TELEGEI

Home

П.А. Сорокин. Жиырмасыншы жүзжылдықтағы орыс ұлтының негізгі белгілері

П.А. Сорокин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

П.А. Сорокин. Жиырмасыншы жүзжылдықтағы орыс ұлтының негізгі белгілері

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы: М. Әшімбаев, кеңес төрағасы Ә. Асқаров, жауапты хатшы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылды Құрасты...

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

ЖИЫРМАСЫНШЫ ЖҮЗЖЫЛДЫҚТАҒЫ ОРЫС ҰЛТЫНЫҢ НЕГІЗГІ БЕЛГІЛЕРІ

П.A. Сорокин

(Аударған Б.М. Сатершинов)

Ұлттық сипаттағы зерттеулердің көпшілігінің үш негізгі кемшілігі бар. Біріншіден, ұлт немесе ұлттық мінез дегенде не ұғынылатынын анықтамайды немесе өте үстірт анықтайды /1/. Екіншіден, олар индивидтердің қарапайым "автоматты" жиынтығы мен біріккен (күрделі) әлеуметтік және мәдени жүйелер арасында болатын терең айырмашылықты теріске шығарады. Зерттеулердің көпшілігі ұлттармен емес, индивидтермен − оларды қандай да бір басқа топпен (жыныстық, нәсілдік, территориалдық, экономикалық, білім берушілік) салыстыра отырып, немістермен, француздармен, банту немесе африкандықтармен жұмыс істейді. Әрқашан болмаса да, көбіне салыстырылатын индивидтер жиынтығы әрбір топтың репрезентативті үлгісі ретінде қарастырылады11 . Жекелеген индивидтерге, әсіресе олар репрезентативті таңдалмаған жағдайда, төн белгілер ешқандай жағдайда да біріккен топқа (біздің жағдайымызда − ұлтқа) тән белгілермен немесе, керісінше, бірдей бола алмайды. Судың қасиеттері жекелей алғандағы сутегінің және оттегінің қасиеттерінен ерекшеленеді емес пе. Қосалқы бөлшектерге ыдыраған автомобильдің қасиеттері күрделі жүйе ретіндегі жинақталған автомобильдің қасиеттерінен айрықшаланады. Жүйе ретіндегі адам ағзасының қасиеттерін тірі ағзадан жұлып алынған тек оның жекелеген органдары немесе жасушалары арқылы тани алмайсың. Күрделі әлеуметтік немесе мәдени жүйелерді олардың компоненттері — индивидтермен салыстырғанда да солай деп айтуға болады. Ұлт, ұлттық белгілер мен мінездер мәселелері бойынша зерттеулердің басым көпшілігінің үшінші маңызды кемшілігі ұлттарды және өзге әлеуметгік-мәдени жүйелерді, жүйелердің өзімен салыстыратын, осы жүйелердің индивидуалды компоненттерінің "әрекеттерінің" қарапайым фрагментіне редукциялаумен сипатталады. Ұлттық зерттеулердің нысандары ретінде істің түкке тұрмайтын қырларын зерттеу негізіңде, мысалы, "балаларды орау" /4/, "оральды" немесе "анальды" тип, тұлғаның "гениталды" құрылымы; немесе "интеллектуалдылыққа деген тест", "жобалаушы тест" деген сияқты "тестке қабілеттілігі" күмәнді және ғылыми дәлелденбеген22 "тестоманияның" әр алуан түрлерімен айналысушылықтың негізінде ұлттық мінездің ақылға қонбайтын анықтамалары тамыр жайып кетті. Өкінішке орай, ұлттық сипаттағы (ұлттық белгілердегі) көптеген зерттеулер осындай сауалнамаларға немесе жекелеген индивидтерден сұхбат алуға негізделеді. Қылықтың кесіндісі немесе сөз реакциясының негізінде бұл зерттеушілер бүтін бір ұлттың кескінін салудан, оның ұлттық мінезін бейнелеуден қымсынбайды. Бұл типтегі "ұлттық мінезді зерттеулердің" лайық еместігінің күмәнсіздігі соншалық, бұл "әдістерді" одан ары қосымша сынаудың өзі артық. Тіпті жекелеген индивидтің өзін зерттеудің дәйектілігі оның ағзасын зерттеуден басқа, сондай-ақ оның интеллектуалдық ұйымдасуын (идеологиялық мәдениетін), ол қолданатын белгілі бір еңбек құралдарын, ол өзі өмір сүретін, әрекет ететін, жұмыс істейтін материалдық ортасы мен бүтіндей алғанда жүріс-тұрыс қылықтарының ерекшеліктерін зерттеуді талап етеді, ол сондай-ақ оның өзге адамдармен өзара әрекетінде қолданатын биофизикалық құралдарын тануды да талап етеді. Және де оның үстіне, индивидтердің жиынтығының жүріс-тұрыс кесінділерінен қандай да бір күрделі топтың, оның ішінде ұлттың мінезін дәл анықтау, − немесе олардан ғылым, философия, дін, құқық, өнер және т.б. сияқты мәдени жүйелерді шығару мүмкін емес. Бұл жүйелердің әрқайсысы өздерінің индивидуалдық компоненттерінен басқа, мына нәрселерге ие болады: 1) мән-мағыналар, құндылықтар мен нормалар жүйесі, солардың арқасында және соларды жүзеге асырудың негізінде ғана берілген жүйе өмір сүреді; 2) әрекеттердің рұқсат етуші және тыйым салушы параметрлерінің жиынтығы, сол арқылы жүйенің құндылықтары, мәндері мен нормалары эмпирикалық әлемде іске асады және объективтендіріледі (бұл жиынтық мұндай жүйенің жүріс-тұрыс тарихын драмалық оқиғалармен және үдерістермен жиі толықтырады); 3) оның қызмет етуі мен сабақтас дамуы үшін қажет материалдық құралдардың қандай да бір жиынтығы: ғимараттар, құралдар мен ресурстар, физикалық территория мен тұрғылықты мекеннен бастап, фабрикалармен, қалалармен, ауылдармен және топтың немесе мәдени жүйенің басқа да материалдық құралдарымен аяқталады. Мемлекет-жүйе ретіндегі Құрама Штаттар да, діни ұйым ретіндегі римдік католиктік шіркеу де, индустриалдық жүйе ретіндегі "Дженерал Моторс" та, мәдени жүйе ретіндегі ғылым да өздерінің құрамдас элементтерінің қылықтарының кесінділерін зерттеуге теңгеріле алмайды. Ұлтқа қатысты да осылай айту тура болады. Орыс ұлтына арналған бұл эсседе мен оны ерекше әлеуметтік-мәдени жүйе ретінде қарастыруға және оның кейбір мәнді белгілері мен олардың XX ғасырдағы өзгерістерін айқындауға тырысамын.

Suі generіs әлеуметтік /5/ жүйе ретіндегі ұлт дегеніміз не?

Бүге-шүгесіне дейін талдауға бармай-ақ , ұлтты ең болмағанда өзінің өмір сүруі мен тұтастығын сезінетін көп байланысты (көп функционалды), ынтымақты, жартылай жабық әлеуметтік-мәдени топ деп тұжырымдауға болады. Бұл топ индивидтерден тұрады, олар: 1) бір мемлекеттің азаматтары болып табылады; 2) ортақ немесе ұқсас тілі және осы индивидтер мен олардың алдындағылардың жалпы өткен тарихынан туындайтын мәдени құндылықтарының ортақ жиынтығы болады; 3) өздері тұратын және олардың бабалары тұрған ортақ территорияны иеленеді /6/. Сонымен бір мезгілде, ұлт мемлекеттен, сондай-ақ этникалық (тілдік) және территориалдық топтардан айрықшаланатын әлеуметтік жүйе болып табылады. Азаматтары әртүрлі тілдерге (этникалық және ұлттық) жатқызылатын көптеген мемлекеттер болды, мысалы, Бельгия, Түркия, Британ империясы, Австрия, Үндістан, Ресей, көптеген афро-азиаттық мемлекетгер. Мұндай этникалық топтардың көпшілігі "егеменді мемлекеттер" ешқашан болмаған және қазір де болмай отыр. Дәл осылайша мыңдаған территориалдық қауымдар (ауылдар, қалалар, графтықтар, провинциялар және өзге территориалдық бірлестіктер) не мемлекет емес, не гомогенді тілдік (этникалық) топтар емес күйінде өмір сүріп отыр. Аталған үш түзілімнің әрқайсысы басқасынан өзгешеленетін ерекше әлеуметтік топты білдіреді (ал барлық үшеуі мемлекетті құрайды), оның үстіне, жоғарыда көрсетілгендей, мемлекет, сондай-ақ тілдік және территориалдық әлеуметтік жүйелер көп байланысты топ suі generіs ретінде ұлттан айрықшаланады. Мемлекеттің азаматтары мүдделерге, құндылықтарына, құқықтары мен міндеттеріне сәйкес немесе олардың бір мемлекетке ортақ тиесілігімен анықталатын мемлекеттік байланыстарына сәйкес бір мемлекет-жүйеге бірігеді. Тілдік (этникалық) топтың өкілдері де өздеріне дейінгілердің қалыптастырып жасаған ортақ тілі мен мәдени құндылықтары, сондай-ақ өздерінің біріккен әрекеті мен тарихи тәжірибесі бар бір этникалық топқа тиесілігінен туындайтын және мемлекеттің ішіндегі байланыстардан айрықшаланатын ортақ мүдделермен, құндылықтармен, құқықтармен немесе этникалық байланыстармен қабысқан этникалық тұтастыққа осылайша бірігеді. Кейде бір ғана этникалық топтың мүшелері азаматтық белгілері бойынша әртүрлі мемлекеттерге ажырап кететін жағдайын есімізге алар болсақ, мемлекеттік және этникалық-топтық мүдделердің, құндылықтар мен байланыстардың айырмашылығы түсінікті болып шығады; оның үстіне көп ұлтты мемлекеттің азаматшылығын екі немесе онан көп ұлттық тілдік топтар құрайды. Уақыт өте келе мемлекет пен тілдік топтың мүдделері мен құндылықтары алшақтауы мүмкін, бұл жағдай не соңғыларының мүдделерін мемлекеттің басып тастауына, не антогонистік көңіл күйдегі этникалық топтың мемлекеттің іргесін бұзып, өзінің жеке мемлекеттік бірлестігін құруға әкеледі. Этникалық азшылық топтарды басып тастайтын мемлекеттердің тарихы, тілдік топтардың мемлекетке бірігу тарихы, сондай-ақ бұл бірлестіктердің жіктелу, біртүтас азаматтықтың әртүрлі мемлекеттердің азаматтықтарына ыдырау тарихы − осының барлығы мемлекет пен тілдік топтардың мүдделері, құндылықтары және ұмтылыстары арасындағы қақтығыстың айқын дәлелі болып табылады. Территориалдық топтардың мүдделері, құндылықтары мен байланыстары да мемлекеттің және этникалық топтардың мүдделерінен ерекшеленеді. Индивидтердің территориалдық жақындығы, тіпті олардың әртүрлі мемлекетке және этникалық топтарға жатқандарына қарамастан, барлық көршілер арасындағы ортақ мүдделер мен құндылықтардың жиынтығын тудырады. Әдетте барлық көршілер ауа мен судың ластанбауына, су тасқынының, жер сілкінісінің, дауылдың, эпидемияның, қылмыстың, өрттің және басқа табиғи да, әлеуметтік те зобалаңдарына ұрынбауға мүдделі. Сондықтан да территориалдық жақындықты мемлекеттің және ұлттардың (тілдік топтардың) бекітетін байланыстарынан ерекшеленетін өздерінің жеке байланыстары бар көршілік популяцияны құрайтыны түсінікті. Ұлт, жоғарыда көрсетілгендей, бұл үш жүйеден де айрықша әлеуметтік жүйе болып табылады. Тек индивидгердің тобы бір мемлекетке тиесілі болып, ортақ тілмен жөне территориямен байланысса ғана − ол шындығында ұлтты құрайды. Ұлт мемлекетпен, этникалық және территориалдық байланыстармен қабысқан және біріккен көп байланысты әлеуметтік ағза болып табылады. Егер белгілі бір мемлекетке, территориалдық немесе тілдік топқа тиіселік тұлғаның санасына, жүріс-тұрысына және бүкіл құрылысына толық сезілетіндей ықпал етіп, өз ізін қалдыратын болса, ал нақты ұлтқа деген тиесілік бір бүтін тұтастыққа байланысқан бірден барлық үш топ тарапынан болатын қысымның арқасында өзінің индивидуалдық өкілдерін барынша батып әрі қуатты түрде қалыптастырады. Бұл қысқа пайымдаулар ұлт және сонымен байланыстағы "ұлттық" категориясының мәнін оларды мемлекетпен, этникалық немесе территориалдық топпен теңгеріп түсіндіретін көптеген теориялардың жалғандығын көрсетеді. Мұндай теңгерудің кемшіліктерінің арасындағы анағұрлым қомақтысы ұлттың suі generіs өзіндік көп байланысты топ ретінде мойындамай теріске шығарылуы болып табылады. Бұл тек мұндай теориялардың осы үш өзара байланысты топтардан айрықша бұл күрделі топты әлеуметтік-мәдени әлемде дифференцияламайтындығымен ғана емес, сонымен қатар, бұл көп байланысты топтың мейлінше құдіреттілігімен және аса маңызды тарихи рөл, әcіpece, XІX және XX ғасырларда рөл ойнайтынын ескермеуімен де салмақты қателік болып саналады. Ұлттар өзінің үлкен империяларымен және кең қоғамдық таптарымен қатар, қазіргі уақытта әрекеті мен саясаты тарихи үдерістердің барысын, миллиондаған адамдардың өмірі мен тағдырын мейлінше толық әсермен айқындайтын барынша құдіретті әлеуметтік жүйелер болып табылады. Осы құдіретті әлеуметтік жүйелермен өзара әрекетінде кей кездері көпұлтты мемлекеттерді "ұлттық" бөліктерге ыдырату (мысалы, Австрияны немесе Британ империясын), жаңа мемлекеттер құру (мысалы, Польша, Чехословакия және өзгелері) ұлттардың қолынан келді. Оның үстіне, таптар мен ұлттардың қақтығысында ұлтшылдықтың кейде әлеуметтік-таптық мүдделер мен тап күресінің ыдыраңқы үрдістерінен басым түскен кездері болды. Мұқият қадағалайтын аңғарымпаз бүгінгі күні тарихи оқиғалардың барысын анықтаудағы, ұлттық күштер мен қозғалыстардың таптарға, үлкен және кіші империяларға немесе мемлекеттерге қарсы күресіндегі ұлттың орасан зор рөлін оңай көре алады. Осы көптеген әр алуан қақтығыстар мен бірігулердің нәтижелері біздің әрқайсысымыздың дерлік "өмірімізді, еркіндігімізді, бақытқа деген ұмтылысымызды" және тағдырымызды айқындайтыны анық сезіліп отыр.

Өткен және бүгінгі жүзжылдықтардағы орыс

ұлтының негізгі белгілері

Орыс ұлты дегенде менің революцияға дейінгі Ресей империясын да, қазіргі замандағы Кеңес мемлекетін де, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын да ұғынбайтынымды алдыңғы параграфтардан түсінуге болады. Орыс ұлты орыс халқының негізгі үш бұтағынан − великоростардан, украиндықтардан және белорустардан, сондай-ақ революцияға дейінгі Ресей империясының және қазіргі Кеңес Одағының құрамына енген "орыстанған" және сіңіп кеткен этникалық топтардан құралады /7/. Ресей немесе Кеңес мемлекетінің құрамына бұрын енген және қазір еніп отырған барлық өзге орыс емес этникалық немесе территориалдық топтар орыс ұлтына жатқан жоқ және жатпайды да. Бұл айғақ Кеңес мемлекетінің ресми құрылымынан да айқын әрі анық аңғарылады. Ол тек Ресей, Украин және Белорус социалистік республикаларының ғана емес, сонымен қатар Эстон, Латвия, Литва, Молдавия, Әзірбайжан, Грузин, Армян, Қазақ, Өзбек, Түркімен, Тәжік және Қырғыз социалистік республикаларының, сондай-ақ коми, чуваш, башқұрт сияқты кейбір өзге орыс емес автономиялық этникалық топтардың жөне басқа автономды аймақтық топтардың одағын құрайды. 1926 жылғы санаққа сәйкес, Кеңес Одағында 194 әртүрлі ұлттар (этникалық топтар) тұрса, ал 1959 жылғы санақ бойынша олардың саны әкімшілік мақсаттарда − 108 әртүрлі тілдік топтарға дейін азайтылды. Орыс емес ұлттардың едәуір бөлігі "орыстанып" және ассимиляцияланып үлгерді: 1959 жылғы санаққа сәйкес осы этникалық топтардың 2-ден 80 пайызға дейінгі тұрғындары орыс тілін өздерінің ана тілі деп есептеді. Сондықтан да орыс емес этникалық топтардың "орыстанған" бөлігі орыс ұлтының бір бөлігі ретінде санала алады . Орыс ұлты көрсетілген мағынада ІX жүзжылдықтың ортасында Орыс (Русь, Киев немесе Варяг) /8/ мемлекетінің құрылған сәтінен бастап пайда болды. Бұған дейін ол славян халықтарының шығыс бұтағы ретінде Еуразияның территориясында тілдік-территориалдық топ немесе тайпа ретінде өмір сүрді /9/. "ІX ғасырда Скандинавия территориясынан шыққан нормандар шығыс славяндарды бақылауында ұстады (және бірінші орыс-киев мемлекетінің негізін қалады). Варягтар салыстырмалы түрде аз санды болды (бар болғаны 100 мыңнан аспайтын адам) және тез арада славяндар оларды сіңіріп алды. ІX ғасырға дейін де, онан кейін де шығыс славяндар орал-алтай тобындағы халықтармен − моңғолдармен, түркілермен және финдермен араласып кетті. Шығыс славяндардың орал-алтай қанымен араласу пропорциясын ешкім дәл анықтап бере алмайды. Дегенмен, оның күші шығыс славяндардың үнді еуропалық нәсілге тән сипаттамаларын түбегейлі өзгертіп жіберуге жете қоймады . Киев мемлекетінің құрылуының және соның салдарынан шығыс славян топтарының орыс ұлтына айналуының нәтижесінде, бұл ұлт іс-әрекеті орыс мемлекетінің бүкіл сипаты мен кейінгі тарихын, сондай-ақ орыс мемлекетінің, Ресей империясының және Кеңес Одағының құрамына "енген" және көбіне ассимиляцияға ұшыраған барлық орыс емес халықтардың мәдениеті мен тарихи тағдырын анықтаған бүгінгі уақытқа дейін басты және шешуші топ болып қалғаны сөзсіз. 1897 жылы орыс ұлтының үш бұтағы Ресейдің барлық тұрғындарының 65,5 пайызын, ал 1959 жылы Кеңес Одағының барлық тұрғындарының 76 пайызын құрады . Орыс ұлтының осы үш бұтағының бірі - великоростар 1897 жылы бүкіл ресей тұрғындарының 43,5 пайызын, ал 1959 жылы бүкіл Кеңес Одағы тұрғындарының 54,8 пайызын құрады. Кейбір алдын ала мәліметтерге ие бола отырып, біз енді XX жүзжылдықтағы орыс ұлтының негізгі белгілерін қарастыруға кірісеміз. Мен орыс ұлтының негізгі белгілерін осы орыс ұлтының жекелеген индивидтерінің немесе өкілдерінің жиынтығының жай ғана кейбір белгілерін тана емес, біртүтас әлеуметтік-мәдени жүйе ретінде зерттеймін. Тіпті индивидтердің бұл жиынтығы орыс ұлты үшін "тән" немесе "міндетті" деп қарастырылса да немесе "репрезентативті үлгі" ретінде бейнеленсе де , мұндай ұмтылыстар бос әурешілік болып көрінеді. Біріншіден, өйткені, дейді Дуйкер жөне Фрийда, ұлттық сипаттағы бірде бір зерттеу осы уақытқа дейін ұлт өкілдерінің репрезентативтік үлгісін құра алған жоқ . Екіншіден, барлық осыған ұқсас зерттеулерде өте мәнді емес белгілері бойынша (мысалы, "оральды", "анальды" немесе "генитальды" типтер деген сияқты кейде нақты емес, қияли белгілер бойынша) немесе ғылыми құндылығы ешқандай дәлелденбеген жобалаушы тесттерге деген реакциясына қарап индивидтердің репрезентативті емес жиынтықтары салыстырылды. Ұлттық сипаттағы мұндай зерттеулердің ешқайсысы барлық өлшемдері − идеологиялық, жүріс-тұрыстық және биологиялық өлшемдері бойынша тіпті кейбір ең кездейсоқ іріктелген индивидгердің де келбетін айқындап бере алмады. Осындай сипаттағы зерттеу бізге бүтіндей ұлттың сипаты туралы қандай да бір нақты білім бере ала ма? Қазіргі уақытта жүйелердің қасиеттері олардың элементтерінің немесе оның құрылымдық компоненттерінің (құрамдастырының) қасиеттерінен елеулі түрде ерекшеленетінін және бір немесе бірнеше элементтердің мәнді емес кесіндісі туралы білім осы элементтер енген тұтас жүйенің қасиеттерін немесе керісінше жүйе элементтің қасиеттерін ешқашан лайықты бейнелей алмайтынын барлық физикалық, биологиялық және психологиялық ғылымдар нық дәлелдеп берді. Оның үстіне, кез келген күрделі жүйенің қасиеттері оның барлық құрылымдық элементтерінің, жекелей алғандағы да, жинақталып алғандағы да қасиеттерінен айрықшаланады. Әлеуметтануда бұл принцип біраздан бері белгілі жөне соңғы уақыттары сынақтан табысты түрде өткен . Егер зерттеуші ұлттың немесе өзге әлеуметтік-мәдени жүйенің негізгі белгілерін зерттеуге ұмтылса, ол тұтас жүйе ретіндегі ұлтты оқып үйренуі керек, оның тарихи өмірлік жолында үнемі өзгеріп отыратын динамикалық және құрылымдық белгілерін ұғынуы тиіс Осы себептерге орай мен орыс ұлтының "мінезінің" кейбір негізгі белгілерін спекулятивті ұлттық стереотиптердің немесе қияли түсініктердің негізінде емес, объективті және тарихи тексерілген айғақтардың негізінде анықтауға тырысамын. Орыс ұлтының негізгі белгілерінің жиынтығы өз бойына мыналарды енгізеді: салыстырмалы түрде оның ұзақ өмір сүруі, орасан зор өмір сүруге деген қабілет, тамаша табандылық,, ұлттың аман қалуы мен өзіндік сақталуы үшін оның өкілдерінің құрбандыққа баруының керемет дайындығы, сондай-ақ оның тарихи өмірі барысындағы әдеттен тыс территориалдық, демографиялық, саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы. ІX ғасыр қалыптасқалы бері орыс ұлты мың жыл бойы өмір сүріп келеді. Мұндай тарихи өміршеңдік тек бірнеше өзге ұлт-мемлекеттерге тән . Екі жүз жылдық татар үстемдігін қоса алғандағы көптеген ұлы сынақтарға қара мастан, еуропалық және азиаттық жаулап алушылардың көптеген шапқыншылықтарына қарамастан, орыс ұлты өзінің тұтастығы мен егеменділігін сақтап қалды, Киев Русі тұсындағы кішкене ғана топтан орасан зор территориялы, демографиялық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени империяға айнала алды. XX ғасырда екі дүниежүзілік соғыс, 1917 жылты орыс революциясы және онан кейінгі жылдардағы азамат соғыстарынан туындаған алпауыт зобалаң мен апаттық зұлматтарға қарамастан, бұл даму жалғасын тапты. Бұл тасырда Британ, Австрия, Түрік және, ішінара Француз және Герман сияқты бірнеше ұлы империялар өздерінің өмір сүрулерін тоқтатып және бұл ұлттардың қазіргі заманғы мемлекеттері өздерінің территориясын, халық санын, саяси, экономикалық, және әлеуметтік-мәдени ықпалын едәуір қысқартқан тұста, орыс ұлты барлық жағынан алғанда, өсе түсті. Кеңес Одағы азамат соғысының, революциялар мен екі дүниежүзілік соғыстың барысында 50-ден 75 миллионға дейін адамнан айрылса да, еуропалық Ресейдің үлкен бөлігі басып кірген неміс әскерлерінің қиратқанына қарамастан, Кеңес Одағының тұрғындары осы демографиялық апаттардан таң қаларлықтай аман қалып, қазіргі уақытта барлық елдердің арасында халқының саны жөнінен 1961 жылы 218 миллион тұрғынымен, бірінші және екінші орындағы Қытай мен Үндістаннан кейін үшінші орын алып тұрды . Халық санының осындай апатқа ұрынуынан кейін мұндай таңғажайып қайта қалпына келтіру орыс ұлтының тарихында бірнеше мәрте болды. Бұл менің осы ұлттың "орасан зор өміршеңдігі" және "табандылығы" деген анықтамамның көрнекі қосымшасы бола алады. Бұл белгілер өлім көрсеткішінің едәуір төмендеуімен де дәлелденеді (1959 - 1960 жылдары 1000-ға 7,5-тен келеді), ал бұл барлық елдердің арасындағы ең төмен көрсеткіштерің бірі және, тіпті, бұл көрсеткіш көптеген батыс елдерінің, оның ішінде өлім деңгейі 9,4-ті құрайтын Құрама Штаттардың да осындай көрсеткішінен темен, ал 1000-ға 25,3-ті құрайтын туылу деңгейі Канада, Израиль және Поланы есепке алмағанда, барлық батыс елдерінен алда тұр. Орыстың туу деңгейі /11/афро-азиаттық және латынамерикандық елдердің басым көпшілігінен алда тұрғаны сөзсіз, бірақ бұлардың соңғы жылдардағы өлім деңгейі Кеңес Одағына қарағанда едәуір өсе түсті . Орыс ұлтының территориялық шекараларының кеңеюі бұдан да таң қаларлықтай болды. Киев Русінің салыстырмалы түрдегі кішкентай ғана территориясынан ол барлық өмір сүріп отырған мемлекеттер мен ұлттардың арасында, оның ішінде, сәйкесінше, екінші, үшінші және төртінші орындарды алатын Канаданы (9 974 375 шаршы километрді алып жатқан), Қытайды (9 761 012 шаршы километр) және Құрама Штаттарды (9 363 387 шаршы километр) басып озып, ең үлкен (22 403 000 шаршы километр) империяға айналды. Шекараның осылай ерекше кеңеюі орыс шаруалары мен көпестерінің басым көпшілігінде бейбіт отарландыруының және бірқатар орыс емес этникалық, ұлттық және мемлекеттік топтардың орыс мемлекетіне өз еркімен қосылуының арқасында жүзеге асты. Оған жаугершілік және өзге зорлық құралдарын мейлінше аз қолданумен қол жеткізілді11 . 1917 жылы және одан кейінгі жылдары Ресейдің екі дүниежүзілік соғысқа қатысуының нәтижесінде жөне азамат соғысының зұлматтары нәтижесінде орыс территориясының біршама бөлігін Революцияның алғашқы жылдарында Ресейдің бұрынғы одақтастары бөліп тастады. Бұл шығындар бүкіл Маньчжурияның Қытайға қайтарылуының, Кавказдың едәуір бөлігінің Кавказға берілуінің және бүкіл фин территориясының Финляндияға берілуінің нәтижесінде өсе түсті, территорияның берілуінің осы жағдайларын Керенский және Орыс революциясының бастапқы жылдарында кеңес өкіметі ерікті түрде қабылдады. Революцияның алғашқы кезеңіндегі осы барлық шығындарға қарамастан, Кеңес Одағының қазіргі территориясы Революциядан бұрынғы кездегі территориядан бір де кем емес. Бұл шығындардың орны бұрынғы орыс ұлтынан ажыратылып, енді "Ресей анасымен" қайта қауышқан, орыс халқына тиесілі жаңа территориялардың қосылуының салдарымен толықтырылды. Орыс ұлтының саяси және әскери өсуі де осындай энергияны, табандылық пен тапқырлықты көрсетеді. Орыс ұлты өзінің территориясын − көптеген азиаттық және еуропалық басқыншылар мен жаулап алушылардан таумен де, мұхитпен де қорғалмаған кең байтақ ашық еуразиялық жазықтықты жаулап алудан өзін, өз тәуелсіздігін, еркіндігін және өзге ұлы құндылықтарын қорғап қала алды. Екі жүз жыл бойы ол татар басқыншыларының қол астында және одан азырақ уақыттарда шведтер мен тевтондардың, Наполеон мен Гитлердің бағыныштылықтарында болды, бірақ дұшпанның бетін үздіксіз қайтарып, өз тәуелсіздігі мен егеменділігін қайта қалпына келтіріп отырды. Бұл ұлттың саяси және әскери салалардағы энергиясы мен тапқырлығы өз тәуелсіздігі мен ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға анағұрлым қолайлы саяси режимді орната білу қабілетінен, сондай-ақ ол өзінің өмір қамдық қабілетін жоғалтқан кезде, оны құбылмалы жағдайларға лайықты жауап бере алатын жаңа режиммен ауыстыра білу қабілетінен де көрінеді. Өзінің пайда болған сәтінен бастап, бұл ұлт өз тарихының әртүрлі кезеңдеріңде саяси ұйымдасудың барлық түрлеріне ие болды және бастан кешірді: монархиялық және республикандық, демократиялық және самодержавиелік, Кеңес Одағының режимін қоса алғанда, басқа түрлерін де бастан өткерді11. Біздің жүзжылдығымызда көнерген және ебедейсіз самодержавиелік монархия 1901-1908 жылдары конституциялық монархияға алмастырылса, 1917 жылы бүл монархия демократиялық режимге өзгертілді, ал осы республикалық режимді осы уақытқа дейін үнемі өзгерістерге түсіп отырған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ауыстырды. Барлық басқа улы революциялар сияқты Орыс революциясы да өзінің қиратушы фазасында қолданған қанды әдістерден азат жөне өзінің жемісті құндылықтарының аясында қарастырылған кеңес режимі, сөз жоқ, ең үлкен радикал және саяси жаңалық енгізуші болып отыр. Оның мақсаты − тек саяси ғана емес, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік-мәдени демократия құру; ол қанаушылық пен әділетсіздікті таза саяси демократиялық режимдерге қарағанда анағұрлым радикалды жолмен жойғысы келеді. Ол қазіргі заманғы технологиялық орталықтандырудың артықшылықтарын, жоғары еңбек өнімділігі мен білікті басқарушылықты жергілікті топтардың дербестігімен, ұжымшылдықтың пайдасын индивидтің еркіндігімен, абыройымен және өзі-өзі іске асыруымен, қатаң өкіметтік бюрократияны тұлғалар мен топтардың бастамасымен, әлеуметтік жоспарлауды шабытпен және шығармашылық қиялмен біріктіруге, радикалды теңдікті ақыл мен таланттың тексіздігімен үйлестіруге, өз мүшелерінің әрқайсысы үшін қоғамның жауапкершілігі мен индивидтің өзінің және қоғам алдындағы жауапкершілігін біріктіруге тырысуда. Кейбір қатынастарында бұл мақсаттарды Кеңес Одағының халқы біртіндеп іске асыруда. Жаңа режимнің орнығуы тарихтың өзі қойған бірқатар өзекті мәселелерді кеңес халқының "аңғаруына" мүмкіндік берді. Осының арқасында кеңес режимі Кеңес Одағында табысты түрде орнығып қана қоймай, өзінің ықпалын да таратты және көптеген өзге халықтар, адамзаттың жартысына жуығы оны қайта өндірді. Ол екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр сынынан өтті, орыс ұлтының және Кеңестік Ресейдің өзге халықтарының біріккен күш-жігерімен Гитлер әскерін талқандады. Азаматтық соғыс пен екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр кезеңдерінде дұшпандардың және кейбір одақтастардың әрекетімен ыдырап жойылып кетудің орнына орыс ұлтының бұрынғыдай жетекшілігімен Кеңестік Ресей өміріне төнген осы қауіп-қатерді игеріп, бүгін өмір сүріп отырған екі ұлы империяның біріне айналды. Бұл ерлік жетістік орыстың және Ресейдің өзге халықтарының күшін, шығармашылық қабілеттерін, тапқырлығын, еркіндік, абырой жөне өзге де ұлттық құндылықтарын сақтап қалу үшін өздерінің өмірін, тағдырын, ресурстары мен игіліктерін құрбандыққа шалуға дайын екендіктерін көрсетеді. Ресейдің экономикалық, ауыл шаруалықтық, технологиялық, индустриалдық, қалалық және қаржылық өсімінің тарихы да осындай. Әсіресе, татар қанаушылығы тұсындағы қомақты кедергілерге қарамастан, орыс халқы бірқатар шаруашылық апаттарды игеріп шықты және бүгінгі күнге дейін өзінің экономикалық өсімін жалғастырып келеді. Біздің жүзжылдығымыздың бірінші жартысында, екі дүниежүзілік жөне азамат соғыстарының кезінде оның экономикасы апатты жағдайда еді. Соғыстар еуропалық Ресейдің үлкен бөлігін бүлдірді, көптеген қалаларды, ауылдарды, ауыл шаруашылықтық және индустриалдық орталықтарды қирандыға айналдырды. Бұл кезеңдегі жалпы экономикалық шығындар көптеген жүз миллиардтаған доллармен есептеледі. Дегенмен бұл апат та игеріліп, бүгінгі күні Кеңес одағы әлемнің барлық ұлттары мен мемлекеттері арасында экономикалық тұрғыдан екінші орынды алады. Орыс ұлтының мәдени, ғылыми, философиялық, діни, заңнамалық, моральдық, эстетикалық дамуы туралы да сәйкес түзетулермен осылайша айтуға болады. Бұл салаларда да мәдени шығармашылықтың құлдырау кезеңдері аңғарылды және олардың кейбірінің кезінде (мысалы, екі ғасыр татар қанаушылығы кезінде) мәдени өсім батыстық ұлттармен салыстырғанда баяу болды. XVІІІ және XІX ғасырларда Ресей басым көпшілігінде өзінің мәдени артта қалушылығынан арылды, ал шығармашылықтың кейбір салаларында, мысалы, әдебиетте, әлемдік көшбасшыға айналды. Әлемдік соғыстар және азамат соғысы кезінде мәдени шығармашылық тағы да әлсіреді. Бірақ соғыстан кейінгі қысқа ғана уақытта орыс ұлты және Кеңес Одағының өзге ұлттары Батыстың мәдени деңгейіне жетіп алды, ал кейбір салаларда оны басып озды. Қазіргі уақытта орыс халқының ғылым, технология, философия, құқық, этика, әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, театр және мәдениеттің өзге де аймақтарындағы шығармашылық жетістіктері мен мәдениетінің деңгейі, сөз жоқ, Батыстың және Шығыстың басқа елдерінен бірде-бір кем түспейді. Кейбір салаларда Ресей біршама алға озды, басқаларында көшбасшы болып келеді, бірақ бүтіндей алғанда, оның мәдени шығармашылығы бүгінгі күндері әлемдегі екінші орынды берік иеленіп отыр және оны ешкімге де бере қоймайды11 Бұл қысқаша очерк өзінің тарихи өмірі үдерісінде шынайы көрінген орыс ұлтының негізгі белгілерін сипаттайды.

Орыс ұлтының қосымша өзгешеліктері

Орыс ұлтының аталған негізгі белгілеріне тағы қосымша белгілер де қосуға болады. Орыс ұлты пайда болғаннан бері оның киевтік, мәскеулік, новгородтық, империялық және кеңестік кезеңдері қашанда оның тұрғындарының нәсілдік және этникалық әр алуандығына негізделді. Киев мемлекетінің негізі қаланғанға дейін-ақ шығыстық славяндар әртүрлі үнді еуропалық және арийлік нәсілдік бағыттарының моңғол, түркі және фин халықтарының орал-алтайлық бағыттарымен араласқан қосындысын білдірді. Содан бері орыс халықтарының нәсілдік, этникалық және өзге алуан түрлілігі өсе түсті. Революцияға дейінгі және Кеңестік Ресей өз құрамына жүзден аса этникалық топтар мен әртүрлі нәсілдік топтарды енгізді1. "Әр алуандықтағы тұтастық" өзінің тамырын орыс ұлты мен оның мемлекеттілігінің тарихына терең жіберген. Оны күйретуге әкелудің орнына ол орыс ұлтының тамаша өсіміне әкелді және біз орыс халқы осы принципті өз өмірлеріне табысты түрде енгізді, сондай-ақ кең әлеуметтік топтардың тұтастығы, сөз жоқ, осы адал және даналықпен іске асырылған әр алуандылық принципіне негізделуі тиіс деген түйін жасаймыз. Құрама Штаттар, Швейцария және Бельгия сияқты өзге "шағын ұлтты" мемлекеттердің тарихи тәжірибесі де осыны дәлелдейді. "Әр алуандылықтағы тұтастық" саясатының табысқа жетуінің негізгі алғышарттарының бірі империя тұрғындарының әр алуан нәсілдік жөне этникалық топтарының, ұлттардың, сондай-ақ кез келген қоғамдардың заңдық тұрғыда да, нақты да тендігімен сипатталады. Бұл алғышарт көбіне орыс ұлтының тарихында іске асты. Оның тарихы орыстар тарапынан Ресейдің орыс емес ұлттарының кемсітушілікке, ығыстырушылыққа және қанаушылыққа ұшырауынан толық азат /13/. Қазіргі уақытта орыс емес халықтарға тіпті орыс ұлтының өзі ие болмаған, артықшылықтар, еркіндіктер мен конституциялық құқықтар берілген . Орыс тарихындағы нәсілдік және этникалық тендіктің үлгісі ретінде орыс емес ұлттардың жекелеген өкілдерін немесе бүтіндей топтарын орыс ұлтының (шақырту арқылы, сайлау немесе жалдау арқылы) жоғары саяси және әлеуметтік орындарға ұсыну айғақтарын келтіруге болады. Киев мемлекетінің негізін қалау үшін варяг басқарушыларын шақырудан (Русьтің көне жылнамаларында "біздің жеріміз кең-байтақ және молшылықты, бірақ онда тәртіп жоқ, келіндер де бізді басқарыңдар", деп жазылады) бастап және кеңес өкіметін Сталин (грузин), Троцкий, Зиновьев, Каменев, Кагановичтердің (еврейлер) және басқа орыс емес көсемдердің басқаруымен аяқтағанда, мұндай айғақтардың орыс ұлтының тарихи өмірінде көп мәрте қайталанғанын білеміз. Жоғары лауазымға ие болған тұлғалар, сондай-ақ топтар біртіндеп "орыстанды" және асимиляцияланды. Ресейдің үстем аристократиялық таптарының үнемі өз құрамында орыс емес тұлғалар мен топтарды енгізетін айғағы осымен дәлелденеді. Әр алуан нәсілдік және этникалық топтардың тендігі мен кемсітілмеуі саясаты орыс ұлты мен мемлекетінің шекарасының салыстырмалы түрде бейбіт кеңеюі мен ұлғаюы оның басты себептерінің бірі болды. Бірқатар тайпалар мен этникалық топтар, сондай-ақ ұлттар мен мемлекеттер (грузин, украин және, ішінара поляк және финдер) өздерінің жеке таңдауы мен еркінің арқасында алдыңғы ғасырларда орыс ұлты мен мемлекетіне қосылды. Шекараларды кеңейтудің бұл тәсілі халық аз қоныстанған сібірлік және азиаттық (басым бөлігінде шығыс еуразиялық) аймақтарды орыс шаруаларының, саяхатшыларының және зерттеушілерінің бейбіт, пионерлік отарландыруымен толықтырылды. Шекараларды әскери және зорлық әдістерімен кеңейту жоғарыда аталған екі бейбіт әдістермен салыстырғанда төменгі мәнді рөл ойнады11. Бастапқыда американдық құрлықтың шығыс жағалауына орнығып, кейінірек батысқа ендеп кірген Құрама Штаттарда орын алған шекараны кеңейту тәсіліне қарама-қарсы, орыстар, немесе шығыс славяндар VІІ-ІX ғасырларда орыстар "Еуразияның тек батыс бұрышы мен Қара теңіз жағалауын ғана мекендеді. Еуразияның осы бұрышынан орыс ұлты басым көпшілігінде шығысқа қарай жылжып, шекарасын кеңейтті. XVІІ ғасырдың ортасында орыс отарландыруының ағымы Тынық мұхит жағалауына дейін жетті, ал XІX ғасырдың ортасында Орталық Азиядағы Тянь-Шаньға жетті. Бұл бағытта орыс халқы әдеттен тыс табандылық пен тұрақтылық көрсетті. Орыс халқының Карпат бойындағы оз шекарасын батыстық көршілер тарапынан болған жойқын шабуылдардан қорғағанда да осындай табандылық көрсетті22 . Орыс ұлтының жүргізген соғыстарының көпшілігі басқыншылықтан гөрі қорғанушылық болды. Бұл көптеген азиаттық және еуропалық жаулап алушылармен болған, негізінен орыс ұлтының территориясында болған соғыстар еді. XІІ ғасыр мен XX ғасыр аралығындағы Ресейдің барлық соғыстарының жалпы индексі көптеген еуропалық ұлттармен, Ежелгі Грекиямен және Риммен салыстырғанда, шапқыншы ретінде анағүрлым аз көрінгенімен сипатталады. Алайда бұл алшақтықты нақты өлшеу қиын, өйткені соғыстардың индексі мен соғыстардың жағдайы әртүрлі тарихи кезеңдерде әрқилы елдерде өзгеріп отырады. Бұл арнайы зерттеуді талап етеді11 . Орыс тарихының кәдуілгі, сондай-ақ революциялық өзгерістеріне қатысты да осылай айтса, дұрыс болады. Егер қиратушылықтың жиілігін, үдемелілігін, ұзақ мерзімділігін, деңгейін және революциялық, өзге де маңызды әлеуметтік саяси толқыныстардың зорлығын XІІ ғасыр мен XX ғасыр аралығындағы көптеген еуропалық ұлттармен, Ежелгі Грекиямен, Риммен және Византиямен салыстырғанда, орыс ұлтының революцияшыл және "тәртіпсіздіктерге бейім" болып көрінуі екіталай. Алайда, тағы да бұл алшақтықтар қиын өлшенеді және әрқилы тарихи кезеңдерде бір елдерден екіншілеріне қарай айрықшалана түседі: әрбір ұлт өз тарихының бір кезеңдерінде "революцияшыл" және "тәртіпсіздіктерге бейім" болса, ал басқа кезеңдерінде өздерін толық "сабырлылықта" ұстады. Бұл орыс халқының өзгеше "тәртіпсіздікке бейімділігі" мен ерекше "революцияшылдығы" туралы кеңінен таралған пікірді орыс ұлтының, патшалық және кеңестік өкіметтің саяси қарсыластарының қолданысқа жіберген насихаттық стереотипі екендігін ғана дәлелдейді22 .

33

Ақырында, орыс ұлтының өсуі, тәуелсіздік пен егемендікті жаулап алу тарихи сындарлы кезеңдерде өз Отанын қорғау үшін оның өкілдерінің өз өмірлерін, тағдырларын және өзге құндылықтарын құрбан шалуының, Отанға деген асқан терең адалдығы мен сүйіспеншілігінің салдарынан тана мүмкін болды .

Сананың, мәдениеттің және құндылықтардың

негізгі белгілері

Ресейдің басым санасын, мәдениетін және құндылықтар жүйесін қысқаша жарықтандыру үшін біз зерттеуімізді жалғастыруымыз қажет. Менің әлеуметтік және мәдени жүйелер туралы, сондай-ақ идеационалды, идеалистік (интегралды) және сенсативтік супержүйелер туралы теорияммен таныс емес кісілердің түсінбей қалуына тәуекел ете отырып, дегенмен мен осы теорияның терминдерімен орыс ұлтының санасын, мәдениетін және құндылықтар жүйесін дәл және мүмкіндігінше толық сипаттауға тырысамын. Орыс ұлтының ІX ғасырда пайда болғанынан XVІІІ ғасырға дейін оның басым санасы мен мәдени супержүйесі (өзінің идеологиялық, жүріс-тұрыс қалыбы мен материалдық формаларындағы ғылымы, діні, философиясы, этикасы, құқығы, өнері, саясаты және экономикасы) идеационалды немесе шынайы нақтылығы мен жоғарғы құндылығы Інжілде (әсіресе, Жаңа Өсиетте) "ашылғандай" және сенімнің христиандық рәмізінде бекітіліп, шіркеудің ұлы әкейлерінің (әсіресе шығыстық) ілімдерінде дамытылған күйіндегі құдай мен патшалық болып табылатындай іргелі қағидаға негізделген діни супержүйе болды. Орыс санасының негізгі белгілері мен орыс мәдениеті мен әлеуметтік ұйымдасуының, сондай-ақ негізгі құндылықтарының бүкіл жүйесінің барлық компоненттері осы басты алғышартының (яғни христиан дінінің) идеологиялық, жүріс-тұрыстық және материалдық қабығын білдірді. ІX ғасырда киевтік-рустік мемлекеттің түзілуімен бір мезгілде христиандықтың византиялық нұсқасы қабылданды (князь Владимирдің арнайы жіберген делегациясымен мұсылмандық, яхудейлік және батыстық христиандық діндерді зерттегеннен кейін). Өзінің негізгі белгілері бойынша орыстың санасы, мәдениеті мен құндылықтары VІ ғасырдан бастап XІІ ғасырдың соңына дейінгі кезеңде ортағасырлық Еуропаның санасында үстемдік еткен супержүйеге ұқсас болды. Бұл жүйе де идеационалды немесе христиан дінді болды және христиандықтың батыстық нұсқасының рухымен анықталды. Еуропадағы сияқты Ресейде де үстемдік етуші идеационалды супержүйемен қатар, төменгі мәнді жүйелер ретінде сананың, мәдениеттің және құндылықтардың эклектикалық формалары өмір сүрді. Еуропада идеационалды супержүйенің үстемдігі XІІ ғасырда толығымен дерлік аяқталды, содан кейін XІІІ жөне XІV ғасырларда шынайы нақтылық пен шынайы құндылықтар шексіз әр алуандылықпен ерекшеленеді және үш негізгі өлшемдермен − сезімдік, рационалдық және жоғарғы сезімдік өлшемдермен анықталады деген қағидаға негізделген идеалистік немесе интегралды супержүйе басымдылыққа ие болады. XІV ғасырдан бастап идеалистік немесе интегралды супержүйені сенсативтік супержүйе алмастырады. Ол шынайы нақтылық пен құндылықтар сезімдік сипатқа ие, яғни біз тек көре, иіскей, тыңдай, сипалай, дәмін тати алатынды ғана қабылдай аламыз және біздің сезім органдарымыз арқылы қабылданатындар ғана шынайы және құндылықты болады деген қағидаға негізделді. Осы нақтылықтың және осындай құндылықтардың саласынан тыс еш нәрсе өмір сүрмейді немесе біз қабылдай алмайтын нәрселер болады және олар сондықтан ойдан шығарылған, қиял, фикция, жалған нақтылық және жалған құндылықты болып табылады. Бұл сенсативті супержүйе батыстық әлемде XІX ғасырдың соңына үстемдік етті, содан кейін ол өшіп, күйрей бастады. XX ғасырда батыстық өлем сананың, мәдениеттің жаңа үстемдік етуші формасына қарай, құндылықтардың жаңа жүйесі мен әлеуметтік ұйымдасудың формаларына қарай қарсы жүре отырып, ұзаққа созылған өтпелі кезеңге өтті. Көне алып сенсативті ғимарат бұзылып, жаңа супержүйенің ғимараты әлі салынбағандықтан әлемдік және аймақтық соғыстардың, қанды көтерілістердің, революциялардың шектен тыс шарпуынан, "барлығының барлығына қарсы соғысының" (Гоббстің айтуына сәйкес) шексіз әлем сепкен шығырында көрініс тапқан зерделік, моральдық, әлеуметтік және мәдени толқулар мен анархия пайда болды. Батыстағы және әлемдегі бұл дағдарыстық ахуал бүгінгі күні барлық адамзат үшін нақтылыққа айналды. Орыс санасының, мәдениетінің және құндылықтар жүйесінің негізгі белгілерінің трансформациясы да осылайша жүзеге асты, бірақ үш негізгі өзгешеліктермен сипатталды: 1) Ресейде идеационалды супержүйенің үстемдігі XVІІІ ғасырға дейін созылды (басым көпшілігінде екі жүз жылдық татар қанаушылығы салдарынан); 2) идеалистік немесе интегралды супержүйенің үстемдігі біршама қысқа және мейлінше таяз болды; 3) тез дамыған сенсативті супержүйенің үстемдігі де Ресейде Еуропамен салыстырғанда қысқа болды. Ол XX ғасырда тез дамыды да Ресейді өтпелің мемлекетке және жаңа супержүйені − тұлғалық, мәдени және әлеуметтік жүйені іздестіруге әкелді. Сенсативті жүйенің тез құлауы басқа да оқиғалармен қатар, 1905-1906 жылдардағы революцияны, сонан соң 1917 жылты ұлы Революцияны және одан кейінгі революцияларды тудырды. Батыста құндылықтардың, мәдениеттің және қоғамның жаңа супержүйесін іздестіру сенсативті капиталистік құрылыстың трансформациясы сияқты біртіндеп іске асырылды (әлемдік соғыстардың, фашистік және ұлтшылдық төңкерістердің қанды қырғынға айналғанына қарамастан), ал Ресей болса, коммунистік − әлеуметтік, саяси, экономкалық, мәдени және тұлғалық супержүйені қалыптастыру жолымен жүрді. Қазіргі уақытта Кеңес Одағы, Батыс және бүкіл адамзат адам тарихындағы аса ұлы дағдарыс жағдайында тұрған тәрізді. Бұл дағдарыс өмір сүрудің өзіне және, мүмкін, адамның осы планетадағы шығармашылық миссиясына қауіп төндіріп тұр. Бұл дағдарыс Ресейде және Батыста христиандықтың және өзге институттанған тарихи діндердің, олардың нанымдар мен догматтар жүйесінің ғаламат құлдырау ретінде, моральдық қағидалардың, әлеуметтік институттардың дағдарысы және индивидтер мен топтардың санасын, қылықтары мен қатынастарын тиімді бақылаудың дағдарысы ретінде көрініс тапты11 . Ресейде бұл құлдырау Батысқа қарағанда өткір әрі күшті жүзеге асты, бірақ батыстағыдан соншалықты айырмашылығы болған жоқ22 . Дағдарыс христиандық және идеалистік философияның құлауынан және оны агностикалық, материалистік, атеистік және басқа христиандық емес және антихристиандық философиялармен алмастыруынан көрінеді. Дағдарыс христиандықтың этикалық ілімінің құлауынан, индивидтер мен топтардың жүріс-тұрысын тиімді қадағалаудың құлауынан, сондай-ақ кеңестік, батыстық және ұлы державалардың саясатынан айқын көрінеді. Шектен тыс азғындану әлемдік және өзге соғыстарды тұтатудан, Батыстағы жөне Шығыстағы көптеген халықтарды "азат ету − геноцидтен" және аяусыз "полициялық акциялардан", шексіз революциялардан, бүліктерден, тәртіпсіздіктерден; қауіпті қылмыстардың, жемқорлықтың, дөрекіліктің, жек көрушіліктің, адам мен адамның айуани қатынасының өсе түсуінен; моральдық адасушылық пен цинизмнің таралуынан, геноцидтің салқынқанды саясатынан, көптеген "христиандық" өкіметтердің және ұлы державалардың жүздеген мың адамдарды қойша қыруынан аңғарылады. Орыс революциясының бірінші фазасы деструктивті (қиратушы) сипатта болды және кеңес өкіметі мен Кеңес Одағы халықтарының басым бөлігінің күшті моральсыздануына әкелді. Революцияның бұл сатысында өлім сепкен дауыл соққандай болды, адамдар қырылды, көнерген және сөніп бара жатқан құндылықтар, институттар қиратылып қана қоймай, тірі ұлы құндылықтар және мәдени жетістіктер, институттар, көрнекті шығармашыл тұлғалар мен топтар да жойылып, жоғалды. 1920-жылдардың соңына қарай бұл деструктизті оргия тыныштала бастады және біртіндеп конструктивті қайта құрумен және жаңа құндылықтарды қалыптастырумен алмасты. Екінші дүниежүзілік соғыспен уақытша үзілген бұл конструктивті фаза күні бүгінге дейін жалғасып отыр. Ол әртүрлі формалардан және үдерістерден көрініс тапты. Бұл жерде орыстың әлеуметтік және мәдени ренессансының кейбір формаларының қарапайым тізімі берілген. Кеңес өкіметінің барлық ішкі оппоненттеріне қарсы дөрекі күш көрсетуі мен ақталмаған терроры заңдар негізінде басқарумен біртіндеп ауыстырылды. Кеңес өкіметі режимінің шектеусіз-тоталитарлық диктаторлық сипаты бірте-бірте саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени демократияның пайдасына қарай жұмсара бастады. Тұлға құқықтары, оның "өмірге, еркіндікке және бақытқа" еркін ұмтылыстары азаматтық, қылмыстық және конституциялық құқықтың жаңа заңнамаларында конституциялық тұрғыда бекітілді және кеңейтілді, сондай-ақ бұл заңдардың күнделікті практика мен қоғамдық өмірге енгізілуі де өсе түсті. Қазіргі уақытта кеңес азаматтары да көптеген "капиталистік" батыстық елдердің азаматтары сияқты еркіндікпен, қауіпсіздікпен және "бөлектенбейтін құқықтармен" қамтамасыз етілген. Жоғарыда аталып өткендей, Кеңес Одағының орыс емес ұлттары да Ресей, Украина және Белорус республикаларының өзіндік басқаруы, құқықтары мен артықшылықтарына қатынасында толық тепе-тең болып келетін өз ұлттық республикаларын немесе дербес топтарын құрды. Революцияның қиратушы фазасында лақтырылып тасталған және "қиратылған" революцияға дейінгі Ресейдің ұлы құндылықтары қайта қалпына келтірілді және Революцияға дейінгі кезеңнен бетер мойындалады. Өнерді айтпағанда, дін, саясат, әскери іс, этика, құқық, экономика салаларындағы Киев Русінің және патшалық Ресейдің көптеген шығармашыл қайраткерлері қазіргі күндері өшпес құндылықтардың қалыптастырушылары мен ұлы жасампаздар ретінде мадақтала бастады. Революцияның бірінші фазасында уақытына қиратылған, бірақ өз маңызын жоғалтпаған әлеуметтік институттарға қатысты да осы айтылғандарды қайталауға болады. Мысалы, Революцияның бірінші кезеңінде көбіне қиратылып, жапа шеккен моногамды отбасылық ("капитализм мен жеке меншіктің тірегі" ретінде) табысты түрде қалпына келтіріліп, қайта түзетілді. Бүгінгі күндері ол көптеген батыстық "капиталист" мемлекеттердегі отбасыларға қарағанда, анағұрлым орнықты, тұрақты және "викторианды" болып табылады. Жергілікті өзіндік басқарудың кейбір институттарының модификацияланған күйінде қайта қалпына келтірілуі туралы, сондай-ақ орыстың православиелік шіркеуі туралы және өзге ұйымдар туралы да осылай айтуға болады. Коммунистік-социалистік демократияны, Кеңес Одағы халықтарының биологиялық, материалды, интеллектуалдық, моральдық және әлеуметтік өмірін дамытумен және жақсартумен айналыса отырып, кеңес халықтары мен оның жетекшілері осы бағыттағы көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Салыстырмалы түрде аз уақыттың ішінде (шамамен 25 жыл) олар қалалар мен деревнялардың апокалипсистік қиратылуымен, екі дүниежүзілік және азаматтық соғыстарда ұлттық байлықтар мен ресурстардың жойылуымен бұзылған адамдардың өмірі мен денсаулығын ғаламат жоғалтудың қайта қалпына келтірілуінде ғана үлгеріп қоймай, сонымен қатар, жоғарыда айтылғандай, Кеңес Одағын саяси, әскери, экономикалық, өнеркәсіптік және технологиялық қатынастарында әлемдегі ең құдіретті екі елдің біріне айналдырды. Орыс ұлтынан бастап, Кеңес Одағы халықтарының мәдени өсуі туралы да осыны айтуға болады. Ғылымда, философияда, дінде, этикада, құқықта, әдебиетте, музыкада, бейнелеу өнерінде, театрда және мәдени шығармашылықтың өзге де салаларында барлық ұлттар мен халықтар арасында орыс ұлты екінші орын алады. Барлық мәдени жетістіктердің ішінде Кеңес Одағы халқының моральдық ренессансын арнайы атап өтуге болады. Революцияның бірінші кезеңіндегі азғындану қазірде көбіне "адамды эксплуатация мен қанаушылық бұғауынан азат ету күресінде ынтымақтастық, риясыз көмек пен қолдау этикасы" ретіндегі, жоғары құндылықтар − индивидтің абыройын, еркіндігін және өзін өзі іске асыруын ұжымдық қорғау этикасы ретіндегі "жаңа коммунистік этиканың" негізінде игерілді. Бұл этика буржуазиялық эгоистік индивидуализмге қарсы тұрады. Өзінің негіздері жағынан бұл "жаңа этика" Қыраттағы уағыз бен Иисустың өсиеттерін қоса алғандағы барлық ұлы діндер мен этикалық жүйелерде жарияланған мәңгі және әмбебап моральдық принциптердің қайта өндірілуі мен модификациясы болып табылады. Енгізілуі тек ішінара және салыстырмалы болғанына қарамастан, бұл этика революцияның конструктивті кезеңінде өмірге барған сайын ене түсуде. Оның куәлігі ретінде кеңес халықтары арасында қылмыстың адам таң қаларлықтай азая түсуін ескеруге болады − ауыр және басқа қылмыстардың деңгейі мұңда басқа ұлттармен салыстырғанда ең төмен болып саналады /14/. Тағы бір дәлел − кеңес адамдары мен топтары арасындағы қатынастарда өзара көмектің айқын аңғарылуы, "дұрыс" және" дұрыс емес" әрекеттердің арасын саналы ажыратудың қайта қалпына келтірілуі мен өсуі, шектен тыс моральдық релятивизмнің, моральдық цинизмнің төмендеуі, моральдық құндылықтардың деградациясының (кері кетуі) тоқтатылуы, адамгершілік пен адамгершілік пафостың елеулі дамуы, жалпы ұлы мақсаттарға ұмтылумен, жауапкершілікпен, өзара көмектің байтақ бір ортақтыққа біріккен еркін ұжымдық "бізді" басқару болып табылады. Кеңес өкіметінің мәжбүрлеуші регламентациясы (реттеушілігі) Кеңес Одағы халықтарына әлі де күшті ықпал етіп отырғанымен, мұнда өздерінің өзімшілдік амбицияларымен және ергежейлі антипатияларымен сіңірілген "оқшау тобырлар" мен "жалғызсыраған жандар" аз кездеседі; Кеңес Одағында шындығында индивидтер мен топтар арасында салыстырмалы бейбіт қатынастар орнатылған: бұл жерде бүліктер, зорлық қақтығыстар, ұлтаралық толқулар түріндегі топаралық соқтығыстардың деңгейі мейлінше темен. Ақырында, кеңес өкіметінің салыстырмалы түрде бейбіт халықаралық саясаты жүргізіледі және жаңа әлемдік соғыстардың және өзге соғыстардың алдын алудың, сондай-ақ бүкіл адамзат үшін берік бейбітшілікті орнатудың шынайы ұмтылысы көзге ұрып тұр: соңғы он бес жылдағы Кеңес Одағының халықаралық саясаты көптеген батыстық және шығыстық құдіреті "капиталистік" елдердің саясатына қарағанда, анағұрлым аз агрессивті және аз империалистік болды. Қысқаша айтқанда, идеологиялық және қылықтық қатынастарынан алғанда орыс ұлтының және Кеңес Одағының өзге халықтарының бүгінгі моралі бірқатар батыстық және шығыстық ұлттардың мораліне қарағанда анағүрлым өміршең болып шығуы мүмкін /15/. Орыс ұлтының қазіргі жағдайы туралы бұл қысқаша очерк, оның өзінің барлық көріністерінде әлемнің ірі ұлттарының көпшілігінің жағдайымен салыстырғанда, олардан бір де кем емес, тіпті, мүмкін артық көрінетінінің дәлелі бола алады. Егер жаңа әлемдік соғыс тұтанып кетпесе, бұрынғыдай орыс халқының жетекшілігімен келе жатқан Кеңес Одағының болашаққа сеніммен қарай алатынына күмән келтіруге болмайды. Ол дүниежүзілік соғыстар мен азамат соғыстарының келтірген "күйзелу қорқынышын" табысты түрде игеріп, барлық басқа ұлттардың арасында конструктива жетекші бола білді және келешек онжылдықтарда, ал мүмкін жүзжылдықтарда өзінің жетекші рөлін жалғастыра беруі де әбден мүмкін11 .

Түсініктемелер

1. "Ұлт" ұғымын П.А. Сорокин полисемантикалық тұрғыда, тек ұлт қана емес, сонымен қатар мемлекет, халық, этникалық және территориялық топ ретінде де түсіндіреді. Мақаланың нақты ауқымында ол мемлекет ретінде ("ұлт-мемлекет" − ағылшын сөз қолданысына тән ұғым) немесе халық ретінде (орыс халқы), ұлттық-этникалық қауым және территориалдық (әлеуметтік) топ ретінде ашылады. 2. Кикуйю (гикую) − банту тіл тобына жатқызылатын Кенияның негізгі халқы. 3. Кабилдер − бербер тілдерінің диалектілерінде сөйлейтін Алжирдің байырғы халқы. 4. Сорокин орыстың ұлттық мінезін орыс балаларын орау тәсілінен шығаратын, советологтардың бүтіндей бір буынына кең таралған клишеге айналған әдетті айтып отыр. 5. өзіндік (лат.). 6. Ұлттың интеграциялық полисемантикалық анықталуы Сорокинде мемлекеттік, этникалық, әлеуметтік-мәдени детерминанттарды енгізеді, ал бұл болса, орыстық-американдық ғалымның методологиясына кеңдік пен жан-жақтылық береді. Алайда, мұндай кеңдік ұлт, халық және мемлекет ұғымдарының арасындағы шекараның шайылуына әкеледі. Бұл жағдайда ұлттық пен мемлекеттілік араласып кетіп отыр. 7. Орыс ұлтының өзгешеліктерін анықтаудағы плюрализмнің, көп факторлықтың тағы бір мысалы. Бұл жерде мәдени тілдік және ұлттық-этникалық тиесіліктер біріктіріліп отыр, Ресейде қостілділік пен көп тілділік феноменінің, осындай аналогтың еуропалық (Швейцария, Финляндия) және азиаттық (Үндістан, Қытай) елдерде кеңінен таралғаны ескерілмейді. 8. Орыс мемлекеті құрылуының варягтық (нормандық) жорамалын Сорокин оның самарқау күйінде қабылдаған. Мүны "нормандардың бақылауынан" кейін-ақ оларды Русьтің байырғы славян халқы ассимиляцияға ұшыратты деп келтірген оның мәліметтері дәлелдейді. Алайда ежелгі орыс тарихи процесінің мұндай тұжырымы да қазіргі көзқарастарға сәйкес келмейді. Сорокин, өкінішке орай, Руське мемлекеттік-саяси мәдениет алып келген "нормандандырудың" бір мезеттік акт ретінде түсіндірілуін теріске шығарған кеңес тарихшыларының жұмыстарымен таныс болған жоқ. Жаңа тарихи, оның ішінде археологиялық ізденістер Русьтегі "скандинавиялықтардың болуын" вечелік билік пен княздық биліктің арасындағы қатынастарды реттеудің (оның ішінде келісімдік формада да) элементі болғанын көрсетеді. 9. Кейінірек орыс, украин және белорус ұлттарын туғызған ежелгі орыс халқы туралы айтылып отыр. 10. Сорокин тайпалық байланыстардың қандас-туыстық элементінің маңызын жеткілікті бағаламайды және тайпалық құрылымдардың әлеуметтік-саяси есею деңгейін асыра дәріптейді, олар, оның пікірінше, халықтық сатысына соқпай, тура ұлттық құрылымға өткен. 11. Бұл жерде келтірілген "орыстың туу деңгейі" туралы мәліметтер біршама ескірген. Ол КСРО-дағы этно демографиялық процестердің біркелкі еместігін ескермейді. Кейінірек КСРО-ның орыс, украин, сондай-ақ балтық жағалауы халықтарында туудың барынша төмендеуімен сипатталатын күрделі демографиялық ахуал қалыптасты. 12. Бас сүйектік көрсеткіш − ұзындықтың пайызымен белгіленетін бастың ені. Нәсілтану мен антропологиялық өлшеулерде кеңінен қолданылады. Көрсеткіші 75-ке дейін болатын долихокефалды (ұзын) және көрсеткіші 80-нен асатын брахикефалды (домалақ) формалары айрықшаланады. 13. Сорокин самодержавие тарапынан да, кеңестік режим тарапынан да болған Ресейдің орыс емес халықтарды ығыстырған мысалдарға толы тарихи нақтылықты бұрмалайды. 14. КСРО-ның кейінгі жылдарындағы қылмыстың (оның ішінде ауыр қылмыстың да) деңгейінің өсуі, Сорокиннің бұл жұмысты жазуы барысында бұл туралы шынайы мәліметтің болмауы КСРО-дағы қылмыстың үздіксіз азаюы туралы тезиске күмән келтіруге жетелейді. 15. Кеңес қоғамының моральдық санасының жағдайы мен деңгейі туралы Сорокиннің біршама идеалдандырып айтқандарын "мызғымас моральдық-саяси тұтастық" туралы жазған 50- 60-жылдардагы кеңес авторларының кітаптағы түсініктеріне толық сәйкес келеді.

П. Сорокин. Основные черты русской нации в двадцатом столетии // О России и русской философской культуре. М., "Наука". 1990., С. 46-489.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙