TELEGEI

Home

Арасынан Сені көрем ақ нұрдың...

Қаршыға Есімсейітова

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Арасынан Сені көрем ақ нұрдың...

Арасынан Сені көрем ақ нұрдың...

Қаршыға Есімсейітова

Арасынан Сені көрем ақ нұрдың...

(жыр жинағы)
Сырлы дүние ішінде,
Жырға оранып жүремін.
Қиял - ғажап түсімде,

Сенімен өмір сүремін.

Арман - әлем қылығың,
Қастер тұтқан ұлығым.
Қанып ішсем деп едім,
Кәусар - сезім тұнығын.

Ертегідей еліткен,
Үркек жырым елік пе ең?!
Неткен нұрлы тылсым ең,
Сыңарыма теліткен!..

Аспан ашып құшағын,
Күнге қарай ұшамын.
Көкте Аймен таласып,
Жерде Сені құшамын.

Қоңыр күзде қоңыр тартып көңілім,
Сарғаяды жапырақтай өмірім.
Түсінетін бір жан іздеп өзімді,
Араладым, туған елдің өңірін.

Шыға алмадың сен де алдымнан күлімдеп,
Туған жердің құштым жалғыз гүлін кеп.
Жаным саған ұмтылғанмен шырылдап,
От - сезімнің көрдім қалған күлін тек...

Жұлдыздар да солғын тартты көктегі
Күз желінің суық тиді өпкені.
Тамшыларды моншақ қылып тіземін,
Оралар деп көңілімнің көктемі.

Қоңыр күзде тоңазыды от - денем,
Жылыта алмас оны ешкім отпенен.
Менің жаным ала - құйын - бұрқасын,
Түсіне алмас бастарынан өтпеген.

Арасынан Сені көрем ақ нұрдың,
Өте алмаймын өткелінен тағдырдың.
Жүрегімді жыр қыламын бөлшектеп,
Көнгеннен соң дегеніне Хақ - нұрдың,

Арасынан Сені көрем ақ нұрдың...
Айналғандай дәл өзіне Бақ - Нұрдың...

Сезімдерім жанымның жапырағы,
Мені терең ойларға батырады.
Қалтырайды жүрегім жел өтінде,
Уана алмай шырылдап жатыр әлі.

Ақ қырауға малынып атырабы,
Муза - дала серуенге шақырады.
Көңілімнің дегенін болдыра алмай,
Санамды ойлар быт - шыт қып сапырады.

Көңіл жүдеу,өмірім көлеңкелеу,
Бар үмітім сырымда, өлең демеу.
Жарық дүние барады дөңгеленіп,
Мүмкін емес дүбірге елеңдемеу.

Сағынышым, сары ала жапырағым,
Жүрегімнің жеткізіп жатыр әнін.
Сенсіз жүрген күндерім ауыр тиіп,
Мұң көліне өзімді батырамын.

Сенің нұрлы көздерің аялады,
Тағдыр бірақ, біздерді аямады,
Сенен ұшқан сезімнің ақ кептері,
Кеудеме кеп конақтап саялады.

Сені мәңгі сағынып, аңсауменен,
Жырлар жазып төзімді таусам деп ем,
Сұр бұлттардай сөгіліп көңіл көгім,
Бақшаңа кеп себелеп жаусам деп ем...

Сен менің музама айналдың,
Сүйкімді, сүйікті айбарым.
Ұшырған сезімнің шуағын,
Қанаты жырымның, айналдым...

Аңсаумен өзіңді іздедім,
Жырларым жазылған - іздерім.
Әйтеуір, бір хабар келер деп,
Тартады ішіне күз демін.

Жанардан тамшы - бұлт төгілген,
Жүрегім күтумен егілген.
Сен жүрсің жырақта, бақшаңда,
Сыңарың - өзге жан өбілген.

Кеудемде жыр - сарай тосады,
Келер деп, күткен жан, қосағы,
Әлемде Сен бар деп жырларым
Мендегі сезімді өзіңе қосады,

Жүрегім шаршамай Музаны тосады...

Арасынан ақ нұрдың сені іздедім, таппадым,
Күтіп жүрмін атар деп бақыттың бал

ақ таңын.
Жинап бойға сезімнің бар шырынын,
Татқызбадым өзгеге және сен де татпадың.

Мүмкін емес, сезінбеуің, сенбеуің,
Сені іздеп түсіңе де енбеуім.
Мендегі асыл, бар қазынам - жүрегім,
Ауыртады кешіккенің, келмеуің...

Өзегім талып, өртеніп,
От болған сол бір кездер-ай.
Жаныма жақын, дерт болып,
Шоқ салған ойлы көздер-ай.

Сезіммен іштей алысып,
Шерменде болған түндер -ай.
Өзіңмен ойша табысып,
Жылжыған баяу күндер - ай.

Жанымды өртеп жандырған,
Мөп-мөлдір таза сезім - ай,
Есімнен сонда тандырған,
Қайран бір қымбат кезің - ай.

Өзіңе сыңар қылдырып,
Жалт еткен ғұмыр жалған - ай.
Өрлігімді сындырып,
Есімде мәңгі қалғаны - ай.

Аңсарым ауған шақтарда,
Өзіңді іздеп сабылдым.
Әдемі, көркем бақтарда,
Сұлулық болып табылдың...

Шынарға балап Өзіңді,
Және де идім басымды,
Ең асыл арнап - сөзімді,
Жанарда іріктім жасымды.

Аспаннан Сені іздедім,
Ақ бұлтқа теңеп кіршіксіз
Ақ қанат сызған із бе едің?
Ақ талда қалған бүршіксіз?

Әйтеуір, Сені іздедім,
Ақ түске бояп әлемді,
Ақ парақтардан іздедім,
Жазатын сырлы өлеңді...

Сен іздемесең, мен іздемесем,
Сезімдер суып қалмай ма,
Сен иілмесең,
Мен иілмесем,

Сағынып жүрек талмай ма?
От жалын орап,
Көңілді тонап,
Маздамай шоғы сөнер ме?

Сендегі сезім,
Еліткен кезім,
Өзіңе тартпай көнер ме!
Көңілім алаң,

Жүрегім мазаң,
Шығатын соқпақ жол бар ма?
Іздесем сені,
Іздесең мені

Шақырып тұрар жолдарда...

Көгілдір көктем сырлы өлке,
Шақырып жырақ тұрады.
Көңілде көркем бір сезім ерке,
Жырыма шуақ тұнады.

Әдемі сезім, әлдилеп ерек,
Көңілім елтіп құлады.
Біздерді күткен оңаша терек,
Өлеңнен өрнек құрады...

Сырлассам деп ем өзіңмен мәнді,
Жалғасқан өмір жолында.
Барым деп ұқтым, қорғаным мәңгі,
Тағдырым сенің қолыңда...

Онсыз да жаным жаралы,
Сезім - от шарпып барады.
Жазықсыз соңғы махаббат,
Бойымды улап тарады.

Көз жасын төгіп өлеңім,
Мұң ашты аппақ қағазға.
Кім сұрар сезім төлемін,
Түсінер ойлы аға аз ба?!

Әйтеуір, көңіл алаңды,
Серік қып жалғыз қаламды.
Сыр -Ана, сыршыл сезім құй,
Жағалап келем жағаңды.

Тастама жалғыз қызыңды,
Деп әуен нәзік сызылды.
Жер -Ана сені сүйемін,
Жұтсам да шаңды - тұзыңды.

Таба алмай жүрек сыңарын,
Жырақта өсті - ау шынарым.
Жалғанда мынау сабылып,
Іздейді өксіп жыр - әнін.

Мендегі осы жалғыз мұң,
Таппадым Сені, жалғызбын.
Аңсарым ауса сен жаққа,
Жұтамын иісін жалбыздың...

Тағдырым өзің. Жалғызбын...

* * *
Жылжиды уақыт мыстаның,
Көңілдің көгін ыстадың.
Тонап -ап, жастық, нұрымды,

Тәуелді бол деп, қыстадың.
Осалдау жерден ұстадың,
Шарықтап мен де ұшпадым,
Идің бе өмір тезіңде,

Көрігі болып ұстаның?
Уақытпен бірге жарысып,
Өмір сүрем алысып,
Ең қымбат кезең Өзіңмен,

Жарасып едім, табысып.
Сезімге іңкәр бойламай,
Сүңгідім, қауіп ойламай,
Сағыну, күту жазғаны,

Шаттығым қалды тойланбай.

Жылатпа мені, тағдырым,
Мұңайттың талай жетпей ме?
Шырқырап жатыр ар - мұңым,
Кеудемді тесіп өтпей ме?!

Сұрақ боп жазған жырларым,
Мың құрақ болды сырларым.
Шуы көп қала сыйғызбай,
Аңсаймын қырат-қырларын.

Кетсем бе екен мәңгілік,
Киік боп тағы - маңғырып,
Дүбірге бөлеп даланы,
Жүрер ем жыр ғып, ән қылып.

Кетсем бе екен сағым боп,
Қимайтын жалған, тағым жоқ.
Жолықса шіркін, алдымнан,
Иесі жырдың бағым боп.

Кетсем бе екен жел болып,
Жаңбыр боп жаусам сел болып,
Айнадай тұнып, тыныстап,
Жатар ем, айдын көл болып.

Жабырқап жалғыз отырмын,

Сезімге қанбай шөл болып.

Арнасынан асып - тасқан сезімнің,
Неге маған бір тамшысын қимадың.
Алып - ұшып Сені сүйген кезімнің,
Балдай тәтті сәттерін тек жинадым...

Жаздым, жаздым... өзім үшін жұбаныш,
Сені мүлде селт еткізбес жырларым,
Шырылдаған жан - дүниеме қуаныш,
Өлең болып өрілген мұң сырларым.

Тәкаппарлау жүрек бүгін егілді,
Нені аңсады нені күтті беймәлім.
Өлеңіме барлық шындық төгілді,
Түсінбес тек сезімсіздер кей мәнін...

ШЕКСІЗДІКПЕН СЫРЛАСУ

Заман жақсы. Келеді әне оңалып
Неге бірақ, көңіл қалды тоналып.
Қыр басында мұңаяды қария,
Батқан күннің шуағына оранып.

Қоғамдағы қордаланған түйінді,
Кім шешеді? қарт осыған күйінді.
Зулап аққан заман оты шарпыса,
Досың жылап, тек дұшпаның сүйінді.

Екі заман ортасында тербеліп,
Түйіткіл тірлік шешілмейді күрмеліп,
Миығынан күліп тұрған кер - заман,
Қылымсиды алуан-алуан түрге еніп.

Күндер солай өте берер алмасып,
Ұрпақ келер бір - біріне жалғасып.
Замана әуей тағдырына күйінер,
Әлдекімдер жағасына жармасып.

Ойға батып, уақыт тезі қысқанда,

Соңғы бір сәт қимасыңды құшқанда.
Езіледі жүрек шіркін қансырап,
Көкті тіліп зымырандар ұшқанда.

Жаһандану - замана оты шарпыса,
Тілің, ділің, сай-сүйегің балқыса.
Кімге сауал айтасың ей, Адамзат?
Тозаң болып құр сүлдерің қалқыса...

Қыр басында бір қария толғанар,
Адал ұрпақ бере гөр деп қолға алар.
Қазақ деген қасиетті Елімнің,
Талай сында ар - намысы қорғалар

Осыны ойлап бір қария толғанар...

ЖЕЛТОҚСАН

Желтоқсанда. Мен дүниеге келген күн,
Жеткізеді бір әуенді жел мен үн.
Ақша қарға жастар салды сонар із,
Қаймықтырмай жігер отын сел мен түн.

Жас жүректің еркіндікті қалауы,
Желтоқсанның мұзда жанған алауы.
Тәуелсіздік болып төрде желбірер,
Көк байрағы қазағымның жалауы.

Байтақ елім, бейбіт нұрға малынды,
Қазақ елі күллі әлемге танылды.
Көк бөрінің көкке жетіп дауысы,
Ғарыштың да тас қамалы алынды.

Бұзып өтіп кедергіні жолдағы,
Ата - баба арман - рухы қолдады.
Елбасы да болашаққа аманат,
Өз халқының даму жолын жолдады.

Тәуелсіздік менің жырым сенің де,

Мызғымасын бірлік - бақыт елімде.
Барлық ақын жырдан шашу шашқанда,
Лағыл алқа болсын жырым менің де.

Жыр толғадым толтырып сырға бөлек,
Құйылады күмбір-саз жырға ерек.
Тәуелсіздік елімнің айбары боп,
Дүниені барады нұрға бөлеп.

Жаным жайлау, қиялым көкке ұшады,
Көк туым да көгімде нұр құшады.
Тәуелсіздік айбарым - ертеңіме,
Өткеніңді тербейді жыр құшағы.

АЛАШТЫҢ АРДАҚТЫЛАРЫНА

Ойлы кезең, ойға тартты келелі,
Халқым бодан момын жатқан ел еді.
Ұлт ұлдарын тас түйін ғып ширатты,
Заман үні, саясаттың елегі.

Алма - кезең, уақыт тезі таразы,
Жайсаң ұлдар қоғамына наразы.
Халық үшін жанын пида еткендер,
Сана улаған бодандықпен аразы.

Ұлт тағдыры, ой - арман да көп еді
Идеялар шарпысуға дөп еді.
Зиялылар Алаш үшін бірігіп,
Ұлттық - сана, білім дәнін себеді.

Жер бетінен жаманатты көшірмей
Тынбай халық тасқындады нөпірдей.
Білте шамның жарығындай үмітті,
Зиялылар сақтап қалды өшірмей.

Алашорда ұран болды қазаққа,

Сан ғасырлық төзбей қанау, азапқа.
Әлихан мен Мустафаның арманы,
Тарап жатты сахараға, алапқа.

Алаш. Қоғам. Қабыспады тоғысып,
Идеялар бір - бірімен соғысып,
Халқын сүйген озық ойлар бірікті,
Ұлттық сана ой жемісі толысып.

Азап та, арып - ашып талғандары,
Озық ой, соны соқпақ салғандары.
Кейінгі ұрпақтарға өшпес мұра,
Алаштың ұлдары боп қалғандары.

Ей, ұрпақ, өткенді ойла тасынбағын,
Жаныңның жаны қайрап жасындарын.
Аңсап өткен Тәуелсіз осы күнді,
Уақыттан озып туған асылдарың.

Ол - Сәкен, ол - Мағжан парасатты,
Ту еткен ұлт ұранын - Алаш атты.
Мұхамеджан, Тұрар, Халел, Мұстафаның,
Жүрегіне зіл - жала жара сапты.

Сол жара желтоқсанда жарылғандай,
Кеңестік демі бітіп, тарылғандай.
Бойдағы намыс, жігер, қайрат тасып,
Ұмтылды тас құрсаудан арылғандай.

Жалғастырды өткенді, біткен әнді,
Қарсы алуда ұрпағың күткен таңды.
Қайсар мінез Ағалар ұшқынындай,
Желтоқсанда ұл - қыздарың от боп жанды.

Қол жеткізген сан ғасыр асқанында,
Бүгін биік тұғырың, аспағың да.
Халқымыздың елдігі - Тәуелсіздік,
Желбірейді көк ту боп аспанында

ЖЫР МОНШАҚТАРЫ

Бас байлаулы, көңілім өрекпиді,
Нұрлы бейнең өзгеден ерек пе еді?!
Өзім сүйген жан бар, деп жүргенімде,
Күйіп - жанып, Сені ойлау керек пе еді!..

Он сегіз - от, қалса да бір белесте,
Ойда жоқта тап болып бір елеске
Алмағайып сезімдер шарпысуда,
Бітіспейтін түскендей бір егеске.

Егіз өнер біздерді табыстырған,
Өмір - дария тұратын ағыстардан.
Сол толқындар жетелеп ала қашты,
Сезімдерім оянып, алыс арман.

Мың-сан ойдың ілесіп жетегіне,
Бір Аллаға шүкірлік етемін де.
Әзәзіл ой мазалап, бұра тартса,
Қарсы тұрар шамаға жетемін бе?

Бұра тартпа, көңілім, адалдыдан,
Мен әрдайым ақ жолға қадам ғылам.
Жақсы менен жаманды ажыратар,
Құдіретке ризамын, адам қылған!

Мен әйтеуір, бір күшке табынамын,
Табынамын, сол жолда сабыламын.
Мен сияқты шаршаумен күткен жанға,
Жақұт болып, алдынан табыламын.

Құдірет!
Мен өзіңе табынамын!!!

Фариза апа, сыр айтам, құлақ салшы,
Өзіңді теңіз көрем, мен бір тамшы,
Жанымның желбіреген желкенімен,
Өзіңе ағып келем, қосып алшы.

Даланың ерке желі желпіп өскен,
Қызымын көкейімді өлең тескен.
Қызғалдақ ғұмырымның көші озып,
Қол созам теңіз жаққа самалы ескен.

Даланың өрлігі бар мінезімде,
Өлеңім сыр ақтарды міне, ізде.
Сыншысы хас тұлпардың әділ болса,
Ілесер өңкей жампоз жыр ізіне.

Апажан, Мен осылай тұспалдадым,
Өлеңде болды менің қысқа арманым.
Көрінбей жүрген дала қаршығасын,
Баулитын Самұрықтай құсқа арнадым,

Апажан, өзің түсін, тұспалдадым...

Сенің мөлдір көздеріңді,
Сағынумен күй кешемін.
Жалаңаяқ сары далада,
Сағым қуып, күн кешемін.

Ойларыммен оңашада,
Сыр ілемін көзімменен.
Иранбақта қол ұстасып,
Нұр кешемін Өзіңменен.

Сол шақтарды ғажайып бір,
Ғасырларға алмастырман.
Ай нұры да азайып бір,
Жүректерді жалғастырған.

Күннің көзі - от жүрегім,
Жандырады өрт денемді.
Сенің бейнең деп жүремін,
Нұрландырған бар әлемді.

Ой кешумен, мұң кешумен күндерім,
Өтіп жатыр түк жылусыз түндерім.
Өмір мені қақпақылға салды да,
Бір-ақ сәтте өшті шаттық үндерім.

Өмір жолы бұралаң ба, күйреттің,
Сөзін айтып, жасыдым - ау, күйректің.
О дүниенің есігін де қақтырып,
Тіршілікті бағалауды үйреттің.

Қатігез боп кеттім, сірә, білмедім,
Жақынымды жылы тартып, күлмедім.
Сонан болар, тағдыр маған сырт берді,
Сүйген жанды көзіме де ілмедім.

Тіршілікте сыйласудың бағасын,
Білмей кейде ағыстармен ағасың.
Қолдан сусып, қуанышты күндерім,
Менен ұзап, қайда кетіп барасың?!

Бәрі өтті, маған серік ой ғана,
Жанашыр жоқ, өзің түсін ойлана.
Менің жаным ұшып жүрген секілді,
Мына әлемді іздеп Сені айнала.

Ой санамда бір қопарылыс болғандай,
Жүрегіме мейірім - шуақ толғандай.
Қайта оралса сол сәттерім сенімен,

Төрт құбылам түгелденіп қалғандай

Алдан атар арай таңың көп болсын,
Жасың ұзақ, айтар сөзің дөп болсын.
Құттықтайды барша ағайын, қаумалап,
Заман тыныш, аспан шымқай көк болсын.

Анамыз бен жұптарыңыз жазылмай,
Бір болыңдар, қалмасын жыр жазылмай.
Ризық боп күтіп жатсын молынан,
Қазынаңыз жатқан әлі қазылмай.

Жарқ еткенде жанарыңнан бір жасын,
Құйыл кәне, жүрегімде жыр қалсын.
Сенің сұлу мүсініңді кеудеме,
Орнатып - ап, көз алдымда тұрасың.

Кеудем менің ағын-жырға толғандай,
Қайғы күнім-шаттығыма үласты.
Сен кездесіп, жадырады қабағым,
Сәуірдегі жаңбыр жауып болғандай.

Сенің жырың сезіміммен жалғасты,
Іңкәр сезім оралғандай алғашқы.
Сонау жылғы 18-ім оралып,
Үнсіз күндер дүрбелеңге алмасты.

Мен сені жақсы көрем, жақсы көрем,
Өмірдің бал-шырынын таттым білем,
Кеудеме алтын сарай салғызып ап,
Ішінде өзіңменен өмір сүрем.

Сен мені кінелама, сүйгеніме,
Ерніңе тағдыр жазып тигеніме.
Жүрегім бұлқынады Өзің жаққа,
Сезім - от лаулап жанып күйгенімде.

Жүрегім жап - жас қалпы, Ұнатады,
Көзімде мөп - мөлдір боп жыр тұнады.
Гүл - дәурен, бала жігіт аңғалдықпен,
Тап - таза сезіміме тұншығады.

Сен Күнсің
Мен Жермін
Айналған өз өсінде.
Сен – нұрсың,

Мен – Жырмын
Мұң тұнған өзегінде.
Тағдырдың жазғанына,
Өмірдің азғанына

Төземін де, кезегінде...

Өмір сүру «бар» мен «жоқтың» арасы,
Кең дүниеге ғашық көзбен қарашы.
Тағдыр маған сырт бермесе де жотасын,
Көңілімді жібітеді бір жанардың қарасы.

Өмір нұры кеудеме кеп, шырақтайын жанады,
Балаң жігіт, сезім толқын Муза болып барады.
Соған арнап, жыр төгіліп, сыр жазумен,
Ақ қағазда зыр жүгірген қолым шаршап талады.

Сонда – дағы жүрек аңсап, соны ғана қалады,
Ойлар – ойлар сана билеп тығырыққа қамады.
Алпыс екі тамырымды бағындырған от – сезім,
Жырыма кеп тамады, жырыма кеп тамады.

Сырлы дүние, мен өзіңнен жалықпаймын,
Қуанып, шаттанып, шалықтаймын,
Бәрі жақсы осынау дүниеде –
Ең жақынды жоғалту анық қайғың...

Жаратқан, жазғаныңа әлі таңмын,
Бірі ерте, бірін кеш қып, іңкәр жанның,
Мен сені қиялымда әлпештеумен,
Бейнеңе ессіз ғашық болған жанмын.

*** Аялап сезімімді бүркеледім, Әлдене бір суық көзден үркеме деп. Жаныңда Күндей күліп жарқыраймын, Сезімім сезіміңді түртеме деп. Жанымның жапырағын жайып саған, Жүргейсің деп тілеймін ғайыпта аман. Бар мен жоқ арасында тербелемін, Түп – түзу жолда кейде тайып қалам.

Мен сені жүрегіммен сағынамын,
Ағылтып көңілімнің ағын – әнін.

Өлеңмен өріп алған сезімімді,
Тұмар ғып, лағыл – моншақ тағынамын.

Жүрегім шаршап, талып сабылнамын,
Сел болып, тасып кейде ағыламын.
Өзіңе деген ыстық, іңкәр сезім менен,
Алдында құдіреттің табынамын,

Мен сені өмір бойы сағынамын.

Саған арнап жыр жазып,
Жүрегімді емдедім.
Терең ойлап, сыр қазу,
Сүйікті ісім ең менің.

* * *
Тағы да иіп, алдында өр басымды,
Телефонның құлағын бұрап тұрмын.
Іңкәр алып төгілген көз жасымды,

Өлең қылып, өрнекпен құрап тұрмын.

Сенің жаның жаз болып күлімдейді,
Күрсінуім түк саған білінбейді,
Өзің жүрген бақшаңның ең әдемі,
Ұсына бер, өзгеге гүлін мейлі.

Мойынсынып тағдырдың жазғанына,
Ақ қағазда сыр жаям жазғаныма
Өзің жақтан нұр-шуақ төгілер деп,
Бір үмітпен қараймын таңға мына.

* * *
Саған арнап жыр жазумен,
Мына әлемді нұрландырдым.
Сені іздеумен, жастығымның,

Шуақ күнін құрбан қылдым.
Сені әйтеуір іздеуменен,
Араладым талай бақты.
Үмітімді үзбеуменен,

Сезімдерім жыр боп ақты,
Мен оңаша... жазу үстел...
Ұйқысыз бір таң да атты.

* * *
Жүзіңнен бір жыр оқимын,
Сыр оқимын жазылмаған.
Жүрек қалап, сүйді Сені

Өзге жанға табынбаған.

* * *
Тырналап жанымды,
Кеудемді жейді мұң,
Айтар ем, әнімді

Шықпайды шерлі үн.

Кеудеде бір ағын,
Тасиды, ақпайды.
Жаныңа жақындау
Бір жанды таппайды.

Іздеумен сабылып
Күтуден шаршадым.
Бір үміт жағылып,
Алысқа тартады...

* * *
Ақ күмістер зергер көктен төгіліп,
Мен келемін, таңғы нұрға малынып.
Ағаш біткен өрнектейін өріліп,

Тұра қалған ақ моншақтар тағынып.

Алақанда әппақ – нұр тамшылайды,
Шабыт-жыр да жанымды қамшылайды.
Ақ тұманның ішінде... жалғастырған,
Аспан мен Жер арасын жарты қайғы.

Ақ тұманда Елеске сыр бөлемін,
Іздеп сені адасып жыр-өлеңім
Тіршіліктің таусылмас тауқыметі,
Сарсаң күнде сарғайып мың өлемін...

Ақ тұманда адасып мен келемін...

* * *
Көктен жауған лағылды,
Жиып алып отырмын.
Көңілден жыр ағылды,

Құйып алып отырмын.

Мен сені сағындым...
Қасымда жүрсеңде
Жыр-моншақ тағындым,
Көңілім бір Сенде.

* * *
Мен сені сағынып кеттім,
Жапанда жалғыз қалғандай.
Шаттыққа бөлеп бақытты еттің,

Өзіңнен ләззат алғандай.
Жалғаннан мынау өтермін, сірә.
Өзіңді ғана армандай, өзіңді ғана армандай...

* * *
Жасыма қарасаң, ақыл-ой данамын,
Шашыма қарасаң, қара өрман, даламын,
Сезімнің отына шарпылып күйгенде,

Япырау, мен Сенің алдында, баламын.

* * *
Домбыраның ішегіндей,
Қатар күйге келмедің.
Астыңғы ішек қоңыр саз,

Үстіңгі ішек шіңкілдеп,
Бір арнаны термедік.
Қатты тартқан ішектей,
Күйге келмей толқыдым.

Істерімнен титтей де
Таптың қандай олқы, мін?
Домбыраның сазына,
Жылайды өксіп жүрегім.

Көп пе қайғы, азы ма?
Жоғалтты ма, тірегін.
Неге өксиді, жүрегім?!

* * *
Ән болып серік шаршаған ойдан көңілге,
Беріп ем ерік шақырды алға, өмірге
Мұң болып маған жазылған тағдыр өлеңі,

Жұбатшы мені, көз жасым болып төгіл де.

Серігім болды ақ қағаз бенен қаламым,
Сырлы әлем кезіп, қасыңа жақын барамын.
Сен жаққа қарай жүгірген жүрек сүрінсе,
Құлатпай жерге, көз жаспен жуып аламын.

Жыр жолдары өріледі бастаған,
Сыр төгуге ақ қағаздан жасқанам.
Тағдырымды өзге жанмен жалғадым,
Жан дүнием мен жүрегімде - басқа адам!

Бұл қалай деп суыртпақтап сұрама,
Көңілімнің қыл ішегін бұрама.
Шөліркедім бір сезімге мөп – мөлдір,
Ағын су да бір орнында тұра ма?

* * *
Жүрегім бір әдемі әнге салады,
Жеткізе алмай шырылдайды талады,
Қайран көңіл, ыстық нұрын таратып,

Жауапсыз сол махаббатты қалады.

Айналаны жырға бөлеп ән қылып,
Жазып келем өмір жырын мәңгілік
Қалауым да таңдауым да бір сен боп,
Ада қалды мына жалған мәңгіріп,

Сені сүйем, Сені сүйем, мәңгілік.

* * *
Жыр болып төгіліп,
Жанымды тербейді,
Көңіл – күй сөгіліп,

Шаттығым келмейді.
Жанымды жаншыды,
Ауыр ой мазалап.
Жүрегім шаншыды,

Жауапсыз жазалап.

Жоғалттым тағатты,
Іздеумен өзіңді.
Қылығым ағатты,
Болса кеш, сезімді.

Жалғаумен күн өтті,
Қажаумен төзімді,
Мазаң ой түнетті
Қасыма өзіңді.

Жұмар жердің өсінде,
Бейбіт елге теңелдің.
Туған жердің төсінде
Алшаң басып, кенелдім.

Байтақ жатқан елімнің
Перзенті көп сүйікті.
Адал, асқақ жерімнің
Басына бақыт үйіпті.

Бақыт пен ырыс – дәулетің
Еліме мәңгі орнасын.
Көбейіп халқым, әулетім
Жаратқан Алла қолдасын!

Өскелең жастар ән қылып,
Жетеді үні жаңғырып.
Аманат болар ұрпаққа
Елімінің тойы мәңгілік.

Жырымнан інжу шашамын,
Бақыттан асып – тасамын.
Қастерлі, асыл, туған ел.
Өркенде, өсіп, жаса мың!..

Зейнолла Шүкіровке арнау.

Кестелі сөз. Кермек дәмі өмірдің,
Еншісі боп, тағдырыңды өрдің де.
Әдемі әуез көркі болып көңілдің,
Рахатын жыр шабыттың көрдің бе?

Бала – ғұмыр шат күлкісі естілмей,
Теңіз шуы жан – дүниеңді тербетті.
Жаңғырығы сол жылдардың ескермей,
Ана әлдиі, көз жасы да кермек – ті...

Теңіз әні... жан – дүниеңмен жалғасып
Сені өзіңе ғашық етті Муза қыз.
Үміт оты бір Бақытқа алмасып,
Алыстарға алып қашты құла дүз.

Қаламыңа қуат берді бір Құдай,
Армандарың алып ұшты қаламға,
Дауылдайын жыр да туды бір ұдай,
Жан сырыңды жеткіздің бар адамға.

Сен Алланың пендесі едің сүйікті,
Жігеріңді жанып алған жырлармен.
Басыңа мол тауқыметті үйіпті,
Бір өзіңе мәлім жұмбақ сырлармен.

Құрыштайсың, Адамзаттың баласы,
Жеңе білген өмір тезін күреспен.
Теңіз – ғұмыр, Табиғат ол – Анасы,
Ығыстырған қайғы – дертті сірескен.

Жал – жал толқын жағаға кеп құлайды,
Сенің өмір жырларыңдай ағылып.
Жеңе білген өжеттікпен Құдайды,
Жыр арнадым аға, Сізді сағынып,

Кәне, кім бар тойға шашу сұрайды?
Келіп тұрмын жырдан алқа тағынып!

Тас мүсінмен сырласу

Қасыңа кеп жыр – шумақ гүлін ектім,
Тас мүсінге иіліп тағзым еттім.
Сайқымазақ қоғамды сынай жүріп,
Ескерткішке айналып Өзің кеттің...

... Қоғам, заман алмасып дөңгеледі,
Қайшылыққа тек пенде көнген еді.
Асқар ата сын садақ қолына алды,
Сатира жебесімен жөндегелі.

Өмір сүрген қоғамын мадақтады,
Арқалы ақын атанды санаттағы.
Фельетондар ағылып қаламынан,
Сатира – жебелері садақтағы.

Сен түсінген заман да кетті кейін,
Әрбір қоғам өзінше епті деймін.
Сен қорғаған идея, мақсат, мұрат,
Төңірекке қанша нұр септі деймін?!

Мен де солай өткенді ешкелеймін,
Кертартпа деп біреуге өкпелеймін.

Әр заманның бұлбұлы сайрайды екен,
Әуенімен, кінәла, текке мейлің!

Сенің жырың бір бөлек, мен де бөлек,
Құрметтеуде қалың ел Сені елеп,
Сырдың суы сыңғырлап бүлк – бүлк күлер,
Сенің жырың сенілді елден ерек.

Асқар сыны – халқының емі болды,
Замана леп үп еткен демі болды.
Түзеймін деп қоғамның кем-кетігін,
Сенің жырың семсердің теңі болды.

Тас мүсінге қараймын, айналамын,
Еңбегіңді елеулі ойға аламын.
Сезетіндей қарайсың сыр – қалаға,
Астана боп 80 жылын тойлағанын.

Жаның, рухың, жырларың бізбен бірге,
Қазақ елің, тәуелсіз жайды ірге.
Сен жырлаған, қорғаған кедей- кепшік,
Дөңгелетіп жүр қазір бірді - бірге.

Сен адалсың, өзіңнің заманыңа,
Бай – құлақты таптадың табаныңа.
Жырыңменен от шашып жарқылдадың,
Кеңес туы желбіреп алабыңда.

Сонан бері алмасты талай көктем,
Талай қыстың бораны соқты өктем.
Соның бәрі тарих боп жазылыпты,
Асқар ақын, басыңнан сенің өткен.

Ғасыр бұрын шыр еткен жас нәресте,
Өткен өмір ғажайып бәрі де есте.
Жүзге келіп, халқыңды қуантасың,
Бүр жарғандай қайтадан кәрі десте.

Асқар ата құрдасы ғасырының,
Таудай алып бейнеңе жасырындым.
Мен де бүгін жыр оқып сауал айттым,
Биігінен өзімнің ғасырымның,

Тас мүсінге тағзым ет, кейінгі ұрпақ,
Сынығы деп өткеннің асылының!

Cырласу
М. Шоқайға.

Елес маған сенің бала күндерің,
Сәби шағың, балдай тәтті үндерің.
Қиял қуып, алыстарға ой шомған,
Жанарыңа жұлдыз құйған түндерің.

Ой – арманнан қажып кейде талғансың,
Арман ұшып, Жерге ілініп қалғансың.
Сол ғаламат тұңғиыққа сүңгумен,
Ғаламшарға сапар шектің армансыз.

Ел мұраты биіктерге самғатты,
Жылдар жылжып санада тек ән қапты.
Сен аңсаған Тәуелсіздік халқыңа,
Ғұмырыңды Бүгінгімен жалғапты.

Сен – Мұстафа, Сұлутөбе ұланы,
Алыстарға жолың ұзап құлады.
Шетелдерге еріксіз бел асырды,
Алашорда ұлттың асқақ ұраны.

Толыстың да тұңғиыққа шомылдың,
Даңғазасы жеңе алмады тобырдың
Сен аңсаған Тәуелсіздік таңы атты –
Күні батып Кеңес деген обырдың.

Көл де аңсап іздейді екен сұңқарын,
Ен далада сағынады тұлпарын.
Бейбіт таңын қарсы алады әр күні,
Өзің туған топырақта Ұрпағың.

Бекзат аға.
Жәлел Бекіровке арнау

Тағдыр жазып татқызған талайлы – сын,
Бекзат ұлға өзіңді балайды шын.
Жетелеген шақтарда биік – мұрат,
Халық сеніп, таңдаған қалаулысын.

Жаны жаз, жайсаң ғұмыр жалғаса бер,
Жаз бен күз кезегімен алмаса бер.
Ұясына арнаған Бақ тұрақтап,
Жетпістің де шырынын талмата бер.

Қоғамға да халыққа жақын жансыз,
Жаны нәзік, жүрегі жас ақын да Сіз.
Жетпіс жастың ауылын думандатып,
Ірі істердің жүріңіз басында Сіз.

Сырда туып, Арқаға тұрақтапсыз,
Қызық – думан жастықтан жырақтапсыз.
Өлең арнап балдызың еркелікпен –
Шымшыласа қашпаңыз бірақ та Сіз.

«Сыр мейірімі»

Жасаурап тұрған көз – нұрдан,
Жан айқай көрем, ағайын.
Үкілеп үміт сөз – сырдан,
Жылылық отын жағайын.

Жан шуақ нұры төгіліп,
Жабырқау жандар шаттансын.
Мұз құрсау көгі сөгіліп,
Кең – пейіл көңіл ақтарсын.

Болашақ ғажап, қазанат,
Тұтас ел жарқын аттансын.
Дәл бүгін әрбір азамат,
Жан сырын түгел ақтарсын.

Ізгілік сеуіп жүрекке,
Мейірбан жандар талмайды.
Түлекті қосып – тілекке
«Сыр мейірімі» жалғайды.

Жалғыз аққу.

Жер мен көктің арасынан,
Айырған не жарасымнан.
Жалғыз аққу тербеледі,
Көл бетінде шарасыздан.

Жалғыз аққу сыңсығанда,
Жүрегіме жыр тұнғанда.
Толқындары ала қашты,
Қол созуға ұмытғанда.

Жаны нәзік, сөзі майда,
Қалқатайым енді қайда
Жалғыз аққу сыңары боп,
Қимасың жүр жағалауда.

Тәкаппарсың, кербезім – ай,
Қандай тағдыр кез келген – ай.
Мен де іздеп сыңарымды,
Мына өмірді кезгенім – ай.

Сәнімкүл апаға
Жаралғандай болмысың ақ алмастан,
Жүргендер көп Биігіңді ала алмастан.
Ақын апа, ортаға ап құрметтейміз,

Сексен деген сері ой ала қашқан...

Ақыл менен парасаттың кемелінде
Жырларың желкен болып келеді ме?!
Ақын – Ұстаз! 90 – ның да тәжін киіп,
Өмір – өзен толыссын кемеріне!

Аққорланға

Тал бойың мінсіз, сан қылық,
Бой жеттің бәрін таң қылып.
Тілеймін бақыт, бақ – дәулет,
Жұптасу, сүю – заңдылық!

Бойыңда кербез, паңдылық,
Ғашықтық отын жандырып.
Барасың сіңілім, алыстап,
Балалық шақты ән ғылып.

Тілеймін саған бақытты,
Уыстап шашам – Жақұтты
Жұбыңмен мәңгі қосатын -
Ұмытпа осы Уақытты!

Тілеймін Бақ пен Бақытты!..
Тұсау кесерге

Тәй – тәй басқан Арафат,
Құтты болсын қадамың,
Үлкендерден – шарапат,
Жыр арнайын қарағым,

Өскін, өркен жай – дағы,
Нәрің толсын бойдағы,
Талап, білім, арман – ой,
Орындалсын ойдағы.

Әжең сені аймалап,
Нұрға малсын маңайын.
Келген қауым қаумалап,
Таңдандырсын талайын.

Ата-анаң аман боп,
Биіктерге шырқасын.
Бейбітшілік заман боп,
Гүлге орасын қырқасын.

Өміріңе десте гүл,
Ұсынамын жырыммен,
Көңіліңде кесте – нұр,

Сәулелендір Нұрыңмен...

Тәй, тәй, балам жолыңмен!..

Анаға тілек

Шырағын қосағыңның сөндірмедің...
Тағдырдың сындарына жеңдірмедің.
Аялап ең ұл-қызды Алла берген,
Жетпісіңді тойлайды – өндірлерің.

Алақаның Әлемді аялаған,
Жақынынан жан жылуын аямаған.
Ана Сені, ардақтау парызымыз
Ұл – қыздарың кеудеңді саялаған.

Шақырып, ағайынды тойыңызға,
Құямыз нұр – шапағат бойыңызға.
Ортасында гүл жайнап отырыңыз,
Болмасын ешбір алаң ойыңызда!..

Өмір – өзен толқындар алмасады,
Ұрпақ өсіп, әулетің жалғасады.
85 жас мүшелге толдың бүгін,
Шаңырақтың шырқалар талмас әні.

Сені Әке, аялап құрметтеймізғ
Қамқоршы, жанашыр деп үрметтейміз
Анамызбен шаңырақ отын жағып,
Қол ұстасып, ұзақ жыл жүрмет дейміз.

Алдыңды ақ тілекпен жүрегіміз,
Әулеттің бас көтерер бірі дейміз.
Қашан да қамқоры боп жақындардың,
Жүретін шамшырағы, тірегіміз.

Бақыттың шырынын тата бергей,
Арайлап ақ таңдарың ата бергей.
Ұрпағыңа мейрімің пана болып,
90-дағы абыз боп бата бергей!!!

Тағдыр жазып жолыққан бала қызды,
Жастық дәурен жарастырды арамызды
Студент шақ – білімге бой алдырып,
Есейтті де сол қызды дана қылды...

Арқаның самал желі қылығанда,
Еркелік, сұлулық бар тұлымыңда.
Курстың ғана емес күллі қазақ –
Мұхтарын жуасытқан құрығында...

Ұл-қыздың анасысың, немеренің,

Толысып өрге жүзді кемелерің.
Тарихтағы аналар қатарына,
Білеміз Айгүлдің де теңелерін.

Жасыңа жас қосылсын Алла беріп,
Жүзіңді күлкі ойнасын алма керік.
Жүзге жеткің шаршамай, шөпшек сүйіп,
Ғасырға да қол беріп, арма делік!

Арнау
Самал жел Арқа жақтан есті ме екен?
Көңілге ой салады ескі мекен,
Сарысу Найман елі жайлаған жер

Есіне әркімдердің түсті ме екен?

Ендеше мен қозғайын көңіл-сырды,
Аралап өмір-өзен, өңір-қырды.
Тұмаркүл – қарындасы, Құрмаш – әкем,
Арнайын жан апама өлең – жырды.

Сақтапберген, Есімсейіт жүйрік мініп,
Алдына жан салмаған аң аулауда.
«Бесік құда» болыпты уағдаласып,
Қызығы таусылмаған хан жайлауда.

Бойжетіп Тұмар апам сыланады,
Алтын белдік белінде қыналады
Әпсәмет Сақтапберген баласы да
Ағайынның алдында сыналады.

Ай мен Күн сүлулыққа таласады,
Қос құрбы бір-біріне жарасады.
Тұмаркүл Әпсәметке ұзатылып,
Ұлан - асыр той болып, тарасады.

Тұмаркүл келін болды назыменен,
Сыңсу айтқан аққу-қаз сазыменен.
Бал – дәурен балалығын артқа тастап,
Қауышты өмірінің жазыменен.

Дүниеге ұл-қыз келді мәпелеген,
Ана – деп, ардақ тұтып әкелеген.
Жан – жарынан айырылған Оны көрдім
Құлындарын өсіріп, жетелеген.

Қимады да, жан-жарын, қиналды ма?
Кете барды Ол – дағы жиналды да.
Қол ұстасып өмірге аттанып ед,
О дүниеде бір болды Иманы да!

Салт – дәстүрін қазақтың сақтап өткен,
Тұмаркүлдей апамды мақтан етем,
«Шәй» деспеген жарымен тірлігінде
Қасиетіңді мен қалай аттап өтем?!

Тұмар қылып Әжемнің ар-намысын,

Өз бойында мәңгілік ақтап өткен.
Тұмар апа, Жәнатта жәйің болсын,
Тұмар деген атыңды жаттап өтем.

Ұл – қызыңды ардақтап, еске алған,

«Алтынның сынығы» деп мақтан етем!

Құттықтау

Өмір – өзен толқындар алмасады,
Ұрпақ өсіп, әулетің жалғасады.
75-ке Апажан толдың бүгін,
Шаңырақтың шырқалар талмас әні.

Шақырып ағайынды тойыңызға,
Құямыз нұр-шапағат бойыңызға.
Ортамызда гүл жайнап отырыңыз,
Болмасын ешбір алаң ойыңызда!..

Апа – жезде, жұптарың жазылмай,
Әлі 50 жыл Пешенеге жазылғай.
Ұрпағыңмен молайып Бақ-тұрақтап,
Бақыт кұсы келіп қонсын жаңылмай.

Жаны жаз, жайсаң ғұмыр жалғаса бер,
Жаз бен Күз кезегімен алмаса бер.
Ұяңызға орнаған Бақ тұрақтап,
75-тің шырынын талмата бер!

Бақыт пен Ырыс, дәулетің
Басыңа мәңгі орнасын
Көбейіп ұрпақ, әулетің,
Жаратқан Алла колдасын,

Жырымнан інжу шашылсын,
Бақыттан асып – тасамын
Қадірлі асыл, апатай,
Өркенде, өсіп, жаса мың.

Тойлаңыз, шалқып, тасыңыз,
75-ке келді жасыңыз.
Көбейіп, өсіп – жездеммен
Көркейді ғазиз басыңыз.

Таныстыру.
Армысыздар ағайын, жиылған жұрт
Сіздермен әркез бірге береке – құт
Бас сынап алдарыңызға келіп тұрмын.

Қуанышпен жүрегім алып-ұшып.

Айтайын мен өзімді таныстырып,
Арғы-бергі атадан қағыстырып.
Қоңырбай бабам тегі – Алашадан,
Алмаңыздар «ақұдаймен» шатастырып.

Анам – Сәрсен, әкем – Болат – Сәруардан,
Жақсылар жиналыпсыз әр рудан.
Қазақтың ерке қызы – Арайлыммын,

Алдарыңа шығып тұрмын тәуір ойдан.

Бас қосса кіл жақсылар абат болар,
Жырламасам осындайда ағат болар.
Аналар мерекесі, Наурыз келді,
Тойларың тойға ұласып қабат болар.

Үлкендердің жинаған өнегесін,
Білдіңіздер Сәруардың немересін.
Жалғасы әжелердің біз боламыз,
Қазақтың кеңейтетін керегесін.

Ой – тізгін

Ойлы көшті бастау киын,
Жасамысқа жастау қиын.
Келелі істің бас бұйдасын,
Ойсыздарға тастау қиын!

Инабаттан аспау қиын,
Жаман әдет тастау қиын.
Бәрінен де таза жүріп,
Лас жолды баспау қиын.

Бұл өмірде бәрі қиын,
Мінездер бар ала құйын.
Ынсап, ұждан, Ар мен Ұят,
Қоя алар ма, оған тиым!

Үнсіз жүріп, Өз-өзіне тіл қатқан,
«Сабыр бер» деп Тәңіріне үн қатқан.
Жұмбақ жанмын, шулы ортадан жырақтап,
Оңашада қиял мініп түн қатқан.

Мың жігіттің көзіндегі нұрына,
Шомылсам да бір – ақ жанды ұнатқам!
Тіл қатады, Ол да маған жырақтан.
Неткен жұмбақ өмір күйін сұратқан.

Шөліркетіп, адастырып бұлақтан,
Неткен ғажап! Миллиондардың ішінен,
Жүрегімді бір Өзіңе құлатқан
О, Тәңірім! Сезімдерім ала қашпай алысқа,

Өз ортама, отбасыма тұрақтан!
Жауап іздеп сабылма сан сұрақтан.

Неге керек қызыл тіл айта алмайтын,
Тіле – Бақыт, Бақ, Дәулет ортаймайтын.
Ағалардың барлығы сіздей болсын,
Жаны таза, жүрегі қартаймайтын.

Сарғайған сезім тағынып,
Жапырақтар сырын ашты мың,
Жанардан жасым ағылып,
Көкіректі тілді ащы мұң.

Жүргенмен үнсіз... бағынып,
Тәтті емес... Тағдыр... Ащымын,
Іздеймін Сені, сағынып...
Кеудемді тіліп ащы мұң...

* * *
Тәуелсіздік бабалардан қалған мұра Ақ алмас,
Ешбір жауың енді қарсы тұра алмас.
Нығметімді көріп жүрмін, иманыммен, арыммен,

Еркіндігім – Көк байрағым көкжүзінің нұрындай,
Тас қамалмын. Бірлігімді ешқашанда бұза алмас!

«Бөбек» қорының төрайымы Сара Назарбаеваға

Ананың ыстық құшағында - Бала,
Өседі еркін. Болашақ ол – дана.
Құлақ түріп әлдиіне ананың,
Тербеледі қала менен дала.

Ақыл – ойы, парасаты дара,
Елдігіме, дәстүріме қара.
Бар баланы бауырына басқан,
Жебеушісі жабыққанның – Сара

Ел бесігін алақанда тербеген,
Жатқа оны шайқатуға бермеген.
Жарық дүние – күлкісі ғой сәбидің,
Ал, Сараны Муза баққа тең көрем!

Пейілі оның жазирадай дархан,
Тұңғиықтан бір үзік сыр тартам...
Бар қазақтың анасындай Сара апа,
Аналардың сенім жүгін артқан!

Өмір деген өткел ғой,
Сынақтардан өткізер,
Гүл көмкерген бөктер ғой,
Армандарға жеткізер.

Үнсіз ғалам. Үнсіз жатқан құба бел...
Қайғы – шерді жүрегімнен жұла гөр...
Сеніменен алыстатқан сол күнге,
Табиғаттың тылсым күші куәгер...

О, Жаратқан!

Шеберлікке сөзім жоқ,
Менен жақын еттің Оған, күнә... көр...

Ноль дегенің – тіршіліктің бастауы,
Цифрлардың құпиясын шашпауы.
Ноль дегенің – Құдіреттің алдында,
Ақиқаттан Адамзаттың қашпауы.

Нольден кейін басталады тіршілік,
Уақыт зулап қалған емес іркіліп.
Жарылыстардан Әлем түзеп кеңістік,
Оянғандай жатқан бір күне тұншығып

Мына Әлемді нұрландырған Күн шығып.

Нольден кейін Бір – келеді Аталық,
Уақыт жүгі Құдіреттен бата алып.
Содан бері тоқтамайды тіршілік,
Ғаламшардың Жер жүрегі аталып...

Дүниеде ғажайып бұл – заңдылық,
Адамзатты әлі өзіне таңқылып,
Құдіреттің Күші Әлемді тербейді,
Нольден кейін – миллиардтарды сан қылып.

Түннен кейін атады ылғи таң күліп...

Бір теңге
Арзан күлкі. Қарық болдық бәріміз,
Өңшең білгір, жасымыз да кәріміз.
Аяқ асты жатты ұлттық құндылық,

Он мың болып қуат берер нәріміз.

Теңге жатыр. Алшақ емес арамыз,
Алашаң басып, елемей де барамыз.
Тұра қалып иілдім де көтердім,
Отанымның белгісі бар, қараңыз...

Маңдай тері, халықымның байлығы,
Біреуге құт, біреудің бір шайлығы.
Талайлардың тағдырын да өзгерткен,
Өзек талып, жетпегенде айлығы.

Бұл – нәпақа, несібесі біреудің,
Керек емес, күлкіменен іреудің.
«Алтын балық» емес ол, ұлт байлығы,
Маңдайына жазылған бақ ілеудің.

Барымызды бағамызға балайық,
Теңге жатса, жерден көтер, халайық.

Ұлтымыздың қасиетін жоғалтпай,
Мәрттігіне бас иіп бір алайық.

Күлкі арзан. Өмір қымбат ағайын,
Ойымда жоқ бұл ортаға жағайын.
Елтаңба бар бір теңгені қастерлеп,
Омырауыма өлең алқа тағайын.

Не айтайын, ақтарылған бұл елге,
Жарар ма екен жыр жолдарым бір емге.
Бір мүсәпір шырағы боп жағылған,
Жерде жатқан Елтаңбалы бір теңге,

Тағдырларға таңба болып басылған,
Миллиардтарға негіз болған бір теңге...

Артқа қалып, шаттығым, түн кешегі,
Көз алдымнан есіліп Күн көшеді.
Тіршілк дөңгеленген ұстатпайды,
Жүрегім жалғызсырап мұң кешеді.

Арқа жақтан бір суық жел еседі,
Күн тоңазып, Ай суып теңеседі.
Ызғарына кәрі қыс алмасын деп,
Жылы үйде кемпір-шал кеңеседі.

Кеудемді бір ой мазалап тырналайды,
Әттең, шіркін! Бұл жолдар жазарым да емес еді...

Бір жылылық шарпып өтті жанымды,
Баяулатты, тасып тұрған қанымды
Көптен бері сыздатқан ой серпіліп,
Жыр құйылып, тазарттым бір тәнімді...

Бар керегі ілтипат қой Адамға,
Үлкейген соң қарайсың әр қадамға.
Кішілердің түзу берген сәлемі,
Көкке қарай көтереді, О, Алла!

Жан дүниемді тербеген соң, жазам да...

Қалғып кетіп, мәңгілік ұйықтады да,
Ғазиз жүрек шынымен тоқтады ма?
Аспан мен Жер арасы күңіренді,
Періштелер Ақынын жоқтады да.

Өлең – Муза шырылдап өксіді ме,
Сөгіп жасын сұр бұлттар төкті неге
Жыр – ғұмыр Фаризасын іздеп дала,
Халқың да қара нардай шөкті, міне.

Тағдырыңды некелеп жырларыңмен,

Тербеп келдің әз – бесік сырларыңмен.
Қазақ деген халықтың намысы боп,
Атар таңдай арыңмен нұрланып ең.
Сен есінде қаласың Адамзаттың,

Тұнық, шыншыл, өр, рух жырларыңмен!

* * *
Аппақ дала. Көңілімдей кіршіксіз,
Сыңғыр етті, тал бұтағы бүршіксіз...
Ақ мамықтан үміт жібін есер ем,

Екі колға сыймай кетті ұршықсыз.

Мөлт еткен жас жерге түспей дірілдеп,
Тұрып қалды, еріндерім күбірлеп,
Әлденені жеткізем деп жүрегім,
Алып ұшты, Үркек сезім дүрілдеп...

Кермек сезім ернімде дірілдеп...

Мұхтар інім, бағың өрлеп аса берсін,
Мерейің айтыстарда таса берсін.
Домбыраң жан серігің дара шауып,
Мысымен қарсыласын баса берсін.

Жалғандығын мына өмірдің ойлап тағы қамықтым,
Қуаныш пен қайғы арасын бағамдадым, қанықтым.
Менің жаным кейде албырт, кейде дауыл соғатын,
Сондықтан да жазарым да айтарым ад анық тым.

Бұл өмірдің сабағынан мол мағлұмат алыппын.

Анаға тағзым
(Топтама)
Ана: Сыр Анаға тамған еңбек терім бар,

Сыр Анадан алған ыстық демім бар.

Егіз Өмір қатар ағып келеміз,

Сол толқында замандасым, ұрпағыммен теңім бар.

Өмір Мені Жер-Анаға байлады,

Ұмсынбадым қолжетпеске Айдағы.

Ен байлығым - туған жердің төсінде

Қалың елім Сырдың бойын жайладым.

Жаным тыныш. Ұрпағым бар саналы,

Өркендетті ауыл менен қаланы

Шат күлкілі сәбилер жүр соңымда,

Бөлеп нұрға Күн менен Жер - Ананы,

Ұрпағы: Уа, Дариға!

Ана! Саған мың алғыс!

Құшағыңа гүл менен мол қуаныш,

Сыйлаймыз біз, бар Адамзат баласы,

Бас иеміз. Бір өзіңе мың алғыс.

Мейрім төккен. Өмір сепкен жүрекпен,

Айналайын, деген сөзің жұбаныш...

Қоғамдағы орыныңмен мерейлі,

Ана саған, Мәртебелі мың алғыс!

Ана: Айналайын, қуанышым ұл-қызым,

Бағың жансын, жоғары боп жұлдызың...

Мәңгі орнап ырыс, дәулет, тыныштық,

Туған жерді түлетсін Ер - жұлдызым.

Ұрпағы:
Жарық дүние үшін өтелер ме?

Ана, саған қарызымыз

Әсем гүл мен сәби үшін

Ақталар ма парызымыз.

Әлемді мынау алақаныңызда,

Әлдилеу үшін дарыдыңыз.

Сізді аялау біздің үлкен парызымыз.

Ана: Жалғасым менің ұрпағым - ұлым азамат

Бабадан қалған ұлтының сөзі қазанат,

Отымды мәңгі сөндірмей ұрпақ өсірер,

Келінім саған - Шаңырақтың бауы аманат.

Келін:
Кереге жайып, уықты қадап нықтадым,

Батаңды Ана, жан - жүрегіммен құптадым

Қазақтың нәрі - ұрпағын жалғай берермін,

Заманның лебін жаныма түйіп, ұққанмын.

Басымды иіп, өзіңді қадір тұтқаным...

Ана: Шырағың жаным, заманмен алға өсе бер,

Ұл - қызың өсіп, қызықты дәурен кеше бер.

Бір қауым елге жөн сілтей берсін Аналар,

Заманның лебі тоқтамай мәңгі есе бер.

Келін:
Ұлың да өсті, қызыңда өсті бойжетіп,

Бозбала жүрер сұлулар жаққа ой кетіп.

Бір ауыл жағы дүркіреп жатса қыз кетіп,

Думанды - сауық құрады бірі той жетіп...

Бойжеткен, бикеш, боласың сен де қалыңдық,

Ақжелең киіп, орамал біз де тағындық,

Жат жұртқа сен де жаралған жансың әуелден,

Гүл - көктем, Өмір, Ана боп міне танылдық.

Қыз: Сезімге толы жүрегім міне, жеңеше,

Жайқалып өстім, лайық боп гүлге теңесе.

Сырымды саған ашамын - Анам сезсін деп,

Үкілі үміт сәулесін жаққан жеңеше.

Ерте ме, кеш пе, анамның жолын жалғаймын,

Шырағын жағар Азаматымды таңдаймын.

Бар Әлем менің уысыма келіп түскендей,

Бақыттың тәтті уызын ішіп талғаймын,

Анамның жолын ақ періштелерге жалғаймын.

Ана: Шырағым жанып, айналам Бақыт құшағы,

Мөлдірей ағып Сыр өзен жақұт құшады.

Екеумізге ортақ Бақыт пен Байлық мекені,

Шаттыққа бөлеп, биікке алып ұшады.

Еңбегім сіңген, іздерім қалған төсінде,

Далама қарап, жастығым түсер есіме.

Бүгінгі ұрпақ, мәпелеп отыр ұл - қызым,

Шақырып мына салтанат құрған кешіне.

Осының бәрі Елімнің Ерімнің қосқан үлесі,

Аллаға шүкір, жасырам оны несіне?

Ұрпағымныі саулығын тілер Қамқоршым,

Аталарыңды да ертіп келдім, кешіңе...

Сырлы Әлем

Мынау дала, мынау аспан, мынау Күн.
Естіледі қойнауынан ғажап үн.
Іздерім бар мына жатқан белесте,
Жұлдыздарға қол создырған Айлы түн.

Сырын бүгін өткен күннің маң дала,
Шарқ ұрамын күшімді іздеп айнала,
Жүгіремін қырқаларда гүл тұнған,
Самал желі маңдайымды аймала.

Шіркін дала! Балалығым бал күнім,
Қол бұлғасаң барар едім дәл бүгін.
Алыстағы сағымдарға оранған
Жастығымның теріп берем, ал гүлін.

Кеудемді бір кернеп ерек күй - сезім,
Кеңістікке ұмтылатын сүй кезін
55 жыл көз алдымда көшеді,
Әлі талай сыйлайды Өмір күй, тезін.

Баурап алды көңілімді құштарлық,
Маңғаз дала дейді, "мұның құптарлық"
Сөніп бара жатқан сезім шоқтарын,
Самал желі үрлеп жағып, құтқардың,

Жусанының иісі аңқып даланың,
Боз көйлегі секілденіп анамның,
Жылы ұшырап, қысып жатыр баурына,
Көз жасыма ерік беріп аламын.

Мен әлі де боз далаға баламын,
Таңба салып, басып жүрген қадамын,
Бұлақ көрсем, құрақ көрсем, тау көрсем,
Әкем менен Анам ба деп қаламын.

Сырлы дүние, Дөңгеленіп жылжиды,
Таңдамайды құзар - шыңды, ылдиды,
Жастық - дәурен бұлақ етіп, ғайыптан,
Тұз тағысы жез киіктеп ырғиды.

Алыстарға Мені ала кет өзіңмен,
Сұлулығың ұя тапты көзімнен,
Аспаныңа жыр жазамын деміммен,
Ал, қара жер күте тұрар төзіммен.

Сырлы дүние, Сені сүйем сезіммен.

Қырмызы гүлі жаныма дауа,
Тап - таза, тұнық таңында ауа,
Кемпірқосақ боп боянды Әлем,
Көктемнің алғаш жаңбыры жауа.

Көрікті еді табиғат неткен...
Гүліңді сүйдім иіліп еппен,
Өн бойым балқып сезімге толды,
Оянып бір сәт ұмтылып кеткен.

Көкорай шалған бектерің қандай,
Тамсантты жанды, қақтырып таңдай
Бұлақтан аққан суың да балдай,
Тосамын самал желіңе маңдай.

Рахатқа батып, қуанып келем,
Шежіре дала өзіңе сенем,
Бабалар рухы елес боп кезген,
Маң дала сенің кейпіңе енем.

Тағдырлы тарих тезіне көнем...
Өсіріп ұрпақ өсемін, өнем!..

* * *
Жер бетінде дүр сақтар,
Қалдырған із кешегі,
Талай - толқын ұрпақтар,

Лег - легімен көшеді.
Зейнетін көріп бейнеттің,
Маңдайының бес елі,
Жаны жайсан жандардың,

Жүзі жарқын деседі,
Адам тағы Өмірге
Бақилыққа көшеді,
Сондай жанның атына,

Беріп жатыр көшені.

Қаршыға Есімсейітова
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, ақын.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙