TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы 1960-1965

Қалижан Бекхожин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы 1960-1965

Қалижан Бекхожин табиғатты суреттеу арқылы адам көңіл-күйін, қимыл-әрекетін бейнелейді. Оқырманға жеткізер лирикалық толғаныстары да жетерлік. Шығармаларында тілдік көркемдік-эстетикалық талғам деңгейін биікке шығарды.

ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ

(1960 — 1965)

КӨКТЕМ ФРАГМЕНТТЕРІ

І

Күлімсіреп туды көктем тағы да,
Жауды жаңбыр менің Алатауыма.
Қарындасым күле қарап көгіне,
Бара жатыр құмға гүлдер егуге.

Білем, шалқып сол бір гүлдер өседі,
Желбірейді қырдың қызыл шешегі.
Қырға шықты Кореяда сондай қыз,
Сол бір қыздың бүгін жырың толғаймыз

Ол да өзінің қырларына қарады,
Қарады да күлімдеді қабағы.
Төбесінен атылды да оқ соңғы,
Даласында дүрілдеген өрт сөнді.

Өрт ішінде дедек қағып жүр еді,
Лүпілдеді қыздың нәзік жүрегі.
Гүл егем деп қырына қыз жүгірді,
Қыздың гүлі — жырдың гүлі бүгінгі.

ІІ

Жамырасып суы Дон мен Волганың,
Теңіз күшпен халқы бүгін толғады үн.
Күлім қағып малшы жігіт құмдағы
Қуанышпен толқын шуын тыңдады...

Кәрі араб сол күн түйді қабағын,
Оқтар шырмап Суецтің каналын.
Бүгін онда масайрады ағылшын,
Арабыңды сұм ағылшын не қылсын?!

Даласында бүгін ұйтқып тас тұман,
Қарт арабтың қас-қабағын басты шаң.
Шығыс елін бүгін қатты зіл ұрып,
Жат сұмдарға тұр түйіліп жұдырық...

ІІІ

Бүгін жаңа үндер есті кең үйден —
Колхозыма келді қонақ Делиден.
Кеудесінде кек қайнаған тым күшті
Көрдік бүгін кәрі ашулы үндісті.

Айттық сырды, таңғажайып тың бәрі,
Үндіс қонақ құлшына бір тыңдады.
Ән шырқадық, орыс, қазақ қостық үн,
Жырладық біз халқымыздың достығын..

Қайғы шекті сол күн неміс қарт ана —
Берлинінде шекара бар ортада.
Айрылғандай езінің қарт жүрегі,
Сол ананың құп-қу болып тұр өңі.

ІV

Бүгін менің көршімде бір ұл туды,
Көзі нұрлы, шашы қара толқынды.
Қуандық біз, кешке тойға жиылдық,
Нәрестеге жырлар жетті құйылып...

Кенет Эфир тітіренді, күңіренді,
Сол күн шеттен шымырлап бір мұң келді
Қып-қызыл қан сол күн басты Афинды,
Белояннис сұм қолынан атылды.

Айтып нәлет сол бір ердің жауына,
Кең кеудеміз кетті толып жалынға.
Ол өлмейді, білем оның жүрегін —
Жалындатқан Греция түнегін.

Көзі нұрлы, шашы қара толқынды,
Өлерінде күліп қарап ол тұрды.
Мүмкін осы нәрестені ол керіп,
Күлген шығар қара көзін төңкеріп.

Күлген шығар қуанышты сезіммен
Үміт алып барлық туған сәбиден.
Ұмытпасын осы бала сол ерді,
Болсын бұл да сондай батыл, жігерлі.

Алсын соның жүрегінің сипатын,
Белояннис деп атайық біз атын.
Бүгін мүмкін Греция жерінде
Келген шығар талай сәби өмірге.

Туған шығар талай бала әлемде
Талпынуға зор бақытқа, өнерге:
Солардың қас жауларына зіл жайып,
Кектің даусын бар әлемге шырқайық.

Сол дауыстан жауыз біткен қалтырап.
Бейбіт күні жайнай берсін жарқырап!

ТҰРСЫН ДҮНИЕ БАБЫНДА

Дүние гүлді ормандай,
Тұрса дәйім сау-тыныш.
Көкжиек көлбеп қорғандай,
Сақшы болса әнші құс,

Бәйтеректей қалтылдап,
Сұрапыл кенет соқпаса,
Аспаннан бомба жарқылдап,
Алапат отын жақпаса.

Жақын тартып алысың,
Еркелеп барсаң айға да,
Көтерсе достық дауысын
Күллі жұрт, бүкіл айнала.

Балапан шуы тыныштап,
Балғындар күлсе бағында,
Ел біткен бейбіт ту ұстап,
Тұрса дүние бабында!

Сол ғана, інім, сол — тілек
Сол тілек ізгі, сол күшті!
От алмасын зеңбірек,
Тыныштық жеңсін соғысты.

Отаның — өмір орманы
Мәуесі піскен мөлдіреп.
Жайнасын гүлдер сондағы,
Жаңара берсін жер түлеп.

Соғыс мәңгі жоғалсын,
Аузында ажал оты бар.
Атомдар бейбіт жол алсын,
Ашуы мұзға атылар.

Тотығар бір кез қарулар,
Салынар бәрі қынапқа.
Аңдыған әлі жауың бар,
Сақтан, інім, бірақ та.

Сұстана қарап тұра тұр,
Әзірге сонау шеттесің.
Отанын, — орман, сұрапыл
Тыныштық бұзып кетпесін.

Сол ғана, інім, сол — тілек
Сол тілек ізгі, сол күшті!
От алмасын зеңбірек,
Тыныштық жеңсін соғысты.

Біріміз қырда қарусыз,
Біріміз шепте тұрсақ та,
Белсене жүрміз бәріміз
Бейбіт сапта, бір сапта!

НАЗЫМ ХИКМЕТКЕ

Естіп ем ертегіні талай ғажап...
Қапаста қайран бұлбұл қақты қанат.
Келгендей құлағыма бір мұң зарлы,
Аяушы ем, қапастағы бұлбұлдарды.

Қай жауыз, наз бұлбұлды қамап қойған
Көрінер екен деуші ем енді қайдан?
Түріктің төрелері неткен топас?!
Ән-күйге Түркияны еткен қапас.

Жырымен жалындатқан ел жүрегін,
Түріктен төтеп шыққан бұлбұл едің.
Пашаның күрзілерін алып қолға,
Қамады топас төре сені торға.

Мекенің ұзақ жылдар болды зындан,
Қорықты сұм төрелер отты жырдан.
Бірақ сен күшті болдың бұлбұлдан да.
Ұмтылдың тар қапастан бұлқып таңға.

Теңселтіп жолбарыстай темір торды,
Ызалы жүрегіме дауыл толды.
Жарылып қала берді темір шарбақ,
Өр даусың дүниені кетті шарлап.

Өлеңге тұтқындалған ерік бердің
Қайғысын таратсын деп түріктердің.
Жүрегін төрелердің түйресін деп,
Қанжардай тіл безедің тура сілтеп.

Дауылдай кекті даусың көкті жарып,
Түркия тұманына төкті жарық.
Дауысың шайқап өтіп теңіздерді,
Әлемге жалыны ыстық лебіз берді.

Жұлдыздай жырларынан жайнап өмір.
Алыста әнге басты аңсап негр.
Тыңдадым дауысыңды сүйіп мен де,
Ақынсың арыстандай биік кеуде.

Үніңе қосыламын, шырқа қатты
Достықты, тыныштықты, махаббатты.
Түйрей бер жауыздықты, қан құмарды,
Түріктің төбесінен түр тұманды!

ТЫНЫШТЫҚ

Айнала жым-жырт,
Қалғыған тыныш бақ.
Әзім де мүлгіп,
Отырмын тыныстап.

Тамылжып күн ыстық,
Аспан тұр жадырап.
Ызыңсыз тыныштық,
Сыбдырсыз жапырақ.

Қимылсыз қасында
Жатыпты қаламым...
Бәйтерек басына
Кенет бір қарадым.

Қозғалып тұр неге,
Бұтасы тербеліп?
Сипалап жүр әлде,
Жасырын жел келіп?

Биікке, қияға
Есуге жел ғашық.
Сондағы ұяға
Торғай жүр жем тасып.

Әлде сол торғайға
Етті ме жел сыбыр?
Кеттің, жел, сен қайда,
Қасыма кел, жүгір!

Жалықтым жым-жырттан,
Гуле, жел, бері кел.
Әр іске ынтыққан,
Ақын да әбігер.

Қозғал сен қасымда,
Тербелсін балғын бақ.
Бәйтерек басында,
Бозторғай ән шырқап.

Қозға, жел, гүлімді
Жұпары аңқысын,
Толғатып жырымды,
Кеудем бір шалқысын.

МЕЙЛІҢ, БӨРІ, ҰЛИ БЕР...

Айнала үнсіз мүлгиді
Желсіз түнде орманда,
Ай да баяу жылжиды,
Сәулесін төгіп сол маңға.

Жұлдызы жусап аспанда
Үнсіз дала, жер жым-жырт.
Арқасын төсеп асқарға
Ұйқыға түгел енді жұрт.

Тек жұлдыздай оттары
Жайнап зәулім қаланың,
Алтын нұрмен аптады
Алып таудың алабын.

Түн тынықтап, жоқ елең,
Айнала бәрі ұйқыда...
Ал түнектен, меңіреуден,
Жаңғырған бұл не, қиқу ма?

Жоқ, ұйықтай бер мүлгіп, маң,
Үрейлі сүрен жоқ тауда.
Ол қасқыр ғой ұлыған
Қарап жұлдыз оттарға.

Мейлің, бөрі, ұли бер,
Тынышын бұзбас тау бірақ.
Ұйықтайды сәбилер,
Қалғиды орман маужырап.

ЖЫЛАМА МЕН ӨЛДІ ДЕП

Жылама мен өлді деп,
Есіл жарым, асылым.
Буырқантсын елді кек,
Айбын атсын ашуым.

Жылама мен өлді деп,
Жаутаңдаған бөбегім.
Түнде сені әлдилеп,
Күнге сені бөледім.

Жылама мен өлді деп,
Жан туысым, егілме,
Күркіресін селді кек
Африканың кегінде!

Күңіренген Конгоның
Кеудесінде жанайын.
Африканың кең көгін
Жұлдыз болып жарайын!

Көкірегім кеңісін,
Кек дабылын қағайын.
Құлдық қысқан ел үшін
Құрбандыққа барайын.

Мейлі, мені өлтірсе,
Мұңайма сен, туысым.
Серпілші тек ерлікше,
Батыс бұлты қуылсын.

Жүрегімді жұрт сүйер,
Мейлі өлтірсе жендетім,
Сорлы Конго серпілер,
Тебірентіп жер бетін!

Мейлі өлтірсе, артымда
Атса таңым жарқырап.
Қайғы басқан халқыма,
Жанса бақыт — шамшырақ.

Өлсем мейлі дауылда,
Даусым қалсын бауырға.
Басқыншыға бағынба,
Конго ұлы, дабылда!

Өлсем мейлі дауылда,
Ұраным қалсын жауыма!
Сертім қалсын жаныңда,
Конго ұлы, жалында!

Жылама мен өлді деп,
Есіл жарым, асылым.
Буырқантсын елді кек,
Айбын атсын ашуым!

АШЫНДЫМ МЕН СЕН ҮШІН, АЛАБАМА!

Алатаудан ашындым,
Алабама алыстағы теңселді.
Ал айбынды тауымның ашуын,
Мойыл қара бауырым,

Езді ғой ақ тас еңсеңді.
Қырымда мен ашындым,
Қырдай кеңдікті саған берсем деп.
Алабама,

Қарақаттай жас ұлың
Телмірді маған
Темір тордан кемсеңдеп.
Мектептен келді қызым ызалы:

«Ит талады негрдің жас баласын,
Иттер неге адам заңын бұзады?
Ит билей ме Бирменгемнің қаласын?»
Иә, солай,

Ақ иттер көп АҚШ-та
Қос аяқты,
Қара қанды,
Қабаған. Солар —

Түскен азаттықпен атысқа.
Солар —
Том ағайды,
Джон ұланды,

«Қарасың» деп сабаған.
Итпен бірге
Солар ит боп талаған.
Уоллестің жұлар едім шашын мен.

Бірақ
Тыңда, қызым,
Тыңда, тауым,
Тыңда, жер:

Том ағай да,
Джон ұлан да,
Көтерілді ашумен.
Тыңда, көр:

Қара Алабама
Буырқанды
Қызу қанды жасымен.
Алабаманың

Қара мойылдай қатқан көп жасы бар.
Олардың қолдарында
Алабаманың қара тасы бар.
Олардың жүрегінде

Қара мұнайдай жанған намысы бар.
Ащы айғайында
Поль Робсонның
Мұхитты тебіренткен даусы бар.

Қызу қанды жастар
Қара мұнайдай лауласа,
Мұхиттың жағалауын
Жалынымен қаусырар.

Том ағай да ереуілге шықты,
Сұм қорлықтан
Көтерілді негрлер.
Масқара боп әлемге,

Азаттыққа,
Айтақтама итіңді,
Ажал түсті жебірлер.
Олар —

Мойыл түсті бауырлар
Азаптың ащы кегімен құрсанған.
Америка анасының құрсағы
Жөргегінде

Жүректеріне мұң салған.
Олар Алабаманың топырағын
Қан терімен суарды.
Теңдіктің қасіретін ойлап,

Қарт негрдің
Көз жанары суалды.
Өз жерінің
Жұтуға еркін күн лебін

Иіскеуге гүлдерін,
Қара бұйра шашты ұландар
Азаттық әнін шырқап,
Қолдарына ту алды.

Ей, ақ кебіндей ақ түстілер,
Уоллестер,
Аюдай қара күштілер,
Том ағайлар ашынды,

Жалын жұтып,
Жас Джондар ашулы.
Мейлі енді
Иттеріңді абалат,

Азаттыққа қарсы үргенге
Күллі адамзат
Айтар бүгін лағанат!
Мен де ызалымын,

Уоллестердің жұлар ем шашынан,
Сонау ит талаған
Қошақандай қара бұйра ұлдар үшін,
Алатаудың басынан

Алабұртып мен де ашынам!

ДЖОН — НЕГР БАЛАСЫ

Емес бұл жат қала,
Өзінің қаласы.
Көзі бар қап-қара,
Джон — негр баласы.

Бұп-бұйра шашы бар,
Қошақан секілді.
Несі бар асығар?
Мәз болып секірді.

Қуанып келеді,
Джон жұтып күн лебін.
Көше де кең еді,
Желпінткен гүлдерін.

Өзінің бесігі —
Бирмингем қаласы.
Біледі осыны
Джон — негр баласы.

Джон бала біледі,
Күлуді балаша.
Лүпілдер жүрегі,
Әкесі қараса.

Әкесі зор адам,
Момақан пейілді.
Ұлына қараған,
Білдірмей кеюді.

Әкесі — жұмысшы,
Жұмыссыз арыған.
Көңілсіз тұрмысы,
Күні жоқ жарыған.

Біледі аштықты,
Джон бала біледі.
Жұмысқа жас тіпті,
Оқуды тіледі.

Қуанып қарады,
Джон ашық аспанға,
Асығып қадамы,
Мектепке басқанда.

Өз үйі аласа,
Зәулімді, құрметтеп
Қараса, тамаша
Алдында тұр мектеп.

Қараса тоқтала,
Шуласқан қаттырақ,
Өзіндей топ-бала,
Түстері ақ бірақ.

Ақ түсті, несі бар?
Бала ғой өзіндей.
Осылар қосылар,
Өзгелік сезінбей.

Бала ғой, бәріне
Күн ортақ, жел бірдей.
Өскен бір жеріне,
Бәрі де өндірдей.

Бір қала — тұрағы,
Бір әлі ісі де,
Бөлуге кінәлі
Тек қара түсі ме?

Ойы тек сол ғана,
Сол ойын мақұлдап.
Мектепке Джон бала,
Қалыпты жақындап.

Кекиген мақтана,
Ақ төре баласы
Деп қалды: «Қап-қара,
Сұмырайды қарашы!

Негрдің күшігі,
Сен бері аттама!
Сындырам тісіңді,
Қап-қара, жат бала».

Сорайған сұмырай,
Ұстауға жармасты.
Алдына жығылмай,
Жұлқына Джон қашты.

Джон қашты зымырап,
Лап берді соңынан,
Тас атып топырлап,
Өңшең бір соғылған...

МИСТЕР КОЛДЕРДІҢ САХАРАҒА САЯХАТЫ

...Сонымен мистер Колдер алыс жаққа бет алып, шел далаға сапар шекті. («Новое время» журналынан).

І

Джентльмендер жайраңдап қақты жымың,
Мистер Колдер құмға жол тартты бүгін:

— Міне, ғылым жорығы!

— Міне, өрлеу!

— Мінеки, жаңалықты тапты ғылым...

Шулады бұрай сөйлеп бұрыс тілін.
Нелер мистер,
Даурықты Пристли1.

— Мистер Колдер жол болсын!

— Мистер Колдер, Ғажайып ізгілікті бір іс бұның!

ІІ

Африка құмдарынан жел ұйтқыған
Басына, сол ғалымның, — ойы тұман,
«Жазық шөл!
Кең Сахара!

Жұпыны жұрт!»
Елестеп тұра қалды қалың құмнан.
Күнгейден кең жазықты аңсап көріп,
Ежелден емінетін жасап жорық.

Сұғанақ сұр джентельмен,
Өңешімен,
Сәулесін күншығыстың жатқан сорып.
Мистер Колдер ғалым ғой!

Жөні бөлек,
Басында құйын ойлар, толған дерек:
«Кетіпті құрттай құжынап бұл адамдар
Тағдырын шешу керек...

Толғау керек».
Марқұм Мальтус кебіні елес беріп:
«Жұмыр жерде миллиард жан жөнелді өріп,
Секунд сайын туады аузын ашып...»

Мистер Колдер Шошыды соны көріп.
Сөйледі маңызданып мистер мыстан,
(Мистер әсте ғылыми іске дұшпан.)

— Бұған шара — тегінде соғыс қана.

— Ойлайық, бар да шығар басқа шара,

Жапан шөлді жаңғыртса...

— Мүмкін емес.

— Зерттелік...

— Ал ендеше, барып қара!

ІІІ

Африка — құмды жазық, неткен кең жер!
Күлімдеп келе жатыр мистер Колдер.
Көзіне құм ішінен жылтырады —
Гауһарлар...

Миуа талдар...
Асыл кендер...
«Мінеки, Бәни Аббас...2
Неткен орман!

Ішіне алуан жеміс, мәуе толған.
Қу дала болар тегі баяғыда,
Өзгерткен Европа ғой бұны қолдан!»
Солай деп,

Мистер Колдер оймен жүзіп,
Келеді сұқты көзбен құмды сүзіп.
Француз әскерлері қылышымен,
Сол кезде

Мәуелерді қырқып, үзіп —
Шуылдап келе жатты шарап ішіп.
Мистер Колдер қуанып, жайнай түсіп.
(Қуға қу кездеседі бейуақытта...)

Қолдарын кезептердің жатыр қысып.
Бірақ та мистер Колдер ғалым адам,
Бұл шөлдің сырлары көп алынбаған, —
Сондықтан сұрап кетті маңызданып:

— Мырзалар, айтыңыздар бәрін анық:

Қаншама күш төгілді?
Қандай шара?
Ғылымнан жұмсалды екен осы араға?
Қаншама қаржы керек бұл шараға?

Үлесін тұрғын халық қоса ала ма?

— Әскери құпия ғой бұның көбі.

— Сонда да айтыңызшы, сырын тегі...

— Құрсаулы кек темірлер...

Танк, бомба,
От пен оқ, —
Бұл араға ең керегі.
Содан соң жиі-жиі оқтар атып,

Қойсаңыз ақ қылышты жарқылдатып.
Бітеді алдыңызға мәуелі орман, —
Жемісін жей бересіз еркін жатып.

— Бұныңыз түсінікті...

Бірақ ғылым...

— Оқпенен байланысты бәрі бүгін.

Әрине, білуші еді Брит елі,
Осыны жазып қойды еппен күліп.

ІV

Тағы да мистер Колдер кетті жүріп,
«Зерттеді».
Мистер Колдер содан әрі
Күн қақтап, кеуіп жатқан Сахараны.

Тас құйын ойнақтаған құм шұбырта,
Қураған қылтанақсыз ой мен қырқа.
Алабы аласапыран Сахараның,
Шашындай бәдәуидің ұйпа-тұйпа.

Бұл жерде —
Аштық, апат — арық-тұрақ
Жұртының қашқан өңі, біткен қурап.
Жүгірген сып-сыйда араб жел қаңбақтақ

Алдында жат біреудің тұр қалтырап...
Жастанып қызыл шақа құм алапты,
Панасыз жандар міне, түнеп жатты.
Лондоннан кезіп келген жат жолаушы,

Табалап осыларды тілдей қапты:

— Осынша сорлысыңдар неге сендер?

Аштыққа мұнша неге көнесіңдер?
Ежелгі жалқаулықты қоймасаңдар,
Қорлықты көресіңдер,
Өлесіңдер!

Қара, әне, француздық енегені —
Бәни Аббас өзгерді гүлдеп өңі.
Ніл бойы жайнар енді, британдық
Мәдениет сәулесі нұр төгеді, —

Дегенде, —
Сеңсең шашын сілкіп қалып,
Бәдәуй түрегелді құрыстанып.
Қарады ажырайып мистер Колдер,

Қалпағын баса киіп, дұрысталып.

— Уа, мистер, түсініксіз өсиетің,

Ел едік, ғылымға біз бас иетін?!
Көрдік біз ағылшыннан
Аштық, қорлық, —
Көрмедік өнеріңнің қасиетін.

Көрсеңіз миуаларды жерімізден,
Бәрі ескен біздің қанды терімізбен.
Жарқылдап ақ қылыштар үстімізде,
Сыпырды несібенің бәрін бізден.

Арабтың азынаған құм жерінде,
Ажалдың уын сепкен кім өмірге?
Күйген шөл,
Аштық, апат, — осы тегі,

Әйгілі Европаның өнері ме?!
Құмдағы отты қайта
Үрледіңдер,
Сендерден оқ пен улы гуледі жел.

Талайғы бұлақтарды суалттыңдар,
Сарғайды нулы дала, солды гүлдер.
Осы ғой өнегеңіз.
Неге, мырза,

Ендеше мақтанасыз алдымызда? —
Дегенде...
Мистер Колдер кейіп кетті:

— Ім... Шығыстық адамсыз ғой қаны қызба.

Ойлаңыз, олар басқа, біздер — бөлек.
Бізден тек ізгілікті іздеу керек.
Британ жоспары бар —
Осы құмды

Гүлдетпек,
Көресіздер бізден көмек.

— Қай кезде?

— Жоспарымыз бір жүз жылдық!

— Өмірім бар ма, сірә, бір жүз күндік?

Уа, мистер,
Жөнеліңіз,
Құйын қиял
Жөнелсін, өзіңізбен бірге зырғып.

V

Сонымен мистер Колдер кетті жүріп,
Артынан алай-түлей құйын тұрып.
Ашуын арабтардың көтергендей,
Қорытты:

«Британ алса алқымына
Жүз жылда құлпырады дала гүлмен».
Осы оймен күнгей көктен тояттанып,
Жөнелді көлгір Колдер қанат қағып.

Келді де мистер — мыстан министрге,
Рапортын айтты Колдер кенет барып:

— Тыңдаңыз сэр, зерттедім солай, солай.

— Сонда да мәселенің жөні қалай?

— Сонымен екі жол бар — бірі жүз жыл...

Бірі — жаулау...

— Міне, бұның оңай...

VІ

...Жоқ мистер,
Мейлің ойлан, мейлің күйін,
Жоспарың — жапандағы бір жел-құйын.
Капитал — кәрі иең, өзі қурап,

Шертіп тұр құм ойнаған шөлдің күйін.
Бітпейді ысқырғанмен жеміс желге.
Болмайды капиталға Шығыс пенде.
Жеңбейсің табиғатты жүз жылда да,

Жеңбейсің мың жылда да,
Соғыспен де!
Алдау — зиян,
Келген дерт ескіліктен,

Ендеше ентелеме ескі үмітпен.
Бізде — өмір,
Бізде — шындық,
Біз сондықтан —

Соғамыз жүз жылыңды бес жылдықпен!

ШИЕ МЕН ШЫРМАУЫҚ

Шие бар менің бағымда
Өзім бағып өсірген.
Тұр толықсып бабында
Мөлдір шырын несібем.

Суарамын түтікпен,
Сабағын да тараймын.
Жас бөбектей күтіп мен,
Ертелі-кеш қараймын.

Қарасам бір күн шиемді,
Көк шынжырлар тұр жауып.
Собыққа салып шідерді,
Қадалыпты шырмауық.

Көк жыландай шұбалған,
Шырын іздеп, гүл аулап.
Неткен нәле-шырмалған
Жас мәуемді бұғаулап?

Уа, бағбан, әрдайым
Бағыңда да сақ тұршы.
Мәуеңе де мүләйім
Бар екен ғой шапқыншы.

Шырмап менің бағымды,
Шырынымды бүлдірген
Сол шырмауық залымды
Түбірімен жұлдым мен.

Көрмесін деп бүршікті
Мәуелер мен гүл қысым.
Жұлса шіркін қырсықты
Шырмауықтың күллісін.

ОЗ БӘЙГЕДЕН...

Ағылып ВУЗ-ға жастар неше лек-лек,
Үміт үндер шалқиды көше гулеп:

— Мен инженер,

— Мен дәрігер,

— Мен агроном

Боламын, оймен өрлеп өсемін деп,
Күбірлесіп көшеде адымдайды,
Емтихан бар,
Қауіпті, алды — бәйгі.

Біреулері
Жаутаңдап әлденеге,
Біреулері асыға жалаңдайды...
Отыр жастар, жүзінде ойлы толқын,

Ақтарып қат-қат сырын қилы томның:
Талданып Менделеев элементі,
Тексерген заңдарын да Ньютонның.
Ұшқындап кітаптардан үміттері,

Сарылған, маңдайының шығып тері.
Қуаныш!
Құшақтарын құзға жайған
Даланың уыз қызы, жігіттері кеп кезеді кең көшені,

Саяда кездескенмен кеңеседі:

— Кім екен директоры?

— Емтиханшы?

Тәкең біздің таныссыз емес еді...

— Біздің де бар Баяннан Бәкеңіміз!

— Біздің де бар Шаяннан Шәкеңіміз!

— Мен бөлемін Бәкеңе,

Қуандықпын.

— Мен жиенмін, Жәкеңе,

Шығандықпын.

— Соларға бір сыбырла, әке, — дейді,

Әкелері
Туысқан төтелейді.
Қайдағы Серкеш, Бекен, Бураларды
ВУЗ-дардың есігіне жетелейді.

Табылып туыс, таныс ілгешегі,
Бұрынғы бүгінгімен тілдеседі.
Қозғалып Мәкен, — Бәкең,
Тәкең — Төкең,

Ептеуге емтиханды бірлеседі...
Болса да бірен-саран,
Сыр білдіріп, бұл шылық арамызда жүр жүгіріп
Жабысып сілімтірік, шалағаймен,

Ғылымға, қызметке де, жылжып кіріп.
Жоқ, інім, білім жолы шатқал өрен,
Аспайсың оңай ізбен аққанменен.
Жас ұрпақ, жаңа заман толқынысың,

Шарықта,
Ғылым сырын ақтар терең.
Жарып өт,
Қиындықтың шұғыл жарын,

Сындарда, сынақтарда шынық бәрің.
Білімнің ұстарасын қайрап, безен,
Сылуға ескіліктің шылықтарын!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙