Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері. Бірінші кітап
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мәшһүр Жүсіп Көпеев ел тарихын көп білетін шежіреші ретінде танымал. Шығармаларында әлеуметтік, адамгершілік мәселесін ашып көрсеткен. Адам бойындағы теріс қылықтарды сынаған, адамның мінез-құлқындағы жақсылық пен жамандықты салыстыра бейнелеген. Достық, ақыл-ой, ақыл туралы жазған ғибратты сөзде...
БҰҚАР ЖЫРАУ
Абылай ханның қасында
Бұқарекең жырлайды.
Жырлағанда не дейді:
«Соғыспа!»- деп жырлайды
Бұқарекең деген кәріңіз.
Соғыссаң, кетер сәніңіз.
Бізден бұрын өтіпті
Хазіреті Ғалыңыз [ 1 ].
Жаулық жолын сүймеңіз,
Мынау жалған, сұм дүние
Өтпей қалмас демеңіз.
Мұсылман болсаң, кетіңіз
Сырдарияның суынан
Көлденең кесіп өтіңіз.
Үш жыл малды ту сақтап,
Жиделібайсын жетіңіз [2]!
Кісісі жүзге келмей, өлмеген,
Қойлары екі қабат қоздаған,
Қатын-бала қамы үшін [3]
Солай таман жетіңіз!
Менің жасым-тоқсан үш,
Мұнан былай сөйлеуім
Маған да болар ауыр күш.
Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін,
Қылмаңдар жанжал ерегіс!
Бұ қылықты қоймасаң,
Құдайдың бергеніне тоймасаң,
Ағаш үйде кәуір бар,
Көрерсің сонан теперіш!
Мұсылманның баласы[4],
Сірә, бір кеңес құрыңыз,
Бір ауызды болыңыз,
Қалған елді тастаңыз.
Бөтен елмен үйір боп,
Іргеңізді қоспаңыз,
Қисық іске баспаңыз [5]!
Кәпір алмас демеңіз,
Наны тәтті жемеңіз,
Зәбірі қатты бұ кәпір
Іргеңізді алмай қоймас демеңіз!
Көкшетауда салдырған
Қара үңгір жолдары.
Сабан таудан жиылып,
Бес сан болған (болды) қолдары.
Өзің қонған Көкшетау
Кәпір қала салды, ойла!
Жарқайың (иарғайың) деген жерлерге
Шашылып шеті барды, ойла!
Атбасар мен Қалқұтан,
Балығы тәтті су еді,
Өне бойын шандып ап,
Сүзекісін салды, ойла!
Оны да кәпір алды, ойла [1]!
Қарқаралы деген тауларға (жерлерге)
Қарқарасын шанышты, ойла!
Бетеге мен көденің
Берекесі қашты, ойла!
Құсмұрын деген жерлерге [2]
Қыстауын сонан төкті, ойла!
Жылқының суат суына
Шошқасын әкеп екті, ойла!
Ұлытау, шеті Созақтан
Созақтан бергі жерлерден
Көгорай шалғын көре алмай,
Шұбырып қазақ кетті, ойла!
Нұрада бар - Ақмола,
Есілде бар - Қараөткел,
Екі өткелдің аузынан
Тас қорғанды [3] салды, ойла!
Баянаула, Қызылтау -
Оны да кәпір алды, ойла!
Жерлікте жетер суды ойла [4]!
Шүршітпенен құлақтас,
Қырғызбенен жауаптас,
Ортасында ұйлығып,
Кетпейін десе, жері тар,
Кетейін десе, алды-артын
Қоршап бір алған кеуір бар,
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірінен шаншу қадалып,
Сорлы бір қазақ қалды, ойла!
«Шүршіт келем!»- деген сөз бар-ды
Көктен түскен төрт кітап:
«Інжіл» атты қаламда.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір жейді (кетер) ақтарып,
Көмулі көрден денеңді.
Шүршіт келсе, Сырға көш,
Ішетұғын суы бар [1].
Келіп сізді қамайды
Үйтүндік пенен Белеңде.
Баяғыдай: «Бір - шын!»- деп,
Сарыарқада қалмаңыз!
Сірә, байқа шіркінді [2]!
Шүршіт келсе, жарамас,
Ай-түйіңе қарамас!
Сай суындай сарқырап,
Қалай көшіп барасың?!
Найман жатыр өренде,
Қырғыз жатыр шөлеңде,
Атың жатар белеңде,
Түйең жатар өлеңде,
Он сан Алаш билігі
Хан Абылай, төреңде [3].
* * *
Ал тілімді алмасаң,
Ай, Абылай, Абылай,
Сені мен көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет патшаға
Қызметкер болып тұр едің.
Қалтақтап жүріп күнелтіп,
Үйсін: Төле билердің -
Түйесін баққан құл едің!
Сен жиырма жасқа жеткен соң,
Алтын тұғыр үстінде
Ақ сұңқар кұстай түледің.
Дәулет құс қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа,
Бақ үйіне түнедің!
Алыстан тоят тіледің,
Қылышыңды тасқа біледің!
Алмаған жауың қоймадың,
Алғанменен тоймадың!
Несібеңді жаттан тіледің!
Уа, сен Қанжығалы:
Бөгенбай, Тақымың кеппес ұры едің,
Түн қатып жаңа (және) жүр едің.
Қабанбайдан бұрын найзаңды
Қай жерде жауға тіредің?!
Абылай-ау, Абылай,
Момынға келіп бек болдың,
Атаңды білмес құл едің.
Атаң тегін сұрасаң,
Арқар ұранды жат едің,
Қай жеріңде төре едің?!
Қарсы менен Ғұзарда
Жалаң аяқ жар кешіп,
Бөз тоқыған сарт едің.
Шешеңді және сұрасаң,
Қай алтынның буы еді?!
Оны да мен білуші ем,
Түрікпеннің төрінде (түбінде)
Қашып жүріп күнелткен
Мәскеудің қара күңі еді [1].
Жұлдызың туды-ау оңыңнан,
Жан біткен еріп соңыңнан.
Он сан Алаш баласын
Аузыңа Құдай қаратып,
Жусатып тағы (және) өргізіп,
Жұмсап бір тұрсың қолыңнан!
Ақтан болды-ау күніңіз,
Ғаршы менен Күрсіге
Дау таласты үніңіз!
Өзің болған күніңде
Бір-бір көшеге (көшке) сыймайды
Азаткер де құлыңыз!
Ашуланба, Абылай,
Ашуланба, Абылай,
Көтерермін, көмермін.
Көтеріп, қазға (көрге) салармын.
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма!
Басына мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба!
Күнінде мендей жырлайтын
Тоқсан үште қария
Енді саған табылмас!
Ай, Абылай, Абылай,
Қатын алма қарадан,
Қара тумас сарадан (шарадан).
Қатын алсаң қарадан,
Алды кеппес баладан,
Арты кеппес жаладан (иаладан)[1]
Қатын алма төреден,
Қатын алсаң төреден,
Еркегі болар жау жанды,
Ұрғашысы - ер жанды!
Төре берер ұл туса,
Аузы кетпес парадан,
Мал жинасаң, қойдан жи,
Майы кетпес шарадан.
Ит жинасаң, сырттан жи,
Қой да бермес қорадан.
Аталыдан би қойсаң,
Адаспас жол мен жобадан[2].
Атасыздан би қойсаң,
Босанбас аузы парадан.
Ағар дария су кетпес
Қалмақтан алсаң маһи бір зайып.
Сүйегіңді жоғалтпас!
Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан.
Қосының болсын қазақтан!
Сегіз қиыр шар тарап
Төрт құбылаңды түгел ғып,
Төріңде жатып салмақтан!
Он екі айда жаз келер,
Құс алдында қаз келер.
Айтып - айтпай немене,
Заманыңыз[1] аз келер.
Сол заманың келгенде,
Ата-бабаң қол берген
Қожаларды қас көрер.
Ноғайларды ғалым деп,
Әулиедей көрерсің!
Ноғайлардың бойлары [2] болар сазандай,
Сәлдесі (сәллесі) болар қазандай,
Ақыретке барғанда,
Ақсүйекті қор тұтқан,
Қараны онан зор тұтқан,
Ноғайларды пір тұтқам,
Тартарсың сонда жазаңды - ай!
Кеше[1] қара қалмақ бүлерде
Бұзылардың [2] белгісі:
Бұлыт - бұрқан болысты,
Уағдадан жылысты [3],
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті.
Бірін-бірі күндесті.
Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса, бәрі оңбас!
Ханын қалмақ жаулаған
Сөйткен қалмақ оңбаған!
Сол қалмақтың жері еді-ау [4]:
Үш (Ош), Қарқара, Көктөбе,
Ит те ұлып қалмаған.
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз.
Судан - суға сүңгумен (шүйгумен),
Көлден көлге қоныңыз!
«Байлар ұғлы шоралар
Бас қосыпты!»- десін де.
Маң-маң басып жүріңіз,
Байсалды үйге түсіңіз.
Айнала алмай, ат өлсін,
Айыра алмай, жат өлсін!
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұрылып ұшар жаз күні.
Боз мойынды сұр үйрек
Көлге қонар жаз күні.
Көкаланы жаратып,
Көк дабылды байлатып,
Байлар ұлы (ұғлы) шоралар
Көл жағалар жас күні.
Байлар қызы - бикештер
Қол бұлғайды-ау жаз күні!
Қымызсыз жиын (иыйын) той болса,
Қызығы жоқ-ты жаз күні.
Қызыл турам ет болса,
Қызғаныш болар аз күні.
Мал-бергенің болмаса,
Пайдасы жоқ-ты аз күні!
Ақсары атан еспелі
Ел жайлауға шыққан жұрт,
Хақтың жолын күзетпей,
Жамандықты тұтқан жұрт.
Мамырасып, бай болып,
Байсал тауып жортқан жұрт.
Хан жарлығын алмады,
Ханға тізгін салмады,
Баяғыдай: «Бір - шын!»- деп,
Бір ауызды болмады.
Қас тұрпайы болған жұрт!
Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас [1],
Көл суалмас демеңіз!
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға теңеліп [2] (тең алып),
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.
Жалғызды жалғыз демеңіз!
Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз көпке теңеліп (тең алып),
Бір жапанда соғысып,
Кегін алмас демеңіз.
Құландар өтпес [3] қу тақыр
Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон-
Құлан жортпас демеңіз!
Құрсағы жуан боз бие
Құлын салмас демеңіз!
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дәулет бітпес демеңіз!
Ай не болар күннен соң,
Күн не болар Айдан соң?!
Құлпырып [1] тұрған бәйшешек,
Қурай болар солған соң!
Хандар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай
Мортық болар бүлген соң.
Төрде отырған қарт бабаң
Төресін жаңылар малдан соң.
Төркіндеген бикешің
Тіркеусіз о да қайтар малдан соң.
Дөңгелеп (доңғалақ)[2] арба жүре алмас,
Қос арысы сынған соң.
Жігіт жақсы бола алмас,
Алғаны жаман болған соң!
Қос, қос орда, қос орда [3],
Қосыла қонбас малдан соң.
Қоспақ өркеш сары атан
Қом жасамас майдан соң.
Төсі аршынды сұлуың
Сілкіп төсек салмас малдан соң.
Байдың ұлы көрпелдес (көрпелес)
Шұбалаңқы тартады
Айдап жүрген малдан соң.
Үлдемен басын ораған,
Семсермен шашын тараған,
Қиғаштап қасын қараған,
Күлгенде, күрек тісі қасқайған,
Қынай да белін буынған,
Ол не болар ерден соң ?!
Ай, айташы, Алланы айт,
Аты жақсы Құдайды айт.
Төрт шаһариар (шадияр) Мұстафа
Мұсқап (мысхифа) ашқан ғаламды айт!
Тәңірім сөзі - Фұрқанды (Бұрқанды) айт,
Кәлам - Алла Құранды айт!
Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың-иманды айт!
Жамандыққа - жақсылық
Кектемеген [1] Еділді айт!
«Қара қылды қақ жарған»
Наушеруандай әділді айт!
Ғаршы менен Күрсіні айт,
Лаухи менен Қаламды айт!
Құдіретімен жаратқан
Он сегіз мың ғаламды айт!
Ақтан сия танытқан
Дәуіт пенен қаламды айт!
Сөйлеу үшін жаратқан
Сөз анасы сәлемді айт,
Тірілікте сыйласқан
Ата менен анаңды айт!
Адам үшін жаратқан
Қызықты нәубет баланды айт!
Өлгеннен соң жер жұтқан,
Қараң қалған денеңді айт!
Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас.
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес.
Берем деген құтылмас,
Берік байлаған шешілмес,
Қазулы жолдар көмілмес.
Қартайсаң, қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда,
Кімдерде кімнің дейсің белі бүкіреймес [1]
Хақтың үйі мешіт-ті,
Ақты құдай шешіпті.
Арамзада төкпенің
Уыз (у,ез) ойын (үйін) кесіпті. 0
Ибраһим халал жасады
Тәңірім үйі-Қағбаны [1].
Батырлар үшін жасатқан [2]
Берен сауыт жебені.
Сыйлай бергіл көнені
Сыйламаған күң қылар
Өзін тапқан енені.
Ибрахим халал жасаған
Тәңірім үйі – мешіті.
Құдайды білмес бинамыз
Құдайынан кешіпті.
Құдайыңа құл болсаң,
Шын жасалған [3] ұл болсаң,
Құдай-тағалам өзі берер несіпті!
* * *
Ұрғашының жақсысы
Әбжыландай бұраңдап (есіліп) [1],
Боз жорғадай желгені (жылғаны).
«Қырға шықсам, көрер» - деп,
Пана тұтар жылғаны.
Ұрғашының жаманы
Өсек дүкен құрғаны.
Құдайының ұрғаны!
«Өсек пен ғайбатты,
Зина менен ұрлықтан,-
Бұрынғы өткен жақсылар: -
Онан да жаман!»- десіпті.
Ақсаңнан биік тау болмас,
Бауырынан қашқан күзен көрінбес.
Ақшам батпай, түн шықпас,
Ажал жетпей, жан шықпас.
Етекті кессең, жең (иең) болмас,
Ежелгі дұшпан ел болмас.
Қараша торғай қаз болмас,
Шағала келмей, жаз болмас.
Шаңқан болмай, боз болмас,
Іштен қыңыр туғанды
Тезге салсаң, түзелмес.
Қара қойдың терісін
Сабындап жусаң, ағарам
Қалған көңіл табылмас
Өзіңнен тумай, ұл болмас
Сатып алмай, құл болмас
Құм жиылып, тас болмас,
Құл жиылып, бас болмас.
Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас.
Дос болғанмен, хош болмас.
Екі жақсы дос болмас,
Дос болса, түбі бос болмас!
* * *
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа!
Екінші тілек тілеңіз:
Бір шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа!
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске!
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа!
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытты бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа!
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алпыс басты ақ ордаң,
Ардақтаған аяулың
Күнінде біреуге
Тегіннен-тегін олжа болмасқа!
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа!
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шар тарап,
Мал таусылып, ел қалып [1]
Жер тұлданып тұрмасқа!
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз тоқтан таймасқа!
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа
Оныншы тілек тілеңіз:
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Aязды күнде айналған,
Бұлты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа!
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы [2],
Омырауы жұпарлы
Исі жұпар аңқыған,
Даусы қудай саңқыған,
Назыменен күйдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да, жесір қалмасқа!
Сәлем бір-сөздің анасы,
Ғалек (алейік) алған данасы.
Шығанақтан шырқайды
Ол біреудің танасы.
Оның сөзін тыңдасаң,
Баяғы айтқан жаласы.
Өтірікті шын қылған
Ол - Алланың қызыл көзді пәлесі.
Айтқаныңа көнбесе,
Айдауыңа жүрмесе,
Көңілінде бар оның аласы [1].
Бәрімізді сұрасаң,
Құтан байдың баласы,
Арғындардың сабасы,
Қарақожа бас болып,
Қабыл да болған дуасы (дұғасы)!
Жақын жерден шөп жесе,
Жердің сәнін (сәнің) кетірер.
Ағайынның аразы Елдің сәнін кетірер.
Абысынның аразы
Ауыл сәнін кетірер!
* * *
Жарқ-жұрқ еткен жайда бар,
Жарау семіз байда бар.
Құйрығы бітеу қойда бар,
Қос қанаты тимеген (жетпеген) [ 1 ]
Қанаты бітеу құда бар.
Aт тұяғы тимеген
Ақ кірпіш тас суда бар.
Ғазірейіл келгенде,
Жан қалар жер қайда бар?!
* * *
Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса, үй кетер.
Жатқа тізгін бермеңіз,
Жаламенен бас кетер!
Жаманмен жолдас болсаңыз [1],
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер!
Ит жүгіртіп, құс салсаң,
Киген тоның түлкі етер.
Сыпайы сырын білдірмес,
Ақырын ғана бүлк етер.
* * *
Көкте бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас, не пайда?
Көкіректен жан шықса,
Қайтып келмес, не пайда?!
Дін мұсылман болмаса,
Тіл мұсылман не пайда?!
Қызда қылық болмаса,
Құр шырайдан не пайда?
Ерге дәулет бітпесе,
Шүлдіреген қызыл тілден не пайда?!
Мал араға түспесе,
Құр айтқаннан не пайда?!
Байдан қайыр кеткен соң,
Мал да кетер, не пайда?!
* * *
Алыстан қызыл көрінсе,
Манат емей, немене?!
Көтеріліп ұшқан соң,
Қанат емей, немене?!
Екі жақсы бас қосса,
Санат емей, немене?!
Қамшылатып жүгірген
Шабан емей, немене?!
Айтқан сөзге түспеген
Жаман емей, немене?!
Сұрағанда, бермеген,
Сараң емей, немене?!
Кісі ақысын көп жеген
Арам емей, немене?!
Іштегі сыр Аллаға мағлұм,
Сыртыңдағы қулығың
Амал емей, немене?!
Сусағанда берген су
Шекер емей, немене?!
һимматсыз [1] ерге біткен мал
Бекер емей, немене?!
* * *
Қара арғымақ арыса,
Қарға адым жер мұң болар,
Есіл көзден нұр тайса,
Бір көруге зар болар.
Батпақты сайға су түссе,
Атың арып келгенде,
Өткел бермес кешерге!
Қайырсыз итке мал бітсе,
Аңқаң құрып келгенде,
Саумал бермес ішерге!
Жаман болса алғаның,
һимматлы туған есіл ер
Киім пішсе ол қатын,
Жағасы кетер көнтиіп,
Етегі кетер салпиып.
Үлгі болмас пішерге!
Айтар болса, Алланы айт!
Таңертең азан шақырған,
Даусы сұлу молданы айт!
Өз жынысының ішінде
Даусы ащы тырнаны айт!
Тауық жүнді тазтырна
Тақыршақ жерге қонбас па,
Таралып жүні қалмас па?!
Ақ сұңқар құстың баласы
Ұяда алтау тумас па,
Ұяда алтау туғанмен [1],
Оның ішінде
Біреуі алғыр болмас па?!
Алғырының белгісі –
Ұзақтан жемді ілмес пе?!
Бірге туған ұялас:
«Бізге сауға!»- демес пе?!
Өзі аштан өлсе де,
Айырып жемін бермес пе?!
Сөйтіп жүрген кезінде
Алғырынан айрылса,
Қанаты түптен қайрылса,
Құс жаманы жапалақ
Оған да қор болмас па?!
Адамзаттың баласы
Атадан алтау тумас па?!
Атадан алтау туғанмен,
Оның-дағы ішінде
Біреуі арыстан болмас па?!
Арыстанының барында
Жорғасы болса, мінісіп,
Торқасы болса, киісіп,
Толғамалы қамшы алып,
Толғай да толғай дәурен сүрмес пе?!
Сөйтіп жүрген кезінде
Арыстаннан айрылса,
Қанаты түптен қайрылса,
Ел шетіне дау [2] келсе,
Өтініп оны ала алмай,
Алдына келген жақсының
Қадірін оның біле алмай,
Қадір-құрмет (ізет) қыла алмай,
Артында қалған жамандар
Бас-басына тозбас па?!
* * *
Ай, заман-ай, заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай,
Істің бәрі күмән-ай!
Баспақ, тана жиылып,
Пана [1] болған заман-ай!
Құл-құтандар жиылып,
Құда болған, заман-ай!
Арғымағын жоғалтып (иоғалтып),
Тай жүгірткен заман-ай!
Азаматың құлапты,
Жұрт талық болған, заман-ай!
Арғымақтың жалы жоқ,
Жабылар жалыменен теңелер.
Жақсылардың ( ихшылардың) малы жоқ,
Жамандар малыменен теңелер (тең алұр).
Арғымақ-жалсыз,
Ер - малсыз,
Алланың аманат қойған жаны [2]
Қай күні алары (алұруы) болжалсыз.
* * *
Шашырап шыққан қандар көп,
Шашау жатқан малдар көп,
Қайсыбірін айтайын,
Айта берсем, сөздер көп.
Үй артында төбешік
Ерттеулі тұрған ат болар
Қариясы кімнің бар болса,
Жазулы тұрған хат болар.
Өзіңнен туған жас бала
Саудагердей сарт болар.
Өзіңмен бірге туысқан
Алаштан бетер жат болар!
Сыйынған пірің сарт болар,
Бір Құдайға шет болар!
* * *
Өтермеден кетер ме
«Жарлымын!»- деп байғұстар
Байдың малын күтер ме?!
Тайып кетсе табаның,
Шашыңды берсең, жетер ме?!
Аздың да ісі бітер ме,
Көптің де ісі жетер ме?
Көп ішінде бір жалғыз
Сөйлесе, сөзің өтер ме?!
Рулының оғы қалса, табылар,
Жалғыздың тартатұғын (ататұғын),
Жағы қалса, табылмас.
Әкелі бала жау жүрек,
Әкесіз бала сұм жүрек,
Жиын болса, бара алмас.
Барса-дағы төрден [1] орын ала алмас.
Екі көзі жаудырап,
Тұлымшағы салбырап,
Күнінде соның не болғанын білмеймін.
Шайнағаным күмән-ды[2]!
Әкелі бала жау жүрек,
Әкесіз бала сұм жүрек,
Жиын болса, барады,
Барса, орын алады.
Бітірер сенің дауыңды,
Қайтарар сенің жауыңды,
Күнінде тастан өтер жебесі!
* * *
Арту-арту бел келсе,
Атан тартар бүгіліп.
Алыстан қара көрінсе,
Арғымақ шабар тігіліп.
Алыстан жанжал сөз келсе,
Азулы сөйлер жүгініп!
* * *
Садыр, қайда барасың
Сарысуды көбелеп?
Ақмырзамды өлтірдің
Ақ сойылмен төпелеп.
Жауайын деп мен келдім
Қар, жаңбырдай себелеп.
Арғымағым барында
Жарысқалы келгенмін.
Азаматым барында
Алысқалы келгенмін!
Жақсы болсаң, сенімен
Табысқалы келгенмін.
Жаман болсаң, шаншысып,
Шабысқалы келгенмін.
Уа, сен танымай кетіп барамысың,
Мен-Арғын-Найман арыспын (арысымын),
Азуым кере қарыспын.
Іштен туған шалыспын!
Сен данышпан болсаң,
Мен-арыстан.
Сен бұзаудың бас терісі баспақ болсаң,
Мен өгіздің жон терісі талыспын.
Сірә, қыр көтіңнен қалмаспын!
* * *
Бұқарекең біз келдік,
Ақан, Төбет байларға.
Бесті берсең, семіз бер
Жаздай Бұқар жайларға.
Бермеймін деп атама,
Асауыңды матама,
Шандырынан [1] берік тартсам,
Шамырқанып, шамданып,
Шалқасынан жата ма?
Алпыстағы Бұқардың
Сілесі құрып қата ма?!
Құлдарың мен күңдерің
Мерекеге бата ма?
Келіп едім өзіңе [2],
Түнеугі айтқан сөзіңе!
Тіпті разы болмаймын
Керегенің басында
Екі қары (қари) [3] бөзіңе!
Бермей қалсаң осы жол
Жолықпаймын деп ойлама
Жортуылшы[4] ердің көзіне!
Ежелгі дос жау болмас,
Шернеуіште[1] хаты бар!
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінде кірлер (кірдар) таты бар
Ежелгі дос жау болмас,
Айтысқан оның серті бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінің тұтқыр кірі бар.
* * *
Ханға жауап айтпасам,
Ханның көңілі қайтады.
Қандыра жауап сөйлесем,
Халқым не деп айтады?!
Ай, Абылай, Абылай,
Қайғылы мұндай хабарды
Сұрамасаң не етеді?!
Сұраған соң, айтпасам,
Кісілігім кетеді.
Енді айтайын, тыңдасаң,
Айтты деп қаһар қылмасаң,
Судан қашып қарағай,
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан суға шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ.
Ойлама: «Шортан ұшпас!»- деп,
«Қарағайға шықпас!»- деп [1],
Күнбатыстан бір дұшпан,
Ақырда шығар со тұстан.
Өзі сары, көзі көк,
Бастығының аты көп.
Күншығысқа қарайды,
Шашын алмай, тарайды.
Құдайды білмес, діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ.
Затсыз, тексіз, жон кәпір [2],
Аузы - басы жүн кәпір,
Жаяулап келер жұртыңа,
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жемқорларға жем беріп,
Азды көпке теңгеріп [3],
Ел қамын (ғамын) айтқан жақсыны
Сөйлетпей, ұрар ұртына!
Бауыздамай, ішер қаныңды,
Өлтірмей, алар жаныңды!
Қағазға жазар малыңды!
Есепке салар барыңды!
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер (ғаскер) қылар ұлыңнан.
Тексізді төрге шығарып,
Басыңа ол күн туғанда,
Теңдік тимес құлыңнан [4]!
Бұ айтқан сөз, Абылай,
Болмай қалмас артыңнан!
Есітсең мына қартыңнан!-
деп, сөзін тауысқанда, Абылай хан: «үф!»- деп, сұрағанына пүшайман болған екен.
* * *
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай!
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Үш жүзден үш кісіні құрбан (құрмалдық) қылсам,
Сонда да қалар ма екен қайран жаның ай?!
КӨТЕШ РАЙЫМБЕКҰЛЫ (XVІІІ ҒАСЫР)
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Жақсы қыздың үйіне күйеу болсаң,
Табақ-табақ алдыңа төс келеді.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Жаман қыздың үйіне күйеу болсаң,
Төсің түгіл, төсегің кеш келеді.
* * *
Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ер, жазығы жоқ, неге өлтірдің?!
Хан басың қарашыңмен даулы болып,
Үстіне ақ ордаңның қол келтірдің.
Абылай, күйіп кетті салған қалаң,
Мейрамға не дейсің жапқан жалаң?
Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,
Болады ертең жесір қатын-балаң!
* * *
Төлебайдың баласы өңшең сырттан,
Ерегесіп ет жейсің, аты жұрттан [1],
Сен бермесең, етіңнен, мен де бермен,
Зор болсаң, тартып жерсің, Ыстықмұрттан[2].
* * *
Есі бүтін табады көшкен жұртты,
Қойлы қатын алады май мен құртты.
Қарындасқа ашуың қатты келіп,
Шауып ала қойыпсың Ыстықмұртты!
* * *
Арқауылдың құба жон түсер қақтар,
Су ішкелі сол қақты құлан жақтар.
Атадан алтау-жетеу туғанменен,
Соның ішінде біреу-ақ сүтін ақтар.
Ай-қараңғы, күн-бұлт: түн демеңіз,
Біреу-жарлы, біреу-бай: күндемеңіз!
Ата тілін алмаған арам ұлды
Аузы түкті кеуірден кем демеңіз.
Ай-қараңғы, күн-бұлт: түн демеңіз,
Біреу-жарлы, біреу-бай: күндемеңіз.
Ата тілін сыйлаған адал ұлды
Хат оқыған молдадан кем демеңіз!
Балаңа, ұрса берме, таз да болса,
Малыңды, сол бағады, аз да болса.
Жұмыскер есіктегі тынышы кетер,
Қожайын төрде отырған қазба болса!
* * *
Қойым-ау, кел, қойсайшы өргеніңді,
Мен айтамын көзіммен көргенімді.
Құйрығыңды бір итқұс алып кетсе,
Сен онан ала алмассың бергеніңді.
* * *
Дулап өтіп барады тұсымнан қыз,
Ұяты бар бойында, қымсынған қыз.
Қазы менен қартаға тойғызғандай
Тәуір сыйлап жездесін отырған кыз.
Сонда қыздар айнала тұра қалып:
- Туу, мынау қалай өтірікші еді?!- дегенде, айтқаны:
- Түкірсеңдер, бетіме түкір, қыздар,
Түкіргеніңе қыламын шүкір, қыздар [1].
Көрінгенге былқ етіп құлай кетіп,
Соңыра түсер ішіңе, пікір, қыздар!
* * *
Күркелінің бауыры күнде дауыл,
Көтеш қалды қыстауда жалғыз ауыл.
Ауырып жатсам, көңілімді бір сұрамай,
Жын Сексеннің баласы қарабауыр.
Бір жанымның қамы үшін жүрдім саяқ,
Не қыламын бұл малды жаннан аяп.
Ауырып жатқан күнімде бір қайрылмай [1],
Ет дегенде қалмапты тайлы-таяқ.
* * *
Арғы атамды сұрасаң, Сексен:Жұлма,
Райымбек Сексеннен туған ұл ма?
Райымбек дейсің де, Райды айтпай [1],
Райымбек би болса, Рай құл ма?
* * *
Тінәлі, Тышқанбайдан алдым «жетім»,
Қопаның, өкпеледім, көрмен бетін.
Малдыбайдан алғаным-маңқа жирен,
Түбінде жалғыз таудың жетім етін.
* * *
Қартайғанда қатының дұшпан болды,
Баласымен бірігіп қысқан болды.
Келін деген бір дұшпан және шықты,
Біреуі-іштен, біреуі тыстан болды.
Қартайғанда қатының:
-Қазба!- дейді,
- Келін менен балаға жазба!- дейді.
- Ат болса, айғыр болса, солар мінсін,
Шолақ байтал қақбасқа аз ба?!- дейді.
«Бала, бала!»- деуменен мазалымыз,
Баладан, болар, білем, ажалымыз!
Баламызға жалынсақ, жан сақтар ек,
Келін деген даяр тұр тажалымыз!
* * *
Келін-ау, сен де тексіз, мен де тексіз,
Сен неге: «Тексіз»-дейсің жіктен-жіксіз?!
Қартайғанда Көтештің ажалына
Келіннен айғыр шықты екі енексіз.
Сөйлес дейсің, қонағым, сөйлеспеймін,
Екі елу - ердің жасы - он «бес» деймін.
Осы үйде ұршықталған жалғыз сан бар,
Төбелеспей, оны қатын кісіге бермес деймін.
* * *
Сексен - ерікке қоймады-ау қалжыратып,
Қайтіп өлең айтармын алжып жатып?!
Сексен түгіл, тоқсанға болмас едім,
Ұсақ турап, ет берсең, балбыратып.
* * *
Кәрілік әбден жеңгенде, айтқан өлеңі:
Кәрілік, жылы-жұмсақ ас жарай ма,
Қазы-қарта, жал-жая, бас жарай ма?!
Кәрілік, бәрін мұның жақтырмайсың,
Үйген топырақ, қалаған тас жарай ма?!
* * *
Атам ата болмады, қалмақ болды,
Қызын берсе, атымды алмақ болды.
Алты ешкі, жалғыз қойын базарға айдап,
Қызыл ділда, ақ жамбы алмақ болды.
* * *
Енем ене болмады, деген болды,
Жазығымыз енеге неден болды?
Сап-сау қызын ауру деп сылтауратып,
«Ақ сарыбас»- еркек қойды жеген болды.
* * *
Қонақ қусаң [1], үйіңнен құт қашады,
Байлап қойсам, атымның қарны ашады.
Кең қорығын Құдайдың Шоң қорыса,
Ақ қар жауып ол жерді, мұз басады.
Қазақта Арғын аға болған зерек,
Басқадан ол кісінің жөні бөлек.
Арғынның түп атасы - ақын Құтан,
Өлеңге бізден ұстұн болса керек.
* * *
Жөн-жобамыз - қалашы,
Қалашы мен далашы.
Бір тайырының алашы.
Жалғыз ала шолақ биенің көтіне
Құрым киіз тиіп сауған
Желкілдектің баласы,
Сауыр құлдың желігуін қарашы!
* * *
Ұстаның дандагөйі балғасында
Құдайым ұстаға күн салмасын да.
Ұстаға дандагөйсіз барамын деп,
Көріктің отырып қалдым далдасында.
* * *
Ақыл, Сексен атанған елімізді,
Атпен тартып қағатын желімізді.
«Жұтадық!»-деп, бозбала, мұңаймаңдар,
Азар болса, бір жолғы төлімізді.
* * *
Ay, балам, танымаймын, не ел боларсың,
Не дәулет, не перзенттен кем боларсың?!
Көтешті жүзге келген тонаймын деп,
Айдабол мен Күлікке жем боларсың!
* * *
Жан-жағымнан жеті ұры анталады,
Келе сала біреуі балталады.
Өспегірдің баласы қайдан туды,
Жауырынымның ортасы қанталады.
Жылқының бурыл келер шал каскасы,
Кеудеден білінеді жан басқасы.
Жұмысым болмас еді-ау бұл пұшықпен
Кешегі өтіп кетті Төлебайдың бес қасқасы!
* * *
Жүре-жүре түзелер ердің қосы,
«Байдың қызы»-демесең, жанның босы.
Үлкендерден батаны көп алып ем,
«Алғаныңмен қоса ағар»-деген осы.
Дерикеске
Жылдан аса жолдас болдың Олжашыңа,
Қайрылмастай жан екен жолдасына.
Байлау да жоқ сөзінде, матау да жоқ,
Қол ап кел Олжашыңның өз басына.
ЖАНАҚ САҒЫНДЫҚҰЛЫ
(1770-1856)
Қиғытан, Босбостағы мал баққыштар,
Біреуіне біреуі сын таққыштар.
Біреуіңе біреуің сын тақпай-ақ,
Ептеп, септеп күніңді елте қой қақпыштар!
Қиғытан, Босбостағы обырларға,
Тойып, байлық көрмеген тобырларға.
Жұмасында орыстың арақ ішіп,
Үкі тағып шабасың шобырларға!
* * *
Атым Жанақ деген соң, атым-Жанақ,
Айдаболда келіп ем Шоңды қалап.
Қонағына бір тоқты соя салып,
Бозбаласы кетеді иттей талап.
Торайғыр мен Шоң едің мақтап жүрген,
Бар ақылың осы ма сақтап жүрген?
Екеуің екі жаққа тарта берсең,
Бұратараң жеп кетер жақтап жүрген.
* * *
Жанын берген Жанақтың шұбарын жер,
Мына адам бұл шұбарды: «Менікі!»-дер.
Жақсы атыңды жалғанға сатқан жанды
Бар Құдай, өзің біл де, жазасын бер!
* * *
Абайділда, Аббастың елін жайлап,
Бес жорғасын өлтірдім кісе (кесе) байлап.
Ханнан алған сұлуым өліп қалып,
Қара күңмен келемін сорым қайнап.
* * *
Ар жақта аты шыққан Нұрикен бай,
Ішкені-алтын аяқ, аққұйрық шай.
Байлығы алты Алаштан асып кеткен,
Жылында құлындайды жеті жүз тай.
САҚАУ МӘУКЕҰЛЫ
(1798-1875)
Ескі сөз жаңа сөздің үлгісі еді,
Торайғыр, Шоң-Арқада бір кісі еді.
Жаңабатыр өлген соң, Жанақ қалды,
Тұғырына қондырған белгісі еді.
Біреуі жеті бидің Шорман екен,
Шоң биім жел жағында қорған екен.
Торайғыр жеті жұрттың дүлдүлі екен,
Кек жарып дүйсенбі күн туған екен.
Олжабай біздің елде ту ұстаған,
Балапан тұйғын кұстай қоныстаған.
Қолының қоспасынан өтсе де,
Ту ұстаған жерінен жылыспаған.
* * *
He дейді мынау кәрі күң Құдай ұрған,
Кім бар еді қонысынан желмей тұрған?!
[А]қтауды Өртау менен бірдей алып,
Кернейді Алшағырым қойдай қырған.
* * *
Үшбу күн сыртым-бүтін, ішім-түтін,
Оңдырмас қарғағанын Құдіретім!
Жігіттер (жігітлар), өлмеймін деп, ғапіл қалма,
Өлімнің, алдын ала, келмей күтін!
* * *
Күте гөр, шамаң келсе, малдың астын,
Күтпесең малдың астын, маңдымассың!
Үстіңнен мал кеткен соң, ой (үй) да (де) кетер,
Жатарсың кебек қылып қардың астын!
* * *
Жақсы кеңес естісең, құлақ құршы,
Мамық төсек, тәтті ұйқы-жанның тынышы.
Қыран құс, жүйрік ат пен сұлу қатын,
Дәулет, перзент - адамның көңіл-хошы!
* * *
Қапалы адам дүниеде зар айтады,
Жарлылық ер жігітті мұңайтады.
Өтпес пышақ, шабан ат, жаман қатын,
Құс алмайтын көкшіл құс
Сол төртеуі ер жігітті қартайтады.
* * *
Сыртында Қызылтаудың сұлы Бөрлі,
Әкемнің аруағы маған қонды.
Жігіттер, қайыр берсең, біздерге бер,
Айрылған бұлбұлынан біз бір сорлы!
Қадір Жаббар, медет бер,
Он екі мүше, тіліме!
Дария теңіз ағылтып,
Сөзді құйыл[т]ып есіме.
Бір Алламе[н] бастайын
Әз Тәукенің тұсында
Қарлығаштай қайрылысқан
Қалың қазақ ел екен.
Байсынға барса, мал бөгіп,
Жататұғын кезі екен.
Құлыны жүні бөрте екен,
Бөрте қозы өсірген,
Байсындай шүйгін бар ма екен?!
Еділ, Жайық есіліп,
Ойнап жатқан су екен.
Ертіс, Есіл мөлдіреп,
Мейір қанар нәр екен.
Қырдың жоны-Қоңыртау
Аса бір асу бел екен!
Алатаудың арқасы
Ақбураның құмындай,
Сүңгіп жатқан мұз екен.
Сырдың бойын жайлаған
Қалың Қоңырат елі екен.
Желмаясын желдіртіп,
Нар түйесін боздатып,
Байтақ жатқан Сыр бойын
Шүйгіп жүзген халық екен.
Бұл байтақты шарлаған
Төлеубайдың(Толыбайдың) баласы
Ер Олжабай жас екен!
ШЕРНИЯЗ ЖАРЫЛҒАСҰЛЫ
(1807-1867)
Ассалаумағалейкум, алдияр хан,
Өлім десе, қорқады шыбындай жан [1].
Өлімнен қашып келіп қорғалаған,
Қуып жүр құйқылжыған құрғыр заман!
«Асыл зат, ханзаданың баласы!»-деп [2],
Мен бір торғай бұтаңа қорғалаған.
Жалаң аяқ, жалаң бас зарлап тұрмын,
Көзіңнің қырын салар бар ма заман?!
Найзаңның, күміс шаптың, қияғына
Сіз-сұңқар, келіп қондым қияғыңа.
Назарың топырақты алтын қылған хансың [3],
Көз салсаң, мүсіркеумен, сияғыма!
Хан іш дәретін ала берді:
- Қараңғы түнде [4] сұмырайдай тақылдап тұрған қай неме?- дейді.
Сонда Шернияздың айтқаны:
Арқада ту ұстаған Арғынғазы,
Сайраған мен қасында (солардың) [5] қоңыр қазы.
Қысын-жаз, қылығын [6] той, күлкі қылған:
Мен байғұс-Исатайдың Шерниязы.
Байеке, қаһарың-қыс, рахматың (рақметің)-жаз,
Алдыңда өліп кетсем, өмірім [7] аз.
Күндіз-той, түнде-базар: жүрген жерім,
Бұлбұлы Байұлыңмен, Шернияз!
[Баймағамбет]:
- Құлақ - мұрнынан [8] жұрдай қылған Исатайды қоймай, әлі былшылдап тұрғанын!-дегенде, айтқан өлеңі [9]:
Шеріңнің бір сыпыршы томағасын,
Алаштан алып жеген сыбағасын.
Сау болса жақ пен тілім, күнелтермін,
Құлағым қу басымның садағасы!
[Баймағамбет]:
- Шернияз болсаң, жүр, үйге кіріп сөйле!-деп, хан үйге қарай жүре бергенде, айтқан өлеңі [10]:
Сөйлеген, хан Байеке, жақ пен тілім,
Не болар мұнан былай көрген күнім?!
Жалаң аяқ, жалаң бас, кіре алмаймын,
Қайтейін, ашылып түр абиырым!
Кәпір-антқа, мұсылман тілге [11] нанар,
Сөзімді естігеннің мейірі қанар.
Жалаң аяқ, жалаң бас кіріп барсам, Ханым мен, қуып шығар, ханшылары. І Баймағамбет] үстіндегі жаннат ішігін тастай беріп:
- Мынаған оранып үйге кір, үйге барған соң, тастарсың!-деп, хан өзі үйге кіріп, дәретін алып [12], намазын оқып болған соң, қыздарына:
- Апа сорлыға түгел киім кидіріңдер!- дейді. Киімдерді қасына апарған соң,- Ал, мыналарды ки де, ананы таста!-дейді.
Сонда Шернияз сөйледі:
Кім сөгер, сіз көтеріп демесеңіз,
Тозақ жоқ кісі ақысын жемесеңіз!
Ақ сұңқар аунағанда, түк қалмай ма[13],
Тастайын: «Қалған түгім»-демесеңіз.
[Баймағамбет]:
- Шерім, алсаң, алшы, өнеріңді көрейін, осы үйімді бір ауыз өлеңмен мақташы!-дейді.
[Шернияз]:
Жеткізбей екі жүзге ханның жасын,
Құдайым тегіс берген мал мен басын.
Жұмақтың (ұжмақтың) дәл төріндей ақ ордасы,
Салдырған саф алтыннан босағасын.
Бауы бар уығының меруерт, маржан,
Мұнан асып бола ма дүние жалған?!
Береннен туырлығын ойып салған,
Бір кезін манатының бір атқа алған.
Кілемі масаты емес, құлпы жібек,
Төріне, есігіне төсеп салған.
Осынша жұрттан озық бақ бергені,
Байеке, сіздерде де бар ма арман?!
[Баймағамбет]:
- Шерім, жарайсың, шешен екенсің, ұлым болмайтын, мынау қыздарымды мақташы! Бақандай алты қызым бар, жарастықта отыр ғой[14]!
Сонда Шернияз былай дейді:
Байеке, сіздің қызда жаман бар ма,
Дейтұғын пәлен-түген заман бар ма?
Еркек болса, әр жұртқа хан болғандай,
Әйел қылған Аллаға амал бар ма?
Орынбор, Троицк қалалары,
Ақылға сондай толық даналары.
Өңшең абзал баланы тауып берген
Жатыны асыл жан екен аналары.
Жұмақтың хор қызындай тегіс туған,
Ой, Алла-ай, қалай мінсіз балалары?!
[Баймағамбет]:
- Шерім-ай, осыншама мақтадың, енді жамандашы, қалай жамандар екенсің?
[Шернияз]:
Байеке-ау, сіздің қызда жаман бар ма,
Сіздің қызды жаман [16] дер заман бар ма?
Бір нәрсе қиыстырып айтар едім,
Бармайды ауыз құрғыр [17] жамандарға.
Қызыңның бес тиындық біреуі жоқ,
Құдай ханша дегізді амал бар ма?!
Хан:
- Енді мына қатынымды мақташы!- дейді. [Шернияз]:
Шеріңнің сөйлер сөзге желгенін-ай,
Алланың шүкір қылдым бергеніне-ай!
Жұмақтың сипатындай қияпаты,
Ханымның келбетінің келгенін-ай!
Хан:
- Енді жамандашы, не дер екенсің?- дейді. [Шернияз]:
Байеке, заманыңда тасуың-ай,
Шеріңнің сөйлер сөзге басымын-ай [18]!
Ханымның бойы аласа, мұрны қайқы,
Тап мінген [19] мегежіннің қаншығындай.
Өлең-жел, айдалаға жаққан оттай,
Япырым-ау, көргенімді жасырдым ба ай?!
Хан:
- Енді өзімді мақташы, не дер екенсің?-дейді. [Шернияз]:
Үш қабат ақ патшаға барып келдің,
Жақсыны жаман менен танып келдің.
Қызметің ақ патшаға жаққаннан соң,
Жандарал-бөлкебай шен алып келдің.
Бардыңыз Пертборға ол бір күнде,
Патша көріп таңданған келбетіңе.
Құдайдан мұнан артық не сұрайсың,
Сегіз санат тік тұрған қызметіңде.
[Баймағамбет]:
- Жарайды, Шерім, қасымда жүрдің бе, қайдан білдің?
Сол ақ патшаға барғанда, қатты науқастандым.
Өліп кетсем, жұртым қандай қайғылы болар еді,
өлмегеніме жұртым қандай шаттанды?
Өлеңмен соны айтшы!-дейді.
Сонда Шернияз сөйледі:
Сіздерді патша қойған тәңірім қалап,
Жүреді көшіңізді Қыдыр жанап.
Ауырып сол сапарда өліп кетсең,
Қалмай ма жұртың ұлып көкке қарап?!
Жер тітіреп, көк күркіреп, көркіне енбей,
Төбешік солып қалмақ болып меңдей.
Естіген-естен танып, от боп жанып,
Сенделіп қалмақ әркім [20] соққан сеңдей.
Есітіп есендігің, жұрт шаттанды,
Ғаламнан он сегіз мың жан аттанды.
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап»,
Балапан ұядағы қанаттанды.
Естумен қан жылады жұртың кейіп [21],
Жазылдың көз жастарын тәңірім иіп.
«Ханзада жазылды!»-деп естіген соң,
Тебе үлкейіп, түрленді жер көркейіп.
Қайың тал қарағай мен көркейді арша,
Шұқанақтар көл болып өсті [22] қанша?!
«Ханзада жазылды!»- деп естіген соң,
Қозы-қой, бұзау өсіп, болған тайынша!
[Баймағамбет]:
- Ай, Шерім-ай, жалғанда сенен де шешен жан болды ма екен?-дейді.
Шернияз:
- Тақсыр, дүние болған соң, неге болмасын?! [дейді]
[Шернияз]:
Шеріңнің жайы-күйі кеткені ғой,
Қалжырап босағаңа жеткені ғой!
Сайратқан бұлбұл құстай,
Ардақтап Исатайдың күткені ғой [23].
[Баймағамбет]:
- Жаудан өлген немесін айта бергенше, басқаны айтсайшы!-дегенде, Шернияздың айтқаны:
Жаман ой жете алмайды жабындыдан,
Ұл тумас Исатайдай Табылдыдан!
Исатай жаудан өлсе, шаһид өлді,
Өлмей ме жаман да үйде қағындыдан?!
[Баймағамбет]:
- Өліп қалған Исатайды да мақтадың, тірі отырған мені де мақтадың. Енді мені бір орнымнан тұрғызғысыз ғып жамандашы, өнеріңді көрейін!
[Шернияз өлеңі]:
Қой, тақсыр, жамандасам, жыларсыз да,
Ашумен алтын тақтан құларсыз да.
Сүйегіңе батырып жамандасам,
Алдияр, бізді өлтірмей, шыдарсыз ба?!
[Баймағамбет]:
- Ой, ақымақ, өзім жаманда деген соң, неге өлтірейін?! Жаманда деген, жаманда!
- Қой, тақсыр, шыдамайсыз!
- Ой, ақымақ, менің жарлығым екі болушы ма еді?! Шауып тастайын!-деп, қылышын суырып алды.
Шернияз:
- Сөйлемесем де, өлетін болдым, сөйлесем де, өлетін болдым! Ендеше өлеңім менің иманым ғой! Үндемей өлгенше, иманымды айтып өлейін!-деп сөйледі: Хан қылышын орнына салып, төрге апарып іліп қойды.
Шернияз:
- Маған, өлсем, кім жылайды?- деп,-Өзіме-өзім жылап алайын!-деп, домбыраны шертіп-шертіп жылап алып, мауқын басып, айғаймен соқты [24]:
Исатай өзімменен бауырлас-ты [25],
Төгемін, аузыма алсам, көзден жасты.
Кәпірге мұсылманды айырбастап,
Хан, сені неден мұндай қара басты?!
Арқада Арғын, Бөкей дүмбірлеген,
Байеке, елің бар ма бүлдірмеген?!
Ерімнің-Исатайдай - қанын ұрттап,
Сенен де шүршіт жақсы шүлдірлеген!
Құранда отыз пара тұрар нүкте,
«Жақсы!»-деп адам айтпас сені тіпті.
Жылатып, халықтан қарғыс алып жүрген,
Сен сарттан кәпір жақсы аузы түкті.
Байеке, асып сенен ешкім тумас,
Ойласам Исатайды, ішім [26] суымас.
Жылатып, жұрттан қарғыс алғаннан соң,
Кім ие сол мүлкіңе мұңдар қу бас?!
Хан шыдай алмай, жүгіріп барып, қылышын суырып жатқанда, Шернияздың айтқаны:
Жарасқан, хан байланса, қасқа қылыш,
Өтесің қаһарлансаң, тасқа қылыш.
Тұтқаң бар хан қолында ұстап тұрған,
Жарлықтан, хан ойланбай, аспа, қылыш!
Қалмақта хан өтіпті Қалдан Шерін,
Қанша жұрт, билеп өткен, қалың елін?!
Саяңда сайрап еді ақын Шерің,
Шынымен таянды ма маған өлім?!
Жалғанда жан көрген жоқ тарлығыңды,
Исі қазақ көп көрген нарлығыңды.
Өзіңіз айт деген соң, айтып едім,
Өзің қайтып алдың ба жарлығыңды!
Мен өлсем, болмай ма, айтшы, босағаң қан?!
Арман не, басымды алса, өзіндей жан?!
Тақсыр-ау, неге өлейін сіз тіріде,
Кірген соң аттап алтын босағаңнан?!
Ит кетер: «Кет!»-дегенде, құла қырға,
Ит емен, жеңін таппай, лағырға (лағарға).
Есімді алып, елтітіп, масайратып,
Өзіңіз әуліктірдің тартып шырға [27]!
Жүйрікпін шаң жұқпайтын тұяғыма [28],
Сіз-сұңқар: келіп қондым қияғыңа.
Өлетін кісі осындай келе ме екен,
Тақсыр-ау, көз салсайшы сияғыма [29]?!
Хан сонда қылышын сарт еткізіп қынабына қайтадан салды: - Шернияз, сен Исатайдың Шерниязы болсаң, менің де Марабай деген ақыным бар еді. Соны алдырып, екеуіңді айтыстырайын! Жеңсең, аузың барғанша сөйлеп, қалағаныңды алдыр. Жеңілсең, басыңды алдырамын. Өз аяғыңнан келдің ғой! Өз аяғынан келгенді: «Кесілген бас»-дейді. Кесілген басты қылыш кеспейді. Егер Марабайдан жеңілсең, кінәңді мойныңа қойып, өлтіргеніміз болады. Қорықсаң, міне, атың менен тоның, ал да, жүре бер!-дейді.
Шернияз:
- Қой, тақсыр, мен сізге келгенде: «Өлемін!»-деп келгенмін. Өлсем, сол өлімнен, өлмесем, жеңіп алып, кетейін! Шақырыңыз!-дейді.
Марабай домбырасын қолына алып, едірейіп, есіктен кіріп келді. Шернияз неше күннен тамақ көрмей, жаңа ғана ханмен бірге дастарқанға отырып, ханның қазы-қартасын турап беріп отыр екен.
Есіктен кірер-кірместен [Марабай ]өлеңді қоя берді:
Қақ жарған қара суды қайың кеме,
Жаныңа қысым келмей,
Алда (о, Алла) деме.
Дәл менің қаяма ұсап қақырайып,
Отырған хан қасында бұл қай неме?
Сонда Шернияз айтты:
Марабайға айтқаны
Осы ма Марабайы хан мақтаған,
Қолға алып домбырасын бармақтаған.
Алдияр ханына айтқан тақсыры ма
Қаясын хан алдында салмақтаған.
Жиылып төре, қара көп [1] отырмыз,
Келді ғой Марабайы деп отырмыз.
Хан мен екеумізге тарттың тәтті тамақ,
Қос қолдап хан екеуміз жеп отырмыз.
Сонда Баймағамбет хан ашуланып:
- Шығар итті үйден сүйреп!-деп, Марабайды үйден сүйретіп шығартып тастады [2].
- Ал, Шерниязым, сұрай бер, сөз сенікі!-дейді.
* * *
Баймағамбет қызы Ақылқайныкей тойын бастау өлеңі.
Кете: Шернияз ақынның Баймағамбет правительдің Ақылқайныкейдің тойын бастағаны:
Ассалаумағалейкум, алдияр хан,
Қорқады, өлім десе, шыбындай жан.
Сыйынып бір құдайға сөз сөйлейін,
Тіліме жәрдем болғай бір Алладан!
Әуелі, пәруәрдігер, сені айтамын,
Жаратқан Иемді айтпай, нені [1] айтамын?!
Той қылса [2] қара қазақ, әркім де айтар,
Бұл тойда топтан озған мен айтамын.
Сөйлемес бөтен қазақ мен тұрғанда,
Аузымда тәңірі берген жел тұрғанда.
Мен кімге: «Сөз сөйле!»-деп жалынамын,
Өлеңім айтатұғын кен [3] тұрғанда.
Бұ тойда не берсе де, мен аламын [4],
Дәнеңе (дәңке) жоқ шығанаққа, көл тұрғанда.
Құдайым қуат берген таңдайыма,
Әр түрлі өлең келді жағдайыма.
Тойында Байекемнің сөз сөйлейін,
Бітпесе есек қылы [5] маңдайыма.
Байекенің баласында жаман бар ма,
Баласын жаман деуге заман бар ма?!
Той етіп, қыз ұзатпақ-Хақ бұйрығы,
Болған соң Хақ бұйрығы, амал бар ма?!
Атаңыз қиналады: «Кетеді!»-деп,
«Қайсы қыз шырағыма жетеді?!»-деп.
«Көшкенде көштің көркі, көгершінім,
Қадірі, кетсе [6], мұның өтеді!»-деп.
Атаңыз қиналады: сіз кеткенге,
«Көзінің қарашығы»-қыз кеткенге!
Табылмас Байекеме сіздей бала,
Алты жүз арғымақпен іздеткенге [7]!
Атаңның қиналғанын көріп келдім,
Май салған қорғасындай еріп келдім.
«Ау-ата, Ау-анадан қалған жол!»- деп [8],
Насихат, білгенімше, беріп келдім.
Той етіп [9], қыз ұзатпақ-Хақ бұйрығы,
Адам мен Хауа ананың тап бұйрығы.
Біздерге жеңешең де еріп келген
Біреудің әспеттеген ақ құйрығы.
Той етсе, әдепсіз қыз көп жылайды,
«Айтсын - деп, бауырмал қыз»-деп, жылайды.
Той етіп, қыз ұзатпақ-Хақ (ақ) бұйрығы,
Болған соң Хақ бұйрығы тек [10] жылайды.
Алғаның хан Жәңгірдей бақты (бақытты) болсын,
Алтыннан күміспенен [11] тақты (тағы) болсын!
Ақ үйің ойда тұрған қырға қонсын,
Ақ тісің, аузыңды ашсаң, нұрға толсын!
Үйіңе үлде менен бүлде толсын,
Болмаса күндіз пұрсат, түнде толсын!
Жасаған, айтқан сөзім түс келтіріп,
Үйіңе Қызыр Ілияс күнде қонсын!
Басымды [12] қоса көрме төменменен,
Семірмес, қаз ормаса, жегенменен.
Алдыңда аз ғана сөз, әңгіме айттым,
Асылдың азы жақсы дегенменен.
Атан түйе тарта ма, тас артқан соң,
Тасын не ғып көтерсін баса артқан соң?!
Тақсыр-ау, қылған қайырың сыр [13] болмай ма
Өзің беріп, өзіңіз шашалтқан соң!
Қойшы айтты байдың атын «Баянас» деп
Шернияз бір байдікіне қонады. Бай бәйбішесіне:
- Ет ас!- десе, жақтырмайды, қабағын тыржитады. Сонда Шернияздың айтқан өлеңі:
Қойшы айтты байдың атын «Баянас»-деп,
Бай айтты бәйбішеге: «Жаяны ас!»-деп.
«Алыстан арып-ашып келгенімде,
Қонақтан бар жұмсағын аямас!»-деп.
Бай айтты бәйбішеге: «Құйрықты ас!»-деп,
«Қонаққа құйрық деген-бұйрықты ас!»-деп.
Байдың сөзін бәйбіше тыңдамады,
Қасын шытып, қабағын шүйіріп тастап.
ШӨЖЕ ҚАРЖАУБАЙҰЛЫ
(1808-1895)
Қызы едің ол Байыстың, атың-Балдай,
Іс қылдың естіген жұрт таң қалғандай.
Жігіттің өзі құрбы сарасы еді,
Дегенге не айтасың: «Дубан қандай?»
Шөженің Жолшараға айтқан өлеңі
Өзің-қазы, Жолшара, әкең-Анай,
Қазылықпен параны жедің талай.
«Өлең айтқан күнә»-деп, кемітесің,
Ат пен түйе парадан алған қалай?!
Өзің-қазы, Жолшара, әкең-Анай,
Қазылықпен параны жедің талай.
Сегіз жұмақ болғанда, жеті-тозақ,
Қайсысына кірерің екіталай!
Аят, хадис дейтұғын Шар кітапта,
Мұндай сөзді айтады әр кітапта.
«Соқыр келсе, садақа бермесін»,-деп,
Айтқан екен, кәнеки, қай кітапта?
Көзімді алды Құдайым: «Көрмесін!»-деп,
«Жын-шайтанның тіліне ермесін!»-деп.
«Кәріп пенен қасерге қайыр, зекет
Қай кітапта айтыпты-бермесін!»-деп?
Тәттімбетке барып ем, бір ат берді,
Жал-құйрығы бүп-бүтін құр ат берді.
«Бұл соқырға бергенім жарай ма?»-деп,
Қожасы мен молдадан сұрап берді.
* * *
Шөгіп жатқан Алшекем нар секілді,
Жүсіп жанның ақылы бар секілді.
Тоқсанбайдың баласы өңшең шірік (жаман),
Жаңбыр езіп (жауып), құлаған жар секілді.
Алшекемнің баласы мырза (алтын) Жүсіп,
Алдыңа Шөже келді құстай ұшып.
Жұма күні алдыңа кез болыппын,
Саған өлең айтамын көңілім түсіп.
Асаубайдың баласы-Әбен болыс,
Үстінен о да берді шапан шешіп...
Ақ серкесі Бошанның, Алшынбайым,
Екі шекті қу тақтай қамшылайын.
Өңшең доңыз есіктен кіргізбейді,
Соқыр байғұс далада қалшылдайым.
«Мынау қалай айуан дүр!»-деп айтты,
«Белдеу ұстап, жағалап жүр?!»-деп айтты.
Есік алған бозбала: «Қақпа бетін,
Сәлем бере, соқырым, кір!»-деп айтты.
«Белдеу ұстап жағалап жүрдім!»-дедім,
«Сенің төре екенің білдім!»-дедім.
«Ел-тары да, мен тауық несіп терген,
Сәлем бере алдыңа келдім!»-дедім.
Елу жылқым бар еді, «қоян» алды,
Қырық сиырым «мәліктен» өліп қалды.
Майқы, Бошан-көл дария теңіздей ел,
Қаздай қалқып бұл Шөже келіп қалды.
Екі балам шешектен өліп қалып,
Шам-шырағым, сөнген соң, тұрған жанып.
Дүние жүзін көрмеген мұңды соқыр,
Әрең жеттім алдыңа өліп-талып.
Бозбалаға жарасқан алқарагер,
Екі жақсы бас қосса, жылаған жер.
«Уәде-Құдай аты»-деген сөз бар,
Алшеке, көп қақсатпай, атымды бер!
* * *
Осы үйде бас қосыпты таз бен соқыр,
Кітапты «Сопы Аллажар»-молдаң оқыр.
Алшеке, сіз-дария, біз бір-қарға,
Дарияның, қарға келіп, шетін шоқыр.
Түрегеліп Алшынбай төрге барды,
Жер бауыр лақ қамшыны қолына алды.
- Мына соқыр айуан не дейді?!-деп,
Қамшыменен қақ басқа тартып қалды.
- Япырым-ау, бұ немене тарсылдаған,
Қаншық емес, төбет қой арсылдаған.
Алшынбайдай көргем жоқ кәрі төбет,
Алжығанша ашуы басылмаған.
Тудырасың басыңа заман ақыр,
Елінде ақын бар болса, жылдам шақыр.
Жерошақта жығылып басың күйген,
Құдайдан көр бұл істі, төбел, тақыр!
һәптиектің ішінде бар-ды Ясин,
Қанын ұртта соқырдың, жарсаң басын.
Жуан аяқ кұрт үшін басың күйген,
Құдайдан көр бұл істі, алабасым!
Ақ серкесі Бошанның-Алшынбай таз,
Жаз шілгерде ұшады аталы қаз.
Екі сөздің бірінде соқыр дейсің,
Кепиетің бар болса, басыңды жаз!
* * *
Жылқышының қарайған қосы болды,
Иманды құл Алланың досы болды.
Ел қыдырған кешегі есер шақта
Шаншардың ат шаптырған асы болды.
Сол асқа Тәттімбетпен бірге келдім,
Таңертең Алшынбайға сәлем бердім.
«Қаз дауысты Қазыбек ұрпағы»-деп,
- Алдыңа өлең айта келдім!»-дедім.
* * *
Алшекемнің кісісі құта жазды,
Асық ойнап балалар ұта жазды.
Қорқау қасқыр сықылды Алшынбайың,
Өлең айтқан Шөжені жұта жазды (жаздады).
Жылқымды айдап саламын Кеңаралға,
Оқ шырқасам, жетер ме Таумазалға?!
Арызымды соларға айтайын деп,
Жетіп бардым адъютант жандаралға.
«Тәуекел!»-деп, алдыңнан тұрдым жылап,
«Не қылад?!»-деп, тазың тұр мені сынап.
Пәуескеден сол жаңа түскен екен,
Қоя бердім мен өлең орысшылап.
Қырғызшылап бір өлең айттым сайрап,
Шүршітшілеп кетіппін оттай жайнап.
Орысшылап енді өлең айтқанымша,
Кешіктірмей екеуін келіпті айдап.
- Неге мені сабадың, екі доңыз?
Боқты, бермей кетерсің екі «тоғыз»?!
Менің кегім соныменен біте тұрсын,
Екеуінен әперші екі «семіз»!
Неге мұны сабадың, екі доңыз?!
Керегі жоқ: «Пошел-тик, тоғыз-моғыз!
Өлең айтқан Шөжені мұндай сабап,
Бұйрық қыл да, «Кеншеге (кеңсеге) салсын!»-деңіз.
- Сабағаны соқырға дар-ay,
Тазға қырсық күн туды һайда дарау!
Қамшыменен басымды қақ айырды,
Басшы сұлтан государ біле-дар-ау!
Он теңгені әперді қолыменен,
Кең қалтаның баяғы молыменен.
Соқырменен еш адам ойнар емес,
Үйге қайттық: «Құдай!»-деп соныменен.
* * *
Апа[м] бүгін түсімде:
- Сәлем!- дейді,
- Бір қойын сойып бермеді балам! - дейді.
- Маған бір қой бермеген қу Шаңдыбас
Соқыр-ау, не береді саған?!-дейді.
Шөженің Шоң биге айтқаны
Ағында аса жақын болған жоқ-ты,
Сөзінде тура бидің жалған жоқ-ты.
Хан-қара, неше билер өтсе-дағы,
Бәрі де Тайкелтірдей болған жоқ-ты!
Жәукедей ел бастаған көсемді алдың,
Торайғыр, Жиреншедей көсемді алдың!
Қырмызы қызыл жібек, қайран, Шонты,
Шоң биім, осы күнде жалғыз қалдың!
Шөженің Секербайға айтқаны
Жаратқан құдіретін көр бар құдайдың,
Қызығын көрдім жастан бірталайдың.
Қорығында Өлеңтінің отырғанда,
Аулына іздеп келдім Секербайдың.
Жайылған ақын атым ой мен қырға,
Белгілі мен қыран құс түскен торға.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің аман-есен, сары жорға?!
Арғы атаң Төлебайға қыдыр қонған,
Әулие Едіге би одан туған.
Кешегі дуан аузы ашылғанда,
Ағаң Шоң болып еді аға сұлтан.
Жүк тайлаққа қалғанда, ел аулақта,
Аруақ сарқып, келіп саған қонған.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің аман-есен, Секербай-жан?!
Сонда Секербай басын көтеріп, түрегеліп:
- Ай, Шөже, ертең жүз кісімен асқа жүрейін деп отырмын. Ерейменнің саласында отырған Мұсаның үйіне түсем. Мұса да асқа барады. Сегіз дуан елдің жақсылары жиылады. Өлең айтсаң, Мұсаның үйінде айт, асқа барғанда айт, қазір тұра-тұр! - депті. Сонда Секең Шөжеге:
- Көр,- деп айтты.
- Бір сөз айтам, мойныңды бұр!-деп айтты.
- Қаракесек: Күдері бір үлкен бай,
Қызылқұрт Күдеріге сауын айтты.
Ауылы-Қазалы, үй түндікті,
Сойғызып тоқсан бие, жүз үй тікті.
Қарқаралы, Қараөткел, Кереку мен
Шақырды Омбы, Семей төңіректі.
Аягөз, Алматы мен ол Жетісу,
Шақырды хабарменен Көктеректі.
Сол асқа маған еріп барсаң, соқыр,
Келеді талай шонжар не керекті.
Не жақсы, мырза келеді мойны жуан,
Мейрамның бес баласы басын қосты.
Сол жерге еріп барып сөйле менімен,
Айтамын: «Сабыр қыл деп, - оған дейін.»
Ат бастатқан бір «тоғыз» мен бергенде,
Өзгенің бермегенін мен көрейін.
Ауылы Ерейменнің саласында
Жылқысы «Шүршіт қырған» жағасында.
Отырмын ертеңгі күн жүрейін деп,
Шорманның барып сөйле Мұсасына.
- Ал, Шөже, ендігі өлеңді өзің айт,-дейді Секербай. - Ал, Шөже, менің алдымда айтып отырсың ғой, ертең Мұсаның алдына барғанда, айта алмасаң, қайтесің? Асықтың қаржұрынан келген Қаржас түк бермесе, қайтесің?-дейді.
Ертеңіне Шөжені ертіп, Күдерінің асына жүріп кетеді. «Мұса, Секербай келеді!»-деп, төрт үй тіктіріп қойған екен. Секербайды бас қылып, жиырма кісіні Мұса өз үйіне түсіреді де, қалғандарын тіккен үйге бөліп түсіреді. Сәлем беріп, кіріп келсе, Мұса екі қолын төбесіне қойып, шалқасынан жатыр екен. Кіріп келген Секербайға көзі түсіп, орнынан түрегеліп, Секербайға қолын ұстап сәлем береді де, қайта орнына жата кетіпті. Басқалармен амандаспайды да.
Сонда Шөже:
Мен кірдім сәлем беріп, Мұса мырза,
Көргенде ақ жүзіңді, көңілім риза.
Сәлем берсе, басыңды көтермейсің,
Біз сорлы кісі жейтін қасқырмыз ба?
Мұса, саған Құдайым берді білім,
Лайық ғылым берді, бектік алым-білім.
Ғақыл менен бектікті бірдей берді,
Тағы да Құдай берді өнер, ғылым.
Жақсыға жарасады: «сіз, біз»-деген,
Қалпы бар жақсы, жаман елді көрген.
Fазазіл тәкаппарлық қыламын деп,
Атылып таспен, көктен жерге енген.
Сөзімнің, құлағың сал, форымына,
Сөйлесем, келтіремін орынына.
Ібіліс тәкаппарлық қыламын деп,
Киілген лағынет хамыт мойынына!-дегенде,Мұса:
- Атым-Мұса, әкем-Шорман. Мен мақтауыңа лайық емеспін, мына «шынжыр балақ, шұбар төс» Секең болмаса! - депті. Сонда Шөже:
Қуандықтан келеміз шеру тартып,
Аға болған Арғында-Алтай: Қарпық.
Өзің дуанбасы болғанда,
Інің Мұстафа болыс боп тұр,
«Төрт жар болам,- демесең,- мұнан артық»,
Бара ма бір бір жеріңнен негіз тартып?!-депті.
Сонда Секербай: «Өзім-Мұса, әкем-Шорман, мен мақтауға лайық емеспін»-деп отыр ғой, осыны жамандашы!-депті.
Шөже:
Мұсажан, мен айтайын, бабам-Мейрам,
Қуандық, Сүйіндік пен-бәрі сонан.
Бегендік, Шегендік пен Болатқожа,
Баласы Қаракесек: Майқы, Бошан.
Сүйіндіктен: Құлболды, ер Орманшы,
Жанболды, аз туса да, бір баласы.
Бір болыс Шегендіктен Қақсал туып,
Көп болды Бегендіктің айналасы.
Бегендіктен:Тоқтас пен Қожамберді,
Болған соң жері шалғай, жырақ жүрді.0
Сүйіндік сары белдей ел болғанда,
Өткізген өз қолынан талай ерді.
Белгілі Шақшақұлы-ер Жәнібек,0
Бошанда: «Қаз дауысты ер Қазыбек».
Орманшыда Қарабай халық ұстапты,
Жобалы Сүйіндіктің сөзін сөйлеп.
Мырзағұл батыр болған судай тасып,
Төлебай би болыпты елден асып.
Төлебайдан би Едіге туып еркін,
Бір Құдай кем қылмаған бағын артып.
Баласы Едігенің: Торайғыр, Шоң,
Нұрдан тәңірім жаратқан Шоңның миын.
Бәйге атындай қылмиып Боштай шықты,
Бұлармен қатарласып артынан соң.
Қуандыққа бітіпті мал менен бас,
Сүйіндікке ежелден қыдыр жолдас.
Қуандық, Сүйіндіктің заманында
Ғайыптан келіпті ғой атаң Қаржас.
Мейрамның келген жылы қойын бақты,
Болғанда екінші жыл жылқы бақты.
Қойы-егіз, жылқысы аман, «құт аяқ» боп,
Бабаңыз Мейрам биге әбден жақты.
Тумаса да, туғандай тәрбиелеп,
Мейрам би бабаңызды қолына алыпты.
Мұса-жан, демейсің ғой мені есті,
Сонда да сөзім-рас, көкейкесті.
Бабаңыз сөйтіп жүрген уақытында
Қуандық, Сүйіндік пен ұл көрісті.
Екеуі келер күзден енші алысты,
Қуандыққа: «Еншіні алсын!»-депті.
- Қаржасты бала қылып, қолыма алам,
Бұл бала меніменен болсын!-депті.
Қуандық өкпелейді:
- Әкемді көрмеймін!-деп,
- Зорлыққа өлгенімше көнбеймін!-деп.
Сүйіндік, әкесіне, бұл да өкпелі:
- Орнымды келген құлға бермеймін!-деп.
Сонда әкесі Мейрам:
- Дүниенің кім біледі кең мен тарын,
Бір күнде көріп едім кемдік зарын!
Түбінде осы бала кем болмайды,
Біреуің еншілес қыл, шырақтарым!
Қуандық айтты:
- Бұл баланы мен алам,-деп,
- Мен алсам, бауырыма сап, ұл қылам!-деп.
Найман ата ішінде Арда биден қыз әперіп,
Мен мұны тең құрбыдан кем қылман!-деп.
Сүйіндік айтты:
- Бұл баланы мен алам,-деп,
Мен алсам, өзімменен тең қылам!-деп.
Ұлы жүзде: Үйсіннен қыз әперіп,
Бір тайпа өз алдына ел қылам!-деп.
Мейрам:
- Екі балам, екеуің келіссең, қайтер?
Сөзіме менің айтқан көнсең, қайтер?
Қолдарыңа бір асық алсаң, қайтер,
Төреші сол асықты қылсаң, қайтер?!
Алшынлы, шік-Қуандық ағаң алсын,
Тәйкелі, бүк-Сүйіндік, саған қалсын!
Екеуің осылайша қылсаң, қайтер?!
Қуандық:
- Ал, әке, осы айтқаның болсын дейін,
Осыған екі балаң көнсін дейін.
Алшы, шік, тәйке, бүк-мен аламын,
Сүйіндік омпа тұрса, алсын!-деймін.
Болғанда ата-мекен, ана қорған,
Ананың кенже ұлына іші бұрған.
Қуандық жуандықты қылған шақта
Шешесі Сүйіндіктің естіп тұрған:
- Әйелдің өзім құрбы данасы едім,
Тау сирақ қамқа тонның жағасы едім.
Сенбесең, төркінімді - Төлебиді,
Ұлы жүз: Өгіз бидің баласы едім!
(аяғы сақталмаған).
АРЫСТАН ТОБЫЛБАЙҰЛЫ
(1811-1880)
Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Әлеумет, құлақ салып тыңдасаңыз,
Арқада Абылайдай хан болыпты.
Ереймен, Есіл басы тау болыпты,
Кәпір-көп, мұсылман-аз-жау болыпты.
Баласы Қасымханның: Ержан, Сержан,
Орыс пен Кенесары жау болыпты.
Төскейде мал жайылар қау болғанда,
Жігітке кедейлік жоқ cay болғанда.
Ұшқан құс, жүгірген аң өте алмады,
Орыс пен Кенесары жау болғанда.
Қылады Мекержіде байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін,
Хан болды қырық сегіз жыл Көкшетауда.
Жеткенде жиырма беске Ташкент бардым,
Қамалып бір қыс, бір жаз сонда қалдым.
Атаның артық малый аяйын ба,
Бердім де қырық жетіні, бір қыз алдым.
Жеткенде жиырма бес[ке] Ташкент бардым,
Қамалып бір қыс, бір жаз сонда қалдым.
Жігітке мал таппағы қиын екен,
Күн өтіп малдаспенен, көп сандалдым.
Жүк артып он сегіз пұт әрбір нарға,
Болады әркім әуес қызы барға.
Ташкентте бір қыс, бір жаз бұғып жатып,
Қайтадан шықтым енді Қызылжарға.
Бұйдасын қызыл нардың қолыма алдым,
Жеткенде жиырма беске Ташкент бардым.
Кене хан керуенді қамағанда,
Қай жаққа қашарымды білмей қалдым.
Шұбыртып мал біткенді санап тұрды,
Ұмтылып қолы жеткен талап тұрды.
Қылармын нешік айла мұнша көпке,
Жиылып бес жүз жігіт қамап тұрды.
Көк бестім мінілмеген баршын екен,
Көрсеткен қызды сұлу аршын екен.
Жиылып бес жүз жігіт қамап тұрды,
Толыбай-қолбасшысы-Алшын екен.
Жарасар күміс жүген Қаракөкке,
Қылайын нешік айла мұнша көпке?!
Хан шақырса, келмеген, сорлы Арыстан,
Жалынды: «Сауғабас!»-деп, төлеңгітке.
Ауылым Қорғалжынды қыстап алды,
Бөркім бар қызыл алтай тыстамалы.
Кене хан керуенді қаматтырып,
Ақынды Арыстандай ұстап алды.
Төлеңгіт тұс-тұсынан анталады,
Қанішер бет-бетімен балталады.
Қылышпен бірі шапты, бірі шанышты.
Бір жағы бүйірімнің қанталады.
Орнымнан бір отырған тұра алмадым,
Дірілдеп тұла бойым, бұраңдадым.
Бүйіріме қан ұйысып қалған екен,
Атыма үш ұмтылып міне алмадым.
Атыма үш ұмтылып міне алмадым,
Тағдыры болды осылай бір Алланың.
Желкеге айбалтамен бір түйгенде,
Қай жаққа қашарымды біле алмадым.
- Не жаздым, төлеңгіттер, мұнша талап,
Алып ең екі зекет құрттай санап.
Бұрын таңдақ тимеген сорлы Арыстан
Төрт жерден, тұра алмадым, басым қанап.
Не жаздым, төлеңгіттер, мұнша талап,
Алып ең екі зекет құрттай санап.
Өлтірсең, кәріп жанды, жылдам өлтір,
Қинадың бір жанымды иттей талап.
Көкбесті мінілмеген баршын екен,
Көрсеткен қызды сұлу аршын екен.
Жиылып бес жүз жігіт қамап тұрды,
Толыбай қолбасшысы-Алшын екен.
- Жарасқан сауыр етке белтір,-дейді,
- Қиуын қиын сөздің келтір!-дейді.
- Атығай, Қарауыл мен-ескі бодан,
Қаратпай алды-артына өлтір!-дейді.
Біреуі қанішердің жетіп келді,
Насыбай, шылым шегіп, елтіп келді.
Белде-айбалта, қолында қылышы бар,
Қасыма сұп-сұр болып жетіп келді.
Тымақтың алшын бардан тысы бар ма,
Менімен Кене ханның ісі бар ма?!
- Айтатын хан иеме арызым бар,
Бұл жерде Орта жүзден кісі бар ма?
Төлеңгіт ұрыссуға тым-ақ күшті,
Басымнан қан сарқырап аспанға ұшты.
Астында-қаракөк ат, қолда-қылыш,
Бір жігіт көлденеңдеп ара түсті.
Сонда сол жігіт бесжүздіктің басшысы Толыбайға айтқаны:
- Таудағы таза гүлді термеймісің,
Қолыңды, өтер дүние, сермеймісің?!
Өзіңе жан болғалы түскен ісім,
Төлеке, маған сауға бермеймісің?
Онда Толыбай айтады:
- Қонғаны ауылымның Қалың деймін,
Сенің де түп пейілің мәлім деймін!
Атығай, Қарауыл мен - ескі бодан,
Ежелден бодан болған залым деймін!
Сонда қаракөк атты жігіт айтқаны:
- Тісіңді алыс жауға көп қайрайсың,
Артынан найза, қылыш бек таяйсың!
Апармай хан алдына, өлтіртпеймін,
Сен дұшпан шамаң келсе, кімді аяйсың?!
- Орнымнан бір отырған тұра алмадым,
Дірілдеп тұла бойым жүре алмадым.
Қаныма жалғыз қасық ара түскен
Қай ру екеніңді біле алмадым?
Мен өзім сөйлеуші едім сөз төресін,
Бұл болса көрсеткенің, күн құрысын!
Қаныма жалғыз қасық ара түскен
Бауырым, жөніңді айтшы, қай русың?
Есілдің, ауылым тұрған кірісінде,
Көзімнің мен сөйлейін тірісінде.
Қаныма жалғыз қасық ара түскен,
- Арғын, Найман, Қыпшақтың бірісің де!
Ақының сөйлер сөзге налымады,
Сұраспай, жау жолында, танымады.
- Ағатай, мен де езіңдей Орта жүз,-деп,
Сол жігіт жылайын деп қамығады.
Есілдің ауылым қонған кірісі екен,
Қыпшақтың, Арғын, Найман жынысы екен.
Қаныма жалғыз қасық ара түскен
Шоқпыттың-Бағаналы інісі екен.
Мойныма темір арқан салып келді,
Көңілім кәріп жаннан қалып келді.
Жігіттер, шықпас жанға аз бір айла,
Алдына хан Кененің алып келді.
Қосының қонған орны тақыр екен,
Тіккені жасыл торғын шатыр екен.
Алдына хан Кененің алып келді,
Сұлтаным әлі ұйықтап жатыр екен.
Орнымнан бір отырған тұра бердім,
Тітіреп тұла бойым әзер тұрдым.
Жел сөзді құдай берген аяймын ба,
Суырылып келген жерден қоя бердім.
Астымнан-жер, үстімнен күн өтіп тұр,
Төлеңгіт жаяу айдап жүдетіп тұр.
Кене хан шырт ұйқыда жатыр екен,
Алпыс жігіт қылышы бар күзетіп тұр.
Ауылым көшіп кеткен жұртында отыр,
Ақынның айтар сөзі ұртында тұр.
Сұлтаным әлі ұйықтап жатыр екен,
Шоқпармен тоқсан жігіт сыртында отыр.
Астымнан-жер, үстімнен күн өтіп тұр,
Төлеңгіт жаяу айдап, жүдетіп тұр.
Кене хан шырт ұйқыда жатыр екен,
Қырық жігіт қанжары бар күзетіп тұр.
Базарға айдағаным тұсақ екен,
Жаныма асынғаным пышақ екен.
Қырық жігіт қанжары бар күзетшісі
Сұрасам, оның түбі Қыпшақ екен.
Аулының қонған орны майдан екен,
Қойылтқан қойдың сүтін айран екен.
Қылышты алпыс жігіт күзетшісі,
Сұрасам, оның түбі Найман екен.
Жүгірткен жүйрік атты барқын екен,
Төлеңгіт бізді ұстаған әркім екен.
Шоқпармен сыртта тұрған тоқсан жігіт
Сұрасам, оның түбі Арғын екен.
Жіберіп Көкаланы, керді міндім,
Арымас, алты ай шапса, пілді міндім.
Күзетші, күтушінің-бәрі Орта жүз,
Жігіттер, өлмесімді енді білдім.
Жігіттер, күн-бүгінгі, жыл-биылғы,
Адамға басқа түссе, іс қиын-ды.
Өлеңді бес-алты ауыз жібергенде,
Үстіне Арыстанның жұрт жиылды.
Ауылым Қорғалжыннан асып кетті,
Сарғайтар, қайғы түссе, ақша бетті.
Өлеңді бес-алты ауыз жібергенде,
Иінімді төлеңгіттер басып кетті.
- Терісі сары ешкінің таспа,-деймін,
-Арыстан сөйлемейтін жас па?-деймін.
-Айтатын хан иеме арызым бар,
Иінімді, төлеңгіттер, баспа!-деймін.
Боз үйдің тамшы ағады тесігінен,
Жатпайды, шошып бала, бесігінен.
Маралдың әділ жүзін бір көрейін,
Шатырдың серпіліңдер есігінен!
Ауылым Қорғалжыннан асып кетті,
Сарғайтар, қайғы түссе, ақша бетті.
Өлеңді бес-алты ауыз жібергенде,
Иінімді төлеңгіттер басып кетті.
Көшкенде жүк артамын нар түйеге,
Әрқашан жалбарынам әулиеге.
- Иінімді, төлеңгіттер, баспай отыр,
- Айтайын [мен] өзімді хан иеме!
Кене хан көзін салып аша берді,
Иінімді төлеңгіттер баса берді.
Сұлтаным:
- Босат жолын!- дегеннен соң,
Алдымнан төлеңгіттер қаша берді.
Бидайды піскеннен соң, өзім ордым,
Тітіреп тұла бойым әзер тұрдым.
Сұлтаным:
- Бері әкел!- деп, әмір қылды,
Сол шақта Кене ханның жүзін көрдім.
- Ойнаған екеу-екеу мерекең-ай,
Үстіңде алтын шатыр, көлеңкең-ай!
Ту ұстап, заманында тұлпар мінген,
Жүрмісің аман-есен, Кенекем-ай?!
Батырдың, сауға лайық, ілігінен
Сары атан жүк көтерген жілігінен.
Ту ұстап, заманыңда тұлпар мінген,
Қасымхан айналайын сідігінен!
Орыстың қашып шықтым қаласынан,
Арқаның, ат жайылар, даласынан.
Ту ұстап заманыңда тұлпар мінген,
Қасымхан, айналайын, баласынан!
Сөйлейді әркім тауып сөз лайығын,
Зырлатар қайың күрек желқайығын.
Ойда-орыс, қырда қоқан арасында
Жүрдің бе аман-есен, бидайығым?!
Әркім тауып сөйлейді сөз ереуін,
Балта ұстаған біледі қар күреуін
Ту ұстап, заманыңда, тұлпар мінген,
Жүрдің бе аман-есен, жау жүрегім?!
Біледі жылқы айдаған жер алысын,
Көреді әркім жақын өз танысын.
Ту ұстап, заманыңда тұлпар мінген
Жүрдің бе аман-есен, жолбарысым?!
Кене хан, жақсы көрсең, қарашыңмын,
Жек көргенмен, өзіңнің алашыңмын!
Атаңа алты қатын алып берген,
Атығай-Қарауылдың баласымын!
Алдыңа сөз сөйлейді данышпаның,
Ешкімнен сөйлер сөзден қалыспадың.
Ту ұстап, заманыңда, тұлпар мінген,
Жүрсің бе аман-есен, арыстаным?!
Әуелі Абылайдан Қасым туды,
Сүйеп ер Саржанның асыл туды.
«Кешегі әкем салған қара жол!»-деп,
Кеуірді Қаражолдан қайта қуды.
Әуелі Абылайдан Қасым туды,
Кене хан бәрінен де асыл туды.
Кене хан асылдығын сонан білдім,
Көтерді Қараөткелге жасыл туды.
Әуелі Абылайдан туды Қасым,
Кене хан бәрінен де болды басым.
Таусылмас қалың Арғын, мен өлгенмен,
Алдыңа, міне, өлтірсең, келді басым.
Бата оқыр ақсақалдар туған айға,
Кіреді иманды құл кең сарайға.
Бетіне төре, қара еш келмеген,
Жалындым-Төртуылда: Жанайдарға!
Жарасқан жүйрік атқа темір таға,
Көрсеткен ерді сұлу алтын жаға.
Екеуміз: Арғын, Найман-егіз едік,
Ханға тоқтау айтсайшы, Шоқбыт аға!
Әуеден қар жауады күтір-сатыр,
Жиылып төре-қараң келе жатыр.
Сізде-қырғыз, біздерде қазақтық жоқ,
Ханға тоқтау айтсайшы, Жеке батыр!
Өлеңді қоя бердім ентелетіп,
Басын созып, аяғын келтелетіп.
Қасында бес жүз жігіт нөкері бар,
Ағыбай-Шұбыртпалы келді жетіп.
Жылқымды айдап салдым терең сайға,
Көп міндім кішкенемнен жорға тайға.
«Бір хайла шыбын жанға бола ма?»-деп,
Жалындым Шұбыртпалы - Ағыбайға.
Төлеңгіт ортаға алып тепкіледі,
Еш адам батып ханға беттемеді.
– Орта жүз, туғаныңды таптың ғой!-деп,
Наурызбай ашуланып, өкпеледі.
Төлеңгіт жаяу айдап, қан жұтыппын,
Көңілді шыбын жаннан суытыппын.
Батырын Арғын, Найман тегіс жоқтап,
Мақтамай ер Науанды ұмытыппын.
Қарадан қазы болған Қарақұлтан,
Терем бар Құдайменде, Ержан сұлтан.
Өзгесі мақтаншылық қылса-дағы,
Басқасы бір Науаннан қалтаң-құлтаң.
Жылқымды айдап салдым терең сайға,
Көп міндім кішкенемнен жорға тайға.
Болмасын Орта жүзден білгеннен соң,
Жалындым алдиярлап Наурызбайға.
Ақының сөз қиуын келтіреді,
Мершаптар қылышпенен жер тіреді.
Ер Науан:
- Сөйлеме!-деп, ақырғанда,
Басқасы бір Кенеден тітіреді.
Илесе ақ бидайды, болар қамыр,
Ішінде төлеңгіттің жоқ-ты тамыр.
- Кене хан өлтіруге ыңғайланды,
Бере гөр, өзің медет, а, иа, Қадір!
Кене хан арығыңмын, семізіңмін,
Шалқар көл, су аяғы-теңізіңмін!
Атаңа алты қатын алып берген,
Атығай-Қарауыл мен егізіңмін.
Салғанда сөйлер сөзге ер таласпан,
Бұралған саздау жерге саз ағаштан.
Бірігіп атаң Абылай хан көтерген
Ежелгі ескі кұлың үш алаштан.
Ақбөкен түнде жортар жапан түзбен,
Кене хан, сірә, сізден күдер үзбен.
Бірігіп атаң Абылай[ды] хан көтерген,
«Азуым алты қарыс»-Орта жүзбін!
Аққорған-ел жайлауы ши болыпты,
Көп сөйлеп, шіркін тілім и болыпты.
Арғынға атаң Қасым хан болғанда,
Толыбай-менің әкем-би болыпты.
Қыс болса, жел жағымның қаласы едің,
Жаз болса, жау жағымның панасы едің!
Алдыңа итқорлықпен келіп тұрмын,
Ағаңның би Толыбай баласы едім.
Хан айтты:
- Бұл жолға қалайша атқа міндің?-дейді,
- Бұл жерге ажал айдап келдің!-дейді.
- Арыздас өлмей тұрып, мекеніңе,
Арыстан, қақсасаң да, өлдің!-дейді.
- Жігітпен өзім теңдес табандастым,
Суық сөз естіген соң, жаман састым.
Ер Науан:
- Енді өлесің!- дегеннен соң,
Сол жерде Қызылжарға амандастым.
Қайың тал, қарағай мен қалың шұбар,
Дүние-ай, кеткенің бе болып құмар?!
Құс салып, ит жүгіртіп, мылтық атқан,
Есен бол қайран жерлер: Қабыл, Тұмар!
Табылар төрден орын сабалыға,
Құдайым таупық берсін тобалыға (тәубеліге).
Атамыз би Толыбай мекен еткен,
Кеттік ғой арыздаспай Қорғалыға!
Жігіттер, барып па едің біздің елге,
Көшкенде жылқы салған Сары белге?
Атығай, Қарауыл мен қаптай қонған
Бармадым Тайынша мен Сеңгір көлге!
Көп міндім Тортөбелдей ырғақтыны,
Бәйгеден келіп жүрген күнқақтыны.
Атығай, Қарауыл мен қаптай қонған
Көрмедім: «Шұбарайғыр», «Құлыншақтыны»
Жылқының өртке күйген қу тезегі-ай,
Қоянның, тасқа бұққан, сұр кежегі-ай!
Кешегі атаң Қасым дәрет алған,
Есен бол қайран енді, Жолдыөзек-ай!
Саласың айғай-сүрең кәпір жауға,
Көшкенде жылқы салған Биебауға.
Хан Абылай мекен қылып, үй салдырған,
Мен кеттім амандаспай Көкшетауға!
Көкшетау, қыс қыстауым, қара қоныс,
Айнала дуан салды кәпір орыс.
Орыстан қашып шықсақ, сіз ұстайсыз,
Күн көрер қайда барып қазақ байғұс?!
Иманы ер жігіттің болар жолдас,
Иманға руза (ораза), намаз-о да қолдас.
Қазақта: қара да, көп, төре де көп,
Жиылып тоқсан мыңы сіздей болмас.
«Сарысу-Сапақ кетті-жайлаймын»-деп,
«Тай, құлын шалғынына байлаймын!»-деп.
«Жүрегіме майордың қолы тиді,
Енді қайтып Сарыарқа бармаймын!»-деп.
«Сарысу-Сапақ кетті-жайлаймын»-деп,
«Құлын-тай шалғынына байлаймын!»- деп.
Ержан он мың қолмен шықты Арқаға:
«Тағы қалған қазақты айдаймын!»-деп.
«Сарысу-Сапақ кетті-өрлеймін»-деп,
«Солдаттыққа баламды бермеймін!»-деп.
«Кедейліктен тентіреп өлсем-дағы,
Сені қайтып, Сарыарқа, көрмеймін!-деп.
«Сарысу-Сапақ кетті-жайлаймын»-деп,
«Құлын-тай шалғынына байлаймын!»-деп.
Сібірден он сегіз мың орыс шықты:
«Кірсе де жер астына, қоймаймын!»-деп.
«Сарысу-Сапақ кетті-жайлаймын»-деп,
«Құлын-тай шалғынына байлаймын!»-деп.
Он екі мың қолменен өзің шықтың:
«Орыспен он сегіз мың ойнаймын!»-деп.
Мен: «Бұхара барам»,-деп, қой айдадым,
«Қойым жатып қалад!»-деп, қорғайладым.
«Пайғамбар-Құдай досты - Мұса да өткен,
Мен Мұсадан артық па?!»- деп ойладым.
Мен: «Бұхарға [барам»-деп,] қой айдадым,
«Қойым жатып қалар!»- деп, қорғайладым.
«Кетіп ем қоштаса алмай ата-анаға,
Ризалық алмай кеттім!»-деп ойладым.
Қайтейін, Есіл, Нұра, жайым қалды,
Суылдап қарағай мен қайың қалды.
Орыс пен өзің барып айдағанда,
Бойында Сарысудың тайым қалды.
Қайтейін, Есіл, Нұра-жайым қалды,
Суылдап қарағай мен қайың қалды.
Орыс пен өзің барып айдағанда,
Қыздан-күйеу, баладан қайын қалды.
Қайтейін, Есіл, Нұра шалғыныңды-ай,
Кім жейді біз кеткен соң балығыңды-ай?!
Кене хан, Орта жүзге аман барсақ,
Арғынға шашар едің жарлығыңды-ай!
Ұшады көлден үйрек дүрілдесіп,
Тарс еткен көк қаршыға іліп түсіп.
Жақсылар, біраз сабыр, аял берсең,
Алайын ел-жұртыма арыздасып.
Жұртымыз ренжімесін түрімізге,
Біз енді тірі болып жүреміз бе?
Құрбыға бізді көрген дұғай сәлем,
Ол жерді, Құдай білер, көреміз бе?!
Дегейсің, барсаң сәлем, атамызға,
Көп етті найза, қылыш жотамызға.
Сайраған бұлбұл құстай, Арыстан-ай,
Астына қара жердің жатамыз ба?!
Дегейсің, барсаң сәлем, енемізге,
Көп тиді найза, қылыш денемізге.
Сайраған бұлбұл құстай, Арыстан-ай,
Астына қара жердің енеміз бе?!
Дегейсің, барсаң сәлем, алғаныма,
Қойдай маңырап, қозыдай қалғанына!
Айттырып елден таңдап алған жарым
Бір жүрмей бір-екі жыл қалғаны ма?!
Дегейсің, барсаң сәлем, алғаныма,
Қойдай маңырап, қозыдай қалғаны ма?!
Арыстан, алған жарың, мұндай болып,
Құдайдың, көніп отыр, салғанына!
Тұманда жортушылар адасады,
Жігітке күміс мылтық жарасады.
Айттырып, елден таңдап, алған жарым.
Алуға әлдекімдер таласады.
Ақ мылтық қолыма алып, атпай қалдым,
Бір ақыл қапияда таппай қалдым.
Алғаным, менде сенің арманың көп,
Қолымнан бірер жыл дәм татпай қалдың!
Ақ мылтық қолыма алып, атпай қалдым,
Көкбесті атпен ашықта шаппай қалдым!
Алғаным, менде сенің арманың көп,
Төсекте бір-екі жыл жатпай қалдың!
Ақ мылтық қолыма алып, атпай қалдым,
Көкбесті атпен ашықта шаппай қалдым!
Мен-дағы жастығымды ап жатар едім,
Бір ақыл қапияда таппай қалдым.
Ақ мылтық қолыма алып, атпай қалдым,
Бір ақыл қапияда таппай қалдым.
Алғаным, менде сенің арманың көп,
Бір перзент менен бітіп таппай қалдың!
Ақ жүзің айнаменен көрмей қалдың,
Көңіліңді еш адамға бермей қалдың!
«Баласы Арыстанның»-деп айтарға
Соңымнан бір ұл перзент ермей қалдың!
Белді бір шешкен соң, бумай қалдың,
Бетіңді ақ сабынмен жумай қалдың.
«Баласы Арыстанның»- деп айтарға
Соңымнан бір ұл перзент тумай қалдың!
Таудағы таза гүлді термей қалдың,
Қолыңды, өтер дүние, сермей қалдың!
«Баласы Арыстанның»-деп айтарға
Артымнан бір ұл перзент ермей қалдың!
Жайлаған Есіл бойын жалғыз киік,
Ішінде көп жігіттің бойың биік.
Көрмеген еш жамандық би Толыбай,
Көшкенде, қара киер, іші күйіп.
Жайлаған Есіл бойын жалғыз киік,
Ішінде көп жігіттің бойын биік.
Көрмеген еш жамандық байғұс шешем,
Көшкенде, қара киер, маған күйіп.
Жайлаған Есіл бойын жалғыз киік,
Ішінде көп жігіттің бойым биік.
Көрмеген еш жамандық қарындасым,
Қанайды ақша бетің, тырнақ тиіп!
Қайтейін, Есіл, Нұра-жайым қалды,
Суылдап қарағай мен қайың қалды.
Ұрыспен өзің барып айдағанда,
Сарысуда ... мен тайым қалды.
Қайтейін, Есіл, Нұра-жайым қалды,
Суылдап қарағай мен қайың қалды.
Ұрыспен өзің барып айдағанда,
Қызда-күйеу, балада қайын қалды.
Қайтейін Есіл, Нұра, шалғыныңды,
Кім жейді, біз кеткен соң, балығыңды?
Кене хан, Орта жүзге есен барсаң,
Арғынға шашар едің жарлығыңды!
«Жақсылар бізге көзін салмады!»-деп,
«Кәпір жау қыр соңымнан қалмады!»-деп.
Бір жұртың Найман деген өкпелейді:
«Хан ием бізді есіне алмады!»- деп.
Орысқа көрсетерсің майданыңды,
Тигізші біз байғұсқа қайраныңды!
«О дағы атаң Абылай бір жұрты еді,
Жиып ал қаптағайлап Найманыңды!
Базарға айдағаным тұсағым-ды,
Беліме асынғаным пышағым-ды.
О дағы атаң Абылай бір жұрты еді,
Жиып ал қаптағайлап Қыпшағыңды!
Таусылды Арыстанның айтар сөзі,
Таянып енді өлуге келді кезі.
Алдында неше түрлі сөз айтса да,
Бермеді-ау жылы шырай ханның жүзі! «Не болса да әйтеуір өлемін ғой, тілім тартпай, бір айтып қалайын!»- деп айтқаны:
Кене хан, әділ патша, төремісің,
Наурызбай, айтқан сөзге еремісің?!
Көп Арғын мен өлгенмен, таусылмайды,
Жауабын қиямет күн беремісің?!
Мұсылман намаз оқыр сүндетіне,
Әркім оқыр өзінің міндетіне.
Аз айтып, пайғамбарды, көп жалынам,
Кешпесең Мұхаммедтің құрметіне!
Мұсылман намаз оқыр сүндетіне,
Әркім оқыр өзінің міндетіне.
Мен де өзіңдей мұсылман баласымын,
Пайғамбар, зиян салма, үмбетіне!
- Жиылып төре, қара,-естің! - дейді,
- Түз бен нан, құдай десіп, жестің!-дейді.
- Мұхаммед пайғамбардың құрметі үшін,
Күнәңды, енді Арыстан, кештім!-дейді.
- Күн көрер қайда барып доғасыз бас,
Ішпейді қаса бекзат бір аяқ ас.
Жерімнен өліп қалған бір тірілттің,
Хан ием, айналайын, алдияр бас!
Мінуші ем күнде арқандап қара жалды,
Көруші ем бұрын жақсы жылқы малды.
Ақынның: «Енді өлесің!»- деген шақта,
Аузына Мұхаммедті Құдай салды.
Көкбестім, былтыр-дөнен, биыл-бестім,
Аяғын Көкбестімнің шідерлестім.
Араға пайғамбарды қойғаннан соң,
Қанымды сол бір қасық зорға кешті.
Жылқымды айғай салып айдағаның,
Қолымды төлеңгіттер байлағаның.
Есімнен сол кетсе де, бұл кетпейді
Жанымды бір шыбындай қинағаның!
Төлеңгіт баялышқа көп сүйретті,
Ауыртып қабырғамды бек күйретті.
«Атығай, Қарауыл менен ескі бодан,
Бәрі жау-сары жаудың»-деп, сүйретті.
Қыздарға күміс теңге зере болды,
Кене хан әділ, патша төре болды.
Мойныма шылбыр тағып көп сүйреткен
Ол Қожас деген бір ит неме болды.
- Арыстан, өзіңе олжа жан,- деп айтты,
- Табылмас сол жоғалған мал,- деп айтты.
- Қиналған, кемігенің сазайы да,
Бар болса, қалағаның, ал!- деп айтты.
- Кенеке, бір қару бер, алғандай ғып,
Сүйегім, өлсем жаудан, қалғандай ғып.
Түйеңнен айыр өркеш сары атан бер,
Беліне ауыр қоржын салғандай ғып.
Кенеке, бір қару бер, алғандай ғып,
Сүйегім, өлсем жаудан, қалғандай ғып.
Жылқыңнан өзі жүйрік семіз ат бер,
Еліме тарықпастан барғандай ғып.
Кенеке, бір қару бер, алғандай ғып,
Сүйегім, өлсем жаудан, қалғандай ғып.
Беріңіз отыз жігіт жарағымен
Еліме алып барып салғандай ғып.
Астыма-ат, жетегіме түйе берсең,
Тон берсең жарастықты, кие берсем,
Біздерге қанша берсең, көп болмайды,
Олжаны үсті-үстіне үйе берсең!
Ауылым көшсе қонар шилеуіне,
Сызығы, тартса түсер, күйлеуіне.
Сұлтаным осы айтқанның бәрін берді:
«Орта жүз, айтып бар,-деп билеріне!»
ОРЫНБАЙ БЕРТАҒЫҰЛЫ
(1813-1891)
Абайділда ханға
Абайділда хан орыс қолына тұтқын болып, сегіз жыл Итжеккеннен әрі кетіп, қайта тірі келгенде, Орынбай ақынның айтқан өлеңі:
«Бозайғыр»-былтыр өтті-ау елдің жұты,
Қалада бес сом болды-ау ұнның пұты!
Орта жүз, ризығың бар жұрт екенсің,
Хан келді: Абайділда-елдің құты!
Тақсыр, сізге зар болдық былтыр күзден,
Үйде жатқан жамандар күдер үзген.
Былтыр кеткен кісідей келдің биыл,
Енді қырсық тарқады Орта жүзден.
«Хан келді-ау!»-деп қуанды кәріп жаным,
Тәңірім жесе, бейнет жоқ, ердің қамын.
Әр байталың әр жаққа тозып кетті-ау,
Өзің жиып алмасаң, арғымағым!
МӘДЕЛІ ЖҮСІПҚОЖАҰЛЫ
(1816-1888)
Бәйтерек, Байзаққа
(бірінші нұсқа)
Бәйтерек, Байзақ едің мақтап жүрген,
Осы ма бар өнерің сақтап жүрген?!
Екеуің екі жаққа тарта берсең,
Жеп кетер бұратараң жақтап жүрген.
Ер өлер ерегіссең намысыңа,
Арқада Арғын таң қалған дабысыңа!
Дулаттың төрт баласы-төрт өзенсің,
От қойма ерегісіп қамысыңа!
Белбеуді, бел қышиды, шешерінде,
Жылқы мал тебіспейді өсерінде.
Бәйтерек, Байзақ пен екі керуен,
Тастама жұртқа шала көшеріңде!
Ұл туса ата безер, өзім деме,
Жақсыны-жат, жаманды көзім деме.
«Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма»,
Бақтияр, өз етіңді өзің жеме!
Сіздерді ел қылсақ деп, қылдық талап,
Дулатқа аға болдың Құдай қалап.
Арқада Шоң, Торайғыр жауласқанда,
Өлеңмен елдестірген ақын Жанақ.
Өлеңім-перен мылтық сегіз қырлы,
Баршаңыз білесіздер біздің сырды.
Сіздерді (сізлерні) Шоң, Торайғыр деп келдім мен,
Бізді сіз көрмейсіз бе Жанақ құрлы.
Қосында не ерлер бар ту aп келген,
Болар ма мұнан артық жауап деген.
«Екі адам ашуланып, араз болса,
Екеуін жарастырмақ-сауап!»- деген.
Тату тұрсаң, көп қосын жимайсыз ба,
Елдегі телі-тентекті тыймайсыз ба?!
Екеуіңнің жарасқаның сауап болса,
Қожаңызға ол сауапты қимайсыз ба?!
Аралас аққу, тырна бірге жатқан,
Мергендер шақпақ тасын қырнап атқан.
Мылтық атсаң, Дулаттың баласы өлер,
Қоңырат өлер дейсің бе Сырда жатқан?!
Көп дұшпан екеуіңді жанып жүр ме,
Жел сөзге арадағы нанып жүр ме?!
Басын тарт тұлпарыңның, жарыстырма,
Сәуірін зорықтырып алып жүрме!
Бәйтерек, Байзаққа (екінші нұсқа)
Дұшпандар тың салмай ма шабысыңа,
Тұлпардай дүбірің шыққан дабысыңа!
Бәйтерек, Байзақ пен екі нұсың,
От салма өзді-өзіңнің қамысыңа!
Белбеуді, бел қышиды, шешерінде,
Жылқы мал тебіспейді өсерінде.
Екеуің орта жасқа келіп қалдың,
Тастама жұртқа шала көшеріңде!
Бір дұшпан екеуіңді жанып жүр ме,
Жел сөзге арадағы нанып жүр ме!
Басын тарт тұлпарыңның, кірістірме,
Сауырын (сәуірін) зорықтырып алып жүрме
Дулатқа аға болдың Құдай қалап,
Күтіп тұр лебізіңді көп жұрт қарап.
Арқада Шоң, Торайғыр жауласқанда,
Өлеңмен елдестірген ақын Жанақ.
Абғасыға
Отаудың, Ораз атаң, басқұрындай,
Тоқталмас тұлпар басы тасқа ұрынбай.
Бір жаман ұран айтып, сауқым салса,
Қайнардың, інін табар, қасқырындай.
Көрдің бе Ермек бажан қайрылмастай,
Тұяғың тасқа тиіп майрылмастай?!
Бір жаман ұран айтып, сауқым салса,
Бажаң түгіл, қатының қайрылмастай!
Бектер аңға шығады сұңқарымен,
Қыздар тойға барады іңкәрімен.
Әркім баптар өзінің тай-тулағын
Ісі болмас біреудің тұлпарымен.
Бір ат мініп, бір атты өңгере ме,
Аю ұлын арыстаннан кем көре ме?!
Әркім бақпай өзінің көтеремін,
Біреудің тұлпарына жем бере ме?!
Бектер аңға шығады сұңқарымен,
Қыздар тойға барады іңкәрімен.
Әркім барын өзінде теке қояр,
Ісі болмас біреудің қошқарымен.
Жарымас насыбайға шақшасы жоқ,
Жараспас қызға жорға боқшасы жоқ.
Ақылың Аплотондай болса-дағы,
Бұл күнде болыс болмас ақшасы жоқ!
Түз тартқандарға
Ассалаумағалейкум, Қоңыратым-ай,
Сен болмасаң, қалар еді жол жатып-ай!
Жаз болса, тұз; қыс болса, көмір тасып,
Құдайым қойған екен сорлатып-ай!
Боза ішкендерге
Ассалаумағалейкум, Дулатым-ай,
Бозаны ішіп жатырсың шулатып-ай!
Бес үйіңде бір түсік көрінбейді,
Құдайым қойған екен қуартып-ай!
ШОРТАНБАЙ ҚАНАЙҰЛЫ
(1818-1881)
Атамыз-Адам пайғамбар
Топырақтан жаралды.
Мұсылман, кәпір халайық [1]
Сол Адамнан таралды.
«Ұрлық пенен қарлықтан(қорлықтан)[2],
Өтірік, ғайбат, зорлықтан
Бойыңды тартып тек жүрсең,
Көрмессің-деген-залалды».
«Белгісі-деген- бейіштің
-Жазғы салқын самалды».
«Тәркі-деген- [тамұқтың]
Қысқы суық амалды».
Ауыл малы бұралқы
Ақылы жоқ жаманға.
Атасын алдар баласы,
Жақсылықтан (иәрім) ырым[3] жоқ,
Жамандық асқан заманда.
Мегежіндей ұл тумас,
Қайын болмас қабанда-ай!
«Балам бар!»- деп, мас болма,
Өзің болсаң, аяңда.
Болмағанның бәрі сол
Ерлі бір зайып араңда.
Малдан зекет бермеген,
Аузына Құдай кірмеген,
Қайыры жоқ сараң-ды!
Алақандай ай мен күн
Ғаламның орта жарығы.
Жаббардың екі болмайды
Әмір қылған жарлығы.
Құбылаға бас қоймақ
Мұсылманның тарығы.
Ораза, намаз қаза қылмасаң [4],
Көңілде Құдай барлығы.
Жаяулық пен жалғыздық
Жалғанның жаман тарлығы.
Түшіркенген ұйқы жоқ,
Қайғының асқан зарлығы.
Қолыңнан құсың қашырсаң,
Қайтып қонбас қолыңа.
Ісің түссе жаманға,
Жағаңнан алар сорыңа.
Көп ішінде аз болсаң,
Әр нәрсе [5] түсер ойыңа.
Ел ішінде жоқ болсаң,
Мін тағылар бойыңа.
Жолдас болсаң жақсымен,
Қолың жетер Қырымға.
Топқа кірсең арсызбен [6],
Таласарсың орынға.
Текті құс қарар Қырымға,
Ит айналар жырымға.
Парақорлар қызығар
Бір қалаштық тиынға.
Құдіреттің жарлығы:
Титтей нәрсе қалсайшы
Бұрынғы жаннан ырымға!
Бай-жарлының панасы[7],
Көп-жалғыздың саясы.
Тайып кетсе, аяғың,
Дұшпанның қанар табасы.
Нар түйенің жақсысы
Бауыры сүтті маясы.
Харам пиғыл залымның
Тату болмас құдасы.
Құдай деген мүһминнің
Аузынан кетпес тәубесі (тобасы).
Иманы бардың белгісі
Тілінен тамар шырайы [8].
Мағлұм дүр Құдайға [9]
Пенденің қылған күнәсы.
Алла ағлам құдай біледі
Осылай шығар арасы.
Сен демек қиын емес [пе]
Бұрын туған үлкенге?
Ақыл салсаң (атыңды берсең), азбассың
Бұрын (епті) туған үлкенге (ілкімге)!
Мал-дүниенің жарығы,
Жаратып шырай көркіне,
Қызықпаңыз бес күнге,
Бұл дүние қалмас әркімге!
Ағаш көркі-жапырақ,
Адам көркі-шүберек.
Ақыретте жалған жоқ,
Таразысы басқа бір бөлек.
Өліге де мал керек,
Тіріге де мал керек [10].
Өлмей тұрып, тіріңде
Мініп бір, ішіп, киіп бақ
Айдап барып малыңды
Ғазап үшін бермейсің.
Алтын, күміс-абзалың
Өлгеннен соң не керек?!
Өлгенде малың-иманың,
Тіріде қамың-жиғаның!
Аманатын алғанша,
Жалғанды бар ма қиғаның?
Аз тартайын десең күнәны,
Сахарменен [11] тұрғаның.
Хақ дидарын көрерсің [12]-
Ақырет қамын қылғаның!
Өлшеулі күнің жеткен соң,
Бұйрықты дәмің біткен соң,
Төстіктей қызған бір жерге
Қырыңнан кіріп сыйғаның.
Мешіт, мектеп салдырып,
Оқуға берсең балаңды.
Азанда тәкбір айттырып,
Мешітке қойсаң молдаңды.
Сираттың [13] желі соққанда,
Ораза, намаз-панаң-ды.
Тірілікте есіңе ал
Өлгенде жанға пайдаңды.
Ұйқыдан кешіп көп жатпай [14],
Құлшылық қыл Аллаға!
Бір бер езе бір қаптан,
Тон киген топта тұрып мақтанған.
Құдайдан қорыққан мұсылман
Күнәдан ерте сақтанған.
Аз мерей Құданы бір біліп,
Ақыретте болар пак,
Иманның ақыр жалғауы.
Жалғаннан титтей пайда жоқ,
Адамның аз күн алдауы.
Жорға мініп теңселтіп,
Торғын тонын белсентіп,
Мамық төсек салдырып,
Ыңырантып тұрғызып,
Дүниенің қалай алдауы?!
Мал бақтырар пайдаға,
Зекетсіз мал айдама!
Қайыры жоқ ас сақтап,
Дәміңді харам шайнама!
Құдіретке күніңсіз [15]
Құдайменен ойнама!
Ит жүгіртіп, құс салған
Құмарпаздың құмары[16]
Өтіп кеткен нәрсенің
Өкінсең, жоқ келері!
Тозар торқа, бөз шірір [17],
Бетінен кетпес бедері.
Құбылып тұрған қызыл гүл
Қураса, кетер мәнері.
Сабыр қылсаң, жетерсің,
Құдайдың болса берері!
Он сегіз мың ғаламды [18]
Құдіреті бірлан жаратқан
Құдайдың қалай шебері?!
Жиырма бес жасында
Жігіт жетер кемелге.
Он сегізде қыз болып,
Апа болар бір елге!
Құрбыңнан зорлық көрмессің,
Құда болсаң теңіңе!
Жапырағын жайқалтып,
Жайлауда қонсаң шым жерге!
Көк ала шатыр нарменен [19],
Мың сан қанша қолменен,
Он піркәншік құлменен,
Сапар қылсаң бір жерге!
Жылқының құты айғыр-ды,
Ат тумайды атасыз.
Көсегесі көбейіп,
Көгермейді батасыз.
Ғайбаттың жаман екенін
Біле тұра айтасыз.
Күн шыққан соң, намаздың [20]
Қаза боларын біле тұра жатасыз!
Алланың берген хақ дінін
Шайтанға қайтіп сатасыз?!
Түйенің құты-бурады,
Келесі қысыр қалмаса!
Күнә қайдан шығады,
Жаралып жан тумаса?!
«Әділ би» [21] деп айтпаңыз,
Төресін әділ бұрмаса!
Бұйрықсыздың бәрі харам-ды,
Шариғатқа сыймаса! Жер тіремей тұра алмас [22],
Жеткіншектен айрылса!
Тұрымтай торғай ала (қуа) алмас,
Қанаты сынып қайрылса.
Қасақана бітер мал
Қайыры жоқ қабанға.
Айдаса қырсық [23] жүрмейді,
Төрт түлігі аманға.
Алтынды ордаң болса да [24],
Адам кірмес жоқ болсаң.
Кеңес кетпес үйіңнен
Жаман да болып, тоқ болсаң,
Қолың-шолақ, тіл-қысқа
Ортадан жалғыз дақ болсаң.
Жақсыны жаман көре алмас
Тең болмаса [25] өзіне.
Шын екен деп нанбаңыз
Жалғаншының сөзіне!
Сырттан ғайбат қылғанша,
Айт көзінше өзіне!
Құдайдан қорыққан мұсылман,
Қарауыл қояр сөзіне.
Құдайдың барын білмеген [26],
Айтқан тілге (жөнге) жүрмеген,
Менменсіген зор кеуде
Қисық жүріп кете алмас.
Алдындағы жолығар
Құдайдың құрған тезіне!
Жігерлі туған жігіттің
Кім қой дейді талабын.
Жалғыз сиыры (аяқ) бар болса,
Кісі ішсін дейді [27] шалабын.
Атасы топқа кірмеген,
Сөзге де салмас құлағын.
Құдайдан қорыққан мұсылман
Қонаққа сояр лағын.
Өткен соң, қайтіп келмейді,
Өлгенге мал ермейді.
Көріңдер енді, жігіттер [28],
Бұл дүниенің шолағын.
Жиырма тоғыз әріптің
Жайын білмек керек-ті.
Төрт жардан шыққан қыр болар,
Ақылы асса, дүр болар [29].
Мынау жалған дүниеде
Малы бар кісі пұл болар.
Малы жоқ кісі қор болар [30]
Көпке тентек ез қисық
Қамшыменен и болар,
Ер басына күн туса,
Жалғыз бұта үй болар.
Көңіл азып, тон тозса,
Киген көйлек кір болар.
Аштық та, жасық та, білсе,
Әдейі абзал сор (сол) болар!
Мейір кетті патшадан (пендеден) [31],
Ақыл сұрасаң, азбассың
Көпті көрген көнеден.
Қасиет кетті төреден,
Ғаділдік кетті билерден,
Абырой кетті әкімнен.
Қайын енесі ас ішпес
Қабағын түйген келіннен.
Жалғыз Құдай болмаса,
Енді үміт жоқ өзгеден!
Мүһмин болған пенделер [32]
Құлшылық қылсаң, не етеді?!
Ажал деген болдырмас,
Бір күні қуып жетеді.
Мінезге дауа (бағым) табылмас,
Әдетіне кетеді.
Тақуа болған ғалымдар
Бұл дүниені не етеді?!
Баяны жоқ, шіркінді
Бір күні тастап кетеді.
Малын көзі қимаған
Ішпей, жемей өтеді [33].
Бір кісі емес, әр адам
Бәрі де сөйтіп өтеді.
Дүниенің сүрсең дәуірін [34],
Басыңда бар ауырың!
Иман-жанның жарығы
Кешуі тар болған жолдарда
Хабардар бол,ай, пірім!
Ақыл-дария: білгенге,
Бұл жалған жоқ өлгенге!
Байлықтың алды-иман-ды,
Тәңірім сөйтіп бергенге.
Жан жоламас жатқанға,
«Жүргенге жөргем ілінер»,
Дүние арман емес дүр
Бір кезде дәурен сүргенге.
Ит жерімес арамнан,
Қалыптан артық [35] мал бітіп,
Кетпесе мал қораңнан.
Пайда қылсаң залалсыз,
Өзіңе біткен қараңнан.
«Қой!»-десең, білмес наданға,
Ақыл айтпа ақымаққа.
Кенеуі жоқ кей билер
Құр зорлайды тақпаққа.
Ұмытпасаң тәубеңді,
Түзу салар соқпаққа!
Түзу жолдан қисайсаң,
Жолығарсың пейіліңнен
Күрзі бірлан тоқпаққа!
Жерге біткен тау пияз
Жегенмен, тамақ бола ма?
Әзелде [36] жазған несіпке
Дария құйсаң, толар ма?!
Сүмбіле туып, жаз [37] болмай,
Көгорай шалғын болар ма?!
Кәрілік пенен мінезге
Білсеңіз, дауа [38] болар ма?!
Сүтпен біткен мінезі
Сүйекпен кетпей тұра ма?!
Иманнан басқа нәрсені [39]
Құдайдан көп сұрама!
Ерден қайыр кетпесе,
Отырмайды [40] есікке,
Өлшеп берген несіпке!
Сөйлес деген мейманға
Сөз қатқанша, кешікпе.
Халқыңменен қас болып,
Оңалмас іске [41] өшікпе.
Ердің құны сот (сүт) емес
Есебін тапқан сабазға.
Төрден орын тимейді
Патша болса да, малы азға.
Езіп жақсаң, кір жұқпас[42]
Сексен сынды маңғазға.
Шынарға біткен мақтадай,
Шырайлы болса алғаның
Халал сүт емген жолықса,
Болар ма еді арманың?
Ескірмес ердің астында [43]
Ақ білектен тілеуің.
Білмес ердің ойнымен
Таңның атып жарғанын.
Жібермейді сұраусыз
Тәңір алдына барғаның!
Бай бол, малың не керек,
Патша бол, тағың не керек,
Жалғыз-ақ ойла дүниені
Сапарда жалғыз қалғаның!
Шортанбайдың насихаты
Шортанбайдың өлер уағында қатын-бала, ел-жұртына айтқан насихаты:
Мінеді ғаділ патша алтын таққа,
Қалмайды, иман бермей, көңілі аққа.
Шортанбай өзі тірі заманында
Сапар ғып барып қайтты Семей жаққа.
Құданың ойлап тұрсам, қаһары қатты,
Патшаның тірілікте жаны тәтті.
Бір күні кеш боп кетіп, ел таба алмай,
Далада мейман болып қонып жатты.
«Жатқанда екі кісі түсіме енді,
Қасыма түсі суық кісі келді.
Кісінің сипатынан қорыққаннан:
- Жалғанда мен көрмеген кімсің?- деді.
- Өлгенде, имансыз құл, жолда қалған,
Мен ғазірейіл пенденің жанын алған.
Шүкір қыл, иман айтып, Шортанбайым,
Құдайдан жетті бұйрық, келді саған!
Екенін періштелер көңілім білді,
Кеудемнен, дем алғызбай, аттай мінді.
Қолында күрзісі бар, түсі суық,
Жаныма бір шыбындай қысым қылды.
Келтірдім сонда тұрып: «Субыхан Алла»,
Мен білдім жүрмесімді бұл жалғанда.
Көнбеске Құдайыма шарам бар ма,
Беруге бір күн рұқсат (ұлықсат) аял бар ма?!
Түсіме періштелер кіре берді,
Үстімнен сол сөз бірлан түрегелді.
- Ажалың ертең кешке болады!- деп,
Бір күнге аял беріп, жүре берді.
Өзімді келтірейін сөз басына,
Қатты киын ісім (асым) бар өз басымда.
Ұйықтап жатқан жерінен оятып алып,
Тағы да бір сөз айттым жолдасыма.
Амал жоқ енді жүрдік күн-түн қатып,
Жәкеме кетейін де арыз айтып.
Жәкеме қатын-баламды тапсырайын,
Келе ме ол күн адам тірі қайтып?!
- Өлімге жақын болды менің басым,
Бір Алла ақыретте жарылқасын!
Жалғаннан ақыретке көшпек болдым,
Кеше гөр үш (осы) жолдасым «Жолдас ақың»
Таң ата Жанқұттыға енді келдім,
- Сөйлес!- деп, тыста тұрып, хабар бердім.
Келген соң ажал жақын, амал бар ма,
Белгілі жүйрік едім тамам елден.
Семейден төрт ат алдым-бес жүз теңге,
Тоймадың екі көзім сұм дүниеге.
Көрмедім қатын-бала, өз үйімді
Мен көштім дүниеден енді арманда.
Мені көргенің, дүниеден ғапіл қалма,
Бір тиын қазақ байдан қарыз алма.
Әркімнен қала бермек дүние шіркін
Өтіңіз тәубе қылып аз жалғанда.
* * *
Сонда отырған халайық:
- Сөзіңіз өлім мысалы болды, біздерге бір насихат айтыңыз!- деді. Сонда Шортанбайдың айтқаны:
Адамның жалған дүниесі,
Дүние-қимас жолдасы.
Дүниені жолдас демеңдер,
Көп болар оның күнәсы.
Өлгеніңше тою жоқ,
Төгілмей [1], риза (ырза) болу жоқ.
«Жалғанның арты жақын»- деп,
Жегенін қазақ қою жоқ.
Сәлем айтып кетейін
Ағайын мен туғанға!
Бала менен қатынға
Насихат шашып кетейін
Аз ғана сөзді артыма!
«Не кәріплік?»- десеңіз,
Бүгін менің басымда
Жетім болып, ұл қалды,
Жесір қатын тұл қалды.
Ала гөр, Жәке, қасыңа!
Қаратауда халық едім,
Қожа емес, сарт едім.
Көк есекті мінуші ем,
Масақ теріп жүруші ем.
Арқаға шығып, нан жедім,
Нан жеген соң, дәндедім.
Қазақтың жүйрік атын мінсем деп,
Сұлу қызын сүйсем деп,
Күннен-күнге сенделдім [2].
Арқадан қылдым жайлауды,
Әркімнен алдым байлауды.
Қиямет күні болғанда,
Қандай жер[д]е мекенім
Мен кәріптің сайлаулы?!
Әмме алдына шай қойды. Шайының жартысын іше алмай, шыны аяқты жерге қойып, бұл сөзді айтты:
Халықтан асқан [3] сұңқар ем,
Қанатым сынды, ұша алмай,
Қиядан қуға түсе алмай.
Нәпсім, қарар таптың ба
Дүниеге тоймайтын?!
Бір шыны шайды іше алмай,
Жалғаннан дәмім таусылды.
Жарылқа, Құдай, артымды [4],
Хаққа тәубе қыла алмай,
Меккенің жүзін көре алмай,
Қонағымды таба алмай,
Кимра қылдым жасымды!
Екі сөздің басына
Келтірейін өзімді.
Тыңласаңыз, жұртым, сөзімді:
Таба алмадым жерімді,
Көре алмадым елімді!
Қиямет күні кез қылғай,
Құдая, менің ғырысымды.
Билер, пара жемеңдер,
Жанға бейнет кезбеңдер [5],
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа пара салмаңдар.
Дүние жинап өткен жоқ,
Бізден бұрынғы пайғамбар.
Сөз айтайын, үлкендер,
Құдайдан ғапіл өтпеңдер [6],
Әлің келсе, Мекке бар,
Артық дәулет біткендер!
«Старшын, болыс болам!»- деп,
Ысырап қып малды төкпеңдер!
Таяндық енді өлімге,
Алты табан көріңе.
Сатып алған күнәның
Кешуі болмас күнінде.
Ұл (ұғыл), атаңды сыйлаңдар,
Ендігі туған балалар,
Атаның сөзін бұзбаңдар!
Сәлем айттым бәріңе,
Қызмет етіп жүріңдер
Жасы жеткен кәріңе!
Ұяларсың Құдайдан [7],
Өлгеннен соң, қоймайды,
Тірідегі әліңе.
Үлкендер, саған айтайын,
Мал басына бармаңдар,
Ақырет қамын қармаңдар!
Дүниенің боғы үшін
Сірә, тіпті азбаңдар!
Тентек болма балаға,
Безер болма келінге,
Қадірің кетер еліңе,
Қарауыл қой сөзіңе!
Қанша нәрсе ереді
Өлгеннен соң өзіңе?!
Қарай алмай жүрерсің
Таңда махшар күнінде
Құдайыңның жүзіне!
Атаның тілін ұл алмас,
Ананың тілін қыз алмас.
Айта беріп қайтейін,
Өлінің тілін тірі алмас!
Жақыннан шыққан жақсыны
Ағайын-туған көре алмас.
Ақыр заманның белгісі
Бірге туған бауырың
Тату да болып жүре алмас!
Дұғай сәлем дегейсің [8]
Ташкент пенен Бұхарға,
Бір Құдайдан қорыққанға!
Қызмет етпей мен өттім
Ата бірлан анаға.
Қарнақтағы, сәлем айт,
Үш қайтара бабама!
Бабама қол бермедім,
Мекке жүзін көрмедім.
Қайғылы болып барамын
Жалғанда жеген парама!
Және сәлем айтайын
Бауырлас туған ініме.
Дүние деген осы ғой:
Жалғыз маған ерді ме?
Не деп жауап береміз
Қияметтің күнінде?!
Жұрт тамаша көруші ед
Жалғыз ауыз сөзіме.
Дүние ыстық көрінді
Құрғыр да, менің көзіме!
Жалғанға тіпті тоймадым,
Өлмеймін деп ойладым.
Дүниенің боғы үшін
Өлгенімше шайнадым [9]
Тәубе қылмай жасымда.
Қанша пәле болады
Қиямет күні басымда?!
Қасықтап жиған көп малым
Қалды менің артымда.
Жігіттің жасы-жиырма,
Өлім деген киын ба?
Жұртты жеген Шортанбай
Төрт қари бөз бұйырмай,
Қалды менің артымда!
Дұғай сәлем айтайын
Бес атаның ұлына!
Дүние малы ермейді
Өлген ердің соңына!
Жалған жақсы көрінді
Мен құрғырдың сорыма.
Опасы жоқ сұм дүние
Оттан ыстық болар ма?!
Қалдым бір көрдің астына,
Қарындас ермес қасыма.
Тіріде көрген ағайын,
Дұға қылып жүріңдер
Өлгеннен соң басыма!
Дұғай сәлем айтайын
Қарсен менен Кернейге,
Бай мен жарлы, кедейге[10]!
Қазақтан алған қарызым
Көлденең тұрды көмейге.
«Ақын, шешен көрсем!»- деп,
Айласпаңдар мендейге.
Дұғай сәлем айтайын:
Тобықтыда-Құнанбай,
Кімнің тағы қалмайды
Өлгеннен соң суалмай?!
Осы дәулет барында
Талап қылсын Меккені.
Ақыреттен құр қалмай,
Аз ғана қорған болып өт
Ағайын мен туғанға.
Жалғанда жиған нәрсенің
Пайдасы болмас (жоқ) қу жанға.
Дұғай сәлем айтайын
Көпбай менен Нұрланға!
Харамды мал демесін,
Зәбін болар иманға.
Қазақтан пара алмасын,
Ұмытпай жүрсін Алласын,
Құдайдан ғапіл қалмасын,
Өлгенді менен барласын.
Дұғай сәлем айтыңыз
Шорманұғлы Мұсаға!
Дәулетінің барында
Қорқыныш бар алдында.
Тәубесіз өтіп кетпесін
Бес күндік жалған қызыққа.
Дұғай сәлем айтайын
Қуандықта: Қоңырға!
Қуанбасын дәулетке [11],
Мал деген хайуан доңызға.
Тура келген ажалға
Дәулеті ара болар ма?
Ақыретке көз салсын
Баратұғын орынға!
Қылсын Алланың жарлығын,
Алдыңда өлім барлығын,
Құдай дос-ты Мұхаммед,
Оның да алған жалғызын.
Көргенімше күн қанша,
Мұхаммед Мұстафа Дүниеге тоймаған.
Өлгенімше жинаған [12],
Енді болдым бек қапа.
Дұғай сәлем айтыңыз
Қатын менен балаға,
Тапсырдым енді бәріңді
Жаратушы, расул, Аллаға!
Дүниенің боғы үшін,
Мендей болып қаңғырып,
Көп шықпасын далаға!
Қас қылмасын жақынға,
Қайырлы болсын халқына!
Не кәріплік десеңіз,
Мен кәріптің басында
Жетім қалды жасында.
Дұғай сәлем айтайын
Жесір қалған қатынға,
Тоқтасын сөз бен ақылға,
Ие болсын артына [13]!
Қайғының ісін (асын) салмасын
Жалғызының басына,
Қалмасын көзінің жасына!
Әм, дариға, жалған-ай,
Жалғанның енді қалғаны-ай,
Шортанбайды алғаны-ай!
Қайғыны басқа салғаны-ай,
Бар Құданың әзелде жазған пәрмені-ай!
Тағы да сәлем айтамын
Қалың жатқан Сарымға,
Бай мен кедейді көп жедім
Құданың берген бағында.
Өлімнің жақын екенін
Біле алмап едім алдымда.
Шүкір де қылмай қайтейін,
Ажал келсе, тұрмайды.
Патшалар да тағында.
Тәубе қылмай, қапы өттім,
Өлерімнің шағында.
Құдайдың ісі бұзық па,
Дүниеге қызықпа [14]!
Әуелде менің ғұмырым
Құдайдың жазған сызықта.
Ұл атадан айрылған,
Әркім біздей қайғырған,
Қалған дүниеден пайда жоқ [15],
Жарылқа, Құдай, алдымнан!
Барша отырған халайықтар айтты:
- Ендігі заманның адамдары қандай болады, соны айтып өтіңіз!- деді. Сонда айтқаны:
Бір захымат айтайын,
Тыңла мұны, балалар!
Естігендерің ұмытпа
Қайсыңда сенің сана бар?
Жақсы аттан жығылса,
Жаманың тұрып табалар.
Ендігі сорлы бейшара
Қорыққанға барып паналар.
Қария қалды ақылдан,
Қастық шығар жақыннан.
Ендігі күнің кем болар
Тәубе қылмай, қапы өттің,
Әуелгі бұрын жасыңнан.
Бай кедейді көрмейді,
Кедей байға ермейді.
Қызметін бір күн қылмаса,
Майлы сорпа бермейді.
Әнеки, байдың қайыры!
Бұрынғы өткен адамның
Міне, келді зайыры!
Жалғанда қылған ісіңнің
Алдыңнан шығар ғайыбы.
Байды Құдай атқаны [16],
Жабағы жүнін сатқаны.
Кедей қайтіп (қалай) күн көрер,
Жазбай жатақ жатқаны?!
Жаздай арық қазады,
Күз пішенін шабады.
Оны-мұны жиғанын
«Шығын»- деп, тілмаш алады.
Жалғыз сиыры бар болса,
Соғымына сояды.
Қағаздатып бұзауын
Ноғайына қояды.
Кедейге салып шығынды,
Негізі байдың тоймайды.
Қылымсыған қатыны
Қызылдан көйлек киеді.
Өзінің байын билейді,
Өзінің байын менсінбей,
Көрінгенді сүйеді.
Осы мінез болған соң,
Тозаққа пенде күйеді.
Елубасы, онбасы
Ол-шайтанның жолдасы [17].
Ендігі байға мал бітсе,
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ,
Ендігінің мырзасы.
Әмме отырған халайықтар айтты:
- Мына Асан қожаға арыз айтыңыз!- деді. Сонда айтқан арызы:
Сөз айтайын Асанға,
Дүниеге мақтанба.
Япырым-ау, неге мақтандың
Дәулетің судай тасқанға?!
Дүниеқордың маясы,
Жетпіске келді бұл жасың,
Дүние болды жолдасың.
Әндіжандық сарт едің,
Қай жеріңнен қожа едің?!
Қаратауды тауладың [18],
Пәленше деген мырзасың.
Сарыарқаға келген соң,
Төрт аяқты жорғасың.
«Жәдігөй жарғыш»-атанып,
Осынша жиған мүлкіңнен
Не көреді қу басың?!
Талабың бар жалғаннан,
Әлі де болса аспаққа.
Дүниенің боғы үшін
Күнде түсіп апатқа[19]
«Ман раббік!»- деп сұрағанда
Ұяларсың Құдайдан!
Әуелден күнә - жанға қас,
Қазаққа келіп, болдық мас.
Менің тегім сарт еді,
Сенің тегің-Қызылбас.
Екеумізді пір тұтқан
Кімнің діні бұзылмас [20]?!
Жәдігөй, жарғыш болмаңыз,
Ақырет қамын ойлаңыз.
Жасың жетті жетпіске
«Иман бер!»- деп сұраңыз.
Бұл айтқаным-ақылым [21],
Аталас туған жақыным.
Қиямет қайым болғанда,
Пайдасы болмас қапының!
Ауыртты Құдай басымды-ай [22],
Өлшеп берген жасымды-ай!
Ой, ой менің басым-ай,
Келе гөр, Жәке, қасыма-ай!
Амалым нешік Құдайға
Жүгірмек болған жасым-ай!
Әр жұмада жүре гөр [23]
Дұға қылып басыма-ай!
Ол күнде көрген шырағым
Жылап бір келер қасыма-ай!
Қолынан сусын бере алмай,
Өлгенін әке көре алмай,
Дұғай сәлем айтыңыз
Жетім қалған жас ұлға-ай,
Көргенімше күн қайда[24]?!
Бұл сөзімді айтыңыз
Менен қалған балаға-ай!
Бұл дүниенің боғы үшін
Қаңғырмасын далаға-ай!
Тіріде көзім тоймады
Тәңірдің берген қараға!
Жалған деген осы ғой,
Маған еріп бара ма?!
Білсін бір сүндет, парызды,
Қазақтан алдым қарызды.
Өлеріме таянып,
Халқыма айттым арызды.
Үш қайтара сәлем айт
Ағайын мен туғанға!
Дүние, шіркін, ермейді
Бейнетпен жиған қу жанға.
Енді есен бол, елдерім,
Құсымды салған көлдерім,
Замандас, құрбы, теңдерім!
Ғибрат менен алыңдар,
Өлгенімді көргенің!
Өлім үшін жаратқан [25]
Әуелден-ақ адамды.
Опасыз деп білмедің
Мынау дүние жалғанды.
Үш түрлі қылып шығардым
Артқы қалған заманды.
Қиямет қайым таянды,
Қайырсыздың көп малы
Жылан менен шаянды.
Ол күнде көрің қараңғы.
Бір күнгідей болмайды
Мың күн тірі жүргенім.
Мынау менің өлгенім
Қасықтап жиған дүниеден
Кәнеки, пайда көргенім?!
Өлмейтін адам болмайды
Туғаннан соң анадан!
Жұртты жеген тауық едім,
Жалғанның ебін тауып едім!
Қаратауда жүргенде,
Сарыарқаның наны үшін,
Шалқып жатқан малы үшін,
Бері таман ауып ем,
Бозбалаға сауық ем.
Сауығым кетіп, күл сөнді,
Жұрттан асқан көсемді.
Алмай ма Құдай шешенді?!
Өлеріне келгенде,
Жан, шіркін, енді сескенді.
Ескендір өткен дүниеден
Жиырма тоғыз жасында,
Перзент қалмай артында.
Шариғатқа сыймайды
Екі тілек бір жерге.
Кәріп пенен нашарды сүйеген
Он сегіз мың ғаламға
Патша болған Сүлеймен,
Олар да өткен дүниеден.
Ойлап тұрсам, жалғаннан [26]
Бұрынғылар не көрген?
Мұхаммед өткен Мұстафа
Кім болмаған би қапа?!
Өлімнің асы күз болды
Алпысқа жеткен бұл шақта
Қайсы пенде жұмақта,
Қайсы пенде тозақта?
Бұл дүниеден пайда жоқ
Өлгеніңше дін сақта!
Күлсе балам басыма,
Қатыным қалды артымда.
Жетімдікке көндірді
Жұдырықтай жасында.
Кімдер өлмей тұрады
Бұл дүниенің жүзінде?!
Мұхаммед те көніпті
Жетімдікке жасында.
Жалғызыма сәлем де,
Алладан бұйрық жеткен соң,
Асқар тауы қулады,
Ағар бұлағы суалды.
Жетім-жесірді сүйейтін
Ағайын, туған жоғалды.
Ай, пенделер, мүһминдер,
Мен не деген есермін
Дүниеден қашпаған,
Қорқыныш қылып Құдайдан
Қарызды ойлап саспаған?!
Дүниеде көп мүлкін [27]
Ибраһим мен Адам да
Талақ қылып тастаған.
Тіршілікте қорықпай:
«Күнә аз»- дедім, шошынбай.
Кеудемді дерт қамады,
Халім де кетіп барады.
Есен-аман бол, Жәке,
Қияметтік досым-ай!
Және сізге тапсырдым
Бала бірлан қатынды.
Жалғанда досым сен едің,
Аяй көрме ақылыңды-ай!
Қояр ма екен Құдайым [28]
Қиямет күні қасыма-ай?!
Жүгірмек болған жасым-ай,
Әр жұмада жүре гөр
Дұға қылып басыма-ай!
Ол күнде (өлгенде) көрген жалғызым
Жылап бір келер қасыма-ай!
Сөйлесетін күн қайда
Ол күнде көрдің ішінде-ай?!
Тәубе қылып қояйын
Құдайға сөзім ғасы ма-ай?!
Таяндық енді өлерге
Күн қанша дүр көрерге?!
Дұғай сәлем елдерге,
Елдегі жақсы билерге,
Жақсыдан дұға (сәлем) жетер ме?!
«Өлді!»- деп бізді білгенге
Дұға қылсын ерлерге!
Жасымнан қылдым мастықты,
Жаныма қылдым қастықты.
Жан шығарға (жарға)таянды,
Қоя гөр, Жәке, жастықты!
Алпыс үштен асырмай,
Өлім бір келіп асықты.
Аралап бір келіп түсуші ем
Алтай менен Қарпықты.
Ыңғайы жаман аурудың
Жаманнан көңілім қорықты.
Артымда қалған жалғызға
Бір қасірет жолықты.
Мен өттім енді арманда,
Көре алмадым жалғанда (артымда)
Ағайын мен туғанды.
Жан тәсілімге таянды,
Айта гөр, Жәке, иманды!
Уа, Алла тағалам [29]
Бір тәңірге аянды.
Он екі құйрық, қырық шалғы,
Қияда сұңқар таранды.
Достығыңды қастық дер
Санама (ойламай) еске жаманды!
Пірлерден кетіп керемет,
Патшадан кетіп әділет [30],
Ақыр заман таянды.
«Алады,- деп-қай күні?»-
Аманат малды бағып тұр.
Бір адамға ұл бермей,
Бір перзентке зар ғып тұр [31].
Бір адамға ұл беріп,
Біреуді малға бай ғып тұр!
Жөнсіз оқтай қаңғып тұр,
Жан, шіркін-ақ, берік екен,
Үзіліп кетпей не ғып тұр?!
Құдайға мақұл ісің жоқ,
Біреудікін іздедің,
Өзіңдікін аз көрдің (көздедің),
Күшің жеткен адамды
Мұнша неге тезледің?!
Ұрлық пенен қарлықтан [32]
Үмітіңді үзбедің!
Алмаған неме (нәрсе) қоймадың,
Еш нәрсеге тоймадың.
Азуы [33] қарыс адамның
Айтқанына болмадың!
Болмағанның белгісі:
Бұлғақтап едің асаудай,
Бойыңа жанды теңгермей.
Басыңа бір тас тиіп тұр,
Не қылайық дүниені,
Тырнақтап жыйдың сен нені [34]?!
Жау қалқанын ер күтіп,
Би қалмады шүйделі,
Шұнақ бидің тұсында
Ағаш атты тізгіндеп,
Арба [35] міндік күймелі.
Ақылыңды алып тұр
Саумал еткен (бар) биелі.
Көш-қоныңды билеп тұр
Қом жасаған түйелі.
Біз айтарлық не қалды
Қай ақыл бар жүйелі?!
Әзелде жазған іс болса,
Несіне мұның күйеді?
Күйіп бір, күймей, немене,
Құр қызады делебе,
Сақтасын жалғыз қайғыдан!
Көппен көрген-селебе,
Халқы менен баланы
Бір алған соң ауызға
«Алмайды»- деген немене?!
Ұзын бір аққан Сарысу
Аға бер жайлап көбеге (құйыла).
Айдамай тұрып солдатқа,
Зар қылмай тұрып жалды атқа,
Жүйрік пенен жорғаңды
Өзің бір мініп жебеле.
Жалаңаш бол да, жауға шап,
Ажалдан бұрын өле ме?
Ноқталы басқа бір өлім
Өлмей адам жүре ме?
Қатын-бала қамы үшін
Қарсы шап та, мылтық қауыш,
Қоршап тұрса [36], жүдеме!
«Аламын!»-деп талпын да,
Жаудан да зорлық көрген соң,
Отырып билер (ерлер) алқынды.
Мың-мың жылқы айдаған,
Сары қазы шайнаған,
Қымызын судай сапырған,
Оны ішкен соң мас болып,
Аюдайын ақырған.
Қимаймыз деп айрылдық [37],
Адыра қалған шалғынды.
Арқаның жазы-пейіш-ті,
Жылқының еті жемісті,
Жағаласқан дұшпаннан
Көрерсің, қазақ, кейісті!
Құранда жазған тіл бар ма
Ниет, пиғылын түзетер
Жамандық жолға жүрісті?!
Күннен-күнге тартылып,
Заманақыр кезінде
Ұл сыйламас атасын.
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын!
Қазы, болыс, хан қойды
Қайдағы бір некесіз туған шатасын.
Өзі қылған өкінбес,
Күнінде сонан тартарсың,
Абақтыға жатарсың!
Қыз сыйламас анасын (енесін),
«Ер жеттім»,- деп, егесіп,
Салыстырар денесін.
Старшын қойған болды жұрт [38]
Пысықсыған немесін.
Көзіңді ойып барады,
Күнде тесіп төбесін.
Ақсақалдан әл кетті,
Болмаса тәңірім демесін.
Азаматтар, әлеумет,
Мұның да несін сөгесің?!
Жас сыйламас ағасын,
Алып бір жыртар жағасын!
Бір-біріне көпсініп,
Қуат қылар баласын.
Шыдай алмай ызаға,
Майырға төгер қарасын.
«Қой!»- деп, айтсаң, тіл алмас,
Ақсақалдан ұялмас.
Жүгірісер қалаға,
Қаныққан соң жалаға,
Алып бір шығар далаға.
«Дұшпаның кім?»- деп сұраса,
Алып бір келер аулына,
Өзінің туған бауырына.
Келген соң кімді аясын,
Жығып бір салар дүреге,
Қызыққан соң параға.
Көшіп кетер жерің жоқ [39],
Жауабы нар ерің жоқ,
Сөйтіп қалмай, не қыласың,
Біздің қазақ пәлеге?!
Таба болып тұрарсың,
Түсерсің күнде санаға.
Еділді алды, елді алды,
Енді алмаған не қалды?
Қараны санап, малды алды,
Қазаққа қамқор ханды алды.
Кетейін десең, жерің тар,
Тұрайын десең, кәпір бар,
Қайсыбірін айтайын,
Қазақтың ұлы сандалды.
Сандалғанның белгісі:
Береке кетті асыңнан!
Үл[гі] қызық көрмедің
Қорлықпен өткен жасыңнан.
Ұғлы-қызым деп кеттің
Айрылдың, құда, досыңнан!
Тілеуіңді бермейді,
Көзіңнің жасын имейді.
Азаматтар, жігітлер,
Айғыр етіп, сойсаң да (сүйсең де),
Әуелгі заман келмейді.
Заманақыр кезінде
Құдасы жоқ құл азар,
Қонысы жоқ бай азар.
Азғанының белгісі
Байдың тілін жарлы алмас,
Ханның тілін қара алмас!
Өлінің тілін тірі алмас,
Өздері ақыл біле алмас.
Екеуі үлкен егесіп,
Қошқардай басын теңесіп,
Сол жерден заман оңалмас.
«Оңалар заман»- дер едім,
Жауға алдырдың әуел бас,
Іс асқынды болмастан,
Мейір-шапағат кем болып [40],
Шын сөз кетті сырластан,
Ойын кетті құрдастан.
Жастар үміт үзіп тұр
Жол тосынған жолдастан.
Заманақыр кезінде [41]
Қойныңда қатын жатпайды,
Ұрсаң, тілін тартпайды.
Күнәсы асқан бұл пенде
Құдайдан асылы (әс[те]) қорықпайды.
Шешесіне бүлініп,
Ұлы шоқпар саптайды.
«Алжыған кәрі қақпас»-деп,
Келіні сырттан боқтайды.
«Қатыным қолы тоңар!»- деп,
Қар жауғанда, үй қақтың.
«Балам адам болсын!»- деп,
Ұйқыдан безіп, мал бақтың.
Асыраймын деп баланы,
Желіп бір жортып, лақтың (ұлақтың).
Балаң адал болмаса,
Азаматтар, жаранлар,
Пайдасы жоқ шырақтың.
Арам туған баланың [42]
Бетінде жанған оты бар,
Белгісі бар тозақтың
Зар заман сөзі-осы:
Тыңлаңыз мұны, құлақ сал!
Абылайханның тұсында
Саудагер еді бұл орыс.
Арпасын тартып, ұн қылған,
Отын сатып, пұл қылған,
Есіл менен Нұраның
Екі жағын жол қылған.
Ертістің басы-қарадың,
Еңкейе біткен қара адыр.
Арқаның басы-құба жон,
Аядай біткен көл екен.
Атты кердең өсірген
Арқаның тарау шөбі екен.
Жігітті кердең өсірген
Аты мен тамақ дәмі екен.
Ұрлық қылып, мал жидың,
Өтірік айтып, жан жедің.
Ойлап тұрсам, жігіттер,
Ақыретте жанға қас [43]
Тірілік жолдас болмайды!
Құдайыңа табарсың
Жанға залал істерден
Бойыңды тартып, аулақ қаш!
Сөздің басы-Бисмилла,
Мұсылманның тарихы.
Төрт аяқты хайуан
Бұл дүниенің жарығы.
Бағасы кеткен жігіттің
Бетінен алар запысы.
Кәпірден бойын тартпайды,
Дінінен кеткен табы бір.
Бір Алладан өзгенің
Көп дүр қылған айыбы.
Кесапаттың кесірі
Келе ме деп көр ит басқа?!
Сол шабыты қорқамын.
Елге бір егін жайылды.
Байға қоңсы жоламас:
«Алдап-арбап жесем!» - дер.
Өз тілеуін сұрамас,
Арам сідік балаға,
Ата менен ананың
Айтқан сөзі ұнамас.
«Суый кете ме,- деп-пұлымыз.»
Сол себепті қорқамын
Әр нәрсенің болжалы
Келе жатыр жақындап.
Ағашты жерге үй салып,
Алды көпір ақым деп (ауқымдап),
Енді еркіне қоймады
Қарт бурадай тақымдап.
Дуанбасы, болыс тұр
Орыстың сөзін мақұлдап.
Бұқараның пұлы жоқ,
Құр жылайды тақымдап.
Жарысқа кірген жақсылар
Жақындап жан тартпайды
Үйінде күлер сақылдап.
Қорлықпен өткен қу өмір
Ашылмас сенің көзің де!
Сол себепті қорқамын,
Ақыр заман кезінде,
Алуан-алуан жан шықты,
Арам пейіл хан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты.
«Жарлы, кедей, жоқ - жітік
Қайтіп күнін көрер?!»- деп,
Сол себепті қорқамын.
Азған заман кезінде
Шөп сейілер жердегі,
Бай таусылар елдегі.
Жалғыз шақпақ сыймайды,
Кісені қара белдегі.
Құс таусылар көлдегі!
Мынау указ шыққалы,
Ұзатқан қызда неке жоқ.
Өлгенге оқыған құраны
Қожаға сорлы жеке жоқ.
Жеті атасы бір болған,
Балаларға молда жоқ.
Парсыдан мағына үйреткен
Кереметлі қожа жоқ.
Диуана болды аттаған
Елге тілмаш қожа болар ма
Шошқаның етін қақтаған,
Құбылаға бақпаған,
Атасының қанындай
Арақты ас қып сақтаған?!
Отыртпаған сүндетке
Шоқынады суретке,
Амалың болса, қылшы енді
Калимасыз кәпірге
Кіріптар қылған Құдіретке!
Мұның өзі зар заман,
Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман!
Тарлығының белгісі:
Бірін-бірі күндеген.
Жан жайына жүрмеген.
Мұның өзі-қар заман.
Ендігі көрген қызығың
Бір жаныңның тірлігі.
Бір үйде неше жан болса,
Бірікпес оның бірлігі.
Арқаның ақ шөбінде
Төрт түлік малдың кіндігі.
Мынау «сарсаң»-деген заманың
Қатыныңда болар билігі.
«Оның белгісі не?»- деп сұрасаң,
Жаулық кимес басына,
Бір кез мата күндігі,
Қолынан түспес айнасы.
Құйрығы тістеп тұрады
Көйлегінің кеңдігін.
Шеніне жанды жолатпас,
Дүниеде болмас теңдігі.
Өз қолынан келген соң,
Жездетіп киер өкшесін.
Түскен күні тайсалмас,
Жылмита тарар шекесін.
Нәсілі жоқ жаманға
Мал шығарып алмаңыз,
Ер жеткен деп көксесін.
Жақсы зайып өйтпейді,
Қоңсыны күндеп түртпейді.
Алған ерін сыйлаған,
Ақылын әр кез бұрмаған.
Ол нәсілді жақсылар
Әркімге тегіс бітпейді.
Жаманның жайын айтайын,
Күзгі қойдың сүтінен
Қайнатып қоспа қосар майына.
Көпірген соң кей көк дауыл
Сыймайды таудың сайына.
Сұмдық қылып ас сақтар
Бір татырмай байына.
Өлтіре алмай, сата алмай,
Құрбысынан ұялып,
Үлкенге шағып айта алмай,
Бас не жеңіліп бейшара
Отырар қарап жасына.
Ол көңіліне келтірмес:
«Ұрысқан екен маған!»-деп.
Кешке дейін ас бермес:
«Сақтап едім саған!»-деп.
Келер кешке болғанда,
Отын ерте сөндіріп,
Айтқанына көндіріп,
Өзі жазып төсегін,
Арқаға қағып есегін,
Қатын деген шіркіннің
Жан таба алмас есебін!
«Бермен жатшы, шіркін!»- деп,
Тартқан болар қолынан,
Құшақтап алып мойнынан.
Жаман еркек жалбаңдап,
Алдырар сырын бұрыннан.
Наз қылғансып байына:
«Өкпеледім саған!»-дер.
Кеудесінен итеріп:
«Бөлек жатшы әрмен!»-дер.
Налыс қылып Құдайға:
«Тегі жаман шіркінді
Алып едім қайдан?!»-дер.
Онда да қарап тек тұрмас,
Бір осыртып ерінің:
«Сенің адыра қалсын пайдаң!»- дер
Жауып салмас көрпеңді,
Өзімсінер еркіңді.
Иттей қорып басыңды,
Жөндеп бермес асыңды.
Қырдай қылар желкеңді.
Бай-жарлының панасы,
Көп-жалғыздың саясы.
Нар түйенің азғаны
Бауыры сүтті маясы.
Тайып кетсе аяғың,
Дұшпанның қанар табасы.
Арам пейіл залымның
Тату жүрмес құдасы.
Құдай деген мүһминнің
Аузынан кетпес тәубесі.
Иман[ы] бардың белгісі
Көңіліңде тұрар сәресі.
Уа, Алла, уа, ғылам Құдай біледі,
Осылай шығар бір ісі.
Байдың үйі-ду базар,
Ертеден-кешке жиын-ды,
Алысын жақын қылдырған.
Жоқтың ісі қиын-ды:
Малың кетсе қолыңнан,
Жан танымас пұлыңды.
Заманның тегі бұзылды
Текеметтің түріндей.
Ойлағаны-жамандық,
Жарадан аққан іріңдей.
Жеті ел кеткен қу жерден
Сен тұрмассың бүлінбей!
Қазақтың ұлы жиылып,
Бір Құдайға сыйынып.
Құндыгерге хат жазып,
Кешіктірмей дат жазып,
Өлмесіңнің қамын қыл,
Бастарыңның қамын қыл!
Бастарың сотқа ілінбей (алынбай),
Ақсақ дүние көр болды.
Желмей, жортпай, сүрінген
Антұрған дүние кез болды.
Бармақты шайнап күйінген,
Сол заманның кезінде
Құдаң мен досың қас болды,
Арақ ішіп, мас болды.
Өзін-өзі көтеріп,
Білімсіз туып, нас болды.
Біріне-бірі қараспай,
Түк бермейтін тас болды.
Талапты туған кей жігіт
Ел билеген бас болды.
Үлпершегін май басып,
Шай деген сары су ас болды.
Жұрт ішінде хан ішті,
Ел ішінде бай ішті.
Сақтап асты сандыққа,
Көнбейсің бе жарлыққа,
Ұқсауға енді тақалдың
Кешегі төбелдік (тобылдық) пен тарлыққа.
Алдаушы жалған дүниенің
Алдайтұғын жолы бар.
Аяқты теріс баспаңыз,
Жаманнан басты жырып ал.
Сұғанақ болып ұмтылма,
Сыбағаң бұл, шақырып ал.
Қазылған орға кез болсаң,
Атыңның басын бұрып ал,
«Үй менікі»-демеңіз,
Үй артында ұры бар.
Асыл туған жақсының
Құн жетпейтін пұлы бар.
Кейбір түрлі сабаздың
Сегіз түрлі қыры бар.
Баққа талас ерлерге
Кейбір жаман былығар.
Қуа берсең қорқақты,
Батыр болып, шынығар.
Текті туған ер жігіт
Кедей болса, күні қар.
Енді еркіндік заман жоқ,
Дұшпанның құрған торы бар.
Ендігі туған жігіттің
Маңдайының соры бар.
Өз қолыңды кесе алмай,
Дүниеңді шашып төге алмай,
Осы шығар, әлеумет,
Дүниенің жаман қаупі (қауыбы).
Бетіне (бітна) толып осылай
Мүһмин (момын) жатқан елімен.
Кәрі түскендей бұзылды
Дария шалқар көліме.
Екі кісі ұрысса:
«Қап, бәлем,- деп,- сені ме?!»
Закон айтып қатын тұр
Қойнында жатқан еріне.
Зарланып тұрған әйел бар:
«Қосылғам жоқ,- деп,-теңіме!»
Құтырып тұрған елдер бар
Қала түспей жеріне.
Кел, жігітлер, түселік
Жанған отқа көріне!
Жақынға жақын қас болып,
Шілдің боғындай тозбалық!
Саналы адам түсінер,
Біраз жырлап қозғалық.
Осы пәни дүниені
Осы жерден болжалық.
Мүһмин ( момын) болып кей адам
Өзінің малын бағып жүр.
Түзу тартып кей жақсы
Өз жұртына жағып жүр.
Осылай емей не ғып тұр?Бекері бар ма сөзімнің
Жігерлі туған кей са[б]аз,
Елін жаудан қорып тұр.
Болыс пен би, ауылнай
Сыртынан қарап бағып тұр.
Бір ауыз үгіт сөйлесең,
Алдыңа тұзақ құрып тұр.
Осы күнде заманың
Осылайша болып тұр.
Қайыр кетіп байлардан,
Бұзауға ақша беріп тұр.
Пәлен теңге торпақ боп,
Тиынға тиын болып тұр.
Залым туған сұмырайлар
Осылай жұртты еміп тұр.
Шолақ иттей діңкілдеп,
Бір-біріне жетем деп,
Аласұрып үріп тұр.
Көзге түскен пысықша
Әр жерде жүр шаң беріп.
Жақынымен дауласар:
«Ұрладың,- деп,- мал көріп!»
Залымды залым қуаттап,
Қарасынан (қарашынан) құтқарып,
«Ісім ақ!»-деп,- жан беріп.
Бұл заманның амалы
Ұстасады көре алмай,
Аз болса, бөліп бере алмай.
Шындық кетті халықтан,
Қазақтың ант сөзіне
Сене алмайды бір-бірі.
Дауласады алты жыл,
Жеңе алмай бірге туған қарындасы
Отырады үйінде
Бірін-бірі көре алмай!
Қас болып тұр жақының.
Су секілді ағады
Жаманға айтқан ақылың.
Уағда бірлан бермейді,
Аласы болса ақыңды.
Сеніп кетпей әлғыржим
Оның да байқа ақырын.
Ақ жаулықпен көркейер,
Абиырлы болса [ал]ғаның.
Жаман болса алғаның,
Қатардан кейін қалғаның.
Жаман иттен құтылмай,
Жақсы бір қолға тұтылмай,
Ақырында махшарға
Қорлықпенен барғаның!
Кәрілік туралы
Жайнап тұрған көзді алдың,
Сайрап тұрған сөзді алдың!
Алып атандай күшті алдың,
Ақ меруерттей тісті алдың!
Үлбіреген бетті алдың,
Уылжыған етті алдың.
Ай, кәрілік, неңді алдым?!
Теспей, пішпей ат қылдың,
Алғанымнан жат қылдың,
Ай, кәрілік, неңді алдым?!
КҮДЕРІҚОЖА КӨШЕКҰЛЫ
(1820-1858)
Лә-ила-Алла, Алла-мен
Әуелі Құдайды айтайын!
Бұл дүниені кең еткен,
Топырақтан дене еткен - Құдайым!
Баз пендесін күлдіріп,
Баз пендесін еңіреткен,
Қаһар қылған - Құдайым!
Азаппенен (ғазаппенен) жан алған,
Жігітлер, мен ғазірейілді айтайын!
Қара жерді қақ жарған,
Пенденің күнәсын сорған
Жігітлер, мен Жебірейілді айтайын!
Хаққа шын ісін айтқан,
Пендеге несіп таратқан,
Таразысын тең тартқан
Жігітлер, мен Мекайлді айтайын!
Тауды ұшырған қаңбақтай,
Тасты ұшырған бұршақтай,
Исрафил сорын үрген
Қырық жыл (ұдайымен) жаңбыр жаудырған,
Өлген адам тірілген
Жігітлер, мен Исрафилді айтайын!
Өзі туып, дін ашқан,
Бұ дүниеге нұр шашқан,
Біләлға азан шақыртқан,
-Жігітлер, мен Мұхаммедті айтайын!
Кәпірге қарап оқ атқан,
Мұсылманға жан тартқан,
Исламның қылышын шапқан,
Жігітлер, мен ер Ғалыны айтайын!
Көтен жеген қой бағып,
Құлын жаста суға ағып,
Құдайға пәрменменен сөйлескен
-Жігітлер, мен Мұсаны айтайын!
Атасыз бибі Мариямнан туған
Жігітлер, мен ол Ғайсаны айтайын!
Шайхы Бұрхи диуана,
Адам атадан болған,
Мекіре балықтан туған
- Жігітлер, мен ол Бұрхиді айтайын!
Ол Жақыптың он ұғлы,
Тоғызы көре алмастық қылған:
Аулақ түзге апарған,
Үстінен киімін алған,
Зындан түбіне салған,
Қырық жыл құлдықта қалған
- Жігітлер, мен ол Иосифті айтайын!
Бибісімен бәс болған,
Өз ұлымен қас болған,
Кереметін тыймаған,
«Екі қошқардың басы
Бір қазанға сыймаған» -
Жігітлер, мен ол құл Сүлейменді айтайын!
Тірі ғайып болған
Оның ұлы ер Жүсіні айтайын!
Ғазірейілмен дос болған,
Құдай жолын бос қылған,
Тірі кірген пейішке-
Жігітлер, мен ол Ыдырысты айтайын!
Аталарын еңіреткен,
Аналарын боздатқан,
Өткір пышақ қайратқан,
Қол-аяғын өз еркімен байлатқан,
Құбылаға жүзін (иүзін) қаратқан,
Құрбанлыққа жан қиған
- Жігітлер, мен ер Смағұлды айтайын!
Молдаға кітап аштырған,
Шариғат төресін берген,
Қалыңсыз қатын құштырған,
Кешегі өткен ғазизім
Ер Абылайды айтайын!
* * *
Аюкенің ауыр қолы, жігітлер,
Ер Абылай аруақты,
Дұшпанына салмақты.
Тәубесін тәңірі жаңылтып,
Тоз-тоз қылды, көрдің бе,
Кешегі Торғауыт: тоғыз сан үйлі қалмақты
Ел қыдырған қожаның,
Қожа менен молданың,
Бақсы менен құшнаштың,
Өйтіп-бүйтіп кәріптің,-
Есі-дерті - алмақ-ты!
Алаш, тіле тілеуін
Абылайдың-жаны үшін!
Ер Абылай жатпады
Сол мезгілде, жігітлер,
Дін мұсылман баласының қамы үшін!
Сол мезгілде, жігітлер,
Қалмақ бүлді (бүлінді), көрдің бе?!
Еділ менен Жайықтан
Қараңғыда сол өтті.
Кеме менен қайықтан.
Дат тіледі бұл қалмақ
Қазекеңе шыдамай,
Ерәлі мен Нұралы
Батыр ұлы Қайыптан!
Өзінен елші жібермей,
Бел шешісіп, елдеспей,
Бұ қазақты ел демей,
Айтқан сөзін елемей,
Ұлытаудың бауырында
Серен айтты Усаға:
«Абылай сені шақыртар:
«Уса мұнда келсін!»-дер,
«Ақ үйлісін берсін!»- дер.
«Зияным жоқ қалмаққа,
Жөніменен жүрсін!»-дер.
Ай, Уса хан, Уса хан,
Менің айтар кеңесім:
«Шақыртса да, барма!»-деп,
«Алтын берсе, алма!»-деп,
«Абылайды көрме!»- деп,
«Ақ үйліңді берме!»- деп.
«Қазақ бізден қаймығар!
Біз ортасынан өтерміз,
Өтерміз де, кетерміз!
Көк тәңірі жар болса,
Әуелгідей, жігітлер,
Біз баяғы кең қонысқа жетерміз
Сол мезгілде, жігітлер,
Қалмақ бүлді-ай, көрдің бе?!
Сарысуды жағалап,
Арғымағын тағалап,
Үлгіртені көбелеп,
Мәстегін басқа төпелеп,
Боталы түйе боздатып,
Жолшыбай қойын қоздатып,
Құлынды бие кісінетіп,
Бұзаулы сиыр мөңіретіп,
Қозылы қойын маңыратып,
Боз ордасын қулатып,
Бозбаласын сорлатып,
Балаларын жылатып,
Қалмақ бүлді, көрдің бе?!
Аударыстың зоры үшін,
Қонысынын тары үшін,
Жалаң аяқ жүре алмай,
Етік қылды сабасын.
Ішеріне қорек жоқ,
Толағайын тулақ етіп,
Асып жейді баласын!
Бар Құдайым білмей ме
-Пенденің көңілі аласын?!
Аласы жоқ Абылай Хаққа айтады шынысын!
Ұстап алып күнінде
Кәріп (ғариб) етті, жігітлер,
Кәрі Аюке тәпсіре
Кешегі шабдар шаптың баласын.
Абылай мұнан аттанды,
Мінген атты астында
Басқа, көзге төпелеп,
Үлгіртені көбелеп.
Қарсы алдынан шыққалы
Жабдықпенен жебелеп,
Жауған қардай себелеп.
Қалмақ қайда құтылар,
Арық атын төпелеп?!
Бұ қалмақ алмай жүрген қол емес,
Көрмей жүрген ұл (ол) емес!
Алаш, сен Құдайыңа тәубе қыл,
Маңдай тайғандай жыл емес.
Онда (анда) Абылай тағы айтады:
-һай, һай, Алаш, һай Алаш:
«Бұ қалмаққа барма!»- деп,
«Қыр соңынан қалма!»- деп,
«һай-һай-лап ат салма!»-деп,
«Аттан түсіп жатпа!»- деп,
«Қараңғыда от шағып,
Темекі, шылым тартпа!»- деп,
«Ат үстінен мылтық атпа!»- деп,
«Сен атқанда, ол да атар,
Сен атқан жерде
Деймісің: «Ол жай жатар!-
Шауып барсаң үстіне
Ұстап алар өзіңді.
Тұра қалып қазақтар
Сен-Алашсың, бейбас жұртсың,
Басыңды сонда бір байталға ұстарсың (сатарсың)
Онда Алаш тағы айтады (ойлады):
- Бұл Абылай бармас!- деп,
-Барса да, олжа алмас!- деп.
Сол жердегі Алаштың
Көбі қайтты ерініп.
Атадан артық туған ер
Абылай Жер қайысқан қол алып,
Желкілдеген ту алып,
Науалыдан торсыққа су алып,
Барды да, алды қалмақты.
Еш дұшпаннан ғамы жоқ,
Абылайдың, жігітлер,
Құдайдан басқа жағы жоқ.
Қосын салды ер Дайыр,
Құлан өтпес көңдерге (күндерге).
Шабуылшы шығады
Күнде шауып дөңдерге.
Хабар келді Дайырдан
Егіз бенен Тайымға,
Ордадағы ханымға:
«Қалмақ бар,- деп, үрікпесін,
Балаларым ұйықтасын,
Малым жайылып оттасын,
Иірмесін түйесін,
Сауып ішсін биесін!»
Жоқтай ма екен бу Алаш
Абылайдай (Дайырдайын) иесін?!
Ақылына жеңгізіп, Көшекұлы
Күдері Сол келтірді, жігітлер,
Күнінде сөйлер сөздің жүйесін!
АҚМОЛЛА МҰХАМЕДИЯРҰЛЫ
(1831-1895)
Замана туралы
Адамнан нағуа қалмас кәріп болмай[1],
Пақыр сыхаптына озып болмай.
Әуеті иа рыстыһыз, иа, хақарат,
Еріккен ердің қорын парық қылмай.
Біреуге дүние-нажат хасыл болса [2],
Мұратқа һуасынша уасыл болса.
Нәпсісі Ферғауындай дағуа қылар,
Бір пітне қаза келіп басылмаса.
Ғұмыры[н]да қасиетті бар деп білмес [3],
Өзіне шын нәпсіні қасқыр қылса.
Кәмілді хиқыр көрүр оба алғас,
Сағадат пітір иесі тақсыр болса!
Ғарланып (арланып) қатесіне мақыр болмас,
Әбін керім олай болмай, асыл болса.
Сол күйге ақыретке көшіп кетер,
Бір піскен алма ағашқа асылмаса.
* * *
Әр кісінің сөзіне адам сынар,
Бірін-бірі кемітуге пенде құмар.
Маса, шыбын таза жерге көз салмайды,
Қайда шірік, қотыр болса, сонда (анда) қонар.
Ынсаптан бір мысқал жоқ ісімізде,
Күнә, хысыр, пысад толған ішімізде.
Өнеріміз (һөнеріміз) иа ығыныт, иа сыхығап,
Өз қылған ісіміз жоқ есімізде.
* * *
Раббыны: ғылым да, пікір де жоқ, қаттау да жоқ,
Біле тұрып теріс жаққа аттау (атлау) да жоқ.
Өлген көңілі ілбіз пірәдарлар
Әркімді қорлауға бар, мақтауға жоқ.
Тиіп кетсе қарамай шелегіндей,
Қарайтып таттауға бар, ақтауға жоқ.
Қатеден аяқ тайып, қулап кетсең,
Басыңнан аттауға бар, сақтауға жоқ.
Біреуден бір ғайыпты көре қалса,
Ғұртаны жаппауға бар, қайлауға жоқ.
Қара жүрек адамдар парасат тапса,
Үстіңнен таптауға бар, тоқтауға жоқ.
* * *
Fылымның шымырасы асып-тасу,
Жел беріп құтырғанға қабаттасу.
Бір-бірін сәлем етіп, тыймақ түгіл,
Қосылып соларменен жамандасу.
Кәмілдің кәміліне іңкәр етіп [4],
Төбелеспей, басылмас сондай ашу.
Істік бардан басқа жоқ ғадауатына,
Мұратымыз маддасы ғурыт ашу.
Әркімді ана ниет адастырды,
Қисайды сол себеплі аяқ басу.
Ахылақ мәрзияны артқа тастап,
Мақсаты-хақаратпен көңіл басу.
Есікке бір бай келсе, хош әмиді [5],
Мүсәпір, пақыр келсе, үйге қашу.
Күнәның сомлығымен жер көтермей,
Тәңірден құры қалды біздің басу.
* * *
Әркімді молда дейміз алдағанда,
Шын молда, аз табылар, таңдағанда.
Намманшы Алла мыстақ қайда
Көз салып хақиқатын аңдағанда.
Хашита ғаламаты сонан заһир,
Дін беріп, дүние сатып алмағанда.
Жөні келсе, алуға әзір тұрар,
Қармағы алыс емес, бармағанда.
Ғылымы, ақыреттің, ісі басқа,
Ол қолға аз ілінер қармағанда.
Ғаламатын білерсіз, бақыт қонса,
Азап тығыз ұрлыққа салмағанда.
[Дұға] (...ұру) менен мешітте жалғыз қалып:
«Раббана залымына!»- деп зарлағанда.
Біз қалай молда болып табыламыз,
Бұрынғы ресімлерден қалмағанда.
Нәпсі һуа өміріне [біз] мықтымыз,
Тырыспас шайтан да олай жалдағанда.
Әр ғылым сытқамит бірле мышрут,
Бауырсақ, тәтті болар (болур), балдағанда.
* * *
Жарар еді өзімізді қарасақ біз,
Ғылымның шымырасын арасақ біз.
Ғылымды ғибадатқа алыт қылып,
Күрегі (хорегі) Хадис тәпсір қарасақ біз!
Он бір жастан берік (беркі) іске тәубе қылып,
Мешітте жалғыз қалып, жыласақ біз!
Баяғы ғыр ұрлықты былай тастап,
Аяғына ишанның құласақ біз!
Молдалық сонда бізге пайда беріп,
Нәпсі иттің құлағынан бұрасақ біз!
Бала пиғыл, қолдан келер еш нәрсе жоқ,
Көңілмен елге нелер қылашақпыз?!
Көрерге молдасымақ салтанатпыз,
Сәлдені келістіріп орасақ біз.
Оқысақ уағид аят нәпғалы жоқ,
А, дариға, махшарда не боламақпыз?!
Жасымыз ұлғайғанмен, көңіліміз жас,
Тәубені соңырар-ақ қылашақпыз!
Ғауамға бірақ сәлдең үлкен болсын,
Атың, шанаһ киімің көркем болсын!
Әсіресе жаһил халық назарында
Өзің-семіз, құрсағың үлкен болсын!
* * *
Бір байда, иа ұлыста тұрмақ керек,
Мығырурларды өз жаныңа бұрмақ керек.
Таһарат, намаз дұрыстап білмесең де,
Молдалық түрлі пәннен ұрмақ керек.
һауасына мақалға кептер (кеплер) сөйлеп,
Тұзақ, ау келістіріп құрмақ керек.
Олардың мұратынша жүре берсең,
Дін ислам ғирассыны [6] қырмақ керек.
Әр не қылса, залымына түжие жасап,
Лаһылымда һыбына қылмақ керек.
Жынды, шайтанды теріс қылып,
Онан соң бізді Құдай ұрмақ керек.
* * *
Ішіміз-қарт бықырының буазындай,
Тіліміз-жаһаннамның шуазындай.
Құтырып әркімге бір қампиямыз,
Семірткен күркетауық қоразындай.
Тыя тұрған ақсақалдар опат болды,
Енді бізге афыт салу асат болды.
Ғауам халықтың бастарын қаңғырттық,
Үжідіміз ғайын бір апат болды.
Пітненің көбі шығар ішімізден,
Сәлдесі үлкен деген кісімізден.
Бұл күнде тысымыз-құп, ішіміз-бос,
Зауал жалал ғапіл емес ісімізден.
* * *
Молдалық ісі қиын, жөн білмесе [7]
Құдайым таупық беріп, көндірмесе.
Нәубеттен мығтыс ғалым-бір нұр,
Бар шырағын һуасы сөндірмесе!
Молда болса, кебір болмай, қорқақ болсын,
Дін жолында желмаядай жортақ болсын!
Нәбғат бірлан форма түзеп, сүре сатпай,
Дінде-зерек, дүние ісіне шорқақ болсын!
Үйретсін шәкірттерге әуелі иман,
Молда болсын дін үшін [8] жанын қиған.
Мағынасын һәм өз тілінше түсіндірсін,
Уа, Алла, екі жақтап (иақлап) болсын есен (исан)
Молда болса, пәс болсын, зарлы болсын,
Керегі-бай, керегі-ол жарлы болсын!
Бу сөзді жаратпаған керкеткендер (мухасыздар),
[Қайғыдан], иа ашудан жарылып өлсін!
Дәулетке, адам бар ма, құтырмаған,
Іштерін бір күмәнға толтырмаған?!
Тұғыры, сөзге, һуасы-ұшып барар,
Шатынаған пияладай шытырлаған.
Хақлықтан, орны келсе, тіл тартпайды,
Ақмолла деген байғұс тыпырлаған.
Жарадан жүдеп жатқан мен кәрі итпін,
Сауысқан, қарғалар тұр шықылдаған.
Шариғат [9] исі шықпас ісімізден,
Тағамда қатеміз көп, асып ішкен.
Қазақ иле ноғайда етпен көйлек,
Қысқартып киімдерін кесіп пішкен.
Луғаты жерде қалмастай әпенділер
Тінбие қылу керек еді мұндай істен.
Хазіретлер біздей хақыр, кәріп емес,
Олардың палауы әзір, наны піскен.
Мен байғұс айтсам-дағы, бағасы жоқ,
Сөзімнің қадірі кетіп, үнім өшкен.
Дүниеде толып жатқан ғазиздер (ғазизлар)[10] бар,
Сандуғаштай тілдерін ақша кескен!
Өлшегіш көп салмақлар жеңіл шықты,
Безбеннің пұты шығып отыз бестен.
[Білгіш]тер, тахакерлер былай тұрсын,
Иінінен ыстыхғарының ноқат түскен.
Тәкпірдегі фихадан әлиф туар,
Айтпаймын мынау сөзді Құдай үшін.
Насихат дін мыстабхыд қабыл қайда,
Қатесін тахсин менен ғұмыр кешкен.
Парыз, ғылым, тағылымда жоқ қайғысы,
Өзі оқыр қатһажід, тұрып кештен.
Тыйыш таһарат алуменен іс бітпейді,
Болмаса шын таһарат әуел іштен.
Дүниеге тою да жоқ, қою да жоқ,
Қапшығын қанағаттың тышқан тескен.
Насихат сөздер
«Ең әуел керек нәрсе-иман!»- деген,
«Ақырет істеріне (ишларына) инан!»-деген.
«Құдай кешер! - дегенмен, іс бітпейді,
Иманшартын білмесе, айбан (айуан)!»- деген.
«Екінші қымбат нәрсе-көңіл»,- деген,
«Көңілі бұзық адамнан түңіл!»- деген.
«Бұзыққа - жер үстінен, асты артық,
Болмаса көңіл таза, көміл!»- деген.
«Үшінші қымбат нәрсе-ақыл!»- деген,
«Ғақылсызда таупық жағы тақыр!»- деген.
«Аз іске ашуланып, дінін бұзар [11],
Иманын күпірлікке сатар!»- деген.
«Төртінші қымбат нәрсе-шүкір»,- деген,
«Нығыметке шүкірсізлік-күпір!»- деген.
«Жатқан жерден, «Құдай кешер»,- деген-қорлық,
Себеп ізлеп, туз[у] жолмен жүгір!»- деген.
«Бесінші қымбат нәрсе - әдеп»- деген,
«Әдеп деген махаббатқа себеп» -деген.
«Күпірлік әдептіде тұрмағандай,
Әдепсізде иман тұру [12]- ғажап!»- деген.
«Алтыншы қымбат нәрсе- сабыр»- деген,
«Сабыр кісі мұратын табар!»- деген.
«Әр істе сабырсыздың түбі-қорлық,
Сабырсызлық басқа пәле салар!»- деген.
* * *
Өткен жоқ, алдымызда, қауіп-қатер,
Бу халық біле тұра ғапіл жатар.
Ғапілеттен ояну жоқ, ұялу жоқ,
Керуендер өтіп жатыр қатар-қатар.
Ғибратлы көз алдында көріп жатыр,
Қолымен қанша адамды көміп жатыр?!
Көп көрдік қабір қазған бозбаланы,
Арасында әзіл-ойын толып жатыр.
Не пайда ах ұрғаннан өлгеннен соң,
Іс өтіп көр ғазабын көргеннен соң,
Алладан қорқу деген қайда қалды [13],
Зар жылар орындарда күлгеннен соң!
Иманның бір шартынан қауіп, зарлық,
Болмаса қауіп-зарлық, күпір барлық.
Танар күн есімізді-алдымызда,
Хазіреттен: «Уахтазуа
(уамтазуа)!»- деп, келсе жарлық.
Адамы бұл заманның болсаң сондай,
[Ол] халық бұ халықпен әр кез оңбай.
Дін жағына артық көңіл қоя алмайды,
Дүниеге зереклігі Аплатондай!
Жақсылар Хақтан көңіл аудырмаған,
Жаманға Құдай рахмат жаудырмаған.
Білімсіз өзі білмес-жөнге көнбес,
Халқы тентек: сиырдай саудырмаған.
Ең әуел пәктеу (паклау) керек іш дүниесін,
Іште толып жатпасын сайқал ірің?!
А, дариға, іш тазарсын, іш тазарсын,
Болмаса пайда бермес құр білімің!
* * *
Білмеген қазақ та бар, ноғай да бар,
Ең әуел иман ғылымын оңайлап ал!
Кітапты, періштені, пайғамбарды
- Құр атын білуменен не пайда бар?!
Үйрен[д]ің молдалардан мұны сұрап [14],
Болмасын: «Мұсылманмын!»- деген-құр ат.
Суретте мұсылмандай көрінсе де,
Ақырет пайдасына-мағына, мұрат.
* * *
Айтамын үгіт қылып қазақ халқын,
Көңіліңіз дін жағына сонша салқын!
Қаншама ғұламалар айтса-дағы,
Бұрынғы қоя алмайсыз ата салтын!
Сіз бекер бір молдасыз, отырмаңыз,
Үйренбей парыз, уәжіп, тек тұрмаңыз!
Ол молданың қарайты жақсы болсын,
«Көрген,- деп,-молда халал!»- құтырмаңыз!
Халін білмей, молда сеніп, қаңқаймасын,
Басшысы балаларға қатаймасын!
Бір жақта көп істер бар, артын білсін,
«Ғақайд» [15] оқыдым!- деп, қақаймасын!
Ұстайсыз оңай көріп бала молда [16],
Көбісі дін ғылымында шала молда.
«Шәмшиден» бес ауыз біжта жаттап,
Атанар наданларға «дана молда!»
Қанша айтсам да, тәтті қып балдағандай,
Құдай үшін әфсүн оқып, арнағандай.
Өзіңіздің тіліңізше анық қылып,
Баласы мұсылманның аңдағандай.
Сонда да ешбір дауа келіспейді,
Құлаққа көрінесіз алмағандай!
Бұ айтқаным кітапқа халаф емес,
Сіз ойлайсыз Ақмолланы алдағандай!
Тіліміз-сонша тәтті, көңіл-қатты,
Жолдасын қасындағы жалмағандай.
Дүниеге сонша зерек болды халық,
Көз алдында карманнан қармағандай!
«Атаңның аузы...»- деген бір ғадет бар,
Көкіректе мысқал иман қалмағандай.
Неге мұнша опасыз болдық екен,
Жаһаннам ғазабына нанбағандай?!
А, дариға, алдымызда бір күндер бар,
Жан қалтырап, қан жас төгіп, зарлағандай.
Сираттан өтеміз бе, қаламыз ба,
Халіміз онда (анда) болар (болур) әлде қандай?!
Біз бір түрлі халық болдық өлмегендей,
Көрстанға жалғыз бас бармағандай!
* * *
Тұғырлық бұ заманда құрып қалған [17],
Тұғыры айтушы арт жақта тұрып қалған.
Кей молдалар қазаққа жалған дейді,
Мұқадан қаламын деп қорыққаннан.
Күші бар мырзаларға жағамын деп,
Шариғат-көңіл үшін бұрып салған.
Байланған тамиғпенен тіліміз бар [18],
Жылқышылар мойнымызға құрық салған!
Ісіміз өзімізге дәлел болды,
Неше жерге шайтан тозақ құрып салған?!
Шаһбазлар Қап тауына көшіп кеткен,
Орнына құзғын, байғыз қонып қалған.
Сүйекке сіңген бір ит айрылмайды,
Жасынан жаман әдет қуып қалған.
Бұ айтылған бірғыт істер табылады [19]
Адамсынған, ғақылға толықтардан.
Жебірейіл түсіп айтса, көнбегендей,
Қара қан ішімізге толып қалған.
Дін кетсе де, заң қоюға, разы емес,
Көңіліміз сол себеплі суып қалған.
Қайырына ұстап берері-арық, қотыр,
Байғұс молда сол қотырды күтіп отыр.
«Иншалла, осы мал болмас па?»- деп,
Ысхатқа (расходқа) шығарар бір көзі соқыр.
Қой, жылқыдан ұстарлар ақсақ, шатан,
Түйеден бере қалса қотыр атан.
Мақтаншылық жер болғанда, мал аямай,
Дегенде садақаға, сонша қатаң.
Ұмтылып молдалары отыр алдан,
«Киікбас», «Ақырзаман»-оқығаннан,
Жаманын малдан берүр сайлап, ұстап,
Тізгінлер: қотыр-арттан, соқыр-алдан.
Құр ауызбен: «Кешіре гөр, Құдай!»-деп,
Тәубені үйренгендер тоқыраңдап.
«Бізлерге бере ме?»- деп, міскін болып,
Естек молда тағы отыр соқыраңдап.
Байлаған сиыр малдан екі мешке,
Байғұс молда мөшке арықлық тұрар күшке!
Сарғайып, таң алдынан өлген мәйіт
Көмілмей, кеңеспенен қалар кешке!
* * *
Қағынған бұ заманда бозбалалар,
Харамлық жағына тез қозғалар.
Тыюсыз бет алдына жүріп өскен
Аман тұрса жарар еді қыз балалар?!
Бұзықтар бірін-бірі қолдайды екен,
Қиянатын біле тұрып, қорғайды екен.
Залымдарға әзірленген жаһаннам бар,
Құдайым бұ дүниеде ұрмайды екен.
БІРЖАН ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ
(1834-1897)
Баласы Қожағұлдың ақын Біржан [1],
Жарым бар Құдай қосқан сұлу нұрдан.
Жатыр ғой сөйткен Біржан сандырақтап,
Баласын Орта жүздің әнмен қырған.
«Біржан!»-деп, шақырушы еді атымды атап,
Байлары беруші еді қысырақ матап.
Шалқыған шалқар көлдей елім [бүгін]
Бауырында әр төбенің қалдың жатақ.
Атадан артық туған Біржан салмын,
Пайдам жоқ, зал алым жоқ, жүрген жанмын.
Баласын Орта жүздің әнмен қырған,
Жасымнан жаһан кезген, тайсалмаған.
Жасымнан жүрдім жүзіп елде ортеке,
Бозбала, құлағың сал кемеңгерге.
Сайраған тоты құстай, қайран Біржан.
Тірідей түсіп жатыр қазған көрге.
Бар ма екен бұ дүниеде мендей болған,
Ішіме бұл уақытта қайғы толған.
Иа, Алла, рақым айла, фазылың бірлан,
Шығатын күнім бар ма қазған ордан?!
Арманда, бұл дүниеден, жұмдым көзім,
Артымда дастан болған айтқан сөзім.
Өтерін бұл дүниенің жаңа білдім,
Теміртас, қош аман бол, жан құлыным!
Өлген соң, арыстаннан, тышқан артық,
Жай білмес ақымақ достан дұшпан артық.
Қолына бір наданның түссе гауһар,
Жұмсайды, затын білмей, мысты артық.
* * *
Жігіттер, бұл дүниені көрген артық,
Дүниеде не бар, не жоқ, білген артық.
Түскендей аспан жерге іс болса да,
Байлап бел: «Тәуекел!»- деп, жүзген [2] артық.
Қол берген, қысылғанда, досың артық,
Бас тартқан жолдасынан-оңбас артық.
Өзіңмен бірдей жатып [3], бірдей күйген,
Досыңнан қатын-балаң болмас артық.
Осылай бозбалаға салдым нұсқа,
Өмірің зая болар текке босқа.
Көргенің бір күнгідей болмас, сірә,
Міне, ажал-келген нәубет деген тұсқа.
* * *
Ал, дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім.
Бұл күнде арық қойдан бағам төмен [4],
Үш жүзге аты шыққан Біржан едім.
Сөз айттым мұнан бұрын әлденешеу [5],
Домбыра қолымдағы болды көсеу.
Сөз аяғын осымен тоқтатамын,
Адамнан білетұғын-сұрап кешу!
БАЗАР ОҢДАСҰЛЫ
(1842-1911)
Әр нәрсенің парқы бар
Жақсы менен жаманның
Арасы-жер мен аспандай.
Байқарсың бір күн, білерсің [1],
Іс түскен кезде, сасқанда-ай!
Мырза менен сараңды
Өлшестіріп қарасаң,
Ылди мен зәулім аспандай [2].
Ғалым менен наданды
Салыстырсаң білерсің,
Дария толқып, тасқанда-ай [3]!
Әр нәрсенің осындай
Алғандарға парқы бар,
Қадірін білсең, мысалы,
Кәрі менен [4] жас қандай?!
Өздеріндей жақсының
Оңай емес алдында
Татаусыз сөз табуға,
Кібіртіктеп, жасқанбай.
Топқа кисе, толымды
Тозбайтын берік [5] тоңдайсың,
Мен сендерге-астардай.
Ойдағы мен қырдағым,
Кілем [6] менен сырдағым,
Қуанып бүгін отырмын
Есен-сау басты қосқанға-ай [7]!
АҚАН СЕРІ ҚОРАМСАҰЛЫ
(1843-1913)
Құлагер
Жануар, Құлагерім, қолдан кетті [1],
Дұшпанның қастығынан қаза жетті.
Қаржас боп, Қанжығалы, Керей, Алтай,
Қуандық, Сүйіндік боп намыс етті.
Тамам жұрт көтермеге аттанғанда,
Алдынан қарсы бармай, маған не етті?!
Жиыннан жеке келген, тұлпарым-ай,
Үмітсіз қандай дұшпан қағып кетті?!
Қырмызы, қара құлпы (құлғы) кұйрығың-ай [2],
Суырылып, таптан озған жүйрігім-ай!
Жеріне Баянаула алып барып,
Құдайдың қарай қойшы бұйрығына-ай!
Шешесі Құлагердің-Қақпай соқыр [3],
Жиылып қыз-келіншек кежім тоқыр.
Молдасын Тазқараның сонда білдім,
Басында үш күн, үш түн құран оқыр.
Ақан серінің Ақтоқты атынан шығарған өлеңі
Көкшетау, адыра қалғыр, күнде боран,
Дуаға жалынғанға тағдыр сараң.
Күлкімен күндіз күнді жұбатамын,
Келгенде дәл жатарда күнім қараң.
Сарыжал, өрлей біткен тал екен ғой,
Әкемнің ойлағаны мал екен ғой!
Дегенге: «Жарың жаман!»-нанбаушы едім,
Өзі ақсақ, он үштегі бала екен ғой!
Ақтоқтыға
(бірінші нұсқа)
Бәрекелді, Ақтоқты, тапқаныңа,
Жібектен шоқ шекеңе таққаныңа!
Бұдан артық Құдайдан не тілейсің,
Шолақ қасқыр түсіпті қақпаныңа!
Актоқты, кеткенің бе шыныңменен,
Бал бердің талай жерде тіліңменен.
Басыңды Сары маяда кесіп алып,
Өмірімше дауласамын құныңменен.
Ақтоқтыға
(екінші нұсқа)
Тал бойың-Құлагердің сағасындай,
Тамағың піскен алма сабағындай.
Қаз мойын, мөлдіреген қарақат көз,
Иегің ителгінің тамағындай.
Ішінде өз жұртыңның еркелейсің,
Айдынның ақ қайраны шабағындай.
Осынша жүрегімді жандырғанша,
Не етеді ұл боп тусаң, қарағым-ай?!
* * *
Шын тұлпар дүбір шықса, шыдамайды,
Tap қылып төрт аяғын, байласа да.
Жатпайды болат пышақ қап түбінде,
Өтпейді жасық темір қайраса да.
Аңқаудың, астығы жоқ, шайнағанмен,
Құр тілдің, пайдасы жоқ, сайрағанмен.
Көнбейді жаман адам ынтымаққа,
Жүрмейді шошқа жөнге, айдағанмен.
Алтынды орағанмен жез болмайды,
Жібекті жуғанменен бөз болмайды.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Жаманның кеудесінде көз болмайды.
Шірімес алтын жерде жатқанменен,
Оқ өтпес, ажалсызға, атқанменен.
Жалқауға-сөз, жаманға таяқ өтпейді,
Тас жібімес, дарияға батқанменен.
Құр қызыл болғанменен, түлкі болмас,
Ойнақтап сиыр үркіп, жылқы болмас.
«Ел көркі-дәулет»- дейді әуелден-ақ,
Дәулетсіз, ел болғанмен, көркі болмас.
Жақсыға бітсе дәулет, бақ айналар,
Жаманға бітсе дәулет, әуейленер.
Басына ер жігіттің бір іс түссе,
Арасы қас пен достың абайланар.
Жігіттің көз тоқтаттық қандайына,
Шешеннің тәңір берген таңдайына.
Батырдың қайрат берген жүрегіне,
Малдының ырыс берген маңдайына.
Мәстектен тұлпар артық шаппаса да,
Тексізден текті тумас, мақтаса да,
Баласы ителгінің түк ілмейді,
Үстіне алтын тұғыр саптаса да.
Сауысқан шықылықтап, сұңқар болмас,
Мәстекті мақтағанмен, тұлпар болмас.
Кей жаман: «Мал бітті!»- деп, әкім болар,
Халық та сол жаманға іңкәр болмас.
Сауғанмен, жалғыз сиыр, іркіт болмас,
Өнерді бойға біткен іркіп болмас.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Сұңқылдап күшіген құс бүркіт болмас.
Су шықпас, қазғанменен, тау басынан,
Қазақтың дау кетпейді cay басынан.
Жолдасын сыр айтысқан жау боп шықса,
Ер жігіт жаңылады тәубесінен.
АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ
(1845-1904)
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың, ашынғаның-ойын, көрмек [1].
Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?!
[Ескерту: 5-6 жол мұнда жазылмаған.]
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Басқаның, бір Құдайдан, бәрі өзгермек.
Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы өле көрмек.
Шыға ойламай, шағындап қылық қылма [2],
Еріншек ездігіңнен көпке көнбек.
Жамандар қыла алмай жүр [х]алал еңбек:
«Ұрлық, қулық қылдым!»- деп, қағар көлбек.
Арамдыққа жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас күнә, сынар шөлмек.
Адамзат тіршілікті дәулет білмек,
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал (халал) жүрмек.
Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезбек,
Не қорлық, құр қылжақпен күн өткермек [3].
Наданға арам-ақылға құлақ ілмек,
Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.
Рас сөздің кім білер қасиетін,
Ақылсыз шынға сенбес, жоққа сенбек.
Қызыл арай, ақ күміс, алтын берген,
Қызықты ертегіге көтерілмек.
Ақсақалдың, әкенің, білімдінің
Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.
(аяғы сақталмаған).
Ескерту: Бұл өлеңнің аяғы, екінші өлеңнің басы жазылған бет сақталмауына байланысты, келесі:«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» өлеңінің жетінші шумағынан бастап келтіреміз:
... Бұзыларда ойламас: «Бет көрем!»- деп,
Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп.
Қабаған итше өшігіп шыға келер:
«Мен қапсам, тап бір жеріңді бөксерем!»- деп.
Орыс айтты: «Өзіңе ерік берем!»- деп,
«Кімді сүйіп, сыйласаң, бек көрем!»- деп.
Бұзылмаса бұған жұрт түзелген жоқ,
Орыс жүр: «Осыныңды кек көрем!»- деп [4].
Жұрт жүр ғой: «Арсыздықты [5] еп көрем!»- деп,
«Тоқтау айтқан кісіні шет көрем!»- деп.
Жай жүрген жан бар ма екен қанағатпен:
«Құдайдың өз бергенін жеп көрем!»-деп.
[Ата] аңдиды балаңды, ағаны-іні,
Итқорлық, немене екен, сөйткен күні?!
Жанын сатқан мал үшін антұрғанның
Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні!
Ардан кеткен [6] қазақтың бәрі қаңғып,
Аямай, бірін-бірі жүр ғой аңдып!
Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар
Паруардигер жаратқан несін жан ғып?!
Ант ішіп, күнде берген жаны құрысын,
Арын сатып, тіленген малы құрысын!
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрысын!
Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,
Өз үйінде шертиген паңы құрысын!
* * *
Қыран бүркіт не алмайды салса баптап,
Жұрт жүр ғой: күйкентай мен қарға сақтап.
Қыран шықса, қияға жібереді,
Олар да екі құсын екі жақтап.
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентай үстінде жүр [7] шықылықтап.
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос салақтап.
Түйіп-шығып, ыза ғып, ұстатпаса,
Қуанар иелері сонда ыржақтап.
«Не таптық мұныменен?»- деген жан жоқ,
Түні бойы күпілдер құсын мақтап.
Басқа сая, жанға олжа, дәнеме жоқ,
Қайран жұрт осыменен жүр далақтап.
Есір, есірік бермейді сөзге теңлік
Тура шыңнан қашасың құр далақтап [8]!
* * *
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түскен мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі-қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет-бергіңде [9], шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?!
Ұқпайды өз сөзінен басқа сөзді
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
«Өзімдікі!»- дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде-ұйқың.
Көрсеқызар көбейді [10] байлауы жоқ,
Бір күн тыртың айтады, бір күн - жылтың [11].
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сыйқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кетпесе енді өз ырқың?!
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Өзін де алғаннан соң Құдай құлқын.
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың!
Баста-миға, қолда малға тас (талас) қылған
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын!
Оңалмай, бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерден-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?!
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Артылмасы болған соң мініп қыртың!
[Ескерту: келесі беттегі соңғы 4 тармақ бізге жетпеген].
* * *
Байлар жүр жиған малын қорғалатып,
Өз жүзін-оның беріп, алар сатып.
Оның алып, тоқсаннан дәме қылып,
Бұл жұртты қойған жоқ па Құдай атып?!
Барып келсе Ертістің суын татып,
Беріп келсе бір қағаз бұтып-шатып,
Елді алып, Еділді алып, елереді [12],
Ісіп-кеуіп қабарып келе жатып.
Әрі-бері айналса, аты арықтап,
Шығынға белшесінен әбден батып.
Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа
Құдай құмар қылады қалжыратып.
Қорғаласа: «Қорықты!»-деп, қоймаған соң,
Шаптырады (шапғырады) қалаға бай да аңдатып.
Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан,
Қолға түсер, сілесі әбден қатып.
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр арылдатып [13].
* * *
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?!
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Бірді-жарым болмаса анда-санда.
Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмас бастан жаға қисайғанда.
«Мұнан менің қай жаным [14] аяулы?!»-деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда?!
Ендігі жұрттың бар сөзі - ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде бұл елде дәнеме жоқ [15]:
Мейір қанып, мәз болып, қуанарлық.
Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,
Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр.
Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,
Ыржиып ызаменен күле алмай жүр.
Саудагер тынышлық сауда қыла алмай жүр,
Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.
Ел-аулақта: күш айтып, топта таңған (танған),
Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.
Естілер де ісіне қуанбай жүр,
Өлерде де (олар да) ойлама: «Мұңаймай жүр!»
Ала жылан, аш бақа-күпілдектер
Кісі екен деп именіп, тіл алмай [16] жүр.
[Ескерту: бұдан кейінгі 5 шумақ бұл мәтінде жоқ.]
* * *
Патша құдай, сыйындым,
Тура баста өзіңе!
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болдың
Тобықтының езіне!
Самородный сары алтын
Саудасыз берсең, алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны
Садаға кеткір, сұрайды
Самарқанның бөзіне.
Кесірлі түйін шешілсе,
Кердейін мойны кесілсе [17],
Келмей кетпес кезіне.
О да құдай пендесі
Түспей кетер деймісің
Тәңірінің құрған тезіне?!
* * *
Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу-маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар,
Сомалап ақшасына соны алар.
Біреу ұғар бұл сөзді, біреу ұқпас [18],
Бағасын пайым қылмай, аң-таң қалар.
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма,
Демеймін: «Жалпақ жұртқа бірдей жағар!»
Жазған соң, жерде қалмас, тесік моншақ,
Біреуден біреу алып, елге тарар.
Бір кісі емес, жазғаным, жалпақ жұрт қой,
Шамданбай-ақ, шырағым, ұқсаң жарар!
«Ит маржанды не қылсын?»- деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.
Жаз
Жаздыкүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда.
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап.
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап.
Арасында құлын-тай
Айлана шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып, былқылдап.
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп, сыңқылдап.
Мал ішінен айналып (айналайын),
Көңілі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға
Аяңшылы жылпылдап.
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып,
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп, сылқылдап.
Жаңа туған [19] жас бала
Жағалайды шешесін:
-Ет әпер!- деп қыңқылдап.
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына,
Салтанатлы байлардың
Самауыры бұрқылдап.
Білімділер сөз айтса,
Бәйге атындай аңқылдап,
Өзгелер басын изейді:
«Әрине!»- деп, мақұлдап,
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен:
-Малыңды әрі қайтар!-деп,
Малшыларға қаңқылдап.
Бай: «Байғұсым- десін»,-деп,
Шақырып қымыз берсін деп,
Жарамсақсып, жалпылдап.
Шапандарын белсенген,
Асау мініп теңселген,
Жылқышылар кеп тұрса,
Таңертеңнен салпылдап.
Мылтық атқан, кұс салған
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап, қутыңдап.
Қайырып салған көк құсы
Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі
Қошемет қып қаңқылдап [20].
* * *
«Ішім - өлген, сыртым - сау»
Көрінгенге деймін-ау!
Бүгінгі дос - ертең жау,
Мен не қылдым, япырым-ау?!
Өз үйінде өзендей
Күркірейді, айтса дау.
Кісі алдында кірбеңдеп,
Шабан, шартық және шау,
Мұндай ма едің анау күн [21],
Мұның қалай, батыр-ау?!
Үш күн аркаң босаса,
Бола қалдың бас асау.
Жан қысылса, жайтаңдап,
Жанда ер өткен [22] жайдары-ау!
Жан жай тапса, сен неге
Жат мінезсің жабырқау?
Қолқа менен сұмдыққа [23]
Байлағанда, кестің бау!
Берерменде бесеусің [24],
Аларманда және алтау.
Топ (түп) болғанда, көрерсің,
Түрлі дауды жүз тарау!
Аяғында сендейлер
Көрмей жүр ме қанталау («хан талау»)?
Қайтып көрер [25] есікті
Қатты серіппе, жарқын-ау!
Жетілсең де, жетсең де,
Керек жері [26] бір бар-ау!
Қыз сөзі
Ескерту: өлеңнің бастапқы 43 тармағы сақталмаған да, 44- тармағынан, яғни 11 шумақтың соңғы жолынан бет алатын аяқ жағы ғана бізге жеткен.
... Айтса жарар ән салып.
Өлең жиған тырбанып,
Ән үйренген ырғалып.
Қыз қасында мұны айтса [27],
Төсегіңнен қыз шықпас,
Қайсы-ақ тілеп ыңыранып.
* * *
Қажымас дос халықта жоқ,
Айнымас серт қайда бар?!
Алдын көрген - артта жоқ,
Мысқыл, өсек, айла бар.
Жақсылығың күнде ұмыт,
Бір жаңылсаң, бұл да (болды) кек.
Пайдасынан бой суыт
Өзі тимей( тыймай) жүрсе тек.
Бұйда тақ та мұрныңа [28],
«Бер-десе де-қолыма!»
Жарасар ма орныңа
Иттің ерсең соңына?!
Сақтасарлық тектінің
Кім танымас нұсқасын?!
Күнде өзімшіл ептінің
Несін адам ұстасын?!
Пайда, мақтан аузынан [29]
Артыла ма ант ұрып?!
Жарисың [30] өсек сөзінен,
Айта берсін шарқ ұрып.
Жау қожаңдап, бұртайып [31],
Дос құбылып (құп алып), әуре етер.
Кімі тентек, кімде айып,
Тексере алмай өмірі өтер.
Кімге достық көп еттім,
Түбі болды бір кейіс.
Жақсы өмірім, әуре еттім,
Жар таба алмай бір тегіс.
* * *
Ем таба алмай,
От жалындай
Толды қайғы кеудеге.
Сырласа алмай,
Сөзді аша алмай,
Осы жүрген [32] пендеге.
Махаббат, достық қылуға [33]
Кім де болса,
Тең емес хазірдейін тұруға
Бес күндік ғашық жөн емес.
Сүйіскен көңілім ойлайды:
Жанның бәрі қатыбас.
Сүйісу тозбай тұрмайды,
Еңбекке аз күн татымас.
Босқа ұялып,
Текке именіп,
Кімді көрсем, мен сонан.
Қатты састым [34],
Бетті бастым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Ұйқы, тамақ
Қалды дым-ақ
Керегі жоқ іс болып.
Жай жатпағым,
Тыныш таппағым
Өзіме қиын [35] күш болып.
Жас жүрегім
Жанды менің
Жай таба алмай, япырым!
Өзің оңда
Жақсы жолға
Патша құдай [36], ақырын.
Жас теректің Жапырағы
Жамырайды, соқса жел.
Түсті мойын,
Толды қойын,
Ақты сел.
Мең паң едім,
Бейғам едім,
Еш нәрседен қайғысыз.
Тез дерттендім,
Кеш өртендім,
Кейде жалын, кейде [37] мұз.
Келдік талай жерге енді,
Кіруге қалдық көрге енді.
Қызыл тілім буынсыз,
Сөзімде жаз бар шыбынсыз.
Тыңдаушымды ұғымсыз
Қылып тәңірім берген-ді!
Осы жасқа келгенше,
Өршеленіп өлгенше,
Таба алмадық бір адам
Біздің сөзге ергенді.
Өмірдің өрін тауысып,
Білімсізбен алысып,
Алпыс деген бір жасқа [38],
Шықтық, міне, белгіленді!
Енді аяңда, жығылма,
Сыймас жерге тығылма,
Қой бұрынғы желгенді!
Қайғы шығып иыққа,
Қамалтпасын тұйыққа,
Сергі көңілім, сергі енді!
Балапан, құстай оңданып (оңдалып),
Қанатыңды қомданып,
Жатпа ұяда қорғанып,
Ұш, көңілім, көкке, кергі енді!
Көңілде қайғы, қалың зар,
Айтатұғын сөзім бар,
Салсын құлақ ұққандар,
Өрбі, сөзім, өрбі енді!
Іште қайғы дерт пісіп,
Көкіректі өрт қысып,
Айтуға көңілім тербенді (тырбанды),
Өзің жалғыз, надан көп,
Ұқтырасың сен не деп,
Әулекі, арсыз елге енді?!
Тыныштық сүймей, қышынып,
Дат керімге түсініп [39],
Пәледен тұрмас шошынып,
Тұл бойын желік жеңген-ді.
Адам деген даңқым бар,
Адам (адым) қылмас халқым бар.
Өтірік пен өсекке
Бәйге атындай аңқылдар.
Тула бойым шіміренді.
Туған жерді қия алмай,
Тентегін жиып [40], тыя алмай,
Әлі отырмыз ұялмай,
Таба алмадық өңге елді!
Әзелде тәңірім сорлы етті,
Арсыз елмен әуре етті.
Жалғыз үйде күңірентті.
Тағдырға білдік көнгенді.
Барма топқа шақырмай,
Жат үйіңде шатылмай,
Шыдармын ба, япырмай,
Жатуға, шықпай, үйде енді?
Қатыныңның ойнасын,
Көрсең, білсең, қоймасын,
Не ойлар ең өз басың,
Сонымен тең біз де енді.
Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?!
Оны айтқанда, толғанып,
Іштегі дертті жоярсың [41],
Іштегі дертті жоярсың!
Жарла да, зарла, қызыл тіл,
Қимаза [42] көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын!
Қара басқан, қаңғыған,
Қас надан нені уға алсын?!
Көкірегінде оты бар
Құлағын ойлы ер салсын.
Тыңдамаса еш адам,
Өз жүрегім толғансын.
Әр сөзіне қарасын,
Іштегі дертім қозғалсын!
Әуелесін, қалқысын,
От, жалын боп шалқысын.
Жылай, жырлай өлгенде,
Арттағыға сөз қалсын!
Мендей кәріп (ғарыб) кез болса,
Мойын салсын, ойлансын.
Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса, сол алсын,
Кім таныса, сол алсын!
Не пайда бар, мың надан
Сыртын [43] естіп, таңдансын.
Онан-дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын!
Өздерің де ойлаңдар
Неше түрлі жан барсың?!
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың!
Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың.
Соны көріп, сол итке [44]
Қайтіп қана сарнарсың,
Сарнарсың [45]!
Кейде есер көңіл құрғырың
Махаббат іздеп талпынар.
Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар.
Тартқан бейнет, өткен жас,
Жүректің отын сөндірмес.
Махаббат-өмір көркі рас,
Өлген соң, ол да үндемес.
Махаббатсыз-дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ, білген күл,
Шын дос таппай, тыншымас.
Пайда, мақтан-бәрі тұл,
Доссыз ауыз тұщымас!
Жазғытұры
Жазғытұрым қалмады қыстың сызы,
Масатыдай құлпырып [46] жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал
Жалбаңдасар езінің тұрғысымен.
Қатыныңның ойнасын,
Көрсең, білсең, қоймасын,
Не ойлар ең ез басың,
Сонымен тең біз де енді. ***
Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?!
Оны айтқанда, толғанып,
Іштегі дертті жоярсың [41],
Іштегі дертті жоярсың!
Жарла да, зарла, қызыл тіл,
Қимаза [42] көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын!
Қара басқан, қаңғыған,
Қас надан нені ұға алсын?!
Көкірегінде оты бар
Құлағын ойлы ер салсын.
Тыңдамаса еш адам,
Өз жүрегім толғансын.
Әр сөзіне қарасын,
Іштегі дертім қозғалсын!
Әуелесін, қалқысын,
От, жалын боп шалқысын.
Жылай, жырлай өлгенде,
Арттағыға сөз қалсын!
Мендей кәріп (ғарыб) кез болса,
Мойын салсын, ойлансын.
Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса, сол алсын,
Кім таныса, сол алсын!
Не пайда бар, мың надан
Сыртын [43] естіп, таңдансын.
Онан-дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын!
Өздерің де ойлаңдар
Неше түрлі жан барсың?!
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың!
Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың.
Соны көріп, сол итке [44]
Қайтіп қана сарнарсың,
Сарнарсың [45]!
Кейде есер көңіл құрғырың
Махаббат іздеп талпынар.
Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар.
Тартқан бейнет, өткен жас,
Жүректің отын сөндірмес.
Махаббат-өмір көркі рас,
Өлген соң, ол да үндемес.
Махаббатсыз-дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ, білген күл,
Шын дос таппай, тыншымас.
Пайда, мақтан-бәрі тұл,
Доссыз ауыз тұщымас!
Жазғытұры
Жазғытұрым қалмады қыстың сызы,
Масатыдай құлпырып [46] жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
Түйе боздап, қой қоздап - қора шу-шу [47],
Көбелек пен құс пенен сай да [48] ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.
Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,
Жұмыртқа іздеп (ізлеп), жүгіріп, балалар мәз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз бұраңдап, жабысып, қылады наз.
Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,
Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.
Қырда торғай сайраса, сайда-бұлбұл,
Тастағы үнін қосар байғыз, көкек.
Жаңа пулмен жамырап саудагерлер,
Диқаншылар жер жыртып, егін егер (салар).
Шаруаның біреуі екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.
Безендіріп [49] жер жүзін тәңірім шебер,
Мейірбандық, дүниеге, нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп, емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.
Жаз жіберіп, жан берген қара жерге,
Рахметіне Алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп, көтерілер.
Қара тастан басқаның бәрі жадырар,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер.
Тамашалап қарасаң Тәңірі ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер.
... Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,
Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай?!
Таң атқан соң, шығарын күннің, біліп,
Өңі қашар, бола алмас бұрынғыдай?!
Күн-күйеу, жер-қалыңдық сағынысты,
Құмары екеуінің сондай күшті!
Күн қырындап жүргенде, көк [50] қожаңдап,
Күйеу келді, ай, жұлдыз көтін қысты.
Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,
Жан-жануар қуанар тойға еліріп.
Азалы ақ көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.
Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар,
Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.
Жыршы құстар әуеде өлең айтып,
Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.
Жер-күйеуін, күн көксеп, ала қыстай,
Біреуіне бір дене [51] қосылыспай.
Көңілі күн лебіне (лабыта) тойғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,
Сүйіп, жылып турады жан лебізін.
Қызыл арай, сары алтын ұясына [52]
Күннің кешке кіргенін көрді көзім.
Заман ақыр жастары
Қосылмас еш бастары.
Біріне-бірі қастыққа
Қойнына тыққан тастары.
Саудасы-ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбегін етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны [53].
Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей, несі өнер?!
Сиырша, тойса, мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.
Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп, секек етем деп,
Шошқа туар сөздері.
Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ.
Уайым-аз, үміт-көп,
Ет ауырмас бейнетке.
Бүгін-ертең жетем деп,
Көңілге алған дәулетке.
Қайратпен кіріп жалынбай,
Ақылмен тауып айласын.
«Мен талайға» салынбай,
Жылы жүзбен жайнасын.
Қайратқа сеніп, қақтықпай,
Жарасын [54] тауып, жауласар.
Қатынша тілмен шаптықпай,
Майданға шықса, жарасар.
Жалыны кайтар дененің
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ.
Құйрығы-шаян, фітнә (беті) [2] адам,
Байқамай сенбе құрбыға.
Жылмаңы-сыртта, іші-арам,
Кез болар қайда (қайыр) сорлыға.
Досыңа достық - қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі-өкініш,
Ойланып алмақ-сабыр сол.
Ақкөңілді жақсыдан
Аянбай салыс ортаға.
Ақылы, ары тапшыдан
Қу сөзін алма қолқаға.
Сұм-сұрқия қу заман
Гүл көрінер (күйінер) жігітке.
Қызықты өмір жайнаған
Кеудесі толып үмітке.
Бір нәрсені ұнатса,
Қайта ойланып қарамас.
Мақтатып [55] жұртты шулатса,
Құмар сол-қызба бас.
Сенісерге келгенде,
Сене берер, талғамай.
Жұрты құрғыр, сенгішке
Тұра ма қулық жалғамай?!
Ары кеткен алдағыш,
Мені-ақ алда, сөкпейін.
Балы тамған жас қамыс
Ормасаңшы көктейін!
Сені жақсы көрмесе,
Сенер ме еді сөзіңе?!
«Япырм-ай!» - деп, терлесе,
Ар емес пе өзіңе?!
* * *
Қайғы шығар-ғылымнан,
Ыза шығар-білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен!
Қайтіп қызық көремін
Әуре-сарсаң күнімнен?!
Қайрылып, қарап, байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен.
Қайғылы қартаң біздей шал,
Қарай берсең, қайда жоқ?!
Есер, есірік болмасаң,
Тіршілікте пайда жоқ.
Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке.
Болымсыз қулық-тойымсыз,
Болады балаң жер-көкте [56].
Ішімен жау боп, сыртымен
Кім тояр қылған құрметке?!
Кеңшілікте туған жоқ,
Шықсын (шықсаң) деген жел бетке.
Тарлықта қанша тайпалса,
Қадірі болмас әлбетте.
Сыйлассаң [57], елің ұлықтап,
Араласаң қызықтап.
Қызық пенен тыныштыққа
Қазақ тұрмақ тұрақтап (тұрақтап).
Қаңқылдап біреу ән салса,
Біріне-бірі жуықтап.
Тебінісіп қамалар
Тоқтатып болмас сырықтап.
«Түзу бол!»- деген кісіге
Түзу келмес ырықтап.
(аяғы жоқ).
* * *
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан,
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Өз ойында
Тұл бойында
Еш міні жоқ пендесін.
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң, еркесіп.
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын, арын саудалап.
Бұтты-шатты,
Үй санатты,
Байдан атты алмалап.
Кедейі-ер,
Кеселі зор.
Майлы байдан сорлы жоқ.
Аш көмектің,
Жемдемектің,
Босқа әлектің орны жоқ.
Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гу де гу.
Байы-баспақ,
Биі-сасқақ,
Әулекі, асқақ, сыпыра қу [58].
Ақы берген,
Айтса, көнген,
Тыныштық іздер-елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтқан пенде жоқ.
Әз тұтуға,
Сыйласуға
Қалмады жан бір татыр.
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр
Болдың ақыр тап-тақыр.
Су жұғар ма,
Сөз ұғар ма,
Сыпыра жылмаң, желбуаз?!
Не етті [59]- көндім,
Алды-бердім,
Енді өкіндім-өзіме аз! ***
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан!
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да қуғанға.
Ғаділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа.
Алдың-жалын, артың-мұз,
Барар едің қай жаққа?!
Пайданы көрсең, бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап, жасырып,
Майданға түспей, бәйге алма!
Өзінде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға.
* * *
Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?
Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.
«Бір тойған-шала байлық»-деген қазақ,
Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей.
Еңбек жоқ, харекет жоқ, қазақ кедей,
Тамақ аңдып, не қылсын [60] тентіремей.
«Ет, қымыз секілді ас жоқ!»-дейді,
Ол немене: «Жоқ-жоқтың!» [61] әсері емей?!
Ет, қымыз-тамақ болса, әркімге арзан,
Тәтті дәмді іздер ең онан арман.
Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр,
Құлдык ұрып, асайсың асы бардан.
Тоярға өз үйіңнен қолың қысқа,
Ас берер ауылды іздеп жүрсің босқа.
Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.
Ұрлық, қулық, сұмдықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.
Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
«Есек көтін жусаң да, мал тауып кел»,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса, сыйпамай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен ғұмырдың бәрі де жел.
Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,
Сенімді дәулет емес сен қуанар.
Еңбек қылмай, тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы секілді тез суалар.
Мінер ат пен киімін ып-ықшам ғып,
Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып [62].
Бұраңдап, жылы жүзін асқа сатқан
Кезікпеңе қосылма, кеткіл [63] қаңғып.
Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,
Кейін, кем ит тым-ақ көп біздің тұста.
Өз үйінен жиреніп қашып жүрген
Антұрғанға қосылма қапылыста.
Әбдірахман өліміне
Талаптың мініп тұлпарын,
Тас қияға өрледің.
Бір ғылым еді іңкәрің
Әр қияға [64] сермедің.
Көзіңді салдың тұрғыға,
Бейнетін қиын көрмедің.
Бірге оқыған құрбыға
Бас бәйгені бермедің.
Бала болдың, жас болдың,
Жалғандыққа ермедің.
Төре болдың, бас болдың,
Көкірегіңді кермедің.
Ел ішіне cay келсең,
Тағылым жаймас [65] ер ме едің?!
... Пенде өлмейді-арманнан,
Мінеки, мен де өлмедім.
* * *
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл
Өзгесі Хаққа қол емес.
Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің, ғақыл, суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін.
(аяғы жоқ).
* * *
Жүректе қайрат (ғайрат) болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ғақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Аспаса ғақыл қайраттан,
Тереңге бармас өстіртер (үстірттер).
Қартыңның ойы шар тартқан
Әдет жеңіп, күңгіртер [66].
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып.
Бере берсең, бер (бір) десе,
Үміт етер (итер) таласып.
Малда да бар-жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?!
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?!
* * *
Адам - бір боқ көтерген боқтың қабы,
Өлсе, сасық болады боқтан тағы [67].
«Сенен мен кем бе?»- деп таласады [68],
Білімсіздік белгісі-ол баяғы.
(аяғы, соңғы шумағы жоқ).
Мағауияға
Жүзге келген кәрідей [69],
Халықтың қамын ойлаған,
Сәулем еді көзіме
Жанған оттай жайнаған,-
Дүние-ай, қалай тар едің,
Мағашымды қоймаған?!
Қуанушы ем, сәулем-ай,
Облыстан келгенде.
Бақасқа әрбір салушы ем,
Жауабын түгел бергенде.
Ғылаж бар ма, тағдыр-ай,
Қалап бір атқан мергенге?!
Ғапылықта жүруші ем
Ұсындым Хаққа мойнымды
Атам, анам, - қара жер,
Аша бер, кірем, қойныңды!
Күнәһім көп, қорқамын,
Жарылқа, Жалғыз, орнымды!
МӘШҺҮР-ЖҮСІПТІҢ ҚҰНАНБАЙ, АБАЙ ТУРАЛЫ ЖАЗҒАНДАРЫ
1. Тобықты-Құнанбай әкесі Өскенбайға ас беру үшін қалың Бошанның ортасына көшіп келіп, Қарқаралы тауында ас берді дейді. Сонда Жамантай хан Құнанбайға не деп көңіл айтудың ретін таба алмай, Баймұрыннан Балта ақынды сұрап, қасына алып отырды дейді: Құнанбайға көңіл айттыру үшін. Сонда Құнанбай Жамантай ханға сәлем беріп, кіріп келгенде, «Ассалаумағалейкум-уағалейкумассаламнан» соң, сөзге келместен, өлеңді қоя берді дейді:
Атаңа ас бергенің-барлығыңнан,
Үш жүздің басын қостың нарлығыңнан!
«Борыш жоқ Хақ асына» - дегендейін,
Алланың кім қалады жарлығынан?!
Кешегі Жиреншедей сөйлер тілің,
Дұшпаның жақыныңнан - жалғыз мінің.
Дәуіт ұғлы Сүлеймен дәулетіндей
Қомында(құмында) Имам Ағзам күткен дінің.
Құнан сөзі Құранның тақтасындай,
Бұхардың ол осы кең қақпасындай.
Өлі аруақ өз орынын құр тастамас,
Алтынын тастап кеткен ат басындай.
Құнан сөзі Құранның иреуіндей,
Өсекең бұл жалғанның тіреуіндей.
Ғаділдікке келгенде, жұрттан астың,
Шаһариар: Ғұмар, Ғұшман біреуіндей.
Кедейін асырайды бай Жанысым,
Дұшпанға жібермейді бір намысын.
Қазақ түгіл кәпірге дәуірің жүрген,
Сындырмас жалғыз қамыс жолбарысым!
Сонда Құнанбай:
- Қоя ғой, сөзің жетті, болды!
Құдай тағаланың Шаншар деген елден аяп қалған нәрсесі жоқ сықылды-ау! Шаншардың ең ғақылсыз жындысы сенсің-ау! Сен де Жамантай сықылды ханды арашалап алуға жарап отырсың!-депті.
Ақын да жарайды, оған қайырған Құнанбайдың сөзі де жарайды!
Құнанбай әкесі Өскенбай өлгенде, ел тауға жаңа қонған кез болса керек. «Бүгін дүйсенбіден келер дүйсенбі жаназа оқылатұғын күні»,-деп, ел шақырды дейді. Жаназаға жиылған жанға жетпіс үй тікті дейді. Сонда сол үйлердің не керек-жарағы бәрі өзінің ішінде тұрды дейді. Самаурын қайнататұғын көмірі әр үйдің өз алдына үйілді дейді. Жаназаға жиылған жан басына бір-бір жайнамаз садақасы болды дейді. Асқат (расход) малынан бөлек жаназа шығарған молдаға төрт түйе сыбаға байлады дейді. «Қазақ жұртында Өскенбайдың асындай ас болмады!»-дейді. «Қанша сойылған малдан шек-қарын деген қазанға түспеді»- дейді. «Жерошақтың маңайына жалғыз малдың шек-қарынын аршытпады»- дейді. Және әр жерошақ басына бір мергенді қойды дейді: «Келген итті атып тастай беріңдер!»- деп. Бәйгеге шабылған қанша ат болса: «Ат тері әкемнің мойнында қалмасын!»-деп, қалған атқа да ат майын төлеп отырды дейді. Сонда тамам молданы бір үйге хатым-құран түсірді дейді. Өзі молдалардың ортасына барып:
- Парыздың ең күштісі не?- дегенде, жалғыз молда жауап бере алмады дейді. Сонда өзі айтты дейді:
- Молдалар, мұнан былай халық қауқтырып қойыңызлар: «Парыздың ең күштісінен күштісі: ішкен-жеген ас адалданбай, тайқазаны орынға тұрысып, жұмысқа жарайды. Мал адал болса, бәрі соның күшімен іске жарайды!»- деген екен.
(Мәшһүр-Жүсіп, 6-папка, 216-218 беттер). 2. Құнанбай Алшынбайдың Жүсіп дейтұғын баласының қызын тұңғышы Ибрайға [Абайға] алып берген. Ибрайдың бәйбішесі Жүсіптің қызы болатұғын. Мұны ұмыттырмайтұғын тарихы-Қалдыбай қожаның бір ауыз өлеңі. Жүсіптің бәйбішесі пәуеске мініп, Құнанбай аулындағы қызына амандыққа бара жатқанда, Молдашбай деген ақсақ отағасы бар екен. Қалдыбай қожа да бар екен. Бұл қожаның өзі де жергілікті ақсақ кісі, кемпірдің шабаданы тәрізді қораш, қортықтау болса керек. Бір шолақ аяқ ақсақ ит те бәйбішеден қалғысы келмей ере шығыпты, бір аттың аяғы жолшыбай ақсақ болыпты. Сонда қожа айтады:
Бес ақсақтың біреуі-Қалдыбай-ды,
Молдашбайдың басқаны мандымайды.
Байы болыс бір қатын арбада отыр,
Ақсақ, сауын еш адам аңдымайды.
Жүсіптің бәйбішесі де туа ақсақ екен, оны «ақсақ»- деп ешкім айта алмаған екен. Баласына баласының қызын алып берді, Құнанбай Алшынбай мен замандас болды. Құнанбай әкесі Өскенбай Тіленшімен замандас болды. Кеңгірбай Өскенбай әкесі болса, Тіленшімен замандас деуге сыяды. Болмаса Дадан: Тобықты-Қараменде бимен замандас болған Қабекеңіз Тіленшімен бас қосуға тіреліп келген болады. Ондай болғанда, Ибрайдан да дәмеліміз. Тұқым жұрағатында өлгені тіріліп келіп, кейінгі заманның кісісімен бастас болатұғындық әуелден ата тегінде бар болғандықтан. Жабайы жанды, тар, ауданды кісіден не шығады? Соқыр сезімдіден не шығады?! Шұбыр адамның жаны жабайы, ауданы тар болады.
(Мәшһүр-Жүсіп, 1178-папка, 314-бет).
Көкбайдың «шұбыр» екендігін Әріппен айтысқан өлеңінен әбден танығанбыз.
(Мәшһүр-Жүсіп-1176-380(449)б.)
3. Тобықты:Олжайдың үш баласы болған. Біреуі-Ырғызбай: «Үш Олжай»-деседі. Ырғызбайдың қатыны «Елти қатын» атанған. Құнанбай-осы Ырғызбай ұрпағынан. «Үш Олжайдың» бірінен-соқыр Оразбай, бірінен-баяғы Құнанбаймен он бір жыл қағаздасатұғын Бөжей шыққан. Онымен туысы бірге: Базаралы, Бағаналы, Қарымсақ, Шопан-төрт ағайынды. Бірінен-бірі өтеді, көкжал, бөрі болғандар. Сол төртеуінің кенжесі-Шопан Құнанбайдың тоқалымен ойнас екен. Құнанбай керек те қылмайды, жұмысы жоқ. Ибрай [Абай] марқұм аңдиды екен. Құнанбайдың тоқалы Ибрайдың қолына бермес үшін бір ай көмбеге тығып сақтапты. Бір күн[і] Ибрай марқұм әкесіне айтыпты:
- Мен жұрт бетіне қарай алмадым. Әр жерде бетіме шіркеу болды!- деп. Сонда, Құдай рахмат қылсын, Құнанбай айтыпты:
- Бұрынғылардың айтқаны: «Ұрғашының емшегі-елудікі, аузы-алпыстыкі, асты-жетпістікі!»- деген. «Іннің түбі - өзімдікі, аузы-әлдекімдікі». Ac құйып ішуге адал ыдыс таба алмай, дағдарып жүрсің бе?- депті.
Ибрай түтін болып шығыпты, сонан кейін өзі болып, «Тасы өрге домалап тұрған» күнде сол төртеуін түгелімен айдатқан екен: «Бірі қалса, мені жер үстіне қоймайды!» - деп.
(Мәшһүр-Жүсіп, 1178-папка, 305 б.) 4. Тобықты: Олжай балалары: Ырғызбай, Жігітек, Боқкөт. Ырғызбайдан-Өскенбай, онан-Құнанбай. Бәйбішеден Құнанбай жалғыз. Өскенбайдың тоқалынан Майбас жалғыз. Құнанбаймен он бір жыл дауласқан-Бөжей-Жігітектен. Базаралы, Бағаналы, Қарымсақ, Шопан-бұлар да Жігітектен. Осы ағайынды төртеуін Ибрай [Абай] айдатқан.
(Мәшһүр-Жүсіп, 1-папка, 53 б.) (Ескерту: әрі қарай айтылған өткір сын біреулерге ұнамағандықтан ба, әлде ресми үстем пікірге қайшы келуден қаймыққандықтан ба, беттің төменгі жағы жыртылып құртылған-Н.Ж.) 5. Ибрай Құнанбаев сөзі. «Қазақ қылығым Құдайға лайық болса екен!»- деп, қам жемейді, тек жұрт қылғанды қылып, жығылып, тұрса болғаны. Саудагер несиесін жия келгенде: «Тапқаным-осы, біттім,-деп алсаң, ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?»- деп айтатұғыны болушы еді. Дәл Құдай тағаланы сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім-осы, енді қартайғанда, қайдан [үйре]немін?»- дейді. «Оқымадың!»- демесе, болады, тілімнің келмегенін...- дейді. Тілі өзге жұрттан өзгеше жаратылып па?!
(Мәшһүр-Жүсіп, 1-папка, 99 б.) 6. Абайдың афоризм сөзі 1. Көңілдегі көрікті ой Ауыздан шыққанда, өңі қашады. 2. Жамандықты кім көрмейді? Үміт үзбек-қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екендігі рас. Жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің?! 3. Қары қалың қатты қыстың артынан-кек қалың, көлдері мол, жақсы жаз келмеуші ме еді?! 4. Егер де ісім өнсін десең, ретін тап. 5. Биік мансап-биік жартас: Ерінбей еңбектеп, жылан да шығады, Екпіндеп ұшып, қыран да шығады. 6. Жеңсікшіл ел жетпей мақтайды,
Желөкпелер шын деп ойлайды. 7. Дүние-үлкен көл,
Замана-соққан жел. 8. Алдыңғы толқын-ағалар,
Артқы толқын-інілер.
Кезекпенен ілінер (үленер),
Баяғыдай көрінер.
9. Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық. 10. Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан дана артық. 11. Тоқ тіленші-адам шайтаны. 12. Харакетсіз сопы-монтаны. 13. Жаман дос-көлеңке:
Басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың,
Басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың!
14. Досы жоқпен-сырлас,
Досы көппен-сыйлас. 15. Қайғысыздан-сақ бол,
Қайғылыға-жақ бол! 16. Қайратсыз ашу-тұл,
Қайғысыз ақыл-тұл.
Тұрлаусыз ғашық-тұл,
Шәкіртсіз ғалым-тұл!
17. Бағың өскенше, тілеуіңді ел тыймайды:
Өзің де тілейсің.
Бағың өскен соң, тілеу қорың азаяды,
Өзің ғана тілейсің!
18. Жабайы жанды,
Тар ауданды,
Соқыр сезімді
Шұбырлардан не шығады?!
(Мәшһүр-Жүсіп, 1176-папка, 81 б.)
Осы орайда Мәшһүр-Жүсіп жазуымен жеткен жеке Абайға қатысты деректер де көңіл бөлерлік: 7. Байқарадан жеті ақын әзіретке барып, пірге қол беріп; «Домбыра тартуды қойдық!»- деп келгенде, Ыбырай [Абай] өлең шығарған екен:
Байқарадан жеті ақын мүрид болды,
Домбырадан айрылып, тірі ит болды!- деп.
(Мәшһүр-Жүсіп, 1178- папка, 304(171)бет).
БАЛТА БҰҚАРБЕКҰЛЫ (XІX Ғ. АЙТЫС АҚЫНЫ)
Ахоу, айдай, арбаның әлде несі,
Қолқа жүрек-адамның жан денесі.
Кірген кісі шыққысыз Жаныс үйі,
Ит байласа тұрғысыз болған несі?
ӘРІП ТӘҢІРБЕРГЕНОВ
(1856-1924)
Тозаққа біреу кетсе,
Дүтің кетер, Дүтің кетсе,бәлем,
Көкше, құтың кетер!
Алдына қарайғырын айдап салып,
Артынан тоғыз биін күпілдетер.
Тозаққа біреу барса, Абай барар,
Абай барса, Тобықтыдан талай барар.
Мойнына оттан күрзі салып алып,
Төрт Мұқараб періште сабай барар.
ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ
(1858-1931) Мәшһүр-Жүсіп жазбаларында өзімен тұстас ақын Шәкәрім туралы, оның «Қалқаман-Мамыр» дастанына өзек болған тақырып т.с.с. туралы қысқаша деректер орын алған: 1. «Тобықтыда: Кішеке, Самысты деген екі ағайынды туысқан елдің ішінде Әйтеке баласы Қалқаман-Кішеке таптікі, Көкенай қызы Мамыр-Мамбет деген таптікі. Екеуі ғашық-мағшық болысқан. Соған жүз (елу) жылдан артық жыл өткен шығар. Ғашық-мағшықлықтан ел аузында аттары қалысқан: Қалқаман мен Мамырдікі достың да жұп деген сөзі жалғанда қосыла алмаған. Қосылса да, дәурен сүре алмаған. «Бақытсыз Жамалдың» - «Саумал көліңе басың тығып кеткеніңде»- дегені сықылды. Мамбет өсіп-өнді, бара-бара сол таптан бір бай шықты Жылақара. Сол байдың он бес ер жасар қызы Мамыр-әрі сал, әрі пысық, еркек-шора... Басқа бала жоқ әлгі байда. Оны қыз деп, еш адам айту қайда: «Байдың көңілі жабырқап қала ма?»- деп, жұрт жүрді. «Құда боламыз!»- дей алмайды.
Ұл мен қыз айырылмай жүреді екен,
Мамырды жас күнінде біледі екен.
Ғашықтығын айта алмай, іштей жанып,
«Құрбымыз!»- деп, құр ойнап жүреді екен.
[Па]қыр жылқы бағады күнде барып,
Тымақ киіп, қолына құрық алып.
[Бар]ғасын Мамыр менен малда жүріп,
Бір аз сөз сөйлесіпті кез боп қалып.
Сонда қызға өзін сүйдірмекке,
Ғашық болса, оны да күйдірмекке.
...Мысал сықылды бір сөз айтты
Көңіліндегі мақсатын түйдірмекке.
(аяғы сақталмаған).
(Мәшһүр-Жүсіп, 6-папка, 202 б.)
2. Айтушылардың айтуына қарағанда, баяғы «Қалқаман-Мамырдың»- Қалқаманы осы күнгі «Қалқаман тұзы» бекет салынып, «Қалқаман бекеті»- аталған дейді. Heгe десең, онда бір келіншектің аты Мамыр дейді. Мамырдың көмілген жері болғанда, Қалқаман соның моласын күзетіп қалған дейді. Қойсарыдан: Байзақ, Өмірзақ. Байзақтан-Байқожа. Қалқаман осы Байқожаға бала болған дейді. Сол заманда қалмақтан екі қыз олжаға түсіп, біреуін - Жәнібек алып, онан-Манамбай туған дейді. [Б]іреуін Байқожа Қалқаманға қосып, өзі қара шаңыраққа ие қылатұғын [ке]нже баласы Жұмағұлмен еншілес қылған дейді: «Бұл өзі затты тұқым [болма]йды-деп. Жұмағұлдан-Ақжан, мұнан-Жүсіп. Бұл атасының аты-Байсын, біреуін ұмытқан. Бұл ұмытылғанның аты-Байтілеу-Қалқаманнан. Мұнан-Әжібай, мұнан-Сүлеймен қажы: «Қойсарымын»-дейді. Осы күнде Бұқа, Күбір ішінде Қалқаманның өз моласы. Көп ұлт Бәсентиіннің қасқа жайсаңы, әдейі өзін сонда қойдырыпты: «Қалқаман-атты тартып аламыз!»- деп, ала алмапты. Сәмеке жабық өсиет қылып, өзін әдейі қойдырған, сонда да атағы шықпаған. Мұса, Секербай заманында «Жабықтың Мұсасы»- деп айтылып жүрді.
(Мәшһүр-Жүсіп, 1176-пажа, 48 б.)
НҰРЖАН НАУШАБАЕВ
(1859-1919)
Жаманды, жақыным деп, есепке алма,
Жақсыны, жат та болса, өсекке алма.
Жетем деп осыменен мұратыма,
Тұлпарға айырбастап есекті алма.
Сыйласып тірілікте жүріскенде,
Қадірін бір-бірінің біліскенде.
Белгісі жақындықтың-кұрметтесіп,
Ықыласпен сағынысып, көріскенде.
Не керек жаман туған құр ағайын,
Басыңа, септігі жоқ, іс түскенде?!
НАРМАМБЕТ (1860 ТУҒАН)
Кең дала, кеткенің бе, кер бетеге,
Бұ жерде бала жақсы ер жете ме?
Суырдай іннен шыққан сүмірейіп,
Дариға, мекенінен ел кете ме?!
* * *
Именіп, иба қылар келін бар ма,
Ол именсе, елемей жының бар ма?
«Тоқсан екі толғансаң, тозбайсың!»- деп,
Артыңда тілеп тұрар елің бар ма?!
АҚЫЛБАЙ АБАЙҰЛЫ
(1861-1904)
Дағыстан
Қазақтың «Қап» дегені-Кавказ серек [ 1 ],
Құдайым сұлу, биік, еткен ерек.
Ақырып айдаһардай жүз толғанып,
Тасты ағызып, тау [2] жарған долы Терек.
Артық нәрсе дүниеде айтпақ үшін,
Көріп келіп, ойланып, білген зерек [3].
Қолдан келер нәрсе жоқ-жанға рақат,
Хикметін тамашасын көрсек керек [4].
Кавказды сұлу қылған Құдай қалап,
Кете алмас көрген адам тамашалап.
Белгілі ер Черкестен (Серкештен) көп адам
Сол тауда өмір сүрген жанасалап.
Сөйлеймін сол таудағы Дағыстаннан,
Жауменен, жалығу жоқ, шабысқаннан.
Күні бүгін іркіліп көрген емес
Бір сөзге қанжар алып қағысқаннан.
Бастаған, сөзді бастан, баяғыдан,
Сөз түйіні шешілер аяғынан [5].
Қаны қызса, қанжарын қайтармайды,
Бұл елдің бұрын сермер таяғынан.
Ақ жиек, көкшіл сұрғылт, сәуле берген,
Тұмантқан [6] Кавказ буы көтерілген.
Алтын шатыр сәулесі тау басында,
Атырабы мәлім болды талай жерден.
Бұлбұл құс ұйқысынан көзін ашып,
Нұрына [7] гүл-бәйшешек таңырқасып.
Күн ыстығы түскенше , сермелеңдеп,
Түзетті үнін, жүнін жабырласып.
Күйітті үнін түзеп, шырқатады,
Көмейін қайырып, толғап, ырғатады.
Тоқсан екі толғанып мұң мен зарды
Тәңірінің берген үнін зарлатады.
Сайраған құмыр бұлбұл үні шықты,
Шәлісін кемпір қара бүркеп тықты.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Елеріп тік қарайды Кавказ мықты.
Сөкпе, қалса сөзімнің шалалары,
Кітапта жазған орыс даналары.
Бұрын неше соғыста ойран болған,
Көрінді Дағыстанның қалалары.
Бұзылған Дағыстанның қай қаласы,
Көрінді қарт Күшіктің [8] үй-ханасы.
Күшік тұр қайғы басқан үй алдында,
Дүниенің әсер (әшір) бермей тамашасы.
Бір қатын үйден шықты қадам басып,
Асығып, дегбірі жоқ, асып-сасып.
Күшік айтты қатынға:
- Шақырды ма,
Көрейін жалғызымды, болса несіп?!
Қатын айтты:
- Ауруы жаман!- дейді,
- Әлі ырзалық берген жоқ саған!- дейді.
- «Әкеңді шақырайын»,- дегенімде,
Бір ауыз сөз айтпады маған!- дейді.
Күрсінді, сөзін естіп, Күшік кәрі,
Көзінің жасқа толып кетті бәрі.
Өткен істің қатесі ойға түсіп:
«Келді-ау-деп,- Әлі кемпір қылған зары!»
Екі көзден жас ыршып, атып кеткен,
Тоқтамай, сорағытып [9] әжім беттен.
Жуан, қалың білектей, бурыл мұртқа
Домалап улы жасы барып жеткен.
Зайра сұлу, жалғыздан, айрылғанын,
Әлінің сілеп қарғап, зар қылғанын.
Алдына көп тосқандай сықылданды
Орынсыз өмір бойы бар қылғанын [10].
Күшіктің қандай іспен өскендігін,
Қалайша өмір бастан кешкендігін.
Басынан ұқтыруға енді [11] келдім,
Неліктен осы қайғы түскендігін.
Тәкаппар Дағыстанда Иосиф батыр,
Бақыты асып құрбысынан келе жатыр.
Екі ауыз сөз көтермес-зор көкірек,
Соқтығып буған ешкім тимейді ақыр [12].
... Қорғалап, тірі адамнан қорықпаған [13],
Әлі өзінен мықтыға жолықпаған.
Қанды көз, қанішер боп, туған Күшік
Ұялмас: «Іс қылар [14]- деп,-ұлық маған!»
Мыңнан тізгін тартпаған о да мықты,
Мергендікке өзгеше болып шықты.
Бір кемпірдің баласы, аты - Ибраһим,
Ондай адам атпаған бір мылтықты.
Білімді, қалжыңға ұста, тілі майда,
Жұрт күлдіріп, сөз айтқан әрбір жайда.
«Басқа пәле-тілден»-деп, мақал бар ғой,
Бірде залал қалжың сөз, бірде пайда.
Сол күнде Дағыстанның әдеті еді
Бір үлкен той қылатын он екі айда.
Кімнің жақсы екенін, кімнің-мерген.
Гулесіп айтушы еді [15] осындайда.
Сол тойы және болып, жұрт айтады:
«Бұл елде Ибраһимдей мерген қайда?!»
Өзі есті, өзі шешен, өзі [16] мерген,
Қайда барса, жақсыға қосылмай ма?!
Ибраһим бір сөз айтып, қалжыңдапты,
Қиыстырып Жүсіптің мінін тапты.
Көп ішінде қалжыңдап айтқан сөзі
Күшіктің кеудесіне оқ боп атты [17].
Долданып, ыза болып, буынады,
Көтермей ойын сөзді Құдай атты [18].
Басқа жұрт елемейді еркелетіп,
Тәкаппар долы Күшік қандай қатты [19]?!
Күшекең бұл сөзді кек көреді,
Мақтауды өзге алғанын жек көреді.
Ішінен Ибраһимді жоқ қыларға
Буынып, улы қанжар кектенеді.
Сол сөзбен жұрт тарқайды әр тарапқа,
Ибраһим көңілін қойып жүреді аққа.
«Күн ашықта бұғы, арқар атайын!»- деп,
Үйден шығып, жөнелді Кавказ жаққа.
Сол күні Жүсіп-тағы аңда жүрді,
Жайылған бір арада арқар көрді.
«Ептеп басып, шалдырмай атайын»- деп,
Бір жартасты бетке алып жүреді енді.
Байқамай, дәрісін көп, сасып, салған,
Ептеп келіп, арқарды басып қалған [20].
Бір заңғардың басына, оғы тимей,
Көз ұшына ойнақтап арқар барған.
Бола ма аңға көңілі аумасына,
Оқ тимей, арқар шықты тау басына.
Ескерусіз Ибраһим келіп қалды
Өзінің қанын ішер жау қасына [21].
Мылтыққа, атайын деп, оғын салды,
Сығалап, нысаналап, бетіне алды.
Оқ тиместей дандайсып тұрған арқар [22]
Ибраһим тарс қойғанда, құлап қалды.
Ибраһим айтты қалжыңдап:
- Батыр, саған Мендей арқар атуға келмес шамаң!
Жазатайым атарлық сен емеспін,
Тағы арқарың бар болса, көрсет маған [23]!
Бұл сөзге ашуланды Күшік долы,
Орынсыз кімге жақсы ашу молы?
Байқаусыз Ибраһимге жетіп келіп,
Қақ жүректен шап берді қанжар қолы [24].
Бұ-дағы, қанжар дайын, айқаспай ма,
«Қой, мырза, ойнама!»- деп, шайқаспай ма?
Қапы қалды, білмеді аямасын,
Әйтпесе бір кісімен байқаспай ма [25]?!
Сол жерде Ибраһимді жығып салды,
Қанға былғап қанжарын жұлып алды.
Жазықсыз, бір қалжыңға кісі өлтіріп,
Құдай сүймес ірі істі қылып салды [26].
- Өлтірдің,- дейді Ибраһим,- залым Жүсіп,
Нақақ едім, өлтірдің, ашу қысып.
Жалғыз шешем артымда, о да өледі-ау,
Сен-ақ қарқ бол дүниеге, көңілің өсіп [27].
Туған адам өлмекші, арман етпен,
Көрермін тәңірі алдында бір сөйлесіп.
Ай, дүние, кәне, сенің мақтағаның,
Жақсылығын орнымен ақтағаның?!
Қиянат жоқ, жалған жоқ, таза жүрек,
Мынау ма тәуір жанды сақтағаның?!
«Жақсылық жақсы»- деген сөзің қайда,
Мін бар ма Ибраһимде, өзі майда?
Жазықсыз жас өмірін қанмен жудың,
Ешкімге де тимейді сенен пайда!
Өлтіріп Ибраһимді жүріп кетті,
Тағдырдағы байғұстың күні бітті.
Екі күнде кез болып, біреу тауып,
Өлгенін Ибраһимнің мәлім етті.
Денедегі жосадай көріп қанды,
Зар қақсап, Әлі кемпір талып қалды [28].
- Жалғызымды жазықсыз өлтіргенді,
Құдай-ау, ата көр!- деп, қылды зарды.
Құдай-ау, құлың едім,- дейді - сенің,
Құрыды, жалғыз еді, түбім-тегім.
Хақ пайғамбар шапағат қылғаның-сол,
Кетпесін, өлтіргенде, менің кегім?!
Мендей ғып, келтір Алла, анасына,
Қарамай, қаза бергіл, шамасына!
Құрытып үрім-бұтақ жұрағатын,
Қырғын, апат өлім бер баласына [29].
Әр түрлі Әлі кемпір қарғыс етті,
Алланың құлағына арызы жетті.
Кемпірдің зарлығына шыдай алмай,
Күшік бұғып, үйіне кіріп кетті [30].
Әлі кемпір ас ішіп, күле алмайды [31],
Кім өлтіріп кеткенін біле алмайды.
Жалғызы-Ибраһимнің-қайғысынан,
Әлсіз боп, аяқ басып, жүре алмайды.
Кемпір өлді жұмада әлі бітіп,
Баланың жетісіне әрең жетіп.
«Аманат Алласына»-тапсырады,
«Кегімді ала көр!»- деп, зарлық етіп.
Сонан кейін бір қатар заман болды,
Қарғысы Әлі кемпір жаман болды.
Шошынғаны көңілінен шығып кетті,
Малы, басы Күшіктің аман болды.
Білгенімше айтайын әңгімесін,
Сөкпеңдер: «Сөйледі,-деп,-мұның несін?» [32].
Бес ұл туып, ер жетті арыстандай (арысландай),
Сөйлейін Зайра (Заһира) қыздың өзгешесін.
Күшіктің жалғыз қызы-Зайра сері,
Мұнан сұлу не болсын әйел түрі [33]?!
Рахметімен жаратқан Алла сүйіп,
Денесінде болмаған мінді жері [34].
Зайраны көрген жанда қалмайды ес,
Қара қасы қиылған, көзі-нәркес.
Алақанға көтеріп аялайды:
«Өзгеше не еткен жан?»- деп, мұғыл Черкес [35].
... Тал шыбықтай бұралған оның белі,
Бес ұлдың ең кенжесі, қызыл гүлі.
«Жеңіл басып, киікше жүреді!»- деп.
«Ғазел»-деп атап кеткен аймақ елі [37].
Толқынды қара шашы жібек талдай,
Көрген адам қарайды көзін алмай.
Аласы аз, нұрлы қара, ұялы көз,
Жаралған бір мүшесі қапы қалмай.
Қып-қызыл бет, жұмсақ ет-қар секілді [38],
Көргенге онсыз дүние тар секілді.
Жүзін көрген алыстап кете алмайды,
Жанының бір ұшығы бар секілді.
Кірсіз тіс, қырлы мұрын, мінсіз ерін,
Кім білер ондай жанның ішкі сырын?
Бұл жүрген әйел оған ұқсамайды (ухшамайды),
Оқысаң (ұқсаң) осы сөздің артқы жырын [39].
Тақпақтап, жарамайды, айта берген,
Қызды әркім мақтағанын көзім көрген.
Ақылы, мінезі мен тұлғасы сай,
Таза жүрек, мін шықпас, мұндай ерден.
Мал мен бас бұл Күшікте бәрі дайын,
Ұлы, қызы артықша осындайын.
Әлі, Мұса, Жағыпар, Таяр деген,
Рақым-ең кенжесі, айтсам жайын.
Бәйгесін мергендіктің бұлар алған,
Батырлыққа ешкімнен емес қалған.
Қолы жеткен, айтпасам, бір заманда,
Кімді еркіне жіберген мына жалған?
«Кім?»- десе, «Жүсіпұлы»- дейді халық,
Қайда барса, келеді жүлдені алып.
Қан саулаған, қамалдан, тізгін тартпай,
Көрген емес бас тартып [40], кейін қалып.
Солардың қолы жеткен заманында,
Жолдас боп, бірге жортқан қамалында.
Жалғызы бір кедейдің ер Жебірейіл,
Есті, сұлу, ерлік бар, қабағында.
Қара мұрт, сұрғылт сұлу, қырлы мұрын,
Қақпақтай кең жауырын, айтсам түрін.
Алланың рахметімен туған жігіт,
Жеткізіп айта алмадым мыңнан бірін.
«Ғазелді» көріп бір күн, болған ғашық,
«Кедей-деп, - бермейді-ау!»- деп, қайғы басып.
Не өлмек, не қызды алмақ-ойға түсті,
Тағдырдан құтыла ма пенде қашып?
Айтуға бата ала ма байға кедей,
Қоя ма, әл келмесе, кедей демей.
Ғашықлық пәлесіне ілінген соң,
Не қылса, амалы жоқ, қайғы жемей.
Ала алмас ғашық адам өзін тыйып:
«Сөйлессем-деп ойлайды, малды жиып.»
Дағыстанның белгілі бір жауы бар,
Қыз үшін аттанбақшы жанды қиып.
Дағыстан бір жұмысты етпек болды,
Түбіне сол жауының жетпек болды.
Талабының оты жеңген ер жігіттер
Өшіккен осы жауға кетпек болды [41].
Әлі, Мұса екеуі болды бармақ,
Бұларға ұят осындай дудан қалмақ.
Жебірейіл бұлармен бірге аттанды,
Жауды олжалап, ел шауып, Ғазелді алмақ
Жүсіптің екі ұл кетті бір басынан,
Әлі, Мұса мін шықпас тұлғасынан.
Ажал айдап, үйірінен қуып шықса,
Тәңірімнің кім қылады шырғасынан [43]?!
Жөнелді Дағыстаннан өңкей батыр,
Жауменен соғысуға келе жатыр.
Өзі туып көрмеген Дағыстанға
Қиындық бір жол болды заман ақыр.
Құйылды көп ғаскерлер сайдан дулап,
Жау жарақты қалың ел [44] шықты шулап.
Қара қошқыл түтіннен от жарқылдап.
Қорқынышты дыбыспен оғы зулап.
Оқ тиген қулап жатыр оннан, бестен,
Шалшықтағы балықтай жатыр тулап.
Бірге барған елден бес кісі шықты,
Жекпе-жекке шыққанда жаман тіпті.
Әлі, Мұса екеуі қайрат қылып,
Ақырында бұларды атып жықты.
Көз алдында бастарын кесіп алып [45],
Сүйретіп алып барып жерге тықты.
Жебірейіл аянбайды өзі мықты,
Өлерше жараланды жаман тіпті.
Қалғанын жанды аямай алып шықты,
Қайраты Жебірейілдің байқалыпты.
Оқ тигенін сүйесіп үйме-жүйме,
Тағдыр ісі түсірді мұндай күйге.
Жақынынан айрылған жаралы көп,
Көздің жасын тыя алмай келеді үйге.
Өкінгенмен, не пайда, қатесіне (хатасына),
Жолықты Әлі кемпір батасына.
- Тағдыр осы, екі ұлың шәһид (шейіт) болды,
- Деп айтты келіп біреу атасына.
Жүз құбылып, түрленді Жүсіп түсі,
Ойға түсіп орынсыз қылған ісі.
Алласы ашу қылмаса, қарғыс тиіп,
Қабат қаза көре ме екі кісі?!
Ажал жетсе, бола ма өлмесіне,
Тағдырға амалы не көнбесіне?!
Жылап-сықтап, аяғы бітті осымен
Көз жеткен соң өлгеннің келмесіне [46].
... Алып барып бұларды қойып кетті,
Жылауменен бірқатар күндер өтті.
«Ашық күні аң атып қайтайын!»- деп,
Батыр Рахым аяңдап тауға кетті.
Жебірейіл жаудан келіп, жатып алған,
Жарақат жаман болып, есін танған.
Емдетіп, елу күнде, тәуір болып,
Аң атуға сол тауға бұ да барған.
Екеуі бір арада кездей келді,
Біріне-бірі келіп сәлем берді [47].
Бірге өсіп, біте қайнап жүрген кісі
Кез келген соң, бір-бірін таниды енді.
Екеуі екі тауды қылған мекен,
Көптен осы бір-бірін көрген екен.
- Рахым, саған айтатын бір мұңым бар,
Аттан түсіп, сөйлессең, болар ма екен?
Керіліп, кекір Рахым аттан түсті,
Тәкаппар, зор көкірек, сондай күшті.
Өзін артық, онымен тең көрмейді,
Менсінбей, азар ғана аз сөйлесті.
- Құрбылас, Рахым мырза, сенің басың,
һалакет бір қайғыда менің басым.
Зайрадай әйел адам жарала ма,
Өзгеше көрінді ғой қарындасың!
Қысылып Рахымға бұл солай депті,
Айтса да, жерге, ұялып кіріп кетті.
Арсыз болып бұрыннан көрген емес,
Ұялғаны бетіне әсер етті.
Рахым сонда бет қойды тасырлыққа [48],
- Біз, сірә, сендей жанға бас ұрдық па?!
Зайраның сұлулығын несіне айттың,
Сұрамақшы шығарсың қатындыққа?!
Терлеп-тепшіп Жебірейіл түрегелді,
Ұнатпай тік айтқанын сезіп білді:
- Сұрайын деп ойлап ем, рас еді,
Қалай қормын (хормын) алуға бір әйелді?!
- Көнбеймін осы сөзге, әкем көнсе,
Азғырған бір кедейдің тіліне ерсе!
Әкемнің де құлы көп сен сықылды,
Атылып өлмеймін бе, саған берсе?!
... Жебірейіл, бұ-дағы асқан, өзі мықты,
Естімеген ешкімнен мұндай тіпті.
Тістенгенде, ернінен қан сорғалап,
Хайуанша қырылдаған үні шықты.
Екеуі де қанжарға қолды қойды,
Аямасқа бір-бірін ойлады ойды.
Араменен суарған ұлы қанжар [49],
Не қылса да, бірінің басын жойды.
Рахым ер менсінбейді аса сермеп,
Қан басып, тұла бойын ашу кернеп.
Қорланып [50] Жебірейіл де ыңғайланды:
«Қанжардан қапы кетер қай жерде?»- деп.
Әркімге де өзінің керек жаны,
Түзу кеп Жебірейілдің аңдығаны.
Салғанда кеудесінен шапқа шейін,
Қанжардың қол күшімен қадалғаны.
Жығылды Рахым батыр күні бітіп,
Бара тұрсын Жебірейіл қайтып кетіп [51].
Біреу тауып үйіне апарған соң,
Төрт сөз айтты Рахым арыз етіп.
- Әке!.. Зайра!.. Жебірейіл,- дейді кегім,
Ойлап Күшік, бұл сөздің білді тегін.
Жылап бұлар Рахымға ант ішеді:
Алмақ болып, қайтсе де, оның кегін.
Қарғыстан қорқушы еді зулап ішім,
Анттасты қанды қанмен жұмақ үшін.
Ғазелге де: «Ант іш!»- деп, ант айтқызды,
Қажымай мұның жөнін қумақ үшін.
Рахым ер күні біткен-өліп кетті,
Бір естірлік тамаша жерге жетті.
Тағдыр ісі, қарашы, қалай күшті,
Ғазел көңіл көтере тауға шықты.
Ғазел шықты аяңдап тау басына,
Бұлбұл көңіл қоя ма аумасына?!
Өңінде, не түсінде көрген емес,
Бір жұмыс түседі ауыр [52] сау басына.
Не қылуға білмеді жалғыз басын [53],
Дүние көрген, ұнатып оңашасын.
Көңілді көтеруге тауға шықты:
«Жалғанның, көрсем-ау-деп тамашасын!»
Ұқсаңыз, осы сөзім жөн шығады,
Білмеймін: қай жерінен мін шығады?
Көкірегін қайғы басқан, көзі-жасты,
Зайрадан басқа тауға кім шығады?
Зайра артына бұрылып жалт қарады [54],
Бір жігіт - өзі көркем, таң қалады.
Қара көзі мөлдіреп, қадалып тұр,
- Кім жіберді мұны?- деп, шамданады.
Жігіт айтты:
- Ай, Зайра, бар тілегім,
Сыртыңнан көптен бері мен білемін.
Ғашықлықтың басымда пәлесі бар,
«Саған айт!»- деп, бұйырып тұр бұл жүрегім.
Зайра қыз есітпеген мұндай зарды,
Бұ да сезді: жігітте ғашық бар-ды.
Ағынмен үйге қайтып кетсе-дағы,
«Япырмай, бұл қалай?»-деп, түйткіл алды.
Ғазел барды үйіне қадам басып,
Ғашықтық мұны өртеді отын шашып.
Көзін жұмса, жігіт тұр қарсы алдында:
«Кел, қалқа, бір сүйгіз,-деп,-құшақтасып!» [55]
Ғашықлық Зайраға келіп түсті,
Еркектен әйел дерті болар күшті.
Жұмса көзін, кетпейді көз алдынан,
Түсірді жас жүрекке мұндай істі.
Сол тасқа, таң атқан соң, және барды,
Іздеген сол жігітке кез боп қалды.
Түсте көрген өңінде кез болған соң,
Ғашықлықтың, ынтық боп, дәмін алды.
Жетісті мұратына екі ғашық,
Сүйісіп, құшақтасып, айқаласып.
Зайраға айтты:
- Қарағым, мұнда тұрмай,
Кетейін, жүр бір жаққа, алып қашып!
- Мені әкем, сенен басқа кімге берер [56],
Кешікпе, бар үйіңе, елші жібер.
Егер қабыл көрмесе, мен айтайын,
Сонда мені ал да кет, жөні келер.
- Мені әкең өлтіруге бөгелмейді,
Сірә, мені бір көрсе, жібермейді.
Арман етсең, сен-дағы ант еткенсің,
Міне, дайын, өлтірсең, қанжар!- дейді.
Білгені - қызға жаман кетті батып:
-Қаскүнемге кез кеппін Құдай атып!
Жалғыз ағам Рахым жоқ тіпті ойымда,
Мен ит болған екем ғой!- деп, кетті атып.
- Өлтірсең, Зайра, сенің уағдаң бар,
Мен дайын тырп етпеске, міне, қанжар.
Разымын-сен өлтірсең, арманым жоқ,
Мен жазықты емеспін, оны да аңғар.
Зайра қыз өткір қанжар қолына алды,
- Кәне, айтшы,- деп, есітті өткен халді.
Ойланса да, махаббат кетті жеңіп,
Қолынан қанжар жерге түсіп қалды.
- Ақ екен Аллаға ісің, болды мәлім,
Сенімен бірге болды менің жаным!
Ақ, қара болсаң-дағы тік қарауға,
Тағдыр осы, қайтейін, келмейді әлім.
Соныменен екеуі жүріп алды,
Тәттісін махаббаттың біліп алды.
Амал жоқ Жебірейілден айырылуға,
Жарының жазықсызын біліп алды.
Сұрайды Күшік бір күн Зайрасынан:
- Сақ боп жүр Жебірейілдің айласынан!
Сен көрдің ғой ағаңа күнәхарын,
Жүргенін мен естідім сай басынан.
Айқын ғып, тегі біреу айтқаны-осы,
Қыз айта алмас: «Жебірейіл-жанның досы!»
- Кім көріпті? Көргем жоқ, бекер шығар,
Не керек естуге [84] сөздің босы?!
Мамыт деген қойшыға айтты Күшік:
- Хабар бер, Жебірейілді көрсең, ұшып.
Кенжемнің айтқан сөзін ұмытпаймын,
Кетпесін бізден аман, көзге түсіп!
Бірқатар бұл арада заман өтті,
Рақат кетер, бұларға, заман жетті.
Көзі шыққыр, ит Мамыт бір күн көріп:
- Дұшпаныңды кектенген көрдім!- депті.
Қойшы айтты:
- Жебірейілді көзім көрген,
Жылдам жүр, асып кетті анау белден.
Әмірің, батыр-еке, екі болмас,
Міндетті сөзім-осы: хабар берген.
Шақырды Күшік сонда екі құлын:
- Өлтірсек, кім даулар,- деп,-оның құнын?
- Үш қылышпен кешікпей жылдам барып,
Қарамай өлтірейік ығы-жөнін.
- Қанжарың өткір ме?- деп, айтты оларға [57],
Қапы болмай, қайрап ал, міні бар ма?
- Мәнісін қанжарымның тура айтайын,
Қайтадан келтірмейді бір саларға.
Қасен менен Хұсайын жетіп келген,
О да оңатын ит емес бұған ерген.
- Қанжарымның не жайын сұрадыңыз,
Бағана өлген қойды бір-ақ бөлген.
Біреуі айтты:
- Қылышым қалмас кейін,
Кім де болса, шайқасып көрісейін.
Адам қанын ішуге құмары бар,
Тоқтамайды, бойламай сапқа шейін.
Кәрі көзі ашумен кетті жайнап,
Бурыл қасын түйіп ап, қаны қайнап,
Кідірмей келіп қалды әлгі тасқа,
Үшеуі ұлы қанжар белге байлап.
Сол таста отыр еді қашпақ болып,
Зайра сұлу бұралып, аппақ болып.
Айырылды екі ғашық бір сүйісіп,
Ертең сонан бір-бірін таппақ болып.
Отырғанда бір тастан сыбдыр кепті,
- Япырмай, бізді іздеуші бар ма?- депті.
-Қош, ертең келейін,- деп, ер Жебірейіл
Ымыртта Самға таман жүріп кетті.
Зайра естіді: бір дыбыс сатырлаған,
Қанжардың дыбысы екен шатырлаған.
Жүгірді Жебірейілді бір көруге:
- Өмір жоқ тұруыма онсыз маған.
Үш кісі ортаға ап жүр Жебірейілді,
Әкесі екен біреуі, келіп білді.
- Оны өлтірсең, ай, әке, мен де өлем!- деп,
Жан ұшырып, жанына бұ да келді.
Хұсайынның шауыпты бас бармағын [58],
О да ойлап, қимыл ғып жүр, жан қармауын.
Зайраға қарап, көзі тайған шақта
Ойлады Жебірейілден кек алмағын.
Жебірейіл үшеуіне алғызбапты,
Көп те болса, дәнеме қылғызбапты.
Хасеннің де шауыпты бас бармағын,
Қанжарды денесіне дарытпапты.
Енді екеуі жабылды екі жақтап,
Бу да қайрат қылып жүр қалбалақтап [60].
Уақып болды Зайраға қараймын деп,
Аңыраған дыбысына бір жалтақтап.
Қарағанда қамығып, қапы тиіп,
Қандай келді келді дегендей іші күйіп.
Зайраның зарлағанын естумен
Жығылып қалды жаман, қатты кейіп.
Байқаусыз ортаға алып, жығады ерді [61],
Аққан қан алып кетті жатқан жерді.
-Мұны өлтірдің, ай, әке, мен де өлем!- деп,
Дірілдеп, есі шығып Зайра келді.
- Ағаңды өлтірді ғой осы залым,
Өзіңе де қылығы еді мәлім.
Көптен іздеп, аңдыған дұшпаныма
Үшеулеп әзер жетті менің әлім.
Жебірейіл қаны саулап жатыр талып,
Зайра қыз құшақтайды оны барып.
Зайра менен Жебірейіл қош айтысып,
Жан берді: «Ризамын!»- деп, сүйіп алып.
Жебірейіл сұм дүниеден кетті қайтып [62],
Бір-екі ауыз Зайраға арызын айтып.
Fазелдің өңі-түсін көргеннен соң,
Үркектеп шыға берді Күшік тайқып.
- Әке, менің кетірдің шамамды да,
Тәңірім алған, жетім ем, анамды да.
Құрыттың тұқымыңды меніменен
Өлтірдің ішімдегі баламды да!
Ай, әке, өлгенімше көрмен сені,
Аямастан өлтірдің жалғыз мені.
Сұп-сұр болып, дірілдеп, үйге келді,
Біткен соң, Жебірейілдің ақыр демі.
Зайраға осы қайғы батқан екен,
Шын ғашықтық суынан татқан екен.
Баста айттым Күшіктің қапалығын
Сонда Зайра өлер боп жатқан екен.
Қайғылы Күшік: «Зайра кешпеді!»- деп,
«Ризалық меніменен деспеді!»-деп.
Өлерде әкесіне:
- Кештім!- депті,
- Қайтейін, Жебірейіл: «Кеш!»- дейді,- деп.
Көп жатпай-ақ Зайраның халі бітті [63],
Сол сөзбен күліп жатып жүріп кетті.
- «Шақырды қазір Жебірейіл, барайын!»-деп,
Бір нәр салмай аузына фейіс етті.
Шын ғашық шыбын жанды бұйым демес,
Орны келсе, өлуі қиын да емес,
Алдында ғашық жары кеткеннен соң,
Қайтқанына жалғаннан қайғы жемес.
Тартынбас таза жүрек мұндай жолдан,
Осы емес пе, жігіттер, өлімі оңған?!
Қажымастық қайрат пен арлы болмай,
Беталды келе берсін неге қолдан?!
Зайра мен Жебірейілдің көңілі таза,
Күшік те ашуынан тартты жаза.
Жазықсыз бір қыршын жас өлтіргеннен,
Тәуір-ақ көрген жоқ па пәле-қаза?!
БАЙМҰХАММЕД ТІЛЕУБЕРГЕНҰЛЫ
Гүлқашима
Жасымнан жел жаратты Хақ тағала,
Түседі жел көңілге қайғы сана.
Іштегі құпия сырды әшкере етіп,
Сөйлесем, тыңларсыз жұрт, құлақ сала.
Жаратқан, Тәңірі күшті, махаббатты,
Махаббат қосар бірге түрлі затты.
Жігітке анық ғашығын Тәңірім берсе,
Күйігі сол ғашықлық болар қатты.
Жыл жарым мені Алла әуре етті [1],
Бір қызға көзім түсіп, көңілім кетті.
Арқаны суық сорып дем алғанда,
Сыр елі жақындаған хабар жетті.
Көшпелі елдің Орқашқа алды келген,
Хабарын естіп көңілім елеңдепті.
Бармаққа ел алдынан міндім атқа,
Мінәсіп, көрінген соң, көңіл шатқа.
Ағайын жүзін көріп, амандаспақ
Емес пе көркемшілік саламатқа?!
Арқаға қоян жылы келдік ауып,
Мал жұтап, кедейшілік басқа шауып.
Келген соң, он үш жылдай кәсіп істеп,
Қатарға тағы кірдік бие сауып.
Тобылды мекен еттік, қыстау салып,
Көшпелі Үңгіт еді біздің халық.
Жақындап ел жайлауға келген шақта,
Алдынан көрісуші ем өзім барып.
Биыл да атқа міндім барайын деп,
Фатиха үлкендерден алайын деп.
Бас қосып қатар өскен құрбылармен,
Бес-он күн ойнап-күліп қалайын деп.
Мен жалғыз үлкен жолмен келе жаттым,
Еріксем, жол қысқартып, өлең айттым.
Отырған жол үстінде ауыл көріп,
Атымның, сусындауға, басын тарттым.
Шеткері ақбоз үйге келдім кіріп,
- Ассалаумағалейкум!- деп, сәлем беріп.
Қонақты үйге кірген көргеннен соң,
Жеткен қыз көрпе салды түрегеліп.
Бәйбіше қымыз құйды, қызы берді,
Қыз екен асқан сұлу, көзім көрді.
Күн ыстық, шөлдесем де, қымыз ішпей,
Жаудырап екі көзім қызда отырды.
Таранған тоты құстай бір асыл зат,
Меңзесем хор қызына, болмайды ұят.
Ақ жүзді (иүзлі), бидай өңді [2], шырын сөзлі,
Үстіне сәндік үшін киген манат.
Көп артық ұзын емес, орта бойлы,
Аса артық сөйлемейді, терең ойлы.
Түрленіп тоқсан екі, жүз құбылып,
Сүйкімді, шырайлы, өңді [3], жүзі нұрлы.
Сөйлесе, езу тартып, көзі күлген,
Адамда сабыр қалмас оны көрген.
Ақ екен ақ інжуден отыз тісі,
Садап пен қымбат пұлға шайтан келген.
Болғанда жазық маңдай, қызыл жүзі,
Татиды шекер балға айтқан сөзі.
Жігіттің тұла бойын балқытады,
Қара қас, жаудыраған қара көзі.
Тігілген кірпігі оқтай, жайдай қасы,
Өрілген он екі тал желке шашы.
Үзілген, мойны, алманың сабағындай,
Білініп көмейінен [4] ішкен асы.
Аққудай көлде жүзген көлеңдеген,
Оң жақта былқ-сылқ еткен бай баласы.
Бұралған тал шыбықтай құмырсқа бел,
Он бес пен он алтыға келген жасы.
Үстінде шайы көйлек оқа салған,
Кең етек айдалаға шұбатылған.
Пешпенті алшын бардан, қысқа жеңді,
Үңіліп қарағанның көзі талған.
Басында кәмшат бөрік үкі таққан,
Шекеге бөркін қойып, айна баққан.
Алтыннан құлағында қос сырғасы,
Сәулесі, жарқ-жұрқ еткен шамша жаққан [5].
Осындай бір сұлуды көрді көзім,
Бозбала және бойдақ жүрген кезім.
Қиялым қызға кеткен сықылданды,
Бермесе ғашық отына тәңірім төзім.
Көрдім де сол сұлуды, болдым ғашық,
Ғашықлық минут сайын артар асып.
* * *
Әуейлік, әлеуметім, жаман екен,
Сол үйден шыға алмадым қадам басып.
Сусындап өз жөніме жүріп кеттім,
Қош айтып бәйбішемен амандасып.
Жөн табу қайда маған, жүріп кеттім,
Басы осы түскен бізге қайғы-дерттің.
Саф көңілім судай тұнық лайланды [6] енді,
Не қылса, хүкімі күшті Құдіреттің!
Не қылса, Құдіреттің хүкімі күшті,
Көрсеткен пендесіне әр түрлі істі.
Сандалып, дал болумен келе жатсам,
Алдымнан көңілді ашар жан кездесті [7].
Ауылдан мен барамын ұзай алмай,
Жан шықпас, асыққанмен, Құдай алмай.
Мән-жайын сұрап қыздың, бір қана алмай,
Кезімде келе жатқан шыдай алмай.
Ғашықлық басқа түссе, дерті қатты,
Жаратқан мехнат үшін адамзатты.
Алдымнан атқан оқтай ұшырап қарсы,
Килікті көлденеңнен бір көк атты.
Айтыстық сәлем беріп аман-есен,
Жігіт екен қолайлы тілге шешен.
Орынсыз құрбыларым, бола қалмас:
«Алдымнан қарсы ұшыраған қыдыр»- десем [8].
Ол жігіт Құдай айдап душар келді,
Сұрадым, ата жөні мынау болды.
Тамыр аулап Бестөбеден келе жатқан
Мекені-Жақсазда, Құдайқұл-ды.
Жолығып, ата жөнім айта тұрдым,
Атымның басын біраз тарта тұрдым.
Тілі орамды, қолайлы көрінген соң,
Қыз жайынан сөз қозғап, сауал сұрадым (сурадым) [9].
- Кейінгі шеткі ауылға түстім,- дедім,
- Текке аңсап, көзімменен су[10] іштім!- дедім.
- Бойжеткен сол үйде бір сұлу көріп,
Қап ауызын ғашықлықтың шештім!- дедім.
- Көрген соң, білдім үйдің байын,- дедім,
- Мал менен мүкәммалға сайын,- дедім.
- Жасырмай, білсең , құрбым, баяндай гөр,
Ол қыздың бастан-аяқ жайын!- дедім.
- Күйеуге берген қыз ба, бермеген бе,
Жел өсек қыз соңынан ермеген бе?
Кеткен соң, көңілім ауып, сұрап тұрмын,
Айып етпе тәптішлеп [11] тергегенге!
Қай жерді мекен еткен ата-анасы,
Қаншаға келген, сірә, қыз шамасы?
Ол сұлу мұнан былай ойға түссе,
Тамшылар өңіріме көздің жасы!
Сонда бұған жолыққан жігіт шешіліп сөйлей бастады:
- Достияр [12] Қарасуды орын қылған,
Медетбай-атақты бай дәулет қонған.
Сен түскен үй иесі-сол Медетбай,
Жалғыз қыз-Гүлқашима (Гүлкәшиме)-асыл нұрдан
Үш ұлдың ортасында жалғыз бала,
Өзі ақын, өзі молда, артық туған.
Сипатын өз көзіңмен көріпсің ғой,
Ерген жоқ әлі өсек, құрбым, оған.
Сыртынан құмарланған жігіт те көп:
«Арманым болмас-ау»- деп,- барсам соған!»
«Күйеуге ол сұлуды берген»- дейді,
«Қызығын малға сатып көрген»- дейді.
«Күйеуі Сыр бойында-Мөңке: Табын [13],
Шаруа, дәулетті емес, төмен»- дейді.
«Қыз риза емес-ау!»- деп, айтады жұрт,
- Ол жеріне көп жетік емен [14]- дейді.
- Жігіттер сөз айттырған толып жатыр,
Мақрұм барлығы да болып жатыр.
Ешкімге езу тартпай, ойнап күлмей,
Бәрін де қабылдамай, қуып жатыр.
Мінезі ауыр қыздың, сабыры көп,
Білмеймін қашанғаша жүрерін тек.
Ол қыздың тас көңілін жұмсатпаққа
Жігітке артық өнер, керек-ті еп.
Жас бала әзір таза, бұзылмаған,
Бақшада бір таза гүл үзілмеген.
Бұл өңір: Жаппас, Қыпшақ жігітінің
Көзі жоқ ол сұлуға сүзілмеген.
Он беске, жылы қоян, келген жасы,
Әзір жоқ жігітлікке ықыласы.
Жігітке, қысылғанда, жанын беріп,
Өсектен бұл күнде аман қара басы [15].
Жаз өлең, білсең жазу, қызға арнап,
Сұлуға сөз қатынастыр, болсаң бармақ.
Хатыңды қызға берер алып барып,
Үйімде бір інім бар - Инеқармақ.
Жайлауым-Домбыралы, Қайран көлде
Табарсың: «Сүлеймен»- деп, келсең барлап.
Ол жігіт осыны айтып, жүріп кетті,
Бір сауда түсіп басқа әуре етті.
Біле алмай не қыларым сыр кірден (сергелдең) боп,
Арада қиялменен көп күн өтті.
Барғанмен, ел алдынан, көп жүре алмай,
Құрбыңыз, әлеуметім, елге жетті.
Күшейді бұл ғашықлық бастан асты,
Төгемін, қызды ойласам, көзден жасты.
Алдымда, көзім жұмсам, қыз тұрады,
Қайғымен астан қалдым, ұйқы қашты...
Білмейді бастарына келмеген жан,
Атына махаббаттың мінбеген жан.
Тағдырда осылайша жазған болса,
Бар ма екен Құдіретке көнбеген жан?!
Бүтін ой, бүтін істі кеттім тастап,
Ғашықлық қиын екен отын баспақ.
Осындай бір мехнатқа мінгізуге
Жаратты жел көкірек қып Тәңірім бастап.
Осылай арада өтті біраз заман,
Күн сайын ғашығым артып, болдым жаман...
Айтқанын Сүлейменнің мақұл көріп,
Жазуға оған бір хат алдым қалам.
Сыймайды көңілім лоблып көкірекке,
Кеткен соң ішім толып қайғы-дертке.
Әшкере ішкі сырды етпек үшін,
Оңаша хат жазбаққа шықтым шетке.
Көп салып зейінімді, зорлансам да,
Ой алаң, жазған сөзім келмейді епке.
Ағалар, рұқсат бер, өтінгенім:
Сынатсам, осы хаты, оқып көпке.
Жаңылып зейін, ойым тұрған шағым,
Қалтырар, хат жазғанда, оң саусағым.
Әшкере ішкі сырды етпек үшін,
Келмейді, зорлансам да, тіл мен жағым.
Зор беріп, біраз сөздің қостым басын,
Қағазға тамызамын көздің жасын.
Ағалар, ойлан-дағы, байқап қара,
Білерсіз, оқысаңыз, сөз мағынасын [16].
Мен иаздым (жаздым) хат басына дұғай сәлем,
Болғанын ғашықлықпен көңілім алаң.
Почтауай исі майлы ақ қағазға
Қарадан жол салады-ау темір қалам!
Осылай бір хат жаздым ақ қағазға,
Қылғаны, жөн болады, ақылы азға.
Конверттеп (кәмпіриттеп) иіс майлы бұл қағазды,
Баладан жіберуге сұлу назға.
Жігіттің қызға жіберген хат сөзі:
- Хат жаздым сәлем айтып асыл затқа,
Сөзімді сәлемнен соң жаздым (иаздым) хатқа.
«Пиғылын тәкаппарлық жұмсай қоймас,
Алар-деп,-жазған сөзді ілтипатқа!»
Құпия сыр құпия тартпай, әшкере естіп,
Кәріпті (ғарыбды) қалдырмаңыз зор ұятқа.
Көрген соң, ғашық болдым, жүзіңізді,
Жауһардан басы (бәсі) қымбат көзіңізді.
Күйген соң ғашық отына, алдым қалам,
Күлкіге шығармаңыз сөзімізді.
Ғашықлық басқа түсті, етті алаң,
Бермеді көркем сабыр Хақ тағалам.
Бұл сауда есімді алып, ішті от қып,
Күйдіріп, өртеген соң, алдым қалам.
Мен бір ай мұнан бұрын сізді көрдім,
Көрген соң көркіңізді, көңіл бөлдім.
Бір ұшқын көзіңізден бізге түсіп,
Лапылдап өртей кетті, шыдай бердім [17].
Күйдірді түскен ұшқын ғашық майын,
Ауданы үлкейеді сағат сайын.
«Жалыны көпке бармай, басылар!»- деп,
Ол отқа сабыр суын қауғалайын.
От сөнбей, түгесілді сабыр суы,
Қауғаға көтерілді ғашық туы.
Ішімді, қатты жанып, қинаған [18] соң,
Ғақылдың көзін шалған нәпсі буы.
Ақылдың нәпсі буы шалды көзін,
Қалмады көтеруге ешбір төзім.
Аузымнан соның (анық) үшін шығып жатыр:
«Мен егізге ғашық болдым!»- деген сөзім.
Көзіме көріндіңіз хор қызындай,
Ақшамның Өмірзая жұлдызындай.
Қара шаш, қара қастың қаралығы
Қытайдың пұлы қымбат құндызындай.
Көргенде жүзіңізді жайтаңдадым,
Саудадан, көңілім суып, қайта алмадым.
Ауыз екі айтпақ түгіл (емес), хатқа жазып,
Сырымды көпке шейін айта алмадым.
Көптен соң, сырымды ашып, жаздым хатым:
«Салар,- деп,- жазған хатқа ілтипатын.»
Берсеңіз, бермесеңіз, сіз білесіз,
Асыл зат, қолыңызда рақатым.
Сізді ойлап, ұйқы қашқан екі көзден,
Түсінер фахымды адам айтқан сөзден.
Сөзімді жүз қайтара жықсаңыз да,
Өлгенше рахманыңнан күдер үзбен!
Ғашықпын сізге сырлас болмақ үшін,
Күйген соң ғашық отына, кетті күшім.
Ғақыл мен мінез сипат бірге қосып,
Құдайым сізге берген артық пішін.
Болуға бізге сырлас көңіл беріп,
Болсаңыз, жан жолдасым, өмір серік.
Жанымда ерте кеш те сіз болған соң,
Кетер еді қорғасындай бойым еріп.
Басыма жиырма үште түсті сауда,
От түсті құрап тұрған қалың қауға.
һа, дүние, біздерде арман болар ма еді,
Жарқырап (жанымда) отырсаңыз ақ отауда?!
Не пайда, Тәңірі сені шетке жазған,
Сонда да үмітім кеп сұлу наздан.
Мал берген сізге ажарсыз жаман жігіт,
«Көрер - деп- біздерді (бізлерді) артық»- ғақылым аздан.
Дүние өтер басыңыздан желдей саулап,
Қалайық өлмей бұрын көңілді аулап.
Бізлерге шын көңіліңіз қосылмаса,
Уақа жоқ: жұбатсаң да азын-аулақ.
Денеңе сыр жалаңаш денем тисе,
Шөп етіп мен сүйгенде, о да сүйсе!
Сенімен құшақтасып жатқан етім
Тозаққа, ыңқ етпес ем, мың жыл күйсе!
Қатты дерт көкірекке болды пайда,
Некахлап (некелеп) алар сізді заман қайда?
Өзіңіз бір ақылды таппасаңыз,
Құрбыңыз таба алмады-ау ешбір айла.
Қайғымен көкірегім ашылмайды,
Ғашық оты өлгенімше басылмайды.
Ойлаңыз шама қылып зыһыңызбен (зейініңізбен),
Сүймеске ешбір адам асылмайды.
Тобылды мекен еткен, Үңгіт-затым,
Халық ара, мағлұм еді жазған хатым.
Атақты Тілеуберген жыршыңыздың
Баласы-Баймұхаммед-болады атым.
Бізлерді қалмағайсыз мазақ етіп,
Бұл дәурен әлі-ақ бастан кетеді өтіп.
Жіберіп бұл хатымды сіз тарапқа,
Ынтызар, жауабыңды тұрмын күтіп.
Жібердім осылайша бір хат жазып,
Қайғымен кеткеннен соң жүдеп, азып.
Сөкпеңіз мен байғұсты оқыған жан,
Саудасы ғашықтықтың сондай нәзік.
Желіксе, ғашықлықпен қайран көңіл,
Жас ағар қара көзден ағыл-тегіл.
Жалғыз-ақ бұл дүниеде мен емеспін,
Әркімде болған шығар осы пиғыл.
Ғашықлық саудасынан өлгендер көп,
Мәжнүндей ғақылы зая болғандар көп.
Біреуге ғашықлықтың оты түссе,
Айрылып шыбын жаннан қалғанлар көп.
Мен-дағы арақ ішкен мас адаммын,
Сүйгенсіз күні қараң жас адамның.
Саудасы ғашықлықтың басқа түссе,
Ериді қатты көңілі тас адамның.
* * *
Көңілімді бұл саудамен қайғы басқан,
Жүдедім ада болып ішер астан.
«Бір хабар сол қалқадан келе ме?»- деп,
Ынтызар бола-бола ұйқым қашқан.
Арада бұл қалыппен аз күн өтті,
Ынтызар болатұғын уақыт жетті.
Сыртында жазуы жоқ, түсі қызыл,
Бүктелген көзім көрді бір конвертті.
Інісі Сүлейменнің келген барып,
Оқыпты қыз хатымды назар салып.
Сол жақта үш күн жүріп, айналақтап,
Жауабын жазған қыздың келді алып.
Қуанып, хат келген соң, судай тастым,
Конвертті жырта тастап, аузын аштым.
Жазылған сөзін оқып қарағанша,
Жүрегі қалтырайды біздей мастың.
«Ассалаумағалейкум!»- деп, хатқа жазған,
Нәпсіге ерген жігіт жолдан азған.
Ағалар, сізлер ойлап, байқамасаң,
Мен сөзіне түспеппін - ғақылым аздан.
Қыздың жігітке қайтарған жауабы:
«Ассалаумағалейкум!»- деп, сәлем бердік,
Бізлерге арналып жазылған хатты көрдік.
Құпия сыр ғашықлықты әшкере еткен,
«Ары жоқ, ұяты аз, жан ғой!»- дедік [20].
Көрген жан сүйсінгендей қаламыңа [21],
Сонда да, шынын білмей, нанамын ба?
Жігітлік, жел мінезді тоқтата алмай,
Қайранмын-жоқ нәрсеге алаңыңа.
О баста Хақ жаратқан махаббатты,
Жар тапсаң махаббатлы, болар тәтті.
Біреуге беріп, біреуге бермей қойған,
Кім өзгертті, ойлашы [22] Құдіретті!
Шығарып қиялыңнан, ұмыт бізді,
Хат жазып, қуып мұнша өткен кезді.
Екі жыл мұнан бұрын тап келмедің,
Қосуға бұйрық жоқтан екеумізді [23].
Көлденең тыңдап отырғандардың сөзі:
Рас сөз, Гүлқашима шын айтады,
Бұл сөзі талай жанды мұңайтады.
Күйеуге бір өлмеген басы бос...
Не тауып, ғашық жарға нені айтады?
Хат сөзі
Салдың ба жеңілдікке мінезіңді,
Байқамай бізге жазып әр сөзіңді?
Баяндап ғашық жайын хат жазыпсың:
«Ләйлі мен Мәжнүндеймін!»- деп өзіңді [24].
Баяндап ғашықлықты жазыпсың (иазыпсың) хат,
«Мен ғашық саған»- деудің өзі де ұят.
Сөзіңе түсе алмадым, қатты ұялдым,
Қалғандай кей сөзіңде көңілде тат [25].
Мал берген мен біреудің таңбалысы,
Қос жұртты әзіл сөзге қылам ба мат?
Той қылып, құда түсіп, құйрық жесіп:
«Мал-сізге, қыз-бізге»- деп, айтылған шарт.
Әркімдер: «Ғақылды!»- дер, мені мақтап,
Бұзбаймын мен батаны, уәде аттап.
Мойныма жұрт батасы ауып кетсе,
Құлармыз тар көпірден тайғанақтап.
Қос жұртым «жауыз дұға» қылар маған,
Болған соң пиғылым көпке ұнамаған.
Қалыпқа биопалық үйренген соң,
Тағы да опа қылман, жаным, саған!
Ғибрат кітапларын оқып қара,
Оңбаған-жауыз (иауыз) дұға алған адам.
Ренжиді ар төккенге ата-анам,
Тоқтарсың бұл сөзлерге, болса санаң.
«Ерің мен ата-ана, ұстазыңды-
Бұйырған-ренжітпе!» -деп, Хақ тағалам.
Хатыңда деп айтыпсың: «Жарың жаман,
Өтер-деп,-әлі-ақ бастан шолақ заман!»
Бұл шолақ заманада сүйініш аз,
Күйініш көп көреді бәни адам.
Көз салшы бұ дүниеге келген жанға,
Мақсаты болған адам бар ма тамам?!
Білемін өзім-дағы жар жаманын,
Құдайдың тағдырына бар ма амалым?!
Тағдырға риза болып, сабыр айлап,
Саплардан [26] сабыр еткен табыламын!
Бақидың қызығынан үмітім бар,
Пәнидің аз қызығын не қыламын?!
Сабырдың ақыретте сауабы зор,
Жар жаман бола берсін көрсоқыр көр.
Жаманға жақсы қатын тұс келген соң,
Құдайға шүкір қылар, қара да тұр [27].
Тәңірінің бергеніне шүкір етсе,
Риза болып тоюмен көңілі бітсе!
Жұмақтан (ұжмақтан) жақсы орын алар деймін,
Құдайым еткен шүкірін [28] қабыл етсе!
Мен-дағы жаман ерге сабыр етсем,
Өлгенше «жаманменен» дұрыс өтсем (кетсем),
Пенделер сабыр қылған қатарында,
Құдайдан қабылдығын үміт етсем.
Бір жақсы бір жаманмен қосылмай ма,
Қосылып екі жақсы тұр қай жайда?
«Барына-шүкір, жоғына қанағатшыл
Болғанның [29] орны жұмақта!»- деген қайда?!
Зинаны пайғамбар да қош көрмеген:
«Шырғыдан мүмін адам тыс жүр!»- деген.
Бақиының көп қызығын артқа тастап,
Пәниде аз қызықты ескермеген.
Бір күні жарым келер есік аша,
Ойлашы: «Келмей жүрер қашанғаша?»
Бетіме: «Опасыз!»- деп, түкірмей ме,
Біздегі қойған малын таба алмаса.
Бір күні жаман іздер аманатын,
Қош көрмес мал бергеннің [30] қиянатын.
Бұл күнде мезгілсізрек көрінеді,
Біздерден ол-пұл сұрап жазған хатың.
Сөзіңе сөз қайтарып, қалам тұттым,
Өсегі көп болса да біздің жұрттың.
«Бөгет көп өте алмайтын мен көрсеттім,
Зейіні бар түсінер!»- деп, үміт еттім.
Миуа жоқ сізге несіп бұл шарбақтан,
Іздеңіз ол миуаны бөтен жақтан.
Тең құрбым қатар өскен болғандықтан,
Сөзіңді түсірмедім ілтипаттан.
Сауалға жауап беру бізге парыз,
Өтедім, жауап жазып, бойдан қарыз.
Аяғын осылайша тамам еттім:
«Жауапсыз қалмасын!»- деп, сіздің арыз.
Жазыпты осылай деп маған хатты,
Хатты оқып, тұла бойым қалтырапты.
Ғашықлық басқа түссе, қиын екен,
Бойымнан шып-шып шығып терлер ақты.
Бұл хатты оқып көрдік келгеннен соң,
Не шара: тәңірім басқа бергеннен соң?!
Ол қызға қол салуды ойыма алдым,
Баладан жатар орнын білгеннен соң.
Інісі Сүлейменнің барып келді,
Сұлудың жазған хатын алып келді.
Сол жақта үш күн жүріп, айналсоқтап,
Бірсыпыра хабарларға қанып келді.
Жабдығын «Есік ашар» сөйлескенін [31]
Іс соның не боларын танып келді.
Қамданып, бір айдан соң келмек болған,
Күйеу кеп, есік ашып кірмек болған.
Той малға сегіз жүз сом ақша алып,
Қалаға шығып, қызды бермек болған.
Медетбай сегіз жүз сом ақшаны алған,
Алуға керек-жарақ қала барған.
Болған соң үй оңаша сол күнлерде
Құрбыңыз қол салуды ойына алған.
Ауылына Медетбайдың келе қалдым,
Үйіне жалғыз келіп қона қалдым.
Жұмыспен Кіндіктіге бара жатқан
Жолаушы өп-өтірік бола қалдым.
Қол салдым түнде тұрып сұлу қызға,
Оянып сұлу қыз да келді сөзге:
- Жайымды жазған хаттан айтып едім,
Тоқтамай, жігітлікпен келдіңіз бе?
- Мен сізді (сізні) көргеннен соң, болдым ғашық,
Хат жаздым (иаздым) ғашықлықпен сырымды ашып
Бойымда мерезім жоқ жұғатұғын,
Не болды, сұлу, сізге мұнша қашып?
Көлденең тыңдаушы айтады:
Сұм дүние-ау,сенен менің көңілім суыған,
Жандарға, жеткізбедің, сондай қуған.
«Аузынан айналайын!»- десеңдерші,
Ер екен заманада жалғыз туған!
Қыз айтады:
Беруге, мені Тәңірім, несіп кеткен,
Тағдыр ғой келемежге ғашық еткен!
Іздесе бізге қойған аманатын,
Сонан соң болмаймын ба мен ант жеткен?!
Уақытым жақын қалды көретұғын,
Серттесіп, жар соңынан еретұғын.
Несіне аз күн үшін ұмтылайын,
Қосылып, болмаған соң жүретұғын?!
Тәңірге уағда беріп ұрдым қадам,
Көтерген ауыр жүкті бәни адам.
Әйелден адам ұғлы өргендіктен,
Салмағы ауыр жүктің түскен маған.
Жеңілдік, таста, жігіт, тәубені ойла (айла),
Халқыңа, шамаң келсе, тигіз пайда.
Міндетлі ауыр жүкті сен кетерсің,
Махшарда отырарсың қоңыр жайда.
Тыңдаушылар мынаны айтады:
- Жарайды, пәлі, жақсы қыздың сөзі,
Алтындай сүйікті екен әр лебізі.
Сақтағаны жоқ иттер иесіне,
Пәлі боп, бұлданады несіне өзі?
Махаббат берсін Алла екі жасқа,
Болмаса бастырылсын қара тасқа.
Болған соң махаббатсыз бір-біріне,
Жатса да бір төсекте екі басқа.
Болмаса, міне, осындай айтар сөзің,
Біреуге боп тұрмаса берген кезің.
Меселін ер жігіттің мұқатпай-ақ,
Мамырша деп тұрсайшы мейлің өзің!
Жігіт қызға айтады:
Мен айттым:
- Тоқта, сұлу, бермен қара,
Ауданды, менің дертім, болған жара.
Сен маған уағыз айтып әуре болма,
Құлағым саңырау болған, есім шала.
Маған сен дін үйретпе, айт ықыласың,
Сен үшін әуре болды кәріп басым.
Шыныңды айтып өлтірші тым болмаса,
Бізлерге көңілің қалай, замандасым?
Қыз айтты:
- Білерсің бір уақытта сабыр етсең,
Азырақ ішкі сырға жәбір етсең.
Жазармын, жайымды айтып, мен шынымды,
Сен менің ұзатылар уақытым күтсең.
Ішкі сыр запискамен болар аян (ғаян),
Қылармын, хатқа жазып, саған баян.
Ол күнлер алыс емес, оған шейін,
Сабырдың таяғына мықтап таян.
Ал, енді тұр қасымнан, орныңа бар,
Әрқашан сізге болсын бір тәңірі жар!
Оянып ауыл-аймақ біліп қойса,
Басыңа кең дүниені етпей ме тар?
Сөз бітті, бұл сөзден соң, ғылаж құрды (құрыды),
Салбырап қыз жанынан сорлың тұрды.
Мен емес, әркімдер-ақ өте алмаған
Араға Құдірет қазған терең орды.
Тыңдаушылар жай отырмай, сөйлеп жібереді:
- Құрылған қақпан менен торы жоқтар,
Абайла мынау сөзді, соры жоқтар!
Шапанның өңіріндей қабысып қал,
Белгілі Құдірет қазған оры жоқтар.
Жаратқан осылайша Жаббар Халық,
Бұл сөзді, шын тыңлаңыз, демей танық.
Бір ұшқын ғашық оттан түсіп кетсе,
Өлуің, көпке бармай, сүттен анық.
* * *
Taп келді бұл бір сауда жиырма үште,
Ғашықлық қатты батты, тиді күшке...
Күз болып, күземді алып, көшпелі елдер,
Қатарлап тізген шақта түйе көшке.
«Медетбай үш күннен соң той қылад!»- деп,
Отырып мен естідім бір күн кешке.
Сәтіне сәрсенбінің той қылады,
Әр жерден жұрт жиюға үй қылады.
«Ат жарыс, балуан күрес, қызық бар!»- деп,
Мереке, бас қосылған сый қылады [32].
Медетбай қыз ұзатпақ, отау жауып,
Ат, құнан бәйге алады оза шауып.
«Бір жетіде шамасы тарқайды»- деп,
Жұрт қымызын жияды [33] бие сауып.
Бұл сөзді естіген соң біздің құлақ,
Шама жоқ үйде отырар, жаным шыдап.
Той болар сәтті күннен бір күн бұрын,
Ерттедім мен атымды жылдамырақ.
Мен ерттеп, жабдық салдым кержорға атқа,
«Көрініп қалайын,- деп,-асыл затқа!» [34]
Бұл тойға не себептен асығамын,
Ол сұлу кеткеніне көңіл шат па?
Шат болу маған қайда, замандасым,
Бұл іспен әуре болды кәріп (ғарыб) басым.
Ішім-жалын, сыртқа түтін көрінбейді,
Ағады іш елжіреп, көзден жасым.
Түс қыза жұртпен қатар келдім тойға,
Тап келді бір селкілдек тұла бойға.
Түбінде Қарасудың байдың ауылы,
Тойға арнап алты үй тіккен көгорайға.
Ақ орда байдың тіккен қол басына,
Үй толған сегіз қанат ұрғашыға.
Бәрін де сәулетінің асырыпты:
«Түсер,-деп, жұрттың көзі-болмашыға!»
Ақ кигіз, қыз отауы, қызыл-жасыл,
Отаудың іші-тысы, бәрі де-асыл.
Ішінде қыз-келіншек басын қосқан,
Отырған ортасында бекзат нәсіл.
Ac үйге пісірісіп тойдың асын,
Көп адам босатпай жүр ошақ басын.
Кісіге сегіз жүздей қанша табақ,
Жетеді, білген адам, хасапласын (есептесін) [35].
Бұл тойда қожа да бар, молда да бар,
Теңселген төрт аяғы жорға да бар.
Не жандар, жұрт жиылса, көрінбейді,
Құрт жиған, диуаналар, дорба да бар [36].
Қолға алған домбырасын жыршы да бар,
Іздеген ойын-күлкі тойшы да бар.
«Тойға қу бас домалар»- дегендейін,
Жанында жан торсығы-қойшы да бар.
Көп жұртқа табақ-табақ ас тартылды,
Жал-жая, қазы-қарта, бас тартылды.
«Той асы-Хақ қазынасы»- деген рас,
Жегенмен таусылмастай көп артылды [37].
Тауыса алмас көзбен көрген тілмен айтып,
Қинадық аз күн жанды бейнет тартып.
Жиылған кеш тартысқа бозбалалар
Күн батпай, зарықтырды көп сарғайтып [38].
Қызарып күн де батты таудан асып,
Ақ үйден қыздар шықты қадам басып...
Жылаған сүйгенінің даусын естіп,
Ағызды көзден жасын біздей ғашық.
Ішінде көп жұлдыздың Айдай еді,
Қайтейін, болмады той маған несіп?!
Налимын жеке отырып Жаббар Хаққа:
«Қар күн туғыздың ғой мен бейбаққа?!»
«Отырған жерде соны жоқ қылсам!»- деп,
Кей-кейде көз саламын шатыр жаққа.
Жиылған қыз-бозбала ақбоз үйге,
Жыршылар домбырасын салған күйге!
Бай-жарлы, жас-кәрілер сексен-тоқсан,
Келіпті бай қызлары мінген күйме.
Бәрі де тойға келген ермек үшін,
Мереке, ойын-күлкі көрмек үшін.
Әркімлер дос-достымен бірер күнге
Қымсынбай емін-еркін жүрмек үшін.
Киінген қыз-келіншек аянбай-ақ,
Қосылған «Қозы Көрпеш-Баяндай»-ақ.
Іші тар Қодар құлдай қыз қорыған,
Келіпті кей кемпірлер, қолда-таяқ.
«Кемпірі бардың кәпірі бар»- деген рас сөз.
Кемпірлер қыз қорыған көзін сатып,
Қойнына, бұрылдырмай, алып жатып.
Барсайшы иттің көбі қалмай бірге
Ұзатып жіберген күн малға сатып.
Қыз болып өскен жоқ па иттің өзі,
Ойын менен күлкінің жастық кезі.
Оң жақта ойнап-күлген бір мереке,
Емес пе қолға түспес дәурен өзі?!
Анық сөз ақ теңгедей адал маған,
Тікен жоқ өн бойыма қадалмаған?!
Бозбала жаман туған, заманымда
Кемпірден қызды айырып ала алмаған.
Бұл бір түс: орнын тауып, кім жорыған,
Бозбала аш қасқырдай қыз торыған.
Көрініп иттің құсқан қусығындай,
Кемпір көп талай жерде қыз қорыған.
Таба алмай бір тұрған жан: «Өзің біл!»- деп,
Жанлар көп су таба алмай жүрген шөлдеп.
Бұрынғы бәйбішелер кетуші еді:
«Шырағым, құрбың келді, ойнап-күл!»-деп.
Тойды көзінен көрген Баймұхаммедтің өз сөзі:
Жиылып түгелденген жұрттың бәрі,
Жастардың, ойын-күлкі, ынтызары.
Жиылған бірыңғай жас, назар салсам,
Болмаса Қодар құлдай кемпір кәрі.
Шай ішіп, ет жеген соң, басталды ойын,
Сауық қып отырысты түні бойын.
Әуелі-өлең, екінші әр түрлі ойын,
Қыздырып ылғи жастар қыздың тойын [39].
Бір ақын той бастаған домбыра алып,
Тыңлаған отырған жұрт құлақ салып.
Байлығын Медетбайдың баян етіп,
Тастады біраз жерге алып барып.
Қыздар да екеу-екеу әнге салған,
Жамандар жүрексінген құры қалған.
Қыз ойнақ, той тартысы бозбалаға,
Көрінер сүйкімдірек дүние малдан.
Шаттанған (шатланған) жұрттың бәрі ойнап-күліп,
Жалғыз-ақ мен екенмін түскен бүлік.
Бұл сауда басқа түспей тұрған күнде
Кетуші ем осындайда аттай желіп.
Көрген соң бұл шаттықты, қайнайды ішім,
Оңбаған, о бастан-ақ, қылған ісім.
Бұхардың шынжырлаулы бурасындай,
Қайраймын шықырлатып отыз тісім.
Көрдім де сол сұлуды, көңілім кетті,
Бір сауда басқа түсіп, әуре етті.
Озған соң түн ортасы, таңға жақын,
Айтатын қызға жар-жар уақыт жетті.
Бұл қиял келді де ойға, тысқа шықтым,
Бәрі бір, адасқанға, жел мен ықтың [40].
Кеткен соң ішім толып қайғы-дертке,
«Иа, һу!»- деп, леп шығарып, көкке бақтым.
Аспанда жұлдыз жиі жыбырлаған,
Қайғы-дерт жанымды өртеп, тындырмаған.
Іштегі қасіретімді түсінгендей,
Жұлдыздар жымыңдасып [41] сыбырлаған.
Қалтырап, қадам басып, жетіп келдім,
Өлеңді қыз тұсынан қоя бердім.
Бұл фәни дүниенің аз күнінде
Басына не келмейді жігіт ердің?!
Сол жерде бес-алты ауыз аужар айттым,
Тартуға ілтипатын әлеуметтің.
Ағалар, ойлан-дағы, байқап қара,
Мазмұны мынау болды хиқаяттың!
Сонда Баймұхаммед сабаздың айтқан жар-жары:
Ақ бөкебай орамал Басыңда дүр, жар-жар!
Жолаушының тілеуі
Құсында дүр, жар-жар!
Құрбыңменен жүре алмай,
Аз ғана күн, жар-жар!
Орамал кеткен басыңнан
Жасында дүр, жар-жар!
Құрбыңменен ойнаған
Ақырғы түнің, жар-жар!
Сәскеден қалмай таң атса,
Табарсың жөнің, жар-жар!
Енесінен айрылған
Балапандай жар-жар,
Ертеңнен соң естіліп,
Шықпайды үнің, жар-жар!
Артта қалды желкілдеп,
Туған жерің, жар-жар!
... Қынай белің жібекпен
Буған жерің, жар-жар!
«Ортамыздан кетті-деп,
Бір асыл зат!», жар-жар,
Көздің жасын төгеді
Туған елің, жар-жар!
... Ағаң менен артыңда
Інің қалды, жар-жар!
Оң жақтағы ойнаған
Құлын-тайдай айқасқан [42],
Күнің қалды, жар-жар!
Тақия киген қыз атың
Өшіп қалып, жар-жар,
Жаулық салған басыңа
Келін болдың, жар-жар!
Айнала сал назарың,
Қарындасым, жар-жар!
Бәрі - сенің қатарың,
Қарындасым, жар-жар!
Жылашы, қыздар, жылашы,
Қосып үнің, жар-жар
Білдің қараң батарын
Қарындасым, жар-жар!
Жар-жарды осылай деп, болдым айтып,
Ғашықлық күйдірді ішті, зарды ұлғайтып [43].
Шыдар ма қыз жыламай, тас та болса,
Бұл дәурен екі айналып (айланып) келмес қайтып.
Ах ұрып, қыз жылады, қайғыланып,
Әркімнің іш қайғысы өзіне анық.
Жылайды не нәрсе ойлап ол сұлу қыз
Ол сыры өзіне аян, маған танық.
Қыз сыңсып, зарлы сөзбен көп жылайды,
«Аман бол, қайран жұртым!»-деп, жылайды.
Тиеді атқан оқтай маған зият (заят),
Күмістей қыздың дауысы сылдырайды.
Бар екен сол жиында бір келіншек,
Баяндайын, болмайын мен еріншек.
Өзі де қызыл тілдің бұлбұлы екен,
Емес-ті жеңіл малдай, ол сүріншек.
Ол бұлбұл отыр екен қызға жалғас,
Көп аса қалжың сөзге құлақ салмас.
Қыз сыңсыған кезекте шешен болып,
Жалқы (жалпы) әйел көңіл аулап жұбата алмас.
Келіншек лебіз ашып, бастады сөз,
Жұбатты қызды өлеңмен, ұзартпай тез.
Айтқан соң ұнамды ғып тәтті сөзді,
Жылауын өксіп-өксіп тоқтатты қыз.
Келіншектің айтқан жар-жары:
Ақ бөкебай орамал
Басыңда дур, жар-жар,
Жолаушының тілеуі
Қосында дур, жар-жар!
Әйелдің сүрген дәурені
Әлеуметім, жар-жар,
Алған адал жарының
Тұсында дур, жар-жар!
Оң жақта қыз жүгенсіз,
Аттай болар, жар-жар,
Жерде жатқан тот басып,
Таттай болар, жар-жар!
«Әйел-ханым, жігіт-хан»
- Деп айтылған, жар-жар,
Бұрынғының нақылы
Хаттай болар, жар-жар!
Елің үшін жылама,
Кетпейсің жауға, жар-жар,
Жерің үшін жылама,
Кетпейсің тауға, жар-жар!
Халалыңа қосылып,
Бір төсекте, жар-жар,
Басыңа сәуле түседі
Болған соң сонда, жар-жар!
...Жар-жарын жас келіншек айтып болды,
Жылауын өксіп-өксіп қыз да қойды,
Ішіме зор қызғаныш пайда болып,
Көрсетті сұр жыландай жиын тойды.
Дал болып мен отырмын жерге қарап,
Тұс-тұсқа заһин (зейін) пікір кетті тарап.
Лыпырақ деген сөздер ойға түсіп,
Сандалған бір мәжнүнмін, халім харап.
Қасыма сол уақытта біреу келді,
Қолыма төрт бүктеген қағаз берді.
Ап келген он-он бірде бір жас бала:
«Бұл хатты апам сізге берді»- деді.
Сонда естіп тұрған біреу айтыпты:
Құр шаршап, естуменен мен налыппын,
От жалын, шоқ өртеніп, ну жаныппын.
«Өтер күн өтіп кетті, керегі жоқ,
Уай, апаңды-ақ с...ін!»- деп салыппын.
Баймұхаммедтің өз сөзі:
Оңаша жерге жалғыз шығып алдым,
Азырақ көздің жасын сығып алдым.
Жалма-жан отты жағып, жарық қылып,
Мазмұнын бұл қағаздың ұғып алдым.
Мінеки, білгің келсе, жазған сөзі,
Дүниенің харам болар келді кезі.
Япырмау, не қылған жан, ішкі сырын
Сақтаған адамға айтпай қалайша өзі?!
Қыздың ішкі сыры:
Қызлардың ішкі сыры Аллаға аян,
Ешкімге сыры-жауһар: етпес баян.
Кетерде сізге айтайын, замандасым,
Алдыңда хал-ахуалым болсын ғаян.
Менің де көргеннен-ақ көңілім кеткен,
Бұл сауда мені-дағы әуре еткен.
Ойлашы өзің-дағы қайранлықпен,
Іс бар ма бұлай болған Құдіреттен?!
Менің де, сізді ойласам, ішім-жалын,
Кетеді кей уақытта ықтиярым.
Дүниеден татар дәмім таусылғанша,
Жүрермін тарта-тарта ғашық зарын.
Ит дүние, баяның жоқ, жалған дүние,
Талайды арманда қып алған дүние.
Мақсатқа қиялдағы жеткізбестен,
Көңілге кетпес дертті салған дүние!
Не пайда шыққан күннен жоқ боп батар,
Нар құрысын жетектеген [44] қатар-қатар
Мен сорға қара күндер көп туғыздың,
Қайғының қасіретімен жылап жатар.
Сөзіңді сенің жазған жатқа алармын,
Түскенде сен есіме, хат қарармын,
Өлмегенге, қара жер, күнім өтіп,
Міндетті бір жұмысты атқарармын.
«Шаш ұзын болғандықтан, ғақыл-қысқа»,
Қалдырдым әурелікте сені босқа.
Менің де тірілігім не болады,
Болған соң бас қосқаным ит пен шошқа.
Талайсыз, бақсыз болған мен бір сорлы,
Көрмеген ердің құнын ұят құрлы.
«Ұяттан аттамаймын!»- деп, жоғалдым,
Сөзімнің, қанша айтқанмен, болмайды орны.
Өмірлік(ғұмырлық) қайғыдан құтқар, Алла!
Басқаға мұндай күнің тіпті салма!
Несіне жан жаратып, дүние қылдың,
Жалғанда қоспасың бар сүйген жарға?!
Налыған Гүлқашима сорлы күңің,
Өтеді зұлматпенен, қайран күнім!
Серігім дұрыс болып жолықпады,
Берсең де жөн танырлық маған білім.
Біреуге бір көргеннен ғашық қылдың,
Ажарсыз бір наданға несіп қылдың.
Көңілдің бір қалауын хош келтірмей,
Ағуға көзім жасын машық қылдың!
* * *
Оқыдым оңашада бұл хатты алып,
Өртеніп от болыппын күйіп-жанып.
Суына шомылғанмен сөне алмадым,
Со бетіммен Обаған, Тобыл барып.
Құдайым жазған екен шоқ қылуға,
Қайғымен жүрегімді тоқ қылуға!
«Енді мен тірі болып, не болам?!»- деп,
Ойландым өзімді-өзім жоқ қылуға.
Шарабын махаббаттың Хақтан іштім,
Сол үшін, міне, осындай күйге түстім.
Көргенім, көрсеткенің мынау болса,
Уай, жалған, жарық дүние, сенен кештім!
Жібердім өзім тұлдап Кержорға атты,
«Мен көріп жүрмейін-деп - жуық, жатты!»
«Қайда-деп-Баймұхаммед?»- іздегенің
Оқи бер жанқалтадан, ал да хатты [45].
Қалтасындағы хат сөзі
Ей, менің сүйегімді көрген адам,
Куәм бар бұл сөзіме: дәуіт, қалам.
Жауабын ақ қағазға жазғаннан соң,
Ақырда өз өмірін етер тамам [46]!
Қос сорлы, қартайғанда, қан жылаттым,
Сәлем айт: бақыл болсын ата-анам!
Тобылдың жары астында Баймұхаммед,
Жанында өткір пышақ, қолда қалам.
Fашығына Гүлқашима от боп жанып,
Келмеді сөндіруге оны шамам.
Тобылда: жалғыз үйлі Үңгіт едім,
Жоқ еді артымда іні, алдымда-ағам!
Ақылым зая болып, сабырым кетті,
Бір қызын Медетбайдың көрген заман.
Ақырда өз басымды өзім жойдым,
Айрылып сүйген жардан жүрген жаман.
Қош-сау бол артта қалған кемпір мен шал,
Балаңа дуға айлаңыз қадари хал.
Жоқ еткен өзін-өзі бейшараны
Қарғамай, мархабатлы, есіңе ал!
Жалаңаш бұ дүниеден кеткендерге
Фатиқа ақыретте құйрық пен жал.
Түспесе қолға, сірә, ойға алғаның,
Жасаған жасың құрысын құр ауру сал!
Ағайын, сырға көшкен, бата қылса,
Елінен Мөңке, Табын хабар білсе!
Естісін бұл хабарды Гүлқашима,
Сәлемет барған жерде тірі жүрсе!
Дем алсын отын оттап, суын ішіп,
Көп жортқан Гүлқаш үшін жорға Керше.
Көзінен ата-анам жасын төгер,
Жүгенсіз, ерсіз жүрген Керді көрсе.
Ақырда сізге сәлем, Гүлқашима,
Зат едің асып туған ұрғашыда.
Дұға қыл, естігенде, мен ақымаққа,
Жоқ қылған өзін-өзі болмашыға.
Бұл дүние құтты болсын енді сізге,
Қылмады жалған опа титтей бізге.
Өзгеге туған ана болса-дағы,
Өгей боп душарласты біздің кезге.
Хош-сау бол, Тобыл өзен, қалың талым,
Ішінде тоғайыңның шығар жаным.
Топыраққа аунап, боялған қызыл қанға
Жуылар суыңменен ғазиз қаным.
Түсіріп өткен күнді жұрт есіне,
Үйілер бір кішкене мола тамым.
Болып па өлім деген маған бұйым,
Қып-қызыл жұрт көрмеген кидім киім.
Несіне мен дағдарып бөгелейін,
Қара жер: атам-анам, салулы үйім.
Таң қалар Гүлқашима көрген жерде,
Ол түгіл тап ете алмас білгендер де.
Жаманмен бір күн өмір жасағаннан
Жатқаным жақсы емес пе жайлы көрде?!
Ақырда, Гүлқашима, тағы сәлем,
Бұл айтқан ықылас сәлем-соңғы қалам.
Барады күн еңкейіп енді кешке
Ақыры осыменен болсын тамам.
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ
(1873-1937)
Қазақ салты
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып, салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер: «Мен жақсымын!»- толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Шешенсіп [1], құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп,
Киіздей шала басып, тарпылмаған (қарпылмаған).
Еңкектеп ет аңдыған шалдар да көп,
Телміріп, бір тойғанын ар қылмаған.
Ақкөңіл алаң-бұлаң адамдар көп,
Есептеп азын көпке, аңқылдаған.
Қайырсыз неше сараң байлар да бар,
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып, талап ойлап, талпынбаған.
Солардың қатарында біз де жүрміз,
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.
Не пайда өнерін мен біліміңнен
Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?!
Бұл бір сөз қасіретлесіп [2] хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға-мал, оқығанға шен (шын) мақсат боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан.
Достыма хат
... Айтқанмен, таусыла ма оны-мұны,
Талайдың таңдамалы түпкі сыры.
Жанасқан шын көңілмен жақындық аз,
Көбінің іші салқын, сырты жылы.
Ақшаға абыройын, арын сатып,
Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.
Жаны ашып, жақын үшін қайғырарға [3]:
Жаны - мал, жақыны - мал, малдың құлы.
Жиған-терген
Оюын ойып, Орындап қойып,
Түр салғандай өрнекке.
Қиыннан қиып,
Қиырдан жиып,
Құрап сөзді бермекке.
Еңбекте егіз тіл мен жақ,
Ерінбесең, сөйлеп бақ!
Именіп көптен,
Сақтық қып еппен,
Тасалама ойыңды!
Ашынса етің,
Ашылмақ бетің,
Тірі көмбей бойыңды.
Жүрегіңнің жарасын
Көрсет жұртқа, қарасын.
Оқушым (оқушы ем) ұқпай,
Осқырып, шықпай,
Сабырмен байқап сөзімді.
Шыққан соң сыртқа,
Жайған соң жұртқа,
Сөз тергеуге өзімді.
Көп мағына, аз лафуз,
Сеніп [4] баспас тайғақ мұз.
Қарқылдар қарға,
Шиқылдар арба,
Бой сүйсінер сазы жоқ.
Шешенсіп жұртқа,
Мылжыңдар қыртпа
Ой исінер сөзі жоқ.
Маған үлгі ол емес,
Ол түсерлік жол емес.
Жолдар бар өзге,
Жоба бар сөзге,
Жүрекке - дөп, ойға-жөн.
Жаманды-жаман, Демекпін һәман,
Мейлің тұла, мейлің көн.
Инанбасам, айтпаймын,
Айтқанымнан [5] қайтпаймын.
Әр жолды ойлап,
Ойыма бойлап,
Ұқтым саяз, тереңді.
Сайраған тілмен,
Зарлаған үнмен
Құлағы жоқ кереңді
Ұқтыра алмай, сөз әуре,
Тек тұра алмай, біз әуре.
Қарайын кейін,
Орысқа шейін
Хан бағыпты қазақты.
Баға алмай жөндеп,
«Басқаға көн!»- деп,
Артқан жұртқа азапқа,
Бас адамдар халықты,
Сатып, сыйлар алыпты.
Келген соң бері Кейінгілері
Болды құмар шекпенге.
Өгізді-өрге,
Өткелсіз жерге
Күнде айдап жеккенге.
Бір күн тойса есектер,
Ми жоқ алдын есептер.
Салынып дауға,
Сатынып жауға,
Болыстықты алысты.
Қазық боп жұртқа,
Қорған боп сыртқа,
Кім ойлады намысты?
Мақтады ұлық, болды мәз,
Қауым үшін қайғысы аз.
Оқытты жасын,
Өстіріп шашын,
Мал табуға салынды.
Қаламнан, хаттан,
Жауаптан айтқан
Білді жалғыз алымды.
Кейбірі шен алмақ та,
Дінін шаншып қармаққа.
Басында-сәлде,
Аузында-Алла,
Молдаларда не ғамал?
Көздерін сүзіп,
Жүздерін бұзып,
Алдап жұртты жимақ мал,
Жұмақ молда қолында,
Сауда-саттық жолында.
Бергенге-жұмақ,
Бермесе-тозақ,
Деп үйретер халыққа.
Жұмақтың кілтін,
Алланың мүлкін
Арендаға алып па?
Молда сатса тиынға,
Ол-Алла емес, сыйынба!
Шалқаңнан жатып,
«Алланы сатып,
Аламын!»- деп, қорлама!
Еңбексіз ит жер,
Бейнетсіз бит жер.
Берсеңдер, бер молдаға.
Өзіңді бірақ алдама,
Ақшаға жұмақ жалдама!
Ұлғайып қайғы,
Уытын жайды,
Айтпасыма болмады.
Қабағын түйіп,
Қаһарын жиып,
Жан-жақта [6] бұлт торлады.
Жаңбыр жаумай, жауса қар,
Жұрт жұтайтын түрі бар.
Балалық қалып,
Есітіп анық,
Ер жеткелі жиырма жыл.
Баяғы қалпы,
Баяғы салты,
Бұ не еткен жұрт ұйқышыл?
Болсын-кедей, болсын-бай,
Жатыр жым-жырт, бейқам жай.
Емшегін еміп,
Анаға сеніп,
Бала ұйықтайды жастықпен.
Қымызға қанып,
Қызарып жанып,
Бай ұйықтайды мастықпен.
Шалап ішкен кедей мас,
Мына жұрттың түрі оңбас!
Ұйқышыл жұртты,
Түксиген мұртты
Обыр өбіп (обып) сорып тұр.
Түн етіп-күнін,
Көрсетпей мінін,
Оятқызбай, қорып тұр.
Обыр болса қамқорың,
Қайнағаны сол сорың!
Оянған ерге
Ұмтылған жерде
Еруші аз, серік кем.
Қас білген досты,
Дос білген қасты.
Елді мұндай көріп пе ең?!
Қыс ішінде бірер қаз,
Келгенменен қайда жаз?!
Анама хат
Қарағым, дуагөйім, қамқор анам,
Арнап хат жазайын деп алдым қалам.
Мінхірді бізді [7] мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!
Бара алмай өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет өр зорлыққа не дүр [8] шарам?!
«Үмітсіз-шайтан болсын!»- деген сөз бар,
Жолдар көп жаннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп, он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, шерді [9] ұмытсам,
Болған да жегенімнің бәрі харам.
Адамнан адам туып, ісін етпей,
Ұялмай не бетіммен көрге барам?!
Көп айтпай, қысқасынан сездіретін,
Балаңның мінезі бар сөзге сараң.
«Кетед-деп,-суға құлап, отқа түсіп»,-
Қайғы жеп, менің үшін болма алаң.
Отырмыз абақтының бөлмесінде,
Бұйрықсыз көз жете ме өлмесіме?!
Есіктің құлпы мықты, күзетші көп,
Ажалдан басқа ешкім келмесіне.
Қоршаулы, айналасы биік қорған,
Берік қып салған темір терезесіне.
Қалайша мұны көріп, көңіл сенбес,
Аттанып жау келсе де бермесіне?!
Қаламды Лаухулмахбуз ұмытқан ба,
Жазбапты бұл орынды көрмесіме.
Қаңбақпен салмағы тең бұл бір заман,
Ғылаж жоқ жел айдаса ермесіме.
Тайпалған талай жорға, талай тұлпар,
Тағдырдың кез келіп тұр көрмесіне.
Солардан жаным, тәнім ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне?!
Жұртыма
Бірлік қып іс істеуге шорқақ, жұртым,
Табылса оңай олжа, ортақ, жұртым.
Сияқты қара қарға шуылдаған,
Үрейсіз, қоян жүрек, қорқақ жұртым.
Білмейсің-жөнің менен терісіңді,
Ел болып, іс етпейсің келісімді.
Үміт қып, бәйге атындай талай қосып,
Байқадық шабыс түгіл, желісіңді.
Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса,
Шығасың қолыңа ұстай [10] керісіңді.
Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде,
Көрдік қой жайылатын өрісіңді.
Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар,
Қайтейін басқа [11] десе, көнгішіңді?!
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кім жұлмас оңайдағы жемісің!?!
СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ
(1893-1920)
Түсімде
Басында жаназаның қызғыш көрдім,
Сырты-қой, іші-қасқыр бұзғыш көрдім.
Жұрт көзінше сүзіліп, түсін бұзып,
Тәсбиқ деп, кез жарым тас, тізгіш көрдім.
«Бір жол сия-дәру»- деп, езгіш көрдім,
Алғысын-ұжмақ, қарғысын тозақ қылып,
Көзінен, көз айырса, безгіш көрдім...
(аяғы жоқ).
Қымыз
Алдияр аруағыңа, ет пен қымыз,
Сені ішкен мұратына [1] жеткен, қымыз.
Мейлі доңыз болсын, қоңыз болсын,
Иеңнің түкірігін ем еткен қымыз.
Бас иіп айдыныңа ауыл-аймақ,
Қоясың қоғамыңды жіпсіз байлап.
Құдай иіп, құлқынға түсе қалсаң,
Есілдей есіп, шалқып, а-ха-қайлап.
Тізеден сегіз қарыс қара саба,
Жыбырлап айналаңды бала-шаға.
Дүниеде неше түрлі нығмет бар ғой,
Сонда да сенің жөнің жеке дара.
Көпірсең, жұмақ (ұжмақ) исің анадайдан,
Кеудеңді жарып кетер әлдеқайдан.
Екпінің еш нәрсеге жол бермейді [2],
Өзендей гүр-гүр етіп, аққан сайдан.
Шалдардың, піскен даусың, есін алып,
Отыртпай үйлеріне түрткі салып,
Мейлің теп, мейлің ақыр, мейлің жекір,
Кек қылмас, саған ешкім, көңілі қалып.
Маңайың [3] түстік жерден қонақ бұрып,
Әдейі сәлем үшін бұрыс жүріп.
Бай, кедей, жақсы, жаман, төре, қара
Жабырлап [4] ыңғайыңа бәйек тұрып.
Әсіресе, қажы, сопы, қожа, молда,
Сарт та сұрт таспиқтарын (таспиларын) ұстап [5] қолға.
Жаудыртып келген жерден баталарын:
«А, Құдай, оңда, оңда, аруақ қолда!»
Осылай зиарат қып жұрттың бәрі,
Аузыңнан шыққан сөзің болып дәрі.
«Мырзеке, иа, солай!»- деп, бас изесе,
Тәштитіп танауыңды онан да әрі.
Сапырсаң шара-шара [6] құлаш керіп,
Жиылған мейманыңа құйып беріп.
Ата-ұлын, ене-қызын безіп тастап,
Кетпей ме екі ұдайда саған еріп?!
Қаңғырған [7], көзін сатқан сорлы кедей,
Қоя ма піспек аңдып тентіремей?
Атағыңды көтерер алғыс айтып,
Байғұсқа бір жұтқызсаң,
«Кет, шық!»- демей...
(аяғы жоқ).
Бір балуанға қарап
Жықсаң, бәйге аласың, алысқанда,
Қару ғып, қайратың caп, қарысқанда.
Жындылық-«Шаппай, бәйге бер!»- деп сұрау,
Озсаң, бәйге кім бермес, жарысқанда?!
Тұрмысы бұл дүниенің күреспен тең,
Тәуекел, күреске түс, бар-дағы жең.
Дүниеде барлығыңды кім біледі,
Үйіңде ынжықтанып отырсаң сен.
Кім сені: «Бұл дүниеде бар!»-деп айтар,
Кім саған: «Жықпай, бәйге ал!»- деп айтар?
Жықпасаң да, күресіп, талаптансаң,
«Еті тірі, жаужүрек жан»- деп айтар.
Жүрген көп: «Жығылам!»- деп, үйде бұғып,
Жел болмай, боран болмай, бет алды ығып.
Қысқасы, оңдырмаған жасқаншақтық.
Жасқанба, қылыш шапса, найза сұғып!
Тұрмысқа
Тұрмыс, маған от шашып,
Бар дүниені лау қылшы!
Түйдектеп үйіп қайғыңды,
Абылай аспас тау қылшы!
Таптырмастан емге дос,
Бар ғаламды жау қылшы!
Көзіңнің құны бардай-ақ,
Аяқ бассам, ау құршы!
Бермек тұрсын өзіме,
Жала жасап, дау қылшы!
Сөндір Ай мен Күніңді,
Тек денімді сау қылшы!
Ден сау болса, тағдырдың
Көкке ұшырам күлдерін!..
Жігермен талап еткен соң,
Қоям ба екен сүлдерін?!
Аждаһадай ақырып,
Алдымнан қарсы шапса да,
Естімеймін үндерін,
Серпіп тастап түндерін,
Туғызамын күндерін!
Ләнет бұлты шатырлап
Ләнет бұлты шатырлап,
Жай түсіп, неге қайтпаймын?!
Жер жарылып, сатырлап,
Түбіне неге батпаймын?!
Ит, құсқа бас игізген...
Дүниеден ләззат таппаймын!
Көрмегенді көріп бас,
Заһар болып ішкен ас,
Уһіленген [1] көңілден
Төгіле-төгіле қанды жас.
Дүние бәрі у екен,
Мені алдайтын қу екен.
Өткізген өмірім бұл күнгі
Пайдасыз қызу, ду екен.
Ғылымсыз [2] талант тас екен,
Өмірің үшін қас екен.
Далақтап шапқан бай ұлы
Тоқтаса, кезі жас екен!
«Адасқан өмір» дастанынан үзінді
... Дауа тапсам, дене ауру көрмес болса,
Қартайып, тозбай адам, өлмес болса!
Қиынды оңай қылар жолын тапсам,
Жұмыстан адам бейнет көрмес болса!
Керегін жер-анадан оңай алып,
«Ертең қайтем?»-деп, көңілін бөлмес болса!
Күн бұрын келтірмейтін жолын тапсам,
Шаруаны түрлі апаттар жеңбес болса!
Мысалы мал қыратын түрлі аурудан,
Себеп тапсам, еш зиян келмес болса!
Суық, ыстық, сусыздық құрбанына
Ешқандай жан иесін бермес болса!
Ашылмаған сыр тауып, менің де атым
Эдисон, Луи Пастерге теңдес болса!
... Бу жалғанның ісіне біз аң-таңбыз [1],
Өмір бойы жалықпас не еткен жанбыз?!
Өткен өмір, жасаған жасың жалко
Тума соқыр қолына түскен жанбыз.
... Бұл күнде ұйқы, тамақ, қайғы жолдас,
Мұндай өмір ешкімге қызық болмас.
Мен үмітсіз, менен де [2] жұрт үмітсіз,
Сөйлеспейді, дегендей: «Мынау оңбас!»
Сырласып, жасы кіші айтпас ойын,
Мен айтсам, тыңдаудан да тартар бойын.
Ең әрі [3] балама да ұнамайды,
«Түзу!»- деп, айтқан сөзім, тапқан [4] ойым.
Біліп отырам, келмейді естігісі,
Құр айтты деп, «Е!»- дейді көрген [5] кісі.
«Солай дұрыс»- дей салар көңіл жықпай,
«Мазаны алды, қойса екен!»- десе де іші.
Сондықтан, мен жалғызбын, ермегім жоқ,
Алдым-қабір, үміт қып сенгенім жоқ.
«Соны істеп кеттім ғой!»- деп, медеу қылар,
Адамдыққа еш нәрсе бергенім жоқ!
«Кедей» дастанынан үзінді
... Анау Жақып сән түзеп, сауық құрған
Құрдасым емес пе еді бір күн туған?
Мен туғанда, табылмай қара сабын,
Ол туғанда, иіс сабын тәнін жуған.
«Қой сат»- деп, әкем шапты көрші байға,
Менің сорлы шешеме қалжа қайда?!
«Тағы бізге жүресің, не болмаса...»
- Дейді оған, қой бере ме бай да жайға?!
Ол туғанда, малына тойға сойған
Ауыл түгіл [1], бір тайпы елі тойған.
Құттықтап, әркім келіп, қалау алып,
Ат мінді молдалар да атын қойған.
Сүйіншіге тай беріп жақындары,
«Құтты болсын!»- айтысып жас пен кәрі.
Мен туғанда, білген жоқ ауылым тегіс,
Ол туғанда, қуанды жұрттың [2] бәрі.
Тілеулес: біреуі-әже, біреуі-ата,
Солай деп, келгендер көп, тарту тарта.
Жиылды қожа, молда, ишандар да
Әдейі іздеп, беруге оған бата.
Кісі даяр көтеріп, тербетуге,
Тілеулес жұрттың бәрі ер жетуге.
Мен жылаймын, бесікте биттер талап,
Шешемді байға ұрысқызып, жерлетуге.
һәм оның атқа мінер, сүндет тойы,
Тойға сойған үйінің жылқы, қойы.
Құдалық, отау түсер [3]-сойған малын
Еңбек қып кедей таппас өмір бойы.
Мен ауырдым, баяғы күнім қараң,
Маңайыма жоламас еш бір адам.
Бай: «Ақымды берсін!!-деп, сөз салдырды,
Ауруыңнан байдың [4] сол сөзі жаман.
Үйімнен табылды ма сүйген асым,
Тоқым төсеп, сүйедім ерге басым.
Әке-шешем,қасымнан, бай жұмсаса,
Жөнеледі ағызып көздің [5] жасын.
... Жақыптың қай еңбегі менен артық,
Етігін де шешкен соң біреу тартып?
Құдайға не жазып ек іште жатып,
Туғаннан мені құртып [6], оны жарытып?!
... Деген сөз: «Бар болса да, үміт үзбе!»,
Бұл медеу болса-дағы көңілімізге.
Байлардай берген ат пен асымыз жоқ,
Бере ме сол жұмақты молда бізге?!
... Егер дерт бере қалса Құдай басқа,
Қожекеңе [7] емдеуге бір боз қасқа.
Өңгертпеп пе ем жан үшін борыштанып,
Жарымай отырғанда үй-іші асқа?
...Қайтермін құтылуға бұл жайымнан,
Аспайды, нені ойласам, уайымнан.
Ақ ниет, адалдықпен қызмет қылып,
Торыққам сұрай-сұрай Құдайымнан.
...Адалдық, маңдай термен бақыт тапқан,
Адам жоқ үлгі қылып, кедей сүйінер.
Алдауы, өткірлігі кімнің артық
Болса, сол бақ, дәулетті алар тартып.
Бейнетқор адалдықпен кәсіп қылған
Өмір бойы өтеді азап тартып.
Бұл күнде шайтан-тірі, періште өліп,
Шайтан, саған еремін соны көріп.
Ұрлық қылғыз, кісі өлтірт, өтірік айтқыз,
Алдамыш қыл [8],- бәріне тұрам көніп.
Тек байлық берсең болды, шайтан, маған,
Демеймін айтқаныңның бірін жаман.
Қай жолмен болса-дағы бір байытшы,
Болмайды, бай болған соң, жаман адам.
... Әзәзіл, орның даяр, кел ішіме,
Жүрмеймін мұнан былай ел ішінде.
Адамға өз елінен басқа ел жақсы:
Түсуге түр құбылтып, бір пішінге.
Мен емес туған жерді қимайтұғын,
Кетерде көз жасымды тыймайтұғын.
Бейнеттен, туған жерде, көз ашқам жок,
Жанымды, нем бар, қимай, қинайтұғын?!
...Қайтермін ішкі дертті, сыймағанмен,
Бола ма көз жасымды тыймағанмен?
Жыл өтті, болатұғын, болса болды,
Жүрекке құр елесін жинағанмен.
Дұғаға жалынғанға тағдыр саңырау,
Өнер жоқ, ашу қылып, қирағанмен.
Түнгі ұйқы, күндіз күлкі, бірін көрмей,
Не болды құр жанымды қинағанмен?!
«Ол менікі»- деп, мені нандыра алмас,
Мың әулие, жүз [9] піp кеп милағанмен.
Жан қимақ пен жар қимақ,- бәрі бір бас,
Қидым, қидым, амал-жоқ қимағанмен!
...Әйтеуір адам көрге бармай қоймас,
Асықпай-ақ қойсам да, алмай қоймас.
Ерте қолдан өзімді ұйықтатпайын,
Көр ұйқысы ұзақ қой, қанбай қоймас.
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ
(1893-1938)
Дін үйреткенге
Қарманбай, қарап жатып, бақ күтуге,
Ізденбей, алас ұрып, тақ күтуге.
«Тағдырда, бір тоқтайды жазулы»- деп,
Әр іске, кім үйретті, шақ күтуге?
Шарқ ұрып, ерікке ұмтылған, ұшқыр жанды,
Қайнаған тамырдағы ыстық қанды
Тұтқын қып, кім қамады, кім суытты,
Кім алды қалың қайрат, күшті, әлді?!
Кешегі арыстандай айбыны зор,
Жүректі жолбарысты қайраты мол,-
Айырып ар-намыстан, күштен, естен,
Кім қылды шала-жансар бір қорқақ құл?!
Ақылға, жан-жүрекке кісен салды,
Көрмейтін, қылды қор ғып [1], артты-алды.
Үйретіп, «Дін!»- деп,- құлдық, қорқақтықты,
Қандай құл бізге молда бола қалды?!
Ойламай, қорқақ құлдың, тіліне еріп,
Жай жатып, тәуекелге тізгін беріп,
Мінеки, айрылдық қой бақтан, ардан,
Қайтейін, әлсіресе [2] есіл ерік?!
Жоқ енді, жату болмас бос еңбексіз,
Жалбарып: «Жасаған!»- деп, жас төккен кез
Өзің де, сөзің де, кет бізден аулақ,
Жаны өлген, жүрегі өлген, мұңдар кексіз!
... Міне, күн сәулесі алтын жерді құшты,
Жарыққа қуанысып, құстар ұшты.
Ізгі оймен ерік тілеп, жарық тілеп,
Ұшамыз біз де жиып есті, күшті!
Қорқыт
Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегелі алтын біткен.
Пейіштей алтын Алтай етегінде
Ертеде Алаш елі мекен еткен.
Ол күндер көз жетпейтін ерте күн ғой,
Ерте күн ертегідей ерке күн ғой.
Өткен күн-ұстатпайтын сұлу сағым,
Жалғыз-ақ желден жүйрік жетеді ой.
Өткен күн ертегімен таласқандай,
Уа, дүние, ол күндерде Алаш қандай?!
Ой, қырдан орғып, қарғып еріккенде,
Алтайда ойнақ салып жүрген аңдай.
Сол күнде бір ер бопты алты Алашта,
Қаны бір қалың елмен, жаны басқа.
Елікпей ес білгелі еш нәрсеге,
Өзіндей үйірілмеген албырт жасқа.
«Қорқыт»- деп, қойған екен ердің атын,
Оңған ел: «Ер!»- деп атар азаматын.
Талайлар таңданыпты күнде көріп,
Қорқыттың мінезінің тым-ақ жатын.
Қорқытқа ес білгелі бір ой түскен,
Айнымай ойменен күнде у ішкен.
Ой билеп, үйден, елден безіп кетіп,
Жұрт оны кәуесет [1] қып: «Жынды!»- дескен.
Ежелден белгілі ғой көптің сыры,
Боласың, көптей болсаң, көптің бірі [2].
Көпке егер ісің, ойың үйлеспесе,
Күмән жоқ, кім болсаң да, соғар пірі.
Қорқыт та ерте ат алды[3]: «Пері соққан»
Қорқыттың жан болмады жайын ұққан.
Ой екен қандай ғана Қорқытты улап,
Айырған: дос, туысқан, елден, жұрттан!
Қорқыттың мына ой еді есін алған,
Жанына ерте күннен жара салған.
Топырақ боп, ертең шіріп, қалмақшымыз,
Өміріміз неге шолақ тәтті балдан?!
Әншейін өмір деген ермек үшін,
Күні ертең соғар жүрек сенбек үшін.
Ойланып, қалай ғана уланбайсың,
Берілсе адамға өмір өлмек үшін?!
Бір кезде көл толады [4] құрымақ үшін,
Күні ертең гүл гүлденер солмақ үшін.
Біраз күн адам тұрар, өмір сүрер,
Құртқа жем, шіріп-сасып, болмақ үшін.
Сар[ы] суға, қан берілген, айналмаққа,
Тіл берілген өліммен [5] байланбаққа.
Әлпештеп, ардақтаған денең шіріп,
Жел менен топырақ болып айдалмаққа [6]!
Көз ашып, жұмғандай-ақ: өмір-шолақ,
Алдыңды, көз ашсаң-ақ, ажал қамап.
Өмірде мынау шолақ неге керек,
От үміт, ойын-күлкі, таудай талап?!
Оқжетпестің қиясында
... Ел азды, Арқа тозды, қайғы басты,
Күңіреніп, біздей бейбақ шер [1] толғайды.
Құдай-ау, мәңгілікке қарғамасаң,
Кенедей енді неге ер тумайды?!
Кене жоқ, ізін басар іні де жоқ,
Дариға, жүрегімде дерт улайды.
БАСҚА ДА АҚЫНДАР ӨЛЕҢДЕРІ
АЖАР
Жұрты байдың қызы едім мәпелеген,
Қыр соңымнан қалмайды төтелеген.
Жеті жаста Құдайым көзімді алып,
«Соқыр Ажар-атандым- жетелеген.»
БАЙҚОШҚАР
Нағашысы Сұлтан жанның: Қалжан, Құлжан,
Түп нағашың және Әйет-Құдай ұрған.
Баласы Түйешінің ол Биеқай,
Шақырса: «Не дейсің?»- деп, мойнын бұрған.
* * *
Қыстау Адыр түбінде Ташен сал бар,
Пұшықтардың кигені-тебен шалбар.
Жаяу жүріп, аттыдай шіренеді,
Осы иттердің ойында қанша ой [бар]?
БАЙТАС
Құнанбайға
Құнан сөзі Құранның тақтасындай,
Өтті Өскенбай Ташкеннің кақпасындай.
Аталы аруақ атаусыз неге қалсын,
Алтыны қалған екен ат басындай?!
Ақ пен қара көрдің бе жарысқанын,
Әрқашан аққа тәңірім болысқанын?!
Дәм айдап Итжеккенге кетіп едің,
Ақылменен келдің бе, данышпаным?!
БЕРДІҚОЖА
Тауының Арқар деген аты Құлжа, Жігіттер, «Атқа-түйе-деген-олжа.» «Хан Абылай аттанады!»- деп есітіп, Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа.
БИБІ
Болғанда Байжан, Найжан, Жабай, Шекей,
Ақырында тоқтатқан жорға Бекей.
Зинадан пайда болған Жаяу Мұса,
Басады-ау: «Сал болдым!»- деп, некей-некей!
Деген соң: «Сылқым Жаяу, сылқым Жаяу»,
Жетпейді он екіге жылқың, Жаяу.
Темірболат жасығы-күнелткенің,
Қай жеріңнен келеді күлкің, Жаяу?
Тон киген былғарыдан Жаяу тоңбас,
Жеңгесін зина қылған Қали оңбас.
Далбаға төрт бөлек қып тұздырса (жүздірсе) да,
Ұрлығы мен ойнасын, сірә, қоймас.
БӨРІБАЙ
Әудем жер
Әудем жер-жүре алмаймын белім ұйып,
Өздігінен кісі өлмес жанын қиып.
Ебі келген бірер тиын пайда қылып,
Жас кісідей жүреміз дүние жиып.
Енді біз не боламыз тірі болып,
Тірі жүрген кәріптің бірі болып?
Екі бегім табақтай-қайран күнім,
Қу сүйекке жабыстың сірі болып.
Енді біз не боламыз жүргенменен,
Қызығы жоқ өмірді сүргенменен.
«Аузыңды ашып, аяғың баспа!-дейді,
- Қотаншы иттей қораға үргенменен!»
Кәрілік қатты соққан жынменен тең,
Көзім көрмес болғанда, құлағым кем.
Кәріні: «Аурусың!»- деп, бақтырмайды,
Елден бақсы ізлесе, табылмас ем.
Қара сақал жарасқан қайран иек,
Тісім түсіп болыппын қызыл иек.
Алпыс асып, жетпіске барғаннан соң,
Бауырыма байлады құрым күйек.
Қазанның төрт құлағы-жан жолдасым,
Қасымдағы кемпірім-бір мұңдасым.
«Кәрінің барар жері жоқ, кірер үйі жоқ»,
- Осы сөзге нанбаған тіріде оңбасын!
Жүре-жүре түзелер ердің қосы,
Байдың қызы демесең, жанның босы.
Бұрынғының айтқаны жалған болмас:
«Алғаныңмен қоса ағар!»- деген-осы!
Жатсаң ұйқы келмейді жарлы күнде,
Сары уайым ойлайсың күндіз-түнде.
Жарлыны ақсақ иттен артық көрме,
Осы сөзге наныңыз: «Олда-білда!»
Кедейшілік болар ма мұнша қиын,
Ойын-күлкі, ас пен той, қалды жиын,
Естігенің-жаман сөз, қиын жұмыс,
Жұмыртқадай шайқалар күнде миың.
Заманымнан деген соң, заманымнан,
Заман жайын білмеппін жаманымнан.
Заманымның үстінде тұрған күнде
Тірі жан құтылмады-ау амалымнан!
Заманымнан деген соң, заманымнан,
Заман жайын білмеппін жаманымнан.
Заманымнан айрылып қалғаннан соң,
Тік тұрсам да, жақпадым, табанымнан.
Қонаққа айтқаны
Қонағым, өкпелейсің, тоймаған соң,
Неге тойсын, көп соғым соймаған соң.
Ұлы-қызым ер жетті, дәулетім аз,
Аш жүремін, көп уайым ойлаған соң.
Қонағада өзің жақсы, бабың қатты,
Күліп берген қара су балдан тәтті.
Шақырмаймын, қумаймын, қонақ сені,
Қай озғаның келе бер, жүйрік атты!
Жалғанда көрмегенім- күнәм менің,
Көрмегенім күнәмды - өлмегенім.
Көзім ашық дүниеден өттім-дағы,
Малдан - зекет, қолқайыр бермегенім!
Қауғанға
Ассалаумағалейкум, Қауған аға,
Несібеміз бұл жаққа ауған, аға!
Қунан өгіз ұстапсыз құйрығынан,
Біз келеміз алысып жаумен, аға!
Құн дауына
Ошақты, Құлназарға құн бермексің,
Алты «жақсы»: жүз жылқы пул бермексің!
Алты «жақсы»: жүз жылқы пул бермесең,
Тұлымды қыз, айдарлы ұл бермексің!
Құлназар келіп өлді ауылыңа,
Ішім оттай күйеді бауырыма.
Алты «жақсы», жүз жылқы күн бермесең,
Есенбай таңба басар сауырыңа!
ИСА
Қылды ғой мынау орыс бізді қатын,
Шығарды қуландырып новый закон.
Атадан-ұл, енеден қызды айырып,
Қоспады бір-біріне махаббатын.
Құдай-ау, бұл кәуірді жендет қылдың,
Тиеді қашан бізге рахметің?
Жендет қылған кәуірді жоқ қылуға,
Жетпей ме оған енді құдіретің?!
Мухаммед тақсыр, қайда, шапағатың?!
Ауыздан азайды ма салауатың?!
Шеті Бұхара-мұсылман бәрін алды.
Зар тұтып, жылап отыр барша үмбетің!
[Шығарып] бұрын қойды аға султан,
Волостной (болыснай) солардың жүруші едік қол астын-
да-ай!
[Ор]наған аға султан алып тастап,
Бір орыс алып келді оязнай!
Әуелде ноғайды өстіп алған екен,
Кәпірдің аларында мінезін-ай!
Қорқамыз: «Дінімізді бұза ма?!»- деп,
Жылаймыз, жалғыз Алла, бір өзіңе-ай!
Бар Құдай салдың бізді қандай күйге,
Сайлатып бір сборшик елу үйге.
Бұрынғы аға султан жек көргенің
Білейін мықты екенің-мұны сүйме!
Сүйерсің, сүймегенмен, ғылажың жоқ,
Апарып салып қояр қараңғы үйге.
Бұ-жеңіл, мұнан-дағы ауыры бар,
Киерсің қоңыр шекпен, жезден түйме.
Екі орысты қойыпты: «Хан мен бек»- деп,
Бірін-ояз, біреуін помощник деп.
Помощник, оязнайсыз жұмыс қылсаң,
«Абақты, каталашка, штраф!»- деп.
Бірін қойды: «Мировой судья»- деп,
Бір орыс быт-шыт қылды Омбыдан кеп.
Малды қойып, кісіні санаған соң,
Жұрт шулар күні-түні уайым жеп.
Өз ұлығың өзіңде тұрған күнде
Қайсың тәубе қылушы ең: «Құдайым!»- деп?!
Аға султан үстінен өкпе қылып,
Жандаралға прошение беруші ен кеп.
Бұ қылық әлде болса, өзіңе айып,
Сыймаңның асқанын орыс біліп.
Бір жұмыс тауып берді бойыңа иіп.
Біз қашан қадірлеуші ек өзімізді,
Айтқанда, қабыл көрмей сөзімізді.
[Ез]белеп, жасы үлкеннің тілін алмай,
Шоқытар сборнайға көзімізді.
Құдая, кәпіріңді қылдың жендет,
Қызықты жаңа көрген кезімізді.
Теңдік жоқ бұ жалғанда мұсылманға,
Махшарда қара қылма жүзімізді!
Батырлар, бұзылып тұр мына заман,
Құтылды бұрынғылар мұнан аман.
Кісісін ай бас сайын санатып па,
Өтіп кеткен бұрынғы ата-бабаң?!
Құдай-ау, біз кез келдік ақыр заман,
Батырлар, ұлдарыңнан кетті шамаң!
Бәрін айт та, бірін айт, сол-ақ жаман,
Арасы екі округтің ашылған соң,
Билетсіз жүре алмайды жалғыз адам!
Білмейміз: егін eгe, балта шауып,
Білмейміз: бала оқыта, пайда тауып.
Қазақтай қор жан бар ма тіпті надан,
Заманың орыстікі болғаннан соң,
Қайратың іште кетті, асылзадам!
Тар шекпен, қара қылыш байландың ғой,
Болмаса буған қайран Халифадан!
Бу жеңіл, мұнын ауыр бар ғой пулды,
Қылмаса өзі рақым патша Қудай.
«Законды осылайша сұралық!»- деп,
Айтыпты: Шыңғыс, Мұса, Қыпшақ-Ыбырай.
Егер де солардың сұрағаны рас болса,
«Ұл-Румға, кыз-Қырымға»- кетсін жылай!
Дуанға түспегендей боп жүруші ек,
Аман бол, а, дариға, қайран күн-ай!
Құдай-ау, бұл кәуірді жендет қылдың,
Тиеді қашан бізге рахметің?
Жендет қылған кәуірді жоқ қылуға,
Жетпей ме оған енді құдіретің?!
Мұхаммед тақсыр, қайда, шапағатың?!
Ауыздан азайды ма салауатың?!
Шеті Бұхара- мұсылман бәрін алды.
Зар тұтып, жылап отыр барша үмбетің!
[Шығарып] бұрын қойды аға султан,
Волостной (болыснай) солардың жүруші едік қол астын-
да-ай!
[Ор]наған аға султан алып тастап,
Бір орыс алып келді оязнай!
Әуелде ноғайды өстіп алған екен,
Кәпірдің аларында мінезін-ай!
Қорқамыз: «Дінімізді бұза ма?!»- деп,
Жылаймыз, жалғыз Алла, бір өзіңе-ай!
Бар Қудай салдың бізді қандай күйге,
Сайлатып бір сборшик елу үйге.
Бұрынғы аға султан жек көргенің
Білейін мықты екенің-мұны сүйме!
Сүйерсің, сүймегенмен, ғылажың жоқ,
Апарып салып қояр қараңғы үйге.
Бұ-жеңіл, мұнан-дағы ауыры бар,
Киерсің қоңыр шекпен, жезден түйме.
Екі орысты қойыпты: «Хан мен бек»- деп,
Бірін-ояз, біреуін помощник деп.
Помощник, оязнайсыз жұмыс қылсаң,
«Абақты, каталашка, штраф!»- деп.
Бірін қойды: «Мировой судья»- деп,
Бір орыс быт-шыт қылды Омбыдан кеп.
Малды қойып, кісіні санаған соң,
Жұрт шулар күні-түні уайым жеп.
Өз ұлығың өзіңде тұрған күнде
Қайсың тәубе қылушы ең: «Құдайым!»- деп?!
Аға султан үстінен өкпе қылып,
Жандаралға прошение беруші ең кеп.
Бұ қылық әлде болса, өзіңе айып,
Сыймаңның асқанын орыс біліп.
Бір жұмыс тауып берді бойыңа иіп.
Біз қашан қадірлеуші ек өзімізді,
Айтқанда, қабыл көрмей сөзімізді.
[Ез]белеп, жасы үлкеннің тілін алмай,
Шоқытар сборнайға көзімізді.
Құдая, кәпіріңді қылдың жендет,
Қызықты жаңа көрген кезімізді.
Теңдік жоқ бу жалғанда мұсылманға,
Махшарда қара қылма жүзімізді!
Батырлар, бұзылып тұр мына заман,
Құтылды бұрынғылар мұнан аман.
Кісісін ай бас сайын санатып па,
Өтіп кеткен бұрынғы ата-бабаң?!
Құдай-ау, біз кез келдік ақыр заман,
Батырлар, ұлдарыңнан кетті шамаң!
Бәрін айт та, бірін айт, сол-ақ жаман,
Арасы екі округтің ашылған соң,
Билетсіз жүре алмайды жалғыз адам!
Білмейміз: егін еге, балта шауып,
Білмейміз: бала оқыта, пайда тауып.
Қазақтай қор жан бар ма тіпті надан,
Заманың орыстікі болғаннан соң,
Қайратың іште кетті, асылзадам!
Тар шекпен, қара қылыш байландың ғой,
Болмаса буған қайран Халифадан!
Бу жеңіл, мұнын ауыр бар ғой пулды,
Қылмаса өзі рақым патша Құдай.
«Законды осылайша сұралық!»- деп,
Айтыпты: Шыңғыс, Мұса, Қыпшақ-Ыбырай.
Егер де солардың сұрағаны рас болса,
«Ұл-Румға, қыз-Қырымға»- кетсін жылай!
Дуанға түспегендей боп жүруші ек,
Аман бол, а, дариға, қайран күн-ай!
Бір сұмдық енді бізге бола қалды,
Салмаған енді бізде қала қалды.
Патшаға үштен бірді бұйрық қыл деп,
Алмаған солдаттыққа бала қалды.
Әуелден мұсылманды алған алдап,
Бозбала ат мінбеді жалын талдап.
Бәрі де бұрынғының жеңіл екен,
Қадалды оң бүйірден темір қармақ.
Қадалды оң бүйірден темір қармақ,
Қармақтан киын екен сытылып қалмақ.
Қызметке жаман кісі жарамайды,
Баланы солдаттыққа таңдап алмақ.
Кеткенің, жарлы болсаң, жылай-жылай,
Бай болсаң, қалар едің, ақша жалдай.
Қызметке не жарасын біздің бала,
Қылмаса өзі рақым патша Құдай.
О баста, қазақ байғұс, аузың ала,
Қылмаңдар бір-біріңе нақақ жала.
Демеймін: «Жалғыз маған қиыншылық»,
Қайғырып сөйлей қалдым біраз ғана.
Қайғырып, сөйлей қалдым бастан-аяқ,
Бір рақым қылар ма екен Тәңірім аяп?!
Кісіні хатқа салып, алды санап,
Жалғыз-ақ солдаттыққа қойды таяп.
«Вставай, марш!»- дегенде, зәрең ұшып,
Жалаң бас, жүгірерсің, жалаң аяқ.
Шығынды үсті-үстіне үйіп жатыр,
Ішінен жұрт бүлініп, күйіп жатыр.
Артынан не боларын байқамайды,
Құран деп ақымақ қазақ сүйіп жатыр.
Ауылнай, сборный десең, би керек деп,
Бәрін де күндіз-түні жиып жатыр.
Жүретін алды-алдына қазақ байғұс,
Бәрі де бір тесікке сыйып жатыр.
Кәуірге Құдай салды күнімізді,
Айталық жасырмай-ак шынымызды.
Құдай үшін дін қамын біз сұралық,
«Айттың!»- деп, кесе қалмас тілімізді.
Патшаның біз риза қылғанына,
Төбеден көз жетті ғой ұрғанына.
Дін хақын Құдай үшін біз сұралық,
Жүрмесін кесір болып иманыңа.
Кішіні, үлкен аға, замандасты-ай,
Күн болды-ау іздесек те таба алмастай!
Кешегі жақсылардың арқасында
Дұшпанға тілім тиді-ау ақ алмастай!
«Билет жоқ!»- деп, қорғалап, бүгежектеп,
Не ғып шыдап жүремін амандаспай?!
Жалғыз мен неге айтамын жұрттың зарын,
Көрерсің тепе-тегіс баршаларың!
Қарауыл, Атығайым-екі жұртым,
Нағашылы, жиенді, күйеу, қайын,
Арасы екі округтің ашылған соң,
Билетсіз қалай жүріп аралайын?!
Болады, соны ойласам, көңілім жарым,
Сөйлейін, өз әлімше, бойда барым.
Дәрмен жоқ күресуге, қайнайды ішім,
Құлаштап созғанменен, жетпес қарым.
«Халық-жұртқа, жарылғасын, күн бар ма?- деп,
Жылаған Құдайға айтып мұң мен зарын!
Құдайдан сұрап жәрдем жылаушы жоқ,
Не болар жылағанмен жалғыз-жарым?!
1921 жылында 23- декабрьде жазылды.
ЖАМШЫБАЙ
Япырым-ау, мынау өзі қондыра ма,
Қондырмай, Жамшыбайды тоңдыра ма?
Шорманның Мұсасына қағаз жазсам,
Кемпірауыз: Тілеуді оңдыра ма?!
ЖАПАР
Мырзағұл, Шәті, Күшік, Шорманым-ай,
Құлболды, Құлыкеге қорғаным-ай!
Баласы Әміріңнің ақшамды алды,
Алып бер, ерікке коймай, шонжарым-ай!
ЗІЛҒАРА
Тоқсан бес
Атығайдан мен шыққан Зілғара едім,
Өзім шешен, өзім сал, ділмар едім,
Кешегі өткен жиырма бес келсе қайтып,
Шетке шыққан тоқалды жинар едім.
Қазық өкше киюші ем қалтылдатып,
Қайтіп салдық құрайын алжып жатып?!
Өтіп кеткен «жиырма бес» келсе қайтып,
Жинар едім тоқалды шартылдатып.
Сары алтынға боялған сақалдарым,
Кейінгіге үлгі бол мақалдарым.
«Жұрттың қызы-менікі!»- деген басым,
Кеш болғанда жортады-ау тоқалдарым!
Жүре алмаймын, кәрілік, аяғымнан,
Екі қолдап ұстаймын таяғымнан.
Көз бен көңіл, жүйрік ой алып ұшып,
Әлі күдер үзбеймін баяғымнан.
Кәрілік түсірді ақау аз ойыма,
Жеті дуан таң қалған жаз ойыма.
Болмашыдан қаймығып, қалжырадым,
Болмай жүрген Зілғара, азулыға!
Тоқсан бес, келдің ғой сен алайын деп,
Жібек баулы құрықты салайын деп,
Аз ғана күн, тоқсан бес, шыдай тұрсаң,
Өзім де ойлап жатырмын барайын деп.
Қазы, қарта қазанда қайнап жатыр,
Екі көзі шалыңның жайнап жатыр.
Арқаны жоқ, жібі жоқ-тұсау салып,
Аяқ-қолды тоқсан бес байлап жатыр.
Түтіні ащы, қарағай, жақтым арша,
Асыл тектен қайырма, кидім барша (парша).
Жеті дуан билеген Зілғара едім,
Қайрат кетіп, отырмын, балаларша!
Омбы, Семей жол салдым өгіз айдап,
Өнер, шіркін, кеттің ғой, іште қайнап!
Өткен өмір, айтқанмен, түк пайдаң жоқ,
Әлі-ақ бір күн өтерсің сорың қайнап.
Бір жас тоқал алып ем қартайғанда,
Көз ұйқыға барады жантайғанда.
Тоқсан бесте жас тоқал алып едім,
Зәрем кетті өзіме талтайғанда!
ҚАЛДЫБАЙ
Қазымбеттің баласы: Қанай, Шанай,
Ортаншысы-Атымбай, кенжесі-Анай.
Қараұзақ пен Сарыұзак, Қарақалпақ,
Құлтекесін сұраймын әлдеқалай.
* * *
Бұ сөзді не деп айттың, жаным, ботам,
Аяғым ұзын емес, бір-ақ тұтам.
Аяғым күннен-күнге қысқарады,
Тұрған соң жұртты билеп құл мен құтан.
ҚАРАМЕНДЕ
Сәлем де Кеңгірбайға: «Кел, кетелік!»
Мықты сабаз атанды терлетелік.
Мұсылманның жеріне бетті түзеп,
Аты жақсы дария[да]н әрі өтелік.
ҚОЖАМБЕРДІ
Мен үйімнен шығып ем бойлай, бойлай,
Ақбоз ат, қызыл найза, күліп ойнай.
Ақтылы қой, алалы жылқым бар-ды,
Сонан шықтым мен сорлы [1] көзім тоймай.
Астымда мінген атым-Құла жорға,
Өзім болмай шығып ем осы жолға.
Қырық бес жігіт ішінде қолға түстім,
Амал айла [2] болар ма қалың сорға?!
Тарлан боз тайып кетті табанынан,
Серікбай тастап кетті жаманынан.
Қаныма бір қасықтай ара тұрсаң,
Құнанбай, айналайын заманыңнан [3].
Құнанбай, сен де сылқым, мен де сылқым,
Түсірген мені қолға сенің жылқың.
Байлауда жеті жылдай жатып едім,
Болмады бұрынғымдай ойын-күлкім.
Жылқысын бай Өскенбай баға берді,
Мойныма қыл шылбырды таға берді.
Тойқын қыз қылышпенен салып еді,
Жар болып Алла тағалам қаға [4] берді.
Жылқысын бай Өскенбай айдай берді,
Мойныма қыл шылбырды байлай берді.
Тойқын қыз қылышпенен салып еді,
Жар болып Құдай тағала ойлай берді.
Құнанбай, заманыңда өзің батыр,
Жолаушы жол үстінде тіктің шатыр.
Жылайды бай Өскенбай: «Досымбек!»- деп,
Жапалақ-менің әкем не ғып жатыр?!
Санындай шағалының екі [5] саным,
Қиналды қолда жатып кәріп жаным.
Қолында осы кәпір [6] өліп кетсем,
Кімге талау болады жиған малым?!
Санындай шағаланың екі саным,
Қиналды қолда жатып кәріп жаным.
Қолында осы кәуір шықса жаным [7],
Кімге көзін сүзеді кемпір-шалым?!
Санындай шағаланың екі саным,
Қиналды қолда жатып менің жаным.
Қолында осы кәуір өліп кетсем,
Кімге көзін сүзеді екі жарым?!
«Орыстың бір байлауы-кісен»-деген,
Кісендеулі жатса да, кісі өлмеген.
Қара тілмаш айтады: «Шығасың!»- деп,
Оған-дағы көңілім бір сенбеген [8].
Барсаң: «Сәлем!»-дегейсің атамызға,
Қолы тиді кәуірдің жотамызға.
Ақ кіреуке сыймаған қайран жотам,
Астында қара жердің жатамыз ба [9]?!
Барсаң: «Сәлем!»-дегейсің енемізге,
Қолы тиді кәуірдің денемізге.
Ақ кіреуке сыймаған қайран дене [10],
Астына қара жердің енеміз бе?!
Барсаң: «Сәлем!»-дегейсің ене-атама,
Түзеліп [11] міне алмадым мен атыма.
Еліктей жау[12] дегенде, ұшқан басым,
Қалыпты құм құйылып қанатыма.
Түлкіні жия бер сен мың да мыңнан,
Өтерміз әлде болса талай сымнан.
Бар еді бір өзімде елу жорға ат,
Қаракөз қарындасым жетсін жылдам.
Шығып ем мен үйімнен түніменен,
Бесінде зорға жеттім күніменен.
Ішпейтін қойдың сүтін байғұс басым,
Өскенбай, күндес болдым күңіменен [13].
Қонғаны еліміздің жыңғылды сай,
Ажалды алатұғын сағындым-ай [14]!
Байлауда жеті жылдай жатқанымда,
Күнжанға бір келместей не қылдым-ай?!
Қояды орыс кәуір көтін таққа,
Сабайды және бізді екі жаққа.
Аяғы туар айдың бізді айдайды,
Сәлем айт қарындасым Бауырсаққа!
Бөлкебай (полковой), бұ қылығың жарамайды,
Арбаны жүйрік қылған қара майды.
Қазақтың қаз мойынын мінуші едім,
Көр енді тоқ-тоқ еткен [15] қарағайды!
Үйірі [16] қысырақтың ақтангерше,
Құдайым, енді маған иман берші!
Тобықты-мені де алған, сені де алар,
Серікбай, маған келмей жүре берші!
Келді де, қу Серікбай, жылқыны алды,
Тұтқын боп Қожамберді қолда қалды [17].
Үстінде құс төсектің жатқан басым,
Шегелеп аяқ-қолды бекітіп салды.
Айтамын ай дегеннен, Бөлкебай хан,
Хан болғанда жегенің қап-қара нан.
Мал менен азар болса, басты аларсың,
Тап енеңді сі...ін, шықты ғой жан!
Бөлкебай, жалған емес, шын берейін,
Жоқ еді әзір сомым, соң берейін.
Аузымнан бір бітсиен сөз шығып кетті-ау,
Ат пенен айыбына тон берейін!
ҚОЙКЕЛДІ
Мен аттанып шықтым қалмаққа,
Қалмақтан шығырлатып [1] жылқы алмаққа.
Батыр да туған Лекер,
Сирағын үзіп оқ тиді,
Тоғыз да тарау бармаққа.
Алып міндің аласын,
Қамшыдай қылдың қарасын,
Жіптей қылдың жиренін,
Жылаттың байдың баласын!
Сыйласы құлдың болды ма,
Қай атадан бері тұрыстық?
Қарағай сеңгірмен атып ұрыстық!
Санадым таудың бұлағын,
Түстікке жедік лағын,
Жапанға атты ойнатып,
Шұңқырға бақыр қазан қайнатып.
Сондайда кегімді алмасам,
Құдайға тәубе демесем,
Сөйтіп кегімді алмасам!
Қара үңгірдің қара жон
Саулата жылқы қумасам,
Сары үңгірдің сары жон,
Саулата жылқы қумасам!..
Қара үңгірдің-қара жон,
Сары үңгірдің-сары жон,
Сары да бір ноғай бір жүрдік.
Қыздардың қанын [2] саулаттық,
Ұлы да, қызын жылаттық.
Құдайға тәубе дедің бе?!
Бұ барғаннан бармасам,
Бай қатынның қара атын
Сұратып алып мінбесем!
Бай қатынның қара атын:
«Арқасы жауыр»- дейді ғой!
Байы өлген мұңдар тұл қатын,
Ол бермесе, бермесін!
Тоқта, қалай бермейді
Бөкен қабақ торы атын?!
О да бермес торы атын,
Баласындай бір атын!
Ол бермесе, бермесін,
Бұ барғаным-барарым.
Батыр да туған бай жанның
Мен тартынбай алып, мінермін
Бұқада[й] санды сары атын!
Мен сары атқа мінген соң,
Түнде жүрер жігітті
Түнде ертіп алармын!
Күндіз жүрер жігітті
Күндіз ертіп алармын!
Ал, сары атқа міндім сайланып,
Жаныма торсық байланып,
Ұлы үңгірдің ұлы жон
Сеңгірінен айналып.
Суатынан су ішіп,
Татырға құлын саулатып.
Мылтықпенен бір атып,
Кермеге құлын байлатып [3],
Балаларын апарып,
Ғашықтарын жылатып!
Мен бұ барғаннан бармасам,
Басы да жұмыр қалмақты
Ақылмен ойлап, таппасам!
Мен Ертістен екі өттім,
Жолдасым жоқ, жеке өттім.
Жылқысын оның алмасам,
Шөлден де шөлге сала қумасам,
Сөйтіп кегімді алмасам!
Жылқысын шөлге сала қумасам,
«Құдай-ай, өзің кешір!»- деп,
Қолымды қанмен жумасам!
Әуелі Құдай оңдар ма,
Тартынбай оңдап төбелес
Айдалада салмасам!
Мен аттанып, жол шектім
Айналамның азы үшін [4],
Алғанымның назы үшін!
Қара сабам жоғы үшін,
Қатын-бала қамы [5] үшін!
Тең-құрбымнан кемі үшін,
Айыр өркеш түйе үшін,
Бауыр сүтті бие үшін!
Мен жортып едім мал үшін,
Теңдесімнен кем үшін,
Қара бір жермен тең үшін [6].
Түлкі жортпас тұмадан [7],
Түнде жорттым мал үшін.
Қасқыр жортпас қалыңнан
Қасқая жорттым [8] мал үшін!
Көк көгершін, көгершін [9],
Ерлер (ирдар) жортар мал үшін,
Бөктершегін бөктеріп,
Ерлер жортар мал үшін!
Көк жамылшын жамылып,
Ерлер жортар мал үшін!
Төменгі ерні салпиған,
Жоғарғы ерні қалқиған,
Еті де шекер, сүті бал,
Осы жүргенім жылқы үшін!
Мен жатып едім мияда,
Жасырынып қияда,
Жарты айда құлын саулатып,
Қақ жүректен бір атып,
Жарты айда құлын саулатып.
Мылтықпенен бір атып,
Атын да міне шапқаным,
Сөйтіп бір ақыл тапқаным!
Менің қос атым жоқ, сары атым,
Ақсақ торы бестіні
Он бесте күні кедейліктің зарпынан
Он бес күні қаққанмын,
Кісісін қойдай баққанмын.
Масасы келді ызылдап,
Сонасы келді құжылдап,
Сонан жаман қатты іс жоқ екен!
Тақырға қонған байларың
Таң аттырмай көшеді:
«Малым да ақсақ болад!»- деп.
Тақырға қонған таз тырна
Таң аттырмай ұшады.
Тақырға қонған байларың
Күн шығармай, көшеді.
Қойкелді қалмаққа барды, барды-дағы жылқыны алды. Бағанағы қалмақтың елінің кісісі жиылып қуды. Қуып [10] көтінен жеткен соң, Қойкелді атын жолдасына беріп қоя берді. Өзі жаяу түсіп, інге кіріп жатып қалды. Қалмақтың кісісі келді, көтінен қуып жетті. Кейін тұрды көп кісі, жалғыз қалмақтың батыры келді. Қойкелді мылтықпенен атып салды. Қалмақтың батырының жүрегіне тиді, шалқасынан түсті, өліп қалды. Қойкелді атын мініп алып, жөнелді. Сонан соң қалмақтың кісісі қорыққаннан қашып кейін кетті. Қойкелді сонан соң жылқысын үйіне айдап, есен-сау жетіп келді.
МАРИЯМ ЖАГОРҚЫЗЫ
Мариям-Жагор деген орыс қызы,
Он бес пен он алтыға жеткен кезі.
Дініне Мұхаммедтің ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі.
Оңбайды қайда барса, дудар шашты,
Қолымнан жібек баулы тұйғын қашты.
Қолыма қашқан тұйғын қайта қонса,
Құдайдан тілемес ем ұзын шашты.
Ауылым Өтебайдың бауырында,
Құйысқан Бозшұбардың сауырында.
Құдай-ау, бұл аурудан өліп кетсем,
Қыла гөр Мұхаммедтің қауымында!
Торы шана жектім қораптаған,
Бір жолға түсіп кеттім сораптаған.
Тұсынан ақбоз үйдің тесіп түсіп,
Ішінде мен ақ тұйғын қонақтаған.
Дударай, көкқасқа атты жемдедің бе,
Уағда айтқан күнде келмедің бе?!
Жеріңе уағда айтқан келмегенің,
«Кәпір,-деп,-діні басқа»-сенбедің бе?!
Ауылым Өтебайдың қырқасында,
Бірде-қар, бірде жаңбыр, бұрқасын ба?
Мойныңа ақ білекті арта салсам,
Сол білек алынбаса, қырқасың ба?!
Ауылым Өтебайды қыстайтұғын,
Тымақты пайыменен тыстайтұғын.
Дуаға жалынғанға тағдыр саңырау,
Сарғайтып екі асықты қоспайтұғын.
Қолында Мариямның өткір қайшы,
Қағазға Мариям аты жазылсайшы!
Құдай-ау, қор ғып бүйтіп сарғайтқанша,
Алдымнан бір терең көр қазылсайшы!
Мариям кішкентайдан туған ашық,
Дініне Мұхаммедтің болып ғашық.
Баруға шіркеуіне соқпас көңілім,
Кәпірдің крестный пәле діні несіп.
Ауылым Өтебайдың шұқырында,
Көркі бар сұлу қыздың мықынында,
Күніңде уағда айтқан келмегенің
Бар ма еді аштан өлген тұқымыңда?!
Болғанда Мариям атым, әкем-Егор,
Құдайдың салғанына пенде көнер.
Арманға ойыма алған жете алмасам,
Шырағы тіріліктің болды сөнер!
Ащы көл, тұщы көлмен арасы бір,
Қосылған тауып теңін жарасы бір.
Мариямның көңілі жоғын қайдан білсін,
Дудар бас хохол [жағы] (иттер) таласып жүр.
Жасымнан бал жаладым шыныменен,
Орыстың үйір болмай дініменен.
«Берем,- деп,- Алексейге»- әкем айтып,
Ұйықтамай жылап шықтым түніменен.
* * *
Дударай, сен кеткелі көп күн болды,
Соққан жел құбыладан өткін болды.
Қараумен күнде-күнде жолың тосып,
Бетіме тозақ оты сепкіл болды.
Әкесі Алексейдің Метрейді,
Шошқаның, жаман жері, етін жейді.
Бар малы екі-ақ ат пен жалғыз сиыр,
Құдайдан одан артық не тілейді?!
МӘШҺҮР-ЖҮСІП
Мұхаммедқанафия
Пида болсын жолыма (иолыма)
Fазиз жаным Хұсайын.
Екі дүние имамы
Мейірбаным (міһірбаным) Хұсайын!
Хабарсыздан келмедім,
Жолыңда неге өлмедім?!
Қиынлық бірге көрмедім.
Патша ханым Хұсайын,
Алдында қыран салмадым,
Дұшпаннан кегіңді алмадым.
Тірі артыңда қалғаным,
Бітпей қалды арманым.
Дұшпанға (дұшманға) бүлік салғаным,
Қанафияның көріп тұр
Не қылғанын жамағат,
Не қылғанын Хұсайын.
Тайың қалды шел (сол) далада,
Сондай болған күніңде
Кез болмадым, Хұсайын,
Жағалатқан бізді (бізні) Құдайым,
Дұшпаныңды қор қылайын!
Мен құрбандық болайын,
Жетер ме екен ұрқың (рухың) әм,
Қылған зарым, Хұсайын!
Шаһзада бауырын айтып көп жылады,
Қасында жолдастары бек жылады.
-Жан ағам Мұстафаның көз қарасы,
Кешегі қайран бауырым!- деп, жылады.
Сөйледі жолдастары (иолдашлары) көңіл айтып:
- Бұл гауһар жылағанмен (иғлағанмен), келмес қайтып.
Жұмысын оның бізлер бітірейік,
Жүдетпе (иүдетме) ғаскеріңді құр дүңк айтып.
Пайда жоқ бізге түсер көп жылаған,
Дүниеде емін-еркін кім сулаған?!
Қиямет қайымғаша жыласақ та,
Келмейді енді қайтып кәріп ағаң!
Тағдырда болған жұмыс-Құдай ісі,
Пенденің бұлай деуге келмес күші.
Көргенде кәріплігін Хұсайынның
Біз түгіл қара тастың күйер іші.
Жиылды бір араға сонда бәрі,
Тура сөзін айтады жас пе кәрі.
Жылады естігенде тамам ләшкер:
Қанафия: «Бауырым!» - деп, қылған зары.
Бұлардың көрді Иазайт келгендерін,
Мойнына алмас қылыш ілгендерін.
- Бұл соғыс реті қалай болады? - деп,
Ойлайды: «Қайтеміз - деп, - өлгендерін?!»
Ғұмар, Сағит көріп имам Махмұд
Қанафияның алдынан шық қылыш.
- Ғұмар,- деп, Шаһизада мұны естиді,
Бойына сол уақытта қайрат (ғайрат) жетті.
- Беріңіз, ақсақалдар, маған рұқсат,
Алмасам мұнан кекті болмас тіпті!
Оқ атқан Хұсайынға осы залым,
Тарқамас мұны өлтірмей енді арманым.
Патшағар пәле не қылмады,
Кеудеден шығарайын мұның жанын!
- Бұл жерде сіз тұрыңыз, барсын жастан,
Түседі, кім барса да, бөркі бастан.
Шылбырынан ұстай алды Мәлікаждар:
- Болса да өлтіреміз Рүстем-Дастан!
- Майданға жолың үлкен, барма! - дейді,
- Аяқты, біз тұрғанда, салма! - дейді.
- Құмарым, өлтірмесем, тарқамайды,
Шылбырдан , Мәлікаждар, алма! - дейді.
Бұл сөзді ер Хиянға айта салды,
Шылбырын ол қолынан жұлып алды.
Айбатынан қара жер тітірейді,
Таған ер ол Ғұмарға жақын барды.
Астыңда ұшқан құстай дүлдүл аты,
Форымынан білінеді ер келбеті.
Бойында асынғаны екі қылыш,
Айдай боп, келіп тұрды, қияпаты.
Қанафияға ол:
-Туғаным, кімсің? - дейді.
- Немене іздеп бұл жерде жүрсің? - дейді.
- Бастырып келе жатқан шыдай алмай,
Мені көрмей келген ер кімсің? - дейді.
- Жоқ еді Қанафияға айтар сөзім,
Өзгені түзетеді менің тезім.
Егер де Қанафиядан басқа болсаң,
Жығармын, Рүстем болсаң, өзің.
Шаһизада ер Тағанға жауап берді:
- Ойна оғым, көңіл бар ма маған енді,
Құр тұрғанмен, жолымды бермейсің бе,
Байқасып, біз көрейік сіздей ерді.
- Қорқамын ер Қанафия болып қалсаң,
Ол болсаң, мен боламын әуре-сарсаң.
Маған десең қаһарман болсаң-дағы,
Көрем ғой күшің асып, жыға қалсаң!
Шаһизада ер Тағанға қайран қалды:
- Жүйрікті көрмедім, - деп,- сіздей жанды.
Үйің-үйің дауаласын бақыртқан
Қанафия мен болам! - деп, айтып салды.
Ер Таған сонда жылап түсті атынан,
Бас қойды:
- Имам ғой!- деп, - ұлығ заттан!
- Кекті алып, тақсыр ханым, мен берейін,
Бұл берген Ғұмар, Сағит-гауһар науан.
Қанафия өзі бұған өзі бұған келе жатыр:
- Былай тұр, жолды беріп, Таған батыр!
Алдына жетіп барып айғай салды,
Тайсынбас бізді көріп малғұн кәпір.
- Ай, Ғұмар, қастық қылып, сен қалмадың,
[Х]ақтан қорқып, Расулдан, ойбайладың,
Оқ атып, Хұсайынға, қылыш шауып,
Ойыңа сонда бізді неге алмадың?!
Сен итке не қылыпты менің ағам,
Мергендік байланыпты қонып саған.
Әкеңні[ң], бізді өлтірер, құны бар ма,
Көрсетші өнеріңді енді маған!
- Өлтірдім мен соларды онда жатып,
Көзіңді жоғалтамын, сені де атып.
Әмбесін ләшкеріңнің қырып тастап,
Жүремін мерекеге өзім батып.
Бір оқпен Қанафияны періп қалды,
Қолменен ат[қан] оғын қағып алды.
- Осымен мықтылығың болғаның!- деп,
Садағына көзденіп қолына алды.
Батырды дәл басына көздеп еді,
Сол уақыт көзі алақтап, жан ұшырды.
Сауыты тас-талқан боп, аспанға атып,
Жығылды аттан құлап, қатып жерді.
Сол жерде жетіп қаза, Ғұмар өлді,
Жылады мұны көріп, Иазайт енді.
Барды да, шылбыр тағып дәл мойнынан,
Сүйретіп ләшкеріне алып келді.
Батырды алып келді шылбыр тағып,
Рақым қылсын оған енді не ғып?!
Ғұмар, Сағит зиат пен лағнат екі,
Екеуін быт-шыт қылды отқа жағып.
Таған батыр хауаружға айғай салған:
- Пайғамбар тұқымына қастық қылған.
Оқ атып, қылыш шауып, лағнет боп,
Ішінде жаһаннамның ол зарланған.
Дар сүртіп, ойбайлатып, дарға асты,
Астына отты (уатны) жағып, зар жылатты.
Ақылынан адасты қанаданлар:
- Сөйлес қыл!- деп, жаныған жарлық шашты.
Қыл құйрықтап мінді де,
Батырлар арғымағын ойнатып,
Алтыннан хулық шайнатып.
Тура-тура шапқылап,
Нажағайдай қылышларын ойнатып,
Перен мылтық мойнында,
Найза, шоқпар белінде,
Қаруларын жайнатып.
Соғысқа бәрі бірдей кіріп кетті,
Кірген жерден дал-дал ғып қырып кетті.
Жан-жағынан ат қойып батырлары
Бір түрлі хауаружға қырғын етті.
Жабыла: «Қыл құйрықтап»- атты қойып,
Жатады жығылғандар қанға тойып,
Қолында ер Қанафия семсерімен
Талайын өлтіріпті қырып-жойып.
Самсаның ауырлығы-отыз батпан,
Келеді бұған қарсы құндап атқан.
Ұрады Мәлікаждар шоқпарменен,
Қалай да бір ұрғанды, табандатқан.
Батырлар алас ұрып, қырғын салды.
Ағызып сауырынан қызыл қанды.
Қол тартып бұл соғыстан ер Қанафия,
Сол жерде қанаданды жиып алды:
- Батырлар, саған айтам мен бір сөзді,
Бұ лашкер қашып кетер, тастап бізді.
Бас қоспаса, бұған, сірә, шара болмас,
Реттеп ал жолдас болған өзіңізді.
Иазайтты, болса бүгін, ұстап алың,
Түн асса, айырылып онан қалдың!
Жолдасқа, өзіңе ерген, басшы болып,
Алдынан тосайын мен бұл шаһардың.
Сол жақтан маған ерсін Мәлікаждар,
Оң жақтан жүргені құп Фазыл, Ғұмар.
Жан-жақтан қашқанына көзін салып,
Ибраһим, Мұсайып пен жүрсін солар!
Ләшкердің артында жүрсін-Зарайыр таған,
Бересің не жауапты ерлер маған?
Жігіттер (игитлар), алас ұрып қалмаңызлар,
Бір зауал бүгіннен соң болмас оған!
Бұлай деп ер Қанафия айтып салды,
Әркім-ақ өз жолдасын жиып алды.
Жаратып бәйге атындай шаппақ болып,
Соғысуға бәрі бірдей даярланды.
Осындай батырларға болып жұмыс,
Әскерге араласып болды жүріс.
Шаң болып дүние жүзі, тұмандатып,
Боп кетті сол уақытта үлкен соғыс.
Кетіпті тұмандатып дүние жүзі,
Қараңғы болып кетті күннің көзі.
Еш адам бірін-бірі көре алмады,
Бір қатты соғыс болып мұның өзі.
Кетіпті екі ғаскер араласып,
Келеді ер Қанафия қолды басып,
Келеді егін орып, шөп шапқандай,
Қызыл қан, қылышпенен, қанды шашып.
Хауарұждың Қанафия сыйын беріп,
Көріпті көзін салып Таған еріп.
Келеді қырып-жойып, қолды жарып,
Секілді аш арыстан оны көріп.
Бір талып, шаршамайды Таған және,
Жаратқан күшті қылып Хақ тағала.
Шаттанып қырғанына ер Қанафия,
Анадан тумас енді мұндай бала.
Қазақтың не бітірді сендей ұлы,
Болмайды, шөлдегеннің қадір-құны.
Тамаша ер Қанафия қылып сонда,
Көзі-сонда, ұрыстан боп екі қолы.
Айтыпты құп тамаша Таған ерді,
Бір жақтан қырғын салып Зарайыр ер келді.
Пәтшағар лағынетке қырғын салып,
Бұ-дағы Хауарұждың сыйын берді.
О-дағы қырғын салды Фазыл, Ғұмар,
Соғысқа жаратылған анық бұлар.
Мұсайып, Ибраһим мен бұл екеуі
Жан-жақтан қарауылдап жүрді бұлар.
Бұ да жүр аш қасқырдай қойға кірген,
Талайдың миын тескен сыйын берген.
Беклігі таудай болғандарды
Құл қылар шоқпарменен бір ұрумен.
Жетпіс пұт шоқпарменен Мәлік ойнап,
Шыдатпай әр жағынан күші қайнап.
Қалқанды басқа салып балуандар
Алады ашуменен тілін шайнап.
Ер Мәлік бұл қарумен ұрыс қылды,
Жанасып Қанафиямен жақын келді.
Алмадай, жолыққанның басын кесіп,
Ол Мәлік келе жатыр қырып елді.
Оттай боп қауға түскен жандырады,
Талайды[ң] ақыл-есін тандырады.
Аққан су өзен болып, қаннан-бұлақ,
Мейірін хауарұждың қандырады.
Жаңылды мұны көріп әркім есін,
Көрген соң Қанафияның ол тірісін.
Ұрысқа әуел сәске кіріп еді,
Түс ауып, сол уақытта болды бесін.
Батырлар жаннан кешкен ұран салды,
Әл, қуат хауарұждан кетіп қалды.
Қанафия, Мәлікаждар мен қырып-жойып,
Екеуі қол тұрған тауға жақын барды.
Екеуі тізе қосып, тауға келді,
Қасындағы жолдасы елу мың-ды.
Бұлардың қимыл күшін Иазайт көріп,
Күйдіріп отқа түскен қаудай жерді.
Қауымына:
- Бұл қалай? - деп, айғай салды,
- Шынымен қырды ма? - деп, - бұл ғаскерді?
- Ай, Иазайт, құлағың сал мына сөзге,
Мұнымен қояр ма екен шыбын жанды?!
Мәлік пен ер Қанафия қырғын салып,
Екеуі келе жатыр қолды жарып.
Қарайды жылап Иазайт жан-жағына:
- Сақтаймыз шыбын жанды қайда барып?
Бүгін ер ең алдымен Ғылым Хайдар,
Аянбай соғысыңыз, хауаруждар!
Бізлерге бұ дүние болды қараң,
Тірі боп жүре алмаймыз енді бізлер!
Біздің қол толып жатқан бәрі қайда,
Қырылды біздің ғаскер әрбір сайда.
Ұрысқа емін-еркін болдыңдар кез,
Біздерге енді болар дәурен қайда?
Тұрады мұны көріп Иазайт енді,
Екеуі тізе қосып бұған келді.
Жан-жақтан келе жатқан қалың әскер,
Өлерін екеу онда әбден білді.
Келеді ер Қанафия құстай ұшып,
Өрттей дүрілдейді қауға түсіп,
- Ай, Иазайт, неше айла қылып бақшы,
Сені де біз мақтайық: «Батыр!» - десіп.
Қалтырап өне бойы дірілдейді,
Шаңменен күннің көзі көрінбейді.
Кетіпті екі ләшкер араласып,
Күн мен түн-қайсы екені білінбейді.
Батырлар хауаружбен араласты,
Көрінбей күннің көзін тұман басты.
-Намыстан жаным тәтті емес пе?! - деп,
Бір жолмен жапа-жалғыз Иазайт қашты.
Мұхаммедқанафия келді жетіп,
Батырлар хауарұжға қырғын етіп.
Басы бөлек шоқпармен ханды ұрғанында,
Құлақтан дүрсілдеген дауысы өтіп.
Жаныға айтып еді әрбір сөзді:
- Оңдырмас бұл соғыспен енді бізді!
Ала көргін бұрын барып Шамның жолын,
Түк тастамай қырар енді баршамызды.
Бұларды жолда жатқан жайға көрді,
Енді Шамға қашуға көңіл қойды.
Бір соқыр соқпақ жолға түсіп кетіп,
Бір тауға бекінуге барып кірді.
Бұл Иазайт бекінуге тауға барған,
Саны жоқ ләшкері көп қырылған.
Құтқармай хауарұждан жалғыз пенде
Ләшкерін ер Қанафия жиып алған.
- Ләшкерім, біз Асқалан барайық, - деп,
- Басына қара тұман салайық! - деп,
-Иазайттің тыныс алып тұрған жері
Оны да қырып-жойып алайық! - деп.
Көп қолмен ер Қанафия ашықлан жетіп келді,
Шам жолын анық байқап, әбден көрді.
Бекітіп қақпаларын, мылтық атып,
Олар да үш күн, үш түн соғыс қылды.
Батырлар Асқаланға қырғын салды,
Шыдатпай бұзып кетті ол қамалды.
Есеп жоқ толып жатқан бір үлкен жұрт,
Ерлердің қол күшімен әзер алды.
Қиратып Хауаружды бұзып кірді,
Жаратқан Құдай артық ойың шын-ды.
Өлтіріп, дұшпандардың басын кесіп,
Аралап ер Қанафия (батырлармен) сонда жүрді.
Т[ұ]ра алмас ешкім қорықпай батырлардан,
Қанафия жолдасымен кірді бірден.
Шаһзада-тінту салып, іздетеді,
Хұсайын аухил бәйітін неше жерден.
Оларды (уаларны) іздеп алар қайдан тауып,
Тықтырған ол Иазайт қылып қауіп.
Сақтанып (сақланып), қазынасын тықтырыпты,
Бір қиын жерге ие қыпты, бетін жауып.
Иазайттың сарайына кірді барып.
Үстіне алтын тақтың шығып тұрды,
Қарайды жан-жағына көзін салып,
Не күшті, ойлап тұрсам, Құдай күшті,
Тағдырда кім тоқтатар болған істі?!
Суретін Хұсайынның салған екен,
Қанафия қарап соған көзі түсті.
- Шымырлағын басын тәнінен алайын! - деп,
Қылышы қолында тұр-желкесінен шабайын деп.
Бұл істі көрген жерде қалды талып,
Қалғанын Хауарұждың қырайын деп.
Қайғы оты жүрегіне (иүрегіне) келіп тиді,
Түтінсіз от-жалын боп іші күйді.
Жолдастары бетіне су сепкен соң,
Шаһизада сол уақытта есін жиды.
Қанафия тысқа шықты ашуланып,
Қызарып екі көзі от боп жанып.
Бұйырды Имамзада жолдасына:
- Жібер, - деп - бұл сарайға өртті салып!
Сол жерде сарай менен алтын тақты,
Баршасын отын қылып, отқа жақты.
Кәмалға зауал келсе, шара болмас,
Есімнен тарқамайды қасірет-қайғым,
Қайтейін уажи дария жолдастарым?!
Шаһар кеп, Хабылар айтты барып,
Соларды жасырғаннан келді салып.
Бұлардың зарлағанын көрген пенде
Есітіп күңіренді барша халық.
Өртеніп Имамзада дау-дау жанып,
Бірде келіп есіне, бірде танып.
Бәрі де іші күйіп жыласады
Өткен-кеткен жалғанға аң-таң қалып.
Елдеспес еш адаммен мына жалған,
Қайғыны бастарына үйіп салған.
Қанша іздеп (ізлеп) қараса да, табылмайды,
Қатын-жесір, баласы жетім қалған.
«Қайда-деп, Шаһизада?» - іздетеді,
Ол Хұсайын кеткен жерге кім жетеді?
Иазайттан басқа ешкім білмейді екен,
Таба алмай қарағандар тек кетеді.
Қанафия, имам Охун көп жылайды,
Жылатқан Қанафияны бір Құдай-ды!
Әр күнді қалған Хұсайын аһлы басы:
- Енді біз не боламыз? - деп, зарлайды.
Біз болсақ рузасында пайғамбардың,
Сажбен Ғұмар, Ғұшман шаһар барды.
Тауып aп: «Әр-арай!» - деп, зарланады,
Көрген соң бәрі бірдей қайғырады.
Жетім-жесір, - бәріні көргеннен соң,
Қанафия өзі зар жылады:
- Қайтіп жесір-жетім болдың, Меһірбаным,
Жолында, пида болмас, қалды шыбын.
Айтпайын күн өткен соң әлдене деп,
Ах ұрып қайда ...
Көздің едік қарасы,
Шайхы Марданның баласы.
[Е]кі дүние шырағы,
Туысқаным Шаһзадам,
Арманда қалдым, Хұсайын!
Артыңда қалдым арманда,
Кім армансыз өтеді бұл жалғанда?
Қайғы кетпес жүректен,
Мен де болдым шерменде,
Арманда қалдым, Хұсайын!
Сізден бұрын өлмедім,
Ешбір хабар білмедім.
Қапыда қалдым, дүние-ай,
Армансыз жалғыз мен бе едім,
Арманда қалдым, Хұсайын!
Арманда қалдым, бауырым-ай,
Артыңда қалдым зар жылай!
Басқа салды Құдайым
Мұндай қасірет қайғыны-ай!
Арманда қалдым, Хұсайын!
Кәрбалада келмедім,
Соғысыңда болмадым.
Қапы болған, дүние-ай,
Сізден бұрын өлмедім!
Арманда қалдым, Хұсайын!
Айтқанмен қайғы-зары таусылмайды,
Көрген соң жетім-жесірлерді зар жылайды.
Жазылған тағдырында екі-ақ болмас,
Жігітлер, ойыңызға ал бір Құдайды!
Мұнан кейін Ғұмар деген қаниденді шақырып алып:
- Мединеге алып барып тапсыр!- дегені,- Өмірі біткенше сонда тұрып, Мединені билеп тұрсын!- деп, хат беріп жібергенінің баяны.
Мен едім Хұсайынмен бірге туған,
Зарланып дүниеде қылдым арман.
Дауасыз Кәрбалада қалды бауырым
Тағдырда жазылған соң Хақтан пәрмен.
Басына іс келгенше пенде білмес,
Айналып осы жалған екі келмес.
Көзімнен, жас орнына, қан ағады,
Адамның, ажал жетпей, шыбын[ы] өлмес.
Зарлап-зарлап Мединеге жібергені
- Жарайды Мединеге барсын бұлар,
Алып бар осыларды, батыр Ғұмар!
Қолымнан Мединеге хат берейін,
Өлгенше еркіменен билеп тұрар!
Көше, жұрт, уалаяттың-бәрін ашты,
Талайдың менменсіген көңілін басты.
Өзі батыр, қанша ғаскербасы заманында
Батырлық, балуандығы жұрттан асты.
Имам Мұхаммедқанафия Хұсайынның иһіл бейітін Мединеге жібергені, Зейінғабиденнің баяны.
Ол Ғұмар Мединеге алып барды,
Жетім мен кәріп болған жесірлерді.
Жылады (иглады) көргеннен соң аяп іші,
Жиылған барша халық әм бұларды.
Бұларды мұнда күндей көреді екен,
Медине енді үйсізге болсын мекен.
Тағына бабасының мінсек деген
Уа, дариға, опасы жоқ жалған [екен].
Көргеннен барша халқы көп жылады,
Кәріптің әлін көріп зарланады.
Тағдырымен бір Алланың болған мұндай,
Барша жиылған халқы қайғырады.
У ахи, дариға, опасы жоқ жалған-ай!
Арманда өткен Хұсайын!
Зарланып сол арада тұрды бәрі,
Күңіренді Мединенің көк пен жері.
Сиратіл Мұнтахаға жетіп даусы,
Сегіз жұмақ ішіндегі
Жылатты ғарыштағы періштені.
Уахи, дариға, опасы жоқ жалған-ай!
Арманда өткен Хұсайын!
Жиылып барша халық көп жылады,
Шаһиды: «Ағла!»-деп, жығылады.
- Махшарда Хақ расулдің күнәкар үмбетіне
Шапағаты хақ бұлардың!- деп жылады.
Уахи, дариға, опасы жоқ жалған-ай!
Арманда өткен Хұсайын!
Ғұмар алып келіп, мұның бәрін көріп, қасірет-қайғыға берген таслан сөзінің баяны.
Қанафия бұйырған соң келіпті алып:
- Жиылып зарланыңыз барша халық,
Тапсырдық жетім-жесір кәріптерді,
Рұқсат беріңіздер, біз қайталық!
Біздер де қайғы - қасірет қылдық фиған,
Еш нәрсе өнбейді екен [бір] жоғалған.
Халінен кәріптердің қайғырдыңыз,
Болыңыз баршаңыз[да] көргенше аман!
Қанафия[ға] Зейінғабиденнің келіп айтқан сөзі:
Шырағым, жан мен тәнім, артсын бақытың,
Мүбәрак болсын мінген-тақытың!
Сәруары он сегіз мың,
Әлімнің пайғамбары Әбубәкір, Ғұмар,
Ғұшман, Ғалының берсін бақытын!
Бабаңыз Хақ Расул-Хақтың досы,
Тағдырдың жазуынша болды уасы.
Дүниеге келгеннен соң, өлмегі хақ,
Пайғамбар, үмбетінің, Хақ пендесі!
Енді Зейінғабиденге Медине Әм Хасен Хұсайын аһлы бейіті мұнда тұрсын, аспаннан жазу Қанафиядан (Анипадан) сөйлейік.
Мекке мен Мединеден Дымшық барған,
Ешбір хабар ол ерден таба алмаған.
Қызыл қан, келіп көрсе, шаһар іші,
Бір хабар ол арадан таба алмаған.
Аралап жан-жағына жүрді бәрі,
Сол жерде Қанафияның көп ғаскері.
Бір қазба таппаған соң: «Бұ қалай?»- деп,
Ғаскермен бәрі шулап, қылып зары.
Жан-жағын ол шаһардың қарап жүрді,
Қызыл қан, көрсе бәрі, жолдың үсті.
Жиылған үлкен Шамға көп ғаскері
Бетін түзеп ғаскері қашқан Шамға,
Кез келді себепсізден қырылғанға.
Хұсайын Кәрбалада болды шәһит,
Біз мұнда, қырған мұнша қандай пенде?!
Бұлар келіп және Шамнан шығып, көп ғаскер Қанафияның кез болып, бұлар да бір жағынан қылыштарын ойнатып, жайнатып, текежәуміт аттарын астындағы. Қызылдан ту қолында Асқалан шаһарын алды. Келіп кіріп, қырып, су орнына қан ағызып, Иазайттың тақыты, бақытын күл қылып өртеп, Хұсайынұғлы Байтұн жетім қалған баласын Мединеге жіберіп, бабасы хақ Расул төрт жарменен тақытына мініп, бұлар ғұмырын сонда кешірді.
Иазайттың әңгімесінің баяны
Ол Иазайт тұра алмады онан қашқан,
Пайғамбар тұқымына болған дұшпан.
«Кешегі Кәрбалада қырдым ғой!»- деп,
Иараны, түк қалмады, көп ғаскерден.
Хисапсыз қырылғанның жоқ-ты саны,
Біздерді: «Кімің ер?!»- деп ойламады.
Жолықты хауаружыда бір пәлеге,
Өлтірді Кәрбалада Шаһзаданы.
Бұлайша тағдыр-әзірейіл болған Хақтан,
Құдайым сақтар өзі жанған оттан.
Дүниеде: «Жеттім ғой!»- деп, мақтанбаңыз,
Сираттан өткенінде, сонда мақтан!
Шерменде әуре боп Иазайт өлген,
Естіңіз әңгімесін енді бізден!
Баған, Харайыр, Қанафия, Мәлікаждар-
Қайғының қасіретінен қорқып өлген.
Хұсайын, Шаһзадаға болған дұшпан,
Бабасы-Хақ пайғамбар, атасы-Ғалы арыстан.
Анасы-Бибі Фатима қайран ана,
Ойлаңыз: кім бар еді онан асқан?!
Есітіп ол Қанафия келген екен,
Басына қара тұман салған екен.
Қуып шығып Асқаланнан
Қашып жүріп бір жерде өлген екен.
Ол жар ер Тағанменен таққа мінді,
Өлгені ол Иазайттың естілді.
Билетті Асқаланды ол Харирға,
- Дымшықты билейін!- деп, Таған келді.
Кім таласар Құдайдың берген баққа,
Мінеді патша болған алтын таққа.
Әулие, әнбиені тамам айттық,
Бір дұға қылып қойың аруаққа!
Иазайт әуре-сарсаң болып қашып жүріп өлгені енді кейін, Асқаланды Шари билеп, уаһим Дымшықты таған билеп, онан кейін Қанафия Меккеге қайтып, Иазайттің тақметі бақытын, ғаскерін құл қылып, қатынын жесір тұл қылып, баласын жетім-жесір қылып, елін, шаһарын жер қылып, кегін алып, тағын, бақытын өртеп, Қанафия жеріне қайтып кетті.
Иеменге, шаһарына қайтып келді,
Бұрынғыдай Қанафия таққа мінді.
Шаһарын-құл, дұшпанын жер қылған соң,
Жиылып елі-жұрты бәрі келді.
Жиылып қатын-бала зарланады:
- Уахи, дариға, Хұсайын!- деп, аһ ұрады.
Ақырын әр нәрсенің берсін Алла:
«Тақсыр!»- деп, күллі жұрты тік тұрады.
Бұрыннан ол Иеменге патша болған,
Алдында жасауылы (иасауыл), тақыты тұрған.
«Өткен іске, тақсыр, өкінбе!»- деп,
Күллі жұрт аяғына басын (башын) ұрған.
Харирні Асқаланға патша қойған,
Дымшыққа хан болып Таған тұрған.
Хұсайынның жіберді аһлы бастайтын
Мединеге Ол барып
Медине[ні] билеп тұрған.
Шырағы екі дүние ол имамы,
Баян ғып біз сөйледік Қанафияны.
Тақытында бір күн жатып, ой ойланды,
Түсінде көрді дейді кәріплар[ы].
Ойлайды: «Кәрбалаға барайын»- деп,
«Бір барып Кәрбаланы көрейін!»- деп,
«Басына зиарат (ізірет) қып шәһитлердің
Денесін ағасының көрейін!»- деп.
Қанафия Кәрбалаға жүрмек болды,
Қанша жиып алды ауыр қолды,
Қасына батыр әскер жиып алып,
Ертіп ап келеді қырық мың қолды.
Ләшкерін ертіп алып жолға келді,
Мехнатын мойнына алды қырық күн шөлді.
Күн ыстық, жері қызып, мехнат шегіп,
Фіраттың дариясына жетіп келді.
Фіраттың ол басына жетіп келген,
Әр түрлі ғаламатты сонда көрген.
Айналасы дарияның қызыл қан боп,
Баршасын бұ ғаламның көзі көрген.
Япырм-ай, мұндай жерге келеді екен,
Жын, шайтан, дию, пері қылған мекен.
Аз асылы тағдыры осылайша
Тағдырдан қайыры өзге бола ма екен?!
Бабама Жебірейіл бір күн келіп еді,
Хабарын бес жасында беріп еді.
Жан ағам Хұсайын қызыл қан боп,
Шәһит боп Кәрбалада өлді дейді.
Шәһиті ағла боп бұлар кеткен,
Ойына алғанына кімдер жеткен?!
Шырағы екі дүние, ол имамы,
Хасен мен Хұсайын-о да өткен.
Құдай досы Мұхаммед, Хақ пайғамбар,
Жебірейіл хабар беріп келіп тұрар.
Шырағы екі дүние-ол-Мұстафа,
Төрт жар мен өтіп кеткен сахабалар.
Енді ойласақ, дүниеде кімдер қалды,
Әулие, саха[ба]-бәрін алды.
Дүниеде тағат қылмай, күнә қылып,
Қинаймыз Сира[т] астында шыбын жанды.
Сонан Фірат дарияның жағасына келіп, ағасы Хұсайынды іздеп (ізлеп), қанша ғаскермен не көрсе, хауарұждың өлгенінен басқа көрмей, неше күн жол жүріп, ағасы Хұсайынның денесін тауып, басы жоқ, қол жоқ көріп, зарлығымен жылап, атынан есі-түсін білмей, жығылып жат[т]ы. Сонда пайғамбар, Ғалыны, төрт жарын қолынан өткізген қария қолының ішінде екен, Қанафияға айтқан тоқтау баяны:
Бабаңыз хақ пайғамбар, Құдай досты,
Ағзумнан шығарайын әрбір кепті.
Күшімен қалса, Ғалы қалар еді,
Арыстан шері Құдай, о да өтті.
Баласы Ахмет ханның Қаһарман-ды,
Қап тауын күшіменен көтерген-ді.
Дүниеден ажал жетіп, о да кеткен,
Іс көрмеңіз, жамағат, күш пен малды.
Пайғамбар Ибраһим бай боп өткен,
Дүниеде бай болса да, дінін күткен.
Ажалға мал еш ғылаж қыла алмайды,
Қарынбай малға сеніп қайда кеткен!
Кәпірде екі патша: Нәмәрд, Шадат,
Билеткен жер мен көкті Қадір Ахдат.
Дәулетін патшалық көтере алмай,
Құдаймен сурет (сірот) таласқан кәпір Нәмәрд.
Ақырында шыбыннан ажал жетті,
Ыдырыс, Ғайса, ол Қызыр тірі кетті.
Он сегіз мың табиб лұқман,
Ажалға хайла таппай, о да кетті.
Ойласақ, бұ жалғанда кімдер қалды,
Әулие, сахабаның бәрін де алды.
Ағаңыз шәһид ағла боп,
Бақи жайға ұжмақ барды.
Қанафия қарияның айтқан насихатын естіп, басын көтеріп, ес-түсін жиып, әскеріне бес-алты соз айтып, сонан кейінгі хикаясы мынау еді:
Жаным ағам, мен келдім,
Қасіретіңде қол болдым!
Күйіп-жанып, өртеніп,
Зор қайғы[ға] кез болдым.
Тәнің жатыр қан болып,
Уахи, дариға, жалған-ай,
Іште кетті арман-ай,
Жаным, ағам, Хұсайын!
Іздеп келдім қасыңа!
Басы-қолың кесіліп,
Мұндай күйге түсіпсің!
Қызыл қанға боялып,
Уахи, дариға, жалған-ай,
Іште кетті арман-ай,
Жаным, ағам, Хұсайын!
Айтқанмен болмас-ты,
Жылағанмен келмес-ті.
Әзел тағдыр осылай,
Екі жазу болмас-ты!
Уахи, дариға, жалған-ай,
Іште кетті арман-ай,
Жаным, ағам, Хұсайын!
Кәрбалаға келгеніңнен
Ешбір хабар білмедім.
Жаным құрбан қылар ем,
Сізден бұрын өлер ем,
Уахи, дариға, жалған-ай,
Іште кетті арман-ай,
Жаным, ағам, Хұсайын!
Енді болдым шерменде,
Қайғы тарттым жалғанда!
Зарлансам да, болмас-ты,
Қалдым мұнда арманда.
Уахи, дариға, жалған-ай,
Мен де қалдым арманда,
Жаным, ағам, Хұсайын!
Қайғыны, айта берсем, таусылмайды,
Тағдырды мұндай қылған бір Құдай-ды!
Қылғанын хауарұждың ойлағанда,
Көзінен қанлы жасы сорғалайды.
Уахи, дариға, миян ғана-ай,
Іште кетті арман-ай,
Жаным, ағам, Хұсайын
Кәрбаланың соғысында болмадым,
Іште кетті арманым!
Жан-жананым, жан ағам,
Жаным құрбан қылмадым!
Уахи, дариға, заман-ай!
Іште кетті арманым,
Достының нұрынан ап жаратыпты,
Қойыпты жарық қылып Күн мен Айды.
Хикаямен сөйледім біраз мұнша,
Бұ дүние өтер-кетер көз жұмғанша!
Әңгіме ғып Хұсайынды көп сөйледік,
Ғұмырымыз аз ба, көп пе, алда қанша?!
Хұсайын бүгін шәһит Кәрбалада,
Тағдыры Алла тағала осылайша.
Әзейіл (әзірейіл) тағдыр осылай болғаннан соң,
Ісіне құдіреттің не дүр шара?!
Қанафия кайғы-шер шегіп ғаскерін жиып алып:
- Енді біздің қолымыз келер жұмысымыз: басына мешіт, медіресе, үй қылып, қияметке шейін шат тұратын ат болсын дей[мін].
Ғаскер:
- Құп!- дейді.
- Кімде-кім атасының үмбетіне ағузу... алып Хұсайынның атын айтып, Кәрбалаға келсе, нақақ қан төкпес болсын да, һәм зина, зорлық, ұрлықпен өтсе, тәубемен келсе, күнә[да] қалмады де, Алла акбар!- деп, өзі біраз мұнша кісі бірге қалып, мұндағы фіраттан берік шаһитларын жиып, намазын оқып:
- Көме бер!-дейді...
Қырық мыңдай ғаскерін Иеменге қайырып: «Алтын, гауһар, мәрмәр, жақұт алып келіңізлер!»- деп, әр жорықта патша хандардан жәрдем тілеп, нама жіберіп, өзлері Кәрбалада қалды. «Қырықтың ғаскерден естідіңіз әңгіме»- деді де, бұлар неше түрлі жолдардан мехнат шегіп, Иеменге келді де, онан соң әр жұртқа, әр патшаға елші жіберіп, біраз жатады да. Иеменге онан кейін әр елден ғаскер келіп, қанша жабдық жиып, дүние жүзін алып, Кәрбалаға қайта жүрмек болып, хисап қылып, ғаскері жүз мыңына елу мың болып жүр деп, дүние хисабы жоқ әр патшадан, әр шаһардан жиылған нәрсе: алтын, жақұт, гауһар, мәрмәр бір-бір таудай болып, Кәрбалаға алып жөнелді. Неше жолдардан қанша мехнат шегіп, неше күн, неше ай жүріп, Кәрбалаға келеді. Онан кейін күмбез орнатып, басына айшық-алтыннан, босағасы-алтыннан: әр үйлердің қылып, басына шырақшы қойды дейді. Қанша ғаскер келсе сыятын. Және күмбез ішіне гауһар қойды. Және Меккеге де гауһар қойды. Шырақшылардың үйіне алтыннан канадил орнатып, өзі жанатын жарықтар қойды. Биіклігі қырық кез дейді, күнмен бірдей болса керек. Бір-екі жылда бітіріп, ғаскеріне рұқсат беріп, жеріне таратты дейді. Онан кейін Қанафия Иеменге қайтпақ болып, ағасының рухына қанша құран қатым қылып, рухын пак, шадман айлап, жеріне қайтпақ болды. Онан кейін хикаясы. Онан соң өзі ғаскермен Иеменге қайтпақ болып, Кәрбаладағы шәһитлерді жаслап, әскерінің жанына келіп, тақытына мініп, қанша шаһарлыны билеп тұрып, қанша шаһарды өзіне қаратып, дәурен сүріп өтті дейді. Оның баяны.
Уай, жамағат ұлы, тағдыр жазған,
Хақтан болған пәрмен,
Бабамызға хабар берген.
Бу қызметлер азайылдық дүр.
Ол бабамыз Хақтың досы,
Азайыл тағдырласы,
Ұшып кетті жұмақ құсы
Бұ қызметлер азайылдан дүр.
Иеменнен шығып Мекке бардым,
Мединеден хабар алдым.
Онан кейін Дымшық барып,
Бұ қызметлер азайылдан дүр.
Ешбір хабар табылмаған,
Жан-жағына ат салыс жан,
Әрбір жолда кез болды ол қызыл қан.
Бұл қызметлер азайыл дүр.
Мұнан кейін түстік жолға
Жол жөнелді Шамға дейін
Кез болдық көп қырылған қауыршыға,
Бұ қызметлер азайылдан дүр.
Кез болдық біз майданға
Жарыр Таған арыстанға.
Қойға тиген бір аш бөрі
Бо[лар] қымбат әз асылдан дүр.
Күннің көзін басқан тұман
Батқан сайын қызыл қанға
Жара ер Таған, екі батыр
Хауаружға қырғын салған
Бұ қызметлер азайылдан дүр.
Онан (анден) кейін ләшкердің артынан қуып келсе, екі арыстан хауарұжға қырғын салып келе жатқанын көріп, Қанафия, Мәлікаждар таң-тамаша болып, қасына келділер. Сонда (анда) Қанафияны танымай, жауап сұрады. Берген жауабы:
- Біз танымаймыз, сізлер кімдер[ге] бата оқырыңызды айтыңызлар!
- [О]йлаймын Қанафия деп ғайыбына. Біріміз-Таған, бірімізді уәзір (хазір) дерлер.
Сұрасаң, менің атым-Қанафия,
Сіздерге медет берсін жалғыз Алла.
Бабам аты-Мұхаммед, хақ пайғамбар,
Атам-Ғалы, ол мұртаза.
Мұны естіп екеуі:
Таған, Жарайыр атынан түсіп:
- Асқалан шаһарын жыр қылып жаздың. Тақтин шаһарын ойран қылып, Иеменге барып, Кәрбалаға әскер жиып, шәһтилерге орын беруі-не таратып, ағасы Хұсайынның атын бірден-бірге қалғызып, қияметке шейін тұратын бай қылып, өзі Иеменге келіп, ғұмырын өткізді дейді, патшалықпен мақсатына жетті дейді. Болған бұл хикаятке ләсімім бекітілерге көп сияпат рухы еренлерің!
Шадман болсын, оқыңыз бір дұғаны,
Көп самғит... ер жігіттің әр күн бағы...
Рақмет етсең, жігітлер, бір Құдайдан
Дұғадан тастамаңыз бізді тағы.
Біліп ем бір күн ақыр өлерімді,
Әр жерге жайып жүрдім өнерімді.
Жата алмас жер астында сары алтын,
Шығардым аңыз[бенен] өнерімді.
НЫҒЫМЕТ
Билерге айна жасадым:
«Суреттерін көрсін!»-деп.
«Былғанышты кірлерін,
Ерінбесе, жусын!»- деп.
Судья болды семіздер
Елге шығып, жем іздер.
Тояты қанып алған соң,
Бұдан артық нені іздер?
Осы күнгі билердің
Атағы зор, ісі жоқ.
Сорлы кедей жылаулы,
Оныменен ісі жоқ.
Байдың ісі жөн келіп,
Қисығы да жөнделіп,
Сот кімдікі? Байдікі!
Кедейлер жүр сенделіп.
Сот есігі байларға
Бөгеті жоқ күнде ашық.
Қалған жұмыс жайларға
Кедейдікі, бұл анық.
Сот үйіне бай кірсе:
«Қош келдіңіз, былай шық!»
Киімі жыртық кедейге:
«Қол бос емес, үйден шық!»
Жұмысы біткен кедейді
Естімедім, көрмедім.
Ылғи жылау, ылғи мұң,
Бұ не екенін білмедім.
Бұл, әрине, теңдік пе,
Теңдік емес, кемдік пе?
Теңгерер еді кедейді,
Тояты қанса жемтікке.
Билікте ылғи пасық тұр,
Өңеші ылғи сасық тұр.
«Бермейді»- деп, нашардан
Би, мырзалар қашып тұр.
Қанша пәлен дегенмен,
Әлі байлар асып тұр.
Не қыларын біле алмай,
Сорлы кедей сасып тұр.
Арыз берсе нашарлар,
Жауыз билер басып тұр.
Шығарта алмай арызын
Желкелерін қасып тұр.
Байдың берген арызы
Орындалар кешікпей,
Кедейдікі бүктеліп,
Қалтада қалар ер жетпей.
Қызметкері судьяның
Әрі жуан, әрі бай.
Осалы жоқ ішінде,
Қарап тұрсаң, шылқымай (шылқи май).
Түсі суық билерден
Қорқады кедей дірілдеп.
Айтуға сөзін бата алмай,
Жасаурар көзі іріңдеп.
Алдына барған кедейге:
«Жұмысың не, айт шапшаң,
Әйтпесе үйді босат!»- деп,
Қаһарын төгер, қылып шам.
Соры қайнап, зарланып,
Сөйтіп кедей кемдікте.
Екі көзі төрт болып,
Кедейдің көзі кіндікте.
Кіндікке көзін сүзіп тұр:
«Билерді жөнге салар!»- деп,
«Мұңымызды газеттен
Көріп, рақым қылар!»- деп [1]...
СӘРСЕКЕЙ
Иса мырзаға
Арын-аққу, Сәтбай дария еді,
Апайға бас (бес) Райыс жария еді.
Жандеркенің Жүсібі тілге шешен,
Баба Ғұмар сықылды қария еді.
Молдабай тілге жетік, шешенің-ді,
Тайқожа ақша табар көсемің-ді.
Ақберді: «Мен сендік!»- деп, күле сөйлеп,
Бәріңнің осы табар есебіңді!
ҒАЛИ ЕЛУБАЙҰЛЫ (СМАҒҰЛ)
Имам Зүфір
Қолыма бейсенбі күн алдым қалам,
Дүниеге опасы жоқ болдым алаң.
Бастайын (башлайын) бір хикаят назым қылып,
Тіліме медет бергіл, Алла тағалам!
Жар болған кәріплерге Құдіретім,
Екінші-афзал сәруар Мұхамметім!
Әр уақыт тар жерлерде көрсе тарлық,
Тілейді сізден медет көп үмбетің.
Аспа топырақтан болғаннан соң,
Тілеймін соның үшін шапағатың!
Жалғанға екі бірдей гүлстан ғып,
Көрсеткен Миғраж асып, шаһауатын!
«Асылды асыл біліп, илансын!»- деп,
Хақ берді Айыршалдың Нәбу атын.
«Менің бұ хақлығыма нанбады!»- деп,
Көрсеткен халыққа ашып кереметін.
Құрдасы Әбужаһил нанбаған соң,
Көргізді айпара ғып мығжызетін.
Нанбаған сөйтсе-дағы мұнысына
Қараңыз антұрғанның жатғылына.
Жазушы (иазғушы) үшбу сөзді Ғали атым,
Қош көрем ғалымлардың ағлы атын.
Берген соң өнер кө[р]сетпесек,
Біреудің, біреу қайдан, білсін затын?!
Аз ғана пайым етіп, аңғарсаңыз,
Жазайын Бухараның уалаятын.
Бір имам Зүфір атлы өткен екен,
Сөйлейін соның біраз хикаятын.
Бұл Зүфір бір кәріптің баласы екен,
Құдайдың бір жаратқан данасы екен.
[Мә]лім боп, он төрт жаста ғылым ізлеп,
Барғаны Бағдаттың қаласы екен.
Ішінде тағы біткен алма ағашы,
Жай ...інде гауһар тасы.
Орындық әр сыбаға табақ жасап,
Салынған неше түрлі нығымет асы.
Сайраған сандал ағаш, аққан суы,
Алтынмен решеткелі тіккен туы.
Иісі бек ғажайып мұрын жарған,
Бұрқырап аспан көкке шыққан буы.
Еш адам жоқ ішінде қылған мекен,
Салынған мәрмәр (мрамор) тастан тағы дүкен.
Әңгіме бар неше түрлі бақ ішінде,
Жолбарыс, арыстан мен жортқан бөкен.
Қанжұлы машина мен қоңырау тұрған,
Дыңылдап алтын сағат жайнап тұрған.
Сәулесі біріне түссе, біріне тайып,
Ішінде аужағайша ойнап тұрған.
Бұл бақтан тағы жүрді дамыл алып,
Алмады, еш (һеш) нәрсеге көзін салып.
«Жел менен кісі ақысы-алмаймын!»- деп,
Кітаптың айтқан сөзін есіне алып.
Өтіпті солардан да дүние жалған,
Баруға тамаша ғып, көзін салған.
Уақыты көш боп сол бақта, рақатланып,
Жалғыз-ақ ісінен басы айналған.
Кетіпті басы айналып, көңілі еріп,
Келеді неше түрлі тамашаны жолдан көріп.
Жапа-жалғыз келеді айдалада,
Түгел өз ішін Хаққа беріп.
Жағалап келе жатыр дария шөлді,
Өзіне ғылымлардан Алла берді.
Аяңдап су жағалап келе жатса,
Алдында кеме мінген кісі көрді.
Жақындап келді аңдап суға таман,
Көп ләшкер, келіп көрсе, мың сан адам.
«Бұлармен бірге судан өтемін!»- деп,
Кемеге жүк салуға ойына алған.
Бұларға сәлем берді имам келіп,
Сәлемін әлгі алды көңілі еріп.
Бұхардың кісісі екен соның бәрі,
Таныды имам Зүфір бәрін көріп.
Көрісіп, амандасты, барысымен,
Алланың, пенде жүрер, әр ісімен.
Кемеге бірге мініп жүрмек болды,
Үлкен-кіші, бай-пақыр, кәрісімен.
Кемеге салды түйе көп кітапты,
Байлады алтын тұрман-арғымақты.
Теңіздің ортасына келген кезде
Күн жел болып, көп кемені толқын қақты.
Аспаннан бұлт шығып, күн жылытты,
Тыңлаңыз құлақ салып мына көпті,
Сындырып, толқын соғып, кемелерін,
Баршасы мұсылманның суға кетті.
Жолықты мұсылмандар мұндай көпке,
Болмайды шек келтіріп Құдіретке!
Ажалсыз, болып жалғыз, бір тақтаймен
Теңізден имам Зүфір шықты шетке.
Дарияның ортасында сынған кеме,
Қалмады мың адамнан жалғыз неме.
Лақазда сонша адам опат тапты,
Құданың құдіретіне пәлен деме.
Манағы көп кітаптың кетті бәрі,
Аллаға имам жылап қылды зарды.
Не хайла, жылағанмен, сабыр қылды.
Лайық іс қылған соң біреу бары.
Аллаға көп мінажат қылды Зүфір,
Айтады:
- Жеткізгіл!- деп, - бізді ақыр!
Астында мінетұғын көлігі жоқ,
Жағалап ол теңізді келе жатыр.
[Ол] Зүфір талай күн жүрді жаяу,
Көңіліне арып-ашып түскен қаяу.
Алыстан көрініпті бір мұнара,
Үш-төрт күн жүріп соған келді таяу.
Күнменен шағылысқан мұнара өзі,
Адамның, баға (баһа) қылып, жетпес көзі.
Бір нәрсе жоғарыдан сарқырайды,
Осындай тамашаны көрді көзі.
Сарқырап аққан суы-алтын бұлақ,
Жаранлар, тамашаға салсаң құлақ.
«Бұхарда мұндай нәрсе бұрын жоқ-ты,
Білейін тамашасын мұның сұрап.»
Қағазға, бәрін жазсам, кетпес сыйып,
Бір шеті түр бір үлкен тауға тиіп.
Астынан орматыпты алтын діңгек,
Қырық кездей өзге үйден тұр болып биік.
Бір үй тұр иабында алтын сарай,
Тамашасын талды имамың көз қарай.
Оны да айтып болмас зейнет жапқан
Қақпасы тоғыз есік золотнай.
Алтынмен сол қақпаға жазған хаты,
Шығатын тіреулі тұр күміс саты.
Бұхардың Ғұшмания патшасының
Жазылған Шершаһар әм қыздың аты.
Осындай сәулет қыпты баласына,
Жүргізіп хикүметін қаласына.
Жүргенше олай-бұлай күн кеш болып,
Қоныпты дарбазаның даласына.
Ойлады бір ақылды сонда тұрып,
Алланың әр ісіне көңіл бұрып.
Барды да:
- Құрбашы!- деп, айғай салды,
Есігін дарбазаның қағып тұрып.
Құрбашы жауап берді сонда не деп,
- Сен кімсің, танымаймыз, неме[не]?- деп.
- Ашпаймын дарбазаны, кім болса да,
«Есік аш!»- дегеніңіз не... -деп.
- Сұрасаң, атым «Имам Зүфір» деймін,
Жасымнан мұңлы болған пақыр деймін.
Бұл Бұхара туған жерім болғаннан соң,
Айналып келдім тағы ақыр деймін.
- Сен болсаң Имам Зүфір, ашпан есік,
Жеті түнде не ғып жүрсің дүние кезіп?
Есігін біз ашайық дарбазаның
Бір ауыз мәселе айтсам, берсең шешіп.
- Айтсаң айт, мәселеңді, айтам десең,
Бейһуда болар бекер қайғы жесем!
- Еш нәрсе ажалға хайла бола ма екен,
Тауып бер мағынасын мұның білсең!
Ойланды сол уақытта имам тұрып,
Оқыған, сөзді бұрын, көзі көріп.
Мағынасын, қанша ойлап, таба алмады,
Не хайла, тұрды білмей, халі құрып.
Таба алмай мәселесін, көңілі күйді:
- Есігін, сөз таппаса, ашпас!- дейді.
- Ашар ма жалынғанмен, құрбашылар,
Не хайла, жолап барып, шатыр тікті.
Бар еді бір кісілік алтын шатыр,
Шатырын тікті барып имам Зүфір.
Бар екен бір тас фонар жақты-дағы,
Аллаға мінәжат қып, жылап отыр.
Қойнында бар екен бір «Қалам Шәріп»,
Сонысын қолына алды имам кәріп.
Көзінен жас ағызып, оқи беріп,
Қайғырып, басын төмен жерге салып.
Қаламын қолына алып оқи берді,
Өзіне ғылымларын Алла берді.
Жапанда жаққан оттың жарығыны
Патшаның жоғарыдан қызы көрді.
[Жоғарыда] патша қызы тұрушы еді,
Көп қызбен бірге мәжіліс құрушы еді.
Төңірегі алтын үйдің-болат сарай,
Сайран қып, бәрін кезіп жүруші еді.
Айтушы еді:
- Біз ойнап күлейік! - деп,
- Жалғанның бар қызығын көрейік! - деп.
- Бүгін түн сахараға көз салайық,
Не тамаша бар екен білейік! - деп.
Мұны айтып, орынынан қыздар тұрды,
Жоғарғы зал үйіне бұлар жүрді.
Зал үйдің пұшпағына шығып тұрса,
Жапанда жалтылдаған отты көрді.
Тұрғаны сонда шығып болат сарай,
Сол отқа талды қыздың көзі қарай,
Сахарада бұрын жанған от жоқ еді,
Не ғажайып жаратқан патша Құдай?
Салады отқа көзін анда-санда:
- Түнеген керуен бар ма бұл жапанда?
Жапанда бұрын мұндай сықсиған от
Жоқ еді, бұл өзі не, Құдауанда?!-
Деп сонда патша қызы қалды қайран,
Ғажапсыз не болмайды бір Құдайдан?!
- Сатымен сізлер мені түсіріңіз,
Білейін тамашасын, қылып сайран.
Иініне түсу үшін салды қалқан,
Қалқансыз жерге түссе, болар талқан.
Бар екен түсіп-шығып жүретұғын
Екі жүз сексен құлаш жібек арқан.
Сипаты жарық қылған айсыз кешті,
Тамаша, көңілге алып, мұндай істі.
Беліне арқан байлап, сатыменен
Ақырында патша қызы жерге түсті.
Қалқанды, келе жатып, қарына асты,
Сатыны сартылдатып қатты басты.
«Бір нәрсе көктен түсіп келе ме?» - деп,
Сол халде имам Зүфір жаман [састы].
[Ол] Зүфір қорыққаннан қылды зары,
Тарс еткен аян [боп] тұр біреу бары.
Құдайға аһи фиған датын айтып:
- Жалғызға болады - деп - Алла жары!
Отырған сабыр қылып, оқып қалам,
Көңілі сөйтсе де болып алаң.
Ай жүзлі, шырын сөзлі бір назынан
Есіктен тотым бірлан берді сәлем.
Сонда имам:
- Әлік! - деп, алды сәлем,
Қызды көріп, қол созды шамға таман.
Апарып шамға қолын созып еді,
Күйдірді шам қызуы қолын жаман.
Аузына, күйгеннен соң, қолын ұрды,
Қыз есікте тамаша қып қарап тұрды.
Қолын шам күйдірген соң, жеңге тығып,
Құранын төмен қарап оқи берді.
Әлі бір сөз айтқан жоқ қызға қарап,
Құдайдан іші қорқып алап-жалап.
Бірқатар уақыт болды, қыз әлі тұр,
Құранын оқи берді төмен қарап.
Құранды бек ышқынып оқыр тым-ақ,
Күйдірді шамға қолын, жанын қинап.
Бейшара шамға қолын күйдіргенін
Мұнысын білді зерек қыз да сынап.
Бір уақыт қызға тағы салды көзін,
Әбизат бек раушанлы көріп жүзін.
Қараса, манағыдан тұр әлгі қыз,
«Кімсің?» - деп, сөйлеген жоқ әлі сөзін.
Шығарып, тағы жеңнен, қолын алды,
Апарып жанып [тұрған] шамға салды.
Жанған шам, қанша айтқанмен, от емес пе,
Екі есе манағыдан күйіп қалды.
Бір қолын, күйдірген соң, тартып алды,
Қаламын тағы оқуға қолына алды.
... ат мұнысын қыз біліп тұрған.
«Қас әулие екен!»- деп, ойға салды.
Көргі[сі] жоқ қыз ұйқыны осы түні:
«Тамаша әулие!»- деп, білді мұны.
Баян қылып айтайын, тыңдасаңыз,
Шамға қолын күйдірген себебіні.
Ойлаған имам Зүфір ақыретті,
Көрген соң қызды, шамға қолын тұтты.
«Қызбенен ойнайын», - деп, күйдірмесе,
Қойсын ба, шам ыстығы, қолына өтті.
Қолына ыстық өткесін (өткеш), ойлады ақыл,
Болмайық жалған үшін оттан ғапіл.
Мұнан да тозақ оты ыстығырақ,
Қызбенен ғайша-ғашырат құрсақ ақыл.
Ішінен қыз болыпты бұған ғашық,
Сөйтсе де сөйлеген жоқ лебіз (лафыз) ашып.
«Дүниенің оты осындай, еттен өтті,
Қылар,- деп,- тозақ оты әлденешік?!»
Бір сөзді айтайын деп ыңғайланып,
Артынан тағы ойланды:
«Не айтайын?»- деп.
Сол кезде машырықтан таң көрінді,
Жөнелді қыз үйіне қайтайын деп.
Жөнелді (нонәлді) қыз үйіне қадам басып,
«Мені біреу көрер!»- деп, асып-сасып.
«Некахлы алал жұпта болар ма екен,
Әзелде Алла тағала қылса несіп?!»
Ішінен қыздың дерті болды қатты,
Сарғайып машырықтан әм таң атты.
Пәлен деп қызларға бір ауыз сөз айтқан жоқ (иок),
Қапа боп, төсегіне келіп жатты.
Сол уақытта күн қызарып шығып қалды,
Құрбашы даруазаның құлпын алды.
Жұрт жиылып, даруаза ашылған соң,
Артынан имам Зүфір бұ да барды.
Шаһарға кірді барып жанның бәрі,
Неше түрлі халайық: бай мен жарлы.
Ақырын маң-маң басып имам Зүфір
Шаһардың жүрді (иүрді) ішіне әрлі-берлі.
Базарда кешке дейін жүріп имам,
«Кімсің?»- деп, сұрамады ешбір адам.
Ілтипат өзіне ешкім қылмаған соң,
Басына сонда түсті ақыр заман.
Ешбір адам сөйлеспеген қасына кеп,
Жасынан таныс болған ашына көп.
«Бір адам хал-жайымды сұрамады,
Жаратқан пенде қылып несіне?»- деп.
Қасыма келмеді ешкім сұрайын деп,
«Мұнымен бірге мәжіліс құрайын!»-деп.
Ойлады: «Бір пәтер үй сатып алып,
Ішінде мекен қылып тұрайын!»- деп.
Ашпаған мұның бақытын жалғыз Алла,
Төгілген имам нұры көңілі тола.
«Мекен-жай, ақа-матам боп тұрсын!»- деп,
Біреуден сатып алды бір махалла.
Шара жоқ, салғанына көнді Алланың!
Қадірі торғай құрлы болмады елге
Осындай ғалымларын дамолланың.
Зағыпыран жүзі сары, Хаққа жылай,
Көзінің кеше-күндіз жасын тыймай.
- Осындай залил пақыр жанабыңа
Жарамас іс қылдым ба, патша Құдай?!
Әлхи және бикеде болдым ба құр,
Ой жетпес, ғамалыма қылсам афқар.
Біздерді пайғамбардың ұршы дедің,
Кіріптар не нәрсемен қылдың құр зар?!
Бұхарға мені де құл еткізсеңіз,
Қорлық, зарлық қасіретімді кеткізсеңіз!
Жетім ғып досыңызды жарылқап ең,
Ризамын-сондай ғып жеткізсеңіз!
[Та]ғы да мұныменен үш жыл өтті,
Осылай жылап имам сабыр күтті.
«...ің уалаяты жиылсын!»- деп,
Жұртына Ғұшмания пәрмен етті.
Еліне жар шақыртып, айтты сауын,
Жұмақта шаһар Шаһарам ішкен қауын.
- Еш адам топқа келмей қалмасын!- деп,
- Тұйғынның шешем[ін] -деп,-аяқ бауын!
Көп елді қыз шақырды көрмек болып,
Күйеуге, көңілі сүйсе, тимек болып.
Патша уағда қылып, жиды жұртын,
Қыз кімді сүйсе, соған бермек болып.
Шақырды тамам елді шарбағына,
Жұрт жиып, қызға таңдау салмағына.
Шаһарам қара суға ау тұтатты,
Тәуекел, кім ілінер қармағына.
Есітті тамам елі бұ хабарды,
Арғымақ, қоңыраулатты, арбаларды.
Бүлінді қанша бектер салатланып,
Сөйтсе де Құдай білер кім аларны.
Шаһзада бекзатлар Сатан ханы,
Бұлардың бұ ғаламнан артық саны.
Гауһардан шын әйнегі патшаданың
Жер жүзі жай түскендей раушаны.
Күмістен қоңырауы күлдірлеген,
Шаһарам ел қоймады бүлдірмеген.
Көшеде сап жақұт орнатылған,
Сары алтын, алаша ту үлбірлеген.
Күмбезді, алтын айшық қылған басын,
Орнатқан жалғыз дана гауһар тасын.
Салт мінген алтын жабдық бозбаласы,
Олардың айтып болмас тамашасын!
Жаралған көп шаһарда асыл тегі,
Алтынды ер тоқым мінген өңкей бегі.
Баршасы үміткер боп келді қыздан,
Бозбала сайып қыран қара көгі.
Қолында кейбіреудің райхан гүлі,
Сайраған тотысы мен бар бұлбұлы.
Асырды салтанатын бұ ғаламнан:
«Болар-деп,-кімге несіп бұраң белі?!»
Бұхара халқы патшасынан хабар тапты,
Он екі лек шола келіп құрды сапты.
Жиылған топ ортасына қызды алып кеп,
Мұнара, орнатыпты, алтын тақты.
Қыз көпке жоғарыдан салды көзін,
Лайық сонша көпке қылмады өзін.
Күллі жұрт қызға анталап қарағанда,
Ұялып қыз жеңімен басты жүзін.
Бір қызыл, бір сары алма алды қолға,
Қарайды қыз айналып оң мен солға.
- Жібер,- деп,-қызыл алма, жасты сүйсең.
Сүйсең, ат, сары алманы кәрі шалға!
Шаһарам сонша көпке көз салмады,
Менсініп, назарына бір алмады.
Сол көпке көзін сонша салып еді,
Өзінің муафиғы, сірә, болмады.
Сол көптен имамды іздеп ойлайды екен,
«Имам!»- деп, күндіз-түні қоймайды екен.
Көп ішінен көрінбей кеткеннен соң:
«Япырм- ау, бұл қалай!»- деп ойлайды екен.
Орнатты патша алып көп райхан гүлді,
Мұнара басын шалған сағым жел-ді.
- Арманда, шүкір пендем, қалмай енді!- деп,
Өткізді жеке-жеке тамам елді.
Баршасы қыз алдынан кетті өтіп,
Ешкімге [көз салмады] назар етіп.
«Япырм-ай, кім екен,- деп,- ойлағаны?!»
Күллі жұрт қарап тұрды тамаша етіп.
Айдады қыз алдынан тамам жұртты,
Ғашық қып сонша жұрттың дымын құртты.
Көрсетіп ақша-малын, пірден сауап,
Басына салды жұрттың жанған өртті.
Патша сонда тұрып ашуланды,
- Бері кел!- деп, шақыршыны қасына алды.
- [Бар] талап жұрттың бәрін шақырдың ба,
Бұл топқа қандай адам келмей қалды?
- Айтпаймын өтірік сөз сізге жалған,
Мен едім шақырушы болып барған.
Пәлен бір махаллада құран оқып,
Жалғыз бір ғалым адам келмей қалған.
- Ендеше шақырып кел, жылдам барып,
Қалмасын ешбір адам: міскін, кәріп.
Тез барып екі салт ат сол арада,
Манағы дамолланы келді алып.
Молданы алып келді өз алдына,
Тамам жұрт қарап тұрған көз алдына.
Қыз сонда бір алманы лақтырды,
Имамды шақырып алып өз алдына.
Тамам жұрт қайран қалды мінезіне,
Лайық көрді имамды қыз өзіне,
- Қалмасын менде кінә таңдатпаған,
Қызымның, енді жұртым, кінә өзіне!
- Деп патша ашуланды баласына,
Көзінің ақ пен аласына, қарасына,
[М]азақлап ханның қызын, масқара ғып,
Күллі жұрт ренжіп кетті қаласына.
Қайғыдан, патша ойланып, тұра алмаған,
Сандалып, аяқ-басын, жүре алмаған.
Асылды өзінен де қыз таныды,
Патша қайдан білсін сыр алмаған?!
Қыз түсті алтын тақтан қолын жайып,
Көрсе де, адам патша, қылмас айып.
- Ықтияр, кімге тисем, өзімде!- деп,
Жөнелді қол ұстасып ерлі-зайып.
Патша ашуланды баласына,
Көңілінің қарамады жарасына:
- Неше хан, шаһзадаларды бір сүймедің,
Өзіне өз обалың, барасың да!
Ел тарқап, жұрттың бәрі қайтты тойдан,
Патша сыр алмаған мұндай ойдан.
Деймісің көңіліне патша алмады,
Екенін асыл, жүйрік-білсін қайдан?!
Патша қызын беріп қоя берді,
Шаһарамды Мәжіл деген алып жүрді.
Жетектеп бірін-бірі екі пақыр
Белгілі махаллаға келіп кірді.
Алды имам патша қызын неках қиып,
Құдайым көзін[ің] жасын қабыл иіп.
Осал деп үшбу қызды ойламаңыз,
Кәріпті сонша топтан алды сүйіп.
Екі-үш жыл дәурен сүрген жан пенде,
Қыз жасы жиырманың біреуінде.
«Кәріп!» - деп, мұны мазақ қылмасымды
Қараңыз сынап енді мұндайын да.
Күн-түні құрды имам ғыш-ғашырат,
Біраз күн болды имамның көңілі шат.
Ойынмен өткізіпті біраз заман,
Аяғын тыңласаңыз, қылайын дат.
Қағазға қалам тарттым, інжу теріп,
Бек тату екеуінің көңілі түзік.
Біріне-бірі жанын пида қылып,
Мейірбан, шапағатлы жанын үзіп.
Осындай болды тату шаһзадалар,
Бірінің бірі аузынан ләззат алар.
Дүниеден арманда боп өтті ме екен
Осындай дәурен көрген ахи солар?!
Бір күні имам тұрып, таһарат алды,
- Аһ! - деп, сәжде сары басын салды.
Бір күні бір өтсе, үш есе азып,
Сарғайып қайғыменен жүзі солды.
Күн-түні сұрамады: «Немене?»- деп,
Жүдеді имам Зүфір қайрат жиып.
Арманын шығара алмай ішіндегі
Жылайды жатса, тұрса: «Құдайым!»- деп.
Білмейді қатын мұның іш пікірін,
Ашпады, қатын сұрап, көңіл кірін.
[Жатса] жастық болад та, иіліп төсек,
Бұлайша әбден сұрап ерінің сырын.
- [Аз]ырақ өтті менен көңілің қалып,
Жүруші едім шәкірт боп сабақ алып.
Рұқсатсыз ренжітіп кетемін деп,
Көрмедім еш береке онда барып.
Көп жылап осылайша зарлық етті,
Сөйлейді бастан-аяқ барша көпті:
- Астымда арғымағым көп кітаппен
һәммасы түйесімен суға кетті.
Мүсәпір боп қасіретінде жүзіп келдім,
Алыстан жаяу шаршап азып келдім.
Мейірбан жан, жігерім ұстазым-ай,
Осындай кереметіңді көріп келдім.
Тізе[с]іне жатыр енді басын таяп,
Жылады сонда ұстазы имамды аяп:
- Бір дұға қылып едім, тілеп хақтан,
Бір Алла басыңа салған екен аямай-ақ.
Түрегел, мүсәпірім, көтер басың,
Өксігің басты көзің жасын.
Жәбір-жапа, мехнат көрмес едің,
Ұстаздың қабыл көрсең ол дұғасын!
- Алыстан сен келдің бе азып?- деген,
- Рұқсат алмай, ұстазыңа жазып?- деген.
- [Еске] салып жүрісіңді ұстазыңа
«Шәкіртке ұстаз әмірі ереже (ара жіп)»- деген.
- Ойласаң, ұстазыңа шапағат та,
Көрмейсің еш қоршылық пани [шақта].
Хақ ұстаз пәрмені, парызы хақ,
Деп айтқан кітап «Жақайытта».
Көрсетті бір кітаптан ашып фатта,
Өзіне өз кітабын қылды куә.
Ашсын хақ көңіліңе бұ пәтуаны
Қылайын жақсы саған мен бір дұға.
- Тәнің-қалдық, ақылың сенің кәміл,- дейді.
Жаслыққа мағрур болған дәнің,- дейді.
- Ұстазы:
- Алла һәм!- деген шақта
Сонда имам қол көтеріп:
- Әмин!- дейді.
- Иа, Аллам, ағулы-даражаты,
Ғам бізге уайымсыз ылғи береке [заты].
Мұнымды, Зулжалалім, қабыл айла,
Ашылсын бұл дұғаның айжабаты!
Әл мумин мәр мүсімнен қошы сенде,
Тілеген кәрібіңнің мінажаты.
Бұхара, Самарқанды құрметі үшін,
Дұғамды менің қылғыл ажабаты!
Бұл кәріп дария шөлдер сапар қылса,
Кәріптің, қырық шілтен, бұл ғинаяты.
Ризалық алмақ үшін іздеп кепті,
Табылды ниетіңе салахаты.
- Алла акбар!- деп жүз шығады,
Дұғамды қабыл ет,- деп,- Құдіреті!
Ұстазы осылайша дұға қылды,
Құдайым дұғасыны қабыл қылды.
Ұстазының үш мәртебе қолын ұстап,
Еліне имам Зүфір қайтпақ болды.
Жөнелді ұстазымен амандасып,
Қайғысын ішіндегі қайтты басып.
Дарияның көкке шыққан буындай боп,
Жөнелді сонда имамның нұры тасып.
Шәкірті ұстазынан алды сауға,
Қателік, кінәсына қылып тәубе.
Жол жүріп неше күн-түн имам Зүфір,
Бір асқар мұнарланған шықты тауға.
Көңіліне бұ қайғыны жара көрген,
Ішінен асқар таудың дара көрген.
Аяңдап тауға қарай келе жатса,
Бірталай дара ішінен қара көрген.
Шаһары, алда болса алыс, қуа,
Бірталай дара ішінде көрген миуа.
- Қарайған бұл не нәрсе?- деп, келе жатса,
Баяғы арғымақ ат, он бес тума.
Қасына, міне, осындай жетіп келді,
Үстінде баяғыдай кітап бар-ды.
[Қ]ару-жарақ аспаптар,- бәрі де аман,
Құдайдың құдіретіне таң қалған-ды.
Құдайдың көрді мұндай құдіретін,
Түп-түгел көрді түйе үстінде көп кітабын.
Кісі екен шарапатлы, өзі әулие,
Қараңыз ұстазының кереметін.
Кемеге соның бәрін салған екен,
Дарияның ортасына барған екен.
Ризалық ұстазынан алмаған соң,
Керемет ұстазынан болған екен.
Тұрманы арғымақтың баяғыдай,
Сақтаған (сақлаған) бәрін тегіс патша Құдай.
Атқа мініп, жетектеп түйесіні,
Дем алмай, жүрді он бес күн, дамыл алмай.
Мұнан кейін он бес күн тағы жүрді,
Аузынан Алла нұрды төгілдірді.
Бұрқырап исі шығып аспан көкке,
Бұхардың бір шетіне келіп кірді.
Түйе мен ат табылды несібіне,
Имамның қылған залал (халал) кәсібіне.
Күн кеш боп, айғай салды:
- Құрбашы!-деп,
Дарбазаның қылыш ұрып есігіне.
- [Келу]ің есікке кеп, қылған тауап,
Тыңлаған бұл сөзімнен табар сауап (cyaп).
He нәрсе ажалға айла бола ма екен,
Ашайын, осы (уасы) сөзге берсең жауап.
- Құрбашы: «Ашамын!»- деп, уағда байла,
Біздерге, сөз таппасақ, неуа ойла!
Ендеше есікті аш, мен кірейін,
Сабырлық болады екен ажалға айла.
- Сабырлық бола ма екен ажалға айла,
Пайым (паһым) қып бұл сөзімнің түбін ойла.
Рұқсатсыз есік ашсақ біз өлеміз,
Мүсәпір таң атқанша сабыр айла.
Ойлайды құрбашыны тіпті өнерпан,
Есікті ашып рұқсат ... қан.
Біреу тілеп, былай барып, көзін ашса,
Сарғайып машырайықтан келіпті таң.
Сөзге таба алмаған сөз тапқанға,
Бағана жатып еді күн батқанда.
Түйесін тіркеп алып және келді,
Кілтті ашып, жұрт жиылған таң атқанда.
Осы еді көңіліне жаттағаны (иатлағаны),
Өлең ғып қара сөзді мақтағаны (мақлағаны).
Бір-бірін осылай деп сұрағанда,
Сондағы себебіне нанбағаны.
Ғаламға мәшһүр Зүфір аты,
Шықпаған бұ дүниеде жаман аты.
Имамның, сұрағанда, таппағаны
Ол еді ұстазының кереметі.
Таянып дарбазаға келді осындай,
Жалғаннан кім кетеді бір тосылмай?!
Бұрқырап нұры шыққан аспан көкке,
Еліне келді Зүфір жыл құсындай.
- Имамын жақсы Алла парық ет, -деп,
- Имамды рахмат нұрға қарық ет!- деп,
-Аузынан дарбазаның кірген шақта,
Нұр толып, шаһар іші жарық ет!- деп.
Жарқ етіп шаһар іші нұрға толды,
Жайнатып, жарқыратып оң мен солды.
Сол халде кеудесіне әлһам (илмам) толып,
Ғылымы дариядай тасып, теңіз болды.
Алдынан шаһар халқы қарсы келді,
Баршасы имамға кеп, сәлем берді.
Бастырмай, қара жерге, кілем төсеп,
Үйіне ту көтеріп алып жүрді.
Кеткен соң, қатын үйін түзетіпті,
Ішін жасыл жәуірмен безетіпті.
Үйіне келіп кірсе, басқа бір үй,
Қырық кісі қарауылшы қойып, күзетіпті.
Түсіріп анша (сонша) түйе қазынаны,
Сайран қып жүріп келген жазираны.
Ха[лайық]-жұрт жиылып сол үйінде
Жұма (жымға) намаз оқиды-Әзизаны.
Бозбала, қалма қапыл, өмірің аз,
Оқыды үйіне кеп, жұма намаз.
Жасынан не көргенін қағазға сап,
Жиылған халайыққа етті уағаз (уағыз).
Жігіт[тер], ұлық болсаң, болма иабір,
Махшарда иманыңа болар жәбір.
Әзелде басқа жазған пақырлыққа,
Биікрік (биіктік), керек екен, артық сабыр.
[Сы]йынған пайғамбарым бізден бұрын,
Сабырмен Алла көрген дидар нұрын.
«Алжырра айразатымен әл жәнната»-
Осылай пахим қылмақ дегендерін.
Халыққа уағыз айтты, көңіл аша,
Бір сөзі бір сөзінен шығар неше (наша).
Есітіп бастан кешкен пақырлығын,
Болыпты төре, қара таң-тамаша.
[Келген]дері кетті үйге сыймай,
Жылады, көзінің жұрт, жасын тыймай.
Ол пақыр болса да, ақыр жетті,
Жеткізген сабыр нұрын патша Құдай.
Жазуға уақытым аз бәрін теріп,
Жұрттың бәрі жылап отыр, көңілі еріп.
Осылай уағыз айтып отырғанда,
Есіктен біреу келіп сәлем беріп.
Сәлемін: «Ғалайкім!»- деп, Әлік алды,
Имамға келе сала ғарыз алды.
- Себебі келгенімнің, тақсыр, сізге
Патшамыз шақырады сізді,-дейді.
Біреу келді шақырды:
- Ханымыз!- деп,
- Хүкім-хакім иесі жанымыз,- деп.
Жөнелді үйден шығып уәзірменен Деп:
- Жастан көрген мәніміз,- деп.
Жазушы айран ба екен мұндай сөзге,
Не қыларын білмейміз өзімізге.
Имамды хан шақырған себебіні
Айтайын баян қылып енді сізге.
Бағына нұр жарығы барған екен,
Патша, жарқ еткенде, талған екен.
Бір уақыт есін жиып алғаннан соң,
Шақырып бір уәзірін алған екен.
Уәзірін шақырып ап, айтқан сөзі,
Жарқ еткен нұр жарығын көрген көзі.
- Аспаннан Ай атылып түсті ме?- деп,
- Япырым-ау, немене, - деп,- мұның өзі?!
Айтыпты сонда уәзір патшаға:
- Білмейсің болғаны не уақытта?
Біреуді тез жіберші сол топырға,
Жиылған тамаша екен не оқиға?
Білуге сол топырға біреу келген,
Тірелген нұры көкке уәзір [көрген].
«Тіреген нұры көкті бұл не еткен жан?»
Біреуден уәзір сұрап:
- Бұл не?- деген.
Уәзірге айтқан сонда мәні-жайын,
Сәулетті болып келген осындайын.
Жарқ еткен имам нұры екендігі
Баршасын бастан-аяқ қылды дайын.
Патшаға уәзір сонда қайтып келген,
Имамның жайын сонда айтып келген.
Әуелде пақыр болып келіп еді,
Еліне қайта барып осындай болып келген.
Деп айтқан патша сонда:
- Әулие бұл! Бек ғаділ патша еді ақылы мол.
- Мұны мен көрейін, қандай адам,
Тез барып, оны мұнда шақырып кел!
Патшаға имам келген қадам басып,
Бұрқырап нұры кеткен көкке тасып.
Есіктен имам кіріп келген шақта,
Патша тұра келді асып-сасып.
Имамға түрегеліп берді орын,
Еш адам көрмегендей мұнан бұрын.
Балқиды өне бойы қорғасындай,
Патша таң-тамаша қылды-нұрын!
Сөйледі патша тақсыр:
- Имам- айым,
Құбылып тұрған имам тотыдайын.
Боласың қай шаһар, қай жерлік,
Баян қыл, біз білейік мәні-жайын.
Сөзлеңіз сөзді, тақсыр, біз тамам,
Қылайын мен жақсылық енді саған.
Мешіт-медресе сізге салып беріп,
Қояйын жұрт үстінен қылып имам.
- Ай, патша, ғуам емес, едім ғалым,
Жоқ алдымда айдап жүрген малым.
Бұхара, Самарқанд-шаһарымыз!
Тағы айтты бастан кешкен ахуалын.
Күллі жұрт ауызына қарап отыр,
Сөзіне мұның құлақ салып отыр.
Патша танымады кім екенін,
Имам Зүфір патшаны танып отыр:
- Мен едім ғылым іздеп Бағдад барған,
Ғылымды хатымгерде тамам қылған.
- Пақыр!- деп, мені қорлап, қызыңа ұрсып,
Мен едім сол пақырың-қызыңды алған.
Қуанба: «Айдадым-деп,-қарауыңызға»,
Қарамай ешбір көңіл жараймын ба?!
Біз едік сүйеу болған балаңызға.
Сатып ап бір хылует тұрдым жайда,
Ғаділ ме екен сіздің тиген көпке пайда?!
Көргенде ол уақытта бір шал еді,
Жас жігіт сонда көрсе, білу қайда?!
Қолыма қалам илан алдым қағаз,
Мен сонда кімге еплеп қыламын наз?!
Білмедің сонда менің қадірімді,
Патша, қызыңнан да ғақылың аз.
Патша, қызың құрлы болмағаның,
Құдайдың, мені көрдің, оңдағанын!
«Осындай болад!»- деген ойда бар ма,
Бір Алла, қырық шілтен, ғайып айран қолдағанын!
Бағдад, Шам, Құдысыны қылдым сайран,
Сол халде рас менің халім ойран.
-Күйеуіміз осы екен сондағы!- деп,
Жиылған патша мен жұрт қалды қайран.
- Хақ қабыл қылған екен қатеңізді,
Көп айтты:
- Мұнша сөктің атаңызды!
Патша келіп, қолын тұтып ұстап алды:
- Кеше гөр біздің қылған қатемізді!
Имамды алтын таққа отырғызды,
Ерітіп іш-жүрекке қатқан мұзды.
Сабырлық пақырлыққа қылып еді,
Сабырлықпен ақырында Хақ жеткізді.
Патша имамменен ризаласты,
Көңіліне иман кіріп, шайтан қашты.
- Орыныма патша ғып қоямын!- деп,
- Той қылам!- деп, еліне жарлық шашты.
Той қылды, елін жиып, қырық күн ұдай,
Жеткізді имамды патша Құдай.
Көшіріп қызын [сонда] қасына алды,
Жоғарғы үйін берді бұрынғыдай.
Бұл дүние, ойлап тұрса, бір-ақ тұтам,
Қыз келіп, жоғарғы үйде қылды отан.
[С]алдырып мешіт, медресе имам қылды,
Халайық шариғатын тұтты ма[қтан].
[Ж]ұртына өзі имам, өзі патша,
Бұрынғы түсіреді...
Бұхарға имам, қазы, патша болып,
Әмірі жүріп тұрды шапқан атша.
Салдырды кеңес үйін неше кемер,
Қараса, лағын тастан гүл-гүл жайнар.
Тұрыпты имам қажы неше жылдай,
Уалаят Бұхараға айтып әмір.
Салдырған неше қамар қызыл-жасыл,
Жайдырған жібек кілем ішіне асыл.
Ауылы пақыр болса да, енді мұндай,
Мақсаты енді мұның болып хасыл.
Мәшһүрдей мен емеспін жиһан кезген,
Көп ғибрат, жас болсам да, көрді көз[бен].
Өлең ғып, қағазға сап, жаза салдым,
Естіген құр мәселе ауыз сөзбен.
Аяғын осылайша жаздым қысқа,
Кітапта осылайша айтқан нұсқа.
Аз болса да, Алла берген өнерімді
Не пайда жоғалтуға бостан-босқа?!
Қолыма мен бір кәріп қалам алдым,
Дүниенің опасызына қайран қалдым.
«Халайық көріп ғибрат ала ма?»- деп,
Сол үшін пақыр имам сөзін жаздым.
Руымды сұрасаң, Байболды, бабам-Алтай,
Ата-тегін айтатын сөздің салты—ай!
Аяғын осылайша қылдық тамам,
Көп кеңес неге керек балтай-[шалтай]?!
Баласы Байболдының - Ғали атым,
Сізлерге аңғартайын сөздің [салтын].
Қайтадан Қараөткелге күндер өлсін,
Бұл жазған басылған соң хикаятым...
... Атым-Ғали, баласы едім Елубайдың
Әр жерге хат жіберіп қалып [едім]...
...ған Смағұл - менің атым,
Болады Айдаболдан арғы затым.
«Имам Зүфір» қиссасы тамам болды
Бір дұға қылып қойың, жамағатым!
ТӘТИДІҢ ӨЛЕҢІ
Бұл туынды маңдайшасында Мәшһүр-Жүсіптің қолымен мына түсінік жазылған: «Тәти-Алтай деген елден, Сармантай деген таптан: «Алдажуман» атанған, он жеті мың жылқы біткен Жұман байдың баласы. Байлығы «керден кеткен»-дегеннің өзі екен. Шешендігі: «айыр көмей, темір жақ»,-атанған кісі екен. Қазақ жұрты орысқа бағына бастаған соң: «Кәпір ішінде өлмеймін, мұсылман қауымында өлемін»- деп, Қаратауға ауып кеткен. Сол Қаратауға барған шағында өлерінде еліне айтқан арызы. Тәти Қаратауға ауып барған екен. Барған соң Құсбекке қараған екен. Құсбек бұрын қонаққа шақырыпты. Құсбек айтты:
- А, жұрт, не білдіңдер?- дейді.
Бір қазақ айтты:
- Қоқаннан шыққан бір керуенді
Кенесары алыпты,- дейді.
Құсбек айтты:
- Кенесары мұсылман емес, мұсылманды мұсылман өлтіре ме екен?
Тәти айтты:
- Мұсылманды мұсылман өлтірумен кәпір болса, Саржан менен Әлжанды өлтіргенді біз кім дейміз?- дейді.
Құсбек бұған жауап айтпады:
- Құдай куәласа (хуаласа)!- деп, сақалын сипады.
Сонан соң Тәти аттанып кетті. Сарттың ішінде бір қазақ жігіт бар екен, Тәтиге келді де:
- Дәнеме білдіңіз бе, мырза?- дейді.- «Құдай куәласа»- деп, сақалын сипағаны: «Басыңды алармын!»- деген сөз.
- Сөзге сөз келгенде, онан қорқайын ба?- деп, онан Тәти үйіне кетіп қалды.
Құсбектің қасындағы кісілері айтты:
- Сізге қарсы айтты,- дейді,- Өлтіріңіз оны!- дейді.
- Қайтіп өлтіреміз оны?
- Қонаққа шақырыңыз!
Құсбек Тәтиді бес-алты күннен соң қонаққа шақырды.
Тәти он жігітпен келді, амандасып отырды түсіп.
- Бұ кісілерге палау басыңыз!- дейді Құсбек.
Тәти айтты:
Палауға қарамаспын, бір жерге барайын деп шығып едім. Құсбек айтты:
- Бұ кісілерге сары май алып келіп жайыңыз.
Шапан ап кеп жапты үстіне. Амандасып шығып кетті Тәти. Тәти былай шыққанынан жүре алмады. Атқа, шапанға у жаққан екен. Ауырып үйіне келді. Үш күн жатты ауырып, Арқадағы қалған еліне сәлем айтты:
Атпенен желі тарттырдым,
Кереге бойы [1] шалғынға.
Сәлем бір айтып жібердім
Алаштың ұлы Арғынға.
Есіл менен Нұраны
Еңкейе барып жайласын [2]!
Орта жүздің ішіне
Атымды тұлдап байласын!
Бес балаға сәлем де,
Ішіп, бір киіп, буласын (бөлесін),
Өте шықты сұм дүние
Мендей Хақты ойласын.
Қосубайға сәлем де,
Нашардың ісін созбасын.
Мен бұрыннан білуші ем
Бұ жалғанның тұрмасын!
Аманатын ол Алла [3]
Алмай, сірә, қоймасын!
Тағы дұғай сәлем дегейсің,
Қарике мен Мойынға!
Әлібек пен Қалыбек
Қонушы еді қиырға.
Аралбай мен Сармантай
Өз тентегін тыяр ма?
Кеудедегі шыбын жан
Еліме арыз айтқанша,
Ғазірейіл алмай қояр ма?!
Тағы дұғай сәлем дегейсің,
Алшағырұғлы Бижанға!
Бижан мен Тәти атандым
Қимылдаған тірі жанға.
Елімдегі біреуім
Сөзді арбалап тиеген.
Жығылып бара жатқанды
Қанатымен [4] сүйеген.
Аса бір (біз) сөйлеп қызбасын,
Кәрі де жетпейді екен иманға!
Енді: «Құлдық-деп айт-Құранға!»
Құдайына жазбасын!
«Мал азайып кетті!»- деп,
Қоңсыны кеулеп қазбасын!
Мың-миллионы кетсе де,
Төре алдына бармасын!
Өлінің тілін тірі алмас,
Мұның артын ойласын!
Тетелес туған Сәттібай,
Ойнаушы едің: «Аға!- деп,
- Менен жақын бар ма?- деп.
Мен тірлікте айтушы ем:
«Мың, миллион мың кетсе де,
Төре алдына барма!»- деп.
Тағы дұғай сәлем дегейсің,
Жасы бір үлкен ағаға [5]!
Мені: «Өлді!»- деп естісе,
Сарғаяр жұртым санаға.
«Көз болсын!»- деп, не етейін,
Иесі көп қараға [6].
Ер жеткенше қорған да болсын
Қатын менен балаға [7]!
Кәпірдің жүзін [8] көрсетпей,
Мұсылман қауымында алған
Мың қатла шүкір Аллаға!
Арғымақтан басқаны
Ат екен деп мінбеген,
Жорғадан басқа жүйрікті
Зор [9] екен!»- деп, мінбеген.
Маңдықтан басқа сарпайды
Тон екен деп кимеген.
Алдында ат басындай алтын жатса,
«Адамзаттың хақы!»- деп,
Құдайың бір ойлап, тимеген.
Ол жігіттің асқаны:
Алты атаның ұлы Алтайды
Бір ауылдай билеген.
ТӨЛЕГЕН
Төртуыл ішінде жүрген Төлеген қожаның өлеңі.
Кешегі өтіп кеткен хан Абылай
Соғыпты Құбыладан ескен желдей.
«Сонау бір сары белден аспадым!»- деп,
Кетіпті арман қылып біздің елді-ей!
Көліне Итемгеннің қонған болып,
Шоң биім үйде жатыр қорған болып.
Атадан он үш жаста жетім қалған,
О да жүр жұрт иесі Шорман болып.
Бояудың бастығысы-қызыл гүлден,
Жақсы ма жұма күні қадір түннен?!
Төре-қараң отырсың, айтшы өздерің
Бұзықтың басы бурыл бүлік кімнен?!
Ақжардан қонушы едік жақындасып,
Ойнаушы ек буыршындай тақымдасып.
Араз-қораз жоқ болып, ашу-өкпе,
Қыз-бозбала қарқ күліп, сақылдасып.
Қонушы ек ауыл үй боп араласып,
Ойнаушы ек айт пен тойда сабаласып.
Қыз-бозбала бас қосып жүруші едік,
Түн жамылып, тоғайды паналасып.
Төрең Нұрқан болғанда, биің-Бапан,
Алымың-жалды ат пенен шолақ шапан.
Жабағылы биеге арба салып,
Қоскелді, көшуші едің қопаң-қопаң.
Сол Төлеген қожаға Қаржастың бір ақыны айтыпты:
Ассалаумағалейкум, құтпан қожам,
Шалдарды шатырынжы ойнап ұтқан, қожам!
Төрт биенің сотына наз қыласың,
Төрт ауылды құрыта жұтқан, қожам!
Сонда қожа айтты дейді:
Тамам Талас ішінде сен жарлы едің,
Сонда-дағы пейілің кең жарлы едің.
Кеше Шектібайдың аласы құрығанда,
Сол жұтта да ішінде мен бар ма едім?!
1. Мұның мәнісі: Шектібай деген байдың алалы жылқысы бір жұтта түк қалмай, жұтап қалған екен. Бұл Нілтай ақын соның немересі екен. Қожа келіп қыстаған жылы бір төрт ауылдың шалдары өз ажалынан өліп, басы жұтаған екен. Нілтай өлеңмен соны айтқанда, қожа соңғы сөзді айтып тоқтатып кетті дейді. (Мәшһүр-Жүсіп, 2- папка, 284- бет). 2. Бұл сөздің мәнісі: қожа келіп қыстаған жылы бір ауылдан бір шал өз ажалынан қаурап қалған екен. Солардың ысқатын (расхотын) қожа алады ғой. Бұл Елтайдың аталары-Шектібай. Байдың бұрын бір жұтта жылқысы жұтап таусылып қалған екен.» (Мәшһүр-Жүсіп,1176- папка, 139-140- беттер). 3. «Төлеген қожа келіп қыстаған жылы төрт ауылдың өлмелі шалдары өз ажалынан қирап қалан екен. Сонда Төлеген қожа айтыпты.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1177-папка, 170(123)б.).
ҮШКІЛБАЙ САСЫҚҰЛЫ
Қыпшақ: Молда баласынан шыққан Үшкілбайдың өлеңі
Бойында Шөптікөлдің Үлкен ащы,
Сөйлей берсе, шығады, сөздің нашы.
Кісіні, танытпаса, танымайсың,
Уа, шіркін, осынау сөзге бір қарашы!
Мал жерге тұрақтайды, иман-ерге,
Кірмейді өзіңменен бұ мал көрге.
Үшкілбай кеше-бүтін, бүгін-түтін,
Сәлем айт: Байжан, Тайжан, Жәдігерге!
Көк атым озған күнде жүйрік шыққан,
Қасқырды түлкі менен қоймай соққан.
Бермеген жүзге, мыңға жануарым
Асында Есқұдастың жалғыз шыққан.
Үшкілбай-өзім атым, әкем-Сасық,
Мал барында жүруші ем судай шашып,
Кешегі ескі дәулет бір қайтқан соң,
Тоқталды ажар мұқап, көңіл жасып.
Жасымнан киіп өстім алтын жаға,
Мал барында келмейді неге шама?
Қолынан ер жігіттің дәулет кетсе,
Көзден-жас, көкіректен кетпес сана.
Қисайса, қиын емес алтын жаға,
Дұшпаның, бағың тайса, қылар таба.
Желіге жетпіс бие байлаушы едім,
Қайтейін жоқшығыңды, қара саба?!
Керейде: Баян Қанай, бай Жолдыбай,
Есқұдас, Иман, Симан қалыпсыз бай.
Қат-қабат құда болып, бас сыйласып,
Бәрінен бой асырған мен Үшкілбай.
Бесқарада: құда болдым Мәтіменен,
Құдайым қосып еді сәтіменен.
Кешегі қалың дәулет бар шағында
Алдырдым керегімді хатымменен.
Күл көмір қалды сөніп бір жанған шоқ,
Өтесің қоршылықпен, дүние-боқ.
Кешегі ескі дәулет кеткеннен соң,
Хат түгіл, барсам мініп, атыма жоқ.
Біздерден осы күнде ырыс қашты,
Дәулеттің кеткендігі көңіл басты.
Аяқ-бас, бастың аяқ болған шағы,
Біздерден осы күнде Таубай асты.
Болғанда Таубай, Таутан, Қожағұлым,
Немене мал кеткен соң көрген күнім?!
Өз басына келмейтін аз билігі
Со да билік айтады, шіркін, құлым!
Бағамыз, бақ қайтқан соң, болмай тайлық,
Бір күндік, жылдық үнем, азық, айлық.
Құриды жарым жасың сол уақытта
Құл-құтан кісімсініп айтса байлық.
Жыланды, жатқан жылқым, қарсы бетте,
Дәуренім көрмегендей желіп өтті.
Бір күнде әсем шалқақ басқан басым,
Қылайын нешік айла Құдіретке?!
Ер жігіт түзге шықпай, жер танымас,
Байлауда ер қолынан құс жарымас.
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ»,
Жоқ болсаң, дұшпан түгіл, дос танымас.
Жалғанды, жан тауыспас, кезгенменен,
Азаймас суда балық сүзгенменен.
Құдайдың жазғанынан артылмайды,
Өнерпаз өрге қарай жүзгенменен.
Шірімес алтын жерде жатқанменен,
Оқ тимес ажалсызға атқанменен.
Жалқауға-сөз, шабанға таяқ өтпес,
Дарияда, тас жібімес, жатқанменен.
Балаға жан біткен соң, құрсақтағы,
Жан болып, жаратылып, тусақ-тағы,
Қаза келсе, тоқтау жоқ жарты сағат,
Жалғанмен қанша жақын болсақ-тағы.
Жұтатты малымызды қырғын «Тауық»,
Шөп, шіркін, ас болмады жаңбыр жауып.
Ұн пұтын үш теңгеден алып ішіп,
Кедейлер кие алмады киім тауып.
Жұтымыз былтырғы жыл болды шөптей,
Балалар, шалқақтаушы ең малды күтпей.
Мінбейтін тай, байталға байғұс басым,
Болды ғой құнан өгіз қырғын көктей.
Қайтейін, кетті қолдан айғырларым,
Салауат, өткен іске, қайғырғаным.
Елден-ала, бұлттан шоладай боп,
Басымды тауға, тасқа, сайға ұрғаным!
Қайтейін, кетті қолдан биелерім,
Соңыңнан іздеп кетті иелерің.
Сапырып сары қымыз ішер шақта,
Босайды сол уақытта жүйелерім.
Қайтейін, кетті қолдан аттарым-ай,
Базарға топтап айдап сатпадым-ай!
Базарға бар күніңде сатып-сатып,
Үйімде қайғысыз боп жатпадым-ай!
Қайтейін, қолдан кетті Қызқара атым,
«Жылқы өлді!»-деп, жылайды қыз бен қатын.
Несіне мақтаныштық қылайын мен,
Жүреді-ау жалшылыққа азаматым?!
Қайтейін, кетті қолдан дөнендерім,
Жаз жайлап, күз жіберген көбеңдерім?!
Басыма, күн туған соң, жасық тасып,
Сай-сайдан тері сүйреп, сүмеңдедім.
Қай сайда қалды хайуан сары құнан,
Қырылды жұтта жылқы арығынан.
Артылып аспайды екен жалған шіркін,
Құдайдың өлшеп берген қалыбынан.
Ат мініп, бар күнінде жайтаңдадым,
Жылқыға ем болмады, қайтарғаным.
Ат, айғыр құрыған соң, бие мініп,
Құрыды соныменен байталдарым.
Байланбаған құлын мен тайларым-ай,
Жұттан жұтқа қуалап айдадым-ай!
Жемтігің қу сүйек боп құшақталды,
Есілдің қарға толған сайларына-ай!
Қайтейін, қолдан кетті құлыным-ай,
Маңдайда жалбыраған тұлымың-ай!
Жоқ болды бір-ақ күнде тып-типыл боп,
Есілдің қатпай жатқан жылымына-ай!
Үшкілбай ат мінбеді тұмар тақпай,
Өсірді әкем мені бетке қақпай.
Жемейтін сиыр етін Үшкілбайың
Отыр ғой осы күні соғым таппай!
Үшкілдің соғымсызы биыл болды,
Ендігі қалған дәулет сиыр болды.
Қой-қозы, бұзау-торпақ амалдар ек,
Келгенде тәуір қонақ қиын болды.
ШАҺИДА
Көреді әркім жақсы мінездесін,
Кісіні көңіл сүймес неге іздесін?
Сықпыты келіспейтін надандарды
Түсіме, өңім түгіл, енгізбесін!
Шаһиданың қызы Амойынға жазған өлеңі.
Жүзінен сағынбақлық көп-көп сәлем,
Сүйіклі, махаббаты жаным балам!
«Жылдам кел, ұзап кетпей!»- дейтін басым,
Далаға шыққаныңда басып қадам.
Ісіне мен көнейін Тәңірім салған,
Қуанышым, көзім нұры, жалғыз қарғам!
Серігім сен екенін сары белдей
Қалмады, сен кеткен соң, менде дәрмен.
Қураған жапырақтай кетті көрік,
Жан балам, сен екенсің үлкен серік.
Жаудан түскен малдай ғып алып жатыр,
Ықтияр жан мен малдан кетті ерік.
Арығын біз кәріпке қойып жатыр,
Семізін өзі таңдап сойып жатыр.
Кісі ақысы қандайлығын ойламастан,
Қасқырдай жемтік жеген тойып жатыр.
Кигені еруіне барқыт болды,
Ішіп-жем бұрынғыдан артық болды.
Бір шөміш екі шара сапырған соң,
Сары қымыз сабадағы артық болды.
Көз салып қарамады қандайыма,
Жетпеді тәтті тамақ таңдайыма.
Өмірді қасіретпен өткізбекке,
Лаухылда жазған екен маңдайыма!
МҰСА ҚҰЛНИЯЗҰЛЫ
Бұл сөз Нұралыға айтқан Құлнияздың Мұсасының сөзі. Бір нашар, сөзге ұста кісі «Сізді қонақ қылуға жайым жоқ»,- деп сөйлегені.
Анау тұрған біздің үй,
Дәулеті тайқы, ұйтқысыз.
Тоқсан үйрек қамаса,
Бірін-бірі қамап тұтқысыз.
Астыңа салар көрпе жоқ,
Үстіне салар кілем жоқ.
Көрпе менен жастықтан
Алақандай сілем жоқ.
Сондай үйге барғанмен,
Тоқты сойсам, жетпейді,
Енесін сойсам, оның орны бітпейді.
Кедейліктен жаман жоқ,
Қолдан келер амал жоқ.
Сонда Нұралы бір үйдің кигізін түгел жиып беріпті.
ЕЛЕҢКЕ МЕН КЕМПІР ДЕГЕН ҚЫЗ ҚАҒЫСҚАНЫ
Шектібай деген Емелтайдың бабалары екен. Жұт болып, Шектібайдың алалы жылқы, ақтылы қойы «су сирақ» болып қалған екен. Атығай: Маңдай, Жандайдың Маңдайы-дуанбасы. Маңдайдың Қапар деген баласы-қазы. Сәбди деген баласы болыс күнінде Айдабол:Тайкелтір ұрпағынан Елеңке деген қу мен, сол елде он үш жасында ақындықпен атағы шыққан Кемпір деген қызбен Елеңке өлең айтысқанда, қыз айтыпты:
Қаракесек, Сүйіндік жазып жүрген,
Белбуардан қара қазып жүрген.
Үш қайнаса сорпасы қосылмайды,
Қаңғырып біздің елде не ғып жүрген?
Онда Елеңке қу айтыпты:
Асқар бел, айдыны зор шалқар көлмін,
Үстіңде елтірі ешкі жаға-жеңмін.
Кешегі хан Абылай аса алмаған,
Соны да асырмаған сары белмін!- дегенде, қыз тоқтап тұра қалыпты.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1177- папка, 171 б.)
ТҮСІНІКТЕР
XІX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында Мәшһүр-Жүсіптің авторы беймәлім фольклор үлгілерімен бірге авторы белгілі халық ауыз әдебиеті туындыларын да тікелей өзі ел аралап көп жинағаны белгілі. Мәселен, Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668-1781) туындылары кезінде ауызша туып, ел арасына таралса, соны жинақтап ең бірінші қағазға түсіруші Мәшһүр-Жүсіп екендігі мәлім. Бұқар шығармаларын казіргі ұрпаққа бірден-бір жеткізуші Мәшһүр-Жүсіп екені зерттеуші М.Мағауин кітабында кеңірек көрсетілді: «Біздің заманымызға жеткен Бұқар өлеңдерінің денін (800 жол шамасында) қағаз бетіне түсірген Мәшһүр Жүсіп екені белгілі. Мәшһүрде Бұқар жырлары екі дана етіліп көшірілген. (Алдаспан, Алматы, Жазушы, 1971, 254 б.) Сол кітапта Көтеш ақын өлендерін де қазіргі ұрпаққа бірден-бір жеткізушісі Мәшһүр-Жүсіп екендігі кең дәлелденген (260-262 б.). Мәшһүр-Жүсіптің Шернияз ақынның өлендерін жинауға да үлес қосқаны ең алғаш Қ. Жұмалиевтің «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» (Алматы, ҚМКӘБ, 1958 ж.) кітабында сөз болса, кейін «Шернияз ақын» жинағы ішінде (Алматы, Арыс, 2001, 73-89 б.) жеке үлгі ретінде жарияланды. Осы орайда бұрын баспа бетін көрген туындылар мен Мәшһүр-Жүсіп жинағаны арасында айырмашылықтар болуы кітаптардың белгілі бір қысқарту, түзетуге ұшырау мүмкіндігін, ал Мәшекеңнің еш өзгеріссіз ұсынуы ықтималдығын, демек біраз артықшылығын дәлелдейді деп санаймыз. Мәселен, жарық көрген ақынның бірінің жұртқа мәлім кітабы хақында айтылған мына бір пікір назар аудартады: «Дулаттың өткен ғасырда жарық көрген «Өсиетнама» кітапшасының осындай ерекшелігі кезінде цензура комитетін едәуір сескендірді. Сондықтан да ол оның біраз жерін қысқартып, кей беттерін қайтадан тергізіп, бүгінге бізге белгілі вариантын шығарды.» (XІX ғасырдағы қазақ поэзиясы, Алматы, Ғылым, 1985, 14 б.). Біздің айтпағымыз:тек әңгіме болып отырған Дулат Бабатайұлының (1802-1871 ж.) кітабы ғана емес, басқа да жарық көрген туындылардың кезінде түрлі өзгертуге ұшырауы мүмкіндігін ескерсек те, еш қысқартуға ұшырамаған, яғни тікелей ел аузынан жиналған Мәшһүр-Жүсіп жазбаларының, немесе одан тікелей көшіруші ізбасарларының еңбегінің мәнін ескеріп, осы кітапқа сол қалпында енгіздік. Бұқар жырау Қалқаманұлы Бұқар жырау өлеңдерінің бұған дейін көп жарық көргені белгілі. Соның ішінде ғылыми тұрғыдан қарағанда, ең дұрысырақ шыққаны деп мына үлгілерді атап көрсеткіміз келеді: 1.«Алдаспан» жинағы (құраст. М.Мағауин), Алматы, Жазушы, 1971 ж., 139-178 б. 2. «XV-XVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» кітабы ( ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қызметкерлері әзірлеген), Алматы, Ғылым, 1982 ж., 111-142 б. 3. Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары (әзірлеген-М.Жармұхамедұлы), Алматы, Мұраттас, 1992 ж., 7- 42 б. Осы орайда бұған дейінгі Бұқар жырау өлеңдерінің берілу ретіне де алдымен өзгеріс енгізгенді жөн көрдік. Оған себеп: бұған дейінгі жарияланымдарда Мәшһүр-Жүсіптің Алматы ҰFA қолжазба қорындағы 1170-папкасы, 759-786 б., және 1177-папкасы, 51-63 б. жазбалары негізінде шыққаны, әр кезде кеңестік жүйе қыспағын ескеру, көне әріптер құпиясын жете айыра алмау т.с.с. себептермен түрлі өзгерістерге түскені белгілі. Біз бу жолы әрі Мәшһүр-Жүсіптің әулеттік мұрағатта сақталған 2 жазбасына және оның жиені Жолмұрат Жүсіпұлы көшірмесіне иек сүйеп, әрі тәуелсіздік нәтижесінде келген түрлі қысымнан босану, көне араб әрпі құпиясына үңілген көп жылғы тәжірибеге сүйену көмегімен бұрынғы кеткен бар селкеуліктерді түзете отырып, ақын мұрасын өзі жазған ретпен беруді жөн көрдік. Назар аударарлық жәйт: Мәшһүр-Жүсіп ертерек жазған үлгіден (әулеттік мұрағат, 11-папка, 161-178 б.) бастап, кейіндеу қағазға түскен әулеттік мұрағат, 2-папка, 64-74 б. және ҚР ҰҒА қолжазба қорындағы екі үлгіде де бар өлеңді де бір ретпен жазып шыққан. (Осы орайда бұдан бұрын да ескертілгендей, квадрат жақшаға алынған сөздер түрлі себептермен өшіп, не түспей қалған, тек біздің есебіміз бойынша енгізілген түзетуді, ал жай жақшаға алынғандары белгілі бір сөздің екінші үлгіде жазылуы ықтималдығын белгілеуге арналғанын ескертеміз- Н.Ж.) 1.Абылай ханның қасында. «Абылай ханның қасында» [1] өлеңінің қандай жағдайда туғаны хақында Мәшһүр-Жүсіптің 3 жазбасында: 11-папка, 161-164 б., 1170-папка, 759-761 б. және 1177-папка, 51-52 б.- үш түрлі жазылған екен . Біз соның үшеуін де үш нұсқа ретінде келтіреміз.
«Абылай ханның қасында» өлеңінің туу тарихы (бірінші нұсқа). Төртуыл: Қаржас-Алтынторы-Қалқаман батырдың баласы «Бұқар жырау»- деген қария өткен екен. Заманындағы сыншылар ол кісіні: «Көмекей әулие»- дейді екен. «Көмекейі бүлкілдеп отырады екен»-дейді. Қара сөз жоқ, аузынан шыққан сөзінің бәрі жырлауменен шығады екен. Сол Бұқарекең Абылай ханға айтқан екен:
- Сенен бұрын жеті ханды жебеледім. Кешегі «Еңсегей бойлы ер Есім ханға жолдас (иолдас) болдым. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың!»- деді.
Абылай хан бір жаққа (иаққа) аттанарда Бұқарекеңді алдырып, күннің сәтін сұрайды екен дейді.
- Сәуе көріп берейін!- дейді екен Бұқаракең де.
- Сары бура келіп, Абылайдың түнгі қосына келіп шөгіп жатады екен дейді. Сөйтсе дейді пәлен жаққа қарай шабынады екен. «Егер сары бура келіп тудың түбінде шөгіп жатып алыпты»- десе, аттанбайды екен. Шабынған жағына барса, шауып, шаншып, ғырқа олжаға батып келеді екен. «Шөгіп жатып алды!»- десе, аттанбайды екен дейді.
Ол заманда қазақ ішінде Сарыарқада орыс жоқ екен нам нышан: Абылай ханға сәлемдеме беріп: «Өзіңе қараған жұртыңды бізге жау қылма!»- деп, со деп тұрады екен. Абылайға қанша тарту-таралғы беріп тұрады екен дейді. «Тимесін!»- деп, хат алып тұрады екен дейді.
Абылай заманында болған шайырлардың (дейді) айтқаны:
Абылайдың баласы- Әбділфейіз,
Хан баласы төсенбес етке киіз.
Аузы түкті орыстан алым алып,
Абылайға шықты ма екі мүйіз?- деген екен. «Темірсу, Жеменге, Алматы, Аягөзге саудагер жіберемін. Соған жол берсін!»- деп сұратқанда, Имамбостан шығып, Ертіс жағалап Семейге баратұғын қара жол болған екен. Сол үшін осы күнге «Абылай жолы»-дейді екен. «Жәрмеңкелік жер берсін!»- дегенде, Есілдің... «[Қызыл]жар»- деген жерді берген екен дейді. Атығай, Дәулеткелді байдың қыстауы екен. Соған Дәулеткелді бай: «Жерімді орысқа берді!»- деп, өкпелеп, (жер) Жиделібайсынға ауып кетіпті. Соның тұқымына Ташкенде жолығып сөйлестік дейді. Көтенші деген құныкер аттың ит сонда өсіп-өнген екен. Қызылжарда «Абылайдың ақ үйі»- деген сонан қалған. Аузы түкті кәпірді айтқанына көнгізіп; айдауына жүргізіп тұрған күнінде үш жүздің кемеңгер билерді шығарып, ақыл сұрады:
- «Жаудың бәрі - сары жау»- деп еді. Қуықтай басы бүрісіп, ешкідей көті шүршиген; көрер көзге оп-осал болса да, қолға[құлға] көз тигісіз терең көрінеді. Сарыарқаға қызығып күнінде қызыл қарын жас балаға шейін: «Қол қойғызамын»- деп жиып ап, қырып тастасам қайтеді?-дейді.
Сонда билердің бірде-бірі бір ауыз жауап қайыра алмады. Тоқсан үш жастағы Бұқарекең ханға толғап сөз айтты дейді. «Орыс пен ұрыссамыз ба, қайтеміз?!»-дегенде, Бұқарекеңнің Абылайға айтқан толғауының баянының хикаясы:»
(Мәшһүр-Жүсіп, әулеттік мұрағат, 11-папка, 161-164 беттер).
«Абылай ханның қасында» өлеңінің туу тарихы (екінші нұсқа).
Абылай ханның заманында Төртуыл: Қаржас-Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау деген қария болған екен. Заманындағы сыншылар ол кісіні: «Көмекей әулие» - дейді екен. Көмекейі бүлкілдеп сөйлейді екен де отырады екен. Қара сөз жоқ, аузынан шыққан сөзінің бәрі жырлауменен шығады екен. Сол Бұқарекең Абылай ханға айтқан екен:
- Сенен бұрын жеті ханды жебеледім. Кешегі Еңсегей бойлы ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың!- деген екен.
Абылай хан бір жаққа атанарда Бұқарекеңді алдырып, Айдың, Күннің сәтін сұрайды екен:
- Сәуе көріп бер!- дейді екен.
Сонда Бұқарекең:
- Сары бура келіп, сенің туыңның түбінде тұрып, пәлен жаққа қарай шабынды,-дейді екен. Сол айтқан жағына бет алып, аттанса, шауып, шаншып алып келеді екен. Егер де: «Сары бура келіп, туының түбінде шөгіп, мойнын салып жатып алды!»- десе, аттанбайды екен.
Ол заманда Сарыарқада орыс деген жұрттан нам-нышан жоқ екен. Абылай ханға сәлемдеме беріп: «Өзіңе қараған жұртыңды (иүртыңды) бізге жау қылма!»- деп, сыйлап тұрады екен. Олай-былай жүрген саудагерлері Абылайға тарту, таралғы беріп: «Ешкім тимеске!»-деп, хат алып кетеді екен. Абылай заманында болған шайырлар айтқан екен:
Абылайдың атасы-Әбулфейіз (Әбу-әлфейіз),
Хан баласы төсенбес етке киіз.
Аузы түкті орыстан алым алып,
Абылайға шықты ма екі мүйіз?!- деген екен.
- Темірсу, Жеменей, Алматы, Аякөзге саудагер жіберемін, соған жол берсін!- деп сұратқанда, Имамбостан (Имамфостан) шығып, Ертіс жағалап, Семейге шейін баратұғын қара жол-Абылайдың: «Сонымен жүрсін!»- деген бұйрығымен қара жол болған екен. Сол үшін Ертістің бергі жағындағы көлденең жолды «Абылай жолы»- дейді. Жәрмеңкелік жер сұрағанда, Есілдің бойынан Қызылжарды берген екен. Қарауыл: Дәулеткелді байдың қыстауы екен. Сонан соң Дәулеткелді бай:
- Жерімді орысқа берді!- деп, өкпелеп,- Жиделібайсынға кетемін!- деп, ауып кетіпті. Соның тұқымына Ташкентте жолығып, сөйлестік, Көтенші деген Қоңыраттың ішінде өсіп-өніп кеткен екен.
Қызылжарда «Абылайдың ақ үйі»- деген сонда салынған үй екен. Аузы түкті кеуірді айтқанына көнгізіп, айдауына жүргізіп тұрған күнінде үш жүздің баласынан кемеңгер билерді жиып, ғақыл сұрады:
- «Сары жаудың-бәрі жау»- деп еді, қуықтай басы бүріскен, ешкідей көті шүршиген, көрер көзге оп-осал болса да, құлығы көз жеткісіз терең көрінеді. Сарыарқаға қызығып, күндердің күні болғанда, қызыл қарын жас балаға күн көрсетпес. Алаш ұранды қазақты жиып алып, «Қыл құйрық!»- деп, аттанып, қырып тастасақ қайтеді?-деп.
Сонда билердің бірде-бірі ханға бір ауыз жауап қайтара алмады. Тоқсан үш жасаған Бұқарекең ханға толғап сөз айтты.» (Алматы, ҚР ҮҒА, қолжазба қоры, Мәшһүр-Жүсіп, 1170-папка, 759-761 беттер).
«Абылай ханның қасында» өлеңінің туу тарихы (үшінші нұсқа).
Орта жүз: Арғын-Төртуыл-Қаржас-Алтынторы-Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау атанған қария тоқсан үш жасында Абылай ханның алдында бір толғаған толғауы. Өз заманындағы жандар бұл кісіні: «Көмекей әулие» -деседі екен. Қара сөз білмейді екен, тек сөйлесе, көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен. Сол Бұқарекең Абылай ханға айтқан екен:
- Сенен бұрын жегі ханды жебеледім. Еңсегей бойлы ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның түстігіне де жарамайсың!- дейді екен.
Абылай хан жорыққа аттанбақшы болса, Бұқарекеңді алдырып:
- Жұлдыз он ба?-деп, Айдың, Күннің сәтін сұрайды екен,- Сәуе көріп беріңіз!- дейді екен.
Сонда Бұқарекең: «Сары бура келіп, сенің туыңның түбінде тұрып, пәлен жаққа қарай шабынды!»-десе, сол айтқан жағына бет алып, аттанса, шауып-шаншып алып келеді екен. «Жоқ, сары бура келгенмен, туыңның түбінде шөгіп, мойнын жерге жабыстырып, жатып алды!»- десе, аттанбайды екен. Ол заманда Сарыарқада орыс [ата]улыдан нам-нышан жоқ екен. Абылай ханға сәлемдеме, тарту-таралғы беріп: «Өзіңе қараған жұртыңды бізге жау қылма!»- деп, жалынып тұрады екен. Олай-бұлай жүрген саудагерлері Абылай ханға құл, күң сыйлап: «Ешкім тимеске!»-деп, хат алып кетеді екен. Сол заманның шайырларының өлеңі:
Абылайдың атасы- Әбілфейіз,
Хан баласы төсенбес етке киіз.
Аузы түкті орыстан алым алып,
Абылайға шықты ма екі мүйіз?!- деген екен.
- Темірсу, Жеменей, Алматы, Аякөзге саудагер жібереміз! Соған жол берсін!-деп сұратқанда, Ешім деген өзеннен шығып, Ертіс жағалап жүрсін!- деп, Абылай ханның бұйрығымен қара жол болып, күні бұл күнге шейін «Абылай жолы»- атаныпты дейді.
- Қазақпен сауда-саттығымыз аралассын, жәрмеңкелік жер берсін!- деп сұратқанда, Есіл өзенінің қолқа жүрегіндей жер - Қызылжарды берген екен. Қарауыл:Дәулеткелді байдың қыстауы екен. Сонан соң Дәулеткелді бай:
- Жерімді орысқа берді!- деп, өкпелеп,- Жиделібайсын кетемін!- деп, ауып кетіпті.
Соның ұрпағына Ташкентте жолығып, сөйлестік. Көтенші деген Қоңыраттың ішінде өсіп-өніп кеткен екен. Қызылжарда жар басына салынған «Абылайдың ақ үйі»- атанған үй сонда салынған екен. Аузы түкті кеуірді айтқанына көнгізіп, айтқанына жүргізіп тұрған күнінде үш жүздің баласынан кемеңгер, кебеже карын, кең құрсақ билерді жиып, ақыл сұрады дейді:
- «Сары жаудың бәрі жау!»- деп еді. Осы шіркіннің қуықтай басы бүріскен, ешкідей көті шүршиген - көрер көзге оп-осал болса да, қулығы көз жеткісіз терең көрінеді. Сарыарқаға қызығып, күндердің күні болғанда, қызыл карын жас балаға күн көрсетпес! Алаш ұранды қазақты жиып алып: «Қыл құйрық!»- деп, аттанып, қырып тастасақ, қайтеді?!- депті. Сонда билердің бірде-бірі ханға бір ауыз жауап қайтара алмапты. Хан:
- Бұқарекең не дейді екен, бұған осы кісінің аузынан шыққан лепесін аңдиық. Қалай толғар екен?- дегенде, Бұқарекеңнің толғауы.»
(ҚР ҰҒА, қолжазба қоры, Мәшһүр-Жүсіп, 1177-папка, 51-52- беттер). Енді осы өлең сөздеріне байланысты 1177-папка, 52-бетінің сол жағына жазылған ақын ескертпелерін келтіреміз: 1. «Әзіреті әліңіз» (хазіреті Ғалыңыз)- дегені: «О да кәпірді күші асып құрытып тастай алмаған, сен қалай қырып жойып тауысасың?»- дегені. 2. «Жетіңіз» дегені: «Бұл жерде тұрмаңдар, көздеріңді бұл жерден жоғалтыңдар» [дегені]. 3. «Қатын-бала қамы үшін»- тармағын маңдай еткен 12 жолдық мәтін әулеттік мұрағатта сақталған, алдымен қағазға түскен 11 папка (164 б.) және екінші жазылған 2-папкада (64 б.) да жоқ, кейінірек қолға алынған 1170 (762 б.) және 1177-папкада(52) орын алған. 4. «XV-XVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (Алматы, Ғылым, 1982 ж., 122 б.) кітабында: өлеңнің соңғы жағындағы: «Бұ қылықты қоймасаң» -жолынан кейінгі «Ағаш үйде кеуір бар тармағы енбей қалуын кешегі кеңестік жүйе қыспағымен байланыстырсақ, кейінгі кітапта (Бұқар жырау Қалқаманұлы, Алматы, 1992, 19 б. Жинақты әзірлеуші-М.Жармұхамедұлы) бұл тармақ енгізілумен қатар соңғы қысқарған: «Мұсылманның баласы»-тармағымен басталған 10 жол, яғни айналасы 11 тармақ қосылған. 5. Бұл тұста кітап әзірлеушілер сүйенген: 1170- және 1177-папкада жоқ болғандықтан, орын алмай келген: «Кәпір алмас демеңіз»- жолы алдындағы: «Қисық іске баспаңыз!»-тармағы әулеттік мұрағаттағы (11-папка, 164 б.) мәтіні бойынша кіргізілді. 2. Көкшетаудан салдырған. Бұл да жоғарыда айтылған Мәшһүр-Жүсіптің төрт бірдей жазбасы: (әулеттіктегі: 11-папка, 164-165 б., 2-папка, 64 б. және ҚР ҰFA қолжазба қорындағы 1170-папка, 764-765 б. және 1177-папка, 52-53 б. мәтіндері салыстырыла отырып әзірленді. Бұл өлеңде патшалы Ресейдің жер тартып алуы, зорлығы тікелей аяусыз түйрелгендіктен де, біздің кеңестік дәуір кезіндегі ең сәтті деген «XV-XVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (Алматы, Ғылым, 1982 ж.,) кітапқа да енбегенін, тек кейінгі 1992 жылғы «Бұқар жырау Қалқаманұлы» (Алматы, 1992, 22-23 б.) енгенін атап өтеміз. Енді сол 1992 жылғы кітаптың өзіне енбеген жолдарды атап көрсетеміз: 1. Бұл өлеңдегі: «Қарқаралы деген тауларға»- деген тармақ соңындағы «тауларға» сөзі орнына әулеттік мұрағаттағы екі бірдей жазбада (11-папка, 2-папкада) «жерлерге»- деп берілумен бірге тап сол жол алдында орналасқан: «Оны да кәпір алды, ойла!»- тармағы 1170-, 1171-папкаларда жоқ болғандықтан, аталған кітапқа енбей қалған. 2. Сонымен бірге: «Берекесі қашты, ойла»- жолынан кейінгі: «Құсмұрын деген жерлерге»- тармағымен басталған 4 жолдық мәтіннің бұрынғы басылымдарға кірмеуін кеңес билігі қыспағы нәтижесі десек, 1992 жылғы кітаптың өзіне енбей қалуы сол кітапты әзірлеушінің жаңсақтығынан деп есептеуге болады. Себебі бұл тармақтар ҚР ҰFA қолжазба қорындағы: 1170, 1171-папканың екеуінде де ап-айқын жазылған. 3. Сондай ақ: «Екі өткелдің аузынан»- жолынан кейін 1170, 1177 папкалардың екеуінде бірдей: «Тас қорғанды салды, ойла!»- деп берілсе, 1992 жылғы кітапта «Тас қорғанды» сөзі орнына «Қараөткелді» сөзі енгізілуі Мәшһүр-Жүсіпті өзгерту жемісі болса, ол орынсыз деп санадық. 4. Бұған қоса «Шүршітпенен құлақтас» жолы алдынан орын тепкен: «Жерлікте жетер суды ойла»- тармағының Мәшһүр-Жүсіптің бар нұсқасында орын алғанын ескерсек, бұған дейінгі ең түзу шықты делінген 1992 жылғы жинаққа енбей қалуы тек кітап әзірлеуші жаңсақтығы нәтижесі болар деп есептедік. 3. «Шүршіт келем»- деген сөз бар-ды. Бұл да Мәшһүр-Жүсіптің 4 жазбасы бойынша әзірленді. Ол жазбалардың ең толығы және кейін қағазға түскені деп есептелетін 1177-папканың 53-бетінде «Ішетұғын суы бар»-жолына байланысты Мәшһүр-Жүсіптің мына түсіндірмесі орын алған: 1. «Ішетұғын суы бар»- дегені- Сыр суы шүршіттің ішіне жақпай, «ақ тышқақ» тиіп қырылады. Судан әрі өтсең, орыстан да, шүршіттен де аман боласың!- дегені.» 2. 1992 жылғы кітаптағы: «Сірә ғана шер енді»- делінген бір түрлі ұғынықсыз тармақ әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы бойынша: «Сірә, байқа шіркінді!»-деп түзетілді (11-папка, 165-бет). 3. Осы өлең аяқталымы тұсында Мәшһүр-Жүсіп төрт папкада әр кезде бір-бірінен сәл өзгеше төрт түсінік жазған екен. Бәрін де келтіреміз: «Сонда Абылай:
- «Орыспенен ұрыспа!»- дегені- не дегені?!- дейді,- Қартаяйын деген екен!- дейді, жақтырмады депті. Абылайдың тасынған көңілін басуға Бұқарекең былайша толғайды» (11-папка, 165-бет). «Сонда Абылай хан:
- Осы он сан Алаш баласы аузыма қарап тұрған күнде, «Орыспен соғыспа!»-деп айтқаны не дегені?-деп, тасып кетіп-Қартаяйын деген екен!- деп жақтырмады дейді. Абылайдың тасыған көңілін басуға Бұқарекең бұлай бір толғау айтты.» (Ұқсас болғандықтан, 2-папка мен 1170-папкадағы біріктіріп алынды: 2-папка, 65 б. және 1170-папка, 767(163)- бет).
«Он сан Алаш билігі Хан Абылай төреңде!»- дегенде, Абылайдың танауы [а]рбайып, мұрны делдиіп, көзі ежіреңдеп, көтеріліп тасып кетіп:
- [Ж]арықтық азуын шалған екен, ақылдан танған екен. Осы он сан Алаш баласы аузыма қарап тұрғанда, «Орыспенен соғыспа, пәлен жерге қала салады, түген жерге қала салады»-деп, оның аруағын сонша көтеріп, мені дәнемеге жарамайтын қылып тастағаны несі?!- дегенде, Қанжығалы: қарт Бөгембай Абылай сөзін қостап, Бұқарекең сөзін ұнатпаған тәрізді болды. Сонда Абылайдың тасынған көңілін басуға айтқан толғауы...» (1177-папка, 53 б.)
4. Ал, тілімді алмасаң.
Жоғарыда ескертілгендей, бұған дейінгі толғауларындағы: «Орыспенен соғыспа»- дегенін Абылай жақтырмағанда, Бұқар жырау тоқтап қалмай, өз ойын әрі дамытып өрістеткені осы өлеңінен де анық көрінеді. 1. Мәшһүр-Жүсіптің 1177- папка, 54- бетінің сол жағына бөлек жазылған түсіндірмесі: «Мәскеу-деген орыстың қаласы Мәскеу емес, түрікмен жұртының атақты батыры Үргенішті шауып талағанда, олжаға түскен қыз екен. Үргеніш ханы Қайып ханның қызы болса керек. Жау қолына түскенде, жаман киіммен түсіпті: «Хан қызы екен»- демесін,-деп. Сонда Абылайдың әкесі де жау қолына түсіп, бұлар бірін-бірі та... сән-салтанатпен жүрісі қосылған емес. Әйтеуір ерлі-байлы бол[ған].» Осы өлеңнің Абылайға қалай әсер еткені Мәшһүр-Жүсіпте екі тұста екі рет жазылған екен. Енді соны келтірейік: 1. «Осыншама өзіңді тәрбиелеп, басына көтерген жұртыңды текке біреумен қырылыстырып, обалына қалма!»- дегені ғой!- деп, Абылай хан бір қуарды, бір қызарды. Ақырында:
- Бұ кісінікі пайдалы сөз!- деп, «Орыспен ұрыссайық»- дегенін қойды» (1170-папка, 769- бет).
2. «Абылай хан бір қуарды, бір қызарды: «Осыншама өзіңді басына көтерген жұртыңды текке біреумен қырылыстырып, обалына қалма!»- дегені ғой. Ақырында:
- Бұ кісінікі пайдалы сөз ғой!-деп, орыспен ұрыссайық, соғысайық дегенін қойды. Жүйрік бір шапқан соң, бойы қызып алған соң, тұра ала ма? Бұқарекең тағы толға[ды].( 1177- папка, 54- бет).
5. Ай, Абылай, Абылай.
Жоғарыда ескертілген Мәшһүр-Жүсіптің төрт жазбасы бойынша әзірленді. Енді бұрынғы басылымдармен осы жолғы аралығындағы біраз өзгерістерді сөз етеміз: 1. Бұрынғы басылымдарда: 1982 жылғы «XV-XVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (Алматы, Ғылым, 1982 ж., 125 б.). Ескерту: әрі қарай бұл кітап аталымын толық қайталамай-ақ: «1982 жылғы басылым»- атауын қолданумен шектеліп отырамыз-Н.Ж.). және 1992 жылғы кітапта да: (Бұқар жырау Қалқаманұлы, Алматы, 1992, 21 б. Ескерту: әрі қарай бұл кітап аталымын да қысқартып, «1992 жылғы басылым»- деумен шектелеміз-Н.Ж.) «Алды кетпес баладан, // Арты кетпес жаладан»- деп берілсе, біз бұ жолы екі рет қайталанған «кетпес» сөзін 1177-папка бойынша «кеппес»- деп өзгерттік. 2. 1982 жылғы және 1992 жылғы кітаптардағы: «жорадан» сөзі 1177-папка мәтіні бойынша «жобадан»- деп түзетілді. 6. Он екі айда жаз келер. Бұл да бұдан бұрын айтылған Мәшһүр-Жүсіптің төрт жазбасын өзара салыстыру негізінде ұсынылды. Бірер өзгерістер: 1. 1982, 1992 жылғы кітаптардың екеуінде де: «заманамыз» түрінде келсе, Мәшһүр-Жүсіптің бар жазбасында: «заманаңыз» түрінде ап-айқын жазылғаны ескерілді. 2. 1982 және 1992 жылғы кітаптардағы: «байлары» сөзі Мәшһүр-Жүсіптің бар жазбасында: «бойлары»- деп жазылғаны басшылыққа алынды. 7. Кеше қара қалмақ бұл ерде. Бұ да Мәшһүр-Жүсіптің төрт жазбасы бойынша дайындалды. Тағы да бұрынғы басылымдардағы аздаған ауытқуларға үңілу «тырнақ астынан кір іздеу» емес, өткен мұраға ұқыпты қарау міндеттілігін қайталап ескерту деп қабылдаған жөн: 1. 1982 жылғы кітапта: «кіші қара қалмақ бүлерде»- делініп, бастапқы: «кіші» сөзі ұғынықсыз тудырса, 1992 жылғыда ол «кеше» сөзімен түзетілген. 2. 1982 жылғыда екінші тармақ: «Бозылардың билігі»- деп, мүлде қате берілсе, бұ жолы: «Бұзылардың белгісі»- делініп, қатар келген екі сөзге де өзгеріс енді. Ал, 1992 жылғыда соңғы «белгісі» сөзі дұрыс жазылғанымен, бастапқысы: «бүлінгеннің»- делініп, анық жазылған мәтінді дұрыс оқымауға жол берілген. 3. 1992 жылғы кітапта: «Уағыдадан азысты» делінсе, одан бұрынғы 1982 жылғы кітапта және біз қараған қолжазбалардың бәрінде: «азысты» орнына «жылысты» тұрғанын ескерген жөн. 4. Сондай-ақ тағы да 1992 жылғыда: «Сол қалмақтың жұртынан»- дегендегі соңғы сөздің 1982 жылғыда және ақын жазбаларында: «жері еді-ау»- деп берілгені ескерілді. 8. Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек. Бұ да Мәшһүр-Жүсіптің төрт жазбасы бойынша әзірленді. 1982, 1992 жылғы басылымдарда қате жоқ екенін ескертеміз. 9. Ақсары атан еспелі. Бу да Мәшһүр-Жүсіптің төрт жазбасынан алынды. 1982, 1992 жылғы кітаптардың бәрінде: «Баяғыдай баршындап, // Бір ауызды болмады»- жолдарындағы «баршындап» сөзі ұғынықсыздық тудырса, біз оны «Бір-шын»- деп өзгерттік. Себебі мұндағы «Бір» сөзі Алланың біреу ғана екенін және «шын» ақиқат ұғымын шегелеуге арналған. 10. Айналасын жер тұтқан. Бұған да Мәшһүр-Жүсіптің төрт жазбасы негіз болды. Тағы да 1982, 1992 жылғы кітаптар мен бұ жолғының айырмасына көз саламыз: 1. 1982, 1992 жылғы кітаптардағы «Айнала ішсе, азайып»- тармағындағы соңғы сөз Мәшһүр-Жүсіп жазбалары бойынша: «таусылмас»- деп өзгертілді. 2. Сондай-ақ 1982, 1992 жылғы кітаптардағы «тең келіп» сөздері де ақын жазбасына сүйеніп: «теңеліп»- деп, алмастырылды. 3. 1982, 1992 жылғы кітаптардағы: «құландар ойнар» сөздері де түпнұсқалар бойынша «құландар өтпес»- деп түзетілді. 11. Ай не болар күннен соң.
Бұл да аталып келген ақынның төрт жазбасынан алынды. Айырмашылықтар: 1. 1982, 1992жылғы кітаптарда және Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы үш жазбасында: «Құбылып тұрған бәйшешек»- деп берілсе, кейінірек қағазға түскен 1177-папкада «құбылып» орнын «құлпырып» иеленген екен. Біз ақынның сөз саптау үлгісіне және одан кейінгі: «Қурай болар солған соң»- тармағындағы көрініске қарама-қарсы қойылу сипатына қарап, осы сөзге ат басын тіредік. 2. Әулеттік мұрағаттағы 11-папкадағы: «дөңгелеп» сөзі, 1170, 1177- папкада «доңғалақ» - деп жазылған. Бұ жолы «жүре алмас» сөздерінің «дөңгелеп»- дегенге ыңғайланып тұрғаны ескерілді. 3. «Қос, қос орда, қос орда»- тармағымен басталған төрт тармақтық мәтін 1982,1992 жылғы кітаптарда жоқ болумен бірге Мәшһүр-Жүсіптің басқа екі жазбасында жоқ болса да, ең бастапқысы және соңғысы (әулеттік мұрағат, 11-папка, 169-беті, 1177-папка, 56 б.) бойынша енгізілді. 12. Ай, айташы, Алланы айт.
Бұ да Мәшһүр-Жүсіптің төрт жазбасы бойынша ұсынылды. Өзгешеліктер: 1. 1982, 1992 жылғы кітаптарда: «Жамандыққа жақсылық // Көктемеген Еділді айт»-делінсе, енді Мәшһүр-Жүсіпке мұқият қарау нәтижесінде «көктемеген» сөзі «кектемеген»-деп түзетілді. 13. Алла деген ар болмас. Бұ да алдында ескертілген төрт жазба бойынша кіргізілді. 1982, 1992 жылғы кітаптардағы ең соңғы сөзі «бүгілмес»- делінсе, Мәшһүр-Жүсіптің 1170, 1177- папкаларында «бүкіреймес»- деп анық жазғаны ескерілді. 14. Хақтың үйі-мешіт-ті. Бұ да бұрын аталған Мәшһүр-Жүсіптің төрт жазбасы негізінде ұсынылып отыр. Айырмашылықтар: 1. 1982, 1992 жылғы кітаптарда қате басылған «кебені» сөзі Мәшһүр-Жүсіптің бар жазбасында анық орын алған «қағбаны»-дегенмен алмастырылды. 2. 1982, 1992 жылғы кітаптарда «жаратқан» сөзі 1170-папкаға сүйеніп енгізілсе, біз кейінірек қағазға түсірілген 1177-папка бойынша «жасатқан»- сөзін алдық. 3. 1982, 1992 жылғы кітаптардағы: «жаратқан» сөзі де 1177-папка бойынша «жасалған» сөзімен ауыстырылды. 15. Ұрғашының жақсысы. Бұл туынды 1982, 1992 жылғы кітаптарда өзінің алдындағы «Хақтың үйі мешіт-ті»- өлеңі жалғасы ретінде қате берілген. Біз шығарманың идеялық-тақырыптық негізіне қарап, оны жеке өлең ретінде кіргізіп отырмыз. 1. Бұрынғы кітаптардың (1982,1992) бәрінде: «Әбжыландай есіліп»- деп берілсе, кейінгі сөз 1177-папкадағы үлгі бойынша «бұраңдап»- деп өзгертілді. 16. Ақсаңнан биік тау болмас. Бұл туынды да жоғарыда сап мәрте ескертілген Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазылып, бізге жақсы сақталып жеткен 4 жазбасы бойынша әзірленді. 1. Осы орайда 1982 жылғы кітапта кешегі әміршілдік, кеңестік тәртіп қысымы салдарынан: «Сатып алмай, құл болмас»- жолын маңдай еткен үш тармақ кірмей қалса, ол 1992 жылғыға енгенін еске саламыз. 17. Бірінші тілек тілеңіз.
Бұ да алдында ескертілген төрт жазбадан алынды. 1. «Мал таусылып, ел қалып»-Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы жазбасында (11-папка, 171 б.) ғана орын алып, қалған жазбаларында ұшыраспайды. Біз кейінгі: «Жер тұлданып тұрмасқа!»- тармағындағы ойды негіздеуші тап сол жол екенін ескеріп, енгіздік. 2. «Он бармағы қыналы»- тармағы бұрын шыққан 1982 жылғыда және кейін кеңестік жүйе қыспағынан құтылғаннан кейін арнайы қарастырылды деген 1992 жылғы кітапта да болмауы, яғни ҚР ҰҒА қолжазба қорындағы: 1170, 1177-папканың екеуінде бірдей бар сөздің ескерілмеуі: «Бұл кейінгінің көп жері біріншіден көшірме емес пе?»- деген қауіптенуге негіз бола алады. Мұндай ұқсас қателіктер тек бұ жолы емес, бұдан кейін де орын алуы осы ойымызды дәлелдей түседі. 18. Сәлем бір-сөздің анасы.
Бұ да сол төрт жазбадан алынды. 1. 1982, 1992 жылғы кітаптардағы: «Көңілінде болған аласы»- жолындағы: «болған» сөзі 1177-бойынша «бар оның» сөздерімен алмастырылды. Осы орайда әулеттіктегі бір нұсқада: «Көкіректің аласы»- түрінде (2-папка, 70 б.) келтірілгенін де ескертеміз. 19. Жақын жерден шөп жесе.
Бұ да ақынның төл жазбалары ( саны-төртеу) бойынша берілді. 20. Жарқ-жұрқ еткен жайда бар.
Бұ да сол төрт жазбадан алынды. 1. Тағы да 1982, 1992 жылғы кітаптарда «әу дескендей»: «Қос қанаты күймеген»- деп берілсе, яғни үнемі бір деңгейде тая басу білінсе, 1170, 1177- папканың екеуінде де ап-анық жазылғаны ескеріліп, «күймеген» сөзі «тимеген»- деп өзгертілді. 21. Жар басына қонбаңыз. Тағы да ақынның төрт жазбасына сүйеніп әзірленген бұл өлеңдегі: «Жаманмен жолдас болсаңыз»- дегендегі соңғы сөз бар нұсқада ап-анық жазылса да, тағы да «әу» дескендей 1982, 1992 жылғы кітаптардың екеуінде де: «болмаңыз» түрінде келуі 1992 жылғының көп ретте 1982 жылғыдан тексерусіз көшіріле салғанын қайталап дәлелдей түседі. 22. Көкте бұлт сөгілсе.
Бұл да сол жоғарыда ескертілген төрт жазбадан алынды. 23. Алыстан қызыл көрінсе. Бұл да алдында сан айтылған төрт жазбаға сүйеніп берілді. «һимматсыз» сөзіне 1992 жылғы кітапта «пейілсіз деген ұғымды береді»- түсіндіруі дұрыс берілген. 24. Қара арғымақ арыса.
Бұл да сол төрт жазбадан алынды. 25. Айтар болсаң Алланы айт.
Бұл да Мәшһүр-Жүсіптің сол төрт жазбасы бойынша ұсынылып отыр. 1. 1982, 1992 жылғы кітаптарда тағы да біркелкілік орын алған: «Ұяда алтау болмас па, // Ұяда алтау болғанмен.» Бұл орайда Мәшһүр-Жүсіптің әулеттік мұрағаттағы бастапқы жазбаларында және Алматыдағы қолжазба қорындағы 1170-папкада да тап осы қалып сақталған. Әйтсе де 1177-папкада кітаптардағы: «болмас па», «болғанмен» сөздері орнына: «тумас па», «туғанмен» сөздері тұрғанын ескермей кете алмадық. Біздіңше, 1982,1992 жылғы кітапты әзірлеушілер бұрынырақ жазылған 1170-тегіні ғана алып, кейін (1930-1931 ж.) қағазға түсірілген 1177-мен салыстыру жүргізбеген тәрізді. 2. Тағы да 1982, 1992 жылдардағы кітаптардың екеуінде бірдей: «Ел ішіне жау келсе»- деп берілсе, Мәшһүр-Жүсіптің әулеттік мұрағаттағы 11-папкасында «ішіне» сөзі орын алғанымен, одан кейінгілерінің бәрінде «шетіне» тұрғанын ескердік. Сонымен бірге Мәшһүр-Жүсіптің бар нұсқасында «жау» емес, «дау» тұрғанын бұрынғы кітап әзірлеушілердің тағы да біркелкі елемегені анықталды. 26. Ай, заман-ай, заман-ай.
Бұл да сол төрт жазбадан алынды. 1. Тағы да 1982, 1992 жылғы кітаптардың екеуінде бірдей: «Баспақ, тана жиылып, // Фани болған заман-ай!»- делініп, баспақ, тана жиылуының «фани» болуға не қатысы бары түсініксіздік тудырса, ақынның төрт жазбасында бірдей «пана»- деп жазылуы бұрынғылардың, ағаттығын тағы қайталап ашып тұрғаны анық. 2. 1982,1992 жылғы кітаптарда: «Алланың аманат қойған нәрсесі»- деп келтірілген. Сөйтсек, ол кітап авторлары сол қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіптің 1170-папкасына (783(179) б.) сүйенген де, 1177-дегіге назар аудармаған (59(30) б.). Тек 1177 емес, әулеттік мұрағаттағы екі жазбада да (11-папка, 175 б. және 2-папка, 73 б.) соңғы сөздің «жаны» -деп алынуы да 1177-папка нұсқасы дұрысырақ екенін дәлелдей түседі. 27. Шашырап шыққан қандар көп. Бұл да Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазылған төрт нұсқасы негізінде берілді. Осы орайда:
Үй артында төбешік
Ерттеулі тұрған ат болар.
Қариясы кімнің бар болса,
Жазулы тұрған хат болар,- дегендегі: «ерттеулі тұрған»-
1170 - папкасы бойынша берілсе, 1177- де және әулеттік мұрағаттағыларда оның орнына «ерттеп қойған»- қолданылғанын ескертеміз. Біздің «ерттеулі тұрған»- нұсқасына иек артуымыз төртінші жолдағы: «жазулы тұрған»- сөздерінің тек 1170- пен шектелмей, 1177-де де орын алуын ескерумен байланысты болды. 28. Өтермеден кетер ме.
Бұл да Мәшһүр-Жүсіптің төрт жазбасынан алынды. 29. Рулының оғы қалса табылар. 1. Тағы да Мәшһүр-Жүсіптің төрт жазбасына иек артқанымызды дат ете отырып, 1982,1992 жылғы кітаптарда, тағы да өзара келісіп алғандай, тек 1170-папка бойынша: «Барғанмен орын ала алмас»- деп берілгенін байқадық. Біз бұ жолы онда айтылар ойды нақтылай түскен 1177-дегі: «Барса-дағы төрден орын ала алмас»- тармағына сүйенгенімізді ескертеміз. 2. «Шайнағаным күмән-ды»-жолы 1170-папкада жоқ болғандықтан да, 1982, 1992 жылғы кітаптарға енбей қалған. Біздіңше, бұл 1170-тен басқа Мәшһүр-Жүсіптің үш жазбасында да орын алуы тегін еместігін, 1170-те ақынның бір рет қана мүлт кетуі мүмкін екенін дәлелдейді. 30. Арту-арту бел келсе. Бұл да ақынның төрт жазбасында бірдей осы үлгіде жазылған. 1177- папкада мәтін соңынан Мәшһүр-Жүсіптің мына бір түсіндірмесі орын алған: «Құдай рахмат қылсын Бұқарекеңе! Сөйлеген уақытысында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамтыры. Біреуден біреу ауыз айтудан ұғынып, жаттап алып айтумен осы заманға келіп тұр. Үш жүздің баласы қазақта осыны жаттап айтушы-осы жазып отырған Мәшһүрден басқа болған жоқ. Бала би Досболдың Досболы айтқан екен:
- Хан алдында сөйледім,
Хан кеспеді тілімді.
Халық алдында сөйледім,
Халық таппады мінімді!
Өз үйіме келген соң,
Итке берсін күнімді!- деп.
Сол айтқандай, үш жүзден шыққан жүйріктердің ортасында сөйледім, сөзімнен мін, өзімнен кір таппады. Енді, міне, танымайтын жат заманға қалып отырмын. Сөз құнын, оның қадір пұлын танитұғын бір жан жоқ!»
(Мәшһүр-Жүсіп, 1177-папка, 60-бет). 31. Садыр, қайда барасың? Бұл өлеңнің қалай туғаны жөнінде Мәшһүр-Жүсіп қолжазбаларының әрқайсысында түсініктер жазылған екен. Соның ішімде әулеттіктегі 11-папка мен 2-папкадағы бір-біріне ұқсас, қысқа болғандықтан біріктіріп, бірінші нұсқа ретінде, 1170- папкадағыны екінші нұсқа ретінде, 1177-дегі ең қомақтысын жетілдірілген үшінші нұсқа ретінде ұсынып отырмыз.
«Садыр, қайда барасың?» өлеңінің туу тарихы (бірінші нұсқа). Абылай ханның алдында сөйлеген сөзі. «Садыр-Матай саусындай, // Ду Матайдың даусындай»- деген казак жұртында бір сөз бар. Сол Садыр батыр өрдегі Найманнан ауып, Арғын ортасына келіп, бір «Ақмырза»- деген Арғынды өлтіріп, күн бермей, еліне көше қашыпты. Барса, сөз бермейді. «Аттыға жол бермейді, жаяуға сөз бермейді»- деген байдың өзі екен, көк шолақтың көзі екен. Сонан соң Арғын болып, Бұқарекеңді жіберіпті: «Осы кісі бір тіл алып келер!»- деп. Бұқарекең барса, Садыр-Матайдың ауылы Сарысуды өрлей көшіп бара жатыр екен. Көш алдында Садырға жолығып айтқаны:
- Садыр, қайда барасың?..
Садыр батыр Бұқар сөзіне қарқ-қарқ күліп, ауылын қондырып, жүгін түсіріп, алты «жақсы»: жүз жылқы күн беріп кайтарды дейді. Бұл кісінің өмірі, сөзін түгендеп жазуға бір қап жан керек: Нұхтың ғұмыры керек, Аюбтың сабыры керек, Қаронның байлығы керек. Тоқсан үш жасында Абылайдың бір бас қосқан жерінде айтқаны мұнша: оның өмір бойы сөйлеген сөзі қанша дейсіз, таусылмайды. «Садыр, қайда барасың?» өлеңінің туу тарихы (екінші нұсқа). «Садыр-Матай саусындай, // Ду Матайдың даусындай»- деген қазақ жұртында сөз бар. Сол Садыр батыр өрдегі Найманнан Арғын ортасына ауып келіп, бір Ақмырза дегенді өлтіріп, күн бермей, еліне көше қашып, барған кісіге сөз бермейді. «Аттыға-жол, жаяуға сөз бермейтұғын»-деген байдың өзі, көкшолақтың көзі екен. Сонан соң Арғын болып Бұқарекеңді жіберіпті. «Осы кісі бір тіл алып келер!»- деп. Бұқарекең барса, Садырдың ауылы Сарысуды өрлей көшіп бара жатыр екен. Көш алдында Садырға жолығып айтқаны.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1170-папка, 385(181)б.). «Садыр батыр сөзге түсіп, қарқ-қарқ күліп, ауылын қондырып, жүгін түсіріп, алты «жақсы» жүз жылқы қалы кілем, қара нар «бас жетім» қылып, күн беріп қайтарды дейді. Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге...»
«Садыр, қайда барасың?» өлеңінің туу тарихы (үшінші нұсқа). «Садыр-Матай саусындай, // Ду Матайдың даусындай»-деп ауызда айтылып жүрген сөз болатұғын. «Қаптағай» ұранды Найманның Матай деген руынан бір «Садыр батыр»- деген батыр шығып, өз елінен ер өлтіріп, Арғын ортасына ауып келіп, ондай жан қайда жүрсе, жай жүре ала ма, Арғынның да бір шонжарын өлтіріп, еліне үркіп қашып, ауыл-аймағымен Сарысуды әрлей көшіп жөнеліпті. «Аттыға-жол, жаяуға сөз бермейтұғын»-деген байдың өзі, көк шолақтың көзі екен. Арғын болып, Бұқарекеңді жіберіпті: «Осы кісі бір тіл алып келер. Сірә, ол кісісіне жолықпай жүрген шығар!»- деп. Бұқарекең барса, Садырдың ауылы Сарысуды өрлей көшіп бара жатыр екен. Көш алдында Садырға жолығып айтқаны...» «Садыр батыр сөзге түсіп, қарқ-қарқ күліп, ауылын қондырып, жүгін түсіріп, алты «жақсы», жүз жылқы, қалы кілем, қара нар «жетім» бастатып, «тоғыз» қылып, күн беріп қайтарыпты. Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұхтың өмірі, Аюптың сабыры, Қарынның байлығы, Аплатонның ақылы керек, аз болса, бір қап жан керек. 32. Бұқарекең біз келдік. Бұл өлең мәтіні алдында Мәшһүр-Жүсіптің мына бір ескертпесі орын алған: «Мұндай кісі бай бола ма? Алпыс жасында өз ағайыны бір байдан ат майын мінуге сұрапты. Сонда ол бай атты алысқа айдаңқырап:
- Ауыл пәлен жерге қонғанда, келе қойыңыз!- депті.
Ат майын беруге сараңдығы қолын босатпай: «Егер ...ім Бұқарекең келе қалса, бір мата беріп жөнелтейін!»- деп, керегенің басына қыстырып қойған екен. Бұқарекең кіріп келгеннен-ақ, матаға көзі түсіп, жырлай бастады дейді. Байдың аты Ақан болса керек. Бұқарекең ол атын азсынып, атына ат қосақтапты.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1177-папка, 61(31)- бет). Бұл өлең 1982, 1992 жылғы жинақтарға басылған. Мұнда алғашқы екі өзгерісте екі кітапта бір ыңғайластық, кейінгілерде түрлішелік орын алған: 1. «Шылбырынан берік тартсам»- жолындағы бастапқы сөз 1982, 1992 жылғыларда бірыңғай осылай тұрса, Мәшһүр-Жүсіпте «Шаңдырынан»- деп анық жазылған (1177-папка, 61(31) -бет). 2. Мәшһүр-Жүсіпте: «Келіп едім өзіңе, // Түнеуге айтқан сөзіңе»- делініп, ұйқас тәртібі сақталса, біз назар аударып отырған екі кітапта да алғашқы тармақ соңындағы сөз: «өзіңнің»- деп, ұйқас тәртібі бұзылған. 3. 1982 жылғыда: «Екі қарыс бөзіңе»- делінсе, 1992 жылғыда «қарыс» орнын «қары» иеленген, біз Мәшһүр-Жүсіп жазбасынан ауытқымай: «қары (кари)»- деп келтірдік. 4.1982 жылғыда: «Жортулы ердің көзіне»- делініп, 1992 жылғыда бастапқы сөз: «жортуылды»- қалпында берілсе, тағы да түпнұсқадағы «жортуылшы» сөзін қалпына келтірдік. 33. Ежелгі дос жау болмас. Бұқар жыраудың «Бұқарекең біз келдік» өлеңі айтылғаннан кейін, Мәшһүр-Жүсіптің мына бір ескертпесі берілген: «Бай шошып кетіпті:
- Балалар, сөз ыңғайын таныдыңдар ғой, менің өзімнің тауға мінетұғын құла атымды ап келіп, бере көріңдер! Батаңызды беріп, риза болып аттана көріңіз!- деген екен. (Мәшһүр-Жүсіп, 1177- папка, 62- бет).
Өлеңдегі жеке сөзге түсінік және оған ілестіріліп келтірілген қанатты сөздер: 1. Шернеуіш-сылда-парсы тілі: «Басына тағдыр етілген жазуы»- деген сөз. (Мәшһүр-Жүсіп, 1- папка, 109- бет). Шернеуіш-парсы тілі: «Ілкі баста басына жазылған жазу бар»-дегені. Шернеуіш-басына жазылған тағдыр.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1177-папка, 62 б.) 2. Жалғыз бұтақты-Терек еткен Құдайым! Тамшылап аққан бұлақты-Теңіз еткен Құдайым!» Біздің ескертуіміз: Сол беттің оң жақ қапталында көлденеңнен жазылған Мәшһүр-Жүсіп ескертпесі орын алған: «Қазақта бір ескі сөз бар: «Кеден-кеден болды, // Кедергі неден болды?». Ұйғыр халқынан бөлініп, Қарақытайға қарап кеткендіктен, «Кеден» аталған бір ел бар.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1-папка, 109- бет және 1177-папка, 62-бет). 34. «Ханға жауап айтпасам» өлеңінің туу тарихы (бірінші нұсқа).
«Асан қайғы айтқан екен:
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып, жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тамам болар.
О күнде қарындастан қайыр кетер,
Ханнан (хандан) - күш, қарағайдан шайыр кетер. Ұлың-қызың орысқа бодан болып, Қайран есіл ел-жұртым, сонда не етер?! Абылай хан жұрт жиылған бір мерекеде ат үстінде тұрып, Бұқар жыраудан сұраған екен (сұрады дейді):
- Асан қайғының: «Қилы-қилы заман болар, // Қарағай басын шортан шолар!»-дегені не тантық?! Суда жүрген шортан тауға біткен қарағайдың басына қайдан барып шығады? Миға қонбайтұғын сөз ғой!- депті.
Сонда Бұқарекең атының басын бұрып, қырын қарап тұрып, қамшысын ерінің үстіне арта салып, көзіне жас алып:
- Ай, хан-ай, бұл сөзді сен сұрамасаң, керек еді, мен айтпасам, керек еді! (Мәшһүр-Жүсіп, 1-папка, 109- бет және 1170-папка, 228-бет).
«Ханға жауап айтпасам» өлеңінің туу тарихы (екінші нұсқа).
Абылай хан бір мерекеде ат үстінде тұрып, Бұқарекеңнен сұрапты:
- Асан қайғының: «Қилы-қилы заман болар, // Қарағай басын шортан шалар!»- дегені немене былшыл?»- деп.
Сонда Бұқарекең атының басын бұрып, қырын қарап тұрып, көзіне жас алып, қамшысын еріне арта салып:
- Ай, хан-ай, бұ сөзді сен сұрамасаң еді, мен айтпасам керек еді! (1170-папка, 861 б.)
«Ханға жауап айтпасам» өлеңінің туу тарихы (үшінші нұсқа).
«Асан қайғы сөзі:
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып, жаман болар!
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тамам болар!
О күнде қарындастан қайыр кетер,
Ханнан - күш, қарағайдан шайыр кетер.
Ұлың, қызын орысқа бодан болып,
Қайран, есіл ел-жұртым, сонда не етер?!
Абылай хан бір мерекеде ат үстінде тұрып,
Бұқарекеңнен сұраған екен:
- Асан Қайғының: «Қилы-қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар!»- дегені не тантық?! Суда жүрген шортан тауға біткен қарағайдың басына қайдан барып шығады? Миға қонбайтұғын сөз ғой!- деп[ті].
Сонда Бұқарекең қырын қарап тұрып, атының басын бұрып, қамшысын ерінің үстіне арта салып, көзіне жас алып:
- Ай, хан-ай, бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек еді!» (Мәшһүр-Жүсіп, 1177- папка, 62- бет).
1. Осы орайда 1982 жылғы кітапта, яғни ҚР ҰҒА, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ғалымдары әзірлеген: «XV-XVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» кітабында (Алматы, Ғылым, 1982, 133¬134 б.) кешегі әміршілдік, отаршылдық тәртіп әсерімен бұл өлеңнің: «Қарағайға шықпас деп»- тармағынан кейінгі ақырғы 29 жолы кірмей қалса, 1992 жылғы кітапта ол бар. 2. Тек ондағы: «Осы сынды бір кәпір»- жолы Мәшһүр-Жүсіптің сол қолжазба қорында: «Осы сынды бір кәпір» (1170-папка, 861 (257) б. және 1176-папка, 228 б.)-қалпында берілсе, 1177-папкада, яғни кейінгі кең жазылған үлгіде (1177-папка, 63 б.): «Затсыз, тексіз, жон кәпір»- деп берілгенін ескермеуге болмас деп ұйғардық. 3. «Жемірлерге жем беріп»- делініп, бастапқы «жемқорларға»-сөзі өзгеруімен бірге 1992 жылғы кітапта: «Азды көпке теңгеріп»- тармағы мүлде түсіп қалған екен, біз қалпына келтірдік. 4. 1992 жылғы кітапта: «Басыңа ол күн туғанда, // Теңдік тимес құлыңнан»- дегендегі соңғы сөз «қолыңнан»- деп өзгертілген екен, біз әрі оған дейінгі: «Тексізді төрге шығарып»- тармағы ықпалын, әрі осы орындағы сөз мағынасын қабағат ескеріп, «құлыңнан»- нұсқасын дұрыс деп таптық. 35. «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай».
Өлең маңдайшасында мына сөздер жазылған: 1. «Абылай хан өлейін деп жатқанда, Бұқарекеңнің айтқаны.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1170-папка, 860(256) б.). 2. «Абылай хан ажал жастығына басын қойғанда, Бұқарекең айтқан екен.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1177-папка, 63(32) б.).
Өлең соңындағы түсіндірмелер де әр нұсқада сәл түрліше: 1. Хан көзін ашып:
- Тоқта, - депті, мұнан көп сөйлесең, мен діннен шығамын да, сөзіне өтірік араласар. Ойға алған арманыма жете алмай, қылармын дегенімді қыла алмай кеттім. Абылай даңқыма лайық істі халқымның ортасына орната алмай кеттім!- деген. (Мәшһүр-Жүсіп, 1170-папка, 860(256) б.).
2. ...- дегенде, Абылай хан:
- Тоқта, тоқта, бұлай десең, мен діннен шығамын, сен жалғаншы боласың! Қанша жыл өмір сүргенмен, қазақты билеп төстегенмен, не пайда: қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ. Бұл-бір. Ақбоз аттың құнын ер құнына теңегенім жоқ. Мұнымен-екі. Мылтығының оғын құралайдың көзінен өткізетұғын мергеннің құнын: «Екі ердің құны болсын!»- дегізгенім жоқ. Ұста мен етікшінің құнын қатын құнымен бір бас қылып, «жарты құн»- дегізіп, кесім кестіргенім жоқ. Осы үш арман сүйегіммен бірге көріме түсті!- деген екен.
«Ат жаманы жорға болады, // Адам жаманы жолда болады»- Абылай хан айтқан екен деседі. (Мәшһүр-Жүсіп, 1177-папка, 63(32) б.) және Мәшһүр-Жүсіп, 1-папка, 110 б.). Осы орайда Мәшһүр-Жүсіпте екі жерде (1-папка, 110-бетте және 1170-папка 860-бетте): «Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам»-деп берілсе, 1177-папкада «құрбан» орнын «құрмалдық» сөзі иемденген екен. Біз ұйқас тәртібін ескеріп, «құрбан» сөзін таңдадық та, жақша ішінде «құрмалдық» сөзін қоса келтірдік. Абылай ханның қайда жерленгені туралы мәлімет те Мәшһүр-Жүсіпте орын алған: «Абылай хан жиырма жасында хан сайланып, ханлығына орыс патшасы қол қойып, қытай патшасы өзінің ибн атын беріп, қырық сегіз жыл Көкшетауда табаны таймай, бағы қайтпай, хан болып тұрып, алпыс сегіз жасында жұмға күн Арыс деген өзеннің бойында сарттың қорғанында қаза тауып, сол тұрған-«Хан қорғаны»-аталып қалды. Сүйегін хазірет Сұлтан әулиенің күмбезіне aп келіп қойған. Үстінде жазулы тас бар.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1-папка, 110 б.).
Көтеш Райымбекұлы.
Көтеш өмірбаянын, ата-тегін Мәшһүр-Жүсіп былай деп жазған: «Ақыл: Сексеннің Сексенінен: Рай, Райымбек, Қараша, Базар. Райдан: Айдар, Көтеш ақын, Құлбай. Айдардан - Кәмен, Тентек, Құлбайдан: Көсеміс, Тілеміс. Көсемістен - Байғозы, мұнан-Ризат. Көтеш ақынның тұңғышы-Қыстаубай. Қыстаубайдан - Игілік. Мұнан: Құтанбай. Имамбай-үш ағайынды. Омбыдан әрі патша құдығында, Омбыға тоқсан шақырым жер. Балдың бәйбішесінен - алтау, тоқалынан-алтау. Бұқабай баласы-Жүсіпбай-Мажира қатыннан туған. Мұнан туған баланы Сатылған: Әбдірахман асырап алып: «Соның баласымын»- деп кеткен. Көтеш ақынның Сабаз дейтұғын бәйбішесі: «Бір қоңыр шұнақ қойдан-жеті қотан қой өсті»-деген.» Ескерту: сол 96-беттің сол қапталына қиғаштап мына дерек жазылған: «Көтештің кенже тоқалынан-Шалбай, онан туған-Қалық.» Ал, он қапталда мына ескерту орналасқан: «Көсеміс байдың қызының аты - Жақсы. Аты «жақсы» болса да, өзі жаман ит болған, сараң, пұшпағы қанамаған.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1645-папка, 96 б.).
Көтеш өміріне, тегіне арналған екінші мәтінде мына дерек берілген: «Күлік: Көтеш ақын-өзі бай болған кісі, Сабаз дейтұғын бәйбішесі: «Жалғыз қоңыр шұнақ қой жеті қотан қой болды»- деп сөйлеген екен. Өзін Ереймен тауының Сілетіге қараған жағында, Шорман тамының маңайы, Шеру деген жерде жау тонап, жалаңаш тастап кетіп, ит құс жеп кетіпті Шеру деген жерде. Семіз екен, майы қаралым болып, топырақты қап-қара қылып тастаған екен»- дейді.(Мәшһүр-Жүсіп, 1176-папка, 364(434)б.). 1. «Қаратаудың басынан көш келеді» - өлеңі әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр-Жүсіптің Мәдина деген қарындасынан туған жиен інісі, ақын мурасын жинап көшіруге бар өмірін арнап, жалпы көлемі үш томдай көшірме қалдырған Жолмұрат Жүсіпұлы (1894-1977) көшірмесі (3-папка, 321 б.) бойынша әзірленді. 2. «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің» өлеңі. Бұл өлеңнің туу тарихы кейінгі тарихқа қатысты томдарда кеңірек берілетін болғандықтан, әзірше өлеңге және өлең авторына қатысты деректі берумен шектелеміз. Мәселен, Ботақан өліміне наразылық білдіріп, Арғын адамдары жасақ құрып жиналып келгенде, ел ішіндегі даудың қақтығысқа, яғни қантөгіске ұласпауы үшін екі жақтан бітімгерлер шыққанда, оларға жас Көтештің қалай қосылғаны ҚР ҮҒА Орталық ғылыми кітапханасы, қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасында (1178-папка, 218(128) б.) берілген: «Бұл жақтан екі кісі, Қаракесек, Сүйіндіктің екі биі төртеуінің бас қосқан жеріне көлденеңнен бала күні Көтеш ақын барып, оларды сөйлетпей, өлеңді гулетіп қоя беріпті.» Көтеш өлеңінен кейін дау-тартыс тоқталғаны нақты көрсетілген: «Сонан соң кінәласқан да жоқ, айтысқан да жоқ. Ханы қарашасымен жарасып, бұл барғандардың не көңілдегісін қылып, сөйтіп қайтарған екен.» (Сонда, 219(130) б.). 3. Төлебайдың баласы өңшең сырттан. Бұл өлеңнің қандай жағдайда туғаны Мәшһүр-Жүсіпте былай жазылған: «Көтеш ақын жаздыгүні таңертең Шоң бидің үйінің сыртына келіп:
- Сөйлес!- дейді.
Түндік жабулы, үй тола - Едігенің балалары. Ет жесіп: тамаққа алданып, ешкім шыға қоймапты. Сонда айтқан өлеңі.» (Бұ да сонда, 1178-папка, 220(129) б.). Өлең айтылысымен, оның әсері қандай болғаны былай берілген: «Ақын екен ғой, түсіріп алып келіңдер!»- дейді. Енді бұған дейінгі басылымдар ішіндегі ақын өлеңдерін кең қамтыған сәтті үлгінің өзіндегі селкеуліктерді сөз етсек, ол тағы да ұсақ-түйекке салыну емес, ақын мұрасына қашан да жауапкершілікпен қарау керектігін ескерту белгісі деп қабылдаған жөн: 1. «ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (Алматы, Ғылым, 1982, 148 б. Ескерту: бұдан әрі осы кітапқа сілтеме жасағанда, жинақ атын, т.с.с. толық атамай, «аталған кітап»- т.с.с. атауларын қолданамыз-Н.Ж.) кітабында мына бір тармақ мүлде қате берілген: «Едігесін ет жейді етті жұрттан.» Ал, дұрысы мынау: «Ерегесіп ет жейсің, ата-жұрттан.» (1178-папка, 220 (129 б.). 2. Осы бір шумақ өлеңнің ең соңғы сөздері «Мысық мұрттан»- деп берілсе, бізде ол «Ыстықмұрттан»-деп аударылды. 4. «Есі бүтін табады көшкен жұртты»- өлеңі өз алдындағы туындыға ілесе туған. Өлең алдында мына ескерту орын алған: «Жеп отырған еттері ұрлық қылды деп, бір Ыстықмұртты шауып, талап алған. Соның малының еті екен. Сонда Көтеш айтты дейді.» Өлең соңында «Ыстықмұрт» атауына да ақын түсінік беріпті: «Ыстықмұрт»- деген ел Айдабол ішінде бұратара, туысы басқа, аяғынан келіп, сіңісті болған ел екен. Тегі-түбі-Ырғақты:Шөптеміс дейді. Көтеш ақынның бәйбішесінің аты-Сабаз. Бәйбіше бір Қоңыр... Кенже тоқал баласы-Шалбай, онан туған-Қалық.» (Мәшһур-Жүсіп, 1178-папка, 220(129)-бет). 5. Арқауылдың құба жон түсер қақтар.
Бұ да сол қолжазба қорындағы 1178- папкадан (271 (131) б.) алынды. 6. Қойым-ау, кел, қойсайшы өргеніңді. Бұ да сол 1178-папкада (271(131) б.) бойынша берілді. Өлең алдында мына бір анықтама орналасқан: «Бір жаңа жұртқа қонғанда, қотанда жатпай, қойы өре бергенде, айтқаны.» 7. Дулап өтіп барады тұсымнан қыз. Өлең маңдайшасында мына анықтама орын алған: «Қайынына барып, қалыңдық ойнап жүрген күнінде көп қыздар өзін елемей, тамақ аңдып, бермей, ауылдан топтанып шығып: «Күркеде күйеу жатыр-ау!»- деген хабар болмай, тұсынан өте бергенде, қыздарға айтқаны.» (1178- папка, 221(131)бет). 8. Түкірсеңдер, бетіме түкір, қыздар. Сол аталған кітапта екі сөздің қосымшасына сәл бұрмалау енген: «Түкіріңдер, бетіме түкір, қыздар, // Түкіргенің қыламын шүкір, қыздар.» 1. Аталған кітаптағы бастапқы «түкіріңдер» сөзі -«түкірсеңдер», кейінгі «түкіргенің»-«түкіргеніңе»- деп, қолжазба бойынша өзгертілді. Өлең мәтінінен кейін ізінше оның қыздарға қалай әсер еткені де жазылған: «Сонда бір қыз айтқанындай екен, жаман ұялып:
- Енді мұндай өлеңді айта көрме, жездеке!»- деп жалынып, қашан кеткенше төбесінен тік тұрып күтіп сыйлаған екен.» (1178-папка, 221(131) б.).
9. Күркелінің бауыры күнде дауыл.
Бұл өлеңнің маңдайшасында Мәшһүр-Жүсіптің мына бір түсіндірмесі бар: «Көтеш ақын бір жазғытұрым ауырып, елі-аймағы ауруының аялына бақпай, қарамай, жалғыз ауыл қалдырып, жайлауға кете беріпті. Артынан Көтеш ауруынан жазылып, елінің соңынан барып қосылып, ауырғанда айтқан, тазытқан бозқасқасын сойып жатқанын біліп, манағы тастап кеткен жалғызы қалмай жиылса керек: «Ет легенде, бет бар ма?»- деп. Сондағы Көтештің айтқан өлеңі.» (1178-папка, 223(132) б.). І. Өлеңнің жетінші тармағы жоғарыда аталған кітапта 1645-папка мәтіні бойынша «Ауырып жаттым маңыма бірі келмей»- делінсе, біз екінші ақын жазбасына, 1178-папкадағыға және сөз орайын ескеріп, «Ауырып жатқан күнімде бір қайрылмай»- деген екінші үлгіні енгіздік. Осы орайда, екінші бір 1645- папка, 95- беттегі анықтаманы да қоса келтіреміз: «Көтеш ақын бір жазғытұрым ауырып, көше алмай, жалғыз ауыл қалған. Жазылып, ел соңынан барып, қой сойған. Ет жеу үшін жиылғандарға айтқаны.» 10. Арғы атамды сұрасаң, Сексен:Жұлма. Бұл да сол қолжазба қорынан (1178-папка, 223(132) б. алынды. Өлеңнің үшінші тармағы соңы 1178-де «еш қоймайсың»- делінсе, 1645- де «Райды айтпай»- түрінде орын алған. Біз соңғыны таңдадық. 11. Тінәлі, Тышқанбайдан алдым «жетім». Бұл өлең Мәшһүр-Жүсіптің екі бірдей өз жазбасын (1178-папка, 223(132) б. және 1170-папка, 797 б.) салыстыра отырып әзірленді. 1178- деп түсіндірме: «Тінәлі, Тышқанбай-ұрпағы бір түрлі бай, өзі көп өсіп-өнген. Малдыбай мен Қопас-Төртуыл: Тінәлі ішінде Жайын деген таптан шыққан. «Адай: Малдыбай»- атанғаннан-ақ кісілер: «Бұл күнгі арты плохой, толайым жаман. Бұрынғы ақындардың аузы-Алланың аузы!»- десе, кісі өтірікші болмайды.» 1170-папкадағы өлең маңдайшасындағы анықтама: «Көтеш ақын о да «жетімді» көп алған кісі.» Өлең соңындағы ескертпе: «Осы Көтештің өлеңіне аты қосылған кісілердің тұқым нәсілін сұрастырып қарасақ, Тінәлі, Тышқанбай ұрпағы жақсы өсіп-өніп, бай болып, қатарға қосылып жүр. Малдыбай деген-Адай:Малдыбайдың Малдыбайы. Ол бордай тозып, берекесі жоқ болып жүр.» 12. Қартайғанда қатының дұшпан болды. Бұл өлең маңдайшасында мынадай түсініктеме орын алған: «Көтеш ақын қартайған кезінде ауыл көшіп жатыр екен. Бір құрдасы келіп:
- Ақын, жүр, көштің алдына аяңдай берейік!- дегенде,
- Атым асау, мініп жүре беруге қорқып, қорғалап отырмын,- [дейді].
Сонда құрдасы:
- Баланы Құдайдан тілесе де болар, тілемесе де болар! Жуасын ақынға берсейші!
Жуас, жүрісі жайлы аттарды келіндер мінеді екен: «Көш-жеңекей түйе ауады, бала еміземіз!»-деп.
Сонда Көтеш ақын айтты.»(1178-папка, 224(131) б.). 13. Келін-ау, сен де тексіз, мен де тексіз. Бұл өлеңнің тууына түрткі болған осының алдындағы: «Қартайғанда қатының дұшпан болды»- өлеңін Көтеш айтып бола бергенде, әсіресе келін қатесін көрсеткен соңғы шумақтағы ойларды ұнатпаған бір келіні сыр бергені айтылады: «Сонда бір келіні түйеге бұрау бұрап жатып:
- Тексіз, шіркін, не дейді? Тексіз, шіркін, не дейді?!- дей беріпті.
Сонда, Құдай рахмет қылсын, Көтеш не дейді.»
Өлең соңында мына түсінік қосылған: «Аузына Құдай салған ғой! Келін, бала күтпеген соң, жүзден асқан шағында қаңғып кетіп, жау тонап, далада жаяу қалғандықтан, ит құс жеп кетіпті. Ажалы ақырында келіннен болмады ма?! Келін, бала алақанына салып, аялап отырса, бұ шал даладан не іздейді?» (Мәшһүр-Жүсіп, 1178-папка, 224(131) б. Бұл өлең бірінші рет жарияланып отыр. 14. Сөйлес дейсің, қонағым, сөйлеспеймін. Бұл туынды маңдайшасында мына бір анықтама орналасқан: «Жазғытұрым ет таусылған кезде үй сыртынан бір қонақ:
- Сөйлес!-дейді. Сонда төсекте жатып, Көтеш айтыпты.»
Бұл өлең де баспа бетіне тұңғыш ұсынылып отыр. 15. Сексен ерікке қоймады-ау қалжыратып.
Бұ да 1178- папкадағы 225(133) беттен алынып, тұңғыш беріліп отыр. 16. Кәрілік, жылы-жұмсақ ас жарай ма. Бұ да 1178-дің 225(133) бетінен алынды. Туынды мәтінінен кейін Мәшһүр-Жүсіп пікір білдірген: «Кәріліктің шын жақтыратұғын нәрсесі-жалғыз осы. Онан басқа кәрілікке не жағушы еді?!» Өлең тұңғыш жарияланып отыр. 17. Атам ата болмады, қалмақ болды. Бұл өлең де баспаға тұңғыш ұсынылып отыр. Бұл шығарманың тууына не себеп болғаны былай баяндалған: 1. Көтеш ақынды қартайған кезінде Жәуке керуенбасы Бұхара базарына қой айдаған сапарында ертіп кетіпті:
- Жүр, ақын өзіңнің тапқан табысыңа бір қыз айттырып, алып берейін!- деп, Сыр бойында Шұбартпалы: Шектінің Шектісі бір аз ғана ауыл жатақтың бір қызын атастырып, бар малын беріп:
- «Жас жүрсе, құнайды, кәрі жатса, құнайды»- деген. -Қыстап жатыңыз, базардан қайтқанда, алып қайтайын!- деп, қайнына тастап кетіпті.
Базардан қайтып келгенде:
- Кәне, ақын, бізбен жүруге даярмысыз?- дегенде, ақынның айтқаны.» (Әулеттік мұрағат, 3-папка, 89 б.).
2. Екінші бір жазбада, жоғарыда аталған қолжазба қорындағы 1178-папкада (225 б.), Мәшһүр-Жүсіптің мына бір түсіндірмесі орын алған: «Қартайған кезінде Жәуке би ертіп кетіп, Қаратауда бір жатақтың қызын Көтеш ақынға айттырып:
- Қайтқанда, ала қайтайық!- деп, ақынның өзін қайнына тастап кетіпті. Жәуке би Бұхарадан қайтқанда, келіп:
- Ақын, атаңызбен жарасып, ұнастыңыз ба?- дегенде, айтқаны.»
Өлең келтірілгеннен кейінгі әңгіме барысы: 1. «Қайын атасы ұялып атын ала алмапты. Бұрын: «Атыңды берсең, беремін, әйтпесе қызымды бермеймін.»- деп жатыр екен.» (Әулеттік мұрағат, 3-папка, 89 б.). 2. Екінші нұсқа былай берілген: «Атыңды астыңнан беріп кетсең, қызымды беремін, әйтпесе қызымды бермеймін!»-деген екен. Сондағы атасының барлық малы алты ешкі мен жалғыз қой екен. Сөзден ұялып, атын алмай, бұрынғы уағдасымен қызын беріп жөнелтіпті.» 18. Енем ене болмады деген болды. Бұл да сол 1178-папкадан (225(133) б.) және 331 б.), сонымен бірге әулеттіктегі 3- папка, ақынның өз жазбасынан алынды. 331 бет соңында мынадай түсінік бар: «Көтеш ақынның бәйбішесінің аты-Сабаз. Бәйбіше бір қоңыр шұнақ қойды жеті қотан қылған. Кенже тоқал баласы-Шалбай. Онан туған Қалық. Әулеттіктегі 3-папкада (89 б.) мына түсіндірме орын алған: «Құлақ естігенді көз көреді»-деген. Сол қыздан туған баланың аты-Шалбай. Мұның ұрпағы Қалықты көрдік Керекуде. Және бір «Семіз Әбіш»- атанған біреу жүр:
- Аяпберген баласы- мен!-дейді.
Соның ағасы Жорқабай баласы Баймағамбетті Ташкенте көрген едік. Кенже тоқалдың баласы Шалбай, мұның немересі Қалықты көрдік-Керекуде жүргенде.» Өлең тұңғыш жарияланып отыр. 19. Қонақ қусаң, үйіңнен құт қашады. Бұл өлеңнің маңдайшасында мына бір түсіндірме бар: «Көтеш ақын қыстыгүні бір жақтан келе жатып, Шоң бидің ауылына келсе, ауылға жақын маңайын қорық қылып, мал түсірмей, ту сақтап, шөбі қызықты, ну болып тұрған соң, түсе қалып, атын ауыздығын алып, оттатуға ыңғайлана бастағанда, ауылынан бір есерсоқ шауып келіп:
- Атыңды отқа қойма! Бидің: «Жаманшылықта керек болады»- деп, қорытып тұрған жері,- дегенде, Көтеш ақынның айтқаны.»
Өлең соңынан Көтештің одан кейінгі әрекеті қоса берілген: «... деп, атына мініп, жүре беріпті. Барған кісі сөзін Шоңға айтып келген екен.
- Аузына қыдыр түкірген жан еді, шақыра гөр! Бәлекеттің айтқаны айтқанындай дәл келуші еді!- деп, шақырта кісі жіберген екен. Өкпелеген бойымен келмей, кетіп қалыпты. Кідірмей ақ қар, көк мұз болып, қамытшылық болды дейді.»
1. Жоғарыда аталған кітапта шумақ басындағы сөз «қондырмасаң»- делінсе, 1178-папка мәтіні (229 б.) бойынша «қонақ қусаң»-деп өзгертілді. 20. Қазақта Арғын аға болған зерек. Бұл өлеңнің қандай жағдайда туғаны туралы дерек шығарма мәтіні алдында берілген:
Уақ: Жарқын би сұраған екен:
- Көтеш-еке, ақындық атаңызда бар ма, бабаңызда бар ма, нағашыңызда бар ма?-деп. Сонда Көтеш ақын айтқан екен.»
21. Жөн-жобамыз- қалашы.
Бұл өлең маңдайшасында былай деп жазылған: «Күліктен шыққан Көтеш ақын Қарағайдан шығып, көп қалашымен жолдастасып, Керекуге қарай келе жатса, Қыпшақ: Желкілдек баласы Садыр Керекуден шығып, еліне қайтып бара жатып, қарсы ұшырапты.
Садыр анадайдан танып:
- Мынау қалашымен бірге келе жатқан Көтеш ақын екен. Балалар, ат басын тартып тұра қалыңдар. «Тұтқиылда өлең айт!» -дейін. Аузына сөз түсер ме екен? Ақындығын сынайық!-деп, тұра қалғанда:
- Ассалаумағалейкум, Көтекеш-ау!- депті.
Сонда Көтеш айтыпты.
Өлең соңындағы дерек: «...- дегенде, Садыр қарқ-қарқ күліп:
- Өзіміз тілеп алдық. «Тілеп алған аурудың емі табылмас»- деген-осы. Осыны сөйлетіп неміз бар еді? Мына қасқыр ішікті үстіне апарып жаба көріңдер! Тілін сөйтіп кеспесек, болмас!- деген екен.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1176-папка, 65-бет). Бұл туынды да алғаш жарияланып отыр.
22. «Ұстаның дандагөйі балғасында» - өлеңі де Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасынан алынды (1176-папка, 238(244) (333) б.).
Бұл да тұңғыш жарық көріп отыр. 23. «Ақыл, Сексен атанған елімізді» - туындысы: «Көтеш ақынның «Қу мешін» жұтында айтқан өлеңі»- деген айдармен жоғарыда ескертілген қолжазба қорындағы 1645-папкадан (46 б.) алынып, тұңғыш жарық көріп отыр. 24. Ау, балам, танымаймын, не ел боларсың. Бұл өлеңнің қалай туғаны бірнеше рет жазылған. Бірінші нұсқасы: «Көтеш ақынның бір ауыз өлеңі болған. Өзін жау тонап жатқанда, айтқан.» (1178-папка, 309 бет). Екінші нұсқасы: «Өлең мәтінінен кейінгі түсінік: «Туған жұрты-сол Айдабол-Күліктің Күлігі еді. Бұрынғылар айтқан екен:
Арғын болсаң, Алтай бол,
Алшын болсаң, Адай бол!
Үйсін болсаң, Сиқым, Жаныс, Ботбай бол,
Найман болсаң, Қаракерей: Садыр, Матай бол!
Өзгең қалай болсаң, солай бол!- деген екен. Нағашы жұрты Алтай еді. Бұрынғы ақындар айтқан екен:
Еламанның баласы-Тұрсынбайсың,
Арманың жоқ жалғанда, мұңсыз байсың!
Бәзілің-бай, Боштайың-дуанбасы,
Бір Алладан басқадан қымсынбайсың!
Қайын жұрты-Бәзіл бай еді.»
(Мәшһүр-Жүсіп, 8-папка, 23- бет).
Үшінші нұсқасы: «Сексеннен: Райымбек, Рай, Қараша. Райдан-Көтеш ақын. Өзін тонап жатқан жауға айтқан өлеңі ...» Мәтін соңында мына бір анықтама бар: «Осы бір ауыз өлеңнен-тонаған жау қай ел екендігі табылып, бір өзіне үш ердің құны алынған. Тонаған жау-Найман ұрылары екен. Төрт: Сары, Иман, Ащы, Аттас деген ел екен. Ұры жетеу екен.» (1178-папка, 211 б.). 25. Жан-жағымнан жеті ұры анталады. Бұл туынды да Мәшһүр-Жүсіп жазбасы, 1178-папка, 211-беті бойынша дайындалды. Мәтін соңында мына анықтама орналасқан: «Жау тонап кеткен соң арам денесін жалаңаш жатқан жерінде ит құс жеп тастаған жерінен Жеру деген жердің маңайынан тауып алып, ел жайлауда екен. Қарағайлы Шоқының түбінде Балықты көлдің басына қойылған. Көтеш ақынның дене топырағы сонда.» (Мәшһүр, 1178-папка, 211-6.), (Жолмұрат, 3-папка, 327 б.), (Фазыл-2-222 6.). Бұл өлең де алғаш жарияланып отыр. 26. Жылқының бурыл келер шал қасқасы. Әулеттік мұрағаттағы Жолмұрат Жүсіпұлы көшірмесі (2-папка, 303 б. бойынша тұңғыш ұсынылып отыр. 27. Жүре-жүре түзелер ердің қосы. Әулеттік мұрағаттағы Иманмәліұлы Сұлтанмахмұт көшірмесі бойынша тұңғыш баспаға әзірленді. Өлең маңдайшасында мынадай анықтама берілген: «Көтеш ақын қартайғанда, Мұса мырза: «Сәлем беремін!»- деп, келген екен де, қатынын алқымын алып айтқаны.» 28. Дерикеске. Бұл өлең де Мәшһүр-Жүсіп жазбасынан (1176-папка, 4 б.) алынды. Мәтін соңында мына бір түсіндірме орын алған: «Дерикес-Дербісәлі.» Біздіңше, «Дербісәлі» дегені сол Дерикестің арғы атасы, тегі болса керек.
Жанақ Сағындықұлы. 1. Қиғытан, Босбостағы мал баққыштар.
Бұл өлең жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасы, 1178-папкасы (98 б.) бойынша ұсынылып отыр. 2. Атым Жанақ деген соң, атым-Жанақ.
Бұ да сол 1178- папкадан ( 98 б.) алынды. 3. Жанын берген Жанақтың щұбарын жер. Өлең берілмес бұрын мына анықтама келтірілген: «Қазақ алғаш орысқа жаңа қараған кезде Қаракесекке Қамбар: Жанақ ақын Найманға өлең айта қыдырып барып жүргенінде бір үлкен жұрт көп жиылған аста Найманның бір байшығаш немесі Жанақ ақынның мініп жүрген атының аузын ашып,тісін қарапты.Тілінің түп тарпында бір қара қалы (ғалы) бар екен. Сонысын көре салып: «Мұны Жанақ мініп жүргенмен, байқады дейсің бе? Бұған жала қылып жабысып ала қояйын!»-деп:
- Ақын, мына мініп жүрген шұбарыңыз менің құнанында жоғалтқан, аузын үріп, аяғын сыпырып, қолымнан туғызып алған жарықтығым еді!- дегенде, ақын:
- Жоқ, жарықтығым, бұл атты өз елімізде атақты пәлен деген бай беріп еді. Оның да жылқысы шұбарлы болушы еді. Және: «Өзімнің тумам, біреуден алған емес»- деп, кешіріп айтып беріп еді,- деген соң.
- Жоқ, ақын-екетай, күнінде ор (уры) тісі шығып, соны емдегенде, анық көріп едім: жергілікті іштен туған тілінің түбінде қап-қара көмірдей қалы бар еді. Менікі болса, сол қалы тұрған шығар, ол жоқ болса, менікі болмағаны,- деген соң, осы сөзді байлау қылып, көп алдына алып келіп, аузын ашып қараса, жігіттің айтқаны айтқанындай болды. Жанақ та ұялып қалды, дәнеме дей алмайды.
- «Ұрысы күшті болса, иесі өледі»,- деген осы екен-ау! Бұл ат пәлен байдың өз биесінің құлыны, өз айғырының баласы екендігі анық-ақ еді. Жаным, менің де көңілім орнықсын: «Осы шұбар жоғалған атым еді де, анық таныдым!»- деп, Құдай атын ата да, ала қойшы!- дегенде, жігіт секіріп тұра келіп:
- Өз атым екендігіне «Олда-білдә!»- деп, ышқынып шынымен айтыпты.
Жанақ та ұшып түрегеліп, ер-тоқым, жүгені[н] алып, атты қолынан «таныдым»- деген жігітке ұстатып отыра кетіп бір ауыз өлең айтыпты... Сол күндерде жұрт күлдері белбеу тағынады екен. Жігіт күлдері белбеуінің бір шеті байлаулы белінде, бір шетін аттың мойнына байлап, үйіне қарай жетектеп бара жатып, бір кішкене бұлақтан өзі аттап қарғып өткенде, ат кейін тартынып қалғанда, жігіт шалқасынан түсіп, ат үркіп, сүйреп ала жөнеліп, аман бол, күлдері белбеуде үзілу де жоқ, шешілу де жоқ, жұрт қуып қамалап, ұстап алғанша, тастан-тасқа соғып, жігіттің басы жарылып, іші жарылып, шек-қарыны ақтарылып, мылжа-мылжа болып қалыпты.
Мұны көріп тұрған жұрт Жанаққа келіп:
- Ат сенікі екен де, бұ адам жалғанға жан берген екен де. Енді, жаным, бұл жазасын тартты, атыңды өзің ал!-деп, ап келіп берген екен.
- Жалғаншының жазасын берген Жаббардың жендетіне міну дұрыс емес, өзінің асына сойыңдар!- депті.
Бұрынғылардың: «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғады»,- дегені осындайынан қорқып айтқан ғой!» (Мәшһүр-Жүсіп, 1178-папка, 230-231 б.). 4. Абайділда, Аббастың елін жайлап. Өлең мәтіні соңындағы анықтама: «Ол заманда ақындарға «жетімді» бір шапан орнына береді екен (Мәшһүр-Жүсіп, 1170-папка, 797(193) б.). 5. Ар жақтан аты шыққан Нұрикен бай.
Бұл туынды Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының 1645- папкасынан (88 б.) алынды. Біздің ескертуіміз: «Мұнда сөз болған Нұрикен және басқалар туралы айтылған деректер, әдебиет: фольклор, ауыз әдебиеті саласынан гөрі тарихқа тікелей қатысты болғандықтан, біз оны тарихқа, оның ішінде қазақ қажыларына арналған тарихи деректер топтамасы ішінде, яғни тарихқа арналмақ келесі бір томдардың бірінде беруді жөн көрдік-Н.Ж.)
Сақау Мәукеұлы 1. Ескі сөз жаңа сөздің үлгісі еді.
Бірінші нұсқа: «Сақау ақынның алғаш өлең бастағанда айтқан өлеңі.» Өлең мәтінінен кейін мына түсіндірме орын алған: «Сонда Тұрлыбек дуанбасы:
- Сен қой, саған ат дуанда аз келмес. Сендер домбыра алмасаңдар, ауыздарыңа сөз түспейді. Аузына сөз салып тұратұғын күшті перісі бар екен!- деп,- Бұл жолға өзінің сыбағасы болсын!- деп, өзі аттанғанша Сақауға өлең айтқызып, 600 қой жинап берген екен. 600 қой 3 жылға жетпеген.» (Жолмұрат, 2-папка, 302 бет).
Екінші нұсқа. «Сақау ақынның Керей: Тұрлыбекке айтқан өлеңі.» Өлең мәтінінен кейінгі анықтама: «Еділбай, Ерденбай, Кісенбай-Сақау ақынның үш баласы.
Ашылар дәл он бесте қыздың бағы,
Бұхардың жем жейтұғын арғымағы.
Алты қанат ақ үйдің кеңдігіндей,
Әкемнің бұлбұл еді кеуде жағы.
Бұл өлең Сақаудың Еділбай деген баласының айтқан өлеңі. Жастай өліп қалып, қатынын Бәсентиін: Есіргеп тоқалдыққа алған. «Қатынымен ойнас болып, у беріп өлтіріпті»- деген өсегі бар. Құдай рахмат қылсын Мәшһүр-Жүсіп Көпейұғлына!» (Жолмұрат, 2-папка, 259-бет).
Үшінші нұсқа: «Сақау ақынның Керей: Тұрлыбек алдында айтқан өлеңі. Қанжығалы: Жүндібайдың қазы күнінде Орынбай (Орумбай) ақын Тұрлыбекпен бірге екен. Сонда Тұрлыбек:
- Орынбай, саған алты дуан аздық қылмас. Бұл жолғы олжаны мынаған байлай ғой! «Жетім»- деген шапандай болды ғой. Сонда Тұрлыбек алты жүз қой жидырып берген екен. Үш жылға үнем болуға жарамапты. (1176-папка, 318(412) беттің оң қапталында Мәшһүр-Жүсіптің көлденеңдеп жазған ескертпесі.)
2. Не дейді мынау кәрі күң Құдай ұрған.
Бұл өлең алдында шежіре беріледі де, соңында осы өлеңде аталатын Алшағырға келіп әңгіме тірелген: «Ерназардан-Алшағыр. Алшағырұғлы Бижан. Мұнан: Шынтемір, Тыныбек. Сақаудың өлеңінде ...» Одан әрі өлең мәтіні берілісімен, Мәшһүр-Жүсіп түсіндірмесі жалғастырылады: «Сол Алшағыр батыр өлерінде өсиет қылған: «Мені пәлен биіктің басына қойыңдар. Қаракесек жылқы алып бара жатқанда, [қарап] жатайын!»- деп. Онан кейін бір замандарда Қаракесек Қуандықтан жылқы алып, саулатып айдап, қуып келе жатқанда, Алшағырдың моласы көрінген. Сонда жылқы қуалап келе жатқан желбас, бозбала:
- Кеше сен: «Қаракесек жылқы алып бара жатса, көре жатайын!»- деген Алшағыр сен ғой! Міне, алып кетіп бара жатырмыз! Дәмең болса, көрден басын көтеріп, айырып ал! - деп, келемеждеп өте берген.
Лездің арасында көк пен жердің арасын тұман алып, сасық тұманда жылқыны айдағаннан айдап отырып, «ес кетті, жан шықты»- деген мезгілде бір өзеннің бойында жағалай сынысып отырған елдің үстінен түскен. Өзені Нұра екен де, ел-жылқының иесі-ауылдар екен. Сонда өздері:
- Біз аруаққа ұшырадық. «Өліп қалған кісінің қолынан не келеді?»- деп, келемеждейміз,-деп, өз аяғымыздан жылқыны қосып келіп тұрған жайымыз мынау!-деген.
«Аруақ соғар!»- деген сөз де бекер сөз болмайды екен. «Құдай, аруақ-дейді.-Құдай қуатласа...»-деген сөз құр бос... сөз болмаса керек. Алшағырұғлы Бижан да заманында батыр атанған. Алдажұманның Жұманына он жеті мың жылқы біткен. Бір түндікте мұнан жылқы көп біткен қазақ болмаған. Жұман баласы жақсы-Тәти. Бұ да бай болған. Тәти баласы Азна да бай болып өтті. Осы күнде Азна балалары - Қуандық байы.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1178- папка, 157-158 б.). 3. Үшбу күн сыртым-бүтін, ішім-түтін.
Бұл да аталған папкадан (1178- папка, 228 б.) алынды. 4. Күте гөр, шамаң келсе, малдың астын.
Бұл да сол папка (1178- папка, 228 б.) бойынша дайындалды. 5. Жақсы кеңес, естісең, құлақ құршы.
Бұл да сол жазбадан (1178- папка, 228 б.) алынды. 6. Қапалы адам дүниеде зар айтады.
Бұл да сол папкада (1178- папка, 228 б.) орын алған. 7. Сыртында Қызытаудың сулы Бөрлі.
Бұл 1176- папка, 318-беттің сол жағында көлденеңдеп жазылған. 8. Қадір Жаббар, медет бер. Бұл әулеттік мұрағаттағы: «Түрлі авторлар» папкасы ішіндегі (391¬393 б.) Әлкей Марғұлан көшірмесі бойынша әзірленді. Белгілі ғалым Ә.Марғұланның Мәшһүр-Жүсіп туындыларын жинаумен айналысқаны осы жазбадан да көрініп тұр. Онда былай делінген: «Сақау ақынның айтқанынан 1865 жылы жазып алған-Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы.» Көшірме соңында Ә.Марғұланның қағазға түсірген уақыты 29.08.1939 жыл екені көрсетілген.
Шернияз Жарылғасұлы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жазбасы бойынша жеткен Шернияз өлеңдерін де ел аузынан жиналған, ауыз әдебиеті үлгісі ретінде қарастырған жөн. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Шернияздың Баймағамбет сұлтанға қалай жолыққанын алдымен түсіндірген: «Қазақтың ауыз айтқан өлеңі, жоқтауы, жұмбағы, айтысы-рухани тарихының, үйдің шаңырақ, кереге, уығындай мүшесі. Ел тарихы ауыз айтқан әдебиетсіз томағасы түгел жазылмайды. Қазақ жұртының мәдениетін түгел жазуға ауыз әдебиет-қораға қалаған кірпіш болады. Осыны көздеп біз Шернияз ақынның өлеңін басып отырмыз. Бұл өлеңнен XІX ғасырдағы қазақтың мінезі көрінеді. Нені жақсы деп, нені қазақ жаман деп білген, неден қазақ қашқан, неге қайырған қаршығадай тілеп ұшқан? «Кеше Исатай өзіңмен бауырласты, // Өлтірдің неше жүзден асыл тасты?! // Өлтіріп бірге туған бауырыңды»- деген өлеңдегі: «туған бауырыңды»- Шернияз сөзі емес. Мұны кейінгі надан айтушы қосқан. Баймағамбет-Айшуақұлы, Айшуақ-Әбілқайыр хан ұғлы. Исатай - Бөкейліктен: Байұлы мен Әлімұлының бірінен шыққан, Жәңгір ханға қарсы елді көтерген Кенесары, Наурызбай сықылды қазақтың ері. Кейінгі айтушы Шернияздың өлеңін жасытқан көрінеді. Қыр баласы Исатай батыр қыстыгүні: ақпан, қаңтар суық кезінде қарсыласқан жау емес, жол тосып аңдып жатқан жауға абайсызда ұшырап қалып, оққа ұшып өлді. Сонда Шернияз дейтін ақын бір суырдың ініне тығылып, жан сақтап қалып, далада жатып, жан сақтай алмайтындығын білген соң: «Басқа біреудің қолына түссем, өлтіріп тастар! Не болсам да Баймағамбет төреге барып, соның алдында болайын!»- деп, төренің далаға шығып, дәретке отырғанын аңдып, дәрет сындырып жүргенде, Шернияз тұттай жалаңаш екен, басында жалғыз-ақ тымағы бар екен. Тымағын аяғының астына басып тұрып, өлеңді қоя берді.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1177-папка, 15 б.). 1. Ассалаумағалейкум, Алдияр хан. Өлеңнің осы бір бастапқы тармағынан кейінгі үш жолы: «Бес ғасыр жырлайды» (1-том, Алматы, 1989, 228 б.) кітабында: «Молдалар хат жазатын сауыт қалам. // Кешегі ел ұстаған ханзаданың // Сізді де ұрпағы деп бердім сәлем»-делінсе, тәуелсіздік алғаннан кейін шыққандықтан да, Шернияз өлеңдерінің Мәшһүр-Жүсіп нұсқасын жеке келтірген кейінгі кітапта (Шернияз. Алматы, Арыс, 2001. 73 б.) (Ескерту: әрі қарай мәтіндік салыстыру жүргізгенде «Бес ғасыр жырлайды» кітабын: «алғашқы кітап», ал «Шернияз» кітабын «екінші кітап»- деп атаумен шектеліп отырамыз-Н.Ж.) бұл жолдар Мәшһүр-Жүсіп жазбасы бойынша мүлде өзгертіліп берілген: «Өлім десе қорқады шыбындай жан. // Өлімнен қашып келіп қорғалаған, // Қуып жүр құйқылжыған құрғыр заман.» 2. Екінші кітапта және түпнұсқада, яғни 1177-папкадағы Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасында бесінші тармақ: «Асыл зат, ханзаданың баласы!- деп»-қалпында беріліп, әрі қарай мүлде басқаша өрістеген. 3. Соңғы «хансың» сөзі кейінгі кітапта кірмей қалған. 4. Түпнұсқада «қараңғы түнде»- деп ап-анық жазылса, кейінгіде, яғни 2001 жылғы кітапта, оның орнын: «таң атпай» сөздері орынсыз иеленген. 5. 2001 жылғыда «солардың» сөзі келтірілсе, түпнұсқада ол үстінен сызылып, «қасында» сөзі қосақталып қоныс тепкен. Біз ақынның сөз саптау ерекшелігін ескеріп, кейінгі түзетуге сүйендік. 6. 2001 жылғыда «қысың», «қылығың»- делініп, әрекет иесі Исатай емес, Баймағамбет тәрізді теріс әсер тудырса, түпнұсқада соңғы: «ң» жоқ, оның орнында «н» әрпі анық орнаған. Біз соны ескергенде, әрекет иесі тек Исатай екендігі анықтала түсті. 7. Бұрынғыда, яғни 2001 жылғыда: «арманым» сөзі берілсе, бұ жолы түпнұсқадағы: «өмірім» өрнегі қалпына келтірілді. 8. 2001 жылғыда: «құлақ-мұрынын»- делінсе, біз түпнұсқаға сүйеніп, «құлақ -мұрнынан»- деп алдық. 9. 2001 жылғыда: «Исатайды әлі қоймай былшылдап тұрғанын-дейді»- деп берілсе, тағы да түпнұсқаға негізделіп, «әлі» сөзін «қоймай»- дегеннің алдынан соңына жылжытып, «дейді»- орнына «дегенде айтқан өлеңі» сөздері қалпына келтірілді. 10. 2001 жылғыда: Шернияз болсаң, жүр, үйге кіріп сөйле-дейді»- делініп қысқартылса, бұ жолы Баймағамбет сөзінен кейінгі Мәшһүр-Жүсіп баяндауы толық қалпына келтірілді: «деп, хан үйге қарай жүре бергенде, айтқан өлеңі.» 11. 2001 жылғы кітапта: Мұсылман дінге нанар» - деп келтірілсе, тағы да түпнұсқа бойынша «дінге» сөзі «тілге» дегенмен алмастырылды. 12. «Дәретін алып» сөздері 2001 жылғыда енбей қалған екен, тағы да түпнұсқаға иек артып қосу жүзеге асты. 13. Екінші кітапта (2001 жылғыда): «түк қалады»- делінсе, «түк қалмай ма»- қалпында ірге тепкен түпнұсқадағы сөздер кіргізілді. 14. 2001 жылғыда: «...әзір ұлым жоқ, бақандай алты қызым бар, соларды мақташы,-дейді»- түрінде отау тігілсе, тағы да түпнұсқа бойынша өзгерту, кеңейту жүзеге асты: «...ұлым болмайтын, мынау қыздарымды мақташы! Бақандай алты қызым бар, жарастықта отыр ғой!» 15. Кейінгіде:
Орынбор, Троицк қалалары,
Ақылға сондай толы, дана бәрі.
Өңшең абзал қызды тауып берген,
Жатыны асыл екен аналары,- деп берілген.
Ал, Мәшһүр-Жүсіп жазбасында екінші жол соңындағы: «дана бәрі» сөздерін «даналары»; үшінші тармақтағы «қызды» сөзін «баланы»- алмастырған. Сонымен бірге төртінші жолдағы «асыл» дегеннен кейінгі «жан» сөзі де тек түпнұсқа бойынша енгізілгенін еске саламыз. 16. 2001 жылғы кітапта: «жамандар»- орын алса, түпнұсқаға сүйену «жаман дер» сөздерін әкелді. 17. Бұрынғы (2001 ж.) кітапта: «ауыз құрған» делінсе, бұ да Мәшһүр-Жүсіп жазбасы негізінде: «аузы құрғыр»- деп өзгертілді. 18.2001 жылғыда: «Шеріңнің сөйлер сөзге басуын-ай»- деп берілсе, қолжазбаны дұрыстап оқу нәтижесінде соңғы сөз: «басымын-ай»- деп алынды. 19. Екінші кітаптағы (2001 ж.) «келбеті» сөзі түпнұсқа негізінде «тап мінген»-дегенмен алмастырылды. 20. Кейінгідегі: «қалды бәрі»- тағы да түпнұсқа бойынша «қалмақ әркім»- болып түзетілді. 21.2001 жылғы кітапта: «Естумен қан жылады жұртың сейіп»- делініп, соңғы сөз ұғынықсыздық тудырса, бұ жолы түпнұсқаға иек артып: «кейін»- деп өзгертілді. 22. Соңғы (2001 ж.) кітапта: «Шұқанақтар көл болып кетті қанша»- деп берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте «кетті» орнына «өсті» тұрғаны ескерілді. 23. 2001 жылғыда Шернияздың: «Ардақтап Исатайды күткені ғой» - деген сөзінен кейінгі Баймағамбет сөзі және Шернияздың бір шумақ өлеңі кірмей қалса, бұ жолы Мәшһүр-Жүсіп жазбасы бойынша қалпына келтірілді: «-Жаудан өлген немесін айта бергенше, басқаны айтсайшы!»- дегенде, Шернияздың айтқаны:
Жаман ой жете алмайды жабындыдан,
Ұл тумас Исатайдай Табылдыдан!
Исатай жаудан өлсе, шаһид өлді,
Өлмей ме жаман да үйде қағындыдан?!
24. Аталған кітапта: «Жылап мауқын басады да»- деп қысқалау берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте бұдан кеңірек: «Жылап алып, мауқын басып, айғаймен соқты.» 25. Аталған үлгіде: «Исатай өзіңменен бауырласты»-деп берілсе, түпнұсқада «өзіңменен» орнына-«өзімменен» орналасқан да, «бауырласты» сөзі «бауырлас-ты» күйінде берілген. 26. Аталған кітапта (2001 ж.): «Ойласам, Исатайдан ешкім суымас»- деп қате берілсе, тағы да түпнұсқаға мұқият қарап, өзгерісті байқадық: «Ойласам, Исатайды, ішім суымас» 27.2001 жылғыда: «Өзіңіз әуліктірдің тартып жырға»- делінсе, түпнұсқадағы соңғы сөз «жырға» емес, «шырға» екені осы жолы ескерілді. 28. Аталған еңбекте: «Жүйріктің шаң жұқпайды тұяғына»- делінсе, тағы да түпнұсқа бойынша түзетілді: «Жүйрікпін шаң жұқпайтын» тұяғыма.» 29. Айтылған кітапта: «Өлетін кісі осылай келе ме екен, // Тақсыр-ау, көз салсаңшы сияғыма»- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте «осылай» сөзі «осындай», ал «көз салсаңшы» дегені «көз салсайшы» түрінде келгені ескерілді. Марабайға айтқаны. Бұл өлең де аталған қордағы Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы (1177-папка, 20 б.) бойынша беріліп отыр. 1.2001 жылғыда: «Жиылып төре, қара кеп отырмыз»- делінсе, енді түпнұсқаға сүйеніп, «кеп» сөзі «көп» дегенмен алмастырылды. 2. Аталған кітапта: «Марабайды шығартып жібереді де»- делініп, қысқа баяндалса, бұ жолы Мәшһүр-Жүсіп жазбасына сүйеніп: «Марабайды үйден сүйретіп шығартып тастады»-дегенде, сурет нақтылығы, дәлдігі қалпына келтірілді. Баймағамбет қызы Ақылқайныкей тойын бастау өлеңі. Бұл да сол жазбадан (1177-папка, 20 б.) алынды. 1. 2001 жылғы кітапта: «кімді айтамын»- деп берілсе, түпнұсқа бойынша «кімді» орнын «нені» иеленді. 2. Аталған кітаптағы: «той қылып» сөздері де Мәшһүр-Жүсіп жазбасы негізінде: «той қылса»-деп түзетілді. 3. Сөз болған кітаптағы «көп тұрғанда» сөздері тағы да осы ретпен «кең тұрғанда»-болып өзгертілді. 4. «Бұ тойда не берсе де мен аламын»- тармағымен басталған екі жолдық мәтін 2001 жылғыда мүлде кіргізілмеген, түпнұсқа негізінде осы жолы тұңғыш рет беріліп отыр. 5. Аталған кітапта: «есек желі» -деп берілсе, тағы да түпнұсқаға сүйену «жел» сөзін «қылы» ығыстыруына әкелді. 6. 2001 жылғыда: «Қадірі қайтсе мұның өтеді деп»- түрінде орын тепсе, тағы да түпнұсқа бойынша «қайтсе» сөзі «кетсе» болып ауыстырылды. 7. Аталған кітаптағы: «іздеткенде» сөзі тағы да түпнұсқа негізінде: «іздеткенге»-болып өзгертілді. 8. 2001 жылғыда осы шумақтың бірінші, екінші жолдары соны: «көріп келдің», «еріп келдің»- түрінде келіп, әрекет иесі ретінде қыз берілсе, түпнұсқада ол «көріп келдім», «еріп келдім» түрінде жазылып, әрекет иесі сөйлеуші ақынның өзі болып алынған. Сонымен бірге сондағы үшінші тармақ аяғы: «жол ғой»- делінсе, тағы да түпнұсқа бойынша: «жол деп»- түрінде өзгертілді. 9. Сөз болып отырған еңбекте: «той өтіп»- делінсе, тағы да түпнұсқа негізінде оның орнына «той етіп» кіргізілді. 10. 2001 жылғыда: «деп жылайды»- сөздері орын алса, тағы да түпнұсқа көмегімен «деп»- «тек» деп алмастырылды. 11. Аталған кітапта: «күмістеген» сөзі тұрса, бұ жолы да түпнұсқада: « күміс пенен» екені ескерілді. 12.2001 жылғыда: «басынды» сөзі берілсе, тағы да түпнұсқа, 1177- папкадағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасы, бойынша оның орнына: «басымды» алынды. 13. Аталған кітапта: «сел болмай ма»- делінсе, түпнұсқада ол «сыр болмай ма» түрінде ірге тепкен. «Қойшы айтты байдың атын «Баянас» деп». Бұл туынды да аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасы (1177-папка, 21 б.) бойынша ұсынылды.
Шөже Қаржаубайұлы 1. Қызы едің ол Байыстың, атың-Балдай. Мәшһүр-Жүсіптің әулеттік мұрағатта сақталған өз жазбасы (7 папка, 318- бет) қолжазба қорындағы (1178- папка, 306 б.) ақынның екінші жазбасымен салыстырыла отырып әзірленді. Өлең маңдайшасында 7-папкада былай деп жазылған: «Шөже айтқан дейді». Ал, кейінірек жазылған екінші жазбада бұл сенімсіздік ысырылып: «Ақын Шөженің бір ауыз өлеңі»- деп, анық көрсетілген. Сонымен бірге кейінгі үлгіде өлеңнің қандай жағдайда туғаны жөніндегі түсіндірме сол туынды берілмес бұрын келтірілген. Мәселен, өлеңдегі Дубанның кім екені сонда баяндалған: «Едіге биден бесеу: Шоң, Қиғара, Сарман, Торайғыр, Қосдәулет. Қиғарадан: Нақ бәйбішеде[н] Шаржау жалғыз. Шаржаудың бәйбішесінен Дубан жалғыз. Осы Дубанды, қатыны Балдай үш ұл тапқаннан кейін, Шоң бидің тоқалынан туған Қорабай Балдаймен ойнас болып, Өлеңтінің Қарасеңгірінде Бозталда мойнынан қыл шылбыр салып, буындырып өлтіріп, қара суға тастап, сүйегін ошақ салып, созып тауып алған. Балдайды Қорабай алып кетіп, Қорабайға тиген соң, Садық туған. Дубай өліп, Балдай Қорабайға қатын болғанда, ақын Шөженің бір ауыз өлеңі.» Сонымен бірге екінші үлгіде (1178-папка, 306 б.) өлең мәтіні берілген соң, мына бір түсіндірме қоса жазылған: «Төкі-Шоң баласы, Дубан-Шаржау баласы, Шәркен-Ақын баласы. Осы үшеуі Ерейменде бір көлдің басында. Сондықтан ол көлді «Үш мырзаның көлі»- дейді. Өтеміс абыз сонда, моласына қайың шыққан.» Бұл туынды бұрын еш жерде жарияланбаған. 2. Шөженің Жолшараға айтқан өлеңі. Бұл өлең әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр-Жүсіптің Мәдина деген қарындасынан туған жиені, ақын туындыларын жинап көшіруге бүкіл өмірін арнаған Жолмұрат Жүсіпұлы (1894-1977) көшірмесі (2-папка, 295- бет) бойынша келтірілді. Назар аударарлық жәйт, рет бойынша осы өлеңнен кейін жеке туынды ретінде ұсынылып отырған: «Шөгіп жатқан Алшекем пар секілді» туындысы мұнда Жолмұратта осы өлең жалғасы ретінде берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте жеке отау тіккені ескеріліп, жеке үшінші бір өлең ретінде ұсынылып отыр. 3. Шөгіп жатқан Алшекем нар секілді. Бұл өлең алдында сан мәрте айтылған қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасынан (1176-папка, 226(231), (321) б.) алынды. Ақын осы өлеңді сол бетте түрлі қаламмен екі рет жазған.Осыны ескеріп, үшінші тармақтағы «шірік» сөзі орнына екінші ретте «жаман» сөзі жазылған екен, оны жақша ішінде екінші келтірдік. Сондай-ақ төртінші жолдағы «жауын» сөзі де кейіннен қағазға түскен «езіп» сөзімен алмастырылып, бастапқысы кейін жақша ішіне алынды. Оның есесіне бесінші жолда әдепкіде жазылған «алтын» сөзінің орнын «мырза» иеленген екен, біз бұл тұста екінші «мырза» дегенді алға шығарып, «алтын» сөзін соңынан жақша ішінде бердік. Екінші мәтін соңында: «Тоқсанбай-Алшынбайдың бірге туған ағасы... Тіленші: Алшынбай-Жүсіп, Слямбек»-деген анықтама орналасқан. «Ақ серкесі Бошанның Алшынбайым»-деп басталатын 24 жолдық мәтін Жолмұратта жеке жазылып, туынды маңдайшасындағы «басқы екі ауыздан кейінгі өлеңі»- деген ескертуді ескеріп, тақырып, идеясы тұрғысынан да осы «Шөгіп жатқан Алшекем нар секілді» өлеңінің жалғасы ретінде кіргізілді (Жолмұрат, 2-папка, 348 б.). 4. Осы үйде бас қосыпты таз бен соқыр. Шөженің бұдан бұрынғы Жолшараға, Алшынбайға арнап айтқан өлеңдері айтылғасын, Жолмұрат көшірмесінде (2-папка, 295 б.) осы туынды маңдайшасында мына ескерту орын алған: «Қанша қақсаса да, оңбайтын[ын] білген соң, бұлай соқты». 5. Жылқышының қарайған қосы болды. Бұл өлең келтірілмес бұрын оның алдындағы: «Осы үйде бас қосыпты таз бен соқыр» өлеңі берілгеннен кейін бұрынғы 6-томда айтысқа байланысты айтылған Мәшһүр-Жүсіп анықтамаларын Жолмұраттың әрі қайталап, әрі қысқарта жинақтап түсіндіруі орын алған: «Шөженің түбі тегі-қырғыз, Қуандық ішінде өсіп, сіңіп кеткен. Қаракесектің быжынаған құрттай бір асына кез болған, Шөжені асқа Тәттімбет ертіп келген екен: «Алшынбай мен Жолшараға өлең айт! Дәнеме бермесе, тіліңді тартпай, орнынан тұрғысыз қыл. Сабаса, өліп қалмассың! Олар түк бермесе, солардың беретінін жалғыз өзім берейін! - деп.» 6. Алшекемнің кісісі құта жазды. Бұл өлең де сол 1178-папка (271(158)6.) бойынша ұсынылды. Мәтін алдында Балта мен Шөже айтысы болғаны, Балта жеңіліп, Шөже жеңгені айтылады да, одан кейін Шөженің кімге қалай шағымданғаны баяндалады: «Ас тарқағаннан кейін жандаралдың адъютан[тына] арызға барғам. Сонда айтқан өлеңі.» Сегіз шумақтық өлең айтылғаннан кейін не болғаны да көрсетілген: «Құдай рахмат қылсын Тәттімбетке! Бұл Тәттімбет өзі Шаншардың Нұрике деген қатынынан өрбіген. Бертістің Бектемір деген баласынан: Битін, Шитін, Мөшке. Өзі бет біткеннің сұлуы, қызыл тілге келгенде, төрт аяғы бірдей жорға. Алшынбай-Жолшара: Шаншардың Айбике деген қатынынан. «Екі қатынның баласы екі ру ел»- демеді ме?! Әдейі осы асқа Шөжені алып барған. Сол екеуінің ажарын мұқату үшін. Жалған дүниеде өлеңшінің өлеңіне ілінген-жұрт аузында қалмақ. Шөже мен Балтаның айтысқаны»- деп, о да, бұ да қақсайды да жүреді. Өзге сөз өледі, өлеңді сөз өлмейді» (Мәшһүр-Жүсіп, 1178-папка, 271(158) бет). 7. Апам бүгін түсімде: «Сәлем!»- дейді. Бұл өлең Мәшһүр-Жүсіптің 1178- папкасы, 223-224 беттерінен алынды. Мәтін соңында мына ескерту орын алған: «Шөже осы өлеңді айтқан күнде Шаңдыбаста жеті жүз жылқы бар күні. Осы күнде сол Шаңдыбас тоқсанға келген томашадай шал. Жалғыз баланың табысына табысып, Екібас заводында шабын жалап жатқанын көрдім.» 8. Шөженің Шоң биге айтқаны. Шөженің Шоң биге айтқаны туралы Мәшһүр-Жүсіп мұрасын жинап көшірушілер: Мұхаммедфазыл Мәшһүр-Жүсіпұлы мен Жолмұрат Жүсіпұлының әулеттік мұрағатта бір-бір шумақ өлеңі сақталған екен. Мәселен, Мұхаммедфазылда: «Шөже ақынның Шоң биге айтқаны» (Фазыл-З-папка, 181 б.) -деп жазылса, Жолмұратта: «Шөже ақын айтқан екен дейді Шоң биге» (2-папка, 345 б.)-делінген. Біз тақырыптас осы екі мәтінді біріктіріп, бір туынды ретінде ұсынып отырмыз 9. Шөженің Секербайға айтқаны. Бұл өлең кезінде Мәшһүр-Жүсіптен сабақ, тәлім алып, кейін оның шығармаларын жинаумен айналысқан Иманбайұлы Омардың екі көшірмесі (Омар, 1-папка, 65-68 б. және 2-папка, 180-181 б.) бойынша берілді. Өлең басында мынадай ескерту орын алған: «Шөженің Секербайға айтқаны-Қаракесек: Күдерінің асында.»
Арыстан Тобылбайұлы Ақын өлеңдері әулеттік мұрағаттағы үш көшірмені салыстыра отырып әзірленді: Мұхаммедфазыл, 2-папка, 110-116 б.; Жолмұрат, 3- папка, 141-150 б. және Сұлтанмахмұт Иманмәдіұлы, 109-140 б. Бұл тұста Мұхаммедфазылда жоқ, тек Жолмұрат бойынша қосылған шумақтарды алдымен атап көрсетеміз. Ол: «Қылады Мекержіде байлар сауда»-деген тармақты маңдай еткен 4- шумақ, «Жеткенде жиырма бес[ке] Ташкент бардым»-деп басталатын 6-шумақ. Сонымен қатар: «Мен өзім сөйлеуші едім сөз төресін»- жолын алға салған 27- шумақ пен оған ілескен 28,29 30-шумақтар да Жолмұрат бойынша үстелгенін еске саламыз. Сондай-ақ: «Орнымнан бір отырған тұра бердім»- тармағын ту еткен 33-шумақ және «Астымнан-жер, үстімнен күн өтіп тұр»- деп басталған 36-шумақ та Жолмұрат бойынша қосылды. Мұндай үстелу: «Орыстың қашып шықтым қаласынан»-жолымен бастау алған 51 - шумақ, яғни Жолмұрат бойынша айналасы 9- шумақ, яғни 36 тармақ қосылды. Осы орайда ара-тұра Фазыл, Жолмұратта бар біраз шумақтары жоқ болса да, әрі жазылу ретінде өзгерістер орын ала тұра, кезінде ақынмен аралас-құралас болған Иманмәдіұлы Сұлтанмахмұт (ағайындары «Сұлтанмахмұт» атын қысқартып, «Шолтым» деп те атап кеткен-Н.Ж.) жазбасында Фазыл мен Жолмұратта ұшыраспаған біраз шумақтар орын алуы белгілі бір ақын шығармаларының ел арасында әр қалыпта, әр деңгейде жиналып, сақталғанын тағы да дәлелдей түседі. Енді Сұлтанмахмұт бойынша енгізілген өзгерістерді көрсетеміз. «Көк бесті мінілмеген баршын екен»- жолын маңдай еткен 18-шумак және 19- шумақ Фазыл мен Жолмұратта ұшыраспай, тек Сұлтанмахмұтта орын алған. Мұны «Орнымнан бір отырған тұра алмадым»- жолын бетке ұстаған 26-шумақ және оған ілескен: 27, 28, 29, 30-шумақтар және «Ауылым Қорғалжыннан асып кетті»- тармағын бетке ұстаған 45- шумақ пен оған ілескен 46-шумақ туралы да айтуға болады. Сондай-ақ: «Біледі жылқы айдаған жер алысын»- жолымен басталған 54- шумақ, «Сарысу-Сапақ кетті-жайлаймын-деп»- деген бастапқы тармағы бар 86-шумақ, «Сарысу-Сапақ кетті өрлеймін - деп»- ілгерлеген 88-шумақ туралы да айтуға болады. Сонымен бірге: «Мен Бұхараға барам-деп, қой айдады»- деп өрістеген 91- шумақ пен, оған ілескен: 92- шумақ, «Ақ мылтық қолыма алып, атпай қалдым»- деп басталған 105-шумақ, «Беліңді бір шешкен соң, бумай қалдың»- дегенді ту еткен 108-шумақ және соған ілескен 109-шумақ, сонымен қатар: «Қайтейін, Есіл, Нұражайым қалды»- деп жол бастаған 113-шумақ пен оған ілескен 114, 115,116, 117,118-шумақтар да тек соңғы жазбада орын алуымен ерекшеленеді. Соның нәтижесінде Сұлтанмахмұт бойынша айналасы 22 шумақ, яғни 88 тармақ қосылғанын еске саламыз. Осы орайда алдында соз болған ҚР YEA қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп жазбалары сақталған 1178-папкада: «Сарысу-Сапақ кетті өрлеймін- деп»- деп басталған 88-шумақ және әулеттік мұрағаттағы ІІ-папкада: «Кене хан, жақсы көресің, қарашыңмын»- деп басталатын 55-шумақ қана сақталуы-бәрі әрі бұл көшірмелердің бәрі Мәшһүр-Жүсіптен алынғанын, әрі қолжазба қорында «ең қажет, ең мәнді» деген мәтіндердің «қолды» болып, кезінде Мәшһүр-Жүсіп жазбаларын ақтарған, түрліше «қамқорлықпен» шектелген ағайындар ұшырасуы мүмкіндігіне де жарық түсіре ме деген ойдамыз. Мұның бәрі ақын көшірмелерін және ақын жазбаларын жинауға қолында мүмкіндігі барлардың бәрі де ат салыспаса, бұл Алла алдында да, аруақ алдында да кешірілмес қиянат, күнә болып қала берерін еске салғымыз келеді.
Орынбай Бертағыұлы
Абайділда ханға
Бұл туынды алдында сан мәрте ескерілген Алматыдағы ҚР ҰҒА қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы: 1176-папка, 319(413) б. мәтіні мен әулеттік мұрағатта сақталған (2-папка, 329 б.) ақын жазбасын салыстыра отырып әзірленді. 1176-папкада өлең соңында «Бозайғыр» жұтына қатысты мына бір түсіндірме орын алған: «Кенесары, Наурызбай қырғыздан қырғын тапқан жыл «жылқы» жылы еді. Арқада жұт болып, сол жұттың аты «Бозайғыр» атанған.» Ал, әулеттік мұрағаттағы нұсқада осы өлеңнің екінші шумағы жоқта, соңында мына ескерту бар: «Бозайғырдың мәнісі-жылқы жылы қатты жұт болған екен. Алдында «ұлуда» да жұрт жұтаған екен. Абайділда ханды орыс мейман тұтқау қылып алып кеткені сиыр жылы еді. Жеті жылда қайтып келді. «Сегіз жыл Итжеккеннен арман кетіп, // Ханымыз Абайділда қайдан келген?»- деген өлең де бар.»
Мәделі Жүсіпқожаұлы
Бәйтерек, Байзаққа
Жоғарыда ескертілген қолжазба қорында Мәделі туралы Мәшһүр-Жүсіп алдымен мынадай анықтама берген: «Түркістан, Ташкент орысқа алғаш қараған кезде Сыр бойынан Мәделі қожа ақын атанып, Үйсін: Дулатта отыз ұлды Байзақ пенен Бәйтерек араз болып, татулыққа келмей жүргенде, өлең айтып екеуін татуластырғаны.» Өлең соңында: «Екеуін татуластырып, табыстырып қайтқан» ескертуі орын алған.» (1177-папка, 64-бет). Сонымен қатар әулеттік мұрағатта орын алған Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазған мына бір мәліметтері де көңіл бөлерлік: «Ұлы жүз: Үйсін-Дулаттан «отыз ұлды» Байзақ пен Бәйтерек араз болғанда, Мәделі қожаның айтқан өлеңі.» (1-папка, 143-бет). Сондай-ақ әулеттіктегі Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазылған мына бір түсіндірмені де қоса келтіреміз: «Үйсін: Дулат - «отыз ұлды Байзақ» атанған Байзақ пен өз табынан шыққан Бәйтерек екеуі араз болып, атысып, шабысып, ел бүлініп, жаман болып бара жатқан соң, диуанадан шыққан Мәделі қожа жарастыра барғанда айтқан өлеңі.» (4-папка, 105- бет).
Тұз тартқандарға Өлең мәтіні алдында мынадай түсінік берілген: «Мәделі қожаның тұз тартқан Қоңыраттарға айтқан өлеңі.» (1177-папка, 64 б.)
Боза ішкендерге Бұл туынды алдында мына бір анықтама орын алған: «Боза ішіп, шуласып жатқан Дулаттарға айтқан өлеңі. Дулаттың төрт баласы: Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр. «Сиқым кеп пе, қиқым көп пе, // Жаныс көп пе, қамыс көп пе?» «Шымыр көп пе, шыбын көп пе?» Ботбай бәрінен көп. «Бақтияр!»- Ұлы жүздің ұраны. «Алдияр!»- Кіші жүздің ұраны.
Абғасыға Мәделі қожаның ағайыны бір Абғасы деген қожа Қоңырат ортасында Ораз деген бір елден қыз алып: «Қайын жұртым»- деп, ішінде отырып байыған екен де, байлықты көтере алмай: «Болыс боламын!»- деп, сол елмен партия болып, талас-тартысқа түсіп, мал шашыпты. Сонда сол Абғасы қожаға Мәделі қожаның айтқан өлеңі.» Өлең соңында Мәшһүр-Жүсіп ескертуі келтірілген:» «Ақындардың аузына Құдай салады ғой. Ораз көтеріліп, тулап кетіп төсекте жатқан жерінде қатыны төркініне болысып, мойнына шылбыр тағып беріп, сүйретіп өлтіріпті.» Бір қайнар деген қамысы қалың бір қопа қасқыры ну болады екен. Бір диуана сол қопадан қасқырдың бір күшігін алып асырап, ит есепті қылып, көтінен қалмайтұғын қылып, төрт-бес жыл жіп тағып жүрісіпті. Бір күні диуана қайнардың маңынан өтіп бара жатқанда, көп қасқыр ұлыпты. Бұны естіп диуананың иті де ұлыпты. Ұлып шуласқанның аяғы диуананың иті көбіне барып қосылып, шулап келіп диуананы талап жеп қойыпты.
Шортанбай Қанайұлы Мәшһүр-Жүсіп Шортанбайдың «Байды Құдай атқаны» деген өлеңінен үзінді (8 тармақ) келтірген соң, мына пікірін жазып қалдырған: «Оның сөйлегені біздің құрттай бала күнімізде еді. 1928-жылда, ұлу жылында, Құдайдың байды атқанын көзіміз көрді. «Құдай ұрғанды қоса ұрмаса, Құдайдың жандай досы болмайды»- деген де сөз бар.» (5- папка, 18-бет) Сонымен бірге алдында сөз болған қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасында осы іспетті пікір орын алған: «1928-жылда 22-мартта бейсенбі күн қоян құлады, ұлу таққа мінді. Жыл басы берекелі күнге келді. Егін, шөп ептейсіз көп болады, бидай, тары арзаншылық болады, балаларға ауырырақ тиеді. «Айдай әлемді»- демейін, итше ұлытқан жерлері болмақ. Шортанбай қожа айтқан екен.» (1177-папка, 24-бет). Әулеттік мұрағаттағы 5-папкадағы және осы 1177-дегі үзінді 8 тармақтан тұрса, кейінгіде мәтін соңында мына бір ескерту берілген: «Ғисабек ишан дауам айтып отыратын мәтелі: «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес». Бұл сөздердің шындығы жұрт көзіне биыл көрінді.» (1177-папка, 24-бет). І. Атамыз-Адам пайғамбар. Осы орайда Мәшһүр-Жүсіп шығармаларын кейінгіге көшіріп жеткізушілер ішінде алдымен оның Мәдина деген қарындасынан туған жиені Жолмұрат Жүсіпұлы, одан кейін кенже ұлы Мұхаммедфазылды еске алсақ, үшінші атайтын адамымыз, бір кезде оның атқосшысы болып, ұзақ уақыт іргелес тұрған Иманғали Маненов екені белгілі. Иманғали бір ретте Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасынан көшірсе, енді бірде ел аузына тарап, соны ауызша айтушылардан жазып алумен де шұғылданған. Мәселен бұған дейін жарық көрген «Жетпіс бап» (Хикаяттар мен дастандар шоғыры) сол ауызша айтушылардан жазылып жинақталса, бұл жолғысы тікелей өз жазбасынан алынған деп шамалаймыз. Мәселен, «Жетпіс бапта»- кейінгіге толық жетпегендіктен де, ұйқаспайтын тармақтар т.с.с. орын алса, бұ жолғысы неғұрлым ұйқас дәлдігімен т.с.с. ерекшеленеді. Енді Иманғали көшірмесін кейін жарық көрген кітаптағы нұсқамен (Бес ғасыр жырлайды, Алматы, Жазушы, 1989, 275-294 б.) салыстыру жүргізгенде, тағы да өткен ғасырларда белгілі бір әдеби үлгінің, әр нұсқада түрліше таралып отырғаны ашыла түседі. Ал, мұның езі кезінде баспа бетінде жарияланды деген үлгілердің де соған дейін де және одан кейін де ел арасына түрліше таралуын, баспаға шыққан нұсқаға да сол түрлішелік шарпуы тиюі мүмкіндігін ескеру қажеттігін діттейді. Міне, осы тұрғыда қарасақ, тек Мәшһүр-Жүсіп емес, ел арасына тараған басқа да үлгілерді салыстыра зерттеу ешқашан тоқталмауы керектігі айқындалады. Енді бұл ойларымызды нақты мысалдармен дәлелдеп көрейік: 1. Біз ұсынып отырған үлгідегі үшінші, төртінші тармақтардың: «Мұсылман, кәпір, халайық, // Сол Адамнан таралды»- жолдарының 1989 жылғы біз сүйеніп отырған кітапта ұшыраспауы не бұрынғы, не кейінгі цензура қыспағы салдарынан қысқару нәтижесі болар деп байымдауға болады. (Ескерту: әрі қарай бұл ұғымдарды қысқартып беріп («Бес ғасыр жырлайды», Алматы, Жазушы, 1989 ж.» деудің орнына: «кітапта, немесе бұрынғыда»- деп атаумен шектеліп, әулеттік мұрағаттағы Иманғали Маненов жазбасы, 3-папка демей-ақ, «Иманғалида», не «қолжазбада», не «кейінгіде»- деуменен шектеліп, онан кейін сондағы бет ретін көрсетіп қана отырамыз-Н.Ж.) 2. Кітапта: «қорлықтан»- делінсе, Иманғалида «қарлықтан» (171 б.)- түрінде берілген. Біз сөз мағынасына, орнына т.с.с. қарап, кейінгісі дұрыс деп шештік. 3. Кітапта, яғни бұрынғыда: «Жақсылықтан нәрім жоқ»- делінсе, Иманғалида, яғни біздегі қолжазбада «нәрім» орнына «ырым» сөзі келтірілген. 4. Бұрынғыда: «Ораза, намаз қылғанның»- делінсе, қолжазбада, яғни кейінгіде соңғы сөз орынын «қаза қылмасаң» иеленген. 5. «Әр неме түсер ойыңа»- деп кітапта берілсе, қолжазбада «неме» сөзін «нәрсе» ығыстырған. 6. «Топқа кірсең әркіммен»- деген бұрынғыдағы соңғы сөз қолжазбада «арсызбен»-деп ауыстырылған. 7. «Көп-жалғыздың саясы»- жолы алдындағы «Бай-жарлының панасы»- тармағы кітапта не цензура, не басқа себеппен түсіп қалса, тағы да кейінгі мәтін, яғни Иманғали жазбасы бойынша толықтырылды. 8. Бұрынғыда: «Тілінен тамар шырасы»- делінсе, тағы да кейінгі бойынша соңғы сөз «шырайы» болып өзгертілді. 9. Кітапта: «Тілінен тамар шырасы» жолынан кейін не цензура, не түрлі себеппен: «Мағлұм дүр Құдайға»- жолымен басталған төрт тармақ кірмей қалса, тағы да қолжазба бойынша енгізілді. 10. Бастапқыда: «Өлімге де мал керек»- түрінде берілсе, қолжазба бойынша алғашқы соз сәл өзгерумен бірге, тағы бір тармақ тыңнан қосылды. 11. «Сахарменен» сөзіне аталған кітапта «ертемен»- деген аударма анықтамасы берілгенін мақұлдап еске саламыз. 12. «Сахарменен тұрғанын» жолынан кейін не цензура, не түрлі себеппен: «Хақ дидарын көрерсің, // Ақырет қамын қылғаның»- тармақтары енбей қалса, тағы да қолжазба бойынша толықтырылды. 13. «Сират» сөзіне аталған кітапта «қыл көпір»- деген түсіндірме берілгенін біз де мақұлдаймыз. 14. «Өлгенде жанға пайданы» жолынан кейін тағы да түрлі себеппен: «Ұйқыдан кешіп көп жатпай» -тармағын маңдай еткен 9 жолдық мәтін қысқарту құрбаны болса, бұ жолы қолжазба бойынша қалпына келтірілді. 15. «Дәмді харам шайнама»- жолынан кейінгі: «Құдіретке күніңсіз /7 Құдайменен ойнама»- тармақтары тағы да қолжазба бойынша қосылды. 16. «Өнерпаздың өнері»- тармағы да кейінгі бойынша: «Құмарпаздың құмары»-делініп берілді. 17. «Өкінсең жоқ келері»- дегенге ілескен: «Тозар торқа, боз шірір // Бетінен кетпес бедері»- жолдары тағы да қолжазба бойынша енгізілді. 18. «Құданың болса берері»- дегеннен кейін: «Он сегіз мың ғаламды»- жолынан бастау алған үш тармақтық мәтін де қолжазбадан алынып кіргізілді. 19. «Жайлауда қонсаң бір жерге»- дегеннен соң: «Көк ала шатыр нарменен»- деп басталған төрт тармақтық мәтін де қолжазба бойынша қосылды. 20. «Біле тұра айтасыз»- дегеннен кейінгі: «Күн шыққан соң, намаздың // Қаза боларын біле тұра жатасыз»- жолдары да қолжазбадан енгізілді. 21. «Әділ» сөзінен кейінгі «би» сөзі де қолжазба бойынша кіргізілді. 22. Кітаптағы: «Жер тырнадай қор қор болмас»- тармағы да қолжазба бойынша: «Жер тіремей тұра алмас»- деп өзгертілді 23. «Айдасаң қиық жүрмейді»- деген кітаптағы «қиық» сөзі орнын қолжазбадағы «қырсық» сөзі иеленді. 24. «Төрт түлігі аманға»- дегеннен соң: «Алтынды ордаң болса да»- деп басталатын 6 тармақтық мәтін де қолжазба бойынша берілді. 25. «Тіс тиген соң өзіне»- тармағындағы соңғы сөзден басқасы қолжазбадағы: «Тең болмаса» сөздерімен алмастырылды. 26. «Қарауыл қояр сөзіне»- жолынан кейінгі: «Құдайдың барын білмеген»- тармағы да қолжазбадан алынып қосылды. 27. «Кісі үшін дер шалабын»- дегендегі соңғы сөзден басқасы қолжазбадағы: «Кісі ішсін дейді»- сөздерімен өзгертілді. 28. «Өлгенге мал ермейді»- тармағынан кейін: «Көріңдер енді, жігіттер»- жолы үстелумен бірге одан соңғы тармақ аяқталымындағы «шолағы» сөзін «шолағын»- деп өзгерту де қолжазба бойынша жүргізілді. 29. «Төрт жардан шыққан би болар // Ақылы асқан дүр болар»- жолдарындағы «би» сөзін - «қыр», «асқан» дегенді «асса»- деп өзгерту де қолжазбаға сүйену жемісі. 30. «Малы көп кісі би болар» дегендегі «би» сөзін «пұл» деп ауыстырып, оған қоса «Малы жоқ кісі құр болар»- тармағын енгізу де қолжазба көмегімен жүзеге асты. 31. «Мейір кетті пендеден»- дегендегі соңғы сөздің «патшадан»- болып өзгертілуі де қолжазба әсері. 32. «Ей, мүһмин, құлшылық қылсаң не етеді?»- деген бір жол қолжазбада ұзартылып, екі тармақ күйінде отау тіккен: «Мүһмин болған пенделер // Құлшылық қылсаң, не етеді?» 33. «Дүние, малын сүйгендер // Мінбей, кимей өтеді»- деген кітаптағы жолдар қолжазбада біраз өзгеше шаңырақ көтерген: «Малым көзі қимаған // Ішпей, жемей өтеді.» 34. «Бір кісі емес, әркімнің // Басында бар сөйтеді»- деген кітаптағы «әркімнің» орнын «әр адам» иеленіп, кейінгі жол: «Бәрі сөйтіп өтеді»- түрінде өзгерумен қатар қолжазбада одан соң: «Дүниенің сүрсең дәуірін»- тармағын ту еткен бес жолдық мәтін үстелген. 35. Кітапта: «Меһірдан қатты мал бітіп»- делінсе, қолжазбада бастапқы екі сөз: «қалыптан артық»- түрінде өзгерген. 36. «Шернеуде жазған несіпке»- дегендегі бастапқы сөз тағы да қолжазба негізінде «әзелде»- делініп өзгертілді. 37. «Сүмбіле туып күз болмай»- дегендегі «күз» сөзі қолжазбада «жаз» делініп берілген. 38. «Білсеңіз, бағым болар ма?»- дегендегі «бағым» сөзі де қолжазба бойынша «дауа»-деп, алмастырылды. 39. «Сүйекпен кетпей болар ма»- дегеннен кейінгі: «Иманнан басқа нәрсені //Құдайдан көп сұрама»- жолдары да қолжазба бойынша қосақталды. 40. «Ерден қайыр кетпесе, // Өлтірмейді есікте, // Өлшеп берген несіпке»- дегендегі «өлтірмейді» орнында қолжазбада «отырмайды» сөзі берілген. Сөз қисыны да кейінгінің ұтымдылығын байқатып тұр. 41. «Оңбас түске өшікпе»- дегендегі соңғы сөзден басқасы қолжазбада: «Оңалмас іске»- деп, басқаша алынған. 42. «Патша болса да малы азға»- дегеннен соң: «Езіп жақсаң, кір жұқпас // Сексен сынды маңғазға»- жолдарының қосылуы қолжазбаға иек арту нәтижесі. 43. «Болар ма еді арманың?»- жолынан кейін: «Ескірмес ердің астыңда»- тармағымен басталған 6 жолдық мәтін де қолжазба бойынша қосылды. 2. Шортанбайдың насихаты. «Сапарда жалғыз қалғаның»- жолынан кейінгі: «Шортанбайдың өлер уағында қатын-бала, ел-жұртқа айтқан насихаты»- дегенді маңдай етіп, «Мінеді ғаділ патша алтын тақты»-деген 11 буынды жолмен басталған 13 шумақтан, яғни 52 тармақтан тұратын мәтін де қолжазбаға сүйенумен енгізілді. 3. Адамның жалған дүниесі. «Адамның жалған дүниесі»- жолымен басталған туынды кітапта да, қолжазбада да орын алған. Енді аз-кем айырмашылықтарға көңіл бөлейік: 1. «Түңілмей ырза болу жоқ»- дегендегі бастапқы сөз қолжазбада «төгілмей»- деп берілген. 2. «Күннен-күнге сәндендім»- дегендегі соңғы сөз тағы да қолжазба бойынша «сенделдім»- деп өзгертілді. 3. «Қалықтаған сұңқар ма ем»- дегендегі бастапқы сөз қолжазба негізінде «халықтан асқан»- сөздерімен алмастырылды. 4. «Жалғаннан дәмім таусылды»- жолынан кейінгі «Жарылқа, Құдай артымды»- деп басталатын 12 тармақтық мәтін тек қолжазба бойынша енгізілді. 5. «Жалған бетті кездеңдер»- дегендегі бастапқы екі сөз: «жанға бейнет»- түрінде өзгертілді. 6. «Сөз айтайын, үлкендер»- дегеннен кейінгі: «Құдайдан ғапіл өтпеңдер» -жолы да қолжазба бойынша кіргізілді. 7. «Басшы біткен кәріңе»- орнында қолжазбада мына екі тармақ жайғасқан: «Жасы жеткен кәріңе! // Ұяларсың Құдайдан.» 8. «Тату да болып жүре алмас»- дегеннен кейін: «Дұғай сәлем дегейсің»- жолын бетке ұстаған үш тармақ та тек қолжазбада ұшырасуымен ерекшеленеді. 9. «Дүниенің боғы осы деп, // Өлгенімше сайрадым»- орнында қолжазбада «Дүниенің боғы үшін // Өлгенімше сайрадым»- қоныс тепкен. 10. «Қарсон менен Кернейге»- дегеннен соң: «Бай мен жарлы, кедейге»- тармағы қосылуы да қолжазбаға ғана иек арту көрінісі. 11. «Қуанбасын көңілге»- дегендегі аяққы сөзді қолжазбада «дәулетке»- ығыстырған. 12. «Өлгенінше шайнаған»- сөздерін қолжазбада: «Өлгенімше жинаған»- ауыстырған. 13. «Тоқтасын сөз бен ақылға» - дегеннің артында қолжазбада: «Ие болсын артына»-жолы жайғасқан. 14. «Құдайдың ісі бұзық па»- дегенге ілескен: «Дүниеге қызықпа»- тармағы да қолжазба бойынша үстелді. 15. «Әркім де біздей қайғырған»- тармағымен жіптескен: «Қалған дүниеде пайда жоқ, // Жарылқа, Құдай, алдымнан!»- жолдары да қолжазба бойынша кіргізілді. 16. «Байды Құдай атқаны»- дегеннен кейінгі 4 жолдық мәтін, одан 4 тармақ өткеннен соң: «Жалғыз сиыры бар болса»- деп басталатын 4 жолдық үзік Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасында екі жерде ұшырасады (Мәшһүр-Жүсіп, ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасы, Қолжазба қоры, 1177-папка, 24 бет және әулеттік мұрағаттағы 5-папка, 18-бет). 17. «Елубасы, онбасы»- дегеннен соң орын алған: «Ол-шайтанның жолдасы»- тармағы да тек қолжазбаға иек арту жемісі. 18. «Қаратауда туылдың»- дегендегі екінші сөз қолжазба негізінде «туладың»-дегенмен алмастырылды. 19. «Күнде түсіп аптықпа»- дегендегі үшінші сөз қолжазбада «апатқа»- түрінде ірге тебумен қатар, оған ілесе: «Ман раббік- деп сұрағанда, // Ұяларсың Құдайдан»-тармақтары қосылған. 20. «Екеумізді пір тұтып»- дегендегі соңғы сөз «тұтқан»- деп сәл өзгерумен бірге оған ілескен: «Кімнің діні бұзылмас» тармағы қолжазба бойынша қосылды. 21. «Иман бер деп сұраңыз»- дегеннен кейін: «Бұл айтқаным-ақылым»- тармағының енуі де қолжазба бойынша жүзеге асырылды. 22. «Арттағы Құдай басыңда»- тармағы да қолжазба бойынша: «Ауыртты Құдай басымды-ай»- деп өзгертілді. 23. «Жүгірмек болған жасым-ай»- дегеннен кейін: «Әр жұмада жүре гөр»- деп басталған 4 тармақтық мәтін де қолжазба бойынша қосылды. 24. «Жетім бір қалған жас ұлға-ай»- тармағынан кейін ірге тепкен: «Көргенімше күн қайда?»- жолы да-қолжазбаға сүйену жемісі. 25. «Өлгенімді көргенің»-дегеннен соң: «Өлім үшін жаратқан»- деп басталған 9 тармақтық мәтін тек қолжазба көмегімен үстелді. 26. «Патша болған Сүлеймен, // Олар да өткен дүниеден»- жолдарынан кейінгі: «Ойлап тұрсам жалғаннан»- тармағын ту еткен 18 тармақтық мәтін де тек қолжазба бойынша кіргізілді. 27. «Қарызды ойлап саспаған»- дегеннен соң: «Дүниеде мал мүлкің»- жолын маңдай еткен үш тармақтық мәтін де қолжазба бойынша септелді. 28. «Аяй көрме ақылды»- дегеннен кейін: «Қояр ма екен Құдайым»- жолымен басталған 11 тармақтық мәтін де қолжазбаға сүйеніп енгізілді. 29. «Айта гөр, Жәке, иманды»- жолына ілескен: «Уа, Алла, тағалам»- тармағы да қолжазба бойынша орын тепті. 30. «Пірлерден кетіп керемет»-дегеннен соң берілген: «Патшадан кетіп әділет // Ақыр заман таянды»- тармақтары да қолжазбаға иек арту нәтижесі. 31. «Бір пендеге ұл бермей»- дегеннен кейінгі: «Бір перзентке зар ғып тұр, // Бір адамға ұл беріп»- жолдары да қолжазба бойынша қосылған. 32. «Ұрлық пенен зорлықтан»- дегендегі аяққы сөз қолжазба бойынша «қарлықтан»-деп түзетілді. 33. «Аузы қарыс»- дегендегі алғашқы сөз қолжазба бойынша «азуы»- деп өзгертілді. 34. «Не қылайын дүниені»- дегеннен сон берілген: «Тырнақтап жидың сен нені?! // Жау қалқанын ер күтіп»- тармақтары да - қолжазбаға иек арту көрінісі. 35. «Ағаш атты тізгіндеп, // Шананы міндік күймелі»- жолдарындағы «шананы»-дегенді тағы да қолжазба бойынша «арба» сөзі ығыстырды. 36. «Қарсы шап та, мылтық күш, // Құр жабырқап жүдеме»— жолдары колжазбада біраз басқаша берілген: « Қарсы шап та мылтық қауыш, // Қоршап тұрса, жүдеме.» 37. «Аюдайын ақырған»- дегеннен соң, «Қимаймыз деп айрылдық»- жолымен басталған 9 тармақтық мәтін де тек қолжазба бойынша үстелді. 38. «Пысықсыған немесі»- жолы кітапта бір түрлі түсініксіздік әкелсе, қолжазбада ол кеңейіп, былай өрілген: «Старшын қойған болды жұрт // Пысықсыған немесін.» 39. «Қызыққан соң параға»- дегеннен кейін: «Көшіп кетер жерің жоқ»- тармағын бас еткен 33 жолдық көлемді мәтін де қолжазба бойынша үстелгенін ескерсек те, біз сүйенген жазба құндылығы ашыла түседі. 40. «Мейір сөз кетті сырластан»- тармағы да қолжазба бойынша: «Мейір-шапағат кем болып»- деп өзгертілді. 41. «Жол тосынған жолдастан»- дегеннен соң: «Заманақыр кезінде»- жолын маңдай еткен 9 тармақтық мәтін де тек қолжазба бойынша кіргізілді. 42. «Пайдасы жоқ шырақтың»- дегеннен кейін: «Арам туған баланың»- тармағын бетке ұстаған 11 жолдық мәтін де қолжазбаға сүйену көрінісі. 43. «Ойлап тұрсам, жігіттер»- дегеннен соң: «Ақыретте жанға қас»- деп басталатын 5 тармақтық мәтін де қолжазбаға иек арту нәтижесі.
Сөздің басы- Бисмилла Бұл туынды тұтасымен жоғарыда сөз болған кітапта мүлде жоқ, тек Иманғали көшірмесінде (3-папка, 190-195 б.) орын алған. Мәтін соңында: «тамам болды» деген жазу тұр.
Кәрілік туралы Бұл туынды Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы (ІІ-папка, 80 б.) бойынша берілді. Мәтін маңдайшасында: «Шортекең сөзі»- деп жазылған.
Күдеріқожа Көшекұлы Күдеріқожа өлеңдерін келтірмес бұрын Мәшһүр-Жүсіп мынадай кіріспе сөз жазған: «Сөйлей берсе, сөз таусылмайды; Сарт құрымай, без таусылмайды.» Абылай ханның қалмақты Сарыарқадан бостырып аударған [дей]тұғын заманасында болған шайыр Көшекұлы Күдеріқожа сөйлеген. Бұрынғы заманда жоңғария-қалмақ күшті дөкей ірілік қылған қырық сан қара қалмақта Қоңтажы деген тайшысы болған. Қалмақ «хан» деген сөзін «тайшы» дейді екен. Он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауытта «кәрі Аюке»- деген тайшысы болған. «Аюкенің ауыр қолы» атанған. Құба қалмақтың Қалдан Шерін деген тайшысы болған, Үше, Сирең деген жайсаңдары болған. Солардың тұсында қалмақ қазаққа таң атырып, күн шығармаған: шапқан, талаған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»- заманы сол кезде болған. Тілеуімбет батыр он алты ұлы барлығына мазаттанып: «Жасқанып, қашпаймын!»- деп, қалмақтан қаза тапқан. Бір емшектес інісі Наурыз алты баласын соңына ертіп, жан сауғалап қашып, аман құтылған. Тобықты: Әнет бабаң деген қарт жау жолында, төбе басында жаяу отырып қалған. Сонда соның кегін Абылай хан ат арқасына мінген соң алған. Қалмақтың қалайша ауғандығын, бүлген, жарылғандығын Көшекұлы Күдеріқожа жырау қылып сөйлегендігін Көпейұлы Мәшһүр-Жүсіп: «Кейінгіге тарих болсын» үшінге қағаз жүзіне нұсқа қылып, жазған.» (1177- папка, 37- бет). Осы өлең мәтіні соңында мынадай түсіндірме орын алған: «Дайыр-төре: Бөкей-Дайырдың Дайыры. Бөкей Қаракесекке төрелік қылған. Дайыр, Тінәлі, Темеш Малай-Жәдігерге төрелік қылған. Ыңызтайым Малай-Жәдігерден шыққан батырлар замандарында Дайыр төреге төлеңгіт болып, аталық атанған. Көшекұлы Күдері Алтай: Қарпықтың Қарпығы ішінде өсіп-өнген қожалар. Күдеріқожа баласы-Қолат қожа. Мұның баласы-Құлжан қожа, мұның балалары: Ғайса, Мұса, Баймен қожалар.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1177-папка, 41-бет). Күдеріқожа өлеңдерін келтірер алдында екінші бір жазбасында Мәшһүр-Жүсіп соған орайлас мына пікірді келтірген: «Абылай ханның қалмақты аударғанын Көшекұғлы Күдеріқожа сөйлегені. Қырық сан қара қалмақта Қоңтажы деген ханы болған. Он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, кәрі Аюке деген ханы болған. «Аюкенің ауыр қолы» атанған. Құба қалмақтың Қалдан Шерін деген ханы болған. Қаратауда, Шудың аяғында Уса, Серең деген жайсаңдары болған. Солардың тұсында қалмақ қазаққа таң атырып, күн шығармаған: шапқан, талаған. «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама»- заманы сол кезде болған. Тілеуімбет батыр он алты ұлымен: «Жасқанып, қашпаймын!»-деп, қалмақтан қаза тапқан. Інісі Наурыз-алты ұлды-жан сауғалап қашып аман құтылған. Тобықты: Әнет бабаңдар жаяу жүре алмағандықтан, төбе басында отырып қалған. Сонда соның кегін, Абылай хан ат арқасына мінген соң, алған. Сонда қалмақтың қалайша ауғандығын, бүлген, жарылғандығын Көшекұғлы Күдеріқожа жырлап сөйлеген. «Кейінгіге тарих (туарих) болсын» үшін Мәшһүр Жүсіп Көпеев қағаз жүзіне нұсқа қылып қалдырған.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1176 папка, 299 (393) бет). Бұл жазба соңында да Мәшһүр-Жүсіптің алдыңғыға ұқсас түсіндірмесі орын алған: «Егіз, Тайым-Малай: Жәдігерден шыққан батырлар, замандарында «Аталық» атанып, хандардың көші-қонын билеп-төстеп жүрген ерлер. Дайыр төре-Бөкей: Дайырдың Дайыры. Барақ-Күшіктің Барағының балалары. «Қырық сан Барақ ханның елі»- атанған, Ташкентте тұрып ханлық қылған. Бөкей:Дайыр, Шығай хан, Баба, Маман, Ханқожа. Бөкей ұрпағы: Жамантай, Құсбектер. Осы күнгі Әлихан Бөкейханов сол нәсілден.»
Ақмолла Мұхамедиарұлы Ақмолла Мүхамедиарұлы өлеңдерінің 1917 жылғы төңкеріске дейін (1892 ж.) де, одан соң Кеңес билігі кезінде де басылғаны (Күндер мен түндер, Алматы, Жазушы, 1986) белгілі. Біздің назар аудармағымыз: кітап бетіндегі нұсқа мен Мәшһүр-Жүсіп жазбасы арасында елеулі айырмашылықтар орын алған. Бұл ерекшеліктер төркіні, мұның алдында сан мәрте ескертілгендей, Ақмолла өлеңдерінің баспа бетін көрмес бұрын ел арасына түрліше қалыпта таралу мүмкіндігінде жатса керек. Енді нақты мысалдар келтірейік:
1 .Кітапта (яғни «Күндер мен түндер» жинағы, Алматы, Жазушы, 1986 ж.):
Адамнан кеуде қалмас ғарып болмай,
Пақырлық тұрмысты бір танып болмай.
Әдетіне мысқылдау, яки қорлау,
Сөз сөйлемес біреуді ғайбат қылмай. (59 б.),- деп берілсе,
Мәшһүр-Жүсіп жазбасында ол көп өзгерген:
Адамнан нағуа қалмас кәріп болмай,
Пақыр сыхаптына озып болмай.
Әдеті иа рыстыһыз, иа хакарат,
Еріккен ердің қорын парық қылмай.
(Мәшһүр-Жүсіп, 1173-папка, 17 «ә»- топтама, 8(239) б.)
Ескерту: әрі қарай екі нұсқаның да тек бет ретін көрсетумен шектелеміз- Н.Ж.) 2. Біреуге дүние-бақыт асыл болса,
Мұратқа жететіндей тәсіл болса.
Нәпсісі перғауындай болып қалар,
Бір қайғы, қаза көріп басылмаса (кітап, 59 б.).
Біреуге дүние нажат хасил болса,
Мұратқа һуасынша уасыл болса.
Нәпсісі ферғауындай дағуа қылар,
Бір пітне қаза келіп басылмаса (Мәшһүр-Жүсіп, 8 б.).
3. Өзгені қасиеті бар деп білмес,
Өзіне жақын жерден қорған салса.
Ерлерді мысқыл етер, я кемітер,
Тумысынан егер де кем жан болса. (Кітап, 59 б.).
Ғұмыры[н]да қасиетті бар деп білмес,
Өзіне шын нәпсіні қасқыр қылса.
Кәмілді хиқыр көрүр оба алғас,
Сағадат пітір иесі тақсыр болса!
4. Ғылымның біліміне іңкәр болып, Төбелеспей басылмас біздің ашу,-делініп, кітапта (63 б.) алғашқы екі тармақпен шектелу орын алса, Мәшһүр-Жүсіпте әрі бастапқы жолдарда өзгешелік болумен бірге соңғы екі тармақ қосылған:
Кәмілдің кәміліне іңкәр етіп,
Төбелеспей, басылмас сондай ашу.
Істік бардан басқа жоқ ғадауатына,
Мұратымыз мадасы ғурит ашу.
(Мәшһүр-Жүсіп, 8-9 б.). 5. Төмендегі мысалда бастапқы бірінші, екінші тармақтар мен соңғылардың (үшінші және төртінші жол) орын ауысуымен қатар жеке сөздер ерекшелігі бар. Осы тұста кітапта араб, парсы, көне сөздерді аудару орын алса, Мәшһүр-Жүсіпте сол қалыпта беру байқалатынын ескертеміз.
Күнәміз көптігінен жер көтермей,
Жаңбырдан құры қалды біздің басу.
Қақпаға бір бай келсе, хош келдің, деп,
Мүсәпір, ғарып келсе, үркіп қашу, (кітап, 64 б.).
Есікке бір бай келсе, хош әми-ді,
Мүсәпір, пақыр келсе, үйге қашу.
Күнәның сомлығымен жер көтермей,
Тәңірден құры қалды біздің басу.
(Мәшһүр-Жүсіп, 9 б.). 6. Мына үзіндіде де «дін, ислам» сөздеріне 1917 жылғы төңкеріске дейінгі, не одан кейінгі қысқарту, өзгерту әсерін қабылдағандық байқалады:
Олардың тілегінше жүре берсең,
Адамдық қасиеттерді қырмақ керек (кітап, 62 б.).
Міне, осындағы «адамдық қасиеттерді» сөздері орнына Мәшһүр-Жүсіпте: «Дін ислам ғирасыны»-алынуы бәрі кейінгінің (Мәшһүр-Жүсіптің) цензура т.с.с. қыспағынсыз еркін жазып қалдыру айғағы тәрізді. 7. Ұстаздық ісі қиын-жөн білмесе,
Өзіне ынсап беріп көндірмесе (Кітап, 63 б.).
Молдалық ісі қиын, жөн білмесе,
Құдайым таупық беріп, көндірмесе (Мәшһүр-Жүсіп, 10 б.).
Міне, мұнда Мәшһүр-Жүсіптегі: «молдалық», «Құдайым» сөздері де кітапта орын алмауымен ерекшеленеді. 8. «Ұстаз болсын пән үшін жанын қиған» - дегендегі кітаптағы (64 б.) бастапқы 3 сөз де Мәшһүр-Жүсіпте қысқартуға ұшырамағандықтан да, өзгеше екені байқалады: «Молда болсын дін...». 9. «Шындықтың исі шықпас ісімізден»- дегендегі (Кітап, 65 б.) бастапқы сөз тағы да сол себептермен Мәшһүр-Жүсіпте басқаша алынып: «Шариғат»- деп келтірілген. 10. «Дүниеде толып жатқан білгіштер бар»- дегендегі (Кітап, 65 б.) «білгіштер» орынын Мәшһүр-Жүсіпте «ғазиздер» иеленген. 11. «Аз нәрсеге долданып, түсін бұзар, // Ұятын күпірлікке сатар деген»-жолдарындағы (кітап, 72 б.) «түсін» сөзі - «дінін»; ал «ұятын»- «иманын» сөзімен Мәшһүр-Жүсіпте алмастырылған (12 (235) бет). 12. «Әдепсізде ар болу ғажап деген»- тармағындағы (кітап, 72 б.) «ар болу» сөздері орынын Мәшһүр-Жүсіпте «иман түру» иеленген. 13. «Не дерсің: жылап тұрар орындарда // Айғайлап, әзілдесіп, күлгеннен соң»-тармақтары (Кітап, 73 б.) да Мәшһүр-Жүсіпте (1173- папка, 17 «ә»топтама, 13 (234) б.) дін әсері мол болуымен ерекшеленеді: «Алладан қорқу деген қайда қалды, // Зар жылар орындарда күлгеннен соң!» 14. Алыңыз ғалымдардан мұны сұрап,
Болмасын адам деген сенде құр ат.
Жүзіңде кісі сынды көрінгенмен,
Адамдық пайдасында-мағына, мұрат (Кітап, 74 б.).
Алғашқы тармақтағы: «ғалымдардан» сөзі орнын- «молдалардан», екінші жолдағы: «адам деген» сөздерін - «мұхылманмын», соңғы жол басындағы: «адамдық» - ысырылып, «ақырет» сөзі енуі-бәрі Мәшһүр - Жүсіп өзгерістері, яғни цензура атаулыдан ада болу дәлелдері демекпіз. 15. «Ғақайд» және одан екі тармақ кейін орналасқан «шамия» сөздеріне жоғарыда аталған кітапта (74 б.) «оқулық аттары»-деп, дұрыс анықтама берілген. 16. «Ұстайсыз арзан көріп, бала ұстаз» (Кітап, 74 б.)- дегендегі «ұстаз» сөзі екінші және төртінші жол аяғында қайталанып, ұйқасқа қызмет етсе, Мәшһүр-Жүсіпте «ұстаз» дегенді үш тармақ соңында да «молда» сөзі ауыстырған. 17. «Туралық бұл заманда құрып қалған, // Тура айтушы арт жақта бұғып қалған»-делінсе, (Кітап, 75 б.) Мәшһүр-Жүсіпте «туарлық»- «тұғырлық», «тура айтушы»- «тұғыры айтушы» сөздерімен алмастырылған (14(233) б.). 18. «Байланған тамақпенен тіліміз бар» (Кітап, 75 б.)- дегендегі екінші сөз Мәшһүр-Жүсіпте: «тамиғпенен»- деп өзгертілген. 19. «Бұл айтылған қылықтар табылады // Адамсыған, оқыған бұзықтардан» (Кітап, 76 б.)- жолдары да Мәшһүр-Жүсіпте өзгеше қалыпта өрілуімен ерекшеленеді. Мәселен, алғашқы жолдағы «қылықтар»-«бір ит істер»; «оқыған бұзықтардан» (екінші жолдағы)-«ғақылға толықтардан»- сөздерімен алмастырылған. Осы шығарманың қағазға қашан түскені туралы Мәшһүр-Жүсіп мәтін соңында былай ескерткен екен: «Бәрі - 320 жол. Алла рахмет айласын Ақмолла марқұмға! 1910 жылында, ғинуардың әуелгі оңында, тауық жылының қысында.» Сөз соңында ескертеріміз: кітап бетіндегі мәтін мен Мәшһүр-Жүсіптің бар айырмашылықтарын тізе беруді мақсат етпедік, ең басты, өзектілерін ғана іріктеп сөз етіп, толық салыстыруды түбінде Ақмолла шығармалары текстологиясымен арнайы айналысушылар үлесіне қалдырдық.
Біржан Қожағұлұлы Мәшһүр-Жүсіп шығармаларын сақтап, жинаушының бірі онымен көп жыл сыйлас, іргелес тұрған Иманмәдіұлы Сұлтанмахмұт (Шолтым) екені белгілі. Бұ жолы Сұлтанмахмұт жазбасына сүйендік. 1. «Баласы Қожағұлдың ақын Біржан»-деп басталатын өлеңді баспа бетін көрген (мәселен, «Бес ғасыр жырлайды», 2- том, Алматы, Жазушы, 1964, 157-165 б.) ақын туындылары ішінде кездестірмедік. Бұл туынды, демек, әулеттік мұрағаттағы Сұлтанмахмұт көшірмесі (9-бет) бойынша тұңғыш ұсынылып отыр. 2. «Бел байлап, тәуекел деп төзгені артық»- деп, жоғарыда аталған кітапта (163 б.) берілсе, әулеттік мұрағаттағы жазбада «төзгені» орнын «жүзгені» сөзі иеленген. 3. «Өзіңмен бірдей жанып, бірдей күйген»- деп, аталған кітапта алынса, әулеттікте, яғни Мәшһүр-Жүсіптен көшірген Иманғалида, «жанып» емес, «жатып» кіргізілген. 4. «Бұл күнде арық қойдан бағам кейін, // Үш жүзді сайран қылған Біржан едім»-қалпында кітапта орын алса, көшірмеде алғашқы тармақ соңындағы «кейін» дегенді «төмен» сөзі «ығыстырып», екінші жол басындағы сөздер: «Үш жүзге аты шыққан»-түрінде берілген. 5. Осы мәтіндегі: «Сөз айттым мұнан бұрын әлденешеу»- деп басталатын бір шумақтық мәтіннің бұдан бұрынғы басылымдарда орын алмай, тек Мәшһүр-Жүсіп мұрағатында ұшырасуы да басқа ақындар тәрізді Біржан өлеңдерінің де жиналып бітпегенін дәлелдей түседі.
Базар Өтегенұлы «Әр нәрсенің парқы бар» өлеңі мәтіні Мәшһүр-Жүсіп мұрасын жинаушы, іргелес елді мекен еткен Әшім Қарақызұлы көшірмесі бойынша енгізілді. Бұл туындының да ел арасына кеп нұсқалы болып таралуының дәлелі шағын өлеңнің өзінде біраз айырмашылық орын алуы. 1. Жоғарыда аталған «Бес ғасыр жырлайды» (2-том, Алматы, Жазушы, 1984,283 б.) кітабында: «Байқарсың бір күн басыңа»- деп берілсе, әулеттік мұрағаттағы Әшім Қарақызұлы жазбасында(225 б.) соңғы сөз орнын «білерсің» иеленген. 2. «Асқардай»- деген кітаптағы сөз: орнында көшірмеде «аспандай» жайғасқан. 3. «Дария шіреп тасқандай»- дегендегі соңғы екі сөз көшірмеде: «толқып тасқандай!» түрінде енгізілген. 4. «Кәрілік пен»- деген кітаптағы сөз әулеттік мұрағатта: «кәрі менен» түрінде ірге тепкен. 5. Кітапта: «Тозбайтын бектік тоңдайсың»- делініп, «бектік» сөзі біртүрлі ұғынықсыздық арқаласа, оның орнын қолжазбада «берік» сөзі иеленуі арқылы ұғым дәлдігі қалпына келгені анық. 6. Кітаптағы: «қуаң» сөзінің әулеттіктегіде «кілем»- деп жазылғаны ескерілді. 7. «Қуанып бүгін отырмын // Есен-сау басты қосқанда-ай!»- дегендегі соңғы сөздің кітапта: «қосқанға-ай»- түрінде берілуі де белгілі бір туындының ел арасында көп нұсқалы болып тарау мүмкіндігін аша түседі.
Ақан сері Қорамсаұлы Осынын алдында сан рет аталған ҚР YFA Орталық ғылыми кітапханасы, қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіптің 1176- папкадағы өз қолымен жазылған түсіндірмесі: «Керей, Сағынай асында болып, Құлагердің қалай жығылғанын көзіне көрген кісінің сөзі: «Бұл Құлагерді өлтірушілер-Алтай:Мұрат-Қотыраш, Батыраш балалары. Аттың алды қарақшыға бір шақырым жақындап қалған шақта көлденеңнен тосып тұрған жиырма-отыздай кісі бірден лап қойып, киіп кеткенде, түбі тегі Қозған, Қара... алыпсатары Жантас баласы Нүрпейіс деген соқтығып қалғанда, Құлагер де мұрттай ұшты, Нүрпейіс те атымен қабат мұрттай ұшты. Құлагер өліп қалды да, мынаның аты да, өзі де әрі-бері талып жатып, есін жиып түрегелді. Сол Құлагерді өлтірушілер оңған жоқ. Батыраш балалары да мыж-тыж, берекесіз болды. Сол Нүрпейіс өзі Қараөткелдің қаласына[и] шығып, Ноғай моласына таяна бергенде, үні шықпай ататұғын мылтықтың оғы тиіп, мұрттай ұшып өлді. Кім атқанын білмейді. Жаласы Қараөткелде тұратұғын Қанжығалы Айтбай қажыға таңылып, оған дәнеңе қылған [жоқ]. Бірақ көргендер, білгендер: «Мынау Құлагерге не қылса, өзі де сондай болды!»- десті.» (1176-папка, 222-бет). Әрі қарай ұсынылмақ өлең мәтіні алдында мына бір ескерту берілген: «Ақанның Құлагеріне шығарған өлеңінің тамтыры.» 16 жолдық өлең мәтіні соңында төмендегі ескерту келтірілген: «Құлагер өлгеннің соңында серілігі көтін қысты, саудайы болды, дүниені керек қылмай, өмірі өтті.» Осы орайда Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазып жеткізген 16 тармақтық үзіндінің 12 жолының бұрынғы басылымдарда ұшыраспауы қазіргі біз оқып жүрген өлең мәтіндерінде жоқ шумақтар ел аузында, түрлі мұрағаттарда орын алуы мүмкіндігін дәлелдейді. Енді осы аз үзіндідегі өзгешеліктерге үңілеміз: 1. «Жануар, Құлагерім, қолдан кетті»- деп басталатын сегіз тармақтық мәтін бұрын жарияланған үлгілерде жоқ, тек Мәшһүр-Жүсіпте орын алған. 2. Бұрын басылған үлгілерде бар дегеннің өзінде өзгешелік мол:
Құлагер, топтан озған жүйрігім-ай,
Жарасар келте жібек құйрығың-ай.
Түбіне Ерейменнің айдап келіп,
Құдайдың қарай қойшы бұйрығын-ай!
(Бес ғасыр жырлайды, 2-том, Алматы, Жазушы, 1984, 329 б.)
Қырмызы, қара құлпы құйрығың-ай,
Суырылып, таптап озған жүйрігім-ай?!
Жеріне Баянаула алып барып,
Құдайдың қарай қойшы бұйрығына-ай!
(Мәшһүр-Жүсіп, 1176-папка, 221 б.).
3. «Шешесі Құлагердің-«Қақпай соқыр»- деп басталатын соңғы шумақта бұрынғы басылымдарда кездеспегенін ескертеміз.
Ақан серінің Актоқты атынан шығарған өлеңі.
Бұл туынды да алдында ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы (1176-папка, 230 б.) бойынша ұсынылып отыр.
Ақтоқтыға (бірінші нұсқа).
Бұл өлең де сол қолжазбадағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасынан (272 б.) алынды. Мәтін соңында ақынның мына бір ескертуі орын алған: «Сөйтіп (сөй деп) сүбесіне сапыны сұғып алып, бір томардың басына тастап кетті.».
Ақтоқтыға (екінші нұсқа).
Бұл туынды әулеттік мұрағаттағы Жолмұрат көшірмесі (3- папка, 205 б.) бойынша берілді. Мәтін соңында Жолмұрат мына түсіндірмені келтірген: «- деп, бұдан басқа тағы бірнеше Ақан серінің мына өлендерін айтушы еді: 1. «Торыны таңға байлап, мінген қандай» 2. «Қарағым, асыл тасым-сағаттағы» 3. «Көпестер пұл сатады пайдаменен» 4. «Ауылыңды аралаймын кербез кермен» 5. «Қолыма ұстағаным алтын балдақ» 6. «Ғизатлу, хат жазамын қара сия» 7. «Асыл зат, қоңыр қозым көлге тартқан» Ақан серінің Құлагерге жазған мақтау, жоқтау өлендерін көп айтатын еді, тағы-тағылар. Осы өлеңдерінің бәрін түгел білмесем де, аз-аздап сол кісіден естуімше білетіндерім бар.»
Шын тұлпар дүбір шықса, шыдамайды.
Бұл туынды іргелес тұрып, Мәшһүр-Жүсіп мұрасын белсене жинаушы Әшім Қарақызұлы (226-228 б.) көшірмесі бойынша ұсынылып отыр.
Абай Құнанбайұлы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының ұзақ уақыт ел аралап, фольклор, халық ауыз әдебиеті үлгілерін ерінбей мол жинауының бір көрінісі-қазақтың маңдай алды ақыны Абай Құнанбайұлы (1845-1904) туындыларын да кең қамтуы дер едік. Мәшһүр-Жүсіп әр кезде Абайдың 28 өлеңін жазып қалдырған. Оның ішінде Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазылған, бұрын еш жерде жарияланбаған Абайдың ең соңғы өлеңі: «Мағауияға» туындысымен қатар баспа бетін көрсе де, біраз сөз, сөз қосымшасы айырмашылықтары орын алуы-бәрі Абай өлеңдері мәтінін саралауда баға жетпес құнды деректер көзі бола алатыны анық. Осы орайда 1909 жылдан бері сан мәрте басылып келе жатқан Абай өлеңдерін ел аузынан жинап, саралап, баспаға ұсынуда да жаңылыс кету, кем қалулар болу себебіне қайталап үңілткіміз келеді. Мәселен, Абай шығармаларын ең толық жетілдірілген қалыпта әзірлеп, бастырған ҚР ҒА М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты қызметкерлері Абай шығармаларына жазған алғы сөзінде мына бір дерекке қайталап үңілткен екен: «Ең алдымен Қазақ ССР Fылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорында және Мұхтар Әуезовтің әдеби мемориалдық музейі архивінде сақтаулы тұрған Мүрсейіт Бөкейұлының үш көшірмесін (1905, 1907,1910) негізгі дерек ретінде атаған дұрыс.» (Абай. Шығ., 1 - том, Алматы, Ғылым, 1977,6 б.). Осы орайда Мүрсейіттің, біріншіден, Абайдың шығармаларын жинауға оның авторының көзі тірісінде емес, біраз ретте кейіндеу кіріскенін, екіншіден, көбінесе ел арасына ауызша тараған үлгілерді қағазға түсірумен айналысқанын ескерген жөн деп санаймыз. Белгілі бір мәтіннің алдымен ауызша таралып, кейін қағазға түсірілуі кезінде не ұмыту, не қате ұғу, не оймен қосу т.с.с. салдарынан оның үнемі бір қалыпта сақталмай, түрліше сипатта таралуы ықтимал екендігі де анық. Ендеше Мүрсейіт тәрізді Мәшһүр-Жүсіптің де сол уақытта ел арасына тараған үлгілерді жазып алуы мүмкіндігін дәйектесек, қазіргі баспа бетінде жарияланып жүрген Абай өлеңдері мәтіндерінде не мүлде жоқ, не бұрмаланып берілуі мүмкін жекелеген өлең жолы, не сөздер болуы ықтималдығын біз ескеріп отыруымыз керек. Осы орайда Мәшһүр-Жүсіп жинап жеткізген Абай өлеңдерінің бір бөлімі алдында аталған қолжазба қорында орын алса, енді бір тобы әулеттік мұрағатта сақталғанын ескерткіміз келеді. Сөз жоқ, басқасы басқа, Абайдың бұрын еш жерде жарық көрмеген соңғы өлеңінің Абай туындыларын баспаға әзірлеп келген ғалымдар назарына ілінбей келуінің өзі біздің әдебиетші, тілші, тарихшы ғалымдардың көне араб жазуын еркін оқи алмауынан екені анық. Біздің назар аудартқымыз келгені: бұл зиянды, теріс әдет алда да сақтала берсе, талай мұрағаттағы ең бір асыл деректер т.с.с. кейін де байқалмай қала беруі мүмкіндігін дәлелдей алады. Бұл-ойланарлық, дабыл қағарлық мәселе дер едік. Енді Абай өлеңдерінің қайсысы қай мұрағаттан алынғанын дәйектейміз. Мәселен, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық қайғы ойладық, ұлғайды арман», ««Қыран бүркіт не алмайды салса баптап», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар», «Ішім-өлген, сыртым-сау», «Қажымас дос халықта жоқ», «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» өлеңдері (жалпы саны 10) әулеттік мұрағаттағы 4- папка жазбасы (195- 201 б.) бойынша әзірленді. Сондай-ақ, «Патша құдай сыйындым», «Жаз», «Қыз сөзі», «Ем таба алмай», «Келдік талай жерге енді», «Өзгеге, көңілім, тоярсың», «Замам ақыр жастары», «Жастықтың оты жалындап», «Қайғы шығар -ғылымнан», «Әсемпаз болма әрнеге» (жалпы саны -10) өлеңдері тағы да әулеттіктегі 7-папка(157-166 б.) мәтіні бойынша әзірленді. Осы орайда Мәшһүр-Жүсіптегі Абай өлеңдері тек бір мәрте емес түрлі қағаздар арасынан кездесіп отыратынын да ескерген жөн. Мәселен, алдында сөз болған «Ем таба алмай» өлеңі әулеттіктегі 7-папка (165 б.) орын алумен бірге Алматыдағы қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп туындылары жинақталған 1170- папкада (955 б.) және 1171-папкада (348( 168) б.) сақтаулы. Сонымен бірге «Патша құдай, сыйындым»» өлеңі тағы да әулеттіктегі 7- папкада (156 б.) ұшырасумен қатар, Алматыдағы қолжазба қорындағы 1171- папкада (347(166) б.) да кездеседі. Енді әулеттікте жоқ, тек Алматыдағы қолжазба қорындағы үлгілерді атап өтейік. Мәселен, «Кейде есер көңіл құрғырын» өлеңі 1170- папкада (956 б.), ал 1171-папкада: «Жазғытұры» (399( 180)- 401 (183) б.), «Бойы бұлғаң» (347( 167)- 348( 166) б.), «Алла деген сөз жеңіл» (346 (165) б.), «Жүректе қайрат болмаса» (346(165) б.), «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» 346(164) б.) өлеңдері сақталған. Мәшһүр-Жүсіп жеткізген Абай туындыларын кейінгі жинаушы әзірлеген ретпен емес, баспа бетін көрген үлгілер кезегімен беруіміз ақын өлеңдерінің жазылуы мерзімін ескеру ниетінен туғанын ескерте отырып, ұлы суреткердің соңғы 2 шығармасы: «Әбдірахман өліміне» және «Мағауияға»-өлеңдерінің сол қолжазба қорындағы 1176- папкада (163 б.) орын алғанын еске саламыз. Енді Абайдың баспа бетін көрген ем соңғы дұрыс басылымымен (Абай, Шығ., 1-том, Алматы, Ғылым, 1977 ж.) біз ұсынып отырған Мәшһүр-Жүсіп көшірмелері арасындағы өзгешеліктердің басты-бастыларына көңіл бөлеміз. (Ескерту: Бұдан әрі Абайдың басылған үлгісі сөз болғанда, үнемі кітап аталымын, басылған т.с.с. жылын ежіктемей-ақ, «кітап» сөзін ғана қолданып, ондағы бет ретін көрсетумен шектеліп және жеке сөз қосымшалары өзгерістерінің бәрін тәптіштемей, тек негізгілеріне тоқталып отырамыз - Н.Ж.) 1. Аталған кітапта «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінің екінші жолы: «Ашуың-ашыған у, ойың-кермек» (44 б.)- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте біраз өзгеше алынған: «Ашуың, ашынғаның-ойын, кермек» (Әулеттік мұрағат, Мәшһүр-Жүсіп, 4 -папка, 199-бет. Ескерту: Біздің мақсатымыз: бұл нұсқалардың қайсысы дұрыс, не бұрыс екенін бірден түбегейлі ашып беру емес, соған жету үшін де ғалымдар ізденісіне ой тастаумен шектелу). 2. «Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай»- деген кітаптағы тармақта соңғы үш сөз Мәшһүр-Жүсіп жазбасында өзгеріске ұшыраған: «шағындап қылық қылма.» 3. «Екеуінің бірі жоқ ауыл кезіп, // Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?»- деп кітапта (44 б.) берілсе, қолжазбада алдыңғы жол соңындағы «кезіп» сөзі «кезбек» түрінде, ал екінші тармақтағы аяққы үш сөз: «қылжақпен күн өткермек»- деп келтірілген. 4. Кітапта: «Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, // Ұлық жүр бұл ісінді кек көрем деп»-қалпында берілсе, көшірмеде алғашқы тармақтағы: «оған ел» сөздері «бұған жұрт»- деп алмастырылған. Екінші жолдағы бастапқы төрт сөз де басқаша алынған: «Орыс жүр осыныңды...» 5. «Жұрт жүр ғой арамдықты ем көрем деп»- деген кітаптағы «арамдықты» сөзі қолжазбада: «арсыздықпен» -деп өзгертілген. 6. «Алыс, жақын қазақтың бәрі қаңғып»- деген кітаптағы (47 б.) бастапқы екі сөз Мәшһүр-Жүсіпте мүлде басқаша келтірілген: «ардан кеткен». (Бу да 4-папкадан, 202 б.). 7. Кітапта: «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» өлеңінің алтыншы жолы: «Күйкентайы үстінде шықылықтап» (49 б.) делінсе, қолжазбада соңғы екі сөз аралығына «жүр» сөзі келіп қосылған (әулеттік мұрағат, Мәшһүр-Жүсіп, 4- папка, 197 б.). 8. Кітапта: «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» өлеңі 14 жол көлемінде келтірілсе (49 б.), Мәшһүр-Жүсіпте ең соңынан: «Есір, есірік бермейді сөзге теңлік, // Тура шыннан қашасың құр далақтап»- тармақтары қосылып, өлең 4 шумақтық, 16 тармақтық көлемге ие болған. 9. Абайдың: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» (50 б.) өлеңінің бесінші тармағы: «Бет бергенде шырайың сондай жақсы»- түрінде беріліп келсе, Мәшһүр-Жүсіпте «бергенде» орынын «бергінде» иеленген (4- папка, 203 б.) 10. Сол өлеңнің он бірінші жолы: «Көрсеқызар келеді байлауы жоқ»- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте «келеді» сөзін «көбейді» алмастырған. ІІ.Тағы да сол туындының келесі он екінші тармағы: «Бір күн тыртың етеді, бір күн-бұртың»- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте аяққы сөз «жылтың»- болып өзгерген. 12. Абайдың: «Байлар жүр жиған малын корғалатып» өлеңінің алтыншы, жетінші жолдары: «Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, // Елді алып, Еділді алып есіреді»- күйінде сап түзесе, кейінгі көшірмеде алғашқы тармақтағы «арыз» сөзін-«қағаз» ауыстырумен бірге соңғы «есіреді» дегенді «елереді» алмастырған (4- папка, 197- бет). 13. Осы өлеңнің соңғы шумағының бірінші жолы: «күшті жықпақ» сөздерімен басталса, Мәшһүр-Жүсіпте «жықпақ» орнына «шықпақ» орнауымен бірге шумақ аяғындағы: «ырылдатып» сөзі «арылдатып» түрінде өзгерген. 14. Абайдың «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңінің алтыншы, жетінші тармақтары: «Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. // Мұнан менің қай жерім аяулы деп»-түрінде беріліп, 1977 ж. кітап авторлары «жыға» сөзіне «дулығаның артынан қаптап қоятын зат»- деген анықтама беріп, оқиғаны Абай дәуірінен бұрынғы батырлар заманына теліген. Ал, Мәшһүр-Жүсіпте «жыға» сөзі «жаға» деп айқын жазылумен бірге жетінші жолдағы «жерім» сөзі де «жаным» деп ауыстырылған (4-папка, 198 б.) 15. Осы өлеңнің тоғызыншы жолы кітапта: «Ендігі жұрттың сөзі-ұрлық-қарлық»-деп берілсе, он бірінші тармақ: «Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ»- түрінде алынған. Ал, Мәшһүр-Жүсіп жазбасында «жұрттың» сөзінен кейін «бар» сөзі қосылуы үстіне кейінгі жолдағы «осы» сөзі екі рет қайталануы жойылып, кейінгісі «бүл» сөзімен өзгертілген. 16. Сөз болып отырған өлеңнің алтыншы шумағының соңғы тармағы: «Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр»- қалпында шаңырақ көтерсе, кейінгі көшірмеде соңғы үш сөз: «именіп, тіл алмай жүр»- деп берілген. 17. Абайдың: «Патша Құдай сыйындым» өлеңінің он бесінші, он алтыншы тармақтары: «Кеселді түйін шешілсе, // Кердең мойын кесілсе»- түрінде сап түзесе, қолжазбада бастапқы «кеселді» орынын «кесірлі», кейінгі «кердең» дегенді «кердейін» ауыстырған (7-папка, 158 б. және 1171-папка, 347 (166) б.). 18. Абайдың «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар» өлеңінің жетінші тармағы кітапта: «Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар»- түрінде орын алса, қолжазбада бұл ұғымдардың орналасу тәртібіне өзгеріс енген: «Біреу ұғар бұл сөзді, біреу-ұқпас» (Мәшһүр, 4- папка, 196-бет). 19. Абайдың «Жаз» өлеңінде: «Жалшы алдаған жас бала»- деген тармақ орын алып келгені белгілі. 1889 жылғы «Дала уалаяты» газетінде: «Кісіден үйреніп жаздым. Көкбай Жанатайұлы.»- деген ескертумен басылған сол туындыда «жалшы алдаған» орынын «жалпылдаған» сөзі иеленген екен. Ал, Мәшһүр-Жүсіпте де «жалшы алдаған» сөзі жоқ, оның орнына «жаңа туған» енгізілген. Біздіңше, мұның бәрі тегін емес (Мәшһүр-Жүсіп, 7-папка, 157- бет). 20. Осы «Жаз» туындысының соңы бар басылымдарда: «Қошемет қылып қарқылдап»-түрінде беріліп келді, бұл қалып «Дала уалаяты» газеті нұсқасында қайталанған. Ал, Мәшһүр-Жүсіпте тағы да айырмашылық ірге тепкен: «Қошемет қып қаңқылдап».» 21. Абайдың «Ішім өлген, сыртым сау» туындысының сегізінші, тоғызыншы жолдары: «Шабан, шардақ және шау. // Мұндай ма едің ана күн»- деп келтірілсе, қолжазбада «шардақ» орынын-«шартық», соңғы «ана күн» дегенді «анау күн» ығыстырған. 22. Сонымен бірге осы өлеңдегі: «Жанды еріткен жайдары-ау»- тармағының бастапқы сөздері әулеттікте: «жанды ер еткен»- күйінде бой көтерген. 23. Тағы да осы шығармадағы: «Ұрлық пен қулыққа»- жолы мүлде өзгерген: «Қолқа менен сұмдыққа». 24. Бұдан әрі берілген: «Берерменде береусің»- дегендегі соңғы сөз «бесеусің»-күйінде орын тепкен. 25. Осы шығарманың соңғы жағындағы: «Қайта келер есікті»- жолының бастапқы сөздері көшірмеде: «Қайтып көрер»- түрінде өзгерген. 26. Бұл өлең аяқталымы кітапта: «Керек күні бір бар-ау»- деп берілсе, қолжазбада «күні» сөзі орынын «жері»- иеленген (Мәшһүр-Жүсіп, 4-папка, 195- бет). 27. Абайдың «Қыз сөзі» өлеңінің бастапқы бөлімі бізге жетпеген. Ал, шығарма аяғындағы: «Ән үйренген ырғалып»- жолынан кейін кітапта жоқ, Мәшһүр-Жүсіпте бар мына өлең жолдары назар аудартады: «Қыз қасында мұны айтса, // Төсегіңнен қыз шықпас, // Қайсы-ақ тілеп ыңыранып.» (Мәшһүр-Жүсіп, 7- папка, 165 б.) 28. Абайдың «Қажымас дос халықта жоқ»- өлеңінің: «Өзі тимей жүрсе тек»-тармағынан кейін кітапта жоқ, Мәшһүр-Жүсіпте бар сегіз тармақтық мәтінді дат еткіміз келеді:
Бұйда тақ та мұрныңа,
«Бер,-десе де- қолыма!»-
Жарасар ма орнына,
Иттің ерсең соңына?!
Сақтасарлық тектінің
Кім танымас нұсқасын?!
Күнде өзімшіл ептінің
Несін адам ұстасын?
( Мәшһүр, 4- папка, 196- бет). 29. Сол өлеңдегі «Пайда, мақтан өзінен»- жолының соңғы сөзі кейінгі жазбада «аузынан»- деп алынған. 30. Соңғыда: «Жарыса өсек сөзінен»-дегендегі бастапқы сөз көшірмеде «жарсың» түрінде отау тіккен. 31. Кітаптағы: «Кімге достық көп еттім»- деп басталатын шумақ пен «Жау қожаңдап бұртайып»- шумақтары қолжазбада орыны ауысып берілген (Мәшһүр-Жүсіп, 4- папка, 196 б.). 32. «Ем таба алмай» өлеңіндегі алтыншы тармақ: «пендеге» сөзі алдында Мәшһүр-Жүсіпте (1171- папка, 348 (168) б.) «осы жүрген»- сөздері орын алған. 33. Кітаптағы: «Ем таба алмай»- деп басталатын бірінші шумақ пен «Босқа ұялып»-жолын маңдай еткен екінші арасында Мәшһүр-Жүсіпте (1170-папка, 955 б.) басқа бір шумақ орналасқан:
Махаббат, достық қылуға
Кім де болса
Тең емес хазірдейін тұруға.
Бес күндік ғашық жөн емес.
Сүйіспек көңілім ойлайды:
Жанның бәрі қатыбас.
Сүйісу тозбай тұрмайды,
Еңбекке аз құп қатыбас.
34. Сол туындыдағы екінші шумақтың үшінші жолынан кейінгі: «Қатты састым»-тармағы кітапта жоқ, тек Мәшһүр-Жүсіптегі (7-папка, 165 б. және 1171-папка, 348(168) б.) мәтін бойынша кіргізілді. . 35. Кітаптағы: «Ұйқы, тамақ»- деп басталатын шумақтың соңғы тармағы: «Күш болып» алдына Мәшһүр-Жүсіп бойынша «Өзіме қиын» (1171 -папка, 348 б.) сөздері енгізіліп, тағы да шолақ болып қалған тармақ ұзартылуы іске асты. 36. Тап осындай тармақ кеңеюі келесі «Жас жүрегім» тармағын бетке ұстаған шумақ соңындағы «ақырын» сөзі алдына Мәшһүр-Жүсіптегі 1171 папка, 348(168) б. бойынша «Патша құдай» сөздері енгізілуі көмегімен жүргізілді. 37. Осы өлеңнің соңғы жолдары кітапта: «Тез дерттендім, // Кейде өртендім, // Кейде мұз»- түрінде өрілсе, Мәшһүр-Жүсіпте алдымен алғашқы «кейде» сөзі орнына «тез»-енгізіліп, соңғы үш жол ішіндегі «тез» сөзі екі қайталанып, ішкі ұйқас, үндестік қалпына келтірілген (Мәшһүр-Жүсіп, 1171 - папка, 348 (168) б.). Сонымен бірге шумақ аяғы: «Кейде мұз» тармағы да кеңейтілген: «Кейде жалын, кейде мұз». Зерделесек, «тез» сөзінің екі қайталануы ішкі ұйқас, үндестік ғалабына сай келсе, соңғы тармақ кеңеюі тұсында «мұз» сөзі жеке одағайланбай, «жалын» сөзімен жарыстырыла алынуы арқылы белгілі бір ой, сезімнің дамытылып берілуіне ықпал еткен. 38. Абайдың «Келдік талай жерге енді» өлеңіндегі: «Білімсізбен алысып»- тармағы соңынан: «Алпыс деген бір жасқа»- жолы тағы да Мәшһүр-Жүсіп (7-папка, 159 б.) бойынша қосылды. Осыны ескерсек, «Бұл туындының жазылған жылы аталған кітапта көрсетілгендей 1890 емес, 1904 емес пе екен?»- деген болжам да бас көтере алады. 39. Осы туындыдағы: «Өтірікке тұшынып» орнына қолжазбада: «Дат керімге түсініп»-берілгенін еске саламыз. 40. Осы өлеңнің кітаптағы: «Тентектікті жеңіп, тыя алмай»- тармағындағы бастапқы сөздер қолжазбада: «Тентегін жиып» қалпында берілген (Бұ да Мәшһүр-Жүсіп, 7- папка, 159-беттен). 41. «Өзгеге, көңілім, тоярсың» өлеңіндегі алғашқы шумағы аяғындағы «Іштегі дертті жоярсың»; «Мендей кәріп кез болса»- жолым маңдай еткен алтыншы шумақтың соңындағы: «Кім таныса сол алсын»- тармақтарының екі рет қайталанып, белгілі бір ой-сезімге баса назар аудартуы да кітапта жоқ, ал Мәшһүр-Жүсіпте анық жазылған (7-папка, 160-бет). 42. Осы туындының алтыншы, жетінші жолдары кітапта: «Сайра да. зарла, қызыл тіл, // Қара көңілім оянсын»- деп берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте «сайра» орынын «жарла», «қара» орынын «қимаза» иеленген. 43. Сөз боп отырған өлеңдегі: «Сырттан естіп таңдансын»- жолындағы бастапқы сөз қолжазбада «сыртын»- деп берілуі де тегін емес деп санаймыз. 44. Сол туынды соңындағы: «Соны көріп соларға»- жолының аяққы сөзі қолжазбада басқаша: «сол итке». 45.Осы өлең аяғы: «Қайтіп қана сарнарсың?!»- тармағымен бітсе, Мәшһүр-Жүсіпте оған келесі бір қысқа тармақ: «Сарнарсың!» қосылған (Бұ да сонда, Мәшһүр-7 папка, 161 б.). 46. «Жазғытұры» өлеңінің екінші жолы: «Масатыдай құлпырар жердің жүзі»- деп келтірілсе, Мәшһүр-Жүсіпте «құлпырар» орынына «құлпырып» (1171-папка, 399(180) б.) орын тепкен. 47. Осы туындының: «Түйе боздап, қой қоздап қорада шу»- жолының соңғы екі сөзі өзгеріске түскен: «Қора шу-шу» 48. Бұл өлеңнің келесі тармағы кітапта: «Көбелек пен кұстар да сайда ду-ду»- түрінде орын тепсе, қолжазбада: «Көбелек пен құс пенен сай да ду-ду»- делінген. 49. Аталған туындыдағы: «Безендірген жер жүзін тәңірім шебер»- жолының бастапқы сөзін «безендіріп»- деп сәл өзгерту де Мәшһүр-Жүсіпте орын алған. 50. Сөз болып отырған өлеңдегі: «Күн қырындап жүргенде көп қожаңдап» тармағындағы «көп» сөзі де қолжазбада «көк»- деп берілген. 51. Сол туындыдағы «Біреуіне біреуі қосылыспай»- жолындағы «біреуі» сөзі Мәшһүр-Жүсіпте «бір дене»- деп берілген. 52. Осы өлеңнің ең соңына қарай берілген: «Қызыл арай сары алтын шатырына»-дегендегі аяққы сөз қолжазбада «ұясына»- делініп келтірілген (Бұ да сонда, 1171 - папка, 401 (183) б.). 53. «Заман ақыр жастары» өлеңінің сегізінші жолы: «Құр тілменен жиғалы»- делінсе, қолжазбадағы соңғы сөз-«жиғаны» (Мәшһүр-Жүсіп, 7-папка, 161- бет). 54. «Жастықтың оты жалындап» туындысындағы: «Жазасын тауып жауласар»-дегендегі бастапқы сөз қолжазбада басқаша-«жарасын» (Мәшһүр, 7- папка, 162 б.). 55. Сол өлеңде: «Мақтанып жұртты шулатса»- дегендегі алғашқы сөз сәл өзгерген-«мақтатып» (Бұ да сонда, 7- папка, 163 б.). 56. «Қайғы шығар ілімнен» өлеңінде: «Болды балаң жөргекте»- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте басқаша: «Болады балаң жер-көкте» (7- папка, 164 б.). 57. Сол туындыда: «Сыйласа елің ұлықтап»- дегендегі бірінші сөзде қолжазбада өзгешелік бар: «сыйлассаң». 58. «Бойы бұлғаң» өлеңінде кітапта:
Байы-баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу, жолдары орналасса, Мәшһүр-Жүсіпте тағы да өзгеше:
Байы-баспақ
Биі-сасқақ,
Әулекі, асқақ, сыпыра қу (1171- папка, 347(167) б.).
59. Сол туындының соңғы жағындағы: «Айтты-көндім»- тармағындағы бірінші сөз қолжазбада «Не етті»- түрінде келтірілген. 60. «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» өлеңіндегі: «Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?»- жолының бастапқы сөздері Мәшһүр-Жүсіпте: «тамақ аңдып, не қылсын»-түрінде (4- папка, 199 б.) берілген. 61 .Сол өлеңнің: «Ол немене жоқтықтың әсері емей?»- тармағындағы «жоқтықтың»-орнын қолжазбада: «жоқ-жоқтың» сөзі иеленген. 62. Аталған туындының: «Мінер атын, киімін ып-ықшам қып, // Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдап»- жолдарындағы: «атын» дегені қолжазбада-«ат пен», «аңдап»-«андып»- сөздерімен алмастырылған. 63. Сөз болып отырған шығармада орын алған: «Антұрғанға қосылмай, кел, кет қаңғып»- тармағы Мәшһүр-Жүсіпте: «Кезікпеңе қосылма, кеткіл қаңғып»- түрінде келтірілген. (Бұ да сонда, Мәшһүр, 4-папка, 200 б.). 64. «Талаптың мініп тұлпарын»- туындысындағы: «Әр қиынға сермедің»- дегендегі бастапқы сөздер қолжазбада «Әр қияға»- түрінде келген. (Мәшһүр-Жүсіп, 1176- папка, 163 б.). 65. Сол өлеңдегі: «Тағлым айтпас ер ме едің»- дегендегі «айтпас»- орнын «жаймас» иеленген (Бұ да сонда, 1176- папка, 163 б.). 66. «Жүректе қайрат болмаса»- туындысындағы алтыншы тармақ соңындағы «үстірттер», сегізінші аяғындағы «күңгірттер» орнына Мәшһүр-Жүсіпте (1171 -папка, 346( 165)6.): «өстіртер» және «күңгіртер» сөздері орналасқан. 67. «Адам-бір боқ көтерген боқтың қабы» өлеңінің екінші жолы кітапта: «Боқтан сасық боласың өлсең тағы»- қалпында берілсе, кейінгі жазбада сөздердің орын ауысуы бар: «Өлсе, сасық болады боқтан тағы» (1171-папка, 346(164) б.). 68. Аталған туындының келесі жолы кітапта: «Менімен сен тең бе деп мақтанасың»- түрінде берілсе, қолжазбада ол: «Сенен мен кем бе?- деп таласады»- деп, біраз өзгертілген. 69. Абайдың 18 жолдық «Мағауияға» өлеңі бұрынғы кітаптардың ешқайсысында келтірілмеген, Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы бойынша тұңғыш ұсынылып отыр (1176-папка, 163 бет).
Мәшһүр-Жүсіптің Құнанбай, Абай туралы жазғандары.
Мәшһүр-Жүсіптің Құнанбай туралы жазғандарында да әдебиет, тарихқа қатысты құнды деректер мол. Алғашқы бір мәтін, Мәшһүр-Жүсіптің әулеттік мұрағаттағы 6-папкасы, Мұхаммед көшірмесі, 216-218 беттерінен алынса, екіншісі Мәшһүр-Жүсіптің 1178-папка, 314(175)-315(176) беттері бойынша, ал енді бір қысқартылған түрі 1176-папка, 380 (449) б. бойынша салыстырыла беріліп, әулеттіктегі Жолмұрат Жүсіпұлы жазбасына да (3-папка, 237 б.) көңіл бөлінді. Осы орайда 1176-да тек Қалдыбай қожа өлеңіне байланысты әңгіме ембегенін, басқасы сөзбе-сөз бірдей екенін ескертеміз. Үшінші мәтін 1178- папкадан (305( 170) б.) алынса, соған ұқсас төртіншісі ақынның әулеттік мұрағаттағы (1 -папка, 53 б.) жазғанынан келтірілді. Сонымен бірге жеке Абайға арналған мәтіндер де назар аудартады. Мәселен, осындағы бесінші мәтін маңдайына Мәшһүр-Жүсіп өзі: «Ибрай Құнанбаев сөзі»-деп (1-папка, 53 6.) ескерткен де, әрі қарай сол сөздерді келтірген. Ал, алтыншы мәтін маңдайшасына: «Абайдың афоризм сөзі»- деген тақырыпша қойылған да, оның мәтіні (1176-папка, 81 6.) берілген. Ал, жеке Абай тапқырлығына арналған енді бір домбыраға қатысты әңгіме Мәшһүр-Жүсіп жазбасы, 1178- папкадан (304 (171)б.) алынды.
Балта Бұқарбекұлы Мәшһүр-Жүсіп өз қолымен былай деп жазған: «Балта ақынның өлеңі. Қаракесекте-әкесі Ақтанбердіге төрт мың жылқы біткен Жаныс байдың үйі кедей болып қалған күнінде көптен бері көре алмай түзде жүріп Балта ақын нашарланып қалғандағы түрін көріп, осы өлеңді айтып, ботадай боздап жылап қоя берді дейді.»
Әріп Тәңірбергенов Мәшһүр-Жүсіп жазбасында Әріп туралы мынадай деректер берілген: «Тобықты: Көкше атанған табынан шыққан Дүтбай болыс тоғыз биімен бір сыйыз (съезд) қылып жүргенде, Құнанбай баласы Ыбырай [Абай] да болыс екен. Тобықты ақыны Көкбай мен Найман ақыны Әріп айтысқан. Сонда Көкбай: «Тозаққа Найманнан пәлен кетеді, түген кетеді»-дегенде, Әріп ақын айтқаны.» Өлең соңынан оны естігендер жай-күйі баяндалған: «Сонда Ыбырай [Абай] марқұм жантайып жата кетті дейді:
- Ай, Көкбай, Әріппен айтыспа!»- демеуші ме едім?!- деп.
Біржан-Сара болып айтысып жүрген осы-Әріп ақын екен. Сараны кемітіп, қорлау үшін, Абайды мұқату үшін. Сара қыз Әріп: «Аламын!»- дегенде, тимеген екен, «Қойныңа ал!»-десе, сүймеген екен.
Шәкәрім Құдайбердіұлы Мәшһүр-Жүсіп өз тұстасы Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанына өзек болған жағдай т.с.с. туралы дерек қалдырған. Оның бірі әулеттік мұрағаттағы 6-папкада (202 б.) сақталса, екіншісі алдында сөз болған Алматыдағы қолжазба қорында (1176- папка, 48 б.) сақталған.
Нұржан Наушабаев «Жаманды, жақыным деп, есепке алма»- деген он тармақтық өлеңі Мәшһүр-Жүсіптің әулеттік мұрағаттағы (8-папка, 81 б.) мәтіні бойынша ұсынылды.
Нармамбет Мәшһүр-Жүсіп бір жазбасында: «Дадан-Тобықтыда Қараменде би деген жақсы кісі өткен. Бұл Қараменденің тұқымынан Нармамбет шыққан. Сол Нармамбеттің өлеңі.» (Мәшһүр-Жүсіп , 1176-папка, 382( 452) б.) Мәшһүр-Жүсіптің екінші бір жазбасында да (1645-папка, 141 б.) осы іспетті ой қайталанған: «Дадан-Тобықты: Қараменде би ұрпағынан шыққан Нармамбет өлеңі.» Нармамбеттің «Кең дала, кеткенің бе, кер бетеге» өлеңі Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазылған үш нұсқада (1176-папка, 382(452) б., 1645-папка,141 б., әулеттік мұрағат, 6-папка, 103 б.) сақталса, «Именіп иба қылар келін бар ма» өлеңі 1176-папкадан басқа аталған екі нұсқада орын алған. Тек 6-папкада алғашқы өлеңнің бастапқы шумағында сәл өзгешелік бар: «Кең дала, кеткенің бе, кер бетеге»- тармағындағы «кеткенің бе» орнын «жазы жапан»- сөздері иеленген. 1176-папкадағы Нармамбет өлеңінен кейін «Қараменде бидің өлеңі»- деп берілген мәтінді осы тұста келтіргенді жөн көрдік: Сәлем де Кеңгірбайға: «Кел, кетелік», Мықты сабаз атанды терлетелік. Мұсылманның жеріне бетті түзеп, Аты жақсы дария-әрі өтелік!
Бұл Нармамбет-осы Қараменде бидің ұрпағы.»( 1176-папка, 382(452) б.)
Ақылбай Абайұлының «Дағыстан» дастаны.
Бұл шығарманың үзіндісі ең алғаш «Абай» журналында 1918 ж. (5- саны) жарық көріп, кейінгі «Бес ғасыр жырлайды» (2- том, Алматы, Жазушы, 1989 ж., 282-297 б.) кітабында т.с.с. орын алып келсе, солардың ішінде ең толық, дұрыс басылғаны белгілі Абайтанушы Қайым Мұхамедханұлы әзірлеуімен енгізілген «Абайдың ақын шәкірттері»- жинағындағы (Алматы, Дәуір, 1993, 55-70 б.) нұсқа дер едік. Біз ұсынып отырған Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазылған «Дағыстан» дастанының кұндылығы неде десек, әсіресе 1917 жылғы төңкеріске дейін, не одан кейін де баспада жарияланды деген туындылардың алдымен ел арасына ауызша тарап, көп нұсқалы болуы ықтималдығын, ал кейінірек баспа бетіне ұсынған үлгі мен одан бұрын тарап кеткен нұсқалар арасында айырмашылықтар орын алса, оның қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс дегенді бір қарағаннан оп-оңай шеше салуға келмейтінін ескерген жөн. Мәтін соңында Мәшһүр-Жүсіптің пікірі, түсінік сөздері берілген: «Құдай рахмат қылсын-Ибраһимге, оның шешесі Әлі кемпірге, Зайра қызға, Жебірейіл ерге! Олар сөйтіп өлмесе, кейінгіге әңгіме қайдан табылады? Бұл «Дағыстан» әңгімесін жазғаным-өзімнің өмір бойы қалжырап, шаршап жүрген ойларыма дәлме-дәл шыққан жерлері болды. Бірі-ант жеткен, қарғыс тигеннің арты оңбайтындығы. Бірі-Жебірейілдің кедейліктен зарығып, тарыққандығы. Бірі-шын ғашықлықтың қадалып қарауға мұршасы болмайтындығы. Бірі-Иосиф деген ат жайлы емес екендігі,-бәрі де өз көкейімде арман боп жүрген нәрселер еді. Уай, қазақ, әулиешілігіңнен айналайын: «Алғыс түбі-ақ май, қарғыс түбі-қара қан.» Қожаның сәлдесін балалары жыртып, шұлғау қылып жатқанын ақ сақалды Күшік көріп тұрды ғой. Сол үшін үрім-бұтақ, жұрағаты көз алдында қырғын тапқанын көріп өлді ғой! Басы өзі болып, он алты баласы қалмақтан қырғын тапқандығы (өзінің жетінші атасы Тілеуімбетті айтып отыр-Н.Ж.) жұрт аузында әңгіме болып қалды. Сәлде[ні] шұлғау қылған иттің аты-Аспантай екен, онан тұқым жоқ деп еді. Бір Дәрменбай деген ит бізбен тұқымдас, бір таз итпен төбелескенде: «Сен ант жеткен, қарғыс тиген Аспантай ұрпағынансың!»- деген екен. Ол таз да тұқымсыз кетті. 1931- жылда, қой жылы, жетпіс үш жасында жазған қаламы. Мен өзім атым Иосиф болғанына назаланып жүруші едім. Неге десең, Иосиф атының ең барып тұрғаны-Иосиф пайғамбар құдықта қалды, құл орнына сатылды, нақақ он екі жыл абақтыда сарғайды. Иосиф-араб тілі. переводы: «Ғамкін, қайғылы» - деген сөз екен... Тілеуімбеттің қарғысқа ұшырағанына назалы, күйінді едім. Бір ғашық болған қыздың тік қарай алмағандығы есімнен қалмаушы еді. Бұл «Дағыстан» Күшігін әңгіме қылған ақын-Ибрайдың тұңғышы Ақылбайға Алла рахмат айласын! Сөзі көп дертті қозғады. Кедейліктен, ғашық болған қызыма қолым жете алмағаны маған зор қасірет болған жұмыс еді.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1645-папка, 132-140 б.). Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазылған осы туындыны сол қалпында ұсына отырып, оны ең сәтті басылыммен (Абайдың ақын шәкірттері, Алматы, Дәуір, 1993 ж.), Ақылбай Абайұлының «Ақылбай» дастанымен, салыстыру кезінде, екі үлгідегі түрлішеліктің бәрін тізе бермей, оның ең толығырақ, елеулі тұстарын ғана іріктеп бергенімізді, соның өзі мол екенін ескерткіміз келеді. (Осы орайда салыстыру кезінде қай үлгінің кімнен екенін көрсетуде кітапқа басылған алғашқы нұсқаны қысқа түрде: «кітап», «кітаптан»- деп атаумен шектелу т.с.с. орын алғанын ескертеміз-Н.Ж.) 1. Кітаптағы, яғни «Абайдың ақын шәкірттері» жинағындағы (Алматы, Дәуір, 1993 ж., 55 б.) шығарма кіріспесі ретінде берілген сегіз жолдық мәтін Мәшһүр-Жүсіпте жоқ. 2. Кітапта үшінші шумақтың екінші жолы, яғни оныншы тармақ «Тәңірім»- деп басталса, Мәшһүр-Жүсіпте оның орнына «Құдайым» сөзі берілумен қатар осы шумақ соңындағы: «Тауды бұзып. тас жарған долы Терек»- жолындағы «тауды бұзып» орнына кейінгіде (яғни Мәшһүр-Жүсіпте): «тасты ағызып» алынуы тегін емес. Ақылбайдың өзі бір жазғанына қайта оралып, редакциялап жетілдіруімен соңғы үлгі туса керек деп ойлаймыз. Сонымен бірге ара-тұра болсын ел аузына ауызша тараған нұсқаны қағазға түсіру кезінде ішінара өзгерістер болатынын да есте ұстаған жөн. Осы екі жорамал ішінде біз ұсынып отырған мәтіндегі өзгерістердің болуы Ақылбайдың өзінің редакциялау жемісі болуы мүмкін дегенге баса ден қоямыз. Себебі түрлі себептермен біз көріп жүрген кітапқа кейінгі жетілдірілген нұсқа емес, бастапқы үлгі ғана жегуі ықтималдығын да ескерген жөн деп санаймыз. 3. Шығарманың он төртінші тармағы кітапта: «Деме, жұрт, тау мен өзен неге керек»-деп берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте бұл жол мүлде өзгеше: «Көріп келіп, ойланып, білген зерек.» Осы орайда осы төртінші шумақтың бастапқы тармағы: «Артық нәрсе дүниеде айтпақ үшін»- деп берілгенін ескерсек, бастапқы тармақтағы ойды жалғастыру тұрғысынан қарағанда, екіншіде (Мәшһүр-Жүсіпте) орайластық, үндестік басымдығы анық байқалады. (Мұндай ұтымдылық кейін де аз кездеспейді. Біз бірақ бұдан әрі баға беру, пікір айтуды тоқтатып, салыстырып зерделеуді кейінгі зерттеушілер үлгісіне қалдырамыз да, тек негізгі өзгерістерді ғана нақты көрсетумен шектелеміз -Н.Ж.) 4. Бұрынғыда, яғни кітапта: «Қолдан келер айла жоқ, жанға рахат, // Хикметін тамаша көрсетер ек»-делінсе, кейінгіде, яғни Мәшһүр-Жүсіпте «айла» сөзін-«нәрсе», «Тамаша көрсетер ек»- орнын «Тамашасын көрсек керек»- иемденген. 5. Кітапта: «Әдеті ата мұра баяғыдан, // Айтылар әңгімесі аяғынан»-түрінде отау тігілсе, Мәшһүр-Жүсіпте тағы да өзгеше: «Бастаған сөзді бастан, баяғыдан, // Сөз түйіні шешілер аяғынан.» 6. Бастапқыда: «Мұнартқан Кавказ буы көтерілген»- қалпында шаңырақ көтерілсе, кейінгіде «мұнартқан»- дегенді «тұмантқан» алмастырған. 7. Сондай-ақ кітаптағы: «Түріне гүл-бәйшешек таңырқасып»- тармағындағы: «түріне» сөзі де соңғыда «нұрына»-деп өзгертілген. 8. Кітапта басты жағымсыз бейненің есімі «Жүсіп»- деп алынса, Мәшһүр-Жүсіпте оның аты «Күшік»- деп өзгертілген. Оның себебін Мәшһүр-Жүсіп былай түсіндіріп жазған: «Бұл «Күшік»- деп отырғаным-бұрынғы аты Иосиф [Жүсіп] екен. Дағыстанның бір атақты мергені, батыры атанып жүрген күнде бес ұл, бір қызы болып, құл, күңі сай, өзі мейлінше бай болып жүргендігін көтере алмай, нақақ бір жарлының жалғызын жайратып тастап, сол жалғыздың шешесі мұны қарғап, сол қарғысты өз құлағынан естіп: «Алғыс түбі-ақ май,// қарғыс түбі-қара қан»,- деген сөзді көзінен көріп, бес ұл, бір қыз-өзінің көз алдында өліп. «қу бас» болып, жұртта қалған Күшік.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1645- папка, 130-бет). 9. «Тоқтамай сорғалатып әжім беттен»- деген кітаптағы: «сорғалатып» орнын Мәшһүр-Жүсіпте «сорағытып» иеленген. 10. Кітапта 18- шумақтың соңғы үш жолы: «Әлінің арнап қарғап, зар қылғанын. // Алдына әкеп тосқандай секілденді, //Орынсыз өмірінде бар қылғанын»- деп енгізсе, Мәшһүр-Жүсіпте «Әлінің» сөзінен кейін «сілеп», «әкеп»- орнына- «кеп», «секілденді» емес, «сықылды», «өмірінде» емес, «өмір бойы»- кіргізілуі де екі нұсқада түрлішелік баршылық екенін аша түседі. 11. «Баяндап ұқтыруға жаңа келдім»- деген кітаптағы тармақтың «баяндап» дегенін Мәшһүр-Жүсіпте- «басынан», «жаңа» сөзін - «енді» ауыстырған. 12. «Соқтығып буған ешкім тимейді ақыр»- жолынан кейінгі 21-24- шумақтар, яғни 16 тармақ Мәшһүр-Жүсіпте жоқ, тек кітапта орын алған. 13. Кітапта: «Қаймығып тірі жаннан қорықпаған»- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте: «қаймығып» дегенді- «қорғалап», «жаннан»- сөзін- «адамнан» алмастырған. 14. «Өз бойына өз күші сенімді боп, // Ойламас жазалар деп ұлық маған»- деген кітап жолдары Мәшһүр-Жүсіпте мүлде өзгертілген: «Қанды көз, қанішер боп, туған Күшік, // Ұялмас: «Іс қылар- деп,-ұлық маған!» 15. Кітаптағы: «Жиылған жұрт сөйлейді осындайда»- жолындағы «жиылған жұрт»-дегенді Мәшһүр-Жүсіпте: «гулесіп», «сөйлейді»- сөзін «айтушы еді»- ауыстырған. 16. «Әрі сұлу, әрі есті, әрі мерген»- тармағындағы үш қайталанған «әрі» сөзі Мәшһүр-Жүсіпте: «өзі»- деп алмастырылумен бірге «есті» дегені «шешен»- деп өзгертілген. ІІ.Отызыншы шумақтың соңғы екі жолы кітапта: «Тұрпайы тасырлыққа тап келген соң, // Долданып Жүсіп ыза бола қапты»- қалпында орын тепсе, Мәшһүр-Жүсіпте мүлде өзгеше: «Көп ішінде қалжыңдап айтқан сөзі // Күшіктің кеудесіне оқ боп атты.» 18. Бұдан кейінгі шумақтың бастапқы тармақтары кітапта: «Жүсіпке осы қалжың тиді қатты, // Көтермей құрбы сөзін тәңір атты»- түрінде өрілсе, Мәшһүр-Жүсіпте тағы да басқаша: «Долданып, ыза болып, буынады, // Көтермей ойын сөзді, Құдай атты.» 19. Одан әрі орналасқан іргелес жолдар кітапта: «Жұрт ескермес қалжыңын ақ көңіл деп, // Мінезінен тәкаппар соған батты»- деп берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте бұ жолы да басқаша: «Басқа жұрт елемейді еркелетіп, // Тәкаппар долы Күшік қандай қатты?!» 20. Бұрынғыда: «Байқамай дәрісін көп сасып салды, // Бұғып келіп арқарды басып қалды»- делінсе, кейінгіде: «Байқамай, дәрісін көп, сасып салған, // Ептеп келіп арқарды басып қалған»- түрінде біраз өзгеріске ұшыраған. 21. Бастапқыда: «Ескерусіз Ибраһим жетіп келді, // Жүсіптей қанын ішер жау қасына»-түрінде отау тігілсе, соңғыда: «Ескерусіз Ибраһим келіп қалды, //Өзінің қанын ішер жау қасына»- қалпында біраз өзгешелікке ие болған. 22. Отыз жетінші шумақтың екінші және үшінші жолдары кітапта: «Ыңғайлап нысанаға бетін алды. // Оқ жетпес деп дандайсып тұрған арқар»- күйінде алынса, Мәшһүр-Жүсіпте басқаша: «Сығалап, нысаналап, бетіне алды. // Оқ тиместей дандайсып тұрған арқар»- түрінде сәл басқаша келтірілген. 23. Кітаптағы: «Қате атарлық, ей, батыр, мен емеспін, // Байлайын арқар болса көрсет маған»- жолдары да басқаша өріс алған: «Жазатайым атарлық сен емеспін, // Тағы арқарың бар болса, көрсет маған.» 24. «Байақусызда қасына жетіп келіп, // Дәл жүректен жабысты қанжар қолы»- деген кітап тармақтары Мәшһүр-Жүсіпте өзгеріске түскен: «Байқаусыз Ибраһимге жетіп келіп, // Қақ жүректен шап берді қанжар қолы.» 25. Қырқыншы шумақтың соңғы үш тармағы кітапта былай орын тепкен: «Оныңа болмаймын деп шайқаспай ма // Қапы болды, білмеді аямасын, // Сезгенде бір кісімен байқаспай ма.» Ал, Мәшһүр-Жүсіпте тағы да өзгешелік басым: «Қой, мырза, ойнама!»-деп, шайқаспай ма? // Қапы қалды, білмеді аямасын, // Әйтпесе бір кісімен байқаспай ма?!» 26. «Адам сүймес бір іс қып кете барды»- деген кітаптағы қырық бірінші шумақтың соңғы тармағы Мәшһүр-Жүсіпте басқаша: «Құдай сүймес бір істі қылып, салды.» 27. Қырық екінші шумақтың екінші-төртінші жолдары кітапта: «Қиянатсыз қалжыңға ашу қысып, // Жалғыз шешем артымнан о да өледі, // Қарық бол дүниеден көңілің өсіп.»-қалпында ірге тепкен. Ал, Мәшһүр-Жүсіпте тағы да өзгешелік басым: «Нақақ едім, өлтірдің, ашу қысып. // Жалғыз шешем артымда, о да өледі-ау, // Сен-ақ қарқ бол, дүниеге көңілің өсіп.» 28. «Әлі кемпір есітіп талып қалды, // Сүйегін Ибраһимнің алып барды.»- кітап жолдары кейінгіде басқаша: «Денедегі жосадай көріп қанды, // Зар қақсап, Әлі кемпір талып қалды.» 29. Кітаптағы:
Мендей ғып қайғы берсін анасына,
Қарамай қаза берсін шамасына.
Я өзі, я тұқымы, жұрағаты,
Кетпестей әрекет бар баласына!- шумағы Мәшһүр-Жүсіпте
түбірімен өзгертілген:
Мендей ғып, келтір, Алла, анасына,
Қарамай, қаза бергіл, шамасына!
Құрытып үрім-бұтақ жұрағатын,
Қырғын, апат, өлім бер баласына! 30. Бұған ілескен келесі қырық тоғызыншы шумақ та екі нұсқада түрліше болуымен көзге түседі. Кітапта:
Әр түрлі Әлі кемпір зарлық етті,
Әлбетте бұл қарғысын қабыл етті.
Зарланғанын есітіп, тағат қылмай,
Жүсіп барып үйіне кіріп кетті.
Мәшһүр-Жүсіпте :
Әр түрлі Әлі кемпір қарғыс етті,
Алланың құлағына арызы жетті.
Кемпірдің зарлығына шыдай алмай,
Күшік бұғып, үйіне кіріп кетті. 31. «Әлі кемпір ас ішіп күле алмайды»- жолын маңдай еткен елуінші шумақ, кітапта жоқ, тек Мәшһүр-Жүсіп жазбасында орын алған. 32. Елу үшінші шумақтың екінші жолы кітапта: «Түгендеп айта аламын әлде несін»-қалпында орналасса, Мәшһүр-Жүсіпте мүлде өзгеше: «Сөкпеңдер: «Сөйледі,- деп,-мұның несін?» 33. Елу төртінші шумақтың екінші тармағы кітапта: «Бұдан сұлу әйелде болмас әрі»-делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте біраз өзгеше: «Мұнан сұлу не болсын әйел түрі?!» 34. Тап осы шумақтың төртінші жолы кітапта: «Тарыдай тал бойында жоқ бір міні»-қалпында кірсе, Мәшһүр-Жүсіпте басқаша: «Денесінде болмаған мінді жері.» 35. «Бұл бір жан деп өзгеше бүкіл черкес»- деген кітап тармағы да Мәшһүр-Жүсіпте өзгеріске ұшыраған: «Өзгеше не еткен жан?- деп, мұғыл черкес.» 36. «Тал бойының міні жоқ, қолаң шашты»- деп басталатын елу алтыншы шумақ Мәшһүр-Жүсіпте , 1645- папкада жоқ, тек кітапта орын алған. 37. Елу жетінші шумақ өзгешелігі де көңіл бөлерлік. Кітапта:
Бұралған тал шыбықтай қыпша белі,
Бес ұлдың ортасында шыққан гүлі.
Жеңіл басып, киікше жүреді деп,
«Ғазел» атын қойған оның елі.
Мәшһүр-Жүсіпте:
Тал шыбықтай бұралған оның белі,
Бес ұлдың ең кенжесі, қызыл гүлі
«Жеңіл басып, киікше жүреді!»- деп,
«Ғазел»- деп, атап кеткен аймақ елі. 38. Кітаптағы: «Алма бет, аппақ еті кар секілді»- жолында да Мәшһүр-Жүсіпте ерекшелік баршылық: «Қып-қызыл бет, жұмсақ ет-қар секілді.» 39. Алпысыншы шумақтың соңғы жолы кітапта: «Келтіріп айта алмаймын мыңнан бірін»- қалпында ірге тепсе, Мәшһүр-Жүсіпте мүлде басқаша: «Оқысаң осы сөздің артқы жырын.» 40. Алпыс төртінші шумақтың аяққы тармағы кітапта: «Бір кісіден кірмейді кейін қалып»- деп берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте: «Көргем емес бас тартып, кейін қалып»- деп өзгертілген. 41. «Жүрегінде оты бар ер жігіттер, // Осы жауға аттанып кетпек болды»- деген кітап жолдары Мәшһүр-Жүсіпте біраз өзгерген: «Талабының оты жеңген ер жігіттер // Өшіккен осы жауға кетпек болды.» 42. Жетпіс бірінші шумақтың соңғы жолы кітапта. «Тәуекел дариясына салып қармақ»- деген қалыпта орын алса, Мәшһүр-Жүсіпте мүлде басқаша: «Жауды олжалап, ел шауып, Ғазелді алмақ.» 43. Бұған ілескен келер шумақтың соңғы тармақтары: «Әдейі арнап, ыңғайлап әкеткен соң, // Тағдырдың кім құтылар шырғасынан»- дегем қалыпта бой көтерсе, Мәшһүр-Жүсіпте өзгеше: «Ажал айдап, үйірінен қуып шықса, // Тәңірімнің кім қалады шырғасынан?!» 44. Кітапта: «Көбелектей көп әскер сайдан дулап, // Қамданған қалың кісі шықты шулап»- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте «көбелектей» сөзін-«құйылды», «қамданған» дегенді-«жау жарақты»- ығыстырған. 45. Жетпіс бесінші шумақтың төртінші, бесінші жолдары кітапта: «Көпке топырақ шашсын ба, атып жықты, // Екеуінің басын да кесіп алып»- түрінде келтірілсе, Мәшһүр-Жүсіпте тағы да айырма бар: «Ақырында бұларды атып жықты // Көз алдында бастарын кесіп алып.» 46. Сексен бірінші шумақтың бірінші жолы: «Боялды Ибраһимдей екі [ұл] қанға»-жолынан кейінгі кітапта айналасы 55 тармақ Мәшһүр-Жүсіпте жоқ. Ол туралы ақын өзі былай ескертіп жазған екен: «Мұнан соңғысы жоқ. Ол жоқ болғандығы сөз-Жағыпар, Таярдың жайрап қалғандығы.» Мәшһүр-Жүсіпте тоқсан бесінші шумақтың алғашқы жолымен: «Алып барып бұларды қойып кетті»- мәтін жалғастырылған. 47. Тоқсан жетінші шумақтың соңғы үш жолы мен келесі шумақтың бастапқы тармағы-айналасы 4 жолдық мәтін, яғни: «Біріне-бірі келіп сәлем берді»- деп басталып, «Екеуі екі тауды қылған мекен»- тармағымен аяқталған мәтін кітапта жоқ, тек Мәшһүр-Жүсіпте орын алған. 48. Жүз екінші шумақтың бастапқы үш жолы да екі мәтінде түрліше. Кітапта: «Жіберді сонда Рахым тасырлыққа: //- Ешқашан сендей жанға бас ұрдық па? // Зәһираның сұлулығын құп білемін.» Мәшһүр-Жүсіпте: «Рахым сонда бет қойды тасырлыққа: // -Біз, сірә, сендей жанға бас ұрдық па ?! // Зайраның сұлулығын несіне айттың.» 49. Кітапта: «Ыза менен суырған улы қанжар»- делінсе, қолжазбада алғашқы сөздер: «Араменен суарған»- түрінде өзгертілген. 50. Жүз тоғызыншы шумақтың екінші, үшінші жолдары кітапта: «Қан басып, екі көзін ашу кернеп.// Жебірейіл әдіс пенен ыңғайланды»- деп алынса, Мәшһүр-Жүсіпте «екі көзін» дегенді- «ашу кернеп», «әдіс пенен» - орнына «қорланып» - орын тепкен. 51. Кітапта: «Жебірәһил көңілдегі сөзін айтып, // Бара тұрсын сонымен үйге қайтып»-қалпында өрілсе, қолжазбада тағы да басқаша: «Жығылды Рахым батыр күні бітіп, // Бара тұрсын Жебірейіл қайтып кетіп.» 52. «Әдет қып Зәһира шығар тау басына»- жолын маңдай еткен шумақ кітаптағы кейінгі орнынан Мәшһүр-Жүсіпте төрт жолға алға шығумен бірге сол шумақтың соңғы жолдарында да өзгеріс бары байқалады. Мәселен, кітаптағы: «Ояуда ойлап, түсінде көрген емес, // Бір жұмыс кездеседі сау басына»- жолдары кейінгіде: «Өңінде, не түсінде көрген емес, // Бір жұмыс түседі ауыр сау басына»-деп берілген. 53. Мәшһүр-Жүсіп жазбасы бойынша есептегенде, «Не қылуға білмеді жалғыз басын»-деп басталған жүз он алтыншы шумақ кітапта мүлде орын алмаған. 54. Сондай-ақ «Зайра артына бұрылып, жалт қарады»- деп басталғанмен «Жігіт айтты: -Ай, Зайра, бар тілегім»- дегенді маңдай еткен шумақтардың кітапта мүлде жоқ болып, тек қолжазба бойынша кіргізілуі де Мәшһүр-Жүсіп жазбасында қайталамау, өзіндік нақыш орын алғанын т.с.с. дәлелдейді. 55. Кітаптағы 121- шумақтың соңғы жолдары: «Көзін жұмса, жігіт түр сұп-сұр болған // Не болды деп қарайды көзін ашып»- қалпында ірге тепсе, кейінгі жазбада «сұп-сұр болған»»- дегенді «қарсы алдында»- алмастырумен бірге соңғы тармақ мүлде басқаша өріс алған: «Кел, қалқа, бір сүйгіз!- деп,- құшақтасып!» 56. 125- шумақтың бастапқы жолдары кітапта: «Әкемнен сұра мені саған берер, // Сұраған соң беруге о да көнер»- делініп, ал соңғы тармағы: «Некелеп алуыңа тура келер»-түрінде келсе, Мәшһүр-Жүсіпте тағы да өзгеше. Мәселен, бастапқылары: «Мені, әкем, сенен басқа кімге берер, // Кешікпе, бар үйіңе, елші жібер!»- қалпында болса, аяққысы: «Сонда мені ал да кет, жөні келер.» 57. «Қанжарың өткір ме?-деп, айтты оларға»- деп басталатын 138- шумақ та қолжазбада бар, ал кітапта орын алмаған. 58. «Хұсайынның шауыпты бас бармағын»- жолын маңдай еткен 146-шумақ та кітапта ұшыраспай, қолжазбада ғана бар болуымен ерекшеленеді. 59. 147- шумақтың ұйқас құрайтын соңғы сөздері: «алғызбай жүр», «қалғызбай жүр», «салғызбай жүр»- түрінде келсе, кейінгі жазбада біраз өзгеше: «алғызбапты», «қылғызбапты», «дарытпапты». Зерделесек, ұйқас түрлішелігіне қоса екіншінің: «салғызбай жүр»- деген соңғы сөзі мүлде басқаша: «дарытпапты.» 60. 148-шумақтың 2-4 жолдары өзгешелігі де көңіл бөлерлік. Кітапта: «Күні бітті тұрған жоқ Құдай сақтап. // Зәһираның зар даусына қараймын деп, // Еңіреген жарына жүр жалтақтап.» Қолжазбада: «Бұ да қайрат қылып жүр қалбалақтап, // Уақып болды Зайраға қараймын деп, // Аңыраған дыбысына бір жалтақтап.» 61. «Байқаусыз ортаға алып жығады ерді»- жолын алға салған 150- шумақ Мәшһүр-Жүсіпте бар да, кітапта жоқ. 62. Сондай-ақ: «Жебірейіл сұм дүниеден кетті қайтып»- деп басталған 153-шумақ та кітапта орын алмай, тек екіншіде орын алуымен ерекшеленеді. 63. Айналасы 161 шумақтан тұратын осы дастанның: «Көп жатпай-ақ Зайраның халі бітті»- деп басталатын 158- шумағы да Мәшһүр-Жүсіпте бар да, кітапта орын алмаған.
Баймұхаммед Тілеубергенұлының «Гүлқашима» дастаны.
Бұл шығарманың күні бүгінге дейін XX ғасыр басындағы қазақ ағартушысы, жазушысы Мұхамеджан Сералиннің төл туындысы ретінде қарастырылып келгені мәлім. Біз осы орайда осының алдында сан мәрте ескертілген ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасында сақталған Мәшһүр-Жүсіптің 1176- папкасындағы (273(367-287(381) б.) және «Көзіме көріндіңіз хор қызындай»- деген 62- шумақтан басталатын әулеттік мұрағаттағы (4- папка, 83-98 б.) өз жазбасы, сонымен қатар оның баласы Мұхамедфазыл көшірмесін (әулеттік мұрағат, 2- папка, 21-34 б.) салыстырып ұсынып отырмыз. Алдымен назар аударарлық жәйіт: Мәшһүр-Жүсіптің екі жазбасында да және көшірмеде де М.Сералин есімі аталмауы тегін емес. М.Сералиннің осы шығармасы жарияланған оқулық хрестоматияда (XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. Құрастырғандар: Т.Әбдірахманов, Қ.Жармағамбетов. Алматы, Мектеп, 1983): «Гүлқашима»-1901 жылы жазылған. 1903 жылы Орынборда жеке кітап болып шыққан. «Дастандар» жинағында, XX ғасыр басындағы ақындардың шығармаларында (1963) жарияланған. Сондай-ақ осы хрестоматияның бірінші басылымына кірген болатын. Бұл жолы 1903 жылы жарық көрген нұсқасы шамалы қысқартулармен беріліп отыр (315- бет)»- деп жазылған. Біз ұсынып отырған Мәшһүр-Жүсіп жазбасының 1903 жылғы кітаптан көшірілмей, сол туындының ел арасына тараған басқа бір нұсқасынан алынғаны кейін көрсетілмек мәтіндік саралаулардан айқын көрінеді. Бұл да, әсіресе 1917 жылға дейін жарық көрген көркем туындылардың баспа бетінде жарияланғанға дейін ел арасына түрлі нұсқада таралғандықтан да, оларды алдымен ауыз әдебиеті үлгісі ретінде қарастыру керектігін дәлелдей түседі деп санаймыз. Енді бұл туындының авторы неге М.Сералин емес, Б.Тілеубергенұлы дегенге келсек, ол сол 1983 жылғы хрестоматияның өзінде де тұр: «Сандықтан шыққан дәптер, қалтада өлең, // Барлығын тіркей жазып хисса қылдым. // Хиссаға «Гүлқашима» есім бердім.» (22 б.). Біздіңше, шығарманың кіріспе бөлімі мен «Сөз соңында» - деп аталған қорытынды бөлімін М.Сералин жазған да, ал, негізгі бөлімі Б.Тілеубергенұлының өз жазбасынан алынған дегенге сүйеніп, шығарманың түп авторы Б.Тілеубергенұлы да, қосалқы авторы, құрастырушы М.Сералин деп түйіндеуге болатын тәрізді. Мәселені түбегейлі шешуді арнайы мамандардың кейінгі ізденістері үлесіне қалдыра отырып, біз бұл туынды Б.Тілеубергенұлы шығармасы және ауыз әдебиеті үлгісі деген шешімге ат басын тіредік. Осы орайда әулеттік мұрағаттағы Жолмұрат қолымен жазылған Мұхаммедфазыл көшірмесі басындағы мына бір түсініктемені алдымен келтіргенді жөн көрдік: «Мынау жерге біраз ғана Баймұхаммед Тілеуберген жыршы ұлының өмір тарихын азырақ жазып өтейін. Бұл Баймұхаммед Сыр мұз апатында Үңгіт руынан шыққан. Оз әлінше ақын болған жігіт. Өлеңші, ақын болғандығын мынау сөзінен байқауға болады: «Жасымнан жел жаратты [Х]ақ тағала»- дегеннен. Тобыл өзенінің бойында жалғыз жеке қара жігіт болған. Басқа бір жағында көп ағайыны болып, сол ағайынға өзі жылына бір рет барып қайтып жүріп, жолда Гүлқашиманы көріп, ғашық болып, ақыры қаза сол ғашықтыққа шыдай алмай өлген. Бұл Баймұхаммедтер-шын ғашықтар, қиямет күнінде Ләйлі-Мәжнүн, Фархад-Шырын туының түбінен табылатын шын ғашықтар. Кітаптарда мұндай өлімді: «Шаһит шықты»- дейді. Бұлар өзі де шаһидларды жаны ашып, жанындай көреді... жарылқанады. Ата-анасы да жарылқанады. Шын ғашықтар үшін жан пида қылар, жан аямас: атылуға, шабылуға, басын беруге бар, қашпайды, өлімнен қорықпайды, жан не, нәр не білмейді. Атудан, шабудан, өлуден қорықса, олар шын ашық саспайды емес. Шын ғашықтар еркек, әйел жұмысын білмейді, құшақтасып, сүйісумен құмары тарқап кетеді...» Осы орайда Мәшһүр-Жүсіпте жоқ, тек хрестоматияда орын алған тармақ саны 164 болса, керісінше хрестоматияға кірмеген, тек Мәшһүр-Жүсіпте ұшырасатын тармақ саны да едәуір-168 жол екені және кейінгі мәтін салыстыру талдауларынан көрінетін өзгешеліктер тағы да ауыз әдебиеті үлгілерінің таралу, жету ерекшелігін діттеумен бірге Мәшһүр-Жүсіптің өзіндік үлесін де анықтай түседі деп есептейміз. Ең бірінші Мәшһүр-Жүсіпте жоқ, аталған хрестоматияда бар шумақтарды атап өтейік (Ол Мәшһүр-Жүсіп жазбасын қоса есептеген біздегі үлгінің сандық реті бойынша жүргізіледі-Н.Ж.). Мәселен, «Қамыстай саусағында алтын балдақ»- деп басталатын 19- шумақ, «Сұрадым осылайша қыздың жайын»- жолын маңдай еткен 34- шумақ, «Түріңнен білдім көңіл кеткендігін»-тармағын бетке ұстаған 42- шумақ, «Мен көрдім шыбық талдай бойыңызды»- жолын ту еткен 63- шумақ. Мұндай өзгешеліктер: 77-шумаққа (Бірінші жолы: «Осындай бір хат жаздым ақ қағазға»), 81-82-ге («Біреуге ғашықтықтың оты түссе»), 109, 110, («Әуелде Тәңірі оған несіп еткен»), 117-ге («Сөз жазған солай деп Гүлқашима»), 136-ға («Ей, жігіт, сал құлағың мынау көпке.», 143-ге («Ай, жарым, мұнан сонда өтті заман»), 152- ге («Анадай алыс жерде жасыл шатыр»), 159-160-ға («Атжарыс, балуан тұрыс ойын қылды»), 162, 163- ге («ІІІатырды мекен еткен күйеу батыр»), 180-ге («Сол кезде ішімде от, тысым жалын»); 184-ге («Кеткен соң ішім толып қайғы-дертке»), 186-ға («Бір суып, бір қызады ғазиз денем»), 194- ге (Қатарыңмен қосылып, // Қарындасым, жар-жар-ай», 197-200- ге («Артта қалып еңірейді // Туған атаң, жар-жар-ай»), 205-210-ға («Ағайынның ішінде // Жүрмек қайда, жар-жар-ай»), 223-226-ға («Қалды атам деп жылама, // Қайын атаң бар, жар-жар-ай»), 236-237-ге («Қайтейін, жалған дүние опасы жоқ») - тән екендігін діттегіміз келеді. Сонымен бірге: «Сусындап өз жеңіме жүріп кеттім»- деп басталатын 22-шумақтың соңғы 2 жолы,- «Тап келді бұл бір сауда жиырма үште»- дегенді маңдай еткен 144-нің соңғы 2 тармағы; «Артта қалар желкілдеп»- жолын алға ұстаған 193-нің аяққы 2-жолы; «Артында қалар жыласып, // Туған елің, жар-жар»- делінген 195- нің бастапқы тармақтары,- айналасы 8 жолдық мәтіннің де кейінгіде (Мәшһүр-Жүсіпте) жоқ екенін ескертеміз. Осы орайда біз ұсынып отырған мәтіннің: «Ерің мен ата-ана, ұстазыңды // Бұйырған ренжітпе деп хақ тағала»- тармақтары хрестоматияда: «Ғибрат кітаптарын оқып қара»- деп басталған 99- шумақтан кейін 100- шумақ басы ретінде орын алса, кейінгі: «Хатыңда деп айтыпсың жарың жаман, // Өтер деп әлі-ақ бастан шолақ заман»- жолдары кітапта 102- шумақ соңында берілген. Біз бу жолы осының бәрін Мәшһүр-Жүсіп жазбасы бойынша біріктіріп, 101 - шумақ ретінде ұсындық. Енді хрестоматияда жоқ, тек Мәшһүр-Жүсіпте орын алған өзгешеліктерді келтіреміз. Атап айтқанда: «Сөйлесе, езу тартып көзі күлген»- деп басталатын 13- шумақ; «Үстінде шайы көйлек, оқа салған»- тармағын бетке ұстаған 17- шумақ; «Ауылдан мен барамын ұзай алмай»,- жолын алға салған 25, 26- шумақтар; «Ол жігіт Құдай айдап душар келді»-дегенді ту еткен 28- шумақ. Мұндай тың шумақ көріністері: «Осылай бір хат жаздым ақ қағазға»- жолымен басталған 54- шумақта, «Сізді ойлап ұйқы қашқан екі көзден-дегенді алға тартқан 66, 67- де, «Денеңе сыр жалаңаш денем тисе»- жолын маңдай еткен 72- де, сондай-ақ 74-де(«Қайғымен көкірегім ашылмайды»), 90-да («Көрген жан сүйсінгендей қаламыңа»), 93- де («Рас сөз, Гүлқашима шын айтады»), 108-де («Зинаны пайғамбар да қош көрмеген»), 116- да («Сауалға жауап беру бізге парыз»), 119- да («Бұ хатты оқып көрдік келгеннен соң»), 122- де («Медетбай сегіз жүз сом ақшаны алған»), 126- да («Сұм дүние-ау, сенен менің көңілім суыған»), 131-133- де («Жарайды, пәлі, жақсы қыздың сөзі»), 135- де («Маған сен дін үйретпе, айтшы ықыласың»). 139-142- де («Ал, енді тұр қасымнан, орныңа бар»), 170-174-де (Кемпірлер қыз қорыған көзін сатып»), 215- де («Ол бұлбұл отыр екен қызға жалғас»), 230-да («Құр шаршап, естуменен мен қалыппын»), 240-243- де («Сөзіңді сенің жазған жатқа алармын»), 247-249 -да («Құдайым жазған екен жоқ қылуға»), 252,-253- де («Ғашығына Гүлқашима от боп жанып»), 260-263-де («Хош-сау бол, Тобыл өзен, қалың талым»)- орын алғанын ескерсек, Мәшһүр-Жүсіптің тыңнан қосқан үлгілері аз еместігі көзге түседі. Сонымен бірге хрестоматиядағы: «Айтайын, мағлұм болсын сізге халім»- деп, басталатын айналасы 8 жолдық мәтіннің, яғни 127-128 -шумақтың Мәшһүр-Жүсіпте: «Беруге, мені тәңірім несіп еткен»- жолымен басталып, мүлде басқаша келтірілуі де өткен ғасырларда басылым көрген үлгілердің көп нұсқалы болып келуінің тағы бір көрінісі деп санаймыз. Мұны хрестоматиядағы: «Жарасты жас келіншек сөзін айтты» (216- шумақ)- орнына мүлде басқа шумақ: «Келіншек лебіз ашып, бастады сөз» (Мәшһүр-Жүсіпте) келтірілуі, сонымен бірге: «Құдая, не қылсаң да, құдіретің бар» (246- шумақ)- тармағымен басталған хрестоматиядағы шумақ орнына: «Оқыдым оңашада бұл хатты алып»» -дегенді маңдай еткен Мәшһүр-Жүсіптің өзгешелігі туралы да айтуға болады. Сонымен бірге: «Мен айттым:- «Тоқта, сұлу, бермен қара»- жолымен басталған 134-шумақтың кейінгі үш жолы, «Қос сорлы, қартайғанда, қан жылаттым»- тармағын маңдай еткен 251-нің соңғы екі тармағы өзгешелігі де көңіл бөлерлік. Бұл айтылғандар ғана емес, бұдан кейін сөз болатын ерекшеліктер, немесе жеке сөздер өзгешеліктерінің бәрі мәтінде қамтылып, арнайы түсініктемедегі талдау нысанасына іліге бермегендері де, соның бәрі аталған мәтіннің көп нұсқалылығын дәлелдейді. Енді жекелеген әріп, сөз ерекшеліктерінің бәрін тізбей-ақ, соның ішіндегі айрықша көзге түскендерін нақты көрсетеміз.
Хрестоматиядағы үшінші шумақ:
Жыл жарым мұнан бұрын әлеуметім,
Бір қызға көзім көріп, көңілім кетті.
Арқа елі соқа суырып дем алғанда,
Сыр елі жақындаған хабар жетті,- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте алғашқы тармақтың «жыл жарым» сөзінен басқасы мүлде өзгеше: «Мені Алла әурет етті.» Екіншідегі «көріп» сөзі «түсіп»- деп алмастырылса, үшіншідегі: «соқа суырып» орынын «суық сорып» делінген. Зерделесек, «соқа суырып» ұғымы түсініксіз және оның Арқа еліне тән екендігі күмәнды. Ал, «суық сорып» мәтіндегі жағдай ерекшелігін нақты көрсетуімен ерекшеленеді. 2. Хрестоматияда 11- шумақтың үшінші жолы: «Ақ жүзді, ақылы кәміл, шырын сөзді»- деп берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте «ақылы кәміл» сөздерін «бидай өңді» өрнегі ығыстырған. 3. Кітапта келесі 12- шумақтың соңғы тармақтары: «Күлгенде екі беті шұқырайып, // Сүйкімді көрінеді жүзі нұрлы»- деген қалыпта орын алса, Мәшһүр-Жүсіпте, яғни шартты түрде атасақ, екінші нұсқада үшінші жол мүлде өзгеше берілген: «Түрленіп тоқсан екі, жүз құбылып». Ал аяққыдағы: «көрінеді»- орнын- «шырайлы, өңді»- сөздері иеленген. 4. Хрестоматияда, яғни алғашқыда (Оған негіз болған үлгі 1903 жылғы, кітаптан алынғанын ескерсек, оны: «алғашқыда», «біріншіде»- сөздерімен келтіре беруге болады деп санадық. -Н.Ж.) 15- шумақтың соңғы тармағы: «Көрініп тамағынан ішкен асы»-делінсе, екіншіде бастапқы екі сөз тағы да өзгерген: «білініп көмейінен». 5. Біріншідегі 18- шумақ: «Басында камшат бөрік теңге таққан. // Бөрігін қырын киіп, айна баққан»- деп басталып, соңғы жолы: «Көрінген сәулесі шар тараптан»- түрінде өрістесе, кейінгіде өзгешеліктер баршылық. Атап айтқанда, алғашқы жолдағы «теңге» сөзін екіншіде «үкі» ығыстырумен бірге екіншідегі тармақ: «Шекеге бөркін қойып»- деп, өзгеше басталған. Ал, төртінші жол мүлде өзгеше: «Сәулесі жарқ-жұрқ еткен, шамша жаққан.» 6. 23- шумақтың бастапқы үш жолы әуелгіде: «Қош айтып бәйбішеге жүріп кеттім, // Басы осы бізге жұққан қайғы-дерттің. // Саф көңілім судай тұнық былғанды енді»-қалпында орып тепсе, екіншіде айырмашылықтар баршылық. Бірінші тармақтағы бастапқы 3 сөз орнын: «Жөн табу қайда маған» иеленумен бірге, екінші жолдағы «жұққан» дегенді-«түскен», үшіншідегі «былғанды» сөзін «лайланды» алмастырған. 7. Келесі 24-шумақтың соңғы жолдары бастапқыда: «Қапа боп көңілім алаң келе жатсам, // Бір адам жол үстінде жолығысты»- деп берілсе, соңғыда мүлде өзгеше: «Самдалып, дал болумен келе жатсам, // Алдымнан көңілді ашар жан кездесті.» 8. 27- шумақтың соңғы тармағы біріншіде: «Сөйлескен сөзімізді баяндасам»- түрінде орын тепсе, екіншіде мүлде басқаша: «Алдымнан қарсы ұшыраған қыдыр десем.» 9. 29- шумақтың соңғы 3 жолы хрестоматияда: «Жігітпен бірер мезгіл кеңес құрдым.// Ол болды білетұғын көрінген соң, // Манағы қыз жайынан сауал бердім»- делінсе, соңғыда екінші тармақ мүлде өзгеше: «Атымның басын біраз тарта тұрдым.» Үшінші жол басындағы үш сөз де басқаша: «Тілі орамды, қолайлы.» Ал, төртіншіде «манағы» сөзін-«сөз қозғап», «бердім»- дегенді «сұрдым» (сұрадым) ауыстырған. Кітаптағы алғашқы тармақтар соңы: «тұрдым», «құрдым» сөздерімен бітіп отырғанын ескерсек, алғашқыдағы «бердім»- дегеннен гөрі «сұрдым» (сұрадым) ұйқасқа жақын тұрғанын аңғару да қиын емес. 10. Келесі 30- шумақтың бастапқы жолдары кітапта: «Кейінгі жолда ауылға түстім дедім»- //Шеткі үйден сусын қымыз іштім дедім»- деп берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте «жолда» дегенді «шеткі» сөзі ығыстырумен бірге келер жол басы: «Текке аңсап, көзімменен су»-қалпында өзгеше өрілген. 11. 32- шумақтың соңғы жолдары біріншіде: «Кеткен соң көңілім қатты сұрап тұрмын, // Айып eтпe беймаза ғып тергегенге»- делінсе, кейінгіде «қатты» орнын- «ауып», «беймаза ғып»- дегенді «тәптішлеп» алмастырған. 12. 35- шумақ басталымындағы «Достияр» сөзіне Мәшһүр-Жүсіп өзі беттің сол жақ қапталына көлденеңдеп жазып мынадай анықтама берген: «Достияр-ел аты, Кіші жүз: төрт Шөмекей, бес Жаппастың біреуі» (1176- папка, 275(369) б.). 13. Бұл аталымға да Мәшһүр-Жүсіп өз түсіндірмесін келтірген: «Мөңке:Табын-о да Кіші жүз- Сыр бойында болады» (1176- папка, 275 (369) б.). 14. Алты тармақтық 37- шумақтың соңғы жолы әуелгіде: «Анық емес мұнысы маған күмән- дейді»- қалпында берілсе, екіншіде басқаша: «Ол жеріне көп жетік емен- дейді.» 15. 41- шумақтың аяққы жолы біріншіде: «Замандас пайда қылар құрбыласы»- түрінде ірге тепсе, соңғыда мүлде бөлек: «Өсектен бұл күнде аман қара басы.» 16. 52- шумақтың басы кітапта: «зорменен» делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте сәл өзгеше: «зор беріп.» Ал, осы шумақтың үшінші жолы бастапқыда: «Әлеумет, оқып қара осы хатты»-түрінде келсе, кейінгіде мүлде басқаша: «Ағалар, ойлан-дағы, байқап қара.» Сонымен бірге шумақ соңындағы: «сөз шамасын» орнын қолжазбада: «сөз мағынасын»- иеленген. 17. 58- шумақтың екінші жолы бастапқыда: «Бір мінсіз көркіңізге қарап тұрдым»-делінсе, екіншіде өзгерген: «Көргем соң көркіңізді көңіл бөлдім.» Осы шумақтың соңғы жолы да екі нұсқада түрліше. Біріншідегісі: «Лыпылдап өртеп кетті, шыдап жүрдім»-болса, екіншідегісі: «Лапылдап өртей кетті, шыдай бердім.» 18. 60-шумақтың үшінші жолының соңы алғашқыда: «қайнатқан соң» - делінсе, кейінгіде оның орнына «қинаған соң» берілген. 19. 80- шумақтың үшінші жолы біріншіде: «Сүйгені-бөтен жарға несіп болып»- деп берілсе, екіншіде мүлде басқаша: «Біреуге ғашықлықтың оты түссе.» 20. 89- шумақтың соңғы жолдары кітапта: «Құпия сыр ғашықтықты баян қылған, // Мазмұнын ол хатыңның оқып білдік»- деп берілген. Осындағы «баян қылған» сөздері Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы (1916 ж.) жазбасында да қайталанса, екінші (1927-1928 ж.) нұсқада оның орнын «әшкере еткен»- иеленген. Ал, соңғы жол Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы үлгісінде: «Ары жоқ, абиырсыз-деп, сізді білдік» (Мәшһүр, 4- папка, 84 б.)-делінсе, кейінгіде: «Ары жоқ, ұяты аз жан, ғой!- дедік»- түрінде өрістеген. 21. 90- шумақтың бастапқы жолдарын біз 1176- папка бойынша: «Көрген жан сүйсінгендей қаламыңа, // Сонда да, шынын білмей, нанамын ба?»- деп бергенімізді құптай отырып, дәл осы жолдардың әулеттік мұрағатта (4-папка, 85 б.) мүлде басқаша екенін де ескерткенді жөн көрдік: «Уағалейкумассалам сәлеміңе, // Ойлашы бізге жазған қаламыңа (кәләміңе)». 22. 91-шумақтың екінші тармағы әуелгіде: «Алланың әмір қылса. хүкімі қатты»-делініп, ал төртіншісі: «Күші жоқ жан өзгертпес құдіретті»- түрінде келсе, аяққыда басқаша. Екінші жол: «Жар тапсаң, махаббатлы, болар тәтті»- де, төртінші: «Кім өзгертті, ойлашы Құдіретті!» 23. Келесі 92- шумақ бұрынғыда:
Шығарып қиялыңнан, ұмыт бізді,
Күйеуге жаздың хатты берген кезде.
Екі жыл мұнан бұрын тап келмедің,
Бұйрық жоқ қосылуға екеумізге,-делініп, ең алдымен ұйқас селкеулігі көзге түссе, соңғыда алдымен ұйқас тәртіптелген. Мәселен, екінші жол: «Хат жазып, қуып мұнша өткен кезді»- дегенде, алдымен ұйқас жақсаруы жүзеге асқан. Осы ұйқас ширауын төртінші тармақтың: «Қосуға бұйрық жоқтан екеумізді»- түрінде келуі де дамыта түскен. 24. Осы туындының 94- шумағының бастапқы 2 жолы кітапта былай берілген: «Салдың ба жеңілдікке мінезіңді, // Байқамай түрлі сөзді жаздың бізге». Ал, Мәшһүр-Жүсіпте екінші жол біраз өзгерген: «Байқамай бізге жазып әр сөзіңді?» Сонымен бірге хрестоматияда жоқ мына жолдардың, яғни осы шумақтың соңғы тармақтарының Мәшһүр-Жүсіпте орын алуы көңіл бөлерлік: «Баяндап ғашық жайын хат жазыпсың: // «Ләйлі мен Мәжнүндеймін!»- деп өзіңді.» 25. Келесі 95- шумақтың соңғы үш жолы да екі нұсқада алуандығымен назар аудартады. Біріншіде: «Қалғандай кей сөзіңнен көңілде тат. // Сөзіңді, жаным жігіт, сөйле абайлап, // Алысқа көп ұзатпа, тіліңді тарт»- деп берілген. Екінші тармақ: «Мен ғашық саған»- деудің өзі де ұят»- деп, мүлде басқаша келтіріліп, үшіншісі Мәшһүр-Жүсіптің бір жазбасында (4-папка, 85 б.) тап осы қалыпта өрістесе, енді бірінде (1176- папка, 278 (372) б.) оның орнын «Сөзіңе түсе алмадым қатты ұялдым»- иеленген. Ал, 4- соңғы жол сөздері алғашқының екіншісінде орын тепкенін ескерген жөн. 26. Бұрынғыда 103- шумақтың екінші жолы: «Құдіреттің кім бұзады бұйырғанын»-делінсе, кейінгіде: «Құдайдың тағдырына бар ма амалым?!»- орын алған. Сонымен бірге тап осы шумақтың төртінші жолы алғашқыда «сапардан» сөзімен басталса, соңғыда оның орнын «саплардан» (саптардан) иеленген. 27. 104- шумақ та 2 нұсқада түрліше келуімен көңіл бөлгізеді. Хрестоматияда:
Сабырдың ақырында сауабы зор,
Жар жаман бола берсін, көңілі қор.
Жаманға жақсы қатын кез келген соң,
Құдайға шүкір айтар, қара да тұр.
Мәшһүр-Жүсіпте «ақырында» дегенді- «ақыретте», «көңілі көр»- сөздерін «көрсоқыр көр» ауыстырумен бірге «шүкір айтар»- тіркесін - «шүкір қылар» алмастырған. 28. Әуелгіде келесі 105- шумақтың соңғы 3 жолы былай өрілген: «Риза боп алғанына көңілі бітсе, // Ұжмақтан жаман орын алмас еді, // Құдайым еткен ниетін қабыл етсе.» Соңғыда екінші тармақ басы: «Риза болып тоюмен»- деп өзгерумен қатар, «жаман орын алмас еді»- орнын «жақсы орын алар деймін»- иеленіп, «ниетін» сөзі «шүкірлік»- деп алмастырылған. 29. 107- шумақ екі нұсқада басқаша. Біріншіде:
Екі езгі іс бір орынға қосылмай ма,
Жатқа ал бір Құдайды осындайда.
Барына шүкір, жоғына сабыр етсе,
Ол пәнда орны ұжмақта деген қайда.
Екіншіде:
Бір жақсы бір жаманмен қосылмай ма,
Қосылып екі жақсы тұр қай жайда?
«Барына-шүкір, жоғына қанағатшыл
Болғанның орны жұмақта!»- деген қайда?! 30. 113- шумақтың екінші жолы бұрынғыда: «Сол күнде білінбей ме қиянатым»- деп беріліп, Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы жазбасында (4- папка, 86 б.) сол қалып сақталса, екіншіде (1176- папка, 279 (373) б.) басқаша: «Қош көрмес мал бергеннің қиянатын.» 31.6 тармақтан тұратын 120- шумақтың бесінші жолы алғашқыда: «Сөйлесе жар иесі келген екен»- делінсе, кейінгіде өзгеше: «Жабдығын «Есік ашар» сөйлескенін.» 32. 146- шумақтың соңғы 3 жолы бастапқыда: «Әр жерден шақырылған жұрт толады. // Ат жарыс, атан жарыс, алтын қабақ, // Мереке, балуан тартыс көп болады»- түрінде берілген. Ал, соңғыда біраз өзгерген: «Әр жерден жұрт жиюға үй қылады. // «Ат жарыс, балуан күрес, қызық бар!»- деп, // Мереке, бас қосылған сый қылады.» 33. Келесі 147- шумақтың кейінгі 3 тармағы да түрлішелігімен ерекшеленеді. Әуелгіде: «Ат қосқан бәйге алады оза шауып. // Етпекке бір үлкен той жеті болды // Қымызын жиғанына бие сауып.» Екіншіде «ат қосқан» орнын, «ат, кұнан» иеленумен бірге соңғы жолдар түрлішелігі назар аудартады: «Бір жетіде шамасы тарқайды»- деп, //Жұрт қымызын жияды бие сауып.» 34. 149- шумақтың бастапқы жолдары кітапта: «Мен ерте жабдық салдым кер жорға атқа, // Шыдасын неге жаным саламатта»- деп ірге тепсе, Мәшһүр-Жүсіпте біраз өзгеше: «Мен ерттеп, жабдық салдым .» 35. 155-шумак та 2 нұсқада түрлішелігімен көңіл бөлгізеді. Хрестоматияда:
Ac үйге түсірісіп тойдың асын,
Топ адам айналып жүр ошақ басын.
Адамға екі жүздей қанша табақ,
Кетеді, білген адам байымдасын.
Мәшһүр-Жүсіпте «түсірісіп» орнын «пісірісіп» иеленумен бірге екінші тармақ басы: «Көп адам босатпай»-деп берілген. «Адамға екі жүздей»- дегенді «Кісіге сегіз жүздей» алмастырумен қатар соңғы жол басындағы: «кетеді»- «жетеді»- делініп, ең аяққы: «байымдасын»- «хасапласын» (есептесін) түрінде өзгерген. 36. 156- шумақтың соңғы жолдары бұрынғыда: «Той асы Хақ қазынасы, бай ғана емес, // Келсе, орын арылмаған сорға да бар»- делінсе. екіншіде: «Не жандар, жұрт жиылса, көрінбейді, // Құрт жиған, диуаналар, дорба да бар»-түрінде отау тігілген. Сонымен қатар Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы жазбасында кітапқа үндес келетін: «Тимейтін, келсе орын, сорлы да бар» (4- папка, 90 б.) - орын алғанын есте ұстаған жөн. 37. Бастапқыдағы: «Жегенмен таусылмады, көп тартылды»- деген 158- шумақтың екінші жолын кейінгінің: «Жал-жая қазы-қарта, бас тартылды»- тармағы алмастырған. Сондай-ақ осы шумақтың: «Ас толған ғарыб-қаби елге артылды»- деген төртінші жолы да екіншіде: «Жегенмен таусылмай көп артылды»- деп өзгертілген. 38. 161- шумақтың алғашқы жолдары кітапта: «Атқа мініп, мырзаға қош-cay айтып, // Үлкендер үйді-үйіне кетті қайтып»- қалпында шаңырақ көтерсе, Мәшһүр-Жүсіпте басқаша: «Тауыса алмас көзбен көрген тілмен айтып, // Қинадық аз күн жанды бейнет тартып.» Сонымен бірге соңғы тармақтағы «кешіктірді» сөзінің екіншіде «зарықтырды» дегенмен ауыстырылуы да ел арасына тараған нұсқалар түрлішелігінің көрінісі. 39. 176- шумақтың соңғы жолдары бұрынғыда: «Әуелі-өлең, екінші ойын жасап, //Сауық қып отырысты түні бойын.»- деп келтірілсе, кейінгіде: «Әуелі-өлең, екінші әр түрлі ойын, // Қыздырып ылғи жастар қыздың тойын.» - түрінде берілген. 40. 183- шумақтың екінші жолы хрестоматияда: «Салғанын көрейін деп Жаппар хақтың,»- деп беріліп, бұл қалып Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы жазбасында (4-папка, 92 б.) сақталса, екіншіде мүлде өзгерген: «Бәрі бір, адасқанға, жел мен ықтың» (1176- папка, 283(377) б.) 41. 185- шумақтың екінші тармағы әуелгіде: «Жан-жәндік бәрі ұйқыда қыбырлаған»-деп алынып, Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы жазбасында соған үндестік: «Бір жан жоқ, бәрі ұйқыда қыбырлаған» (4- папка, 92 б.) орын алған. Ал, екінші жазбада (1176- папка, 284(378) б.) мүлде басқаша берілген: «Қайғы-дерт жанымды өртеп, тындырмаған.» Сонымен бірге осы шумақтың төртінші жолындағы «бір-біріне» сөзі бұрынғыда да, Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы жазбасында да сол қалыпта берілсе, 1176-да тағы да түрленген: «жымыңдасып». 42. Сөз болып отырған кітаптағы 201-шумақтың соңғы жолдары: «Оң жақтағы ойнаған // Күнің қалды жар-жар-ай»- түрінде берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте осындағы алғашқы мен кейінгі тармақ аралығына кимелеп: «Құлын-тайдай айқасқан»- орын тепкен. 43. 211-шумақтың екінші жолы хрестоматияда және Мәшһүр-Жүсіптің бұрынғы жазбасында: «Ғашықтық қатты батты көп сарғайтып» (Мәшһүр-Жүсіп, 4-папка, 93 б.)- деп берілсе, екіншіде тағы өзгерген: «Ғашықлық күйдірді ішті, зарды ұлғайтып» (Мәшһүр-Жүсіп, 1176- папка, 284 (378) б.). 44. Бастапқыда 239- шумақтың алғашқы жолдары: «Не пайда күнің шығар, күнің батар, // Бай қызы нар жетектеп қатар-қатар»- түрінде келіп және Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы жазбасында да соған орайластық орын алған. (Бұл тұста «жетектеп» сөзі «жетектер»- деп сәл өзгерген. (Мәшһүр-Жүсіп, 4-папка, 95 б.) Ал, 1176- да тағы да ерекшеленген: «Не пайда шыққан күннен жоқ боп батар, // Нар құрысын жетектеген қатар-қатар?!» 45.Осы тармақтан кейін хрестоматияда мүлде жоқ Мәшһүр-Жүсіптің қара сөзбен жазылған мына бір ескертпесі орын алған: «Тобыл суының бойында, тоғайының ортасында отырып, бастан-аяқ осы сөздерді жазып, жан қалтасына салып, өткір пышақпен өзінен-өзі өшін алыпты: «Болмашыға әуре болған сазаң,- деп,- саған осы керек!»- деп. «Мені ешкім өлтірмегеніне дәуіт, қаламым, өзімнің қаңлы пышағым куә болсын!»- деп. Құдай рахмат қылсын Баймұхаммед Тілеуберген жыршыұғлына! Әр оқыған жан-рухына бір аят садақаларыңызды аяй көрмеңіздер! Хикаят болса, осындай тусын!» (Мәшһүр-Жүсіп, 1176- папка, 286 (380) б. және Мәшһүр-Жүсіп, 4-папка, 96-97 б.). 46. Осы туындының «Қалтасындағы хат сөзі» тақырыпшасының бірінші, ал жалпы шығарманың 250- шумағының соңғы 3 жолы кітапта былай берілген: «Мені өлтірген адам жоқ, болма надан. // Отына ғашықтықтың шыдай алмай, // Көшірдім өзімді-өзім бұ дүниядан.» Осындағы үшінші жол («Отына ғашықтың шыдай алмай») Мәшһүр-Жүсіптің алғашқы жазбасында өзгертілмей берілсе (Мәшһүр-Жүсіп, 4-папка, 96 б.), екінші жазбада (1176- папка, 287 (381) б.) бәрі мүлде басқаша алынған: «Куәм бар бұл сөзіме: дәуіт, қалам, // Жауабын ақ қағазға жазғаннан соң, // Ақырда өз өмірін етер тамам!» Мәшһүр-Жүсіп өзінің алғашқы жазбасының қай уақытта қағазға түскенін көрсеткен: «Тілеуберген жыршы баласы Баймұхаммедке Алла рахмат айласын! 1916- жылында, 8-мартта, қоян жылы. Ал, 1176- папкадағы ақын жазбасы 1927 жылғы Жүсіпбек Аймауытұлының хатына, оның Мәшһүр-Жүсіп мұрасын жинақтап әзірлеп, баспаға ұсыну қажеттігі еске салынған кеңесіне жауап ретінде екінші рет жазылған болар деп шамалаймыз.
А. Байтұрсынов А.Байтұрсынов өлеңдері Мәшһүр-Жүсіпте екі орында сақталған. Оның бірі-алдында сан ескертілген Алматыдағы ҚР YFA Орталық ғылыми кітапханасы, 1176- папкадағы (373 (443) б.) ақынның өз қолымен жазылғаны болса, екіншісі әулеттік мұрағаттағы, негізінен, Мәшһүр-Жүсіп жазбасы жинақталған үлгідегі (7-папка, 227-243 б.) Жолмұрат көшірмесі. Кейінгі нұсқаның қағазға қашан түскені туралы дерек ақынның «Анама хат» өлеңінің аяғында берілген: «Жазылды 1921 жыл, 29 август, Далба елінде» (Мәшһүр-Жүсіп (Жолмұрат), 7-папка, 241-бет). 1. А.Байтұрсыновтың «Қазақ салты» деген өлеңінің үшінші шумағының басы: «Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп» (Шығармалары, Алматы, Жазушы, 1989, 24 б. Ескерту: әрі қарай А.Байтұрсыновтың баспа бетін көрген үлгілерімен салыстыру жүргізілгенде, үнемі осы кітапқа иек артып отырдық-Н.Ж.) - деп берілсе, қолжазбада «тықылдап» орнын «шешенсіп» (Әулеттік мұрағат, Мәшһүр-Жүсіп, 7-папка, 238 б. Ескерту: әрі қарай 7- папкаға сүйенгенде де, тек бет ретін көрсетумен шектелеміз) иеленген. 2. Сол өлеңінің соңғы шумағының бастапқы тармағы: «Бұл бір сөз қасірет етіп хатқа жазған»- түрінде өрілсе, қолжазбада «қасірет етіп» сөздерін «қасіретлесіп»-алмастырған. 3. А.Байтұрсыновтың «Достыма хат» өлеңінің соңғы 8 тармақтық бөлімінің аяғы: «Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма, // Жаны-мал, жақыны-мал, малдың құлы?!»-делінген. Ал, Мәшһүр-Жүсіпте «қайғырар ма» емес, «қайғырарға» - деп ап-анық жазылған. 4. А.Байтұрсыновтың «Жиған-терген» өлеңінің үшінші шумағы соңы кітапта: «Есек баспас тайғақ мұз»- түрінде келсе, қолжазбада «есек» орнын «секіп» сөзі иемденген. 5. Сол өлеңнің бесінші шумағы соңы кітапта: «Иманымнан қайтпаймын»- қалпында сап түзесе, қолжазбада «иманымнан» емес, «айтқанымнан»- шаңырақ көтерген. 6. Сол туындының «Ұлғайып қайғы»- жолымен басталған шумағының алтыншы жолы кітапта: «Көкті бұлт торлады»- деп берілсе, қолжазбада «көкті» сөзін «жан-жақта» ауыстырған. 7. А.Байтұрсыновтың «Анама хат» өлеңінің үшінші тармағы: «Сені онда, мені мұнда аман сақтап»-делінсе, қолжазбада бастапқы үш сөз орнын: «Мінхірді бізді»- сөздері иеленген. 8. Сол туындының сегізінші жолы кітапта: «Өкімет ор зорлыққа не бар шараң?!»-қалпында орын тепсе, қолжазбада «бар»- сөзін «дур» алмастырған. 9. Сол өлеңнің төртінші шумағы кітапта: «Алданып тамағыма, оны ұмытсам»- деген қалыпта алынса, қолжазбада «оны» сөзін «шерді» ығыстырған. 10. А.Байтұрсыновтың «Жұртыма» өлеңінің үшінші шумағының екінші жолы кітапта: «Шығасың қолыңа ала керісіңді»- қалпында орын тепсе, «ала» сөзі Мәшһүр-Жүсіпте «ұстай»- деп өзгертілген. 11. Сол туындының соңғы шумағының екінші тармағы кітапта: «Қайтейін, өзге десе көнгішіңді»- деп берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте «өзге» орнын «басқа» сөзі меншіктеген. Сонымен бірге аталған қолжазбада А.Байтұрсыновтың жоғарыда аталған туындыларынан басқа да өлеңдері: «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Жұбату», «Есек пен үкі»( аударма өлең)- орын алған. Бұл орайда кітап пен қолжазба арасында көзге түсерлік елеулі айырмашылықтар болмағандықтан, ол туындыларды атап өтумен ғана шектелгенді жөн көрдік.
С. Торайғыров С. Торайғыров шығармалары біршама жақсы зерттелді деуге негіз толық. Біз бұл тұста ақын туындыларының соңғы 2 томдығындағы (Шығ., 1,2,-том, Алматы, Ғылым, 1999 ж.) үлгілер мен Мәшһүр-Жүсіп жазбаларына салыстыру жүргізбекпіз. Аталған кітапқа алғысөз ретінде берілген «Ақын тағдыры» (авторы-С.Қирабаев) мақаласында орынды атап өтілгендей, 1927 жылы Ж.Аймауытовтың Мәшһүр-Жүсіпке жазған хатында Сұлтанмахмұт шығармаларының жиналып, баспаға әзірленгені айтылғаны мәлім. Бірақ ізінше Ж.Аймауытов қамалып (1929 ж.), «халық жауы»- дегеннің туындыларын жоқ қылу әдетке айналған кезде ол нұсқаның да құртылуы, ақынның көп туындылары жоғалып, тек баспа жүзін көргендері және ел аузынан кейін т.с.с. жиналғаны кейінгі басылымдарда қамтылғаны белгілі. Міне, осы орайда әрі жерлесі, әрі ағасы Мәшһүр-Жүсіп жазып қалдырған нұсқаның мәні ерекше екені анық.
Түсімде Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы 1176- папкадағы (389(459) б.) Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы бойынша берілді. Онда бұл туындының алғашқы 8 жолдығының 7 тармағы (5-жол жоқ) келтірілген.
Қымыз Бұл өлең де сол қордағы 1177- папкадағы (133-бет) Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы бойынша ұсынылып отыр. 1. Өлеңнің екінші жолы аталған кітапта: «Сені ішкен құмарына жеткен қымыз»-делінсе, қолжазбада «құмарына» орнын «мұратына» иеленген. 2. Шығарманың15- жолы кітапта: «Екпінің еш нәрсеге жол бере ме»- қалпында сап түзесе, қолжазбада: «жол бере ме»- сөздері «жол бермейді»- деген аз өзгеріске ұшыраған. 3. Өлеңнің жетінші шумағы кітапта: «Магнитің түстік жерден қонақ бұрып»- түрінде алынса, қолжазбада «магнитің» дегенді «маңайың» сөзі алмастырған. 4. Сол шумақтың соңғы тармағы: «Жапырылып» сөзімен басталса, қолжазбада оны «жабырлап» ауыстырған. 5. Сегізінші шумақтың екінші жолы кітапта: «алып қолға»- сөздерімен тамамдалса, қолжазбада «алып» сөзі «ұстап» болып өзгертілген. 6. Оныншы шумақ кітапта: «Сапырсаң сары шараға құлаш керіп»- қалпында орын тепсе, қолжазбада «сары шараға» сөздері «шара-шара» түрімде келтірілген. 7. Он бірінші шумақтың алғашқы сөзі: «кәсіпсіз» болса, қолжазбада оның орнын «қаңғырған» иеленген. Үзінді соңында Мәшһүр-Жүсіп өз қолымен: «Құдай рахмат қылсын Сұлтанмахмұт Шоқбыт баласына!»- деп жазылған. Соған қарап бұл туындының Сұлтанмахмұт көз жұмған (1920) жылдан кейін қағазға түсірілгенін анықтауға болады.
Бір балуанға қарап Бұл өлең де Мәшһүр-Жүсіптің 1176-папкасынан (385(455) б.) алынды. Төрт шумақтық өлең толық жазылуымен және кітаптағымен үндес келуімен ерекшеленеді. Өлең соңында тағы да: «Сұлтанмахмұт[қа] Құдай рахмат қылсын!»- деп жазылғанына қарап ақын көз жұмғаннан (1920 ж.) кейін қағазға түскенін межелеуге болады.
Тұрмысқа Бұл өлеңнің І, ІV, V бөлімдері Мәшһүр-Жүсіптің 2 жазбасында (1176-папка, 105- бет және әулеттіктегі 8- папка, 16- бет) да жоқ. Екі үлгіде де айырма кездеспейді.
Ләнет бұлты шатырлап Бұл туындының Мәшһүр-Жүсіп қолымен жазылған 2 үлгісі сақталған. Бірі ертерек жазылып, әулеттік мұрағатта (6-папка, 16-17 б.) сақталғаны да, екіншісі жоғарыда аталған қолжазба қорындағысы (1177- папка, 105, 106 б.) Екі үлгінің соңында: «Осы өлеңді сөйлегенде» тақырыпшасын айдар еткен Мәшһүр-Жүсіптің мына бір түсіндірмесі орын алған: «Теңізден терең ой, қорғасыннан ауыр түңілу, түннен қараңғы қайғы, удан ащы қасіретте жүрген жанлар. Сермеген қолды аспандағы айға жеткізбесе де, ойлаған ойға жеткізетуғын қайрат бойына келгенде, сөйлеп кеткен сөздері.» 1. Бұл туындының 10- жолы кітапта: «Қапаланған көңілден»- деп берілсе, қолжазбада: «қапаланған» сөзін «уһіленген» ауыстырған. 2. Осы өлеңнің аяққы шумағының басы: «Білімсіз талант тас екен»- күйінде ірге тепсе, қолжабада «білімсіз»- дегенді «ғылымсыз» ығыстырған.
«Адасқан өмір» дастаны Бұл мәтіннің басы алдында ескертілген қолжазба қорындағы 1176- папкадағы 393 (463) -беттен және «Бұл күнде ұйқы, тамақ, қайғы жолдас»- тармағынан кейінгілері сол папканың 6- бетінен алынды. 1. «Бұ жалғанның ісіне біз аң-таңбыз»- жолын маңдай еткен шумақ кітапта ұшыраспағандықтан, тек осы жолы енгізілді. 2. «Бұл күнде ұйқы, тамақ, қайғы жолдас»- тармағын маңдай еткен шумақтың үшінші жолы кітапта: «Мен үмітсіз һәм менен жұртта үмітсіз»- қалпында берілсе, қолжазбада: «һәм менен»- орнын «менен де»- иеленген. 3. «Сырласып, жасы кіші айтпас ойын»- жолын алға ұстаған шумақтың үшінші тармағы кітапта: «Ең арты»- деп басталса, қолжазба бойынша оның орнына: «ең әрі»-енгізілді. 4. Сол шумақ соңы кітапта: «айтқан ойым»- түрінде келтірілсе, қолжазбада «айтқан» сөзі «талқан»- деп алмастырылған. 5. Аталған шумақтан кейін іргелес орналасқанның екінші жолы соңы кітапта: «Ие»-дейді «үлкен кісі»- делінсе, қолжазбада тағы да өзгеше: «Е»- дейді көрген кісі.»
«Кедей» дастаны 1. «Өзін мырзалармен салыстыру» бөліміндегі 10- жол кітапта: «Ауыл тұрсын»- деп басталса, қолжазбада «тұрсын» орнын «түгіл» меншіктеген. 2. Осы бөлімнің 16- тармағы кітапта: «Ол туды деп қуанды елдің бәрі»- қалпында өрбісе, қолжазбада өзгешелік бар: «Ол туғанда, қуанды жұрттың бәрі.» 3. Аталып отырған бөлімнің 7- шумағының үшінші жолы кітапта: «Құдалық, үй түскенде сойған малын»- деп алынса, қолжазбада: «үй түскенде»- орнын «отау түсер»-иеленген. 4. Сөз болып өткенге іргелес шумақтың екінші тармағы кітапта: «Маңайыма жолай ма жалғыз адам»- деп беріліп, ал төртіншісі: «Ауруыңнан соның сол сөз жаман»- деп келтірілген. Ал, қолжазбада: «жолай ма жалғыз»- дегенді: «жоламас еш бір», «соның» (4-тармақтағы) сөзін «байдың»- деп өзгерту жүзеге асқан. 5.Осы бөлімдегі 9-шумақ аяғы кітапта: «Жөнеледі көзінен төгіп жасын»- қалпында тұрса, қолжазбада «көзінен төгіп»- дегенді «ағызып көздің» алмастырған. 6. Дастанның «Қорытынды» бөлімінің бастапқы шумағының аяққы жолдары кітапта: «Құдайға не жазып ем тумай тұрып, // Туғаннан мені жоқ қып, оны жарытып»- деп берілген. Ал, қолжазбада тағы да өзгешелік бар: «Құдайға не жазып ек іште жатып, // Туғаннан мені құртып, оны жарытып?!» 7. Шығарманың «Рухани қосымша» бөліміндегі жетінші шумақтың екінші тармағы «Молдекеңе» деп басталса, қолжазбада оның орнына «Қожекеңе» алынған. 8. Туындының: «Байлық-ұрлықтың жемісі» бөліміндегі соңғы шумақ алдындағы: «Ұрлық қылдыр, кісі өлтірт, өтірік айтқыз, // Алдағыш қыл-бәріне тұрам көніп»- дегендегі «қылдыр»- «қылғыз», «алдағыш»- «алдамыш»- деп өзгертілген. 9. Дастанның: «Жақыннан айрылғандағы күйік» бөліміндегі: «Ол сенікі» деп мені нанғыза алмас, // Жүз әулие, мың пір кеп миланғанмен»-жолдарында айырмашылық бар. Мәселен, «сенікі» орнында «менікі»- алынса, «жүз әулие»- «мың әулие», «мың пір»- «жүз пір»- қалпында берілген.
Мағжан Жұмабаев
Дін үйреткенге
Әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазылған (8-папка, 18-19 б.) М.Жұмабаевтың «Дін үйреткенге» өлеңінің 7- шумағынан басқа мәтіні сақталған. Енді баспа бетін көрген нұсқа мен Мәшһүр-Жүсіп жазбасы арасындағы айырмашылықтарды сөз етеміз. 1. Шығарманың 14-жолы кітапта: (М.Жұмабаев. Шығ., 1- том, Алматы, Білім, 1995, 61 б.) «Көрмейтін көзді қор ғып арты-алды»- деп берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте «көзді көр қып» - орнын «қылды көр ғып»- иеленген. 2. Туындының 20-тармағы кітапта: «Қайтейін, әсіресе, есіл ерік»- делінсе, қолжазбада «әсіресе»- сөзін «әлсіресе» ауыстырған. 3. Өлеңнің 22-жолы аяғы: «Жас төкпеспіз» болса, қолжазбада оны «жас төккен кез» алмастырған.
Қорқыт Ақынның бұл дастанының бастапқы 13 шумағы Мәшһүр-Жүсіпте (1176-папка, 157(141) б.) орын алған. Тағы да кітап пен қолжазба арасындағы өзгешеліктердің негізгілеріне назар аудартпақпыз: 1. Дастанның 24- тармағы кітапта: «(М.Жұмабаев. Шығ., 2-3-том, Алматы, Білім, 1996, 6- бет) «Жұрт оны әуезі ғып жынды дескен»- қалпында сап түзесе, қолжазбада «әуезе ғып»- дегенді «қәуесет қып»- ығыстырған. 2. Шығарманың 26- жолының аяғы: «көптің ері»- түрінде келсе, қолжазбада оны «көптің бірі» ауыстырған. 3. Туындының 29- тармағы кітапта: «Қорқыт та ерте атанды «пері соққан»- делінсе, қолжазбада «атанды» сөзі «ат алды»- дегенмен алмастырылған. 4. Дастанның 41- жолы кітапта: «Бір кезде қол тасады құрмақ үшін»- делінсе, қолжазбада «тасады» сөзі «толады»- деп өзгертілген. 5. Шығарманың 46- тармағы кітапта: «Ой менен тіл берілген байланбаққа»- деп алынса, қолжазбада, яғни Мәшһүр-Жүсіпте: «Тіл берілген өліммен байланбаққа»- деп басқаша келтірілген. 6. Туындының 48- жолы кітапта: «Жел менен топырақ боп айналмаққа»- делініп, өз алдындағы 45-тармақ соңындағы: «айналмаққа» сөзін қайталау жүзеге асса, Мәшһүр-Жүсіпте соңғы «айналмаққа» - «айдалмаққа» болып өзгертілген.
Оқжетпестің қиясында Бұл дастанның Мәшһүр-Жүсіп қолымен жазылған соңғы 6 жолы әулеттік мұрағатта (4-папка, 247 б.) сақталған. Кітап пен қолжазба арасында бір айырмашылық орын алған. 1. Мұндағы екінші жол соңы кітапта: «жыр толғайды»- деп берілсе, қолжазбада оның орнын «шер толғайды»- иеленген. Сонымен бірге Мәшһүр-Жүсіп жазбасында М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанына қатысты дерек орын алған: «Тіршіліктің бір артықтығы: естімегенді есіттіріп, көрмегенді көрсете береді екен. Біздің қазақта Абылай хан заманында Уақ: Сары- Баян қап бір сап бір өзімен бір туысқан Ноянды он бестегі уыздай күнінде: «Менің ғашық болған қызымды неге алып қаштың?»- деп, атып өлтіріп тастапты. Екі арман өмірінше сүйегімен бірге кетті. Бірі-ғашық болған қызын ала алмағаны. Бірі-өз інісін өзі атып, өлтіргені. Құнанбайдың тоқалына барғандықтан, Ыбырай айдаттырған- Базаралы-Бағаналы батыр (Мәшһүр-Жүсіп, 1176-папка, 386(456) бет).
Басқа да ақындар өлеңдері
Ажар
Бұл ақынның бізге жеткен бір шумақ өлеңі Мәшһүр-Жүсіпте 2 жерде жазылған. 1176-папкадағы (4- бет) «Қыр соңымнан»- орнына 1177- де (134-бет) «бір жағымнан»-келтірілумен қатар шығарма авторы туралы дерек ұшырасады: «Қаракесек-«Соқыр Ажар» атанған ақын қыздың өлеңі.»
Байқошқар Ақын туралы дерек Мәшһүр-Жүсіп жазбасында орын алған: «Үшата: Қозған-Тілеуімбет баласы Байқошқар қажының өз баласы Сұлтанбайға айтқан өлеңі (1177-папка, 134- бет).» Өлең соңында мына бір түсінік берілген: «Бұлар кім десеңіз, Қалжан, Құлжаны-Еламан: «Кіші ауыл»-Қаткейдің Қалмағамбет, Құлмағамбеті. Биекай-осылардың немере ағасы. Әйеті-Қозған, Басшіліктегі, белі жоқ, өмірінде түйе бағып өткен біреу.» (1177- папка, 134-бет)
Байтас Өлеңнің қандай жағдайда туғанын анықтарлық дерек берілген: «Құнанбай жер ауып, қайтып келгенде... Байтас ақынның айтқан өлеңі» (Жолмұрат, 1- папка, 344- бет). Шығарма мәтінінен кейін мына бір түсіндірме орын алған: «Мәуия, Зікірия-Бектің балалары Павлодар көшесінде Қойлы: Дүйсенбайдың қасында тұрады. Мырзағұл-Қаржас: Отықбай баласы Кәкен деген, Халел деген баласынан естіп жазып алынды.»
Бердіқожа Жолмұратта сақталған бір шумақ өлеңнен Бердіқожаның Шанышқылы руынан екені ғана белгілі.
Бибі Бибіге қатысты жалғыз дерек Жолмұрат көшірмесі басында жазылған: «Арыстанбайдың Имамбегінің тоқалы Бибінің келіншек күнінде Жаяу Мұсаға айтқан өлеңі.»
Бөрібай Мәшһүр-Жүсіп жазбасында (2-папка, 330- бет) Бөрібайдың ата-тегі «Ақбура» екені көрсетілген. «Әудем жер» өлеңі алдымен қағазға түсірілсе, оған ілесе: «Қонаққа айтқаны» берілген. Ал, «Қауғанға» өлеңі маңдайшасында ол туындының дүниеге келуіне негіз болған жағдай былай баяндалған: «Бөрібай ақын, Қара Алтайдың баласы Қарқынбай мырза,-солар заманында Ұлытау, Кішітауда Малай, Жәдігер-бір бауырлас елімен бірге қыстап, жұтап қалыпты. Сонда ол жақтағы Төртуыл бұлардың қыстаған жерін: «Шіркін, жер-ақ еді!»- деп, мақтай берген сықылды. Сонда айтқан екен: «Жақсы болса, бұл жерді Қойлыбай, Шағырай не ғып қыстамай жүрген?!»- деп. Қыс ішінде еркек қойға жүк артып, Керей Қыпшақ өзеніне көшіп келіпті. Сонда Қыпшақ өзенінде бір Қауған би деген Қыпшақтың жақсы кісісі бар екен, соған айтқаны.» Өлең соңынан мына анықтама берілген: «Сонан соң Қауған би құрмет қылып, күтіп алып қалған, малы аман шығып кеткен екен.» (Мәшһүр-Жүсіп, 2- папка, 332- бет). Ал, «Құн дауына» өлеңінің туу тарихы былай көрсетілген: «Үйсін: Ошақты-Жалайырдың Ошақтысы Малай, Жәдігер деген таптан бір Құлназар дегенді өлтіріп, құн бермей кеткен турасында Бөрібай ақын айтқан екен.» Өлең мәтіні келтірілгеннен кейін онда сөз болған кісі аттарына түсінік және құн дауының кейін қалай өрбігені берілген: «Есенбай, Есімбет деген Жәдігердің-Қосаннан шыққан батырлары екен. Ошақты бұл сөзге ығыспапты, күн бермепті.» Бұдан әрі оқиғаның қалай өрбігені Мәшһүр-Жүсіп шығармалары 6-томында (Павлодар, ЭКО, 2005 ж., 126-127 б.) «Едіге би» тарауында келтірілген. Осы орайда «Әудем жер» өлеңінің толық нұсқасы Мәшһүр-Жүсіптің әулеттік мұрағаттағы 2- папкасынан (330-331 б.) алынса, оның бастапқы 16 тармағы екінші бір нұсқада да (ІІ-папка„ 327 б.) сақталғанын, сонымен бірге алдында ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп шығармалары жинақталған 1173- папка (9-топтама, 18 б.) ішінде Жолмұрат көшірмесі орын алғанын, сондай-ақ әулеттік мұрағатта осы туындының: Жолмұрат (2-папка, 138 б.) және Фазыл (2-папка, 108-109 б.) көшірмелері қоса сақталғанын ескерткіміз келеді. Бөрібайдың бұдан басқа өлеңдері алдымен Мәшһүр-Жүсіптің жазбасынан (2- папка, 331-333 б.) алынып, Жолмұраттың 9.02.1937 жылғы көшірмесімен (2-папка, 291 б.) салыстыру жүргізілді. Иса Иса ақын туралы мәліметтер жоғарыда ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасында берілген: «Атығай-Қарауыл: Зілқара. Шопан, Әлібек, Мұса деген атақты кісілер өткен. Сол Әлібектің інісі Исаның айтқан өлеңі-жаңа заман шыққанда (Мәшһүр-Жүсіп, 1176- папка, 371 (441) б.)»
Жамшыбай Жамшыбай туралы Мәшһүр-Жүсіп жазбасында мына бір дерек орын алған: «Күліктен шыққан Жамшыбай ақын ар жақтағы Қарағайға, Шұбарға барып келе жатып, Керекудің бір жағына өтіп, бірсыпыра жыл Кереку базарына базарнай болып тұрған Тілеу бидікіне далада тұрып сөйлес қылса:
- Қонаққа зәру емеспіз, қондырмаймыз! Бар, мені керек қылған ертең базардан тапсын!-депті.
Үйге сөйлес үшін барған жолдасы осыны айтып келген соң, далада тұрып, Жамшыбай әнді шырқапты. Өлең мынау...» Өлең айтылғасын, не болғаны баяндалған: «Тілеу шошып кетіпті: . - Өзім шықпасам, пәлекет түспей кетіп, пәлеге қалдырар!- деп, жүгіріп шығып:- Ойбай, ақын екен ғой, өзімізді кенелтіп, сусынымызды қандырып кететұғын! - деп, түсіріп алыпты.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1176- папка, 65 б.)
Жапар Жапар ақын туралы дерек Мәшһүр-Жүсіпте екі жерде келтірілген. Оның біріншісі: «Айдабол: Тайкелтірден шыққан Жапар ақынның бір ауыз өлеңі-Шорман баласы Мұса мырзаға айтқан»,- деп, келтіріліп отырған бір шумақ өлеңмен тамамдалса (Мәшһүр-Жүсіп, 1177- папка, 134(89) бет), екіншісінде сол туынды тууына байланысты кеңейтілген мәлімет берілген: «Күні кеше Айдабол баласы Тайкелтір деген елден Жапар ақын шықты, домбыра ұстап, өлең айтқан ақынның серке жияр таусыншығы болды. Атбасарға қараған елге барып, өлең айтып, олжалы келе жатып, Қаржас: Талас деген елде Майбұлақта отырған Әмір деген Таластікінде қонып жатқанда, Әмірдің балалары отыз теңге ақшасын алып қалыпты. Ертеңінде онан аттанып, келе жатса, Мұса мырзаның ауылы оқтай ұшырапты. Жаз күні ғой, Мұса мырза таң намазына дәретке шығып жүр екен. Көрген жерден өлеңді зырлатыпты... Мырза:
- Балам, болды, болды, қоя ғой! Бала-шаға шырт ұйқыда жатыр, шошып кетер. Самауыр үйге кіргізілгенде, келе ғой!- деп, дәретін ала беріпті.
Таңертеңгі шайына Иса, Мұстафа інілерін шақыртып алдырып, шай артынан:
- Манағы өлеңіңді айтшы!- депті.
Ол өлеңді жүндей сабайды ғой. Мұстафа деген інісі Қаржас болысы екен. Мұса мырза Мұстафаға:
- Қалтаңнан алпыс теңге шығаршы!- депті.
- Ақша салған камзолым үйде керегенің басында тұр еді,- деп, Мұсаның Көш деген баласын жүгіртіп жіберіп алдырып, алпыс теңгені Мырзаның қолына беріпті.
Құдай рахмат қылсын, Мұса мырза өз қалтасынан жиырма теңге алып:
- Он теңге Құлболды аруағына, он теңге Құлыке аруағына бергенім!- деп, Жапар ақынға беріпті.
- Мына алпыс теңгенің отызы-жоғалтқан өз ақшаң, отызы айып-қайымы. Ал, Мұстафа өзім берген жиырма теңгеде жұмысың болмасын! Өзіңнен шыққан алпысты Әмір балаларынан аласың, алмасаң қой, мейлің!- деп, Жапарды сексен теңгемен риза қылыпты.
Енді суын сорғалатып, майын тамылжытып, жүз ауыз өлең айтсаң, қалтасынан бір тиын шығарар ит қалды ма?! Заманның құрығаны, таусылғаны-осы. Бұрынғы өткен өлгендердің бәріне де Құдай рахмат қылсын! Бүл күнгі: «Тірімін!»- деп жүргендердің бәрінің де көтіне көк істік кірсін!» (Мәшһүр-Жүсіп, 1176- папка, 63(57) б.). Осы орайда екі жерде жазылған нұсқаның екіншісінің төртінші жолы басқаша: «Құлақ сал мына сөзге, шонжарым-ай!»-түрінде берілгенін еске саламыз.
Зілғара
Тоқсан бес
Зілғара туралы Мәшһүр Жүсіп жазбасында былай деп көрсетілген: «Атығай-Зілғара, Шопанның Зілғарасы жасында болған, толған. Өзі жеті дуан үстінен советник те болған, балалары: Әлібек, Мұса деген дуанбасы болған. Қартайған кәріліктен көрген қорлығын айтып сөйлегені. Өзі тоқсан бесте отырғанда, төрт тоқалы бар екен. Жолаушы бір жігіт үйіне қонайын деп отырып:
- Ата, жасыңыз қаншаға келдіңіз?- депті.
Ұрсып тастапты:
- Бұрынғының сөзін естіген жоқ па едің? «Жақсы көрген кісіңнің жасын әсте сұрама, // Жақсы көрген атыңның тісін ашып қарама!»- деген-ді.
Тоқалдар шаруаларына шығып кеткен соң, айтыпты:
- «Ұрғашы- еркектің жеті дұшпаны»- деген. Дұшпандардың көзінше менің жасымды сұрайсың. Олар отырғанда, жасым санын айтсам, тауы шағылып, көңілдері қайтып қалады. Тоқсан бесте жасым бар, төрт тоқалым бар, ең кішісі-он сегізде. Төртеуінің үйі де, ойы да төрт басқа. Күнде біреуінің қойнына жатамын. Қай мәз қылып, жарқыратып тастайды дейсің: алдау, жан жалдағыш-тағы.
Сонда домбырасын алып, айтқан өлеңі...(Мәшһүр-Жүсіп, 1177- папка, 385(198) (341)б.). Осы орайда ертеректе тағы бір Мәшһүр-Жүсіп қолымен жазылған осы өлең мәтінінің әулеттік мұрағатта (1- папка, 79 б.) сақталғанын еске саламыз.
Қалдыбай Қалдыбай тегі туралы Мәшһүр-Жүсіп жазбасында: «Қалдыбай қожаның өлеңінде бар»-деп жазғаны сақталған (Мәшһүр-Жүсіп, 1178-папка, 308(172)- 309 б.). Өлеңде аталған Қанай балалары туралы деректер келтірілген: «Сол Қанай байдың кенжесі Фазыл (Бәзіл) деген бай болыпты. Байлығы Арқадағы «үштің бірі» болып, «Үш Фазылдың бірі болған-Фазыл» атаныпты. Фазылдың баласы Жылқыбай-Шаншардан шыққан төрт мырзаның бірі болып, «Жылқыбай мырза» атаныпты. Нұрбикеде-Балықбай, Айбикеде-Жылқыбай тұстас болыпты, бастас та болыпты. Екеуі із қосып, ел... ішінде... «Қалдыбай қожа»- деген ақын қожа болған. Бір аяғынан бір аяғы шолақ жергілікті ақсақ екен. Кемпірдің шабаданындай қораш кісі екен. Жылқыбай мырзанікіне келіп қонып, аттандырып тұрғанда, Жылқыбай мысқыл қылып күліп:
- Қожакеңнің үзеңгі бауы ұзарайын деген екен, тек аяғы ұзын-ау!- дегенде, қожа айтыпты дейді...
«Қожа: «Құл құтан»- деп, Жылқыбайды айтты. Жылқыбай құл құтан емес, Қаракесек сәуірі Шаншардың нығызы, толығы-Болатқожаға барғанша, ата-бабасында бір кемдік жоқ. Сұрастырып, қағыстырып келсек, Жылқыбайды тапқан анасы күң болып шықты. «Елді құл мен құтан билеп тұр»- дегені сол екен. Қаз дауысты Қазыбек немересі болған Қанай бай сүт кенжесі Фазылға атақты бір байдың қызын алып бермей, күңді қалай алып береді? Осы адам нанарлық сөз бе, миға салып, ойлау керек. «Сөзді түгел айтамын»- деушілер атасының көзі-құны қалғандай жоқтайды, зерттейді, сонан соң табылады.»
Қараменде Мәшһүр-Жүсіптегі: «Қараменде бидің өлеңі»- дегендегіден өлең авторының би болғанын анықтауға болады. Шығарма мәтіні соңынан мына бір анықтама қосылған: «Бұл Нармағамбет - осы Қараменде бидің ұрпағы.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1176-папка, 382 (452)-бет).
Қожамберді Қожамберді туындысы ең алғаш В.В.Радловтың 1870 жылғы «Наречия тюркских племень», Санктпетербург, 1870)- кітабына енсе, кейін Мәшһүр-Жүсіп таңдамалысына (2-том, Алматы, Ғылым, 1992, 49-51 бет) кіргізілді. Біз бұ жолы алдында ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасына (1170-папка, 95-101 б.) сүйене отырып, аталған жинақпен (Ел қазынасы-ескі сөз (В.В.Радлов жинаған қазақ фольклоры үлгілері), Алматы, Ғылым, 1994, 288-290 б.) салыстыру жүргіземіз. Шығарма маңдайшасында мына бір анықтама орын алған: «Қожамберді қырық жігіт[пен] Өскенбайдың ауылына барымтаға барды. Барғанда қолға түсті. Қолға түсіп өлең айтты.» 1. Алғашқы тармақтағы «мен» сөзі орын алмауымен бірге үшінші жол аяғы В.В.Радлов кітабында: «Жылқы бар үйімде»- қалпында берілсе, Мәшһүр-Жүсіпте басқаша: «жылқым бар-ды». Сондай-ақ В.В.Радловта соңғы жол: «Онан шықтым мен көзім тоймай»- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте: «көзім» сөзі алдынан «сорлы»- орын алуымен ерекшеленеді. 2. Бірінші нұсқада екінші шумақ соңы: «Амал қайда болар ма қалың сорға?»- түрінде ірге тепсе, қолжазбада, яғни Мәшһүр-Жүсіпте түсініксіз тұрған «қайда» сөзі «айлап»- деп алмастырылған. 3. Үшінші шумақтың бірінші тармағы соңы бастапқыда: «тағасынан» - түрінде келсе, кейінгіде: «табанынан» болумен қатар «бірер қасық» орнын «бір қасықтай» иеленген. Сонымен бірге осы шумақ аяқталымы әуелгіде: «заманынан»- делінсе, екіншіде сәл өзгеше: «заманыңнан». 4. Бесінші шумақтың аяқталымы бұрынғыда: «қала берді»- делінсе, екіншіде оны: «қаға берді» ауыстырған. 5. Алғашқыда 8,9,10- шумақ басы біркелкі болып: «Санындай шағаланың менің саным»- қалпында шаңырақ көтерсе, Мәшһүр-Жүсіпте де сол үлгі қайталанып, тек «менің» сөзі үнемі «екі»- деп алмастырылып берілген. 6. Сол 8-шумақтың үшінші жолы біріншіде: «Қолыңда осы кәріп өліп кетсем»-делінсе, соңғыда «кәріп» дегенді «кәпір» ығыстырған. 7. Тоғызыншы шумақтың кейінгі тармақтары бастапқыда: «Менің жаным қолыңда осы кәуір, // Өліп кетсем, кімге көзін сүзеді кемпір, шалым»- түрінде өріліп, аяққыда буын саны біркелкілігі жойылып, өсіп кетуі орын алған. Мәшһүр-Жүсіпте: «менің жаным» орнын «шықса жаным» иеленумен бірге, соңғының алғашқы: «өліп кетсем»- дегені мүлде кірмей, тармақтағы буын саны біркелкілігі сақталған. 8.Он бірінші шумақтың ұйқас құраушы аяққы сөздері алғашқыда: «кісен дейді», «кісі өлмейді», «бір сенбейді»- түрінде келсе, кейінгіде олардың орнын: «кісен деген», «кісі өлмеген» және «бір сенбеген»- иеленген. 9. Он екіншінің ұйқас негіздеуші соңғы сөздері бұрынғыда: «атамызға», «жотамызға», «кіреміз бе»- делініп, төртінші тармақ аяғында ұйқас ақсауы орын алса, Мәшһүр-Жүсіпте соңғысы «жатамыз ба»- қалпында енгізіліп, ұйқас сапасы жақсарған. 10. Он үшінші шумақтың ұйқасқа тірек болған аяққы сөздері кітапта: «атамызға», «жотамызға», «енемізге»- делініп, тағы да ұйқас ақсауына жол берілген. Соңғыда ол олқылық түзетіліп, ұйқас қураушы бастапқы екі жол аяғы: «енемізге», «денемізге»-түрінде келген. 11. Он төртіншінің екінші тармағы бастапқыда: «Тоқып міне алмадым мен атыма»-делініп, «тоқып» сөзі бір түрлі түсініксіздік тудырса, екіншіде оның орнына «түзеліп» келтірілген. 12. Алғашқыдағы : «е! дегенде» орнын екіншіде: «жау дегенде» иеленді. 13. Біріншіде: «Өскенбай күндес болды күніменен»- делініп, өз алдындағы тармақ соңындағы ұйқас құраушы «күніменен» сөзін әрі орынсыз қайталап, әрі ұғынықсыздық тудырса, бұ жолы Мәшһүр-Жүсіп жазбасына сүйеніп, аяққы сөз «күңіменен» болып өзгертілді. 14. Әуелгіде он жетіншінің ұйқас негіздеуші соңғы сөздері: «табылды ма», «сағындың ба», «неғылдым-ай»- түрінде келіп, ұйқас селкеулігі орын алса, екіншіде алдыңғы тармақтар аяғы: «жыңғылды сай», «сағындым-ай»- түрінде келіп, төртіншідегі: «не қылдым-ай»- сөзімен құп үйлесіп тұр. 15. Бұрынғыда 19-шумақ соны: «Қазақтың қаз мойынын мінуші едім, // Мінерсің енді ат қылып қарағайды»- қалпында беріліп, міну ұғымы екі рет қайталанған. Ал, екіншіде аяққы тармақ: «Көр енді тоқ-тоқ еткен қарағайды»- деп өзгертілген. 16. Бастапқыда: «Руы қысырақтың»- сөздері ұғынықсыздық тудырса, Мәшһүр-Жүсіпте «руы» сөзінің орнына «үйірі» алынған. 17. Әдепкідегі: «Теп-тек жатқан еліме бүлік салды»- тармағы кейінгіде басқаша: «Тұтқын боп, Қожамберді қолда қалды.»
Қойкелді «Қойкелді»- өлеңінің қандай жағдайда туғаны туралы Мәшһүр-Жүсіп былай деп жазған: «Керейдің Лекер деген ерін қалмақ атып, сирағын оқ үзіп кетті. Сонан соң: «Кегін аламын!» - деп, Қойкелді інісі аттанды. Аттанғанда жырлайды.» (Мәшһүр-Жүсіп, 1170-папка, 137- бет). Бұл мәтіннің де алдымен 1870 жылғы В.В.Радлов кітабында басылғаны ескеріліп, кітап пен Мәшһүр-Жүсіп жазбаларындағы елеулі айырмашылықтар теріліп көрсетіледі. (Осы орайда сол кітаптың соңғы басылымы: «Ел қазынасы-ескі сөз», Алматы, Ғылым, 1994 ж. сөз болғанда, оны не «кітаптағы» нұсқа деген атаумен шектеліп, немесе, «алғашқы», «бірінші» т.с.с. сөздері қолданылады да, ал Мәшһүр-Жүсіп жазбасы келтірілгенде: «екіншіде», «қолжазбада» т.с.с. сөздері беріліп, екі үлгіде де ізінше бет реті келтіріліп отырады- Н.Ж.) 1. Кітапта: «Қалмақтан шабарлатып жылқы алмаққа»- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте, яғни екінші үлгіде «шабарлатып» орнын «шығырлатып» иеленген. 2. Бұрынғыда: «Қыздарға құлын саулаттық»- деп берілсе, кейінгіде бастапқы сөздер: «қыздардың қанын»- болып өзгертілген. 3. Бастапқыда: «Көрімге құлын саулатып»- делініп, бір түрлі ұғынықсыздық пайда болса, соңғыда нақтылық басым: «Кермеге құлын байлатып.» 4. «Айдалада салмасам! //Мен аттанып, жол шектім// Айналамның азы үшін»-жолдарының тек Мәшһүр-Жүсіпте ғана болып, В.В.Радлов кітабында ұшыраспауы тағы да белгілі бір ауыз әдебиеті үлгілерінің ел арасына алдымен ауызша тарап, көп нұсқалы, алуан түрлі болуы ықтималдығын дәлелдей түседі. 5. Әуелгідегі: «Теңдер сабам жоқ үшін»- тармағы екіншіде кеңейтілген: «Қара сабам жоғы үшін, // Қатын-бала қамы үшін.» 6. Әдепкіде: «Тең құрбымнан тең үшін, // Қара бір жермен тең үшін»- түрінде өріліп, «тең үшін»- қайталануы іске асса, екіншіде бастапқы жол: «Теңдесімнен кем үшін» -деп берілген. 7. Біріншіде: «Түлкі жортпас төменнен»- делініп, «төменнен» сөзі түсініксіздік тудырса, Мәшһүр-Жүсіп «төменнен» демей, «тумадан» деп алып, сол бетке көлденеңдеп жазып, осы сөз мағынасын ашып көрсеткен: «Тума»- деп дөңгіл-дөңгіл жерлерді айтады, құба жонда болады!» 8. Бұрынғыда: «Қасқая шаптым мал үшін»- қалпында тұрса, соңғыда «шаптым»-дегенді «жорттым» алмастырған. 9. Кітапта: «Көк көгершін көк үшін»- түрінде өрбісе, қолжазбада «көк үшін» орнын «көгершін» иемденіп, бір сөздің тармақ ішінде қайталанып берілуі арқылы белгілі бір саздылық, ойнақылық артуы жүзеге асқан. 10. Бастапқыда: «...қалмақтың елінің кісісі жиылып қуды, күн көтінен жеткен соң...»-дегендегі «күн» сөзі ұғынықсыздыққа ғана итермелесе, қолжазбада оны «қуып» сөзі ауыстырып, түсінік дәлдігі артқан.
Мариям Жагорқызы Мариям Жагорқызы өлеңі ән ретінде орындалып, айтылып келгені мәлім. Ал, мына Мәшһүр-Жүсіп нұсқасы соның ең толығы, кешегі кеңес әміршілерінің қайшысына ілікпей, бізге аман жеткені. Бұл туынды Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазылған (1176- папка, 377 (447) және 337 «ә» (қосымша) бет) мәтінінен алынды.
Мәшһүр-Жүсіп
Мұхаммедханафия
Бұл туынды осының алдында ескертілгендей, кейінірек қолымызға тиген, Мәшһүр-Жүсіптің жас кезінде қағазға түсірген жазбасы бойынша әзірленді. Кешеңдеп колға тиіп, ақынның төл туындылары ішіне енбей қалғандықтан, әрі сөз саптау стилінде ауыз әдебиеті сарыны басым болғандықтан, бұл шығарманы осы кітап ішіне енгізіп, ұсынып отырмыз.
Нығымет Әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр-Жүсіп (8-папка, 11-15 б.) жазбасы бойынша әзірленді. Шығарма маңдайшасында: «Қазақ ішіне сот алғаш шыққанда, бір Нығымет деген жазған»-анықтамасы орын алған. 1. «Көріп, рақым қылар!- деп»-тармағынан кейінгі біраз өлең жолдары аралықтағы бір беттің сақталмауына байланысты орын алмаған. Шығарма соңы мына бір түсініктемемен аяқталған: «Былтыр өткен жаз 25-інші жылда ет пен қымызды іші-басынан асқанша жеп, ішіп, үйіне барсымен өліпті, қалыптан асырып, ішіп-жей берген соң. «Уай, атау-керең болсын!» -деген сөздің бірі болмаса, бірі қабыл бола қалғаны.»
Сәрсекей Шығарма маңдайшасында мына ескерту орын алған: «Қанжығалы: Сәрсекей ақынның Иса мырзаға айтқаны.» (Жолмұрат, 2- папка, 337 б.)
Ғали Елубайұлы (Смағұл)
Имам Зүфір
Мәшһүр-Жүсіптің ертерек жазылған жазбасынан (ІҮ-папка, 47-69 б.) алынды. Дастан соңындағы: «... Смағұл-менің атым // Болады Айдаболдан арғы затым»- сөздерінен шығарма авторы кім екені анықталды. Сонымен бірге сол 69- беттің екінші жағында: «Баласы Байболдының-Ғали атым», және «Атым- Ғали, баласы едім Елубайдың»- дегеніне қарап, шығарма авторының аты Fали да, «Смағұл»- деген қосалқы аты болар деп шамаладық. Ал, бірде-Байболдының, бірде Елубайдың баласы ретінде жазылу себебіне келсек, оның біріншісі атасы да, екіншісі әкесі болар деп шамаладық.
Тәтидің өлеңі Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы (1170-папка, 33-39 б.) бойынша әзірленіп, 1870 жылғы В.В.Радлов үлгісімен (Ел қазынасы-ескі сөз. Алматы, Ғылым, 1994 ж. 592-594 б.) салыстыру жүргізілгенде, атап өтерліктей басты-басты мына өзгешеліктер айқындалды: 1. В.В.Радловта (осының алдында сөз болғандай, әрі қарай кітап аталымын, авторын атай бермей: «алғашқыда», «біріншіде»-деген іспетті сөздерді қолданамыз-Н.Ж.): «Атпенен желі тарттырдым, // Кереге бояу шалғынға»- делінсе, Мәшһүр-Жүсіпте (әрі қарай мұнда да авторын т.с.с. аталмай, «екіншіде», «кейінгіде» т.с.с. сөздерді қолданумен шектелеміз- Н.Ж.) «бояу» сөзі орнын «бойы»- иеленген. 2. Алғашқыда: «Еңкейе барып жайласам»- делініп, өзінен бір тармақ кейіпті жол соңындағы «байласын»- дегенмен онша ұйқаспай тұрса, кейінгіде: «жайласам» емес, «жайласын» орын теуіп, ұйқасы сақталған. 3. Бұрынғыда: «Аманатым ол алда»-делінсе, екіншіде: «Аманатын ол Алла»- түрінде келіп, ұғым нақтылығы қалпына келтірілген. 4. Біріншіде: «Елімдегі біреуім // Қанатым сүйеген»- делінсе, соңғыда бірінші мен екінші жол арасына: «Сөзді арбалап тиеген, // Жығылып бара жатқанда»- тармақтары енумен қатар, соңғының басындағы «қанатым» сөзіне «ең» қосымшасы жалғанып, берілмек ұғым көп кеңейген. 5. Бастапқыда:
«Тағы дұғай сәлем дегейсің, Алаштың ұлы Арғынға.
Мені өлді деп естісе,
Сарғайып жұртым санаға»- делініп, екінші мен төртінші тармақтың онша ұйқаспауы орын алса, кейінгіде екінші жол: «Жасы бір үлкен ағаға»- делініп, ұйқас ширауы орын алған. Сонымен бірге соңғы тармақтағы «сарғайып»- «сарғаяр»- деп өзгертілген. 6. «Иесі көп қараға»- деудің мәнісіне үңілсек, сол сөз жазылған 38- беттің оң жағында көлденеңдеп жазылған мына бір түсінікке тап боламыз: «Жұман байдың бәйбішесі-Мәулім. Бәйбішеден Құрам жалғыз. Мапа деген тоқалынан: «Қошқарбай, Сәттібай, Тәти.» Міне, мұның бәрі артта қалған малға ие боларлық ұрпақтың баршылық екенін аңдатып тұр. 7. Бұрынғыда: «Ер жеткенше қорғаңдар // Қатын менен баланы»- түрінде келсе, соңғыда біраз басқаша: «Ер жеткенше қорған да болсын // Қатын менен балаға.» Сонымен бірге соңғы сөздің «балаға» түрінде келуі өзінен бір жол бұрынғы «қараға» дегенмен дөп ұйқасуға да бастап тұрғанын ескерген жөн. 8. Әуелгіде: «Кәпір дінін көрсетпей»- делінсе, екіншіде бастапқы сөздер: «кәпірдің жүзін»- деп өзгерген. 9. Біріншіде: «Жорғадан басқа жүйрікті // Зар екен деп мінбеген»- дегендегі «зар» сөзі түсініксіздік тудырса, аяққыда оны «зор» сөзі ауыстырып, ұғынықтылық артқан.
Төлеген Төлегеннің: «Кешегі өтіп кеткен хан Абылай»- деп басталатын, 6 шумақтық өлеңінің Мәшһүр-Жүсіптің өз қолымен жазылған 4 нұсқасы сақталған. Оның әуелгісі-әулеттік мұрағаттағы (2- папка, 283-284 б.) үлгі болса, қалғандары-бұдан бұрын сан айтылған ҚР ҰЕА Орталық ғылыми кітапханасы қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп жазбалары: 1176 (139 б.), 1177(170), 1178(220(129)б.) папкалары. Мұның ішінде 1178- папкалардан басқадағыларында негізінен бір қалып сақталса, 1178-де сәл өзгешелік орын алған. Мәселен: «Қонушы ек ауыл үй боп араласып»- деп басталатын 5- шумақ орын алмауымен бірге оның алдындағы 3- шумақтың үшінші жолы басқалардың бәрінде: «Нұрқан, Бапан болғанда, Шоң мен Шорман»- делінсе, 1178-де: «Төре, қараң отырсың, айтшы өздерің»-деп берілген екен, біз де соған ат басын тіредік. Сонымен бірге 4- шумақтың соңғы жолдары 1178-дегі: «Түн жамылып, тоғайды пана тұтып»- басқаларда 5-шумақ соңында беріліп, аяққы тармақ соңы: «паналасып»- делінген. Ал, 4- шумақ соңы 1178-дегі: «Қыз-бозбала қарқ күліп, сақылдасып» - жолы басқаларда: «Жайлауда отырушы ек мақұлдасып»- түрінде келген. Біз бұл жолы сан көптігіне емес, ұғым нақтылығының 1178-деіске асқанын ескеріп, соны ұсындық.
Үшкілбай Сасықбаласы Бұл туындының Мәшһүр-Жүсіп қолымен жазылған екі нұсқасы салыстырылып әзірленді. Шығарманың ертерек жазылып (Мәшһүр-Жүсіп, 1-папка, 79 - 81 б.), әсіресе бет маңдайындағы жолдары онша көрінбеген жағдайда оның орны кейінірек қағазға түсіп, неғұрлым жақсы сақталған (ҚР ҰҒ А Орталық ғылыми кітапханасы, қолжазба қоры, Мәшһүр-Жүсіп жазбасы, 1177-папка, 386-388 б.) үлгімен толықтырылды. Екіншіде (1177-папка) бұл туынды авторы жөнінде кеңірек мәлімет берілген: «Қыпшақ: Молдабаласынан шыққан Үшкілбайдың өлеңі. Қыпшақ: Ыбырайдың әкесі Жайықбаймен бір туысқан Сасықтың баласы. Тауық жылында жұтап қалып, қос жылқысы қосымен Есілдің бір жылымына түсіп, қырылып, жалғыз күнде жарлы болып қалған соң, айтқан өлеңі.» (1177-папка, 386(199) б.). Туынды соңында мына бір түсіндірме орын алған: «Осы жұтқа, міне, биыл жетпіс жыл, біз үш жасар бала едік.» (1176- папка, 388 б.). Соңғы дерекке жүгінсек, бұл туындыны Мәшһүр-Жүсіптің қағазға түсірген уақыты 1931 жыл екені, яғни 1177-папкадағы мәтіндердің ақын өмірінің соңғы жылында жазылуы ықтималдығы келіп шығады.
Шаһида Шаһиданың екі өлеңі сақталған. Оның біріншісі алдында сан мәрте айтылған қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп жазбаларының 1176- папкасынан (2-бет) алынса, екінші «Амойынға» өлеңі әулеттік мұрағаттағы Жолмұрат Жүсіпұлы жазбасы (1-папка, 369- бет) бойынша әзірленді
Мұса Құлниязұлы Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасы (1176- папка, 2- бет) бойынша берілді.
Елеңке мен Кемпір деген қыз қақтығысы Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіптің (1177- папка, 171 б.) өз жазбасы бойынша ұсынылды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру