Аңыз бен адам
Баянғали Әлімжанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның А. Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, жазушы, ақын, драматург, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжановтың «Аңыз бен аспан» атты жаңа кітабына соңғы жылдары жазылған көңіл-күй өлеңдері мен оқиғалы жырлары топтастырылған.
Баянғали
Ә лімжанов
Аңыз бен аспан
Өлең – жырлар
2010 жыл
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның А. Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, жазушы, ақын, драматург, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжановтың «Аңыз бен аспан» атты жаңа кітабына соңғы жылдары жазылған көңіл-күй өлеңдері мен оқиғалы жырлары топтастырылған.
Көшкен бұлт. Көңіл.
Бұлтпен бірге көңіл көшіп барады
Өмір өтіп, естелігі қалады.
Аппақ қудай шалды көріп кім ойлар
Көкке қарай қолын созған баланы.
Еліктейтін Тарлан атты Тарғынға
Бала кезде жатып алып шалғында
Ақша бұлттан қайдан келе жатсың деп
Сұраушы едік, не күтед деп алдыңда?
Қара бұлттай нөсерлетіп төгуші ек,
Бұйра бұлттай ұшып кете беруші ек.
Бір құпия сыр бар ма екен осында
Біз де кейде бұлт секілді көрінсек?!
Шексіз аспан аялаған еркем деп
Керуен бұлттар бүгін бар да ертең жоқ.
Бұлтсыз аспан жұртсыз жердей көңілсіз
Бұлт көшеді көктің жүзін көркемдеп.
Бізден сәлем жеткізердей алысқа
Асығардай жауап әкеп берсем деп!
ххх
Түңіле берме өмірден
Түңілгенде не етерсің?
Күңірене берсең күн-түні
Күпір де болып кетерсің.
Ашам деп көңіл сарайын
Көп күлгенде не етерсің?
Кеңкілдей берсең күн-түні
Кеңкелес болып кетерсің.
Иіле берме әр неге
Иілгенде не етерсің?
Бүгіле берсең бір жола
Бүкір де болып кетерсің.
Көтере берме кеудеңді
Көпіріп қайда жетерсің?
Көбіктің түбі өтірік
Үп етсе ұшып кетерсің.
Бойыңа сыймай қуатың
Бұзып-жарғанда не етерсің?
Қиянат-обал арқалап
Бір күні мүрдем кетерсің.
Сұлумын деп сүйініп
Секеңдегенде не етерсің?
Сүйкене берсең әр неге
Сүйкімсіз болып кетерсің.
Үрейге бойды алдырып
Үрпигенде не етерсің?
Үңги берсең өзіңді
Кеуек боп босқа кетерсің.
Әр нәрсе тәтті дәмімен,
Бәрін де татып өтерсің.
Жұмбаққа толы дүние-ай,
Мәніне қайтіп жетерсің!!!
Бәріміз де мұңаямыз мүжіліп,
Зор болсақ та кейде бордай үгіліп.
Шетімізден күйрей берсек не болмақ
Кете берсек бұл өмірден түңіліп?!
Кінәлаймыз бірімізді біріміз
Жұлмалаймыз қанатындай қыбымыз.
Бытырлатып үземіз кеп аямай
Жанымыздың нәзік жалғас жібін біз.
Неге сонша жауласамыз жат болып
Бір емес пе бәріміздің түбіміз?!
Өкпелейміз өзімізден өзгеге,
Міндетсиміз бірер ауыз сөзге де.
Алтын үшін алысқанда табарың
Ақыреттік алты құлаш кездеме.
Соның бәрін біле тұра дүние-ай
Таласамыз біреу таққан жезге де!
Неге біздер мұңаямыз мүжіліп,
Адамнан да, заманнан да түңіліп.
Ми қата боп неғыламыз мәңгілік
Ой жетпейтін тұңғиыққа үңіліп.
Төбемізден күле қарап тұрғанда
Кәрі күшті, рахымы мол ұлылық!!!
Жеңіс пен Жеңіліс
Жеңілу, жеңу
Ежелден егіз
Құм көшіп келсе
Шегінді теңіз,
Ақылгөй жоқта
Әңгүдік сөйлеп
Жолбарыс жоқта
Семірді доңыз.
Біреуді жеңіп
Сындырып сағын,
Баянды болмас
Қондырған бағың,
Дүние кезек
Бүгінде жеңсең,
Бір күні келер
Жеңілер шағың.
Керемет болып
Кетем деп асып,
Жұлқынсаң жұрттың
Кеудесін басып,
Жапанда жалғыз
Жабырқап жүрме
Басыңа тиіп
Берекең қашып.
Шапқының сенің
Біреудің құны,
Шаттығың сенің
Біреудің мұңы,
Біріңді-бірің
Жылатып жеңу
Осы ма, досым,
Өмірдің сыры!
Күрессіз өмір
Болмайды десіп,
Бір-бірін қырып,
Қызыл қан кешіп,
Адамзат қане,
Мұратқа жеткен?
Біреуді таптап,
Кетпейсің өсіп.
Біреуді жеңсең
Шығад дейт атың
Адамға адам
Емес пе жақын?
Біреуді жеңіп
Үстемдік құрар
Бір құдай берген
Бар ма еді хақың?!
Адамды адам Өзіндей көрсін, Кеудесін кермей Көңілін бөлсін, Жетелі болсаң Жетерсің ойлап Жеңген де сенсің, Жеңілген сенсің! * * *
Бірде маған лауазымы зор кісі
Бар әлемді кеп тұратын шолғысы,
Бұл заманға жүрмес дейді өлеңнің
Қарапайым, қазақылау пормысы,
Бүгінгінің ақындары келеді
Бұқар емес, Бродский болғысы.
Арынды өлең сия қоймас қалыпқа,
Жасық өтпес қайрасаң да шарыққа.
Өлең ортақ адамзатқа десек те
Алдымен ол керек туған халыққа.
Біз емеспіз бұғып өскен бетегең,
Бой таласар жөн жоқ деме Гетемен.
Артық емес алыптары әлемнің
Кемеңгер шал Тұрмағамбет кетеден.
Көп болғанмен өмірде олпы-солпысы,
Өлеңі-зер секілді қыз шолпысы.
Ата жырда аруағы бар қазақтың
Ұғар ма екен, ұқпас па екен сол кісі?!
Өлең шөптің өрнегі
Атам қазақ Алла деп атқа қонған
Азаттықтың жолында отқа барған.
Аймауыты жарқырап айлы аспанда
Айбалтасын сілтесе тасты жарған.
Айдалада аяңдап алмауытпен
Айбалдырған айлауық шөпке қонған.
Аймағыңды айналған андыз, алқа
Атқа да, атаңа да азық болған.
Адыраспан аластап албастыны
Ашудастың иісінде маңыз болған.
Ажырықтың ар жағы апан, топан,
Айрауықтың ащы күй аңыз болған!
Баялышқа бас қойған мал татымды
Бұйырғынның бүршігі бал татиды.
Буыршынның бойына қуат бітіп,
Бұйра жонда бұйдасы тарқатылды.
Баяғының байлары байырқалап
Баябан шөлде айналып айтақырды.
Боз биені бозаңда айтып шалса
Байталынан есесі қайтатын-ды.
Байыбына бармаса бай бола ма,
Боз қауданнан мал сере тартатын-ды.
Бұлдырықтай бұлдырап өткен күнге
Бұрылғанда байрағы шайқатылды.
Байырғыдан жоба деп бізге қалған,
Бұйырғанға қанағат айтатын-ды!
Тыныш кезде алаштың тай-құланы,
Толқығанда аспанда айшық әні.
Тайталасып түнімен тұмша бұлтпен
Таң алдында толықсып ай шығады.
Талықсыған тоқалды тағы да иіскеп
Таудай болып боз үйден бай шығады.
Таңқурайдың тамсанып дәмін татып
Тораңғыдай тарбайып қалтырады.
Тобылғының түбіне түрен салып
Темір заман тамырды қайшылады.
Топырағын тозаң ғып ұшырса да
Түйір тұқым құнарға шашырады.
Тарихыңның талшынын түгендесең
Тасжарғандай талай сыр ашылады.
Жаужұмырды жеген жұрт күлге жауып,
Жыңғыл жесе арымас жүйрік шауып.
Жерұйықты жер-көктен іздегендер
Жиделісін сағынар ауық-ауық.
Жарға біткен жантақты жаннан кешкен
Жалғыз жампоз жалмайды ебін тауып.
Жанға дауа даланың жусан иісі
Жұрт жазылар жалбыздан емін тауып.
Жићанкездер жабыла жазып кеткен
Жапан түздің шөбінен жоғын тауып.
Өлең шөпте өмірдің өрнегі бар,
Өзегіңе дермене кермегі бал.
Өз еліңнің қурайы ән-сыбызғы,
Өрен жырау қаңбағын терме қылар.
Шөп те өлең, шие де өлең, шөңге де өлең,
Шынар-дастан шырғанақ, шеңгелменен.
Шөлқияқ пен шілігің, шырғайың жыр
Шырмауық та өлең боп өрмеленген.
Шабдалы да, шытыр да жегізетін
Шіркін дүние, өлең боп дөңгеленген!!!
Ескі МТЗ Беларусь, Жигули, Москвич
мінген қара қазаққа мадақ
Өмірлерін еңбекке арнағандар,
Москваның маңына бармағандар.
Нарық қысқан заманда тарықса да
Несібесін адалдан аулағандар.
МТЗ Беларусты гүрілдетіп
Егін салып, шалғында аунағандар.
Қара жолдың ақ шаңын аспанға атып
Москвичпен салдырлап заулағандар.
Желдіртіп Жигулиді күні-түні
Такси болып қатардан қалмағандар.
Оларды осал ғой деп ойламаңдар
Оңай олжа табатын оңды адамдар,
Ауылда қара қазақ аман болса
Тілек те, тіл де тура жолда болар!
Тамшы
Бұйырмаған бұлақ боп ағуға да,
Өзен болып мұхитқа баруға да.
Тамшылардың қолынан келетіні
Тырс-тырс етіп төбеден таму ғана.
Тама берсе түбінде тас теседі,
Төбеңнен тоқылдатса бас теседі.
Тама-тама бір жерді тесіп шығу
Тамшылардың тамаша басты есебі.
Дымы шықпай бұтаға бұққандарды
Тамшы ғұрлы қайраны жоқ деседі!
Каратэ мен қара өлең
Күн шығыстың құпия жақсы өнері
Каратэнің қазағым қас шебері.
Жапан түздің жалпақ бет балалары
Жапон барып ақ семсер ап келеді.
Ғаламға ортақ рахымды патша құдай
Әр халыққа әр түрлі бақ береді.
Каратэні үйренген қара бала
Қара өлеңді қалайша жат көреді?!
Қазағымның кішісі, ұлысы да
Қара өлеңмен ашылған тынысы да.
Қара өлеңмен жігері суарылып
Қара өлеңмен қайралған қылышы да.
Бар әлемнің өнерін меңгерсең де
Қара өлеңсіз болайын тұрысыңа!!!
Дәрігер
Ертең қандай болар екен күнім деп
Емханаға кірген кезде дірілдеп.
Қарсы алады салауатты сабырмен
Ай маңдайлы аппақ адам күлімдеп.
Бір өзіңе қойғанда бар зейінін
Сезінесің періштедей пейілін.
Дәтке қуат, жанға шипа болғандай
Дәрігердің көзіндегі мейірім!
Жалғыздар
Ару қыздай ғашығымен табысқан
Ай құяды аппақ нұрын ғарыштан.
Шетсіз, шексіз тұңғиықтан сескеніп
Жалғыз жерді серік қылған алыстан.
Ай нұрынан ақыл-ойы қозғалып
Қиялданды қанша нәзік данышпан.
Ай да жалғыз, жер де жалғыз, күн жалғыз,
Мың-миллион болса да адам-шын жалғыз.
Құдай жалғыз, құдай деген жан жалғыз
Қастық қылмас бір жалғызға бір жалғыз!
* * * Күйзелген кезде ханың да жалғыз, Ізденген кезде ғалым да жалғыз. Заһарын шашқан залым да жалғыз Иманын тапқан жаның да жалғыз, Жамандық қылмас жалғызға жалѓыз!
Ерлік пен ессіздік
Кісілер кейде бетімен сөйлеп еседі-ау,
Албаты сөзбен түйінін тағдыр шешеді-ау.
Ессіздіктерден ескексіз қайық секілді
Өршиді келіп нешеме жаулық, неше дау.
Ел болып бүгін әспеттеп жатқан ерлерің
Ақ сөңке болып көмусіз қалған деседі-ау!
Арыстар өткен алысып жаумен қаншама,
Қан жұтқан қырат, сүйекке толып сай-сала.
Қиылып қыршын, садаға болған боздақтар
Отанын қорғап, ұрпағын ойлап жан сала.
Әлі де қорғап даланы шыр-пыр айналып
Олардың рухы аспанда жүр ғой ән сала!
Күмпілдек кеуде, күмпиген қарын не білген?
Мансап пен мандат, байлық пен майға көмілген.
Жандайшап жаршы еліре мақтап жатса да
Сарқытын ішіп ,сүйек-саяғын кемірген.
Олардан артық, биікте тұр ғой мәңгілік
Ерлердің рухы ел үшін қаны төгілген!
Үйірлі өтірік
Ақырын басталып
Өршіген өтірік.
Әлемді аңқитып
Келеді аралап.
Шындықты шыңғыртып
Қудалап, қамалап.
Жағымпаз алдауды
Асыра бағалап.
Асыл мен жасығы
Аралас ғасырым.
Айырар кез бар ма
Салмақтап, саралап?!
Ұйымды қылмыстай
Үйірлі өтірік
Иіріп, иектеп
Әкетпек құрдымға,
Жөн сілтеп, жер жүзін
Байламақ бомбыға.
Орғытып обырды
Өрлетіп озбырды.
Толқытып тобырды
Елдікті тоздырды.
Адамның талайы
Мақтаудың малайы.
Алтынсып жалтырар
Қаңылтыр қалайы.
Мақтауды білгендер
Мақтата біледі.
Мақтанға малайлық
Масайрап тұрғанда
Міндетті еместей
Үлкен іс атқару.
Бітпейтін егестей
Мақтау мен мақтану.
Ғаламды аузымен
Аударып төңкерген
Дақпыртшыл данышпан
Алдампаз алхимик.
Көз бояу көп сөзді
Көбікпен көмкерген.
Көріне көлгірсіп
Көпірте беретін.
Кеудеде жылты жоқ
Көрсоқыр ел ме едің?
Кім болса о болсын
Күпірге ермегін.
Көрсеңші сараптап
Бітірген еңбегін...
Басын көп қатырмай
Қолын бір сілтеген.
Елдікі дұрыс-ау
Білетін өз жолын!
Көкше. Қысқы орман
Сақылдаған сары аязбен тіресіп,
Сарт-сұрт сынар сұлу бұтақ сіресіп.
Қарағайлар қалқып бара жатқандай,
Ұшар басы ұшпа бұлтқа ілесіп!
Жортады аңдар аштық қуып інінен,
Тағдырларын қарға жазып түнімен.
Қырау шалған аңшы кезер құмартып
Шимай-шиыр жазуды оқып күнімен
Тұнық жырды тыңдайтындай ақ тиін
Қарағайдың дыңылдаған діңінен.
Сере қардың сүйкей басып күртегін,
Арлан бөрі сездірмейді бүлкегін.
Ақ көрпесін қымтанады жан-дәрмен
Үркек қоян үлпілдетіп үлпегін.
Түсінбессің қанша түрсең құлақты
Құйтақандай құсқа біткен қуатты.
Аяз құшқан ақ орманның тірлігі
Тоқылдақтың тұмсығында сияқты!
Қымыз құйған қыз
Жаз жайлауда, алыс әлі қоңыр күз,
Тау ішінде... қоңыр үйде... қоңыр қыз.
Қымыз құйған сол қоңыр қыз болмаса
Қою түннің өзі қандай көңілсіз!
Сапырып қымыз,
Сабадан құйып,
Ұсынды маған
Саусағы тиіп
Кеткенде сездім,
Қолының ұшы
Тұр екен шіркін
От болып күйіп.
Соншалық неге
Ыстықсың бізге
Қойшының үйі
Тұғыры биік!
Таудағы қымыз
Таңдайға балдай,
Таңдағы қыздың
Талғамы қандай,
Кеттім-ау самғап
Қанатым талмай,
Келгенше қайтып
Тағатым қалмай!
Тұп-тұнық әлем
Жаныңды емдеп,
Тыныштық күйі
Сабырмен тербеп,
Тұрғанда ғажап
Дүние мынау
Тойымсыз пенде
Тағы не керек?!
Манас жыры. Қырғыздан келген хат
“Жұлдызға” қонып,
Жүргенде шырқап,
Қырғыздан маған
Кеп түсті бір хат,
Бір емес, бес қыз
Қол қойған екен,
Масайрап кеттік,
Қонғандай “сырқат”.
“Біз сізді көрдік,
Теледен депті,
Аруағы Манас
Жебеген депті,
Алғысын айтқан,
Атасы үшін
Қырғыздың қызы
Не деген текті!
Жырласаң жүйрік
Аттайсың депті.
Алмамбет ерге
Ұқсайсың депті.
Манастың керек
Кітабы болса
Біздерді іздеп
Тапқайсың депті!”
Қыздардың ынтық
Сәлемі балдай,
Әдемі әзіл,
Әдебі қандай,
Маржандай тізген
Әріпте тұнған
Ыстықкөл жақтың
Әуені бардай!
Жігіттер қандай,
“Жуысып” алды,
Қалжыңдап біраз,
Күлісіп алды,
Біреуін таңда,
Қалғаны бізге
Десті де бірден,
Бөлісіп алды.
Сараңға сірә
Ермеймін дедім,
Қыздарды бірақ
Бермеймін дедім,
Бес қыздың бәрі
Бір ғана жүрек,
Жүрегін достың
Бөлмеймін дедім!..
Түскенде бір күн
Алшыдан асық
Бішкекке тарттық
Қордайдан асып.
Жанымда Мұса,
Жазушы досым,
Орғыған таудан
Қарғындай тасып.
Тапкандай едік
Қағып-ақ есік,
Ол үйден бәрі
Кетіпті көшіп...
Амалың қанша,
Жиырма жыл өтті
Ақырын жылжып,
Желдей боп есіп,
Қырғыздың маған
Бес қызы бірден
Болған деп ғашық
Қоямын бөсіп.
Ақ тілеу құстың
Ақ қанатындай
Жаныңа сөнбес
От болатындай,
Пошта жәшікке
Қараймын кейде
Бішкектен бір хат
Кеп қалатындай!!!
Невада-Семей. Қомызшы қыздың күйі
Полигон жауып, бомбыны жеңдік,
Ақындар жырлап, Ертіске келдік.
Невада-Семей, Акция өтті,
Қалғандай орнап ғаламдық теңдік.
АҚШ-пен батыс, шығыс та мұнда,
Теңдік пен достық шыққандай шыңға.
Қомызшы сұлу қырғыздан келді,
Әнімді әлем дегендей тыңда.
Уланған жерге басты да идік,
Сұмдықтың сырын көкейге түйдік,
Тажалға қарсы лағінет айтып,
Қауым боп қолдан тасоба үйдік.
Қара тас болсын тажалдың үйі,
Сұлулық, өнер адамдық сыйы,
Ертістің бойы, еліктей қыздың
Елітіп мені әкетті күйі.
Қырғыздың қызы қомызын тартып,
Қырмызы қырлар кеткендей балқып,
Қызарған күн де ұяға қонып,
Қызғалдақ толқып, қымыздық аңқып...
Елестер түнде үркердей болып
Әуені жанды өртердей болып,
Кей-кейде жүрем өзімнен өзім
Қомыздың қылын шерткендей болып!!!
* * * Күннен шуақ аламыз, жерден қуат, Тасқа қына бітеді, көлге құрақ. Жаратылып жан біткен жақсылықтан
Жан сарайын ашады мөлдір бұлақ...
...Жамандық у жаяды неге бірақ?
* * * Көркем ойға керегі не кестенің? Кімге дәрі күйінгенің, бөскенің? Кемеңгердің күпісіне кіріп ап Күрең суды күрпілдетіп ескенің?!
* * * Өзенді бойлап өлкені кезгім келеді, Мекен ғып біраз қауырсын қанат кемені, Ақша бұлттарға орана кетіп кей-кейде Мұхитқа барып мұңымды шаққым келеді.
* * * Бура бұлттар жерге төніп, көк құрсап, Еске түсті бұрынғы бір өткір шақ, Тұнжыр ойға батыратын осылай Өзіміз де бұлыңғырлау боп тұрсақ.
Ақ қағазға түспегенмен дастан боп,
Таңғажайып сәттер өтті бастан көп,
Әбубәкір ақын інім екеуміз,
Түнгі бақты кезуші едік мастау боп,
Аппақ қарға аунап жата кетуші ек
Өлең оқып, “Аспан! Аспан! Аспан!”-деп.
* * * Келтіріп сөздің өлшемін Іздедім ойдың көркемін, Ауызбен айтпай әр сөзге, Жанымның бердім бөлшегін!
* * * Өлеңім менің бояусыз Суарылған құрыштай, Суырылған қылыштай.
* * * Өлең сөздің көп іздедім өрнегін. Сүздім оймен өткендердің бергенін, Түгел сөздің түбіріне кім жеткен Ізін қудым айтыс пен жыр, терменің, Керегіңді теріп-теріп аларсың Сызып тастап артық-ауыс жерлерін.
* * * Иегің қандай әдемі, Сүйегің қандай текті еді, Сөздерің қандай орнықты
Көздерің қандай отты еді,
Атқандай болдым ондықты
Жұтқандай болдым оттегі!
Оймақтай ғана аузыңнан
Төгілсін әндер айшықты.
Айдында жүзген аққулар
Шалпылдатпайды шалшықты!
Сүйріктей сұлу болсаң да
Сүйкімің кетсе-жақпайсың,
Жүйріктің бірі болсаң да
Киіктен биік баспайсың,
Құйрықты жұлдыз болсаң да
Бұйрықты жолдан аспайсың!
Жыр ойнаған сөздерде
Нұр ойнаған көздерде,
Аймен бірге айналған
Аяулы бір кездерде,
Өтетінін өмірдің
Албырт көңіл сезген бе,
Мен өзгеріп кетсем де
Сен ешқашан өзгерме!
Есімде, есімде сол бір кез
Тұңғиық толқынды мөлдір кез,
Жұлдыздай жалт етіп жанымды
Жандырған керемет көрдім көз.
Жауһарым секілді қолдағы
Жақындап келді де алдады,
Өзгертіп әкетті қай жаққа
Өмірдің сан тарау жолдары?
Уақыттың тезіне бағынбай
Болар ма бәрі сол шағыңдай,
Алыстай бермек пе армандар
Самалмен ойнаған сағымдай!
Айдай балқып айдынға кеп қонатын
Аққудай боп келші жайған қанатын,
Пәктігіне бұл пәнидің қызығып
Кірпік қақпай қарасыншы қара түн!
КЕҢІСТІК
Қыз:
Жанымдасың, жап-жақынсың бірақ та,
Жүргендейсің қол жетпейтін жырақта.
Жігіт:
Қас-қағымға ұзап шықсам қасыңнан
Нәзік үнің келетіндей құлаққа.
Қыз:
Таудан асып,бұлтты жарып келер деп,
Көз талдырып күттім сені елеңдеп...
Жігіт:
Сар даладан самал болып есіліп
Теңізден де бөгелмес ем терең деп.
Қыз:
Арамызда көз көрмейтін кеңістік
Ұмтылсақ та жеткізбейтін шексіздік.
Жігіт:
Өкінсек те өзгермейтін кеңістік
Өтінсек те өткізбейтін шексіздік...
Қыз:
Өмір – ағын, жүздіреді айдында
Ақ желкенді арманды ойға алдың ба?
Жігіт:
Кім біледі, сен ертелеу келдің бе?
Әлде бәлкім, мен кешігіп қалдым ба?!
Ару мен арба
Көздің жасы үнсіз тамып кесеге
Күрең суды кермек татыр десе де,
Бағын сынап бағасымен базардың
Арулар жүр арба сүйреп көшеде.
Таң нұрына шомылдырып жан нұрын
Жөнеледі көздеп тірлік жабдығын,
Арбаға сап сүйреп бара жатқандай
Өздерінің өзгешелеу тағдырын.
Қайда олардың мөлдір биік арманы,
Қандай болар алыс күндер алдағы?!
Бәрін-бәрін көміп кетіп барады
Ала сөмке артқан арба шаңдағы.
Үйренгесін бүгінгінің саудасын
Үзбей ме екен нәзік әннің жалғасын?
Сұлу сүйреп келе жатыр базардан
Салдырлатып босап қалған арбасын.
* * * Компьютер көрсеткенде ғажапты, Жетпей оған ақыл тартар азапты, Шахматтан Каспаровты жеңгенмен, Өлең сөзде жеңе алмайды қазақты.
Файылында сар даланың әні жоқ,
Қара өлеңнің қаймағының дәмі жоқ,
Миллиондап жасағанмен вариант
Дәл қазақтай оның дархан жаны жоқ!
Өлең сөзге өмір өрнек құйдырған,
Тіл жетпеген тылсым сырды күй қылған,
Жүрегіне сыймай кеткен мұң-зарын,
Домбыраның шанағына сыйдырған!
* * * Танығаны жапырақ Түйенікі ақыл-ақ, Жапыраққа алданып Түп-тамырды ұмытқан Түйеден де ақымақ!
* * * Шаршадым деме, Шаршауға сенің хақың жоқ. Шырылдап жүрсең шынымен егер халқым деп Азамат аз ғой алаңдауы көп Алашта Болғанмен мұнай, көмір мен темір, алтын көп.
Лашындай жырлар шығады-ау ұшып лашықтан
Жасындай мінез көрінбес бірақ жасықтан,
Жанбағар кез бе жағаңнан жаһан алғанда
Жанкешті керек, иірер алшы асықты!
* * * Қысыр сөзге неге сонша болады екен жұрт үйір? Қызыл тілде буын жоқ қой. Сүп-сүйір ! Сынау оңай, Мінеу оңай, Даттай салу тіптен оңай барлығын. Іс бітіру қиын бірақ , бір түйір!
Ойланбастан жаға салып жаманды,
Оңдырмаймыз адамды,
Кінәлаймыз түгін қоймай қоғамды,
Бір түкіре саламыз-ау тәрк етіп
Қағынды деп заманды,
Аударамыз, төңкереміз ол аздай
Жиып, теріп бір уысқа
Бүкіл шексіз ғаламды ,
Мән үйрету адамзатқа оп-оңай-ау
Пеш түбінде отырып,
Жөндеу қиын
Аңғал- саңғал,
Сықырлаған қораңды!
Ескерткіштер
Күн еңкейіп,
Көлеңкелер кешкілік,
Ұзарғанда
Бой теңесіп, шеп құрып
Ескерткіштер ел кезетін сияқты
Елес қуып....
Егескендей
Ессіздік пен Естілік.
Тірі жанды талқыға сап
Қысты өмір
Көкке ұмтылды
Шырылдаған құс көңіл...
Кеуде керіп күрсіне де алмайды
Тасқа қонып
Қатып қалған мыс темір.
Неге оларды байлап қойған тұғырға?
Байланғаны аз болғандай ғұмырда ?!
* * * Жалған дедік Дүниені сұм дедік, Арзан дедік, Адамдарды құм дедік, Жалмай бердік сүйдедік те жан-жақты Біз не деген қанағатсыз жынды едік !
Қу құлқынның құрдымына түстің бе?
Бітер кезі болды-ау қандай істің де ?
Қайтер еді бар адамзат келісіп
Жанталасты доғарса бір үш күнге?!
От алдырмай қойса барлық көлігін,
Тыйса түгел жын ойнағын, желігін,
Шүкірлік қып, ойлар кешіп дем алса
Күпірліктен аулақ салып көнілін .
Тазарар ма жердің күңгірт келбеті,
Азаяр ма ауаның да мың дерті ,
Тәуба десе жазылатын сияқты
Өзі тапқан ынсапсыздық індеті!
* * * Қазақта не көп ? Өлең көп! Өлеңде не бар ? Нелер жоқ? Қызық-ау ойлап қарасаң Әр қазаққа шаққанда Шумақтан қанша келер деп? Жолдары доллар боп кетсе Әлемге бөліп берер ме ек ? Доллардан жырым жоғары Арзандап қалай көнермек? Өлеңім еркін болмаса Бүгінге ел боп келер ме ек , Тілімді ұқса дүние Жарысып жырмен көрер ме ек, Басқасы басқа, өлеңде Қазаққа қай ел теңелмек ?!
* * * Тілім барда күнім де бар, айым бар Тілім барда иманым бар, ойым бар, Төрт құбылам түгел менің тіл барда Түн ұйқымды төрт бөлмейді уайымдар, Тіл білмейтін, тіл алмайтын тентектер Тілімізге тиіскенді қойыңдар!
* * * Бала, бала, балдырған Өмір отын жандырған Күн нұрындай күлімдеп Көз мейірін қандырған.
Бала, бала, балдырған
Өмір отын жандырған
Кел, ертегі тыңдайық
Ата-бабаң қалдырған.
Бала, бала, балапан
Балдай тәтті балақан,
Әжең қандай әдемі
Аялаған алақан.
Ат тұяғы дүрсілдеп
Атын әлем білсін деп,
Атаң бата береді
Балдар аман жүрсін деп!
Күзгі бақ.
Алдағыға мың ұмтылған, жүз құлап
Бұрынғылар жүріп өткен ізді бақ,
Қиыры жоқ кеңістікті кеземіз
Уақыт шіркін қуалайды ызғып-ақ,
Жасыл дәурен жарқ етті-ау деп жасындай
Сыбдырлаған жапыраққа түр құлақ,
Жарты қапшық бос бөтелке арқалап
Бүкір кемпір бір бұрышта тұр жылап,
Шал тістейді түтін шалған сар мұртын
Трубкасын түбіртекке ұрғылап,
Алаңқайда шуылдайды доп қуып
Балдырғандар- асыр салған қозы-лақ,
Асығады айдынына мұхиттың
Таудың төсін тесіп аққан мұз бұлақ,
Тіршілікке тәтті мұңмен тәубә ғып
Сабырлы ойға батырады күзгі бақ!
СӘРЕСІ
Таң алдында.... Дүние тыныш. Сәресі.
Сәресіге жуымайды жын-ойнақтың дуасы мен бәлесі.
Оразада ой теңізін кешкен сайын оңаша
Мұсылманның тазарады иман тұнған жан есі.
Рамазанда тәубаменен қарайды адам бәріне,
Мән береді тіршіліктің жалғыз түйір дәніне,
(Тойынғанның таңдайына татымайды табақ тола табака
Қайдан жетсін қара нанның қадірі мен дәміне.)
Ауыз ашар сәт келгенде сыйынады Аллаға
Жан-тәнімен шүкірлік қып нұр иманның нәріне!
Шексіздіктің біледі кім мөлшерін?
Қиялдадым...
Жер, көкті,
Күнді өлшедім,
Жете алмадым түбіне
Бар сезгенім
Шексіз ғалам...
Мен сенің бір бөлшегің!
Ой азабын арқалап сенделіп тым
Кетпесем де,
Көп сырды желден ұқтым,
Шырылдайды шыбын жан шырқау іздеп
Шырмауынан шыға алмай пенделіктің.
Пендешілік...
Дүние – ай,
Пәни жалған,
Дәурен – ғұмыр...
Осы ма нағыз арман?!
Менің жаным мәңгілік мән іздейді
Галактика,
Ғарыштан,
Жұлдыздардан.
Құштар болдым жұлдызға
Бала кезден,
Жылқы бағып кезекпен, дала кезген,
Жұлдыздар мен жанымның арасында
Бір жақындық барлығын қалай сезгем?!
Айсыз түн
Айдалада
Ұйқы қашқан,
Пысқырады жылқылар жусап жатқан...
Естен тана үздігіп Құс жолына,
Ұшып кеткім келетін жұлдыз жаққа.
Мөлт, мөлт еткен жұлдыздар
Көп, көп еді,
Жерге тамып кетердей көркем еді,
Суырып алардай боп өзегімді
Шақыратын жан қоймай көкке мені...
Таң атарда қоштасып, қимайтынмын,
Әлденеге ішімнен жылайтынмын,
Сыйса деуші ем
Бар ғалам жүрегіме
Сыя қоймай ол мені қинайтұғын!
Жарты ғасыр өтіпті,
Өмір легі...
Бір тынбайды қаланың дүңгірлегі,
Тынысыңды тарылтып түнгі лебі,
Жұлдыздар да қазіргі өзгешелеу
Әлде өзгерген мен бе екем,
Кім біледі?!
Бүгінгінің балдары біздей ме екен?
Көктің сырын сезе ме,
Сезбей ме екен?..
Менің таза, мөп – мөлдір жұлдыздарым
Бала досын даладан іздей ме екен?!
Аңыз бен архив және аспан
Ғалымдардың қай-қашанғы ұраны:
“Ғылым-тарих архивтерден тұрады!”
Біз теріске шығармаймыз архивті
Зерттеулердің таптырмайтын құралы,
Бір сұрақ бар мазалайтын бірақ та
Документті кімдер, қалай құрады?!
Хатқа түскен дерек десе елпілдеп
Доктырлардың көтерілген құлағы,
Құжаттарға құдайындай табынып,
Бұлақтарды жырақтарға бұрады,
Дұшпан жазған дәкүментті дәлел ғып
Атаң айтқан аңызыңды ұрады,
Ал бірақ та даламыздың тарихы
Архив емес, аңыз, жырдан тұрады,
Қай қағазға сияр екен жазғанмен
Ел қазақтың жүрегінің шуағы,
Тар қапас пен тас құрсауда тұншығып
Өткендердің өшіп кеткен шырағы?!
Тас таңбадай зейінінің тарихы,
Даладай кең пейілінің тарихы,
Бар әлемді бауырына сыйдырған,
Біздің тарих-мейірімнің тарихы!
Белгісіздік орап алған кешегі
Бар өмірді деме мүлде өшеді,
Газеттерге, кітаптарға жазбай-ақ
Қаншама адам қызық тағдыр кешеді,
Әрбір істің, әрбір сәттің өшпейтін
Бар шығар-ау біз білмейтін есебі,
Шындық болып шыға келмек қалайша
Бәз біреудің жазып кеткен өсегі?!
Архивтерде жазылмаса есімі
Атаңды да болмаған ғой деседі.
Бұл өмірдің бар мұраты ду ма екен?
Шуылдақтар нені біліп қуды екен?
Хатқа түскен тарих қана тарих та
Қалған өмір желмен ұшқан бу ма екен?
Санаңды улап сар қағаздың елесі,
Тарихқа үкім шығарамыз неге осы?
Пәпкілерге түптеп қойған тәртіппен
Пәктілерге ой жүгіртсең келесі,
Соғыстарда жусатып сап сарбазды
Бірер солдат жараланған, о несі?
Жаудың бәрі жаны сірі мерген боп
Батырлардың босқа ұшқан ба жебесі,
Ел сөзінен артық болмақ қалайша
Жансыздардың жиып-терген доносы?!
Басқыншының жер жарады дақпырты,
Жаныңды жер бір тынбайтын жақ құрты,
Тарихыңның тиянағы болмақ па
Қанды қылыш әпесердің рапырты?
Жоққа қалай шығарасың атаңды
Болмады деп патша берген паспырты?!
Ақиқат деп құлай берсек құжатқа
Қиялымыз бара қоймас ұзаққа,
Крес қоя салмақпыз ба канторда
Аты-жөні тіркелмеген қазаққа?
Емін-еркін кең даланы мекендеп,
Ақ патшаға бас имеген бөтен деп,
Аталарым жаман болмақ қалайша
Отаршылдар жамандады екен деп,
Жоямыз ба аңыз болған ерлерді
Аты-жөні архивте жоқ екен деп?!
Тұнған тарих қасиетті даламыз,
Ақ сүтімен бірге берген анамыз,
Тарих қалай жазылады дегенге
Тағы да бір ой жүгіртсін санаңыз,
Аңыз, жырмен ұрпағына аманат
Өз тарихын айтып кеткен бабамыз,
Аяқ асты шаң-тозаңға алданбай
Тарих десең--аспан жаққа қараңыз!
Пайғамбар мен ҚаҺарман
Жердің жүзін солқылдатып Дүлділі
Пайғамбарға Ғали келді бір күні,
“Күшім тасып бойға сыймай кеткенде
Көрсеткім-ақ келеді елге үлгіні.
Уысымда күлпәрә боп пұт тасы
Темірдің де бұзылады нұсқасы,
Шіркін-ай, шыр айналдырар едім бір
Қолға тисе сонда жердің тұтқасы!”
“Қайратыңа қорған ақыл, иман бар,
Сабыр, тәуба, бір Алланы ойлаңдар...”
Ақ жүзінен нұр шуағы төгіліп
Жанға жайлы жымиыпты пайғамбар.
Күш құйылып өн бойына қорғасын,
Аттаныпты ер айшылық жолға сын.
Жапан түзде жолықты бір қария
Іліп алған иығына дорбасын.
Сәлем алып әзиз ата толғанды,
Сәлден кейін жол жүргелі қамданды.
“Еңкеюге жібермейді қайран бел
Алып берші, жерден балам, дорбамды!”
Дегендейін мен сізді ата, түсінем,
Сый, құрметін көрсетпекке ісімен,
Ғали батыр ат үстінен дорбаны
Ілмек болды қамшысының ұшымен.
Қозғалмады оған дорба алайда
Аламын деп жерден жұлып қалайда,
Қаһарланып қолын салды қаһарман
Түсетұғын емес тіпті оңайға.
Қайран қалып, “қу дорбаның бұ несі?”
Дүлей күштің үдей түсіп үлесі,
Үзеңгісін шірей тартқан кезінде
Кірді жерге Дүлділ аттың тізесі.
Жұлқып, жұлқып таусылғанда амалы
Дорбаны шал жерден іліп алады.
“Ұят болды-ау сені әуреге салғаным,
Аман бол”-деп, жүріп кете барады.
Адамзаттың асып туған батыры,
Айран асыр, астан-кестең ақылы.
Бұл неғылған керемет деп сұрады
Пайғамбарға қайта келіп ақыры.
“Мұсылманның тірегісің, шегесің,
Тегін емес құр дорбамен егесің,
Құдай саған жер тұтқасын ұстатты
Асылық қып, айналдырам дегесін!
Үйірмедің неге оңға, солыңа,
Шүкірлік қыл, жүрсің хақтың жолында,
Бұйырмайды пендеге әлем тағдыры
Жер тұтқасы жаратқанның қолында!”
Тәубаға кеп ойға батты арыстан,
Жастық арын шықпас болды қалыптан,
Хақтан қуат, пайғамбардан үлгі алып
Дін таратты Әзірет Әлі данышпан!
Бұл аңызға сеніңдер я сенбеңдер,
Астамдық қып әзәзілге ермеңдер,
Пайғамбардың өнегесін ойға алсын
Жерді допша тепкілері келгендер!
АЙКӨЛ МАНАС ПЕН ЕР КӨКШЕ
Айкөл Манас батырмен
Қазақтың ханы Ер Көкше
Қаршадайдан қанаттас,
Қойы болған қоралас
Тойы болған аралас,
Жолы болған жоралас
Антқа берік дос болған,
Байтақ жатқан қазақтың
Ғажабы да көп болған
Азабы да көп болған,
Жақтағанда бір-бірін
Жаннан асқан бауырмал
Бал ауызы бір бөлек,
Жақпағанда іші тар
Алауызы бір бөлек,
Қызғаныштан ішіне
Қарап жүріп кек қонған
Бір-бірін мүжіп жеп болған,
Жігерлері мұқалып
Жіліктері жұқарып
Жүдеп тұрған кезінде
Аңысын тауып жаулары
Аңтара шапқан шақ болған,
Даланың беті өрт болған,
Жұмыртқадай ақ үйлер
Отқа оранып жоқ болған,
Осы көрген қорлығы
Мәңгі-бақи қазаққа
Ұмытылмас дерт болған,
Ондай күнді құдайым
Бермесін деп ұрпаққа
Тілек ќылып күндіз-түн
Сол үшін күрес-серт болған!
Ай, жарықтық кең дала
Бір шетінен дүркіреп
Құстай ұшқан киігі
Бір шетіне зырқырап
Қырық күнде жетпеген,
Бір жағының қар,мұзы
Сереленіп жатқанда
Бір жағында құлпырып
Жемістері көктеген,
Көк бөрідей ұлдары
Көк сүңгісін көлбетіп
Көлденеңдеп шапқанда
Түз тағысы қылт етіп
Алдын кесіп өтпеген,
Сертке берік ерендер
Семсердің тұрып жүзінде
Дәмнен аттап кетпеген,
Асылық қылып асқақтап
Қырсығып табақ теппеген,
Арулар күлсе күймеден,
Үміттеніп түймеден
Көрінгенді сүймеген,
Дүниені тербетіп
Домбырасын күйлеген,
Аузыменен алдамай
Тебіреніп, толғанып
Жүрегімен сөйлеген,
Сүрінгенге күлмеген,
Жығылғанға тимеген,
Арқада қосы қисайса
Дос түгіл қасын сүйеген,
Атойлап алға атылып
Ұрандап ұрыс салғанда
Найзасының ұшында
Тоқсан қалша билеген,
Кердеңдеген кәуірді
Кәуаптай қылып түйреген!
Қазақтың қайран ерлері
Найзаларын саптасып,
Тұлпарларын баптасып,
Қылыштың жүзін таптасып,
Бірін бірі қомпитып
Батырсың деп мақтасып,
Қандай заман болад деп
Алты малта, бес құртын
Қоржын түпке сақтасып,
Даланы жауға бастырмай
Ел шетіне сақ болған,
Қазақ,қырғыз баласы
Астарында тақ болған,
Бастарына бақ қонған,
Мұсылман түрік баласы
Мызғымастай тұтасып
Тұранның байтақ жерінде
Қырандай ұшқан шақ болған!
Кешілдің ханы Қоңырбай,
Қаһары қатты шоң Жолай,
Манжудың ханы Несқара,
Айкөл Манас батырды
Айқасып та ала алмай
Айтысып та ала алмай,
Құрыштай берік тұтасқан
Ынтымақты ерлердің
Қапысын аңдып таба алмай
Жиылып кеңес салғаны,
Қара жолтай Несқара
Сұмдықты ойға алғаны:
“Айқаймен алмас қамалды
Айламен алсақ болмай ма,
Бір болатқа бір болат
Қайрап салсақ болмай ма,
Бір бауырға бір бауыр
Айдап салсақ болмай ма,
Қырғыннан аман қалғанын
Байлап алсақ болмай ма?
Біреудің тілін ойланбай
Алғыш халық емес пе?
Не десең де бас шұлғып
Нанғыш халық емес пе?
Ұйып тұрған жерінен
Іріген сүттей қылайық,
Ұяласынан айырып
Ұлыған иттей қылайық,
Еге болған көсемін,
Шеге болған шешенін
Оқтан қайтпас батырын
Сөзден қайтпас ақынын
Бір-біріне сыртынан
Анау сенен асты деп
Жамандап қойсақ ақырын,
Алдап-сулап азғырып,
Мансаппенен мәз қылып,
Қызғанышын қоздырып,
Аранын ашып аздырып,
Алтыннан күрек ұстатып
Бірінің көрін біріне
Лақат қылып қаздырып
Шоң даңсаға аттарын
Лақап қылып жаздырып
Көтеріп қойсақ кейбірін
Шекпен менен шен беріп,
Кеудесіне дем беріп,
Қолтығына жел беріп,
Ай мезгілі өткенде
Күн мезгілі жеткенде
Далада қалар сенделіп!”
Несқараның сөзіне
Қалғандары тақ тұрып,
Салтанатпен сап құрып,
Несқара келді Көкшеге
Атанға жүгін арттырып,
Көзді алдаған құмар зат,
Інжу, маржан, зүбаржат,
Жиһаздары жарқылдап,
Сандықтары сартылдап,
Алмақ болды қазақты
Аузы-басын алтындап,
Сөйлей берді Несќара,
Сарыарқада саңқылдап:
“Байрақты қазақ елісің
Байтақ жатқан жерің бар
Жоқ ешкімнен кемісің,
Талайдан артық өрісің,
Алтын, күміс артынып
Әдейі келдім сен үшін,
Қанаттассаң бізбенен
Көктеп өсер жемісің,
Ежелгі біздің жауымыз
Іргелесің қырғыздар
Күндіз-түні өздерін
Қырғыздан артық ел жоқ деп
Мақтайтұғын көрінет,
Қазақ пенен өзбекті
Бізден шыққан ел ғой деп
Даттайтұғын көрінет,
Білесің бұның терісін,
Терісін білсең несіне
Терлейсің босқа сол үшін?
Біз қырғызды шапқанда
Төбесінен басқанда
Жалғастыр бізбен жең ұшын,
Қол алысып осыған
Жасайық бүгін келісім!”
Анда Көкше кеп айтат,
Кеп айтқанда деп айтат:
“Үретұғын айға да,
Үретұғын сайға да
Иттер бар ғой қайда да,
Қатын сөзді қоздырып
Қазақ пенен өзбекті
Қырғызға қарсы қайрама!
Бір халықты бір халық
Басынбаса болмай ма,
Бұғалық боп мойнына
Асылмаса болмай ма?!
Көптігіне мастанып
Әлі жеткен аздарды
Билемесе болмай ма?
Тамырын езіп таптайлап
Илемесе болмай ма?
Өз жерінде әр халық
Өз бетінше ел болып
Тұра берсе болмай ма?
Өз еркімен тірлігін
Қыла берсе болмай ма?
Жақсылықпен жарқырап
Күндей күліп көктегі
Шыға берсе болмай ма?
Бірімізді қазақ қып,
Бірімізді қырғыз ғып,
Бірімізді орыс қып,
Өзбек, қытай, қалмақ қып
Бір тәңірім әу бастан
Бірдей тең ғып жаратқан,
Жайлайтын бөлек жер беріп,
Сайрайтын ерек тіл беріп,
Ай-әлемге таратқан!
Екі мың жыл жасап өлмеген
Ежелгі тұқым сен болсаң,
Қазақ, қырғыз, өзбекті
Жаңа туды деп пе едің?
Тұрағы жоқ, түбі жоқ
Жыннан шықты деп пе едің,
Құрағы жоқ, түгі жоқ
Құмнан шықты деп пе едің?
Кеше атамыз қуғанда.
Қабырғаны жағалап,
Қорғаныңды паналап
Жөңкіле қашқан жоқ па едің?
Кеңесем десең сөз басқа
Теңесем десең сөз басқа
Егесем десең өзің біл!
Үйіңе сенің бардым ба,
Үркітіп бүлік салдым ба?
Ат ойнатып аулыңа
Айқырып бүлік салдым ба?
Шаһарыңды талқандап
Ширатылған шылбырдай
Шашыңды кесіп алдым ба?
Төріңе шығып тайраңдап
Тыныш жатқан жұртыңды
Табаныма салдым ба?
Қаруыңды көтеріп
Басқа елге неге барасың?
Қырғынды неге саласың?
Билігіңе көнбейді
Алашым мен Манасым,
Жерін тартып алам деп
Қорлық, зорлық қылсаңдар,
Халықтардың қаһарлы
Қарғысына ұшырап
Айдалада қаңғырып
Көмусіз бір күн қаларсың!”
Телегейдей сөздерін
Толғап-толғап алғаны,
Мықтысынған манжуды
Ырғап-ырғап алғаны,
Ерен Көкше, ер Көкше,
Заңғар ойлы зор Көкше,
Қырандай болып самғады,
Оқуы күшті Несқара
Айла таппай қалғаны,
Майлы шектей жылпылдап,
Сабындай болып сылпылдап,
Тағы да кептен салғаны:
“Сынап едім Ер Көкше
Жақынын жауға бермес деп,
Сөз қонған қазақ баласын
Дауласып ешкім жеңбес деп,
Айдарханның Ер Көкше
Ерлігіңе сенейін,
Осы әкелген байлықты
Сұраусыз саған берейін,
Орайына тек қана
Біз қырғызды шапқанда
Аулақ тұрсаң болғаны,
Арамызға кіріспе
Ата жауым қырғызбен
Амандық-саулық біліспе
Қатарласып жүріспе!”
Көкше сонда сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді:
“Бөліп-бөліп бұтарлап,
Тіліп-тіліп тұтамдап,
Жұмырыңа жұқ қылмай
Отырмысың жұтам деп?»
Көкшенің қаны қайнады,
Ту биенің тоқпақтай
Тұтамдап тоқпан жілігін,
Бұтар-бұтар шайнады:
“Жылтыраған байлыққа
Сатылатын халқым жоқ,
Достарын сатып кететін
Ол халқымның салты жоқ,
Әсемдеткен мүліктің
Бояуына білдірмей
Бойға баяу сіңетін
Улы дәрі қоспасын,
Жылтыраққа алданып
Бізді қара баспасын!
Өз көлімді қорсынып
Теңізді қайдан табамын?
Өз малымды қомсынып
Семізді қайдан табамын!
Айдың бұрышы алты сан
Алты айналып іздесем,
Жердің бұрышы жеті сан
Жеті айналып іздесем,
Айырқалпақ қырғыздай
Егізді қайдан табамын?!
Қырғызсыз қазақ бола ма,
Қазақсыз қырғыз оңа ма?!
Айкөл Манас дауысы
Алатаудан ақырса
Түп Бейжінге жеткендей,
Алтыныңды алмаспын,
Қазынама салмаспын,
Сары алтынға сатылып
Санатты жұрттың алдында
Қарабет боп қалмаспын,
Тұқымымыз Тұранның
Түлегіміз қыранның,
Түлкілікке бармаспын,
Сыйыңды көріп құрметпен,
Аттаныњыз дүрмекпен!”
Есіле сөйлеп Ер Көкше
Шешімін кесіп бергені,
Манжудың ханы Несқара
Амалсыз бұған көнгені,
Ақылы асқан Ер Көкше
Атасы басқа манжуды
Алтынына алданбай
Қаңқуына малданбай
Айқаспай-ақ жеңгені!
БАЙҒОЗЫНЫҢ ЖЕБЕСІ
Қонады ел ордаға, ер тұғырға,
Жетеді ат дүбірі алты қырға.
Бір күні хан әскері келе жатты
Заманда жаугершілік жортуылда.
Шындаса қалың қолды харап қылған,
Батырлар кең даланы азат қылған.
Зәресі зәр түбіне кететіндей
Дұшпанның ту сыртынан қарап тұрған.
Құдайға шүкіршілік айтады жұрт
Бұларды қалмақ қылмай, қазақ қылған.
Өрендер ағаларға бойын түзеп
Жүйрігін ерлік жолға жараттырған.
Орғытып ойға-қырға арғымақты
Самалға құйрық-жалын тараттырған.
Саумалап сақалдарын қариялар.
Тілек қып, үміт күткен талаптыдан,
Қосынға елеусіздеу қосылыпты
Байғозы жаңа шыққан тарақтыдан.
Сіңірлі, серіппедей ширатылған,
Қимылы қабыландай түнде атылған.
Айбарлы, ай маңдайлы, асқар бойлы
Жанары ауырлаған мұңды ақылдан,
Байғозы батырлармен жортты бірге
Ас-суын бөліп ішіп бір бақырдан.
Сол уақыттар болғанда,
Шақшақ ұлы Жәнібек
Асып туған ер еді,
Бұрқыратып иісін
Насыбай атып жатқанда
Байғозы тура келеді,
«Шақшаңызды ағасы
Бері таста»,-дегені.
Арыстандай Жәнібек
Серпіліп сөзді бастасын,
Түшкіріп әуел тастасын,
«А, шырағым, шырағым,
Былай қойып басқасын,
Ұялмай қайтіп сұрайсың
Жәнібектің шақшасын?
Ертең жауға барғанда,
Қиқулап ұрыс салғанда,
Жалпақ жатқан жұртыңа
Жарақ болар ма екенсің?
Есің шығып далбаңдап,
Қарғадай боп қалбаңдап,
Етігіңнің басына
Қарап қалар ма екенсің?
Ақ найзадай сартылдап,
Алдаспандай жарқылдап
Қалың қолды жарғанда,
Жұлдызың биік жанғанда
Насыбайды атуға,
Қолымнан менің татуға
Жарап қалар ма екенсің?»
Жәнібектің сөзіне
Байғозы қаны қайнады.
Қайнаса да сабыр ғып
Арғы жағын ойлады.
Насыбай үшін бір атым
Асқар таудай басы үлкен,
Ақ сақалды жасы үлкен
Жәнібектей ағаны
Жаман сөзге қимады.
Сол уақыттар болғанда
Дауылпазы қағылып
Даланың бәрі даң болды,
Болат тұяқ дүркіреп
Жердің жүзі шаң болды,
Күннің көзі тұтылды
Күлімдеп тұрған дүние
Қара шаңға жұтылды.
Қалың қалмақ қиқулап
Ойдан-қырдан құйылды,
Ту астына жиылды,
Қара қасқа ат мінген
Қара таудай бір қалмақ
Қара туын үйірді.
Айналасын жапырып
Соқтырды қара құйынды,
Алаштың ұлы абдырап
Бір аллаға сиынды!
Тұтасқан тұлғасынан жұрт шошынды,
Жан-жағын жалмайтұғын жұт секілді,
Оянып мың жыл бойғы ұйқысынан
Піл мініп, таудан түскен пұт секілді.
Найзаға ту байлаған қыл шашақты,
Шашақты қанша батыр қырқа шапты,
Көк найза бұлғап-бұлғап толғағанда
Қапыда талай ерлер қаза тапты.
Туының желбіреген қылшығы оқтай,
Тілгілеп тиген жерін тұр шыдатпай.
Жаңбырдай жауған жебе сауытынан
Серпіліп шашылады қу шыбықтай.
Қайнады қара бұлттай қалмақ туы,
Қаһары қабағынан саулап тұрды,
Қайқайтып қазақ соққан қарсы келіп
Күрзісін көрген де жоқ қаңбақ құрлы.
Ұшырып үрей-құтын ұландардың
Бездіріп айдалаға жан бақтырды,
Қылышпен қия тартып жанкештіні
Сайғанда көк сүңгімен шаң қаптырды.
Жасында жолбарыстай жауды соққан
Жәнібек басын шайқап барлап тұрды.
«Қазақты басқандай ма қара албасты,
Сөгіліп қабырғасы құты қашты,
Жығатын жалмауызды ұл тумап па
Қан кешіп, қорғап қалар алты алашты?»
Сол кезде жас Байғозы қара дәуге
Қарсы кеп, садақ кезеп тайталасты.
Байғозы көн садақты шірей тартты,
Ұрандап күш-қуаты үдей тартты,
Қабандай қорқыратып қақ жарам деп
Көзінен кіндігінің тірей тартты.
Түйені тесіп өтер болат жебе
Тигенде тас қалмаққа діріл қақты.
Бөгелді көбе бұзар дір-дір етіп,
Күлгендей болды қалмақ ыржың етіп,
Байғозы байлап атса неден болсын
Ағып өте шығатын зыр-зыр етіп.
Дірілдеп көк сұр жебе қайысқандай,
Торғауыт тоғыз қабат майысқандай,
Көзінен кіреукенің көктей өтіп
Ажал боп кіндігіне жабысқандай,
Теңселді таудай неме ат-матымен
Бір өзі он сан қолмен сайысқандай,
Опырып өтпеді-ау деп атқан оғым
Байғозы ақырды кеп арыстандай,
Аузынан ақ жалын боп атылған дем
Дұшпанның дуасымен алысқандай,
Гүрс етіп құлап түсті сонда қалмақ
Қара тау қара жермен табысқандай.
Қалмақтың туы құлап, басы кетті,
Аруағы алты Алаштың асып кетті,
Атойлап «Абылайлап» ат қойғанда
Нояндар қоян болып қашып кетті.
Қалмақтың көбі сонда өлді дейді,
Қазақтар тас-талқан ғып жеңді дейді,
Дұшпанын жеңіп болып ер Байғозы
Аяңдап Жәнібекке келді дейді,
Байғозы сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Ау, ағасы, ағасы,
Алтынды тонның жағасы,
Тілеуіңді құдайым
Берген жоқ па қарашы,
Бір насыбай ататын
Сіз бен бізге бір кезек
Келген жоқ па шамасы?!»
Жәнібек сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Айналайын қарағым,
Не десе де жарасар,
Біз секілді ағаға,
Сынап едім өзіңді
Сөзімді ауыр санама,
Жалғыз оқпен жауыңды
Жеңіп берген жарығым
Ризамыз ата-анаңа,
Сендей ұлдың жолына
Шақша түгіл дәл бүгін
Шақшақтың өзі садаға!»
Тастай берді шақшасын
Насыбайды атқасын
Аға-інідей жарасып,
Батырлар тартты ауылға
Жақсылықпен тарасып!
Наймантайұлы Байғозы,
Бағлан да өзі, бай да өзі.
Өрледі бағы бұдан соң
Алланың түсіп оң көзі!
Абылай туын ұстаған
Өмірі оның өнеге
Ерлігі өшпес сабақ-ты,
Атасы батыр Наймантай
Айбалтадай қамшымен
Жайратқан жауын жарақты,
Нағашысы Есет, Бөгенбай,
Айбынын елдің асырып
Әлемге даңқы тарапты.
Жиені батыр Ағыбай
Ақжолтай деп алты Алаш
Әулиеге санапты,
Жиені Ықылас күйімен
Дүниені ұйытып
Тербеген түгел тарапты,
Ұрпағы дана Ақселеу
Ғылымның түсіп жолына
Білімнің нұрын таратты,
Жұлдыздай жанып ұл-қызы
Өркендеп өсті Тарақты,
Тарақтыны жырласақ
Жырлағанымыз емес пе
Байрағы көкте шалқыған
Байтақ елім қазақты!
КЕРЕЙ ЕР ЖӘНІБЕКТІҢ КӨҢІЛІ МЕН КӨК ДӨНЕНІ
Сиынып жаратушы бір құдайға
Қылышын тасқа қайрап, жанып айға,
Қазақтың арыстандай батырлары
Анттасып, серік болып Абылайға,
Жолында азаттықтың жан қимаса
Алаштың соры қалың, бағы қайда?
Өліпті ханның аты бір соғыста
Қадалып тар қолтықтан зәрлі найза.
Хан жығылып, шайқалып тұр байрағы
Дүние төбесінде шыр айналды,
Қазақты мұратына жеткізе алмай
Арманда кеттім – ау деп шын ойланды,
Қапыда жаяу қалған Абылайды
Қоршауға бір топ қалмақ ыңғайланды.
Шыдайды ер – сынаққа, нар – салмаққа,
Мұрша жоқ жанталаста жар салмаққа,
Бетпе – бет келді ажалмен қаhарман хан
Қасқайып қан майданда қарсы алмаққа.
Ер үшін өлімнен де намыс күшті
Ызадан беттің түгі қарыс шықты,
Тұрғанда хан тағдыры қыл үстінде
Алдияр, аттан деген дауыс шықты.
Қараса - жас Жәнібек қара балуан,
Қайтпаған қалың жаудан жалаулаған,
Секіріп түсе қалып, тартты ханға
Көлденең көк дөненді танаураған.
Алдияр, көк дөненмен жөнел, - деді,
Жолыңа қарап отыр көп ел, - деді.
Сен жаяу қаласың ба? – деген ханға
Маңдайға жазылғанын көрем, - деді.
Хан айтты : «Мен жылыстап кете алмаймын,
Мақсатқа қашып – пысып жете алмаймын,
Жолдасын жауға тастап, бас сауғалап
Бұтаға бұққан бейбақ атанбаймын!»
Жәнібек отты көзін сырға тұнған
Тік қадап, деді : «Кез бе ырғатылған,
Сендей хан керек қазір халқымызға,
Мен өлсем – ер туады бір қатыннан!
Қазаққа жан – жағынан қауіп төнді,
Алып шық тар кезеңнен халықты енді!»
«Кетпеймін, - деді Абылай, - соғысамын
Сенімен қатар тұра қалып тегі.»
Жәнібек : « Қор қылғанша қонтайшыға
Тастаймын өзім сені шауып, - деді.»
Уа, алдияр, екеуміз
Бірдей өлсек жөн болмас,
Бассыз қалса қазағың
Есі кетіп, ел болмас,
Елдің қамын жесеңіз
Жер біздікі десеңіз
Аттан, деп, енді бөгелмей,
Жәнібектей жан жолдас
Қолтықтан ханды көтеріп
Көк дөненге мінгізді,
Шүу, жануар, кәні деп
Жаутаңдаған дөненді
Тобылғы сапты қамшымен
Сауырынан бір тартып
Елге қарай жүргізді.
Егесін жерге қаратпай,
Керіле тартқан садақтай,
Көсілте сермеп тұяғын
Көденің түбін тепкізбей
Көлбей ұшты көк дөнен,
Жебеге жауған жеткізбей
Көбесін ердің сөккізбей
Желдей ұшты көк дөнен.
Хандығы мен қазақтың
Елдігінің тағдырын
Қыл мойнымен көтеріп
Өрлей ұшты көк дөнен.
Қағанатын қазақтың
Аманатын Алаштың
Анталаған дұшпанға
Бермей ұшты көк дөнен!
Қос танауы делдиіп
Қос өкпесі қысылып
Аузынан көбік бұрқырап,
Шыбын жаны шырқырап
Жанып шықты көк дөнен,
Қара бұлтты құрсаған
Жарып шықты көк дөнен,
Қара таудай аруағы
Қара жердей салмағы
Абылайдай ханыңды
Бір ажалдан аман – сау
Алып шықты көк дөнен!!!
Жәнібек енді жауға бұрылады,
Басына бір төбенің шығып алды,
Жаяуды тапап өте салам деген
Өркеуде көк сүңгіге ұрынады.
Жалғызға жан – жағынан жабылғанда
Жалт еткен қылышынан қырылады,
Жапырып жолбарыстай Ер Жәнібек
Ақырса, жаудың жүні жығылады,
Бір қалмақ гүрзіменен ұрған кезде
Қалқанмен қағып қарсы тұрып алды,
Шап беріп ұстай алып айдарынан
Атынан тымақтай ғып жұлып алды,
Аунатып топыраққа бұрқ еткізіп
Атына ата жаудың мініп алды.
Тұлпар ат тигеннен соң тақымына
Далада бөгет бар ма батыр ұлға,
Ұран сап айбаттанды Ер Жәнібек
Құйылып көктен қуат қарқынына.
Аруағы Жәнібектің асқан екен,
Тарыдай торғауытты шашқан екен,
Қоршауын қорқаулардың бұзып шығып
Ханының оң тізесін басқан екен...
Өткеннің аңыз болған шын дерегі,
Біздерге бар ғой оның мың керегі,
Ажалдың ауызында тұрған сәтте,
Біреуге атын түсіп кім береді?
Аман – сау Абылайды алып шыққан
Керейдің көнілі мен көк дөнені!
Ерлікпен ақ найзаға ту байлаған,
Салмаған дақпырт үшін құр байбалам,
Айналдым аруағынан аталардың
Алдымен өзін емес елді ойлаған.
Жаудан қорғап даланы
Халық үшін қан кешіп
Хан үшін жанын қиятын
Жәнібектей ер қайда?
Ер қадірін білетін
Абылайдай хан қайда?
Жарықтық атам Жәнібек
Арғы бет пен бергі бет
Арасын ашып жол қылған,
Шетінде болам елдің деп,
Өтінде болам желдің деп,
Бетінде болам жаудың деп,
Жайлаймын еркін жан – жағын
Атамыз Алтай таудың деп
Он екі Абақ Керейді
Қанатын жайып қондырған,
Өрісін ашып ел қылған,
Ерліктің асыл жыр – әнін,
Азаттықтың ұранын
Ұрпағына мәнгілік
Аманат қылып қалдырған!
ОЛЖАБАЙ БАТЫРДЫҢ ӨРКЕНІ
Олжабай асқан батыр, бұла күшті,
Бір үйге бір жорықта тура түсті,
Күйеуі сапарда екен, жалғыз әйел,
Әйгілі қонағына құрақ ұшты.
Көсіліп көкжал көзін ілді дейді,
Қара түн құпияны білдірмейді,
Олжабай шырт ұйқыда жатқан кезде,
Қойнына әйел келіп кірді дейді.
Олжабай от пен судан саспап еді,
Ордалы он сан қолдан қашпап еді,
Аузына кірер болса жыланның да,
Тісімен басын қыршып тастар еді.
Жын ба өзі? Пері ме әлде албасты ма?
Деп ойлап аңтарылды алғашқыда,
Қазақта қандай қатын бүйтуші еді,
Ақылдан әлде байғұс алжасты ма?
Деді әйел: “Перзентсіздік тарттым зарын,
Белбеуге түйіп келдім беттің арын,
Байымды қубас деген сөз батады,
Мен қайтіп қарыстырам жұрттың жанын?!
Ер едің, бұл сырымды жая алмассың,
Қағынды қатын болсам қара бассын,
Дәметіп кеп отырмын аруағыңнан,
Бір атым оғыңызды аямассың!”
Жалаңаш жата кетті ұзынынан,
Қараша үй қайнап кетті қызуынан,
Қиын-ау, қайратты ерге қалыс қалу,
Жалғанның бір ғажайып қызығынан.
Ол айтты: “Құдай білер мұратыңды,
Жаяды рахым қылса қанатыңды,
Жолыма бір жобалғы болады-ау деп,
Серт қылғам былғамауға болатымды!
Намысын азаматтың жерге таптап,
Кетпекпін қалай ғана дәмнен аттап,
Шын болса менде бары, бердім саған,
Еріңмен қауыша бер жүзбен аппақ!”
Қазаққа қызықтан да ұят артық,
Кіндіктен төмен қарай қия тартып,
Бір сипап алақанмен, жүре берді,
Қалды әйел құс төсекте бойы балқып.
Өртеніп, өмірі ұқсап ертегіге,
Қуанды шөп шыққандай өртеңіне,
Қонағым құдай ақы ұл берді деп,
Боз қасқа айтып шалды ертеңіне.
Құдайым берді дейді тілеуді енді,
Бейбақтар үміттеніп күлер болды,
Олжабай атап кеткен лепес бала,
Өркендеп, өсіп-өніп бір ел болды!
Замана уақыт өтіп өзгеріпті,
Бұрынғы кейінгіге сөз болыпты,
Олжабай немересі Арыстанбай,
Қарулы қолға бір күн кез болыпты.
Ай-шай жоқ дабылдатып даңғарадай,
Екі топ айқасыпты айдалада,
Тұлпардың тұяғынан от ұшқындап,
Шаң-тозаң бұрқырапты айналаға.
Бір-бірін жұлқыса да жыға алмайды,
Талдырып талмау жерден ұра алмайды,
Бұлар да Олжабай деп қиқуласа,
Олар да Олжабайлап ұрандайды.
Олжабай Орта жүздің ұраны екен,
Ерліктің өшпейтін шам шырағы екен,
Кім бұрын Олжабайдың атын айтса,
Аруағы соны қолдап тұрады екен,
“Олжабай! Олжабай!”–деп шапқан кісі,
Жасанған жауды жалғыз жығады екен.
Әрқайсы өз асығын алшы көріп,
Салса да күш-қайратын бар шіреніп,
Таусылды амалдары жеңісе алмай,
Олжабай Олжабайға қарсы келіп.
Доғарып сойыл соғыс күн батарда,
Титықтап келеді енді тіл қатарға,
Қоржыннан алты малта бөлісіп жеп,
Қол берді қас қылмауға бұл сапарда.
Сөйледі Арыстанбай:“Ерге бір сын,
Уағданы бұзған адам жерге кірсін,
Мен болсам өз атамның атын айттым,
Шығатын Олжабайлап сендер кімсің?!”
Шайқаста қаһарланған жыны буып,
“Жаулардың” ең үлкені суырылып,
Әйел мен Олжабайдың әңгімесін,
Сөйледі шешен тілмен ұғындырып.
“Ол әйел–деді, біздің анашымыз,
Ананы ардақтаған Алашымыз,
Хангелді менің атым, өркен жайған,
Олжабайдың біз лепес баласымыз.
Батырдың батасынан туғандаймыз,
Ерлікке белімізді буғандаймыз,
Олжабай сенің де атаң, менің де атам,
Сиынып аруағына ұрандаймыз!”
Соғысып күні бойы аман қалған,
Осымен дұшпандығы тәмамдалған,
Қос батыр құшақтасты бауырмыз деп,
Жаралған бірі қаннан, бірі жаннан.
ҚаҺарман, күркіреген пілдей болған,
Шуақты көңілдері күндей болған,
Жарықтық аталарым әулие ғой,
Қазақтың баласына бірдей болған!
Жан білмес жаратқанның жұмбағы көп,
Алаштың құдай сүйген ұлдары деп,
Жылаңқы қатын жырды ұнатпаймын,
Тұрады батырларды жырлағым кеп!
МАРАЛ ИШАННЫҢ АМАНАТЫ
Адамзат қайдан келді, қайда кетпек?
Түбіне бұл сауалдың кім бар жетпек,
Бой сұнып бір Аллаға хақ мұсылман
Адалдан нәсіп теріп, еңбек етпек,
Шүкірсіз көпсінгендер басқа жұртты
Неліктен баса-көктеп, басқа теппек?!
Ешкімге құдай ерік бермеген ғой
Қырып, жой күш жеткенді бодан ет деп,
Адамның жайшылықта бәрі батыр
Тарихтың соққан кезде желі өкпек
Атадан асып туған ер-азамат
Ел үщін жанын қинап, қанын төкпек,
Мен, мен деп күмпілдеген қуыс кеуде
Шашылған бұлт секілді қалқыр шеттеп,
Асылдар өрт боп өткен өкінбеген
Өртеңге өркен өсер еркін көктеп,
Шыңғырған шындығыңды тұншықтырып
Шегендеп, шеңберімен қойған шектеп,
Уақыттың шаңы басқан ата жолын
Қайтадан танып жатыр ұрпақ зерттеп
Бас иіп бабалардың киесіне
Балалар, тәуап қылып, тағзым ет тек,
Өшпейді ата дінің, ана тілің
Қолға алсақ ынтымақпен түгел көп боп!
Сауал көп, жауабын біз таба алмаған
Дүниеге адам тегін жаралмаған,
Жаратқан құдіреттің ғажабындай
Ерекше қасиетті Марал бабам!
Тербесе әулиелік бесігінде
Құдайдың күмән бар ма шешімінде
Алаштың пірі болған бабамыздың
Кие бар Марал деген есімінде.
Бөленген қасиетке құндақтағы ұл,
Уілдеп, талпынғандай шың жаққа кіл,
Ақылмен түсіндіру мүмкін емес
Жұмбақ жан, жұмбақ қуат, жұмбақ тағдыр!
Ғайыптың кім бойлаған тереңіне?
Қадірлі еңбегімен ер еліне,
Тимесе бір пайдасы туған елге
Қандай да қасиеттің керегі не?
Аянбай қайран бабам адам үшін
Өнеге, қуат беріп өреніне,
Аластап албастыны аруағымен
Жын – шайтан шалығынан емдеді де,
Жөнге сап адасқанды, хақ жолында
Халқына нұрын шашып жүргенінде.
Төніпті қара шеңгел қазақ атқа,
Төзе алмай, қоныпты ерлер қазанатқа,
Ұран сап жер-жаһанға Марал ишан,
Рухани көсем болған ғазауатқа!
Жан-жағын тоймай жалмап, тасынғасын,
Қор тұтып, қазақ елін басынғасын,
Жүзбе-жүз ақ патшаға жолықтыр деп
Хат жазды жандаралға ашынғасын.
«Қазақтың қаймағына салдың қасық,
Орман, көл, жердің бәрін алдың басып,
Көнбегенге зеңбірек зіркілдетіп,
Зорлық қып момын елдің қанын шашып.
Құдай білер берерін бақты кімге,
Жетерміз ертең біз де жақсы күнге,
Құнарлы жерге тускен дән өседі,
Жатпайды алмас қанжар қап түбінде!».
Жазыпты көп әңгіме ойланатын,
Қазақтың көрген жәбір, қиянатын,
Жан болса сөз ұғатын реті бар ғой
Қиянат істері үшін ұялатын.
Обырлар озбырлықтан бас тартпады,
Мастанып, көптігіне асқақтады,
Қан төгіп, зұлымдыққа батқандардың
Заңды ғой әулиеден қащқақтауы.
Күштілер тәубасына келер ме еді?
Құдайға шын ниетпен сенер ме еді?
Патшалар әулиеге құлақ асса
Әлемде әділеттік жеңер ме еді?
Қоймады, ұялмады, тыңдамады,
Ойраңдап, түп-тамырды жұлмалады,
Алайда от қарулы отаршылдар
Иманын мұсылманның жеңе алмады.
Патшаға бағынса да құл болмады ел
Таныған иеміз деп тек Алланы,
Ғарышпен сырласыпты Сыр бойында
Жұбатып дұғасымен жылағанды,
Өмірден өзі өткен соң, зираты да
Иманның тірегі боп тұра қалды!
Алты Алаш ардақтайды Марал атын,
Өсиет,өнеге ғып жазған хатын,
Тең болып, барлық елмен сыйлассаң да
Жаныңа жолатпай еш жаманатын,
Мүлкіңді берсең дағы жат жұрттарға
Рухыңды берме деген аманатын!
АЙҒАНЫМНЫҢ
АЙЛАСЫ
Төндіріп темір шеңгел, жуан тармақ,
Сығымдап тартқандайын судан қармақ,
Абылай ордасының орынына,
Ақ патша болды дейді дуан салмақ.
Ыңғайлап Көкшетауды дуанына,
Жандарал, жандайшаптар қуануда,
Картаға тау мен орман, көлді сызып,
Қамдады құралды топ шығаруға,
Айғаным ауыр ойға батты дейді,
Суық сөз шалынғалы құлағына,
Бекінді қондырмасқа бөгделерді,
Абылай атасының тұрағына.
Болса да дүлей дажал, қасқа дию,
Оңай ма Көкшетауды жатқа қию,
Және де өртейді өзін алты Алаштың,
Ашықтан ашық майды отқа құю.
Өткенді жырлайды жұрт көрген жандай,
Хақым жоқ қол сілтерге елге нанбай,
Жат жұрттың жазбасына жабысқанша,
Аңызға атаң айтқан сенген қандай,
Айғаным әжеміздің ақылымен,
Аяңдап, сабырменен сөнбей, жанбай,
Алдынан отрядтың қарсы шықты,
Қос батыр ағайынды Көлбай, Жанбай.
Екпіндеп, орман бойлап, өрмелеңдеп,
Суылдап келе жатқан дөңгелеңдеп,
Қарулы қалың топты күтіп алды,
Қолымен төсін басып, көлденеңдеп,
Момақан жігіттерден жөн сұрады,
Қаланы салатұғын жер көрем деп.
“Көр,–деді,–тауың міне, картадағы,
Көл мынау, дөңгеленген ортадағы,
Осы деп әпесерді иландырды,
Атақты Көкшетауың Арқадағы!”
Қаз, үйрек қаңқылдатып Қопа жақты,
Оранып ну орманға Бұқпа жатты,
Көк толқын көңіл жарын соқты көріп,
Қаймағы бұзылмаған көп ғажапты.
Сөзіне батырлардың нанды дейді,
Атынан түсе, түсе қалды дейді,
Бұқпаның етегіне Көкшетауды
Қопаны жағалата салды дейді…
Бұл күнде Көкшетауым өскен қала,
Арқаның ақ самалы ескен қала,
Ал, бірақ шын Көкшетау алыс жатыр,
Осыны ойға алады жұрт таңдана,
Қарысқан қарыс жерін бермеймін деп,
Мандатсыз аталарым неткен дана!
АҒАЙЫННЫҢ ӨКПЕСІ
Ертеде, отаршылдық заманында
Шыдамай зорлықшылдың амалына
Қазақтар ұлт-азаттық күрес бастап
Шауыпты басқыншылық қамалына.
Қолбасы ағайынды екі батыр
Татиды іні-жүзге, аға-мыңға!
Тілеуін елдің құдай берді дейді,
Шайқасып талай жерде жеңді дейді,
Бір күні бір жорықта қалың әскер
Төбеден төнген құсты көрді дейді,
Мазалай бергеннен соң қайта-қайта,
Ыза боп, атып түспек болды дейді.
Ақылгөй, батыр аға алып күшті,
Көздеді ат үстінен бағып құсты,
Қолмерген шапшаң іні одан бұрын
Сілтеп қап жалғыз оқпен қағып түсті.
Қалбаңдап зеңгір көктен құс құлады
Жұрт шулап, аттар тулап пысқырады.
Жалғыз-ақ сыр білдірмей аға тұрды
Күйсе де қызғаныштан ішкі жағы.
«Қайда бұның кішілік, көргендігі,
Іні озғанда ағаның өлген күні,
Жұрт мұны хан көтеріп барады ғой
Менен де асып кетті деп мергендігі?!»
Ағаның даңғыл көңілі болды тастақ,
Қатты сөз айтпаса да беттен жасқап,
Ойламай өмір заңын ер қасарса
Қиюы кетіп елдің құты қашпақ.
Жалғасып ұрпақ өсіп, дәуір аспақ,
Қашанда аға орнын бауыр баспақ,
Бір күні жаудың түсіп қоршауына
Інісі кетті қырғын соғыс бастап,
Құтқарып алар ма еді оны ағасы
Тап беріп тұтқиылдан тисе қаптап.
Көздеген құсымды атып түсірді деп
Інісін кетті қиып жауға тастап,
Тұрғанда қыл үстінде ұлт тағдыры
Жіберді бір өкпеге айырбастап
Қырылып кете барды кілең боздақ
Басына қас дұшпаннан жастық жастап.
Кішкентай қызғанышын жеңе алмаған
Қайран ерлер, ұлы істе кімнен аспақ?
БАЛУАН ШОЛАҚ ПЕН ИМАНЖҮСІП
Балуан Шолақ бабаның,
Өмірі мен өнерін,
Құрметтеп халқы жыр қылған.
Абақтысын патшаның,
Тас-талқан ғып қиратып,
Бұғауын бұрап сындырған.
Сұлулық пен қара күш,
Тал бойында үйлескен,
Топырағынан жаралған,
Әуесінен нәр алған,
Көліне сүңгіп Көкшенің
Шыңдарымен тілдескен
Бұлағынан сусындап
Бұланымен бірге өскен,
Ауасын жұтып жұпардай,
Ақ қайыңмен әзілдеп,
Қарағаймен күрескен,
Сегіз қырлы, бір сырлы,
Сал-серімен сырласып,
Біржан, Ақан, Ыбырай,
Ұлылармен үндескен,
Аруларды аяулы
Айлы түнде әнімен
Тербеп ғажап күй кешкен!
Жақсылықты жақтырған
Жамандықты жат қылған.
Қысыл-таяң кездерде
Сирақтан альш сиырды
Төбесінен қораның
Бір-ақ ырғап лақтырған.
Қаһарына мінгенде
Борандай болып бұрқаған,
Қара таудың басынан
Қара тасты қопарып
Қарғып өткен қырқадан.
Жігіттері ауылдың
Қызық үшін Балуанның
Қыл арқан салып мойнына
Екі жаққа табандап
Қылқындыра тартқанда
Қозғалмастан орнынан
Домбырасы күмбірлеп
Қүлімдеп әнін шырқаған!
Жарықтық біздің аталар
Артпаса сірә кем бе еді
Тәкаппарлау шетелден,
Ағылшындық арыстан
Топан судай Том Тофан
Тұмандатқан Лондонда
Сегіз жүз килі көтерген,
Есебі оның елу пұт
Айтпайды тарих бекерден,
Есіңе алшы, қазағым,
Көкшетаудың базарын,
Бір ерлігі сондағы
Балуан Шолақ бабаның
Аударыпты өзіне
Орыс-қазақ назарын,
Елу бір пұт салмақты
Жолбарыстай жондана
Тастүлектей қомдана,
Тік көтеріп алғанда
Алқалаған әлеумет
Анықтап көріп алсын деп,
Айыздары қансын деп,
Буырқанып бурадай
Бұрылыпты оңға да,
Бұрылыпты солға да,
Тоқталмас еді онымен
Кірдің тасы «кінәлі»
Толмай қалған тоннаға!
Жалғанда батырлардың қайсы мықты,
Деген сөз талай мәрте айтылыпты,
Ерлерді салыстырып, таластырған
Қайтерсің пендешілік қайшылықты.
Ол кезде Иманжүсіп даңқы шыққан,
Аңыз көп бізге жеткен жалпы жұрттан,
Бетпе-бет келгенді аттан жұлып алып,
Жыраға бүктеп-бүктеп бір-ақ тыққан.
Дауылдай солқылдатса сардаланы
Отаршыл әскері де сайға бұққан.
Танытқан жат жұрттарға қазақтығын.
Алтынға айырбастамай азаттығын,
Рапортқа талай жазған әпесерлер
Иманжүсіп батырдың ғажаптығын!
Бойында күш-қуат пен өнері көп,
Ел сүйген Ерейменнің ерені деп,
«Тап содан абыройың асырмасаң
Шолағым, мықтымын деп керегі жоқ!»
Азғырды әзәзілдер әбден арбап
Аңғал ер алдағанға сенеді деп,
Алысса екі арыстан айдалада
Бірі қап, ал, біреуі өледі деп,
Жаулары жобалады осылайша
Қазақты қазақ қана жеңеді деп!
Қайрай берсе дұшпаны
Ой туады ұшқары,
Күндердің күні базарда
Иманжүсіп жанынан
Сүлікқара атымен
Сәлемсіз өте бергенде
Шөкеңді "намыс" қысқаны
Құйрығынан тұлпардың
Бір қолымен тұтамдап
Бұраңқырап ұстады.
Балуанды тұлпар тарта алмай
Теңселіп барып тоқтады
Иманжүсіп қаһарман
Толғана мойнын бұрады,
Қарсы кеп қалды қасарып
Қазақтың екі қыраны,
Найзағай ойнап көзінде
Шарпысып оттай тұрады,
Анталаған ағайын
Демдерін алып ішінен
Сілтідей бәрі тынады,
Алшаңдаған қасқалар,
Балпаңдаған басқалар
Бұрышында базардың
Бозторғайдай бұғады!
Иманжүсіп қамшысын
Үйіре сілтеп қалғанда
Имансыздар да иманын
Бір үйіріп алатын,
Дөнен өгіз терісін
Бір тартқанда тілетін,
Осып өтсе бауырдан
Бұлғаңдаған бейбақтар
Тіл тартпастан өлетін,
Бұл әдісін батырдың
Балуан Шолақ білетін
Бір сынасып көруді
Арман қылып жүретін!
Нағыз ерлер қашанда
Ер қадірін біледі.
Келбетінен Балуанның
Иманжүсіп беренің
Танып қайрат-жігерді.
Жамандыққа қимады.
Ауаны тіліп қамшымен
Сауырынан тұлпардың
Сипай тартып жіберді,
Етіне қамшы өткен соң
Мейіздей қатқан жануар
Жымырылып құлағы
Серіппедей ширығып
Шыңғырып қайрат қылады,
Шомбал тастай Шолақты
Жер жыртқандай сырғытып,
Арқан бойы жылжытып
Шамасы бітіп сонымен
Қос танауы делдиіп
Солықтап тоқтап қалады,
Жылжығаны сол екен
Сіресе қатқан Балуанның
Тіреуіне шыдамай
Тігісінен сөгіліп
Сыпырылып қалыпты
Көн етіктің табаны,
Босатты Балуан шеңгелді
Керек деп аттың аманы!
Басын бұрып атының
Иманжүсіп сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді:
«Алаштың арда ұлысың,
Бөлек таудай ірісің,
Шамырқандың кім үшін?
Аңдыған дұшпан айламен
Біріне-бірін қайрап сап
Біржолата мұқалтпақ
Қазақтың екі қылышын,
Жете алмай жүрген алысып
Азаттық деген арманға
Азбыз ғой біздер жалғанда,
Бәсеке қуып қастасып
Қырқысып жатсақ өзара
Не боларын еліңнің
Білетін жанның бірісің!»
Қолы шолақ болғанмен
Ақылы шолақ болмаған
Балуанға бұл сөз қонады
Жүректің шерін толғаған,
Жауабын қысқа қайырды
Батырлар сөзді созбаған:
«Даңқыңды естіп жер жарған
Келіп еді сынағым,
Қырандар көкте шайқасып
Қанатынан қайрылса
Қарға, құзғын қарқылдап
Қуанбай ма құладын?
Осының бәрін ойлаған
Жан сырыңды ұғамын,
Қанаттасым, сыңарым,
Келші бері құшақтап
Төсіңе төсім түйісіп
Бірге болсын ұраным!»
Түйіннің бәрі шешіліп
Жібектей болып есіліп
Құшақтасты батырлар
Күшіне күші қосылып!
Балақтан алып бір-бірін
Бақталас болып, бет жыртқан
Тайраңдаса тасырлық,
Тасырлықты басатын
Осындай болса керек-ті
Үлгісі талай ғасырлық
Атадан қалған асылдық!!!
ЖЕЛ СЫБЫРЛАҒАН ШЫНДЫҚ
Дүйсенбі Әріповке
Елсізде... Ерте кезде... Ерлі-байлы,
Екі атты келе жатты көңлі жайлы,
Көкжиек тына қалып, қызарғанда
Қонады таңдап тұрып жерді ыңғайлы.
Қоржынның қотарылып тола басы,
Тартқандай өздеріне қонақ асы,
Шұлғытып шөптің басын жел соққанда
Мырс етіп күлді ерсілеу отағасы.
"Көңілің ауды ма бір жүмбақ ізге,
Бейуақта күлгенің не құла дүзде?
Айтыңыз, – деді әйелі, – қызық болса
Күлейік сізбен бірге мына біз де!"
Егесі зайыбына бұрылды енді:
"Бірдеңе түрткендей-ау бүгін мені,
Мына жел қозғау салды бір жағдайға,
Қырық жыл тіс жармаған сырым еді.
Жас кезім, көрген емен жаннан қорқып,
Жапанда келе жаттым жалғыз жортып,
Жолықты бір жолаушы жап-жас жігіт,
Жүк артқан жеті түйе керуен тартып.
Әлгімен тілге келіп, болдым серік,
Керуенді айда деді, ақы беріп,
Қонғанда бір жерге кеп, қазынасын
Тонауға көңіліме кірді желік.
Қаперсіз күтті шайдың қайнағанын,
Қапысын табуды мен ойлағанмын,
Еңкейіп отты қозғай бергенінде
Бас салып ту сыртынан байлап алдым.
Ол айтты:"Жанымды қи, малымды ал да,
Мен саған қастық қылар халім бар ма?
Бір байдың жалғызы едім үйленбеген,
Мерт болсам, үзіледі тамыр қарға!"
Жан сырын жас бейбақтың тыңдамадым,
Арқанмен өне бойын шырмап алдым,
"Ашылар зұлымдығың, – деді бір күн,
Обалы жібермейді нахақ қанның!"
"Құлан жоқ, куә түгіл, құмай тағы,
Бұл сырды әшкерелеп кім айтады?"
Деп күліп, қыннан сапы суырғанда,
"Көрерсің, – деді, – бәрін жел айтады!"
Желкеден басып тұрып бауыздадым,
Тістеніп,көзінен жас тамызбады,
Кетпейді көз алдымнан күн батарда,
Қызыл қан қорқыратып ағызғаным...
Мал-мүлкін базарға сап қылдым амал,
Саудагер сатып алды, қоймай сауал,
Қосылдым сеніменен жылдар өте
Келген жоқ содан маған зауал-мауал.
Қайтқан жоқ әлі менің күш-қуатым,
Жайым бар жас жігіттей іс қылатын,
Жайындай жайпап келем жан-жағымды,
Жел қане, шындықты айтып ысқыратын?
Бір тісім қанқұрт түсіп бұзылмаған,
Жағады қазы-қарта, қымыз маған,
Түп-түгел төрт тұяғым, түтін түзу,
Жел қайда жанымды жеп ызыңдаған?!
Әлгі жел еске салды өткен істі, –
Деп күліп, бай сораптап шайын ішті,
Отырған әңгімені әрең тыңдап
Әйелі қайрай берді отыз тісті.
Егілді жүк басқандай талай батпан,
«Атқан ба алданумен арайлы ақ таң?
Бауырым пышағынан қаза болған
Жауыздың құшағында қалай жатқам?"
Сыр бермей күтіп ақыр қалғығанын,
Арқанмен байлап-матап алды жарын,
Күйеуі ояна сап, ақырады
"Әй, қатын, босат қане, қағынбағын!"
Әйелі ағытады шерлі сөзін:
"Тартатын сазайыңды келді кезің
Қиянат қияметке кетпейт деуші ед,
Жел тербеп шыныңды айтып бердің өзің.
Ол жігіт емес еді тегін адам,
Із-тозсыз жоқ боп кеткен менің ағам!
Тапсырған аманатын жеткізді жел,
Ағамның енді сенен кегін алам!"
Күйеуі жанұшырып сабыр деді,
Әншейін мұның бәрі әзіл деді,
Әлгінің сенің ағаң екеніне,
Айғағың бар ма кәне, әзір, – деді.
"Қарындас,жалғызым деп елеңдейтін,
Ерекше көрем сені елден дейтін,
Сапарға шыққан сайын, сағынышты
Сәлемім жетер саған желмен дейтін!"
Қырық жыл аймалаған тамағына,
Сапыны салды келіп сағағынан,
Қанішер қаза тапты ақырында,
Өзінің кісі өлтірген жарағынан!
ЖӘКЕЖАН БОЛЫСТЫҢ ЖАЙСАҢДЫҒЫ
Әрқилы жолмен келер әркім таққа,
Ел үшін біреу сорға, біреу баққа,
Қазақтан патша солдат алған кезде
Жәкежан болыс бопты Алтай жақта.
Бастады июнь жарлығы дүрбелеңді,
Кескілеп карательдер көнбегенді,
Тағдыры тамырымен жұлынған ел
Қаңбақтай жел айдаған дөңгеленді.
Құлынын шырқыратып құрықтарда,
Тығындап жылы-жұмсақ ұлықтарға,
Бай, бағлан өз баласын алып қалып
Кедейді байлап берген суық қолға,
Аспаны алты Алаштың бұлттаныпты,
Жәкежан ел қайғысын мықтап ұқты,
Ұлыққа бес жүз жылқы матап беріп
Тажалдан боздақтарды құтқарыпты.
Қазақта өткен талай аяулы адам,
Оларды қиналған ел саялаған.
Жұрт үшін жаннан кешкен жақсылар-ай
Байлығын өз халқынан аямаған!
Жері жоқ кісілікті аласартқан,
Өнеге Жәкежандай дана қарттан,
Бүгінгі көке жандар кімге тұлға
Шетелге бес байталға бала сатқан!
ЖҰМАБЕК БАТЫРДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ
Ақ боран, қысы қатты, қары қалың.
Солтүстік сары алтындай соры қалың.
Шынардай мұздақ тасты жарып шыққан
Ұлдары ойы терең, жаны жалын.
Тарихтың ой жүгіртсең ар жағына,
Жер үшін садаға боп мал-жаны да.
Атойлап Алаш ұлы қарсы шапқан
Жоңғардың жалақтаған қанжарына.
Жұрт болып жігін тауып жол бермеген
Жымысқы жандаралдың жанжалына.
Қып-қызыл қанға батып атамекен
Қалың жау шеп құрса да жан-жағына,
Зеңбірек зірк-зірк етіп, доп жаудырып
Замана астан-кестең болғанында
Қасқайып туған жерді қорғап қалған
Мың алғыс ата-баба аруағына!
Бұйығы бодандықтың заманында
Лаж таппай ақ патшаның амалына.
Шұбар төс, шынжырбалақ шонжарлардың
Шұрайлы жерден тайып табаны да,
Алқаптар айналып кеп түсе берген
Ақшалы алпауыттың аранына.
Көрсе де қиғаш қылық бөтендерден,
Даланы емін-еркін мекендеген,
Тағы да талай зардап тартты қазақ
Кеңестік кеңеспейтін көсемдерден.
Картаны қарындашпен бір-ақ сызып
Жеріңді қайшыменен кесем деген.
Мың тоғыз жүз елу төрт
Жылқы жылы келгенде
Қазақстан жерінде
Тың игеру басталды
Әлемде бұрын болмаған
Мұндай үлкен көлемде.
Тербеледі тың дала
Деп айтылды өлең де.
Ерендердің еңбегі
Бейнеленді өнерде,
Масайрамай қайтеді
Біз керемет дегенге.
Көзсіз сеніп көсемге
Тасқұдайдай табынған
Көңілі соқыр керең де.
Төбесінен тастаған
Алданып тиын-тебенге
Қара халық тер төгіп
Бейнетін тартқан төменде.
Саналының ақылын
Құрсаулап ұстап шегенде,
Көңілден туған көп ойды
Қуырып алып шөгенде
Көжедей құйған тегенге.
Осының бәрін көргенде
Сабыр сақтау оңай ма
Зерек туған беренге
Ерлердің шері тарқамай
Айналған беріш, шеменге.
Арғымақты ақсатар
Тұяққа қаққан шегең де.
Өрелі жанды оңдырмас
Өкшеге кірген тебен де.
Тарылмай қоймас тынысың
Темірдей шеңгел тарбиып
Төніп тұрса төбеңде.
Оңай емес ойласаң
Тың игеру дегенің
Қатпар-қатпар құбылыс
Көп сыры жатқан тереңде!
Жайылып жер-жаһанға дабыстары.
Тынымсыз алға қарай қарыштады.
Тұяғы тұлпарлардың тиген жерді
Трактор шынжыр табан жаныштады.
Ұлы еңбек, ұлы дастан он сан ұлттың
Тағдыры бір арнада табысқаны.
Қып-қызыл қиянат қой бір жағынан
Тапталса ата жұрттың намыстары!
Бульдозер бір-ақ сүзіп зиратыңды,
Ескерткіш ескі қорым қиратылды.
Ана тіл, ата дінің қысым көріп
Қыл бұрау тартқан сымдай ширатылды.
Тың төсін тілген кезде түренімен
Қазақтың қан саулаған жүрегінен.
Жазылса жан жарасы жазылар тек
Қалтқысыз шын достықтың тілегімен!
Кең дала төңкеріліп шыр айналды.
Тың өлкесі – Целинный крайланды.
Темірмен түп-тамырын қопарып ап
Жұтуға түгелімен ыңғайланды.
Қазақтың бес обылыс Солтүстігін
Қосуды Россияға шын ойланды.
Бар ма екен қазағымнан басқа халық
Көтерген қыңқ етпестен мұндай лаңды?
Күштінің жөн таңдай ма үстемдігі.
Назары несібеңе түскен күні.
Бұл аймақ бетке шыққан қаймағындай
Даланың ұлан-байтақ үштен бірі!
Советтер Одағының ел ағасы
Жарқырап Хрущевтің дана басы.
Мәскеуге қазақтарды шақыртыпты
Әрине, ішуге емес қонақ асы.
Қағады арқасынан Тәшеновті.
Совминнің Қазақстан төрағасы:
«Бір бауыр тату-тәтті болайық та,
Жер де ортақ, су да ортақ қой халайыққа,-
Бірінші секретарың күлімдейді
Кеңесі жүріп тұрған талай ұлтқа,
Соқамен ескіліктің тоңын жыртып
Орақпен достық дәнін орайық та.
Сыздатпай Солтүстікті соқыр шектей
Ресейге тұтас қоса салайық та.
Сіздің ғана қаулыңыз керек боп тұр
Қайтеді көнбегенде Қонаев та
Бұл өзі негізінде шешілген іс
Қағаздап, заңдастырып алайық та!»
Жұмабек Никитамен дос-жар еді.
Бас қосса көп қызықты бастар еді.
Мәз-мәйрәм арқа-жарқа араласып
Әзілді түйдегімен тастар еді.
Тастамай сөзін жерге, төс қағысып
Тапсырған жұмысын да қоштар еді.
Бірақ та мына сөздің жөні бөлек
Иықтан қара аспандай басқан еді.
«Кремль көк тіреген кемел сарай.
Екі етпей дегеніне көнгем талай.
Сіз басшы, сөзіңіз заң... Кешіріңіз,
Бөлшектеп туған жерді берем қалай?!
Қалса да амал қанша, көңіл мейлі,
Әділет ойыңыздан көрінбейді,
Біртұтас республика Қазақстан
Жырымдап жер мен суы бөлінбейді!»
Тілімді мына қазақ алмады деп
Хрущев қып-қызыл боп долданды кеп,
Тәшенов тайсалмады қаһарынан
Кеткендей Алпамыс пен Қобыланды боп,
Күмбезін Кремльдің кернеп кетті
Басшының ащы айқайы салған үдеп!
«Бәрі де жері емес пе Эс-сес-сердің.
Эс-сес-сер болмағанда өспес едің.
Ойыма алғанымды атқармасаң
Мен саған өле-өлгенше өштесермін,
Кісендеп, ауыздықтап, торға қамап,
Төбеңді сүйменменен көп тесермін!»
Үстелді қаһарланып соққылады,
Үндемей көнтерілі көп шыдады.
Ол кезде тырп етуге шама қайда
Соққыға себепкерді жоқ қылады.
Це-Каның мүшелері іштен тынды
Секеңдеп Хрущевтің қос құлағы.
Жұмабек жымнан атқан жолбарыстай
Қып-қызыл қос құлақты осқылады:
«Қылып ал қыларыңды, пісіріп же,
Тірідей отқа қақтап, тұшынып же,
Уатып сүйегімді, күлімді шаш
Көнбеймін мұндай қорлық ісіңізге,
Қазақтың жерін қылғи салам деген
Ой кірмесін өң түгіл түсіңізге!»
Бетіне ешкім келмеген,
Келмек түгіл бетіне
Басын шайқап көрмеген
Мұндай жауап басшының
Қамшыдай батты етіне.
«Бұл қайдан шыққан жұмыс?»- деп.
Қарыс азу –құрыштай
Қырш-қырш шайнап әр сөзін
Қандырды құлақ құрышын
Қырыс мінез Хрущев.
Жолдастар басын шұлғиды
Не десе де дұрыс деп,
Бұрыс десе бір бәле
Кетеді үлкен ұрыс боп.
Қызыл хатшы қаһарман
Ысқырып тұр жылтылдап
Қиып түсер қылыш боп!
«Зардабын көп тартарсың бұл қатаның.
Алмайды сәлеміңді бір қатарың.
Өзіңнен төмендерге кіріптар ғып
Мен саған тек түсіңде тіл қатармын.
Құны жоқ қуыршақтың сөзін қайтем
Өкімді Москвадан шығартармын!»
Қиқулатса Хрущев
Атлантика бір аунап
Шошынатын жарты әлем
Құйын ба, әлде жын ба деп?
Үрпек бастар үйірі
Төбелдей топқа төніп тұр
Үрей – құтын ұшырып
Ушыққан сайын ура деп.
Қадалғандай жүрекке
Улы жебе тура кеп.
Сыбырлайды сақтық үн
«Бас сауғалап бұға кет!»
Көне салса «ләпбайлап»
Айғай да жоқ, шу да жоқ.
Темір тағып төсіне
Даңғазалап насихат
Жар салады жалғанға
Жер жүзілік тұлға деп,
Атамекен жері үшін,
Исі қазақ елі үшін,
Шыбын жаны шырылдап
Жалғыз шықты майданға
Жалаңтөс батыр Жұмабек!
«Ұлы едім қазақ деген бір атаның
Тереңнен төрт мұхитты тулатармын,
Бұтарлап отар елдей жұтпақшы деп
Мен сізді ай-әлемге шулатармын!
Жер берген құдай дархан қазағыма.
Көнбейді ол құйтырқыға, мазағыңа.
Өтпейді ешкімнің де өңешінен
Тас болып тұрып қалар тамағына!»
Хрущев Тәшеновке кектенеді.
Тектіге кектенуі тектен бе еді?
Орайын келтіріп ед орап әкеп
Жұмекең жәрәйт десе, біткен еді,
Қазақтың бес обылыс атырабы
Ресейдің қоластына өтпек еді.
Қарумен қанша ғасыр тындырмаған
Шаруаны бір қаулымен реттер еді.
Хрущев қазақ жерін ала алмады.
Жер-көкке Жұмабекті жамандады.
Қуғындап, қызметінен төмендетіп
Сындырып қор қылуға амалдады,
Басына бұлт төнгенде Тәшеновке
Бір қазақ арашашы бола алмады,
Жүргендер Жұмекелеп сырт айналып
Өзіне сол керек деп табалады.
Сынбады, батыр бірақ сына алмады.
Тыс қалып тіршіліктен бұға алмады.
Мысықтар пеш түбінде көзін қысқан
Ұғар ма жолбарысты бұғаудағы.
Тұрды оған өмір бойы қуат беріп
Алаштың азаттығы – ұлы арманы!
Ежелден қилы-қилы тарих қалған.
Аңыз көп үлгі тұтар алыптардан.
Уақыттың таразысы елеп-екшеп
Кімнің кім екендігі анықталған.
Ерлігі Тәшеновтың тым ерекше
Намыстың оты болып жанып қалған.
Шайқасып жалғыз өзі жаннан кешіп
Қазақтың жерін аман алып қалған!
Тәшенов келіскенде бас сауғалап
Қалып ед қазақ мәңгі масқараға.
Ресейдің меншігі боп кетер еді
Тау, орман, көл мен дала, баспанаң да,
Көкшетау, Бурабай мен Қызылжарың
Ақмола, Павлодар мен Қостанай да,
Басқаның босағасы болар еді
Бүгінгі бәйтерегің – Астанаң да!
Тағдыры ұлы ерлікке жолықтырған
Ел үшін кету бақыт, болып құрбан.
Биік ой, асқақ сезім бойын билеп
Даңқты ел тарихын толықтырған
Партия солдаты боп жүрсе дағы
Жүрегі қазағым деп соғып тұрған.
Ең жарық жұлдыздардың бірі Жүкең
Азаттық аспанында жанып тұрған!!!
Тұрсынбектің дархандығы
Тұлпардай кең даланы дүрсілдеткен,
Таниды Тұран елі Тұрсынбекті...
Оқуға тұсу үшін емтиханда,
Бір бала Тұрсынбекке бұрсын бетті,
Дөнентаев туралы сұрақ келіп
Өмірін түгел айтып берсін депті,
Ақынның еңбек жолын білмей қалып,
Қысылып,демі бітіп,күрсінбекші.
Ұялып, қиналса да ағаға кеп,
Қой құрлы тұяқ серппей қалам ба деп,
Қиылды: «Қызметін білмейді екем,
Өлеңін айта берсем бола ма?»,- деп.
Тұрсекең жүгірткендей ойды алысқа,
Ұқсап бір шиырылған жолбарысқа,
Шегініп, сүзе қарап сәл тұрды да,
Гүж етіп, деді-ау сонда «божалыста!»
Даналық, дархандығын байқатып ед,
Қайта бер десе қайтсін,қайтатын ед,
Ағасы айта ғой деп, рай берген соң,
Қайқайып шыға келді қайта түгел.
Боздатып бозторғайдың зарын айтты,
Әлсізге күштілердің зәрін айтты,
Зорлық пен зомбылықты халық көрген
Сәбиттің жазғанының бәрін айтты...
Аялы алақаннан қуат алып,
Балақан студент боп елге қайтты.
Пендесін патша құдай қолдағанда
Осылай кез қылады- ау оңды адамға,
Бозбала тозаң қуып кетер ме еді
Сондағы « божалыста» болмағанда.
Осындай нағыз ұстаз қайырымды,
Игерген шет- шегі жоқ бай ғылымды,
Айырып ақ-қарасын батыл айтқан
Алаштың арыстары жайлы ұғымды.
Қазақтың бақытына жаратылған,
Сау қалмай бас көтерген дара тұлғаң,
Ғасырдың астан-кестең кезеңінде
Жауыздық аран ашып аласұрған,
Туралған отаршылық қылышымен,
Байың да, кедейің де, Алашордаң.
Ол заман ауыр болған азаматқа,
Құтылу мүмкін емес қалың сордан,
Бүгінгі батырларға оп-оңай – ау,
Жаланы оңды- солды жаба салған,
Орынсыз күстәналау өткендерді
Ақ жүрек, адал жанға жара салған,
Жетпіс жыл-ол да тарих, ел тарихы,
Өтірік емес қолдан жаза салған.
Кеңестік кер заманда ер қамалған,
Аққудай аспандағы құлады арман,
Бір кезде буырқанған ой сезімдер,
Тып –тыныш сөрелерде тына қалған,
Архивке ай маңдайы сәуле шашып,
Кәкішев ойға батып, қырға қонған,
Кеншідей тас қопарған тыным таппай,
Сарғайған сар қағаздан сұрақ алған,
Ғайбаттың тасқынына тосқауыл боп,
Қазақтың Толағайы тұра қалған.
Ерлердің елім деген жаны сұлу,
Түн тербеп, тау жаңғыртқан әні сұлу,
Тар кезде ар-намысын сақтап қалған
Алаштың ұл-қызының бәрі сұлу!
Тұнғиық ойға батқан көзі сұлу,
Тым биік айға баққан сөзі сұлу,
Өлшеусіз сұлулыққа ғашық болған,
Тұрсынбек ағамыздың өзі сұлу!
Көрсе де тайталаста керең қылық,
Күдікті түп-түбінде жеңеді үміт,
Шындықтың шырағы боп жарқырай бер,
Ерен ұл,терең ғалым, берен жігіт!!!
ӘБІЛСЕЙІТТІҢ КӨРГЕНДІЛІГІ
Күресте қайран қылған бар халықты,
Қазақта кім білмейді Айхановты,
Бас қосып алты құрлық алысқанда,
Айбаты Айхановтың байқалыпты,
Белінен бұрап ұстап ырғағанда,
Алыптар нар бурадай шайқалыпты,
Оңтайлап оң жамбасқа салған кезде,
Шік түсіп боз кілемнен жай тауыпты!
Бір жылы маңғұл жаққа барған екен,
Жеңімпаз бәрін жығып болған екен,
Қайткенде жеңеміз деп бұл қазақты,
Маңғұлдар түйе балуан салған екен.
Жекпе-жек шетелдегі батырға сын,
Шыєпауға амал бар ма шақырғасын,
Жасы үлкен тау тұлғалы сақа балуан,
Талайдың шаңға тыққан тақыр басын,
Көрмекке әуселесін жас перінің
Балпаңдап боз кілемге жақындасын,
Басталды ұлы айқасы екі алыптың,
Ініде күш, ағада ақыл басым.
Даңқы зор, еңбегі мол маңғұлдық ер
Басына хан көтерген қабырғалы ел,
Толысып ер ағасы жасқа келген,
Күресте айла, тәсіл бәрін білер,
Жараған қаңтардағы қарт бурадай,
Қалшылдап қаһарланса темірді үгер,
Қарымын байқаған соң Әбілсейіт,
Күш тасып, өн бойында жалын жігер,
Алыста ағалық жоқ дегендейін
Бір жынды ой дейді жерге қағып жібер,
Оңтайға ала беріп ойға қалды,
Болса егер ардагердің белін бүгер,
Өкпелеп маңғұл, қазақ түгел бәрі
Көргенсіз жөн-жобадан жаңылды дер,
Сындырмай ердің сағын, елдің бағын,
Алғысқа бөленетін табылды жол.
Жапырып жіберем деп жас баланы
Бұлқынып балуан аға бас салады,
Бұқадай тірескенде жер солқылдап,
Ел толқып, тау жаңғырды асқаралы,
Жас наһан жұлқығанда қарт қаһанның
Кілемнен ажырады қос табаны,
Төңірек тына қалды демін тартып,
Жас бала жасайды-ау деп масқараны,
Ұршықтай үйірсе де қапсырып-ап
Қайқайтып қара жерге тастамады.
Көтеріп алып барып орынына,
Қондырды қарт қыранды тұғырына,
Қол соқты тік түрегеп қалың маңғұл
Көргенді ел қазақтың ер ұлына
Сол сәтте ұқсап кетті Әбілсейіт
Шыңғысты хан көтерген Тоғұрылға!
ШӘЙМЕРДЕННІҢ ҚҰРБАНДЫҒЫ
Шәймерден Дәуреновтың рухына
Шәймерденді Шахи дейтін достары,
Шахи еді, сахи еді – рас бәрі,
Ақын еді, жазушы эрі журналист
Демесеңіз бәйгеге өлең қоспады.
Тебіренсе тереңнен сыр ашатын,
Күңіренсе көзі жалын ататын,
Отар елдің атар таңы бар ма деп
Ауық - ауық ауыр ойға бататын.
ІІІұғыладан шуақ іздеп шыңдағы
Құса болған даланың ер ұлдары
Ағыл-тегіл ақтарыла шаттанды
Шыққан күні мемлекеттік тіл заңы!
Орнағанда ана тілдің теңдігі
Жылап тұрып, осы ғой деп ел мұңы,
Енді өлсем де разымын деп жыр жазып
Жол апаттан қаза болды сол күні!
Тағдыр – жұмбақ, талқылауға бола ма?
Сыя қоймас қағида мен санаға,
Қайран Шахи, атағандай өз – өзін
Ана тілден кетейін деп садаға!
ГҮЛБАНУДЫҢ БИІКТІГІ
Өмір – жұмбақ, үйлесім мен қайшылық,
Күн батады , бір жағынан ай шығып...
Өсті ауылда жетпісінші жылдары
Он үш жасар Гүлбану қыз- талшыбық.
Сұлу еді, сұңғақ еді сымбатты
Сүйетін-ді әсем әнді, ырғақты,
Асыл еді, асқақ еді арманы
Ғашық еді бұл өмірге тым қатты.
Асық ойнап, доп қуалап таласқан
Балалыққа асыр салу жарасқан,
Құрбыларын таңдандыра өрмелеп
Аңғалдықпен шықты бір күн ағашқа.
Зау биікте қолын бұлғап тұрады,
Абайсызда оңбай бірақ құлады,
Озмыш бар ма тура келсе жазмыштан
Омыртқасы отыз жерден сынады.
Жанталасып әрең қағып иегін
Жағалады өмір-өлім жиегін,
Дәрігерлер алып қалды ажалдан
Жинастырып, гипстеді сүйегін.
Бала көңіл білмейді ғой мұңдану
Бал секілді оған қолда тұрған у,
Құлантаза айықтым деп аурудан
Алаң болмай оқи берді Гүлбану.
Қарағайдай түзу болсам деуші еді,
Сәмбі талдай нәзік болсам деуші еді,
Қыран ұшқан құзар шыңға құмар боп
Қаршадай қыз бойын көкпен өлшеді.
Барын салып дәрігерлер жазғанмен
Амалы жоқ...Көзге сап-сау болғанмен,
Күннен күнге бара жатты қисайып
Биіктікке бойын қанша созғанмен.
«Мұндай сұмдық болатынын білмеп ек», -
Дейді үлкендер... Енді жылап не керек?
Қыр арқасы қисық бітіп, қор қылып
Балдырған қыз болды мәңгі мүгедек.
Бір әпкесі, бар еді бес ағасы,
Жоқ бірақ та қолдан келер шарасы,
Күйігіне шыдай алмай қызының
Қайтыс болды атасы мен анасы.
Адамзаттың жігерінде бар ма шек?
Шектеу болса ерліктерге бармас ек,
Мектептен соң түсті оқуға Гүлбану
Таңдап алған мамандығы- фармацевт.
Жалдап тұрды Алматының шатырын
Дәмін татты тер мен табан ақының,
Күдер үзбей келер күннен, мұңайып
Аптекада істеп жүрді ақырын...
Отыр еді кешке тамақ пісіріп,
Дауыс шықты зәре-құтын ұшырып...
Бормотуха ішкен кеше көрші орыс
Өлейін деп жатыр екен қысылып.
Жоқ еді оның тірі жанға зәбірі,
Басқа жақта бала-шаға, бауыры,
Таза спиртті тамызғанда аузына
«Уһ!» - деп барып, соқты қайта тамыры.
Көзін ашып, қимылдады еріні,
Кең ғой, шіркін, даламыздың пейілі,
Жалғыз алқаш кәрі орысқа жаны ашып,
Түсті кемтар қазақ қыздың мейірі.
Өшпегесін өмірінің шырағы
Дәдә Миша тірлікке бет бұрады,
Жаман арақ ішсе уланып қалар деп
Таза спирттен әкеп беріп тұрады.
Талғамайтын бұрын сары, қызыл деп
Жаман ғадет Миша ағайда бүгін жоқ,
Аздап-аздап спирт ішіп, күн көрді,
Алғыс айтып, бақытты бол, қызым деп.
Совет елі айналмаған бөтенге
Коммунизм тұрған кез ғой көкейде,
Әйелі кеп алып кетті бір күні
Украина – қазіргіше шетелге.
Өте берді күн артынан күн жылжып,
Бір-ақ сәттей кейде уақыт бір жылдық,
Дәдә Миша іздеп кепті бір күні
Бір мұңлыққа сүйеу болып бір мұңлық!
«Құрбандығы болсам да ата салтының
Баласы едім батыр орыс халқының,
Жақынымның бәрінен де көрмеген
Жақсылықты сенен көрдім жарқыным!
Бұл өмірде біраз жерге барыппын,
Ақырында бәрінен де жалықтым,
Бала-шаға, әйеліммен табысып
Ем-дом жасап, ауруымнан айықтым.
Көрші болдым бір емшімен мен дейді,
Қырық жылғы бүкірлікті емдейді,
Келсін деді, сен туралы айтып ем,
Жүр менімен, жазыласың сен!» - дейді.
Есі шығып, қыз не дерін білмейді,
Миша айтады: «Оны көп жұрт іздейді,
Қисық бітіп, қатып қалған сүйекті
Сылап-сипап, сымдай тартып түзейді!
Күлпәрә боп, теріс бітіп, шор басқан,
Жон арқаға өркештей боп жармасқан
Сар сүйекті саздай илеп жазатын
Сиқыры бар, сан ғасырдан жалғасқан!»
Нанарын да білмейді қыз, нанбасын,
Күмәні жоқ, ағай неге алдасын?
Ем қона ма ескі ауруға – сол уайым,
Нар тәуекел, көре жатар барғасын!..
Айтса айтқандай, қайырымды шал екен,
Кемпірі де Иванына пар екен,
Халық емін атасынан үйренген
Өзіне аян құпиясы бар екен.
Емшілердің құрметке бір лайығы,
Кемелденген парасаты, пайымы,
Жұмсарта ма өз жүйкесін, кім білсін,
Ішеді ептеп... Осы ғана айыбы.
Әр нәрсенің бар ғой жауап, сұрауы,
Сырқат, бәлкім, жаратқанның сынағы...
Күтірлетіп күдірейген арқасын
Тәуіп алты ай маймен сипап, сылады.
Буын, буын – бәрін қозғап, баптады,
Төзімді деп түз баласын мақтады,
Кемпір-шалға көмекші боп тірлікте
Дала қызы дәм мен тұзын ақтады.
«Қатқан сүйек қалай ғана бүгілмек,
Бүгілмесе, жөн бе өмірден түңілмек?»
Шерлі жанды жұбандырды Ваня атай,
«Шешуші сәт, келді қызым, бүгін» - деп.
«Алты ай бойы дайындадым қарағым,
Тәуекел ғып, дерт шипасын табамын,
Өзім ғана құпиясын білетін
Ертіндіге екі сағат саламын.
Жібіген соң әбден балқып буының
Әр сүйектің салам тауып орынын,
Қалпына кеп қатқан кезде қайтадан
Сұңғақ бойлы, сұлу болмақ порымың!»
Ертіндіге ептеп қызды салыпты,
Жеңіл, жылы жамылғысын жауыпты,
Сәтін тосып, байыз таппай жүрген шал
Ішкен екен... Мас боп ұйықтап қалыпты!
Тағдыр жолы бір өткелге таянды,
Оның сыры тек құдайға аян-ды,
Қалғып кетіп балбыраған бейбақ қыз,
Таң алдында кенет шошып оянды.
Демі бітіп, қара терге малшынған,
Айқай салды жан шыдатпас шаншудан,
Өне бойы от боп күйіп барады
Сүйектері секілді оңбай жаншылған.
Шал да оянып, жеткен екен алқына,
Жидіп түскен бер терісі, жарқырап,
Көрініп тұр балқып кеткен сүйегі,
Қатып қалған... келмейді енді қалпына.
Күле алмайды еңсе тіктеп шалқалап,
Жүре алмайды шақырса да шартарап,
Өксіп-өксіп өмір сүрмек жас сұлу
Өз тағдырын еркесіндей арқалап.
Шал күйініп, тоқпақтады өз басын,
«Кеше гөр!»-деп, төкті көлдей көз жасын,
Оңалмады оған бірақ, амал не,
Бастан бақыт, сәттен уақыт озғасын.
«О, құдайым! Мені қайда бастадың?
Бір бейбақты кемтар қылып тастадым,
Өмір бойғы жақсылықты жоя ма
Жазатайым жаза басқан қас-қағым?
Сал боп жатқан қанша адамды тұрғыздым,
Омыртқасын түзеп тура жүргіздім.
Мейірбанды дана тәуіп атанып
Обалына қалдым ақыр бір қыздың!»
Қыз түсінді зар жылаған жан мұңын:
«Мойныңа алма ауырлықтың барлығын,
Болмайды екен қайтып қолмен түзеуге,
Әу басынан қисайған соң тағдырым!»
Таң алдында екі ғаріп зарлады
Жана беріп қайта сөнген арманы,
Тілге келді біраздан соң ақырын
Есін жиып емшіліктің тарланы.
«Келді саған зор жақсылық жасағым,
Күйігіңді енді қалай басамын?
Өмір бойы азық болар жаныңа
Емшіліктің барлық сырын ашамын.
Бейнеттің де болар, бәлкім, өтеуі,
Бұл құпия жансерік боп кетеді,
Ұстай білсең қасиетін қадірлеп
Керегің мен мерейіңе жетеді!»
Жеті жылдай мекендеді жат жерді,
Төкті аямай шәкірт ақ тер, көк терді,
Атасымен адам емдеп жүргенде
Неше түрлі жағдайға да тап келді.
Көрді басшы, генералды, әскерді,
Спортшыны, спецназды, актерді
Тіліне де, дініне де қарамай
Сынған, шыққан сүйектерін сап берді.
Тірей қалып сұқ саусағын бір жерге,
Ауру сырын айырады қыз демде,
Аһылайды ақ аюдай алыптар
Бармақтай қыз арқаларын үзгенде.
Омыртқалар...Зақым көрген, ұшынған,
Қиқы-жиқы, ию-қию, қысылған,
Бұратылған нар жігіттер түзеліп
Сүйді қыздың саусағының ұшынан.
Разы болып, «атақ, ақша ал, - деді,
Украина - біздің елде қал,»- деді,
Бір жымиып ілтипатпен дегдар қыз,
Менің туған қазақ елім бар, -деді.
Маңдайалды мықты тәуіп атанды
Сыннан өтіп, сертификат қоса алды,
Алғыс айтып, рұқсат сұрап ұстаздан
Елге оралып, емханасын ашады.
Көңілінен алыс тұрды бұлдану,
Ізгілікте шындап жарыс қылды ару,
Қарағаштай қатып қалған арқаны
Сәмбі талдай майыстырды Гүлбану.
Үміт артқан әр күніне, әр айға,
Шипалы қол дәру болды талайға,
Өзгелерге шарапаты тигенмен
Өзін емдей алмайды екен алайда!
Омыртқа деп өмір әнін салғандай,
Омыртқасыз өмір бізде бар қандай?
Бауырлардың бақыты үшін балғын қыз
Өз сымбатын құрбандыққа шалғандай.
Өркендерім түзу өсіп, өнсін деп,
Еңбек етіп, ет жүрегі дүрсілдеп.
Қанша адамды кемтарлықтан құтқарған
Гүлбануды ел айтады ерсің деп!
Алды жұрттан ағыл-тегіл алғысты,
Қанаттанып иманды қыз алға ұшты,
Бой ұсынып бұйрығына Алланың,
Бағы жанды, бала сүйді, жар құшты!
Рухы сынбай, жолдан өтіп шыңдалу
Биігіне шықты осылай Гүлбану,
Ақынға да құдайдың бір сыйлығы-ау
Мейірбанды адам жайлы жыр жазу!
МҰСТАФАНЫҢ МҰҢЫ
Азаттық оттан ыстық кез туыпты
Отанға алыстағы ел көз тігіпті.
Қарсы алды атамекен аңсап келген
Ардақты ер Мұстафа Өзтүрікті.
Сарабдал санасы мен сабыры жоқ
Әсіре әңгіме мен әзілі көп
Ағайын мадақтады Мұстафаны
Теңдессіз таэквондо тәңірі деп.
Ұлы өнер таэквондо корейдікі
Кеудесін бастырмаған өр елдікі,
Әлемнің неше дүркін жеңімпазы
Өжет ұл Өзтүріктей өрендікі.
Біреулер аяқ созып бәлдене ме,
Кісіні тепкілеуді сән көре ме?
Зерделеп таэквондо пәлсәпасын
Құрдасым Мұстафадай мән бере ме?
Өрелі, өр болмаса Мұстафаға
Өзге елде дәп алтыншы дан бере ме?
Ер екен сөйлемейтін қосып жалған
Естіп ем көзбен көріп экраннан,
Ерекше сезілетін өнегесі
Ескінің жол-жобасын тоқып алған.
“Ризамын түсім өңге айналғанға
Көк байрақ бәйтерекке байланғанға,
Алайда жан мен сана азаттығын
Алғанша әңгіме көп ойланғанға,
Рахмет, әспеттеп-ақ жатырсыздар
Миымыз мақтауменен майланған ба?
Бірақ та болмайды ғой ешкімді де
Теңеуге тәңірі мен пайғамбарға!
Әрине, ағайынның тілегі ақ қой,
Аңқылдап жайып салған жүрегі ақ қой.
Тек қана тәңіріге теңеу-күнә,
Жаратқан хақ тағала біреу-ақ қой!”
Бұл сөзді қоғам қалай саралады,
Білмеймін, өзгерді ме бағалары?..
Сарғайтып сағындырған сар даланы,
Мұстафа емін-еркін аралады.
Жанары жүрген сайын нұрланыпты
Мұстафа ой барыпты, қыр барыпты,
Қонаға бір қалада бір жігіттер
Қойнына бүлдіршіндей қыз салыпты.
Үрпиіп, үні шықпай үрке басып,
Қыз кепті түн ішінде күркені ашып,
Жан емес жамандыққа қиятындай
Секілді ертедегі ерке ғашық.
Келсе де келгеніне қиналғандай,
Өзінен жиіркеніп ұялғандай,
Қазақтың ай сәулелі ару қызы
Жүзіне жердің мұңы жиналғандай.
Ақшаға алпауыттар жалдады ма,
Қорқытып я болмаса алдады ма?
Жалданса жан талғамас бейбақ па екен,
Тағдырдың мойын сұнған жазғанына.
Қисайса қыз тағдыры-халыққа сын,
Халық қайтсін-арши ма балық басын?
Ерді ме әзәзілге бейкүнә жан
Тұрмыстан тауқіметті тарыққасын?
Заманда орындалған ата арманы,
Қорлықтан жұртым неге аса алмады?
Кездесті қонақ үйде қараңғыда
Қазақтың жезөкше мен қаһарманы.
Мұстафа шошынды да ыршып тұрды,
Ерінін күйінгеннен қыршып тұрды,
Қыз бейбақ бір уыс боп бүрісіп тұр
Шамасы жоқ жаралы шымшық құрлы.
Сұмдықтан өне бойы қалтырады,
Сөнгендей үмітінің шам шырағы,
Тыныс ап таэквондо тәсілімен
Тарлан боз тілге келіп, хал сұрады.
“Қандасым, қарындасым, қарагөзім,
Ән де өзің, жүректегі жара да өзің,
Қалайша түстің мұндай суық жолға
Пәк едің, намысты едің, саналы едің?!
Шетелде көрмесем де қорғалап күн
Қадірін білем құрмет, оң қабақтың,
Сағынып келгенімде туған елді
Мен қайтіп қарындасты қорламақпын?!
Құм қылған жігерімді, амалымды
Қайтейін мына қиғаш заманыңды...”
Құшақтап маңдайынан иіскеді
Оңына бастай гөр деп қарағымды!
Қыз байғұс бөтен оймен келген еді
Намыстан өртенсе де өлмеп еді,
Қаны бір қазағымның қызы еді деп,
Аяған ағаны әлі көрмеп еді.
Қарайтын қайран қалып жұрт қызығып
Ажары үлбіреген күрт бұзылып,
Тереңнен өксігендей күрсінгенде
Бір моншақ қара көзден түсті үзіліп,
Тамғанда қолына ыстық қыздың жасы
Күйзеліп, егілді іштей күшті жігіт!
Алыстан шын жанашыр аға кепті,
Алақан табын оның ала кетті,
Жас жүрек тәубаға кеп жолын тауып
Жарар ед жеңіп шықса бәлекетті!
Жеткенде ұлт азаттық арманына
Сұмдықтың ашылған ба жолдары да,
Қор болып көрінгенге қазақ қызы
Қорғансыз ашық-шашық қалғаны ма?
Өзінің қарындасын өзі сатып
Жігіттер жеңгетай боп азғаны ма?
Масайрап, мазақ қылып мұңлықтарды
Тағдырын табанына салғаны ма?
Ұрпағым адаспа деп айтып кеткен
Не дейміз ата-баба аруағына?!
Асатын азаттықтан бақ бола ма?
Бір қазақ бір қазаққа жат бола ма?
Қауышып ата жұртпен мауқын басты
Адамға бұдан ыстық шақ бола ма?
Бас иген туған жерге Мұстафаның
Ішінде бір мұң кетті-ау аттанарда!
ЕРКЕТАЙ ЖОМАРТОВТЫҢ ЖОМАРТ КӨҢІЛІ
Еркетай десе Еркетай еді,
Ерке еді,
Жігіттің жампоз,
Еңсегей бойлы көркемі,
Аяулы менің апамнан туған ардағым,
Ақ адал еңбек – өмірлік мұрат, серті еді.
Өзгеше еді әкімгершілікте өлшемі,
Адамды сыйлап,
Түсірмеуші еді еңсені,
Жүзінен шуақ,
Көзінен мейір төгіліп,
Жылытушы еді
Қабағы салқын кеңсені.
Көңілін тауып
Кісіге таза күлетін,
Кеңпейіл жанды
Көпшілік жақсы көретін,
Әкімге айтқан
Арыз, шағымы жерде қап
Жабырқап шыққан шалдар да оған кіретін.
Уытты шалдың сөзінде талап, сұрау көп,
Анау жоқ бізде,
Жетпейді және мынау деп,
Жөнді де жөнсіз өтініш, тілек қаптаса,
Аяғы кетер
Зар замандаған жылау боп.
«Әкім, қаралар,
Қайратың кетті қай жаққа?
Мәселе көп қой,
Қатырар басты аймақта,
Иек астында
Не боп жатқанын көрмейсің
Мұрындарыңды
Батырып алып қаймаққа!»
Зейінін қойып,
Бейілін беріп тыңдайтын,
Ащылау шындық,
Қаhарлы сөзден қыңбайтын,
«Сөзіңіз дұрыс,
Келмей тұр қолдан, амал не,
Ретің бар, дейтін,
Қалай да бізді сынайтын.
Түсінсең, ата, оңай емес қой жүгіміз,
Аянып жатқан жоқ және біздің түгіміз,
Иықтан басып,
Аяқтан шалмай балдарды,
Қолтықтан демеп,
Тілеулес болып жүріңіз!
Табармыз ретін,
Ақылға салып ойланып,
Кіндігі жердің
Осыған қап па байланып?
Дұшпан ғой ашу,
Асыққан таппас абырой,
Келерсіз тағы,
Сабырмен байқап, айналып.
Қиындық деген
Құйын ғой соғып өтетін,
Күндер де келер,
Бәріне қолың жететін!..»
Басынан бастап
Боқтауға келген батырлар
Бар бол деп, балдар,
Батасын беріп кететін!
Еркетай солай
Естілік елге білдіріп,
Жымиып қойып,
Жүретін жұмыс тындырып,
Сүйкімді қалпы
Өмірден өте шыққанда,
Есіктің халқы
Естелік айтты – ау жыр қылып!
Абадан батыр қалмақты жеңіп қыз алған,
Сүйіндік ата фашисті қуып, ту алған,
Солардан тарап
Көкшеде өсіп,
Алатау
Баурынан мәңгі мекенін тапты бір арман!
ЕСКІ ҚЫСТАУДАҒЫ ЕРТЕГІ
Қармен қымтап қой қораның іргесін,
Кенебай шал малын жайлап келгесін,
Қара тонға қара балдар бір аунап
Шай ішіліп, сақал сипап, күлгесін,
Ақ жаулығы қараңғы үйді жарық қып,
Ежелгі ескі аңыздарды халықтық,
Үскірікпен үндесе бір күрсініп
Айтушы еді Алтын апам жарықтық.
Жалғыз қыстау ну орманның баурында
Қырау басып бөркін Мақпал таудың да,
Әңгімені ағытатын әжеміз
Немересін тербеп қойып алдында.
Елтіп әбден ертегінің сөзіне,
Бәрі елестеп менің бала көзіме,
Айналатын әжей жұмбақ әлемге
Ертегіден келгендей боп өзі де.
Кәрәсін шам саман үйде құбылып,
Көлеңкелер әрлі-берлі жүгіріп,
Аңыздағы аждаһа мен диюлар
Бұрыштардан қарайтындай тығылып,
Жүрек жаурап, діріл қақса тылсымнан
Әжеміздің әжімінен жылынып,
Батырлармен бірге қағып қанатын,
Бала қиял жер түбіне баратын,
Қайда шіркін сол ғажайып мөлдір шақ
Ертегіге естен танып нанатын!
Бұл өмірде емес шығар жол тегін.
Кезеді адам арман іздеп жер, көгін,
Бір белестен бір белеске асады
Бүгінгіден қызық-ау деп ертеңім,
Бірақ маған ыстық кейде бәрінен
Боранды кеш... Ескі қыстау... Ертегім!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру