TELEGEI

Home

Вольфганг Борхерт

Шәрбану Бейсенова

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Вольфганг Борхерт

Вольфганг Борхерт

ВОЛЬФГАНГ БОРХЕРТ,

неміс жазушысы

Аударма мына нұсқадан жасалды:
Вольфганг Борхерт
Таңдамалы шығармалар жинағы.

Мәскеу. «Художественная литература» баспасы, 1977 ж.
Алғы сөзін жазған И.Фрадкин

Орыс тілінен аударған:
Шәрбану Бейсенова

ЖАБЫҚ ЕСІК АЛДЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ

ешқандай театр қоймайтын, ешбір
көрермен көрмейтін пьеса

театрлар қоюға құлықсыз, көрермен
көруге зауықсыз пьеса

театр қоюға, көрермен көруге
құлықсыз пьеса

Неміс тілінен орыс тіліне аударған

Наталья Ман

Қатынасушы кейіпкерлер:

Бекман

- майданнан оралған жаралы жауынгер.

Әйелі

- Бекманды ұмытып кеткен.

Жас жігіт

- әйелінің көңілдесі

Жас келіншек

- Жас келіншектің күйеуі - бір аяғынан айрылған балдақты жауынгер Полковник - өте көңілді адам Полковниктің әйелі - шілдеде жаурап жүретін байбаламшыл

әйел
Полковниктің қызы

- жақсы тұрмыстан басқа мұңы жоқ

Күйеубаласы

- қайынатасына жағынуды ғана ойлайды

Сауықхана директоры

- батылдығынан қорқақтығы басым жан

Фрау Хлам

- тоғышар әйел

Қарт

- Құдай екеніне ешкімді сендіре алмай

жүрген пұшайман
Қабірші

- үнемі кекіріп жүретін ажал хабаршысы

Көше сыпырушы

- ол да ажалдың жақтасы

Біреу

- Бекманның қарама-қарсы сыңары

Эльба өзені

АВТОРЛЫҚ БАЯНҒА КІРІСПЕ

Ол ұзақ уақыттан соң Отанына оралды. Ұзақ уақыттан соң... Тым ұзақ десе де болғандай. Осы аралықта ол іштей де, сырттай да қатты өзгерген. Ойы да, түсінігі де бүгінде мүлде өзгеше, бұрынғысынан тіпті басқа кейіпте оралып еді. Оның сыртқы келбетінің өзі жас жігіттен гөрі егістікке, бақшаға қонған торғайды үркітуге қойылған қарақшыға көбірек ұқсайтын. Бәлкім, қараңғыда абайсыз адамды да шошытуы ғажап емес. Ішкі сыйпаты да соған сәйкес бей-берекет, ойлары шым-шытырық, сөздері түйеден түскендей дөрекі. Бүгінгі күнмен еш қабыспайды. Себебі ол – мың бір күні мен түнін сақылдаған сары аязбен, азынаған боранда тағдырдың оң қабақ танытуын сарыла күтумен өткізіп келген мұңдар. Содан бір тізесінің ұршығын оқ тесіп, ақсаңдай басып әрең шыққан. Әйтсе де көрер жарығы бар екен, бұл пақырға ақырған аязды, сұрапыл боранды мың бір күн мен түнді артқа тастап, үйіне оралуға тағдыр жазыпты. Ол осылай өзінің Германиясына оралған. Сөйткен оған қайдағы бір дүбәра киноны көрсетеді ғой. Сеанс үстінде ол бірнеше рет өзінің қолын бұрап тұрып шымшып алды. Ол өзінің ояу екеніне сенгісі келмегендей, түсім шығар деп ойлаған. Жоқ, ояу екен. Байқаса, оңында да, солында да қаптаған жұрт, олар да бұның күйін кешіп отырғандай. Ақыры, сірә, бұл бүгінгі күннің шындығы шығар деген тоқтамға келгендей. Сеанс аяқталып, сыртқа бет алған. Оның ұйып, жансызданып қалған аяғы қақсап, нәр сызбаған өзегі талып, демде ішегі шұрқырап қоя берді. Далаға шыққан соң ол көрген киносының дәнеңесі жоқ, кәдімгідей-ақ фильм екенін түсінді. Кәдуілгі дені дұрыс фильм. Майдан даласынан, оқ пен оттың ортасынан Германияға қайтып оралған жан жайлы, өзі тектестер туралы... Иә, үйіне оралған соғыс солдатының бірі, бірақ бұлар үйіне жете алмап еді ғой... Бұлар үшін үй деген ұғым атымен жойылған... Бұлардың үйлері тарс жабық есік алдындағы қаңыраған көше, дала... Бұлардың Германиясы түнде жаңбыр шелектеп құятын ашық аспан астындағы алып кеңістік... Міне, бұлардың Германиясы осы...

БАСТАУ

Азынаған жел. Оның екпінімен шайқалған толқынның қалтылдаған жылжымалы жайдақ көпірге өршелене соғылып, кейін серпілген сарыны естіледі. Кешкі уақыт. Сахнада қабірші. Сахна түкпірінде батқан күннің әлі сөне қоймаған қызғылт арайлы шапағы шарпыған аспан астындағы көпірдің нобайы. Көпір үстінде тұрған әлдекімнің сұлбасы көзге шалынады.

Қабірші. Өғ-ғ-ғ! Өғ-ғ-ғ! Өғ-ғ-ғ! (Қатарынан әлденеше рет кекіреді. Әр кекірген сайын мұрнының астынан өзіне-өзі ризашылықпен) Өғ-ғ-ғ! Қарай гөр! Қайтеді өзі?! Өғ-ғ-ғ! Ы-ы-х! Қарай гөр мұны! Қайтер екен десем? Өғ-ғ-ғ! Қоятын емес қой! Өғ-ғ-ғ! Кекірігім азып жүр... Айналам толған міскіндер... Шыбындай тырапай асқан, (дауысын бәсеңдетіп) тура у дәрі жеп қырылған шыбын секілді. Айтары жоқ, көп-ақ... Маған жұмыс жеткілікті. Көміп үлгере алар емеспін. Еһе, ана жерде әлдекім тұрған сияқты ғой. Көпірдің үстіндегіні айтамын. Ажал айдаған біреу болмаса, дауылды күні жақтаусыз жайдақ көпірге есі дұрыс кісі шыға ма? Өзі әскер киімін киген бе? Жоғ-ғ-а-а! Үстіндегісі ескі солдат шинелі екен. Бас киімсіз. Қысқа қырқылған шашының әр талы тікірейіп үрпиіп кеткен. Көпірдің жиегіне тым жақын баруын қарашы. Суға сонша төніп, не көрінді десейші? Бұл тегін емес, тегін болмады. Кешкі апақ-сапақта өзен жағасында махаббат дертіне шалдыққан ғашықтар мен өлеңге толғатқан ақындар жүретін еді. Сосын тағы, бұл жалғаннан әбден қажып, көңілі суыған, дүниеден торыққан, жақсылық атаулыдан күдер үзген пақырлардың төңіректейтіні бар. Әлде, бұл да тірліктің қатал ойынынан ерте шығып қалған, жылт еткен үміттен ада, бәрінен ерте баз кешкен пенде ме екен? Солай-ау шамасы. Бұл жалғанда жолы болмаған бейбақтар аз ба? Жиекке емініп-сұғынып жақындауын-ай! Жалғыз. Демек, ғашықтық ләззатына еліткендерден емес. Махаббатқа масайрағандар болса, екі ғашық қол ұстасып жүрмес пе? Бұл жалғыз. Ақын да емес. Ақындардың шашы жалбырап, иығына түсетіндей болушы еді. Ал, бұның шашы кірпікшешеннің тікенегіндей тікірейіп тұр. Бұл тегін болмады. Бейуақытта желмен қалт-құлт теңселген жайдақ көпір үстіндегі мүскін тегін емес. Суға ауыр әлдененің күмп еткен дыбысы естілді. Көпір үстіндегі сұлба жоғалған. Жым-жылас.

Қабірші. Өғ-ғ-ғ! Қайтеді-ей мынау! Ананы қара! Жаңағы тұрған адам жоқ. Айттым ғой, тегін емес деп. Суға секіріп кетті. Көпірдің ернеуіне сұғынып тұруы жаман еді. Адуын өзен жұлып әкетіп, жалма-жан жұтып қойса да өзі біледі. Енді ол жоқ! Өғ-ғ-ғ! Қайтеді мына кекірігі құрығыр. Тоқтай тұр! Мұнда адам опат болып жатыр. Енді қайтейін дейсің бе? Ештеңе емес. Бір адамның келіп-кеткенінен дүние өзгерген жоқ. Жел баяғысынша азынап тұр. Эльба суы арындап келіп жағалауды соғады. Трамвай бұрынғысындай қоңыраулатып зулайды. Түннің көркі ақ торғын денелі

сұлулар әдеттегідей терезе алдында көлбең қағады. Түнгі қызық аңсағандарды іздеп, көшеге көз сүзуде. Хлам мырза бір ұйықтап оянып, екінші жамбасына аунап түсіп, қайтадан қорылға басты. Сағатты айтамын-ау. Бір де бір сағат тоқтап қалмапты. Тық-тық соғып тұр. Тек ажал сағаты жеткендер болмаса. Өғ-ғ-ғ! Қайтеді-ей мынау?! Адам опат болып жатса, қайтеді өзі. Енді қайт дейсің бе? Ештеңе! Ештеңе! Әлгі бейбақ секірген жерде иірім тектес екі-үш үлкен шеңбер пайда болған. Бар қалғаны осы. Иә, енді ол шеңберлер де біртіндеп жоғалып барады. Міне, мүлде тып-типыл. Сонымен бірге адам да жоғалды, бұл жалғанда тіпті болмағандай, ізі де қалған жоқ. Бар болғаны осы? Өғ-ғ-ғ! Қайтеді-ей мына кекірігі құрығыр?! Еһе, біреу жылайтын сияқты ма, қалай? (Тыңдайды). Оу, шал жылап жүр ғой. Мәссаған, безгелдек! Қарт адамның жылағаны оғаш көрінеді екен. Кеш жарық, қартым! (Қарт адамның сұлбасы жақындайды). Қарт. (Үлкен қынжылыспен). Ех, пенделерім, пенделерім менің! Соры қалың пенделерім! Қабірші. Неге жыладың қартым? Қарт (қынжыла). Менің қолымнан ештеме келер емес. Аһ, мына бүлінген дүниені өзгертуге дәрменім жетпеді. Қолымнан келер қайран жоқ. Қабірші. Өғ-ғ-ғ! Қайтеді-ей мынау кекірігі. Кешірім өтінемін! Халің мәз емес екен қартым. Байы тастап кеткен қатынға ұқсап, сұңқылдағаныңды қойшы. Өғ-ғ-ғ! Қайтер екен мынау? Ғафу етерсіз! Одан да жөніңді айтшы. Қарт. Уа, менің пенделерім! Осылардың бәрі менің үмбетім емес пе еді? Қабірші. Паһ-паһ! Сен, сонша кім едің? Қарт. Мен – құдаймын! Бірақ маған мойынсұнудан қалған мына қауым. Мені таныр емес. Қабірші. Құдай болсаң, неге жылайсың? Өғ-ғ-ғ! Мынау қайтер екен?! Кешіріп қойыңыз. Құдай. Мен, мына бүлікшілік жайлаған дүниені түзете алар емеспін. Толған атыс-шабыс. Одан қалды, біреу асылып, біреу атылып, біреу суға кетіп жатыр. Құдайдың бұйрығымен өз ажалынан көз жұматындар аз. Бірінбірі жалмап-жұтып барады. Бүгінгі жүз, ертең жүз мыңға жетері анық. Ал, менің оны тоқтатуға қауқарым жоқ. Қалайша жыламайын?! Қабірші. Жағдайың мүшкіл екен, қартым. Өте мүшкіл. Қазіргілер құдайдың барына, оның құдіретіне шек келтіреді, обал, сауап дегеннен жұрдай. Бар пәле осыдан. Құдай. Иә, маған соны мойындау үлкен азап болып тұр. Менің құдай болғанымды қайтейін, мені ешкім танымайды. Пенделердің пиғылын өзгертуге дәрменім жетпейді. О-о-о! Менің үмбеттерім, мен сендердің нығметтерің үшін ешнәрсе жасай алмадым. Қолымнан еш шара келер емес. Бұдан өткен талайсыздық болар ма? Қабірші. Өғ-ғ-ғ! Қайтеді-ей мынау? Кешіре гөрші! Пенделерің шыбындай қырылуда. Өғ-ғ-ғ! Тәңір алсын сені, кекірік. Құдай. Сен неге оңбағандай кекіре бересің? Сұмдық қой мынауың.

Қабірші. Айтары жоқ, өрескел қылық. Жастан бойға сіңген кәсіби дерт қой. Мен – қабіршімін. Құдай. Солай ма? Сен ажалдың шашбауын көтеріп жүр екенсің ғой. Түсінікті. Қабірші. Жоқ, сен ешнәрсе түсінген жоқсың, алжыған шал! Құдай. Ажалмын! Жаңа құдайымын де... Олай болса, айдарыңнан жел есіп тұр екен. Саған ден қоюшылар бүгінде жетіп артылады. Саған тәу етеді, өйткені сеннен қорқады. Қорыққанын сыйлайтын заман туған. Оның үстіне сен шүбәдан тыссың. Сенің әйтеуір бір күні жетеріңді ешкім жоққа шығара алмайды. Сені сөгуге де, жазғыруға да сондықтан дәрменсіз, батылдары бармайды. Иә, күнің туып тұр екен. Сен, ажал, мына жалғандағы жалғыз құдай сен болдың. Сеннен ешкім қашып құтылмайды. Ажал құрығы ұзын. Өзің жонданып алыпсың, ірі сөйлейсің. Келбетің де қатты өзгерген, тым жұмырланып қалыпсың. Мен сені білгенде, ыңыршығың айналған жүдеу, қаңқа қу сүйек емес пе едің? Енді дөңленіп шыға келіпсің. Әбден тоғайып, семіріп алғаның көрініп тұр. Күпініп, ісіп-кеуіп кетіпсің. Бұрынғы ажалдың түрі саған қарағанда әлдеқайда аш-арық еді. Сен ажалдың жаңа құдайы болсаң, боларсың. Ұқсайсың. Ажал. Осылай, жөн сөзіңе көшсеңші. Осы жүз жылдықта тоғайып жал біткені рас. Күйім оңалды. Адамзат баласы, сенің пенделерің соғыстан көз ашпады. Соғыс құрбандары алапат. Айтып тұрмын ғой, шыбындай қырылып жатыр. Қандайы керек? Әне, аязға қатқаны ма, үсігені ме, сүйегі қурағаны ма, шірігені ме толып жатыр. Аткөпір! Өғ-ғ-ғ! Қайтеді мынау! Жүрегімнің кілкіп тұрғанын қарашы! Ғафу өтінемін! Құдай. Кекірігің азып, ықылық атып жүргенің содан екен ғой. Ажал. Тура таптың! Осы жұрт, қыйт етсе, тойымсыз ажал дейді ғой. Жалған! Мына мен, әбден лықа тойғанымнан кекірік атып жүрген жоқпын ба? Рас, тойындым, тоғайдым. Айналаң шыбындай қырылған мүрдеге толып жатса, қалайша кекірігің азбас?! Бас көтере алмай кекіресің...Өғ-ғ-ғ! Кешіріп қой! Құдай. О-о-о! Менің үмбеттерім. Сендерді құтқара алар емеспін. Қайтейін? Қайран менің кәріп болған мүскіндерім... (Кетеді). Ажал. Ал, кетсең, қайырлы кеште бол, қартым! Бар, бар! Бүкіл әлемнің азабын арқалап қайтесің? Одан да жан тыныштығыңды ойласаңшы, барып ұйықта. Байқа, өзің де суға түсіп кетпеші. Әлгіндегі бір пақырдың құлағына да жетер. Көзге түртсе, көргісіз қараңғы болып кетті. Байқап жүрші, қартым. Өғ-ғ-ғ! Ы-ы-х! Қайтеді-ей мынау?! Үйіңе барғаның жөн, қартым. Бәрі-бір сен ештемені өзгерте алмайды екенсің, тыр-тыр қасынып жатпайсың ба одан да! Әлгінде суға секіріп кеткен ескі шинелді, шашы тікірейген бейбақты жоқтамай-ақ қой. О дүниеге мезгілсіз аттанғандардың бәрін сен жоқтап тауыса аларсың ба? Қайсыбірін жоқтарсың? Ымыртта су жағасында қазір ғашықтар мен ақындар ғана жүрмейді екен. Ажал іздегендер де келетін көрінеді. Мынау тасбауыр қоғамда бұдан ары бір сәт тұрғысы келмегендер, немесе тұра алмайтындар мені төңіректейді. Жандарын қорлаған азапқа шыдамай күндердің бір күні діңкесі құрып, Эльбаға жетеді де күмп беріп

толқынға қойып кетеді. Сөйтіп оп-оңай азаптан құтылады. Менің жемсауым кең, бәрін де қылғытып жұта беремін, жұта беремін. Сен оны уайымдап, басыңды қатырып қайтесің?! Ұмыт оны, қартым. Еңіреме енді. Ол міскіннің тірлікте жолы болмаған ғой. Оның несіне қайғырасың? Ондайлар аз ба мына жалпақ дүниеде? Солардың бірі ғана емес пе? Ха-ха-ха! Өғ-ғ-ғ! Енді қайтейін, кекірігі құрығыр, сені?..

Түс

Эльба өзенінің түбі. Майда толқындар шуылы естіледі. Эльба мен
Бекман. Бекман жатқан жерінен басын көтеріп жан-жағына қарайды.

Бекман. Тәңірім-ау, мен қайдамын өзі? Қайда жатырмын? Эльба. Менің иелігімдесің? Бекман. Менің иелігімде дейтіндей сен өзің кімсің? Эльба. Әй, сары ауыз қауға бас, сен Сен-Паульдегі көпірден өзенге құласаң, сонда сен қайда болғаның? Менің кім болғаным? Ойламайсың ба өзің, есер неме? Бекман (таңырқай). Сен Эльбасың ба? Эльба. Енді кім деп едің? Бекман (әлі де таңырқауынан жазбай). Ғажап, Эльбамын де... Эльба. Немене, маған бақырайып қарайсың, ессіз, сорлы бала? Шамасы, мені ақылына көркі сай, ширатылып, мың бұралған қияли бойжеткен деп елестетіп пе едің? Әлде, иығына төгілген шашының әр талы жібектей, бойынан алуан жұпар аңқыған Офелиядай соншалықты қаса сұлу деп ойлап па едің? Мақпалдай тәнін құшып, сол жұпарға тұншыға мәңгілік тыныстағың келген екен ғой. Жоқ, балам, сен қатты қателестің! Мен кәрі мыстанмын. Осы жасыма дейін бойыма тек жағымсыз иістерді көп жинадым. Мен шамалас кәрі өзеннің бәрі сондай. Бізден мұнайдың, көң-қоңыстың, түрлі қалдықтардың және балықтың, балдырдың күлімсі иісі мүңкиді. Одан басқаға иегің қышымасын. Саған өзі не керек бұл арадан? Бекман. Ұйқымды қандырсам деп едім. Эльба. Саған, немене, жоғары жақта ұйықтауға жер жетпеді ме? Бекман. Жер үстінде ме? Жо-жоқ! Ендігі көрмегенім жердің беті болсын. Ол жақтағы көрген азабым мен қорлығым жеткілікті. Бұдан әрі оған шыдай алмадым. Мен ойыннан шығып қалған, иә, иә, оңбай ұтылып шыққан қасқамын. Енді тек алаңсыз ұйықтағым келеді. Тұяқ серіппей, тіл тартпай кетсем деп едім. Менің ендігі тілегім ұйқы ғана, қалың ұйқы. Маған ұйықтауға маза беріңдерші. Мәңгілік ұйқыға кетейін. Эльба. Қиыншылықтан қашып құтылғың келген екен ғой, сары ауыз балақай, солай ма? Ауыртпалыққа басқа жұрт шыдайды да, бұл шыдай алмайды екен, көрдіңдер ме? Сен, немене, басқалардан артықсың ба? Қиындықтан құтылудың ең оңай жолын тапқан екенсің. Екі жастың біріне келмей жатып бұл адам төзгісіз қорлық көре қалыпты. Бұл жалғаннан

түңілерліктей көпті көрген, басы жерге жеткен қартсың ба? Айтшы, нешедесің өзің? Бекман. Жиырма бестемін. Қажыдым, ұйықтасам болар еді. Эльба. Әй, жиырма бес, маған мынаны ұғындыршы, жарқыным. Қалған ғұмырыңнан неге бас тарттың? Жер үстінде адам төзгісіз қандай қорлық көре қалдың? Неден түңіліп, жас жаныңнан неге бездің? Бекман. Бәрінен, бәрінен безіндім. Мен енді жер бетінде тіршілік ете алмаймын. Бұдан арыға шыдамым жетпеді. Аштық қысты, ауру асқынды, жаралы аяқ сыздап жегідей жейді. Үйіме барып, дамылдайын десем, төсегім бос емес, біреу иеленіп алыпты, өзімді қуып шықты. Ыстық ас пен жайлы орын маған еш жерден бұйырмады. Маған жоғарыда орын қалмапты. Ондай тіршіліктің керегі не енді, түсінсеңші! Эльба. Жоқ, түсінгім келмейді, күйреуік неме, естисің бе?! Мен сендейлерді түсінбеймін. Онысы несі, маған? Мұның әйелі басқамен көңіл қосып кетеді екен, соғыста аяғынан жараланады, қарыны шұрқырайды, сонда деймін-ау, бірден суға күмп беріп, менің етегімнің астына келіп тығылуы керек пе? Қара өзінің ақылдысын! Егер ішегі шұрқырағандардың бәрі ағып өлсе, жер-анамыз айнатаздың басындай жалтырап бос қалмай ма? Жоқ, бұл ойының жүзеге аспайды, жас жігіт. Мені оңайшылықпен алдай алмайсың. Мен сені суға кеткендердің санатына қоспаймын. Шалбарыңды шешіп тұрып, дүрелер ме еді өзіңді. Иә, иә, бәлкім, сонда ақыл кірер. Бекман. Өмір мені аз соққылаған жоқ. Жастай тағдырым қақпақылға түсті. Соғыста да, одан кейін де көрген азабым жүз жасаған қарттан бір кем емес. Маған енді тек мәңгі ұйқыға кету ғана қалды. Жетпегені сенің таяғың еді... Эльба. Мейлі, аттай алты жыл әскерде, майдан шебінде жүрсең қайтейін. Бәрі де соғысты. Жаппай соғыс алаңына айналдық. Мүгедек болып оралған жалғыз сен бе? Ел іші қаптаған мүгедек. Тәні мүгедек болмаса, жаны мүгедек. Соның бәрі маған келіп, суға кетіп өліп жатқан жоқ қой. Өз төсегің бос болмаса, басқа төсек ізде. Бұрынғы әйеліңнен өзге ұрғашы құрып қалып па? Басқасын тауып ал. Онысы несі маған? Сенің ажалыңның маған түкке де керегі жоқ. Бекер обалыңды көтергім келмейді. Еңбек өтілің мен өмір тәжірибең әлі аздау. Сен одан да мені – кәрі мыстанды тыңда, көгершінім: бар, бара тұр. Әлі де ғұмыр сүр. Ұрыл-соғыл! Сені біреу таптаса, сен біреуді тапта. Алыс-жұлыс! Есеңді жіберме! Көрешегіңді көрмей, көрге кірмейсің. Әбден мылжа-мылжаң шығып, қарттық жеңіп, барар жер, басар тау қалмағанда келерсің, сонда сөйлесерміз. Ал, қазір, қиқаңдағанды қой да табаныңды жалтырат, жігітім. Ұқтың ба? Сенің жас жаныңның маған қажеті шамалы. Өзімдікін өзіме бұйыртсын! Біреудің жаны біреуге жан болмайды, жарқыным. Қайқай! Бекман. Жаным мәңгі жай табар ма екен деп саяңа келіп едім. Кең құшағыңды аяйсың ба, қақпас? Эльба. Тіліңді тарт, адамзаттың талайсыз ұлы! Мені тілдеме, сорға туған қырына алған аяусыз заманыңа жыла. Соған айт зарыңды, запыраныңды. Бері келіп, құлағыңды тосшы, бір нәрсе дейін. (Ақырын).

Менің сенің өзіңе өзің қол жұмсағаныңды ұрғаным бар. Білдің бе, аузынан емшек сүті арылмаған бейбақ. Қара да тұр, қазір сені қайтер екенмін?! (Дауысын соза қатты). Әй, жігіттер, барсыңдар ма? Мына мүскінді Бланкенезенің тұсына қарай жағалауға шығарып тастаңдаршы. Тірліктің жалына жармасып, тағы да бағын сынап көрсін. «Аяғым жаралы», - дейді ғой, ақырын, байқаңдар. Өзінше мықтымсып, өлімнен қорықпаймын дегісі келген ғой бұның. Мықты болса, жағаласып, жанталасып, арпалысып, мынау аласапыран заманда өзіне тесілі орны мен несібесін тауып алсын әуелі, соры қалың бейбақ. Бәлкім, дәм-тұзы таусылмаса, жеңер...

Бірінші көрініс

Кешкі шақ. Жел, сонымен бірге таяу арадан судың жағалауды ұрған
шуылы естіледі. Сахнада Бекман мен Біреу.

Бекман. Бұл кім? Бейуақытта жүрген адам ба, шайтан ба, кім өзі? Ей, тіл қатсаңшы! Кімсің? Біреу. Мен. Бекман. Мен дегенің кім еді? Біреу. Мен – Біреумін ғой. Бекман. Қайдағы біреу? Атың жоқ па? Біреу. Менің атымның өзі Біреу. Мен сенің өткеніңнен келдім. Мен саған ілесіп, ізіңді бағып жүрген Біреумін. Бекман. Бұрынғы өткен күндерден келдім дейсің бе? Атам-заманнан. Ендеше сен біздің көшеден екенсің ғой. Бір мектепте оқыған болармыз. Аулада, мұз айдынында бірге ойнаған шығармыз. Біреу. Тек ол ғана емес. Смоленск түбіндегі қарлы борандағы шайқаста да қасыңда болғанмын. Горький түбінде доттың аузында жанұшырып жаныңда жүрдім. Бекман. Сталинград шайқасында ше? Сол жерде де болып па едің? Біреу. Иә, сол жерде де... Міне, бүгінгі кеште де жаныңдамын. Ертең де. Сеннен ажырамай бірге жүремін. Бекман. Ертең де? «Ертең» деген жоқ. Ертең тумас. Ертеңгі таң менсіз атар. Сенің жүзіңді көрмей тұрмын. Кескіні көмескі сен өзің кім едің? Кісімсімей жоғалшы! Біреу. Сен меннен қашып құтыла алмайсың. Біле білсең, мен сенің егіз қозыдай сыңарымның, өзіңмен қашанда біргемін. Күндіз де, түнде де. Жүрсең де, тұрсаң да, отырсаң да, жатсаң да қасыңнан табыламын. Бекман. Ендеше, менімен бірге мамық төсекке жатар екенмін деп дәмеленбе. Жөніңді тап! Менімен бірге ешқашан жайлы төсекке жата алмайсың. Өйткені менің төсегім жоқ. Сондықтан міне, жағажайда құмға, балшыққа аунап жатқан түрімді көрмейсің бе? Біреу. Несі бар, мен де балшықтан тұрдым. Сен қайда болсаң, мен де сондамын. Айтып тұрмын ғой, сен меннен ажырай алмайсың.

Бекман. Сен, өзіндік бетің болмаған соң маған жабысасың. Маған жармаспай, жөніңе кет. Жоғал! Біреу. Сен меннен қашып құтыла алмайсың. Сен менің өзіндік бетім жоқ екен деме. Керек десең, менің түр-түсім көп, жүз, әлде мың. Мен әркімге таныспын. Менің дауысыма әркім қанық. Мен Біреумін, әрқашан қасыңнан табыла кететін басқа адам кейіпіндегі өзіңмін. Сен жоқ десең, мен бар деймін. Сен жылағанда мен сақ-сақ күлемін. Әбден қалжырап шаршағаныңда тыныстауға мұрша бермей, қуалайтын да сені мына менмін. Әрбір басқан ізіңді жансыздай аңдимын. Мен оптимистпін, зұлымдықтан ізгілік көре білемін, тас қараңғы қапас түнекке себезгілеген сәуле түсіруші жарықпын. Мен сондықтан ізгілікке сенемін, бәріне күле қараймын, бәрін де жақсы көремін. Ақсақ аяғыма қарамастан алға ентелей басамын. Сен «жоқ болмайды» дегенде «болады» деп айтатын менмін. Мен алға ұмтыламын. Мен, мен сенің екінші меніңмін. Бекман. Ендеше, «иә, иә», «болады» деп қалағаныңша қақсап айта бер. Бар енді жоғал. Сені көргім де келмейді. Маған ештеме керек емес. Ештеменің керегі жоқ. Жоқ! Естимісің, бара бер! Біреу. Естіп тұрмын. Сондықтан кете алмаймын. Жоқтан басқа аузыңнан сөз шықпайтын сен өзі қандай адамсың? Бекман. Мен Бекманмын. Біреу. Азан шақырып қойған атың жоқ па? Бекман. Жоқ. Бұрын болған еді, кешеден бері атым жоқ. Кешеден бері мен жай Бекман аталамын. Тек Бекманмын. Стол, орындық деген үйреншікті жансыз зат атауы сияқты. Біреу. Сені заттың атауысың деген кім? Бекман. Әйелім. Дәлірегі «бұрынғы әйелім», - дегенім ғой. Мен бұл жақта аттай алты жыл болмап едім. Оның үш жылында Россияда майданда, тағы үш жыл Сібірде кеңес түрмесінде тұтқында жүрдім ғой. Кеше оралдым үйіме. Бар пәле сол кейінгі үш жылда жатыр. «Үш жыл, біле білсең, Бекман, аз уақыт емес», - деді әйелім. Дауысында, апырмай, не таңданыстың, не бір қынжылыстың қылаудай табы білінсейші?! Мұздай суық. Мені күнде көріп жүрген кісідей-ақ. Менің атымды атағанда үні қан-сөлсіз, жансыз әлдебір затты айтқандай қатқыл, әрі жат шықты. Қалай дегенмен, үш жыл көріспеп едік қой. Ол стол, орындық, тағы әлдеқандай затты атағандай елеусіз. «Е, келген Бекман екенсің ғой», - дегендей қарап тұр. Мен солай, үйдегі басы артық заттай Бекманмын. Кез-келген сәтте лақтырып тастап, меннен құтылуға болады. Міне, көрдің бе? Бұдан былай менің азан шақырып қойған атым жоғалған. Түсінген шығарсың? Біреу. Неліктен сен жағалауда жатырсың? Түн ортасы ауды, су-су болып мына жатысың не? Бекман. Жоғары өрлеп жүруге шамам жоқ. Көрдің бе, жаралы аяқ бүгуге келмейді. Жүрмек түгіл, біреудің сүйемелінсіз орнымнан тұруымның өзі мұң. Соғыстан алып қайтқан ескерткішім. Жақсы-ақ ескерткіш! Мұндаймұндай болмаса, соғыс тез ұмытылып кетеді ғой. Ал, менің оны ұмытқым келмейді. Түсінесің бе, ұмыта алмаймын.

Біреу. Неліктен су жағасында жатырсың деймін саған? Бекман. Суға түсіп кеттім. Біреу. Ей-й! Қор болған есіл ерім-ай! Құлап кеткен екенсің ғой. Қап! Тұр, ендеше. Бекман. Байқаусызда құлаған жоқпын. Әуелі тыңдасаңшы. Мен суға кетіп, қарамды біржолата батырайыншы дегенмін. Қасақана өзім құладым ғой. Қорлауға одан әрі төзе алмадым. Ауру аяқ сыздап жанымды жегідей жейтін еді. Тән жарасына енді жан жарасы қосылды. Әйелімді, бұрынғы әйелімді, айтамын-ау: «Бәрі-бәріне, ұзаққа кеткен өзің кінәлісің» - деп жаздырды емес пе? Ал, оның жанында пайда болған едірейген біреу, маған ырылдап айбат шегіп, ырсиған азуын көрсетеді. Мынау тегіс қираған төңіректі көрмейсің бе? Айналаң түгел құлаған үйлердің орны. Құм, тас, топырақ, күл-қоқыс. Бұл бұрынғы Гамбургтің жұрнағы, ескі жұрты. Осы үйінділердің бірінің астында менің ұлымның мүддесі, сүйегі жатыр. Мен кеткенде бір жасар еді. Мен оны көре алған жоқпын. Есесіне, қазір күнде түнде түсімде көремін. Оның үстіне мың батпан тас құлаған. Мен соны көтере алар емеспін. Жанымды аяусыз жаныштауда. Мен осы азаптың бәрінен бір сәтте мүлдем арылғым келді. Маған соның ең оңайы көпірден суға құлау еді. Күмп бердім. Бар болғаны осы. Біреу. Содан күмп ете түстім дейсің ғой. Е-е-е! Сен жайсыз түс көріп оянған екенсің ғой. Су жағасында балшықта жатыр емессің бе? Соның әсері ғой, жағымсыз түс көргенің. Тұр орныңнан. Бекман. Түс дейсің бе? Иә, иә, ол да болуы мүмкін. Бұл аштықтың салдары. Түс, әрине түс. Ендеше менің түсіме Эльба кірді. Эльбаның түбінде жатыр екенмін деймін. Содан Эльба мені алды да шырт түкіргендей жағалауға атып жібергені. Менің жанымды алмаған екен деймін. Тірліктің жалына жармасып, тағы да бағыңды сына дейді. Ал, менің ешқандай әл, дәрменім қалмағандай. Сенің обалыңды көтергім келмейді, еңбек өтілің аз, әлі ештеменің иісі мұрыныңа бармайтын сарыауыз балапансың дейді. Сенің жаныңның маған түкке де керегі жоқ, әлі де ащы-тұщының дәмін аяусыз тат, ұрыл-соғыл! Мен, сенің азаптан оңай құтыла салғың келгеніне пысқырмаймын, білдің бе пысқырмаймын деп базардағы долы қатындардан бетер ұрысып, жағалауға лақтырып тастағаны. Содан, міне, Бланкенезенің жағажайында малмандай су болып, жаурап жатқаным. Мен онсыз да бір жылынбаушы едім. Россияда суық етімнен өтіп сүйегіме жеткен секілді. Суыққа ол жақта тоңудай-ақ тоңдым ғой. Эльба оны қайдан білсін? Эльба мыстан кемпір екен деймін. Осының бәрі маған аштықтың салдарынан кірген түс болар. Тағы әлдебіреу келе жатыр ма? Біреу. Иә. Әлдекім қараңдайды. Әйел ме, соған ұқсас сияқты. Мархабат, әне өзі де жақындады. Жас келіншек. Кім бар мұнда? Әлдеқандай дауыс естігендей едім. Біреу: «Хелло», - деді ғой. Бұл арада жан баласы бар ма өзі? Бекман. Біз бармыз. Төменде су жиегінде жатырмын. Жас келіншек. Жиекте жатқаны қалай? Қайдасыз? Неге тұрмайсыз?

Бекман. Көрмей тұрсыз ба? Жартылай суда жатқан жоқпын ба? Тұра алсам осылай жатар ма едім? Жас келіншек. Неге тұра алмайсыз? Тұрыңыз. Су жиегіндегі қарайғанды көріп, өліп жатқан біреу шығар деп шошып кетсем. Тірі екенсіз ғой. Бекман. Менің өліктен еш айырмашылығым жоқ. Оған сендіре аламын, шүбәңіз болмасын. Жас келіншек. Сіз біртүрлі одағай сөйлейді екенсіз. Бұл арадан кейінгі кезде өліктер көп кездеседі. Кейбіреуі ісініп, былжырап жатады, қайсыбірі аруақтай әппақ болып, адамның есін кетіреді. Қалай қорықпайын? Құдайға шүкір, әйтеуір, сіз тірі екенсіз. Тек шылқылдап су болған сияқтысыз ғой. Бекман. Мен сумын және өліктей суықпын. Жас келіншек. Тұрыңызшы енді. Әлде жаралысыз ба? Бекман. Солай екені рас. Аяқтан жараланғанмын. Россияда. Содан бүгілмейтін тізенің кесірінен солтақтап бір жағыма қисайып жүретін болғанмын. Кейде мен алға қарай бассам да кейін кететін секілдімін. Ал, жоғары қарай, атамаңыз, өрлеп көтеріле алмаймын. Жас келіншек. Қане тұруға тырысыңызшы. Мен көмектесейін, әйтпесе, кеудесі құрлықта, құйрығы суда жататын адам-балыққа айналып кетерсіз. Бекман. Сіз мені өз аяғынан тік тұра алады деп ойласаңыз, тұрып көрейін. Міне қалқиып тұрған секілдімін. Тәңірі жарылқасын сізді. Жас келіншек. (Жігітті демеп ілгері жылжиды). Тұрып қана қоймай, жылжып жоғары өрлеп келеміз. Сіз малмандай су, әрі мұздай суық екенсіз. Мына арада мен кездеспегенде балыққа айналып кетуге шақ қалыпсыз. Өзіңіз де балықтай мылқауға ұқсайсыз. Мен сізге бір нәрсе айтайын ба? Бола ма? Менің үйім жақын, мына арада, таяу жерде. Менімен бірге жүріңізші. Өтінемін. Үйде құрғақ киім де бар. Әлде сіз тым шамшыл, намысқойсыз ба? Әлдеқандай әйелдің көмек қолын созғанын қаламайсыз ба? Еһ, намысшыл адам – балық. Сіз барып тұрған сұп-суық, мылқау балықсыз. Басқа ешкім емес. Бекман. Сіз мені үйіңізге ертіп барғыңыз келді екен ғой. Жас келіншек. Иә. Тек баруға сіздің көңіліңіз соқса дегенім ғой. Мен мұны сіздің су болған, тоңған түріңізді көрген соң айтып тұрмын. Әйтпесе, басқадай себебі жоқ. Сіз өте ұстамды, бейбастақ қылығы жоқ ажарсыздау жігіт көрінесіз, апарғаныма өкіне қоймаспын. Бекман. Әрине. Басқадай себеп жоқ. Басқадай қандай себебі болуы мүмкін? Менің су болған, жаураған түрім ғана сізде аяушылық сезімін туғызды. Солай емес пе? Жас келіншек. Иә, ие. Өзге себеп жоқ. Тек соны айтқанда даусыңыз әлденеден күдер үзгендей жабырқау естілді ғой. Солғын, қапалы шыққандай. Мұның бәрі қалжың. Ал, жүріңіз мылқау балық. Бекман. Тоқташы! Өзіңіз жүр деп алып, меннен қашып бара жатқандайсыз. Мен ілесе алар емеспін. Асықпай жүріңізші. Жас келіншек. Аһ, мен байқамай қалыппын! Біз әбден қартайған, тілаузы жоқ балықтар екенбіз ғой. Ал, ендеше, ақырын жүрдік. (Екеуі кетеді).

Біреу. Кетті. Жас келіншек ертіп алып кетті. Мен осы екі аяқтыларды түсінбеймін. Қызық халық өздері. Әуелі өлімге соншалықты құштарлық пен ажалына қарай ұмтылады, суға кетеді. Жағаға шығып, есінен танып жатқан қасқа қасынан қайқы төс, жалбыр шаш, ұзын етек біреу өтіп бара жатыр еді, дереу соған жармаса кетті. Бұл дүние оған қайта құлпырып сала бергендей. Енді ешқандай өлімге құлқы соқпайды. Мәңгі жасай бермек. Осының бәрі тәні мақпалдай, шашы жібектей ұрғашының болмашы жұпар аңқыған иісіне бола. Олардың иісінің ғажап сиқыры бар. Сол үшін әлдебіреулер жанын қиса, енді біреулер ажал аранынан бас көтеріп тұрады. Керемет емес деші! Тіпті, жаңа көз алдымызда, мынау қырсығы арылмаған, адыра қалған, қарғыс атқан қара жерде жанына сая таба алмағандықтан суға кеткен міскіннің шалажансар тәнінің өзі тіріліп, ұзын етектінің соңынан ілесіп кеткен жоқ па? Оларды бұл жалғанға қайта оралтатын – қиыла-сүзіле қарайтын жәудір көз бен нәзік қол, аққу мойын, талма бел, сосын аз-кем жылы шырай мен жылы лебіз ғана. Басқа түк те емес. Соның өзі жартылай өліктің өзіне жан бітіріп жіберер. Ені аяқтыдан асқан мақұлық жоқ шығар жер бетінде.

Екінші көрініс

Бөлменің іші. Есік ашылып жабылады. Бекман мен жас келіншек.

Жас келіншек. (Ойнақы). Қане шам жарығымен анықтап қарайыншы, қармағымды қандай балық қапты екен? Қандай балық аулағанмын өзі? Кәне, кәне! (Жігітті шыр айналып қарап жүр. Көңілдене күледі). Мынауыңыз не зат, құдай үшін, айтыңызшы. Бекман. Бұл ма? Бұл – көзілдірік. Иә көзілдірік. Тек, сіз, күлмеңізші. Өкінішке орай, бұл менің көзілдірігім. Жас келіншек. Сіз осыны көзілдірік дейсіз бе? Сіз өзіңізді әдейі сайқымазақ етіп көрсетуге тырысасыз-ау, меніңше. Бекман. Ешқандай сайқымазақ емес. Иә, бұл менің көзілдірігім. Сіздің күлетіндей жөніңіз бар, оның сыртқы түрі қолапайсыздау: мына қаңылтыр жақтауы, құлаққа қыстырып қоятын сояудай ілгіші, мұрынға ілінетін имек сұр бауы сұмдық көріксіз. Білемін. Онсыз да өзі ажарсыз келбетті одан сайын ұсқынсыз, топас көрсететіні рас. Бүкіл бейнем роботтың қаңылтыр беті секілді көрінетін болар. Әлде противогаз киіп алған сияқтымын ба? Иә, бұл противогаз үшін жасалған көзілдірік. Жас келіншек. Противогаздың көзілдірігі дейсіз бе? Бекман. Иә. Мұны көзі нашар көретіндерге противогаздың сыртынан киюге беретін. Әйтпесе, ештеме көре алмайды ғой. Жас келіншек. Оны енді неге киіп жүрсіз? Тастамайсыз ба? Кәдімгі көзілдірік кимейсіз бе? Бекман. Сол шіркін жоқ болып тұр ғой. Бар еді, жарылыс кезінде тасталқаны шыққан. Көзілдіріксіз жүре алмаймын. Бұл енді жоққа қарағанда жақсы ғой. Білемін, сұмдық ұсқынсыз көрінемін. Содан өзімді қолайсыз сезінемін, жұрттың бәрі маған күле қарайды. Оған етім үйреніп кетті.

Жұрттың күлгенін қайтейін, маған көзілдірік кию керек, әйтпесе бір қадам баса алмаймын. Көзілдіріксіз құрдымға кетемін. Шын айтамын. Мен онсыз ешнәрсе көре алмаймын. Ештемеге жарамаймын. Жас келіншек. Солай ма еді? Ешнәрсеге жарамайтыныңыз рас па? (Мысқыл аралас күледі). Бұл өрескел сөлекет затты маған бере тұрыңызшы. (Жігіт көзілдірігін шешіп қыздың қолына ұстатады). Міне, бұныңыз оқсаған шаруа болды. Меннен бұны кетеріңізде бірақ аласыз. Мен де алаңсыз болайын. Бұнсыз ешнәрсе жасай алмаймын дедіңіз емес пе? (Екіұштылау күледі). Осылай сенімдірек. Сіз көзілдіріксіз мүлде басқаша көрінеді екенсіз. Меніңше, дүниенің бәрін мына противогаздың сүйкімсіз көзілдірігі арқылы көрген соң екен ғой сіздің соншалықты жабырқау, көңілсіз болатыныңыз. Әрі барша болмысты жағымсыз жағынан қабылдайсыз-ау деймін. Бекман. Көз алдымның бәрі бұлдырап, көмескіленіп кетті. Көзілдірігімді беріңізші. Мен ешнәрсені түстеп ажырата алар емеспін. Сіз де алыстап кеткендейсіз. Анық көре алмай тұрмын. Жас келіншек. Тіпті оңды болды. Маған да сіздің мені анық көрмегеніңіз керек еді. Сізге де осылай жарасады, көзілдіріксіз кәдімгідей тартымды, көрікті жігіт екенсіз. Ал, мына үрейді ұшыратын көзілдірігіңізбен көрден шыққан аруақтың елесіне ұқсайсыз, адамды шошытып. Бекман. Бәлкім, мен елес емес, нағыз аруақтың өзі шығармын. Мен сан мәрте өліп, қайта тірілген жанмын. Мен – бүгінде ешкім жүздескісі келмейтін, көрсе танудан жалтарып кететін өткен күннің елесімін. Мына бейбіт әлемге соғыстың сойқан сұмдықтарын еске түсіру үшін жүрген жүздеп, мыңдап, жүз мыңдап, миллиондап жер жастанған аруақтардың елесімін. Жас келіншек. (Аялай, жылы үнмен). Менің аулаған балығым қабағынан қар жауғандай қандай көңілсіз аруақ! Мен білсем, сіздің ішіңізде де противогаздың көзілдірігі бар шығар-ау. Е-еһ, менің шақа балыққа айналып кетпеген аруағым. Көзілдірігіңіз менде қалсын. Бір кеш көз алдыңыз бұлдырай тұрса, дәнеңе етпес. (Келіншек барып киім-кешек алып келеді). Жас келіншек. Мына дүниелерді киіп, су болған киіміңізді ауыстырыңыз. Кие тұруға жарап қалар. Бекман. (Жейде мен шалдарды алып, үстіне жапсыра ұстап, өлшеп көреді). Ого! Мынау бір алыптың киімі ғой. Киімі мынандай болғанда өзі қандай екен! Кім де болса да сом тұлғалы біреу болды ғой. Жас келіншек. Ол сом тұлғалы жігіт бір кездегі біздің күйеуіміз болатын. Бекман. Бұл киімдер күйеуіңіздікі ме еді? Жас келіншек. Енді қалай деп ойлап едіңіз? Мен ерлер киімін сататын сатушы, не қоймасын ұстаушы деп пе едіңіз? Күйеуімдікі болмағанда, түн ортасында қайдан ала қойды дейсіз? Күйеуімдікі. (Жігітке қоймастан шинелін шешкізіп, күйеуінің жейде, пенжегін кигізеді). Бекман. Ол өзі қайда? Күйеуіңіз?

Жас келіншек. (Мұңды, өкініш аралас ақырын). Мен қайдан білейін?! Аштан қатты ма, үсіп өлді ме, оққа ұшты ма? Белгісіз. Сталинград түбіндегі шайқастан кейін хабарсыз кетті. Міне, үш жылдың жүзі болды. Жоқ. Бекман. (Сілейіп, аңтарылып тұрып қалған). Сталинград түбінде... Сталинград майданы де... Иә, иә, Сталинград майданында қаншама жазықсыз ғұмыр қыршынынан қиылып, ажал апанына қойдай тоғытылды? Кім үшін, не үшін? Оның бұл жалғанда сұрауы, оны ақтаудың сылтауы бар ма? (Пауза). Ақты аныққа шығарар күш бар ма? (Пауза). Иә, ол қанқасаптан аман шыққандар ілуде біреу. Олар келіп, шейіт кеткендердің киімін киеді екен? Қандай кереғар дүние! Мынау киімдердің заңды иесі – алып тұлғалы азаматқа, сіздің еріңізге майдан даласынан оралуды маңдайына тәңірі жазбапты. Ал, дәм-тұзы таусылмаған мен пақыр қайтып келіп, оның киімін киіп тұрмын. Бұдан өткен әжуа болар ма? Барып тұрған тағдыр тәлкегі! Мына киімдер иесіне қандай жарасты екен?! Ал, маған қолапайсыз, лайықсыз. Маған арналмаған. Мен бұларды қазір шешіп тастайын. (Асығыс шешінуге оқталады). Кие алмайды екенмін. Өзімнің су болған қырықшоқпытымды іліп алайын үстіме. Мына бөтен киім менің тынысымды тарылтып барады. Бұл киіммен мен әкесінің пенжегін киіп алған сайқымазақ жас балаға көбірек ұқсаймын. Күлкілі! Иә, мен онсыз да зұлмат соғыстан қалған жұрттың үрейін ұшырар сайқымазақ емеспін бе? Жоқ, мен бұл киімдерді кие алмайды екенмін, шешіп тастайын. Жас келіншек. (Жылы үнмен өкініш аралас). Тынышталшы, адамбалық. Өтінемін, шешпей-ақ қойыңызшы. Біле білсеңіз, сіз – адам-балық маған осы киімдермен жағып тұрсыз. Күйеуімді есіме түсіресіз. Кең болса, қайтер дейсіз? Бір кеш иығыңызға іле тұруға неге жарамасын? Тек шаш қойысыңыз келіспеген. Шашыңызды Россиядан қидырып келген шығарсыз. Көзілдірік, бүгілмейтін тізе, оның үстіне ерсі шаш қойысыңыз бәрі – Россияның салған таңбасы. Бәрін бүлдіріп тұрған осы шаш. Мен сізге күледі екен деп ойламаңыз, мылқау балық. Күлкі менің иемді алған? Жүргенде бір жарыққа қарай қисайып, орай басатын бүгілмей қатып қалған аяғыңыз, үрпиген шашыңыз, әкесінің киімін киген баладай солбырайған ұсқынсыз кейіпіңіз күлкілі емес, жан түршіктіретіндей аянышты. Жоқ, мылқау балық, жоқ, мен күлмеймін. Күлкі менің не теңім? Мен еңіреп тұрып жылауға бармын. Қасірет табы тұнған жанарыңызбен үн-түнсіз түнере қарағаныңыз адамның жанын алай-түлей етеді екен. Бірнәрсе деші, мылқау балық. Тіл қатшы. Мына төрт қабырғаға телмірген үнсіздіктен құтқаршы. Мынау жалпақ әлемде жалғыздық, үнсіздік төзімімді тауысып барады. Сөйлесеңші адам-балық. Бүкіл кеш бойы қақшиып тұрасыз ба? Кел, жақындашы бері таман. Кел, отырыңыз менің қасыма. Жақындасайшы, естисіз бе? Шешпеңіз, шешпеңізші, күйеуімнің киімін. Тым құрыса, оның елесін көргендей болайын. Қорықпаңыз, мен сізді жеп қоймаймын, шикі балық. Ақыры, мен бұлдырап көрінеді екенмін, көзіңізді мүлде жұмып алсаңыз да еркіңіз білсін. Тек жақынырақ келіп, құлазыған көңілімді бір нәрсе деп аулаңызшы. Әлде, сіз мына үрейлі тыныштықты сезбейсіз бе? Тыныштық сізді алаңдатпай ма?

Бекман. (Қобалжып). Керісінше, сізге үнсіз қарап тұрудың өзі жаныма шуақ құйғандай. Иә, иә, бейбіт күннің жылы шуағындай мамыражай. Сол шуаққа қарай ұмтылсам, басқан қадамым кейін кететіндей. Бір тылсым күш мені кеудемнен кері итеретіндей. Мен түк түсіне алмай тұрмын, маған бір нәрсе көрінген болар. Жас келіншек. (Күліп). Қайдағы жоқты айтпаңызшы! Алға, артқа, жоғары, төмен, ойлы-қырлы жүгіріп, сіз әбден запыс болған адамсыз. Жылы үйде, жас әйелдің қасында тұрғаныңызға сенгіңіз келмейді. Алайда солай, мен қасыңыздамын. Бұл бүгінгі күннің шындығы, күліңіз, шаттаныңыз! Бәлкім, ертең сіз де, мен де балыққа айналып кетерміз. Су түбінде ісіп-кеуіп, былжырап, сұп-суық болып жатармыз. Мұздай суық, тастай мылқау! Ал, бүгін жайраңдап отырмыз, жүрегіміз бойға ыстық қан таратып, лып-лып соғады. Естіп тұрсыз ба? Бір нәрсе десеңізші мылқау балық. Дәл бүгін меннен қашып құтылады екенмін деп ойламаңыз. Білдіңіз бе? Дегенмен, есікті жауып қойған артық болмас. (Тұрып барып есікті жауып келеді). Бекман. Қорықпаңыз, ешқайда қашып кетпеспін. Мен мылқау балық та емеспін. Қажет десеңіз – сөйлейін. Есікті жаппай-ақ қойсаңыз да болар. Жас келіншек (Ойнақы, көңілді). Е, бәсе! Сөйлеңізші! Менің мылқау балығыма тіл бітті. Елестен адамға айнала бастады. Бекман (бірдемеге алаңдаған). Мені бір нәрсе басып-жаншығандай қысылып барамын. Мен құрдымға құлап кеткендеймін. Тұншығып барамын. Бұл менің көзілдірік кимегенімнен болу керек. Айналам тұман секілді, ешнәрсе көрінбейді. Ауа жетпей тынысым тарылып кетті. Жас келіншек. (Үрейлі). Сізге не болды? Не болды, айтыңызшы? Түріңіз өзгеріп кетті ғой. Бекман. (Жан-жағына алақтап қарайды). Мен есімнен адасып барамын, рас! Көзілдірігімді бер. Жылдам. Бұл, бәлкім көз алдым тұманданғаннан шығар. А-а-а! (Шошынғандай шалқалап). Сенің артыңда біреудің сұлбасы тұрған сияқты. Бағанадан кетпей тұр. Зор денелі. Сенің күйеуіңе ұқсайтын сияқты. Түсінесің бе, зор денелі, сенің күйеуің секілді. Бұлай болуы мүмкін емес қой? Мұның бәрі көзілдірігімді кимегенімнің кесірі. Зор денелі жігіттің бір аяғы жоқ. Әне, анық көріне бастады. Жалғыз аяқты, қос балдақты дәу. Естисің бе: тоқ-тоқ, тоқ-тоқ. Бұл балдақтың дыбысы ғой. Сезбейсің бе, ол сенің тура артыңа жақындап келді. Неғып сен оның демін сезбейсің? Көзілдірігімді қайтаршы. Мұның бәрі көзілдіріксіз, төңірегім қарауытып кеткен соң пайда болған елес шығар. Оны көргім келмейді. Көзілдірігім... Міне, ол саған тіпті тақау, жанаса тұрды ғой.

Келіншек ышқына айқайлап, жүгіре жөнеледі. Есіктің сықырлап ашылып-жабылған дыбысы естіледі. Енді тоқылдаған балдақ дыбысы анық естіліп жақындай түседі.

Бекман. (Сыбырлай). Бұл, бұл сен бе едің?

Жалғыз аяқты жігіт. (Бірқалыпты роботтың үніндей қырылдаған дауыспен). Сен мұнда неғып жүрсің? Ей, сен! Менің киімімді киіп, менің орнымда, менің әйелімнің қасында қайдан жүрсің? Бекман. (Сілейіп тұрған бойы). Сенің киімің? Сенің орның? Сенің әйелің? Жалғыз аяқты жігіт. (Бастапқы үнімен сәл қажыңқырай). Иә, тап сені айтамын. Не істеп жүрсің мұнда? Бекман. (Амалы таусылған адамдай). Кешегі түнде әйелімнің қасындағы еркектен мен де дәл осылай деп сұраған едім. «Менің жейдемді киіп алып, менің төсегімде неғып шалжиып жатырсың?» - деп сұрағанмын. Ол бар болғаны, иығын қиқаң еткізді де маған не дегенін білесің бе? «Не істеп жатырсың дегенің қалай? Адам төсекке жатқанда не істеуші еді?..» - дегені. Мен бұрылып жүре бердім. Жоқ, әуелі бөлменің шамын сөндіріп, есікті тарс жауып, сосын көшеге атып шықтым. Жалғыз аяқты жігіт. Бері таман, жарыққа келші. Мен сенің жүзіңді көрейін. Жақындашы. (Таңдана). Бекман! Бекман. Иә. Бұл менмін Бекман. Бірақ сен мені танымайтын шығар деп ойлап едім. Жалғыз аяқты жігіт. (Ақырын бірақ жан түршігерлік өкінішпен). Әй, Бекман... Бекман... Бекман... Бекман. (Қатты қынжылыспен). Атама, атама менің бұл атымды. Мен бұдан былай Бекман болмаймын. Тоқтат! Жалғыз аяқты жігіт. (Жазғырусыз). Бекман, Бекман. Бекман. (Алақтап, айқайлап). Бұл мен емеспін! Мен бұдан былай Бекман болғым келмейді. Бола алмаймын. (Жүгіре басып, шығып кетеді). Есіктің ашылып жабылған дыбысы естіледі. Дала. Тыныш көшемен әлдекім жүгіріп бара жатқандай. Біреу. Тоқта! Бекман, тоқта. Бекман. Бұл кім тағы. Біреу. Мен. Біреумін ғой. Бекман. Тағы сен бе едің? Қайтадан келдің бе? Біреу. Мен әлі осындамын, Бекман. Бағанадан бері осы арада жүрмін Бекман. (Бекманның алдын кес-кестеп жүргізбейді). Бекман. Саған не керек өзі? Неге өз жайыңа жүрмейсің? Мені өткізіп жібер. Біреу. (Оның жолын кес-кестеген қалыпы). Жоқ, Бекман. Бұл жол Эльбаға апарады. Жүр. Ары қарай жүр, көшеге шығамыз. Бекман. Көшеге қарай жүр дейсің бе? Ол жақта маған орын жоқ қой. Қайда бармақпын? Ол жақта итшіліктен басқа не күтіп тұр? Жұрт сияқты ыстық ас ішіп, аяқ созып дамылдайтын жәйым жоқ. Сонда қайда бар дейсің? Біреу. Жүр, Бекман. Баратын жер табылады. Бекман. (Шарасыз, ұнжырғасы түсе). Бұдан былай бұл атты атама. Бекман болғым келмейді. Менің енді атым жоқ. Жалғыз аяқты жігіт жер басып жүргенде менің өмір сүруім қиын. Жаныма тыныштық бермейді. Ол менің кесірімнен – жалғыз аяқ. Оның сондай болып қалу себебі, майданда

унтер офицер Бекман деген малғұн кезекті шабуыл алдында «Обер-ефрейтор Бауер, сен күзеттен өлсең де кетуші болма» - деп шегелеп тапсырып кеткен. Бірақ ол бір аяғын оққа беріп, жанын аман алып шығып, мені қуып жетіпті. Енді міне «Бекман», «Бекман», «Бекман» деп балдағын тақылдатып соңымнан қалмайтындай. Атымды атаған сайын «Өлім, өлім», «Лағнет, лағнат», «Жауыз, жауыз», - дегендей өшпенділікпен жазғыра айтатындай. Ал, сен маған осыдан кейін қалай түк болмағандай жүре бер дейсің? Мен кеше далада түнедім. Бүгін де көшеде қалдым. Барар жерім, басар тауым жоқ. Барлық есіктер мен үшін тарс жабық. Ауру аяқтың сүйегі сырқырап, жанымды жейді. Бұралған аштықтан ішегім шұрқырайды. Түнгі салқыннан дірдек қағып, қаным да қатып қалатын шығар. Апырмай, тым болмаса, түнде бас сұғып, сәл-пәл тыныс алатын жер болсайшы?! Қайда бармақпын? Қайда жүр дейсің? Жібер, мені жібер. Менің барып, тыныстайтын жерім Эльбаның түбі ғана. Менің орным сонда. Біреу. Жүр, Бекман. Осы көшені бойлап жүрейік. Бір үлкен кісінің үйіне қонаққа барамыз. Сен оған бәрін-бәрін қайтарасың. Бекман. Менің тағы кімдерге не қайтаруым керек еді? Әлі қайтармаған қарызым бар ма? Мен әлі біреулерге қарыздар, біреулердің алдында айыпты екенмін ғой. Осыдан кейін сен – Біреу, маған қалай өмір сүр дейсің?! Айтшы... Біреу. Сен өзіңді азаптаған кінәні оған аударасың. Бәрінің жауапкершілігін соған қайтарасың. Соған тастайсың дегенім ғой. Бекман. Солай ма? Бір үлкен кісінің үйіне барады екенбіз. Жүр, жүр, баста онда. Мен оған жауапкершілікті қайтара аламын ба? Бұл жөн екен. Тым болмаса, бір түн жалғыз аяқтының тоқылдағынсыз ұйықтап шығар ма едім. Бар кінәні аударуға болады дедің бе? Несі бар, өзім арқалап жүрген бар сұмдықты қайтарып берейін. Қаншама өлі жандардың азабын арқалап нем бар? Апарып берейін! Жүр, жүр, жақсы жерде, жылы үйде тұратын ондай үлкен кісілер көп болар. Біз солардың тек біреуіне барамыз. Оған сыйлыққа не апарсақ екен? Ол өте сыйлы, атақты, үнемі жақсылардың сапында жүретін ғұмыр бойы өз міндетін мінсіз атқарған лауазым иесі ғой. Міндет болғанда қандай? Сұрапыл міндет, қатерлі борыш, қауіпті іс. Барып тұрған масқара міндет! Қарғыс атқан абыройсыз іс. Жүр, жүр барайық.

Үшінші көрініс

Бөлменің іші. Есіктің сықырлай ашылып жабылған дыбысы естіледі.
Полковниктің отбасы дастарқан басында отыр. Бекман кіреді.

Бекман. Асыңыз дәмді болсын, полковник мырза! Полковник. (Асты шайнаңдаған қалпы). Не дейсің? Бекман. Асыңыз дәмді болсын деймін, полковник мырза? Полковник. Менің кешкі асымның үстіне баса-көктеп кіретіндей сіз кім едіңіз? Немене, дүние соншама өртеніп бара жатыр ма? Шыдай тұруға болмай ма?

Бекман. Жоқ. Болмайды. Мен бүгін суға кетіп өлемін бе, жоқ па соны анықтап алуым керек. Ал, егер суға кетпей, тірі қалсам, онда маған қалайда, әйтеуір тамақтан өтерлік бірдеңелер ішіп-жеп, ішегімнің шұрылдағанын басып, ал түнде бір жерге түнеп шығу керек болар. Мен соның амалын таппай сізге келіп тұрмын. Басқа ештеңе де емес. Соның жөнін білгім келіп еді. Полковник. Беу, шіркін! Соны да жігіт басыңызбен сөз деп айтып тұрсыз ба? Солдатпын дейді тағы. Бекман. Жоқ, полковник мырза. Күйеубаласы. Жоғы қалай? Әскери киіммен жүрген жоқсыз ба? Бекман. (Амалы таусылған шарасыз адамдай бірқалыпты өкінішті дауыспен). Иә, алты жыл солдат болғаным рас. Бірақ, он жыл почта таратушының киімін киіп жүргенмен адам одан өмірбақи почта таратушы болып кетпейді ғой деп ойлаймын. Мен де солай. Қызы. Әке, әкетай, сұраңызшы одан, бізден не керек екен өзіне. Менің табағыма сұғынып, көз айырмай тұрғаны ұнамайды маған. Бекман. (Жылы шыраймен). Сырттан қарағанда сіздің терезеңізде керемет жылылық бар еді. Соған қарап тұрып менің не сезінгенімді білсеңіз ғой! Оның іші, шіркін, жанға қандай жайлы екен деп ойладым. Түнде далада дірдек қағып тұрған адамның осындай жарық терезелерден жылылықты көретінін сіз білсеңіз етті, бірақ білмейсіз-ау фрау. Әйелі. (Жақтырмай тыжырына). Әкесі, оған ана сұрықсыз көзілдірікті шешіп таста деші. Әйтпесе, оған қараған сайын менің аза бойым қаза болып барады, жағымсыз әсер етеді екен. Полковник. Сүйіктім оған бола абыржудың қажеті жоқ. Ол противогазға арналған көзілдірік. Оны, бір мың тоғыз жүз отыз төртінші жылы көздері нашар көретін солдаттарға арнап, противогаздың сыртынан кию үшін вермахтағылардың ойлап тапқаны. Сіз, оны лақтырып тастамай неге әлі тағып жүрсіз? Соғыс бітті ғой. Бекман. Иә-иә. Соғыс бітті деп сіздер айтасыздар ғой. Мен үшін әлі жалғасуда. Сондықтан бұл маған өте-мөте қажет мүлік. Көзілдіріксіз көз алдымның бәрі бұлдырап, тұманданып, буалдыр тартып жүре береді, ештеңені көре алмаймын. Мұны кисем, қияндағыны көзім шалады. Қазір, міне осы жерден-ақ сіздің столдың үстінде не барын анық көріп тұрмын. Полковник. (Оның сөзін бөліп). Құдай тілеуіңізді берсін, шашыңызды адам көргісіздей етіп қайда қиғызып жүрсіз, айтыңызшы? Әлде отырып келгеннен саусыз ба? Бірдеңені бүлдіргенсіз ғой, ә? Ұялмай-ақ қой, біреудің қоймасына қол салдыңыз ба екен, айта беріңіз. Иә, солай болар. Бекман. Тура солай, полковник мырза. Біреудің егініне түскеніміз рас. Сталинград түбінде кірдік, полковник мырза. Шабуылымыз сәтсіз болды, сазайынымызды тарттық. Үш жылда үш жүз мың жігітімізді жер жастандырдық. Ал, біздің капитанымыз әскери киімін жай киімге ауыстырып, уылдырық жеп отырды. Үш жыл солай, аузынан ақ май арылмады. Жер жастанғандардың аузы-мұрындарына топырақ толып жатты. Тірі қалғандарымыз қайнаған қара су ұрттап жүрдік. Капитанымыз бәріміз

үшін уылдырық жеді. Үш жыл бойы солай. Біздің шашымызды да алатын солар. Қалай алғылары келеді, солай алады. Олармен дауласып жатқан ешкім жоқ. Дегенмен, басынан айрылғандар бақыттырақ еді. Олар мына кісі күлерлік шашы бар басты арқалап жүрмейді. Ішегі шұрқырап, аштық азабын тартпайды. Күйеубаласы. (Зығырданы қайнап). Әке, мынау сізге қалай-қалай сөйлейді? Соған шыдап, сөйлетіп қойып қарап отырсыз ба, әлде сізге ұнап тұр ма? Полковник. Менің жас достым, сіз бояуды тым қалыңдатып жібердіңіз. Сіз бен біз неміс емеспіз бе? Ендеше өзімізді немістердің ізгі шындығына лайық ұстайық. Немістің атақты ақылман ойшылы Клаузевиц: «Кім де кім шындықты ту етіп жоғары ұстаса, сол сапта бәрінен артық», - деген жоқ па еді? Бекман. Нақ солай, полковник мырза! Тамаша айтылған сөз, полковник мырза. Мен шындық жағындамын. Оны бар болмысыммен жатпай-тұрмай қорғауға бармын. Сіз бен біз неміспіз. Шындық сіз бен бізге ортақ. Солай емес пе? Оның жемісі де, ендеше, ортақ қой. Соған келісесіз бе? Полковник. Солай-ақ болсын делік. Бекман. Олай болса, сіз бен біз теңдей тойып тамақ ішуге құқылымыз. Иә, полковник мырза, әбден лықа тойғанымызша ішеді екенбіз. Сіз бен біз үстімізге таза жейде, түймелері жылтыраған, жыртық-тесіксіз су жаңа костюм-шалбар киеміз. Оған сіз бен біздің толық құқымыз бар. Сондай-ақ сіз бен бізде келісті үй де бар. Ары қарай, полковник мырза, сол үйдің пешіне от жағамыз. Үй болған соң оның пеші болары сөзсіз ғой. Ағаш отын тұтанып, тырс-тырс дыбыс шығара маздап жанып, үйге керемет көңілділік береді. Пештің аузынан, айтары жоқ, ғажап қызғылт сәуле төгіліп, үйді жылы шуаққа бөлейтіндей. Сіз бен біз шәйнекке су құйып пештің үстіне қоямыз. Бізге арақты жылытпалауға қайнаған ыстық су керек емес пе? Сосын, терезе пердесін түсіріп, жұмсақ креслоға тізе бүгеміз. Сіз бен біздің ондай жұмсақ кресломыз да бар ғой. Қасымыздағы сүйкімді жұбайымыздың әдемі әтірінің жұпарын жұтып ұзақ отырамыз. Қанның иісі емес, әйелдің жұпар иісі екені рас қой, полковник мырза, қанның иісі қандай болатынын сіз бен біз, полковник мырза, жақсы білеміз емес пе? Сіз бен біздің көңіліміздің түкпірінде тағы бір қуаныш бар. Соны тағатсыздана, елегзи күтеміз. Ол жар төсегінің қуанышы. Екеуіміздің де төсегіміз бары рас қой. Сіз бен біз үшін ол жатар бөлменің төрінде салулы тұр, аппақ, жып-жылы, жұп-жұмсақ. Сіз бен біз шындықты жоғары ұстаймыз, полковник мырза. Бұл сіз бен біздің аңсаған ізгілікті неміс шындығы емес пе? Ол сізге де, маған да ортақ. Қызы. Әке, мынау есінен ауысқан адам ғой. Күйеубаласы. Ішіп алған адам ғой, мас кісі не демейді. Әйелі. Әкесі, тыңдап отыра бересің бе? Тоқтатсаңшы мынаның сандырағын. Осының өзінен де, сөзінен де денем түршігіп барады. Полковник. (Ашу-ызасыз). Мен сіздің жай-жапсарыңызды ұғып қалғандаймын. Сіз бірнеше жылға созылған соғыс азабынан ақылынан

адасып, тіршілік туралы түсінігі шатасып кеткендердің бірі екенсіз-ау. Иә, ондай-ондайлар болған. Сіз неге офицер атағын алмағансыз? Офицер болсаңыз, онда сізге басқа ортаға кіріп, жоғарғы лауазымның адамына айналуға мүмкіндік туар еді. Жағдайыңыз дұрысталар еді. Осыған шекті сіздің де парасатты жұбайыңыз, жайлы үйіңіз де болуы мүмкін еді. Бәлкім, өзіңіз де басқа адамға айналар ма едіңіз?! Сіз неге офицер болмағансыз?

Бекман. Менің дауысым өте әлсіз, полковник мырза. Өте ақырын шығады. Бұйрық бере алмаймын. Ол үшін зор дауыс керек қой. Полковник. Міне, көрдіңіз бе, бар гәп осында. Өзіңіз аузынан сөзі, қолынан бөзі түскен болжыраған жуас боларсыз. Шынын айтсам, өмір сізді аяусыз илеп, содан иінің түсіп, қажып қалған адамның бірі сіз бе деймін. Бекман. Тура таптыңыз, полковник мырза. Тек қана солай. Менің аздап жуастығым да, тауымның шағылғаны да, ұрылып-соғылғаным да рас. Мен содан шаршадым, полковник мырза. Иә, шаршадым, шаршадым, шаршадым! Мен содан ұйықтай алмайтын болғанмын, полковник мырза. Сол себепті мен осындамын, сол себепті мен сізге келіп тұрмын, полковник мырза, мен білемін – сіз, тек сіз ғана көмектесе аласыз маған. Сайып келгенде, мен алаңсыз ұйықтасам деп едім! Басқа ештеме де керек емес. Тек ұйқымды қандырсам! Тыныш ұйқы! Тұяқ серіппей, қалың ұйқыға кетсем! Әйелі. Әкесі, қасымнан кетпеші. Мен мынадан қорқайын дедім. Бойым қалтырап барады. Қызы. Қайдағы жоқты айтпашы, апатай. Ол соғыстан аздап есі ауысып қайтқан адам. Ондайлар мүлде қауіпсіз, ешкімге зияны тимейді. Күйеубаласы. Мен бұның біздің үстімізге баса-көктеп кіргенін барып тұрған бейбастақтық деп санаймын. Сіз олай деп ойламайсыз ба? Полковник. (Ойланған кейіпте). Сендер араласпаңдар, балаларым менің. Мен әскерде жүргенде мұнан да зорларын көргенмін. Әйелі. Құдайым-ау мынауың тікесінен тік тұрып ұйықтап кетіпті. Сұмдық қой. Полковник. (Жаны ашыған адамдай). Бұндайлармен абайлап, сақтықпен сөйлескен жөн. Сендер араласпасаңдар – бәрі де дұрыс болады. Бекман. (Ұйқылы-ояу дауыспен) Полковник мырза? Полковник. Сонымен саған не керек өзі? Бекман. (Ұйқылы-ояу алыстан тіл қатқандай). Полковник мырза? Полковник. Естіп отырмын, естіп отырмын, айта бер. Бекман. (Ұйқылы-ояу, түс әлемінде тұрғандай қиялға беріле сөйлей бастайды). Сіз естіп отырыз ба, полковник мырза? Естігеніңіз жақсы болды. Егер сіз естіп отырсаңыз, полковник мырза, мен сізге өзімнің көрген түсімді айтайыншы. Мен ол түсті күнде түнде көремін. Түс көріп жатамын да біреудің қатты айқайынан оянып кетемін. Ол айқайлайтынның кім екенін білсеңіз етті? Полковник. Сөйтсек, ол айқайлайтын кім екен? Бекман. Мен өзім, полковник мырза, мен өзім. Былай қараса, түк те емес сияқты, полковник мырза, рас па? Ал, мен осыдан кейін көз іліндіре алмаймын. Түні бойы кірпік ілмеймін, полковник мырза. Енді өзіңіз

ойлаңызшы, полковник мырза, түні бойы кірпік қақпай шығу оңай дейсіз бе? Мен содан қажып қалжырадым, полковник мырза. Әбден діңкелеген жайым бар. Әйелі. Әкесі, қасымнан кетпеші. Мен қалтырап тоңып барамын. Полковник. (Әйелінің сөзіне назар аудармастан әңгімеге құлық қойған кісіше). Сол түсіңізден оянып кетесіз ғой, солай емес пе? Бекман. Жоқ, айғайдан оянамын. Түсімнен емес, айғайдан оянамын деп тұрмын ғой. Полковник. (Әсерленген кісіше). Меніңше, сізді айқайлауға көрген түсіңіз мәжбүр етеді. Солай шығар. Бекман. Сіз көз алдыңызға елестете аласыз ба? Мені айқайлауға мәжбүрлейтін сол түс. Иә, сол. Бұл сұмдық қорқынышты, үрейді ұшыратын түс, мен оны сізге айтуым керек. Қазір мен айтайын сізге. Сіз, мені шынымен тыңдап отырсыз ба, полковник мырза? Тыңдап отырсаңыз ғана айтамын. Полковник. (Ас жеген қалпы). Әлбетте, айта бер, көгершінім. Бекман. Түсімде бір адам ксилофонда ойнап тұр екен деймін. Әлгі жын қаққандай безектетіп тез ойнайтындай көрінеді. Өзі сондай семіз екен деймін. Оның жылдам ойнағаны сондай борша-боршасы шығып, ақ тер-көк тер болып терлей бастады. Ксилофоны керемет алып екен деймін. Ксилофоны орасан зор болған соң әлгі семіз оның алды-артына шығып, олай-бұлай жүгіріп жүріп ойнауда. Іркілдеген семіз болған соң терлемегенде қайтсын?! Терлейді. Ең сұрапылы - әлеметтей терлегенде одан шып-шып тер шықпайды. Тердің орнына буы бұрқырап көбік аралас қап-қара қан шығады екен деймін. Әлгі қанды көбік шалбарының екі жақ қырынан жалпақ жолақ тастап жерге аға бастайды. Алыстан қарағанда генералдың шалбарына ұқсап шыға келді. Әлгі семіз де ілезде генералға айналып жүре берді. Семіз, қанды генерал! Тура генерал! Бұл да соғыстан оралған, ыстық-суықты көп көрген ысқаяқ генерал екен деймін. Екі қолы шынтағынан жоқ. Ол ксилофонда, қол гранатының темір шығыршық орнатылған ағаш сабына ұқсас, жіңішке екі жасанды қолымен ойнап тұр екен деймін. Жасанды қолы бар генерал маған ерекше музыкант болып көрінеді. Оның ксилофоны да өзгеше алып, ал оның таяқша балғашалары ағаштан жасалмаған еді. Сіз, маған сеніңізші, полковник мырза. Ол таяқ балғашалар адамның сүйегінен жасалған болатын. Шын айтамын, сеніңізші маған, полковник мырза. Адамның жілігінен жасалған. Генерал сонымен ойнап тұр еді. Полковник. (Ақырын). Неге сенбейін, сенемін. Балғашалардың сүйектен жасалғанына сенемін. Толық сенемін. Бекман. (Түстің әсерінен арыла алмаған қалпы транста дауысы бірқалыпты алыстан үрейлі шыққандай). Балғашалар ағаштан емес, білесіз бе, адамның сүйегінен жасалған. Ақ жоңқа, қуарған қу сүйек. Арасында адамның бас сүйегі, жаурыны, жамбасы, ұршығы, жіліншігі, бақайшағы бәрі бар. Кең тынысты жоғары зор үндерді шығару үшін қол-аяқтың сом жіліктерінен жасалған балғалар орнатылған. Ал, қабырғаларды айтпайсыз ба, саудырап жүздеп, мыңдап самсап тұр-ау, самсап тұр. Ең нәзік әуен үшін

ксилофонның төменірек тұсына саусақ сүйектері, ал ең төменгі жағына адамның тістері орналастырылған. Міне, полковник мырза, генералдың лампасты шалбарын киген семіз музыкант қандай жұмбақ, одағай ксилофонда ойнап тұр. Әрі ерсі, әрі күлкілі емес пе? Шолақ қол генерал музыкант... Полковник. (Батылсыздау). Иә, күлкілі екен. Өте күлкілі көрініс. Бекман. Полковник мырза, міне, бар машақат осы арадан басталады. Түстің қызығына енді келдік. Тыңдаңыз! Адамдардың саудыраған сүйегінен жасалған орасан алып ксилофонның алдында тұрған генерал өзінің жасанды қолдарымен аспапты ұрғылап, марш ойнай бастайды. «Пруссия жасасын», «Баденвейлер маршы» секілді әндер ойналады. Ол, әсіресе «Гладиаторлар шеруін», «Ежелгі жауынгер достар» әнін бәрінен жиірек ойнайды. Бұл әндерді сіз де білетін боларсыз, полковник мырза? (Өзі ыңылдап айта бастайды). Полковник. «Ежелгі жауынгер достар». Әрине! Әрине, білемін, білгенде қандай! (Ол да қосылады). Бекман. (Әнін үзіп қобалжыған дауыспен). Осыдан кейін олар бас көтеріп, орындарынан тұра бастайды. Полковник. (Аңтарыла қарап). Кімдер? Кімдер орындарынан тұра бастайды? Бекман. Аруақтар! Алып ксилофонда генерал ойнаған әскери әндердегі міскіндер. Гладиаторлар ежелгі жауынгер достар... Олар да бір кездері сіз бен біздей адамдар еді ғой. Енді аруаққа айналған. Бауырластар зиратынан үздік-создық тұрып жатыр, тұрып жатыр. Олардың ыңырсыған, күңіренген үндері мен қан сасыған, шіріген, мүңкіген иістері аспан астын толтырып, ақ боз айға дейін жеткендей. Түннің сасық болатыны осыдан. Мысықтың қоясынан да сорақы, өткір. Олардың ақ кебіндеріндегі қатқан қан алаудай айқын көрінеді. Мұндай түндерді дем алу мүмкін емес қой. Біз аузымұрнымызды тұмшалаймыз, не араққа бас қоямыз. Одан құтқарса, тек арақ құтқаратын шығар, полковник мырза. Кебіндеріне қан қатқан өліктер қабірден үйме-жүйме түрегелгенде, айтып тұрмын ғой, полковник мырза, бүкіл аспан асты ақ боз айға дейін олардың сасыған-борсыған иістеріне толып кетеді екен деймін. Гладиаторлардың аруақтары сап түзеп, шеру тартып барады деймін. Қызы. Сендер осының мылжыңын тыңдап отыра бересіңдер ме? Мынау нағыз жындының сөзі ғой. Айды аппақ дейді. Оны қашан көрген екен? Бұның айы ақ боз екен ғой. Айдың түсі ақ? Ха-ха-ха! Полковник. (Есін жинап алған). Сандырақ. Ай, әрине сары, әрқашан сары болған. Ол қазанға қарып пісірген қатырма нандай. Жарған жұмыртқаның дөңгеленіп қуырылған сарысындай қашанда сап-сары ғой. Оған дау жоқ. Бекман. Аһ, полковник мырза, қалай түсіндірсем екен? Аруақтар бас көтеріп, шеруге шыққан түні ай да қан-сөлінен айрылғандай боп-боз болып, қу сүйектей қуарып тұрады. Неге дейсіз бе? Сонда ол екі қабат болып қалып, суға ағып өлген қыздың ішіне көбірек ұқсайды. Айдың дөңгелене бозарған

аппақ қудай жүзінде ауру табы анық білінеді. Япырай, полковник мырза, сіз аруақтар қабірден бас көтеріп, шеруге шығатын түні аспан асты олардың ыңырсыған, ыңыранған, жалбарынған үндеріне толатынын естімеген, қан сасып кететінін білмеген екенсіз-ау?! Ол үндермен қоса күлімсі иіс айға шекті жетеді ғой. Ай соны көріп тұрып, бір ағарып, біз бозарып, ауырып қалады. Қан? Қанды айтпайсыз ба! Оларды кезінде кім жуып, кім ақ жауып арулап көмді дейсіз? Жейделері, мундирлері қанға боялған, жараларын таңған шүберектері шіріп алба-жұлбасы шыққан аруақтар әр жерлерден келе бастайды: бауырластар зиратынан, мұхиттардың түбінен, иен даладан, жол бойынан, ағаш арасынан, батпақтан, үйінді астынан шыға береді, шыға береді. Таусылар емес. Өңдері суықтан, аштықтан қарайып, көгеріп кеткен аруақтар, қайсыбіреулері шіріген, борсыған, ісінген, иістенген. Арасында қандайлары жоқ дейсіз? Көздері аққан, тістері түскен, аяқ-қолдары оққа ұшқандар, қарны жарылып, ішектері шұбатылғандар, бастары жарылғандар, кеудесін оқ тескендер, бастары шабылғандар, кеудесінен кесілгендер, небір өрендер бар арасында. Бүгінде қан сасыған мүрдеге айналған. Олар ағын судай көшені толтыра жосылып келеді. Олардың санына жету мүмкін еместей, олардың қиналған, күңіренген дауыстары мен шеккен азаптарын ауызбен айтып жеткізуге келместей. Толассыз мүрделер тасқыны қабір қабырғаларынан асып-төгіліп, бір-біріне шырматыла жабысып, оратылып, қан сасып, кең жайылып ағып келеді, ағып келеді екен деймін. Сол уақытта қанды лампасы бар музыкант генерал пайда бола кетеді де маған: «Унтерофицер Бекман мырза! Барлық жауапкершілік сізге жүктеледі. Мыналарға есеп айырысуға бұйырыңыз», - дейді. Міне, содан кейін бар жауапкершілігіммен мен арса-арса ырсиған, шабылған, кесілген қу сүйек миллиондаған аруақтардың алдында тұрамын: «Есеп айырысыңдар», - деп бұйырамын. Бірақ менің кешегі жауынгер ағайындарым есептесуге асығар емес. Олар жақтарын сақ-сақ еткізеді. Шамасы бұл – «жоқ» дегендері. Генерал маған: «Оларды елу рет отырып-тұрғызу» деп бұйырады. Шіріп қаусаған қаңқа сүйектер сықырлап, өкпелері ысылдап отырып-тұрған болады, бірақ есеп айырыспайды! Бұл енді бүлікшілік емес деңізші, полковник мырза, барып тұрған бүлікшілік қой. Полковник. (Сыбырлай). Иә, бұл ашық бүліктің өзі. Бекман. Олардың есеп айырыспағаны өз алдына, оны қоя тұралық. Олардың әр тараптан келгендері бас біріктіріп, топтасып, қауымдасып хор құрай бастайды да барлығы бірігіп хормен күндей күркіреген қаһарлы, ашуызалы үндер шығарып, айқайлап, өкіріп-бақырып азан-қазан шулап жылайды, полковник мырза. Сонда олардың не дейтінін білесіз бе? Полковник. (Сыбырлай). Жоқ, білген емеспін. Бекман. Білмейсіз! Олар «Бекман» - деп зар еңірейді. «Унтер-офицер Бекман!», «Унтер-офицер Бекман!» - деп зарлағанда сай-сүйегіңіз сырқырайды. Бір толассыз, «Унтер-офицер Бекман!» - деген үн жаңғырығы жақындай береді. Жақындаған сайын күшейе түседі. Тап бір жаратушы хақ тағаланың айыптау үніндей қатал, жат, суық. Азалы үн жақындай береді, жақындаған сайын зорайып мені тықсыра бастағандай. Күшейіп мені

жапырып, тұншықтыра жөнеледі. Сонда мен бар әл-дәрменіммен айқайлап, қорғануға тырысамын. Жаңағы хордың зарлаған, күңіренген азалы дауысы мені жаншып, үмітімді өшіріп тастамай тұрғанда шамамның келгенінше қатты айқайлаймын. Хордың төбе құйқаңды шымырлатар әлемет үнін басу үшін маған алапат айқай салуға тура келеді. Өз дауысымнан өзім шошып оянып кетемін. Қайтып көз іліндіре алмаймын. Күнде көретін мехнатым осы! Күнде түнде көретінім – сүйектен тұратын ксилофонның концерті, бауырластар зиратынан бас көтеріп түрегелетін мүрделер, күнде түнде еститінім - аруақтардан құралған хордың адамның жанын түршіктіріп, аза бойын қаза ететін зарлары, оны естімеу үшін өзімнің дауысымның жеткенінше шығатын айқайым. Күнде түн құрғатпай қайталанып келеді. Бір күн тыныш ұйықтай алсамшы. Полковник мырза, мен барлық жауапкершілік маған жүктелгендіктен ұйықтай алмаймын ғой деймін. Барлық жауапкершілікті арқалап жүру қиын екен. Иә, иә. Барлығы маған жүктеліп еді ғой, есіңізде бар ма, полковник мырза. Жоқ болса, есіңізге түсірейін, мен сол үшін сізге келіп тұрмын, полковник мырза. Мені жан азабынан құтқаратын сіз ғана, оны біліп қойыңыз! Мен де бір пенде болып, емін-еркін ұйықтайыншы. Сондықтан өзіңізге келгенім, менің алаңсыз ұйықтасам деген тілегім бар. Менің де ұйықтайтын кезім болған шығар. Полковник. Түсінбедім. Сонда меннен сізге не керек өзі? Турасын айтшы. Бекман. Мен өзіңізге қайтарып берейін деп едім. Полковник. Нені? Нені маған қайтарып бермексіз сонда? Бекман. (Баладай бейкүнә аңғалдықпен). Жауапкершілікті. Мен сізге соны қайтадан алып келіп едім. Полковник мырза, сіз, ұмытып кеткенсіз бе? Горький қаласының түбіндегі жағдай ше? Қырық екі градус аяз болатын. Есіңізге түсті ме, сол күні біздің бөлім орналасқан шепке келіп едіңіз ғой, полковник мырза, содан мені шақырып: «Унтер-офицер Бекман», - дегеніңіз. «Мен мұндамын!», - деп, тақ ете қалғанмын мен сізге қарап сонда. Сол уақытта сіздің деміңізден шыққан будақ-будақ бу дөңгелене, ширатыла будақтай елтіріден тігілген жағаңызға қонақтап, аппақ қырауға, одан мұз моншақтарға айналып жатты. Өйткені қырық екі градус аяз болатын дедім ғой. Мен ол суретті тап қазір де көріп тұрғандаймын, неге десеңіз, сіздің елтірі жағаңыз өте сәнді, әрі өзіңізге қатты жарасатын. Полковник. Рахмет! Соны айтайын деп келіп пе едіңіз? Бекман. (Аңғал кейіпте). Жоқ, полковник мырза. Тыңдаңызшы. Сонда сіз: «Унтер-офицер Бекман, жиырма адамыңмен қаланың шығыс қапталындағы орман ішін шолып, барлау жасайсыздар. Қайтарларыңызда «тіл» алып келуге тырысыңыздар. Осы жиырма адамның жауапкершілігі сізде, түсінікті ме», - деген болатынсыз. «Нақ солай, полковник мырза, бұйрығыңыз орындалады», - деп, мен өкшемді-өкшеме соғып, қалт тұра қалғанмын. Мен осылай мойныма жиырма жанның жауапкершілігін арқалап, түн ішінде жауынгерлеріммен кеттім. Түнімен орманды түгел сүзіп шықтық, таң алдында жасақ отрядқа тап келдік, атыс басталды. Біз шегініп, өз

шебімізге оралуға мәжбүр болдық. Бөлімге қайтып келгенімізге бірге шыққан жиырманың он бірі қатарымызда жоқ еді. Олар сол түні орманда опат болып, жер жастанды. Біз олардың жүздерін жасырып, жауып та кете алмадық. Ал, мен олар үшін жауапты едім ғой. Ол жауапкершілікті маған сіз жүктеген болатынсыз, полковник мырза. Міне, бар болғаны осы, полковник мырза. Міне, соғыс та бітті, енді менің емін-еркін алаңсыз бір ұйықтағым келеді, полковник мырза, сол үшін жауапкершілікті өзіңізге қайтарамын, оның маған енді түкке де керегі жоқ. Мен оны, міне, өзіңізге кері қайтардым, полковник мырза. Полковник. Бірақ, сіз қымбаттым, босқа қапаланасыз. Ол бір жай айтыла салған сөз емес пе? Онда тұрған не бар? (Көлгірсіп, өтірік күлген болады). Бекман. (Таңданыспен, әрі қатты абыржып). Не дедіңіз, полковник мырза? Бұл қалай болғаны? Дегенмен, полковник мырза, анықтап айтыңызшы. «Ол бір жай айтыла салған сөз», - дейсіз бе? Сонда ол сөздің еш жауапкершілігі болмағаны ма? Қалайша, жауапсыз айтыла салған сөз? Сіздің сол бір ауыз сөзіңізден кейін мен ол адамдарды өлімге бастап бардым емес пе? Сіздің сол бір ауыз сөзіңізден кейін олар тайсалмастан менімен бірге еріп жүрді. Әлде ол бұйрықты орындамауымызға да болатын ба еді? Айтыңызшы, полковник мырза! Полковник. Соғыс жағдайында бұйрықты орындамау – қылмыс. Мен, әлгі «жауапкершілігі сізде» деген жай айтылған сөз еді дегенім ғой. Оған соншалықты мән берудің қажеті бар ма? Бекман. Сіздің жай айта салған сөзіңізге бола олардың ажал аранына босқа бас тіккендері ме? Шамасы, солай шығар. Нақақтан құрбан болғандар! Ал, оның обал-сауабы бар емес пе, полковник мырза? Ол кімнен сұралады? Ол өлгендердің жауапкершілігі қайда? Әлде бәрін соғыстың ойранына жаба саламыз ба? Әлде бар жауапкершілікті, қапияда көз жұмғандары үшін, өлілердің өздеріне, немесе құдайға артып қоймақпыз ба? Ал, тірілер оның жауабын білгісі келеді. «Біздің боздақтарымыз неліктен оққа ұшты, неліктен қыршынынан қиылды?» - деп, күнде түнде меннен сұрайды олар, полковник мырза. Мен көз іліндіре алмай жатқан түнде олардың туыс-туғандары жанжақтан қаптайды ғой. Сонда мен, полковник мырза, қайғыдан жүздері сарғайып сарытап болған, көздерінің нұры сөнген кілең қаралы әйелдерді көремін. Ақ шашты қарт аналар ауыр жұмыстан тарам-тарам жарылған, буындары шодырайып, тамырлары білеуленіп, адырайған қолдарын созып келе жатады. Қамкөңіл жас әйелдер тұнжыр жанарларымен кінәлай, қарғыс ата қарайды. Ал, балаларды ше, полковник мырза? Балаларды мен топтобымен көремін, олар үпір-шүпір көп-ақ. Қараңғыда бәрі маған жан-жақтан анталап, жамырай сұрақты жаудырады: «Унтер-офицер Бекман, менің әкем қайда, ол келе ме?», «Унтер-офицер Бекман, менің жан жарым қайда?», «Унтер-офицер Бекман, менің жалғыз қарғам қайда, қайда қалды?», «Унтерофицер Бекман, менің бауырым қайда?», «Унтер-офицер Бекман, менің уәде берген жігітім қайда? Ол маған «Өлмеймін, қайтсем де келемін» - деп уәде берген. Ол қайда?», «Унтер-офицер Бекман, менің арқа сүйер ағатайым

қайда? Келе ме?», «Унтер-офицер Бекман, менің асылым, ардағым қайда, неге хабар-ошарсыз кетті?», «Унтер-офицер Бекман», «Унтер-офицер Бекман», «Қайда?» «Қашан келеді?», «Қайда жүр?» - деп таң атқанша жанжақтан сұрақтың астына алады. Мен жауап таппаймын ғой, полковник мырза. Маған күнде түнде он бір әйел келіп жан алқымнан алатынын, сіз, полковник мырза, білсеңіз етті. Тек он бір. Ал, сізге ше, полковник мырза? Түнде сізге қанша әйел келеді? Мың? Екі мың? Әлде одан да көп пе? Полковник. Көгершінім, бұл қалжыңыңды тоқтат. «Түнде қанша әйел келеді?» - дегенің не? Менде бір-ақ әйел бар. Ол, міне, менің қасымда отыр. Одан басқа әйелді көрген де, білген де емеспін. (Мекерленіп, лекітіп күлген болады). Бекман. Ұйқыңыз тыныш екен, полковник мырза! Полковник. Құдайға шүкір! Әзірге ұйқы турасында ешкімге шағынар жайым жоқ. Басым жастыққа тисе болса, қор ете түсемін. Бекман. Ендеше бұныңыз жақсы екен, ұйқыңыздың қатты болғаны ғой. Онда сіз үшін он бір әйел деген не, тәйірі, оларды да қосып берсем қайтеді? Сіз болса да мыңдаған әйелдің түнгі елесіне селт етпестен, тұяқ серіппей ұйқы соға береді екенсіз. Мыңдардың арасында он бір әйелдің көбі не, азы не? Ұйқым тыныш дедіңіз ғой жаңа! Солай емес пе, полковник мырза? Түнде бір сәт қана машақатсыз, аруақтардың, қаралы әйелдердің елесінсіз, айқайламай көз іліндірген адамның арманы бар ма екен, полковник мырза? Сіздің ұйқыңыздың тыныш болғаны қандай жақсы! Ал, мен пақыр түн баласы көз ілмеймін. Құдай үшін, полковник мырза, менің мойыныма артқан жауапкершілігіңізді кейін қайтарып алыңызшы, тәңір жарылқасын сізді! Ол сізге түкке тұрмайтын дүние ғой. Ал, мен он бір әйелдің азабынан құтылайын, сөйтіп мен де бір алаңсыз ұйықтайыншы. Полковник мырза, менің де жаным тыншысыншы. Жан тыныштығынан артық не бар, полковник мырза?! Тәңірі маған да жан тыныштығын берер ме екен? Жауапкершілікті өзіңізге қайтарып, он бір боздақтың обалынан арылып, олардың қаралы әйелдерінің елесінен құтылып, жаным тынышталсыншы, полковник мырза! Сосын, бәлкім ұйықтар ма екенмін? О, тәңірі! Полковник. (Тынысы тарылып, демі бітіп қалған кісідей. Бірақ онысын білдірмеуге тырысып, күлкіге жеңілдірмекші. Ақ көңілімен күлуге тырысады, бірақ онысы жасанды шығады. Дауысы да сенімсіздеу). Жас жігіт, а, жас жігіт! Мен сіздің не айтқыңыз келгенін түсінбедім, ештеңе ұға алмай отырмын. Сіз әлде жасырын пацифистік ұйымның агенті ме едіңіз? Олай болса, мені бопсалаудың қажеті жоқ. Соғыс – менің ойлап тапқан нәрсем емес. Бірақ не деуге болады... (Ол абыржи, қысылғандай екіұштылау күле бастайды. Өзінің астамсыған прусстік тегіне тартып, күлкісі біртіндеп батылданып, еркін, менменси қатты шығады). Көгершінім менің, аһ, көгершінім. Сіз өзі қандай адам едіңіз? Бұл жастарды қойсаңшы... Мен білсем, сіз айлакер сайқымазақтың нақ өзі боларсыз. Ойдан-қырдан жинап, қырық өтірік құрастырып, жұрттың басын қатыратын алдампасыз-ау. Нағыз сайқымазақ, қу тілді әзілкеш екенсіз өзі сіз. (Тағы күле бастайды). Жарайсыз, жігітім, жарайсыз! Сіз өтірік әңгімеге керемет епті екенсіз!

Әсіресе, алып ксилофон мен қан лампасты генерал туралы түсіңіздің өзі неге тұрады! Сіз білесіз бе? (Тағы да тәкаппарси, менмендікпен күледі). Мұндай өнеріңізбен сіз жерде қалмайсыз... Мен айтайын, сізге, бұндай әжуа әңгімелеріңізбен сахнаға шығу ғана жетіспей тұр. Иә, иә, сахнаға шыққаныңыз оңды. Талант жерде қалмағаны жөн. (Полковник табиғаты қасаң басынан бақайшағына дейін әскери тәртіпке бағынған тәртіп сүйегіне әбден сіңген, түйсігі доғал солдат болатын. Бекманның көрген түсі жайлы айтқанын сықақ, әжуа әңгіме деп қабылдаған түрі бар). Мына сиықсыз көзілдірікті, кірпікшешеннің тікенегіндей үрпиген шашты айтасңызшы?! Әңгімеңізді тек сазбен әрлеу ғана жетіспей тұр. Сазы келіссе, тіпті қатып кететін түрі бар. (Қарқылдап күліп алады). Құдайым-ау, ондай түсті қалай ойлап тапқансыз! Ксилофон үнінің сүйемелдеуімен сықырлап, ысылдап, сақылдап елу рет отырып-тұрған қаңқа сүйектерді елестетіп отырмын. Ғажап, көгершінім, сіздің орныңыз – тек сахна! Қатып кетер еді. Көрермен қыран-топан күлкіге қарқ болары анық. Құдайым-ау осы жұрттың ойлап таппайтыны жоқ. (Ішек-сілесі қата, көзінен жас аққанша күліп, ентігіп әрең басады). Мен алғашында сіздің қандай күлдіргі жайды айтпағыңызды ұға алмай отырдым емес пе?! Сізді есінен адаса бастаған ба деп ойламағаным да рас. Сөйтсем, сіз барып тұрған сайқымазақ күлдіргінің өзі екеніңізді қайдан білейін?! Мені ағыл-тегіл күлкіге бір қарқ қылдыңыз. Соның қарымтасына мен де сізді қуантайын. Қайтсем екен? Сіз төменге түсіп, менің жүргізушіме жолығыңызшы, оған ыстық су құйғызып, әбден жуыныңыз, сақал-мұртыңызды басып, қырыныңыз. Сөйтіп, көгершінім өзіңізді адам қалпына келтіріңізші. Сосын жүргізушіге айтыңыз, менің бір ескі костюм-шалбарымды берсін. Иә, мен сізге шын айтып отырмын. Мына қырықшоқпытыңызды тастап, менің ескі костюм-шалбарымды киіңіз. Иә, иә, айтып отырмын ғой, ыңғайсызданбай-ақ ала беріңіз. Соны киген соң, жас достым, сіз қайта адам қалпына келерсіз. Иә, иә, адам сияқты боласыз! Бекман (Ұйқысынан, әлде түсінен шошып оянғандай, алақтап, дүр сілкініп). Адам? Адам сияқты? Қайтадан, адам қалпына келесіз дейсіз бе? (Айғайлап). Қайтадан мен адам болады екенмін ғой. Сонда мен әлі адам емес екенмін-ау. Сіздің ескі костюм-шалбарыңызды кисем, адам болып кетермін. Маған адам боласың дейтіндей өздерің кім едіңдер? Иә, иә, өздерің кімсіңдер? Мына сіздер, мына сіздер адамсыздар ма? Бұлар да адам екен? Иә, иә сіздер де адам екенсіздер ғой. А-а-а! Әйелі. (Шыңғырып, қышқырып, бажалақтап тұра бастайды. Орнынан атып тұрғанда стол үстіндегі әлденелер аударылып, төңкеріліп, жерге құлап, сатыр-сұтыр дыбыс шығады). Ой-бай! Мынау бізді өлтіргелі жатыр. Ой-бай! Қарауыл!

(Абыр-сабыр жүгіріс, қарбалас басталады. Столдың үстіндегі жанып
тұрған шам құлап, сөніп қалады).

Күйеубаласы. Шамды, шамды ұстаңдар!

Қызы. Апам шамды құлатып алды. Табуға көмектессеңіздерші. Полковник. Сабыр сақтаңдар, балаларым менің. Әр нәрсені сабырға жеңдіре білу керек. Күйеубаласы. Шам қайда, тауып жағайық та. Әйелі. (Бажалақтап). Шам, шам қайда, жақсаңдаршы. Полковник. Міне, таптым. Қазір жағайын. (Шам жанады). Әйелі. Құдай тілеуіңді берсін, жарықтың жанғаны жақсы болды ғой. Күйеубаласы. Әлгі міскіннің қарасы құрыпты ғой. Мен басынан-ақ оның есуас екенін білгенмін. Қызы. (Дастарқан басындағы ыдыстарды түгендеп, санай бастайды). Бір, екі, үші, төрт. Бір, екі, үш, төрт... Барлық ыдыстар орнында тек, бір тәрелке сыныпты. Полковник. Сайтан алғыр! Мұнда неменеге келген, сондағы мақсаты не екен, мені келемеждеу ме? Әлгі сандырақтарымен не айтқысы келді? Күйеубаласы. Шынында да ол ұйқысы қашқан, нақұрыс шығар. Қызы. Қараңдар, бір бөтелке ром шарабы жоқ. Әйелі. Аһ, ол бір жұғымды шарап еді ғой, әкесі. Енді қайтейін, құдайым-ау! Қызы. Жарты бөлке нан да жоқ. Полковник. Нанды сөз етіп қайтесің? Әйелі. Нанды да алып кетіп пе? Оны қайтеді екен? Күйеубаласы. Мүмкін, қарны ашқан соң жейтін шығар. Бұл төменгі қара таптан шыққандар ештемеден тайынбайды да, арланбайды да. Істейтіндері осы. Қызы. Бәлкім, шынында да қарны ашқан соң жеуге алған болар. Әйелі. Құр нан, ас бола ма?

Есіктің ашылып-жабылған дыбысы естіледі.

Бекман. (Ол тағы да далада. Бөтелкедегі шараптың шайқалған дыбысы естіледі). Жұрттыкі дұрыс. (Оның қызып қалғаны байқалады). Уайымы жоқ адамның ұйқысы қашан да тыныш! Сіздердің денсаулықтарыңыз үшін. Алақай, жылына бастадым. Иә, осы жұрт дұрыс айтады. Сіздердің денсаулықтарыңыз үшін. Өз күнімді көре алмай жүріп, өлгендердің уайымын жеудің маған қанша қажеті бар? Сіздердің саулықтарыңыздың құрметіне! Жұрттікі дұрыс. Өлгендердің қайсы бірінің зарын айтып тауыспақпын. Кеше он миллион еді. Ал, бүгін отыз миллионға жетті. Ертең ше? Ертең ғаламның бір шетінде тағы біреу соғыс отын тұтандырар. Арғы аптада әлдебіреу он грамм атом уы заһарымен-ақ бүкіл әлемді жеті секундте тып-типыл етер. Ал, менің онда шатағым қанша? Сіздердің саулықтарыңыз үшін! Мүмкін маған келешекте басқа планета іздеп, тауып, көшіп кетуге тура келетін шығар. Сіздердің саулықтарыңыздың құрметіне! Әлгі адамдар дұрыс айтады. Маған неге циркке бармасқа?! Дұрыс айтады, солардікі жөн екен. Полковник ішек-сілесі қатып, күлкіден өліп қала жаздады ғой. Маған тура циркке бар деп сол айтты емес пе? Айтқаны рас

қой: мына ақсақ аяқ, ұсқынсыз, қырықшоқпыт шинел, көргендердің үрейін ұшыратын көзілдірік, сиықсыз алынған шаш күлкі тудырмай қоймайды. Полковник мырза тура айтады, көрермен күлкіден жарылып өлер. Сіздердің саулықтарыңыз үшін! Полковник мырза жасасын! Ол мені ажалдан құтқарып қалды. Құдай тілеуіңді берсін, полковник мырза! (Масая бастағандай). Қан, төгілген қан жасасын! Өлілердің рухын қорлау жасасын! Циркке барамын, міндетті түрде барамын. Сахнада қаңқа сүйектердің қан кешіп жүріп, сақылдап, сықырлап, ысылдап, ырсылдап билегендерін көрген көрермен күлкіден езулерін жия алмасы анық. Ал, қанеки, тағы біраз сіміріп алайын. Сіздердің саулықтарыңыз үшін! Мына шарап мені ажалдан арашалап қалды. Қазір менің санам масайған! Ештеменің уайымы жоқ! Сырдың суы сирағымнан келмейді. Сіздердің саулықтарыңыз үшін! (Масайып, бір-біріне байланыссыз әлденелерді айта бастайды). Бүгін кім де кімнің шарабы болса, ішіп, төсегі бар болса, жатып, қатып ұйықтап, көретін соңғы түсін көріп, әйелі болса, құмарынан шығып, бүгін бәріне үлгіріп қалуы керек. Ертең кеш, бәрі де кеш болады. Түстерінде Нұқ пайғамбардың кемесіне отырып алып, сұмдық тасқыннан сескенбей түпсіз түнекке қарай өлеңдетіп, әндетіп, шараптатып кете бермек. Қалғандары үреймен арпалыста топан суға кетпек. Ал, кімнің шарабы бар болса, сол сау қалмақ. Сіздердің саулықтарыңыз үшін! Қанды полковник жасасын! Жауапкершілік жасасын Хайль! Мен циркке кеттім. Цирк жасасын! Мынау жалпақ әлемдегі көзге көрінбейтін ұлы, үлкен цирктер жасасын!

Төртінші көрініс

Бөлменің іші. Ойын-сауық отауының директоры және Бекман. Бекманның шарап уытынан әлі толық айықпаған түрі бар. Директор. (Сенімді түрде нық дауыспен). Сіз, білесіз бе, жарқыным, бүгінгі өнерге қандай жас қажет? Бүгінгі таңда өнерге қайратты, ештеңеден тайсалмайтын, тайынбай тек алға ұмтылатын қарымды, қажырлы жас қажет. Білекті, санасы айқын, көзқарасы анық... Бекман. (Өзіне-өзі сыбырлай). Санасы айқын... Иә, иә, ең бастысы, сана айқын болуы керек екен. Директор. ...күрескер рухтағы жастар. Бізге, өзінің «Басбұзарларын» жиырма жасында жазған Шиллердің ақылы тақылеттес ақыл қажет. Бізге Граббе мен Генрих Гейне керек! Шын болмыстан шыққан ұстарадай қылпылдаған өткір ақыл керек біздің өнерімізге. Біле білсеңіз, сосын тағы, айналасындағы жақсылы-жаманды көріністердің шындығынан шошынып, теріс айналмайтын, қаз-қалпында қабылдап, әр нәрсенің байыбына барып, аққарасын байсалды айыра алатын, боркемік емес, қияли мінезден ада, жанжақты ойға жүйрік, тастүйін жас керек. Айтып тұрмын ғой, бізге өмірді өзінің бар қалпында көре білетін, оны қабылдай алатын, сол күйінде сүйетін жас буын, жаңа толқын қажет. Шындықты мұрат тұтатын, белсенді, өзіндік ой-пікірі, ұстанымы бар жасқа не жетсін?! Олардың ой-пікірлері бәлкім терең мағыналы болмауы да мүмкін. Тым данышпансудың тіпті қажеті де жоқ,

қайта, әлі ақыл тоқтатпаған беймаза, алып-ұшқан албырттықтары жақсы. Бізге, бар болғаны, олардың жан айқайы, жүрек үні қажет қой. Бізде осы жағы жетіспейді, бұл тұрғысында бізді аштық жайлағандай. Бекман. (Өзіне-өзі сыбырлай). Аштық? О-о-о! Бұл бізде жетіп артылады. Директор. Тек, сол жастарың жастық буы бойына симай, құлшынып тұрған ержүрек, кілең «сен тұр, мен атайынның» өзі болса игі! Өнерді тап осындай өлермендік өрге сүйрейді. Мына маған қараңызшы: он жеті жасымда-ақ мен ойын-сауық орындарында, жұрт көп жиналған жерлерде, әзіл-сықақ, әжуа өлеңдер оқып, тоғышарлардың ішкен шарабын бойларына сіңірмей, шеккен қымбат сигарының дәмін алдырмай, астарын бойларына батыртқызбаушы едім. Қазір бізге не жетіспейді десек, міне тап осындай – біздің бүгінгі уақытымыздың топастықтан, надандықтан азап шеккен шынайы ақиқат болмысын көрсетуге, екі иығын жұлып жеп, алға ұмтылатын ұландар жетіспейді! Білдіңіз бе? Бекман. (Өзіне-өзі). Иә, ие, уақыттың шынайы келбетін көрсете білгенге не жетсін! Түрі-түсін, қару-жарақ асай-мүсейін, аруақтар елесімен қосып... Әйтеуір бірдеңелер көрсетілуі керек қой. Директор. Айтпақшы, бағанадан бері сұрағым келіп отырғаны: көрген кісінің иманын ұшыратын мына сиықсыз дүниені тағып алғаныңыз не? Мұндай оғаш болар ма? Қайдан ғана таптыңыз екен? Сізге қарасам болды – жылағым келеді. Құдай ақысына, мұрыныңыздың үстіне түсіре тағып алған андағы пәлекетіңізді тастаңызшы. Бекман. (Баладай аңғал кейіпте, ойланып жатпастан). Бұл менің көзілдірігім ғой. Противогаздың сыртынан киілетін көзілдірік бұл. Мұны көзі нашар көретін жауынгерлерге противогаздың сыртынан киіп, жауды анықтап көріп, көзін жою үшін әскерде берген болатын. Директор. Соғыс дегенің баяғыда біткен жоқ па?! Біздің бейбіт тірлікке көшкеніміз қаша-а-ан! Ал, сіз болсаңыз әскери киіммен елді әлі де таң қалдырғыңыз келе ме? Бекман. Сіз мені мәртебелім, сөге жамандай көрмеңіз! Ондай ой менде мүлде жоқ. Мен Сібірден алдыңғы күні ғана келіп едім. Директор. Алдыңғы күні? Бекман. Иә, алдыңғы күні! Директор. Сібірден! Ғаламат! Нағыз ғаламат! Бұл соғыстың кесірі! Бірақ, жарқыным, көзілдірікті ауыстыратындай мезгіл бәрі-бір жеткен шығар. Әлде сізде басқасы жоқ па еді? Бекман. Мен осының барына қуаныштымын. Бұл менің нағыз құтқарушым ғой. Бұнсыз – күнім қараң. Басқасы болса, жарқыратып тағып алмас па едім?! Сол құрығыры болмай тұр ғой. Директор. Дені дұрыс көзілдірік тауып алмағаныңыз жарамады, көгершінім. Өзіңіз қалай ойлайсыз, ә? Бекман. Мен оны қайдан табайын? Қар жамылып, мұз құрсанған Сібір орманынан ба? Ол жақта көзілдіріктен гөрі аю көбірек кездеседі екен.

Директор. Аһ, Сібірдің сондайы бар екен ғой! Сол Сібіріңді қоя қойшы. Тыңдауға онша құлқым жоқ, айтпай-ақ қой. Ал, мен, мен айтсам бар ғой, көзілдіріктің астында қалдым. Оңымнан да, солымнан да, төбемнен де көзілдірік жауғаны. Басымның содан жарылмай қалай аман-сау қалғанын айтсаңызшы?! Сіздің алдыңызда пәленбай көзілдіріктің иесі – құдайдың сүйген құлы отыр деп біліңіз. Көзілдірік болғанда қандай, асыл тұқымды малдың таза мүйізінен жаңа дизайнмен жасалған. Біліп қой, көгершінім, нағыз мүйіз! Сары жақтаулысы – күнделікті жұмысқа арналған. Бұл өзі бір елеусіздеу, көптің көзі түсе бермейтін зат. Қоңыр жақтаулысы костюмшалбарыммен, туфлиіммен түстес, оны той-томалаққа киемін. Ал, кешке – сахнаға шыққанда қара мүйізден жасалғанын тағамын. Ол жұрттың назарын еріксіз аударып, бірден мысын басады. Айтары жоқ, айбатты дүние! Солай, көгершінім! Сіз мені кәкүр-шүкір біреу екен деп ойлап қалмаңыз. Мен сахнаға шыққанда арқаланып кетемін, көзілдірігім маған соншалықты сұсты айбар береді! Бекман. Апырай, ә? Тым болмаса, сіздің бір көзілдірігіңізді айырбастап алатын қолымда басы артық ештеңемнің жоғын қараңызшы. Артық-ауыс зат түгіл, менің өзім де одан-бұдан шала-шарпы құралған, біреу итеріп қалса, шашылуға шақ тұрған жан емеспін бе? Мен өзімнің ұсқынымның, көзілдірігімнің сұрқының адам шошырлық екенін білемін, бірақ бұны тақпасқа лажым жоқ. Әлде, сіз, бір көзілдірігіңізді қимас па екенсіз? Директор. (Дауысын қатайтып). Жас жігіт, сіз өзі мені кім деп тұрсыз? Мен өзімнің мүлкімді көлденең көк аттыға неге береді екенмін? Дәмесінің зорын! Менің әр көзілдірігімнің киілетін өз орны бар. Бекман. (Баладай аңғалдықпен). Қайдан білейін? Көп деген соң айтқаным ғой. Директор. (Оның сөзін естімегендей). Концерт барысындағы сезім сергектігі, орындайтын сықағымның өткірлігі мен әсері, жұртшылықтың көңіл ауаны, көңілденіп күлулері бәрі-бәрісі менің осы көзілдірігіме байланысты. Ұғып қойыңыз, мұны! Бекман. Ұққанда қандай! Әркімге әртүрлі зат әсер етеді. Оны өз басымнан да білемін. Мәселен, мен сізге айтайын, маған шарап қатты әсер етеді, бірақ шарап деген қолға күнде түсе бермейді ғой. Ол жоқ болса, өмірдің ешбір сәні қалмағандай, әлем жақсы үміттен ада, сұп-сұр, сұрқай тіршілікке айналып жүре береді. Әйтсе де сахнаға менің осы оғаш түрім, сүреңсіз көзілдірігім керемет келетін секілді, солай емес пе? Сіз қалай ойлайсыз? Директор. Қалай-қалай дейсіз? Бекман. Менің түрім күлкі шақырады емес пе деймін? Оның үстіне күлдіргі әңгіме айтсам, менің тостағандай көзілдірігіме қарап-ақ, жұрттың ішек-сілесі қатар. Оған тағы мына ебдейсіз қиылған шашты, қырықшоқпын шинелді қосыңыз. Менің сиқыма анықтап қараңызшы, азып-тозған ақсақ жауынгер екенім рас қой. Жауынгер емес, карикатура секілді емеспін бе? Біздің әскеріміздің сиқын қара деп жұрт күлетін шығар дегенім ғой.

Директор. (Ойына күдік алып, оған сезіктене қарайды). Күлкілі, күлкілі болады дейсіз бе? Жоқ, жарқыным, мен олай деп ойламаймын. Мына ұсқыныңызбен жұртты шошытып, үркітіп аларымыз хақ. Сізді көрген жанның тұла бойы түршігіп, жон арқасы шымырлап қоя берер. Оның бізге керегі не? Жұрт мұнда соғыстың сандырақ елесін, оның азып-тозған солдатын көруге емес, көңілдерін көтеріп, дем алуға, өнер ләззатына сусындап, мәнді-маңызды әсерлер жинауға келеді. Жоқ, біз сізді бұлай сахнаға жолата алмаймыз. Әрине, көрерменге таңсық нәрсе ұсынғанымыз жөн, бірақ оның жарқын, асқақ рухта болғанын қалайды жұртшылық. Жағымды! Жағымды әсер туғызатын нәрсе керек, қымбаттым менің! Гетені еске түсіріңіз! Моцартты еске алыңыз! Орлеан сұлуы ше? Рихард Вагнер, Шмелинг, Ширли Темпл бар емес пе? Бекман. Бұндай ұлы тұлғаларға қарсы тұрар шама менде қайдан болсын? Мен бар болғаны Бекманмын ғой. Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бекманмын. Директор. Бекман? Бекман? Есіме түсіре алмай тұрғанымды қарашы... Қай сахнада істедіңіз? Әлде, лақап, жасырын атпен шығып жүрдіңіз бе? Бекман. Жоқ, ағасы, мен жаңадан бастамақпын. Енді бастасам деймін. Директор. (Демде құбылып, өзгеріп сала береді). Жаңадан бастамақсыз, ә? Аһ, солай ма еді, қымбаттым?! Онда сіз ешнәрсенің өзінен-өзі бола кетпейтінін білуіңіз керек. Сіз бұл орынды тымақпен ұрып алмақ екенсіз ғой. Солай деп ойлап келгенсіз ғой, шамасы. Жоқ, жарқыным, мансапқа бұлай тез жетем деп ойламаңыз. Сіз біздің жұрт алдындағы жауапкершілігімізді, өнер жолындағы азабымызды жете түсінбейді екенсіз-ау. Жаңадан үйрене бастаған жасты сахнаға шығару – көрерменнен демде айырылу деген сөз. Олар тек атақтыларды көріп, тыңдағанды қалайды. Бекман. Гете, Шмелинг, Ширли Темпл, немесе одан да зорлары дейсіз ғой. Солай ма? Директор. Тап солай! Өзің де біліп тұрсың ғой. Жаңадан үйреніп жүргендерге жұрт пысқырып та қарамайды. Оларға атақтылар керек. Жаңадан бастағандарда атақ қайдан болсын? Сіз өзі нешеде едіңіз? Бекман. Егер менің жасым бірнәрсе шешсе, жиырма бестемін. Директор. Міне, міне, жастығыңыз, тәжірибесіздігіңіз анық байқалып тұр. Әуелі өмір көр! Тәжірибе жина! Бұған дейін өзі не істеп едіңіз? Бекман. Мардымды ештеңе. Суыққа тоңдым. Ыстыққа күйдім. Дұшпанға оқ аттым. Ашықтым. Жаяу-жалпы Россия кірдім, одан Сібірге айдалдым. Басқа ештеме істеген жоқпын. Директор. Басқа ештеме істеген жоқсың? Бұл, әрине, еңбек жолын бастау үшін аздық етеді. Қымбатты жас достым, сізге енді бейбіт тіршілік алаңында шынығып, өзіңізді көрсетуіңіз керек. Еңбек жасаңыз, тәжірибе жинаңыз. Өзіңізді танытып, атағыңызды шығарыңыз. Содан кейін келіңіз! Сонда біз сізді сахнадан түсірмейміз. Орталық кейіпкеріміз боласыз. Ал, әзірге бара тұр. Еңбек өтілің мүлде жоқ екен. Бекман. Еңбек өтілің жоқ дейсіз бе?

Директор. Айтып тұрмын ғой, еңбек өтіліңіз, тәжірибеңіз жетіспейді. Әуелі өмірді түсініп, танып біліңіз, өнер үйреніп, тәжірибе жинаңыз. Адам болып, өзіңіздің атыңызды қалыптастырыңыз. Ал, әзірге бара тұрыңыз. Барыңыз! Бекман. (Бұған дейін тұнжырап тұрған ол бірте-бірте ашуға бой алдыра бастайды). Ағасы, маған қайда барып, қалай бастауға бұйырасыз? Қайда бар дейсіз? Әйтеуір бір кездері бір жерге тырнақ іліндіруім керек қой. Айтыңызшы, қай жерден бастайын? Бұрын жұмыс істемесем, тәжірибе қайдан келсін? Тәжірибе жоқтықтан жұмысқа алмаса, оны қалай жинамақпын? Айтыңызшы! Россияға еріккенімнен, не болмаса нағашыма қыдыра барған жоқпын. Оған барар жолда біздің алдымыздан орыс орманының салқын самалы ғана есіп қойған жоқ, темір бүркіп, от шашып тұрды. Ыстық темір, мейірімсіз оқ тек ажал септі. Енді қай арадан жұмыс баста дейсіз маған, қай жерден? Менің құлшынып, істегім-ақ келеді, бірақ бәрі арқамнан қағып шығарып салып, есіктерін тарс жауып алады. Енді қайда барайын? Қызық екенсіз өзіңіз. Адам болып ал дейсіз! Қалай адам болайын? Қандай адам болайын? Директор. Қызық-шыжығыңды білмеймін. Әрбірденгеннен кейін, сені Сібірге айдаған мен емеспін. Соғысты ойлап тапқан тағы мен емес. Бекман. Бізді ешкім Сібірге қуған жоқ. Өз еркімізбен барған екенбіз. Россияға да өз еркімізбен сұранып барыппыз. Солардың көпшілігі өз еріктерімен сол жақта үйінді астында, сыз окопта аузы-мұрындарына топырақ толып, болмаса танктің табанына тапталып, жаншылып, мәңгіге қалып қойды. Олар өз еріктерімен сол жақта өліспей-беріспей қалу мүмкіншілігіне тырнақ іліндіре алғандар. Ал, біздейлер, қайтып оралып тұяқ тірер жер таппай, басымыз дал болуда. Айтыңызшы! Білсеңіз, айтыңызшы... Жаңадан өмір бастасам... Оны қайтіп бастайын, неден бастайын? Директор. (Амалсыз ойланғандай). Сіздің дегеніңіз-ақ болсын! Мейліңіз, олай болса, осы арада бастаңыз. Мархабат! Былайырақ барып тұрыңызшы. (Бекман ортаға қарай жақынырақ барып тұрады). Ал, бастаңыз. Ырғалмай-жырғалмай болсаңызшы тезірек. Уақыттың да құны бар. Оның аты – ақша. Сонымен, мархабат. Бастай беріңіз. Біле-білсеңіз, мен сізге үлкен мүмкіндік беріп отырмын. Бақытқа бастар жолдың ұрымтал тұсы, қарманып қалыңыз. Құлағым сізде. Бүгін сіздің керемет жолыңыз болды, менің көңілімнің хошына кез келдіңіз. Жігітім, бұны бағалай біліңіз. Сонымен, құдай талабыңызды қолдасын, бастаңыз! Мархабат! Ал, кеттік. Бол, енді тез. Ксилофонның баяу ойнаған үні шығады. «Кішкентай өжет жауынгер қыз» әнінің әуені естіледі. Бекман. (Әуенге ілесіп ыңылдап айта бастайды. Біртіндеп бірқалыпты дауыспен әннің сөзін әуенсіз оқи жөнеледі). Осы араға 8-9 шумақ өлең қосылады) кітапта 45-бетте. Өлең оқылып бітіп, әуен тоқтайды. Директор. (Жан-жағына жалтақтай қарап, қорқып-үркіп отырғаны байқалады). Беу, жаман шықпады, пәлендей жаман көрініс емес. Тіпті нашар

нәрсе екен деуге аузым бармайды. Өнер жолын енді бастаған адам үшін әжептәуір-ақ дүние. Бірақ, жас достым, біз бұған түптеп келгенде, бүгінгі көрерменге не береді, несімен қызықты деп қараймыз ғой. Сол тұрғыдан келсек, өнерге сусаған елді елең еткізер өткір жаңалығы жетіспейтін секілді. Бір қайнауы аз ба қалай? Шикілеу ме деймін. Жарқ-жұрқ етіп, көзді арбап тұрған жоқ. Жылтырағы кемдеу. Әрине, бұның әлі иі қанбаған, жетер жеріне дейін жеткізіліп, әбден сүргіленбеген дүние екенін түсінемін. Сонда да тақырыптың өзі ұтымды емес. Дауыс ырғағы, былайша айтқанда, интоннациясы дұрыс алынбады. Бекман. Тақырыбы ұтымды емес? Интоннациясы дұрыс алынбады? Ә, сонысы бар екен ғой. Директор. (Лекітіп өтірік күліп). Ерлі-зайыптының көзге шөп салуы туралы сөз қозғаған соң эротикалық жағынан кісіні қызықтырарлық бір нәрселер қажет емес пе еді? Әйелдің мінезі ашылуы керек қой. Жалпы көпшілік жанын шыжғырып қуырғаннан гөрі, қытықтап күлдіргенді жақсы көреді. Бекман. Иә, иә күлдіру керек екен ғой, күлдіру... Директор. Қалған жағын айтпасам да болады. Сіздің жастығыңызды, жаңадан бастағаныңызды ескерсек, қалғаны жаман шықпаған. Этика тұрғысынан алғанда да, тереңнен толғау жағының да кемшін соғып жатқан тұстары бар, ол енді сіздің жастығыңыз бен жаңадан бастағаныңыз үшін кешірімді нәрсе. Сөздеріңіз де түйеден түскендей екен, әлі жаттықпағаныңыз көрініп тұр. Құлаққа түрпідей тиеді екен... Бекман. (Өзіне-өзі күбірлей). Түйеден түскендей... түрпідей... Директор. Құр айғай басым. Төбеден ұрғандай қойып қалады екенсіз. Жассыз ғой, тәжірибеңіз жоқ. Жұмсақтап, мақтамен бауыздағандай етіп, жымын білдірмей айту жағы жетіспейді. Бекман. (Ештеңе түсінбегендей мағынасыз). Мақтамен бауыздағандай... Директор. ...жан тыныштығынан, сезімді сананың билегенінен артық не бар! Ақыл-ойдың данышпаны біздің ұлы қартымыз Гетені ойламайсыз ба? Гетенің өзінің герцогімен саяхатқа шыққаны... Сол сапарында түнгі алаудың қасында отырып оперетта жазып қайтқаны есіңізге түсті ме? Бекман. (Өзіне-өзі мағынасыз). Оперетта, иә оперетта жазу керек екенау. Директор. Міне, ұлылық қайда жатыр! Бұл, міне, уақытты, арақашықтықты жеңудің нағыз үлгісі. Бекман. Иә, иә, арақашықтықтың бірталай екенін мойындау керек. Директор. Менің қымбатты достым, бір-екі жыл күте тұрсақ қайтеді? Бекман. Бір-екі жыл күт дейсіз бе? Мен ашпын ғой, мені кім асырайды? Талғажаулық бірдеңелер табу үшін менің жұмыс істеуім керек. Жұмыс жасауым керек! Директор. Өнерге кемеліне келу тән. Өнер дүмбілездікті көтермейді. Сізге әлі де пісіп, жетілу қажет. Сіздің репертуарыңыз пәлендей қалыптаспаған, тәжірибеңіздің аздығы сезіліп тұр. Айтқаныңыздың барлығы

тым жалаң, қара бояуы көптеу. Мұнымен сіз менің көрермендерімнің жынына тиеріңіз хақ. Көпшілікті үнемі қатқан қара нанмен, қара сумен қатыруға болмайды ғой. Мен мұны ауыспалы мағынасында айтып отырмын. Бекман. Ал, мен тура мағынасында қара нанға жете алмай жүрген жоқпын ба? Директор. Ал, олардың тәтті тоқаш жегілері келіп отырса ше? Шыдамдылық танытыңыз! Айтып отырмын ғой, мынауыңыз кәдеге асарлық әжептәуір дүние, бірақ бұл әлі өнер туындысы емес. Ұғасыз ба осыны? Бекман. Өнер туындысы емес дейсіз бе?! Бірақ бұл бүгінгі күннің нағыз шындығы еді ғой. Шындықты қайда қоясыз? Директор. Шындық екені рас болса, рас шығар. Бірақ өнердің шындыққа ешқандай қатысы жоқ! Бекман. (Мағынасыз, шарасыз қайталай береді). Шындықтың өнерге қатысы жоқ екен... Үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын көрінеді... Директор. Жалғыз шындыққа арқа сүйеп, ешқашан алысқа кете алмайсыз. Шындық ащы болған сайын, оны соғұрлым тәтті-дәмдіге орап, сылап-сипап айтады. Жассыз ғой, сіздің оны әлі білмеуіңіз заңды. Бекман. (Өзіне-өзі). Шындық неғұрлым ащы болған сайын, оған соғұрлым тәттіні көп қосады дей ме? Апырай-ә! Білмегенімді қарашы... Директор. Сіз тек ащы шындықты айтып, жұртты өзіңізден аулақ қашыртасыз. Егер бәріміз шығып алып өз шындығымызды жағымыз талғанша қақсап айтар болсақ, не болар еді. Не тамтығымыз қалар еді? Және ол бүгінгі күні кімге қажет? Кім оны керек қылып отыр? Ешкім! Сіздің шындығыңыздың құны көк тиын. Оның қажеті шамалы. Міне, шындықты шынайы шырайы. Мен сізге мұны ұмытпауға кеңес беремін. Көпті көрген, аузы күйген ағаның ақылы деп ұқ мұны. Күнделікті өзіміз көріп жүрген, жанжақтан шырмап-бытысып жатқан шытырман шындықтан гөрі, өмірде жоқ, мүлде болмайтын әдемі, өтірік шындықты жырла. Жоқты бардай, ақсақты дыңдай жырла! Ол қолыңнан келмейді екен, аузыңды жауып жайыңа жүр. Міне, сізге бүгінгі күннің шындығы... Бекман. (Өкініштен қатты күйінген, қынжылған түрі бар). Иә, иә! Айтқаныңыздың жөні бар... Енді түсіне бастадым... Тәңірі жарылқасын, сізді! Біртіндеп ұғынып келемін. Шындықтың мәнісін енді анық ұғынғандаймын. (Даусы біртіндеп қатая бастайды). Шындықты айтып, алысқа бармасыңды ұмытпау керек екен. Шындықты айтамын деп әлдекімдерге жақпай, жұртты өзіңе қарсы қойып аларың сөзсіз екен. Дәл қазір шындықты кімнің білгісі келеді дейсіз? Ешкімнің де! (Қаттырақ). Шындық ешкімге керек емес екен! Мен енді ғана тап-тұмдап соның ақиқатын ұға бастағандаймын. Менің шындығымның әлдебіреуге де, қоғамға да қажеті шамалы екен... Өз шындығымды өзім арқалап, қарамды батырайын. (Есіктің сықырлай ашылып, қатты жабылған дыбысы естіледі). Директор. Қарай гөр! «Кедейдің кербезінен сақта», - деуші еді. Әліне қарамай, шамшылын өзінің?! Бар, бара ғой, шындық арқалаған шерменде...

Бекман сауықхананың жабық есігінің алдында тұр.

Бекман. (Ашынған дауыспен өлең оқиды). Төрт не алты жол өлең – 47-бетте. Мен енді Эльбаға қарай тура тартайын. Біреу. Бекман, тоқта! Сенің жолың мына жақта! Жоғары қарай жүрсеңші. Былай қарай... Бекман. Ол жолың қан сасиды ғой. Жаңа ғана ол жерде шындықты сойып салды. Мен енді ол жолмен жүрмеймін. Мен Эльбаға апаратын жолға түсейін. Менің жолым сол. Эльбаға жетуім керек. Біреу. Жоқ, Бекман! Жақсылықтан күдер үзбе. Шындық тірі. Ол феникс құс тәріздес. Өліп барып қайта тіріледі. Осыған сенші. Бекман. Жоқ, сенбеймін. Менің түсінігімде, шындықтың халі бүгінде жүзқара жезөкшенің халіндей мүшкіл. Оны бесіктен белі шықпаған жас баладан басы жерге жеткен еңкейген кәріге дейін біледі. Бірақ онымен бетпебет ұшырасуға дәрмендері жетпей, тайсақтайды. Күндіз ашық жолығысудан қорқады. Тек түн жамылып, ұрланып барады, қараңғыда құпия кездесуге бәрі де ынтығады. Ал, күндізгі жарықта оның келісімсіз, ожар, көзге ұратын оғаштығы көрініп тұрады ғой. Оны кім жақтырсын? Түн, түн қараңғылығы бәрін бүркемелеп тастайды. Шындық та сондай! Кейбіреулер тіпті оны өмір бойы тыжырынып, жақтырмай өтеді. Ол үшін оны кінәлауға бола ма?.. Айналам толған жабық есік... Біреу. Жүр, Бекман! Сен үшін де бір ашық есік әйтеуір табылар. Бекман. Әрине Гете үшін, Ширли Темпл мен Шмелинг үшін есіктер әрдайым ашық. Ал, мен Бекманмын. Сиықсыз көзілдірік киіп, сүйкімсіз шаш қойған Бекманмын ғой! Бақшаға қонған құстарды үркітуге қойған қарақшыдан еш айырмашылығым жоқ. Үстімде қырықшоқпын қолқылдаған ескі шинель, аяғым ақсақ Бекманмын. Мен кешегі, күндей күркіреп өткен соғыстың жанды елесімін, мен бар болғаны, өмірге пародия, карикатуралық бейнемін. Мен Моцерт емес, Бекман болғандықтан алдымдағы есік біткеннің бәрі тарс жабық. Міне, бір есік тағы сарт жабылды. Сондықтан мен далада қалдым. Келесі біреуіне жақындап едім, ол да сатұр-сұтыр асығыс жабыла қалды. Тағы сенделген жүріс. Қайда бар дейсің? Алдымдағы есіктер бірінен кейін бір сарт-сұрт жабылып жатыр. Сарт-сұрт, тарс-тұрс! Жабық есіктер алдында телміріп тұрып-тұрып, ақсаңдай басып ары қарай жөнелемін. Мен жақындаған бойда, есіктер тасыр-тұсыр жабыла бастайды. Енді қайт дейсің маған? Кешеден бері көше кезіп көп жүрдім. Кілең жабық есіктерге маңдайыммен соғыламын. Мен өмірімді жаңадан бастауым керек екен, соны қай жерден, қалай бастарымды білмейтін пақырмын. Білсеңіздер айтыңыздаршы, неден бастайын, қайтып бастайын жаңа ғұмырымды? Мен дауысым әлсіз, жанымдағыларға айғайлап, жекіріп үйренбегендіктен үнемі ақырып бұйрық беретін офицер бола алмадым. Менің үнім енді тым ащы шығады екен, көрермен көпшілікі үркітіп алуым бек мүмкін. Сондықтан сахнаға алмады. Түні бойы жүрегім езіліп, қыршынынан қиылған боздақтар түсіме еніп, қан жылайтыным есі кіресілі-шығасылы есуас есалаңдығымнан

екен. Адам болуым екіталай көрінеді. Бәлкім, полковниктің ескі костюмшалбарын кигенде адам болып кетер ме едім? (Ашына өлең оқиды)-48-бетте. Төрт не алты жол өлең. Шындықты сойып салған соң, бүкіл көше қан сасып кетті. Барлық есіктер сондықтан тарс жабық. Біреу. Жүр, Бекман, жоғары қарай жүр! Бекман. Мен үйімді аңсап келіп едім. Үйіме жетсем деп едім. Ол арада маған орын жоқ екен. Басқа біреу иеленіпті. Көше тас қараңғы, есіктер тарс жабық. Тек Эльбаға апаратын көше ғана жарқырап тұр. Самалдай жарқырап, жол көрсетіп, даңғырап жатыр. Алақай, Эльбаға қарай тура тартайын. Біреу. Тоқта, Бекман! Сенің көшең мынау. Осы көшемен жүрсең сен үйіңе барасың. Бекман. Ол үйде маған орын жоқ деп айтпадым ба саған. Біреу. Ата-анаңның үйі ше? Саған сол үйге бару керек. Бекман. (Елеңдеп). Олар бар ма екен десеңші. Тірі ме екен өздері? Біреу. Әкең сені өз бөлмесінде тосып отыр. Ал, анаң есік алдында күтіп жүр. Әне, ол сенің аяқ дыбысыңды алыстан таныды. Бекман. Иә, иә, менің ата-анамның үйіне баруым керек екен ғой. Менің ол үйге жететін кезім болар ма екен? Анама, анама жетсем екен! Ата-анамды көрмегелі қанша болған?! Біреу. Жүр. Міне, сен баратын көше! Ең алдымен баруға тиіс жердің есіңе ең соңында түскені несі? Әлде, ұмыттың ба, әлде есің енді кіре бастады ма? Бекман. Үйіме барамын, үйде мені анам тосып отыр ғой анам, көп бейнет кешкен сорлы анашым менің...

Бесінші көрініс

Үй көрінеді. Есіктің алды. Алыстан Бекман келе жатады.

Бекман. Мынау біздің үй ғой! Ойпырмай, бұзылмай сақталып қалғанын қара! Сол қалыпы. Есігі де дін аман. Бұл мен аңсап келе жатқан жып-жылы үй ғой. Мен оны қашаннан бері аңсап жүрмін. Үйде мені анам күтіп отырған болар. Анам қазір маған өзі есік ашады. Біздің үйді пәлен жылға созылған қырғын апаттан аман қалар деп кім ойлаған?! Міне, қуаныш! Мен жақындап келемін. Қазір-ақ жетемін. Баспалдағына шекті баяғы қалыпы, бассаң сықырлап қоя беруші еді. Есіктің дәл алдына келіп тұрмынау. Іштегі менің қымбаттыларым оны сезер ме екен? Әкем осы есіктен, жексенбіден басқа күндері, күнде таңертең сағат сегізде жұмысқа шығушы еді. Содан үйге кешке бірақ кіретін. Ал, жексенбі күндері ұйқысын қандырып тұратын ол, шаруашылықтың бір бума кілтін қолына ұстаған бойы, мұрнының астынан әлденені күңкілдеп, күбірлеп ары-бері теңселіп ұзақ жүріп алатын. Сосын әлденелерді аударып-төңкеріп жөндей бастайтын.

Әрдайым, жексенбі сайын, мен ес білгелі осылай. Осы дағдысынан бір жаңылмайтын. Ал, анам болса, үйден бір кіріп, бір шығып, тыным таппай тырпылдап жүргені. Күніне кем дегенде осы есіктен екі-үш рет, бәлкім одан да көп, жеті-сегіз... тіпті оншақты рет кіріп-шығатын болар. Оны кім санады дейсіз. Өмір бойы ұзақ ғұмырында осы босағаға адал берілген жан ол. Атаанамның алтын босағасына есен-сау жеттім-ау. Қазір табалдырықтан аттасам болды, ар жағында ас үйдің есігі бірден көрінер еді. Санамдағы суреттер тіріліп жүре берді. Одан ары төрге ілінген, зымыраған қайтымы жоқ зырлауық уақытты дың-дың өлшеп, шығарып салып тұратын көне сағат көзге түсер. Оның жанында орындықты жығып алып, атша мініп мен отыратынмын. Орындық менің темір тұлпарым. Мен оған мінген бойда ұшқан құспен жарысып, ойша зымырайтынмын. Меннен сәл жоғары таман жөтеліп қойып, әлденелерді шұқылап жөндеп әкем отыратын. Жөндеп отыратыны кейде анамның жиі бұзылатын үтігі, не іс мәшинесі, әлде тұтқасы босаған кофе ұнтақтағышы, бәлкім басқадай кәкүр-шүкір бірдеңелер болуы мүмкін. Ас бөлмедегі су құбыры дырылдай жөнеледі. Шала жабылған шүмектен су тамшылары шашырап, кафельге қонақтап дірілдейтіндей. Шешем барып шүмекті бекітіп, қолындағы шүберегімен кафельге шашыраған мөлдір тамшыларды сүрте кетеді. Бәрі күні кешегідей. Міне, өзіміздің есікке де жеттім-ау. Қазір оны итеріп ашқан бойда осы көріністерді қайта көретіндеймін. Өйткені, отыз жыл бойы осылай болып келіп еді ғой. Әлі де дәл сондай екендігінде сөз жоқ. Күндей күркіреген алапат соғыс бұл үйге соқпай қасынан өтіп кеткендей көрінеді. Қирап жермен-жексен болудан сау тұр екен. Қалқайып тұрғаны көзіме ыстық көрініп барады. Тәңірінің есіркеп жарылқағаны осы болар. Бұл үй мені күткен екен. Қазір, міне есік айқара ашылады, мен үйге енемін. Мен ішке кірген соң, есік менің соңымнан сықырлай жабылады. Мен ол үйден қайтып жуық арада сыртқа шықпаспын. Жылы жерде отырамын. Сыртта желдің өтінде, жаңбыр астында жаурап тұрмаймын енді. Мен үйдемін! Естимісіңдер мен үйіме жеттім! Мынау - бояуы қабыршақтанып тоза бастаған, почта жәшігі жапырыла майысқан біздің көне есік қой. Қоңырау түймесі де былқылдап босап қалғандай. Есікте біздің әулеттің аты-жөні қашалып жазылған мыс табақша болушы еді. Оны анам киіздің қиығымен күнде таңертең жылтыратып сүртіп қоятын. Жазуы жарқырап анадайдан көзге бірден көрінетін: «Бекман»... Бұл қалай болғаны? Мыс табақша көрінбейді ғой, қайда кетті екен? Неге алып тастаған? Кім алған? Мына бір кірлеген қатырма қағаз қайдан пайда болған? Біздің есікке басқа біреудің аты жазылғаны несі? Хлам мырза дей ме? Онысы кім тағы? Есікте біздің әулеттің аты-жөні неге жоқ? Отыз жыл жазулы тұрып еді ғой. Енді қайда кеткен? Алып тұрып, бостан-босқа лақтырып тастауға, әлде басқа біреумен алмастыруға бола ма екен?! Біздің мыс табақша қайда? Әркімнің аты-жөні өз есігінде жазулы тұрмаушы ма еді? Әлімсақтан бермен солай. «Бекман» деп қашалып жазылған жез табақша ілулі тұруға тиіс еді ғой. Отыз жыл солай болып келіп, енді неге өзгереді? «Бекман» болмай, Хламға айналғаны несі?

Бекман қоңырау түймесін басады. Сықырлап есік ашылады.

Фрау Хлам. (Немқұрайлы, жаратпаған кейіпте). Не керек еді сізге? Бекман. Қайырлы күн, мен... мен... Фрау Хлам. Не дейсің? Бекман. Біздің мыс табақшаның қайда кеткенін білмейсіз бе? Фрау Хлам. Ол қандай пәле тағы? «Мыс табақша» дегені не? Бекман. Есіктің жақтауында ілініп тұратын біздің әулеттің аты-жөні қашалып жазылған мыс табақшаны сұрап тұрмын. Фрау Хлам. Мен оны қайдан білейін. Бекман. Сіз менің ата-анамның қайда кеткенін айтпайсыз ба? Көрінбейді ғой өздері. Фрау Хлам. Мен оларды неге білуге тиіс екенмін. Оларың кім еді сондайлық? Сіз өзі кімсіз? Бекман. Мен Бекманмын. Мен осы үйде туғанмын. Ата-анаммен осы үйде тұрғанмын. Бұл біздің үйіміз еді. Фрау Хлам. (Бажалақтап, байбалам сала бастайды). Жоқ, жоқ... Тіпті де олай емес. Бұл үй біздікі. Біздің үйіміз. Сіз осында тудым дейсіз бе? Онда менің шатағым жоқ, шырағым. Кім қайда тумайды? Ал, бұл үйге енді сіздің дауыңыз жоқ. Бұл арада баяғыдан біз тұрып жатырмыз. Бұл үй бізге тиесілі. Бекман. Солай болса, солай шығар. Ал, менің ата-анам қайда кеткен? Олар қазір қайда тұрады? Фрау Хлам. Сіз сол кісілердің баласы едім дейсіз бе? Бекмандардың баласыз? Бекмансыз? Бекман. Иә, дәп солай. Мен олардың жалғыз ұлымын. Осы үйде туғанмын, осы үйде өскенмін. Фрау Хлам. Оның маған не қатысы бар? Ол өз шаруаңыз. Қайда тусаңыз да өзіңіз білесіз. Бірақ бұл үй енді біздікі. Бекман. Ал, менің ата-анам ше? Олар қай жерде қалды екен? Сіз олардың қайда екенін білсеңіз айтсаңызшы. Олар қайда кеткен? Фрау Хлам. Сіз соны шын сұрап тұрсыз ба? Мен солардың ұлымын деп өкіректегенде сондайсыз, неғып білмейсіз. Бұныңыз, дегенмен, қисынсыз сияқты. Жоқ, қымбаттым, оны білмеуіңіз мүмкін емес қой... Бекман. Құдай үшін, менің қарттарым қайда кеткен, білсеңіз айтсаңызшы. Өмір бойы осында тұрып, енді мен келер кезде жоқ болғаны несі? Апырмай, бір нәрсе десеңізші! Олардың қайда болуы мүмкін? Бір жерге барып тұрақтаулары керек қой. Фрау Хлам. Әрине. Олар өздеріне тұрақ тапқан. Менің білуімше бес шіркеудің маңында болар. Бекман. Бес шіркеу деген не еді? Онысы не тағы? Фрау Хлам. (Оның әлі де ешнәрсе түсінбегеніне сенімсіздеу). Бес шіркеу Ольсдорфта. Сіз Ольсдорфтың не екенін білетін боларсыз? Бір сөзбен айтқанда қабірстан. Мүрделер поселкесі. Ал, оның қайда орналасқанын білесіз бе? Фюльсбюттельдің маңында. Сол бағыттағы автобустың соңғы үш аялдамасы бар. Фюльсбюттельдегі аялдамадан түссеңіз, түрмеге кезігесіз.

Ал, Альстердорфтан түссеңіз жындыханаға барасыз. Ольсдорф аялдамасынан түскенде, ар жағында ел жоқ кілең бейіттер. Сіздің қарттарыңыз сонда көшкен. Оларды сол жақтан іздеңіз. Олар асарын асап, жасарын жасаған адамдар. Енді мәңгілік мекендерінде. Сіз оны қалайша білмейсіз? Бекман. Қайран менің қарттарым. Олар ол жақта не істеп жүр екен? Әлде... Әлде дәм-тұздары таусылған ба? Әлгінде ғана, маған баяғысынша елестеп еді ғой. Бұл қалайша болғаны? Мен оны қайдан білейін? Мен мың бір күнмен түнімді меңіреу Сібірде өткізіп арып-ашып енді жеттім емес пе? Қаза болды де! Көңілім сенбей тұр. Менің келгенімді тоспай, о дүниеге аттанғандары несі? Мен кеткенде сап-сау еді ғой. Рас, әкемнің аздап жөтелетіні болатын. Бірақ ол ғұмыр бойы жөтеліп келе жатқан. Онда тұрған не бар? Анамның ас үйдің табанына төсеген кафельден үнемі аяғы жаурап жүретін. Бірақ одан адам өлмесе керек. Сонда неден қайтыс болды екен? Бұлай болмауы керек еді. Жалғыз жұбаныштары – менің дерегімді біле алмай, күйіктен көз жұмды ма екен? Солай болған шығар, әйтпесе, өле қалатындай күйде емес еді. Маған – арып-ашып жеткен жалғыздарына бір ауыз тілдесе алмай, қалайша көз жұмды екен? Фрау Хлам. (Жаны ашып, мүсіркеген пиғылмен). Сіз өзі барып тұрған сайқымазақ, қылжақпассыз-ау деймін, көгершінім. Жә, бос сөзді қоя тұралық. Мың бір күн мен түнді Сібірде өткізу, әрине, жағажайда шалжиып күн шуаққа қыздырыну емес екенін шамалаймын. Ми шайқалып, шариктеріңнің шашылып қалуы әбден мүмкін-ау! Одан сіз де құр-алақан емессіз-ау, байқаймын. Бұл соғыс сіздің әулетті рахымсыз күйреткені көрініп тұр. Үшінші имеприяның кезінде қарттарды қырына алғаны белгілі. Қарт адамға жағдайға мойын ұсынып, әскери тәртіпке көндігу оңайға түспеді. Жансақтап, тірі қалудың қамын ойлап бақты. Оның үстіне сіздің әкеңіз... Оның баласы екеніңіз рас болса, оны өзіңіз де білуіңіз керек, әкеңіз еврейлерге қарсы болды. Еврейлерді жақтырмады. Соғыстың бар ауыртпалығының өшін солардан алардай кіжінуші еді. «Менің қолымда билік болса, бірін қалдырмастан еврейлерді Палестинаға қуар едім», - дейтін ашықтан ашық. Соғысқа солар кінәлідей-ақ қаһарын төкті. Күні-түні гүрс-гүрс жарылған бомбадан қорғану үшін жертөлелерге тығылған уақытта қашан ышқынғанысқырған бомба даусы басылғанша ол еврейлерді қарғап-сілеумен, балағаттаумен болатын. Осы азап пен тозақтың себепкері солардай-ақ жауықты. Шамасы көкірегінде қайнаған кегі болды ма екен, кім білсін? Жасыратын несі бар, әкеңіз нацизм дәуірлеген уақытта өте белсенді болып кетті. Еврейлерге тізесін батырудай батырғаны рас. Ал, фашизм жеңіліп, дүние тегершігі кері айналып келгенде, оның зардабын да бір кісідей тартты. Еврейлер ісінде оның белсенділік танытқаны ескерусіз қалмады. Егде жасты еңсеріп, жақсылы-жаманды біраз нәрсені басынан өткізген адам аузына ие болса, қайтер еді. «Басқа пәле-тілден», - деген емес пе? Солай шырағым! Жаңа үкімет нацистердің ініне су құйған соң оның жандайшаптарының соңына шам алып түсті. Сол уақытта әкеңіздің қаққанда қанын, соққанда сөлін алды. Не айтатыны бар? Бірақ күнде қаусаған шалға айналып шыға келді. Солай, жарқыным, бір үкімет былай дейді, бір үкімет олай дейді. «Екі

түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің», - кері келді. Біріне жаққан, біріне жақпады... Бекман. (Иығы түсіп, бұрынғысынан да шөге түскендей басы салбырап кеткен). Солай деңіз... Фрау Хлам. (Әңгімесін үзіп тастап, оның жүзіне таңырқай қарап). Жарқыным, мұрыныңыздың үстіне тағып алғаныңыз не зат өзі айтыңызшы? Әйтпесе, сізге қараған сайын мені күлкі қысып барады. Ойпырмай, адамның зәресін ұшыратын осындай да зат болады екен-ау?! Бұл өзі бақаның көзіндей тостағандай не пәле? Дені дұрыс көзілдірігіңіз жоқ па тегі? Бекман. (Ойланып жатпастан, үнемі айтып жүрген сөзін ойсыз қайталай береді). Дұрыс көзілдірігім болмағандықтан тағып жүрген жоқпын ба? Бұны бізге соғыста берген... Фрау Хлам. Білемін, білемін... Естігенмін. Мен мұны өлсем де тақпас едім. Бұндай үрейлі нәрсені таққанша, көзім көрмесе, үйімде отырмаймын ба? Бұны менің шалым көрсе, қандай күлер еді. Оның сонда сізге не дейтінін айтайын ба? Ол: «Достым, андағы есуас адамның тағатын затын шешіп тасташы», - дер еді бірден көрген сәтте-ақ. Бекман. Мен сіздің шалыңыздың не дейтінін естігелі келіп тұрған жоқпын, Фрау Хлам. Одан да менің қарттарыма не болды? Соны айтыңызшы. Олар қайда кетті? Қалай кетті? Адамның тағатын тауыспай айтыңызшы, өтінемін сізден Фрау Хлам. Фрау Хлам. Не айтатыны бар? Жаңа келген үкімет әкеңіздің бар жеңілдіктері мен зейнетақысын сыпырып алды. Олар қара суға қамалып қала берді. Өкінішті, әрине! Өтеді-ау деген өңі түзу дүниелерін, киім-кешектерін нанға айырбастады. Ол да таусылды. Үйлеріңізді де алуға ыңғайланды. Ақырында сіздің қарттарыңыз толық денационализацияға ұшырады. Әкеңізді өзіңіз білесіз, қаққан қазықтай, иілмейтін бір жақты адам еді ғой. Солай өтті. Олардан тек ас үйдің кейбір ыдыс-аяқтары ғана қалыпты. Басқа түк те жоқ. Бекман. Олар... Олар неге ұшырады дейсіз? Денаци.. генаци.. дейсіз бе? Ол не еді? Түкке түсінсем бұйырмасын... Фрау Хлам. (Жайбарақат). Оның түсінбейтіндей несі бар? Денационализацияланды деймін. Біз қазір осылай сөйлейтін болғанбыз, шырағым енді түсіндіңіз бе? Бұл біздің отбасында жиі қолданатын сөзіміз. Нацизмнің тұқымы тұздай құрыды дегеніміз ғой. Иә, иә, сіздің қарттар да соның арасында кетті. Қарттардың одан әрі төзуге еш қауқарлары қалмаған. Бір күні таңертең ас үйде газ баллонын ашып тастап, екеуінің де уланып, көкпеңбек болып сіресіп жатқан жерінен таптық. Солай, шырақ. Сонда менің шалымның: «Өлудің басқа жолын таппады ма екен? Соншама газды босқа шығындағандарын қарашы. Бұл газбен біз әлі бір ай ас пісірер едік», - деп кейігені бар. Бекман. (Ақырын, бірақ қатты ашумен). Тоқтатыңыз. Тоқтатыңыз бұл сандырағыңызды. Қазір мына есігіңізді іштен жауып алмасаңыз, мен өзімнің не істер, не қоярыма сенімсізбін. Естимісіз? Сұңқылдамай, көз алдымнан жоғалыңыз. Жоғал...

Фрау Хламның ащы дауысы, есіктің сарт жабылған дыбысы естіледі.

Бекман. (Ақырын). Мен бұған төзе алмаспын. Бұл соққыны көтерерлік менде дәрмен қалмады. Бұдан әрі төзе алмаймын... Біреу. Жоқ, Бекман, қателесесің. Сен қазір ашумен жаңсақ ойлап тұрсың. Пенде баласы бұдан да өткен небір ғаламат сұмдықтарды көтерген. Сен де көтересің, көрешегіңді көрмей, көрге кірмейсің деген бар... Бекман. Жоқ! Жоқ дедім ғой саған. Менің бір басыма көргендерім мен әлгі естігендерім аз деп тұрсың ба? Сен-ақ менімен тайталасып, зығырданымды қайнатып біттің-ау! Жоғал деген соң жоғал! Біреу. Жоқ, кетпеймін, Бекман! Сенімен бірге жүремін. Сенің жүретін жолың мынау, жоғары қарай баратыны. Жүр, Бекман, сол жолға түс, жүр кетейік. Жол ұзақ әлі. Жүр енді. Бекман. О-о-о! Топас малғұн! Адам небір сұмдықтарды көтереді дейсің бе сен? Сонда сен маған, естіген сұмдықтарыңды арқалап көше кезіп жүре бер демексің бе? О-һо-һо! Ауа жетпей, көкірегім қысылып барады. Қайтсем жай табамын? Әлдекімдерге соқтығып, ұрынсам ба екен? Кімге? Кімге барып соқтығайын? Кімнен барып, жанбай жатып сөнген жастығым мен аштан өлген ата-анамның кегін алайын? Кімнен өтеуін сұрайын? Кімнен? Мұны маған қалай ұмыт дейсің? Ұмытып, түк болмағандай қалай жүр дейсің? «Екеуі бірдей көкпеңбек болып, сіресіп жатыр», - дейді, тап бір ит, не мысық, тауық өліп қалыпты дегендей жайбарақат. ...Әй, бірақ бүгін адам өлімі таңсық болып па? Екі адам деген не тәйірі?! Біреу. Бекман, сабаңа түс. Ақылға кел. Бекман. Сол екі адам сен үшін ең асыл жандар болса ше? Өкініші өзекті өртемейді дейсің бе? Ал, басқалар үшін олардың көтерем тоқтыдай құны жоқ. Кейбіреулеріне қасіретпен көз жұмған қарттардан гөрі босқа кеткен газ қымбаттырақ болыпты. Ол газға әлі бір ай ас пісіріп ішуге болады екен... Біреу. Олардың сөзін қайтесің, көңіліңе алма. Жүр, Бекман. Жол күтіп тұр сені. Алда ұзақ жол бар. Бекман. Тыңдамаолардың сөзін дейсің! Менде де жүрек бар ғой. Әрбір тиген соққыдан ол қансырап бебеу қағады. Кеудем кекке толып барады. Әлгі бір, босқа кеткен газ үшін қиналғандардың түте-түтесін шығаруға бармын. Әйтсе де ол қолымнан келмейді. Айтшы, сонда не істеуім керек? Жүрегім талды, қажыдым. Бір соққыдан кейін бір соққы қалжыратты. Қайда барайын? Емін қайдан табайын? Жоғары көшемен жүрсем де, төменгі көшемен жүрсем де маған орын табылмады. Тек, Эльбаның түбіне түсіп жай таппасам, басқа жерде орын қалмаған. Ата-ана Ольсдорфтегі бейіттер поселкесіне көшіп кетіпті. Ол жаққа көшкендер тек ол екеуі ғана емес қой. Кеше екі мың болса, арғы күнгісі жеті мың шығар. Ертең тағы төрт мың, бәлкім мың емес, миллион, он миллион болар. Барша әлемдегі бауырластар зиратында қаншамасы жатыр? Оны кім санапты? Ешкім! Төмендегілерде оны тыңдарлық құлық жоқ. Жоғарыдағы құдайдың да оны еститіндей түрі

көрінбейді. Құлағын тарс бекітіп, құдайың тас бүркеніп теріс қарап жатып алған сыңайды. Ал, төмендегілер өзімен-өзі қырықпышақ. Біреу. Беу, Бекман! Бекман! Сабыр сақта. Өзіңді-өзің қолға ал! Біреулердің қыңыр сөзін тыңдап қайтесің. Ешкімнің сөзіне құлақ қойма, Бекман. Сен қазір дүниенің бәріне противогаздың көзілдірігі арқылы қарайсың. Саған бәрі бұрмаланып, бұлдырап қиқы-жиқы көрінуі ғажап емес. Сен оны дәл сол қалпында қабылдайсың. Оның бәрі ақиқат бола бермейді. Сондықтан ешкімді тыңдама. Еһ, Бекман, Бекман! Біз қандай уақыттарды бастан өткізгенбіз, есіңде ме? Аляска түбегінде мұзда қалған екі қыз бала туралы сығырайған білте шамның жарығымен, Кейптаунда отырып, газеттен оқып, үлкендердің қалай аһлап-уһілегендерін, көз жастарын төккендерін көріп едік қой. Баяғыда Бостонда бір бала жоғалыпты десе, Гамбургтегілер соның уайымын уайымдап түнімен ұйықтамайтын. Сол секілді баяғыда СанФранцисколықтар Парижде ұшатын шар жарылып, біреу құлапты дегенді естіп жағаларын ұстап, қатты қайғырыпты. Кіл аяғы, біреудің тұмсығы қанапты десе де «И-и, байғұс-ай, обал болған екен», – деп әжептәуір қапаланатындарды көзіміз көріп еді. Бекман. Ол қай заман еді? Баяғы-да-а-а, баяғыда-а, баяғыда өтіп кеткен. Қашан? Он мың жыл бұрын шығар. Қазір ажал құшып жатқандар саны алтытаңбалы санмен өлшенеді. Өлім таңсық болмай қалды. Жаманат хабар естігенде адамдар бұрынғысындай аһлап-уһлемек түгілі, шыбын шаққандай селт етпейді. Түнімен болмашы жарықпен әлдене оқымақ түгілі мылтық атылып жатса да тарс бүркеніп, алаңсыз ұйқы соғады. Әрине, ұйықтайтын жерлері барлары ғой. Әркімнің өз қайғысы басынан асады, адамдардың бірінбірі көргенде үнсіз сырт айналатыны сондықтан болар. Ұнжырғасы түскен, жанар оты сөнген, қабақтары қатулы, жағы солған, белі бүкірейген, сорайған соқа бастары жанды көлеңкедей қыбырлайды. Бүгін тірілер есебінде болғанымен олар да ертеңгі өлілер санатында. Осылай өлілердің саны молыға береді. Оны санап ешкім тауыса алмақ емес. Ұзақ сандар... Біреу. Бекман, сен ештемені санама! Ешкімді тыңдама! Бекман. Қалайша санамайсың! Ол сандарда өлілер мен тірілердің ақиқаты жатса. Өлілер неден өлді дейтіні бар ма? Оқтан, оттан, судан, аштықтан, суықтан, жарылыстан, бомба түскеннен, барар жері, басар тауы қалмаған соң лажыз мойынұсынған үмітсіздіктен, адасудан... Қайсы бірін айтып тауысайын. Ол сандар да созыла бермек. Олардың соңындағы нөлдерге біздің екі қолымыздың саусақтары да жетпес! Біреу. Қой енді, Бекман! Сен жұрттың бәрінің айтқанын тыңдай бермесеңщі. Жүр, Бекман, жол күтіп қалды, жүр! Бекман. Жүр, жүр дейсің. Ал, жүрдім! Сонда сенің жолың мені қайда апарады, жарқыным? Жүргенде біз қайда бармақпыз? Қазір қайда тұрмыз? Баяғы жер бетіндеміз! Гүрс-гүрс жарылған бомбадан, жарылыстан денесінің сау тамтығы қалмаған, күйіктен терісі бырысып-тырысқан жер бетіндеміз. Міз бақпаған қалпымыздамыз! Сырттай қарағанда түрімізді түк жауып, мүйіз өсіп, құйрық пайда болып, азу тісіміз алты қарыс ақсиып шықпағанмен, іштей жыртқыштан қандай айырмамыз бар? Тек екі аяғымызбен жүргеніміз

болмаса. Ал, айтшы адамзат баласы сен, Біреу. Мені қайда алып бармақсың? Қайда апарады жол біздерді? Сен бәрін іштен оқып туған білгіш едің ғой, Біреу, білсең айтсаңшы! Біз қайда бара жатырмыз? Біреу. Сен адасып жүрсің Бекман. Жүр, жоғары қарай жүр, төмен түспе, сенің жолың мына жақта. Жүйкеңді жүндей тоздырып, кім не десе, соның бәрін тыңдай беріп қайтесің. Жол болған соң оның ойлы-қырлы, тасты-тастақты келетіні рас. Тік құлама тұстары, кілт бұрылыстары, қараңғы жерлері де болады ғой. Бірақ жол ұзақ жалғаса береді. Оның самаладай жарық шам орнатылған жеріне де жетерсің. Сол жолда саған жарқырап күн де шығар, жымың қағып ай мен жұлдызы да туар, сұлулар да ұшырасар, үмітті терезелер мен жабық есіктер айқара ашылар. Тек күндеріңді үзбе! Аз уақыт аулақта, тұманды, жауын-шашынды түні жалғызсырап тұруға тура келсе, соған бола байбалам салуға бола ма? Ерте ме, кеш пе сен өзің іздеген жан жылуына түбі бір жетесің. Жүр! Жүр, жас жігіт, шаршап-шалдықтым деген сенің жасыңа лайық сөз бе екен? Жүр, тоқтама! Күйрек, елжіреуік сезімге бой алдырма, сен күйреуік жанның тобынан емес сияқты едің ғой. Ешкімді, ештеңені тыңдама. Бекман. «Ешкімді тыңдама, тыңдама» - дегеннен өзге сенің айтарың жоқ па тегі? Бұл сенің, менің барша мұң-зарыма қайтарған жалғыз жауабың ба? Миллиондап жер жастанғандардың, тірі өліктердің, із-түзсіз кеткендердің тәлкек тағдырына немқұрайлылығың ба әлде? Сен тек «тыңдама», «құлақ аспа» дегенді қашанғы қайталай бересің? Мен адасып жүрмін бе? Иә, жол болғаннан соң оның кедір-бұдыры, тас қараңғы тұсы, тайғақ кешуі бар болса, бар шығар! Мен үшін, бірақ көңілге үміт ұялатар, оның жарық сәулесі көрінбейді. Меңіреу! Мен сол көрдей қараңғы көшеңмен ішегім бұралып, аштықтан ішім иттей ұлып, азып-тозып, ақсаңдай басып қашанғы жүремін? Ең аяғы, Эльба да меннен жеріп, арам астай қайтарып тастаған жоқ па? Енді қалайша маған, ештеме болмағандай одан әрі өмір сүруді жалғастыра бер демексің? Айтшы, қалай өмір сүрейін? Тым болмаса мынаған жауап берші, Біреу. Кім үшін, не үшін өмір сүрмекпін сонда мен? Ғұмырымда қандай мән қалды? Біреу. Өзің үшін, Бекман, өзің үшін. Тіршілік үшін. Сенің өз соқпағың бар, соған түсуің керек. Оның әр жерінде сиректеу болса да жарық қылаңытады. Сен солай қарай жүр. Екі жарықтың аралығындағы қараңғылықтан сен шынымен қорыққаның ба? Ай мен айдың аралығындағы өліара шақ та жауынды-шашынды, қараңғы болмайтын да еді? Сол секілді дүние бұл да! Әлде саған әр аттаған қадамың сайын самаладай жарық орнатылған тақтайдай тегіс жол қажет пе? Оны қайдан табайын? Айтып тұрмын ғой өліара шақ деп. Жүр, Бекман! Кеудеңді сүйретіп, келесі жарыққа жет. Жүр! Бекман. Жоқ, естимісің, жоқ! Мен ішегім ішегіме жабысып, бұралған ашпын, суықтан өне-бойым сіресіп, буындарымнан әл кетіп, аяғымды баса алар емеспін. Естимісің? Дәрменім жоқ. Сенің әуселеңді көрейін, мен үшін ашылар бір есікті тауып берші. (Жүгіріп қаз-қатар тұрған бірнеше есікті тартып шығады). Көрдің бе, әне бәрі тарс берік. Ал, менің де ыстық ас ішіп,

жылы орында отырғым келеді. Енді қайда барайын? Жанымды одан сайын күйдірмей, бір уақ аузыңды жапшы, заржақ. Менің жаным онсыз да қырықжамау. Елім деп, жерім деп зарығып жеткенде паналайтын жер таппай бұралқы иттей жүрісім мынау. Анамды қатты сағынып келіп едім, орнын сипап қалдым. Бір үзім қара нанға зармын. Мен ақ бауырсақ пен үлпілдеген ақ тоқашты аңсамаймын. Одан үміт үзгенмін. Бір үзім қара нан – арманым. Анам тірі болғанда жалғызы үшін бір жапырақ нан табар еді ғой. Жаңбыр астында қалып, малмандай су болып келгенімде, әрдайым, әуелі құрғақ жылы шұлық кигізіп, ыстық сүт, не ыстық шай ішкізуші еді. Қайран шешем! Сен тірі болғанда азып-тозып келген жалғызыңның құрақ ұшып, асты-үстіне түсіп, қолыңда барыңды аузына тосар ма едің?! Мен сонда бойым жылынып, тамыр-тамырыма ыстық қан жүгіріп, бағанағы полковник секілді жұмсақ креслоға жайғасып алып, Достоевскийдің, не Горькийдің қалың томдарының бірін қолыма алып, алаңсыз оқуға кірісер ме едім?.. Өзің тоқ, көңілің жай болған уақытта басқа біреулердің қайғы-қасіреті, қатыгез заманда шеккен азаптары туралы оқу рахат! Бірақ маған ондай бақты кім беріпті? Мен әбден қалжырағандаймын. Ойларым да шатасып бара жатқан секілді. Көздерім де жұмыла береді. Аяғымнан әл кетіп, тізем бүгіліп барады. Қазір осы арада құлауға бармын, егер құласам, қайта тұруға әлім жетпес. Бұралқы иттей әбден титықтадым. Бұдан әрі жүруге шамам да, құлқым да жоқ. Енді тапжылмаспын. Бар жоғал! Жүр деп мені үгіттемей-ақ қой! Біреу. Бекман, сен әбден қалжырадың, білемін. Жүр, ақырындап алға жылжиық. Жүр... Өмір тоқтаусыз. Ілесе берейік. Бекман. Жоқ, жүрмеймін де, Достоевский ме кім еді, оныңды оқымаймын да. Маған жұрттың азабын арқаламақ түгіл, өз қайғы-қасіретім де бір басыма жетіп артылады. Оқымаймын да, бармаймын да ешқайда. Мен қажыдым! Естимісің, жүруге әлім жоқ. Қатты ұйқым келіп тұр. Қазір өз үйімнің табалдырығына жата кетемін де ұйықтаймын. Шіркін, өз үйіңнің алдына жатып ұйықтағаннан артық не бар! Содан тұяқ серіппей бір қатармын-ау. Содан тұрмасамшы ғой. Біреу. Ұйқыңды аш, Бекман. Жүр кетейік. Сергі, серпіл. Бекман. Не үшін? Кімге керек мұндай итшілеген өмір. Мен өмірден сыпырылып, қатты ұтылып шыққан, жолы болмаған жанмын. Естимісің? Біреу. Жоқ. Сен өз міндетіңді аяғына дейін атқарып шығуың керек. Бекман. Нені? Біреу. Өз роліңді. Бекман. Не дедің? Өз роліңді ақырына шекті ойнап шығуың керек дейсің бе? Бұл міне табылған ақыл. Ал, кеттік! Ойнасақ, ойнап шығалық. Тар жол тайғақ кешуің қайда апарар екен? Бәлкім, әлдебір сұлудың құшағына тап болармыз. Үмітсіз шайтан деген. Біреу. Бекман ойыннан ерте шықпа. Көрешегіңді көрмей, көрге кірмейсің деген. Бәрінен безініп шығуға асықпа. Бекман. Енді ештеңе айтпа. Өмір – үлкен театрдағы ойын болғанда, біз соның майда актерлері екенбіз ғой. Ендеше басталық.

1-акт. Сұп-сұр аспан. Сұрқай дүние. Біреудің жаны байыз таппай бебеулеп ауыруда. 2-акт. Тағы сол аспан. Сол сұр дүние. Асқынған ауру. 3-акт. Кеш түскен. Төпеп жаңбыр жауып тұр. Ауру адам жанын қоярға жер таппай зыр қағып жүр. 4-акт. Қараңғы түн орнаған. Жағалай жабық есіктер. Жабық есіктер алдында жалғыз қара сенделуде. 5-акт. Тас қараңғы түн. Жабық есіктерден күдер үзген сен айдалада тұрсың. Түнгі суықтан тісің-тісіңе тимей сақылдап барасың. Жандәрмен өзенге қарай емпеңдей жүгіре басасың. Міне, өзен үстіндегі көпірге де шықтың. Ол Эльба ма, Сена ма, Нева ма, Есіл ме, Ертіс пе бәрібір. Басың толған шатасқан ой, ештемені ажыратып жатпайсың. Өйткені сен аш, әрі қатты тоңғаннан өліктей сұп-суық, шала-жансар күйдесің. Әлдененің суға шолп құлағаны естіледі. Су бетінде бірнеше шеңбер пайда болып, діріл қағып толқынға жұтылады. Осы кезде баяу жылжып шымылдық жабылады. Ду-ду қол шапалақтау. Бұл су түбіндегі құрт-құмырсқалар мен балықтар ғой «жем түсті, жем түсті» - деп, алақайлап қол соғып жатқан. Бар болғаны осы! Ал, мұның кез-келген театрдан несі кем? Менің ойыным осылай аяқталады. Бұдан ары ойынға мен қатыспаймын. Қара түндей қалың ұйқы басып, маужырап барамын. Ұйқы. Ұйқы ғана маған керегі. Біреу. Ұйықтама, Бекман! Саған әлі көп жүру керек. Бекман. Не дейсің? Сенің дауысың неге алыстан естіледі? Біреу. Оян, Бекман, оян! Ұйықтауға ерте. Жол алыс, жүруің керек. Бекман. Сенің жолыңа түкіргенім бар. Онымен енді басқалар-ақ жүрсін. Сен неге алыстап кеттің? Мен сені еміс-еміс естіп тұрмын... (керіліп есінейді). Біреу. Оян, Бекман, оян! Бекман. Гм-м... (ұйықтап кетеді). Біреу. Бекман, сен ұйықтап қалғансың ба? Бекман. (Ұйқылы-ояу). Мазамды алмашы... Біреу. Бекман тұр. Сен әлі де өмір сүруге тиіссің... Тұр! Бекман. Мен енді оянбаспын, оянуға тырыспаймын да. Мен қазір керемет түс көріп жатырмын. Түс болғанда қандай?! Біреу. Бекман көрген түсіңді айтпа. Сен түсіңде емес, осы өмірде қызық көруге тиіссің. Оян... Бекман. Қайдағыны айтпашы. Менің көрген түсімнен мына дүниедегі өмірдің садаға кетсін. Мен түсімде жұмаққа еніп барамын... Біреу. Бекман, тұр деген соң тұр. Есіңді жи. Бекман. Жоқ. Мен енді тұрмаспын. Мен түсімде ғажап бір әлемде жүрмін. Мен көшеде өліп қалыппын деймін. Өкпем тыныс алмайды. Жүрегім бұрынғысынша алып ұшып соқпайды. Аяғым жүрмейді. Ұзын сөздің қысқасы, бұрнғы Бекман жоқ енді, естимісің? Мен бұдан былай ешкімнің ырқына көнбеймін. Унтер-офицер Бекман саптан шықты. Бүкіл азаптан демде арылды. Тамаша емес пе?

Біреу. Оян, Бекман, оян! Оянбасаң, серейіп қатып қаласың. Тұрып алға қарай жылжуың керек. Бекман. Ары қарай жүргенде қай жерге шекті бармақпын? Тауға-тасқа, көлге-шөлге, әлде жер шетіне дейін бе? Жоқ, құрып кетсін! Ешқайда бармаймын. Жатамын осылай. Өлімнен бекер қорқады екенбіз. Өлімнің мұндай жанға жайлы екенін кім білген? Денем балбырап, бойым жеңілдеп, көңілімде еш алаң жоқ, жайбарақат күйдемін. О дүниеден «жаман екен» - деп қайтып келген ешкім жоқ қой. Сондықтан оның қандайлығын білмейді екенбіз. Менің тіршіліктегі өмірім бұған қарағанда тозақ болыпты, оны кім білген. Бәлкім... менің жаным тәнімнен бөлініп, көк жүзін шарлап та кеткен шығар. Мен өзімнің денемді сезінбеймін, қауырсындай салмақсыздық. Демек, мен көкке көтеріліп кеткенмін ғой. Әне, бір қарт көрінді. Құдай деп жүргеніміз осы болмасын! Иә, иә, өте ұқсас екен! Өзінің түрі діндар шалдарға көбірек ұқсай ма қалай?! Абыржыңқы көрінеді ғой. Шынында да біздің сыйынып жүрген құдайымыз осы болмасын? Қайырлы күн қартым. Сен осы біздің құдайымыз емессің бе? Айтшы! Құдай (жыламсыраған дауыспен). Иә, пендем менің! Иә, менің азапқа жаратылған пендем, мен сенің Құдайыңмын. Бекман. Солай ма? Сен менің Құдайым ба едің? Рахымы шексіз Құдайым! Сені Құдайсың деп таныған кім? Адамдар ма? Әлде, өзің «Мен, Құдаймын! Мен сендердің Құдайыңмын!» - деп жарияладың ба? Құдай. Адамдар! Адамдар бір кезде мені шапағат нұры шексіз Құдай деуші еді... Бекман. Олай болса, сені Құдай деп таныған адамдар үлкен ағаттық жасаған екен. Солай деп оларға айта бар. Олар, бәлкім, тамағы тоқ, көйлегі көп, ішкені алдында, ішпегені артында, алқып-шалқып жүргендер шығар. Сені рахымды деп, бәлкім, қайғы-мұңы, ештеңеге мұқтажы жоқтар айтқан шығар, не ессіз ғашықтар, не көңілі байлыққа бірленген, тоғайған жандар айтуы мүмкін. Не болмаса, арамнан мал жинағандар, бар жиғантергендерінен ажырап қалмауы үшін түнімен саған жалбарынып та айтуы мүмкін. Рахымды Құдай! Ха-ха-ха! Мен олай деп айта алмаймын. Мен сенің рахымшылығыңды көргенім жоқ. Естимісің сен, рахымды Құдай. Құдай. Менің адасқан пендем... Бекман. Сен қай уақытта рахымды болып едің, құдіреті күшті Құдай? Менің бір жасқа енді толған құртақандай ұлымды ысқырған бомба күлталқан еткенде сен қайда қарадың? Рахымдылығыңды неге танытпадың? Дүние есігін енді ашқан, күнәдан пәк сәбидің жанбай жатып сөнуіне неге жол бердің? Жауап берші, қанеки? Құдай. Оның өліміне мен әмір берген жоқпын. Бекман. Әрине, әмір берген сен емес. Бірақ, сен Құдай болсаң, оған неге жол бердің? Сен оның жылағанын, бомбаның гүрсілін естіген жоқсың ба? Рахымды Құдай, өзің айтшы, бірінен соң бірі бомбалар, гранаталар жарылып жатқанда сен қайда болдың? Көкте жайбарақат қарап отырдың ба? Менің он бір қарулас достарым барлаудан оралмаған кезде сенің шапағатшыл рахымыңды неге көрмедік. Он бір боздақтың өмірі қиылғанда

сен қайда қарап жүрдің? Ол, он бір бейбақ орыс орманында адасып, түнімен сеннен жәрдем тілеп, зар илегенде неге естімедің? Неге олардың дауысы саған жетпеді? Айтшы? Сталинград түбінде біз қоршауда қалғанда, сен қайда қарадың, рахымды Құдай? Сен бізге қашан шапағатты болып едің? Біз туралы, тым болмаса, бір рет ойлап көрдің бе? Әй, қайдам?.. Құдай. Маған бәрінің өкпесі қара қазандай. Апыр-ау, бәрінің кінәсін маған артатындары несі? Пенделер менің айтқаныммен жүруді баяғыда қойған. Маған ешкім де сенбейді. Айтқаныма иланбайды. Сен де сенбейсің, басқалар да сондай. Менімен ешкімнің ісі жоқ. Сенің де маған мұқтаж болып тұрғаның шамалы. Өйткені көкірегіңде Құдайға деген сенімің жоғалған. Бекман. Аһ, Құдай сенің мына бүлінген әлем жайлы өзі хабарың бар ма? Кімнің кімде ісі бар екен мына қалаймақан заманда? Сен қартайып қалған екенсің, Құдайым. Сенің жер бетіндегі қазіргі сойқандарды білмейтінің көрініп тұр. Қарыштап дамыған қатыгез уақытта сен ол қарқынға қалай ілеспексің? Сен бізді, біз сені анықтап танымаймыз. Сен біздің бала кезіміздегі ертегілеріміздің деңгейінде қалғанға ұқсайсың. Бізге қазір басқа Құдай керек. Біздің мынау құдайсыз бей-берекет тіршілігімізге қаһарлы, үні өктем, құдіреті күшті Құдай керек шығар. Жаңа Құдай! О, біз сені қайдан іздемедік? Бомба мен гранаталар ойып кеткен шұңқырларда ыңырсып жатып та, көзге түртсе көргісіз түндерде елсізде жүріп те, әр күнгі шабуыл алдында да анамыздан бұрын сенің атыңды ауызға алып, жалбарынатын едік. Түнімен сені іздеп жылап-еңіреп зар иледік қой. Сонда сен, рахымды Құдай, қайда болдың? Неге естімедің бізді? Бүгін сен қайдасың? Сен бізден неге теріс айналдың? Әдемі, көне шіркеулердің қабырғасына суреттеріңді салдыртып қойып, өзің қайда жоғалып кеттің? Сенің құдіретті күшің қайда? Шіркеулердің сынық терезелерінен, әлде, біздің зарымыз саған жетпеді ме? Айтшы, рахымы шексіз Құдай, сен қайдасың? Құдай. Меннен теріс айналған менің пенделерім ғой, мен олардан бір сәт те теріс айналған жоқпын. Сендер, сендер меннен бас тартқан. Мен бүгінде құдіретіме ешкімді сендіре алмаған пұшайман Құдаймын. Пенделерім меннен тегіс теріс айналған. Құдайдан қорықпайды. Бас-басына өздері бір-бір Құдай. Бекман. Олай болса, сен бара ғой, Құдайым! Менің ақырғы сәттердегі әдемі әсерімді бұзбашы. Бар, бара бер, сен Құдайдан гөрі жылауық шалға көбірек ұқсайсың. Сенікі құр сөз... Сенің бос сөзің кімге керек. «Меннен бәрі теріс айналды», - дейді тағы өзі. Кімнен кім екен теріс айналған. Сен бе меннен теріс айналған, әлде мен бе сеннен теріс айналған, бұл өзі даулы. Мен білсем, сен баяғыда өліп қалған боларсың. Сен мықты болсаң, бізбен бірге жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, суықта дірдек қағып аштан-аш түнімен көше кезіп жүріп көрші, Құдайым. Пенделердің тартқан азабын сен де тарт. Жүр, көр! Көргің келмейді екен, қараңды батыр, жылауық шалым. Шіркеулердің қабырғасына барып, суретке айналып тұра қал. Жерге түсіп нең бар?! Құдай. Менің күнәһар пенделерім, мені айыпқа бұйыра көрмеңдер! Мен дүние жалғанды өзгерте алар емеспін. Ештеңені де өзгерте алмаймын...

Бекман. Сенің шамаң солай болып тұр ғой. Сен ештеңе өзгерте алмассың. Біз сеннен қорықпаймыз. Қорықпаған соң сыйлаймыз. Құдай екен деп табынбақ түгілі, көзге де ілмейміз сені. Сенің күнің өткен. Өйткені сені шіркеудің жалған табынушылары тоздырған. Білдің бе? Сен ескіргенсің, өзіңнің сыртқы түр-түсің де, сәнің де әбден азып-тозып кетіпті ғой. Дауысың да өлімсіреп әрең шығады. Бүгінгі біздің улы-шулы азан-қазан заманға сенің үнің еш сәйкеспейді. Сені ешкімнің естімеуі содан. Құдай. Иә, менің үнімді ешкім естіп жатқан жоқ. Сендер айқай-шуы мол дүрмекті топ екенсіңдер. Дауыстарың тым өктем-өктем шығады. Мені қайдан естірсіңдер? Бекман. Себебі сенің үнің бітіп, дауысың шықпай қалған. Бар, қартым, бар. Шіркеуіңе барасың ба, қайда барсаң сонда бар. Бір-бірімізді бәрібір естіп жатқанымыз жоқ, кеткенің жөн. Қайқай, тек аласапыран аяқталғанша бір қуыс тауып кіріп ал, не қалың ағаш арасына барып паналай тұр, тым болмаса мына киіміңді ауыстыршы. Әйтпесе, пенделер бұл жалғанның бар кінәсін саған аударулары ғажап емес. Қараңғыда ойлы-қырлы жерлерден байқап жүр. Аяқ астың толған қаңқа сүйектер мен мүрделер, сүрініп, құлап қалма. Әдеттегідей, құлағыңмен қоса мұрыныңды да бітеп ал. Өліктердің қолқаны қабар күлімсі иісі бар! Сосын теріс қарап тас бүркеніп алып, тастай қатып, алаңсыз ұйқы соқ. Қайырлы түн! Құдай. Басқа киім ауыстырып ки, не диуана болып меңіреу орманды шарлап кет деймісің? Талайсыз туған менің пенделерім! Азапқа жаратылған пенде, сен де сау тұр. Бекман. Бар, енді бар! Қайырлы түнде бол! Құдай. Бақсыз, баянсыз пенделер (кетеді)... Бекман. Басқаларымызға қарағанда қарттарға бәрімізден де қиындау тиеді-ау. Олар мына аласапыран заманға еш бейімделе алмаса керек. Көше кезіп, тентіреп жүрген жалғыз біз емес екен. Құдайың да қаңғырып қалған көрінеді. Оған да ешкім есік ашпайды. Тек ажал, ажал ғана бізге аузын арандай ашатын. Жүр соған барайық. Біреу. Ажал қақпасынан басқасын айтпайсың ба, Бекман. Өмірдің жолы сан тарау. Сен ашпаған есіктер көп әлі, жүздеп табылады. Ажал табалдырығының арғы жағы гүлжазира иранбақ деп саған кім айтты? Бекман. Иранбақ, иранбақ дейсің, сол иранбақтың есігін бұл тіршілікте маған кім ашыпты? Біреу. Өмір ғой! Өмірдің өзі бәрін өз орын-орнына қояды. Тек, сәл шыдамдылық танытуың керек. Жүр, сен алға қарай бассаңшы, кері кетпей. Бекман. Жүре алар емеспін. Сен немене, менің өкпемнің сырылын естімейсің бе? Ср-р-р, ср-р-р, ср-р-р! Аяғымнан тұра алмаймын. Біреу. Тұрасың! Тұрғанда қандай! Сырылдаған ешқайда сенің өкпең емес. Бекман. Енді не? Естімейсің бе? Тыңдашы өзің: ср-р-р, ср-р-р, ср-р-р, Бұл не? Біреу. Ол сыпырғыштың дауысы. Әне, көрмейсің бе, көше сыпырушы өтіп барады. Сырылдап бара жатқан соның сыпырғышы емес пе? Сенің өкпең

аурудан ада. Ешқандай сырылы да, қырылы да жоқ. Не болса, соны өзіңе жапсыра бермесеңші. Сенбей тұрсың ба, жөндеп тыңдасаңшы. Көшедегі дыбыстан өз деміңді ажырата алмай не көрінді! Бекман. Сыпырғыштың дауысы тура өлейін деп өкпесі қырылдапсырылдап бара жатқан адамның демалысындай екен. Көше сыпырушының шалбарындағы жалпақ қызыл жолақты қара! Бұл көше тазалағыш-генерал болды ғой. Неміс генералы көше сыпырып жүр! Ср-р-р, ср-р-р, ср-р-р! Оның дауысы тура өлетін адамның өкпесінің сырылындай. Айнымайды! Әй, көше сыпырушы, тоқта! Көше сыпырушы. Мен көше сыпырушы емеспін. Бекман. Енді кімсің? Көше сыпырушы. Өліктер мен өлексені жерлеу институтының қызметшісімін. Біліп қой! Ср-р-р! Ср-р-р! Ср-р-р! Бекман. Түсінікті. Сен көше сыпырушының бейнесіне енген ажал жендеті болдың ғой? Көше сыпырушы. Дәл таптыңыз мырза! Нақ өзі! Бүгін – көше сыпырушысы. Кеше – генерал. Ажал тажалы қызмет таңдамайды. Өлік қай кезде де өлік! Бүгіндері өлік деген тіпті аткөпір. Мұндай жауапты қызметті қайдан табарсың? Кешегі күндері мұншама өлікті майдан даласынан ғана кезіктіруші едік. Оларды ақырғы сапарға ксилофон үнімен шығарып салатын. Енді көшеде де шашылып жатыр. Тек сыпырып-сыпырып жинай бер. Ср-р-р, ср-р-р, ср-р-р! Бекман. Өлім сыпырғышы өз қызметін мүлтіксіз атқарып келе жатыр де: ср-р-р, ср-р-р. Генералдан көше сыпырушысына айналған екенсің ғой. Өлімнің де қадірі кетті десеңші. Көше сыпырушы. Кеткенде қандай? Ештеңенің де құны қалмады ғой. Бұрынғыдай отшашу атылмайды, жерлеу маршы ойналмайды, қаралы жиын ашылып, қаралы сөз айтылмайды. Бастарына ескерткіш белгі қойылмайды. Қадірі кетті. Сыпырғыш тек сыпырып-сыпырғанды ғана біледі. Ср-р-р, ср-рр, ср-р-р. Бекман. Сен кетіп барасың ба? Асықпасаңшы. Мені де сыпырып ала кет. Мен де өлікпін. Бүгін болмаса, ертең өлетінім анық, тірі өлікпін, сыпыра кет мені де. Мені ұмытып барасың ғой. Көше сыпырушы. Мен ешкімді де ұмытпаймын. Кезі келгенде сені де сыпырып алып кетемін. Әзірге менің ксилофоным «Ежелгі жауынгер достар» маршын ойнап жатыр. Тыңдай тұр. Менің сыпырғышым ағат кетпейді, кезегің келгенде жаныңды шырқыратып тұрып, сыпырып аларыма шүбәланбай-ақ қой. Бекман. Ажал, ажал, сен менің тұмсығымның дәл алдында қақпаңды неге жаптың? Аш, қақпаңды ашып қой. Мен саған бара жатырмын. Ажал, сен қайдасың? Көше сыпырушы. Ажалдың есігі әрдайым ашық. Айқара ашық. Күндіз де, түнде де, әр уақытта да. Ашық күні де, бұлтты күні де, тұманды түндерде де келе беріңдер. Есігіміз әрдайым ашқара ашық. Мен адам таңдамаймын.

Маған бәрібір, әрқашан қызметтеріңізге әзірмін, ләббай тақыр! Ср-р-р, ср-рр, ср-р-р.

Сыпырғыш үні ұзай береді. Біртіндеп басылады.

Бекман. Кетіп қалғанын қарашы. Естимісің, менің өкпем де қалай сырылдайды? Тура асфальтті сыпырған сыпырғыштың сырылындай. Ол көше сыпырушының аты – ажал генералы ғой. Ол есікті айқара ашып тастаймын деді емес пе? Өкпем сырылдап соған жетейін. Біреу. Бекман тұр. Ұзақ жатып қалдың. Тұр да терең-терең дем ал. Сергі. Ұйқыңды аш! Бекман. Мені ұйқы емес, өлім жеңіп бара жатқандай. Естімейсің бе, өкпем қалай-қалай ысылдап, сырылдайды. Біреу. Сенің өкпеңе дәнеңе де болған жоқ. Ол сырылдаған сыпырғыш. Мемлекеттік қызметшінің сыпырғышы. Ұқтың ба? Бекман. Мемлекеттік қызметші? Біреу. Иә! Ол өз жөніне кетті. Тұр енді. Терең-терең дем ал, есіңді жина. Сергі, сенің алдыңда келешек өзінің барша бояуларымен жайнап мың сан есігін айқара ашары даусыз. Бекман. Маған соның біреуі ғана жетер еді. Әлгі ажал сыпырғышы маған сен үшін есігіміз қашан да ашық деді емес пе? Тек сол есік керек маған. Соған жетсем болды. Біреу. Тұр деген соң тұр! Оян! Саған шым-шытырық түс кірген ғой. Сен ажалды түсіңде көрген боларсың. Шапшаң тұр. Жаман түстің әсерін бойыңнан сілкіп таста. Серпіл! Бекман. Жоқ тұрмаймын. Осылай, өз есігімнің алдында өлгенше, далада жата беремін. Әлгі көрген түсімнің әсерінен арылғым келмейді. Ол бір ғажап, тамаша түс еді. Бекер ояттың. Менің түсіме көп нәрсе кірген еді. Анық есімде қалғаны – сиқыр сыпырғышы бар көше сыпырушы. Сыпырғышы – ажал қаруы. Оның сыпырғышы тура менің өкпемді сырылдатып сыпырғандай. Өлімші етіп сыпырды ғой. Ол маған ажал қақпасы шалқасынан ашық жатыр деп кетті. Мен үшін ашық есік сол ғана. Көше сыпырушы өте әдепті, қайырымды, сүйкімді кісі екен. Ажал болып бетіңе күліп қарайды. Тек менің қасымнан тез өтіп кеткенін қарашы. Қап! Біреу. Бекман, оян! Сен жаман шытырман түс көріп жатырсың. Тұр! Жолыңды ары қарай жалғастыр. Өмір ұзақ. Жақсылы-жаманды талай дүние көресің әлі. Бекман. Өмір сүріп керегі не? Ақыры өлетін болған соң, ерте ме, кеш пе бәрібір емес пе? Оның үстінде менің көшеде тірі жатқаным да өмір болып па? Мұндай өмірден әдемі түс көріп жатып, өліп кеткеннің өзі артық. Біреу. Беу, Бекман-ай! Бекман! Қалай түсіндірсем екен саған? Сенің де ел қатарлы өмір сүруің керек, білдің бе? Әне, қарасаңшы жақсы да, жаман да жанталасып тіршілік жасап жүр ғой. Олардан сенің нең кем? Сен де ұмтыл! Тырыс! Тырмыс! Өмірдің жалына жармас! «Ұстаған жерде қолым, тістеген

жерде тісім қалсын», - деп жаныққан жұрттан сенің қай жерің кем? Айтшы өзің! Бекман. Жұрт дейсің! Сол жұрт дегенің кім? Полковник пе? Сауықхана директоры ма? Әлде Фрау Хлам ба? Сен маған солармен бірге былыққа белшеңнен бат демексің бе? Одан да менің әдемі түстей ғайыптан өлгенім артық. Олар басқа әлемнің тұрғындары. Менің оларға үш қайнаса да сорпам қосылмайды. Олардың әлемінің заңы басқа! Олар мені қатарларына қоспайды. Олар тірі адамның қанын соратын қансорғыштар ғой. Мен солармен кездескеннен кейін қатты қансырап шыққан жоқпын ба? Біреу. Бекман, бұның әділеттілік емес! Бекман. Мен жалған айтып тұрмын ба? Оларды жауыз емес деші. Олар да сеніңше, парасатты, қайырымды жандар екен-ау? Біреу. Сен оларды жақсы білмейсің ғой. Олар да кәдімгідей-ақ абзал жандар. Бекман. О, олар да ізгі жүректі, мейірімді жандар болды ғой. Тек, сол ізгі пейілдерімен менің жанымды аяусыз жаралағаны батады. Өлердей қорлағандары естен кетпес. Кеудемнен итеріп тастап, есікті тарс бекітіп алғандарын қайтпекпін, сол да рахымдылық болып па? Олар барып тұрған қатыгез жандар, жамандыққа еттері әбден үйретіп кеткен. Олар менің өлігімнің қасында отырып, ішіп-жеуге, той тойлауға, а-ха--халап күлуге бар. Менің өлімім оларға шыбын шаққан құрлы әсер етпес. Біреу. Бекман, сен тағы қызбалыққа салынып, ғайбат айтып тұрсың. Сөзіңді қайтып ал! Бекман. Жоқ, қайтып алмаймын. Мен турасын айтып отырмын. Сенбесең, өзің қара да тұр. Менің сөзімнің ақиқатына көз жеткізуіңе көп қалған жоқ. Есіңде болсын, ол адамдар бәріне де немқұрайлы енжар. Олар менің өлігімнің үстінен міз бақпастан аттап жүре беруге бар. Сол кезде олардың бетінің бір тамыры да, жүйкесінің бір талшығы да бүлк етпесіне бәс тігемін. Өйткені олар безбүйрек. Менің сөзімнің растығына түбі көзің бір жетер. Біреу. Бекман, сен әлі өліп көрген жоқсың ғой, оны қайдан білесің? Ешкімнің де сенің өлігіңнің үстінен аттап өтпесі хақ. Өйткені олар да ет пен сүйектен жаралған, оларда да қолқа-жүрек, өкпе-бауыр бар. Олар да өкінеді, күйінеді, аяй біледі, Бекман. Өлім көрсе, олардың да түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмасы белгілі. Қырық жыл қырғында да адамда адамгершілік жұрнағы там-тұмдап болса да сақталады. Ол – ақиқаты. Әлдебіреулерге бола сен көпке топырақ шашпа. Бекман. Сен қатты қателесесің, достым! Қара да тұр. Дәл осы адамдардың менің өлігімнің қасынан селт етпестен өтіп кеткенін әлі көзіңмен көрерсің. «Адам бір боқ, боқ көтерген боқтың қабы, - деп, шығыстың ұлы данышпаны айтпақшы: - өлсең, сасық боларсың, боқтан ары». Сосын олар аузы-мұрындарын тұмшалап жауып алып, жылдам өтіп кетуге тырысады. Кейбіреулері көрмеу үшін тіпті көздерін де жұмып алар. Біреу. Түк те олай емес, Бекман. Өлікті көргенде кімнің болса да денесі түршігетіні рас. Ол сені жек көргеннен емес. Шартты рефлекс.

Бекман. Шартты рефлекс, тоқтай тұр. Қара! Әне, біреу келе жатыр. Сен оны ұмытпаған боларсың. Бұл - өзінің ескі костюмін маған кигізіп, мені қайта туғызып, басқа адам жасағысы келген полковник мырза. Мені, өзінің ескі костюмін кигенде адам болып кетеді деп қатты сенген көкеміз. Полковник мырза! Полковник мырза! Полковник. Тфу, қараң батқырлар! Қайыршы-тіленші дегендер, баяғысынша тарақандай қаптап кеткендерін қарашы! Қайдан шығып жатыр? Бекман. Соны айтсаңызшы, полковник мырза! Тура баяғыдағыдай өріп жүр. Қайыршылардың өз тегі, өз әулеті бар, содан өрбиді ғой. Бірақ мен қайыршы емеспін, полковник мырза! Мен суға кеткен адаммын. Мен қашқынмын, өмірден қашқан қашқынмын, полковник мырза. Мен жер үстінде жүруден, үнемі біреудің бұйрығын орындаудан қажып шаршаған солдатпын, полковник мырза. Біліп қойыңыз, мен қайыршы емеспін! Бәлкім есіңізге түсер, кеше мені унтер-офицер Бекман деп атайтын. Бекман. Мен жаны жұмсақ солдат едім ғой, полковник мырза, есіңізде ме? Менің мінезімде, рас, қаталдық жетіспеді, жұртқа айғайлап, ақырып бұйрық беру қолымнан келмеді. Сол үшін адамды жазғыруға бола ма? Иә, ертең кешке қарай мен Бланкенездегі жағажайда ісіп-кеуіп борсыған өлік болып жатармын. Бұдан өткен талайсыз тағдыр болар ма, полковник мырза? Әй, жоқ шығар! Ал, осыған, полковник мырза, сіздің қатысыңыз бар. Иә, иә, сіздің кінәңыздан. Менің қаным да сіздің мойныңызда, полковник мырза. Екі мың он бір оған Бекманды қоссаңыз, сонда екі мың он екі болады. Екі мың он екі аруақ полковник мырза, көптеу емес пе? Екі мың он екі аруақтың түнгі елесі сізді шошытпай ма? Полковник. Мен сізді мүлде танымаймын, қымбаттым. Бекман дегенді өмірі көрген де, естіген де емеспін. Сіздің өзі әскери шеніңіз қандай еді? Бекман. Полковник мырза, сіз тым ұмытшақ екенсіз. Мен противогаздың көзілдірігін киген, кеңес лагерінен шыққан, аяғы ақсақ, азыптозған сіздің солдатыңыз емеспін бе? Полковник мырза, унтер-офицер Бекманмын! Полковник. Жоқ, жарқыным мен төменгі шендегілерді білмеймін. Оларды тани беру менің міндетіме жатпайды. Олардың өзі бір-бірінен айырғысыз кілең топас тобыр болып келеді. Шетінен бірмойын, айтқандарынан қайтпайтын өсиетшіл, соғысқа жан-тәндерімен қарсыласып, қызыл кеңірдек болып сөйлеуді ғана білетін көкезулер. Түптің түбінде өздерін жазым ететіндер де осылардан шығады. Сіз де соның біреуі боларсыз. Әлі суға кеткен жоқсыз ба? Мен білсем, сіз соғыстан миы шайқалып, бір-екі шаригі орнынан тайған адамсыз. Өзіңіздің жолыңыз болмағанын басқадан көріп, енді жұрттың басын қатырып жүрсіз. Сіздің мына түріңізге қараған адамның аза бойы қаза болады. Сізбен сөйлеспек түгіл қарауға құлқым жоқ. Бекман. Білемін, полковник мырза, білемін, ісіп-кеуіп кеткен өліктерді көру жан түршіктіреді. Бүгінгі күні олар өте көп, әрі таңсық емес. Ал, полковник мырза сіз өзіңіздің осы жапатармағай қаптаған өліктерге тікелей қатысыңыз бар адам екеніңізді білесіз бе? Сіз қанішерсіз. Соны біле тұра

қалайша түк көрмегендей болып жүретініңізге таң қаламын. Бұл, полковник мырза, көңіл күйіңізге еш әсер етпей ме? Өзіңіздің кісі өлтіруші екеніңізді сезінетін шығарсыз. Полковник. Қалайша? Мен түсінбедім. Менің анкетам тап-таза. Мен сүттен ақ, судан таза, кіршіксіз адаммын. Сіз өзі қалай-қалай сөйлеп тұрсыз? Бекман. «Сүттен ақ, судан таза» полковник мырза. Сіз мені қатты қорлап, мазақ еттіңіз. Өткен жолы үйіңізге барғандағы қорлағаныңыз етімнен өтіп, сүйегіме жетті. Сондағы күлкіңіз әлі құлағымда тұр. Тірідей өлтірдіңіз, одан да майдан даласында оққа ұшқаным жақсы еді. Сол қорлығыңыз жаныма батып кетті. Полковник (ешнәрсе түсінбеген кісіше менмендікпен). Солай де! Егер біле білсеңіз... Сіз бәрібір өлуге тиістердің қатарында болатынсыз. Мен сіздің осы уақытқа дейін қалай тірі жүргеніңізге таңмын! Ал, сау тұр! Бүгін болмаса, ертең азып-тозып өзің-ақ өлерің сөзсіз. Бекман. Қайырлы түн, полковник мырза. Айтқан шындығыңа рахмет! Естідің бе, Біреу? Маған баяғыда-ақ үкім шығарылып қойыпты. Мен майдан даласынан оралмаған мың, миллиондардың бірі болып сонда қалуым керек екен. Енді тезірек өлуім ғана қалды. Біреу. Бекман, оян. Сен тағы шытырман түс көріп жатырсың. Әлгінің бәрі түсің. Адамдар ондай қатыгез емес. Бекман. Маған адамдардың мейірбандығын дәлелдеймін деп-ақ сенің тамағың қарлықты-ау. О, сонымен сенің айтқаның рас, адамдар мейлінше ізгілікті мейірімді екен. Тек ара-арасындағы құдай атқандарына бетпе-бет кезігіп қалатынымыз болмаса. Оларға барып соғылатын кінә өзімізден. Мұның бәрін мен түсімде көріп жатырмын. Менің де адамдарға әділетсіз болғым келмейді. Жаппай жала жабудан аулақпын. Тек олардың әртүрлі екенін өзің де жоққа шығармассың. Мәселен, екі адамды алып салыстырайық. Біреуі полковник делік, келесісі төменгі шендегі біреу. Полковник тоғайған, кеудесіне нан пісіп, өзіне ешкімді теңгермейді, дені сау, ұйқысы түзу, өзіне бек сенімді. Жегені сарымай мен уылдырық. Киімнің оңдысы, үйдің жақсысы, әйелдің сұлуы соныкі. Ал екіншісі ше? Біреу. Бекман, тұр. Осы ұйықтағаның да жетер. Жылдам тұрып, есіңді жина! Жата берсең, неше түрлі жаман түс көре бересің. Сенің өңіңдегіңмен көрген түстерің мидай араласып шатасып кетті. Бекман. Сен, менің сөзімді бөлме! Ал, екінші біреулердің күні ше? Олар ішер асқа, киер киімге жарымай жүреді. Өңі түзу жейде де кимей өтеді. Кешке оларды мамық төсектің орнына жертөледе ескі-құсқы төсеніш тосып тұрады. Әйелдің әсем күлкісімен ерке назының орнына ары-бері жорытқан егеуқұйрықтардың ысылы мен шиқылын естіп жатып түндерін өткізеді. Жоқ, адамдардың қайырымды, рахымды екеніне дау бар ма? Тек, олар әртүрлі, бір-бірінен өте алшақ екені несі! Кереғар дүние! Біреу. Бекман, адамның жаманы жоқ. Олар алдын болжап біле алмайды. Біреудің ішіндегісін де ойлап таба алмайды. Ондай қасиеттен ада. Ал, жүректері жұмсақ. Өзің үңіліп қарасаң, көрер едің. Оларға, мына астыүстіне шыққан алағай да толағай заман, жүректерін ашық ұстауға мұрша

бермей жатыр. Бәрі томаға тұйық, бойларын жиып, түйіліп алған. Жүрек көздері жабылып қалған. Адамдардың бәрі қатыгез емес, сен осыған сенші. Бекман. Әрине, бәрін жаман деген кім бар. Жалпы алғанда ізгі мейірбан қасиеттері мол. Тек сол мейірімдері тым арырақ жасырынған секілді. Тым арыда бүркемеленіп жатса керек. Әйтпесе, олардың бәрін мүлдем мейірімсіз деп жатқан жоқпын ғой. Тек әртүрлі! Біреуі ақ, біреуі сұр дегендей. Бірінде мұнтаздай ақ шұға ішкиім бар, біреуі жалаңбұт. Ол біреулер мен секілді суға ағып өлудің тізімінде тұрғандар. Қатардан шыққан унтер-офицер, адам қатарынан шыққан. Біреу. Тұр, Бекман, тұр! Сен тағы түс көріп, шатасып жатырсың. Тұр, тіршілік қамын жаса. Жүр, сені алда талай қызық күтіп тұр. Адамдар сен ойлағандай қатыгез емес, мейірімді. Бекман. Олар менің өлігімнің қасынан сағыз шайнап, былш-былш түкіріп, күліп-ойнап кетіп барады. Сенің парасаты мол, ізгілікті деген адамдарыңның менің өлігіме осылай түкіргені бар. Біреу. Бекман, оян, тұр. Сен жағымсыз түс көріп жатырсың. Оян, ұйқыңды аш! Бекман. Иә, менің түсіме небір сұмдықтар кіретін болып жүр. Әне, түсімде маған сауықхана директоры келе жатыр. Қалай, ойлайсыз, одан сұхбат алсам ба екен? Біреу. Жүр, Бекман, жүр! Басқалар секілді сен де күніңді көресің. Көше толы қызық думан. Жұртқа қосыл, ел қатарлы өміріңді жалғастыр. Бекман. Ел қатарлы өмір сүр, жұртқа қосыл дейсің. Кімге барып қосылайын? Полковникке ме? Атай көрме... Біреу. Басқалар сияқты дегенім ғой, Бекман. Басқалардан сенің нең кем? Сен де өмірге талпын! Бекман. Сонда қалай? Тойхана директорымен әмпей-жәмпей болайын ба? Біреу. Оның несі бар екен? Онымен де, басқалармен де ымыраласып, күніңді көруге тырыс. Бекман. Жақсы, бұның да тамырын басып көрейін. Сәлем бердік, директор мырза. Директор. А, а? Не дейсіз? Бекман. Сіз мені танымадыңыз ба? Директор. Жо-жоқ. Дегенмен, шырамытқандаймын. Тоқтай тұрыңыз. Сіз, әлгі противогаздың көзілдірігін киген, орыс орманынан шығып келген, ескі шинелді солдат екенсіз ғой. Иә, иә, есіме түсті. Ән салуға талаптанып жүрген талапкер! Атыңыз кім еді? Бекман. Бекман. Директор. Тура! Енді не керек! Бекман. Сіз сонда мені өлтіріп тынғансыз, директор мырза. Директор. Сіз мұндай қалжыңды байқап айтыңыз, қымбаттым. Өлсеңіз бүйтіп сайрап отырмас едіңіз ғой. Бекман. Иә, сіз сол жолы қорқақтық таныттыңыз. Сол арқылы өз арыңызға, шындыққа қарсы әрекет жасадыңыз. Өнер жолын жаңадан

бастамақ болған жастың алдын кесіп, қызметке тұруына тосқауыл жасадыңыз... Сөйтіп, тастай суық сулы Эльбаға ағып өлуіне себепші болдыңыз. Маған ол жұмыс сондай керек еді. Көп жерден тауым шағылып келгенде менің соңғы үмітім сізде еді. Мен неше күн нәр сызбаған аш едім. Ал, сіз болсаңыз дәл тұмсығымның алдында есікті тарс жауып, үмітімді шорт үздіңіз. Ең ақырғы үміттен айрылған соң менің Эльбаға қойып кетуден өзге амалым қалмаған еді, директор мырза. Енді түсіндіңіз бе? Директор. Жарқыным, сіз тез әсерленгіш, тым сезімтал жігіт болармысыз. Әйтпесе, соған бола есі дұрыс кісі Эльбаға қойып кете ме екен? Бекман. Солай болғаны рас еді, директор мырза. Мен сол күні мұздай суды армансыз-ақ қылқылдатып жұттым. Өмірімде бір рет қара суға болса да лықа бір тойған шығармын. Трагедиялық комедия емес деңізші енді осыны. Сіздің сахнаға тура сұранып тұрған жоқ па? Шансонье! Осы заманның кертолғауы: өлгенше бір ұмытпастай, қара суға тойған шерменде. Директор (әсерленген, бірақ немқұрайлы). Бұныңыз ешқандай көңілге сыймайтын айыптау ғой. Сіз, сірә, бәрін көңіліңізге жақын, өткір қабылдайтын, тым шамшыл жігіт боларсыз. Сіз еш жерден орын таппағансыз, жолыңыз болмады. Сіз шындық-шындық деп өзеуреп, қайдағы бір сұмдықтарды тізбелеп соқтыңыз. Ондай өлеңіңізбен менің сауықханама көңіл көтеруге келгендерді тырым-тырақай қуып шығарыңыз сөзсіз еді. Бекман. Сосын, менің тап тұмсығымның алдында есікті сарт жауып, бекітіп алдыңыз. Ал, төменде мол сулы Эльба ағып жатты... Директор (баяғысынша немқұрайлы). Эльба, иә, ол бізге жақын. Соған қойып кеттің. Сонымен бәрі тәмам болған екен ғой. Итшілеген қайран жас өмір! Шыр айналған тіршілік тегершігінің астына басылып-жаншылып, жапырылып, доңыздай шыңғырып қала берді. Көңілсіз көрініс. Дегенмен өзің әзіл-оспақтан құралақан емес екенсің. Қара суды өлгенімше бір қанып іштім дейміз бе? Егер біздің бәріміз осындай сезімтал болсақ қой... Бекман. Бірақ біз бәріміз бірдей ондай сезімтал емеспіз ғой, директор мырза. Ондай бақыт әркімнің маңдайына жазыла бермейді, Ілуде біреуге бұйырар... Директор (бұрынғы әуенде). Құдай куә! Мен сізді Эльбаға итерген жоқпын. Ал, сіз, өзіңіздің сорыңыз неде екенін білесіз бе? Білмесеңіз, мен айтайын: сіз ең төменгі сатыдағы - жаманшылықты, кем-кетікті ақсаңдап жинап жүретін миллиондаған жарлы-жақыбайлардың бірісіз. Ақыры сол жинаған жамандықтардың салмағын көтере алмай суға кететіндердің қатарындасыз. Ол Эльба ма, Шперей ме, Темза ма, Есіл ме, Ертіс пе бәрі-бір. Ағып өлсе болды. Әйтпесе, көңілдеріңіз жай таппайды. Бекман. Оған сіздің жәрдеміңіз де аз болған жоқ, директор мырза. Мені тезірек құлату үшін артымнан бір тептіңіз ғой. Директор (бажалақтап). Бұныңыз, міне, барып тұрған жала. Оған ешқандай дәлеліңіз жоқ, білдіңіз бе. Бұған қылмыс заңында арнайы бап қарастырылған. Сіз трагедиялық рольдер үнін жаратылғансыз. Басыңыздан өткен сұмдықтар да жетіп артылады. Өнер жолын енді бастаған жастың балладасы: противогаз көзілдірігін киген жігіттің суға кету жыры. Әттең,

мұны менің көрермендерімнің түсінбейтіні өкінішті! Өте өкінішті... Әйтпесе сахнаға сұранып тұрған материал... (Кетеді). Бекман. Қайырлы түн, директор мырза! Естідің бе, Біреу? Осыдан кейін де сен маған полковникпен, болмаса сауықхана директорымен ымыраласып, түк болмағандай өмір сүре бер деймісің? Қайсымен? Полковникпен бе? Директормен бе? Біреу. Бекман, сен ұйықтап жатырсың. Оян! Бекман. Демек, олар менің түсіме кірген екен ғой? Әлгінің бәрі түс десеңші? Мына, құрып қана кеткір противогаздың көзілдірігі арқылы сен бәрін бұрмаланған күйде көресің дейсің ғой. Мен не десем де жоққа шығаруға дайын тұрған Біреу, тыңдап ал! Олар жанды қуыршақтар. Олар өздері сайқымазақ, карикатуралық қуыршақтар! Менің өлігімнің басында әлгі қанпезер жендеттің айтқан сөзін сен естідің ғой. Суға кеткен жігіт зарының эпилогын, тек жаманшылықты ғана көретін көп жарлы-жақыбайдың өмірі осылай аяқталуға тиіс екенін, естідің бе, Біреу? Енді маған қалай өмір сүр дейсің? Аяғымды солтақтай басып, қайыршыдай тіленіп, жүре бермекпін бе? Қашанғы? Басқалармен қатар дейсің бе? Олар мені екі дүниеде қатарына қосар ма? Қанымыз қарсы ғой! Олардың бәрі біреудің мүддесіне келгенде бірінен-бірі өткен безбүйрек. Ол биік мінбелерден жұрт алдында сөйлеуге келгенде ғана майда тілдерімен қара тасты да еріткендей. Ал, бір рет көмек қолын созуға пейілдері бар ма екен? Жоқ! Ондайда ешкімнің мұңын естімейтіндей құлақтары тас керең, үндері шықпас мылқау болып қалады. Биік адамгершілік, мейірбандық рухтың олар жалған жарапазаншылары. Олар бізді баяғыда-ақ сатып кеткен. Оқсатып тұрып бүкіл болашағымызбен, бала-шағамызбен қосып сатып жіберген. Білдің бе? Біз екеуміздің сәби кезімізде олар соғыс жариялады. Біз кішкене өсіп, ертегі тыңдайтын жасқа жеткенде олар өздерінің соғыстағы ерліктері жайлы өтірік аңыздар айта бастады. Біз оған елітіп, аузымыздың суы ағып тыңдадық. Олардың жасамаған ерліктеріне тамсандық. Олар өздерінің өтірік ерліктеріне бізді сендірді. Бір ғажабы, оған өздері де сенді. Ал, біз ер жетіп, кәмелетке енді толған шағымызда, олар енді біз үшін соғыс ойлап тапты. Бізді соған айдады. Өздері керемет көтеріңкі көңіл күйде бізді шығарып салды. Олар үнемі масаттанумен болды. Біздің қайда бара жатқанымызды ешқайсысы айтпады. Қандай апатқа жол тартқанымызды білмедік. Ешкім бізге, біле тұра, тозақ отына кетіп барасыңдар демеді ғой. Ешқайсы ләм деспеді. Олар көңілді марш ойнап, Лангемарктің ларей тойын тойлап жатты. Бастарында қандай ойдың болғанын кім білсін? Жалған жеңістің буы ма, шабуыл жоспарлары ма, әскери-дала сотының жобасы ма анығын кім білген? Ерлікке үндейтін әндер мен қанды қырғынның ойраны болар, бәлкім, оларды масаттандырған. Соғыс оларға жел берген. Бізді осылай соғысқа аттандырды, жанып тұрған отқа, қып-қызыл шоққа айдап салды. Бірақ, ол туралы ештеме демеді. Бар болғаны: «Жігіттер, қорқақ болмаңдар! Сендер ерлікке, ерлік жасауға бара жатырсыңдар», - деген. Біз қорқақ болғамыз жоқ. Сөйтсек, олар бізді таза тамұққа алдап жіберіпті. Олар бізді осылай сатты. Оңдырмай, алдап соқты! Ал, өздері енді жабық естіктің ар жағында ештеңе білмейтіндей, рахат күй

кешіп отыр. Әлі де жұртқа масаттанып ақыл үйретеді. Қадірменді ұстаздар, директор мырзалар, әділетті жақтаушылар, ақылман ағалар, кемеңгер тұлғалар... Қазір ешкімде ешкімнің шатағы жоқ! Тып-тыныш! Бәрі жылы орынға жайғасып, орнығып, есіктерін ішінен мықтап іліп алған. Ал, біз дірдектеп көшеде жүрміз. Ал олар мінбелерде тұрып, не жайлы креслоларында отырып, бізді саусағымен шұқып, қоғамның азған тобы деп көрсеткісі келеді. Олар бізді осылай, ары итеріп, бері жығып, ақырында өзімізді кінәлі етіп шығарды. Сатқындықтың мұншама зымиян түрі болар ма? Осылай біздің тағдырымызды күл-талқан қиратып, күлін көкке ұшырды. Аяусыз сатты. Енді беттері бүлк етпестен, өздері жасаған қылмыстың қасынан шындықты белінен басып кетіп барады. Түк болмағандай өтіп жүре береді. Қашаңғы жалғаса бермек? Қашаңғы солай өте береді? Біреу. Олар өтіп кетпейді, Бекман. Қара аспанды төндіре бермесеңші. Сен тым сарыуайымшыл болып барасың. Жүрегіне кек жинама, Бекман! Жоқтан өзгені кек санама. Жүрегіңді таза сақта. Жүрекке мейірім ғана тән. Оларда да жүрек бар ғой. Бекман. Сенің сөзіңді тағы бір сынап көрейін. Әне, фрау Хлам өтіп барады. Біреу. Оның да жүрегі бар. Бекман. Оны қазір көреміз. Фрау Хлам! Фрау Хлам. Иә, құлағым сізді. Бекман. Фрау Хлам, айтыңызшы, сізде жүрек бар ма? Фрау Хлам. Не дейсің? Бекман. Сізде жүрек бар ма деймін? Фрау Хлам. Жұрттың бәрінде болғанда, менде неге жоқ дейсің? Бар, әрине бар. Болмай, қайда кетіпті? Бекман. Менің соған күмәнім бар. Егер ол бар болса, мені тірідей өлтіргеніңізде ол жүрек қайда қараған? Иә, иә, сіз, фрау Хлам, түк түсінбегендей түр танытпай-ақ қойыңыз. Сіз Бекмандардың жалғыз ұлын қайтып бас көтермейтіндей етіп сеспей қатырғансыз. Сол арқылы оның атаанасын да екінші қайтара өлтірген жоқсыз ба? Фрау Хлам, шыныңызды айтыңызшы, олардың қазасына да аздап себепкер болғаныңыз рас қой. Түртпектеп, қақпайлап, қорлап, оларды өз ажалдарынан бұрын өлулеріне мәжбүрлеген де сіз емессіз бе? Енді ұлын Эльбаға қуып тықтыңыздар. Егер бары рас болса, осыған сіздің жүрегіңіз не дер екен? Фрау Хлам. Мына нақұрыстың көзілдірігімен Эльбаға бір-ақ қарғығаннан саусыз ба? Мен ондай қылық күтпеп едім. Бірақ сіздің күйреуік екеніңізді сонда-ақ байқағанмын. Эльбаға секірсеңіз, амал қанша?! Е, байғұсай, дейміз де қоямыз. Бекман. Оған сіз де атсалыстыңыз. Өзіңіздің, менің ата-анамның қазасы жайлы, қатыгез, мейірімсіз әңгімеңізбен сіз үлес қостыңыз. Олардың ақтық сапарға аттанған сәттеріндегі келеке сөздеріңіз жүрегіме шаншудай қадалды. Сіздерге азаппен өлген қарттар емес, бекер кеткен газ қатты уайым болыпты. Әке-шешем отырған үй менің ең соңғы үмітім еді. Осы үміт мені мың бір күн мен түн Сібірдің сақылдаған сары аязында кеңес лагерінде жанымды

жылытып жүріп еді. Бұл мен үшін ақырғы үміт сәулесі болатын. Сіз оны бір демде жалп еткізіп өшіре салдыңыз. Бұл да өлім емес пе? Сонда сіздің жүрегіңіз қайда болған? Фрау Хлам (дөрекі). Қырсығы кесілмеген, үнемі басы шырғалаңда жүретін бейбақ пақырлар бар. Сіз де соның бірі боларсыз. Оған менің қатысым қанша? Сібір, газдан уланған әке-шеше, Ольсдорф, Эльба... Кішкене былай нелеу екен... Бір кісіге көптеу екен дегенім ғой. Менің де жүрегім сыздайды, сонда не істей алмақпын? Өлгендердің бәріне жылай берсем, көз жасым жетер ме? Сондағы сіздің түріңізді жақтырмаған едім, қабағыңыздан қар жауып, түксиген сұрқыңыз маған ұнамаған. Еһ, сондай болжыраған бос белбеу болармысыз? Немене, елдің бәрі сіздің алдыңызда егіліп тұруы керек пе еді? Жоқ, өзі заһар шашып отырса, ақ нанға май мен бал қоса жағып жесе де кермек татыр! Эльбаға төтесінен тартып кетпегенде қайтсін! Өмірде не болмайды? Соның бәріне жүрегіңді ауырта берсең, не тамтығың қалады? Өзімен кетсін! Жөнімді табайын. (Бұрқылдап сөйлеп кетеді). Бекман. Иә, иә, жетер, фрау Хлам. Жолыңыз болсын, бара бергейсіз. Біреу, сен естідің бе? Жас адамның мәйітінің басында әлгі ізгі мейірбан жүректі санайтын қақсал әйелдің аяушылықпен айтқан сөздерін. Естідің бе деймін саған? Біреу. Бекман, оян! Бекман. Дауысың неге ақырын естіледі? Меннен алыстап кеткенсің бе? Біреу. Бекман, мен алыстаған жоқпын, қасыңдамын. Сен ұйықтап жатырсың. Оян, тезірек, оян! Сен өлердей жаман түс көріп, шатаса бастадың, ояншы! Қалыпты тіршілікке оралшы. Сен, немене, көпшіліктен әулиесің бе? Тап қазір, күніне қаншама адам өледі, жұрт соның бәріне қайғыра берулері керек пе? Оян да орныңнан тұр. Тіршілік жаса! Қара нанға маргарин жағып жесең де өлмейсің. Өмірде таңдау әрдайым табылады. Соның біреуіне сен де жармас. Оян, Бекман, оян! Бекман. Қазір, қазір тұрамын. Тағы бір түс көріп алайыншы. Әне, менің әйелім келе жатыр, анығында бұрынғы әйелім дегенім ғой. Соны көрейінші. Баяғыда менің мейірбан жүректі ақкөңіл, ақжарқын жарым еді ғой. Жоқ, жалғыз өзі емес екен, артында салпақтап кейінгі күйеді еріп келеді. Бұрын мендік еді. Екеуміз әп-әдемі үй болып кетіп едік. Аһ, мен неге Сібірде үш жыл тұтқында сандалып жүрдім екен?! Мен білемін, ол мені соғыс аяқталғанша «келеді» деп күдер үзбей үміттеніп күтті. Ал, мен болсам, одан кейін де хабар-ошарсыз, із-түзсіз жоғалып кеттім емес пе? Бәріне өзім кінәлімін. Менің алдымда оның еш жазығы жоқ. Оның маған дегенде ыстық сезімі шексіз болатын. Қазір қандай екенін кім білсін? Біреу. Суымаған шығар, сөйлесіп көр. Бәлкім түсінісіп кетерсіңдер. Бекман. Тоқтай тұршы, жаным! Қорықпа бұл мен ғой. Маған қарашы! Бұл мен, Бекман, сенің жарыңмын. Бірақ мен бұл жалған дүниені тәрк еткенмін. Естимісің? Сен андағы біреуді қайдан ғана тауып алғансың? Оның бекер болған... Сен менің жалғыз ардағым едің. Солай болып қала бересің. Сен мені естіп тұрған жоқсың ғой. Әлде мені тыңдауға құлқың жоқ па? Білемін, жас жаның зарығып мені көп тостың. Ал, мен келмедім... Ол бірақ

менің кінәм емес. Соғыс заңы солай! Сен қапаланып, қайғырма. Менің қазіргі күйім жақсы. Маған енді ештеменің керегі жоқ. Мен өлікпін! Сенсіз маған өмірдің керегі не? Тыңдашы мені. Жалқы рет жалт етіп бір қарасаң етті. (Бекманды көрместен, естіместен әйелі қасындағы адамымен қолтықтасып, баяу өтіп бара жатады). Тоқтай тұршы, сен бір кезде мендік едің ғой. Өліп-өшіп сүйгенің қайда? Тым болмаса, маған соңғы рет бір қарасаң етті. Мені өлтірген сен едің, енді міне тағы бір өлтіріп барасың. Бұрылып қарамадың да, өлген жарыңның зарын естімедің бе? Сен меннен тез суыпсың, басқаға айырбастап, соның құшағында кете бердің. Мен соны көтере алмай өліп кеттім. Ал сен менің өлігіме бұрылып қарамастан өтіп барасың. Менің не дейтінімді естісең болмас па? (Әйелі жігітімен кетеді). Ол мені естімеді, мүлде танымады ғой. Ол мені мүлдем ұмытып үлгергендей. Мен өлгелі сонша көп болып па еді? Бар болғаны бір-ақ күн өткен жоқ па? Міне, сен өзеуреп көп айтатын адамдардың кәусар ізгі сезімі дегенің осы ма? Осы да адамшылық па? Айтшы, бәрін білетін білгіш, пенделердің қылығын ақтағыш қорғаушы, неге үндемейсің? Үнің шықпайды ғой. Меннен неге алыстап кеткенсің? Бұдан ары қарай маған қалай өмір сүр дейсің? Мен Сібірден осы тауқыметтерді көру үшін келіппін бе? Сен маған осы азаптың бәрін арқалап жүре бер деп қоймайсың. Қашанғы жүрмекпін? Мен үміт еткен есіктердің бәрі жабық. Туннельдің арғы шетіндегі көмескі жарық та сөнген. Тас қараңғы. Қалай қарай жүрейін? Құрдымға мүлдем кеткеннен өзге не қалды? Әлде, маған сақтаған тағы басқа сыбағаң бар ма? Жоқ, сен енді меннен қашпа! Мен мына тас түнектен қалай шығамын? Айтсаңшы. Тым құрығанда қол шамын алып келу ойыңда жоқ па, жауап берсеңші, бәрін білетін білгішім! Біреу. Оян, Бекман, оян. Сен қайдағы бір шатасқан түстер көріп, әбден қажып, санаң сансырады. Оян! Әнеки, сені Эльбадан шығарып алған жас әйел жақындап келеді. Естимісің? Сенің тас маңдайыңнан өбкісі келген келіншек есіңде ме? Әне, сені сол іздеп жүр. Ол сені содан бері іздеуде. Ол сенің қасыңнан өтіп кетпес. Бекман. Бекер айтасың. Ол мені іздеп қайтсін! Енді мені ешкім де іздемейді, білдің бе? Біреу. Осы жас әйел шарқ ұрып, сені қатты іздеуде. Бекман. Менің қансыраған жанымды одан сайын азаптайын дедің бе! Жоғалшы ары! Жас келіншек. (Бекманды көрместен сөйлеп келеді). Мылқау балық! Ей, мылқау балық! Қайда жоғалып кеттің, менің мұздай сұп-суық балығым? Бекман. Мені іздеп жүргенің рас па? Мен өліп қалғанмын. Жас келіншек. Өлгенің қалай? Мен сені жер-көктен іздеп, таппай жүрсем! Бекман. Неге іздедің? Жас келіншек. Неге дейтіні бар ма? Менің сорлы басым сені ұнатып қалса қайтпекпін, махаббат елесі! Мен сені өз демімен жылытайыншы деп іздеп келсем, сен «өліп қалғанмын» - деп, үрейді аласың, балығым. Махаббатқа зарыға шөлдеген жаныма кім шипа болар мылқау балық!

Бекман. Шын ба? Іздегенің рас па? Шақырғаның шын ба? Өліктердің арасынан атып тұрып, саған ілесіп жүре берсем бе екен? Жас келіншек. Әрине, балығым! Бекман. Егер мен «өліп қалдым» - деп жорта айтсам ше? Жас келіншек. О-о! Олай болса, қазір екеуміз біздікіне барамыз. Тұр, есіңді жина! Тастай жерде бұл жатысың не жатыс! Мен үшін тұр орныңнан! Менімен бірге жүр! Тірілердің қатарында біз де ғұмыр кешейік. Бекман. Сен маған бірігіп өмір сүрейік дейсің бе? Сен мені шынымен іздедің бе? Жас келіншек. Әрине, шын! Сені, тек сені іздедім! Осы уақытқа шекті тек сені іздеп келгендеймін. Аһ, сөйтсем, сен бұл дүниеден өтіп кетіпсің, менің махаббат елесім! Сен де менің шөліркеген жаныма жұбаныш бола алмадың ғой! Бекман. Болғым келгенде қандай?! Иә, иә, иә! Тек, сенің қасыңа ғана еріп жүре берсем етті! Жас келіншек. Солай ма, менің сұп-суық балығым! Бекман. Міне, мен қазір тұрамын! Сен туннельдің арғы шетіндегі көмескі сәулесің мен үшін. Тек маған ғана үміт сәулесін шашасың. Біз екеуміз тірілердің қатарындамыз. Бір-бірімізге қатты сүйенген қалпы тас қараңғы туннельден бірге өтеміз. Оның ар жақ басында жарық бар. Енді мен өлмеймін, өйткені біз біргеміз. Бір-бірімізді демімізбен жұтамыз. Жас келіншек. Иә, мен тек сен үшін ғана қараңғылық түнегінде сәуле шашатын жарықпын. Бекман. Сен жанып тұрған сәулемін деп едің? Бұл қалай? Айналам неге қап-қараңғы болып кетті? Сен қайдасың, жарық сәулем?

Алыстан тоқ-тоқ еткен балдақтың дыбысы естіледі.

Жас келіншек. Мылқау балық, естимісің? Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ. Бұл табыт тақтайын кеміріп жатқан көртышқан ғой. Сол тырсылдатқан. Жоқ! Менің тез кетуім керек. Маған жылдам қашу керек, менің мұздай суық балығым, ұқтың ба? Бекман. Қайда, қайда кеттің, жарық сәуле? Қасымда болшы! Неге бәрі қап-қараңғы болып кетті? Жарық сәуле, жарық сәуле! Шынымен сөнгенің бе? Кім тоқылдатқан? Кім жүр (Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ. Аяқ дыбысы). Кім бұл? Қайдан шығады? (Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ. Қатты естіледі). Жақындап келеді ғой! (Айқайлайды). Кім бұл? (Тоқ-тоқ-тоқ). Балдағын тоқылдатып келе жатқан жалғыз аяқты солдат екен. Тура маған келеді. (Тоқ-тоқ-тоқ). Кет, кет! Жақындама маған. Жалғыз аяқты жігіт (ашу-ызасыз, жайбарақат үнмен). Бекман? Бекман (ақырын). Мен мұндамын! Жалғыз аяқты жігіт (жайбарақат дауыспен). Бекман? Сен де адам өлтірдің ғой, Бекман. Әлі тірі жүрсің бе, түк болмағандай? Бекман. Мен ешкімнің қанын жүктеген жоқпын.

Жалғыз аяқты жігіт. Жалған айтасың, Бекман! Күнде бізді біреулер сан мәрте өлтіреді, өзіміз күнде біреулерді өлтіреміз. Алма-кезек дүние. Күнде қан қасаптың қасынан сан өтеміз. Сен де мені аяусыз өлтіргенсің, Бекман. Ұмытып қалғансың ба? Мен де үш жылымды Сібірде өткізіп, үйіме кеше кешке оралғанмын. Бірақ, менің орным бос емес екен, оған сен жайғасыпсың, Бекман. Мен сол кеште тура Эльбаға тарттым. Бардым да суға қойып кеттім. Маған басқа не істеу қалып еді, Бекман? Естимісің, Бекман, Эльба тастай суық ызғарлы екен. Бірақ мен үйреніп кеттім, маған бәрі-бір ғой, мен өлік емеспін бе? Мұны сенің тез ұмытып кеткенің не, Бекман? Қылмысыңды мұнша тез ұмытуға болмайды. Ол сенің ізіңнен қалмай, қуып жүруге тиіс, Бекман. Мен бір қателік жасадым, естисің бе? Маған үйіме бармау керек еді. Үйде маған орын жоғын қайдан білейін? Ол жерде сен отыр екенсің, Бекман. Мен сені кіналап тұрған жоқпын, біз күндегісін күнде әйтеуір біреулерді мерт қылып жатамыз. Бүкіл тіршілігіміз сатқындықтан құралған, опасыз, баянсыз ғұмыр. Тек соны, өзіңнің биопа қылығыңды оңай ұмыта салуға бола ма? Олардың үстінен аттап өтіп жүре беру жөн бе? Иә, Бекман, сен менің орнымды тартып алдың. Бұл, менің Сібірдің мың бір күнмен түнінде аялаған үмітім, үш жылғы қырғында күдер үздірмеген жалғыз жұбанышым – жұмсақ дивандағы әйелімнің қасындағы, өз әйелімнің жанындағы қастерлі менің орным еді ғой. Бөтен еркек үйіме кіріп, менің киімдерімді киіп алған. Ол оған қолқылдаған үлкен келсе де киіп, жып-жылы жерде, менің әйелімнің қасында отыр. Ол сен, сен болатынсың, Бекман. Маған қоныс аударудан басқа амал қалды ма? Бірақ қайда? Қайда болушы еді, тура Эльбаға тарттым. Су суықтау екен, Бекман, мен бірақ үйреніп кеттім. Менің өлгеніме небәрі бір-ақ күн өтті, ал сен Бекман, мені өлтіргеніңмен қоймай, ұмытып та кетіпсің. Оның жарамады, Бекман. Адам қанын жүктегеніңді үнемі есте ұстау керек, тек тексіздер ғана қолының қанын жасырады. Ал, сен мені ұмытпайсың ғой, Бекман, шыныңды айтшы. Сен мені өлтіргеніңді ұмытпаймын деп уәде беруің керек. Ұмытпа мені, Бекман! Бекман. Жоқ! Мен сені ұмыта алмаспын. Жалғыз аяқты жігіт. Бұның жөн. Мен сенің айтқаныңа сендім. Егер сені бір адам ұмытпай жүрсе де алаңсыз өле беруге болар. Тіпті, өзіңді өлтірген адам сен туралы ауық-ауық ойлап, тым құрығанда, түн де дөңбекшіп ұйықтай алмай жатқанда есіне алса да сауап қой. Демек, менің уайым ететін жөнім жоқ екен, алаңсыз көрде жата берейін. (Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ балдақ дыбысы алыстай береді. Біртіндеп мүлде үзіледі). Бекман (шырт ұйқысынан селк етіп оянады). Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ! Қайда кеткен. Мен қайда жатырмын. Мен сонша қатты, ұзақ ұйықтап қалғанбын ба? Мен осы өліп қалған секілді едім ғой. Жоқ, әлде әлі өлмегенмін бе? Тірі болсам, тоқ-тоқ балдақ дыбысы мені үнемі өкшелеп қуып жүрмек пе? Тоқтоқ, тоқ-тоқ, өлсем көрімде тыныш жатқызбас. Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ. Бұл табыт тақтайын кемірген көртышқан ба, әлде менің миымды кемірген жемір құрт па? Мұнымен мен қалай өмір сүрмекпін? Күнде түнде төсегімнің бас

жағында төніп, аруақ қарап тұрса қайтпекпін? Қалған ғұмырымда ізімнен қалмай, тоқылдаған ағаш аяқ дыбысын естіп өтпекпін бе? Жо-жо-оқ! (Екі құлағын қолымен басып, қатты айқайлайды). Жо-о-оқ!

АВТОРЛЫҚ БАЯННЫҢ ТҮЙІНІ

Өмір дегенің осы! Адамда құн қалмаған. Сенбесеңіз, тыңдаңыз! Бір жас жігіт болыпты. Ол көп машақат көріп, Германияға зорға оралып еді, енді көшеде дірдек қағып жүрісі мынау. Өзінің аяғы ақсақ, бұралқы иттей қарны ашқан. Үйіне келсе, төсегі бос емес, біреулер иемденіп қойыпты. «Сен кім едің?» - деп өзін келеке қылды. Жас жігіт сыртқа атып шықты. Есік сарт жабылып, тас бекітілді. Жас жігіт Германияға оралған. Ол қарулас, майдандас адамдарды іздейді. Өзін өлімге жұмсаған полковник мұны әжуалап, ішегі түйілгенше күледі. Жас жігіт бұған да төзе алмай, есікті тарс жауып, шыға жөнелді. Тағы да жабық есік алдында жалғыз. Жас жігіт Германияға оралды. Жұмыс іздеп көп жерге барды. Сауықхана бастығына орындаған дүниелері ұнағандай еді, бірақ қызметке алуға оның батылдығы жетпеді. Есік сарт жабылды. Жас жігіт көше кезіп кете берді. Жас жігіт Германияға оралды. Ол ата-анасын іздеп, олардың бұрынғы тұрған үйіне келген. Оларды керексіз заттай, аулаққа апарып тастапты. Орнына көшіп кіргендер: «Өлсе, жайларына өлмей ме, газды босқа шығындағандарын қарашы», - деп оларды әлі күнге сөгуде. Жас жігіт екі құлағын басып, бұл жерден де қашып шыққандай. Есік сарт жабылды. Ол шелектеп құйған жаңбыр астында далада тұр... Жас жігіт Германияға оралды. Оны көшеде жатқан жерінен бір иман жүзді жас әйел тауып алып еді. Сөйтсе, ол әйелдің соғыста бір аяғынан айрылған күйеуі бар болып шығады. Ол үнемі ыңырсып, бір сөзді жатса да, тұрса да қайталап, Бекман, «Бекман», «Бекман» - деп бұның атын айта береді. Бұл үйдің де есігін тарс жауып, жас жігіт айдалаға кетеді. Жас жігіт Германияға зорға оралды. От пен оқтың ортасынан шаққа шыққан. Бейбіт күнге жеттім бе, жоқ па дегенде жалғыз аяқты дәу балдағын тоқ-тоқ еткізіп, қыр соңынан қалар емес. Әр аттаған сайын: «Бекман», «Бекман» деп ызыңдап миды шағуда. Тұрса да – Бекман, отырса да – Бекман, жүрсе де – Бекман, түшкірсе де – Бекман, сүрінсе де – Бекман. Бұрқылдап ұрысуы да, боқтауы да, жалбарынуы да – Бекман! ...Жабық есіктер алдындағы жалғыз... Бекманның соңғы монологы: Жалғыз аяқты жігіт өзінің осы халіне себепкер адамның қыр соңынан қалмауға бекінгендей. Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ. Оның ойынша, оны өлімге айдаған мен екенмін. Қалайша, мен? Мені, менің өзімді біреулер өлтірген жоқ па еді? Қалайша, мен кісі өлтірген болып шығамын? Бізді кім қорғайды? Бізден бұл – кісі өлтірген деген қарғыс таңбасын кім алып тастайды? Кісі өлімінің

күнәсінен кім арашалайды? Күндегісін күнде біреуді біреу өлтіріп жатады. Бұл – оны, немесе, ол – бұны! Күндегісін біз қан қасаптың куәсі болып, қасынан өтеміз. Қауіпті, аса қауіпті қылмысқа апарар жар шетімен жүреміз. Өліп кету де, кісі өлтіруші атану да оңай! Екінің бірі. Одан бізді кім құтқарады? Бекман күніне мың өліп, мың тіріліп, бұл азапты бұдан былай көтеріп жүре алмасы анық! Түсінесіздер ме? Ондай өмірдің маған керегі не? Өздеріңіз ойлаңызшы! Бір адамның екі беті болуы мүмкін бе? Әрі жендет, әрі кіріптар міскін! Сондықтан мен қоғамның бетіне тура қарап, бар дауысыммен: Сендер менің басымды өлімге байлап, кісі өлтіруге жұмсағансыңдар, бәріне сендер кінәлісіңдер деп, айқайлап, ашық айтамын. Ал, сол қанды қырғыннан кеудесіндегі шықпаған шыбын жанын зорға сүйретіп еліне оралғандар, міне, көшеде өліп жатыр. Олардың ерлігінің де, өздерінің де құны қара бақыр. Тіпті, сол жақтан, естимісіздер, сол жақтан оралмауымыз керек екен. Оралуымыз қате болыпты. Біз құрбандыққа о бастан шалынған ұрпақ екенбіз. Зая ұрпақпыз! Соны ұқпаппыз! Бұрын көшеде темекі тұқылы, шемішкенің қабығы, кәмпиттің қағазы шашылып жатушы еді. Қазір адам өлігінің жайрап жатуы таңсық емес. Қоқыстан еш айырмашылығымыз жоқ. Оны да, мұны да көше сыпырушы - генерал формасындағы көше сыпырушы сыпырып-сыпырып жинап алып кетеді. Оларға өліктер мен өлекселерді жерлеу институтының қызметшілері деген арнайы құрметті атақ берілген. Аштан өлгендерді, суықтан қатқандарды, аурудан асқынған, жарасынан естен танып, көшеде құлап қалғандарды күл-қоқыспен қоса жинап жүр. ХХ ғасырдың, қырқыншы жылдардың соңында, бір кезде озық ойлылардың Отаны атанған Германияның көшелерінде өлік шашылып жатыр! Естимісіздер, шашылып жатыр. Ал, оны былайғы жұрт көрсе де көрмеген болады. Адамдардың еттері өліп кеткен, ешнәрсеге селт етпейді, самарқау, селқос, бойкүйез, сүлесоқ, енжар, немкетті, бәріне де немқұрайлы. Жақсылық күтпейді, жақсылықтан үмітсіз. Өлгеннің өлігінің, тірісінің өмірінің еш құны жоқ, түкке тұрғысыз, тірі өлік. Ал, сен, Біреу, осыдан кейін маған түк болмағандай қалай өмір сүре бер дейсің? Не үшін? Кім үшін? Несіне өмір сүремін? Осы менің өлуге қақым жоқ па? Мұндай итшілеген өмірді өз еркіммен тастап, неге кете алмаймын? Әлде сен мені күнде мың мәрте қорлап, намысымды мың мәрте өлтіргенін қалайсың ба? Ал, айтшы, қайда барайын? Күнімді қалай көрейін? Кімнен барып пана табайын? Жеңілген елдің майданнан қайтқан жаралы жауынгеріне бұл әлемде орын бар ма еді? Біздің жазығымыз не? «Соғысқа бар», - деді. Бардық! «Қару ал да ат, қыржой», - деді. Аттық! Бізді осылай қылмысқа итермеледі. Орға жықты! Сатып кетті! Бізді аяусыз сатты. Бізді оққа байлады. Біз оралмауға тиіс, сұрауы жоқ қалың тобыр екенбіз. Оны күні бұрын айқындап қойған екен. Біз соны түсінбей, тіршілік үшін жанталасып, қайтып келіппіз. Бекер, бәрі бекер! Бәрін білетін білгіш, Біреу, сен қайдасың? Неге үнің шықпайды? Сен үнемі менің қасымда едің ғой. Енді қайда кеттің? Әлде, мені сен де тастап кеткенің бе? Тіл қатсаңшы!

Неге үнсіз қалдыңыздар? Неге?
Шынымен-ақ маған ешкім жауап бермей ме?
Ешкімнің жауап бергісі келмейтіні қалай???
Маған жауап беретін бір адам табылмас па екен???

Маған жауап беретін бір пенденің табылмағаны ма???

Шымылдық.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙