылық, бір-біріне тәуелділік халықтың бейнелі, көркемдік ойының және оның белгілі заңдылықпен дамуының үлкен факторы. Ондай байланыссыз, заңдылықсыз ұлттар әдебиетінен түстеп, таңбалап айтарлықтай өзгешеліктер, ерекшеліктер табылмас еді. Оның өзі ақылға сиымсыз, табиғилыққа жат көрініс болар еді. Сондықтан да мұндай жағдай өмірде кездеспейді. Дәстүр де, жаңашылдық та бейнелі ой мен керкемдік қиял өмірдің құбылыстарын дұрыс танып, дұрыс сәулелендіргенде ғана халық мәдениетінің тегі мен әсер өрісін дұрыс аңғартпақ. Түпкі тамыры осылай әріде жатқан әдебиеттегі дәстүрдің, әрбір ұлттық мінез-құлқы мен психикасына сәйкес түзілген ұлттық белгі, ерекшелік ретінде ұзақ өмір жасауы заңды. Халықтың рухани жағынан өсуіне, мәдениетінің түрлі салада дамуына сай дәстүрлік белгілер де ұшталып, тарамдалып, әр қырынан байқала бермек. Халықтың әлеуметтік өмір-тұрмысына қарай ескі дәстүрлер жаңарады, мән-мағынасы кеңейеді. Бейнелеу құралы ретінде атқаратын қызметі де өзгереді, немесе күрделене түседі. Негізінде сөз, тіл, оның ішкі қасиеті дәстүрлік ұғым, түсініктердің мазмұны болып табылса, дәстүр деп түйген дүниеміздің өзі бейнелеу құралы ретінде формалық, түрлі қызмет атқармақ. Дәстүр онда белгілі ұлттық әдебиеттің ішкі сырын, сапалық қасиетін аңғартуы себепті мазмұндық рольде танылса, бейнелеу, образ жасау амалы жағынан белгілі шығарманың, туындының формасы, түрлік қасиеті ретінде де байқалмақ. Мұндай қарым-қатынас көркем шығармадағы мазмұн мен форманың бірлігі, әрі бірін-бірі толықтыруы жайындағы теорияға әбден сәйкес. Және ұлттық мінез, психиканы аңғартатын дәстүр кең мағынасындағы мазмұнды, ал шығарманың түзілу тәртібі, композициясы, бейнелеу амалдары жағынан форманы білдіруі де осы белгілі теорияға бағынып жатыр. Көркемөнер шығармаларындағы форма мен мазмұн жайын арнайы зерттеген болғар ғалымы Крысто Горанов форма жөнінде былай дейді: «Көркем форма нақтылы көркем мазмұнды объективтендіру процесі деген сөз. Басқаша айтқанда, көркем форма мазмұнның ішкі структурасы, байқалу әдісін, көркемөнердің осы жанры мен осы түрінің заңы бойынша белгілі материалдық амалдар арқылы жасалған көркем образдар түрінде байқалу, өмір сүру әдісі»26. Белгілі әдебиет зерттеушісі ғалым Д.С.Лихачев «Бір құбылыстың өзін кейде форманың көрінісі ретінде, ал келесі бір жағдайда мазмұн көрінісі ретінде қарауға болады» дейді. Мұнан мазмұн мен форманың бірлігін ғана емес, олардың бір-біріне өтетін әсерін, ықпалын аңғарамыз. Әрине, екеуі теңдей екі бөлек дүние, барлық шығармада екеуінің сыбаға салмағы бірдей болады деген ұғым тумайды. Екеуінің бірдей болмайтын, сәйкес келмейтін жағдайлары өте көп. Әдебиет теориясында мұны талдаудың бірнеше амалдары бар. Бұл жерде ұлттық дәстүр мен ұлттық форма-мазмұнның ара-қатынасына тоқталалық. Мәселен, форма мен мазмұн мәселесі тек дәстүрге байланысты ғана емес, жаңашылдыққа, әсіресе, шеберлікке байланысты тереңірек қойылуға лайық. Сонымен шығарманың сипатын білдіре тұрып, дәстүр әрі мазмұндық, әрі формалық роль атқарады дедік. Бұған байланысты мысалдар келтіріп, талдаулар жасау үшін, байырғы қазақ поэзиясындағы дәстүрлік жайларды анықтап көрелік. Оларды, біздіңше, мынадай мәселелердің төңірегінде қарастыру қажет: 1. Тақырып өзгешелігі. 2. Философиялық ой, толғаулар. 3. Дидактика, уағыз, ғибрат сөздер. 4. Сурет жасау тәсілі және бейнелеу амалдарының біркелкілігі. 5. Ауыз әдебиеті үлгісінің басымдылығы. Әрине, бұрынғы қазақ поэзиясының айырым белгілері мұнымен шектелмейді. Оның басқа да ерекшеліктерін табуға, айтуға болады. Бірақ, біз негізгі пікірімізді осы мәселелердің төңірегіне топтағымыз келеді. Аталған мәселелерді бірінен кейін бірін емес, қажет жағдайда, ілгерлі-кейінді, немесе аралас та айтып талдау қажет. Өйткені ақ пен қарадай бадырайып тұрған шекара жоқ; қайта қойылған мәселелердің бір-біріне қабысып, кірігіп, тұтасып жататын жағдайлары көп. Тақырып өзгешелігі дегенде байырғы поэзияда адамның өмір-тұрмысына, әсіресе, отбасындық, ғашықтық жайларға көп көңіл бөлінетіндігін, ал әлеуметтік тақырып ұлы оқиғалар тұсында көтерілетіндігін айтар едік. Мәселен, қыз, жігіт, жас, кәрі, сараң, сері, жомарт, жүйрік ат, батыр, ер жайында өлең сөз әлде қайда көп. Ал әлеуметтік тақырып ел басына күн туған сұрапыл жылдар хикаясын шертеді. Бұқар жырау жырлары Абылай заманын; Шортанбай, Мұрат «Зар заман» дәуірін, Шернияз бен Махамбет ұлы көтеріліс кезеңін жырлайды. Таптық мазмұн, бағыт бұлардың шығармаларында айқын көрінеді. Таптық мазмұн бұрынғы қазақ поэзиясының ең ұнамды жақтарының бірі. Махамбет поэзиясын бұл жағынан жауынгерлік поэзия деуге болады. Солай бола тұрса да, байырғы қазақ поэзиясы тақырыпқа соншалықты бай емес: тұрмыс-салт жайынан әрі ұзамайды. Бұл жағынан үлгі боларлық поэзия Абай, Ыбырайдан, XX ғасырдан басталады. Қазақ халқының бұрынғы тұрмыс, салтын аңғартатын, тіршілік қалпын, мүдде, арманын білдіретін шығармаларға көңіл аударсақ, жоғарыда айтылғандай, жастық, кәрілік, серілік, сұлулық, жақсылық, жамандық, әділдік пен зұлымдық сияқты тақырыптар көп көтеріледі. Уағыз, тәрбие, дидактика басым. Философиялық ой-түйіндер де осының төңірегінде өрбіп жатады. Жас қартаймақ, кәрі өлмек. Осыған орай «Жиырма бесті», «Сексенді», «Тоқсанды» жырламаған ақын кемде-кем болар.

Қызды ауылды көргенде,

Бұлаңдатқан жиырма бес.

Төскейден қашқан түлкідей,

Сылаңдатқан жиырма бес.

(Бұқар жыраудан).
Жиырма деген жасым-ай,

Көлге біткен құрақтай

Отыз деген жасым-ай

Таудан аққан бұлақтай.

(Шал Құлекеұлынан).

Қайда кеттің жиырма бес,

Тастан шыққан бұлақтай?

Жиырма бес бар ма маңайда.

Жайқалған жасыл құрақтай.

(Дулат Бабатайұлынан).

Шаншатұғын найзадай,

Қылтың еткен жиырма бес.

Шабатұғын қылыштай,

Жылтың еткен жиырма бес...

(Шернияз Жарылғасұлынан).
Екі ауылдың арасын

Қиқулатқан жиырма бес.

Бұғалықсыз асауды
Құр-құрлатқан жиырма бес.
(Базар жыраудан).

Осы сияқты, отыз, қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан жасқа дейін созып ақындар адамның әрбір кезеңін бейнелеп суреттейді. Ақырында:

Сексен деген жасыңыз

Қараңғы тұман, түн екен,

Тоқсан деген жасыңда

Ажалдан басқа жоқ екен.
(Бұқар жыраудан).
Сексен деген жасыңыз

Қазулы тұрған көр екен.

Тоқсан деген жасыңда

Өлімнен басқа жоқ екен.
(Шал Кұлекеұлынан).

Жігіт жақсысы, қыз жақсысы қандай? Адамгершілік, парасаттық неде? Жақсы адам кім, жаман кім? Бұл сұрақтар дәстүрлі қазақ поэзиясында жауапсыз қалмаған. Жігіт сипаты:

Наркескен қайырылмайтын қылыш болса,
Мінезі, ақыл, өнері дұрыс болса.

Бір сырлы, сегіз қырлы болса жігіт,

Жорғадай тілі майда жүріс болса

Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз,
Еткені берекелі жұмыс болса.
(Ақан сері Қорамсаұлынан).

Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,

Халқымның қалың жүнді көрпесіндей.

Жақсы болар баланың жүзі жақсы

Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.

(Сүйінбай Аронұлынан).

Екі үзіндідегі бейнелі сөздерге назар аударсақ, алған тақырыпқа сай теңеу, метафоралар қолданылғанын көреміз. Яғни жақсы адам жөніндегі халықтың дәстүрлі түсінігі дәстүрлі бояу, суреттермен бейнеленген. Жақсы сөз қадірін білетін халық жақсы жігітті жорғаның жүрісіндей «сөзі майда», (кейде «тілі майда»), «жүзі жылы» дейді.

Алдыңғы үзінділерден «сексен – тұман күн», «сексен – көр», «тоқсан – ажал», «тоқсан – өлім» деген метафораларды ұшыратамыз. Ал, Шернияздың бір өлеңінде сексен бес жас туралы «Сол мезгілде жүрерсің белге соққан жыландай» деген жолдар бар. Еңкейіп, қиралаңдап, белі бүгіліп жүретін кәрілік бейнесін ақын дәл теңеумен берген. Шынында омыртқасы үзілген жыланның ұзын денесі екі жағы екі бөлек болып, дәрменсіз қалатыны анық қой. Белден айыратын кәрілік соған ұқсайды. «Жиырма бес» бұған қарама-қарсы батырлықтың, батылдықтың белгісі ретінде суреттелген. Мұнда да ежелден халық түсінігіне дәл келетін асау (мал), құс, найзадай өткірлік, құрақтай жастық, бұлақтай (теңеулер) тазалық арман етілген. Ал «жиырма бестің» өзі метафора ретінде болдырмас күшті, сарқылмас жігерді байқатады, өз алдына образ, бейне ретінде суреттеледі.

Жаман адам жайындағы, жалпы жамандық туралы өлеңдерде де халықтың ежелгі түсінігі анық көрінеді. Мұндағы теңеу, суреттер де айшықты, бедерлі. Сүйінбай ақынның «Жақсы мен жаман адам қасиеттері» деген өлеңінен мына үзіндіге назар аударалық:

Жаманның көкірегі – көр, көзі – соқыр,

Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай...
Жамандар өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,

Жанбай қалған ағаштың шаласындай.

Соқтығып әркімге бір ұрынады,

Сиырдың тентек болған танасындай.

Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,
Жылқының қотыр болған аласындай.

Жаман адам кейпін мұнан артық жеткізе суреттеу қиын-ақ шығар! Сонымен қатар, қолданған теңеу, эпитет метафораларына көңіл аударсақ, халық жадына әбден сіңген, сөйлеу тілінде жиі айтылатын сөз өрнектері екенін аңғарамыз. Жанбай қалған ағаштың «шаласындай» деген теңеудің жаман адам мінезін, қылығын дәл беріп тұрғаны анық. Ал жылқының «аласындай» дегенде, біріншіден, басқалардан бөлініп, ала бөтен жүретін, көзге бірден түсетін ала жылқы ұғылса, екіншіден, «адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деген белгілі мақалдағы «ала» еске түседі. Соңғы «аланың» мағнасы күшті. Ақынның өлеңінде «ала» деген сөздің осындай түр-тұрқын ашуға көмектескен. Бұған қоса «сиырдың тентек болған танасындай» деген суреттер жаман адамның ақылсыз, дөрекі кейпін әбден жеріне жеткізіп тұр. Бұзау мінезі мал баққан қауымға белгілі: ойнақтай шауып, әрнәрсені сүзгілеп, ұрыншақ келеді. Оның үстіне «бұзау», «арда» деген сөздердің адамға кемсіту мағынасында айтылатыны аян. Ақын малдың осы «қасиеттерін» алып, жаман адамды суреттеуге қолданған. Тентек алаңғасар адам бейне тана, бұзау сияқты. Бұл образдың дұрыстығын, дәлдігін орыстың «телячий восторг» деген сөз тіркесімен де дәлелдеуге болады. Бұзаудың, соқтыққыш кейпін басқаша айтып жеткізу қиын да: ол жақсы ниетінің, қуанышының өзін тым еркінсу, түйіп қашу қалпында білдіреді ғой. Сондықтан да «телячий восторг» дегенді адамға байланысты айтқанда, таяздық, даңғазалық ұғылады. Дәстүрлі поэзияда жақсы адам образы көбіне жақсы жігіт, сұлу қыз бейнесінде суреттеледі. Оның басты айырмашылықтары ретінде батырлық, ерлік, жомарттық, тапқырлық, көркемдік және басқа қасиеттер алынады. Оның өзі де, жоғарыда айтылғандай, айнала табиғатқа, тіршілік, тұрмыс салтына сай образдармен суреттеледі. Мұхтар Әуезов поэзиядағы дәстүрлі образдар жайында айта келіп, мына өлеңді мысалға алады:

Жігітке мінез керек қырық қыраудай;
Мысалы асыл мінез май сылаудай.
Желдетпей, дауылдатпай, борандатпай,
Табаннан өту керек боз қыраудай.

Бұл үзінді жайындағы ойын ғалым былай түйеді: «Осы өлеңде қаншалық көп теңеу бар: бұнда қырау да, май сылау да, желдету, борандату, дауылдату, тіпті табан да, боз қырау да – бәрі құйылып тұрған образдар. Осында аталған бір зат та дәл өз мағынасында жұмсалған емес. Бейне, тілінде арнауы басқа, нысанасы оқшау жатқан сөздер». Шынында әрбір сөзге көңіл аударсақ, терең мегзеу, тұспал жатқанын аңғарамыз. Соңғы жолды алалық: «Табаннан өту керек боз қыраудай». Мұнан ұлпа, майда боз қырау еске түседі. Ол жұмсақ, тым ызғарлы емес. Ақын адам мінезінде сол қыраудай өзіндік маңыз, нұсқа болсын деген. Тым суық, ызғарлы да болмау керек, сонымен бірге тым жылы, жылымшы болудың қажеті жоқ. Өте әдемі, дәл жасалған образ. Жоғарыда Ақан серіден келтірілген үзіндіден де жақсы адамға қойылатын осындай талапты байқаймыз. Басқа да көп ақындарда бұл өте жиі көтерілген тақырып, әрі бір-біріне көбіне-ақ ұқсас келеді. Ол, біздіңше, бейнелеу құралдарының, айналып келгенде, әбден белгілі болған, танымалы болған теңеу, метафоралардан тұратындығынан. Әрине, шеберлігіне қарай әр ақын өзінше бейне, бедер табады. Бірақ көбіне негізгі образдары ұқсас, бір келкі. Байырғы поэзияда көп келтірілген тақырыптардың қатарына сараңдық, жомарттық, көңіл күйі, өлім мен өмір, қуаныш, уайым, қайғы сияқты тақырыптар енеді. Жақсы әйел, жақсы ұл мен қыз (перзент), мінген ат (жорға, тұлпар); аңға салатын құс жайында да көп айтылып жазылған. Сараңдық туралы өлеңдердің түрі мынадай болып келеді:

Бәсеке, мал-жануар басқа бітер,
Қына шөп секілді ол тасқа бітер.
Үйіңнен ит жаланып шықпайтұғын,
Өзіңдей жатып ішер насқа бітер.

(Шал ақыннан).

Сараңдықты, жомарттықты, жақсылық пен жамандықты айта отырып, ақындар бай мен кедей, баршылық пен жоқшылық тақырыбын қозғап өмірдегі теңсіздік мәселесін көтереді. Қазақтың бұрынғы поэзиясында бұл өте кең өріс алғаны белгілі. Бай мен бек, хан, сұлтан, атқамінерлер туралы әшкерелеу, сын поэзиясы өз алдына үлкен сала. Төңкерістен бұрынғы поэзияда қандай тақырыптар көтерілген еді дегенде бұл арнайы айтылатын мәселе. Әлеуметтік тақырыпты шығармашылығына негізгі арқау еткен ұлы Абай. Оған дейінгі ақындар өлеңдеріндегі әлеуметтік, қоғамдық сарын XІX ғасырдың аяқ шенінде және XX ғасырдың бас кезінде мүлде жаңаша бағытта өсіп, дамығаны мәлім. Ұлы ағартушылар творчествосы мен демократ жазушылар мұрасынан мұны анық көреміз. Ал, Махамбет, Шернияз жырлары кезінде нағыз әлеуметтік маңызы зор ереуіл жырлары болғаны даусыз. Дәстүрлі қазақ поэзиясына аса тән және көп қозғалған тақырып — әділдік, шындық, дұрыстық. Халық поэзиясында болсын, жеке ақындардың шығармаларында болсын, үлкен өмірлік, философиялық толғауға, ойлануға мегзейтін бұл тақырыпты жиі ұшыратамыз. Қара қылды қақ жару, елдің әділ басшысы болу, адалдық жолымен жүру, әлсізге болысу, бірлік, татулық және басқалары қазақ поэзиясының қай кезең, саласынан болса да кездеседі.

Жақсыны алыс, жаманды жақын көрме,
Жақсы атансаң, басқаның хақын жеме.
Жақсымын деп момынның малын жеме,
Жаман адам сол болар, мақұл деме.

(Шал ақыннан).

Адамгершілік, пайдалы іс істеу, қайырымды болу бұл өлеңдердің басты арқауы. Асқан шеберлік, тапқырлық болмағанымен, реалистік мазмұны күшті. Бір жағынан ақылға, парасаттыққа шақырса, екінші жағынан өмірдегі кемістіктерді жіті көріп, аяусыз сынайды. Шенеу, кекету басым («Кейбір дәулет насқа бітер»). Нағыз сараңды тасқа балап, ұтымды метафора жасайды («рақымсыз, жібімейтін тасқа бітер»). Бір назар аударатын жай осындай өлеңдерде жалпы әділетсіздік қозғала тұрса да, байға арам біткен мал екені айтыла тұрса да, малсызды, кедейді батыл қимылға шақыру жоқ; еңбектен, өз қамыңды же деу аз. Мал да, бақ та өздігінен, немесе жазмыштан, тағдырдан дегендей түйін жатады (мәселен, – ішпей-жемей, киместен кетеді өліп, кей жаман мал бітсе де, бақ қонбаған» – Шал ақын; «Аузыңмен құс тістеген би де болсаң, басыңнан бақыт тайса тарқайды топ», «Жігіттің аты шықпайды бақ қонбаса» – Әубәкір Кердері т. б.). Әділдік, жақсылық, яки әділетсіздік, жамандық, сондай-ақ білімділік, көргендік, не қараңғылық, надандық, оқу, өнер, ғылым тағы осы сияқты тақырыптар көбіне дидактикаға, уағызға ұласып кетеді. Балалық, жастық шақ, кәрілік, ұлғайғандық, немесе, ұл мен қыз, ер жігіт пен әйел, олардың мінезі, ісі, әдебі бәрі де байырғы поэзияның өте көп қозғаған мәселелері. Ар-ұят, тәлім-тәрбие, ождан, кішіпейілділік, сынықтық, немесе, ұнамсыз кейіп-мінездер жайындағы халық ұғымы, түсінігі, әрине, мыңдаған жылдар бойында адамдардың өзара қарым-қатынасына, тіршілік қамына, оның формасына қарай түзілген. Дәстүрлі поэзияда жігіт болса, ер жүрек батыл, батыр, сонымен бірге, елгезек, кішіпейіл, ойлы, ұстамды болу керек; қыз болса нәзік, сұлу, ақылды, мінезді келуі тиіс. Ал олардың әлеуметтік беті, қауымда атқаратын қызметі жайлы көп айтылмайды. Мәселенің бұл жағы кейінгі поэзияда, сыншыл реализм әдебиетінде байқалады. Алтынсарин, Абай, Сұлтанмахмұт шығармаларында оқу, өнер, білім, адамның тарихтағы, қоғамдағы орны туралы мәселелер мүлде жаңаша қойылады. Демократ ақындар шығармаларында бұл тақырып онан әрі өсіп дамыды. Сондай-ақ Шәңгерей Бөкеев, Омар Қарашев, Нұржан Наушабаев, Әріп Тәңірбергенов шығармаларында әлеуметтік, азаматтық сарын жаңа бағытта көріне бастағанды. Бұқар, Мұрат, Дулат, Шал, Базар, Әубәкір, Ақан сері және басқаларының өлең-жырларында ескі әдетті ауылдың, әсіресе, феодалдық дәуірдің уағыз, ғұрыптары басым. Бұл дәуірдегі дидактикалық ой-тұжырымдар көбіне-көп от басы, ошақ бұтынан аспайды. Рас, жақсы адамға жақсы қасиеттер тән болу керектігін олардың қай-қайсысы болса да айтады. Бірақ оның көбі сол кездегі көшпелі өмір тұрмысынан, мал бағу харакетінен озып кетпейді. Жақсы жігіт түбінде жақсы жылқышы (құрықпен асау ұстаған), жақсы қыз болашақ жақсы келін, әйел деген ұғым ден алады. Уағыз, насиқат өлеңдерде адамның мінез-құлқына, іс-тірлігіне байланысты жайттар қазбалап айтылады; жаманнан бездіріп, жақсыға жеткізу, ұнамды қасиет-қылықтарды өнеге, үгіттеу басым. Өсиет жырларда көбіне ақындардың иландыру, сендіру ниеті байқалады:

Екі жақсы бас қосса,
Санат емей немене.
Қамшылатып жүгірген,
Шабан емей немене.

Айтқан сөзге түспеген.
Жаман емей немене.
Сұрағанды бермеген,
Сараң емей немене,

Кісі ақысын көп жеген,
Арам емей немене.
Ішің аллаға мәлім,
Сыртыңдағы қулығың

Амал емей немене.
(Бұқар жыраудан).
Жақсыны жаман көре алмас,
Тіс тиген соң өзіне.

Шын екен деп иланбаңыз,
Жалғаншының сөзіне.
Сырттан ғайбат болғанша,
Айт көзі мен өзіне.

Құдайдан қорыққан мұсылман
Қарауыл қояр сөзіне.
Құдайдың барын білмеген,
Айтқан жанға жүрмеген,

Менменсіген зор кеуде
Қиық жүріп кете алмас,
Алдындағы жолығар
Құдайдың құрған тезіне.

(Шортанбай Қанайұлынан).

Өмірдегі әрбір жаман-жақсы іске көпті көрген бастың тәжірибесінен мысал келтіріп, ғибрат аларлықтай түрде, көңілін қандырып, көзін жеткізерліктей формада айту сезіледі. Бұл – осы стильде жазған, өлең шығарған ақын-жыраулардың танымалы тәсілі. Жоғарыда айтқандай, қазақ халқының феодалдық дәуірдегі тұрмыс-қалпын байқататын өлең-жырлардың отбасылық мәселені, жеке бастың жақсы-жаман қасиеттерін қозғауы ең басты ерекшелігі. Уағыздық, ғибраттық жайлармен бірге өмір философиясы да мол. Тіршілік жайы, өлім мен өмір туралы ой, толғамдар адамдардың іс, қылықтарын байқау, бағдарлаудан туған түйін, тәжірибелермен байып, үлкен ақыл, кеңестік, дидактикалық мағына алады. Бір жағы тәрбиелік, әсіресе, жастарды тәрбиелеу мәселесі болып, екінші жағы жалпы «үлкендерден» қалған сөз дегендей уағыздық мән маңыз алып, поэзия, әлеуметтік роль атқарған. Мәселен, жоғарыда келтірілген үзінділердің, онан басқа да үлгілі сөздердің көшпелі тұрмыс жағдайында жалпы тыңдаушы жұртқа тәлім-тәрбие берер, эстетикалық сана орнатар бірден-бір мектеп болғаны хақ. Жақсыға үйрету, жаманнан жирендіру негізінде ғылым-білім, оқу, өнер жолымен жүзеге асатын істер ғой. Қазақ халқының көшпелі өмірі жағдайында оқу кең өріс ала алмағаны анық. Басқа елдермен қарым-қатынасы да айта қаларлықтай емес. Әсіресе, мәдени байланысы әлсіз. Бұл да оқудың, білімнің, жоқтығынан. Сауда капитализмі әлі дамымаған. Буржуазиялық демократия, ағартушылық әлі енбеген. Сонан да қазақтың жалпақ елі көбіне-көп өз білгенімен жүрген. Мыңдаған жылдар бойы жинап, ұстанған әдет-ғұрып, салт-санасы XІX ғасырға дейін қаймағы бұзылмай келген. XІX ғасыр ғана емес, 1917 жылға дейін қазақ даласының дені осы халде еді. Бірлі-жарымды қоғамдық дүмпулер, өмірге қозғау салды, түн туырлығын түріп, таңға мегзеді, халық санасын оятты. Бірақ бар өмір укладын өзгерту үшін, әрине, үлкен сілкініс керек еді. Бұйығудан сонда ғана арылу мүмкін еді. Қазақ халқының кейінгі өмірі мұны айқын көрсетті. Ақыл, өсиет, ғибрат айтқан поэзияның өз кезінде үлкен өнегелік рөлі болғаны даусыз. Ақындардың, жырау, шайырлардың «университеті» – өмір, ал өмір зеректі үйретпей қоймайды. Халық жадында сақталып келген әдеби қазына осыны дәлелдейді. Мұның үстіне халықтың жаттап алатын қасиеті әділ елек, сүзгіштің рөлін атқарғандай. Өйткені неше алуан жыр маржанына қарасақ, түгелдей дерлік халық мұңын көздеген, арман, ойын білдірген туындылар сақталған да, таптық, не салт-саналық жағынан халық түсінігіне, нанымына қайшы дүниеліктер, бірлі-жарым болмаса, жоқтың қасы. Үстем тап өзінің мәдениетін, өзінің эстетикалық категорияларын қанша уағыздағанымен (мәселен, кедейлердің кемдігі – «кұдай ісі» екендігі туралы, рулық қайшылықтар, мал дауы, әйел басының «кемдігі» туралы және басқа таптық, салттық «нормалар» мен жоралғылар), оның негізінен, әдеби шығармаларда сақталмағанын байқаймыз. Материалдық мәдениет дүниелеріне назар аударсақ та жағдай осындай. Өйткені, ол қазынаның авторы халықтың өзі. Өмір мен халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан талант көрген, білгендерін алуан түрлі сөз өрнегімен безейді. Мұнда образдар ауыл-аймағымен, қора-жайымен, мал-жанымен түгел жөңкіп жүреді. Жартылай айту, жарытпай айту жоқ (Жарытпағанды «Жартыбай» ақын атау осыдан тууы да мүмкін-ау). Біз әңгіме етіп отырған дидактика, уағыз, тәлім-тәрбие кең мағынада этикалық, этикеттік жайттарды да қамтиды. Мәселен, сыпайыгершілік, биязылық, ізеттік, жұмсақтық, немесе, оспадарсыздық көргенсіздік, кесапаттық т. б. Адамның мінезі, кейпін аңғартумен қатар, бұлар кісінің бір-бірімен қатынасын, бірін-бірі сезіп, түсінуін білдіреді. Яғни адамның белгілі жағдайдағы іс-қылығын және оның халық санасында орнаған белгілі қалыпқа қаншалықты сәйкес келетін-келмейтінін сездіреді. Мал шаруашылығымен айналысқан қөшпелі халықтың эстетикалық түсінік-талғамдары өмір-тұрмысқа байланысты туып, орнаған болса, этика, этикет мәселелері де адамдардың көп ғасырлар бойы бір-біріне қатынасынан қауымда ұзақ уақыт бойы бекіген салт-сана, әдеттен барып, бірте-бірте нормаға айналған. Бұған мол әсер ететін жайттар, әрине, халықтың сауаттылығы, үстем тап моралі, үлкен мен кішінің, ер мен әйелдің дінге, билеуші тап мораліне байланысты әр түрлі рухани сатыда тұруы т. б. Әр кезеңде әрбір қоғам өз заңын ұсынып отырған. Әсіресе, таптық фактордың атқарған рөлі өте үлкен. Үлкен мен кіші, ер мен әйел арасындағы қатынас жайын алып қарасақ, жақсы да, жаман да уағызды көреміз. Үлкенді сыйлау, мәселен өте дұрыс. Бұл қазақ қанына сіңген. Бірақ үлкеннің қаталдық (деспоттық), ақсақалшылдық жағы да бар. Халық негізінде ананы, апа-қарындасты, қызды сыйлай білген. Аңыз әңгімелерде, эпостық шығармаларда бұл айқын көрінеді. Сонымен бірге «шашы ұзын, ақылы қысқа» деген сөз тағы бар. Таптық көзқарастан, феодалдық заманның заң-жосықтарынан туған мораль екенінде дау жоқ. Поэзиядағы этика, этикеттік мәселені алсақ, бір жақсы жері, үстем тап бұзған, дін бұзған салт, әдеттер емес, халық қалап ұнатқан қылықтар уағыздалған. Ғибраттық тақырып бұрынғы поэзияның ерекшеліктерінің бір дегенде, оның этикалық мәселені негізінде ілгерішіл бағытта қойғанын атап айтуымыз керек. Жаман әдет, қылық жырланған бірде-бір халық поэзиясы, немесе ақындар өлеңдері жоқ. Белгілі тұрмыс-салт жырындағы «Өзің жатып байыңа тұр-тұрлама, келіншек, қаптың аузы бос тұр деп құрт ұрлама, келіншек» деген моральдің өзінде жас әйел адресіне айтылған оғаш ештеңе жоқ. Қайта оны ізеттікке, бірін-бірі құрметтеуге үйрету бар. Қазақтың «көргенді», «көргенсіз» деген сөздерінің өзінде этикаға, моральға байланысты үлкен философия жатыр. Ақындар шығармашылығында өте көп айтылып, көп мінезделген мәселенің бірі осы. Жақсы-жаман болудың өзі көргендікке, өмір тани білуге, әсіресе, тәрбие, тәлім көруге байланысты деген ұғым күшті, әрі сол дұрыс та.

Көргенді жерден қыз алсаң,
Атыңды ерттер жүгендеп.
Далаға жүрер уақта,
Керегіңді түгелдеп...

Билікті салсаң соған сал,
Бір сөз айтпас «бұл нең» деп.
(Майлықожа Сұлтанқожаұлы)

Майлықожа ақынның түсінуінше жақсы әйел тек еріне дұрыс қызмет еткенде ғана жақсы. Өйткені ол үйдің, от басының қожасы, жақсы тамақ пен таза көйлек соған байланысты. Ал билігін тыңда, тілін ал деуі ұтымды жағы. Өйткені феодалдық дәуірде әйел тілін ал деп айта қоймайды. Ақын қарапайым халық арасындағы қарым-қатынасты дұрыс көрсетіп отыр, Осы тақырыпқа көп жазған Ақан серінің «Әйелдер сипаты» деген өлеңіне назар аударалық:

Бұлттан шыққан күндей көрсең жүзін,
Сөйлесер әрбір түрлі күймен сөзін.
Толғанып оқ жыландай толықсыса,
Ешкімге білдірмейді басқан ізін.

Ал сонда түгел болар ажар көрік,
Мінезі ажарына болар серік.
Алыстан мекеніне лебі тартып,
Боп кетер қызыққандар оған жерік.

Жақсы әйелді өте жоғары бағалап, осылай әдемі поэзиялық образ жасаған Ақан сері жаман әйел деген мынадай болады дейді:

Көйлегі кір болады май-май ғана.
Ұрысар байыменен таймай ғана.
Сыртына шөмішінің балшық жағып,
Салады қазанына шаймай ғана.

Осы тақырыпты Майлықожа жеріне жеткізе айтады:
Жаман болса қатының,
Ұқсайды тілі шешекке,
Ызаға толар қос өкпе.

Әр жұмысты қылғанда
Жолықтырар кесетке.
Жамбасың үйір боп кетер,
Жастығы қатты төсекке.

Қаншама жақсы сөз айтсаң,
Алмайды оны есепке.
Арманда өтер өмірің –
Артылғандай есекке.

Қазақ ақындарының көп жырлаған тақырыптарының бірі осы сипатта келеді. Бір жағынан жақсы, жаман адам, оның қылығы, этикалық жайттары көтеріліп, ішкі-сыртқы түр, бейнесі суреттеліп жатса, екінші жағынан отбасы тұрмысының сол кездегі талап-тілектері көрініп жатады. Әйелдің үйдегі орнын анықтауда ақындар көбіне бір жерден шығады, оған әлеуметтік, немесе коғамдық, азаматтық жүкті көп артпайды. Әрқайсысы жалпы белгілі талаптарды көркем тілмен баяндай келіп, әсіресе, «жаман әйелге» келгенде сөз тапқыш, сынағыш, мінегіш болып алады. Жоғарыдағы Ақан сері өлеңін алсақ, кекесін, мысқыл мол. Және онысы ұрысқақ, салақ әйел бейнесін дәл танытады. Майлықожа өлеңінде де «жаман әйел» мінездері жіпке тізіп айтылып, ірі теңеулермен бадырайта көрсетілген. Махаббатқа, ғашықтыққа арналған өлеңдерде ақындар сөз майын тамызады, мың бұралтып, жүз құбылтып, мәнерлі образ, суреттер жасайды. Онда бейнелеу амалдары да тақырыпқа лайық поэзия тұнығынан, тереңінен кешіп барып алған маржандай жалтылдайды.

Адамнан артық ажар, ақыл айлаң,
Ажары ақ бетіңнің асқан айдан.
Адасқан арық қудай болдым асық,
Айдындай ақ төсіңе, асыл айнам!

(Шәңгерей Бөкеевтен).

Кіршіксіз, таза, ақ көңіл жайы төрт жолда терең мағынасымен ғана емес, соған сай түр, көрінісімен де тартады. Аңсаған көңіл жайын білдіретін сөздер ылғи «а» дыбысынан кұралған. Төрт жол өлеңде «а» дыбысы 28 рет қайталанады. Буындардың бәрі түгелдей дерлік «а» дыбысынан. Қолданған теңеулер де айтылмыш ойға сай, үндес. Ай, қу, айдын дегендер қазақ поэзиясында жиі кездесетін, бар теңеулер. Әңгіме олардың ерекше қабыса, үйлесе келуінде. Ақыл айласы адамнан асса, ажары айдан асқан. Ал ынтық, ынтазар болған жанның көлді аңсаған арық қуға теңеуі өте тапқырлық. «Айдындай» деген сөз «ақ төсіңе» дегеннің теңеуі сияқты естіледі. Бірақ олай емес, ол олақтық болар еді. Айдынға асық болған арық қудай, асыл айнам, саған асықтым деген сөз. Әйтпесе «Адасқан қудың» қайда асығатыны белгісіз қалар еді (егерде «айдындай ақ төсіңе, асыл айнам» деген жолдағы «айдын» «ақ төстің» теңеуі десек). Ақ қу, әрине, айдынға тартады; сондай-ақ ғашық жан да сүйгеніне талпынады. Алынған образдардың поэтикалық сұлулығы, сүйіскен жүректер жайындағы сөздің мазмұнына дәл келіп, жалпы мағынаны кең ашып тұр. Ғибрат, тәлім сөздер адамның мінезіне, ісіне, қылықтарына арналуымен бірге жалпы философиялық ой, толғау ретінде айтылады. Мұндай өлеңдерде ақындар басқа тақырыптарды қозғағаны сияқты нақты, белгілі фактыны ала сөйлейді. Яғни «бет алды, құла дүз» кетпейді, нақты мысалдарды атай отырып, өнеге, үлгіге мегзейді. Өмір, өлім, дүниедегі тіршілік (дүнияи іс), жас келмек, кәрі кетпек сияқты құбылыстарды ақындар жеке фактілер ретінде алып, үлкен қорытынды шығарады. Өмірді көркем образбен тануда индукциялық әдіс көп қолданады. Өйткені ақындар жеке іс, құбылыстарды алады да, оның тегін, себебін зерттейді, қандай нәтижеге әкелетінін бағдарлайды, жалпы қорытындыға келеді. Бұл заңды да. Өмір философиясын терең ұғынып, оның сан алуан құбылыстарын тәжірибе жүзінде байқағанда ғана дедукциялық әдіске көшуге болар еді: үлкен қорытындылардан жекелеген фактілерге қарай ойысу, оның себеп, салдарын айтуға болар еді. Жалпы ағарту ісі төмен, сауаты әлі жоғары емес жағдайда ақындар ондай дәрежеге көбіне көтеріле алмайды. Жеке құбылыстардың көлеңкесінде қалады. Байырғы поэзияда көп ұшырайтын тақырыптардың келесі бір тобы жүйрік ат, алғыр құс, ер қаруы жайында. Нағыз ұлттық мән-мағына мен форма ондай өлеңдерде айқын көрінеді. Жоғары шеберлік байқалады. Жүйрік ат сыны көп ақындар шығармашылығында бар. Қай-қайсысынан болса да тек ат бейнесін, портретін ғана емес, адамның айнала табиғатқа қатынасын, түсінік ұғымын байқаймыз, философиялық қорытынды көреміз. Базар жырауда бұл тақырып былай жырланады:

Қазығында тігілген,
Жыландай белі бүгілген,
Қырымнан қара көрінсе,
Құлағын жұптап үңілген.

Жауырыны жазық тақтайдай,
Жалы жұмсақ мақтадай,
Ойдым желке, кекшіл бас,
Құлжа мойын наз бедеу

Қазығында байланып,
Сапары тегіс айналып,
Күні толған ерлердің
Нешеуінен қалған жоқ!

«Әр кемелге бір зауал» деген өлеңінде осы ойды ақын әрі тереңдетеді:
Кедергіден өткенде.
Жер ортаға жеткенде,
Көтермелі көп қолға

Ұстатпай шылбыр кеткенде;

Бөкенше тастап аяғын.

Бұршақтап тері төгілген;
Жүзден озып, жол алып,
Жолына бәйге мол алып,
Қара терге сыбалып,

Құйындай шаңы шұбалып,

Қырымнан жалғыз көрінген;
Тері тепсе, тыңайып,
Сыр бермеген мұңайып,
Айдалғанмен алысқа,

Ор текедей ойнақтап

Талай келген өлімнен;

Таласпай ешкім жолына,
Тұрғанда бағып оңына,
Екі талай жерлерде,
Шабылмай бәйге берілген;

Сол секілді наз бедеу
Жолыққан күні тосуға
Келтірмей қайтып қосуға –
Бір жалғыз қазыққа кез болар!

Жақсы ат ердің досы, астындағы қанаты деген ұғым ежелден бар. Сын жарыста бәйге алған, сондай қас жүйріктің басына іс түскенде, бір қазақтың кұлы болатынын айтып, ақын тағдыр кілті адамда емес деген қорытынды шығарады. Философиялық мәні әрбір асқанға бір тосқауыл бар деген ойды білдіретін бұл өлеңде аттың жақсы сыны берілген, портреті жасалған. Сырт пішінімен қатар, көбіне-көп жүйріктігі, адамға тигізер пайдасы айтылады. Мұраттың мына өлеңінен де соны байқауға болады.

Елпең-елпең жүгірсе,
Ебелек отқа семірсе.

Емендей белі бүгілсе,

Жібектей жалы төгілсе,

Күн-түн қатып келгенде
Жер адымын қуырса,
Жердің шаңын аспанға
Жел құйындай суырса.

Ертеңнен шапса кешке озса.
Еңкуден салса, төске озса,
Еңіреуден қара қайырса,
Құланды қақтан айырса,

Берсе жемге тоймаса,
Қырық шалаулы қойға алса,

Еңселігі екі елі

Егіз қоян шекелі,

Шекеліге үш елі
Күдері белді, күпшек сан
Күдері асып жорттырса –
Арғымақ атқа жарасар.

Жүйрік ат жайындағы сын екі үзіндіде де өте көркем суретпен берілген. Арғымақ аттың қасиеттері қандай болмақ, дәл жауап табады. Сонымен бірге, Абайдың белгілі «Аттың сыны» өлеңімен салыстырсаң, біраз айырмалар да байқалады. Базар мен Мұратта ат ер қанаты, адамға пайдалы жануар деген ой басым. Адам тұрмысындағы алатын орнын, тигізер қасиетін айту бірінші қатарда. Абайда олай емес, қазақтың жылқы малы жайындағы ежелгі түсінігіне сүйене отырып, реалистік әдебиетке тән реалистік сурет, портрет жасайды. Байырғы тақырыптың өзінен Абай сонылық тауып, жаңашылдық ашады. Байыптай суреттеп дәл теңеу, метафоралар қолдану арқылы Абай шын жақсы аттың эталонын жасағандай әсер қалдырады. Жоғарғы үзінділерден де біраз тапқырлықты байқаймыз. Бірақ онда өнегелік, үлгілік мақсат басым. Жақсы ат, ер жігіт, жақсы әйел, өткір пышақ дегендей халық ұғымындағы жалпы тезис ол өлеңдердің лейтмотиві болып отырады. Мысалы, ер жігіт жайындағы мына суреттерге назар аударалық:

Бес қаруын асынған,
Беттескен жауын қашырған,
Туралап тартқан садағы –
Тимеген кейін жасыннан;

...Өлшеулі демі біткенде
Ажалдың оғы жеткенде,
Бадана көзді берік сауыт
Тең болар оның панасы –

Жалаңқат киген шекпенге;
Қайтпайтын жаудан қайратты,
Маңдайдан шыпшып қара тер,
Жанды жерден қадалған –

Бір жалғыз оққа кез болар.
(Базар жыраудан).
Садағын сала байланса,
Астана жұртын айналса,

Бес қаруын белге ұрса,

Ат үстінде күн көрсе,

Арып-ашып шөл көрсе,

Тебінгіні теріс тағып,
Темір қазық жастанып,
Қарындас үшін қан жұтса,
Ол ер жігітке жарасар.

(Мұраттан).

Ер жігіт жайындағы дәстүрлі түсінік, халық қиялында ауыз әдебиетінен, қисса, поэмалардан бері сіңіскен ұғым бұл өлеңдерде толық көрінісін тапқан. Нақтылы адамнан гөрі жалпылама айту, халық не тілейді, нені қалайды соған лайықтай сөйлеу басты ерекшелік. Нақтылы көтерілісті, оның толып жатқан оқиғаларын бастан кешірген Махамбет өлеңдерінің өзінде Исатайдан басқа түптеп таңбалап айтылған ер бейнесі жоқ:

Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай...

Ат үстінде күн көрмей,

Ашаршылық шөл көрмей,

Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей...

Тебінгі теріс тағынбай,

Темір қызық жастанбай,

Қу толағай бастанбай
Ерлердің ісі бітер ме? –

дегенде Махамбет жалпы ер адам қандай болу керек екенін айтады. Астын сызған жолдарға назар аударсақ, Мұрат оларды түгелдей алып, өз өлеңіне арқау еткенін көреміз. Өйткені оның да ақындық, поэзиялық өнеріне осындай кейіп, бейне дәл келген. Исатайдың өзін суреттегенде «арыстаным, айбарлым» деген метафорадан басқа, ақын батырдың белгілі мінезін, түсін, келбетін беретін ештеңе айтпайды. Ауыз әдебиеті дастандарында да батырлар осындай ірі, кесек тұлғаларымен көзге түседі, Алпамыс, Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын және басқаларын алсақ, бірді-екілі айырмашылықтары болмаса, негізінде, олардың батырлығын суреттеу әдісі біркелкі, ұқсас. Ақын жыраулар, асылында, сол үлгіні түгелімен алған да, кейбір жағдайларда оған уақыт, мезгілдік, қауымдық, әлеуметтік сыр берген. Ал суреттеу әдісі бұрынғы, дәстүрлі түсінік тұрғысында қалған. Бұған тағы бір себеп феодалдық өмір-тұрмыс жағдайында ер бойынан басқа талант, мінез күтерліктей, оларды талап етіп қоярлықтай қоғамдық сана, ұғым өсіп жетілмеген. Бұрынғы әдеби туындылардағы тақырыптар негізінде осы сипаттас болып келеді, ұлы мақсаттар, қоғамдық ой-толғаныстар, әсіресе, тап теңсіздігі, әйел бостандығы, халықтар құқылығы, күрес, тәуелсіздік үшін күрес сияқты тақырыптар қанатын кең жаймаған. Поэзиядағы азаматтық сарын бәсең. Ауыл арасындық, рулық мазмұн, мағына басым. Поэзияға шын мәнінде азаматтық, халықтық маңыз берген ұлы Абай болды. Абай поэзиясында әлеуметтік, азаматтық тақырыптардың қай-қайсысы болса да, мүлде жаңаша қойылып, басқаша шешіледі. Абайды туғызған орта, әлеуметтік жағдай, ақынның данышпандығы, зор таланты дүниені басқаша қарап, аңдауға мүмкіндік берді. Абай көтерген тың мәселелерге арнайы назар аударсақ, реалистік поэзияға жол қайдан басталғанын анық байқаймыз: ол – халық поэзиясының қайнар бұлағы, сарқылмас нәрі. Бірақ Абай сол қазынаны ізденімпаздық жолмен меңгерген, мүлде өзгерткен, өзінің талантына сай алуан-алуан жаңалықтармен байытқан. Ұлы Абай өз шығармашылығында сол жаңалықтар арқасында үлкен дәстүр қалдырды. Реалистік дәстүр, шындық дәстүр, халықтық дәстүр Абайдан кейінгі қазақ поэзиясынан мықтап орын алды. Бұл жайында біз Абайдың екі сөзін ғана куәға алалық. Бірінші сөз – Абайдың қазақ поэзиясын аяғынан тік қойып, мүмкін қадарынша оны тілмарлықтан, құр шешендіктен, әсіре қызыл бояудан кұтқаруы жайында. Мұны дәлелдеу үшін алдымен өзі айтқан талап-тілекті еске алайық:

Сөз айттым Әзірет Әлі айдаһарсыз,
Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз...
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.

Екінші сөз – Абайдың ақын орнын, оның қоғамдық, әлеуметтік рөлін алғаш танып, Пушкиндермен қатар көркем сөзді жоғары сатыға көтеруі жайында. Бұл ақынның бүкіл мұрасымен дәлелденген, бірақ тағы да Абайдың өз куәлігіне жүгінелік:

Ақын белін буынып,
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл,
Не жазып кетсе: жайы сол,

Жек көрсеңдер өзің біл.

Көп ғасырлар бойы ауыз әдебиетіндік дәстүрде келе жатқан поэзияны Абай мүлде жаңа арнаға салды. Ол үшін ақынға қойылатын парызды анықтайды, оның қоғам алдындағы міндетін ұғындырады. Поэзияда осындай анық бағыт ұстанған Абай өзінің бар шығармашылық өнерінде соны бұлжытпай орындауға ұмтылады. Жаңалық жайына тоқталғанда формадан, сыртқы түрден бұрын реалистік, шындық негізін айтқан жөн. Өйткені, Абайдың реалистік суреттемелері ерекше, бұрынғы поэзияда тап бұл сипатта кездесе бермейді. Абайдың «Қан сонарда», «Аттың сыны», «Қыс» өлеңдері өмірдің реалдық қалпын беруге бұрын жеткен Батыс және орыс әдебиеті шығармаларынан ешбір кем емес. Бұл табиғаттың, не өмір құбылысының сыртын емес сырын, бояуын емес сынын табушылық, соған үңілушілік, мұндай реализм Абай шығармаларының өзекті өзгешелігі.

Ақ киімді, денелі, ақсақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық
Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Міне бұл сурет-портреттің бұрынғы «Қар жауып, боран соқты, үскірік аяз қысты» деген жадағай хабарлаудан мүлде алыс жатқанын, сонымен бірге, қыстың барлық кәрлі сипатын түгел беретінін көреміз. Абайдың реалистігі мұнымен тынбайды, ол:

Шидем мен тон қабаттап киген малшы,
Бет қарауға шыдамай сырт айналды, –

деп адам характеріне, оның ішінде сол «соқыр-мылқаудан» әсіресе көп таяқ жейтін бейшара жанды көзге елестетеді. Мұны Абайдың «Күз» өлеңінен де көруге болады:

Жасыл шөп, бойшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.

...Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып
Тонған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

Идеялық пен суреткерліктің ұштасқан түрі осында. Біріншіден, шындық құбылыстың суретін Абай өзіне тән тәсілмен, арзан нақышқа бармай, сонда да көркем, әдемі береді де, оны адам өміріне әкеп, оның тіршілік харакетіне байланыстырады. Осыған лайық форма табудан да өлең, әрине, ұтып тұр. Белгілі он бір буынмен жазылса да, ырғаққа, дыбыстар үндестігіне назар аударсақ, сырттай қарапайымдылықтың астары терең, бедерлі екенін көреміз. Мұнда ойнамай, қызмет атқармай тұрған дыбыс, сөз жоқ. Теңеу, ұқсату, метафора – жалпы суреттеу құралдары зергер ісіндей мінсіз. Мұнан Абай шығармаларының асқақтамай, тасымай, қарапайым, жатық келіп, бірақ көңілге алуан түрлі ой салатыны көрінеді. Асылында ұстаз жазушылардың бәрі әдеміліктен, әсіре сұлулықтан қашқан. Толстойдың, Чеховтын, Горькийдін, сөз өнерін қуған талапкерлерге қаһармандарыңыз неге сұлу сөйлейді, неге шетінен тілмәр, өмірде олай болмайды ғой, дейтіні осы қарапайымдылыққа мегзеу де. М.Горький өзінің Лев Толстой жөніндегі белгілі кітабында данышпан жазушының мынадай ескертпелерін келтіреді: «Сіздің тіліңіз тым сойдақы, фокусы көп, бұл жарамайды. Қарапайым тілмен жазу керек, халық қарапайым сөйлейді, тіпті сырт карағанда байланыссыз сияқты, бірақ соның өзі жақсы», – дейді Лев Толстой. (Әңгіме М.Горькийдің «Шыңырау түбінде» пьесасы жайында). Абай да әуел бастан осы әшекейден, әсіре жылтыр нақыштан қашады. Бұл көркем сөздің жан баурар күшін, бар асыл айбатын бір жола меңгеріп, оны өзіне әбден бағындырған суреткердің әдісі. Қазақша айтқанда бұл: алып та жығамын, шалып та жығамын деген сөз. Сондықтан да ондай суреткер дайын сөз орайына, бұрыннан белгілі жайтқа телміріп көп қарай бермейді, оған құлша бас ұрмайды; қайта оны бір тәкаббарлыкқпен бұзатын сияқты, өз өнерін өзінше көрсетуге ұмтылатындай. Бұл, әрине, әр уақытта әркімнің қолынан келе бермейді; бірақ ұлы суреткерлер осыған ұмтылған. Қазақ поэзиясына Абай қосқан жаңалықты оның өзі қалдырған тамаша дәстүрмен ғана теңеуге болады. Абай қазақ өлеңін мәнді өлең, әрлі өлең етті. Ал форма жағына, сыртқы түр жағына келсек, бұл салада Абай қосқан жаңалық тым көп. Жоғарыда айтылғандай ол жаңалықтар ұйқас, ырғақ, буын өлшемдерімен ғана шектелмей, өлең жолының өн бойына түгел жайылады, бүкіл архитектоника сондай. Мұны жеке тексерген зерттеуші Абай өлеңдерінен айқын сипатты мысалдарға кенеледі. Әрбір шумақ, әрбір жол көп жайды аңғартады. Формасы мен түрін, тіпті тілін былай қойып, кейбір шумақтардың ырғағына, ойнақы үніне, ой кестесіне құлақ салсақ, бұрынғы қазақ поэзиясынан жер мен көктей айырмашылығы барын көреміз.

Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса;
Күнді уақыт қызартып,
Көк жиектен асырса;

Күңгірт көңілім сырласар,
Сұрғылт тартқан бейуақта.
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберсем әр жаққа.

Әрине, Абайдан алуан түрлі жаңалықпен қатар, халық поэзиясынан алынған, онан үйренген жәйттар да бар; бірақ ол көбіне тек суреттеу, тәсіл ретінде, онда да басқаша контексте келеді. Мәселен, әлгі айтқан мүлде жаңаша жазылған «Көлеңке басын ұзартып» өлеңінде:

Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой,
Өкінді жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой! –

дейді.

Мұнда «адасқан күшік» дегені бұрыннан, қазақтың өлеңінде болсын, жай сөзінде болсын бар нәрсе. Бірақ тынымсыз, мазаң ойдың, жабырқау көңілдің суретін беруге алынуы – жаңалық. Ал келесі мына шумақтарға көңіл қойсақ, барша қасиеттерінің бәрінен жаңа поэзияны көреміз:

Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.

Немесе, «Амал жоқ – қайттым білдірмей, япырау қайтып айтамын», «Құп білемін, сізге жақпас. Ескі жара білтелеу», немесе «Тәңірі қосқан жар едің сен» тағы басқаларын алсақ та жеткілікті (аударма болғанымен қазақша тіл Абайдікі ғой).

Күлімсіреп аспан тұр,
Жерге ойлантып әрнені.
Бір себепсіз қайғы құр,
Баса ма екен бендені?

Сұрғылт тұман дым бүркіп,
Барқыт бешпент сулайды.
Жеңіменен көз сүртіп,
Ұрланып жігіт жылайды.

Бұл шумақтардың жаңашылдық мазмұны ойлантпай, тамсантпай қоймайды. Бірден танылатыны үлкен профессионалды әдебиеттің сипаты. Сөз төрелері мен ой тереңіне көңіл аударалық. Барқыт бешпенттегі моншақтаған тамшы көздің жасымен ұласып кетті емес пе; бір көрініс, мағынадан екінші құбылыс, жайға көшу қалай жұмсақ, жайлы десеңізші (нәзік емес). Сөз жалғастығы ой жалғастығына сай келіп, оқырман қиялын үркітпей, біткен суретке бірден душар етіп, құл етпей ме? «Ұрланып жылау» жөнінде ұзақ толғау жасауға болар еді. Бұл қылықтың жігітке қана лайық екені белгілі. «Жасырынып жылау» әркімнің-ақ қолынан келеді және ол сөз тіркесіне оқырман құлақ түре қоймас еді. Мына контексте ішкі ой-күйді беруге «ұрланып жылаудан» дәлі жоқ. Абай туындылары қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңалықты толық аңғартады. Ұлы ақын поэзиясының идеялық мазмұны жайында көп айтылады. Ал көркемдік, шеберлік жағы көбіне жанама ғана қозғалады. Шындығында, әрі қарай дамытқан және сөз қолдануда орасан көп жаңалықтар енгізген Абай поэзиясының бүкіл қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше. Сонымен бірге, әрине, Абай шығармалары үнемі ескіні бұзып, өзінен бұрынғы жақсы дәстүрлерді де мансұқ етті деген ұғым тумасқа керек. Қайта Абай өзі халық поэзиясының жарамды дәстүрлерін батыл қабылдап отырған; көп жерлерде оны ұстартып, тереңдетіп пайдаланар орнын таба білген. Бұл анық. Қазақ поэзиясындағы Абайдың ұлы жаңашылдық орнын жаңалық пен дәстүрді бір-біріне қарсы қою арқылы емес, қайта жаңалық сол жақсы дәстүрлер топырағында туып қалыптасқан деп таныта аламыз. Революциядан бұрын қазақ поэзиясының ілгері өскен сипатын Абай поэзиясы толық айғақтайды, және ол Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты Октябрь қарсаңындағы басқа да бұқарашыл ақындардың шығармаларында онан әрі дамыды. Қазан төңкерісінен кейін дәстүр мен жаңалық, жалпы алсақ, қазақ поэзиясының өсуі мүлде басқаша бағытта жүрді. Абай шығармаларының жоғарыда айтылғандай реалистік, халықтық дәстүрі қалай туып, қалай орнықты – осыны ескерте кету қажет. Бұрын-соңды қазақ өлеңінің жақсы жағымен қатар, көп сөзділігін, көркемдік жағынан дәрменсіздігін аңғарған Абай поэзия міндетін мүлде басқаша түсініп, жаңаша жазуына өмір құбылысын шындық көзбен қарап сынауы, таразылауы, оның сырт түріне емес, ішкі мазмұнына үңіле білуі себеп болды. Оның үстіне сол тұста өзі әбден ден қойып оқыған, және ең жақсы деген ақындарын аударып, қазақ жұртшылығына таныстырған орыс әдебиетінің реалистік дәстүрі әсер еткені айқын. Бұл пікір әлдеқашан тиісті дәлелін алған және ол Абайдың ақындық бейнесін айқындай түсетін бірден-бір дұрыс пікір. Бұл жөнінде М.Әуезовтың, М.Сильченконың, С.Мұқановтың, Қ.Жұмалиевтың пікірлерін атауға болады. Сонымен Абайдың қазақ поэзиясындағы жаңалығы және оның қалдырған реалистік дәстүрі талассыз нәрсе. Абай поэзиясының өрнегі, түрі, формасы, өлшемі жоғарыда аталған еңбектерде жеткілікті талданып, бұл саладағы жаңалығы дәлелденген. Қазақ халқының Октябрьден бұрынғы әдебиетінде Абай салған жол ерекше. Ұлы Абай өз дәуірінің сөзін айтып, қараңғыда қамыққан, жабырқау көңілдің езілген халқының мұңын шақты. Әділдік пен әділетсіздіктің адам баласы тарихындағы орнын жалпылама айтпай, Абай өзінің туған халқының тағдырын, тұрмыс-күйін, өмір-тіршілігін сөз етті, әділдікке жетуді, сәулеге, жарыққа ұмтылуды уағыздады. Абай «ескі бише бос мақалдап отырмай», нағыз әлеуметтік, көкейтесті жайларды көтереді. Ақын мен поэзияның қоғамдық рөлін, оған халық жүктейтін парызды аңғартты. Абайдан нағыз профессионалды қазақ әдебиеті, қазақтың жазба әдебиеті басталады. Қазақтың ауыз әдебиеті мен жеке суырып салып айтатын ақындық әдебиеті өте бай және Абайдан әріден келеді. Бірақ күнделікті өмірмен біте-қайнасып, өнерлік пен қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді ұштастырған профессионалды жазба әдебиеттің негізін Абай қалады. Абаймен тұстас өмір сүрген Ыбрай Алтынсарин қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасып, ілгері дамуына көп ықпал етті. Ыбрай поэзиясы жазба әдебиеттің өзіндік белгілерін бойына жинаған нағыз шыншыл, көркем поэзия. Бұл екі үлкен тұлғаның бұрын болмаған жаңа, тың жол салуына әсер еткен жайдың бірі олардың орыс әдебиетінен үлгі алуы. Өз халқының байлығын бойына сіңіре отырып, орыс халқының әдебиет қазынасынан нәр алды. Әдебиеттің қоғамдық, әлеуметтік рөлін таныды, оны шын реалистік, көркемдік дәрежеге көтерді. Қазақ әдебиеті XІX-XX ғасырда өткен тарихи жолды қарасақ, оның негізінен халық тақырыбының төңірегінде болғанын, келе-келе бұл мотивтің басқа керітартпа сарынды жеңіп, әдебиеттегі басты мотив болғанын көру қиын емес. Өткен ғасырдағы сыншыл реалистік бағытын сақтай отырып, қазақ әдебиеті XX ғасырдың бас кезінде негізінен халықтың бас бостандығын жырлады, толғағы жеткен саяси әлеуметтік мәселелерді батыл көтерді. Мұның өзі Ұлы Қазан төңкерісі алдында, ел ішіндегі тап күресінің жаңадан шиеленісе түскен жағдайында, қазақ әдебиетінің Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов қалаған прогрестік дәстүрлерінің онан ілгері дамып, әдебиеттің барған сайын қоғамдық-әлеуметтік іске белсене араласа бастауының белгісі еді. Бұрынғы, Абайдың алдындағы, поэзияның сипатын айта келіп, М.Сильченко «Абайдың творчестволық өмірбаяны» атты еңбегінде былай дейді: «Ғибрат өлеңдері (терме, нақыл) және қоғамдық-философиялық тақырыптарға арналған ақындық ой-тебіреністер (толғау) өзінің табиғаты жағынан дидактикалы, риторикалы болып келеді... Ақын өмір сүріп отырған заман, дәуір бұл сықылды өлеңдерде тек үстірт қана көрінеді, онда да ілгерішіл жағымен емес... көшпелі халықтың табиғатқа деген орынды сүйіспендік сезімі де жарқырамай, көмескі көрінеді. Туған даланың поэзиясында адамның көңіл күйі, қуаныш, күйініші – таза, тың эмоциясы қазақтардың табиғатқа деген ақ жарқын қатынасының күнделікті өмір-тұрмысындағы қалпындай сурет таппады. Табиғат пен қоғамдық өмірге өлеңші сырттан қарады, «біз», «біздің», «біздікі» деген сөздердің тасасына тығылып, мүдде мен талап бірлігін көбіне патриархальдық-рулық қауым тұрғысынан қарап жырлады». Осы пікірді «Абайдың ақындық дәстүрі» деген еңбегінде әдебиетші А.Нұрқатов қолдайды. «Ескі ақындардың толғауларында мистикалық күйлерден, дүние жалғаншы, «пәни жалған» деп келетін сарындардан Абай құлан-таза сау. Ол осылайша өзгеріп өсу, өшу мен ауысу табиғаттың заңы деп біледі, адамның жаратылысы мен рухына, тіршілігіне жат нәрселерді де атап-атап береді». Абай поэзиясының қазақ әдебиеті, тілі, жалпы мәдениеті тарихында үлкен бетбұрыс болуы себепті, бүкіл дүние жүзілік арнадағы ағарту есігін, реализм есігін ашуы себепті бұрынғы поэзиядан мол айырымды болуы заңды да, түсінікті де. Қазақтың жазба әдебиетінің ірге тасын қалаған, әдеби тілін мүлде жаңа бағытта дамытқан Абай творчествосы басқа дүние, басқа халық мәдениетіне, алып баратын көпір сықылды рөл атқарады. Оның басты дәлелі орыс, батыс мәдениетін, ілгерішіл, ойшыл философиясын өзі жақсы біліп насихаттағанында ғана емес, данышпан поэзия тудыруында; қазақ өлеңін қайта жасап, оған терең ой мен ақыл, сезімді, көрік пен түрді бірдей жүк етіп артуында, әрі соны шебер көтеріп шығуында. Ақынға, сөзге Абай қойған талапты жоғарыда келтірдік. Өлеңші ақындардың да талап, талғамы болған ғой. Олар да сөз өнерін жоғары бағалаған. Бірақ қарап отырсақ, көбіне-көп құр мақтаныш, құр жүйріктік, «қызыл сөз», «қызыл тілге» құмарлық байқалады. Азаматтық, әлеуметтік мән-мағына беру, поэзияны ерлік, күрескерлік құрал деп тану кемде-кем, көбіне жоқ та.

Сусағанды сулатып,
Шаршағанды қунатып,
Күзегенді туратып,
Жырыммен елді жетелеп,

Мүйіс жерден төтелеп,

Ағылайын ақпадай.

(Дулат Бабатайұлы).

Ап жыландай тығылып,

Өлең келді алқымнан.

(Шөже Қаржаубайұлы).
Қызыл тіл сөз сөйлесем безерілген...
Әр жерде алқа көрсем тұра алмаймын,
Осындай қызыл тілге шеберімнен

Өзім де сөз айтуға шебер-ақпын.

Сөйлеуге ернім епті емерілген.

(Шернияз Жарылғасұлы).
Өзім келген тіл бағы
Өнері емес бабаның...

Мәлім болдым жалпыға

Тілдің болдым шебері,

(Майлықожа Сұлтанқожаұлы).
Бәйіт айтып, баян қып,
Жанастырдым әрнеге.

Мәселе кітап шығардым

Кейінгі қалған пендеге,

Бес ауыз сөз айттым деп

Мақтандың, тілім, сен, неге?

Қой, көмейім, тәубе қыл
Асылық қылма иеге!
(Шортанбай Қанайұлы).
Нұсқасыз сөзім жоқ еді,

Қарасаң молда, тәуіптер.
Осы сөзім ғазалдан
Сөйлеріне келгенде,

Судағы қара сүліктей

Қызыл тілім қадалған.

(Базар жыраудан).
Сөйлемесем кім білер,

Қызыл тілдің жорғасын.

Құлағың салып тыңдай бер
Жүйрігің кеңес қозғасын.
(Мұрат Мөңкеұлы).

Ақындық сөз, тіл өнері жайында айтылған пікірлер негізінде осылай болып келеді. Барлық жағдайда да тіл өнері, ақындық, жыр – бәрі тек таланттың ісі, тапқырлықтың белгісі, табиғат берген байлық деген ой уағыздалады. Бұл бір жағынан дұрыс та. Өйткені ақындық жаратылыс берген дарын. Бірақ сол дарындылықты халық мүддесімен, қоғам мұқтажымен ұштастыру деген талап тағы бар. Нағыз терең мазмұнды әдебиет халықтық әдебиет. Ондай әдебиет жасалып, өсіп даму үшін, әрине биік мақсат жолында қызмет ететін, яғни талантын да, күшін де сол жолда сарп ететін қайраткер керек. Абай қазақ халқының ұзақ тарихындағы сол қайраткер болып табылады. Жоғарыдағы үзінділерден ақындық ой, жорамалдардың поэзия жайындағы түсініктердің терең еместігі өзінен өзі көрініп отыр. Сөз өнерін жоғары бағалап, халықты аузыма қаратқан шешенмін десе дағы, аталған ақындардың адам тарихындағы өлеңнің орны жайлы түсініктерінің шеңбері тар. Рас, олардың қай-қайсысы болса да айтулы сөз шебері, шайырлар. Көп қызғылықты тақырыптарды да көтергенінде дау жоқ. Бірақ ол поэзияның жай-күйін аңғарып байқау үшін Абай поэзиясының шыңы керек болды. Абай шығармашылығынан кейін ғана бұрынғы поэзияның өткен жол екені, келешектен гөрі тарихтың рөлі күшті екені, әдебиеттің алды, ертеңі емес, кешегісі екені байқалады. Абайдың:

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап, –

дегенінде көп сындық ой, мағына жатыр және поэзияның қоғамдағы, адам өміріндегі орны мен қызметін анықтау ниетін қойған. Келесі шумақтан ақынның өлеңге қандай мән-мағына беретінін анық көреміз:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең.

Абайдың ақын жайындағы жоғарыдағы өлеңі Пушкин мен Лермонтовтың осы тектес өлеңдерінің дәрежесінде. Қазақ поэзиясында ақынның қоғамдағы азаматтық рөлінде мұншалықты терең маңыз беріп ешкім де айтқан емес. Абай бастаған жаңа поэзияның міндеті мен мақсаты мүлде басқаша қоғамдық өмірге тікелей араласатын, оның кемшілігін сынайтын, болашаққа бастайтын, адамды сүйіп, қадірлеуге үндейтін поэзия өрбіді. Абай поэзиясының реалистігі кейінгі қазақ әдебиеті үшін үлкен өнеге, мектеп болды да, XX ғасырдың басында қазақ халқының ұлттық азаттығын, бостандығын көздейтін, оқу, білімге, ағарту ісіне шақыратын бұқарашыл әдебиет өсіп дамыды. Абайдың реалистік дәстүрі XX ғасырдың бас кезінде түрлі салада көрініс береді. Тақырып, мазмұн, маңыз, мақсат, көркемдік, шеберлік, өлеңнің жаңа форма, түрлерін іздестіру, тіл ұстарту, прозалық шығармалардың туа бастауы, поэзияда поэманың өріс алуы сияқты жаңалықтар әдебиетке молынан еніп, тұрақты қалып ала бастады. Мұхтар Әуезов осы мәселе жөнінде: «Маңызды тақырып қазақтың демократиялық әдебиетінің бұдан былайғы дамуындағы Абай дәстүрін тексеру», – деп көрсетті. «Бұл саладағы басты міндет – XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократияшыл ақындары Дөнентаевтың, Торайғыровтың Абай дәстүрін қалай жалғастырып әкеткенін анықтау, әсіресе бұл ақындардың орыс мәдениеті мен әдебиетіне көзқарастарындағы сабақтас жайларды анықтау болып табылады. Жаңа тарихи жағдайда ең бір ұлы революцияны дайындау дәуірінде олардың Абай нәр алған орыстың революцияшыл демократтарының озат идеясын, орыс классиктерінен реализмді қандай дәрежеде қабылдап, онан әрі дамытқанын айқындау қажет Олар Абай ізімен жүргенде өз дәуірінің озат идеяларымен қаншалықты рухтана білгенін, сол дәуірді толық көрсету үшін қандайлық жаңа әдеби формалар тапқанын ашу керек». Мұхтар Әуезовтың бұл талап-тілектерінен кейінгі кезеңде (1954 жылдан, яғни Абайдың өлгеніне 50 жыл толуын атап өткеннен кейін) бірнеше зерттеу еңбектері жазылды. Абайдын шығармашылық портретін М.С.Сильченко, поэзиядағы ерекшелігін Қ.Жұмалиев, ақындық жаңашылдығын 3.Ахметов, дүние танымын Қ.Бейсенбиев, шындық және үлгі-өнегелік дәстүрін А.Нұрқатов арнайы тексеріп, монографиялық зерттеулер жазды. Абай мұрасын басқа да әдебиетші, сыншы, философ мамандар әр қырынан қарап зерттеді Абайды тануда, оның дәстүрін ұғынуда әдебиет ғылымында біраз нақтылы барлаулар жасалды. Абайға байланысты проблема түгел шешіліп бітпесе де, бұл жолда айта қаларлықтай жұмыс істелгені анық. Кейінгі поэзияда, жалпы қазақ әдебиетіне Абай дәстүрінің қандай әсері болғанын және ол дәстүрлердің негізгі тамырлары қайсы екенін А.Нұрқатов «Абайдың ақындық дәстүрі» деген соңғы енбегінде дұрыс барлайды Ғалымның мына пікірін айырып көрсеткіміз келеді: «Шын мәнісіндегі халықтық бағыттағы, таланты сау, ниеті таза мақсаты айқын қаламгерлердің қай-қайсысы да дәуір талабын батыл сезіну мен сол жайында терең толғануды, алға және алысқа көз тігуді, тарих тамырының жанды соғысын суреткерлік және азаматтық жүрекпен ұғынуды Абайдан үйренді. Сөйтіп олар Абай дәстүрін дамыта отырып, оның поэзиялық халықтығын, өзекті принциптерін дәуір талабына сай өрбіте, тереңдете түсті, қазақ әдебиетін онан әрі өсірді, оны жаңа тақырыптармен байытып молықтырды, сол замандағы өмір ағысы алға тартқан күрделі мәселелерді қозғай да, шеше де білді». Әрі қарай автор бұл айтқанын нақтылы факты, материалдармен дәлелдеп, өнімді талдаулар жасайды. 1900-1920 жылдар арасындағы қазақ әдебиеті әлеуметтік, қоғамдық тақырыптарға бай болуымен қатар, көркемдігі, түр, формасы жағынан да едәуір өскен болатын. Бұл жылдары алғашқы прозалық шығармалар жарық көрді. Жазба поэзия жаңа сатыға көтерілді. Орыс әдебиетінен аудармалар көбейді. Ұлы орыс әдебиетінің халықты азаттыққа, бостандыққа шақырған жігерлі үні қазақ әдебиетіне де естілді. Орыс әдебиеті мен оның классик жазушыларына деген Абай мен Ыбырайдан басталған сүйіспеншілік, олардан творчестволық үйренушілік, жалпы орыс мәдениетіне ұмтылуышылық Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ әдебиетінің ерекше бір белгісі. Дегенмен Октябрь қарсаңындағы қазақ әдебиеті бұрынғы сыншыл реалистік бағытын сақтап, негізінен прогрестік бағытта дамығанымен, тарихи жағдайды төңкерісшіл жолмен өзгерту қажеттігін түсіну дәрежесіне көтеріле алған жоқ. Бұқарашыл әдебиеттің өкілдері тап тартысын айқын сезіп, күреске көтерілген езілген таптың тегеуірінін (1916 жылғы халық-азаттық қозғалысы) аңғарса да, бостандық, теңдік қалай келмек, қалай орнамақ деген сұрақтарға нақты жауап бере алмады. Ал олардың кейбіреулері төңкеріс қарсаңында дағдарып, тіпті ұлтжандық бағытқа бой ұруға дейін барды. ХХ ғасырдың бас кезіндегі бұқарашыл жазушылардың басты өкілдеріне Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхаметжан Сералин, Сәбит Дөнентаев кіреді. Бұлардың әрқайсысының шығармашылық жолы, өткен өмірі, әдебиеттен алатын орны, әрине, әр басқа. Бірақ бұл ақын-жазушылардың творчествосына тән жалпы бір жай басқа бағыттағы ақын-жазушыларға қарағанда олардың халық мұңы мен тілегін жақтауы, халықтың демократиялық талаптарын қолдауы болып табылады. Бұқарашыл әдебиетшілер, әсіресе, адамның бас бостандығы, әйел теңдігі, езілген еңбекші таптың аянышты халін шығармаларының басты тақырыбы етіп көтереді. Бұл кездегі әдебиеттің ірі өкілі – С. Торайғыров. Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің талантты шығармаларымен бұқарашыл ақын жазушылардың қай-қайсысынан болса да, ақындық дарындылығы да, алдына қойған тілек-мақсаты жағынан да дербес тұрған ақын. Ресейде төңкерістік толқулар күшейіп, бір жағынан империалистік соғыс жүріп жатқанда, екіншіден, бұлардың дүмпуі Қазақстанға да келіп, ұлт-азаттық қозғалысы өрістеген жағдайда ақын алдына халыққа қызмет ету міндетін қойды. Бұл тарихи жағдайлардың бәрі де Сұлтанмахмұт шығармашылығына белгілі дәрежеде әсер етпей қойған жоқ. Ол мүмкіндігінше бұл өзгерістің мән-жайын жете білуге, оның ішкі маңызын түсінуге тырысты. Қайткенде шындыққа, әділеттілікке жетуге болады деген тілек тұрғысынан қарады. Ақын «Ендігі бет алыс» деген өлеңінде.

Шындықтың аулын іздеп түстім жолға,
Разымын не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,
Бірақ, бір табармын деп, көңілім сонда, –

деп өзінің алдына зор мақсат қоятынын айтады.

Ақын бұл мақсатқа жету жолында көп қиыншылықтарды бастан кешірді, ізденістер жасады. Ақын шығармаларында өнер-білім, әйелдің бас бостандығы, қазақ арасындағы бай-феодалдар, олардың қалың бұқараны езіп, дүниеқор, шірік, мансапқор пиғылдары сияқты тақырыптарды көтереді. Белгілі «Бір адамға» деген өлеңінде Сұлтанмахмұт «Бір үйде жиюлы екен қазына мал» деп үй ішінің ақсақал көрсеткен жасауын айтады да, ақырында: «Кесені қолыма алып қарай бердім, ішінде нақах көзден жас бар ма деп», - дейді. Мұнда ақын бектік-феодалдық қанаудың ішкі сырын әшкерелеп көрсетеді. «Қамар сұлу» мен «Кім жазықты» атты романдарында ақын ескі қазақ ауылының, оның бай-феодалдарының соқыр, надандық қылықтарын, олардың қолында бас бостандығын ала алмай бишара болған қазақ қызының тағдырын жазады. Сұлтанмахмұттың бұл романдары оқушыға зор әсер етеді. Ескі әдет-ғұрыпқа қарсы, жаңаша білім алған Ахмет, Қамар және оның әкесі сияқты жағымды кейіпкерлер оларға қарсы койылады. Бұлар парасатты, өмірге сын көзімен қарайтын, бірақ ол соқыр күшке бел байлап, қарсы шығуға әлі шамасы жоқ жандар. Алайда, қазақ жастарының алға, жаңаға ұмтыла бастаған алғашқы өкілдері еді. Романдағы бір ерекшелік Қамардың қорғанышы болып, Ахмет жаққа әкесі шығады. Әдетте әке («Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Қарабайды, С.Көбеевтің «Қалың мал» романындағы Әбішті, Сұлтанмахмұттың өз өлеңіндегі «Мал үшін ұстап сатар әке қолдан» деген сөздерін еске алыңыз) қызының дегеніне қарамайтын қаныпезер болатын да, қызбен екі арада тек бишара ана ғана жүретін. Сұлтанмахмұт бұл дәстүрге қарсы Қамардың үйі сияқты мәдениетті отбасында әкенің де орнын көрсетіп, қызға оны қорғаныш етеді. Мұның өзі ескіден келе жатқан дәстүрдің ылғи ғана солай емес екендігін көрсету, оған сын көзімен қарай білу еді. «Қамар сұлу» – сонымен бірге, композициялық кемшіліктеріне қарамастан, қазақ әдебиетінде С.Көбеевтің «Қалың малынан» кейінгі көркем проза үлгісі болып табылады. Өлеңмен жазылған «Кім жазықты» романында Сұлтанмахмұт Әжібай болыстың «өсу жолын», оның шолжаңдық, мас, жалқау бет-әлпетін, азғындығын көрсетеді. Әйел мәселесі мұнда да басты орын алады. Әменгерлік, қыздардың сүйгеніне бара алмауы батыл айтылады. Роман аяқталмаған. Алайда қазақ тұрмысының сол кездегі әдет-ғұрпы, Әжібай болыс қылықтары арқылы көрінетін әлеуметтік теңсіздік – мұның бәрі дәл көрсетілген. Ақын осыларға кім жазықты, кім кінәлі деп сұрау қоятын сияқты. Ақынның 1917-1920 жылдары жазған шығармаларының бастылары «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» поэмалары мен «Жас жүрек», «Неге жасаймын», «А, дүние» және басқа да өлеңдері, «Социализм» деген мақаласы. «Адасқан өмір» поэмасында табиғат пен қоғам өмірінің кейбір заңды сұрақтарына жауап іздейді. Тіпті, таптың негізгі принциптері туралы мынадай қорытынды жасайды:

Жоғалсын бұл «сенікі», «менікілік»
Осы ғой адамзатты қырған індет.
Бар адам жерден тамақ алмақ үшін,
Жиылып бірге күшін салмақ үшін.

Бірі еңбек қып, бірі жатып жемей,
Теп-тегіс бұл жұмысқа бармағы үшін.

Әрі қарай поэмада капиталистік құрылысқа тән талау, алдау, арбау, қанау қылықтары сыналып, «ол өмірде» (онысы социализм болуы керек) бұлардың ешқайсысы болмайтыны айтылады. Ақынның осы тақырыпқа жазған «Социализм» мақаласы аяқталмаған. Алайда, социализмді жақсы өмір деп түсінетіндігін білдіре алған. Сұлтанмахмұттың «Кедей» поэмасы ақындық шеберлік жағынан да, шындық өмірді көрсете білу жағынан да аса көркем шығарма. Мұнда кедейдің туғаннан қартайғанға дейінгі жалшылық өмірі суреттеледі. Сұлтанмахмұт лирикалық өлеңдерді көп жазған. Ақын лирикалары өте көркем, тартымды келеді, жеке тақырыпқа да бай. Ол табиғат көркін тамаша суреттеп, Арқа пейзажын әдемілеп береді, махаббат, ішкі сезім, өмір философиясы, тұрмыс тақырыптары ақынның лирикалық өлеңдерінің негізгі желісі. Бұл өлеңдерінде көркемдік, шеберлік жағынан ақын өзі айтқан:

Абайды оқы, таңырқан, басың шайқа.
Ақындық күш-қуаты есіңді алып.
Бас алмастан оқырсың қайта-қайта, –

дегендей сөз шебері Абайдан үйреніп, оған түр, форма жағынан, мағына, маңыз жағынан еліктегенін көреміз. Сұлтанмахмұт өзінің тамаша шығармаларымен әдебиетті байытты. Әділдікті, адалдықты, шындықты жырлады. Прогрессивтік көзқараста болды. Сондықтан да оның шығармалары әрі қымбат, әрі әліде болса зерттеуді керек ететін мұра.

Спандияр Көбеев – демократиялық бағытта шығармалар жазумен бірге қазақ әдебиетінде бұрын болмаған көркем прозаны бастаған тұңғыш прозаик. Төңкеріс алдындағы 5-10 жыл ішінде қазақ баспасөзі өркендеді. Бірнеше газеттер мен журналдар шығып тұрды. Олардың саяси идеялық бағыты мен мазмұны әртүрлі бола тұрса да, жалпы баспасөз мәдениетінің өркендеуіне тигізген әсері, сөз жоқ, күшті. Бұл баспа орындарында қазақтың тұңғыш публицистикасы туды. Газет-журнал беттерінде демократиялық мазмұнда саяси өткір жазылған публицистикалық мақалалар жиі көрінетін. Орыс жазушыларының аудармалары да көбейе бастады. Мұның өзі тек баспасөздің ғана емес, сонымен бірге, көркем әдебиеттің де жанры, түр жағынан байып, өсуіне әсерін тигізді. Әсіресе, Спандияр Көбеев сияқты көп жыл бойы педагогтік қызметте болып, орыс жазушыларының шығармаларын көп оқып, оларды қазақ тіліне аударумен бірге, оқушы балаларға арнап хрестоматиялық кітаптар шығарған, прогрессивтік көзқарастағы шыншыл интеллигенттің езілген халық тұрмысының кейбір көріністерін көркем сөзбен әңгімелеп беруге ұмтылуы өте заңды да еді. Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы осындай шыншылдықтан келіп туған, қазақ әйелі басындағы қаралы жайды көрсетуге арналған шығарма. Көркем әдебиеттің жаңа түрі проза арқылы, яғни, сол кездегі тілмен айтқанда, қара сөзбен әңгімелеп беру арқылы, жазушы өмір көрінісін бейнелеудің жаңа мүмкіншіліктерін ашты. Бұл сөз жоқ, Спандияр Көбеевтің қазақ әдебиеті тарихына қосқан зор үлесі.

Бұқарашыл жазушылардың келесі ірі өкілі Сәбит Дөнентаев – саяси-идеялық адасу жолдарын өтіп, өмірінің саналы түрде қалыптасқан шағында ақыры социалистік идеяға келіп тоқтаған реалист ақын. Октябрь революциясы қарсаңында бұрынғы демократиялық бағытынан ауытқығанымен, социалистік революция жеңгеннен кейін, жаңа кұрылыс орнатқан теңдікті өз көзімен көргеннен кейін, советтік идеяға біржола бет бұрды, Ленин туралы өлеңдер жазды. Бұл жағынан Сәбит Дөнентаевты, Сәбит Мұқанов, Баймағамбет Ізтөлинмен бірге социалистік тұрмысты жырлаған совет ақыны деп айтуға болады. Тап күресі күшейе түскен жаңа тарихи жағдайда бұқарашыл әдебиет өкілдері халық жағында болды, еңбекшілердің демократиялық праволарын қолдады, олар өздерінің шығармаларына өнер-білім, оқу-ағарту, әйелдің бас бостандығы, бай-феодалдардың қалың бұқараны езіп, қанап отырғаны және басқа да әлеуметтік зор тақырыптарды көтерді. Әдебиет бұл дәуірде көркемдік, шеберлік жағынан, бейнелеу кұралдарының баюы жағынан едәуір ілгері басты. Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдарымен қазақ әдебиетінде көркем проза басталды. Күнделікті өмірден алынып жазылған, актуальдық маңызы күшті сюжеттік шығармалар көбейді. Бұл шығармаларда әдебиеттік көркемдігі жағынан қалыптасқан образдар берілді. Оқушыны ойландыратын, өзімен бірге жетектейтін ұнамды, немесе, жирендіретін ұнамсыз кейіпкерлер ішкі ой-қиялымен, мінез-құлқымен көрінеді, қоғам өкілдерінің типтік бейнелері жасалады. Аталған шығармалардың сюжеті, композициялық құрылысы, оқиғалардың өрбіп, кульминациялық нүктеге жетуі, шиеленістің шешілуі, тіл шеберлігі, стилі жалпы көркем әдебиет шығармаларына қойылатын талап дәрежесіне көтерілген. Бұл – қазақтың революциядан бұрынғы реалистік әдебиетінің көркемдік, шеберлік жағынан, бейнелеу тәсілінің профессионалдық әдебиетке тән жолдарын меңгеру жағынан мықтап ілгері басқандығын дәлелдейтін факты. XX ғасырдың бас кезіндегі әдебиет пен оның озат өкілдері жайында арнайы зерттеулер жасаған Ы.Дүйсенбаев, Б.Кенжебаев, С.Қирабаев, Ә.Дербісәлин, Б.Шалабаев сияқты әдебиетші, ғалым еңбектерінде Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спаидияр Көбеев, Мұхаметжан Сералин, Әріп Тәңірбергенов, Сәбит Дөнентаев және басқаларының шығармашылық жол-бағыты, ақындық ерекшелігі туралы ойлар айтылып, ғылыми дұрыс байламдар жасалды. Сұлтанмахмұт шығармашылығының идеялық, көркемдік ерекшеліктерін түбегейлеп тексерген Ы.Дүйсенбаев «...Жас ақын... Абай бастаған сыршыл лириканы, философиялық толғауды меңгере алғанын айқын көреміз» дейді де, Сұлтанмахмұт поэзиясының тақырыптық, мазмұндық, сұлулық, әдемілік, тілдік айырымдарын мол барлайды. Дәстүрдің қалай өсіп, жалғасып, ақынның нендей жаңалықтар тапқанын ашады. Қазақ әдебетінің Октябрь қарсаңындағы хал-жағдайын тексергенде жоғарыда айтылғандардан басқа Шәкәрім Құдайбердиев, Шәңгерей Бөкеев, Омар Қарашев, Бернияз Күлеев сияқты талантты ақындар творчествосы барын ескеру жөн. Шығармаларындағы қайшылықтарды байқай отырып, бұл ақындардың дәстүрлі поэзия мен жаңашыл поэзияның шекарасында тұрғандай қалпы аңғарылады. Алған тақырыбы, әлеуметтік ағымды түсінуі, өмірді барлап болжауы, әсіресе, көркем сөз мәнін ұғынуы, әрі оның мақсатын байқауы жағынан бұл ақындар творчествосынан өте бай поэтикалық материалдар табуға болады. Осы кезеңнің белгілі ақыны Ғұмар Қарашев (1876-1921) қиын творчестволық жолды бастан кешірді. Жазу стиліне, өлеңдерінің тақырыбына, ақындық шеберлігіне назар аударсақ. Қарашев поэзиясынан бұрынғы, байырғы қазақ өлеңінің дәстүрі мол сезіледі. Жаңа түр, өрнекке батыл бармайды. Қара өлең мен жыр формасы Қарашев шығармашылығының денін қамтиды. Өлеңдерінде уайым, заман жайын ойлап қайғыру мол. «Замана жайынан», «Замананың адамы» деп 5-6 рет қайталанатын өлеңдерінде ақын көбіне өмірден түңілу, торығу сарынына беріледі, «Заманның түрі бұзылды, жақсыдан үміт үзілді», немесе, «Жиһан жүзін бұлт алып, мұнар басып түн болды» деген жолдар көп ұшырайды. Бұған қарағанда Ғұмар Қарашев творчествосында Шортанбай, Дулат сарыны мол, қамығу үні ден алатын сияқты. Сонымен бірге, Ғұмар Қарашев заманына лайық оқу, ағарту, мәдениет мәселесін көп көтерген. Қазақ халқының отырықшылық өмірге өтуін аңсаған. Өз алдына тәуелсіз ел болуын көксеген. Дінге байланысты, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерге, ұлт жайына байланысты қате, кемшіліктерінен бірте-бірте арылып, ақын демократиялық, ілгерішіл идеяларды жақтайды, теңдік, бостандық туралы өлеңдер жазады. Алайда, ерте қазаға ұшырауы оның жаңа талантының үмітін үзіп кетті. Ақын туған тілін қадірлеген, сол тілде асыл жырлар туғызуды арман еткен. «Белгілі білік иесі адамдар айтыпты, – деп жазады Ғ.Қарашев, – жыр, өлең, һәм билік сөздерін сақтамаған халық жансыз деп. Бұ сөз бек дұрыс, неге десеңіз, һәр елдің елдігі мысалы қазақтың қазақтығы, тағысын тағылар өздерінің ата-бабаларынан қалған айырым тілдерін жоғалтпай қолданумен сақталады». «Қазақтың ана тілі туралы» деген өлеңінде бостандық алған ұлт тілінің болашағы туралы өте қызғылықты пікір айтады:

Туған тіл әз әулие біздің үшін.
Біз үшін неше мың жыл салды күшін.
Жұлдырып қанат, құйрық келіп отыр, Патша мен зұлымдардан көріп қысым...
Тәрбие ету мұны міндет бізде

Торығып қалған ұят жаман бізде.
Не тапса тіл арқылы тауып отыр
Көз салсаң алдағы елдер бізден өзге.

Сөз шайыры ақын туған тілдің дамуын әдебиет пен көркемөнерді дамытудың басты құралы деумен бірге, әрбір халықтың тәуелсіздігінің, бостандығының белгісі деп қарайды. «Тіл зұлымдардан қысым көрді» дегенде, оның өспей, дамымай кенже қалғанын аңғару қиын емес. «Басқа елде тіл арқылы мәдениетке жетіп отыр» дегенде де, тілдің коғамдық мәнін, атқарар рөлін және оның адамдардың бас бостандығына тікелей байланысты екенін айтады. «Тіл – көңілдің ашқышы» дейді ақын. Мұнда да бұрынғы белгілі «қызыл тіл» емес, тілдің ойлану құралы екеніне, іштегі ойды сыртқа шығару құралы екеніне көңіл бөлу бар. Негізінде байырғы қалыпта жазғанымен жаңа заман талабына сай көкейкесті мәселелерді қозғаған талантты ақынға қазақ қоғамының XX ғасыр басындағы елеулі тұлғасы деп қарауымыз тиіс. Өлеңге көп жаңалық қоспай, өзгерістер енгізбей, ішкі кұрылысы, буын, бунақтары жөнінен бұрынғы өлшемді сақтаған ақын көркем сөздің қоғамдық мән-мағынасын күшейту, сиымдылығын арттыру, дәлдікке, өткірлікке ұмтылуымен жалпы өлең мәдениетін едәуір жоғары көтереді. «Есті өлең», «есті сөзді» дамытуға тырысты, қалың қазақ еліне білім мен ғылымды, оқу, өнерді өсиет етіп, отырықшылық өмір сүруге, рухани да, материалдық та мәдениетті өркендетуге шақырды. Сол көп өнердің бірі ретінде көркем сөзді қадірлеу, ұлттық әдебиетті дамыту бірінші парыз деп ұғады ақын. Осы дәуірдің ірі ақындарының бірі Шәңгерей Бөкеев (1847 – 1920) өз творчествосында бұрынғы поэзияда көп ұшырамайтын әдемілікті, жан сүйерлік көркемдікті, сұлулықты жыр етті. Өмірдің түрлі құбылыстарын, елестерін алып, бұлдыраған сағымдай өткенді ойлап, жастық шақты көз алдыңа келтіріп, оюлы, нақышты өлең жолдарын туғызды. Арғымақ ат, аққу құс, ақ сұнқар, айдын көл, ақыл айла, өткір қылыш, ұшқыр қиял, сары дала, қосаяқ – бәрі де Шәңгерей жырында айрықша сыр, бояуға, келісімді суретке бөленеді. Дүние жалғандығын «мойындай» отырып, сол дүниеге ақын ынтыға қарайды, қызыға түседі. Өмірінің соңғы кездерінде ақын ел ішінің жұмысына араласпай, қоғамдық іске қатыспай жеке, томаға-тұйық өмір сүреді. Бұл Шәңгерейдің жаңадан гөрі ескіге, ілгеріден гөрі кейінге көбірек алаңдайтынын байқатады және ескі жыр деңгейінен ұзап кетпегенін де аңғартады. Әсіресе, халық қамы, оның тағдыры, болашағы сияқты дәуіріне сай көкейтесті мәселелерді Шәңгерей іштей емес, сырттай ғана қозғайды. Мұнан Шәңгерей шығармашылығында әлеуметтік тақырып шеңберінің тарлығын көреміз. Сөйтседағы Шәңгерей өлеңдерінен жоғарыда айтылғандай өмірге құштарлық лапылдап көрініп тұр. Күш, жігер, қайраты мол жастық шақ, көңілдің шалқыған теңіздей аласұрған долы кезеңі ақынды қызықтырады. Кейде осы сықылды романтикалық қиялдан қайтып, таза пәк мінезді сәби болашақты аңсап, терең лирикалық шегініске кетеді.

Бір күнде жас көңілім судай тастың,
Тасқындап кемеріңнен шалқып астың.
Төрт бұрышын дүниенің көрмей болжап
Қиялмен көк қапасын барып аштың.

Сидырып асқар тауды уысыңа,
Жүзіне алмас қылыш табан бастың.
Күркіреп қара бұлт жасыл атса,
Отына жетіп барып құшақтастың27.

Шәңгерей өлеңдеріне тоқталғанда алдымен айтарымыз ақынның поэзия өнеріне қосқан жаңалықтары. Алған тақырыбы, оны жырлау тәсілі, өмір құбылыстарын тануда тек бұрынғы, байырғы өлшем түсініктермен ғана келмей, оған шешім, кілт іздеуі ақынды біраз жаңа қалыпта танытады. Мәселен, өмір, болмыс, оның адам тіршілігіндегі көрінісі, жақсы, жаман жақтары, саналы жанның әдемілікті қабылдау, түсінуі сияқты көп ойланып терең мәніне жеткісі келген ақын философиялық толғаныстарға кетеді. Жарасымдылық, гармония іздейді. Сезімге байланысты көп дүниелердің заңдылығын, себеп пен салдарын айқындағысы келеді.

Аспандап қиял кетеді,
Шыққан оқтан жаядан.
Жасылдай барып жалт етіп,
Көк қақпасын ашады.

Жарығына алданып,
Дидарға қадам басады,
Мойынға алсам бұл қиял
Аулақ емес кінәдан.

«Кімсің» деп біреу сұраса,
Өзім болып «мен» деген,
«Мен» деген кетсе дүниеден,
Өзім болып «менмін» деп,

Жауап берер қай адам?!

Ғылым, білім жайындағы толғауларында, мысал өлеңдерінде дүние, жаратылыс жайлы ой-түсінігін білдіреді («Ұршық», «Ғылым», «Эдиссон»). Адам еркімен табиғат пен қоғам заңдарының Өзгеретіндігіне ақын кәміл сенеді. Жаңа ғасырдың алуан жаңалықтар ашқалы тұрғанын болжайды.

Бұрынғы тәсіл, амалдарды мол қолдана отырып, Шәңгерей, байқасақ, өз өлеңдерінің мазмұн-мағынасына қарай жаңаша үйлесім іздейді. Әдемі ұйқас, ырғақ аллитерация, ассонанс Шәңгерей өлеңдерінің ерекшелігі. Өлең жолдарының ұйқасымен қатар, ішкі үйлесім білінеді, сөздердің, буындардың өзара қиюласуы жатық.

Жалпы дауысты дыбыстардың көп қайталануы бүкіл қазақ поэзиясына тән өзгешелік екенін жоғарыда ескерткенбіз. Шәңгерей өлеңдерінде сол дәстүрлік көрініс жаңаша формада байқалады. Мысалы мына үзіндіге назар аударып көрелік:

Ағасың ақыл артық асқармен тең,
Асылдың арқар ұранды біреуі сен.
Ала ту Абылайдың ала аттансаң,
Аламан артындағы біреуі мен.

Адамның аманатын алла алады,
Ажалға ақыл, ажар не қылады?
Алабы алыс сулар суалғанда,
Аңғарын айдын көлдің шаң қылады.

Алайда аңсыраған алғыр тұйғын
Абайсыз аңқып ауға шырмалады.

Қырық бес сөзден құралған осы шумақта (не бәрі 10 жол) тек «а» дыбысының өзі 66 рет қайталанады екен. Басқа көп дауысты дыбыстарды есептемегеннің өзінде, шумақтың он жолы түгелдей «а» дыбысынан басталады. Бірақ өлеңнің жалпы ерекшелігін байқатып тұрған тек ол жай ғана емес. Өйткені ақын әдейілеп бес-он жолды біркелкі дыбыстан бастап жаза беруі мүмкін ғой. Сәбит Дөнентаевтың белгілі «Қазақтарға қарап» деген өлеңіндегі бар сөздің бәрінде «қ» дыбысынан басталатынын білеміз. Оған қарап Сәбит Дөнентаев ылғи аллитерациямен жазды деуге болмайды. Сондай-ақ бұл мысалда да әңгіме Шәңгірейдің ассонанстан бастайтынында емес, дауысты дыбыстардың, әсіресе, «а» дыбысының өлеңнің өн бойына түгел жайылып, айрықша ашық ырғақ, кең тыныс беріп тұрғанында. Шәңгерей өлеңдеріне жалпы ашық буын, ашық леп тән. «Жасылдай барып жалт етіп», «адамнан артық ажар, ақыл, айлаң» сияқты жолдарды Шәңгерейден көп ұшыратамыз. Әрине, мұндай өлең өрнектері басқа ақындардан да кездеседі. Оның себебі, жалпы қазақ өлеңінің жоғарыда айтылғандай, айнала табиғатқа, мекен еткен жерге байланысты туған, сол мекенжай адамның ақындық, бейнелік түсінігіне қарай тізілген көркем құбылыс екендігінде. Дарқан дала, кең тынысты табиғат адамға өзіне лайық мінез, соған сәйкес сөз жүйесін, сөйлеу тәсілін туғызған. Қазақ өлеңіне, көп ақындардың шығармаларына тән ортақ қасиеттің төркіні осында. Шәңгерей өлеңдерінің, әсіресе оның жоғарыда келтірілгендей ішкі ерекшеліктері мол өлеңдерінің түпкі қасиеті жеке тапқырлықта, шеберлікте жатқанын аңғаруымыз қажет. Ол ерекшелік ассонанстың тек жол басында ғана көрініп тұрған бірыңғайлығында емес, жалпы өлең әуеніне тән екендігінде.

Осы әңгімеден дәстүрдің мазмұн мен форманы түгелдей қамтитындығын және дәстүр ұлттық белгінің жоғарғы түрі ретінде ұзақ уақытқа дейін өзгеріске ұшырай қоймайтындығын аңғаруға болады. Оған дәлел қазақтың байырғы поэзиясынан, онан қалды советтік поэзияға ұласқан кезеңдегі түрлерінен келтірілген мысалдар. Айтылған дәуірдің үлкенді-кішілі дегендей барлық өкілдеріне тоқталу көзделген жоқ. Бұрын шығармалары аз талданып, аз айтылып келе жатқан ақындар көбірек қамтылды. Ондағы мақсат – ұлттық дәстүрді және оған мазмұн мен форманың қатынасы туралы мәселені шешкенде айқынырақ фактыларға жүгіну, пікірімізді дәлелдірек ете түсу. Ол үшін, әрине, ұзақ дәуірді тәптіштей қарап, ұзыннан-ұзақ шұбалта сөйлеу қажетсіз, әдістемелік жағынан да бұл дұрыс болмас еді; мақсат көмескіленіп, шолу, баяндау, тізбектеу көбейер еді. Көне тарихты былай қойғанда елу жылдық советтік тарихтың өзін басынан аяғына дейін тізімдеу қиын. Өйткені тұрақтанған айырым белгілерін көрсету үшін әр кезеңнің уақыт елегінен өткен туындыларын алып талдаса жетеді. Осыған орай дәстүрдің кейінгі эволюциясы мен жаңашылдықтың қалыптасу жайы туралы, көптеген теориялық, творчестволық жайлар туралы мәселелер туады.

1973 жыл

ҚҰДІРЕТТІ ӨЛЕҢ ӨНЕГЕСІ

Мағжан Жұмабайұлының өлең әлемі

Поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат етіп қалдырған ақын – Мағжан Жұмабайұлы. Өзі де, өлеңі де қиын-қыстау тауқымет жолын көп кешкен. Қалың бұқара оқушы қауым арасында әуелден-ақ қаншалықты белгілі, аты мәшһүр ақын болып танылса да, ресми ортада барған сайын айдаудан көз аша алмай, тыныштық дүниеден қара үзіп, кешегі қуғын-сүргін заманда есімі біржолата өшуге айналған жан. Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі шытырман оқиғалардың бәріне Мағжан куә. Олардың бәрін ақын ой елегінен, өлең өрнегінен өткізіп отырған. Қай сәтте болса да ақын үлкен ой, ойлану, толғану үстінде. Қандай өзгерістер, жаңалықтар туып-өніп жатса да, ақын жаны күйзелісте, жүрегі оған елжірей қоймайды. Өйткені негізгі мәселе – қазақ елі мен жерінің тағдыры ақын түсінігінде баз-баяғы жүдеу қалпында. Сондықтан ақын шығармашылығында мынадан мынаған дейін деп шек қойылып айтылатын шекара жоқ. Мәселен, XX ғасыр басының қазақ ортасына тән демократиялық, ағартушылық, бостандық ізденістері Мағжан Жұмабайұлы үшін Қазан төңкерісімен бітіп, арманға қол жеткендей үзіліп қалмайды, одан кейін де ақын өз болжамынан танбай, жалпы халықтық, адамдық, мұраттық жайлардан қол үзбейді. Теңдік, азаттық жайындағы лепірме ұрандар, толып жатқан «жасасындар» Мағжанды жанамалай өтіп жатқандай, өзін баурап әкетпейді. Оның басты себебі: төңкеріс халыққа азаттық әкелетін болса, неге оны қақ жарып, бір-біріне қарсы қояды, қазақ халқы бір ұлт емес пе, жарлысы да, байы да азаттық ризығын бірге көрмей ме, әлі іргелі ел болып қалыптаспаған, ылғи тепкіде, қанауда, айдауда болып келген халық енді қол ұстасып жаңа өмір құрудың орнына жаңа араздық, жаңа наразылық туды емес пе? Мағжан ойланады, толғанады. Көп нәрсенің анығына жете алмайды. Өйткені беріліп отырған жауап ақынды қанағаттандырмайды. Ол тереңірек, әрірек ойлайды, таразыға салады, бірақ таразы басы тең емес. Бұрынғы, қаймағы бұзылмаған қазақ халін еске алады, соны жырлайды. Мұнысы сол бір дәуірдің тым әдемі, уайым-қайғысыз жұмақ болғанынан емес, жаңа заманның көп қайшылық тудырғанынан, аяғы немен тынары белгісіз жаппай үрейден еді. Жалпы ақындық беті Қазан төңкерісінен көп бұрын қалыптасқан Мағжан жаңа кезеңде көп нәрселерге байсалды жауап іздейтін, адам тіршілігінің, өмірінің мәнін ұққысы келетін, таланты жетсе, оның құпия сырын ашуға ұмтылатын сара сезімнің ақыны болып көрінеді. Талант жайына келсек Мағжан Жұмабайұлы өнімді шығармашылық өнердің адамы екенін Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде, 1912 жылы Қазан қаласында «Шолпан» өлең жинағы шыққан кезде танытқан-ды. Сол кезең жайындағы естелігінде Башқортстанның қазіргі қарт жазушысы Сайфи Құдаш былай дейді: «Қазақтың талантты жас ақыны Мағжан Жұмабайұлы «Ғалия» медресесінде «Садақ» атты қолжазба журнал шығара бастады, өзінің медреседегі оқу кезінде шығарған өлеңдерін соның бетіне жариялап тұрды. 1912 жылы Қазанда оның тұңғыш өлеңдер жинағы да шықты. Сөйтіп, қазақтың поэзия әлемінде өзіндік беті бар ерекше ақын дүниеге келді, Абайдың классикалық дәстүрін алға алып барушылардың ең ірісінен саналмақ».11

Сол 1912 жылғы «Шолпан» жинағына басылған бір өлеңінде ақын:
Ойламай біздің қазақ текке жатыр,
Бір іске жанаса алмай шетте жатыр.
Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,

Қазекең таң қаларлық кепте жатыр, – дейді. Алғашында бұл «Жатыр» деген өлең 1911 жылы «Айқап» журналының 2-санында басылған. Сол тұстағы ақын өлеңдерінің көпшілігі осы сипаттас болып келеді. Оқу-өнерден кемшін қалған қазақ елінің жай-күйі қапаландырады, толғандырады, кейде тіпті ашындырады. Ақындық қайрат, өжеттілік те осындай ащы шындықтан бастау алып, асып-тасып жатқандай. Шығармашылық шабыт та, асқақ үн де осымен сабақтас. Оның ақын болып қалыптасуына өмірдегі өзгешеліктер, бетбұрыстар, жолайырықтар мықтап әсер еткені анық. Табиғат берген мінез де бұған дәл келіп тұр. Өлең қайсарлығы жаратылыс қайсарлығымен тең. «Мен кім?» деген өлеңінен біраз жайды аңғаруға болады:

Жалынмын мен, келме жақын – жанарсың,
Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.
Күл болсын көк, жемірілсін жер, – уайым жоқ,
Көз қырымен күліп қана қарармын.

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?

Бұл романтикалық асқақ шумақтардан ақынның өз күшіне, өз талантына, керек десеңіз, өмір-тағдырына кәміл сенетінін байқаймыз. Мұның алдында «Арыстанмын айбатыма кім шыдар, Жолбарыспын маған қарсы кім тұрар?» деген жолдар бар. Осының бәрі асып-тасудың, астамдықтың реті емес, асылдықтың, жайдың жасылындай өткірліктің жөні! Ақын сөзі ащы шындықтың айнасы болып отырған. Өзі оны түсінген де, білген де. Асыл сөздерінің қадірменді иесі бар екенін кәміл ұққан. Ол – парасат қайнары, мейірбан жүректі туған елі еді. Мағжан ақын бар өмірін, өнерін, сол туған халқына, еліне арнаған, арнаған да, сарнаған да. «Жан сөзі» деген әйгілі өлеңінде (1920 ж.):

Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған:
Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,
Кінәні жүрекке қой, қойма маған,–

- деуінің де төркіні сонда.

Мағжан өз тегін де, өз жерін де ардақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ардақтауға ұмтылған, өлең сөзді асыл маржандай терген, сұлу жырымен оқырман жүрегін баураған, ал өзі болса, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай, соры арылмаған халқының зарлы перзенті. «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді» дегенде, қауіп-қатер жоқ демегені белгілі; бірақ сонда қылша мойны талша қиылатынын біліп пе? Жалпы алып қарағанда, «мен өлмеймін» деген сөздерде терең шындық жатқаны рас. 60 жылдан аса уақыт бойы әкімшілік ақын үнін шығармай, тұмшалап келсе де, енді естіліп, ақыры жалғастық тапқаны шындық. Философиялық мағынада алсақ, ақын өлеңі мен дана сөзі өлмек емес. Бірақ, ғажабы сол, кешегі бір заманда ақынның өзі де, өлеңі де көзден таса етілді. Сол дәуір үстімізден енді ғана, бүгін ғана ауып барады.

Ақынның тағдыры

Ақын тағдыры бір сыдырғы емес, шытырманды, соқпақты, аяғы трагедиялы. Ғасыр басынан-ақ ел-жұртына белгілі болған Мағжан Жұмабайұлы айдаудан, абақтыдан жарты ғасырдан аса уақыт бойы есімі аталмай кетіп, тек 1988 жылдың желтоқсанында ғана ақырғы рет ақталды. Ақырғы рет деуіміз – ол ресми түрде 1960 жылы-ақ ақталған болатын, бірақ оның есімін атауға, шығармаларын жариялауға рұқсат болмады. Себебі Мағжан өлеңдерін бастыруды тоқырау заманының басшылары мақұл көрмеді, жабулы қазан жабулы күйінде қала берді. Өмірі мен өлеңі бір кезде аңызға айналған ақын соңғы жарты ғасыр бойына жым-жылас жоқ болып кетті. Сондықтан кейінгі буын бұл ақынды аз біледі, тіпті білмейді де. Бірақ ол заманның жүзін көрген азды-көпті азамат, немесе соған тетелес өскен қария жандар Мағжанды білген, оның өлеңдерін жатқа айтып жүрген. Сақталған газет, журналдардан тиіп-қашып оқыған да. Ақынның кітаптарына ешкімнің қолы жетпеген, өйткені Мағжан кітаптары жеті құлыптың астында сарғайып, тозып, жыртылып, жоғалып жатты. Тыйым салу, қудалау салдарынан. Бұл жай енді баршамыз білетін, көзіміз жеткен, «әттеген-ай» деп өкінетін өткен тарих болып отыр. Ақты қара, қараны ақ деп түсіндірген зорлық-зомбылық дәуірдің құрбаны болған ақын тағдырының күйініші мол-ақ. Енді ақын есімі халқына қайта оралды. Мұны жалпы қауым, қуана тебірене қарсы алды. Өйткені бұл – мәдени өміріміздегі үлкен оқиға. Дәл қазір, өткен тарихымыздың асыл қазыналары жадымызға, қаперімізге қайта орала бастаған сәтте, талант иелері жайында тебіренбей, толғанбай, өкінбей айту қиын. Бір кездері нақақтан күйген есім ақталып қайта оралса, ол заманның өзгеруінен. Кешелері дүлей қара күш ақыл-парасатты ауыздықтап, шідерлегенін, ата-баба жолын ұмыттырып, тексіздікке сүйрегенін білеміз. Бүгіндері өткендегі орасан қателерді жөндеп, рухани байлықты, талант сөздерін халықтың өз иелігіне қайтаруға мүмкіндік туып отыр. Бұл – қуанарлық жай. Енді Мағжан Жұмабайұлы мұрасын оқып, зерттеуге жол ашылды. Бір кездерде ақын есімін еске алған үшін де, баспасөзде, тіпті ауызекі әңгімеде атағаны үшін де, талай адам тауқыметін тартып, құқай көрген. 1956–1957 жылдары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин ақталғаннан кейін Мағжан Жұмабайұлы шығармашылығы қайта қаралған. 1958 жылы ресми комиссия құрылып, таңдамалы лирикаларын жариялау жөнінде ұйғарым да болған. Ал 1960 жылы Түркістан әскери округы Әскери трибуналының коллегиясында М. Жұмабайұлы толығымен, біржола ақталған екен. Бір таңғаларлық нәрсе, бұл жөнінде комиссия мүшелері де, не Жазушылар одағы мен ғылыми мекемелер де хабарланбаған, қорытынды шешім айтқан әдебиетшілер де, басқа мамандар да ештеңе білмеген. Жұмбақ сыры сол кездегі басшылардың: бұл саяси ақтау емес, бар болғаны азаматтық жағынан ақталу деген үстірт, жаңсақ түсінігінен екені енді мәлім болды. 1958 жылы КСРО Прокуратурасы ақтаған Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы да дәл осы «дәлел» айтылған-ды. Өкініші сол, шешімдерді осылай ұғындырып, өңін теріс айналдыруға күш салған белгілі мәдениет қайраткерлері де болды. Олар М.Жұмабайұлының көзі тірісінде де, кейін де ақын атына қара күйе жағып, азаматтық та, ақындық та абыройын төгуге әрекеттенген-ді. Ақын жайындағы мұндай ұғымның жаңғырығын бұрын-соңды әртүрлі мақалалардан көреміз. Тіпті 1930 жылдың өзінде А.В.Луначарскийдің редакциясымен шыққан «Әдебиет энциклопедиясында» Мағжан нағыз ұлтшыл, сары уайымшыл, декадент ақын болып суреттелген. Мұның бәрі, айналып келгенде, билеп-төстеуші аппараттың нұсқауымен жүзеге асып отырғаны анық. Міне, осы жағдаяттар өкімет билігінің барынша әкімшілік қалпын, қатаң тәртібін айғақтайды. Сонда да М.Жұмабайұлының, Ж.Аймауытұлының, А.Байтұрсынұлының, Ш.Құдайбердіұлының М.Дулатұлының жеке бастары қаралы болып, мұралары ұлттық мәдениеттен тыс қалды. Олардың шығармалары ешбір дәлелсіз мансұқ етілді, әдебиет пен мәдениеттің басқа бөлігіне, яғни тапшыл мазмұндағы деген бөлігіне қарсы қойылды. Шындығында бұлардың шығармаларында теңдік, еңбек, іс-қимыл адамның бас бостандығы мәселесі терең көтерілген. Ал Алашорда ұйымына қатысты деу де дәлел емес, өйткені 1919 жылы-ақ В.И. Лениннің декретімен ол ұйымға да, оның адамдарына да кешірім жасалған. Және олар кейінгі жылдары бұл тарапта белсенді жұмыс істемеген, қайта кеңес өкіметінің саясатын толық қолдаған. Тек тап күресін қолдан шиеленістіру, жеке адамның диктаторлық өктемдігін орнату амалының нәтижесінде ғана мұндай сұрапыл қуғын, жаппай қырғын мүмкін болды. Жалпы социализм орнату тарихы – КСРО халықтары үшін қап-қара қара тарих. Халықтың аяулы ұлдарының тағдырын, өзге де мыңдаған құрбандардың тағдырын еске түсіргенде, ендігі жерде шүбәсіз адамдардың бас бостандығы болуы, рухани ойын ашықтан-ашық айтуға жол ашылуы, жаппай қырғынға ұшырататын тоталитарлық қауіп-қатерден сақтайтын кепілдік болуы бірден-бір қажет екенін мойындамауға болмайды. Мағжан Бекен баласы Жұмабайұлы29 1893 жылы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, «Молодежный» кеңшарында дүниеге келген. Орташа ауқатты отбасынан шыққан. Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашады, ал 1905 жылы Қызылжардағы (қазіргі Петропавловск) медресеге оқуға түседі, бұл медресені араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген, Ыстамбұлда оқып, дәріс алған, ауқатты отбасынан шыққан жергілікті интеллигент Мұхаметжан Бегишев ашқан екен. Ол өзі Шығыс халықтарының тарихы жөнінде де сабақ берген. Мағжан Жұмабайұлы бұл медресені 1910 жылы жақсы үлгеріммен бітіреді. Мағжанның әкесі Бекен ел ішінде хат танитын, жұрт сыйлайтын белгілі адам болыпты. Шешесі Гүлсім – Әшірбек деген оқыған адамның қызы екен. Екеуінен жеті ұл, екі қыз болған. Ұлдары: Мүсілім, Қаһарман, Мағжан, Мұхамеджан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан; қыздары Күләндам, Гүлбарам. Мағжан түрмеге жабылғаннан кейін, басқа да азамат ұлдары қуғынға ұшыраған Бекен 1934 жылы 61 жасында дүние салады. Жұбайы Гүлсім де 1943 жылы қайтыс болады. Мағжанның ағалары Мүсілім мен Қаһарман 1937 жылы ұсталғаннан кейін хабар-ошарсыз. Інісі Мұхамеджан он жыл отырып келгеннен соң, сексеннен асып барып дүниеден кетеді. Кіші інісі Сәлімжан да айдалып кетіп, ХХ съезден кейін қайтып келеді де, 80-жылдардың бас кезінде қайтыс болады. Екі інісі Сабыржан мен Қалижан қырғыз жеріне паналап, кейінгі жылдары дүниеден өтеді. Бекеннің қыздары Күләндам мен Гүлбарам да қазір жоқ. Сөйтіп, бір әулет жан, орталарында Мағжандай құдіретті ақыны бар бір әулет түгелдей дүниеден көшкен. Рас, Бекеннің Мағжаннан басқа ұлдарынан қалған немерелері бар. Олар әр жерде әртүрлі тірлікте. Мағжанның өз басынан бала-шаға жоқ. Жұбайы Зылиха 1989 жылы Алматыда қайтыс болды. Сонымен, қарап отырсақ, бір адамның атына, ақын Мағжан есіміне, байланысты бір әулеттің шексіз әміршілдік, автократиялық тәртіптің драмалық, трагедиялық қалып-кейпін тануға болады: айдалған, атылған, қуылған. Мағжан Жұмабайұлының әулетін жақсы білетін жақын ағайындарының бірі, қазіргі жазушы Хамза Абдуллин ақынның жас шағы туралы, алғашқы оқу-тәрбиелік жайы туралы былай әңгімелейді. Мағжан өлең жазумен тым кішкентай күнінен шұғылданған. Өйткені әкесі Бекен ақ пен қараны айыра білетін адам болған. Сондықтан да ол балаларын замана перзенті ету мақсатымен үйіне кітапты көп жиятын. Сол кездері Қазаннан, Орынбордан, Ташкенттен шығатын кітапхананың қорын молайтумен болған адам. Оның үстіне Әшірбек атты әрі оқымысты, әрі іскер қазақтың үйінде дүниеге келген Мағжанның шешесі Гүлсім бәйбіше сол кездегі бірінің артынан бірі шығып жатқан қазақтың әдеби кітаптарының үлкен қамқоршысы болатын. Сол кітаптарды ұқыпты ұстап, жыртқызбай ересек балаларының қолына беріп оқытатын да, ал хат танымайтын кішкентай балаларына өзі оқып отырған. Мысалы, «Қиссасы уль-Әнбия» атты кітапты Мағжанның жеті жасында түгелдей оқып шығып, күллі пайғамбарлардың өмірлерін түгелдей жаттап алғанын мен Гүлсім апайдың аузынан бірнеше рет естідім. Мағжан он екі жасында Қызылжар қаласындағы Бегишев медресесіне түскеннен бастап әдебиетпен қатты шұғылданған. Тіпті қазақ, татар әдебиетін былай қойғанда, ол араб-парсы ақындарының, атап айтқанда, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Хайям, Низами, Науаи сияқты даналардың ұлы дастандарын түпнұсқадан оқып үйренуді өзінің машығына айналдырған. Ал ұлы Абай мен Дәрдман (өлеңдерін қазақша жазған татардың ұлы ақыны Зәкір Садықұлы Рамиев) өлеңідерінің қазақ дүниесіне келуі кішкентай Мағжанның жан жүрегіне тілмен айтып жеткізе алмайтын телегей-теңіз әсер әкелді. Әрбір сауық кештерінде, шілдеханаларда, қыз бен жігіттер Абай мен Дәрдман өлеңдерін ең алдымен әсем әнмен шырқайтын жігіттер болған. Татьянаның мұңға толы толғаныстарын қыздар жүрек жарасын емдейтін шипалы шәрбеттей ішіп сусындаған. Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, Абайға арнап «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген өлең жазды. Абайға деген махаббатының нәзік қылын шертті. Ақын болуды арман етті. Жас жігіттің өлең жазып жүрген талабы қазақ халқының әйгілі қамқоршысы, қазақ еліне «Қаным – башқұрт, тәнім – татар, жаным – қазақ» деп мәтел таратқан ұлы жазушы Ғалымжан Ибрагимовты қатты толғантады. Сондықтан да Ғалымжан 1910 жылдың күзінде Мағжан өлеңдерінің қолжазбаларын Қазандағы Кәрімовтардың баспасына табыс етеді, 1912 жылы Мағжанның «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Ғалымжан өзі 1911 жылы шыққан «Қазақ қызы» романының бірінші бетіне 16 жасар Мағжанның «Айға» деген өлеңінің бір шумағын эпиграф етіп келтірген.

Кең дала көресің ғой мынау жатқан,
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,
Әне сол анам еді мені тапқан.

Мағжанның терең ой мен сұлу суретке толы өлеңдерінің шығуы тек қазақ еліне ғана емес, сонымен бірге татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, қарақалпақ елдеріне де жеткен үлкен құбылыс еді. Ал бала ақынның өз елі – қалың қазақ халқы – бала Мағжаннан ардагер Абайдың ізбасарын көріп, өлең-жырдың әсерлі де әдемі әуеніне бөленді. Елдегі оқумен қанағаттанбаған болашақ ақын 1910 жылы күзде өзінің ауылдасы, талапкер жазушы Бекмұхамбет Серкебаевпен бірге (КСРО Халық артисі, белгілі әнші Ермек Серкебаевтың әкесі) Медресе-Ғалияға түсу үшін Уфаға сапар шегеді. Медресе өзінің дәрежесі жағынан алғанда жоғары оқу орнымен бара-бар еді. Мағжан сол медреседе сабақ беретін ұстаз, жоғарыда айтылған белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен, медресенің жетекшісі Сәлімгерей Жантуринмен, жерлесі, болашақ көрнекті жазушы Бейімбет Майлинмен танысады. Болашақ ақын талантын таныған Ғалымжан Ибрагимов оған білімін әрі қарай көтере түсу керектігін айтып, ақыл-кеңес береді. Осыдан соң Мағжан Жұмабайұлы Омбыдағы Мұғалімдер семинариясына түсіп, сол қалада орын тепкен. 1912 жылы Қазан қаласында «Шолпан» атты тұңғыш жинағы басылып шыққанда, оған жоғарыда айтылған Ғалымжан Ибрагимов көп жәрдем еткен. Өлеңдер жинағы өзінің соны сезімдегі лирикаларымен, қазақ поэзиясындағы жаңа өрнегімен көзге түседі. Бір айта кететін жәйт 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген Абай жинағы бұл кезде көпшілікке мәлім еді. Мағжан да, әрине, оны оқыған. Семинарияда М.Жұмабайұлы болашақ революционер ақын Сәкен Сейфуллинмен танысады. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Мағжан Жұмабайұлы көпшілік қауым мойындаған, қалыптасқан ақын болып танылады. Оның жырлары қазақ даласын шарлап кетеді. «Жан сөзі» атты атақты өлеңінде ақын өзінің «Медресе-Ғалиядан» кетуіне үзілді-кесілді қарсы болған әкесі Бекенмен арадағы салқындықты және жергілікті дау-шарға қатысқысы келмеген жайын, өзінің сол тұстағы қауымға наразылығын зарлай жырлайды. 1919 жылы ақын екі бірдей қасіретке душар болады; тағдыр қосқан қосағы толғақ үстінде қайтыс болса, азамат соғысы уақытысына орай есімін Граждан қойған перзенті бір жылдан соң ол да үзіледі. Осының бәрі ақын жүрегіне зіл батпан ауыртпалығын салып, қасіретті ізін қалдырады. «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңі осы сәттерде туған. 1912-1915 жылдары Мағжан Жұмабайұлы «Қазақ» газетінің редакторы, түрколог, қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Ахмет Байтұрсыновтан және Шығыс мәдениетімен де, Батыс мәдениетімен де жан-жақты, терең суарылған асқан дарын иесі Міржақып (Мир-Якуб) Дулатовтан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір қырына көтеріледі. Мағжанға еуропалық білім алуға, орыс тілін үйреніп, мәдениетімен қанығуға олар көп себебін тигізген. 1916 жылы Мағжан Жұмабайұлы Омбының мұғалімдер дайындайтын семинариясын ойдағыдай бітіріп, туған өлкесіне оралады. Қазақ даласында «Алаш» партиясын құруға қатысып, чех көтерілісін бастан кешеді, кейін Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінде істейді. Мағжан өмірінің бұл тұсы біраз драмалық жайларды бастан кешірген кезі еді. Уақытша үкімет кезінде және онан соң біресе Колчак әскері, біресе Совдеп билік құрып тұрған кезде, «Алашордада», «Үш жүз» партияларының айтысы кезінде М.Жұмабайұлы «Алаш» партиясының мүшесі ретінде біраз уақыт түрмеге жабылады. 1919 жылы, жоғарыда айтылғандай, өзі сүйіп қосылған жары Зейнеп баладан қайтыс болады, аздан соң сәби ұлы да шетінейді. «Баланың қабір тасына» деген өлең жазады. «Өлгені емес, жерді тастап кеткені, ізгі оймен жайлы жаннат төрінен орын алып, ата-анасын күткелі» дейді ақын. Бұл тұстағы белгілі әрі әйгілі өлеңі, әлгінде ескертілгендей, «Мені де, өлім, әлдиле». Әлеуметтік жолайырық кезіндегі шартарап ой құшағындағы қамығулы ақынның жанына жара боп түскен соң, ең жақындарынан айырылу қайғысы қатты күйзелтеді. Бірінен соң бірі келген қаза оған тағдырдың сайқымазағындай көрінеді де, ашынған көңілден: «Өлім күйі – тәтті күй, Балқиды жаным бұл күйге: мені де, өлім, әлдиле, әлдиле, өлім, әлдиле», – дегізеді. Жастайынан бірге өмір сүріп, ақырында сүйіп қосылған жары Зейнепке арнаған «З-ға» деген өлеңінде «Қосылған жас күнімнен жарым едің, сүйікті анық досым, жаным едің, алысқа ұзап жолға шыққанымда, сарғайып мені күтіп қалып едің» деген жолдардан ақынның өкініш, қиналыс, жан толқуын аңғару қиын емес. Екінші әйелі Зылихаға Мағжан 1921 жылы үйленеді. Ол кісі 96 жасқа келіп, 1989 жылы дүние салды. Жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында М.Жұмабайұлы Ташкентте творчестволық өнімді еңбек етті. Сонда шығатын «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет атқарып, біраз дүниелерін бастырады. Дәл осы кезде қалың қауымға таныс поэмасы «Батыр Баянды» жазып, жарыққа шығарады. 1923-1927 жылдары Мағжан Жұмабайұлы Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды, ол кезде институтты В.Брюсов басқаратын еді. Бұл жылдары ол орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп оқиды. Бұл кезеңде де ақын жаны жай таппайды: ылғи сын, қаңқу, шаншу сөздерден көзі ашылмайды. Ескішіл, байшыл ақын атанады. Оқушы қауымға Мағжан өлеңдерін жат өлең ретінде, өткенді көксейтін, жаңа өмірге ілестірмейтін, кертартпа, уайымшыл шығармалар деп уағыздайтын мақала, сөздер баспа бетінде көбейе бастайды. Әсіресе, өзі Мәскеуде оқуда жүргенде мұндай материалдар қаптап кетеді. 1923 жылы Ташкент жұртшылығы алдында Ж.Аймауытов Мағжан ақындығын талдап, терең түсіндіретін баяндама жасап, оны «Лениншіл жас» журналына бастырып шығарса да, сыңаржақ сыншылар тобы ақынның соңынан қалмайды. Қайта Ж.Аймауытовтың өзін қоса сынайды. М.Жұмабайұлының ескішіл, жат өлеңдері орынсыз мақталды деп, оған кінә қояды. Ойламаған жерден болған төтенше оқиға Мәскеуде оқитын қазақ жастарының Мағжанға қарсы жиналысы еді. 1924 жылдың аяғына таман өткен бұл жиында Мағжан өлеңдері талқыланып, оның ақын шығармаларын теріске шығарған қаулысы елге, Қазақстанға жіберіледі. Мәселен, «Еңбекші қазақ» газеті оны 1925 жылы 14 қаңтарда жариялаған. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын «Сәлем хат» деген өлең жазады. Ол «Тілші» газетінде жарияланады. Өлеңде мынадай жолдар бар:

Қайтуым хақ, белді буып тас қылып,
Кет, деме, елім, енді мені басқа ұрып.
Дейтін болсаң: қой жырыңды, жырауым,
Қобызымды қиратармын тасқа ұрып.

«Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 14 желтоқсанындағы санында: «Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына» деген ескертпемен «Сәлемге сәлем» деген жауап өлең басылады, авторы – Сәбит Мұқанов.

Сен құлан өз қағынан жүрген жеріп,
Ел аман, жұрт тыныш кезде қайғыға еніп.
У жеген бір қасқыр сен, сені қалай
Ел жазып адам қылмақ емін беріп.

Ақынға қарсы шабуылдың соншама мейірімсіз, қатал болғанын, елін сағынып, оқуда жүрген жанның жүрегі елжіреп жазған сәлем хатына берілген осы қарғыс жауаптан байқауға болады. Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қарсы нақтылы өлең жазбаса да, «уралап, алақайламадың» деген кінәмен, тап күресіне араласып, жарлы-жақыбай сөзін сөйлемедің деген айыппен осылай катаң сынға алынады. Шындығында ақынның 1912–1923 жылдары шыққан жинақтарын қарап отырсақ, ылғи ғана қазақтың сор, бишара халі, ғылым-білім, теңдік тақырыбы жырланады. Сонда Мағжанның ғажайып ақындық талантына бақ таластықпен, бақастықпен қарсы шықпаса, не үшін оған осыншама шүйліккен деп ойлауға тура келеді. Бұл жорамалды кейінгі 60-жылдар жайы да дәлелдей түседі: ресми түрде ақталған ақынға жол бермей, аты мүлде өшіріліп тасталады. 1960 жылы «Өмір және поэзия» деген кітабында Ә.Тәжібаевтың Мағжан Жұмабайұлы творчествосын мүлде жоққа шығаруы, 1968 жылы «Простор» журналының ақын жайында ақтау мақалалар басылған нөмірінің солайымен жойылып кетуі, айналып келгенде, осының бәрі ілгергі дәуірде дәлелсіз қудалау қылықтарының әшкере болуынан сескеніп, қорқу салдарынан емес пе екен деген ой туады. Әйтпесе, Мағжан ақындығына осындай адамдар шүбә келтіреді деу қиын. Мәселен, 1927 жылдың өзінде Ә. Тәжібаев:

Мағжандай іздемеймін Қорқыт көрін,
Қобызбен сарнамаймын сұрап өлім.
Кезбеймін есуас боп ен даланы,
Қуатты орыс, қазақ еңбекші елім.

Көр де аулақ, өз басымнан өлім де аулақ,
Көрсетем Мағжандарға көрдің төрін, –

деп жазады. Белгілі «Тоқсанның тобы» поэмасына да қарсы ұзақ өлең жазғаны мәлім. Бірақ кейінгі жылдары, Әбділда Тәжібаевтың өзін-өзі сынға алып: «Бұл менің де, мені тәрбиелеп сөйлеткен ағаларымның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді»,– деп, 1989 жылғы Мағжан жинағына мүлде жаңа көзқараспен мақала жазуын данқты ақын алдындағы, жұрт алдындағы адалдығы деп қарауымыз керек. Мағжан шығармаларына көп тоқталып, саяси жағынан, таптық жағынан қатты сынға алғандардың бірі Ғаббас Тоғжанов «Мағжан совет тұсында» деген мақаласында ол Мағжанды табы, тобы бөлек, сөзі жат ақын дегенге дейін барады. «Пікір-идея жағынан Мағжан идеяшыл ақын, қиял – Мағжанның тәңірісі. Қазаққа келгенде, Мағжанның саяси жолы қазақ байына қосылып отыр. Бүгінгі қазақ еңбекшілерінің жаңа тұрмысы оған ұнамайды. Бүгінгі заман – «сұм заман». Бұ жағынан қарағанда, Мағжан байшыл ақын. Бұ күндегіден безген, келешегі жоқ, уайымшыл, жылауық ақын»32. Тек саяси жағынан, тап тұрғысынан келіп сынап отырғаны көрініп тұр. Сол кездегі ағым солай, жаңа саяси идеологияның орнай бастаған кезі. Кейін бүкіл әдебиет саясатқа айналып, өзіндік, тәуелсіздік құқығынан түгелдей айырылғанын тарихтан білеміз. Ал өлеңнің ажары, әдемілігі, көркемдік қасиеті дегенге келгенде, мұнан Ғаббас Тоғжанов безбейді, оны мойындайды. «Қазақ әдебиетіне Мағжан кіргізген жаңалықтары жоқ емес. Мағжан – күшті ақын. Өз ойын, өз тілегін ұқтыра білетін адам. Көркемдік, әдемілік жағынан қарағанда Мағжан өлеңдері (әсіресе «Баян») үлкен оқиға. Жүсіпбек айтқандайын: «суретті, кестелі көркем сөз Мағжаннан басталады». Өлеңнің сыртын (форма) Мағжандай келтірген (бір Абай болмаса) қазақта әлі де ақын жоқ. Аз сөзбен көп сөз айтатындық Мағжанда бар. Мағжан – сөзге еркін ақын. Күшеншек ақын емес, айтам дегенін оқушының көңіліне қонғандай, сезімін қозғағандай кылып айтады. Кейбір өлеңдерінде «шешендік, толғау күй төгіліп кететіні рас»33. Көріп отырсыз, баға дұрыс-ақ, әрі әділ. Сонда Мағжанға неғыл дейсің деген сұрақ туады. Өзі күшті, тапқыр ақын болса, сөзге шебер, көркемшіл болса, ойдағыны айтатын болса, енді оған не істемедің деп өкпелеу керек? Ол тек, жоғарыда айтылғандай, ұрандап кетпеуі, «тап-тап» деп жар салмауы, «алақайлап» қол соқпауы. Шындығына келгенде, алақайдың жөні жоқ екенін 1927-28 жылдардағы кәмпескелеу, онан соңғы колхоздастыру, одан барып орасан, қырғын аштыққа ұрыну – осының бәрі қып-қызыл ұрандарға байсалдырақ қарау керек екенін, сабырмен, сын көзімен қарау керек екенін әбден дәлелдеді. Мағжанның өз басы жайында, оның әрқилы шығармалары, кейбір жеке өлеңдері туралы сан-алуан пікірлер туып, шабуыл сын қаптай бастады. Қазақстанға жаңа келген, өлең, әдебиет түгілі, халық, ұлт жайын әлі аңғарып біле қоймаған Ф.И.Голошекиннің өзі Мағжанды сынай бастауы сол үлкен әрі қауіпті дүрбелеңнің салдары екені анық. Осыншама айқай-шудың аяғы Мағжанды түрмеге жабуға апарып соқты. Онымен де бітпей жанжал ұлғая берді. 1929 жылы Мағжан Жұмабайұлы «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен 10 жылға сотталды. Шын мәнісінде бұл Сибревком жанындағы Қазақ АССР өкілінің келісімімен құрылған, көпшілік қауымға белгілі, отырықшылыққа айналдыру жөніндегі ресми түрде рұқсат етілген ұйым еді.

Өкініші сол, 1929 жылдан 1938 жылға созылған ақынның он жылдық ғұмыры бізге беймәлім. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен аз ғана уақыт бостандық алады, еліне келеді. Петропавлда мектепте орыс тілі мен одебиетінен сабақ беретін мұғалім болып істейді. Бірақ біраз уақыттан кейін бұл қызметтен босатылады. Ол туралы өзі: «Не себепті босатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды жұмыссыз отырмын», – деп жазады Алматыға, Жазушылар одағының бастығы Сәбит Мұқановқа жолдаған хатында34. Аударма ісімен айналысқанын, бірақ шарт жайында баспадан хабар жоғын айта келіп, Мағжан тағы да: «Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өз қалам күшіммен көрсетсем деген тілекпен оралдым. Қалай болғанда да, орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын», – дейді. Бұл хат 1937 жылы 20-ақпанда жазылады. Наурыз айында Алматыға келеді. Бұл кез – айтыс-тартыстың нағыз қайнап тұрған кезі. Біреудің үстінен біреу жала жазып, ұстатып, айдатып жатқан уақыт. 13-тамызда Ілияс Жансүгіров ұсталады. 29-тамызда Жазушылар одағының хатшысы М.Қаратаевтың «Социалистік Қазақстанда»: «Қазақ әдебиетіндегі авербаховшылдықтың қалдығын толық жою керек» деген бас-аяғы жиырма шақты жазушыны, ең алдымен Сәкенді қаралаған, мұндай фашист жендеттерінің көзін жою керек деген мақаласы басылды. 16-қыркүйекте «Казахстанская правдада» осы мақаланың орысшасы басылды. 24-қыркүйекте Сәкен үйінен ұсталып әкетіледі. Мұндай жағдайда алдында өзі 7-8 жыл отырып келген Мағжанның күні не болмақ? Аласапыран тұста ақыры 30-желтоқсанда Мағжан ұсталады да, 1938 жылы атылады. Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 24 ақпанда атылады. Совет ақыны, пролетариат ақыны екені айғақ, 1918 жылдан партия мүшесі Сәкеннің өзі қуғынға ұшырап жатқанда, саяси жағынан онан арасы алшақ (солай үгіттеліп келген) Мағжанның тағдыры басқаша болуы мүмкін емес-ті. Өйткені әңгіме тапта, тапшылдықта партияны қолдау, яки қолдамауда емес, халықтың оқыған, бетке ұстар қаймағын түгелдей сыпырып, жойып жіберу жайында болған. 1936 жылы Омбы жағында жүрген сәттің бірінде інісі Мүхаметжанға жолығып, осы тұста жазған «Өміріме өкпем» деген өлеңімен таныстырады. Бұл кейін Мұхаметжанның қызы Гүлқаныстан табылды35. Онда ақынның трагедиялық мүшкіл халі, өмірге налуы өте қайғылы суреттелген:

Сұм өмір, сұлу дүние, алдадың ба?
Тән арып, тамырда қан қалмадың ба?
Жалған үшін жан қиып, жапа шектім,
Еңбегім екі болып, жанбадың ба?

Жайшылықта жан қиған, жақын дүние,
Талып тұрсам, назарың салмадың ба?
Ортекедей орғытып, оққа жығып,
Жалмауыз, жауыз жалған, қалмадың ба?

Небәрі 50 шақты жолдан тұратын осы өлеңінде ақын зармен қатар, ертеңгі күні не болатынын болжап білгендей. 1936 жыл бітіп, 1937 жылдың ақпан-қаңтарында Алматыға хат жазып, наурызда келген соң, аржағы қызыл қан науқанға айналды, «Тағдырдан табандатып тиді шоқпар!»

Рас, нақты деректермен дәлелденбеген алып-қашпа әңгімелер болған, бірінде – ол атылмаған, 1938 жылы наурызда ату жазасына кесілген (олар бас-аяғы 19 адам болатын) партия, үкімет, мәдениет қайраткерлерімен бірге Новосибирск облысына жер аударылған-мыс, одан Новая Земляға айдалып, сонда 1956 жылы жалдамалы кәззаптың қолынан қаза тауыпты-мыс. Ал екінші лақапта: ол 1942 жылы айдауда қайтыс болған. Бірақ қазір мұның бәрі негізсіз екені анықталып отыр: ресми жазалау орындарының бір кездерде шындықты жасырып, әртүрлі себептермен жалған мәлімет беріп отырғандығынан тараған бос сөздерге ұқсайды. Сот орындары бұл күнде 1938 жылы атылғаны ақиқат деген тұжырымға келіп отыр. Бірақ мына бір жайды білу қажет-ақ. Ғұмырының соңғы жылдары ештеңе жазбап па екен, жазса ол кайда, әлде ұшты-күйлі жоғалып кетті ме? Неге десеңіз, М.Жұмабайұлы 1927 жылы жазған «Тоқсанның тобы» поэмасынан кейін, қазақ ауылындағы үлкен өзгерістерге қарай бет бұрғаны анық. Рас, конфискация, коллективтендіру, онан кейінгі аштық жылдары, әрине, творчестволық шабыт бере қоятын жәйттер емес-ті. Ол уақыттың жалған поэзиясының солғын үндерін құлағымызбен естіп те, көкірегімізбен ұғып та жүрміз.

Сонда да болса шеккен қайғы-қасіретін, тартқан азабын ақын дәптерде жазып қалдырмауы мүмкін де емес сияқты. Қалай жорамал жасасақ та, М.Жұмабайұлы үнін 1927 жылдан кейін естімейміз. Ақын үні тынды. Өзі бір кездері толғана жазған үні өшкен бұлбұл кейпі ақынның басына келді:

Дариға аяқталмай үзілді жыр,
Сұм жүрек жалын болып қалды ғой құр.
Бұлбұлдың әнін үзген не болды екен?
Мынау не, көлдің беті жыбыр-жыбыр?

Көл беті жыбыр-жыбыр бақа: «бақ-бақ»,
Сайрасын енді қалай бұлбұл бейбақ!
Өмірдің өзгермейтін құрсын заңы –
Бір жақтан бұлбұл шықса, бақа шықпақ.

Жыршы құс бақырайған бақа көрсе,
Бақылдап тырбық бақа әнін бөлсе,
Ойласаң таңқаларлық дәнеңе жоқ –
Құсадан ақын бұлбұл үнсіз өлсе.

М.Жұмабайұлының көңіл күйін, өткен өмір жолын башқұрт халқының аса үлкен, қадірмен жазушысы Сайфи Құдаш тебірене баяндайды. Сайфи Құдаш ғасырдың бас кезінде Солтүстік Қазақстанда мұғалім болған, М.Жұмабайұлымен бірге қызметтес болған, жете таныс адамдар. Мына сөздер 1969 жылы Қазақстан басшыларына Мағжанды ақтау, шығармаларын жариялау керектігі жайында толғана жазған ұзақ хатынан келтіріледі: «М.Жұмабаевты мен өзіндік ерекше, табиғат болмысы бөлек ақын, өлеңнің асқан шебері санағанмын және солай санаймын да: бұл орайда ол Абайдың лайықты жолын қуушы әрі дамытушы деуге болады. Сонымен бірге оның өмірі, ақындық еңбегі және трагедиялық тағдыры бір-бірімен тұтас, бұлақ суының бір тамшысындай М.Жұмабаев творчествосына бір жақты баға беру, яғни оны революционер күрескер дәрежесіне көтеру немесе, керісінше, Совет өкіметі мен қазақ халқының қас жауы етіп сипаттау – біздің тарихымыздың тұрпайы да анайы, орны толмас олқылығы, екінші жағынан, біздің мәдени мұраға деген көзқарастың жауапсыздығы, барып тұрған дөрекі нигилизмнің өзі. Мұндай теріс түсінік XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі тарихи жағдайды толығымен бағаламаудан туары анық, немесе «Пролеткульт» пен РАПП белсенділерінің тұрпайы социологизм туын ұстаушы ғана болып қалуынан деуге болады». Шындығында, 20-шы жылдар оқиғалары мен өмір құбылыстары қаншама күрделі екенін ойға алсақ, саяси мәні жағынан сан алуан, тіпті көбіне қарама-қарсы екенін ескерсек, тыңғылықты тұжырым жасау, нақты талдаумен белгілі бір объективті ой-пікірге, қорытындыға келу оңай еместігіне көз жетеді. 1920 жылы ҚазАССР-інің құрылуы, ауылдардың советтендірілуі, ал екінші жартысында – байларды конфискациялау, республика лидерлері мен интеллигенция өкілдерінің сан тарапқа тартқан сөздері, ұлттық шекараларды межелеу, әсіресе ұлттық мәдениет мәселелері талайлардың намысын қоздырып, ақыл-ой, сананың шайқалуына әкеліп соқтырғанын анық білеміз. Мұнымен қоймай, кеше ғана ауыз жаласқан достардың табанда бір-біріне ата жау болып шығуы, бір-бірін қаралау, күйе жағуға дейін баруы қауым ішін әбден шиеленістіреді. Осындай әрекеттер салдарынан Мағжан Жұмабайұлына ұлтшыл деген айдар тағылып, оның көркемдігі жоғары дүниелеріне: бұл пролетарлық емес, таптық емес, деген негізсіз кінәраттар қойылды. Осындай сылтаумен 1926 жылы Ж.Аймауытовқа да айып тағылған, бірақ көп ұзамай босатылған болатын. Бірақ 1929 жылы қайтадан тұтқындалып, бұл жолы оның тағдыры бір жола шешілді. Дәл осы жылы М.Жұмабайұлы да қамалды, қамалуға себеп – аққа күйе жаққандай, баяғы бұрмалаушылық, жала. Тіпті «Тоқсанның тобы» атты құнды поэмасының өзін тоқсан саққа жүгіртіп, бұл ақынның шын ойы, шын көңілі емес деп шулағандар қаншама болды.

Ақынның өлеңдері

М.Жұмабайұлы шығармашылығын енді тереңірек, молырақ қарауға жол ашылған шақта, оның қай қырын ерекше сөз еткен орынды болар еді? Мұндай сауалға бірден кесіп жауап айту оңай емес. Мүмкін ақын туындыларының уақыт сынына төтеп берерлік тіл құнарлығы мен ой тереңдігін, сөз қолдану шеберлігін, жалпы көркемдігін басты ерекшелігі деп айтармыз. Өйткені оның нағыз өзіндік бет-бағдары мен айырым қырлары осы маңайдан табылмақ. Тәңірдей таланттың көрінісі осы бұлақтай мөлдір поэзиясынан көрінеді. Ол поэзияға басыңды иіп, тәнті боласың, таңданасың, таңырқайсың. Әрине, Мағжан Жұмабайұлының ақындық ерекшелігін дәл тауып бағалап, көпшілікке жеткізу оңай іс емес, әрі ол бір күннің ісі болмас. Ой, қиял ұшқырлығы, молдығы, сөз кестесінің әрқилы, сан айшықты болып келуі – мүлде жайы бөлек дүниелер. Әңгіменің түп түйініне келсек, М.Жұмабайұлы Абай тәжірибесін бойына сіңірген де, өзімен қатар өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және Сәбит Мұқанов шығармашылығына мүлде ұқсамайтын, соны, тың жол салған. М.Жұмабайұлы – өз орнын өмірден үнемі іздеумен өткен, бар білген-түйгенін соған сарп еткен суреткер. Оның шығармашылығының бір қырында, яғни таразы басының бір жағында мұңды толғаныс, өкіну және қайғы қасірет, күйініш жатса, таразының екінші басында – романтикалық өршілдік, махаббат, сүйініш-күйініш, арман, мақсат, үміт жатады. Көп қайғы-қасірет шеккен, азап пен уайым тауқыметін тартқан ақын осы бір қос оттың жалынына шалынып, соған шарпылған! Оның шығармашылығында тарих тұңғиығын терең түсіну, өткенді бажайлау («Өткен аяулы»), болашақты болжай білу, бүгіннің ақиқатына көз жеткізу сияқты терең толғаныстар заманның астан-кестен аласапыран жайымен астасып жатады. Мағжан Жұмабайұлы өлеңдерін оқи отырып, өзі көп айтатын тылсым буғандай әсерге енесің, таңғаларлық күй кешесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына сүңгіп, әсем суреттер дүниесіне кіресің. Не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі сезімнен хабар беретін алуан бояудың сырларына қанығып, ақынның құдіретті шеберлігіне бас ұрасың. 1918 жылдың өзінде Ж.Аймауытов пен М.Әуезов былай жазыпты: «Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт әм Ахмет, Мәметовтікі. Бұлардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар, жүрегінің сезімін суреттейтін нәрсемен жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар сыршыл (лирик) ақындар»37. Ақын тау туралы толғансын, не дарқан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл, немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жер, күн, ай жайында айтсын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінімі, ішкі жан күйі тұрады, сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебіренеді («Көкшетау», «Жазғы түнде», «Қысқы жол», «Қайың», «Орман», «Алдамшы өмір», «Ой», «Жел» т.б. өлеңдері куә). Ақын жырларында табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге астасып жатады. Әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлу, сырлы, тіпті, кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттер көз алдыңа келеді. Сөз көбіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдіретті шабытымен кестеленген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезіміңді қалай билеп алғанын білмей де қаласың. «Жазғы жолда» деген өлеңіне көңіл аударалық:

Дала, Дала. Сар дала!
Жапан түзде бір қара...
Шілде. Оттай ыстық күн,
Дала елік. Жоқ бір үн.

Жер де жатыр тұншығып.
Жол жыландай иірілген,
Шаң ерініп, үйірілген,
Ешбір леп жоқ, тып-тымық.

Көкте жалғыз бұлт жоқ,
Көктің түсі қызғылт көк,
Дүниені тылсым билеген.
Ыңыранған әлде кім,

Жылай ма екен әлде жын?
Перілер ме күйлеген?

Қарапайым ғана зат, көріністер мол сырға ие болып, жол, дала, көк аспан, бұлт – бәріне де жан бітіп, адамның өзімен тілдескендей әсер қалдырады. Өзіміз оны көзбен көріп, құлақпен естігендей боламыз. Адам мен табиғат арасы ақын өлеңінде ажырамас бірлікте, тоғысқан, яғни айнала өмір, ақынның оны қабылдауы сырлы сөз күшімен әсерлі сурет береді. Әрине, мұндай көркем сөзді көркем ой тудырмақ. Поэзия шеберінің тәңір табынарлықтай құдіреті өлеңді, Абай айтқандай, «теп-тегіс жұмыр» етумен бірге, сезім, түйсікке молықтыруында. Онсыз қайсыбір өлең болса да, жай хабарлама, сөзтізбе болып шығатыны анық. «Қысқы жол» деген өлеңінде мына жолдарды оқып қаралық:

Ызғарлы жел долданып,
Екі иінінен дем алып,
Ішін тартып осқырып,
Кейде қатты ысқырып,

Аңдай ұлып бір мезгіл,
Екі санын шапақтап,
Біресе сақ-сақ күледі.
Кейде кенет баяулап,

Жер бауырлап жаяулап,
Аузы-басы жыбырлап,
Асып-сасып сыбырлап,
Жерді жапқан кебінді

Сүйіп, ақырын құшақтап,
«Әпсүн» оқып үреді.

Мұндағы «екі иінінен дем алып», «ішін тартып», «жер бауырлап», «аузы-басы жыбырлап», «жерді жапқан кебінді сүйіп» деген тіркестер қыс, аяз туралы өлеңге қаншама әр, сыр беріп тұрғаны түсінікті. Аяздың ызғарлы болуы, аңдай ұлуы, тіпті сақ-сақ күлуі жаңалық емес, ол бұрыннан бар нәрсе. Ал оған әлгіндей «мінездеме» беру, тірі жандай суреттеу, әрі сол арқылы табиғи құбылыстың жұмбақ сырын көз алдыңа келтіру ақынның сезім тереңдігі, мүлт жібермейтін түйгіштігін аңғартады, ал бүкіл өлең оқушыны, керек десеңіз, аты-жөні жоқ бір ерекше құпия күйге бөлейді.

Бір қарағанда, бұралаң жол суреті де жеткілікті көркемдік жасап тұрғандай. Бірақ Мағжан жазғы, қысқы табиғат көрінісіне өзінің жан дүниесін қоса жырлайды, «Дала өлік», «Сар дала», «Жапан түз» дегенде жанды табиғатты жоққа шығарып тұрған жоқ, лирикалық қаһарманның сезімі, оның қиялы тоғыса келіп, жанды, тірі сурет жасап тұр. Мағжан романтикалық қуат-күшке, фантазияға, қиялға, канатты ойға ерік берген. Мұны оның бүкіл шығармашылық болмысынан, өлеңдері мен поэмаларынан айқын аңғаруға болады. Мағжан романтикасы оның поэзиясын ажарландыра түседі. «Жазғы жол» өлеңінде, жоғарыда келтірілген суретке қосымша, үстеме ретінде айтсақ, алтын шашты пері бейнесі де лирикалық ой-сезімді күшейтіп тұр, таусылмас дала жолында елестеген сиқырлы періште арбай ала жөнелгендей, жыландай созылған ұзын жолға ол елес үйлескен. Жол мен даланы лирикалық әрі романтикалық ретпен осылай көрсету, қазақ жерінің сары жон, ұзақ жол сипатынан алыс емес, қайта оның сырын аша түскендей. Бұл арада жоғарыдағы Екеудің мақаласынан тағы үзінді келтірейік: «Сыршыл ақындардың ішінде өлеңінің ішкі суретіне сөзінің сыртқы кестесі үйлесіп, маңызды болып шығатын Мағжанның өлеңдері». Тұтасымен алғанда, Мағжан өлеңдері қазақтың сөз өнері үшін жаңа, соны дүние. Мұндай абстракциялық ой-толғамдарды Мағжаннан бұрынғы поэзиядан көру қиын. Ақын өлеңдерін оқи отырып, оның түйсіну, қабылдау қабілетінің айрықша мол, әрқилы екенін аңғарасың, сонан да терең эстетикалық ләззат табасың. Ақынның «Жел», «Толқын», «Көктем» т.б. өлеңдерін оқи отырып, К.Бальмонттың «Я вольный ветер, я вечно вею», «Я в бегстве живу неустанном, в ненасытной тревоге живу» («Ветер»), А.Блоктың «Ветер налетит, завоет снег» деген тағы басқа жыр жолдарын еске аласың.

Мен ақынмын – жел жүйрік,
Гуілдеймін, ұшамын.
Мен – ойыншы көбелек,
Көрінген гүлді құшамын.

Бүлдірген бетің сұрланып,
Желге сенбе, жас бала!
Сыбырлар, кетер ұрланып,
Шын жары оның – сар дала...

Мен ақынмын, жырлаймын,
Жүрекке жүйрік жел кірсе.
Мен ақынмын, жылаймын,
Жүрекке ауыр шер кірсе.

Қарап отырсақ, ерікті, ерке желден басталған ой, ақындық асқақ көңілдің шерімен барып бітеді. Былай қарағанда, желдей ескен көңіл шексіз, шетсіз бай сияқты көрінгенімен, оның да тоқталар, іркілер жері бар екен: ақын көңілі жай, саябыр, егер жүрекке жылы леп тисе, ақын жаралы, егер көңілге шер кірсе. Осы ойдың бәрін, әрине, басқаша айтуға болады. Бірақ ақын туған табиғатымен, жаралған жерімен бірге, оның жан-күйі соққан желдің, жарық күннің жаңғырығындай үндес, күндес (күнмен бірге). Сонан да ол: «Шын жары оның – сар дала», – дейді. Ақын жүрегінің де іздегені сол дала, туған дала. Жел сыбдыры мен жүрек сыбыры бір. Екі табиғи нәрсенің айнымалы, толқымалы жайы бір-біріне сай, ұйқас. Ақын сол үйлесімінен ләззат тауып, сусындап отыр. «Жел» деген тағы бір өлеңінде Мағжан Жұмабайұлы:

Мазасы жоқ жел ерке
Оянып ап тым ерте,
Жорғалап басып кетеді,
Тыныш жатқан түс көріп,

Көлдің бетін кестелеп,
Оны әуре етеді, –

деп жазады. Желдің өзін айтып отыр екен дейсің. Бірақ оған осылай мінез берумен бірге мынадай әрекет те береді:

Кәрі орманды оятып,
Бірдеңе деп жұбатып,
Жымиып күліп өтеді.
Жұрттан ойын жасырып,

Алқынып өзі асығып,
Қарақат көзге жетеді.

Желге адам әрекетін береді. Тіпті адамға жел кейпін береді десек те қате болмайды. Қалай да мұны табиғат жайындағы өлең деу қате болар еді. Мағжан өзінің бейнелі ой үрдісіне лайық табиғат көрінісі мен адам мінезінен ұқсастық тапқан. Белгілі «Айға» деген өлеңінен де тіршілік жайын бейнелейтін аллегория табамыз:

Қайғылы ай, тұрсың көкте түсің кашып,
Қайғылы жер жүзіне нұрын шашып.
Жылжисың ақырын ғана қорыққан жандай,
Жүргендей жол таба алмай, бейне адасып...

Кім білсін, өткен күнің алтын шығар?
Ажарың бейне күндей жарқын шығар?
Көп жұлдыз – әлде күшпен, әлде іспен
Еріксіз артыңа ерткен халқың шығар.

Осылай туған жер, елге деген пұшайман сезімін білдіреді. Ал «Сағындым» деген өлеңінде бұл жайында төтесінен әрі терең айтылады:

Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін.

Мағжан Жұмабайұлының бізге жеткен мұрасы аз ба, көп пе деген сауал туады. Қолымызда бары 1912 жылы Қазанда басылып шыққан «Шолпан» атты жинақ, сонымен қоса белгілі ақын Бернияз Күлеевтің алғы сөзімен Қазанда 1922 жылы жарық көрген «Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері» деген жинақ, сонан соң белгілі партия және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың алғы сөзімен Ташкентте 1923 жылы басылып шыққан «Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері», 1928 жылы Мәскеуде басылған «Жүсіп хан» атты ертегі поэмасы, 1923 жылы Ташкентте «Шолпан» журналында шыққан «Батыр Баян» поэмасы және басқа да әртүрлі газет-журналдарда жарық көрген өлеңдері мен поэмаларын атар едік. Ең соңғы айтарлықтай шығармасы «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінде 1927 жылы жарияланған «Тоқсанның тобы» поэмасы. Әлбетте, бұл уақытқа дейін ақын шығармаларын жинап, басып шығару ісімен ешкім де шұғылдабаған, әйтпесе ақын мұрасы бұдан көп мол екені ақиқат. Оларды енді мерзімді басылымдардан іздеу қажет. Мысалға, көптеген өлеңдері, сонымен бірге «Қорқыт», «Ертегі» поэмалары «Ақжол» газетінде (Ташкент) басылған, өзге өлеңдері кітапханалар қоймасында, архивтерде болуы мүмкін. Өкініші сол, 1929 жылдан 1938 жылға дейін айдауда, түрмеде болған кезі мен 1936 жылы М.Горький және Е.Пешкованың көмектесуімен аз уақыт босанған сәтіндегі, осы он жылға созылған уақыт аралығындағы шығармашылығы тіпті беймәлім. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1923-1927 жылдардағы Омбының мұғалімдер семинариясында, Мәскеудің Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүрген кезіндегі, дүниежүзі және орыс классикасымен терең танысқан шағындағы шаруашылығы да толық бізге жеткен жоқ. Бұл тұста әдеби оқу оқып, әртүрлі ағымдарға еліктеп, өлеңдер жазумен қатар, аударма ісімен де айналысқан. М. Жұмабайұлы оқыған, өзі қанық болған есімдер ішінен Гете, Гейне, Шиллер, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Фет, Гоголь, Крылов, Короленко, Мамин-Сибиряк, Мережковский, Бальмонт, Есенин, Клюев, Брюсевтерді ұшыратамыз, әсіресе, Блок есімін тағы басқа көптеген қаламгерлердің атын көп көреміз. М.Жұмабайұлы М.Горькийді аса жоғары бағалап аударса, В.И.Ленин шығармаларына да көңіл бөліп, біразын қазақшалаған. Бұл есімдерге деген ақынның құмарлығын түсінуге болады: Мағжанды қызықтарғаны олардың данышпан шығармаларының шексіздігі, жалпы адамзаттық ауқымының кеңдігі. Табиғи талантына бұлар бастау, демеу болғаны анық. М.Жұмабайұлының өмір жолын жақсы білетін Сайфи Құдаш келесі бір сөзінде былай дейді: «Қиын да азапты жолының барлық кезеңінде М.Жұмабаев үнемі жұмыс үстінде болды. Рас, бұл оның бар мүмкіндігінен аздау болған да шығар, таланттың өз күшіне сай да болмас, бірақ жұмыс істей білді, ал бастан өткен бұрылыс-қалтарыстарға ол жалғыз өзі кінәлі емес. Совет өкіметі алғаш орнағаннан кейін, белгілі бір шешімге келе алмай толқыған сәттері болды, бірақ бұл ұзаққа созылған жоқ. Көп ұзамай Мәскеудің орталық басылымдарының бірінде редакторлық қызмет атқарды. Кейін көп ұзамай Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқыды, сол кезде профессорлардың бірі: «Мағжан – қырғыздың Пушкині», – деуші еді. Сол жылдары қазақ мектептерінің оқулықтарын даярлау ісімен айналысты, орыс жазушыларының, В.И.Ленин шығармаларын аудару ісіне де атсалысты. Бұның бәрі де М.Жұмабаевтың қарама-қарсы пікірден біртіндеп арылуына, көзқарастар солқылдақтығынан құтылуға, маркстік-лениндік көзқарастың жолына бір жола бет қойып, тереңдей түсуіне ықпал жасап, жол ашты».

Жоғарыда айтып өткеніміздей, М.Жұмабайұлының ақындық табиғаты Абайға да, онан кейінгі ақындарға да ұқсамайды. Оның қайталанбас қолтаңбасы, тұбасалы өзіндік, айрықша екені даусыз. Әрине, Абайды білген, оның ақындық тәжірибесіне сүйенген. 1912 жылғы Қазанда шыққан «Шолпан» жинағына енген «Алтын хакім Абайға» деген өлеңінен Мағжанның ұлы ақынға қалай табынатынын анық көруге болады:

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес, – дейді.

1923 жылы Ташкентте жасалған баяндамасында Жүсіпбек Аймауытов Абай мен Шәңгерей Бөкеевтің кейбір өлең жолдарын ара-тұра салыстырады. Мұны түсінуге болады. Өйткені қазақ топырағында арасы қашық емес мезгілде өмір сүріп, қалыптасқан адамдардың өмірді көріп, ұғуы бір тектес болуы мүмкін. Бірақ Абайда әлеуметтік, рационалдық уағыз басым, Шәңгерейде әдемілік, сұлулық, келістілікті суреттеу күшті. Мағжан болса, өзі айтатындай, тылсым табиғатпен сиқырлы поэзия жасайды. Баяндама ақынның 30 жасқа толуына арналған болса керек. Мысалға «Күз» деген өлеңінің кейбір жолдары Абаймен үндесіп жатыр дегенді меңзейді. Тағы басқа өлеңдері мен бірсыпыра шумақтарды келтіреді. Біз де мына жолдарға жүгініп көрелік:

Қор болдың, өнер қумай, қайран елім,
Күш кетіп, талай жаннан көрдің көрім.
Сұлық боп жан шығарға тұр таяулап,
Маңдайдан шып-шып шығып өлім терің.

Немесе:
Талапсыз бақсыз мен сорлы,
Бір ісім оңға бармаған.
Мен не жаздым о ғұрлы,

Тәңірі мұнша қарғаған.
Талпындым, түстім ізіне,
Оңалмайды бір ісім.
Қарамай құлың жүзіне,

Көрсеттің, алла, сен қысым.

Ия, бұл нағыз Абай ғой деп қаласың. Айту, налу түрі, сөз оралымы Абайға ұқсайды-ақ. Ал осы мазмұндас мына жолдарға қаралық:

Азамат! Анау қазақ қаным десең,
Жұмақтың суын апар, жаным десең.
Болмаса ібіліс бол да, у алып бар,
Тоқтатам тұншықтырып зарын десең.

Немесе:
Қара жылан – қалың ойлар қаптады,
Шыбын жаным барар жерді таппады.
Ойлар жейді жас жүректі жегідей,

Тәңірі ием, таңың-дағы атпады.
Тағы бір мысал, енді «Пайғамбар» деген өлеңінен:
Күншығыстан таң келеді – мен келем,
Көк күңіренді: мен де көктей күңіренем.

Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!

Бұлардың жөні, төркіні басқа екені көрініп тұр. Біз әдейі бесенеден белгілі өзіндік, мағжандық өлең жолдарын келтірдік. Мағжанның өзіне ғана лайық сипатта айтылғаны мұнан көрінеді. Ұқсас оралымдар көреген таланттардың өмірдің қат-қабат қыртысын шамалас ұғуы мүмкін екенін байқатады. Бірақ қолтаңбалары, әрине, бөлек. Заңды құбылыс.

«Тәңірі» өлеңінен мына төрт жолдың пәрменін аңғармасқа болмайды:
Кеш, тәңірім, сорлы құлға қаһар етпе,
Рақым қыл, бір сорлыны шетке теппе.
Сөз шықты жан ашумен, әділ тәңірім,

Тиген соң ащы таяқ тұщы етке!

Абай айтпаған сөз бе бұл! Айтқан. Сонымен бірге мұның өзгеше, басқаша екенін де мойындау қажет. Мығым, екпінді, тегеурінді. Бұл уақыттан, заман факторынан. Абай дәстүрінің қайталауы емес, өніп, өрбу, ілгерілеу түрі. Ақын халық туралы, тұрмыс, жалпы елдің өмірі туралы толғаныстарында бұл тақырыпты дамытады, өрбітеді. Әлеуметтік мәселелерге Абайдай терең бармағанымен, өмір құбылыстарын онан бөліп, аулақ қалдырмаған. Қоғамдағы адам орны, оның жайы, күйі туралы ой-пікірлері көптеген өлеңдерінен молынан көрінеді. Егер қайталап айтсақ, Абай адамдардың әлеуметтік теңдігін бүкіл шығармашылығының арқауы етсе, Шәңгерей үшін өмірдің көрікті жағы, жарасымдылығы бірінші қатарда тұрады. М.Жұмабайұлы шығармашылығы, әрине, өзгеше: адам тіршілігі мен оның рухы, ой-сезімі қатар жүреді. Адам-қоғам субъекті болумен қатар, табиғат объекті. Осы мәңгі сыр Мағжанды таңқалдырады, таңдандырады. Әрине, жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, оқу-ағарту, ғылым-білім, енжарлық сияқты ежелгі ұғым-байламдар Абайда қалай терең көрінген болса, Мағжан да бұл жайлардан тыс қалмайды. Арнайы тақырып етіп алмаса да, өлеңдерінің көбінен-ақ өнер-білімге, ізгілікке, жарыққа шақыру лебізі мол табылады.

Көп өтпей жыл,
Тек жүрмей, біл,
Ілгері күнді сағалап.
Үйрен білім жастықта,

Білмей өс жанға қастық та!
Бұл өлеңнің мазмұнымен бірге, формасы да Абайша келгенін көреміз.
Немесе:
Алам деп көктен жұлдыз қолың серме,

Қарманған қарап қалмас, деген рас,
Тоқталмай істей білсең батып терге,
Жасынан оқу оқып, өнер қуған
Жан жетпес көңілі жүйрік кемеңгерге.

Тағы бір өлеңнен («Осы күнгі күй») үзінді:
Ойламай отқа түскен неткен жанбыз,
Сөз ұқпас, мылқау, меңіреу, жүрген жалғыз.
Көрінбес көзге түртсе қараңғыда,

Япырым-ай, қалдық па рас, тіпті таңсыз?!

Осындай сөз арқауы Абайға ұқсайтын, бірақ жалын лаулаған, ашынған жүректен ытқып шыққан шымыр жолдар жиі ұшырайды. Жүрек демекші, Абай көп айтқан сезімдердің біразы осы жүрекке байланысты еді ғой. «Асау жүрек», «жабырқау жүрек», «ет жүрек» және «жүрегім, ойбай, соқпа енді» дейді. Мағжан «Уланған жүрек», «сорлы жүрек», «тілінген жүрек», және «соғады жүрек зорға, келші, тыңда», «соқпа, сорлы жүрегім» деп келеді. Қайсысында болса да жүрекке артар жүк көп-ақ. Уақыт, дәуір жайы, дауыл үні ақынды оңы мен солына, алды-артына қаратпай қоймайды. Бұл кезеңде Мағжан: ылғи абыржулы, ереуіл қалыпта. Жиырмасыншы ғасырдың басы, әсіресе, қазақ жері, қазақ елі үшін аса бір ғажайып елегізу, абыржу туғызған кезең-ді. Үлкен азаматтық сарындағы Мағжан өлеңдерінің іші-сырты да бірдей болу, жарасымды болып, тек ұйқас, ырғақ мінсіздігімен ғана емес, айтар ой-сезімге байланысты аса қонымды өлшеммен түзілетіні анық. Эстетикалық талғам, талабымен айрықша көзге түсуі, жүрекке жылы тиіп, жанды тебірентуі сонан, сонылықтан. Ақын өлеңдерінен өне бойы құпия сыр ұққандай жайда қаласыз, өмірдің өзіндей сан салалы, сан қырлы поэзия; онда тақ-тұқ кесіп-пішілген, немесе тура тартқан қарапайымдылықтың ізі де білінбейді. Туа біткен дарын иесі оқушыға ойлы сауал қойып, өзің қалай қабылдасаң, солай қабылда дегендей, әркім түсінігіне қарай өрбітіп алып кететін ұзын арқан, кең тұсау желі тастайды. Әсіресе ой-қиялға, сезімді оятуға жаралған өлеңдері осындай. Мағжан өлеңдерін әңгіме еткенде, ақынның өмірге көзқарасы, оны түсіну, қабылдауы қалай деген сұрақ туады. Творчество адамының еңбегі, айналып келгенде, оның қалпын, тұрпатын танытады дегенге қол қойсақ, Мағжан поэзиясынан өмірді біртұтас құбылыс, көрініс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде қабылдайтын ақын екенін байқаймыз. Табиғатсыз, жаратылыссыз адам жоқ, қараң. Ал табиғат ше, ол адамсыз да күн көре береді. Бірақ сана оған бағынбайды, дене бағынса да, сезім бағынбайды. Сондықтан адам бұлқынады, серпіледі, үстем болғысы келеді:

Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын,
Күнге ғана бағынам.
Өзім – күнмін, өзім – от,

Сөзім, қысық көзім де – от.
Өзіме өзім табынам.
Жерде жалғыз тәңірі – от,
Оттан басқа тәңірі жоқ.

(«От») Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білуде ақын, ең алдымен, ненің болса да мән-мазмұнына үңіледі, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, әлде таланттан ба, әлде тәңір жазғандықтан ба, өзіне тәуелсіз, тек қана жер үсті тіршілігінің, табиғаттың заңына ғана бағынатын құбылыстың құпия ішкі астарына барғысы келеді. Мағжанның өзі айтып, өзі тұжырымдағандай, ақын деген – өзі болжап біле бермейтін жолға сапар шеккен пір, кейде жын, кейде бала, сол сапарда ол қиындықты қайыспай көтеретін, не дүниені тәрк етіп, бәрінен безінетін жан. Сонда да «қиял құлы мен бір ақын» деуін ұғуға болады. Дүниені философиялық тұрғыдан таниды. Көз қарашығының нұры болсын, тербелген ақ қайың болсын, толқыған көл болсын, бүткіл кең ғалам болсын, соның бәрі, айналып келгенде, ақын жүрегінің бір бөлшегіндей. Бұл жай ақын қиялының байлығын, түйсік қабілетінің молдығын, ешкімге ұқсамайтын қалып-кейпін танытса керек. Мағжан поэзиясының қос қанатындай мұңды, сазды, кейде қайғылы, әрі алға тартатын романтикалық әуендері ақын түйсігінің өзгешелігін, сонылығын дәлелдемек. XX ғасырдың басында және революция дәуірінде орыс қоғамының әдебиеті мен мәдениетінің хал-ахуалы жайында айтылған М.Горький сөзін еске алайықшы. Ол: «Интеллигенттік ақыл-ой быт-шыты шығып сынған айнадай, әрбір сынығы әртүрлі саланы, әртүрлі бағытты байқатады. Бірақ бәрі де ақиқат елінен алыс», – деген-ді. Бір жағынан алғанда, орыс декаденттерінің әрқилы ағымдарының М.Жұмабайұлына бірсыпыра әсер етуі мүмкін. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан ол кездегі адамдардың сан қилы бағытта адасуы сияқты хал Мағжанда да болуы ықтимал. Бірақ, Мағжан туралы айтқанда, оны адасу демей, оқу, үйрену, білмекке құмарлық деп түсінген дұрыс болар. Мағжан табиғаты жай еліктеуді көтермес еді. Мағжан Жұмабайұлының ақын болу, қалыптасу кезеңі қазақ тарихындағы, бір жағынан, ояну, екінші жағынан, жаңа жол іздеп, дағдару дәуірімен тура келеді. Қазақтың демократиялық мәдениетінің өсіп-өркендеу сәті, қазақ интеллигенциясының қалыптасу кезеңі еді. Әлеуметтік құрамы жағынан да, саяси көзқарасы жағынан да әдебиет, мәдениет және оқу-ағарту қайраткерлері сан түрлі күйді басынан кешті. Олардың түсінігінде айқын бір-ақ мәселе болды, ол – бостандыққа, теңдікке ұмтылу, халқының мәдениеті мен бақыты үшін күресу. Отарлық және әлеуметтік қанаушылықтағы азапты жолдан халқын қалай алып шығу, қараңғылық, сауатсыздық басқан халден жарыққа қалай бастау керек деген мәселеге келгенде, анық емес, күңгірт, буалдыр уағыздарды ұстағандар да болды, таптық көзқарас жағынан таяздық та, шикілік те орын алды. Сондықтан да осындай ортадан кейін мығым қайраткерлердің шығуы, бірте-бірте ұлттық сананы орнықтырып, идеялық жағынан жетілуі оңай шаруа болған жоқ. Қайсы біреулердің буржуазиялық демократиядан аса алмай, ұлт мәселесін қораш түсінгені де белгілі. Әлеуметтік көзқарас біржолата бекігенге дейін, көптеген ұлттық интеллигенция өкілдері тар жол, тайғақ кешуді бастан кешіп, күмәнданушылық, солқылдақтық қателерге ұшырағаны тарихи шындық. Аса күрделі күрес, пікір таласы мен айтыс үстінде қалыптасқан адамдардың іс-әрекеттеріне талдау жасап, зерттегенде бұл жайларды ескерген жөн, әсіресе, көрнекті, ірі жазушылар мен басқа да қайраткерлерге баға беру сәтінде бұл өте-мөте қажет. Бұған, әрине, ресми саясаттың ол кездегі жайы тұрақтылықтан алыс жатқанын да ашып айту дұрыс. Суретшілдік көрегендігінің арқасында осындай қым-қиғаш, қарама-қарсылығы мол дәуір жайын М.Жұмабайұлы өз өлеңдерінде көрсете алды. Ақынның бұл тұстағы «Пайғамбар», «Күншығыс», «Жер жүзін топан басса екен», «Бостандық», «Орал», «Орал тауы» т.б. өлеңдерінен заман көтерген әлеуметтік, әрі рухани жайларды анық байқауға болады. Шығыс пен Батыс мәселесі ақын жырларынан мол орын алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы қазақ кедейлерінің көтерілісі, 1917 жылғы екі бірдей төңкеріс ақын көзқарасында өз ізін қалдырмау мүмкін емес-ті. Бұл тақырып орыс жазушыларының шығармашылығында, әсіресе, А. Блок, В. Брюсов, Н. Клюев т.б. ақын шығармаларында айқын көрінеді. М.Жұмабайұлы осы мәселеге килігуі неліктен, қалай деген шүбә тудырмасқа керек – ол өзі Шығыс өкілі ретінде Шығысты пір тұтады, осыған сенеді және үміт артады. Соғыс, тажал, жан мен дененің азғындауы тәрізді ажалдың қара бұлты боп, қара түтін боп жүзген Батыс кесапатынан сақтандырады. Ақын бостандық Шығыстан келеді, Азия өзінің қараңғылығын жойып, түрменің тор көзін, қолды байлаған шынжырды күл-талқан етіп үзеді деп сендіреді. Аты шулы «Пайғамбар» деген өлеңінде былай дейді:

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер,
Тәңірісін табанына таптаған...

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар,

«Күншығыс» өлеңінде:
Қысық көзді Күншығыс,
Болсын соңғы бұл жүріс,
Күнбатысқа жүрелік, –

дейді. Осындағы «Күн», «Күн ұлы», «Күннен туған» деген сөздерге біраз көңіл аударудың реті бар. Өлеңдердің жалпы мағынасы, қояр талабы, айтар тілегі, әрине, үлкен. Ол белгілі. Бірақ ақын жалпы «Күн» дегенді көп айтады. Басқа да өлеңдерінен оны жиі ұшыратамыз. Түнді, өлімді, кебінді көп жырлайды деп жүрген ақынымыздың күнге де көп жүгінетінін ескермейміз. Мұны, біріншіден, түн мен күнді егіз деп қараудан, бірінсіз бірі жоқ деуден туған деуге болады. Екіншіден, сол түнді күнге жеңдіру, уайым, қайғы, түнек символы түннен күнге, жарыққа, жылуға, отқа жету деген, тіке айтылмаған, бірақ анық ұғылатын көңіл күйі көрінеді. Күнді аса бір ілтипатпен атап, оған тәнті көңілін білдіреді: «Күн алтын жан-жағына сәуле шашты», «Алтын күн алтын сәуле жерге шашар», «Күннен туған баламын», «Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем», «Алтын Күн шығып келеді». Осы әрқилы өлеңдерінен алынған жолдардан Күнге деген табыну қалай күшті, әрі қалай шын жүректен айтылғанына көз жеткізуге болады. Ал түн жөнінде:

Қараңғылық қаптады,
Қайғы ма басқан, түн бе екен?
Сыбдыр-сыбдыр әлде не, –
Жел ме?

Жүрген жын ба екен?

Түнерген түн өледі –

Ағарған анау таңы ма?
Ақ бәтестің бетінде
Жүрегіңнің қаны ма? –
(«Батқан күн, атқан таңның жыры»)

дейді.

Ақынның осындай ұғымына сүйенсек, жылдар бойы сыналып, күстәна етіліп келген белгілі жолдардан:

Сар дала, бейне өлік сұлап жатқан,
Кебіндеп ақ сәулелер бетін жапқан.
Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ,
Сәуле емес, қан шашып тұр күні батқан, –

дегенін әбден түсінуге болады. Және бұл өлеңнің аты – «Жаралы жан». Ондай жанның хал-күйіне жоғарғы жолдар дәл келіп тұр емес пе? Және өлең Мағжанша болған соң, басқаша айтылмайды да ғой. Жаралы жанға сары даланың сұлап жатқандай, ақ сәулелердің кебіндей көрінуі, қызарған күннің қан шашқандай әсер беруі әбден мүмкін. Белгілі «Әлдиле, өлім, әлдиле» өлеңінің қандай жағдайда шығарылғанын жоғарыда айттық. Сүйген жарынан, жас нәресте баласынан бірден айырылған шақта ақын осылай қүңіренген. Жай, қарапайым халықта ең жақын етене біреуі өлсе, «құдай оның орнына мені неге алмадың» демей ме? Бұл қай халықта болса да бар. Сол ретпен Мағжан көкірегі қарс айырылғанда:

Талпынған жаңа нәресте,
Ақ қанатты періште,
Былдырлаған бұлақтай.
Көрінген жанды күлдірген,

Жаңа піскен бүлдірген,
Балауса нәзік құрақтай.
Қайтыпты қозы көз тиіп,
Бетінен кейде жел сүйіп...

Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле...
Әлдиле, өлім, әлдиле! –

дейді. Басына түскен драмалық жағдайда осылай өкінген ақын қайғылы жайды әрі шебер, әрі шынайы көрсетіп тұр. Алынған теңеу сөздер, метафора оқушының жан дүниесіне шымырлай батып, қатты әсер етпей қоймайды. Сонымен жоғарыдағы Күн деген сөзге байланысты қосып айтылатын тағы бір жай осы атаудың К.Бальмонт шығармаларында жиі ұшырайтыны. Сол тұстағы (1915-1925 жылдар) орыс ақындарын жақсы білген Мағжанға олардың әсері болуы да мүмкін. Мәселен, жоғарыда жел жайындағы жолдарды салыстырдық. Ал күн туралы К.Бальмонт: «Я в этот мир пришел, чтобы видеть солнце, а если день погас, я буду петь... я буду петь о солнце в предсмертный час», – дейді және көп өлеңдерінде Күнге табынып отырады. Әрине, Сұлтанмахмұттың: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болам», – дегені де есте. Біраз ақын Күнді әрқилы символда алып жырлаған. Соның ерекше түрін Мағжаннан көреміз. Кейбір сырт ұқсастықтарды алатын болсақ, шынында да К.Бальмонт өлім жайында көп айтқан. Тағдырдың талқысына саятын ой-топшылаулар жеткілікті. Ай туралы: «Красавица тоски беспременной, верховная владычица печали», – дейді Бальмонт. Бұл Мағжанда да бар. Немесе: «Любовь и смерть, блаженство и печаль во мне живут красивым сочетаньем». Тағы да: «Хотел убить змею печали», – дейді. Мағжан: «Қалың ой – қара жылан жүректі еміп», – дегенде, сырт ұқсастығы болмаса, мағынасы жағынан өте күшті айтқан. Мұның ақын талантының дүниежүзілік поэзия тәжірибесімен суарылғанын дәлелдейді. «Пайғамбар», «Күншығыс» өлеңдеріне қайта оралсақ, ақынның Батыс пен Шығыс аралығына айрықша мән бергенін көреміз. Бұл арада Ж.Аймауытовтың жоғарыда айтылған баяндамасын еске алудың тағы бір орайы келеді. Оның тұжырымындауынша, «Бостандық», «Күншығыс», «Пайғамбар» және «Түркістан», «Қойлыбайдың қобызы» атты өлеңдерінде немістің идеалисі О. Шпенглердің әсері болуы мүмкін дейді, өйткені 20-шы жылдары оның «Еуропаның күйреуі» деген кітабы орыс тілінде жарық көрген болатын. Біз жазушы пікірімен біршама келісе отырып, ақынның Еуропа күнінің батуы туралы ұғымы сол кездегі уақыт, заман әсерінен деуге де болатынын айтқымыз келеді. Бұл тақырып көп ақындардың өлеңіне арқау болған. А.Блоктың «Скифтер» туралы жазғаны есімізде ғой;

Мильоны – нас, нас – тьмы, и тьмы, и тьмы,
Попробуйте, сразитесь с нами!
Да, скифы – мы! Да, азиаты – мы –
С раскосыми и жадными очами!39

Алайда М.Жұмабайұлы Шығыс пен Батыс туралы біраз екпінді, қуатты өлеңдерінен кейін, ішкі жайға, өз халқының тағдырына қарай ауысады. Мұны біз «Қойлыбайдың қобызы», «Оқжетпестің қиясында», «Көкшетау», «Орал тауы», «Көктемде», «Тұранның бір бағында» т.б. өлең-жырларынан ажыратамыз. Ақын өткенге, өткен тарих жолына баса көңіл бөледі. Біраз туындыларында тарихи жағдайлар хақында толғанса, енді бір дүниелерінде ежелгі ескі мекенге үйлеспей жатқан жаңалықтарды айтады. Автордың көз алдында Шыңғысхан, Темір сынды қаһарлы тұлғалар, атамекеннің иесі және қорғаушылары болған Абылай, Баян, Бөгенбай, Ағыбай, Кенесары т.б. тізбектеліп өтеді. Ақын батырлық, намыскерлік сияқты ежелден келе жатқан дәстүрлер біртіндеп сағымға айналып бара ма, қалай, жаңалық болса ол өзін-өзі ақтай ма, ақтай алмай ма, деген екіталай тұжырымға тіреледі. Халықтың аңызға айналған бағалы дүниелерінің бәрі де ұмыт болып, тоғышарлық басып, надандық тамырын жайып кете ме деп қорқады. Өмірдің көптеген келеңсіз жақтарын уайымдап, жанымен ауыра білетін, жан-тәнімен беріле, сезіне білетін ақын әрдайым тарихқа айрықша ден қояды. Бұған «Батыр Баян» поэмасы, «Домбыра», «Орал тауы», «Тұранның бір бағында», «Алыстағы бауырыма» т.б. өлеңдері куә. Ақын ата-бабасы түрікті, Тұран жерін еске алып, бұл дала, атамекен ежелгі түрік, көшпелі қазақ жері екендігін жырлап, өмірдегі өзгерістер барысында бұл тарихи сабақтастық ұмытылып кетпес пе екен деп уайым жейді:

Бір күнде сенің иең түрік еді...
Ер түрік ен далаңа көрік еді.
Отырса, көшсе, қонса еріп еді,
Тұрғанда бақыт құсы бастарында

Іргесі жел-күн тимей берік еді...
(«Орал тауы»).
Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта,
Қайғыдан қан жұтамыз, біздің атқа

Лайық па құл боп тұру? Жүр кетелік
Алтайға, ата мирас алтын таққа.
Ертеден сені іздеген мен едім ғой,
Тұранға бір сені іздеп кеп едім ғой!..

Ширази, шейх Сағди, Хайямдардың
Өртеген өзектерін сен едің ғой!..
(«Тұранның бір бауында»)
Ертеде Оқыс, Аксарт – Жейхун, Сейхун –

Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі сол екі су жағасында
Табасың қасиетті бабаң бейітін.
(«Түркістан»)

Бұл өлеңдерден бұлдыр сағымдай, көңіл мен көкіректегі елестей аңсау, сағыну, қасиетті имандай таза, шұғыла күндерді еске алып, торығу сияқты сезім ақынның да, оқушының да өне-бойын жайлап, билеген әсерді көресіз. «Оқжетпестің қиясында» деген ұзақ өлеңі де осы тектес. Ескіні ойлап, көксегенде ақынның жүрегі қарс айырылғандай. Шынында да, қазіргі өлең болсын, поэма болсын – әдебиет туындыларының қай-қайсысында да Тұран жері, түрік елі деген ұғымдар еске де алынбайды ғой. Өкінішті-ақ! Тұран жері деген тек ескі жағрафиялық карталарда ғана болмаса, жаңа әдебиетте мүлде жоқ. «Айда атыңды, Сәрсенбай», «Жазғы қала», «Шойын жол» сияқты өлеңдері 20-жылдары біраз айтыстың объектісіне айналған. Әңгіме төркіні өлеңде қаланы қазақ ауылына қарсы қою жайында болған. Бірақ, қазір өлеңді қайта оқып отырып, тіпті үш қайнаса сорпасы қосылмайтын пікірлер айтылып, ақынға орынсыз кінә тағылғанына көз жетеді. Жартылай феодалдық қалыптағы қазақ ауылы үшін жаңалықтар күшпен басып енгендей әсер етті де, дала сазының жайына бірден етене болып кете қоймады. Өзгерістер елдің материалдық тұрмыс халіне ғана әсер етіп қойған жоқ, сонымен бірге халықтың әлеуметтік, рухани жағдайына, кейіп-қалпына әрқилы ықпал етті. Ақынды сынаушылар мұны еске алмады. Ақын өлеңдеріне ден қоя оқып, жалпы ауқымына көз жібергенде, аса қалап, сүйіп жырлаған тақырыбы – адам. «Адамның кейбір кездері» деп Абай айтқандай, адамның ойы, ішкі көңіл-күйі екенін ұғамыз. Не жазса да ең алдымен өз жүрегіне үңіледі, сол арқылы айналадағы әлемді білуге, өмір шындығын ұғуға ұмтылады. Егер шартты түрде өлеңдер тақырыбын жіктеуге тура келсе, туған өлке туралы және өткені мен бүгіні жайында, адамның өмірдегі орны, бүкіл адамзаттың ар-ожданы хақында деп айтуға жарар еді. Жүректі жарып шыққан өлеңдерінің үлкен бір тобы – сүйіспендік лирикасы. «Гүлсімге», «Жәмила», «3-ға», «Махаббат не?», «Сен сұлу», «Жас келін» т.б. өлеңдері қазақ қыздары мен қазақ әйелдеріне арналады, олардың сыртқы да, ішкі де сұлулықтарын көтере жырлайды. Бұл өзі бір жағынан Гетенің шығыс әйелдеріне табынып, Зулейхаға деп жазған арнау өлеңдерін, Батыс-Шығыс диуанын еске түсіреді. Жалпы сүйіспеншілік, махаббат туралы, қыздың, әйелдің сұлу, көркем суреті, мінезі, іс-қылығы туралы өлеңдері Мағжан поэзиясының өнімді әрі тартымды саласы. Басқа да өлеңдеріндегі сияқты, ақын мұнда да терең сезім құшағында, жүрек тербелісінде. Әншейінде өзге ақындар, «күйдім-жандым» деп жазатын жайлар Мағжан қаламында басқаша күйді, ыстық-суығы аралас, қуанышы мен реніші қатар жүретін жұмбақ сезімді аңғартады. Махаббат азабы, сүйіспендік азабы әуелден белгіленген, жаратылыстан бірге жаралған, өзгертуге, қайта жасауға көнбейтін табиғи нәрсе, сондықтан да өмірдің өзі сияқты бірде тәтті, бірде ащы, бірде серуен, бірде сергелдең. Ақын сезім сырын ашамын деуден аулақ, ол ашылмайды да, азапты жайды, «жүрек-жара», «көзі жасты» күйді суреттейді, бірақ оның шешімін табамын деуден аулақ. Махаббат пен машақат күй бастауын әуелден, әуел баста жаралған ілгергі жайдан іздейді. «Әйел» деген өлеңінде бұл туралы біраз сыр шерткен:

Қылмыстан жазып тәңірге
Қарсы келіп әміріне,
Қуылды Адам жұмақтан,
«Қайт, – деген, – қара жеріңе,

Есігіңе, көріңе!»
Бұйрық болды бір хақтан...
Жерге түсті жалаңаш,
Көңілде қасірет, көзде жас,

«Кеш, тәңірі!», – деп сұрады.
Жұмақтың жібек желінен,
Жайнаған мәңгі гүлінен,
Хош иісіне аңқытып,

Күміс кәусар суынан,
Суының алтын буынан,
Бетінде нұрын балқытып,
Көктің батпас Күнінен,

Періштелер үнінен,
Жұмақта хорлар лебізінен,
Өз нұрынан нұр бөліп,
Сезгіш, сүйгіш жан беріп,

Махаббат, рақат теңізінен
Жаратты тәңірі әйелді,
Бастасын деп бар елді
Туралық, шындық жолына!

Осылай басталған қасиетті өмір – ақыр соңында «ұмытты адам алласын», «енді ежелгі көркі жоқ, көргені қорлық, еркі жоқ» халге түсіп, «жұмақтай» басталып, «дозақтай» бітетін, әр адам, әр әйел бастан кешіретін тылсым тұрмыс жетегіндегі халді көзге елестетеді. Бірақ өмірдің өзі сияқты сезім өлмейді, сүйіспендік өлмейді: ол қайта жаңарып, қайта түлеп отырмақ.

Осы тақырыпқа көңіл аударған Абай былай жазады:
Атаңды анаң азғырып
Тұрғызбаған бейішке,
Алласы оны жазғырып,

Әкелді бастап кейіске.
Әйелде ешбір опа жоқ,
Бүгін – жалын, ертең – шоқ.
Белді бу!

Бетті жу! «Сұрғылт тұман дым бүркіп» деп басталатын бұл өлеңнің түп негізі аударма болғанымен, Абай ой-жүйесіне тура келетін, өзі басқа өлеңдерінде де айтқан сөз. «Махаббат – қызық кім көрер, оның да дәмін татпаса», «бұл өмірдің қызығы махаббатпен», немесе:

Тартқан бейнет, өткен жас
Жүректің отын сөндірмес.
Махаббат – өмір көркі рас,
Өлген соң ол да үндемес, –

дегенде Абай адам өмірінің махаббатсыз, сүйіспеншіліксіз күні жоқ, ойы да, сезімі де өзі сипаттас жанға телінусіз күйі жоқ, адаммен тіршілік бойы бірте жүретін ажырамас сезім деген түйін туады, онан мақұрұм болса, «хайуанға оны қосыңдар» дейді. Мағжан жырлауында шын махаббат азап жолы, қуанышы мен өкініші аралас, кейде тіпті қатар жүреді.

Махаббат – бір тікенек,
Жүрекке барып қадалар.
Бақытсыз ғой бұл жүрек
Тамшылап одан қан ағар,

Махаббат – бір тәтті у –
Ішер жүрек, төгер жас, –
дейді Мағжан. Сонан барып:
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін:
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да! –

деуіне тура келеді. Лирикалық кейіпкер махаббат құшағына енген сайын азап тұзағына шырмалғандай. Ақынның махаббат жайындағы түсінігі осылай ірі әрі терең болғандықтан ол жайындағы теңеу, метафоралары да ірі, кесек:

Шын махаббат теңізінен
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес тым ұзаққа

Кез болыпты – ішіпті у!
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді...
Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін!

Гүлсім – Күн...
Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!

Лирикалық кейіпкер ылғи тынымсыз жаралы жанның, көңілі қаяу жанның жабырқау жайы оның мазасын алады:

Жәмила!
Кеудеңе ой толды ма?
Уһілеп айға қарайсың
Өмірің у болды ма?

Жұлдызды неге санайсың.

Айырылысқан, я айырылысар жандардың жүрегі қайғыға толы, олардың күні сағыныш, сарғаю, торығу:

Сол уақытта желге құлақ түргейсің
Таныстарды еске алып, тергейсің!
Туғаны жоқ, тұрағы жоқ жолаушы –
Желге айналған мен екенін білгейсің!

Эстетикалық талғамы, таңдауы мықты осындай өлеңдердің бәрі адамның жан-тән сұлулығын, көркемдігін, жарастылықты паш етеді. «Толған ай жүзің еді, қара нәркес көзің еді, мап-майда мамық қардай мінсіз денең, бейне бір бақшадағы жүзім еді» немесе: «Шашың – қара, денең – ақ, жүзің – Ай, тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай» деген сияқты бұрынғы халық ұғымындағы теңеу, ұқсатулармен қатар Мағжанның өзі тыңнан тапқан, соны, жаңа сурет жасаған кездері өте көп. Онда адамның сыртқы суретін бергелі отырып, ішкі сырын, жан күйін ашатын бедерлер жасайды, оның бәрін бұл жерде теріп айту мүмкін емес – тым мол, бай. Бір ғана мысал:

Иірілген бұйра толқын шашы қандай,
Иығына екі жылан асылғандай.
Тұңғиық сыр болса-дағы жасырғандай.

Мұнда ақын жағымсыз кейіпкердің суретіне тоқталған. Бірақ «екі жылан», «жасырғандай» деген сөздер болмаса, қай сұлуға болса да жарасар сурет-бейне екенінде дау жоқ. «Шолпы» өлеңінде бір жағын әзіл, бір жағын шын етіп, ақын киіз үйді айнала жүретін ауыл қыздарының шаштарына таққан шолпы сылдырының көңіл ынтықтырар әсерін жазады:

Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Өзекті өртеді құрғыр.
Әдейі іргеден жүреді
Сұлу қыз санадан солғыр!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр
Жүректі жандырды құрғыр.
Кеудені кернеді жалын,
Сәулем, періштем, тез кір!

Риза болып, сүйсінген күй көрінеді. Шолпы сылдырлаған сайын естушінің жаны кіріп, құлағы да, жүрегі де елеңдеуде. Бұрынғы ауыл тұрмысының осы кішкене бір этнографиялық суреті қазірдің өзінде көңіл толқытады. Шолпы иесінің сұлу кескіні көз алдыңызға келгендей. Ал шолпы сылдыры нақ бір шақырыстай естіліп, тыңдағанның діңкесін құртып-ақ тұр. Қаны да, жаны да қазақ топырағы мен ауасынан суарылған бұл өлеңдер мінез бен құлықтың айрықша ұлттық ізет-сипатын аңғартатын сұлу жыртізбе. Бұл арада С.Есенинді де еске алуға жарайды. Оның сүйіспендік өлеңдерін айтамыз. «Бәрінен де сен сұлу» өлеңі уақытында өзіндік әнімен халық арасына кең тараған. Біреулер бұл әннің авторы Мағжан екенін біліп, біреулер білмей жаттап өсті. Бұл тарапта кейіннен біраз әншілер, ақындар өлеңге өзгертулер енгізіп, жаңалап айтқан кездері де болды. М.Жұмабайұлының көпшілік қауым арасында әбден мәшһүр ақын екеніне бұл да бір куә.

Поэмалары

Мағжан Жұмабайұлы әрқилы тақырыпта көлемді поэмалар жазу саласында аса өнімді еңбек еткен. Өте-мөте белгілі поэмасы – «Батыр Баян». Сондай-ақ «Ертегі», «Қорқыт», «Толғау», «Оқжетпестің қиясында», «Жүсіпхан», «Тоқсанның тобы» сияқты басқа да поэмалары кезінде баспа жүзін көрген. Осылардың ішіндегі күрделісі, көркемдік тұтастығы жағынан да, сюжет желісі мен сұлулығы жағынан да ерекше асып тұрғаны – «Батыр Баян». Мұнда айтылған оқиға бір кездегі қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік заман жайынан. Ақынның жазуы бойынша, бұл хикаяға Абылайханның екі ел арасындағы бейбітшілік, достық қарым-қатынас орнағанға дейінгі оқиға өзек болған. Ашу үстінде қол бастаушы батыр Баян өзі қамқор болып жүрген кіші бауыры Ноян мен сұлу қалмақ қызын өлтіріп салады. Жазығы – олардың көңіл қосып, елден қашуы. Бұған дейін Батыр Баянның өзінің жас қалмақ қызына көңілі қатты ауған еді, бірақ, қыз ыңғай бермеген соң, оны қарындас ретінде ұстаған. Алайда екі жастың Баян айтқанына көнбей, қашып шығуының аяғы трагедиялық жағдайға әкеп соғады. Қыздың сұлулығын ақын былай сипаттайды:

Сол сұлу, сұлу екен атқан таңдай,
Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері су сылдырлап құйылғандай.

Бір улап, көз қарасы бір айнытқан,
Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.
Лебізі – жібек лебі, жұмақ желі,
Кәусардай татқан адам қалар қанбай.

Шын ер ғой батыр Баян алып қайтқан
Еліне сол сұлуды естен танбай.
Ноян жайында, оның хал-күйі туралы:
Жас Ноян қызды көріп от боп кетті,

Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті,
Жер мен көк, ай, жұлдызды тұман басып,
Бір қыздан басқа нәрсе жоқ боп кетті.

Қыздың сұлулығы мен жігіттің жалын атқан ішкі сезімін суреттеуде қапы жоқ, мін жоқ. Ақындық теңеулер мен метафоралар әрқайсысы өз орнында – бәрі де жайнап тұр. Тапқырлық, дәлдік, көркемдік – әрбір сөз сайын. Осындай бәйшешектей екі жас өрімнің жан ашуынан, қызғаныш пен күйініш билеп, кешірім ауылынан алысқа алып кеткенін көреміз. Артынан қуып жеткен Баянға:

Жас Ноян жүйрігінің мойнын бұрды,
Жас Ноян Ер Баянға қарсы жүрді.
Жақындап келіп қалып ағасына,
Түсінен шошыды да тоқтап тұрды...

Дегенше, қалды тартып батыр Баян,
Баянның батырлығы алашқа аян.
Оқ тиіп жүрегінен құлап түсті,
Атынан бүктетіліп бөбек Ноян.

Жын шуы басқандай боп естіледі
«Жан көке, аға!» – деген сөзді Баян.
Садағын сол секундта тартты тағы
Бір ашып, бір жұмбай да көзді Баян.

Үстіне інісінің денесінің
Түсірді тағы ұшырып қызды Баян.
Екі жас аттарынан ұшып түсті,
Түскенде бірін-бірі құшып түсті...

Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып,
Асығып екі жастың қанын ішті.

Поэмада әрі қарай бұл трагедиялық жайды суреттеген Мағжан ақындығының тағы бір көрінісі. Жан тебірентер, іш толғантар ұшқыр өлең жолдары ағыла береді. Үстіне көк аспан құлап түскендей ер Баян жайы күйінішті-ақ. Биік романтикалық сарынға құрылған аса көркем поэмадан екі түрлі жайды аңғартамыз: бірі батырлық, достық, махаббат, мейірім дүниесі болса, екіншісі – ашу, ыза, онан барып әділетсіз қантөгіс, өкініш. Қаһарманның мінез асаулығын, бірбеткейлігін, бірақ ниетінің ақ екенін суреттеп, ақын поэманы романтикалық шарықтау шегіне жеткізеді. Шиеленіскен оқиғаны ақын тау мен судың, қалмақ қызының сұлулығын, айнала табиғат сырларын суреттеу арқылы сезімнің қоюланып, ширығуына, күннің күркірегеніндей, найзағайдың ойнағанындай бітіспес мінездер соқтығысына алып барады, іштей өкініш толғанысына әкеп тірейді. М.Жұмабайұлы поэмаларының композициясы өзінше ерекше тұтастықты, ұтымдықты танытады. Шеберлікті әрі көркемдік талғамды байқаймыз. Еркін, тартымды оқылады. Бұған оқиғалардың айрықша құрылым, кестесі, сөз қолданыс әдісі ерекше әсер береді. Мысал ретінде алсақ, аллегориялық сипатта жазған, 1926 жылы жарық көрген «Ертегі» поэмасы да аса қызғылықты. Поэма сюжеті шын мәнісінде ертегіге ұқсайды. Әңгіме төркіні – мысықтар мен тышқандар арасындағы жанжал, соғыс. Оқиға Шығыста, күн шұғылалы елде, бау-бақшалы мекенде өтеді. Жүзім шарабын ішіп масаураған тышқан даңғазаланып, мысықты тілдеп-сөгуге көшеді, оны естіп қалып, ашу қысқан мысық әлгі сорлыны ап деп, жеп қояды. Бұдан әрі мысық пен тышқан арасындағы өткен бірнеше соғыстар суреттеледі. Ақырында тышқан атаулы көптігін жасап, мысықты жеңілуге мәжбүр етеді, мысық патшасын қуып, өз патшасын да тақтан түсіреді. Мұндай аллегориялық, мысал мазмұндас дүниелер дүниежүзілік әдебиетте әлденеше рет қайталанған. Бірақ бұл поэма М.Жұмабайұлының басына бәле болып жабысты, осы шығармасы үшін оған қатал, саяси кінә тағылды, бұл жерде ақын орыс патшасын, Гапон попты, 1905 жылғы революцияны, жұмысшылар мен шаруаларды, тіпті большевиктер мен эсерлерді мегзеп, суреттеп отыр деген сорақы айыптар қойылды. Мұндай тұрпайы сындар ол кездерде ашықтан ашық айтылатын. Әсіресе, С.Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» кітабынан бұл жай анық көрінеді. Мағжан көрген қуғынның басы осы болды. Мағжанның ең соңғы ірі туындыларының бірі – «Тоқсанның тобы». Бұл поэмада ақын жаңа өмір жолына үңіле қарап, оған шын көңілімен ден қойғанын мойындайды. Бүкіл халықтың жаңа тұрмыс құруға бет алғанын, өзі де оған қосылатынын айтады. Тоқсан деп көпшілікті, жүздіктің онын емес, тоқсанын қолдаймын дейді.

Ес біліп ойлап, толғанып,
Қолыма қалам алғалы,
Сөйлеген емен жасыра;
Мен мұңдымен мұңдастым,

Адассам ел деп адастым.
Он деген емен асылы,
Ол демедім, демеспін,
Ой кезінде көмескі,

Жырладым елді жалпылдап,
Жасырмай жүзді жоқтадым,
Тоқсанға енді тоқтадым
Толғанып ойлап талқылап,

Сөздің тоқтар түйіні:
Бұл – тоқсанның жиыны,
Осы армансыз білгенім,
Тоқсаннан сонау он аулақ,

Сонау оннан мен аулақ,
Мен тоқсанмен біргемін.

Поэма 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде басылған. Әрі қарай, яғни бұл жылдардан соң, біз Мағжан шығармаларын ұшырата алмаймыз. Поэмадағы мойындау сөздерге шүбә келтірген у да шу айқай, балағат сөздер мен орынсыз сындар қаптап кетті де, ақынның үнін өшірді. Нағыз натура, нақақ іс осы болды (Ә.Тәжібаевтың қарсы өлеңі және басқалар). «Қорқыт» поэмасының мазмұны ақынның бүкіл әуре-сарсаң өміріне дәл келіп тұрғандай. Белгілі оқиғаны қайта жырлағанда, бар болмыс-қалпын, тағдыр жайын өз түсінігінен, өз ой елегінен өткізіп бергендей. Қорқыт пен өлім Мағжан үшін аса жұмбақ тақырып. Басқа да өлең, жырларында өлім жайын көп айтып, көп толғанғаны белгілі. «Ой», «Мені де, өлім, әлдиле», «Зар» тағы басқа өлеңдері осындай. «Қорқыт» поэмасында ежелден белгілі өлімнен қашатын Қорқыт жайын шабыттана жырлауы – өлімнен қанша қашсаң да, алдыңнан соншалықты қабір тұруы ықтимал деген тұжырым, философиясын айту. Поэмада мынадай түйін бар:

Өмірде арманым жоқ – Қорқытқа ерсем,
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.
Жас төгіп, сұм өмірде зарлап-сарнап,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем.

Ажал – хақ, сондықтан да өмір жібінің түйінінде өлімді табиғи нәрсе ретінде, болмай қоймайтын өмір ақиқаты ретінде қабылдау керектігін уағыздайды. Ақынның ой-толғамдары әлемінде философиялық ұғымды тануға болады.

Әлде кім адам деген ермек үшін,
Жүректе от ойнайды сөнбек үшін.
Ойланып қалай ғана уланбайсың,
Берілсе адамға өмір өлмек үшін

Бұл орайда Жан-Жак Руссоның «Напрасно боятся смерти, так как пока мы живем, ее нет, а когда она наступает, мы уже не существуем» деген софистикалық тұжырымын еске алуға болады. Революцияның басынан-ақ белгілі болған жай – өмірді қайта жасаумен бірге, ескі құрылысты қирату еді. Сол, 20-шы жылдардағы төңкеріс туралы, социализм туралы ұғымды біржақты ұққан басшылықтың солақайлығы, төрешілдігі, әкімшіліктің сыңаржақтығы дарын иелерін ә дегеннен шошытып тастады. Әлбетте олар революцияға қарсы болған жоқ еді, қайта соны түсініп, білуге ұмтылған еді. Таланттардың табиғатын бағаламау, түсінбеу салдарынан А.Толстой, А.Куприн, К.Бальмонт, Ф.Шаляпин сынды үлкен тұлғалардың шет елге кетуі орны толмас олқылық болатын. Әдебиет пен өнердің теңгермелікке келмейтіні, онда ең бастысы бостандық, ой еркіндігі үстемдік құруы керектігі ескерілмеді. Бірақ партия функционерлері әдебиет пен өнерді саясиландыруды талап етті де, өздерінің аласа ойына лайық аласа әдебиет жасалуын көздеді. Саяси үстемдікке мойынсұндырылған өнер эстетикалық мәнінен айырылып, бір сапқа тізілген шөжедей қаз-қатар тұра қалды ма, бір әуенмен шажылдады. Осылай дей тұрып, ақындар революционер бола ала ма, жоқ па деген сұрақ қоялық. Әлбетте, бола алады. Бұған дәлел ретінде В.Маяковскийден Ш.Петефиге дейін, С.Сейфуллиннен бастап Е.Чаренцке дейін айтуға жарайды. Ал дәл осы мағынадағы революционер ақын болмауға да болады. Бірақ ол адамның ақыл-ойын өзгертерліктей іс істеуі мүмкін. М.Жұмабайұлы міне, осы қатардағы суреткер. Ол заманның аса зор зәру мәселелерін көтерді, өмірдің мәні, жайы, зұлымдық пен мейірім туралы жазды, ежелден келе жатқан сірі дәстүрді өзгертіп, XX ғасыр басындағы қазақ поэзиясына таңғажайып жаңалықтар енгізді. Поэзия сүйер қауым кезінде көбіне-көп М.Жұмабайұлы өлеңдерін қолжазбадан оқыған, өйткені оның кітаптарын шығару тоқтатылған, қалған біразының көзі жойылған. Мағжан лирикасының құдіреті оның түр сипатының сонылығы, сөз қолданыс қасиетінде. Тілінің дәлдігі, ой-толғамдарының жаңалығы, суреттелген жайлардың айқындығы, сөз ойнату иірімдерінің таңғаларлық жарасымы – осының бәрі жинақтала келе Мағжан поэзиясының ерекше қасиетін байқатады. Жоғарыда айттық, 1927-28 жылдардан кейін жазылған, я болмаса баспа жүзін көрген Мағжан жазбаларын біз білмейміз. Бұл арада ақынның бір кезде өзі айтқандай, «қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі» дегені дұрыс екеніне көзіміз жетеді. Ақын өмірінің соңына дейін қуғын-сүргінде болды. Өзінің досы, сол заманның құрбаны ақын Бернияз Күлеевке арнап жазғанындай, өмір жолын арманда аяқтады:

Өмір, өлім – мәңгі аңдысқан екі жау,
Екі жауды бауыр қылар жыр бар-ау,
Сол жыр таппай, садақ тартпай, сабыр ғып,
Қан майданда күңіренсең еді, сор бала-ау, –

деп ақынның өмірдегі орнын биік қойған еді. Бұл жолдар Мағжан ақынның өз өмірі мен өліміне арналғандай деуге болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қалған өмірінің он жылы түрмеде өтті. Енді 60 жылдан соң ғана ақын туралы айтып, жазуымызға мүмкіндік болып отыр. Байрон сөзімен айтқанда «Кончил жизни путь герой, теперь начинается путь его славы» дегенге саяды. Мағжан Жұмабайұлы шығармашылығын нақақтан жамандап, құлдыратуға тырысқандар да, оның ақындық құдіретін бағалап, биікке көтергендер де болды. Ахмет Байтұрсынов та, Жүсіпбек Аймауытов та, Міржақып Дулатов та өздері нағыз трагедиялық күй кеше отырып, әдебиет пен өнер парызын ұмытпады, ақынның өнер талантын жоғары бағалады, оның үлкен болашағына берік сеніммен қарады. Мағжан ақынның ерекше сымбатын Сәкен Сейфуллин де, Бейімбет Майлин де құрметпен атап, қасиеттей білді. Мағжанның бүкіл түркі тілдес әдебиетке әсерін жоғары бағалаған адам түрік әлеміне белгілі оқымысты тегі башқұрт Ахмет Зәки Уалиди Тоған. Ол: «Қазақтың ұлттық ақыны Жұмабайұлы Мағжан... өз жырларын тікелей Еділ, Жайық, Сырдария, Ертіс, Жетісу бойын мекендеген қалың қазақ пен татулық қырғыздарға арнаса да, оларға бүкіл түркінің және Түркістанның шерін жеткізді, түркілердің бұрынғы шат-шадыман өмірін елестете білді»40, – деп жазды. 1928 жылдың өзінде-ақ Мұхтар Әуезов қазақ поэзиясына деген ұғымын байытқан Мағжан Жұмабайұлына ғажайыптай өлеңдері үшін риза екенін айтып жазды. Белгілі әдебиетші Қошке Кемеңгеров Мағжан поэзиясын өте жоғары бағалаған. Мағжан Жұмабайұлы біраз әңгіме, мақала хабарлама, аудармалар жасаған. «Шолпанның күнәсі» деген ұзақ әңгімесі 1923 жылы «Шолпан» журналында басылған. Қазақ қызының өмірінен Мамин-Сибиряктың «Ақбоз ат» әңгімесін аударған. Басқа да аударма шығармалары бар. Ең үлкен ғылыми еңбегі – «Педагогика». Бұл еңбекті ақын балаларды, жастарды тәрбиелеу ісіне аса қатты мән беріп жазған. Ескі қазақ өмір-тұрмысынан, әдет-ғұрпынан нені алуға болады, оны жаңа заман тәртібімен қалай ұштастыру керек, негізгі классикалық қағидаларын қалай қабылдап, бойға сіңіру қажет деген сияқты мәселелерді Мағжан аса биік зерттеушілік қабілетпен шешеді. 1992 жылы «Педагогика» басқа да шығармаларымен қатар «Ғылым» баспасынан жарық көрді. «Рауан» баспасынан 1993 жылы жеке кітап болып шықты. Әдебиетшілеріміздің қазіргі игі ісі – М.Жұмабайұлының мұрасын барынша жинап, баспадан басып шығарып, халыққа жеткізу. Жоғарыда айтып өткен 1923 жылғы Ташкентте шыққан жинағында 162 өлеңі басылған, қалған жинақтарда сол басылымдар көбіне-көп қайталанып жүр. Көптеген өлеңдері, поэмалары, әңгімелері, аудармалары газет-журнал беттерінде, олар енді толық жиналу үстінде. Мұның бәрін ыждаһатпен жинап, тыңғылықты, тиянақты зерттеп М.Жұмабайұлы шығармаларының толық жинағын үш том етіп жұрт қолына жеткізу қазір қолға алынды. Сонымен қоса, ақын туындыларын шет ел тілдеріне аударып, дүние жүзі оқырмандарының игілігіне айналдыру да үлкен парыз. Мұндай игі, берекелі істің аса талантты ақынымызды, көркем-сөз шеберін өз биігінен, өз шыңынан тануға ықпалын тигізері сөзсіз. Осы зерттеу де – Мағжан ақынды жұртқа тереңірек таныстырудың бір жолы.

1990 ж.

ТҰРСЫНБЕК КӘКІШЕВ

САЙЫС

ӘЛҚИССА

Шындыққа жүгінсек, мен әуелі Сәкенді ауызға алуға тиіспін. Күні бүгінге дейін тұмсықтыға шоқытпақ түгіл, оған ала көзбен қарамаса екен деген тілекпен келе жатқаным аруақ-құдайға аян. Ал осы жолы Мағжаннан бастауымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Мағжан Сәкеннен бір жас үлкен, иткөйлекті бұрын тоздырғанға жол беретін ата дәстүріміз. Екіншіден, өмір тауқыметін ақындар ішінде Мағжан көбірек тартты. Оның «Алқа» деген әдеби ұйым құрмақ болып, платформасын 16 данамен таратуы алаш азаматтарының контрреволюциялық бағдарламасы болып саналып, 1929-1936 аралығындағы жеті жылды Беломор каналын қазумен өткізгені аз азап емес. Рас, Сәкеннің атаман Анненковтың ажал вагонында екі, Колчактың түрмесінде жеті, бар-жоғы тоғыз ай қорлық-зорлықты көргенін жеті жылмен теңдестірмек емеспін. Ал 1937 жылдың зұлматына кездесіп, атылып кетулері бүкіл қазақ еліне келген қияметтің үлкені болғанына ешкім күдіктене қоймас. Үшіншіден, мұны айтпасам менің кейінгі ой-пікірлеріме сенбес деген қауіппен емес, Сәкен кеңес әдебиетінің негізін салып, серкесініп жүрген шағында өзінің жан досы Сәбит Мұқанов 1932 жылдың өзінде: «Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейінгі тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ» (С.Мұқанұлы. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. І бөлім, ұлтшылдық, байшылдық дәуір. Қазақстан баспасы. – 1932, 283-бет) дегенін ешкім жоққа шығарған емес. Демек, Мағжанның ақындық жағынан да ағалығы бар. Қазақтың қазіргі тәуір ақыны Серік Тұрғынбеков менің 70 жылдығыма арнап шығарған өлеңінде «Жарастырып әлексің, екі тентек – Мағжан мен Сәкенді» деген ойлар айтқан еді. Таптық идеологияның қырсығымен Сәкен мен Мағжанды бір-біріне өш, өмірі бітіспес жау, тіпті көріскісі келмейтін қас дұшпан етіп көрсетіп келгеніміздің шындығы қайсы, өтірігі қайсы дегенге дәйекті және адал жауап бере алсам, адамдық парызым мен зерттеуші ретіндегі міндетім ақталғандай сезінер ем. Мақсат ажырату емес, табыстыруда болса, онда өнерпаздық бәсекені текетіреске айналдырудың қажеті шамалы. Сәкенге іш тартып, көрген-білгенімді жасырып қалмасқа Алланың атымен ант беруіме болады.

СҮРЛЕУ

Әріден таратсақ, Мағжан мен Сәкен Орта жүздің арғындары, берірек келсек, Мағжан Атығай ішіндегі Өтеміс тармағынан тараған момын Шонайдың ұрпағы, Жұмабайдың баласы Бекеннен туған. Шешесі Гүлсім –Әмір деген саудагердің қызы. Сәкен болса Қуандықтың Қаратоқа руынан Мырзамбет баласы Жәнібектің сүт кенжесі Оспанның Сейфолласынан туған. Шешесі Жамал –Алтайдың Алсай руындағы Тынышбай деген кісінің қызы. Мәжит Сейфуллиннің айтуына қарағанда, «Сәкенде нағашысы жақтан, анасы Жамалдан ауысқан қасиет көбірек» («Қызыл сұңқар». Сәкен Сейфуллин туралы естеліктер жинағы. «Жазушы», 1970. 54-б.). Мағжан болса бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысының Бұлаев (қазір – Мағжан) ауданындағы Молодежныйдың Сасықкөлін жайлаған ауылда дүниеге келді. Ал Сәкен Сарыарқаның Ор, Аба, Көктіңкөлі деген аймағының Бетпақдаламен қойындасар тұсындағы өзен-көлді, таулы-тасты өңіріндегі Қарашілік қыстауында туған. Мағжан Ресеймен іргелес аймақтағы мәдени орталық Омбы мен Қызылжарға қол созым жерде балалық шағын өткерсе, Сәкен қазақ даласында ұшқан құстың қанаты талатын, 7-8 мың ғана халқы бар Ақмола дуанынан ең кемінде 500-600 шақырым жердегі сайын сахарада ойнақ салды. Қаншама дүмді атаның балалары болғанына қарамай, екеуі де әуелінде әліпті әзер танитын ауыл молдасының алдын көріпті.

Мағжан – Кәрімнен, Сәкен – Ағашаяқтан оқып тұщына қоймаған.

Мәдени орталыққа жақындықтың артықшылығын Мағжан ерте сезген. 1903 жылы болыс Бекен Данияр қажының ауылына келіп, мұғалім болып жүрген жадидшіл Ақия Ахановты өзіне қаратып, үш жыл Мағжанға дүнияуй сабақтармен қатар араб тілін оқытқан. Білімге талпынған жасқа бұл да аздық жасағанын сезген әке 1906 жылы Петропавл қаласындағы Хасен Понамаревтің, одан кейін Мұхамеджан Бегімовтың медреселерінде басқа пәндермен қатар парсы, түрік тілдерінен дәріс алғызады. 1909-1910 оқу жылының қыс айларында қазақтың атақты ақыны «Оян, қазақ!» деп ұрандатқан Міржақып Дулатовтан орыс тілін үйренеді. Сәкен бірден орысшаны үйренуге мәжбүр болды. Талапты баласын Сейфолла қазақтар Нілді, орыстар Успенск деп атайтын қияндағы кен өндірісіне кіре тартып жүрген Әкілдектің шанасына салып жіберіпті. Ол өз кезегінде кеңсе қызметкері Лаврентийдің қолын ұзартсын, қора-қопсыны тазарта жүріп Марфа Тимофеевадан орысша үйренсін, мектепке түсуге дайындалсын деп 1904 жылдың шығар аузында орыс жанұясына әкеп тапсырады. 1905-1906 оқу жылында орыс-тузем мектебіне түсіп, Нілді заводы жұмысшыларының 1905 жылы 9 желтоқсанындағы ереуілін көреді. Ұста Ыбырайдың көрігін басуды өзіне мәртебе санайды. 1908 жылы Сарыарқаның астанасына пара-пар болған Ақмолаға келіп, әуелі приход мектебін тәмамдап, қалалық үш сыныпты училищеде 1913 жылға дейін оқиды. Мағжан Қызылжардан кейін бүкіл Ресей империясындағы мұсылман медреселерінің ең жоғарғысы және жадидшілі Уфадағы «Ғалияда» 1911-1912 жылдары оқып, 1913 жылы «Сібір университеті» аталған Омбы оқытушылар семинариясының дайындық сыныбына қабылданады. Облыстық екі стипендияға 7 бала бәсекеге түсіп, бірінші сыныбына Тұрғынбек Байлин мен Сәкен Сейфуллин алынады. Сөйтіп, тағдырдың айдауымен қазақтың болашақтағы екі ұлы ақыны Омбы семинариясында кездесті. Мағжанның Сәкеннен бір жас үлкендігінің үстіне, өмірден көрген-білгені едәуір мол еді. Ең алдымен Уфа мен Қызылжар сияқты қалаларда оқып, «Оян, қазақ» деп ұлт ұранын көтерген, азаттықты аңсаған күрескер әдебиеттің алғашқы қадасын мықтап қаққан Міржақып Дулатовтан тек орыс тілінен дәріс алып қана қоймай, өнерпаздықтың, әсіресе ақындықтың мән-мағынасын ұғып, 1912 жылы Кәримовтер баспасынан «Шолпан» есімді өлеңдер жинағын шығарып келген семинаристің көңіл күйі бірқыдыру жоғары еді. Жастыққа, оның үстіне ақынға тән мінез-құлық Мағжанда байқалмай қалуы мүмкін емес. Өзінің осындай артықшылығын Омбыға жақындығы, қалада араласып-құраласып жүретін тамыр-таныстарының барлығы еселей түскені тағы бар. Оқитын сыныбы және жататын бөлмелері бөлек болғанмен, семинарияның сәулетті дәлізінде, оқу залында, ойын-сауық кешінде жиі-жиі ұшырасып жүргендері сөзсіз. Сәкен 1916 жылы, Мағжан 1917 жылы 10 мамырда оқуын тәмәмдады. Екі ақынның да Омбы дәуірі тәптіштей баяндауды қажет етеді, өйткені бұл кезең олардың дүниеге көзқарасын, азаматтығын, ел ісіне араласу мұратын айқындаған және қалыптастырған жылдар. Қазақ поэзиясы көгінде шолпан жұлдыздай жарқырап көрінсем деген арман кімге болса да тән. Мағжаннын «Шолпан» атты өлең жинағы 1912 жылы, Сәкеннің «Өткен күндері» 1914 жылы шыққанымен, қазақ баспасөзінде, қоғамдық ой-пікірінде «Оян, қазақтай» немесе «Масадай» жұрт назарын өздеріне бірден аудара қойған жоқ. Күні кеше Сәкеннің, бүгін Мағжанның зерттеушілері қаншама желпілдеткенімен, сол кездегі қазақ сахарасының исіне қойғаны байқалмайды, тіпті «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінен рецензия түгіл сүйінші сұраған хабарларды кездестірген емен. Әрине, Мағжан мен Сәкеннің бұл басылымдарда жекелеген өлеңдері мен мақалалары жарияланды, бірақ қазақ әдебиетінің әлеміне киімшең ақын келіпті деген жақсы лепес жалпы жұртты елең еткізе қойған жоқ. Бірден аспаннан жұлдыз қағатын дарын өте сирек, сондай құбылыс Мағжан мен Сәкенге тән болды деп өтірік айта алмаймын. Рас, ілтипат көрсеткендер болды, Мағжанның бір шумақ өлеңін татардың классик жазушысы Ғалымжан Ибрагимов өзінің «Қазақ қызы» романына эпиграф қылып алғаны бар, бірақ ол 1924 жылы болған құбылыс. Сонымен қатар, болашақтағы екі классиктің Омбы семинариясында кездесулерінің символикалық мәні де бар. Қазақ талантқа зәру болып көрген халық емес, бірақ оны түсініп, табыстырып жіберуге орашолақ. Кең далада өскен психология әрқашан еркіндікті, тәуелсіздікті тілейді де, көбіне-көп бұл жалғанда жалғыз өзі ғана бардай сезінеді. Біздің кеуде кергіштігіміздің сыры осыған байланысты емес пе екен деп қаламын. Өмір оқиғалары оның жайсыздығын дәлелдесе де, бірде-бір рет осы менен болған жоқ па екен дегенді ойластырмауымыз өкінішті-ақ.

ЖАРШЫ

1914 жылдың көктемінде Омбыда екі оқиға бір-біріне жалғаса өтті. Ерте көктемде Ертістің екінші жақ бетінде Кулумзино бекетінің мейрамханасында Міржақып Дулатов сонау Орынбордан ат сабылтып келіп, Ғайнижамал Баймұратқызы Досымбековаға үйлену тойын өткізді. Мен бұрын естімеген жаңалық-дерек өзінің табиғи сипатымен үлкен ойға бастады. Мағжан Жақаңа (Міржақыпқа) өзімен бірге оқып жүрген талапкер жастарды, оның ішінде Сәкенді сырттай таныстырмауы мүмкін емес. Екінші үлкен оқиға, бүкіл қазақ жастары қозғалысының тұңғышы «Бірлік» қоғамының ұйымдасу сәті де осы 1914 жылдың көктемінде болды. Оны құру жөніндегі алғашқы ұсыныс Шәймерден Әлжановтың аузынан шыққаны, той үстінде әңгіме бола қалса, Міржақыптың бұл игі идеяны қолдағаны ешбір күмән тудырмайды. Тіпті, оны жеделдету жөнінде ақыл қосуы да ғажап емес. Қалай дегенмен 1914 жылдың көктемінде қазақтың үш ұлы азаматының Омбыда кездескені тарихи шындық. Ал осы тойға да, «Бірлік» қоғамының құрылу шағына да Гүлшаһра Досымбекованың белсене араласқаны даусыз. Ол кім? Ол – ең алдымен Міржақып Дулатовтың ерке балдызы, Ғайнижамалдың туған сіңлісі. Баймұрат Досымбеков Қостанайдың Қарасу ауданынан келіп, Омбының медицина училищесінде оқып жүргенде, Ертістің екінші бетіндегі Қаражас ауылының қызы Қанипаға үйленеді. Одан Сара, Ғайнижамал, Гүлшаһра (Гүлия) есімді аруларды көріп, мәпелеп өсіріп жүргенде, дүние салыпты. Гүлия Досымбекова Омбының таңдаулы гимназиясында оқиды. Орыс қыздарымен бірге өскендіктен болсын, жә, етінің тірілігі, мінезінің ашықтығы болсын, әйтеуір он төртке шыққан қазақ қызы бозбалалардың көзіне оттай басылғаны рас. Жаратқан ием өң-келбеттен де кенде қылмапты. Апасының тойында Гүлияның айрықша қуаныш-шаттыққа бөленіп, Кулумзиноның мейрамханасында көлеңдеп көзге түскені еш шүбә тудырмайды. «Бірлік» қоғамы төрағасының орынбасары әрі ойын-сауық ұйымдастыруға міндетті болған Сәкен, сөз жоқ, дидарласып, қоян-қолтық араласқаны сөзсіз. Ауыл қыздарындай ұяң емес, ой-пікірін еркін айта, өнерін көрсете алатын жанға кімнің көзі түспейді дейсіз. «Сібір кешін» ұйымдастырудағы Сәкен белсенділігіне Гүлия күш-жігер қосуы да ғажап емес. Онымен жиі дидарласу үшін ойын-сауықты сылтау етуден артық қандай дәлел табылмақ. Әйтеуір, осы тұста Сәкен мен Мағжанның арасы алшақтай түскені байқалады. Бұл үлкен себептің сырт көзге бірден көрінер белгісі. Ертеден танитын Гүлиядан көз жазып қалу кімге болса да оңай бола қоймас. Әңгіменің тереңіне сүңги түссек, екі ұлы ақынның жұлдыздары жараспауына Гүлиядан басқа да себептер аз емес-ті. Алла-тағала, Омбының көп оқу орындарының ішінен Сәкен мен Мағжанды бір семинарияда тоқайластыруы таңқаларлық кездейсоқтық. Бір-бірін күнде көріп жүрген адамдардың түсінік-қатынасы онша жайлы бола бермейді. Оның үстіне шығармашылық қабілеті барлардың бірін-бірі менсіне, мойындай қойуы да қиын нәрсе. Сонсын, мінез-құлықтың да атқарар «қызметі» аз емес. Мағжан болса, бұған дейін мұсылмандықтың ең жоғары оқу орны Уфадағы медресе «Ғалияда» оқығандығының үстіне, 1912 жылы «Шолпан» атты өлеңдер жинағын шығарған ақын. Бұл – әсіресе жас адамдарға біраз қосымша күш беретін, жігер қосатын, қызғаныш отына май құятын, тіпті кей кезде орынсыз омыраулататын жайлар. Мағжан мен Сәкен қарым-қатынасында ең алдымен пенделік сипат басым жатқанын, оның ақыры қайырлы болмағандығын дәлелдей түсетін жайларды енді ұялмай-ақ, қысылмай-ақ ашық айтуға ниеттеніп отырмын. Мағжанның семинарияға әжептәуір өмір тәжірибесімен келгенін білеміз. Оқу тәмамдау, жинақ шығарудың үстіне жасының үлкендігі мен ақындық мінезі қосарланып, жора-жолдастар арасында бойын биіктете түскісі келгені жасырын сыр емес. Бұған білім алсам болды деп жүргендер көндіге қарағанмен, балағының биті барлар, оның ішінде ешкімнен кем болмаймын деп талпынып келе жатқан Сәкен «шыдай» бермеді. Оның әсіресе «Бірлік» қоғамының бағдарламасын Нығмет Нұрмақов, Мұхтар Саматов, Мағжан мен Сәкен – төртеуі жасап, талқыға салғанда, кейбір бапқа келіспей, біраз айтысқандары, әсіресе Сәкен ұсынған «Бірлік», Мағжан атаған «Айна» атаулары төңірегіндегі едәуір талас болуы, сөз жоқ, көңілге сызат салып, өзінің зәрін қалдырғаны анық. Осы көңіл сыңайы «Бірлік» қауымының бағдарламасын қабылдар сәтте алшақтай түсті. Ой бірлігі, пікір тұтастығы көңіл жайлауынан табыла бермеді. Оның үстіне «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің отырықшылық, дін, съезд өткізу мәселелеріне бағышталған сөздері кереғар шығып, ауызбірліктерінің алшақтай берулеріне себепші болды. Әр ақынның әрқилы мінез-қияпатының шеті көріне бастағанда, 1916 жылдың қаңтарында Сәкен «Бір...яш» деген өлең жазды. «Яш» деуіне қарағанда Мағжанның татар арасында, Уфа шаһарында оқығанын меңзеп отырғаны еш шүбә тудырмайды. Оқиық:

Қазаққа, татарға Жүсіптен жасырып.
Таң болып атарға, Сөз алдым тасырып
«Тр-тр» ұштым, тырыстым. Абайдан абайлап.
Кіруге қатарға. Тоқайдан тоқайлап.

Жақаңды жақтадым, Сөз алдым білдіртпей,
Ахаңды мақтадым, Көп ойлап, «шоң» ойлап.
Онымды ақтадым, «Алашқа» алыста
Өздерін мақтадым. Таяуда-танысқа.

Жай қарап жатпадым. Біреуді мақтасам.
Сөзімді сатпадым. Біреуді жақтасам,
Кітапша бастырдым. Мені де мақтамақ,
Жан-жаққа шаштырдым. Жанасып жақтамақ,

– деп келеке қылуы көбіне-көп ақындық бәсекені тілге тиек еткенімен, пенделік және жігіттік көңілдің араласуынан құр алақан емес шығар. Екі ақын енді жиналыс-жиындағы ой таластарына жыр шумақтарын қосарлап, келешектің олжасына айналдырды. Мағжан «қарыздар» болып, үндемей қалуды «ар» санаған болу керек, кекесіні басым. «Заманымыздың ақыны» деген өлең жазды.

Терезеге қараймын,
Қарындашты жалаймын.
Келтірем деп өлшеуге,
Сөздерді іштей санаймын.

Басқаға мойын бұрмаймын.
Бітірмей жазып тұрмаймын.
Не керек жұрт сезбейді
Ақырын Феттен ұрлаймын, –

деген жолдардың айтары анық. Сөз таласы екі жастың ақындық өресінен хабар беріп, шыр айналғанын Сәкеннің қолма-қол қайтарған жауабынан көреміз. «Келеке қылушыдан» деген екінші өлеңінде:

Мұндайды жазбаушы ем, «Шағири ғасырдың»
Күлкіге азбаушы ем, Мініңді жасырдың.
Біреудің айыбын Жұлдыздан жоғары
Бүйтіп көп қазбаушы ем. Өзіңді асырдың.

Келмеді ойына, Өзіме күлер деп,
Сендің ғой «бойыңа». Мінімді білер деп,
Өкпе айтпа сөзіме, Бәрін де білемін
Һәм көрген көзіме. Ха-ха-ха күлемін.

– дегендерінде ақындық бәсекемен қатар Мағжанның үлкен «мінін» де сөз арасына қыстырып кеткен. Мағжан да сұлу, көрікті болған жігіт. Әсіресе, жас кезінде он екі мүшенің бәрі сау болып, өзгеден кемдік көрмегенге не жетсін! Сәкеннің «сендің ғой бойыңа» деуі қызға таласқан жігіттердің «артықшылығын» айғақтайды. Біздің естігенімізге және шындықтың растауына қарағанда, Мағжан пенделік өмірінде өзінің ойынан емес, бойынан талай рет «қорлық көрген», тіпті Гүлияның Сәкенге ауып кетуіне «шешуші» себептің болуы да ғажап емес. Аз күнгі көңіл желігі уақыт тезіне шыдай алмады. Гүлия гимназияны 1917 жылы тәмәмдап, 1924 жылы Ахметсафа Юсуповпен жарасып, Міржақып Дулатовты оған бажа етті. Қазақ зиялыларының ең таңдаулы да дарынды тобымен түрме тауқыметін бірге тартты. Гүлия 1933 жылы бұл дүниені тәрк етті.

Өмір бастауынан тарамданатын сансыз бұлақтардың бірі қазақтың екі ұлы ақынының арасынан осылай ағып, саяз болса да арна салғанын байқаймыз және мұны тарихтың қай кезінде болмасын естен шығармауға тиістіміз. Жұлдызы жараспаған дарындардың арасының алшақтауы Қазан төңкерісінен кейін мүлдем кеңейіп, тереңдей түскені – қазақ әдебиетіндегі ұзақ әңгіменің арқауы. Жарық жұлдыздар қаншама кереғар туғанымен, өздерінше жарқырап, қазақтың рухани байлығын молайтты дегенім, газетте шыққаннан кейін телефон шылдыры көбейді, кеңесіп қалған сәттерімде үлкен-кішінің ынтығын оятты. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде Мағжанның жақыны, 1960 жылы ақталуына күш салған, талай жерде Мағжанның ақындығына шаң дарытпай, дау-дамайды туғызып жүретін, өзі де өмірдің тауқыметін мол тартып, неміс, кеңес лагерінің «дәмін» көп татқан, ұлы ақын Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батырын» қазақ тіліне аударып, грузиндердің шексіз алғысына бөленген ақын Хамза Абдуллиннің «Халық кеңесі» газетінің 1994 жылғы 14, 15 шілдесінде «Мағжан және Сәкен» деген естелігі аралас толғауы шықты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерияздан Елеукеновтің «Мағжан» (1995) атты монографиясында Гүлшаһра мәселесінің шет-пұшпағы бар.

СЕҢ БҰЗЫЛҒАНДА

Мен бұл авторлармен айтысқа түсейін деп отырған жоқпын. Ұлы ақындардың пенделік мінез-құлқын бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында індете қазудың орны бар ма, жоқ па дегенге жауап іздейін деп отырмын. Әрине, батыс әдебиетшілерінің әйел-еркек қарым-қатынасын тым жалаңаштап жіберетін жаман әдетіне бармай, рабаймен, инабатпен айтқанның еш оғаштығы жоқ деп білемін. Қалай дегенмен, адамның қарым-қатынасы пенделік тірліктен бастау алып, әлеуметтік іспен ажарланып не қияпатсызданып жататынын, қызығу мен сүю, машақат пен махаббат жайы сырт көзге елеусіз болғанымен, сол сезімге берілгендер үшін мейлінше күрделі жай екенін естен шығармаған абзал. Өйткені, қуаныш-шаттық пен қайғылы трагедиялар көбіне-көп осы пенделік пиғылдан өріс алатындығына көз жұма алмаймыз. Мен газетте жарияланған эссемнің бір сөзін өзгертпей жариялап отырмын. Хамза Абдуллин Мағжан мен Сәкен арасына түскен Гүлшаһраның қисыны келмейтіндігі жөнінде мынадай уәж айтады: «Тұрсынбек Кәкішев мырзаның айтқанындай, Мағжан мен Сәкеннің Міржақыптың балдызы 14 жастағы Гүлшаһра сұлуға ғашық болуы қисынға келер ме екен деген пікір туады. Гүлшаһраға Сәкеннің ғашық болуы мүмкін. Мүмкін емес-ау, тіпті, бұл шындық та шығар. Оған ешбір қарсылық айта алмаймыз! Ал Мағжанға келетін болсақ, оның Гүлшаһраға ғашық болатындай жағдайы жоқ еді. Өйткені Міржақып Қызылжар қаласының байы Шоқан Тастеміров дейтін кісінің әрі көршісі, әрі досы болатын. Осы Шоқанның Зәйни деген асқан сұлу қызын Бекен атамыз үш жасында Мағжанға айттырып қойған-ды. «Қырық жетісін» де төлеген. Зәйниге Мағжан Сәкенмен бірге оқып жүрген кезінде 1915 (дұрысы – 1916. – Т.К.) жылы үйленді. Сөйтіп жүріп тағы өзінің жанындай жақсы көретін ағасы Міржақыптың балдызына ғашық бола бастаса, онда сүйген ағасының, ұстазының жақсы көретін балдызын бақытсыздыққа қарай бағыттаған болып шықпай ма? Қысқартып айтқанда, дәл сол он бесінші, он алтыншы жылдары Мағжанның Сәкенмен қызға таласатын жағдайы болған жоқ, керісінше, Мағжан дәл осы кезде Сәкен қандай сұлуды сүйсе де, оның ой-армандарының орындалуына ұйытқы болар еді, жәрдемдесер еді. Өйткені, 1914 жылы Мағжан өзінің әкесі атастырып қойған Зәйниді «әне алам, міне алам» деп жүрген кезі. Оның үстіне, Зәйни тек қана сұлу емес, оған қосымша ақсүйек төренің тұқымы, Шоқан Уәлихановтың немере інісі Жақып төренің Хадиша атты қызынан туған». Бұл деректерге құлақ қоюға әбден болады, қисыны да келіп тұр. Оның үстіне Хамзекең Мағжанның пенделік тіршілігінен хабардар екенін де білеміз, бірақ уақыт жағынан едәуір алшақтау айтатын сәттері жиі кездесіп жатады. Оған ең үлкен дәлелдің бірі «Тәнім – татар, қаным – башқұрт, жаным – қазақ», – деп мәтел таратқан данышпан жазушы Ғалымжан Ибрагимов 1911 жылы шыққан «Қазақ қызы» атты романының бірінші бетін Мағжанның 14 жасында жазған:

Кең дала, көресің ғой, анау жатқан,
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,
Әне, сол анам еді мені тапқан, –

деген өлеңімен ашуының өзі де көп нәрсені аңғартатын сияқты – деген дерегі де дәл емес. Ғалымжанның қазақ қызы романы 1924 жылы шықты. Ал осы Ғалымжан «Мағжан өлеңдерінің қолжазбаларын Қазандағы Кәрімовтер баспаханасына табыс етіп, 1912 жылы кітап қылып шығарды. Ал Ғалымжанның өзі 1911 жылы шыққан «Қазақ қызы» атты романының бірінші бетіне Мағжанның «Айға» деген өлеңінен бір шумақ эпиграмма (дұрысы – эпиграф) берді дегендерді айтады да, «Абай кітабынан соң бала Мағжанның терең ой мен сұлу суретке толы өлеңдерінің шыға қалуы тек қазақ еліне ғана емес, сонымен бірге татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, қарақалпақ елдеріне де жеткен үлкен қуанышты құбылыс еді. Ал бала ақынның өз елі – қалың қазақ халқы – бала Мағжаннан ардагер Абайдың ізбасарын көріп, өлең-жырдың әсерлі де әдемі әуеніне бөленді» (Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары. Құрастырып, баспаға әзірлегендер: Хамза Абдуллин мен Қайыржан Қасенов. 1993. 36-бет) дегендерге қосыла қою өте қиын. Шындықтың бетіне шіркеу түскен кезде қанша тамаша ой, ажарлы сөз болсын көздеген нысанаға дәл тимейді. Желпілдетіп, мезгілінен бұрын кемеңгер етіп, өтірік-шынды араластырып соға беру соңғы кезде мейлінше күшейіп барады. Осының кебі әсіресе Мағжан төңірегінде, оның ұлы өнерпаздығы, асқан ақындығы қалай айтсаң да көтереді дегенді желеу етушілер, тіпті саналы түрде бұрмалап айтушылар кездесуде. Жүсіпбек Аймауытовтың 1925 жылы Ташкентте жастар алдында жасаған баяндамасы «Лениншіл жас» журналында «Мағжанның ақындығы туралы» деген атпен басылған. Ал Мағжанның соңғы жинақтарында «1923» деп көрсетуден бір танбай келе жатырмыз. Мен мұны Мағжанға айтылар қомақты ой мен шалқар пікір аз болсын деген ниетпен емес, шындықтан шығып кетпейік, ретіне, ыңғайына қарай ой толғайық, ағайын, деп отырмын. Ал мен бұрынғы жазғандарымның үстіне «Мағжан – қазақ әдебиетіндегі романтикалық арнаның негізін мықтап қалыптастырған ұлы ақын» деп келе жатқанымды ескертпекпін. 1988 жылдан бері жазған-сызғандарымда «Мағжан – бірден жарқырап шыққан жұлдыз. Оның 1912 жылғы алғашқы жинағының «Шолпан» аталуының рәміздік мәні бар. Мағжан Шолпан болуға ұмтылды, ниет қылды және болды да. Алаш азаматтарының іс-әрекеті сезімтал ақынның жүрегінен қан аралас жыр болып төгілді. Оны тапшылдар қарсылық деп түсінді, ал халық болса шерлі жырларды жұта берді, жаттай берді. Ақын халық жанына жол тапты, атақ-даңқы ен далаға жайылды. Мағжан Жұмабаев қазақ әдебиетінде өмірді романтикалық арнада суреттеу, амалын тауып, оны көпшілік кезде реализмнің жұртына аунатып алу арқылы ел-жұртқа хош иісі аңқыған керемет поэзия ұсынды» деуден (Әр дарынның тарихта өз орны бар. «Қазақ әдебиеті», 15.08.1989) бір танбай келе жатырмын. Гүлшаһра хикаясынан тарамдаған ойларды Мағжан мен Сәкеннің пенделік келбетін шынайы шындықтармен ажарлап та әдіптеп отырсақ, келесі баяндар жайлардың қадір-қасиетін түсінуге жол ашылады. Әрине, менің міндетім қазақ тарихында өздерінің айбынды да ажарлы орны бар екі ұлы ақынның ғұмырын бүге-шүгесіне шейін қазу емес, мүмкін қадірінше шындық деңгейіне сыятын мінез машықтарын көрсете отырып, өнерпаздық сырларын ашу, әлеуметтік іске араластыру.

АЛҒАШҚЫ ЛЕБІЗДЕР

«Бірлік» қауымы бағдарламасының бір мәнді тармағы «қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу» үшін талантты жастарға көмектесу, өлең жинағын шығару керек дегендері тегін емес. Осы бап ең алдымен «Бірлік» басшыларына, оның ішінде Сәкенге қозғау салды. Жазғы демалыс кезінде өзінің бұрыннан жазып жүргендеріне жаңадан бірнеше өлең қосып, жинақ дайындап келген болатын. Соны «Бірлік» отырысына салған уақытта Мағжан, Нығметтердің ұсынысымен Сәкеннің «Өткен күндер» жинағын шығаратын болды. «Қазақ жастары» деп қол қойылған алғысөздің ой айту, сөз қолдану сәтіне назар аударайықшы. Әдебиеттің мән-мағынасын, оның қалай өрнектелетінін жалпы саңлауы бар адам топшылай алады дейік. Ал «жазу мен бастыру бір жерден табыса бермейді» дегенді басынан өткізген адам ғана айта алса керек. «Шолпан» жинағы шыққанша Мағжан талай әуре-сарсаңға түскені еш шүбә тудырмайды, өйткені өз елінде баспа жоқ болса, онда орыс, татар баспагерлеріне барып, шығынын төлеймін деп ақша ұсынған күннің өзінде «заказ көп, қолым тимей жатыр» дегенді тіпті бәлсіну үшін айтатыны анық қой. Жарайды, басуға алған күннің өзінде оның корректурасын оқып, дер кезінде жеткізіп отырудың қиыншылығы қаншама. Төңкеріске дейін шыққан кітаптардың қатесінің көптігін былай қойғанда, «мұның негізі қазақ тілінде болғанмен, не Қазанның, не Түменнің ноғайларының өз ыңғайына салып жіберіпті» дейтін сыни ескертпелердің көп екендігін ескерер болсақ, Сәкен жинағына алғысөз жазған адам ондайлардан мол хабары барын аңғартады. Екінші, кітапты шығарудағы мақсатымыз «оны сатып баю емес» дегенді тек бұған дейін кітап шығарған, не сондай құбылыстың басы-қасында болған адам ғана айта алады. Бұл тұрғыдан да Мағжанның тәжірибесі бар. «Шолпан» жинағын қалай таратқаны өзіне аян, ал бір жылда екі дүркін басылып шыққан «Оян, қазақ» жинағының жер-жерде қалай сатылғанын, қалай қуғындалғанын, полицияның қалай кәмпескелегенін Мағжан өте жақсы білетін. Міржақыптың ұсталып, түрмеде отырып шығуының бәріне өлең арнауы, азаматты қадірлеуі бір болса, екінші өзі тікелей араласып, оқиғалардың басы-қасында жүргендіктен «кітап саудасынан» хабары мол екенін көрсетпей ме?! Үшінші, осы алғысөздің сөз қолданысы қаламы басылыңқырап қалғанын аңғартады. Тіпті кейбір сөзге жақша ішінде түсіндірме беру машығы да Мағжанды еріксіз еске түсіреді. Сөздің қысқасы, қолымда алғысөздің жазылған түпнұсқасы және осы кітапты шығаруға қатысқан адамдардың нақтылай айтқан естеліктері болмаса да, оның авторы Мағжан Жұмабаев еді демегенмен, редакциялауға қатысты деуге бармын. Біз қазақтың екі ақынының арасын алшақтату мақсатын көздемей, олардың да тату болғанын, бірін-бірі түсіне алғандығын, қолғабысын тигізіп жүргендерін осындай тарихи шындықтан іздеп, суыртпақтап шығарғанымыз абзал болмақ.

Сәкен мен Мағжанды ажырамас дос етіп құшақтастырып қоюдан аулақпын. Сонымен, Сәкеннің мұсылманша 1914, орысша 1915 жылы өліарада дүниеге келген «Өткен күндер» жинағына жазылған алғысөзге Мағжанның қатысы болғаны еш шүбә тудырмайды, тіпті түпнұсқа табыла қалса, Мағжан қаламының жабын жазбай таныр едік деп айтуға оқталып та отырмын. Қалай болғанда да, Мағжан мен Сәкен өз ойларының құшағында болғанмен, бір-бірін теріске саятын дәрежеде болмағаны қосымша дәлелдеуді қажет етпейді. Осы арада сырттай бір ұқсастықты айта кетейік. Мағжанның «Шолпан» атты жинағы да жылдар өліарасында дүниеге келіпті. Кітаптың ішкі және тысқы бетіне:

«Жетсе егер қорқынышты қара түнім,
Басса дерт, тілім құрып, шықпай үнім,
Көңіл ашар, кеудеме жан кіргізер
Өлең менің Шолпаным, айым, күнім, –

деп бір шумақ (1989 жылы жинақта болғанмен, шығармалар жинағының үш томдығында жоқ) өлеңнен кейін «Бірадырын Кәрімовтер нәшірі» 1912. Казань. Лито-Типография Т.Д. «БР. Каримовы», 1912 г.» деп көрсетілсе, сыртқы көк тысына «1913-1913 г.» деп ап-анық жазылған. Мұның сыры мынада: мұсылман жылы христиан жылынан екі ай, жиырма екі күн кейін шығады, сондықтан қаңтар мен наурыз арасында шыққан кітаптар осылай таңбаланғандығын Сәкеннің «Өткен күндер» жинағынан да көріп отырмыз. Жылдың өліарасында шығудың да бір сыры бар. Қазақ даласында сатылатын кітаптарды баспагерлер әдейі жазға салым шығарып, мәліш саудагерлер сол кезде баспадан келіп, алып кетіп жүрді. Күні бұрын шығарып қойса, баспаның ішінде сақтар орын таба алмай, талай қиналған сәттері де болған шығар. Мен көрген қазақ кітаптарының біразында осындай даталар кездесті. Бұл да нарық шартына сыятын жай. «Шолпан» жинағының әу бастан-ақ бір ерекшелігі сол, саясаттан, бүгінгі өмірдің түйткілдерінен гөрі көбіне-көп шын өнерпаздықты иман тұтқандығы дер ем. Алғашқы бетте «Өлең» деген туындысы беріліп, әлгі кітап тысындағы шумақтың жалғасындай әсер қалдырады. Нанбасаңыздар, оқып көріңіздер. Кейінгі басылымдарда ептеп қол тиген соң «Шолпанда» басылған күйін келтірейін.

Тарықса жаным, ауырса тәнім,
«Сүйеуім» бар демейтін.
Ол болса менде, қозғалса жерде,
Бұл не болды демейтін.

Жан сүйгенім ол да – өлең
Жете алмасам, жолда өлем.
Жанымның жаны, тәнімнің қаны
Тіршілігім сенімен.

Ойладым-тоймадым, іздедім-қоймадым
Кеңес біраз менімен.
Естісе сені – жан ұйыр
Бағасын білмес көп сиыр, –

дегені Мағжанның өмірден де таңдағанын анық аңғартады. Сондықтан Мағжанды қазақ поэзиясының бағына туған жан деп айтудың орны әбден бар. Адам өзінің негізгі мақсатын бірден айқындап алса, дүниедегі толып жатқан қызықтар мен жалтырақтарға онша көңіл аудара бермейді, сондықтан ондай пенделерді жай адамдар меланхолик-диуана деп сөкеттеп те жүреді. Мағжанның қоғамдық өмірге араласпақ болып екі-үш рет талпынғанын байқасақ та, оны ірі де биік әлеуметтік деңгейден көрмейміз. Оның есесіне өнер аулында, мәңгілік өмір аспанында ақындық жұлдызы айрықша жарық та ажарлы болды. Ал Мағжан (1912) мен Сәкен (1914) жинақтарының жалпы бағытына келер болсақ, онда ұлы Абайдан, кемеңгер Ыбырайдан, Ахмет пен Міржақыпқа ұласқанда күрескерлік бояуы қалыңдай түскен ағартушы-демократтық бағытты көреміз. Әуелі «жастық-мастық», яғни махаббат лирикаларынан бастайық, өйткені ақындықтың алғашқы бұлақ көзі сол ғой. Өздері жас болса, оқып жүргендігін былай қойғанда, қыздардың көз құртына айналғандай көрікті де ажарлы болса, жастық сезім оларға жат болмасқа тиіс. Мағжанның «Ләззат қайда?», «Жас қыз» (кейін «Зарлы сұлу» атанған), «Сүйгеніме», «Құр қалыппын», «Тілегім» («Шолпанда»), «Қазақ қызы аузынан», кейін – «Қыздың зары» деп түсіндірме берілген, «Әдемі қыз» (кейін «Алданған қыз») өлеңдері сан жағынан бірқыдыру екенін көреміз.

Жандым-күйдім, сені ойлап, дамыл көрмей,
Еш жанға сенен басқа көңіл бөлмей,
Сен – бір жақ, жалған – бір жақ, қатар қойып
Сені іздедім жалғаннан қолым сермей.

Қайғы жұттым, «аһ» десем, шықты жалын,
Сыртым – сау, ішімде – өрт, жанған қалың.
Күйдірген қалың өрттің зардабынан
Өлгелі тұр сүмірейіп сорлы жаным –

дегендегі аяқ алыс, сөз жоқ, кейінгі «Гүлсім» цикліне келер бастама екенін байқаймыз. Әрине, ғашықтық пен сағынышты қатар жегіп, арманына жету талабы қанша күшті болса да, мұндай құштарлық қазақ жастарының аузында қара өлең деңгейінде талай жырланғаны белгілі. Сонда да:

Қош, сәулем, бермен қара, сорлыңды көр,
Амандас, мен кетейін, қолыңды бер.
Алдымда құлаш жайып, қарсы алатын
Сүйген жарым – мейірімді ол қара жер –

дегенін оқығанда селк ете түсіп, «өлім» күйін емес, тұрлаусыз дүниенің бір шегін көргендей, іш тартып қаламыз. Ақындық тұтастық, шығармашылық келбет деген бірден қалыптасады демегенмен, алғашқы белгілері қылаң беріп, кейін өсіп, жетіліп кететіні болса, онда Мағжанның осы «Сүйгеніме» өлеңінен «сезіп» қалуымыз да ғажап емес. Ал авторлық редакцияға көп ұшыраған «Ләззат қайда?» өлеңін «Шолпандағы» күйінде оқиық.

Ләззатты іздеп көңілім
Шарқ ұрып алас ұрады.
Қиялым көлбеп қияда
Сауық пен сайран құрады.

Ләззатты көптен іздемен,
Ләззат алда тұр аңдып,
Жүйрік мініп, ит ертіп
Кетемін қолға құсымды ап –

деген шумақтардың айтарын былай қойғанда, кейінгі редакциясының қаншалықты қажеттіктен туғанын түсінуге талаптансақ, біріншіден, Мағжанның өз шығармасын жетілдіре беруге айрықша көңіл бөлгенін, яғни, қолынан шығар дүниенің мұнтаздай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиюін қалағанын, екінші, әр кездің өз таңбасын салып отырғандығын көріп, көп варианттардың әсіресе, ауыз әдебиетінде жиі кездесетіндігіне дәлел тапқандаймыз.

Әлгі шумақтар кейінгі басылымдарда:
Ләззатты іздеп көңілім
Аласұрған шарқ ұрып,
Біреуін де осы деп

Қалмай жүрген бір торып.
Баяулайды жалғыз-ақ,
Мінекей деп тұрақтап.
Ләззаттанып сөзіне

Қолына кітап, Құранды ап.
Айтар сөзім ендігі
(«Шолпандағысы» – шынында керек болса бұл)
Аласұрған көңілге:

Оқу оқы, өнер қу
Басқалардан түңіл де –

деген дидактикалық сарынды бекіте түсу үшін қажет болғандығын көреміз. Жыраулардың толғауына айналдырып жіберу – ақындық балаңдықтың белгісі. Осы махаббат лирикалары келешекте толысып, жетілер Мағжанның алғашқы хабаршысындай ғана болып көрінеді. Тұтастық пен толымдықты талап ету әзірге ертерек. Осындай күйді Сәкен де басынан өткізген. Оның «Өткен күндер» жинағында «...ға», «Кетпейтін естен ғашық жар», «Қоштасқан жер», «Сағыну» өлеңдері жастық сезімді аялауға арналған. Қазақтың арғы ата-бабалары да сүйе де, күйе де білгені қара өлеңдерден көп кездескендіктен:

Әрең деп тұрдым сонда менің өзім,
Тұрғанда жасқа толып екі көзің.
Қоштасып көп тұруға шыдай алмай,
Қол ұстастым жоқтай-ақ айтар сөзім –

дегеніне мүсіркей қарағанымыз болмаса, онша таңырқай қоймаймыз. Сондай-ақ:
Мәлімсіз тағдырымыз жалғыз хақта.
Бөліндік ойда жоқта жастық шақта.
Өлгенше менің көңілім жалғыз сенде

Жүрсең де сен ол жақта, мен бұл жақта – дегеніне де өліп-өше қоймаймыз. Жастық шақтың айтқызған мұндай өкінішін талай естігенбіз, өлеңде ұйқасқа мығымдық байқалғанмен, алып бара жатқан сонылық онша көрінбейді. Таныс-бейтаныстар.

Кетпейтін естен ғашық жар!
Айта алмай жүрген сөзім бар,
Талай жерде оқталып
Айтуға көріп ұят-ар.

Көкірек жанып жүргенде,
Жанасуға болып зар,
Жүректің сырын айтуға
Реті келді бүгін дәл.

Құр өлең деп ойлама,
Ынталы сөзге құлақ сал:
Қиын, қалқам, біздің хал!

Созған қолы жетпеуден, айтарын айта алмаудан қиын ештеме жоқ қой қай кезде болсын. Лирикалық кейіпкерге жанымыз ашитын сәт осы. Жастық сезімнің өзін жалаңаштамай, қол жетпейтін биіктен көрсету, аялау өлеңге сыршылдық дарытады, оқыс қорытынды жасатады. Мағжанның «сүйген жарым – мейірімді ол қара жер» дегенінен шошып қалған жастық көңіл Сәкенде қаншама күйіп-жанғанымен, «қимастықпен» аяқталуы тегін емес. Өмір көрінісіне оптимистік сыңай дарыту да ақын психологиясына, түсінігіне, өмірлік машығына тән құбылыс болса керек. Сонымен, екі ақынның «бисмилләсі» – махаббат лирикалары осылай көрініс бергені қазақ поэзиясына тың да соны лептің келе жатқанының хабаршысындай болса керек. Мағжан алғашқы уақытта, әсіресе «Шолпанда» өлеңінің жазылған жерін, уақытын көрсетіп отырады. Мәселен, «Оразада» өлеңі Сарыайғыр деген жерде 1907 жылы маусымда, «Жазғытұры» өлеңі «Сасықкөл, 1908 жыл», «Тіршіліктің көзі – ерік» 1909 жыл, маусым, «Қазағым» «Уфа. 1910 жыл» деп көрсетілгендері бар. Оны кейінгі Қазан, Ташкент басылымдарында Мағжанның өзі алып тастады ма, әйтпесе біздің бойкүйез ғалымдарымыз ерінді ме, әйтеуір шығармалардың туған кезін көрсетпеу зерттеушілерді көп қиындыққа кезіктіретіні сөзсіз. Оны бастан кешіріп те отырмыз. 1909 жылы шыққан Абайдың жинағы бұлардың ақындық жолға түсуіне себепші болған үлкен фактордың бірі екені даусыз. Екеуі де Абайға өлең арнапты. Мағжанның өлеңі Абайдың 150 жылдығын тойлаған кезде оңды-солды цитатқа алынды, арнайы жарияланды, ал Сәкен өлеңі атаусыз қалды, өзім ол кездегі мерекелік науқанға араласпаған соң, «Сәкен өлеңін жұрт неге көрмейді?» деп бұрқылдаумен болғанымды жасырмайын. Сонымен екі ақын Абайға ғасыр басында өлең арнаған.Көптік қылмас, осы жолы түгел келтірейік те, кейінгілерін үзіп-жұлып салыстырармыз. Мағжан өлеңі «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абай» деп аталып, «Шолпан» жинағында бесінші өлең болып жарияланған.

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес.

Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,
Қисайып, қыңырайды жұртың ниеттес.
Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!» – деп,
Болды ғой жақын-туған бәрі кектес.

Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме:
«Қор болды қайран сөзім босқа!» – деме,
Артында қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып жүрер жөнге!

Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

Жүрген жанның артында ізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар!
Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,

Сау қалғанның көбісі ертең бітер.
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі.
Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.

1989 жылы Мағжанның бір томдық таңдамалысын шығарғанда, өлеңнің тақырыбы «Алтын хакім Абайға» деп қысқартылып, үшінші жолдағы «жанды» – «жанның» деп, төртінші жолдағы «Дүние қолын жайып енді күтпес» дегенді «Әлемнің құлағынан әні кетпес» деп өзгерткен, сөйтіп Мағжанға «жәрдем қолын созып көмектескен» көрінеді біздің «ұлы редакторларымыз». Сондай-ақ «жүйрік, дегенді «шешен» деп өзгертіп, өлеңнің дыбыс ырғағына кібіртік кіргізген. Бұл жөнінде Хамза Абдуллиннің 1990 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде, кейін «Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары» жинағында «Асыл мұраны талан-таражға салып, сәнін кетірмейік» дегені дер кезінде соғылған дабыл болды. Сәкеннің 1914 жылғы «Өткен күндер» жинағындағы «Ақын» деген өлеңі Абайға арналды. Ол өлең Сәкен шығармаларының жинақтарында өзгеріссіз басылып келеді.

Ғибратты сөздер айтып, болдың ақын,
Мүсәнләйлар сөзіне сөзің жақын.
Үлгі қып кейінгіге жаздың нұсқа,
Қиыннан қиыстырып сөздің нарқын.

...Сөзіңнің, қарап тұрсам, мағынасы мол,
Бастаушы адасқанды болғандай жол.
Өзге сөздің патшасы – сенің сөзің,
Я бар бол бұл дүниеде, яки жоқ бол.

Өлсең де мың жыл бұрын сенің өзің,
Тозбайтын алтын үлгі – қалған сөзің.
Сыңар жақ, пікір қисық, тоңмойынды
Түзеуге үміт етіп құрған тезің.

Сөзіңді үлгі қылды білген адам,
Түсінбес оқыса да бітеу надан.
Наданға құр қу ағаш құрған тезің,
Көткеншек, алға қарай баспас қадам.

Сөзіңнің жылдан-жылға қадірі асты,
Оқуға құмар қылды талай жасты.
Құмар болған кеудесі – сәулелі ар,
Айтпаймын ауылдағы шыбай масты.

Саналы көзі ашыққа сөзің алтын,
Санасызға жел сөз – соққан салқын,
Ойында санасыздың еш нәрсе жоқ,
Ілгері бассын деген қазақ халқын.

Абайдың ұлылығын тануда екі ақын өзінше кеткенін көреміз. Қалай болғанда да данышпандықты тани білу, оған құрмет көрсету тек сөз жүзінде қалып қоймасқа тиіс. Абайдың қазақ поэзиясына әкелген жаңалықтарының бірі – пейзаж лирикасы ғой. Жылдың төрт мөзгілін суреттеу, өмір көріністерін образбен жеткізу болса, екі жас ақын осы жағына айрықша назар аударғаны байқалады. Мұнда үлгі-өнегенің тікелей әсерімен қатар еліктеу де жоқ емес. Мағжанның «Жазғытұры», «Бұлбұл», «Жазғы таң», «Толған ай», «Туған жерім Сасықкөл», «Күз», Сәкеннің «Туған жерім, өз елім», «Нұра», «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», «Түс», «Айт күні» деген шығармаларының қай-қайсы болмасын пейзаж лирикасының інжу-маржандары болмағанмен, қазақ поэзиясына келе жатқан жаңалықтардың, сөзбен сурет салып, жансызды жандандырудың белгілі дәрежеде көрсеткіші бола алады.

Су ақты, жетті апрель, қырдан ойға,
Арық-тұрақ секіріп кетті тойға.
Жас бала «Жазғытұры туды» десіп,
Жабағы, көтерем тай, ақсақ қой да.

Қуанып жан-жануар алшаң басып,
Қалмады қайғы-уайым ешбір ойда, –

деген Мағжан шумағы Абайдан алған бастауын еш жасырмай, өзінше суреттеуге мүмкіндігі барын аңғартқандай. Сондықтан Мағжанның табиғатқа арналған өлеңдерінде «кәрі құда – қысқа» ұқсас жайлар да, сонымен қатар:

Бұрқырап қара дауыл соғып тұрған,
Көкорай түсі қашып солып тұрған.
Шыдамай қатты ызғарлы жел өтіне,
Бүрісіп ағаш, шөптер тоңып тұрған, –

деп күздің «көркін» келістіріп бере білетін дарын Абайға жалтаңдап қарағанда:

Масатыдай құлпырған жердің жүзі,
Аяқ бассаң, табанға өтер сызы.
Кемпір болған бет-аузы қатпарланып,
Бұраңдаған кешегі сұлу қызы, –

деп қайшылыққа ұрынып қалып та жатады. Осы шумақты талдай бастасақ, әуелі сөз бояуымен қатар артық-кем салыстырулар кездеседі. Абайдың жазға арнаған жолын былай қойғанда, «жазы өтпей жатып, сұлу қыздың беті қатпарланып кемпірге ұқсап кетуі» ақын қаламының әлі де болса балаңдығын, өзінше айтамын, көрсетемін дегенде көркемдік түсінігінің толыса қоймағандығын аңғартса керек. Бұл шумаққа мән бермей оқысаң, тамаша тапқырлық та болып көрінуі мүмкін, ал профессионалдық тұрғыдан келгенде, алабажақтау екендігінде дау болмасқа тиіс. Жас ақындарға бірден тұмсығымен құс тістетіп қоя бермей, олардың да жетілу, толысу, шеберлену, кәнігілену сатыларын жіті аңғарғанымыз абзал. Сөзбен сурет салуға Сәкеннің де машықтана бастағанын көрсететін өлеңдері бар.

Үкілі ожауменен қымыз құйып,
Жақсы-жаман талғамай бәрін жиып,
Қайта-қайта қымызды бергеннен соң,
Кім шықсын ондай үйден тастап қиып.

Тізіліп босағадан төрге шейін
Келген адам отырар бәрі сыйып,
Көйлекшең, шапандарын жамылысқан
Жалаңаш аяғына кебіс киіп, –

деген жолдар жайлауда жайлана отырып қымыз ішу процесін, ашық қолды мама бәйбішенің ешкімді алаламай, қымыз құйып берген сәтін көзге елестетері анық. Жас қалам үшін бұл да аз олжа емес. Әрине, Мағжан мен Сәкеннің табиғат лирикаларының бәрі осындай әсерлі де ажарлы десек, жалған сөйлерміз. Жығылып-сүрініп, бояуы алабажақтанып жатқандары да едәуір, бірақ осындай талпыныстың өзі келешектегі ұлы жаңалықтарға, қазақ поэзиясына олардың өлшеусіз олжа саларына сендіреді. Құдайым Сәкен мен Мағжанды соңғыдан сақтап, қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарына айналуға дарын беріп, қуат дарытқан. Тәуба! Солай дейтұрсақ та, екі ақыннан дәстүрлі толғаулардың сілемдері көрініп жатады. Олай болмауы мүмкін емес, өйткені олардың азықтанған, қоректенген көркемдік ортасы дәстүр жалғастығын үзе қойған жоқ-ты. Сондықтан әр өлеңнен демей-ақ қояйын, қайсыбірінде дидактикалық ой-түйін кездесіп жатады. Мағжанның:

Жұрттың қамын көп ойла,
Уайым-қайғы жеп ойла!
Артта қалған сорлы жұрт,
Алға бассын деп ойла –

дегені, немесе Сәкеннің:
«Өнер тап, жолдастығы жоқ – дейді ойым,
Атадан қалған артта мал мен бақтың».
Я, Алла! Жеткізе гөр мұратыма,

Рахаты бар деуші еді михнаттың – деген ашық үгіт-насихаттарының талайын кездестіреміз. Олардан да жерінбейміз, өйткені әдебиеттің міндеті ылғи образ жасау, суреттеу ғана емес, адамгершілікке бастайтын ғибрат – оның әлеуметтік функциясының ең үлкені. Осы тұрғыдан келгенде, жас ақындардың қоғамдық-әлеуметтік мәні бар шумақтарын кейінгі баяндауларда ретіне, жөніне қарай келтіріп отырсақ, «бір май, бір қара кесек» болып, бойымызға тарауы ыңғайлы болар. Сәкен мен Мағжан көзқарасын сынға саларлық үлкен бір оқиға – «Айқап» журналының жабылу жайы, яғни, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының арақатынасы. Біздің көп зерттеушілеріміз осы сұсты мәселені айналып өтуге, орағыта сөйлеуге немесе жеңіл-желпі көрсетуге тырысса, тарихтан дұрыс хабары жоқтар мұндай проблеманың болғанын білместен айғайлай беруге құмар. 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетіне Сәкеннің бірде-бір мақаласы, өлеңі басылмаған сияқты, кездестіре алмадым. Ал Мағжанның «Айқапқа» да, әсіресе, «Қазаққа» жазғандары бірсыпыра. Көңіл қойнауында «Қазаққа» деген ілтипаты мол. Өлеңдерінен «Айқапта», «...Жатыр», «Шын сорлы», «Жазғытұры», «Бұлбұл» басылса, «Қазақ» газетінде «Туған жер», «Орал тауы», «Көңіл», «Жарыма», «Есімде», «... тек таң атсын», «Зар», «Дін үйреткенге», «Орамал» т.б. жарияланды. Бұлар сан жағынан ғана емес, мән жағынан да «Қазақ» газетінің пайдасына шығып жатқаны даусыз. Бұған қарап Мағжан «Қазақ» пен «Айқап» қарым-қатынасын ажыратпады демегенмен, 1913 жылдан былай қарай «Айқапқа» ат басын бұрмауы ойланарлық жай.

ЕЛ МҮДДЕСІ

Қазақтың іс-қарекеті жайында екі ақын қандай ойда болғандарына назар аударсақ, екеуінің де ағалары айтып жатқан ойларға не қосқанын байқап, келешегіне көз жібергендей боламыз. Жас ақындарда өмірлік бағдарлама айқын еді дегенді өзім айта алмаймын, бірақ қазақ елін қалай жеткізу, өркендету жөнінде қам жегендері сөзсіз. Сондықтан қазақтың өнер-білімге жетілу, өз есесін ешкімге жегізбеу, жерінен айырылмау мәселелерін саяси-азаматтық лирикаларына азық еткенін көреміз. Әдебиетті қаншама эстетикалық дүние дегенмен, өмір керегін айтпаса, жазбаса, әлеуметтік мәні солғын боларын екі ақынның шығармаларынан байқаймыз. Жинақтарындағы өлеңдердің тең жарымы ел тағдырына, қазақ жайына арналған. Мағжан «Жатыр», «Сорлы қазақ», «Туған жерім – Сасықкөл», «Қазағым», «Шын сорлы», «Бір күні», «Құр қалыппын», «Жоғалған алтын», «Осы күнгі күй», «Мен сорлы» деген өлеңдерінде:

Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр.
Бірі – ай, бірі – жұлдыз, бірі күн болып

Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр, – деп басқалардың үлгі-өнегесін айта келіп:

Ойламай біздің қазақ текке жатыр,
Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр.
Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,

Қазекең таң қаларлық кепте жатыр – дегендерді түсіндірудің өзі артық. Ой – анық, мақсат – ірі, жетуге талап бар, бірақ жөн көрсетер, жол нұсқар пенде бар ма дегенде:

Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр.
Күннен-күн артқа қарай кетіп жатыр.
Сезінбей өз өлгенін өзінікін

Аты өшкір оқығандар – нетіп жатыр! – деп қапаланады, бірақ түңілмейді. Күннің алыс сәулесіндей болып «оқығандар», ең негізгі үміт – оқу-білім алдымыздан көлеңдейді. Осы әуен Мағжанның «Шолпан» жинағының негізгі арқауы, ағартушы-демократтығының көрсеткіші, тіпті

Ойламай отқа түскен неткен жанбыз?
Сөз ұқпас мылқау, жүрген жалғыз.
Жер кетті, жаның кетті, қам жемедің,
Болды ма қайран қазақ тастай жансыз?

Ортаға қамап алып, қырып жатыр Қара жүрек «надандық» қолмен сансыз, – деген жанайқайы – XX ғасырдың қазақ әдебиетінің аттанар өрісі, идеялық нысанасы, көркемдік арнасы.Сондықтан Мағжан:

Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!
Ойынға, құр қаларсың, көңіл берме.
Оқымай ойын қуған балаларға,
Жолама, шақырса да қасына ерме!

Кідірме, аяңдама, алға ұмтыл,
Алам деп көктен жұлдыз қолың серме! –

деген ашық үгітке көшеді. Көрмей тұрғанды қолмен түртіп көрсетіп жіберу, келешекті жастардан күту қаншама дидактикалық сипаты болса да айрықша керек ғибрат болатын. Уақыт әмірінен еш бір ақын, олардың ішінде Мағжан мен Сәкен бұлтарып кете алмайтын еді. Солай болды да. Сәкен өлеңдері «Туған жерім, өз елім», «Нұра», «Түс», «Қазақ сабағы», «Надан бай», «Оқымаған қазақ», «Кім басшы – аға халыққа», «Інішегіме» деп аталуының өзінен-ақ көп сырды аңғаруға болғандай. Ағартушы-демократтық ой-пиғыл Сәкен, Мағжанға ғана емес, бүкіл XX ғасыр басындағы қаламгерлердің толғауларына ұқсап жатқанымен, өз дауысын, өз үнін, өз танымын аңғартатын сәттер жиі кездесіп жатады.

Ілім, өнер ойыңа кірмес сенің,
Көрінер саған қисық сөзім менің.
Орнына біткен малды жұмсамайсың
Білесің соқыр кеуде жайын ненің? –

деп жалғыз «оқымаған қазақты» ғана емес, барлық дүниеқоңыздарға қаһар төгеді. Тіпті Сәкен үшін ел пайдасын ойламағандардың бәрі кінәлі. Басқаларда сирек кездесетін мына бір шумаққа назар аударайық:

Орысша оқыр кей ақымақ теріс жазып,
Тымақ кимей, қалпақ киіп, жөннен азып,
Оқымаған адамдарды «надан» дейді,
Орысша оқып, діннен азып, хаққа жазып, –

дегенде, Сәкен «консерватор» болып көрінгенімен, ұлттық таным-біліктен шалғай кеткендерді, бүгінгі біздің мәңгүрттіктердің ата-ағасын сол кезде-ақ кінәлі санаған, оқығанның бәрі емес, ел пайдасын ойлайтындар ғана қадірлі деген ойды айтуға талаптанған:

«Аға» дейміз бізді жөнге бастаса,
«Кір қатарға, ілгері адым бас», – десе.
Өздерінің ынтымағы бірігіп,
Алтыбақан кер тартысты тастаса.

Кейінгіге жақсы өнеге көрсетіп,
Надандықты табанымен таптаса,
Шыбын жанын халқы үшін пида қып
Ата күшін, ана сүтін ақтаса, –

деген әлеуметтік ойлардың саяр арнасы белгілі. Мен екі ақынның бір бағыттағы өлеңдерінің бір-біріне ұқсастығын емес, ойдың даму, жетілу жағына көз тастап отырмын. Кейінгі әңгімелерде жас ақындардың ой-пікірлерін қажетті жерде қыстырып отырамын.

Мағжан 1912 жылы жазған «Қазағым» деген өлеңінде:
Қырылысып өзді-өзімен қазақ сорлы,
Жерінен аузын ашып қалып жатыр...
Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер,

Ойламай келешекті түпке жетер – десе, Сәкен 1914 жылы «Кім басшы – аға халыққа» деген өлеңінде:

Басшысы жоқ адасқан қара халықты
Кім бастайды қараңғыдан жарыққа?! –

деп қамығып, келешектен үміттенеді. Өздерінше ақыл да айтады, бірақ олардың ой-пікірі «Қазақ» газеті бетіндегі жалынды публицистика деңгейіне көтеріле алмай жатқанымен, ойланар тұстары жоқ емес. Оның қандай сұсты, даулы, дүбірлі болғанын 1911-1914 жылдарда «Айқап» пен «Қазақ» бетіндегі жер жөніндегі текетірестерден айқын байқалып, қазақы мінезімізге таң боламыз. Қазақ санасы көңілдегі шерін сыртқа шығара бастады. Онда күні кеше ғана өзінің пайда таппақ құлқы үшін жер сатуды әдетке айналдырғандар, «переселен заңы шықпай тұрғанда мұжықтарды өзі шақырып, қоңсы қондырғандар» («Ақ жол», 239-бет) тарылған жер, азайған мал, төгілген тер мен шерді айта бастады. М.Дулатов тағы да серкелік жасады. 1911 жылы «Айқап» журналында «Жер мәселесі» деген ойлы мақала жазды. «Ішкі Россиядан бұлттай көшіп келе жатқан мұжық алдыға көз салуды үйреніс қылмаған қазақ халқын да ойға қалдырды. Бұрынғыдай көшіп жүру керек пе, он бес десятинадан жер кестіріп, қала салу керек пе мәселесі көптің көңілінде һәм тілінде ойнай бастады» (М.Дулатов. Шығармалары. «Ғылым», 1997, 2-том, 36-бет) деп отырықшылық пен көшпенділік жайындағы пікірін ашық баяндады. Мағжан мен Сәкен көзқарастарының қалыптасу барысында осы мәселенің әсері мейлінше күшті болды және бүгінгі оқушыларға түсініктірек болу үшін тереңірек қазып айту қажет. Себебі соңғы кезде алаш қозғалысы мен көсемдері жөніндегі еңбектер мен мақалаларда бірін-бірі түсінбеген зиялыларымыздың араларын алыстатқысы келсе, бұлдырлата сөйлеп, жақындатқысы келсе, қайшылыққа көз жұма қарап, желе жортатындар көбейіп барады. Соның салдарынан қазақ зиялылары өмір бойы жауығып өткендей қылып баяндайды. Осындайдан құтылу үшін ашық айтылғанды дәл жеткізу кейінгілердің борышы болуға тиіс. Қала болу керек деушілердің пікірі: «Жер жүзіндегі халықтардың һаммасы, біразы ғана болмаса, қала болып отыр. Мал бағып, көшіп жүрмегендіктен, қырылып қалғаны естілмейді. Қайта бұл күнде көзіміз көріп, ғақылымыз жетпей тұрған не түрлі тамаша нәрселерді (отарба, телеграмма) шығарып тұрған солар. Олар бізден кедей емес, бізден өнерсіз емес, бізден күшсіз емес. Бұларды көре тұра, біз, қазақтар да, қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын көтеріп, егін салып, сауда қылып, оқу оқып, өнер тауып, өзіміз де алдағы жұрттың істегенін істеп, солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халықтардың бірі бола аламыз» (37-38) деген Міржақып ойларын әдейі толық келтіріп отырмын. Алдағы баяндауларда бұл ойдың мәнін қала-дала немесе отырықшы-көшпелі деп қана өтсек, көптеген қайталаушылықтан құтыламыз да, негізгі ойдың жетегінен айырылмаймыз. Сондықтан енді көшіп жүру керек деушілердің пікіріне құлақ салыңыздар. «Қазақ халқы көшейін деп көшіп жүрген жоқ, жерінің ауасына (климатические условия) қарап көшіп жүр. Адам – туған жерінің, ауасының құлы. Қазақ отырған жер егіншілікке жарамсыз. Қазақ жерінің алабы кең болса да, пайдаға жарарлығы аз. Қазақ көшпенділікті өзі тастамаса, хүкімет еріксіз қала болғызбайды. Қазақ халқының егіншілікке айналмай, бұрынғыдай мал өсіру кәсібінде болғанда, бірінші – өзіне, екінші – мемлекетке зор пайда келтіреді. Россияның базарына жүн, жабағы, қыл, ет, тері, май жеткізіп тұрғанның көбі қазақ емес пе?» (38) деген ойларды әдейі болсын, не қазақты мешеуліктен шығарғысы келмеген оймен айтсын, Климид пен профессор Винердің көшіп жүрудің пайдалы екенін тілге тиек ететіндіктерін дәлелге келтіреді. Осы пікірталасын бізде бүгінгілердің ойланып-толғануына әдейі ұсынамыз, кешегіге өкінетіндей жайдақ пікірлер қазір де жер мәселесінде кездесіп жатыр. Міржақып Дулатовтың өзі 1911 жылы қала болуды жақтаған және «Өзімді солардың бірі деп санаймын» деп ашық жазған. Осы пікірінен Әлекеңнің ықпалы мен әсері қаншама күшті болғанына қарамай, қайтпаған, мәселені ушықтырмас үшін үндемей, араласпай қалуым, кейде орағытып өтуім қажет деп есептеген сияқты, Ал «Земства не нәрсе» деген сериялы мақалаларының өзінде ашық айтпай, қала болудың пайдасын емеурінімен байқатып отырады. Осындай позиция Ақанда да байқалады. Ағалары осылай деп жатқан соң шәкірт ақындар осы ой төңірегінде де шыр айналған. Әсіресе Мағжанның:

Кел, қазағым, қолдағыдан құр қалмайық,
Отырайық жиналып, оңдалайық.
Мың жылғы өткен қауым деп ата заңды
Өмірден кеш қалармыз, ойланайық.

Жер қалар, біз жиылып, қала салсақ,
Қайдағы оңды жерді таңдап алсақ.
«Ауыл болсаң – қоғам бол» деген сөзбен
Бұлтармай ертеңді-кеш жүріп барсақ.

Сол шақта көп түкіріп, көл де болар,
Көлде толқын айдаушы жел де болар,
Мектеп, медреселер көп салынып,
Ағайын тату-тәтті ел де болар –

дегеніне түсіндірме беріп жату артық. Алдыңғы ойлардың ұйқастырылған түрі ғана емес, прогрессивті идеяға ойысқан, тіпті келешекті сезген жанның нық түсінігі екенін көреміз. Сәкенде мұндай тәптіштеу жоқ, бірақ «Түс» деген өлеңінде жайрап қалған бақшаны көріп, келешектен:

«Көк шыбықтар көбейсе тал боп жетіп,
Көркейер сонда бақша, қайғы кетіп.
Я, Алла! Жеткіз сорлы жастарды» деп
Тіледім, шыбықтардан үміт етіп, –

деп перделеп кетеді. Қалай болғанда да келешекке сену күшті, үміт оты маздайды.

ҚАНАТТАНУ

Оқу басталып кетті. Семинарияға қазақ балаларынан дайындық класына жалғыз Таутан Арыстанбеков алыныпты. Басқа оқу орындарына түскендер онша көп болмаса керек. «Бірлік» жиналысына тек былтырғылар ғана жиналды. Оқуға жаңа түскендер мен Омбы жастарының арасында ұйымның мән-жайын түсіндіру қажет деп табылды да, бұрын әңгіме арқауы болған екі мәселе тағы да қабаттасты. Ел әдебиетін жинауға шыққандардың есебі тыңдалды. Ахмет – биыл да экспедицияға шығып, Қарқаралы жағынан ертек, мақал-мәтел, жаңа жырлар жазып алғанын, шаншардың қуларынан әзіл-оспақ жинағанын баяндады. Мұқтар да бір экспедицияға іліккен екен, олардың жинаған материалдары Ахметтердікіне ұқсас болып шыққан соң, өзі бұрын көріп-білмеген Жетісу өңірінің жер-су, әдет-ғұрпын әңгімеледі. Өз беті мен жинағандардың ішінде Сәкеннен көп еңбек еткені жоқ екен. Бес жігітті өзіне «агент» етіп алып, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға салық етіп салғанын айтып еді, жиналғандардың ішек-сілесі қатып күлді де, мұндай «қанаушылықтың» түрі ойларына келмегеніне өкінді. Сөз реті келіп қалғанда, «Өзімнің де жазып келгенім бар» деп еді, «қане, қане, оқы, тыңдайық» дегендер де табылды. «Оқымаған қазақ» пен «Інішегіме» деген екі өлеңін оқып еді, жиналғандар мақұлдағандай болды.

– Махаббат жайында жазғаның жоқ па? – дегендер көбейіп кеткен соң, Омбыға келгеннен кейін, Мүслимаға арнап жазған өлеңін оқиын деп бір оқталды да, тартынып қалды, «Оқы, оқы» деп қоймаған соң түгелдей жатқа айтты.

Мәлімсіз тағдырымыз жалғыз хаққа,
Бөліндік ойда жоқта жастық шақта.
Өлгенше менің көңілім жалғыз сенде
Жүрсек де сен ол жақта, мен бұл жақта, –

деп шумағын бітіргенде, көп жастың көңіліндегі ойын тапты ма, әйтеуір ырду-дырду азайып, мұңайып қалғандай болды.

Мағжан қолын көтеріп сөз сұрады.

– Сәкеннің өлеңдерін тыңдадық қой. Оқу-білімге шақырғаны дұрыс, бірақ соны надан байларға қарсы қоя суреттеуге бола ма? Осы бір жері көңіліме күдік тудырып тұрғаны. Ал қызға жазған өлеңдерін оқудан неге ұялғанын білмеймін. Біле білгенге, поэзияның ең қасиетті саласы – махаббат лирикасы. Оны жырламаған ақын жоқ. Абай екеш Абай да жырлаған. Ақындықты сынап-білудің өзі махаббатқа байлаулы. Қайсың қызға өлең жазған жоқсың, – деп орнына отыра кетті.

– Сенің «Шолпаныңды» оқып шықтым, – деп бастады Нығымет сөзін. – Іші толған күйдім-сүйдім екен, анда-санда оқудың пайдасын да айтыпсың. Қай тақырыпқа жазуды айтқанша, Сәкенде ақындық бар ма, соны неге айтпадың? Меніңше, Сәкен – ақын, әлгі өлеңдері бәріміздің көңілімізде жүрген ойлар емес пе? Халыққа қызмет етеміз деп жүрміз, ендеше әлеуметке ой салар өлеңнен неге қашпақпыз? Өнер-білімнен, мәдениеттен артта қалған елге әлгіндей мәні бар өлеңдер көбірек керек. Әйтпесе Мережковскийлерге еліктеп, қайдағы бір ғашық-жардың құшағына еніп, шыға алмай қалармыз. Бізге шындықты ашық айтатын өлеңдер керек. Менің ұсынысым – Сәкеннің өлеңін бастырып шығарайық, одан түсер пайданы «Бірліктің» қазынасына түсірейік, – деді де, Мағжанға қарады.

– Ал сенің жазған өлеңдерің бар ма? Танысып көрейік, – деп еді, ол.

– Бізде махаббаттан басқа болушы ма еді? – деп қиқар жауап қайтарды.

– Жігіттер, өкпе-назды қойған жөн, көңіл қаларлықтай ештеңе жоқ – Шәймерден ескерту жасады.

– Бүгін Сәкеннің тасы өрге домалап тұр ғой. «Бірліктің» ойын-сауығы соның мойнында ғой, – деп Мағжан кекесін сөз қыстырды. Сәкен орнынан тұрып:

– Ойын-сауықты ұйымдастыру менің міндетім екені рас. Оған өздерің күш қоспасандар, жалғыз мен не бітіремін. Ана жолы өлең айтқан жігіттердің бәрі де ойын-сауығымыздың көркі болды. Биыл келгендердің ішінде талай өнерлі жігіттер бар шығар, оларды да тартып көрейік. Ендігі қиындық – қай жерде даярлық жасаймыз? Мені осы жағы қинап жүр. Біздің директорымыз маңына дарытпады. Коммерческоеучилищеніңзалыбосдепестідім. Мұқтар, оныңжөні келе ме? Тек ән айтып, домбыра тартумен іс бітпейді. Пьеса да қоюымыз керек. «Айқап» журналында «Манап» деген пьеса жарияланып жүр. Соны оқып, жарайтын болса, халыққа көрсетсек те теріс болмас, – дегенде, Мағжан жұлып алғандай:

– Оны «Қазақ» газеті жамандап тастады ғой, оқыған жоқ па едің? – деп қисынсыз қыстырылған соң, әлгінде көңіліне дық алып қалған Сәкен «саған жауап берудің реті келген-ақ шығар», – деп:

– Ойпырмай, Мағжан, өзіңнен басқаны да бірдемені шамалайды деп ойлағаның жөн болмас па? Мәселенің немен тынарын білмей жатып шоштаңдау – шолжыңның ісі, – деп салды. Бірдеме деуге ыңғайланып келе жатқанда:

– Тоқтай тұр, мен айтып болайын, содан кейін сөйлерсің, – деп сес керсетті. – Иә, сонымен жұма күні өнерпаздарымыз кездесіп, дайындық жасайтынымызды ұмытпайық. Былтыр орыс, украин, еврей балалары өз ойындарын көрсеткенде, біз қатыса алмай қалғанымыз естеріңізде болар. Омбы қазақтарын жағалай бермей, қазақ өнерін өзгелерге де танытатын боламыз, – деп мақсатты ойын ортаға салды.

Сәкенге жұмыс көбейді. «Өлеңі кітап боп шықсын» деген қаулыны алу оңай екен де, соны жөн-жобаға келтіру қиын екен. «Әдебиет деген сөз тілге қандай жеңіл болса, оның тууы, өсуі һәм өнуі сонша қиын. Қай білімді халықты алсаңыз да, бәрінің әдебиеті жүре-жүре түзелген, жалғыз-ақ парқы (айырмасы) сол, қайсыбіреулерінде шапшаңырақ түзелген, қайсыбіреуінде шабанырақ. Ол себеп, әрине, әдебиетте емес, халықтың өзінен: халық арасында әдебиетті қолдаған неғұрлым көп болса, соғұрлым әдебиет ағымы шапшаңырақ баспақ, қолдамақ (көтермек). Екі түрлі жазу һәм бастыру – бұл екеуі бір жерден табыла бермейді. Жазушысы болса да, жарнасы болмай, жазылған кітаптар отқа да жағылатын кездер болады. Жалғыз онымен тұрмай, жазушы екпіні қайтып, өнері өліп қала береді. Міне, осындай істі есімізге алып, біз – қазақ жастары жолдасымыз С.С. мырзаның бұл кітабын таныстырып отырмыз. Мақсатымыз – оны сатып баю емес, осындай талапкерлердің өнері жерде қалмауы үшін, өсуі үшін һәм қазақ әдебиетінің ұлғаюы үшін. Бірақ бұл кітаппен ұлғаяды деген сөз деп түсіну жарамайды: «көп түкірсе – көл», «тесік моншақ жерде қалмас» дегенді алдыңызға ұсынамыз». Ат қойылып, айдар тағылған қолжазбаны Сәкен Шәймерденге уәделі күні алып келсе, Үркіт мешітінің имамы Баязит Қазанға аттанғалы отыр екен.

– Ал, жолың болсын! Мынаны кітап қып әкеп бермесең, сенің жолдастығыңның бағасы маған көк тиын, – дегенде, Баязит:

– Уз ишімнен қуп бұрын кириссемин дүр! – деп қалбалақтап қалды. «Бірліктің» жиындары сауық ұйымдастыру ісі Сәкенді сабақтан ада қалдырып барады. Ерте кетіп, кеш келуді әдетке айналдырды. Жатақхананың тәртібі бұзылғаны қашан, қол еңбегі мен ән, сызу сабақтарына баруға да мұршасы келмеген шақтары аз емес.

«Бірліктің» ойын-сауығын ұйымдастыру қиындай түсті. Әсіресе пьеса құрғыр табылмай-ақ қойды. «Айқапта» жарияланған «Манапты» оқып көріп еді, ұнамады. «Айқап» басқармасы: «Бұл драма оқушыларымызға ұнайтын болса, бөлек кітапша етіп бастырып шығармақ талабымыз да бар еді. Жұрттың ұнатар-ұнатпасын білмеген соң ойға қалыңқырап тұрмыз. Ендігі біздің оқушыларымыздан сұрайтын өтінішіміз: «Манап» драмасын бөлек кітапша етіп бастыруға лайық па, жоқ па, соны бізге ашық хатпен білдірсеңіздер екен», – деп жарнама жасап жатқан соң, Сәкен өз пікірін ашық білдіріп, мақала жазды: «Құрметлу Мұхаметжан аға: «Манапты» бұл қалпымен кітап қылып шығаруға әуре болмаңыз: оны жазушы уездной начальник қазақтың тұрмысын білмегендіктен бе, жоқ қазақты мазақ қылып жазған ба, қалай! «Манаптың» оқиғасы рас, қаһармандары осы күнде де тірі деп жазғанымен, драма қазақтың тұрмыс қалпына тіпті де келмейді. Қаһармандарының сөйлеген сөздері, істеген істері қазақ – қазақ болғалы сөйлемеген сөз, істемеген іс», – деп жазды. Бүгін коммерческое училищеде ақылы концерт қоймақ. Түскен ақшадан клуб пайдасына және қазынаға салық төлеуі керек екен. Одан қалғаны ғана «Бірліктің» кассасына түспек. Әсіресе, клуб қымбат. Түсімнің отыз бес процентіне әзер келісті. Осының бәрін жайғастыру Сәкеннің мойнында. Сәкеннің оқуы мен тәртібі бір жөнге келіп, болмашы күдікті сейілтіп, «талантты шәкірт» деген жақсы лепес семинарияға тарай бастағанда, екі қуаныш жарыса жетті. «Айқаптың» 1914 жылғы 23-санында «Манап» драмасы туралы жазған мақаласы жарық көрді. Шәймерденге Қазаннан: «Үркіт мешітіне бас имам болып тағайындалдым. Омбыға тоқтамаймын. Кітап басылып шықты. 29 желтоқсан күні тосындар. Баязит имам» деген телеграмма келіпті.

ӨМІР АЙДЫНЫ

Оқу жылы аяқталғанда әр шәкірттің пенделік тірлігі тек демалуға ғана бағышталмайды ғой. Каникулға шыққанда елге жеткенше асығатын Сәкен Омбыны қимаған адамдай ананы-мынаны сылтауратып жүріп алды. Алды –дария,өзіескексіз қайық сияқтанды.

Ешкім жоқ шер тарқатып, көңіл ашар,
Жүректің күйіп-жанған дертін басар.
Мұңымды жұртқа айтпаған саған шақтым
Жүрек – от, көңіл – дария, халім нашар!

Әрең дегенде Омбыдан аттанды-ау Сәкен. Ылаулап келе жатқан кешегі шәкірт, болашақ учительдің көңіл күйі әлемтапырық. Мұғалім болары айдан анық, «бірақ қай ауылға жіберер екен, онда мені түсінетіндер болса ғой, шіркін! Балаларын орысша оқуға беруге ұмтылушылар соңғы кезде мейлінше көбейді ғой, сонда да кімнің еркетотайы менің алдыма келер екен» – дегендей ойлар арадай талап, мазасын ала берді. Ақсары болысының орталығы Қотыркөлде өзінің досы Әбілқайыр Досовтың үйіне бір қонып, Бұланды, Жезтаудың қалың жынысын қақ жарып, Балуан Шолақтың Қыстауқарағайына бет бұрғанда, қалың керей мекендеген Бөрлінің үстінен түсті. Ташмағамбет Хамзин сол баяғы лесниктігінде екен, еліне бас-көз болып жүрген көрінеді. Жұман, Мұқыш, Кәкіштер кеше ғана Ақмолаға тақтай әкетіпті. Балуан ауылда болса, бір-екі күн аялдауы да кәдік. Ермек іздеген елге семинарияның жылтыр түймелі киімі таңсық әрі жаңалық болары сөзсіз. Шөкең Сәкенді оп-оңай жібере қойған жоқ, бірнеше үйден дәм татқызды. Сонда Сәкен Балуанның кескін-келбетінен көп сыр аңғаруға ұмтылды.

Тағы да бір ғажап ер Балуан Шолақ,
Бір қолы отқа күйіп, болған молақ.
Цирктің Корень деген балуанының
Қиратқан қабырғасын жалғыз қолы-ақ.

Жиналған бес дуан ел Сәтукеде
Көтерген елу бір пұт бір-ақ жол-ақ.
Қызықты ән шығарғыш, ақын балуан –
Шебері сырлы өлеңнің, емес олақ.

Кеспелтек, алшаң төстік, емес иір,
Денесі – болат құрыш, жігер шиыр.
Жалаңаш денесіне тіс батпайды,
Көк темір – бұлшық еті түйір-түйір!

Балуан Шолақ ауылынан көңілді аттанған Сәкеннің шабыт шалқары бүкіл ғарышты құшуға даяр. Алдағы абыройлы еңбекпен ел-жұртты ағартсам, қатарға қоссам деген тілек 1915 жылы 6-маусымда жазған «Көңіл» өлеңін еске түсірді.

Тұлпар мініп жүйткіп,
Құйындай ұшып ұйытқып,
Бір жерде көңілім тұрмайды.
Мұрадын іздеп,

«Дүниені кез» деп,
Басқаға мойын бұрмайды. –
Іздейсің не? – деп сұрадым.
«Көп – дейді, – тілек, мұрадым...–

деген өрелі оймен сахара астанасы Ақмолаға жетті.

Каникулге шыққан Мағжан Жұмабаев та өзінің 1915 жылы 8 сәуірде «Қазақ» газетінің 117 санында жарияланған «Көңіл» өлеңін еске түсіріп:

«Сұм көңілге разы емен мен,
Тез жанад да, тез сөнед.
Бір тілегін істесең сен,
Оған басқа ой келед – деп жастық желігіне бұрыла берді.

Бір жар іздеп, болса әуре
Таптым, бардым қасына.
«Аш құшағың, – дедім – сәуле!
Шомылып көз жасыма».

Жан ләззаты мен тән рахаты орындалғаннан соң:
«Жанып-күйіп сүйсе таңда,
Кешке сөнген ол отсыз.
Бүгін мұнда, ертең анда

Тым-ақ нәрсе ұятсыз, – көңіл соңына түспеуге шешініп, Сасықкөлдегі ауылына жеткен болатын. Мағжанның 1915 жылы «Қазақ» газетінде 22-сәуірде жариялаған «Жарыма» атты өлеңінің жазылу себебіне тоқтала кеткен жөн. Мағжанды зерттеушілердің көбі уақыт мерзіміне, ай-күн айырмашылығына қарамай, жыл есебімен, кейде кезең шамасымен ой толғап, дүниені сапырылыстырып келеді. Соның нәтижесінде оқушы қай жағына шығарын, қалай түсінерін білмей, дал болуда. Құдайға шүкір, бұрынғыдай Октябрьдің сағат-минутін санаудан құтылсақ та, тарихта ізі қалған қайраткерлердің әр күніне болмағанмен, айы мен жылына мейлінше сақ қарау қажет, өйткені XX ғасырдың өзі, оның ішінде төңкерістер дәуірі айрықша дәлдікті тілейді, талап етеді. Қас-қағым сәтте талай құбылыс болып жатқан кезде оқиғаға қатысқан адамдар әрқилы қияпатқа түсетінін көреміз. Сонсын, ақын-жазушы, қайраткер жөнінде осылай болған шығар деген қазақи долбарды қойып, тарихта бадырайып жатқан іздерін нақты және дәл көрсетіп, ғылыми арнадан айнымаған абзал. Бүгінгіні ертеңгіге айналдырып, абырой әпергенше, кешегі шындықты бұрмаламай айтсақ қана оқушы бізге сенеді, өткен оқиғаға өзі араласқандай сезінеді. Осы талап әсіресе Мағжан шығармашылығын зерттеушілерде кемшін, тіпті құйтырқысы бар-ау деген жерде деректерді сапырылыстыратын жаман әдет те жоқ емес. Мен оның бәрін тізе бермеспін, бірақ шындық өліп, жалған қорытынды жасалып жатса, амал не, ащы болса да қолымдағы деректерді келтірермін. Хамза Абдулиннен (1915) басқалар Мағжанды 1916 жылы үйленді дейді. Қалыңдығының аты – Зейнеп. Ол Қызылжар қаласының ауқатты азаматтарының бірі Шоқан Тастеміровтің Хадиша деген бәйбішесінен туған. Ал Хадиша – Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің қызы. Зейнептің сіңлісі София Тастемірова – қазақтың марқасқа жазушысы Хамза Есенжановтың жұбайы. Әрине, абырой-беделі мол Бекен өзінің өнерлі баласы Мағжанға қалыңдықты оңай жерден іздей қоймасы белгілі. 1908 жылдан Қызылжарда оқи бастаған Мағжанға азық-түлік апарып, қаражат жеткізіп жүргенде, Тастемірдің Шоқанына талай жолығып, табақтас болғаны сөзсіз. Бұлаңдап өсіп келе жатқан Зейнепті өзінің Мағжанына айттырғаны да даусыз. Үйлендіруге Мағжан мен Зейнептің жасы жетпегендіктен емес, «Ғалия» медресесінде білімнің қадір-қасиетін білген, Міржақып сынды ұстаз ақыннан, Ғалымжан Ибрагимовтай татардың ұлы жазушысынан орысша білім ал деген ақыл естіген Мағжан «құдалардың» қолына түспей жүрген болатын. 20 жасында Омбының оқытушылар семинариясының дайындық курсына апарған сиқырлы күш – оқу-білімге деген құштарлық еді. Сондықтан атастырылған Зейнебіне «Жарыма» деп өлең шығарып:

Жан жарым, ұзақ, қиын түстім жолға,
Алдымда түпсіз дария, сор да, ор да.
Бетпақ шөл, сусыз, отсыз, қайнаған құм,
Ысқырған жылан, шаян оң мен солда –

деп ескертуінің бір мәні осында еді. Қиялдағы мұратыма жетемін дегенді айтпағанымен, әке-шеше батасын аттамайтынын, адал жүрегінен айнымайтынын сездіріп, алтын сәуле болып алдымда жүре тұр, «жұлдызым боп төккейсің нұр» деп тілейді. Мағжанға салса, таяу арада оқудан қол үзуге, отау тігіп, аяғына тұсау түсіруге ықыласы жоқ. Алайда ата-ананың тілегі мен табиғаттың әмірі 1916 жылы Мағжанды дегеніне көндірді. Үйленді, күздегі оқуға дейін махаббат қызығына батты, дүниеде болып жатқан оқиғалардан бейхабар болды. Тіпті 1916 жылғы приемнің әлегі Мағжанның ауылына соқпаған сияқты. Оның мазасызданғаны байқалмайды. 1917 жылы 16 ақпанда «Қазақ» газетінде жарияланған «Орамал» өлеңін Жүсіпбек Аймауытов місе тұтпай, «ұлттың ыстығына күйіп, суығына тоңам деп жүрген ақынға 16-жылғы тарихи оқиғаны жалғыз кестелі орамалымен желпіп өткеніне көңіліміз жарымайды» (408-409-беттер) дегені осыдан болатын. Қайран қалатын бір жай осы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс жайында Сәкен де бір өлеңмен шектелген. 25-маусым жарлығы шыққанын Сәкен Ақмола уезінің батыс солтүстігінде мал санағын бүгінгі Астрахань, Атбасар, Ақкөл болыстарында өткізіп, Степногорскінің іргесіндегі Қарабұлақта отырған Сағынайдың паң Нұрмағамбетіне соғып, Қоржынкөл болысына келгенде, Нұралы балаларының аузынан естиді де, теңіздей толқыған халықты, жарлықтан шошыған елді көріп, дәстүрлі жырауларша Ерейменнің «Ащылы» көлінің басында:

Сұрапыл соққан күңіреніп,
Көл толқыны басылар.
Тітіреп дүмпіп жарылған,
Жер толқыны басылар.

Күйініш, қайғы іс түскен
Ел толқыны басылар.
Ел-жұртынан айырылған
Ер толқыны басылар.

Махаббат, қасірет толқыны
Басылмас ыстық жүректің.
Басылмас қайғы толқыны
Кернеген шерлі көкіректің, –

деумен тынуы ойланарлық жай. Ал, Мағжан «Орамал» деген өлеңін майданның қара жұмысына азаматтарды әкеткеннен үш-төрт айдан кейін жазған. Сағынышты білдірудің бір амалы – қазақ қыз-келіншектері орамал сыйлауы еді ғой. Осы дәстүрді сақтаған ақын «Алашорда 1916 жылғы көтеріліс кезінде ұлттық мүддеге сатқындық жасады деген пікір – сыңаржақ тұжырым. Сөз жоқ, халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне Алашорда қозғалысының жетекшілері тікелей қатынасқан жоқ, оның кейбір кезеңдерінде олар солқылдақтық позиция ұстап, табандылық көрсете алмады. Алайда алаш көсемдері көтерілісшілерге де, майданның қара жұмысына шақырылғандарға да сатқындық жасаған жоқ. 1916 жылғы көтеріліс бүкіл қазақстандық сипатқа ие болып, ұланғайыр Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыды. Көтеріліс ең алдымен отарлыққа қарсы бағытталды да, қазақ халқының ұлттық және саяси тәуелсіздігін көздеді, ал оның әлеуметтік мәні (ауылдың феодалдық билеуші тобына қарсы бағытталуы) екінші кезекте болды да, негізгі мақсатпен салыстырғанда екінші дәрежелі рөл атқарды» (К.Нұрпейісов. Алаш һәм алашорда. Ататек баспасы. 1995. 68-69-беттер) деген көзқарас біраз шындықтың сырын танып білуге жол көрсете алады. «Сатты, сатпады» деген кешегі күнгі ақ пен қара деп үйренгендерден қалған сілімтік ойлар екені даусыз, оған бола тарихи шындықтың өз ойының дәлеліне бұрмалап жатудың еш қажеттігі жоқ. Сонымен, оқу жылы басталды. Сәкен Сұлтан Абылайханов ауылында қазіргі Қарағанды облысы Нұра ауданының Энтуазист совхозы орналасқан Ахмет ауылында тұңғыш рет русско-киргизский школ ашып, бала оқытуға кірісті. Ал Мағжан болса семинарияның соңғы курсына келіп, Омбыдағы саяси өмірге құлшына араласты. Каникулдан қайтқан жастар ең әуелі «Бірлік» қауымының жұмысын қолға алды. Өйткені, қауым жетекшісі Шәймерден Әлжанов, оның орынбасары Сәкен Сейфуллин оқуларын тәмамдап кеткен-ді. Шәймерден Омбының бір ауруханасына бөлінгендіктен, қауым жұмысына бұрынғыдай белсене араласа алмайтынын мәлімдеуге тиіс болды. Сондықтан «Бірліктің» ұйымдастыру мәселесін шешу оп-оңай мәселе емес еді. Осы қозғалыстың басынан аяғына дейін ыждаһатпен араласқан адамның сөзіне құлақ қояйық. Бұл азамат Омбының оқытушылар семинариясын 1917 жылы бітіріп, өзінің елі Қазақстанда талай іс атқарып, республиканың прокуроры дәрежесіне дейін көтерілген, 1937 жылғы зұлматта зобалаңға кезігіп, 10-15 жыл түрмеде отырып, Колымаға айдалып жүргенде өмір тауқыметін аз көрсін деп бір көзінен айырылған, бірақ ақыл-есінен бір танбаған, өмір өткелдерін күні кешегідей сайрата баяндап, оқыған-тоқығанының мол екенін көрсеткен, өз бағытынан жаңылмаған, әңгімені келістіре айтып, дөңгелете жазып беретін дағдысынан айырылмаған Таутан Арыстанбеков еді. Оның «Омбы семинариясында» деген естелігінен «Бірлік» қауымының 1913-1917 жылғы тарихын еш бұрмаламай айтып бергенін көреміз. Ол кісінің деректерін мұрахатпен тексергенімде дәлме-дәл шығып отырды. Өзімен көңілдес, достас Сәкенге берген мінездемесі Сәбит Мұқановтың сипаттамасымен рухтас. «Сәкен ең алдымен өтірік дегенді білмейтін адам еді. Оның досы да, дұшпаны да көп болды. Солардың ешқайсысы не бұрын, не қазір Сәкеннің жалған сөйлегенін не көрдік, не естідік демеуге тиісті. Артық айтсын, кем айтсын, Сәкен үнемі ағынан жарылатын. Сонысынан өзі де кейде ұсталып қалатын, жолдастарын да ұстап беретін. Сәкен өсек айтуды білмейтін кісі еді. Сәкен ешкіммен де лезде достаса қоймайтын, достаса қалғандай болса, біржола берілетін. Сәкен аса тазалықты жақсы көретін, аса уәдешіл болатын. Уәделі ісін бұлжытпай орындайтын. Екі сөзді айтпайтын («Қызыл сұңқарлар». Естеліктер жинағы. 1970. 18-19-беттер) дегенді Таутанға жанастырар болсақ, онда Сәкеннің 1926 жылы «Қазір қасымда Шайбай екеуің ғана қалдыңдар» дегеніне әбден сенуге болады. Мұны айтқанда, Таутанның «Омбы семинариясында» атты естелігіндегі өз көзімен көрген, араласқан деректердің ешқайсысына күдіктене қарау орынсыз демекпін. Сәл қатқылдау советтік тілмен жазылғаны болмаса, «Бірлік» қауымынын ішкі мәселелерін Таутан былайша түйіндейді. «Сәкеннің Омбы дәуіріндегі әрекеті көбінесе «Бірліктің» төңірегінде өтті деуге болады. Омбыдағы 100-ге тарта қазақ шәкірттерінің басын қосып, 1913 жылдың күзінде ұйымдастырушылар Ш.Әлжанов пен Сәкен екен. Ұйым басшылығына да осы екеуі сайланыпты. Әлжанов – председатель, Сәкен – орынбасар. «Бірлік» ұйымы алғаш құрылуында тек қана «әдеби ұйым» деп құлақтандырылған көрінеді. Бұған «әлеуметтік» немесе «Саяси» деген атақты жалғастыруға осы кезде, әрине болмайды. Бірақ ұйымның негізгі мақсаты – әлеуметтік әрекеттер (оқушы жастарға қоғамшылдық тәрбие беру, ел арасында патша өкіметінің қысымына қарсы үгіт-насихат жүргізу сықылды) екенін «Бірліктің» әрбір мүшесі бірінші күннен-ақ жақсы білген. Сондықтан көп ұзамай «Бірліктің» ішінен екі жік шығады – «оңшылдар» және «солшылдар» топтары. «Оңшылдар» тобын Мағжан Жұмабаев (семинарист), Сейітовтер, ал «солшылдар» тобын Ш.Әлжанов пен Сәкен бастады». («Қызыл сұңқар». Естеліктер жинағы. 1970. 103-104-беттер) дегендер біздің мұрахат арқылы баяндағандарымызды растаудың үстіне жаңа, тың деректер қосып отырғанын көреміз. 1916-1917оқу жылына келгендер «Бірліктің» жетекшісін сайлау мәселесіне асыққан себептерінің бірі ертеден келе жатқан пікірталастары болса, екіншіден, Сәкен мен Шәймерденнің оқуларын тәмәмдап, қауым ісіне араласпаулары болды. Оның үстіне 25 маусым жарлығы да шәкірт ұйымына белгілі міндет-парыз артатындай болып көрінгені тағы бар. Тездетіп жиналыс шақырып, төраға сайлап алу қажеттігі өзінен-өзі туды. Міне, осы тұста бұрынғы әңгіменің шет жағасын білетіндер «оңшылдар мен солшылдардың екі орталығында бейтараптау жүрген Мұхтар Саматовты председательдікке сайлады» (Бұл да сонда. 104-бет).

АҚПАННЫҢ ЖҮЗІ ЖЫЛЫ

1917 жыл Ақпан төңкерісі Ресейдің өзіне не әкелгенін былай қойғанда, қан-жоса болып жатқан қазақ даласы үшін аспаннан түскен ұлы олжа болды. Патша құлады, ақ түйенің қарны жарылды деген сүйінші жырлар, қуанышты хабарлар бүкіл сахараны кезіп, «уһ» деп дем алғызғаны тарихи шындық. Және бір ғажабы, жер мойны қаншама шалғай болса да, Дала уәлаятының орталығы Омбы жаңалығы Сарыарқаның кіндігіндегі Ақмолаға түп-түгел жетіп жатты. Ұлы жаңалықты естіген ауыл учителі Сәкен 1917 жылы 9 наурыз күні:

Жер мен көкке нұр шашып,
Көрінді таң жалтырап.
Шаттық тасып, лүпілдеп,
Соқты жүрек қалтырап.

Күнге жайып құшақты,
Шақырып бері шаттандық.
Қуантуға ел-жұртты
Асығып тез аттандық, –

деп Ақмола қаласына келіп, саясаттың мыс қазанына күмп беріп түсті де кетті. Міне, осындай сәтте Мағжанның да қапы қалмасы белгілі сияқты болғанымен, ақпанға арналғаны байқалмайды. Өйткені ол кезде өлеңді публицистика басып кетті. Қазақ даласындағы саяси, әдеби-мәдени құбылыстардың көбі Омбыдан тарамданғанын ескерсек және Мағжан мен Сәкеннің бар қайраткерлігі Омбыға байланысты болғанын жадымызда ұстасақ, онда олардың кіндік қалада болған-болмағанын есепке алмай, облыс көлеміндегі істердің басы-қасынан көріп, белгілі ой түйіп отырғанымыз абзал. 19-қазанда болған оқиға жайында Мұсылманбек Сейітұлы мен Мағжан Жұмабайұлы ұсақ-түйегіне дейін әсерлі баяндайды. «Сағат 1-2 шамасында облыстық қазақ комитетінің мекемесіне Омбы уезінің қазақ комитетінің төрағасының орынбасары Ш.Әлжанұлы мен хатшысы А.Қылышбайұлы келді. Қастарында үш қазағы бар. Қазақтардың жеңдерінде «Омбы уезінің милициясы» деген жазулы шүберегі бар. 10-15 минут өтпей, 50-60 қазақ ертіп Омбы уезінің қазақ комитетінің төрағасы Мұқан Айтпенов келді. М.Сейітұлын тұтқындап, «Облыстық комитеттің төрағасының бөлмесінде отырған Жұмабайұлы, Торсанұлы, Әділханұлының үстіне күшпен кіргізеді» де, Мұқан Айтпенов өзі ертіп келген топқа қарап сөйлейді: «Сіздер – қара бұқарасыздар. Облыстық қазақ комитетінің мүшелері – монархист-патшашыл. Облыстық қазақ комитеті сіздердің тірліктеріңізбен, сіздердің дегендеріңізбен бір мәселені шешті ме?» – дегенде, жиналған топ: «Жоқ! Жоқ. Үйтіп көрген жоқ!» (103-бет) деп жауап қайырған көрінеді. Мұқан бұдан басқа талай айыптар тағып, кінәлар айтып, «Октябрьдің 20-да, сағат 12-де облыстық қазақ комитетінің қара бұқараға сенімсіз мүшелері енді бұдан былай облыстық қазақ комитетінің міндетін мойындарына алмайтындығын білдірсін» деген шешімге комитет хатшысы қол қоймаған соң «сол арада Сейітұлын тұтқынға алады. Және Жұмабайұлын тұтқын қылды. Жұмабайұлына Әлжанұлы айтты: «Сіздің тағдырыңыз менде. Сіздің диктаторыңыз – мен!» – деді. Сонан соң тұтқынға алған мүшелерді айдап, топ «милиционерлерімен» Тұрлыбайұлының пәтеріне қарай жүрді. Жолшыбай кездескендерге Айтпенұлы: «Міне, біз патшашылдарды айдап келеміз!» – деп отырды» (105). Айдархан Тұрлыбайұлын үйінен таппақ ниеттері жүзеге аспады. Тәртіп сақтау орындарына күні бұрын хабарлап қойған соң топтың өзі қамауға түседі. 21-қарашадағы отырыс «Омбы жатақтарының ереуілін ілтипатқа алуға тұрмайтын іс деп табуға, бұларды адастырған Айтпенұлы, Әлжанұлы, Қылышбайұлы және басқалар деп табуға және сот алдында жауап қайтартуға» шешім қабылдаған мәжілісхатқа Ақмола облыстық комитетінің төрағасы Тұрлыбайұлы, орынбасары А.Б.Сейітұлы, мүшелері: Мұқышұлы, Жұмабайұлы, Жантасұлы, хатшысы М.Сейітұлы (106-бет) қол қойды. Мен осы оқиғаға қатысқан қайраткерлер мен азаматтардың аты-жөнін әдейі толық келтіріп отырмын, өйткені олар бүкіл Солтүстік Қазақстанда болған қозғалыстың бел ортасында болумен қатар, Мағжан мен Сәкеннің тағдырларына тікелей араласқан жандар. Сонсын, болған оқиғаны әшейін атай салмай, кімдердің күш-жігерімен атқарылғанын нақтылай көрсеткен орынды. Сонда ғана алашшыл, ұлтшыл, байшыл, төңкерісшіл деген дерексіз сөзден құтылып, кімнің қандай іске араласқанын анық білеміз, соған қарай ой қорытамыз. Сонымен осы арада басы ашылмай келе жатқан бір мәселе – Мағжанның түрмеде бірнеше ай жатып шығуы. Әлгі баяндауда Мағжан уездік қазақ комитеті пәрмені бойынша тұтқындалғанмен, Айдархан пәтері маңында босатылып, 21-қарашада комитет отырысына қатысқанын көріп отырмыз. Әрине, мұны абақтыға жабылу деуге келмес, бірақ кейінгі қою оқиғалардың алғашқы хабаршысы екені даусыз. Қазан төңкерісі төбеден жай түскендей құбылыс еді. Оны жатсынбай қабылдағандар ішінде Сәкен болғанын жасыра алмаймыз. Сәкен жалпы демократиялық желеуді емес, таптық мақсатты жыға түсінген, еңбекші елдің мұрат-мүддесін жоқтаған, сөйтіп өзінің халқына адал еңбек ететін қайраткерлігін жасырмаған, көлгірсуді білмеген.

Кел, жігіттер, Жер жүзінде
Болыңдар ер, Бай мен кедей
Жүйткіт, Шабысқанын айтайық.
Орғыт тұлпарды! Кедей сүйер,

Жаз қанатты, Байлар күйер,
Сілте қатты, Ауыздан от шашайық.
Ұйытқыз, өрлет сұңқарды, Салып ұран,
Зұлымдық пен «Кедей құрал»,

Әділдіктің Кедейден топ жасайық!
Алысқанын айтайық. –

деген мән-мағынасы айдан анық түсінікті сол кездегі қоғамдық қозғалыстың өзі ауызға салғызған еді. Мақсат-мүлдені анық айтып, түсінікті тілмен жазып беруді коммунистік идеология, оған қызмет етер партиялық әдебиет принципі талап еткен болатын. Бұған қарап осы шумақтардан поэзия таппай, жүрек сөзі екенін аңғармай, жалаң ұран, саясат деп табу қарапайым танымның өзіне жасаған қиянат болар еді. Сондықтан Сәкенге «Сен лирика жазбадың, мәңгілік тақырып – махаббат, сезім күйлерін жырламадың» деп кінә тағу, ең аз дегенде, әдебиеттің әлеуметтік мән-маңызын ұмытумен пара-пар болар еді. Уақытында айтылған, жазылған сөздің бағасы, қадірі мейлінше жоғары, өйткені ол уақыт шындығын көрсетіп, сана-сезім қылын дөп басады. Қоғам ісі, әлеуметтік күрес-талас барысы, ой-сана мақсаты араласпаған, бүгінгі күн шындығынан сырт қалған шығарманың әсері шамалы. Өйткені, В.И.Ленинше айтсақ, адам қоғамда өмір сүрген соң, оның ықпалы мен әсерінен тыс бола алмайды. Ал ақын сол қоғамның ең сезімтал да айбынды мүшесі екенін жадымыздан шығармаған абзал. Бір ғажабы, Мағжанның не Ақпан, не Қазан төңкерісіне арнаған өлеңі жоқ және әр өлеңін қай кезде жазғанын көрсетіп отырмайтын әдеті біраз зерттеушілерді дәл, нақты айту, талдау мүмкіндігінен айырып, әйтеуір сол кезде деген долбар жасатып келеді. Қазан төңкерісінен алты күн бұрын болған және Мағжан тікелей араласқан оқиға ең күрделі төңкерістің хабаршысындай болғандықтан, қазақ ақындарына, оның ішінде Мағжанға қолына қалам алуға мұрсат бермеді. Көркемдікті шындық жеңді. Оны біз, кейінгі зерттеушілердің бәрі түгелдей дерек-мағлұмат алып жүрген, бірақ социологиялық ойына қарсы шығатын Сәбит Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. 1-бөлім (ұлтшылдық, байшылдық дәуірі) деген аты шулы 1932 жылғы еңбегінен көреміз және «Төңкеріс алдында өлеңді қардай боратып жүрген Мағжан февраль туғаннан кейін көркемдік сезімінің тілін байлады. Ол февральға арнап өлең жазған жоқ. Февраль туа сала бұрынғы мақсатын тілмен емес, қолмен орындауға кірісті. Елге сайлауға шықты. Ауылда «Алашорданың» бұтақтарын – комитеттерін ашты. Одан келе уездік, облыстық комитеттерді ұйымдастыруға белсеніп ат салысты. Одан Орынбордағы «Алаш» съезін шақыруға көмектесіп, «Алаш» партиясының Орталық Комитетіне мүше болып өтті. Қысқасы, Мағжан февраль туған кезде, өз тілегін орындау үшін, қаламды сандыққа сала тұрып, таза байлар партиясының тез құрылуы, үкіметке ие болу ісімен шұғылданып кетті. Мағжанның нақ февральға арнап шығарған өлеңдері жоқ. Ол февральді тілмен емес, қолмен, іспен қарсы алды» (225-бет) дегенін Қазан төңкерісіне де қатыстыра айтуға болады. Омбы облыстық қазақ комитетіне Қажымұқанға қызылту көтертіп келген Мұқан Айтпенов Мағжанды төраға кабинетіне қамап, Айдархан Тұрлыбаевтың үйіне жеткен сәтте өздері тұтқындалатын құбылысты ойын жолы десе де болғандай. Қоғам ісіне араласқандардың түрме есігін көрмей кететіндері некен-саяқ. Мағжанның абақты жайында жазуға аз да болса тәжірибесі бар-ды. Өзінің ұстазы Міржақып Дулатов патша охранкасының қолына түсіп, түрмеге қамалғанда «М.Д.-ға», «Жауға түскен жанға», «Тұтқын», «М.Д. абақтыдан шыққанда» деген өлеңдер жазды. «Кеудеде – от, іште – жалын, көзде – жас» екенін жырға қосқанда:

Қайғыланба, сорлы тұтқын, еш нетпес,
Күн батқанмен, таң атпайтын түн жетпес.
Ержүректі азаматтың басына
Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес!

дегенді Міржақып абақтыдан босағанда:
Қайта шықты батқан күн, нұр шашылды,
Мың шүкірлік тәңірінің бергеніне, –

деп қуанған Мағжан 1918 жылдың қаңтар-мамырында өзі де түрменің дәмін татты.

ОМБЫДА КҮНДЕ ЖИЫН

Омбы облыстық қазақ комитеті 23 сәуірде съезд өткізбекке дайындалды. К.Нұрпейісов тілімен айтсақ, «1917 жылғы көктеммен жаз айлары қазақ қауымының қоғамдық-саяси өмірінің барынша жанданған» кезінде (Алаш һәм алашорда. 1995. 89-бет) Омбы басында жүрген Мағжанның әлеумет ісінен сырт қалуы мүмкін емес. Облыстық съезді дайындау кезінде өзінің белсенділігімен көзге түскен, оған дейін де ел аузында, жұрт көзінде жүрген Мағжан түгіл, жаңадан талпына бастаған жастар жайында Омбының коалициялық (біріккен) комитеті 11 сәуір күні ауылшаруашылық училищесінің директоры «просит Вас освободить от летней практики и до Учредительного собрания учеников вверенного Вам училище Толусбаева, Кеменгерова, Садвокасова и Саматова в виду командирования их в Киргизскую степь в качестве комиссаров по организации местного управления и созыва киргизских депутатов» (Омбы архиві, 661-фонд, 1-тізім, 32-іс, 20-бет) деп жатса, 13 сәуірде 104 санды қағазбен Омбы облыстық қазақ комитеті Біріккен комитетке «сообщает, что к 23-му сего апреля созывается съезд киргизских депутатов для обсуждения вопросов, касающихся киргизской жизни применительно к новому государственному строю» (сонда, 21-бет) дегендердің бәрі дайындыққа байланысты болса, енді съезді өткізу жөніндегі облыстық комиссия мүшелері Шәймерден Әлжанов, Әбілқайыр Досов, С.Седриков, М.Бергалиев облыстық қазақ комитетімен, оның басшысы Айдархан Тұрлыбаев, хатшысы Жантасовпен келіспей, өз тараптарынан ел-жұртқа жарнама таратты. «Үшінші жалпы съезд. 17 апрельде Ақмолаға қараған бір областной елдің жалпы съезі болмақ. Съезге әрбір уезден, болыс басынан бір делегат жіберуді тез уақытпен уездной һәм болстной комитеттеріне тапсырылады. Болыс басынан сайланып келетін құрметті делегаттар таза, халыққа шын пайда келтіруші кісілерден жіберуге, бұрынғы елдегі нашар, кедей сорлының етін сыпырып, терісін сойып, қанын сорып дәндеген, халықтың пайдасын ойламай, өлімтікке қонған қарақұстай түйдектеп соғушы би, болыс, стражник, һәр уездік комитет басынан мінін алып, «Алаштың» атын көтеріп, тірідей союшы залым жемқор сабаздарды жібермеуді ел ақсақалдарынан, оқыған жас, жаңа өспірім талапкер мырзалардан Областной комиссия ағзалары өтінеді. Кедейін жылатып, көзінен қанды жас ағызған мырзалар келгені білінсе, съезден қуылып шығарылады. Мұның үшін бұл съезге жіберілетін делегаттар жоғары айтылған залымдардан болмай, асса бүкіл облыстың мойнынан қамыт, маңдайынан соры кетпеген қазақ сорлының көз жасына қалып, қалса бір облыс жұмысына бөгет болмайтын ел ақсақалдарын, жас жүрек, жаңа талап оқығандарын жіберуді өтінеміз» (Омбы архиві, 197-фонд, 23-іс, 25-бет) дегендеріне қарағанда, Шәймерден мен Әбілқайыр Облыстық қазақ комитетінің іс-әрекеттеріне көңілі толмақ түгіл, бүкіл бағыт-бағдарларына қарсы болғандығын аңғарсақ керек. Олар съезге жиналған 250 адамның қатарында болғанымен, облыстық жетекші орындардың, әсіресе облыстық комитеттің құрамына сайланбады. Олай болатын ыңғайы барын өздерінің арнайы шақырған, «ел сайламаса да делегаттық правосы бірдей болады» деген өкілдерінің құрамы сол кездің өзінде-ақ оппозициялық пиғылда боларын көрсеткендей. «Съезге арнап Үш жүздің құрметті ақсақалдары: Шынқожа Бекхожин, Бәйсейіт Әділов, Сәдуақас Сейфуллин, Ермұхамбет (Ершік) Тоқпаев, Әділбек Майкөтов, Ахмет Баржақсин, Рахымжан Дүйсенбаев, Жетібай Батырбаев, Сұлтан Абылайханов, Үсен Қосаев, Торсан Тілемісов, Сатыбай Байғошев, Ташмағабет Хамзин, Рүстем Шонаев, Боранбай Жазыбаев, Қаңтарбай Жолтаев, Мұса Есдәулетов, Сабды Елубаев, Ысқақ Малбердіхожин, Әлжан Жұманов, Ысқақ Көбеков, П.Толысбаев, Зейнелғабиден Әмрин, Шамиль Ташымов, Есмағамбет Жаңбыршин, Базарбай Сағынтаев, Қасым Жантолин, Байнияз Бабаев, Темірхан Тоқтыбаев, Бексейіт Бұлқайыров, Қыси Осипов (әлде Жүсіпов), Домақ Иосифов, Семей облысынан өтініш: Мырза Әлжанов, Итбасов, Мырза Ақпаев. Бұл мырзалар ел сайламаса да правосы бірдей болады» (бұ да сол бетте) деген хабарда аталғандардың ішінде Ақпаевтан басқасы Алаш басшыларының аузына түспеуі былай тұрсын, ойына да келмеген есімдер. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінің беттерінде бұл адамдардың қайсыбірі жайсыз аталғаны болмаса, анау-мынау тізімде, съезд шешімінде, депутат, делегат құрамында кездеспейді. Әрине, жұрттың бәрін неге білмеген деп кінәлау орынсыз болар, алайда көзге түсіп жүргендерді қасақана елемеудің белгілі себебі болса керек. Омбыда 25 сәуірден 7 мамырға дейін облыстық қазақ съезі өтті. Уақыт дүмпуін аңғарту үшін бұрын көзге іліп алмай келе жатқан халықтың тыныс-тіршілігін «Омский телеграф» газеті 29 сәуірде былайша хабарлапты: «25 апреля в помещении новой семинарии состоялось открытие Киргизского съезда. Председателем избран А.Т.Турлубаев, его помощниками Дулатов и Итбаев. На открытии съезда присутствовали: Командующий войсками Омского военного округа генерал-майор Григорьев, председатель Коалиционного комитета Н.А.Филатов, Комиссар степного края К.Б.Законев, справедливо заметивший в своей речи, что слово «инородец» теперь не существует, его заменило гражданин киргиз». Вообще съезд обещает быть весьма интересным. Это первый инородческий съезд в истории России, где вскроется много наболевщих вопросов и нужд» дегені бұл съезге айрықша назар аудару қажеттігін аңғартады. Бұл съезге Міржақып Дулатов Торғай облысының өкілі болып келсе де, оған деген ел құрметі төралқа төрағасының орынбасары етіп сайланып, тіпті даулы мәселеге де араластырып жіберді. 29 сәуірде комиссия атынан охранканың жансызы болып келген қорғандық қажы Дүйсенбай Тұрановтың әбес қылығын съезге хабарлап, «Қазақ» газетіне жазуына тура келді. Омбы съезінде 19 мәселе қаралды, 7 мамыр күні Облыстық қазақ атқару комитетінің құрамы сайлатып, төраға присяжный поверенный Айдархан Турлыбаев, оның орынбасары (жолдасы) Сейілбек Мейрамұлы Жанайдаров, Асылбек Жұманұлы Сейітов, хатшы Сәдуақас Жантасов, мүшелері Ерқосай Мұқышев, Байсейіт Әділов, Ермұхамед (Ершік) Тоқпаев, Мағжан Бекенұлы Жұмабаев, Төлебай Барлыбайұлы Нұралин, Қази Торсанов болды (Омбы архивы, 369 фонд, 1 тізім, 6 байлам, 231 сақтау орны, 22-бет). Мағжан облыстық Қазақ комитетіне сырттан сайланған, өйткені ол 1-7 мамырда Москвада өткен жалпы мұсылман съезінің жұмысына қатысып, мақала жазған болатын. Омбы облыстық қазақ комитетінің атынан Батыс-Сібір советтерінің съезіне делегат болып жіберілді. Оның үстіне бірінші бүкіл қазақ съезіне қатысып, оқу комиссиясының мүшесі болуы Мағжанның әлеуметтік қайраткерлігінің осы тұста айрықша екпінді сипат ала бастағанын көрсетеді. Бұл кезде қалам қайраткерлігі көп аңғарыла бермейді, анық байқалмайды, соған қарағанда 1917 жылдың дауылды күндері мен түндері қаламға мұрсат бермеген сияқты. Сәкен ақпанда асығып Ақмолаға аттанғандықтан, Қазан төңкерісіне дейін қолына қалам алмады. Оның есесіне әлеумет ісіне құлшына араласты. Жалпы қазақ съезі шешуші де өтпелі кезең болды. Әр жерде әрқилы талпыныс, ізденістер болып жатты. Ақмола уезінің сотына да, биіне де айналған. «Жас қазақ» ұйымы мен қазақ комитеті қажы-молдаларды, би-болыстарды өзіне қас қылып үлгерді. Тамызда Ақмола уездік съезі болып, оған Ақмола облыстық қазақ комитеті төрағасының орынбасары, бірінші жалпы қазақ съезі хатшыларының бірі болған Асылбек Сейітұлы арнайы қатысып, жалпы қазақ съезінің қалай өткенін, «Жас қазақ» ұйымының федеративтік республиканы таңдаймыз деген идеясының қалай өткендігін, Құрылтай жиналысына кандидат етіп Рахымжан Дүйсенбаев пен Сәкенді өткізгендерін айтқанда, Сәкен «Олжабай, Нұрмағамбет тәрізді адамдардың батасын алған тізімде біз болмайтын шығармыз, – деп Сейітұлымен қақтығысып, айтысып қалды. – Тізімнен өзімді өшіртіп тастадым», – деп еске алады да, араларына сызат түсе бастағанын аңғартады. Уездік «съездің маңайы сыбыр-сыбыр сөз. Топ-топ жиналыс. Съездің көпшілігі болыстар мен молдалардың ықпалына түсіп... Комитетке «Жас қазақтың» бастықтарынан ешкімді кіргізбеді. Сөйтіп, біз комитеттен шығып қалдық. Облыстық комитеттің өкілі «А.Сейітов енді бізді қуды. Қошмұқамет Кемеңгерұлы, Д.Әділұлы, Бірмұқамет Айбасұлы Ақмоладан кетіп қалды». («Тар жол, тайғақ кешу». 1960, 78-бет) деген деректердің бәрі де саясат қазаны қайнап, нақты істер басталғанынан хабар береді. Мүмкіндігінше, бүкіл қазақ даласындағы оқиғаларды қамтуға талаптанғанымен, Солтүстік Қазақстандағы оқиғалардың өсіп-даму процесіне көбірек назар аударып отырмыз. Өйткені ең шешуші де қою оқиғалар Омбыға байланысты болған-ды. Әрі-беріден соң 1917 жылдың екінші жартысынан 1921 жылдың мамырына дейінгі көптеген қиястықтардың Омбымен ішек-қарны араласып жатты. Монархияның мұрагерімін деп санаған Колчак ылаңының әсері күшті болды. Сондықтан бұл кезеңді сағаттап болмағанмен, күндеп, апталап шығарсақ, Мағжан мен Сәкенге ғана емес, бүкіл азаматтық тарихымызға зиянын тигізіп, деректерді «сапырылыстыра» пайдаланып жүргендердің сыры ашылады. Бұл «әдіске» біреу білмей барса, екіншілер әдейі шатастыру үшін барып жүргенін аңғаруға мүмкіндік туады. Сонымен, Сәкендер Ақмола уездік қазақ комитетінің билігінен айырылып, енді «Жас қазақ» ұйымы мен «Тіршілік» газеті арқылы ғана іс-әрекет жасайтын күйге түсті. Ең мықты құралдары – үгіт пен насихат. Бірнеше съездерге делегат болып қатысқан Мағжан Жұмабаев Ақмола облыстық қазақ комитетіне сыртынан сайланды. Бұл оның абырой-беделінің өскендігінің белгісі екені даусыз. Ақындығы да, азаматтығы да жәрдемдесті. Оған жүктелер оңтайлы жұмыс саласы оқу-білім арнасы екені өзінен-өзі түсінікті. 1920 жылы Петропавл қаласында қазақ мұғалімдерінің Омбы губерниялық курсы ашылғанда өз қолымен толтырған анкетада негізгі мамандығым «киргизская словестност» дегеніне қарамай педагогикадан, қазақ тілі мен ұлт тарихынан лекциялар оқып келгенін жазыпты. Ал жұмыс стажы деген бапқа «7 лет литературной национальной деятельности. Был лектором педагогических курсов 1918 г.г. Омске, в 1918-1919 г.г. заведавал на 2-х годичных педагогических курсов в Омске, читал лекции на краткосрочных курсах в 1919 г. В С.Белиевка (Полтавка) Омского уезда. Сотрудничал в журнале «Айкап» в г. Тройцке по общепедагогическим вопросам» (Омбы архиві, 312-фонд, 1-тізім, 69-іс, 287-бет. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қоры. 463-папка) дегеніне қарағанда, Мағжан қайраткерлігін көбіне-көп осы саладан іздестіріп, аралас-құралас болған оқиғаларды да тарамдата баяндасақ, тарихи шындықтың шырайын шығарып отырамыз. Мағжан бірінші жалпы қазақ съезіне Ақмола облыстық комитетінен барған екі делегаттың бірі болып, Омбыға күзге қарай оралған сияқты. Архив және ауызекі деректерге қарағанда, Омбы қаласында Ақмола облыстық қазақ комитеті және Омбы уездік қазақ комитеті қатар жұмыс істеген және бір-бірімен жараса бермеген сияқты. Осының ең бір шығанға шыққан оқиғасын Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуде» былай суреттейді: «Үкімет Керенский қолында. Үкіметтен жатақтарға, жәмшіктерге, қара жұмыскерлерге қайыр жоқ. Не де болса өздерінің қол күштерін жұмсамақ. Бастықтары М.Айтпенұлы, Ш.Әлжанұлы, А.Қылышбайұлы – бәрі Омбының уездік қазақ комитетінің басындағы адамдар. Міні, соларды алдына салып, жүз шамалы жатақ, жәмшік Ақмоланың облыстық комитеті мекемесіне жөнелді... Балуан Қажымұқанның қолында қызыл ту... Айтпенұлы, Әлжанұлы, Қылышбайұлы он шақты жатақтар мекемеге кіріп, облыстық қазақ комитетінің мүшелерін отырған орындарында ұстайды, тұтқынға алады. Кейбіреулерін ұрады. Облыстық қазақ комитетінің төрағасы адвокат А.Тұрлыбайұлын таба алмайды. Сейітұлы мен Жұмабайұлын айдап, Тұрлыбайұлының пәтеріне келеді. Тұрлыбайұлының пәтерін қамап алып, бекітулі есігін тепкілейді. Тұрлыбайұлы көрінбей бұғып жатып алады. Ол екі арада Керенский үкіметінің атты әскері келіп, милиция отряды келіп, тұтқындағы Сейітұлы мен Жұмабайұлын босатып, ереуіл жасаушылардың өзін тұтқынға алады... Міне, «Үш жүз» партиясын жасар алдында Омбы жатақтарының бір ереуілі осы» (1927. 96-97-беттер, 1960. 101-102 беттер). Бұл күрделі және жалғасы болар ірі оқиға Омбы қаласында 1917 жылы 19 қазанда, яғни Қазан төңкерісінен 6 күн бұрын болады. Мұны ауызбірліктің жоқтығы деуге де, немесе мақсат-мүлденің алшақтығы деуге де болатын шығар. Қалай болған күнде де осылайша жіктелудің, ырың-жырың болудың зардабы кейін аз болған жоқ. Оны Ақмола облыстық қазақ комитетінің екі күннен кейін яғни 1917 жылы 21 қазанда Тұрлыбайұлы, С.Жантасұлы, М.Жұмабайұлы, А.Сейітұлы, Е.Мұқышұлы, Е.Тоқпайұлы, Қ.Торсанұлы және жаңадан қосып алған мүшелері Е.Итбайұлы, М.Саматұлы, М.Сейітұлы қатысуымен өткен кеңестің №132 мәжілісхатынан көреміз. Оны Сәкен түгелдей келтіреді. 19 қазанда болған оқиға жайында Мұсылманбек Сейітұлы мен Мағжан Жұмабайұлы ұсақ-түйегіне дейін әсерлі баяндайды. «Сағат 1-2 шамасында облыстық қазақ комитетінің мекемесіне Омбы уезінің қазақ комитетінің төрағасының орынбасары Ш.Әлжанұлы мен хатшысы А.Қылышбайұлы келді. Қастарында үш қазағы бар. Қазақтардың жеңдерінде «Омбы уезінің милициясы» деген жазулы шүберегі бар. 10-15 минут өтпей, 50-60 қазақ ертіп Омбы уезінің қазақ комитетінің төрағасы Мұқан Айтпенов келді. М.Сейітұлын тұтқындап, «Облыстық комитеттің төрағасының бөлмесінде отырған Жұмабайұлы, Торсанұлы, Әділханұлының үстіне күшпен кіргізеді» де, Мұқан Айтпенов өзі ертіп келген топқа қарап сөйлейді: «Сіздер – қара бұқарасыздар. Облыстық қазақ комитетінің мүшелері – монархист-патшашыл. Облыстық қазақ комитеті сіздердің тірліктеріңізбен, сіздердің дегендеріңізбен бір мәселені шешті ме? – дегенде, жиналған топ: «Жоқ! Жоқ. Үйтіп көрген жоқ!» (103-бет) деп жауап қайырған көрінеді. Мұқан бұдан басқа талай айыптар тағып, кінәлар айтып, «Октябрьдің 20-да, сағат 12-де облыстық қазақ комитетінің қара бұқараға сенімсіз мүшелері енді бұдан былай облыстық қазақ комитетінің міндетін мойындарына алмайтындығын білдірсін» деген шешімге комитет хатшысы қол қоймаған соң «сол арада Сейітұлын тұтқынға алады. Және Жұмабайұлын тұтқын қылды. Жұмабайұлына Әлжанұлы айтты: «Сіздің тағдырыңыз менде. Сіздің диктаторыңыз – мен!» – деді. Сонан соң тұтқынға алған мүшелерді айдап, топ «милиционерлерімен» Тұрлыбайұлының пәтеріне қарай жүрді. Жолшыбай кездескендерге Айтпенұлы: «Міне, біз патшашылдарды айдап келеміз!» – деп отырды» (105). Айдархан Тұрлыбайұлын үйінен таппақ ниеттері жүзеге аспады. Тәртіп сақтау орындарына күні бұрын хабарлап қойған соң топтың өзі қамауға түседі. 21 қарашадағы отырыс «Омбы жатақтарының ереуілін ілтипатқа алуға тұрмайтын іс деп табуға, бұларды адастырған Айтпенұлы, Әлжанұлы, Қылышбайұлы және басқалар деп табуға және сот алдында жауап қайтартуға» шешім қабылдаған мәжілісхатқа Ақмола облыстық комитетінің төрағасы Тұрлыбайұлы, орынбасары А.Б.Сейітұлы, мүшелері: Мұқышұлы, Жұмабайұлы, Жантасұлы, хатшысы М.Сейітұлы (106-бет) қол қойды. Мен осы оқиғаға қатысқан қайраткерлер мен азаматтардың аты-жөнін әдейі толық келтіріп отырмын, өйткені олар бүкіл Солтүстік Қазақстанда болған қозғалыстың бел ортасында болумен қатар, Мағжан мен Сәкеннің тағдырларына тікелей араласқан жандар. Сонсын, болған оқиғаны әшейін атай салмай, кімдердің күш-жігерімен атқарылғанын нақтылай көрсеткен орынды. Сонда ғана алашшыл, ұлтшыл, байшыл, төңкерісшіл деген дерексіз сөзден құтылып, кімнің қандай іске араласқанын анық білеміз, соған қарай ой қорытамыз. Сонымен осы арада басы ашылмай келе жатқан бір мәселе – Мағжанның түрмеде бірнеше ай жатып шығуы. Әлгі баяндауда Мағжан уездік қазақ комитеті пәрмені бойынша тұтқындалғанмен, Айдархан пәтері маңында босатылып, 21 қарашада комитет отырысына қатысқанын көріп отырмыз. Әрине, мұны абақтыға жабылу деуге келмес, бірақ кейінгі қою оқиғалардың алғашқы хабаршысы екені даусыз. Қазан төңкерісі төбеден жай түскендей құбылыс еді. Оны жатсынбай қабылдағандар ішінде Сәкен болғанын жасыра алмаймыз. Сол үшін ол совет заманында айрықша, тіпті шамадан тыс мадақталды, құрметтелді. Енді совет өкіметі құлағаннан кейін сол әрекеті үшін кінә тағып, даттаудан аулақпын, қайта алған бағытынан айнымады, көздеген мұратының не екенін білді, табандылығын көрсетіп, азаматтығын танытты десек орынды болмақ. Өйткені замана өзгеріп, түбірінен қопарылып жатқанда, өзінің жүрер жолынан, көздеген мақсатынан айырылмау көп адамның қолынан келе бермейтінін қазір де көріп отырмыз. Сәкен жалпы демократиялық желеуді емес, таптық мақсатты жыға түсінген, еңбекші елдің мұрат-мүддесін жоқтаған, сөйтіп өзінің халқына адал еңбек ететін қайраткерлігін жасырмаған, көлгірсуді білмеген.

Кел, жігіттер, Жер жүзінде
Болыңдар ер, Бай мен кедей
Жүйткіт, Шабысқанын айтайық.
Орғыт тұлпарды! Кедей сүйер,

Жаз қанатты, Байлар күйер.
Сілте қатты, Ауыздан от шашайық.
Ұйытқыз, өрлет сұңқарды, Салып ұран
Зұлымдық пен «Кедей құрал»

Әділдіктің Кедейден топ жасайық!
Алысқанын айтайық. –

деген мән-мағынасы айдан анық түсінікті сол кездегі қоғамдық қозғалыстың өзі ауызға салғызған еді. Мақсат-мүлдені анық айтып, түсінікті тілмен жазып беруді коммунистік идеология, оған қызмет етер партиялық әдебиет принципі талап еткен болатын. Бұған қарап осы шумақтардан поэзия таппай, жүрек сөзі екенін аңғармай, жалаң ұран, саясат деп табу қарапайым танымның өзіне жасаған қиянат болар еді. Сондықтан Сәкенге сен лирика жазбадың, мәңгілік тақырып – махаббат, сезім күйлерін жырламадың» деп кінә тағу, ең аз дегенде, әдебиеттің әлеуметтік мән-маңызын ұмытумен пара-пар болар еді. Не нәрсе болса да, қандай сөз болса да кезінде айтылса санаға, сезімге сіңеді. Уақытында айтылған, жазылған сөздің бағасы, қадірі мейлінше жоғары, өйткені ол уақыт шындығын көрсетіп, сана-сезім қылын дөп басады. Қоғам ісі, әлеуметтік күрес-талас барысы, ой-сана мақсаты араласпаған, бүгінгі күн шындығынан сырт қалған шығарманың әсері шамалы. Өйткені, В.И.Ленинше айтсақ, адам қоғамда өмір сүрген соң, оның ықпалы мен әсерінен тыс бола алмайды. Ал ақын сол қоғамның ең сезімтал да айбынды мүшесі екенін жадымыздан шығармаған абзал. Бір ғажабы, Мағжанның не Ақпан, не Қазан төңкерісіне арнаған өлеңі жоқ және әр өлеңін қай кезде жазғанын көрсетіп отырмайтын әдеті біраз зерттеушілерді дәл, нақты айту, талдау мүмкіндігінен айырып, әйтеуір сол кезде деген долбар жасатып келеді. Мен олардан асып кете қоймаспын, бірақ уақыт межесіне қарай және әр зерттеушінің нобайлы деректеріне қарай ой өрбітермін. Қазан төңкерісінен алты күн бұрын болған және Мағжан тікелей араласқан оқиға ең күрделі төңкерістің хабаршысындай болғандықтан, қазақ ақындарына, оның ішінде Мағжанға қолына қалам алуға мұрсат бермеді. Көркемдікті шындық жеңді. Оны біз, кейінгі зерттеушілердің бәрі түгелдей дерек-мағлұмат алып жүрген, бірақ социологиялық ойына қарсы шығатын Сәбит Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. 1-бөлім (ұлтшылдық, байшылдық дәуірі) деген аты шулы 1932 жылғы еңбегінен көреміз және «төңкеріс алдында өлеңді қардай боратып жүрген Мағжан февраль туғаннан кейін көркемдік сезімінің тілін байлады. Ол февральға арнап өлең жазған жоқ. Февраль туа сала бұрынғы мақсатын тілмен емес, қолмен орындауға кірісті. Елге сайлауға шықты. Ауылда «Алашорданың» бұтақтарын – комитеттерін ашты. Одан келе уездік, облыстық комитеттерді ұйымдастыруға белсеніп ат салысты. Одан Орынбордағы «Алаш» съезін шақыруға көмектесіп, «Алаш» партиясының Орталық Комитетіне мүше болып өтті. Қысқасы, Мағжан февраль туған кезде, өз тілегін орындау үшін, қаламды сандыққа сала тұрып, таза байлар партиясының тез құрылуы, үкіметке ие болу ісімен шұғылданып кетті. Мағжанның нақ февральға арнап шығарған өлеңдері жоқ. Ол февральді тілмен емес, қолмен, іспен қарсы алды» (225-бет) дегенін Қазан төңкерісіне де қатыстыра айтуға болады. Сөйтіп, Омбы қаласында облыстық және уездік екі қазақ комитетінің болуы, бір-бірімен күресуі қазақтың билікке құмарлығынан ғана емес, есесі кетіп, еленбегендердің іске кіріскені шығар деп жорамалдауға болар. 19 қазандағы оқиғадан кейін Омбы жатақтары мен басшылары бұдан да мәндірек істі қолға алды. Сәкеннің 1917 жылы 19 октябрьде басы Мұқан Айтпенұлы болып (балуан Қажымұқан да бар), Шәймерден Әлжанұлы, Әбдірахман Қылышбайұлы болып Омбыдағы «Үш жүз» партиясын жасайтын адамдар жиналды» (101), міне «Үш жүз» партиясын жасар алдында Омбы жатақтарының бір ереуілі осы» (102) болды деген деректің мәні зор. Ол әрекеттің ұйымдық сипат алуына алты күннен кейін жасалған Қазан төңкерісі себепші болды. Кедей-көпшікті жарылқаймыз, бақыт құсын қолына ұстатамыз деген жер-дүниені дүр сілкіндірген ұран Омбы жатақтарына, әсіресе оларға басшы болып жүрген азаматтарға айрықша күш-жігер бітірді, көктен сұрағандары жерден табылды.

ШЫНДЫҚТЫҢ АЩЫ ДӘМІ

Мағжанның 1989 жылы шыққан жинағына берілген «Қысқаша өмірбаянда «Үш жүз» партиясы оны абақтыға жабады: Чехословакия ылаңы кезінде ол түрмеден шығады» (396-бет) деген деректің түтіні дұрыс. Әдебиет тарихында Мағжанның ғана емес, «байшыл, ұлтшыл» деп аталған ақын жазушылардың өмірбаянын алғаш жазған Сәбит Мұқанов «Октябрь жасалмай тұрып, 1917 жылы «Совдеп» деген ұйым ашылды. Осы ұйым ақтар мен қазақ байлары құрған «Алаш ордасына» қарсы болып, біраздан кейін «Алашорда» адамдарын да, басқа қастарын да абақтыға ала бастады. Сол абақтыға түскендердің ішінде Мағжан да болды. Мағжан аз күн абақты тұрмысында бірсыпыра өлеңдер жазды». (Мұқанұлы Сәбит. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. І бөлім. (Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі). 1932, 226-бет) деген дерек берсе, Мағжанның ағайындасы Хамза Абдуллин бұл құбылысқа онша мән бермей, бұлдырлатып өте шығады. Бір ақынды мадақтау үшін екіншісін міндетті түрде жамандау әсіресе Мағжан төңірегінде айрықша көп. Менің айтарым Мағжан жөнінде: оң пікір айтушылардан теріс, бұра пікір айтушылар көп. Ондай ой оның ең алдымен өз қатарынан, тіпті М.Әуезовтен де табылып қалады. Олай болса, ең бір қисынды, ірі мәселеде болмаса әдебиеттің қайраткерлерін іліп-қағытуды қойған абзал, әсіресе мойны шор, арқасы тұз, еңбегі еш болған Сәбит Мұқановты жайына тиыш қойған орынды. Әсіресе «Мағжан шығармашылығын сынға алған сыншылардың көпшілігі дарынсыз, білімсіз адамдар болған» (сонда, 35-бет) дегендерді ойланбай айтылған сөз дер ем. Мағжан творчествосын зерттегендер ақынның жұтып қояр тамаша өлеңдеріне арбалып қалады да, өмірде әрқилы түсінік барын ұмытып кетіп, өзінің ойын бір жақты білдіре қоюға асығады. Мағжан ақталып, шығармасымен таныса бастағанда, Қадыр Мырзалиев: «Мағжан Жұмабаевтың өмірі де, творчествосы да тұнып тұрған трагедия. Ол шын мәнінде бақытсыз адам. Шынтуайтқа келгенде, талайсыз таланттың ең басты жазығы, оның жалғыз-ақ кінәсі – аса үлкен дарындылығында, замандастарының біразынан жоғарырақ тұруында. Сол үлкен дарынмен жер басып, тірі жүргенінде! Адам әдетте өзінен төмен, тіпті қатар тұрған адамды қызғанбайды. Замандастарының көпшілігі Мағжаннан әлдеқайда төмен тұрған жартылай адам, жартылай пенделер. Дарын жағынан да, кісілік жағынан да... Арқарлар мен таутекелер жамандықты әдетте жоғарыдан күтпейді, төменнен күтеді» («Қазақ әдебиеті», 28.04.1989), – дегені қаншама әдемі айтылса да, ақын-жазушыларды, жоғары-төмен тұрғандығына, аласа-биіктігіне қарай бағаламас болар. Жалғыз Шолпан аспан әлемін өзі ғана әдемілей алмайды, қаншама батыр болса да, жалғыз жауынгер тұтасқан қол бола алмайды дегенді ұмытпайық. Өткеннен талай кемеңгерлікті тауып алып, өзінің айтайын деп отырған бүгінгі ойының пайдасына шығару қиын емес. Мағжанды зерттеушілердің басым көпшілігі Смағұл Сәдуақасовтың 1928 жылы «Молодой Казахстан» жинағына жазған алғысөзінен «Что же касается М.Джумабаева, то он в одно время был властителем дум казахской молодежи. Среди поэтов-коммунистов наибольшой известностью пользуется Сакен, Муканов и многообещающей талантливый Джансугуров. По части формы стиха, Сакен куда слабее Жумабаева» деген пікірі 20 жылдардың аяқ шеніндегі айтыс-тартыста өте жиі қолданылса, Мұхтар Әуезовтің музей үйіндегі қолжазбадан табылған, 29 жылы жазылған «Мен Мағжанды сүйемін» дегенпікірінэстетикалықойдың эталонындай етіп көрсетушілер көбейсе, Мағжан мен Сәкенді «қазақ әдебиетінің екі полюсіндей» (Ш.Елеукенов. Мағжан. 1995. 20-бет) деп тану етек алып, оларды бір-біріне қас, дұшпан етіп көрсетуге жан салып жүргендер бар. Әр жұлдыз өз жарығымен, өз сәулесімен ажарлы екенін ұмытушылар аз емес. Мағжанды 1918 жылғы түрмеге жатқызар алдында осындай шолу жасаудың артықтығы жоқ. Өйткені Мағжанның өмірі мен творчествосын зерттеушілер тарихи деректерді өздерінің ыңғайларына қарай пайдаланады да, обал-сауапқа қарамай, басқаның үлесін өзгеге ойланбай аударып бере салады. Сонымен, Мағжан қай кезде ұсталды, қанша уақыт түрмеде жатты, қай кезде бостандыққа шықты деген қарапайым сұрақтарды Омбыдағы архивтен оп-оңай тауып алуға болар еді, өкінішке қарай, оны жасай алмай келеміз. Сөздің қысқасы, Мағжанның 1918 жылыОмбытүрмесінетүсуінің шындығыбізге әліжұмбақ. Алайда сол абақтыда жатқан кезде жазған бірнеше өлеңдерінен кейбір жайларды суыртпақтап шығарып алуға болады. Мағжан 1917 жылы мамыр айында семинарияны тәмамдап, әлеумет ісіне араласа бастады. Түрлі съездерге делегат болып жүргенде, Ғазизбай деген саудагердің Омбыдағы пәтерінде тұрғаны, оның Ғазиза атты көрікті қызы болғаны белгілі. Түрмеде отырған Мағжанға Ғазиза бірнеше рет ас апарып берген.

Ғазизажан, қарашығым, бауырым,
Жолықтырып дұшпанының бір жазуын.
Сарғайып, қараңғы үйде қамалып
Ағаң сорлы көрді бейнет ауырын, –

деп өз халін айтады да, Ғазизаның келгеніне жүрегі жарыла қуанады. Сол қуаныш үстінде:

Тәңірі жазса, сарғаймаспын, шығармын,
Күнәм жоқ қой қасіретте күйгендей, –

деп уақытша түсінбестіктің сырын «Тәңірі жазса, өш алармын Қасымнан» деп қайраттанады. Түрме азабынан айыға алмаған ақын «Жан жарымды бір сүйейін түсімде» атты өлең жазып:

Тұтқын болып, тысқа шығып жүре алмай,
Зарықтым ғой, жан жарымды көре алмай, –
деп мұңайып, көз жасын төккен сәттерді еске алып:
Ойлай ма екен тұтқын жарын түн, күндіз?

Жүрек – жара, жасты ма екен қара көз?
Шашын жайып, түн ұйқысын төрт бөліп,
Тілей ме екен жолықтыр деп тәңірі тез? –
деген шумақтардың жазылуына Ғазизаның әрекеті себепші болғанға ұқсайды.

Қолыңа қалам алған соң дәлдікпен, нақтылықпен, тіпті адалдықпен сөйлемесең, жасаған еңбегің зая кетеді. Соның бірі Жүсіпбек Аймауытовтың 1925 жылы «Лениншіл жас» журналында басылған классикалық баяндама-мақаласын Мағжан жинақтарында «1923 жыл» деп әдейі көрсетіп келе жатқан «қателікті» түзететін уақыт болды. Мағжанның үлкен әлеуметтік мәні бар «Бостандық» атты өлеңіне беріліп келе жатқан жалтармаларды көрсете кетейін. Мағжан ақталғаннан бері, әсіресе 1989 жылғы жинақта «Бостандық» өлеңіне автор «1918 жылы Сібірде реакция дәуірінде жазылған» деген ескертпе жазады. Соған қарағанда бұл өлең Омбыны Чехословактар мен Колчак үкіметінің басып алған кезінде жазылса керек» деген түсіндірме қайталанып келеді. Осы рас па? 1989 жылы осылай жазу қажет болса, совет үкіметі құлағаннан кейін шыққан шығармаларының үш томдығында 1995 жылғыны осыны сол күйінде қайталаудың қандай қажеті бар, әлде білмегендіктің нәтижесі ме? Мәнсіз сөз, себепсіз өлең жазылмайды. Мағжанды зерттеуші Ш.Елеукенов «Қаңтардың аяғында» қамалған Мағжан мамырды тауыса бір-ақ босанды. Түрменің темір есігі ашылған күні қаладан кеткенше асықты. Мамық көліне ұшты. Жайнап, жайрап жатқан дала шалғынына аунады» (38-бет) деген деректен Мағжанның төрт айдай түрмеде болғанын аңғарамыз. Шериязданның бұл дерегіне сену қажет, өйткені ол Мағжаның сот ісімен танысқандардың бірі, алайда «Бостандық» өлеңіне берген түсіндірмесі уақыт шындығын толық айқындамайды. Омбыда «Совдеп» 1917 жылдың қарашасынан 9-мамырға дейін, яғни чехословактар көтерілісіне дейін өмір сүрді. Демек, Мағжан Совдеп дәуірінде түрмеге түскен. Бұл жөнінде Сәбит Мұқановтың «Төңкерістің бас кезінде Сібірде нашар ұйымдасқан Совдеп 1918 жылдың май айында чехословактардың күшімен құлады. Мағжандар абақтыдан шықты» (XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. 1932. 227-бет) дегенін есепке алмасқа болмайды. Сәбитті қаншама социологиялық дөрекілікке берілді десек те, уақыт мерзімін дәл көрсетіп, сол кездегі көңіл ауанның сырын дөп басып, ой өрбітетінін жоққа шығара алмаймыз. Сонымен, Мағжанның 1918 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы рухани тірлігін түрмеде жазылған өлеңдерінен аңғарамыз да, қоғамдық іс ауқымын іздей алмаймыз. Сондықтан бұл кездегі ауыр-жеңіл оқиғаларға Мағжанды араластырмауымыз керек. Мағжан абақтыда отырған кезде «Алаш» пен «Үш жүз» партиялары Құрылтай сайлауы кезіндегі іс-әрекеттерін өрістете түскен болатын. Әлеуметтік жай-күйді сезгіш оқушы жастарға олардың әсері күшті болғанын көреміз. Мағжанның ұсталуы, «Үш жүз» партиясы мүшелері арасындағы кикілжіңдер, облыстық қазақ комитетінің қожырауы, әсіресе оқушы жастар арасындағы жайсыз іс-әрекеттер «Бірлік» қауымының ыдырауына апарып соқтырды.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Менің қолымдағы құжатта 1918 жылдың 24-қыркүйегінде ғана Мағжанның аты кездеседі. Ол құжат «Выписка постановления исполнительного бюро Омского областного Совета по народному просвещению от 24 сентября сего года» деп аталады. Сол күні өткен мәжілістің күн тәртібіндегі он бір мәселені Мағжан көтеріпті. Осыншама мәселе көтеру үшін біраз дайындық керек екендігін ескерер болсақ, онда Мағжан бұл қызметке қыркүйектің алғашқы күндерінен бастап кіріскені шүбә тудырмасқа тиіс. «Заявление времен, заведов. ИнородческомотделомЖумабаевао назначении двух инструкторов по школьному инородческому образованию персонально по представлению областного киргизского учительского съезда». Гәп Мағжан көтерген мәселенің шешімі табылмай, кейінге қалдырылғандығында емес (Омбы архиві. 2068-фонд, 1-тізім, 4-іс, 17-бет), осы деректен бізге белгісіз жайлардың ұшығы көрінетіндігінде. «Жас азамат» газетінің 1 қыркүйекте шыққан №5 санында «мұғалім-учительдер съезі» болатыны хабарланған-ды. Оған Мағжан қатысқан, әйтпесе сонда алынған қаулыны Омбы қаласына келген соң білген. Олай болса, ең ерте дегенде, Мағжан тамыздың аяғы, қыркүйектің басында Омбыға келген де, әлеуметтік іске араласа бастаған. Сонымен, Мағжан 1918 жылы 5-6 ай түрмеде отырып, одан шыққаннан кейін, жаз бойы елінде болып, күз түсе Омбыға оралған, әлеумет ісіне араласып, дүниедегі ең ауыр және абыройлы еңбек – ағарту қызметіне жегіліп, мұғалімдер даярлауға кіріскен. Абақтыда отырғанда «Ғазиза», «Жан жарымды бір сүйейін түсімде», «Түс», «Қараңғылық қоюланып келеді», «Сарғайдым», «Жел», «Сағындым» сияқты өлеңдерін жазған ақын азаттықтың алғашқы ауасын жұтқанда, атақты «Бостандықты» жазды. 1918 жылы Сібірде реакция дәуірінде жазылған (М.Жұмабаевтың ескертпесі)» деген түсіндірме берілгенде мазмұны да, ойы да, интонациясы да, тіпті формасы да ұқсас «Адастым» деген өлеңге дұрыстап мән берілмей, «1922 және 1992 жылғы жинақта ғана жарық көрген» (М.Жұмабаев. Шығармалар. 1-том, 1995. 239-бет) деп келе жатырмыз. Жалпы, Мағжан шығармаларын хронологиялық жүйемен бермеуде белгілі бір құйтырқы да жоқ емес. Біріншіден, ақынның қалыптасу процесін аңғару мүмкін болмаса, екіншіден, саяси-әлеуметтік мәні бар шығармаларды көңіл күй және махаббат лирикаларына араластыра орналастырып, кешегі советтік литоны алдарқату мақсаты көзделгендігі, оны түзетуге енді мойны жар бермей келе жатқаны өтірік емес. Сондықтан өтірік, шындықты ажыратып алу, жүйені сақтау мүмкіндігінен айырылып отырмыз. Қазақ Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан дайындалатын басылымдардың қай-қайсы болсын салдыр-салақтыққа жол бермей, ғылыми жүйелілікке негізделуі тиіс. Осы жұмыс үстінде осындай кінараттарға өте жиі кездесіп, мағжаншылдардың шалағайлығына, атүстілігіне реніш білдіріп отырған сәтім өте көп. Тіпті, 1920-1922 жылдар арасы, әсіресе педкурстегі және «Бостандық туы» газетіндегі кезеңі елеусіз қалғанын ашына айтпасқа болмас. Бұл кезеңге зерттеушілердің бірде-біреуі ат басын бұрмай, «Сүйші сәулем, сүйші мені» болғанын көреміз. Өмірдің ләззаты тамаша, сонымен қатар саналыға талай тәттісі мен ащысын ұсынатын тіршілік тылсымын ұмытуға болмас. Сонымен, «Бостандық» пен «Адастым» өлеңдері бір мезгілде, бір мақсатта, бір формада жазылған туындылар. Оқиық:

Жер жүзін қан басқанда,
Көбігі шығып аспанға,
Жын жолдас боп адамға.
Туралық, теңдік ұмытылып,

Інжіл, Құран жыртылып,
Жатқанда жерде – табанда.
Қызыл қанға мас болып,
Жүрегі қара тас болып,

Айырылып естен адамзат,
Ұмытып мейірімді иесін,
Сойып сауын түйесін,
Тәңірісі боп Лат, Манат,

Жүргізіп ібіліс әмірін,
Жауыздық жайып тамырын,
Өршіп өтірік, дұшпандық...
... Көк есігі ашылды,

Жұмбақ нұры шашылды,
Келді ұшып бостандық, –

деп басталатын «Бостандық» өлеңінің алдында ма, әлде артында ма, әйтеуір бір интонацияда жазылған «Адастым» өлеңін зерттеушілердің елемеуінде әшейінгі аңғалдық емес, саяси қулық та бар ма деп қалғандайсың.

Әлдеқайдан шу шықты,
Қып-қызыл қан – ту шықты
Жердің жүзін тот басты,
Шегір көзді, сары шаш

Бәрі тырдай жалаңаш,
Жан-жағымды жын басты.
Әлденені бөлісіп,
Ыржиысып күлісіп,

Ән жер, мін жер жылт-жылт от
Жел ұлиды, өкіред...
Жындар жалп-жалп секіреді...
Қара жолдан сүрлеу жоқ.

Артымда елім бар еді,
Алдымда жолым бар еді,
Ел де жоқ, қазір, жол да жоқ...
Табылар жолың тарылма,

Жылама, жынға жалынба,
Таң атқанша күн де жоқ.

Мен бұл шумақтарды қысқартпай, өзімнің айтар ойыма қажетті жерін үзіп алмай, тұтастай келтіруімнің бір сыры – Мағжанның Қазан төңкерісін қабылдамағандығын көрсету ғана емес, сол кездегі оның көңіл-күйінің, ой санасының қандай болғандығын аңғарту. «Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл, Ақымақтар байқамаған шамасын!» – дегенді де байқамай өту қиын. Осы екі өлең жалғыз қазан төңкерісіне, большевиктерге қарсылықты ғана көрсетпейді, оның бұрыннан бері отаршылдыққа, ресейлік омыраулыққа қарсы айтып, жазып келгенінің жалғасы екенін аңғартады. Мәселені осылай кең көлемде қарастырғанда, жалғандыққа орын қалмайды да, жүзіміз жарқын болады. Мағжанның түрмедегісін былай қойғанда, 1918 жылы азаттықта жүргенде жазғандары осылар ғана. Оған себеп те бар. Педагогикалық курсты ашу, ұйымдастыру, сабақ беру өлең жазуға мұрсат бермеген. Жан жары Зейнеп 1919 жылы 10 ақпанда қайтыс болғанша Мағжан ақын ретінде қазақ көгінде шарықтап ұшпай, күнделікті қарапайым тірлікпен маталған. Ал осы кезеңде Сәкен басынан нелер өтіп, қандай қайраткерлік танытып жатыр еді дегенге оралар уақыт та келген сияқты. Қазан төңкерісін қалтқысыз қабылдаған аз қазақ зиялыларының алды болғанына Сәкен «Кел, жігіттер» өлеңімен дәлелдеген соң, Ақмола уездік оқу комиссары ретінде орыс пен қазақтың 4 мектебіндегі оқуды жүйелі жүргізуге, өзі ашқан екі сыныпты орыс-қазақ мектебіндегі сабағына ынта қойып, 1918 жылдың 1 мамыр мейрамына «Бақыт жолына» пъесасын қойғызып, «Жас қазақ марсельезасын» көше шеруінде ән қылып айтқызуы, оқу жылын ұйымшылдықпен аяқтауға жанығуы күнделікті әдетті іске айналған-ды. Сөйтіп жүргенде контрреволюциялық төңкеріс болды. Ақмоланың 300-ге тарта большевиктері мен совдепшілері маусымның төртінде тұтқындалып, ұзақ тексеруден өтулеріне тура келді. Ақмоланың абақтысында алты ай, ажал вагонында 47 күн, Омбы түрмесінде бір жарым ай болған Сәкенді күні кеше ғана өзі абақтыдан шыққан Мағжанның мүсіркемеуі мүмкін емес. Өйткені, 1918 жылдың 24 желтоқсанында Бұратаналар бөлімінің іс жүргізушісі болған Жанайдар Сәдуақасов пен Мағжанның кездесіп жүргені, 1919 жылдың қаңтар айында Ақмола совдепшілерінің Омбы темір жол тұйығында 17 тәулік тұрғаны, оған Жанайдар мен Құрманғалидың жәрдем қолын созбақ болып, жиі-жиі барып жүргені өңге болмаса да Мағжанның құлағына шалынуға тиіс.

ТҮНЕК

Мағжанның қара сөзбен жазған «Балапан қанат қақты» дейтін шығармасы бар. Оған «Мағжан Омбы мұғалімдер семинариясында оқып жүргенде (1916) «Балапан» атты қолжазба журнал ұйымдастырады. Қарасөзбен жазылған бұл өлең осы журнал туралы. Барлық жинаққа енген» (1-том, «Білім», 1995, 236-37-беттер) деген түсіндірме берілген. «Балапан» журналының қай уақытта қандай деңгейде шыққанын дәлелдейтін нақты деректі кездестірмесек те, Мағжан шығармасын елемеске болмайды. 1916 жылы 10 мамырда семинарияны тәмамдаған Сәкен ол журналды көрді, Мағжанның қара сөзбен жазған өлеңін оқыдық дейік-ақ. Бұл жаңалық оған әсер етті деп табайық. Соның нәтижесінде Сәкен 1917жылы «Жұбату» атты ырғақты әңгіме жазды дейік, «Май айы, таң алды...» дегеніне қарағанда жаз айында жазылған сияқты. Қазақ қызының ауыр тағдырына арналған туындысын Сәкен ақ өлең ырғағымен жазып былай аяқтайды: «Қарындасым, шерлі қарындасым, Мүслимажан! Жылама, тый көзіңнің жасын. Өтер қайғылы қара түн! Міне, рауандаған таң белгісі. Ашылар бақытың. Зұлмат қара түнді қуып, жарқырап таң атар! Дүниеге алтын нұрын шашып, жер-көкті шаттандырып, қарсы алдыңнан күн шығар. Міне, ақырындап ескен, беттен сүйген майда жел. Бұл – таң хабаршысы! Бұл – бақыт хабаршысы. Міне, жарқырай атып келе жатқан ерік таңы... Міне, бұл бақыт таңы, қара алдыңа, күтіп ал бақытыңды!» (С.Сейфуллин. Шығармалар. 4-том, 1968. 166-бет). Өршіл романтика екені сөзсіз. Ал 1917 жылы қараша-желтоқсан айында жазылған «Бақыт жолына» пъесасында Мүслима мен Біржанды Ермек аттандырып тұрып: «Көрдіңдер ме, ерік таңына тура келді сендердің сапарларың! Алдарыңнан жарқырап туды бостандық таңы! Кейінгі жастарға сендер болыңдар көшбасшы! Жүріңдер, шығарып салайын жолға – махаббат, бақыт жолына!» (Сонда, 1-том, 1960, 401-бет) дегендегі мақам Сәкен шығармаларының лейтмотиві болғанын 1922 жылғы «Арнауынан» тағы бір көреміз. «Күрес үшін еркін, шаттық еңбек үшін туған – сендер шақырыңдар арттағы ұйықтаған, именшек, бақыт жолын білмейтін бауырларыңды! Шақырыңдар, арттағы құлдықта жүрген бауырларыңды! Қосыңдар дауыстарыңды! Жаңғыртындар ескі дүниені қайратты, ер жастар» (Сонда, 64-65-беттер) дегенінен әдебиетімізде жаңадан қалыптасып келе жатқан көркемдік әдістің, яғни кейін социалистік реализм деп аталған әдістің өршіл тенденциясы Сәкенге ерте дарығанын аңғармасқа болмас. Ондайдың алыс елесі романтика рухына бөленген Мағжанның «Балапан қанат қақтысында» кездеседі. Солтүстіктің аязды, ызғарлы қысынан «жылы жаққа кетпек, егіз Есіл – Нұраның тәтті суларынан ішіп, Аралдың ыстық құмын құшпақшы. Терең Балқаштың мөлдіріне шомылмақшы. Алтайдың етегінде «Уһ» деп демін алып, Марқакөлдің қаймағына жүзбекші» (М.Жұмабаев. Шығармалар. 1-том, 1995. 78-бет) дегенін есте ұстай отырып, қай жылы жазылғаны белгісіз қарасөзді «Домбыра» өлеңінің қазақ қыздарының ауыр тағдырына арналғанына көз салайық. «Мұңды бір дауыс жақындап келеді. Нәзік зарлы дауыспен біреу күңіреніп ақырын ғана өлең айтқандай... Әйел дауысы...». «Бізден сорлы жалғанда жан бар ма екен? Өзің рақым қыла көр, жасаған», – дейді әйел. Түнде сар далада зарын айтып күңіренді әйел... Ауыр қасірет, қалың қайғыға амалы құрып, жалғыз жасағанға мұңын шағады, жалынады, зарланады әйел... «бауыр етің балаңды отқа салдың? Не жазығы бар еді, жан ағаеке?» Оның қара көздерінен мөлдіреп. домалап, суалған жақтардан парлап ағып тұрған жасты көрдім. Мен оны таныдым. Қарындасым! Сүйікті қарындасым! Періште жанды, хор жүзді сұлу қарындасым! Аз өмірде у жұтып өткізген қарындасым! Жауыздар тірідей жерге көмген қарындасым!», – дейді. Өз еркімен өмір сүре алмаған қазақ қыздарының тағдырына іштей ет жүрегі елжірегенмен, жәрдемдесер ыңғай аңғартпайды. «Денем күйді... Жүрегім аузыма тығылды... көзімнен ыстық жас төгілді... Домбыра да күңіренеді. Зарлайды. Ақырын жассыз жылайды... Жыла, домбыра, жыла...!» (Сонда, 126-127-беттер) дегенмен аяқтайды Мағжан. Классицизмнің іздесе таптырмайтын туындысы. Карамзиннің «Сорлы Лизасын» еске түсіреді. Осы арада мен бір оқыс түйін жасайын. Совет заманында болсын, оған дейінгі ориенталистер болсын, қазақ әдебиеті жалғыз поэзия жанрында, оның ішінде дәстүрлі жыраулық поэзияның дидактикалық үлгісімен ғана өркендеп келген әдебиет деуі домбыраның құлақ күйіндей қайталанумен келді. Ал енді өлеңді қарасөзбен жазу тәсілі тап Мағжан мен Сәкеннен басталмасы да айқын. Өйткені, батырлар жырында қаһарманның іс-әрекетін жырмен жеткізіп, оқиғаға көшерде қара сөзбен баяндар жағдай қисса-хикаятта жиі кездеседі және жыр ырғағын сақтай отырып әңгімеленетінін де ұмытпағанымыз абзал. Соны европаландыра бастағандар Мағжан мен Сәкен болса құба-құп. Біз Сәкен мен Мағжанның түрмеде отырып жазғандарын әңгімелердің алдында қазақ әйелдерінің ауыр халін қарасөзбен өлеңдетіп кеткеніне тоқталғанда, мұндай үлгі-өнегенің жұғымдылығын, біріне-бірін шәкірт етіп қоймай-ақ, өнерпаздық жақын-алыстығын, айырып алуға, кімнің биіктен көрінгені деген салыстыруларға бармай-ақ, әр дарынның өз қолтаңбасын көрсетуге мүмкіндігі бар екендігін аңғартпақ болдым. Сонда кейбіреудің түсінігі бойынша бір-бірімен жұғыса алмайтын, полярлық сипаттағы ақындардың өрісі бір өңірден табылып жатқанына қайран қалуға болмайды, өнер заңдылығын жыға түсінбегендердің ғана аузынан ондай сөз шығуы мүмкін. Мағжанның абақтыда жатып жазған «Сарғайдым», «Сағындым» деген өлеңдерінен жоғарыда үзінділер келтірілді. Бір-біріне кездеспей-ақ, өлеңдерін оқымай-ақ, егіз қозыдай ойларды айта беруге болатындығын аңғарғымыз келсе, бірер шумақтарды мысал ретінде оқушыға ұсынғанның артықтығы болмас. Ойды айтудың көркемдік әуселесі әрқилы болуы заңды, бірақ олар көшірме, әдебиетшілеп айтқанда, бір ақынның екінші ақынға жасаған ықпал, әсері емес, өмірдің өзі тудырған туыстық, әуендестік деп білген жөн.

Мағжанның «Сағындым» өлеңі:
Абақтыда айды, күнді жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным» деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым, –
деп басталады да, түрмені екі шумақпен суреттеп:
Алтын күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым.

Асау тайдай еркелетіп өсірген
Ағайынды, туған елді сағындым, –

деп үш өлеңнен тұратын «Сағындым» топтамасының біріншісін осымен аяқтайды. Ал Сәкеннің «Сағындым» өлеңі:

Туғалы қапас көрмеген,
Көкіректе кектер кернеген.
Талпынып құлаш сермеген.
Айтайын мен ішкі сырымды:

Қайырымды қалың елі бар
Сарыарқа сары белі бар.
Өрісті шалқар көлі бар
Сағындым мен қырымды, –

деп «арам ойлардан» хабарсыз ауылын, сахара еркесі – сәулесін,
Айналып-толғап өсірген
Ақ сүтін беріп кешірген.
Тастамайтын есінен

Сағындым ғаріп анамды, – деп алады да, шүйгінді жасыл даласын, бейбіт елін, орман-тоғайлы, таулы-тасты Сарыарқасын сағынады. Романтикалық көңілге ай мен күн, жел, сағым елестесе, реалистік пиғылға өрісті шалқар көлі, шөлі бар дала суреттелуге ыңғайланып тұрады. Ал өмірді романтикалық немесе реалистік тұрғыда суреттеу амалдарын қолданған ақындардың бір-біріне қастығынан, дұшпандығынан емес, шығармашылық бағыттарының әрқилылығынан осылай болған деп қарайтын уақыт жетті. Олар алшақтаудан да, жақындау мен ұдықтасудан да ұлылық танытады. Мәселен, кімнің болса да аузына алғаш түсетін ананың ақ сүті, мәпелеп өсіргені сияқты суреттеу машығын алғанда қызық құбылысқа тап боламыз. Өлеңдерді тұтас, бір әрпін қысқартпай түгел келтірейік.

Өмірімнің қап-қараңғы түнінде,
Еш нәрсе білмес түсім бе, я өңім бе?
Оң менен сол, от пенен су айырмас,
Күшсіз, әлсіз есім білмес күнімде, –

Құшағыңа алдың, сүйдің сен, анам,
Ренжу жоқ, барлық сөзі: «Жан балам!»
Ыстық-суық, желге-күнге тигізбей
Асырап, сақтап, болдың, анам, баспанам.

Түнде тұрып, түн ұйқыңды төрт бөлдің,
Тыныш ұйықтасын деп аз сөйлеп, аз күлдің.
Ыңырансам, я қарным аш, я тоңған
Екенімді ойламастан, тез білдің.

«Жаным – дедің, – қарашығым, құлыным,
Сүйдің, қыстың, дедің: «Тәтті қылығың!» –
Қаз-қаз тұрсам, езу тартсам, құласам,
Я жыласам – бәрі жақты қылығым.

Жаным анам – жібек тілді ақ көңіл,
Жазу болып, шегер болсам ұзын жол,
Шет жерлерде теріс жолдан сақтарға,
Жан балаңа ақ батаңды бере көр! –

деп Мағжан түрмеде отырып «Анама» деген өлеңін шығарса, Сәкен «Шаһит болған достарына» арнап ана қасіретін жырға қосады:

Дүниеде ер жігіттің өлгені арман,
Қадірсіз айдалаға көмгені арман.
Михнатты, қайғы, қасірет былғанышты,
Бәрінен сұм дүниеге келгені арман.

Ер жігіт ақ өліммен өлгенінде,
Сыз төсек қара жерге көмгенінде,
Жалғыз-ақ сорлы апаны аяймын мен
Ойға алып, жақындарын тергенімде.

Тыншығар біраз жылап сүйген жары,
Ұмытар жақын деген достың бәрі.
Дүниеде ұмытпайтын жалғыз-ақ сол,
Сорлы ана, көкірек жарған қайғы, зары!

Аяныш емес ердің қара басы,
Аяныш емес және жан жолдасы,
Дүниеде ең аяныш естен кетпес –
Тамшылап сорлы ананың аққан жасы!

Бұл өлеңдер екі ақынның тақырыптық өрістерін ғана емес, өмірді түсіну, жырлау машықтарынан хабар береді, сонымен қатар тұлпарлар шабысындағы ортақтық пен ерекшеліктерді де аңғартып тастауға жарайды. Азаттыққа қолы жеткен ақындардың жүрек лүпілі, сезім түйсігі қалай берілгеніне де назар аудару қажет. Тіпті сол алау сезімнің күйі өлең түрінен де сезілгендей:

Баяғысын бастады,
Ұжданды былай тастады.
Бостандықта жоқ жұмыс
Зар еңіреді талай жан,

Сел боп ақты қызыл қан.
Өтірік, талау, өлтіріс.
Шірік жүрек сасықтар
Арамдыққа асықтар

Жетілді, жетті мұратқа, – дегенде Мағжанның белгілі дәрежеде ұстасқан дұшпаны бар, көкіректегі ашу-ызаның, қайтарар кектің ізі сезіледі. Жігерлендіру үшін бұл да қажет. Ал Сәкен «Түрмеден қашып шыққанда» өлеңінде азаттықты басқаша түйсігеді, барынша шат сезіммен:

Міне, аспан, міне, халық, міне, дала,
Әне, орман, әне, кең әм еркін дала.
Жүгірген, жүрген, шапқан ерсіл-қарсыл,
Міне, үлкен, міне жастар, міне бала!

Уф! Жүрейін, жүрейін,
Осы жерден кетейін.
Бостандық, кеңдік байтаққа
Күн-түн қатып жетейін.

Тіршілік, тұрмыс менікі!
Әуп!
Ауаны жұтайын!
Жұтайын!

Кеудемді керіп жұтайын,
Бар ауаны құртайын!

Көріп отырсыздар, Мағжан да, Сәкен де қазақ өлеңінің құрылысында кездесе бермейтін өрнек тауып, интонациясына толып жатқан жаңалықтар кіргізіпті. Әуендері бір болғанмен, түсінік-танымдары мен сезім-түйсіктері басқа-басқа. Олай болмауы мүмкін емес, ұшқыр қиялды ақындар түгіл әшейінгі қарапайым жандардың қуаныш-шаттықты қабылдауының өзі қилы-қилы, бір-біріне ұқсамай жататыны табиғат заңдылығына бағынады. Олай болса ақындардың бір құбылысты суреттеуінде ұқсастықтар кездесумен қатар, жалпы аңғарын бір өрістен көргенмен, ой, образ теңеулерін бір-біріне теңдестіре қою шарт емес. Міне, осы арадан әр ақынның өз қолтаңбасы, танымы, сезімі көрініп, ерекшелігі айқындалады. Мағжан мен Сәкеннің абақты топтамаларынан қарапайым оқушылар ортақтас сыңайды аңғара берер, ал олардың бір-біріне жасаған әсер-ықпалын, анау мынадан үйренді дегенді танымы саяз, ұқсастықтан жамап-жасқап иллюстрация жасайтын зерттеуші ғана айтады. Сәкен мен Мағжанды бір-біріне қарама-қарсы қойып та, бірін биіктетіп, екіншісін төмендетіп те абырой таппаймыз. Өйткені, әрқайсысы қазақтың ұлы ақыны болған соң, аспан асты болмаса, бір қазанға екеуінің басы сыймайды және әдебиет үшін ондай бастарды тоғыстырғаннан пайда жоқ, зиян көп. Алты ай Ақмола абақтысы, «1919 жылдың қаңтар айында арып-ашып Қызылжарға, яғни 500 шақырымдағы қалаға жаяулап жету, онан атаман Анненковтың ажал вагонымен Омбыға келіп, 17 күндей ақпанның аязында азынаған қызыл вагон ішінде болу, борандатып Новониколаевск – Барнауыл-Семейге жеткенде ақтардың өзіне күн туып бытырай қашып жатқанда, Омбыға қайта қайту, жол үстінде аштық пен аяздан алты бірдей жолдасының қайтыс болуы, сүзек ауру жайлаған Омбының абақтысына қамалу, Бәкен Серікбаевтан өлідей, Абдолла Асылбеков, Жұмабай Нүркин, Захар Катченко сынды қандыкөйлек жолдастарынан тірідей айырылып, түрмеден қашып шығу, үш жыл бойына өзіне сана дарытқан қаладан пана таба алмай, Татарка – Славгород – Павлодар – Баянауыл – Сарыадырлатып ең азында мың жарым шақырымды артқа салып, елге жету, өз елі өзгеден гөрі жаттық көрсеткеннен соң, Шуға көшіп бара жатқан тама-тарақтыларға ілесіп, екі ай Бетпақдаланы шарлай жүріп, Әулие-Атаға жету, онан кері ораларда Бетпақ пен Арқаның талай мекендерінде мекемелер ашып, сайлаулар өткізіп, өзінің Ақмоласына 1920 жылдың мамырында оралу, яғни табаны күректей 24 ай, толық екі жыл қуғын-сүргінде болу Сәкен шығармашылығының тұтас бір кезеңі болды. Қазақтың бірде-бір ақынының басынан мұндай қиямет-қайым сол тұста өткен жоқ. Сондықтан Сәкеннің «Тұлпарым», «Сағындым», «Қамаудан», «Адасқандарға», «Шаһит болған достарыма». «Азап вагоны – дозақ», «Түрмеден қашып шыққанда», «Боранда», «Қамыққан көңілге», «Бабаларыма», «Домбыраға», «Аққуға», «Күрең атқа», «Қашқынның ауылы» сынды өлең-жырлар арқылы сыртқа шығуы пенде үшін қаншама аянышты болғанымен, әдебиет үшін айрықша мәнді де құнды топтама болды. Бұл топтама – өзінің ақындық қуаты жағынан болсын, адамгершілік ар-ұжданы жағынан болсын, қазақ әдебиеті бұрын-соңды көрмеген құбылыс екені, көркемдігі жағынан ауыз толтырып айтып, эстетикалық талдау жасауға тұрарлық туындылар. Зор тебіреніспен жазылған, жан-дүниеңді билеп әкеткенде өзің араласып жүргендей сезінетін, сорғалаған қаны көрінетін жыр шумақтарындағы шынайы сезімдерді соқырлар ғана көрмейді, көркемдік танымы мақаулар ғана түйсінбейді.

Темір торлы тас үйде
Көкірегім толды шерменен.
Қанатты тағы тұлпарым
Арқырап келші кермеден, –

деп абақты азабына көнбей, азаттыққа ұмтылған лирикалық кейіпкер:
Отырмын күзет – қамауда,
Дұшпаннан тәнім жеңілді.
Жеңе алмас бірақ еш пенде,

Асау еркін көңілді, – деп қаншама қайраттанса да, «бір шұңқыр су, түйір нан үйреншікті ас, күл көмір, қиқым тоң-төсек» болғанда, рақымсыз дүлей боранға» кезіккенде, әбден арып-ашып, жүрерге дәрмен, аттарға қуат жетпегенде қамыққан көңілін жұбатар, дәрмен, таба алмағанда:

Қу заман басқа салды мұндай шақты,
Қайтейін, медеу қылдым жалғыз хақты.
Ұрпағың өсіп-өнген рулы ел боп,
Деуші еді бабам Тоқа аруақты, –

деп ата-бабаларына жалбарынып, таяныш іздейді! Екі ай Бетпақ шөлде жүргенде домбырасымен сырласып, аспандағы аққудан анасына сәлем жолдайды, қасындағы күрең атымен мұңдасады:

Күрең ат, күрсінесің, зорықтың ба?
Арқадан күдер үзіп, торықтың ба?
Мендей-ақ тыныштық таппай, елді тастап,
Сен-дағы сергелдеңге жолықтың ба? –

деген көп сауалдардың бәріне әр көңілдің алабұртқан жігері, қайтпас қажыры, өз күшіне сенген сенімі ғана жауап береді деп білді де, «тәуекел дарияға салсаң қайық» деп бір-ақ қайырды. Мұндай өршіл оптимизм жетпіс жыл дәуірлеген күресшіл, тапшыл әдебиеттің алқызыл туы болып желбіреді. Қазақ әдебиетіндегі жаңа ағымның арнасы болып, мәнді де мағыналы, адуынды да айбарлы бағытқа айналды.

ҚЫМ-ҚУЫТ ТІРШІЛІК

Жан досым, бақытсызбын, бара алмадым,
Бақұлдық өз аузыңнан ала алмадым.
Көз жасың, қасіретіңе мен кінәлі
Дариға, кешу сұрап, қала алмадым.

Жарының артында қалған сәбиге Мағжанның өзі «Граждан» деп ат қойған, ол да тоғыз айдан кейін қайтыс болған. Мен бұл деректерді әдейі келтіріп отырмын. Перзенттің 9 ай 9 күнде дүниеге келер заңдылығына бақсақ, Мағжан Омбының түрмесінен мамыр айының екінші жартысында шыққанына дәлел табамыз, ал «Граждан» есіміне келер болсақ, абақтыдағы азапты күндерде мың рет естіп, мазасын алған атауды өмір бойы ұмытпайын деген егеспен әдейіге қойғанға ұқсайды. Осы қасіретті шындықтардан мынадай қорытынды шығаруға болар. Омбыдағы педкурс қараша айының бас кезінде ашылып, жатақхана жоқтығынан мандытып жұмыс істей алмаған және желтоқсандағы большевиктер көтерілісі мен Зейнептің (Зәйни) ақпандағы қазасы Мағжанның көсіліп қызмет атқаруына тежеу сала бергенін байқаймыз. Азамат соғысының ылаңы Колчак өкіметінің бейберекетін шығарып, ешбір істі тиянағына жеткізбегенін ескерер болсақ, онда бүкіл 1919 жылдың әсіресе Мағжан үшін қасіретті болғанын көреміз. Сондықтан Мағжанды зерттеушілер 1919 жылдағы ақын шығармашылығына назар аудармай желе жортатындары тегін емес. Адамның субъективтік хал-жайына кеңес заманында назар аударылса, пәлеге қалғандай сезінетін психологиямыз әлі тарқап болмағандықтан, Мағжанның осы оқиғалар тұсындағы қасіретті көңіл күйлеріне назар аудармай. қолымызға қалам алсақ, «сүйдім-күйдімді» аузымыздан суымыз құри әңгімелейтін дағдыға бой алдырып барамыз. Ақын жаны әрқашан мұң мен шерге, қуаныш шаттыққа толы болатынын ұмытпаған абзал. Кейбір зерттеушілер айтқандай, «3-ға» өлеңі Зылиқаға емес, Зейнепке (Зәйниге) арналған және ол бір өлең емес, бір тақырыпқа жазылған төрт өлеңнен тұратын топтама (цикл). Зер салмай оқығанға өмір желісі үзілмеген соң қысқа ғұмырдың шежіресіндей болып көрінген шығар, бірақ өлеңнің өз интонациясы, ырғағы, тіпті қорытындысы бар. Әуелі «жас күннен бірге ойнап, бірге өстік», бірге оқыдық дегенді еске алсақ, ішкі діріл, қимас көз, қызығына тоймас пиғыл:

Кетуші ек қол ұстасып тура көлге,
Дуылдап жанған бетті ұстап желге.
«Жаным» деп алма беттен сүйгенімде,
Қызарып қараушы едің төмен жерге, –

дегендегі пәк сезімді оятқан махаббатты аңғарғандаймыз. Ал келесі өлең:
Қосылған жас күнімнен жарым едің.
Сүйікті анық досым, жаным едің
Алысқа ұзақ жолға шыққанымда,

Сарғайып, мені күтіп қалып едің, – дегенді 1917 жыл семинарияны тәмамдау, одан кейінгі талай съездерге барып, әлеумет ісіне араласу, «талпынып өнер іздеп шетке кеттім, кеткенде аз күнге емес, көпке кеттім» деуі, қаншама қазақ қызы төзімді, инабатты дегенмен, өмірдің ләззатын жаңа тата бастаған ару «қайғы басып, қасірет шегіп, көз жасын төгіп», ауруға айналғанында, күзді күні гүлше сарғайып солғаны да есіне түседі де:

Әуре боп опасы жоқ көңілменен
Мен кеттім, дегендей-ақ: «Түңіл менен».
Сонда да үмітіңді үзбей қарай-қарай,
Жан досым, қоштасыпсың өмірменен, –

дегендерді түсіндіріп жату артық.

Ал үшінші өлең кешу айта алмаған, өзекті өртеген өкінішпен шумақталса, топтаманың соңғы өлеңі алда талай күн барына, жолдың ұзақтығына, талай сұлу да сүйкімді кездессе де «дәл сендей басқа жанды сүю арам» деген оймен түйінделеді. Мағжанның 1919 жылы жазған өлеңі «Баланың қабір тасына» болса керек. Бұл да қасіретті шындық болғанымен, Мағжанда романтикалық түсінік-танымның молдығын аңғартады.

Қайғырмаңдар бұл бөбекті өлді деп,
Жас қызыл гүл мезгіл жетпей солды деп.
Бақыты жоқ сорлы ата-анаңның
Жанар-жанбас шамшырағы сөнді деп.

Өлгені емес, жерді тастап кеткені,
Шын бақытқа ерте бастан жеткені.
Ізгі оймен жайлы жаннат төрінен
Орын алып ата-анасын күткені! –

деген екі шумақты талай саққа жүгіртуге болғанымен, қамыққан көңілдің дабы сақталған және осы өмірдің қандай мәні бар деген пәлсафалық сауалға жауап іздей бастағанын аңғарғандаймыз. Қалай болғанда да, 1919 жылғы азамат соғысының ылаңы қоғам деңгейінде ғана емес, Мағжанның жеке қара басына талай зұлматты ала келгенін байқаймыз. Өлең жазбақ түгіл, әшейінгі тұрмыс-тірліктің өзі қарға адымындай қысқа да қауіпті болды.

ДҮНИЕНІҢ ТҰТҚАСЫ – БІЛІМ

Омбы басында қазақ елін ағартуға, сауаттандыруға байланысты бірнеше игі қадамдар жасалған. Соның ең үлкені – мұғалімдер даярлау ісі. 1918 жылы жаз айында мұғалімдер дайындаудың екі айлық курсы жұмыс істеген. 1918 жылдың шамамен қарашасында ашылған 2 жылдық педкурс 1919 жылдың 10 ақпанына дейін Мағжанның ыждаһатымен жүйелі жұмыс істегені шүбә тудырмайды. Ал Колчактың жаны мұрнының ұшына келіп, Орал жақтан большевиктің қызыл әскері тықсырып келе жатқанда, Омбының өз ішінде көтеріліс пен ереуілдер болып жатқанда, педкурстың бірқалыпты жұмыс істей беруі неғайбыл. Олай болса, педкурс ресми түрде жабылмағанымен уақытша тарауы және Қызылжар қаласына қоныс аударуы мүмкін. Өйткені Сибревком қазақ еліне қатысты істерге мән бермейтін мінез таныта бастады және қазақтың біраз жерін бауырына басып қалмаққа ыңғайланды. Сондықтан іргені алыстату, ешкімге жалынып-жалпылдамау үшін педкурсты ел ортасына жақындату мақсатымен Қызылжарға көшіру орынды деп табылған-ды. Елді ағарту идеясы өлмеді. Ол 1920 жылы сәуір айында қайтадан оянып, мамыр айында жүзеге аса бастады. Қызыл-мұғалімдердің 4 айлық курсы Омбы Губерниялық оқу бөлімінің жанынан 320 қазақ оқушысына Қызылжар мен Атбасарда ашылды. Тегінде, маусым айында жұмысқа кіріскен сияқты. 1920 жылы 17 мамыр күні «Подотдел просвещения национальных меньшинство просит не отказать в выдаче предъявителю сего лектору губернских курсов по подготовке учителей-киргиз т. Кеменгерову имеюшихся в распоряжении отдела печатных материалов по географии киргизских областей. По окончании курсов все представленные в пользование материал будут с благодарностью возвращены» деп (Омбы архиві. 318-фонд 69-іс, 43-бет) орыс география қоғамының Батыс-Сібір бөліміне қатынас қағаз жазған екен. Оны 21 мамыр күнгі «Отдел народного образования просить представителям сего т. т. Мухаметову Уразбеку – инструктору Атбасарского уотнароба (уездік халық ағарту бөлімі. – Т.К.) и Жумабаеву Мыжану (Мағжану. – Т.К.) инструктору губподотдела нацменьшинтсв экстренный отзыв на проезд грузом, предназначенным для открывающихся в г.г. Атбасаре и Петропавловске киргизских педагогических курсов (бұл да сонда, 56-бет) деп губерниялық революциялық комитетке жазуына қарағанда, біріншіден, совет өкіметінің бұл өңірде орнығуы әлі де қиындықпен болып жатқанын көрсек, соған байланысты жүріп-тұрудың, жүк тасымалдаудың өзіне арнайы рұқсат керектігін байқасақ, екіншіден, тап осы кезде Мағжанның губерниялық аз ұлттар бөлімінде инструктор болып істеп жатқанын, маусым айында ашылмақ Петропавлдегі педкурстың жетекшісі болып тағайындалғанын шамалауға болғандай. Ал алып бара жатқан қазына жүктеріне келетін болсақ, онда екеуінің, әсіресе Мағжанның ашылайын деп жатқан курсқа қажетті оқулықтар мен методикалық әдебиетке берген заявкісін алдыңызға тартамыз. Онда Міржақып Дулатов жазған «Кираат китабының» (Книги для чтения на киргизском языке») бірінші және екінші бөлімін, А.Байтұрсыновтың «Тіл құралы» (грамматика киргизского языка) 1 және 2 бөлімдерін 320 данадан, Ғ.Ибрагимовтың «Грамматика татарского языкасын» 170, Ғ.Фахретдиновтың «Естествоведениесін» 500, Мұхаметовтің әлде Ғ.Сағдидың «Педагогика және дидактикасын» 500 данадан – барлығы 16 атаудан тұратын 6630 кітапты педкурстарға жеткізу қажет болды. Осы мәселе жөнінде бұрын еш жерде жарияланбаған, пайдаланылмаған, Мағжанның өзі жазған хаттың бір әрпін өзгертпей осы еңбекке кіргізуді жөн көрдім. «Тов. Махмуд Не буду жаловаться, дела на курсах пока идут удовлетворительно. Многих дефектов, обыкновенно неизменно сопровождающих киргизские курсы, ныне на наших почти не наблюдается. Главное, курсанты довольны составом лекторов и их лекциями. Образцовая школа при курсах из Среды курсантов ІІІ курсов. Только одно известное вам печальное явление, лень киргиза и непривычка его к городской жизни, воздуху и столу, не может не внести, да сенокос, в стройный ход дела. Курсанты в последнее время начали требовать скорого прекращения занятия. Совет курсов в своем заседании от 29 июля постановил: продолжить курсы до 15 сентября. По объявлении сего постановления 30 июля курсанты заявили нам, Совету, что они не останутся до 15 сентября, должны быть распущены к 15 августа, и в случае не согласия совета с их заявлением, они в тот же день, т.е. 30 июля разъедутся по своим местожительствам. Совет курсов не находя основания для изменения своего постановления, вынужден был обратиться в татарско-киргизскую секцию при местном парткоме за разъяснением курсантам, что такое явление, т.е. самовольное оставление работы в Советской России не допустимо и т.д. На митинге представители тат-кир секции и местного исполкома курсантам дали необходимое разъснение и дело этим кончилось, курсанты успокоились, но они все же продолжают просить педагогический Совет закрыть курсы перед Курбан-Айт, т.е. 20 августа или в крайнем случае к 1 сентября. Словом вопрос еще окончательно не решен. Только если закрыть 20 августа или даже 1 сентября, программа не будет пройдена полностью и от образдовой школы пользы будет мало. Об этом, т.е. о времени курсов нам, Совету, необходимо знать Ваше мнение, п/отдела нац.меньшинств, что вы думаете, напишите чем скорее тем лучше. Анкету о составе лекторов заполнили и дали в Петропавловский наробраз для передачи со своим заключением в местную тарифнорасценочную комиссию, так как нам говорили в наробразе, что местная комиссия утверждена Губкомиссией. Затем, тов. Махмуд! Постарайтесь скорее перевести 500000 рублей указанных в отношении наробраза. Ведь ясно, что требование курсантов о немедленном прекращении занятий на курсах тесно связано с отсутствием денег и большой задержкой в выдаче их. Да еще, о зимних курсах в киргизской семинарии: что нибудь предпринимается, готовиться вами о них? Напишите. А Баржаксине я, в настоящее время, ничего не знаю. Кеменгеров через 2 недели, т.е. 20 августа освободиться от наших курсов. Но, выйдит ли польза от такого позднего откомандирования его в Атбасар?

О Тарских курсах какие сведения имеете?
М. Жумабаев».

Демек, Қызылжардағы педкурс ең кеш дегенде 15 қыркүйекте аяқталған күннің өзінде оқу бағдарламасының түгелдей өтілмеу қаупі мен «главное –курсанты довольно составом лекторов и их лекциями» дегеннің біз үшін екі қажетті жағы бар. Бірінші, кімдер оқытты және оның Мағжан шығармашылығында қандай ізі бар, екінші, бұл курс жабылғаннан кейін Мағжан қандай қызмет істеді, қысқы курс ашылды ма дегендерді ашып алсақ, онда бірқыдыру жұмбақтардың шешуін табамыз.

ГҮЛСІМХАНЫМ

Осы педагогикалық курс оқытушыларының ішінде үшінші болып тіркелген Акчурина Гульсум Закировнаны бөліп алып, оңаша әңгімелеу қажет деп отырмын. Өйткені, Гүлсім есімі қазақ поэзиясында, әсіресе Мағжан лирикасының негізгі кейіпкері ретінде біздің жадымызда жүргені, талай әңгімеге арқау болғаны белгілі. Сондықтан шындық пен аңыздың ашылар сәтін дұрыстап айырып алсақ, біраз түсінбестіктен құтыламыз ғой деп ойлаймын. Ал осы сәттің қазақ поэзиясына не әкелгеніне назар аударғанда, ең алғашқы өлең – «Гүлсім ханымға» деп аталғанын көреміз. Қысқа да нұсқа, бірақ одан тармақтана тарайтын нұр сәулелері, тіпті Мағжанның махаббат жыршысы ретіндегі, алғашқы болмағанымен, ең мәнді қадамы Гүлсімнен бастау алғаны қазақ поэзиясының тарихында айрықша бел жасады. Енді ұзақ хикаяның биссмилласын оқып көрейік.

Бота көз, сиқырлы сөз, ханым Гүлсім,
Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін!
Гүлсім – күн, көкте ақырын жүзе білед, –
Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!

Бар жоғы екі ауыз өлең. Алайда Гүлсімдей арудың жұрт көзіне түсер ажары мен амалы түгелдей өлең өрнегіне түскен. Сиқырлы сөзімен арбап, бота көзімен ішіп-жейтін, іштегі арыстанды аласұртты, күндей күлімдеп, еріксіз өзіне тәнті ететін көрік пен қылық Мағжанды аз әуреге салмаса керек. Мағжанның 1989 жылы шыққан жинағындағы осы өлеңіне берілген, тегінде Хамза Абдуллин жазған, түсіндірмені түгел келтірейін. «Гүлсім ханымға» – Гүлсім Камаловаға арналған алғашқы өлең. Бұл өлеңнің тарихы мынандай: 1920 жылы Омбыдан Қызылжарға көшіп келген мұғалімдер курсында Мағжан әрі директор, әрі мұғалім болып қызмет істейді. Сол кезде Башқұртстаннан Бичурин деген ауқатты кісі жақында ғана үйленген Гүлсім деген жас әйелімен көшіп келеді. Гүлсім Мағжан басқаратын курсқа математикадан сабақ беретін мұғалім болып орналасады. Гүлсім курсқа келген күннен бастап өзінің асқан сұлулығымен, оның үстіне ерекше тәкәппар мінезімен жұрттың көңілін өзіне аударады. Ол ешкімге сәлем де бермей, берген сәлемін де алмай, тіп-тік шығып кетеді екен. Бір күні Мағжан оқытушылар бөлмесіне кіріп келсе, Гүлсім бір столдың жанында жалғыз отыр екен. Кіріп келген Мағжанға селт етіп қарамайды да. Мағжан Гүлсімге қарама-қарсы отыра қалады. Бірдеңе айтқысы келіп оңтайлана бергенде үй сыпырушы татар әйелі кіріп келіп: «Гүлсім ханым, сізді телефонға шақырады», – дейді. Гүлсім шығып кетеді. Мағжан столдың үстінде қалып қойған Гүлсімнің қалың дәптерін көреді. Дәптерді алады да, оның бір бетіне табан астында шығарып, осы 8 жол өлеңді жазады. Сәлден соң Гүлсім бөлмеге қайтып кіріп: «Мағжан мырза, мені қожам шақырып жатыр, рұқсат етсеңіз, қайтайын», – дейді. Мағжан рұқсат етеді. Ертеңіне Мағжан басқа мұғалімдермен дәлізде келе жатса, үйге Гүлсім кіріп, Мағжандарға қарама-қарсы жүреді. Әдетте жан адаммен тілдеспейтін, сәлем бермейтін паң Гүлсім: «Сәлеметсіз бе, құрметті Мағжан мырза!» – деп қастарынан өте шығады. Сол күні сабақ біткеннен кейін Мағжан Гүлсімге келіп: «Гүлсім ханым, сізді орта жолға дейін шығарып салуға бола ма?» – деп сұрайды. Сонда Гүлсім: «Жоқ, Мағжан мырза, орта жолға дейін емес, жолдың аяғына дейін шығарып салуыңызға болады!» – деп жауап береді.

Кейіннен Гүлсім Мағжанға өлеңмен былай деп жазады:
Жүрәклар тәңірісі отлы!
Көзіңнің шағласын меннен.
Көшір бір өзге алғулға,

Сиқырлы йылдызым, тездан!

Гүлсім Камалова – татар қызы. 1914 жылы Петербургтегі ақсүйек қыздарының педагогикалық институтын бітірген. Бірінші дүниежүзілік соғысқа «шафқатлық тәтесі» (сестра милосердия) болып қатысқан. Революция кезінде еліне қайтқан соң, әкесі әлгі Бичуринге қосқан» (434-435-бет). Тап осы мәтін Мағжан шығармаларының І томының 241-бетінде тұтас беріліпті. Осы хикаяның негізгі арқауы сақталғанымен, өзіндік түсіндірмесі бар деректерді Райхан Шонаеваның баяндауынан келтірейік. «Зәйни (Зейнеп. – Т.К.) жөніндегі қайғы-арманы аздап тарқай бастаған кезде, ақын Гүлсім ханымға кездеседі. Гүлсім ханым – 1914 жылы Петербор қаласындағы Ғибратты қыздар институтын бітірген, кейін Екінші (дұрысы – бірінші. – Т.К.) дүниежүзілік соғысқа шафқаттық тәтесі (сестра милосердия) болып қатысқан, татардың атақты ақыны Камаловтың қарындасы. Соғыстан соң Бичурин деген ауқатты адамға ерге шыққан. Бичурин 1918 жылы Колчакқа қарсы жорыққа шыққан большевиктерден қорқып, Уфа қаласынан Қызылжарға көшіп келді. Гүлсім осында Мағжан ағам ашқан курста математикадан сабақ берді... Ақын мен сұлу ханымның арасында махаббат оты тұтанады. Екеуі қол ұстасып, қосылудың амалын ойластырып жүргенде, күйеуі өлген Зылиха бұл туралы ебін тауып, Бичуринге жеткізеді. Бичурин ақынды өлтірудің амалын ойластырады. Мұны біліп қалган Гүлсім ханым, махаббаттан да Мағжанның тірілігінің қымбат екендігін ойлап, күйеуін алдап-арбап, Қызылжардан көшіп кетуге мәжбүр етеді. Сөйтіп, Гүлсім ханым жанындай жақсы көрген Мағжанын аранын ашып келген ажалдың аузынан алып қалады» (Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары. Алматы, 1993, 85-86-беттер). Бұл оқиға туралы сол кезде Қызылжар қаласы тұрғындарының арасында талай қызықты әңгімелер айтылған. 1960 жылы Сәкен экспедициясын басқарып жүргенде өзім де естіген ем. Біріншіден, Гүлсім Камалова емес, Акчурина. Ал татар жазушысы Камаловтың қарындасы дегенге ептеп шүбәм бар, себебі қазақтар өз ойын өткізу үшін әйтеуір бір атақтыға иек артуға құмар. Басқа Камаловтардан да сұлу қыз дүниеге келу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Екіншіден –Мичурин, Бичурин емес, Акчурин. Ол архив деректерінде анық жазылған. Осы арада Шоқан Уәлихановтың қазақта сөзді, атауды өзгертіп айтуы мүмкін, бірақ өтірік айтпайды деген ойы еске еріксіз түсіп отыр. «Ми, Би, Ак» болсын, әйтеуір «чурин» деген жағымды дыбыстарды сақтап қалғаны анық.Үшіншіден, Гүлсім ханым деу татар болғандықтан емес, әуелі сыйлау, сонсын жас мөлшерін, өзінен үлкен екендігін аңғарту белгісі. Мағжаннан 4 жас үлкен болған. Енді бүкіл қазақ жұртының таң-тамаша, әсіресе оқығандарды есінен таңдандырған классикалық «Гүлсім» топтамасын Мағжан жинақтарында бергенде хронологиялық жүйе сақталмағандықтан, әр жерде шашырап жатқан шумақтарын ыңғайына қарай теріп алып қарастыру қажет. Ол, біріншіден, әуейленген көңіл-күйдің бар сыр-сипатын көрсету үшін керек болса, екіншіден, өзге поэзияның, әсіресе батыс-орыс өлеңдерінің суреттеу амалдарының қазақ өлеңінің бейнелеу құралына, қазақтардың түсінік-танымына қандай жаңалық әкелгенін және үшіншіден, артық-кемі не екенін аңғаруға мүмкіндік береді. Мағжан шығармаларына түсіндірме жазғандар «Гүлсім» циклін шашып алып, тек «Гүлсімге», «Сүй, жан сәулем», «Г-ге» деген өлеңдерін атайды да, «Төгілген шашы», «Күміс нұрлы ой», «Сырым», «Сен сұлуды» емеурінін аңғартады. Алайда Мағжанның 1920 жылдың екінші жартысы мен 1921 жылдағы өлеңдерін оқып отырғанда, махаббат лирикасын ерекше көп жазғанын, әсіресе альбомдық өлеңдері молайғанын байқаймыз да, ақынның сезім күйінен шыға алмай жүргендігін аңғарамыз. Мағжан шығармашылығын зерттеушілердің Ш.Елеукеновтен басқасы «Гүлсім» топтамасына тамсанғаны, құлаш-құлаш үзінді келтіріп, оқушының эстетикалық ләззатын қоздырғаны болмаса, татымды талдау жасай қоймаған екен. Осы ретте Шерияздан білгірлік танытқанын атай отырып, келіспейтін жай да барын ескертпекпін. Әуелі «Гүлсім» топтамасының шындығына ғана емес, қазақ поэзиясындағы мәніне тоқтала кетейік.

ЖЫР МАРЖАНЫ

«Мағжанның махаббат лирикасының шоқтығы – Гүлсім сұлуға арналған өлеңдер. Бұл циклден екі жастың небір ғашықтық дастанға бергісіз махаббат тарихын зор тебіреніспен оқисың. Сезімге түскен ғашықтық шоғы от боп тұтанып, өрттей лапылдап, жалындап барып, күрт сөнеді.... еріксіз баурап әкетеді. Айнала дүние жаңарып, құлпырып сала береді. Бір адамға ғашықтығы бүкіл өмірге ғашықтыққа айналады. Кеудеңде бір әсем күй ойнайды. Аяғың жерге тие ме, тимей ме, белгісіз. Қанат біткендей көк жүзіне самғайсың ба, қалай?» (Ш.Елеукенов. Мағжан. «Санат», 1995, 216-б.), – деп романтикалық леппен оқушыны желпінтіп, тіпті аузының суын құрытатындай көтеріңкі көңілмен талдау жасап, қара жерге қайтып оралу керектігін сезген уақытта «Махаббат қайғысының өзі айдай жарқын сезім. Адамның қасиетін өсірмесе, өшірмейді» деп, Шерияздан махаббат сезімінің білгірі ретінде үлкен қорытынды жасайды. «Мағжанның әсіресе махаббат лирикасын дамытудағы еңбегі ерекше. Ол адамның ең бір интимдік, құпия, тылсым сезімдерін, тілсіз түйсіктерін лирикасына мазмұн етті. Жан мен тән ләззатын жырға қосқанда, оның порнографияға жататын жақтарына жоламай, бойыңды балқытатын іңкәрін, сүйегіңе бу жіберетін ыстық құшағын, ерін-ерінді өпкендегі бал алуын, соның бәрін қаныңа тарататын «тәтті уын», гүл шырынын сорған арадай алып, бұл жалғанның рақат кемесінде жүзудің не екенін көз алдымызға ойнатып, жайнатып, айнаға түсіргендей түсіріп берді. Бұл ақиқаттар қазақ әдебиеті тарихы беттерінде алтын әріппен жазылуы парыз» (Сонда, 22-б.) деген ойына түгелдей қосылып, сөз бояуындағы кейбір алабажақтарға назар аудармаса да болады. Өйткені Мағжанның ғашықтық сезіміне терең бойлап, осы өлеңдерінен суыртпақтап шығарғанын көріп, қаламдастың эстетикалық танымына ризалық білдіресің. «Мағжанның әсіресе махаббат лирикаларының бүкілхалықтық сипат алып, жатталып кетуіне, меніңше, қазақ халқының жаңалыққа құмар психологиясы қатты жұмыс істеген. Абайдан ауызданған, бірақ тұщына алмай қалған халық европалық үлгідегі махаббат өлеңін естіп, оқып көрмегендіктен, бірден «жұтып қойды», ақын даңқын аспандатты. Мағжанның бұл өлеңдері оқушының көкейінде ғана емес, тілінің ұшында, зерттеушілердің оңды-солды алатын цитаттарында жүргендіктен, мен бірді-екілі мысалмен шектеліп, дау айтар жағына көбірек тоқтасам, шындық шырайын ашуға септігін тигізер деп ойлаймын.

Мағжан «Сырым» деген өлеңінде:
Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,
Мен сүйемін жан денесін бергенше,
Жан-денесін бірдей алам, улаймын,

Қысып сүйем құшағында өлгенше.
Ол күледі, мен де есалаң күлемін,
Ол жылайды, мен де жасым төгемін.
Құшағымда жан-тәнінен айырылып,

Өлед әйел, мен де бірге өлемін. «Сен сұлу» өлеңі дүниедегі бар әсемдік пен сәндікті, асыл мен ардақтыны, құмарлық пен ынтызарлықты бір ғана нақ сүйерге құрбан ету қазақ поэзиясының мәдениетін көтерудегі бір биіктік болса, дыбыстан образ жасау («Шолпы», «Сағат») өз сырын жасырмай айқара ашу арқылы орасан зор эстетикалық әсерлікке жету, сөйтіп көркем сөздің қуатын аспандата беру, әрине, кез келген ақынға бұйыра беретін бақыт емес. Сондықтан Мағжан өлеңдерінің жұрт жүрегінде жатталып қалатындығы, бірінші, керемет көркемдігінен, жұтып қоярдай «жұмырлығынан», екінші физиологиялық шындығынан, әрбір жанға түсініктілігінен, адамзат тәжірибесінің ешкімге жат еместігінен. Совет заманында, ақындардың махаббат лирикасын жазуға «құқығы» жоқ кезінде барынша көп таяқ жеп, сөз естіген, әрине, Мағжан болды. Сондықтан оған әйелдің теңдігі емес, қойны керек болды, тән қызығына берілді, бай баласы болған соң қыздар арасында өзін қадірлі етті деген айыптар тағылса, ақталғаннан кейін Қадырдың айтқан ойын Шерияздан «Мағжанға тағылған жаңа айып» деп біледі де, «тіпті кей өлеңдерге тағылған кінәнің орынсыздығы сондай, сындарлы дау айтудың қажеті шамалы» (210-бет) деп таусылады. «Осыны Қадыр сияқты ақынымыз айтып отыр дегенге сенгің келмейді» деп буырқанады. Ширығып бастаған Шерияздан: «Қадыр Мағжанның махаббат лирикасына шүйлікті. Тіпті сонау көне замандағы Овидий өлеңдерін Мағжанды кінәлаудың құралы етті. Сондағы тапқан кінәсі: «Екеуінде де ғашықтық сезімнен гөрі құмарлық сезімі басымдау секілді. Қалай қарасаңыз да, эротика элементтерін көресіз» (209-бет) деп Мағжан өлеңдеріне шаң жуытпауға тырысыпты. Тіпті Қадырдың «адами ұлы махаббатты шегіне жеткізе жырлаймын деп отырып, бір сәттік қана өткінші, тіпті ұшқалақ ләззатты қызықтап кету лирика тағдырында жиі ұшырайды», сондықтан сезімді «алтын кісенмен тұсаулап» (210-бет) ұстауға шақырғанына құлақ қоймай, Шерияздан сезім сақшысына айналып кетіпті. Қадырдың ойында дұрыстық басым, өйткені екеуі де орысшаға жетік болған соң «эротика», «интим», «порнография», «секс» дегендерді қысылмай қолданады. Қазіргі теледидардан көргендері мен естігендері көп екенін танытады. Мағжанда рабайдан шығып кететін шумақтар кездеседі. Бір өлеңнің өзі басынан аяғына дейін «Сен сұлудай» таза, пәк сезіммен берілмейтін сәт аз емес. Мен де ептеп орысша білетіндігімді аңғарту үшін емес, «натуралистік» дегенді қосып, өз ойымды айтып көрейінші. «Гүлсімге» арналған циклдің ғана емес, бүкіл қазақтың махаббат лирикасының шыңы «Сүй, жан сәулем» өлеңіне көз салайық:

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына!

Бір тылсым сәт үшін лирикалық кейіпкер осынша шығын шығаруға даяр, өйткені, мұндай «құрбандыққа» кім де болса ойланбай барады. Осы шумақты оқыған адам есінен айырылады, бұл жалғанды ұмытады, мұндай пәк сезімнен өзіне ғибрат алып, осындай керемет дүниеге кезіксем екен деп армандайды. Сондықтан «тәтті уды» жұта береді, жұта береді, оны қалай жаттап алғанын өзі де аңғармайды. Удың құрамында не бар екеніне назар аудармайды, өйткені күнделікті тірлікте кездесіп жатқан құбылыстың өзі сиқыр күшке айналады да, оқушысы мен тыңдаушысын өзінің «уысынан» шығармай, матап тастайды. Сезім шырмауына оқушы оратылып қалады.

Құшақтап нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз сәулем, тәтті балдай тіліңнен,
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.

Әзірге ақыл-естен адасарлық сәт жоқ, бірақ еріктен айырылу кезеңі басталуға жақын. Ненің болса да логикалық жалғасы бар ғой, демнен еріген, тілден у жалаған лирикалық кейіпкер енді көз жұмбаса мақсатына жете алмасы анық. Сондықтан ол:

Кір қойныма қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып, –

деген әмірге қай ару көнбес, өйткені лирикалық кейіпкер татқан уды ол өз тілінен тегін жіберіп тұрған жоқ, оның да сондай күйге түсіп тұрғаны шындық. «Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс!» демеске шарасы жоқ. Ақын ғана шашының қарасына, денесінің ақ бұлт, жүзі – ай, тісі – меруерт екенін байқағанымен, бар «ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныда» екенін білген соң, басқа жұмақтың бәрін тәрк етеді. Шын өмір, табиғи жай – оған еш дау айта алмайсың. Шындық осылай екен деп бәрін натуралистік тұрғыда суреттей беруге бола ма? Мен Қадырша «эротиканы», Шериязданша «интимді» қолданбай-ақ қояйын. Осы көріністер қазіргі теледидардағы тағылықты көрмей өскен жастарға нені үйреткендей. Әрине, «сексуалдық сауат ашу, тәрбие беру» керек-ақ шығар, алайда «Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін, Өтпесе түн, атпаса екен таңы да!» дегенді қалай түсінгендейміз.

Төгілген шашы,
Қиылған қасы,
Керілген маңдай да.
Тістері меруерт,

Бейне қар – мамық ет,
Кез келсең мұндайға.
Жалындап, күйіп,
Бір ғана сүйіп,

Өлсең де болмай ма! – деген ақылға ойлана қарамаса, адамзаттың бұл жарық дүниедегі қызығының жалғыз мағынасы болып қалмай ма?

Жас періштем, сұлу қыз,
Сүймеші, сүйме сұраймын!
Мен ақынмын тұрлаусыз
Жырлаймын да, жылаймын –

дегенін қайда қоймақпыз. Осындай ескертулердің Мағжан өлеңінде көп кездесетіні тегін емес.

Алдағаным жоқ,
Арбағаным жоқ,
Сен сөзіме, сұлу қыз!
Тап сол сағат

Сүйгенім хақ
Куә мынау көп жұлдыз!

Сонда, түнде бар да, күндіз жоқ жұлдыздарды куәлікке қалай тартамыз. Мен Мағжанның махаббат жырларына еліктемеңдер, ермеңдер деп отырған жоқпын. Олай десем, Қадыр сияқты Шериязданның қаһарына кезігіп қалармын, алайда шындыққа тура қарай білгеннің еш артықтығы жоқ. Шетелдік тауарлардың этикеткасы жұртты қызықтыратындай болмасын деп жатқаным ғой, әйтпесе қазіргі жастар удың неше түрін ішіп жүр, алдынан жарылқасын деуге болмас.

ШЫНДЫҚТЫ ШЫРЫЛДАТПАЙЫҚ

Мағжан жинағын құрастырушылардың орашолақтығынан ба, әлде жүрдім-бардымдығынан ба, ұлы ақынның классикалық «Гүлсім» топтамасы ғана емес, бүкіл өнерпаздық өсу жолын көрсететін өлеңдері жүйеленіп берілмегендіктен, оқушы ғана емес, тіпті зерттеушілердің өзі оп-оңай шалыс басып алады. Келесі басылымдарда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты не жариялайтын басқа орындар Мағжан шығармаларын хронологиялық тәртіппен құрастырып, деректі түсіндірме жасаса, ұлы ақынның сөз сиқыры бұдан да гөрі арта түсері сөзсіз. Мағжанның Омбыдан Қызылжарға қызметпен қоныс аударуына бірнеше себеп бар. Оның ең үлкені – Сибревкомның қазақ жеріне көз алартуы, бауырына басып қалмаққа ұмтылуы. Бұған әсіресе алаш азаматтары, Ахаң, Әлімхан Ермековтердің жанқиярлық еңбектері жол бермеді. 1921 жылы 10-мамырда Меңдешев бастаған Төтенше комиссия іргені түпкілікті бекіткені тарихқа белгілі. Соның нақты бір көрінісі педагогикалық курстың Қызылжарға көшуі, оған Мағжанның басшы болуы, яғни, интеллектуалды күшті Қазақстанда дайындаудың алғы шарты еді. Алайда осы шындықты архив құжаты арқылы білмегендер ойдан қисындырып жіберуден еш қысылмайды. Үп-үлкен кітап жазған Шерияздан Елеукенов: «Қызылжарда 1920 жылы мұғалімдердің советтік курсы ұйымдастырылды. Оған әдебиет пен педагогика курсынан сабақ беруге Мағжан Жұмабаев шақырылды. Бірақ көп ұзамай «Ертегі» поэмасын оқығаны үшін, Кенесары мен Сыздықты дәріптедің деп Мағжанды оқытушылықтан босатады» (Ш.Елеукенов. Мағжан. 1995. 43-бет.), – дейді. Ал жоғарыда келтірілген құжат мүлдем басқа дерек бергенін көрдік, ал Кенесары мен Сыздықты мадақтағаны үшін жазалау ол кезде басталған жоқ-ты, тіпті «Ертегі» поэмасының жазылуы мен жариялануы кейін болған оқиға. Академия институты, атақ-дәрежесі бар ғалымдар шығарғанға қарапайым оқушы имандай сенеді ғой, бірақ «Ертегі – алғаш Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінде басылған екен. Оны Алматы облыстық «Тілші» (1922, №2) газеті көшіріп басыпты. Біз соңғы нұсқаны пайдаландық. «Бостандық туы» газетінің ол жылдардағы сандары әзір таптырған жоқ. 1922 жылғы жинақта қысқартылып басылыпты» (М.Жұмабаев. Шығармалар. 2-3 том, 1996, 217-бет және «Ана тілі», 19 сәуір, 1990) дегенге де мен онша сенбеймін. Оның үстіне, Мағжанды сол кезде қуғындады деген әшейінгі лақап сөз. Әйтеуір ақтау үшін совет заманына көлеңке түсіре берсек, ешкім қарсы бола қоймас деген ожарлық, тіпті архивке сүйенбей еңбек жазатындар көбейіп барады. Оған дәлел керек болса, тайға таңба басқандай дерек келтірейін. Марқұм М.Базарбаев «1923 жылы Ташкент жұртшылығы алдында Ж.Аймауытов Мағжан ақындығын талдай, терең түсіндіретін баяндама жасап, оны «Лениншіл жас» журналына бастырып шығарды» (М.Жұмабаев. Шығармалар. 1 том, 1995. 10-бет.) деген дерек келтіреді. «Лениншіл жас» журналы 1925 жылы шықты, демек Жүсіпбек баяндаманы 1923 жылы жасап, 1925 жылға шейін жариялануын журналға қаратып қойған жоқ. Жүсіпбек баяндаманы сол 1925 жылы Ташкенттегі қазақ студенттеріне жасады және «Лениншіл жас» журналының 1925 жылғы (№4-5) бірлескен санында жариялатты. Ал «1923» деген саналы түрде насихатталып келе жатқан өтірік, жалған дерек. Ол 1989 жылғы жинақта әдейі 1923 деп көрсетілді. Содан бері, әсіресе Б.Дәрімбетов, X.Абдуллиндер осы датаға екпін түсіре жазып жүр. Мағжанды 1920 жылы 7 тамызда Омбыдағы Махмуд Арслановқа орысша жазған хатында педкурс жұмысын қашан аяқтау мәселесінен басқа ештеңе алаңдатпаған. Ешбір қуғын-сүргін көрмеген. Менің қолымда 1920 жылы 5 мамырда қазақ-татар баспасының меңгерушісі Фархи Ахмедовтың Омбының әкімшілік бөліміне берген есебі бар. Қазақ-татар баспасы 1919 жылдың аяғында 5 армияның саяси бөлімінің Омбыда жұмыс істеуге қалдырылған татар-башқұрт секциясының негізінде ашылды. «Что касается киргизского издательства, то она за неимением киргизских работников, могущих вести газетное дело, несмотря на все решительные меры Муссекции не могло как следует функционировать. В настоящее время киргизской газетой руководит тов. М. Айтпенов и она уже регулярно выпускается в неделю один раз в четырех страницах. С 25 декабря по 2 апреля Мусульманским издательством выпущены: 1. Татарская газета «Азат Сібір», 48 номеров, всего 178, 291 экземпляр. 2. Киргизская газета «Кедей сөзі» 10 номеров, всего 50.000 экземпляр», (Омбы архиві, 26 фонд, 1 тізім, 206-іс, 20-21-беттер). 1920 жылы 15 қыркүйектен кейін Мағжан Омбыға қайтып оралған болса керек. Сәбит Мұқановтың дерегіне сүйеніп, күні бүгінге дейінгі зерттеушілер «1919 жылдың қыс ортасынан бастап Қызылжарда шығатын «Бостандық туы» газетіне жауапты редактор болды. Ол қызметте 1920 жылдың күзіне шейін болды» (С.Мұқанұлы. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. 1932. 210-бет) деп келеді. Ал шындығында бір жыл уақыт кешірек, яғни Мағжан 1920 жылдың қысында редактор болса бір шамаға соғады және «Кедей сөзі» газетіне редактор болудан бастаған шығар. Өйткені газет «Бостандық туы» болып 1921 жылдың 19-наурызында Омбы қаласында (Қ.Бекхожин. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі. 1981.98-бет) шығып, содан кейін Қызылжарға көшіріледі. Мағжанның 1921 жылдың бас кезінде Қызылжарға қоныс аудардым дегенін есте тұтсақ, онда 1922 жылдың қара күзіне дейін Мағжанның «Бостандық туы» газетіне редактор болуы бір шамаға соғады. Сәкен 1916 жылы, Мағжан 1917 жылы семинарияны бітіргеннен кейін 1921 жылдың наурызында, яғни, «Бостандық туы» Қызылжарға көшкен тұста кездессе керек, оған дәлел болатын деректер жеткілікті.

ҚАУЫРТ ҚАДАМДАР

1920 жылдың тамызында Бүкілқазақстандық Құрылтай съезін шақыруға дайындық жұмысы күшейді. 1 қыркүйекте Қызылжар қаласында Ақмоланың губерниялық съезі шақырылмақ, оған уезден 20 адам делегат болып сайланды. Губерниялық сайлау комиссиясының төрағасы болып тағайындалған «Кедей сөзі» газетінің редакторы Мұқан Айтпенов «Орынбор қаласында болатын Құрылтай съезіне Кеңес өкіметін орнату жолында ерен еңбек еткен белсенді революционерлерді, атап айтқанда, С.Сейфуллин сияқты адамдарды шақырып жатыр, дайындала берсін» деп жеделхат соқты. Бұл мәселе уездік атқару комитетінде арнайы әңгіме болып, қауырт жұмыстардың көптігін және қазақ оқығандарының аздығын еске алып, өлкелік съезд түгіл, губерниялық съезге делегат болып сайланған Сәкенді ешқайда жібермеуге қаулы шығарды. Атком төрағасы Г.Коротков 7 қыркүйек күні Сейфуллин мен Омаровты съезге жібере алмаймын деп жеделхат жіберді. Көп кешікпей 15 қыркүйекте Мұқан Айтпеновтен «Сейфуллин Орынборда өтетін съезге баруға міндетті, оның орнына Әлиевті уақытша тағайындаңдар» деген қысқа да тұжырымды жеделхат келді. Коротков бұған да құлақ асқысы келмейтін сыңай білдірген соң, Сәкен мен Әшім Омаров мәлімдеме жазуға мәжбүр болды.

«Коротков жолдасқа Біз Сейфуллин мен Омаров, сіздің телеграммаңызды елемей, бүкіл киргизиялық съезге жүріп кеттік. Бұлай істеуге бұл съездің маңыздылығы мәжбүр етіп отыр, өйткені Кеңес екіметінің негізгі мақсаттарына сай Қырғыз Республикасын «Қазақстан» деп ресми жариялаудың мәні ерекше зор, мұндай істі тек партия қатарындағы жолдастар ғана жүзеге асыра алады. Бұл бір. 2. Партиядағылардың борышы – съезд теріс бағыт алып кетпеуі үшін Кеңестер съезінің қаулысын қуаттау және съездерге қатысу. 3. Ақмола қаласы қазақ өлкесінде ең революцияшыл қала болған және болып та отыр, съезд көпшілік жағдайда Ақмола өкілдерінің пікіріне құлақ асатынына біз кәміл сенеміз. Сондықтан съезд Ақмола уезінің өкілдерінен іргесін аулақ салмау үшін біз екінші рет қайталап айтамыз, сіздің телеграммаңызды елемей, аттанып кетуге мәжбүр болдық және 15-қыркүйекте жүріп те кеттік».

Құрметпен, Омаров, Сейфуллин.

Қазақстан Республикасының туын тігетін Құрылтай съезіне екі жүзден астам делегат келген. Ескі таныстар болмаса, бір-бірімен шұрқыраса кеткендер аз. Біріне-бірі сынай қарайды. Орынбордың мейманханасы жетпегендіктен, әр оқу орнының жатақханасына бөлініп кеткен көп адамдар асханада кездесіп қалады. РКП Сібір бюросының қазақ-татар бөлімінің меңгерушісі Әбілқайыр Досов, Орынборға келгеніне едәуір уақыт болған Жанайдар Сәдуақасов пен Мұқтар Саматов, Омбы партия ұйымынан Сабыр Шарипов, Қарқаралыдан келген Нығмет Нұрмақовтармен Сәкен бір әмпейлес. Съезд делегаттарының ең үлкен құрамы Орынбор – Торғайдан екен. 112 адамның алпыс төрті Торғай делегациясы, оны басқарып жүрген Әліби Жангелдин, Мұқаметжан Сералин де съезге делегат екен деген хабарға Сәкен айрықша құлағын түрді. Өйткені «Айқап» жабылғаннан кейін одан еш хабар-ошар ести алмай жүрген. 1920 жыл, 4-қазан. Кешкі сағат алтыда Орынбордың ең үлкен залы –Свердлов атындағы клубта тұңғыш съезд ашылды. Көтеріңкі әуен, шат көңіл осы халге мықтап орнаған. Бәрі де мерекеге лайық. Әлден уақытта сахна төріне еңсегей, әскери киімді, шоқша сақалды Радус-Зенькович шығып, қазақ өлкесінде орнайын деп отырған ұлы жаңалықпен жиналған көпті құттықтады. Бөкейді Астраханнан, Ақмола мен Семей облыстарының солтүстік аудандарын Батыс Сібір өлкесінен Қазақстанға қарату жөніндегі Төтенше комиссия жұмысына белсене араласты. Ақыл мен парасатты, қайрат пен жігерді асқан алғырлықпен жұмсайтын күннің туғаны тың ойлардың бетін ашты. Мұндайда ақынның жан сыры өлең жолдары боп көкейге оралады екен.

Тәуекел дарияға салсаң қайық
Талмай дүз, тұтқан жолдан кетпей айып,
Дарияда бірде тыныш, бірде дауыл
Қаңбақша кезер кемең қанат жайып

Айықта қалқыр кемең тыныш тауып,
Сұрапыл дауыл соқса қатер-қауіп.
Тілсіз жау – қара дауыл үні құрыр,
Ескекті мықтап ұста, кетпей ауып.

Тымықта құлаш көрсең әнге салып,
Гулеп сал толқында да қаһарланып.
Сыр берме жел қайыққа мінгеннен соң,
Рахатты, михнатты да мойынға алып.

Толқында, тымықта да өлеңдетіп,
Дариядан қорықпай жүзіп аман өтіп,
Ғаділдік, махаббаттың патшалығын,
Көрерсің мақсатыңа барып жетіп.

Қауырт істен қол босаған бір шақта жазыла салған осы төрт ауыз өлең Сәкен қаламынан 1920 жылы туған жалғыз өлең – келешек өмірінің айбынды бағдарламасына айналды. Әрине, баспасөзді жолға қоймай ештеңе де тындырымды болмайтынын анық сезген Сәкен енді Қазақстан мемлекеттік баспасын ұйымдастыру ісіне мықтап кірісті. Оның алғаш өнімі В.И.Лениннің комсомолдың ІІІ съезінде сөйлеген «Жастар одағының міндеттері» деген сөзімен ашылып, Абдолла Асылбековтың «Біздің де күніміз туды» деген публицистикасына ұласып жүре берді.

РЕДАКТОР БОЛДЫ МА?

Ең алдымен Мағжан «Кедей сөзі» – «Бостандық туы» газетіне редактор болды ма?» деген қарапайым сұрақ қояйық. Мағжанның өзі 1929 жылы 14 шілдеде тергеушіге берген жауабында «1920 жылы Петропавлдегі қазақ тілінде шығатын «Бостандық туы» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Бұл қызметті 1923 жылға дейін істедім» (Қараңыз. Д.Досжанов. Абақты. 1992. 244-бет) деп мәлімдеп, қолын қойыпты. Сол кезде Қызылжарда болған Сәбит Мұқанов 1932 жылы жазған еңбегінде «1919 жылдың қыс ортасынан бастап Қызылжарда шығатын «Бостандық туы» газетіне жауапты редактор болды» (210-бет) деп сендіре айтады. Сондықтан болар, кейінгі зерттеушілер еш күдіктенбей осы деректі оңды-солды қолданып келеді. Ал шындық басқаша сөйлеп, қатты ойлантып отыр. Біріншіден, «Бостандық туы» атауы «Кедей сөзі» газетіне 1921 жылы қойылыпты. Ал «Кедей сөзі» 1920 жылы февральда (ақпанда) шықты. Қазақ баспасөзінің білгірі Хайыржан Бекхожин. «Бостандық туы» болып 1921 жылы 19 наурызда аталды» (X.Бекхожин. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі. 1981. 98-бет), - дейді. Екіншіден, Мағжан осы газетте штаттағы қызметкер болса болар, бірақ жауапты редактор болды дегенге келгенде, күмілжімеске амалымыз қалмай отыр. «Кедей сөзі» газетінің 1921 жылы 12-ақпанында шыққан 37-санында «Жәжеке» деген псевдоним атпен Мағжанның (үй ішіндегілердің еркелетіп қойған аты. – Т.К.) «Автономия кімдікі!» деген принципті ой-толғамы жарияланды. Газеттің осы саны Омбы қаласында РВЦ Интернационал баспасынан жеті мың дана болып шығыпты. Шығарушы (яғни, редактор) «Жазушылар ұйымы – редакционная коллегия» деп қол қойылған. Бұдан бір жұма кейінгі 4-саны «Бостандық туы» атымен шықты. 1922 жылы 7-шілдеде шыққан 28-санында Мағжан деп қол қойылған «Жан тәрбиесі» деген бір бет материал бар. Ол «Жан көріністері мен дене көріністері арасындағы байлам», «Жан көріністерін үйрету жолдары», «Жан тұрмысының түзу болу шарттары», «Нерв системасының қызметі» деген бөлімдерге бөлініп, басылды. «Аяғы бар» деген белгі қойылыпты. Соған қарағанда, Мағжан өзінің «Педагогика» оқулығының «Психология (жан тілі)» бөлімін (1996 шыққан 2-3 томының 241-248 беттері) жарияласа керек. Жалғасы қолға түспеді. Мағжан 1922 жылы Қызылжар қаласында 15-қыркүйекте «Педагогика» оқулығына жазған. Кіріспесінде «бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып жарық көре алмады. Бұл айып менікі емес, бүлінген замандікі» (М.Жұмабаев. Шығармалар, 1996. 2-3-том, 22-бет). Демек, Мағжан кітапты баспаға дайындап болар қарсаңында психология тарауын «Бостандық туына» бастырған. Бұл да Мағжанның газеттен іргесін аулаққа салмағанына дәлел. Бұған қосымша және Мағжанның осы газеттегі ең соңғы мақаласы болуға жарайтын «Оқығандарды жұмысқа қою» деген материалға көз салайық. Ол 1922 жылы 9-қыркүйекте басылды. Жоғарыдағы «Айып менікі емес, бүлінген замандікі» дейтін зығырданның кейбір сілемдері «Автономия кімдікі», әсіресе «Оқығандарды жұмысқа қою» мақаласынан байқалады. «Октябрь төңкерісіне жалпы оқығандар қарсы болды. Еңбекшіл өкімет ұзақ өмір сүрмейді деген ниетте болып, қызметке шын көңілімен кіруден бас тартты. Неше жыл оқып алған білімін совет өкіметінің беку жолына жұмсауға арланды» дегеннен аңғарамыз. «Оқығандарды жұмысқа қою» мақаласының авторы – М.Ж. немесе МЫЖ псевдонимдер Мағжан қолданысында болған. Сонымен осы деректер маған Мағжан «Кедей сөзі» – «Бостандық туында» жұмыс істеді деуге негіз болып отыр. Ол кезде 2-3 жерде қызмет істеу мүмкін болатын, тегінде Мағжан сол кезде ұстаздықтың етегінен айырылмаған сияқты. Өйткені әне жерде, мына жерде мүшелікке, жетекшілікке сайланып жатқандардың тізімінде Мағжан тіпті кездеспейді десе болғандай. Осылай сиырқұйымшақтатып алып келе жатқанда, үшіншіден, Мағжан осы газетке редактор болды дегенге шүбәм бар екенін айтпақпын. 1960 жылы 17-шілдеде Омбы қаласында Павлоград ауданының «Южный» совхозының 5 бөлімшесінде тұратын зейнеткер Ақмедия Байсатұлы Серікбаевқа кездесіп ем. Ол 1887 жылы туып, 1905-1922 жылдары Омбы қаласында тұрған. 1917-1919 жылы высшее начальное училищеде оқып, 1920 жылы «Кедей сөзі» газетінің наборщигі, одан кейін 1924 жылға дейін «Бостандық туы» газетінің корректоры болған. 1924-1957 жылдар аралығында мұғалім болып істеп, «Құрмет белгісі» орденімен наградталған. 1947 жылы партияға кірген көрінеді. «Кедей сөзі» газеті Омбыда шығып тұрғанда наборщик, Кызылжарда корректор болған Ахмедия Байсатұлы Серікбаев «Кедей сөзі» газетінің редакторы Мұқан Айтпенов, ал Мағжан қатардағы газет қызметкері болған еді дегенді беркіте айтқан еді. Енді осы шындықты «Кедей сөзі» – «Бостандық туы» газетінің Алматыда бар сандарын аша отырып, ой толғайық. М.Айтпеновтің толтырған анкетасынан және Фархи Ахмедовтің есебінен Мұқанның алғашқы редактор болғаны шубә тудырмайды. «Кедей сөзінің» 1921 жылы 12-ақпанда шыққан 3 (37) санында «газет шыға бастады 1920 жыл февральдің 22-сінде» деген жазу бар. Демек, газет 1919 жылы шықпаған, 1920 жылы шыққан, 1, 2 және 12-19, 21-29 сандарын көре алмадым. 1920 жылы 13-наурызда шыққан санында «Кедей сөзі» – «Голос Бедняка» – орган мусульманского организационного бюро РКП большевиков и Омского губернского революционного комитета». Шығарушы, яғни редактор – «Жазушылар ұйымы» – редакционная комиссия. «Омбыдағы №3 мемлекеттік баспада» 1000 дана болып басылған. 1920 жылы 11-сәуірде шыққан №9 санда, шығарушы – Мұқан Айтпенов, ответственный редактор – М.Айтпенов екені анық көрсетіліпті. Ал қолымыздағы №20 санда (14.7.1920) «Ответственный редактор Әбілқайыр Досов» деп қол қойылыпты. 1920 жылы 7 қарашада шыққан 30 санға редактор ретінде тағы да Мұқан Айтпенов қол қойып, 17 қазандағы №31 сан «Жазушылар ұйымы» атынан шығыпты. Ал 1921 жылы 12-ақпанда шыққан №3 (37 сан да, «Бостандық туы» атымен шыққан №4 сан да «Жазушылар ұйымы» атынан шықты. 1922 жылы 12 мамырда шыққан №10 (66) санға Жанұзақ Жәнібеков (врем. Редактор Ж.Жанебеков) уақытша редактор деп қол қойса, келесі №11 саннан (17.5.1921) бастап жауапты редактор болып бекіпті. Ал 1923 жылы 1 мамырда шыққан №6 (123) санға «Жауапкер бастырушы Айтқожаұлы Сабыр» қол қойды. Ол іссапарға шыққанда Ж.Жәнібеков уақытша редактор болып қол қойып жүрді де, №19 (136) саннан яғни, 1923 жылдың 11-қыркүйегінен былай қарай Әбдірахман Бегішев редактор болды да, 30 қазаннан кейін орнын қайтадан Сабыр Атқожинге берді. Қызықсыздау болса да цифрларды әдейі келтірдім. Көріп отырсыздар, үш жыл шыққан газеттің қолымызға түскен сандарынан Мағжанның аты автор ретінде болмаса редактор – шығарушы ретінде кездеспейді. «Жазушылар ұйымы» дегенге Мағжанның есімін тығып қойса өздері біледі. Мен Мағжанға редакторлықты қимай отырған жоқпын, бірақ байқаған шындық осындай. Екінші, ақын адамның, әсіресе, Мағжан сынды дарынның мінез-құлқы екінші қатарда болмауы тиіс. Қиындықта өткір пышақтай қайрала түсетін характерлер болады. Ал әрбір құбылысты трагедиядай қабылдайтын мінездер болады. Меніңше, Мағжан мінезі екінші топқа жататын сияқты, өйткені өлеңдеріндегі өрекпу де (мен арыстан дегендей), мұңаю да (өлім тілеу) алмасып келіп отыруы тегін емес. Көңілдің мінезге салар жүгі ауыр. Оның үстіне Омбы басындағы қазақ жастары арасында 1912 жылы өлең жинағын шығарған жалғыз дарын Мағжан ғана болса, онда оның қанаттандыратын да, ұрындыратын да сәті де аз емес қой. «Қымызшы Белгібайдың қара қызы «Мағжан дейтін жігіт сіздің мектепте оқи ма? Жаңа ғана осы үйден қымыз ішіп шықты. Өзін керемет ақын дейді ғой. Бірақ отырыс, тұрысы, мінезі бір түрлі көрінді маған» («Қызыл сұңқар». Естеліктер жинағы. І970. 97-бет.). «Семинарияда оқитын 8-9 қазақ балалары (Мағжан Жұмабаевтан басқасы) Сәкеннің тілінде болдық. Мағжан Жұмабаев Сәкеннің соңынан ергендерді әзілдеп, «Сәкеннің жалаң аяқ қара тобырлары» дейтін еді» (98) дегендер шындыққа жақын сияқты. Ал шалқу, тасу, дүниенің тұтқасын өз қолында ұстау ақындар үшін онша қиын дүние емес. Одан Мағжан да, Сәкен де кенде болмаған. Сәкеннің тәкәппарлығы бүкіл қазаққа белгілі, ол жөнінде М.Әуезов «Шыншыл, тәкәппар ақын» деген арнайы мақала жазды. Оның әлеуметтік те, пенделік те себептерін ашып берді. Сәкеннің тәкаппарланатын кезі 1923 жылдардан басталған сияқты. Оны Сәбит Мұқановтың көзімен бір қарап көрейікші: «Сәкеннің досы да, дұшпаны да көп болды. Солардың ешқайсысы да, не бұрын, не қазір Сәкеннің жалған сөйлегенін не көрдік, не естідік демеуге тиісті. Не айтқысы келсе де, бетіне айтатын. Көлгірсу, жалпақтау дегенді білмейтін. Бір көрме кісіге Сәкен тәкәппар сияқтанатын еді. Кейбіреулерге сөйтетіні де рас та болатын. Үлкенсуді ол қатты ұнатпайтын, егер біреуден ондай мінез сезсе, я ұнатпайтын біреуі болса, кекірейе қалатын, ұнатпайтын адамымен Сәкен сөйлеспейтін, араласпайтын», (Сәбит Мұқанов. Өсу жолдарымыз. Мақалалар. 1960. 497-498-беттер). Адамның не қасиеті болса, сол оның міні де деген М.Әуезов ойы Сәкеннің мінез қылығына да келеді. Содан ол талай опық та жеді, сөзге де қалды, дұшпан да тауып алды. Не істейсің, Құдайдың ақынға берген мінезі осы. Мен бұл жайды әншейін айтып отырған жоқпын, осының салқыны Мағжан мен Сәкен қарым-қатынасына едәуір зиянын тигізгенін тарихи деректер дәлелдейді және өздері де сыр беріп отырады.

ҚАҚТЫҒЫС

«Бостандық туы» 1921 жылы қыста Қызылжарға көшкенде, Мағжан да қоныс аударды. Осы кезде ақ бандылар мен кулактардың көтерілісі болып, Қызылжардың 300-ден астам большевиктері мен совдепшілері қырылды. Оның ішінде бізге өте жақсы таныс, Мағжанның шәкірті Ізтөлин Баймағамбет те бар. Омбы қаласында Ақмола мен Семей облыстарын Қазақстанға қосу жөнінде жасақталған Төтенше комиссияның құрамындағы Сәкен Қызылжарға келіп, қаза тапқандарды бауырмалдастар зиратына жерлеуге қатысады. Сол уақытта кездесті ме, жоқ па, бірақ Мағжанның осы трагедиялық оқиғаға енжар қарағаны байқалады, өлең-жырынан, мақалаларынан аңғарылмайды. Семинария түлектерінің мұндай жағдайда кездеспеуі мүмкін емес дегенді теріске сайған күннің өзінде Сәкеннің 1921 жылы 26-наурыз күні Омбы вокзалында «Қызыл ерлер» деген өлең жазып, Қызылжарға келген соң «Бостандық туы» газетіне беріп бастыруы оның азаматтық позициясын көрсетеді:

Бостандық үшін ант қылып,
Күресуге тұрдық біз,
Республика советін,
Ұран салып құрдық біз...

Жауыздар үшін қан төгіп,
«Дінім», «Ұлтым» демеспіз...
Дүниенің барлық жарлысы
Бауырымыз, біздің жұртымыз,

Олардың бақыты, үкімі –
Дініміз, біздің ұлтымыз, –

деген идея, сөз жоқ, Мағжанға ұнамағаны анық. Сәкеннің бұрынғыдан да гөрі солшылдана түскені, әлемдік революцияның әуселесімен жүргендігі Мағжанның жүрегін қозғамағаны былай тұрсын, «ұлтым, қазағым» деп келе жатқан Мағжанды шошындыруы да мүмкін. Тіпті бір-біріне кездесе қалғанда сезіліп те қалған шығар. «Бір ақынның сандырағы», «Ұлтшылдың сандырағы» деген екі өлеңі тағы сол жылы, яғни 1921 жылы жазылуы тегін емес. Оның үстіне 1916 жылы «Заманымыздың ақыны» деген кекесіннен кейін 1920 жылы Мағжанның:

Фуллин Сәкен,
Кекең, кекең,
Футурист.
Бала ақымақ,

Қожа, ташмай
Басын кес –

деген қалжың-эпиграмма жазғаны Сәкеннің құлағына жетіп жатса, ер-тоқымын бауырына алатындай себептің табылғаны ғой. Мағжан өлеңдерінде шамадан тыс қайталанып жырланатын жайлар мен әлеуметтік енжарлығы, әсіресе Қызылжардағы оқиғаға онша мән бермеуі Сәкеннің қаламына еріксіз жол бергендей. Семинарияда үш жыл бірге оқып, әлеумет мәселесінде бірде табысып, бірде кетісіп жүрген пенделердің қылтың ете қалатын мінездері шығармаларынан көрінбей қалмады. Мағжанның сол кезде шығарған өлеңдеріне көз салсаң, Сәкеннің ащы сатирасына негіз болған арналарды аңғарамыз.

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
не болмаса:
Өзім күнмін, өзім от,

Сөзім, қысық көзімде от
Өзіме өзім табынам.
Немесе:
«Дәрігер, бәрі, бақсы» деп,

Алмаңдаршы мазаны.
«Тірліктен өлім жақсы» – деп
Сұраймын өзім қазаны.
не болмаса, 1921 жылы 7-тамызда Александр Блок дүниеден өткен кезде жазған:

«Әйел» – идеал,
кемпір – ажал,
Тұр Блокқа үңіліп,
Сөнді енді өмір,

Бітті енді жыр,
«Әйел» қалды жыр болып, –

деген жолдардың қай-қайсысы болсын төңкеріс жолына түскен, әсіресе әлемдік революцияны қалаған жанға мүлдем түсініксіз болуы ғажап емес. Осы ой екпіні Сәкенге «Бір ақынның сандырағын» жаздырды. Бұл әнді әшейінгі әзіл-қалжың, эпиграмма емес, саяси-әлеуметтігі былай тұрсын, әдеби-эстетикалық ұстасудың нақ өзі еді. Сәкеннің бұлай жазуы дұрыс па, бұрыс па деп жатпай, өлеңді түгел оқиық:

Ауру ақын,
Ыңқылдайды төсекте
Қыстығып.
Доктор жақын,

Қасыңда отыр есептеп
Ыстығын.
Блок, Бальмонт
Жастығының астында –

Иманшарты,
Әлі де әл көп,
Ақ орамал басында.
Сөйлейді шалқып,

«Мен отпын, жанамын!
Мен отпын.
Мен нажағай –
жарамын!

Мен оқпын,
Мен Құдаймын!
Мен күн, аймын!
Мен маймын!

Мен баймын!
Далайламамын!»
Жаймын!
Мен!

Мен үңгірде арыстанмын!
Мен жүйрікпен жарысқанмын!
Отпен от боп жанысқанмын!
Алысқанмын!

Шалысқанмын!
Жанмын!
Мен!»
Блок, Бальмонт жастығының астында,

Ақ орамал күңгірттенді басында.
«Дай компресс, сал, компресс!»
Састы доктор қасында.

Адресі айқын. Мағжанды келеке етпек болған шығарма екені айдан-анық. Осындай мінез, қылық қазақ ақындарының ішінде Мағжаннан басқада кездеспегені тағы анық. «Үйренісіп қалған жау атыспаққа жақсы» дегендейін, қазақтың екі ұлы ақыны заманның ең бір тар, қиын кезінде осылай кездесіп, ойларын ашық айтудан тартынбапты. Сәкеннің бұл өлеңі 1921 жылы жазылып, 1922 жылы «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағында жарияланды. Мерзімді баспасөзде жарияланғаны бізге беймағлұм. Күнделікті шығып жататын газет-журналда болса, Мағжанның жауапсыз қалуы неғайбыл еді. Әзірге шабуыл үстемдігі жүре бастаған таптың ақыны Сәкен тарапынан болды. Мұнымен ғана шектеліп қоймай, енді әлгі әуенді ұлтшылдарға қарсы бағыттады, бірақ негізгі көздеген объектісі тіпті соқырға да көрініп тұрды.

Ұлтшыл ауру,
Ойбайлайды құс төсектің үстінде:
«Бауырым, бауырым!
Ойбай, ауылым!

Елім-жұртым, дауысымды есіттің бе?»
Қарны жуан,
Отағасы күбірлейді қасында...
Молда қу-ау,

«Өл...» деп тұр-ау,
Қисаңдайды ақ сәлдесі басында.

Өлең түріндегі жаңа ырғақты былай қойғанда, мазмұнының өзі талайды шошындырғандай. Бұл сол кезде орнап жатқан жарлы-жақыбайлар – пролетар диктатурасының айбыны, екпіні еді, ауызға салған сөзі еді. Ақындық тұрғыдан еркін тартысқа түсетін дарынның тарпаң мінезін байқаймыз. Табалаған, зығырданы қайнаған пиғыл жоқ мұнда, қайта белдесуге шақырған қияпат бар, шығармашылық бәсекенің қыздырмасы бар мұнда. Былайғы жұртқа Сәкен өлеңінде әшкерелегіш сипат басым болып көрінгенімен, қиямет-қайымға бастар, нақты шара көрер өшпенділік жоқ. Екі ақынның өзара бәсекесінің жұрт қызықтар сырт айшықтары ғана бар. Осыдан бітіспес жаулық, дұшпандық іздеп, оның бастауын қызға таластан өрбітер ештеңе жоқ. Тіпті «Сұлу қызды семинариядан шығарып, елге жібереді» деп өмірде болмаған дерек келтіргенсіп, «Сәкен Сейфуллиннің былайғы өмірінде Мағжан туралы жылы сөз айтпай кетуінің бір астары осы себепте жатыр ма деп ойлаймыз» (Д.Досжанов. Абақты. 1992. 233-бет) деп қысылмай, ойланбай пікір айтушылар соңғы кезде көбеймесе, азайған жоқ. Сонымен, Мағжан мен Сәкен ұстасты, бір-біріне өнер арқылы, өлең арқылы ашық келді. Бірақ бұл бір-бірін сырттан бақылап жүруге, «жылы сөз» айтпаса да, жазғанын біліп отыруға кедергі болған жоқ.

ТОЛҒАНУ

Қызылжардағы қанды оқиға болардан бір ай, «Кедей сөзі» газетінің «Бостандық туы» атын алардан бір сан бұрын, Петропавлге газет редакциясы көшіп келер қарсаңында 7000 данамен тараған газеттің 1921 жылғы 12 ақпандағы 3 (37) санында Мағжан жазған «Автономия кімдікі?» деген мақала емес, керемет ой-толғамды оқып көрейікші. Бұл бұдан кейін еш жерде жарық көрген жоқ, шығармалар томынан да қалып қойыпты. Айрықша мәнді материал болған соң қысқартпай толық беруді мақұл көріп отырмын.

«Автономия кімдікі?»

Россия төңкерісінің тау-тау толқындары тарих теңізінің қараңғы түкпірінен алаш елінің алдына бағасыз асыл зат шығарып тастады. Бұл – Қазақ Республикасы еді. Қазақтың қыбырлаған оқығаны белсеніп іске кіріссе керек еді. Төңкеріс тастаған сыйды, тарих тастаған жүкті алаштың үркердей оқығаны қол ұстасып, бірге тартса, терге, қанға батса, өлсе, молада бірге жатса керек еді. Қазақтың қазіргі халінде, тарихына қырағырақ қараған кісіге басқа жол көрінбеске тиісті еді. Бірақ, бұл күнге шейін біз күткен күйге түскен жоқ. Оқыған азамат жұмыла автономия ісіне кірісе қойған жоқ. Оқығандар арасына ұғыспағандықтан түскен көңілсіз, орынсыз жік әлі жойыла қойған жоқ, ұғыспау әлі бар. Бұл автономия менікі емес, сенікі, сенікі емес, менікі деген сияқты ұнамсыз сөздерді әлі естуге болады. Кеше 17-18-19 жылдарда автономия деп атқа мінген азаматтардың біразы қазіргі автономияға үмітсіз, салқын қарайды, кіріскісі келмейді. Тілегенің осы емес пе еді, неге кіріспейсің десең, бұл біздікі емес, жолдастікі дегендей. Қазіргі халдің қожасы кейбір жолдасқа жолықсаң, «автономия менікі, мен болмаған кісі аулақ жүрсін» дегендей. Мұның аты ұғыспау, ұқпау ғой. Алаш елінің бостандығы ешбір уақыт алаш мырзасының, яғни бірлі-жарым жолдастың бостандығы болмақ емес. Бостандық елдікі, автономия жолында малды, басты құрбан қылды деп қазақ оқығанының қайсысы болса да айтуға хақы жоқ. Шынында, байқалық, автономия деген пікірге оқығандар қашаннан бері ие болды. Тарихты терең тексеретін еш нәрсе жоқ. Бәрі көз алдымызда. Ақ түйенің қарны жарылып, февраль төңкерісі болғанда, біз алаш азаматтарында дағдарыстан басқа нәрсе көрмедік. Жолың мынау деп жөңкілтіп, елді бастап кеткен кісі болмады. Дұрыс, февраль төңкерісі күтілмеген уақытта көтерілгені рас. Бірақ уақытсыз көтерілді деп қай ұлт дағдарып, отырып қалды, Финляндия, Польша, Украиналарды былай қояйық, Башқұртстан, Азербайжандардың да ә дегеннен ағузу-биссимилласы автономия болған жоқ па? Айтуға ауыз ұялады – февраль төңкерісінің жалынды айларында, басқа ұлттардың азаматтары жан беріп, жан алып, ұран шақырып жатқанда, қазақ азаматтары мүсәпір ғана: «Привет Свобода, республике», - дей ғана білді. Елінің тағдыры туралы даңғыл жол ұстаған азамат осылай дер ме еді? Автономия деген пікірді қазақ азаматтарының басына октябрь төңкерісі еріксіз салған жоқ па? Большевикті құбыжық көріп, Россияның шет-шеттері тігісінен сөгіле бастаған кезде, қазақ автономиясы деген пікір жарға ұмтылған толқынның күшімен ғана жарық көрген емес пе еді? Бүгінгі күн автономияны бауырына басып алып, тірі жанды жолатқысы келмей отырған жолдастардың әжептәуір бір тобы күні кеше «Сайлауға» өкпелеп, елден безіп, төрелік іздеп кеткен «Ерлер» емес пе еді? Алашқа автономияны анық алып беретін мен едім, деп, өзін іргелі автономияшыл санайтын мырзалардың көбі 1917 жыл Орынборда, декабрь айында ғана тумап еді? Енді бүгінгі күн төңкеріс толқынымен туа қалған автономияны біреуі менікі емес, сенікі, екіншісі – сенікі емес, менікі дегілері келеді. Бұл – ұят, ар жолына сыймайтын жұмыс. Автономия декабрьде туған мырзанікі де емес, жолдан қосылған жолдастікі де емес, автономия – қазақтікі. Айлы, бұлтты, қанды, отты тарихы бар, кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар, басқаларға үйлеспейтін тұрмысы, шаруасы бар қазақтікі. Шөл далада жаратылыстан жапа көрген, алдындағы малмен жусап, бірге өрген, тыныштық көрмей, кеш тартқан, мал баққан еңбекшіл қазақтікі. Жүз жылдар орыс ақсүйектерінің, байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған алаштікі. «Аязды күні айналған, бұлтты күні толғанған, құрығын қу найзада таянған, қу толағай жастанған» ер қазақтың автономиясы бұл. Міне, қазақ оқығаны осыны анық ұғынуы керек. Автономия бір-бірін ұғыса алмай жүрген үркердей оқығандікі емес, кең қолтық, жуан қоныш алты миллион алаштікі екенін ұғыну керек. Оқығандар сол алты миллион елдің қызметшісі екенін ұғыну керек. Аз ғана оқығандар еңбекшіл еліне қызмет жолында ынтымақтарын біріктіре алмаса, жаңа құрылған жас республика әлдекімнің былық, сасық табаны астында езіліп қалуы мүмкін екендігін ескеру керек. Төрелік қана болса, сөзім жоқ. Болмаса, көксегендері езілген елге қызмет істеу болса, қол ұстасып, тізе қосып, іс істейтін заман келді.

Қане, ескі, жаңа жолдастар, ел керек болса іске! Жәжеке.

Тамаша толғау, Мағжанның ұлтжандылығын аспандататын ой айтылған, жан сөзі жазылған. Біреудің шабына түсетін шоқ атымен жоқ, бірақ шамшыл көңіл тілге тиек ететін ілгек, шотаяқ бар. Мен тіпті осыны алаш оқығандарынан бөліп алып, Сәкеннің адресіне айтылған сөз деп-ақ табайын. Мағжанның азаматтық келбетін елге анық танытатын керемет толғау жарияланғанда, Сәкен Орынбор басында жүрген болатын. Ақмола – Семей облыстарын Қазақстанға қосатын С.Меңдешев бастаған Төтенше комиссия 2 наурызда ғана Омбыға бет алған-ды. Сәкен 1920 жылы жалғыз ғана «Жел қайықта» атты өлеңін жазып, келешекті қалтылдаған жел қайықтың үстінде қарсы алмаққа тәуекел еткен соң, 1921 жылдың ақпанында ғана қолына қалам алды. «Қара айғыр» («Паровоз») деген өлең жазды.

Алып қара бұл айғыр,
Ерлер күшпен жаратқан,
Патшаларды құлатып,
Екпін күшке қаратқан.

Дүниені орап жаңғыртып,
Күңірентіп ұран таратқан,
Керемет күштер жасаушы,
Жалшылар енді азаттан! –

деп бір қайырса, 27-ақпанда Ғабдолла Асылбековке арнаған «Біз» деген өлеңінде Арқаның бұлаң өскен еркесі еркіндік аңсап, күреске шыққанда, залымдардың торына түсіп, қорлық көргенін айта келіп:

Мінекей, енді тілеген
Қызыл күнге жеттік біз!
Әділдік, адал еңбекті
Тұрмысқа патша еттік біз, –

деп өрекпігені белгілі. Мұнда автономияға қатысты еш ой айтылмайды. Рас, 1917 жылы қазақтың бірінші съезі болып жатқанда, қазақ автономиясын Ә.Бөкейханов ұстанған ағылшын үлгісіндегі парламентті республика етіп құрмай, федерацияға негіздеу идеясын «Жас қазақ» қауымының атынан жеделхатпен хабарлағаны бар. Онан басқа Сәкеннен автономияға байланысты ештеңе таба алмаймыз. Сәкенді советтік автономияны қызу қарсы алып, құрысқандардың бірі санаған күннің өзінде оның іс-әрекетінен басқаны сыртқа тепкен сыңай таба алмадық. Ал ақындық шабытпен жер-дүниені уысына алып қысып, шайқамақ болған ниетіне келсек, онда тасыған көңілдің бір сәт шарықтауы, романтикаға салынуы, революциялық пафосқа берілуі деп білген абзал. Солай бола тұрса да Сәкеннің 1921 жылы 28 қаңтарда Орынбор қаласында сағат түнгі бірде жазған «Еркем (Көңілге)» өлеңіне көз салайық және оны толық оқиық:

Асау, тағы тұлпардай,
Жұлынып, жерді тарписың,
Жалындай, жанып, лапылдап,
Екпіндеп, қаулап, шалқисың,

Балдай еріп, шаттанып,
Жібектей жұмсап балқисың,
Аспанды, жерді құшуға
Сұңқардай көкте қалқисың.

Бал іздедің болмастан,
Қане, еркем, таптың ба?
Бал дегенің не екен,
Удың дәмін таттың ба?

Бал іздеме, еркежан,
Қой, мазасыз, қой енді!
Улап бақтың бал іздеп,

Ая өзіңді, той енді! – деген шат-шадыман көңілдің алабажақтау сиқын көреміз. Сәкен де, оның лирикалық кейіпкері де Гүлсімдей кереметке кездеспегенімен, әуелі төңкеріс желігімен аспандап, біраздан кейін тілінен у беретін біреуге тап болғанын байқаймыз да, осындай шумақтарды оқығандай елеңдейміз. Әлемдік төңкерісті жырлап жүрген Сәкен мұндайға Мағжанның ықпалымен барды деп жорамал жасай салатындар табылып жатыр. Махаббаттың уын ішкендердің ішінде Сәкен соңғы орында болмас, оның көргендерін тізудің өзі оңайға түспес. Ондайды кеңес заманында оп-оңай орыстан үйренді деген желеумен талай айтқанбыз, ал қазір ойланбай-толғанбай біреуді біреуге шәкірт ете салатын әдетті тастау керек. Ал махаббат сезімін оқушыға жеткізу, көзіне елестетіп, көңілге қондыру жаттап кетер шумаққа айналдыру көркемдік шеберлікке және суреттер жайдың анық-қанығына байланысты болмақ. Мағжан:

Махаббат – бір тәтті у,
Ішер жүрек, болар мас,
Дүниедегі у мен шу
Мас жүректі оятпас,

Махаббат – бір тәтті у,
Ішер жүрек, төгер жас! –

дегенді келістіріп, әдемі айтумен қатар дидактикадан да іргесін аулақ салмағанын сеземіз. Әрине, ақыл айтқаннан көрініс, түсінік әлсіреп қалмайды, қайта қонымдырақ болып ойландырады. Атақты «Толқын» өлеңінде:

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады,
Жарына бал береді,

Береді де өледі, Өледі толқын, тынады, – сияқты кереметтен поэзияның өзені болған «Әйелге» ауысқанда, жұмақтан қуылған Адам-Ата мен Хауа-Ананың қылығы еріксіз еске түседі де:

Енді ежелгі көркі жоқ,
Көргені қорлық, еркі жоқ,
Естисің бе зарлы үнін?
Бұл ісіңді қоймасаң,

Әйелмен ылғи ойнасаң,
Жүрмесін көп боп бұл күнің! –

дегені кімді болса да ойландырғандай. Ақындық өмір құбылмалы ғой. Шабыт шалқыған тұста ақындық қиялдың қайда кетіп қаларын бір құдайдың өзі ғана біледі. Олай болса, төңкерістің қан майданында жүріп, жар құшағынан табылу, не болмаса дүние-мүлікті, патша тағын тәрк ететін сәтті ұмытып, қолына мылтық алып, күреске шығатын шақ ақын шығармаларында аз болмайды. Дүниенің қуаныш-қайғысы, рақат-азабы араласып жатады. Ал енді Мағжанның «Автономия кімдікі?» толғауындағы «Қазіргі халдың қожасы кейбір жолдасқа жолықсаң, автономия менікі, мен болмаған кісі аулақ жүрсін» дегендей қылады деген ойы, әсіресе «жолдас» деген кекесінді атауға мән беріп, екпін түсіре айтуына қарағанда, жарайды, Сәкенді айтып отыр дейік-ақ, бірақ ондай ойлар Сәкеннің сол кезде жазғандарынан аңғарылмайды. Ол жай көбіне кеше ұстасып қалған, 1917 жылы қазақ комитетіне қарсы шығып, жауып тастамақ болған, енді совет заманында «Кедей сөзі» газетінің редакторы, Сібревкомның бұратаналар бөлімін басқарған Мұқан Айтпеновтен, әлде анда-санда редактор ретінде көрініп қалып жүрген Әбілқайыр Досовтан шығып қалуы кәдік. Өйткені Сәкеннің А.Досовқа 1923 жылы 1 мамыр күні арнаған «Біздің ұлан» өлеңінде кешегі жалшы болған қара бала:

Қатар тізіп, оғын сайлап,
Наған мылтық, белге байлап
Асынды.
Ол оқ атты жалпы байға,

Ол ақ атты бай-құдайға,
Тасынды.
Ол күресті қу ұлтшылмен,
Ол күресті отаршылмен,

Тіресті.
Ол күресті тақ құмармен
Көттекі сұм бақ құмармен
Күресті, –

дегендегі Әбілқайыр бейнесі еріксіз еске түседі. Мағжан көңіліне қаяу түсірген «автономия менікі!» деген сөз Ә.Досов аузынан шығуы ғажап емес. Ол айтпағанмен пролетариат диктатурасын орнатысып жүргендердің аузынан шығуға ықтималы бар сөз екені даусыз. Тап осы арадан ілік іздеудің қажеті бар ма деген ой көлеңдегенмен, «Оқығандарды жұмысқа қою» мақаласындағы сөз саптаудың жөні басқалау болып көрінеді. Және бұл мақала Мағжандікі бола қалған күнде, ұлы ақынның әлеуметтік мәселе бойынша «Бостандық туы» газетіне жазған ең соңғы дүниесі болғандығымен қадірлі. Ол 1922 жылы 9-қыркүйекте жарияланды. Ал қараша айында Мағжан таңғажайып жағдайда Қызылжардан Зылиқа екеуі Ташкентке аттанған. Сонымен, Мағжанның өлеңдеріндегі ғашықтық лейтмотив, әсіресе Гүлсімнен айырылардағы жай-күйі, өмірдің ащы әмірі, күнделікті тірліктің тепкісі бүгінгі шындыққа еріксіз оралтқанда, Мағжанның жан жарасы жазыла бастаған еді деуден аулақпын. Сезім әлегіне әлеуметтік оспадарлық араласып, ұлы ақынды қатты ойландырған, ашындырған сәті де аз болмаса керек. Соның шет жағасы осы мақаладан көрінетін сияқты және еш жерде қайтып жарияланбаған соң оқушыларға түгел ұсынған орынды болмақ.

Оқығандарды жұмысқа қою

Үш жылғы іс-тәжірибесінде оқығандар күшін дұрыс пайдалану туралы үкімет басындағы азаматтар пікірі бір салаға қойылу дұрыс еді. Бірақ ол әлі болмай отыр. Октябрь төңкерісіне жалпы оқығандар қарсы болды, Еңбекшіл үкімет ұзақ өмір сүрмейді деген ниетте болып, қызметке шын көңілімен кіруден бас тартты. Неше жыл оқып, алған білімін совет үкіметінің беку жолына жұмсауға арланды. Бірақ совет үкіметі жыл сайын іргесін бекіте берген соң, олар қызметтен бас тартуды қалдырып, біртіндеп жұмысқа кірді. Екіншіден, труд.повинность қойылды. Орыс оқығандары ауыл жұртымен қатынас істемейді. Жер шаруасы, мал шаруасы оларда жоқ, шаһарларда жұмыс істеп тұрып, алған жалақысымен ғана қорек етіп, қалтақтап тұрушы еді. Жатқанға дәнеңе берілмейтінін білген соң, құлқын тамақ орысты жұмысқа амалсыз айдады. Қазақ оқығандары орыстай емес, олар ен Сарыарқа даласын қайда жүрсе де естен шығармайды. Қазақ үшін күйеді, жанады. Газет беттерінде, үлкен топтарда қазақ кемшілігін айтуы, бұлардың үкімет құрылысына көз қарауы орыстай емес, өйткені қазақ ескі үкімет дәуіріндегі езілген ынжық, жер-судан, адамшылық дәрежесінен айырылған жетім жұрт. Кең сахарада малша жайылып жатқан халық оқығандарға сенеді, артынан ереді. Октябрь төңкерісі қазақ оқығандарын ауыр халге түсірді. Саясат, ағым тәжірибесінен таныстығы жоқ жұртқа алдағыны болжай алмай, оқығандардың басшылары үкімет артынан ерді. Түйіншікті мәселені құрылтай шешеді деп ұғынды. Өлшеп пішкен тон бойыңа келте болмайды деп қазақ тұрмыс-салтына лайықтап «Алаш» партиясы тууға себеп болды. Совет үкіметі екінші рет келіп Сарыарқаға орнаған соң, оқығандардың едәуірі совет құрылысына қойнын ашып кіріп, таза қызмет атқарып отыр. Бірсыпырасы жұмыста жоқ, елде бос жатыр, яки, Түркістан ауып отыр. Қазақ оқығандарының шаруасы орыстай емес, бұлар шаһарлы жерде тұрса да елде ілік-жілігі бар. Оқығандар жақындарының көрсеткен жәрдемінің арқасында қызмет істемей-ақ аз шаруасын бағып, күнелтіп тұруға болады. Қазақ оқығандары екі тарамға бөлінеді. Бірі жоғарғы орыс школдарынан оқып шыққандар. Екінші тарам ноғай медресесінде оқыған мұғалімдер, орта дәрежелі школды бітіре алмай қалғандар. Төңкеріс қазақ жұртына арзан түскен жоқ. Жалпы қазақ оқу қадірін біліп, ілгері басып, бет алып, баса көктеп жалындап келе жатқан заманға ұшырады. Соңғы тарамда айтылған оқығандар үкімет жұмысын ұмытып, қара басының қамын ойлап, шаруасын бағып отыр. Халық ісіне аяқ баспайды.

Біз оқығандарды қызмет істе деп шақырып алсақ та, қырын қарауымыз қалмайды. Көз алдыңда көлбеңдеп жүргенін жаратпай, табиғатымыз ауыр тартады, төбе құйқамыз шымырлайды. Сеніп жұмыс бермейді. Әрине, үкімет басында отырған азаматтар партияда жоқтарға көзқарасы теріс болған соң, соңғылар бата жұмыс істеуге қаймығады, басқан ізіне қарайды. Қате бізден, мемлекет деген біздің қолда болған соң неден қорқамыз, сескенеміз? Олардың білімдерін пайдаланып, шаруа түзеуге неге қоспаймыз? Қазақстаннан серпілген азаматтарды жиып алған Түркістан еңбекшіл үкіметінің ісі игі емес деп айтуға кімнің аузы барады. Айып қайсысында? Бірақ жұмысымыз мұны көрсетіп отыр. Түркістан жұмысы Қазақстаннан анағұрлым ілгері кетті. Түркістанның қазақ халін түзеуге кіріскен жұмыстары аяқсыз қалған жоқ. Екі облысты неге қосып ала алмай отырмыз? Екі облыстың қазағы Қазақстанға қосылса, бұрынғы таз қалпымызға түсеміз деп Қазақстан жұмысына көңілдері толмауда. Үкіметіміз сүрген үш жылғы дәуірінде қазақ халін түзеуге еш нәрсе істеген жоқ. Шығарылған бұйрық, жарлықтар қағаз бетінде ғана қалып отыр. Қазақ баяғы қалпында. Елді жеу, талау, ату, орыс милицияларының, халықтың қанын сорып қалған писерлерінің өктемділігі әлі күшті. Бұл жауыздар үкіметті жұртқа жек көрінішті көрсетеді. Елдегі оқығандар қайда? Олар неше түрлі жауыздықты көріп отыр. Шағуға тіл жоқ, сермеуге қол жоқ. Мекемелерде қазақ тілі жүрілсін деген бұйрық қайда? Жаза берсе кемшілік көп, пәлен керек... түген керек... аяқсыз керек... Үкімет шын еңбекшіл қазақ қамын қарастыратын болса, елдің мұңына, зарына назар салу керек. Қызметке қазақтан қою керек. Милиция, нарсот, хатшылар қазақтың сенімді кісілерінен болсын. Мекемелерде қазақ тілі орыс тілімен қатар жүрсін. Оқығандардың есебін дұрыс алып, оларды қызметке қосып, білімін пайдалану шарасына кірісу керек. Бұрынғы қырғи қабақ қалатын заман жетті!». Көріп отырсыздар, сөз саптасында біраз іркілістер, олпы-солпы болғанмен, оқығандарды пайдалану идеясы «Автономия кімдікі?» толғауына іш тартады. Саналы азаматтарды елге пайдалы іс атқаруға шақырады. Және екі жай маған еріксіз ой толғатады. Мақаласының соңында қазақ тілінде кеңсе істерін жүргізуді қалауы да Мағжан жан-дүниесінің бір сыры ғой. «Қазақ тілі» деп осы тұста өлең жазуы тегін емес.

Күш кеміді. Айбынды ту құлады.
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.

Елдік, бірлік, ерлік, қайрат, бақ, ардың –
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың! –

дегенді көңілге медет етер шақтың туғаны ма? Қауіп-қатерді сезгендіктің белгісі ме? Ақын айтады, бірақ оның шындыққа жанаса қалуы оп-оңай шаруа емес.

КҮЙЗЕЛУ

Ал екінші жай – қазақ оқығандарының Түркістанға ауып, игі іске араласып жатуы жайындағы ой-пікір. Әрине, әлеуметтік тұрғыдан қазақ азаматтарының, әсіресе оқығандарының ел ісіне, халықты көркейту қамына кіріскені және ол ниеті қолдау тауып жатқанын көрсетеді. Мағжанды талайдан бері ойландырып келе жатқанынан хабар бергендей. «Екі облыстың қазағы (яғни, Жетісу мен Сырдария. – Т. К.) Қазақстанға қосылса, бұрынғы таз қалпымызға түсеміз деп, Қазақстан жұмысына көңілдері толмауда» дегеннің ар жағында өзі Қызылжар белсенділерінен көріп жүрген қиянат пен пенделік тірлігіндегі жайларды қабаттастырып отырған жоқ па деген ой қылаңдайды. Пенделік тірлігін былай қойғанда, өзімен бірге «Бостандық туында» істеген, Полтавкадағы педкурста сабақ берген Мұқаметжан Бейсеновке «мен, мен, мен, идейный, мен коммунист» немесе «көкек, көкек мен, мен есек идейный» деген эпиграмма жазуы тегін болмаса керек. Мағжанның Орынборға тоқтамай, бірден Ташкентке жетуінде бірнеше себеп бар. Біріншіден, Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтсақ, «қазақ қайраткерлерінің Орынбор қаласынан қараңғы үйден жаман қашатындығы себеп болды», яғни, әсіре белсенділіктің туын тіккен астанаға аяңдағысы келмеді, екіншіден, қазақтың ұлтжанды қайраткерлерінің көбі, өзі жақсы танитын Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов сынды азаматтардың, Ә.Диваев ақсақалдың, Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтай іскер де көшелі қайраткерлердің қасына жетуге асықса керек. Олардың бұлай шоғырлануына біреудің ақыл қосуы емес, елге қызмет көрсету зәрулігі қыстағанын байқамау әбестік. Оны Мағжанның өз ойымен жеткізер болсақ, «көксегендерің елге қызмет істеу болса, қол ұстасып, тізе қосып, іс істейтін заман келді» (12.02.1921) деген ойды жүзеге асырмақтың қамы еді. Осы пиғыл Сәкенде тіпті сонау 1918 жылы Ақмола қаласында бірінші мамыр мерекесінде «Қазақ марсельезасы» болып айтылғанын да еске түсіре кетейік:

Азамат, жүнжіме, жүрме бос,
Қол ұстас, бірігіп тізе қос,
Қызылту – шылауың, қорғаның,
Тізе қос, тізе қос, тізе қос.

Мағжанның осы мақсатқа бел шешіп аттануы пенделік тұрғыдан да сабақтасып жатты. 1919 жылы жан жары Зейнептен айырылған Мағжан қайғы тұманына батып жүргенде, Акчурина Гүлсімге кезігіп, қазақ поэзиясының айына айналған махаббат лирикасының керемет үлгісін тудырып:

Бір жыл болды, сені сүйдім, уладым,
Бауырыңа алдың. Мені неге қумадың?!
Білдім бүгін мені тастап кетесің,
Күміс көбік Ақ Еділден өтесің,

Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!
Тірі тастап кетіп, не етесің! –

деген ақынның жан толғауы әуейленген көңілдің көрінісі ғана емес еді. Оның ішіне бір жылға созылған махаббат сезімнің керемет тамаша сыры мен трагедиясы араласып жатқан-ды. Күндердің күнінде Мағжан ағамды Хасен жесірі Зылиқаның сиқырмен басын айналдырып, бір жаққа алып кеткендігі әйгілі болады. Зылиқаның қарамағына іліккен күннен бастап ақынның өмірі кері кетумен болады. Арыстандай әкесі мен нәзік махаббатты Жәмиланың қарғысы сау қалдырсын ба аңғал да аңқау ақынды. «Бәрінен де қыз қарғысы жаман!» – деген көнелердің сөзі тегі рас болса керек», – дейді Мағжанның інісі Қалижанның қызы – Райхан Шонаева (Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары. 1993. 88-бет.). Осы версияны Хамза Абдуллин қостайды да, «Ұлы ақынның бір соққыдан бір соққыға ұшыраған бақытсыз болашағы өстіп 1922 жылдағы апрель айынан басталды» (Бұ да сонда, 34-бет) деп Мағжанның шығармаларына жазылған түсіндірмелерге сенсация іздегендерді сусындататындай жазылып келеді. Мағжан Ташкентке көктемде емес, қыс түсе, қараша айында сапар шеккенін айта кеткен жөн. Ағайындар арасында талай дүрдараз қылықтар кездесіп жатады ғой. Алайда оның бәрі ақын жырындағы трагедиялық үн-лептің дәлелі болуға жарамас, бірақ өзінің салқынын түсірмей кетпесі тағы да белгілі.

ШЫРҒАЛАҢ

Өмір қызық әрі шырғалаң. Мағжанды Ташкентке жеткізбей жатып осындай жайларға бұрылып кетуіміздің себебін Зылиқаға арнаған өлеңімен тамамдайын деп отырмын. Мағжан алдымен аттанып, Челябі қаласына үш күн Зылиқаны тосқан кезде жазған-ау, тегі. Өйткені, өлеңде ынтығы басылмаған көңіл, ащы-тұщыны әлі тата қоймаған сезім күйі айқын аңғарылады. Өлең «...-ға» деп аталыпты.

Жас өмірімнің көгін бұлттар басқан күн,
Қайғы, қасірет тасып бастан асқан күн,
Жан-жағымнан жылы жүзді жан таппай,
Жақын жандар қастық уын шашқан күн.

Жауыз тағдыр созған қолды қаққан күн.
Жан, денемді жылан-шаян шаққан күн.
Жапан түзде қара түнде жалғыз қап,
Қан дария боп көздің жасы аққан күн.

Сен көрдің де, келдің тура қасыма,
Сусын беріп, жастық қойдың басыма.
Маңдайымнан сипап, сүйіп жұбаттың,
«Жаным құрбан, жасыңды тый, жасыма.

Мәңгілікке, міне, қолым беремін,
Тағдыр оғын көтермекке көнемін,
Қайғыланба, атса атар алтын таң,
Жан жолдасым, өлсең бірге өлемін».

Дедің де, сен күліп, жолым бастадың,
Жауын, дауыл, оттан, судан қашпадың.
Қасиетті, сиқырлы сөз күшімен
Міне, азырақ сенім жия бастадым...

Алтын сәулем, ақ періштем, жан салған
Кім біледі, айырса егер сұм жалған,
Жүргенімде жер жүзінде тірі боп,
Бағынатын, табынатын сен Аллам!

Мағжан мен Зылиқаны Ташкентке осылай аттандырып салғаннан кейін Сәкеннің де Ташкентке жету хикаясына тоқтамай болмас. Өйткені, екі классик ақынды бір-біріне сәлем бермейтіндей деңгейге жеткізіп жүргендерге бұлардың пенделігінен де, идеяластығынан да хабарсыз болған соң әдейі баяндайын деп отырмын. Бір кебісті бір кебіске сұғындырып отырмаса, қазақтың іші кебетін жаман әдеті ғылым-білім төңірегіне жанасқанда, тіпті ұсқынсыз болып шығады екен. Сәкен 1921 жылы 10 мамырда КирЦИК-тің төтенше комиссиясы В.И.Ленин мен М.И.Калининнің тікелей араласуымен Ақмола мен Семей облыстарының бір шөкім жерін Сібревкомға қалдырмай, Қазақстанға қосқаннан кейін, Қызылжар қаласында әкімшілік-ұйымдастыру жұмысына қалдырылған-ды. Бұл кезде «Бостандық туы» газетінің редакциясы «Петропавловск. Угол Управской и Думской (бывшая) Горуправа» үйінде болатын. Қаланың қақ ортасындағы және өзі жаны сүйетін баспасөз үйіне Сәкеннің бас сұқпай кетуі мүмкін емес. Қызылжарға бірнеше күн аялдаған Сәкеннің Мағжанмен кездесуі, газетте жарияланған дүниелерімен танысуы сөзсіз. Өйткені 1921 жылы жазған «Ұлтшыл ақынның сандырағы» деген атышулы өлеңі соған анық дәлел. Өкімет ісін атқара жүріп Сәкен өз еліне барып қайтпақ болды. Маусым айының бас кезінде елге беттеді. Аялдаған жерінің бәрінде Қазақ Республикасының хал-жайын, комиссия жұмысын баяндап, әр уезд, болыстың жаңа құрамын сайлаумен болды. Қолы босағанда өлең де жазып қояды. Әр жердің көрік-келбеті ақын жанын әрқилы күйге бөлеуде. Қызылжарда жүргенде «Аспанда» деген өлеңін жан жолдасы Абдолла Асылбековтің Ақмола губревкомына мүше болғанына арнаса, тән сұлулығын еңбекпен сәндендірген «Маржан» қарындасына риза болды. Бурабайдың бауырында Біржан мен Ахаңның, Ыбырай мен Балуан Шолақтың әндері біріне-бірі жалғасып, көңіл хошы көкке өрлегенде, Сәкен өзінің атақты «Жолдастар» атты өлеңін шығарды. 1919 жылы қаңтар айында алпыс шақты тұтқындармен азапты сапар шеккен Сәкен енді, міне, сол жолмен ылаулатып келеді. Бәрі де таныс, бәрі де өткен-кеткенді еске салады. Суыт жүріспен Сарыарқаның ресми емес астанасы Ақмола дуанына да жетті. Сайлау өткізу, үкімет адамдарын тағайындау, зәбір-жапа көргендерге көмек көрсету сияқты жұмыстарды атқара жүріп 25 шілдеде Қарағандыға жетті.

«Түсі суық, тәні шойын, болат жұмыр білекті» бауырларына жаңа заманның жақсылығын хабарлап, өз ауылына аттанды. 11-тамыз күні «Ақмоланың губерниялық съезіне КЦИК-тің өкілі боп КЦИК-тің мүшесі Сейфуллин тағайындалды. Егер де Сейфуллин онда болмаса, төте проводпен дереу байланыс жасаңдар. КЦИК хатшысы Досов» деген радиограмма жолданып жатқанда ауылға жетті.

Асығыс-үсігіс Ақмолаға жеткен шақта Сәкен сүзек ауруына шалдығып, төсек тартып жатып қалды.

Емханадан қарашаның аяқ шенінде шыққан Сәкен Кеңестердің ІІ съезінен қайтып оралған Ақмола делегаттарынан Орынбордың хал-жағдайын анықтап сұрап алды. КирЦИК мүшесіне сайланғанымен, Президиум мүшелігінен босатылғанын, әдебиет саласында жұмыс істеуге белсенділігін естіп, не де болса денсаулығымды әбден түзеп алайын деген оймен Сәкен өз аулына қайта жүріп кетті.

Дәрі-дәрмекті «мықтап» алса да, ауылға келгеннен соң Сәкен бірден айығып кетпеді. Шыдамы таусылған Сәкен оқу оқысам деп армандап жүрген Сапалайды қасына ертіп, ақпанның орта шенінде Түркістан аттанды.

Бетпақтап өтіп келе жатқанда, жол-жөнекей серік болған Алтай азаматтарына кездеседі. «Күйеуім үйде отырмай, қаладағы оқуында жүріп алды» деген сылтаумен кетіп қалған Меруерт еліне келген соң, сот арқылы айырылыспақ болады. Сәкен түсіндіруінде «әйелдің әкесінің еліне келсек, бір жұма бұрын әйел халық сотына бара жатса, жолшыбай болыс Төлембек деген кісі әйелді тоқалдыққа ағаларынан алып қалады. Мәдібек, Ысмағұл деген ел адамдарының алдында әйелдің екінші қалың малы ретінде ескі құдаға 4-5 қара беріп жөнелткен». Ал Сәкенге жала жапқан Шегірдің айтуы бойынша, қайтып келген Меруертті болыс Төлембек екі әйелдің үстіне алады. «Сол кезде арғы жағынан жел аударған қаңбақтай Сәкен жетіп келеді. Сонда бір-екі күн жатып, әлгі қатынды айналдырады. Әйтеуір басын айналдырып, қатынды алып қашады». Созаққа Төлембек қуып келіп, тоқалын алып қалады. Сөйтіп, ұйып отырған жанұяның шырқын бұзып кеткен Сәкен Созақта тұтқындалыпты деп хабарлайды. Ал Сәкен болса «Төлембек –Ақмолаға, Түркістанға қарайтын қазақтың 6-7 болыс елін өзіне қаратқан аталы кесір кісі. Сол себепті сол ауданның бәрі оның сөзін тастамайтыны рас һәм әйелді босатуға біздің шамамыз келмей қалғаны рас. Мұны Созақтың бастықтары біледі. Берген қағаздары да бар», – деп сендіреді.

Мұнан кейін Шегір Сәкен Сарбастың тәрбиелі қызына үйленіп, той жасап жатқанда, ауылына оралған Сарбас: «Қыздың отырған үйіне келіп, Сәкеннің көзін бадырайтып, қызды қолынан жетелеп алып кетеді. Бір көрген түстей болып мұңайып Сәкен қалады», – деп енді екінші қызға жалалы етеді. Осы сөздердің бәрі Ташкентте шығып тұрған «Ақ жол» газетінде «құйрық» жалғана жарияланды. «Бұл біз білетін Сәкен болса (бәлкім, ол емес шығар) оның бұл екі қатынынан басқа бұрын үйінде тағы бір «төл» қатыны болушы еді. Үш қатын алу үш жүзді «Үш жүз» партия мүшелерінің бәріне бірдей міндет болса білмейміз, егер олай болса, Көлбай «басшының» өзі өлсе де, артында қалдырған «үлгілі» істері «жемісті» болған ғой деп білу керек. Сәкен жолдас жалғыз өзімен тұрмай, бүкіл оқығандардың атын былғап отыр» деп қысастығы ұзаққа созылар қиястықты бастады.

ӨМІР КЕМЕСІНДЕ

2-маусым күні Сәкен Совнаркомның мәжілісіне шақыртылып, оқу комиссарының орынбасары қызметіне тағайындалды. 28-шілдеде Орталық Атқару Комитетінде Облыстық партия комитетінің басшы қызметкерлері қатысқан үлкен мәжіліс болып, қазақ баспасөзін өркендету мәселесі қаралды. Соның ішінде «Еңбекші қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналын жандандыру үшін арнаулы редакциялық коллегия (А.Асылбеков, А.Байтұрсынов, Ә.Байділдин, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, жауапты хатшы Е.Алдоңғаров) белгіленіп, Сәкен «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы қызметіне тағайындалды.

1922 жылы 19-тамыз күні уәкіл болып Қызылжар қаласына суыт аттанды. Жүктелген міндеттің ауыр да абыройлы екенін, жаңа өмірдің адуынды адыммен алға басқанын ескеріп, келе сала «Бостандық туы» газетінің 1922 жылғы 9-қыркүйекте шыққан №33 санына «Тас бауыр тұрмыс – экспресс» деген өлеңін бастырды. Ол өлең «Біздің тұрмыс – экспресс» атымен қалың көпшілікке таныс. Жол үстінде 23-тамызда жазылған.

Зырла, экспресс, ұш, зырла!
Жұлдыздай ақ, құлдырла!
Құйындай құтыр, бұлдырла!
Аямай жүгір бәрің де!

Ерлер мінсе, шыдасын!
Қорқақтар мейлі жыласын,
Шыдамаса құласын,
Аямай сілте барыңды!

деп екпіндетсе, соңғы шумақ газет бетінде:
Зырла, отарба, зырла, ұш
Басылсын қайнап күйген іш.
Дүрсілде, жындан «ұш» та, ұш!

Ұмытар ма екем жарымды, деп басылды. Қызылжар жетті. Сол кезде Мағжан қалада болғаны анық. Олай болса, Сәкен екеуі кездеспеді деуге ешбір негіз жоқ. Жәмилаға үйленейін деп жатқан Мағжанның басы бұл шақта әңкі-тәңкі болып, Зылиқамен қалай қосыларын ойластырып жүрген болатын.

Ташкентке жазға салым барған Сәкенмен кездесуі мүмкін емес, өйткені Мағжан 1922 жылдың қысына қарай, дәлірек айтсақ, қараша айының аяқ шенінде Орынбор аялдамай бірден Ташкент жеткен-ді.

Алайда бір жайды айтпай кетуге болмас. 1922 жылы 15-қыркүйекте Қызылжар қаласында «Педагогика» оқулығына жазған кіріспесінде «бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді» дегені және оның алғашқы мәтінінің қалай қағазға түскенін Сәбит Мұқанов естелігі арқылы еске алғанда, сол, кездегі азаматтардың іскерлігі мен шапшаңдығына қайран қаласың. «Педагогика» оқулығы Орынборда 1922 жылы басылып шықты. Осы кітапқа Молдағали Жолдыбаев 1922 жылы 28-қазанда «Қарап шығушыдан» деген алғысөз жазып, оқулықтың мән-мағынасын дұрыс пайымдайды: «Қара түнек, қараңғы тұманға көп заман басы айналып, жаңа жарық, бостандық дүниесіне аяқ басып, қол-аяғы жаңа босанып, «өңім бе, түсім бе» деп мең-зең болып тұрған сорлы қазаққа педагогика кітабы – інжілдей. Мағжан азамат Айса пайғамбардай болды. Оқу кітабына да, басқа кітаптарға да аса михнер уақытымызда азамат Мағжан Жұмабаевтың кітабы – аса керекті мұқтажымыздың бірі. Кітаптың тарихи бағасы бұдан да зор», – деп «Мағжан азаматқа алғыс айтуы» (М.Жұмабаев. Шығармалар. 1996. 2-3 том, 361, 364-беттер) әбден орынды. Кітаптың жыл аяғына шейін баспадан шығуы айрықша жылдамдықпен болған құбылыс екенін айта отырып, екі жайға назар аударайық. Молдағали Жолдыбаев бұл кезде Халық ағарту комиссариатының білім ордасында (акцентр) әрі «Еңбекші қазақ» газетінде жауапты редактор Сәкеннің орынбасары болатын. Кіріспесінде Мағжанды «азамат» деп қайталай беруінде екі түрлі мән бар. «Азамат» деп шын ниетімен атауы, Айса пайғамбарға, яғни, Исус Христосқа теңеуі ризашылықтың белгісі болса, екінші мағынасы – жолдас деуге большевиктік тоңмойындығының жол бермеуінен еді. «Азамат» атауы көңіл қуысында идеялық ілік-шатыстың барлығынан сыр бергендей. Пролетарлық педагогика емес, буржуазиялық педагогика ыңғайымен жазылған, түзілген деп отырып, кітаптың жолын кеспегендігі Молдағалидың үлкен жүрегінен хабар бергендей, әйтпесе алаш жыршысының еңбегін бүктей салу оңайдың-оңайы болатын. Екінші – Қазақстан Орталық Атқару Комитеті жанындағы редколлегия баспадан шығатын кітаптардың бәрін бақылап, ұлықсат беріп отырған, яғни қазіргі тілмен айтқанда, литоның міндетін атқаратын еді. Президиум мүшесі Сәкеннің бұл кітапты шығаруға еш қарсылық жасамауы оқушылардың есіне салар бір жай. Өздері кездеспегенмен еңбектері, шығармалары тоқайласып жататын сәт өте көп. Томға түсіндірме жазушылардың бірде «Еңбекші қазақ» газетінде 1923 жылы қаңтар айында шықты», бірде «авторы белгісіз «Ақ жол» газетінен алынды» дегендерінің қайсысына сенерімді білмей «Мағжан» деген мақалаға көз сала кетейікші. «Еңбекші қазақта» жарияланса, онда сол газеттің жауапты редакторы Сәкеннің пенделіктен әлдеқайда жоғары тұрғанын көреміз де, азаматтығына еріксіз риза боламыз.

ҰЛЫЛЫҚ БАСПАЛДАҚТАРЫ

Белгісіз автор Ташкентте Мағжан өлеңдер жинағы шыққанын хабарлай келіп: «Қазақтың жазба әдебиетінің сырты Абайға шейін артық түр таппаған: тәтті күй, нәзік сезімдерді оятатын әдемі майда тіл... ұстармаған. Абайдан соңғы шыққан ақындардың тілдері аса дөкір болған жоқ. Бәрі де шамаларынша ысылған әдеби тілмен жазатын болды. Бірақ, соңғы ақындардың ішінде өлеңге тәтті, нәзік сезім, майда тіл тудыру жағынан Мағжаннан артық қызмет істегені жоқ. Мағжан өлеңдерінің оқушының сезімін де, ойын да тәрбиелейтін өзгеше артық күші бар. Мағжанның өлеңінде ойды тербететін, адамның ішкі күйіне күшті әсер беретін сыршылдық бар. Мағжанның қай өлеңі болса да қазақ әдебиетінің тарихынан қалайда сыбағалы орын алуы талассыз ақиқат», – деп Мағжанның ұлы ақындығын мойындаған ой-пікірдің Сәкен қол қойып отырған газеттің бетінде жарияланғаны қандай керемет. Күні кеше ғана «Ұлтшыл ақынның сандырағын» жазған Сәкен шын ақындықты тану, мойындау рәсімін ұмытпағанын көрсетпей ме?! Сонсын, осы мақаланың авторы кім? – дегенге өз жорамалымды ұсынар болсам, ең алдымен, ол көркемдік танымы биік деңгейдегі адамның қолынан шыққан. Ал ол сыншы – Жүсіпбек Аймауытов деп айтуға негіз боларлық дәлелді де меңзей алатын сияқтымын. Мағжан шығармаларын құрастырушылар әдейі, саналы түрде Жүсіпбектің «Мағжанның ақындығы туралы» деген классикалық баяндама-зерттеуін 1923 жыл деп қоярда-қоймай көрсетіп, жалғандыққа ұрынуларын былай қойғанда, осы кішкентай таныстыру мақаласының, Мағжан жөнінде 20-жылдары оң сөз айтқан ең соңғы мақаланың сөз саптауы, ой айтуы, эстетикалық қауқары жағынан Жүсіпбектің 1925 жылғы баяндамасын еріксіз еске түсіреді, соның алғашқы барлаушы қадамы осы емес пе екен деген ойды қылаңдатады. Нанбасаңдар, салыстырып көріңіздерші. «Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін» үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем жазады... Мағжан – сыршылдығымен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі-мұңды зарымен күшті» (М.Жұмабаев. Шығармалар. 1996. 2-3 том, 392-бет) деген дамытылған ой-пікір мен мөлдіреген сөз Жүсіпбекке тән екенін аңғарамыз да, алдыңғы кішкене мақала сол кісінің бір сілтей салғаны емес пе екен деген ойға еріксіз жетелейді. Қазақ әдеби тілін өркендету саласына көз салғанда, әлгі мақалада айтылатын ұстармаған тілдің жайын, жалпы Мағжан творчествосының мән-мағынасын Жүсіпбектен кейін социологиялық талдауы басым болса да, Сәбит Мұқанов айқындады: «Ақындық жағынан келгенде, Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде, Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ» (Мұқанұлы Сәбит. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. 1932. 283-бет) дегеннің Мағжан қуғын-сүргінде жүрген кезде айтылып жатуының өзі қайырлы сәт еді демеске болмайды. Мағжанның «Ташкент дәуірі» бүкіл қазақ әдебиетінің ұлы олжасы дегенді именбей айтайық. Мағжан классик, кемеңгер ретінде осы дәуірде әбден толысып, қалыптасты. Пенделік жағынан бақытты болар-болмас, ал шығармашылық жағынан айрықша бақытты болғанына эпикалық шалқуымен, «Батыр Баян» сынды классикалық туындының қазақ әдебиетіне келуімен-ақ дәлелденетін шындық. Және осы дәуірде тапқан ұлы олжаларының ең үлкені тар өрісті ұлтшылдық деңгейінде қалып қоймай, түрікшілдіктің, оның заңды жалғасы күншығыстықтың биік шыңына көтерілуі деп тауып, оның сырына арнайы тоқтау қажет. Ташкент дәуірінің қазақ әдебиетіне сыйлаған шығармаларын осы арада талдамай, атап шыққанының өзінен-ақ талай сыр аңғарылады. Ең алдымен Түркістан баспасөзінің беті Мағжанға ашық болды. Қызылжардағы жалғыз газетте тұншыққан Мағжанның тынысы ашылды. Екінші жағынан, сол басылымдардың ашылып, үлгі шашуына өзі де демесін жасады, қайсыбірін өзі ашты, өйткені жариялайтын туындылардың осы тұста молаюына Ташкентке бір мезгілде жеткен Мұхтар Әуезов сынды дарындар өлшеусіз үлес қосты. Сенбегендер «Ақ жол» газеті мен «Шолпан», «Сана», «Сәуле» журналдарының бетін ашсын. Мағжанның ең шұрайлы шығармалары 1923-1924 жылдары жарияланды, олардың ішінде Ташкентте шыққан өлеңдер жинағының өзі бір төбе. Ал жеке туындыларынан «Жұлдызды жүзік, айдыалқа қып берейін», «Берниязға», «Сәрсенбайдың жыры», «Қоңыр жыр», «Қызыл жалау», «Еділде», «Еділдің сағасында», «Шойын жол» тағы басқа өлеңдерімен қатар Мағжанның түрікшілдігі мен күншығыстылығын нығайта да жарқырата түскен «Сырдағы алашқа», «Тұранның бір бауында», «Алатау», «Қырғыз-қазаққа», атақты «Түркістан», «Ескі Түрікстан», «Орал», «Алыстағы бауырыма», «Күншығыс», «Пайғамбар», «От», «Ақсақ Темір сөзі» тағы басқа жырларымен қатар «Қорқыт», «Оқжетпестің қиясында», «Батыр Баян» поэмаларының, классикалық «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің, «Ақан сері» және «Ақан сері сөздері» зерттеуі, «Әбубәкір ақсақал Дибаев», «Базар жырау» сынды мақалаларының Ташкент баспасөзінде жариялануы айрықша ойландыруға тиіс. Мағжан Челябі қаласында Зылиқаны күткенде жазған «...ға» өлеңінде «Жұлдызды – жүзік, айды – алқа ғып берейін мен» жалғастырған сияқты. Егер алғашқыда табынатын Алласы болса, жолшыбайға тірлік онан да ажарлы да сүйкімді болғаны анық сезіледі.

Сөзің – сиқыр, есті тұман басқандай,
Ессіз жүрек дария болып тасқандай.
Күлкің, Күнім, күндей күміс табаққа
Мінсіз сұлу меруертті шашқандай, –

дегендейін өлермен шумақтардың, сөз жоқ,
Келші, көзім, Күн нұрына көмейін,
Сүйші – «әлейін, неге өлейін» демейін.
Кел, жұлдызым, жылжып қана жібектей,

Жұлдыз – жүзік, айды – алқа ғып берейін, – деген сезім күйлері жоғарыда тізілген шығармаларды тудыруға себепкер екенін жоққа шығаруға болмайды. Бір ғажабы, Мағжан жырларының тууына белгілі бір себептің болуын әр өлеңінен-ақ аңғарамыз. Сондықтан «ақын өмірі – өлеңінде» дегеннің шындықтан туған тұжырым екеніне сенеміз. Өмір ылғи қуаныш-шаттықтан тұрса, қайғы-қасірет дегенің мәнінен айрылар еді. Тіпті бақытқа шомылып жүрген жанның қасіретке жолығатын кезі аз емес қой. Өмір өзінің қуаныш-қайғысымен, толқындап соғар сәтімен қымбат. Бір көргенде – өлердей құмартып, екіншіде айнып шыға келетін ақын мінезі ертең өзіме сөз келеді-ау деп ойламайтын шындылығымен құнды. Ондай мінез тек шын ақында ғана болады, сондықтан ол сыр жасыра алмайды. Жұлдызды-жүзік етіп беруге даяр ақын 1923 жылғы жинағына «Жарым» деген өлеңді текке қоспаса керек.

Кердең-кердең жүресің сен, не таптың?
Мен айтайын, айнымайтын жар таптым,
Күндіз-түні жар қойнында жатамын,
Естімейтін уын-шуын жан-жақтың.

Қанша құшсам-дағы сусын қанбаған,
Жан жарым бар, неге керек мал маған!
Жұрттың бәрі-ақ «Оңбаған жан!» – дей берсе,
Жан жарым бар, неге керек ар маған?!

Жарым күншіл, бұрылтпайды жан-жаққа,
Жібермейді жұмысқа да мансапқа.
Сондай ерке, оны құшып, керіліп,
Күндіз-түні күңірене бер тек жат та.

Әкем маған: «Сауда қылып, мал тап!» – дер,
Жарым маған: «Мал деген не, тек жат!» – дер,
Елім маған: «Елге еңбек қыл!» – дегенде,
Жарым маған: «Жатқан адам бекзат!» – дер.

Жар айтқан соң, жаннан жақын көрген жар,
Жардың тілін алмауға не дәтім бар?!
Тілін алдым – үйден, елден айырылдым,
Бірі де жоқ – мал да, ел де, намыс, ар.

Жат дейді, жатамын да, жатамын,
Мас адамдай бос ойға ылғи батамын.
Ашылғанда ұйқыдан көз, бар ісім –
Қылжалаңдап, жоқты-барды шатамын.

Әрине, енді мені мақтар пенде жоқ,
«Жап-жақсы еді, жар аздырды-ау!» – дейді көп.
Жұрт сөзі не? Жан жарымның қойнында
Жата берем: «Жаным, жаным, жарым!» – деп, –

дегендегі сарказм, өз тірлігіне разы болмаған лирикалық кейіпкердің бейнесін көреміз де, осыны өзінің әлгінде ғана өліп-өшкен жарына айтып отырған жоқ па деп қаламыз. Әдресі тым ашық болған соң Мағжан «Қулыққа» көшіпті. Өлеңді былай аяқтайды:

Бұ жарым кім? Тапшы кәне – «Денсаулық?»,
Сен дейсің ғой: алма бетті, ақжаулық...
Жоқ, жолдасым, адасасың, айтайын:
Жарым менің – атышулы жалқаулық!

деп оқушыны басқа өңірге бұрып жібермекке тырысады. Алайда реалистік сипаты анық аңғарылатын саркастикалық шумақтар тез жабыққыш ақынның басынан өтіп жатқан тіршілікпен қабысады. Ал «жалқаулықпен» ажыраспастай отасып алған Мағжан болса, онда Ташкентте өндіре еңбек етіп, қазақ әдебиетіне осыншама кереметтер сыйлағанын немен дәлелдемекпіз. Осы тұста жұмыстан әбден қажығаны, ақжем бола бастағаны адам шошырлық «Еңбек – өлім, жан қанатын қиятын» деген өлең жаздырмас еді ғой.

Еңбек – өлім, жан қанатын қиятын,
Еңбек – өлім, жанды ашудан тыятын,
Еңбек деген – еңбектеген мылқау дию,
Жаншып жанның сұлу сынын жоятын.

Ерді, еңбек, от жүректі жерлейді,
Жанға аспанға өрлеуге ерік бермейді,
Еңбек езіп, соқыр қоңызға айналып,
Сорлы адамзат көкте күнді көрмейді, –

деген шумақтар «жаса, еңбек» деп алқызыл туына жазып алғандарға ащы сыбаға тартады, байрам, мейрам, той дегеннен ада қалғандарды оңдырмай сөгеді, көз жасын төгуге ыңғайлана береді. Ақындық тапқырлық жағынан бұл өлең мінсіз болса да, уағызы жағынан бар жұрттың көңіліне қона береді деуге келе қоймас. Өйткені бұдан да басқа зарлы-мұңды өлеңдері осы тұста мейлінше көбейіп кеткен соң, 1924 жылы 16-мамырда Жүсіпбек Аймауытов пен Молдағали Жолдыбаевтың Мағжанға жолдастық хат жазып: «Сен қиналасың, күңіренесің, қамығасың, күйінесің, жылайсың. Сенің өжет жүрегің мына өмірден жұбаныш таба алмай қиналады. Келешектен жарық күн, қайырлы үміт күтпейсің. Бүгінгіден безесің һәм сескенесің. Өткенді жоқтап қана жұбанасың. Өкініш пен қайғының тұңғиығына шомып, тарығасың. Сен – қазақтың ақынысың. Алаштың қайғысын жырлайсың, ұлтыңды өліп-өшіп сүйесің, онымен бірге күйінесің. Біз сенен кеудемізге рух пен қуат құйып, дертімізден айықтыратын, бақытқа бастайтын сөз күтеміз. Сен – қазақтың байрағысың. Мейлі, тасбақа аяңмен жүр, бірақ өмірден үмітіңді үзбе, өмірге орал, 20-ғасырда тұрғаныңды ұмытпа. Енді сенің өрісіңнің кеңеюін тілеп, қайғылы сезімнің құрсауынан өз-өзіңді ептеп болса да босатуыңызды қалаймыз» («Егемен Қазақстан» 28.03.92.), – деген достық ниеттің айтары мен түсіндірері көп. Және бұл тілек пен хат Мағжанға жасалар жойқын шабуылдың алдында ғана айтылған жылы сөз болатын. Әрі пенделік, әрі шығармашылық тіршілігінде болып жатқан осы жайларды қаза бермей, Мағжанның түрікшілдігі мен күншығыстығына оралған жөн. Бір кезде патша өкіметі «Мұсылман қозғалысы» деп жамандай үріккен тақырып большевизм заманында мейлінше күрестің түп-тамырын құртатын құбылыс болып есептелгені қазір бәрімізге аян. Мағжанның түрікшілдігі қай кезеңнен басталды дегенге Жүсіпбек Аймауытов тамыршыдай дәл жауап берген. «Мағжанның түрікшілдігі тыңнан тауып алған нәрсе емес, әуелден-ақ бар болатын. Ол «Ғалияда» жүргенде түрікшіл пікірде бірер өлең жазған. Бірақ орысша оқуға кіріскеннен былай, ол пікірін жарыққа шығара қоймайтын. 19-жылдарға шейін Мағжанның түрікшілдік рухын жамылған өлеңдерін білмейміз. Колчактың кер заманы, одан қала берсе, ұлтшылдықтың аузына қақпақ салған кеңес заманы Мағжанның баяғы басылып қалған түрікшілік сезімін қайта оятты. Мағжан енді ұлт жалауын түрік жалауының панасына, түрік қанатының астына қоюды табады» (М.Жұмабаев. Шығармалар. 1996. 2-3-том, 375-бет) дегенін нақты деректермен дәлелдеп көрейік. Мағжанның Уфадағы «Ғалияға» олай-бұлай барып жүргенде жазып, 1913 жылы «Қазақ» газетінің 22-наурыздағы №7-санында жариялатқан өлеңі «Орал тауы» деп аталады. (Бұл деректі том түсіндірмесінен алып отырмын, бірақ дәлдігіне көзім жетпейді. Т.К.) Орал тауының аспанмен тілдескен көк тастан қаланғандығын суреттей келіп:

Бір күнде сенің иең түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді,
Қорықпайтын таудан, тастан батыр түрік
Қойныңа жайменен кіріп еді.

Ер түрік ен далаңа көрік еді,
Отырса, көшсе, қонса – ерік еді,
Тұрғанда бақыт құсы бастарында,
Іргесі жел-күн тимей берік еді.

Қарашы төңірекке, мойның бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған түрік.
Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,
Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп... –

деп күңіренеді. Әрине, тарих жасаған зобалаңды ақын ғана аяңдап, келешекке көз жүгірте алады.

Анамыз бізді өсірген қайран Орал,
Мойның бұр тұңғышыңа, бермен орал!
Қосылып батыр түрік балалары,
Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал! –

деген тілектің шындықтан шалғай жатқанына қарамастан, жас ақынның үлкен ойларға шылбыр тастап отырғанын көреміз. Рас, 1915 жылғы «Есімде... тек таң атсын» өлеңінде түрікшілдіктің алыс елесі болмаса, әлгі идеяға, яғни, бірігіңдер дегенге қайта орала қоймайды. Тегінде, Жүсіпбек айтқан алғашқы сәт осымен тәмамдалып, жаңа дәуір Ташкентке келген кезден бастала ма деп қалдым. Мағжан шығармалары 1919-1920 жылдарды былай қойғанда, 1921 жылдың өзінде түрікшілдіктен гөрі Бальмонт, Блоктарға мейлінше жақын. Меніңше, Мағжан Ташкент келген соң түрікшілдігін үдеткен сияқты. Өйткені Түрікстанды барлық түрікке ортақ Отан қылу жөніндегі Тұрар Рысқұловтың 20-жылдардағы идеясы өзі Мәскеуде жүрсе де әлі өше қоймаған-ды. Сондықтан Мағжанның түрікшілдігі мен күншығыстығын біртұтас құбылыс деп қарап, 1922-1923 жылдардың үлесіне ыңғайлаған жөн сияқты. Ал осы саяси салада Сәкеннің ізі бар ма, бар болса, оны біз танып білдік пе? «Қызыл коммунисті» көрсету үшін оның паназияттығы мен түрікшілдігін айналып өттік пе? Есмағамбет Ысмайылов та, Серік Қирабаев та, осы жолдардың авторы да соңғы кезге дейін бұл өңірге қалам сілтеп көрген емеспіз. Совет құлап, заман өзгеріп, алаш азаматтарын сағыныш сазымен мадақтаудың бір ұшы Сәкендерге тиіп жатқан соң, маған «Сәкен түрікшіл болды ма?» деген мақала жазуға тура келді. Ол «Ақмола ақшамы» газетінің тұсау кесерінде, 1998 жылдың 10-сәуіріндегі бірінші (465) санында, ал республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Сәкенді түрікшіл емес деп кім айтады» (23.01.1999) деген атпен жарияланды.

АРҒЫ АТАМ – ЕР ТҮРІК

Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты роман-эссесінде бір қызық эпизод бар, Ақмолада 1911 жылы өзімен бір партада отырып оқыған Мойсеев 1918 жылы прапорщик шенімен жау болып кезігеді. Сонда Сәкен өткен оқиғаны еріксіз есіне алады. «Екеуміз де газет оқушы едік. Ойнап, школда саясат істері туралы талай сөз таластырып жүретін уақыттарымыз болушы еді. Балқан соғысында біз оқып жүрген школдың оқытушылары Болгарияға жәрдем жинаған еді... қаланың ұлықтары қатынасып, школда сауық кешін жасаған. Түркияны қаралап, Болгарияны ақтап, қуаттаған еді. Школда оқып жүрген балалар он тиыннан, бес тиыннан Болгарияға ақша жинағанда, мен наразылық білдіріп, бес тиынды да бермей қалып едім. Оқушылар мені «бұл – Түрік патриоты» деп мазақтап жүрген еді», – деп жазыпты. Сәкеннің 1960-1964 жылдары алты томдығын шығаруға қатысқанымда, баспаға жіберілмей, оқушының жанарына жеткізілмей қалған біраз мақаланың ішінде жалпы түрікке, Түркияға байланыстылары болған еді. Архивімді ақтарып отырып олардың біразын тауып алдым. Редакция алқасына кіргендердің ішінен мен құрастырған 4, 5, 6 томдардың материалдарын ең әуелі Асқар Лекеров мұқият оқып, «бармайды» деп бұрыштама қойып отырыпты. Даулы да дүдәмал мақалаларды алқа мүшелеріне апарғанымда, Е.Ысмайылов «оқылсын, қажет пе?» деген белгі соқса, сол кезде институт директоры болған Мүсілім Базарбаев пен «Жазушы» баспасының бас редакторының орынбасары, атақты ақын Тайыр Жароков «керегі жоқ» деп қол қойып отырыпты. Олардың ішінен Түркияға байланысты материалдарды оқушының назарына ұсынып көрейін. Сәкен большевиктік қызыл сөзден басқаны білмеген, басынан-аяғына дейін қатып қалған төңкерісшіл, ұлтын сатқан тапшыл, ұлттық идея дегенді білмеген есер деген түсінік әсіресе соңғы кезде Советқазы Ақатай мен Мұхтар Мағауинның аузымен айтылып қалып жүр. Мұндай түсініктің қалыптасуына Сәкенді зерттегендер мен насихаттаушылар да кінәлі. Онсыз да қызыл да солшыл Сәкен, Сәбиттерді, Тұрар, Нығыметтерді одан әрі қызылдандыра, солшылдандыра түсіргеніміз өтірік емес. Олардың әр кезде әртүрлі ой айтып, пиғыл білдіргенін тасада қалдырып келдік. Тарихи қайраткерлерді біржақты көрсету машығы қазір алаш қайраткерлері туралы еңбектерде, сөздерде оңды-солды айтылып жатыр. Жақсы көру, халық сағынышын әрлете беру шындықты жасыру арқылы емес, болғанды, өткен-кеткенді ел-жұртқа ашық түсіндіріп, дәлелді баяндап бергенде ғана орынды болмақ. Сәкеннің паназиаттығы мен түрікшілдігі ойламаған жерден басталды деу бекершілік, өйткені сол кездегі халықаралық жағдай ауыр ойларға еріксіз жетектеген болатын. 1920 жылы «Советтік Россияның жайы», «Совет өкіметі һәм оның дұшпандары» деген мақалаларында Сәкен әлемдік пролетарлық революцияның боларына, жер жүзі еңбекшілерінің жеңіске жетеріне еш шүбә келтірмеген. Ресей жұмысшыларына көмектесуге қазір мұршалары келмей жатыр деген жалған түсініктен айыға алмай кеткені де өтірік емес. 1922 жылдың 3-маусымында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалған Сәкен 10-маусымда жазылған «Азия (Европаға)» деген өлеңін 8-тамызда жариялатты.

Сұм Европа! Арам, залым тас болдың,
Бүліншілік, жауыздыққа бас болдың.
Адамзатқа жол көрсеткен ерлерге
Мұнша неге, уә Европа, қас болдың? –

деп империалистердің залымдығын әшкерелеп, Азияға жасап отырған зорлық-зомбылығын тізіп өтеді де, пайғамбарлармен қорқытады. Сәкеннің басқа шығармаларына назар аудармай келген түркістандықтардың «Азия» өлеңін жаңадан шыға бастаған «Шолпан» журналының 1922 жылғы 1 санында жариялауларында үлкен мән бар. Ахмет Байтұрсыновтың елу жылдығының салтанатын партия комитетімен ақылдаспай басқаруы, қазақ тілінде кеңсе істерін жүргізу жолындағы күресті бастауы, енді міне, Азияның жоғын жоқтап, Түркия жайлы мақалалар жазуы Сәкеннің коммунистігіне шүбәлана қарау қажеттігін туғызған болатын. Сәкеннің қазақ халқының болашағы үшін, әсіресе тілі үшін жүргізген күресін «ұлтшылдық» деп айыптағандар өз ішімізден көптеп табылды. Осындай ірі әрекеттерге барған Сәкен, Нығымет, Тұрарлардың әрбір сөзі мен ісін аңдып, жіпке тізіп, жеткізіп отырған, тыңшылық жасағандар аз емес. Кез келген архивтің сарғайған қағазын ашсаңыздар, ұлылардың игі істерінен гөрі шалыс басқан қадамарын, қай уақытта не үшін «айыпты» болғандарын көресіздер және олардың белгілі бір «себептері» айтылып, сырт көзді алдарқататын «дәлелдері» де табылған. Сәкенде «ұлтшылдық» пен «түрікшілдіктің», «азияшылдықтың» қалай тоғысқанына келер болсақ, онда ол «өзі қазақ болса, түріктік тегін, Азия азаматы екенін қалай ұмытпақ» деген күдік шовинист коммунистердің көкейінен еш уақытта кетпеген. Қолымыздағы деректерге қарағанда, Сәкеннің Түркия жайындағы «Басшысыз үйді қонағы билейді» мақаласы 1922 жылы 31-қазанда жарияланған. Бұл Түрік республикасы құрылардан бір жыл бұрын, бұл тұста Сәкен «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, оқу-ағарту комиссарының орынбасары болатын. Демек, публицист ретінде болмаса, үкімет атынан сөйлей қоятын кез емес, осы еркіндікті Сәкен сәтті пайдалана білген және іші кімге бұратындығын көрсеткен. Сөйтіп Мойсеевтің 1912 жылғы түсінігін он жылдан кейін растаған. Түрік жұртының бұрынғы ерлері «ұйқы көрмей, күлкі көрмей, өз басының рақат-тыныштығын ойламай, бұқара халқымен не көрсе де, бірге көріп, бірдей болып, Азияға, Африкаға, Европаға, яғни дүниенің көп жеріне түрік жұртының дәуірін жүргізді. Түрік жұртының дәулеті шалқыды. Түрік елі жан-жағына құлашын жайып, қолын артты. Түрік жұрты айбынды ел болды» деп бастауының өзі Сәкеннің тарихи білімінің молдығын ғана емес, ішкі ынта ниетінің қай жақта екенінен де хабар бергендей. Өткен заманда түріктердің тәуелсіз егемен, өзін өзі басқарған, рухы күшті ел болғандығын алдымен айтып алады. Әрине, түрікшілдік идея, оның үстіне Сәкеннің түрікшілдігі тек Түркияға деген қарым-қатынаспен өлшенбейді. Бірақ, тарихи оқиғалардың тоғысуы сол кезде Түркияға байланысты шоғырланғаны, түрікшілдік идеяның шарықтап көтерілуіне себепші болғанын естен шығармау керек. Тұрар Рысқұлов 1920 жылы біртұтас советтік түрік республикалары федерациясын құру жөніндегі ұсыныс жасағанда, Мәскеуге еріксіз шақыртылып, И.В.Сталиннің орынбасары болып тұншыққанын білеміз. Сол тұста Мағжан мен Сәкеннің түрік елі жаңа жолға түсіп жатқанда шығармалар жазғанының мәнін енді жарқырата жазған абзал. Мағжанның «Түркістан» атты атақты өлеңі қашан жазылды екен деп із кестім. Мағжан шығармаларын баспаға дайындап, түсіндірме жазғандарға сенер болсақ, онда «Күншығыс», «Алыстағы бауырыма» өлеңдері 1922 жылы Қазан басылымында, ал «Түркістан» өлеңі 1923 жылы Ташкентте шыққан жинағында жарияланыпты (М.Жұмабаев, Шығармалар. 1-том, 236 және 246-беттер). Әрине бұл өлең – Мағжанның Шығыстық, Тұрандық өлеңдерінің шыңы және оны «пантюркизммен» айыптатқан туынды. Сондықтан бұл шығармалар да қазақ әдебиетінің керегесін кеңейтудің, тақырыптық аясын өрелі биікке көтерудің бір көрсеткіші бола алады. Оны аңғармау ағаттық болмақ. Сәкен 1922 жылдың желтоқсанында Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ақын, журналист Сәкен енді ресми ой-пікір айтуға тиіс болды. Бұрынғыдай еркін сілтеуге болмайтынын сезгенмен, шығармашылық қажеттік оған әрдайым қалам алдырып отырды. «Паназиялықпен» айыптауға негіз болған «Азия (Европаға)» өлеңіне көз салсақ, Сәкен түрікшілдігінің арғы бастауын айқын байқаймыз. Жер дүниені жалмап бара жатқан Европа империалистерінің зұлымдығын әшкерелер тұста:

Мен жібердім Семит пен Мұсаны,
Ыбырайымды, Дәуіт пен Исаны,
Жіберіп ем көп пайғамбар мен саған,
Ақырында Мұхаметті жұмсағам, –

деп толып жатқан әулие-әмбиелерді ақыл үйрет, оң жолға сал деп жібергенін, оған көнбеген соң:

Мен жібергем қару-сайман, жарақпен,
Гүн, мадьяр, бұлғар, мавр, арабпен
Түрік, татар, монғолымды көргенсің,
Олар сені ұшықтаған садақпен, –

деп тарихта болған оқиғаларды еске сала келіп, енді жаңа заманда:
Тазартуға дүниенің ластығын
Жібітуге жүрегінің тастығын –
Семитімнің көп ұрпағын тағы да

Жұмсадым мен Маркс қылып бастығын, – деп мейірімді болуға үндейді. Бірақ империалистер өзінің тойымсыз пиғылынан айнымайтынын көрген соң:

Тыңдамасаң бұл жалынған сөзімді,
Теңсінбесең, паң ғып ұстап өзіңді,
«Күшпен үйрет мынаны» жеп жұмсармын
Монғұлымды – қиғаш садақ көзімді, –

деп қорқытады. Әрине, бұл өлең марксизм-ленинизм қағидасына үйлеспейді. Оны Е.Ярославский 1923 жылы ІІІ партконференцияда айтып, Сәкеннің ұлтшылдығының негізінде «паназиялық» пиғыл жатыр деп айыптаған болатын. Оның шет жағасы жоқ та емес.

Өр Алтай ақбас бура көбік шашқан,
Төмен тап жер күңірентіп майдан ашқан,
Алтайдан жәрдем күтсек қайтер едің,
Бәйгіге басын тігіп, ұрандасқан?! –

деп Европаны 1923 жылы тағы Азиямен қорқытып қояды.

Сәкеннің бұл өлеңдері Мағжанның «Пайғамбар», «Күншығыс» топтамасымен үндеседі, себебі Европа империалистерін әшкерелеуге келгенде екеуі де қара бояуды бірдей қолданады.

Түн баласы... Түн жолына түскен ол,
Сақаусың деп Мұса тілін кескен ол,
Тәңірінің сүйікті ұлы Айсаның
Тітіренбей ұрттап қанын ішкен ол, –

деген Мағжанның перделі суреттері Сәкеннің ашық та ащы ойларымен қабысып жатқанын байқамау мүмкін емес. Ол аз болса, Мағжанның:

Қисық көзді Күншығыс
Болсын соңғы бұл жүріс,
Күнбатысқа жүрелік,
Желкілдеген туменен,

Жер күңіреткен шуменен
Қаласына кірелік –

дегені қазақтың екі ұлы ақынының жиһангер Европамен қатты ұстасқандарына дәлел. Сәкеннің осы топтамадағы «Қара бүркіт» өлеңінің мән-мағынасына да аялдай кеткен орынды. «Азия (Европаға)» ғана емес, «Қара бүркіт» өлеңі де Сәкеннің «коммунистік жолдан» шығып бара жатыр деушілерге негіз болды. Ұлтшылдық пен түрікшілдіктің түбі бір деп даурыға кетулері содан. Тарихта ойлы да айбарлы азамат болудың жөні басқа әрі қиын. Осы тұрғыдан алғанда коммунистік қозғалыста Л.Д.Троцкийдің жүрген жерінің шаңы шығып, ізі қалатыны, айтқан ойының дау-дамайға ұласып жататыны көп. «Қара бүркіт» өлеңін Сәкен Арыстан (Лев) Дәуітұлы (Давыдович) Троцкийге арнағаны үшін көрмегені мен естімегені аз. Шығарманың идеялық жағынан «Азия» өлеңіне өте жақын, тіпті бірін-бірі толықтырып жатыр. Тұтқындағы пенде – Қара бүркіт төңкерістер заманында шарықтап аспанға шығады да, дүниеге көз тастайды.

Ол көрді Азияны мұнар басқан,
Ол көрді Европаны сұмдығы асқан.
Борсықтай дүниені сора бермек
Бұл күнде қу Европа жанталасқан.

Ол көрді тең ортадан атқан таңды,
Ол көрді Жапон, Қытай, Үндістанды
Ол көрді Европа мен Американы,
Қасқырдай қамалаған әлсіз жанды.

Ол көрді Стамбол мен Лозаннаны
Ол көрді Генуя мен Гааганы.
Көрінді оған тағы Азияда
Нақақтан сансыз жанның аққан қаны, –

деген шумақтардың мән-мағынасы айдан анық саясат екендігін танытқанның үстіне Сәкен «Гаага, Лозанна деген қалаларда биыл Европаның қазіргі жалмауыз сұм сұғанақ үкіметтері Азия – Күншығыс халықтарын сыпайылап, тірідей қалай жұтып қоямыз деп кеңескен» деп түсіндіре келіп, Азия мен Түркияның жақтаушысы екенін жасырмайды.

Көп қорқау сыртыңнан жүр тісін қайрап,
Борсықтар жорғалап жүр іші қайнап,
Інінде қара жылан жатыр бүғып,
«Шақсам» деп, аңдып сені, көзі жайнап.

Осы өлеңдер жазылып, ел-жұртқа тарап жатқанда, үкімет басындағылар арасында жікшілдіктің шеті көрініс бере бастады. «Сонда сейфуллиншілдердің меңдешевшілдерге тағар айыбы – «шовинистерді жақтаңқырайды», ал «меңдешевшілдердің сейфуллиншілдерге тағар айыбы – «ұлтшылдарға бейімделіңкірейді». Осы айыптардың элементі екі жағында да аздап бар сияқты». Ал Әбдірахман Байдилдин: «Шын большевик сені ІІІ конференцияда Меңдешев тобы азияшылсың деп кінәлады», – деп Сәкенді мүсіркеген болып, «меңдешевшілдер шовинистерді қолдайды» деп екі жіктің арасына от жағумен жүргендер болды. (С.Мұқанов. Есею жылдары. 1964. 99-100-беттер). «Азия (Европаға)» мен «Қара бүркіт» өлеңдері Сәкенге пәле болып жабысты. Бұл айыптаулардың сыры тереңде екенін аңғарту үшін сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік хал-жайды тәптіштей түсіндірсек, ұлт коммунистерін ұлтшылдық, түрікшілдік, азияшылдықпен айыптаудың сыры ашылады. 1923 жылдың 17-22 наурызында Қазақстан коммунистерінің ІІІ конференциясы болды. РКП(б) Орталық Комитетінің өкілі Е.Ярославский жасаған негізгі баяндамада, әй-түй жоқ, Сәкен «ұлтшыл» һәм «азияшыл» деп жарияланды. Бұған кейбіреулердің қыбы қанды, ал адал жандылар Мәскеуден емес, пайғамбардың қасынан келсе де, қарсы шықты. Осы оқиғаның басы-қасында болып, көзімен көрген адамның сөзіне құлақ тосайық. «ІІІ конференция жүріп жатқан шақта әлдекім Сәкеннің «Азия» есімді өлеңін орыс тіліне аударады да, РКП(б)-дан конференцияны басқаруға келген Ярославскийге береді. Ярославский бұл өлеңді дұрыс және қатты сынады. Содан кейін Қазақстан аймақтық партия комитетінің (Киробком) әйелдер бөлімін басқаратын Алма Оразбаева Ярославскийдің Сәкенді сынауын мақұлдай келіп:

– Сәкен бір өлеңінде Троцкийді «банда» деп айтты, – деп кінәлады. Абдолла Асылбеков справка беріп:

– Сәкеннің өлеңінде «банда» — «талаушы» деген сөз жоқ, «пенде» – «бағынушы» деген сөз бар. Алма оны теріс оқып, теріс түсіндіріп тұр, – деді».

Алайда өз арамызда да осындай қадамдарды қалағандар социализмнің ұзына тарихында жосылып жатыр. Соның алғашқы бір көрінісі «Сәкен партияның тұтқан жолынан хабарсыз надандығынан «Азияны» жырлайды. Мағжан болса феодализм қараңғылығы көзін басып, соқырлығынан «Алтайды жырлайды» (Н.Төреқұлов. «Жаңа әліпби неге керек». Мәскеу. 1924, 4-бет) деп екеуін қосарлауы қазақтың зиянына шығып жатты. Осы келеңсіз жайға түгелдей С.Мұқанов көзқарасы тұрғысынан қарамай, бүгінгі тарих ғылымы, оның зерттеушілері қалай зерделейді екен дегенге келсек, онда М.Қойгелдиевтің «Қазақстандағы саяси ахуалға Орталықтың білек сыбана араласуына жол ашып берген себептердің бірі және бірегейі – ұлттық интеллигенция арасындағы өзара алауыздық. Сыртқы түрі рушылдық, жершілдік сияқты феодалдық сипат алған бұл топаралық күрестің, түптеп келгенде, негізінде қызмет үшін талас жатқан болатын. Өкінішке орай, топаралық күрестің өршіп отыруына ресми орындар да түрткі болған» (М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Тарих ғылымы не дейді? «Ана тілі», 1993. 22-бет) дегенін де естен шығармаған абзал.

АЗИЯНЫ АУЫЗҒА АЛСАҢ АЙЫПТЫСЫҢ

Мағжанның 1922 жылы қазанда шыққан жинағына кірген «Алыстағы бауырыма», «Орал», «Жер жүзін топан басса екен», 1923 жылғы Ташкент басылымындағы «От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Түрікстан», «Ақ жол» газетінде жарияланған «Сырдағы алашқа» (№302), «Тұранның бір бауында» (№318), «Ескі Түркістан (1924, №435), «Қырғыз-қазаққа» (№445) өлеңдеріне көңіл аударғанда Сәкеннің «Азия ( Европаға)» атты атышулы өлеңінің 1922 жылы 10-маусымда жазылып, 8-тамызда «Еңбекші қазақта» басылуының өзі біраз ойландыруға тиіс. Рас, Мағжанның «Орал тауы» деген түрікшілдік рухындағы өлеңі 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланғанын ұмытпай, «Алыстағы бауырыма», «Орал» өлеңдері Қызылжарда жүргенде жазылып, Қазандағы Берниязға жіберілді деп табу керек. Сонда Мағжан 1921 жылдың екінші жартысынан, елде 1922 жылдың басынан «баяғы басылып қалған түрікшілдік сезімін қайта оятты» деген Жүсіпбек пікірі 1919 жылғы емес, ең ерте дегенде 1921 жылдың екінші жартысына орайласатын сияқты. Ал 1922 жылы қазанда шыққан өлеңдер жинағы Сәкен қолына маусымға дейін тиюі де, тимеуі де мүмкін дегенде, «Азия (Европаға)» өлеңі Мағжан әсерімен жазылды деп айту обал. 1920 жылдан бері Түркия жайында талай мақала жазған Сәкеннің еңбегін Мағжанға апарып таңсам, дұрыс бола қоймас. Қашан жазылғаны белгісіз шығарманың ықпалы деп біреуге таңа салу ғылым жолы болмайды. Сонымен қатар өмір дүмпуі бір мезгілде ой салу мүмкіндігін де жоққа шығармаған абзал. 1923 жылы Қазақстан коммунистерінің ІІІ конференциясында Е.Ярославский Сәкен мен Смағұлды «ұлтшыл» деп жариялап, қазақтың азулы азаматтарына алғашқы құрық лақтырған болатын. Смағұлмен бірге сөзге қалуына Сәкеннің таңданған кезі де болған. Оны біздің қызылкөздер әрқашан еске салып отырды. «Еңбекші қазақ» газеті 1929 жылы «әсіресе Сәкен жолдас Смағұл Садуақасовтың жігімен қосылғанын, ұлтшылдық пікірде болғанын, оны Ярославский сынап ашқанын мүлде айтпаған» (02.04.1929) деген айыптаулардың бәрі Сәкенді талай ойлантқан-ды. Өмір жолдары қиыспағандарды зорлап қосақтаудың мәнін түсіне алмай, талай дал болған-ды. Өйткені Смағұл «Жас азамат» ұйымының көрігінен өтіп, 1917-1920 жылдарда Омбыдағы алаш азаматтарының арасында ел ісіне араласқан қайраткер ғой. Ал Сәкен Халық комиссарлар кеңесінің төрағасынан кеткеннен кейін, қызметі өскен Смағұл Сәдуақасов 1924 жылғы «Көкеш» оқиғасы, яғни Гүлнәр Мусинаның ұзатылайын деп жатқан жерінен Сәкеннің алып кетуі талайларды намысқа шаптырған-ды. Қойтас болысындағы оқиғаларға Смағұл бей-жай қарай алмағандықтан және іштегі ілік-шатыстар қордаланған тұста Сәкен оқу-ағарту комиссариатына қарайтын академиялық орталықты (акцентр) басқарып, Смағұл қарамағында болғаны тарихи шындық, Көкеш оқиғасының алыс жаңғырығын Смағұл «Күміс қоңырау» деген повеске айналдырып, ел-жұрт ортасында Сәкеннің әйелге «опасыздығын» әшкерелепті деген біраз өсек-аяң қосылған тұста пролетариат-қара шаруа жазушыларының шығармаларына «Еңбекші қазақ» газетінен орын алып беруге Сәкен күш жұмсаған-ды. Өлкелік комитетке КазАПП жазушыларының шығармаларын алаш ақын-жазушыларындай газетке басып отырса екен деген тілек айтқан-ды. Осындай жайлар көбейіп бара жатқан соң, Сәкен 1926 жылы Смағұл Сәдуақасовтың «Ұлт театры туралы» кітабына рецензия жазып, «есеп» айырысқаны бар. Сәкен сыншыларының ішінде Нәзір мен Смағұл айрықша көзге түседі және намысқа тиіп, кемсіте мінейтін машықтары ойландырмай қоймайды. Соның бір сілемі Сәкеннің «Азия (Европаға)» өлеңіне байланысты мынадай сұқпытта көрінеді. «Әдебиет әңгімелерінде» Смағұл мынадай дерек келтіріп, пікір айтады. «Сәкен ескі жазушылардың ішінде Октябрь төңкерісін ең алдымен құттықтаған адамның бірі. Бірақ бұл жерде ақын Сәкен мен саясатшыл Сәкенді айыру керек болады. Сәкеннің төңкеріс туралы жазған өлеңдерінің ішінде ең күштісі – «Азия». «Азияда» Сәкен коммунист емес. Сәкеннің «Азиясы» мен Мағжанның «Күншығысы» ағайындас нәрсе. Мағжанның «Күншығысы» «Азиядан» екі жылдай бұрын шықты. «Күншығыс» туралы жұрттың әңгімесін Сәкен екі жылдай естіп жүрді. Сөйтіп барып жазғаны – «Азия». «Азия» пікір жағынан да, әдемілік ретінен де «Күншығыстың» туысқан інісі» (Смағұл Сәдуақасұлы. Таңдамалы. ІІ том. 1993, 43-бет) деп табады. «Молодой Казахстан» жинағына жазған алғысөзінде 1928 жылы «Өлеңнің формасы жөнінен Сәкен Жұмабаевтан әлдеқайда әлсіз» (сонда, 76-бет) деп үкім жасайды. Мұндай бағалар мен үкімдер өр мінезді ақынды талай әлекті ойға салғаны сезсіз. Бұл – бір. Екінші, тарихи деректі дәл көрсетпеудің бір мақсаты кемсітуге барып саяды. «Күншығыс» өлеңі «Азиядан» екі жыл бұрын шықты, сөйтіп, Сәкенге ықпал етті дейтін дерек жоқ. Смағұл Сәдуақасов Сәкен мен Мағжанның замандасы болса да, бұл дерек қисынсыз қыстырылған. Пенделікпен айтып отыр деп сендіре аламын және бұл мәселеге қажетті жерінде толығырақ тоқталамын. Сәкеннің Азияның атынан сөйлеп шығуы біраз ойлануды қажет етеді. Әрине, Түркия жөнінде жазғандары көкейде жүргені, екінші саясат майданында Гааға, Лозаннада Азия елдеріне, әсіресе Түркияға қысым жасап, реті келсе, бөліп алмақ болғандары, үшіншіден, кеңес үкіметінің Азия еңбекшілеріне тілектестігін ұрандатуы, төртіншіден, тарих тереңіне сүңгіп, азиялықтардың «талай асауларды үйреткенін» еске алады да:

Моңғолымның адам қорқар ісі бар
Найзасының қайтпас болат ұшы бар.
Тағы арыстан ашуменен ақырса,
Жер менен көк қалтырайтын күші бар –

деуі Европа жауыздарын үркітудің бір амалы екенін көреміз. Сондықтан «қара бүркіттің» Азияның ең биік шыңынан әлемге көз тастауының символикалық мәні бар.

Қыраным! Топшыңды жи, қанат қомда!
Ұранды қаттырақ сал оңды, солға.
Жауың көп алыста да, жаныңда да,

Ұшсаң да, отырсаң да қамсыз болма! – деп ескертуінің түтіні Мағжандікінен әлдеқайда басқа екенін аңғармай қалмаймыз. Сәкен ұлтшылдыққа да, түрікшілдікке де, азияшылдыққа да тапшылдық танымның тізгінен дұрыс ұстай алмай, ұрынып қалып отырғанын көреміз. Сонсын, осы «Қара бүркіт» пен 1924 жылы шыққан «Домбыра» өлеңдер жинағының Л.Д.Троцкийге арнауы тегін емес. Бүкіл партия троцкизммен күрес жүргізіп жатқанда, Сәкен адам таппағандай оған арнаулар жазуы да ойланарлық құбылыс. Сәкен большевизм насихатынан шүбәланып, «ойпырмай қу НЭП, қойдың ғой жеп» деп жүргені тегін емес. Ал Мағжан болса ұлт ақынның қарауылынан қарап, бар түсінік-танымын жалпы демократиялық тұрғыдағы азаттық пен тәуелсіздіктің тілек-мұратынан тарамдатып отырды. Және көркемдік жағынан қамшы салдырмайтын шығармалар берді. Екеуі де Европаны өнер-білім емес, қорқаулықтың, талап-қанаудың, ішіп-жеудің символы – борсыққа, жуан қарынға айналдырып жіберулері де сондықтан. Мағжан:

Идеалды, Алланы
Қарын деген таптады
немесе:
Түн баласы өмірінде араз таңменен

Қабыл ұлы ауызданған қанменен, –
Табынатын құр денеге жануар,
Болған емес жұмысы оның жанменен, –

деп айуандық пиғыл мен әрекетті, қанға тойып, қарын қампитуды ғана білетіндігін суреттесе, Сәкен өзіне тән айқындықпен:

Борсықтай қанға тойған мырзалардың
Құтырған семіздіктен жынын бассақ, –
деп тістеніп қана қоймай:
Борсықтай дүниені сора бермек,

Бұл күнде қу Европа жанталасқан,
Күштілер әділдікке қарамаған
Әлсізді тірі жеуге қамалаған.
Үйірлі бір топ қорқау Лозаннада

Арбасып, бірін-бірі шамалаған, – дегендерінің бәрі де зорлық-зомбылықты жасауға үйренгендердің хайуандығын сипаттауға бағытталған. Өмірдің өзі ылғи әдемі, сұлу, жан, тән рахаты махаббаттан тұрмай, осындай жауыздықты туғызумен де отасып жатады. Талас-тартыс пен күрес атаулының ар жағында талау-тонау, біреудің несібесін өзіне бұйыртпау, еркіндіктен айыру, езіп-жаншу сияқты ұнамсыз қылықтар жатады ғой. Европоцентризм көзқарасы, яғни, дүниенің бәрін Европаның үлгісіне салып пішу, оған ұнағанның бәріне басқалар табыну, қонымды-қонымсыз екенін елемеу, сайып келгенде, өзіңнің ұлттық дәстүріңді ұмытып, өзгелерге еліктеу, солықтау сияқты танымның қалыптасуы және зорлықпен насихатталуы, сөз жоқ, оған қарсы ой-пікірді туғызбай қоймайды. Мағжан мен Сәкеннің паназиялығы да, түрікшілдігі де осыған көнбегендіктен туған. Мағжан бұл қарсылығын ешкімнен именбей айтты, ал Сәкен тапшылдық идеологияға шырматылып қалғандықтан, сақтана пікір толғағанның өзінде «қолға түсіп», марксизм-ленинизмге жат ойларды айтып жүрсің деп айыпталды. Екінші жағынан, алашшыл азаматтар қызылданып кеттің деп іреп-сойып, тіпті мазақтап жатқанын да естен шығармайық. Мағжан тапшылдардан қорлық көрсе, Сәкен екі оттың ортасында қалды. Екі ақын – Европамен ұстасқанда жауыздыққа жауыздықпен жауап берейік демейді, қайта бірлікке шақырады. Мағжан:

Әй, сен, кесел Күнбатыс,
Бұл жатуың қай жатыс?
Жоғал жылдам жолымнан!
Болмаса, қорықсаң өлімнен,

Үмітің болса өмірден,
Ұста менің қолымнан, –

деп зіл мен мейірімді қатар көрсетеді, тіпті қаласын құл қылмай, гүлге, перзентін құл қылмай, ұлға айналдырайық деген гуманистік ойды айтып, «қара түн мен қан басқан күнбатысқа» пайғамбар болып бара жатқанда Күннің сәулесі мен нұрын жеткізбекке әлектенеді. Қалай дегенмен ақын жүрегі мейірбанды, адамзатқа жақсылық таратуға дайын.

Қой, бауырым, әлде болса тас болма!
Бүліншілік, жауыздыққа бас болма! –

деп Сәкен ақылға шақырады, дәстүрлі дидактикалық реализммен қазақы көңілін танытады. Түріктер империалистерден зорлық-зомбылық көріп жатқанда, Мағжан:

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.
Қамалған қалың жаудың ортасында
Көл қылып көздің жасын төккен бауырым, –

деп жаны ашып, тоз-тоз болып жүріп қорлық көргенше Түрікстанға жиналайық.
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой!
Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің тәңір берген несібі ғой, – деген қордалы да айбарлы ойды әнұранға айналдырады. Сонда күншығыстық пен түрікшілдіктің түп төркіні бір екендігіне көзіміз жетіп, европоцентризммен өштесе отырып, Сәкеннің:

Семитімнің балалары қиналды,
Кел, бауырым! Енді оларға қас болма! – деп адамшылыққа шақырғанын көреміз.

Байқап отырсыздар, дүниетанымы мен іс-әрекеті екі арнамен өрбіп келе жатқан ақындардың құяр сағасы біреу, ол – гуманизм. Сондықтан коммунистік идеология әуенімен атыстырып-шабыстырмай, азаматтық түсінік деңгейіне көтеріле білсек, 20-жылдардағы қазақ поэзиясының қандай қияға көз тіккенін көріп, қуанар ек. Өкінішке қарай, саясаттың күштілігінен, оқушының түсіну мәдениетінің төмендігінен әлемдік аренаға қол арта бастаған әдебиетіміздің абырой-беделін түсіріп алдық. Кешегі СССР көлеміндегі әдебиет тарихында қазақ әдебиетінің осы дәуірдегі ұмтылысында эстетикалық биік өре жатқанын жарқыратып айта алмағанымызға өкінейік. Жарайды. Мағжан мен Сәкенді ұлы мәселеде ұлықтастырып, тіпті достастырып жібере жаздадық-ау деймін. Оны жасатып отырған біздің ниетіміз емес, өмірдің өзі, оны түсінген ақындардың таным-білігі мен суреткерлігі. Суреткерлік дегеннен шығады, біздің көп адамдар ақындық жағынан Мағжанды – биік, Сәкенді – төмен қойғысы келетін пиғыл байқатады. Ондай ой әдебиетшілер арасында ертеде де болған, қазірде де жоқ емес. Мен мұндай бағалауға, яғни, бойы мен ойын сантиметрлеп өлшеуге қарсымын, өйткені екеуі екі дүние, поэзия аспанында өзінше жарқырайтын жұлдыздар. Ғарыштағы жұлдыздардың үлкен-кішілігі көзге көрінбейді, олардың жалтыраған жарығы ғана қызықтырады. Ал шеберліктің жетілуі, толысуы жөніндегі айтар ой, түйіндер, пікір өзгеше болуы заңды. Екеуінің де тұла бойы тұнған ақындық. Оны жетілдіру, көсемдендіруге келгенде, құдай берген дарын қуаты шешуші роль атқарады. Мағжан да, Сәкен де не айтсам екен деп те, қалай айтсам екен деп те қиналмаған. Тіпті еркін кеткен, қысылмаған, аяқтарын тарту дегенді білмеген. Ойдың екпін-ырғағына, көлеміне қарай ұйқастың бей-берекетін шығарып жүре береді, құдайдың ауызға салар сөзі, суреттер бейнесі, сомдар образы жағынан келгенде, Мағжан бабы келген жүйріктей жүйткиді, жорғасынан жаңылмайды және «осы мен қалай шауып келемін» дегенді қаперіне алмайды, тау өзенінің ағынындай іркілмей жылжиды. Және өлеңі бір деммен түсіп отырады. Өзін-өзі редакциялау, түзету, қырнау деген Мағжанда өте аз сияқты. Құдайдың құя салған туындысы болып жұтынып, Абай айтқандай, айналасы жұп-жұмыр болып шыға келеді. Сондықтан жаттауға өте жеңіл, өзінен-өзі жадыңа жабыса кетеді. Осы жағынан келгенде, Мағжанда бүкіл қазақ ақындарына шашар үлгі көп. Сондықтан болар, 1925-1928 жылдардағы әдеби айтыстарда Екеу мен Қошке, Ыдырыс пен Смағұл, Сәкен мен Сәбиттерге, пролетар ақындарына Мағжаннан үйреніңдер деп зорлап, шамдандыра айтты. Сондықтан Сәбит Мұқанов Мағжанды есте тұта отырып, «Қазақ әдебиеті өзінен-өзі үлгі алатын дәуіріне жеткен жоқ. Қазақтың байшыл ақындары бізге үлгі болуға жарай алмайды» деп тапшылдықпен шорт кесіп, нигилистік ой айтқанымен, «ақындық таланты жоқ кісі үйренгенмен ақын бола алмайды. Сонымен қатар талант та үйренбей кемеліне келе алмайды, таланты бар кісіге «ақын бол, ақын бол» деп қақсай бергеннен түк шықпайды. Оған айтатын ақыл «үйрен, біл» болу керек» (С.Мұқанов. Өсу жолдарымыз. 1960, 40-41-беттер) дегенмен құтылып кетсе, айтыс-тартысқа орашолақ Сәкен төтесінен тартып «Мағжаннан үйренбеген адам жазушы емес дегендей сұмдықты еппен айдай бастады» (С.Сейфуллин, 5 томдық шығармалар жинағы, 5 том. 1988. 101-беттер) деп шамдана сөйлеп, өзінің бұрынғы принципінен көз жазбады. «Әрине, пролетариат бағытындағы жазушылар кімнен болса да жазу шеберлігін үйрене берсін. Бірақ шебер жазылған әдебиет шығармалары болса, одан жазу шеберлігін үйренгенмен, ішкі мазмұны пролетариат бағытына зиянды болса, оны «жақсы шығарма» деп бағалап жүрмесін» (сонда, 63-бет) деген өзінің дәйекті позициясынан айныған жоқ.

ҚИЯЛ НЕГІЗІ – ШЫНДЫҚ

Шығармашылық жағынан келгенде Мағжан мен Сәкеннің тоғысар да ажырасар тұстарын айтпай кетсек, онда бұл әдеби-тарихи эссесіміз толық болмас еді және ақындық күш-қуаттарын аңғартудан жалтарып кеткендік болар еді. Ол үшін екеуінің қолынан шыққандардың бәрін емес, ең жақындасып, үзеңгі қағыса шабатын, оқушыны желпіндіріп, ақындық әуселелерін аңғаруға мүмкіндік беретін Көкшетау тақырыбына, Абылай, Кенесары тұлғаларының суреттелу жайына тоқтасақ, өнер бәсекесінің, көзқарас алшақтығының сыры ашылмақ. Өз аулына іргелес Көкшетауды көре, оған байланысты аңыздарды естіп-біле жүріп, Ақан серінің сөздерін жинауға кіріскенде, Мағжанды жер шоқтығы Көкшенің тарихи, саяси, әдеби тағдыры қызықтырғаны сөзсіз. Сондықтан «Ертегі», «Оқжетпестің қиясында» мен классикалық «Батыр Баянның» жазылуы заңды. Ал Сәкен болса Сарыарқаның ең бір алыс өңірінде туып-өскендіктен орман-тоғайлы өлке оған айрықша таңсық еді. Ор – Аба тауларының әсемдігі әбден «өзінікі» болып, бойға сіңгендіктен, Көкшетау көркі Сәкенді ойлантпай қоймады. Омбыға олай-бұлай өтіп жүргенде талай көңіл аударып, көз тастағаны оның алғашқы кездегі шығармаларында қылаң береді де, халықтық «Көкшетау» поэмасында жарқырап көрінеді. Бұған дейін Сәкенде Сарыарқа, әсіресе Бетпақдала бейнесі көп жырланғаны, «Біздің жақта», «Тау ішінде» сияқты ән-өлеңдері, «Қашқынның ауылы», «Ақсақ киік» сынды толғауларында даланың әр алуан көрінісі сипатталғаны белгілі.

Шалқыған біздің жақтың көлдері бар,
Ағашты, биік таулы жерлері бар.
Өзен су, көлдер жайлап, тау қыстайтын
Меймандос, берекелі елдері бар, –

деген түсінік аңғары түбінде «Көкшетауға» алып келері сөзсіз еді. Ал Мағжан болса:

Кең дала, көресің ғой ана жатқан,
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар
Әне, сол анам еді мені тапқан, –

немесе, өмір қиястығы жеңген шақта:
Сар далада, бейне елік сұлап жатқан,
Кебіндей ақ селеулер бетін жапқан!
Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ.

Сәуле емес, қан шашып тұр күні батқан, – болып кете беретін сәттер екі ақынды кездестірмей қоймайтын еді. Міне, осы тұста Көкшетау қол бұлғап шақырғандай болды. Мағжан жазғанды мен неге суреттемеймін деген ақындық егес те қолға қалам алдырғаны даусыз. Өнер бәсекесі осы тұста мейлінше көзге түседі де, ақындық қуат пен авторлық позицияны анық айырып алуға жағдай жасайды. Екі ақынның шығармаларын, әсіресе толғаулары мен дастандарын оқып отырғанда талай ұқсас жайлар мен оқыс ойлар туындап, оның себебін Сіздерге түсіндіріп беру қажеттігін, тіпті сюжетін кей кезде баяндап беру керектігін ұғынасың, себебі мазмұнын жұрттың көбі біле бермеуінің үстіне салыстыра қоярлық мүмкіндіктерінің аз екендігін ескеріп те отырмын. Осы жұмысқа кіріскенде екі ақынның шығармаларын қайталап оқыдым және кітап беттеріне ертеректе салып қойған белгілеріме, жазған сөздеріме кезіктім. Мағжанның 1922 жылы жазған «Ертегі» атты толғауын оқып отырғанда, Сәкеннің «Ақсақ киігі» еріксіз еске түсіпті, сонда «Сәкеннің Ақсақ киік», «Қашқынның ауылы» т.б.» деп қызыл сиямен жазып қойыппын. Енді осыны таратайық. Ертек деген аты ғана болмаса, Кене хан «орыс елі Арқаға қол салған соң» Абылайдың ақ туын көтеріп, елін қорғамақ болғанын, Алатауға ауып, «өз бауыры қырғыздан қаза» тапқанын білген Сыздық әке кегін орыстан алмақ болып, ел-жұртқа жар салса да:

Алты алаштан алты адам да ермеген,
Алаш сорлы келешегін көрмеген.
Орыс алды, қимылдаған қазақ жоқ,
Қайран Сыздық құса болды шерменен.

Қайран Сыздық елден үміт үзеді,
Жап-жас Сыздық елден, үйден безеді.
Жатып өлмей, жортып өлем деп,
Түркістанның бетпақ шөлін кезеді.

Міне, осы тұста шын ертегі басталады. Қараңғы түнде, шөлде от тұтатып, нәр татпақ болып отырғанда қамыс сылдырлап, әлден уақытта ай мен күндей келіншек жеңнен қолын шығармай, ұсынған малтаны алып қылымдайды. Оның шын пиғылын сезіп қалған Сыздық «Кет» деп қуып жібереді Жезтырнақты. Оқиға осымен аяқталмай, енді әлгі албасты қайта оралғанда Сыздық садақпен атады. Екінші рет атуын тілейді, бірақ жын-періге жан, күш ораларын бұрынғы ертектерден көп естіген Сыздық ондай аңғалдыққа бармай, Албасты-Жезтырнақты жеңеді.

Сыздық мынау қайғы қуып, шөл безген,
Кім біледі, көмер оны құм кезген.
Бүйткенше ол неге жүріп кетпейді
Кене, Науан салып кеткен қанды ізбен? –

деген өкініш көкіректі өртейді. Өйткені «заман озды, адам озды, ерлер жоқ» кезге тап болған соң, «хандарынан, ерлерінен айырылған алты алаштың жүрегі» толған шер екенін Жәжекен, яғни, Мағжан Жұмабаев ертекке айналдырады, талай қиялға беріледі.

Бітті ертегі, аласұрад жас жүрек,
Қарақ па әлде? Арақ па әлде? не керек?
Арағы да, қарағы да құрысын!
Қиялтайым, айтшы тағы, тағы ертек, –

дегенмен ғажайып қиял аяқталады. Мені сюжет емес, шөл даладағы ұқсастықтар жетектеп, екі ақынның оқиғаны баяндаған тәсілдері қызықтырды. Өйткені бетпақ шөлде жын-періге кездескен Сыздықтың көңіл-күйі маған жаралы Ақсақ киіктің тағдырына ұқсап кетті. Басқалар өзінше жауыз мергеннің оғына кезіккен Ақсақ киік кейпін еске түсірері сөзсіз.

Сандалып келе жатты ақсақ киік,
Бір тоқтап, анда-санда әлін жиып,
Ақбөкен сахараның ботакөзі,
Атты екен қандай мерген көзі қиып?

Келеді қаңғырақтап жалғыз өзі,
Тілі жоқ, құр жүректе айтар сөзі.
Шағады шыбын жанның қиналғанын
Жалғыз-ақ мөлдіреген екі көзі.

Осы көріністің өзі Сыздық пен Ақсақ киік тағдырының мейлінше ұқсас, екеуі де теперіштен қорлық көріп, арманына жете алмайтындарын қалың көпшілікке зар қылып төгеді. Сондықтан Сәкен:

Жапанда еш сая жоқ шыбын жанға,
Моншақтап жерге тамған қызыл қанға.
Жапанда басын сүйер тірі жан жоқ,
Әл кетіп сорлы киік жығылғанда! –

десе, Жезтырнақты жаралаған Сыздықтың түпкі халі осындай болары айдан-анық. Өйткені шөлде түнделетіп, от жаққанымен, жын-періге оқ атқанымен тұңғиықтан шығар арна, жетектер сәуле көрінбейді.

Сыздық мынау елден безген ел үшін
Сыздық мынау шөлге көмген жас күшін.
Бетпақ шөлде Сыздық өлер, құм көшер,
Жүректе у... жарып қарар кім ішін.

Мағжан шығармашылығында символдық мәнге айналған табиғат көріністерінің ішінде Оттан кейінгі орынды Жел алады десем, артық бола қоймас. Жалпы, Мағжан поэзиясы табиғаттан туып, табиғатқа айналып жатқанын әр өлеңінен-ақ көреміз. Ол үшін қара жол – ирелеңдеген жыланға, бораны – бөріге айналып кетуі сөз емес. Бәрін де көзіңе көрсете біледі. Мағжанның ұлы ақындығы да, асқақ шеберлігі де жансызға жан бітіруінде. Мына «Ертегі» толғауында Жел образының өзі үлкен кейіпкерге айналып кеткенін көреміз.

«Фию-фию, фию-фию» есті жел,
Бұғып жатқан баялышты құшты жел.
«Жынды неме, мұның не?» деп мырсылдап,
Селк-селк күліп, селкілдеді сексеуіл, –

дегенде Желдің мінез-қылығы алуан қияпатымен көрінеді де, шығарманың эстетикалық қуатын арттыра түседі. Осындай көркемдік сипатты біз Сәкеннің «Ақсақ киігінен» де кездестіреміз.

Қиырсыз, Бетпақ дала... қураған шөл...
Жалғыз-ақ сырғаңдайды қоңылтақ жел.
Меңіреу... тірі жан жоқ... жып-жылмағай,

Ел қайда? Ел алыста – шулаған ел! – деп екі ақын табиғатпен табысып кетеді де, өздерінің әдетті машықтары сияқты көсіліп жүре береді. Әсіресе Сәкеннің 1917 жылы-ақ Ақпан күндерінде:

Есіп кеп майда желдер таудан асып,
Құшақтап, аймалады амандасып.
Естіген, көрген-білген сырын маған
Айтысты, қуанысып-сыбырласып, –

дегендері жанданған кейіп екенін аңғармау әбестік болар еді. Бір символикалық жайдың өзі осындай шендестіруге апарса, онда тарихи жағдайдың көркемдік әлемі мен саяси мәні, көзқарас деңгейі, әрине, біраз өлкені шарлатары сөзсіз. Енді «Оқжетпестің қиясында» мен «Батыр Баян» дастанын халықтың «Көкшетау» поэмасымен шендестіре талдап, үндестік пен ұқсастықтарды қарастырудан бұрын ақындардың дүниетанымы мен көзқарасын, идеялық нысанасын айқындап алайық. Мағжанның жалпы демократиялық арнадан өрбіген ұлтжандылық көзқарасы қазақ тарихындағы құбылыстардан еш мін таппай, бәрі де қалың елдің қамы еді. Батыры да, байы да, ханы мен қарасы да халықтың арманын ойлаған еді дегеннен өріс алады. Өткен күннің еш өкініші болмағандай суреттеледі. Оны совет заманында қалыптасқан терминмен айтар болсақ, ұлтшылдық, байшылдық, алашордашылық таным-білікпен баяндайды. 1927 жылғы «Толғау» мен «Тоқсанның тобына» дейін осы позициядан Мағжан тайған жоқ, ол әсіресе Ташкент дәуірінде айрықша көрінді. Ал Сәкен болса еңбекшінің мұң-зарын жырлауға қазан төңкерісінен кейін мықтап кірісті де, большевиктік де, мейлің, төңкерісшілдік де, мейлің, тапшылдық де, мейлің, әйтеуір марксизм-ленинизм ілімі нұсқаған өңірден табылып, ой толғады, пікір айтты, өлең шығарды. Әлдеқалай шалыс басса, қақпайлап, әлгі жолға қайтадан зорлап салып отырған кезіміз де болды. 1922-1923 жылдардағы азияшылдығын коммунистікке жатпайды деп сынадық. Махаббат лирикасын жаза бастаса, қатынқұмарсың деп басқа ұрдық, 1926-1927 жылдары большевиктік декларация мен өмірдің арасындағы алаштықты жырға қосқанда, сарыуайымға түстің, упадничествоға берілдің деп бетіне бастық, қоғам, мемлекет ісіне адал болып, жағымпаздыққа, баққұмарлар мен таққұмарларға қарсы шыққанда, «сейфуллиншілдік» деген жік шығардың деп үкімет ісінен аластадық, не керек көрсетпеген құқайымыз қалмаса да, Сәкен өзінің тапшылдық көзқарасынан айнымады. Әлгі шәлкем-шалыс кемшіліктерін саяси қатем деп мойындауға шейін барды, бармасына амалын қалдырмадық. Тіпті 1938 жылы өзі орнатқан үкімет өзіне қастық ойлап, жау санап отыр дегенге сенбей өтті. Сондықтан Сәкенді большевизмнің жасағынан бөліп алып қарауға болмайды. Сенім, таным, табандылық үшін таяқ жейтін адам болса, шоқпарды алдымен Сәкенге сілтеу керек. Солай бола тұрса да Сәкен қолынан шыққандардың бәрі де түкке тұрмайды, кешегі совет өкіметі сияқты тарихтан ол да ығысуы керек екен деп ойлауға еш болмайды. Тарих ауқымына сыймай бұлтыңдаған ұлы дарындардың алдында болмаса, соңында жүретін талант Сәкен емес. Сондықтан оның тарихи тақырыпқа жазған, қазақтың елдігіне ізін, атын қалдырып кеткен даналар мен қайраткерлер туралы айтқан ой-пікірлерін, қастерлеген суреттерін елеусіз қалдыруға тиісті емеспіз. Барын барша, сұрықсызын сұрықсыз күйінде көрсету қажет, қазіргі уақыт осыны тілейді, талап етеді. Сонымен Мағжан алаштығынан, Сәкен большевиктігінен, тапшылдығынан танбай, қазақ тарихын суреттеуге кірісті. Және бұл «жарысты» Мағжан бастады. Тарихи тұлғаларға шаң жуытпай, асыра мадақтау арқылы тапшыл Сәкенге жем тастап отырды. Сондықтан олардың Көкше өңірінен шықпай қоюының бір сыры тарих түйінінің шешуші сәттеріне байланысты болса, екіншіден, ол өңірдің табиғаты өлең-жырды өзі туғызардай әсем және аңыздарының мол болуы жасырар сыр емес. Мағжан мен Сәкеннің өнер бәсекесінде, әсіресе ақындық қуаттарын таныту саласында осы Көкшетаудан тарайтын тарих пен табиғат көрінісінің қазақ әдебиетіне, әсіресе поэзиясына бергені де, дарытқаны да ерекше мол. Туған жердің табиғатын осылай аялаудың алғашқы бастамасы болғаны да содан.

САЙЫС

Түсінік, таным, көзқарас алшақтығын тарихи қайраткерлерді бағалау барысынан да, табиғатты суреттеу айла-амалдарынан да аңғартпақ болғандықтан, енді ақын шумақтарын салыстыра шендестірсек, екі қоянды, яғни көзқарас пен көркемдік шеберлікті бір оқпен атып аламыз. Сондықтан үзінділердің ұзақтығы мен молдығына наразы болмаңыздар, өйткені «көзге көрсетіп, қолға ұстатудың» бұдан басқа амалы жоқ. Мағжанда Абылай мен Кенесарыдан көп мадақталатын тұлғалар аз. Өз тағдырын Абылайға сеніп тапсырған елге Мағжан:

Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ,
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.
Артында – ор, алдында – көр, жан-жағы – жау.
Дағдарған Алаш енді қайда бармақ?

Сол кезде елге қорған болған Абылай
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап,
Күндердің бір күнінде хан Абылай
Қалмаққа ойына алды ойран салмақ, –

десе, тап осы оқиғаны Сәкен былай жеткізеді:
Ертегі толып жатыр өткен-кеткен,
Өтірік-шынды әңгіме бізге жеткен.
Әйтеуір расы сол, Көкшетауды

Ел шапқыш хан Абылай мекен еткен, – деп алады да, «біреулер батыр мен ханды мақтап, сарнайды, жыр қылады сөзін сырлап» деп Мағжанды қағыта кетуді ұмытпай, негізгі оқиғаға оралады:

Көп тыңдап, көп тексердім осындайды,
Мақтарлық халық мінез табылмайды,
Оқушы оқып, өзі баға берер,
Өлеңге қостым мен де Абылайды.

Абылай орда қылған Көкшетауын,
«Аударған қонысынан талай жауын».
Бір жылы, жаздыгүні, қалмақ елін
Шаппақ боп қол жиыпты айтып сауын, –

Деп, поэманың негізгі арқауын таратуға кіріседі. Мағжан да, Сәкен де Абылайдың қалмаққа шабуылын, одан алып қайтқан орасан олжаларын нақты образбен көрсету үшін қолға түскен қалмақ қызын негізгі кейіпкер қылып алады. Бұл – тегінде тарихи шындық болар, ал болмаған күннің өзінде шығарманың сюжеттік желісін өріп, көркем образ жасау үшін керек амал. Сондықтан қолға түскен керемет сұлу қалмақ қызын талайлардың ынтығатындай деңгейде суреттеп қана қоймай, бүкіл қазақ тамсана, құмарлана оқитын дастанға айналдырғандары әдебиетіміздің суреткерлік арнасын кеңейтіп, әлемдік аренаға қол созғанымыздың белгісіндей болғаны анық. Сөйтіп, Абылай қалмаққа жорық жасап, көп олжамен қайтты. Әсіресе үлеске түскені – көзді қытықтаған қалмақ қызы. Мағжанда ол батыр Баянның қанжығасына байланады. Дәмелі батыр оңаша отау тігіп берсе де, қалмақ қызы оның тілегін қабыл алмай, Ноянға көңілі кетеді. Қыздың сұлулығы есінен адастырған Ноян тіпті елін тастап, қыз тілегін орындау үшін қалмақ асып кетуге мақұл. Өз елінен қашып, бөтен жұртқа сіңбек болып бекінген інісіне және көңілі құлағанына қолы жетпей, намысы тапталған Баян қуып жетіп, ашуға ақылын алдырған батыр екеуін атып өлтіреді. Кегі қайтып, «арманға жеткен» Баян алдында сұлап жатқан екі жасты көргенде өмірі өкініші кетпес қасіретке тап болғанын сезеді де, жылап-сықтай жүріп, екеуін арулап бір молаға көмеді. Міне, махаббат трагедиясы осы. Батыс Европа әдебиетіндегі ғашықтар іс-әрекетін көзімізді жұмып, аузымыздан су аға мақтайтын шығармалардағы характерлерден артық болмаса, кем соқпайтын көркемдік дүниесі осы. Осы шығармамен әлем әдебиетіне еркін қосыла алатынымызды заманында түсінбегенімізге енді өкініш білдірмеске болмайды. Шіркін, 20 жылдардың басында осындай туынды берген ақынның қолын қақпай, еркін жібергенде, қандай эстетикалық байлыққа кенелер едік. Өзекті өртер ұлттық рухани шығын ғой бұл. Ал Сәкен қалай шешті осы жұмбақты? Ол да таңданарлық әсем арна тапты. Қолға түскен қалмақ қызы арқылы Абылай батырларының пиғылын байқайын деді ме, әлде өнерлерін сынайын деді ме, әйтеуір таңдауды қызға берді. Үміттенгендердің көптігінен құтылып кете алмасын көрген соң қалмақ қызы үш шарт қояды. Бірінші, орамалын шың басынан атып түсірген батырға олжаланамын дейді. Қыздан дәмесі бар да, жоқ та садақтарын қалай жебесе де, шың басына жеткізе алмайды. Міне осыдан Оқжетпес аңызы туған. Оны ақын өзінің айшықты жырымен мүсіндеген. Екінші, Жұмбақтастың үстіне төрт жігітті көтеріп шыққан батырға тиемін деген шартын айтады. Өзі көл ортасындағы Жұмбақтаста тұрады. Алда-жалда бір батыр тапсырманы орындаса, жартастан құлап өлмекке бел байлайды. Қара күшке дес бермейтін батырлардың сегізі бірдей қатар келген соң қыз ешкіміне байланбайды. Поэманың сюжеттік желісінің ширатылуы үшінші шартқа байланысты өрбиді. Қыз өз тағдырын «Кептер кебі» деген сырлы жұмбаққа айналдырғанда, Абылайдың даңғой батырларының бірде-бірінің ақылы жетпей, дәрменсіздік танытады. Сана жарысында ұтылып, елдің намысы кетіп бара жатқанына шыдамай, бағанадан бері сырттай бақылаушы болған елеусіз бір жігіт:

Жасынан кедейліктен кемдік көрген,
Жігерлі талабы зор, өзі мерген.
Жылқысын бағып жүрген байын тастап,
Төренің бір себеппен қосына ерген –

сұлу сида, сұңғақ дене, «жұп-жұмыр, сом боп біткен жігер мойын», қыр мұрын, қара мұртты Адақ Абылайдан ұлықсат сұрап, қыз қойған шарттардың бәрін орындайды. Әсіресе ақыл-санаға жүк түсірген «Кептер кебі» жұмбағын шешуі жиналған жұртты таң қалдырып қана қоймай, адамгершіліктің өлшеуіші болардай оқыс шешім жасатады да, бір елдің ар-намысын қорғап қалады.

Өлтірер деген еді ерді намыс,
Қоянды өлтіреді деген қамыс,
Қызды енді олжаласақ, елімізді
Не демек, естісе егер жат ел-қалыс.

Сөзді енді бүркемелік, етіп келте –
Мұндайда керек емес мақта-білте.
«Ханы да, қарасы да арсыз деген»
Келмесін ел бетіне шіркеу-шілде.

Қыз жырын Сізге арнады төрелікке,
Болмайық, тақсыр бекер ер-елікпе.
Естіген халық жерге түкірмесін –
Біз-дағы әділ билік берелік те, –

деп Адақ бүкіл қазақтың атынан тілек айтып қана қоймай, елдің намысын ту қылып көтереді де, өз үлесіне тиген қалмақ қызына азаттық береді. Керкөжекке мінгізіп, еліне шығарып салады. Қарап отырсақ, «Батыр Баян» мен «Көкшетау» поэмаларының тууына өзек болған қалмақ қызының тағдыры екі ақында екі түрлі шешім тапқан. Мағжан ердің намысын асқақтату үшін туған інісі мен қызды мерт қылумен өкіндіреді. Ірі характер жасау үшін ондай нойыс әрекет қажет, бірақ ақыл сезімнің құлына айналуы тиіс болғанда көркемдікке әбден елтіген жұрт, керемет жырмен желіккен оқушы ақынды қаперінен шығарып алады. Оқыс оқиғаның, шамадан тыс шешімнің эстетикалық әсері мейлінше күшті болатыны осыдан. Мағжан көркемдік шартын толық қолданып, керемет күшті мезеттік әсер жасаған. Оқыс шешіммен ел-жұртты таң қалдырған, эстетикалық тұрғыдан көздеген мақсатына жеткен. Оны өмірмен сынау, тарихпен дәлелдеу қажет деп таппаған. Ал Сәкен ер намысынан гөрі ел намысын ардақтауды мақсат тұтқан. Абылайдың қалың қолы бір қыздың шартын орындай алмаса, әсіресе ақыл-сана жағынан парықсыздық танытып жатса, әрине, елдің сағы сынады, абыройы төмендейді. Поэманың негізгі идеялық желісі осыған құрылғандықтан, алшаң басқан алыптарды, қара күшке сенген балуандарды, даңқой батырларды емес, елдің ішінен шыққан қарапайым Адақ арқылы адамгершіліктің де, әділеттіліктің де, мейірбандылықтың да үлгісін көрсетпек болған. Әрине, көркемдік тұрғыдан келгенде Абылай, Қалмақ қызы, Адақ – үшеуі дараланып көркем образ деңгейіне көтерілгеніне ешкім дау айтпасқа тиіс. Рас, Сәкен Мағжанша Абылайды аспанға көтеріп, теңеу таба алмай, қиналмайды, қайта бар оқиғаның басы-қасында көрсету арқылы оның да пенде екенін кейде реалистік арнада, кейде гротескілік сыңайда суреттеп, сыншылдық тенденциясын бір сәтке ұмытпайды, таптық көзқарасынан жаңылмайды, бірақ даттауға бармайды. Шарттардың орындалу барысында Абылай пенде ретінде жап-жақсы көрініп, өзінің қатыгездігінен айырылады, ұнамды қылық-мінез көрсетеді. Қалмақ қызы мен Адақ та өз ерекшеліктерімен оқушы жүрегінен орын алып, таныс-бейтаныстарына айналады. Оқиғаның көптігі Көкшетау көріністерін жасауға жұмсалған көркем бояулар, әрине, поэманың психологиялық сырын айшықтай түсуге кедергі келтірмеді десек орынды болмас. «Батыр Баянда» адамның жан-дүниесін көрсету, арман-тілегін ыстық ықыласпен жеткізу жағы басым, оның есесіне әлеуметтік нысана кемшін. Мұны социалистік реализмнің салқыны деп түсінсеңіз де өз еркіңіз, бірақ өнердің түп қазығы – өмір екенін естен шығаруға болмайды. Поэмалардың сюжеттік желісі мен эстетикалық мән-маңызын суыртпақтаған уақытта екі ақынның Көкше көркін жырлауына, суреттеуіне назар аударсақ, біраз сырға қанығатын шығармыз. Мағжан «Оқжетпестің қиясында»:

Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Басқа жер ойды ондай тербетпейді,
Бурабайдың көлі мен Көкшетауы
Көрмесең, көкіректен шер кетпейді.

Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей
Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді.
Арқада Бурабайға жер жетпесе,
Алашта Кенекеме ер жетпейді.

Көкшеде күңіренген Кенем қайда?
Дариға, жүрегімді дерт өртейді.

Мұнда көріністі суреттеуден гөрі реалды шындықты айтып беру, таудың қасиетін ашу арқылы Кенесарыны асқақтату тенденциясы анық байқалады. Тап осындай шумақтар Сәкенде де бар, бірақ ол сөзбен сурет салуға ниеттенген және ол мақсатына жеткен, сондықтан болар, бүкіл халықтың аузында ән болып айтылып, көркемдігімен осы күнге дейін ел-жұртты баурап келе жатқаны өтірік емес.

Арқаның сұлу кербез Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.

Сексен көл Көкшетаудың саясында,
Әрқайсысы алтын кесе аясында.
Ауасы дертке дауа, жұпар иісі,
Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?

Ырғалған көкке бойлап қарағайы,
Қасында көкжелекті аппақ қайың,
Жібектей желмен шарпып төңіректі,
Балқытып мас қылады иіс майы.

Көкше көркі, оның әрбір тау мен тасы, көлі мен өзені, шыңы мен құзы арнайы сөз болса, Мағжанда көбіне жалпы фон ретінде алынып, кезі келіп қалғанда ғана суреттеледі. Әсем фондағы асыл ойлар мен толымды пікірлер көркем бояумен жеткізілген уақытта пейзаж бен көңіл-күй лирикалары жарасымды тұтастық тауып, оқушы жадында таңбаланып қалады.

Арқада жер жетпейді Бурабайға,
Бөленген бұйра сыпсың қарағайға.
Бұлт құшқан мәңгі мең-зең Көкшетауға
Бөлектеу «Ой-бауырым!» – дер анадайға.

Оқжетпес найза қия – қыранға ұя,
Карасаң жанның шері тарқамай ма?
Солардың ортасында Бурабай көл,
Мөп-мөлдір, дөп-деңгелек ұқсайды Айға.

Бурабай – Арқа аралы, жер серкесі,
Ертеде қоныс болған Абылайға.

Мұнда Көкшетаудың жалпы көрінісі, көлі, тауы түгел қамтылады, нақты бір объектіні суреттеу болмаса да, ақын ажарлы сөзбен, бір штрихпен-ақ Оқжетпесті – найза қияға айналдырып жібереді. Ал Сәкен болса, Ақ бураның аңызын тарата отырып, көлін, суын, тауы мен тасын жеке-жеке портреттейді.

Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс,
Көргенде шаршаған жан алар тыныс.
Мінбелеп қоршалған шымылдықтай,
Қарағай, қайың менен қалың жыныс.

Пейзаж бен аңызды қатар өру оқушының жалпы түсінігін молайтып қана қоймай, оқиға болып жатқан жердің суретін көз алдыңа келтіруге жағдай жасайды. Ал ақынның сөз бояуы, тапқыр штрихтары сол объектіге жан салады, көрінісін көзге елестеді:

Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан,
Бастары көкке бойлап, бұлттан асқан.
Бір шың бар етегінде тіп-тік найза,
Адамзат жасағандай құйған тастан.

Сүп-сүйір бейне найза шың, құз, биік,
Төбесі кейде тұрар бұлтқа тиіп,
Қарасаң етегінен шың басына.
Тақияң жерге түсер тұрған киіп.

Сәкен суреттеген Оқжетпестің бейнесін көзге анық елестетеміз де, оның түбінде болған ұлан-асыр оқиғамен танысамыз. Ал Мағжанның найза қиясы оның лирикалық келбетін ғана аңғартады. Ол да ақындардың алдарына қойған мақсаттарынан туған. Сәкен Көкшетау көркін бейнелей отырып, аңызды насихаттаса, не аңыз арқылы көрік-келбет жасаса, Мағжан Көкше көркін оқиға өрбітер, ой айтар сәтке пайдаланып, әсемдік пен ойлылықтың тізгінін қатар ұстайды. Көбіне-көп Мағжан сырт көріністен гөрі ішкі дүниені мөлдіретіп беруге ұмтылады, кейіпкердің психологиялық драматизмін іздейді. Табиғат пен адамды қосақтай суреттегенде, саяси мағына дарытып отырады. Батырын айтса да, бағланын айтса да, Мағжан қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігін алдыңғы кезекке шығарады да, әлемде болып жатқан құбылыстарға онша іш тартпайды, көпшілік жағдайда қазақты кемдікте ұстап келген себепті ашпақ болады. Сондықтан Мағжанның «Оқжетпестің қиясында», «Батыр Баян» поэмаларында табиғат көріністері тікелей суреттелмей, оқиғаға, көбінесе ойға, тағы да қайталап айтайын, әсемдік фоны, шырайлы шымылдығы ретінде қастерленеді. Ал Сәкен негізгі оқиғаны Көкшенің тауы мен тасын, өзен-көлін аңыздан таратады, не сол көріністер арқылы жаңа аңыз тудырады. Бұл да художник үшін өнімді көркемдік амалдың бірі және халықты тек ой, өкініш пен табаға ғана қалдырмай, көркем көріністен туған әсем аңыз арқылы эстетикалық ләззатқа батыру машығы. Қалай болғанда да екі ұлы ақын өздерінің алдарына қойған саяси-әлеуметтік қана емес, эстетикалық мұраттарына жетіп отырған. Осы реттен келгенде, Мағжан ылғи көркемдік аясында ғана қалам жебеп, саясатты екінші қатарда ұстады деген түсінікті қате деп білемін.

Мен де ойды ағытамын қаламыма,
Арқаның көз жіберсем алабына:
Сарыарқа – сары дария қиыры жоқ,
Кез болсын қандай қыран талады да.

Ішінде сары дария көз тоқтатар
Көкшетау – Сарыарқаның аралы да.
Көкшеде күні кеше қандай өрген
Түрлі аң, бұғы, маралы да.

Айрылып асау, ерке аңдарынан
Көкшенің тас жүрегі жаралы да, –
немесе:
Алаштың алдын қара тұман басқан,

Мынау орыс обыр ол еміп жатқан.
Заман азған шағында адам азбақ,
Көп ерлер жаумен бірге елін шапқан.
әлде:

Айрылдық балпаң басқан батырлардан
Аузынан уыз төгілген маңғаз байдан.
Құдай-ау, албастының ойнағындай
Мынау сұм заманға кез қылдың қайдан?

Осы шумақтардың көркемдігіне тәнті боласың, сонымен қатар мәнін де ашық ұғасың. Мен мұнда Мағжан советке, я жаңа заманға қарсылығын білдіріп отыр деген қара дүрсінділіктен аулақпын. Айтайын дегенім, әсем көрікті кешегі тарихпен жалғастырып, қазіргі кезең жөнінде ой түйеді. Ол ойлар сол кезеңдегі адамдардың бәріне бірдей ұнай бермегені тағы анық. Сондықтан, белгілі бір кезеңде өмір сүргендердің уақыт тартқан сыбағадан дәм татпайтыны болмайды. Демек, Мағжанды көркемдікпен орап қойып, саяси ой-пікірлерден ада қалдырып, қазақ мұңын жоқтаудан аулақтатамын деу құр әурешілік. Пейзажбен де саясат айтуға болатынын Мағжан талай дәлелдеген-ді. Мағжан өз пікірін көркемдік шымылдығына орап, жеткізіп отырса, Сәкен өзіне құдай берген тура мінезбен ашықтыққа, анықтыққа, дәлдікке, нақтылыққа ұмтылған. Оның қай шығармасын алма, нақтылық сипатынан, ашықтық мінезінен айнымайды, мүмкін, онда көркемдік бояуы жетіспей жатыр, бірақ оның не айтқысы келгенін бұқпантайлаған сәтін кездестірмейміз. Көкше көріктерін Мағжанға қарағанда көбірек және даралап суреттегені айдан-анық. Сәкен «Көкшетау» поэмасында «Жеке батыр», «Бурабай», «Оқжетпес», «Жұмбақтас» хикаяларымен сюжеттік желіні өрбітіп қана қоймай, олардың жанды бейнесін сөзбен салып беріп отырады. Сонда әсем көрініске көз қуанып, қызықты хикая арқылы сана толады, ләззат тілеген көңілдің хошы табылып жатады. Жасынан қан уыстап туған тентек Қасым төре Көкшенің киесі – ақбас бураны мерт қылғанда:

Құбылаға басын беріп шөгіп жатқан,
Көк мұнар қалың ойға шомып жатқан,
Ақ бура қабақтарын қарс жауып
Қозғалмай мәңгі жатып тас боп қатқан.

немесе Бурабай көлінің келбеті:
Жағалай тау мен орман анталасып,
Ортада жатқан жасыл мөлдір айна –
Ойнайды айнадан өз жүзін көріп,

Кеш болса сансыз жұлдыз, алтын ай да.

Бұлар – таза пейзаждық лирика. Сәкен оларға байланысты аңызды баяндағанда болмаса, әрбір қимыл, іс-әрекетке мән дарыта бермейді. Оның міндеті – көз қуантар табиғат келбетін оқушыға сөз қасиетімен таныту, сүйсіндіру.

Мағжан:
Бір кезде Кенекемді ойлар билеп,
Бір өзі Бурабайды кезіп кеткен.
Артында Оқжетпестің үңгір тау бар,

Сол тауды бірнеше күн мекен еткен, – деп хабарлаған үңгірді Сәкен өзінің «Көкшетау қасиеттері» деп аталатын пейзаждық галлереясында белгілі тарауға айналдырып, тарихтан хабар жеткізеді.

Орта жүз «Ақ патшаға» бағынғанда,
Патшаға хан ұрпағы жағынғанда,
Қасым хан бармай қалған, туыстары
Патшадан «байғазы» алып тағынғанда.

Кене хан Қасым ұлы қырға көшкен,
Үстінен туыстары шағынғанда.
Патшаға қарадың деп елді шапқан
Хандығын Абылайдың сағынғанда, –

деп өткен күннен сыр шертеді де:
Үйшік бар әлгі құзда үңгірлеген,
Ішіне кірсең, үйдей күңгірлеген.
Аталған «Кенесары үңгірі» деп,

Көрсеңіз тәрізді іші дым кірмеген, –
деп суреттейді.

Әрине, екі ұлы ақынның қазақ әдебиетіне сыйлаған керемет дастандарынан суыртпақтай берсек, талай әсемдік пен сұлулықты, керемет ажарлы сөз бояуын, таңқалдырар образды, оқыс характерлерді кездестіреміз. Мағжан мен Сәкен бір-бірінен сөзден, бояудан, шеберліктен қарыз сұрап алар дарындар еместігін осылардан-ақ анық байқаймыз. Ал ықпал, әсер мәселесіне келсек, әрине, Мағжан поэмалары ерте, 1923 жылы жазылғаны, ал Сәкен «Көкшетау» дастанын 1925 жылы бастап, үш жыл үзіп, 1928 жылы тәмамдағанын еске алсақ, онда уақыт факторы Мағжан жағында екенін және шығармашылық бәсекеге от тастағанын көреміз. Ертерек қалам жебеген уақытта Мағжан Сәкеннен осындай көркемдік жауап болады деп ойламаған шығар, алайда мөлдіреген, кісі қызыққандай жыр Сәкенді қамшылап, шығармашылық бәсекеге шақырғанын жоққа шығара алмаймыз. Мәселе, алғашқы түрткінің көлеңкесінде қалып қоймай, өзінің ойын да, бойын да көрсету жағынан Сәкеннің «Көкшетауына» Мағжан дастандарының көшірмесі деп қарауға ешкімнің де дәті бармаса керек. Екі ақынның өз тұлғалары өз қалпында, олардың қолынан туған туындылары өз дәрежесінде екенін көреміз де, осындай бәсекеден әдебиетіміз байып, ұлы олжаға батқанына қуанамыз. Сонымен, Мағжанның Ташкент дәуірі керемет жемісті болуы үстіне творчестволық бәсекеге жалғыз Сәкенді ғана емес, бүкіл қазақ ақындарын шақырып, көркемдік байрағындай желбірегенін теріске шығара алмаймыз. Әрине, өз шәкірті Бернияз Күлеевтің дүниеден өтіп кетуі өкінішті болғанмен, қаулап келе жатқан өрендердің ішінен Кенжеғали Ғабдуллин, Ілияс Жансүгіровтің осы тұста «мағжаншыл» болулары тегін емес. Егер сол кезде саясат саумай, көркемдік заңдылығына еркін жол ашылғанда қазақ поэзиясы шырқау биікке көтерілері сөзсіз еді. 1925 жылы Жүсіпбек Аймауытовша айтқанда, «ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп (школ) ашқан ақын Мағжан»(М.Жұмабаев. Шығармалары. 1989. 428-б.) дегеніне қол қоюға тиістіміз. Тап осындай құбылыс Сәкенде де болғанын жоққа шығара алмаймыз. Идеялық жағынан да, көркемдік жағынан да Сәкен қайсыбір тар пиғылдардың қысастығына қарамай, сонау 1923 жылдың өзінде-ақ оның әдебиеттегі жүрген жолы – «сүрлеуі жоқ жаңа жол, бұрын ешкім жүрмеген жол» (Известия Киробкома. № 26, 1923, 80-б.), «бұл жаңа жол, жаңа пікір түбінде жеңбекші. Ол – әдебиет тарихының заңы, тұрмыстың заңы, жаңа жазушылардың, жаңа балапандап келе жатқан ақындардың бастығы Сәкен Сейфуллин» (Е.Қ. «Жыл құсы», 02.02.1923) делінгені белгілі. Мұхтар Әуезовтің 1936 жылы «Жиырма жыл бойын басып озып отырған ақын еңбегіне көз жіберіп қарасаң, өзгеде жоқ екі түрлі ерекше, ірі қасиеті басымдап айқындана шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы. Екіншісі – ақындық тәкәппарлығы. Ақындық еңбегіне мұндай өнімді сарын тауып отырған ақын, әрине, өзінің тарихтағы орны мен маңызын қамтамасыз еткен ақын болмақшы. Тегінде мағыналы, өрісті, көш бастар, белге шығар үлкен еңбек туса, осындай қайнар көзден шығуға лайық! (М.Әуезов. Шығармалар. ІІ том, 1969, 100-102-б.) десе, Е.Ысмайылов, Х.Жұмалиев, М.Қаратаев, С.Қирабаевтардың толымды ойларын Сәбит Мұқановтың Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетіндегі жаңа эра» деген ойымен түйіндесек, 20-жылдардың өзінде қазақ поэзиясында екі мектептің болғанын анық көреміз. Олай болса екі ақынның творчестволық табыстарын әдебиетіміздің тарихында әділетті бағалап, абыройларын асқақтатауымыз шарт. Екеуін бір-біріне қарсы қоюдан түсетін пайда жоқ, зиян көп, әр жұлдыз әрқашанда өзінше жарқырайды. Мағжанның Ташкент дәуірі керемет олжалы, шығармашылық жағынан теңдесі жоқ қайырлы сәт болса, Мәскеу кезеңі қайырсыз қадамнан басталды. Әрине, астанада өмір сүру, білім алу, еліңнің қажетіне жарау идеясы кімді болса да алға сүйрейді. Оның үстіне дүние аударылып-төңкеріліп жатқанда орыс ақындарының орасан зор ізденістері, қым-қиғаш айтыс-тартыстары қол бұлғап шақырғанын жоққа шығаруға болмайды. Кешегі бұратаналардың рухани байлығын одаққа жарқыратып көрсетуге, сана таратуға ниеттенген СССР халықтарының кіндік баспасының ұйымдасуы, оның басшысы Нәзір Төреқұлов болуы, Мағжанның қызыл империяның астанасы Мәскеуге тезірек баруы Брюсов басқарған әдебиет пен өнер институтынан білім алу ниетін тездетіп-ақ жіберген-ді. Ташкент қызығын тояттап болған соң жаңа биікке көтерілу ниеті туғандығы сөзсіз. Мағжан 1924 жылы күзде Мәскеуге келді. Бір жағы оқып, әрі Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Ол аз болса, Кіндік баспаның қазақ секциясының қызметкері болып, аударма ісімен де шұғылданды. Оқуға арнайы жолдамамен келген соң Түркістан республикасы өкілдігінің үйінде Зылиқа екеуі тұрып жатты. Құдайдан бұдан артықты тілеудің өзі ұят та еді. Мағжан тағы да Ташкенттегідей қалың жұмыстың астында қалып, жаңа жағдайға үйрене бастаған шақта өмір бойы қуғын-сүргінге салған оқиғаға кездесті.

БҰРҚАСЫН

Мәскеу студенттерінің 1924 жылы сойқанды шешімінен кейін Мағжанмен «күресу» науқаны жаңаша сипат алды. 1923 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланған «Жай әншейін ойын ғой» деген өлеңіне Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетінде «Күйігіміз» деген жауап шықты. Сонда:

Шерлі ақын, мұңды ақын,
Сылдар-сылдар дейді ақын.
Енді өлшейік кеңесін,
Кімнің қамын жейді ақын?

Колчак дейді, Саша дейді,
Жаса Саша (Керенский. – Т.К.), жаса дейді,
М.Ж.М.Ж.М.Ж. (Мағжанның бүркеншек аты. – Т.К.)
Болып қаңғырған

Сорлы ақын семіздерді сағынған – деген кекесін жарияланса, 1924 жылы 3 желтоқсанда «Тілші» газетінде «Елге сәлем» деген өлеңі жарияланғанда, Сәбит Мұқанов «Сәлемге сәлем» деген өлеңмен жауап берді:

Ел сені көрмегелі көп күн өтті.
«Мағжан онда кетті, мұнда кетті».
Деген сөз әр орында бір шашырап
Жүргенде, бүгін сенің хатың кепті!

Ел – дария, адам онда жүзген балық.
Бір жаққа балық егер кетсе ағып,
Бармақтай қарасы бар бір жәндікті
Қашанғы есіне алып жүрмек халық.

Сен құлан өз қағынан жүрген жеріп,
Ел аман, жұрт тыныштықта қайғыға еніп,
У жеген бір қасқырсың, сені қалай
Ел жазып, адам қылмақ емін беріп?

Сұлу сөзге көп заман сеніп болдық,
Сұлулардың артынан еріп болдық.
Сағым қуған көбелек сықылданып,
Кеудемізді алғызып, демік болдық.

Отыз жыл арпалысып қудың сағым,
Керек қып тұрағы жоқ желдің дәнін.
Ел кезген қобызыңнан айырылма!
Қобыз бен желден басқа нең бар «жаным», –

деген жауапты тапшыл жастар аяқсыз тастамады. Мәскеу оқушыларының қаулысымен қаруланғандар Орынборда 1924 жылдың аяқ шенінде Мағжанға әдебиет сотын құрды. Қоғамдық айыптаушы Сәбит Мұқанов болды. Сол жиында «Міржақып, Мұхаметжан, Жәкен, тағы сондайлар Мағжанды жақтады, бірнеше кісі қаралады. Баяндамаға сол кезде болғалы жатқан кеңес съезінің барлық өкілдері қатынасты. Бұдан бұрын Мағжанды аузына алған пенде жоқ. Бұл да толық марксшіл баяндама емес» деп өзі куәлік бергені белгілі. Рас, баяндама жасалған кезде, яғни, Қазақ АССР кеңестерінің 1924 жылы желтоқсанда өткен ІV съезі тұсында Мәскеу студенттерінің Мағжан туралы алған қаулысы әлі жариялана қойған жоқ-ты. Сондықтан С.Мұқановтың бұған дейін Мағжанды сынаған пенде жоқ еді дегені шындықтан сәл шалғайлау. Ал енді Мағжан үшін ғана емес, бүкіл алаш қозғалысына қатысқандардың, әсіресе ұлыларымыздың НКВД түсінігі бойынша «контрреволюциялық ұйымның» бағдарламасы деп есептеген «Алқа» жазушылар ұйымының «Табалдырық» атты жарғысына келейік. Бұл бағдарлама ең әуелі алаш азаматтарын сорлатуға себепші болды, дүниенің өңін айналдырғыш тапшылдардың қиямпұрыс істерін осы «құжатқа» дарытқан мәнінен анық көреміз.

ӨНЕР МЕН ӨМІР ЕГІЗ

«Советстанның» түрі қазақ поэзиясында жаңалық ашты. Сондықтан жас пролетариат ақындары Асқар, Ғалым, Тайыр, Жақан, менде солардың ішіндемін, тағы басқалар («Советстан») түрімен көп жаңа нәрселер жазды. Қазақ поэзиясының мазмұнына революция жасаған Сәкен дәл осындай революцияны оның лексикасы мен түріне де жасады» деп білген еді Сәбит сонда. Сонымен бірге «Сыр сандықта» өз жаңалығын ала келді:

Шырқ айналар шіркін тауық,
Жемің болса қолыңда!
Қайдағысы сені тауып,
Топырлайды жолыңда,

Досың мен деп ант береді,
Жем іздеген жанама.
Жем таусылса, жалт береді,
Сенерлік дос санама.

Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара
Басып қара, жырласын! –

Өлкелік партия комитетінің Испарт бөлімін меңгеру, ҚазААП-тың ұйымдастыру бюросына басшылық ету, жайлы да шатты отбасылық тұрмыс Сәкеннің шығармашылық өмірінің екінші тынысын ашқандай. Өндіре жазуда. Кезең күйінен туған кішкене өлеңдерді былай қойғанда, «Тар жол тайғақ кешу» басылып жатыр. «Кітап өте қызықты. Кітаптың шығатын саны аз болғандықтан алдын-ала қамданбағандар бос қалады» деген газет жарнамаларының өзі шабытқа қанат бітіргендей. «Көкшетау» поэмасының да тараулары жазылып, жөнделуде. «Жер қазғандар» повесінің де бітер шағы жақындады, таяуда баспаға бермек. Дүние жүзіндегі оқиғаларға да көз тастап қояды. Қытай генералдарының жауыздық қылықтары «Чжан Цзо-лин» поэмасын тудырды. «Тұрмыс толқынында» атты өлеңдер жинағын құрастырып жүр. Ойдағыны орындауға уақыт жетпей-ақ қойды. Қызылордадағы қазақтың ағарту институтына ректор боп ауысқаннан бері оқушылардың терең білім алып шығуына, хал-жағдайларының жайлы болуына назарын көп аударды. Қазан мерекесіне «Жыл құсы» альманағын шығаруға Өлкелік комитеттен ұлықсат алып, жарияланатын шығармалар мен мақалаларды өзі іріктеуге кірісті. Қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі жайындағы айтыс-тартыстарға өзі араласа қоймағанмен, көптен бері ойлап жүргендерін түйіндеп, ашық айтатын кезі келді. «Ұлт театры» туралы Смағұл Сәдуақасов жазған кітапшаға сын жазғанда, әдебиет жайындағы ойларын түгелдей айта алмап еді, енді «Қазақтың көркем әдебиеті туралы» ойын тәптіштей баяндау қажеттігін сезінді. Өзінің аузынан шыққан сөзге бар әлеумет назар аударатындығын білген соң, «Қазақ әдебиеті қалай туып, қалай өсіп, кімнен үлгі алып келеді?», «Қазақ әдебиетінің сыншылары кім, кімге қандай әдебиет ұнайды, қандай бетті әдебиет үстем болып келеді?», «Қазақтың көркем әдебиетінің болашағы кімдікі» деген келелі мәселелерге тиісті жауап беру өзіне жүктелген замана парызы екенін айқын түсінді. Сондықтан екі-ұшты ой тудырмайтын, шындықты дөп басатын пікірлерін дәлелдей баяндауға тиіс. «Қазақ әдебиетінде қазір екі саяси айқын бет бар. Бірі – байшыл, ұлтшыл, бірі – еңбекшіл, тапшыл. Бұл екі айқын бетті жазушылардың арасында бірен-саран шөре-шөре жазушылар бар. Бұларда айқын бет жоқ. Кейде о жаққа, кейде бұ жаққа ауысып жүреді. Бірақ бұл азғантай шөре-шөре жазушылар жыл санап еңбекші тап жағына ойысып келеді. Бұлар енді мүлде еңбекші тап жағына айқындалып шықпақ... Қазақтың көркем әдебиетінің болашағы – еңбекші таптікі!», – деп ашық жазды. Әдебиет айтысын пайдаланып, жаңа әдебиетке жала жапқандар да болмай қалмады. Алашордашылардың айтары күні бұрын айқын болса, Смағұл Сәдуақасов: «Бейімбет те, Сәкен де әлі сөзсіз марксизм негізіне түсініп жетпеген жазушылар, әсіресе Сәкен. Сәкен – әлі ауылды көксейтін, ауылдың ескі мерекесін сағынатын ақын. Сәкеннің кітаптарының аты: «Асау тұлпар», «Домбыра», «Қызыл сұңқарлар». Мұның бәрі ескі ауылдың сағымы. Қолда – домбыра, аста – асау тұлпар! Бұл кім? Бұл – қазақтың кедейі емес, мырзасы. Асау тұлпар мен сұңқарға ғашық қылатын Сәкеннің қазіргі халі емес, өткен күні. Сәкен өткендегі «мырзалығын» талап еткен жоқ. «Өткен күндер» Сәкеннің жүрегін жылытпаса, суытпайды», – деген Смағұл пікірін Ғаббас өзінің сын мақалаларында: «Сәкенді пролетариат ақыны деушілер партияны да алдайды. Бұдан Сәкенге де келер пайда аз. Сәкен әлі пролетариат ақыны бола алған жоқ», – деп қостап, шорт кесті. Жаңа әдебиеттің аңғарлы ауқымынан өзін сыртқа шығарып жатқан мұндай сынға назар аудармай, Сәкен «Көкшетау» поэмасының кестесін тоқи берді. «Жыл құсы» альманағының екінші санын даярласып, ашылғалы отырған «Жаңа әдебиет» журналының жабдығына көп уақыт бөлді. Журнал тәй-тәй басып, буыны бекігенше өзінің өлеңімен де, сын мақаласымен де жәрдем көрсетіп жүргенде, Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының (Казпедвуз) ректоры болып тағайындалды да, қоныс аударды. САГУ мен Орта Азия коммунистік университетінде ара-тұра дәріс оқып, қаламының желі бар қазақ жастарының әдеби үйірмесіне басшылық етті. «Кедей айнасы» атты жылдық альманахты шығарысуға жәрдемдесті, қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі жайында баяндама жасап, «Әдебиеттің тап құралы» екендігін айрықша дәлелдеді. Ал кімнен үйрену керек деген сауалға «Ақ жол» газетінде жарияланған мақалаларда «алашордашылардан» деген жалпылама жауап болмаса, нақты ешкімді атап көрсеткен жоқ. Осы проблеманы Ғаббас Тоғжанов «Мағжан совет тұсында» деген мақаласының «Мағжанның жақсылығынан біз безбейміз» деген тарауында тарата баяндады: «Өлеңнің сыртын» (форма) Мағжандай келтіретін (бір Абай болмаса) қазақта әлі ақын жоқ. Мағжан сөзге еркін ақын, күшеншек ақын емес. Көркемдік шеберлік жағынан Мағжанда үлгі қыларлық қасиет көп. Біздің еңбекші ақындарымыз Мағжанның сырты сұлу, әдемі сөздеріне терең ой, тура жол сала білсе, бәйгеден келгені» («Еңбекші қазақ», 19.11.1925), – деп жазып, айтысушыларға, әсіресе «Ақ жол» авторларына жол ашып берді. 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде Сәбит Мұқанов бастаған екінші, әсіресе Қошке Кемеңгеровпен ұстасқан айтыс «Ақ жолдағы» көп сауалдардың жалғасындай болып ұзара берген тұста, үлгі алу, үйрену мәселесі айрықша шығындап кетті. Айтыста тапшылдық екпінін баса алмаған Сәбит «қазақ әдебиеті өзінен-өзі үлгі алатын дәуірге жеткен жоқ» деп шорт кесіп, тіпті әпербақандыққа салынғанда «үлгіні қазақ ұлтшылдарынан алу керегі жоқ. Қазақтың ұлтшыл ақындары бізге үлгі болуға жарай алмайды» («Еңбекші қазақ», 06.01.1927) деп төңкерісшіл ақын-жазушыларға жел бергендей тұжырым жасады. Әрине, бұл көркем әдебиеттегі тарихи сабақтастықты түсінбеу, ұлттық дәстүрді қадірлемеудің пролеткульттық белгісі еді. Жәкен Сәрсенбин: «Ескі әдебиеттің маңызы мен көркемдігі жағынан заманымызға қабысатындарын, ел тұрмысының белгілі бір дәуірінен орын алатындарын керексіз қылып, жеңіл қарау қате» («ЕҚ» 02.02. 1927»), - деп мәдениетті түрде сипай қамшыласа, Смағұл Сәдуақасов: «Қазақ әдебиеті өткеннен де, қазіргі халінен де үлгі-тәрбие ала алады. Өзінен-өзі үлгі алатын дәуірге әбден жетті. Тегінде, өзінен-өзі үлгі ала алмайтын әдебиет болмауға тиіс» («ЕҚ», 15.02.1927) деп Сәбитке ашық қарсы шықты. Сәкеннің уақыт жағынан бұрын жазылған «Азиясын» пікір жағынан да, әдемілік ретімен де Мағжанның «Күншығысының туысқан інісі» дегенді әдейі шамдандыру үшін жазғаны байқалады. Осы тезисті Ыдырыс Мұстанбаев та жалғастырып, «Батыр Баян», «Қартқожаны» оқы. Үлгі ал. Өз әдебиетіңді тексер, пайдаланатын жерлері бар» (Қызыл Қазақстан, № 3-4) дегенді «Екеу» деген бүркеншек атпен жазған Даниял Ысқақов пен Абдолла Байтасов Сәбитті сынаған болып отырып: «Біздің еңбекші бағытындағы тапшыл жазушыларымыз жабайы сұр өмірді жазуға әуестеніп, өнер болу жағын ескермей кету қаупі бар. Қазақ әдебиеті, оның ішінде тап әдебиеті жақын арада тез күшейеді, тез өседі деуге толық себеп жоқ. Тапшыл әдебиетіміз жуырда аяқтана алмайды» («ЕҚ» 08.08.1927) деген пікірлерді әдейі қадай айтып, КазАПП-тың ақын-жазушыларын шошындырғаны, әпербақандыққа айдап салғандары айқын еді. Сол айтыста Сәбитті түгелдей жақтай қоймағанмен, Сәкеннін де солшылдықпен пікір айтқаны бар. Оны әсіресе Мағжанға жанастыра айтқаны да өтірік емес. Оларды бір жерде шоғырлап айтпақпыз. Сонымен, үкімет пен партия қамқорлығымен КазАПП құрылып, іске кіріскен тұста Мағжан демократиялық таным-білікке негізделетін «Алқа» ұйымын ашпақ болып, оның платформасын жазды. Жәкен Сарсенбин мен Аманғали Сегізбаевтың кейбір ескертпелерін қабылдаған соң, 16 дана қылып дайындап, Жүсіпбек, Мұхтар, Қошке, Ахмет, Міржақып т.б. сынды қаламгерлерге жібереді, пікірлерін айтуды өтінеді. Бірақ желпілдей қолдап, іске асыра қояйық деген ниет аңғарылмаған соң, аяқсыз қалады, ұйым құрылмайды. «Алқа» бағдарламасының ұзын-ырғасы бөлім атауларынан-ақ аңғарылады. Кіріспеден кейін «Әдебиетшілер», «Бүгінге дейінгі төңкеріс әрі әдебиет», «Төңкеріс және әдебиет», «Әдебиет дегеніміз не?», «Марксизм және әдебиет» деген тараулардың не айтпағын шамалауға болады. Саяси, әсіресе контрреволюциялық ұйым бағдарламасы болар ештеңесі жоқ. Бірақ бүкіл алаш қайраткерлеріне совет тергеушілері осыны пәле етіп жабыстырғаны анық.

«АЛҚА»

Міне, осындай идеялық және ұйымдық түсінбестіктер қазақ әдебиетінде айрықша көп болғандықтан, Мағжан төңірегінде әсіресе «Толғауды» жазып, «Тоқсанның тобын» баспасөзде жариялатқаннан кейінгі оңбай таланған сәтінен айқын көреміз. Идеялық күресте тапшылдар эстетикалық таным-біліктің баршаға айқын болуын талап еткеніне куә болдық, тіпті араластық та. Оның қандай сипатта болғанын көрсететін материалдар өте көп. Солардың ең жүйелісіне ғана тоқтасақ, сонда Сәкен мен Мағжан бір-бірімен өнер бәсекесінде ғана емес, қып-қызыл идеологиялық күресте кездескенін көреміз. Мағжан Жұмабаев үшінші рет, яғни 1937 жылы 28 желтоқсанда ұсталып, 1938 жылы 20 ақпанда тексерілгенде, «Тоқсанның тобы» жарияланғаннан кейінгі қиямпұрысты сыр қылып шертіпті. Мәскеуде болған үш жарым жылдың ғана емес, бүгінгі шындыққа бейімделудің белгісіндей болған, өзімен-өзі күресу барысында, «кінәні жүрекке қой» деуден санаға көшіру кезінде, Мағжан 1927 жылы әуелі «Толғау», сонан кейін «Тоқсанның тобын» жазды. Бұл шығармаларды поэма демей, кәдімгі толғау түрінде жазылғандығын ескеріп, ішіндегі трагедиялық халді суыртпақтап шығарсақ, көп нәрсеге қанығамыз. Дүниедегі ең ауыр күрес – өзіңді-өзің жеңу, көңілің қаламағанды істеу, жазу. Мағжанның өзімен-өзі күресетін сәті Мәскеуге барған кезден басталды. Оған тапшылдық пиғыл мен қатқыл қаулы шығарған мәскеуліктер жиыны болса, екіншіден, большевиктік әпербақандықты ту қылып ұстаған ҚазАПП, оның даурықтырып жатқан іс-әрекеттері, ожар айтыстары мен қисынсыз тартыстары, орынсыз пәле жабуы, қаралауы, үшіншіден, мені түсінеді-ау деген алаш көсемдерінен, қайраткерлерінен пана таба алмауы болды. Мәселен, «Байтұрсынов пен Бөкейханов екеуі жалпы әдебиет, оның ішінде әдеби сын туралы менімен ылғи кереғар көзқараста жүрді. Өз басым әдебиетті рухани кемелденуге, жанға, жанның рахаттануына қызмет етеді деп санадым, ал жоғарыда аты аталған кісілер әдебиетті ең әуелі халықты жаңа бағытқа, тың іске үндеу қосады, үгіттейді деп түсіндіреді. Әдебиетті өнер деп қарамай, насихатшы сипатында қабылдады. Осындай ой қайшылығына түсе берген соң олармен жолымның бір болмайтынын түсіндім» (Д.Досжанов. Абақты. 1992. 246-бет) дегенді тергеу үстінде амалсыз айтып отыр демеуіміз керек. Ә.Бөкейханов Омбыда жүрген кезінде Мағжан ауылдан шығып, Қызылжарға әрең жеткен-ді. Әлекең Самарада жүрген шақта Уфада оқып жатқан Мағжан іздеп бара қояр ыңғайы жоқ еді. Омбы – Қызылжарда 1913-1922 жылға дейін жүрген уақытта Орынбордағы Ахаңмен тек «Қазақ» газетіндегі өлеңдері мен съезге барған сапарларында кездескені болмаса, жайланып отырып әңгіме-дүкен құрғаны байқалмайды. Ташкент ауысқан кезде де Әлекең мен Ахаңа жолығар мүмкіндігі болған емес. Әлекеңмен ең жиі кездескен тұсы – Мәскеудегі үш жарым жыл. Үйінде де, Кіндік баспада да кездесіп жүргендері еш шүбә тудырмайды. Әлекең әдебиет жөніндегі көзқарасын сол кезде анық білдірген болар. Ал Ахаң болса өзінің «Әдебиет танытқыш» атты 1926 жылы шыққан атақты қисынды еңбегімен әдебиеттің мән-мақсаты түгіл, бүге-шігесіне дейін білетіндігін көрсетті. Олай болса, жазушы-ақын, ет жақын байыптаушы – ойшылдар бір-бірін түсінісе алмаса, онда Жүсіпбек Аймауытовтың 1925 жылы айтқаны: «Мағжан – идеалист. Дүниені рух, пікір билейді, тұрмысты сана билейді, тарихта әлеумет маңызды емес дейді. «Тәңірі бар бір ғана қиял аты» деген пікірі – идеалистің пікірі» (М.Жұмабаев. Шығармалары. 1989. 425-бет) дегенінде шындық басым. «Өнер – өнер үшін» дейтін көзқарастан айырыла алмай жүргендігі «Алқа» бағдарламасынан да қылаң беріп қалып отырады. Мен өзім өмірге ақынның көзімен емес, шындықтан жазбайтын жазушы көзімен қарағанды ұнататындықтан, Мағжан ойымен тап осы арада келісе қою қиын деп санаймын.

ҚИЯСТЫҚ

«Осындай ой қайшылығына түсе берген соң, олармен жолымның бір болмайтынын түсіндім. Сөйттім де «Тоқсанның тобы» деген өлең жаздым. Осы өлең арқылы болып жатқан төңкеріске өзімнің көзқарасымды білдірдім. «Алқа» атты платформаны сол өлең арқылы насихаттаған едім. Бұл өлеңді бұрынғы оқу-ағарту наркомының Акцентр орталығы төрағасы Жолдыбаев Молдағалиға жолдадым. Мұнымен қоса оған «Толғау» атты өлеңмен жазылған программалық үлкен еңбегімді жібердім. Бұл «Толғау» баспа бетіне, жарыққа шықпай қалды. Әлгі аталмыш ұзақ шығармада дәл мерзімі көрсетілмесе де өзімнің бүкіл өмір жолымды, қандай қателіктер жібердім, қалай олқалы-толқылы жолды ұстандым, баршасын шолып, бейнелеп шықтым»(Д.Досжанов, Абақты. 246-бет.) дегеніне айрықша мән беру керек. Сол жиырмасыншы жылдарда жарияланған «Толғауға» Мағжан шығармашылығын зерттеушілер онша мән бермей, сырғытып өте шығуда. Сондықтан ол программалық сипаты бар шығарманың ішіне кірген абзал. Сонда Мағжанның өмірге көзқарасы, эстетикалық таным-білігі, тіпті әрі беріден соң саяси-әлеуметтік жағдайы айкындала түсері хақ. Ақындық қуатпен жазылған «Толғау» – түсіне оқуды, перделеп айтқанды жалпақ тілге көшіруді қалайтын пәлсапалық шығарма. Ел деген ұранға ергенім адамға да, құдайға да анық, бірақ «ел бастаған ағаға адъютант болып ермедім», «өз түсінігіммен жүруге талаптандым. Ал ағаның өзі «аузына тас алып», тез жүдеп, құрбымның көбі тез түлеп жатқанда жанында жалғыз күңіреніп, мен соңына ергемін», төңірекке қарағанда «еңіреген ел көргемін», яғни, ақтың да, қызылдың да аяғының астында қалғанын, қайда бұрылса да, «көр көрген» соң, «қара салып басыма, елмен бірге еңіредім» және «мен мұны айып білмедім», себебі мен елімнін әрі қосшысымын, әрі жырауымын, өтірік күл деуге дәтім бармады, толқын бетінен жасылды көре алмадым, «бұлқынған толқын бетінде қалқыған қу тезектей, бір күн бура болғыш бұзықтар болды көргенім», алайда тезекке бола толқыннан-төңкерістен безе алмадым, тоқсанның саулығын сұрадым, «ақталмаймын, қалайда толқынға жоқ-ты жаулығым» деп алады да, отызға келгенше жазғандарымды, айтқандарымды «екі жар ғып санашы» деп өтінеді.

Мен толқынға жау болсам,
Жеті жыл бұрын осыдан.
Төңкерістің таңында
Алты алашқа әйгілеп:

«Не бостандық, не құлдық
Не езілу, не теңдік
Не патшалық, не Кеңес
Екіден бір» дер ме едім.

Өзінің бар шындығын айтып отырса да, Мағжанның көркемдетіп, перделетіп айтқан ойына, пәлсапасына сол кезде құлақ қоятындар өте аз еді, өйткені ақ пен қызыл, дос пен қас деген тапшылдық түсінік әбден билеп-төстеп алған-ды. Молдағали Жолдыбаев «Толғауды» баспаға бермей, «Тоқсанның тобын» өткізді. Оны талай бастықтармен, мекемелермен «келісе» отырып жариялаған Шәймерден Тоқжігітов болды. Ұлы Мағжанның көркемдік шеберлігі шығандап биікке көтеріліп, ізденістері молайған, эстетикалық қасиеті артқан сайын өлеңдерінің идеялық нысанасына назар аударушылар көбейіп, әр шығармасын марапаттай мақтау, немесе қаралап, даттау әрекеті қатар жүріп жатты. Әрине, ақын үшін, оның творчествосы үшін бұдан артық бақыт жоқ. Елеусіз қалса, еленбесе қасіреттің үлкені сол. Газет-журналдардағы айтыс-тартыс, айғай-шу Мағжанды ақын ретінде миығынан күлдіргенін психологиялық тұрғыдан түсінуге әбден болады. 1927 жылы жалғыз Мағжан үшін ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеті үшін үлкен бір құбылыс – «Тоқсанның тобы» жариялануы. Кеңестік идеологиялық аппарат оны дұрыс қабылдамады. Өлкелік партия комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі, сыншы Әбдірахман Байдилдин ыңғай бермеді, Мағжанның ұлтшылдықты салауат етуі – тонын айналдырып киюдің белгісі, ішімізге кіріп алып бүлдіруді көздеу деген пікірде болды. Осы көзқарас Ғаббас Тоғжанов басқарып отырған «Еңбекші қазақ» газетінің негізгі бағыты еді. «Тоқсанның тобына» кіріспе жазған, ептеп іш тартпақ болған Шәймерден Тоқжігітов бірер айдан кейін жалт беріп: «Тоқсанмен біргемін дегенді кеше жау болып жүрген кісіміз айтып отыр. Баяғы ұлтшылдық, баяғы қатқан торсықтың көк малтасын езу бұларға осы күнге дейін азық болып келеді. Мағжан белін буып, қойнына тас тығып келіп отыр ма, оның жүрегін кім ақтарып көріп отыр. Бүгінгі Мағжан мен кешегі Мағжанның түбірі бір, жолы бір емес пе? Еңбекшілер жұртшылығы у мен суды ажырататын дәрежеге жетті. Құрғақ тілмен, әдемі жырмен алдауға болмайды» («Қызыл Қазақстан», №8-6, 1927), – деп сенімсіздік көрсетті, еңкейіп келгенді кеудеден итерді, сыртқа тепті. Өкінішке орай, мұны Мағжанның шын пиғылы, өмірді танудағы эволюциясы деп қарамай, жаудың жеңілуі, тізе бүгуі дегендер көп болды, адамның ар-ұжданына тиетін сөздер айтып, қолдағы қаламды лақтырып тастайтындай күйге жеткізеді. Осындай «сынның» қырсығынан Мағжан ақын ретінде жаңа сөз айта алмады, тоқырады, тіпті ақындықпен қоштасты дер ем. Әрі қарай тірлік жасап, анда-санда қаламын қимылдатып қоймағанмен, «Тоқсанның тобынан» кейін Мағжан ақын ретінде жоқ, тек өлең ұйқастырушы, көңіл шерін тарқатушы ғана бар. «Тоқсанның тобы» толғауында басқалардың өзгеше ой өрбітіп, пікір айтуына дем беріп отырғанын Мағжан байқады ма, жоқ па, әйтеуір тіл безеуге себепкер болатындары аз емес. Мәселен, кедейлердің жиыны, тобы неге Айнакөлдің, Сабынкөлдің, Шалқаркөлдің емес, «Құмдыкөлдің» басында өтеді? «Құм жиылып тас болмас» дегенді ойлап, әдейі «Құмдыкөлді» айтып отыр деп пәле жабуға бола ма? Әбден болады! Өйткені жүректері шайлығып қалған социолог-тапшыл сыншылар тіпті есеп кітабынан «бір кедейдің төрт қойы бар еді, екеуін кеңес милициясы алып кетсе, нешеуі қалады?» деген сауалдарды оқып, түңіліп жатса, енді «Құмдыкөлдің» басындағылар – «шілдің боғындай басы бірікпейтін бірдемелер болып жүрмесін» деп ойлап қалуы, алғашқы атаудың өзінен-ақ секем алуы мүмкін еді.

Құмдыкөл басы қара құрт,
Қара құрт емес, қалың жұрт
Қалың жұрт құба дөңесте, –

дегеннің өзі күні кеше «қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздарды» айтқан ақын қалың елді, еңбекшіл бұқараны «қара құртқа» теңеді-ау деп шамданбасына кім кепіл? Қой, кешегі тырнақ астынан кір іздейтін әдетімізді қойып, Мағжанның жан-дүниесін, өмірге көзқарасын, социализм шындығын түсіну ниетіне көз салайық. «Тоқсаннан сонау он аулақ, сонау оннан мен аулақ. Мен тоқсанмен біргемін» деген негізгі тұжырымға әкелген ақын көзқарасының өзгерісін дұрыс аңғарып алайық та, бұл қорытындының шын ниеттен туғандығына көз жеткізейік. Сонымен, Құмдыкөлдің басы момындардың қалың жиыны, онда «пара алатын арбалап обыр ұлық жоқ» «жемқор би» ауылнай атты күшік, сұм, сұрқия, пысық жоқ» деп алады да:

Бұл жиында кімдер бар?
Ал, айтайын, жаттап ал.
Жалпы еңбекші, жарлы бар.
Тапа тал түсте таланып,

Тірі күйі тоналып,
Соғым болған сорлы бар, –

кеуделеген көп кедей, жесір-ғаріп бар, бейнет баққан жалшы, қабағы қатқан малшы, құлдай болған қоңсы, жыртық тонды қойшы бар, «өмірде топқа кірмеген, тепкіден өзге көрмеген, «бағасы – байтал» әйел бар», бәйбіше мен тоқал, желекті келін «сауыншы сорлы қатын бар:

Ұзын сөздің түйіні –
Бұл тоқсанның жиыны,
Жүзден тоқсан түгел бар.
Жүзден тоқсан – еңбекші,

Ол тоқсанға көнбекші,
Көнбесе жаныштар жігер бар.

Сонымен, күні кеше саясатты мансұқ етіп, өзінің қалауы мен тілегіне орай маржан жырымен жұртты тамсандырған Мағжанның «Толғауда» пернелеп айтқанын «Тоқсанның тобында» саңырау естіп, соқыр көретіндей, идеология майданында жүргендер анық ұғатындай етіп жазды. Сол өмірдің иелері де әдебиеттің кейіпкері болуға жарайтындығын шебер қалам өзінің жүрісінен жаңылмай, анық көрсетті. Онымен қоса бүкіл Мағжанның жан дүниесі айқара ашылып, жұртқа ой-арманы, тілек-мақсаты жария болды.

Ес біліп, ойлап, толғанып , Жасырман, жүзді жоқтадым,
Қолыма қалам алғалы, Тоқсанға енді тоқтадым,
Сөйлеген емен жасыра. Толғанып, ойлап талқылап,
Мен мұңдымен мұңдастым, Сөздің тоқтар түйіні.

Адассам ел деп адастым, Бұл тоқсанның жиыны.
Он деген емен асылы. Осы армансыз білгенім,
Он демедім, демеспін, Тоқсаннан сонау он аулақ,
Ой кезінде көмескі, Сонау оннан мен аулақ,

Жырладым елді жалпылап. Мен тоқсанмен біргемін! 1924 жылы Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде тапшылдар талқысына түскенде, өзінің шәкірті Бейсембай Кенжебаевқа «Маған не істе дейді?» деп таңырқай қойған сауалына енді, міне, 1927 жылы 19-тамызда «Еңбекші қазақ» газеті арқылы өзі ашық жауап беріп отыр. 1925-1927 жылдардағы әдеби айтыста көркемдік шеберлікті Мағжаннан үйреніңдер деген Ғаббас Тоғжанов сынды 20-жылдардағы идеологиялық майданның қолбасшысы, «Еңбекші қазақ» газетінің сол кездегі жауапты редакторы «Мағжанның жақсылығынан біз безбейміз» дегенді ақ көңіл, адал пиғылмен айтпағанын көреміз. Ұлы ақынның елмен, еңбекші бұқарамен, оны жырлап жүрген тапшыл ақындармен бірге боламын, мен түгелдей тоқсан жағына шықтым дегенде құлағымызды неге бітеп алып, у-шу болғанымыз қалай? Осы да талантқа, дарынға емес-ау, тіпті қарапайым адамның өзіне сыятын мінез бе? Адамгершілікті аяқ асты ету емес пе? Әйтеуір, Мағжанға 20-жылдар жасалған шабуылдар, айтылған әбес сөздер әншейінгі рабайға сыймайтын қылықтар еді. Мағжанның «Тоқсанның тобы» әуелі Молдағали Жолдыбаевтың қолына түскенімен, оның жариялану-жарияланбауы, қалай түсіну-түсіндіру мәселесін өлкелік партия комитетіндегілер шешті. Хатшылар деңгейіне дейін барған көрінеді. Идеологиялық майданды қалай даурықтырсам екен, қазақ еліне жасаған зәбір-жапамды немен бүркесем екен, шабындық пен егістік жерлерді бөліп, енді кәмпескеге кірісер алдында елдің тапшылдық сезімін ояту үшін қандай пәле ойлап тапсам екен деп жүрген Ф.И.Голощекинге кешегі «алашшылдар, байшыл-ұлтшылдар лагерінен» Мағжан сынды ұлы ақынның «қатесін» мойындап, совет жағына шықтым, кешіріңдер мені деп жатқаны айғай-шу шығарудың ең бір таптырмайтын амалындай болып көрінген-ді. Осы оқиғаның басы-қасында болған өлкелік комитеттің баспасөз бөлімі меңгерушісі Әбдірахман Байділдин кезінде былай депті: «Еңбекші қазақ» газетіне «Тоқсанның тобы» басылып шыққанда, «мұнда ешқандай партияға жақындау, іштарту нышаны жоқтығын айттым. Есте тұтатын ерекше жағдай – өлкелік комитеттің хатшысы Жандосовтың араласуы. «Қызыл Қазақстанның» редакторы өзім едім, әлгі құйтырқы өлең жарқ етіп шыға келді, сөйтсем, менің қолыма тигізбей, Тоқжігітов пен Жандосов өздерінде ұстап жүріпті. Олар қайтсе де бұл өлеңнің жарық көріп, жұртты елең еткізерін күтіп жүріпті. Пікір білдірмекке ұйғарыпты. Әуелі партиялық баға алып барып басылуға тиісті болғандықтан, шығаруға үзілді-кесілді қарсылық жасадым. Болмаған соң Жандосов «Қызыл Қазақстан» журналының жоспарын өз қолымен сызып жіберді де, өлкелік Комитет секретариаты арқылы алып шықты. Осының нәтижесінде Тоқжігітовтің мадаққа толы түсініктемесімен өлең жарқ ете қалды. Әлгі түсініктеменің көп жерінде Жұмабаевқа тәңірідей сыйынып, тамсану басым» (Д.Досжанов. Абақты. 1992. 194-бет) дегені қысас шындықтан хабар берері сөзсіз. Көктен тілегені жерден табылып жатқан соң, пролетарға тән «мәдениетпен» қарсы алды, оған өзіміздің табалағыш, бір кебісті бір кебіске сұғып отыратын әдетіміз қосылып, газет-журнал беттері азан-қазан болғаны рас. «Тоқсанның тобы» жарияланарда болар-болмас емеурін танытқан Шаймерден Тоқжігітов: «Мағжан өткенде ел деп адастым, он демегенмін асылы» дегендей қылғысы келеді. Осымен құтыламын, сол өмірді де (өткендегісін де) ақтаймын дегендей болады. Бірақ қазақтың жаңа жұртшылығы алдында мұндай жауаппен құтылуға болмайды», – деп кейінгіге зіл тастай жазған болатын. Өзі кіріспе жазған «Тоқсанның тобы» газетке басылып шыққанда жаңа көргендей үрке қарады да, Мағжанның ойына кіріп- шықпаған пәлелерді екінші, үшінші мақалаларында үйіп төкті-ай кеп. Жандосов екеуінің баспасөз бөлім меңгерушісінің қарсылығына қарамай, секретариат арқылы өткізіп, өлең жарияланғаннан кейін байбалам салуы үлкен саясаттың екпіні еді. Аз ғана уақыт ішіндегі газет бетіндегі айғай-шуларды Ш.Елеукеновше түйер болсақ, онда «Мағжан ізденістерін қазақ зиялылары әртүрлі қабылдады. Бұрынғы ұлтжанды достары тым солақай кетіп барасың дегенді айтты. Шаймерден Тоқжігітов «Бұрынғы Мағжан мен «Тоқсандағы» Мағжанның айырмасы жер мен көктей» деп жазды. (Ал екінші мақаласында мүлдем теріс айналып, төкпеген пәлесі қалмағанын да ескерте кеткен орынды еді. – Т.К.) Әбдірахман Байділдин» Тоқсанға берген бағаны дұрыс емес деп Шәймерденді сынады. Әбдірахманды Тоқжанов Ғаббас сойып салды» (Ш.Елеукенов. Мағжан. 1995. 87-бет). Осындай құйтырқылардың салдарынан Мағжан VІ партия конференциясында 1927 жылы қарашада талқыға түсті. Оны әуелі жариялатып, артынан шуылдатып барып бір ұрайық деген саясат «пісіп-жетілгенде» Ф.И.Голощекиннің өзі іске кірісті. Сонымен Мағжан «Тоқсанның тобын» жазамын деп қып-қызыл пәлеге қалды. Ел-жұрты түсінгенмен, «ауа жасаушылар», саясат сауғандар, біреудің оң ниетін теріске бұратын «оңай олжа» тауып, шен алды. Қазақ әдебиетінің гүлдену, ұлы дарынмен ажарлану мақсатынан гөрі өздерінің пенделік құлқына бағып, қазақ мәдениетіне зор қиянат жасады. Мағжан сияқты қара тырнағына дейін ақынды шығармашылық өмірден айырып, рухани дағдарысқа ұшыратты. Бұл аз болғандай 1929 жылы «Алқаның» бағдарламасын жасадың, совет өкіметіне қастандық ойладың, жасырын контрреволюциялық ұйымға қатыстың» деп тұтқындап, 1930 жылы 10 жылға соттап, Беломор – Балтық каналын қаздырдық, 1936 жылы Горькийдің жәрдемімен босап келген теңдесі жоқ ақынды 1938 жылы 19 наурызда атып тындық.

КЕЗЕҢДІК КЕТІСУ

Демек, Сәкеннің 1917 жылы қазанда жазған «Кел, жігіттер», яғни, кеңес әдебиетінің қызыл туы, алғашқы сөзі болған шын төңкерісшіл өлеңіне дейінгілерінің бәрі-бәрі жалпы демократиялық ой-сыңайдың аясында көрінеді. Е.Ысмайылов пен С.Қирабаев кеңестік әдебиет Сәкеннің 1917 жылы 9-наурызда жазған «Асығып тез аттандық» деп аталатын шығармасынан басталады деп тапқандарымен, өлеңнің жалпы идеясы демократиялық түсініктен аспайды. Ондай пікір кеңес заманында әрі жұғымды да жағымды болғаны, шығып келе жатқан қызыл күн «бостандықты қарсы алу» мақсатына тікелей қатысты болған соң айтылған ой болатын. Сәкенді ертерек большевик ету ниетін енді доғарып, 1917 жылдың қазанынан таратсақ та кеш қалмаймыз. Мен бұлай бұрылып кетіп жатқаным, Сәкен Қазан төңкерісіне дейін алаш қайраткерлеріне қарайлай берді, олардың ісін бірде ұнатты, бірде қолдамады, іштей сынап отырған сәті де аз емес. Оны біз жаңа әдебиетіміздің, жаңа азаматтық тарихымыздың тамаша шыншыл, адал, бұрмаланбай хатқа түскен шығармасы – «Тар жол, тайғақ кешу» атты роман-эсседан анық көреміз. «Тар жол, тайғақ кешуді» Сәкен қашан төңкерісшіл болды, алаш азаматтарына қалай қарады деген сүбелі мәселеге жанастырмай, тікелей Мағжанға байланыстыра нақты көрсете отырып баяндасақ, екі ұлы ақынның біраз сырын ашып алғандаймыз. Мағжан «Тар жол, тайғақ кешуде» алты рет аталыпты. Және бәрі де нақты дерек деңгейінде. Бірінші, 1917 жылы шілде айында болған Бірінші жалпы қазақ съезіне делегат болып барғандарды әңгімелеген Сәкен «Біздің Ақмола облысының атынан баратын екі өкіл болып облыстық комитеттің екі мүшесі кетіпті: Асылбек Сейітұлы (доктор), Мағжан Жұмабайұлы (учитель)» деп 1936 және 1960 жылы басылымдардың 75-бетінде жазылса (бұлар бүгінгі оқушылардың кітапханасында бар басылымдар), 1927 жылғы алғашқы басылымынан «Омбыда отырып, өздерін-өздері сайлап кетті» (59-бет) деген бір сөйлем алынып қалыпты. Сәл кекесіні ғана бар сөйлемнің бар-жоғынан келіп-кетері шамалы. Демек, Мағжан қазақтың бірінші съезіне делегат болып барған. Екінші. «Алаш» партиясы атынан осы съезде Құрылтай жиналысына Семей мен Ақмола облысының бірлесіп ұсынған Мағжан Жұмабайұлы 15-рет санымен аталыпты (1927, 71-бет. 1960. 87-бет). Ал «Қазақ» газетінің №252 санында бірінші съездің Құрылтайға ұсынылуға лайықты кандидаттардың ішінде Мағжан – жетінші, Сәкен – он екінші рет санымен аталған болатын. «Тар жол, тайғақ кешуде» Сәкен өзінің ұсынылғанына онша ырық бере қоймағандай сыңай танытады. Басқа кандидаттар, оның ішінде Мағжан туралы дерек келтірмейді (77-бет). Үшінші. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен екінші жалпы қазақ съезінде «Алашорда» үкіметі – Халық кеңесіне 15 мүше 15 орынбасар сайланғаннан кейін «Оқу комиссиясы» құрылған. Оған бес адам «1. Ахмет Байтұрсынұлы, 2. Мағжан Жұмабайұлы, 3. Елдес Омарұлы, 4. Биахмет Сарсенұлы, 5. Телжан Шонанұлы сайланды» (1927. 84-бет, 1960. 92-бет) деп көрсетілген. Ешқандай түсініктеме берілмеген. Төртінші. Желтоқсандағы съезде «Алаш» партиясын құру жөнінде нақты әңгіме болмағанмен, жергілікті комитеттері жасақтала бастаған. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 18 желтоқсанда шыққан №254 санындағы хабарда Омбыда «Алаш» партиясының облыстық комитеті құрылды. Бүгінгі оқушылардың білу құмарлығын орындау үшін оған сайланғандардың тізімін түгел келтірейін. «Асылбек Сейітұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Саматұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Бекмұхамбет Серкебайұлы (Ермектің әкесі. – Т.К.), Ерқосай Мұқышұлы, Ережеп Итбайұлы, Дінмұхамет Әділұлы, Көшмұхамбет Кемеңгерұлы, Мұсылманбек Сейітұлы, Жұмағали Тілеуліұлы, С.Ахметұлы, Бірмұхамбет Айбасұлы, Құсайын Қожамбердіұлы, Қожахмет Кәкенұлы» тізімделсе (1927. 89-бет), 1960 жылғы басылымда Бірмұхамбет Айбасұлы түсіп қалыпты. (93-бет). Бесінші. Бір оқиғада Мағжанның аты бірнеше рет аталғанына қарап, бір шоғыр етіп бермекпін. Бұл Омбы қаласында 1917 жылы 19 қазандағы оқиға жайында сіздер хабардар болғандықтан қысқаша қайырайын. Омбының қалалық қазақ комитеті, М.Айтпенов, Ш.Әлжанов, атақты палуан, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов, шамасы 60 шақты адам облыстық қазақ комитетінің ісіне риза болмай, таратып жібермек және билікті қолға алмақ болған. Сонда Сейітұлы мен Жұмабайұлын облыстық комитетте тұтқындап, комитет төрағасы Айдархан Тұрлыбаевтың үйіне дейін алып келгенде өздерін казактар отряды мен Керенский милициясы қамап алған оқиғасында Мағжанның аты 2 рет, содан кейін 21 қазанда Ақмола облыстық қазақ комитетінің отырысында оқиғаның басы-қасында болған Мағжан бірінде мәжіліске қатысқандардың тізімінде, екінші жолы оқиғаны баяндаушы, үшіншісінде, тұтқындалған жайын айтушы, төртіншіде мәжіліс хаттамасына қол қоюшы ретінде аталады. Мағжан есімі, қысқасы, бір оқиға төңірегінде алты рет қаламға ілінген (1927. 96-98-беттер. 1960. 101-106-беттер), мысқылдау ниеті де жоқ емес. Алтыншы. Саяси мәні де, айтар дерегі де және кейінгі басылымдарда техникалық қате (түсіп қалу) ретінде ала-құлалық барын ескеріп, 1927 жылғы басылымнан ұзақтау болса да үзінді келтіремін: «Орталық «Алашордаға» губернияларда жасалған «Алашорда» үкіметтерінен қайрат болмай жатты. Мәселен, Семеймен жапсар, аралас тұрған Ақмола облысында жасалған «Алашорда» үкіметтерінің соңынан қазақ халқы ерген жоқ. Ермегендігі сол – бер деген «налог» салықтарын берген жоқ. Әскер берген жоқ. Ақмола облысындағы жасалған «Алашорда», «хан жақсы ма?» ойнаған балалардың ойнағанындай ғана болды. Ақтар, чехословактар Батыс Сібірде, ең алдымен шоқпарды Челебе мен Ақмола облысында соқты. Чехословактар мен ақтар бунты (көтерілісі) Батыс Сібірде, ең алдымен Челебе, Қызылжар, Көкшетау, Ақмола, Омбыда болды. Омбы, Қызылжар алынған соң Батыс Сібірдің өзге жерлерінде Совдеп тез құлады. Омбыда Ақмола облысын билеуге «Алашорданың» облыстық үкіметі жасалды. Ақмоланың облыстық «Алашордасына» сайланғандар Айдархан Тұрлыбайұлы – адвокат, юрист, Миғаш Абылайханұлы – хан тұқымы, офицер, Асылбек Сейітұлы – доктор, Мұсылманбек Сейітұлы – переводчик, Ережеп Итбайұлы – бұрынғы окружной сот переводчигі, Мағжан Жұмабайұлы – оқыған жігіт, болыстың баласы, Мұхтар Саматұлы – оқыған жігіт, Бөкейхандардың ертегісіне нанып қалған кедей баласы, Смағұл Садуақасұлы – оқып жүрген жігіт, Мұратбек Сейітұлы – оқып жүрген жігіт. Соңғы бесеуі Омбыдағы белгілі «Бірлік» деген жастар ұйымының сол уақыттағы бастықтары» (1927. 211-212-беттер) деген деректер 1960 жылғы басылымда «Мағжан Жұмабайұлы – оқыған жігіт, Бөкейхандардың ертегісіне нанып жүрген кедей баласы» (241-бет) болып техникалық қателікке ұшыраған. 1927 жылы Мағжан «оқыған жігіт, болыстың баласы» (212-бет) деп көрсетілген. Онан кейін аталатын Мұхтар Саматұлының есімі 1960 жылғы басылымда түсіп қалғаннан кейін, оған арналған анықтамалар Мағжанға көшіп, мазмұндық терістікке ұшыраған. Жалпы, осындай қателіктер «Тар жол, тайғақ кешудің» кейінгі басылымдарында салыстырыла тексерілмей, әлі күнге дейін сақталып келді. Ол – ол ма, кейбір деректерді алып тастау сияқты әбестіктер де кездеседі. Мағжан мен Сәкен қарым-қатынасының ең бір қиын кезеңі – 1925-1929 жылдар арасы. Сәкен 1922-1925 жылдары республиканың ең ірі басшыларының бірі, Халық комиссарларының төрағасы болып жүрген кезде қайраткер ретінде, әсіресе әдебиетші, ақын-жазушы ретінде сынға көп ұшырады. Осы тұста ең аз дегенде жиырмаға тарта мақала жазылып, мақталып та, датталып та жатты. Даттаушылардың салмағы басым болды. Сәкенді де, жаңа әдебиетті де онша хош көре бермейтін Қошке Кемеңгеровтің жаңа әдебиеттің өркендеуіне сынның қаттылығы бөгеу болды деген қисынға келмейді. Сынның әкесі Нәзірдікіндей болар, сонда да Сәкен бұққан жоқ» (Е.Қ. 01/12/ 1926) дегені шындық. Олар Сәкенді творчестволық тұлға ретінде тануға, дәріптеуге қарсы болды. Сәкеннің бетін қайтарып, балапандап келе жатқан тапшыл жас ақын-жазушыларды өздерінің ықпалына алуға тырысты. 1927 жылы «Жыл құсы» альманағында КазАПП басқармасы атынан жазылған «Октябрьдің 10 жылдығына» деген шолуда «Мәдениет майданы, салт-сана жұмысында үстемдік құрған ұлтшылдар және солардың ықпалындағылар көп кедергі салып, жас жазушыларға жол бермеді. «Күшеншек ақын, ақсақ қойдай шалып отырады», тағы пәлен-паштуанмен сайқымазақ қылып жаңа күштің бетін қайтаруға тырысты» (№ 1) делінген. Осы жағдай Сәкеннің әдебиетке шындап бет тұрған кезінде тапшылдық көзқарасты қатаң тұтуына себепкер болған еді. Оның үстіне әпербақан РАПП үлгісіндегі жазушылар ұйымын – ҚазАПП-ты құрып, оған басшылық ету Сәкенге партиялық позицияны мықтап ұстауды талап еткені де өтірік емес. «Үлкен қызметтен» кету Сәкенге пенде ретінде оп-оңай бола қоймаған. Сондай кезде табалағыш ойлардың, кемсіте сөйлеу, ақындығын мінеп-сынау, әсіресе Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов, Әбдірахман Байділдин, Хамза Жүсіпбековтер тарапынан кездесуі Сәкенді мейлінше тапшылдандырып жіберген сияқты. Өңгені былай қойғанда, Ғаббас Тоғжановтар ұлтшылдықпен, байшылдықпен күрес 1925 жылдан басталады деп даурыққан тұста Сәкенге таяқ оңнан да, солдан да мықтап тиген-ді. Сондықтан болар, Сәкен қай мәселеде болса да марксизм-ленинизмнен көз жазбай, оның әдебиет-партиялық позицияда, тапшылдық құлықта болуы керек дегенінен шықпауға «ант-су» ішкендей пікірлерді 1925-1929 жылдар мықтап тоғытты. Онысы 1929 жылғы партия тазалауында аман қалуына септігін тигізді, әйтпесе алаш азаматтарымен бірге түрмеге жабылып кетері Сәкенді әшкерелеп жатқан мақалалар мен іс-әрекеттерден анық байқалады. Міне, осындай идеологиялық «өңдеулерден» өтіп, әдебиетке пікір айтқанда, Сәкен алаштың ақын-жазушыларына, оның ішінде Мағжан Жұмабаевқа бірсыпыра қатқыл «сыбағалар» тартады, ащы пікірлер айтады, енді соларды таратып, ең түйткіл жұмбақты шешейік. Мен оларды хронологиялық жүйемен, яғни, жазылған уақыты бойынша баяндап, не себептен айтылғанын түсіндіріп отырайын.

НАМЫС

1925 жылы Смағұл Сәдуақасовтың қазақ театрын құру, өркендету туралы сериялы мақалалары «Еңбекші қазақ» газетіне жарияланды да, 1926 жылы «Ұлт театры туралы» деген атпен жеке кітапша болып басылып шықты. Бұл кезде Смағұл – оқу-ағарту комиссары, ал Сәкен сол комиссариатқа қарайтын ғылым-білім кеңесін (академический центр) басқаратын. Қаламға бұл жайлар да бірқыдыру салмақ салады екен, есеп айырысар сәт аз емес. Оны аңғару үшін айтылып-жазылғандарды түгел ескеріп отыру шарт, әйтпесе таразы басы бір жаққа ауып кетеді де, қисынсыздық туады. Осыны біз Смағұлдың Сәкен жайлы жазғандарынан байқаймыз, оның біразын жоғарыда атап көрсеттік те. Соның ендігі жалғасына көз тастасаңызар. «Сәкеннің пьесалары да («Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолына») қоюға жарайды. Бірақ бұған да біздің айтарымыз: жазғанын түзету керек. Сәкенде де Жүсіпбек сияқты үстірт кететін мінез көп. Бірақ бұл екеуінің ұқсаспайтын жері де бар. Жүсіпбектің жүріп кеткенін біле алмай қаласың. Жүсіпбек ыңғайлы, епті бозбала. Сәкен ондай емес. Тарп-тарп етіп келе жатқаны анадайдан естіледі. Сәкенде еп жоқ. Бір жерге қолын тығып алып, бір жерге аяғын малып, бір жерге басын сұғып алып, тігетін-сөгетін нәрсені сонысымен жыртып, солай жүреді Сәкен. «Асау тұлпардың» өзге жағы өз алдына әңгіме, бірақ асаулығында талас жоқ» (С.Сәдуақасов. Таңдамалы. 1993,193-бет) деген сөз саптаудың этикалық жағы мінсіз деп ешкім айта қоймас. Смағұл мақаласында Сәкеннің «Қызыл сұңқарлары», әрине, керек тема. Қазақ театры өзге жұрттай емес, ескіден қалған мұрасы жоқ. Біз осы бастан театрымызды революция (төңкеріс) негізіне құруға мүмкіндігіміз бар. Бірақ жаңа пікірге қосып тағы да сұрайтынымыз бар. Мысалы, бізге де әдемілік, көркемдік керек, шеберлік, шындық керек. Коммунистер болса сыртқы әдеміліктен жиренген жоқ-ты. Іші де оңды болсын, сырты да жақсы болсын» деп көркем шығармаға қойылатын эстетикалық талап-тілектерді әдемі баяндайды да, «Расын айту керек, шеберлік, әдемілік жағынан едәуірлер Сәкеннің алдында жүр, солардан Сәкен үйрену керек. Абай мен Мағжанның сөз шеберлігіне коммунистік жазушылар арланбау керек» деп қағытады да «бұл біздің шын жүректен айтқан достық сөзіміз. Сәкен пьесаларын, әрине, жөндеу керек. Батырлардың бәрін өңшең «сұңқарлар» қылып жібермей-ақ, өзіміз білетін Бейсембай, Сейсенбай, Жаңбырбай, Боранбай – солар болса да жарайды. Әзірге осыларды-ақ көре тұрайық та» (сонда, 198-бет) деген ойдың әбестейтін ештеңесі жоқ, бірақ мысқылын аңғармасқа болмас. Әрине, ойды әдемілеп, қызықтыра айту дұрыс болғанмен, намысқа тиер сөздің басқа жаққа бұрып жіберетіні айқын ғой. Қаламды еркін игерген Смағұл білмей жазып отыр деп жәттеу көздеген мақсатқа жеткізбейді. Одан қазақ әдебиетіне түсер пайда аз. Сәкен пьесаларында көркемдік шарты толық сақталмаған, шеберлерден үйрену керек деген Смағұл ойын түсініп отырсақ та, Сәкеннен ондай мінезді аңғара бермейміз. «Смағұл «Ұлт театры туралы» деп жазғанында менің «Қызыл сұңқарлар» мен «Бақыт жолына» деген пьесаларыма езінше баға кеседі. Әрине, әркім әр нәрсеге өз базарының нарқымен баға беруге ерікті ғой. Біреу ақшасын қызыл алмаға береді, біреу шикіл алмаға береді. Смағұлдың «Сәкен жазғандарын түзете берсін» деген ақылын «рақмет» айтып, қарсы аламын. Бірақ бір алмайтын жерім, Смағұлдың сөз шеберлігін «Абай мен Мағжаннан үйрен» деген ақылын тұтас алмаймын. Үйренуден қашпаймын. Бірақ дұрыс үйретушілерден үйренерміз деймін. Абайды былай қоя тұрайын, әрине, кей ретте Абайдан үйрену дұрыс» деп кежіргесі кейін тарта бастайды. Негізгі қайтармақ жауабында Абайдан «кей ретте» үйренуге болатындығын еріксіз мойындап, құрдасына келгенде шалқасынан түседі. Ой аңғарын мүлде басқа жаққа, яғни, «сөз шеберлігін» идеялық арнаға бұрып жіберді. «Мағжанның үйренген молдалары осы күні кеңес үкіметінен қашып, Европада тентіреп жүрген Бальмонт, Мережковский, Сағит Рамиев және олардың бабасы Соловьев сияқтылар болғандықтан, мен үйренсем, бұлардан емес, басқа молдалардан үйренермін. Мағжандар үйретуші болса, Мағжан «медресесінің» зор үйретушілері Бөкейханов пен Шоқаевтар ғой. Мағжан «шебер сөздің» молдасы болса, Бөкейханов пен Шоқаев шебер саясаттың молдалары ғой. Бұлай болса, «шебер саясатты» осылардан үйрену керек болады ғой. Осылай болған соң, бұлардың медресесінен мен сірә оқи алмайтын шығармын...» (С.Сейфуллин. Шығармалар, 1962. 4-том, 317-бет. Бұдан былай том бетін ғана көрсетіп отырамын) дегенін белгілі дәрежеде түсінуге тырысқан жөн. Тіпті қазірдің өзінде «Мағжанның қасында Сәкен ақын ба?» деп ожарланатындар жоқ емес. Мұндай түсінік ешуақытта ештеңеге жеткізбейді, әбес қылықтарды туғыза береді. Жасыратыны жоқ, Сәкен Мағжаннан үйрен дегенді шам көрген, намыс тұтқан, бірақ оқып-үйренуден, шеберлікті шыңдаудан безбейді. Шығарманың пішіні мен мазмұнын тұтастыра қарағандықтан, идеялыққа жиі-жиі оралып, әдебиеттің партиялылығынан көз жазбайды. Сондықтан Смағұл «сөз шеберлігін» үйрететін молдаларды дұрыстап белгілеуі керек, әйтпесе «тіпті театрға қатынасы жоқ, оның бер жағында совет театрына ағайындығы жоқ (пьеса жазбағандығын айтып отыр. – Т.К.). Мағжан сияқтылардан үйрен деп айта бермеу керек» (318-бет) дегенінде белгілі дәрежеде қиястық жатқанын аңғарған жөн. Менің қолымда 1928 жылы Ғ.Тоғжановтың «Советская степь» газетінің 11 және 12 сәуірде жарияланған мақаласына Сәкеннің «Неонационализм и его наступление на идеологическом фронте» деген жауабының 44беттік түпнұсқасы мен редакциядан өткен 25беттік нұсқасы бар. Ой ағыны негізінен сақталмағанмен, бірақ бізге қажетті, әсіресе оқып-үйрену мәселесіне қатысты тұсы қысқарып кеткен екен, соны осы арада Мағжан аты аталатын болғандықтан келтіремін. «Тогжанов пишет, будто мы учиться отказываемся. Заявляю – никто из нас, никогда не отказывался учиться вообще. Но, есть вопрос у кого учиться. Я на одном общем открытом собрании Союза пролетар-крестьянских писателей ясно сказал, что учиться вообще можно у всех тех, кто хорошо пишет. А кто хорошо понимает по-русский, тому лучше учиться особенно у русских пролетарских писателей и затем у русских классиков. Относительно себя я сказал только в двух местах: именно в беседе наших товарищей с тов: Наготовичем, затем в личной беседе с тов. Михайловым. Я сказал, что лучшим из националист-писателей считается Жумабаев. Но он мистик, ученик Соловьева, Мережковского, Бальмонта, Бунина и Гиппиус. Поэтому нам у него учиться ничего, лучше учиться у первоисточника и русских писателей (3. Гиппиус – Бухариным названа – черной ведьмой, а мистическая «поэзия» Мережковского – сумашествием), тов. Фриче заявил, что мы не можем учиться у Бунина потому, что он мистик. Умирает их формальное мастерство. Нашим писателям взять от них ничего» (Журнал «На литературном посту» 1928. №4). Пускай плачут, что мы не хотим учиться у алаш-ординского Жумабаева, ученика Мережковского и Бальмонта» дегенін әдейі толық келтірдім. Мағжаннан үйренбейміз деп отырып, Сәкен «Қазақтың көркем әдебиетіндегі үстем сарын байлардікі еді. Сол кезде еңбекші тап туының астында саясат ретінде шындап майдандасып жүрген бірен-саран әдебиетшілердің шығармалары сол байлар салт-санасының, ескіліктің әсерлеріне көбірек шалынатын еді» (378) деп бір-біріне ықпал жасаудың диалектикалық заңдылығын жоққа шығармайды. 1926 жылы Сәбит Мұқановтың «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Көркем әдебиет туралы» мақаласынан кейін әдеби айтыс-тартыс бұрынғыдан гөрі өршіп, «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газетімен қатар «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет» журналдары мен «Кедей айнасы», «Жыл құсы» альманахтарына жалғасты. Осы қызу айтыс тұсында Сәкен әр материалға бір жабыса бермей, жаңа әдебиеттің қолбасшысы ретінде оңтайлы сәтте ғана үн қосу, бағыт сілтеу тактикасын қолданып отырды. Негізі 1926 жылы жазылып, 1927 жылы шыққан «Қазақтың көркем әдебиеті» деген бағдарламалық сипаты бар мақаласында «қазақ әдебиеті қалай туып, қалай өсіп, кімнен үлгі алып келеді», «Қазақ әдебиетінде қазір неше саяси бет бар», «Қазақ әдебиетінің сыншылары кім, кімге қандай әдебиет ұнайды, қандай бетті әдебиет үстем болып келеді», «Қазақтың көркем әдебиетінің болашағы кімдікі?» деген күпті сауалдарға жауап беруді өзімнің міндетім деп санады. Мейлінше қатқыл ойлар айтты. Қазақ әдебиетінің үлгі-өнеге алған арналарына келсек, «1905 жылғы төңкеріс дүмпуімен қазақ әдебиеті де аздап болса да ұлтшылдық рухымен өсе бастады. Үлгісі енді мүлде ноғай мен орыс әдебиеті болды. Мәселен, Міржақыптың «Оян, қазағындағы» қазақтың қандай еді мағишаты... мағрипаты, рахаты, «әпендім» дегендері, Мағжанның «Шолпандағы» Тоқаевты еліктеп жазғандары бұған дәлел. Орысқа алдымен жанасқан қазақтың билері, ақсүйек дүлділдері болғандықтан орыс әдебиетінен ең алдымен Абай тәрізділер нұсқа алған, қазіргі қазақ әдебиетінің үлгісі – орыстікі» (324) дегендегі нигилистік ойдың пролеткульттық таным-біліктен өріс алғанын байқамау мүмкін емес. Сәкеннің асыра сілтеген тұсы бар дегенде осындай ойлары алдымен еске алынады. Бірақ олар үшін Сәкеннен безіп кете алмаймыз, адамды заман билейтін болса, онда Сәкен ойлары белгілі заңдылыққа бағынады. Ол соны әрқашан танытып отырады. «Ақ» пен «Қара» деп қалыптасқан дүниетаным «Қазақ әдебиетінде қазір екі саяси бет бар. Бірі – байшыл, бірі – еңбекшіл, тапшыл. Байшыл-ұлтшыл бетті әдебиетшілер, мәселен: Ахмет, Міржақып, Мағжан, Әлихан және басқалар» (324) деп Сәкен шорт кесті және осы тұжырым 70 жыл бойына жетекшілік жасап келді. Кешегі коммунистік идеологтарымыз сияқты мәймөңкелетіп шығып кетпей, «соңғы бір-екі жылға дейін қазақ әдебиетінде ұлтшылдық бет зор болып, үстем болып келді» деп ашық айтып, себебін ашарда «оларға кейбір газет, журналдарымыз «Ақ жол», «Сана», «Шолпан», «Жаңа мектеп», Смағұл тұсындағы «Еңбекші қазақ», тағы басқалар орынды бұрынырақ беріп келді. Әрине, бұлай болды деу үйлеспейтін әңгіме тәрізді. Бірақ, қайтесің! Расында солай болды» деп алашшыл әдебиетшілердің, ақын-жазушылардың жазғандары көркем де ықпалды болғанын жасырмайды. Тіпті «қазақ оқығандары былай тұрсын, ұлтшыл-байшыл бетті әдебиет әуелі коммунист қазақтардың өздеріне ұнап келді» (325-бет) деп төтесінен бір-ақ тартты. Алайда осындай күйге кезіккенмен еңбекшіл, тапшыл әдебиет өсіп-жетіліп келе жатыр деп қуанады да: «Кейбір коммунист болып жүргендер дәріптеп қоймайтын Жұмабайұлына жазуы шебер болмаса да, Сәбитті айырбастар ма? Буыны қатып қалған саусақтарымен өз атын әрең жазатын Угарды қытайдың Жан-Зо-линына, «алашорданың» Әлекесіне айырбастармыз ба?» (323-б.) деп тапшыл ақын-жазушыларды жақтайтынын жасырмайды және «әр тап жазушыларының шебер бола беруі керек» дегендерді айта келіп «Қазақтың көркем әдебиеті енді еңбекші таптікі болмақ» деп (327-б.) түйді.

КЕКЕСІН

Сәкен осы принципті көшбасшылық мақаласын жариялағанда мынадай қосымша беріпті. «Бұл мақаланы мен былтыр жазған едім... Әдебиет майданында болған әңгімелердің бірі – Мағжан Жұмабайұлының бұрынғы «бәленшеке» дәуірін көксейтін ұлтшыл сарынын тастап, «бұқарашыл» болдым деп отырғаны» – дегенді Сәкен «Тоқсанның тобы» шығуына байланысты айтып отырған сияқты. 1927 жылы 7 қарашаға яғни Қазан төңкерісінің он жылдығына арнаған «Жыл құсы» альманағын баспаға жөнелтейін деп жатқанда апыл-ғұпыл жазғаны байқалады. Әйтпесе кең толғауға мүмкіндігі бар еді және Шаймерден, Әбдрахман, Ғаббас мақалаларында айтылған ойларға соқпай кетуі мүмкін емес. Олай болса, Сәкеннің бұл пікірі алғашқы реплика және жыл аяғына дейін қалың оқушылардың да, әсіресе саясаттанушылардың да қолына тиіп, оқыла қоймаған болу керек. Әйтпесе Сәкен «сүй деп жатыр» деуі ғажап емес еді. Өйткені бұл репликада табалаудың да, кекетудің де, сенбеушіліктің де табы бар. «Әрине, ұлтшылдардың бұқарашылдығы» мен советтің бұқарашылдығының айырмасы болу керек. Ол – бір. Еңбекші совет өкіметіне қарсы, тегістікке қарсы «батырлардың көбі қазір советпен күресу тәсілдерін өзгертіп, мен советшіл болдым» деп советтің қолтығына кіріп алып, сыртын бояп, «советтің атына қарсы болмай, затын өз ықпалымызға салып, бұрып әкетеміз дегендей жалпы қылықтары бар. Әрине, кімді кім ықпалына салып әкетерін көрерміз. Мен де соған қосыламын» дегендер пролетариат, жұмыскер табының жолына түсе берсін, әлі талай ердің ерлігін сынайтын кезеңдер келер. «Әрине, езу тартып бір күлетін көрініс мынау ғана: кейбір мырзалар бір кезде көрінген төбеге шығып, дауыстап: «Ей, доңыз Иван!» ой, жынды Әбіл!» – деп орыс-қазақ коммунистеріне батпақ шашып жүргенде, екінші бір мырзалар үйде отырып: «Бәлі», - деп қостап, алақандарын шапалақтасқан еді. Қазір енді осылардың бәрі де сол «доңыз Иван» мен «жынды Әбілдің» қабақтарына қарап жымыңдап, соларға жақындауды іздеп, жортақтай бастады. «Рақымсыз тұрмыс» тырнақты аңша тырыстырған. «Тіршілік қамы» қасқырды түлкі қылатын тәрізді, түлкіні қоян қылатын тәрізді, бәрі де «қасақы дағдырдың келекесі» дағы (4. 327-328-беттер) дегенде кекесін басым екенін көреміз. Сол кездегі партиялық ой-сыңайды Ш.Тоқжігітовтың «Қызыл Қазақстан» журналының 1927 жылғы №3-4 санындағы «Әдебиет мәселелері» деген айтыс мақаласынан анық байқаймыз. «Қазақ ұлтшылдары пікірінен қайтпай отыр. Мағжанның қазіргі жолға пайдасынан найзасы көп. Мағжандардың пікірінен айыруға әлде болса да көп уақыт керек. Мағжанның түзеле қалғанын әлі көргеніміз жоқ. Ұлтшыл ақындарымыздың көбі негізінде жаңа жұртшылықтың орнауына қарсы. Қазақ еңбекшілері ел болады дегенге олар сенбейді» деген «нұсқаушы» ойлар әсіресе 1927-1929 жылдары өте көп жазылды, айтылды. Сол автордың «Тоқсанның тобына» жазған екі мақаласының саяр сағасы Мағжанның жүрегі ақ, қара екенін кім ішін жарып көріпті, мүмкін қойнына тас тығып келген шығар» дегендері «партиялық» сынның аттанар өрісі болды. Сондықтан желеу етіп қазақ оқығандарына деген голощекиндік көзқарас бұрынғыдан гөрі қатая түсті. 1928 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан мемлекеттік баспасы жанынан және басқарумен «Жаңа әдебиет» журналы шыға бастады. Соның алғашқы санында Сәкеннің «Әдебиет майданында» деген мақаласы айтыс барысында артық-кем айтылып жатқан ойларға түзету жасап, «біздің пролетариат қара шаруа жазушылар ұйымына бұл журналдан орын беріліп отыратын болды. Көрнекті, мол сыбағалы орын алып отыратындығына қуанды. Біраздан кейін журналды КазАПП-тың органына айналдырып алды. Әдебиеттегі ұйымдық күрестің, яғни, «Алқа» бағдарламасының дүмпуі тапшылдарды осылай ширықтырған болатын. Бұл процесс тек ұйымдық мәселеде ғана емес, шығарма жағынан да олжасыз болмады, оқу-білімі саяз, шығармашылық тәжірибесі аз жас жазушылар оқып, білімін көтеруге, шеберлік шыңдау мектебінен өтуге міндетті болуы әдебиетке пайдасын тигізгенін бүгін ашық айтуға тиіспіз. Бәсекенің осындай да шапағаты болатынын өмір талай дәлелдеген ғой. Сәкен 1925 жылдан бері таласқа түсіп келе жатқан: қазақта пролетариат жазушысы бар ма, жоқ па, жолбикелер кім, оларға қандай қарым-қатынас жасау керек деген мәселелерге өзінің көзқарасын білдірді. «Жолбикелер» деп бұрын «алашордашыл», ұлтшыл жазушыларды атаушы еді. «Жолбикелер» Аймауытұлы, Жұмабайұлы және басқалар дейтін. Енді соңғы кезде, жақында бұларды «жолбике» /орысша – попутчик/ деп атаудан жолдастардың қайтпағаны жоқ тәрізді. Тек бірен-саран жолдастар «Аймауытұлын ғана «жолбике» дейтін болыпты» /332/ деп түсіндіреді де, «әрине, еңбекші тап әдебиетінде «жолбикелер» болуға тиіс. Бірақ «жолбикелер» «алашорда» кеселі жұқпаған жаңа жазушылардан, жас жазушылардан шығуы тиіс» /333/ деп әпербақандыққа салынды. Сонда Мағжан сықылдыларға есікті тарс жауып тастаумен пара-пар ой айтып отырғанын өзі сезбейді. Тіпті әдеп аттап «алашорда кеселі сүйегіне сіңген, алашорданың «шәуілдегі», «тапбасары» болған адамдар еңбекші тапқа шын жолдас болып кетуге қиынырақ болар. Еңбекші тап қиындық көрген кезінде тас атып, топырақ шашқан, билікті жеңіп алып, бауырына қазан көтерген кезінде, сол пісіп жатқан даяр ас үшін ғана еңбекші тапқа жағынған адамдарға лайықты ғана баға берілу жөн болар» /334/ деген қатқыл ойлар, табалағыш сөздер, әрине, Сәкен сынды көшбасшы ақын, жазушыға сән бітіріп тұрған жоқ. Жетекші екенсің, өнерпаздарды, ақын-жазушыларды сыртқа теппей, ел пайдасына асарлық пікірдің тап сол кезде Сәкен аузынан шықпауы, «Тоқсанның тобы» туралы Голощекин әдейі шулатып қойғандардың ыңғайымен кетуі, тапшылдығын мейлінше солшылдандыра түскені келісіп тұрған жоқ. Мұндайда үндемей қалудың өзі үлкен білгірліктің көрінісі ғой.

ҚЫЛ ҮСТІНДЕГІ ТАҒДЫР

Өкінішке орай, Ғаббас Тоғжановтың «Против национализма, обывательшины и комчванстава в казахской литературе и критике» деген мақаласына қайтарған жауабында «жолбикелерге» қарсылығын: «Тогжанов кичится, что мы будто против попутчиков. Нет, дело только в том, кто кого называть попутчиком. Сначала Садвакасовы и Тогжановы и даже некоторые эксдентричные члены нашего союза (тегінде, Әбдірахман Байдилдин болса керек. – Т.К.) называли попутчиками всех алаш-ординских писателей: и Жумабаева, и Ауезова и Аймауытова, и «Экеу» и т. п. После того, как тов. Голощекин на конференции дитировал слова из нлпечатанной без оговорки в «Энбекши казах» статьи «Экеу» и «90» Жумабаева и сказал что «щенки национализма превратились в больших собак» Тогжанов стал число попутчиков уменьшать» («Советская степь» 06.06.1928), – деп құбылғыштығын бетіне басады. Ол – ол ма, тіпті Сәкеннің ағасы, іні-бауырларын былай қойғанда, шәкірттерінің өзі уақыт теперішімен республика кәсіподақ басшысы Хамза Жүсіпбековты «Сәкеншілідік пен Сәкен туралы» деген мақала жазып, «Сәкеншілдіктің өзгешілдігінің бірі – оның ұстаған бағыты көмескі, анық болмауы еді. Сәкен жігі Смағұл жігін ұлтшыл, алашордашыл, интернационалдыққа қарсы деп жамандаушы еді. Меңдешұлының жігін орысшыл, қазақ жайымен есептеспейді, маңайындағысы парашыл, мансапқоршыл, бұзылғандар деуші еді. Сәкен жігінің тағы бір бағыты, өзгешілігі, үстірт қарағанда, «қып-қызыл» алдаушы жолдың бірі еді. Іс басынан кеткен соң ұстаған жолы - партияға наразылық білдіру мен партия басқару қызметкерлерін жамандау» («Қызыл Қазақстан» журналы, №6 (86) 1929) болды деп қазақ, орыс тілінде даңғазаландыру Сәкенге қара бұлттың төне түскендігін көрсетеді. 1929 жылғы қарашада партия тазалауында Сәкен өзін қорғап шыға алмаса, онда алаш қайраткерлерімен бірге айыпталып, сотталып кетуі де ғажап емес еді. Сәкеннің қудалануы 1929 жылғы партия тазалауынан кейін де жалғасып жатты. КазАПП-тың бір отырысында «совет әдебиетінің одақтасы» деген атақ алып шыға келді. Жаңа әдебиетті жасаудағы еңбегі ұмытылды. 1931 жылы Қазақстан пролетариат, қара шаруа жазушылар ұйымының ұйымдастыру бюросы мен белсенді коммунист жазушылардың фракциясының «КазАПП-тың алдағы міндеттері туралы бірлесіп алған қаулыда алаш ақын-жазушыларының негізгі жетекші тобы сотталып, түрмеде жатқанына қарамастан «қазақ әдебиетінде әлі де байшылдық салт-сана күшті. Әлі де ескіліктің қалдығы көп. Қазақ әдебиетінде байшылдығын түрлі-түске бояп, партия пікірін бұрмалайтын, пролетариат әдебиетінің өркендеуіне, үстемдікке жетуіне бөгет болатын оңшылдық, солшылдық пікірлер әлі күшті. Ұйым мүшелері арасындағы жікшілдік осыларға жел береді» деп табады да қаулының ең соңғы бабын» Сәкен «күні бүгінге дейін өзінің жікшілдігін ашық мойнына алып, онан безуін, соған уәде беруін талап етеді», қоймаса «тиісті жауапқа тартылатындығы ескертіледі» («Е.Қ.» 25.02.1931) деп аяқталуы тегін емес еді. Ол көп тостырған жоқ. 1932 жылы 10 қаңтарда ВКП /б/ Өлкелік комитетінің Мәдениет және насихат бөлімдері мен Қазақстандық марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институты «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанның теориялық майданындағы күрестің міндеттері туралы» алған қаулысында Сәкен «Көкшетауды» жазғаны үшін буржуазиялық-байшылдықты насихаттаушы болды да «Особо останавливаться здесь на анализе т.т. Садвакасова, С.Ходжанова, К.Токтабаева и отчасти Сейфуллина с тем, что якобы Байтурсынов герой и вождь казахского народа, и т.п. едва ли имеет смысла, едва ли нужно тратить время на такую контрреволюционную чепуху» («Большевик Казахстана №5. 1932) дегеннен көреміз. Жан сақтарлық жер табу қияметке айналды. 1932 жылдың 26-29 ақпанында өткен ҚазАПП-тың 1-съезінде Мұстафа Қайыпназаров Ғаббастың 1928 жылы айтқанын «у Сакена не только не ничего пролетарского, но зачистую не хватает и советского/» Советская степь». 12.04.1928/ дегенін қайталап, съезд қаулысында «Қазақ көркем әдебиетінің социалы құрылым міндеттеріне ілесе алмай жүргенінің себебі: алдымен, қазақ кеңес жазушыларының көбінде алашордашылдық, байшылдық салт-сананың ықпалы әлі күнге дейін күшті, бірқыдыру жазушылардың шығармаларында бай-феодал салт-санасы, жергілікті ұлтшылдық, төңкеріске қарсы троцизм сарындары (Сәкен) бар» (Әдебиет майданы. №4. 1932) деп аталып көрсетілуі төңкерісшіл әдебиеттің алғашқы туын көтерген С.Сейфуллиннің «жарылқанып» кетпегенін көрсетсе керек. Өйткені дәуірдің осындай қиындығы мен шындығын білмейтіндерге бүгінгінің бәрі де оп-оңай аспаннан түсе қалғандай болып көрінуі ғажап емес. «Жыл құсы» альманағының 1928 жылғы екінші санына Сәкен «Әдебиетті бағалау және құлық-сананы тексеру» және «Құлық-сана-идеология» атты мақала жазды. Бұлардың да бұрауы қатты, тіпті тапшылдықты шегіне жеткізді десе де болғандай. Оған әдебиет – тап құралының бірі. Ешбір таптың мақсатын көздемейтін әдебиет шығармасы болмайды. Әр әдебиет бағалауы басқа-басқа (328) деп лениндік қағиданы көлденең тартады да, өзі сүйген арнаға қарай бұрыла береді, әсіресе мазмұнның мәнділігін бірінші қатарға шығарады. Мәселен, «пролетариат /жалшылар/ табының мақсаты – адам баласы бірін-бірі жауша арбамасын, бірінің табан ет, маңдай терінің пайдасын бірі жемесін, адам баласы бірін-бірі аңдарша аунатып жемесін. Жалпы дүниеде бірдейлік, әділдік, теңдік, туысқандық, махаббат болсын дейді. Міне мұндай мақсатты тапқа құрал болған әдебиет шығармасы жаман бола ма? Пролетариат жолына құрал болуға жарарлық немесе пролетариаттың көп керегінің біріне жарарлық әдебиет шығармасы ғана жақсы. Пролетариат жолына құрал болуға жарамайтын, жарамауы былай тұрсын, пролетариаттың мақсатына зиянды әдебиет шығармалары қанша әдемі жазылса да жақсы емес. Қайта, пролетариат мақсатында зиянды әдебиет шығармалары неғұрлым көркем сөздермен, шебер тілмен жазылса, соғұрлым ондай әдебиет шығармалары жаман, соғұрлым зиянды» /339-340/ деп ежіктей де қазымырлана пікір түйіндеуінің сыры «өзінің шын большевик екендігін» дәлелдеу қажеттігінен туған еді. Осы кезде аудандық «Жаңа арқа» газеті мен «Еңбекші қазаққа» дейінгі қазақ басылымдарында Сәкеннің сыры «әшкереленіп», «Сәкеншілдікті» жою жөнінде науқан жүріп жатқан болатын. Нәзір Төреқұлов 1928 жылы «Жолдас Ярославский біздің Қайғыбай ақынның (горе-поэт) өлеңінде бірталай тоқтап, тұқырта тексерген еді. Қазақ әдебиетінде құны айтылған еді. Бірақ оның ең соңғы жазған өлеңдері, әсіресе «Жан-Зо-лин» деген поэмасы үмітіміздің күлін көкке ұшырды. Сәкен шала-шарпы европаласқан «сал» үлгісінде қараңғы «қазақшылық» жолымен әлі келе жатыр» /«Е.Қ». 24.12.1928/ дегенін Голощекин идеяларының белсенді насихатшысы және қолшоқпары болған Ғаббас Тоғжанов былай дамытты: «1924 жылға дейін Сәкен пролетариат ақыны болған жоқ. Болдым деп өзі де айта алмас. Жолдастары да айтпас! Сәкенің пролетариат ақыны бола бастауы болса соңғы 3-4 жылдан бері ғана болады. Ал осы 3- 4 жылда Сәкен шынында да пролетариат ақыны бола алды ма, коммунистік жолда табандап тұра алды ма? Енді соны көрейік. Біз өз қара басымыз, Сәкен пролетариат ақыны бұл жылдарда да бола алған жоқ дейміз. Бұған Сәкеннің соңғы жылдарындағы жазған өлеңдері дәлел» (Ғ.Тоғжанов. Әдебиет және сын мәселелері. 1929. 68-69-беттер) деп алады да, қазақ әдебиетіне олжа салған өлеңдерін, әсіресе «Сәкеннің «Сыр сандығы», «Аққудың айырылуы», «Лашын әңгімесі», «Тұрмыс толқынында», «Совпарттағы қарындасыма», «Жұмсақ вагонда» деген өлеңдеріндегі пікірлері де партия пікірлеріне жанаспайтын пікірлер. Сәкеннің бұл өлеңдеріндегі орынсыз жерде аямасты аяу, көздің жасын бұлау, көңілшектікке салыну, тап тілегінен жоғары жолдас хақын жоқтау, тұрмыс толқынымен жолдассыз, серіксіз беталды лағу /плыть по течению/ сықылды пікірлері – бәрі де тұрмыстан жабыққан, келешегінен адасқан жарымжан, торыққан идеялшыл ақындардың пікірлері ғой» /Сонда,73-бет/ деп Ғаббас шамырқанып алады да «Мұның бәрін көріп, біліп отырып, оқып, естіп отырып, қайтып Сәкенді пролетариат ақыны бола қояды дейміз. Сәкен әлі ақын бола алған жоқ. Көркем әдебиетте пролетариат жолын, пролетариат мінез-құлқын көрсете алған жоқ» /79-бет/ дегендердің бәрі Сәкенді пролетариат жолына еріксіз айдап түсіргені емес пе? Алаш жазушыларына, әсіресе Мағжанға аяушылықпен пікір айтайын десе осындай пәлеге қаларын білген соң ащы да мысқыл, кекесін, кейде ожар сөздерді қолданып, құтылмақ та болды деуге келетін де сияқты. Алайда, Сәкен тапшылдықты біреуге үйретпесе, өзгеден қарызға сұрап алатындай дәрежеде болмағаны тарихқа белгілі. Осының өзі аздық жасап, пролетариат ақыны бола алмай жатса, онда Қазақстандағы идеологиялық күрестің шама-шарқын бағамдауға болар және Сәкен мен Сәбиттің қыр соңынан қалмайтын «бүгінгі оңшылдардың» тарихи білімінің деңгейін де аңғартар. Ал осындай таптың өкілі, пролетарлық тетіктерді қатты бұраған Сәкен «байлар табының шебер жазушыларының әдемі жазғандары болса, одан жазу шеберлігін үйренбесін деген сөз шықпайды. Әрине пролетариат бағытындағы жазушылар кімнен болса да жазу шеберлігін үйрене берсін» деп өмір мен өнер даңғылына түседі де, қыр соңынан қалмай келе жатқандар есіне түскенде «шебер жазылған әдебиет шығармалары болса, одан жазу шеберлігін үйренгенмен, мазмұны пролетариат бағытына зиянды болса, оны «жақсы шығарма» деп бағалап жүрмесін» /4.340/ деп қайшылыққа амалсыз ұрынып жатқанын көреміз. Енді осы жалпылама пікірді нақтылаған уақытта «Жұмабайұлы Мағжанның пролетариат бағытына қарсы өлеңдерін, арам, жұмбақ, шүбәлі, тіпті көркемдігі жоқ ертектерін дәріптеп, басып шығартып жүрмеді ме?» /343/ деп алаш сыншыларын ғана емес, коммунистік билетпен билік басында отырғандарды қамшылап өтеді.

ТАПШЫЛДЫҚ ТЫҚЫРЫ

Қайтсем де таптық позициямды сақтаймын дегек ниетпен болсын, не өз түсінігінің әмірімен болсын, Сәкен осы үлкен мақаласында соңғы рет «алашордалық исі аңқыған әдебиет шығармаларын, басынан аяғына шейін алашорданың дерті сіңген Жұмабайұлы, Әуезұлы, Аймауытұлдарының шығармаларын көріп жүргендер саясат, әлеумет мәселелерінде айқын, шын пролетариат бағытында болса, көркем әдебиет мәселелерінде шабандап, кенжелеп қалса да, енді пролетариат бағытына келіп түсер еді». /344/ деген пікір Г.В.Плехановтың «адамдар нәрсені бағалағанда ең әуелі тіршілікке пайдалы жағын қарайды. Содан кейін ғана ол нәрсенің көркемдік жағын іздейді» дегенін тарамдатып, «адам әуелі сұлуынан жылуын іздейді» /352/ дегенге негіз қылған. Сәкенде әрқашан утилитарлық мақсат күшті болғанын жасырмау керек. Сәкеннің «Көшпелі дәуірдегі қазақ әдебиетінің күйлерінен» деген САГУ мен Казпедвуздың студенттерінің әдеби үйірмесінде жасаған баяндамасы «Кедей сөзі» альманағында 1928 жылы жарияланғанда Қазан төңкерісінен бергі кезеңді түгелдей «Көшпелі дәуір» деп тауып, ірі құбылыстарды тізіп өтеді. Әсіресе баспасөз төңірегіндегі шындықтарды атап-атап көрсетеді. «Ташкентте совет үкіметінің атынан шығып тұрған «Ақ жол» газетінің шекесінде «алашорданың» Міржақыбы отырды... Қазақ еңбекшілері үшін ашқан оқу институтының шекесінде бірталай сыбайластармен бір «кәлласы» Досмұхамбетовтер отырды. Омбыда Қызылжарда совет өкіметінің атынан шыққан «Бостандық туы» газетінің желкесіне «алашорда» жазушысы Мағжан Жұмабаев мінді. Оның қасында бұлтылдап Тоғжановтар жүрді. Семейде совет үкіменінің атынан шыққан газет-журналда «алашорда» шеберлерінің қолында болды. Орынбордағы қазақ газетінің төрінде де көбінесе «алашорданың» Әлекелерінен бата алғандар отырды. Мәселен Смағұл Сәдуақасовтар. /Ол кезде Смағұлдың бұлтылдатып лақтыратын добы Тоғжанов еді де, шиырып қоятын шырылдауық қоңырауы Байдилдиндер еді. Міне, сол кездегі қазақтың көркем әдебиетіндегі үстем сарын қазақтың байларынікі еді. Сонымен, көркем әдебиет ретінде еңбекші таптың мақсатына қарсы сарын үстем болып келді» /378/ дегенді айтудан Сәкен тартынған емес. Әдебиетті еңбекші тілегіне қарсы пайдаланды деген жалған түсініктің салдарынан, сол кезде шығып жатқан мәдени-әдеби мұраның өзіне қуана қоймайды. Абай мен Сұлтанмахмұт өлеңдерінің жинағы шықты. «Еңбекші тап көсемдері большевиктерді «доңыздар, қоңыздар» деп лағнаттаған Мағжан Жұмабаев өлеңдерін бастырып таратты» деп /379/ тарынды. Және таратқанда жай таратпады: «міне, қазақ еңбекші табы әдебиет ретінде мынадан үлгі алыңдар!...» деп таратты» ер тоқымын мойнына ала тулады. Уақыт өте, еңбекшілер күшейе, тізгінді партия қолға ала бастаған тұста «газет-журналдардың бастарынан алашорданың Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сықылды белгілі ірі жазушылары кете бастады» /380/. Дегенмен Смағұл мен Ғаббас олардың жолын жалғастырып, «еңбекші тап туралы жазылған шығармаларды аңдып, солардың міндерін іздеп, олардан түймедей мін тапса, түйедей қылып көрсетіп, жұртқа жар салып жүрді. Қазынаның сан қиыншылықпен жинаған ақшаларын аямай, мың-мыңнан лақтырып, алашорданың жазушылары Жұмабайұлы, Аймауытұлы, Кемеңгерұлы және басқаларының жазғандарын әдемілеп бастырып жатты» /381/ «Мағжаннан үйренбеген адам жазушы емес дегендей сұмдықты еппен айдай бастады» /382/ деп шамырқанады. Әдебиетшілер мен сыншыларды үш жікке бөледі де, советке ашық қарсы болған бірінші топтың «жыршысы Мағжан Жұмабаевтар еді» /384/, бүркемелеп қарсылық қылатын қосынға Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Қ.Кемеңгеровтерді жатқызса, үшінші топтың қаламгерлері Маркстен цитат алғыш, бадырайып тұрғанды айтқыш «базардағы жалдаптар тәрізді» /385/ деп ешкімнің атын атамады. Бұл жіктеулер әдебиет бағытында топтасқандарға да ептеп жаңа сипат дарытқандай. Осы ойлардың бір сілемі Сәкеннің 1929 жылы В.И.Ленин атындағы Орта Азиялық коммунистік университетте қазақ оқушыларының әдебиет мәселесіне арнаған жиынында сөйлеген сөзінде айтылды. Ол «Кедей айнасы» альманағында «Әдебиет – тап құралы» деген мақалаға айналғанда барынша нақтылана түсті. Бірақ Мағжан ауызға алынбапты, оның есесіне «Байтұрсынұлы, Досмұхамбетұлы тәрізді алашорданың көсемдерінен сабақ алып, қолтығында өскен Смағұл, Ғаббас секілді құбылмалы коммунистер де әдебиет майданына шықты» /387/ дегенді қосыпты. Сәкеннің бір әдеті – өзіне және шығармаларына қарсы жазылғандарды жауапсыз қалдырмауы. Сәбит Мұқановша айтсақ, «Сәкен өзіне қатты сын айтатындармен жұлқыса кететін де, былайғы әдебиет мәселелерін талқылауға қызына араласпайтын» /«Өсу жолдарымыз», 1969. 660-бет/ мінезіне бағып, кейбіреулерше өзін ақтап алу үшін өзі жазып, басқа біреуге қол қойдыратын арсыз қадамға бармаған. Не болса да өзі мойнымен көтерген. Оны білетіндер Сәкенді жақтағысы келгенде, оның ақыл-кеңесінсіз өздері жазған. Мәселен, 1923 жылы Сәкеннің «Біздің Сәуле» деген өлеңі шықты. Соның кіріспесінде «Шолпан» журналында «Қызыл сұңқарларды» сынап жазған Қоңыр сыншыға ескерту: «Бұл өлеңді Майбүйен ағайдың үйіндегі Жәмила жеңгейге арнап жазған едім. Енді Қоңыр мырзаның Жәмила жеңгейге бөтендігі жоқ қой деп ұсынып отырмын. Қоңыр сыншының «Сынына сын» жазуға уақытым жоқ. Қоңырдың сынына Қызылсыншы болса жазар. Ғафу өтінемін» деген ескертпесі аяқсыз қалмай. «Қызыл сұңқарларды» жақтап он шақты мақала шыққан болатын. Алайда біраз дүниелерді, әсіресе Нәзір сындарын Сәкен жауапсыз қалдыруды қаламаған. Соны 1929 жылы да жасады. Басынан сөз асырмау әдетін Нәзір Төреқұлов сынына қайтарған жауабынан анық көреміз. Бір ғажабы, Нәзір сыншы ретінде Сәкеннің «Асау тұлпар» өлеңдер жинағына, «Бақыт жолына» пьесасына және «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесіне жазғандарымен ғана белгілі. Ал Мағжанды 1924 жылы КУТВ-те додаға салатын жиында, латын алфабитін қабылдату жайындағы баяндамаларын сыншылыққа жатқыза қою қиын. Нәзір мен Сәкеннің ең соңғы «ұстасуы» – 1928 жылы 24 желтоқсанда шыққан Нәзір мақаласына Сәкеннің 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналы арқылы қайтарған жауабы. Бұдан кейінгілері бола қалса, онысы маған аян емес. Бұл айтыста Мағжанның аты бір-ақ рет аталады және оның өзі Нәзір әрекетін көрсетуге керекті дерек ретінде келтірілген. «Төреқұлов сынағыш болса, Мәскеуде өзі басқарған Күншығыс баспасында «Алаш, алаш» деп зарлаған қырғыз ақыны Тыныстанов пен Мағжанды сынап немесе өзінің әр кезде жазған «Дәруіш» деп қол қойған «көркем» өлең назымдарын сынасын» /365-366/, – деп қысқа қайырады. Сәкеннің бұл жауабынан кейін 1929 жылы 15 қыркүйекте тоғыз айдан кейін «Тар жол, тайғақ кешу» мен «Нәзірдің сыны туралы» Әбділда Тәжібаевтың мақаласында редакция «Нәзір: міндетім – қалайда жамандау десе, Әбділда: міндетім – қалайда мақтау деп ұққан. Бірі асыра жамандайды, бірі асыра мақтайды. Біздің сыншылар мұны қоюы керек» деп ескертіп, «Осымен Сәкен кітабы туралы» «Еңбекші қазақ» бетінде айтысты бітті деп санаймыз», – деп тұтанып келе жатқан өртке су септі. Әдебиет әлеміндегінің бәрін ұлтшылдық, байшылық деп сынаудың аяғы неге апарып соққаны 1929 жылы анық біліне бастады. Бүкіл демей-ақ қойғанның өзінде, алаштың жетекші қайраткерлері мен көсемдері ұсталып, сотталып, Беломор каналына айдалды, ал қалғандары түрмеде азап шегіп жатқанда, Сәкен 1931-1933 жылда «Біздің тұрмыс» романын жазып, қазақтың шығармашылық интелегенциясының азғындық жолға түсіп, интим қызығына беріліп бара жатқанын ажуалап, Аян-Айназар қылықтарын суреттеді, партия тарапынан жасалып жатқан зорлықтарға, қолдан жасалған аштыққа қарсылық ретінда әлеуметтік өмірге араласпай қойды. Оны Қазақстан жазушыларының 1934 жылы өткен бірінші съезінде Өлкелік партия комитетінің Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, философ, сыншы Ілияс Қабылов: «Сәкен әдебиет туралы айтыстарға қатыспай жүрді. Мұнысы Қазақстандағы большевик басшылығына қарсылық», - деп мәлімдеуінен көреміз және Голощекин кезіндегі Сәкеннің жай-күйінен хабар алғандай боламыз. Сәкенді «жікшіл болды» деп қанша айыптағанмен, 1930-1933 жылдары мақала жазып, таптық бағытының «мықты» екенін көрсеткен сәті жоқ. Осы дәуірде Сәкен «Қазақ әдебиетінің билер дәуірі» дейтін атақты оқулық-хрестоматиясын 1931 жылы жазып бітіріп, 1932 жылы шығарса, «Батырлар жырының» бірінші томын 1931, екінші томын 1933, Ақан сері, Ыбырай Алтынсарин, Ақмолла өлеңдер жинақтары мен Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүнін» 1932-1935 жылдарда баспаға дайындап, 1933 жылы «Әдебиеттану – оқу құралын» Ә.Мәметова, Б.Майлинмен, 1934 жылы бесінші сыныпқа арналған «Әдебиет оқу кітабын» Өтебай Тұрманжановпен бірлесіп шығарғаны болмаса, дау-дамайға, айтыс-тартысқа түсе бермеді. Тіпті Ақан серінің өлең жырларын 1934 жылы кітап етіп шығарғанда Мағжанның 1924 жылы «Шолпан» журналында Ақан сері туралы жазған мақаласын еске алуды және оған баға беруді біле тұрса да қажет таппады. Артық-ауыз сөздер айтыламай қалмайтынын сезді. Осындай күйде жүрген Сәкенді КазАПП-тың солақай сыншылары түрткілеп дамыл бермеген уақытта «Тек жүрген кісі қанша айыпты бола қалады екен?!» деп таңданған кезі де болды. Сәкен 1934 жылға дейін үндемеу саясатын ұстанды. Қазақтың, оның ішінде Сәкеннің сыншылдық ойына өріс берген – Қазақстан кеңес жазушыларының бірінші съезіне дайындалу қарсаңындағы үрдіс болды. Саттар Ерубаев пен Рахымжан Жаманқұлов Сәкен, Бейімбет, Сәбиттерге сыни ойы басым «ашық хаттар» жазып, айтыс майданын қыздырып жіберген тұста, өзінің жауабын беріп, 1934 жылдың 10-11 маусымында, съезд басталардан бір күн бұрын Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» атты драмасына Ғаббас пен Ғабиттің мақалаларынан кейін өз ойын білдірді, Спектакльді қабылдаған тұста Сәкен айтқан пікірді сылтауратып редакция үлкен мақала жаздырып алып, съезд алдында көл-көсір қылып берді. «Хан Кененің» жалпы идеялық бағытын ұнатпаған Сәкен өз ойын дәлелдейтін тұстарында қазақ тарихындағы оқиғаларды және қазақ әдебиетіндегі сарындас шығармаларды еске түсіріп отырған. Әсіресе драмадағы ұқсас және оқыс оқиғалар Мағжан шығармаларымен сабақтасып жатқандай көрінген: «Кенесары Сарыарқадан ауарда ел-жұрт, жер-сумен қоштасқан сәтте Қорқыттың күйі естіледі, оны тыңдап тұрған Наурызбай «Қалқашым-ау, анау Қорқыттың күйі ғой...» дегені Мағжанның «Қорқытын» еске түсіреді. Қорқыт өлімнен қашып, аласұрып, сандалып, қазақ даласын шарлайды, еш жерден жәрдем болмасын білген соң еңіреген зарын қобызға сарнатады. Мағжан Қорқытты жыр қылып, Қорқыттың еңіреген күйіне өзінің үстемдігінен айырылған табының зарын қосып, ұлтшылдық сезімін оятпақ болған, зарын зарлаған «Қорқыттай болып қобызымды құшақтап өлсем арманым жоқ» деген. «Хан Кенедегі» Наурызбай Қорқыт күйіне үн қосқан Мағжан сияқты болып көрінеді» деп бір еске алса, сүйген қызы үшін Наурызбайды өлім жазасына кескен Кенесарының іс-әрекеті, оған Наурызбай «жарлығың екі болмасын! Әміріңізге ризамын, бірақ жауыңның қолынан өлейін» деп қылышын жылтылдатып, ақ боз атпен қырғыздың самсаған қолына шапқаны да маған Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты болып көрінеді. Мағжанның жылап, жоқтап, төбесіне көтеріп ардақтаған Баяны да «Сүйген қыз» үшін інісін өлтіріп, өзіне-өзі кінәлі болып:

Ел беті енді маған болсын арам,
Алашым, аттанамын, жауында өлем, –

дейді. Сөйтіп Кенесарының үлкен әкесі хан Абылаймен қалмаққа аттанып, Абылайға кінәлі боп, қалың қалмаққа жүз шамалы ғана жігітпен шауып, қалмақта өледі. Сөйтіп Наурызбай Мағжанның батыр Баянынша қалың қолға қарсы шауып, қырғыздың қолына түсіп өледі. Ал Мағжанның «Батыр Баяны» да, «Қорқыты» да қазақ әдебиетінде ұлтшылдықтың және оның жырауларының ең ащы зар-күйлері дерлік жырлар» деуі маған Сәкеннің қазақ әдебиетін, оның ішінде Мағжан шығармашылығын терең білгендігін және оны тиіс тұста пайдалануға мүмкіндігі молдығын аңғартады. «Хан Кене» трагедиясындағы ұқсас жайлар ғана емес, емеуріннен сезілетін ой-пікірді түсіне отырып талдауға құдіреті жететін әдебиетшілігі және әр құбылысқа саяси астар дарыту онша қиын еместігін сездіреді. Бұл мақала өзінің идеялық нысанымен қатар Мағжан мен Сәкеннің қазақ тарихының шындығын жыға білетіндіктерімен көзге түседі. Мұхтар Әуезов: «Ағыбайды әскер бастық командарм сияқты қылып көрсетпек болған. Бірақ олай қылып көрсете алмаған. Шынында, белгілі мағлұматтардың айтуынша, Ағыбай әскер бастық болмаған, тек «жер білгіш, ел тапқыш, жол тапқыш» адам саналған. Кенесарының әкесінің әкесі Абылай хан қалмақ елімен соғысып жүргенде, бір аттанысын әңгіме қылып, Мағжанның әлгі «Батыр Баян» деген әңгімелі өлеңінде Абылай қолының жол басшысы Бұғыбай еді дейді.

Тартты қол. Қалды елдер, қалды белдер
Бастаған Бұғыбай басшы қол көрмес шөл.
Бірнеше тәулік бойы тынбай тартып,
Қол енді жүрді бойлап бір айдын көл.

Міне осының қайсысы бар? Бұғыбай қай заманда болған адам? Тіпті Бүғыбай Кенесарыдан да, Абылайдан да бұрын болған адам емес пе екен?» –дейтін сауалдармен шектеледі. Онан әрі талай тарихи деректер келтіріп, спектакльге қатысқан артистердің ойынын талдайды.

АНА ТІЛІ АРДАҒЫҢ

1934 жылы маусым айында Қазақстан кеңес жазушыларының 1 съезін ашу және жабу рәсімі Сәкенге жүктелді. Күні кеше солшылдармен арпалысып келген Сәкеннің 1934 жылғы сөздері қазақтың намысын қорғауға арналды десем артық болмас: «Әуелі азаматтарымыздың өсіп қалғаны, оның ішінде ақын-жазушылардың өз біліміне өзі сын көзімен қарай сөйлеушілікті, мен мысалы Сәбиттің, Рахым Уәлиахметұлының және біраз жолдастарының сөздерінен көрдім». /Менің қолымда Сәкеннің бір том қайтадан жарияланбаған шығармалары, сөйлеген сөздері бар, сондықтан бетін көрсету мүмкін емес, менің келтірген меңзеулеріме сенулеріңізге тура келеді. Жанымнан қоспасыма көздеріңіз талай жеткен шығар, өтірік маған жат/ деген қуанышты көңілге қаяу салушылар кездескенде «өз сөзін заң сияқты қыла сөйлеу, өзінің аз білімін ортадоксия, қатесіз бәтуа қыла сөйлеу бірнеше жолдастардың үн екпіндерінен, тондарынан, көрінгенін мәдениеттің төмендігі санап, әсіресе қазақ тілін кемсіте сөйлеген А.Жантілеуұлының ойын тілге тиек етеді де, оқығансымақтар «балаларына қазақ тілін менсінбеуді үйретеді: Керекті жерінде, наны көбірек жерге қызметке кіргісі келсе демогогияға басады» деп өз ішіміздегі «сасық саясатшыларды» мықтап шенеп алғаннан кейін, шовинистік пиғылды танытушыларға шүйлігеді. Өзімен КазПИ-де оқытушы, әдебиет зерттеушісі болып жүрген Михаил Баталовқа, ол арқылы сырттан билік айтатындарға сын садағын қадады. «Баталов сияқты қазақ тарихын білмейтіндер де тек жалпы белгілі сарынға басады. Бірақ бір жаман жері кейбіреулер білмегенін білмеймін демейді» деп европоцентристік көзқарасты қолдана бастағандарға «Қазақ әдебиетін оқи білмеген Баталов сияқты жолдастар тым болмаса, анда-санда соны естеріне алып қоюлары керек еді», – деп өзінің негізгі ойын айтуға кіріседі. «Білмеген нәрсені білем деушіліктің бір жақ себебі надандықтан шықса, екінші жақ себептері, яғни қазақ тілін білмей қазақ әдебиет тарихын білем деушілікті екінші жақ себептері ұлы орысшылдықтан туады ғой деймін. «Е-е бұларда біз білмеген не бар? Біз білдік десек, оның қате деп айтарлық кісі бар дейсің бе? Бұларға біз де профессорымыз деген пікірден шығады ғой деймін» деген ой желісі Сәкеннің бұған дейінгі әдеппен сызықтатып айтып келе жатқаны 1934 жыл айрықша қатты шықты. Мәскеуде бүкілодақтық жазушылар съезінде сөйлеген сөзінің құлақ бұрауы да осы ой болды. «До сих пор старшие писатели и поэты, пищущие на русском языке, еще не взялись за показ жизни национальностей. Не изучая зная народов СССР, они выдают выдуманные за реальное, ложные типы выдают за реальных людей нашей эпохи, пишут что им вздумается. В томе В.Иванова проступает барское отношение к малым народностям. Он иногда рисует ихнаивными, а то и просто идиотами», – десе, В.Шкловский, Афиногенов сынды орыс жазушыларын қатты сынап, СССР халықтарының намысын ашық қорғады. Мұндай сөзді сол съезде сөйлегендерден де, кейінгі уақытта жазғандардан да кездестірмейміз. Кешегі алашорданың ойларын Сәкен жаңа заманда жаңаша ашық және ащы жаңғыртып отырғанын аңғармау әбестік болар еді. 1937 жылы «халық жауы» атануына себептің мықтысы осы болғаны емес. Бір ғажабы, Сәкеннің осы 1934-37 жылдардағы сөйлеген сөздерінде, жазғандарында алаш ақын-жазушылары, әсіресе Мағжан туралы 1925-1929 жылдардағыдай өршелене қатқыл пікір айту өте аз. Соның бір үлкен мүмкіндігі, Сәкеннің аузын қағуға ешкімнің дәті бармайтын сәті 1934 жылы өткен жазушылар съезі болса, Сәкен мейлінше кең көсіле отырып, алаш әдебиетшілері жайында ызғарсыз сөзден әріге бармады. Біріншіден, олардың қуғын-сүргінге түсулері болса, екіншіден, олардың көп ойларының дұрыстығы, «социализм жеңген сайын таптық күрес күшейе түседі» деген жалған теорияның қисынсыздығына көріне бастаған еді. Ожарлықпен пікір айтқан М.Баталовтың ой-пікір теріске шығарып, жалпы европоцентристік көзқарасқа қарсы шыққан Сәкен қазақ әдебиетін жазылуынша оқи білмеген жолдастар қанша дегенмен оқи білген әдебиетшілерден артық біле алмайды. Баталов пен Сильченко жолдастардың «Қазақ ауыз әдебиетін және жазба әдебиеті» туралы жазған кітапшасының ішінде толып жатқан қате, былықтар бар. Наурызбай мен Абайды замандас қылып қойыпты, қысқасы, осындай былықтар толып жатыр» деп тұжырым жасады да, «біз Мұхтардың, Міржақыптың, Байтұрсыновтың, Жүсіпбектің, Сұлтанмахмұттың қай уақытта қалай жазғанын білеміз. Бұлардың жазып, баспа жүзіне шығарған сөздерін біздің оқымағанымыз жоқ шығар. Сондықтан Міржақыптың «Арыстан мен Сұрғылт аңдары», Байтұрсыновтың «Ала қойлары», Абайдың «Бүркіт пен қарғасы», Мағжанның «Мысық пен тышқан» ертегісі не екенін білеміз. Солармен бірге Мұхтардың «Көксергі» қай уақытта жазылғанын және не екенін біз білеміз. Мағжан совет заманында жұмбаққа кіріп, өзінің жазған «Қаныш байында» Қаныш байды қарақұрт шағып өлтіргенін, «Шын ертегісінде» мысық пен тышқандарын, Иран ертегісінде жұлдыз хабарын жазған кезінде Мұхтардың «Көксерегі» шыққан. Әлгі жұмбақты әңгімелерінде Мағжан Октябрь революциясына қарсы мысалдар келтіріп жазса, Мұхтар «Көксерегінде» интернационалдық пікірге қарсы мысал жазады. Әрине, әдебиеттегі суреттелген әңгімеге кірген хайуанның бәрі бірдей не бәр адамға, не бір пікірге мысал болып суреттелмейді. Бірақ мысал болып суреттелетіндері де болады, деп өз ойын өзі жұмсартып жатқан тұсы да бізге белгілі. Мағжан мұнда жалпы дүрмектің ішінде жүрсе де, шығармасы арқылы дараланғанын және онша ұнамды кейіпте аталмағанын айтпау әбестік болар еді. 1928 жылы 28 желтоқсанда алаштың ардагері Міржақып Дулатов тұтқындалды. Жүсіпбек Аймауытов 1929 жылы 14-мамырда, Ахмет Байтұрысынов 2 маусымда, Мағжан Қызылжар қаласында шілденің бас кезінде ұсталып, әуелі Алматы, одан кейін Мәскеудің Бұтырқа түрмесіне жөнетілген. 44 адамның бәрі бір іс – № 78754 бойынша қарғыс атқыр 58-дің 2, 4 және 11 баптарының қаһарына іліккен. Тілеулин Нақып пен Тұйғынбеков Дүзен жер бетіндегі тозақтан өліп құтылған да, он үші ату жазасына, қалғандары әртүрлі мерзімге сотталған.

МАТАСҚАН ТАҒДЫРЛАР

Кеңес өкіметі құлағаннан бері талайлар, ең әрісі қауіпсіздік комитетінің архивтерін ақтарғандардың бірде-бірі Сәбит түрме есігін ашыпты, келіп-кетіпті, куәлік беріпті дегендерді айтпайды, жазбайды. Олар Сәбит пен Сәкенді «аяғандықтан» емес, ондай деректің қолдарына түспеуінен, әйтпесе «Мағжан поэзиясы ұрдажық солақай сыншылардың қайталанбас шоғырын туғызған. Ғаббас Тоғжанов, Әбдірахман Байділдин бастаған кіші шоғырды былай қойғанда, әдебиетіміздің классиктері саналатын Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов ақын басын келмеске кетірген соң да, оның поэзиясына 20-30 жыл бойына анафема – лағынет жазып, күрес ашып келгенін енді біліп отырмыз» /Д.Досжанов. Абақты. 1993. 220-бет/ дегенді ойланбай, тіпті қысылмай айтқаны, «ұлттың сатқыны, Сәкенді итке талатып өлтіру сауап болған» деп жүргендердің қолында бір жапырақ қағаз болса, бүкіл Қазақстанды аяғынан тік тұрғызардай улап-шулап, елдің есін шығарар еді ғой. Қазақтың «дейді екені» құжат емес, ол – өсек-аяң. Содан кейін «екі жігіт таласқан сұлу қызды семинариядан шығарып, екі ақынның арасына арашаға кісі түседі. Сәкен Сейфуллиннің былайғы өмірінде Мағжан туралы жылы сөз айтпай кетуінің бір себебі осы арада жатыр ма деп ойлаймыз» /сонда, 233-бет/ деп ғұламаланудың, сөйтіп оқушы қауымды алдарқатудың, өзіңнің шолақ ойыңды емес-ау, долбарыңды сыртқа шығармай-ақ қойған дұрыс болар. Сондай-ақ «Мағжан мен Сәкен әуел бастан дос болған, сол дос қалпында өмірден өтті». /Х.Абдуллин. «Мағжан мен Сәкен», «Халық кеңесі», 15.07.1994/ деген сөзде де шалағайлық барын осы хикаяның өзі айтып, көрсетіп тұрса керек. Менің айтпағым, құр долбар, солай емес пе деген жорамал еш уақытта ақиқатқа жеткізбейді, жаңсақтыққа бастайды. Сондай жайлар қазақ арасында, оның ішінде ғалымдарда кездесіп жатуы, әрине, өкінішті. Сонымен, Мағжан 10 жылға сотталып, Карелияның батпағын кешті, Ақтеңіз каналын қазды, азапты күндермен бірге күңіренді. Өмір сәулесі жары келген сәтте ғана саңылаудан сығалағаны болмаса, мәңгілік тұманда жүргендей күй кешті. Сонда туған-туыс, жора-жолдастар жасамаған ерлікті жалғыз Зылиқа апамыз жасағанын ерекше айту ләзім. «Дариға сол күндерде күнім қараң...» деген естелігін жазып алған Р.Халықованың эссесінде «Мен ақын жарымның артынан жеті жылда 14 рет бардым. Қайтейін, Қызылжар мен Карелия арасында көздің жасын төгіп жүрген қаншама азапты жол қалды» /Қазақстан әйелдері, 1991 жыл, №7.28/ дегенді қалам ғана қиналмай жаза алады, әйтпесе... Өмір қиястығын көрсету үшін адамның екі түрлі қам-қарекетін меңзей кетейін. Және де көп түйінді шешуге, қазақ мәдениетінде болған жағдайды көрсетуге, молынан көрсетуге жағдай жасайды; сонымен бірге бүгінгілерді ойландыратын құбылыс. Ол – Сәкен, Мағжан, Сәбит қарым-қатынасы. Сәкен Сейфуллин ақталған тұста кейін алаш азаматтары, әсіресе Мағжан жарық дүниеге қайта келген шақта Сәбит Мұқановқа жабылмаған жала, айтылмаған өсек аз болды дей алмаймын. Оған елден бұрын Сәбеңнің өзі дем беретін. Идеологиялық ұрыншақтығымен еш пендені жатсынбай, ойындағысын айтып отыратын әдеті. «Сәбең айтты, Сәбең жазды» дегендердің қандайына болса да куәлікке жүретіндігі өтірік емес. Шынын айтқандарға да, өзінің қарақан басының пайдасын ойлап, Сәбит айтты деп өз пиғылын өткізгісі келгендерге былайғы жұрт сеніп қалатыны да бар. Сондықтан Сәбеңнің көзі тірі кезінде де, дүниеден өткен соң да басынан қиқу кетпей қойғаны, әлі де жалғасып келе жатқаны өтірік емес. Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановты советтік шындықтан, өздері жасаған қоғамнан бөліп ала алмаймыз. Совет елінің орнығу, құрылу, нығаю, өркен жаю кезеңдеріне қолма-қол араласып, барлық уақытта да белсенділік танытқандары рас. Оны ешкім алақанымен жасырып қоя алмайды. Осы дәуірлердің бәрінде де идеологиялық майданның жауынгер солдаты болып, жетекші идея-пікірлерді дәйекті насихаттағаны өтірік емес. Уақыт ұсынған негізгі идеялардан Сәкен мен Сәбиттің бар бақыты мен қуанышы, қателігі мен кемшілігі туындайды. Демек, олардың дүниетанымындағы иірімдер мен қайшылықтардың қай-қайсысы болмасын уақытпен, жаңа заманды орнату мақсатымен үндесіп жатқанын көреміз. Жаңа дәуірдің ұсынған ұлы идеяларын жүзеге асыруда қандай бұралаң жолдар кездескенін қазір көріп-біліп отырғанымызбен, сол процесс жүріп жатқанда көрегендік танытқандар өте аз. Пір тұтқан партияның өзі шалыс басқан кездері болыпты. Міне, осыны өз заманының бел баласы болған Сәкен мен Сәбиттен еселеп таппасақ, аз таппаймыз. Әркім өз биігіне ұмтылады, әркім өз базарының нарқымен баға береді. Әрине, жаңа заман орнату романтикасы, билікті қолға алып, ұлы мақсатқа жету жолындағы зор екпін, көп нәрсені кеуделеп, омыраулап жасаттырды. Пролеткульттардың ықпалы тиді. Оның үстіне мәдени-әдеби саладағы тарихи сабақтастықты дәйекті түсіну жағы да жетіспей жатты. Бүкіл совет елінде болған құбылыстан қазақстандықтар, әсіресе Сәкен мен Сәбит құр қалған жоқ. Сәбиттің таптық негізінде оянған сана-сезімі асыра сілтеуіне себепкер болды. Көпшілік жағдайда өрттің өтінде, шабуылдың алдында болғызды. Осыған байланысты Сәбит Мұқанов «Тап тартысы өткірленген уақытта мен ақын едім, жазушы едім, маған тарих, сын мәселесі неге керек?» – деп отыру, жауға жәрдем беру сияқтанды. Сондықтан, сол кезде ұлтшылдарға қарсы шыққан қазақ совет әдебиетінің әрі аз, әрі жас кадрларының қатарына қосылдым. Менің әдебиет тарихына, әдебиет сынына араласуыма себеп болды» деп бар шынын айтты. Ахмет Байтұрсыновтың елу жылдығында жазғаны, Абай туралы көзқарасындағы эволюция, мұра мәселесінде әпербақандыққа салынуы, тағы басқа артық-кем айтқан ойларын жіпке тізгенде, ойланатын бір жай бар. С.Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» 1-бөлім «ұлтшылдық», «байшылық дәуірі» деп аталатын көлемді еңбегі 1931 жылы 15-мамыр күні жазылып бітті. Сәбең бұл кезде Москваның Қызыл профессорлар институтында оқып жүрген-ді. Осы еңбекті жазу керек пе еді, әйтпесе оқуын сылтау қылып, сырғып кете беруі, «аш құлақтан тыныш құлақ» деуі керек пе еді? Әрине, шолақ ойлайтындарға мұндай еңбекке кіріспегені дұрыс болып көрінер, ал тарих үшін орны толмас өкініш болары сөзсіз еді. Қайран қалатын бір жәй, Сәбеңді сөзге қалдыратындар осы кітапты құрандай көріп, қолынан тастамайды. Бар деректі, өлең-жырды, керек-жарақты осы кітаптан алады да, Сәбеңнің артық-кем айтқан социологиялық ойларын келтіріп, өзіне қарсы шыға келеді. Өйтетін себебі, XX ғасыр басындағы әдебиетіміз туралы, әсіресе алаш қозғалысына қатысқандар туралы бұдан басқа қомақты да мол деректі еңбек болған емес. Мақтату үшін де, даттау үшін де, кешегіні білу үшін де Сәбеңнің осы кітабына ертеңді-кеш шоқынатын себебіміз осы. Мұндай қасиетке ие болған еңбекті даттап қаралағанша, қадір тұтып, шын сырын ұққанымыз орынды емес пе. Сәбеңнің өзін сөйлетсек, онда ол кісі бізге: «ХХ ғасырдан бастап қазақ әдебиетінде ұлтшыл-байшыл дәуір туды. Бұл дәуір – күні бүгінге дейін жасап келе жатқан дәуір және пролетариат үшін ең қауіпті дәуір. Ауылдағы санасы толыспаған еңбекшілердің біразы бұл әдебиеттен әлі де әсерленеді. Әдебиет дәстүрлерін түгел зерттеу бізге өзгесінен гөрі маңыздырақ болды. Өйткені, қай дәуірдің әдебиетін зерттесек те, біз сол дәуірге қайтып оралу үшін емес, сол дәуірді ұғынып, еңбекші бұқараға ұқтырып, пайдалысын алып, залалынан бездіру үшін, өткен өмірдің кескінін көрсету үшін зерттейміз» /7-8-беттер/ деп өзінің негізгі мақсатының сырын ашып, оған әлеуметтік, көркемдік мән береді. Сәбит Мұқанов – уақыттың, заманның бел баласы. Оның «Адасқандар» атты романы 1931 жылы шыққанда, үшінші тарауы, яғни «Еркіннің сыры» дейтін бөлім түгелдей алашорда мәселесіне арналған болатын. Бұл кезде Голощекиннің зорлауымен Қазақстанда қоғамдық-әлеуметтік және әдеби-көркем ой, бүкіл идеология қолдан жасап алған «жау», алашшылдармен күресуге бағытталған болатын. Ал Мирзоян келіп, заман сабасына түсе бастаған шақта 1935 жылы шыққан «Адасқандардың» екінші басылымынан үшінші тарау мүлде алынып тасталды. «Сын бая» деп орысшаға аударылғанда, Бәтес пен Бүркіттің арасындағы махаббат желісін ғана сақтады. Мәскеудегі «Комсомольская правда» таптық көзқарас жетіспейді деп шаптықса, «Литературная газета» бай балаларын тым әспеттеп жіберген екен деп сынай отырып, қазақ әдебиетінде осындай романның тууы ұнамды да игі көрініс деп тапты.

1959 жылы «Мөлдір махаббатты» шығарғанда С.Мұқанов сол кездегі идеологиялық қысымшылыққа сай алаш мәселесін кеңейте жазды. Олай етпеске шарасы жоқ еді. Өйткені алаш түгіл, қазақтың азаматтық тарихы, әдебиет үлгілері халыққа жат, зиянды деп шаптығып жатқан болатынбыз. Сондықтан С.Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген монументальды еңбегінің нәрі мен сөлін дұрыстап бағдарлап, артық-кем айтқандарын әшкерелеу үшін емес, тарихымызды түзету, шалыс қадамдарды оңға бастау мақсатымен пайдалана білуіміз керек. Сосын, Қазақстан өлкелік комитетінің насихат және мәдениет бөлімдері мен Қазақстанның марксизм-ленинизм институты бірлесіп, 1932 жылы «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанда теория майданындағы күрес міндеттері туралы» қаулы алып /бұл залалды қаулы тек 1990 жылы күшінен айырылды, алаштың атын атаса, пәлеге қалатын болдық. Алашшылдар анасының жатырында жатқанда-ақ ұлтшыл болған деген түсінік қалыптастырды. Ғылыми пайым жайына қалып, ертеңді-кеш саясат сауғанымыз өтірік емес. Соның бел ортасында С.Мұқанов жүргені тағы шындық.

МАҒЖАН – СӘБИТ

1926-1928 жылдардағы әдеби айтыста Мағжанның аты аталмай қалған күн болмады. «Тоқсанның тобын» жазып, «кінәсін» мойындаса да, сын сойылы тыйылмады. Ақыры алаш азаматтары тұтқындалып, сотталғаннан кейін сорақы ой-пікірлер Ахмет, Мағжандар туралы мейлінше көп жазылды, қоғамдық-әлеуметтік және партиялық сөздің бисмилласына айналды. Осындай тұлан тұтқан заманда «XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің» жай-күйін С.Мұқановтың сол тұстағы көңіл ауанмен баяндап беруін біздің бүгінгі зерттеушілеріміз «үстірт тұжырымдардың негізі қаланып, күні бүгінге дейін өз күшін жоймай келе жатқанына С.Мұқанов кінәлі?» («Алматы ақшамы», 01.09.1989) дегенді Батырхан Дәрімбетовке айтқызып, ғылым докторлары Мүсілім Базарбаев пен Рахманқұл Бердібаевтардың бата берулері, сондай ой-пікірлерді өздері айтпағандай бола қалулары келісіп тұрған көрініс емес. С.Мұқановтың дөрекі социологиялық позицияда жазған осы еңбегінде әрбір дарын жөнінде түйетін ойына, жасайтын қорытындыларына назар аударсақ, «іштегі ойдың» біраз сырын аңғарып қалуымыз да мүмкін. Бүкіл идеологиялық аппарат тұлан тұтып жатқанда «Қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес. Бұны пролетариат та бағалайды» /122- бет/ деуі ең негізгі тарихи түйін екені сөзсіз. Не болмаса, Мағжанды бағалағанда «Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ» /238-бет/ деп тауып, өзінің негізгі мақсаты «Мағжанның түгін тастамай сынау емес, оның әдебиет тарихында алатын орнының мөлшерін көрсету. Мағжанды тексерудің бұл алды-арты болмақ емес. Бұдан кейін де талай тексерулер болмақ» /285-бет/ дегенін тек қыңырлар ғана құлаққа іліп алмайды. Мағжан жайында ой-пікір эволюциясы мүлдем ала-құла, кереғар болғандығы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтен кейінгі жастардың жазғандарынан көпшілікке белгілі. Тіпті 1929 жылы өзінің күнделігіне Абайдан кейін Мағжанды сүйемін деп жазған М.Әуезовтің көркемдік-әлеуметтік биігіне шыққан кезде, Қазан төңкерісінің 40 жылдығына жасаған баяндамасында зілдене айтқан ойлары таң қалдырмай қоймайды. Міне, осы арада әдебиетшілер де, тарихшылар да біле бермейтін, қазір құлақтанып қалған бір жайды айта кетейін. Кандидаттық диссертациямның бірінші оппоненті болуды өзі тілеген С.Мұқановтың жазба пікірін алайын деп 1959 жылы 15-қарашада үйіне бардым. 4-қабатта тұрады екен. Сонда Сәбең 1934 жылы 2-қарашада Қызыл профессорлар институтының соңғы курсында оқып жүрген кезінде Беломор каналында айдалып жүрген Мағжан Жұмабаевқа хат жазғанын айтып, оқып берді. Хаттың негізгі мазмұны – таяуда түрмеден шығасыз, сонда қай жақта боласыз, зорлық-зомбылықты кек тұтпай шығасыз ба, әлде советті жақтайсыз ба? «Тоқсанның тобы» мен «Толғауда» совет идеологиясына қарай ойысқан негізгі сюжетін дұрыс түсінгенмен, дер кезінде оның жақсы қасиеттерін бағалауда кемшіліктер жібергенімді мойындаймын деп алады да, біз үшін қазақтың қасиетті поэзиясының келешегі үшін Сіздің совет жағына шыққаныңыз үлкен олжа болар еді», - деген ойларын айтыпты. «Сізге тиісті орындар жазғызды ма?» – деп сұрағанымда, «Жоқ, өзім жаздым – арымның әмірімен жазғанмын», – деді. Хат қазір музей қорында. Сәбең ол хатына жауап алмапты. Тап осы хат туралы Жайық Бектұров сол кезде айтылған пікірді келтіреді: «Мағжанның ақындығы да, кісілігі де ерекше бөлек еді, – деді өзінің көңілді кезіндегі көп әңгімелердің бірінде Сәбит ағамыз. – Мінезі баладай, тілі балдай еді. Адамға қайырымды, кешірімді, қалтқысыз жан еді. Білімді, алғыр, ойшыл, орысшаға, шығыс тілдеріне ерекше жетік. Мағжанның жеке өз басының кісілігінде, адамға, жолдастарға қарым-қатынасында зәредей қалтқы жоқ-ты. Ақындық өнеріне, біліміне келсек, алаштың екі күшті адамының бірі, тіпті ең дарындысы, күштісі Мағжан болатын. Бірі біздің осы күнгі Мұхтар Әуезов еді» деп алады да, осындай асыл дарынға арашашы болмақ ниетпен: «Мен Мағжанға 1932-1933 жылдары Москвада оқуда жүргенімде ГПУ-ден рұқсат алып, оған лагерьге, Мурманск жағына хат жазып жібердім» (Бес арыс. «Жалын». 1992. 325-бет), –деп менің жоғарыда айтқан дерегімнің рас екендігін дәлелдейді. Сәбитті 1937 жылы партиядан шығаруға себепші болған да осы жай көрінеді. Оған мынадай мұрағатты келтірейін: «Обвинение, предъявленное Муканову о его переписке с Джумабаевым и оказании ему денежной помощи, когда Джумабаев был в ссылке, ничем не подтверждается» (Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 г.г.» «Казахстан», 1998. 181-бет) деген сөз жеңілдеткісі келмегендердің жалтармасы ғана, әйтпесе 1937 жылғы «қырғын» жиналыстарда көп қызылкөздердің аузынан шыққан-ды. Бұл нәтижесіз әрекет емес еді. М.Горький мен оның зайыбы Е.Пешкованың Мағжанға қол ұшын созуы тек қана Зылиқа апайдың талпынуымен ғана емес, мүмкін, Сәбең әрекеті де араласқан шығар деген ойға еріксіз жетектейді. Басқалармен ақылдассын мейлі, ақылдаспасын мейлі, қазақ даласындай далиған жүрегі бар Сәбеңнің мұндайдан қалыс қалуы мүмкін еместей көрінеді. Бұл аз болса, «Когда Жумабаев в ссылке, Сейфуллин имел с ним переписку и оказывал денежную помощь» дегенді Қазақстан Республикасы Президентінің архивінен табылған деректер (сонда 180-бет), бір-бірімен тығыз байланыста болған Сәкен мен Сәбиттің азаматтығын көрсетсе керек. Осы жайды Зылиқа апай айтумен өтті, жазып та қалдырды. «Сәкен Сейфуллин ағаның Алматыға шақырған хабары келді». («Қазақстан әйелдері». Р.Халықова. «Дариға сол күндерде күнім қараң» естелігі. /1990. №11. 28-бет) деп аталады да, азаттықтың хабарын әңгімелеп кетеді. Оның бізге де қажеттігі бар. «1936 жылы «бостандыққа шықтым» деген қуанышты хабар жетті. Содан Мағжанға жетуге асықтым. Екеуіміз көрген сергелдең бір күнгідей болмады. Қайта табысып, Ленинградта уақытша пәтер жалдап тұрдық. Ол ескі таныстарына кездесіп, қолжазбаларын реттеді де, Қызылжарға тарттық» деген естеліктегі «қолжазбада» түрмедегі азапты күндерде Мағжанның ойына талай рет жыланша оралған шумақтар жазылғаны сөзсіз ғой. Бірақ өкініштісі – олардың бізге жетпеуі. Өнер жолына бұрынғыдай шам алып түспесе де, 1923 жылы «Батыр Баянға» кірісерде «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген Мағжанның шын абақтыға түскенде күңірене жүріп төккен өлеңдері аз болмаса керек. 1936 жылы 27-қыркүйекте Сәбит Мұқанов басшылық етіп отырған Қазақстан Жазушылар одағына Мағжан хат жазып: «Өзімнің кінәма лайықты жазамды өтедім. Еңбектің қара қазанына қайнап, адасулар мен арам ойлардан мәңгілікке арылдым. Мен бұрынғы ойларымнан арылып, бай мен ұлтшылдардың жолынан бас тарттым және жаңа жолға, еңбекшілер жолына бет бұрдым. Мен қалған өмірімді берік ниетім мен үмітімді дәлелдеу үшін социалистік құрылыста еңбек етуге бел будым, ісіммен барлық ескі көзқарастан арылғанымды көрсеткім келеді. Мен үшін енді еңбекші таптың, коммунистік партияның жолынан басқа жол жоқ. Еңбекші табы әдебиетінің жетекшісі – Жазушылар Одағы Басқармасының менің өткен кезеңдегі адасушылығымды қатал сынға ала отырып, сыртқа теппей, өзіне тартып, Жазушылар одағына мүшелікке қабылдап, жетекшілік етуін, көмек беруін сұраймын. Мағжан Жұмабаев. Петропавловск қаласы, Дзержинский көшесі, №19 үй» деп ағынан жарылса да, Сәбит Мұқанов қол ұшын беруге ыңғайланғанмен, қыңырайғандар мен күдіктенушілер аз болмады. Сонда да Сәбеңнің Мағжанмен хабар-ошары үзілмеген. Оған мына хат дәлел: «Құрметті жолдасым Сәбит. Сіз менің Петропавловскідегі орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүргенімнен хабардар боларсыз. Январьдың басында мені қызметімнен босату туралы мәселе қозғалғанымен де, біраз уақытқа басылып қалған еді. Бірақ январьдың соңында бұл жай тағы әңгіме болды да, мені жұмыстан шығарып жіберді. Не себепті босатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды, жұмыссыз отырмын. Декабрьде көркем әдебиеттердің қазақ баспасымен Толстойдың «І Петр», Некрасовтың «Декабристерін» аударуға келісім-шартқа отырған едім. Содан бері одан да хабар жоқ. Ол жақтан мен өте қиын халде оралдым. Әсіресе, жұмыссыздығым жаныма жаман батады. Мен Қазақстанға жаңа жолға түсекенімді өзімнің қалам күшіммен көрсетсем деген жалғыз тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүшкілдігін айта отырып, Сізді де бірдемеге міндеттегім келмейді. Сізге осылай жазуға қазіргі халім итермелеп отыр. Кешіріңіз. Бұл хатты қыдырып келген туыстарым жақтан, Степняктан жазып отырмын». Қасіретті хат екенін, уақыт ызғарын сездіретін хат екенін өздеріңіз де байқап отырсыздар. Осындай кезде Сәбит Мұқановтың теріс айналып кетуіне, жауап бермей қоюына болар ма еді? Әбден болар еді, ешкім сөкпес еді, ондайлар Мағжанмен талай жыл қоян-қолтық араласып, идеялас болып жүргендер арасында көп болғаны да тарихқа белгілі. Ал Сәбең не істеді? Байқап отырсыздар ғой, тарихтың ең бір қаралы күндеріне жақындап келеміз. Сондықтан Мағжан мен Сәкен екеуінің қарым-қатынасы ғана емес, енді бүкіл қазақ әдебиетінің қайраткерлеріне қатысты күн мен айды сағат болмағанмен апталап, бір оқиғадан кейін екінші құбылысты жанастыра отырып баяндасақ, көп шындықтың сырына қанығамыз және оны білгенімізге өкінбейтін боламыз.

МАҒЖАН – СӘКЕН

Сәбит Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы болған соң, оның әрбір қадамында белгілі дәрежеде ресмилік сипат жүретіндіктен, Сәкен екеуі Мағжанның келешегі туралы мықтап ақылдасқан сияқты. Айдалып жүргенде хат жазып, жәрдем көрсеткен Сәкен Мағжан елге келген соң хабарын үзуді ар санағаны сөзсіз. Сондықтан «Сәкен Сейфуллин ағаның Алматыға шақыртқан хабары келді» деген Зылиқа апай сөзіне әбден сенеміз. «Астана ғой, зиялы ағалар ортасына барайық» деп Мағжан өтінген соң, тез жиналып, жолға шықтық» дегенін Хамза Абдуллин «1937 жылдың 18-мартында Мағжан Сәкен Сейфуллиннің шақыруы бойынша Қызылжар қаласынан Алматыға жүріп кетті («Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары». 1993. 37-бет.) деп нақтылай түседі. Омбы – Новосібір – Барнауыл – Семейлетіп Алматыға жететін ұзақ жолдың қай бұрылысында қаншама күн болып, неше пересадка жасағаны, қаражатсыз адамның қай жерде қанша ашыққанын кім білсін, әйтеуір наурыздың жиырма бесінде астанаға жетеді. Сәбең Мәриям жеңгейге қазан көтертіп қарсы алады. Ол жөнінде «Қазақстан әйелдері» журналында Зылиқа апай жазды, теледидардан айтты. Поездан түскеннен кейін Мағжан Сәбитке: «Мен алдымен Сәкенге сәлем берейін. Онын жолы дұрыс, менікі – бұрыс болды» деген екен. ІІ Алматыға жеткізетін ат-арба іздеуді сылтауратып, Сәбең Сәкенге телефон шалыпты. «Алып кел» деген жалғыз ауыз сөз болыпты бар айтқаны. Бұл тұста Мәскеудегі Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұловқа төнген бұлттың хабары Қазақстанға дүңкілдей жетіп жатқан кез болатын. Ғаббас Тоғжанов пен Ілияс Жансүгіровтің, көп уақыт Жазушылар одағына хатшы болған Қадыр Қуанышовтың тағдыры шешіліп, тұтқындалу сәті тақалып қалған-ды. Әлгі хабардан кейін Сәкеннің үй-іші айырықша қонақ келердей әбігерге түседі. «К.Маркс пен Виноградов көшесінің қиылысындағы үйіміздің ауласына қазан көтердім. Сәкен жұмысқа баратындай сәндене киініп, қара костюміне ажар беретін әдемі галстугін тағып алып, ауланың ішінде Мағжандар келгенше теңселді де жүрді. Мағжан есіктен кіріп келе жатқанда, Сәкен қапсыра құшақтап алғанда, иығы дірілдегендей болды. Екеуінің көздеріндегі жас – сағыныш пен өкініштің дабын аңғартқандай еді» дегенді Гүлбаһрам Сейфуллинадан өз құлағыммен естіген едім. Мағжан мен Зылиқа апай сол қүні Сәкен үйінде қонып шығады да, ертеңіне Сәбең үйінде түнемелеп шыққан қонақасыға барады. 1989 жылы Мағжанды еске түсіру кешін өткізгенде, Жазушылар Одағының хатшысы болған академик Мұхамеджан Қаратаев естелік айтты. Сонда «1937 жылдың сәуір айының бас кезінде жұмысқа келсем, мен танымайтын бір бөгделеу адам есік алдында жүр екен. Амандасып, Сәбеңді тосып тұрғанын білген соң кабинетке кірдік. Жайғасып отырған соң әлгі кісі: «Мен Мағжан Жұмабаевпын» дегенде, орнымнан қалай тұрып кеткенімді өзім байқамай қалыппын. Өйткені, ол кісінің атақ-даңқына бұрыннан әбден қанықпын да, өзін көрген жоқ ем. Сөйтіп тұрғанымызда Сәбең кіріп келді де, амандық-саулықтан кейін Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Садық Нұрпейісовке телефон соқты. «Келіңдер» деген болу керек, үшеуміз бірге барып, Садықтың есігін аша бергенде орнынан атып тұрды да «тосып отыр» деп Мирзоянға алып барды. Кабинетте Сәкен отыр екен. Жылы шырайлы амандықтан кейін: Жұмабаев жолдас өздеріңіз айтқандай зор талант иесі болса алғашқы әзірде, көңіл хошы келгенше, аударма неге жасатпайсыздар? Қоныс-жайын да ойласыңыздар, – деп ақыл қосты. Содан кейін мен Мағжанды көрген жоқпын», – деді. Осы іс-әрекеттердің бәрін растайтын құжатты мен 1999 жылдың 15 ақпанында таптым. Түгел келтірейін. «21 апреля. 1937 г. секретно. тов. Джаманкулов! Как тебе известно, в Алма-Ату приехал алашординский поэт Магжан Жумабаев (который) написал на имя Союза писателей заявление о том, что признает антисоветские ошибки и просит помочь ему исправиться и дать работу. По этому поводу я на днях беседовал с тов. Мирзояном. Он мне говорил, что дать работу, то есть дать на перевод на казахский язык из произведений классиков русской литературы, чтобы этим ему оказать материальную помощь. Тов. Мирзоян мне говорил, что «окажите ему материальную (помощь), а потом видно будет, насколько он покажет себя, что исправляется». Прошу тебя, как члена партии и зав... КИХЛ-ом, учесть эту мою записку и слова тов. Мирзояна на перевод с выдачей аванса по договору.

С ком. приветом, Пред. ССПК и член партии С.Муканов.
Резолюция: будет учтено при заключении договора.

Редактор. 21 апреля 1937 г.» (1998. 56-57-беттер) дегенде бірнеше рет Мирзоянның атын атап, партияны көлденең тартып, өтініш жасауы, бірден «солай етіңдер» деп әмір бере алмауы Сәбиттің жасқаншақтығынан емес, сақтық жасағанын көрсетсе, екінші жағынан Мағжанға деген «Таптық өшінің» қайтқандығын аңғартса керек. Өз еркімен 1934 жылы жазған хатындағы идеяға берік, яғни, Мағжанның совет қаламгері болуына тілектес екендігін ұмытпағанын көреміз. Сәбеңнің бұл тілегі тез орындала қоймаған уақытта Сәкен араласады. Сәбит КИХЛ-дың редакторы Рахымжан Жаманқұловқа хат жазса, «Социалистік Қазақстан» газетінің қаралаған хабарына жауап бергенінде «Мағжан Жұмабаевтың совет үкіметінен қылмысыма лайық әділ жаза тартып, түзелдім» деген сөзіне алданып, оған либералдық жасағаным, Қазақ көркемсөз баспасынан немістің фашизмге қарсы жазушысы Файхтвагнердің «Оппегейм семьясы» деген романын аудару үшін беруге себепкер болғаным рас. Бұл қателікті мойынға алып, толық түзетем» деп Мағжан әлі ұсталмай тұрғанда, Алматыда кім көрінгенге барып, жұмыс таба алмай сандалып жүргенде кінәні мойнына алғаны бар Сәбиттің. Заман қиындап, қызылкөздер әлгіндей жәрдемді «моншақтай» жіпке тізіп жатқан уақытта КИХЛ-дың директоры Хамза Жүсіпбековке Сәкен мен Мағжан екеуі барып, кешегі шәкірті, бүгінгі басшы болып отырған Хамзаның қиқаңдағанына қаратпай, өзінің сенімхатымен тарыққан Мағжанға ақша алып бергені әрі көзсіз батырлық, әрі адамгершілік деп ұлылардың ізін баққандар есептеген жоқ. Сәкенге қарсы бұлт төне бастағанда, «алашордашылға жәрдемдесіп, жат пиғылынан айырылмаған адам болып, «халық жауына» айналғаны айтуға ғана оңай.

ҚАНДЫ ДА ҚАСІРЕТТІ ОТЫЗ ЖЕТІ

1937 жылдың көктемінен бастап репрессия күшейіп, газеттердегі сөздердің ыңғайы мүлдем қисынсыздана бастады. «Социалистік Қазақстан» газетінде 1937 жылы 18-мамырда «Шуховтың ылаңы», М.Ақынжановтың 4-шілдеде «Алашордашыл бір контрабанда», 8-шілдеде «Жинақтар туралы немесе алашордашыл контрабанданың тағы бір түрі туралы» редакциялық мақаланы Ілияс Қабыловтың 29-шілдеде «Троцкийшіл, оңшыл, ұлтшыл сұмырайларды түгел құртайық», 29-тамызда Мұқаметжан Қаратаевтың «Қазақ әдебиетіндегі авербаховшылдықтың қалдығын толық жою керек», «Лениншіл жас» газетінде «Жазушылардағы есуастық дерт» (11.04.1937). «Жазушылар ұйымының, Көркемөнер комитетінің елеусіз қалдырған жұмыстары» (12.04), «Тісі шықпаған үлкен балалар» («Қазақ әдебиеті») газетінің бір мақаласы жөнінде» (15.04.), Жұмағали Саинның «Тағы да жазушылар ұйымы басшылығының либералдығы, көркем әдебиет баспасының саяси бейғамдылығы туралы» (18.04.), Есмағамбет Ысмайыловтың «Қазақ әдебиеті» редакторының жағымпаздығы туралы» (27.04.), редакция атынан «Тағы да «Адасқандар» туралы немесе Сәбит Мұқановтың әдебиеттегі байшылдығы» (18.07) сықылды жарияланымдар Қазақстан жазушылар одағы коммунистерінің 11-13 шілдеде өткен жабық жиналысында Хамза Жүсіпбектің баяндамасында барынша тұздықтала жеткізілді. Оның бар түйіні: «Біз қатені түзегіміз келсе, Орталық Комитеттің органдарының сынын толығымен, ешбір оговоркасыз дұрыс деу керек» деп, кінәсіз болса да мойынға алуға міндеттеді. Бұған Сәкен көнбей, шығарманың қай уақытта жазылғанын ескеру керек, әйтпесе өткен-кеткеннің бәрін жия берсек, сау-тамтығымыз қалмас. Троцкий: «Бандитке Сәкен өлең арнады», – дейді. (Ол уақытта ол бандит емес, Политбюро мүшесі еді). Бандит екенін білсем мен жазам ба? Сыншыларымыз осы жағын ескермейді. 1922 жылы «Азия» сықылды өлең жазсам, одан кейін ондай өлең жаздым ба? Жоқ, жазғам жоқ, қайталағаным жоқ. Енді сол үшін «Ұра беру керек пе?», «Тар жол, тайғақ кешуге» жаулар кіріп кеткен себебі – бұл кітап шыққан кезде Нұрмақов, Асылбеков, Сарымолдаев жау екені ашық болмаған еді. Байтұрсынов, Қоңыратбаев, Айсарин, Уәлиахметовтер туралы – оларды маңайға жуытпау керек дегем. Ол фактіні осындағы жолдастардың бәрі де біледі. 1920 жылы наркомнацтың журналына мақала жаздым. Сонда Байтұрсынов коммунизм жағына шықты деп қана жаздым. Асыра мақтаған жерім жоқ. Мағжанның біздің арамызға кіруіне тіпті қарсы болдым. Кемшіліктерім көп, қырағылық еткенмен оны жеріне жеткізбейтін жерлерім де болады» деген жан сөзі ескерілмеді. Мәскеуде жүргендіктен, жиналысқа қатыспағанына қарамай Жазушылардың пленумында Сәбиттің сынға қарсы болған қорытынды сөзіне соққы бермедік» деп өкіне келіп, Хамза қаулымызға Сәбит туралы қатты айту керек. Оны тез шақырып, партиялық мәселесін қарау керек» деп айтқан ызғарлы сөздер газеттердің 1, 23 сәуірдегі, 6, 28 маусымдағы, 8 шілдедегі мақалаларда өрби келіп «Руководители правления ССПК, в частности Муканов, Сейфуллин, Джансугуров, Тогжанов и другие не сделали до сих пор всех необходимых выводов из указаний февральского-мартовского пленума ЦК ВКП(б) и тов. Сталиа, не развернули большевисткую критику и самокритику собственных недостатков и ошибок, в результате чего продолжает еще царить в Союзе писателей Казахстана идиотская болезнь – политическая беспечность и приступление революционной бдительности» (Политическая репрессия в Казахстане в 1937-1938 г.г. 1998. 78-79-беттер) деп ең әуелі жетекші болып отырған Сәбитке шүйлігеді. «Тов. Муканов, как председатель правления, зажимал здоровый голос критики, показывая в своей практике ярчайший образец гнилого либерализма и пособничества к врагам». «Қазақ әдебиеті» газетінде Жазушылар одағының бастауыш партия ұйымының хатшысы Қалқаман Әбдіқадыров «Әдебиеттегі троцкийшіл-бухариншіл, ұлтшыл-фашист зиянкестерді жеріне жеткізе құрту керек» (18.08.) деген қиратқыш мақаласында осыны дамыта түсіп, «Сәбит өз шығармаларында, «Адасқандарда» да байды мақтап, 1932 жылы басылған «XX ғасырдағы қазақ әдебиетінде» халық жаулары – алашордашылардың объективті революциялық рөлі бар деген қателері үстіне соңғы кезге шейін халық жауларына (Айсарин, Жұмабаев, Асылбековтерге) көріне ымырашылдық жасады. Өз шығармаларын халық жаулары Досмұхамедов, Малдыбаевтарға аударуға берді. Жұмабаевты қызметке орналастыруға ниеттегені, тағы басқалары – Сәбиттің жай ғана қатесі емес, үлкен саяси қатесі» деп тұздықтай түсті. Ол – ол ма, «С.Муканов под своей редакцией выпускает сборник националистических антисоветских рассказов Ауэзова («В тени прошлого и «Караш-караш») и предпослал политически путаное предисловие собранию сочинений Торайгырова... становится ясным, что он не обеспечивал политическое и организационное руководства Союза, нарушает государственную дисциплину, не выполняет партийную обязанность» (сонда 80-бет) дегендерді оқығанда төбе шашың тік тұрып, кедейшілігінің арқасында түрмеге жабылмағаны болмаса, Сәбиттің көрген күнін басқаға бермесін деуге тура келеді. Дегенмен, қарапайым адалдық пен аңғалдық Сәбиттің нені болса да ашып айтатын әдетінен жаңылдыра алмағанын бір оқиға арқылы көрсете кетейін. 1937 жылғы қуғын-сүргін әуелі атақтылардан емес, қарапайым талантты жастардан басталды. Оған «Лениншіл жас» газеті жел беріп отырды. Жұмағали Саинның «Тәжібаев Әбділда және оның достары» деп мақала жазғанда «халық жауы» ретінде ұсталған Абат Әлібаев (1905 жылы туған), Қадыр Қуанышев (1906), Әлібек Қоңыратбаев (1905), Уәлиахметовтерді Әбділданың досы, осыларды дер кезінде әшкерелемеді, бірге ішіп, бірге сайрандады, енді осы қатесін мойындауы керек, оның үстіне сарыуайымшыл өлең жазады деп әсіре белсенділікке салынғаны бар. Осы мақаланы Жазушылар одағы қолма-қол 24-маусымда талқылады. Баяндама жасаған М.Қаратаев бұл «қателіктердің» үстіне саяси мәні бар шығармашылық кінәраттарды қосақтады. Әбділдаға іш тартып, жақтағысы келген Мұхтар Әуезов: «Тәжібаевтың классиктердің жазғанын көп оқитыны рас. Бірақ оқығанда және үлгі алып жазғанда механический жолмен кете береді, сынап алмайды. Ол совет ақынына лайық жол емес. Тәжібаевтың өлеңдерінің ішінде Жұмабаевтың өлең жолдары да кездесіп қалады» («Лениншіл жас», 29.06.1937), дегені Әбділданы «сынағаны» сияқты болды. Ашық ақтауға бара алмады, ал Сәбит Мұқанов: «Мен Тәжібаевты бізге жау деп ойламаймын. Бұл біздің өзіміздің кісіміз. Мен Тәжібаевты түбінде жақсы жазушы болады деп жақын тартқаным да рас. Әбділдадан мен үмітімді үзген адам емеспін» (сонда) деген сөздері әрине «науқан» жүріп жатқан кезде кім болса да жалаулатып ұстауға жарайтын «масқара факті», бірақ Сәбең шындықтан таймаған. Кейінгі даттаушылар қаншама ұнамсыздықты «тауып» жатса да Сәбең ағын ақ, қараны қара деп айтудан тартынбаған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегенді мықтап ұстанған, бірақ алаштарға, әсіресе Мағжанға келгенде «тап шоқпарын» ала жүгіретін сәттерін айтпасқа болмайды. Мен ең бір қиын мәселені, Сәкен – Мағжан – Сәбит қарым-қатынастар-ын әдейі тарамдата баяндап отырмын, өйткені қазақтың «дейді екен, деген екен» дегендері көбіне-көп Сәбең арқылы еселеніп, дабыраланып жататыны өтірік емес. Өзі де додаға түсіп, өзгелерді де «тыныш ұйықтатпағаны» рас. Сәбит Мұқанов 1937 жылдың ең ауыр сәттерінде Алматыда болған жоқ, шығармашылық қажеттікті сылтауратып, өзі үйреніп, бауыр басып қалған Мәскеуге жылыстап кетті. Бірақ оған қараған ешкім болмады, жиын-жиналыстарда сөйлеген сөзде, газет-журналдарда жазылған мақалаларда Сәбит Мұқановтың аталмай қалған кезі жоқ. Соның ең биік шыңы – 1937 жылы 7 қыркүйекте Алматыдағы ақын-жазушылардың «Ұлтшыл-фашистердің әдебиеттегі зиянкесті істерімен күресу және жас кадрларды өсіру туралы» (баяндамашы – М.Қаратаев) өткізген жиналысы болды. Оған Сәкен, Сәбит, Бейімбет, Ғабит қатысқан жоқ. Ғаббас, Ілияс болса тұтқындалған-ды. Сөйлеушілердің «Сәбит өзінің қателерін әлі толық мойындап болған жоқ» дегендерін былай қойғанда, арнайы қаулы алғанда «Екіжүзді халық жауларының көп уақыт әшкереленбей, қастық істеп келгенін көрмей қалуға себеп – жазушылар ұйымында, Сталин жолдас айтқандай, саяси бейғамдық, шірік либералдық аурулардың кең орын тебуінен. Қазақстан совет жазушылар ұйымының бұрын-соңды басшылығында болып келген Мұқанов, Сейфуллин, Майлин жолдастар халық жауларын кезінде жеріне жете әшкерелей алмаған, олардың көп қылықтарына мән бермеген, либералдық, ымырашылдық істеп, өздері де көп саяси қателіктер жіберген. Жазушылар правлениесінің бастығы Мұқанов жолдаста, көркем әдебиет баспасының бастығы Жаманқұловта ұйым жұмысындағы Жансүгіров, Қоңыратбаев, Тоғжанов, Қуанышев сияқты жаулардың зиянкестігінен қалған теріс тәжірибе бар» (Қазақстан Республикасының мемлекеттік архиві. 1778 фонды, 43-іс, 21-бет) деген тұжырым жасап, басшылардың бәрін жарқабаққа әкеліп қойды. Бұлардың бәрі газет-журналдарда жарияланып жатқан мақалалардың, шынын айтқанда, у-шудың нәтижесі еді. Соның бір көрінісі Сәбиттің баяғыда шыққан «Адасқандар» романына байланыстырылғанында «Лениншіл жас» газетінің редакциялық мақаласы «С.Мұқановтың бір шығармасы туралы сөз қозғап, Мұқановтың әдебиетке байшылдық, ұлтшылдық идеяларды кіргізіп жібергенін айтып өтпекпіз» (18.07.1937) дегені басқа бір жазушыға айтылса бір сәрі, ал қалам ұстағаннан бері байшылдық пен ұлтшылдыққа қарсы күресіп келгенін ұмытып, әйтеуір қаралап, даттай беру екенін көреміз.

ӨСЕК – ДЕРЕК ЕМЕС

Міне, осындай қисынды-қисынсыз жалалар мен мәліметтер нәтижесінде Сәбит Мұқанов Мәскеуден оралған күннің ертеңіне, 2-қазанда Жазушылар одағы басшылығынан босатылып, орнына М.Қаратаев отырды. Екі күн бойы партиялық мәселесі қаралып, Өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушілері Ілияс Қабылов пен Ғабит Мүсіреповтің табанды талаптарымен партиядан шығарылды. «Сәкеннің соты» деген еңбегімді жазарда архивке баруға қорықтым. Сәкен ісін қарап отырғанда алдымнан талай ардақты ағалар, атақты ақын-жазушылар шыға келер. Сәкенге куә болған шығар, әсіресе Сәбит Мұқанов кездесер деген ой жеңіп, мазалай берген соң, Сәкен мен Сәбиттің ғана емес, сол кездегі жай-күйдің куәсі болған Мариям Қожахметқызы Мұқановаға жолығып, сыр тартуды жөн көрдім.

– Мәке, жасыратыны жоқ, Сәбеңе осы кезде әртүрлі өсек-аяңды жабыстырушылар көбеймесе, азайған жоқ. Сәбеңнің көзі тірісінде-ақ Сәкеннің көзін құртқан Сәбит еді, сол айыбын өтеу үшін Сәкеншіл болып жүр деген өсекті өздеріңіз де талай естідіңіздер. Осының өтірік-шыны қалай?

Сәкен ұсталып, сотталып жатқанда Сәбеңе бір соқпауы, НКВД-ға, сотқа шақырмауы мүмкін емес қой? Сәкенмен байланысты болды, Мағжанға көмектесті деп партиядан шығарғанда, соның бір салқыны Сәбеңе тимеді дегенге ешкім сенбейді. Осының өтірік-шыны қайсы? Бұл жөнінен не білесіз? – дегенде Мәриям апай аңқылдап сөйлеп отырған екпінін баспастан бірден жауап берді.

– Сәкен ағайдың бір жақсылығы Сәбитті шақыртқан жоқ. Менің осы ісіме қатысы бар, не болмаса Сәбит көрсетті деп аузына алмапты. Сәбит туралы ештеңе айтпапты. Сәбитті бір жер, жалғыз Сәкен емес, бір кісі туралы куәлікке НКВД-ге шақырған емес.

– Сол 37 жылдың қырғыны жүріп жатқан кезде де ме?

– Иә, сол 37 жылдың өзінде бар ғой, осы Сәбит НКВД-ға барып жауап берген кісі емес. Представляете. Вот осындайды көрдің бе сен?

– Мұндай да қызық болады екен-ау. Өзін партиядан шығарады...

Өзін халық жауы етіп қояды партиядан шығарып...

– Оның жора-жолдастары түрмеде жатады.

– Иә, бәрі ұсталып жатады, ал Сәбит бармайды, ұсталмайды. Сәбеңді ешкім шақырған жоқ. Ал сол Сәбеңнің бір жерде жазған арызы, біреудің үстінен қағазы шықпағанын саған мен айтайын. Біреудің үстінен мынау осындай кісі еді, халық жауы болуға тиісті еді деген қағаз шықпаған ғой. Бір адам шақырған жоқ, досынан да, дұшпанынан да.

– Мені Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне Сәкен ісімен таныстырыңыздар деп өтініш бердім. Таяуда солардың архивіне түсемін. Мен осы уақытқа дейін архив қарап жүрген уақытта Сәкеннің атына бір жамандық келетін сөзді Сәбеңнен кездестірген емеспін. Сәкенді – Сәбитке, Сәбитті – Сәкенге жамандататын сөздерді келтіріп жүрген бір қуаяқтар бар. Тексере келгенде, олар журналистің әртүрлі жиналысқа қатысып қайтқаннан кейін газетке жазғандарынан, мақалаларынан алыпты. Сөздерін тұздықтау үшін ара-арасында Мағжанды қосып жібереді. Сөйтіп атыстырып-шатыстырған көрінеді. Сәкен – Мағжан – Сәбитті бірге матап жатады. Сәбеңнің 90 жылдығының салтанатты жиналысында жасаған баяндамамда Сәбит пен Сәкен, Сәбит пен Мағжан арасындағы қарым-қатынасты біраз ашып айттым. Тарихи болған шындық қой. Идеология мәселесіне келген уақытта Сәбең таптық көзқарасты тіпті орынсыз бұрап жіберетін жерлерін талай көрдік қой, оны айту керек, ондай қателік кімде жоқ. Мұндайдан қорықпау керек.

– Әрине, қорқатын ештеңе жоқ. Ал, енді Сәбитті бірде-бір рет шақырмағанына қайран қаламын. НКВД-ге бірде-бір шақырған жоқ. «Мені бір шақырмады ешкім»,– дейтін. Бұл бишара біреудің үстінен арыз жазбаған кісі екен. Ал жұрттың арызы, талайлардың арыздары бар екенін айтты ғой. Солай деп жатқандар Сәбитті аяп қалдырмайды ғой. Бар болса, Сәбитті неге айтпайды. Ал өмірде мұны НКВД шақырған жоқ деп отырмын ғой. НКВД-ның есігін ашып көрмеген кісі. Вот, менің білетінім осы.

– Міне, қайран, мүмкін сіз білмейтін бірдеме бар шығар?

– Мен білмейтін бірдеме бар шығар деп ойламаймын, өйткені Сәбит өмір бойы қайда барып, қайда тұрғаны жөнінде, соның бәрін үйдің ішінде маған айтып отыратұғын. Ештеңені жасырмайтын ешуақытта да. Бір кісінің үстінен қағаз жазып, не бір кісіге куәлікке барып, беттестіру деген болған емес. Сәкен бүй депті, Сәбит сүй депті дегенді естідік қой. Бірақ Сәбитті шақырған кісі жоқ қой соған.

– Ондай сөзге қалдырып жүрген уақытта бұлай депсіз, олай депсіз деп кейінгі Жандилдин де шақырған жоқ па?

– Шақырған жоқ, только Сәкеннің атылардағы суретін, кім еді әлі секретарь болатын, сол маған көрсетті деді. Алла-ай, Мариям-ай жылап жібердім, көзімнен жастың қалай шығып кеткенін білмей қалдым. Адамға ұқсамайды деді, хайуанға ұқсайды деді. Шаш, сақал өскен деді. Атуға апарып тұрғанда түсірген көрінеді. Сондай сұмдық болып кеткен деді. Құдай сақтасын. Атылуға апарып тұрғандағы суретін, Сәбе, сіз көріңізші деп Сәкенді көрсетті маған деді. ЦК-да. Сәбит жағасын ұстап, құдай сақтасын, айта көрме Мәке, бір аңға ұқсай ма, құдай сақтасын деді, – деген Мәкең әңгімесінен де достық көңілдің ғана емес, матасқан тағдырлардың арғы бастауын аңғарғандаймыз.

Бұл бүгінгі пенденің куәлігі болса, қызыл қырғын жүріп жатқанда Сәкен төңірегінде не жазылды дегенге де көз салған жөн, өйткені пәленің бәрі алашпен байланысты, Мағжанға жәрдем қолын созды дегендерден тарамданып жатқаны белгілі.

МАҚТАУ МЕН ДАТТАУДЫҢ АРАСЫ БІР-АҚ ТҰТАМ

Сәкен басына ала шарбы бұлт өзінің творчестволық еңбегіне 20 жыл толарына дейін-ақ үйірілген болатын. Сәкеннің 1913 жылдан бергі танысы, Сібірдің төңкерісшіл жазушысы Ф.Березовский пенделік өкпемен ССРО Жазушылар одағының 1936 жылдың басында Минскіде өткен І пленумында қазақ әдебиетінің жай-күйін әңгімелей келіп, «Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы мен бірнеше туындыларында троцкизмге іш тартатын саяси қателіктер бар. Қазір Сейфуллин бұл қателіктен арылды» дегенмен, сол жиынның төрінде отырып, бұрын Қазақстан өлкелік партия комитетінде ұйымдастыру хатшысы болып істеген кезде қазақ азаматтарымен талай жүз шайысқан, енді ССРО-ның ішкі істер халық комиссары болып отырған Н.Ежовтың көңілінің бір түкпіріне әлгі ой қыстырылып қалған еді. Ол көп кешікпей «Қарағанды ісінде» көрініс берді де. Қазақстанның бүкіл жұртшылығын шошындырған сот Ежовтың бақылауымен өтті. Өйткені Сәкеннің жан жолдасы Абдолла Асылбеков Қазақстан өлкелік комитетінде Ежовпен бір мезгілде қызмет істегенде, онымен талай мәселеде керісіп, таласып қалғаны «Қарағанды ісінде» алдынан шыққан-ды. Мұның бәрі сол уақыттан бастап жіпке тізіліп, кейін құжатқа айнала берді. Өңгені былай қойғанда, «Қызыл сұңқарлар» пьесасының жаңа редакциясы сахнаға шыққанын көрген Мәскеу жансызы мен Ғ.Тоғжанов, Ғ.Мүсірепов мақалалары 1937 жылы ресми түрде КСРО Жазушылар Одағы М.Анурдың (Аршалиус Михайлович Артаруни) айыптау ошағына айналып кетті. Ол «На протяжении многих лет Сейфуллин, как литератор, допускал ряд грубых политических ошибок. В первые годы революции Сейфуллин возглавлял националистическую группу в казахской литературе, получившую название «сейфуллинщина». Ярким выражанием этих настроений автора его стихотверение «Азия – Европа» (1922). В своих восхвалениях алашординского волка Байтурсынова Сейфуллин может вполне конкурировать с председателем СПП Казахстана С.Мукановым» деп қаралады. Сәуірдің 5-7 күні өткен жазушылар жиналысында келмегені үшін сыналса, 11-мамырда зорлықпен сөйлеген сөзі «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясын «қанағаттандырмады», өйткені Сәкен жолдастың осы күнге дейін өз кемшілігін көре алмай келе жатқаны бұл сөзінен толық айқындалады дегенін 1937 жылы 29-тамызда «Қазақ әдебиетінде авербақшылықтың қалдығын толық жою керек» деген мақаламен жалғастырып, Сәкеннің сазайын берді. Қолдарының құрышын бір қандырып алды. 7-қыркүйекте Сәкен, Сәбит, Бейімбет қатыспаған, Ілияс тұтқындалған кезде өткен жазушылардың жиналысы «Әдебиеттегі ұлтшыл-фашистердің зиянкестік істерімен күресу және жас кадрларды өсіру» туралы мәселе қарап, қазақ әдебиетін өрге сүйрелеген классиктерді жардың басынан әкеп қойды. Оларды итеріп жіберетін, мерт қылатын құжат Сәкен ұсталардан сегіз күн бұрын, яғни 16-қыркүйекте «Казахстанская правда» газетінде жарияланды. Онда «Выкорчевать национал-фашистскую мразь из Союза писателей Казахстана» деп зіркілдеді. Сол зіркіл Сәкеннің сот ісіне тіркеліпті. Көп жыл қауіпсіздік комитетінде қызмет істеген полковник Амантай Кәкенов өзінің «Сәкен шындығын діттегенде немесе НКВД құжаттары шерткен сыр» атты Ақмола қаласында шыққан деректі хикаясында әлгі мақаланың «қиындысын біз Сәкен Сейфуллиннің қылмысты» ісінен көріп, оқыдық. Онда мынадай жолдар бар «Сакен Сейфуллин является из первых, который насаждал группировочную борьбу в Союза писателей. Сейфуллинщина повредила казахской литературе. Сакен Сейфуллин в 1935 году вытаскивает из своего архива пьеску «Кызыл сункарлар» – «Красные соколы» ... и гнусно клевещет на руководящую роль русского пролетариата... Он переиздает с позволения сказать «исторический роман» «Трудный путь – Тяжелый переход», где не постыдился изображать себе героем и привести целую серию контрреволюционных алашординских документов и портретов врагов народа. Своеобразная вражеская энциклопедия» дегенді Т.Елеуов сияқтылар «Националистические взгляды С.Сейфуллина в свое время тесно преплетались с явно троцкискими» («Каз. правда», 09.07.1937) деп соза түсті. Алып машинаның дөңгелегіне май құйып, жеделдетіп отыратындарға ең алдымен Жазушылар одағының партия ұйымы (хатшысы – Қ.Әбдіқадыров), одақ әкімшілігі (төрағасы – С.Мұқанов, хатшысы – М.Қаратаев). «Қазақ әдебиеті» газеті (редакторы – Т.Жароков), әсіресе «Социалистік Қазақстан» (редакторы – Ж.Арыстанбеков), «Казахстанская правда» (редакторы – Берховский) газеттері болды. Қанды қырғын басталған кезде партия баспасөзі Жазушылар одағының қыр соңынан қалмай, өз арасындағы «халық жауларын» әшкерелемей отыр деп сынаған соң ілкі сәттегі жиналыс-жиында Сәбит Мұқанов желпіне сөйледі де, 7 шілдеден бастап Мәскеуге екі айлық творчестволық іссапарға аттанып, тізгінді Мұқаметжан Қаратаевтың қолына тастап кетті. Екпін күшейе түсті. Жиналыс үстіне жиын өтіп, қаулы-қарарлар көбейді. Оны газет даурықтыра жазды. Ақын-жазушы, сыншылар белсенділік танытуға белін бекем буып алды. Шілдеге дейінгі мақалалар сынау «әшкерелеу» сипатында болса, енді «халық жауларын» жою, құрту» керектігі айтыла бастады. Бұрын «қырағылықты күшейтейік», «өзара сынды өрістетейік», «халық жауларын әшкерелейік» деп келсе, енді «Көркем әдебиеттегі ұлтшыл-фашистерді түп тамырымен құртайық», «Совет жазушыларының қатарында жат элементтерге орын жоқ», «Әдебиеттегі троцкист-бухариншіл ұлтшыл-фашист зиянкестерін жеріне жете құрту керек», «Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын біржола құртайық» деп ызғар шашып, үкімін шығарып жатты. «Халық жауы, тап жауы», «буржуазиялық-ұлтшыл», «ұлтшыл-фашистер», «алашорданың сұрқиялары», «пантюркистер», «алашорда төбеттері мен күшіктері» дегендер аспаннан қарша жауды. Әдебиетшілер «сын» жазды дегенімізбен, осындай қарғыс-лағнеттерден аяқ алып жүру мұң болды. 1937 жылы 7-қыркүйекте Алматы қаласындағы ақын-жазушылардың жиналысы болды. Оған Сәкен, Бейімбет, Сәбит, Ғабит қатыспады. Жиналыс президиумына Ж.Жүсіпбеков, Ә.Тәжібаев, М.Әуезов, Ғалым Малдыбаев сайланды. Баяндамашы М.Қаратаев «Әдебиеттегі ұлтшыл-фашист элементтер осы күнде көп жерден табылып жатыр. Бізде жастардың еңбегін аудару жоқ. Жансүгіров, Тоғжановтарды НКВД тапты. Мәселен, «Тулаған толқында» деген Ғабит кітабында алашордашылардың бұқаралық рөлі бар деген. Ғабит «Тулаған толқында» деген кітабындағы қатені неге айтпайды? Орманов Ғали Жансүгіров идеясындағы адам еді, ол неге үндемейді», М.Әуезов «Жүргенов халық жауы болды. Ол халық әдебиетін алашорда жолымен ұғындырмақ болды және орыс халқының үлкен еңбегін пайдаландырмады», «Ғ.Малдыбаев «Мұқанов бастық болғалы пайданы әлі көргеніміз жоқ. Сәбит өзінің қателерін мойнына алып болған жоқ» (18-19-беттер) деген сияқты сөздер қадай-қадай айтылды. М.Қаратаевтың «Қазақ әдебиетінде авербахшылдықтың қалдығын толық жою керек» деген мақаласындағы ойлар «Казахстанская правда» газетінің бетіне шыққанда, талқандағыш күшке айналып кетті. Сонымен, құйындата соққан қара дауылдың алғашқы кезеңінде қазақ халқының мақтаныштары: әдебиетті өрге сүйрелеген ұлы дарындар әдебиет әлемінен аластатылды. Көркемөнердің өңі қашып, қабағынан кірбің кетпей, ажары солғындады. Қазақ әдебиетінің шаңырағы құлауға шақ қалды. Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Ғаббас Тоғжанов, Жұмат Шанин, Өтебай Тұрманжанов, Зейін Шашкин, Әбдірахман Айсарин, Мәжит Дәулетбаев, Қадыр Қуанышев, Сәйділ Тәлжанов, Құлмырза Өтепов, Сағыр Қамалов, Хамза Жүсіпбеков, Хамза Есенжанов, Рахымжан Жаманқұлов, Хасен Өзденбев, Әзімбай Лекеров, Тұрлыхан Хасенов, Әлібек Қоңыратбаев, Абат Әлібаев, Қошке Кемеңгеров, Абдолла Асылбеков, Ыдырыс Мұстанбаев, Мансұр Гатаулин, Қадыр Тайшықов, Рахым Уәлиахметов, Шаймерден Тоқжігітов, Орынбек Беков, Еркінбек Дүйсенбеков, Мұқаметжан Қаратаев, т.б. сынды қаламгерлердің әдебиет майданынан аласталуы ойсыраған олқылыққа кезіктірді, дағдарысқа ұшыратты. Әйтеуір, құдай дес бергенде, қазақтың халық поэзиясының құнарлы арнасының сарқылмағандығы осы тұста Жамбыл атымен атой салып, көркемдік дүниесінде болып жатқан зұлматты шапанының етегімен көлегейледі. Қабындап есіп келе жатқан жас толқын ағалар арқалар көркемдік ауырлықты белдері қайыса, бақайлары майыса көтеріп кеткені абырой болды. Әйтпесе «Қазақ әдебиеті деген ақтаңдақ» пайда болуға аз-ақ қалған еді. 1937 жылдың 24-қыркүйегі. Күн екіндіге ауа бергенде Карл Маркс көшесіндегі 97-үйдің сыртқы қақпасынан екі әскери адам жып-жылдам кіріп кетті. Қара машина қайда тоқтағаны белгісіз, соған қарағанда көшенің төрт бұрышында үндеместер жүрген болуы мүмкін. Өйткені Сәкенді қарулы деп естігендеріне бірталай болған. Сәкенді ұстауға жұмсамақ болған Серікқали Жакупов мұндай заңсыздықты жүзеге асыруға болмайды деп НКВД-ның ішін дүрліктіріп жатқан болатын. Оның қалай болғанын Г.Аксельродтың «Чекист Жакупов» деген мақаласынан, Қ.Исабаевтың повесінен оқимыз. «Жакупов на одном из оперативных совещаний во всеуслышание заявил:

– Сажать Сакена не буду. Нас учил Дзержинский карать истинных врагов, – деп өз басын оққа тігіп, Сталин, Ежов, Вышинскийге хат жазатындығын айтады. «Жакупов защищает Сакена Сейфуллина, Сейткали Мендешева, Нигмета Нурмакова и некоторых видных деятелей культуры Казахстана, с потрясающей убедительностью вскрывая всю абсурдность вдвинутых против них обвинений («Каз. правда», 17.01.1965) дегенінен қандай қара бұлттың төнгенін көреміз.

Ал жүрген жеріне «лаң сепкен» Мағжан Алматыға келгенненкейін не күйге түсті? Оның маңынан жүріп кеткендер күні-түні жусаң да «кетпейтін кір» жұқтырып алып жатқаны былай тұрсын, өмір бойы естен шықпайтын күйге түскендерін көрсетсек, Мағжан – Сәкен – Сәбиттің матасқан түйінін шешіп қалуымыз мүмкін.

ҚОҢЫРАУЛЫ ҚОРҚЫТ

Мағжанның табаны Алматыға 25-наурызда тиді. Демек, темір жол бойында 8 күн болған, бір поездан екіншісіне мінемін дегендегі азап-бейнетті елең қылмаса да, теңіздей терең ойларға батып келгені еш шүбә тудырмайды. Станса басында жападан-жалғыз қарсы алған Сәбитке «Мені Сәкенге жолықтыр» деген тілекті айтудың өзі оңай емес қой, өмір бойы өнер сайысына түсіп, кейде пенделік пиғылмен сілтеген ақын адамға. Уақыт көндірді дегеніне. Оның үстіне Соловкиде жүргенде Сәкеннен хат-хабар, қаржы алғаны қамшы болған шығар. Әйтеуір, Алматыға аяғы тиген сәтте бүкіл Қазақстанда жәрдем қолын созар жан болса, ол Сәкен, Сәбит қана болар, өңгелердің панасы онша қалқанды бола қоймас деген шешім жасап келген сияқты. Сәкенге өкпелеп те, базына қылып та, теңдес құрбысы, тіпті ақындық бақталасы ретінде айтатыны, қалайтыны да бар болса керек. Шәкірті Сәбит 1936 жылы қыркүйек айында Қызылжар қаласында болғанда «Мағжанды әдейі іздеп тауып алып, шүйіркелесе сөйлесіп, жылы-жылы сөздер айтып, Алматыға қызметке шақырыпты» (Ш.Елеукенов, Мағжан. 1995. 127-б.). Соны пысықтап алайын деп 1936 жылы 27-қазанда Сәбитке хат жазғаны және «Сізбен жолығып сөйлескенде де мен айттым ғой: егер де өзіңіз шын ниетпен совет әдебиетіне қызмет етемін десеңіз, жазуыңызға ешкім бөгет болмайды деп. Сол сөзім әлі де сөз, жазуыңызды бетке қақпаймыз. Совет платформасында отырып жазған сөзіңізді басамыз. Мұнда келем десеңіз сізді бетке қағатын ешкім жоқ. Қызылжарда сөйлескенде айттым ғой: жазуға белсене кірісу, совет әдебиетіне қызмет ету тетігі өзіңізде деп. Егерде шын ниетпен совет әдебиетіне ат салыссаңыз сізді бетке қағатын, бұрын пәлен болып еді дейтін кісі болмайды» (сонда, 135-136-беттер) дейтін жан сөздері таптық желеумен шапқылаған Сәбиттің ағаттықтарын шайып жібергендей. Бәрін де уақытқа жығамыз, оны да ескермей болмайды. Алайда уақыт құдіретінің өзі де адамына байланысты болатын көрінеді. Күні кеше өлердегі сөзін айтып, дос болған, енді айдаудан келгеннен кейін қолын алмай, көрмегендей болып бұрылып кететіндерді Мағжан жиі көріп жатқан уақытта Сәбиттен мынадай жылы қабақ көремін деген ой Мағжанға күйіп тұрған 1937 жылы келе де қоймауы мүмкін еді. Алайда сонау Беломор каналында жүргенде 1934 жылы Сәбиттен хат алғаны, былтыр күзде Қызылжарда әдейі іздеп келіп, сәлем бергені үміттендіре түскені сөзсіз. Өмірі тығырыққа тірелген 1936-1937 жылдары Мағжанның Сәкен мен Сәбиттен басқалардан қайыр күтпегені айдан-анық. Гүл жайнап, көктем шығып келе жатқан мезетте Алматыға жеткен Мағжан әуелі Сәкеннің жылы құшағын көрді. Сәбиттің 21-сәуірде Жаманқұловқа жазған хатының нәтижесі кешіге берген соң Сәкен баспа директоры болып отырған Хамза Жүсіпбековке Мағжанды ертіп барып, «Оппенгейм семьясын» аударуға шартқа отырғызады. Алдын ала берілетін қаламақының 25 пайызын өзінің сенім хатымен сол жерде алып береді. Сәбит пен Сәкеннің осы әрекеттері өздеріне пәле болып жабысарын білсе де, сезсе де алған беттерінен қайтпағандары қандай азаматтық болған! Осы құбылыстардың бірде-бірі ұмытылмай, хатқа тізілген, архив шаңына көмілмей-ақ, ақын-жазушылардың ауыздарынан шығып, газет-журналдарға жазылып жатты, қайсыбірі сот ісіне тіркелгені де жоқ емес. Ал Мағжан қандай күй кешті? Хамза Абдуллин тамыз айында Қазақтың коммунистік журналистика институтына оқуға түсуге келгенде «Мағжан Лесная көшесіндегі бір бөлмелі жер үйде тұрды. Мен жиі барып тұрдым» (Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары. 1993. 47-бет) деп сендіреді. Оны Шерияздан нақтылай түсіп, «Лесная, 89» деп көрсетеді. Ол көше әлі де бар, ипподром жақта, жыпырлаған жатаған үйлердің бірі болса керек. Әрине, сәулетті, қаланың ортасындағы әдемі үйлерде неге тұрмаған деген сауал қоюдың өзі әбестік болар еді. Азаттықта жер кепеде тұрып жатқанын Мағжан жұмаққа санауы да мүмкін ғой сонау Соловкиден кейін. Мәселе үйінде емес, күйінде. «Алматыға келген соң күн көріс қамымен қандай қызметтер атқарған екен?» деген сұрақ көңілде тұрары сөзсіз. Орталық музейде аз күн істегенін мен де естігенмін. Оның үстіне Айманкүл апайдың талабымен Әбділда Тәжібаев түскі тамаққа шақырғанда, «Екеуі парк ішіндегі Кафедралық собор /Әбекең шіркеу дейді/ қасында кездеспекке уәделеседі» (сонда, 139-бет) деген дерек бар. Ал Орталық музей жаңа ғимаратына көшкенше осы 28 гвардияшылар атындағы парк ішіндегі Воскресенский соборда болғаны көпшілікке мәлім. Ал «түскі тамаққа» дегеннің де жөні бар. Соғысқа дейінгі жұмыс уақыты сағат үшке дейін ғана болатын. Олай болса Ленин көшесі, 28-үйдегі Әбділданікіне Мағжан жұмыс күнін аяқтап барған да, аттың басын еркін босатып 4-5 сағаттай қонақ болған. Демек, Алматыға келгеннен кейін ең әуелгі жұмыс орны – Орталық мемлекеттік музей болуы әбден мүмкін, өйткені Мирзоянның тапсырмасымен Қазақстан Жазушылар одағының бастығы Сәбит Мұқанов араласқан соң осындай қызмет орны ыңғайлы да лайықты деп табылуы ғажап емес. Алайда музейге келіп-кетушілер үшін Мағжанның өзі музей экспонатындай болған соң «үндеместер» кетіруге «мәжбүр» болғанын естен шығармаған абзал. Шерияздан тағы да бір дерек келтірген екен. «Парижская коммуна» деген колхозда медпункте істеді деген әлі толық растала қоймаған мағлұмат бар» (сонда, 123-бет), – дейді. Бұл дерек шындық болуға тиіс. 1937 жылы ең «тыныш» жер осы денсаулық сақтау жағы, әсіресе ауру-сырқауы мол емхана жағы болса керек. Оған менің екі түрлі дәлелім бар сияқты. Бірінші – Әди Шәріповтің естелігі. Соңғы кітабында бар ма, жоқ па, қолыма түспеген соң дөп басып айта алмай отырмын. Мағжан екінші рет ақталып, ел-жұрт сағындырған сұлу жырына қаныға алмай, мауқын баса алмай жатқан шақтың бірінде Әди ағаймен сұхбаттасып қалдық. Әйтеуір, ҚазПИ-дің соңғы курсында оқып жатқанда болса керек, елден құрт ауруға шалдыққан немерелес ағайынын Алматыға алып келіп, Туберкулез институтына жатқызыпты. Сол институтқа барған сайын дәрігерлер мен ауру қазақтардың арасында тілмаш болып жүрген Мағжанды талай рет көріпті. Кейіннен Әдекеңнің атақ-дәрежесі өскенде сол туберкулез институтында дәрігер, кейін профессор болған ғалым (атын ұмыттым) Мағжанның тілмаштығын айтып жеткізе алмай, таңдайын қаға бергенін еске алып еді. Қазақтарға аурудың барысын, емделу жайын түсіндіруіне қайран қалғанын айтыпты. Мағжан түсіндірмесінен кейін ауру адамның сұрағы сап тыйылып, дәрігердің айтқанын мүлтіксіз орындапты. 2-3 ай бірге болғаннан кейін Мағжаннан көз жазып қалғанын айтып, өкініпті. Мұның да жөні бар. Екінші – Мағжан Ақтеңіз жағында жүргенде медицина мамандығын өз бетімен игеріп шыққан болатын. «Жазушылықтан» кейінгі екінші мамандығы – «медфельдшер» деп жазатынын Зылиқа апайдың естелігі арқылы анықтай аламыз. Ленинградтық дәрігер Иван Иванович Фетисовтен «Мағжанға медицина техникумының бағдарламасына сәйкес тиісті оқулықтар мен оқу құралдарын жеткізіп тұрдым. Мағжан түрмеден босағанда емтихан тапсыруға көмектесіп, фельдшер деген куәлік алуына қолғабыс етті» (124-бет) дегенді Шерияздан Зылиқа апайдан өз құлағымен естіген. Радио-теледидар хабарынан мен де естідім. Түрмеден шыққаннан кейін «Ленинградта уақытша пәтер жалдап, ескі таныстарына кездесіп, қолжазбаларын реттеп жүргенде, ең жақын досы дәрігер И.И.Фетисовты «халық жауы» деп бір кеште ұстап әкетті. Қара бұлт қайта төнгендей болып, көңіліміз құлазып, Қызылжарға тарттық» деп («Қазақстан әйелдері» 1990, 11, 28-бет) Зылиқа апай еске алады. Сондықтан Мағжанның дәрігерлік білімі туберкулез институтында абыройлы болуына үлкен жәрдемін тигізгені, оны Әди Шәріповтің ештеңеден сескене қоймайтын орыс профессорынан естуі күдік келтірмейтін шындық. Шебердің қолы тиіп кеткен жер көз тартатындай өңделіп шыға келетіні поэзияда ғана емес, өмірдің бар саласынан сансыз рет көрініп жатады. Қайда істесе де, олар енді ұлы ақынға шырай бітіре қоймайтыны белгілі. 1938 жылы 30 желтоқсанда ұсталғанда «без определенных занятий» дегенге қарағанда, Мағжан жұмыссыз жүрген, немесе күнкөріс үшін оны-мұныны алып жүрген «қызметін» айтуды намыс көрген.

СӘЛЕМНІҢ ДЕ СӘТІ БАР

1937 жылы Мағжанға кездескенде дұрыс сәлем бере алмағанын, Мағжан даңқын өрлету үшін керемет көп еңбек тындырғанына қарамай өкініп кеткен Жайық Бектұровтың естелігін осы арада толығырақ баяндау қажет. «Мен өз басым Ахметтен, Мағжаннан ешуақытта жеріген емеспін. Қайта тұтқында отырғанда тергеушілердің қыспақ сұрауларына бұл адамдар, оларға қоса С.Сейфуллин де, қазақ халқының мәдениетін, әдебиетін өркендетуде айтарлықтай еңбек етті деген ой-түсінігімді тартынбай өз қолыммен жазып бергенмін» (Ж.Бектұров, Ақиқаты осы еді. Алматы. «Ғылым», 1995, 40-бет) дейді жазған және Мағжан ақталмай тұрған 1959 жылы Зылиқа апайға «Н.С.Хрущевке хат жазыңыз. Күйеуім ақын еді, жұрт ұлтшыл десті. Бірақ ешқандай басшы жұмыста болған жоқ еді. Кеңес үкіметіне қарсы ешбір теріс әрекет істеген адам емес. 1930 жылы ұлтшылсың деп бір соттады. Одан лагерьде жазасын өтеп келіп, болмашы қызмет істеп жүргенде қайта қамалды, жоқ болып кетті» деп жазыңыз дедім. Ақыры осылай арыз жазылып, Мағжан келесі 1960 жылы ақталды, Зылиқа апайдың Мағжанның әр кездегі баспасөз беттеріндегі әдеби мұрасын іздестіруі, жинастыруы осы тұста басталып еді. Мағжанның негізгі шығармаларын алпысыншы жылдары-ақ бұл кісіден түгелдей көшіріп алғанмын» (Бес арыс. «Жалын», 1992, 311. Ақиқаты осы еді. 41-бет) деген деректері Ж.Бектұровтың азаматтық келбетін айнытпай танытады. 1961 жылы үлкен мақала жазып, оған 1000 жолдай Мағжан өлеңдерін қосып, Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабит Мүсіреповке тапсырғаны, Мағжан толық ақталған тұста Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне «Жұрттан сүйінші сұрап, өзгелерден бұрын шығармаларын жариялап, көпшіліктің алғысына бөлендік. Қарағанды жұртшылығы Мағжанды, Ахметті, Жүсіпбекті көктен түскен періштедей көріп, қатты қуанысты» (сонда, 318-бет) дегені, одан кейінгі мәнді естеліктері Жайықтың 1937 жылы күзде Мағжан мен Зылиқаны көруінен басталады.

Олар жасамаған мәзіретті Мағжан жасапты. «Біздің күмілжіп, кібіжіктеп қалғанымызды аңғарды ма, әлде теріс қарап отырған менің кім екенімді білгісі келді ме, қалайда Мағжан ағамыз орнынан тұрып, Жұмағалидың сыртынан жанаса келіп, маған қарап тұрды да, Жұмағалиға: «Сен, қарағым, Есмағамбет емессің бе?» – деді. «Жоқ, менің атым – Жұмағали, фамилиям – Саин», – деді. Мақаң қасымызға келгенде, екеуміз де сыпайы көтеріліп, аты көптен көкірегімізге қонған қадірлі ағаға тәжім еттік. Өңінен ризашылық сезім білінді. Мақаң Жұмағалидан: «Сәкен қайда?» – деп баяулау сұрады. «Демалып жатса керек», – деп Жұмағали жауап берді. Бар сөз осы. Мақаң Саинды сәл шырамытты да, мені танымайтынына көзі жетіп, екі сұрақтан кейін орнына барып отырды» (312-бет), – деп еске алады да, өзіне-өзі кешпеген өкінішін тағы да былай қайталайды: «Атақты ағаның ертеден ел ардақтаған, бірақ кейін тағдыры ойыншыққа айналған әйгілі ақынның қасына барып, қатарында отыруға, алдында отырып сөзін тыңдауға, көңілін аулауға, аздап болса да сый-сияпат көрсетуге жарамадық сол бір сұрапыл күндерде» (313-бет) деген өкінішін кейінгі атқарған ісімен де өтей алмағандай күй кешеді. Осы оқиғадан мен екі-үш ойды өрбітсем бе деп ем. Біріншіден, өмір бойы өкінішке қалмау үшін әрі адам өзіне тиісті міндет-парызды атқаруға тиіс. Екіншіден, Жұмағалидан Сәкенді сұрауы тегін болмаса керек. Жұмағали мен Есмағамбетті айыра алмай тұруының себебі бар. 1927-29 жылдары Мағжан Қызылжарда совпартшкол мен педтехникумда сабақ беріп жүргенде Саин мен Ысмайлов балалар комунасында оқып, ара-тұра өлең жазып, педтехникум сахнасына шығып жүрген-ді. Ол кезде Мағжанның көзі түспесе де, 1937 жылы екеуі де қазақ әдебиетінің көгінде қалықтай бастаған шағы, тіпті қайсы бір ащы мақалаларымен, көрініп, әсіресе Саинның «Ә.Тәжібаев және оның достары» сияқтылары дау-дамай туғызып жатқан болатын. Үшіншіден, Сәкенді сұрауы да тегін емес. Сәкен Талғардың қойнауында дем алған уақытта Қазақстан газет-журналдары түгел, Мәскеудегі «Правдаға» шейін «сазайын» беріп жатқан-ды. Ондай жарияланымдардың сырын білетін Мағжанға Сәкен саулығын білу, нендей күйде жүргендігіне назар аудару тіпті қажет те еді. Өйткені Сәкен мен Сәбит алашордашыл Мағжанға жәрдем қолын созып, көмектесіп жүр дегенді дуылдата айтып, жазып жатқан тұс болатын. Оның аяғы 24-қыркүйекте Сәкеннің ұсталуымен, 3-қазанда Сәбиттің қызметтен алынып, партиядан шығарылуымен аяқталған-ды. Осы жайға байланысты Жайық Бектұров пен Сырбай Мәуленов мынадай сырды Сәбеңнен естіген екен. «Менің 1937 жылы күздегі көп айғайда партиядан шығып қалуыма Мағжанды Алматыға шақыртуым басты себеп болды. Екінші себеп: Сәкенге ертеден жақын жүруім болды. Газеттерде үстімнен Мағжанды, Сәкенді қолдады деп мақалалар жазылып жатты, партия ұйымдарына арыз қаптап түсіп жатты. Сол тұста Мағжан әлдеқалай көшеде кездесіп, маған: «Сәбит қарағым, менің сіздерге қырсығым тиді-ау! Кінәм болса, кешіріңіз. Заман өзі не болып барады?! Енді қайтып көреміз бе, көрмейміз бе», – деп қош айтысып, кешірім сұрады» (сонда, 327-бет), – дегенін тарихи құжатпен дәлелдей аламын. Мөлдіреп тұрған шындық.

ТЕПЕРІШ

Сәбит Мұқановты 1937 жылы Фрунзе аудандық партия комитетінің бюросы «Муканов, как активный член контрреволюционной националистической группировки, как пособник врагов народа, как неразоруживщийся буржуазный националист» деп партия қатарынан шығарыпты. («Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг.». 1998. 181-бет). Сонда Мағжан мен Сәкеннің аттары аталып, «Муканов был тесно связан с Сейфуллиным, Досмухамедовым, Асылбековым, Айсариным, Валиахметовым и Джумабаевым, ныне разоблачениыми врагами народа» (сонда, 180-бет) деп ашық айтылған. Және сондай кезде азаматтықтан айырылмаудың өзі қандай ғажап ерлік демеске шараң қалмайды. 1973 жылы 17-ақпанда Жайық Бектұровтың алпыс жылдығын телеграммамен құттықтағанын С.Мұқанов аз санап, арнайы хат жазыпты. «Сені мен бала жігіт кезіңнен білемін ғой. Содан бері санама берік орнағаны – сенің әділет жолынан таймауың, әрдайым сеніміңді сатпауың, өз пікіріңде тұрақты болуың Маркстен бір қызы: «Әке, шындық деген не?» – деп сұрапты-мыс. Сонда әкесі: «Ол дәлелдеуді керек қылатын нәрсе», - депті-мыс. Сол айтқандай, дәлелдей алмаған шындық – шындық емес. Дәлелдегендер көріп кетеді, дәлелдемегендер өліп кетеді. Осының бір дәлелі – Сәкен, ол өліп кеткен адам. Меніңше, шындықты одан артық көксеп, одан артық іздеген кісі жоқ. Ақыры өзі таптым деген шындықтың оғынан қаза тапты. Қандай трагедия десеңізші... Көңіліңе алма, сен де сондай шерменденің біреуісің. Мен сені біздің құрылысқа адал жан деп санаймын» (М.Т.Әлиақпаров. Жайық мінген қайық. (Жайық Бектұровтың өмір шежіресінен). Қарағанды. 1997. 115-бет). деген ойлардың қағазға түсуі де оп-оңай болмаса керек. Жайықтың Мағжанды қыркүйекте ресторанда көргенінен өрбіген ой арқауы Сәкеннің ұсталуына, Сәбиттің партиядан шығуына, Мағжанның ең соңғы болып 1937 жылы 30-желтоқсанда тұтқындалуына ұласып, шындық жібімен шырматылған тағдырларды көреміз. Осының бәрін архивте сақталған, жоғарыда талай рет куәлікке тартылған құжатпен бекітсем, қазақтың «дейді екеніне» сенбеу керектігі өзінен-өзі айқындалып, ардақтыларымыздың ақ жүзі жарқырап көрінері хақ. «Решение бюро Алма-атинского горкома КП(б)К по аппелеяции С.Муканова. 2 марта 1938 г (Слушали:) Аппеляция Муканова. Муканов Сәбит, член КП(б)К с июля 1920 г. партбилет 15598606 рождения 1900 г., казах, по соцположений – служащий. До возникновения дела работал в качестве председателя ССПК – писатель. Муканов обвиняется в том, что в своих литературных произведениях, как-то «Сын бая», «Мирзабек», Темиртас», «Литература XX века», протаскивал контрреволюционные националистические взгляды. Муканов был тесно связан с Сейфуллиным, Досмухамедовым, Асылбековым, Айсариным, Валиахметовым и Джумабаевым, ныне разоблачеными врагами народа. Когда Джумабаев был в ссылке, Сейфуллин имел с ним переписку и оказал денежную помощь. Муканов состоял в сейфуллинской контрреволюционной националистической группировке во время совместной работы в Союзе писателей. Муканов ограждал Сейфуллина от критики, тем самым зажимал критику и самокритику. Решением бюро Фрунзенского ГРК КП(б) Муканов «как активной член контрреволюционной националистической группировкой, как пособник врагы народа и как неразоружившийся буржуазной националист» из рядов партии исключен. Муканов в своих заявлениях не отрицает предъявленные ему обвинения в допущенных ошибках в своей литературной работе и в своих связах с Сейфуллиным, Валиахметовым, Айсариным и другими, но заявляет, что ничего не знал от их контрреволюционной националистической деятельности. Обвинение, предъявленное Муканову о его переписке с Джумабаевым, и оказании ему денежной помощи, когда Джумабаев был в ссылке, ничем не подтверждается. Докладывал Холодов, Муканов присутствует. (Постановили): Виду неясности отдельных вопросов, дело о Муканове отложить и поручить Холодову дорасследовать материал и доложить на бюро.

Секретарь ГК(б) Шураков»

Бір сөзін қысқартпай келтірдім. Санасы бар демей-ақ қояйын, әшейінгі ғана түйсігі бар жандарың бәрі Сәкен – Мағжан – Сәбит түйінінің қалай шиырланып, шешілгенін көрген шығар. Осы шешімнің әр бабы түрлі ойларға жетектейді, бірақ оларды таратпай-ақ қояйын.

АЗАМАТТЫҚТЫ АРДАҚТАП, СӨЗ КИЕСІН ҚАСТЕРЛЕЙІК

Мағжан – қазақта теңдесі жоқ ақын. Оның өсу, жетілу, аспанға көтеріліп, ел-жұрттың есінен кетпейтін шағы, меніңше, 1917-1927 жылдар арасы. Мұнда шын ақындық құдірет лирика мен эпикада айрықша көрініп, бүгінге шейін ел-жұртты таңқалдырып келе жатқан шығармалары дүниеге келді. Мағжан қазақ әдебиетінде өмірді романтикалық тұрғыдан суреттеудің амалын тапқан ақын дегенді Жүсіпбек белгілі саяси-әлеуметтік, тіпті әдебиеттің бағытын белгілеу тұрғысынан айтса, кейінгі зерттеушілер асқақты жыр атаулыны романтизмнен іздеуде. Ондайды «XX ғасырдағы көркемдік ізденістер» деген еңбегімде 1989 жылдары көбірек айтып ем. Бүгін айтайын деп отырған жоқпын, ішінара түзету кіргізсе қайтер еді деп отырмын. Мағжанды түгелдей романтизмнің «қорасына қамап» қоюға болмайды. Өйткені өмірден тыс еш шығарма тумайтын заңдылыққа бағынар болсақ, онда Мағжанды басы бүтін романтик не реалист етіп жібере алмасақ керек. Қазақтың 20-жылдардағы теориялық ойы қаншама анайылау болып көрінсе де, мен Әбдірахман Байділдиннің «Сентиментализм мен романтизм бағытына әуреленбей, қазақ еңбекшілерінің қазіргі керегіне жауап, келешегіне демесін болатын ашық тілек, айқын ұғыммен суреттелген нағыздық (реализм) бағытындағы және осы бағыттың жан серігі, бұрынғы, соңғы өмірдің деректерінен туатын, болашақтағы тегістік тұрмысты суреттейтін төңкерісшіл сарындамалық (романтизм) бағытындағы әдебиет жұрнақтарын молайтулары керек» («Еңбекші қазақ» 09.10.1926) дегенін аттанар өрісіміз етпесек те, ойланарлық жай барын жоққа шығара алмасақ керек. Осы қисын деңгейінен қарағанда, Мағжан – өз шығармашылығында сарындамашылыққа көбірек екпін түсірмек болса да, өмір шындығынан, реализмнен алыстап кетпеген ұлы дарын. Ал Сәкен болса нағыздыққа арқасын тіреп қойып төңкерісшіл сарындамалыққа (өршіл романтиканы) қосақтай пайдаланған ақын. Оның «Азия (Европаға)», «Қара бүркіт», «Аққудың айырылуы», «Жұмсақ вагонда», тіпті соңғы «Қызыл ат» деген туындыларын көзге іліп алмай, мәніне назар аудармай таптық нағыздықтың батпағына батыра бердік. Қазақ өлеңіне жаңалық кіргіземін, «Маяковский боламын» деген ізденістері іштегі алаулаған қарсылықтардың сыртқа шыққан поэтикалық бұлқыныстары болатын. Мен осы ойыммен Мағжан мен Сәкен шығармашылығында еш айырмашылық жоқ дегім келіп отырған жоқ. Олардың өрістерінде ұқсастықтар барын ешкім жоққа шығара алмайды. Тегінде, Мағжандағы сарындамашылық (романтизм) нағыздықпен әдіптелсе, Сәкендегі нағыздық өршіл романтикамен қанағаттанғанын енді көрмеске болмайды. Лирикаға ойысар болсақ, Мағжан бұл салада қол жетпес биікте тұр. Ол бүкіл қазақ қауымы бұрын тұщына қоймаған лириканы асқар шыңның басына апарып қойды. Кейінгілер қанша талаптанғанымен интимдік суреттеулерге көбірек ұрынып қалып жүр. Оның көріністері Мағжанда да жоқ емес. Сондықтан болар, сол өзіне арнаған эпиграммаларында осы жағына айрықша назар аударып, әшейінгі қалжың, ажуа шеңберінен шығарып жіберген сияқты.

Қайда Мағжан? Есінен де
Мағжан мынау: Күшінен де
Самолюб, Сөзі көп,
очень ленив, Көрсе әйел,

Упрямый паренек: Көзі жоқ ол
Көрсе әйел, Кө бе лек.
Көзі жоқ ол
Кө бе лек.

Өзінің пенделігіндегі осы сипаттар әсіресе «Гүлсім» топтамасында айрықша көрініп, қазақ поэзиясына ұлы олжа салды. Ал эпика жағына келгенде керемет шебердің қолынан шыққан дүниелердің бәрі бірдей еместігі дәлелдеуді қажет етпейді. Біздің тамсанғыш зерттеушілеріміз қаншама өрекпігенімен «Батыр Баян» поэмасының орны бөлек. Өңге поэмалары басқа ақындардың қолынан шықса, керемет дүние болары сөзсіз, ал Мағжанның ақындық құдіреті «Батыр Баян» арқылы өркештене түскені даусыз. 1927 жылғы «Толғау» мен «Тоқсанның тобынан» кейін Мағжан қазақ әдебиетіне үлгі боларлық, тамсана айтарлық шығармалар берді дегенге өз көңілім дауаламайды. Жазғандары бар, бірақ олар бұрынғылардың көлеңкесі ғана. Ал Сәкеннің шығармашылық өмірі Мағжаннан ұзағырақ болды. 1936 жылға дейін қаламы толастаған емес. Алайда оның ұлылығы, ақындық шалымы 20-жылдарда жатыр деген ойдан аулақ емеспін. Тіпті 1932 жылы жазылып, 1934 жылы шыққан «Қызыл ат» поэмасы алдыңғы он жылдықтан қалған сарқыт. Онда да халық үшін отқа түсуге даяр екенін аңғартуымен қадірлі. Мағжан лириканың сезім жағын күйлесе, Сәкен заман ыңғайымен саяси саласын шарлады. Оның жастық сезімі, көңіл-күйі «таусылып» қалғандықтан емес, ондайды заманы қабылдамағандықтан елге пайдалыға жүгірді, үлгі-насихаттың сол тұста айрықша қажет екенін ұқты. Соның өзін түсінерлік таным таба алмағаны өкінішті. Сәкеннің махаббат лирикасы да, көңіл-күй жыры да революциялық дөкірлікке кезікті. «Қатынды не деп біледі Сәкен – қарайық. Бұл – қиын мәселе. Бұл мәселеге келгенде көп азаматтар бүлінген. Революция бұл мәселені шешті. Революция заманын қазақ ақыны қалай түсінген екен» деп «Маржан» өлеңіне тоқталады да» орынсыз жерде іс қылып жүрген бір қатынға барып жабыса кету таңқаларлық. Маржан білмейді енді: білегін ақын мойнына артсын ба, жә, болмаса, «бай қызындай керілмей» іс істесін бе? Менің ойымша, ең жақсысы, іс уақытында келіп, «білегіңді артшы мойныма» деп қылқылдап жүрген кісіні сол күреспен басқа салып қалу керек! Болмаса, бұл өлеңде не бар? Революцияның бізге берген не көркемдік сезімі, не ағлақы, не ақылы жоқ! Бұлардың ешбірі болмаған соң, жауабы – «күрек» болады! Кітапта 68 өлеңнің үштен бірі әйел, махаббатқа арналған. Бірақ байғұстың білген әйелі осы. Бөтенін білмейді, көрмейді. Міне, трагедия қайда!» (Н.Төреқұлов. Шығармалар. Қазақстан 1997. – 54-57-беттер) дегеннен кейін пролетарлық бағыттағы төңкерісшіл ақындар махаббат лирикасына жоламай қойды. Анда-санда Сәкен бұлқына бастаса, таяқтаушысы – коммунистік идеологияның сақшылары шоқпар ала жүгірді. «Сәкеннің «Сыр сандығы», «Аққудың айырылуы», «Лашын әңгімесі», «Тұрмыс толқынында», «Совпарттағы қарындасыма», «Жұмсақ вагонда» деген өлеңдеріндегі пікірлері де партия пікіріне жанаспайтын пікірлер. Сәкеннің бұл өлеңдеріндегі де орынсыз жерде аямасты аяу, көздің жасын бұлау, көңілшектікке салыну, тап тілегінен жоғары жолдас хақын жоқтау, тұрмыс толқынымен жолдассыз, серіксіз беталды лағу (плыть по течению) сықылды пікірлері – бәрі де тұрмыстан жабыққан, келешегінен адасқан жарымжан, тарыққан идеалшыл ақындардың пікірлері ғой» (Ғ.Тоғжанов. Әдебиет және сын мәселелері. 1929. – 73-бет) дегеннен кейін қай ақын көңіл-күй лирикасын жаза қоймак? Махаббатсыз-ақ әдебиет жасаймыз деген талаптың неге апарып соққаны белгілі. Осы жағдайды білмей, Сәкен, Сәбит, Ілиястар ылғи «саяси лирика» жазумен болды дегендер шындықтан шалғай жатқандарын түсінсе орынды болар еді. Совет ақындарында сезім, қайғы-қуаныш болған, бірақ жаза алмаған, жазса, қойын дәптерінде сақтаған. Мағжанның бір бақыты – осындай тежеулерге пысқырып та қарамауы. Сәкен эпика саласында да айшықты ізін қалдырып кетті. Соның ең ірісі де өнегелісі – «Советстан». Оның мазмұны қазір қабылдана қоймағанмен, өнерпаздық жаңалығы, қазақ өлеңіне қосқан өлшемдері мен мақамдары қазіргі поэзиямызда сайрап жатыр. Әсіресе силлабикалық өлең жүйесіне тоника элементтерін енгізу жағынан балалап келіп, бүгінгі орысшаға жетік немере-шөберелері мейлінше көбейтіп жібергені сондай «шекпен киген қара өлеңді» іздейтін күйге жетіп отырғанымыз өтірік болмаса керек. Тілейік мейлі, тілеймейік мейлі, Сәкен өзі өмір сүрген заманын Асау тұлпар – экспресс арқылы бейнелеп берген ұлы суреткер. Оны «Альбатрос», «Социалистан» поэмалары арқылы дәйектей түсемін дегенін қазақ поэзиясы қабылдамады. Өз жаңалығын өзі қайталаумен шектелді. Осы реттен алғанда, әдетті қара өлеңмен жазылған «Қызыл ат» поэмасы кезең шындығын ащылау түюімен ғана емес, ақынның әлеуметтік жанын жарқырата ашуымен қадірленеді. Ақсирақ ашаршылық жүріп жатқанда Сәкеннің «Біздің тұрмыс» атты сатиралық романы мен арқасының қаны шығып, жауыр болған «Қызыл аттан» басқа қазақ әдебиетінде ештеңе жазылмағанын еш уақытта естен шығармау керек. Ел сөзін сөйлеген, «халық қамын» ойлаған шығарма ғана тарих елеуішінен өтеді де, рапорт, мадақ өлең, күнделікті тірліктің суреттемесі жем етуге жарамайтын кебек екенін әдебиет тарихы талай рет дәлелдеді. Олардың аты түгіл, авторының есімі де ұмытылып қалды, ал солар талай сый-сияпатқа ие болып, алақанда тербетілген ақындар болатын. Демек, шеберлікпен қатар азаматтық, ақындық позициясы айырықша қажет. Осы деңгейден табылған Мағжан, Сәкен, Сәбит, Ілияс, Қасым, Әбділда, тағы басқа ақындардың туындылары ғана сөнбес жұлдыздардай жарқырап, қалғандары желге ұшып кетіп жатқанын көз көріп отыр. Мен тағы да шығандап барамын. Сіздерді жалықтырғаным, өзімнің зорыққаным, Серік Тұрғынбеков ақынның сөзімен айтқанда, «екі тентек – Мағжан мен Сәкенді жарастырамын» деп осыншама әлектенгенім сіздердің саналарыңызға, қазақ әдебиеттану ғылымына кесірін тигізбес деп үміттенемін. Шындықтың шырайын шығарайын деген мақсатым орындалған сияқты. Айта алмағаным бар шығар, бірақ өмір арнасынан шықпағаным Аллаға аян. Шындықтан үлкен құдірет жоқ.

23.02.1998 – 11.04.1999.

28.01.2001.

ҒЫЛЫМИ ТҮСІНІКТЕМЕ

«КӨРІКТІ ОЙДАН – КӨРКЕМ СӨЗ»

Жинаққа енген «Шәкәрім ақын», «Көк дауылдай кеуделі», «Құдіретті өлең өнегесі» зерттеулері 1994 жылы «Рауан» баспасынан шыққан «Көрікті ойдан – көркем сөз» (367 б.) кітабы бойынша, «Ұлттық дәстүр, мазмұн және форма» зерттеуі 1973 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (254 б.) атты қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық жайындағы кітабы бойынша теріліп, өзгеріссіз беріліп отыр. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» монографиясы «Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүр және жаңашылдық» деген докторлық диссертацияның негізінде жарық көрген болатын. Ғалым тәуелсіздік тұғырынан жаңаша бажайлаған зерттеулерін құрастырып, «Көрікті ойдан – көркем сөз» деген кітап шығарған болатын. Бұл екі кітапты да автордың өзі баспаға дайынған.

«Шәкәрім ақын» – зерттеудің алғашқы нұсқасы алпысыншы жылдары жазылғандықтан ғалым оны 1960-1990 жылдар деп көрсеткен. Шәкәрім Құдайбердіұлы ресми ақталған соң, оның өмірі мен шығармашылығы жөнінде қазақ және орыс тілдерінде «Новая встреча с поэтом» (Казахстанская правда. – 1988. – 27 мая. 130 лет со дня рождения Шакарима Кудайбердиева), «Шәкәрім (Құдайбердіұлы) ақын» (Жұлдыз. – 1989. – №12. – 192-197 б.) тәрізді мақалалары жарық көрді.

М.Базарбаев Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары (1956-1961), Әдебиет және өнер институтының директоры (1961-1971, 1981-1986) болған жылдары Шәкәрім Құдайбердиевтің ресми ақталуына, мұрасын жинауға, зерттеуге, оны қайта жариялауға көп еңбек сіңірді. Ғалым ақынның өмірі мен шығармашылығын ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында жете зерттеп, 1968 жылы жазылған «Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүр және жаңашылдық» (545 бет) деген докторлық диссертациясына енгізді. Ғалымның жеке мұрағатында аталған докторлық диссертацияның машинкаға басылған екі нұсқасы сақталған. Жұмыстың 32 беті Шәкәрім ақынның өмірі мен шығармашылығын талдауға арнаған. Ол кезде ақын мұрасы ресми ақталмағандықтан Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына қатысты жолдар қысқартылды. Ол жөнінде 2010 жылы «Арда» баспасынан шыққан Г.Орданың «Мүсілім Базарбаев зерттеулері және әдебиеттану ғылымының мәселелері» деген монографиясында толыққанды айтылған (222-254 б.). 1966-1969 жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы ақын шығармаларын жинап, зерттеп оның шығармалар жинағын шығаруды қолға алады. Сол шараларды іске асырудың басы-қасында институттың жетекшісі М.Базарбаев жүргенін құжаттар растайды. Бұл зерттеу кейінгі жылдары ғалымның «Көрікті ойдан – көркем сөз» (52-104), «Казахская поэзия: художественные искания» («О творчестве Шакарима Кудайбердиева». – 1995, 101-125 с.), «Замана тудырған әдебиет» (1997, 2005. – 228-271), Таңдамалы шығармалар (ІІ том, 2009. – 54-110) тәрізді еңбектері мен «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» сынды академиялық басылымда (Б.Әбдіғазиұлымен бірге, 6 том, 2006. – 184-214), Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанындағы «Халықаралық Қорқыт ата мұраларын ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған «Сырдария кітапханасы» сериясы бойынша шыққан Таңдамалы зерттеулерінде (2009. – 119-161) жарияланды.

«Көк дауылдай кеуделі» – Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналған ғылыми мақала 1969 жылы жазылған. Автор мақаланы еліміз тәуелсіздік алған соң, тәуелсіздік дәуірдегі әдебиетті зерттеу барысында қайта қарап толықтырды. Мақала тәуелсіздік тұсында жарық көрген «Көрікті ойдан – көркем сөз» еңбегінен алынып беріліп отыр (162-175).

Бұл мақала кейінгі жылдары 4 томдық Таңдамалы шығармаларының ІІ томында (2009, 171-183 б.) жарияланды (жауапты редактор – С.Қасқабасов, жауапты шығарушылар – С.Ананьева, Г.Орда, құрастырушы – Г.Байтоғаева). Оған дейін ғалымның ақын поэзиясы туралы «Отты жырдың ақыны» атты мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде (1965, 14 январь) жарияланған болатын. М.Базарбаев – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ әдебиетін, соның ішінде қазақ поэзиясын тыңғылықты зерттеушілердің бірі. Филология ғылымдарының докторы Ә.Нарымбетов екеуі «Қаһарлы күндер әдебиеті» (1968), «Ерлік пен еңбек дастаны» (1984) тәрізді монографиялар жазса, басқа да авторлармен бірлесіп «Ұлы отан соғысы жылдарындағы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиеті» (1984) атты ұжымдық зерттеуді жарыққа шығарды. Осы еңбектердегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ лирикасын М.Базарбаев зерттеді.

«Ұлттық дәстүр, мазмұн және форма» – зерттеу 1973 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық жөніндегі «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» монографиясының екінші тарауы сол қалпында беріліп отыр (42-117 б.).

Зерттеу осы қалпында, ешқандай өзгеріссіз «Көрікті ойдан – көркем сөз» (1994) атты әдебиетті жаңаша бажайлау негізінде жазылған еңбегінде жарық көрді (286-367). Автор мұнда осы тарауды «Ұлттық сипат, мазмұн және форма» (286-311), «Тіл тамырлары» (311-367) деген екі тақырыпқа бөліп берді. «Тіл тамырлары» «Ең алдымен «Жер», «Халық», «Адам», «Мекен», «Мезгіл» деген ұғымдарды алайық. Осыған «Тіл» деген ұғымды қосалық» деген абзацтан басталған болатын. Кейінгі жылдары «Тіл тамырлары» ғалымның өзі дайындап кеткен «Замана тудырған әдебиет» (1997, 2005) кітабында (134-190), Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанындағы «Халықаралық Қорқыт ата мұраларын ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған «Сырдария кітапханасы» сериясы бойынша шыққан Таңдамалы зерттеулерінде (23-81), 4 томдық Таңдамалы шығармаларының І томында (2009, 40-100) жарияланды. 2009 жылы «НҰРА – Астана» баспасынан жарық көрген 4 томдықтың І томында «Ұлттық дәстүр, мазмұн және түр» тарауы жарық көрді (14-40). М.Базарбаевтың 4 томдық Таңдамалы шығармаларының жауапты редактор – С.Қасқабасов, жауапты шығарушылар – С.Ананьева, Г.Орда, құрастырушы – Г.Байтоғаева. 1971 жылы КСРО Ғылым академиясының Шығыстану институтында «Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» деген тақырыпта филология ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін диссертация қорғады (Мәскеуде). Ұлттық әдебиеттану ғылымында дәстүр және жаңашылдық мәселесін алғаш зерттеушілердің бірі ретінде бұл тақырып төңірегінде көп еңбек етті. Ұсынылып отырған зерттеу жазылғанына қырық жыл өтсе де өзектілігін жойған жоқ. Себебі мұнда қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихына шолу жасалып, ұлттық поэзияда қалыптасқан дәстүр мен мазмұн, түр жаңалығы тиянақты да, тыңғылықты зерттелген. Ғалым қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесін шығыс және батыс поэзиясымен салыстыра зерттеп, қазақ әдебиеттануына дәстүр және жаңашылдық мәселесі жөнінде тың тұжырымдар ұсынды. Зерттеудің негізгі мазмұны жекелеген баяндамаларда баяндалып, көптеген мақалаларда жарияланған. Олардың қатарында 1959 жылы 15-19 маусымда Тіл мен әдебиет институты өткізген «Қазақ әдебиетінің негізгі проблемалары» атты ғылыми-теориялық конференцияда жасаған «Қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық жайында», 1961 жылы қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференцияда жасаған «Қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық жайында» баяндамаларын атауға болады (Әдеби мұра және оны зерттеу. Алма – Ата. – Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасы, 1961. – 45-66 б.). Сонымен бірге ғалымның ұлттық поэзиядағы дәстүр мен жаңашылдық туралы «Қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық жайында» (Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1959. – № 8. – 68-82 б.), «Қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық» (Кіт.: Социалистік реализм туы астында (мақалалар жинағы). – Алматы. – Қазмемкөркемәдеббас. – 1960. – 151-177 б.), «Национальные традиции и новаторство в казахской поэзии» (Простор. – 1971. – №5. – С. 106-110.), «Традиции и новаторство в казахской поэзии» (В кн.: Национальное и интернациональное в искусстве. – Фрунзе. – Киргизстан. – 1973. – 2,5 п.л.) тәрізді ғылыми мақалалары әдебиеттану ғылымына соны жаңалық болып қосылды.

«Құдіретті өлең өнегесі» – Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу тұңғыш рет «Көрікті ойдан – көркем сөз» (1994) кітабында жарық көрді.

Ғалым 1988-1995 жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда Кеңестік дәуір әдебиеті жаңаша көзқараспен қайта зерттеуге басшылық жасады. 1920-1930 жылдардағы әдебиеттің ақ қалған беттері жаңа есімдермен толықты. Осы кезде М.Базарбаев Ш.Құдайбердиев пен М.Жұмабаевтың шығармашылығын тыңғылықты зерттеді. 1989 жылы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен творчествосына арналған әдеби-музыкалық кеште сөз сөйлеп, 1990 жылы Қазақстан Жазушылар Одағында М.Жұмабаевтың творчествосына арналған ғылыми конференцияда ақын шығармашылығы жөніндегі баяндама жасады. Мерзімді басылым беттерінде Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы жөнінде қазақ, орыс тілдерінде бірнеше мақалалары жарияланды («Волшебный мир поэзии» (О поэзии Магжана Жумабаева) // Вечерняя Алма-Ата. – 1989. – 10 октября; «Печать раздумий, скорби и любви» (О стихи Магжана Жумабаева) // Казахстанская правдв. – 1989. – 1 февраля; «Воскрешение мастера» (Жизнь и творчество Магжана Жумабаева (1893-1938) // Советская Тюркология. – 1990. № 3. – с. 57-68); «Мағжанның поэзиясы» // Қазақ әдебиеті. – 1990. – 13 сәуір; «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған..» // Қазақ әдебиеті. – 1993. – 13 тамыз). Сонымен бірге «М.Жұмабаевтың шығармалары туралы» ақынның әр жылдары шыққан шығармалар жинағының алғысөзін жазды. Олардың қатарында 1995 жылы «Білім» баспасынан шыққан Мағжан Жұмабаевтың 3 томдық шығармалар жинағын (1 томы), «Атамұра» баспасынан шыққан «Сүй, жан сәулем» атты өлеңдер мен поэмалар жинағын (2002) атауға болады. 2001 жылы Орталық ғылыми кітапханадан шыққан «Ұлттық поэзия падишасы» деген кітапта «Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармагерлігі туралы шолу» деген зерттеу мақаласы жарық көрді (Құрастырған Ф.Қ.Бектурбекова) . М.Базарбаевтың бұл зерттеуі «Замана тудырған әдебиет» (1997, 202-228) еңбегінде (жауапты редакторы – филилогия ғылымдарының докторы Ә.Қ.Нарымбетов), «Казахская поэзия: художественные искания» («Драматизм лирики и эпическая романтика». О поэзии Магжана Жумабаева. – 1995, 125-142 с.) монографиясында, 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты академиялық басылымның 7 томында (2004, 224-251), Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанындағы «Халықаралық Қорқыт ата мұраларын ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған «Сырдария кітапханасы» сериясы бойынша шыққан Таңдамалы зерттеулерінде (92-119), 4 томдық Таңдамалы шығармаларының ІІ томында (2009, 6-54) жарияланды (жауапты редактор – С.Қасқабасов, жауапты шығарушылар – С.Ананьева, Г.Орда, құрастырушы – Г.Байтоғаева).

Түсініктерін жазған – ф.ғ.д. Г.Орда

«САЙЫС»

«Сайыс» – 2001 жылы «ҚАЗақпарат» баспасынан шыққан «Сайыс» кітабы бойынша теріліп берілді (290 б.). Автор бұл басылымда алғашқы нұсқаны қайтадан қарап, жекелеген жерлерін редакциялағандықтан осы басылымды алдық. Еңбектің алғашқы нұсқасы 1999 жылы «Қазақ университеті» баспасынан «Мағжан-Сәкен» деген атпен жарық көрген.

Тұрсынбек Кәкішұлы – төл әдебиетімізде сәкентану мен мағжантану салаларын мейлінше дамыта зерттеуде айтулы еңбек етіп келе жатқан ғалымдардың бірі. Ғалымның С.Сейфуллинтану жұмыстарымен айналысқанына жарты ғасырдан асып отыр. Атап айтқанда, ол 1960 жылдан бастап оқырман қолына тие бастаған С.Сейфуллиннің алты томдық шығармалар жинағын шығаруға белсенді түрде қатысушылардың бірі, көптомдықтың 4, 5, 6, томдарын құрастырды. Т.Кәкішұлының алып отырған тақырыбына қатысты іргелі еңбектерінің өзі бірсыпыра. Олардың басты-бастылары – «Дәуір суреттері» монографиялық этюдтері (1967), «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» тарихи әдеби-очеркі (1968), «Жизнь замечательных людей» сериясы бойынша Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «Сакен Сейфуллин» (1972) тарихи-әдеби очеркі. Сонымен бірге «Мағжан-Сәкен», «Сәкен өткелдері», Сәкен аялаған арулар», «Дәуір дауылпазы», «Толғам» сияқты еңбектерінде де кітапқа ұсынылған тақырып әр қырынан қамтылған. Ғалым-ұстаз өзі еңбек етіп жүрген Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік универстетінің филология факультетінде «Сәкеннің жаңашылдығы» атты арнайы дәріс оқиды. Осы келтірілген мысалдардан көрініп тұрғандай, Тұрсынбек Кәкішұлы қазақтың ұлы перзенттері Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфулиннің шығармашылық әлемін, жеке бастарына қатысты мәліметтерді мейлінше толық жинастырып, ғылыми-көркем үлгіге салған. Екі ақынның поэзиялық болмыс-бітімін ұштастыра салыстыра отырып, бүкіл қазақ поэзиясында алатын орнын айқындап береді, ғылыми тұрғыдан негізделген ұтымды талдаулар жасайды. Автордың кеңінен пайдаланатын тәсілін салыстырмалы-әдістемелік деп айқындауға болады. Сондай байыппен еңбек ете білудің нәтижесінде екі ақынның да поэзиялық әлемі жете ашылған. Сонымен бірге ғалым өзінің осы зерттеу нысанын жан-жақты ашып көрсету мақсатында тек бірыңғай шығармашылық мәселелерді сөз етумен шектеліп қалмай, аталған екі тұлғаның өмірбаяндық жолдарына, адамдық ара қатынастарына назар аударып, кейбір жекелеген күрделі тұстарына ой жүгіртеді. Жалпы алғанда, Мағжан мен Сәкен ара қатынасының жеңіл болмағандығын, кейбір психологиялық-моральдік тұрғыдан көңіл бөлуге тұратын жағдаяттардың бар екендігін нақты келтірген мысалдар арқылы жеткізеді. Т.Кәкішұлының оқырманға ұсынылып отырған «Сайыс» атты осы кітабы жоғарыда аталған еңбектердің жүйеленіп, толықтырылып, жөнделген, бір ауыз сөзбен айтқанда, жетілдірілген нұсқасы. Эссе жанрында жазылған ғалымның бұл еңбегі «Ғылыми қазына» сериясының талаптарына байланысты дайындалып, жекелеген қысқартулар жасалды. Осының алдында шығарылған «Сайыс» кітабы негізге алынғандықтан, одан мына төмендегідей тараулар мен тараушалардан ішінара қысқартылды (беттердің реті де сол кітап бойынша көрсетіліп отыр): «Әлқисса» (5), «Сүрлеу» (8-9), «Жаршы» (11-12, 16), «Сең бұзылғанда» (10, 14, 19-21), «Бірлік төңірегінде» (37-44), «Ақпанның жүзі жылы» (60), «Әлеуметшілдік» (61-63), «Бізге қандай автономия керек?» (63-66), «Ізденіс іздері» (75-77), «Қиындықтың ащы дәмі» (78-79, 82, 84-86), «Алғашқы қадам» (86-87, 88), «Қым-қуыт тіршілік» (98-99, 102-103), «Дүниенің тұтқасы – білім» (105), «Жыр маржаны» (113), «Шындықты шырылдатпайық» (118-119), «Қауырт қадамдар» (120,123), «Тұзақ» (123-126), «Нартәуекел» (126-127,130), «Жан жарасы – жер» (131-133), «Оқығандарды жұмысқа қою» (147), «Күйзелу» (152), «Шырғалаң» (153-154), «Өмір кемесінде» (160), «Арғы атам – ер түрік» (170-171, 175), «Азияны ауызға алсаң айыптысың» (176), «Мәскеу – қызылкөздер ұясы» (198-203), «Бұрқасын» (204-205), «Өнер мен өмір егіз» (213-214), «Алқа» (214-216), «Кезеңдік кетісу» (224-225), «Ана тілің ардағың», (249), «Мағжан-Сәбит» (256), «Өсек дерек емес» (269-270), «Теперіш» (282). Кітапта кездескен бірсыпыра тарихи тұлғаларға «Есімдер көрсеткішінде» мәліметтер берілді.

Түсінігін жазған – ф.ғ.д. Н.Ақыш

ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР

АРНАЙЫ СЫН МАҚАЛА ЖАЗҒАН АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР

ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ

Қасым Аманжолов (1911-1955) – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Қызыл деген жерде туған. Әдебиетке отызыншы жылдары келген ақын Байрон, Пушкин, Лермонтов, Шевченко, Маяковскийлерді қазақ тілінде сөйлете жүріп тәжірибе жинақтады, өсті. Қазақ халқына тән ерлік, батырлық, жомарттық сезімдерді «шешен де сыршыл» жырларымен бейнелеп, қазақ поэзиясына мол үлес қосты.

Мағжан Жұмабаев (1893-1938) – 1893 жылы 25 маусымда Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, Сасықкөл басында) дүниеге келген. Ақын, аудармашы, ғалым, қоғам қайраткері.

Сәкен (Садуақас) Сейфуллин (1894-1938) – кеңес дәуіріндегі қазақ поэзиясын бастаушы және оны жаңа мазмұнда байытушы ақын. 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысына қарасты Ақмола уезіндегі Нілді болысының 1-ші ауылында (қазіргі Қарағанды облысының Жаңарқа ауданы) туған. Ол –XX ғасырда қазақтың ұлттық әдебиетінің жаңа жолмен дамуына үлкен үлес қосқан қаламгер, қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі, аса көрнекті қазақ ақыны және белгілі қоғам қайраткері.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – 1858 жылы 11 шілдеде қазіргі Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауы бөктерінде дүниеге келген. Әкесінен жеті жасынан қалған Шәкәрім немере ағасы Абайдың тәрбиесінде болған. Шәкәрім Құдайбердіұлы – қазақ поэзиясындағы өзіне дейінгі қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып, оны мазмұн мен түр жағынан байытқан ақын.

ЕСІМДЕР КӨРСЕТКІШІ

Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904) – 1845 жылы 10 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салушы, сыршыл лириканың шебері, философ, гуманист ақын.

Абдуллин Хамза (1919-2001) – ақын, аудармашы. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев (Булаев) ауданы аумағында туған. Мектептен кейін 1932-1936 жылдары Омбыдағы жұмысшылар факультетінде оқиды. Одан кейін облыстық Халық ағарту бөлімінде қызмет істеп, 1937-1940 жылдары Алматыдағы Коммунистік Журналистер институтында білім алған. «Социалистік Қазақстан» газетінде, Солтүстік Қазақстан облыстық газетінде, «Жаңа фильм» журналында бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында тұтқынға түсіп, концлагерьде болады. Кейін Мұстафа Шоқай ұйымдастырған Түркістан легионының қатарына кірген.

Аймауытов Жүсіпбек (1889-1931) – жазушы, педагог, қоғам қайраткері. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау ауылында өмірге келген. 1907-1913 жылдары Баянауыл, Кереку (Павлодар) мектептерінде, 1914-1919 жылдары Семей мұғалімдер семинариясында оқыған. 1920-1921 жылдары ҚазАССР халық ағарту комиссариатында бөлім бастығы болды. Одан баспасөз салаларында Ташкент ағарту институтында, Шымкент педагогикалық техникумында директор болып істеген. 1931 жылы атылған. Оның алғашқы өлеңдері мен әңгімелері, мақалалары «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде, «Абай» журналында жарияланып тұрады.

Арыстанбеков Таутан (1897-1975) – қоғам қайраткері, қазақ жастарының демократиялық кеңесі ұйымын құрушылардың бірі. Қазіргі Қостанай облысында (бұрынғы Торғай облысы, Қостанай уезі, Обаған болысы) туған. 1918 жылы көктемде үгіт-насихат жұмысын жүргізгендігі үшін абақтыға қамалады. 1918-1923 жылдары Қостанай өңірінде мұғалім, Қазақ АКСР-і Орталық комитетінің мүшесі болады. 1927-1928 жылдар аралығында Қазақ АКСР-і Заң халық комиссариатының прокуроры, Сырдария губерниялық сотының төрағасы қызметтерін атқарған. 1937 жылы С.Сейфуллиннің жақын адамы ретінде он жылға сотталады. 1947 жылы мүгедек болып елге оралғанымен, 1948 жылы қайтадан Краснояр өлкесіне жер аударылады. 1957 жылы толық ақталған.

Асылбеков Абдолла (1896-1937) – қоғам қайраткері. Қазіргі Қарағанды облысының Нұра ауданы аумағында туған. Бастауыш орыс мектебінде,Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясында білім алған. С.Сейфуллинмен бірге Ақмолада Совет өкіметін орнатуға қатысып, «Тіршілік» газетін шығарысқан. Ақ әскерлер тұтқынында болып, атаман Анненковтың азап вагонында, түрмелерде жатқан. 1919 жылы түрмеден қашып шығып, Қызыл армияның Қиыр Шығыстағы бөлімінде полк комиссары болады. 1921 жылы Қазақстанға оралып, Ақмола губерниялық партия комитетінде жұмыс істейді. 1922-1925 жылдары ол РК(б)П қазақ облыстық комитетінің хатшысы және білім бөлімінің меңгерушісі, басқа да жауапты қызметтер атқарған.

Әбдіқадыров Қалқаман (1903-1964) – жазушы, аудармашы. Қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы жерінде туған. 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газеті редакциясында ат айдаушы болған. Өлең-жырлары, әңгімелері республикалық газет-журнал беттерінде басылып тұрған. Оның «Қажымұқан», «Келес қызы» повестері бар.

Әйтиев Әбдірахман (1886-1936) – мемлекет және қоғам қайраткері. Орал облысы, Орал уезі, Қароба болысы, Сүгірбай ауылында (қазіргі Теректі ауданы) дүниеге келген. 1917 жылдан бастап саясатпен шұғылдана бастаған. 1917 жылы сәуірде өткен Орал облысы қазақтарының І съезін ұйымдастырушылардың бірі. Кеңес өкіметін нығайту жолындағы көптеген жұмыстарға да атсалысқан. Ақмола губернаторы ревкомының төрағасы (1920, сәуір); ҚАКСР Ішкі істер халық комиссары және ОАК төралқа мүшесі, Орталық әкімш. комиссиясының төрағасы (1921, қазан-1925, қаңтар); ҚАКСР Еңбек халық комиссарының орынбасары және еңбек қорғау бөлімінің меңгерушісі (1925, қаңтар); ҚАКСР Орталық музейінің директоры (1931, ақпан); ҚАКСР Осоавиахим Орталық кеңесінің төрағасы (1932, сәуір); ҚАКСР Халкомкең консультанты (1933, мамыр) сияқты жауапты қызметтерде болған. 1936 жылы қарашада науқаcтан қайтыс болды.

Әйтпенов Мұқан (т.- ө.ж.б.) – қоғам қайраткері. 1917 жылы көктемде Омбы уездік қазақ комитетінің төрағасы, қараша айында «Үш жүз» партиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі партия ОК-нің алғашқы төрағасы болған.

Байділдин Әбдірахман (1891-1931) – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданында дүниеге келген қоғам қайраткері. Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітірген (1917). «Бірлік» ұйымының мүшесі әрі оның хатшысы болған. 1917 жылы Ақпан революциясынан соң Ақмола облысында Қазақ комитетін ұйымдастыруға атсалысты. Кеңес дәуірі тұсында мерзімді баспасөз саласын мен партия жұмыстарында болды. 1929 жылы басталған қуғын-сүргін кезінде қамалып, 1931 жылы ату жазасына кесілді.

Байтұрсынұлы Ахмет (1972-1937) – 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ақын, әдебиет зерттеуші, түркітанушы ғалым, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының 20-ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алашорда өкіметінің мүшесі. Орынбор қаласында 1913-1918 жылы Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Казревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты. Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. 1937 жылғы репрессия құрбаны.

Бектұров Жайық (1912-1998) – жазушы, аудармашы, публицист. 15-қазанда қазіргі Ақмола облысы, Ақмола ауданында туған. Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін (1934), Қазақ мемлекеттік университетін (1955) бітірген соң, мұғалім болып істеген. Комсомол жұмысында және бірнеше мерзімді баспасөз саласында істеді. Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болған.

Бекхожин Хайыржан Нұрғожаұлы (1910-1965) – қазақ баспасөзін зерттеуші ғалым, тарих ғылымдарының докторы. Павлодар қаласында кедей шаруа отбасында туған. 1942 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. 1945-1947 жылдары өзі оқыған университеттің журналистика факультетінің аға оқытушысы, деканы, журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Журналист кадрларын әзірлеумен шұғылдана жүріп, Қазақстан баспасөзі тарихын зерттеу ісіне елеулі үлес қосқан.

Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. 1866 жылы 5 наурызда қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы бұрынғы Қаратал кеңшарында дүниеге келген. Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ә.Бөкейханов бірнеше рет түрмеге қамалып, Мәскеуге жер аударылған. Он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылы тамызында қайыра тұтқындап, жалған жаламен 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесілді.

Голощёкин Филипп Исаевич (1876-1941) – Қазақстан ВК(б)П Өлкелік комитетінің бірінші хатшысы (1925-1933). Шын аты-жөні Шая Ицкович, Исай, Исакович деп әр түрлі көрсетілген. Ұлты – еврей. Мамандығы – тіс технигі. Револиюциялық жұмыстарға 1903 жылдан бастап араласқан. Самар Губатқару комитетінің төрағалығынан Қазақстанға ауыстырылған. Қазақ жеріне келгеннен кейін, «Кіші Қазан» деген атпен жедел түрде отырықшыландыру, ұжымдастыру және байларды жаппай тәркілеу науқандарын мәжбірлеу, зорлық жасау жолдарымен жүзеге асырып, оның арты қазақ халқының жаппай ашаршылыққа ұшырауына апарып соқтырған.

Диваев (автор Дибаев деп жазады) Әбубәкір Ахметжанұлы (1856-1932) – фольклортанушы, этнограф. Ұлты – башқұрт. Орынбор кадет корпусының Азия бөлімін бітірген. Алғашында Түркістан өлкесіне әскери қызметпен келіп, кейін Ташкент қаласында Әскери-халықтық басқармада қызмет етеді. Өзбек, тәжік, парсы тілдерін меңгерген ол кадет корпусында оқып жүріп, қазақ тілін де үйреніп алады. Сөйтіп қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпына қатысты құнды материалдар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен шұғылданған. Олардың жекелеген нұсқаларын орысшаға аударумен айналысқан. Диваевтың қатысуымен 1895 жылы Қожа Ахмет Иасауи мешітінен көне жазулар табылды.

Диваев (автор Дибаев деп жазады) Әбубәкір Ахметжанұлы (1856-1932) – фольклортанушы, этнограф. Орынбор кадет корпусының Азия бөлімін бітірген. Алғашында Түркістан өлкесіне әскери қызметпен келіп, кейін Ташкент қаласында Әскери-халықтық басқармада қызмет етеді. Өзбек, тәжік, парсы тілдерін меңгерген ол кадет корпусында оқып жүріп, қазақ тілін де үйреніп алады. Сөйтіп қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпына қатысты құнды материалдар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен шұғылданған. Диваевтың қатысуымен 1895 жылы Қожа Ахмет Иасауи мешітінен көне жазулар табылды.

Досов Әбілқайыр (1899-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Қотыркөл болысында туған. Омбыдағы жетім балалар пансинатының мектебінде оқыған. Қазан төңкерісінен кейін Кеңес өкіметін орнату жолында түрлі жауапты қызметтер атқарған. Олардың ішінде Семей губерниясы, Орал болыстық атқару комитеттерінің төрағасы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстық партия комитеттерінің хатшылығы, шымкент қалалық партия комитетінің хатшылығы сияқты қызметтер болды. 1938 жылғы репрессия құрбаны.

Дулатұлы Міржақып (1885-1935) – қоғам қайраткері, жазушы. 24-қарашада Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Қызбел ауылында өмірге келген. А.Байтұрсыновпен «Қазақ» газетін ұйымдастырған (1913-1918). 1922 жылда түрмеге қамалған. 1922-1926 жылдары Орынбордағы Қазақтың халыққа білім беру институтында (КИНО) оқытушы болып істейді. «Есеп құралын», «Балқия» атты пьесасы «Қирағат кітабы», (хрестоматиялық оқулық) жарық көрді. 1928 жылы қамалып, 10 жылға сотталған. 1935 жылы қазанның 5-і күні Ақ теңіз – Балтық каналының бойында қайтыс болды.

Ермеков Әлімхан (1891-1970) – 1891 жылы осы күнгі Қарағанды обылысы, Ақтоғай ауданы аумағындағы Бөріктас деген жерде дүниеге келген. Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері. Ол 1899 жылы Қарқаралыдағы қалалық училищеге, одан кейін Семейдегі ерлер гимназиясына түседі. Осы оқу орнын 1912 жылы алтын медальмен бітіріп, Томск технология институтының тау-кен факультетіне қабылданады. Ағылшын, неміс, француз, итальян тілдерін білген. Кеңес өкіметін нығайту жолындағы түрлі іс-шараларға қатысады. Әлихан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі – Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғауы. Осы орайда ол 1920 жылы 17 тамызда В.И.Лениннің төрағалығымен өткен Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақстанның жағдайы туралы Ә.Ермеков баяндама жасайды. Қазақ арасынан тұңғыш математика ғылымының профессоры. Алайда 1937 жылғы қара бұлт Ә.Ермековтің басына тағы да үйіріліп, 1939 жылы сотталып, 1947 жылға дейін түрмеде отырып шығады. Түрмеден шыққаннан кейін жаламен ұсталып, 1958 жылы босайды. 1957 жылы 26-қарашада толық ақталып, 1970 жылы қайтыс болған.

Жангелдин Әліби Тоғжанұлы (1884-1953) – Қостанай облысы Амангелді ауданында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері. Қазандағы мұғалімдер семинариясында оқып жүргенінде 1905 жылғы революцияға қатысты деген айыппен оқудан шығарылады. Жангелдин Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығына қарсы Торғай қазақтарының көтерілісін қолдап, Торғай қаласын қоршауға қатысты. РКФСР Халық комиссарлар кеңесінің шешімімен Торғай облысының төтенше соғыс комиссары, артынан Орынборда өткен Торғай облысы кеңестерінің 1-съезінде облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1918 жылы тамыз-қазан айларында Ақтөбе майданының әскерлеріне қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізген арнаулы отрядты басқарды. Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті президиумы төрағасының орынбасары және Қазақстан Қамсыздандыру халық комиссары болды. Жангелдин 1920 жылдан РКП(б) Қырғыз (қазақ) облыс комитетінің және Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің мүшесі, 1938 жылдан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

Жәнібеков Мұқатай (Угар) (1887-1932) – қоғам қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысушы. Бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінің Темірші болысында туған. Лена алтын кеніндегі жұмысшы қозғалысына (1912) қатысқаны үшін 12 жылға жер аударылды. Омбыда совдептің жұмысына белсене араласты. Ақмола облысында астыртын большевиктік ұйым басшыларының бірі болды. Ауыл кедейлерінен партизан отрядтарын ұйымдастырды. 1920 жылы Орынборда Сапожков бандысын талқандауға қатысты, өмірінің соңғы жылдары Петропавл губерния аткомы рев. трибуналының нұсқаушысы және мүшесі, Қарқаралы уездік милиция бөлімінің, Қазақстан өлкелік милиция мектебінің, Семей қалалық милиция бөлімінің бастығы болды.

Жолдыбаев Молдағали (1887-1938) – қоғам қайраткері, педагог, журналист. Қарасудағы (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Казталовка ауданы) 6 сыныптық орыс-қазақ мектебін (1900), Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін (1910) бітірген. Халық ағарту, баспасөз және партия-кеңес салаларында әртүрлі қызметтерде болды. 1923-1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы міндетін атқарды. «Жаңа мектеп» («Қазақстан мектебі») журналының алғашқы редакторы, Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы әдістемелік кеңестің төрағасы болды. Бірнеше оқулықтың әңгіме-новеллалардың авторы. 1937 жылы желтоқсанда Алаш қозғалысына қатысқаны үшін «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқынға алынып, 1938 жылы ақпанда ату жазасына кесілді.

Калинин Михаил Иванович (1875-1946) – кеңестік мемлекет және партия қайраткері. 1919 жылы Л. Д. Троцкий оны «Бүкілресейлік староста» деп атаған. 1935 жылдан кейін «Бүкілодақтық староста» деп атала бастады. Патша заманында астыртын саяси жұмыстарға қатысқаны үшін бірнеше рет қамауға алынған. Кеңес мемлекеті тұсында көптеген лауазымды қызметтер атқарған.

Кемеңгеров Қошке (Қошмұхамбет) (1896-1937) – жазушы, әдебиет зерттеушісі, қоғам қайраткері. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданының аумағында өмірге келген. Омбы ауыл шаруашылығы мектебінде, Омбы медицина институтында оқыған. Ташкент университетінде, әскери училищеде оқытушы болып, Воронеж бен Омбы облыстарында дәрігерлік қызмет атқарған. Бірсыпыра көркем әңгіменің, әдеби-сын мақалалардың авторы. Көркем аудармамен де шұғылданған.

Кенжебаев Бейсембай (1904-1987) – әдебиеттанушы ғалым, аудармашы, педагог. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Жалғыз ағаш ауылында дүниеге келген. 1921-1925 жылдары Мәскеуде Шығыс еңбектері коммунистік университетінде (КУТВ), 1938-1942 жылдары М.Горький атындағы Әдебиет институтында, 1939-1942 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған. Көптеген жылдар бойында мерзімді баспасөз саласында қызмет етті. 1944 жылдан өмірінің соңына дейін ҚазМУ-ге педагогтік қызметте болды.

Колчак Александр Васильевич (1874-1920) – әскери әрі саяси қайраткер. Мұқиттанушы ғалым, географиялық зерттеулермен айналысты. Бұл салада жазылған әртүрлі іргелі еңбектердің авторы. Азамат соғысы жылдары ақ әскерлердің қолбасшыларының бірі ретінде тарихта қалған. Өзін Бүкіл Ресейдің билеушісі әрі орыс армиясының бас қолбасшысы етіп жариялады.

Көлбай Тоғысов (Төгісов) (1879-1919) – бұрынғы Семей облысы Зайсан уезі, Шорға болысында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, журналист, драматург. Бірінші орыс революциясы тұсында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақпаев секілді қайраткерлермен бірге патша өкіметінің жүргізіп отырған отарлық саясатына қарсы шықты. 1909 жылы тұтқынға алынып, 1912 жылға дейін түрмеде отырды. М.Әйтпеновпен бірге Омбыда «Үш жүз» партиясын құруға басшылық етті. 1919 жылы наурызда Омбыда А.В. Колчак үстемдігі орнаған кезде абақтыға жабылып, сонда қаза тапты.

Куйбышев Валериан Владимирович (1888-1935) – революционер, кеңес-партия қайраткері. Омбы кадет корпусын бітірген. Жастайынан-ақ революциялық жолға түсіп, өмірінің соңына дейін саяси қызметпен айналысқан. 1935 жылдың 25-қаңтарында аяқ астынан қайтыс болды. Ол өлген соң екі жылдан кейін әйелі Евгения Соломоновна Коган және інісі Николай Владимирович Куйбышев атылды.

Қабылов Ілияс (1904-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері. Қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданының аумағында туған. 1918-1922 жылдары Ташкент еңбек коммунасында орталау білім алған. Кейін Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін (1925), Қызыл профессура институтын (1933) бітірген. 1925-1928 жылдары Ташкенттегі Орта Азия коммунистік университетінде философия және құқықтанудан оқытушы, 1928-1930 жылдары Қазақстан өлкелік партия комитетінің баспа жөніндегі сектор меңгерушісі, мәдениет және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1931-1933 жылдары Шығыс еңбекшілері коммунистік университеті философия кафедрасының меңгерушісі болды. 1934-1937 жылдары Қазақстан өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, ҚазПИ (ҚазҰПУ) философия кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Көрнекті публицист, әдеби сыншы, философ ретінде «Еңбекші қазақ», «Советская степь», «Казахстанская правда» газеттерінде мақалалар жариялаған. 1937 жылы жалн жаламен айыпталып қамалған. Кейін ату жазасына кесілген. 1998 жылы 15 мамырда толық ақталды.

Қажымұқан (Мұңайтпасов) (1871-1948) – қазақтың тұңғыш кәсіпқой балуаны. 1871 жылғы 7 сәуірде (кейбір зерттеулерде 1886 жылы) Ақмола уезі, Қараөткел деген ауылда дүниеге келген. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. 1937 жылы Қажымұқанның ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп, қудалауға ұшыратады. Сол себепті Қажымұқанның өмірінің соңғы кезеңі оңтүстік Қазақстанда өтеді. Ол 1948 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, «Ленин туы» колхозында қайтыс болды. Темірлан деген ауылда қабырының басына ескерткіш орнатылған.

Қазақ балалар прозасына қалам тартқан. «Мың бір түн» хикаяларын, Әлішер Науаидың өлеңдерін аударған.

Қаратаев Бақытжан Бейсәліұлы – 1860 жылы Жайық өңірінің Қаратөбе ауданындағы Ақбақай ауылында дүниеге келген. Ол Орынбор гимназиясын бітіргеннен кейін, Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқыды. Петербургте, Кутаисиде және Орынборда бірнеше жыл тергеуші болып істейді. 1897 жылы туған жеріне қайта оралып, Оралда, Қаратөбеде, Жымпитыда адвокат болды. 1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаға Орал облысынан депутат болып қатысқан. 1907-1916 жылдары ағартушылық жұмыстармен айналысып, «Қазақстан» газетін, «Айқап» журналын шығарысты. 1918 жылы облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланды. Кейін ол Орал облревкомының құрамында ұлттар коллегиясын басқарды. Қазақ әскери ревкомының мүшелігіне тағайындалып, 1920 жылы Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық І съезінің делегаты, Қазақ АССР-інің заң комиссары болды.

Қожанов Сұлтанбек Қожанұлы (1894-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. Мәскеуде БК(б)П ОК Марксизм-ленинизм курсын (1927) бітірген. 1920 жылдың соңына қарай Түркістан республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. 1922-1924 жылы Түркістан КП кентінің хатшысы, атқару кенті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде (1924) айрықша танылды. 1924 жылы қарашада РК(б)П Қазақ обкомының (1925 жылы ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Оның ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. Көптеген жауапты қызметтер атқарған. Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.

Ленин Владимир Ильич (Ульянов) (1870-1924) – коммунистік идеяның көсемі, кеңестік саяси әрі мемлекет қайраткері. Большевиктер (артынан коммунистер) партиясын құрып, Ресейдегі Қазан төңкерісін жасауға және алғашқы жылдары Кеңес өкіметін нығайтуға тікелей басшылық жасаған.

Меңдешев Сейітқали Меңдешұлы (1882-1937) – бұрынғы Ішкі Орданың Қалмақ ауылында дүниеге келген. Қоғам және мемлекет қайраткері. 1903 жылы Қазан мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін, ағартушылық бағыттағы жұмыстармен айналысты. 1916 жылы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына қатысқаны үшін тұтқынға алынып, Астрахань түрмесіне қамалды. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Ішкі Орда қазақтарының өзін-өзі басқару ұйымдарын құруға атсалысты. 1918 жылы Кеңестердің Бөкей губерниясы съезінде губерния атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. 1919 жылы шілдеде қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери ревкомның мүшесі және оның төрағасының орынбасары болды. 1920-1925 жылдары Қазақ АКСР ОАК-інің төрағасы қызметінде жүріп ашаршылыққа қарсы күресті басқарды, 1921 жылы Қазақстанның солтүстік аймақтарын, 1924 жылы Жетісу және Сырдария облыстарын Қазақ АКСР-іне қосуда үлкен қажыр-қайрат көрсетті. 1925-1926 жылдары Қазақстан тұтынушылар одағының төрағасы. 1926-1930 жылдары РКФСР экономикалық кеңесінің мүшесі, 1930-1937 жылдары Қазақ АКСР оқу-ағарту халық комиссары болған. 1921-26 жылдары РК(б)П Қазоблбюросының, РК(б)П ОК Қазақ бюросының, РК(б)П Қазақ обкомының мүшесі болды. 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырады.

Мирзоян Левон Исаевич (1896-1939) – кеңестік мемлекет және партия қайраткері. Ұлты армян. Партия-кеңес қызметтерінде лауазымдық қызметтер атқарған. 1933-1938 жылдар аралғында Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, 1939 жылы атылды.

Мұқанұлы Сәбит (1900-1973) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі. 1936-1937 және 1943-1952 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы болған. Қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Кеңестік идеологияны қолдамаған алашшыл ақын-жазушыларды сын тезіне алып‚ тапшылдық ұстанымдарын айқын танытты. Әйтсе де олардың жазушылық‚ ақындық талантын жоғары бағалады‚ оларды қазақ кеңес әдебиетіне қызмет етуге шақырды. Қазақ халқының ұлттық тілі мен мәдениетіне қатысты Кеңес өкіметінің әр кезеңдердегі солақай шешімдеріне қарсы шығып‚ өзі сенген биліктің сынына да ұшырады.

Мұстамбаев Ыдырыс (1898-1937) – мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы. Семей қаласындағы екі кластық училищені, телеграфистер курсын бітіргеннен соң, пошта саласында қызмет істейді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, көптеген жауапты қызметтер атқарған, солардың ішінде көбірек істегені – прокуратура мен атқару комиттері саласында. Қай жұмыста жүрсе де әдеби шығармаларды зерттеуден қол үзбей, көптеген мақалалар жазған. Солардың ішінде Абай шығармашылығына қатысты жазғандары ерекше назар аударады.

Мұхаметжан Сералин (1872-1929) – ақын, журналист. Қазіргі Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Ауыл мектебінен кейін Троицкідегі медреседе, Қостанайдағы орыс-татар мектебінде оқыған. «Айқап» журналының негізін салушы. Журналистикамен айналыса жүріп, көптеген өлең-поэмалар жазған, аудармамен де айналысқан.

Нұрмақов Нығмет Нұрмақұлы (1895-1937) – Кеңес және партия қайраткері. 1895 жылы 25 сәуірде бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезіне қарасты Қу болысында дүниеге келген. Бүкілодақтық атқару комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болады. 1931-1937 жж. ВЦИК хатшысының орынбасары. ВЦИК Президумының бөлім меңгерушісі, ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің ҚАКСР ОАК мүшесі. 1937 жылдың қуғын-сүргініне Нығмет Нұрмақов алғашқылардың бірі болып ілінді. Мәскеу архивінің анықтамасы 1937 жылдың 3 маусымында Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, үкімімен 15 минутта тағдыры шешіліп, 42 жасында атылған.

Петропавл қаласында мұсылман бюросы мен қазақ-татар клубында, Федоров аудандық оқу бөлімінде істеген. 1921 жылы кулактар көтерілісі кезінде қазаға ұшыраған.

Плеханов Георгий Валентинович (1856–1918) – марксизм идеясының көрнекті теоретигі әрі насихатшысы,

Радус-Зенкович Виктор Алексеевич (1877-1976) – кеңестік мемлекет қайраткері, Қазақ АКСР-інің алғашқы басшыларының бірі. Мәскеу университетінде оқыған. 1902 жылы Иркутск губерниясына жер аударылып, шет елге қашқан. 1903 жылдан РСДЖП мүшесі. 1908 жылы каторгіге жіберіліп, 1913 жылы Иркутск губерниясына жер аударылған. 1917 жылы Саратов атқару комитетінің мүшесі, «Социал-демократ», «Известия Саратовского Совета» газеттерінің редакторы. 1918 жылы РКФСР еңбек халкомының орынбасары. 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) революциялық комитетінің төрағасы, ҚАКСР Халкомкеңесінің төрағасы, 1921-22 жылдары РК(б)П ОК Кирбюросының хатшысы, 1925-27 жылдары БК(б)П Орталық бақылау комиссиясының төрағасы (Минск қаласы), 1930-33 жылы РКФСР еңбек халкомының орынбасары, 1933-37 жылдары байланыс қызметкерлері одағы ОК төрағасы болды. 1940 жылдан КОКП ОК жанындағы марксизм-ленинизм институтында жұмыс істеген. 1956 жылы зейнетке шықты.

Рысқұлов Тұрар (1894-1938) – мемлекет қайраткері. Жетісу облысы, Верный уезі, Шығыс Талғар болысында дүниеге келген. Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебінде, Ташкенттегі мұғалімдер семинариясында оқыған. Кеңес өкіметін нығайту жолында көптеген жауапты қызметтер атқарған. 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Монғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Ол онда Моңғол Халық Республикасының аяғынан нық тұрған мемлекеттік ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ол Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болатын. Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі, «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болған. Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. Қазақ өлкелік БК(б)П к-тін басқарған Ф.И. Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шықты. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды. Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғырғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды.

Садуақасов Жанайдар (Сәдуақастың Жанайы) – 1898 жылы Омбы губерниясының Ақмола уезінде дүниеге келген. Ақмола, Омбы қалаларында білім алған. 1922 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жауапты хатшысы болып тағайындалып, әр жылдары республика, облыс деңгейіндегі басшылық қызметтерде болды. Репрессия құрбандарының бірі.

Садуақасов Смағұл (1900-1933) – мемлекет және, қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы. Бұрынғы Көкшетау облысы, Ленин ауданының аумағында өмірге келген. Әкесі Садуақастан, Әбіл молдадан білім алып, кейін Павлодардағы орыс-қазақ училищесін бітірген. Алғашында мұғалім болып, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, көптеген жауапты қызметтерде, соның ішінтде мерзімді баспасөз саласында да еңбек еткен. Бірақ қайда жүрсе де әдебиетпен шұғылданудан қол үзбей, көркем әңгімелер мен повестер, сын мақалалар жазған.

Сорокин Антон – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген сібірлік әрі қазақстандық жазушы. Ол өз шығармашылығында замандастарының түсініктеріне сия бермейтін соны көркемді шешімдерімен есте қалған. Қазан төңкерісі жеңіп, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Омбы қаласында «Сібірдің пролетариат жаушылары мен суретшілерінің цехы» деген шығармашылық ұйым құрған. Жекелеген лирикалық туындыларымен бірге оны қызықтырған тақырыптардың бірі заманындағы қазақтар (сол кездегі орыстардың түсінігі бойынша «қырғыздардың») өмірі болатын. Кейінгі әдебиет зерттеушілепрінің пікірлеріне қарағанда, Сорокиннің қазақ тақырыбындағы өлеңдері шынайы жазылуымен бірге қанық бояуға толы.

Спандияр Көбеев (1878-1956) – 1878 жылы 1 қазанда бұрынғы Торғай облысы, Николаев уезі, Обаған болысына қарасты № 3 ауылда (қазіргі Қостанай облысының Меңдіқара ауданы) туған. Абай мен өз ұстазы Ыбырай Алтынсарин негізін салған қазақ әдебиетіндегі демократтық, ағартушылық бағытты әрі қарай жалғастырған және жағдайға лайық дамытқан қаламгер.

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) – Сұлтанмахмұт 1893 жылдың 28 қазанында Омбы уезінің Шағырай болысына қарасты Қарауыл Шабар аулындағы (қазіргі Көкшетау облысының Қызыл ту ауданы) туған. Сұлтанмахмұт – тым ерте оянған және халық, ел мұңын ерте түсініп жырлаған ақын.

Тоғжанов Ғаббас Сәдуақасұлы (1900-1937) – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Жарқын ауылында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист. Омбы гимназиясын бітіріп, Ташкенттегі Орта Азия университетінде, Мәскеудегі В.Г. Плеханов атындағы халық ш. институтында оқыған. 1919-1922 жылдары Ресей коммунистік жастар одағы Сібір бюросы жанындағы қазақ-татар секциясының хатшысы, «Еңбекші жастар» газетінің редакторы және баспасөзге қатысты бірнеше жауапты қызметтер атқарған. 1935-1936 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, 1936-1937 жылдары Қазақ КСР ХКК жанындағы көркемөнер істері жөніндегі басқарма бастығы қызметтерін атқарды. 1937 жылдары репрессияға ұшыраған.

Төреқұлов Нәзір (1892-1937) – мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат. Қоқандағы жәдидтік мектепте және екі жылдық орыс-түзем мектебінде бастауыш білім алған. 1913 жылы сондағы коммерция училищесін, Мәскеудегі коммерция институтын бітірген. 1916 жылы 25 маусымдағы патша жарлығы бойынша майданның қара жұмысына алынған жерлестеріне көмек көрсету мақсатымен оқуын тастап, Батыс майданға барған. 1918 жылғы 16 сәуірден Орынборда «Қазақ мұңы», «Халық газетасын» және «Инқилоб» (Революция) журналын шығаруға ат салысты. 1919 жылы Ферғана облысы ревкомының және Түркістан Орталық Атқару Коммитетінің төрағасы болды. 1920-1922 жылы Түркістан Коммунистік Партия Орталық Коммитетінің төрағасы, Түркістан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі және төрағасы, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің және Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы халық комиссарлар кеңесінің, Ресей Кеңестік (большевиктер) Партиясы Орталық Коммитетінің Түркістан бюросының, Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің мүшесі. 1922-1928 жылы Мәскеуде КСРО Орталық Атқару Коммитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарды. 1932-1936 жылы КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі болып қызмет етті. Төреқұлов Нәзір елші болған жылдары араб тілін жетік меңгеріп, бірнеше мәрте кіші және үлкен қажылық рәсімін орындады. 1936 жылы КСРО Ұлттар кеңесінің жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зертханалық институтына қызметке орналасты. 1937 жылы шілдеде «халық жауы» ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді.

Троцкий Лев Давидович (шын есімі – Бронштейн Лейба Давидович) (1879-1940) – халықаралық жұмысшы және коммунистік қозғалыс қайраткері, коммунистік қозғалыстың бір тармағы троцкизм бағытының негізін қалаушы. Патша өкіметі тұсында айдауда болған. Қазан төңкерісін және Қызыл армияны ұйымдастырушылардың бірі. Кеңес өкіметі жылдарында біраз лауазымды қызметтер атқарған. 1929 жылы Кеңес азаматтығынан айырылып, елден қуылған.

Тұрманжанов Өтебай (1905-1978) – ақын, аудармашы. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы аумағындағы Жалғызағаш деген ауылда туған. 1925 жылы Мәскеуде КУТВ (Шығыс еңбекшілері Коммунистік университеті) бітірген соң, Ташкенттегі Орта Азия Коммунистік университетінде оқыған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында сабақ беріп, Қазақ мемлекеттік баспасының оқу-әдістемелік секторын басқарады. «Әдебиет майданы» журналы редакторының орынбасары және редакторы қызметтерін атқарды. Ұзақ жылдар бойы «Жазушы» баспасында бөлім бастығы болып істеді.

Тілепбергенов Жиенғали (1895-1933) – Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. Жазушы, публицист. Өз ауылындағы бастауыш мектептен кейін, Орынбор, Уфа қалаларында оқыған. Қазақ балалары 1915-1918 жылдары шығарған «Садақ» атты қолжазба журналдың Б.Майлиннен кейінгі редакторы болды. Халық ағарту саласында баспасөз саласында қызмет еткен.

Шарипов Сабыр (1882-1942) – жазушы, қоғам қайраткері. Татарстанның Краснодор ауданында туған. Ұлты татар, бірақ шығармаларын қазақ тілінде жазған. Павлодардағы ауыл шаруашылығы мектебін бітірген. Мұғалім, тілмаш болып жүріп, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, партия, Кеңес саласында әртүрлі жауапты қызметтерде болған. Кеңес мемлекетінің өкілі ретінде біраз уақыт Ирандағы мұнай кәсіпшілігінде істеген.

Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) – қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданында Тобыл өзенінің бойында туған. 1864 жылы Торғайда қазақтың тұңғыш мектебін ашқан педагог, ақын, жазушы. Қазақ халқын мәдениетке үндеп, халық ағарту мәселесінде көп еңбек етіп, 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) уездік жаңа мектептер, 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебін, 1881 жылы Орск қаласында тұңғыш мұғалімер мектебін, 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастырған.

Ысмайылов Есмағамбет (1911-1970) – әдебиеттанушы ғалым. Қазіргі Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазПИ-ді бітіргеннен кейін Ұлт мәдениеті институтында, «Коммунист» журналында қызмет еткен. 1939 жылдан бастап Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, ҚазМУ-де, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институында еңбек етті. Филология ғылымдарының докторы, көптеген ғылыми еңбектердің авторы.

Ізтөлин Баймағамбет (1899-1921) – ақын. Бұрынғы Ақмола губерниясы, Петропавл уезі, Аққұрсақ болысы, Шәліңке ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы) туған. Пресногорьков мектебінде, Троицкідегі «Уазифа» медресесінде оқыған. «Ала топырақ», «Жалғыз жілік», «Өкпеге жауап», «Өмірім», «Соғыс», «Айым мен күнім» сияқты жырлары ақын атағын шығарады.

Ярославский Емельян Михайлович (Губельман Миней Израилевич) – қоғам және мемлекет қайраткері. Кеңес өкіметі орнағанға дейін әртүрлі астыртын партиялық жұмыстарда болған. Банктер мен жеке байларды тонайтын астыртын қарулы орталық құрған. 1905-1907 және 1917 жылғы революцияларға қатысушы. Түрлі партиялық мерзімді басылымдар мен ұйымдарға жетекшілік еткен. Жекелеген идеологиялық жұмыстармен айналысқан. Партияға және Сталинге берілуімен және атеистік жұмыстарымен көзге түскен партия қайраткері.

МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ

«Абай» – Республикалық Тәуелсіз фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журнал. Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін салған журнал тұңғыш рет 1918 жылы Семей қаласында шықты. 1991 жылдан бастап қайта шыға бастады. Журналдың бас редакциясы Семей қаласында, үш айда бір рет шығады.

«Айқап» – 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың тамызына дейін Троицк қаласында шығып тұрған қолжазба журнал. Алғашқы кезде айына бір рет, кейін айына екі мәрте жарық көріп тұрды. Бас-аяғы 89 саны шыққан. Табылған қаржыға қарай көлемі бір баспа табақ пен екі жарым баспа табақтың арасында болды. Оның шығарушысы әрі редакторы – ақын, журналист Мұхаметжан Сералин (1872-1929). Журналда сол кезеңдегі қазақ халқының басындағы өзекті мәселелер мен жекелеген әдеби шығармалар жарияланып отырған.

«Ақиқат» – ұлттық қоғамдық-саяси журнал 1921 жылдан бері шығады (бұрынғы «Қазақстан коммунисі»). Журналдың бас редакциясы Алматы қаласында, айына бір рет шығады.

«Бостандық туы» – «Кедей сөзі» газетінің жалғасы ретінде 1921 жылдың 19-наурызынан бастап Губерниялық партия, совет комитеттерінің органы ретінде Қызылжар қаласында шыға бастаған. 1920-1930 жылдары «Кеңес ауылы», одан кейін «Ленин туы» деп аталды.

«Егемен Қазақстан» – Жалпыұлттық республикалық газет 1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап шығады (бұрын «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» деп аталған). Қазіргі таңда газеттің бас редакциясы Астана қаласында, аптасына 5 рет шығады.

«Еңбекші Қазақ» – 1921 жылдың қазан айынан бастап Орынбор қаласында Қазақ автономиялық Социалистік республикасының орталық газеті болып шықты. Кейін «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» деген аттармен жарық көріп тұрған газет еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Егеменді Қазақстан» деп аталып, бүгінгі таңда «Егемен Қазақстан» деген атаумен жарық көруде.

«Жазушы» – Қазақстандағы, негізінен, көркем әдеби шығармаларды басып шығаруға маманданған баспа. Қазақ мемлекеттік баспасының жастар мен балалар әдебиеті, көркем әдебиет бөлімдері негізінде 1933 жылы Қазақ көркем әдебиет баспасы құрылып, ол Қазақстан Жазушылар одағына бағынды. Баспаның тұңғыш директоры Ғ.Мүсірепов болды.

Баспаның директоры болып әр жылдары Есенберлин, Ә.Жұмабаев, Мұратбеков, М.Сқақбаев секілді көрнекті жазушылар қызмет істеді. 1976 жылы қаңтарда «Жазушы» баспасының балалар мен жастар әдебиеті Бас редакциясының негізінде жаңа әдеби баспа «Жалын» құрылды. «Жазушы» баспасы 1999 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылды.

«Жизнь национальностей» – 1918 жылдың 9-қарашасынан бастап шыға бастаған Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының апталығы. Ол ең алдымен Большевиктер партиясының ұлттық саясатын түсіндіру бағытында жарық көрген. Өзінің мақсатына орай Кеңес өкіметінің ұлт мәселесіне қатысты маңызды құжаттарын жариялап отырған. Оның беттерінде Кеңестер Одағының құрамына кіретін жекелеген ұлттар жөніндегі тарихи очерктер жарияланып тұрған. Газеттің соңғы 135-саны 1922 жылдың 16-ақпанында шықты. Осыдан кейін бұл басылым журналға айналдырылды.

«Жұлдыз» – Қазақстан жазушыларының әдеби-әлеуметтік журналы 1922 жылдан шыға бастады (бұрынғы «Әдебиет майданы»). Журналдың бас редакциясы Алматы қаласында, айына бір рет шығады.

«Жыл құсы» – Қазақстан жұмысшы-шаруа жазушылары ұйымының айына бір рет шығатын көркем әдебиет және сын журналы деп аталып, 1927 жылдың қараша айынан бастап жарық көрген. Екі-ақ саны жарық көріп, тоқтап қалған.

«Казахстанская правда» – Қазақстанның жалпыхалықтық газеті, республикадағы ресми ақпарат көздерінің бірі. Газетте Қазақстан республикасының Президентінің қарарлары мен жарлықтары, Парламент пен Үкіметтің қаулылары, республикадағы жаңадан шыққан заңдар, жоғарғы мемлекеттік мекемелердің хабарламалары мен тағайындаулары жарияланады. Заңдар мен қаулылар газетте шыққаннан кейін өз күшіне енеді.

Газет Қазақстанның барлық аймағына тарайды. 2006 жылдан бастап газет таралымы 100 мыңнан астам данамен шығып келеді. Газеттің жаңартылған электронды нұсқасын екі тілде – орыс және ағылшын тілдерінде, әлемдегі кез келген оқырман оқи алады.

«Кедей сөзі» – 1920 жылдың 22-ақпанынан 1921 жылдың алғашқы айларына дейін Омбы, Қызылжар қалаларында шығып тұрған газет. Ресми түрде Россия Коммунистік партиясының Омбы губерниялық комитеті жанындағы мұсылман секциясының газеті деп аталған. Мағжан Жұмабаев осы газетте де жұмыс істеген.

«Қазақ» – алғашқы саны 1907 жылдың наурыз айында Троицк қаласында жарық көрген газет. Бір нөмірі шыққаннан кейін, ары қарай жарық көрмей қалған. Шығарушысы – Хаим Шумлих Сосновский, бастырушылары – Жетпісбай Андреев, Ешмұханбет Иманбаевтар.

1913 жылдың 2-ақпанынан 1918 желтоқсанынан дейін Орынбор қаласында шығып тұрған. Алғашқы уақыттарда аптасына бір рет, ал кейінірек аптасына үш рет шығатын болған. «Қазақ» газеті қазақтың оқыған зиялыларының, ұлтжанды азаматтарының қоғамдық үні ретінде қызмет етті.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» – ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журнал. 1958 жылдың наурыз айынан 1959 жылғы қарашаға дейін шығып тұрған. Алғашқы бас редакторы Т.Ақшолақов. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылы қайтадан шыға бастады.

ҚР Білім министрлігі алқасының 1993 жылы 20 желтоқсандағы шешімі негізінде 1994 жылы шілдеде журналдың ғылыми тәлім-тәрбиелік «Ұлағат» қосымшасы жарыққа шыға бастады. Бұл – тек Қазақстан емес, Орталық Азия республикалары бойынша ғылыми-психологиялық және педагогикалық мәселелерге арналған тұңғыш басылым. 2001 жылы басында, журналдан орыс мектептеріне арналған республикалық ғылыми-педагогикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде» – «Казахский язык и литература в русской школе» журналы бөлініп шықты.

«Қызыл Қазақстан» – 1921 жылдың 15-қыркүйегінен бастап Орынбор қаласында жарық көрген. Облыстық партия комитетінің айына бір рет шығатын саяси-шаруашылық, мәдени-ағарту журналы деп аталды. 1932 жылдан бастап «Қазақстан коммунисі» аталған бұл журнал еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Ақиқат» деген атпен жарық көріп келеді.

«Лениншіл жас» – жастарға арналған ең байырғы және беделді республикалық басылым. Алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында жарық көрді. Ұйымдастырушысы әрі тұңғыш редакторы Ұ.Мұратбаев, жауапты хатшысы І.Жансүгіров болды. Сол кездегі қаржы тапшылығына, т.б. себептерге байланысты басылым «Жас қайрат» (1925), «Өртең», «Жас қазақ» (1923) газеттері және осы аттас журнал түрінде шығып тұрды. Газеттің жабылып қалмауын ойлаған С.Садуақасов. А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Аймауытовтар «Еңбекші қазақтың» бір бетін «Лениншіл жас» деген атпен де шығарған. Газет 1927 жылы 22 қыркүйектен «Лениншіл жас» деген атпен шыға бастады. Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін газетке «Жас алаш» атауы қайтарылды.

«Мектеп» – баспа 1947 жылдың 20 мамырында құрылды. Сол жылдан бері баспа ең маңызды мектеп оқулықтарын шығарумен айналысады. Бұл баспа ұлағатты ұстаздар мен әйгілі әдіскерлердің, түрлі автордарлың басын қосты.

«Мектеп» баспасы 1947 жылдың 20 мамырында Оқу-ағарту министрлігінің жанынан ашылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік әдебиеттер шығаруға мамандандырылған баспаның тікелей мұрагері болып табылады. Сонымен қатар бұл жерде жалпы білім беретін қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек мектептеріне арналған ағылшын, француз, неміс, араб тілдеріндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кітаптар шығады.

Қазіргі таңда «Мектеп» баспасының Бас директоры Е.А.Сатыбалдиев.

«Правда» – 1912 жылы құрылған Ресейдегі Большевиктер (Коммунистер) партиясының органы. Кеңес өкіметі жылдары алып мемлекеттің бас басылымы ретінде өте ықпалды газетке айналды. Бүгінгі таңда да бұл басылым аптасына үш рет жарық көріп келеді.

«Простор» – Қазақстандағы орыс тілінде шығатын алғашқы әдеби-көркем журнал. Шағаратын мекеме – Қазақстан Жазушылар одағы. 1960 жылдан бері шығып келеді. Поэзиялық және прозалық шығармаларды жариялайды.

1960 жылдар мен 1970 жылдардың басында журнал бүкіл Кеңес Одағына танымал журналдардың қатарына ілікті. Бұл кезде журналды көрнекті жазушы И.П.Шухов басқарды (1960-1977). Осы жылдары журнал таралымы 50 000 данаға жетті. 1980 жылдардың соңында В.Д.Успенскийдің «Көсемнің құпия кеңесшісі» («Тайный советник вождя») атты романы шыққанда, журналдың таралымы 160 мыңға жетті. Қазіргі таңда 2 мың таралыммен шығып жатыр.

«Садақ» – 1915-1918 жылдары Уфа қаласында шығып тұрған қолжазба журнал. Оны шығарушылар «Ғалия» медерсесінде оқып жүрген қазақ жастары еді. Ұйымдастырып, басшылық жасағандар – Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергенов. Журнал беттерінде түрлі проблемалық мақалалармен бірге көркем шығармалар да жарық көріп тұрған.

«Советская степь» – 1920 жылдың 1қаңтарынан бастап шыға бастаған жаңа газет ең алғашында «Известия Киргизского края» деп аталып, 1923-1932 жылдар аралығында «Советская степь» деген атпен шығып тұрған. Қазақ Өлкелік партия комитеті пленумының қаулысымен 1932 жылдың 21 қаңтарынан «Казахстанская правда» деген атпен шығып келеді.

«Үш жүз» – 1918 жылы құрылған «Үшжүз» партиясының органы ретінде Қызылжар қаласында жетісіне бір рет шығып тұрған газет. Шығарушысы әрі редакторы Көлбай Төгісов болған. Өз уақытында саяси жағдайлардан құлағдар етіп, жекелеген адамдардың көзқарастарын білдіріп отырды. Газет бірнеше санынан кейін жабылып қалды.

«Халық кеңесі» – 1990-1996 жылдар аралығында шығып тұрған Қазақстан Республикасы Парламентінің апталық газеті.

ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР

Ақмола Совдепі – Ақмола депутаттар советі

БКП (б) – Большевиктік коммунистік партия

ГПУ – Государственное политическое управление (Мұны Саяси бас басқарма немесе Главное политическое управление деп те атайды. Ішкі және сыртқы жаулармен күрес үшін ашылған басқарма).

Қазақ АССР – Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасы

КазАПП – Қазақстан пролетар жазушыларының ассоциациясы. 1925-1932 жылдар аралығында жұмыс істеді.

КСР – Казахская социалистическая республика (Қазақ социалистік республикасы)

КСРО – Кеңестік Социалистік Республикалар одағы

НЭП – Новая экономическая политика (Жаңа экономикалық саясат)

ОГПУ – объедененное государственное политическое управление

РКП (б) – Ресей коммунистік партиясы (большевиктер)
Сибревком – Сибир революциялық комитеті
Совдеп – Совет депутатов

СОКП – Совет Одағы Коммунистік партиясы

СССР – Союз советских социалистических республик (Советтік социалистік республикалар одағы)

т.б. – тағы басқа

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Базарбаев М. 4 томдық таңдамалы шығармалар. Әдебиет және дәуір. І том. – Астана: 2009, 2. Базарбаев М. Алғашқы қадам // Ғалымның жеке мұрағатынан алынған мақала. 3. Базарбаев М. Замана тудырған әдебиет. – Алматы: Жібек жолы, 2005. – 509 б. 4. Базарбаев М. Көрікті ойдан – көркем сөз. Алматы: Рауан, 1994.– 257. 5. Базарбаев М. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған «Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» атты докторлық диссертация. Көлемі – 591 б. (М.Базарбаевтың жеке мұрағатында сақтаулы). 6. Базарбаевтың жеке мұрағатынан. Қаз ССР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі хаттамасы (стенограммасы, көлемі – 83 б.). – 28.02.1964 ж. 7. Базарбаев М., Нарымбетов Ә. Ерлік пен еңбек дастаны. – Алматы: Мектеп, 1984. – 192 б. 8. Базарбаев М., Нарымбетов Ә. Қаһарлы күндер әдебиеті. – Алматы: Қазақстан, 1968. – 112 б. 9. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 10. Ғибратты ғұмыр /Құраст.:З-Ғ.Бисенғали, Ө.Әбдиманұлы, Ш.Шортанбаев, А.Жүсіпова; Жауапты ред. Қ.Әбдезұлы. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 242 б. 11. Кәкішев Т. Жанр жайлауы. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 462 б. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Екі томдық. 2-том. Алматы: ҚазАқпарат, 2009. – 658 б. 12. Кәкішев Т. Оңаша отау. – Алматы: Жазушы, 1982. – 224 б. 13. Кәкішев Т. Сын сапар. – Алматы: Жазушы, 1971. – 174 б. 14. Кәкішев Т.Жанр жайлауы. 1-кітап: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 462 б. 15. Кәкішев Тұрсынбек: Өнегелі өмір /ред.басқ. Ғ.М.Мұтанов. – Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 369 б., сур. 16. Кенжебаев Б. Қазақ баспсөзінің тарихынан (Тарихи очерк), – Алматы: Қазақ мемлекеттік баспасы, 1950, 40 б.17. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. – Алматы: Қазақстан даму институты, 1999. – 750 б. 18. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә.Нысанбаев – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 19. ҚКПК І секретары Қонаев жолдасқа (Хат М.Базарбаевтың жеке мұрағатында сақтаулы). 20. Мұқанов С. Шәкәрім шығармалары туралы (М.Базарбаевтың жеке мұрағатында сақтаулы). 21. Мүсілім Базарбаев туралы естеліктер. Екінші рет толықтырылып басылуы. – Алматы: Жібек жолы, 2007. – 300 б. 22. Мүсілім Базарбайұлы Базарбаев. Биобиблиографиялық көрсеткіш (Құрастырушы және жауапты Г.Ж.Орда). – Алматы: ҚР БҒМ Орталық ғылыми кітапханасы, 2007. – 140-б. 23. Орда Г. Мүсілім Базарбаев зерттеулері және әдебиеттану ғылымының мәселелері. – Алматы: Арда, 2010. – 368 б. 24. Орда Г. Мүсілім Базарбаев. Кіт.: Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Екі томдық. 1-том. – Алматы: ҚазАқпарат, 2008. – 646 б.

РЕЗЮМЕ

Данный том серии «Классические исследования» посвящен научным исследованиям ученых литературоведов, докторов филологических наук Муслима Назарбаева и Турсынбека Какишева. Большинство исследований, вошедших в том, были написаны в 1990-2000 гг. После реабилитации алашординцев учеными были предприняты меры по изучению их литературного наследия с точки зрения Независимости. Результаты научных изысканий были отражены в отдельных трудах. Пользуясь спросом в научно-образовательной сфере, позже эти труды многократно переиздавались. В исследовании М.Базарбаева «Шәкәрім» широко рассмотрены такие основные проблемы шакеримоведения как реабилитация наследия поэта, сбор его художественных произведений, исследование творческого пути. Жизнь и творчество поэта изучено в тесном переплетении. Исследуя научное своеобразие творчества Шакерима, автор прослеживает духовный рост в художественно-эстетическом развитии казахской литературь: второй половины XІX века. В исследовании «Көк дауылдай кеуделі» на материале творчества Касыма Аманжолова рассмотрены особенности развития казахской литературы в годы Великой Отечественной войнь: В статье «Құдіретті өлең өнегесі» посвященной поэзии начала XX века, всесторонне исследована поэтика Магжана Жумабаева. Вопросы традиции и новаторства в литературе глубоко осмыслены в исследовании «Ұлттық дәстүр, мазмұн және форма». Автор выявляет признаки новаторства в самых разнообразных образцах – начиная с устного народного творчества вплоть до литературы начала XX столетия. В этом плане автором разносторонне исследован эпос «Кыз Жибек». В начале XX века, в эпоху глобальных исторических перемен, в литературе усиливаются неразрешимые идеологические споры между основателями казахской советской литературы и алашординцами. Исследование Т.Какишева под названием «Сайыс» посвящено изучению исторических событий в литературной жизни Казахстана. В частности автор рассматривает события, связанные с именами таких знаменитостей как М.Жумабаев и С.Сейфуллин. В ходе тщательного анализа приведень: ценные архивные материалы, газетные статьи того времени и т.п. Путем сравнительного изучения творческой биографии замечательных поэтоб автор раскрывает глубинные причины неразрешимых споров между этими двумя личностями.

SUMMARY

Thіs volume of the serіes "Classіcal Studіes" іs devoted to research works of the scholars іn lіterary studіes, Dr. Phіlology, Muslіm Bazarbayev and Tursynbek Kakіshev. Most of the studіes іncluded іn thіs volume were wrіtten іn 1990-2000. After rehabіlіtatіon of Alash Orda members, the scіentіsts undertook studіes of theіr lіterary herіtage іn vіew of Іndependence. The results of scіentіfіc research are reflected іn the partіcular works. These works were іn demand іn the scіentіfіc-educatіonal fіeld and later they were publіshed many tіmes. The study of M.Bazarbayev "Shakerіm" hіghlіghts such basіc іssues of Shakerіm studіes as rehabіlіtatіon of the poet's herіtage, collectіon of hіs wrіtіngs, research of hіs creatіve actіvіty. The lіfe and work of the poet have been studіed іn close іnteractіon. Explorіng the scіentіfіc orіgіnalіty of Shakerіm, the author traces the spіrіtual growth іn artіstіc and aesthetіc development of Kazakh lіterature of the second half of the XІX century. The study "Kok dauldaі keudelі" hіghlіghts features of development of Kazakh lіterature durіng Great Patrіotіc War based on creatіve wrіtіngs of Kassіm Amanzholov. The artіcle "Kuderettі olen onegesі" devoted to the poetry of the early XXth century іncludes comprehensіve studіes of Magzhan Zhumabayev's poetry. Іssues of tradіtіon and іnnovatіon іn lіterature have been hіghlіghted іn the study "Ulttyk dastur, mazmun zhane forma". The author reveals the features of іnnovatіon іn varіous patterns - from the oral folk tradіtіon to the lіterature of the early XXth century. Іn thіs regard, the author has done a comprehensіve research of the epіc "Kyz Zhіbek." Іn the early XX century, іn the era of global hіstorіcal changes, the unresolved іdeologіcal dіsputes between the founders of Kazakh Sovіet lіterature and Alash Orda movement have strengthened. T.Kakіshev's study tіtled "Sayіs" іs devoted to the study of hіstorіcal events іn lіterary lіfe of Kazakhstan. Іn partіcular, the author examіnes the events assocіated wіth the names of celebrіtіes such as M.Zhumabayev and S.Seіfullіn. Іn the course of the іn-depth analysіs the valuable archіval materіals, newspaper artіcles of that perіod, etc. Based on comparatіve study of the creatіve bіography of the great poets, the author reveals the underlyіng causes of unresolvable dіsputes between these two personalіtіes.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙