Бабалар сөзі. 53-том
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» сериясының 53-томына байырғы бағалы эпостық мұраларымыздың бірі, көрікті көшімен, кестелі сөзімен, көркем ой, керемет суретімен көз тартатын, қазақ фольклорының ең биік төрінен орын алатын, ерекше құнды көне жәдігеріміз «Қыз Жібек» эпосының Мұсабай жырау, Жүсіпбек қожа, Шеге мен Қа...
ҒАШЫҚТЫҚ ЖЫРЛАР
МӘТІНДЕР
ҚЫЗ ЖІБЕК
(Мұсабай жырау нұсқасы)
Бұрынғы өткен заманда,
Қалың қазақ ішінде,
Базарбай деген бай бар еді,
Төрт түлік малға сай еді,
Төлеген деген бір баласы бар еді.
Төлеген мырза дер еді,
Сұлулыққа келгенде
Сырлаған қызыл жебе еді.
Жасы он беске келгенде
10. Халыққа көзін сала алмай,
Үш ай тамам қыз іздеп,
Қазақтан сұлу жарамай,
Сұлу тауып ала алмай,
Мырзаға сұлу жарамай,
Әуре болып жүр еді.
[Жайықтың] арғы жағында,
Шыбық судың бойында
Қыпшақ деген ел еді.
Орта жүз бен кіші жүз 20. Барымталасып жау болып,
Қуысып жылқы жүр еді.
Тамам қыпшақ аттанып,
Базарбайдың елімен
Барымталасып жау болып,
Бес жүз елу жылқы алды.
Кіші жүз болып сөйлесіп,
Көп қыпшақтың еліне
Сәлем айтып хат жазды:
– Барымта десе, мал қайтсын,
30. Салауат десе, оны айтсын.
Сонда қыпшақ болып кеңесті,
Орта жүз болып сөйлесті,
Сөйлескенде не десті:
– Былай барсақ, қалмақ жау,
Былай барсақ, қазақ жау,
Не қылып күнді көреміз?
Базарбайға сәлем де,
Жіберсін бізге хабарды,
Биылғы алған жылқыны 40. Ізінен қайтып береміз.
Сонда бес жүз елу жылқының соңынан екі жүз кісі жүрмек болады. Көп қыпшақтың ішінде Алашабай деген бай бар еді. Бұл Алашабайдың алты ұлы бар еді.
Алтауының қарындасы
Жібек сұлу деген бар екен,
Айтулының өзі екен,
Қырымдағы сұлу қыз екен.
Оймақтай аузы бүрілген,
Ішкен асы асылдың
Тамағынан көрінген.
Қостан әйкел тағынған,
Жүз теңгелік опа, ендік 50. Екі бетке жағынған.
Жібекті алты ағасы
Айттырса, жұртқа бермейді,
Еш жігітті де тәуір көрмейді.
Бидай өңді, нұр жүзді,
Секпілі жоқ, қой көзді.
Әйел де болса, бір сөзді,
Жібек он бес жасында,
Сексен бір нөкер қасында,
Он екі жорғаның мойнына 60. Күмістен қоңырау тақтырып,
Сауырға жібектен жабу жаптырып,
Пәуескелі күймемен,
Парлатып жорға жектіріп,
Ел көшкенде сексен қыз нөкерге
Алтыннан сая көтертіп.
Күйменің терезесін ашып қойып, саяда жатып ұйқтады. Сөйтіп, сондай жұрттан асқан Жібектің сұлулығын Төлеген мырза естіді.
Төлеген мырза сөйлейді:
– Екі жүз елшімен
Мен де бірге барайын,
Берсе малмен алайын,
70. Егер малға бермесе,
Тіземен тартып алайын.
Сүйдеп мырза жүрмек болады,
Бір зергерге барады.
Қырық ат беріп Төлеген
Алтынды ер сатып алады.
Қырық атқа алған алтынды ерді
Жорғаға салып ерледі,
Екі жүздей елшімен
Жолдас болып жөнеді. 80. Молда оқиды мешітте
Таң сарғайып атқанда,
Баласының кеткенін
Бәйбіше сонда есітті.
Ақ жаулығы мойнында,
Шам-шырағы қолында,
Баласының соңынан
Жаяу қуып жөнеді,
Соңынан қуып келеді.
Шешесі сонда сейлейді: 90. – Мінгенің жорға қазанат,
Беліңе будың шар болат,
Тілімді алсаң, елге қайт,
Ақ ордаңа бар да жат!
Армансыз дәурен сүрейін.
Кіші жүз деген еліңнен,
Қатар-құрбы теңіңнен,
Бүкіл малым берсем де
Айттырып сұлу берейін,
Бұл тілімді алмасаң, 100. Ауылға қайтып бармасаң,
Аса жұртқа барғанда,
Ердің көркі мал болар,
Қолыңда малың бар болса,
Қара басың хан болар.
Қолыңда малың жоқ болса,
Үстің тұман шаң болар.
Қарағай көркі – тал, – дейді.
Алуа көркі – бал, – дейді,
Аса руға барғанда 110. Ердің көркі – мал, – дейді.
Егер кетсең, шырағым,
Жалғыз бала, қарағым,
Сауырсы шұбар жорғадан
Екі жүз жорға берейін,
Жүріп жорға ал, – дейді.
Екі жүздей елшіге,
Сол жорғаны айдатып,
Байдың сұлу қызына
Мырзалық етіп бар, – дейді. 120. Шешесінің айтқан сөздерін
Әулиедей көреді,
Ауылға қайтып келеді,
Ауылға қайтып келген соң,
Сауырсы шұбар жорғадан
Екі жүз жорға береді.
Көп елшіге айдатып
Және қайтып жөнеді.
Қырық атқа алған алтынды ер
Төлеген мінген жорғаның 130. Сауырсына жарасты.
«Төлеген кепті» деген соң
Батырдың жүзін көрмекке,
Қалжыңдасып күлмекке,
Тәуір көрсе біреуі соған тимекке.
Тамам қыздар бас қосып,
Соңынан қуып таласты.
Төлегенді көре алмай,
Елден шыққан қалың қыз
Жол таба алмай адасты. 140. Төлеген заулап жөнелді,
Мінді атының беліне,
Нан піседі деміне.
Арада он бес қонады,
Көп қыпшақтың еліне
Аман-есен барады.
«Төлеген келді» деген соң
Бауырға шатыр құрады.
Барымтаға түскен жылқыны
Санап қолға алады. 150. Жылқыны алып болған соң
«Қыз Жібектің ауылы
Қайда отыр?» деп сұрады.
Жібектің ауылын білген кісіні
Әулиедей көреді.
Екі жорға тең ұстап
Сүйіншіге береді.
Ақсақалдан бата алып,
Молдалардан хат алып,
Базарбайдың жалғыз ұл 160. Төлеген мырза аталып.
Мінген аты қара-ды,
Елден шыққан жорғаны
Қайтып келіп санады.
Мырзалықпен тауысып
Он екі жорға қалады.
Және бір күн болғанда,
Қыз Жібектің ауылы
Жылғалысайдан көшіпті,
Уықбауын шешіпті. 170. Тамам көштің соңында
Он екі жорға жегіпті.
Сексен қыз сая көтеріп,
Төлегеннің хабарын
Жібек сонда есітті.
Халық еңкейген төрені
Біз де көрсек десіпті.
Сол уақытта Төлеген
Тартты көлден борықты.
Жетемін деп Жібекке 180. Сол күні салды жорықты.
Сексен қыз сая көтерген,
Қыз Жібектің көшіне
Соңынан қуып жолықты.
Алтын есік күйменің
Саясында ұйықтаған
Жібекті көзі көреді.
Төлеген сонда ойлайды:
– Қорықса қызын берер, – деп,
Кедейлер жорға мінер, – деп, 190. Өзім барсам Жібекке
Басыма кемдік келер, – деп.
Қаптаған көштің Төлеген
Жақындап барып қасына,
Бір төбенің басына.
Алтын баулы шатырды
Мырза құрып үстіне,
Жатып ұйықтап қалады.
Қарасайшы кедейдің
Есіріп жүрген масына, 200. Сол уақыттар болғанда
Асқар төбе бел еді,
Сөйлер сөзге кен еді.
Қызыл тілін безеген,
Тілден теңдік бермеген,
Қаршыға деген бір жырау
Домбырасын қолға алып
Көш қасына келеді.
Жібекке сонда сөйледі:
– Бидай өңді, нұр жүзді,
210. Сепкілі жоқ, қой көзді,
Әйелде ару бір сөзді,
Әйелде ару сен едің
Тілдегі шешен мен едім.
Алшын рудың елінен,
Базарбайдың белінен,
Төлеген мырза туыпты,
Атаның жолын қуыпты.
Екі жүздей елшімен
Жібек, сені көрмекке, 220. Бес жүз елу жылқымен
Айттырып алып сүймекке,
Елінен іздеп келіпті.
Бар десең, Жібек, барайын,
Халыққа берген жорғадан
Мен де жорға алайын.
Төлеген ерді көрейін,
Мен де жорға мінейін,
«Теңі келсе, тегін бер»,
Жақтырса сені берейін. 230. Сонда Жібек сөйлейді:
– Қаршыға жырау, сен, – дейді,
Барсаң барып кел, – дейді.
Салтаң атты кедейдің
Жорғасын ал да мін, – дейді.
Сол уақытта Қаршыға,
Төлеген жатқан шатырға,
Бұра шауып жөнейді.
Қасына жетіп барады,
«Төлегенді көрсет» деп,
240. Екі жүздей елшіден
Өлеңменен сұрады.
Құдай берген көп сөзін
Кеудесінде сақтады.
Келген жерден Қаршыға
Төлегенді мақтады.
«Төлеген» деп айтқаны
Kөп елшіге жақпады.
Мырза ұйықтап жатқанда,
«Келген мырзаң мынау» деп 250. Біреуі де айтпады.
Сол уақыттары болғанда
Таудан аққан бұлаққа-ай,
«Төлеген» деген бір дауыс
Шалынды барып құлаққа-ай.
Сол уақытта Төлеген
Мініп алды дөненді
Киді жібек беренді.
Шатырдан басын шығарып
Төлеген айтты өлеңді.
Төлеген:
260. – Ат мініп, аяңдамай желмегенің,
Дем бітіп, жетіп қаза өлмегеннің.
Кетер ме бұл қорлығың, ер Қаршеке,
Еліңнен сұлу тауып бермегенің.
Қaршыға:
– Биенің саудырмайды тебегені,
Құлынның сүт бермейді емегені.
Қыз туды біздің елден Жібек деген
Кіші жүздің болсын жолың Төлегені.
Төлеген сонда сөйлейді:
– А, Қаршеке ер, – дейді,
Дос болалық кел, – дейді. 270. Қалған тоғыз жорғадан
Екі жорға мін, – дейді.
Өлгенше риза болайын
Қуып жетіп Жібек қыздың көшіне
Ақ саясын көтеріп,
Ақ күймеге енгізіп,
Бетінен сүйгіз, жүр, – дейді.
Сонда Қаршыға жүреді,
Төлегендей батырды
Әулиедей көреді. 280. Қосақтаған қос жорға
Қолынан алып мінеді.
Төлегенді ертіп ап,
Қыз Жібектің көшінің
Соңынан қуып келеді.
Сексен қыз сая көтерген Жібектің қасына барып, Төлеген сонда сөйледі:
– А, сексен қыз, сексен қыз,
Тергенің таудың шиесі.
Бәрің сая көтеріп,
Қыз Жібектің басына
Халыққа тиер киесі.
290. Ханшадай өскен Жібектің
Бар ма [екен] қыз иесі?
Сонда Жібек күймеде жатып сөйледі:
– Салтаң атты қу кедей,
Келмеші менің шеніме,
Менің кеулім ауар ма,
Сен сықылды кедейдің
Былшылдап айтқан сөзіне?
Көп сөйлемей, қу кедей,
Жүре бер әрмен жөніңе.
300. Дариядан су ағады,
Шаруа малын бағады.
Не қылайын деп едің
Халыққа кесір болса да
Өзіме майдай жағады.
Сонда Төлеген сөйлейді:
– Басы айыр да, түбі жоқ
Жиделі құмның көсігі.
Дуалы бай орайды
Шым жібектен есігін.
310. Менің атым – Төлеген,
Ханның қызы ханша
Болушы еді несібім.
Кедей дедің күймеңнен
Кімге дәрі болыпты
Сендей күңнің тесігі.
Тағы Жібек сөйледі:
– Есіктің алды толқын соқ,
Айттырып әкем берген жоқ.
Сен сықылды кедейдің
320. Нешеуі маған келген жоқ.
Жалғыз менің соңымда
Кімдер кетіп өлген жоқ?
Сарайшықта сарай бар,
Сары орамал орай бар,
Көп сөйлемей жүре бер,
Салтаң атты жолаушы,
Мені алмаққа талай бар!
Төлеген кейіп жөнеді,
Бара жатып Жібекке 330. Және [мырзаң] не деді:
– Жібек, саған бүгін қонаға келмесем,
Алты жүздей жылқымен
Айттырып, Жібек, алмасам, – деп,
Ханша басың күң қылып,
Жібек шашың жүн қылып,
Айттырып, бәлем, алмасам,
Ашуланып жөнеді.
Қаршығаға кайта келеді,
Кейіп Төлеген сөйледі:
340. – Салтаң атты кедей деп,
Қарындасың қыз Жібек
Сүйдірмеді бетін, – деп.
Бетінен сүйгіз жүр, – дейді,
Сүйгізбесең бетінен,
Қожамысың, бекмісің –
Қосақтап жорға бергендей,
Соңыңа еріп жүргендей,
Жеті енеңді ұрайын,
Алған жорғам бер, – дейді. 350. Мырзадан алған қос жорға
Қолдан кетер болған соң,
Қаршыға не істерін білмейді,
Жібекке шауып жөнейді.
Сол уақытта Қыз Жібек
Қаршығаның алдынан
Қарсы шығып жөнейді,
Алдынан келіп сөйлейді:
– Алты ағам бар еді,
Алтауы да ер еді, 360. Алтауының соңында
Жалғыз нашар мен едім.
Не басыңа күн туды,
Алланың таңы атқандай?
Арым бетке басқандай,
Қанша күнәм бар еді,
Салтаң атты кедейге
Қарабасым – қос жорға
Көш-жөнекей сатқандай?
Қаршыға бүй деп толғайды: 370. – Бөз өтпейді бояқтан,
Жылқы тұрмас саяқтан.
Тіріде кеуілім қалмаған,
Сөз есіттің қай жақтан?
Керге біткен жауырдан,
Адам түтпес бауырдан.
Сатқаным жоқ, Жібекжан,
Алып едім қос жорға,
Көш-жөнекей тамырдан.
Шыққан екен жұртынан, 380. Сені тәуір көріп сыртыңнан.
Өлгенше риза болайын,
Шақырып алып Төлеген
Ақ күймеге енгізіп,
Дидарыңды көргізіп,
Бір сүйгізсең бетіңнен.
Сонда Жібек сөйлейді:
– Патша ма екен деп едім
Төлеген ердің тұлғасын.
Астыңа міндің жорғасын,
390. Жібер мұнда мырзаны,
Көрсетейін кейпімді
Лебізің жалған болмасын.
Сонда Төлеген жорға мініп тебініп,
Жібек жатқан ордаға
Аттан түсіп жүгіріп.
Жібек жатқан күймеге
Кіріп келсе үңіліп,
Отыр екен Қыз Жібек
Оймақтай аузы бүріліп. 400. Сұлулықтың белгісі
Ішкен шайы тамағынан білініп.
Сондай сұлуды көреді. Қонаға қызға келмек болып, бес жүз елу жылқыны калыңмалға бермек болып, айттырып Жібекті алмақ болып, сол күні кешке бармақ болып, екі жүздей елшіге Төлеген қайтып барады. Үйінен бермек болып бес жүз елу жылқыны көтермеге қарыз алады. Өзге елшіні еліне қайтарып, қасына бес жігіт ертіп қалады. Қасындағы бес жігітке бес жүз жылқыны айдатып, Қыз Жібектің ауылына қонаға қайтып барады. Көп жылқының алдымен мырза келе жатса Қыз Жібектің ауылы бір салаға қоныпты.
Сол ауылдың сыртында,
Бір төбенің басында,
Жүз қаралы кісінің ішінде,
Өзі жетпіс жасында,
Құрдай көзі қызарған,
Өкпедей беті бозарған,
Кейіп отырған кәрі шалға Төлеген бұрын келіп жолықты. Шалға сәлем береді, шал сәлемін алмай, Төлегенге кейиді. Кейіп шал сөйлейді:
– Айттырып жұртқа бермеген,
Шеніне адам келмеген, 410. Жалғыз қызым Жібекті
Еріксіз көрген кім едің?
Сонда Төлеген шалға кейіп сөйлейді:
– Асқар төбе бел едім,
Алшын деген ел едім,
Елден шыққан ер едім.
Танымасаң айтайын,
Жалғыз қызың Жібектің,
Алтын саясын көтеріп,
Бетінен сүйген мен едім.
Жеті енеңді ұрайын,
420. Қызыңды сүйген кісіге
Не қылайын деп едің?
Сүйдеп айтып тұрады,
Бес жігіттің айдаған
Бес жүз елу көп жылқысы
Шаңдатып келіп құлады.
Көп жылқыны көрген соң
Шал есінен танады,
Ақылын жылқы алады.
Ер Төлеген екенін 430. Алашабай таниды,
Танып Төлегенге сөйлейді:
– Ақ балдақ қылыш байлаған,
Бөрідей көзің жайнаған,
Алты жүздей жылқыны
Алдыңа салып айдаған,
Төлеген мырза, сен бе едің?
Танымаған алдыңда
Алжыған кәрің мен бе едім?
Байлаған қылыш беліңе
440. Тіріде адам келер ме
Төлеген ердің шеніне?
Хан баласы патшадан
Төлегеннің кемі не?
Шақырып кел Қаршығаны
Мен де жорға берейін.
Жалғыз қызым Жібекті
Қосқан екен теңіне.
Алдыңда өзім өлейін,
Бұл сықылды батырға 450. Жалғыз қызым Жібекті
Қалыңмалсыз берейін.
Бес жүз жылқыны қолына алып,
Бес жігіт құда ертіп,
Шал ауылға жөнеді,
Кешке құда түседі.
Бие саумал, сүт, қымыз
Сапырып қойған ішеді.
Бүкіл малын қырады,
Жау тигендей Жібектің 460. Сол күні тойын қылады.
Таң атқанша қызық қылып жатады,
Қызықпен таң атады.
Таң атқан соң бес жігіт
Бес жүз елу жылқыны
Киітке киіп жөнеді.
Бес жігіттен айрылып
Қыз Жібекті қия алмай,
Дән адамнан ұялмай,
Жалғыз өзі Жібекпенен қосылып, 470. Он жеті күн жатады.
Он сегіз күн болғанда,
Еліне қайтпақ болады.
Жібек орнынан ерте тұрады,
Төлеген мінген жорғаны,
Қырық атқа алған алтынды ер
Сауырға салып ерледі.
Ұйқыда жатқан батырға
«Атыңа мінсең, кел» дейді.
Төлеген Жібектен айрылып, 480. Еліне қайтып жөнейді.
Арада жалғыз қонады,
Екінші күн болғанда,
Күн сәскеге толғанда,
Келе жатқан жөнінде,
Көк Жайықтың белінде,
Алпыс кісі алдынан
Бір шоқ қара көрінді.
Алпыс қара кісінің
Ел екенін білмеді, 490. Жау екенін білмеді.
Ортасынан қақ жарып,
Қайрылмай шауып жөнеді.
Алпыс кісі артынан
Қалмай шауып барады.
Жау жағадан алады,
Шалқып жатқан Жайықтың
Табан жолын жау алып,
Тік жарға әкеп қамады.
Мінген аты көк екен, 500. Сол қыпшақтың еліндегі
Бекежан сынды ер екен.
Жеті жастан Жібекті
Аламын деп ала алмай,
Жалғыз өзі жүр еді.
«Жібекті Төлеген алды» деген соң,
«Құдай сүйсе [оған] берсін» деп,
«Аулақта жалғыз келсін» деп,
«Ер екенімді білсін» деп,
Алпыс кісі қосшы алып, 510. Шашақты қара ту алып,
Төлегенді өлтірмекке ойланып,
Өңкей батыр жиналып,
Төлегеннің алдын тосып тұр еді.
Сонда Бекежан батыр Төлегенге қарап толғайды:
– Сен бір жүрген есерсің,
Қарқындаған жорғаның
Сауырынан түсерсің.
Үстіңдегі ақ сауыт
Қан қылмай-ақ шешерсің.
Ашуыма көп тисең, 520. Мойныңнан аққан қара қан,
Қос уыстап ішерсің.
Былтыр елге келгелі
Халқыма қылдың қорлықты.
Қалың малсыз қыз алып,
Қақ ортамнан жол салып,
Маған қылдың зорлықты.
Кезекпен келген дүние,
Белдем-белдем замана,
Неше әулие болсаң да 530. Бермейсің бе теңдікті?
Сонда Төлеген батыр ойлайды:
– Жаудан қашқан қатын деп,
Жауға шапқан батыр деп,
Қорамсаққа қол қойып,
Қозыжаурын оқ алып,
Алпыс кісі Бекежанмен
Атысуға оңдалып.
Төлеген батыр оқ атты,
Жалғыз атқан қол оқпен
Он бес кісі құлатты.
540. Және қайта оқ атты
Он жігіт және құлатты.
Үшіншіге келгенде
Тағы атамын дегенде,
Мінген аты қызыл-ды,
Сарыжаның кірісі
Тартуға келмей үзілді.
Атайын десе оғы жоқ,
Басынан өтті дүние боқ.
Шалқып жатқан Жайықтан 550. Өтейін десе өткел жоқ.
Жауы көп те бұл жалғыз
Қашпай қарап [тұрады].
Үйі күйгір Бекежан
Алдынан душар болады.
Ортаға алып қамады,
Қарақалпақ ұранды,
Ақ сырық мылтық қолға алды.
«Қақ маңдайдың тұсы» деп,
«Өлер жерің осы» деп, 560. Төлегендей батырды
Сол уақытта Бекежан
Атайын деп оңдалды.
Басып келіп қалғанда
Төлегеннің маңдайынан оқ тиді,
Жұлым үйдей шұқшиды.
Маңдайдан тиген ажал оқ,
Көк желкенің түбінен,
Жылжып өтіп барады.
Сол уақытта Төлеген 570. Қисайып барып құлады.
Бекежан сонда қасына
Шауып барып қарады.
Төлеген мінген жорғаны
Астына мініп алады.
Төлегеннің киімін
Өзі үстіне киеді.
Жапан түзде тулатып,
Көмбей тастап жөнеді.
Өлейін десе, өле алмай, 580. Өлімге басын қия алмай,
Бекежанға сөйледі:
– Атаңа нәлет, Бекежан,
Аяп едім өзіңді,
Жау да болсаң, Бекежан,
Жасыра кет жүзімді.
Осыдан өліп мен кетсем,
Қарғалар шұқыр көзімді.
Сонда-дағы Бекежан
Қайрылып келіп көмбеді,
590. Бір киімін бермеді
Қайрылмай шауып жөнеді.
Төлеген тулап жатқанда
Үстіне бес қаз ұшып келеді.
Артындағы еліне
Сәлем айтып Төлеген,
Бес қазға сонда сөйледі:
– Қайрыла кетші, қоңыр қаз,
Біздің елге барғанда
Күзекке тартып болар жаз.
600. Есен барсаң еліме,
Жалғыз інім Сансызбай
«Төлеген қайда?» дегенде
«Жалғыз ағаң Төлеген
Сәлем айтты дегейсің.
Ағаң мінген жорғасы
Кекте кетті дегейсің.
Төлеген киген ақ сауыт
Септен кетті дегейсің.
Алпыс бөрі бір қойды 610. Тоса кетті дегейсің.
Төлеген атқан қайың оқ
Таса кетті дегейсің.
Маңдайынан оқ тиіп,
Қара қаны маңдайдан
Жоса кетті дегейсің.
Жалғыз ағаң зар жылап,
Тулап жатыр дегейсің.
Мың сауысқан, жүз қарға
Улы етке таласып, 620. Шулап жатыр дегейсің.
Дүғай сәлем дегейсің,
Және Сансызбай сынды асылға
Алпыс кісі қол [ға] алып,
Жалғыз інім Сансызбай,
Келіп кетсін қасыма.
Біздің көрген бұл істі
Сансызбайға бермесін.
Бұл жалғыздық жаман-ды,
Екі үйдің арасында жүрсе де, 630. Жолдассыз, сірә, жүрмесін».
Айтып, айтып болды да,
Иманын айтып, үзілді.
Сол уақытта Төлегеннің
Бес қазы шулап ұшып жөнеді.
Арада жалғыз қонады,
Таң сарғайып атқанда
Төлегеннің еліне,
Алты жасар Сансызбай
Жылқы баққан жеріне 640. Бес қаз ұшып келеді.
Сансызбай қазды кереді,
Сансызбай да ағасындай ер екен.
– Жалғыз ағам Төлеген
Қай уақытта келер, – деп,
Қашан көзім көрер, – деп,
Бала алты жасында,
Торы ала аты астында,
Ақ найзасы қолында,
Төлегеннің келетұғын жолында
650. Алдынан шығып тұр екен.
Сансызбай сынды батырың,
Төлегендей ағасын
Бес қаздан келіп сұрады.
– Асудан келген, қоңыр қаз,
Аса рудың елінде
Келе жатқан жөніңде,
Жалғыз ағам Төлеген
Көре алдың ба, қоңыр қаз?
Былтыр кеткен Төлеген 660. Келмес пе екен биыл жаз?
Сонда қаздар сөйлейді:
– Аса рудың елінде
Төлегенді көрдік, – деп.
Төлеген мінген жорғасы
Кектен кеткен екен, – деп.
Жалғыз ағаң Төлеген
Тулап жатыр екен,– деп.
Қара қаны маңдайдан
Зулап жатыр екен,– деп.
670. Алпыс бөрі бір қойды
Тоса кеткен екен,– деп.
Төлеген атқан тал оғы
Таса кеткен екен, – деп.
Қаздар ұшып жөнеді,
Төлегеннің өлгенін
Сансызбай сонда біледі.
Бала қазға кейіпті:
– Атаңа нәлет, қоңыр қаз,
«Жалғыз ағаң Төлеген 680. Тулап жатыр дегенше,
Өліп қалды» десейші,
Шыныңды айтып келсейші.
Ағасының өлгенін
Қоңыр қаздан есітіп,
Үйіне қайтып барады.
Тамағынан ас өтпей,
Өткір пышақ қолға алып,
Тоғайдан жыл он екі ай болғанша
Оқ жонумен болады. 690. Сексен екі түйеге
Екі ат сатып алады.
Екі аттың үстіне масақты қырлы оқ артып, Төлегеннің жолдасы Шеге деген жырауды жолдас қылып ертеді.
Бала ақыл ойлайды:
«Аса жұртқа барайын,
Өліп қалса, сүйегін
Іздеп, тауып алайын» деп
Ақ сүңгі найза қолында,
Шеге жырау соңында,
Ағасын іздеп жөнейді.
Сол уақыттар болғанда, Бекежан батыр еліне барып, ішінен ақыл ойлайды.
– Бүкіл малды қырайын,
700. Жеті күн ойын қылайын.
Ауыл қонған Жыңғылды ой,
Қыз Жібекті алмаққа,
Бекежан батыр [еліне]
Хабар айтып қылды той.
Сәрсенбі күні сәскеде
Мал шығарып шалады,
Ұзын өлке салаға.
Тамам халық жиналды,
«Бекежан той қылад» деп, 710. Сонда хабар тиеді
Жібек сұлу балаға.
Сонда тұрып Қыз Жібек
Сексен қыз нөкер қасында,
Алты ағасы алдында,
Алты жеңге жолында,
Он екі жорға мойнына
Күмістен қоңырау тағады.
Бекежанның тойына
Той бастауға барады.
Жібек тойға келген соң ... алтын әйкел құрғызып, жеті күндей айтысып, он төрт жігітті жеңіпті: 720. Сол уақыттары болғанда,
Байы өлгені жоқ екен
Қыз Жібектің ойында.
Мақтанып Жібек тұрғанда,
Төлеген мінген жорғаны
Бекежан мініп тұрады.
Төлегеннің қырық атқа алған алтынды ер
Арқасына салады.
Жібекпенен өлең айтысуға
Бекежанның өзі сонда барады. 730. Жібек үйдің ішінде,
Бекежан аттың үстінде,
Жібекке былайша деп сөйлейді.
Бекежан:
– Әуеден борай жауған қар дейсің бе,
Түйеде дулыға өркеш нар дейсің бе?
Келмеген он екі айда Төлегенің
Қыз Жібек, сол немені жар дейсің бе?
Арасы екі ауылдың табан екен,
Бір келген бұл да болса заман екен.
Келмеген әліге шейін Төлегенің
740. Қыз Жібек, ойлап тұрсам жаман екен.
Жібек:
– Сұрасаң ер Төлеген хан қасында,
Таң қалар көрген кісі тұлғасына.
Төлеген тірі болса келер тағы,
Бар шығар мендей сұлу өз қасыңда.
Бекежан:
– Қыз Жібек, олайша айтып есің таншы,
Болмасаң ақылы жоқ, сорлы ойлашы.
Төлеген тірі болса берер ме еді,
Жорғаға астымдағы көзің салшы.
Сонда Жібек тағы сөйлейді:
750. Береді кей пендеге айдар малды,
Қинайды пендесі өлсе кәріп жанды.
Сығалап ақ ордадан қарағанда,
Торы атын Төлегеннің мініп келген
Бекежанды Қыз Жібектің көзі шалды.
Өлгенін Төлегеннің білгеннен соң
Қыз Жібек осы тойда ойбай салды.
Жібек:
– Қу қазық жол үстінде тұрған екен,
Ат-тонға үстіндегі көзім салсам,
Құдайым әне мені ұрған екен.
760. Өлтіріп Төлегенді жау Бекежан
Той қылып мені алам деп,
Үміт етіп халықты жиған екен.
Алты ағасын шақырып
Бекежанды қарғайды,
Қарғағанда не дейді:
– Алғаның мендей жыласын,
Азаматың сұласын,
Мінген [атың] құласын,
Үйіңнің іші шуласын,
770. Қатын-балаң дуласын.
Сүйдеп Жібек жылап тұрғанда,
Жібектің алты ағасы бірдей ер екен,
Өлең айтқан дауысын,
Естиміз деп олар да
Сырттан тыңдап тұр екен.
– Жібекке тиген кім ед, – деп,
Алты ағасы жетіп келеді
Бекежанның қасына.
Ортаға алып қамады,
780. Аударып аттан алады.
«Тие берсін Төлегенге» деп,
Алты ағасы Жібектің
Сақалынан көтеріп,
Бекежанды құрқыратып шалады.
Бекежанды өлтіріп,
Барша жұртпен жау болып,
Жалғыз үй көшіп барады.
Талдысайдың бойынан
Басқа елге көшіп кетеді, 790. Қазақ пенен қалмақтың
Шекарасына көшіп
Барып мекен етеді.
Арғы жағындағы қалмақтың ханы Қоренге Бекежанның елінен екі жігіт барып, Қыз Жібектің сұлулығын мәлім етіп сөйлейді.
– Әй, хан аға, хан аға,
Бағына келдік қалаға.
Аймақ, аймақ қол еді,
Біздің қыпшақ деген ел еді.
Алашабайдың Қыз Жібек
Қырымдағы сұлу қыз еді.
Қыз Жібекке таласып,
800. Бекежан мен Төлеген
Екі батыр тең өлді.
Алты ағасы Жібектің
Бекежанды өлтіріп,
Ағайынмен жау болып,
Сізге көшіп кеп еді.
Ай бұлты айға ашық,
Күн бұлты күнге ашық,
Қыпшақтан шыққан Жібектің үйі
Өзіңізге жарастық. 810. Батырым алып Жібекті,
Ойнасайшы бас қосып.
Алтын тақта жатқанша,
Қорылдап бекер боқ сасып.
Сонда Қорен қуанып,
Қырық жігітін қолға алып:
– Қырық жігітім ер, – дейді,
Көк арбаға мін, – дейді.
Қыз Жібектің аулына
Сендер барып кел, – дейді.
820. Алты ағасы Жібектің
Мұнда көшіп келсін, – деп.
Қарындасы Жібекті
Әкеліп бізге берсін, – деп,
Біздер – жезде, ол – балдыз
Уысы толып [ақшаға]
Китін алып кисін, – деп.
Егерім Жібек қызды бермесе,
Айтқаныма көнбесе,
Айдауыма жүрмесе, 830. Бататын жерге батсын,– деп,
Жау болатұғын жерін айтсын, – деп.
Дүние деген қиырды,
Шаруа жияр сиырды.
Айтып болып хан Қорен,
Қыз Жібектің аулына
Қырық жігітін бұйырды.
Сол уақытта қырық жігіт
Мәстекке арба үйретіп,
Зеңбірек тобын сүйретіп, 840. Көк арбаға мінеді,
Жібектің аулына қарап жөнеді.
Арада жеті қонады,
Жеті күн арадан өткенде,
Сарт тоқиды ақ мата,
Сөзімде жоқ еш қата
Қыз Жібектің аулына
Қырық жігіт келді таң ата.
Келе жатқан сандатты
Алты ағасы көреді, 850. Алдынан шығып сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– А, сандаттар, сандаттар,
Қалада жатқан қалмақтар,
Темірден киім киіпсің,
Көк арбаға мініпсің,
Сандаттар, сізге жол болсын,
Не жұмыста жүріпсің?
Олар сонда сөйлейді:
– Асауға салған шідерді
860. Қорен сынды хан патша,
Бізді сізге жіберді.
Сіз – темір де, біз – көмір
Ерітпекке келемін.
Жетім құлын бізде бар,
Құлын [ды] бие сізде бар
Телітпекке келемін.
Алтайы қызыл сенде бар,
Ақ шәулім сұңқар менде бар,
Ілдірмекке келемін. 870. Жібек пенен Қоренді бір қосып,
Күлдірмекке келемін.
Патшаның жауабын
Білдірмекке келемін.
Қарындасың Жібекті
Қорен сынды ханыма
Алдырмаққа келемін.
Екі қолыңды алтынға
Малдырмаққа келемін.
Піскен қауын сенде бар, 880. Өткір пышақ менде бар,
Жардырмаққа келемін.
Ханнан келген жаушы мен,
Жібекке келген даушы мен.
Сонда алты ағасы кеңесті,
Далаға шығып сөйлесті:
– Бұлай барсақ – қазақ жау,
Бұлай барсақ – қалмақ жау,
Не қылып күн көреміз?
Осы қыздың кесірінен
890. Қатын менең баланы
Қолдан ұстап береміз.
Қалмақ та болса Қореннің
Береннен киген тоны бар.
Құдай артық жаратқан
Кәпірде кімнің зоры бар?
Қыз Жібекті берейік,
Сүйеніп күнді көрейік.
Талансыз болған Жібектің
Маңдайының соры бар.
Сөйтіп, Қоренге Жібек қызды бермек болып қайырды. Еліне жаушы қайтып барған соң: 900. Аттанып келді хан Қорен
Алты мыңдай қолменен,
Қазылған арба жолменен.
Арақ пенен бал артып,
Қара нанды көп артып,
Кеп сандатын шулатып,
Алты күн ойын қылады,
Жеті күн тойын қылады,
Сондай сұлу Жібекті
Қорен алмақ болады.
Сол уақыттары болғанда Қорен жұртындағы Ақша хан деген патшасына ұшбу қағаз салады. 910. – Қазақта сұлу бар екен,
Денем сүйер жар екен.
Алсын десе алайын,
Алмасын десе қайтайын.
Неке қияр хат берсін,
Ақойнақ деген ат берсін.
Сол уақыттар болғанда,
Күн жетіге толғанда,
Патшаның алдынан:
«Жібекті алып, Қорен қайтсын» деп 920. Неке кияр хат келді,
Ақойнақ деген ат келді.
Сонда тұрып хан Қорен Жібектің алты ағасын шақырып сөз айтады:
– Қарындасың Жібек қыз қасыма жуық келіп, айқайлап өлең айтсын,— деп оларға бұйрық қылыпты. Айтса өзімді мақтап өлең айтсын деп, қасына көшіріп алады.Алты қырдың астына Қореннің өзі құсын салады, қазақтан бір адам [Жібекке] бармасын деп алпыс сандат қарауылға қояды.
[Сорлы болған] Жібек қыз
Ақ орданың ішінде
Өлең айтып толғайды.
Бүгін топқа атса да,
Қорен деген жауапты
Аузына асылын алмайды.
Жібек жылап тұрғанда,
Түн ортасы ауғанда,
930. Күні-түнін бір етіп,
Ұйқыға көзін үйретіп,
Қабағы төмен жабылып,
Төлегеннен айрылып,
Жібек сұлу жеңгесін
Бір көрмекке сағынып,
Қырық сегіз күн жол шегіп,
Астына мінген бедеудің
Шоқтығынан тер төгіп,
Алаңқайдан қар кетіп, 940. Майса шығып, жер кеуіп,
Елде қалған Сансызбай
Шеге жырау қасында,
Бала жеті жасында,
Ұйысып жатқан қалмақтың
Қол шетінен құлады.
Бір сайлау жерге келеді,
Екі аттағы масақты-оқ
Түсіріп аттан іледі.
Бір бүліктің болғанын 950. Сансызбай бала біледі.
Қасындағы Шегеге
Бала сонда сөйлейді:
– Осы қолға барайын,
Не ағама қылған той шығар,
Не Жібекке келген жау шығар.
Қол шетінен барайын,
Жаяу барлап келейін.
Шегеге атты ұстатып,
Сол араға тастайды.
960. Жап-жалаңаш жас бала,
Қалмаққа қарап
Жүгіруді бастайды.
Жүгіріп қолға келеді,
Жібек жатқан ордаға
Кірейін бала деп еді,
Кіргізбей оны көп сандат
Омыраудан тіреді.
Көп қалмақты көрген соң
Бала қорқып шошынды. 970. Жеңгесінің дауысын
Тыңдайын деп отауға
Қолын созып асылды.
Сол уақыттары болғанда,
«Төлеген» деп Жібек қыз,
Үйде отырып жылайды,
Жылағанда не дейді:
– Төлеген еді жұбайым,
Жұбайымнан айырып,
Шұнайтты ма Құдайым?
980. Қарадан болды талайым,
Ашылмады маңдайым,
Жеті жасар Сансызбай сынды баланы
Әпкелер ме екен Құдайым?
Осы бүгін келмесе,
Тілекті Құдай бермесе,
Қорен ханға тигенше,
Қор болып онда жүргенше,
Ақ пышақты алайын,
Қоренге де салайын, 990. Өзіме де салайын.
Күнде қорлық көргенше,
Бүгін-ақ өліп қалайын.
Осыдан өліп мен кетсем,
О дүниеге барғанда
Үрдің [қызы] мен қылып,
Үр жігіті ол қылып,
Екеумізді тең қылып,
Кейінгіге жол қылып,
Қосар ма екен Құдайым? 1000. Сүйдеп Жібек жылап тұрғанда,
Бала шыдап тұрмады,
Кейін қалған Шегеге
Бала қайтып келеді,
Шегеге келіп сөйледі:
– Шеге аға ер, – дейді,
Төлегендей батырды
Берген Құдай алыпты.
Көп қалмақтың ішінде
Жібек жесір қалыпты,
1010. Тірідей есін таныпты.
Өлгендігін білдіріп,
Құлағыма салыпты.
Қартайсаң да бар, – дейді,
Алтын домбыраңды ал, – дейді.
Келгенімді білдіріп,
Құлағына сал, – дейді.
Жаманшылық жер болса
Шақырып мені ал, – дейді.
Сол уақытта қарт ақын 1020. Алтын домбыра қолға алды,
Жүрейін деп оңдалды.
Ақ сақалы жалпылдап,
Шеге заулап жөнеді.
Жібек жатқан орданың
Тұсына жетіп келеді.
Көп қалмақтың сыртынан,
Үйде отырған Жібекке,
Шеге келіп сөйледі.
Сонда Шеге жырау не дейді: 1030. – Асқар төбе бел, – дейді,
Екі батыр соғысса
Қазасы жеткен өледі.
«Алшын-ай!» деп жылайсың,
Көп қалмақтың ішінде
Жалғыз өзің зарлайсың,
Алшын сенің нең еді?
Үйде Жібек сөйледі:
– Алғысы жақсы аға екен,
Тілге шешен жорға екен. 1040. Берменірек келсейші,
Бұл ордаға енсейші.
«Алшын-ай» деп жылаймын,
Жібектен еді айылым,
Судан алған жайыным.
Көп қазақтың ішінде
Жағалбайлы қайыным.
Сонда Шеге сөйлейді:
– Алшын болса қайының,
Кешіксем жолдан қаламын. 1050. Қазақтан келген баланың
Келгендігін білдіріп,
Құлағыңа саламын.
Ауылың қонған құм болар,
Жүрсе қоян жым болар,
Алғаны өлген тұл болар.
«Алшын-ай» деп жылайсың,
[Алшын саған кім болар?]
Бір шыбындай жаныңды
Төлеген үшін қинайсың? 1060. Ол сықылды батырдың
Ата-енесі кім болар?
Сонда Жібек айтады:
– Туған күндей батайын,
Құдай мұндай қылды деп
Оларды нағып атайын?
Сонда Шеге тағы сөйлейді:
– Жақсының ісі бітеді,
Шебер ұста бекітер,
Үзбелі сапты жетені.
1070. Құдай мұндай қылған соң,
Атай берсең не етеді?
Атасаң көңілім бітеді,
Айтпасаң арым кетеді.
Сонда Жібек сөйлейді:
– Айтпасам кеулі толмас,– деп,
Атамасам болмас, – деп,
Әуел, әуел, әуел-ай,
Сыйынғаным бір Құдай,
Атам аты – Базарбай.
1080. Биыл шықты жетіге,
Тірі болса артында
Қайнымның аты – Сансызбай.
Айтып еді Төлеген
Қыз күнінде салғаны
Ақ төсіне алқа, – деп,
Елу жасар енемнің
Аты [болар] Қамқа, – деп.
Ескі[ден] қалған көне, – деп,
Үзбелі алтын түйме, – деп, 1090. Алпыс жасар елімде
Жырауым аты – Шеге, – деп.
Сонда Шеге сөйлейді:
– Олай болса, ау, балам,
Асқар төбе бел болар,
Сол сықылды батырдың
Шеге жырауы біз болар!
Сонда Жібек қуанып, бүйдеп жылайды:
– Келіп пе едің, қайынаға,
Қайынағам келер күн болса,
Қара басым садаға!
1100. Қасыңда бар ма, қайынаға,
Жеті жасар Сансызбай сынды жас бала?
Қасыңда болса, Сансызбай сынды жас бала
Шақырып алып көрсетші,
Адыра қалғыр ордаға!
Сонда Шеге ақырды,
«Сансызбай!» деп атасам,
Қалың қалмақ білер деп,
Даладағы баланы
«Атқосшылап» шақырды. 1110. Шегенің дауысын есітіп,
Жын ұрғандай құтырды.
Екі оқты қолға алып,
Тастай тұман қараңғыда,
Жібек жатқан отауға
«Аллалап» жалғыз ұмтылды.
Бала жаман үйеді,
Не боларын білмейді.
Көзі ештеме көрмейді,
«Аллалап» жаяу жөнейді. 1120. Көп қалмаққа көрінбей,
Дән адамға білінбей,
Жібек жатқан орданың
Шегеменен екеуі
Тұсынан жарып келеді.
Сансызбай мен Шегеге
Жібек қыз [келіп] үшеуі қосылып,
Қашып кетіп жөнеді.
Жеті қырдан асады,
Бір аулаққа шығарып, 1130. Ол бетінен бір сүйіп,
Бұл бетінен бір сүйіп,
Бір отырып, бір тұрып,
Күйгенінен қан сиіп
Сансызбайды құшақтап,
Көзінің жасы моншақтап,
Сонда Жібек сөйлейді:
– Мінген атың – ақтабан,
Айтулы екен мақтаған.
Өтірік болса өзіне,
1140. Төлегеннің суретін
Бойына құйып қаптаған?
Өліп едім «көрмен» деп
Әлде болса көп екен,
Аһ Жасаған Құдайдың
Мен сорлыға сақтаған!
Сен еліңнен [сапар] шектірді
Жібектің екпіні.
Жалғыз ағаң өлген соң
Бетіңе түсті секпілі. 1150. Өліп едім «көрмен» деп
Әлде болса көп екен
Мен сорлыға көп күні.
Бар далаға бар, – дейді,
Далаға қосың сал, – дейді.
Енді ауылға барайын,
Ертең ауыл көшкен соң,
Сақау жеңгем жіберіп,
Қорен мінген Ақойнақ
Сұратып алдап алайын. 1160. Ағаңнан қалған ат өлсін,
Ат сауырға салайын.
Талықсыған тал түсте
Өзім қашып барайын,
Жан алсаң да нан, – дейді.
Сансызбай бұ сөзіне нанады,
Сол жерден кейін қалады.
Жібек қайтып барған соң,
Сол күні барып жатқан соң,
Азан менен таң атты, 1170. Алты қанат орданы
Алты нарға жүк артты.
Қоренге қарап Қыз Жібек
Сөйтіп тұрып жол тартты.
Тұсынан өткен Жібекті
Сансызбай көзі көреді,
Бала көріп кеийді,
Шегеге бала сөйлейді:
– Шеге аға ер, – дейді,
Бұл жатқаның нең, – дейді, 1180. Ырғып атқа мін, – дейді,
Осы көшке жүр, – дейді.
Көшке қарап шабайық,
Талайсыз болған жеңгемді
Тартып алып қалалық.
«Әйелге сенбе – діні жоқ,
Суға сенбе – түбі жоқ»,
Бекер сөзге мас болып,
Далада жатып не етелік?
Екеуі айтып боп атқа мінеді, 1190. Екі батыр бас қосып,
Көшке шауып жөнеді.
Келе жатқан баланы
Жібектің көзі көреді.
Жетектеген түйесін
Сол араға тастады,
Жүгіруді бастады.
Жүгіріп барып [Қыз Жібек],
Сансызбайдай батырдың
Шылауынан ұстады. 1200. Сансызбайға сонда Жібек сөйлейді:
– Келбетіңе қарасам,
Сүйегің асыл төресің.
Бедеудің жалын өресің,
Темірден киім киесің.
Көшке қиқу салмаққа,
Қаһарланып қалмаққа,
Сенбестік етіп мен сықылды бейбаққа,
Қалмақтан мені тартып алып қалмаққа.
Баяғы жерге бар, – дейді,
1210. Аулаққа бойың сал, – дейді.
Өзім көшке барайын,
Сақау жеңгемді жіберіп,
Қорен мінген Ақойнақ
Сұратып алып қалайын.
Сіздерменен қосылып,
Ел-жұртымды табайын.
Сансызбай [бала] сол сөзбен
Және кейін қалады,
Жібек көшке барады, 1220. Бір жеңгесіне барып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Жеңеше-ау, Жайықтың арғы шеті, бергі шеті,
Мен өзім бір анадан тудым жеке.
Сәлем де хан Қоренге, жеңешеке,
Біздерді тәуір көрсе Қорен ерім,
Мінуге Ақойнақ ат берсін бізге.
Мінейін жалғыз көшке ер аты деп,
Барған соң бүгін кешке қияр неке.
Сонда барып жеңгесі
1230. Хан Қоренге сөйлейді:
– Қорен патша күйеуім,
Аттың майы тілегім.
Үйіңе сұңқар түнепті
Жалғыз көшке мінбекке,
Ер аты деп жүрмекке,
Жібек атты сол жарың
Іші боқ та, сырты түк,
Бір тайыңды тілетті.
Көре алмаған көп жаман
1240. Досты айырар, көп көрер,
Ақойнақ атты бермесең,
Жібек сұлу өкпелер.
Сонда Қорен сөйлейді:
– Атаңа нәлет ит, сақау,
Былшылдамай кет, сақау!
Жұрт егесі хан болсам,
Қырық қақпалы,
Қала толған жан болсам,
Қатынға атым бере алман. 1250. Қатынға беріп атымды,
Өзім жаяу жүре алман.
Хат жазармын қалаға,
Ақойнақ атым бермеймін,
Жібек сұлу шаяға.
Қыз Жібекке сәлем де,
Өкпелесе, қалма!
Сонда сақау сөйлейді:
– Келіп едім сыртыңа,
Атыңды қызға бермесең, 1260. Тіпә, сенің бетіңе!
Шамырқанып, шамдансаң,
Боқ сасыған, хан Қорен,
Сиейін мен мұртыңа.
Мен бикешке барайын,
Араңа отты қояйын,
Шағыстырып жау қылып,
Кәпір саған қылайын.
Сүйдеп сақау жөнеді,
Сонда Қорен ойлайды: 1270. – Осы сақау барар, – деп,
Тату Жібек жарыммен
Шағыстырып қояр, – деп.
Берсем қалай болар, – деп,
Бермесем кеулі қалар, – деп,
Қуып жетіп соңынан,
Өзі әкеліп береді.
Сөйтіп, өзі қайтты
... [Қорен] берді,
Төбе шашы үрпиіп. 1280. Ақойнақ атты жетелеп,
Көшке келді төтелеп.
Жібек атты алады,
Көштен жалғыз қалады.
Төлегеннің алтынды ер
Ат үстіне ерледі.
Төлеген киген киімді,
Өзі үстіне киеді,
Атқа жылап мінеді.
Көште кеткен сақауда 1290. Сәукелесі бар еді,
Сонда кеткен сәукеле
Барып алдап, сұрап алмаққа.
Көш артынан ұйтқытып,
Жалғыз шауып жөнеді.
Тұсынан өткен Жібекті
Қореннің көзі көреді.
Отыр екен хан Қорен,
Отыз төре қалмақпен
Арақ ішіп қауласып, 1300. Өз-ді өзі жауласып.
Өтіп кеткен Жібекке
Қорен өлең айтады:
– Айтамын бисмилладан сау ма, Жібек,
Біздерге арам кеулің бар ма, Жібек?
Ақойнақ жамандатқыр басы қатты,
Жығылып қатқылдауда қалма, Жібек!
Қыз Жібек, таба алмассың мендей затты,
Төрелер біздей, біздей жалғыз жатты.
Қыз Жібек тыңдамайды мұндай кепті,
1310. Құдайым, қабыл қылғай бұл ниетті!
Ілгері сақау тартқан көшке жетті,
Бикешті кейін қалған көргеннен соң,
Сол сақау куанғаннан өлеңдетті:
– Келеді сұлу Жібек судай тасып,
Қоренді қалған екен қара басып.
Жаратқан Құдай артық сұлу Жібек
Қор болды Қорен итке Құдай қосып.
Сонда Жібек сөйлейді:
– Жайықтың арғы шеті, бергі шеті,
Сәукеле адыра қалғыр сен киетін. 1320. Берсейші, мен киейін, жеңешеке!
– Жайықтың арғы бұршы, бергі бұршы,
Бикешжан, көп кешікпей бермен жүрші!
Шырағым, бұл айтқаның рас екен,
Сәукеле адыра қалғыр сен-ақ киші.
Сәукеле адыра қалғыр алдап-сулап қолына алды,
Белбеуге бет моншағын түйіп алды,
Сақауға: – Аман бол, – деп айтып салды.
Сансызбай жатқан төбеге
Атының басын қаратты,
1330. «Аллалап» Жібек жөн тартты.
«Айт, жануар, шүу!» дейді,
Табаны жерге тимейді.
Табанға тиген қара тас
Саз балшықтай илейді,
Басына күшті бермейді.
Сансыздайдан сексен аршын бой жазып,
Ағып өтіп жөнейді.
Тұсынан өткен Жібекті
Бала көзі көреді, 1340. Көріп [енді] еңіреді.
Қасындағы Шегеге:
– Аға, [маған] ер, – дейді,
Бұл жатқаның не, – дейді.
Жылдам атқа мін, – дейді,
Кел, қашалық жүр, – дейді.
Қазасы жеткен өледі,
Тілекті Құдай береді.
Көргенім шайтан болмаса,
Ақойнақтай ат мініп,
1350. Ат құйрығын шарт түйіп,
Өлген ағам Төлеген
Көп қалмақтың ішінен
Тіріліп қашып келеді.
«Ажал тигеннің қорғаны болмас көбенің»
Өлгендер киер кебінді,
Өзі қашып келген соң,
Сол сықылды қалмақтан
Төлеген емей немене?
Толғап алды қолына 1360. Төрткілдеп соққан жебені,
Оятты сонда Шегені,
Енді үшеуі бас қосып,
Еліне қашып жөнеді.
Сансызбай мінген торы ала ат
Ақойнақтай тұлпардың
Жорғасына ермеді.
Шапса қара көрмеді,
Иә жорғалап, иә жортып,
Сансызбай мен Шегені 1370. Әр төбенің басында
Тосып алып жөнеді.
Адыра қалғыр, Көкшетау,
Көрінбесе не етеді,
Көрінсе есі кетеді.
«Жібек қашып кетті» деп,
Толықсыған Қоренге
Хабар [барып] жетеді.
«Жібек қашты» деген соң,
Қореннің есі кетеді. 1380. Басындағы киімін
Қорен жұлып алады,
Алып жерге ұрады.
Хан Қореннің қолында
Бір сыншысы бар еді,
Тоғыз мың қолды аралап.
Өлсе, аямай қырық байтал,
Тірі болса, он байтал бәс кесіп,
Мойны қырық кез қара атты
[Ел] аралап сатып алады, 1390. Шашақты қара ту алып,
Қыз Жібектің артынан
Ерісе қуып барады.
Молда оқиды мешітте,
Жұрт құлағы тесік-ті.
Алты ағасы Жібектің
Жылқы бағып жүргенде,
«Қарындасың Қыз Жібек
Қашып кетті» десіпті.
Қарындасының қашқанын 1400. Сонда алты ағасы бірдей есітті,
«Біз де қуайық» десіпті.
– Соңынан қуып барайық,
Айырып алып қалайық.
Патша болған Қоренге
Жақсы кісі болайық, – деп,
Арғымақ атқа жем беріп.
Азын көпке теңгеріп,
Қоңыраулы найза өңгеріп,
Көрсете көр деп «Аллалап»,
1410. Әр бұтаны далдалап,
Қоренге де көрінбей,
Көп қалмаққа білінбей,
Бұлар да қуып жөнеді.
Ерте кеткен хан Қорен
Шарайнасы жалтылдап,
Астына мінген қара аттың
Тұяққа тиген қара тас
Жұлдыздай оты жалтылдап,
Намаздігер болғанда, 1420. Үшеуінің соңынан
Қуып жетті жақындап.
Шаңы-шаңға ұласып,
Қырық нөкермен хан Қорен
Қуып жетті шуласып.
Сонда үшеуі тұра қалды ойласып
Сонда Жібек сөйлейді,
Сансызбайға сырласып:
– Артымыздан шаң шығады ұласып,
Жетті қалмақ дуласып. 1430. Қалмақтан шықты демесең,
Астымдағы ақойнақ,
Шырағым, мінсең жарасып, – деп,
Астындағы атын [Қыз Жібек]
Сансызбайға түсіп береді,
Батыр бұл атқа мінбеді.
Сонда Сансызбай Жібекке тұрып сөйледі:
– Сорлы, Жібек, аяңда,
Ашуыма көп тимей
Жол үстінде жүре бер,
1440. Көп сөйлемей жайыңа.
Өзің мін де, қызық сүр,
Кәуірден алған тайыңа.
Ашулансаң кетерсің,
Қорен қалмақ байыңа.
Арам киім кимеймін,
Жау жүрегін өсіріп
Жау атына мінбеймін!
Уайым жеме, қайғы алма,
Ту түбінен қозғалма, 1450. Алтын басым жоқ болмай,
Сені жауға бермеймін.
Сонда Жібек айтады:
– Артыңа көз сал, – дейді,
О да өзіңдей жан, – дейді,
Ендеше кейін қал,– дейді,
Құдайым болсын жар,– дейді,
Жолыңа айттым жан,– дейді.
Сонда тұрып Сансызбай,
Аттың басын бұрады,
1460. Қашатұғын қатын ба,
Сасатұғын батыр ма?
Жекелеп қайтпай тұрады.
Қорен келді кекелеп,
Сансызбай шапты төтелеп,
Сонда екі батыр соғысты,
Қарсы [тұра] қалысты.
Қорен батыр ақырды:
– Қашпа, – деп, – балам, – шақырды,
Шақырып Қорен сөйлейді: 1470. – Қорен әкең мен, – дейді,
Бала, бермен кел, – дейді,
Жібек атты жарымды
Алып қашқан нең? — дейді.
Атаңа нәлет, Сансызбай,
Торғайдай мойның жұлайын!
Бала саған келейін,
Мен бір жатқан айдаһар
Құйрығымды неге басасың?
Жібек жатқан орданы 1480. Сұраусыз неге ашасың?
Жібек сынды сұлуды
Алып қайда қашасың?
Сонда бала сөйлейді:
– Сансызбай батыр мен, – дейді,
Мен де өзіңдей ер, – дейді.
Зорлыққа көніп жүретін,
Саған қызды беретін,
Қатын туған кім? – дейді.
Сонда Қорен сөйлейді: 1490. – Сақалымның ағы бар,
Ағалығым тағы бар,
Әуелгі атпақ менікі,
Соңғы атпақ сенікі,
Кезегімді бер, – дейді.
Сонда Сансызбай сөйлейді:
– Кәпір де кезек алсын, – деп
Армансыз атып қалсын, – деп,
Тайынбай қарап тұрады.
Сол уақытта Қорен хан
1500. Қорамсаққа қол салып,
Қозыжаурын оқ алып,
Қараша үйдей шоң алып,
Өлер жерің осы,– деп,
Қақ жүректің басы, – деп,
Қорен сонда оқ атты.
Сансызбай мінген сары ала ат
Қарғып бұлай кетеді,
Оғы тимей кетеді.
Қорен атқан тайлық оқ, 1510. Ар жағындағы екі тау
Қабатымен көшіріп,
Жеті қабат жер астына кетеді.
Үшке шейін жыға алмай
Балаға кезек жетеді.
Сонда бала да атпаққа әуес етеді.
– Қорен қалмақ ер, – дейді,
Маған да кезек бер, – дейді.
Мен атайын, ит қалмақ,
Ерлігімді көр, – дейді.
1520. Бала да кезек алсын, – деп, –
Армансыз атып қалсын, – деп,
Бұ да қозғалмай қарап тұрады.
Сол уақытта Сансызбай
Қозыжаурын оқ алды,
Атайын деп оңдалды.
Қаражермен серттесіп,
Жеңетін жауды кейіптеніп,
«Аллалап» бала [ақырып],
Қоренге қарап оқ атты, 1530. Атуына шыдамай
Сансызбай мінген сары ала ат
Жер бауырлап бір жатты.
Қыз алатұғын қалмақты,
Мойны қырық кез қара аттан
Тоғыз бөлек қылды да,
Шалқайтып барып құлатты.
Оған да оғы тоқтамай,
Ар жағында топтанып тұрған қырық сандаттың
Қырқын бірдей құлатты. 1540. Оған да оғы тоқтамай,
Және тастан жани ақты.
Жолындағы ағаштың
Бәрін бірдей қиратты.
Қорен ханды өлтіріп,
Құдай берді балаға
Таудай қылып бір бақты.
О да қарсы шабады,
Бұ да қарсы шабады,
Үшеуі қамалап ұстап алады, 1550. Мойны қырық кез қара атты.
Үшеуі басын қосып тұрады,
Кейінгі жаққа барады.
Сонда артынан шаң шықты,
Ақ қара бас ту шықты.
Ту астына қараса,
Қоңыраулы найза өңгерген,
Аламанға дем берген,
Жібектің алты ағасы ол шықты.
О да мұны көреді, 1560. Бұ да оны көреді.
Алтауының алдынан
Үшеуі қарсы шауып келеді,
Жібектің алты ағасы сөйледі:
– Қолға біткен жекен деп,
Бүртігі жоқ тікен деп,
Төлегеннің інісі
Сансызбай шырақ екен, – [деп],
Құшақтап жылай береді.
Кезек-кезек көтеріп, 1570. Алдына алып сүйеді.
Басын тоғызы қосып тұрғанда,
Талма-тал түс болғанда,
Мінген аты кекілді,
Қайратты келсе хан жұмсар
Қызылбастан жетімді,
Қореннен қалған көп қалмақ
Сонда жеткен секілді.
Сонда Сансызбай жауды көреді,
– Құдай тілек берді, – деп,
1580. Іздегенім жау еді,
Жауды көзім көрді, – деп,
Ұрыспағым жол-ды, – деп,
Жауға «Аллалап» жалғыз тиеді.
Алты құлаш найзаға
Сыйғанынша түйреді.
Найза толған сүйекті,
Сілкіп тастап жөнеді.
Сол уақытта Сансызбай
Оң келгенін оң атты, 1590. Сол келгенін сол атты.
Әр төбенің басында
Жүз сандатты құлатты.
Таудан аққан қара қан
Ойға қарап ағады.
Жіліншіктен қан ағып,
Күңіреніп жерлер толады.
Кәрі күйіп қалмақтың
Бәрі бірдей болады.
Екі көзі алақтап, 1600. Қанға тоймай жалақтап,
Қалмақ – қой да, бұл – қасқыр,
Кейін тастап жөнеді.
Қасқырдай тартып тамақтап,
Күн тоғызға толады.
Тоғыз күнде қырғаны
Тоғыз мың кісі болады.
Көп қалмақты тауысып,
Қыз Жібектің ауылына
Аман-есен қайтып барады. 1610. Қыз Жібектің ауылын
[Қалмақтардан айырып],
Жыл он екі ай болғанда
Аман-есен көшіріп,
Өз еліне қосады.
Сол уақыттар болғанда
Сансызбай мінді аттың беліне,
Нан піседі деміне.
Жібек қызды ұзатып,
Келді бала өз еліне. "Балам өлді" деп уайымдап жүрген Сансызбайдың атасы мен анасы өлмей аман көреді.
Еліне келіп Сансызбай
Ағасының жылын береді.
Үлкендер[і] ойласып,
Сансызбайға Жібекті неке қияды.
Ақын, молда жияды
Төлеген деген еріңіз
1626. Осылай тамам болады.
ҚИССА ҚЫЗ ЖІБЕКТІҢ ХИКАЯСЫ
(Қазан, 1900.)
Мен сөйлейін, жарандар,
Тыңдап құлақ салыңыз.
Аз әңгіме қозғайын
Келгенінше халіміз.
Зекетсіз болса пайда жоқ
Қасықтап жиған малыңыз.
Қыз Жібекті тыңдаңыз,
Замандас еркек, ұрғашы,
Ақсақалды шалыңыз.
10. Жүсіпбек қожа жырласа
Қыз Жібектің сөзіне
Енді әбден қаныңыз.
Басында менен жайылды,
Қисса болып бұл Жібек.
Басы-соңына қарасам,
Бәрі шала сөзінің,
Еңіреп жылап жүр жүдеп.
Басында менен шыққанда
Тыңдаған адам жылаған, 20. Сүйейін мұны бір демеп.
Қиссасын қайта түзейін,
Әруақтарың жар болса,
Сіздер де мені жүр жебеп.
Осыны бұрын баспаға,
Кім жазғанын білмеймін.
Қисынсыз болған сөздері
Жыламақ түгіл күлмеймін.
Мыңнан озған жорғамын,
Ұлы дауға салғанда 30. Қамшыласаң желмеймін.
Қисайғанда түзеткен,
Басында Тәңірім жаратты,
Әр нәрсеге бір себеп,
Қисса қылып жазып ем
Әуел бұрын басында.
Ғасылықтан жазып ем,
Үйсінге алғаш келгенде,
Жиырма үш жасымда.
Сол кездердің уақытында 40. Бар еді қайғы басымда.
Бір күндерде қарасам,
Баспа бопты бұл Жібек
Қисынсыз кетіп сөздері.
Баспаға жазған адамның
Әр сөзіне қарасам,
Ноғайлы екен өздері.
Қазақшаға төселмей,
Далаға көбін жіберген,
Әйтеуір бар іздері. 50. Әгар қазақ жазғанда
Жоқ па екен деп айтар ем,
Басындағы көздері.
Ал тыңдаңыз, жарандар,
Өзге сөзді қоялық.
Қыз Жібектен сөз қозғап,
Қызығына тоялық.
Сыры түскен жерлерін
Жаңғыртып қайта боялық.
Сөз дүкенін құрған соң, 60. Тамақ керек әркімге,
Бір тоқтыны соялық.
Кешегі өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Кіші жүздің ішінде,
Жағалбайлы елі бар.
Жағалбайлының мекені
Ақ теңіз деген көлі бар.
Жаз жайлауын сұрасаң
Қара теңіз жағасы 70. Ұлан, Шәмбіл белі бар.
Жағалбайлы елінде
Базарбай атты байы бар.
Байлығын оның сұрасаң
Өлшеу қылып айтуға
Хисап жетпес жайы бар.
Байлығында өлшеу жоқ,
Жеті жүз түйе жүгі екен
Тілләсі менен жамбысы
Мың түйе жүк тағы да 80. Қант пенен шайы бар.
Аяқты малда хисап жоқ
Айдалып бағып жайылар.
Сол байда үш қатын бар, тоғыз ұл-ды,
Хисапсыз Тәңірі берген сонша пұлды.
Еліне оба келген бір кеселден
Бірі қалмай тоғыз ұл бәрі де өлді.
Тоғыз ұл ажал жетіп бәрі де өлді,
Ашумен алты қатын тағы да алды.
Базарбай сексен жасқа келген шақта 90. Тауыпты кіші қатын бір ұлды.
Оны тапқан қатыны қырық төрт жаста,
Бала жоқ өзгесінде мұнан басқа.
Періште сипат бір ұл берді Құдай
Жүргенде көзі толып қанды жасқа.
Төлеген деп қойыпты ұлының атын,
Құдай артық жаратқан оның затын.
Баланы сипат қылып айтып болмас
Көрген жан ақылынан бір талатын.
Базарбай баласына көңілі тойды, 100. Қайғыны ішіндегі бәрін жойды.
Тоғыз жылда артынан бір ұл туып,
Жұрт жиып Сансызбай деп атын қойды.
Жүріпті екеуіне қалың бермей,
Дұшпанның әрне деген тіліне ермей.
«Тірі жүрсе өздері алар бір қыз,
Өліп қалса, күйігін тағы көрмей.
Алса да патша қызын малым жетер,
Менікін жаратпаса сәнім кетер.
Күйікті қатты тартып жүрген басым 110. Жазым болса күйермін онан бетер».
Төлеген сонда он екі жасқа келді,
Қыз іздеп аралады тамам елді.
Он алты жасқа шейін қыз жаратпай,
Ат жетер жерді арылтып тамам қылды.
Еліне бір саудагер келді дейді,
Бұлардың әбден жайын білді дейді.
«Дүниеқор Базарбайды көрмедім» деп,
Саудагер мазақ қылып күлді дейді.
– Бұл малды бекер жиып керегі не,
120. Бермепті ұлының қалың біреуіне.
Көзінің ағы менен қарасындай
Артында жанға мирас, малға ие тіреуі не?
Сонда біреу айтады оның жайын:
– Бақ, дәулет берген артық бар Құдайым,
Ел-жұрттан қыз жаратпай жүр Төлеген,
Малын аяп жүрген жоқ Базарбайдың.
Мұны естіп сөйлейді қарт саудагер,
Ал сонда Төлегенді шақырып алар.
Төлегенге айтады: – Сүйінші бер, 130. Мен таптым жақсы қызды саған жарар.
Қыз жақпай өз еліңнен жүрсе саған,
Төлеген, сүйінші бер енді маған.
Елі бар Ақжайықта алты шекті
Аласың жақсы қызды барсаң соған.
Жайықта қызы сұлу артық ел бар,
Ерінбей қыз іздесең сен соған бар.
Шетінен-ақ аласыз бір сұлуды
Болмағын мұнда тұрып қаперің тар.
Әлқисса, сонда Төлеген мұны іздеуге көңілі кетті, 140. – Жолы бар неше күндік оның?– депті.
Саудагер айтты: – Жолы жүз күндік,– деп,
Төлеген іздемекке талап етті.
Төлеген он жетіге келген шағы,
Аз емес бір Тәңірінің берген бағы.
– Шөлі бар,– дейді саудагер,– қырық күншілік,
Төте жол жетпіс күндік болса-дағы.
Онымен жүре алмайсың барғанменен,
Өлесің жолда шөлдеп арманменен.
Жүр,– деді, – алыссынбай су жағалап,
150. Әрқашан бардың ісі пәрменменен.
Төлеген Ақжайыққа жүрмек болды,
Тәңірінің жазған ісін көрмек болды.
Басшы болып сол елді тапқан жанға
Жүз жамбы сүйіншіге бермек болды.
Жаратты бір қара көк тұлпар атты,
Өзі жорға жануар құс қанатты.
Тұрманының һәммасын алтындатып
Күміспенен төрт аяғын тағалатты.
Шамшырақ тас орнатты жүген, ерге, 160. Басшы, қосшы жүз жігіт алды бірге.
Тоғыз нарға алтын мен күміс артып,
Бес жігіт тағы да алды қызметкерге.
Ерлерге жәрдем берсін бір Құдай-а,
Қырық түйе болды азық қант пен шайы.
Азық-түлік һәммасын даярлап ап
Жөнелді туғаннан соң наурыз айы.
Әлқисса, ендігісін үшбу хикаяны жырлап сөйлейін.
Хикая Төлеген.
Базарбайдың Төлеген,
Ерте туған көбеген.
Сексен жігіт қосшы алып,
170. Он бес жігіт басшы алып,
Ақжайыққа жөнеген.
Айдың өткен нешесі,
Ай қараңғы кешесі.
Падишадан кем емес
Ер Төлеген мүшесі.
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Шыбын жанға жан айтып,
Артынан қуып келіпті, 180. Өлгенде көрген шешесі.
Шешесі келіп сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Мінген де атың аласың,
Менен туған баласың.
Халал бала тастай ма,
Атасы менен анасын.
Қал дегенде қаласың,
Айтқан тілді аласың.
Қал дегенде қалмасаң,
190. Айтқан тілді алмасаң,
Құрттың анаң шарасын.
Өлгенде көрген қарағым,
Ата-анаңды зарлатып,
Қай жаққа кетіп барасың?
Анаң келді зарланып,
Әкең отыр сандалып,
Көре алмаған көп дұшпан
Сыртыңнан келер қамданып.
Сен кеткен соң, қарағым, 200. Өледі кемпір-шалыңыз,
Сансызбай болса жас еді
Жүреміз кімге алданып?
Төлеген сонда сөйлейді:
– Қой, шешеке, жылама,
Жылағаның бола ма?
Бекер босқа, шешеке-ау,
Көзіңнің жасын бұлама.
Жиырмаға келгенше,
Маған қалың бермеген,
Тең құрбымдай көрмеген,
210. Құм құйылсын көзіңе,
Осы екен сізге сыбаға.
Шешесі сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Келгін, балам, қайт-сәна,
Әкеңе сырың айт-сәна.
Патша қызын алсаң да
Өз еліңде жат-сәна.
Біреудің тілі тимей ме,
Қартайған әкең Базарбай 220. Сенің үшін күймей ме?
Ел ішінде тентек көп,
Жаһан кезіп жүргенде,
Тентіреген демей ме?
Ата-анасын зарлатып,
Бір қыз үшін кетті деп,
Дос-дұшпаның күлмей ме?
Төлеген сонда сөйлейді:
– Айналайын, шешеке-ау,
Тай, құнан, қой қаңғырып
Бұралқы болар қораға.
230. Бір сұлу алмай, шешеке-ау,
Сірә да, көңілім тына ма?
Талап қылған ісінен
Ат басын ерлер бұра ма?
Жаман-жақсы болса да
Алланың болар әмірі,
Өз айтқаның бола ма?
Тілімді алмай кеттің деп
Ғамкүн болып жылама.
Мен Жайықтан келгенше, 240. Жүзіңді аман көргенше,
Тапсырдым ата-анамды,
Жаратқан Қыдыр Құдаға.
Анасы сонда сөйлейді:
– «Өлкенің көркі тал болар,
Өзеннің көркі жар болар,
Жігіттің көркі мал болар».
Малың болса, қарағым,
Қара басың хан болар.
Алуа асап, іштің бал,
Жая шайнап, жедің жал,
250. Кетер болсаң, қарағым,
Жылқыдан таңдап қырық жорға ал.
Сансызбай болса жас еді,
Сен кеткен соң, қарағым,
Сүйеніп кімге күнелтер,
Артыңда қалған кемпір-шал?
Төлеген сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Мінген атым аламын,
Сенен туған баламын. 260. Көңіліме түсіп бір қиял
Сапар шегіп барамын.
Алла нәсіп әйласа,
Бір сұлуды аламын.
Алла нәсіп қылмаса,
Ендігі сөздің қысқасы
Меккеге таман барамын.
Әлқисса, онда анасы ойлады «менің балам бұ сапардан қайтпайын деп талап қылған екен. Бұған ризалық батамды беріп жіберейін» деп, Аллаға Тағала, екінші әнбие-әулиелерге тапсырып мінәжат қылғаны.
Анасы ғаріп жылайды,
Жылайды да толғайды.
Қой десе де баласы
270. Оған, сірә, болмайды.
Бір сұлу қыз алмай Төлеген
Дүниеге көңілі толмайды.
Шешесі сонда сөйлейді:
– Аһ дедім, Құдай-а,
Дәргаһыңа бас ұрдым.
Сөзді сөзге ап келіп
Күйгенімнен жапсырдым.
Кетер болсаң, қарағым,
Әуелі Құдай мен сені, 280. Кәміл пірге тапсырдым.
Көл егесі Қамбар-ау,
Шөл егесі, Қамбар-ау,
Қарағыма көз сал-ау.
Рақым қылсаң, Құдай-а,
Сенен өзге кім бар-ау?
Ғашықтардың пірі едің
Ләйлі-Мәжнүн сіз бар-ау,
Ғашықтардың сәруары,
Зылиха-Жүсіп пайғамбар, 290. Әйелдің пірі Бибі Бәтима,
Баламды сізге тапсырдым.
Адасса жолға салып жүр,
Сүрінсе қолдап алып жүр,
Пәлекет кетсе қағып жүр,
Қосақтап қойдай бағып жүр.
Бір ғашықтың дертінен
Қарағым, менің нағып жүр.
Хазірет ер сұлтан
Рақым қылып сіз тұрсаң, 300. Баба түкті шашты Әзіз,
Баламды сізге тапсырдым.
Әлқисса, бұ сөзді айтып анасы қайтып кетті. Онда Төлеген қасындағы жігіттерге айтты:
– Анамның маған не айтқанын білдіңіздер ме?– деді. Жігіттер айтты:
– Ешнәрсе білмедік – деп. Төлеген айтты:
– Мен кірекеш емеспін, болмаса көп жігіттер ертіп баратұғын. Жортуылшы болмасам, мұным жарамайды екен. «Жылқыдан жорға ал» деді ғой,– деп, ол жерге тоқтап, қайтып келіп жылқыдан екі жүз елу жорға алып, бірнеше күн жол жүріп, шекті деген елге келіп, шатырды тігіп, жорғаларын жайып салып, жұртқа жар салды.
– Әркім жақсы қызы болса әкеліп көрсетсін. Өзі ап келіп көрсеткен адамға қызын алсам да беремін бір жорға, алмасам да беремін бір жорға, – деп. Жұрт есітіп қыздарын жиып келіп көрсетті. Бір жорғадан келген қыздар алып қайта берді. Ешбірін жаратпады. Бірнеше күнде екі жүз он қыз көрді, екі жүз он жорға берді. Сонда қасындағы сексен жігіттер ойлап кеңесті:
– Бұ Төлеген малды бекер ысырап қылды. Ендігі келген қыздарды өзіміз көрелік. Жаһаннан асқан сұлу қыз болса Төлегенге көрсетелік, болмаса «Төлегенді білмейміз» деп, жасырып көрсетпелік. Болмаса Төлеген қалған қырық жорға біткен соң біздердің астымыздағы атымызды да берер. Онан соң жаяу қалып, елден жүген алып, ат іздегеніміз жарамас, – деп келген қыздарды даладан қайтарды.
Онда Төлеген: – Бұ елдің қыздары сұлу деген саудагер шал бекер айтқан екен,– деді. Сол уақытта алты шекті елінің ханы Сырлыбай деген бар еді. Ол ханның алты ұлы бар еді. Және ханның ең кенжесі Жібек сұлу деген жалғыз қызы бар еді. Және ханның Қаршыға жыршы деген ақын уәзірі бар еді. Ол Қаршыға сенімді болған соң ханның тоғыз мың жылқысы бар еді, жылқыны отарға шығарып, Қаршығаны жылқышылардың басы қылып қойған еді. Ол Қаршыға Төлегенді естіп бармақ болды. Қаршыға ойлады «мен Төлегенді көрейін. Төлеген маған жақса, Қыз Жібек те жақтырар» дейді. Мұны ойлап, бір бедеу атты алдырып мініп, Төлегенді іздеп келеді.
Отарда жатқан Қаршыға
Бір бедеуге мінеді,
Алладан пәрмен тіледі.
Ойпаң жерден орғытып,
Жарлау жерден ырғытып,
Тегіс жерден сырғытып,
Аяңдамай желеді.
Сексен жігіт елшіге
310. Салып жетіп келеді,
Келіп сөйлей береді:
– Асу да асу бел,– дейді,
Аса бір соққан жел,– дейді.
Сексен жігіт ішінде,
Базарбайдың баласы
Төлеген мырза кім?– дейді.
Басыр, басыр, басыр-ды,
Аққа құлпы жасыл-ды.
Сексен жігіт ал сонда
320. Төлегенді жасырды.
– Мінгенде атың дөнен-ді,
Көкке тойған көбен-ді.
Біз білмейміз, Қаршеке-ау,
Төлеген мырза дегенді.
Сонда Қаршыға бұлардан жол болсын сұрап айтқаны:
– Ассалаумағалейкүм, көп жігіттер,
Сайланған бәрің бірдей бек жігіттер.
Сайланып шыға қапсыз табыңыздан
Сөйлей тұр сөзің болса, ей, жігіттер.
– Келеміз елімізден біз жолаушы,
330. Бет алып шыққан жерім Көкбояушы.
Үйірін қысырақтың жауға алдырып,
Келеміз сұрау салып біз сұраушы.
– Күн көріп жүруші едім өнерменен,
Төтелеп келдім сізге кемерменен.
Көрдім де қараларың жанай шаптым,
Баласы Базарбайдың дегенменен.
– Келіпсіз біздің көріп қарамызға,
Жауапқа жауап таппай қаламыз ба?
Сыртынан Базарбайды естуші едік,
340. Төлеген біздің жоқ-ты арамызда.
– Әр жерден асып туған тегім деп ем,
Төлеген жұрттан асқан бегім деп ем.
Сұрасам жолаушыдан сіздер дейді
Жасырдың Төлегеннің несін менен?
Осынша осы Төлеген жасырынып
Ол өзі кімнің ұрлап ақын жеген?
Әлқисса, онда Төлеген шатырда жатыр екен. Қаршығаның сөзін естіп «бұлар мені неге жасырып тұр» деп сығалап қараса, Қаршығаның түрі жақсы адам екен. Шатырдың есігінде тұрған көп жігіттерге бұлай тұр демей, шатырдың іргесін көтеріп шығып, Қаршығаға өзін танытып, бір сөз деді:
– Ассалаумағалейкүм, Қаршеке,
Мен едім Базарбайдың Төлегені,
Қозының ерте туған көбегені.
350. Қаршекем араз ба еді, бұрын маған
Қасыма танып тұрып келмегені?
Мен едім Базарбайдың үлкен ұлы,
Алланың шыныменен сүйген құлы.
Қаршекем сәлем берсем қарамайды
Бар еді Төлегеннің неден міні?
Осы келген Қаршыға
Табынан асқан ер еді.
Шетте тұрған Қаршыға
Төлегенге келеді, 360. Келіп сөйлей береді:
– Ауыл алды бел,– дейді,
Белден көшкен ел,– дейді,
Сексен жігіт ішінде,
Базарбайдың баласы,
Төлеген мырза, сен,– дейді.
Нәсіліңе қарасам
Қас патшамен тең,– дейді.
Мен жайымды айтайын,
Алты шекті елінде
370. Сырлыбай ханның уәзірі,
Қаршыға жыршы мен,– дейді.
Төлеген болсаң сен,– дейді,
Кел, соңымнан ер,– дейді.
Жұртқа берген олжаңнан
Бүлдірмей маған бер,– дейді.
Мен бір сұлу табайын,
Патшамыздың жалғызы
Аты Жібек сұрасаң,
Кереметім көр,– дейді. 380. Базарбайдың Төлеген,
Қаршығадай ақынның
Бұ сөзін мақұл көреді.
Айдап жүрген жорғадан
Екі жорға береді.
Сексен жігіт елшіден
Бес жігітті бөледі.
Өзгесін елге қайтарып,
Қаршығамен ілесіп,
Ақжайыққа жөнеді. 390. Неше дүркін бел болып,
Ойпаңды жер қыр болып,
Төлегеннің сөздері
Соңғыларға жыр болып.
Ойынға бала шығады,
Айдын көлдің шетіне,
Адам қарап болмайды,
Ер Төлеген бетіне.
Қамшы басып кіш-кіш деп,
Көкжорға аттың көтіне. 400. Дәл сегіз күн жол жүріп,
Аз ғана емес мол жүріп,
Сонда жеткен секілді
Ақжайықтың шетіне.
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартты борықты.
Арада неше қоныпты,
Жетемін деп зорықты.
Сәске махал болғанда,
Қыз іздеген Төлеген, 410. Көшкен бір елге жолықты.
Әлқисса, онда Қаршыға айтты: – Біздің ел жайлауға қарай бұзыла көшкен екен. Мен енді Жібекті Төлегенге көш жөнекей көрсетейін,– дейді. Қасындағы бес жігітті сол жерге тастап кетті: – Сіздер асықпай түстеніп, артымыздан жай келіңіздер,– деп. Екеуі қалың көшті аралап, аттарына қамшы басып «шүу» деді.
Базарбайдың Төлеген
Талай көштен өтеді,
Сонда бір көшке жетеді.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Шытырма көйлек етінде,
Нұр сәулеті бетінде,
Бұралып кетіп барады
Перінің қызы секілді. 420. Өзі он төрт жасында,
Жарқыратып маңдайын
Айырып қойған кекілді.
«Осы екен,– деп,– Қыз Жібек»,
Жетіп келді қасына,
Базарбайдың Төлеген.
Артынан келіп Қаршыға,
«Жібек емес» деген соң,
Онан бір өтіп жөнеген.
Енді онан өтеді, 430. Және бір көшке жетеді.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Таң мезгілі болғанда,
Шолпанның туған жұлдызы,
Кигені Алтай қырмызы.
Бейіштен шығып келмесе,
Бұ жалғанда хор қызы.
Сондай-ақ болып туар да
Адамзаттың бір қызы. 440. «Осы екен,– деп,– Қыз Жібек»
Жетіп келді қасына
Базарбайдың Төлеген.
Артынан келіп Қаршыға,
«Жібек емес» деген соң
Онан да өтіп жөнеген.
Қаршығамен ілесіп,
Төлеген көңілі түзелді.
Асығып жүрді тез енді,
Бір көрмекке Жібекті 450. Төлеген мырза кезенді.
Қаршыға мен Төлеген
Жағалай салды өзенді.
Сол уақытта алдынан
Бір көш шықты түбектен.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Отыз түйе жетелеп
Сары мая үлектен.
Мұрындығы сары жез, 460. Бұйдасын ескен жібектен.
Толған айдай толықсып,
Ақ сазандай бұлықсып,
Бұралып кетіп барады
Неше алуан қылықсып.
Мұны көріп Төлеген
Атының басын бұрады,
Әңгіме дүкен құрады.
«Осы ма,– деп,– Қыз Жібек»
Қаршығадан сұрады. 470. Қаршыға жетіп келеді,
Әзіл айтып күледі,
«Бұл емес,– деп,– Қыз Жібек»,
Онан да өтіп жөнеді.
Онан өтіп Төлеген
Атына қамшы басады.
Тұлпардан туған көк жорға ат
Аузынан көбік шашады.
Жер тарпынып жануар
Ауыздықты басады. 480. Алдындағы белестен
Орғытып келіп асады.
Белестен түсіп желеді,
Ойға түсіп келеді,
Тағы айқасты бір көшке.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Жанасалай сұлудың
Қасына жетіп келеді,
Төлеген мырза көреді. 490. Көш алдында сұлудың
Он қыз нөкер қасында,
Өзі он бес жасында,
Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында.
Қырық нарға жүк арттырған,
Қымқап зерлі кілемді
Жүк үстіне жаптырған.
Қазинелі қырық нарға 500. Жібектен арқан тарттырған.
Әсемдіктің бәрін де
Бұ жаһаннан арттырған.
Дүрия бешпент белсеніп,
Бұ дүниені кең салып,
Алтындай қамшы қолға алып,
Әб жыландай толғанып,
Бұралып кетіп барады,
Жын соққандай теңселіп.
«Осы екен, — деп, — Қыз Жібек», 510. Жетіп келді қасына
Базарбайдың Төлеген,
Артынан келіп Қаршыға
«Жібек емес» деген соң,
Онан да өтіп жөнеген.
Тау басында қарағай,
Төлегеннің мінезі
Болып кетті баладай.
Осындай болып әр жерден,
Он бір қыз өтті сәулетпен 520. Бәрі де қалды жарамай.
Тағы айқасты бір көшке,
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Орта бойлы дембелше,
Алтынды камзол жейдеше,
Сипатына қараса
Бұрынғы қыздан өзгеше.
Алтын шыны кеседей,
Екі көзінің шарасы. 530. Бейіштен жанған шамшырақ
Көзінің гауһар қарасы.
Туған айдай иілген
Екі қастың арасы.
Сымға тартқан күмістей
Он саусақтың саласы.
Сондай-ақ болып туар да
Адамзаттың баласы.
«Осы екен, — деп, — Қыз Жібек»,
Жетіп келді қасына 540. Базарбайдың Төлеген.
Артынан келіп Қаршыға
«Жібек емес» деген соң,
Онан да өтіп жөнеген.
Енді онан өтеді,
Және бір көшке жетеді.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Қара жорға мінгені,
Қара торқа кигені, 550. Екі көзі сүрмелі.
Бұ сияқты перизат,
Қыз іздеген Төлеген
Жоқ еді, сірә, көргені.
Сексен түйе қомдаған,
Сексені де болмаған.
Сексен түйе үстінде
Алтынды жағдан орнаған.
Асфаһани кілем бар,
Жібектен гүлін торлаған. 560. Қыз сипатына қараса,
Ақ бетінде кіршік жоқ
Айдын көлдің қуындай.
Екі көзі жалтылдап
Патшаның алтын тонындай.
Сөйлеген сөзі мазалы,
Әб зәмзам суындай.
Аузынан шыққан лебізі
Сары алтынның буындай.
«Осы екен,– деп,– Қыз Жібек», 570. Жетіп келді қасына
Базарбайдың Төлеген.
Артынан келіп Қаршыға
«Жібек емес» деген соң,
Онан да өтіп жөнеген.
Онан өтіп Төлеген
Атқа қамшы салады.
Тұлпардан туған көк жорға ат
Көзі оттай жанады.
Сымға тартқан күмістей 580. Сүмбілдей болып жарады.
Тағы айқасты бір көшке,
Көш алдына қараса
Бір бәйбіше нұрлы жүзді
Көшті тартып барады.
Көш алдында бәйбіше
Сары алтыннан жабдығы.
Екі жүз түйе қазине
Қызыл алтын сандығы.
Ағажүніс перідей 590. Көркі раушандығы.
Жазығы қатын демесең,
Қартайса да ілгері
Әлгі қыздан салдығы.
Айдың өткен нешесі,
Ай қараңғы кешесі.
Жазығы қатын демесең,
Қартайса да ілгері
Әлгі қыздан мүшесі.
Асылдай болып есіліп, 600. Нұрдай болып шешіліп,
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзі жалтылдап,
Алтынды кебіс сартылдап,
Көшті тартып барады,
Жібекті тапқан шешесі.
Берсе Тәңірі жігітке
Ертесі мен кеші не?
Ертеңгі күн бесінде,
Зорға жеткен секілді, 610. Қыз Жібектің көшіне.
Көш сәулетін қараса,
Асфаһанның жауһары,
Стамболдың гауһары.
Тамаша қылған адамның
Тояды көзінің баһары.
Хисабы жоқ дүниені
Есептелік несіне.
Келсе Жібек жоқ екен
Сол секілді көшінде. 620. Мұны көріп Қаршыға
Атының басын бұрады,
Әңгіме дүкен құрады:
– Жібекжан қайда кеткен?– деп,
Әккі болған Қаршыға,
Шешесінен сол жерде
Сылтауратып сұрады.
– Жібекжан ерте кеткен,– деп,
Болжалды жерге жеткен,– деп,
«Көшпенен бірге жүргенде
630. Бетіме тозаң тиер» деп,
Көк пәуеске күймемен
Азаннан тұрып кеткен,– деп,
Шешесінің сол жерде
Бұларға берген жауабы.
Әлқисса, енді Төлеген менен Қаршыға Жібектің [шешесінен] бұ сөзді [естіп], көштің алдына шықты. Жібектің сонда арбасының ізіменен көш басшыларының ізінен басқа ешкімнің ізі жоқ екен. Оны көріп аттарына қамшы басып, «шүу» деді.
Найзасы аумай қолынан,
Желі тұрып оңынан.
Ай мүйізді қошқардың
Бөрі тартар қоңынан.
Төлеген сонда жөнелді 640. Кеткен Жібек соңынан.
Базарбайдың Төлеген
Енді белін түйінді,
Асыл киім киінді.
«Бағымды, Алла, ашқыл» деп,
Пірлеріне сыйынды.
Атқа салды сәндікке,
Төгілдіріп кілемді.
Енді ойланып Төлеген
Келгеніне өкінді. 650. Тұлпардан туған көк жорға ат
Ор қояндай секірді.
Қаршығаменен ілесіп,
Атқа қылды өкімді.
Ертеңгі күн бесінде,
Қыз Жібектің ізімен
Келе жатқан секілді.
Алмас қылыш сартылдап,
Алтынды жүген жарқылдап,
Көк жорға тұлпар қырланды 660. Екі көзі жалтылдап.
Өмілдірік сом алтын
Омырауда алқылдап.
Солқылдайды қара жер
Көк жорға ат басса былқылдап.
Ұршықтай саны бұлтылдап,
Құйындай шаңы бұрқылдап.
Алмас қылыш белінде
Қолында найза қылтылдап.
Төрт тұяқтан шыққан от 670. Шақпақ тастай жылтылдап.
Құлақ салсаң дабысы
Тау суындай сыңқылдап.
Қолтығынан аққан тер
Төгіледі шылқылдап.
Шамның жанған шырағы,
Жақынның болмас жырағы.
Жеті қырдан асқанда,
Күлдірлеген қоңырауды
Есітті сонда құлағы. 680. Шапса балта өтер ме,
Шағырлаудың тасына.
Нелер келіп, не кетпес,
Ер жігіттің басына.
Қоңырау дауысы келген соң,
Көк жорға атты ағызып
Жетіп бір келді қасына.
Әлқисса, Төлеген қасына келіп алдына бір шықты, артына бір шықты, Жібекті көре алмады. Пәуескенің қақпағы жабулы. Үш қара жорға атты тройкеге жегіп бара жатыр екен. Қайтерін білмей, артына қараса Қаршыға көзінің ұшында қалған екен. Тағат қылып тұра алмады. Және көшірінде отырған кісі жоқ, Жібектің ешнәрсеменен ісі жоқ. Сонда Төлеген қызды шақырып айтқаны.
«Кім бар деп бұл күймеде» дауыстады,
Ақылын ашуланып тауыспады.
Төлеген үш қайтара шақырса да,
690. Қыз Жібек сөйлесуге намыстанды.
Төлеген сонда тұрып қапа болды,
Өзінің елін ойлап іші толды.
– Қыз түгіл өз елімде еркек қорыққан
Қайран басым, бұл жерде бекер болды.
Өз елімде тең едім хан затымен,
Алдыма келмеуші еді жан атымен.
Мынау қыз жауап бермей қапа қылды,
Жүргенсіп өз елінде сәулетімен.
Төлеген қапа болып, қалды тұрып,
700. Атының кейін қарай басын бұрып.
Сол уақта Қаршыға да жетіп келді,
Сөйлеспей Жібек кетті Құдай ұрып.
Қаршыға Төлегенге келді жетіп,
Атына қамшы басып екпіндетіп.
Төлеген Қаршығаға сөз сөйлейді:
– Кетті,– деп,– жауап бермей, қапа етіп.
Әлқисса, онда Төлеген айтты: – Бұл Жібек маған шақырсам жауап бермейді, ақымақ адамдарға ұқсап, бұ қалай?– дейді. Сонда Қаршыға айтты: – Мұның бектігі бар, ешкім бұған ондай дауыстап сөйлескен емес. Енді мен сөйлесейін,– деп Қаршығаның Жібекке келіп айтқаны:
– Ұядан ұшқан балапан
Қанаттарын тарайды.
Асыл туған анадан
710. Әрбір іске жарайды.
Сенің үшін құрметіңе, қарағым,
Тігемін алтын сарайды.
Данышпан адам дүниенің
Парасатын қарайды.
Ақы алып қызмет қылғанды
Оны да іске санайды.
Көтергін, Жібек, басыңды,
Ертіп келдім бір жігіт
Тап өзіңе лайық, 720. Жақтырмап едің талайды.
Басыңды көтер, Жібекжан,
Құлағың салып сөзіме.
Қасымда тұр бір жігіт
Тап лайық өзіңе.
Нұр жігіттей жүзі бар,
Бал шекердей сөзі бар.
Талай бекзат көріп ем,
Мыңын жисаң осының,
Жетпейді басқан ізіне. 730. Қаршыға сынды көкеңді
Қапа қылмай, қарағым,
Бір қарашы жүзіне.
Сонда Жібек сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Көке болмай жерге кір,
Салмаймын құлақ сөзіңе.
Бай тауып маған апкел деп
Қашан айттым өзіңе?
Жөндеп баққын малыңды,
740. Бет алдыңа сандалмай,
Жолама менің ізіме.
Екі тайға ұялмай
Мені сатып сыртымнан,
Не бетіңмен сөйлейсің,
Көрінбей жөнел көзіме!
Қаршыға сонда сөйлейді:
– Рас менің, Жібекжан,
Екі жорға алғаным.
Неге айтайын сөзімнің
Расын айтпай жалғанын.
750. Мақұл ма екен, Жібекжан,
Сөздің жөнін байқамай,
Өтірік жанжал салғаның?
Екі жорға мен алдым,
Төлегенге дос болып.
Нан, қарағым, сөзіме,
Көңілің маған хош болып.
Жолыңа сенің басымды
Бәйгіге тігіп мен келдім.
Сегіз күн ұдай жол жүріп, 760. Ерте көшіп, кеш қонып,
Басыңды көтер, Жібекжан,
Қайтпасын еңбегім еш болып.
Әлқисса, сонда Жібек ойлады «бұ Қаршыға адамсынып келген екен. Бұған көрінбесем ұят болар және әбден бетімді ашып отырсам тағы жарамас» деп, бетін бір ашып жарқ етіп көрініп амандасты да, қайтадан бетін жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп, жатып қалды. Қасында үш қыз бар екен. Сол уақытта Жібектің сипаты Төлегенге бұ сықылды көрінді.
Әлқисса, сондағы Жібектің порымын баян қылалық.
Қыз Жібектің құрметі,
Жаһаннан асқан сәулеті.
Ләйлі-Мәжнүн болмаса,
Өзгеден артық келбеті.
Үш қызы бар қасында-ай,
Өзі он төрт жасында-ай,
Кебісінің өкшесі
770. Бұхардың гауһар тасындай.
Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында-ай.
Қыз Жібектің дидары
Қоғалы көлдің құрағы.
Көз сипатын қарасаң
Нұр қызының шырағы.
Дүр жауһар сырғасын
Көтере алмай тұр құлағы. 780. Бой нұсқасын қарасаң,
Бектер мінген пырағы.
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай.
Ақ бетінің қызылы
Ақ тауықтың қанындай.
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай.
Білегінің шырайы
Ай балтаның сабындай. 790. Төсінде бар қос анар
Нар бураның санындай.
Оймақ ауыз, құмар көз
Іздеген ерге табылды-ай.
Өткірлігін байқасаң
Ұсталар соққан кетпендей,
Нұр тұқымын еккендей.
Екі ауыз сөз сөйлескен
Мұратына жеткендей.
Тірісі түгіл Жібектің 800. Өлігіне адам қайрылып,
Бетінен келіп өпкендей.
Қыз Жібекті Төлеген
Ақылменен танып тұр,
Көз мейірі қанып тұр.
Бейіштен жанған шамшырақ
Көзі жайнап жанып тұр,
Белі нәзік талып тұр.
Тартқан сымнан жіңішке
Үзіліп кетпей нағып тұр.
Әлқисса, енді Төлеген ойлады «жаһанда бұ сипатты ұрғашы көргенім жоқ еді. Енді мұны алайын» дейді. «Оған шейін бір-екі ауыз сөз сөйлесіп кетейін, бекер кеткенім жарамас» деп жамандауға тал бойынан тарыдай мін таба алмай, енді байлығынан һәм кемдік таба алмай, «кесірлі екенсің» деп айтайын деп Төлегеннің айтқан жауабы-дүр: 810. – Басыр, басыр, басыр-ау,
Аққа құлпы жасыл-ау.
Басыңды көтер, әй, Жібек,
Төлеген келді қасыңа-ау.
Қыз басыңмен алшақтап
Бүйте берме, әй, Жібек,
Жұртыңа тиер кесірі-ау.
Қыз Жібек мінген күймесін,
Күймеге тағып түймесін,
Қыз басыңмен алшақтап, 820. Бүйте берме, әй, Жібек,
Кесірің жұртқа тимесін.
Жібек сонда сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді:
– Олай болса, Төлеген,
Мен жайымды айтайын.
Ағыным судай ағады,
Халқым малдай бағады,
Жұртым қойдай қағады.
Менің қылған кесірім, 830. Саған кесір болса да,
Өзіме майдай жағады.
Жалғыз атты жолаушы,
Жақындамай әрмен тұр.
Үстімдегі кесірлер
Саған таман барады.
Ат байлаған шағыр тас,
Арқама біткен қолаң шаш.
Қайдан келіп кез болдың,
Қаңғырып өскен бір қубас? 840. Жалғыз атты жолаушы,
Кесірім ұрып кетпесін,
Қасыма келмей аулақ қаш.
Төлеген сонда сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді:
– Қыз Жібек мінген күймесін,
Күймеге тағып түймесін.
Қайдан білдің, Жібек-ау,
Іздеп келген Төлеген
Мал беріп сені алмасын,
850. Ал қойныңа енбесін,
Ақ төсіңе мінбесін?
Сонда Жібек сөйлейді:
– Жақсы айтасың, Төлеген,
Сіздей-сіздей әр жерден,
Неше жігіт келмеген.
Бәрі де айтқан, «Жібек-ау,
Сені алмасам» демеген.
Көбісі келмей шеніме
Бейдәркаһ болып жөнеген.
Келсең кел, шындап қасыма,
860. Шай мамығым басыңа,
Ап жатпас па едім қасыма.
Алуа, шекер беремін
Ішетұғын асыңа.
Келсең келгін, Төлеген,
Құрметім мұндай, мінеки,
Келмесең әрмен кете бер,
Бар дамбалым басыңа.
Әлқисса, енді Төлеген айтты: – Олай десең мен саған жеңген жерде сөйлесейін,– деп, атының басын бұрып алып, қайтып келіп, Қаршығаны басшы қылып жүріп, екі жүз елу ат сатып алды. «Осының бәрін бата аяққа берсем де құда болармын» деп, екі жүз елу жылқыны алдына салып айдап, Сырлыбай ханның артынан қуалап келе жатыр еді, алдынан он шақты жасауыл шыға келді. Сәлем берісіп, жол сұрасты. Онда жасауылдар айттылар: – Біздің ханымыз ашу қылып жатыр. «Қаршығаның қылып жүргені немене? – деп, – Менің сыртымнан билеп, Жібегімді бір қаңғырған жалғыз атты жолаушыға көрсетіп жүр,– деді, – Басын базарға салып, бұ қалай, ұялмай масқара қылып. Ол Қаршығаны жігітіменен алып кел. Екеуін де жазасын берейін деп біздерді жіберді, – дейді. Сонда Қаршыға айтты: – Олай болса жүріңдер, өзіміз де келе жатырмыз, – деп. Заулап ауылға жақын келген соң қараса, хан бектеріменен төбенің басына шығып отыр екен. Оны көріп Қаршыға айтты: – Біздер жасырынып тасада тұралық. Жолдастарыңменен өзің бар. Төлеген екеніңді біліп ашуланғанша өзі де жөнделіп қалар,– деп жіберді. «Бізді көрген соң ашуланып отырғанда жарамас» деп. Онда Төлеген жылқыны ауылының үстіне жая салып, төбенің басында отырған хан мен бектерге келіп, сәлем беріп, Төлегеннің айтқан жауабы:
– Болғанда айдай әлем, күндей күлем,
Аузымды ашсам денемнен қайнайды өлең. 870. Отырған мәслихат қып ақсақалдар
Сіздерге Төлеген кеп берді сәлем.
Сонда олардың Төлегенге берген жауабы:
– Уағалейкүмассалам, жаным балам,
Жүріпсіз ат жаратып бәрің тамам.
Келіпсіз ат сабылтып алыс жерден
Сөйлей тұр сөзің болса, шыраққанам.
Онда Төлеген сөйлейді:
– Ойлаймын келе жатып ақыл, айла,
Ойлаған ақыл, айла жанға пайда.
Ат сабылтып келеміз алыс жерден
Жібек сұлу дегеннің ауылы қайда?
Хан сөйлейді:
880. – Бәріңнің бір-бір бедеу мінісіңіз,
Ойын, күлкі сәулетпен жүрісіңіз.
Жібек сұлу дегеннің ауылы жақын
Бар еді, балам, қандай жұмысыңыз?
Төлеген сөйлейді:
– Көріп ем Қыз Жібектің бұрын түсін,
Бітпеген еш пендеге ондай пішін.
Қыз Жібек Төлегенге тимек болған,
Қаршекем арасында жүрмек болған,
Келемін ат шаршатып соның үшін.
Онда хан сөйлейді:
– Тіккені саудагердің қосы ма еді,
890. Ғайып ерен қырық шілтен досы ма еді?
Кешегі Төлегенді жамандаған
Көп дұшпан көре алмаған қасым ба еді?
Жібегім тисе тисін, өз теңі екен,
Кешегі айтқан Төлеген осы ма еді?
Жібегім Төлегенді көрген екен,
Жібекжан енді өлмесін білген екен.
Ризамын Қаршығама не қылса да
Кемітпей тең-құрбыдан жүрген екен.
Әлқисса, енді Төлеген айтты: – Хан, мен көп сөзді білмеймін, бата аяққа не аласыз?– дейді. Онда хан айтты: – Бата аяққа осы айдап [жүрген] жылқыңның бәрін аламын,– деді. Төлеген айтты: – Енді осындай жылқы қос деп айтады екен деп едім, бұған разы болсаңыз үйіңе бар, тойыңды қыл,– деді. Хан той қылмақ болып үйіне барды. Төлеген жігіттеріменен бір төбенің арғы жағына барып түсіп, шатырын тігіп, қанша өнерлі жігіттерді жиып алып ойын-күлкі қызықпенен жата берді. Кешіне қырық қатын жиылып «Жібекті Төлегенге алып барамыз» деп жеңгелік сұрады. Төлеген қатын басына бір жамбыдан берді. Бұ іске қатындардың ақылдары шығып, Жібекті үш күн аңдып қолдарына түсіре алмады. Алпыс қатындар Жібекті аңдып жата берсін. Ол ел алты арыс шекті деген ел еді. Алты арыс шектіден алпыс жігіт кеңес қылып айттылар: – Әй, жігіттер, Жібекті шыныменен жіберіп бекер қалғанымыз ба?– дейді. Енді біреуі айтады: – Жібек бізге тимейді, Төлеген тірі тұрғанда,– дейділер. Онда алпыс жігіт айтты: – Олай болса Төлегенді өлтірелік, – дейді,– онда қайтіп өлтіреміз, күндіз-түні қасынан думан тарамайды,– дейді,– онда Жібектің қасына алып барғанын аңдып тұралық. Сол уақытта қызбенен екеуі оңаша болады ғой, сонда өлтірелік,– деп уәде қылысты. Онда олардың бұ мәслихатын бір мүсәпір естіп келіп, Төлегенге баян қылды. Төлеген мұны естіп, дереу Қаршығаны шақыртты. Қаршыға келіп айтты: – Мені бір жұмысқа шақырдыңыз ба?– деп, онда Төлеген мұңайып төмен қарады. Сонда Қаршыға сөйлейді:
– Көлге біткен құрағым,
900. Суырылып озған пырағым.
Ақ орда болды кіргенің,
Қызық дәурен сүргенің.
Ешбір пенде көрген жоқ
Бұ күнде сенің көргенің.
Неге қапа боласың,
Біреудің тілі тиді ме,
Естісін айтшы құлағым.
Ертелі-кеш әр уақытта
Жад етемін пірімді. 910. Қорқып қалдым, Төлеген,
Көрген соң сенің түріңді.
Тірі болсам табайын
Көңіліңдегі кіріңді.
Неге маған мұңайдың,
Айтсаңшы, жаным, сырыңды?
Төлеген сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Әй, Қаршеке-ау, Қаршеке-ау,
Мен сырымды айтайын. 920. Құдай басқа салған соң
Сізге айтпай қайтейін?
Жібекке ғашық көп екен,
Едіреңдеген неме екен.
Еліңде қанша жігіт бар,
Іші толған кір екен.
Төлеген сендей мырзаны
Өлтіремін дер екен.
Жалғыз жатқан жерімде
Жазым боп кетсем қайтемін? 930. Қаршыға сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Асу да асу бел,– дейді,
Аса бір соққан жел,– дейді.
Төлеген болсаң сен,– дейді,
Кел соңымнан ер,– дейді.
Өлтіретұғын кім,– екен,
Кереметім көр,– дейді.
Базарбайдың Төлеген
Қаршығадай ақынның
940. Бұл сөзін мақұл көреді,
Алдырып атын мінеді.
Қаршығамен ілесіп,
Шаңқай түсте ауылға
Шатырдан шыға жөнеді.
Алты шекті елінде
Қаршығаға сенеді.
Иілмей тіпті бүгілмей
Ауылға жетіп келеді.
Сырлыбайдың алты ұлы 950. Алтауы бірдей бөрі еді.
Ең кенжесі Жиренбай,
Сол жылы түскен отауы,
Сонда келіп енеді.
Басшы болған Қаршыға
Кереметін көргізді.
Төлегенді атымен
Шаңқай түсте ауылға
Іркілместен жүргізді.
Жиренбай мырза үйіне, 960. Жаңа түскен отауға
Ертіп келіп кіргізді.
Әлқисса, бұларды шеттегі отауға кіргізіп, төсекті жайлап салып беріп:– Енді мен сіздерге қызмет қылайын,– деп шығып бара жатыр еді, Төлеген Қаршығаның етегінен ұстай тұра келіп айтқаны:
– Асу да асу бел,– дейді,
Аса бір соққан жел,– дейді.
Анықтап бүгін көрейін
Жібекті ертіп кел,– дейді.
Кеше бердім қос жорға,
Берейін бүгін үш жорға,
Бесеу қылып мін,– дейді.
Осы шаңқай тал түсте
970. Ертіп келгін Жібекті,
Айналайын, Қаршеке-ау,
Жігіт болсаң шын,– дейді.
Келген осы Қаршыға
Епті туған ер еді.
Ептіліктің белгісі
Жібекке жетіп келеді.
Келіп сөйлей береді:
– Айналайын, Жібегім,
Шыныдан аппақ сүйегің. 980. Осы емес пе еді Құдайдан,
Қарағым, сенің тілегің?
Басыр, басыр басыр-ды,
Аққа құлпы жасылды.
Қаршыға көкең келгенде
Көтергін, шырақ, басыңды.
Ат байлаған ақыр-ды,
Көк түскен жер тақыр-ды.
Шеттегі отау ішінде,
Жаңа түскен жеңешең, 990. Қарағым, сені шақырды.
Сонда Жібек сөйлейді:
–Ау, Қаршеке-ау, Қаршеке-ау,
Өзің шешен батырсың,
Шешендікпенен айтасың.
Кеше алдың қос жорға,
Бүгін алдың үш жорға,
Бәрі болды бес жорға.
Сыйғыза алмай Құдайға
Жазып бір келген кәпірсің.
Ау, Қаршеке-ау, Қаршеке-ау,
1000. Мінгенде атың қарагер,
Барайын өзім, бара бер.
Шақырғанда бармасам,
Қаршекем тілін алмасам,
Ақыр бір күн болармын,
Сол жігітке қызметкер.
Қаршыға сөзін есітіп
Жібек енді түйінді,
Асыл киім киінді.
«Шақырғанда бармасам, 1010. Қаршекем тілін алмасам,
Ақыр бір күн болармын
Сол жігітке сүйінді.
Абиыр алсын Қаршекем
Бармай қалсам қиын-ды».
Қаршығадан өзгеге
Жібектен жауап алмағы
Қиын қыстау іс еді.
Жібектің жайын сұрасаң,
Асып туған анадан 1020. Шаһизада кісі еді.
Кісі бойы кіреует
Алтын тақтың үстінен
Қояндай қарғып түседі.
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзі жалтылдап,
Алтынды кебіс шыртылдап,
Жүйрік аттай ойқастап,
Құнан қойдай бой тастап,
Қалмайын деп ұялып, 1030. Жан-жағын қарап байқастап,
Кер маралдай керіліп,
Сары майдай еріліп,
Тәңірі берген екі аяқ,
Бір басарға ерініп.
Үйден шықты Қыз Жібек
Көрінген көзге дүниенің
Баршасынан жиреніп.
Ауыл алды бел еді,
Белден көшкен ел еді. 1040. Атқан оқтай жылысып,
Ор қояндай ырғысып,
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сырт етіп,
Мықындары былқылдап,
Тау суындай құлтылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Буындары бұлтылдап,
Айдынды туған Қыз Жібек
Отауға қарап жөнеді. 1050. Ғашық жарын көрмекке,
Қызмет қылып бермекке,
Шаһизада Қыз Жібек
Жалт-жұлт етіп келеді.
Сол уақытта қарасаң,
Қыз Жібектің дидары
Нұр ішінде піскендей.
Қыз Жібектің екпіні
Бейіштен самал ескендей.
Қыз Жібекті бір көрген 1060. Шыбын жаннан кешкендей.
Сылдырлап Жібек жөнелді,
Неше түрлі сәулетпен
Іңірде шайтан көшкендей.
Құланнан атты құдықты,
Көлден тартты борықты.
Бір көрмекке ынтық боп
Төлеген мырза шондықты.
Талма түстің шағында,
Ақ отаудың ішінде, 1070. Айдынды туған Қыз Жібек
Төлегенге жолықты.
Моллалар басы қосылса,
Мәселе кітап оқыр-ды.
Насихатты жақсылар
Ақылменен тоқыр-ды.
Айдынды туған Қыз Жібек,
Төлегеннің мойнына
Асыла барып отырды.
Төлеген сонда сөйлейді, 1080. Сөйлегенде бүй дейді:
– Келдің, Жібек, қасыма,
Отыра кеттің асыла,
Кешегі сәлдең қай жақта
Той болады салсаң басыма.
Жібек сонда сөйлейді:
– Қынама бешпет қынадым,
Әзілмен сізді сынадым.
Сынамаққа бір сөзді,
Әзіл қылып айтып ем,
Әлі ұмытпай жүр ме едің
1090. Төлеген мырза, шырағым?
Екі ғашық қосылып
Әңгіме-дүкен құрады.
Екеуінің суреті
Ләйлі-Мәжнүндей болады.
Екі бекзат қосылып
Күндей балқып толады.
Екеуінің нұрына
Көрген жанның бәрі де
Тамаша қайран қалады. 1100. Ойын-күлкі сәулетпен
Жездеңіздің қасында,
Кеш батқанша отырды.
Кеш батқан соң апаңыз
Күйеуге төсек салады.
Төсекті жайлап салған соң,
Жатар мезгіл болған соң,
Жездеңіздің мойнына
Асыла барып құлады.
Ендігі сөздің қысқасы, 1110. Айтушы ердің ұстасы,
Біз де соны айтамыз
Бұрынғылардың нұсқасы.
Сығалап атқан ақ берен
Қалаған жерден ұрады.
Қаршыға ілген үйректей
Жұмарлап мойнын бұрады.
Төбетейін сындырды
Жібек сынды апаңыз
Жас құлындай шыңғырды. 1120. Саулы інгендей ыңқылдап,
Ұршығы қолда сылқылдап,
Екі ғашық қосылып
Көңілдері тынады.
Жібек байғұс орнынан,
Ақсай басып аяғын,
Жорғалап зорға тұрады.
Әлқисса, Төлеген үш ай жатып қалыңдық ойнап, бір күні еліне қайтпақ болды. Аттарын байлап қойып, сол күні түннен жүреміз деп жатқанда Жібек ұйықтап кетіп, түс көріп, түсінен шошып оянып, кіші жеңгесін шақырып алып:– Төлегенге барып айтқыл, жүрмесін, тілімді алса,– деп, бір сөз дейді.
Шақырып алды Қыз Жібек
Өзінің жақын жеңгесін,
Омырауда алтын теңгесін.
1130. Сырласатұғын жерінде,
Келтірмейді екен өңгесін.
– Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,
Мінезің еді өңгеше-ау.
Төлегенге барып кел,
Тілімді алса жүрмесін.
Ата-анасы бар ма екен,
Жал-құйрығы сай ма екен.
Иә, болмаса, Құдай-ай,
Бір қаңғырып өскен қу ма екен?
1140. Атасының аты кім болар,
Анасының аты кім болар.
Сұрап келгін, жеңеше-ау,
Қандай заман, күн болар.
Мен бір бүгін түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Төлеген мінген көк жорға ат
Ер-тоқымсыз бос көрдім.
Ел жайлаған Ақжайық,
Жағалай біткен бидайық. 1150. Алдымда жанған шырағым,
Біреу үрлеп өшіріп
Көзімнен болды сол ғайып.
Қолымдағы тұйғынның
Заулап келіп аспаннан,
Желкесін қиды бидайық.
Пендем десең, Құдай-а,
Бұ түс емес еді ғой
Көруге маған лайық.
Айналайын, жеңеше-ау, 1160. Төлегеннің мен білдім
Бір кеткен соң келмесін.
Жарық дүние опасын
Білдім көзге ілмесін.
Мұнан кетсе Төлеген,
Білгізді Құдай мен қуға
Бұ жерді қайтып көрмесін.
Мұндай қорлық, жеңеше-ау,
Тірлігінде Құдайым,
Еш пендеге бермесін. 1170. Базарбайдың Төлеген,
Ерте туған көбеген.
Жеңгесі келсе алқынып
Нағып жүрсің демеген.
Жеңгесі сонда сөйлейді:
– Айналайын, Төлеген
Бикешжан бүгін түс көрді,
Тілімді алсаң жүрмегін.
Атаңның аты кім болар,
Анаңның аты кім болар.
Айтып кеткін, шырағым, 1180. Қандай заман, күн болар.
Бикешжан бүгін түс көрді,
Түсінде жаман іс көрді.
Астыңдағы көк жорға ат
Ер-тоқымсыз бос көрді.
Ел жайлаған Ақжайық,
Жағалай біткен бидайық.
Алдында жанған шырағын
Біреу үрлеп өшіріп,
Көзінен болды сол ғайып. 1190. Тілімді алсаң жүрмегін,
Айналайын, күйеужан,
Құдайға біз де жылайық.
Төлеген сонда сөйлейді:
– Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,
«Түс – түлкінің боғы» еді,
Әрнеме деп күймеші-ау.
Жаратқан мені бір Құдай,
Өлім десе көңілім жай.
Атамның атын айтайын
Халқынан асқан Базарбай.
1200. Қой ішінде марқадай
Омырауда тіллә алқадай.
Шешем атын айтайын
Алпыс жасар Қамқадай.
Өліп кетсем артымда
Сансызбай атты інім бар
Жібегім неге қорқады-ай?
Жаман-жақсы болса да
Алланың болар әмірі.
Жалғыз ағаш кесілсе 1210. Қуарып қалар тамыры.
Олай-бұлай боп кетсем
Тоғыз жасар артымда
Жеткіншегім бар еді.
Қараша болып жауды қар,
Дұшпандардың пейілі тар.
Сәлем де, Жібек қорықпасын,
Өліп кетсем артымда Жібекті
Еш жаманға қор қылмас,
Сансызбай атты інім бар. 1220. Шын тілесе пендеге
Тәңірім тілек береді.
Көктемде мұнда келіп ем
Енді қыс боп келеді.
Елімнің ақын көсемі
Батыр Шеге дер еді,
Ақылға диқан кен еді.
Олай-бұлай боп кетсем,
Сансызбайға басшы боп
Еліңізге келеді. 1230. Тірі тұрса жанымыз,
Есен болса тәніміз,
Көктем шағы болғанда
Қазбенен бірге келем,– деп,
Не салса да Құдайым,
Жібек үшін көрем,– деп,
Жібекке дұғай сәлем,– деп,
Енді атына мінеді.
Жеңгесі менен Төлеген
Қол ұстасып қоштасып 1240. – Қош, Алла!– деп жөнеді.
Әлқисса, енді Төлеген неше мүдәт жолдар жүріп, аман-есен еліне келді. Атасы менен анасы қуанып той қылды. Тойдың үстінде жұрт жиылып отырғанда Базарбай баласынан жауап сұрады. Төлеген бәрін баян қылды. Базарбай айтты:
– Шырағым, қайныңа қашан барасың?– дейді. Төлеген айтты:
– Жазғытұрым барам,– деді. Атасы айтты:
– Шырағым мен бір тілек тілейін, бересің бе?– дейді. Төлеген байқамай: – Берейін,– дейді. Онда Базарбай айтты: – Берсең, қарағым, жолыңда жаным құрбан,– дейді,– ендігі жылы осы уақытқа шейін ол жаққа бармағын. Жыл өткізіп бар, тілегім осы еді. Берсең уәде қыл, – дейді. Онда Төлеген айтты: – Әй, ата, сізден қорқып айтып едім. Ешкімнің қызын көргенім жоқ. Ел елден артық болмайды екен, қыз жаратпай келдім,– дейді,– барма десеңіз ешқайда бармай-ақ қояйын. Қайным жоқ баратұғын,– деп үйден шығып кетті.
Онда Базарбай көп жұртына арыз қылып айтты: – Әй, жарандар, менің мынау балам тілегімді бермей кетті. Әгар қайнына баратынын білгенің маған ұстап бер,– дейді,– Әгар да біреуің қошемет қылып ерсең, мен тұзыма салып, теріс батамды беремін,– деді. Жұрт қарияның бұл сөзінен қорқып, ешкім Төлегенге ермейтұғын болды. Һәм көрсе ұстап бермекші болды. Онда Төлеген ер-тоқымын далаға сақтап, көк жорға атты далада бағып жүрді. Күндерде бір күн Төлеген қолына тұйғын алып, құсқа салып жүр еді. Аспаннан қаңқылдап екі қаз өте берді. Қараса жаз болып қалған екен. Көк жорға атты ерттеп, далада сақтап жүрген жүз мың тіллә, сегіз пұт күмісі бар екен, оны қоржынға салып алып, жалғыз інісі қасынан қалмай бірге жүр екен, оны елге хабар қылады деп атынан жерге алып тастап, өзі көк жорға атты мініп алып, Жайыққа қарап жөнелді.
Назым
Асып туған Төлеген
Жағалбайлы халқынан
Жабдықтап атын мінеді,
Гауһар, лағыл, алтыннан.
Жолдас ермей елінен,
Жалғыз өзі жөнелді,
Бір ғашықтың зарпынан.
Қаздың даусын есітіп,
Сабыр қылып тұрмады,
1250. Дүниеге мойын бұрмады.
Кетіп бара жатқанда,
Сансызбай жылап жүгірді
Төлегеннің артынан.
Рақымы түсті басына,
Көзден аққан жасына.
Қу бауырды қия алмай,
Қайрылып келді қасына.
Сансызбайдың Төлеген
Пәруана болды басына. 1260. Бала келді жүгіріп,
Аш күзендей бүгіліп.
Төлеген тұрды кете алмай
Көзінен жасы төгіліп.
Көзінен ағып қанды жас,
Қандай қиын бауырлас.
Төлегеннің сүйегі
Бордай болып үгіліп,
Алдына жылап келген соң,
Ат үстінен Төлеген 1270. Көтеріп алды алдына
Қабырғасы сөгіліп.
Әлқисса, сол халде Төлеген айтты, Сансызбайды бауырына қысып тұрып: – Қарағым, неге жылайсың, жылама. Жеңешеңді әкеліп беремін,– деді.
Сансызбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Жыламаймын, көкежан,
Өзің де енді жыламай
Көзіңнің жасын тый,– деді.
Жылап отыр ата-анаң
Сапарыңды қи,– деді.
Көп жолдаспен барсаңшы, 1280. Ел-жұртыңды жи,– деді.
Жалғыздың ісі қиын-ды,
Жалғыз қайтіп барасың?
Менің жайым мінеки,
Танымаймын ешкімді.
Сіз кеткен соң, көкежан,
Кемпір-шалдың қасында
Өзім жалғыз, өзім жас
Боламын кімге сый,– деді.
Бұ барғаннан келмесең, 1290. Қайғыменен қан жұтып,
Қобыз алып қолыма
Тартамын сонда күй,– деді.
Төлеген сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Айналайын, қарағым,
Жауға барсам жарағым,
Қабырғамда қанатым,
Артымдағы құйрығым,
Жетегімде жан атым.
1300. Айналайын, жылама,
Жібек сынды жеңгеңді
Ап келмекке барамын.
Пендесін Құдай қарғаса
Қабыл болмас тобасы.
Басыма менің түсіп тұр
Ғашықтықтың саудасы.
Айтып кеткен Жібекке
Жақындап қалды уағдасы.
Үйде, түзде болса да, 1310. Неден қашып құтылар,
Басы жұмыр пендесі.
Құдіретіне Алланың
Пенденің жоқ-дүр көнбесі.
Қай іске талап қылмайды
Жер бесікке кіргенше
Адамзаттың жамбасы.
Айналайын, Сансызбай,
Қолғанатым, құйрығым,
Судан шыққан сүйрігім, 1320. Суырылып озған жүйрігім.
Көрмей пенде қоймайды,
Жаратқан Қадыр Алланың
Тағдырда жазған бұйрығын.
Тірі болсам, қарағым,
Жеті айда келемін.
Ажал келсе Алладан
Үйде болсам да өлемін.
Амандық бер деп жолына
Құдайдан сен де тілегін. 1330. Кешіргей Алла пенденің
Ғасылық еткен қатасын,
«Тілімді алмай кеттің» деп
Бермеді әкем батасын.
Басыма Құдай салған соң,
Тоқтата алмадым ішіме
Ғашықтықтың қапасын.
Қыз Жібектің дертінен
Көрейін деп барамын
Мехнатты жолдың жапасын. 1340. Мен кеткен соң, қарағым,
Кемпір-шалға ие боп,
Ғинаят тіле Құдайдан,
Медет тіле пірлерден.
Ақылмен ойлап іс қылғыл,
Көзіңді кімге сатасың?
«Тілімді алмай кеттің» деп,
Ризалық әкем бермеді.
Әкемнен қорқып елімнен
Жалғыз жолдас ермеді. 1350. Сөзімді тыңда, қарағым,
Өзіңді Құдай жеткізсе,
Алып қойдым бәрін де
Ат-тұрман, сауыт, жарағың.
Олай-бұлай боп кетсем
Сенен өзге кімім бар
Алды-артыңа қарағын.
Мұратыңа жеткізсін,
Қарағым, сізді бір Құдай.
Көк бұйдалы тұлпар бар 1360. Биыл құнан, былтыр тай.
Қас қылмаса Құдайым,
Мінетұғын бас атың,
Шырағым, саған сайма-сай.
Ат болғанда мінгейсің,
Алтын балдақ, ақ семсер
Саған арнап соқтырып,
Салдырып қойдым қынапқа,
Аш беліңе ілгейсің.
Талап қылып әр іске 1370. Теңіңмен ойнап күлгейсің.
Бұ сөзімді тыңдағын,
Жеткіншегім Сансызбай,
Жақсыменен жанасып,
Жұрт қадірін білгейсің.
Бадана көзді кіреуке,
Тоғыз қабат көк сауыт,
Саған арнап соқтырып
Будырып кеттім кілемге,
Оны үстіңе кигейсің. 1380. Олай-бұлай боп кетсем,
Асыл туған Жібекті
Еш жаманға қор қылмай,
Өзің бір алып сүйгейсің.
Шағыңа Құдай жеткізсе
Үстіңе баса киіп ал,
Алтынды сауыт көбені.
Жау дегенде жайнатып,
Толғамалап қолыңа ал
Қозыжауырын жебені. 1390. Сапар шегіп жол жүрсең,
Жолдасын жауға алдырмас,
Басшы қылғыл Шегені.
Айтқаны болмас адамның
Алланың болар дегені.
Бұ сөзді айтып Төлеген
Сансызбайдың бетінен
Үш қайтара сүйеді.
Жерге алып қойып інісін
Қол ұстасып, қоштасып, 1400. – Қош, Алла!– деп жөнеді.
Бектер мінер сұр қасқа,
Шаба алмаса ұр басқа.
Батырлық, байлық кімде жоқ,
Ғашықтық жөні бір басқа.
Інісіменен қоштасып,
Базарбайдың Төлеген
Белін буды тұрмасқа.
Базарбайдың Төлеген,
Жайыққа қарап жол тартып, 1410. Алладан пәрмен тілеген.
Жайық пенен Теңіз арасы
Үш айшылық жол екен.
Үш айшылық жерлердің,
Қырық бес күндік ортасы,
Атырабы шөл екен.
Шөл жазира ішінде
Қособа деген көл екен.
Ұры, кәззап, қарақшы
Мекен қылған жер екен. 1420. Төлеген сынды мырзаның,
Шалығып келген уақытында
Соғып бір кетер кезі екен.
Атаңа лағынет Бекежан
Қыз Жібектің сыртынан
Көп ғашықтың бірі екен.
Баяғы алпыс жігіт қасында,
Төлеген енді келер деп,
Қособаның көлінде
Жолын тосып жүр екен. 1430. Төлеген тап сол күні келмесе,
Азықтары таусылып,
Қайтып бір кетер күні екен.
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартты борықты.
Арада неше қоныпты,
Тұлпардан туған көк жорға ат
Жүз күндік алыс жолынан,
Қырық бес күндік шөлінен,
Он жеті күн-түн су ішпей 1440. Шөлдеуменен зорықты.
Шөлдеген соң Төлеген
Атынан көңілі торықты.
Жақындап суға келгенде,
Бесін махал болғанда,
Базарбайдың Төлеген
Бір шұбалған шаңға жолықты.
Шаңға таман салады,
Қасына жетіп барады.
Алдынан шығып алпыс жау 1450. Төлегенді қамады.
Базарбайдың Төлеген
Алды-артына қарады.
Бесінде жаумен атысып,
Намаздігер болғанша,
Алдырмай кетіп барады.
Еркімен аты жеткен соң
Жау ортаға алады.
Сол уақыттар болғанда,
Жамандатқыр көк жорға ат, 1460. Шөлдеуменен зорығып,
Басын жерге салады.
Жау қамалап жеткен соң,
Атынан қайрат кеткен соң,
Базарбайдың Төлеген
Тәңірге қылды наланы.
– Құдіреті күшті Құдай-а,
Батар күнмен батайын,
Өзінен бұрын атайын.
Тым болмаса Құдай-а,
1470. Бекежанды өлтіріп,
Жастығымды ала жатайын.
Мұсылман болса бұ жаулар
Жақындап жауап қатайын.
Атым шаршап бұ жерде
Қайратым менің жасыды.
От болып жанған көңілім,
Су сепкендей басылды.
Жүгірмек өлім қылмаққа,
Он сегіз жаста алмаққа 1480. Жазып па едің Тәңірі жасымды?
Құдіреті күшті Құдай-а,
Алыстан жарға ғашық қып,
Әуреге салдың басымды.
Бұ сөзді айтып Төлеген
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды,
Садақты қолға алады,
Толғап тартып қалады.
Кірістен оғы кетеді, 1490. Топ арғынға жетеді.
Селдірлеген шетінен
Жетеуінен өтеді.
Енді оғын алғанша,
Қорамға қолын салғанша,
Атаңа лағынет Бекежан,
Арғыннан шыққан қу екен,
Әккі болған сұм екен.
Төлегеннің артында
Алпыс қадам жақындап, 1500. Бір қурайды паналап,
Жеткен екен жағалап.
Төлегенді атқалы
Жақындап келіп тұр екен.
Мылтыққа білте басады,
Әруағы оның асады.
Төлеген сынды мырзаның
Қанын судай шашады.
Қой боғындай қорғасын
Ажал болып жабысты. 1510. Атаңа лағынет Бекежан,
Жібермеді намысты.
Базарбайдың Төлеген,
Талықсып атта тұрғанда,
Қолтығынан сүйейтін
Таба алмады танысты.
Бекежан атқан жалғыз оқ
Маңдайдан келіп ұрады.
Алтынды сүйек Төлеген,
Алланың салған қорлығы-ай, 1520. Иттердің қылған зорлығы-ай,
Талықсып аттан құлады.
Жалғыздық түсіп басына
Қамығып сонда жылады.
Атаңа лағынет алпыс ит
Жанын өзі берсін деп,
Қорлықпенен өлсін деп,
Анталап келіп тұрады.
Әлқисса, сол халде Төлеген есін жиып алып, көзін ашып қарады. Көрді, өзі шалқасынан жатыр екен. Барша киімдерін тонап алып қойыпты. Сонда «тым болмасса көміп кетсеңші» деп Бекежанға қарап, «замандас емеспісің» деп бір сөз дейді.
Назым Төлеген
– Пұл жібердім қалаға,
Бейсағат күн, Құдай-а, 1530. Мен шығып па ем далаға?
Шығып едім жолықтым
Бұ сықылды бәлеге.
Қарға, құзғын жемесін
Жасыра кеткін жүзімді,
Замандас едім, жан аға.
Пұл жібердім бақшаға,
Қызыл тіл енді қақсама.
Қарға, құзғын жемесін
Жасыра кеткін жүзімді, 1540. Замандас едім, жақсы аға.
Төлегеннің тілдері
Осы сөзге келеді,
Екінші сөзге келмеді.
Атаңа лағынет, алпыс ит
Не айттың, сірә, демеді.
Бір баланың олжасын
Алпыс адам бөледі.
«Мал опасыз» деген сол
Төлеген мінген көк жорға ат 1550. Су ішіп әбден қанған соң,
Бір қарақшы астында
Ойнақтай басып жөнеді.
Әлқисса, сол халде Төлегенменен жерінен бірге шыққан алты қаз бар екен. Сол суға Төлеген қазбенен бірге келген екен. Қаздар суға қонайын десе, қарақшылар мылтық алып атайын деп қондырмады. Айналып ұшып жүргенде, Төлеген көріп, елінен бірге келген жолдасы хайуан да болса, «аһ, дариға» деп қоштасып, қаздарға қарап бір сөз деді:
– Әуелеп ұшқан алты қаз,
Етің шекер, сорпаң баз,
Атайын десем оғым аз.
Қонар болсаң жануар,
Міне майдан, міне саз.
Өлмеген құлға Құдай-а,
Болып қапты енді жаз.
1560. Әкемді айтып қайтейін,
Шешемді айтып қайтейін,
Мен кеткен соң, дариға,
Көкешім деп Сансызбай
Еркелеп кімге қылар наз?
Әуелеп ұшқан алты қаз,
Жерге түсіп қонбайсың.
Сіздер тірі, мен өлі
«Жатырсың нағып» демейсің.
Қасірет, қайғы халімді 1570. Неге келіп білмейсің?
Тілсіз мақұлық жануар,
Бірге келген жолдасым
Қасыма неге келмейсің?
Мұнан былай кеткенде,
Теңізге таман жеткенде,
Төбеге шықса белім деп,
Ойға түссе тізем деп,
Қартайған әкем Базарбай
Алдыңнан шығып жануар 1580. «Қарағым менің Төлеген
Көрдің бе» десе не дейсің?
Онан әрмен өткенде,
Үйге таман жеткенде,
Жая десе жал берген,
Шекер десе бал берген,
Майға салып нан берген,
Әр алуан дәм берген,
Алақандап өсірген,
Еркелік қылсам кешірген, 1590. Алпыс жасар сорлы шешем
Алдыңнан шығып жануар,
«Құлыным менің Төлеген
Көрдің бе» десе не дейсің?
Онан әрмен өткенде,
Малға таман жеткенде,
Қарға жүнді қаттасым,
Үйрек жүнді оттасым.
Таласып емшек еміскен,
Тай-құнандай тебіскен. 1600. Бір төсекте жатысқан,
Көп қызыққа батысқан,
Асық ойнап алысқан.
Өлгенін аға көре алмай,
Қолынан сусын бере алмай,
Арыздаспай, қоштаспай
Ажалым жетті алыстан.
Жалғыз інім, бауырым,
Қанатымда қияғым,
Табанымда тұяғым, 1610. Жылжымас жерден ауырым,
Алдыңнан шығып Сансызбай
«Көкешім менің Төлеген
Көрдің бе» десе не дейсің?
Сауытының көзі сетіліп
Сетіней кетті дегейсің.
Баратұғын жеріне
Жетпей кетті дегейсің.
Алтынды сауыт, шөже көз
Түймеден кетті дегейсің. 1620. Өлі екенін білмейміз,
Тірі екенін білмейміз,
Қособаның жонында
Қоса кетті дегейсің.
Маңдайынан аққан қан
Жоса кетті дегейсің.
Алтынды жабдық көк жорға ат
Бір қарақшы қолында
Босқа кетті дегейсің.
Қособаның жонында, 1630. Құс қонбас құла жапанда,
Жылай-жылай бір жалғыз
Дүниеден өтті дегейсің.
Төлегеннің тілдері
Осы сөзге келеді.
Ендігі сөзге келмеді,
Батқан күнмен қарайып
«Уа, дариға, Құдай» деп,
Лә иләһа илла Алла кәлима айтып,
Жұлдыз шыға Төлеген 1640. Ақырет сапар жөнеді.
Маңдайдан тиген жалғыз оқ
Желкеден ағып өтіпті,
Алланың жазған пәрмені
Ажалы бүгін жетіпті.
Айтып-айтпай немене
Сол секілді асылдар,
Кебіні жоқ, көрі жоқ,
Ит пенен құсқа жем болып,
Мұратына жете алмай, 1650. Арманда болып кетіпті.
Әлқисса, бұлар Төлегенді өлтіріп, атын, тонын алып, елдеріне келіп, еш адамға сездірмей жата береді. Сегізінші жыл болғанда бір күн Бекежан ойлады «Жібекті енді өзім алайын» деп. «Әуелі Жібекке Төлегенді өлтіргенімді естіртейін. Онан соң Жібек маған тимей кімге тиеді» деп ойлады.
– Өлгенін естімесе маған тимес,
Күдер үзсе өзгені, сірә, сүймес.
Білген соң анық менің ерлігімді
Өзі де Төлегенге қатты күймес.
Бұған мен бекер жерде естірпейін,
Жай жерде айтып шошытып кештірмейін.
Бір тойда айтысумен естіп қалсын,
Адамға оған шейін сездірмейін.
Мұны ойлап Бекежан той қылады,
1660. Жібекті алайын деп ой қылады.
Көк жорға атты сыдыртып жетіп келіп,
Тұсына кеп Жібектен сөз сұрады.
Көк жорға ат ерттеулі тұр алтын жабдық,
Көп жігіт жеңілген соң кетті қаңғып.
Бекежан түн болғанда айтыспаққа
Тұсына Қыз Жібектің келді аңдып.
Әлқисса, Бекежанның Жібекке айтқан өлеңі:
– Айтамын айт дегеннен ар ма, Жібек,
Ботасы өлген түйедей зарла, Жібек.
Кеткелі жаман жарың көп жыл болды,
1670. Хабары сол жездемнің бар ма, Жібек?
[Жіб е к:]
– Арасы екі ауылдың бүрген шығар,
Етегін түнде жүрген түрген шығар.
Артымда жеткіншегім жас деуші еді,
Айналып сұм дүниеге жүрген шығар.
[Бекежан:]
– Қыз Жібек, тарылтармын заманыңды,
Білмей жүрсің айырылып қалғаныңды.
Ат ізін сегіз жылдай бір салмаған
Мырза деп мақтай берме жаманыңды.
[Жібек:]
– Алаштың несін алып не бермеймін,
1680. Дүниеде тірі жүрсем не көрмеймін.
Арғында алты шекті алпыс мырза
Ізіне басып кеткен теңгермеймін.
[Б е к еж ан:]
– Айтамын айт дегенде әуелім жар,
Қыз Жібек әлі-ақ болар пиғылың тар.
Өліп қалған немеңді сонша мақтап,
Көк жорға ат астымдағы қылған бауыр.
[Жібе к:]
– Жоқ екен, әй, Бекежан, ақыл айлаң,
Қанеки, құрбы болып тиген пайдаң?
Атаңа алты лағынет, ит қарақшы,
1690. Көк жорға астыңдағы алдың қайдан?
[Б е к ежан:]
– Жол тосып Қособада жатып алдым,
Біреуді мергендікпен атып алдым.
Өзім батыр болған соң кімді аяйын,
Өлтіріп Төлегенді тартып алдым.
Қыз Жібектің жылағаны
Бекежанның бұ сөзі,
Мұңды болған Жібектің
Өкпесінен ұрады,
Өксіп-өксіп жылады.
Ғашық болсаң сондай бол. 1700. «Уа, дариға, Құдай» деп,
Керегені құшақтап
Етбетінен құлады.
Қыз Жібектің беттерін
Кереге көзі жырады.
Лажын таппай Қыз Жібек
Ішінен судай тынады.
Біреудің қуаныш тойы еді
Адыра талқан қылады.
Бекежанға сөйлейді:
– Атаңа лағынет, Бекежан,
1710. Көрсетпе маған түсіңді,
Бітіріпсің ісіңді.
Қайтіп көзің қиды екен,
Сол сықылды мүсінді?
Алдыңа Құдай келтірсін,
Маған қылған осыңды.
Атаңа лағынет, қарақшы,
Құдайым сені қарғасын.
Тәңірі мені жаратса
Қатын, балаң зарласын. 1720. Басыңа қиын іс түссе
Қасыңа досың бармасын.
Қыз Жібектің айласын
Бекежанның мен көрдім,
Осы жерде пайдасын.
Туыспай кеткір, алты аға,
Бармысың тойда, қайдасың?
Сырлыбайдың алты ұлы
Алтауы бірдей бөрі еді.
Отырған жылап Жібектің 1730. Тұсына жетіп келеді.
Қыз Жібектің тұсында
Бекежанды көреді.
Көк жорға атты таниды,
Бір сұмдықтың болғанын
Сонда бұлар біледі.
Бекежандай батырды
Енді ортаға алады,
Мойнына арқан салады.
Сүйретіп барып алтауы 1740. Төлегеннің жолына
Құрбандық қылып шалады.
Әлқисса, бұлар мұнда тұрсын. Ендігі сөзді Сансызбайдан есітіңіз. Сол халде Сансызбай он жеті жасқа келді. Төлегенді сағынып, бір күндері қару-жарағын киіп, Төлегенді іздемекші болып ойлайды «атамнан бата алып кетейін» деп атасына келіп арыз қылып айтқаны.
Он жасқа келген соң,
Сансызбай атқа мінеді.
Батасын алып кеткелі
Атасына келеді,
Келіп сөйлей береді:
– Айналайын, жан ата,
Ботаңның айтқан сөзіне
Құлағыңды сал, ата.
1750. Арызға келді балаңыз
Рұқсат бата бер, ата.
Айналайын, жан ата,
Көтергін бермен басыңды.
Төлегенді сағынып,
Қайғыменен қан жұтып,
Іше алмадым асымды.
Төлегенді іздейін
Жеткізді Құдай жасымды.
Мен Төлегенді іздейін, 1760. Жер шаршысын кезейін.
Жоқтаусыз кеткен лайық па,
Туған соң іні біздейін.
Разылық берсең, жан ата,
Ешкімге көзім сүзбейін.
Батаңды бергін, жан ата,
Тірі-өлісін білгенше
Күдерімді үзбейін.
Әлқисса, сонда атасы басын көтеріп:– Балам, ағаңды іздейін деп пе едің?– дейді.
– Құп іздейін, рұқсат бер,– дейді. Сол күнде атасының көзі көр болып, көңілі жер болып, Төлегеннің қасіретінен сәнаменен сарғайып, қайғыменен қарайып жатады екен. Сонда Сансызбайға: – Қолыңды жай, батамды берейін,– дейді. Әуелі Алла Тағала, екінші әнбие-әулиелерге аманат деп тапсырып, зар-зар жылап бір сөз деді.
Баласына қол жайып
Батасын берді Базарбай.
1770. Тұра келіп қол жайды
Әумин деп Сансызбай.
– Бақытын ашқын баламның,
Жаратқан Алла бір Құдай,
Патшасысың Құдай-а,
Он сегіз мың ғаламның.
Ғаршы менен Күрсінің,
Лаух пенен Қаламның.
Жаратқан Алла жар болып,
Бақытын ашқыл баламның.
1780. Балама менің рақым қыл
Қадір Алла Құдайым,
Құрметі үшін Кәламның.
Қызыр Ілияс қырық шілтен
Балама менің назар сал.
Адасса жолдан жаңылып
Тура бастап жолға сал.
Жазатайым сүрінсе,
Ғауыс, Ғияс әулие
Баһауаддин қолыңа ал. 1780. Жарандар, медет қыла көр
Сіздерсіз мен де жоқ-дүр хал.
Бір өзіңе аманат,
Тапсырдым мынау баламды,
Жаратқан Тәңірі Зұлжалал.
Разылық бермей жіберіп,
Төлегеннен айрылдым.
Қалыңға соққан қырандай
Қанатымнан қайрылдым.
Тасқа тиіп тұяғым 1790. Табанымнан тайрылдым.
Жол жүруге қимаған,
Бір сағаттай көрмесем
Дидарына тоймаған,
Төлеген сынды баламды
Ақырында Құдай-а,
Бір көруге зар қылдың.
Жұмла ғайып ерендер
Медеткер болғыл балама.
Үйде, түзде болса да 1800. Бұйрықтан адам қала ма?
Жолың болсын бар, балам,
Тапсырдым сені Аллаға.
Іздеп келгіл ағаңды
Екінші және тапсырдым,
Шарапатты өткен бабама.
Бұлайша деп ұлына
Батасын берді Базарбай.
Атасы рұқсат берген соң
Батасын алып Сансызбай, 1810. Рақым қыл деп бір Құдай,
Төлеген айтқан көк бурыл
Ат болған екен он жасар.
Піранменен белдіктеп,
Шұғаменен желдіктеп,
Мақпалменен терліктеп,
Айылын жұптап салады.
Жел тимейтін бауырға
Орай тартып қалады.
Ер Шегені басшы қып, 1820. Екеу ара үш тұлпар
Қос атқа бірін алады.
Амандасып айрылып,
Қоштасып жұрты қалады.
Төлегенді іздеп Сансызбай
Сапарға басын салады.
Жол көрмеген жас бала
Тәуекел Алла Құдай деп,
Әркімге Тәңірі пана деп,
Жайыққа кетіп барады.
Әлқисса, бұлар бірнеше күн жол жүріп Жайыққа келеділер. Ханның ауылын сұрап келе жатып, бір белге шықса, ханның ауылының үстінде жүрген атты адамның көптігіне есеп етіп бола алмастай. Енді мұны көріп мәнісін білейік деп бір қойшыға келіп:– Бұ жиылған атты қалай?– деп сұрадылар. Қойшы айтты:
– Ханымыз Сырлыбайдың Жібек деген қызы бар еді. Өзі жаһаннан асқан сұлу еді. Соның атағын естіп, қалмақтан Қорен деген хан шығып іздеп келді. Тоғыз мың әскерменен келіп «Жібекті маған беріңдер» деді. «Бермесең еліңді шабамын» деді. Соған ханымыздың халі келместей болған соң, қызын бермек болды. Енді Жібек атасына арыз қылды: «мені шыныменен кәпірге бермек болсаңыз, тым болмаса қырық күн той қылып отыз күн ойын қылып, ұзатыңыз» деді. Енді үшбу күнде той бітіп, ойын басталғалы үш күн болды,– дейді. Онда бұлар айтты:
– Ол Жібекті күйеуге берген бе еді?– дейді. Қойшы айтты:
– Төлеген деген жаһаннан асқан күйеуі бар еді. «Қособаның көлі деген жерде Бекежан қарақшы деген атып өлтіріпті» дейді.
Мұны естіп Сансызбай көз жасы атының жалына тізіліп, жылап жүріп кетті. Шеге артынан келсе Сансызбай жер бауырлап жылап жатыр екен. Сонда айтқаны. 1830. Сансызбай сонда жылады,
Көзінің жасын бұлады.
«Бауырың өлді» деген соң,
Неше мықты болса да
Қайтіп шыдап тұрады.
– Екеуміз бірдей жыласақ,
Жұбататұғын кім бар,– деп,
Шеге ақын сабыр қылады.
Бір жерлерге келгенде
Сансызбай аттан құлады.
1840. Құбылаға қарай бас қойып,
Мінәжәт айтып Аллаға,
Сәждеге басын салады.
Сонда жатып жылайды,
Жылайды да толғайды.
– Падиша туған көкешім,
Бұ дүниеден өтіпсің,
Шын дүниеге жетіпсің.
Мен мүсәпір ініңді
Қасіретке тастап кетіпсің.
1850. Жолбарыс қашар қалыңмен
Айқайлаған дабыстан.
Басыңа Құдай салған соң,
Көкешімнің ішіне,
Ғашықтық оты жабысқан.
Жаһан кезіп жүргенде,
Қыз Жібекті тауыпсыз
Осынша қиын алыстан.
Тапқаныңмен не көрдің,
Кебінің жоқ, көрің жоқ 1860. Жапанда жатып жан бердің.
Қайран да менің көкешім,
Ит пенен құсқа жем болдың.
Өлгенде жаудан өлмедің,
Ту байласып шабысқан.
Батырлар жауға шабады,
Қолына жасыл ту алып.
Төлегенді табам деп
Мініп ем атқа қуанып.
Бұ жерлерге келгенде, 1870. Дария шалқар көліміз,
Жер болып қалған суалып.
Қайран да менің көкешім,
Кебінің жоқ, көрің жоқ,
Ит пенен құсқа жем болып,
Жапанда қапсыз қуарып.
Айналайын көкешім,
Жүреріңде қимадым,
Тоқтатып алып қалам деп,
Шыбын жанды қинадым. 1880. Алтынды сүйек көкешім,
Атам менен анамның
Маңдайына сыймадың.
Өлгеніңді есітіп
Көзімнің жасын тыймадым.
Асылық қылмай сөйлейін,
Рахман атты Құдай-а,
Төлеген сынды пендеңнің
Жолдас қылғыл иманын.
Әлқисса, сол кезде Шеге келіп, атынан Сансызбайдың қасына түсіп, басын сүйеп тұрғызып алып «өткенге өкініш қылма» деп насихат қылып айтқаны.
Назым Шеге
– Айналайын, Сансызбай,
1890. Көлге біткен құрағым,
Суырылып озған пырағым.
Жасын тыйғын көзіңнің
Жыламағын, шырағым.
Рас болса өлгені,
Төлеген сынды ағаңның
Ұжмақтан жазсын тұрағын.
«Ноқталы басқа бір өлім»
Өкініш қылма өлімге,
Өз тілегің сұрағын. 1900. Бәрі де өлген ойласаң
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар.
Бұрынғы жаннан біреу жоқ,
Өлмей тірі кім қалар?
Қазаға разы болмаған,
Тәңірі алдына барғанда
Рахметтен нәумез құр қалар.
Өлімге қатты налиды,
Ғапылдықпен пенделер.
Шайтанға, сірә, өлім жоқ, 1910. Жақсылық тағы көру жоқ.
Өлмесек шайтан боламыз,
Рахметтен құры қаламыз.
Қарғысы тиген Алланың
Онан пенде не табар?
Қанаты бүтін сұңқар жоқ,
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ.
Алладан үкім келген соң
Өткінші өмір сұрау жоқ.
Құдай ісі болған соң 1920. Қанша айтсақ та бұру жоқ.
Айы біткен айында,
Күні біткен күнінде,
Дәм таусылса жүру жоқ.
Айналайын Сансызбай,
Құлақ салғыл сөзіме.
Тәңірі өзі айдады,
Ата-ана менен інісін
Көрсетпеді көзіне.
Жиылған қалың дүниенің 1930. Төрт түлік малдың бірісін.
Айдап барып Құдайым
Бұйырған жері топырақ,
Келтіріпті кезіне.
Құдай ісі амал жоқ
Зар болып қалдық мінеки,
Кешегі жүрген Төлеген
Басып бір кеткен ізіне.
Өкініш қылма өткенге,
Мүсәпір жолда жүргенде, 1940. Қуат берсін өзіңе.
Әлқисса, Шеге бұ сөзді айтып, Сансызбайды атқа мінгізіп, Шеге айтты: – Енді, шырағым, елге қайталық, көп елдің халі келмеген кәпір қалмаққа біздің де халіміз келмес. Төлегеннің өлгенін естідік, енді Жібекті ала алмаспыз, неміз бар?– деді. Онда Сансызбай айтты: – Шәке, ол не дегенің? Құдай Тағала нәсіп қылса Жібекті алып кетелік, болмаса жүзін көріп кетелік,– деді,– барыңыз, Жібекті тауып қандай жайда, қандай күйде отыр екен көріңіз. Онан мені шақырыңыз, мен де көрейін,– деді. Мұны айтып келе жатып өзі ойлады «бұ Шеге мені аяп жүрген шығар, не де болса әуелі кәпір, мұсылман араласқан тойы қандай екен. Мен өзім барып көріп келейін» дейді. Атын Шегеге беріп, өзі жүгіріп тойға келді. Келсе қалмақ, қазақ араласып ойын, тамаша қылып жатыр. Әр жерлерге келіп қарап тұрса, бір үлкен үйден зарлаған дауыс шығады. Ол адамның дауысын тыңдаса, Жібектің дауысы екен. Сол уақытта Жібектің айтып отырған зары ұшбу-дүр:
– Жайықтың суы лай-ай,
Көр болды көзім жылай-ай.
Төлеген сынды мырзадан
Айырдың өзің Құдай-ай.
Көргеннен-ақ қорқып ем
Көрінбегір түсімді.
Төлегеннен айырып
Оңдамаған екенсің,
Қадір Алла Құдай-а,
1950. Басынан-ақ ісімді.
Құдіреті күшті жан Алла,
Жаратсаң мені пенде қып,
Осы қалмақ алып-ақ
Құрта ма менің мысымды?
Жайықтан көшкен көп шекті
Қонады барып Тарбаққа.
Не пиғылмен Құдай-ай,
Іліндім мұндай қармаққа.
Жаратқан Ием Жаппар-ай, 1960. Пендең емес пе едім мен?
Шыныңмен нәсіп қылдың ба,
Нәсілі жаман қалмаққа-ай?
Әлқисса, бұ сөзді естіп, Сансызбайдың тап-тақаты қалмады. Қайтадан жүгіріп, Шегеге келіп «Жібектен бір жауап алып келгіл» деп айтқан сөзі:
– Айналайын, Шеге аға,
Артық туған ер аға,
Жібек сынды жеңгеме
Жұмсадым сізді мен, аға,
Дереу барып кел, аға.
Жалғыз-ақ арыз сөзім бар,
Қыз Жібектей жеңгемнен
1970. Бір жауап ап кеп бер, аға.
Жау жағадан алғанда,
Кіріптар қылып бәлеге
Кетпейін тастап сені, аға.
Жалғыз-ақ арыз сөзім сол
Шерменде болып Құдайға
Өтірік айтып келме, аға.
Батыр туған Шеге ақын
О да бір асқан ер еді.
Қолындағы тұлпарды 1980. Сансызбайға береді.
Жаяу басып Шеге ақын
Елге таман жөнеді.
Өлең айтқан ақ үйдің,
Тұсына таман келеді.
Тойдың ішін аралап,
Қалмақтың қалың әскерін
Тамаша етіп көреді.
Әлқисса, Шегенің келген уақытында Жібектің айтып отырған сөзі бұл екен. Шеге тыңдап тұра қалды.
– Әуелі бас қосқаным жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды. 1990. Өлгені Төлегеннің рас болса,
Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?
Тағы да бас қосқаным жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Сол елде сері жігіт жоқ па Тәңірі-ай,
Жесірін іздеп келіп неге алмайды?
Тағы да бас қосқаным жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Сол елді өзім іздеп кетер едім
Жіңішке әйел жолы таба алмайды. 2000. Мұны естіп ал сонда
Жібекті Шеге біледі,
Алладан пәрмен тіледі.
Ұмтыла басып Шеге ақын
Жібекке таман жүреді.
Қалың қолды қақ жарып,
Арық қойдай тырысып,
Бәзбіреумен ұрысып,
Бәзбіреумен жұлысып,
Өлдім-талдым дегенде, 2010. Қыз Жібектің тұсына
Шеге де жетіп келеді.
Әлқисса, сонда Шеге Жібектің тұсына келіп өлең айтады, қыздың тұсына өлең айтқан жігіттердей болып. Жібекке ешкім өлең айтпайды екен. Айтайын десе де батпайды екен, өзі қайғылы болып отырған соң. Енді Шегенің айтқаны:
– Жібекжан, ешкімнен туа бермес сіздей перзент,
Бітіпті хор қызындай саған келбет.
Тәуір сыйлап өлең жарқын айтқыл маған,
Адамға о да болса бір ғанимат.
Жібек:
– Басы екен өлеңімнің айым-қайым,
Бітеді қия тауға тал мен қайың.
Қашан өлең адыра қалған менен
Білмейтін қандай жансыз менің жайым?
Шеге ақын:
2020. – Көрдім де шырай жүзің көңілім толды,
Бейіштегі көреді сарай жолды.
Естіп ем осы тойды сіздікі деп,
Жарқыным, не себептен болдың мұңлы?
Жібек:
– Көргендей жол бейнетін жүзің сарық,
Тұсыма қалың топты келдің жарып.
Торға түскен тұйғындай пенде болып,
Айрылған ел-жұртынан мен бір ғаріп.
Әй, Шәке, мен көрмеген жан екенсіз,
Отырмын порымыңа қайран қалып. 2030. Нәсілің алыс жердің адамысыз,
Қай жақтан келіп тұрсыз арып-талып?
Шегенің сөзі:
– Бітіпті хор қызындай саған көрік,
Сүйегім әр сөзіңе барады еріп.
Жарқыным, қалайша боп түстің торға
Мәнісін айтыңызшы есітелік?
Жібектің сөзі:
– Алланың үкіміне жүрмін көніп,
Зар болдым жаққан шырақ отым сөніп.
Құдайым айырған соң қосағымнан,
Отырмын жау қалмаққа пенде болып.
Сауал Шеге:
2040. – Сары ағаш қиған сайын құм болады,
Замана жылдан-жылға сұм болады.
Қайын ата, қайын анаң қай ұрудан,
Аттары күйеуіңнің кім болады?
Жауап Жібек:
– Жақсының бал тамады тіл-жағынан,
Өлімнің кім құтылар қармағынан?
Алдында жүріп қызмет қылғаным жоқ
Қорқамын ат атауға ата-анам әруағынан.
Сауал Шеге:
– Жақсыға жаман адам, сірә, жетпес,
Жамандар жақсыларды басып өтпес. 2050. Сұрадым зәруратпен білмек үшін
Бір жолға атай қалсаң ештеме етпес.
Жауап Жібек:
– Қыз-бозбала жиылып,
Ертеңді-кеш тамаша
Әңгіме дүкен құруы.
Білгенімді мен айтсам
Сөзімнің болмас бұруы.
Қайын атам аты Базарбай
Жағалбайлы ұруы.
Төлеген оның баласы,
2060. Ілгері еді патшадан,
Ақылының данасы.
Қайран да, Тәңірім, қайтейін,
Болмады аз күн жүруі.
Төлегеннен айрылып,
Құрыды Құдай қылған соң,
Екі де жұрттың шарасы.
Ат ізін бір де салмады,
Жоқ па екен деп ойлаймын,
Сансызбай ердің санасы. 2070. Қой ішінде марқадай,
Омырауда тіллә алқадай.
Қайын енем атын айтайын
Алпыс жасар Қамқадай.
Қуантар ма екен Құдайым
Біздей ғаріп пендесін,
Қабағым неге тартады-ай?
Тірі болса Сансызбай
Жетер уақыты боп еді,
Біздей ғаріп міскінді 2080. Неге бір іздеп келмейді-ай?
Кешегі өткен Төлеген
Ақылға диқан кен еді.
Елімнің ақын көсемі
Батыр Шеге деп еді.
Қайтейін, қайтейін,
Қайсыбірін айтайын,
Кешегі өткен Төлеген
Айтқан бір сөзі көп еді.
Сонда Шеге сөйлейді 2090. Сөйлегенде бүй дейді:
– Асу да асу бел,– дейді,
Аса бір соққан жел,– дейді.
Мойныңды созып, Жібекжан,
Бері таман кел,– дейді.
Мен бір жауап айтайын,
Бұ сөзімді біл, – дейді.
Сансызбайға басшы боп
Іздеп келген өзіңді
Ақын Шегең мен,– дейді.
2100. Әлгі болған Қыз Жібек
Алдап жүрген біреу деп,
Бұ сөзіне сенбейді,
Шеге тағы сөйлейді:
– Шын айтқан сөзге нанбасаң,
Жарқыным, саған не дейін.
Бекер деп білсең шын сөзді
Қасыңа қайтып келмейін.
Дұшпан деп білсең досыңды
Қапалықпен өлейін. 2110. Мұсылманды қас көріп,
Жау қалмақты дос көрсең,
Расыңды айтшы, Жібекжан,
Ізімше қайтып жөнейін.
Сонда Жібек сөйлейді:
– Шын айтқан болсаң, әй, Шәке,
Соңыңда жүріп өлейін.
Ақылым танған уақытымда,
Кім екенін білейін.
Сансызбай қайда көрсетші,
Айналайын, Шәкежан, 2120. Сөзіңе сонда сенейін.
Ат байлаған ақыр-ды,
Көк түскен жер тақыр-ды.
Көп дұшпанның ішінде
Атын айтсам білер деп,
«Ат қосшым кел» деп шақырды.
Сансызбайдың тұрғаны,
Бір шақырым жер еді.
Ер Шегенің дауысын
Естіп, танып біледі. 2130. Асығып тұрған ер сабаз
Алла деп атқа мінеді.
Екі тұлпар жетелеп,
Ер Шегенің қасына
Іркілмей жетіп келеді.
«Жалғыз қайның келді» деп,
Батыр туған Шеге ақын,
Жібекке хабар береді.
Жарық алып Қыз Жібек
Сансызбайды көреді, 2140. Көріп сонда сөйлейді.
– Алтыннан соққан қияғым,
Күмістен соққан тұяғым.
Құдай қайдан ұқсатқан
Көкесіне сияғын.
Жаратқан Алла жар болып,
Жанды ғой өшкен шырағым.
Ашылсаңшы қабағым,
Өлгенім тіріліп келіп тұр,
Жарылсаңшы жүрегім.
2150. Жаратқан Ием жар болып,
Бергей де менің тілегім.
Сансызбайды көрген соң
Жібектің көңілі тояды.
Басындағы істерін ұмытып,
Қайғысын іштен жояды.
Көп дұшпанның ішінде,
Көрісуге жер қиын
Амандасып қояды.
Бір-біріне екеуі 2160. Көңілі әбден тояды.
Әлқисса, бұлар сонда амандасты,
Көңілі ғаріптердің судай тасты.
Сансызбайды Шегемен құрмет етіп,
Алдырып бір табақпен қойды асты.
– Ас жеген соң аттарыңа мінгіл,– дейді,
Ізіңмен кейін қайта жүргіл,– дейді.
Мені алғалы кеп жатқан жау қалмақтың
Екі тұлпар аты бар білгіл,– дейді.
Қарағаш кезеңінен жол асады,
2170. Сол жолда мені тосып тұрғыл,– дейді.
Құдай оңдап тұлпардың мінсем бірін,
Ертең түсте сол жерде көргіл,– дейді.
Біздің ел ертең тұра көшер деймін,
Түннен-ақ үйдің бауын шешер деймін.
Құдай біздің тілекті берсе әгар
Шырағы жау қалмақтың өшер деймін.
Екеуін жөнелтеді уағда қылып,
Көшеді ханның елі түннен тұрып.
– Бүгін көшке мінейін бір тұлпарын,
2180. Жүрейін деп қыздармен ойнап-күліп.
Жұмсады жеңешесін алып кел деп,
Қоренге бізден хабар салып кел деп,
Көңілімді көтерейін тұлпарменен,
Жеңгесін жібереді барып кел деп.
Әлқисса, жеңгесі келіп Қорен қалмаққа: – Бикеш сәлем дейді. Тұлпарының бірі берсін, көшке мінемін дейді,– деп еді, қалмақ: – Бикеш маған тимеймін деп айтады,– дейді,– атымды бермеймін,– дейді. Онда жеңгесі қалмақты алдап айтқан жауабы:
– Ау, күйеужан, күйеужан,
Еркелікпен қылады,
Бикештің сырын білесің.
Біле тұрып дұшпанның
Тіліне неге ересің?
2190. Бүгін көшке мінеді
Сандалкөкті бересің.
Бүгін күннің батысы,
Ақ отауға кіресің.
Ойын-күлкі, тамаша
Көп қызықты көресің.
Нұр сипатты бикештің
Кеудесіне мінесің.
Шытырасы алтын көйлегін
Басына таман түресің.
Сонда Қорен сөйлейді:
2200. – Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,
Мінгенде атың құла ма,
Алтынан жүзік бұрама.
Біреу жарлы, біреу бай
Бәрін де Құдай қыла ма?
Тимесе Жібек тимесін,
Сандалкөкті сұрама.
Тимесе Жібек тимесін,
Сандалды сұрап күймесін.
Ерлер мінер тұлпарды 2210. Әйелдер мінер бола ма?
Әлқисса, қалмақ атын бермеген соң, жеңгесі ыза болып, Жібекке жылап келді. Сонда Жібек ойлады «енді өзім барайын. Өзім барсам тұлпарды алып мінермін» деп, қасына он бес қызды ертіп алып, Қорен қалмаққа жүгіріп келді. Келе жатып өзі ойлады «Құдай Тағала тілегімді берер, қалмақтың кеудесін бастырар» деп ырым қылды және қыздарға айтты:
– Сіздер жездеңменен ойнасаңдаршы, – дейді. Сол халде Жібек Қоренге жетіп келді. Қорен Жібекті көріп, есі шығып балқып кетті, мас болды. Сонда Жібек айтты: – Атыңды мен сұрағанда неге бермедің?
Қорен айтты: – Мен сенен ат аяйын ба? Мен мұнда келгелі екі ай жарым болды. Сонан бері маған бір көрінбегеніңе өкпелеп бермеп едім. Енді қайсысын аласың?– деді. Жібек айтты: – Сандалкөкті мінемін,– деді. Қалмақтың екі тұлпарының екі ер-тоқымы бар екен. «Өз ер-тоқымы болмаса өзге ер-тоқым тұлпарға тұрмайды» деп өз ерін ерттеп берді. Қалмақ тұлпарды ерттеп жатқанда Қореннің төсегінің жанында тығулы он бес құлаш ақ семсері бар екен, Жібек ішінен беліне байлап алды. Атты қалмақ ерттеп болғанда, жылдам атқа мініп алып, тізгін, шылбырын қолына алғанда, көңілі тасып кетіп, қалмаққа қарап айтқаны:
– Атаңа лағынет, хан Қорен,
Хандығың сенің қайда бар,
Алдауменен бердің атты әрең.
Тәңірі берсе қолыма
Жерге бір сені таптар ем.
Сандал сынды тұлпарың,
Қынабы алтын қырқарың,
Иә, сенікі, иә менікі,
Тұзымды Құдай көтерсе
2220. Мұнда жоқ сенің тең парың.
Атаңа лағынет, хан Қорен,
Ұғып тұрғыл сөзімді.
Ұлық біліп сен тұрсың
Осы күнде өзіңді.
Ердің бағын Тәңірі ашса
Қарға, құзғын, шыбынға
Шұқытармын көзіңді.
Атаңа лағынет, қу қалмақ,
Тұрмайын сенің қасыңда. 2230. Аламын деп келіп ең
Адырайып басында.
Тәубе еттім Құдай-а,
Күнәһаршылық асыға.
Әуелінде амалсыз
Үкіміңе көнген ем.
Тілеуді Құдай бергені
Сандалкөкті мінгенім.
Ит қалмақ көзің ағарды
Ақымақтықпен білмейсің, 2240. Ажалыңның келгенін.
Әлқисса, Жібек мұны айтқаннан кейін көңіліне түсіп, «асылық сөйлеп, жібердім бе?» деп тәубе қылып, бір сөз деді:
– Тәубе қылдым Құдай-а,
Қаталық сөзім кешіргіл.
Жүзіне лағынет кәпірдің
Шырақ отын өшіргіл.
Тәубе қылдым жан Алла,
Тәуекел қылдым өзіңе,
Не қылсаң да өзің біл.
Әлқисса, Жібек бұ сөзді айтып, Алла Тағалаға сыйынып, атының басын бұрып жүріп кетті. Тұлпарының етін қыздырып алайын деп, олай-бұлай орғытып шапты. Сонда Қорен қалмақ Жібекті көріп, «тұлпарының еті қызған соң алып қашып, жығып кетер ме екен» деп, қазмойынды қара тұлпарды ерттеп мініп, Жібекке келе жатыр. Һәм семсерін алайын деп келе жатып, Қорен қалмақтың айтқаны:
– Япырым-ау, япырым,
Байқадың ба бозбала, 2250. Қыз Жібектің ғапылын?
Көксандалды жүгіртер
Қыз Жібек менің қатыным.
Басы қатты сандалкөк
Тастап кетіп жүрмесін.
Айналайын, Жібек-ау,
Ақырын шапшы, ақырын.
Әлқисса, сонда Жібек келе жатқан қалмақты көріп ойлады «бұл қалмақтың маған қылайын деп келе жатқан ісі болса, оны ұмыттырып жіберейін» деп, алдынан шығып Қоренге қарсы келіп айтты:
– Әй, тақсыр, сіз неше атаңыздан бері хансыз. Хан болған өз басыңыз ба, атаңнан бері хансыз ба?– дейді. Онда Қорен айтты:
– Мен жеті атамнан бері ханмын,– дейді. Онда Жібек айтты:
– Сен хан болмай, жерге кір,– дейді,– хан кісі сіздей бола ма? Бойында биттей билік жоқ, шын дегдар хан болсаң, мен сіздің қатын болсам, көш жөнекей құл-қойшыға ұқсап неге менің қасыма келесіз,– дейді,– Бұ жерде тұрмаңыз. Ілгері барып шатырыңызды тіккізіп жатыңыз, біз көшпенен барамыз,– дейді. Онда Қорен айтты:
– Мен сенің қасыңда жүрмеймін. Әншейін мына тұлпардың еті қызса алып қашып кетеді. Соны айтайын деп келдім. Семсерімді өзіме бер,– дейді. Онда Жібек айтты: – Міне, сенің ақымақтығыңмен мына елдің көңілін сескендірейін деп қылып жүрмін. Бізді кешіктірмей жөнелтсін деп. Түнеугіден бері өз ақылыңмен жүрдің ғой, енді жүре бер,– дейді. Онда қалмақ иланып: – Ендеше мен ілгері барайын. Намаздігерден кейін қалдырмай атымды өзіме бер,– деп жүріп кетті.
Жібек атының басын бұрып, артына қараса, Жібектің сәукелесін кіші жеңгесі киіп бара жатқанын көріп, «қыздың көзі қызылда» деген, дүниелік қандай, сәукелесін ала кетейін деп жеңгесіне келіп, Жібек сәукелесін сұрады.
– Асу да асу бел,– деді,
Аса бір соққан жел,– деді.
Айналайын, жеңеше-ау,
2260. Бері таман кел,– деді.
Мен бір жауап айтайын
Бұ сөзімді біл,– деді.
Басыңдағы сәукеле
Алып маған бер,– деді.
Ақыр ертең киемін,
Бүгін көшке киейін.
Жарасар ма екен, жеңеше-ау,
Өз көзіңмен көр,– деді.
Қыз Жібектің бұл сөзін 2270. Жеңгесі мақұл көреді.
Басындағы сәукеле
Жібекке алып береді.
Қолына Жібек алады,
Асыл гауһар тастарын
Бытырлатып үзіп ап,
Жанқалтаға салады.
Атының басын бұрады,
Қашығырақ тұрады.
Айтуға бармай ауызы 2280. Сонда бір Жібек жылады,
Жылап тұрып сөйлейді.
– Айналайын, жеңеше-ау,
Мінезің еді өзгеше еді-ау.
Сапар тартым алысқа
Барасың қайда демеші-ау.
Жаратқан бәрімізді Алла Тағалам,
Қолында молдалардың дәуіт қалам.
Піруәрдігер жар болса,
Алыс жолға барамын
2290. Айтыңыз ата-анама дұғай сәлем.
Тұзымды Құдай көтерсе,
Ниет қылдым алыс жол.
Мұндай істі қылмас ем
Қорен қалмақ алғалы,
Қамап жатыр қалың қол.
Көп кешікпей кетейін,
Ел-жұртқа дұғай сәлем де,
Жеңеше-ау, өзің аман бол.
Жеңгесі сонда сөйлейді:
– Айналайын, бикешжан,
2300. Мінген де атың пырағың.
Қалай талап қылсаң да
Ашылсын сенің мұратың.
Бағыңды Құдай ашқай деп,
Кәпірдің көңілін басқай деп,
Мұсылманға қосқай деп,
Ертеңді-кеш Құдайдан
Зар қылып мен де сұрадым.
Мән-жайыңды айта кет,
Барасың қайда, шырағым?
Жібек сонда сөйлейді:
2310. – Тұлпар мініп астыма,
Асындым алмас беліме.
Тұлпардың қалған тұяғы
Сансызбай іздеп келіпті.
Тілекті берсе Құдайым,
Қосылайын деп мен тұрмын,
Басында қосқан теңіме.
Барайын деп мен тұрмын,
Жеңеше-ау, қайтіп көнемін
Қу кәпірдің кеміне? 2320. Жеткізсе Құдай мұратқа,
Қалмақтың көзі ағарсын,
Нан пісіп тұрған деміне.
Талап қылдым, жеңеше-ау,
Осылай қиял қылмаққа.
Тұлпар мініп жол тарттым,
Басымды жолға салмаққа.
Тәуекел қылдым Аллаға,
Қайтіп қатын болармын,
Құдайымның дұшпаны, 2330. Нәсілі жаман қалмаққа?
Дінсіз жауды кез қылып,
Басыма салды ғаламат.
Басында Жібек атанып,
Кәпірге қатын болғаным
Есіткен жұртқа мәләмат.
Ақ сүтін кешсін анамыз,
Разы болсын атамыз,
Ел-жұртқа дұғай сәлем де,
Жеңеше, болғыл сәламат. 2340. Мұнан кейін Қыз Жібек
Басқа сөздер демеді.
Атының басын бұрады,
Уағда қылған Қарағаш
Бет қоя соған жөнеді.
Кетерін анық білген соң,
Атының басын бұрған соң,
«Сансызбайға сәлем деп,
Қош-аман бол, бикеш» деп,
Жеңгесі тұрып жылады. 2350. Жөнеді Жібек жөнеді,
Шеге менен Сансызбай,
Ағашқа шығып екеуі,
Қарауылдап тұр еді.
Келетін Жібек қарасын
Сансызбай, Шеге көреді.
Табан жолмен тартысып,
Ауыздықпен алысып,
Ұшқан құспен жарысып,
Маядай мойнын созады. 2360. Тарта-тарта Жібектің
Алақаны тозады.
Томарша жерден сырғытып,
Ойпаң жерден ырғытып,
Жарлау жерден орғытып,
Әне-міне дегенше,
Ашып көзді жұмғанша,
Сансызбай мен Шегеге
Ұйтқып бір заулап келеді.
Жомарттықпен бас кескен, 2370. Бір Алланың досы деп,
Бұрынғы жолы осы деп,
Аттан түсіп Қыз Жібек
Шегеге сәлем қылады.
– Ашылсын, балам, бағың,– деп,
Тәңірі болсын панаң,—деп,
Ер Шеге бата береді.
Жетелеп атын жаяулап,
Майпаңдап қаздай баяулап,
Қасына Жібек келеді. 2380. Бірін-бірі көрген соң,
Шүкір қылып Аллаға,
Енді атына мінеді.
Екеу еді үшеу боп
Алла деп елге жөнеді.
Елге қарап «шүу» деді,
Өңкей тұлпар мінгені,
Соққан желдей гуледі.
Шапқанда Жібек озады,
Сансызбайға «жүр» деді. 2390. «Жете алмаса өз атың,
Сандалкөкті мін» деді.
Ар көріп бала бойына
Жібектің атын мінбеді.
– Жүре бер, Жібек, жүре бер,
Мінетін жерге Құдайым,
Жеткізсе біздей ғаріпті,
Мінермін сонда мен,– деді.
Әлқисса, бұлар бара тұрсын. Ендігі сөзді Қорен қалмақтан естіңіз. Намазшам болған соң: – Атымды беріп жіберсін,– деп кісі жіберді. Бұлар айтты: – Атыңды білмейміз, қайда?– дейді. Қалмақ айтты: – Жібек мінген,– деп. Бұлар қараса, аты түгіл Жібек һәм жоқ. Енді бұлар ойлады. «Жібекті атыменен еліне жіберген екен, енді бізден несіне сұрайды» дейді. «Шынын айтса да біз не қыламыз» дейді. Бұ сөзге қалмақ ашуланып, әскерін шақырып, елін шаппақ болып, ханның ордасына келді.
Кеш болған соң хан Қорен
Қайда деп атын сұрады.
2400. Бұлар солай деген соң,
– Атымды шапшаң тапқын,– деп,
Тауып берсең атымды
Тыныш ұйықтап жатқын,– деп,
Атым менен Жібекті
Қазір тауып бермесең,
Қайратыма баққын,– деп,
Жиып алып әскерін
Қаһарланып қу қалмақ
Айғай салып ақырып,
2410. Қораға келіп тұрады.
Заһарынан қорқып қалмақтың
Қатын менен баласы,
Ел-жұрты шулап жылады.
Әлқисса, Сырлыбай хан сонда өзі барып айтуға ар қылып, Қаршығаға айтты: – Сіз барып қалмаққа жөнін айтыңыз,– деп.
Осы жүрген Қаршыға
Жауапқа шешен ер еді.
Ерлігінің белгісі
Қаһарланған қалмаққа
Іркілмей жетіп келеді.
Жан батпаған кәпірге
2420. Сүрінбей жауап береді.
– Мен айтайын бір жауап
Сөзімді, тақсыр, тыңдаңыз.
Әйтеуір әлім келед деп,
Қисынсыз қаһар қылмаңыз.
Жасырған болсақ Жібекті
Сонан соң, тақсыр, шындаңыз.
Ашуыңды басыңыз,
Қосыңа барып түсіңіз.
Алып-қашып кеткен-ді,
2430. Тұлпар ізі жоғалмас
Даладан ізін кесіңіз.
Жасыратұғын Жібекті
Бар ма еді әлде қасыңыз?
Мың кісіге барабар,
Бір өзіңнің басыңыз.
Хандығыңда мінің жоқ,
Өзіңіз, тақсыр, ойлашы,
Дұрыс па қылған осыңыз?
Хан болсаң да, тақсыр, айтайын, 2440. Әйелге тұлпар мінгізген,
Өзіңіз иттің насыңыз.
Жібектің аты ұрғашы
Тұлпардың сырын білесің.
Біле тұрып әйелге
Тұлпарды неге бересің?
Өзің беріп атыңды
Елден неге көресің?
Қатты айтуға батпаймыз,
Ел билеген төресің. 2450. Өз мініңді ойламай
Тентектік қылып, күйеужан,
Алмағыл елдің зәресін.
Әлқисса, сонда қалмақ айтты: – Маған бағана неге осылай деп айтпайсыздар. «Жібекті еліне өзі жөнелтіп жіберген екен, бізден неге сұрайды» дегеніне ашуланып едім. Рас, қайда барса да менім сандалкөгім шапса ізі жер ошақтай болып, жер қазылып қалады. Өзім ізін танимын,– деп, қосына қайтып барып жатты. Таң атқанша шыдай алмай жатып, таң сарғая атына мініп, қалмақтар із қарады. Жұртқа барғанда ізін тауып алып, Мойынасуға барғанда тұлпардың ізі төртеу болды. Онда қалмақ Қорен әскерді бөлді. Екі мың жеті жүз кісіменен қуа береді. Өзгесін «біз келгенше осында тосып жатыңыздар» деп қойып кетеді. Қаршығаны басшы қылып, жиырма кісі қазақтан басшы алды. Алты күн қуып, жете алмаған соң Қорен өзі жалғыз қуды.
– Мен барып жауды түсіріп, өлтіре тұрайын, – деді, – мен барып жауды өлтірген соң, алдыңнан қайтып шығармын. Еліне барғанша жеткізбесе сіздер келгенше мен тосып жатайын. Елін «бұрқым бақшы» болса да шауып қайтармыз,– деп, «шүу» деді.
Жөнеді қалмақ жөнеді,
Шылбыр ұрып келеді.
Көк қабандай арсылдап,
Тебінгісі тарсылдап,
Құйысқаны сартылдап,
Аузынан аққан ақ көбік
Омырауда балшылдап,
2460. Қазмойын қара тұлпарды
Сауырға сипай қамшылап,
Сауырыннан аққан тер,
Көктен құйған тамшыдай,
Борбайынан тамшылап.
«Шүу» десе қалмақ дауысы
Тастүлек құстай шаңқылдап.
Кәпір қалмақ жөнеді,
Қаһарланып келеді.
Дәл он бір күн болғанда, 2470. Сансызбайдың қарасын
Қорен қалмақ көреді.
Келетін кәпір қалмақтың,
Күндік жерден қарасын,
Жібек бір болжап біледі.
Кәпір қалмақ жетті деп,
Басымнан дәурен өтті деп,
Сансызбай мен Шегеге
Жібек бір хабар береді.
Толғана мойнын бұрады, 2480. Алладан дәрмен сұрады.
Жібек пенен Шегені
Ілгері қарай жөнелтіп,
Келетін кәпір қалмақтың
Жолын тосып Сансызбай,
Көлденең тартып тұрады.
Өзі ілгері барған соң,
Жау бетінде жас бала
Жалғыз тұрып қалған соң,
Мұңлы болған Қыз Жібек 2490. Бір төбеге барады,
Құбыла жаққа қарады.
Көксандалдың шылбырын
Мойнына орап салады.
Бір Құдайға зар айтып,
Мінәжат қылып сол жерде
Қыз Жібек қылды наланы.
– Құдіреті күшті Құдай-а,
Басымнан кетті сәулетім,
Жүзімнен кетті әуретім.
2500. Сақтаған Құдай көп екен
Маған деген дәулетін.
Ажалым жақын таянып,
Жетті ме енді нәубетім.
Бір сайқалдың жолында,
Құртамысың Құдай-а,
Бір бейшара жанның әулетін.
Әуелі қолдан Құдай-а,
Рахметіңнен құтылдым.
Ақырында Құдай-а, 2510. Не пиғылменен тұтылдым.
Қайтадан қолға тұс болсам,
Не болар менім сықылым.
Бір сайқалдың жолында,
Құртамысың Құдай-а,
Бір бейшара жанның тұқымын.
Бұлайша деп Қыз Жібек
Зарланып қатты жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Мұңлы болған Жібектің 2520. Тәубесін қабыл қылады.
Қылғаны қабыл емес пе,
Аз кідірсең қызығы
Арт жағында болады.
Сол уақыттар болғанда
Әне-міне дегенше,
Айтып ауыз жиғанша,
Сансызбайдың қасына
Қорен жетіп келеді.
Келіп сөйлей береді: 2530. – Қарсы алдыңнан қарасам,
Жасың кіші баласың,
Оттай қаулап жанасың.
Менің атым хан Қорен
Неден үміт қыласың?
Мен жайымды сөйлесем,
Ақылыңды танасың.
Жібек менің қатыным
Қай жаққа алып барасың?
Жібекті ілгері жіберіп, 2540. Мойныңды маған бұрасың.
Соғысатұғын кісідей
Көлденең тартып тұрасың.
Меніңменен соғыссаң,
Құдайыңа барасың.
Соғысар болсаң жөніңді айт,
Нағылып жүрген баласың?
Сансызбай сонда сөйлейді:
– Қорен қалмақ сен болсаң,
Сансызбай бала мен едім,
Мен де өзіңдей кен едім.
2550. Жібек сынды жеңгемді
Елімнен іздеп кеп едім.
Жеңгемді тауып алған соң,
Медет тілеп Алладан
Еліме алып жөнедім.
Артымнан келе жатқан соң,
Нағылып жүрген адам деп,
Білейін сені деп едім.
Мұсылман болсаң саған мен
Болайын жолдас деп едім. 2560. Нәсілің кәпір жау болсаң,
Алла тізгінді оңдаса,
Жаһаннамдағы орныңа
Жіберейін деп едім.
Сонда қалмақ сөйлейді:
– Асу да асу бел,– дейді,
Аса бір соққан жел,– дейді,
Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі,
Бұ сөзімді біл,– дейді.
Қарсы алдыңнан қарасам 2570. Жасың кіші жас ұлсың
Кезегімді бер,– дейді.
Сансызбай атты жас берен
Толғана мойнын бұрады,
Алладан пәрмен сұрады.
Қашатұғын қатын ба,
Кезегін беріп қалмақтың
Қасқайып қарап тұрады.
Атаңа лағынет қу қалмақ
Қорамсаққа қол салды, 2580. Бір салғанда мол салды.
Садақты қолға алады,
Толықсып тұрған баланы
Толғап тартып қалады.
Кірістен оғы кетеді,
Сансызбайға жетеді.
Тоғыз қабат сауыттың
Сегізінен өтеді.
Жыртыла жазды сауыттың
Қатарланған жығасы. 2590. Сансызбайдың жасынан
Қабыл еді тобасы.
Өтер еді мұнан да,
Жібермеді бұ оқты
Ғауыс, Ғияс қырық шілтен
Болған екен панасы.
Бұрын жауды көрмеген
Сансызбай сонда жылайды:
– Қор қылма,– деп,– кәпірге,
Алладан пәрмен сұрайды. 2600. Рақым қылса бір Құдай
Пенденің несі құриды.
– Құдіреті күшті Құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Рақым қылғыл Құдай-а,
Көргенім жауды осы еді
Қайратымды сынайын.
Құдіреті күшті Құдай-а,
Батар күнмен батайын,
Қалмақты мен де атайын.
2610. Рақым етсең, иә, Алла,
Қу қалмақты өлтіріп
Қызығына батайын.
Мен құлыңның кешіргіл,
Пазылың бірлән иә, Алла,
Ғасылық еткен қатасын.
Бұлайша толғап Сансызбай
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды.
Садақты қолға алады, 2620. Толықсып тұрған кәпірді
Толғап тартып қалады.
Зырқырай оғы кетеді,
Қалмаққа таман жетеді.
Көкірек қысқан көбеден,
Қармаулы қабыл жебеден,
Зырлауменен өтеді.
Мұнан да өтіп кетеді,
Бір төбеге жетеді,
Үй орнындай бір жерді 2630. Төңкере тастап кетеді.
Оқ тоқтаған кезінде
Қорен аттан құлады,
Туы қолдан құлады.
«Ла-лай-лама- лоқы» деп,
Бәлем қалмақ сұлады.
Жығылған соң қалмақтың
Қасына жетіп барады.
Ат үстінен қылышпен
Денесінен жұда қып, 2640. Басын кесіп салады.
Қазмойын қара тұлпарды
Жетегіне алады.
– Тоқтағын, Жібек, тоқта,– деп,
Менде көңілің жоқ па?– деп,
Айғай салып Сансызбай
Жібекке атой береді.
Атой беріп жүргенде,
Шеге мен Жібек көреді.
Қуаныш қылып тұрғанда
2650. Сансызбай жетіп келеді.
Шүкір қылып Аллаға,
Кәпір жаудан құтылып,
Бірнеше күн жол жүріп,
Еліне аман келеді.
Ата-анасын қуантып,
Қырық күн ұдай той қылып,
Сансызбай Жібекті алады.
Сипатын көріп Жібектің
Ел-жұрты қайран қалады. 2660. Бір Құдай әр пендеңді өзің оңда,
Айналды жұлдыздары енді оңға.
Түс көрді Жібек түнде ұйықтап жатып,
Айтады Сансызбайға тұрып сонда.
– Түсімде бір топ қарға көрдім,– дейді,
Соңынан бір тұйғынның ердім,– дейді.
Тұйғын қырып сап қылды көп қарғаны
Қызығын тамаша қып тұрдым,– дейді.
Сонда Сансызбай түсін жорыды:
– Қалмақтың көп әскері келеді екен,
Құдай біздің тілекті береді екен. 2670. Қарға қырған тұйғының мен екенмін,
Келген қалмақ бәрі де өледі екен.
Мұны айтып Сансызбай жұртын жиды,
Ғазатқа Құдай үшін жанын қиды.
Сансызбай жұртын жиып алған шақта
Көп әскер келді деген хабар тиді.
Сансызбай сол қалмақтың бәрін қырып,
Өлігін жота-жота қылып үйді.
Мұсылманнан бар екен жиырма адам
Оларға инғам ихсан қылды сыйды. 2680. Қаршыға екен басшысы мұсылманның,
Панасы Патша Құдай қысылғанның.
Қыдыр дарып, бақ қонды Сансызбайға
Ешбірін жібермеді ұсынғанның.
Әскерден Қаршыға озып жүрген екен,
Қореннің сонда өлгенін көрген екен.
– Өзімізді өлтіріп кете ме?– деп,
Көрсетпей қалмақтарды бұрған екен.
«Ханымыз қуып кетіп барады» деп
Қаршыға қалмақты алдап ұрған екен.
2690. Еліне Базарбайдың алып барып,
Ақылмен осылай қып қырған екен.
Әлқисса, Сансызбай Қаршығаны бірнеше күн сыйлап, және Сансызбай екі мың әскер алып, Қаршығаны алдына салып, еліндегі қамап жатқан көп қалмақты хабарсыз жатқанда, түнде барып тиіп, көбін атына мінгізбей, таң атқанша қырып, таң атқан соң ұрыстың амалын қылатұғын ханы жоқ, қалған қалмақ еліне қашып, жүріп береді.
Сансызбай артынан қуып берді,
Қолға тиген қалмақты қырып берді.
Қалмақтың бес мың қолын бәрін қырып,
Қызыл қанға бояды қара жерді.
Мұсылманды дұшпаннан айырып алған
Жігіттер, тамаша қыл мұндай ерді.
Бақ берді жас балаға Патша Құдай,
Мұсылманның болып тұр көңілі жай.
2700. Қалмақты әбден қырып бітірген соң
Қайнына келді қайтып ер Сансызбай.
Басшысы Сырлыбай хан өзі болып,
Алдынан шықты елі бәрі шулай.
Оңаша бір отауды салып беріп,
Қызмет қып сыйлап тұрды екі айдай.
Еліне екі ай жатып жүрді дейді,
Қызметін қайын жұрттың көрді дейді.
Сексен нарды толтырып жасау артып,
Бес жеті алтын отау берді дейді. 2710. Тоғыз жорға ат жабдықтап Жібек үшін
Қайын енесі қасына ерді дейді.
Жібекті жаңа ұзатып бергендей боп,
Еліне үш ай жүріп келді дейді.
Еліне аман-есен келгеннен соң,
Қайтадан қырық күн той қылды дейді.
Мұныменен Қыз Жібек тамам болды.
Көп қисса тәсниф қылдым мұнан бұрын,
Пенденің Алла білер іште сырын.
Сауап, күнә екенін біле алмаймын
Кешіргіл күнә болса, Жаппар Кәрім.
Көп қисса тәсниф болып шықты бізден,
Назым қылып шығардым насыр сөзден.
Молдалар оқысаңыз әр кітабым, 2723. Әрқашан мақрұм қылма дұғаңыздан.
ҚЫЗ ЖІБЕК
(Шеге ақын нұсқасы)
Әркімнің болу керек жүрегінде,
Жалғанда жеткен бар ма тілегіне.
Бөленіп торқа тонға отырсаң да,
Қоя ма ажал келсе керегіне.
Талайы ғашықтардың арманда өткен,
Сұм жалған алдастырып еркелеткен.
Қастығы қара түннің адастырып,
Жайылған болып кеңес сол себептен.
Біреуі сол ғашықтың ер Төлеген,
10. Жазықсыз жас өрімнің қанын төккен.
Шығып жүр бұл Жібектің екі түрі,
Халыққа жыр ғып жайған Шеге бірі.
Бай қылып Базарбайды көрсетуші,
Шектіде Қаршығаның жайған жыры.
Шеге ақын Қараменді бай деп кеткен,
Екі ақын екі елге салған сыры.
Бұлайша ер Шегеден қалған кеңес,
Бәрін де көзбен көрген жалған емес.
Ол кезде аты шулы Қарамен бай, 20. Байлығы Базарбайдың болған емес.
Шеге ақын бескөріктің шуылдағы,
Сөйлесе бал тамызған тіл мен жағы.
Сыйласып құрметінде болып жүрген,
Жақсы аға Төлегеннен болса дағы.
Кейінге осылайша сөз қалдырған ,
Артық деп Төлегеннің әруағы.
Еріксіз үміт солай кездестірген,
Қарадан хан боп шығып туса дағы.
Қарамен бай боп шықты жетірудан, 30. Аспады бескөрікте ешкім бұдан.
Қулыкөл, Талдыкөлді жайлау қылып,
Ақ қарға сүйіндікте қоныс қылған.
Шуылдақ түйтеменен бескөріктен,
Келейін мен айыра ата тектен.
Атақты аймағына байлықпенен,
Қарамен жер жүзіне даңқы кеткен.
Түйтеден Базарбай мен Қарамен бай,
Алты ауыл әр уақта бәрі де сай.
Үш жүздің баласына аты мәлім, 40. Өзінің болып тұрған заманында-ай.
Білмеген Қараменді ер болмаған,
Тең келер сәулетіне ел болмаған.
Базарбай малға шола болса дағы,
Қадірі ағайынға кем болмаған.
Тағы да келді кеңес Қараменнен,
Басына бақыт-дәулет бәрін берген.
Есептеп аяқты мал айтып болмас,
Қара жер қайысқандай төңкерілген.
Отарлап қырға көшіп малы симай, 50. Исімен мұрын жарып жас көкорай.
Айдынды қайда болса бәрін біліп,
Қанаттас қонушы еді көл жағалай.
Жайласып мал өріске, ел қонысқа,
Самалы салқын көлдің көңілге жай.
Ордасы Қараменнің тоғыз қанат,
Жайылған жібек кілем сән-салтанат.
Екі үйдің арасына керме керіп,
Ойнатып түр-түрімен тізілген ат.
Алты ауыл алты ағайын аймақтары, 60. Жиылып ертеңді кеш соның бәрі.
Кезекпен алты ауылға қонақтасып,
Шарада сапырулы қымыздары.
Базарбай бөлек ауыл кейін қонып,
Дейтұғын кедей ауыл аңыздары.
Бір Нияз бір енесі аты шыққан,
Жауапсыз жан кіргізбес үйге сырттан.
Бүркіттей бүрген адам оңбайтұғын,
Есіне дұшпан түгіл досы бұққан.
Айбыны Қараменнің сенетұғын, 70. Бұған сай адам жоқ деп жеңетұғын.
Екі ұлы Қараменнің Егіз, Жатақ,
Ынжық деп елі шулап күлетұғын.
Келеді қатар өсіп Егіз, Жатақ,
Егізге берген қалың малды матап.
Екі ұлы біреуінен бірі өтеді,
Бола ма жайылмасқа жаман атақ.
Жайылды момын аты ел ішіне,
Туысы риза болмай жүрісіне.
Қарамен құдасымен ат салысып, 80. Қуанып мақтанғандай өресіне.
Егіз де көріп тәуір кісі оны,
Мырза деп сыйлайтұғын елі мұны.
Сен десе қыңырайып кететұғын,
Болғанмен аузы қисық байдың ұлы.
Ағалары ызаланып ұрысса да,
Ешкімді тыңдамайды келсе жыны.
Қой баққан қойшыларға еріп кетіп,
Қасында болатұғын күні-түні.
Он беске жасы толып өткенінше, 90. Болды деп неге мұндай сөздің шыны.
Сыпайы ел ағасы десе мырза,
Халықтың бұл сөзіне әкесі ырза.
Кісіге едірейіп екі көзі,
Батырлық, байлық қылып етер жаза.
Қалжың мен келекені айырмайды,
Дегенмен халқы мырза, ақыл таза.
Әркімдер жүрген ертіп қошаметтеп,
Біреу ат, біреу шапан алады ептеп.
Біреулер қылып мазақ қалжыңдаса, 100. Қалатын жөн таба алмай бүгежектеп.
Бәрін де көрген көзі мұны Шеге,
Басыңа берсе бақыт пәлен деме.
Мас болып әкесінің дәулетіне,
Жаям деп мырза атын қалың елге.
Көрген іс жүру анық көңіл ойда,
Жігіт боп келе жатыр өсіп бойға.
Жанасып жанын жағып епті жігіт,
Қылатын сүйікті боп бәрі пайда.
Бұл сөзім осыменен тұра тұрсын, 110. Келейін енді тоқтап Базарбайға.
Базарбай отыратын ауылы бөлек,
Қарамен теңсінбейтін бұрын елеп.
Ұшан теңіз көлбеген кең сар дала,
Қонатын көшкенде де кейінірек.
Қоныстың сүйген жері байлардікі,
Шеткерек отыратын елден ерек.
Сыйлайтын Базекеңді ел арасы,
Қарсы айтар Қараменнің жоқ шарасы.
Жеткенше Қаратауға жайлап жүр ғой, 120. Арқаның жетпей ме деп кең даласы.
Оңтүстік Қамысақты деп айтады,
Көкорай малға шүйгін айналасы.
Кейінгі басқа жұрты Базарбайды,
Дейтұғын ақылға кең ел ағасы.
Болса да кісі құны Базарбайға,
Тоқтайтын қайда болса сөз таласы.
Жастары келіп қалған алпыс беске,
Жері жоқ кемітетін ақыл іске.
Екінші әйелінен Қайырсұлтан, 130. О дағы қаза тапты жасы бесте.
Ас беріп жұрт жиылған ауылына,
Баласы жалғыз басқан бауырына.
Ел-жұрты басын қосып көңіл айтып,
Қайғының ер шыдар деп ауырына.
Көтеріп жерден басын Базарбай шал,
Риза боп жұрттың сөзі қауымына.
Бескөрік бәрі ағайын аталасы,
Замандас бәрі келіп баталасы.
Жеңіл жүк Базекеңе болмай қалды, 140. Сүйенген етек тартар бар баласы.
Базарбай жалын жұтып қалды солай,
Ақырын қайырлы ет деп жүрген жылай.
Дегенде тілек қабыл, дұға мақбұл,
Сол әйел бір ұл туды туған айдай.
Базарбай қылды тойды бәрін шашып,
Қайғының бәрін жойды қалған басып.
Ағайын, елі-жұртын тағы жиып,
Жанды деп өшкен отым судай тасып.
Баланың Төлеген деп қойған атын, 150. Артықша жаратқандай мұның затын.
Баланы сурет қылып айтып болмас,
Түскенде күннің көзі шағылатын.
Ақылдың белгісі бар байқағанға,
Тамылжып беттің қаны тамылатын.
Ерліктің белгісі бар бөлек-бөлек,
Қарасаң тал бойынан табылатын.
Балаға көңілі толып Базарбайдың,
Біріне теңегендей күн мен айдың.
Көзінің ағы, көгі, қарасына, 160. Шүкір ғып бергеніне бір Құдайдың.
Төлеген осы берген бұдан былай,
Қарамен көріп мұны шыдай алмай.
Өзінің баласы ондай болмағасын,
Ішінен күйетұғын жаны қалмай.
Қарамен Базарбайға келетұғын,
Келгенде Төлегенді көретұғын.
Егіздің бір жыл туған құрдасы деп,
Екеуін дос қылам деп күлетұғын.
Қам қылып Базарбайды ішке тартып, 170. Баланың болашағын білетұғын.
«Бақ қарар бай қараса» дегенде деп,
Базарбай келекелеп ілетұғын.
Жыландай арбасады қадап көзін,
Көрсеткен бұдан бұрын қадап тезін.
Ертеде берген қорлық еске түссе,
Көрермін туса күнім келер кезін.
Жетіге Төлегеннің толды жасы,
Маңдайдың кере қарыс екі арасы.
Қырмызы қызыл жібек шырайланып, 180. Сүйкімді артып жұртқа дәрежесі.
Сөйлетіп байқаушыға сөздің түрін,
Үлгілі көрініп тұр бой тұлғасы.
Сүйінген Төлегенді көрген халық,
Әулеті Қараменнің іші жанып,
Жібектей ширатылып нұрын сеуіп,
Шапағын шашыратып шырайланып.
Соңынан сегіз жылдан бір ұл туып,
Ат қойды Сансызбай деп жұрт жиналып.
Күн туып нұр үстіне нұр төгілген, 190. Шомылып ай сәулесі гүл себілген.
Сексенде қолмен сермеп шал Базеке,
Жасарып күннен күнге өң берілген.
Айнадай балаларын ортаға алып,
Базарбай қылып шүкір төңкерілген.
Балалар өсе берген бұдан былай,
Ішінде бала қайың өрім талдай.
Толықсып екі сурет мөлдіреген,
Жанары көрген көздің шағылғандай.
Байқаған кісілерге шойын білек, 200. Тоқтамай әр нәрсеге соғып жүрек.
Төлеген бір көк тайды алды сынап,
Астындағы атын беріп қылып тілек.
Сүтпенен қараңғы үйге баға берген,
Күмістей жылтыраған жүні жібек.
Кеседей төңкерілген тұяқтары,
Жылқыдан туғанменен түрі бөлек.
Он төртке Төлеген[нің] жасы толып,
Жасаған артық қылып берген көрік.
Құнаннан дөнен шықты көк тай ойнап, 210. Ер тоқым, сауыт-сайман жатпай сайлап.
Толғасын бестісінде мінермін деп,
Көрсетпей жұрт көзіне қойды байлап.
Баласы Қараменнің келіп жүрген,
Бірге ойнап қайда жүрсе еріп жүрген.
Сөздерін Төлегеннің екі қылмай,
Керегін не десе де беріп жүрген.
«Жаныңнан Төлегенді қалдырма» деп,
Қарамен о да бұған сеніп жүрген.
«Қайныңа қашан барып аласың» деп, 220. Келеке, мазақ қылып күліп жүрген.
Жүретін осылайша қалжыңдасып,
Қосылып Қараменнің малын шашып.
Көрсеткен әкесіне зәбірлерін,
Қай жерде қайтарам деп азу басып.
Базарбай ұлға қалың бере алмай жүр,
Қысқа жіп күрмеуіне келе алмай жүр.
Кедейден өз теңдесін айттыруға,
Тағы да Төлегенге сене алмай жүр.
Өздері тірі болса тауып алар, 230. Лайық тәуір қызды көре алмай жүр.
Жетпейді Базарбайдың байға малы,
Келтелеу болып жүр ғой құйрық-жалы.
Ел-жұрты қыздырмалап айтса дағы,
Болмай жүр Төлегеннің жақтырғаны.
Төлеген он алтыға келген кезі,
Тиеді құлағына елдің сөзі.
«Екі жыл төңіректен қыз жаратпай, –
Деп айтқан сонда біреу,– мұның өзі.
Төлеген алып қашып алар еді, 240. Жаратып өзі сүйген болса қызы.
Жетпесе сенің малың елміз ғой,– деп, –
Қорықпа көтерерміз келсе кезі».
Базарбай бұл сөздерге қалды ойланып,
Сөйледі жігіттерге бұл толғанып:
– Біреудің ақ батасы боп жүрмесін,
Басы бос қыз қараңдар сұрау салып.
Бұл сөзге: – Жарар,– деді айтқан жігіт,
Осы еді ойлағаным қылып үміт.
Шеге еді әлгі сөзді бұған айтқан,
250. Шын досы Төлегеннің айтар үгіт.
Базарбай Шеге сөзін шамалаған,
Алды-артын – бәрін тосып қамалаған.
Шегені сондай тәуір көретұғын,
Дұшпаннан сақтаныңдар табалаған.
Жасы аға, Төлегеннен аздап үлкен,
Бетіне мұның жан кеп қарамаған.
Үйретіп бестісінде көк жорғаны,
Істетіп масатыдан ат дорбаны.
Зерлетіп неше түрлі тас орнатып, 260. Соқтырған атқа лайық ер-тұрманы.
Төлеген бұдан кейін қыз қараған,
Жайылып әрбір елге сөз тараған.
Біреуін көрген қыздың жақтырмайды,
Ат жетер жерді іздеп тамам қылған.
Ұлы жүз, орта жүздің елін кезіп,
Лайық бір сұлуды таба алмаған.
Бұлардың жүрген жері ұлы жиын,
Қылады айт пенен той барған үйін.
Тамызып, сорғалатып тілдің майын, 270. Ер Шеге талай жерге тартып сыйын.
Жанында ер Төлеген жүрді балқып,
Өзіне көрген жанды алар тартып.
Мөлдіреп талай қыздар қала берген,
Біріне көз салмайды міндет артып.
Төлеген жүрген жерден қыз таба алмай,
Үйіне Базекеңнің келді қайтып.
Базарбай не болды деп қалды ойланып,
Жүр еді көрем қызық деп қуанып.
Бұйрығы Жаратқанның болмады ма, 280. Бос қалып жүрген көңіл тым жұбанып.
Төлеген білдірмеді ішкі сырын,
Естіген Қыз Жібекті бұдан бұрын.
Есітіп жолаушыдан ғашық болып,
Малы кем айдап барып кіруге орын.
Елінен жігіт жақпай о да жүр деп,
Жеткізген бұған айтып оның түрін.
Алыстан дабылменен естіген сөз,
Көзбенен көрмегесін білмей сырын.
Хабары естіген сөз естен кетпей, 290. Сыртынан болған ғашық көрмей түрін.
Оныңмен шыға алмай жүр белді буып,
Жабысқан өзегіне бойын қуып,
«Сол елге қалай барып жетемін,– деп,
Жер емес есітуім жақын, жуық.
Малым жоқ айдай барып көретұғын,
Біле алмай не қыларын көңілі суып.
Іздеген тілегіме жете алмасам,
Атадан не болғаным артық туып».
Сыртынан іштен тынып болып ғашық, 300. Бір жанға сездірмейді сырын ашып.
Ыза-кек бір жағынан қолы қысқа,
Күш керек баруына жері қашық.
Төлеген дейді: «Бүйтіп жүріп болмас,
Көрейін Шегеменен ақылдасып.
Біледі жоқтығымды бұл жетіру,
Қалайша мен жияйын елден жылу.
Маңдайға жазған істі көру керек,
Болмас деп құр ойланып қарап жүру».
Қоршылық кім шыдайды мұндай күйге, 310. Шегемен бір күн кірді оңаша үйге.
Өзінің бастан-аяқ сырын айтып,
Екеуі ақыл салды ой мен миға.
– Жайықта бар екен ғой алты шекті,
Қария маған айтқан көрген көпті,
Сездірмей мұны сізге жүруші едім,
Ақыры өз басыма қайғы,– депті.
Сол елден жігіт таңдап жақтырмаған,
Естідім аты сұлу Қыз Жібекті.
Ойымнан жатсам тұрсам бір кетпейді,
320. Өлгенде сүйегіммен бірге кетті.
Бір барып соны іздеп көріп қайтпай,
Бұл жерде баса алмаспын мен жүректі.
Ішінде жетірудың сенерім сен,
Айтыңыз енді осыған ,– депті.
Шектіде Қыз Жібектің болуы анық,
Сұрадым жөн-жүйесін әбден қанып.
Жетсе мал, жетпесе бас көремін деп,
Барыпты талай жігіт құмарланып.
Бәрі де барған жігіт кеткен қаңғып, 330. Біріне көз салмаған шырайланып.
Бір барып Қыз Жібекті көріп қайтпай,
Бұл елде жүре алмаспын мен айланып.
Бар дейді одан басқа бірнеше қыз,
Мысалы күлімдеген көкте жұлдыз.
Айтуға бәрін мақтап тіл жетпес деп,
Нануға болмайды ғой көрмесе көз.
Сұраймын ақылыңды оңашада,
Жаратқан бұл ісіме жол аша ма?
Көп ойлап мұның артын шеше алмадым, 340. Көңілімойды бұзып адаса ма?
Сырымды ашпай келдім бұған шейін,
Көңілден кетпейтұғын түсті түйін.
Кез келдім мехнатқа қол жетпейтін,
Қазақтың қалыңмалы бұ да қиын.
Салт атты сабау қамшы барғаныммен,
Не деймін бата аяқ деп салса бүйім.
Беретін оған топтап менде мал жоқ,
Көремін елдің бетін қайтіп кейін.
Мен барып бөтен елдің арасына, 350. Жібермес маған беріп таласса да,
Алыстан алып қашу бұ да қиын,
Ойлаймын қалам ба деп жаласына.
Мен жүрмін әуре болып, міне, осындай,
Естіген ұзын құлақ даласына.
Айтасыз қандай ақыл мұның үшін,
Әуре боп жүрген жанмын жетпей күшім.
Аралап талай тәуір қызды көрдік,
Біреуге көз салмадым аның үшін.
Байлаған сол жолына мен бір лақ, 360. Тағдырға не болармыз көнбегесін?
Ер Шеге бала сөзін қылды уайым,
Жүрекпен елжіреді айтқан сайын:
– Әуре боп бекер жүріп қыдырғанша,
Ертерек неге айтпадың мұның жайын?
Төлеген, елі-жұртың бар емес пе,
Жалғыздық жолы ауыр тар емес пе?
Мен қайран бекер бүйтіп жүргеніңе,
Жоқпын деу ер жігітке ар емес пе?
Төлеген бір құбылып, бір қызарып,
370. Сөздері ер Шегенің түсін жарып.
Қалықтап бастан тұман арылғандай,
Жеткендей мақсұтына қайраттанып.
Ер Шеге бітірген жоқ әлі сөзін,
Баланы тербеткендей қадап көзін.
Күн туса ер басына серттескендей,
Сонда да ойлау керек мұның өзін.
– Төлеген, қапа болып саспа,– деді,
Ешкімге әзір сырың шашпа,– деді.
Әр істің ақырына сабыр керек,
380. Баласын Қараменнің ұста,– деді.
Қалдырма қайда барсаң өз жаныңнан,
Көрсетіп әр нәрсеге нұсқа,– деді.
Ішіңде өз есебің бола берсін,
Көтеріп не десе де қоста,– деді.
Қайнына барам деп жүр ертіп апар,
Маған да жүр деп отыр жегі Жапар.
Ол өзі қайынымен тәуір емес,
Қисықтың біреуі сол жатып атар.
Қайыны тамадағы бай Құдабай, 390. Оның да шыққан аты кер бұландай.
Алдынан атыменен адам өтпес,
Халқына қадалатын сұр жыландай.
Мырзаңа оның қызы риза емес,
Бұдан да сақ болыңдар қапы қалмай.
Риза емес мырзаңызға оның қызы,
Сынаған мырзаңыз ды көріп көзі,
Ұрсысып былтыр барып қайтқан болар,
Осылай айтылып жүр елдің сөзі.
Бір қайрат осы жерде көрсетіп бер, 400. Бұл істің сәті болар келер кезі.
Жақында жүру керек қазына артып,
Не қылсын Қарамен бай одан артық.
Той малы кәде жора елу қара,
Тағы да не дейді деп отыр шалқып.
Бермесе осы сапар келінімді,
Күшпенен алдырмақшы енді тартып.
Осы жер бір ерлікті қылу керек,
Келінін қайтсең де алып беру керек.
Мінесін Қараменнің желкесіне, 410. Бағынып ерлігіңе сену керек.
Бір ауыз сен барғасын тілге келмес,
Сыртыңнан атағыңды білу керек.
Шеге ақын өзі дана ердің ері,
Күнде той, күнде сауық жүрген жері.
Білмейді екеуінен басқа кісі,
Осылай сөз байлады екі сері.
Жайраңдап берді қуат өзіне-өзі,
Жүрекке дем бергендей Шеге сөзі.
Егіз де келіп кетіп жүретұғын, 420. Кісі деп ойламайтын түсіп көзі.
Айтқандай кешікпей-ақ Егіз келді,
Келгенін бір жұмысқа оның білді.
Келгеннен Төлегенді сөзін тартып,
Жақындап айтуға отыр ішкі сырды.
Өткен жыл қайынына барғандағы,
Қалдырмай бәрін сұрап болған жырды.
– Жағалай қалың тама екі бөлек,
Азғырған әбден қызын беріп көмек.
Таласып алып барған дүниеге,
430. Бір жанжал шығармақ боп қылып себеп.
Ағайын отыз үйлі құтқожадан,
Ат байла босағаға бәрі демек.
Мен алсам Құдабайдың қызын алам,
Кісі деп отырған жоқ мені де елеп.
Отырмын ертең тағы баруға ұрын,
Жоқ еді ісім түскен саған бұрын.
Шақырта әкем сені жіберіп ед,
Қалдырмай алып кел деп сені бүгін.
Төлеген барайын деп уәделесті, 440. Сөйлесіп ішкі сырын бәрін шешті.
– Қолқаңыз маған салған осы болса,
Бола ма ертіп бармай сендей досты?
Олжаңа ортақтастыр осы жолы,
Бола ма қолдан беріп ар-намысты.
Бұл сөзді Төлегеннен естігесін,
– Болды, – деп ұшып тұрып қолды алысты.
Төлеген бұдан кейін даярланды,
Жабдықтап көк жорға атқа ер-тұрманды.
Төлеген білектінің көрер едім,
450. Көңіліне қылып түйін бар арманды.
Болуға күйеу қосшы еріп келді,
Жиылған бозбалаға көрік берді.
Шақыртып Шегені де алған екен,
Қосылып бір-біріне серік болды.
Ақсақал барлығына Қадірімбет,
Бар еді ығай-сығай толық болды.
Үлкені одан соңғы Қыдырәлі,
Құдалар отыз кісі болды бәрі.
Осы жол тамаменен байқасам деп, 460. Көпірер сөйлегенде ауыздары.
Таманы көшірген-ді отыз үйлі,
Өрбіген құтқожадан ата тегі.
«Осы жол келінімді қалдырмасын,
Жеткендей мазағының болды шегі».
Жөнелтіп құдаларды Қарамен бай,
Сірескен жетірудың өңкей бегі.
Хабаршы малын айдап бұрын кеткен,
Келед деп Құдабайға хабар еткен.
Тіккізіп кең далаға қонақ үйін, 470. Келетін құдалардың жолын күткен.
Есітіп бұл хабарды байдың қызы,
«Бармаймын, өлтірсін» деп алып беттен.
Қызына адам салып елін жинап,
Қойсын деп үгіт айтып үміт еткен.
Жетіру тегіндікпен кетпейді деп,
Жинаған бар адамын сол себептен.
Есітіп елі-жұрты байдың сөзін:
– Баласын жақтырмайды сенің қызың,
Қарамен азар болса малын алар, 480. Байқау керек қалай да мұның өзін.
Аялап асыраған жалғызыңды,
Бересің қалай ұстап қиып көзің.
Азғырды қыз әкесін елі қалмай:
– Жатыр,– деп,– қызың жатыр ес жия алмай.
«Ол жаманға барғанша өлемін» деп,
Айтатын сөз бар ма деп содан былай.
– Құдеке,– деп азғырды,– ақылға кел,
Көз жасы қызыңыздың болды,– деп,– сел,
Байлығы Қараменнің неге керек,
490. Баласы оңбайды деп шулайды ел.
Жанына күйеу қосшы соны ертіпті,
Баласын Базарбайдың қылады бел.
Қыз қарап өткен жылы өтіп еді,
Болмас-ты ондай бала шалқыған көл.
Сөйлесіп сол балаға түсіндірсек,
Басқасы жетірудың бәрі де жел.
Ақыл, ерлік баланың бәрі өзінде,
Обалына қалма,– деп,– енді өзің біл.
Қарамен қолына алған Төлегенді, 500. Әуелде Базарбайды бөле келді.
Арасы Қараменмен тәуір емес,
Ыза, кек балаға да ере келді.
Олардың екі арасын жақсы білем,
Айтуға түсіндіріп жөні келді.
Тамада аз ел емес Сыр бойында,
Бір шеті жайлап жатыр Қарақұмда.
Біреуін ағайын деп тартпаушы едің,
Болдым деп жер тәңірісі өз ойыңды.
Мінекей ағайынның керек жері, 510. Басыңа келсе жұмыс осындайда.
Жетіру құдалары келді қалып,
Дүбірі солқылдатып жерді жарып.
Алдынан саятшылар қарсы шығып,
Түсіріп қонақ үйге алып барып.
Тігілген қонақ үйлер оңашаға,
Шуылдап жүгіріп жүр бала-шаға.
Кермеге керіп қойған атты байлап,
Қарайды ел жиылып тамашаға.
Күйеуге бір отауды тіккен бөлек, 520. Беренмен оюлатқан дөп-дөңгелек.
Әңгіме, үйдің сырты гуілдейді,
Күйеуді көреміз деп қылып тілек.
Уығын алтын сырмен сырлатыпты,
Күміспен кереге көзін березелеп.
Сөйледі Қыдырәлі сонда шалқып,
Келгенге сұрланады қанын тартып.
Осы жол не болса да боламын деп,
Қояды бір жағынан күшін айтып.
Бүлкілдеп бір жағынан Қадірімбет, 530. Шымшылап Құдабайды о да қамтып.
– Айтатын сөзің болса алдыма сал,
Біз емес кететұғын тағы қайтып.
Осылай Құдабайды қамалайды,
Дос күліп, дұшпандары табалайды.
Жөнелтем қызым көнсе дегендей ғып,
Тұруға табан тіреп жарамайды.
Құдабай ағайынға келді қайтып,
Естіген сөздерінің бәрін айтып.
Келіпті бұл жетіру күшін жинап,
540. Отырды қайтеміз деп күйін тартып.
– Мен көрдім Төлегенді сенген кісің,
Байқадым оның дағы әңгімесін.
Жақындап ары-бері сөз тартсам да,
Бермеді шырайланып маған түсін.
Бойына бар қаруын байлап келген,
Көнбейтін қандай қыз деп қайрап тісін.
Тез бер деп жауабыңды кешіктірмей,
Сөйлесем өзім барып байқап түсін.
Түңілдім Төлегеннің келбетінен,
550. Қалайда жиып келген барлық күшін.
Қайтарсаң елдің малын көнер емес,
Біліңдер не қылсаң да ендігісін.
Кеңесіп Төлегеннің өзі келсін,
Былауда болып жатқан қызды көрсін.
Алдында қызмет етіп сұранайық,
Төресін көзбен көріп өзі берсін.
Айласыз оңашалап сөйлесейік,
Көндірсе қызды үгіттеп өзі білсін.
Бұлай деп Төлегенді шақыртады, 560. «Көндірер, жә көнер» деп көрсе түсін.
Төлеген шақырғасын келді өзі,
Ордада жатыр екен байдың қызы.
Көзінің жасын тыйып, әдеп сақтап,
Төлеген кірген кезде түсіп көзі.
Көк шығып, қоңыр түске ел қонғандай,
Құбылды неше түрге қыздың жүзі.
Ләззатпен иіледі тағзым қып,
Майысып сенгендей боп өзіне-өзі.
Қыр мұрын, қызыл жүзді көрікті екен, 570. Ертеңгі туған шолпан екі көзі.
Қайғының қара тасы бар үстінде
Бұлай деп аз отырып айтқан сөзі.
– Жә, тақсыр, бас құрмандық жолыңызға,
Алыпсыз ел намысын қолыңызға,
Өткен жыл бір тең іздеп өтіп едің,
Отырмын таң боп тағы мұныңызға.
Әркімді өз ойыңдай көру керек,
Тұрмайтын еріп келген арыңызға.
Басымды қанжығаңа мен байлайын,
580. Алсаңыз көз жасымды мойныңызға.
Төлеген тұрды тыңдап қыздың сөзін:
– Атыңа құмар едім, көрді көзім,
Біреудің мен де өзіңдей жұлдызымын,
Алдыңа жүгінуге келді кезім.
Өткен жыл өлтіргені естен кетпес,
Шындықты сүйетұғын бір мінезім.
Тояттап қызға қарап тұрды қыран,
Белгілі Мұхамбеттің жолы бұған:
– Түсініп шыққан сөзге шын көңілден,
590. Өзімдей бір жан екен алды тұман.
Белгісіз қасіретпен атқан тәңір,
Дауасын таба ала ма біздің жаман.
Қасына бір себеппен еріп келдім,
Сіз болып тапқан дауам айналадан.
Бір жұмбақ жүрегіме орнағасын,
Шыбын жан қала ма деп содан аман.
Әруағын елі-жұрттың бір сыйлаңыз,
Артпай-ақ ауыр жүктің бәрін маған.
Дүниеге келген жандар мұңсыз өтпес, 600. Айтамын түсіндіріп мұны саған.
Жем болған жапалаққа ақ маралсың,
Бұл күнде кеміп отыр сенің бағаң.
Тіреліп кедергіге келіп тұрмын,
Тағдырға Тәңірі жазған болмай шарам.
Сөздерін құлақ қойып қыз тыңдап тұр,
Байқаса ой жеткісіз бір терең сыр.
Кей сөзін қалай айтқан түсіне алмай,
Жәудіреп екі көзі мөлдіреп тұр.
– Асылзат, түсінбедім мұныңызға,
610. Жете ме менің басым құныңызға.
Дауасы дертіңіздің болып тұрсам,
Айтқаным жаным құрбан жолыңызға.
Апарып отқа салып өртесең де,
Байлаулы бас ноқталы қолыңызда.
Бұлай деп Төлегенге берді қолын:
– Асылзат, қайда жүрсең болсын жолың,
Айыпқа екі тоғыз мойынымда,
Белгілеп дәрежеңді қойдым орын.
Төлеген үлкендерге қайтып келді,
620. Дұшпанның өсегі деп айтқан тілді.
Қаракөз сездірмеген елге сырын,
Риза боп бұл хабарға бәрі күлді.
Түсініп барлық сырға отыр Шеге,
Сөзбенен шашу шашып, сеуіп гүлді.
Қалдырмай айтты деді барлық сырын,
Екі әйел жіберген деп бұдан бұрын.
Арасын екі жастың шағыстырып,
Сөз айтып арасына қандай зұлым.
Істеуге даярланды енді тойын, 630. Жарасып құдалармен ашты қойын,
Біреулер өсек қылып алып қашып,
Қалайша бұрылды деп қыздың мойнын.
Біреулер көп жаса деп бата беріп,
Алды деп екі елдің абыройын.
Бәрі жүр Төлегенді ортаға алып,
Пері ме, періште ме құмарланып.
Қуаныш екі жұрттың бәрін кернеп,
Жетіру еріп келген масаттанып.
Көз салып жұрт таңданып бәрі соған, 640. Сыбырлап қыз-келіншек бір жағынан.
Сымбатты, жүріс-тұрыс бәрі бөлек,
Түрінен жат көрінер сондығынан.
Сыпайы, сұлу сымбат, насат қандай,
Таласып Құдай артық жасатқандай.
Жиылып қалың тама шуылдайды,
Топырлап ортасына тас атқандай.
Өгіздей еркіншілік тиді көпке,
Қамытты мойынынан босатқандай.
Арасын екі елдің табыстырған, 650. Дұшпанның сөзі бітіп шағыстырған.
Той өтіп енді қызын ұзатуға,
Құдабай елге қызын таныстырған.
Сонымен неше күнде тарқады ойын,
Бірталай қылып шаңдақ Сырдың бойын.
Көпшілік алғыс айтып Құдабайға,
Тамаша таң қалғандай қылды тойын.
Алдырып ордасына құдаларын,
Көрсетіп алдарына салды бүйім.
Алатын жанат ішік алтындаған, 660. Күмбездей аппақ отау оюлаған.
Сәукеле алтын шашақ күмбез таққан,
Не қажет рахатсыз дүниядан.
Оң жақта отыр күйеу күжірейіп,
Тігеді екі көзін ежірейіп.
Көгеріп екі езу көбігімен,
Мойынын ішке тартып кіжірейіп.
Айсұлу Төлегенге иек қағып,
Көзбенен сөйлеседі мұңын шағып,
Ақылы әр тарапқа алып қашып, 670. Дегендей жолдасыңыз отыр нағып.
Айсұлу біліп отыр терең ойлы,
Бала еді ер жүректі, орта бойлы,
Төлеген күйеу жолдас болғаннан соң,
Кеулінде ескі кептің бәрін жойды.
Әукеннің аясымен Төлегенге,
«Отырмын бір сен үшін болып пенде.
Болғанмен сыртым – бүтін, ішім – жалын,
Байқаңыз отырғанын кірмей көрге.
Бақытын басындағы тебер едім, 680. Сіз үшін шығып отыр басы төрге».
Бұ да еріп қазынасын жатыр тойлап,
Дүниеге көз салмайды бірін ойлап.
Толтырып тоғыз нарға қазынасын,
Жаптырып жібек кілем бәрін сайлап.
Айсұлу қанын тартып тіл буылып,
Көріс деп әкесімен жұрт бұйырып,
Төрдегі әкесімен қоштасуға
Орнынан әрең тұрды қыз шойылып.
Екі ауыз әкесіне берді жауап: 690. – Басымды малға сатып көрдің сауап,
Малменен мені сатқан пайдаланып,
Келгейсің Байтуллаға қылып тәуап.
Жағалай жұртқа сұлу бір қарады,
Әкесі сөз қата алмай көңілі дауап.
Ер-тоқым алтын, шапқан құла жорға,
Қамшыны күміс сапты алды қолға.
Көрісіп көрінгенге сыр алдырмай,
Кездескен кісідей боп тұйық жарға.
Бес кісі қосшы болып жанына ерген, 700. Халайық амандасып қала берген.
Ызғытып бір ауылдың малын айдап,
Аулына Қараменнің алып келген.
Қарамен қылған тойды келін түсіп,
Өзінен көрген қызық көңілі өсіп.
Жиылып жетірудың жақсылары,
«Қайырлы, құтты аяғы болсын» десіп.
Қуаныш қылды сауық елін жиып,
Бәрі де келгендердің басын иіп.
Қоныслар құл секілді дөңгеленіп, 710. Алдына келген заттың бәрін үйіп.
Қамқа тон, қызыл берен, жанат ішік,
Арнаулы бас басына киіт киіп.
Бәрі де білдіреді ырзалығын,
Көргесін құдасының мырзалығын.
Дүние жаратымды бәрі де асыл,
Тай шешіп, тең ақтарып жұрт барлығын.
Құрмет қып Төлегенге тіке тұрып,
Сөйлесіп Айсұлумен еркін жүріп,
«Қадірін Айсұлудың ұмытпа» деп, 720. Егіз де қалжыңдайды түпке ұрып.
Айсұлу Төлегенге басын иіп,
Білдірмей сырдың кілтін ішке түйіп.
Жайдары жай қараған адам құсап,
Пікірін көрсетеді назды сүйіп.
Қылғанмен қанша құрмет жүрген жері,
Көзіне көрінбеді соның бірі,
Елестеп көз алдында тұрғандай боп,
Бетіне ғашығының соғып желі.
Төлеген қатарынан артық туып, 730. Жалғанға көз салмайды дүние қуып.
Белгісіз керуен өмір өтіп барад,
Жастықпен көтеріп жүр көңіл жуып.
Төлеген кеткен қайтып амандасып,
Екеуі аттандырды сөз жарасып.
Бір талай арасында күндер өтті,
Жүреді келіп кетіп араласып.
Егіз де көтеріліп қоятұғын,
Сыпайы сырын бермей қалжыңдасып,
Жардағы жапалақтай жазды күнгі, 740. Тыңдайды не десе де аузын ашып.
– Баратын тағы сенің бір жерің бар,
Жалпиып жата бермей ұйқы басып.
Басыңда бақыт құсың тұрған шақта,
Әлемге атыңды жай айдан ашық.
Жетпей жүр көп адамның бұған қолы,
Барғандар сыйлық алып болған жолы.
Шен алып ақ патшадан қайтып жатыр,
Достығым саған айтар ойла мұны.
Атаның дәулетінің арқасында,
750. Табылар талаптансаң малдың құны.
Бұл дәурен екі айналып келе бермес,
Беделің артар жұртқа сөздің шыны.
Мақтанып бұл сөзіне көңіл өсті,
Барайық Айсұлуға жүрсек десті,
Мырзаның отауына келіп кіріп,
Отырып сұлу сөзбен күлімдесті.
Айсұлу ағакелеп жаннан жатқа,
Елжіреп бермейтұғын жанға түсті.
Төлеген Егізге айтқан сөзді бастап, 760. Ақылың болды керек сенің десті.
Төлеген Айсұлуға қадап көзді,
Көзбенен түсінісіп айтқан сөзді.
Екі бет уылжиды қаны тамып,
Жеткізбей жүр дегендей өмір бізге.
Ақылмен өлшеу қылып байқасаңыз,
Отырмын біледі деп көңілімізді.
– Асылзат, түсінемін түйініңе,
Өзіңмен бірдей күйдім күйігіңе,
Жеткенше мақсұтыңа мырзаң, міне,
770. Аянбан қолдан келер бүйіміңе.
Осы еді Төлегеннің көздегені,
Бола ма әр адамның өз дегені.
Басына бақыт берген пендесіне,
Табылар әр уақытта іздегені.
– Жастықта көру керек жердің шегін,
Болғанмен бөтенге ауыр, бұған тегін.
Арқаңда сенің шалқып мақтан қылып,
Жүрсең де болам жолдас күні бүгін.
Жайықта қызы сұлу шекті бар дейд,
780. Көрейік баса жүріп азы-көбін.
Шен алып, ақ патшадан қайтар болсақ,
Жаратсақ алармыз деп тауып ебін.
Қыз тапсаң малын өзім берем дейтін,
Көрсетіп, сылтауратып сөздің шегін.
Қуанып түрекелді: – Барамын,– деп,
Әкемнен бүгін рұқсат аламын,– деп,
Ешкімнің айтқанына мен көнбеймін,
Көнбесе бір лаңды саламын,– деп.
Егізге: – Асықпаңыз, тоқта,– дейді, 790. Қызулық қылып жүрме жоққа,– дейді.
Жайымен түсіндірер алдын орап,
Сездірме бұл сырыңды жұртқа,– дейді.
Ақылмен оңашалап түсіндірсең,
Өз әкең сені салмас отқа,– дейді.
Екеулеп оңашалап айтты ақылын,
Еппенен бастау керек сөзді ақырын.
Шен алып, шекпен киіп қайтам десең,
Қуанып өзі жияр бар жақынын.
Егізге айтып ақыл түсіндірді, 800. Қолтыққа ұрып-ұрып ісіндірді.
Бәрі де өз айтқаның болады деп,
Бармақ қып осы жолға ұсындырды.
Айсұлу бір жағынан демдеп отыр,
Ауруының емін тауып емдеп отыр.
– Басыңда бұл бақытың бар шағыңда,
Шен алып ақ патшадан кел,– деп отыр.
Жіберген қайрап-қайрап Қараменге:
– Сенен жоқ осы күнде артық пенде,
«Шырағым, сабыр ет» деп тоқтау айтса, 810. Сөзіне сылтауратқан, сірә, көнбе.
Төлеген өзі аттанып жүріп кеткен:
– Хабарын берерсің,– деп,– келсе жөнге.
Бұл сөзді мен айтты деп айтпағайсың,
Сұраса жұбауратып, сірә, сенбе.
Барады әкесінің ордасына,
Егізді шақырады өз қасына,
Сондағы әкесіне берді жауап:
– Балаңның не бересің қолқасына?
– Бұл сөзің не деген сөз,– дейді,– қалқам,
820. Тірлікте қуанышым сенің арқаң.
Міне мал, міне дүние, бәрі саған,
Ала бер тағы болса салар қолқаң.
– Қолқам бар оңашалап айтатұғын,
Бұл жерде бола алмаймын көзге тығын.
Бір жерге жүретұғын талабым бар,
Азырақ болам шығар малға шығын.
Батаңды беремін деп уәде бер,
Сонан соң мен айтайын сөздің шынын.
Қарамен аз ойланып қалды қайтып,
830. Қабағын мал дегенде тұнжыратып.
– Шырағым, қандай сапар ойлағаның?–
Сұрады алдастырып, сылтауратып.
Баланың қайсарсыған бетін танып,
Болсын деп жүрсең жолың жылмаңдатып.
Бала айтты: – Алыс сапар ойлағаным,
Бір сапар аямайсың дүние малын.
Көрісіп ақ патшаны көріп келем,
Атағым жер жүзіне болсын мәлім.
Бұ дәулет, бұ бақыттың ортасында,
840. Лайық па бір шен тақпай отырғаным.
Қарамен баласының сөзін естіп:
– Жассың ғой, әлі ертерек,– деді,– жаным.
«Бердім» деп баласының бетін сүйді,
Баланың айтқан сөзі жанға тиді.
«Жолыңа талап етсең мал аяма»,
Бір сапар шашуына малын қиды.
– Бұл жұмыс қиын емес,– дейді,– маған,
Айтатын жауабым бұл,– дейді,– саған.
Қыс өтіп қар суымен жөнелтейін,
850. Дайындық ету керек,– дейді,– оған.
«Жарар» деп әкесімен қол алысты:
– Қамсыздық болу керек жол алыс-ты,
«Нұр жауар талапты ерге» деген, балам,
Дегенмен айта келе сөз алысты.
Шырағым, бұл жұмысқа жүрек керек,
Жолдасың болсын тәуір, көмек керек.
Жолдасың жаман болса жолда алдырар,
Әр істің болуына себеп керек.
Жүрерде мен жиярмын қалың елді,
860. Сабыр ет, әзірінше барың енді.
Жидырып жолдас-жора, жол жарағын,
Шырағым, дайындармын жүрер жолды.
Болды деп әкесімен амандасып,
Көңілі қайтты отауға судай тасып.
Шақыртып Төлегенді алдырады,
Араға кісі салып хабарласып:
– Ал енді алдағы істі өзің жөнде,
Жүреміз қар суымен араласып.
Егіздің айтқан сөзі жанға тиді,
870. Болар деп істің жөні көңілі түйді.
Отырып әзілменен Айсұлуға,
Тапсырды қаға бер деп жүгі шиді.
– Ендігі міндет сізде бұдан былай,
Жарар,– деп сөз алысып қалды жылай.
Білмеген сағым сөзге болдым іңкәр,
Не шара салғаннан соң көңіл ылай.
Көңілін көтермелеп демесең де,
Кездесер кезегіне екіталай.
Бір сапар жүргізгейсің көтермелеп,
880. Жүрмесін сөзден тайып тауып себеп.
Бұл дәурен екі айналып келе бермес,
Тұрғанда басыңда бақ әруақ жебеп.
Тіліне ағаларың азба, – дейді,
Қыс өтіп келіп қалар жаз да, – дейді.
Кеңесіп осы бастан не керегін,
Тапсырып өз әкеңді қозға, – дейді.
Жиынған соныменен уәде етіп,
Арада бірнеше айлар, күндер өтіп.
Төлеген Шегеменен басын қосып, 890. Жүретін мырзасының жолын күтіп.
Қарамен бір күндері елін жиған,
Шақырып ел тәуірін қылып мейман.
– Баламды ақ патшаға жүргізем, – деп,
Отырмын қайтара алмай талабынан.
Мақтанып шонжарлардың басын қосқан,
«Жарайды» деп көтермелеп әрбір тұстан:
– Жиған мал, абырой, бақ – бәрі сенде,
Дегендей бәрекелді ақыл жастан.
Бәрі де үзеңгелес қариялар,
900. Бақытқа берген Құдай кім таласқан.
– Шен алып ақ патшадан балам қайтса,
Жалғанда жан бар ма, – деп, – менен асқан.
Даярлап жол жабдығын қылды жиын,
Көрсетіп ел-жұртына артық сыйын.
Жетеді Қараменнің көп дәулеті,
Сыйлыққа арттырады асыл бұйым.
Жігіттің жидырады еректерін,
Ат-сайман даярлайды керектерін.
Басшы ғып Төлегенді баласына,
910. «Бар болса тағы да айт, – деп, – тілектерің».
Шегені алды дейді хабар беріп,
Дайындық қыла жүрген о да біліп,
«Сапары құтты болсын мырзаның» деп,
Көріскен Қараменге о да келіп.
Жігіттер дайындалған қосын артып,
Қарамен дәулетіне отыр шалқып.
Жүз жігіт басшы, қосшы болды бәрі,
Жөнелмек болды осылай күшті тартып.
Баласы Қараменнің маң-маң басып, 920. Кемпірлер табақ-табақ шашу шашып.
Көк көйлек көлбең қағып Айсұлу жүр,
Шығарып саламын деп амандасып.
Толтырып қырық нарға жүгін артып,
Тізіліп бара жатыр қырдан асып.
«Оралып орайына болсын жолың»,
Айсұлу Төлегеннің қолын қысып.
Көзбенен сөйлеседі оңашалап,
Жақындап келген жерде жанасалап.
Білдіріп көңіліндегі шын достығын, 930. Жүргенсіп жігіттерді тамашалап.
Шығарып күндік жерге бұл аттанып,
Аңғарып білдіргендей сырын анық.
«Сапарың құтты болсын, сұлтаным» деп,
Қош айтып қала берген жолын танып.
Айдатып көшпен бірге жөнелтеді,
Жылқыдан үш жүз жорға бөліп алып.
Қош айтып елі-жұрты қала берген,
Ел-жұрты, ағайыны бәрі келген.
«Сый алып ақ патшадан қайтыңдар» деп, 940. Қол жайып молда, қожа бата берген.
Жөнелді қолды бастап Шеге батыр,
Сәулетпен неше түрлі келе жатыр.
Жүз жігіт басшы, қосшы бәрі сауық,
Тігіліп түскен жерге алтын шатыр.
Бәріне жүрген жердің болды мәлім,
Шұбыртып артып айдап дүние малын.
Шеге ақын өзі батыр, өзі шешен,
Қаратып ауызына қолдың бәрін.
Барады күліп-ойнап өңкей жастар, 950. Жүруге су жағалап қылды жоспар.
Бұларды көрген халық таң қалғандай,
Бірінің сөзін тосып бірі қостар.
Жиылған ел іргесі өңкей манап,
Шектіге жақындайды күнді санап.
Жетемін тілегіме дегендей боп,
Төлеген ішкен асы бойға тарап.
Жүрегі келе жатыр алып ұшып,
Білдірмей ерген көпке іштен пысып.
Елестеп алдарынан үміт сағым, 960. Сом жүрек жарылғандай көңілдесіп.
Көргендей көз ұшында әлденені,
Біреу ме алдап кеткен әлде мені.
Бет түзеп жақындады төте тартып,
Ерусіз қолды бастап күні-түні.
Тоқтаусыз келе жатыр бұдан былай,
Жібекті бір көрсем деп берсе Құдай.
Көлденең Жетісуды кесіп өтіп,
Үдере көшті тартып дәл екі айдай.
Шектіге Жайықтағы келіп жетті, 970. Құрдырып алтын шатыр туын тікті.
Ешкімнен қорынбайды өңкей батыр,
Өріске малды жайып еркіндепті.
Бұларды шекті көріп хабарласқан,
Таңырқап сәулетіне жұрттан асқан.
Жетіру Базарбайдың баласы деп,
Қыз іздеп келеді деп хабар шашқан.
Жайылып Төлегеннің аты шығып,
Егіздің аты өшіп қара басқан.
Егіздің көңілін аулап алдастырып: 980. «Бірге өскен дос едік,– деп,– бала жастан».
«Қыз тапсаң, мал аяма, ала бер» деп,
Алданып алдау сөзге аузын ашқан.
Шеге кеп бір жағынан өсиет деп,
Қояды көтермелеп қошаметтеп.
– Малыңды айдап келген бұған берсең,
Кім саған қарсы келер баса көктеп.
Араңда ала ауыздық болмасын деп,
Егізді өгіз қылып қояды ептеп.
– Сөзіңді шын бер,– дейді,– осы бастан,
990. Туғанда бола алмайды артық достан.
Достықтың арасында шын сөз керек,
Достықтан айрылмаңдар Құдай қосқан.
Екеуі ортаға алып оңашалап:
– Жүрме,– деп,– малға ие боп жанасалап.
Аузыңды ашқаныңмен оңбайсың,– деп,
Молдадай жүгіндіріп берді сабақ.
Егіз де: – Бердім,– дейді масаттанып,
Мен үйден шықпай айтқам қос аттанып.
Абырой осы жерде берсін саған, 1000. Таласып не қылайын қосақталып.
Содан соң Төлегенді білген шекті,
Біреуден біреу естіп келген көпті
«Қыз таңдап біздің елге келіпті» деп,
Жайылып жалпақ елге даңқы кетті.
Көріскен Төлегенге келіп бәрі,
Таңдана келбетіне жас пен кәрі.
Құрмет қып қонағасы шақырыпты,
Қазақтың ерулігі ескі заңы.
Өбектеп баласындай бір шал отыр, 1010. Сыпайы сөзін байқап өрімталы.
Тіктірген оңашалап қонақ үйін,
Көрсетіп мырзаларға тартып сыйын.
Ту жылқы, асауларды ұстап сойып,
Қан соқта қылып жатыр ұлы жиын.
Кім қызын бермес дейсің мұндай бекке,
Таныды шал да сынап асыл текті.
Отырып қонағасы болғаннан соң:
– Шырағым, сен бар,– дейді,– Қыз Жібекке.
Тыңдаңыз, мен айтайын оның жайын, 1020. Мырзасы біздің елдің мұңды уайым.
Бір жанға езу тартып түс бермей жүр,
Жаратты сонша паң ғып бір Құдайым.
Қыр мұрын, қызыл жүзді, қиылған қас,
Ішінде көк теректің бала қайың.
Есітіп шалдан атын Қыз Жібектің,
Құбылып тұра алмай тұр айтқан сайын.
Жағалай Ақжайықта алты шекті,
Сырлыбай ханымыз бар көрген көпті.
Алты ауыл, алты ұлы бар Сырлыбайдың, 1030. Жалғыз қыз ең кенжесі Қыз Жібек-ті.
Жібектің он жетіге жасы толып,
Төбесі тіреп отыр аспан көкті.
Тотыдай алтын түгі түлемеген,
Сөз салған жақтырмай жүр талай бекті.
Кездесіп көре алмайды барғанменен,
Кімсің деп сұрамайды ата текті.
Сол ханның ер Қаршыға уәзірі бар,
Айтулы тілге шешен жырау епті.
Әуелі соны тауып қолдарыңа ал, 1040. Сенеді Қаршығаға алты шекті.
Қыз Жібек алты ағадан кем көрмейді,
Болмаса тіл алуың қиын,– депті.
Төлеген отыр тыңдап қимылдамай,
Болар деп алдағы үміт әлде қандай.
Қадалып тікенектей денесіне,
Кейде ащы, кейде тұщы, кейде балдай.
Жүрегін өртегендей шалдың сөзі,
Тым-тырыс мөлдірейді екі көзі.
Жібектің атын естіп қуанғаннан, 1050. Құбылып неше түрге нұрлы жүзі.
«Не ажал, не махаббат бұ жалғанда,
Көрейін не де болса келді кезі».
Ұнады шалдың сөзі көңіліне,
Секілді дем бергендей өміріне:
– Кездесіп Қаршығаға жолығайын,
Ер болса ерсе керек серігіме.
Ақсақал, айттың ақыл арамызға,
Біз іздеп Қаршығаны табамыз ба?
Жағалы ел жолаушыны қайдан білсін,
1060. Тағы да етсең қызмет балаңызға.
– Шырағым, алыс емес Қаршыға ақын,
Болады сәскелік жер аулы жақын.
Есітіп дабылыңа сенің қанық,
Шақыртып алдырайын көрсең мақұл.
– Әрине, шақырсаңыз болар еді,
Күтелік сөзіңізді көріп нақыл.
– Руы шекті ішінде тілеу екен,
Кенжесі Сырлыбайдың күйеуі екен.
Ақсақал атышулы Жақас деген,
1070. Қадірлес адамының біреуі екен.
Жібектің іздегені осы ғой деп,
Жаратып өз көңілімен таңдайды екен.
Жіберген бір жігіті кетті шауып,
– Әкел,– деп,– Қаршығаны іздеп тауып.
Әзірге жариялап сыр шашпаңдар,
Келер,– деп күте берген құрып сауық.
Барғасын шақырушы ер Қаршыға,
Өзі де отыр екен көңілі ауып.
Жақастың үйіне кеп кешке таман, 1080. Сұрасып отырысты есен-аман.
Қос тартып келіп жатыр бір шаһизат,
Жалғанға келе бермес мұндай адам.
Жетіру Базарбайдың баласы екен,
Есітіп Қыз Жібекті іздеп содан.
Мырзаны көргеннен соң ұнатарсың,
Оңаша ебін тауып көрсет соған.
Лайық Қыз Жібекке мен ұнаттым,
Оның да іздегені келді саған.
Біреуі тырнағына пар келмейді, 1090. Мазасын алып жүр деп өңкей жаман.
Қаршыға ақылдасып бұдан кейін,
Көруге ынтық болып түсті зейін.
Жақастың сөзі тоқтап көңіліне,
Ешкімге түс бермеген бұған шейін.
– Дабылын мен де естіп көрмек едім,
Жақсыны көрмек үшін дегендейін.
Қаршыға Төлегенді келе көріп,
Төлеген шылбыр тұтты сәлем беріп.
Көрініп бой сипаты жаннан басқа,
1100. Таңданды айбатына біткен көрік.
Кең маңдай, ай қабақты, қызыл жүзді,
Жоталы кең жауырын тұрған керіп.
Бес қару жарасып тұр тал бойына,
Ақылы ажарына болған серік.
Жел сөзге екі аяқтың бұлбұлы екен,
Сөйледі көрген жерден көңілі еріп.
– Сенбісің Базарбайдың Төлегені,
Қозының ерте туған көбегені.
Тудырып бұл секілді асылзат қып,
1110. Жаратып Жасағанның жебегені.
Есітіп дабылыңды көре келдім,
Қалмады елдің шулап демегені.
Сайланып шыға қапсыз жолаушылап,
Танысып жөн сұрауға келді жөні.
Елінде алты шекті Ақжайықта,
Қаршыға жырауың мен, білгіл мені.
Алыстан дабылыңды естігесін,
Әдейі іздеп келдім сұрап сені.
Қайырлы сапарыңыз бола берсін, 1120. Естуім іздеп жүр деп таппай теңін.
– Мен болам Төлегені Базарбайдың,
Қыз іздеп үш арысқа қанат жайдым.
Дәм айдап бұл елге де келіп қалдық,
Тағдырда жазуы боп бір Құдайдың.
Бармаған бұл түбекте шекті бар деп,
Бір келіп аралауға болды уайым.
Мен болам Базарбайдың үлкен ұлы,
Алланың шыныменен сүйген құлы.
Осы елде бір сұлу бар деп есіттім,
1130. Жүр деген жігіттердің жетпей қолы.
Есітіп ел аузынан ұзын хабар,
Біз дағы келіп тұрмыз іздеп соны.
Сұрауға күтіп едім соны сізден,
Дабылға кім нанады көрмей көзбен.
Айыбым екі жорға жетегіңе,
Жақсыны көрмек үшін деген сөзбен.
Отырды сөзін тыңдап ер Қаршыға,
Дегесін жетегіңе екі жорға.
Жалындап жанған оттай құбылады, 1140. Тұрғандай асау толқын шыдап зорға.
Ешкімнен сыр білетін талабы жоқ,
Алғасын Қаршығаны омырауға.
Төлеген тұрды тыңдап көзі жанып,
Райын байқағасын сөзін танып.
Ойлаған өз ойымнан шығар-ау деп,
Бұлайша сөз бастады бұ толғанып.
Осы бір келген Қаршыға
Бұ да бір асқан ер еді.
Төлегенмен сөйлесіп, 1150. Анықтап әбден көреді,
Ерлігін танып біледі.
Баланы көріп ұнатып,
Іздегені Жібектің
Табылды деп сынатып.
Абыройын алайын,
Жібекке ертіп барайын.
Талай бектер барып ед,
Қайтарып еді талайын.
Көпті көрген күн дейді, 1160. Сөйлесе ескен жел дейді.
Ай сәулесін көргендей,
Көңілі сүйіп елжіреп,
Кезіне тура келгендей.
Толықсып тасып сөйлеген,
Сөзінің байқап салмағын,
Жанға шырай бермеген.
Жұрт қамалап жан-жағын,
Төгілте сөзді сермеген.
Барған сайын аспандап, 1170. Жиылып қосын келді аңдап,
Бір жез таңдай көрмеген.
– Ау, Төлеген, Төлеген,
Асқармысың, белмісің,
Болмаса шалқар көлмісің.
Сәулетіңе қарасам
Ханзадамен теңбісің.
Келбетіңе қарасам
Шаһизада ұлмысың.
Айбатыңа қарасам,
1180. Қас батырмен теңбісің.
Осы көптің ішінде,
Артық туған мүсінді,
Базарбайдың баласы
Төлеген мырза сенбісің?
Жібектен хабар есітіп,
Бес қару байлап шошытып,
Іздеп келген ермісің?
Ерлігіңе сүйеніп,
Тегін алам дермісің? 1190. Жібектің жайын айтайын,
Ханымыздың жалғызы,
Таңның шолпан жұлдызы,
Бұ жалғанда теңі жоқ,
Тең болмаса хор қызы.
Келіп жатыр талай бек,
Малын айдап түбектен,
Бәрі де қайтқан түңіліп,
Сөз ала алмай Жібектен.
Жолына отыр қаратып 1200. Бұл Жайықтың адамын,
Жақсы менен жаманын.
Жібектен жауап ала алмай
Тауысып отыр амалын.
Бір тең таппай өзіне
Бұ Жайықтың алабын.
Көптің бірі боларсың,
Көрсетейін апарып,
Қайтпас, мырзам, талабың.
Бір жаратқан білмесе 1210. Кім[ге] сүйіп барарын,
Екінші сөзім біл,– дейді,
Сексен жігіт елшіден
Бес жігітті бөл,– дейді.
Томағаңды көтеріп,
Шабатұғын бүркіттей,
Қосыныңды аңдатып,
Жайықтың бойын шаңдатып,
Елдің шетін үркітпей,
Бөлгенің, мырзам, жөн,– дейді. 1220. Қорқытып көппен алуға
Жібек сұлу көнбейді.
Тәңірім ашсын бағыңды,
Кел соңымнан ер,– дейді,
Кереметім көр,– дейді.
Қаршыға сөзін есітіп
Анығын біліп түйінді,
Сөзіне көңіл сүйінді.
Шегеменен бас қосып,
Егізді алып ортаға, 1230. Ақылдасып жиылды.
– Егіз мырза сен,– дейді,
Сексен жігіт елшіден
Бес жігітті бөл,– дейді.
Басқасын ертіп қосынның
Қайтқаның енді жөн,– дейді.
Шен алам деп желігіп,
Шығып едің ерігіп,
Ендігі сөздің байлауы,
Ертіп шықтым мен сені,
1240. Пайдаңды бүгін көруге,
Айдатқанмын жылқыңды
Бата аяққа беруге.
Қалың қолмен топтанып
Болмайды екен еруге.
Қосынды алып қайтыңыз,
Бола ма көпке сенуге.
Әкеңе дұғай сәлем де,
Жауабын қайтсам берермін.
Малымды басып алды деп, 1250. Жар салмасын әлемге.
Жолдас болып ауылдан
Еріп шықтық бәріміз,
Жалғаны жоқ сөзіміз,
Жібектің мынау хабарын
Көріп отыр көзіңіз.
Қыз тапсаң малың берем деп,
Айтып еді аузыңыз.
Қайтарармын малыңды,
Аман болса жанымыз. 1260. Бір жылқы төліңнің зекеті,
Ендігі жерде біздікі
Айдап келген малыңыз.
Хабарын естіп жете алмай
Сарқылып еді қанымыз.
Қайтпадым деп шен алып,
Төгілмесін арыңыз.
Мырзалық қылып, құрдасжан,
Осымен кейін барыңыз.
Сонда Егіз сөйлейді, 1270. Сөйлегенде бүй дейді:
– Ау, Төлеген, Төлеген,
Басшы қылып қосынға
Шығып едім сені елден,
Бөлініп бүгін отырсың,
Жібекті тауып бұл жерден.
Бермеймін десем жылқыны,
Қабағың қарыс түнерген.
Бұ жерлерге әкеліп,
Қылдың ба күлкі қосынға-ай.
1280. Өз қылғаның дұрыс деп,
Тұрсың сөзді асырмай,
Іздегенім Жібек деп,
Айтсаң дағы жасырмай,
Апарам деп патшаға
Алдамай-ақ басында-ай.
Мал аяп сенен қалам ба,
Бар десең ойым осындай?
Мал түгіл менен сұрасаң
Беремін саған басымды-ай. 1290. Алып қайтсаң ризамын
Жібектейін асылды-ай.
Бес жігітті сайлап ал,
Жылқыны жиып айдап ал,
Сұрағаның осы ма-ай.
Алып қайтсаң Жібекті,
Тәңір берсе тілекті,
Күлкі болам демеймін
Дұшпаным мен досыма-ай.
Жолың болсын, Төлеген, 1300. Дүние десең тағы да ал,
Бәлен-түген демеген.
Болды екеуі кеңесіп,
Ризалық беріп көрісіп,
Берген бұйрық қосынға-ай.
Бес жігітті бөлдіріп,
Жылқының бәрін қалдырып,
Қайтқан екен осылай.
Егізден қалып бөлініп,
Айтып сәлем еліне, 1310. Төлеген мырза толықсып,
Семсерін ілген беліне.
Ердің көңілі талпынып
Алдыңғы тілек өмірге.
Жылқыны айдап төңкеріп,
Ақ сауытты бөктеріп,
Көшкен елдей үдеріп,
Қыз Жібекті көруге.
Оқ бойы жер қыр болып,
Төлегеннің бұл ісі 1320. Кейінгі бізге жыр болып.
Көп ой салды көңілге,
Бірнеше күн жол жүріп,
Түн ұйқыны төрт бөліп.
Басты тікті бәйгеге,
Бір көрсем деп Жібекті,
Аты мәлім әйгіге.
Адам қарап тоймаған,
Сөз сөйлесе толғаған
Төлегеннің жүзіне. 1330. Қамшы басып кесіліп,
Көк жорғаның аузына,
Дәл жеті күн малды айдап,
Жаңа жеткен секілді
Көп шектінің еліне.
Келсе елі көшіпті,
Жазғы жайлау жеріне,
Мұны біліп Қаршыға:
– Көшкен екен ел,– дейді,
Бір жігітпен бас қосып, 1340. Жылқыны айдап кешікпей,
Сіздер кейін кел,– дейді.
Қыз Жібекті жөнекей
Көрсетейін мен,– дейді.
Істің жөні келгендей,
Басқа бақыт төнгендей,
Болса жаным кеудемде.
Жылқыны айдап жетіңдер,
Өзіне-өзі сенгендей.
Бес жігітке тапсырып, 1350. Енді озуға жол тартып,
Бір көруге Жібекті
Төлеген мырза құмартып,
Көшкен елдің соңынан
Жылқыны айдап шығартып.
Төлегенге Қаршыға
Талай көшті танытты.
Көшкен елге жыр болып,
Көргендерге сыр болып,
Талай көштер қалыпты. 1360. Туған айдай нұрланып,
Көремін деп қуанып,
Ат аямай сабылтты.
Жібекпен бойын ораған,
Жорғаны мініп жараған,
Әлемге өзін балаған,
Талай қыздар кездесіп
Жібек деп алдын ораған.
Төлеген жетіп келгенде
Екі көзі жалтылдап, 1370. Алпыс екі тамыры
Қаны жүрмей салқындап,
Қадалып көзі қараған.
«Жетейік,– деп»– Жібекке»
«Бұл емес Жібек» дегенде,
Талай қызды қалдырған.
Артынан қарап күңкілдеп,
Бұл кім еді деп қаңғырған.
Бір тілдеспей кетті деп
Көрген қыздар аһ ұрған. 1380. Талай көштен өтеді,
Сонда бір көшке жетеді.
Бір қыз кетіп барады
Жанасалап шетінде,
Күн сәулесі бетінде.
Көгілдірі аққудың
Бір кіршік жоқ етінде.
Толықсып кетіп барады
Перінің қызы секілді.
Ақ маңдайы жалтырап, 1390. Танадай көзі жарқырап,
Айырып қойған кекілді.
Жанына жетіп барады,
Төлегенді көргенде,
Аясымен үкінің,
Көз астымен барлады.
Иба ғып сұлу майысып,
Бетінде қаны қайнады.
Қаршыға жетіп соңынан
«Бұл емес Жібек» дегесін 1400. Тастап бір асып жөнелді.
Және айқасқан бір көшке,
Бір көш емес әр көшке,
Көш алдына қараса
Бір қыз кетіп барады.
Жанына келді асығып,
Бес қаруын асынып,
Көзінен оты шашылып.
Қыздың түрі мынадай:
Таң мезгілі болғанда 1410. Шолпанның туған жұлдызы,
Киген киім құлпырар
Асыл, жібек, қырмызы,
Қарағанда қылмиып,
Көзбен күлер жылмиып.
Екі беті алмадай,
Бейіштен шығып келгендей
Бұ жалғанға хор қызы.
Белі нәзік, өзі иілген,
Маржандай тісі тізілген 1420. Судың сұлу құндызы.
Осыдан артық туар ма
Адамзаттың бір қызы.
Осы болар Жібек деп,
Қаршығаны күтеді,
Кім де болса бұл өзі.
Қаршыға жетіп келеді,
«Жібек емес» дегесін
Дөңгелентіп жөнеді.
Қаршыға мен екеуі 1430. Әзіл айтып ойнайды.
Астындағы көк жорға ат
Ауыздығын шайнайды.
Әбден қызып алғасын
Көзі оттай жайнайды.
Жол танабын қуырып,
Жердің шаңын суырып,
Тас бұршақтай ойнайды.
Жағалай салды өзенді,
Бір көруге Жібекті 1440. Асығып жүр тез енді,
Төлеген мырза кезенді.
Сол кездері алдынан,
Бір көш шықты шұбалған.
Көкорайлы өзектен
Салтанатын түзеткен.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады
Отыз түйе тіркеген,
Жібекпен бетін бүркеген, 1450. Сары мая үлектен,
Мұрындығы сары жез
Бидасын өрген жібектен.
Қара шашы құндыздай,
Көкте көгім жұлдыздай,
Көрген жанды жүдеткен.
Осы болар Жібек деп
Қаршығаны күтеді,
«Бұл емес Жібек» дегесін
Одан да өтіп кетеді. 1460. Тұлпарға қамшы басады,
Қос құлағын қамшылап,
Бауырдан тері тамшылап,
Ауыздығын басады.
Алдындағы белеңнен,
Кеселі қарғып кезеңнен,
Орғытып келіп басады.
Төлегендей мырзаның
Көңілі судай тасады.
Дөңгеленген қаңбақтай, 1470. Екпіні желдей шаңдатты,
Көбігі қардай ұшады.
Және айқасты бір көшке,
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Жанасалап сұлудың
Жанына жақын келіпті.
Қызды қарап көріпті,
Кім екен деп көрікті,
Жан екен деп сүйікті. 1480. Нөкері бар қасында,
Өзі он жеті жасында,
Ақ маңдайы жарқылдап,
Шағылып күнге жалтылдап,
Кәмшат бөрік басында.
Қырық нарға жүк артқан,
Жібек кілем жайнаған,
Жүк үстіне жаптырған,
Алтын қоңырау көшіне
Неше жерден тақтырған, 1490. Көшіргендей дүниені
Бұл жалғаннан арттырған.
Қазына артқан қырық нарға
Жібектен арқан тарттырған.
Берен бешпент белсеніп,
Жорға мініп теңселіп,
Жалғанды жалғыз еңсеріп,
Алтын қамшы қолға алып,
Жорғамен бірге қозғалып,
Төлеген жетіп келгенде, 1500. Құбылып жүзі назданып,
Сөйлесуге жөн таппай,
Неше түрге сазданып.
Қасындағы қыздарды
Кейін тұр деп шамданып,
Келгенін біліп тосыннан,
О да өзінше арланып,
Төлеген мырза қайрылып
Аттың басын бұрады.
Қаршыға қашан келгенше, 1510. Қасында қыздың тұрады.
«Осы ма,– деп,– Қыз Жібек?»
Қаршығадан сұрады.
«Бұл емес Жібек» дегесін,
Сонда көзін алады.
Төлегеннің көңілі
Оттай қаулап жанады,
Неше бір асқан сәулетпен
Он бір қыз кейін қалады.
Жібекке қашан жетем деп, 1520. Тұлпарға қамшы ұрады.
Және бір көшке айқасты,
Көштің алдын байқасты.
Бір қыз кетіп барады,
Орта бойлы кеудеше,
Кигені жібек жейдеше,
Жанына келді жүгіртіп
Шыдамай төзіп көргенше.
Сыр сипатын қараса
Әлгі қыздан өзгеше, 1530. Өзгеше демей не дейін,
Гүл төгілер сөйлесе.
Қатарында тең болмас,
Хор қыздары келмесе.
Құбаша келген қой көзді,
Талмада бойлы нұр жүзді,
Адамның емес баласы,
Туған айдай иілген
Екі қастың арасы.
Суда сұлу сүліктей 1540. Он саусақтың саласы.
Маржандай аппақ тізілген
Отыз тістің арасы.
Жанып тұрған шамшырақ
Көзінің гауһар қарасы.
«Осы болар Жібек» деп,
Төлегеннің кетіп тұр
Естігенше мазасы.
Қаршыға жетіп келеді,
«Бұл емес Жібек» дегенде 1550. Бетіне қарап күледі,
Одан да өтіп жөнеді.
Және айқасты бір көшке
Көш алдына қараса
Бір қыз кетіп барады.
Қара жорға мінгені,
Қара жібек кигені,
Бұл сияқты перизат,
Қыз іздеп жүріп Төлеген,
Жоқ еді, сірә, көргені. 1560. Екі көзі сүрмелі,
Киген киім құлпырған
Сылдыры судың күлгені,
Қадалған шоқтай жабысты
Бір-біріне көздері.
Сексен түйе қомдаған,
Сексен түйе үстінде
Алтынды жағдан орнаған.
Асыл қымбат кілемнің
Жібектен гүлін торлаған. 1570. Қыз сипатын қараса,
Ақ бетінде кіршік жоқ,
Айдын көлдің қуындай,
Екі көзі жалтылдап
Ханның тіккен туындай.
Сөйлеген сөзін байқаса
Тұнығы зәмзәм суындай,
Ауызының демдері
Сары алтынның буындай.
«Осы болар Жібек» деп, 1580. Төлеген мырза қуанды-ай.
Қаршыға қашан келер деп,
Кім екенін біле алмай,
Қаршыға жетіп соңынан,
«Бұл емес Жібек» дегенде,
Жөней берді тұралмай.
Астындағы көк жорға ат
Дөңгеленіп бұландай.
Көрген түстей елестеп,
Сұлу қарап артынан 1590. Қалдым-ау деп тіл алмай.
Көз жіберіп алдына
Төңкеріліп қырандай,
Қыз Жібекті бір көріп
Арманынан шыға алмай,
Жанған жүрек тына алмай,
Шыға алмай жүр құмардан.
Көз ұшында бір көшке
Келіп жетті шұбалған.
Көш алдына қараса 1600. Бір бәйбіше ақ маңдай,
Ертеңгі туған шолпандай,
Көшті бастап келеді
Ерні жұқа, жез таңдай.
Көш сәулетін көргенде,
Тіл жетпейді айтуға,
Төлеген қарап таңданды-ай.
Екі жүз түйе қазына,
Кім тояр екен жалғанға-ай.
Екі жүз түйе барлығы, 1610. Сары алтыннан жабдығы,
Жазығы әйел демесе,
Байқағанға кем емес,
Манағы қыздан салдығы.
Жанына жетіп келіпті,
Қаршыға қашан келгенше
Төлеген мырза зерікті.
Жазығы әйел демесе,
Манағы қыздан көрікті.
Кестелі кебіс жарқылдап, 1620. Омырауда алтын алқасы
Шағылып күнге жалтылдап.
Омырауды басқан бұғағы
Шайқалғанда былқылдап.
Сөйлегенде дыбысы
Аққудайын сыңқылдап.
Жібектің туған шешесі,
Жазығы әйел демесе
Көрген қыздың нешесі,
Келмейді бұған мүшесі, 1630. Қаршыға менен Төлеген
Қиялай шауып көсілді,
Дәнеме жоқ есінде,
Екінші күні бесінде,
Келіп жеткен секілді
Қыз Жібектің көшіне.
Көш сәулетін байқаса
Есебі жоқ дүниенің,
Тоқталайын несіне.
Келсе Жібек жоқ екен 1640. Сол кездері көшінде.
Қаршыға жетіп келеді,
Жоқтығын Жібек көреді:
– Елдің бәрі көшкенде
Көш қасында өзің бар,
Жібекжан қайда кеткен-ді?
Қалжың сөзбен Қаршыға
Сылтаурата келеді,
Шешесі тұрып сөйлейді:
– Жыраужан, қайдан келесің,
1650. Көшпенен бірге жүрмейді,
Жібекжан жайын білесің.
Бетіме тозаң тиед деп,
Жектіріп ерте күймесін,
Азаннан ерте кеткен,– деп.
Жаныңдағы бала кім,
Алды-артымнан бір шықты
Келген жерден екпіндеп.
Бес қаруы белінде
Көрінеді асқардай, 1660. Көшімнің алды-артына
Көзін тігіп жасқанбай,
Жанған оттай жалыны
Шарықтайды аспанға-ай.
Қаршыға тұрып сөйлейді:
– Кім екенін, ханымжан,
Бекер емес сұрадың,
Көрген жерден абайлап
Баланы байқап сынадың.
Ел орынға қонғасын,
1670. Көңілдің аршып қырауын,
Айтпадың қазір дей көрме,
Білдірер кейін жырауың.
Ұстап келдім қолыма
Бір баланың шылауын.
Бекер жерге мен баспан,
Орынсыз өрге жанаспан,
Жырауың жүрген жерінде
Бала қояр жылауын.
Қаршығаның сөзінен, 1680. Бетті бұрған тезінен,
Ханым сезген білгендей,
Көңілі жұмсап игендей,
Баланың байқап сыр, түрін,
Көңіліне түйгендей.
Қаршыға менен Төлеген
Атының басы бұрылды-ай,
Әдеп сақтап ибамен,
Көлденеңдеп қырандай,
Көштен озып жанасып, 1690. Шыға шаппай таласып,
Аттың басын тежесіп,
Кеткенінше қыр асып,
Қыр астына түскесін
Тұлпарға қамшы бір басып,
Дөңгеленді қояндай.
Бағымды Алла ашқыл деп,
Бабаларға сиынды-ай.
Қыз Жібектің жолына
Бәйгіге тікті шыбындай. 1700. Көштен қара үзілді,
Шаң шұбалып тізілді.
Тақымды басып түйінді,
Асыққан ісі қиын-ды.
Бір көруге ынтызар
Жібек сындай қызыңды.
Алмас қылыш сартылдап,
Қыз Жібектің ізімен,
Келе жатыр жарқылдап.
Бүктеледі көк жорға ат 1710. Құйысқаны сартылдап.
Ақ сауытын бөктерген,
Басқа киер қалқанын
Иыққа іліп төңкерген,
Садақтың оғы салпылдап
Дөңгеленіп желеді,
Алты қырдан асқанда,
Жетінші қырды басқанда,
Қоңырау дауысы келеді.
Найзасы аумай қолынан, 1720. Жұлдызы туып оңынан,
Көк жорға атты жүгіртіп
Келді жетіп соңынан.
Қыз Жібек мінген күймесі,
Жабулы салған түймесі,
Алдын-артын айналып,
Көрем бе деп ойланып,
Жатқаны ма бұл несі.
Ат айдаған көшірі
Тиетіндей кесірі, 1730. Жолатпайды жанына,
Келтірмейді маңына,
Жұғатындай күйесі.
Қаршыға кейін қалыпты
Көз ұшында қараса.
Төзе алмайды күтуге
Күймеге келді жанаса.
– Бұл күймеде кім бар?– деп,
Тілдеселік аңғар,– деп,
Көңілдің қиын жарасы
1740. Іздеп келген жан бар,– деп,
Үшке шейін шақырып,
Көшірі «кет» деп бақырып,
Берген қорлық қарашы.
Жібектен жауап ала алмай,
Енді кейін айналып
Қорлығы деп бір қыздың
Таусылғандай шарасы.
Өз елінде тантықсып
Асқан екен қанасы. 1750. Өтпеуші еді алдымнан
Адамзаттың баласы.
Қапаланып Төлеген
Өтті деп мұның ызасы,
Қаршыға жетіп келеді,
Қабағы тастай түйілген
Төлегенді көреді.
– Сөйлеспей Жібек кетті,– деп,
Азары мұның өтті,– деп,
Адам ба еді дені сау,
1760. Бұл не қылған төре еді?
Үшке дейін шақырдым,
Кісі екен, сірә, демеді.
Қаршыға тұрып сөйлейді:
– Ау, Төлеген, Төлеген,
Жібектің жайын мен білем,
Көрінгенге бет ашып
Сөйлесіп, сірә, көрмеген.
Қапаланба, шырағым,
Көрінгенмен көрісіп, 1770. Езу тартып күлмеген.
Адамзаттың шырағы,
Маңынан шайтан жүрмеген.
Сөз алайын мен өзім,
Амалын тауып тілменен.
Қаршығаға қосылып
Жанына жетіп келеді,
Қаршығаны көргесін
Көшірі тізгін тежеді:
– Ояу ма,– деп,– Жібекжан,
1780. Дауыстап хабар береді.
Қаршығаның сөздері:
– Уа, Жібекжан, Жібекжан,
Ояумысың, шырағым.
Қаршыға көкең келіп тұр,
Сөзіме салғыл құлағың.
Тұғырдағы ақ сұңқар
Қанатын қағып талпынар.
Негізін ойлап әр істің,
Асыл бекзат сөз тыңдар.
Бұл заманда, шырағым,
1790. Сендей болып кім туар?
Артық болып анадан
Ешкім сендей туылмас.
Қайнап жатқан бұлақтай
Ешкім көзін буалмас.
Көтерші бері басыңды,
Дүниеге келгесін
Алашқа атың шашылды,
Тәңірім көрік бергесін.
Көрсетейін саған деп, 1800. Ертіп келдім, шырағым,
Шынжырлы тұқым асылды,
Сенің үшін, шырағым,
Бәйгеге тіктім басымды.
Іздеп келген Төлеген
Жайылған жұртқа даңқыңнан.
Бұ да өзіңдей шаһизат
Қадірі асқан халқынан,
Сөз сөйлесе толғанып,
Естіген адам балқыған. 1810. Тап өзіңе лайық
Бір көрінші көзіне,
Келгесін қуып артыңнан,
Салып құлақ сөзіме.
Талай бекзат көріп ем,
Жүзін жисаң осының
Жетпейді басқан ізіне.
Қаршыға көкең келгесін,
Бір көрсетші жүзіңді.
Сонда Жібек сөйлейді, 1820. Сөйлегенде бүй дейді:
– Көке де болмай жерге кір,
Тыңдамаймын сөзіңді.
Алты ағадан кем көрмей
Жүруші едім өзіңді.
Ел қыдырған жолаушы
Ат беріп саған асылған.
Белсене белің желпініп,
Ашылғандай желтеніп,
Не күн өтті басыңнан?!
1830. Екі тайға ұялмай
Мені сатып сыртымнан.
Ұялмай не деп кеп тұрсың
Дұшпаның мен досымнан.
Күйеу тауып әкел деп,
Қашан саған айтып ем,
Көрінбей жоғал қасымнан.
Қаршыға тағы сөйледі:
– Өтірік емес, Жібекжан,
Екі жорға алғаным, 1840. Байқамаған екесің.
Бұл сөзді айтып тұрғаның.
Арадағы дұшпанның
Өсегіне нанғаның.
Дұрыс па екен, Жібекжан,
Іс ақырын байқамай
Өтірік жанжал салғаның.
Мен айтайын, сен тыңда
Шын сөзімнің болғанын.
Екі жорға мен алдым 1850. Төлегенге дос болып,
Айтпаймын сөздің жалғанын.
Міне тұрған Төлеген,
Еріп менің қасыма,
Дүние малын алмаймын,
Шырағым, сенің басыңа.
Қаршыға көкең келіп тұр
Көрінер деп досыма,
Көрсетпесең өзіңді,
Тыңдамасаң сөзімді, 1860. Сыйлағаның осы ма.
Түбін ойлап әр істің,
Сипатына сөзі тең,
Ханзадамен өзі тең,
Бір қарашы, шошыма.
Сонда Жібек сөйледі,
Көшірге атын тежетіп.
Қаршыға менен Төлеген
Күйменің аузын күзетіп,
Сылдыр қағып сыңқылдап: 1870. – Көкежан, сөзің жарайды,
Тереңінен сөз толғап,
Балқытушы ең талайды.
Мырзаңнан алған қос жорға
Күймені ашып көрінсем,
Бойыңа ас боп тарайды.
Мырзаменен дос болып,
Келгеннен соң екпінді,
Тыңдамасам сөзіңді
Салың суға кеткендей, 1880. Қайтарып ем талайды.
Қаршыға көке келгесін,
Көрінейін, жарайды.
Бұл сөзді айтып Қыз Жібек
Тоқтаттырып күймені,
Ағыттырды түймені.
Бетін ашып азырақ,
Бір-біріне шамшырақ,
Амандасып көзімен,
Жылы ұшырап жүзімен, 1890. Көзі түсіп жадырап,
Күймеден басын шығарып,
Ақ маңдайы жалтылдап,
Құндыздай шашы жылтылдап,
Қаршыға келіп Жібекті
Ұйытып сөзбен жылпылдап,
Кермиығы оқтай теңеліп,
Оймақтай аузы бүріліп,
Екі қастың арасы
Туған айдай иіліп, 1900. Екі беті алмадай,
Туған шолпан таңдағы,
Киген киім құлпырар,
Көз тұрғызбай ойнады.
Күймесін сұлу жапқанша,
Төлеген көзін алмады.
Сол кезде күйме жабылды,
Іздеген ерге табылды.
Өзі он жеті жасында,
Төлеген тұрды кете алмай, 1910. Айналақтап қасынан,
Бір тілдеспей қалдым деп
Не де болса осыған.
Оймақ ауыз, гауһар көз,
Іздеген ерге келді кез,
Көңілі судай тасыған.
Сондағы Жібек суреті,
Аға Жүніс болмаса,
Өзгеден артық құрметі,
Зылиқа-Жүсіп болмаса, 1920. Өзгеден артық келбеті.
Қыз сипатын байқаса
Шамның жанған шырағы.
Гауһарлы тас сырғасы,
Жалт-жұлт еткен құлағы,
Омырауын жауып тұр
Шағылысып бұғағы.
Екі беттің қызылы
Ақ тауықтың қанындай,
Ақ білектің мүсіні 1930. Айбалтаның сабындай.
Қыз Жібекке Төлеген
Көз мейірі қанып тұр,
Белі нәзік талып тұр,
Пейіштен жанған шырақтай
Екі көзі жанып тұр.
Не деп бір жауап айтуға
Төлеген ойға қалып тұр.
«Іздегенім табылды,
Іздеп шыққан елімнен, 1940. Кезіктім бе бұ жерден,
Бір тіл алмай шыныммен,
Қайырып мұны көрейін,
Сөйлесер сонда менімен».
– Уа, Қыз Жібек, Қыз Жібек,
Салғыл құлақ сөзіме,
Азырақ айтып өтейін
Келген сөзді көңілге.
Тасқындама, Қыз Жібек,
Кім сенеді өмірге, 1950. Кесірлік жөні солды ма,
Жаныңа адам келместей,
Не басыңа көрінді?!
Өзіңмен кетпей қырсығың,
Бүлдіріп жүрер еліңді.
Іздеп келді Төлеген
Басайын деп деміңді.
Шалқыма, Жібек, шалқыма,
Ойланып алды-артыңа,
Қыз басыңмен алшақтап 1960. Түспеймін деп салтыңа,
Кесірің тиіп жүрмесін
Ағайын-жұрт, халқыңа.
Сонда Жібек сөйледі,
Күймені қайта аштырып,
Төлегеннің сөздері
Қыздың көңілін бастырып:
– Олай десең, Төлеген,
Мен жайымды айтайын,
Айтасың бекер демегін,
1970. Болдым ерке жасымнан,
Көлденең келген жел сөзді
Асырмаймын басымнан,
Ағыным судай тасыған.
Кесірім майдай жағады,
Халқым малдай бағады,
Қайғырып жаны ашыған.
Көлеңкеме қол жетпей,
Көлденеңдеп сөз өтпей,
Талайдың көңілі басылған. 1980. Кесірім тиіп оңалмай,
Аурудың емін таба алмай,
Көңілі жездей жасыған.
Аулақ жүріп одан да,
Бас сауға қыл аманда,
Еліңді таппай жүрерсің,
Кесірім тисе осыдан.
Арқамды жапқан қолаң шаш,
Еркелік қылсам көтерген
Ағайын туған қарындас. 1990. Ат-тоныңды қалдырып,
Еліңді таппай қаңғырып,
Азып кетсең жарамас.
Төлеген тағы сөйледі:
– Уа, Қыз Жібек, ерке қыз,
Сөз сөйлеңіз абайлап,
Алыстан естіп хабарың
Мінгенмін атқа бел байлап,
Жақсыға айтсаң жан еріп,
Ұғып көңілін шын беріп, 2000. Алдын-артын көп ойлап,
Іздеп келген Төлеген
Сені алуға мал айдап.
Қаршекеңді басшы ғып
Келіп тұрмын көрерге,
Жақсыға мысқыл өнер ме,
Сенің жапқан кесірің,
Маған әсер етер ме,
Көбелектей көлбеңдеп,
Өртенбеңіз бекерге . 2010. Осы бір айтқан сөздерің
Күндердің күні туғанда
Көңіліңнен кетер ме.
Ойнап айтсаң ойлап айт
Деген нақыл бекер ме?
Тағы да Жібек сөйледі:
– Уа,Төлеген, Төлеген,
Сіздей, сіздей әр жерден
Неше бектер келмеген.
Малын айдап, ту алып,
2020. Өз-өзімен бұланып,
Сені алмасам ба демеген.
Көлеңкеме қол жетпей,
Бәрі де қаңғып жөнеген.
Сен де келіп осындай
Жолаушылап көлденең.
Елің қағып елестеп,
Сөз түйіні білінген.
Ақыл ойдың дариясы
Ой талпынып бөленген. 2030. Сөйлесетін мен емес,
Көш жөнекей сенімен.
Өзің де, мырза, тасыма,
Тасыған жетер басыңа.
Күлкі болып жүрерсіз
Дұшпаның мен досыңа.
Малымды айдай келдім деп,
Бос жатқан қыз деп осында.
Осы айтқаның болмаса
Салармын сәлде басыңа. 2040. Төлеген тағы сөйледі:
– Жақсы айтасың, Қыз Жібек,
Жүргенсің сәнсіп еліңде.
Сөйлесермін сенімен,
Иелеп басыңа күн туып,
Алдыма келген жеріңде.
Бұл сөзіңді ұмытпан,
Болар есте өлгенде.
Атыңды естіп алыстан
Болып келдім шерменде.
2050. Бұл сөзді айтып Төлеген
Аттың басын бұрады,
Жылқыны күтіп артында,
Бес жігітке қосылып,
Кеңесіп басын құрады.
Көшпен бірге малды айдап,
Қалың елмен жағдайлап,
Жайылып даңқы тарады.
Сол күндері болғанда
Бір топ кісі қарасын, 2060. Бұрқырата шаңдатып,
Кең Жайықтың даласын,
Келе сөйлеп бұларға,
Көрсетеді шамасын.
– Шақыртып хан жіберді,
Жаныңнан үз деп күдерді,
Қаршыға, сені әкел деп,
Ертіп жүрген қалдырмай
Жанындағы баласын.
Қызын ханымның сатып 2070. Енді қайда барасың?
Кейіп жатыр ханымыз,
Масқара болдық бәріміз,
Үлкеніміз, кәріміз.
Өз обалың өзіңе,
Ашығанмен жанымыз.
Қаршыға тұрып сөйледі:
– Бір топ кісі келгенге,
Сасатын кісі бұл емес
Ентелете желгенге,
2080. Жүре бер ертең барамын,
Айта бар ханға көргенде.
Болған істің бәрі рас,
Айтамын шынын сендерге.
Ханға сәлем айта бар
Ертең түстен қалмайын,
Болмасын деп шерменде.
Сендермен кейін сөйлесем
Арам тер айдап келгенде.
Естігесін бұл сөзді 2090. Келгендер қайтып жөнелді.
Ханнан алған жарлығын,
Айтты сөздің барлығын.
Хан алдына келгесін
Бәрі шулап таласып,
Жарымай келген жамандай,
Жәрдемге келген жаны ашып,
Қаршығадай жыраудың
Жанында жүр бір бала,
Нұры көкке жанасып. 2100. Кеткім келмей жанынан
Біраз тұрдық қарасып,
Жамандап келген мыналар
Нағыз дұшпан адасып,
Беліндегі бес қару
Тал бойына жарасып.
Екі талай боп шықты
Келгендердің сөздері,
Ертең түстен қалмайды
Келеді деп өздері. 2110. Айтқандай ертең көрінді
Көп жылқының шаңдары,
Айдап салып өріске
Келе жатқан қарасын,
Қоруға әукем шарасын.
Жиылып би мен хандары,
Қаршыға көріп таныған
Жүз кісідей шамасын.
Төлегенге Қаршыға:
– Енді өзің бар,– деді,
2120. Сәлем беріп қолын ал,
Не дер екен хан,– деді.
Бұл сөзді естіп Төлеген
Бес қаруын тағынды,
«Тәңірім ашсын бағымды»,
Жанған оттай жалынды.
Көк жорға атпен теңселтіп
Хан алдына келеді,
Иіліп сәлем береді.
Төлеген жетіп келгенде 2130. Хан мен билер жаңылды.
Бәрі қарап таңырқап,
Ашуы тарап жадырап,
Төлегеннің сәлемін
Ғалейке алды көп шулап.
Бидің бірі ортадан:
– Келіп тұрған ханзадам,
Сапарыңды сұраймын,
Жолыңыз болғай, жан балам.
Топтатып жорға айдатып,
2140. Тұлпар мініп ойнатып,
Жігіттің сайлап ірісін,
Беліне байлап қылышын,
Құтты болғай талабың,
Сән-салтанат жүрісің.
Қай сапарға барасың,
Айтыңыз, балам, жұмысың?
Төлеген тұрып толғады
Қасара қарап таймастан:
– Бір сұлу іздеп ел кездім
2150. Аттың ерін алмастан,
Жақында келдім еліңе.
Мен риза өмірге,
Жібектің атын есітіп
Қылдым талап көруге.
Жолдас болды Қаршекем,
Басшылық қып шеруге.
Кең алаптың бойында,
Қалың шекті елінде,
Жібекті тауып сөйлестім 2160. Көш жөнекей жолында.
Шәлкім шалыс ауылы
Тасқындық бардай бойында.
Ақырында келісіп,
Қолын беріп танысып,
Қаршекемнің алдында.
Ел жайлауға қонғасын,
Кетіп еді Қыз Жібек
Келіңіз деп ауылға.
Жиылған топты көргесін, 2170. Сәлем бере мен келдім
Осы отырған қауымға.
Сырлыбай ханның жауабы.
Сырлыбай Төлегеннің байқап түрін,
Ризалық білдіреді ішкі сырын.
– Кешегі айтқан бала осы ма екен,
Сөз айтқан екі араға қандай зұлым.
Ризамын Қаршығаға жүрген бастап,
Кемітпей құрбысынан тауып орын.
Отырған хан қасында ақсақалдар
Бәрі де берген бата жайып қолын. 2180. Төлеген жүре берді бұдан кейін,
Ризалық байқаған соң тіл көмейін.
Ендігі қалған кеңес солардікі,
Шегені Қаршығамен жіберейін.
Төлеген Қаршығаға келді қайтып,
Ризалық көптің берген сөзін айтып.
– Екеуің Шегеменен барыңдар, – деп, –
Батасын есітіңдер өзіне айтып.
Аяма сұрай қалса дүние малын,
Райынан қайтқандығы болды мәлім.
2190. Екеуі ханға келіп бата сұрап,
«Тегін бер теңі келді» деді ханым.
Отырған хан менен би қылды бата,
Айналды ізгілікке көнген жапа.
Шектіде алпыс жігіт бұған ғашық,
Есітіп бұл хабарды болды қапа.
Мысалы ұйқыдағы көрген түстей,
Дүние адамзатқа бердің бе опа.
Тіктірген бір отауды кең далаға,
Ауылдан көрінім жер бір салаға. 2200. Жиылып алпыс жігіт кеңеседі,
Әзәзіл кірді шайтан екі араға.
Бір ауыл шекті, арғыны бар,
Дейтұғын қу Бекежан батыры бар.
Жібектен көңіл етіп жүретұғын,
Отыздан асқан жасы, қатыны бар.
Жиылып алпыс жігіт ақылдасқан,
Шақырып Бекежанды басын қосқан.
«Бір қайрат осы жерде көрсетіңіз,
Ер болсаң әруақты бала жастан». 2210. Сондағы Бекежанның айтқан сөзі:
– Жігіттер, ойланар іс мұның өзі,
Қыз Жібек біреуіңді сенің сүймес,
Тұрғанда Төлегеннің көзі тірі.
Баруың Төлегенге қазір қиын,
Қазірде оның жаны ұлы жиын.
Қай күні қыз апарса қалар жалғыз,
Сол жерде қимылдауға келер иын.
Жібекті қашан алып барар екен,
Сабыр ет, жігіттерім, соған шейін.
2220. Бұл сөзбен Жібекті аңдып жүре берген,
Бұлардың жүргендерін біреу білген.
Жиылып алпыс жігіт қызға ғашық
Білдіріп Төлегенге хабар берген.
Бұл хабар болды уайым Төлегенге,
Бір жанға сездірмейді салып тілге.
Шақыртып Қаршығаны кел деп бізге,
Сенерім болмады деп сенен өзге.
Қаршыға кіріп келсе төмен қарап,
Айналып нұрлы жүзі қара түнге. 2230. Қаршыға тұрып сөйледі:
– Шақырғасын Төлеген,
Келіп едім үдеріп,
Неден қапа болдыңыз,
Қабағың бұлттай түнеріп?!
Айтшы маған шыныңды,
Мен білейін мұныңды.
Ешбір адам көрген жоқ
Көріп жатқан күніңді.
Құдай артық жаратқан,
2240. Неге бұздың түріңді?
Жаманның тілі тиді ме,
Кім келіп саған ұрынды?
Шошып тұрмын, шырағым,
Тезірек айтшы сырыңды.
Қаршыға атым жойылсын
Таба алмасам кіріңді.
Төлеген тұрып сөйледі:
– Ау, Қаршеке, Қаршеке,
Естіген мынау хабарым, 2250. Не болар екен заманым.
Сенетінім жалғыз сен,
Табыңыз енді амалын.
Жібектің жауы көп екен,
Жібектен үзбей күдерін
Дәмеленіп жүр екен.
Алпыс жігіт сөз байлап,
Өлтіреміз дер екен.
Аңдыған жау алар деп,
Адам сенбес жер екен. 2260. Қаршыға тұрып сөйледі:
– Асу да асу бел екен,
Аса бір соққан жел екен,
Өлтіретұғын кім екен?
Бұл сөзімді біл,– деді,
Кел соңымнан ер,– деді,
Сенген ерің мен,– деді,
Кереметім көр,– деді.
Базарбай ұлы Төлеген
Бұл сөзін мақұл көреді,
2270. Алдырып атын мінеді.
Қаршығаға қосылып,
Талма-тал түс кезінде
Отаудан шығып жөнелді.
Қалың елді қақ жарып
Іркілместен жүреді.
Қаршығамен жүргенде
Кім бетіне келеді.
Сырлыбайдың алты ұлы
Алтауы да ер еді. 2280. Ең кенжесі Жиренбай
Сол жылы түскен отауы,
Келіншегі баяғы
Жақасбайдың қызы еді,
Айтулының өзі еді.
Төлегенді қарсы алып
Ақ отауға енеді.
Ердің жайлап көңілін,
Көрсетіп асқар ерлігін,
Ыңғайланып жүруге, 2290. Ер көңілін тербеген,
Бұрын айтып көрмеген.
Айтайын деп бұл сөзді
Төлеген мырза кезенген:
– Ау, Қаршеке, сен,– дейді,
Анықтап бүгін көрейін,
Жібекті ертіп кел,– дейді.
Қыз Жібектен сөз алып
Барар емес жан адам,
Тағы үш жорға берейін, 2300. Береді деп біле бер,
Қолқаң болса қалаған.
Әлі де болса өзің ал
Абыройын арадан.
Мынау сөзді есітіп,
Жан аяр ма баладан.
Жібекке жетіп келеді:
– Айналайын Жібегім,
Шыныдай аппақ сүйегің,
Құдайдан нені сұрайсың,
2310. Табылған соң керегің,
Болды қабыл тілегің.
Көтерші бері басыңды
Қаршығадай көкеңе.
Айтқан сөзі ақылды,
Шеткі отау ішінде
Жаңа түскен жеңешең,
Шырағым, сені шақырды.
Сонда Жібек сөйлейді:
– Өзің шешен батырсың,
2320. Ағып тұрған ақылсың.
Бір мырзаны қолға алып,
Олжаға батып жатырсың.
Сыйғыза алмай олжаңды,
Тілдің майын ағызып,
Жазып жүрген ақынсың.
Ау, көкежан, көкежан,
Абыройды ала бер,
Барайын қазір, бара бер.
Шақырғанда бармасам, 2330. Көкемнің тілін алмасам,
Ақыр бір күн болармын
Сол жігітке ұяткер.
Қаршыға естіп сүйінді,
Асыл киім киінді,
«Шақырғанда бармасам,
Абырой алсын Қаршекем,
Бармай қалсам қиын-ды».
Қаршығадан басқа жан
Қыз Жібектен сөз алу, 2340. Қиын болар іс еді.
Жібектің жайын сұрасаң,
Жаратылған артық боп,
Шаһизада кісі еді.
Кісі бойы алтын тақ
Қояндай ырғып түседі.
Қаршыға кетіп барады,
Білді бір іс боларын.
Төлегенге ертерек
Берейін деп хабарын. 2350. Төлегенді қуантып
Айтып өткен келерін.
Айдай Жібек жарқырап,
Жұлдыздай Жібек жылтылдап,
Омырауын басқан алқасы
Шағылып күнге жалтылдап,
Гауһарлы алтын сырғасы
Иыққа түсіп салпылдап.
Айдынды туған Қыз Жібек
Мойындары бұлтылдап, 2360. Буындары былқылдап,
Ауылға қарап жөнеді.
Кер маралдай керіліп,
Сары майдай еріліп,
Тәңірі берген екі аяқ
Бір басарға ерініп,
Көрінген көзге дүниенің
Бәрінен де жиреніп.
Аққан судай жылысып,
Ел шетіне ығысып, 2370. Үркердей айға тоғысып.
Бір жан ертпей жекелеп,
Шеткі отауға төтелеп,
Келе жатыр ойқастап,
Бұлаң қағып бой тастап,
Жан-жағына байқастап,
Кірпігі оқтай тігіліп,
Кәмшат бөрік басында,
Үкісі көзге төгіліп.
Сол кездері көрген жан
Өз жанынан түңіліп.
Қыз Жібектің екпіні
2380. Пейіштен самал ескендей,
Талма тал түс шағында,
Маңынан шайтан көшкендей.
Сол кездері бір көрген
Шыбын жаннан кешкендей.
Сылдырап Жібек келеді
Отауға қарап сескенбей.
Ғашық жарын көруге,
Жан аямай еруге,
Көрінген жанды ескермей. 2390. Берен тонды жамылып,
Сәулесі күнмен шағылып,
Жібекті келіп көргенше
Төлеген мырза зарығып.
Жеңгесі шықты алдынан
Сары алтынға малынып.
Жалғанның асыл тастарын
Дәл бойына тағынып.
Қалмайын деп ұялып,
Жібек сондай сұлуың 2400. Етек-жеңін қағынып.
Отауға кіріп келгенде
Төлегенге жолығып,
Екі ғашық бір-бірін
Көріседі сағынып.
Отыра кетті жабыса,
Мойынға қолы қабыса.
– Неге келдің, Қыз Жібек,
Талма-тал түс бесінде?
Айтқан сөзің кешегі
2410. Бар ма сенің есіңде?
Өз айтқаным болар деп,
Айтып едің несіне?
Сонда Жібек сөйледі:
– Көлге біткен құрағым,
Суырылып озған пырағым,
Жанып келген жүрекке,
Алдағы өмір тілекке
Су сеппеші, шырағым.
Әзіл қып айтқан бір сөзді 2420. Әлі ұмытпай жүр ме едің?
Әзіл сөзді абайлап
Түсінбестей ер ме едің?
Екі ғашық қосылып
Күндей күліп балқыған,
Зылиқа-Жүсіп деген-ді
Көрген халық сыртынан,
Екі нұрдың суреті
Таралғандай лаухидан.
Ғашық жардың қасында 2430. Кешке шейін отырған.
Сол күнгі көрген қызығы
Болды бөлек жалпыдан.
Бұдан кейін Төлеген
Екі ай жатып қайнында,
Өткен күнді білмеген.
Жібекті алып кетем деп,
Дәмеленіп жүр еді,
Кездесті бәле көлденең.
Күнде салып жорықты, 2440. Алпыс жігіт жиылып
Алты жүздей болыпты.
Күннен-күнге көбейіп
Бүлінген-ді көп шекті,
Жібекті алып бір шығар,
Бәрі ғашық ынтызар
Торуылдап күзетті.
Ел хабарын есітіп,
Ел арасы бүлер деп,
Сырлыбай хан толықсып, 2450. Елінің жиып адамын,
Ел бүлініп кетер деп,
Осылай етсем нетер деп,
Есітіп елдің хабарын.
– Құдаларым, қайтыңдар,
Төлегенге айтыңдар,
Ел өсегі жаманын.
Біле алмай қазір отырмын
Кімнің адал, арамын.
Жолдарың тосып алпыс жау 2460. Жүр дейді ашып аранын.
Күдерін үзбей Жібектен
Жүр екен шайқап шалабын.
Келер күзге келерсіз,
Жау аяғы басылсын.
Өз-өзінен түңілер,
Бір кеткесін бытырап
Бастары қайдан қосылсын.
Осыменен сөз байлап,
Жүрмек болып жағдайлап, 2470. Төлеген мырза толықсып,
Алдын-артын енді ойлап,
Әкетуге ел жауы,
Елге барса мал дауы,
Дәл басына түскендей
Дүниенің құрсауы.
Жүрмек болып буды бел,
Аттандыра қалың ел,
Төлегеннің бұл ісі
Кейінгі елге болып жыр. 2480. Ғашық жары Қыз Жібек
Жүретін күні түс көріп,
Көзінің жасы болып сел.
Шақырып алып жеңгесін:
– Төлегенге барып кел,
Тілімді алса жүрмесін,
Бұдан кетсе Төлеген,
Білгізді Құдай мен сорға,
Бұл жерді қайтып көрмесін.
Жарық дүние опасын 2490. Қайтып көзге ілмесін.
Жеткіншегі бар ма екен,
Жал-құйрығы мол ма екен,
Жә болмаса, жеңеше-ау,
Жалғыз атты қу ма екен?
Мұны естіп жеңгесі
Төлегенге келеді,
Келгенін мұның көреді.
– Бикешжан келіп кетсін деп,
Кетпесін жүріп деп еді. 2500. Еріп келіп отауға
Төлеген мырза енеді,
Сонда Жібек сөйледі:
– Ау, Төлеген, Төлеген,
Тілімді алсаң жүрмегін.
Жібегің бүгін өлмей тұр,
Айтуға тілім келмей тұр,
Шошыдым көрген түсімнен
Не қыларын білмей тұр.
Атаңның аты кім болар,
2510. Анаңның аты кім болар?
Айтып кеткіл, Төлеген,
Қандай заман күн болар.
Астыңдағы көк жорға ат
Құйрық-жалы шұбалып
Жабығулы көрінді.
Үстіңдегі ақ сауыт
Шығыршығы созылып
Сөгілулі көрінді.
Беліңдегі ақ берен 2520. Құндағынан бөлініп
Үзілулі көрінді.
Қолыңдағы ақ сүңгі
Сағасынан майысып,
Бүгілулі көрінді.
Пендем десең, Құдай-ай,
Көруге маған лайық па,
Бұ секілді көрімді.
Бір кеткесін, Төлеген,
Келмейсің маған көрінді. 2530. Төлеген сонда сөйледі:
– Астымдағы көк жорға ат
Жабығулы көрінсе,
Буланып жауға шабылар.
Үстімдегі ақ сауыт
Шығыршығы сөгілсе,
Жау жағасы жыртылар.
Белімдегі ақ берен
Бөлінгенше құндағы
Бұрқырап жауға атылар.
2540. Қолымдағы көк найза
Сағасынан келгенше
Қанды суға жуылар.
Кезеңіне кездескен
Мұндай түс қайдан табылар.
Не деп айтып сен тұрсың,
Маған жорып түсіңді,
Жаратқанға тапсырдым
Не де болса ісімді.
Алпыс жаумен айқасып, 2550. Көрсете алмай барамын
Бір айқасып күшімді.
Ел бүлініп кетед деп,
Түбімізге жетед деп,
Үлкенің мен кішіңді,
Қалдырам сені деп пе едім
Кетті арманым ішімде.
Сабыр берсін ажалға-ай,
Өлім десең көңілім жай,
Сұрасаң айтып кетейін, 2560. Атамның аты – Базарбай,
Анамның аты – Қамқадай,
Омырауы ділдә алқадай.
Сансызбай атты інім
Қой ішінде марқадай,
Жеткіншегім ақ маңдай,
Су ішінде шортандай.
Елімнің шешен көсемі –
Шеге деген жез таңдай.
Олай-бұлай боп кетсем, 2570. Келіп жетер өр таңдай.
Адам болып туғасын
Өлімнен қашып қорқам ба-ай.
Бұл басыма өлім бар,
Олай-бұлай боп кетсем,
Жаманға сені қор қылмас
Жеткіншегім менің бар.
Басшы болар балаға
Шеге деген ерім бар.
Жолымды Құдай оңдаса, 2580. Қар суымен келермін,
Келед деп күтіп тұрыңдар.
Бұл сөзді айтып Төлеген
Қол алысып көрісіп,
Жаратқанға қылып зар,
Екі сурет балбырап,
Көздерін қадап жаудырап,
Деп айтысып «Алла жар».
Қалың шекті көп елден
Тәуекел деп жөнелген. 2590. Алпыс жауы арбасып,
Жолын тосып кезенген.
Тап беруге бата алмай,
Оқ шығарып ата алмай,
Талай сала өзеннен
Төлегеннің сескеніп
Шошымайды жүрегі,
Төлегенді тоқтатып
Елдің қалған тілегі.
Жібек қалып артында, 2600. Зығыры қайнап келеді,
Қорамсаққа қол салып
Бір тарта алмай білегі.
Артында Жібек қалғасын,
Көрсете алмай тұлғасын,
Алпысының айқасып
Бұзбас па еді ордасын.
Беті қайтпай жол тартып,
Қос атына қос артып,
Шұбыртып бес жолдасын, 2610. Жауынан үзіп қарасын.
Қиялай басып жол шекті
Арқаның кең даласын.
Көңілге талай ой түсіп:
«Не қылды екен Қарамен,
Жатыр ма екен әлде деп,
Бүлдіріп елдің арасын.
«Малыңды беріп кеттің» деп,
«Түбіме менің жеттің» деп,
Не қылды екен баласын? 2620. «Не де болса көрейін,
Басқа салған бәлесін».
Қайғылы көңіл қайдағы,
Ақылды бөліп ойдағы,
Жақындап елге келгесін,
Хабарын алып қалың ел
Егіз елге барғасын.
Баласын алып ортаға,
Шен алам деп патшадан
Айрылып малдан қалғасын, 2630. Егіздің берген жауабы:
– Малымды айдап мен бердім
Кездесіп Жібек тұрғасын.
Дүниеге сатпадым
Төлегеннің бір басын.
Қарамен естіп бұл сөзді,
Бармағын шайнап өкінген,
Өзіне-өзі қылғасын.
Алдауына түстің деп,
Егіздің жайын көргесін.
2640. Өз қолын өзі кесе алмай
Төбеден Құдай ұрғасын.
Базарбайға бата алмай,
Төлеген тірі тұрғасын.
Қараменнің әулеті
Қарғадайын шулайды,
«Бұл не деген қорлық» деп,
«Кімге қылад зорлық» деп,
Үйге сыймай толады.
«Базарбайды шабам» деп, 2650. «Кегімді шалдан алам» деп,
Тұлыбына сыймайды.
Ауыздары көпіріп,
Өгіздейін өкіріп,
Қыр басына шыға алмай.
Елі-жұрты тоқтатып,
Төлеген өзі келсін деп,
Ердің көңілін қия алмай.
Бұлар сөйтіп жатқанда,
Төлеген келіп қалады. 2660. Алдынан шығып ел шулап,
Қайда деп сұлу сұрады.
Болған істің барлығын,
Бәрін баян қылады.
Жібектің жайын есітіп,
Көңілі мұңды Базарбай
Ақылға салып сынады.
Баласына қуанып
Шабылып тойын қылады.
Малын алып көп шекті 2670. Жібекті бермей қалған деп,
Елге өсек тарады.
«Қараменнің малымен
Бір сапар барып келді,– деп,
Енді қалай барады?
Жақын, жуық жер емес,
Бармай-ақ енді қояр» деп,
Мазасын ердің алады.
Базарбайдай шалыңыз,
Болашағын болжаған, 2680. Ел өсегін аңдаған,
Төлегенді шақырып:
– Жыл өткізіп барғыл, – деп,
Төлегеннен сұраған.
Жолдассыз кетіп жүрме,– деп,
Қылды тілек баладан.
– Барғаныңмен көп шекті
Тағы да саған берер ме?
Елдің түрін байқасам
Жақын-жуық жер емес,
2690. Тірі боп саған ерер ме?
Құс ұшпас құла жапанда
Енді қайтып көрер ме?
Әуреге салдың басыңды,
Шырағым, саған не дейін.
Қарамен енді қарар ма,
Жететұғын жер емес
Елдің жиып кедейін,
Сабыр ет, балам, сөз тыңда,
Батамды саған берейін. 2700. Сөз аяғы басылсын,
Содан кейін барарсың,
Болсын құтты мерейің.
Бұл сөзді естіп Төлеген
Әкесіне «жарар» деп
Үйден шығып жөнелген.
Баланың танып сыңайын,
Дос-жарына Базарбай
Төлегенді тапсырып,
Қылды тілек көп елден: 2710. – Сөзіңді сенің тыңдар,– деп,
Көзің көріп келді ғой,
Көп сұрады Шегеден.
Қапа болып балаға,
Базарбай шал зарлана:
– Біреуің бұған ермеңдер,
Жүруге рұқсат бермеңдер.
Кемпір мен шал жылаған,
Төлеген жүр деп тіл алмай.
Ел-жұртына көп айтып,
2720. Не қыларын біле алмай.
Ел жиылып айтса да,
Төлеген жүрді бұрылмай.
Жалғыз да болсам кетем деп,
Көптің сөзін ұғынбай.
Ат-тұрман, сауыт керегін
Сансызбайдың дайындап
Келмесін қайтып білгендей,
Осы кеткен жолында-ай,
Сырын шешпей адамға-ай. 2730. Қараңғы тұман ой басып,
Сене алмай мынау заманға-ай.
Ғашықтық оты жүректі
Қайнатады қазандай.
Шалды сыйлап ел тоқтап,
Айтқан сөзін бұза алмай.
Көк жорға атты баптады,
Оңашалап сақтады,
Жібек еске түскенде
Ішкен асы батпады. 2740. – Мен сырымды айтқанмен
Халқым маған сенер ме?
Айтқан сертке жетпеген
Ер жігітке өнер ме?
Қараменге барғанмен
Енді малын берер ме,
Айтқаныммен жалынып,
Мені тәуір көрер ме?
Ер басына күн туса
Басын байлар өлімге. 2750. Ат-тұрман, сауыт керегін
Далаға тығып сақтаған,
Сенбегесін көп елге.
Ұшатын құстай қомданып,
Жаратқанның жазуын
Не де болса көрерге.
Сансызбаймен сырласып
Көктемнен қалмай жүрерге.
Мұны біліп Сансызбай:
– Айналайын, көкежан,
2760. Жалғыз қалай кетесің?
Жақын-жуық жер емес,
Құс ұшпастың шөлінен
Кесе қалай өтесің?
Жазатайым, көкежан,
Болып кетсең нетесің?
Еліңді тоқтап жисайшы,
Сұрап отыр ел-жұртың,
Сапарыңды қисайшы.
Ел ермесе соңынан 2770. Өзім еріп кетейін,
Сенен жаным артық па,
Жанымды аяп нетейін?
Батасын сұрап әкемнің
Алдынан мен де өтейін.
Төлегенге қылып наз,
Жақындап еді болып жаз,
Сол кездері болғанда
Төбеден өткен екі қаз.
Төлеген [енді] тұра алмай, 2780. Басқаға мойын бұра алмай,
Сансызбайға сөйледі:
– Әл-қуатым болдың жас,
Бір еруге жарамай
Ағайын-туған, қарындас.
Екеуміз бірдей кеткесін
Кемпір-шалың жылатып,
Қанды жасын аралас.
Не көрсем өзім көрейін,
Ергенің сенің жарамас.
2790. Қара жерге кіргенше
Не көрмейді ғазиз бас.
Артымнан ерген құйрығым,
Сурылып озған жүйрігім.
Жалғыз кетіп көрмекпін
Тағдырға жазған Тәңірінің
Не де болса бұйрығын.
Сабыр қылып тоқтауға,
Жігіт жиып топтауға,
Айдатайын топтатып 2800. Қай жылқымның үйірін?
Оған дағы мал керек,
Кім тыңдайды бұйрығым?
Елдің түрін байқадым,
Еретұғын адам жоқ.
Мамық жүнді балағым,
Қозы жүнді жабағым,
Жасыңды тый, шырағым,
Қанша айтсаң да амал жоқ,
Сенен бөтен кімім бар, 2810. Алды-артыңа қарағыл.
Сенетұғын заман жоқ,
Құдай басқа салғасын
Тоқтайтұғын шарам жоқ,
Сен қалғасын артымда
Әл-қуатым көңілім тоқ.
Тәңірім ашса жолымды
Келер күзге келермін,
Тағдыр жетсе Тәңірден
Үйде болсам да өлермін. 2820. Олай-бұлай боп кетсем,
Дайындап кеттім бәрін де
Ат, тұрман, сауыт керегің.
Асыл туған Жібекті
Бір жаманға қор қылма,
Білінбей кетсе дерегім.
Сапар тартып жол шексең,
Басшы қылғыл Шегені,
Жауға бермес серігін.
Талабынан танбады, 2830. Сансызбайды жылатып
Қимай тұрды көңілін.
Босатты бауыр жүйені,
Сансызбайдың бетінен
Қайта-қайта сүйеді.
Қол ұстасып қоштасып,
Қол алысып жол тартты,
Төңкеріліп қырандай.
Сауыт-сайман бөктеріп
Көк жорға атпен бұлаңдай. 2840. Жер бауырлап жалғызы
Қалды жылап тұра алмай.
Қарасын үзіп кеткенше
Көзден жасын тия алмай.
Амандық бер деп жолына
Қу бауырды қия алмай.
Аманбайдың ақ тіккен
Бет қойып соған жөнелген.
Бірінің түспей көзіне
Қарасын үзген көп елден. 2850. Құс ұшпас құла жапанның
Талай асқар дөңінен,
Астындағы көк жорға ат
Дөңгеленіп желеді.
Құс ұшпастың даласы
Неше күндік шөл еді.
Дамыл алмай үдеріп,
Таңдайы қатып түнеріп,
Асуда қиын жер еді.
Атқа қамшы салады, 2860. Шеттік шеңгел тақымдап,
Бауыздауға жақындап,
Сегіз күн өтті арада
Шөлден қатып аңсаған,
Құла түзде қаңсыған
Тұлпардың белі талады.
Шөлдеуменен зорығып,
Төлеген мырза келеді.
Атынан көңілі торығып,
Торықпасқа болмады. 2870. Жақындап суға келгенде
Жау алдынан жолығып,
Атаңа нәлет алпыс жау
Аш қасқырдай обығып,
Талықсып жеткен баланы
Енді ортаға алады.
Жау екенін білгесін,
Атынан қару кеткесін,
Қасқайып қарап тұрады.
Не қыларын біле алмай, 2880. Сауыттың көзін де іле алмай,
Жаулары қамап айнала,
Ілеміз деп найзаға,
Атаңа нәлет Бекежан
Етеді о да айланы.
Жауын танып шошиды,
Атынан қару кеткесін
Қайраты қайтып жасиды.
Тірелгендей өңменнен
Су сепкендей басылды. 2890. – Жиырмадан өткізбей,
Көрінген суға жеткізбей,
Осы жерде алуға
Жазып па ең Құдай жасымды.
Алыстан жарға ғашық қып,
Әуреге салдың басымды.
Атым шаршап келгенде
Іште кетер арманым.
Жібек үшін алпыс жау
Басқа бәле салғанын. 2900. Толықсып тұрып Төлеген
Қорамсақтан оқ алып,
Садағын кезеп қолға алып,
Толғай тартып жіберді.
Жастығым ала жатайын,
Жаннан үзіп күдерді.
Оғы кетті зуылдап,
Қалың шекті шуылдап,
Жетеуін озып өтеді.
Енді оғын алғанша, 2910. Қорамға қолын салғанша,
Атаңа нәлет Бекежан
Айналып артын жағалап,
Шоқ сеуілді паналап,
Төлегенді атқалы
Жанына жақын келгесін,
Көтеріп енді кеудесін,
Қолындағы беренге
Енді білте басады,
Әруағы асады, 2920. Маңдайдағы сауыттың
Көздеп ұрған түймесін.
Сасқалақтап Төлеген
Елемей қалған елмісің.
Қой боғындай қорғасын
Дәлдеп келіп тигесін.
Қанын судай шашады,
Көңілі судай тасады.
Сауыттың көзін қақ жарып,
Дәл маңдайдан оқ дарып, 2930. Ажал болып жабысты.
Атаңа нәлет Бекежан
Жібермейді намысты.
Толықсып атта тұрғанда,
Жаны ашып сүйейтін
Таба алмады танысты.
Толықсып аттан құлады,
Ердің көрген қорлығы-ай,
Жаудың қылған зорлығы-ай,
Бәлеге салып ақ істі. 2940. Жығылғанын көргесін,
Жабыла шауып келісті.
Шектіден өлген жетеуін
Төлегеннің жанына
Өлігін жинап көмісті.
Анталап тұрған жауына
Төлеген жатып сөйледі:
– Ау, Бекежан, Бекежан,
Алдың ба менен кегімді,
Бұ жерлерге келгенде
2950. Қаным сенен төгілді.
Қыр соңымнан қалмастай
Не жазығым бар еді,
Не басыңа көрінді?!
Мен көрмесем ел көрер,
Көгергенің сенің де.
Қанымды саған кешейін,
Қарға-құзғын жемесін,
Белгіліп кет көрімді.
Білінбей кетпес дерегім, 2960. Ат-тұрман, сауыт бәрін де
Жатырсың жиып керегін.
Берсе Құдай өмірін
Сансызбай берер сазаңды,
Тәңір алдында көрермін.
Төлегеннің тілдері
Екінші сөзге келмеді,
Батқан күнмен қызарып,
Үш қайтара Жібек деп,
Дүниеден көшіп жөнелді. 2970. Төлегенді өлтіріп
Көңілдері тынады.
Қазандай қара тас жинап
Басына белгі қояды.
Таспен ойып бастырып,
Көңілдерін тастырып,
Қарабұлақ дөңінде,
Ерліктерін арттырып.
Алғандай болды Жібекті,
Шуылдайды көп шекті 2980. Ерлігін қылған жақтырып.
Көңілдерін жайлады,
Бұлақтан әкеп суарып
Көк жорға атты байлады,
Су ішіп алып қанғасын
Бекежанның астында
Ойнап бір басып жайнады.
Жолын аңдып неше күн
Тігіп еді көздерін,
Мақұлдасып сөздерін, 2990. Аударысып ойнайды.
Көк жорға атты ортадан
Бекежанға береді,
Киім, дүние, қаруын
Басқалары бөледі.
«Қайсымызға тисе де
Қызғанбайық Жібекті»,
Бәрі тоқтап көнеді.
Көк жорға атты тасалап
Бөленіп елге келеді. 3000. Күдерін Жібек үздіріп,
Төлеген оған енді жоқ,
Оны іздейтін ел де жоқ,
Өзінен өзі бездіріп.
Соңынан келер кісі жоқ,
Ел жайланар ісі жоқ,
Біз алмай оны кім алар
Ақыры өзі сездіріп,
Сөзді байлап тарады.
Төлегеннен хабарсыз 3010. Алты жыл өтті арада.
Сол жылдары Сырлыбай,
Жерге көшіп малға жай,
Саркөлді келіп жайлаған,
Көгіне бие байлаған.
Төлегенді Жібек сағынып,
Берен тонын жамылып,
Төрт қыз ертіп қасына,
Қызылжардың басына,
Сейіл құрып ойнаған. 3020. Аңдып келіп Бекежан,
Сейілде жүрген Жібекке
Айтайын деп ойлаған.
Көк жорға атты жабулап,
Еркелетіп баптаған.
Екі көз бен төрт тұяқ,
Қамыстай қылып қос құлақ
Жабуменен қаптаған.
Тірі жанға сездірмей
Неше жылдай сақтаған. 3030. Естімесе тимес деп,
Ерлігімді білгесін
Төлегенге күймес деп,
Дәмеленіп жүретін
Басқаны менен сүймес деп.
Жібекке жетіп келеді,
Келе сөйлей береді:
– Бұ қалай сенің жүрісің,
Келіп тұрған Бекежан,
Сенде болып жұмысым.
3040. Бекежан[ның] жұрт білер
Ерлігінің белгісін.
Ашайын деп мен келдім
Сөздің терең желісін.
Ердің көңілін қайтармай
Берерсіңіз келісім.
Масқаралап халыққа
Тастап кетті Төлеген
Жұртқа мәлім бұл ісін.
Тастап кетті өзіңді, 3050. Көкке бояп көзіңді,
Қылған ісі құрысын.
Сонда Жібек сөйледі:
– Нең бар менде, қарақшы,
Жұмысың маған түспесін,
Тұқымың сенің өспесін,
Ел бүлдірген арапшы.
Жаныма менің жолама,
Көкірегіңді көтеріп
Кімге дәрі болмақшы.
3060. Төлегеннің өзінен
Кет садаға ізінен.
Көзіне оттай басылып,
Көк жорға атты таниды
Жалтылдаған көзінен.
– Астыңдағы тұлпарды
Қайдан алып сен жүрсің,
Айтшы, маған тезінен.
Көк жорға атқа қадалып
Жас төгілді көзінен.
3070. Бекежан тұрып сөйледі:
– Мен жүр едім аусырап,
Қарабұлақ дөңінде,
Дәнеме жоқ көңілде,
Кең алаптың бойында
Жалғыз қара келеді,
Қара жоннан қиырда.
Тұрдым күтіп алдынан,
Жолымда неғып жүрсің деп,
Сұрамастан кімсің деп,
3080. Келе найза үйірді.
Ат-тонымды олжаға
Бер деп маған бұйырды,
Ерлігім қысып мені де
Болды қиқу со жерде.
Менен тілін тартпады,
Жұлып алдым қаңбақтай,
Сөзінен пайда таппады.
Құлатып аттан аударып,
Найзаны қанға суарып, 3090. Сондағы маған айтқаны:
«Басыма белгі қойып кет,
Көк жорға ат пен Жібекті
Деді саған қиғаным».
Қарабұлақ дөңінде
Басына жиып тас үйіп,
Мен айтқанмын иманын.
Көк жорға ат астымда,
Орындауға сол сөзін
Саған айтып тұрғаным. 3100. Бұл сөзді айтып бітпей-ақ,
Білді Құдай ұрғанын,
Қапсыра жерге құлады.
Сонда Жібек сөйледі:
– Көрсетпе маған жүзіңді,
Есіттірме сөзіңді,
Алдыңа Құдай келтіріп,
Тәңірім ойсын көзіңді!
Мендей болып зарлатсын
Қатын-бала, қызыңды! 3110. Келтірсін Құдай көзіме
Маған қылған осыңды.
Нағып көзің қиды екен
Артықша туған мүсінді!
Қызылжарды жаңғыртып,
Бес қыз шулап ән қосып,
Жібектің дауысын есітіп,
Шешесі танып, ел шошып:
– Қарағыма не болды,
Жүрген бар ма ел тосып? 3120. Ел шұбырып келеді,
Жоқтау айтқан бес қызды
Жұрт жиылған көреді.
Ирелеңдеп жыландай
Бекежан тартып жөнелді.
Тынымсыз Жібек жылауда,
Бүлініп жатыр бұлауда,
Берен тонды бүркеніп
Төлеген деп зарлауда,
Төлегеннің артында, 3130. Қалдырдың деп арманда,
Төлегеннен қалғасын
Жүрмеймін деп жалғанда.
Жұбата алмай Жібекті
Ел жүр шулап жалынды.
Көп жиылып жанына,
Сабырлық ет деп табына.
Қиын болды бұл жұмыс
Сырлыбайдай ханына.
Үстіне орда тіктірді 3140. Тұрмағасын орнына.
Екі беті даладай,
«Мені орнымнан тұрғызба»,
Белгі салмай бес қызға
Әкесіне шағына.
– Қарабұлақ дөңінде
Төлегеннің сүйегі
Белгі құр,– деп,– тағы да.
Осы айтқаным болмаса
Келме,– деді,– жаныма.
3150. Жібектің сөзін есітіп
Елі-жұрты жиылып,
Мақұл деп басы иіліп.
Белгі болып қалсын деп,
Қызылжардың тасынан
Үйдіреді бес оба,
Обасы деген бес қыздың
Кейінгіге айтылып
Келе жатыр сол жоба.
Қарасайдың басынан, 3160. Қарабұлақ қасынан,
Төлегеннің іздетіп
Далада қалған сүйегін,
Еркелетіп өсірген
Істеймін деп Жібектің
Не десе де тілегін,
Сырлыбай хан өксіді
Кемсеңдетіп иегін.
Қарасайдың басынан,
Қарабұлақ қасынан, 3170. Төлегендей мырзаның
Үйілген қара тасынан,
Іздеп тауып сүйегін
Үстіне белгі салдырып
Бес аршын қып биігін,
Қызылжардан тас тасып
Белгі салып осыған.
Елін жиып ас беріп
Қырдырып малдың үйірін.
Қыз Жібектей сұлудың 3180. Басқан екен күйігін.
Бекежан кеткен ұстатпай,
Алпыс жігіт шектіге.
Хабарласып ол жатпай,
Жібектің түрі жаман деп
Өлмей тимес сендерге.
Өлуге бейіл тіл тартпай,
Алпысы басын қосыпты
Ат шаптырып жан-жаққа-ай.
Бекежанды ұстауға 3190. Көп шектіден ел жатпай.
Ел арасы бүлер деп,
Сырлыбай хан тоқтатып
Елді басып қозғатпай.
Қайнысы келіп қалар деп,
Келмесе жібер хабар деп,
Айтып ақыл ұзатпай.
Билері шығып арадан
Өздеріне қараған,
Қыз Жібекті жұбатып 3200. Тоқтау салып тараған.
Сансызбай келіп қалар деп
Үмітін үзбей баладан.
Күнде тұрып азаннан,
Төлеген деп толғаған,
Қыз Жібектен арылмай
Қайғының бұлты торлаған.
Қуарып түсі өзгеріп,
Қанша айтса да жиылып,
Кете алмады жөнделіп. 3210. – Артықша туып жаралған,
Қалдым зарлап артынан
Жүрекке түсіп жалыны,
Тілектестік қалпынан.
Не қылып жалғыз шықты екен
Жағалбайлы халқынан.
Менің үшін жан беріп
Ғашықтық оты шарпыған.
Төлегенді алғасын,
Артында зарлап қалғасын, 3220. Көңіл, шіркін, төзбеді
Жаудан жазым болғасын.
Қарақшылар жиылып
Басқа қайғы салғасын.
Не болар енді заманым,
Тәңірдің салған ісінен,
Болмай отыр амалым.
Жылауменен күн кештім
Ағайын-туған, жараным.
Сағынсам да білдірмей 3230. Жүруші едім ішімнен.
Келмесіңді білгенмін
Көрінбей кеткір түсімнен.
Жалғанда жанып өлермін
Қылығың кетпей есімнен.
Артыңда қалып Жібегің
Жылаумен күнін кешірген.
Әлқисса, Қыз Жібек жата тұрсын, Сансызбай он жеті жасқа толып, Төлегенді іздемек болып, әкесінен бата сұрап келіпті, екі көзі көр болып жатады екен.
– Айналайын, жан ата,
Көтергіл бері басыңды.
Алдыңа келіп отырмын
3240. Етер деп қабыл осымды.
Төлегенді сағынып
Іше алмадым асымды.
Іздеусіз қалай тастайын
Жеткізді Құдай жасымды.
Қалай бетпен көрейін
Дұшпаным мен досымды.
Не болса да кешігіп
Көңілім төзбей шошыды.
Басшы қылып Шегені 3250. Жар салмай-ақ көп елге,
Батаңды бер, жан ата,
Кетерінде көкем де
Басшы қыл соны деп еді.
Көкемді таппай келмеймін,
Дүниені көзге ілмеймін.
Хабарын анық білгенше
Күдерімді үзбеймін.
Сағындым мен, сарғайдым,
Іздемей енді төзбеймін.
Іздеусіз қалған лайық па
3260. Туған соң бауыр біздейін.
Рұқсат бер, жан ата,
Ешкімге көзім сүзбеймін.
Жатыр еді Базарбай
Екі көзі суалып,
Естігесін бұл сөзін
Дем бергендей қуанып.
Бір жақсылық күткендей,
Төлеген деп зарлаумен
Ақырғы демі біткендей, 3270. Не қылуға біле алмай,
Салы суға кеткендей,
Қол көтерді Базарбай,
«Әумин» деп Сансызбай:
– Бақытын ашқыл баламның,
Жаратқан жалғыз бір Құдай,
Алдынан туғыз алтын ай.
Болсын десең көңілім
Он сегіз мың әлемде
Жоқтан өзің бар еттің. 3280. Ризығын ұлыстың
Жер жүзіне тараттың,
Рұқсат бермей жіберіп
Ақырында Құдай-ай,
Бір көруге зар еттің.
Өлерменің шағында
Зарлатып мені қор еттің.
Бір өзіңе тапсырып
Баламды мынау жөнелттім.
Өзеннің көркі жар, балам, 3290. Дұшпанның көңілі тар, балам.
Ақ жолға басың түскесін,
Алтын көрсең қызығып
Алайын деп болма алаң.
Жаратқанға тапсырдым,
Жолың болсын, бар, балам.
Екінші және тапсырдым
Қасиетті өткен жан бабам.
Бұл сөзді естіп Сансызбай
Жанған оттай жалындап.
Ат-тұрман, сайман жарағын
Төлеген кеткен дайындап.
3300. Кемпірімен өксіді
Жалғызды айтып уайымдап.
Ер қаруы бес қару,
Тал бойына қайымдап.
Шегені ертіп жанына,
Жаратқанға жалына,
Кемпір-шалын тапсырып
Ағайын, жұрт, халқына.
Ерлердің түсіп салтына,
Сапарға басын салады. 3310. Екеу ара үш тұлпар
Қосарға бірін алады.
Халық шулап артынан,
Сансызбай атты жас берен
Тұлғасы бөлек бір алып,
Ай мүйізді қошқардай,
Әруағы тасып аспанға-ай.
Кезеңіне кездескен
Жау көңілін басқандай.
Айдалада көрген жан 3320. Айбатынан сасқандай,
Кеуілі тасып келеді
Ағасын іздеп тапқандай.
Жолды бастап Шеге ақын
Қиялай жортып жақпарлай.
Маялышты құмайттан,
Бүлдіргенді шыңайттан,
Тобылғылы нұрадан,
Сексеуілді арадан,
Екі батыр жол шеккен 3330. Көлденең жатқан електен,
Жетемін деп зеріккен
Жайыққа жетіп шетінен.
Сұрау салып ақпарлай,
Сырлыбайдың аулына
Жолыққандай бауырына,
Жетіп көңіл тасқандай.
Жақындап елге келеді
Ауыр әскер, қалың қол,
Ел үстіне салып жол. 3340. Екі батыр көреді
Қарғадай шулап адамы,
Көз жеткісіз даланы,
Сырнай-керней тартылып
Елді басқан тозаңы
Алып жатыр мазаны.
Жалаулы шатыр тігілген,
Ел қайғылы бүлінген,
Болып жатыр үлкен той,
Бөлініп бұған көңіл ой. 3350. Ілгері-кейін жүгірген,
Мұның жайын білуге
Бір малшыдан қос батыр,
Ауыр әскер қол жатыр,
Көк найзалы ақ шатыр:
– Білуге сізден болар ма,
Жолаушы едік мүсәпір.
Малшы тұрып сөйледі:
– Бұл Жайықтың бойында
Алты шекті елі бар, 3360. Алты шекті елінде
Сырлыбай деген ханы бар.
Ханымыздың жалғызы
Жібек деген қызы бар,
Қырмызы қызыл жүзі бар.
Әлемге жайған аты бар,
Хор қызындай заты бар.
Патсайыдай құлпырған
Құлпырғаны құрысын
Қалмақтың ханы хан Қорен 3370. Жаушы салып былтырдан,
Аламын деп Жібекті,
Ризалықпен бермесең
Әскерін төгіп құтырған,
Бермесең елді шабам деп,
Қуырып елдің заманын,
Туын тігіп ортаға
Желбіретіп жалауын.
Зәресін алып ұшырды
Қатын менен баланың, 3380. Қаһарынан қорқып қалмақтың
Жер тітіреп даланың.
Хан менен қара кеңесіп
Көріп жаудың аранын,
Соғысуға ел батпай
Неше жинап адамын,
Өлген Жібек өлсін деп
Тауысып халық амалын.
Жібектің елден сұрауы,
Басылмаған жылауы, 3390. Отыз күн ойын өтсін деп,
Қырық күн тойым бітсін деп,
Осыны қалмақ күтсін деп,
Күнде жиған жырауы.
Сырлыбайдай ханыма
Хан-төрені бақтырған,
Қайғылы күйін тарттырған.
Қан балталы нөкерін
Бәріне сый арттырған.
Сансызбай тұрып сөйледі: 3400. – Күйеуге бұрын берді ме,
Берген күйеу келді ме,
Осы тойда бар ма екен,
Одан хабар білдің бе?
Тағы да малшы сөйлеген:
– Бұрынғы берген мырзасын
Келе жатқан жөнінде,
Қарабұлақ дөңінде,
Аты шөлмен зорығып
Құсұшпастың шөлінде,
3410. Араға кірген арапшы,
Бекежан деген қарақшы,
Төлегенді өлтірген
Ылаңға салып елімді.
Содан бері Қыз Жібек
Қайғы отына бөленді.
Қайғыға жамап қайғыны,
Қармағына қалмақтың
Сорлаған Жібек ілінді.
Күнде күтіп жылаушы ед 3420. Келеді деп қайнысын,
Пәлеге мынау кездесіп
Күнде арттырып қайғысын.
Уа, балалар, шырағым,
Түрлеріңді байқасам
Жол бейнетін көргендей.
Қастарыңды байқасам
Түн ұйқыны бөлгендей.
Қос атына қос артып
Көшіп қонған керуендей. 3430. Бес қаруды белге іліп,
Қарсы жауға төнгендей.
Келбетіңді байқасам,
Болып тұрмын, шырағым,
Төлегенді көргендей.
Жөндеріңді айтшы, шырағым,
Атаңнан тұрған жерің бір,
Жүрегім менің толып тұр,
Бір жақсылық білгендей.
Танып тұрмын көзіңді, 3440. Білдірші, балам, өзіңді,
Қуантайын мен жетіп
Жібек сындай қызымды.
Әкесінен Жібекжан
Кем көрмейді өзімді.
Сансызбай естіп шыдамай,
Көзінен жасын жіберді.
Шалдың айтқан сөзі де
Босатқандай жігерді,
Үздіргендей күдерді. 3450. Талықсып ауып атынан,
Қайғының қара бұлтынан.
Сансызбайды құшақтай
Жүгіре шал да ұмтылған.
О дағы жерге түседі
Шеге де өксіп атынан,
Сансызбайды құшақтай
О да келіп сыртынан,
Қайдан айттым дегендей
Шал өкініп артынан. 3460. Сансызбай жатып сөйледі:
– Алтынды сүйек көкешім,
Бейсағат күн кетіпсің
Жағалбайлы жұртыңнан.
Қапияда жау алып
Аңдып жүрген сыртыңнан.
Табам деп сені қуанып
Келіп едім артыңнан.
Қанша айтса да тыңдамай
Ағайын-туған халқынан.
3470. Жалғыз кетіп жол кешіп,
Аңдыған жауға кездесіп,
Бір ғашықтың зарпынан.
Құсұшпастың шөлінен,
Шөлден қатып зорығып,
Арманда өткен жан көкем,
Баса алмай көңіл шалқыған.
Төлегенді табам деп
Шығып едім елімнен,
Дүниеге келгесін 3480. Жан құтылмас өлімнен.
Бұ жерлерге келгенде
Өлгеніңді есітіп
Қабырғам менің сөгілген.
Алтынды сүйек көкежан,
Қайғың кетпес көңілден,
Бекежанды бір көріп,
Жалындаған демінен
Алмай кетсем қаныңды,
Туғаным бекер сенімен.
Сансызбайдың сөзіне
3490. Шал да жылап өксіді,
Жасын сүртіп жеңімен.
Сонда отырып сөйледі:
– Сабырлық қылшы, шырағым,
Сабырлық пенденің
Тәңірім берер мұратын.
Болған іске болад боп,
Ақырын енді сұрағын.
Сүйегімді балқытып
Жүдеттің, балам, атаңды.
3500. Байқамай айттым асығыс,
Кешіргіл, балам, қатамды.
Ізгілікке айналтып,
Жаратқан жалғыз жебесін
Көрген бейнет жапаңды.
Көрген түстей сұм жалған
Бердің кімге опаңды.
Өзекті жанға өлім хақ,
Қалмады кімнен алтын тақ.
Құдай өзі бастаса 3510. Бәрі жақсы бойға шақ.
Қанаты бүтін сұңқар жоқ,
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қан төгілер жеріне
Пендесі келмей амал жоқ,
Қанша айтсақ та бұру жоқ.
Айы біткен айында,
Күні біткен күнінде
Дем таусылса жүру жоқ.
Сабыр ет, балам, шырағым, 3520. Құлағың сап сөзіме,
Зар болып қалдың мінеки,
Кеше күткен Төлегеннің
Басып кеткін ізіне.
Мүсәпір жолда жүргенде
Берсін қуат өзіңе.
Шалдың сөзін есітіп,
Шеге ақын сабыр қылады,
Ылажын таппай Сансызбай
Ішінен судай тынады. 3530. Сансызбайды жұбатып
Отырды сүйіп маңдайын.
Көңіл айтып ер Шеге
Безеді о да таңдайын,
Басқа түскен қайғының
Ер көтерер қандайын.
Сансызбайды жұбатып,
Шалды алады ортаға,
Шал жауаптан қорқа ма:
– Жібектен бізге бір хабар
3540. Әперуге болар ма?
Сабыр етіп күтелік
Көрінбей-ақ оларға.
Шалдың берген жауабы:
– Жібекке кешке барайын,
Шырағымды қуантып
Болайын жаушы ортаңнан.
Не десе де жауабын
Келейін алып қолқаңнан.
Тірі жанға сездірмей, 3550. Сабыр ет, балам, бүгінше,
Ел көзіне көрінбей.
Қамап отыр қалың жау,
Түрлерің бөлек бұл елден,
Жұрт көзіне ілінбей.
Көрінбеңдер бұ жауға,
Көріне барып сұрауға,
Алуың жауап қиын ды,
Жау күзетіп барлауда.
Жібектің [халін] сұрама, 3560. Күнде жоқтап жылауда.
Малшыдан күтіп бір хабар,
Сабырлық етіп қос батыр
Ат шалдырып тоғайға.
Малшы қайтып кешкілік,
Қойын айдап өрістен,
Сездірмейді бір жанға
Күндізгі көрген бар істен.
Жібекке келіп ақырын
«Шырағым» деп көріскен. 3570. – Оңашалап айтар ем,
Келіп ем, балам, жұмыспен.
Көріп келдім бір сұлтан,
Жолдасы бар бір бұлбұл,
Тау бөрідей талабын,
Алты кісі аталмас
Беліндегі садағын.
Қара бұлт басқандай
Түйіп отыр қабағын.
Сансызбай келіп отыр деп, 3580. Айдаһардай шабынып
Жиып отыр әруағын.
Құдай берсе жауыңның
Тартпас па екен табағын.
Ел көзіне түспе деп,
Айтпай-ақ түрін таныдым.
«Бір күнше, балам, сабыр ет,
Берейін жауап кешке» деп,
Төлегенді менен есітіп,
Зарына шыдап тұра алмай 3590. Көзімнің жасын тыймадым.
Баланың түрін байқадым,
Батыл қайсар мінезі,
Бекежанды бір көрмей
Тоқтар емес ол өзі.
Қарақшыға бір зауал
Келген шығар бір кезі,
Не деп жауап берер деп
Ердің күткен бар сөзі.
Сонда Жібек сөйледі: 3600. – Айналайын, жан ата,
Сансызбайды көрдің бе,
Кім екенін білдің бе?
Алдап жүрген болмасын,
Анығын өзің сендің бе?
Жасаған, күнің туды ма
Жарылқайтын мені де?
Болды ма қабыл тілегім,
Ашылатын қабағым,
Тіріліп келсе өлгенім 3610. Жарылсайшы жүрегім.
Атеке, барып айта гөр,
Арып-шаршап келгенде,
Кегі қайнап кеудеде,
Қамап алып қалың жау
Басқа қайғы түскенде,
Қанға тұрар қаны жоқ,
Жанға тұрар жаны жоқ,
Бекежанды көргенде.
Құтылғанша бұл жаудан 3620. Қарақшыда кек кетпес,
Көк жорға ат астында-ай,
Жарқылдатып жасылдай,
Аламын деп сөз салып,
Кеше келіп осында-ай,
Дәмеленіп соңымнан
Ауыртады басымды-ай.
Беліне қару байланған
Ешбір жаннан шошынбай,
Сөйлесуге онымен 3630. Жау бұлты ашылмай,
Ел көзіне түспесін,
Айта гөр, атам, осымды-ай.
Іздеп әуре болмасын,
Бұл сөзімді тыңдасын,
Келіп жатқан қалмақтың
Ала алсам сұрап жорғасын.
Екі тұлпар аты бар,
Кірмесе жерге бұл басым,
Не де болса көремін 3640. Құдай басқа салғасын.
Ізімен кейін қайтарып,
Сілтеп жібер, атажан,
Қарақұдық қолжасын.
Ертең түстен қалмаспын,
Кездесермін сол жерден,
Бірі күлкі, бірі зар,
Көрмесін елдің көз жасын.
Қаршығаны жіберем,
Болып жатқан хабарды 3650. Кейін жатып тыңдасын.
Жалынына жалындап,
Келем деп әуре болмасын.
Мұны айтып шалды жөнелтіп,
Қаршығаны шақыртып
Іздетіп ханның ордасын.
– Айналайын көкежан,
Сенерімсің, сырласым.
Сансызбай келіп отыр дейді,
Анығын өзің көріп кел,
3660. Ер Шеге болар жолдасың.
Іздетіп сені шақырдым,
Берер деп тауып ақылын.
Ердің бағын тәңірі ашып,
Отырмын сұрап ақырын.
Адам тілге түсінбес,
Жатқаны мынау кәпірдің.
Отыр дейді Сансызбай,
Кетпеймін деп кек алмай
Бекежандай батырдан, 3670. Неше бір жылдан зарланып,
Жолын күтіп аһ ұрдым.
Алса бір тіліңді айта гөр,
Ер қайтпаса бетінен,
Жауым көп деп жасқанбай.
Іздеп әуре болмасын,
Көрініп қалар дұшпанға-ай.
Қаршыға естіп қуанып,
Шалдан біліп анығын.
Ертемен мініп бедеуін, 3680. Таңның күтпей жарығын.
Өртенгендей өзегі,
Тоғайдың бойын кезеді,
Ат ерін алмай шалдырған,
Шалды күтіп отырған,
Қос батыр да келеді,
Қаршыға[ны] көргесін
Ер Шеге танып біледі.
Төлегенді көргендей
Танысып жасын төгеді. 3690. Болып жатқан жағдайдың
Бәрін де айтып береді.
Қаршыға Сансызбаймен амандасып,
Көргендей Төлегенді көңілі тасып.
Жібектің айтқан сөзін бәрін айтты,
Отырды не болар деп ақылдасып.
Қайғысы Төлегеннің өртегендей,
Ыза-кек Сансызбайға ерік бермей.
Қаршыға қанша айтса да сабыр ет деп,
Көрсет деп Бекежанды отыр көнбей. 3700. Төгеді Төлеген деп көздің жасын,
Баланың ер байқады ықыласын.
– Көкемнің қанын алмай бұдан кетіп,
Көруім менің бекер ел қарасын.
– Шырағым, жау көп,– дейді ер Қаршыға,
Қайтесің болып әуре болмашыға.
Жеткізсін Құдай ақыр тілегіңе,
Әр істің ой керек қой шарасына.
Қаларсың жатқан жауға көзге түсіп,
Бір иттің болып әуре баласына. 3710. – Мен естіп Төлегенді міндім атқа,
Есітіп өлгендігін күйдім отқа.
Көкемнің қанын алмай бұдан кетіп,
Беремін не деп жауап барып жұртқа?
Байқады Сансызбайдың енді түрін,
Айтпақ боп Бекежанның енді сырын:
– Қазірге жатқан жері қиын емес,
Абайлап көрсетейін жүрген жерін.
Жеткізсін тілегіңе, шырағым,– деп,
Келеді ер Қаршыға бастап ерін.
3720. Көк жорға ат жарап қатқан бауырынан,
Жабуын төгілдіріп сауырынан.
Мезгілі түске жақын күн шағылып,
Бекежан шығып келед ауылынан.
Қаршыға тани кетті көрген жерден,
Бұларды көз ұшында о да көрген.
Шықсын деп елден ұзап осы жерге,
Сансызбай жолын [тосып] тұра берген.
Жақындап елден ұзап шыққаннан соң,
Сансызбай қос жауына қарсы жүрген. 3730. Бекежан: – Жас жігітім, кімсің?– дейді,
Алдымнан кесе келіп тұрсың,– дейді.
Кісідей мені күтіп жұмысың бар,
Кімді іздеп, кімді күтіп жүрсің?– дейді.
Сансызбай сонда тұрып Бекежанға:
– Жұмысым тап өзіңде қапы қалма,
Інісі Төлегеннің мен Сансызбай,
Қаныңды ішейін деп келдім қанға.
Атаңа алты лағынет, қарақшы,– деп,
Жүгіртіп келген жерден салды найза.
3740. Ұмтылып ат үстінен аршындады,
Алқымнан буындырып қаршылдады.
Қысылып Бекежанның сонда жаны,
Секілді төбет иттей ырсылдады.
Суырад семсерді аш бүйірден,
Жалтылдап найзағайдай көкке үйірген.
Төңкеріп Бекежанды көк жорғадан,
Қылышпен басын үзіп екі бөлген.
Жетелеп көк жорға атты жетегіне,
Тал түсте таң қалдырып жүре берген. 3750. Кез келді тілегендей оңашада,
Қаршыға тұрды қарап тамашаға.
– Ал енді жолдарыңнан қалмаңдар,– деп,
Жібекті қуантайын бара сала.
Қоштасып жөнеледі қол алысып:
– Шырағым, қалмаңдар,– деп,– көзге түсіп.
Құдықтан уәде айтқан күтіңдер,– деп,
Жөнелді екі батыр желдей есіп.
Көк жорға ат жетегінде келеді ойнап,
Білгендей бір қуаныш алдын кесіп.
3760. Қаршыға Жібекті кеп қуантады,
Қайғылы отыр екен жұбатады.
Көк жорға ат жетегінде алып кетті,
Ерлігін ердің айтып сынатады.
Қыз Жібек жасын төгіп көкежандап,
– Даярлан жүруіңе жолды қамдап,
Жеткізсін тілегіңе, шырақтарым,
Қорынның бір тұлпарын алдыр алдап.
Танысам ел аралап десең берер,
Ағартып екі көзін бәлем қалмақ.
3770. Тапсырып тәуекелге беліңді бу,
Көрейін не де болса артын аңдап.
Сәлем де Сансызбайға, абайласын,
Соңынан шұбыртармын қылып шаңдақ.
Талайын желкесінен бауыздармын,
Жеткенше жетіруға жанды қармап.
Қыз Жібек бұны естіп белді буды,
Ағызып екі бетін жаспен жуды,
Қаршыға қолын сүйіп амандасты,
– Жатпа,– деп,– қимылдайтын күнің туды.
3780. Жеңгесін атын сұрап жіберіпті,
Аралап танысам деп Жетісуды.
Жеңгесі келген ертемен,
Қорынның құрған шатырға,
Күйіп-жанып сөз бастап
Кім түсінбес ақылға:
– Жөнелтеміз бикешті,
Көп қалған жоқ жақында,
Бикешжан сізге жіберді,
Ақыр ертең кетем деп.
3790. Елден үзіп күдерді.
Бір тұлпарың сұратып,
Танысамын елменен,
Жайықтың бойын аралап,
Қоштасамын көлменен.
Біреуін бүгін бересің,
Бүгін күннің батысы
Айдында туған бикешпен
Ақ шатырға кіресің.
Еркелетіп еркемді, 3800. Қызығын бүгін көресің.
Уа, күйеужан, шырағым,
Не деп жауап бересің?
Сонда Қорын сөйледі:
– Ат таба алмай сұратып,
Атымды мазақ қыла ма,
Өзі келіп көрінбей,
Өзімді мазақ қыла ма?!
Ерлер мінер тұлпарды
Қыздар мінер бола ма?! 3810. Екі ай болды жатқалы
Келіп өзі кетпес пе?!
Ханымдары хандардың
Келіп құрмет етпес пе?!
Өзі келіп алдымен
Тілегенін мінбес пе?!
Көрінбей жатып ат сұрап,
Болмасын әуре өнбеске.
Мінем десе атымды
Келіп кетсін ол кешке. 3820. Қалмақтың атын ала алмай,
Жылап келді Жібекке,
Түсіп уайым жүрекке.
Жеңгесін Жібек жұбатып:
– Өзім барып қарайын,
Алдап сұрап алайын,
Тәңірі берсе тілекті.
Он қыз ертіп қасына
Қорынның келген қосына.
Қара көзі айнадай, 3830. Қорынның көңілін мас қылып,
Үлбіреген ақ беті
Қыз Жібектің жайнады-ай.
Көрген жерден ғашық қып,
Қорынның көңілін жайлады.
Жездекелеп алысып
Он қыз басып ойнады.
Ырсылдатып қабандай,
Әбден соры қайнады.
Тікендей көзі қадалып 3840. Жүрегіне қалмақтың,
Сөйледі Жібек таймады.
– Атыңды неге бермедің,
Масқара қылып халыққа
Мені өзіңдей көрмедің,
Ойлаушы едім асылзат,
Түсінер сөзге деп едім.
Ақыры ертең кетемін,
Ағайынмен танысып
Қоштасайын деп едім.
3850. Көңілімді көрсетіп,
Бір жүрейін деп едім.
Құдай қосқан қосағым,
Сенген ерім сен едің.
Аттың терін аяйтын
Қай төреден кем едің?
Сонда Қорын күлімдеп:
– Өзіңді көріп мінеки,
Көңілім жаңа басылды,
Бір көре алмай ынтық боп,
3860. Көңілім менің жасыды.
Қайғыңнан бөліп шерменде,
Іше алмадым асымды.
Алдыма келдің аяман,
Бір көруге ынтық ем
Сен секілді асылды.
Не десең де ризамын
Беремін саған басымды.
Ерлігімді білерсің,
Екі тұлпар атым бар 3870. Қай сүйгенін мінесің.
Сонда Жібек сөйледі:
– Атыңды айтып мақтайсың,
Қолымды енді қақпайсың.
Ақылыңа сөзің сай
Алыстан болжап байқайсың.
Айтқан сөзің бәрі рас,
Қолыңа келіп тигесін
Ақ уыз ғып шайқайсың.
Ер көңілі кең деген
3880. Кешікпессіз көрерсіз,
Танысамын елменен,
Туып өскен жерменен,
Көк сандалың берерсің.
Балқы[тып] сөзін Қыз Жібек
Хан Қорынды көндірді,
Көк сандалды шығарып
Ерін салып кидірді.
«Тілегімді бергей» деп,
«Көзімнің жасын көргей» деп, 3890. Жаудың көзін жайнатып,
Алды мініп сандалды.
Тақымын қысып ойнатып,
Қалмақтар қарап қызығын
Сырнай, керней тойлатып,
Мініп алған хан Қорын
Қаз мойын қара тұлпарға,
Жібекке жақын келеді
Атының сырын айтарға.
Қайырылып келді Қыз Жібек 3900. Не дейді деп байқарға.
– Ханым, қайда барасың,
Не айтуға келесің?
Лайық па осының,
Ел бастаған төресің.
Хандығың сенің қайда бар,
Неге артымнан келесің?
Масқара қылып мені елге
Не бетіңмен ересің?
Нәсіліңе қарасам
3910. Жеті атадан хан болған,
Өзі шауып жол салған,
Қара басың байқасам
Жақсылардан үлгі алған,
Ерлігіңді байқасам
Елдің қамын ойлаған.
Халқыма қылып масқара
Лайық емес бұл саған.
Сонда Қорын сөйледі:
– Қайт десең қазір қайтамын,
3920. Басы қатты тұлпарым,
Сырын бір саған айтамын.
Алып кетіп жүрмесін,
Айрылып қалып мен сенен
Жұрт масқара күлмесін.
Шыдай алмай мен келдім
Ойнатқаның көргесін.
Енді қайтып келмеймін,
Кешке жақын атымды
Қолыңнан әкеп берерсің. 3930. Қалмақты кейін қайтарып,
Келместей қылып тойтарып,
Тұлпардың бойын қыздырды.
Құтқар деп Құдай бәледен
Отауға жетіп келеді.
Жібекті күтіп отырған
Жеңгесін келіп көреді.
Даярлаған азығын
Қоржынын алып бөктерді.
Төбеге шашты түйеді, 3940. Құндыз бөркін киеді.
Шалбар киіп сыптай боп,
Жад қылды тұрып Иені.
Жеңгесімен қоштасып
Екі беттен сүйеді.
Алтын қамшы қолға алып,
Жан-жағына көз салып,
Жүрмек болды толғанып.
Жеңгесіне сөйледі:
– Ау, жеңеше, жеңеше,
3950. Сапарға басым мен салдым,
Барасың қайда демеші.
Көп тұруға шара жоқ,
Сау болыңдар көргенше.
Кетерін анық білгесін
Жеңгесі тұрып жылады:
– Ашылсын, қалқам, мұратың,
Кәпірден көңілін басқай, – деп,
Өз теңіне қосқай, – деп,
Ертеңді-кеш сұрадым.
3960. Мен ешкімге айтпаспын,
Барасың қайда, қарағым?
– Тұлпардың қалған тұяғы
Сансызбай іздеп келіпті,
Кетейін деп мен тұрмын
Берсе Құдай ерікті,
Құдайымның дұшпаны
Алам деп мені желікті.
Бұ жауды маған кез қылып,
Басыма салды ғаламат,
3970. Тәңірім берсе тізгінді
Жаппарға жан аманат.
Бұл сөзді айтып Қыз Жібек
Аттың басын бұрады,
Кетерін анық білгесін
Сансызбайға сәлем деп
Жеңгесі тұрып жылады.
Қол алысып қоштасып
Сапарға басын салады,
Айнала бере ел сыртын, 3980. Қыр астына түскесін
Қарақұдық қолжасын
Бетті қойып түзеді.
Ауыздықпен алысып,
Ұшқан құспен жарысып,
Әбден қызып алғасын
Тұлпардың бауыры жазылды.
Төрт тұяқтың басқан із
Жер ошақтай қазылды,
Тақиядай көрмеді 3990. Жібек сындай қызыңды.
Құйындай шаңы бұрқырап
Дөңгеленіп келеді.
Сансызбай мен ер Шеге
Кіші бесін кезінде
Қыз Жібекті көреді.
Келе жатқан жарқылдап
Қыз екенін біледі,
Екеуі мойнын созады,
Тарта, тарта Жібектің 4000. Екі қолы тозады.
Әне-міне дегенше
Жанына жетіп келеді.
Атынан түсіп анадай,
Жаяулап Жібек иіліп,
Бұрынғы жолы осы деп,
Шегеге сәлем береді.
– Ашылсын, балам, бағың,– деп,
Тәңірім болсын панаң,– деп,
Ер Шеге бата береді.
4010. Бала қаздай байпаңдап
Жақындап ерге келеді,
Бірін-бірі көреді.
Мойнынан қысып құшақтап
Сансызбайдай төрені.
Көзінің жасы моншақтап,
Шүкір қылып Құдайға
Көңілін басып екі жас,
Екеу еді үшеу боп
Тәуекелге қойды бас. 4020. Бәрі қалды артымда,
Қалың жаудың қолында,
Ағайын-туған қарындас.
Елге тисе кесірі
Қаршығаның сөзі сол,
Қумай қалмас кәпір нас.
Алла деп атқа мінеді,
Өңкей тұлпар мінгені
Ескен желдей гуледі.
Көлденең жатқан Жетісу 4030. Көктей өтіп өрледі.
Қыз Жібектің кеткенін
Қаршыға менен жеңгесі
Осы екеуі біледі.
Кеш болғасын сұратып
Қорын атын жіберді,
Қабағы қатып түнерді.
Сұрау салып таба алмай,
Кеткенін қайда біле алмай,
Ел үзеді күдерді. 4040. Ат мініп Жібек жүрген жоқ,
Ешкім оны көрген жоқ,
Ізде деп әскерге
Жөндеп жауап берген жоқ.
Болды, болды дегесін,
Қалмақ жауып қабағын,
Шулатып елдің алабын,
Найза-қылыш жарқылдап
Қуырып елдің заманын.
– Атым менен Жібекті
4050. Қазір тауып бергін, – деп,
Қазір тауып бермесең
Қайратымды көргін,– деп,
Қойсаң да тығып табамын,
Қиратып елің шабамын.
Әскерін жиып көп қалмақ
Елін қамап алады.
Кәрінен қорқып бұ жаудың
Қатыны менен баласы
Шуылдап елдің жылады. 4060. Жан батпады тығылды,
Елдің жүні жығылды,
Әскерін төгіп аңдатып
Елді басып шаңдатып,
Ағытылып тоғылды.
Қалмақтың түрін көргесін
Жан батпаған қалмаққа
Қаршыға жетіп келеді,
Қаһарланып тұрған Қорынға
Сүрінбей жауап береді: 4070. – Уа, күйеужан ханымыз,
Қатардағы нарымыз,
Сөзге де құлақ салыңыз.
Ашуыңды басыңыз,
Қосылған бүгін бәріңіз.
Атың бәле кетпесе,
Жоғалмас келер жарыңыз.
Алып кеткенде қашып
Ертемен ізін кесуге
Атқа мініп барамыз. 4080. Танысып елде жүр шығар,
Аман келсе Қыз Жібек
Төгілмей ме арыңыз?
Елдің үстін шаңдатпай
Әскеріңді алыңыз,
Дұрыс па екен, күйеужан,
Мезгілсіз қылған кәріңіз?!
Қарсы жауап айта алмай,
Кетіп тұр, тақсыр, сәніміз.
Елді бүгін қырсаң да 4090. Тауып берер адам жоқ,
Кетпесін шығып жаныңыз.
Тұлпардың сырын білесің,
Біліп тұрып бересің.
Ел сұрап алып бергендей
Елден неге көресің?!
Аман келсе Қыз Жібек,
Қисынсыз қылған ісіңнің
Берерсің не деп төресін?!
Бүгінше, тақсыр, сабыр ет, 4100. Алмашы елдің зәресін.
Балқытып сөзбен қалмақтың
Қайтарып ашу-ызасын.
– Бас болып атқа мінемін,
Ат ізін тауып беремін,
Түсіңді неге бұзасың?
Ішінен біліп түйіп жүр,
Сансызбайға жеткізіп
Тарттырсам деп жазасын.
Әлқисса, Қорынның ашуын басып Қаршығаға былай деген дейді:
– Әуелден осылай деп айтса нетер,
4110. Демеймін бұл айтқаның мен де бекер.
Мінезі көк сандалдың қызу еді,
Айтып ем Қыз Жібекке алып кетер.
Шатырға қайғыланып келіп түсті,
«Жібегім үстіндегі әлденетер».
Қалмақтың уайымы Жібек болды,
Сөздері Қаршығаның көмек болды.
«Қай жерге атым тастап кетті екен» деп,
Ас ішпей, ұйқы көрмей жүдеп болды.
Ертемен қалың әскер ізді кесті, 4120. Қаршыға басшы болып жүрсін десті.
Жібектің кеткен жағы бұған мәлім,
Қалмаққа басшылық қып салды күшті.
Қалмақтар қоқиланды тұра шауып,
Кетіпті алып қашып ізін тауып.
Жеткенде қарақұдық бес із болып,
Кездескен біреумен деп қылды қауып.
Хан Қорын қаһарланды мұны көріп,
Он екі қазағы бар келген еріп.
Хан Қорын ақылдасып қумақ болды, 4130. Әскерін осы жерде екі бөліп.
Хан Қорын екі мыңдай әскер алған,
Жібектен айрылғасын қылып арман.
Басшы ғып Қаршығаны әскеріне
Шұбырып қалған әскер қайта оралған.
Қалғанын біз келгенше жата тұр деп,
Сайланып екі мыңмен ізге салған.
Он кісі еріп шықты мұсылмандар,
Қаршыға бұларға айтқан: – Қысылмаңдар.
Кезіне келтіретін күнім жақын, 4140. Жеткізсін тілегіме сөзімді аңғар.
Алты күн ұдайынан қуады өктеп,
Келеді күндіз-түні қол түйдектеп.
Басшы ғып Қаршығаны әскеріне,
Хан Қорын өзі шауып болды кетпек.
Жеткізбей қалың елге барып жетсе,
Келуін әскерінің болды күтпек.
Тапсырып қалған қолды Қаршығаға,
Жатқызбай күні-түні алып жет деп.
Шу деп бір қалмақ жөнелді, 4150. Қалдырып кейін көп елді.
Әскерге айтып ақылын,
Сансызбайдың ізімен
Қаз мойын қара тұлпарға
Енді басты тақымын.
Қабандайын қорсылдап,
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Еріне симай былқылдап,
Найза-қылыш сартылдап,
Тас түлек құстай шаңқылдап, 4160. Көбігі шықты бұрқылдап.
Қаз мойын қара тұлпардың
Ойынды еті бұлтылдап.
Қамшы басып санына,
Жәбір беріп жанына,
Тозаңы шықты бұрқылдап.
Қаһарланып келеді,
Дәл он бір күн дегенде
Сансызбайдың қарасын
Қорын қалмақ көреді. 4170. Көк найзасы қолында,
Тастай қашар Жібекті
Деп келеді ойында.
Қарасын ердің көріпті,
Бауыздаудың бойында,
Қарғысын тағып мойынға,
Хан Қорынды зәнталақ
Қарасын анық көргесін,
Екі көзі қанталап,
Жетсе шауып жоюға. 4180. Хан Қорынның тозаңы
Бұрқырайды құйындай,
Күннің көзі жабылды.
Жау екенін білгесін,
Сансызбай берен шабынды.
Басымнан дәурен өтті деп,
Қалмақ қуып жетті деп,
Аш күзендей бүгілді.
Қыз Жібектің көзінен
Қанды жасы төгілді. 4190. Ауыр күндер түскендей,
Шеге менен Жібекті
Елге қарай жөнелтіп,
Сансызбай қалды жол тосып,
Жүрегі жаудан сескенбей,
Толғана мойын бұрады.
– Қашатын бар ма қатын,– деп,
Қасқайып қарап тұрады.
Өзі ілгері барғасын,
Жауды күтіп жас бала
4200. Жалғыз өзі қалғасын,
Мұңды болған Қыз Жібек
Бір төбеге барады.
Көк сандалдың тізгінін
Мойнына орап салады,
Зарланып Жібек жылады.
Жаратқанға жалынды:
– Артымнан қуып жау жетті,
Ашпадың Құдай бағымды,
Жарылқасаң не қылды,
4210. Құтылам деп бұ жаудан
Аралай қаштым тауыңды.
Сақтаған Құдай көп екен
Маған деген жауыңды.
Басымнан кетті сәулетім,
Бетімнен кетті суретім.
Құртамысың, Құдай-ай,
Бұл ғаріптің әулетін.
Көрсетер Құдай көп екен
Маған деген нәубетің. 4220. Құтқарып ең бұ жаудан
Рахымыңмен барлатып,
Бұ жерлерге келгенде
Соңымнан жетті шаңдатып.
Жаратпасаң болмай ма,
Мені мұнша зарлатып.
Құтылар қашып шара жоқ,
Өзіңнен басқа пана жоқ,
Бір өзіңе тапсырдым,
Рахым қылсаң көңілім тоқ. 4230. Сол кездері болғанда
Қорын жетіп соңынан,
Сансызбайдың тұрғанын
Көлденең тартып жолынан,
Көріп көзі түсіпті,
Көзі мен басы ісіпті.
– Жібекті ұрлап, қу бала,
Барасың қайда?– десіпті.
Келген жерден бұрқырай
Қаһарын жая өшікті,
4240. Зеркелін қаға жекірді,
Бұрқырап аузы көпірді:
– Көлденең тартып сен тұрсың
Соғысар батыр секілді.
Жібек менің қатыным,
Қайда алып оны барасың?!
Менің атым хан Қорын,
Неден үміт тілейсің?!
Соғысар болсаң жөніңді айт,
Мойныңды маған бұрасың.
4250. Сансызбай тұрып жай ғана,
Қалмаққа берген жауабын:
– Сабыр ет, – деп, – аз ғана,
Артымнан келе жатқасын
Қалпағың күнге шағылып,
Құтырған иттей қағылып,
Жүрісің бөлек болғасын.
Жолыңды күтіп мен тұрмын
Жүрген жан деп нағылып.
Келіп тұрсың, хан Қорын,
4260. Өліміңді сағынып.
Келе маған жекірме,
Доңыздай болып өкірме.
Хан Қорын сен болсаң,
Сансызбай батыр мен болдым,
Көпіресің бекерге.
Бас аман қылып қайтсын деп,
Кеткенмін тимей нөкерге.
Келіп тұрсың ырсылдап,
Қабандайын қорсылдап, 4270. Маған тісің өтер ме.
Әкетсем жеңгемді әкеттім,
Әкеңнің құны кетті ме?
Ажалыңа серік боп,
Соңымнан қуып жеттің бе?
Соғысуға мен дайын
Жол бермеймін кектіге.
Сонда Қорын сөйледі:
– Жақсы екесің жас бала,
Адамыңа жолықпай, 4280. Көлденең тартып қорықпай,
Болып жүрген мас қана.
Жібек пен ұрлап атымды
Халыққа қылып масқара,
Әкеңді келген танымай
Кесе таңып атыңа
Байлайын сені тас қана.
Ерлігімді көрсетіп,
Барайын сені қосқа ала.
Ат-тоныңды тарту ғып 4290. Мен көрінбей көзіңе,
Қисығыңды түзетіп
Салайын сені тізеге,
Өнеріңді көрейін
Кез келгенде көзіме.
Буырқанды, бұрсанды,
Киімге сыймай долданды,
Көк найзаны қолға алды.
Қаһарланып келеді,
Қасқайып тұрған баланы 4300. Қуыршақтай көреді.
Ажалыңды сағынған,
Тумай жатып қағынған,
Қайдан келген неме еді,
Өзіне-өзі сенеді.
Найзасын толғап желігіп,
Астында қара тұлпарды
Жақындаған тебініп,
Етегін белге түреді.
Есіп бір толып кебініп, 4310. Келе бір сілтеп найзасын,
Сансызбай қағып өшірді
Асырып жаудан айласын.
Сансызбай атты жас берен
Беліндегі семсерін
Қынабынан суырды,
Жауапшысын қуырды.
Ұстарадай сыпырып,
Ителгідей жұтынып,
Қарсы шауып ұмтылып, 4320. Жағаласа, жармаса,
Аламын деп арбаса,
Қанжар алып қармасты.
Қабандай мойнын бұра алмай
Қорсылдап жүр албасты.
Жағаға қолы тигесін
Білді кәпір оңбасты.
Жаудың жүні жығылып,
Қойынға басы тығылып,
Қақырғанда қан ұшты. 4330. Қара аттың жалын құшақтай
Төңкеріліп жер құшты.
Қаз мойын қара тұлпарды
Жетегіне алады.
Шеге көріп ауғанын
Зар қылып о да жылады.
Жібекке атой береді,
Сансызбайды көреді,
Қуаныш қылып тұрғанда
Сансызбай жетіп келеді. 4340. Шеге менен Қыз Жібек
Жас беренді құшақтап,
Көзінен жасы моншақтап,
Бетінен келіп сүйеді,
Атына қайта мінеді.
Хан Қорынды көруге
Тағы үшеуі келеді.
Құрқырап жатқан қалмақты
Аттан түсіп Қыз Жібек
Көзіне құмды себеді. 4350. Денесінен басқа қып,
Семсерімен өзінің
Басын шауып бөледі.
Домалатып басын-ай,
Азырақ тұрып қасына-ай:
– Еркіндік бермей басыма-ай,
Жылатып едің хан Қорын,
Қарамай көзім жасына-ай.
«Бір тасқынға, бір тосқын»,
Алла әмірі осылай.
4360. Шүкірлік қылып шыдайын,
Көтере гөр Құдайым,
Не деп бір әмір берді екен
Кейінгі қалған қосынға-ай.
Келсе көріп қосын-ай,
Қуар ма екен тағы іздеп
Көрсе келіп осыны-ай.
Жарар еді тимесе,
Жаратқанға тапсырдым,
Кейінгі елге кесір-ай. 4370. Сансызбай тұрып сөйледі:
– Қыласың қайғы несіне-ай,
Жатпайды қалмақ білемін,
Жеткізсе Құдай тілекке,
Сазайын кейін беремін.
Амалын таппай жатпайды,
Қаршығаға сенемін.
Бұ жерде жатып күтпеймін,
Тәуекел етіп жүремін.
Көлденең жатқан көк бектен
4380. Көктей өтіп келсе де,
Бала жаудан құтылып,
Көңілдері өседі,
Кемпір-шалды қуантып
Барып жетсек деседі.
Қос аты бар қолында,
Қуғыншы бар соңында,
Екпіні желдей еседі.
Тағы да бұлар жол шегіп
Еліне аман жетеді, 4390. Ел жиылып күтеді.
Сансызбайдың келгенін,
Төлегеннің өлгенін,
Есітіп халқы нетеді.
Базарбайды жұбатып,
Ас беріп думан шулатып,
Алдынан жұрты өтеді.
Жалғыздың сұрап өмірін
Халқына көңілі бітеді,
Қыз Жібектей сұлуды 4400. Сансызбайға қосады,
Той тарқап бетін ашады,
Жігітті көріп жұбанып
Кемпір-шал көңілін басады.
Риза болып келген жан
Жиылып шашу шашады.
Бұл не деген ақ маңдай,
Сөйлеген сөзі мақпалдай,
Көркіне ақыл сай,
Кемпір-шалды жұбатып, 4410. Қызмет етіп аққудай.
ҚЫЗ ЖІБЕК
(Қаршыға нұсқасы)
Ертеде ертегіден айтылған жыр,
Байқасам көрінеді әр түрлі сыр,
Біреулер өмір сүріп ойын бөліп,
Суреті бәрінің де көрініп тұр.
Мен дағы бастадым сөз ескі жырдан,
Айтылып талай топта болған думан.
Кешегі өтіп кеткен заманада,
Жетіру Алшын биден таратылған.
Кенжесі жетірудың жағалбайлы,
10. Бескөрік деп айтады Базарбайды.
Ішінде бескөріктің Түйте болып,
Осылай ата ұлынан бұл тарайды.
Қулыкөл, Талдыкөлді қылған қоныс,
Ертеде ел аузында болған таныс.
«Қулы» деп атағаны аққу жайлап
Сол жерде Базекеңе болған бір іс.
Есітіп айтып болмас жиған мүлкін,
Жаратқан ел, ағайын мінез-құлқын.
Асқанша жасы алпыстан бала көрмей, 20. Болғанмен сырты түтін, іші бүтін.
Екінші бәйбішеден бір ұл туып,
Той қылып қызды айттырып жиған жұртын.
Жиылған елі-жұрттың жақсылары,
Баланың Қайыр-Сұлтан қойған атын.
Базарбай малы сыймай қырға көшкен.
Отарлап, жайлап қара құмға көшкен.
Бас қосқан үш қазақтың арасы деп,
Алты ұлы Қарамен бай бұл да көшкен.
Ол кезде судың көзін қазақ алған, 30. Кең желкенің алапты мекен қылған.
Оңтүстік – Қамысақты деп айтады,
Базекең сол жерлерді бәрін алған.
Қондырып сол жерлерде елін жинап,
Қыс қыстап, көше жүріп қырды жайлап.
Тұсында әр заманның бір сұрқылтай,
Арқасын Сырға сүйеп қабырғалап.
Артықша Базарбайға дәулет берген.
Кең ақыл, тілге шешен сәулет берген.
Жеті жаста жалғыз ұл қаза тауып, 40. Басына қайғы-қасірет нәубет берген.
Базекең бала өлген соң сөзден қалған,
Қайғының бұлты басып мұнарланған.
Жиылып елі-жұрттың жақсылары,
Ас беріп, көңіл айтты қылып арман.
Еш біреу тоқтау сөзді тауып айтпай,
Біріне бірі қарап тұманданған.
Сол кезде жетпіске де келген жасы,
Қуантып етек тартқан бар баласы,
Айрылып ермегінен қалып отыр, 50. Ісіне Жаратқанның жоқ шарасы.
Базекең көпке қарап отырды жай,
Жұрт күтіп «не дейді»? деп қимылдамай,
Халқына бір жағалап қарап алып,
Сөйлейді сонда отырып шал Базарбай.
–Уа, жұртым, қайғырмалық бір бала үшін,
Жазмыштың сөгеміз бе қылған ісін,
Тілеңдер елі жұрттың амандығын,
Құдайдың не жазғанын білемісің?
Базарбай енді қойды жылағанды,
60. Қазаға Тәңірім сүйер шыдағанды.
Тиянақ көңілімнің оты сөніп,
Жүректе от, іште жалын тына қалды.
Тарыққан талай-талай ерлер өткен,
Зарлатып мінез-құлқын сынаған-ды.
Дәуіттің отыз ұлы бірден өліп,
Қайырын ақыреттің сұраған-ды.
Көңілім қуанбайды мал дегенге,
Мүддесіз төрт түлігі сай дегенге.
Біреу бас, біреу малға шала боп жүр, 70. Адамзат жетіп отыр қай дегенге?
Құдайға не қиындық шаттандырса,
Пендесін өзі сүйіп мақтандырса,
«Үмітсіз бұл жалғанда шайтан» болар,
«Баласы Базарбайдың» деген бір ат қалдырса.
Базарбай бұл сөзді айтып бас көтерген,
Шуылдап ағайыны соңына ерген.
Болғанда дұға – мақбұл, тілек – қабыл,
Үшінші әйелінен бір ұл көрген.
Базарбай қылды тойды малын шашып, 80. Қайғының бәрін жойды судай тасып.
Той тартыс, шілдехана болып жатыр,
Бозбала, қыз-келіншек әнге басып.
Базарбай елін жинап ордасына,
Отырып ел жақсысы төр басына,
Баланың Төлеген деп қойған атын,
Шақыртып, айтып азан молдасына.
Ат қойған Төлеген деп баласына,
Көзінің ағы менен қарасына.
«Бәлен» деп сурет қылып айтып болмас, 90. Көрген жан сүйінерлік қанасына.
Базарбай бергеніне шүкір қылған,
Жалғанға көрініске келген бір жан.
Артынан сегіз жылдан бір ұл тауып,
Оның да Сансызбай деп атын қойған.
Тағы да қылды тойды мүлкін шашты,
Тең қылып берді Құдай мал мен басты.
Әзілдеп оңашада ел байлары,
«Құда боп қыз берсем» деп қойнын ашты.
Базарбай ұлға қалың бере алмады, 100. Сөзіне жұрттың айтқан ере алмады.
«Өздері тірі болса алар бір қыз»
Қызығын құдалықтың көре алмады.
Менікін жаратпаса, сәнім кетер,
Ұнатып, өзі алмаса, мәнім кетер.
«Жоқ, – деген,– игіліктің ерте кеші»,
Күйермін жазым болса одан бетер.
Көнбесін Базарбайдың білді халық,
«Қалар, – деп, – малы азайып» күлді халық.
Он төртке Төлегеннің келді жасы, 110. Қыз таңдап, төңіректен сұрау салып.
Төлеген жүзі жылы, тілі майда,
Жасаған берген бақыт, ақыл-айла,
«Шырағым, сүйгеніңді таңдап ал» деп,
Батасын беріп отыр Базарбай да.
Түзетіп салтанатын, жегіп күйме,
Төлеген қыз жақтырмай түскен күйге.
«Қызы бар бәлен байдың бәлендей» деп,
Тұс-тұстан келіп хабар үйме-жүйме.
Қалың ел Төлегеннің жолын аңдап, 120. Аузынан тастамайды Төлежандап.
Қасына алты кісі жолдас алып,
«Бір сұлу табамын, – деп, – елден таңдап».
Қыз іздеп біраз елді аралайды,
Сыр бойын, жалпақ тама жағалайды.
Бойына көрген қызын теңестірмей,
Көңілін талай қыздың жаралайды.
Көргені Төлегенді бағалайды,
Көрер деп мені тәуір шамалайды.
Алдынан қойдай тоғып өтіп жатыр, 130. Біреуін бірі түртіп табалайды.
«Әшейін күн өткізіп келіппіз», – деп,
Біреуі көрген қыздың ұнамайды.
Тағы да Қосаралға кеткен өтіп,
Жайылды ел ішіне даңқы кетіп.
Сыланып, жүз құбылып, талай қыздар
Таранып тоты құстай бойын күтіп.
Төлеген қашан келіп өткенінше,
Отырған «мені алар» деп үміт етіп.
Кейін қайтып Түркістан жағалаған, 140. Ортасын ұлы жүздің аралаған.
Одан таппай сұлу қыз кейін қарап,
Біразын бесқыпшақтың саралаған.
Екі жылдай қыз таңдап елге қайтып,
Түбекте қалды Ақжайық бара алмаған.
Төлеген он жетіге келген шағы,
Аз емес бір Құдайдың берген бағы.
«Қызы сұлу Жайықта шекті бар» деп,
Алып қашқан әр елдің сөзі тағы.
Мұны іздеуге Төлеген көңілі кетіп, 150. Шетінен-ақ табылар деп сынбай сағы.
«Барам десең жетеді сенің күшің,
Әуре болып сен жүрсің теңің үшін.
Рұқсат беріп, Базекең бата берсе,
Барамыз, – деп, – қыздырған сенің үшін.
Көп, – дейді, – онда сұлу жазық маңдай,
Жібек шаш, қиылған қас, жұқа маңдай».
Уланып ауасына болдым әуре,
Бар шығар жазғаны әуел әлдеқандай?
Төлеген көпке қарай толықсиды, 160. Жалғанға көрініске келген жандай.
Кеңесіп жігіттермен оңашада:
«Жаратқан бұл ісіме жол аша ма-ай?»
Талап қып Ақжайыққа жүрмек болды,
Құдайдың берген баққа таласа ма?
Жидырып жол жарағын даярлатып,
Есіткен қарап халық тамашаға-ай.
Төлеген Ақжайыққа жүрмек болды,
Маңдайға не жазғанды көрмек болды.
Жетеді Базарбайдың бақ-дәулеті 170. Тәуекел дариясына мінбек болды.
Ел жиып, ерін таңдап, жігіт сайлап,
Жүз жігіт басшы, қосшы ермек болды.
Толтырып қырық нарға қазына артып,
Он жігіт қызметкерге бөлмек болды.
Көңілге бір ғашықтық түскен жара,
Абырой бергей жолға Хақ Тағала.
– Бір сұлу іздеп, тауып мен алмасам,
Жалғанға көз салмаймын, – деді бала.
Төлеген Ақжайыққа қанат жайды,
180. Аралап бітірген соң елібайды.
– Балаңа батаңды бер, жүреміз, – деп,
Ерлері қол қусырып Базарбайды.
Жабдықтап ер Төлеген көк жорға атты,
Жануар өзі тұлпар – қос қанатты.
Барлығын тұрманының алтындатып,
Күміспен төрт аяғын тағалатты.
Жігіттер дайындалып қосын артып,
Не қылсын Базарбай шал бұдан артық.
Жүз жігіт басшы, қосшы күңірентіп,
190. Жөнелмек болды осылай күшті тартып.
Көзіне үзілгенше болып ғайып,
Дұға қып елі-жұрты қолын жайып,
Алдыңнан ақ күн туып жарылқасын,
Кемпір-шал дұғагөйі ерлі-зайып.
Базарбайдың Төлеген,
Жағалбайлы елінен,
Жазғы жайлау көлінен.
Әлім менен шөменнен,
Жоғары менен төменнен – 200. Сексен жігіт басшы алып,
Мен тәуірі дегеннен.
Жиырма жігіт қосшы алып,
Жан-жағына көз салып.
Салтанатын арттырып,
Алтынды шатыр тіктіріп,
Ортасына тақ құрып,
Домбыра күйін тарттырып,
Қырық нарға жүк артып,
Қазына-мүлкін мол артып, 210. Бәрін теріп айтуға,
Тіл жетпейді ұзартып.
Май орнына бал артып,
Қант пен шайын және артып,
Қызметкерге бөлдіріп,
Он бес жігіт шығартып.
Жол жарағын сайланып,
Жүз жігіттің бәрі де,
Бес қаруын байланып,
Ел-жұртымен қоштасып, 220. Төлеген мырза толғанып,
Жан-жағына салып көз,
Былайша бастап айтты сөз:
– Жиылған, халқым, ағайын,
Жаратқан жалғыз Құдайым,
Не салғанын көрмекпіз,
Құр ойменен көрмеген,
Естімеген білмеген,
Болдым әуре іздеп қыз.
Кез қылды Құдай бұ зарға,
230. Басымды салып сапарға,
Маңдайға жазған келер кез.
Қайырлы болсын талабым,
Көңілге түскен жараның.
Наурыз туып, келді жаз,
Жаратқанға қылып наз.
Не салсаң да ерікті,
Бір сұлу таппай көрікті,
Баса алмадым жүректі,
Болжаусыз жалған, ақыл аз. 240. Көңілім бұлай желікті,
Сабыр да етсем керекті.
Тәңірі берсе тілекті,
Айналармын келер күз.
Осылай қиял ойладым,
Бұлтқа түнек бойладым,
Ағайын-жұртым, тапсырдым,
«Сансызбайға бол, – деп, – көз.
Осы қолдың бәріне
Басшы қойдым Шегені. 250. Айтқаны болмас адамның,
Алланың болар дегені.
Тілегім, өмірім алдымда,
Жиылған жұртым, қалың ел.
Ақыл – мизан өлшеу қыл,
Ақылды бойдан алдырдым,
Кемпір-шалды қалдырдым.
Мейлің мақта, мейлің күл,
Қартайған әкем Базарбай –
Жағасы жайлау шалқар көл, 260. Отқа түсіп күйген-ді,
Көзіне қамшы тиген-ді,
Аққан жасы болды сел.
Жапырағы қуарып,
Құйылғандай соқса жел.
Мен отырмын жүргелі,
Болып уайым жегенім,
Сулар кеуіп болды шөл.
Әзірге бездім дүниеден,
Ата менен енеден, 270. Сапар шектім тартып жол.
Басылғанша бұл жүрек,
Дүние малы не керек,
Ағайын, жұртым, аман бол!
Сол кездері болғанда,
Шешесі келді қасына.
Бетін жуып жасына,
Төлегенге асыла.
Әйелдің ақ маңдайы,
Әйелдің жез таңдайы, 280. Өзгеден артық мүшесі.
Алтынды кебіс жарқылдап,
Базекеңнің жұбайы,
Төлегеннің шешесі,
Омырауда өңір алқылдап.
Сынық сүйем өкшесі,
Берен тонын жамылып,
Етек жеңін қағынып,
Көз тұрғызбас кестесі.
Мұңды зармен толғана, 290. Ақ орамал қолға ала,
Елдің артық естісі
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой артып,
Шыбын жанын және айтып,
Өлгенде көрген шешесі.
Сонда тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Уа, Төлеген, құлыным,
Суымның алды – тұнығым, 300. Маңдайға біткен ұлығым!
Іздегенің табылсын,
Алтын да сүйек сынығым.
Өлгенше естен кетер ме,
Артықша біткен қылығың.
Қайырлы болғай сапарың,
Арманы болмас жігіттің
Іздеп тапса қатарын.
Арманы болмас жігіттің
Жолын қуған атаның. 310. Зияны жоқ жігітке
Үлкеннен алған батаның.
Қайғысы жоқ жігітке
Жастықта көрген жапаның.
Алдыңа туып алтын ай,
Құлыным, болсын көңілің жай.
Атаң отыр сандалып,
Мен отырмын зарланып,
Жылатып, балам, кеттің-ай!
Қанша сабыр қылсам да, 320. Көңіл, шіркін, бітпейді-ай.
Құлыным қашан келгенше,
Есен көзін көргенше,
Тәңірім қуат еткейді-ай!
Қартайған әкең Базарбай,
Өлгенде көрген бала едің.
Ақша бір жауған қар едің,
Түйе ішінде нар едің.
Жылқы ішінде боз едің,
Қойда бағылан қозы едің. 330. Маңдайдағы көз едің,
Ауыздағы сөз едің,
Айтулының өзі едің.
Жолыңа қарап, қарағым,
Өртенеді өзегім.
Сүйенішім, тірегім,
Көз алдымда қорегім,
Ақылға дана зерегім!
Сен барыңда, шырағым,
Айдын шалқар көл едім, 340. Сенген қозым сен едің.
Өз еліңде, шырағым,
Қай төреден кем едің?
Біреудің тілі тимей ме,
Ата-анасын зарлатып!
«Бір қыз үшін кетті» деп,
Дос-дұшпаның күлмей ме?
Қартайған әкең Базарбай,
Сенің үшін күймей ме?
Ел ішінде тентек көп, 350. Тентіреген демей ме?
Төлеген сонда сөйледі,
Сөйлегенде не дейді:
– Қой, шешеке, жылама,
Құр жылаумен бола ма?
Бір сұлу алмай жалғанда,
Сірә да, көңілім тына ма?
Жаман-жақсы болса да,
Алланың болар дегені,
Өз айтқаның болар ма?
360. Өзіңді өзің мұқатып,
Бізді өлімге кеткендей,
Ажалдың оғы өткендей,
Қайғыны тілеп жылама.
Бір кеткен соң келместей,
Қолыңда тұрса берместей,
Білгенің осы болар ма?
Ажалым жетсе өзің айт,
Үйде отырып қалам ба?
Мен сапардан қайтқанша, 370. Қайтып аман көргенше,
Ата-анам, ел-жұртым,
Тапсырдым енді Құдаға!
Ақырғы сөзім тағы да,
Берсе Тәңірім бағыма,
Амандық берсе жаныма,
Ісім келсе оңына
Сапар шегіп барамын.
Алла нәсіп айласа,
Бір сұлу қыз аламын! 380. Шешесі тағы сөйледі:
– Өзеннің көркі жар болар,
Жігіттің көркі мал болар,
Малың болса, шырағым,
Қара басың хан болар.
Алуа асап, іштің бал,
Жая шайнап, жедің жал.
Жүрер болсаң, шырағым,
Жылқыдан таңдап жүз жорға ал.
Сансызбай болса жас еді,
390. Сүйеніп кімге күнелтер
Артыңда қалған кемпір-шал?!
Төлегенді құшақтап,
Аймалайды тамағын,
Сипалайды қабағын:
«Мақсатқа жеткіл, қарағым!»
Анасы байғұс талықсып,
Баса алмайды аяғын.
– Көл иесі Қамбар-ау,
Жол иесі Қамбар-ау, 400. Шырағыма көз сал-ау.
Сенен өзге тағы да,
Ғашықтардың пірлері
Ләйлі-Мәжнүн сіз бар-ау.
Зылиқа-Жүсіп екеуің –
Ғашықтардың сәруары-ау
Әйелдің пірі – Фатима,
Балама менің көз сал-ау!
Адасса жолға салып жүр,
Бәлекет келсе, қағып жүр. 410. Бір ғашықтың зарпынан
Шырағым менің нағып жүр.
Баба Түкті Шашты Әзіз,
Тапсырдым саған, бағып жүр!
Базарбай туралы сөз.
Болыпты заманында ел ағасы,
Өлкеде Базарбай шал боп тұлғасы,
Шүй желке, қызыл жүзді, тұнық қабақ,
Сексенге сол кездерде келген жасы.
Оңғарса оңға оралтып бір Құдайым,
Түспеді мұндай күйге ғазиз басы.
420. Жазуға болмайды ғой «бәлен» дерге,
Базарбай берді бата жігіттерге:
– Ал енді, қосын тартып жүріңдер, – деп,–
«Нұр жаусын,– деген нақыл, – талапты ерге».
Жөнелді қосын тартып батыр Шегең,
Бәрі де сәулетіне орныменен.
Жастық жеңіп, ақыл мен бойын алып,
Ойнап-күліп барады құрбыменен.
Жылқыдан бес жүз жорға бөлдіріп ап,
Келеді тартып шеру қолыменен.
430. Төлеген жүрген жерге болды мәлім,
Аямай келе жатыр дүние малын.
«Шектіні тура бастап тапқан жанға,
Берем,– деп,– сүйіншіге орамалын».
Ақылдасып кеңесіп, ақыл салып,
Ер Шегеден жасырмай айтып бәрін.
Тоқтаусыз келе жатыр көшіп ұдай,
Еру қып кідірмеңіз бұдан былай.
Көп шектінің еліне жеткеннен соң,
Дем алармыз жеткізсе, бізді Құдай. 440. Құмақ, Елек, Сағыздан көктеп өтіп,
Үдере көшті тартып дәл екі айдай.
Жайықтың жағасына тіккен шатыр,
Ешкімнен қорықпайтын өңкей батыр.
Тамаша неше түрлі сәулетпенен,
Өріске малын айдап бағып жатыр.
Баласын Базарбайдың білген шекті,
Біреуден біреу естіп келген көпті.
«Қыз таңдап біздің елге келіпті» деп,
Таралып қалың елге даңқы кетті. 450. «Кім қызын бермес дейсің мұндай бекке?»
Біреулер «берер ем,– деп,– алса текке».
«Алсам да, алмасам да бір-бір жорға,
Берем»,– деп салды хабар келген көпке.
Талай қыз келіп кеткен басын иіп,
Таранып тоты құстай шашты түйіп.
Сыланып, желдей есіп келген қыздар,
Көргенде Төлегенді іші күйіп.
Келгені бір-бір жорға сыйлық алып,
Біреуін жақтырмады көңілі сүйіп, 460. Келген қыз Төлегенге ынтық болып,
Аяғын баса алмайды бойын жиып.
Осылай екі жүзі кеткен келіп,
Мінгізіп келгеніне жорға беріп.
– Япырау, бұл Төлеген не болды? – деп,
Жолдасы қылды кеңес келген еріп.
Аттарды айдап келген бітірген соң,
Көз салар атымызға келген мініп.
Кеңесіп, міне, осылай ақылдасып,
Келгенін жасыруда мақұлдасып. 470. Төлеген бұл елден де қыз жаратпай,
Көңілге ой түседі келген тасып.
Жағалай Ақжайықта алты шекті,
Ханы бар Сырлыбайдай көрген көпті.
Алты ұлы Сырлыбайдың алты ауыл боп,
Жалғызы ең кенжесі Қыз Жібек-ті.
Қыз Жібек он алтыға жасы келіп,
Сөз салған жаратпаған талай бекті.
Жаушылар әрбір елден келіп жатты,
Жақтырмай келгендерін жабырқатты. 480. Алшаңдап алты ағаның ортасында,
Сылаңдап тоты құстай қанат қақты.
Сол ханның ер Қаршыға уәзірі бар,
Есітіп Төлегеннен алды хабар.
Ойлайды: «Төлегенді көрейін, – деп,–
Әрине, мен ұнатсам хан ұнатар.
Сенеді Қаршығаға алты шекті,
Көрсетсем Төлегенге Қыз Жібекті.
Сөзімнен Жібек қайда барар дейсің,
Естуім кім жаратпас ондай бекті? 490. Әуелі өзім барып жолығайын,
Барады даңқы жарып жер мен көкті».
Ат жаратып жылқыдан мініп алып,
Қаршыға Төлегенге жүріп кетті.
Отардан аттанады ер Қаршыға,
Бір бедеу мінген тұлпар өзі жорға.
– Жұрт алған олжадан құр қалам ба? – деп,
Орғытып ойпаң жерден салды жорға.
Бедеуге қызған сайын қамшы басты,
Төтелеп қия жатқан дөңнен асты,
500. Қаршыға – өзі шешен, өзі батыр:
«Қосам,– деп,– болса бұйрық, екі жасты».
Жарылып қалың елдер қалып жатты.
Көргендер Қаршығаны таңырқапты.
– Баласын Базарбайдың іздеп келем, – деп,
Жолшыбай көрген елден жөн сұрапты.
Ер еді бұл Қаршыға жұрттан асқан,
«Бір мырза келіп жатыр күншығыстан.
Дүниеге ондай бала келе бермес,
Дос түгіл кеміте алмас оны дұшпан». 510. Шатырға келді жетіп бұдан кейін,
Көруге болып ынтық түсті зейін.
Қаршыға өзі шешен, өзі көсем,
Ешкімге білдірмеген бұған шейін.
– Ассалаумағалейкүм, көп жігіттер,
Сайлаған бәрің бірдей бек жігіттер.
Сайланып шыға қапсыз жолаушылап,
Сөйлей тұр жөндеріңді, ер жігіттер.
Сұрадым, білмек үшін «кімсің» дедім,
Қай елден, қай сапардан жүрсіз дедім, 520. Жөн сұрау жолаушыдан елдің салты,
Қайырлы сапарыңыз болсын дедім.
Беруге бұған жауап біреу шығып,
Сөйлеген Қаршығаның сөзін ұғып.
Жасырып Төлегенді білдірмеске,
Баяғы айтқан сөзбен қалмақ тығып.
– Келеміз елімізден біз жолаушы,
Өзіңіз кім боласыз жөн сұраушы?
Үйірін қысырақтың жауға алдырып,
Келеміз елімізден біз – сұраушы.
530. – Күн көріп жүрме едіңдер өнерменен,
Төтелеп келдім сізге кемерменен.
Есітіп мен дабылын жандай шаптым,
Баласы Базарбайдың дегенменен.
Жігіттер сөзді босқа бұрма, – деді,
Келеке мені босқа қылма, – деді.
Хабарын сырттан есітіп іздеп келдім,
Бар болса жасырмаңдар мұнда, – деді.
– Келіпсіз біздің көріп қарамызға,
Жауапқа жауап таппай қаламыз ба. 540. Сыртынан Базарбайды естуші едік,
Төлеген жоқ-ты біздің арамызда.
– Келіп ем іздеп соны үш күн ұдай,
Сіздерге нанбағаным бұдан былай.
Жасырып Төлегенді не деп тұрсыз,
Жөнекей қалың елден келдім сұрай.
Шектіден бір сұлуды тауып едім,
Көрсетпей сендер тұрсыз ұрып Құдай.
Бұл дабыл Төлегенге естіледі,
– Жігіттер жасырдыңыз неге? – деді.
550. Ешкімнің малын ұрлап жатқаным жоқ,
Әдейі іздеп келген ерге, – деді.
Шатырдың төргі етегін сырып тастап,
Жақындап Қаршығаға сәлем берді.
Төлегеннің сөзі:
– Мен болам Базарбайдың Төлегені,
Қозының ерте туған көбегені.
Әдейі іздеп келіп «танысам» деп,
Шатырға біле-тұра кірмегені.
Мен едім Базарбайдың үлкен ұлы,
Алланың шыныменен сүйген құлы. 560. Ағеке, сәлем берсем қарамайсыз,
Бар еді Төлегеннің нендей міні?
Мен болам Төлегені Базарбайдың,
Қыз таңдап үш арысқа қанат жайдым.
Дәм айдап бұл елге де тұрмыз келіп,
Әуелден жазуы шығар бір Құдайдың.
Жатырмыз сұрау салып жан-жағына,
Алланың кім көнбейді салғанына.
Есітіп ел аузынан ұзын хабар,
Келіп ек алты шекті аймағына. 570. Әзірге қыз жақтырмай мен жатырмын,
Сөзімнің түсін, аға, салмағына.
Қаршығаның сөзі.
Осы бір келген Қаршыға,
Топтан асқан ер еді.
Шектінің асқан белі еді,
Сөзге де шешен сері еді,
Төлегенге жақын келеді,
Анықтап әбден көреді,
Артығын ердің біледі.
Төлегенмен қосылып,
580. Шатырға келіп енеді.
Көпті көрген көне еді,
Сөйлесе ескен жел еді,
Отырып сонда сөйледі:
– Ауылдың алды бел, – деді,
Белден көшкен ел, – деді.
Көл қатырар сең, – деді.
Базарбайдың баласы,
Көзінің ағы-қарасы,
Төлеген мырза сен, – деді. 590. Келбетіңе қарасам,
Қай сұлтанмен тең,– деді.
Мен жайымды айтайын:
Алты шекті елінде
Сырлыбай ханның уәзірі,
Қаршыға жырау – мен,– деді.
Қыз іздеп келген сен,– деді,
Берейін тауып мен,– деді.
Жұртқа берген олжаңнан,
Бөлмей маған бер, – деді. 600. Ханымыздың жалғызы
Аты Жібек сұрасаң,
Бұл сөзіме сен, – деді.
Сурет қылып айтуға,
Жетпейді шырақ тіл, – деді.
Жайнаған бауда гүл, – деді,
Барайын ертіп көр, – деді.
Базарбайұлы Төлеген
Қаршығадай ақынның
Бұл сөзін мақұл көреді. 610. «Сүйіншің» деп сұраған,
Екі жорға береді.
Ер Шегемен сөйлесіп,
Сексен жігіт елшіден
Бір жігітті бөледі.
Өзгесін елге қайтарып,
Ақылдасып ұйғарып,
Қосынды жөнге шығарып,
– Кемпір-шалға сәлем, – деп, –
Қайтады дерсіз қыз алып. 620. Қол алысқан таласып,
Біріне бірі жаны ашып,
Жылқысын айдап жөнелген
Бес жігіт басы құралып.
Қаршыға жырау бас болып,
Келе жатқан секілді,
Төлегеннің көңілі
Енді бітіп бекіді.
Адам қарап тоймады
Ер Төлеген бетіне. 630. Дәл сегіз күн мал айдап,
Әрең жеткен секілді
Ақжайықтың шетіне.
Қарамай алды-артына,
Келтірді Құдай кезісін,
Тірідей жаннан бездіріп,
Басқа салса көнесің.
Жетем деп белі үзілген,
Төлеген мырза кездесті
Көшкен бір елге тізілген. 640. Қаршыға келіп сөйледі:
– Көшкен екен біздің ел,
Бес жігітке тапсырды:
– Жылқыны айдап кейін кел.
Қосыла елмен айдаңдар,
Кешігіп кейін қалмаңдар,
Төлегенге Жібекті
Көрсетейін жөнекей.
Берсе Тәңірім тілекті,
Өзі батыр жүректі.
650. Неге аяймын мырзамнан
Қолдан келген көмекті.
Бұл сөзді айтып екеуі
Дөңгелетіп жөнелді,
Таңқалдыра көп елді.
Базарбайдың Төлеген
Талай көштен өтеді,
Сонда бір көшке жетеді.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады. 660. Жаналай бұл сұлудың
Қасына жетіп келеді.
Шытырма көйлек етінде,
Нұр сәулесі бетінде,
Бұралып кетіп барады,
Перінің қызы секілді.
Ақ маңдайы жалтырап,
Танадай көзі жарқырап,
Айырып қойған кекілді
«Осы екен, – деп, – Қыз Жібек», 670. Артынан келіп Қаршыға:
«Бұл емес Жібек» деген соң,
Одан бір асып жөнелген
Базарбайдың Төлеген.
Талай көштен өтеді,
Және бір көшке жетеді.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Таң мезгілі болғанда,
Шолпанның туған жұлдызы, 680. Кигені алтын құндызы.
Бейіштен шығып келмесе,
Бұ жалғанға хор қызы.
Осындай-ақ боп туар
Адамзаттың бір қызы.
«Осы екен, – деп, – Қыз Жібек»,
Келеді жетіп қасына.
Артынан келіп Қаршыға:
«Бұл емес Жібек» деген соң
Одан да асып жөнелген. 690. Төлеген менен Қаршыға
Жағалай салды өзенді.
Бір көрмекке Жібекті
Асығып жүр тез енді.
Төлеген мырза кезінде,
Сол кездері болғанда
Бір көш шықты түбектен.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады
Отыз түйе жетелеп, 700. Сары мая үлектен.
Мұрындығы сары алтын
Бұйдасын ескен жібектен.
Туған айдай толықсып,
Ақ сазандай бұлықсып,
Бұралып кетіп барады,
Перінің қызы қылықсып.
Мұны көріп Төлеген,
Атының басын бұрады,
– Осы ма, – деп, – Қыз Жібек?
710. Қаршығадан сұрады.
Қаршыға жетіп келеді,
Әзілдесіп іледі.
«Бұл емес Жібек» деген соң,
Одан бір асып жөнелді.
Тұлпар туған көк жорға ат
Ауыздығын басады.
Жер тарпынып жануар,
Ауыздан көбік шашады.
Алдындағы белестен 720. Орғытып келіп асады.
Белестен түсіп желеді,
Ойға түсіп келеді.
Және айқасты бір көшке,
Бір көш емес, әр көшке,
Бір қыз кетіп барады,
Жанасалай сұлудың
Қасына жетіп келеді,
Қыз да мұны көреді.
Көш алдында сұлудың 730. Он қыз нөкер қасында,
Өзі он бес жасында,
Күн сәулесі басында,
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзі жалтылдап,
Алтын шашпау шашында.
Қырық нарға жүк артқан
Қамқа зирен кілемді
Жүк үстіне жаптырған.
Асфаһанның бәрін де 740. Бұл жиһаннан арттырған.
Қазыналы қырық нарға
Жібектен арқан тарттырған.
Дүрие бешпент белсеніп,
Бұл дүниені кең салып,
Алтын қамшы қолға алып,
Оқ жыландай толғанып,
Бұралып кетіп барады.
– Осы ма, – деп, – Қыз Жібек?
Қаршығадан сұрады. 750. «Бұл емес Жібек» деген соң
Базарбайұлы Төлеген
Бұдан да асып жөнеген.
Тау басында қарағай,
Төлегеннің мінезі
Болып кетті баладай.
Осындай болып әр жерден
Талай қыз қалды жарамай,
Қыз Жібекке тең болмай.
Және айқасты бір көшке, 760. Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Орта бойлы дембелше,
Алтын камзол жеңделше,
Шын сипатын қараса,
Әлгі қыздан өзгеше.
Алтын шыны кеседей
Екі көздің шарасы,
Осындай-ақ болып туады
Адамзаттың баласы. 770. Сымға тартқан күмістей
Он саусақтың саласы.
Ақ бетінде кіршік жоқ,
Құдай артық тудырса,
Пенденің бар ма шарасы!
Осы екен деп Қыз Жібек
Келді жетіп қасына,
Базарбайұлы Төлеген,
Артынан келіп Қаршыға,
«Бұл емес Жібек» деген соң, 780. Одан да өтіп жөнеген.
Және айқасты бір көшке,
Бір көш емес, әр көшке,
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Қара жорға мінгені,
Қара торқа кигені,
Екі көзі сүрмелі,
Бұл сияқты перизат,
Қыз іздеп жүріп Төлеген 790. Жоқ еді, сірә, көргені.
Сексен түйе қомдаған,
Сексені де болмаған.
Сексен түйе үстінде
Алтын жағдан орнаған.
Қазыналы кілемдер
Жібектен гүлін торлаған.
Қыз сипатын қараса,
Ақ бетінде кіршік жоқ –
Айдын көлдің қуындай. 800. Ақ маңдайы жалтылдап,
Ханның алтын туындай.
Сөйлеген сөзі, лебізі
Әмме зәмзам суындай,
Ауызынан шыққан булары
Сары алтынның буындай.
Осы екен деп Қыз Жібек,
Төлеген мырза қуанды-ай.
Жанасалай сұлудың
Келді жетіп қасына. 810. Артынан келіп Қаршыға,
«Бұл емес Жібек» деген соң,
Жөнелді тағы асыға.
Одан өтіп Төлеген,
Атқа қамшы ұрады.
Дөңгеленіп көк жорға ат
Көзі оттай жанады.
Сымға тартқан күмісті
Сүмбідей болып жарады.
Төлеген сынды мырзаңыз 820. Алды-артына қарады.
Және айқасты бір көшке,
Көш алдына қараса,
Бір бәйбіше нұр жүзді
Көшті тартып барады.
Көш алдында бәйбіше,
Алтын кебіс өкшесі,
Сары алтыннан жабдығы,
Екі жүз түйе қомдаған.
Екі жүз түйе үстінде 830. Алтын жағдан орнаған.
Сары алтыннан сандығы,
Бұл жалғаннан арттырған,
Қазына, мүлік барлығы.
Жазығы қатын демесең,
Қартайса да ілгері
Әлгі қыздан салдығы.
Есілдей болып есіліп,
Нұрдай болып шашылып,
Көшті тартып барады 840. Жібекті тапқан шешесі.
Берсе Тәңірі жігітке,
Ертесі не, кеші не?
Ертеңгі күні бесінде,
Әрең жеткен секілді
Қыз Жібектің көшіне.
Көш сәулетін қараса,
Асфаһанның жауһары,
Стамболдың гауһары.
Адам бір қарап тұрғанша, 850. Тояды көздің баһары.
Есебі жоқ дүние,
Есептелік несіне.
Келсе Жібек жоқ екен
Сол секілді көшінде.
Мұны көріп Төлеген
Атының басын бұрады.
Қаршығамен қосылып,
Әңгіме дүкен құрады.
– Елдің бәрі көшкенде,
860. Көш қасында өзің бар,
Жібекжан қайда кетті? – деп,
Шешесінен сол жерде
Қаршыға келіп сұрады.
– Жібекжан ерте кеткен, – деп,
Болжаулы жерге жеткен, – деп,
«Көшпенен бірге жүргенде,
Бетіме тозаң тиед» деп,
Көк пәуеске күймемен
Азаннан тұрып кеткен, – деп 870. Шешесінің сол жерде
Бұларға берген жауабы.
Бұл сөзді естіп кемпірден,
Қаршыға мен Төлеген
Көштің озып алдынан
Көшбасшы мен Жібектің
Іздерін көріп шұбырған.
Найзасы аумай қолынан,
Жұлдызы туып оңынан.
Ай мүйізді қошқардың 880. Бөрі тартып қоңынан.
Төлеген мырза жөнелді
Кеткен Жібек соңынан.
Енді біліп түйінді,
Асыл киім киінді.
«Бағымды Алла ашқай» деп,
Бабаларға сиынды.
Етек-жеңін түйінді,
«Жетем,– деп,– қашан? – күйінді,
Асықтың ісі қиын-ды. 890. Атқа қылды өкімді,
Тұлпардан туған көк жорға ат
Ор қояндай секірді,
Омырауда тер көпірді.
Ертеңгі күн бесінде,
Қыз Жібектің соңынан
Келе жатқан секілді.
Алмас қылыш сартылдап,
Алтын жүген жарқылдап,
Өмілдірік сом алтын 900. Омырауда алқылдап.
Солқылдайды қара жер,
Көк жорға тұлпар басқанда,
Ойыла жаздап былқылдап.
Ұршықтай саны бұлтылдап,
Құйындай шаңы бұрқылдап,
Төрт тұяқтан шыққан от
Шақпақ тастай жылтылдап.
Құлақ салсаң дыбысы
Тау суындай сыңқылдап. 910. Қолтығынан аққан тер,
Тебінгіде сылпылдап.
Шамның жанған шырағы,
Жақынның болмас жырағы.
Алты қырдан асқанда,
Жетінші қырды басқанда
Сылдыраған қоңыр үн
Естіді сонда құлағы.
Шапса балта өтер ме
Шағырлы таудың тасына? 920. Нелер келіп, не кетпес
Ер жігіттің басына?!
Жүрген жері күнде той,
Көз жеткізбес ақыл-ой,
Егер сәулең болмаса.
Қоңырау даусы келген соң,
Күймені көзі көрген соң,
Көк жорға атты теңселтіп,
Келді бір жетіп қасына.
Көк пәуеске күймесі, 930. Есігін жапқан түймесі
«Көрем» деп келсе асыға.
Күйменің алдын оралып,
«Жолығам» деп жол алып,
Қалған кейін Қаршыға
Алдын-артын айналып,
Көремін деп ойланып,
Маңдайы тасқа тигендей,
Іші жанып күйгендей,
Төлеген мырза толғанып, 940. Көшірге келіп, тіл алып.
Сөзді ұғар жан емес,
Барады айдап қозғалып.
Пәуеске үш ат жеккен күймелі арба,
Салдырған түймелерін жоғарыға,
Көшірі ат айдаған сыртында отыр,
«Аулақ жүр, келме, – дейді, – жақындарға».
«Кім бар, – деп, – бұл күймеде? – көшірінен, –
Бір ауыз болар ма, – деп, – сөз аларға?»
«Ішінде ханның қызы ұйықтап жатыр, 950. Болмайды оятуға басқаларға».
«Оят!» деп көшіріне дыбыстады,
Көшірі айтқан сөзге ығыспады.
Қаттырақ оянсын деп сөз қылса да,
Сөз беріп, «сен кімсің?» деп таныспады.
– «Көрем» деп келіп едім қызды қуып,
Атының басын тартып көңілі суып.
Жүргенсін өз елімде сәулетіммен,
Көрмеп ем бұл қорлықты өзім туып.
Иә, жақсы, иә, жаман деп екі ауыз сөз,
960. Кетпедім тым болмаса көңіл жуып.
Тең едім өз елімде хан затымен,
Алдымнан өтпеуші еді жан атымен,
Бір ауыз сөзге келмей, кетіп отыр,
Жүргенсіп бұ да елінде сәулетімен.
Төлеген қалды тұрып қыр басында,
Ар көрді енді еруді өз басына,
Сөйлеспей, жауап бермей Жібек кетті,
Сол кезде келді жетіп ер Қаршыға.
– Дені сау адам ба еді мынау Жібек,
970. Жүр ме едің, қылып әуре болмашыға?
Кеңесіп сонда екеуі басын қосқан,
Жібектің айтты жайын алдын тосқан:
– Көрінбей, дыбыс бермей жатып алды,
Айналып қарап едім әрбір тұстан.
Көшірі «тоқта!» деп ем жуытпады,
Көрем деп бердім дауыс сонда тыстан,
Тоқтатып, жауап бермей қапа қылды,
Қолында жүргендей боп жер мен аспан.
Қаршыға Төлегенге сонда тұрып:
980. – Шырағым, болма қапа көңіл бұрып.
Дауыстап ешбір жанмен сөйлеспеген,
Далада сөйлесуді ол ар көріп.
Мен өзім сөйлесейін ебін тауып,
Сөйлеспес көрінгенге келген шауып,
Құдайым кез келтірді оңашада,
Төлеген, шырағым, қылма қауіп.
Төлеген Қаршығаға еріп келген,
Көшірі атын тежеп сәлем берген,
Қаршыға көшіріне «тоқтай тұр» деп, 990. Жібекке сөз бастайды келген жерден.
Қаршығаның сөзі.
– Уа, Жібекжан, шырағым,
Сөзіме салғыл құлағың.
Ұядан ұшқан балапан
Қанаттарын тарайды.
Артық туған атадан
Әрбір іске жарайды.
Жолыңа сенің, шырағым,
Тігемін алтын сарайды.
Данышпан адам жалғанның
1000. Парасатын қарайды,
Ақы алып қызмет қылғандай
Оны да іске санайды.
Көтергіл бермен басыңды,
Тап өзіңе лайық
Ертіп келдім бір жігіт
Жақтырмаушы ең талайды.
Басыңды көтер, шырағым,
Салып құлақ сөзіме.
Дүрі жауһар көзі бар, 1010. Бал-шекердей сөзі бар,
Тап лайық өзіңе.
Талай бекзат көріп ем,
Мыңын жисақ осының,
Жетпейді басқан ізіне.
Қаршыға сынды көкеңді
Қапа қылмай, шырағым,
Бір көрінші көзіме.
Сонда Жібек сөйледі
Сөйлегенде бүй деді: 1020. – Көке де болмай жерге кір,
Салмаймын құлақ сөзіңе.
«Күйеу тауып әкел деп,
Қашан айттым өзіңе?!
Алжыдың ба, көкежан,
Не көрінді көзіңе?
Жолама менің ізіме,
Екі тайға ұялмай,
Мені сатып сыртымнан,
Не бетіңмен сөйлейсің, 1030. Көрінбе, жоғал, көзіме!
Қаршыға тағы сөйледі:
– Рас менің, Жібекжан,
Екі жорға алғаным.
Неге айтайын сөзімнің
Расын айтпай жалғанын.
Сөз ақырын байқамай,
Дұрыс па екен, шырағым,
Өтірік жанжал салғаның.
Екі жорға мен алдым,
1040. Төлегенге дос болып.
Нан, шырағым, сөзіме,
Көңілім рас хош болып.
Жолыңа сенің мен келдім,
Бәйгіге тігіп басымды.
Ерте көшіп, кеш қонып,
Көрсетпесең өзіңді,
Тыңдамасаң сөзімді,
Қаршығадай көкеңнің
Еңбегі қайтар еш болып. 1050. Сонда Жібек сөйледі,
Тоқтатып атын тежеді:
– Көкежан, сөзің жарайды,
Қамқор болып сыртымнан
Мені өзіне санайды.
Қос жорғаны мінгесін,
Мырзадан сыйлық көргесін,
Тыңдасам мен сөзіңді,
Бір көрсетсем өзімді,
Алғаның ас боп тарайды.
1060. Орынсыз жерге баспаушы ең,
Көріп ең, көке, талайды.
Мұқтажын жұрттың табарға,
Еңбегің күшті адамға.
Сен жаратып келгенмен
Жігітің бізге ұнар ма?
Ізімнен қуып жетіпсіз
Аңшыдай түскен сонарға.
Көкежан ертіп келген соң
Көрінбей қалып болар ма? 1070. Бұл сөзді айтып Қыз Жібек
Күймені ашты жарқ етіп,
Шолпандай туған жалт етіп.
Амандасып азырақ,
Көздері күліп, жадырап,
Бірін-бірі көреді
Екі бірдей шамшырақ.
Қайта жапты күймені,
Салдырады түймені.
Балқытқандай жүйені 1080. Аттай тулап жүрегі,
Сондағы Жібек тұр еді.
Қыз Жібектің құрметі –
Халықтан асқан сәулеті.
Ләйлі-Мәжнүн болмаса,
Өзгеден артық келбеті,
Үш қызы бар қасында,
Өзі он алты жасында.
Оймақ ауыз, құмар көз
Көз мейірі қанып тұр, 1090. Төлеген көріп танып тұр,
Алтын шашбау шашында.
Қыз Жібектің дидары,
Қоғалы көлдің құрағы.
Қыз сипатын қараса,
Шамның жанған шырағы.
Гауһар алтын сырғасын
Көтере алмай тұр құлағы.
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай. 1100. Ақ бетінің қызылы
Ақ тоқтының қанындай.
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай.
Ақ білектің мүсіні
Айбалтаның сабындай.
Оймақ ауыз, құмар көз
Іздеген қыз табылды-ай.
Төсінде бар қос анар
Нар ботаның санындай. 1110. Өткірлігін байқасаң
Ұсталар соққан кетпендей.
Бір ауыз сөз сөйлесе,
Мұратына жеткендей.
Өзі түгіл Жібектің
Өлігін адам өпкендей.
Қыз Жібекке Төлеген
Көз мейірі қанып тұр.
Бейне жанған шамшырақ
Екі көзі жанып тұр. 1120. Белі нәзік талып тұр,
Тартқан сымнан жіңішке
Үзіліп кетпей нағып тұр.
Төлеген тұрды мін таппай,
Кетуге қиып жөн таппай,
Кемітуге сөз таппай.
Іздегенім табылды
Арнап шыққан елімнен.
Құтқарар күн бар ма екен
Әуре-сарсаң күнімнен? 1130. Кеткенім менің жөн болмас
Бір тілдеспей мұнымен.
Қайырып қарап байқайын,
Сөйлесер сонда менімен.
Ғашықтық кірді жүрекке,
Сөйлетем деп Жібекті,
Төлеген тұрып сөйледі:
– Басырда-басыр басыр-ау,
Аққа да құлпы жасыл-ау.
Басыңды көтер, Жібек-ау,
1140. Төлеген келді қасыңа-ау.
Қыз басыңмен алшаңдап,
Бүйте берме, Қыз Жібек,
Жұртыңа тиер кесірі-ау.
Қыз Жібектің мінген күймесін,
Күймеге тағып түймесін,
Бүйте берме, Жібек-ау,
Кесірің жұртқа тимесін.
Сонда Жібек сөйледі:
– Олай десең Төлеген,
1150. Жаныма жақын келмегін.
Шақырды ма біздің ел,
Әуре болып жүрмегін.
Мен сөйлесем жайымды,
Айтасың бекер демегін.
Ағыным судай ағады,
Халқым малдай бағады,
Жұртым қойдай қағады.
Менің қылған кесірім,
Саған кесір болса да, 1160. Өзіме майдай жағады.
Келіп тұрған жолаушы,
Жақындамай әрмен қаш,
Ат-тоныңды ала қаш,
Үстімдегі кесірлер
Саған таман барады.
Арқама түскен қолаң шаш,
Қайдан бір келіп сен жүрсің,
Қаңғырып елде бір қубас?
Шақырсам «кел» деп жаныма, 1170. Көңілің сонда толар ма?
Ұшырарсың кеселге,
Аулақ жүргіл одан да.
Ат-тоныңды олжалап,
Бас сауға қыл одан да.
Төлеген сонда сөйлейді:
– Ау, Қыз Жібек, ерке қыз,
Абайлап қара, салып көз.
Іздеп келдім алыстан,
Жерің бар ма еді танысқан?
1180. Танысқан жерің болмаса,
Сені алушы міне, біз.
Жақсыға айтсаң жаны еріп,
Ұғар көңіл шын беріп,
Іздеген ерге келдің кез.
Тасқындап, Жібек, елірме,
Жақсыға мысқыл өнер ме?
Бір тасқынға бір тосқын,
Бола берме бойкүйез.
Іздеп келген Төлеген, 1190. Мал беріп сені алғанда,
Қойныңа қол салғанда,
Не болар сонда бұл мінез?!
Тағы да Жібек сөйледі:
– Жақсы айтасың, Төлеген,
Сендей, сендей әр жерден
Неше жігіт келмеген.
Бәрі де айтқан «Жібек-ау,
Сені алмасам ба» демеген.
Көбісі келмей шеніме, 1200. Бадара болып жөнеген.
Сен де тұрсың «алам» деп,
«Қойныма қолың салам» деп,
Түскендей көктен төбеден.
Келсең келгіл қасыма,
Тасыма, мырза, тасыма,
Мал беріп алып кетем деп.
Қайда көрдің, Төлеген,
Бос қызды жатқан осында.
Шекер-шербет берермін, 1210. Ішетұғын асыңа.
Келсең келгін, Төлеген,
Келмесең, әрмен кете бер,
Салармын сәлде басыңа.
Желдетіп күймелі арба жүре берді,
Сөйлесіп бірін-бірі анық көрді.
«Ұмытпан, бұл сөздерің есте болар»,
Атының басын бұрып жүре берді.
Бес жігіт кешегіден қалды артында,
Жайылды болған кеңес ел халқына. 1220. Көбейтіп, жорғаны алып, жолдағы елден,
Бар ғой деп «бата аяғы» ел салтында.
Бес жігіт жылқыны айдап келіп қосты,
Жайлауға жетеміз деп ертең түсте.
Қаршыға басшы болып келе жатыр,
Аралас жылқыны айдап, еріп көшке.
Он кісі алдарынан қарсы келіп,
Бұлардың жолын тосып сәлемдесті:
– Шақырып хан жіберді «алып кел» деп,
Қаршыға, неге істедің бекер істі? 1230. Сыртынан қызын сатып жолаушыға,
Өзіңе өзің тіледің өкінішті.
Масқара қылып жұртқа бәрімізді,
Хан-қара, үлкен-кіші кәрімізді.
Жібектің хан базарға басын салып,
Ұялмай бетке түйіп арыңызды.
Қаршыға, ойламадың елдің арын,
Бәрі де кейіп жатыр би мен ханым.
«Қалдырмай жолаушыңды бірге әкел» деп,
Құтылар қайда барып енді жаның? 1240. Жүріңдер көп кешікпей енді ойлана,
Біздерді «ойнап келді» деп ойлама.
Жолаушың қасыңдағы бірге жүрсін,
Жалтақтап «бармаймын» деп енді ойлама.
Қаршыға берді жауап келгендерге:
– Келіпсіз кеудең сыймай арам терге.
Айта бар ханға сәлем «келеді» деп,
Бәрі рас көрсеткенім өз теңіне.
Сендермен сонан кейін сөйлесермін,
Жүре бер келеді деп ертең елге,
1250. Жетуге біз де ханға асығулы,
Айта бар келмеді деп бізбен бірге.
– Кешікпей ертең түсте келіңдер, – деп,
Келгендер кейін шауып жүре берді.
Жарымы келе сөйлеп ханды жақтап,
Жарымы Қаршығаны келді мақтап.
«Жанында бір жігіт бар күндей күлген,
Көргесін кете алмадым айналақтап.
Жалғанға келе бермес ондай бекзат,
Көргенде тұра алмадым дәтім тоқтап».
1260. Таласып айтып жатыр келе сала:
«Жалғанға ондай сүгірет келмес дана.
Мен өзім Қаршығаға болдым риза,
Жібекке көздестірген ондай бала».
Айтқандай ертең түсте келіп қалды,
Жылқыны өрістетіп айдап салды,
Жиылған қыр басына кеңес құрып,
Таниды ер Қаршыға би мен ханды.
«Отырған хан алдына жалғыз бар» деп,
Жанына ергізбеді ешбір жанды. 1270. Төлеген көп жиынға келді жетіп,
Беруге ханға сәлем бойы бекіп,
– Япырмау, кешегі айтқан осы ма? – деп,
Шалдардың Төлегенге есі кетіп.
Төлеген берді сәлем күндей күліп,
Хан мен би жүзі жылып, көңілі сүйіп.
Хан отыр ширақ жүзбен ортасында,
Біреуі берген жауап сөзін түйіп.
– Сәлемің «ғалейке» алдық, жаным балам,
Жүріпсіз ат терлетіп бәрің тамам. 1280. Көрген жан сәулетіңе таң қалғандай,
Сапарың қайырлы еткей Хақ Тағалам.
Келіпсіз жолаушылап алыс жерден,
Сөйлей тұр сөзің тәуір, шыраққанам.
– Біз келдік еліңізге бір себеппен,
Бір сұлу елден іздеп талап еткем.
Ауылын Сырлыбай хан іздеп келдім,
Сөйлесіп көріп едім Қыз Жібекпен.
Жібекпен кешегі күн болдым таныс,
Сөйлесіп кетіп еді шәлкем-шалыс. 1290. Ауылын сол Жібектің іздеп келдім,
«Келсеңіз жақын, – деп ед,– емес алыс».
Осындай сөздеріміз болуы анық,
Қаршыекем болған сөзге әбден қанық,
Келемін ат сабылтып соның үшін,
Сөйлесіп кетіп еді қолымды алып.
Біріне-бірі қарап отырған көп,
Сөйлеп тұр бір тайынбай жүзі жанып.
Баланың сөзін байқап, өзін көріп,
Сөйледі Сырлыбай хан көңілі танып. 1300. Кешегі айтқан жігіт осы ма екен,
Қаршыға жаны ашыған досым екен.
Кешегі Қаршығаны жамандаған
Көп дұшпан көре алмаған қасым екен.
Жібекжан Төлегенді көрген екен,
Шырағым енді өлмесін білген екен,
Ризамын Қаршығаны не қылса да,
Кемітпей құрбысына жүрген екен.
Риза қып білгізеді барлық сырын,
Сөз салып екі араға қандай зұлым? 1310. Жиылған қасындағы ақсақалдар
Ризалық берген бата жайып қолын.
– Болармын мен де балаң ұлыңыздай,
Бата аяқ не аларсыз қолыңызға-ай.
Айдаған екі-үш жүздей малымыз бар,
Қалыңмал айдап келген қызыңызға-ай.
Төлеген аямайды дүние малын,
Беруге тағы тауып келер әлім.
Көп билер «болды-болды» деп қарқылдады,
«Тегін бер, теңі келді» деді ханым.
1320. Бұл хабар естіледі Қаршығаға,
Келіпті хан мен бидің қолын ала.
Сырлыбай той қылам деп елін жиып,
Жайлауға үй тіккізген бір кең дала.
Еліне сауын айтып білдіріпті,
Қымызды саба-саба жидырыпты,
Шектіде қызға ғашық алпыс жігіт,
Бұлар да басын қосып жиылыпты.
Бір ауыл шекті ішінде арғын екен,
Бекежан өзі жалғыз ер туыпты. 1330. «Жібекті алып қашып аламын» деп,
Сырлыбай мұны елінен қудырыпты.
Малы жоқ қалыңмалға беретұғын,
Қуылып елден тайып бұл жүріпті.
Шектіде алпыс жігіт ақылдасқан,
Шақыртып Бекежанға басын қосқан.
«Сырлыбай қызын беріп той қылуға,
Шақырып, айтып сауын хабар шашқан,
Бір қайрат осы жерде көрсеткіл» деп,
Әруағың артық еді бала жастан. 1340. Сондағы Бекежанның айтқан сөзі:
– Жігіттер ойланар іс мұның өзі.
Қыз Жібек біреуіңді сенің сүймес,
Тұрғанда Төлегеннің тірі көзі.
Баруың Төлегенге қазір қиын,
Бұл күнде оның жаны ұлы жиын,
Қай күні қыз апарса, қалар жалғыз,
Сол жерде қимылдауға келер иін.
Көрініп ел аралап мен жүре алман,
Бәрі де маған дұшпан хан мен биің.
1350. Алпысың маған еріп шыға алсаңдар,
Барайық ертең тойға ұлы жиын.
Сырлыбай той қылуға сауын айтқан,
Қылайын ере алсаңдар тойды талқан.
Жарлылық, жалғыздығым еске түсіп,
Ас ішпей, ұйқы көрмей жарап қатқан.
Алмасақ, айрылмайық Қыз Жібектен,
Құртайық Төлегенді келіп жатқан.
Алпысы ермек болып жарасады,
Мақұлдап бір-біріне қарасады, 1360. Бұлардың бұл кеңесін біреу естіп,
Білдіріп ханға хабар барысады.
Бүлініп ел арасы кете ме деп,
Халықтың көңіліне жара салды.
Сырлыбай той қылуды бұл тоқтатып,
Жиылған тойға халық тарасады.
Ортаға ап алпыс жігіт Бекежанды,
Бәрін де сескендіріп би мен ханды,
Осылай сөз аяғы басылсын деп,
Сырлыбай елін жиып көп ойланды. 1370. Алты ұлы Сырлыбайдың жігіт жиып,
Бұлар да қаруланып ыңғайланды.
Бұл хабар Төлегенге барып жетті,
Арбасып жатқандығы алты шекті,
Шақырып Қаршығаны алдыртады,
Мұңайып болған іске қайғы жепті.
Көрген соң Төлегеннің келіп түрін,
Қаршыға сонда тұрып былай депті.
Қаршыға сөзі.
Қаршыға тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
1380. – Ақ орда болды кіргенің,
Қызық дәурен сүргенің.
Жан баласы көрген жоқ,
Неге қапа боласың,
Бұл күнде сенің көргенің.
Шошыдым ғой, Төлеген,
Көргеннен соң түріңді.
Ертелі-кеш мен саған
Жад етемін пірімді,
Айтшы маған сырыңды. 1390. Тірі болсам, шырағым,
Көңіліңдегі кіріңді.
Неге бұлай мұңайдың,
Айтшы, маған мұныңды?
Төлеген сонда сөйледі:
– Ау, Қаршеке, Қаршеке,
Сырымды сізге айтайын.
Құдай басқа салған соң,
Сізге айтпай, кімге айтайын.
Жібекке ғашық көп екен,
1400. Еліңде қанша жігіт бар,
Іштері толған кір екен.
Төлеген сынды мырзаңды
Өлтіреміз дер екен.
Жалғыз жатқан жерімде,
Жазым қылса нетермін,
Арманда боп кетермін.
Қаршыға тұрып сөйледі:
– Асу да асу бел, – деді,
Аса бір соққан жел, – деді. 1410. Қорыққан болсаң сен, – деді,
Кел соңымнан ер, – деді.
Өлтіретұғын кім екен,
Кереметім көр, – деді.
Бұл сөзді естіп Төлеген,
Қаршығадай ақынның
Бұл сөзін мақұл көреді,
Алдыртып атын мінеді.
Талма түстің шағында,
Қалың елді қақ жарып, 1420. Іркілместен жүреді.
Шаңқай түсте ауылға,
Шатырдан шыға жөнелді.
Алты шекті елінде
Қаршығаға сенеді.
Елемей, тіпті бөгелмей,
Ауылға жетіп келеді.
Төлеген жатқан шамасы
Бір шақырым жер еді.
Сырлыбайдың алты ұлы 1430. Алтауы да бөрі еді.
Ең кенжесі Жиренбай
Сол жыл түскен отауы,
Сонда бір келіп енеді.
Қаршығадай батырың
Кереметін көргізді.
Қалың елді қақ жарып
Іркілместен жүргізді.
Жиренбай мырза үйіне
Жаңа тіккен отауға 1440. Алып келіп кіргізді.
Ауылға келіп кірген соң,
Көңілі жай болған соң,
Қаршығаға сөйледі:
– Асу да асу бел, – деді,
Ақылың шалқар көл, – деді,
Салатын қолқам бұл, – деді.
Анықтап бүгін көрейін,
Жібекті ертіп кел, – деді,
Жігіт болсаң сен, – деді. 1450. Кеше алдың қос жорға,
Берейін тағы үш жорға,
Бесеу қылып мін, – дейді.
Осы бір жүрген Қаршыға
Топтан озған ер еді.
Ерлігінің білгісі,
Жібекке жетіп келеді,
Келе сөйлей береді:
– Айналайын, Жібегім,
Шыныдан аппақ сүйегің, 1460. Осы емес пе еді Құдайдан,
Шынымен сенің тілегің?
Қаршыға көкең келгенде,
Көтергіл, шырақ, басыңды.
Ат байлаған ақыр-ды,
Көк түскен жер тақыр-ды.
Шеткі отау ішінде,
Жаңа түскен жеңешең,
Шырағым, сені шақырды.
Сонда Жібек сөйледі: 1470. – Ау, Қаршеке, Қаршеке,
Өзің шешен батырсың,
Шешендікпен айтасың.
Кеше алдың қос жорға,
Бесеу қылып алғасын,
Сыйғыза алмай Құдайға
Жазып келген кәпірсің.
Уа, Қаршеке көкежан,
Мінген атың қаракер,
Барайын өзім, бара бер. 1480. Шақырғанда бармасам,
Көкемнің тілін алмасам,
Ақыры бір күн болармын
Сол жігітке нәубеткер.
Енді Жібек түйінді,
Асыл киім киінді.
– Шақырғанда бармасам,
Қаршекең тілін алмасам,
Ақыры бір күн болармын,
Сол жігітке сыйынды.
1490. Абырой алсын Қаршекем,
Бармай қалсам қиын-ды,
Қаршығадан өзгеге,
Жібектен жауап алмағы
Қиын-қыстау іс еді.
Жібектің жайын сұрасаң,
Асып туған анадан,
Шаһизада кісі еді.
Кісі бойы кереует,
Алтын тақтың үстінен 1500. Қояндай ырғып түседі.
Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын кебіс сартылдап,
Жүйрік аттай ойқастап,
Құнан қойдай бой тастап,
Қалмайын деп ұялып,
Жан-жағына байқастап.
Кер маралдай керіліп,
Сары майдай еріліп, 1510. Тәңірі берген екі аяқ,
Бір басарға ерініп.
Үйінен шықты Қыз Жібек,
Көрінген көзге дүниенің
Барлығынан жерініп.
Ауылдың алды бел еді,
Көл қатырған сең еді,
Атқан оқтай жылысып,
Ор қояндай ығысып.
Қылаң етіп қылт етіп, 1520. Сылаң етіп сылт етіп,
Мықындары былқылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Тау суындай сыңқылдап,
Отауға қарап жөнеді.
Төлегенді көрмекке,
Қызмет қыла келмекке,
Жалтылдап Жібек келеді.
Сол кездерде қарасаң,
Қыз Жібектің дидары 1530. Нұр бетіне түскендей.
Сол кездерде көрген жан,
Шыбын жаннан кешкендей.
Қыз Жібектің екпіні
Жұмақта самал ескендей,
Сылдырап Жібек келеді,
Маңынан шайтан көшкендей.
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартып борықты.
Бір көрмекке ынтық боп, 1540. Қыз Жібектей сұлуды
Төлеген мырза торықты.
Талма түстің шағында,
Айдынды туған Қыз Жібек,
Шеткі отау ішінде
Төлегенге жолықты.
Өңшең молда жиылып,
Мәселе кітап оқыр-ды.
Көзінің жасы тізіліп,
Жақсылар сөзді тоқыр-ды. 1550. Қыз Жібектей сұлуың
Төлегеннің мойнына
Асыла барып отырды.
Төлеген сонда сөйледі:
– Келдің, Жібек, қасыма,
Отыра кеттің асыла.
Кешегі сәлдең қай жақта,
Той болды салсаң басыма.
Сонда Жібек сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді: 1560. – Қынама бешпент қынадым,
Әзілмен сізді сынадым.
Сынамаққа бір сөзді
Әзіл қылып айтып ем,
Әлі ұмытпай жүр ме едің,
Төлеген мырза, шырағым,
Ғапу қыл деп сұрадым.
Екі ғашық қосылып,
Әңгіме дүкен құрады.
Екеуінің суреті 1570. Ләйлі-Мәжнүн болады.
Екі бекзат қосылып,
Күндей балқып тұрады.
Жеңгелері жиылып,
Көрімдігін сұрады.
Екеуін көріп бұлардың,
Тамаша-қайран қалады.
Ойын-күлкі, қызықпен,
Жездеңіздің қасында
Кеш батқанша болады. 1580. Бір-біріне екеуі
Ғашықтық оты жанады.
Кеш батқан соң жеңгесі
Бұларға төсек салады.
Төсекті жайлап салған соң,
Асыла барып құлады.
Төлеген қайынында екі ай жатқан,
Қызықтың неше түрлі дәмін татқан.
Ұзатып қызды оңаша бір шығар деп,
Баяғы алпыс жігіт мұны баққан. 1590. Сырлыбай ұзата алмай енді қызын,
Абайлап күнде байқап елдің түрін.
Бүлініп ел арасы кете ме деп,
Біле алмай кімнің арам, адалдығын.
Ел жауы әрбір жерде жүр ғой тосып,
Хабарлас бір-біріне басын қосып,
Жібекті бұл сапарда ұзата алмай,
Естіген ел аузында сөзден шошып.
«Дұшпан көп аңдып жүрген түсіп ізге,
Ықтимал қата болу көрер көзге, 1600. Бұлардың сіз кеткесін бәрін құртам,
Келерсіз аман болсаң келер күзге.
Еліңнен жігіт жиып келерсіңіз»
Кеңесіп, бәрі тоқтап осы сөзге,
Төлеген: – Қар суымен келемін, – деп, –
Амандық берсе Құдай өзімізге.
Дайын боп сол кездерде тұрарсыздар,
Сөз байлап жүрмек болды енді тезде.
Төлеген жүрмек болып буған белді,
Жаратып ер-тұрманды алып келді, 1610. – Шығарып Қаршығаға салыңыз, – деп,
Сырлыбай құдаларға сыйлық берді.
Аттарын таңға байлап таң асырып,
Қыз Жібек тап сол күні бір түс көрді.
Түсінен жаны шошып Қыз Жібектің,
Жеңгесін Төлегенге бұл жіберді.
«Аты-жөнін айтып кетсін тым болмаса
Келмесін бір кеткен соң көзім көрді».
Шақырып алды Қыз Жібек,
Өзінің жақын жеңгесін, 1620. Шекеде алтын теңгесін.
Сырласатұғын жерінде
Келтірмейді үйге өңгесін.
Айтуға тілім келмей тұр,
Қолайсыз түсті көргесін,
Бұлайша сөзін бастады:
– Ау, жеңеше, жеңеше,
Мінезің еді өзгеше.
Төлегенге барып кел,
Тілімді алса, жүрмесін.
1630. Бір кеткен соң Төлеген,
Білгізді Құдай мен қуға
Бұл жерді қайтып көрмесін.
Ата-анасы бар ма екен,
Жал-құйрығы сау ма екен?
Жә болмаса, Құдай-ай,
Қаңғырып өскен қу ма екен?
Әкесінің аты кім болар,
Анасының аты кім болар?
Сұрап келші, жеңеше, 1640. Қандай заман күн болар?
Мен бүгін бір түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Төлеген мінген көк жорға ат
Ер-тоқымсыз бос көрдім.
Ел жайлаған Ақжайық,
Жағалай біткен бидайық,
Алдымда жанған шырағым,
Біреу үріп өшіріп,
Көзімнен болды сол ғайып. 1650. Қолымдағы тұйғыным,
Зулап келіп аспаннан
Желкесін қиды бидайық.
Құлым десең Құдайым,
Бұл түс емес еді ғой
Көруге маған ылайық.
Айналайын, жеңеше-ау,
Төлегеннің мен білдім
Бір кеткен соң келмесін.
Жарық дүние опасын 1660. Қайтып көзге ілмесін.
Білгізді Құдай мен қуға,
Қосылып дәурен сүрмесім,
Білінді қайтып көрмесім.
Пенде деген құлына
Мұндай да қайғы бермесін.
Барып келші, жеңеше-ау,
Тілімді алса жүрмесін.
Бұл сөзді естіп жеңгесі,
Төлегенге келеді. 1670. Жеңгесіне Төлеген
«Неғып жүрсіз?» демеді.
Қасына кеп толықсып,
Көзінің жасын төгеді.
Сонда бір тұрып сөз бастап:
– Ау, күйеужан, күйеужан,
Атаңның аты кім болар,
Анаңның аты кім болар?
Айтып кеткіл, шырағым,
Қандай заман күн болар.
1680. Бикешжан сізге жіберді,
Бір кеткен соң ол сені
«Келмейді» деп шырағым,
Үзіп отыр күдерді.
Бүгінгі күні түс көрген,
Түсінде жаман іс көрген.
Астыңдағы көк жорға
Ер-тоқымсыз бос көрген.
Ел жайлаған Ақжайық,
Жағалай біткен бидайық, 1690. Алдында жанған шырағын
Біреу үріп өшіріп,
Көзінен болған сол ғайып.
Қолындағы тұйғынын
Зулап келіп аспаннан
Желкесін қиған бидайық.
Амандық бер деп жолыңа
Құдайдан біз де сұрайық.
Төлеген сонда сөйледі:
– Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,
1700. «Түс түлкінің боғы» деп,
Әлде неме деп келмеші-ау.
Жаратқан мені бір Құдай,
Өлім десең көңілім жай.
Атамның атын айтайын –
Халықтан асқан Базарбай,
Қой ішінде марқадай.
Шешемнің атын айтайын –
Алпыс жасар Қамқадай,
Омырауы ділдә алқадай. 1710. Олай-бұлай боп кетсем,
Сансызбай атты інім бар,
Жібегім неден қорқады-ай?
Жақсы-жаман іс болса,
Жалғыздың болар әмірі.
Жалғыз ағаш кесілсе,
Қуарып қалар тамыры.
Әрбір іске адамның
Болу керек сабыры.
Олай-бұлай боп кетсем, 1720. Он бір жасар артымда
Жеткіншегім бар еді.
Ақша бір жауған қар еді,
Дұшпанның көңілі тар еді.
Жібекке дұғай сәлем де,
Олай-бұлай боп кетсем,
Еш жаманға қор қылмас,
Сансызбай атты інім бар, – деді.
Шыныменен тілесе,
Тәңірім тілек береді, 1730. Көктемде мұнда келіп ем,
Енді қыс боп келеді.
Елімнің ақын көсемі
Батыр Шеге бар еді.
Жаман айтпай, жақсы жоқ,
Сансызбай барда көңілім тоқ.
Олай-бұлай боп кетсем,
Басшы қылып Шегені,
Еліңе жетіп келеді.
Амандық болса жанымыз, 1740. Төгілмесе қанымыз,
Тілеулес болып барыңыз.
Қазбенен бірге келемін,
Не салса да Құдайым,
Жібек үшін көремін.
Жібекке дұғай сәлем де,
Енді атыма мінемін.
Жеңгесіменен Төлеген
Қол алысып қоштасып,
«Қош Алла!» деп жөнеген. 1750. Базарбайдың Төлеген
Алты шекті елінен,
Асу-асқар белінен,
Орал, Елек көлінен
Сапарлана жол тартып,
Қосарына қос артып.
Жібектің кейін қалғаны,
Көңілден кетпей арманы,
Сағыныш зарын білдірмей,
Дүние көзге ілінбей, 1760. Келеді тынып ішінен,
Ғашықтық оты күшінен.
Баяны жоқ байлаусыз
Қалды деп шошып түсінен.
Қайғылы көңіл қайдағы,
Ақылын алып бойдағы,
Талай жерден жол кешті,
Көңілге талай ой түсті,
Талай жерден су ішті.
Құмды көлді қақ жарып, 1770. Қиындық талай кездесті.
Көз жеткісіз сары дала,
Қалды Жібек зарлана,
Жер емес жақын аз ғана.
Елсіз саңырау даланың,
Кесе басып алабын,
Көк орай шалғын көл қалды,
Талай шаңдақ шөл қалды,
Неше биік дөң қалды.
Неше күндік арасы 1780. Көз ұшында ел қалды.
Бірнеше күн дегенде,
Еліне аман келеді.
Сүйіншіге келгенге
Ат шапанын береді,
Ел-жұртын есен көреді.
Елін жиып той қылып,
Салтанатын түзетіп,
Кемпір мен шал сағынып,
Жолына қарап күзетіп, 1790. Далаға үй тіккізіп,
Оюлатып безетіп.
Көңілі тасып Базарбай,
Жасарып өңі жайнаған.
«Айттырғаның кім қызы?»
Жай-жабдығын сұраған.
Қызын беріп ұзатпай,
Қалайша бұл іс ойлаған.
Төлегеннен бар сырды
Есітіп бәрін аңдаған. 1800. Болған істің бәрін де
Айтпасына қоймаған.
Базарбайдай шалыңыз
Болашағын болжаған,
Отырып тағы қозғаған.
– Барасың енді қашан? – деп,
Ақырғы сөзді баладан.
Сонда тұрып Төлеген,
Көп алдында сөз бастап,
Отырған жұртқа ой тастап.
1810. Ақылға дана, терең ой,
Талшыбықтай бұралып,
Құлпыра түсе сұрланып:
– Берсеңіз бата – тілегім,
Әкелуге келінің
Қар суымен жүремін.
Құдаңның аты – Сырлыбай,
Алты ұлы бар алты ауыл –
Берген Тәңірім тілегін.
Табылды теңім іздеген,
1820. Ел қаңғырып көздеген.
Үш арыстың елінен
Жер қалмады кезбеген.
Қаз келуден қалдырмай,
Жүргізіңіздер тез, – деген.
Ғашықтың оты жүректе
Қазандай болып қайнаған.
– Екі жүз жігіт бересің,
Қаруын байлап, сайлаған.
Тілекке Тәңірім жеткізсе,
1830. Жүруге сонда ойланам.
Базарбай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Бата мен саған берейін,
Бір тілегім бар, – деді.
Сөз аяғы басылсын,
Келер күзге жүр, – деді,
Болсын атаң тілегі.
«Ел құрығы ұзын, – деп,
Тентектің жуан білегі»,
1840. Халық сөзін мақұлдап,
«Дұрыс, дұрыс» – дегені.
Бұл сөзді естіп Төлеген,
Бәлен-түген демеген.
"Бергенім қалың бекер" деп,
Үйден шығып жөнеген.
Бұл ісіне Базарбай,
Қапа болып балаға,
Қалды деп сөзім далада.
Шамырқана, шамдана, 1850. Жиылған жұртқа таңдана,
Келген көпке сөйледі,
Ашулана, зарлана:
– Біреуің бұған ерсеңдер,
Жүретінін білсеңдер,
Ұстап әкеп бермесең,
Тапсырдым тұз бен Аллаға!
Бұдан кейін Төлеген,
Сырын айтпай адамға,
Қараңғы тұман ой қылған
1860. Сене алмай мынау заманға.
Өз ойынан бұрылмай,
Көптің сөзін ұғынбай,
Сезер деп жұртқа құбылмай,
Жібек еске түскенде,
Жеңіменен жас сүртіп,
Көңілі шіркін төзе алмай,
Шалдан қорқып, қалың ел
Айтқан сөзін бұза алмай.
Ат-тұрманын, керегін, 1870. Алтын-күміс бөлегін
Оңашалап тығындай.
Жалғыз да болсам кетем, – деп,
Жібекке барып жетем, – деп,
Жұрт сөзіне бұрылмай.
Атам, анам азғырып,
Ерушіні жазғырып,
Бір еруші табылмай,
Апшысын елдің қуырды-ай.
– Мен сырымды айтуға
1880. Халқым маған сене ме?
Бір қисайған кемпір-шал
Тілегімді берер ме?
Айтқан сертке жетпеген,
Ер жігітке өнер ме?
Халық айтқанда көнбеген,
Сөзіме менің көнер ме?
Бәрінен көрген сөз тартып,
«Мен – тәуірі» дегенге.
Тоқтау салып бәрі де 1890. Шалдан қорқып ерерге.
Төлеген жүрді жиналып,
Сырын ашпай көп елге.
Күндерден күн болғанда,
Ұшатын құстай талпынып,
Дайындалып тартынып,
Көк жорға атты байлатып,
Елден кетіп далаға,
Сансызбайға сыр айтып.
Ойын-шыны аралас, 1900. Әл-қуатым болдың жас,
Сансызбайға қылды наз,
Не көрмейді ғазиз бас?
Сол кездерде төбеден,
Қаңқылдап өтіп алты қаз –
Қазды көріп Төлеген,
Сансызбайға қарамай,
Көк жорға атты жабдықтап,
Қоржынды байлап сандықтап,
Төлеген сонда жөнеген. 1910. Асып туған Төлеген,
Жағалбайлы халқынан.
Жабдықтап атын мінеді,
Ер-тұрманы алтыннан.
Жолдас ермей артынан,
Жалғыз өзі жөнеді
Бір ғашықтың зарпынан.
Қаздың даусын есітіп,
Сабыр қылып тұрмады,
Дүниеге мойын бұрмады. 1920. Кетіп бара жатқанда,
Сансызбай тұрып жүгірген
Төлегеннің артынан.
Мейірі түсіп басына,
Көзден аққан жасына,
Қу бауырды қия алмай,
Қайрылып келді қасына.
Төлегеннің Сансызбай
Пәруана болды басына.
Бала келді жүгіріп, 1930. Аш күзендей бүгіліп,
Төлеген тұрды кете алмай,
Көзінен жасы төгіліп.
Көзінен ағып қанды жас,
Қандай қиын бауырлас.
Төлегеннің сүйегі
Бордай болып егіліп.
Сансызбай жылап келген соң
Ат үстінен еңкейіп.
Көтеріп алып алдына 1940. Қабырғасы сөгіліп.
Төлеген тұрып сөйледі:
– Ау, Сансызбай шырағым,
Жібек сынды жеңгеңді
Әкелуге барамын,
Жыламашы, шырағым.
Сансызбай тұрып сөйледі:
– Жыламайын мен, аға,
Өзің дағы, көкежан,
Көзіңнің жасын тый, – деді.
1950. Жылап отыр ата-анаң,
Сапарыңды қи, – деді.
Жалғыздың ісі қиын-ды,
Ел-жұртыңды жи, – деді.
Сен кеткесін, көкежан,
Кемпір-шалдың қасында,
Өзім – жалғыз, өзім – жас,
Болармын кімге сый, – деді.
Бұл барғаннан келмесең,
Қобыз алып қолыма 1960. Тартармын сонда күй, – дейді.
Төлеген сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– О, Сансызбай қарағым,
Көлге біткен құрағым,
Суырылып озған пырағым.
Қабырғамда қанатым,
Жетегімде жан атым,
Қатардағы санатым,
Алмас қылыш болатым.
1970. Артымнан ерген құйрығым,
Көрмей пенде қоя ма,
Тағдырға жазған Құдайдың,
Не де болса бұйрығын?
Жыламашы, шырағым,
Судан шыққан сүйрігім.
Жібек сынды жеңгеңді
Әкелуге барамын.
Пендесін Тәңірім қарғаса,
Қабыл болмас тәубасы 1980. Басыма менің түсіп тұр,
Ғашықтықтың саудасы.
Айтып кеткен Жібекке
Болып қалды уағдасы.
Үйде, түзде болса да,
Жазудан адам құтылмас.
Басы жұмыр пендесі.
Қай іске талап қылмайды,
Бір бесікке кіргенше
Адамзаттың жамбасы. 1990. Құдай салды басыма
Пенденің жоқ-ты шарасы,
Суырылып озған пырағым,
Көрмей пенде қоя ма,
[Алланың салған сынағын.]
Тірі болсам, шырағым,
Жеті айда қайтып келемін.
Ажал келсе, шырағым,
Үйде болсам да өлемін.
Амандық бер деп Алладан 2000. Шырағым, сен де тілегін.
Кешірер Алла пенденің
Ғасылық қылған қатасын.
«Тілімді алмай кеттің» деп,
Бермеді әкем батасын.
Басыма Құдай салған соң
Тоқтай алмай барамын,
Ғашықтықтың қапасын.
Қыз Жібектің дертінен,
Көрейін деп барамын, 2010. Бейнетті жолдың жапасын.
Мен кеткен соң, шырағым,
Кемпір-шалға ие бол,
Ақылмен ойлап іс қылып,
Көзіңді кімге сатасың?
Тілімді алмай кеттің деп,
Батасын әкем бермеді.
Әкемнен қорқып елімнен
Жалғыз жолдас ермеді.
Ау, Сансызбай, шырағым, 2020. Өзіңді Құдай жеткерсе,
Даярлап қойдым бәрін де
Ат-тұрман, сауыт-жарағың.
Олай-бұлай боп кетсем,
Сенен өзге кімім бар
Алды-артыңа қарағын.
Мұратыңа жеткізсін
Жаратқан сені бір Құдай!
Көк бурыл тұлпар бар,
Биыл құнан, былтыр тай. 2030. Қас қылмаса Құдайым,
Мінетін атың сайма-сай.
Алтын балдақ, ақ семсер,
Саған арнап соқтырып,
Салдырып қойдым қынапқа
Аш беліңе ілгейсің,
Ер қадірін білгейсің,
Теңіңмен ойнап күлгейсің.
Бадана көзді ақ сауыт,
Саған арнап соқтырып, 2040. Будырып кеттім кілемге,
Оны үстіңе кигейсің.
Олай-бұлай боп кетсем,
Сенен басқа кімім бар?
Асыл туған Жібекті
Еш жаманға қор қылмай,
Өзің алып сүйгейсің.
Дегенге Құдай жеткізсе,
Жау жарағың дайында,
Алтынды сауыт көбені. 2050. Жау дегенде жайнатып,
Толғамалап қолыңа ал
Қозыжауырын жебені.
Сапар тартып, жол шықсаң,
Жолдасың жауға алдырмас
Басшы қылғыл Шегені.
Айтқаны болмас адамның,
Алланың болар дегені.
Бұл сөзді айтып Төлеген
Сансызбайдың бетінен 2060. Үш қайтара сүйеді.
Жат қылды жалғыз иені.
Жерге алып қойып інісін,
Қол ұстасып қоштасып,
«Қош Алла!» деп жөнеді.
Бектер мінер көк қасқа,
Шаба алмаса ұр басқа.
Батырлық, байлық кімде жоқ,
Ғашықтың жөні бір басқа.
Сансызбаймен қоштасып, 2070. Базарбайұлы Төлеген
Белін бір буды тұрмасқа.
Жайыққа қарап бет қойды,
Жан ермеді жолдасқа.
Су жағалап жүргенде
Екі айлық жол алыста
Төтелеп жүрсе шөлі бар,
Жүрмек болып сонымен
Қаратаудың дөңімен.
Астындағы көк жорға ат 2080. Қиялай салды жануар,
Бауыздаудың бойымен,
Құмақтының құмымен.
Кеселеп асты Төлеген,
Шеттің шеңгел шөлімен,
Семсер түспей белінен.
Қоржынын артқан бөктеріп,
Сауытын алға өңгеріп,
Маңдайы қатып, түнеріп,
Дамыл алмай үдеріп. 2090. Астындағы көк жорға ат
Теңселе желіп мүдіріп.
Көп ой салып көңілге,
Байлады басты өлімге,
Түн ұйқыны төрт бөліп.
Ерте тұрып, кеш жатқан,
Жетемін деп түн қатқан.
Шөлден қатып аңсаған,
Жапан түзде қаңсаған.
Асуы қиын жер екен, 2100. Шөл жазира ішінде
Қособа деген көл екен.
Ұры, кезеп, қарақшы
Мекен қылған жер екен.
Төлеген сынды мырзаның
Соғып кетер жері екен.
Атаңа нәлет Бекежан,
Баяғы алпыс жігіт қасында.
Төлеген келіп қалар деп,
Қособаның көлінде 2110. Жолын тосып жүр екен.
Тап сол күні келмесе,
Азықтары таусылып,
Қайтып кетер кезі екен.
Төлеген сынды мырзаның,
Құланнан атты қодықты,
Жетемін деп зорықты,
Арада неше қоныпты.
Астындағы көк жорға ат,
Жайықтың алыс жолынан, 2120. Неше бір күндік шөлінен,
Он күн ұдай су ішпей,
Шөлден қатып зорықты.
Шаршаған соң атынан
Төлеген мырза торықты.
Жақындап суға келгенде,
Жетемін енді дегенде,
Қыз іздеген Төлеген
Шұбалған шаңға жолықты.
Шаңға қарай салады, 2130. Қасына жетіп барады.
Алдынан шығып алпыс жау
Төлегенді қамады.
Жау екенін білген соң,
Жан-жағына қарады.
Бесінде жаумен атысып,
Намаздігер болғанша
Іркілмей кетіп барады.
Аты еркін жеткен соң
Жау ортаға алады. 2140. Сол кездері болғанда,
Астындағы көк жорға ат
Шөлдеуменен зорығып,
Басын жерге салады.
Жау ортаға алған соң,
Атынан қайрат кеткен соң,
Базарбайұлы Төлеген
Тәңірге қылды наланы:
«Батар да күнмен батайын,
Бұларды мен де атайын, 2150. Тым болмаса Құдай-ай,
Бекежанды өлтіріп.
Жастығымды ала жатайын.
Мұсылман болса бұл жаулар
Жақындап жауап қатайын.
Атым шаршап бұл жерде,
Қайратым менің жасыды.
Заулап жанған көңілім
Су сепкендей басылды.
Жүгірмек өлім қылмаққа, 2160. Он сегізде алмаққа,
Жазып па ең, Тәңірі, жасымды?
Құдіретің күшті Құдай-ай,
Алыстан жарға ғашық қып,
Әуреге салдың басымды.
Тілекке кімді жеткізген
Дүние деген осын-ды».
Бұл сөзді айтып Төлеген
Қорамсаққа қол салды,
Көп оғына жол салды. 2170. Садағын қолға алады,
Толғай тартып қалады.
Зырқырай оғы кетеді,
Көп шектіге жетеді.
Сілдіреген шетінен
Жетеуінен өтеді.
Енді оғын алғанша,
Қорамға қолын салғанша,
Топтан шығып Бекежан,
О да атуға оқ алған, 2180. Мылтыққа білте оқ салған.
Төлегенді атуға,
Жақындап келіп ол қалған.
Мылтыққа білте басады,
Әруағы асады.
Төлеген сынды-ай мырзаның
Қанын судай шашады.
Қой боғындай қорғасын
Ажал болып жабысты.
Жігіт болсаң, сондай бол 2190. Жібермеді намысты.
Талықсып атта тұрғанда,
Қолтығынан сүйейтін
Таба алмады танысты.
Бекежан атқан жалғыз оқ
Маңдайдан келіп ұрады.
Алтынды сүйек Төлеген
Талықсып аттан құлады.
Жаудың қылған қорлығы-ай,
Балаға қылған зорлығы-ай. 2200. Жалғыздық түсіп басына,
Жылауға әлі келмеді,
Жанын өзі берсін деп,
Қиындықпен өлсін деп,
Алдындағы алпыс жау
Анталап келді қасына.
Төлеген аттан құлады,
Жатып естен танады.
Бір мезгілдер болғанда
Көзін ашып қарады, 2210. Есін жиып алады.
Бекежанды таниды,
Сонда жатып сөйледі:
– Бұл жібердім қалаға,
Бейсағат күн, Құдай-а,
Мен шығыппын далаға.
Шығып едім жолықтым
Бұл секілді бәлеге.
Қарға-құзғын жемесін,
Жасыра кет жүзімді,
2220. Замандас едің, жан аға.
Бұл жібердім бақшаға,
Қызыл тіл, енді қақсама.
Қарға-құзғын жемесін,
Жасыра кет жүзімді,
Замандас едің, жақсы аға.
Төлегеннің тілдері
Осы сөзге келеді,
Екінші сөзге келмеді.
Келіп тұрған жаулары 2230. Не айтасың, сірә, демеді.
Төлегеннің дүниесі
Алпыс жауды бөгеді,
Алпыс жерге бөледі.
Төлеген мінген көк жорға ат
Су ішіп алып қанып алғасын,
«Мал – опасыз» деген ғой,
Бекежанның астында
Ойнай бір басып жөнелді.
Батқан күнмен қарайып, 2240. – Аһ, дариға, Құдай, – деп,
Жібекке сәлем дұғай, – деп,
Өз иманын өзі айтып,
Жұлдыз шыға Төлеген
Ақырет сапар жөнеген.
Маңдайдан тиген жалғыз оқ
Желкеден ағып өтіпті.
Иттердің қылған қорлығы,
Тағдырдың жазған бұйрығы
Осы жерде жетіпті. 2250. Ат-тұрман, сауыт құралы
Бәрі де жауда кетіпті.
Айтып, айтпай немене,
Сол секілді асылдар –
Қосыла алмай ғашық жар,
Кебіні жоқ, көрі жоқ,
Белгілі қалған жері жоқ,
Ит пен құсқа жем болып,
Мұратына жете алмай,
Бұйырған жерден кете алмай, 2260. Арманда болып кетіпті.
Қарайып Төлегеннің өшті шамы,
Бұйырған жеріне кеп ақты қаны.
Айырып екі жастың махаббатын,
Араға болып шайтан көп дұшпаны.
Жолында бір ғашықтың жапа шекті,
Бермесін жас өмірге мұндай кепті.
Көк жорға ат, дүниесін бөліп алып,
Далаға домалантып тастап кетті.
Сырласып, сыбырласып, мауқын басып, 2270. Бекежан мініп алған көк жорға атты.
Ісіп, кеуіп қабарып келе жатыр,
Бәрі де өзі алғандай Қыз Жібекті.
«Опасыз, сұм дүние» деген осы,
Ат-тұрман, сауыт-сайман бәрі бітті.
« Күшті жықпақ, көп жеңбек » деген нақыл,
Шұбалып неше бөлік елге кетті.
Жасырып, тасаланып елін тауып,
Көрсетпей көк жорға атты қойды жауып.
Көрмеген еш нәрсені кісідей боп, 2280. Қорқысып, елден бұлар етіп қауіп.
«Қыз Жібек бізге тимей қайда барар,
Ұмытып келмегесін көңілі суып».
Осылай сөзді байлап сөндіреді,
Үмітті Төлегеннен үздіреді,
Бұл болған оқиғаны бастан-аяқ,
Бірнеше жыл өткен соң білдіреді.
«Неғып жүр содан бері, қайда?» – десе,
Айтқасын өлтіргенін ел біледі.
Бұлар да жасыруды енді қойды, 2290. Біреуден біреу сұрап мойын бұрды.
Қай жылы, қай жерде өлтіргенін,
Есіткен Сырлыбай да болған сырды.
Сұратып болған істің бәрін анық,
«Өзім де ойлап едім қалды нағып.
Қалайша Қыз Жібекке естіртеміз,
Мейірімсіз қарақшылар жүрген бағып».
Есітіп Қаршыға да болған істі,
Жаны аяулы жақсыға қайғыланып,
Алты ұлы Сырлыбайдың – алты қасқыр 2300. Кеңесіп ел жақсысын жиып алып:
«Ұстаймыз Бекежанды, рұқсат бер»,
Әкесі бұлай деген көп толғанып:
– Алпыс жігіт шектіде оны бермес
Арқа сүйеп соларға жүруі анық.
Алпыс жігіт бәрі де бай баласы,
Ел ұстауға бәрінің бар шамасы,
Жібекте бәрінің де көңілі бар,
Ойлаңыздар, бүлінбесін ел арасы.
Қыз Жібек жақтырған жоқ, көріп қолай,
2310. Біреуін олай деді, бірін бұлай.
Көңілінде бәрінің де жаулығы бар
Малын айдап, шұбырып келген талай.
Сырлыбай осылай деп сөзін нұсқап,
«Дұрыс» деп жиылған жұрт сөзін қостап.
«Білдірмеңдер Жібекке бірақ мұны,
Сөндіріңдер бұл сөзді енді тастап.
Қойыңдар, – деді, – сөзді арындаған»
Жан ашып жас қыршынға жалындаған.
Жиренбай Қаршығамен көп таласып, 2320. Жалғыз боп ердің сөзі алынбаған.
«Алты шекті қандасып, бүлуі анық,
Бір қыз үшін бүлінбеңдер, – деді, – халық.
Қыз Жібекке сездірмей қазірінше,
Қайнысына берейік хабар салып».
Осылай сөздің басын ұйғарысты,
Білдірмей Қыз Жібекке болған істі.
Есітіп алпыс жігіт бұл бітімді,
Бата алмай бір-біріне дағдарысты.
Жібекке естіртуге ебін таппай, 2330. Ел сөгіп, алпысын да қылды қақпай,
«Жібекке ебін тауып айтамын» деп,
Бекежан дәмеленіп жүрді жатпай.
Жеті жыл бұл арада өтіп кетті,
Басылып елдің сөзі қабақ қақпай.
Сол кезде көп шектіде бір той болған,
Шақырып, сауын айтып, елін жиған.
«Қыз Жібек келеді,– деп,– бұл жиынға»
Бекежан алды хабар осы тойдан.
«Айтысып Жібекпенен, айтамын» деп 2340. Кеңесіп жігіттермен сөзді қойған.
– Есітсе көп ішінде ерлігімді,
Түңіліп Төлегеннен о да тойған.
Естімей өлгендігін тимес, – дейді,
Басқаны менен бөтен сүймес, – дейді.
Білінсе көп ішінде батырлығым,
Өкініп Төлегенге күймес, – дейді.
Бұлайша дәмеленіп келді тойға,
Жібекті аламын деп қалып ойға,
«Жабдықтап көк жорғаны мініп алып,
2350. Болайын не болса да осы тойда».
Той тартыс, қыз-бозбала басын қосқан,
Бірі айтып, бірі тыңдап сөзін тосқан
Қыз Жібек ортасында отыр еді,
Өлеңді қоя берді келіп тұстан.
– Бекежан менің атым келген,– депті,–
Біледі ерлігімді алты шекті.
Басқаның бір тиынға керегі жоқ,
Бар болса, маған жібер Қыз Жібекті.
Айтатын Қыз Жібекке сөздерім бар,
2360. Елемес есі болса, ескі кекті.
Сөйлесіп Бекежанмен танысыңыз,
Қаратып ауызыңа осы көпті,
Кеткелі жарыңыздың көп жыл болды.
Хабары сол жігіттің бар ма? – депті.
Масқара елі-жұртқа сені қор ғып,
Қыз Жібек, қалайынша тастап кетті.
– Бекежан, дауырлама сөзіңді өктеп,
Бар ма еді жүрген жерің сенің көктеп.
Тұсыма қалың көпті жарып келіп,
2370. Сен бе едің сөз айтатын маған беттеп?
Келгенің, кеткеніңе не көресің,
Көре бер ұрлығыңмен күніңді ептеп.
Айланып сұм жалғанға жүрген шығар,
Қашан келсе де, айта алмас ешкім «кет»,– деп.
– Жібек-ау, тарылтармын заманыңды,
Білемісің айрылып қалғаныңды.
Ат ізін осы күнге дейін бір салмаған,
Мақтама тастап кеткен арамыңды.
Мен емес дүние қуып, жүрген мал деп,
2380. Мақтама жаманыңды сонша сәндеп.
Көзіңді көкке бояп кетіп отыр
Біздерге мұнда қалған «бөліп ал» деп.
– Жаныма жан келе алмас менің аттап,
Ізінен кет садаға, еліңді ақтап.
Сөйлейсің қалай-қалай есеңгіреп,
Аузыңа келген сөзді сандалақтап.
Жалғанда құлаш ұрып еттім сайран,
Әл-қуат, ақыл-кеңес кетпей бойдан.
Ізіне басып кеткен теңгермеймін,
2390. Шектіде алпыс жігіт адырайған.
– Тойыңды мен бастағам айтылып жар,
Қыз Жібек, болар бүгін көңілің тар.
Немеңді өліп қалған сонша мақтап,
Батырға мен сияқты не арман бар?
Көк жорға ат тақымыма бауыр басқан,
Жабдықтап, оюлатып тақтым тұмар.
– Шошынып әл-дәрменім кеткен бойдан,
Үмітсіз, не деп тұрсың бір Құдайдан?
Атаңа алты лағынет, ит қарақшы,
2400. Көк жорға ат астыңдағы алдың қайдан?
– Жол тосып Қособада жатып алдым,
Біреуді мергендікпен атып алдым.
Болған соң өзім батыр кімді аяйын,
Өлтіріп Төлегенді, тартып алдым.
Қыз Жібек ақша жүзі қуқыл тартып,
Ауытқып ақылынан қанын сарқып.
Қайғының бесігіне бөленгендей,
«Аһ» деп орынынан кетті қарғып.
Жағалай жұртқа сұлу көз жіберіп,
2410. Шағынып күрсінеді мұңын зар ғып.
Бекежанның бұл сөзі,
Қуқыл тартып ақ жүзі,
Қыз Жібектей сұлудың
Өкпесінен ұрады.
Ғашық болсаң сондай бол,
«Аһ дариға, Құдай» деп,
Керегені құшақтап,
Етбетінен құлады.
Жығылып естен танады, 2420. Қыз Жібектің беттерін
Кереге көзі жырады.
Ылажын таппай Қыз Жібек,
Ішінен судай тынады.
Біреудің қызық тойы еді
Адыра-талқан қылады.
Сонда жатып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Атаңа нәлет, Бекежан,
Көрсетпе маған түсіңді, 2430. Бітіріпсің ісіңді.
Нағылып көзің қиды екен,
Сол секілді мүсінді?
Құдай мені жаратса,
Қатын-балаң зарласын.
Басыңа қиын іс түссе,
Қасыңа ешкім бармасын,
Тілеуің алға бармасын!
Істер ме едің бұл істі
Жаратқанды ойласаң. 2440. Басыңа Құдай келтірсін,
Жауыздықтың пайдасын.
Туыспай кеткір, алты аға,
Бармысың тойда, қайдасың?!
Сырлыбайдың алты ұлы
Жібектің сөзін есітіп,
Жүгірген ала найзасын,
Құртам деп жаудың айласын.
Жібектің қамап ордасын,
Асау дұшпан арнасын, 2450. Көк жорға атты ойнатып,
Бекежан қашты ойқастап,
Көп ішінен жол тастап.
Бұлардың түрін көрген соң,
Қалың қолды қоршаған.
Көк жорға ат аста тұрғанда,
Ұстайды деп саспаған.
Қараңғыда шуылдап,
Бірін-бірі ұстаған.
Атаңа нәлет Бекежан 2460. Келіп лаң салғаны.
Құр шуылдап қалың ел,
Ұстай алмай қалғаны.
Бұлар жаяу, ол атты,
Әрі-бері жүгіріп,
Түн қараңғы көміліп,
Бір-біріне үңіліп,
Бекежан кетті той тастап,
Өз жанынан түңіліп.
Қыз Жібек отыр жылаумен 2470. Аш күзендей бүгіліп.
Бекежан келіп дерт болды,
Жібекке салған өрт болды.
Қыз Жібекті жұбатып,
Үлкен-кіші жұрт болып,
Белі үзілген күзендей,
Белі үзіліп мерт болып.
Алып қайтты Жібекті
Ел жиылған көп болып.
Қыз Жібек келіп жылайды, 2480. Жылайды да толғайды.
Қуарып түсі өзгеріп,
Халық жиылып айтса да,
Оңалмады жөнделіп.
– Жыламай қайтып шыдайын,
Төлегеннен қалғасын,
Өле алмай шыдап отырмын
Алғанымды алғасын.
Заманым менің тарылды,
Жаудан жазым болғасын. 2490. Атаңа нәлет қарақшы,
Басыма қайғы салғасын.
Артықша туып жаралған,
Қалдым зарлап артынан,
Тілеуді кестің қалпынан.
Қалайша жалғыз шықты екен,
Жағалбайлы халқынан?
Менің үшін жан беріп,
Жастықтың ауа зарпынан.
Салып кеттің басыма 2500. Жалғанда бітпес жараны.
Тәңірдің салған ісіне
Пенденің бар ма амалы?
Сағынсам да білдірмей,
Жүруші едім ішімнен.
Келмесіңді білсем де,
Көрінбей кеткір түсімнен.
Жалғанда менің ойымнан,
Қылығың кетпес есімнен.
Артыңда қалған Жібегің 2510. Жылаумен күн кешірген.
Өшірген соң сәулемді
Көңілге түрлі ой түсірген.
Сендей асыл тумайды,
Қолдан ұшты тұйғыным,
Қайтып қолға қонбайды.
Көтере алмай басымды,
Қайғының бұлты торлайды.
Жыламайын десем де,
Көңіл шіркін тұрмайды. 2520. Жүрекке түскен жалынды,
Айырдың, Құдай, жарымды.
Кең дүниең маған тарылды,
Тауыса алман айтып зарымды.
Жата берсін Қыз Жібек,
Сөйлеріне сөз болды,
Құлақ салсаң, әлеумет,
Сансызбайдан сөз келді,
Он сегізге бұл келді.
Төлегенді сағынып, 2530. Сәнаменен сарғайып,
Ат-тұрман, сауыт сайлады,
Белге қылыш байлады.
Арыстандай айбарлы,
Әкесінің алдына
Батасын алып кетуге,
Барайын деп ойланды.
Сонда бір келіп сөйледі:
– Айналайын, жан ата,
Ботаңның айтқан сөзіне 2540. Құлағыңды сал, ата.
Келіп тұрған балаңа
Ұрықсат бата бер, ата!
Айналайын, жан ата,
Көтерші бермен басыңды.
Төлегенді сағынып,
Қайғысымен қан жұтып,
Іше алмадым асымды.
Жалғыз ағамды іздейін,
Жеткізді Құдай жасымды. 2550. Күлкі болып жүрмін ғой
Дұшпаным мен досыма.
Ризалық бергіл біздерге
Қабыл етіп осымды,
Ер Шегені басшы ғып,
Даярлаттым қосымды.
Жалғыз ағамды іздейін,
Жер шаршысын кезейін.
Жоқтаусыз кеткен лайық па,
Туған соң іні біздейін? 2560. Батаңды бер, жан ата,
Ешкімге көзім сүзбейін.
Хабарын қашан білгенше,
Күдерімді үзбейін.
Бұл сөзді естіп Базарбай,
Төлегеннен айрылып,
Қанатынан қайрылып,
Жылаумен көзі көр болып,
Қайғылы жүрек шер болып,
Сағынғаннан сарғайып, 2570. Бұзылып өңі қарайып.
Қартайғанда Базарбай
Орнынан тұрып азар-ай,
Екі көзі бұлаудай,
Күні-түні жылауда-ай,
Жатады екен тұра алмай,
Қалыңға соққан қырандай,
Торға түскен құландай.
«Бәйшешегім солғандай,
Көшіп ауыл қонғанда-ай, 2580. Үзіліп белім сынғанда-ай.
Қанатымнан қайрылдым,
Тасқа тиіп тұяғым,
Табанымнан майрылдым.
Кетерінде қимаған,
Маңдайыма сыймаған,
Бір сағаттай көрмесем,
Дидарына тоймаған
Төлеген сынды баламды
Ақырында Құдай-ай, 2590. Бір көруге зар қылдың.
Барша Ғайып ерендер,
Медеткер болғыл балама.
Үйде, түзде болса да,
Жазудан адам қала ма?
Жолыңыз болсын, бар, балам,
Тапсырдым сені Аллаға!
Іздеп келгіл ағаңды,
Екінші және тапсырдым
Шарапатты өткен бабаға. 2600. Осылай деп ұлына
Қолды жайып Базарбай,
«Әумин» деп Сансызбай:
– Жол иесі Қамбар-ай,
Төл иесі Қамбар-ай,
Балама менің көз сал-ай,
Рахым қыл, – деп, – бір Құдай,
Батасын алып Сансызбай,
Төлеген айтқан көк бурыл
Ат болған екен он жасар
2610. Беренменен белдіктеп,
Мақпалменен терліктеп,
Айылды жұптап шалады,
Жел тимеген бауырға
Орай тартып салады.
Ер Шегені басшы ғып,
Екеу ара үш тұлпар,
Қосарға бірін алады.
Амандасып қоштасып,
Алысып қол ұстасып, 2620. Төлегенді іздеп Сансызбай,
Сапарға басын салады.
Жол көрмеген жас бала
Жас та болса бас бала,
Тәуекел деп, Құдай деп,
Әркімге өзі пана деп,
Жайыққа кетіп барады.
Шеге батыр жанында
Бір Тәңірге жалына,
Кеулі тасып, шабына, 2630. «Төлегенді табам» деп,
Нәр құйылып қанына.
Көлденең жатқан құла түз
Көктей өте бұл жортқан.
Кезеңге талай жолыққан,
Жетемін деп торыққан.
Еске түсіп Төлеген,
Сағынып көңіл зарыққан.
Сансызбай атты жас берен
Тұлғасы бөлек бір алып, 2640. Жан-жағына көз салып,
Ай мүйізді қошқардай,
Әруағы тасып асқардай,
Дұшпанның көңілін басқандай.
Айдалада көрген жан
Айбатынан сасқандай.
Көңілі тасып келеді,
Төлегенді тапқандай,
Жол қиынын бағдарлай.
Баялышты құмайттан, 2650. Тобылғылы Нұрадан,
Көлденең жатқан Електен,
Ойыл, Қиыл, Сағыздан
Кеселеп өтіп жақпарлай.
Еділ, Жайық – екі су
Сұрау салып ақпарлай.
Сырлыбайдың ауылын,
Төлегендей бауырын
Іздеп келіп тапқандай.
Сырлыбайдың ауылында 2660. Қалың қолды көреді,
Тамашалап келеді.
Желбіреген жалауы,
Ауыр әскер, қалың қол,
Ел үстінен салып жол,
Аранын ашқан адамы
Көз жеткісіз даланы.
Жалаулы шатыр тігілген,
Халқы шулап жүгірген.
Қошемет күйін ойнатып, 2670. Сырнай, керней тартылып,
Салтанатын арттырып,
Болып жатыр үлкен той.
Сансызбай мен Шегенің
Мұны көріп бүлінді ой,
Жайылып жатқан қалың қой,
Қойшысынан сұрауға,
Жақындап келіп қос батыр:
– Тігілген мынау көп шатыр,
Ауыр әскер қол жатыр, 2680. Сізден сұрай біз келдік
Біз – жолаушы мүсәпір.
Қойшы бастан сөйледі:
– Бұл Жайықтың бойында,
Алты шекті елі бар.
Алты шекті елінде
Сырлыбай дейтін ханы бар.
Сырлыбайдың жалғызы
Жібек деген қызы бар.
Жібектің жайын сұрасаң,
2690. Қырмызы қызыл жүзі бар.
Әлемге шыққан аты бар,
Патсайыдай құлпырған
Хор қызындай заты бар.
Қалмақтың ханы хан Қорен,
Жібектен алып ол хабар,
Жаушы салып былтырдан.
Ризалықпен берген жоқ
Әскерін төгіп құтырған.
«Бермесең, елің шабамын, 2700. Қызыңды тартып аламын».
Қуырып елдің заманын,
Туын тігіп ортаға,
Желбіретіп алауын,
Зәресін алып, ұшырып,
Қатын менен баланың.
Кәрінен қорқып қалмақтың,
Жер тітіреп даланың,
Соғысуға ел батпай,
Неше жиып адамын. 2710. Хан мен қара кеңесіп,
Молдалар айтып азанын,
Бермек болды Жібекті
Тауысып халық амалын.
Амалы бар ма Жібектің,
Ел құрбаны болып тұр.
Хан-төрені бақтырып,
Қайғылы қобыз тарттырып,
Хан балталы нөкердің
Болып жатыр мұраты. 2720. Сансызбай тұрып ал сонда:
– Бұрынғы күйеу қайда, – деп,
О да тойда бар ма? – деп,
Қойшыдан тұрып сұрады.
Малшы тұрып тағы да:
– Бұрынғы берген күйеуін
Келе жатқан жерінде,
Қособаның көлінде,
Құс ұшпас құла шөлінде,
Бауыздаудың бойында,
2730. Қособаның дөңінде,
Елеусіз болып арайша,
Бекежан деген қарақшы
Төлегенді өлтірген.
Ылаңға салып елімді,
Содан бері Қыз Жібек
Қайғы отына бөленді.
Қайғы жамап қайғыға,
Қармағына қалмақтың
Бүгінгі күні ілінді. 2740. Сансызбай естіп өлгенін,
Бұрылып кейін жөнелді.
Білмесін қойшы дегендей,
Көрінім жерге жетпей-ақ,
Көзінің жасы төгілді,
«Бауырың өлді» деген соң,
Неше мықты болса да,
Неғылып шыдап тұрады,
Өкси, өкси жылады.
– Екеуміз бірдей жыласақ,
2750. Жұбата тұрған кім бар? – деп,
Шеге ақын сабыр қылады.
Бір жерлерге келгенде
Талықсып аттан құлады.
Бауырдың ісі қиын-ды,
Қолымен басып бүйірді,
Мінәжат етіп, зар қылып,
Сәждеге басын салады.
Сонда жатып толғайды,
Толғамасқа болмайды: 2760. – Қайран менің көкешім,
Бұл дүниеден кетіпсің,
Шын дүниеге жетіпсің.
Мен мүсәпір ініңді
Қасіретке тастап кетіпсің.
Жолбарысты қалыңнан,
Айқайлаған дабыстан,
Жібекті іздеп тауыпсың
Сонша қиын алыстан.
Көкешімнің ішіне 2770. Ғашықтық оты жабысқан.
Тапқаныңмен не көрдің,
Кебінің жоқ, көрің жоқ,
Белгілі қалған жерің жоқ,
Жапанда қалып, жан бердің,
Ит пенен құсқа жем болдың,
Белгілі жаудан өлмедің,
Ақ ту алып, шабысқан,
Қарсыласып алысқан.
Батырлар жауға шабады 2780. Қарағай найза қолға алып,
Төлегенді табам деп,
Мініп ем атқа қуанып.
Бұл жерлерге келгенде,
Дария да шалқар көліміз
Жер болып қалды суалып.
Қайран да менің көкешім,
Кебінің жоқ, көрің жоқ,
Итке, құсқа жем болып,
Жапанда қапсың қуарып. 2790. Кетеріңде қимадым,
Жібермей алып қалам деп,
Шыбын жанды қинадым.
Алтын да сүйек көкешім,
Атам менен анамның
Маңдайына симадың.
Өлгеніңді естіп,
Көзімнің жасын тыймадым.
Ғасылық қылмай сөйлейін,
Құдіретің күшті Құдай-ай. 2800. Төлеген сынды пендеңнің
Жолдас қылғай иманын.
Көлге біткен құрағым,
Суырылып озған пырағым,
Төлеген сынды пендеңнің,
Жәннаттан жазсын тұрағын!
Сол кездері болғанда,
Шеге ақын кеп сөйледі,
Көтеріп басын сүйейді.
Сансызбайды жұбатып, 2810. Бетін сүртіп құрғатып,
Сөзін бастап толғатып:
– Көлге біткен құрағым,
Көңіліңді басып тоқтатып,
Жыламашы, шырағым.
Рас болса өлгені,
Төлеген сынды ағаңның
Жәннаттан жазсын тұрағын.
Ноқталы басқа бір өлім,
Өкініш қылмай өлімге
2820. Өз тілеуің сұрағын.
Бәрі де өлген ойласаң,
Бұрынғы бәрі пайғамбар,
Бұрынғы жаннан біреу жоқ
Өлмей тірі кім қалар?
Қазаға риза болмаған,
Рахметінен құр қалған,
Шайтанға, сірә, өлім жоқ,
Жақсылық, сірә, көру жоқ.
Өлмеген шайтан болады, 2830. Қарғысы тиіп Алланың,
Одан да пенде не табар?!
Қанаты бүтін сұңқар жоқ,
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Тура құрық келгенде,
Өтеді өмір сүру жоқ.
Құдай ісі болған соң,
Қанша айтсақ та бұру жоқ.
Айы біткен айында,
Жылы біткен жылында, 2840. Дәм таусылса жүру жоқ.
Айналайын, Сансызбай,
Құлағың сал сөзіме.
Тәңірім өзі айдады,
Ата менен анаңның
Көрсетпеді көзіне.
Жиылған ауыр дүниенің,
Айдаған мал бәрінің,
Айдап барып Құдайым,
Бұйырған жері топырақ 2850. Келтірген соң кезіне.
Құдай ісі амал жоқ,
Өтеді өмір дүние боқ,
Зар болып қалдың, мінекей,
Кешегі жүрген Төлеген,
Басып бір кеткен ізіне.
Өкініш қылма өткенге,
Мүсәпір жолда сен жүрсің,
Бергей қуат өзіңе!
Сансызбайды жұбатып, 2860. Шеге сынды ақының,
Түсіндіріп ақылын,
Жатқан жерден тұрғызып,
Атына енді мінгізіп,
Тоқтатып көңіл жүргізіп,
Киіндіріп кигізіп,
Қулығын айтып күлгізіп,
Елге жақын келеді.
Алдымызда қалың жау,
Болып жатқан ұлы дау. 2870. Қара қарға секілді,
Елдің күші жетпеген,
Ел қалмайды өтпеген.
– Уа, Сансызбай шырағым,
Не болар екен ісіміз,
Төлегенді есіттік,
Жетер ме біздің күшіміз.
Әкетуге Жібекті
Батар ма бұған тісіміз,
Келер ме екен ебіміз.
2880. Қайтамыз ба, қайтеміз?
Сансызбай тұрып толғанып,
Ауыр күндер түскенде,
Қалың жаудан сескенбей:
– Төлеген жоқ, Жібек жоқ,
Не деп барам мен елге
Құлақ-мұрным кескендей?
Олай деме, Шеге аға,
Түңілдің мұнша неге, аға?
Жібекті көріп кетемін, 2890. Ала алсам алып кетемін,
Көкемнен жаным артық па,
Жанымды аяп нетемін?
Тірі қайтып мен елге
Ел бетін не деп көремін.
Текке ұшпасын үрейім,
Жауға таман жақындап
Арасына кіремін.
Менде кімнің ісі бар,
Қорықпа да, қашпа да 2900. Қыз Жібекті мен көріп,
Келейін байқап көмейін.
Шегеге беріп аттарын,
Тәңіріңнің салған істерін.
Не де болса көрейін.
Не сөйлесіп Жібекпен,
Не тұтқын боп өлейін.
Жібектің көрген қорлығын,
Қалмақтың қылған зорлығын
Қалайша шыдап көнейін?! 2910. Бұл сөзді айтып Сансызбай,
Қалың қолға кіреді.
Ақ орда тұр ортада,
Жақындап соған келеді.
Ордаға жақын келгенде
Жібектің зарлап отырған
Дауысын танып біледі.
Қыз Жібектей сорлының
Отырған айтып сөзі еді:
– Жайықтың суы ылай-ай,
2920. Көр болды көзім жылай-ай.,
Төлегендей мырзадан
Айырдың өзің Құдай-ай.
Көргеннен-ақ шошып ем
Көрінбей кеткір түсіме-ай.
Төлегеннен айырып,
Оңдамаған екесің,
Қадір Алла жаратқан,
Әуелден-ақ ісімді-ай.
Жаратқан болсаң пенде ғып, 2930. Құдіреті күшті Құдай-ай.
Жау қалмаққа пенде ғып,
Құртамысың мысымды-ай.
Жайықтан көшкен көп шекті
Қонады барып Тарбаққа.
Не пейілімнен іліндім
Мұндай болып қармаққа.
Бір өзіңе жылаймын,
Өзіңнен медет сұраймын.
Шыныңмен нәсіп қылдың ба, 2940. Нәсілі жаман қалмаққа?
Бұл сөзді естіп Сансызбай,
Тақат шыдап тұра алмай,
Енді ілгері жүре алмай,
Жібектен жауап ала алмай,
Шегеге қайтып келеді,
Келіп сөйлей береді:
– Айналайын, Шеге аға,
Өзің батыр, ер аға!
Жібек сынды жеңгеме
2950. Жұмсаймын сені мен, аға,
Бір жауап әкеп бер, аға.
Жалғыз-ақ ауыз сөзім бар,
Шерменде қылып Құдайға
Өтірік айтып келме, аға.
Жау жағадан алғанда,
Кіріптар қылып бәлеге
Кетпейін тастап сені, аға!
Батыр туған Шеге ақын,
О да бір асқан ер еді. 2960. Ерлігінің белгісі –
Қолыңдағы қос тұлпар
Сансызбайға береді.
Жүгіре басып Шеге ақын,
Елге таман жөнелді.
Өлең айтқан ақ үйдің
Тұсына жетіп келеді.
Тойдың ішін аралап,
Қалың қолды саралап,
Тамашалап көреді. 2970. Біреулермен ұрысып,
Біреулермен керісіп,
Ешкім мұны білмеді.
Жақындап келіп тыңдаса,
Сонда бір Жібек бүй деді:
– Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Өлгені Төлегеннің рас болса,
Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?
Тағы да бас қосқаным Жағалбайлы,
2980. Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Сол елде сері жігіт жоқ па тәңірі,
Жесірін іздеп келіп неге алмайды?
Тағы да бас қосқаным Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Сол елді өзім іздеп кетер едім,
Адасып әйел жолды таба алмайды.
Мұны естіп ер Шеге,
Жібекті танып біледі.
Тұсына жақын келеді, 2990. Алладан медет тіледі.
Қалың қолды қақ жарып,
Біреуменен ұрысып,
Біреуменен керісіп,
Қыз Жібектің тұсына
Шеге жетіп келеді,
Келе сөйлей береді.
– Адамнан туа бермес сіздей перзент,
Бітіпті хор қызындай сізге келбет.
Тәуір сыйлап сөз айтқыл, жарқыным-ай,
3000. Адамға о да болса бір ғанибет!
– Қыз Жібек сөйлесуге сөзге дайын,
Тілінен ағызады сөздің майын.
Қашан өлең адыра қалған менен,
Білмейтін қандай жансыз менің жайым?
– Көрдім де шырай жүзің көңілім толды,
Қайырлы еткей Тәңірім жүрген жолды.
Естідім осы той да сіздікі деп,
Шырағым, не себептен болдың мұңды?
– Дауысың бара жатыр құлақ жарып,
3010. Айрылған ел-жұртынан біз бір ғаріп.
Аға-еке, мен көрмеген жанға ұқсап,
Отырмын сөзіңізге қайран қалып.
Нәсілің алыс жерден келгенге ұқсап,
Қай жақтан келіп тұрсыз арып-талып.
– Бітіпті хор қызындай сізге көрік,
Сүйегім әр сөзіңе барады еріп.
Шырағым, не себептен болдың мұңлы,
Мәнісін айтыңызшы, есітелік.
– Тағдырдың үкіміне жүрмін көніп,
3020. Зар болдым жанған шырақ, отым сөніп.
Құдайым қосағымнан айырған соң,
Отырмын жау қалмаққа пенде болып.
– Сары ағаш қиған сайын құм болады,
Замана жылдан жылға сұм болады.
Қайны ене, қайны атаң қай рудан,
Аттары күйеуіңнің кім болады?
– Өлімнің кім құтылар қармағынан,
Жақсының бал тамады тіл-жағынан.
Алдында жүріп қызмет қылғаным жоқ,
3030. Қорқамын атын атауға әруағынан.
– Жақсыға жаман адам сыр аштырмас,
Жамандар жақсыларға сыр аштырмас.
Сұрадым зәруратпен білмек үшін,
Бір сапар айта қойсаң, ештеме етпес.
Сондағы Жібектің Шегеге бастап айтқан сөзі:
Сонда Жібек сөйлейді,
Екі көзден жасы ағып:
– Басымда бақыт барында,
Тойынушы еді аш-арық.
Мен жайымды сөйлесем,
3040. Сөзімнің болмас бұруы,
Қыз-бозбала жиылып
Әңгіме-дүкен құрулы.
Атамның атын айтайын
Халықтан асқан Базарбай,
Жағалбайлы руы.
Төлеген оның баласы,
Падишадан кем емес
Ақыл менен санасы.
Жалған дүние қайтейін, 3050. Болмады аз күн жүруі.
Сегіз жыл мұнша болғанша,
Ат ізін, сірә, салмады,
Жоқ па екен деп ойлаймын
Сансызбай ердің санасы.
Анамның атын айтайын
Қой ішінде марқадай,
Омырауда ділдә алқадай,
Алпыста жасы Қамқадай.
Қуанта ма Құдай-ай, 3060. Біздей ғаріп пендесін,
Қабағым неге тартады-ай?!
Тірі болса Сансызбай,
Келер кезі боп еді-ай.
Ат жетпейтін жер ме еді-ай,
Неғып бір іздеп келмеді-ай?!
Ай, қайтейін, қайтейін,
Кешегі өткен Төлеген
Ақылға мол, кең еді,
Айтқан сөзі көп еді. 3070. Қайсыбірін айтайын,
Елімнің ақын көсемі
Батыр Шеге деп еді.
Бұл сөзді естіп ер Шеге,
Сонда бір тұрып сөйледі,
Сөйлегенде не дейді:
– Асу да асу бел, – деді,
Мойныңды бұрып, Жібекжан,
Бері таман кел, – деді.
Мен бір жауап айтайын,
3080. Бұл сөзімді біл, – деді.
Сансызбайға басшы боп,
Іздеп келген өзіңді,
Батыр Шеге мен, – деді.
Әккі болған Қыз Жібек,
Алдап жүрген біреу деп,
Бұл сөзіне сенбеді.
Шеге тағы сөйледі:
– Шын айтқан сөзге нанбасаң,
Шырағым, саған не дейін. 3090. Бекер деп білсең шын сөзді,
Қасыңа қайтып келмейін.
Өтірік айтып мен тұрсам,
Қапалықпен өлейін.
Мұсылманды қас көріп,
Қалмақты келген дос көрсең,
Шыныңды айтшы, Жібекжан,
Ендеше қайтып жөнейін.
Сонда Жібек сөйледі:
– Шын айтқан болсаң, жан аға,
3100. Есімнен танған кезімде,
Кім екенін білейін.
Сансызбай қайда, көрсетші,
Соңыңнан еріп өлейін.
Айналайын, ағатай,
Сөзіңе сонда сенейін.
Бұл сөзді естіп ер Шеге,
Ат байлаған ақыр-ды,
Көк түскен жер тақыр-ды,
Көп дұшпанның ішінде 3110. Атын айтсам білер деп,
– Ат қосшы, кел, – деп шақырды.
Сансызбайдың тұрғаны,
Бір шақырым жер еді.
Ер Шегенің дауысын
Естіп, танып біледі,
«Алла» деп атқа мінеді,
Қос тұлпарды жетелеп,
Ер Шегенің жанына
Іркілмей жетіп келеді.
3120. – Жалғыз қайның келді,– деп,
Жібекке хабар береді.
Жабықты ашып Қыз Жібек,
Сансызбайды көреді,
Көріп тұрып сөйледі:
– Алтыннан соққан тұяғым,
Күмістен соққан қияғым,
Құдай қайдан ұсатқан.
Көкесіне сыяғын.
Жаратқан жалғыз жар болып,
3130. Жанар ма өшкен шырағым.
Ашылсайшы қабағым,
Өлгенім тіріліп келіп тұр,
Жарылсайшы, жүрегім.
Жаратқан Ием жар болып,
Бердің бе менің тілегім.
Сансызбайды көрген соң,
Жібектің көңілі тояды.
Басындағы қайғыны
Ұмытып естен жояды. 3140. Көп дұшпанның ішінде
Көрісуге жері тар,
Амандасып қояды.
Бір-біріне екеуі
Көңілі тасып тояды.
Бірі үйде, бірі сыртта амандасты,
Ағызып көздерінен мұңды жасты.
Қыз Жібек Сансызбаймен тіл қағысып,
Білдірді көңілдегі ықыласты.
Қыз Жібек: – Аттарыңды мінгіл, – деді, 3150. Ізіңмен кейін қайта жүргіл, – деді,
Қара ағаш кезеңінен жол ашады,
Сол жерде мені тосып тұрғыл, – деді.
Мені алғалы келіп жатқан жау қалмақтың
Аты бар екі тұлпар білгіл, – деді.
Біреуі Тәңірі қалап, қолға тисе,
Сол жерде ертең түсте көргіл,– деді.
Сөйледі ер Сансызбай жалындатып:
– Мен сені кете алмаймын қазір алып,
Қайғысын Төлегеннің өртегендей, 3160. Кегімді кімнен алам елге барып.
Сүйекке өле өлгенше болар таңба,
Бір сермеп қылышымды малмай қанға.
Көруім елдің бетін қиын болар,
Көкемнің қанын тастап Бекежанға.
Қыз Жібек бұл сөзіне төгіп жасын,
Баланың байқаған соң ықыласын:
– Ол иттің құнға тұрар қаны бар ма,
Қорқамын, бармай-ақ қой, не қыласың?
Төлеген енді қайтып келмес, сірә,
3170. Тағдырдың жазуына, жаным, шыда.
Қаларсың жатқан жауға көзге түсіп,
Қайтесің, болып әуре болмашыға?
– Қыз Жібек, бұл сөзіңді күте алмаймын,
Арманға сені апарып жете алмаймын.
Бекежанды бір көріп, бір салыспай,
Қанын алмай көкемнің кете алмаймын.
– Олай десең, шырағым, салғыл құлақ,
Тапсырғаным Құдайға, байқа бірақ,
Төлегеннің күйігі естен кетіп,
3180. Жанды ғой деп отыр ем сөнген шырақ.
Осы тойдың ішінде о да аңдып жүр,
Алып қашып кетуге басты құрап.
Қаршығаны шақыртып мен білейін,
Қаршығадан басқаға мен сенбеймін.
Сендерге ебін тауып кездестірер,
Хабарын кешіктірмей мен берейін.
Осындай екеуіне уәде беріп,
Байқатпай көп ішінде тұрды кейін.
Шақырып Қаршығаны алды Жібек, 3190. Келгенін Сансызбайдың айтты Жібек.
– Байқатпай, оңашалап Бекежанды
Кездестір Сансызбайға, – деді Жібек.
Қойып ед босағаға атын байлап,
Қуанып тұра келді «иә, Құдайлап».
«Әуелі Сансызбайды көрейін» деп,
Мінуге келді атына ыңғайланып.
Аралап қалың қолды қарай өткен,
Аяныш Төлегеннің зарын төккен.
Бір судың жағасында отыр еді,
3200. Қасына Сансызбайдың жетіп келген.
Қаршыға Бекежанның айтты сырын:
– О дағы қатарында артық зұлым.
Осы күні жатқан жері қиын емес,
Жүріңдер көрсетем, – деп, – жүрген жерін.
Көк жорға ат жарап қатқан бауырынан,
Жабуын төгілдіріп сауырынан.
Мезгілі екіндінің болған шағы,
Бекежан келе жатыр ауылынан.
Қаршыға тани кетті көрген жерден,
3210. «Абайла сауытың ки, өзі – мерген»,
Бұрылып ер Қаршыға қала берді,
Именбей қас жауына қарсы жүрген.
Бекежан қарсы келіп: – Кімсің? – деді.
Алдымда кесе келіп тұрсың, – деді.
Кісідей жұмысың бар мені күтіп,
Кімді іздеп, кімді күтіп жүрсің? – деді.
Сансызбай сонда тұрып Бекежанға:
– Жұмысым сенде менің қапы қалма,
Інісі Төлегеннің мен – Сансызбай, 3220. Аузыңды толтырамын қара қанға.
Атаңа алты нәлет, ит қарақшы,
Сүйекке кетпейтұғын салдың таңба.
Ұмтылып бір-біріне артынады,
Сансызбай қайраттана қаршылдады.
Қысылып Бекежанның сонда жаны,
Секілді төбет иттей ырсылдады.
Көлбете салды найза аш бүйірден,
Суырып қылыштарын көкке үйірген.
Төңкеріп көк жорға аттан Бекежанды, 3230. Қылышпен басын кесіп екі бөлген.
Жетелеп көк жорға атты жетегіне,
Батырып батар күнмен жүре берген.
Кез келді Құдай оңдап оңашада,
Қуанып мұны көріп ер Қаршыға:
– Ал енді, жолдарыңнан қалмаңдар, – деп,
Жібекті қуантам, – деп, – бара сала.
Бұлайша жүрмек болған қуанысып,
Құшақтап бір-бірімен қол алысып.
– Жібекті ебін тауып жөнелтермін,
3240. Жерінде уәде айтқан күт, табысып.
Көк жорға ат жетегінде жүргізбейді,
Күткендей бір жақсылық алдын кесіп.
Жібекті қуантады Қаршыға кеп,
Алаңдап отыр еді уайым жеп.
Қалмаққа ертеменен бір жеңгесін,
Жіберді «бір тұлпарын сұрап кел», – деп, –
Жүрейін қыздарменен бір күн ойнап,
Күйеуге менен хабар салып кел, – деп,
Ертемен сол жеңгесі Қоренге кеп, 3250. Сұрады: «Бер атыңды, күйеужан» деп.
Қоренға келіп сөйледі:
– Ау, күйеужан, күйеужан,
Еркелікпенен қылады.
Бикештің сырын білесің,
Бүгін кешке мінуге,
Көксандалды бересің.
Бүгін күннің батысы,
Ақ отауға кіресің.
Ойын-күлкі, тамаша,
3260. Қызығын бүгін көресің.
Сонда Қорен сөйледі:
– Мінген атың құла ма,
Алтын жүзік бұрама.
Біреу жарлы, біреу бай,
Оны да Құдай қыла ма?
Екі ай болды келгелі,
Бір көрініп келмеді.
Өзі келмей, ат сұрап,
Мені мазақ қыла ма?
3270. Үйінде жатып керілмей,
Өзі келіп көрінбей,
Өз айтқаны бола ма?
Өз аттары тұрғанда,
Атымды мазақ қыла ма?
Ерлерім мінер тұлпарды
Әйелдер мінер болар ма?
Екі ай болды жатқалы
Келіп өзі кетпес пе,
Тілегімді бермес пе? 3280. Әуре қылмай бойына,
Әлде ойлай ма көрмеске.
Мен күткелі дәл екі ай,
Отыруға орны сай,
Бере алмаймын атымды,
Өкпем үлкен осындай.
Келмесе Жібек, келмесін,
Сандалды сұрап күймесін,
Аулақ жүрсін атымнан, –
Жіберді бермей жеңгесін. 3290. Қалмақтан атты ала алмай,
Не қыларын біле алмай,
Жылап келді Жібекке,
Түсті қайғы жүрекке.
Жеңгесін Жібек жұбатып:
– Өзім барып қарайын,
Ебін тауып алайын,
Тәңірі берсе тілекті.
Он қыз ертіп қасына,
Неше түрлі сауықпен
3300. Қореннің келді қасына.
Қара көзі ойнады-ай,
Үлбіреген ақ беті,
Қыз Жібектен тоймады.
Балқытпасқа қоймады,
Қореннің көңілі жайнады.
«Жездекелеп» жабысып,
Он қыз басып ойнады.
Қабандай қарын ырсылдап,
Қореннің соры қайнады. 3310. Сонда Жібек сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Сұратқанда мінуге
Атыңды неге бермедің?
Масқара қылып құрбыма,
Неге өзіңдей көрмедің.
Аттың терін аяйтын
Малдан туған ер ме едің?
Мен ойлаушы ем асылзат,
Көңілімді көтеріп,
3320. Бір жүрейін деп едім.
Жүректегі жалынды
Сөзімді ұғар деп едім.
Көксандалдың жүрісін
Ақ отауға кіргенше
Бір көрейін деп едім.
Бұған Қорен қарқылдап,
Көңілі тасып жарқылдап,
Жібекке келіп жақындап:
– Екі ай болды келмедің,
3330. Мен келгелі осында-ай.
Өзіңді көріп, мінекей,
Мауқым жаңа басылды-ай.
Сыртқыларға сыр бермей,
Анықтап сені бір көрмей,
Көңілім суып жасыды-ай.
Қайғыда болып шерменде,
Менің жайым, мінекей
Екі тұлпар атым бар,
Қайсысын енді мінесің? 3340. Болып тұрмын, Қыз Жібек,
Жүрегім балқып игендей.
Етің тиіп етіме,
Ақша бетің сүйгендей.
Екі тұлпар атымның
Екеуі де сенікі,
Міне бер кезек именбей.
Енді Жібек сөйледі:
– Екі тұлпар атыңның,
Екеуін де мақтайсыз, 3350. Тәуірін өзің таппайсыз.
Ақылыңа сөзің сай,
Бізді болжап байқайсыз.
Айтқан сөзің бәрі рас,
Кешікпей сіз көрерсіз,
Өзіңіз де айта жүрерсіз.
Бүгін маған мінуге
Көксандалды берерсіз.
Жібектің сөзін есітіп,
Алып шықты сандалды. 3360. Ер-тұрманын сайлатып,
Ерін салды кидіріп,
Еркелетіп ойнатып.
Қореннің құлаш семсерін,
Сүйеулі тұрған төсекте,
Қынабын белге байлатып.
«Тілекті Тәңірім бергей, – деп,
Көзімнің жасын көргей» деп,
Жаудың көзін жайнатып.
Мініп алып Қыз Жібек, 3370. Тақымды қысып ойнатып,
Көңілі тасып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Атаңа нәлет, хан Қорен,
Жаныма жақын келмегін.
Алдаумен бердің аттарың,
Тәңірі берсе қолыма,
Жерге жүзің қаратып,
Сандалкөкті мінгенім.
Семсеріңді тас кескен,
3380. Қынай белге ілгенім.
Тұзымды Құдай көтерсе,
Менде жоқ сенің теңдерің.
Атаңа нәлет, ит қалмақ
Ұқпай тұрсың сөзімді,
Ұлық көріп сен тұрсың,
Осы күнде өзіңді.
Ердің бағын Тәңірі ашса,
Қарға, құзғын, шыбынға
Шұқытармын көзіңді. 3390. Тұрмайын сенің қасыңда,
Аламын деп сен тұрсың
Адырайып осында.
Тәубе қылам Құдай-ай,
Қаталық сөзім асыға.
Құдіреті күшті Жасаған
Әміріңе көнгенмін.
Тілеуімді бергенің –
Сандалкөкті мінгенім.
Қалмақ, көзің ағарсын, 3400. Білмей тұрсың түсініп,
Ажалыңның келгенін.
Тәубе қылдым Құдай-а,
Қаталық сөзім кешіргіл.
Жүзіне нәлет бұл жаудың,
Шырақ отын өшіргіл.
Тағы да тәубе қылайын,
Тәуекел қылдым өзіңе,
Не қылсаң да өзің біл!
Бұдан кейін Қыз Жібек, 3410. Көксандалды жүгіртіп,
Қыздырып етін орғытып,
Тегіс жерден сырғытып,
Жүргенін Қорен көреді.
Еті қызып алған соң,
Алып қашып кетер деп,
Жігіттерге сөйледі:
– Япырым, Жібек, япырым,
Көрдіңдер ме, жігіттер,
Қыз Жібектің батырын,
3420. Қорықпауын, қапылын.
Көксандалды жүгіртіп,
Қыз Жібек – менің қатыным.
Басы қатты сандалкөк,
Алып қашып жүрмесін,
Айналайын, Жібек-ау,
Абайлай көр, ақырын.
Мұны айтып хан Қорен,
Аттың жайын айтуға
Жібекке қарай келеді. 3430. Келе жатқан қалмақты
Қыз Жібек те көреді.
Жақындап келіп тіл қатып:
– Ханым, қайда барасыз,
Не айтуға келесіз,
Лайық па келген осыңыз?
Ел билеген төресіз,
Төрелігің қайда бар,
Неге артымнан ересіз?
Масқара қылып мені елге
3440. Не бетіңмен күлесіз.
Хандығыңды байқасам,
Жеті атадан хан болған,
Оза шауып жолды алған.
Қара басың байқасам,
Жақсылардан үлгі алған,
Қолды бастап олжа алған.
Ерлігіңді байқасам,
Елдің қамын ойлаған,
Кем-кетігін қолдаған. 3450. Бәрін айт та, бірін айт,
Халыққа болып масқара,
Еріп жүрсің соңымнан.
Сонда Қорен сөйледі:
– Қайт десең, қазір қайтайын,
Атымның сырын айтайын,
Басы қатты сандалкөк,
Алып кетіп жүрмесін.
Жазым болып жоқ жерде,
Жұрт масқара күлмесін. 3460. Басыма күн туғызып,
Қуанышым сөнбесін.
Мен келмеймін енді, – деп,
Болсын жолың оңды, – деп,
Тағы да келіп аларсыз,
Қалағаның менде, – деп,
Бұрылып кейін жөнелді.
Қалмақтан бұлай құтылып,
Кетейік деп толғанып,
Жан-жағына көз салып, 3470. Босап көңілі қамығып,
Ел-жұртын ойлап, жабығып.
Көшке жетіп келеді,
Кетейін деп тіл алып,
Келсе кіші жеңгесі
Сәукелесі басында,
Сылдырайды теңгесі,
Қасына жетіп келеді,
Келіп бір сөйлей береді:
– Асу да асу бел, – дейді,
3480. Белден көшкен ел, – дейді.
Айналайын, жеңеше,
Бері таман кел, – дейді.
Мен бір жауап айтайын,
Түсіне біл сен, – дейді.
Басыңдағы сәукеле,
Алып, маған бер, – дейді.
Ақыры ертең кетемін,
Бүгін көшке киейін,
Алып маған бер, – дейді. 3490. Жарасар ма екен жеңеше-ау,
Өз көзіңмен көр, – дейді.
Қыз Жібектің бұл сөзін
Жеңгесі мақұл көреді.
Басындағы сәукеле
Жібекке алып береді.
Қолына Жібек алады,
Айтуға бармай ауызы,
Алтын, гауһар тастарын,
Бытырлатып үзіп ап, 3500. Жанқалтаға салады.
Уәде қылған Қараағаш,
Бетін соған бұрады,
Кейінірек тұрады.
Айтуға тілі келмейді,
Сонда Жібек жылады.
Жылап тұрып сөйледі:
– Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,
Мінезің еді өзгеше-ау.
Сапар тартып, жол шектім,
3510. Барасың қайда демеші-ау.
Тұзымды Құдай көтерсе,
Мұндай істі қылмас ем,
Қамап жатыр қалың жау.
Көп кешікпей кетейін,
Ел жұртқа дұғай сәлем де,
Жеңеше, өзің аман бол.
Жеңгесі тұрып сөйледі:
– Айналайын, бикешжан,
Мінген атың – пырағың. 3520. Қай жаққа талап қылсаң да,
Ашылсын, қалқам, мұратың.
Бағыңды Құдай ашқай деп,
Жаудың көңілін басқай деп,
Өз теңіне қосқай деп,
Зар қылып күнде сұрадым.
Маған сырыңды айта кет,
Барасың қайда, шырағым?!
Сонда Жібек сөйледі:
– Тұлпар мініп астыма,
3530. Асындым алмас беліме.
Тұлпардың қалған тұяғы,
Сансызбай іздеп келіпті.
Барайын деп мен тұрмын
Жағалбайлы еліме.
Тиейін деп мен тұрмын
Әуелгі тиген теңіме.
Жеңеше, қалай көнейін
Бұл қалмақтың кеміне.
Жеткізсе Құдай тілекке, 3540. Қалмақтың көзі ағарар,
Нан пісірген деміне.
Талап қылдым, жеңеше-ау,
Осындай қиял қылмаққа-ау.
Тұлпар мініп, жол тарттым,
Басымды жолға салмаққа.
Қайтып қатын болайын,
Құдайымның дұшпаны
Нәсілі жаман қалмаққа.
Осы жауды кез қылып, 3550. Басыма салды әлемет.
Басында Жібек атанып,
Қалмаққа қатын болғаным,
Естіген жұртқа мәлемет.
Ақ сүтін кешсін анамыз,
Риза болсын атамыз,
Ел-жұртқа дұғай сәлем де,
Сапарландым алыс жол,
Жеңеше, болғыл сәлемет!
Бұдан кейін Қыз Жібек, 3560. Қайталап сөз демеді.
Уәде қылған Қара ағаш,
Бетті қойып Қыз Жібек,
Аттың басын бұрады.
– Сансызбайға сәлем, – деп,
Қош-аман бол, бикеш, –деп,
Жеңгесі тұрып жылады.
– Шу,– деді Жібек, – шу, – деді,
Ескен желдей гуледі.
Сансызбай мен Шеге ақын
3570. Басына шығып ағаштың,
Қарауылдап тұр еді.
Келе жатқан Жібекті
Сансызбай, Шеге көреді.
Табан жолмен тартысып,
Ауыздықпен алысып,
Ұшқан құспен жарысып,
Екі қолы қарысып,
Маядай мойнын созады.
Тарта-тарта Жібектің 3580. Алақаны тозады.
Ойлау жерден орғытып,
Тегіс жерден сырғытып,
Әне-міне дегенше,
Ашып, көзді жұмғанша,
Сансызбайдың қасына
Ұйтқыта зулап келеді.
Аттан түсіп Қыз Жібек,
«Бұрынғы жол – осы, – деп,
Пайғамбардың досы» деп, 3590. Аттан түсіп Қыз Жібек,
Шегеге сәлем қылады.
– Ашылсын, балам, бағың, – деп,
Тәңірі болсын панаң, – деп,
Ер Шеге алғыс береді.
Жетелеп атын жаяулап,
Қоңыр қаздай баяулап,
Сансызбайдай баланың
Қасына Жібек келеді.
Бірін-бірі көрген соң,
3600. Шүкір қылып Құдайға,
Енді атына мінеді.
Екеу еді, үшеу боп,
«Алла» деп елге жөнеді.
Бет түзеп енді, «шу» деді,
Өңкей тұлпар мінгені,
Ескен желдей гулейді.
Жарысса, Жібек озады,
Сансызбайға «мін» дейді,
Ар көріп бала мінбейді. 3610. – Аяңда, Жібек, аяңда,
Жүре бер, Жібек, жайыңа.
«Мін» десең де, мінбеймін
Қалмақтан алған тайыңа.
Ашулансаң, жүре бер
Қорен қалмақ байыңа.
Бұлайша деп Сансызбай,
Жібектің атына мінбеді.
– Жүре бер, Жібек, жүре бер,
Мінгізетін жеріне 3620. Жеткізсе бізді Құдайым,
Мінермін сонда шын, – дейді.
Бара тұрсын Сансызбай,
Не болар екен кейінгі
Қалып қалған ел дейді.
Ел орнына қонған соң,
Күн батып, кеш болған соң,
Сұратып атын жіберді,
Қабағы қатып түнерді.
Шу қылып елдің ортасын, 3630. Сұрау салып таба алмай,
Кеткенін қайда біле алмай,
– Көрген жан жоқ Жібекті,
Не деп жүр, – деп, – сұмырай, –
Бүгін Жібек келген жоқ,
Атқа мініп жүрген жоқ,
Елдің бәрі – шуылда,
Ешкім оны көрген жоқ.
Бұлар бұлай деген соң,
– Атымды шапшаң тапқын, – деп, –
3640. Қазір тауып бермесең,
Қайратыма баққын, – деп.
Қалмақ жауып қабағын,
Басып елдің алабын,
Қойсаң да тығып, табамын.
Елді қаптап қалың қол,
Қуырып елдің заманын.
Атым менен Жібекті
Қазір тауып бермесең,
Еліңді қаптап шабамын! 3650. Әскерін жиып жау қалмақ,
Қораға келіп тұрады.
Қаһарынан қорқып қалмақтың,
Қатыны мен баласы,
Ел-жұрты шулап жылады.
Жан батпады, тығылды,
Жүні қойдай жығылды.
Әскерін жиып аңдатып,
Елдің үстін шаңдатып,
Ағытылды, тоғылды, 3660. Ел сандалды соғылды,
Елді басып бүлдіріп.
Сырлыбай хан бара алмай,
«Амалын тауып, тоқтат» деп,
Қаршығаны жіберді.
Жан батпаған қалмаққа,
Қаршыға жетіп келеді,
Келе сөйлей береді.
Жауапқа шешен ер еді,
Қаһарланып тұрған қалмаққа 3670. Сүрінбей жауап береді:
– Мен айтайын бір жауап,
Сөзімді, тақсыр, тыңдаңыз,
Әйтеуір әлім келер деп,
Қисынсыз қаһар қылмаңыз.
Жасырған болсақ Жібекті,
Сонда, тақсыр, шындаңыз.
Ашуыңызды басыңыз,
Қосынға барып түсіңіз.
Алып қашып кеткенді
3680. Даладан ізін кесіңіз.
Жасыратұғын Жібекті
Бар ма еді елде қасыңыз?
Мың кісіге барабар
Бір өзіңнің басыңыз.
Хандығыңда мінің жоқ,
Өзіңіз, тақсыр, ойлаңыз,
Дұрыс па қылған осыңыз?
Хан болсаң да, айтамын,
Әйелге тұлпар мінгізген 3690. Өзіңнің жоқ деп басыңыз.
Жібектің аты әйел ғой,
Атыңның сырын білесіз.
Біле тұра әйелге
Тұлпарды неге бересіз?
Өзің беріп атыңды,
Елден неге көресіз?
Қатты айтуға батпаймыз,
Ел билеген төресіз.
Өз айыбың ойламай, 3700. Тентектік қылып, күйеужан,
Алмашы елдің зәресін.
Ашуын жаудың қайтарып,
Ебін тауып, тойтарып,
Тигізіп көкке төбесін.
– Ертеден осылай деп айтса нетер,
Демеймін бұл сөзіңді сенің бекер.
Көксандал басы қатты жаман еді
Айтып ем, бойы қызса алып кетер.
Шатырға қайғыланып қайтып келіп,
3710. Жібегім алып қашса әлденетер?
Қалмақтың уайымы Жібек болды,
Жата алмай төсегінде қайғы толды.
Ақырып әскеріне зәрін төгіп,
Қарайды көз алдырып оңды-солды.
Ертемен қалың қолы ізді кесті,
Басына салды Құдай қиын істі.
Кешегі кеткен жерден ізді тауып,
Шуылдап қарғадайын жиылысты.
Шұбырып жүзі бірге тұра шауып, 3720. Тұлпардың қазып кеткен ізін тауып,
Жеткенде Қара ағашқа із көбейіп,
«Кетті, – деп, – біреу алып» қылды қауіп.
Хан Қорен қаһарланды ашуы кеп,
Аз ғана ерген қазақ уайым жеп.
Әскерін екі бөліп осы арада,
Сайланып екі мыңмен «қуамын» деп.
Хан Қорен қайғыланды қылып арман,
Басшы ғып Қаршығаны он кісі алған.
– Жатыңдар, біз келгенше күтіңдер, – деп,
3730. Шұбырып қалған әскер қайта оралған.
Он кісі еріп шықты мұсылмандар,
Қаршыға бұларға айтты: – Қысылмаңдар,
Кезіне келетұғын күні жақын,
Жеткізсе тілегіме сөзімді аңғар.
Алты күн ұдайынан қуады өктеп,
Келеді жатпай-тұрмай, қол түйдектеп.
Басшы ғып осы қолға Қаршығаны,
Хан Қорен өзі ілгері болды кетпек.
Жеткізбей қалың елге барып кірсе, 3740. Келуін әскерінің болды күтпек.
Тапсырып қалған қолға Қаршығаны
Жатқызбай күні-түні алып жет деп.
Қаршыға қала берді қолды бастап,
Хан Қорен бұл сөзді айтып кетті тастап.
«Қай жерде өлексесі қалды екен?» деп,
Әскерден көз көрім жер алды ойқастап.
«Шу, – деді қалмақ, – шу» деді,
Көк қабандай ырсылдап,
Қаз мойын қара тұлпарды 3750. Бауырға сипай қамшылап.
Тебінгісі тарсылдап,
Құйысқаны сартылдап,
Бауырынан аққан қара тер
Омырауда былшырап,
«Шу» деген қалмақ дауысы
Тастүлек құстай шаңқылдап.
Қаһарланып келеді,
Қабағынан қар жауған,
Кірпігіне мұз тоңған 3760. О да айтулы ер еді.
Дәл он бір күн болғанда,
Сансызбайдың қарасын
Кәпір қалмақ көреді.
Келе жатқан қалмақтың,
Күндік жерден Қыз Жібек
Түсін болжап, біледі.
«Кәпір қалмақ жетті, – деп,
Басымнан дәурен өтті» деп,
Сансызбай мен Шегеге, 3770. Жібек хабар береді,
Қарасын анық көреді.
Сансызбай атты жас берен
Толғана мойын бұрады,
Алладан пәрмен сұрады.
Жібек пенен Шегені
Ілгері қарай жөнелтіп,
Келетұғын қалмақтың
Жолын тосып Сансызбай,
Көлденең тартып тұрады. 3780. Өзі ілгері барған соң,
Жау бетінде жас бала,
Жалғыз өзі қалған соң,
Мұңды болған Қыз Жібек
Бір төбеге барады.
Көксандалдың шылбырын
Мойнына орап салады.
Бір Құдайға зар қылып,
Құбылаға басын қояды.
Сонда Жібек жылады: 3790. – Құдіретің күшті, Құдай-а,
Бетімнен кетіп суретім,
Жүзімнен кетіп әуретім,
Сақтаған Құдай көп екен
Маған деген дәулетің.
Ажалым жақын таянып,
Жетті ме менің нәубетім?
Бір байталдың соңында
Құртамысың, Құдай-а,
Бұл ғаріптің әулетін? 3800. Әуелгіңнен, Құдай-а,
Пазылыңменен кешіп ең,
Не пейілімнен тұтылдым.
Бір байталдың жолында
Құртамысың Құдай-а,
Бұл ғаріптің тұқымын?
Бұлайша деп Қыз Жібек
Мінәжат етіп жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Тобасы қабыл болады, 3810. Қылғаны қабыл емес пе,
Сансызбайдың жанына
Қорен жетіп келеді,
Келіп сөйлей береді:
– Қарсы алдыңнан қарасам,
Жасың кіші баласың,
Оттай қаулап жанасың.
Менің атым – хан Қорен,
Неден үміт қыласың?
Мен жайымды сөйлесем, 3820. Ақылыңнан танасың.
Жібек менің қатыным,
Қай жаққа алып барасың?
Жібекті ілгері жіберіп,
Мойныңды маған бұрасың.
Соғысатұғын кісідей
Көлденең тартып тұрасың.
Меніменен соғыссаң,
Құдайыңа барасың.
Соғысар болсаң жөніңді айт, 3830. Не ғылып жүрген баласың?
Сансызбай тұрып сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Қорен қалмақ сен болсаң,
Сансызбай бала мен едім,
Мен өзіңнен кем бе едім?
Жібек сынды жеңгемді
Аман-есен тауып ап,
Еліме алып жөнедім.
Артымнан келе жатқан соң,
3840. Нағылып жүрген адам деп,
Білейін сені деп едім.
Нәсілің дос жан болсаң,
Болайын жолдас деп едім.
Нәсілің кәпір жау болсаң,
Жаһаннамдағы орныңа
Жіберейін деп едім.
Сонда Қорен сөйледі:
– Асу да асу бел, – деді.
Аса бір соққан жел, – деді. 3850. Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі,
Бұл сөзімді біл,– дейді.
Қарсы алдыңа қарасам,
Жасың кіші баласың,
Кезегімді бер,– дейді.
Сансызбай атты жас қыран
Толғана мойын бұрады,
Алладан медет сұрады.
Кезегін беріп жауының: 3860. – Қашатын бар ма қатын?– деп,
Қасқайып қарап тұрады.
Сонда тұрып хан Қорен,
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды.
Садағын қолға алады,
Қарсы бір қарап тұра қап,
Толықсып тұрған балаға
Толғай тартып қалады.
Зырқырай оғы кетеді, 3870. Сансызбайға жетеді.
Тоғыз қабат сауыттың
Сегізінен өтеді.
Жыртыла жазды сауыттың
Қатарлаған жағасы.
Сансызбайдың жасынан
Қабыл еді тобасы.
Өтер еді мұнан да
Ғайып ерен қырық шілтен,
Бұл сауыттың панасы. 3880. Бұрын жауды көрмеген,
Сансызбай тұрып жылайды.
Қор қылма деп бұл жауға
Бабадан медет сұрайды.
– Рахым қылсаң, Құдай-ай,
Пендеңнің несі құрайды.
Көргенім жауды осы еді,
Жүрегім сені сынайын,
Бір Тәңірге жылайын,
Батар да күнмен батайын, 3890. Бұл жауды мен де атайын.
Тым болмаса, Құдай-ай,
Бұл қалмақты өлтіріп,
Қызығына батайын.
Мен құлыңды жарылқап,
Ғасылық қылған қатасын.
Бұлайша толғап Сансызбай,
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды.
Садағын қолға алады, 3900. Қарсы бір қарап тұра қап,
Ауытқып тұрған қалмақты
Толғай тартып қалады.
Зырқырай оғы кетеді,
Хан Қоренге жетеді.
Көкірек қысқан көбеден,
Қармаулы жебеден
Зырлауменен өтеді.
Одан да өтіп кетеді,
Бір төбеге жетеді. 3910. От орнындай бір жерді
Аударып тастап кетеді.
Оқ тоқтаған кезінде
Қорен аттан құлады.
«Ауқала мағалуқа» деп,
Қорен аттан құлады.
Жығылғанын көрген соң,
Жанына жетіп келеді.
Ат үстінен бас қағып,
Басын кесіп алады. 3920. Қаз мойын қара тұлпарды
Қосарына алады.
«Жылама, Жібек жеңге» деп,
Жібекке тоқтау береді.
Шеге менен Қыз Жібек
Сансызбайды көреді.
Қуаныш етіп тұрғанда
Сансызбай жетіп келеді.
Бәле жаудан құтылып,
Бірнеше күн дегенде 3930. Еліне алып келеді.
Ата-анасы қуанып,
Неше күн ұдай той қылып,
Сансызбай Жібекті алады,
Талай қызық болады.
Жібекті келіп көргендер
Тамаша қайран қалады.
Манағы қалған Қаршыға
Қолды бастап келеді.
Әскерден озып ілгері, 3940. Көз ұшында жүреді.
Ақылды туған дана адам
Артық туған ер еді.
Сөз бастаса шешенің,
Қол бастаса көсемің,
Қалмақтарды сандалтып
Тауып келді есебін.
Намаздыгер өткенде,
Намазшамға жеткенде,
Теңіздей теріс аққанда, 3950. Жау адасып лаққанда,
«Астау салды» дөңінде,
Жолда жатқан теңкиіп,
Көрді Қорен өлігін,
Енді басып көңілін.
Кейінгі жау жолдасын
Енді біліп оңбасын,
Елдің аяп көз жасын
Мұның көрсе қарасын,
Қайтып елге барасың? 3960. Елден кегін алам деп,
Алып жүрер мазасын.
Ойран қылып көп елді,
Шулатар қатын-баласын.
Ұшырмай қазір үрейін,
Көрсетпей бұрып әкетіп,
Сансызбайға жеткізіп,
Қызығын ердің көрейін.
Әскерді бұрып, атойлап,
«Ханым болды кетті, – деп, 3970. Қашқынға қуып жетті, – деп,
Өлексесін көрсетпей,
Бәлем қалмақ өтті» деп.
Қиялай шауып жол кескен,
Қайта айналып із кескен.
Қорамсағын байланған
Ісін істеп, ойланған,
Орала шауып күн кешкен.
«Ханымыз қуып жеткен» деп,
Әскерге бермей дамылды, 3980. Өте шаршап, көбінің
Қабақтары жабылды.
«Хан бұйрығы осы, – деп, –
Жетейік» деп сабылды.
Ақылға кең, кемеңгер
Мұндай адам туылмас.
«Мен – ермін» деп жүргені,
Қалмақтың бұған ергені,
Белдерін бекем буа алмас.
Қаршыға елің желпініп, 3990. Қиратып жауын өлтіріп,
Қайнап шыққан бұлақтай,
Ақылдың көзін су алмас.
Қалмақтың қуған әскері,
Екі мыңдай қол еді,
Бөлек, бөлек шұбырып,
Бөлініп жолда қалады.
«Жарайтының жүргіл!» деп,
Қаршыға зікір салады.
Берекесін кетіріп, 4000. Әл дәрменін бітіріп,
Жаяу қалды көп қалмақ,
Атын жолда өлтіріп.
Бір жатқызбай шешініп,
Екі аяғын көсіліп,
Ас ішкізбей есіліп,
Ханым қуып жеткен деп,
Қалмайық деп кешігіп.
Жаяу қалған әскері
Табандары тесіліп. 4010. Қаршыға қылды өкімді.
Жұрт жанғандай қалың өрт
Келе жатқан секілді.
Тұра тұрсын бұл кеңес
Тыңдаушыға сөз келді.
Сансызбайдай жас ұлан,
Дүниеге келген жан
Артықша туған асыл-ды.
Базарбай шал той қылып,
Мал-дүние шашылды. 4020. Халық тегіс жиылып,
Кеңес құрып айтылып,
Сөз түйіні ашылды.
– Іздемей қоймас қалмақ,– деп,
Келуі анық осында,
Сансызбайдай жас берен,
Енді қарап жатпағын.
Батырын жиып еліңнің,
Жаратып ат баптағын.
Ат тұрман, сауыт, шоша көз
4030. Бәрін жиып, сақтағын.
Қалмақ жатпас келер,– деп,
Қандай заман болар,– деп,
Тосқауыл қойып қаратып,
Бала кірпік қақпаған.
Келсе жауы соңынан,
Бір шайқасып көруге,
Басшылық қылып шеруге,
Қару-жарақ белінде,
Қайраты кернеп бойында 4040. Болып жатқан тойында,
Тосқауылшы келіп алқына
«Көрінеді, – деп, – қалың шаң».
Ақылына ойы тең,
Қайратына бойы тең,
Белсене белін шешініп,
Келетін жауға өшігіп.
Жас батырдың талабы
Жад етеді бабаны,
Қалмайын деп кешігіп. 4050. Бес жүз жігіт бел байлап,
Қаруларын ыңғайлап,
Ел-жұрты шулап «Құдайлап».
Сол кездері болғанда,
Қыл шашын байлап, қылаңдап,
Шашбауын байлап, сылаңдап,
Сансызбайдың жанына
Қыз Жібек келді бұлаңдап.
Сонда бір тұрып сөйледі:
– Жаратқан жалғыз бір Құдай,
4060. Жау қалмады соңымнан.
Жердің жүзін тебіренткен
Мұндай істі кім көрген?
Айың туғай оңыңнан,
Жұлдызың туғай солыңнан.
Айналайын, жалғызым,
Мен құрбандық жолыңнан.
Көрген түсім өшпесе,
Тартылар жауың қоңынан.
Жаратқаның шын болса, 4070. Құтқар, Алла, торыңнан.
Тағы да салдың нәубетті,
Рахым қылсаң нең кетті?
Жердің жүзін тебіренттім,
Басыма бермей еркіндік,
Сәулесін сүйіп көркімнің,
Жаңғырттың Құдай жер-көкті.
Мен құрбандық сен үшін,
Көрсетіп Құдай қайғысын,
Рахым қылғыл көрнекті. 4080. Бір өзіңе асылдым,
Жаратқан, өзің қабыл ет,
Тәубе қылдым басылдым.
Аясайшы, япыр-ау,
Тағы да өзіңе бас ұрдым,
Болған соң пенде бас ұрдым.
Жалғанның көрдім ауырын,
Менің үшін шерменде,
Елі-жұртың, бауырың.
Жалғызымды тапсырдым, 4090. Тиянағым – тәуірім.
Ерлердің жолын бергейсің,
Көзімнің жасын көргейсің,
Қалайын сұрап қайырын.
Болды қабыл тобасы,
Сол кездері болғанда
Жақындап жаудың қарасы,
Мың кісідей шамасы.
Күнге күйіп қабысқан,
Неше күндей алыстан, 4100. Оза шауып Қаршыға,
Сансызбаймен көрісіп,
Құшақтасып, табысқан.
Аплатондай ақылы
Ерген қалмақ шатылды.
Ақыл мен қуат жеткен соң,
Жауын талай қатырды.
Берді хабар халқына,
Мұны естіп Сансызбай,
Тасып шыққан толқындай 4110. «Кім ереді артымнан,
Жиылып тұрған халқымнан?»
Толықсып сөйлеп тұрғанда,
Есіткен көңіл балқыған.
Үлгілі сөзден сөйлеп тұр,
Ерлердің өткен салтынан.
Түбін ойлап әр істің,
Ар жағынан қамтыған.
Ақсұңқар құстай шүйіліп,
Қабағы бұлттай түйіліп, 4120. Қанатын қағып талпынған.
Ханзадаға өзі тең,
Сәулетіне сөзі тең,
Сансызбайға сөйледі
Сыбана түсіп білекті:
– Бергей деп Тәңірім тілекті,
Құртып келдім сілесін,
Шүкір қылсам керек-ті.
Басымды тіктім бәйгеге,
Қажымадым көп шауып,
4130. Қалмақ деген бәлеге.
Берер деп ақыл сен тауып,
Апаруға қайта елге,
Жаудан қылдым мен қауіп.
Қоренның көріп өлігін,
Көрсетпедім жөн тауып.
Көңілге кіріп қуаныш,
Қайнатар деп шыжығын,
Көңілде жоқ бұзығым.
Алып келдім алдыңа 4140. Көрейін деп қызығын.
Қаршыға бұл сөзді айтқасын,
Сансызбай берен шабынып,
Көзі оттай шағылып,
Қоренді күткен көп қалмақ,
Жүректері жарылып.
Келген қалмақ топтанып,
Шиыршық атып шоқтанып,
Ханын іздеп сағынып,
Соғысуға дәрмен жоқ, 4150. Бір-біріне тығылып,
Жүні қойдай жығылып.
Келіп тұрған қалың жау,
Өз жанынан түңіліп.
Сансызбай шығып ақырды,
Әруағын шақырды.
Қоңыраулы найза қолға алып.
Шабамын деп толғанып,
Мың кісіден жасқанбай,
Жау көңілін басқандай, 4160. Қырандайын қомданып.
Кірді жауға шабақтап,
Көрінгенін тамақтап,
Бес жүз әскер ат қойып,
Қашты қалмақ салақтап.
Қашпағанын адақтап,
Қырып жауын қашырды,
Қалғаны жылап бас ұрды.
Қалмақтарды тоздырып,
Қайратын бала асырды. 4170. Қаршығаны құрметтеп,
Алып келіп ауылға,
Көрсетіп ерлік жауына,
Жібек шығып көрісіп,
Қаршығадай бауырға.
Зарына мұның кім шыдар,
Басымнан тұман арылып,
Болар ма көңіл бір тынар?
Екі елді бірдей сал қылдым,
Бұғанда шүкір қылайын, 4180. Жақсылығы бар шығар.
Құтқар, Алла, зарымнан,
Айыра көрме арымнан,
Қоқиланып жау қалмақ
Көп елірме не ұғар?
Қаршығамен танысып,
Ел-жұрты келіп көрісіп,
Базарбай шал той қылар.
Әлқисса, Сансызбай жігіт жинап, шектіге барып, сондағы қалмақтарды жоюға аттанады.
Жауын жеңіп Сансызбай,
Ерлерін жиып ұрандай,
4190. Қаршығамен бас қосып,
Төңкеріліп қырандай.
Алты шекті елінде,
Қалғанын елді жау қамап,
Жатқанын сорып жыландай.
Елді айналып құзғындай,
Жүремін деп жол шегіп,
Ердің көңілі бұзылды-ай.
Ұзатам деп қолымнан,
Қалдырмайды Қаршыға 4200. Жібек сынды қызын да-ай.
Жеткіз деп Құдай мұратқа,
Көк жорға атты жабдықтап,
Қыз Жібекке мінгізді-ай.
Мұны көріп Базарбай,
Көк қасқасын сойғызды-ай.
Батасын беріп баланы,
Аттандырып қалады.
Екі жүз жігіт батырын
Ер қаруы – бес қару, 4210. Қынай белге ілгізді-ай.
Дайындатып қос артып,
Жау жарағын аса артып,
Бер деп Тәңірім тілекті,
Елестетіп үмітті,
Көшкен байтақ елдей боп,
Асқардан соққан желдей боп,
Елінің жиып батырын,
Айтып жұртқа ақылын,
Күй мен жыр боп ермекке 4220. Тіктіріп алтын шатырын.
Есітерсіз, білерсіз,
Алыстан жауын іздеген,
Көрсе де жолдың бейнетін
Балдырғандай жас батыр
Үміттен күдер үзбеген.
Осындай ұзақ сапарда,
Күлісіп жылы жүзбенен,
Жетеміз деп өктеген.
Жұлдызы туып маңдайдан, 4230. Сыналып шыққан майданнан,
Қырандайын қаранған,
Тотыдайын сыланған.
Ақылға дана айлалы,
Қалың шекті еліне
Тигізем деп пайданы.
Бірнеше күн жол жүріп,
Аз ғана емес мол жүріп,
Жайықтың кірген шетіне.
Кісі салып алдына, 4240. Жаудан хабар алдырған.
Кетірген елдің мазасын
Естерінен тандырған,
Аспан күнсіз, ел үнсіз,
Бәрі де бүлген ағайын,
Қатын-бала – сары уайым,
Талайы шашын жұлдырған.
Елге салып ылаңды,
Мал-дүниеге ие жоқ,
Озбырлығын оздырған. 4250. Қаршығаны жіберіп,
Жатқан жауға сездірмей,
Сырлыбайдың алты ұлы
Бұл дағы елін жидырған.
«Сансызбай берен келді, – деп,
Жауыңды жатқан қудырам»,
Сырлыбайдың алты ұлы,
Жиылған елдің адамы
Сансызбайға қосылған.
Бұлардың көріп қарасын, 4260. «Қорен келіп қалды» деп,
Шабуылдап қалмақтар,
Шуылдап шауып шұбырған.
Қалмақтар жатқан қуанып,
Хан Қоренді көре алмай,
Кім екенін біле алмай,
Қарауылдап көз алмай,
Көздерін ашып, тұс қарап.
Бірін-бірі табалап,
Көбі атына міне алмай. 4270. Мұны көріп Сансызбай,
Қорлыққа көрген көне алмай,
Көк бурылды ойнатып,
Алдынан шықты төзе алмай.
Тоқтар емес жас батыр,
Жауынан шаншып кек алмай.
Келген жетіп қасына,
Көктен жасын түскендей,
Қалың жаудың басына,
Бас бұрғызбай қашыра. 4280. Сырлыбайдың алты ұлы,
Қосылып келді Қаршыға.
Бас аман қылып жау қашты,
Қозғалғандай Қаратау,
Сансызбай кеткен аралап,
Қайыра жауын қоралап,
Өлімтігі шұбалып,
Аяқ асты қалды жау
Ақ түйе қарнын жарғандай.
Алты шекті – қалың ел, 4290. Елдің үстін шаң басты.
Жердің үстін қан басты.
Қамалып жатқан қалың жау
Ақылынан адасты.
Қамалын бұзып қалмақтың
Талайларға жол ашты.
Бөлек, бөлек қылады,
Есепсіз көп қырады.
Жауын қуып Сансызбай,
Енді шүкір қылады. 4300. Елді қамап қуырған,
Ұшырып күлін суырған,
Туырлықтай ту алған,
Туын қанға суарған,
Қалың шекті қуанған.
Енді сабыр қылады,
Қатыны мен баласы
Елің шулап жылады.
Сырлыбайдың алты ұлы
Сансызбайдай төрені, 4310. Көрсетіп құрмет көп елге
Отыз күн ұдай ойын қып,
Қырық күн ұдай тойын қып,
Ақ отаулап арттырып,
Қазына, мүлкін тарттырып,
Ұзатқан осы жер еді.
Айтып айтпай немене,
Қыз Жібектей сұлуың
Сансызбайдай баламен,
Мақсұтына жетісіп, 4320. Дүниеден өткен деп еді.
ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР
ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРГЕ ҒЫЛЫМИ ТҮСІНІКТЕМЕ
Қыз Жібек
(Мұсабай жырау нұсқасы) Мұсабай жыраудың бұл нұсқасы бұрынғы замандарда (XІX ғ.) Сыр өзені жағалауын мекендеген кіші жүз қазақтары арасында кең тараған. XІX ғасырдың 40-жылдарында Ресей отаршылары қазақ даласына сұғына еніп, Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысынан Райым, Қазалы бекіністерін салғаны мәлім. Осы қамалдарда әскери қызметкерлер арасында жергілікті қазақтардың ауыз әдебиеті мен этнографиясына қызыққан бірқатар фольклор зерттеушілері де болған. Солардың бірі штабс-капитан Е.А.Александров Қазалы маңын жайлаған кіші жүз шекті руының майдан аталығынан шыққан даңқты жырау Мұсабайдың өз аузынан «Қыз Жібек» эпосының мәтінін орыс әріптерімен қағазға түсіріп алады. Аталған нұсқаның Мұсабай жыраудікі екендігі еш шүбә келтірмейді. Себебі, Е.Александров жазып алған «Қосай батыр» жырының қолжазбасында да «Мұсабай жыраудан» деген ескертпе бар. Бұл екі қолжазбаның қағазы, жазу машығы да ұқсас. Оның тағы бір дәлелі, Қазалы бекінісінде қызметте болған және бір орыс офицері И.В.Аничковтың Мұсабайдан «Көрұғлы», «Жанқожа батыр» жырларын жазып алып, 1894 жылы Қазан қаласында «Киргизский герой Жанходжа Нурмухамедов» атты кітабын бастырып шығаруы. Сондай-ақ, орыс офицері Мұсабай жыраудың «Қыз Жібек» эпосын асқан шеберлікпен орындайтынын өзінің «Поездка на киргизские поминки» (Известия ОАИЭ, 1897. вып.2.) атты мақаласында жоғары бағалаған11. Аталған жырларды И.В.Аничков 1892 жылы Қазалы маңында өмір сүрген Қарабай атты белгілі кісінің асы өтіп жатқан сәтте жазып алса керек. Бұл асқа Қызылқұм, Ырғыз, Қазалы өңірлерінен көп кісі жиналған. Ал, одан сәл ертеректе жазып алған Е.Александров «Қыз Жібек» жырын көшіріп алумен шектелмей, эпос мәтінін сол жердегі милиция прапорщигі Ағаманов атты танысына өтініш жасап, орыс тіліне аудартады. Бұл туралы қолжазбаның бірінші бетінде: «Поэма «Кыз Жибек» переведена и представлена в . прапорщиком милиции Агамановым» деген жазу бар. «Қыз Жібек» эпосының осы нұсқасы Мәскеудің Орталық тарих музейінде сақталған. Қолжазбаны 1959 жылы белгілі түркітанушы Н.И.Гродековтің қорынан (ф.307.ед.хр.54) іздеп тапқан – эпостанушы ғалым М.Ғұмарова болатын. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында оның микрофильмі (№7) және ОҒК-де фотокөшірмесі (ш. 35.рф.) сақтаулы тұр. Мұсабай жырау нұсқасы – «Қыз Жібек» эпосының байырғы үлгілерінің бірі. Сонымен қатар аталған вариант жырдың басқа нұсқаларынан сюжеттік тұрғыдан да ерекшеленеді. Біріншіден, мұнда өзге нұсқалардағыдай Жібектің руы шекті емес, Жайықтың арғы бетіндегі Шыбықтысудың бойын жайлаған қыпшақ тайпасы. Екіншіден, алдымен жырдың экспозициясында алшын мен қыпшақ елдерінің арасында барымта дауы ушығып, Төлеген ауылдастарымен бірге орта жүзден жылқы қайыруға аттанады. Әлбетте, бұл арада «барымта» – бұрынғы көшпелі қазақ тұрмысына тән этнокөрініс қана емес, бір жағынан Төлегеннің Жібекті іздеп сапарға шығуына түрткі болған басты себеп. Үшіншіден, Мұсабай нұсқасында жырдың Қазан (1894), Жүсіпбек (1900) варианттарында аса көркем суреттелетін Жібек елінің көш салтанаты көрінбейді. Бұл арада жыраудың қазақша түсіне бермейтін орыс офицерлеріне өзі әшейінде ұзақ таңға жырлайтын эпостың көлемін барынша ықшамдап орындауы мүмкін екендігін ескерген артық емес. Бір қызығы, Төлеген қалың қыпшақтан барымта-жылқыны қайтарып алғасын, Жібекті өзі іздемей:
– Қорықса қызын берер, – деп,
Кедейлер жорға мінер, – деп.
Өзім барсам Жібекке,
Басыма кемдік келер, – деп, көш-жөнекей шатыр тігіп жатып алады. Сонда Төлегенді Жібектің туысқан ағасы Қаршыға өзі іздеп, әрең табады. Одан әрі Төлеген мен Жібектің арасында бір-біріне үстемдік танытатын «қағысу» сәті әсерлі беріледі. Мұсабай орындауындағы эпостың оқиғалары ширақ, шымыр, кейіпкерлер эмоциясы барынша шынайы жырлануымен бағалы. Әсіресе, Төлеген мен Жібек, Сансызбай мен Жібек және Қорен қалмақ арасындағы жыр-диалогтардың асқан шешендікке құрылуы, эпикалық қуаттылығы мен жырдың динамикасы тыңдаушыларын еріксіз баурап алғандығы анық. «Бабалар сөзі» жүзтомдық басылымына ұсынылып отырған «Қыз Жібек» эпосының Мұсабай жырау нұсқасы бұрынғы басылымдарымен (1963) мәтіндік салыстырулар жүргізе отырып, БҒМ ОҒК Сирек қорында сақталған жырдың түпнұсқасы бойынша (ОҒК: Ш. 35. РФ) еш өзгертусіз әзірленді.
С.Қосан
Қисса Қыз Жібектің хикаясы
(Қазан, 1900) «Қисса Қыз Жібектің хикаясы» деген атпен 1900 жылы Қазан қаласында басылған жырдың Жүсіпбек Шайхысламұлы жариялаған нұсқасы ел арасына кең тараған. Аталған жыр 1900, 1903, 1905, 1910, 1911 жылдары бірнеше рет қайта жарық көрді. Одан кейін «Қыз Жібектің» осы нұсқасын 1925 жылы қазақ ауыз әдебиет үлгілерін жинаушы, белгілі фольклоршы Ә.Диваев Ташкентте22, бастырды. 1933 жылы Қызылордада, 1939 жылы Алматыда жарық көрген “Батырлар жыры” жинағында33 сондай-ақ 1957, 1967, 1985 жылдары жеке кітап болып басылды64. 1963 жылы «Қыз Жібек» эпосының ғылыми басылымы жарық көрді55. Бұл қатарда 2003 жылы Мәскеу қаласында жарық көрген “Козы Корпеш – Баян сулу. Кыз Жибек: Казахский романический эпос” атты кітаптың екі тілде (қазақ, орыс) басылып шығуының ғылыми маңызы зор66. Қазірде ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында жырдың 15-тей нұсқасы сақтаулы. Әсіресе Мұсабай жырау, Қ.Мырзағалиев, Ә.Досжанов, Р.Мәзқожаев, Е.Ахметов, Ә.Дәнекеров, Ы.Қамытов, Х.Өтеғалиева нұсқалары фольклоршылардың назарын аударған көркем жыр үлгісінен саналады. Жырдың баспа беттерінде көп жарияланып, ғалымдардың зерттеулеріне арқау болған Қазанда жарияланған Жүсіпбек нұсқасы. Әр жылдары жарияланған эпос басылымдары түрлі мәтіндік өзгерістерге ұшырап отырған. Әсіресе, Кеңес дәуірінде жарық көрген жыр жинақтарында мәтіндер айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Мысалы, 1939 жылы С.Мұқанов жариялаған «Батырлар жырында» «Қыз Жібек» 1900 жылы Қазанда жарияланған кітап бойынша берілген. Онда тек кейбір жыр тармақтары мен сөздердің ауыстырылғаны байқалады.
Атап айтсақ:
1939 жылғы жарияланымда мәтіндегі барлық қарасөздер ықшамдалып берілген.
«Қыз Жібек» (Қазан, 1900):
1. Әлқисса, енді Төлеген ойлады «жаһанда бұ сипатты ұрғашы көргенім жоқ еді. Енді мұны алайын» дейді. «Оған шейін бір-екі ауыз сөз сөйлесіп кетейін, бекер кеткенім жарамас» деп жамандауға тал бойынан тарыдай мін таба алмай, енді байлығынан һәм кемдік таба алмай, «кесірлі екенсің деп айтайын» деп Төлегеннің айтқан жауабы-дүр.
«Қыз Жібек» (1939): 1. Төлеген сол жерден Жібекке ғашық болды. Айналасынан кете алмай, бір-екі ауыз өлең айтып, Жібекті сөйлетпекші болды. Сұлулығынан, байлығынан, нәсілінен мін таба алмай, «кесірлі екенсің» деп Жібекке тисіп айтқаны.
«Қыз Жібек» (Қазан, 1900): 2. Әлқисса, сол халде Төлеген есін жиып алып, көзін ашып қарады. Көрді, өзі шалқасынан жатыр екен. Барша киімдерін тонап алып қойыпты. Сонда «тым болмаса көміп кетсеңші» деп Бекежанға қарап, «замандас емеспісің» деп бір сөз дейді.
«Қыз Жібек» (1939): 2. Бір уақытта Төлеген есін жиып, көзін ашты. Қараса, шалқасынан жатыр екен, барлық киімін алпысы тонап алды. Сонда Төлегеннің Бекежанға қарап «замандас едің ғой, ит пен құсқа жем қылмай, тым болмаса көміп кетсеңші» деп зарлағаны. Барлық жарияланымдарда мәтінде кездесетін кейбір араб сөздерін қазақ сөздерімен ауыстырған: һәмма – барлық, махал – мезгіл, бейдәргаһ – іңкәр, баспа – тәсниф, ғамкүн – қамкөңіл, әб зәмзам – аппақ зәмзам . 1939 жылғы және соңғы жылдары жарияланып жүрген мәтіндерде көне түркілік формаларды қазіргі қолданыстағы жазу нормасына түсіргені байқалады: дейділер – дейді, келеділер – келеді, сұрадылар – сұрады, үшбу күнде – қазір, бірлән, илә - менен , - мен, -пен. 1939 жылғы жарияланымнан басқаларының барлығында дерлік түпнұсқа бойынша жырдың басындағы 40 жол және соңындағы 8 жол алынып тасталған. Яғни жырдың кіріспесі мен соңын жыршылардың әрқайсысы өзінше аяқтаған. Ал мәтіннің мазмұнында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Томға ұсынылып отырған «Қыз Жібек» жырының бұл нұсқасы Қазан қаласында 1900 жылы араб әрпінде жарық көрген кітаптан еш өзгертусіз әзірленді.
Ж.Салтақова
ҚЫЗ ЖІБЕК
(Шеге нұсқасы) «Қыз Жібек» жырының «Шеге ақыннан тараған» дейтін нұсқасын ақтөбелік жыршы Шапай Қалмағамбетов 1955 жылы Тіл және әдебиет институтының қолжазбалар қорына өткізеді. Жыр Шапай ақынның өз қолтаңбасымен, араб әрпінде дәптерге жазылған. Жыр көлемі – 4410 жол. Ш.Қалмағамбетовтың айтуындағы жыр нұсқасы – эпостың көркем де көлемді үлгілерінің бірі. 1953 жылы жарияланған «Қыз Жібектің» академиялық басылымында М.Ғұмарова: «В отличие от других она сильно модернизирована. Фабула насыщена социальными мотивами», – деп, мәтіннің сюжет желісіндегі айырмашылықтарды атап көрсеткен11. Әдебиеттанушы С.Садырбаев өзінің еңбегінде Шапайдың нұсқасында біраз өзгешеліктер барлығын айтқан22. Осы уақытқа дейін ел арасында кең тараған жыр үлгісімен (Қазан басылымы) салыстырғанда, бұл нұсқа тың сюжеттер мен эпизодтар, жаңа кейіпкерлер мен жер-су аттарымен толықтырылған. Жыр экспозициясында Төлегеннің әкесі Базарбай жайлы сөз болады. Мұндағы өзгешелік Базарбай басқа нұсқадағылардай бай емес, кедей. Соған қарамастан:
Кейінгі басқа жұрты Базарбайды
Дейтұғын ақылға кең ел ағасы.
Болса да кісі құны Базарбайға,
Тоқтайтын қайда болса сөз таласы, – деп абыройлы ақсақал бейнесінде көрсетеді. Базарбаймен қатар суреттелетін Қарамен бай образы батырлық жырлардағы («Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр») Қараманды еске түсіреді. Қарамен бай бола тұра ел ішіндегі атағы Базарбайдан артық емес. Алпыс беске келген Базарбайдың баласы жоқтығын келеке етіп, өзіне тең көрмейді. Бір баланың зарынан қапа болған Базарбайдың екінші әйелінен туған Төлеген сері, ер көңілді жігіт болады. Оның елден ерек жаратылысын көріп, іші күйген Қарамен бай Базарбайды іш тартып, өзінің ынжық баласы Егізді Төлегенге дос қылады. Байдың ұлы Егіз қалыңдығын алып қайту үшін жолға шыққанда, Төлеген сонымен бірге ереді. Қалыңдық Егізді менсінбей, оған барудан бас тартады. Екі елдің арасы ушығып, шиеленіседі. Сол кезде Төлеген қызды өз райынан бас тартуға көндіреді. Төлегеннің ел алдындағы абыройы артады. Шекті еліндегі сұлу Жібек жайлы естіген Төлеген қызды көруге асыққанмен, қолының қысқалығы кедергі болады. Сол уақытта Шегенің ақылымен Төлеген Егізді шен алу үшін патшаға баруға көндіреді. Қараменнің баласына берген көп малының арқасында Төлеген Қыз Жібектің еліне келіп, қызға құда түседі. Баласының алданғанына ыза болған Қарамен Төлегеннен бата алмай, іштен тынады. Бұдан кейінгі жыр оқиғасы басқа нұсқалармен бірдей. Жібектің көрген түсі Қазан нұсқасынан өзгешелеу.
Шеге нұсқасында Жібек Төлегенге түсін айтып:
Астыңдағы көк жорға ат
Құйрық-жалы шұбалып,
Жабығулы көрінді.
Үстіңдегі ақ сауыт
Шығыршығы созылып,
Сөгілулі көрінді.
Беліңдегі ақ берен
Құндағынан бөлініп,
Үзілулі көрінді.
Қолыңдағы ақ сүңгі
Сағасынан майысып,
Бүгілулі көрінді, – деп зар еңірейді.
Ендігі бір айырмашылық: басқа нұсқаларда Бекежанды Жібектің алты ағасы өлтірсе, мұнда ол Сансызбайдың қолынан қаза табады. Жыр Сансызбайдың Жібекті еліне алып келіп, ұлан-асыр той жасауымен аяқталады. Жыр соңында: «Аяғын осы сөзбен тоқтаттым. Кейінгі қалмақтарды Қаршыға бастап алып келіп қырды дейді. Оның түрі бұрынғы берген жазбадағымен желісі бір болғандықтан жазбадым. Бұл жазбаның жол саны 4200 жолдай болды. Шапай» деп жазған ескерту бар және ақынның сол кездегі тұратын мекен-жайы жазылған. Ш.Қалмағамбетов тапсырған жыр мәтіні М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында (ӘӨИ. ҚҚ: Ш.66) сақталған. Жырдың бұл нұсқасы алғашқы рет жарияланып отыр.
Т.Әкімова
Қыз Жібек
(Қаршыға нұсқасы) Эпостың бұл нұсқасын ақтөбелік жыршы Шапай Қалмағамбетов (1890-1959) өзінше өңдеп, жаңғыртып, қағазға түсіріп, 1955 жылы ӘӨИ Қолжазба қорына тапсырған. Атақты Мергенбай жыраудың жақын шәкірттерінің бірі болған Шапай одан көптеген эпикалық жырларды үйреніп, ел арасындағы жиын-тойларда орындап жүрген. Солардың бірі – «Қыз Жібек» жырын екі түрлі сюжеттік нұсқада, екі ақынның мұрасы ретінде айтқан. Мәселен, жыршының айтуынша, жырдың көлемі – 4020 жолдан құралған бірінші түрі Сырлыбай ханның ақыны Қаршығадан, ал 4210 жолдан тұратын екінші үлгісі Төлегеннің ақыны Шегеден тараған тәрізді. «Қаршыға ақыннан таралды» дейтін «Қыз Жібек» жырының нұсқасы бұрын-соңды жарияланбаған. Тек 1963 жылғы эпостың ғылыми басылымындағы зерттеу мақалаларда салыстырмалы-сюжеттік талдау жасалғаны белгілі. Асылында, Шапай-Қаршыға нұсқасының мазмұнында «Қыз Жібектің» өзге нұсқаларында ұшыраспайтын бірнеше тың сюжеттер, эпизодтық көріністер орын алған. Ондағы Төлегеннің Сыр бойындағы Қосарал, Түркістан, Бесқыпшақ елдерін екі жыл аралап, қыз іздеуі; шектінің сұлу қыздарын есітіп, Құмақ, Елек, Сағыз өзендерін бойлай 500 жылқымен үдере көшуі; Сырлыбай ханның бүкіл шекті елін жинап, той жасауы; Қаршығаның қалмақтарды алдап, Қореннің өлігін көрсетпей, адастырып, Сансызбайдың аулына алып, келуі; Қаршығаның Жібекті қолымнан ұзатамын деп, өзімен бірге Сансызбайды еліне алып кетуі сияқты оқиғалар «Қыз Жібектің» өзге нұсқаларына ұқсамайтын өзіндік өзгешелігі бар соны сюжеттер. Қаршыға ақын нұсқасы толық, жеті-сегіз буынды жыр үлгісіне құрылған. Арасында қарасөз, қара өлең жолдары да ұшырайды. Мәтін жинаушының айтуымен, кеңсе қағазына мәшіңкемен көшірілген. Қолжазбадағы мәліметтерге қарағанда 1953 жылы Ақтөбе қаласында қағазға түскен. Томға еніп отырған «Қыз Жібек» жырының аталған нұсқасы ӘӨИ Қолжазба қорында сақтаулы түпнұсқасы (ӘӨИ.ҚҚ:Ш.70) бойынша әзірленіп, еш өзгертусіз ұсынылды.
С.Қосан
МӘТІНДЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ ЖӘНЕ ДІНИ ЕСІМДЕР
Алла (Аллаһ) – бүкіл ғарышты, тіршілік дүниесін және қиямет қайымды жаратушы, ислам дінінде баршаға бірдей, жалғыз және құдіреті күшті Құдай есімі.
Құран Кәрімде айтылғандай: “Ол Алла біреу-ақ, Алла мұңсыз (әр нәрсе Оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес” . Мұсылмандардың түсінігі бойынша, Алла Тағала әлемді, жерді, өсімдіктерді, жануарларды және адамды жаратты. Ол адамдардың тағдыры – жазмышты белгілейді. Қияметте Алла барлық өлгендерді тірілтеді де, пәнидегі істерін таразылап, біреулерін – жұмаққа, енді біреулерін – тозаққа жібереді. Адамдарды дұрыс жолға түсіру үшін Алла Тағала оларға мезгіл-мезгіл пайғамбарларды жіберіп тұрған. Мұхаммед (с.ә.с.) – Алланың адамдарға жіберген соңғы Елшісі; оған Алланың Құраны Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен жиырма үш жылда толық түсті. Алланың нақты бейнесі жоқ және ол бейнеленуге тиіс те емес. Намаз оқып, сәждеге бас қою арқылы ғана оған берілгендікті білдіруге болады. Ал табынудың басты орны – Меккедегі Қағба, онда аспаннан Алла жіберді деп есептелетін қасиетті қара тас бар. Алла Тағаланың құдіреттілігін, әділеттілігін, қайырымдылығын, т.с.с. өзіне ғана тән қасиеттерін оның тоқсан тоғыз есімі көрсетеді. Мысалы: Акбар (ең ұлық), Тағала (ең жоғары), Кәрім (жомарт), Рахман (мейірімді), Рахым (рақымды), Халық (жаратушы), Шәріп (қасиетті), Ахад (жалғыз), Самад (мәңгі), Жаппар (құдіретті), Ғафұр (кешірімді), т.б. Алланың атын зікір ету рәсімі Аллаһу акбар деген мадақ сөзді отыз төрт рет, Әлхамдулилаһи, Сұбхан Алла сөздерін отыз үш реттен айтып, тасбих тастарын санамалау арқылы жүзеге асады.
Баба түкті Шашты Әзіз – қазақ эпостары мен ертегілерінде кездесетін киелі кейіпкер. Бұл кісінің батасын алған перзентсіз жандар Алланың құдіретімен ұлды, қызды болып жатады. Аңыздардың бірінде оның есімі Баба Туклас деп көрсетіледі. Әкесі – Керемет Әзіз. Мұсылмандар арасында Әулие саналған. Меккеге қажылық сапармен барушылар ең алдымен Мұхаммедтің, онан кейін Әли Мұртаза Сейіттің, содан соң Баба Тукластың қабіріне барып тәу еткен. Баба түкті Шашты Әзіз – Қожа Ахмет Йасауидің арғы бабалары, ислам діні Орталық Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі деген болжамдар бар.
Ғайып ерен қырық шілтен – Орта Азия мұсылмандарының түсінігі бойынша адамды қолдап жүретін, бірақ көзге көрінбейтін рух, қырық жолдас, дос деген сөз. Кейбір аңыздар бойынша, ғайыптан пайда болатын шілтендер құс бейнесінде көрінуі де мүмкін. Олар әдетте алыс сапарда жүрген, арып-ашып жолынан адасқан жолаушыларға жәрдемдеседі.
Жүсіп-Зылиха – шығыс халықтарына кең тараған “Жүсіп-Зылиха” атты әдеби-фольклорлық шығармалардың бас кейіпкерлері, махаббат пен сұлулық символы. Мұндағы Жүсіп – қасиетті Құран мен Інжілде аты аталатын пайғамбарлардың бірі.
Қызыр, Қыдыр баба – көптеген шығыс халықтарының, сондай-ақ қазақтардың да мифтерінде, фольклорында, діни аңыздарында жиі кездесетін, аты аңызға айналған архаикалық образ.
Оның генезисі, тұлғалық сипаты өте күрделі, әлі толық зерттеліп айқындалмаған. Бір ғалымдар Қызыр бейнесін көне архаикалық түсінік, көзқарастармен байланыстырып зерттесе, кейбір ғалымдар – тек ислам ықпалымен пайда болған деп түсіндіреді. Қызыр туралы әрбір халықтың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан түсінігі бар. Қазақ фольклорында Қызыр баба [Қыдыр] – ел аралап жүрген ақ киімді, ақсақал кейпіндегі әулие, адамға қамқоршы, бақыт, дәулет беруші, әр түрлі қиындықтардан қорғаушы.
Ләйлі – Мәжнүн – Таяу және Орта Шығыс пен Оңтүстік Шығыс, Азия халықтарының “Ләйлі мен Мәжнүн” атты әдеби-фольклорлық туындыларының кейіпкерлері. Араб мәнбілері бойынша, Мәжнүн өмірде болған, VІІ ғасырдың аяғы мен VІІІ ғасыр аралығында өмір сүрген ақын. Ләйлі, Мәжнүн қазақ фольклорында таза, өшпес махаббат, шын ғашықтар символы ретінде суреттеледі.
Лұқпан хәкім – ол туралы исламға дейінгі араб хикаяларында біраз аңыздар сақталған. Құран Кәрімде Лұқпанға 31-сүре арналған. Мұнда Лұқпан “бір Құдайлық” бағытын насихаттаған, Алла Тағалаға шын берілген данышпан адам ретінде аталады. Лұқпанның арабша аты – Лұқман әл-Хаким, яғни, хәкім Лұқпан. Лұқпан – ақыл иесі, көріпкел, емші делініп, оның есімі көптеген Шығыс халықтарының ертегі, жыр, аңыздарында құрметпен әңгімеленген. Қазақ арасында да “Лұқпан хәкім айтыпты” дейтін бірсыпыра сөздер бар.
Сейфүлмәлік, Ғабдулмәлік – арабтың “Мың бір түн” атты бірнеше том құрайтын ертегілер жинағындағы “Сейпілмәлік – Бәдіғұлжамал хикаясы” атты тарауының негізінде жырланған шығыс халықтарына ертеден таныс осы аттас дастан, поэмалардың бас кейіпкері. Оларда Сейфүлмәлік таза, өшпес, адал махаббаттың, шын берілгендіктің символы ретінде суреттеледі.
Сүлеймен – Құран кейіпкері, Дәуіт пайғамбардың баласы, Інжілдегі Соломон. Шамамен б.д.д. 965-928 жылдары бұрынғы Иудей патшалығын билеген деп есептеледі. Сүлеймен Иерусалим қаласындағы Яхус храмын салдырған.
Аңыз бойынша, Дәуіт пайғамбардың отыз ұлы болған. Бір күні Алла Тағаланың әмірімен әлгі ұлдардың бәрі де бірдей қаза болыпты. Сонда Дәуіт еш абыржымай, сабыр сақтап, Алла Тағалаға одан сайын ғибадат еткен. Осыған разы болған Жаратқан Ие Дәуіт пайғамбарға “отыз ұлға татитын” бір ұлды, яғни Сүлейменді береді. Сүлеймен мұсылман елдерінің ертегі, дастандарында “аң мен құстың, пері мен жынның, жан-жануар, құрт-құмырсқаның тілін білген” деп дәріптеледі.
Фатима, Бибі Бәтима (635 ж. ө.) – Мұхаммед пайғамбардың қызы, төртінші халифа Әлидің әйелі, Хасен мен Хұсайынның анасы, мұсылман әлемінде ерекше қадір тұтатын қасиетті әйел бейнесі. Фатимаға табыну, шамасы, Х-ХІІ ғасырларда, содан тарайтын әл-фатимийун әулетінің ықпалы күшеюіне байланысты туып қалыптасса керек. Фатима – шииттердің діни хикаяларының ең басты қаһармандарының бірі. Көптеген мұсылман елдерінде алақанды белгілейтін ежелгі нысана “Фатиманың қолы” деген атақ алған. Оның небір үмітсіз ауруларға да ем қондырып, дәру дарытатын қасиеті бар деп саналған.
СӨЗДІК
Ақырет, ахирет, ахірет /а/ – ақырет күні – бұл күні қияметтің болуы, Алладан басқаның жоқ болатындығы, өлгеннен кейінгі сұрақтың қойылатындығы, тірі кезінде істеген күнәларыңа жауап берілетіндігі анық сезіледі; күнәларың жеңіл болса, Алланың жақсылығын сезіп, ауыр болса, қабір азабын тартатын күн; о дүние деген ұғым; ақырзаман, дүниенің соңы.
Анда /т/ – онда
Арапшы /ж/ – араға от салушы, арбаушы.
Асфаһани қылыш – Асфаһан қаласында жасалған қылыш
Әгар – егер
Әйла /т/ – жаса, істе.
Әлқисса /а/ – содан кейін, сонымен, баяндау, қара сөз.
Әнбия /а/ – пайғамбарлар [нәби сөзінің көпше түрі]
Байтулла /а/ – Алланың үйі (Меккедегі қасиетті Қағбаның атауы)
Баһадүр /т/ – батыр
Баһар /п/ – көңіл; көктем; гүлдену
Бейсағат – сәтсіз
Берен /п/ – өжет, қажырлы
Бірлән, илән /т/ – мен, бірге
Ғазат /а/ – жорық; мұсылмандардың ислам дінін орнықтыру үшін жүргізген қасиетті соғысы
Ғамкін /п/ – мұңлы; қайғылы; өкпелі
Ғаріп /а/ – бейшара, мүсәпір, міскін
Ғаршы-Күрсі /а/ – [ғаршы /а/ – тақ; ғарыш; аспан; күрсі /а/ – орындық; орын; тақ] – мәтінде ауыспалы мағынада қолданылған: жеті қат көк
Ғасы, асы /а/ – күнәлі, шариғатқа қайшы істер жасаған кісі
Ғинаят /а/ – мейірімді, жарылқаушы; мейірімділік, жақсылық; қамқор
Дәргаh /а.,п./ – Құдай құзыры; салтанатты сарай; хан сарайы
Дұғагөй /а.,п./ – сиқыршы, алдамшы
Дүр /т/ – маржан, інжу, гауһар; зор, атақты
Ділдә (діллә, тіллә) /т/ – алтын ақша; кейде алтын, зер мағынасында қолданылады.
Жағдан /т/ – сыртын қаңылтырмен әдемілеп қаптаған сандық.
Жамағат /а/ - жиналған топ, халық, жұрт.
Жауһар /п/ – гауһар
Жаһан /п/ – әлем, дүние
Жүмлә /а/ – бәрі, барлығы, түгел
Заһар /а/ – у
Зәрурат /а/ – қиын жағдай
Зұлжалал /а/ – жоғары мәртебелі; Алла Тағаланың 99 есімінің бірі
Инғам /а/ – садақа, сыйлық; тарту; жақсылық
Ихсан /а/ – қайырымды, жақсы
Кәззап /а/ – өтірікші
Кәлима шаhадат /а/ – куәлік сөз; Алла Тағала мен оның елшісі Мұхаммедке сенім, иман келтіретін шарт
Кәміл /а/ – толық; бүтін, аяқталған
Қисса /а/ – әңгіме, тарих
Қиямет /а/ – ауыр азап, бейнет, о дүниеге барғанда әрбір адам сынақтан өтетін зауал мен сауал күні
Құбыла /а/ – мұсылмандардың намаз оқығанда бет бұратын жағы. Алғашында Мұхаммед пен оның серіктері беттерін шығысқа, Иерусалимге қарай бұратын; кейіннен хижраның екінші жылы қасиетті Қағбаны белгілейді.
Ла- лай-лама-лоқы [қал.] – Далай-Лама – будда дініндегілердің рухани көсемі, сиынушы қамқоры, ойраттарың абызы.
Лаух Қалам: [лаух /а/ – тақта] – Құран Кәрім бойынша, әр адамның тағдыры күні бұрын жазылып қояды. Сол жазу тақтасын «лаух-қалам», «лаухул-махфуз» деп атайды.
Лә иләhа илла Алла /а/ – Алладан басқа Құдай жоқ. Исламның бірінші парызы – Алланың барлығына, жалғыз екендігіне сенім білдіру
Мақбұл /а/ – қабыл
Махал /а/ – жер, орын
Мәшһүр /а/ – атақты, даңқты, белгілі
Міскін /а/ – бейшара, мүсәпір,мүскін
Назым /а/ – өлең; поэзия; нәзік сезімді, наз түрінде, шығыстық дәстүрде жазылған өлең түрі.
Намаздігер /а/ – күн батар алдында оқылатын төртінші намаз мезгілі, яғни бес уақыт намаздың бірі.
Насыр /а/ – 1. ақтаушы, жақтаушы, қамқоршы, қорғаушы, құтқарушы, жәрдемші, қолғанат; 2. жеңіс; 3. қара сөз
Нәуміз /а/ – өкпелі, қапалы
Пәруана /п/ – түнде ұшатын көбелек. Ауыспалы мағынасы: Алланың жолына құрбан болу, садаға болу; сопылық ағымның басты нышанына айналған сөз.
Пәруардигар /п/ – Жаратушы, Құдай
Порым /о/ – сыртқы пішін, түр
Пір /п/ – ақсақал, шал, қажы, қазірет, ишан сияқты ірі дін басыларына байланысты қолданылатын ұғым. Көбінесе сопылар арасында кездеседі. Халықтың ұғымында пір қолдаушы, қорғаушы күштердің бірі болып есептелген.
Рахман /а/ – аса қамқор, мейірімді; Алла Тағаланың 99 есімінің бірі
Сәна /а.т./ – 1. қайғы, мадақ; 2. көне түркі тілінде көмекші сөз, жұрнақ: бар-сәна [баршы].
Тамам /а/ – соңы, аяғы
Тәсниф /а/ – шығарма, әдеби шығарма, туынды
Уағда /а/ – уәде, келісім
Ұжмақ – жұмақ, о дүниедегі рахат орын; пейіш; ауыспалы мағынасында: жайлы мекен
Үшбу /т/ – осы, бұл, хат, нама
Хақ /а/ – шындық, күмәнсіз ақиқат; Алланың 99 есімінің бірі
Халал /а/ – шариғат бойынша рұқсат берілген; адал, таза; заңды; некеленген; некелеп алған жұбай
Харам /а/ – арам, шариғат тыйым салған, яғни ішіп-жеуге, қолдануға жарамайтын нәрсе (Құран Кәрімде бұл түсінік 71 жерде қолданылған); таза емес, заңсыз
Хас /а/ – айрықша, ерекше
Хисап /а/ – есеп
Хор қызы – діни наным бойынша, жұмақта болатын мәңгі жас, өте сұлу қыз
Һәмма /п/ – бәрі, барлық
Шаһзада /п/ – патшалар мен шаһтардың, имамдар мен халифалардың мұрагер ұлдарын осылай атаған.
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Асфаһан – Иранның орталық бөлігіндегі қала. Зайендеруд өзенінің жағасына орналасқан. Көне әдебиеттерде Асфаһан, Аспадана деген атпен кездеседі. VІІ-ғасырда арабтар жаулап алады. VІІІ-XІІІ ғасырларда Таяу және Орта Шығыстың ең ірі қолөнер және сауда орталығы болды.
Бұхар, Бұқар – Орталық Азиядағы бұрынғы елдің, қазіргі Өзбекстан мемлекетіндегі облыстың атауы. Орталығы – Бұқара қаласы. Бұқара әсіресе XVІІІ – XІX ғасырларда күшті өркендеп, исламның ықпалды тірегіне әрі діни-ғылыми орталықтарының біріне айнала бастады. Бірқатар мұсылман халықтары, оның ішінде қазақтар да оны «Бұқара Шәриф», яғни қасиетті қала деп атаған.
Еділ – Еуропадағы ең үлкен өзен. Ұзындығы 3530 км. Еділдің ежелгі атауы Ра, орта ғасырларда Итил. Еділ өзені бастауын Валдай қыратынан алып, Каспий теңізіне құяды. Орман, орманды дала, дала, шөлейт белдемдері арқылы солтүстіктен оңтүстікке қарай ағып өтеді. Волга-Балтық су жолы арқылы Балтық теңізімен, Волга-Дон каналы арқылы Азов және Қара теңіздермен байланысады.
Елек, Елік – Жайық алабындағы өзен. Ресейдің Орынбор, Қазақстанның Ақтөбе (Алға, Ақтөбе, Мартөк аудандары), Батыс Қазақстан облыстары (Бөрілі ауданы) жерімен ағып өтеді. Ұзындығы – . Мұғалжар тауының батысындағы Бестөбе сілемінен қос тармақ болып басталады да, Жайыққа сол жағынан құяды.
Есіл – өзен. Ертіс өзенінің сол жақ саласы. Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Ресейдің Түмен, Омбы облыстарының жерімен ағып өтеді.
Жайық – Каспий алабындағы өзен. Оңтүстік Орал тауы және Каспий ойпаты, Ресей Федерациясының Башқұртстан Республикасы, Челябі, Орынбор және Қазақстанның Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының жерінен ағып, Атырау қаласы тұсында Каспий теңізіне құяды. Жайық өзені бойымен Еуропа мен Азияның шартты шекарасы өтеді.
Көкшетау – жақпартасты, орманды-көлді таулар жүйесі. Сарыарқаның солтүстігінде, Көкшетау қыратының солтүстік-шығыс бөлігінде, Шортанды ауданында оқшау орналасқан.
Қамысақты – Есіл алабындағы өзен. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Есіл аудандары жерімен ағып өтеді.
Қарақұм – Каспий теңізінің солтүстік-шығысында орналасқан құмды алқап.
Қарасай – Шығыс Каспий алабындағы өзен. Атырау облысының Жылыой, Маңғыстау облысының жерімен ағады.
Қаратау – Еуразияның түркі тілдес халықтары қоныстанған аймақтарындағы биіктігі орташа және аласа тау жоталары. Қазақстанда Қаратау жотасы (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары аумағында), Қаратау таулары (Маңғыстауда), Кетпен (Ұзынқора) жотасында бар.
Қиыл – Ойыл алабындағы өзен. Ақтөбе облысы, Ойыл, Қобда аудандары жерімен ағады. Қиылдың салалары – Аққұдықсай, Қоңырсай өзендері Қоңызтаудан басталып, Саралжын аралы тусында Ойылға құяды.
Қосарал – Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданындағы ауыл, Жетікөл ауылдық округінің орталығы.
Қособа – Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданындағы ауыл.
Қулыкөл – Батыс Қазақстандағы бұрынғы көл атауы. Қазір суы кеуіп, құрғаған.
Мекке – мұсылмандардың қасиетті қаласы. Онда бас мешіт әл-Мәсжид әл-Харам мен Қағба орналасқан. Исламның негізін қалаушы Мұхаммед (с.ә.с.) осы қалада дүниеге келген. Мұхаммед (с.ә.с.) Меккеден кеткенімен Мәдинедегі жаңа құлшылық ету үйінің есігін Қағбаға қаратты (Құбыла). Мұсылмандардың Меккені 630-жылы жаулап алуы оның діни орталық ретіндегі айрықша жағдайын қалпына келтіріп қана қоймай, одан да жоғары дәрежеге көтере түсті. Меккеге барып тәуап ету исламның бес парызының бірі болып саналады.
Нұра – Қарағанды және Ақмола облыстары жерімен ағатын өзен. Ұзындығы – . Нұра Қарқаралы тауының батыс сілемдеріндегі бұлақтардан басталып, Теңіз көліне құяды. Сағасында Қорғалжын мемлекеттік қорығы орналасқан.
Ойыл – Жайық алабындағы өзен. Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары жерімен ағады. Ұзындығы – 800 км. Өзен бойына Миялы, Ойыл т.б. елдімекендер орналасқан.
Сағыз – Каспий алабындағы өзен. Ақтөбе, Атырау облыстарының жерімен ағады. Қазақтың батырлық эпостарында, Асанқайғы, Махамбет, Мұрат жырларында жиі аталатын тарихи-эпикалық гидроним.
Сүйіндік – Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы.
Талдыкөл – Есіл өзенінің сол жағалауындағы, Астана қаласының оңтүстік-батыс бөлігіндегі көлдің атауы.
Ыстамбұл (Стамбол) – Түркия мемлекетінің бұрынғы астанасы. Орта ғасырға дейін Константинопол деп аталған және ежелгі Византияның (Үрім) орталық шаһары болған.
РУ АТТАРЫ
Әлім, Әлімұлы – қаракесек деп те аталады. Әлімұлының алты тармағы болғанына орай ел ішінде «алты әлім» деп те атайды. Шежіре бойынша әлімұлына жаманақ (шекті), қарамашақ (төртқара), айнық (қарасақал), ұланақ (қаракесек), тегінболат (қарасақал), тойқожаны (ақ кете) жатады. Әлім тайпасынан Жалаңтөс баһадүр мен Әйтеке биден бастап алты алашқа белгілі Есет, Көтібар, Құлбарақ, Жанғожа, Ақтан, Алтай, Арал батырлар, қарасақал Ерімбет ақын, Нұртуған жырау, Жетес шешен, Әжібай, Сопақ, Мырзағұл т.б. билер шыққан.
Жағалбайлы – қазақ халқының құрамындағы тайпа. Шежіре бойынша, кіші жүз құрамындағы жетіру тайпалар бірлестігінен таратылады. Жағалбайлы лез, мырза руларына бөлінеді. «Қыз Жібек» жырының Шеге нұсқасында аталатын түйте лезден тарайды.
Тарихи мәліметтер жағалбайлының көне түркі тайпаларының бірі екендігін көрсетеді. Ерте орта ғасырларда жағалбайлылар Сырдария-Арал аймағында сыртқы күштер тарапынан талқандалып, жан-жаққа бытырап кеткен. Қазіргі қазақ халқының құрамына енген жағалбайлы алғашында (ІІІ–XІІІ ғ. бас.) оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестіктері құрамында болып, содан кейін ноғай ұлысына кірді.
Жетіру – қазақ халқын құраған тайпалар бірлестігінің бірі. Шежіре бойынша, кіші жүз құрамына енеді. Тарихшылар жетірудың арғы тегін ежелгі түркі тайпалары (төлеу, рамадан, тама, табын, кердері, керейт, жағалбайлы) бірлестігімен байланыстырады. Қазақ руларының тарихына қатысты зерттеулерде жетіру Тәуке хан кезінде осы атпен топтасқан қауымдастық деп түсіндіріледі.
Шекті – қазақ халқының құрамындағы ірі тайпалардың бірі. Шежіре деректері бойынша кіші жүз әлімұлы бірлестігіне кіреді.
Шектінің 12 түрлі таңбасы бар. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл шекті құрамына ұлы жүз, орта жүз руларының кейбір аталары қосылғандығын байқатады. ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында шектіге кіретін рулар Орал, Торғай облыстарын, Сырдария облысының Қазалы, Перовск уездерін, Арал теңізінің батысынан Хиуа хандығына дейінгі аралықты мекендеп, мал және егін шаруашылығымен айналысқан.
ТОМҒА ЕНГЕН ДАСТАНДАРДЫ ЖЫРЛАУШЫ, АЙТУШЫ ҺӘМ ЖИНАУШЫЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ
Аничков И.В. ― 1888 жылы Петербург университетінің шығыстану факультетін бітірген. 1894-1899 жылдары Қазалы, Әулиеата, Тәшкен уездеріндегі сот орындарында қызмет атқарған. Кейін ішкі істер министрлігіне ауысып, Петербург, Новгород қалаларында істегенде де Торғай облыстық басқармасының мүшесі болып қала берген. Түркістан және Орынбор ғылыми қоғамдарының жұмыстарына белсенді түрде ат салысқан.
Ғұмарова Мәлике (1918-1987) – фольклортанушы, текстолог ғалым, филология ғылымдарының кандидаты. 1943-1987 жылдары Қаз.ССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының текстология, қолжазба бөлімінде жұмыс істеген. Жамбыл шығармалары жинағын, Көрұғлы, Қамбар т.б. батырлық жырын құрастырған. «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасына» батырлық, ғашықтық жырларға сипаттама жазды. «Қамбар батыр», «Қыз Жібек» жырларының ғылыми басылымын дайындады. Халық ақындарының өлеңдері мен айтыстарын жинады. ОҒК және ӘӨИ Қолжазба қорларындағы сирек қолжазбаларды жүйелеуде көп еңбек сіңірген.
Жүсіпбек Шайхысламұлы (1857-1937) – ақын, ауыз әдебиетін жинаушы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Қожатоғай аулында, қожа әулетінде дүниеге келген. Нағашылары ұлы жүз, албан руынан. Жасында мұсылманша оқып, білім алған. Жүсіпбек қожа Жетісуда тұрып, ел арасынан жыр-дастандарды, айтыстарды, т.б. жинап, редакциялап, Қазан қаласындағы Хұсайыновтар баспасына жіберіп отырған. Оның қазақ фольклоры шығармаларын жинап, бастырудағы еңбегі ерекше. Өмірінің соңғы жылдарын Шығыс Түркістанның Іле аймағында өткізіп, сонда қайтыс болды.
Шапай Қалмағамбетов (1890-1960) – Ақтөбе облысы, Қобда ауданынан. Шапайдың өзі ақын емес. Жасынан атақты жырау Мергенбай, Досжан, Әбдрахмандармен бірге жүріп, олардан қазақтың эпостық жырларын үйренген. 1905-1907 жылдар арасында Мергенбай жыраумен бірге болып, одан «Қобыланды батырды» үйренеді. «Қыз Жібек», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Алпамыс» жырларын да сол кезде үйреніп, кейін оларды өзінше толықтырып айтып жүрген.
1955 жылы Шапай Қалмағамбетов М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына «Қобыланды батыр» жырының бірнеше нұсқасын, «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Қамбар батыр» жырларын, басқа да көптеген халық ауыз әдебиеті материалдарын тапсырған.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР
ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК – Орталық Ғылыми кітапхана
ҚҚ – Қолжазба қоры
Л –Ленинград
М – Москва
Ш – шифр
дәп – дәптер
/а/ – араб
/қал./ – қалмақ
/о/ – орыс
/п/ – парсы
/тат/ – татар
/т/ – түркі
/ж.с./ – жергілікті сөз
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Қолжазбалар мен 1917 жылға дейін араб әрпінде жарық көрген кітаптар:
1. Қисса Қыз Жібек хикаясы. Баспаға әзірлеген Ж.Шайхысламұлы. – Қазан, 1900. 2. Қисса Қыз Жібек. – Қазан, 1894. 3. Қыз Жібек. Жыршысы – Мұсабай жырау // ОҒК, Ш.35. РФ. 4. Қыз Жібек. Жыршысы – Шеге ақын. Жинаушы – Ш.Қалмағамбетов // ӘӨИ, Ш.66. 1-дәп. 5. Қыз Жібек. Жыршысы – Қаршыға ақын. Жинаушы – Ш.Қалмағамбетов // ӘӨИ, Ш.70.
Зерттеулер мен энциклопедиялар, фольклорлық жинақтар, сөздіктер:
1. Азибаева Б.У. Казахский дастанный эпос. – Алматы, 1998. 2. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы, 1959. 3. Әуезов М. Әдебиет тарихы. 2-басылуы. – Алматы, 1991. 4. Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Қазақ кітаптарының тарихы. – Алматы: Санат, 1999. 5. Дүйсенбаев Ы.Т. Қазақтың лиро-эпосы. – Алматы, 1973. 6. Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. – Алматы,1958. 7. Козы Корпеш – Баян сулу. Киз Жибек. – Москва, 2003. 8. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1-т., 1-кітап. – Алматы, 1960. 9. Қазақ әдебиетінің тарихы. 2-т., 1-кітап – Алматы, 1961. 10. Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы. 2-том. – Алматы: Ғылым, 1979. 11. Қоңыратбаев Ә. Көптомдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы, 2004. 12. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. – Алматы, 1991. 13. Қыз Жібек / Редакциясын басқарғандар: М.О.Әуезов және Н.С.Смирнова. – Алматы, 1963. 14. Қыз Жібек. – Алматы: Жалын, 1985. 15. Қыз Жібек. – Алматы: Мектеп, 2003. 16. Батырлар жинағы / Құрастырған. С.Сейфуллин. – Қызылорда, 1993. 17. Батырлар жыры / Бастырған С.Мұқанов. – Алматы, 1939. 18. Қыз Жібек / Баспаға даярлағандар: М.С.Сильченко, М.Ғ.Ғұмарова. – Алматы, 1957 19. Қыз Жібек. – Ташкент, 1923. 20. Марғұлан Ә. Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кешені. – Алматы, 1994. 21. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері. – Алматы, 1992. 22. Арабско-русский словарь. Составитель Х.К.Баранов. – М., 1968. 23. Древнетюркский словарь. – Л., Наука, 1969. 24. Ислам. Краткий справочник. – М., 1983. 25. Ислам. Қысқаша анықтамалық. Қазақшалаған Қ.Тұтыбаев, О.Жолдыбаев, Е.Естаев. – Алматы, 1988. 26. Ислам. Энциклопедия. – Алматы: ҚЭ, 1995. 27. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Құрастырушылар: Р.Сыздық, Н.Уәлиұлы, Қ.Жаманбаева, Қ.Күдеринова. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. 28. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы, 1999. 29. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Құрастырған І.К.Кеңесбаев. – Алматы, 1977. 30. Құран Кәрім: Қазақша мағына және түсінігі. Аударған Халифа Алтай. – Мәдине, 1991. 31. Персидско-русский словарь. Под ред. Ю.А.Рубинчика. 1-2 том. – Тегеран.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру