Мазмұнға өту
Home

Шығармалар

Баламер Сахариев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шығармалар

Авторы: Баламер Сахариев

УДК 821.512.122.0 ББК 83.3 (5 Қаз) С 26 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Сахариев Баламер С 26 Шығармалары. Баламер Сахариев/ Құрастырған Д.Əшімханұлы. – Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚ, 2013. – 400 бет.

ISBN 978-601-7317-36-2 ХХ ғасырдағы қазақ əдебиеті сынының дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, оны шын мəнінде əдеби, ғылыми жəне кəсіби деңгейге көтере білген санаулы санаткердің бірі – Баламер Сахариев. Бұл салада отыз жылға жуық қалам қарымын танытқан ғалым сыншының сын таразысына салмаған тақырыбы, ой шолмаған жанры, көз қырына ілінбеген талант иесі жоқтың қасы. Соның ішінде, əсіресе М.О. Əуезов музей-үйінде ұзақ жыл ғылыми қызметкер болып істеген ол ұлы жазушының бай архивтік мұрасын зерделеп, зерттеудегі еңбегі ерекше. Бұл қызметте М.Əуезовтың «Абай жолы» эпопеясына қатысты өмірлік, деректік материалдардан бастап, эпистолярлық шығармаларына дейін ғылыми сараптамалар жасай білген Б. Сахариевті алғашқы əуезовтанушылардың бірі десек те болады. Сондай-ақ, қолыңыздағы жинаққа ғалым, сыншының С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сынды қазақ əдебиеті классиктерінің шығармашылығы, өмірден ерте озған А.Нұрқатов, Қ.Нұрмаханов, Қ.Мүсірепов т.б. өмірі мен қызметі туралы танымды, тағылымды еңбектері мен аудармалары топтастырылған. Осы жинаққа кірген ғалым шығармаларының қай-қайсысы да уақытпен бірге ескірмейтініне, бүгінгі жəне ертеңгі ұрпақтың кəдесіне жарай беретіне сеніміміз мол. УДК 821.512.122.0 ББК 83.3 (5 Қаз) ISBN 978-601-7317-36-2

© Сахариев Б., 2012

© «Ел-шежіре» ҚҚ, 2012 «ӨНЕРІМЕН» СҮЙІКТІ, ӨРЕСІМЕН БИІК-ТІ (Алғысөз орнына) Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысында қазіргі М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтына жұмысқа орналастым. Директоры Мүсілім Базарбаев осы институттың бір бөлімі болып саналатын Мұхтар Əуезов мұражайына баратынымды айтты: «Əуезовтің шығармаларын шығарып жатыр, соған көмектесесің» деді. Мұражай ашылмай тұрып жұмысқа тұрғандар Андабек пен Баламер екен. Екі-үш жыл əзірліктен кейін ашылған мұражайдың ең алғаш экскурсиясын жүргізушісі де – Баламер. Сонда ол қауіпсіздік комитетінің отыз шақты қызметкерлеріне түсінік береді. Олардың арасында төменгі шенділерінен бастап, генерал адамдары да бар. Алғашқы экскурсия болғандықтан ба, олардың көңілінен шығам ба, жоқ па деген ой Бəкеңді қатты мазалапты. Оны үнемі еске алып, кейін де айтып жүрді. Негізінде Бəкең орысша-қазақшаға бірдей жүйрік, шешен жігіт болатын, сондықтан ол үлкен деңгейдегі адамдарға ғана экскурсия жүргізетін. Ондайда кейбір экспонаттардың тарихын, басқа да сыр-себептері мен ерекшеліктерінен əңгіме айтқанда тыңдаушылары ұйып тыңдап, ара-арасында күліп, беріліп, көңілденіп, желпініп қалатын. Осы жылдары мұражайдың акт-залында Алматы қалалық қазақ əдебиеті мен өнерінің халық университеті өзінің сабақтарын өткізіп тұрды. Оның ректоры белгілі əдебиеттанушы, профессор Рахманқұл Бердібаев та, проректоры Баламер Сахариев, ғалым хатшысы алғаш ашылғанда Лəйла Мұхтарқызы Əуезова болды. Лəйла ол міндетті институттың басшылығымен келісіп алып, маған тапсырды. Сол кезде Академияның академиктігіне, мүше-корреспонденттігіне сайлаудың дайындығы жүріп жатқан. Осындай кездерде академиктіктен, членкорлықтан үміткер кісілер Лəйла Мұхтаровнамен жолығуға келгіш болып кетеді. Бəкең солардың келген-кеткеніне қарап отырып: «Мынау академик, мынау түк те емес, мынау членкор болатын болды» дейді. Құданың құдіреті, ауызына періште

түкіре ме, əлде сезгіштік қабілеті дөп түсе ме, ақырында қортынды нəтижелері Бəкеңнің айтқанындай болып шығады. Негізінен университет сабақтарын басқарып отыратын Рахаң да, кейде ол болмай қалған күндер болса, оны жүргізуді Бəкең қолға алады. Ондайда ол тыңдаушыларды күлдіріп, көңілді отыруына тырысады, қандай жағдайда да солай болуының орайын келтіреді. Ал Р. Бердібаевтың сабақты қорытындылауларының өзі білім кеңістігіне еніп, тереңіне батып кеткендей бір халдерге ұштасып жататын: білімнің, ғылымның, мəдениеттің, тарихтың, əдебиеттің, өнердің тұңғиығынан суарылғандай ойлары қарапайым жандар мен оқығандарға бірдей түсінікті көрінетін. Аяқталғанға дейін тыңдаушылар беріліп тыңдайды, таусылмас азық алғандай болып тарқайды, сондайда əлі де созыла түсуін, жалғаса беруін қалайтындай болады. Жұрттың қанаттанғандай болған көңіл-күйлерін көрудің, сезінудің өзі əлденендей серпіліс əкеледі, осыны сезінудің өзі бір ғанибет. Кейде мен Рахаңның тапсырған тапсырмаларын созыңқырап алатын болуым керек, соны байқаған Бəкең: «Ойбай-ау, əлі жүрсің бе? Бəрі де миллəттің қамы үшін емес пе деп ренжиді ғой ағаң» дейді. Рахаңның жүріс-тұрысындағы ерекшеліктерді ғажап түрде қайталап. Бұл көп белгілі жандардың сөйлеген сөздері мен қимылқозғалысын, ерекшеліктерін өз қалпында қайталайтын құдайдың берген қасиеттерінің бірі. Оның ондай назарына іліккендердің саны аз емес, үлкен, белгілі қайраткерлерден бастап, айналасында жүрген жай қарапайым жандарға дейін жалғасып кете береді. Əркімнің өзгеден бөлектендіріп тұратын өзгешеліктерін қағып ала қояды да, сол қалпын айнытпай көрсетеді. Жаңбырлы күндердің бірі, қолымда имек сабы бар қолшатыр, жұмысқа келсем, қызметкерлердің бəрі кіре берісте отыр екен. Бəкең менің қолшатырымды алды да, басын бір иығына қарап қисайта сілкіп тастап, аяғын сүйрете басып əрлі-берлі жүріп берсін, бұл – Əбділдə Тəжібаевтың жүрісі. Ара-арасында тілін шығарып, ол болып сөйлеп қояды. Қыран-топан күлкі. Бөжеев: «Əй, тентек, əй, тентек, қай-қайдағыны көрсетіп» деп күледі. Не деген дəлдік, не деген шеберлік, бірде-бір артық қимыл, артық қозғалыс, жасандылықтың белгісі жоқтығы қайран қалдырады. Есіме түсіп кетсе болды күлкім келе береді. Ол Əуезов болып сөйлеп, Əуезов болып лекция оқитын. Онысын Лəйла Мұхтарқызына сездірмеуге, ол бар жерде өнерін көрсетпеуге тырысатын. Өйткені Валентина Николаевна мен екеуі отырған бір жиында көрсеткен жаңағыдай өнерінен кейін олардың салқын қабақ танытқанын байқайды, содан кейін сақтанып жүретін болған. Ондай мінезді Əлкей Қаханұлынан да көреді. Мұражайдан шығып Төлебаев көшесімен төмен түсіп бара жатса Əлекең кездесе кетеді. Сəлемдессе сəлемін алмайды, қабағы қатыңқы, қырын қарай береді. Бір кілтипанның барын сезе қояды, соны ойлап болғанша Əлекең: «Немене, сені сайқымазақ артист болып кеткелі жүр дей ме, бұл қалай?!» – дейді қырылдаңқырай шығатын үнмен. Салқындықтың түбі қайда жатқанын түсіне қояды да: «Əлеке, өзіңізді қатты кəдірлейтін, құрметтейтін інілеріңіздің бірімін. Сонау 1925 жылы шыққан алғашқы мақалаңыз «Найманы»-дан бастап күні бүгінгі дейін жарық көрген дүниелеріңізден бірде-бірін бос жібермей үзбей оқып келе жатқан ініңізбін» дегенде ғана оның беті бері қарап, жіби бастағандығы байқалады. Бəрібір айрылысарда: «Байқа, бала, əйтпесе артыңнан ит қабады» дегенді айтып кетеді. Аңғал ғалым осымен бəрі бітеді деп ойласа керек, қайта сондағы сөз-қимылдарымен Бəкеңнің репертуарын байытып кеткенін білсе ғой. Бəкең солардың бəрін бастан-аяқ қайталап шықты жаңа бір қырларын тапқандай болып. Жалпы Бəкеңнің кіммен болсын əңгімесі де, сөзі де, əзілі де жарасатын бір ерекшелігі – ретін, қыбын таба білетіндігі. Евгения Васильевна Лизунова, тағы біраз əйелдер мұражайдың ауласында əңгімелесіп тұрғанда Əлкей Марғұлан туралы, оның атқарған істері мен кейбір мінездері жөнінде сөз болып қалды. Сонда тұрғандар күлісіп, өздері білетін жайларды айтысып жатқан. Бəкең сонда Евгения Васильевнаға: «Қалай, ол өзіңізге былай қырындаған шығар?» – деп, əзілдегенде ол тіпті көңілденіп кетті. «О!.. он из того жука» деп қойды. Мұны естігендер бəрі күлісіп қалды. Оларды Бəкеңнің сұрағы да, оған қайтарған Евгения Васильевнаның жауабы да сондағыларға айрықша əсер етті. Ондай сұрақты көрінген адам қоя алмайды, қоя қалғандай болса сөгіс естиді немесе ашуланғанына кез болады. Тіл мəселесіне байланысты мұражайда бір жиын болды. Осы саланың ірі өкілдері жиынға қатысты, жиынды басқарып отырған академик Ісмет Кеңесбаев: «Осында Баламер бар ма?» деді. «Бар» деген дауыстар шықты. «Сені көп адамдарды коопировать» етеді дейді. Кəне, соны көрсетші, өз көзіммен көргім келеді» деді. «Ойбай Секе-ау, қосақ арасында босқа шəйіт болып кетемін ғой, Секе, бекер қинамаңыз!»... Оған өзі жауап беретінін айтып, өтініп болмады. Сонда Бəкең Кеңесбаевтың өзі болып сөйлей жөнелді. Оған ішек-сілесі

қата күліп, мəз болып қалды. Осынысымен де қызықшыл, көпшіл екендігін, дұрыс қабылдағанын көрсетті, өзі сұранып, басқа да екіүш нөмірлерді көрді. М.Əуезовтің «Қаракөзі» қойылымынан кейін театрдың артистері мұражайды келіп көреді, акт-залында пікір алмасады. Сахариевтің өзі болып сөйлейтінін, ролін қайталайтынын білетін Серке Қожамқұлов Бəкеңнің есімі аталып қалғанда: «Е, Баламер сен екенсің ғой, енді өзім көрейін, білейін сырттан естігеннен гөрі» дейді. Бəкең сөзге келмей бірден рольге кірісіп кетті, артистердің басқа саланың адамдарындай емес екенін біледі, сондықтан Қоңқай болып өнерін бастап жібереді. Өзінің қимылдарын көріп, сөзін есту Қожамқұловқа қатты ұнады. Ризалығын қолынан ұстап, арқасынан қайта-қайта қағып, білдіріп жатты. «Сен бар кезде мен өлмейді екем. Рахмет, Баламер, мыналардан қайыр жоқ» деп, айнала тұрған артистерді нұсқап қояды. Қанша дегенмен артист дегендер ерекше халық қой, дуылдатып күлкі-думанға айналдырып, көңілдендіріп, шаттыққа бөлеп жібереді. Егер əдебиеттің өзің көрмеген, білмеген бір өкілі туралы өзіңнің сөз қозғауыңа тура келсе, онда ойыңды оның өзінен гөрі шығармашылығына, жалпы мұраларының орын-салмағына, сондағы танымдық ерекшелігі мен қарымдылығының, шеберлігінің қандайлық деңгей-дəрежеде орындалып, орындалмағанына қарай аударар едің. Ал Бəкең ұзақ, көп жылдар бірге істеп, қылық-мінез, көңіл ауанына қанығып, күнде көріп, күнде біліп, сөйлесіп, əңгімелесіп жүрген адамың болса, керісінше, оның еңбегі де, өмірдегі бітім-болмысы да, жаратылысы да қоса-қабат көлбеңдеп көз алдыңа тұрып алады. Қарымдылығы, алғырлығы, білім-біліктілігі жағынан алғанда Бəкең есімі көпшілік назарын бірден өзіне аударды. Келе-келе сол қарымдылығын, білімі мен біліктілігін Мұхтар Əуезов, Ғабиден Мұстафиндердің шығармашылығына арнаған монографияларында көрсетті. С.Көбеев, С.Мұқанов, О.Тұрманжанов, Қ.Бекхожин, Ж.Молдағалиев, Қ.Жармағамбетов, Ө.Қанахин секілді ақын-жазушылардың, əдебиет сыншылары мен зерттеушілерінің жазғандарын талдаған, сөз еткен еңбектері шын əдебиеттанушы екендігін жайып салды. Онысын ол одан да əрі дамытып, тереңдете түсті. Мектептің оныншы сыныбына арналған оқулығымен сол кездегі көптеген жас ұрпақтарды тəрбиеледі, солардың қатарында өзім де бармын. Шығармашылық жолын баспасөзде қызмет етуден бастаған ол соңғы жиырма жылға жуық уақытын Əдебиет жəне өнер институтының бір бөлімі саналатын М.Əуезов музей-үйінде өткізді. Осы уақыт ішінде Сахариев жазушы мұражайын реттесуге, шығармаларының жариялануына көп-көп күш-жігерін жұмсады жəне негізін қаласқандардың бірі болды. М.Əуезовтің орыс тілінде жазылған еңбектерін Тəкен Əлімқұлов, Айқын Нұрқатов, Зейнолла Қабдолов тəрізді қазақ тіліне стильдік дəлдігін, басқа да ерекшеліктерін сақтай отырып, өз қалпында жеткізе аударған тəржімалаушылардың бірі болды. Өзіне ұстаз санайтын осы бір қаламгерге деген ниет-ықыласы, ойы, пікірі ауызекі сөздерінде де, жазғандарында да ала бөтен еді. Өзі Əуезовтей ұстазының плюс бес деген бағасына ие болған санаулы шəкірттерінің бірі болды. Сынақ біткен кезде жазушы одан ақырын қайда оқығанын сұрапты, сонда ол оқыған мектебін айтқанда, жазушы оны біледі екен. Бұндай мінез таныта бермейтін кемеңгер ұстаз киіктің лағындай болған шəкіртінің қайтарған жауаптарының орнықтылығына, ар жағында сезіліп тұрған білімділігіне көңілі толса керек, жаңағыдай баға қоюы ең жоғары бағалағандағы белгісі. Ол оқуға түскен алғашқы жылдарында қыздар институтында оқитын жақын апаларының бірімен қыздар жатақханасында тұрыпты. Естіген, көрген-білгендерін сыртқа шаша бермей момақан пішіндегі ойын баласы сияқты бір сыңай танытады екен. Сонда кейбірі сыртқа шаша бермейтін құпия сырларына дейін айтысып қоятын көрінеді. Сахариев өзінің бүкіл ой-толғанысын негізінен проза, поэзия, əдебиеттану мен сынын сөз ету арқылы жеткізіп отырды. Өзіндік көзқарас ұстанымын «Əлемге мəшһүр əдебиет», «Принципшіл сын үшін» деп аталатын көлемді шолу мақалаларында айқын танытты. Бұрынды-соңғы жазғандарын кейінгі жаңа таным, жаңа көзқарастармен толықтыруды, жетілдіруді, шыңдап шымырлауды қолға ала бастады. Осы тұрғыдан келгенде М.Əуезов пен Ғ.Мұстафинге арналған еңбектерін əлдеқайда жаңартып-жаңғыртып, толықтыра түсуді ойлап жүрді. Ондайда өзге авторлар да қалам тартты ғой, ой қаужады ғой деп, қалам тартпай тұра алмады, қайта солармен жарысқа түскендей басқа бір қыр-сырларын ашып ақтармалауға, өзіндік тұжырым-қорытындыларын жасауға тырысқандығы, бекінгендігі аңғарылады. Алғашқы кітабы «Уақыт тынысы» негізінде ғылыми диссертация қорғады. Бұлай етуге ол М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне

өнер институтының ғылыми кеңесінің шешімінен кейін барды. Мұнымен ол өз бетін, əдебиеттану ғылымындағы өз орнын, өзіндік қосар үлесінің деңгей-дəрежесі қандай боларлығын көрсетті; үлкен əдебиетке үлкен ауқымдағы таным қажеттігін жəне байсалды, байыпты, ойлы пайымдарынсыз сынға араласудың қажетсіздігін де санаға сіңіргендей болды. Осындай жауапкершілікті сезіну, оны шын мұратмақсаты ете білудің қандайлық жүк жүктейтінін соңғы жинағы «Суреткер парызында» тереңдете ұқтырды. Бұдан əдеби процестердің сан қырлығы, оның даму, өсу, өрлеу жолдары, онымен бірге өзінің де өсіп-өрлеуі тығыз байланысты екендігі айқын аңғарылады. Барлық кез, барлық уақыттарда да ол əдебиет ағымына араласудан бейтарап қала алмады, үнемі оның қайнаған қалың шоғыры арасында жүрді, сондай-ақ оның жетістік табысы болса, ол бір кісідей марқайған көңілде қуана да, қабылдай да білді. Егер өзінің айтары болса күлбілтемей ашық, айқын айтты. Өз қамы, өз игілігі үшін ол ешқашан бірдеме істей қояйын, тындыра салайын демегені қайран қалдырады. Өзгенің кітабының шығуына, мақалаларының жариялануына көмектесуге келгенде жан ұшырып барын салды, ал өз жазғандарына келгенде өңмендемеді де, өкіректемеді, алды-артына қарамай байыпсыз сұғына жалақтауды намыс, ар көрді. Ондайда «Бас білетін өгізге өк деген өлім» деп, өзі жақсы көретін, жиі-жиі ауызға алып жүретін мақалы төңірегінен табылды. Өз күйін қалай күйттегені «Уақыт тынысы» кітабынан кейін он бес жылдай уақыт өткенде ғана барып, оның адамгершілігін, азаматтығын, кісілігін бағалайтын замандас жолдастарының араласуымен шыққан «Суреткер парызынан» да көрінеді. Жүре келе, тани келе оның болмысына өзінің туып-өскен ортасы, өзі қайта-қайта айта беретін Өр Алтайдың табиғатынан ауысқан ерлерге ғана тəн сырлы жайсаңдықтың тереңдей сіңіп енгенін, тереңдеп ұялағанын аңдар едің. Содан жұққан қасиеті ме, ол əйтеуір жарқылсыз өмір, қылдай қылауы жоқ адал еңбекпен момын ғана тіршілік кешті. Айтары болса дабырайтпай, қарапайым ғана адам болып айтты, жазары болса шектен шыға аспандамай, асқақтамай кішік қана пенде болып жазды. Өмір қызығын, өмір сыбағасын өзгеден артпай, өзгеден оза шаппай қатардағы жай ғана көптің бірі болып бұйырғанын татты. Жаны төзбейтіні жалған кісімсу, көсемсу, ғайбат сөз, пасық құлық, арам есебі жоқ, қашан да кеңқолтық, алқыпшалқыған кең пейілі кенересінен асып-төгіліп жүретін. Бəкең осы мұражайдың ең алғашқы қызметкерлердің бірі болды, əрі мұражай ашылардың алдында көруге келген қауіпсіздік мекемесінің алғашқы қызметкерлеріне алғашқы экскурсияны жүргізген де осы Бəкең болды. Осыдан бастап жазушының мол қолжазба мұраларын ретке келтірісті. Осылардың негізінде кейін он екі томдық шығармалар жинағы шыққанда оның ауыр жүгін көтергендердің бірі Бəкең болды, осында жарық көрген шығармалардың көпшілігінің түсініктерін жазды. М.Əуезовтің сексен жылдық юбилейі қарсаңында «М.О. Əуезовтің қолжазба мұрасы» деген атпен 50 баспа табақтан тұратын кітап жарыққа шықты. Осы еңбектің негізгі жобасын жасаған да Сахариев болды. Жиырма томдықтың алғашқы томдарын дайындауға атсалысқанымен жарыққа шығуын көре алмай кетті. Өзгеде жоқ бір мінезі – сол біреу-міреудің сөзі мен қозғалысын алдыңғы бөліктерде айтылғандай айнытпай қайталауы. Оның сөздері мен қимыл-қозғалыстарынан бір тосындық байқаса болды – сол болып сөйлеп, сол болып жүріп тұратындығы. Бұл – кісі көңіліне қылаудай қаяу түсірер мақсаттан аулақ өнері. Бұл реттегі бөтен ойды, бөтен мақсатты ең ауыр қылмыс, қиянаттай көреді. Бұл Сахариевтен басталған əдет, не өнер, машық емес. Бұл өнер бізде болмаса өзге жұрттарда ертеден болғанын Бəкең біледі. Мысалға орыстарда ХІХ ғасырдың өзінде үлкен өнерге айналған. Менің қолыма Міржақып Дулатов кітапханасының екі кітабы түсті, бірі – өткен ғасырдың басында Орта Азия генерал-губернаторының бұйрығымен шыққан «История Туркестана» деген атпен Ташкентте, екіншісі – ХІХ ғасырдың аяғына таман «Царей Русии после Петра первого» деп аталатын Сант-Петербургте шыққан кітаптар. Осының соңғысында Пушкиннің замандасы, атақты актер Мартыновты өзінің сөйлеу мəнері мен қимыл-қозғалысын айнытпай қайталап көпшілікке көрсетіп жүр дегенді естіген 1-Николай оны шақыртып алып: «Сені көрінген адамның сөзі мен қимылын дəл өзіндей етіп қайталайды дейді. Олай болса мені де көрсетші, мен болып сөйлеші» депті. Мартынов сонда сөзге келмей Николай секілді сюртігінің түймелерін түзеп, сəндеп алыпты да маңғаз кейіпке еніп, бойына бар қуаттылықты жинағандай тік тұрып, осылардың куəсі болып тұрған министр Волконскийге қарап: «Мартыновқа мың сом бер!» – деп, салмақты, əмірлі дауыспен үн қатады. Бұйрық сол сəтінде орындалады. Бəкең де үлкені бар, кішісі бар көптеген адамдардың іс-харакетін соншама дəл, соншама шебер келтіретін өнеріне келгенде оның алдына түсер жан болмады. Жетпіс сегізінші жылдың жазында Бəкең науқастанып ауруханаға

түсіп қалды, онда бірер айдай жатты. Хал-жайын білу үшін жиі барып тұрдым. Шыққанда қатты жүдеңденіп шықты да, біраз уақыт өткенде, оңалып, қалпына келе бастағандай болды. Жүдеңкіреп жүрген күндердің бірінде маған: «Кейбіреулердің мінез-қимыл ерекшеліктері мен сөйлеу мəнерін, оғаштықтарын көрсеткенім болмаса, пендеге жасаған қылдай қиянатым, бөтен пиғыл, жаман ойым жоқ еді. Сонда жаратқан Иеме қандай ісіммен, пиғылыммен, қандай мінезіммен жақпай қалдым екен, бұл ауруды қандай мінезіммен таптым екен?» деп, налығандай қамыққаны бар. «Бəке, бəрі де жақсы болады, əлі-ақ жазылып кетесіз» деген жұбату сөзден басқа ешнəре айта алмадым... Тамақ ішетін жерге кірдік. Ол жерде ұзақ əңгімелесіп отырдық, жақсы сұхбат болды, көңіл-күйінен бір көтеріңкілік көрінеді. Баяғы Бəкеңді көргендей болдым. Бірақ сол 1979 жылдың күзінде қайта науқастанып, 50 жылдығын атауға бір күн қалғанда дүниеден өтті. Сол 50 жасымен, юбилейімен құттықтауға мұражай қызметкерлері бардық. Көңіл-күйі жақсы екендігі, жазылып келе жатқандай болып көрінді, біз бəріміз де қуанып, енді сауығып кететіндей көріп қайттық. Бірақ сол күннің ертесінде Бəкеңнің бұл дүниеден өтіп кеткенін естідік. Жалпы алғанда адам бойындағы, мінезіндегі құбылыстарды сезіпсезінгіштігі, əдебиет ағымындағы өзгерістерді аңдап-аңдағыштығы қатар-егіз болатын. Ал талғам-танымы, көтерілген биігі, əдебиет мəселелерін талдап таразылауындағы өзіндік ерекшеліктері бөлек əңгімені керек етеді. Қай кез, қай уақытта да оның өз оқушысы, өз іздеушісі болды. Егер сыншы көп те, шын сыншы сирек десек, онда ол сол сиректер санатындағы тұлғалар қатарына жатады. Неге екені белгісіз, шындап асар асуына жеткенше бойындағы бары мен нəрін, мол талантын көбінесе тежеп ұстады. Танылуға құмартпағандығы, салқынқандылығы көп ашылып, көп ақтарылдыра қоймады. Серпіліс, көсіліс қиясынан табылдырар күш пен қайраты, қуаты жетіп тұрса да онысын ашып-ақтарылдырмады. Олар онда əрі мол, əрі жетерлік еді. Үлкен ауқымдылыққа алып барар сілкіністері əлі де алда сияқтанды да тұрды. Талатбек Əкім, «Əуезов үйі» ғылыми-мəдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері ЖАНР ЖҮГІ ƏЛЕМГЕ МƏШҺҮР ƏДЕБИЕТ Қазақ халқында «Елу жылда – ел жаңа» деген нақыл сөз бар. Тарих көшінің керуен соқпағында мал жағдайының жетегіне еріп, көшіп-қонып жүрген бабаларымыз аталған мəтелде бірқалыпты мимырт аяңмен көңілсіз өтіп жатқан өз өмірін де, бəлки, болашаққа, əйтеуір алдағы елу жылға артар үмітін де айтқанға ұқсайды. Уақыт озған сайын бəрі де өзгерісте, ағымда, қозғалыста болмағы табиғи құбылыс, диалектиканың заңы. Алайда осы нақыл қазақ халқы үшін Ұлы Октябрьден кейін мүлде жаңа мағынаға ие болды. Өйткені Ұлы Октябрь революциясы екі бірдей қанаудың қыспағында тұншығып келген қазақ сияқты бұратана аталған қараңғы елдің еңсесін көтеріп, халықтың творчестволық мол қуатының қайнар көзін аршып, оның болашағына азаттықтың нұр шұғыласын шашты. Азат болған ел заманалар, ғасырлар бойы мойнынан түспей келген лағнет қамытын революция дауылының лаулап жанған жалынына өртеп, жарқын өмірдің күн шуағына қол созды. Еліміздің Ұлы Октябрь революциясынан кейінгі даму қарқыны даңқты бесжылдықтармен өлшенді. Əр бесжылдық ел көшін өрге бастап, халық өмірін адам танымастай таңғажайып өзгертті. Қайта туған қазақ халқы қазірде «елу жылда ел жаңа» деудің орнына, белгілі əн текстін сəл ғана өзгертіп, «жыл жаңа – ел жаңа» деп жырлайтын болды. Ұлы Октябрь революциясына дейінгі көне нақыл шат-шадыман халықтың жаңа жырына жол берді. Советтік социалистік өмірдің даму қарқыны халықтың уақыт жөніндегі түсінігіне осылайша өз корректурасын енгізді. Сөйтіп, елу жыл – небары жарты ғасыр ғана. Көне тарих үшін бұл көп уақыт емес. Осы тарихи шамалы ғана мерзімнің ішінде Ұлы Октябрь революциясының арқасында бұғаудан босап азат болған халықтың творчестволық қуаты атомнан алынған ядролық қуат тəрізді ғажайып алып өзгерістер жасады. Революция тудырған елу жылдық бұл өзгерістерге тіпті сонау кездің заманалар, дəуірлер, ғасырлар жүгі де ілесе алмас еді. Айналасы елу жыл ішінде халқымыздың таза экономикалық-шаруашылық саласындағы табыстарын таразыға тартатын статистикалық көрсеткіштер телегей-теңіздей көз жеткісіз көп-ақ. Ал халқымыздың рухани өскендігін тек статистика-

мен ғана өлшеу бір жақты болар еді. Күні кеше революциядан бұрын хат оқыту үшін көрші ауылға ат шаптырып кісі алдырып жататын, сауаттысын саусақпен санағандай қазақ халқы бүгінде өзінің айдай əлемге əйгілі болған байтақ көркем əдебиетін заңды мақтаныш ете алады. КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д. А. Қонаев жолдас «Литературная газета» бас редакторының қойған сұрақтарына берген жауаптарында Совет өкіметі жылдарында республиканың қол жеткен экономикалық жəне мəдени табыстарына талдау жасай келіп, былай деді: «Қазақ халқы мəдениетінің Совет өкіметі жылдарындағы дамуын сөз ете отырып, мен экономика дамуының алып адымына халық ағарту ісінің, денсаулық сақтау ісінің, ғылым мен мəдениеттің қызу қарқыны сай келетінін атап айтсам деймін. 1906 жылы бір патша чиновнигі «Вестник воспитания» журналына мақала жазып, қызық болжам жасапты. Ол қазақ арасында сауатсыздықты жоюдың сол кездегі қарқынына қарай 4600 жыл керектігін дəлелдепті! Советтік Қазақстанда бұл проблеманы 46 ғасыр емес, 46 жыл ішінде шешіп берді» («Қазақ əдебиеті» газеті, 13 октябрь 1967 ж.). Фантастикаға пара-пар бұл сияқты ұлы өзгеріс қарқынына таң қалмау мүмкін емес. Мəселен, М. Əуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесасы ауыл жастарының күшімен алғаш рет қойылған 1917 жылы қос киіз үйдің іргесі мен бүгінгі таңдағы жазушы есіміне ие болып отырған Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді мемлекеттік академиялы драма театрының сахна төріне дейінгі аралықты тек қана статистикамен өлшеу қиын. Қазақ-совет əдебиеті, Совет өкіметі жылдарында қайта туып, социалистік ұлт болып қалыптасқан қазақ халқының өзі сияқты, Ұлы Октябрьдің бел баласы. Бұл қыздырмалық үшін айтыла салған қызыл сөз емес, шынайы шындық. Ұлы Октябрь революциясына дейін қазақтың ауыз əдебиеті болмаса, профессионалдық жазба əдебиеті дəл бүгінгідей өрге басып, өркен жайған жоқ. Оның өзінде де, көбінесе поэзия басым болды да, ал проза мен драманың кейбір болмашы үлгілері бүгінгі түсінік тұрғысынан қарағанда профессионалдық сын көтеретіндей дəрежеге жете алмады. Бұл жөнінде академик-жазушы Сəбит Мұқанов қазақтың шын мəніндегі европалық профессионалдық прозасы революцияға ілесе туып, уақ жанрда да, повесть, роман сияқты көлемді жанрда да көптеген шығармалар тудырып, көп тілді совет прозасының алдыңғы қатарынан орын алғандығын, революциядан бұрын қазақтың ұлттық əдебиетінде ауызға аларлық пьесаның өзі түгіл, иісі де болмағандығын, қазақ драматургиясының алғашқы жолын Мұхтар Əуезовтің қаламынан 1917 жылы туған «Еңлік – Кебек» пьесасы тартқандығын атап көрсетті. Ал қазір осыдан басталған қазақ-совет драматургиясында қыруар шығарма берген авторлар тобы жұмыс істейді. Біз бүгін мақтаныш етіп отырған драматургиямызды ауызға алғанда, оның қазақ топырағындағы классикалық үлгілерін жасаған Мұхтар Əуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов есімдерін алдымен атамасқа немесе сол жанрдың қабырғасын қатайтуға кайтпас қажыр жұмсап келе жатқан Əбділда Тəжібаев, Шахмет Хұсайынов, тіпті кейінгі буынның өкілі Қалтай Мұхаметжанов еңбегін бағаламасқа қақымыз болмас еді. Тек қана таза классикадан я маңдай алды жақсы шығармадан тұратын творчествоны немесе бүтін бір əдебиетті тарих шежіресінен таба қою қиын. Əдебиет əрқашанда тірі организм сияқты жанды құбылыс. Мұны ескерсек, мейлі ол жеке жанрда болсын, мейлі тұтастай əдебиетте болсын, жоғарыдағыдай санаулы есім аздық етері даусыз. Бірақ осы солай болар-ау десек, көлемі шағын мақаланы тұтастай тізімнен жасап шығуға болар еді. Алайда одан пайда бола қоймас. Қазақ-совет əдебиетінің проза, драматургия сияқты екі жанры тікелей Ұлы Октябрьдің перзенті болса, ал қазіргі поэзияның өзі де мазмұн-мағына жағынан, түр жағынан, азаматтық пафос, идеялық нысана жағынан ревоюцияға дейінгі поэзиядан көз көрім, кеш құлаш ілгері еткен, мүлде тың тұрпатты, жаңа сапалы поэзияға айналды. 1960 жылы қазақ республикасының отау көтеруіне 40 жыл толуына байланысты жазған «Қайта туған халықтың əдебиеті» атты көлемді мақаласында академик-жазушы Мұхтар Əуезов ұлттық əдебиетіміздің өткеніне, кезіндегісіне, болашағына барынша білгірлікпен кең талдау, мол пайымдау жасай отырып: «...өткеннен қалған мұра атаулы қазақ əдебиетінде шақ қана... Бұхар, Шортанбай, Дулат, Мұрат дейтін ақындардың бар шығармаларын бір арнаға жинап келіп, таразыға салғанда, бір ғана Қасым Аманжолов ақынның шығармалар көлеміне жетпейді. Тек көлемі ғана емес, мазмұны жағынан əсіресе солай. Халықтың санасының биіктік сипатымен, революцияшыл бағытымен, көркемдік мəдениет қасиетімен – қысқасы шартарап шарттарымен солай болған Қасым басым емес пе!» – деген еді.

Жайсаң білімді ғалымның бұл пікірі тек Қасым творчествосына ғана берілген баға емес, түптеп келгенде бұл сонау Ілияс, Сəкендерден бастап, Ғали, Əбділда, Қалижан, Хамит, Сырбайларын ортаға алған, бүгінгі буын Қадыр, Мұқағалиға дейінгі байтақ бір қауымға, ақын қауымға, советтік қазақ поэзиясына тұтас берілген ортақ баға екеніне көз жеткізу киын емес. Əдебиеттің əр қырына көз салған Мұхаң Абай дəстүрінің дамуы, қазақ-совет əдебиеті бастан өткізген қилы кезеңдер мен қиындықтар, интернационалдық байланыс, тəлім-үлгі алған мектеп, идеялық шынығу т. б. толып жатқан мəселелердің бəр-бəріне өз болжамын айта келіп: «Қазақ-совет əдебиетінің негізін туғызушы алғашқы қазақ жазушыларының зор қасиеті, олар революция орнай салысымен Лениннің жарқын жолды іліміне сүйене отырып, əуелгі адымдарынан бастап, реакциялық ағымдардың бəріне қарсы бітімсіз күрес ашты. Еңбекші қазақ халқының рухани мəдениетінің тарихында осы бағыт ең жемісті, зор жаңалық басы болып беки берді. Бұл жөнінде анық тарихтық бағалы еңбек етушілер қазақ-совет əдебиетінің көрнекті қайраткерлері: Сəкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сəбит Мұқанов сияқты адамдар еді», – деп жазды. Міне біздің бүгінгі қазақ-совет əдебиетіміз, профессионалдық əдебиетіміз осылайша басталды. Профессионалдық əдебиет болмайынша сынның болмайтындығы, атап айтқанда əдеби сын мен əдебиеттану ғылымы көркем əдебиет дəрежесінің көрсеткіші болып табылатыны өзінен өзі түсінікті. Демек, «Қазақ-совет əдебиеті – Ұлы Октябрьдің перзенті» деген тұжырымның төркінінде осындай ақиқат шындық бар. Дамудың даңғыл жолына түскен қазақ əдебиетін зерттеу жұмысындағы, сын саласындағы жетістіктер де мол. Совет өкіметі жылдарындағы қазақ халқының əдеби мұрасын сын көзбен қарап игеру, советтік əдебиетіміздің есу, даму процесін қадағалап, одан туатын əр алуан жағдаяттарды егжей-тегжейіне дейін түбегейлі зерттеу жөнінде қыруар жұмыс істелді. Бұл жылдардың ішінде қазақ əдебиеттану ғылымы мен сынның ірге тасын қалаған белді де беделді аға буын, бірқатар байсалды еңбектер беріп танымал болған орта буын, болашақтарына зор үміт артуға болатын жас буын əдебиетші ғалымдар мен сыншылар отряды туып қалыптасты. Қазақ əдебиеттану ғылымы мен сынының туа бастаған балаң кезінде маман кадрлардың аздығынан əр əдебиетші бар салада, бар жанрда бірдей қызмет істеген болса, мұның өзі онсыз да санаулы күшті күрделі мəселеге топтастыруға қиындық келтірсе, қазір жағдай мүлде басқаша. Бүгінгі таңда жеке жанрдың, жеке бір кезеңнің, тіпті көрнекті жеке жазушылардың зерттеушілері туып, маманданып отыр. Бұл, сөз жоқ, əдеби сын мен əдебиеттану ғылымының марқайғандығының белгісі. Солай дей тұрғанмен де, қазақ-совет əдебиетінің əлі зерттеле беретін мəселелері жеткілікті. Өйткені советтік əдебиетіміз революцияға дейінгідей керуен соқпағымен келіп тоқыраған өткен тарих емес, заманымыздың даму қарқынына сай, социалистік реализм магистраліне шыққан салқар көш үлкен процесс, өсу, өрлеу, өркендеу үстіндегі өскелең əдебиет. Оның бүгінгі таңда түбегейлі зерттеуді керек ететін зəру мəселелерінің қатарында: идея мен образ, ұнамды герой, қазіргі заман тақырыбы мен замандастар тұлғасының жасалуы, стильдік ерекшелік жəне көркемдік шеберлік сияқты күрделі де сүбелі проблемаларды атап кету артық болмайды. Қазақ-совет əдебиетінің даңқын Одақ оқырмандарына, əрісі əлем жұртшылығына танытқан жанр проза екендігі мəлім. Проза демекші, біздің қазақ əдебиет сыншылары мен зерттеушілері революциядан бұрын жазылған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Спандияр Кебеевтің «Қалың мал», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» атты шығармаларын көпке дейін роман деп қарап келді. Ұлы шығармалар жеке зерттеулер мен мақалаларда да, орта мектепке арналған оқулықтарда да осылай бағаланды. Əрине, қазақ əдебиетшілері бұл пікірді айдарынан жел ескендіктен емес, «шарасыздан шалға тидім» деп кəрі қыз айтқандай, эпикалық жанрдың роман, повесть сияқты сүйекті де күрделі, кесек туындылардың тапшылығынан, зəруліктен айтқан еді. Шындығында, бұл шығармалар роман деп атауға көлемі жағынан да, көркемдік жағынан да профессионалдық талап қоюды көтермейді. Кейініректе, шын мəнінде профессионалдық роман, повесть сияқты шығармалар жазылып, романның не бір түрлері (психологиялық, əлеуметтік, тарихи, мемуарлық, публицистикалық түрлерінен бастап эпопеяға дейін) туындап көбейіп, проза қазақ əдебиетінің жетекші жанрына айналған шақта қазақ əдебиетшілері бұл мəселені қайта қарап, басқаша бағалады. Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор М. Қаратаев былай деп жазды: «Ал енді проза жанрына келсек, бұл салада тікелей пайдаланар-

лық бізде құнарлы дəстүр болмағаны белгілі. Революциядан бұрынғы əдебиетімізде жалпы прозаның, оның ішінде, əсіресе, реалистік көркем прозаның, қанат жайып өсе алмауына байланысты совет əдебиетінің проза жөнінде өткеннен алған мұрасы өте шағын болды... Сол себепті де Совет өкіметінің алғашқы жылдары проза жанры қазақ əдебиетінде революциялық мазмұнмен шұғыл қарыштап кете алмады, өйткені жаңа мазмұнға сай жаңа көркем түр тауып беру үшін орыс əдебиетіндегі реалистік прозаның классикалық дəрежеге жеткен дəстүрлері атымен болған жоқ». Міне осындай жағдайлар бас құрап, қазақ əдебиетінің проза жанрында социалистік реализмнің кешеуілдеп барып қалыптасуына, əсіресе роман сияқты шығармалардың кенжелеп тууына əсер етпей қалмады. Сөз арасында айта кетелік, қазақ əдебиетінің Октябрь туғызған проза жанры очерк, əңгіме, повестерден басталды да, бірте-бірте күрделеніп, реалистік прозаның роман сияқты кесек үлгісін кешеуілдеу туғызды. Бұл салада алғашқы борозданы Сəкен Сейфуллиннің 1923 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жеке тараулары жарияланып, 1927 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап боп басылған «Тар жол, тайғақ кешу» атты шығармасы тартты. Шығарманың жанры жайында қазақ əдебиеттану ғылымында əрқилы пікірлер болды. Біреулер мұны тарихи документтерге негізделген очерктер деп қарауға бейім болса, енді бір топ зерттеушілер мемуарлық роман (С. Қирабаев, Е. Лизунова т. б.) деп таныды. Бірақ қалай болғанда да, даңқты революционер ақынның бұл туындысы қазақ прозасында реалистік романның көріне бастаған төбесі, келешектің кепілі екендігі даусыз еді. Шындығында солай болды да. Арада жыл өтпей жатып, 1928 жылы жанрлық тəркіні ешқандай шүбə туғызбайтын «Адасқандар» (С. Мұқанов) романы жарыққа шықты. Бұл өзінің барлық көркемдік компоненттері жағынан жанрдың қоятын талаптарына толық та түгел жауап бере алатын шын мəніндегі роман болды. Профессионалдық романды Сəбит Мұқанов осылайша бастады да, 1934 жылы жарық көрген «Жұмбақ жалау» атты шығармасы арқылы біржола негіздеді деуге əбден болады. Осыдан бастап ел өміріндегі əлеуметтік өзгерістерді бейнелейтін Б. Майлиннің повестері, Сабыр Шəріпов туындылары, Саттар Ерубаевтың «Менің кұрдастарым» романы сияқты кезеңкезең сүйекті шығармалар қазақ прозасының қорын молайта берді. Сөйтіп Ұлы Отан соғысының алдындағы бесжылдықтар кезінің өзінде-ақ əдебиетіміз айтарлықтай табысқа жетіп, тек тақырыптық жағынан ғана емес, идеялық-көркемдік жағынан да анағұрлым ілгері басқандық байқатты. Осылайша ол республикамыздағы мəдени революция жеңісінің ең бір тамаша көрсеткішіне айналды. Ұлы Отан соғысының ауыртпалығы совет халқының материалдық байлығын ғана майдан рельсіне көшіріп қойған жоқ, сонымен бірге бүкіл рухани күш-қуатын да жеңіске жігерлендірді. Халықпен бірге əдебиет те Отан қорғауға аттанған кезде көп ұлтты туысқан халықтар əдебиетінің құрамында қазақ-совет əдебиеті де майдан туының астында сапқа тұрды. Отан соғысы жылдарының ерлік шежіресін бейнелеуде тек очерк, лирика, əңгіме, публицистика сияқты шағын жанрлар ғана белсенділік көрсетіп қойған жоқ, роман, повесть, поэма сияқты іргелі жанрлар да іске кірісті. Жазушы Ғ. Мүсірепов «Ер ана», «Ақлима» əңгімелеріне қоса кейін «Қазақ солдаты» деген атпен қайта басылған романының алғашқы нұсқасын дүниеге келтірді. Бұл қазақ əдебиетінің реалистік үлкен прозасында майдан өмірін бейнелеудің алғашқы барлаушысы əрі өте сəтті барлаушысы болды. Ə. Əбішевтің «Жас түлектер» повесі мен Ғ. Слановтың «Жанар тау» романы да майдан мен тыл өмірінің бірлігін бейнелеуге арналды. Ал тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған атақты диқан Ш. Берсиев өмірін суреттеген жазушы Ғ. Мұстафиннің «Шығанақ» романы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы əдебиетіміздің ең сүбелі туындыларының бірі болды. Берсиев ерлігіне Мұстафиннен кейін неміс ақыны Бертольд Брехт те арнайы поэма жазғаны мəлім. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау жылдары қазақ прозаиктерінің əдебиетке соғыстан кейін келген жаңа буынының творчестволық тағдырларында да із-түзсіз кеткен жоқ. Шындығында да орта мектепті бітірер-бітірместе студенттік партадан майданға аттанған Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ə. Нұрпейісовтың «Курляндия» атты алғашқы романдарының майдан өмірін суреттеуге арналуы табиғи құбылыс. Олардың ол кезде басқадай өмір тəжірибесін жазуы тіпті мүмкін де емес еді. Ал қазір бұл талантты жазушылардың туындылары неміс, француз оқырмандарына да танымал болғаны көңілге қуаныш екенін атап өту қажет. Қазақ прозасының өте-мөте қаулап дамыған кезеңі – Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар. Бұл кезде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Əуезовтің Лениндік жəне Мемлекеттік сыйлықтарды алған

«Абай жолы» эпопеясының соңғы ноқаты қойылды. Қалың оқырман қауымның, сондай-ақ көптеген шетелдік һəм советтік əдебиет, мəдениет қайраткерлерінің мойындауы бойынша, бұл шығарма тек совет əдебиетінің ғана емес, жалпы əлемдік əдебиеттің классикалық туындыларының қатарынан берік орын алып отыр. Көшесінің əр тасы, үйлерінің əр кірпіші əдебиет пен мəдениет тарихынан шежіре шертетін Париждің, сонау бір кездегі «тəкаппар Европаның» көптеген əдебиет, мəдениет қайраткерлері бұл күнде М. Əуезов есімін Гомермен, Шекспирмен, Толстой, Шолоховтармен салыстырып, қатар атаса, бұл да жарты ғасыр ішінде ұлттық əдебиетіміздің қай деңгейге, қаншалық биікке самғағанын көрсетсе керек. 1965 жылы Лейпциг қаласында Библиография институты шығарған «Дүниежүзі əдебиетінің справочнигінін» бір томдығына қазақ əдебиетінің үш өкілі (Абай, Жамбыл, Əуезов) енуі де жайдан-жай емес екендігі түсінікті. Бұған М. Əуезов, С. Мұқанов шығармаларының дүниежүзінің қырық шақты тіліне аударылғанын, тек Ғ. Мұстафин шығармаларының ғана оннан аса шетел тілдеріне аударылу фактісін қоссақ, оқырман ретіндегі мақтаныш сезіміміздің себебі түсінікті болады. Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке», Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романдарын, X. Есенжановтың, Ə. Нұрпейісовтың трилогиялық туындыларын да біз бүгін «біздерде мынадай бар, мынадай бар» – деп ауыз толтырып айта аламыз. Соғыстан кейінгі жылдары қазақ прозаиктерінің қатарын толтырған 3. Шашкин, С. Шаймерденов, Б. Соқпақбаев, 3. Қабдолов, Ж. Тілеков, С. Бақбергенов, А. Байтанаев, Ə. Сəрсенбаев, Д. Əбілев, К. Оразалин т.б. толып жатқан белгілі прозаиктерімізді айтпағанның өзінде, прозаға кеше ғана келген соңғы сүйріктер: С. Жүнісов, Қ. Ысқақов, С. Мұратбеков, Р. Тоқтаров, Қ. Жұмаділов, О. Бөкеев, Ə. Кекілбаевтардың алғашқы табыстарының өзі көңілге тоқ, көзге қуаныш. Əрине, қол жеткен табысымыздың бəрін бір мақалада айтып жеткізу қиын. Тегінде ақын Тайыр ағамыз рас айтқан: Кім айтпас бізді қазір өскен ел деп?! 1970. ӨМІРІ – ӨНЕГЕ, ӨНЕРІ – МҰРА Совет халқының сүйікті жазушысы Мұхтар Омарханұлы Əуезовтің арамыздан оралмас алыс сапарға аттанып, дүние салғанына да біраз жыл болып қалыпты. Одан бері жазушының туғанына 70 жəне 80 жыл толған юбилейінде өткізілді. Көркем өнердің өзінен əдейі сомдап соққандай келбетті де мол денесін тік ұстап, замана жүгіне белі қайыспас нардай болып отыратын алып жүрек иесі Мұхаң қазір ортамызда жоқ. Көзден таса болғанмен, ендігі мекен-жайын бар оқушының жүрегінен тапқан жазушының жарқын бейнесі əр қайсымыздың көңілімізде дəл бүгінгідей сайрап тұр. «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп ұлы Абай айтқандай, мəңгі жасайтын аса мол мəдени мұра қалдырған Мұхаңның халқымен қашанда бірге болатыны талассыз. Қаламдас орыс достарының «М. Əуезов – Шығыстың Шолоховы», «Қазақстан үшін екінші Абай еді» деп атауында үлкен мəн бар. Бұл – халықтың үлкен талантты ұлына, аяулы азаматына, дарқан білімді жазушысына деген риза көңілінің сыйлығы. «Ұлы адамның өмірі өлгеннен кейін басталады» деп тегін айтылмаған. Марқұмның зираты басында сөйлеген сөзінде жазушы Ғ. Мүсірепов «ат тұяғын тай басар» деген қазақ нақылының көркемөнер үшін заң еместігін ескерте келіп, əсіресе, Мұхтар сияқты сом тұлға, зор таланттың орнын өзінен қалған асыл мұрасы – көп томдық шығармалары ғана толтыра алатындығын айтқан еді. Өте əділ айтылған. Жəне мұны 1961 жылы 1 июльде ұлы жазушымыз М. Əуезовті жерлеуге арналған қаралы да азалы митингте қазіргі Социалистік Еңбек Ері, академик-жазушы Ғабит Мүсірепов айтып отырғанын ескерсек, бұл бағаның қадір-құрметі есейе, зорая түсеріне де шүбə болмаса керек. Ал енді келесі буынның белгілі де дарынды өкілдерінің бірі Тахауи Ахтанов жазушы қазасынан бір жылдан соң: «Əуезовтен кейін қазақ жазушыларына əдеби еңбек тым қиындап кеткенін жасыра алмаймыз. Ол жарық жалғанның алдында жақсы атандырып кеткен əдебиеттің биік деңгейін төмендетіп алмау қай-қайсымызға да оңайға түсе қоймас», – десе, бұл да əлгінде айтылған «орны толмас» деп дүйім жұрт ден қойған пікірден туындап жатқан ақиқат болса керек. Қайткен күнде де, əдебиетіміздің екі буын өкілдерінің пікірі бір арнаға сайып отырса, бұл Əуезовтің төл əдебиетіміз үшін, жалпы советтік мəдениетіміз үшін кім

болғандығынан біраз хабар беретін тəрізді. Бір ғажабы бұл бағалар жазушының кезі жұмылғаннан кейін айтылса да, қазақтың «жоғалған пышақтың сабы алтын» дейтін нақылы да дəл осы орайға жүрмейді. Өйткені Мұхтар Əуезов – жазушы ретінде өзінің ұлылығын көзі тірісінде құлағымен естіп, мерзімді баспасөз беттерінен оқып өткен, үлесіне мұндай бақыт сирек тиетін, жалпы адамзат мəдениетіндегі үркердей шоқ жұлдыз дарындарының бірі. «Дүниежүзі əдебиеттерінің кітапханасы» деп аталатын серияда таяуда ғана шығып біткен сонау көне гректер заманындағы Гомерден бастап бүгінгі заманға дейінгі əлемдік əдебиет классиктерінің ең хрестоматиялық туындыларының екі жүз томдығынан қалыңқалың екі томға Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы» эпопеясы ие болып отырса, бұған қоса сол басылымдағы «Совет əңгімелерінің» екі кітабының біріне оның «Көксерегі», екіншісіне Ғабит Мүсіреповтің «Этнографиялық əңгімесі» еніп отырса, поэзияда бір топ дарынды ақындарымыздың жекелеген өлеңдері енгізілсе, Əуезов эпопеясына СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Əбдіжəміл Нұрпейісов көлемді де ойлы алғысөз жазса, сыңайы, тек осы фактілердің өзі де Ұлы Октябрьдің перзенті болып саналатын қазақсовет əдебиеті үшін аз олжа болмаса керек. Мұндағы айтпағымыз – шүкірлік еткен оқырманға қазақ əдебиетінің мақтаныш тұтар олжасы аз емес. Бірақ сол мақтанышта, тағы да Ғабеңнің сөзімен айтқанда, «бетке тұтсақ, – беделі, арқа тұтсақ – панасы» мол М. Əуезовтің орны ерекше. Əрине, көркем əдебиет ток күшінің өлшемі – ампер, кернеудің өлшемі – вольт дейтіндей физика, математика сияқты дəлдік (точная) ғылым емес, сондықтан да оның өлшем бірлігін айыру, үзілді-кесілді кесіп-пішіп айту қиын. Солай болғанмен жоғарғы айтылмыш пікірлерге қарағанда, ұлттық əдебиетіміздің жеткен деңгейі М. Əуезов жəне сол қатарлы аға буын өкілдерінің творчествосымен өлшенері, кем қойғанда, əзірге өлшеніп келе жатқандығы даусыз. Дəл осы алуандас пікірді қазіргі прозамызға, оның ішінде роман жанрына байланысты өзінің соңғы бір мақаласында Ғабит Мүсірепов айтқан еді. Творчестволық мəнері ешкімге де ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын дара суреткер, талғампаз сөз зергері Ғабең мұндай шындықты айтқаннан биіктей түспесе кеміген жоқ, кішірейген жоқ. Тегінде, ұлылықтың, данышпандықтың өзі де сұлулық сияқты қай жерде туарын таңдамайтын да, талғамайтын да ғажайып құбылыс болса керек. Ол қай халықтан да, қандай халықтан да, аз ұлттан да, көп ұлттан да шығады. Қазір Лениндік жəне Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, оқырман қауымның ең сүйікті жазушыларының бірі Шыңғыс Айтматов бір кезде орыс əдебиетінің дамуына Пушкин қандай ықпал еткен болса, бүкіл Орта Азия, советтік шығыс халықтары əдебиеті мен мəдениетінің дамуына Əуезов дəл сондай əсер етті дегенде осындай жайларды ескерген болу керек. М. Əуезовтің көптеген шығармаларын орыс тіліне аударған Алексей Пантиелев: «Ол советтік шығыстың туысқан əдебиеттерінің барлаушысы һəм жол ашушысы жəне де осы бір талантқа толы өлкенің Садриддин Айниден кейінгі үлкен беделі болды. Əуезов Алатаудан Кавказға дейінгі көптеген жазушыға аға-жолдас, шынайы дос һəм ақсақал еді, оны мұғалім деп атаулары тек сыпайыгершіліктен ғана емес-тін», – деп жазады. Бұдан əрі ол Мехти Гусейк, Айбек, Берді Кербабаев, Сəмед Вургун, Мырза Ибрагимов т. б. көптеген сөз шеберлері Əуезовпен достығын мақтаныш тұтатындығын, өйткені ол достық жемісті творчестволық достық болғандығын айта келіп, «Əуезов бес түркі тілінде еркін сөйлеп, кітаптарды сол тілдің өзінде оқитын, ал оның «Əр жылдар ойлары» атты кітабы – бұл шын мəнінде бес тіл əдебиеттері жайында жəне олардың Пушкин мен Горькийдің ұлы əдебиетімен арғы-бергі байланысы жайында пікірлердің нағыз қоймасы», – екендігін атап көрсетті. Республикамыздың астанасы Алматыда жазушыны мəңгі есте қалдыру үшін арнайы ашылған əдеби-мемориалдық музей – осындай қымбат та асыл мұраның айнасы, жазушыға жасалған ең үлкен ескерткіш есеп-ті. Шындығында да музейдің ашылуы – республика астанасының қоғамдық жəне мəдени өмірінде тарихи маңызы бар оқиға. Мұндағының бəрі де сүйікті жазушының жарқын бейнесін еске түсіріп, көз алдыңа елестетеді. Музей жазушының көп қырлы мол еңбегімен жан-жақты таныстырып қана қоймай, сонымен бірге жалпы қазақ əдебиетінің тууы, қалыптасуы жайында тұтастай түсінік береді, бүгінгі əдебиетіміздің толысып жетілуіне септігін тигізген өткендегі прогресшіл дəстүрлерін əңгімелейді. Музей экспозицияларының орналасу тəртібінен интернационализм рухы айқын аңғарылады, мұнда қазақ-совет əдебиеті, оның аса көрнекті өкілі М. Əуезов творчествосы жеке дара суреттелмей, көп ұлтты совет əдебиетінің аясында, туысқан халықтар əдебиетінің ансамблінде берілген. Залдардың бірінен қуатты қалам қайраткерін көрсеңіз, енді бірінде оның ғылыми-педагогикалық, қоғамдық қызметімен, тағы бірінде қазақтың театр, музыка, кино өнерінің өрлеуіне сіңірген

баға жетпес үлесімен танысасыз. Əсіресе жазушының соңғы он жыл бойына отырып қалам тартқан мемориалдық жұмыс бөлмесінен алатын əсер ерекше. Мұндағы нəрселердің бəрі де жазушының көзі тірісіндегідей бəз-баяғы қалпында сақталған. Аяулы Мұхаң михнаты көп творчестволық жұмыс үстіндегі ауыр ойдан сергу үшін, айнала қаптап тұрған сөредегі көп кітаптың қоршауынан құтылу үшін, креслосын сəл ғана кейін ысырып, жұмыс столынан осы əлгінде ғана тұрып, бақ аралауға шығып кеткен тəрізденеді. Музейді аралап көрушілердің көпшілігі ондағы арнаулы дəптерге: «Келесі жолыққанша хош болыңыз, Мұхтар аға!» – деп жазуы да дəл осындай əсер мен сезімнен туса керек. Музей 1963 жылы 28 ноябрьде ашылған болатын. Осы уақыттың ішінде оған сан мыңдаған адам келіп, жазушының əдебиетіміз бен мəдениетімізге, ғылымға сіңірген сан салалы еңбегімен танысты. Музейді күн сайын аралап көріп жүрген жұрттың ішінде байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінен келген студент жастарды, мектеп оқушыларын, əр алуан мəдениет қайраткерлерін, колхоз-совхоз еңбеккерлері мен жұмысшыларды т. б. əр тарап қауымды көресіз. Тіпті шетелдік қонақтар мен туристік топтарды да жиі ұшыратасыз. Осы уақыттың ішінде музейде Колумбиядан, Моңғолиядан, Герман Демократиялық Республикасынан, Ганадан, Югославиядан, Швециядан, Индиядан, Алжирден т. б. көптеген елдерден шетелдік қонақтар болып кетті. Келушілердің бəрі де М. О. Əуезов еңбегіне деген риза көңілдерінен шыққан жүрек сөздерін жазып, арнаулы кітапта қол таңбаларын қалдырды. Бұл сияқты алғыс айтушылар аз емес. Əрине, ол алғыстар ең алдымен музей ашу жөнінде қаулы қабылдаған республика үкіметіне, туысқан Коммунистік партияға айтылған алғыс. Музей – тек көрушілердің келіп кететін орны ғана емес, сонымен бірге жазушыдан қалған мол архив қазынасын, творчестволық, қоғамдық, ғылыми-педагогикалық көп қырлы еңбегін жан-жақты зерттеуге арналған ғылыми орталық. Бұл салада да істелген бір қыдыру жұмыстар бар, ал істелетін жұмыс тіпті көп. Қазір музейдің архивінде тəртіпке келтіріліп, жүйеге түсірілген ғана төрт жүзден астам папкасы сақтаулы. Музейдің ғылыми қызметкерлерінің күшімен жазушының алғашқы кездегі шығармаларының қайда, қашан басылғандықтары, псевдонимдері анықталып, олардың фото көшірмелері алынып, кейбіреулері микрофильмге түсірілді. Мұның өзі əзірленіп, басылып жатқан көп томдық шығармалар жинағының алғашқы томдарының түсініктемелерін жазуға, жеке шығармалардың жариялану тарихынан мəліметтер беруге, шығарма текстіне кейінірек автор енгізген түзетулер мен өзгерістерді анықтауға, жалпы жазушы шығармаларының қалыпқа түскен түбірлі, түбегейлі (канондық) текстің мəтінін жасауға көп жəрдемін тигізеді. Жоспарланып отырған жиырма томдық шығармалар жинағына жазушының жұртқа мəлім, белгілі шығармаларымен қоса, бірқатар ғылыми, публицистикалық еңбектері, кезінде күнделікті баспасөз бетінде ғана жарияланған көптеген очерктері, бұрын жарық көрмей, жазушының қолжазба қорында жатқан бірлі-жарым шығармалары да енгізілді. Музей ашылғаннан бері «М. О. Əуезов творчествосы бойынша библиографиялық көрсеткіш» жəне «М. О. Əуезовтің қолжазба мұрасы» (жазушы архивінің ғылыми сипаттамасы), орыс, қазақ тілдерінде жазушы жайында естелік кітаптары жарыққа шықты. Республика астанасында ашылып, жұмыс істеп келе жатқан бұл музей, сөз жоқ, марқайған ұлттық мəдениетіміздің айқын бір мысалы. Мұхтар Əуезов есімі – неғұрлым уақыт озған сайын халқына қадір-құрметі арта, тұлғалана түспек даңқты да сүйікті есімдердің бірі. Шындығында да бүгін Əуезов шығармаларын, Абай туралы төрт томдық эпопеяны қайталап оқығанда автор мен Абай арасынан рухани үлкен ұқсастық тапқандай боласың. «Абай» романына қатысты бір жиналыста сөйлеген сөзінде Ғабит Мүсірепов: «Романдағы жас Абайдың қоғамдық қоршауы, дарынды жастың ішкі сыр мінездері, ойтілегінің өсу беті, əр оқиғаны сезінуі мен бағалауы сол жастағы Мұхтардың өз өскен ортасы, өз мінезі, өз тілегімен сонша-ақ шептесіп, сонша-ақ іргелес жатқандай көрінеді. Екеуін айыратын нəрсе – мəн-мағнасы тұтас өзгерген дəуір, екі түрлі заман ғой деп ұғынамын. Бірақ мына романдағы Абай жасындағы жас Мұхтардың өзінің ойтілегінің, көзқарасының өсуін алсақ, сөз жоқ, осы романдағы салалармен келеді ғой деймін» – деген еді. Көп оқушының көзінен қалыс қала беретін бұл шындықты шығарманы ойлана оқыған сөз зергері Ғабит Мүсірепов елден ертерек аңғарып айтқанға ұқсайды. Советтік əдебиет сыны жазушының Абай туралы төрт томдық эпопеясын қазақ халқының өткен ғасырдың екінші жартысындағы қоғамдық өмірінің энциклопедиясы деп əділ бағалады. Бір халықтың өмірін түгел қамтып, белгілі бір тарихи кезеңді бар алып болмыс тұлғасымен жан-жақты суреттеу, сөз жоқ, құлашын кеңге сермейтін, зор тынысты ірі талант иесінің ғана қолынан келеді. Жазушының көп жылдық творчестволық еңбегінің заңды нəтижесінен туған

бұл эпопея халқымыздың рухани игілігіне айналып, көп ұлтты совет əдебиетінің бай қазынасын шалқыта түсті. Бұл эпопея жазушы есімін ғана айдай əлемге əйгілеп қойған жоқ, сонымен бірге қазақ халқының да даңқын шығарды, оның тарихи даму процесін, елдігі мен ерлігін əйгілейді. Эпопеяның дүниежүзілік əдебиет қазынасында алатын орны ерекше. Біз бəріміз де бір ауыздан қол қойып, «Абай жолын» эпопея дейміз. Эпопея ұлттық-тарихи проблематика көтеруімен ерекшеленетін эпикалық шығарманың ең күрделі монументтік түрі екені мəлім. Алайда социалистік реализм əдебиетінде көркем шығарма эпопея деген атқа тек көтерген тақырыбы үшін, көлемі, кітаптың саны үшін немесе жанры үшін, тіпті жеке көркемдік шеберлігі үшін де ие болмайды, халық өмірін, ел өмірін барынша мол қамтығаны үшін, қоғамдық жəй-жағдаяттарды қарпудағы алымдылығы үшін, əлеуметтік тынысының тарылмас кеңдігі үшін, бас кейіпкерлердің характерлерінің қалыптасуын ұлттық-тарихи панорамада алып, жанжақты суреттегені үшін жəне осының бəрін, əрине, көркем бейнелеп, айқын да қанық бояумен безендіріп бедерлегені үшін ие болады. Бұл жайында тіпті Гегельдің өзі: «...Барлық шынайы, елден ерек эпопеялар бізге семьялық өмірдің өнегелік, əдет-ғұрыптық негіздеріндегі, соғыс пен бейбітшілік қалінің қоғамдық жəй-жағдаяттарындағы, оның қажеттіктеріндегі, өнерлеріндегі, жол-жоралғы, салтындағы, ынта-ықылас, мақсат-мүдделеріндегі ұлттық рухтың картинасын, жалпы ақыл-ой, сананың барлық дəрежесі мен хал-ахуалының бейнесін береді» – деген болатын. Міне, орыстың өткен əдебиетінен осындай эпопеялық дəрежеге Л. Толстойдың «Соғыс жəне бейбітшілік» романы, кейін М. Горькийдің «Клим Самгиннің өмірі», М. Шолоховтың «Тынық Доны», А. Толстойдың «Азап сапары» мен «I Петр» романдары көтерілген болса, қазақ-совет əдебиетінде М. Əуезовтің «Абай жолы» да дəл сондай шығармалардың қатарына жатады. Өйткені қандай талғампаз, кінəмшіл оқырманның көзімен қарағанда да бұл романнан өткен ғасырдағы қазақ өмірінін тарихи шешуші құбылыстарынан көзге түспей қалтарыс қалған дүние шамалы-ау деп топшылаймыз. «Алуан-алуан жүйрік бар, əліне қарай шабады» дейді халық нақылы. Бұл сөзді дана халық тегін айтпаған. Бір жүйрік бар – шүу дегенде шырқап шығып, сəлден кейін көзіне тер құйылып, жадағай шауып, жайылып қалады. Бір жүйрік бар – ə деп аттанғанда шоқырақпен шығады да, өнерін еті қызып, бауыры жазыла келе көрсетеді, үдей шабады. Енді бір алуандас жүйрік бар – ə дегеннен шырқап шығады да, қарасына топ ілестірмеген күйінде қарықпай ұзақ шауып, көмбеге жалғыз қара боп келеді. Қазақ халқының ұғымындағы шын жүйрік осы соңғысы. Егер шартты түрде салыстыру жасасақ, М. Əуезов дəл осы соңғы топтағы жүлде бермес саңлақ, жүйрік дер едік. Құлашын жая тастап, кең алатын дарқан дарынын алғашқы шығармаларының өзінде-ақ еркін танытқан М. Əуезовтің қаламы қарақшыдан шүу деп аттанғандағы аяқ алысынан танбай өткендігі былай тұрсын, қайта шабытқа шабыт қосылып, əдебиетіміздің ең бір биік шыңындай болған «Абай жолы» атты төрт томдық эпопея жасап берді. Бұл эпопея Совет Одағы мен шетелдердің көптеген мəдениет, əдебиет қайраткерлерінің аса жоғары бағасына ие болды. «Сіз «Абайды» оқыған жоқсыз ба? Онда сіз ештеңе де оқымағансыз. Бұл – ақыл жетпестей ғажап дүние! Дала бүкіл өзінің қаймағы бұзылмаған бəз-баяғы табиғатымен, үлгі-үрдісімен, тұптұтас айла-шарқы, мінез-құлқымен жанды күйде көз алдыңнан анталап өтіп жатады. Сезім күйлерінің күштілігі тұп-тура Шекспирше! Сіз заманды ешбір ғылыми зерттеуден де дəл мұндай сезінбейсіз. Ал қандай поэзия десеңізші! Қара сөзбен жазылған осынау қалың қос кітапта бірде-бір прозалық жол жоқ». «Абай» романы жөнінде неміс жазушысы Альфред Курелла осылай десе, франңуз Мирей Бори оны қазақтың «Илиадасы» деп бағалады. Бір сөзбен айтқанда, бұл шығарма Əуезов есімін «адамзат мəдениетінің үркердей» шоқ жұлдыздарының тобына қосты. Кемеліне келген, дер шағында тұрған жазушы бүгінгі күннің тақырыбына арнап, замандастарымыздың өмірінен жаңа эпопея жазу ниетін жүзеге асыра алмай кетті. Қанатты қаламға қайырымсыз ажал кедергі жасады. Ол жоспарланған көп томды еңбектің тек бірінші кітабының алғашқы нұсқасын ғана азды-көпті жазып үлгерді. Бірақ соның өзінен-ақ автордың бүгінгі өмірімізде ұшырасып қалатын кейбір кедергі болар мінез-құлықтар мен көңілсіз көріністерді кеңінен көтеру, қысқа қайырмай, кең толғану ниеті көрініп отырады, жазушының үлкен пландағы еңбегі танылады. Əсіресе жазушының өз кейіпкерлерінің тағдырына ортақтастығы, суреттеп отырған өмір оқиғаларына немқұрайды қарай алмайтыны айрықша күшті шабыт пен құштарлық, шын қуаныш пен шын өкініш, шын реніш, кейіп айқын сезіледі. Жазушының өзі айтқандай мұндағы кейіпкерлер айналада, өмірде, жалпы əлемде болып жатқан оқиғалардың бəріне де

сүлесоқ, бейтарап қарай алмайды, оларды бəр-бəрі де толғандырады. Өйткені кейіпкерлер басындағы осы хал-ахуалды алдымен автор өз басынан кешіріп, қуанса да, ренжісе де, самарқаулық жоқ, дəл бір өз тағдырындай-ақ таусыла, барынша сарқа қуанып, сарқа ренжіп отырады. Өмірінің соңғы күндерінде жазған хаттарының бірінде жазушы «Мен, тегі өмірдің өрі-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталаңы, шатқалаңы дегенді көбірек көргенмін. Кейбіреулер өмірі біркелкі тура, түзу, жатық-жазық жолындай өткен болса, менікі тіпті саушылық жағының өзінен алғанда да, жаңағыдай тəрізді. Бірақ бəрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, əсіресе өмірді таза мол сүюмен етіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгіштігім көп, жиренгеннен гөрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол» – деген еді. «Өскен өркен» романындағы өмірге деген ынтық-ықылас пен құштарлық қуаты жазушының осы сөздерін толық растайды. Белгілі жазушы Илья Эренбург өзінің алпыс жасқа толуына байланысты сөйлеген сөзінде шын ірі талант жолы қашанда күрделі болатындығын айтқан еді. Қалам қызметін ұлы дүрбелең революциялық оқиғаның тұсында бастаған үлкен ой иесі Мұхтар да сондай соқпақты айналып өте алмады. М. Əуезовтің социалистік мəдениетке келген творчестволық өмір жолы да өрі-қыры, құз-қиясы бар күдір-күдір жол болды. Əрине, жазушы жолының бұл алуандас бұрылыс-бұлтарыстарын, зигзагын қалдырмай аралап шығу үшін, бір мақала емес, сан мақала, тіпті, мақала емес-ау том-том кітаптар керек болар еді. Сондықтан да бұл мақаланың арқалар жүгі – қазақ халқының социалистік мəдениеті мен əдебиетін өркендетуге орасан зор үлес қосқан, совет əдебиетінің алтын қазынасын көп томдық асыл шығармаларымен байытқан сүйікті жазушының творчестволық жолына қысқаша ғана шолу жасау болып отыр. * М. Əуезовтің творчестволық қызметі 1917 жылдан басталады. Сол алғашқы жылдардағы шығармаларының өзінде-ақ жазушы сахара өмірінің көптеген тарихи жəне əлеуметтік мəселелерін көрсетуге күш салады. 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы əңгімелерінің бірінде жазушы ата-анасынан айрылып отырған жетім қыз Ғазизаның тағдыры арқылы қазақ даласындағы озбырлықты, əлдінің əлсізге жасаған зорлықзомбылығы мен қорлығын, қыр өміріндегі əлеуметтік теңсіздікті суреттейді. Əкесінің өлімі үстінде қайғыдан қан жұтып отырған жас қыздың абыройын аяққа басып, арын таптап мазақ еткен озбыр болыс Ақан мен оның қасындағы жандайшап, итаршы Қалтай адамгершіліктен жұрдай, айуандықтың шегіне жеткен жексұрын ретінде көрінеді. Қорлыққа шыдай алмаған намысты қыз түнгі боранда қаңғып кетіп, үсіп өледі. Кейін жұрт əкесінің басында мола топырағын құшақтап, қар астында жатқан Ғазизаның өлігін тауып алады. Бұл арқылы жазушы үстем таптың нағыз жыртқыштық, айуандық, зұлымдық бейнесін əшкерелейді. 1927 жылы жазылған «Жетім» əңгімесінде Қасым деген 1011 жастар шамасындағы жетім баланы Иса деген бір жамағайын жұрағаты өз қолына алады да, артынша оның əке-шешесінен қалған 30 қой, 10 қара малы мен мүлкін баурына басып, балаға күн көрсетпей, қудалайды. Тағдырға ашынған бала ауылдан жанжалдасып қашып шығады да, əке-шешесінің моласына келе жатып, қараңғы түнде тоғай ішінде үрейі ұшып өледі. Ал «Барымта» əңгімесінде (1925 жылы) Доспол сияқты байдың алдауына түсіп, оның сойылын соғып, мүддесін қорғаймын деп жүріп, қапылыста қайғылы қазаға ұшыраған екі ауылдың екі кедейі Қалбағай мен Қонақайдың трагедиялық аянышты халдері суреттеледі. Біреудің қолымен от көсеп, қиындыққа кедейді салып, қызығын өзі көріп отырған Доспол сияқты байлардың тоят таппас қомағай құлқынын əшкерелей отырып, жазушы əлдекімдердің жыртысын жыртып, рушылдықтың шырмауынан шыға алмай жүрген кедейлердің таптық санасының оянбай жатқанына, барымта сияқты феодалдық заңның құрбаны болғанына наразылық білдіреді. Мұхтар Əуезовтің алғашқы кезеңдегі шығармаларының ішінде əлеуметтік саяси маңызы жағынан ерекше назар аударатын 1927 жылы жазылған «Жуандық» атты əңгімесі. Бұл əңгімеде Жақсылық деген момын кедейдің Əбіш, Құрман сияқты ел жуандарынан көрген қиянаты, əділетсіздігі баяндалады. Өмір бойы бай ауылдың босағасын сығалап күн кешкен Жақсылық Совет өкіметінің алғашқы жылдарында қоныстанып жатқан көп жұртпен бірге Ақ өзек деген жерге егін егіп, қыстау салады да іске аспай жатқан жерден табан ақы, маңдай терін төгіп жүріп, көп өнім алады. Ақ өзекке қоныстанып, егін салуға Əбіш байдың өзі рұқсат береді. Сөйтіп маңайындағы малды жуан ауылға жалтаң көз болып келген кедей Жақсылық енді

бұрынғы Жақсылық емес, айналасы төрт-бес жылдың ішінде егін салған аз ғана елдің ортасындағы бас көтерері, ешкімге жалынбайтын ел қатарлы кісі болып, өз қолы өз аузына жетеді. Күні кеше ғана айтқанын істеп, айдағанына жүріп келген жалынышты кедейдің бүгінде ықпалынан сытылып шығып бара жатқаны Əбіш, Құрман сияқты аталы ақсүйек жуан ауылға ұнамайды. Бұл халді жазушы былайша баяндайды: «Басында Жақсылыққа жер берсе де, артынан өз бетімен күн көретін болып, Əбішке бұрынғыдай жалынышты болмаған соң, бай барлық маңайымен, ағайын-туысқанымен Жақсылықты түртпектей бастады. Орайы келіп, қоңы тəуір аты болса, сұрап, түсі тəуір сайманы болса, алғысы келе берді». Ақырында бай ауыл күздікте орылуға жақын қалған егінге жылқы қаптатып жібереді де, билік сұрап барған Жақсылықты таяқтап, ожарлықпен есе бермей кетеді. Шарасы таусылған Жақсылық билік сұрап советтік милиция мекемесінің начальнигіне барып, содан ғана пана табады. Əбіш пен Құрман бай аз күн абақтыға да отырып шығады. Алайда ел ішіне келген соң бай ауыл тағы да жуандығын істеп, төңіректегі елдің атқа мінер ақсақал-қара сақалын түгел жинап, ежелгі «ата-бабаның жолын» бұзғаны үшін, сөйтіп мемлекеттік мекемеге, ұлыққа шағым жасағаны үшін, Жақсылықтың ісін теріске шығарып, оны бүкіл ел болып жауламаққа баталасады. Бұл жылдарда қыр елінде байлар мен атқамінерлер əлі де осал жау емес-тін. Осылайша Жақсылық «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпастың» керін көріп, амалсыз айтқанға көнеді. Жазушы əңгімесін: «Желінген егіннің шығынын алмақ болып отырған Жақсылық енді бұрынғы егінінің бəрінен айрылды. «Бермесе қайта кел» деген начальникке енді бара алмады. Шығын алу былай тұрсын, егінін жиып алған соң, Ақөзектегі қорасын тастап, Əбіштің жерінен көшетін болды. «Ұрысы жуан болса – иесі өледінің» аяғын құшып, егінін жиып алған соң, боқыраудың басында қызыл қарын жас баласын шұбыртып, Ақ өзекті ықтиярсыз тастап көшіп кетті», – деп аяқтайды. Əңгімеде жазушы елімізде Совет өкіметін нығайту жолында өткен қиыншылықтардың бір көрінісін бейнелейді, ғасырлар бойы қалыптасқан ескі салт-сана, əдет-ғұрыптардың ауқымынан аса алмай, өзін қорғайтын Совет өкіметінің əперген теңдігін пайдалана алмай, ақыры үстем тап өкілдеріне жем болған Жақсылық сияқты кедей-кепшіктің көңіл көзін ашу, таптық санасын ояту қажеттігін көрсетеді. Белгілі бір тарихи кезеңнің реалистік суретін береді. Мұхтар Əуезовтің алғашқы кезеңдегі басты шығармаларының бірі – «Қараш-Қараш оқиғасы» атты повесі (1927 жылы). Повесте революцияның қарсаңындағы қазақ аулының айқын картинасы, таптық сананың стихиялық түрде болса да аздап ояна бастағаны суреттеледі. Барлық өмірін Сəт, Сəлмен сияқты байлардың есігінде жалшылықта өткізген ағайынды екі кедей Бақтығұл мен Тектіғұл қаншама арқа еті арша, борбай еті борша болып, қызмет қылса да, бай ауылға ұнап көрген емес. Қит етсе көретін көп соққының бірінде Тектіғұл таяққа жығылып, ұзақ науқастан соң қайтыс болады. Інісінің өлімі үшін кек алуды ойлаған Бақтығұлдың алғашқы наразылығы бай аулынан бөлініп көшіп, Сəлмен жылқысынан бір бие ұрлап союмен шектеледі. Бірақ бұл ұрлық ашылып қалады да, іргелі ауыл оның өзін жазалап, бір биенің құнын үш есе етіп өндіріп алады. Шарасы құрыған жалғыз үйлі кедей қолында қалған жалғыз жорғасын тарту етіп, Сəт, Сəлмендермен бəсекелес боп жүрген көрші болыс Жарасбай ауылын паналайды. Жарасбай Бақтығұлды бəсекелес, еш ауылдарынан барымта қуып, мал ұрлап қайту сияқты ақыры қылмыспен тынатын небір қиын-қыстау жұмыстарға жұмсап, ұзақ уақыт қолшоқпар етеді. Сайлау аяқталып, ру арасындағы алауыздық, қырғи-қабақтық бəсеңдеген кезде үстем тап өкілдері ұлып-ұлып табысқан бөрідей өзара табысады да, Жарасбай барымта мен ұрлықтың бар салмағын Бақтығұлға аударады. Сөйтіп бүкіл ел жуандары болып, Бақтығұлды абақтыға айдатуға үкім шығарады. Үстем тапқа, рулық ағайындыққа артқан барлық үміті ақтық рет біржола үзілген Бақтығұл қашқындық жолға түсіп, бір кезі келгенде Жарасбай болысты атып өлтіреді. Көп кешікпей Бақтығұл абақтыға түседі. Қаңғырып кеткен семьясынан ол Сейіт деген үлкен баласын қасына алады. Бұл повестегі кедей бұрынғыдай байдан көрген қорлыққа көніп, арқасын тосып отыра беретін кедей емес. Мұнда стихиялық түрде болса да, үстем тапқа деген қарсылық, өшпенділік, кек алу ниеті бар. Бұл бағытқа Бақтығұлды ауыр тұрмыстың талқысы, алданған үміт, өмір логикасының өзі алып келіп отыр. Əрине, оның қарсылығында əлі саналы, таптық күрес ұғымы жоқ, стихиялық өшпенділік қана бар. Бірақ Бақтығұл бармаған өрісті болжайтын, ол шешпеген жұмбақты қиялмен шарлап шешетін болашақ ұрпақ өсіп келе жатыр. Абақтыда отырып айдауда жүрген Апанас деген орыстан сабақ алып

сауатын ашып, өмірдің оң мен солына көз жіберіп өсіп келе жатқан Сейіт – сол келешек ұрпақтың өкілі. Жазушының бұл шығармасын: «оқуға ұғымды, ерекше талапты момын қара бала болашақ заманның белгісіз жарығына осы абақты ішінде сенген көңілмен күн санап ер жетіп келе жатты» – деп аяқтауы осыны аңғартады. Шығарманың идеялық құндылығы да осында. Қорытып айтқанда, «Қараш-Қараш оқиғасы» идеялық тақырыптық құндылығы жағынан да, көркемдік ерекшеліктері жағынан да М. Əуезовтің алғашқы шығармаларының ішінде ерекше орын алады. Жазушының бұл шығармасы жайында француздың белгілі коммунист жазушысы Андре Стиль 1961 жылы: «Бұл шығарма өткенді əңгімелейді. Мезгілі жəне мекені мыңдаған километр өткен өмірдің сыры, сипаты басқаша тарихты бізге жеткізе алатын бір көріністі алып, оны қожайындардың немесе «байлардың» тепкісінде жүрген «батырлардың» бірі арқылы тебірене, шым бояумен нақыштай отырып сипаттайды. Ол «батырды» байлар қорлайды, еңбегін қанайды жəне жек көреді. Бірақ еркіндік сүйгіш, ер көңілді оның жеңілістері мен қателерінің өзі де азаттық пен адам ұлылығын бейнелейді. Осы бір жай ғана тарих айналасында дала мен «ақ ордадай» ақбасты тауларды, талмас жүйрік аттар мен бұлқына аққан тасқындарды, кедей халықтың күші мен ерлігін, табиғи таза жандылығын суреттейтін шығарманың стилі өзінің айқындығымен, кейде тіпті сөйлем құрауымен де Гомерді еске түсіреді» – деп жазды. Жазушының сол тұста «Қараш-Қараш» повесімен қарайласқұрайлас, іле-шала жазған сүбелі шығармасы – «Қилы заман» повесі. Бұл өзі, расында да, кейбір əдебиетшілердің (Ə. Шəріпов т.б.) айтып жүргеніндей, көлемі жағынан да, эпикалық баяндау тəсілі, кейіпкерлер характерінің тереңдігі, психологиялық сезімталдығы, композиция, сюжет кұру шеберлігі, т.б. көптеген компоненттері жағынан повестен гөрі роман деуге лайық туынды. Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі А. Нүсіпбековтің, корреспондент мүшесі марқұм Ы. Дүйсембаевтың жазғандарына қарағанда, жазушы 1926 жылы ауыз əдебиеті мұраларын жинау үшін, Жетісу өлкесі қазақтарының тұрмыс-салт, тіршілігімен танысу үшін осы екі повестегі оқиға өткен жерде, Қарқара жайлауында болып, материалды сол сапарда жинаған көрінеді. Бұл шығарма 1928 жылы бір рет қана жеке кітап болып басылды да, сол тұстағы сынымызда орын алған социологиялық солақай пікірлердің салдарынан көпке шейін қайтып жарияланбады. Кезінде оқырман қауым сүйіп жылы қабылдаған, кейін «іздеу салып сағынып жүрген» туындыны қайтарып берудің сəті тек бертінде (орыс тілінде 1972 ж., қазақ тілінде 1974 ж.) ғана түсті. Жазушы шығармасын қойын құрттап, айранын ұрттап отырған момын ел – қалың албанның Қарқара жайлауындағы бейқам тірлігін, «жаз күндерінің жарастығы мен қызығы» басылмаған қызу өмірін суреттеуден бастайды. Бар тірлігі малға қараған қазақ сияқты қыр елі үшін, қаһарлы қыстың қыспағынан құтылып, жасыл жайлауға көшіп орналасуының өз сəні, өз жарастығы бар. Көшпенділер үшін, əсіресе жастар үшін жаз жайлауға көші-қонның өзі, қамсыз, харекетсіз қыдырып қымыз ішіп, жиналып сірне жасап, марқа жеудің өзі жатқан бір романтика боп көрінетін. Айтып ауыз жеткізе алмастай ғажайып əсем табиғаттың аясында осындай əдеттегі үйреншікті тіршілігімен күн кешіп жатқан момын елдің жүрегіне түйткіл түсіріп, қаяу салатын бір ғана келеңсіз көрініс бар. Ол – бір шеті Сібір, Түркістан, Қашқардан бастап, мына шеті Орынборға шейінгі саудагер байлар, алаяқ қулар қаптаған Қарқара жəрмеңкесі, онда патша өкіметінің отаршылдық саясатын жүргізіп, момын елді бір жағы қорқытып, үркітіп, бір жағы алдап, арбап, сүліктей сорып жатқан пристав Подпороков (жергілікті қазақтар Ақжелке атандырған), урядник Плотников сияқты əкімдер, солардың қолтығына кіріп ел үстінен пара алып күн көрген, жемтік іздеген құзғын тəрізді сатқын тілмаштар Жебірбаев пен Оспан. Санасы сəбидей ғана аңқау ел алтындай асылын, жер қайысқан қора-қора, үйір-үйір малын болмашыға, бақалшының бақырына, кəкір-шүкіріне беріп, саудагер атаулыға бір жем болса, арыз, шағым айтамын деп патша əкімдеріне екі жем болады. Осының бəріне үйреншікті ісіндей көнтерілі көнбістікпен шыдап келген қалың елдің төзімі патшаның қазақ азаматтарын майданның қара жұмыстарына алу жөнінде 1916 жылғы июнь жарлығына байланысты біржола таусылып, енді ғана бас көтеріп, тыпырлап тұяқ серпеді. «Талай жылдар емізуге, семіртуге, кергіге түскен ел бауырының тозығы жетіп ашынатын, тарылатын күндері де жетіп еді», – дейді жазушы. Тығырыққа тіреліп, сергелдеңге ұшыраған ел енді патша əкімдеріне бұл туралы не деп жауап берерін білмей, шарасыздық халге түседі. Мұндайда «ел ерге қарайды, ер жерге қарайды» дегендей, бұрын өзінше ел басқарып, жайшылықта «пысығым, азаматым» атанып жүретін бірқатар болыс, билер, атқамінерлер артынан пысып, тайқып шығады. Бұрын Ақжелкенің анда-санда кездескен-

де «Здравствуй, Рахымбайка» дегеніне шоқтықтанып, өзін өзгеден жоғары ұстауға тырысатын Рахымбай болыс патша əкімдеріне ел ішінің əрекетін астыртын жеткізіп, жымысқы сатқындық жолға түседі. Ал Дəулетбақ, Тұңғатар сияқты құлқын құлы, месқарын байлар «бас аман, мал түгелдігін» ойлап, жұрттан іргесін аулақ салып, ақырында ел ауып көшкенде Текестің тауына тығылып қалып қояды. Тілмаш Оспан мен Жебірбаев болса, жұртта қалған бұралқы иттей ұлықтардың обозының артынан ереді. Болыстардың ішінен тайсалмай суырылып шығып, елдің еселі сөзін ұлықтарға алғаш жеткізіп бетіне айтып, ақыр аяғына дейін халыққа адал қызмет ететін еті тірі тек Əубəкір ғана. Табиғатынан тайсақтауды білмейтін жас та қайсар, өжет жігіт осы жолда өзі де кұрбан болды. Дөңгелек сазда отырған албанның бір тобы осы Əубəкір мен елдің беделді азаматы Серікбайдың аузына қараса, Қарқара, Лабасы, Сырт жайлаған былайғы қалың албан аузы дуалы қария Жəмеңке Мəмбетов пен батыр Ұзақ Саурықовтың ақылына бағады. Қысылшаң кезде, ереуілдеп шыққан ел көшін, көтерілісті бастайтындар да осылар. Жазушының өз айтуынша, Ұзақ та, Жəмеңке де, Серікбай да тарихи өмірде болған кəдімгі реальды адамдар. Бұлардың бəрі де осы жолда патша əкімдерінің қолынан опат болады. Кезінде халықтардың түрмесі болған патшалық Россияның небір жауыздық, қатыгездігін жазушы барынша реалистікпен аяусыз əшкерелейді. Мəселен, патша жендеттері төрінен көрі жуық қалған Жəмеңке қартты жұрт көзінше сотқа тартып жатудан жасқанып жауыздықпен у беріп өлтіреді. Ал көтерілісшілердің қалған басшыларын ешқандай сот-собырсыз, үкімсіз абақты ішінде қан жоса қырғынға ұшыратады. Қарқарадан Қарақолға баратын жол бойын қамауға алынған жазықсыз жандардың өлігіне толтырып, қан сасытып, жол-жөнекей атып кеткендері қаншама. Бұл, тегінде, ешбір заңның шеңберіне сыймайтын барып тұрған айуандық еді. Əрине, көздеген айқын мақсаты, алдын ала жасаған саяси жоба, программасы жоқ көрсоқыр көтерілістің немен тынары күні бұрынақ белгілі еді. Ереуілге шыққан елдің қарулы көтеріліс дегенінің өзі топ құрап, қара көбейтіп сес көрсетуге көбірек ұқсайды. Олар жəрмеңке басындағы аз ғана қарулы солдаттар отрядын Қарқара жайлауының бір қырқасынан асырып тастаса, енді қайтып олар оралмастай көріп, жеңдік деп күн еңкейе үйді-үйіне тарай бастайды. Өздері көріп отырған озбырлық патша өкіметі ұстап отырған сонау Петербургтан, губерниядан, қала берді уездік əкімшіліктен келіп жеткен отаршылдық саясаттың ұшқыны екенін ескермейді. Олардың көр бала түсінігінде дүниедегі пəленің бəрі көз алдындағы жəрмеңкеден, оның басындағы əкім Ақжелкеден шығып тарап жатқандай көрінеді. Сондықтан да олар үшін осы соңғы екеуінен кек алып, құтылса болғаны, бостандық пен азаттыққа кенелетіндей көрінеді. Байқайсыз ба? Қандай əлеуметтік мешелдік. Пантиелевше айтқанда, мұның «негізінде барып тұрған саяси соқырлық, тəжірибесіздік, алдарқатқан сəби аңқаулық, сағым қуған қиял мен жалған сенім, патриархалдық қараңғылық пен дəрменсіздік» жатыр. Міне осының бəрін М. Əуезов тарихи шындыққа зəредей де қиянат жасамай, оқиғаны да, характерлерді де өзінің эволюциялық өсу жүйесімен, логикалық сенімділігімен, барды – бардай, жоқты – жоқтай, қаймағы бұзылмаған қазқалпында таңғы шық тəрізді мөлдіретіп əкеп қағазға түсірген. Əсем түсірген, əдемі түсірген. «Əуезов мұны аса зор суреткерлікпен жəне тарих таразысы тұрғысынан, өз кезінің алдыңғы қатарлы, революциялық, таптық позициясы тұрғысынан жасаған»,– деген Шыңғыс пікіріне ден қоямыз. «Қилы заманды» оқып отырып біз Ұзақ пен Жəмеңке тұлғасына қарап кейін «Түнгі сарындағы» Жантас пен Тəнекенің шығу тегін, «Абай жолындағы» шынайы шеберліктің төркінін, алғашқы баспалдақтарын аңғарамыз. Осы шығармадан алған əсері жайында Шыңғыс Айтматов: «Егер Октябрь революциясы болмаса, көшпенді қазақтар мен қырғыздардың одан арғы тағдырларының не боларын мезгіл өткен соң ойлаудың өзі қорқынышты. Айтуға аузым бармайды – мүмкін тіпті біз болмас та едік. Ал мəңгілік өмір сүргісі келмейтін халық бар ма? Тек жалғыз осы үшін – Октябрь революциясының Россияда туып, империялық отаршылдықты талқандап, сол арқылы менің халықтарымды біржола жойып жіберуден құтқарып қалғандығы үшін ғана мен өлеөлгенше революцияны мадақтап өтуге əзірмін жəне балаларымның балаларына: күніміздің туғанын Октябрьден санаңдар! – деп өсиет қалдырамын», – деп жазды. Тегінде көркем шығарманың эмоциялық ықпалы, тəрбиелік күші деп осындайды айтсақ керек. «Қилы заманды» повестен гөрі романға лайық сүбелі туынды дегенде біз оның көз тартар көркемдігін де ескереміз. Сөзіміз дəлелді болу үшін жайлаудағы ауылдың кешкі мал қамдайтын мезгілін суреттейтін бес-алты бет тамаша текстен бір-екі ғана үзінді келтірейік: «Ауыл кешке ғана барлық қалпымен толық тіршілік етеді. Бұл уақыт – ауылдың еңбек уақыты. Барлық мал мен адамның у-шуы түгел шығып, толық араласқан уақыт. Ауыл маңының шұбарланып, жан-

данып, күндіз құлазыған мең-зеңдіктен дырдуға ауысқан шағы. Сансыз көп тіл біткен, ажарланған шақ. Кешкі ауыл тіршілік жəрмеңкесі сияқты. Қазақ жайлаған табиғат болсын, мал мен адам болсын, барлығы да кешкі батар күннің алдында күндік өмірін қызу дырдумен шығарып салады. Қырдың күні малдың у-шуымен, адамның сергек айғайы, қарбаласқан харекеті, желікті əңгімесімен батады». «Кешкі қараңғылығы тұтасып молайған сайын иттер дағдылы міндетіне құлшына кіріскендей. Өткен-кеткеннің барлығына шабалана үріп қоя беріп, алыста көрінген қара-құра болса, алдынан шығып бөгеуіл салып, ауылға келгенді ауылға əкеліп, өтіп бара жатқанды өзі қуып жібергендей, қанжығалап арсылдап шығарып салып, ауылдың амандық, тыныштығын өз мойындарына түгел көтеріп алғандай болатын». Ұзақтау болса да бұл екі үзіндіні əдейі келтіріп отырмыз. Өйткені мұны оқырманға мақала тілімен жеткіземін деу бос əурешілік екенін былай қойғанда, бұған тіпті сыншылық көзбен түсіндірме (комментарий) берудің өзіне кісі жүрексінеді. Сондықтан да бұл суреттемені оқырман тек Əуезовтің өз текстін оқып қана əсерленгені абзал. Тек сонда ғана қаймағы бұзылмай тұнып тұрған сурет, тұтас бір тіршілік əлемі кез алдыңа келеді. Демек, «табиғатты, тұрмысты, Қарқара жəрмеңкесін, адамдардың портреттерін бейнелеуде Əуезовтің шын мəніндегі Рабле қаламына лайық шырын шеберлігі», – дегенде Айтматов осындай суретті жолдарды ескерген болу керек. Əрине, Əуезов бұл повестерден басқа əңгімелерді де көп жазды. М. Əуезовтің бұл тұстағы бірқатар əңгімелері əйел азаттығы тақырыбына арналған. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында бұл тақырып тек қазақ əдебиетінде ғана емес, Орта Азия, Закавказье т. б. көптеген туысқан елдердің əдебиеттерінде кеңінен көтерілді. Жалпы əйелдердің правосын қорғау, оларға азаттық беру, қанаудан құтқару əріден бері əңгіме болып келе жатқан тарихи мəселе. Бұл мəселе əр елдің тарихында əр алуан түрде əр уақытта көтеріліп келді. Бұл тақырыпқа өз заманында Ыбырай, Абай да үн қосқаны мəлім. Қазақ елінің жағдайында Ұлы Октябрь революциясының қарсаңында əйел мəселесі шешілуге тиісті аса маңызды əлеуметтік проблемалардың бірі болды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» шығармаларының тууы тегін емес еді. Демек қазақ халқы үшін Ұлы Октябрь əперген ұланғайыр жемістердің бірі – осы əйел теңдігі мəселесі болды. Революцияның арқасында қазақ əйелі күндіктен босап, басына азаттық алды, атамзаманнан бері патриархалдық салт-сана қалыптастырған тағылық заңнан, ислам дінінің догмалары белгілеп берген шектелушіліктен құтылды. Əйелдердің еркектермен бірдей тең право алуы қазақ даласында қалыптасып қалған ескі əдет-ғұрыпты қиратып, қоғамдық жаңа қарым-қатынастарды туғыза бастады. Бұл тарихи өзгеріс ең алдымен көркем əдебиеттен өз көріністерін тапты. Сондықтан да болар, əсіресе 20-жылдардағы əдебиетімізде бұл тақырыпқа қалам сілтемеген бірде-бір қазақ ақын-жазушысы жоқ десе де болады. М. Əуезовтің əйел теңдігі тақырыбына жазылған шығармаларында ескіліктің етектен тартып аяққа тұсау болар небір кедергілері де, сондай-ақ жаңаны – əйелдерге совет заманы əперген азаттықты сезіну мотивтері де уақыт шеңберіне сыйымды, заман тынысына лайық шынайы суреттеледі. Ата-анасының еркімен тұрмысқа шығып, кейін соның күйігін тартып, тағдырға мойынсұнып қалған Жəмила («Сөніп-жану» – 1923–25 жыл), Жақып болысқа əйел үстіне тоқалдыққа барудан бас тартып, сүйген жігіті Іслəмға қосылуға заманы жібермей, ақырында ауру боп, құсадан өлген Ғазиза («Кім кінəлі» – 1923 жыл), ұзақ жылғы əже тəрбиесінің əсерімен өзі сүймеген адамына қосылуға көнген ежелгі əдет-ғұрыптың жемісі Жəмеш («Ескілік көлеңкесінде»), əмеңгерлік салтқа наразылық білдіріп, қыс көзі қырауда қашып шығып, басына азаттық аңсаған Рəбиға («Қысты күнгі дала» – «Қыр суреттері» деген циклдан, 1922 жыл), əке əміріне қарсылық білдіріп, өз көңілі қалаған Оспанмен қашып кеткен Жəмила («Үйлену» – 1923 жыл) – осылардың бəрі де, М. Əуезов жасаған Еңлік, Айман-Шолпан, Мағрипа, Əйгерім, Ұлжан, Қаражан, Жүзтайлақ сияқты образдар галереясынан орын алмағанмен, белгілі бір тарихи кезеңнің типтік жағдайларын таныта алатын бейнелер. Бірқатар əңгімелерінде М. Əуезов қазақ даласының табиғатын («Қыр суреттері»), этнографиялық тіршілік бейнесін («Сыбанның моласында» т. б.) баяндайды. Біздің қазақ əдебиетінде көркем проза тек совет дəуірінде ғана етек жайып, кең дамыған жанр. Егер Абайдың ғақлия сөздері, Ыбырай Алтынсариннің ұсақ əңгімелері, Сұлтанмахмұт пен Спандияр Көбеевтің бірді-екілі шығармасы болмаса, қазақ əдебиетінде Ұлы Октябрь революциясына дейін шын мəнісіндегі профессионалдық проза, кейінгі əдебиетімізге үлгі-өнеге боларлықтай көркем проза жоқ еді. Демек, қазақ əдебиетінде проза жанрының туып, қалыптасуында М. Əуезовтің орны ерекше.

Қазақ мəдениетінің белгілі қайраткерлерінің бірі С. Мұқанов М. Əуезовтің бұл саладағы еңбегін бағалай келіп, былай деп жазды: «1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы əңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның дəрежесіне көтерілді. Осыдан бастап өрбіген қазақтың көркем прозасы... Уақ жанрда да, повесть, роман сияқты көлемді жанрда да көптеген шығармалар туғызып, көп тілді совет прозасының алдыңғы қатарынан орын алды». Бұдан аңғарылатын бір жəй – жазушы талантының бірден-ақ жарқ етіп, зор тұлғасымен көрінгендігі. Шынында да, табиғи дарыны мол жазушы сол алғашқы кезеңдегі шығармаларының өзінде-ақ болашағы зор, құлашы кең қалам қайраткері екенін аңғартты. Сол кездің өзінде-ақ əсіресе оның тіл көркемдігі, суреткерлік көрегендігі, жіті қарайтын байқағыштығы ерекше назар аударды. Оның «Қараш-Қараш», «Қаралы сұлу» жəне басқа да ертерек жазған шығармаларының өзінде-ақ шын суреткердің қаламы көрініп тұр. Соған қарағанда көркемдік, суреткерлік шеберлік жағынан көптеген жазушының творчествосында кездесетін əдеби шəкірттік кезеңі Мұхтар творчествосында тіпті кезең деп бөліп атайтындай да емес тəрізді. Қорыта айтқанда, М. Əуезовтің алғашқы кезеңдегі шығармалары əдебиетімізде əріден келе жатқан игі дəстүрлерін, сондай-ақ XX ғасырдың бас кезіндегі прогресшіл идеяларды əрі қарай дамытып, оларды социалистік реализммен ұштастырды. Бұл кезең жазушының өзі үшін де, жалпы қазақ əдебиеті үшін де социалистік реализм əдісін туғызу, игеру жолындағы белгілі бір басқыш болған тарихи кезең еді. М. Əуезов «Абай» романын жазуға кіріскенге дейін əңгіме, повесть жанрын да жазды. Ол отызыншы жылдарда тарихи тақырыптармен қатар, еліміздегі социалистік құрылыстың табыстарын, совет халқының колхоз шаруашылығын жəне социалистік мəдениетті нығайту жолындағы қажырлы күресі мен ерлік еңбегін көрсететін бірқатар əңгімелер жазды. Бұл əңгімелердің көбі тақырып, уақиға, сюжет жағынан бірімен бірі байланысты. М. Əуезов отызыншы жылдарда колхоз тақырыбына бірнеше əңгімелер жазып, ол шығармаларында колхоз шаруашылығын нығайту үшін белсене қатысқан совет адамдарының бейнесін суреттейді. «Білекке білек» (1933 жыл) əңгімесінде жазушы колхоз сауыншысы Мақпалдың қоғамдық малды өсіруге белсене кірісіп, оны өз малындай күтіп, бағып-қаққаны, сөйтіп, құрметке бөлеңіп, колхозшылар арасында үлкен беделге ие болғандығы айтылады. Жазушы бұл əңгімесінде Мақпал арқылы коллектив мүлкіне жаңаша көзқараспен қарайтын, қоғамдық еңбек өсірген жаңа адамның бейнесін суреттейді. Қоғамдық малды өсірудегі озат еңбектері үшін аудандық слетке қатысып отырған жарастықты бір семьяның үш адамы – Қожық қарт, оның екі қызы Мақпал мен Айша – советтік тəрбиенің жемісі, жаңа типті адамдар. «Іздер» (1935 жыл) əңгімесінде бақташы Несіпбай колхоз малын шашау шығармай сақтау үшін жан-тəнімен қызмет етеді. Ол азамат соғысы жылдарында партизан болып революцияның жеңісін қалай қорғаса, колхоз құрылысын нығайту үшін де солай күреседі. Отызыншы жылдарда проза жанры, оның ішінде əсіресе əңгіме, очерк кеңінен өрістеді. Бүл тұстағы əдебиетімізде əр алуан қоғамдық жағдайларды, еліміздегі социализм құрылысының актуальды мəселелерін бейнелеу талабы анағұрлым ілгеріледі. Мұның өзі еңбекке социалистік жаңаша қарым-қатынастың туу проблемасымен тығыз байланысты шешілді. Еңбек – социализм орнатып жатқан заманның ең маңызды бас факторы, туып, қалыптасып келе жатқан социалистік реализм əдебиетінің негізгі мазмұн, мағынасы болды. А. М. Горькийдің: «Социалистік реализм тұрмыс, болмыс дегеннің өзін жасампаздық, творчество деп түсінеді» – деген сөзі қоғамның этикалық нормасымен тығыз байланысты жаңа эстетиканың негізіне айналды. Заман тынысын, əдебиетіміздің даму процесін терең сезінген жазушы сол жылдарда жазған көптеген əңгімелерінде социалистік еңбекті, сол еңбек процесінде өсіп жетілген жаңа адам үшін күрес проблемасын көтерді. М. Əуезов бұл жағдайды «Іздер» əңгімесінде былайша баяндайды: «...Ескінің кейбір ізі бұл (Несіпбай – Б. С.) бағып-қағып өсіріп келе жатқан төлден, жаңаның төлінен əлі түгел арылып болмай, анда-санда жотасын көрсетіп қалады. Əлі көзі түгел жоғалып болмаған ескі адам мынадай момын колхозшының момындығы арқасында, қаға берісте отырып, көз бояп, ескі қырсық мінездерін жасайды. Совхоз қойына уақытша залал келтіріп тұрған шытырдай о да улатып, Құлжатайларды күйдіреді». Жасампаз еңбектің жасаушылары Несіпбай, Құлжатайлар міне осындай ескінің сарқыншақ қалдықтарымен, жат элементтердің,

жаулардың «іздерімен» күресе жүріп, ер жетеді, қоғамдық шаруашылықты нығайтады. Жаңа өмірді жасаушы – жаңа адам, еңбек адамы. Ендеше негізгі мақсат – осы жаңа адам үшін күрес болуға тиіс. Совхоздың саяси бөлімін басқарушы Рақымның («Іздер») совхоздар мен колхоздарда «жаңа адам, жақсы адамды, біздің тəрбиенің адамын» тауып, сосын оларды «баулып, өсіріп... алға сүйреп, бойына екпін, қайрат бітіріп, жарыққа шығару, көтеру» жөнінде Несіпбай мен Құлжатайға айтқан ақыл-кеңесі осыны аңғартады. Əңгіменің негізгі идеялық мазмұны да осында. – «Міне сендермен мен істейтін істің мағына, мазмұны осымен шешілді, ашылды...», – дейді Рақым сөзінің қорытындысында. Жазушы өзінің көптеген əңгімелерінде советтік құрылысқа қарсы жау элементтерді, бүркенген қаскүнем зұлымдарды, олардың колхоз құрылысына жасаған зиянкестік əрекеттерін көрсетеді. Мұның өзі сол кездегі шындыққа үйлеседі. Өйткені біздің еліміздің тарихында ауыл шаруашылығын коллективтендіру қаншалықты қиындыққа түскені, қаншама тап жауларының қастандық əрекеттерін əшкерелей отырып жеңуге тура келгендігі мəлім. «Октябрь» колхозында зиянкестік істеп жүрген Жұматай («Іздер»), «Талды өзек» колхозының қойларын қырып кетуге əрекет жасаушы Сүгір мен Қатпа («Шатқалаң»), 1929 жылы конфискациядан қашып, Сібір, Ташкент жақты аралап кеп, енді конзаводтың жылқысын ұрлап шекарадан өтіп кетуге əрекет жасаушы Сəтбек («Бүркітші») т. б. осы сияқты зиянкестер – қазақ еңбекшілерінің тап жаулары. Жазушы совет адамдарын осындай бүркенген тап жауларына қарсы қырағылыққа шақырады. Советтік заманның жаңа адамдары, совет патриоттары: Бекбол («Бүркітші») Самат, Айша, Паншин («Шатқалаң»), Несіпбай, Құлжатай («Іздер») сияқтылар колхоз құрылысы жауларының зұлымдық əрекеттерін дер кезінде əшкерелеп, жойып отырады. Бұл əңгімелердің бəрінде де уақиға советтік құрылысты нығайту үшін күресіп жүрген кейіпкерлердің жеңуімен аяқталады. Жаппай шабуылға шығып, күн санап іргесі бекіп келе жатқан социализм құрылысшылары мен келмеске кеткен ескінің қалдықтары арасынағы қақтығыстар арқылы жазушы советтік, социалистік құрылыстың мызғымас беріктігін, оның болашағын айқын көрсетіп отырады. М. Əуезовтің отызыншы жылдарда жазған көп əңгімелерінің тақырыбы, уақиға желісі бірімен-бірі астасып жатады. «Шатқалаң» (1935 жыл) атты ұзақ əңгімесінде шекараға жақын жердегі «Талдыөзек» колхозында болған уақиға баяндалады. Осы жердің конфискеленген бұрынғы байы Сүгір шетелге қашып барып паналайды. Ол шекарадан қайта өтіп, советтік құрылысқа қарсы зиянкестік, жаулық əрекеттер жүргізеді. Сүгірдің жаулық əрекетіне тумасы Қатпа, аудандық судья болып алған халық жауы Садыров жəрдемдеседі. Ақырында, колхоз белсенділері Хасен, Самат, Паншин сияқты совет адамдарының саяси қырағылығы арқасында, Сүгірлер қолға түсіріліп, жаудың ұясы талқандалады. * М. Əуезов – очерк сияқты əдебиеттің ең актуальды жанрына да белсене атсалысқан жазушы. Оның ел өмірінен, күнделікті тұрмыстіршіліктен жазған орасан очерктерін былай қойғанда, көркемдік құндылығы жағынан көңіл бөліп, назар аударар дүниелері бар. Оның очерктері жайлы əңгіме болғанда, «Түркістан солай туған» мен «Индия туралы очерктерін» ерекше атап өту қажет. «Мұхтар очерктер де жазады, – деді С. Мұқанов,– солардың ішінде көпшіліктен жақсы баға алғаны – тың жəне тыңайған жерлерді игеру тақырыбына арналып 1955 жылы жазылған «Түркістан солай туған» деген очеркі». Бұл көлемді очеркте елімізде тың жəне тыңайған жерді игеру проблемасы, партия жіберген өндіріс командирлерінің күнделікті тəжірибесінде кездескен əр алуан қиындықтар сөз болады. Жазушы Қазақстанның оңтүстік облыстарының бірінде ұйымдасқан жаңа егін совхозының жай-жапсарын баяндау арқылы жалпы тың жəне тыңайған жерді игеру мəселесіне ортақ проблемалық, типтік жағдайларды көтереді. Құлан жортпас қу адырда тіршілік ошағын орнатып, совхоз ұйымдастыруға партиялық тапсырмамен келген Алексей Иванович Строгов жазушы суреттеуінде М. Шолоховтың «Көтерілген тыңындағы» Давыдовтың мұрагері тəрізді. Очерктегі совхоз директоры Строгов, партия ұйымының секретары Тұрсынов, шофер Матайбаев, агроном Нина Петровна, трактористер Ткаченко мен Новиков, аудандық партия комитетінің секретары Сандыбаев т. б. жазушының 30-жылдарда колхоз құрылысы үшін жан аямай күрескен кейіпкерлерінің заңды жалғасы, ауыл шаруашылығының жаңаша жағдайдағы жаңаша қайраткерлері ретінде бейнеленеді. Ал очерктегі етектен алар, аяққа оралғы болар, кейін тартар кейіпкерлер отызыншы жылдардағыдай тап жаулары емес,

қоғамнан неғұрлым көп алып, соғұрлым аз берсем дейтін санадағы капитализм қалдықтарының жетегіне ерген Шарафьянов, Ағабеков, Мотов, Пыжов, Дивов сияқты ауырдың үсті, жеңілдің астымен өтуге əдеттенген алаяқ қулар. Бірақ бұлар бұл шақта белең алар белгілі күш емес. Қырсығын тигізер бұл азғантай топқа қарсы тұратын, оларды сын тезінен өткізіп, жөнге салатын совхоздың біртұтас ынтымақшыл коллективі бар. Жазушының негізгі кейіпкерлері де осы еңбекшіл коллектив. Өзінің көркемдік ерекшеліктеріне, тіл шеберлігіне қарағанда, «Түркістан солай туған» тек фактіге құрылған очерк қана емес, көп жағдайларды топтап, типтендіріп суреттеген очерк-əңгіме деп айтуға болады. М. Əуезовтің бұл саладағы елеулі еңбектерінің бірі 1959 жылы жеке кітап боп жарыққа шыққан Индия жайындағы очерктер циклі. Бұнда жазушы өзінің шетелге шеккен жолсапарларынан алған əсері, индус халықтарының ежелгі мəдениеті, тарихи, мəдени мұралары жайында бай мəлімет береді. Бұл жазушының шетелдермен мəдени байланысты нығайту жолында еткен елеулі еңбектерінің бірі ретінде бағаланады. Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың өмірі мен еңбегі – М. Əуезовтің творчествосында үлкен орын алған тақырып. Жазушы Абайдың өмірі мен творчествосын ғылыми-зерттеу жолында көп еңбек сіңіре отырып, бірнеше көркем шығармалар да жазды. Ол 1936 жылы «Татьянаның қырдағы əні» атты əңгімесін, 1939 жылы Л. Соболевпен бірге «Абай» атты трагедиясын жазды. 1945 жылы М. Əуезов Абайдың туғанына 100 жыл толуы қарсаңында, осы пьесаның уақиғасы негізінде «Абай» атты операның либреттосын жəне «Абай жырлары» атты көркем суретті фильмнің сценарийін жазды. М. Əуезовтің ұлы ағартушы, классик Абайдың зор тұлғасын кемеліне келтіре суреттеп, айқын образын жасаған шығармасы – «Абай» жəне «Абай жолы» романдары. Абай жайындағы бұл эпопеяны жазуға М. Əуезов ұзақ жылдар бойы көптеген материалдар жинап, тыңғылықты əзірлік жасады. Эпопея – жазушының осы ұзақ жылдық еңбегінің жемісі. М. Əуезов «Абай» романының бірінші кітабын 1942 жылы, екінші кітабын 1947 жылы жазып бітірді. 1949 жылы бұл романға социалистік реализм əдебиетінің кесек, құнды шығармаларының бірі ретінде бірінші дəрежелі Мемлекеттік сыйлық берілді. Ал 1959 жылы төрт томдық эпопеяға Лениндік сыйлық берілді. «Абай жолы» эпопеясы – тек жазушының немесе қазақ-совет əдебиетінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл совет əдебиетінің, социалистік мəдениетіміздің де зор табысы; күшті, əбден жетілген, нағыз көркем проза. «Абай жолы» эпопеясы бүкіл совет əдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған кесек шығармалардың таңдаулыларының қатарынан орын алады. Партиямыздың орталық органы «Правда» газеті (1954 жыл, 17 сентябрь) қазақ əдебиетінің табыстарын аса жоғары бағалап: «Жазушы Мұхтар Əуезовтің «Абай» романы бүкілодақтық əдебиеттің алтын қорына қосылды», – деп жазды. М. Əуезов «Абай жолы» эпопеясында сол заманның шындығын қазақ халқының ұлы ойшылы, қоғам қайраткері Абай айналасында топтап көрсетеді. Романның сюжетіне Абай өмірінің бірқатар биографиялық нақтылы деректерін негіз етіп ала тұрса да, жазушы оны біртұтас желілі уақиғаға тіркеп, ақын өмір сүрген заманның əлеуметтік сипатын айқындау мақсатына бағындырып отырады. Сөйтіп, жазушы Абайдың өміріндегі жеке хроникалық уақиғаларға мүдіріп қалмай, XIX ғасырдағы қазақ халқының қоғамдық зор өмірін, ондағы жаңалық пен ескіліктің күресін, ол күрестің зор болашағын көрсетеді. Жазушы тарихи Абайды дəріптеп немесе бүгінгі күннің шеңберіне зорлап əкеп тықпай, оны халық дамуының ішкі проблематикасымен органикалық байланыста, тарихи шындық шеңберінде алып бейнелейді. Ақын өміріндегі жеке фактілердің ішінен жазушы романның алдында тұрған осы басты мақсатты шешуге жарамды маңыздыларын ғана сұрыптап алады. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Россияға түгелдей қосылып болды. Мұның өзі қазақ даласындағы феодалдық-рулық тəртіпке, олар орнатқан əдет-ғұрыпқа тиген қатты соққы еді. Бұрынғы томаға тұйықтық шетінеп, қазақ қоғамындағы əр түрлі əлеуметтік топтардың ара жігі бірте-бірте айқындала берді. Қазақ даласына орыс халқының прогресшіл озат мəдениеті сəулесін шаша бастады. Абай – осы озат мəдениетті елдің үлгісін өз халқына тарату жолында қызмет еткен қайраткер. Романда осындай зор маңызы бар тарихи прогресс кең қамтылған, ақын өмір сүрген дəуірдің прогресшіл сипаты айқын ашылған. Бұл шығарма арқылы бүгінгі жас ұрпаққа бейтаныс біртұтас дүниенің кең қамтылған панорамасы көз алдымызға келеді. Романның сюжетін құрайтын негізгі тартыс екі түрлі əлеуметтік

топтың арасында, яғни Абай жəне оның арқа сүйенері болған еңбекші халықтың өкілдері мен Құнанбай жəне оның тобындағылар арасында болады. Бұл – əке мен баланың арасындағы жай ғана үй ішінің көңіл кірбіңі емес. Бұл – Абай бастаған прогресс пен Құнанбай қорғаштаған кертартпа ескішілдіктің арасындағы ымыраға көнбес қоғамдық тартыс. Бұл тартыстың өз дамуы, өз заңы бар. Романдағы барлық уақиға осы заңға бағынып отырады. Эпопеяның бірінші кітабында балалық шақтан бастап азамат ретінде қалыптасқан Абай көрінсе, кейінгі кітаптарында прогрестің жақтаушысы, зор əлеуметтік, қоғамдық тартысқа түскен қайраткер, ұлы ойшыл ақын Абай көрінеді. Романның бірінші кітабында Абай ескілікке, феодалдық-рушылдық салт-санаға қарсы бел шешіп күреспей, баяу ғана, көбінесе адамгершілік жүректен іштей ғана ренжіп жүреді. Өйткені қараңғылық басқан сахарада туып өскен Абайдың ескі қазақ қоғамының жағдайында бірден тарихи қайраткер болып, күреске араласып кетуге мүмкіндігі де жоқ. Абай соқтықпасы, шытырманы, бел-белесі көп үлкен өмір жолынан өтеді. Оның творчестволық еңбегі де, қоғамдық ой-пікірлері де осы ұзақ өмір жолында көрген-білгенінен, оқып-тоқығандарынан, тəжірибесінен толысып қалыптасады. Бұл ретте жазушы геройдың өсу жолын, тарихи шындық шеңберіндегі эволюциясын өте шебер жасаған. Романның жеке тарауларының: «Қияда», «Өрде», «Бел-белесте» т.с.с. аталуы да осындай ойдан туған. Осы жөнінде белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов былай деп жазды: «Қайтқанда, Қат-қабатта, Шытырманда, Бел-белесте, Өрде, Қияда» деген əрбір бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырмандар арқылы, бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге ол Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Сонда, Абайдың жолы – «қайтқанда, қат-қабатта, шытырманда, бел-белесте, өрде, қияда» болып шығады да, Құнанбайдың жолы –«қияда, өрде, бел-белесте, шытырманда, қат-қабатта, қайтқанда» болады. Бірі – көтерілу, бірі – түсу, төмендеу жолы». «...Абайдың өзін алатын болсақ, бұл қара халықтың тартқан жапа, көрген қорлық, теккен жасынан туған, ел тілегіне жаңа жолдар, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, əзір таппаған, бірақ қайдан табатынын дəл сезіп болған, ел баласы, замана жасы. Құнанбай – елдің тоқырап қалған, өз биігінен аса алмаған ескі ойы болса, Абай – елдің алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы». Бұл кезде Абайдың ел ішінде байқағандары – дау, жанжал, төбелес, ұрлық, барымта, бəсеке, рулық тартыс. Жас Абайдың жүрегі осыны сезіп өсті. Романның кейінгі кітаптарында Абай ескілікке қарсы қоғамдық күрес жүргізеді. Ол қазақ аулындағы əлеуметтік бітіспес қайшылықтардың, заман сипатын айқындайтын əр алуан кесек уақиғалардың қайнаған ортасында жүріп, қазақ халқын прогреске бастайды. Бала кезінен бастап əке орнатқан тəртіпке, қаталдық пен зорлыққа жаны түршіге, жиіркене қараған гуманист Абай осы тартыста өз тобынан іргесін мүлде аулақ салып, ара жігін ашып алады. Абай – қиюы қашып, ыдырай бастаған ескі қоғамның заңдарындағы əділетсіздікке қарсы күресіп, орыстың демократияшыл, озат ой-пікірлерін берік тұтынған, адам правосы мен əділеттік үшін күрескен өз заманының аса көрнекті қоғам қайраткері. Ол озбырлық пен жауыздыққа қарсы өз творчествосын күрес құралы етеді. Ол айдауда жүрген Михайлов арқылы орыс халқының революцияшыл демократы Чернышевскийдің пікірлерімен танысады. Абайды қазақ сахарасына ене бастаған прогрестің басы ретінде танып, оның бойынан зор талант пен гуманизмді көрген Михайлов Абай пікірлеріндсгі осал жақтарын да бірден байқайды. Михайлов Абайға əсіресе қоғамдағы тап жігін тани білуге көп көмектеседі. Өзінен алған тəлімін, үлгісін жұмсайды, соның арқасында ол өз дұшпандарын ықтырып, басып отырады. Əдет-ғұрыпты бұзып, сүйгеніне қосылмақ болған өз немересі Əмірді буындырып өлтірмек боп жатқан Құнанбайға, «дəуренің өткен, тек жат... заман менікі» деп қатал үкім шығарса, оның жолын қуушы Тəкежан, Жиренше, Оразбайларды халық алдында сүріндіріп, аяусыз əшкерелейді. Əзімбай сияқты өсіп келе жатқан ертеңгі «Құнанбайларға» қарсы жаңашыл талантты жастардан прогрестің жақтаушыларын тəрбиелейді. Осы мақсатпен ол өз балаларын орыс мектебіне беріп, орысша оқытады. Сөйтіп, ұлы ақын өз жолын орыс мəдениетінен іздеп табады. Ұлы орыс халқының бостандық сүйгіш, демократияшыл идеялары қазақ халқының да жақсы тұрмысты көксеуіне, ез жағдайының ауыр екендігін ойлануына мұрындық болды. Осыны сезінген Абай орыс халқынын мəдениеті мен ғылымынан өз халқының үміт

сəулесін көрді. Бұл ретте жазушы Абай жанын тебіренткен небір күрделі мəселелердің түйінін дұрыс шешіп берген. Абай – орыстың демократияшыл озат мəдениетінің жемісі екендігін жазушы толық ашып көрсеткен. Абай бойындағы сарқылмас мол қуаттың, білімнің, түптеп келгенде, сол орыс халқының мəдениетінен дарыған қасиет екенін оның жаулары да сезеді. Романның бірінші кітабының соңында əлі əлеуметтік үлкен, кесек тартысқа түсіп үлгермеген 24 жастағы Абай бойынан қатал əке Құнанбай тапқан міннің ең үлкені де оның осы «орысшылдығы» болуы тегін емес. Абай əкесінің бұл кінəсына қарсы: «Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім, өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма?» – деп дау айтады. Романда Абай Семей қаласында ұзақ уақыт болып, Михайловпен кездесіп, əңгімелескеннен кейін екі Россияның – халықты құлданушы патшалық Россия мен еңбекші бұқара Россиясының бар екендігін түсінеді. Қаладан қайтқан сапарында жолда жатақтар аулына тоқтап, қонып аттанған Абай өзінің сыралғы досы Дəркембайға айтқан əңгімесінде: «Бейнет иесі болған бұқараның мұңдасы тек қазақ ішінде емес. Өзіңдей қорлық пен зорлыққа шіріген қалың миллион қара халық орыста да бар екен. О да руым орыс деп, аталасым деп, патшасы мен чиновнигіне, төресі мен ұлығына ден қойып отырған жоқ. Қайта «қан сорғышым, обырым осы», – дейді екен...– Ойласам, Көкше-Мамай руынан шыққан кедей жатақтарының ғана мұңы бір емес. Олардың Сібір мен Россиядағы бар орыс жатақтарымен де ұраны, мұңы бір екен», – дейді. Бұдан Абайдың қоғам қайраткері, халық қамқоршысы ретіндегі зор тұлғасы айқын көрінеді. Романда Абайдың демократияшыл пікірлері оның əр алуан тұста əрбір мəселе жайлы айтқан əңгімелерінен ғана емес, сонымен бірге оның қимыл, іс-əрекетінен де көрініп отырады. Тəкежан мен Ысқақ, Шұбарлардың тізесі батқан еңбекші халыққа, жатақтарға Абайдың өз туыстарынан бірнеше рет есе қайтарып əперуі тегін емес. Абай – өз халқының бақытын көксеген, ақ ниетті, игі жақсы адам. Ол əрқашан кедейлерді байлардың, əкімдерінің өктемдігі мен зорлығынан арашалап, қуғын көргендерге пана болып отырады. М. Əуезовтің қаламынан шыққан кесек шығармалардың бірі – «Абай жолы» романы. Бұл роман алдыңғы «Абай» романының заңды жалғасы. Мұнда Абайдың жаңа кезеңдегі өмірі, əлеуметтік, творчестволық қызметі баяндалады. Романда Абай қазақ қоғамының тарихи жағдайын, əлеуметтік-экономикалық тұрмысын танып білуде бұрынғыдан да өсіп-дамыған, романның қамтитын əлеуметтік мəселелері де анағұрлым кең. «Абай жолы» романында Тəкежан сияқты бай ауылдың кедей ауыл Жігітектің пішенін зорлықпен шауып алғандағы қақтығыстан бастап, тап тартысы барған сайын айқындалып отырады. Бұл кезде Абай «Атаның ұлы болмай, адамның ұлы болған», əлеуметтік оң мен солын ажыратқан күрескер дəрежесінде көрінеді. Бірақ халқын беріле сүйген ұлы ақын əділетсіздік пен жауыздықтан біржола құтылып кету жайын ойланғанда дəрменсіз, шарасыз. Айналасында Абайдың көмегін, жол көрсетіп, жөн сілтеуін күтіп отырған халқы бар. Абай халықты күреске шақыру дəрежесіне көтере алмады, өйткені оның əлеуметтік ортасы əлсіз, қоғамның дамуы кенже. Осы тұрғыдан алғанда, Абай бойындағы олқылықты Дəркембай мен Базаралы толықтырып отырады. «Мынау жақсылық, мынау халық басатын жол, мынау қайратты тартыс арнасы деп танытқаным жоқ, ел қолына ұстатқан құралым жоқ», – деп, Абай Базаралыға өзінің көптен ішінде жүрген арманын айтады. Абай – өз кезінде көп ойланып, көп толғанып, ой соңына жете алмай, жалғыздығын, етекбасты болғандығын сыртқа да шығарып отырған аса күрделі тұлға. Оның əлеуметтік пікірлерінде, əрекеттерінде дұрыс та, қайшы да пікірлер жоқ емес. «Абай жолы» романында Абай осы қалпымен өте шебер көрсетілген. Эпопеяның соңғы кітаптарында Абай халықтың қоғамдық өміріндегі қайшылықтарды, ауыр да ащы шындықтарды бақылап, қорлық көрген қарапайым жұртты көп тыңдап, көптеген сырлар түйген, оларға жанашырлық білдірген гуманист қана емес, халыққа түскен ауыртпалықтың тауқыметін бірге тартып, бейнетін бөліскен белді қайраткер, жаңа жұрттың жарығына бастаушы ақылгөй, дана. Бұл жай, əсіресе эпопеяның 4-кітабында баяндалатын қалаға тараған жұқпалы ауру – оба індеті тұсында, Дəрмен мен Мəкен қыздың дауы тұсында, Оразбайлардың Көкен елін шабуға қол аттандыруы тұсында айрықша көрінеді. Бұл тұста Абай тек тобықтының ғана Абайы болудан асып, бүкіл қазақ даласына халық қамқоры ретінде мəшһүр болған. Жұқпалы індет Семей қаласының тұрғындарына тарап, ажал күн сайын сан өмірді өшіріп жатқан шақта Сармолда сияқты сөз тыңдар бірлі-жарым адамдар арқылы мешітке жиналған жұртқа сөз

салып, ауру таратуға себепші болмау, ол үшін өлген адамның жаназа, підиясына жиналмау жайында берген мəслихаты, қалаға мешіт салудың орнына орыс оқуын ашу, ғылым-білімді насихаттау жайында махоллə (қала) халқына айтқан өсиеті – осының бəрі де Абайды өз ортасынан озған парасатты ой иесі, қарапайым халықтың шын қамқоры ретінде танытады. Бүгінде Абай салған соқпақпен болашақ ел көшін бастауға əзірлік жасап келе жатқан ізбасарлар да аз емес. Олар күні кешегі Балағаз, Базаралы, Қараша, Қаумен, Əбілғазы, Дəркембайлар; олар – бүгінгі Əбді, Əбендер мен Сейіт, Дəрмендер; олар – қашанда Абай тобынан, Абай қасынан табылатын қарапайым халық. Кешегі Құнанбай заманында «ата жолын» аттап, бата бұзған Салиха қыздың дауы «қазақ жолы» дейтін салт бойынша билер талқысына түсіп шешілсе, енді дəл сондай сүйген жары Дəрменмен қашып кеткен Мəкен билер тобынан емес, Россия өкіметінің заңына жүгініп, мемлекет мекемелеріне шағыну арқылы басына бостандық алып, өз махаббатына пана тауып отыр. Қараңғы қазақ қызының қысылғанда «қазақ жолынан», қара дүрсін ауыл əдетінен қашып шығып, қалаға бет түзеп, ұлыққа шағынып, орыс өкіметінің заңынан пана сұрауы да Абай ақылынсыз, оның үміт артқан сүйікті ұлы, орыс ғылымынан сусындаған Əбдірахманның көмегінсіз болып отырған жоқ. Түптеп келгенде, бұл да Абай жайған өнеге, Абай ақылымен болған іс. Əрине, патша үкіметінің жергілікті əкімшілігі үшін ел арасындағы жер дауы, жесір дауы, барымта, болыстық, старшындыққа таластан туатын партиягершілік сияқты дау-жанжалды қоздырып, өз керегіне жаратып отыру пайдалы болатын. Бұл оларға, біріншіден, Россия буржуазиясының пайдасы үшін, патша өкіметінің отаршылдық саясаты үшін қажет болса, екіншіден, ел жуандарынан, би, болыс, старшындардан пара алатын өз құлқындары үшін де қажет еді. Солай бола тұрса да, уездік сот Мəкен қыздың жеке басына азаттық берді. Өйткені Россия өкіметінің заң орындарынан пана сұрап келген, өзінде жазылған қалыпты заңы жоқ жабайы елдің бір қызын қандықол қара күштің қолына қайтарып беру қыр жайлаған онсыз да үркек елді ұлықтан, патша əкімшілігінен үркіте түскен болар еді. Демек, мұнда да отаршылдық саясаттың салқыны жатыр. Мұның өзі де қазақ өмірінде сонау Құнанбайдан Оразбайға дейінгі қалыптасып қалған жуан жұдырық, дырау қамшы, қол шоқпар, қара сойылдың заманы байқаусыз, бірте-бірте өтіп бара жатқанын жəне өте беретінін аңғартады. Абайдың жоғарыдағыдай адамгершілік қасиеттері ел арасына кең тараған. Ол ешнəрсеге араласпай, тек кітаппен, өлеңмен болып, үйінде жатса да, сол ел ішіне жайылған Абай өнегесі, Абай үлгісі ел жуандарының, зорлықшыл ожар қауым Оразбайлардың алдынан шыға береді, жай шығып қана қоймайды, əр жерде аяқтарынан шалып, омақаса құлата береді. Абай шашқан жаңалық шұғыласы кеше Құнанбай, бүгін Оразбайлар қатырған ескілік тоңын ерітіп, жібітіп барады: Мəкен қыздың дауы тұсында дау қуған ожар Оразбайлар тобына қарсы Əбді, Əбен, Əлмағамбет сияқты Затон жұмысшыларының (пароходқа жүк тиейтін адамдар) Дəрмендермен тізе қосып, көмекке келуі де тегін емес. «...Сіздерге қазақ даласынан қалаға қашып келген жалғыз ғана қыздың дауына араласу да революцияшыл программаға кіре ме?» – деген Əбіштің əзіл аралас сұрауына саяси жер аударылып келген Павловтың: «Біз жұмыскер қауымды қандай тұста, нендей істе болса да, өздерінің жауларын аңғара берсін дейміз. Тегі жауын білген қауымның қаруын қайда сілтеуі оңай мəлім болса керек... Мінеки, солайша Мəкеннің дауы біздің Затон халқының тосып жүрген жайына мезгілін тауып қосылған керекті сылтаудың бірі болды» – деп жауап беруі бүгінгі уақыт сонау Құнанбайлар заманынан мүлде басқаша екенін аңғартады. Павловтың бұл сөзінде келе жатқан 1905 жылғы бірінші орыс революциясының лебі сезіледі. Осы жайлардың бəрінде де жазушы барды айтып бадырайтпайақ, болмашы ғана эпизод немесе диалогтар арқылы əрі ұтқыр, əрі заман шындығына үйлесімді нəзік жеткізіп отырады. М. Əуезов шеберлігінің бір көрінісі осында. Əлгі айтылған Əбді, Əбен, Əлмағамбеттердің аузында да Абай есімі, Абай сөздері бар, Абайға, ол уағыздаған адамгершілікке деген ыстық ықылас, зорлықшылдарға деген өшпенділік бар. Тағы да Абай үлгісі, Абай сөзі, Абай есімі. Оразбайды қалада да қарсы алып, тағы да алдын орап кетті, тағы да білім жеңді, Мəкен басына еркіндік алды, Оразбайға есе бермей кетті. Көкен елі дейтін еңбек сауған жатақ, момын ел мен тобықты арасында болған жер дауы тұсында жер өлшейтін өкілге əділін айтып, сонау Құнанбай тұсында тобықтылар тартып алған атақонысын иесіне қайтаруға себепші болатын да Абай. Қала халқының арасына тараған індет тұсында адамгершілікке, нысап сақтауға шақырғаны үшін, қараңғыда жол торып, Сармолданы бауыздап кеткен Шəріпжан халпе мен Соқыр қарилардың ындыны жаман ниеттерін көпке таны-

тып, əшкерелейтін де Абай. Міне, оның дұшпандары – ел ішіндегі жуандар мен атқамінер пысықтардың, дін иелерінің Абайға келмейтіні де осы, атап айтқанда, Абай жайған өнеге мен үлгі, Абай жақтаған əділеттік. Өшіккен осынау озбыр топ Абайдың өз басына таяқ та тигізеді. Ел жуандарының көрсоқыр қараңғылығы мен надандығына күйінген ұлы ақынның «мұңды көңілім сырласар, сұрғылт тартқан бейуаққа» немесе «Мен татпаған у бар ма?» деп аталатын жан кейістігін білдірген өлеңдерінің тууына себеп болған да осы топ. Ақынның əлеуметтік күрес-тартыс мəселесінде бастан кешірген əлгіндей кейістік күйлеріне сүйікті ұлдары Əбдірахман (Əбіш) пен Мағауия қазасының қасіреті қосылады да, эпопеяның соңында түн түнегін түре қуып атып келе жатқан таң Шолпаны сияқты ұлы тұлға, ел қамқоры, данышпан Абай дүние салады. Алайда Абай өлгенмен, оның өнеге-үлгісі, өшпес өлеңдері, кейінгі ұрпақ кеңейтер із-соқпағы, «Абай жолы» қалды. Сол соқпақтың мұрагерлері – Абайдың жас достары Дəрмен, Рақым, қалада орыс мектептерінде оқып жүрген шəкірттер Асан, Үсен, Асқар, Мұрат, Жəкеттер бар. Тарих сахнасына Абай соқпағымен ілесе шығып келе жатқан жас қауым, жаңа күш, Абай армандаған алыс бағдарға бет түзейтін сахара тірлігіне Абай еккен дəн, ұрық осылар. «Абай аға, қадірлім! Ол дəндерің елген жоқ, жойылған жоқ. Рас, бұл күнде бір араға біткен дүм тоғай болмасын. Үлкен бақ боп тұрмасын... Бірақ ен дала, мол сахараның бар бойында ол дəндерің өсіп келеді... Көп өсіп, көктей өсіп келеді... Өсе бермек күн санап та жыл санап... Сол үшін де əз өмірімде, өле-өлгенше асыл сөзіңді сақтармын, ата тəрбиеңді ақтармын, ағажан!» Абай қазасы үстінде Дəрмен аузынан шыққан бұл сөздері М. Əуезов жасаған классикалық тұлға Абай образының да, XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ өмірінің энциклопедиясы болған төрт томдық роман эпопеяның да эпилогы тəрізді. Романда орыс жəне қазақ халқының тарихи достығы да өмір шындығына сыйымды берілген. Қазақстанға көшіп келе жатқан орыс шаруалары Əзімбай сияқты озбырлардың қазақ кедейлеріне жасап отырған зорлығын көргенде, шыдап отыра алмайды; олар қолға қару алып, қазақ кедейлеріне жəрдемдесіп, басынып кірген Əзімбай тобын қуып шығады. Тағдыры бір екі елдің еңбекші шаруалары бірімен-бірі осылайша ұғынысып табысады. «Абай жолы» эпопеясында Абай есімімен қазақ əдебиетіне енген реализм бағыты да толық көрініс берген. Абайдың əдебиетші жастарға шындық өмірді ғана жырлау жөнінде берген кеңесі, мұндай қасиеттің кейін Дəрмен басынан табылуы бұған дəлел. Абай енді тек қана ақылшы емес, бұдан былайғы прогресшіл əдебиетшілер тобының ұстазы да. Эпопеяның аты қойылған Абай жолы, бұл – ойы мен шұңқыры, қиясы мен құзы, адасуы мен сергелдеңі бар ақынның өзі ғана түскен жол емес, сонымен бірге бұл – Абай нұсқаған, болашақ ұрпақ көретін даңғыл жол. Ол даңғыл жол – орыс мəдениетінің озат ойыңда, оның озат идеясының өрісінде. Эпопеяның үшінші кітабында аға ақынның Дəрменнің ақындық өнерінен орыс поэзиясындағы Некрасов үнінің нышанын тануы осыны аңғартады. «Артымнан мен жетпегенге жетіп, мен көксегендей ортаны көксеп ұшармысың алысқа! Жетермісің жақсы жайылымға? Мен ұшқаннан арыға ұшар болшы! Мен танығаннан арғыны танышы, кейінгі елің көрер ырыс-қонысты барлашы! Ол – сол сен бүгінгі шыншыл жүрекпен таныған өрісте»,– дейді Абай Дəрменге. Орыс поэзиясының азаттық идеясының өзінде де Некрасовтың үні тың үн болды. Абайдың Дəрмен басынан тауып, танып отырған үні,– бұл – қазақ қоғамына кірген тың үн, қоғамдық даму заңының өзі тудырған, бұдан былай тұншығып жата беруі мүмкін емес өмір үні. Абайдың ендігі үміті мен тілегі, арманы – орыс мəдениеті мен ғылымына бет бұрған Дəрмен сияқты жастар. Бұлар – Абай салған жолды ілгері апаратын, болашақ сол жолдың бекетшілері. Жазушы Абайдың демократизмі мен гуманизмін айқын ашып көрсете отырып, оның ақындық творчествосының өсу жолын да заңды түрде дамытады. Романның басында Шығыс поэзиясын оқып, жаттап, медреседен қайтқан бала шəкірт пен романның соңында Пушкинді, Лермонтовты оқып, «Евгений Онегиндегі» Татьянаның мұңы мен зарын қазақ даласына тұңғыш танытқан Абайдың ақындық жолы да өз эволюциясымен дəлелді суреттеледі. Ақын творчествосы орыс əдебиетінің прогресшіл идеяларының ықпалымен қалыптасады. Оның бірсыпыра лирикалық жəне сатиралық өлеңдері өзінің көзбен көріп сезінген əсерінен туады. Тоғжанға арналған «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да», Əйгерімге арналған «Көзімнің қарасы», Салиха қыздың дауы тұсында жазылған «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында», Біржан келіп кеткеннен кейін туған «Құлақтан кіріп бойды алар», сондай-ақ Балқыбек съезіндегі ұлықтардың мінезін көріп жазылған «Болыс болдым, мінеки», күзеуде отырған Тəкежан аулын-

да қонып жатқанда туған «Қараша, Желтоқсан мен сол бір екі ай», Тəкежан аулының жатақтарға жасаған жəбір-жапасын Дəркембай аузынан тыңдап отырғанда көмейге оралған «Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек» т. б. өлеңдерінде сол заманның шындығы жырланғандығы романда шебер көрсетілген. Қорыта келгенде, М. Əуезов тарихи шындық фактілерге сүйене отырып, халқын сүйген патриот ақынның, қазақ халқының асқан ойшылы, ағартушы-демократы Абайдың толық, жарқын образын жасап, оның халық деп соққан ізгі жүрегін танытқан. Бұл ретте ол тарихи фактілер шеңберінде шектеліп қалмай, шындықта болған Абайды жұртшылыққа көркем шығарманың геройы дəрежесіне көтеріп ұсынған. Алайда жазушы Абай образын жасауда тарихи шындықты да аттап өтпейді. Романда Абай озбырлыққа қарсы қаншалықты арпалысып күрескенмен, əлі ол таптық күресті айқын түсінген революционер емес. Жазушы оны халық қамқоршысы, гуманист-демократ ретінде өте орынды көрсеткен. Абайдың қоғамдық ой-пікірлері екі түрлі жағдайдың əсерімен – қазақ ауылындағы тарихи-əлеуметтік жағдайдың жəне орыс халқының демократияшыл идеяларының ықпалымен қалыптасқандығы нанымды суреттеледі. Роман, осы тұрғыдан алғанда, тек Абайдың өмірі мен əлеуметтік күресі жайында ғана емес, сонымен бірге XIX ғасырдың екінші жартысындағы бүкіл қазақ қоғам дамуының небір терең сырларын, халық тарихының алуан түрлі белестерін, яғни қазақ халқының ұзақ жылдардағы зор өмірін кең көлемде түсіндіріп берерліктей өрісі кең шығарма. Бұл жағдайлардың бəрі де романда кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас арқылы ашылып отырады. Роман – қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін, бүкіл бір тарихи кезеңдегі тұрмысын бүгінгі күннің тілегіне сай партиялық тұрғыдан суреттейтін қазақ əдебиетінде тарихи тақырыпты қалай меңгеру керек екендігіне жол салып, үлгі көрсеткен эпопеялық шығарма, яғни XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ халқының қоғамдық өмірінің көркем энциклопедиясы. Романда Абай тобындағы жағымды кейіпкерлердің ішінде сəтті шыққан образдар – Дəркембай мен Базаралы образдары. Дəркембай мен Базаралы – халық өкілдері. Бұлар – күштілерден қорлық көріп, зəбір-жапа шеккен кедейлер. Бұлардың көзін ашқан жоқшылық пен озбырлық. Осы тұрғыдан алғанда, əсіресе Дəркембай образында «Түнгі Сарын» пьесасындағы Тəнекеге біраз ұқсастық бар. Дəркембай көп уақыт бойы бай ағайындарының ауылдарымен іргелес қонып, солардың шылауында жүреді. Бірақ бай ағайындарға мұның туыстығынан да еңбегі керек екендігін сезген Дəркембай егін егіп, күн көріп отырған жатақтарға, кедейлерге келіп қосылады. «Күйі бірдің – күні бір. Туысым – аталасым емес, өзіммен мұңы бір, бейнеті бір жатақтар», – дейді Дəркембай. Жатақтарды қосып отырған – ру мүддесі емес, таптық мүдде. Жатақтар – «алтыбақан алауыз» емес, бірлікшіл, ынтымақшыл. Олар көп жағдайда тіпті Абайдың өзіне де, сондай-ақ Базаралыға да сүйеніш болады. Олар аршынды əрекеттер, көңіл сүйсінерлік қимылдар жасауға да əзір. Рушылдықтың шырмауынан шыға алмай жүрген ауыл кедейлеріне қарағанда, жатақтардың тіршілік бейнесі де, іс-əрекеттері де бөлекше. Олардың болашағы зор. Жатақтардың тіршілік бейнесі феодалдық, қоғамдық құрылысқа ұнамайды, өйткені ол рулық-феодалдық қоғамның ыдырай бастағандығын, қазақ аулында тап жігі айқындала бастағандығын көрсетеді. Романда Тəкежан, Ысқақ т. б. ел жуандарының жатақтарға өктемдік пен озбырлық жасай беретіндігі де сондықтан. Рулық-феодалдық қоғамның қиянатшыл, озбыр əкімдері жатақтардың бұрынғыдай емес, ескі ауылдағы əкімдерге, феодалдарға кіріптарлықтан шығып кетіп бара жатқандығын түсінеді. Дəркембай – осы жатақтардың ақылшы, кеңесшісі ғана емес, олардың бай-феодалдарға, үстем тап өкілдеріне қарсы наразылығын, күресін бастаушы. Өмірден тоқығаны, түйгені көп Дəркембай қарапайым халықтың батылдығын бойына сіңірген. Ол – əрі тілді, əрі өткір. Қоғам өміріндегі əлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, тұрмыс ауыртпалығының себептерін ақылмен дұрыс топшылай білген Дəркембай қаһарымен бүкіл төңіректегі елді шошындырған Құнанбайдан да ығыспайды. Халыққа арқа сүйеп сөйлегендіктен, ол кімге болса да еселі сөзін жібермейді. Меккеге жүрейін деп жатқан Құнанбайдың мойнында кеше жазықсыз өлтірілген Қодар мен Қамқаның қаны қарыз боп кетіп бара жатқанын бетіне айтып, жетім бала Дəрменнің есесін жоқтайды. Романда Дəркембай сияқты халық бейнесін елестететін кесек тұлғаның бірі – Базаралы. Ол – сырт пішінімен ғана емес, ақылой парасатымен де көз сүйсіндіріп, көңіл толтыратын аса ұтымды жасалған образ. Оның айтулы мінезі мен ақылдылығын, айдынды айбарлығын тек достары ғана емес, тіпті, Құнанбай бастаған

дұшпандары да мойындайды. Базаралы образын жазушы «Абай жолы» романында əлдеқайда тереңдете түседі. «Абай жолы» романында Абай мен Базаралы, Дəркембай арасындағы байланыс күшейе түседі. Бұлардың əрқайсысы қазақ даласындағы қоғамдық дамуда бұрын болып көрмеген əрекеттердің иелері. Абайдың пікірлері, оның өз кезінде көтерген озат ойлары XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласына ене бастаған орыс халқының ұлы ойшылдарының бостандық сүйгіш идеяларының əсерінен туғандығы қандай басы ашық мəселе болса, Базаралы əрекеті де орыс халқының тəжірибесінен, үлгі-өнегесінен енген, қазақтың қарадүрсін жолы тосырқап қарайтын əрекет. Базаралының зорлықшыл Тəкежанға қарсы көп кедейді бастап барып, оның жылқысын қуып, бірін қалдырмай қан жоса қырғын жасатуы – қазақ аулының баяғы барымтасы, жай ғана есе қайтаруы емес, бұл – қазақ қоғамының дамуында бұрын болып көрмеген күрестің жаңа бір тың түрінің көрінісі. Мұны оның жаулары да, тіпті барлық Тобықты елі мойындайды. Базаралының бұл батыл қимылы бүкіл сол төңіректегі елді дүр сілкіндіріп, əбігерге салады. Халқының бостандық жолындағы күресте санасын оятуда Базаралы ісінің үлкен прогресшіл маңызы бар. Базаралының Семейде дауға жиналған билерге айтқан сөздерінен бұл пікір айқын аңғарылады: «Мен Құнанбай баласы да өзіміздей адам баласы екенін таныттым. Ұрсаң, оған да таяқ өтетінін, жұлқыласаң, оның да жыртылатын жағасы барын таныттым. Тіпті онан əрі батыл, бекем ұра берсең, тікейіп тұра алмай, омақаса жығылып, өлуге де бар екенін таныттым... Бірақ мұны... айтатын жерім сендер емес едіңдер. Ол менің халыққа айтатын, сенің əрқайсыңның сыртыңызда тұрған халыққа айтатын сөзім еді. Оларға тілхатым жетпес күн емес пе? Біреу болмаса біреу арқылы осынау мұратты сөзім тым құрыса жарым жұртқа жетер деп айтқан едім», – дейді Базаралы. Базаралы ісі – қазақ қоғамының ішкі қайшылығының, тап тартысының айқын белгісі. Кедейлерді Базаралының соңына ертіп, басын қосып отырған да – таптық мақсат. Базаралының Абай көмекке жіберген халыққа: «Келе бер! Кедей елім... келе бер! Бетің дұрыс! Атаның ұраны қоспай, аталының қорлығы қосқан қосағым, қасымнан табыл осылай», – деуі осыны аңғартады. Эпопеяның соңғы кітабында халықтың небір асыл қасиеттерін бойына жиған дана қарт Дəркембай қаза болса, Базаралы да қартайып, қажитын шағына жеткен. Алайда Базаралы мен оның ісəрекеттері де із-тозсыз кетіп жатқан жоқ. Кешегі күні Базаралы бастап Тəкежанның жылқысын тиеп алса, бүгінгі бүлікшілдердің басы Оразбай ауылын ойрандайтын да топ құралып жатыр. «Бұл топты,– дейді жазушы,– қазір бастаған Жомарт, Омар, Сейіт сияқты ер жігіттердің өздері. Ауру Базаралы шабуылға жарамай азғана топ ақсақалдың ішінде қалып қойған. Бірақ Əбдіге өзінің сегіз өрме бұзау тіс дырауын беріп жатып: «Мен үшін он дұшпанның басын жар! Соны істемей қайтушы болма!» – деп Əбдіні өз қасынан қайрап жөнелткен». Қартайып, қайраты қайтып, тұғырдан түскен шағында кəрі қыранның қамшысын қолынан беріп, Əбдіні жолға салуында көп мəн бар. Бұл арқылы ол ендігі ел ұлына, ер азаматқа қару беріп қана қойған жоқ, үстем таптан, зорлықшыл озбыр қауымнан қалай өш алып, есе қайырудың өнеге-үлгісін де қалдырып отыр. Сол үлгіні тұтынған бес жүз кісілік қалың қол талтүсте Оразбай аулының шаңырағын ортаға түсіріп, көш жерге созылып жатқан ұзын желіге байланған құлындардың желісін қиып, байдың өз əулетіне қараған үш мың жылқыны қуып əкетеді. Оразбайдың өзі де, балалары да қатты ширығып ашынып келген кедей қауымға қайрат көрсете алмай, бас сауғалап, қара бастарын амалдап, тығылып қалады. Жазушы бұл жағдайды былайша баяндайды: «Оразбай бұрын жалғыз өзі көпке осындай қол қимылын, шабуылын жұмсап келсе, енді бүгін аты жоқ, аталы жау емес, бірақ одан əлдеқайда басым, жуанынан жуан, күштісінен күшті, тобынан сонағұрлым көп, анық асыл күш жазалаушы шығып еді! Бұл бұрын көпті жылатқан болса, енді сол кеп елден жиылған кептің өзі келіп, бұның малын шұбыртып, ауылын шулатып, өзін жерге тыға қор етіп, кек алып кетті». Сан тараптан қосылған бұл көптің ішінде Абай басына тиген қамшы үшін кектенушілер де, кедей-кепшіктен кұралған Көкен елінің намысын қорғаушылар да, Абай сөзі үшін Сейітке Оразбай кескен сорақы, сойқан жазаға қарсы көтерілушілер де бар. Бəрі де жоқ-жітік кедей қауымдар. Бұлар – эпопеяның І-кітабындағы Бөжей ауылын шабуға аттанған Құнанбай тобынан мүлде басқаша топ. Бұлардың басқосуында бұрынғыдай емес, рулық намыстан гөрі таптық белгілер басым жатыр. Мұндағы Əбді, Сейіттерден бастап сонау Затон жұмысшысы Əбден мен қайықшы Сейілге дейін халық өкілдерін – Базаралы,

Дəркембай тұлғаларын толықтырып, молайта түсетін ұтымды бейнелер. Бұл арқылы жазушы халықтың бойында қалауын тауып, жана алмай жатқан мол жалын, өшпес от, жігер-қайрат бар екендігін, халық өнерін, халық өмірін өте ұтымды бейнелейді. Романның ерекше табысының бірі – бірқатар қазақ əйелдерінің образдарын өздеріне лайық мінез, іс-əрекетпен ұтымды көрсеткендігінде. Бұл ретте адалдық, мейірімділік сияқты ізгі қасиет бойынан табылатын ақылды ана Зере мен Ұлжанды, Абайдың ай батқандай адастырып кеткен асыл арманы, кіршіксіз таза махаббат иесі Тоғжанды, сұлулық пен əншілік иесі, ақын жанын əнмен баураған Əйгерімді, жұртқа өз қолынан түйір ұсынбайтын сараң Қарашашты, əкенің ұйғаруымен қосылған, Абай балаларының анасы Ділдəні, жай таныс, көзтаныстардан Семейдегі Салтанат пен Сабырбай қызы Қуандықты, қысылшаң жерде сөз тапқан Сары апаны т. б. ерекше атап етуге болады. Романға сюжет болған ескі мен жаңаның арасындағы тартыста прогресшіл бағытты бастаушы Абай болса, оған қарсы алысып, рулық-феодалдық салт-сананы сақтап қалу үшін жанталасушы күш – Құнанбай мен оның тобындағы Бөжей, Майбасар, Ызғұтты, Тəкежан т. б. Құнанбай төңірегіндегілердің өз ішінде де келіспеушілік, өкпенаразылық, дау-жанжал болып тұрады. Бірақ бұлардың арасындағы талас-тартыстың сипаты Абай тобындағылармен болатын тартыстан мүлде басқаша. Мəселен, Құнанбай мен Бөжей арасында болатын кесек қақтығыс – феодалдық қоғамның реакцияшылдығы туғызған рулық тартыстың шыңы. Бұл тартыс əрбір атқамінердің əрқайсысы өз руының үлесі басым болуын көздегендіктен туады. Романда Бөжейдің Құнанбайдан көрген жəбірі, Дəркембайдың Құнанбайдан немесе Тəкежаннан көрген қорлығынан мүлде бөлек. Бөжей де Құнанбай сияқты феодалдық-рушылдық қоғамның мықты болғанын тілейтін феодал. Бұлардың арасындағы келіспеушілік – үстем тап өкілдерінің феодалдық-қоғамдық құрылысқа сыйымды бəсекесінің бір көрінісі. Олардың əрқайсысы сол қоғамның заңын өз руының мүддесіне қарай шешуге күш жұмсайды. Құнанбай – өктемдік пен зорлық-зомбылыққа негізделген феодалдық қоғамның небір айла-тəсілдерін меңгерген қатыгез мінезді, қайсар жыртқыштың бейнесіндегі аталы ақсүйек, феодал. Ол – алған бетінен қайтпайтын, өз дегенінен басқаға көнбейтін, ырық бермейтін озбыр адам. Тұтас алғанда, Құнанбай – өз заманының қатал əміршісі, бүкіл рулық-феодалдық қоғамдағы үстем тап өкілдерінің жиынтық бейнесі. Қазақ даласында патша үкіметінің арқа сүйеп отырған белді тірегі де – осы Құнанбайлар. Құнанбай қарауындағы елді сүліктей сорады, ол өз құлқыны дегенде алысты да, жақынды да, ағайын-туғанды да талғамайды. Қолында əкімшілік пен билік тұрған, арқасын патша əкімдеріне мықтап тіреген Құнанбай адамның жаны түршігерлік жауыздық жасап, жерін иемденіп қалу үшін момын шаруа Қодар мен оның келіні Қамқа жөнінде өсек таратады да, ел əкімдерінің аузын ала отырып, ақыры, «шариғат жолы» деп аталған реакцияшыл заң бойынша, ол екеуін түйеге асып өлтіреді. Құнанбай тек қатыгез ғана емес, сонымен бірге ақылды да. Бірақ ол осы өз бойына біткен табиғи қасиеттердің бəрін еңбекші халықты қанау үшін, феодалдық салтты нығайта беру үшін пайдаланады. Қодарды өлтіргенде, ол əуелі түйеге асқызып, оның артынан құз басынан құлатып, өлі денеге қырық рудың ру басыларына қырық кесек атқызады. Сөйтіп, ізінен қан сорғалаған қылмысын Құнанбай жалғыз көтермей, көпке бөліп жібереді. Сол қырық кесек атқан ру басыларының бəрі де Қодарды өлтірушілер болып табылатынын олардың өздері де кейін барып біледі. Құнанбайдың қулығы бұл қанды уақиға туралы елдің атқамінер əкімдерінің үнін осылайша алдын ала өшіріп қояды. М. Əуезов Құнанбайдың қандай адам екенін оның портретін жасау арқылы бірден танытады. Қодарға үкім шығаруға жиналған атқамінерлердің ортасында Құнанбайды алғаш көргенде-ақ оның пішінінен зорлық пен феодалдық қаталдықтың, аяуы аз, кешірімі жоқ қара күштің бейнесі байқалады: «...ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай... онсыз да ұзын, үлкен бетіне ұп-ұзын боп, дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі оның көтеріңкі жал тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады... Салғырттығы жоқ, сергек, қатал күзетші. Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды. Кірпігін де сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқая отырып сөйлеген Құнанбай осы үйде əркімге қарамайды. Қарсысына таман отырған Сүйіндікке ғана қадалып сөйлейді». «Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зіл бар».

Осы үзіндінің өзі-ақ жазушы шеберлігінің айқын бір мысалы емес пе? Əңгіме мұнда дала билігін қолдан шығарып алмайын деген қатал əкімнің қалғымай, сақшыдай бағып отырған жалғыз көзінің суреттелуінде ғана емес, сол көздің көпке қарамай, көп ішінен əдейі тауып, қарсы алдында отырған Сүйіндікке ғана қадалып сөйлеуінде. Егер Құнанбай осы отырыста əркімге бір қарап сөйлесе, жалғыз көздің зілі де, осы қазір жазықсыз екі жан – Қодар мен Қамқаға шығарылайын деп отырған адам айтқысыз жауыздық үкімнің салмағы да жеңілдеп кететін тəрізденеді. Сондықтан да ол күні ертең Бөкенші, Борсақтың сөзін ұстауы ықтимал-ау деген Сүйіндікке ғана қадалып сөйлейді. Міне, осы көріністің өзі-ақ Құнанбайдың қандай адам екенін аңғартады. Жиналған ел жуандарының бірде-біреуі бұған қарсы сөз айтпақ түгіл, оның жалғыз көзіне көз қадап тура қарауға да батылы бармай, сипақтап, тайғақтай береді. Өз ортасынан осылайша сұсы басып, сескендіріп отырған Құнанбайды тек Абай бастаған прогресшіл жаңа бағыт қана шеттетеді. Бүкіл Тобықтыны əмірімен билеп отырған Құнанбайдың қажыға жүрмек болып жатқанда, оның жауыздығын бетіне айтқан Дəркембайға істейтін ешқандай шарасы болмайды. Осының өзі де – ескі өмірдің барған сайын қаусап, ал жаңаның күшейіп келе жатқандығының белгісі. Эпопеяның бірінші кітабының аяғында Абайды өз жолына салып, ел билейтін əкім шығармақ боп жүрген əке үміті біржола үзіледі. Өз басынан сыншыл да қатал əке тауып отырған үш «міннің» үшеуіне Абай айтқан дау – эпопеяның қалған кітаптарында Абай үшін саналы өмірінің программасы тəрізді болса, Құнанбай үшін бұл батар күннің белгісі тəрізді. «Құнанбай тыңдап болды да, күрсініп қойды,– дейді жазушы,– шарасыздық ажары білінді. Бірақ үн қатқан жоқ. Сөз осымен біткен еді. Абай қоштасты да жүріп кетті. Дөң басында ауыр оймен жалғыз отырып қалған Құнанбай қиналған күйде. Тағы жеңілді. Баладан ғана жеңілген жоқ. Ендігі өмір меңдеп барады. «Əлсіредің, тозарлық шағыңа жеттің» деп тықсырып кеп, шетке қағып барады. Өз баласының аузынан естіген үн – сол бір «дəуренің өтті» деген суық сарынның қатаң лебі еді». Міне, əке заманы мен бала буынның арасындағы қоғамдық тартыс тағдыры бірте-бірте ескіні шеттетіп, жаңаның қолына көшіп барады. Эпопеяның екінші кітабының соңында өз баласы Абай мен өз немересі Əмірге қолын теріс жайып, қарғыс айтудан басқа қарсылығы қалмай, Абай əндерін естуден қашып, құлағын тығындап, кəрі сіңір қолымен шымылдығын жауып қымтап, өз төсегінің үстінде əрекетсіз қалған Құнанбайды көреміз. Бұл – бір Құнанбайдың ғана кəрілікке мойынұсынып, əлсірегендігі емес, сонымен бірге бүкіл Құнанбай мен оның тобындағылар қызғыштай қорыған ескі салт-сананың да əлсіреп, дəрменсіз тарта бастағандығының белгісі. Солай болса да, Құнанбаймен бірге ескілік атаулы құрып бітпейді. Олар – Құнанбай тұтынған жолды ілгері апару үшін арпалысып жүрген Тəкежан, Шұбар, Майбасар, Жақып, Оразбай, Əзімбай т. б. Бірақ бұлар Құнанбайға қарағанда, күшке басып батыл əрекеттер жасаудан гөрі жасырын жаулыққа, екіжүзділікке, алдап-арбап, өтірік айтуға, əлсізге жұдырық көрсетіп, еті тірі жандардың сыртынан ор қазуға бейім. Осының өзі де Құнанбай бастаған топтың екінші буынының ұсақтап, бірақ амал-айласы мен жауыздығы молайып, басқаша сипат алып келе жатқандығын, Құнанбай заманы бірте-бірте алыстап, келмеске кетіп бара жатқандығын көрсетеді. Алайда озбырлыққа келгенде Оразбайлар Құнанбайдан кем соқпайды. Кешегі күні Құнанбай Бөкенші, Борсақ руларының жеріне кұрық салу үшін Қодар мен Қамқа сияқты жазықсыз жандарды құрбандыққа шалып, Абай əндерін естімес үшін құлағын тығындап, өз немересі Əмірді қылғындырса, бүгін сол жолды берік тұтынған Оразбай жер үшін Көкен еліне қол аттандырып, шабуыл жасап, Абай сөзін таратып, əн салғаны үшін жалғыз атты кедей жігіт Сейітке бұл атырапта құлақ естіп, көз көрмеген сойқанды сұмдық жаза кеседі: «...Сейіттің екі қолын артына қыл шылбырмен байлатып жіберіп, терең қазылған құр құдыққа тастатып жіберді, сол арада өзі бастап екі жақтап шым топырақты Сейіттің үстіне лақтырды. Барды төгіп, ойран-топанын шығарып, ілезде құдықтан басы ғана көрінер-көрінбес боп тұрған Сейітті анық тірідей көмдіріп салды. Тек өлмес етіп, иегіне шейін көмдірді де, жалаңбас басын, жүзін көмілген топырақтың сыртында қалдырды». Бұл қорлық жазадан Сейітті кедей жігіт Айса мен түнгі қой күзетіндегі малай құтқарып алады. Өткен заманда Құнанбай өзі істеген ешбір жауыздыққа жауап бермей кетіп отырса, мына кезде жағдай басқаша. Бұл тұста Сейіт, Əбді, Омар бастаған кедей-кепшік көп болып есе қайырып, кек алып отыр. Түптеп келгенде, бұл да уақыттың, жағдайдың сонау Құнанбай заманынан көп өзгергендігін

аңғартады. Əлгіндей қара күш, зорлықшыл қол қимылы арқылы Оразбай кешегі Құнанбай тұтынған өктемдік, зорлық-зомбылықтың тізгінін өз қолында берік ұстап, «бүгінгінің Құнанбайы – мен» деп отырғаны түсінікті. Оразбай озбырлығының басталар жері де, барып құяр арнасы да, түптеп келгенде, сол Құнанбай тұтынған белгілі жол – өктемдік пен қиянат жолы. Сондықтан да жазушы оны: «Оразбай болса, ол əлдеқалай аңдамай басқан, байқамай адасқан кісі емес. Ол өзінің жаманшылығын анық, берік жолы қып ұстанған кісі. Оның аты Оразбай емес, жауыздық», – деп сипаттайды. Ескілік эстафетасын Құнанбай қолынан Оразбай, Жиренше, Тəкежандар, олардан Əзімбайлар алса, келешекте оны иесіз қалдырмайтын тағы да бір топ əзірленіп жатыр. Семейдегі гимназияда орысша оқып жатқан Құнанбай шөберелері Нығмет пен Жəлелдің өздерін жуан тұқым, ақсүйек санап, керден, пан ұстайтын қазіргі қас-қабақтарының өзінен-ақ «мен – бөрінің бөлтірігімін» – деген сыңай байқалады. Жазушы өзгерген заманның, келер күннің Құнанбайлары мен Оразбайлары осылар екенін де аңғартып өтеді. Эпопеяның бірінші кітабында ру басыларының арасындағы ұрыс-керіс, дау-жанжал, талас-тартыстар көбірек көрсетіледі. Біріншіден, автор мұнда негізгі геройының əлі жас екендігімен, оның өз айналасындағы құбылысты қоғам қайраткерлерінің сын көзімен қарап тану дəрежесіне жетпегендігімен санасса, екіншіден, сол ру тартысының бар ауыртпалығы да ауыл кедейлерінің, қарапайым халықтың иығына түсетіндігін ескерген. Кейінгі кітаптарда тартыс бірте-бірте күшейіп, əлеуметтік, таптық сипат ала бастайды. Феодалдық қоғамда негізгі мəселе – жер мəселесі екендігі ежелден мəлім. Əсіресе қазақ сияқты мал баққан елде тіршіліктің тірегі жер болады. Роман-эпопеядағы көптеген талас-тартыс, қақтығыстар осы жер үшін болып жатады. Қазақ халқының өткен өмірі мен ұлттық ерекшеліктерін жете білген жазушының «Абай жолы» эпопеясында тарихи шындық шеңберінде алып, өте дұрыс көрсеткен əлеуметтік ірі проблеманың бірі де осы. Қазақ даласындағы жер дауы, жесір дауы сияқты əлеуметтік мəселелердің небір қиян-қилы сырларын жазушы көркем шығарма арқылы көзге елестетеді. Романның ұтымды жақтарының бірі – оның тіл, композиция жəне көркемдік ерекшеліктері. М. Əуезов – қазақ тілінің мол байлығын жете меңгеріп, оны шығарманың көркемдік сапасын арттырудың мықты құралы ете білген жазушы. Өз бойындағы бұл қасиетті ол тырнақалды тұңғыш шығармаларының өзінде-ақ еркін танытқан болатын. Ал «Абай» жəне «Абай жолы» романдары М. Əуезовтің қазақтың əдеби тілін дамытуға зор үлес қосқандығын танытқан шығармалар болды. Адам образын жасауда, оның ой-сезімін, психологиясын, күйінішсүйініш, адамдардың өзара қарым-қатынасын, дүниеге көзқарасын саралап, талдай көрсетуде жазушының мықты құралы – тіл. М. Əуезов – тілге аса бай жазушы. «Қатты жел тездеткен жауын Абайлар Шілікті кезеңге тақай бергенде жауып та кетті. Жылы жауын. Жел басылған. Орданың бет бөктері алкүрең бетеге, жусанмен құлпырып тұр екен. Жас көктің жауын ішінде құлпыра түскен шат селін жүргіншілер тықыр жолмен жарып өтіп келе жатқанда, айналасынан жас жусан исі үзілмей толқып келіп отырды. Бірақ жауын қатайып, бұлт тұтасты. Күн қай мезгілге жеткенін біліп болмайды. Батыс жақты жауын құрсап, күн көзін толық жасырған. Енді ымырт тақау сияқты. Ақшам жамырай бастағаны ма, жоқ батар күннің жауын бұлты арқылы себездегені ме, əйтеуір батыс жақта көкжиек үстінде сарғыш мұнар сəуле бар. Сөнер үміт, үзілер тірліктей, жүдеп, талмаурап бара жатқан соңғы сəуле. Аздан соң ол да, сүлдері азайып барып бəсеңдей берді. Сарғыш сəуле сұрғылт тартты. Тағы бір сəттен соң күңгірттене барып, қара қошқыл қызғылт реңге кірді. Көгілдірленіп барып мұңды қоңыр аспанның түн мұнарына жол берді». Адам жанмен сезінетіндей əсерлі осы бір көріністің өзінде-ақ жазушының халықтың тіл байлығын соншалықты мол жəне орынды пайдалана білгендігі байқалады. Бұл романда жазушы тек қазақ халқының тіл байлығын ғана емес, сонымен бірге орыс тілінің де сөз байлығын, сөйлем құрылысының үлгілерін жете меңгеріп, оларды творчестволықпен пайдалана білгендігін көрсетті. Жазушы романда халық даналығынан туған афоризмдерді, мақалмəтелдерді кеңінен жəне өте орынды пайдаланған. Жазушы əсіресе кейіпкердің тілдік мінездемесін беруге өте шебер. Романның əр кейіпкері өзіне лайық тілмен, яғни өзінің мінезіне, іс-əрекетіне, кəсібіне лайық тілмен сөйлейді. Мəселен, халық даналығын бойына сіңірген Дəркембайдың тілі бір бөлек. Сол сияқты Абайдың, Михайловтың сөз қолданыстары Құнанбай, Майбасарлардан өзгеше. Автор əрбір кейіпкердің мінезіндегі, іс-əрекетіндегі өзгешеліктерге байланысты олардың тілдеріндегі сөз нақыштарын да саралап көрсетіп отыра-

ды. Сол сияқты романдағы авторлық ойлар мен суреттеулерде де жазушының тіл шеберлігі айқын байқалып, оқушыны баурап, үйіріп отырады. Романда өткен ғасырдың қоғамдық мəселелерінің сипатын терең аша түсу үшін сол дəуірдің тіл ерекшеліктері де өте орынды пайдаланылған. Ол сияқты сөздердің бірсыпырасы бүгінгі заманда біздің сөздік қорымыздан шығып, архаизмге, ескірген сөздерге айналып та барады. Жазушының шын мəніндегі суреткерлік шеберлігі – адам характерін, образ жасауда ерекше көзге түседі. Эпопеяда аты аталып, оқиғаға азды-көпті араласып жүрген ірілі-уақты кейіпкерлердің ішінде өзіне тəн іс-əрекет, мінез-құлықпен оқшауланып, дараланып берілмеген бірде-біреуі жоқ. Тіпті екінші қатарда алынып суреттелсе де, азды-көпті оқиғаға араласып, көрініп кетіп отыратын жылпос жігіт Өтегелді, керенау, енжар, «терін сатпай, телміріп көзін сатуды» машық еткен еріншек Жұман т. б. – осылардың бəрі де өз кезіндегі қазақ ауылының шындығын бере алатын типтік бейнелер дəрежесіне көтерілген. Мұнда тек Абай бастаған ұнамды кейіпкерлер ғана сомдалып қоймай, оларға қарсы тұратын Құнанбай, Оразбайлар тұлғасы да барлық ішкі-тысқы бітім-болмысымен өте əдемі мүсінделген. Бас кейіпкердің бағасын арттыру үшін оған қарсы шығатын ұнамсыз кейіпкерлерді де көтере көрсету – халықтың ауыз əдебиетінен бері келе жатқан бұрыннан бар үлгі. Алайда жазушы осы бұрыннан бар үлгіні Құнанбай образын жасауда мүмкіндік шегіне жеткізе пайдалана білген. Құнанбай бейнесі ұнамсыз кейіпкерлердің образын жасауға үлгі боларлық кесек тұлға. Кейінірек «Оянған өлке» романындағы Игілік би, «Дауылдан кейін» романындағы Шəкен мырза сияқты ұнамсыз кейіпкерлердің шынайы да кесек образдарының мүсінделуіне «Абай жолы» эпопеясының жағымды əсері тигендігі байқалады. Романда кейіпкерлердің сырт бейнесі, портреттері өте шебер жасалған. Көптеген кейіпкерлердің портреті оның ішкі жан дүниесінің ойпатын аңғартып отырады. Мұны Құнанбайдың, Оспанның, Қодардың немесе Əзімбайдың портреттері берілетін жолдардан айқын көруге болады. Жазушы өз кейіпкерлерінің тек сырт пішінін, портреттерін ғана емес, сонымен бірге олардың ішкі жан дүниесін, психологиялық, эмоциялық жақтарын айқын суреттеп, ашып көрсетуге де шебер. Кейіпкерлердің ішкі дүниесі олардың романдағы болып жатқан əр алуан оқиғаға қатынастарына қарай айқындалып отырады. Абайдың өмір шындығынан алып жаңа бір шығарма жазу үстіндегі жан толқындары, Қодар өлімін немесе жатақтарға істелген шектен тыс зорлық-зомбылықтарды көргендегі ашу, ызаға, аяушылық сезімдерге толы ой дүниесі, ақынға, əнші жастарға лайық мінез бітімдер – бəрі жан-жақты суреттеліп беріледі. Жазушы табиғат суреттерін (пейзажды) өте əдемі суреттейді. Оның табиғат суреттері көзбен көріп, қолмен ұстап сезінгендей əсер береді. Романда табиғат суреті кейіпкерлердің ішкі дүниесіне, болайын деп тұрған уақиғаның сипатына қарай өте шебер жəне мол суреттеліп отырады. Табиғаттың əр мезгілі романда өз əсемдігі, өз көркемдігімен бейнеленеді. Табиғат суреті баяндалатын уақиғамен іштей қабысып жатады. Ал мұның өзі шығарманың идеялық көркемдік сапасын көтеруде көп роль атқарады. Мəселен, оқудан қайтқан шəкірт Абайдың көңіл күйін қуаттайтын табиғат көріністері бір қуанышты хабарлап тұрғандай болса, Бөжей аулына, Жігітекке қарсы қол жинап аттанған Құнанбайдың көңіл күйіне қошемет қылғандай қызарып туған күн мен азынап соққан ызғырық жел жан түршігерлік бір сойқанның болатынын алдын ала хабарлап тұрғандай əсер береді. Абайдың Шыңғыс сыртында адасуына байланысты қысқы сұрапыл боранның сипаты, көл айналып, қаршыға салумен байланысты жазғы кештің сұлу көріністері шебер беріледі. Шығармада бұдан басқа да есте қаларлық көптеген əсерлі, əдемі суреттер бар. Əзберген, Шүйгінсу тұсында əлем апатын алып келе жатқандай, астан-кестен шаптыға алысып, шарпысқан бұлтты аспанның суреті, таң бозында күзгі даладағы жүргіншілердің суреті жазушының шын мəніндегі көркем сөз шебері екендігін танытады. Жалпы, жазушының үлкен сөз зергері екендігін танытарлық мысалдарды төрт томдық эпопеяның кез келген кітабынан, кез келген тараулары мен беттерінен тауып келтіруге болады. Романның композиция, сюжет желісі де шебер құрылған. Мұнда бірімен-бірі байланыспай үзік-үзік алынған уақиғалар жоқ. Уақиға бірімен бірі жалғасып келіп, бірінен бірі туып, өрбіп-өсіп, заңды түрде дамып отырады. Бір уақиғаның ішінде келесі бір кесек тартыстың төбесі көрініс береді. Бұл, əрине, жазушының композиция жасап, сюжет құруға шеберлігін танытады. Шығарманың уақиға желісін үзбей тарта отырып, кейіпкерлердің іс-əрекеті мен ішкі сезімдерін нəзік, əсерлі суреттеуде, сөйтіп, өзінің

көркемдік шеберлігін арттыруда М. Əуезов орыстың XIX ғасырдағы классикалық əдебиетінің өкілдерінен, əсіресе Л.Н. Толстой мен И.С. Тургенев, В.Г Короленкодан жəне бүгінгі совет əдебиетінің көрнекті өкілдерінен көп үйренді. Мəселен, аң аулап жүріп, боранда қалып, Тоғжан аулына ауырып, ес-түссіз келген Абай мен Тоғжан арасындағы ыстық махаббатты ақылға жеңдіріп, соншалықты əсерлі, орынды кесім, байлаулы пікір айтылатын көріністердегі геройлардың ішкі жан дүниесінің суреттелуінде Л.Н. Толстойдың «Соғыс жəне бейбітшілік» романындағы соғыстан жараланып қайтқан Андрей мен Наташаның қайта табысатын жеріндегі психологиялық моменттерге көп ұқсастық бар. «Абай жолы» эпопеясы тек жазушының өзінің ғана емес, қазақсовет əдебиетінің, бүкіл совет əдебиетінің көрнекті табысы боп саналады. Бұл роман қазірде ондаған шетел халықтарының тілдеріне аударылып отыр. Қорыта айтқанда, «Абай жолы» – М. Əуезовтің творчестволық ұзақ жолының жемістерін жинақтап, мəуелі бір кең арнаға сайған, қазақ-совет əдебиетін жаңа белеске, құзар биікке көтерген, сөйтіп оны бүкілодақтық, тіпті дүниежүзілік аренаға шығарған классикалық шығарма, барынша көркем кесек туынды. «Шығыстың Шолоховы» атанған сөз зергері М. Əуезовтің бұл шығармасы тек жазушының өз есімін ғана əлемге əйгілеп қойған жоқ, сонымен бірге қазақ халқының даңқын шығарып, оның тарихи даму процесін, елдік қадір-қасиетін де танытты. Эпопеяның дүниежүзілік мəдениет қазынасында ерекше орын алатындығын айта келіп, француздың коммунист жазушысы, халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты Луи Арагон былай деп жазды: «Эпикалық «Абай» романы – XX ғасырдағы ең таңдаулы шығармалардың бірі. Ол образдар мен ақыл-ойдың тұтас бір дүниесін алдыңа тартады, бізді өткендегімен де, бүгінгімен де таныстырады. Оны тек совет əдебиеті шығармаларының ішінде алдыңғы қатардан орын алады деп қою жеткіліксіз. ...Ал сөз болып отырған кітаптағы махаббат сезімінің толғауы қандай десеңізші... Оқушыны осынша баурап алатын бұл кітаптағы махаббат жырына мен, шынымды айтсам, бүгінгі кері кетіп, жұтаң тартқан біздің кішкентай Европа мойнағынан не тауып салыстыруды да біле алмай отырмын... Қалай болғанда да Мұхтар Əуезовті тек бүгінгі күннің шеңберіне сыйғызып қою қиын». Жанрлық жағынан «Абай жолы» – тарихи роман. Тарихи романда белгілі бір тарихи оқиғалардың, тарихи дəуірдің шындығы бейнеленеді жəне ондағы оқиғаға тікелей қатысушы бас геройдың өзі де тарихи тұлға болады. Көп ұлтты совет əдебиетінде толып жатқан тарихи романдар бар. Мысалы, Шишковтың «Емельян Пугачев», Алексей Толстойдың «Петр I», Дм. Фурмановтың «Чапаев», Юрий Тынянның «Уəзір Мұхтардың өлімі», Степан Злобиннің «Степан Разин» шығармалары осы тарихи роман жанрына жатады. «Абай жолы» эпопеясында ұлы ақын Абайдың ақындық еңбегі мен қоғамдық қызметі, қазақ халқының жарты ғасырлық əлеуметтік өмірі мен күресі, тарихи даму процесі суреттеледі. * Драматургия – біздің қазақ əдебиетінде Ұлы Октябрьден кейін туған жанр. Революцияға дейін прозаның кейбір жекелеген бастама үлгілері болды десек, драматургия, сахна, театр өнері мүлде болған жоқ. Қазақ халқына таныс емес тың өнердің алғашқы бороздасын тартқан да М. Əуезов. Оның 1917 жылы жазылған «Еңлік–Кебек» пьесасы 1926 жылы қазіргі Еңбек Қызыл Ту орденді академиялық драма театры құрылғанда, соның тұңғыш шымылдығын ашты. Міне, сондықтан да қазақ əдебиетінде драматургия жанрының туып, қалыптасуы, өсіп-өркендеу кезеңдері М. Əуезов есімімен тығыз байланысты. Қысқа күнде қырық рет қоныс аударып, мал жағдайы қайда жетелесе, сонда ілесіп келген байырғы қазақ сияқты көшпелі елдің тарихында кейінгі ұрпаққа аңыз боп жеткен талай тарихи оқиғалар мен солар жайында туған асыл мұралар бар. Осындай ұрпақтан ұрпаққа аңызбен жеткен бағалы мұраның бірі – қытымыр заманның қатыгез əміршілерінің қолынан қаза тауып, дегеніне жетпей арманда өткен асыл жас Кебек пен Еңлік оқиғасы. Ел ішіне көп тараған бұл аңыз талай замандар бойына естігеннің ет жүрегін елжіреткені аян. Бұл жөнінде бірқатар аңыз-əңгімелер ғана емес, тіпті поэтикалық шығармалар да жазылған болатын. Халық көңіліне берік ұялап, əркімнің-ақ аяушылық сезімін тудырып келген екі жастың арманды өмірі жаңа заманда мол дарынды, кең өрісті шебер драматург М. Əуезовтің қаламынан театр сахнасына шықты. Жазушы пьесаның сюжетіне ел аузындағы аңызды ала тұрса да, оны жол-жөнекей қосылған жамау-жасқаудан аршып, ақыл тезінен өткізіп, көркем тың шығарма етіп қайта жасап шығарды.

Образдардың ішкі дүниесі мен əлеуметтік бет-бейнесінің айқындығы, жазушының ақыл-ой зердесінің сүзгісінен сан рет еткен, мағынасы өткір, логикасы салмақты поэтикалық тіл шешендігі – міне, пьесаны əрлендіріп тұрған көркемдік ерекшеліктер осылар. Шығарманың бүкіл желісіне тіреу боларлықтай кесек тұлға – Нысан Абыз. Бұл образға арнайы тоқталмай болмайды. Пьесаның басында қобыздың қыл ішегінен күңірене күй төгіп, шер тарқатып отырған қария Абыздың аппақ сақалы ақыл мен адамгершіліктің айғағындай сезіледі. Абыздың əуелгі монологы мен қобыз үнінен, Көбеймен сөйлескен диалогтарынан оның ауыр күйзеліске ұшыраған жаралы жанын, жабырқау, жадау жүзін танығандай боласың. Бұдан арғы көріністерде оның себебі де анықталады: ел ішінде қалыпты тыныш өмір жоқ, күнде бəсеке, күнде барымта, жер дауы, жесір дауы – мұны пайымдап, ой жіберіп, көз салған жұрт жоқ, басалқа болар басшы, əділін айтар əкім жоқ. Əрекет орнына əуре қуған жұртқа жол көрсетіп, жөн сілтейтін құнсыз, құнарсыз əкімдер мен билер құлқынын қуып, нəрсіздікпен нəпсі соңында жүр. Əр əкім өз руының шыққан тауы биік, қаққан қазығы берік, тұтатқан түтіні жоғары болуын тілейді. Ел намысын рулық намысқа, халық мүддесін қара бастың қамына айырбастауға пьесадағы би атаулының бəрі де əзір отыр. Міне, қария жанын қинайтын жəйттер осылар. Пьесада батылдықпен барды бадырайта бетке айтып, əділет үшін күреске түсетін белді кейіпкер де осы Абыз. Абыз Тобықтының Матай руын ықтырып тастағанына күпінің мақтанған Көбейді жаңа пəле бастадың деп айыптаса, есем кетті деп ерегіс іздеген Есен батырды адасқан бетінен аз уақыт болса да аталы сөзбен буып тоқтатады. Дау қуа келген билер мен жанжал іздеп келген батырдың бірде-біреуіне жылы жүз көрсетпеген қарияның «ұзында өшім, қысқада кегім жоқ, дос қолын ұсынған адамға адал жүрегім əзір» деп келген Кебекке алақан жайып, ақ батасын беруі де өзінен-өзі түсінікті. Басты кейіпкерлердің бірі – Еңлік. Ол Кебекпен жолыққанға дейін еразаматтың киімін киіп, қолына садақ ұстап, тау тағысындай бұла боп, ата-анасының алаңсыз өскен ерке қызы. Бірақ оның Жапалмен əңгімелескенінен өз болашағы жөнінде көп ойлары, үлкен қауіп-қатері бар екендігі, феодалдық дəстүр бойынша еріксіз атастырып қойған қайын жұртына көңілі толмайтындығы, қараңғылықтың қалыңмал сияқты заңына мойын ұсынбайтындығы аңғарылады. Сондықтан да ол ескілік атаулыны аттап өтіп, қараңғылық салттың темір құрсауынан құтылуға талпынып, өз жүрегінің əмірімен ел азаматы Кебектің етегінен ұстайды. Еңлік ақтық минутқа дейін өзінің Есендер мен Еспембеттер үшін таныс емес биік махаббатын ардақтап, жоғары ұстайды жəне осы жолда құрбан болайын деп тұрғанына өкінбейді. Сөйтіп ол сүйе білетін үлкен жүрегі бар, махаббат бостандығын аңсап, ескілікке қарсы шыққан жаңашыл жас, өткен ғасырлардағы ақыл-парасаты зор қазақ қыздарының үлгісі ретінде танылады. Кебек болса, керек күнінде Тобықтының намысын қорғап, есесін қайтарған батыр. Өз заманындағы бірқатар дəстүрге бұл да қарсы. Сол себепті ол тəуекелге бел байлап, өзінің сүйген жары Еңлікті алып қашады да, істің ақырын күтеді. Бірақ сенген Қараменде, Кеңгірбай сияқты билер батырдың басына іс түскенде арашашы болуға жарамай, опасыздықпен сырт айналады да, Кебек қолға түсіп, қаза табады. Мұнда да батырға тəн аңғалдық жоқ емес, ол əділетсіздікке өлім алдында көзі жеткендей болып, алдап кеткен аталастарынан мүлде түңіледі. Пьесада өзінің заңды орны, лайықты үлесі бар образ – Есен батырдың образы. Бұл – тобылғы түбінен тоят іздеген көп торышаның бірі емес. Сол бір заманның тұрғысынан қарағанда бұл да өз ортасының, өз руының бетке ұстап отырған ардақтысы, батыры. Мұнда да дəлелді сөзге тоқтайтын ақыл, сұлуды сүйетін жүрек, кек қуатын намыс пен қайрат бар. Қарамендедей төбе бидің сөзінен ұтылып, бой тасалап бұғып қалған азулы Еспембет бидің алдын орап, өз руының еселі сөзін «жат» қолына жібермей, қысылғанда жол тауып кеткен де осы Есен. Міне осы жағдайдың бəрі Есеннің əншейін ел ішіндегі қара жаяу көп тентектің бірі емес екенін көрсетеді. Есен – Еңлікке ғашық адамның жəне өз көңілінде үлкен үміткерлердің бірі. Еңлік алдында Кебекпен кездесіп қалған сəтте қыздың алдаусыратып айтқан шығарып салмасөзі аңғал батырдың ғашықтық отына тіпті май құя түседі. Үміт сəулесі оны иек артпа жерге кейде жақындатып, кейде жақындатпай, алыстан қол бұлғап, бұйдалаған тайлақтай жетелеп жүр. Бірақ Есен, қалай болғанда да, өзі өскен, тəрбие-тəлім алған феодалдық ортасының жемісі. Сондықтан да əуелі Абыз алдында өз қателігін мойындап аттанған Есен шынтуайтқа келгенде өз түсінігінің, уақыт, заман түсінігінің деңгейінен аса алмай, кек қуамын, намыс қуамын деп мерт болады.

Пьесада қарапайым халық өкілі ретінде Жапал бейнесі берілген. Жапал – сол замандағы қазақ қойшыларының қалың ортасынан алынып, траго-комикалық планда жасалған образ. Сырт қарағанда ол сол жүргенінің өзіне мəз сияқты. Бірақ Жапалдың өз трагедиясы өзінде, оның жан сарайына шындап үңіліп, сығалай қарасаң, асқақ ойлары, болашақтан аңсап күткен алыс арманы бар екендігін көресің. Оның да жар құшып, бала сүймек, батыр боп ел қорғап, жау қумақ ойы бар. Жапалда ақ пен қараны, əділет пен жаланы айыра білетіндей, халық өкіліне тəн үлкен ізгі жүрек те бар. Жапал Еңлікке əншейін мұңды болған бай қызына қашанда қойшы жанаса жүруші еді деп жақындаспай, нақ осындай үлкен жүрегімен, адамгершілік ниетімен қыз көңіліндегі мұң-шерді, оның басына туған ауыр күнді танып, біліп барып, іздеп табады да, қасірет-қайғысына ортақ болады, жан күйзелісін бөліседі. Пьесаның өнбойына оқиғаның басы-қасында болған Жапал Кебек пен Еңлік қаза болатын ақтық минуттарға дейін дос көңілінен айнымай, əділетті ісімен де, іштей де жақтап отырады. Қатыгез қаражүрек жандар шырылдатып далаға тастап кеткен жас нəрестені (Кебек пен Еңліктен қалған баланы) орап алып, Еңліктің ата-анасына табыс ету арқылы ол соңғы рет өзінің адамгершілік асыл қасиетін көрсетеді. Жапал образы – пьесада жазушы жасаған ең ұтымды образдың бірі. М. Əуезов осы тұңғыш шығармасынан бері жиырмадан астам пьеса жазып қалдырды. Олар: «Бəйбіше-тоқал», «Қаракөз», «Айман-Шолпан», «Қобланды», «Бекет», «Шекарада», «Сын сағатта», «Абай», «Түнгі сарын», «Дос – Бедел дос» т. б. Жазушы «АйманШолпан», «Қобланды» пьесаларының сюжетіне де халықтың ауыз əдебиеті мұраларының оқиғасын пайдаланған. Бірақ бұларда да ол бірыңғай жыр оқиғасының жетегімен кетпей, оның идеялық мазмұнын ұштап, сахна заңына лайық көркем туындылар жасап шығарған. «Айман-Шолпан» пьесасында заман көшіне ілесе алмай кейін қалып, дəурені өтіп кеткенін сезбей, əжуа, күлкіге ұшырап жүрген, қара күшіне мəз, «қу шоқпармен далаң қаққан» батыр жайы комедиялық планда сөз болса, «Қобландыда» елге пана ер жайы, басқыншы жауға қарсы ерлік, елдік жайы баяндалады. «Шекарада» пьесасында жазушы Жомарт сияқты шетелден шекара бұзып келіп, колхоз шаруашылығына зиянкестік жасап жүрген жасырын жауды əшкерелеп, жоюда Мұрат, Ганшин сияқты совет адамдарының патриоттық істерін суреттейді, жұртшылықты Отан қорғау ісіне, қырағылыққа шақырады. М. Əуезовтің Отан қорғау тақырыбына арналған пьесаларының бірі – «Сын сағатта», 1942 жылы Ұлы Отан соғысының қызу жүріп жатқан кезінде сол ірі тарихи оқиғаға дер кезінде үн қосқан бұл пьесада майдан мен тыл өмірінің бірлігі, совет адамдарының жарастықты берік ынтымағы, отаншылдық, патриоттық сезімдері ұтымды оқиғалар арқылы бейнеленген. Мұнда ел басына ауыртпалық күн туып, ер азамат етігімен су кешкен қысылшаң шақта, сын сағатта сүрінбей өткен инженер Ескендір, дəрігер Назым Бердиева, еңбекте де, майданда да даңқын шығарған Ербол Датов, майорлар Звездов, Нұрлан Бектасов сияқты кейіпкерлердің образдары айрықша назар аударады. Əрине, драматургтың барлық пьесаларына бірдей арнайы тоқталып, талдау жасап жату, пікір айту бір мақалада мүлде мүмкін емес. Сондықтан біз оның драматургиясының белгілі бір белестерін құраған шығармаларына, оның да кейбіреулеріне ғана қысқаша тоқталып отырмыз. Өйтпеске лаж да жоқ. Əйтпесе драма түрінде жазылған махаббат дастаны бір ғана «Қаракөз» пьесасы жөнінде қаншама қыруар дүние айтуға болар еді. «1934 жылдың 13 январында, – деп жазады белгілі композитор Латиф Хамиди өзінің «Теңіздей терең білімдар» деген мақаласында, – қазақтың музыкалық театрының (қазір академиялық опера жəне балет театры) шымылдығы да Мұхаңның «Айман-Шолпан» атты музыкалық комедиясымен ашылды. Мұның өзі одан кейін жарыққа келген «Шұға», «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» сияқты музыкалық драмалар мен операларға жол ашып берген жəне үлгі болған еңбектердің бірі болды. «Айман-Шолпанның» сол кезде халыққа ұнағаны соншалық, ол тек бір маусымда ғана 101 рет сахнаға қойылды». Демек, тек осы фактінің өзі ғана неге тұрады?! Жазушыны төселген шебер драматург ретінде танытқан, оқиғалары жанр табиғатына сыйымды, сахна өнері қоятын қатаң талаптарға толық жауап беретін реалистік құнды шығармалардың бірі – «Абай» пьесасы. «Абай» пьесасы – тарихи тақырыпка жазылған трагедия. Бұл – жазушының көркем шығармада Абай образын жасауға талпынудағы алғашқы еңбектерінің бірі. Пьеса қазақ халқының классик ақыны, ағартушы-демократы Абай өмірінің соңғы жылдарын, яғни ұлы ақынның қуатының, ақыл-ой парасатының кемеліне келіп толған шағын қамтиды. Пьесада көрінетін Абай, бір жағынан, ескі өмірдің рушыл-феодалдық

кертартпалығына, қара түнек қараңғылық пен надандықка қарсы, екінші жағынан, қазақ даласына енді-енді ғана тамырын жая бастаған зиянды дерт – панисламизмге қарсы күресуші қоғам қайраткері. Пьесаның басынан аяғына шейін біз Абайды қазақ қоғамындағы осындай əлеуметтік кеселдерге қарсы күрес үстінде көреміз. Пьесаның уақиғасы бірін-бірі сүйген екі жастың – Айдар мен Ажардың махаббатын таптап өтпек болған Нарымбет, Оразбайлардың бүлікшіл əрекеттерінен басталады. Олар көңіл қосқан екі жасты бір-бірінен айырып, ескі «ата жолы» дейтін феодалдық озбырлықпен қатал жазаламақ болады. Осыдан басталған тартыс пьесаның барысында шиеленісіп, нағыз драмалық үлкен конфликтіге айналады. Уақиға зор əлеуметтік мəселелерге көтеріледі. Түнек заманның дүлей заңына бас иіп, ескілік атаулының етегіне ошағандай жабысқан Оразбай, Жиренше, Нарымбеттерге Айдар мен Ажардың бірін-бірі сүйіп қосылмақ болған талабы, сол жолда батыл əрекет жасауы бүкіл патриархалдық-феодалдық құрылысқа, олар тұтынған тəртіп пен заңға, салт пен əдет-ғұрыпқа тиген соққыдай көрінеді. Пьесада тартысқа түскен екі топтың ара жігі де, мақсат-мүдделері де Айдар мен Ажарға үкім шығарылатын көріністе айқындала түседі. Жаңалық атаулыға шошына қарайтын Оразбай, Жиреншелердің арам ниетін Абай халық алдында əшкерелейді. Абай «ата жолына», Əнет, Қеңгірбай, Құнанбайлар тұтынған айуандық, ортағасырлық дəстүрге лағнет айтып, қаратүнек заманның қатал заңының үкімінен Айдар мен Ажарды арашалап, өлім тырнағынан босатып алады. Мұнымен Абай меңіреу, топас күшке аяусыз соққы бере отырып, қазақ даласына ене бастаған прогресті, жаңалықты, халық мүддесін қорғайтын ірі гуманист ретінде көрінеді. «Өзімді мына халық алдында қарыздармын деп санаймын. Ол қарызым – адамшылық, əділет қарызы. Əлім жетсе, қолымнан келсе, сол қарызымды ақтамақпын... Бүгінгі елдің жетім қызы, жалқы жігіт – сені ақтасам, сол Əнет, Қеңгірбай, Құнанбайлар істегенді істемеймін деп ақтаймын. Келер ұрпақтан қарғыс алмаймын деп ақтаймын», – дейді Абай. Осы тұрғыдан ол өзінің туысы Керімнің де халықты кертартпашыл шығысқа қарай бұрмақ болған панисламистік пікірлерін қатал сынайды. Аяусыз əшкереленген Керім Абайдың жақсы көретін ең талантты шəкірті Айдарға у беріп өлтіреді. Бұл арқылы жазушы ұлтшылдықтың бойындағы опасыздықты шебер əшкерелеп көрсеткен. Пьесада Абай басындағы трагедиялық хал осындай жағдайлармен байланысты. Бірақ мұның бəрі де ұлы ақынның жігерін жасытпайды. Ол жақсылықты болашақтан күтеді, озбырлықты əділдік жеңетініне берік сенеді. Пьесаның соңғы көрінісінде ол: «Туар ертең жаңа жыл, келер ертең жаңа төл... ең соңғы сағатымды достыққа берем, дұшпаным емес, еліме, еліме берем», – деген сөздермен еледі. «Абай» – трагедиялық пьеса. Трагедия – көркем əдебиетте драмалық шығарманың бір түрі. Мұнда адамдар арасындағы тартыс бітіспейтін шиеленіске жетіп, басты кейіпкерлердің зор апатқа ұшырауымен аяқталады. Пушкиннің шағын пьесалары, Шекспирдің «Гамлет», «Отелло» пьесалары – бəрі де драмалық жанрдағы трагедияға жатады. Бұл шығармаларда уақиға үнемі өрбіп, шиеленісіп дами келіп, тартысушы екі жақ кескілесіп кек алумен, өліммен, қайғылы уақиғамен тынады. Трагедияның осындай бірқатар сипаты «Абай» пьесасынан да табылады. Айдардың, Əбдірахманның өлімі, Долговтың ұсталып кетуі, ақырында, Абайдың өз өлімі – бəрі де пьесадағы трагедиялық халдерді анықтай түседі. М. Əуезовтің бірқатар шығармалары тарихи тақырыпқа арналған. Оның драмалық шығармаларының ішінде тақырыпты меңгеріп, уақиғаны шындық шеңберінде шешкен көлемді еңбегінің бірі – «Түнгі сарын» (1934 жыл) пьесасы. «Түнгі сарын» пьесасының тақырыбы – қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы. Империалистік соғыс майданының окоп қазу сияқты қара жұмысына қазақ азаматтарын алу жөнінде патша үкіметінің июнь жарлығына байланысты қазақ еңбекшілері бас көтеріп, қолына қару алып, патша əкімдеріне, сондай-ақ жергілікті қанаушыларға қарсы күрес жүргізгені, сөйтіп, ол көтерілістің ұлт-азаттық сипатқа көтерілгені пьесада нанымды суреттеледі. Пьесаның басынан аяғына шейін бітіспес таптық күреске түсетін екі топ бар. Бірінші топ – үстем тапқа, патша əкімдеріне қарсы көтеріліске шыққан еңбекші бұқараны бастаушы Жантас, Тəнеке тобы. Бұл топта Сапа, Мөржан, Бойбермес, Бөрбасар т.б. бар. Екінші топ – халықтың қанын сүліктей сорған патша əкімдері Казанцев, Семенов жəне ел жуандары Майқан, Қыдырбай, Нұрқан, Жүзтайлақ тобы. Бұлардың тобында ұлтшыл оқығандар Кəрім, Жүніс т. б. бар. Пьесадағы желілі уақиға, негізгі тартыс осы екі топтың арасында болады. Бұлардың арасындағы кайшылық – күрессіз тын-

байтын, бітіспес қайшылық. Мұны арыз айта келген топты бастаушы Тəнекенің Қыдышқа (Қыдырбайға) айтатын: «Жылап келген тағы біз, жылатушы тағы сен, ей, Қыдырбай» деген сөзінен айқын аңғаруға болады. Қазақстанда 1916жылғы ұлт-азаттық қозғалысы майданға жігіт алуға байланысты басталса да, оның шын себептері тереңде еді. Шындығында, бұл көтеріліс, пьесаның бас геройы Жантастың сөзімен айтқанда «еттен өтіп, сүйекке жеткен қорлыққа» қарсы суырылған қылыш, атылған оқ болатын. Жантас образы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің бастаушылары Аманкелді, Бекболат есімдерін еске түсіреді. Майданның қара жұмыстарына қазақ азаматтарын алу жөніндегі патша жарлығына байланысты ел іші дүрлігіп, ел жақсыларымыз деп жүргендер сергелдеңге түсіп, тығырыққа тірелген шақта қамалған кешті бастауға Жантас шығады. Ол мұндай қиын-қыстау іске белін бекем буып, нар тəуекелін серік қып, бұлтақсыз біржола шығады. Сондықтан да ол өмірінің соңғы сағатына дейін өзі бастаған кедей, қараша қауыммен бір болып, ояз бастығы, ел жуандары бастаған қарулы отрядпен аянбай шайқасады. Жантас образын толықтырып отыратын екінші бір ірі тұлға – Тəнеке. Бұл – көтерілісті бастаушылардың бірі ғана емес, сонымен бірге Жантастың өзіне де ақылгөй аға есепті. Бұл да Жантас сияқты алған бетінен қайтпайтын өжет те өткір. Көтеріліс кезінде ояз бастығы бұл екеуінің əрқайсысының басына бес мың сом ақша сыйлық белгілеп, ұстап берген кісіге бермек болуы – Жантас, Тəнеке тұлғаларын аша түседі. Тəнеке ояз бен болысқа сөйлесу үшін елші боп кеп, қолға түскенде де олардың жауыздығы мен істеп келген жаулық жуандықтарын бетке айтып əшкерелеуден тайынбайды: «Менің арманым жоқ,– дейді ол.– Өмір бойы басымды қостырмай тоз-тоз ғып, əр жерге шаңға аунатып келіп ең. Тамам жылауларды соңыма ертіп, артыма қыруар ел жинап кеп тұрмын. Соның көшін бастап өлсем арман емес маған, кəрің өтпейді, білдің бе, болыс!» Тəнеке тобын бұл тұтқыннан Жантас құтқарып қалады. Көтерілісті бастап жүрген Жантас, Тəнекелер – халықтың қайнаған қалың ортасынан шыққан өжет, іскер, уытты адамдар болғанымен, оларда саяси көрегенділік жоқ. Олар патша əкімдеріне, болыс-байларға карсы күресу керек екенін түсінеді; бірақ олар ертең көтеріліс жеңген күнде не істеу керектігі женінде ойланбайды. Көтеріліске қатысушыларда ұйымшылдық аз. Көтерілістің саяси бағытына өзінше азды-көпті пікір айтып жүрген мұғалім Сапаның өзі де, көтеріліс жеңіліске ұшыраған кезге дейін, əлденеше рет солқылдақтық жасайды. Ал көтерілісшілердің өзі тізе қосып, батыл қимыл, ашық шабуыл жасаудың орнына көпке дейін тек сес көрсетумен ғана болады. Тіпті қолға түскен Майқан болыстың өзін өлтіруге де олардың көпке дейін батылдығы жетпейді. Тек патша өкіметінің жазалаушы отряды əбден қоршап алған ақтық минуттарда ғана олар жан аямай қарсыласады. Бірақ күші басым қарулы отряд көтерілісті талқандайды. Жантас, Мөржан т. б. азаттық жолындағы күресте қаза болады да, Тəнеке бастаған бір топ қоршаудан аман құтылып кетеді. Драматург Тəнеке бастаған көтерілісшілердің бір Тобын текке құтылдырып жіберіп отырған жоқ. Бұл арқылы автор үлкен тарихи шындыққа нұсқап отыр. Жұртқа мəлім, 1916 жылы қазақ даласында болған ұлт-азаттық қозғалысы Ұлы Октябрь социалистік революциясына келіп ұласты. Пьесаның соңындағы көтерілісшілердің қашып құтылып кеткен тобы – осы революцияға барып ұласуға тиісті топ. Саяси бағыт-бағдары жоқ стихиялық көтеріліс жеңілді. Ол заңды құбылыс. Алайда бас көтеріп, қанат қағар халық, сана саңлауы ашыла бастаған кедейлер тобы бар. Көтеріліс жеңілгенмен, ол оятқан сарын бар. Пьесаның финалында қолға түскен мұғалім Сапаның оязға айтатын соңғы сөздері бұған дəлел: «Көрсетсең көріп алармын, бəлем, сенің де күнің бітер. Өтер зұлмат түні! Дұшпан екенім рас. Дұшпаным сен. Саған оқ атқан (Жантасты көрсетіп) мынау асыл ұлдар! Өлтірдім дейтін шығарсың! Жоқ, бұл сияқты ер ұлдардың қолымен біздің де дала дабыл қақты. Сарын қосты, сол даланың азаттығына біз құрбанбыз. Ажал сағаты соғар. Түбіңе жетер осы сарын. Тұсау кестің, қанат қақты – қанат қақтың, қайран елім, жаса, көгер елім!» Бұл сөздерден пьесаның бүкіл идеялық-тақырыптық мазмұны айқын көрінеді. Қорытып айтқанда, «Түнгі сарын» – М. Əуезовтің драматургиясында ерекше орны бар, драмаға тəн қасиеттерді өз бойынан көрсете алатын, идеялық мазмұны ұтымды, көркемдігі де көзге ілігерліктей реалистік құнды пьеса. М. Əуезовтің алуан түрлі, көп қырлы еңбегінің бір саласы – көркем аударма. Көркем аударма мəселесі əсіресе 30-жылдардан

бастап кеңінен өрістеді. Түрі ұлттық, мазмұны социалистік жаңа сипатты əдебиет жасау жолында көркем аударма аса маңызды роль атқарады. Сондықтан да аударма мəселесі – жаңа туып, қалыптасып келе жатқан социалистік реализм əдебиетін əрбір ұлттық формада жасау жөніндегі туысқан халықтар арасында тəжірибе алмасуға, бірінен бірінің үйреніп, əдебиет үлгілерін байытуға көп көмегін тигізді, ұлт əдебиеттері өкілдерінің өзара байланыстарын нығайтты. Əсіресе орыс жəне дүниежүзі классикалық əдебиетінің озық үлгілерін, сондай-ақ Максим Горький, Вл. Маяковский бастаған пролетарлық совет əдебиетінің таңдаулы шығармаларын ұлт тілдеріне аудару бұрын профессионалдық дəстүрлі жазба əдебиеті болмаған халықтар əдебиетінің тез аяқтанып, тез жетілуіне тікелей əсер етті. Міне, осындай ерекше маңызға ие болған үлкен іске М. Əуезов те белсене қатынасты. Ол əсіресе драмалық шығармалардың аудармасына күш салды. М. Əуезов Н. В. Гогольдің «Ревизорын», В. Шекспирдің «Отеллосы» мен «Асауға тұсауын», Н. Погодиннің «Ақ сүйектерін», К. Треневтің «Любовь Яроваясын» қазақ тіліне аударды. Мұның өзі қазақтың жас театр өнерінің өркендеуіне зор үлес боп қосылды. Сонымен қатар бұл пьесаларды аудара отырып, жазушы өзі де драматургияға тон бірқатар мəселелерді үйреніп, шеберлігін арттырды. М. Əуезов аудармаларына тəн бір ортақ қасиет – түпнұсқаның ерекшеліктері мен тілдік нəр-нақышын, ұлттық бояуын сақтай отырып, қазақ тіліне соншалықты етене төл туындыдай жақын да жатық етіп аударуға тырысушылық. Бұл қасиет əсіресе «Ревизор» мен «Отелло» аудармасынан айқын аңғарылады. Прозадан М. Əуезов И.С. Тургеневтің «Дворяндар ұясы» атты романын аударды. Жазушы мұнда түпнұсқаның ерекшеліктерін, тіпті орыс сөйлемдерінің синтаксистік құрылымын сақтауға баса назар аударды. Жазушының сан салалы еңбегінің əлі де сиректеу сөз болып жүрген тағы бір парасы – ғалымдық, ұстаздық, педагогтік қызметі. Мұхаң сонау жиырмасыншы жылдардың орта шенінде Семейдің казпедтехникумынан бастап, Ташкентте училищелерде, Алматыда КазГУ мен КазПИ-де, елуінші жылдардың бас кезінде МГУ-де сабақ берген ұлағатты ұстаз, тəрбиеші педагог екені мəлім. Ал оның қазақ əдебиетінің оқулықтары мен программаларын жасауға, əдебиет тарихын жасауға сіңірген қыруар еңбегін, сонау отызыншы жылдары қазақ мектептерінің мұқтажын өтеу үшін тіпті химия мен биология, география пəндерінің көмекші оқу құралдарына дейін аударып, қазақ балалары үшін орыс тілінің əліппесін («Букварь») жасап шығарғанын екінің бірі, егіздің сыңары біле бермейді. Ал зерттеу, сын саласында Əуезовтің жалпы совет əдебиетінің, оның ішінде қазақ əдебиетінің күнбе-күнгі актуальды мəселелері, басты-басты ұрымтал проблемалары жөнінде жазған сансыз мақалаларын былай қойғанда, бастыбасты үш мəселенің төңірегіндегі еңбегін топтай отырып, айрықша атап көрсету парыз. Оның бірі – ақын Абайдың ұлы тұлғасын көркем əдебиетте сомдап, мүсіндеп қана қоймай, сонымен бірге оның өмірі мен творчествосын ғылыми тұрғыдан үзбей зерттеп, абайтанудың іргетасын қалауы; енді бірі – халық творчествосын талмай тексеріп, ол туралы бұрын соңды айтылып жүрген пікірлерді бір жүйеге келтіріп, қазақ-совет фольклористикасын əдебиеттанудың өз алдына бір күрделі ғылыми саласы ретінде негіздеуі, соның ғылыми жүйесін қалыптастыруы; ал үшіншісі – туысқан қырғыз халқының тамаша батырлық эпосы «Манас» жырын мансұқ етіп, қаралауға тырысқан кейбір ғылыми негізі жоқ жаңсақ əрі зиянды пікірлерге батыл қарсы шығып, тойтарыс беріп, халықтың баға жетпес мол мұрасын, алтыннан асыл қазынасын арашалап алып қалып, халықтың өз қолына қайтарып беруі. Бұған оның «Манас» жəне «Манастың халықтық вариантын жасайық» деп аталатын ғылыми еңбектері дəлел. Осы мəселенің төңірегінде бүкілодақтық масштабта болған ғылыми айтыста «Манас» жырының тағдырын шешкен ең соңғы сөз М. Əуезовтің сөзі екендігіне куəгер, сол жиынға қатысқан орыс жазушысы Алексей Пантиелевтің естелігінен мына бір үзінді келтіре кету орынды: «Қырқыншы жылдардың аяғында «Манас» туралы дискуссия, турасын айтсақ, «Манас» үшін күрес жүріп жатты... Жылдар бойы «Манас» қатты сынға ұшырап, феодалдық, байлық бағдардағы эпос деген айдар тағылып келді... Міне сөйтіп 1952 жылы 8 июльде Қырғызстанның астанасы Фрунзе қаласында үлкен конференция өткізілді. Ол сыпайы ғана «Манас» зерттеу конференциясы деп аталды, бірақ оның міндеті, Əуезов айтқандай, «халық қазынасының» тағдырын шешу еді. Бүкіл Совет Одағынан аса көрнекті ғалымдар һəм жазушылар жиналды. Манасшылар келді... Конференцияға бүкіл республика жұртшылығы болып назар аударып қана қойған жоқ, шындығында оған бүкіл еліміздің интеллигенциясы құлақ түріп отырды.

Жұртшылықтың түгел мойындағанындай, конференцияда «Манас» туралы ең шешуші сөздің біреуі Мұхтар Əуезовтің сөзі болды. Ол кезде мұны көп адам үзілді-кесілді айтып жүрді. – Соның бірі МГУ-дің профессоры Мəдина Богданова еді; ол: «Əуезов «Манасты» құтқарып қалды, – дейтін... Ол («Манас» – Б.С.) туралы ең соңғы шешуші сөзді тағы бір ұлы қазақ, біздің замандасымыз, біздің жолдасымыз айтты. Жəне осы бір тындырылған игі жұмыс толық, шын мəніндегі партиялық іс болды». Міне, осының бəрі – өз алдына ден қоя арнайы зерттеуді қажет ететін аса үлкен тақырып. * М. Əуезов – өз творчествосымен қазақ-совет əдебиетін қалыптастыруға зор үлес қосқан, социалистік заманымыздың алдыңғы қатарлы жоғары идеясының дəрежесіне көтерілген жазушы. Оның əсіресе «Абай» жəне «Абай жолы» романдары халқымыздың игілігіне айналып, көп ұлтты совет əдебиетінің бай қазынасына мол мұра боп қосылды. Бүгінгі өскелең əдебиетімізді бүкіл Одақ көлеміне, сол арқылы дүниежүзілік аренаға көтеруде М. Əуезовтің зор үлесі бар. М. Əусзовтің творчествосы – ұлттық əдебиеттің совет заманы тұсында соншалықты өскендігінің айғағы. Қазақ əдебиетінің жетекші саласы – реалистік кесек проза, атап айтқанда, роман жанры, негізінен алғанда, тек Ұлы Октябрь революциясынан кейін ғана қалыптаса тұрса да, қазір орасан зор адыммен ілгері басты. Бұл салада социалистік реализм əдісін творчестволықпен меңгерген, бүкіл совет əдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі болып отырған М. Əуезовтің еңбегі ерекше. Өзінің терең идеялы, көркем шығармаларымен М. Əуезов халқымыздың социалистік ұлттық мəдениетін, сондай-ақ қазақ халқының əдеби тілін байыта беру жолында талмай жемісті еңбек етті. М. Əуезовтің творчестволық өмірі халыққа, Отанға қызмет етудің айқын үлгісі болды. Ол өзінің артына қалдырған көп томдық мұрасы арқылы қазақ жазушыларының бір емес, əлденеше буынына шеберлік шыңындай жөн сілтейтін, шын мəнінде ұстаздық қақына ие болған аса көрнекті совет жазушысы. 1954-1978. МҰХТАР ƏУЕЗОВ – ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ Мұхтар Əуезов өзінің дарқан дарынын ел өмірінің сан саласымен қиюын таба ұштастырып, орнымен жұмсай білген жан-жақты, халық айтатын «сегіз қырлы, бір сырлы» қаламгер болғаны баршамызға аян. Қазақ халқының əдебиеті мен өнерінде оның назарынан тыс қалған саласы шамалы деп айтуға болады. Қазақ театр өнері жаңа ғана аяқтанып, аяғын апыл-тапыл, қаз-қаз басып келе жатқан сонау алғашқы жылдардың өзінде-ақ М. Əуезов пьесалар жазып, дүниежүзі мен орыс драматургиясының классикалық үлгілерінен кейбір таңдаулыларын қазақ тіліне аударып, оның репертуарына мол үлес қосты. Театр зерттеушілерінің, сондай-ақ қазақ өнерінің босағасын арнайы профессионалдық білімсіз аттаған қарт актерлердің айтуларына қарағанда, Мұхтар Əуезов театр өнерінің, сахна заңының сан салалы құпияларын түсіндіретін лекциялар оқып, мақалалар жазып, қыруар еңбек еткен. Қазақ өнерінің көпке дейін кенжелеп келген саласының бірі – кино өнері болды. Бұл салада да ол еткен еңбек өз алдына бір төбе. Əңгіме оның студиядағы көркемдік советтің мүшесі болып, əр алуан талқылауларға белсене қатысуында ғана емес, онсыз да тапшы уақытының бір мезетін арнайы бөліп «Райхан», «Абай əндері», «Əйел тағдыры» сияқты кинодраматургиялық шығармалар жазуында. Ал қазақтың ұлттық музыка өнерін алып қараңыз. Қазір ұлттық операмыздың тұрақты репертуарынан орын алып, оның таңдаулыларының бірі болып отырған «Абай» операсының либреттосы да, Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров ерлігін жырлайтын «Бес дос» операсының либреттосы да Мұхтар Əуезов қаламынан туды. Міне, соның бəрінде де ол мəселеге таза қоғамдық тұрғыдан, туған халқының мəдениетін жетілдіріп, алдыңғы сапқа шығаруға деген жанашырлық қамқорлық тұрғысынан қарады. Дəлірек айтқанда, ұлттық əдебиетіміз бен мəдениетіміздің қай саласы кенжелеу қалып бара жатса, дəл сол салаға арнайы көңіл бөліп, өз көмегін, қол ұшын беруге құлшына кірісіп отырды, халқының олқысын толтырып, жыртығына жамау болуға барын салды. Демек, жазушының айдай əлемге əйгілі творчествосын ғана емес, оның жарқын өмірінің осындай жан-жақты, көп қырлы өнегелік-үлгілік жақтарын да арнайы сөз ету абзал. Мұхтар Əуезов қоғамдық өмірге тіпті ерте, жастай араласты.

Оның творчестволық жолында, қаламының ұшталып, талантының шырқау биікке кетерілуінде əуелгі кезде əр алуан əлеуметтік, қоғамдық, проблемалық мəселелер көтерген ғылыми, сын жəне публицистикалық мақалаларының мəні өзгеше. Ол өзінің «Қазақтың өзгеше мінездері» деп аталатын тұңғыш мақаласында («Алаш» газеті, 1917 жыл, 30 март, № 16) қазақ арасындағы «ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партиягершілік, əділетсіз билік, əйел жолы жіңішкелік» сияқты неше түрлі болып жататын ауыр халдердің түпкі төркіні əлі баспасөз бетінде кеңінен сөз болып, талқыға түспей келгенін атай отырып, халықтың «мінезін түзеу» керек деген пікір ұсынды. «Адам баласының жаман құлқы жаратылыстан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнеге билейді» – деп жазды. Ал 1917 жылы Семей қаласында «Сарыарқа» газетінің 5 сентябрь күнгі санында жарияланған «Адамдық негізі – əйел» атты мақаласында қазақ əйелінің əлеуметтік жағдайы жайында проблема көтерді. «Əйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, əйелдің халін түзе» – деп жазды ол. 1918 жылы Семейде «Абай» журналын шығарушылардың һəм белсенді авторларының бірі болған Мұхтар Əуезов ол журналдың беттерінде өзінің қоғамдық көзқарасының айқындала түскеніне айғақ боларлық əр алуан мəселелерге арналған: «Ғылым», «Мəдениетке қай кəсіп жуық», «Философия жайында», «Ғылым тілі», «Мəдениет һəм ұлт», «Оқу ісі» сияқты т. б. мақалаларын жариялады. Содан бастап қазақ жастарының оқу əдісі, ғылым тілі (научный термин), мəдени кəсіппен шұғылдану қажеттігі сияқты сан салалы проблемалық мəселелер жайлы мақалалар уыздай жас Əуезов қаламынан бірінен соң бірі туындап жатты. Сол кездің өзінде Абай ауылы жастарының, сондай-ақ Семей қаласындағы қазақ жастарының мəдени, драмалық үйірмелерге топталып, Затон жұмысшыларына спектакль, концерттер қойып берулері, олардан жиналған қаржыны əр алуан қоғамдық мақсаттарға пайдаланулары, футбол командасын құрулары, қоғамдық кітапханалар кұруға ұмтылулары т. б. мəселелердің бəр-бəрінің басы-қасында жас М. Əуезов жетекшілік жасады. Бұған сол кездегі баспасөз деректері, сондай-ақ қарт пенсионер, мұғалім Ғ. Төребаевтың, дербес пенсионер, республикамыздың еңбек сіңірген экономисі Ишмұхамет Əлиннің, сондай-ақ жазушының өз туысы марқұм Ахмет Əуезовтің жарияланған естеліктері айғақ бола алады. Əрине, бұл арада біз жазушының 1919-1922 жылдар арасында атқарған ресми мемлекеттік қызметін сөз ғып отырғамыз жоқ. Жас Əуезов сол тұстарда көшпелі елдің отырықшылыққа ауысуына да көп еңбек сіңірді, ол туралы мақалалар жазып қана қоймай, тікелей практикалық іске де араласты. Бұл туралы республикамыздың еңбек сіңірген экономисі, дербес пенсионер Ишмұхамет Əлин былай деп еске алады: «1923 жылы мен Семейдің уездік атқару комитетінің президиум мүшесі жəне уездік жер бөлімінің бастығы болып қызмет атқарып тұрғанымда күзді күн Архам Исхақов (Абайдың туысы) маған Мұхтардан бір хат əкеп тапсырды. Мұхтар хатында: «Сенің уездік жер бөліміне бастық болғаның дұрыс болған. Ауыл шаруашылығынсыз өмір жоқ. Өкіметтің мақсаты қазақ халқын көшпеліліктен отырықшылық тұрмысқа аударып, поселке салдырмақ екені өзіңе белгілі ғой. Бірнеше үйлер бір жерге жиналып поселке салса, мал кəсібімен бірге егін егу кəсібін де істеуге болады. Мал тұқымын асылдандырып, мал шаруашылығын өркендетуге болады. Бала оқыту жағына да пайдалы. Бір жерге жиналып поселке салған қазақтарға өкіметтің беретін көмек-жəрдемі де көп. Жер бөлімінің бастығы болған, бұл жұмыстардың барлығы сенің қарауыңда ғой. Мен өзіміздің ауылдың шаруаларын үгіттеп, бір жерге жиналып поселке салуға көндірдім. Жерлері өте жақсы. Бақанас өзенінің жиегінде Байқошқар деген жер. Поселке салу жөніндегі шаруалардың өкілі мына хатты апарып тапсырушы Архам Исхақов. Менің сенен сұрайтыным поселке салуға жəрдемдес, үкіметтің заңы бойынша берілетін көмек-жəрдемдерін бер» депті. Мен жер бөлімінің бастығы болып тұрғанымда Байқошқар поселкесін салуға тиісті көмек-жəрдем көрсетіп тұрдым. Бұдан əрі ол арада жыл еткен соң сол поселкеде Мұхтар Əуезовпен жолығып, дидарласқанын баяндайды. Жазушы өмірінің ташкенттік кезеңі деп аталатын сонау жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың басында сол кезде əр тарапта оқып жүрген қазақ жастары мен интеллигенттеріне М. Əуезовтің қоғамдық негізде оқыған лекциялары, мұқтаж студенттерге стипендия бөліп беру жөнінде құрылған комиссияда істеген еңбектері, Ленинградта оқып жүрген кезіндегі қоғамдық қызметтері де документальды түрде ізденіп, өз алдына дара зерттеуді қажет ететін келелі мəселелер.

Тіпті қазіргі Қазақ мемлекеттік университетінің жазушы есіміне ие болып отырған əдеби-ғылыми бірлестігінің іргесін де бір кезде, осыдан жиырма-отыз жыл бұрын М. Əуезов қалағаны мəлім. Ал сол бірлестіктен қазір қаншама түлек түлеп ұшып, қаншама қаламгер қатарға қосылып, қаншама ғалым сапқа тұрды?! Көркем сөз зергері, əдебиетші-ғалым Мұхтар Əуезов, сонымен қатар Совет Одағының аса көрнекті қайраткері де еді. Ол бейбітшілікті қорғаудың советтік комитетінің мүшесі, үнді-совет достығы қоғамының мүшесі, əрі сол қоғамның Қазақстандық бөлімінің председателі, Азия-Африка елдері ынтымағы комитетінің мүшесі болды. 1958 жылы февральда болған бүкілодақтық конференцияда М. О. Əуезов Совет Одағының шетелдермен достық жəне мəдени байланыс жасау советінің мүшелігіне сайланды. Ал оның Лениндік сыйлық Комитетінің мүшесі ретінде атқарған қызметі жайлы белгілі əдебиетші Каиповичтің естелігін еске алсақ та жеткілікті. «Ересен ақылы, батыс пен шығыс мəдениетін төл емген шалқар білімі, өзіне де, өзгеге де қатал талап қоятындығы, басқаның өнеріне деген ілтипат-ықыласы, советтік əдебиеттің мүддесі мен Лениннің ұлы есімімен аталатын сыйлықты аса қадір тұтатындығы комитет мəжілістерінде сөйлеген сөздері мен білдірген пікірлерінің қайқайсысынан да бой көрсетіп тұратын. Комитет құрамында совет мəдениетінің жетпістей шеберлері, барлық республикалардың да өкілдері, сан-сала мамандыктың иелері бар. Солардың арасында М. Əуезов аса қадірменді болумен қоса, ол дегенде комитет мүшелерінін ықыласы ерекше бөлек еді. Оның əдеби лекцияларын, комитет пленумдарында шығып сөйлеуін тағатсыз тосып, көңілдері құлай тыңдайтын», – дейді Книпович. Бұдан əрі ол Расул Ғамзатовқа, Мұса Жалилге, Шолоховтың «Адам тағдыры» əңгімесіне сыйлық беру жөніндегі талқылауда Əуезов сөзінің əсері ерекше болғандығын айтады. Мəселенің бұл бір ғана ресми жағы. Зерттеу демекші, М.О. Əуезовтің творчествосы мен ғылыми еңбектерін түбегейлі зерттеп жүрген əдебиетшілеріміздің назарынан қаға беріс қалып жүрген бір жай – жазушының осы қоғамдык қызметі екендігін орынды жерінде еске ала кету артық емес. Жазушының қоғамдық қызметін бағалай келіп Николай Тихонов: «М. Əуезовтің Азия елдері ынтымағы комитетіндегі, бейбітшілікті қорғаудың советтік комитетіндегі ерекше еңбектері – халықаралық ең бір жауапты кездесулерде бейбітшілікке қауіп төндірушілерге қарсы, халықтарды бір-бірімен жақындастыру жолындағы жұмыстары – қазіргі тарихтың жанды да жарқын беттері болып саналады. Ол көп елдерде болды... Ол жүрген жерлеріне халық достығы рухын, ынтымақ рухын, бейбітшілік үшін күрес рухын əкелуші еді. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Оның дарқан жүрегі əлемде, əсіресе шығыста болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайтын. Оянған жəне жарыққа талпынушы Азия елдерінің өмірін білмесе, ол ұлы Абай туралы эпопеясын жаза алмаған болар еді» – деп жазды. Шынында, Əуезов – бейбітшіліктің жаршысы. Ия, бұл солай. Жазушы əлемде, əсіресе шығыста болып жатқан халықаралық оқиғалардың ешқайсысынан жайбарақат күйде қалып көрген емес. Ол 1956 жылы «Литературная газетаның» 7 ноябрь күнгі санында жарияланған «Отаршылдарға лағнет» атты мақаласында Израиль басқыншыларының Египетке қарсы соғысын айыптап, Александрияның аты əлемге əйгілі кітапханасы мен Каирдың ƏлАзхар университеті сияқты мəдениет, ғылым ошақтарын қорғау үшін гуманистік ұлы жүрекпен қаһарлы үн қатты. Бейбітшілік жолындағы күрескердің сол үні күні бүгінде əлем жұртшылығына дəл бұрынғысындай қуатты естілуде. Ал американ қарақшылары азаттық сүйгіш қаһарман Кубаның күн нұрына шомылған мөлдір аспанына бұлт үйірілтіп, теңіз тұнығын лайламақ болғанда, М.О. Əуезов: «...империалистердің жалдампаздары біліп қойсын, Куба мұхиттың салқын суы мен суық толқыны қоршаған кұр ғана арал емес. Ол – бостандық бесігі, ұлы еркіндік үшін күрескен айбынды да жалынды ерлердің Отаны» деп əлемге жар салды. Қоғамға қызмет етудің мықты құралы əдебиет екенін терең түсінген жазушы: «Əдебиет азаттық дабылын қағады, сондықтан да біз колониализмге қарсы күресте оған үлкен міндет жүктейміз...», – деп жазды. Халықаралық империализм қаншама жанталасқан. Мен, адамзат қоғамының жарқын болашағына нық сенген гуманист жазушы халықтар келешегіне зор үмітпен қарадым. Қаза болардан бір жыл бұрын, 1960 жылы, советтің төрт жазушысы: Л. Леонов, С. Щипачев, М. Əуезов, О. Гончар – Америка Құрама Штаттарына барып қайтқаны белгілі. Бұл сапардан аңғарып түйген жайларын жазушы өзінің «Америка əсерлері» атты очерктерінде жан-жақты баяндап берген болатын. Американың қарапайым халқына жазушы зор үміт артып: «Соғыс өртін тұтандырушылардың сұрқия мақсаттары айқын болып отырған Американың өзінде мен қарапайым адамдардың опат əкелуші ядролық соғысқа қарсы қатты

наразылығын көзіммен көріп, құлағыммен естідім» – десе, 1957 жылы августа Токиода болған атом жəне сутегі бомбаларына қарсы III халықаралық конференциядан қайтқан бетінде: «Мен сəулелік апаттың дəл осы күнге дейін белгісі бар Японияда, Хиросиманың жан шошырлық қасіретін шеккен Японияда болдым. Сол сұмдық соғысқа, соғыс отын тұтандырушыларға деген өшпенділік, жек көрушілік сезімі атом лаңының жаңа қаупіне қарсы күресіп жатқан еңбекқор Япония халқының жүрегінен мəңгі орын теуіпті» – деп жазды. Əрі жазушы, əрі қоғам қайраткері, бейбітшілік жолындағы күрескер ретінде М. О. Əуезов Индия, Япония, Герман Демократиялық Республикасы, АҚШ, Чехословакия сияқты көптеген шетелдерде болып, халықаралық мəжіліс-форумдарда жалынды сөздер сөйледі. Қай сапардан болса да, ол өзіне байтақ Отаны, елі жүктеп жіберген совет əдебиетінің, совет азаматының өкілдігін асқан абыроймен ақтап қайтып отырды. Əрине, бұлардың бəрі де бүгінгі ұрпақ үшін, Əуезов мұрагерлері үшін тек мақтаныш қана емес, сонымен бірге сан-қилы зерделі зерттеулердің де объектісі боларлық ғажайып сапарлар еді. Жазушының бір ғана «Индия очерктерінде» ежелгі мəдениет ошағы – үнді уəлаятының қаншама ғажайып ғаламаттары қамтылған? Ал сол сан сапарларда сөйленген сөздер, үлкен қалалар мен штаттарда болып, сан елдің саяси жəне мемлекет қайраткерлерімен, творчестволық интеллигенция өкілдерімен, қарапайым еңбек адамдарымен бас қосып құрған мəжіліс, сұхбат, кездесулер, жазысқан хаттар қаншама қыруар дүние. Міне, жазушы өмірі мен еңбегінің осы бір бөлінбес байтақ саласын зерттеу аса маңызды іс. Жазушы Японияға барып қайтқан сапарынан кейін мынадай бір хат алыпты. Қазір М. Əуезов музейінде сақтаулы осы бір хатты жоғарыдағы сөзіміздің дəлелі ретінде келтіре кетуді жөн көрдік: «Аса қадірлі профессор Мұхтар Əуезов! Біздің қаланың тұрғындарына СССР азаматымен жүзбе-жүз жолығып əңгімелесу сəті тұңғыш рет туғандықтан, Сіздің сөзіңіз оларға естен кетпсстей терең əсер етті. Кездесуден кейінгі күндердің газеттері Сіздің жұртшылық сұрауларына берген жауаптарыңызды егжей-тегжейіне дейін хабарлады. Сіздің сөзіңіз газет беттері арқылы мəжілісте бола алмаған ондаған мың оқушы қауымды қозғады. Біз əлі күнге дейін Сіздің аса бағалы мəслихатыңызды тыңдай алмай қалғандықтарына өкініш білдірген қала тұрғындарын əр жерде кездестіріп жүрміз. Біз, Уцуномия қаласындағы япон-совет қоғамы филиалының барлық мүшесі, Сізге осы жылғы 24 августа біздің қалаға ілтипат білдіріп келіп қайтқаныңызға тағы бір мəртебе рахмет айтамыз. Аса зор құрметпен. 19 сентябрь, 1957. Уцуномия қаласы, Точиги префектурасы, Япония...». Бұдан əрі хат иелері жазушының Ленин орденімен наградталуына байланысты құтты болсын айтып, оның мəңгі өлмес шығармаларымен бүкіл адамзаттың игілігі үшін қызмет етуде творчестволық табыстан-табысқа жете беруіне тілектестік білдіріпті. М.О. Əуезовтің қоғамдық қызметін көрсететін документтер толып жатыр. Олар күні бүгін де дүниежүзі халықтарын берекелі бірлікке, ыстық ынтымаққа, баянды бейбітшілікке шақырып тұрғандай сезіледі. 1967. БІР ХАТТЫҢ ТАРИХЫ Заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Əуезовтің бүкіл творчествосы, қоғамдық һəм практикалық іс-əрекеті туған халқына, еліне, Отанына барынша тиімді қызмет етудің айқын үлгісі болғандығы баршаға мəлім ақиқат. Жазушы жолының, өмір өткелдерінің кезең-кезеңіне атүсті көз жүгіртіп өткеннің өзінде, «болар балаға» жөргегінде жорамал жасап, қаршадайынан таныған қазақ мəтелінін даналығына еріксіз тəнті боп, тағзым етесің. 1914 жылы Қазақстан топырағында тұңғыш рет хатқа түсіп, тарихта із қалдырған алғашқы матчты өткізген «Жарыс» атты футбол командасын құруға күш салып, мұрындық боп жүрген шағында Мұхтар Əуезов 16-17 жаста екен. Егер спорт түрлерінің ішінде футбол күні бүгінге дейін қазақ жастарының «сүрінер томары» болып келе жатқандығын ескерсек, жоғарыдағы аталмыш оқиғаның маңызын асыра бағаладым деу артық, кем өлшеп, келте қайыру қиянат. Ал 1917 жылы Ойқұдықта қос киіз үйді жалғастыра тігіп, ауыл жастарының күшімен «Еңлік -Кебекті» алғаш рет көрермен қауымның алдына шығарғанда сахарадағы сол бір алғашқы спектакльді қоюшы да, бүгінгі профессионалдық тілмен айтқанда, көркемдік жағын басқарушы да автордың өзі болғандығы, тіпті əуесқой артистер диалогтарынан жаңылып қалмасын деп, жүкаяқтың артына тығылып суфлерлік міндетке дейін өзі атқарғандығы – осының бəрі еріккеннен туған ермек емес, жас қаламгердің бұрын беймағлұм тосын өнерге, атап

айтқанда, сахна өнеріне қазақ қауымының кезін қандырып, бойын үйретіп баулу ниетінен туған батыл бастама болатын. Содан былай жалғаса берген «Ел ағасы», «Бəйбіше – тоқалдан» бастап ең соңғы «Дос – Бедел досқа» дейінгі аралықтағы 20 шақты төл туынды пьесаларды, классикалық аудармаларды, оның үстіне театрмен тікелей араласып атқарған қыруар істерді, сан сапа мақалаларды ойласақ, Мұхаң өз өмірінің ақырына дейін қазақ өнерінің бұл саласын бір сəт болса да көзден таса, көңілден жырақ ұстамағанға ұқсайды. Бейімбет пен Ғабиттің «Аманкелдісінен» соң ілесе шыққан «Райхан», «Абай əндері» атты көркем суретті фильм сценарийлерінің жазылуына да жоғарыдағы жағдай, атап айтқанда, мешеу, кенже қалған өнерге қолғабыс жасап, септігін тигізу, жетпегенге жетелеу ниеті себеп болғандығы байқалады. М. Əуезовті жас кезінен білетін адамдардың естелігіне қарағанда, ол өзінің қоғамдық, практикалық қызметінде де əлгіндей қасиетті ниеттен қия баспаған. Жазушының жастық шағын жақсы білетін Құлатай Ақбердин бұрынғы Шыңғыс болысында М. Əуезов тұтынушылар кооперациясын ұйымдастырғанын айтса, бұрын совет қызметкері, қазір дербес пенсионер Ишмұхамед Əлин Байқошқар поселкесінің салынуына М. Əуезов тікелей мұрындық болғанын оның 1922 ж. Əрхам Ысқақов арқылы жолдаған хаты бойынша баяндайды. Мұның бəрі де ұлы жазушының мұратты, мүдделі болған мəселелері ауқымының кеңдігін, өз халқының кетігіне кірпіш, жыртығына жамау болуға ерте əзірленгендігін дəлелдейтін фактілер. Өткен жылы М. Əуезов музейіне жазушыны қоғамдық қызметі қырынан танып-білуге септігін тигізетін бір хат келіп түсті. Арап əрпімен жазылған бұл хаттың тексті мынадай: «Қадірлі Ике, Жұмжұма, Смағұл, Кəкен, Өлмесқұл, Тоқар, Өміртай, Құлке, Бұғыш, Қамза, Абайке, Садуақас, Бендебай ағайлар! Мына кісілер Ленинградтағы білім ордасының қазақ өкіметінің сұрауы бойынша қазақ даласына қазақ малының тұқымын айырып, түрін сынап, бітім сүйегін өлшеуге шыққан маман білгіштер. Бұлардың істері ғылым жолымен қазақ шаруасына пайда тигізу, пайдасына ғана арналады. Одан басқа алым-салыққа септік тигіземіз деп, сол ниетпен жүрген кісілер емес. Сондықтан əрбір тəуір малдардың түрлерін ел жасырмай толық көрсетуді тілейді. Мүмкін болғанынша елдің сенімді көзбен қарап, істеріне шама келгенше көмектес болуын қатты тілейді. Сондықтан мені тобықты баласы болған соң елдің сөз ұғатын, жөн білетін кісілеріне хат жазып, біздің жайымызды ұғындырып хат жазып бер деген соң осыны жазып отырмын. Көмектеріңді аямассыз деп сенемін. Жазушы інілеріңіз Мұхтар Əуезов». Бұл хатты 1927 жылдан бері қастерлеп сақтап, арнаулы аппаратта I дана копиясын түсіртіп, түпнұсқасымен қоса əкеліп тапсырған Латвия ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Латвия ССР-ның ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, Латвия мемлекеттік университетінің биология факультетінде зоология жəне генетика кафедрасының профессоры Лусис Ян Янович (бұрын жастау кезінде ол Лус Янис Янович болып жазылыпты). Ең алдымен осы бір ілтипат-ізеті үшін ғалымға алғыс айту лəзім. Қазір есімі бүкіл Одақ көлеміне белгілі бұл биологтың жетпіс жасқа толған торқалы тойың өткен 1971 жылдын аяғында Латвия республика жұртшылығы кеңінен атап өтті. Оны құттықтауға Қазақстаннан белгілі ғалым, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Əндижан Есенжолов арнайы сапармен барып қайтты. Лусис 1941 жылға дейін СССР Ғылым академиясының үй жануарларының генетикасы, селекциясы жəне эволюциясы бөлімінде меңгеруші болып, одан соң көп жылдар басқа институттарда ғылыми қызметтер атқарып, 1949 жылы Латвияға, аталған университетке ауысқан көрінеді. Хаттың жазылу тарихы мынадай: 1926 жəне 1927 жылдары СССР Ғылым академиясының СССР өндіргіш күштері жөніндегі Комиссиясы Қазақстанның шығыс облыстарында комплексті экспедициялық зерттеулер жүргізген. Сол комиссияның құрамында үй жануарларының жергілікті тұқымдарын (нəсілдерін) зерттеуге арналған отряд жұмыс істеген. Бұл жұмысқа жалпы басшылық жасаған Ленинград университетінің профессоры, белгілі биолог ғалым Филипченко Юрий Александрович марқұм екен. Ал экспедицияға тікелей қатысқан отряд жұмысты тездетіп, уақыттан ұту үшін Семей губерниясына келісімен екі топқа бөлініп, бір тобы Тарбағатай, Алтай жағына, екіншісі Шыңғыс бөктеріне аттанған. Сол екінші топты ғылыми қызметкер Лусис басқарған. Отряд жұмысына қатысқан сол кездегі Ленинград университетінің практикант студенттері Медведев Николай Николаевич, Колесник Николай Никитич, Керкис Юрий Яковлевич т.б. қазір Совет Одағының белгілі генетик-ғалымдары. Сөз болып отырған хатты Мұқаң (ол кезде

Ленинград университетінің студенті) отряд басшыларының өтініші бойынша ел ішінде беделі бар жерлестеріне жазып берген. Хаттың түпнұсқасының шет-шетіне отряд басшысының қолымен Семей губерниясына қарасты аудандардың сол кездегі атаулары жəне хатта есімдері аталған адамдардың біразының фамилиялары жазылыпты. Мəселен Шаған болысы – Ике Əділев, Жұмжұма Үкібаев, Смағұл Нұрақовұғылы болысы – Кəкен Жақыпов, Тоқар Бейғамбетовтің Шығыс болысы – Өміртай Ақбердин, Құлке Жирен-Хя, Буғыбай (Бұғыш) Шұбаров; Мұқыр болысы – Хамза Дүйсекин, Абайке Жұманбаев; Қызыладыр болысы – Бендебай... т. б. Осы экспедициялық зерттеу материалдары сұрыпталып, соның негізінде 1928 ж. СССР Ғылым академиясы «Семей губкрниясының үй жануарлары» («Домашние животные Семипалатинской губернии») атты көлемді екі жинақ шығарған. Оның бірінші бөлімі жылқы мен маралға, екіншісі – ірі қара мал мен қой-ешкіге арналған. Жинақтың кіріспесінде қазақтың мал бағу тəсілдері, көктеу, жайлау, күзеу, қыстау сияқты көші-қон жайының классикалық цикліне түсіндірме келтірілген экспедициялық зерттеудің мақсат-мүддесі, міндеттері, жергілікті мал тұқымын асылдандыру (будандастыру) мүмкіндіктері т. б. актуальды, маңызды мəселелер баяндалған. Жинақтағы тағы бір мақалада революциядан кейінгі азамат соғысы жылдарында əскери бөлімдердің мұқтажы үшін жылқы малына жиі-жиі жасалып тұрған реквизиция жергілікті халықта əбігер-үрей туғызғандығы, ол əлі де ұмыт бола қоймағандығы, сондықтан да көшпенділердің көбі қайдағы бір қиян-қиыр, шалғай жерлерде, жырақта бой тасалап мекендеп жүретіндігі (26-бетті қараңыз) айтылған. Мақалада тағы да былай делінген: «Мəселе мынада, көшпенді шаруашылықтарда мал санағын алу барынша қиын іс болып келді, болып та отыр. Жалпы көшпенді қазақтар, оның ішінде əсіресе ауқаттылары, өз қолдарында бар малдардың саны туралы мəлімет беруге соншалықты сараң, қатты қынжылады. Ал олар солай етуге мəжбүр болған күннің өзінде, мал санын алдын ала əдейі азайтып айтады. Мұны олар ең алдымен алым-салықтан қорыққандықтан, екіншіден көпшілік жағдайда əр алуан санақшыстатистик жəне зерттеушілер сияқты бағзы бір «бөгде адамға» сенбестікпен қарайтын жалпы көшпендінің каны мен бойына сіңісті болған секемшілдіктен жасайды». (25-бет.) Міне осы жайларды ескерсек, сонымен бірге экспедиция жұмысы Қазақстанда ірі байларды конфискелеу қарсаңында жүргізілгенін ойласақ, жалпы мал-мүлкін, дүниесін хаттау, қағаз бетіне түсіру дегенге үрейлене-үрке қарайтын қыр қазағы үшін Мұхаңның бұл хаты дəл бір сенім грамотасындай роль атқарғандығын түсіну қиын емес. Демек, малдардың бойын, салмағын өлшеп, фотосуретке түсіріп алу жөнінде экспедиция жұмысының кедергісіз өтуіне бұл хат кеп септігін тигізген. Жазушының «Білекке білек», «Асыл нəсілдер», «Құм мен асқар» əңгімелерінің мал шаруашылығы мəселелеріне арналғандығы, Əуезов сңенарийі бойынша түсірілген көркемсуретті «Райхан» фильмі қазақ жылқысының тұқымын жақсарту, асылдандыру проблемасын көтергендігі, ал «Өскен өркен» романында бүгінгі таңда малды сонау бабалар заманындағы көнерген тəсілмен бағу жайы сынға алынғаны мəлім. Демек, бұл хат сонымен бірге жазушы творчествосынан үздіксіз (əр кезде əр алуан) орын алын келген мал шаруашылығы тақырыбының түп-төркіні тереңіректе жатқанын, жазушыны тіпті сонау ертерек жас кезінде-ақ қатты ойландырғанын танып білуге көмектеседі. 1973. ҚАУЫШҚАН ҚҰШАҚТАР Социализм дүниесіне, коммунистік жарқын болашаққа бірінші боп жол тартқан біздін еліміздің əлем алдында мақтанышпен атайтын қол жеткен табыстарының бірі – халықтардың мызғымас достығы. Бұл ұлы достықтың тарихи тамырлары тіпті тереңде жатыр. Қазақ халқы мен орыс халқының достығы екі халықтың тарихи тағдырларының тоғысуынан, азаттық аңсаған мүдде-мақсаттарының бірлігінен туып, қалыптасты. Тіпті сонау жаңа тарихтың құлан иек бозала таңында қазақтар патша самодержавиесіне қарсы күрескен орыс елінің еңіреп туған ер ұлы Емельян Пугачевқа қол ұшын беріп, көмекке барғанын, 1812 жылғы Отан соғысында Наполеон басқыншыларына қарсы майданда қазақтардың болғанын, XIX ғасырдың басында-ақ орыстың озат ойшыл ғалымдары мен алдыңғы қатарлы прогресшіл қайраткерлері бауырлас қазақ халқының тұрмыссалты мен əдет-ғұрпын, əдебиеті мен мəдениетін зерттеп білуге көп күш салғанын тарихтан жақсы білеміз. Қазақ өмірінен «Қырғыз – қайсақтар» повесін жазған Василий Ушаков, «Бикей мен Мəулен» повесін Жазған Владимир Даль не-

месе белгілі ғалымдар Потанин мен Радлов, Веселовский есімдерін, немесе XX ғасырдың басында қазақ тақырыбына арнап көптеген əңгімелер жазған Антон Сорокин мен Тверитин есімдерін əрбір қазақ оқушысы бүгінде шын риза көңіл, жылы сезіммен атайтындығы белгілі. Шоқан Уəлихановтың Потанинмен жəне Достоевскиймен, Ыбырай Алтынсариннің Григорьевпен жəне Ильминскиймен, Абай Құнанбаевтың Михаэлеспен жəне Долгополовпен Достық үлгілері де бір алуан əңгіме. Қазақ халқы мен ұлы орыс халқының əріден келе жатқан осынау дəстүрлі достығы Ұлы Октябрь революциясынан кейін мүлде жаңа мазмұнға ие болды. Ендігі жерде достық еліміздің қозғаушы күшіне, жеңістеріміздің кепіліне айналды. Біздің заманымызда халықтар достығын нығайта беру үшін əдеби байланыстар мен əдебиеттер достығын күшейтудің маңызы ерекше. Қазір біздің еліміздегі бірде-бір ұлттық əдебиет тек қана өз шеңберінде өрбіп дамуы мүмкін емес, ол тек туысқан халықтар əдебиеттерімен тығыз достық байланыста, қарым-қатынаста ғана өркен жайып, дамудың даңғыл жолына шыға алады. Қазақ əдебиетінің ең жақын достарының бірі – белгілі орыс совет жазушысы Леонид Сергеевич Соболев. Ол қазақ əдебиетін орыс оқушыларына насихаттауда баға жетпес қызмет атқарды. Атап айтқанда, ол қазақтың көптеген ауыз əдебиеті үлгілерін, жеке ақындардың өлеңдерін, жазушы С. Мұқановтың «Сырдария», М .Əуезовтің «Абай» романдарын аударды. Осындай қол ұстасып, бірлесіп еткен еңбектің нəтижесінде ол көптеген қазақ жазушыларымен, əсіресе Мұхтар Əуезовпен ұзақ жылдар бойы творчестволық достық ынтымақта болды. «Өнер мен ғылымның қай саласын алып қарасақ та, орыс жəне қазақ мəдениеті қайраткерлерінің творчестволық достық байланыстарының соншалықты жемісті өміршеңдігін айқын көруге болады. Ақындар мен ғалымдардың аңсар армандары мен мүддемақсаттары, жаңашылдықтары мен өмір тəжірибелері міне, осы достық байланыс арқылы тоғысып-табысады. Бұл достық байланыстың жемістері кез келген жерде кездеседі». «Советский Казахстан» журналының 1957 жылғы II-санында Ұлы Октябрь революциясының 40 жылдығына арналған «Өшпес таңның сəулесі» атты мақаладан алынған бұл сөздердің иесі – дос қадырын бағалай білген, достық байланыстың мəуелі бақшасын өз көзімен көріп, жемісінен дəм татқан марқұм Мұхтар Əуезов еді. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген қазақ халқы шын достық, шынайы адал достық адал жүректі, шырайлы адал көңілді ғана шақыратынын əуелден-ақ жақсы білген. Сондықтан да ол өз əдебиетінің өркен жаюына орыс мəдениетінің еткен игі əсерін, орыс əдебиеті мен мəдениет қайраткерлерінің тікелей көмегін ешқашан да естен шығармайды. Əдеби күштерді топтастырып, орынды пайдалану үшін, нəтижелі іс жүргізу үшін облыстарға шығып тұрудың туысқан əдебиеттердің апталықтарын, онкүндіктерін жиі-жиі алма-кезек өткізіп тұрудың пайдалылығына арнайы тоқтала келіп, көрнекті совет жазушысы Леонид Сергеевич Соболев «Литература и жизнь» газетінің 1961 жылғы 4 декабрьдегі санында «Көркем аударма туралы» жазған бас мақаласында: «Бұдан басқа, тағы да орыстың «достық» дейтін қарапайым ғана бір жақсы сөзі бар. Достықсыз біз, жазушылар, түкке де тұрмаймыз. Біздің жазушылар ұйымдарына жиі-жиі шығып тұруымыз... осындай достыққа жетекші мұрындық болады», – деп жазып, өз өмір тəжірибесінен, марқұм Мұхтар Əуезовпен араларындағы творчестволық достық жайларының көптеген мысалдарын келтірген болатын. Біздің алдымызда БК(б)П Зайсан аудандық комитетінің органы – «За большевистские колхозы» газетінің 1935 жылғы 16 июнь күнгі, уақыттан əбден сарғайып біткен бір номері жатыр. Газет жазғы паркте Л. Соболев, М. Əуезов, П. Лукницкий т. б. совет жазушыларының қала жастарымен кездескенін, сол жиында лагерьдегі пионерлер жиналысының қаулысы оқылып, Л. Соболев пен М. Əуезов құрметті пионерлер боп сайланғанын, сөйтіп, олардың мойындарына қызыл галстук байлағанын хабарлапты. Жиын соңында құттықтауға жиналған қала халқына арнап М. Əуезов пен Л. Соболев совет əдебиетінің міндеттері жайлы ұзақ сөз сөйлеген. Бұл оқиға Л. Соболевтің Ленинград жазушыларын бастап Қазақстанға ең алғаш келген сапарында болған еді. Содан бастап жазушының Қазақстанға деген махаббаты мен зейіні, ізет-ілтипаты ешуақытта бəсеңдеген жоқ. Елімізді индустрияландырумен байланысты отызыншы жылдардың орта шенінде совет əдебиетінде өнеркəсіп тақырыбын өрістету мəселесі күн тəртібіне ерекше қойылды. Осыған орай көптеген орыс совет жазушылары еліміздегі жаңадан салынып жатқан өнеркəсіп ошақтарына аттанып, соның нəтижесінде толып жатқан өлең, əңгімелер мен очерк, репортаждар жазылды. Міне,

Ленинград жазушыларының жоғарыдағы сапары да осы мақсатпен тікелей байланысты еді, олар сол кезде жүріп жатқан «Шығыс шеңбері» («Восточное кольцо») деп аталатын автотрасса жол құрылысымен танысты. Бұл сапарда республика өмірімен танысудан алған əсерлері жайында кейін Л. Соболев: «Біз Қазақстанға мəңгі-бақи шын беріліп қайттық дер едім, жəне мұның өзі біздің əдеби өмірбаянымызда өте күшті, өшпес із қалдырды» деп еске алады. Міне, содан бастап Қазақстан тақырыбы, қазақ əдебиетінің мəселелері жазушының творчестволық жоспарында өзінің төл туындыларымен жарыса, қатар жүріп отырды. Ретті жерінде айта кетелік, революциядан бұрын кадет корпусында, сосын теңіз училищесінде білім алып, көп жыл бойы соғыс кемесінде командирлік қызмет атқарған жəне азамат соғысын, совет-фин соғысын, Ұлы Отан соғысын бастан өткеріп, сан сұрапылға қатысқан жазушының төл туындылары түгел дерлік соғыс-теңіз флотымен байланысты деуге болады. 1926 жылдан жариялана бастаған Л. Соболев 1928 жылы өзінің тұңғыш көлемді еңбегі «Күрделі жөндеу» («Капитальный ремонт») романын жазуға кірісті. Бірінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында матростар арасындағы революциялық рухтың өрлеуін, офицерлер арасындағы идеялық толқулар мен ауытқушылықтарды суреттейтін бұл шығарма 1932 жылы жарық көрді. Талантты жазылған бұл роман жазушы есімін бірден-ақ көпке жайып жіберді. Кейін бұл Англияда, АҚШ-та, Чехословакияда, Польшада, Финляндияда, Японияда, Швеция мен Болгарияда т. б. елдерде аударылып басылды. Фин соғысында «Правда» газетінің корреспонденті болған жазушы «Қызыл тулы Балтика» жəне «Балтық ерлері майданда» атты əңгімелер мен очерктер жинақтарын жариялады. Ұлы Отан соғысы майдандарына басынан аяғына дейін қатысқан Соболев совет теңізшілерінің өмірінен «Теңізші жаны» атты əңгімелер жинағын, «Жасыл сəуле» атты романын жəне «Жеңіс жолдарымен» атты күнделігін жазды. «Теңізші жаны» кітабы үшін жазушыға 1943 жылы Мемлекеттік сыйлық берілді. Осы жұмыстарымен қатар Л. Соболев қазақ əдебиеті мəселелерімен де шұғылдана берді. Ол құрастырып, редакциялаған қазақ поэзиясы мен прозасының алғашқы антологиясы 1940 жылы Москвада орыс тілінде басылып шықты. Жазушының қазақ əдебиетшілерімен, əсіресе М. Əуезовпен жақын достығы осы кітапты əзірлеу барысында туып, қалыптасты. Бұл жұмыстың жай-жапсарына тоқтала келіп Л. Соболев кіріспеде: «Егер антология, жұмыс барысында біздің өз басымызда болғанындай, орыс оқушысының қазақ əдебиетіне, оның тамаша өзіндік өзгешеліктеріне тереңдеген үстіне тереңдеп ене беру кұмарлығын тудыра алса, егер орыс оқушысы дала жырларын сүйіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жер ұйықты іздеп далалар мен ғасырларға шеру тартқан мехнаты мол көшпендінің, ақырында іздегенін тек коммунизмнің күншуақ жайлауынан келіп тапқан ұлы халықтын қасірет шеккен ұзақ та қиын жолын ұғынса, антология мақсатының орындалғаны» деп жазды. Антологияның жұрт кəдесіне жарағандығы ешқандай шүбə келтірмейді. Антологияның жеке-жеке бөлімдері М. Əуезовтің «Қазақ эпосы жəне революцияға дейінгі фольклор», С. Мұқановтың «XIX ғасырдағы қазақ əдебиеті», М. Ритманның «Социалистік Қазақстан əдебиеті» атты мақалаларымен ашылды. Л. Соболевті Қазақстан өмірінің қызықтырғаны соншалық, ол осы кітаптың біреуін М. Əуезовке сыйға тартып, оның бетіне: «...флот туралы кітап жазып жатырмын, Қазақстанды санамағанда, бұл өзі менің екінші перзентім ғой», – деген автограф жазды. Л. Соболев Қазақстанға алғашқы сапарынан кейін екі жылдан соң қайтып оралды. Бұл кезде ол М. Əуезовпен бірге «Абай» пьесасын жазуға кіріскен еді. Екі жазушының бұл игі бастамасы 1939 жылы аяқталды да, пьеса 1940 жылы күзде қазақтың академиялық драма театрының сахнасында қойылып, кейін оның тұрақты репертуарына айналды. Бірлесіп жазудың (соавторлықтың) бірнеше жолдары бар. Осы жағынан алғанда бұл пьесаның жазылу тарихы да қызық көрінеді. М. Əуезовтің жұбайы Валентина Николаевнаның айтуына қарағанда, авторлар бірлесіп отырып, ең алдымен пьесаның кеңінен ойластырылған жоспарын жасап алып, əрқайсысы өзінше орысшақазақша екі тілде, бірақ біріне бірі ұқсас екі пьеса жазып шыққан. Сосын Жазушылар одағының Москва түбіндегі Переделкиндағы творчество үйінде семьяларымен демалыста жатып, екі пьесадан ортақ бір вариант жасаған. Пьеса қазақ сахнасында сол вариант бойынша қойылған. Валентина Николаевнаның бұл айтқандары пьесаның қалай жазылғандығы туралы жоғарыда аталған мақалсында Л. Соболевтің айтқандарымен бір жерден шығады. Авторлар бұл трагедияны кейін орыс көрушілеріне анықтап, ықшамдап, əдет-ғұрыпқа, салт-санаға қатысты кейбір ситуациялар-

ды, қазақ ұғымына жеңіл болғанмен, басқа ұлт өкілдерінің ұғымын ауырлататын кейбір сөздер афористік сөз тіркестерін қысқартып, қайта қарады. Пьеса осы күйінде 1945 жылы Москвада «Искусство» баспасында орыс тілінде жеке кітап боп басылып шықты. Осы кітапқа жазған соңғы сөзінде белгілі өнер зерттеушісі Ник. Львов пьесаның жазылуындағы əлгіндей ерекше жағдайды тағы да растай отырып: «Авторлардың бұл пьесаны жазу үстіндегі жұмыстары екі əдебиеттің орыс жəне қазақ əдебиетінің қалтқысыз достығының, екі əдебиеттің аса көрнекті екі өкілі – қазақ Мұхтар Əуезов пен орыс Леонид Соболевтің шынайы творчестволық достық бірлестігінің айғағы болып табылады» – деп жазды. Авторлардың қазақ жəне орыс халықтары достығының айнымас жаршысы, Соболевтің өз сөзімен айтқанда, «Қазақ халқының ақындық жəнс азаматтық ар-ұжданы» болған Абай тақырыбында тіл тауып табысуы кездейсоқ емес еді. Ұзамай 1940 жылы Абайдың «Лирикалары мен поэмалары» Москвада алғаш рет Соболевтің редакциясымен жеке кітап боп басылып шықты. Жинақ Л. Соболевтің «Ойшыл ақын» деген мақаласымен жəне М. Əуезовтің «Алғысөзімен» ашылды. Бірлесіп істеген осы жұмыстардың барлығы Л. Соболевті кейіннен «Абай» романын аударуға əкелген баспалдақ тəрізді еді. Қалай болғанда да «Абай» сияқты ұлы туындыны аударуға екі жазушының арасындағы достық мұрындық болғаны даусыз. Кейбір аудармашылардың ұлт шығармаларын авторды көрмейбілмей тұрып-ақ, жолма-жол жасаған тəржіма бойынша аударуға болады деген пікірлері мен іс тəжірибелеріне қарсы Л. Соболев ілгеріде аталған аударма туралы мақаласында «Абай» романын аудару үстінде автормен қалай жұмыс істескен тəжірибесін ортаға салды. «Дəлірек айтқанда, «аударма» деген сөз біздің бірлесіп істеген жұмысымыздың сипатын дəл бере алмайды. Қазақ тілін мен білмеймін. Менің алдымда орысша сөзбе-сөз аударылған подстрочник болды. Бірақ ол бойынша тек автормен тізе қосып отырып қана жұмыс істеу мүмкін еді. Сөзбе-сөз аударма Əуезовке тəн поэтикалык образдар мен теңеулердің бар əсемдігін жеткізіп бере алмаған. Шынында да ішінде, мəселен «Абай далада митинг өткізді» деп жазылған сөздері бар аудармаға қалай сөнерсің. Кейде мен орысша тексті оқып отырып Мұхтар Омарханұлынан: «Сен осылай деп жазып па едің?» – деп сұрайтынмын. Ол таңырқаған пішінмен ернін шүйіріп: «түу... масқара, менің жазуымда мүлде басқаша», – деп, жауап беретін де, қолма-қол қазақша түпнұсқадан өзі аудара бастайтын. Текст енді орыс тілінде құлпыра жөнелетін. Міне, дəл осындай достықпен бірлесіп істеген жұмыс қана түпнұсқаның ерекшелігін сақтай алатындығына менің сенімім кəміл»,– деп жазды ол. М. Əуезов рен Л. Соболевтің творчестволық достығы – əдебиеттер достығы əдебиетшілер достығынан басталатындығының айқын бір көрінісі. Бұлардан басқа Л. Соболев қазақ əдебиеті мен өнері, қазақ жазушыларының шығармалары жайында көптеген құнды мақалалар да жазды. Көрнекті орыс совет жазушысының қазақ əдебиетіне сіңірген еңбегінің ұзын-ырғасы осындай. Ол Қазақстанда болып өткен орыс əдебиеті мен мəдениетінің тұңғыш онкүндігіне қатысқан делегацияны бастап келді. Тарихи маңызы бар бұл онкүндік ұлы орыс халқы мен қазақ халқы əдебиетінің шын мəніндегі зор мерекесі болып өтті. 1964. ЕҢБЕКПЕН ЕРЖЕТКЕН ТАЛАНТ Көркем əдебиеттің даму процесі – ұзақ та тарихи процесс. Өйткені əдебиет ең алдымен ел өмірінің, халық өмірінің айнасы болғандықтан, қоғамның даму процесімен ұштасып, астарласып жатады. Əдебиет адам санасына идеялық, эстетикалық тұрғыдан əсер ететін қуатты да құдіретті тəрбие құралы. Сондықтан да Коммунистік партия əлем тарихында ең жетік, ең озық қоғам – коммунистік қоғам құрылысын жасап жатқан бүгінгі ұлы заманда совет жазушыларын өзінің сенімді де белсенді көмекшісі деп біледі. Творчестволық алғашқы қадамынан бастап өз шығармаларымен партия шақыруына əрдайым үн қосып, коммунизмге жол тартқан еліміздің салқар шеру, ұлы көшін бейнелеп келе жатқан бүтінгі іргелі де ірі, қабырғалы қазақ-совет əдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі, жазушы Ғабиден Мұстафин. Ол 1902 жылы Қарағанды облысының қазіргі Теміртау заводы тұрған Гельман ауданында, Нұра өзенінің бойында, Жауыр, Қожыр тауларының сілемі болып саналатын Сарытөбе деген жерде шағын ғана дəулеті бар шаруаның семьясында туған. Ғабиден Мұстафин əдебиетіміздің бүгінгісіне дейін ұзақ та күрделі жол кешті. Тынымсыз тырбанып, еңбекпен есейген жазушы бүгінгі шыққан биігіне үздіксізденудің, жан-жағын жаппай қарманып,

айналада болып жатқан өмір өзгерістеріне, сан тарапқа көз салудың нəтижесінде ғана жетті. Бұл түсінікті де. Туғаны мен өлгенін хатқа түсіріп, қағаз бетіне тіркемейтін қазақтың байырғы қараңғы ауылында дүниеге келген Ғабиденнің алғашқы мектебі – дін сабағы болды. Бұл туралы жазушы: «Жас кезімде ауылдағы молдалардаң дін сабағын оқыдым. Басқа оқу жоқ. Қазақ елінің көпшілігі сауатсыз, сауатты дегеніміздің көбі молдалар, діншілдер. Он жас толмай жатып күніне бес мезгіл намаз оқыдық. Рамазан айында 3 күндік ораза тұттық. Ораза жылына он күннен ауыса-ауыса, жаздың ұзақ, ыстық күндеріне келгенде шыдам жетпейді. Құдайдан қорықпай, жасырмай, молдалардан қорқып, жасырып, үзіліп бара жатқанда су ішеміз, тамақ жейміз. Мұсылман оразасы оразалардың ішіндегі ең ашаддісі» деп еске алады. Діндар əкенің ықпалымен мұсылманша хат танып, сауатын ашқан Ғабиден 1916 жылы Спасск заводының табель жүргізушісінен бір жыл орысша оқып тіл сындырады да, келесі жылы сол заводтағы бес жылдық орысша-қазақша мектептің төртінші класына түсіп оқып, сол бөлімді бітіріп шығады. Бұдан əрі оқуға мүмкіндігі болмай, болашақ жазушының ресми оқуы осымен тынады. 1918 жылы туған аулына қайта оралған Ғ. Мұстафин 1925 жылға дейін күнделікті ауыл тіршілігіне араласып, əр алуан шаруашылық мəселелерімен шұғылданады. Ат жалын жаңа ғана тартып мінген жасөспірім жігіттің алғашқы араласқан қоғамдық өмірі, əлеуметтік ісі – ауылдағы советтің əр алуан жұмыстары болады. Бойында оты бар талапкер жас əлеуметтік өмірге араласқаннан кейін өз білімінің шағындығын сезіне бастайды да, 1925 жылы көктемде білімін көтеру мақсатымен Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордаға келеді. Бірақ азғантай біліммен белгілі бір оқу орнына түсу мүмкін болмағандықтан, Ғ. Мұстафин Қазақстан Жоғарғы сотына іс қағаздарын тіркеуші болып қызметке орналасады. Болашақ жазушының баспасөз жұмысы мен көркем əдебиетке дсген əуелгі əуесқойлығы осы кезден басталады. Ғ. Мұстафиннің творчестволық жолы 1927 жылы «Жыл құсы» журналында жарияланған «Сəрсен мен Боқаш» атты əңгімесінен басталады. Əрине, көркем шығарманың терең сырларына əлі қаныға қоймаған жазушының алғашқы адымында еліктеушілік, қағазға қара дүрсін түсіріп жаза салушылық болмай қалған жоқ. Бұл туралы жазушы: «Ол кезде жазушылық кəсібінің маңызына түсінген емеспін. Жазғым келгенде көргенімді, сезгенімді сол күйінде жаза салатынмын. Əлі күнге мектеп көрмесем де, сол кездегі айтыстар өз тұсымнан ізденуге, оқуға күшті əсер етті», – деп еске алады. Ақын Исаковский «Ақындық шеберлік туралы» деген еңбегінде: «Адамның ерте ме, кеш пе, əйтеуір өз өмірінде поэзияға бір рет бой ұрмағы табиғи нəрсе, бірақ сол бой ұрғанның бəрі ақын боп шыға бермейді» деген еді. Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың: «Өлеңге əркімнің-ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы» деген пікірлерімен сабақтасып жатқан Исаковскийдің осы сөзінде үлкен шындық бар. Шындық болғанда бір ғана поэзия үшін емес, жалпы көркемөнер үшін заң саналатын шындық бары байқалады. Расында, көңілдің қалауымен, яғни сүйгендіктен ғана өнерлі болу мүмкін емес. Тек қана болғысы келгендіктен өнерлі болу мүмкін болса, онда жұрттың бəрі я жазушы, я суретші, я актер, я мүсінші немесе композитор-музыкант болар еді. Мамандардың айтуынша, музыкант болу үшін тыңдай білу, адамның есіту сезімінің жетік болуы қажет. Бірақ тыңдай білген құлақ иесінің бəрі бірдей музыкант емес. Əн-күйді, музыканы жанындай сүйетін мыңдаған-миллиондаған тыңдаушы бар. Солардың көбінің музыкант болғысы келмейді емес, музыкант болу қолынан келмейді. Олай болса, өнерлі адам, яғни өнер иесі болу үшін, «болғысы келудің» үстіне, ең алдымен, талант, дарын керек. Талант өнер иесіне, оның ішінде жазушыға да, табиғаттың тартқан сыйлығы. Жəне, сыйлық болғанда, əр жазушыға безбенмен өлшеп, бəріне бірдей тең етіп берген сыйлық емес, біреуге мысқалдап, біреуге батпандап дегендей, əркімге əр алуан тартқан сыйлық. Қаламынан шыққан шығармасы халқының жүрегіне жол тапқан жазушыны, əдетте, əдебиетшілердің «Зор талант, дарқан дарынды» деп жататыны да, түптеп келгенде осыдан. Демек, шын мəніндегі көркем сөз шебері болу үшін тек қана таланттың өзі жеткіліксіз. Нағыз өнер иесі талант пен еңбеккерлікті егіз деп қарайды. Осы сөздің еңбек аталатын сыңары болмаса, жалпы талант өзі жазушыны қозы көш жерден əріге апармайды. «Жазушылық əрі талант, əрі профессия, талантсыз кісі жазушы бола алмайды, бірақ жазушылықты профессияға айналдырмаған талант өркендемейді. Жұмыскерлік, оқытушылық, ғылым иесі болушылық профессиясы сол жүйені көп зерттеуді тілесе, жұмыскер де, мұғалім де көп еңбек сіңіру арқылы профессионал болса, жазушылық профессиясы да сондай.

Академиктің білімінің басы «Əліпбиден» өркендейді. Содан жоғарылап, бір ғылымның төбесіне шыққан соң ғана ол академик болады. Көркем əдебиеттің де өз биігі, өз шыңы бар. Ол адам баласының, талантты көркем сөз иелерінің мыңдаған жылдар бойы жасаған əдебиет мұрасы. Осы мұраны меңгеріп, төбесіне шыға білмеген адам көптің көзіне қайдан түссін. Ондай адам сай-саланың шұқырында жүріп күнелтеді де, əдебиетті бұрынғы сатысынан жоғары көтеруге көмектесе алмайды». Жазушы С. Мұқановтың осы пікірі дəл айтылған. Шынында, жазушылық тек еңбек арқылы профессияға айналады, еңбек арқылы, тынбай іздену арқылы, өмірді терең зерттеу, адам баласының мыңдаған жылдар бойы жасаған мол өнер мұрасын игеру арқылы ғана талант иесі профессионал бола алады. Қазіргі қазақ-совет əдебиетінде белгілі қолтаңбасы бар көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Ғабиденді, дүниеге революциядан бұрын келіп, қазақтың əрбір ауыл баласының қарапайым ғана үйреншікті балалық шағын басынан өткерген Ғабиденді қоғамдық өмірге де, əдебиет əлеміне де алып келген Ұлы Октябрьдің жеңісі, советтік заманымыздың, социалистік құрылыс жылдарының шындығы. Бұл жылдар – азамат соғысынын ауыртпалығынан енді ғана есін жинай бастаған қазақ ауылдарында тап күресінің қызу жүріп жатқан, байқұлақтарға көтере салық салу, оларды тежеу саясатының жүзеге асырылып жатқан кезі еді. Байға есесі кеткен жарлы-жақыбай, кезінде қалың малдың құрбаны болып, байлардың есігінде күңдіктің күнін кешкен жетім-жесірлердің мұң-мүдде, арыз-армандары сияқты кеше ғана ауылда өз көзімен көріп, өзі басы-қасында болып келген таныс өмір Ғабиденді сот мекемесінде де күтіп алды. Өйткені ол кезде советтік заң орындарына ауылдан түсетін арыз-шағымдардың көпшілігі-ақ осы алуандас болатын. Міне, осында кездесетін кейбір қызық фактілердің негізінде Ғабиден қысқаша газет хабарлары деген шағын мақалалар жазып «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Социалистік Қазақстан») газетінде жариялап жүрді. Жазу-сызу, қалам өнеріне бірте-бірте əуестеніп, құныға бастаған ол жоғарыдағы шағын мақалаларға қоса очерк, фельетондар жаза бастады. Астанаға келіп, əлеуметтік өмірмен, əдеби ортамен жақын танысу болашақ жазушының өздігінен оқып, білімін көтеруіне едəуір əсер етті. Жазушының өзі де əлі еркін сезініп болмаған, əлі тұтана қоймаған, тек қана көңілдің бір бұйығы бұрышында, терең түкпірінде жатқан табиғи талант ұшқыны енді оны қалам өнеріне, жазушылыққа шынақ қызықтырды. Осыдан бастап Ғ. Мұстафин қалам өнерінің журналистіктен гөрі күрделірек саласы – жазушылыққа бүтіндей бой ұрды. Өз халқының өтпелі кезеңдегі тағдырын ойлап, оның болашағына көз жіберген жас жазушы халыққа қызмет етудің мықты кұралдарының бірі – көркем əдебиет екеніне көзі жетті де, өз ойын осыған мықтап бекітті, сөйтіп ендігі саналы өмір жолын біржола таңдап алды. Осыдан бастап ол əңгіме, очерк, мақалаларды бұрынғыдай тиіп-қашып емес, жүйелі түрде үзбей жазатын болды. Бұл жылдар – Ұлы Октябрьдің жеңісін қуана құшақ жайып қарсы алған ауыл кедейлерінің сана-сезімі оянып, барлық салада да белсенділіктері арта түскен шақ еді. Ауыл кедейлері өздерін аяусыз қанап келген байларға қарсы батыл күрес жүргізді. Бұл күресте олар жергілікті Советтік өкімет орындарына, коммунистік ұйымдар мен заң орындарына арқа сүйеді. 1925 жылы БК/б/П Орталық Комитетінің «Партияның көркем əдебиеттегі саясаты туралы» қаулысынан кейін пролетариат жазушыларының ассоциациясы құрылып, Қазақстанда да советтік жаңа өмірді жырлайтын жаңа жас əдебиет қалыптасып, жергілікті байшыл-ұлтшыл əдебиетке қарсы күрес үстінде оның қабырғасы қатып, бұғанасы беки түсті. Былайша айтқанда, идеологиялық майданның ең бір көрнекті саласы болып табылатын көркем əдебиетте де кедейлер мен жарлы-жақыбайларды жақтаушы жазушылардың белсенділіктері арта бастады. 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «көркем əдебиет туралы» деген мақаласында С. Мұқанов: «Қай губерниядан шығатын қандай газетті алсақ, оларға елдегі шала хат білетін тілшілерден, комсомолдардан, жас партия мүшелерінен, ауыл мұғалімдерінен əдеби шығармалар көп келеді. Біздің баспаларымыз олардың көбін лайықсыз деп тауып баспайды. Əрине, ... ауылдан келетін өлең, əңгімелердің көбі басып жіберуге жарамсыз, бірақ онда терең сыр бар: ауыл кедейлері қалай күн көріп жатыр, не нəрсеге түсінді, не нəрсеге түсінген жоқ, не нəрседен жəбірленді, байларға қалай қарайды – осыларды ашық көруге болады. Біздің алдағы күнде тапшыл жазушыларымыз кім? Əрине, солар... жаңа оянып келе жатқан кедей жастарына көбірек көз салуымыз керек. Егер оларды үйрете білсек, ертең-ақ кəдімгі жазушы болып шыға келеді», – деп жазған еді. Мұның өзі ел өміріне кірген өзгеріс еңбекшілердің санасына қаншалықты зор əсер еткендігін, еңбек иесінің белсенділігінің қалайша арта түскендігін айқын аңғартады.

Қорыта айтқанда, бұл жылдардағы ел өміріне, еңбекшілердің санасына Совет өкіметі енгізген өзгерістер мен жаңалықтар жаңаша жырлауды талап етті. Жоғарыда С. Мұқанов айтқандай, газетжурналдарға əңгіме-очерктерін жиі əкеліп, бағыт-бағдарын, идеялық бетін бірден-ақ жаңаша бастаған жас түлектің жуан ортасында Ғ. Мұстафин де болды. Ғ. Мұстафиннің алғашқы əңгімелері ауыл кедейлерінің таптық сана-сезімінің оянуы, байларға қарсы күрес т.б. сол сияқты өзі көзбен көрген таныс тақырыптарға арналды. Қазақ аулындағы тап күресі – Ғ. Мұстафиннің 1929 жылы Қызылорда қаласында «Ер Шойын жəне басқа əңгімелер» деген атпен жеке кітап болып басылып шыққан тұңғыш жннағының мазмұны, негізінен, міне осы еді. Мəселен, «Шойын жайындағы» əңгімеде қанша уақыт бойы Қоржық байдың тепкісінде төзімділік жасап, кейістік білдірмей келген кедейдің совет заманы тұсында сана-сезімі оянып, байлардан есе қайтарып кек алу үшін топтасу, ұйымдасу қажет екенін түсіне бастағаны баяндалады. Шойын өзінің інісі, комсомол мүшесі Болаттың көмегімен ауылда қосшы ұйымын құрып, Қоржықтың мал-мүлкін конфискелеп, кедей-кепшіктерге бөліп береді. Əңгімеде жазушы таптық күрестің ұйымшылдық, бірлестік сипатының маңызын түсіндіруге күш салады. Ол кезде бұл сияқты əңгімелердің үгіттік, насихаттық маңызы ерекше болатын. Расында да, күні кеше өз тағдырына мойынсұнып кентерілік, кəнбістікпен жүрген кезінде Шойындар нендей бейнет кермеп еді?! 1927 жылы жазылған «Қан» деген əңгімесінде жазушы Шойынның Төкіш мырза мен Бəлкен байдың жер үшін таласқан барымтасында байдың сойылын соғатын деп соққыға жығылып, қанға боялғанын, аяғы сынғанын суреттейді. Əрине, ол кезде Шойын бұл барымтадан езіне келер ешқандай пайданың жоқтығын, байдың итаршысы боп, қарадай ауыр бейнет тартып жатқанын əлі түсініп үлгірген жоқ еді. Бұл жайлардың бəрін де Шойын байларды конфискелеу тұсында толық түсініп, аңғара бастайды. 1928 жылы жазылған «Қашқын» деген əңгімеде Қуат деген жылқышының Малқамбай байдың есігінде жүріп, соққыға жығылып, көзі шыққан əкесіне ара түсемін деп, байға қол жұмсағаны үшін, жазықсыздан-жазықсыз абақтыға алынып, жер аударылғаны, жолда урядник пен почтабайды соққыға жығып қашып, ақыры қуғыннан қорқып, елден жырақ шығып кетіп, ауыл арасында «қашқын, бұзық» атанғаны айтылады. Қуатты да бұндай атақ пен қуғын-сүргіннен тек қана Ұлы Октябрьдің жеңісі, Совет өкіметі құтқарып алады. «Еңбек ерлігі» атты əңгімеде (1927) Шойын, Қуат сияқты кешегі күні зəбір көрген кедей-кепшіктердің – Мысықбек, Медеу, Əділбек, Бодаубек, Толбайлардың тізе қосып ұйымдасып, ірге құрап, егін егіп, таптық мақсатпен бас біріктіре бастағаны баяндалады. Жазушының тұңғыш жинағына енген алғашқы əңгімелерінің идеялық мазмұны осы сарындас болып келеді. Əрине, бұл жинаққа енген əңгімелердің көркемдік сапасына жазушының бүгінгі жеткен биігінен көз салсақ, көптеген сын айтуға болады. Ондағы əңгімелердің саяси маңызы, идеялық мазмұны ұтымды болғанымен, көркемдік сапасы, тіл шеберлігі жағынан жазушы қаламының əлі де балаңдығы, тəжірибесінің аздығы аңғарылып тұрады. Міне, осы алғашқы əңгімелерінен кейін жазушы көп жыл бойы көркем əдебиеттен қол үзіп кетті. Бұған оның 1930 жылы май айында əртүрлі себептермен Қарағанды қаласына жұмысқа кетуі себеп болған еді. «Мен келгенде, – деп еске алады жазушы өз өмірінің бұл кезеңін, Қарағандыда бес-алты жаман барак қана, 30-40 жұмысшы ғана бар еді. Олар көмірді қайламен қазып сыртқа темір шелекпен қол бұран арқылы шығаратын. Шахта дегендері бір ғана құдық». Қазіргі алып Қарағанды өндірісінің осындай кезеңіне тап келген жазушы жұмысты жер қазу, темірдің тотын қырудан бастап, үш жыл ішінде слесарьлық, токарьлық мамандықтарын игереді. 1933 жылдың басында жергілікті ұйымдардың ұйғаруымен жазушы «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты секретары қызметіне тағайындалады. Бірақ көп кешікпей Ғ. Мұстафин Новосибирь қаласында «Қызыл ту» атты қазақ тілінде шығатын жаңа газеттің ашылуына байланысты, өзі сұранып сонда жұмысқа ауысады. Тек 1938 жылы ғана ол газет жабылған соң, Алматыға қайтып оралады. Көркем əдебиеттен қол үзіп кеткен 7-8 жыл ішінде жазушы журналистік қызметке едəуір төселіп қалған еді. Газет беттерінде оның көптеген очерктері мен фельетондары басылды. Баспасөзде қызмет істеу жазушы үшін білім жағынан, əсіресе орыс əдебиетімен танысу жөнінен тұтас бір университет тəрізді болды. Жазушының құбыланамасы сонау жылдардағыдай тек Бейімбет пен Сəбит қана емес, енді орыстың озық əдебиет үлгілері болды. Алматыға келісімен ол «Əдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналына қызметке орналасты да, 1940 жылдан бастап біраз уақытқа дейін журналдың бас редакторы болып істеді. Ол кеп уақыт бойы Жазушылар одағының басқарушылық қызметінде де болды. 1938 жылы Алматыға келісімен бастаған «Өмір не өлім» романын

1940 жылы жеке кітап етіп бастырды. Жазушы колхоз-совхоз сахналарына арналған бірнеше шағын пьесалар мен «Тұтқын», «Күлмеген адам», «Керуен», «Құлаған құз» əңгімелерін, дүниежүзілік рекорд жасаған атақты Шығанақ Берсиевтің өмірінен «Шығанақ» атты романын жазды. 1948 жылы Ғ. Мұстафиннін Қазақстанда колхоз құрылысының жаңа кезеңін бейнелейтін «Миллионер» повесі басылып шықты. Көп кешікпей орыс тілінде де жарыққа шықкан бүл соңғы шығармалар жазушы есімін енді тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Одақ көлеміне таныта бастады. Бұдан соң жазушы бір кезде «Өмір не өлім» романында көтерген өндіріс тақырыбына қайтадан бет бұрып, 1952 жылы «Қарағанды» романын жариялады. Ал Қазақстандағы НЭП жəне ірі бай-феодалдарды конфискелеу дəуірін тарихи оқиғалары жазушының 1960 жылы жарыққа шыққан «Дауылдан кейін» атты жаңа романының сюжеті болды. Соңғы жылдары Ғ. Мұстафин бірыңғай творчестволық жұмыспен шұғылданып, өз өмірінен, аға буынның өкілдері өткен тарихи кезеңдерден мемуарлық трилогия жазу үстінде. Осы трилогияның «Көз көрген» атты алғашқы кітабы 1963 жылы жарияланды. Үздіксіз іздену, өсу үстінде келе жатқан талантты жазушының «Миллионер», «Қарағанды» сияқты бірқатар шығармалары орыс тілі арқылы Одақ көлеміне шыққаны өз алдына, көптеген шетел тілдеріне де аударылды. Қазақ əдебиетін өркендету ісіне қосқан үлесі, сіңірген еңбегі үшін Ғ. Мұстафин Екінші дəрежелі «Отан соғысы», екі рет Еңбек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен наградталды. Ғабиден творчествосын сөз қылғанда есте болатын бір айқын ақиқат бар – ол жазушының ең алғашқы əңгімелерінен бастап соңғы эпикалық кесек те көркем туындыларына дейін бір ғана бағытта, яғни бүгінгі күннің тақырыбына, Советтік Қазақстан өміріне ғана арнап қалам тартып келе жатқандығы. Қазақ аулындағы өмір өзгерістерінен туған тақырыптардың бəр-бəрісі де Ғабиден шығармаларынан өзінің нақты көркем көріністерін тапты. Демек, Ғабиден творчествосын тұтастай алғанда Советтік Қазақстан өмірінің көркемдік тарихы, естелік, ескерткіші, азамат соғысынан кейінгі жылдардан бастап күні кешеге дейін қазақ аулында болған өзгерістердің ұзақ шежіресі деуге болар еді. 1954 жылы Қазақстан жазушыларының III сьезінде «Қазақ-совет прозасы туралы» баяндамасында жазушы Ғ. Мүсірепов Мұстафин творчествосының осы ерекшелігін атап көрсетіп, былай деген болатын: «Ғ. Мұстафин... қазақ-совет прозасынан өзінің тиісті орнын алумен бірге, əдебиетіміздің бетін бүгінгі өмірге бұруымызға да үлкен жетекші болды. Бұл – оның творчестволық биографиясындағы елеулі ерекшелігі. Басқа жаққа ауытқымай, бүгінгі совет шындығын жырлау екінің бірінде кездесе де бермейді. Оның үстіне жазушының іздену талаптары тұтас бір бағытта болғандықтан, табысы да олқы емес. Ғабиден типтерді де, типтік жағдайларды да өзіміздің совет шындығынан алып өсіп келеді». Біздің ойымызша, бұл өте əділ баға. Мұның өзі мəдеиетімізге көптен араласып, жұртшылық аса жоғары бағаланған шығармаларындағы өзіндік сыр-сипаттармен табылған жазушының əдебиет тарихында алатын орнын айқындайтын пікір. Ғабиден, шынында да, советтік өміріміздің шындығын шабыт көзі етіп, туған республикамыздың өмірін өз шығармаларына өзек етіп келе жатқан жазушы. Ол қалам тартқан алғашқы күндерден бастап күні бүгінге дейін тек қана жаңа заманды, социалистік жаңа өмірді, Советтік Қазақстанның тарихи табыстарын өз творчествосына тақырып етіп келеді. Əрине, бүгінгі күннің тақырыбы дегенді дəл қазіргі мезгілмен шектеп, очерктік тар шеңберде түсіну қате болар еді. «Республикамыздың оқушы жұртшылығы мен əдеби сыны Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» атты жаңа романына жақсы баға берді. Ол НЭП тұсындағы қазақ ауылының тұрмысын баяндайды. Жазушы 20-жылдардағы тап тартысын, партия жəне совет қызметкерлерінің ұлттық кадрларының қалыптасу процесін шынайы бейнелейді, қазақ кедейлері жетекшілерінің образын сүйіепеншілікпен суреттейді. Ал сол шығарманы осы заманғы емес деуге бола ма, Ғ. Мұстафинді бүгінгі күннің тақырыбынан аулақтады деп кінəлай аламыз ба? Жоқ, мен ондай пікірді əділетсіздік деп білер едім»,– дейді философия ғылымының докторы Н. Жанділдин өзінің «Соны жолмен» деген мақаласында. Бүгінгі күннің тақырыптарына үн қосу жағынан Ғ. Мұстафиннің, əсіресе «Шығанақ», «Қарағанды», «Миллионер» атты шығармалары қоғамдық жүртшылықтың жоғары бағасына ие болғандығы баршамызға аян. Ақын, драматург Əбділда Тəжібаев «Қазақ əдебиеті» газетінің 1962 жылғы 29 ноябрь күнгі санында жарияланған «Ғабиден туралы сөз» деген мақаласында: «...Ғабиден өмірді суретшідей ғана емес, тарихшыдай зерттейді. Оның шығармасына алатын адамдарында өзіне бейтаныс бір пенде жоқ. Жақсы көрері де, жек көрері де автормен бір

семьяда өскен адамдар сияқты ... Ол əрбір шығармасына алдымен герой етіп өз халқын алады да, халықпен ғасыр қозғалысын негізгі арқау етеді. Содан соң жеке адамдар өмірі мен тағдырлары арқылы жаңағы бас герой болып отырған халықтың дараланған айқын образын жасайды. Біз шығарманың алғашқы беттерінен-ақ эпикалық планда үдере көшкен халық қимылы қайдан, қалай басталғанын көрсек, шығарманың өн бойында сол күштің қайда беттегенін, қайда жеткенін, қалай жеткенін көреміз. Бұл жағынан М. Əуезовтің «Абай жолы» XIX ғасырдағы қазақ халқының тарихи қимылынын дастаны десек, Ғабиден шығармалары Советтік Қазақстанның тарихи қимылының дастаны. Мұстафин романдарының композициялық құрылыстары да осы тұрғыдан танылуға тиіс», – деп жазды. Тұтастай алғанда, Мұстафин творчествосына берілген жоғарыдағыдай бағалар оның тек тақырып таңдаудағы сəтті де ұтымды қадамдарын ғана белгілемейді, сонымен бірге жазушылық шеберлігінің шыңдалып, шығармаларының көркемдік сапасының да анағұрлым артып, марқайғандығын дəлелдейді. * Ғ. Мұстафин шығармаларының негізгі тақырыптарының бірі – өндіріс, индустрия тақырыбы. Біздің елімізде социалистік құрылыс жылдарында жүзеге асырылған жарқын жоспарлардың ішінде елімізді индустрияландыру ісі ерекше болғаны мəлім. ТүркістанСібір темір жолының салынуы, Жезқазған, Қарағанды, Қарсақпай, Лениногор (бұрыңғы Риддер) өндіріс орындарының іске қосылуы, т. б. сол сияқты көптеген өнеркəсіп мəселелерінін күн тəртібіне қойылуы əдебиетке де жаңа леп, тың тақырып əкелді. Бұрын өндіріс, өнеркəсіп мəселелерінен мүлде хабары жоқ қазақ жазушыларына бұл тақырыпты игеріп кету оңай соққан жоқ. Олар революцияның алғашқы жылдары мен жиырмасыншы жылдары ауыл кедейлеріне Совет өкіметі əперген теңдік пен жаңалықтарды, ауылдағы тап тартысын, бай мен кедей арасындағы теңсіздікті, қайшылықтарды жырлап келген болса, енді отызыншы жылдардағы ел өзгерістері олардың алдарына өз такырыбын – өндіріс, жұмысшы табы тақырыбын ұсынды. Қазақ жазушылары тосын тақырыпқа бірден лап қоймай, əуелде тосырқай қарады. Бұл тосырқау тек қазақ жазушыларына ғана емес, бұрын өз өнеркəсібі болмаған бірқатар советтік шығыс елдерінің жазушыларына да хас қасиет, ортақ мінез еді. Əрине бұл олардың өмірдегі жаңалыққа енжар, самарқаулығынан емес, тың тақырыпты игеруге тəжірибе, талғамының аздығынан еді. Ұлт жазушыларына осы бір қиындықтан шығуда қол ұшын беріп, көмекке келген тағы да туысқан орыс əдебиетінің өкілдері орыс совет жазушылары болды. Москва, Ленинградтағы орыс совет жазушылары арнайы жолдамамен шығарып, ұлт республикаларында: Өзбекстанда, Қазақстанда, Түркменстанда т. б. жерлерде салынып жатқан өндіріс ошақтарынан алғашқы очерк-əңгімелері мен репортаждар жазды. 1935 жылы Л.С. Соболев бастаған Ленинград жазушыларының Қазақстанға келіп, шығыс облыстарын аралап қайту сапары осы мақсатпен тікелей байланысты еді. Осы лекте қазақ жазушылары да өндіріс тақырыбына өздерінің алғашқы имене басқан қадамдарын жасады. Осы тұста С. Сейфуллиннің «Жер қазғандары», Ғ. Мұстафиннің «Алыптың кереметтері» атты көлемді очеркі, Ə. Əбішевтің «Завал» атты əңгімелер жинағы, тіпті С. Ерубаевтың «Менің құрдастарым» атты белгілі романы т. б. дүниеге келді. Əрине, заман талабына, елімізде жүзеге асырылып жатқан өндіріс қарқынына ілесу үшін мұндай бірді-екілі шығарманың аздық жасайтыны айтпай-ақ түсінікті. Керек десеңіз, қазақ əдебиетінде қыруар очерк, əңгіме, повесть, роман, поэмалар тудырған осы өндіріс, жұмысшы тақырыбы əлі күнге дейін күн тəртібінен түспей келе жатқан тақырып. Тіпті өндіріс тақырыбына бірқатар туынды жасалды-ау деген 1949 жылдың өзінде белгілі совет жазушысы Б. Горбатов езінің СССР Жазушылар одағының XII пленумында сөйлеген сөзінде: «Қазіргі қазақ романдарының көбі ауыл шаруашылық тақырыбына жазылған шығармалар. Бірақ Совет өкіметі тұсында Қазақстан индустриялы, қуатты республикаға айналды. Сондықтан көмірлі Қарағанды туралы жазылған романдарыңыз қайда? Балқаш, Шымкент туралы романдарыңыз қайда? – деп қазақ достарымнан сұрар едім» деген болатын («Əдебиет жəне искусство» журналы, № 2, 1949, 76 б.). Ендеше, 1940 жылға дейін бұл тақырыпқа қалам тартқан жазушының сирек екенін ескерсек, онда Ғабиден Мұстафиннің «Өмір не өлім» атты алғашқы романының жарық көруі едəуір елеулі мəселе болды. Демек, Ғ. Мұстафин өндіріс, жұмысшы табы тақырыбына алғаш үн қосқан жазушыларымыздың бірі. Əрине, ол елімізді индустрияландыру сияқты қиын да күрделі тақырыпқа кездейсоқ келе қалған жоқ. Бұл тақырыпқа келуге оның оқу жылдарында Спасск заводынан бала кезден бастап көрген-білгендері, кейін есейе келе Қарағанды шахтасында жұмыс істеуі, журналистік, жазушылық қызметімен байланысты көптеген өнеркəсіп

орындарында болып, жұмысшылар өмірімен жете танысуы себепші болды. Осындай өз көзімен көрген жайларының негізінде жазушы 1938 жылы «Керуен» атты əңгімесін, 1938-1940 жылдары «Өмір не өлім» романын, 1944 жылы «Қазақстан» атты көлемді очерк жазды. Ғ. Мұстафиннің тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір не өлім» романы Қарағанды көмір бассейнінің қалпына келтірілу жылдарын, ол жылдардағы тап жауларымен күрес мəселелерін суреттейді. Шығарманың ұнамды геройы Бораш шахта құлап, бір қуыста қалып өлгелі жатқанда өмір мен өлім туралы ұзақ ойға шомады. Жалпы адам осындай мүшкіл халде жатқанда не айтуға тиіс жəне коммунистік идеядағы жаңа адам не айтуға тиіс, қалай өлуге тиіс, өмір мен өлім жайында не ойлауға тиіс? Міне осы мəселелердің төңірегенде жазушы адам жайында, өлім жайында бірқатар философиялық ойлар түйіндейді. Озық идея үшін тіпті өлімнің өзі де оншалықты қорқыныш емес, тек идея өлмеуге тиіс, ол үшін бəрі де құрбан деген қорытындыға келеді Бораш. Демек, шығарма идеясының түп қазығы да осында. Өз тұсында өндіріс тақырыбына жазылған күрделі шығарма ретінде əдебиетіміздің тарихында белгілі бір із қалдыра тұрса да, роман бірқатар кемшіліктерге орын берді. Əрине, ол заңды да. Өйткені бұл прозаның роман сияқты ірі саласына жазушының алғаш рет қалам тартуы еді. Екіншіден, бұл жазушының көркем əдебиеттен 8-9 жыл бойы қол үзіп кетіп барып қайта оралған шағы болатын. Үшіншіден, жұқалтаң білім мен жазу тəжірибесінің тайыздығы да аяққа оралғы, қаламға тосқауыл болды. Əрине, мұндай жағдайда автор шахта өмірін қаншалықты жақсы білгенімен, қысқа жіп күрмеуге келмей, кей сəттерде орынсыз сюжет қызықтап кетіп, əсіресе адамдар арасындағы психологиялық қарым-қатынас мəселелерін суреттеуде көбірек сүріне берді. Романның композициялық тұтастығы сақталмай, негізгі оқиғаға қатысы шамалы, қосалқы, жалған эпизодтар мен қажетсіз штрихтар да орын алды. Республикамызда өнеркəсіпті өркендетуге орыс пролетариатының көрсеткен көмегі мен ағалық ролі айқын көрсетілмеді. Шығарманың тіл көркемдігі де жазушының мүмкіндігінен əлдеқайда төмен тұрды. Өз кезінде жұртшылық атап көрсеткен бұл кемшіліктерден тиісінше қорытынды шығарған Ғ. Мұстафин 1952 жылы өндіріс тақырыбына қайтып оралып, «Қарағанды» романын жазды. Жазушы жаңа шығармасында жоғарыда аталған кемшіліктерді болдырмауға барынша күш салды. «Қарағанды» романының оқиға желісі белгілі дəрежеде «Өмір не елім» атты шығарманы қайталайды. Дəлірек айтқанда, біз жаңа шығармада «Өмір не өлім» атты романда кездесетін кейбір кейіпкерлердің одан ары тірлік, тағдырымен тоғысып, танысқандай боламыз. Бірақ солай бола тұрса да, өзінің көркемдік сапасы, тартыс желісінің құрылу, өрістеу жолдары, характерлердің сомдалуы, партия басшылығының дұрыс суреттелуі, халықтар достығының шынайы бейнеленуі т.б. жақтарынан бұл мүлде тың бітімді жаңа шығарма болып саналады. Мұнда Қарағандының Одақтағы үшінші көмір базасы болып отырған бүгінгі дəрежеге дейін жету жолында кездескен алуан түрлі кедергілер мен қиындықтар өте нанымды суреттеледі. Белгілі революңионер жазушы Сəкен Сейфуллин 1935 жылы Ə. Əбішевтің «Завал» атты əңгімелер жинағына жазған жолашар сөзінде Қарағанды құрылысы сан ықылым қазақ жазушыларының қаламына ілігіп, назарын аударатын мол тақырып екенін атап көрсеткен еді. Қазақ əдебиетінің кейінгі даму барысы, əсіресе Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке», Ə. Əбішевтің «Жас түлектер», Ғ. Слановтың «Жанар тау», Ғ. Мұстафиннің жоғарыда аталған романдары Сəкен сөзінің көрегендігін көрсетті. Шығарманың оқиғасы 30-40 жылдардың арасын, атап айтқанда, соғыстың алдындағы бесжылдықтар кезеңін қамтиды. Қазақстанды индустрияландыруда, өнеркəсіп кадрларын, маман жұмысшылар даярлауда Қарағанды өндіріс орнының алатын орны ерекше. Сондықтан да жазушы Қарағанды көмір кенін қалпына келтіріп, содан соң оны социалистік жолмен қайта кұру, реконструкция жасау ісін суреттеу арқылы бір кездегі аграрлы елдің индустриялы ірі республикаға айналу процесін бейнелейді. Бір ғана өндіріс орнының мысалы арқылы автор Қазақстанда, оның өнеркəсібінде болған алып өзгерісті аңғартады. Романда суреттелетін алуан-алуан оқиғалардың, түрлі-түрлі тартыс салаларының бəрі де басты бір арнаға саяды, атап айтқанда, жазушының алға қойған негізгі творчестволық мақсатына – советтік Қарағанды мен оның жаңа адамдарынын есу, қалыптасу, даму жолдарын көрсетуге кызмет етеді. Мұның өзі өндіріс өмірін суреттеуде жазушы шеберлігінің бұрынғыдан анағұрлым артқандығын аңғартады. Романда көтерілген негізгі мəселенің бірі – еңбекшілердің саналылық сезімдерін тəрбиелеуде қанаудан азат болған социалистік еңбектің атқаратын ролін көрсету мəселесі. Шығарманың мақсаты, идеялық-такырыптық мазмұны да негізінен осы мəселелердің төңірегіне топтастырыла шешіледі. Жазушы 30-жылдардың өмір шындығын, индустрияландыру кезеңінің шынайы талас-тартыстарын кеңінен қамтуға күш салады.

Романның өмір шындығынан алынған тартыс желісінде алуан түрлі адам характері қақтығысқа, қарым-қатынасқа түсіп, көптеген образдар мүсінделеді. Оқиға Қарағандыға Донбасс жұмысшыларының келуінен басталады. Патша өкіметі тұсында ағылшын капиталистерінің (концессионерлерінің) қолында болып, революциядан кейін иесіз, жабылып қалған Қарағанды донбастықтар кслгенде адам айтқысыз ауыр халде еді. Қирап, бүлініп біткен, он екіде бір нұсқасы жоқ ескі шахтаны халыққа қызмет еткізу үшін əуелі қалпына келтіріп алу қажет болады. Қазақстанның өнеркəсібін өркендету ісіне қалтқысыз ағалық көмек көрсету үшін партиялық жолдамамен арнайы аттанған орыс жұмысшы табының алдыңғы қатарлы өкілдері бұл игілікті іске бірден-ақ қызу кірісіп кетеді. Олардың ішінде болашақ трест бастығы Щербаков, механик Козлов, инженер Орлов, слесарь Лапшин, Ковалюк т.б. бар. Талай саяси күрестер мен шаруашылық науқандарын жүзеге асыру күрестерінен сүрінбей өтіп ысылған тəжірибелі Щербаков Қарағандыны қалпына келтіру сияқты үлкен істі ұзақ жылдар бойына иесіз қалған шахта мүліктері мен құрал-саймандарын жинастырудан бастайды. Сонымен қатар ол тарап, бытырап кеткен ескі шахтерлерді шақыру, көрші колхоздардан шарт жасап адамдар жинау арқылы жұмысшылар коллективін құрастыруға кіріседі. Əрине, қолына қайла ұстап көрмеген, мал баққаннан басқа кəсіппен шұғылданбаған ауыл адамдарын, «Өндіріске жұмысшы күші керек екен» деген дақпыртпен келіп жатқан ала шұбар көп жұртты шахта өміріне, жер астының жұмысына көндіктіріп, тұрақтандыру да оңайға түспейді. Ол үшін күнделік тіршілікте кездесетін тұрмыс ауыртпалықтарын жою, жұмысшы қауымының жалпы даму дəрежесін көтеріп, сауаттарын ашу, саяси тəлім-тəрбие жұмыстарын өрістету, сөйтіп оларды социалистік саналылыққа бірте-бірте баулу міндеттерін түпкілікті шешуге тура келеді. Міне осындай ауыр да абыройлы міндеттерді атқару үстінде Щербаковтың ысылған больщевикке тəн табандылық, мейірбандық пен кішіпейілдік т. б. адамгершілік асыл қасиеттері айқындала түседі. Тіпті жеке өз басының үлгі өнегесімен де ол жұмысшылар коллективін творчестволық жасампаз еңбекке жұмылдырады. Щербаков бейнесінен біз партия жұмсаса, қандай қиын майданға болса да, іркілмей баратын орыс пролетариатының бел баласын, халықтың адал ұлының образын көреміз. Шербаковқа осындай үлкен іс үстінде көмекке келіп, жəрдем беретін, жұмыстың ең ауыр участогінде əрдайым тізе қосып бір болатын – парторг Мейрам Омаров. Жоғары оқу орнын бітірген ол шахтадағы партия ұйымының жұмысына өлкелік партия комитетінің жолдамасымен келеді. Тəжірибенің жоқтығынан ол əуелгі кезде мəселе шешуде тайқақтық, батылсыздық та көрсетеді. Міне, осындай жағдайда ол əрқашан өзінен тəжірибесі мол Щербаковтан ақылкеңес сұрайды. Щербаковтың жұмысына парторгтың көмегі қандай қажет болса, Мейрамның характерінің қалыптасуына, партия ұйымы жұмысының дұрыс жолға қойылуына Щербаков та өз көмегін аямайды. Қай адамға болса да ең жақсы мектеп – өмір тəжірибесі. Міне, Мейрам да қарапайым еңбек адамдарымен қарым-қатынас жасау арқылы іс үстінде өседі. Ол өз мінезінде əуелгі кезде байқалған кейбір асыра сілтейтін орынсыз қызбалықтан бірте-бірте арылып, алды-артын ойлап істейтін, жеті рет өлшеп, бір ғана кесетін байсалды, парасатты басшыға, шын мəніндегі партия жетекшісіне айналады. Жазушы өз геройының парторгтан қалалық партия комитетінің секретарына дейінгі өсу жолын соншалықты дəлелді, нанымды етіп суреттейді. Мейрам образы арқылы Ғ. Мұстафин партияның жетекшілік, басшылық əрі тəрбиешілік ролін атап көрсете отырып, партия басшысының образын жасауда жалпы қазақ əдебиетінде бұрынғыдан анағұрлым ілгерілегендік барын танытты. Мейрам образы, сөз жоқ, романның қол жеткен табыстарының бірінен саналады. Шығарманың тағы бір ауыз толтырып айтарлық құндылық жағы – халықтар достығының ұтымды бейнеленуінде. Қарағанды өндірісін жандандыру ісінде көптеген ұлттардың – орыс, украин, қазақ т. б. өкілдері жұмыс істейді. Күнделікті еңбек процесінде қоғамдық мақсат-мүдденің бірлігінен бұлардың арасында мызғымас берік ынтымақ, достық қарым-қатынас қалыптасып нығаяды. Аға халықтың өкілдері Щербаков, Козлов, Ковалюк, Лапшиндер жергілікті жердің ұлттық жұмысшы кадрларын, техникалық интеллигенциясын даярлауда өздерінін бай тəжірибелері мен білімдерін бүкпесіз ортаға сальш, аямай бөліседі. Олар шахтаға жаңа келген Жəнəбіл, Əкім сияқты жастарды, Жұмабай, Боқай, Балжан сияқты ауыл кедейі батрақтарды ғана шахтер өнеріне баулып қоймай, Ермек, Сейтқали, Жұманияз, Байтен сияқты кəнігі ескі жұмысшылардың да революциядан бұрынғы жалдамалы еңбектен бойларына сіңген əлеуметтік кеселдерден құтылуларына көп жəрдемдеседі. Олар ендігі еңбек баяғыдай шахта иелері, ағылшын капиталистеріне емес, өздері үшін, халық үшін, Отан үшін істеліп жатқандығын жақсы сезінеді. Сондықтан да олардың еңбек энтузиазмы, творчестволық белсенділіктері арта береді.

Жұмысшының семьясында туып, жастайынан-ақ революциядан бұрынғы ауыр еңбектің азабын арқалаған Ермек Қарағандының күзетінде қалып, кейін Донбастан келген Щербаковтың қолына шахтаның кілтін тапсырады. Бұл арқылы Ермек тек кілт қана емес, кілтпен бірге Қарағанды өндірісінің ендігі болашағын да сенімді берік қолға өткізіп еді деген идеялық тұжырым аңғартады жазушы. Кəнігі қарт жұмысшы Ермек шахтаға жаңа келген жастар жұмысқа қолбайлау болады да, еңбекақы төмендеп кетеді деген түсініктің шырмауынан көпке дейін шыға алмай жүреді. Бұл пікірден ол Əкім сияқты жастардың еңбек екпінін көріп барып арылады. Сана-сезімі оянып, оқуды сауат ашудан, əліппеден бастаған ол қайлашылар бригадасын кұрып, еңбекте жақсы көрсеткіштерге жетеді. Сөйтіп коллективте зор беделге ие болады да, қарапайым қайлашыдан шахта бастығына дейін көтеріледі. Сол сияқты өндіріске ауылдан келіп, алғашқы қадамның қайланы қалай ұстауды үйренуден бастаған жас жігіт Жəнəбіл жастардың екпінді бригадасын құрып, кейін Донбасс пен Кузбастан техниктік, токарьлық мамандық алып оралады да, Москвада жоғарғы партия мектебінен білім алып, партияның басшылық қызметіне ауысады. Мұның бəрі де қанаудан азат болған социалистік жаңа еңбектің жасампаздық күші, советтік құрылыстың құдіреті еді. «Қарағанды» романының идеялық-тақырыптық ұтқырлығы да, түптеп келгенде, осы күшті нанымды көрсете білуінде. Ғ. Мұстафин «Қарағанды» романында осындай көптеген жаңа адамдардың бейнесін, ұнамды образдардың галереясын жасады. Олардың көпшілігі талас-тартыссыз, күрессіз дамымай, трестің кадр бөлімінің начальнигі Рымбек, қамтамасыз ету бөлімі бастығының орынбасары Жаппар, мемлекет мүлкін шашып, талан-таражға салған Махмет Торсықбаев, шахтер атын жамылған жасырын жау Əлібек сияқты тап дұшпандарының зиянды əрекеттеріне қарсы қажырлы күрес үстінде өсіп нығайды. Дұшпан əрекеттерін көрсетуде жазушы бұрынғы «Өмір не өлім» романындағыдай сюжет қызықтап, қайдағы бір қажетсіз, сенімсіз жайларға ұрынбай, 30 жылдардың тарихи шындық шеңберінде суреттейді. Ғ. Мұстафин өз кейіпкерлерін бірыңғай өндіріс процесі төңірегінде ғана көрсетпей, жеке өмірлеріндегі психологиялық сезім күйлерімен, толғаныс-тебіреністерімен жан-жақты бейнелеуге күш салады. Автордың бұл игі талабы – Мейрам мен Ардақ арасындағы махаббат картиналарынан айқын аңғарылады. Мейрам – партия ұйымының басшысы, ал Ардақ болса, бүркеніш жамылған халық жауы Əлібектің қызы. Осыдан келеді де, бүл екеуінің арасындағы шынайы махаббат бірқатар кедергіге ұшырайды. Бірақ əкесінің дұшпандығына бірте-бірте көзі жеткен саналы жас Ардақ Əлібектен іргесін біржола ажыратып алады да, сүйген жары Мейраммен қосылып, советтік бақытты семья құрады. Қайткенде де халыққа пайда келтіруді арман еткен Ардақ жұмысшылар арасында сауатсыздықты жою курсында сабақ беріп, қоғамға тиімді еңбек етеді. Сөйтіп жазушы романдағы махаббат мəселесіне байланысты туған тартыс жүйесіне де осындай орынды шешім тапқан. «Қарағанды» романы жазушының оқиғасы мол, тынысы терең кең құлашты шығарма жасау талабынан туған көлемді де көркем туынды. Бұл роман қазақ əдебиетіндегі өндіріс тақырыбына арналған шығармалардың алдынғы қатарынан орын алады. * Ғабиден Мұстафин шығармалары негізінен алғанда өндіріс өмірі мен колхозды ауыл өзгерістерін суреттеуге арналған. Жазушының Қазақстанның ауыл өміріндегі өзгерістерді бейнелеп берген үш шығармасы үш түрлі тарихи кезеңді қамтиды. Мəселен, оның қаламы əбден төселіп, таланты кемелденген кезінде жазылған соңғы романдарының бірі – «Дауылдан кейін». Бұл роман Советтік Қазақстан тарихының көркем əдебиетте сирек суреттелген кезеңін – қазақ аулын советтендіру, жана экономикалық саясатты жүзеге асыру, ірі байларды конфискелеу кезеңін қамтиды. Ғ. Мұстафиннің бұл шығармасы еліміздің тарихында «өтпелі дəуір» аталған тарихи кезеңнің ерекшеліктерін суреттейді, оқушыны қазақ ауылдарының шындығымен таныстырады. «Кімді кім жеңеді?» деген ұран көтерілген қысылшаң кезде партияның қалың бұқараны– кедейлерді, орташаларды өз жағына неғұрлым көп тартып, олардың Совет өкіметіне ниеттестігін тудырып қана қоймай, сонымен бірге социализм үшін күреске тəрбиелеу жолында жүргізген қажырлы күресін көз алдыңнан өткізеді. Роман оқиғасы ірі байларды конфискелеумен аяқталады. Ал жазушының 1945 жылы шыққан «Шығанақ» атты романыиың алғашқы тараулары ауыл шаруашылығын коллективтендіру кезеңінен басталатыны мəлім. Байлардың мал-мүлкі конфискеленіп, егіндік, шабындық жерлері бөлінгениен кейін, партиямыз ауыл

шаруашылығын коллективтендіру науқанын жүзеге асыруға кірісті. Ауыл өмірінде жаңа шаруашылық кезеңі басталды. «Шығанақ» романының оқиғасы, міне, осы бір кезеңнің киыншылықтарын суреттеуден басталады. Жазушы қазақ ауылдарында колхоздастыру науқанын жүзеге асыру кезеңінің қым-қуыт қиыншылықтарын, əр алуан қайшылықтарын бір ғана Олжабек оқиғасына қатысты өте ұтымды бейнелеген. Олжабек образынан ғасырлар бойына шаруаның қанына сіңген жеке меншікшіл сананың бірте-бірте қалай өзгергендігін, коллективтік шаруашылықтың артықшылығы мен тəрбиелік ықпалын айқын көреміз. Əуелде колхоздан қашып үй ішімен үдере кешкен Олжабек жолшыбай кездескен сан сəтсіздіктер мен қиыншылықтардан кейін өз бақытын тек колхоздан ғана табады да, Шығанақ аулына байыздап қоныс тебеді. Тап жауларынын қолында кеткен жарын да ол адал еңбек арқылы тауып, еңбек озаттарының слетінде жолығыстырады. Əрине, романның негізгі оқиғасы – Ұлы Отан соғысы жылдары тарыдан мол өнім алып, жүйемелете төрт рет дүниежүзілік рекорд жасаған еңбек озаты Шығанақ Берсиевтің өмірі мен еңбектегі ерлігін баяндауға арналған. «Шығанақта» көшпелі ауыл отырықшы колхозды ауылға айналды. Жеке еңбекті бірлескен еңбек, жеке меншікті бірлескен меншік жеңді. Нағыз байлық, өнер, бақыт – бəрі социализм тұсында жасалатынын көрсетпек болдым... Осы ақылды, еңбекқұмар, ізденгіш, алғыр қарт арқылы халқымның бойындағы асыл қасиеттерін айтып қалуға тырыстым», – дейді жазушы. Бұл атақты диханның ғылым дүниесін таң қалдырған ерлігіне Ғабиден Мұстафиннің романынан кейін немістің прогресшіл ақыны Бертольд Брехт арнайы поэма да жазды. Ғабиден Мұстафин роман оқиғасын негізінен бір ғана планда бас кейіпкердің төңірегіне топтастыра отырып суреттейді. Шығарманың сюжеті де, композициялық құрылымы да, жалпы тартыс желісі де Шығанақ басына байланысты өсіп дамиды. Шығанақ пен Олжабек тағдырын суреттеу арқылы автор Совст өкіметі жылдарында қазақ халқының қолы қаншалықты ірі табыстарға жеткендігін, қарапайым еңбек адамының санасында қаншалықты зор өзгерістер, жаңа қоғамдық қарым-қатынастар туып, қалыптасқандығын, советтік патриотизм идеясын ашып көрсетеді. Əрбір адамның қоғамдық-саяси бет бейнесі мен моральдық сапасы ауыр сынға түскен Ұлы Отан соғысының қиыншылық жылдарында роман кейіпкерлерінің бойына советтік жаңа заман, социалистік тəлім-тəрбие еккен адамгершілік асыл қасиеттер барынша бой көрсетті. Сондықтан да Шығанақ тарыдан бұрын-соңды болып көрмеген мол өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады. Əрине, мол енім өзінен-өзі туа салған жоқ. Ата-бабаларынан бері Ойыл бойын мекендеп, жер сырына əбден қанған қарт дихан өзінің өмір тəжірибесін агротехника ережелерімен, ғылыммен ұштастыра білді. Көкірек көзі жіті, жан сарайы сергек, сезімтал қарт совет заманы тұсында шығырмен қауға тартудан құтылып, егін суғаруға моторлы техниканы пайдаланды. Тары егісі саласында ғылым дүниесінде жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарына құлақ түріп, туған жердің топырағын зерттеуісіне ат салысты, көп ізденіп, көп толғанды. Əрбір үлкен істін, игі бастаманың барысында кездесетін кедергілер Шығанақ жолында да ұшыраспай қалған жоқ. Бірақ ол соның бəрін де совет адамына тəн табандылықпен жеңе білді. Отаншыл үлкен жүрегі бар Шығанақтың адал еңбегі ақталып, зор табысқа қолы жетті, абырой-атаққа ие болды. Жазушы ұнамды кейіпкердің өсу жолын, даму эволюциясын осылайша суреттейді. Шығанақтың қол жеткен табысы сəті түскендіктен бола салған кездейсоқтық емес, ғылым мен бай тəжірибенің бірлігінен туған занды құбылыс. Жазушы романның соңында Шығанақтың ізін қуған Жанбота, Амантай сияқты мирасқорлар, сондай-ақ даңқты диханнан қалған игі дəстүр бар екендігін аңғартады. Шығанақ образы халыққа, Ұлы Отанға адал қызмет етуде сан буын жас ұрпаққа үлгі боларлық, тəрбиелік ықпалы зор образдардың қатарынан орын алады. Романның негізгі идеялық нысанасы да осында. Ал Ғабиденнің алға қойған бұл міндетті жүзеге қалай, қай дəрежеде асыра білгендігін көрсету үшін марқұм М. Əуезовтің мына бір сөздерін еске сала кету артық болмайды: «Ғабиденнің «Шығанақ» атты романы да өзгеше қызықты шығарма. Замандастарымыздың ішіндегі аса көрнекті егіншісі Шығанақ бейнесін жазушы халық бойындағы даналық қасиеттің жаңа сападағы бір үлгісі, өнегелі адам сипаты етіп көтере көрсеткен. Ұлы Отан соғысы жылдарында сусыз сараң сахарада ғажайып мол егін өнім алған еңбек даналығын келісті ғып көрсете білген. Шығанақ бейнесінде еңбек батырлығын танытатын өзі дана, барынша адал бейілді, совет патриоты жақсы сипатталған. Бұл шығарманың өзгеше бір қасиеті роман дағдылы өндіріс жөніндегі шығарма ғана болып қалмай, зор көркем шығарма болып қалыптанған. Себебі мұнда геройдың ішкі-тысқы сан сипаттарын тұтас алып суреттейді. Адамның ішкі сезімдері, ой толғауы, қажырлы арманы халықтық

кең, қызықты мінездер ретінде əдемі үйлесіп, тұтаса қалыптасқан. Бұл кітаптың осындай өзіндік өзгешелік қымбат сымбаты бар». Совет Одағы халықтарының тілдеріне аударылып, жұртшылық сынынан өткен романға жоғарыдағы берілген беделді бағаға алыпқосып, ештеңе айтып жатудың қажеті болмас. Дегенмен, тұтастай алғанда, қоғамдық жұртшылықтың, оқушы қауымның ықылас, ниетіне ие болған романға баспасөз беттерінде бірқатар сындар да айтылды. Соның бірі – романның композициялық құрылымына қатысты. Романның алғашқы тарауларында колхоздастыру кезеңінің қиыншылықтары, атап айтқанда, 1928-30 жылдардың оқиғалары суреттеледі. Олжабек трагедиясына байланысты эпизодпен тынатын осы бір сəттен соң шығарманың екінші жартысының оқиғасы Ойыл өңірін суландыру үшін Шығанақ ұсынған жаңа тəсілді суреттеуден, яғни Ұлы Отан соғысының қарсаңынан басталып кетеді. Арада колхоздың қалыптасу, нығаю кезеңін бейнелейтін он жылдың оқиғасы жазушы назарынан тыс қалады. Мүмкін, автор оның бəрін шығармаға енгізіп, жіпке тізгендей ежіктеп, мүшелеп жатуды мақсат тұтпаған да болар. Бəлки, бүл тіпті жазушының осы романда қолданған творчестволық тəсілі болуы да ықтимал. Бірақ қалай болғанда да жұртшылық байқаған осы үзіліс жақсы шығарманың композициялық желісінің тұтастығына едəуір нұқсан келтіріп тұрғандығы даусыз. Сол сияқты романның белді бір кейіпкері Олжабектің өз семьясын қайта тауып, əйелі Жамалмен қайта табысуының дəлелі де жеткілікті ашылып көрсетілмей, көмескілеу күйде қалғандығын мойындау қажет. Жазушының колхоз өміріне арналған тағы бір көлемді шығармасы – «Миллионер» повесі. Бұл шығарма жоғарыда аталған екі дəуірдегі заман өзгерістерінің қорытындысы, басқаша айтқанда, қазақ аулына советтік социалистік құрылыс не бергендігінің айғағы тəрізді. 1948 жылы жарыққа шыққан жаңа повесінде жазушы ауыл шаруашылығының алдында тұрған жаңа проблемаларды көтеріп, жаңа кезеңдегі колхоз өмірінің көріністерін бейнеледі. «Миллионер» повесі еліміздегі колхоз құрылысының беріктігін, оның түпкілікті жеңісін жариялап қана қойған жоқ, сонымен бірге қоғамдық дамуымыздың жаңа дəуірінде өмірдің өзі алға тартқан жаңа міндеттерді де белгіледі. Шығарманың идеялық-тақырыптық ұтымдылығы да осында. Шығармадағы тартыс белгілі бір кезеңде өз міндетін ойдағыдай атқарып, енді қоғам дамуына кедергі бола бастаған ескі əдіс пен заман талабын қанағаттандыратын жаңа əдістің арасында дамып өрістейді. Жиырма жыл бойы колхоз шаруашылығын басқарып келген, бір кезде сол колхозды өз қолымен құрғандардың бірі Жақып еді. Енді мына жаңа дəуірде заман талабына ілесу оңай емес. Жаңа талап оның бұрынғы беделіне де, сіңірген еңбегіне де қарамай, артель шаруашылығын басқару ісінен ығыстырып барады. Өйткені оның еткен еңбегінің салмағын уақыт безбені, қоғамның даму қарқыны басып отыр. Оның Жомарт жоспарына өз жоспарын қарсы қоюы да осы заман тілегін танымаудан туған жағдай еді. Жақып көпке дейін өзінің «кем өлшеп, кейін тартып» отырғанын аңғармайды. Шаруашылықтың барлық саласын механикаландыру, электрлендіру заманында колхозды сүрлеу болған ескі əдіс, көне тəсілмен басқарамын деу, сөз жоқ, «кем өлшеп, кейін тартқандықтың» белгісі, басқаша айтқанда, көп аспапты оркестрге арналып жазылған симфонияны жалғыз ғана аспаппен ойнаймын деген сияқты əурешілік еді. Сырт қараған кезге оның жоспарында да бəрі бар. Бір кезде артель боламыз деп бас біріктірген шағын ауыл қазір қыруар үлкен шаруашылыққа айналды. Жеке шаруалардың қолынан жинап қосқан азын-аулақ мал қазір мыңғырған байлық болып отыр. Тіпті процентке шаққанда да Жақып жоспарына кінə қоюға болмайтын тəрізді. Осыған көңілі тоқыраған Жақыптың «Енді не керек?» деп ойлауы заңды да. Бірақ Жақып жоспарында бір ғана нəрсе жетіспейді. Ол уақыттың, заманның талабымен санаспайды, өзінің бойы үйренген белгілі межеден аспайды. Сондықтан да оның жоспары колхоз шаруашылығының бар мүмкіндігін сарқа пайдалануды көздеп жасаған Жомарт жоспарына орын береді. Бірақ табиғатында байсалды, ойлы, ақыл иесі Жақып өзін ығыстырып бара жатқан Жомарт, Жанаттар ғана емес, ең алдымен сол жастарды тарих сахнасына ұсынып отырған заман, қоғамдық даму қарқыны екендігін бірте-бірте пайымдай бастайды. Ұзақ уақыт өз ойымен өзі арпалысып келген Жақып өз қателігін мойындап, Жомарт жоспарын орындауға қолғабыс жасайды, сөйтіп, ол шалыс басқан қадамын түзеп, музыкалық құралының құлақ күйін қайта бұрайды да, əлгі аталған оркестрге, коллективтік еңбек симфониясына қайта қосылады, колхоз бастығы Жомартқа орынбасар болуға келісім береді. Романдағы негізгі тартысқа түсетін күрделі образ – Жомарт. Ол жоғары дəрежелі білімі бар, комсомолда, партия қатарында тəрбиеленген батыл да алғыр талантты жас маман, ілгерішіл озық идеяны насихаттаушы.

Жақыптың көзімен қарағанда, Жомартта тəжірибе жетіспейді, бірақ оның есесіне оның бойында табиғи іскерлік, заман тынысын дөп танитын сезімталдық, бастаған ісінің болашағына деген нық сенім жəне табанды қажырлылық мол. Сондықтан да ол Жақыптың сырт қараған кезде мызғымастай боп қалыптасып қалған даңқы мен беделіне қарамастан, оның жоспарына қарсы шығып, өз жоспарын ұсынады. Ұсынып қана қоймайды, жергілікті жəне аудандық партия ұйымдарының батыл қолдауымен жеңіп те шығады. Бұл бастамасында ол ең алдымен советтік тəрбиенің жемісі, жоғары білімді маман, бастауыш партия ұйымының секретары Жанаттан қолдау көріп, сүйеніш табады. Жанат – Жақыптың туған қызы. Бірақ саналы жас Жанат Жақыпқа тек əке деп қарамай, ең алдымен үлкен істің басындағы коммунист, жауапкершілігі мол басшы қызметкер деп қарайды да, қатал талап қояды. Сөйтіп ол туыстықты, жеке бастың мүддесін колхоз мүддесіне, мемлекет, қоғам мүддесіне жеңгізе білген жаңа сапалы совет адамы ретінде бейнеленеді. Повеске пікір айтқан шетелдік жазушы Ральф де Буасье 1950 жылы 20 августа Ғ. Мұстафинге Австралиядан жазған хатында былай деп жазды: «...Сіз аз сөзбен қарапайым жазасыз, өз халқыңызбен тіл тауып дəл сөйлесесіз, сонымен қабат рухани күштің алыбы Жанат сияқты нағыз адамдардың ғажайып характерлерін бересіз. Мен оның кездейсоқ адам емес, өзін қоршаған ортадан шыққан əйел екенін біле тұрсам да, бір қарағанда, апыр-ау, осы шынымен-ақ дəл бүгінгі замандас, тұрғыласым ба деп қайран қаламын». Автор осы хатында Ғабиден романының қарапайымдылығын атап көрсете отырып: «... алайда бұл қарапайымдылық дала гүлінің жұпар хош иісіндей поэзияға толы» – деп бағалады. Көркем əдебиет – өмір шындығының айнасы, өмір материалдарымен тығыз байланысты. Тұрмыста, тіршілікте кездесетін фактілер, материалдар көркем əдебиетіміздегі көптеген ұнамдыұнамсыз образдардың тууына себепші болып жатса, соған орай, шебер жазылған көркем шығарманың өмірге, қоғамға ететін тəрбиелік ықпалы да аз емес. Мəселен, бүкіл еліміздің пионерлері арасында кеңінен өріс алған тимуршылар қозғалысы Аркадий Гайдардың талантты кітабынан кейін басталғандығы белгілі. «Миллионер» повесі 1947-48 жылдары жазылды. Бірақ көтерген проблемалық мəселелері жөнінен оның құндылығы бұрынғыдан арта түспесе, кеміген жоқ. Ол жылдары республикамызда шын мəніндегі миллионер колхоздардың саны да, сондай-ақ Жомарт типтес білімді маман бастықтардың саны да соншалықты көп емес еді. Бұл туралы Ғ. Мұстафиннің өзі: «Жазушының ойынан өмір əлдеқайда кең, шапшаң əрі əдемі. «Шығанақты» бітіріп, жарыққа шығарғанымша ауыл өмірі алға кетіп қалды. «Миллионер» повесінде мен енді өмірдің алдын орамақ болдым... Осылай болады, əдебиет болғанды айтумен тынбайды, болашақты да айта алады, деген маркстік-лениндік қағидаларға сүйендім. Сөйтіп өмірдің алдын орадым деп жүргенде бүгінгі колхоз тағы да менің ойымнан озып кетіпті», – дейді. Кейінгі жылдары Коммунистік партия ауыл шаруашылығын барынша өркендету ісіне айрықша көңіл бөлуде. Кəнігі қарт кадрлардың тəжірибелерін пайдалана отырып, шаруашылықты басқару ісіне техниканы жақсы меңгерген жоғары білімді маман кадрларды, əсіресе жастарды батыл ұсыну күн тəртібіне қойылып отырған кезде Жомарт, Жанат сияқты образдар зор тəрбиелік роль атқарады. Атап өтетін бір жағдай – жазушы бұл повесінде шаруашылық мəселесін жалаң баяндап, бірыңғай кетпей, тартыс үстінде кейіпкерлерінің психологиялық сезім күйлерін, мінез-құлқындағы ерекшелік қасиеттерін, характерлерін даралап, айқындап отырады. Повесте жоғарыда айтылғандардан басқа Алма, Ахмет, Баймахан т. б. кейіпкерлердің өзі де осылайша дараланып, көркем образдың деңгейіне көтеріле көрсетіледі. Ғ. Мұстафиннің «Миллионер» повесі қолда барды қағазға түсіріп, өмірде болғанды ғана баяндаған шығарма емес, колхоз құрылысының келешегіне ұзақ та кең өріс меңзеген, зор болашақ нұсқаған, реалистік суреттерін асқақ романтикалық леппен ұштастыра білген қүнды да көркем туынды. Проблема қою жөнінен «Миллионер» повесі тіпті Одақтық үлкен əдебиетіміздің өзінде ең алғашқы шығармалардың бірі болды. Сондықтан да марқұм А. Фадеев бұл повесті совет əдебиетінің озық шығармаларының қатарына қосты, ал партиямыздың орталық органы «Правда» өзінің 1949 жылғы 17 июньдегі санында «...Жаңалық сезімін бойына сіңіре алған» шығарма деп аса жоғары бағалады. Повесте жазушы көтерген күрделі мəселенің бірі – Ахмет ұстаның образына байланысты еді. Табысы мол еңбек адамы Ахмет ұста жекеменшіктің азабынан құтылып, қоғамдық еңбекке уақытты көбірек үнемдеу үшін, бос уақытта жеке шаруашылыққа əуре болмай, еркін тыныстап, демалу үшін, өз малын колхоз фермаларына бақтырып, ақысын төлеуді, ал керек-жарағын кезінде колхоз қоймасынан алып тұруды ұсынады. Повеске сын айтқан кейбір сын-

шылар бұған тосырқай қарап, «бұл – ауыл шаруашылық артелінің уставында жоқ», «Ахмет бойына лайық емес жасанды қылық», «Идеясы тым жеңіл, қате болып шыққан» деген сияқты пікірде болғаны мəлім. Шындығында, бұл өз кезінде Ахмет сияқты қарапайым еңбек адамының творчестволық ойлауының жемісі, іздену фантазиясы еді. Ал қазірде коммунизмге карай қадам басып отырған шақта əрбір Қарапайым еңбек адамының бұлайша қиялдауы – кісі тосырқай, шүбалана қарайтын күдік болудан қалды. Қазір қоғам мүддесі үшін, оның неғұрлым қорланып, байып, өркендей беруі үшін, біреу емес, мыңдар, миллиондар ойланатын шаққа жетіп отырмыз. Жазушы – өмірдегі барды ғана бадырайтып айтып беруші емес, болатынды да, болуы мүмкінді де творчестволық тұрғыдан болжаушы екенін мойындасақ, Ахмет ұсынған пікірде көркем əдебиеттің заңына сыймайтын немесе ауыл шаруашылық артелінің уставына қиғаш келетіндей көзге басылып тұрған ештеңе көрінбейді. Ахмет əрекетінің артель уставында жоқ тармақ, белгілі дəрежеде қайшылық екенін айта келіп, жазушы Сəбит Мұқанов 1948 жылдың əдебиетіне шолу жасаған мақаласында: «Бірақ залалды қайшылық па осы? Социализмнің мақсаты коммунизмге жету болса, жəне коммунизмнің өзі өзгеден емес, осы социализмнің өзінен туатын болса, жəне, сол коммунизмнің өзі алдыңғы қатардағы колхоздарымызда қазірдің өзінде туа бастаса, осы туа бастаған бүгіні де, ертеңі де айқын жасалған даусыз істі жазушы бүгінгі колхоз уставынан шығыңқырай айтса, меніңше бұл ренжірлік емес, қуанарлық іс. Ғабиден бізді Ахмет образы арқылы осылай қуандырады» – деп жазды. Сондай-ақ, кезінде Ахмет ұсынған жайлардың нышаны республикамыздағы кейбір колхоздардың өмірінде көрініс бере бастағандығын баспасөз беттерінен де оқып отырмыз. Мысалы, қазірдің өзінде қоғамдық тамақтану жүйесіне көшіп, тіпті сүт, ет, овощ сияқты тағамдардың өзіндік құнына бір орталықтан алуды тəжірибеге енгізе бастаған колхоздар бірен-сарандап шыға бастағаны мəлім. Демек, аз ғана уақыттың өзі Ахмет образы арқылы көтерілген мəселенің дұрыстығына, жазушының бұл образ арқылы қайдағы бір іске аспас қиял дүниесін емес, болашағы бар проблемалық мəселені көтергендігіне көз жеткізіп отыр. Демек, бұл шығарманың кемшілігі емес, қайта жазушылық сезімталдықтың айқын белгісі деп тануымыз қажет. Жəне бір ескеретін жағдай, бұл мəселеге Ғабиден төтесінен барғанмен, сол кезде тіпті бүкілодақтық əдебиетте де көтерілген мəселе екен. Жазушы Александр Яшин өзінің Фадеев жөнінде жазған «Бас əріптен» деп аталатын естелігінде былай деп жазады: «Жазушылар клубында болған жиналыстардың бірінде Александр Александрович өзі таяуда ғана болып қайтқан Волга бойындағы бір колхозда үй маңындағы участоктен бас тартуға, жеке меншіктегі барлық сиырды колхоз табынына қосуға шешім қабылданыпты. Өйткені адамдар есептеп көрсе колхозшыларды барлық қажетті ауыл шаруашылық азық-түліктерімен қамтамасыз етуге қоғамдық шаруашылықтың қабілеті жететін көрінеді. Фадеев мұны колхоз өміріндегі үлкен өзгеріс, зор жаңалық, мұның мезгілі жетті деп білді жəне жолдастарды осы туралы жазуға шақырды». Повесте пікір талас туғызған тағы бір мəселе – Жанат, Жомарт, Алма арасындағы ішкі сезім дүниелерінің тартысы. Шынында да, автор оқушы көңіліне күдік келтіретін дүдəмал жайларға орын бергені байқалады. Əсіресе ойламаған жерден Алманың көзінен айрылып қалуы сендірмейді. Бұл орайда «өмірде солай болуы да мүмкін ғой» деген сылтау автордың аздап болса да жасандылыққа ұрынғанын ақтап ала алмайды. Өйткені көркем əдебиетте болуы мүмкін нəрселердің сурсттелуі өмір заңына, өнер заңына лайық логикалық дəлелімен, оқушыны сендірерлік құдірет-күшімен берілуге тиіс. Сол сияқты мүгедек болған Алманың ішкі жан дүниесінің арпалысы да, Жанат, Жомарттардың сезім жетегінде кетпей, тізгінді ақыл тежеуіне берулері де, «Күншуақ» атты күйдің туу тарихы да əлі де болса біраз əрлендіріп, ұштай түсуді керек етеді. Алайда, бұл олқылықтар повестің жалпы көркемдік құндылығын, оның тəрбиелік зор ықпалын жоққа сая алмайды. «Миллионер» повесі ағылшын, неміс, франңуз, испан, поляк, болгар, чех, венгер тілдеріне аударылды. Міне, Ғабиденнің қазақ ауылдарының социалистік Қүрылыс жылдарындағы үш кезеңін сипаттайтын «Дауылдан кейін», «Шығанақ», «Миллионер» атты шығармаларында үңіле қараған көзге көрінетін осындай өзара бір сабақтастық бар. Ол – бірінебірі жалғасып келіп отыратын əр дəуірдің замана шындығы. Демек, осы тұрғыдан алғанда бұл шығармаларды қазақ ауылдарында социализмнің орнығып, нығаю дəуірінің эпикалық трилогиясы деп атауға болар еді.

  • * Көркем əдебиетте халық тарихының талай кезеңдерінен елес беретін елеулі ескерткіштер жасалған екен. Бірақ азамат соғысынан кейінгі халық шаруашылығые қалпына келтіру дəуірінің алғашқы жылдарына, ауылды советтендіру кезеңіне ескерткіш боларлықтай іргелі шығарма, шынында да, некен-саяқ. Бейімбет Майлиннің бірқатар əңгімелері мен бір актілі пьесаларынан, Сəбит Мұқановтың аяқталмаған «Теміртас» романынан соңғы сол бір кезеңге арналған кесек туындылардың бірі – Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романы. Елімізде азамат соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін партия социалистік шаруашылықтың негізін жасау мақсатымен жаңа экономикалық саясат жүргізді. Бұл жаңа саясат барлық өкімет билігінің тізгінін еңбекшілердің, пролетариаттың қолында сақтай отырып, капиталистік элементтер мен жеке саудаға да едəуір еркіндік берді. Саяси жеңіске жеткен социализмнің капитализмді енді экономикалық жағынан да жеңіп, жеке сауданы мемлекеттік сауда ығыстырып шығуын қамтамасыз етуге жағдай жасаған партияның жаңа саясаты қазақ аулында да кеше революция тұсында тұншығып қалған байлардың уақытша бас көтеріп, бой жазуына мүмкіндік туғызды. Бұл кез – тап тартысы тынбаған, қайта ашық та құпия, қанды-қансыз – əр түрлі формада қызу жүріп жатқан шақ еді. Ендеше, шындығына келгенде, əңгіме «Дауылдан кейінгі» тыныштық жайында емес, нағыз сұрапыл дауылдың өзі жайында болып отыр. Міне, Ғ. Мұстафиннің бұл романы қазақ аулындағы сол бір өтпелі дəуірдің осындай ерекшеліктерін суреттейді. Жазушы өз оқушысын сонау өткен күндердің тынысын айқын танытарлықтай қым-қуыт оқиғаларға ертіп кіріп, заман сырына əбден қанықтырады. Уақытша есін жиған байлардың Совет өкіметіне қарсы сонау алыс жылдарда жасаған ашық та жабық қастандық əрекеттерін бүгінгі жас ұрпаққа баяндап береді. Жазушының бас кейіпкері де – сол бір тарихи кезеңнің айқын шындығы десе болғандай. Күні кеше – азамат соғысы жылдарындағы соғыс коммунизмі саясатының кезінде армияға 15 ат, айғырын сауырынан басып алып кеткен Қалқаға бір ауыз сөз айта алмаған Шəкен мырза мына жаңа экономикалық саясаттың тұсында төрт-бес жылдан бері тығулы жатқан ақ үйін қайта көтерді. Бұл тұста ол «ақтар қашып, қызылдар қуған» сонау бір өткен дүрбелең жылдарды шошына еске ала отырып, «заман бірте-бірте түзеліп келеді» деп үміттенуде. Ата-бабасының қолынан болыстық кетпеген Малқар сол биліктен тек революция жеңген жылдарда ғана айрылып қалған болса, мына жаңа саясаттың кезінде оның да өлгені тіріліп, өшкені жанып отыр. Болыстың мөрін жан біткеннен жасырып, тіпті секретарьдың қолына беруге қимай, кең қамзолының қойын қалтасына қымтай да қызғана тығып жатқан «жалпақ боз бие сияқты» семіз Балқия – Малқар болыстың бəйбішесі. Белгілі бір кезеңде бөлең алған бұл сияқты ауыл жуандарының арқа сүйер қолдаушылары да жоқ емес. Олар – коммунистік атақты жамылып, советтің уездік басқару орындарына кіріп алған Ермекбай, Теміржан сияқты байшыл оқығандар, қазақ еңбекшілерін ғасырлар бойы құрсауынан босатпай келген қараңғылық пен надандық тағы бар. Октябрь революциясы қазақ кедейінің қолына билік əперіп, ауыл өміріне алуан түрлі жаңалық енгізді. Бірақ ел басқару ісінде бұрынсоңды тəжірибесі, дəстүрі жоқ қазақ кедейіне бүл жаңалықтарды тосырқамай, бірден игеріп əкету оңайға түскен жоқ. Көзі ашық, оқыған азамат деп, Мақаш бидің баласы Сайлаубекті болыстық ревкомның председателі етіп сайлап еді, «көн құрысып, қалпына тартты да», ол əке жолына түсті, халықпен істесе алмады. Ата-бабасынан бері қарай мал бітпеген тақыр кедей Шалабайдың қолына аз күн биліктің тізгіні тигенде, ол қонаққа да винтовкасын ала барып: «Əуелі сен же, қара құдай. Саған берілген ас. Маған берсе, баяғыдан бері қайда жүрген»,– деп, мылтығын табаққа сұғатын солақайлық, асыра сілтеушілік мінездеріне бола таяқ жеді де, ақыры ІІІəкен сияқты байлардың азғыруымен кісі өлтіріп, қашқындық жолға түсті. Неге? Бұл жолға оны не нəрсе итермеледі? Əрине, заман. Шалабайлар табиғатында бұзық туған адам емес, белгілі бір дəуірде айналада болып жатқан қым-қуыт əлеуметтік төңкерістердің айдынында адасып, малтығып, жолын тауып жағаға жете алмай, шымырлап жатқан шыңырауға батып кеткендердің бірі. Кейін оқ тиіп ауыр жараланып, қолға түсіп, əл үстінде жатып болыстық милицияның начальнигі Аманға жауап беріп отырған Шалабайдың сөздері осыны дəлелдейді. «Дүние шіркін қашаннан да күштінікі ғой. Əділет, теңдік, құдай жолы, халық жолы дегендердің бəрі жай сөз. Əлі келсе, əлімжеттік істемеген адамды көргем де, естігем де жоқ. Сондықтан мен де біраз қиғылықты салдым. Əрине, біреу дөрекі, біреу сыпайы, біреу ашық, біреу жабық істейді. Менікі – дөрекісі, ашығы болар.

Айырмасы тек осы ғана. Білем, жұрт көзінде мен – құтырған қасқыр. Құтырсам, қорлықтан құтырған болармын. Жыртық үйде, жабағы жөргекте өстім. Қарным ашып тамақ сұрағанда кедейлікке кейіп шешем зекіді. Тезегін теріп, бұзауын бақсам да, бай зекіді. Тұщы етіме ащы таяқтар, жас жаныма шаншу сөздер беріш болып байланды. Ауылда жарымаған соң қалаға тарттым. Қайда барсам да қорлықтан, жоқшылықтан құтыла алмай қойдым. Сөйтіп зығырданым қайнап жүргенде «құтқарам» деп Совет үкіметі келді. Қолыма қару, астыма ат берді. Мен алдымен жұрттан кек алуға кірістім. Ашқан қарнымды тойғызып, үстімнен ескі шоқпытымды тастадым. Осыдан басқа түк жазам жоқ. Совет соңыма түсті. Ақыры міне ұстады», – дейді ол. Ағынан жарылған əділ сөздер. Жолын таппай, адамшылықтан шығып кеткен, бірақ қандай қайратты, өжет адам! Тағы бір тақыр кедей Əдхам болыстық ревкомға бастық болысымен, партия саясатына түсінбей, байларға қырғидай тиіп, олардан қорқытып, пара алып, мал жинай бастады да, Шəкендей қалталы байдың тізесіне шыдамай, түрмеге түсті. Азулымен алысам деп сауырын алдырған əпербақан Əдхам қазір үйірге қосыла алмай, саяқ шығып, елден сырғақсып кеткен жайы бар. Бұл кезде ол қайтадан қой жаюға арланады, қызмет колдан келмейді, оқуға жасы өтіңкіреп кеткен, сондықтан да қолына билік тиген сонау бір күндерін, бүкіл өмірінің ең бір есте қаларлық жарқын шағы ретінде «мен атқа мінген кезде» деп еске алуды ғана ермек етіп қалған. Сол сияқты ауылнай боп жүрген Байбол да кедей атаның баласы. Бірақ ол да соңғы кезде байлардың шылауына ілесіп, кедей ауылдарға əкіреңдей бастайды. Өз үйінің маңдайшасына кеңсе деп қызыл жалау байлатып жүрген Байболдың жайы да алдыңғылардан асып жүрген жоқ. Оның бар кеңсесі мойнына таққан жалғыз киіз сумкасы мен тұтқасынан сыдырылып қалған резинка мөр. Ол мөрдің де билігі Шəкен мырзаның қолында. Шəкенге қанша қажет болса да, Байбол ақ қағазға мөрін сонша басып бере береді. Байлар жапқан өтірік жаланы куəландырған осы мөр Қасен сияқты көзі ашық, оң мен солын танитын, еті тірі кедей жігітті абақтыға да түсіреді. Міне, есін жиған зорлықшылар бұл сияқты заңсыздықтың бəрін заң жолымен, совет қызметкерлерінің қолымен жасайды да, өздері қалтарыста қаға беріс көрінбей қалады. Айлалы əккі дұшпан таптық санасы оянған адал еңбекшілерді арандатып, орға жығады. Оқуға көбінесе бай балалары алынады. Мүның бəрінің себебі, құпия сыры неде екендігі ауыл кедейінің санасына əлі де толық жете қоймаған. Түсіне қалған күннің өзінде де олар байларға қарсы алысу, күресу керек деген пікірге бара бермейді. Қазақ кедейінің сол кезде ауылға, тұрмысқа енген жаңалықтар жайындағы түсінік дəрежесін аңғартатын бір ғана мысал келтірейік. Шəкен мырза желісінің басында екі малай – Тоқабай мен Таймас бие сауып жүріп əңгімелеседі: «Тоқа, сіз білесіз ғой, айтыңызшы: болыс күшті ме осы, болком күшті ме? – Болкомның қолында не бар, болыс күшті де. – Болыс пен милицияның қайсысы күшті? – Болыс тұтқындай алмайды, милиция тұтқындайды. – Сот күшті ме, милиция күшті ме? – Сот бəрінің енесін ұрып жібереді». Осы шағын диалогта қаншама терең сыр, қаншама заман шындығы жатыр. Тоқабай неліктен кедейлердің сөзі өтпейтіндігін, байлардың құрығы неліктен ұзын екендігін де бірсыдырғы дұрыс түсінеді. «Ақшадан мықты жоқ. «Құрысын буржуй!» – деп ақыра келген советтің өзі жуасып қалды. Ауылға көзін аларта уəкіл келеді, ақ үйден аттанарда жымия күледі. Бəрі ақшаның күші...», – дейді ол. Бірақ соны түсіне тұра, ол қасындағы жас жалшыға: «Балталымен алыссаң да, қалталымен алыса көрме»,– деп кеңес береді. Өйткені бұл оның санасына сұм заманда еңсесін басқан ауыр тұрмыстың зардабы сіңірген, өмірден алған философиясы. Ал байлар болса, өз зұлымдықтарын өткізу үшін, кедейдің соңына екінші кедейді салып қойып, үстінен арыз бергізіп, арам пиғылдарын азғындық жолмен жүзеге асырады. Қазақстан тарихындағы белгілі бір кезеңнің Ғ. Мұстафин суреттеген шындығы, міне, дəл осындай. Жазушы баяндап отырған бұл жайлардың бəрі де оқушы жанмен сезінерліктей, көкейге қонымды, айқын бояулы суреттер. Кітапты оқып шығып, соңғы бетін жапқанда, оқушы «қандай аласапыран күндерді, қандай ауыр қиыншылықтарды, қилы-қилы замандарды бастан кешіргенбіз» деген сауалға соқпай өте алмайды. Алуан түрлі əлеуметтік топтың бет бейнесін айқындайтын толып жатқан типтік образдардың іс-əрекеті, мінез-құлқы арқылы бұл сұрақтың жауабы да табылады. Бір ғана Қазанқап жалшының өзі көптеген жайларды аңғартады. Ол – Шəкен мырзаның есігінде жүрген малайлардың бастығы. Қазанқап Шəкен үйінің отынымен кіріп, күлімен шығады, айтқанын

екі етпейді жəне барлық жалшыдан осыны талап етеді. Пішен басында шабындық жеріне өтіп кеткен Жақыптан қорғанып сілтеген Əлжанның шалғысы Шəкеннің бір атының аяғын кесіп кеткенде, Қазанқап Əлжан сияқты кедейді бір қойып ұшырып түсіреді. Əлжанға бұл істі байдың өзі кешірсе де, малайы кешірмейді, «айып тартпай, ат төлемей кетті»,– деп, бір жыл бойы іштей наразы болып жүреді. Отарда мал баққан жылқышылардың қасында байдың малын қарадай қызғанып, «қасқыр тартқан соң сойдық»,– деген жылқышы сөзіне сенбей, керулі тұрған жабағы терісінің тіс жыртқан жерін көзімен іздеп отырған да осы Қазанқап. Мырзаның соғымға соятын малын алып келе жатып, қақап тұрған боранда адасып жүріп, құдыққа құлап мертігіп, иен далада қалғанда да, ол өз басынан бұрын бай малының амандығын тілеп, əуелі соны құтқарады. Басы қамауға, мал-мүлкі талауға түскен, жері конфискеленіп, өзі жер аударуға кесілген соңғы сағатта да Шəкен қасында қалатын осы Қазанқап. Ол тіпті Шəкенмен бірге қоныс аударып, ере кетуге дейін барып, жүруге қам жасайды. Ғасырлар бойы үстемдік еткен феодалдық-патриархалдық идеология сан кедейдің көкірек көзін байлап, таптық санасын тұншықтырып, оның орнына рушылдық сезімдерін ұштап, сол арқылы «ағайын арасындағы араздығын» болдырмай келгендігінің бір əдемі мысалы осы Қазанқап басынан көрінеді. Оның барлық жалшыға айтар ақылы біреу ғана: Байдың «ала жібін аттама, суын сүт қыл, жаныңды аяма!» Міне, осы Қазанқаптың мінездемесін жазушы былайша береді: «Жалда жүрсе де, дəл қазір оннан аса ірі мал тұяғы бар, шетінен ұрғашы, бірін жұмсамайды. Жыл айналғанда олар балалап, екі есеге жақын көбейеді. Сөйте-сөйте төрт-бес жылдың ішінде-ақ мал саны жүзге жетіп қалады. Əттең, лажы табылмайды, егер табылса, Қазанқап сонын өзінде ол малды ішіп-жеместен, Шəкеннің есігінде жүре берер еді». Қандай көзсіз берілгендік!.. «Адамда Қазекеңнен, айуанда қара төбеттен артық берілген бар ма екен мырзаға» деп романда Таймас жалшы тегін айтпаған. Шынында да осындай берілгендігі, адал еңбегі үшін Шəкен мырза Қазанқапты өзге жалшылардан артық ұстайды. Қулығына құрық бойламайтын арамза мырзаның «Қаке, өзіңіз білесіз», – деп көпшік қоя сөйлеген сөздері Қазанқапты елірте-елірте осындай фанатикалық халге душар етіп, байдың малын қызғыштай қорыған итаршылық қалыпқа түсірген. Міне, дəл осы Қазанқап сияқты кедейлердің санасына совет саясатын, социалистік идеяны сіңіру, романдағы коммунист Жұмабек айтқандай, төбесін тесіп құюмен бірдей. Біреу емес, бірнеше қазанқаптардың жаңа өкіметке ниеттестігін туғызып, оларды күрес идеясына бүру үшін, Коммунистік партиямызға қаншалық табанды күрес жүргізуге, қаншалықты қиындықтарды жеңе білуге тура келгендігін тек осы образдың өзінен-ақ аңғаруға болады. Асылында, Қазанқап – жазушының терең толғанып, əбден мүсіндеп, сəтті жасаған кесек те күрделі образдарының бірі. Бұл образ – жазушының үлкен табысы. Оның іс-əрекеті, мінез-құлқы, бүкіл тұлға-тұрпаты – бəрі де өнеркəсіпті капиталистік елдерде кездесетін, пролетариаттың қалың бұқарасынан оқшау тұратын, үстем таптың еңбекшілерге буржуазиялық идеологияны таратуы үшін ықпал жасауға қажетті қолжаулығы болып табылатын, революциялық іске кесірін тигізетін «жұмысшы аристократиясы» деп аталған əлеуметтік топтың мал баққан қазақ аулына тəн көрінісін көзге елестетеді. Жазушы ауыл өміріне революция дабылымен кірген өзгерістердің, əр алуан əлеуметтік топтар арасындағы арпалысқан əбігершіліктің жалпы панорамасын осылайша дəл де көркем бейнелейді. Романда көтерілген басты мəселенің бірі – партиямыздың орта шаруаларды Совет өкіметі жағына тарту жолында жүргізген күресі мен тəрбие жұмыстары. Романда бұл істі жүзеге асырушы партия қызметкерлері Жұмабек пен Алексей Федорович образдары да едəуір сəтті шыққан. Олардың Аман сияқты революциядан жырақ жүрген орта шаруа өкілін советтік идеяға бұру жөніндегі іс-əрекеттері де нанымды. Шығармадағы өзекті оқиғанын басынан аяғына дейін қатысып, тартысқа түсетін бас кейіпкер Аман – орта шаруаның өкілі. Жазушы бұл кейіпкермен оқушыны романның алғашқы беттерінде-ақ таныстырып өтеді. Астына жүйрік ат мініп, қасына қос тазы ерткен, жасы жиырмадан көп ұзамаған ақсары жігіттің бар ермегі əзірге саятшылық. Ол əлі қоғамдық өмірге араласып, тартысқа, топқа түскен жоқ. Бірақ оның сырты қайшылықты жайбарақат көрінгенімен, болып жатқан өзгерістерді өзінше пайымдай, көп жайлардың мəн-мағынасын өзінше топшылап, арнайы қояр сауалдары да бар. Өмірде өз жолын əлі белгілемеген жас жігіттің ішкі ойлары да соншалықты мазасыз. Осындай ойларды арқалай жүріп, əлеумет өмірінен алшақтап, сырт қалған Аманды заман ағымы тартысқа түсірмей қоймайды. Əлдінің

əлсізге жасаған зорлығын көре тұрып, жетесінде оты бар талапты жас бой тасалап қала алмай, күреске өзінен өзі келіп килігеді. Жұрт көзіне бұйығы, мондыбастау көрінетін, əлі ашылмаған бала жігіт болыстың шабарманы Шөгелді шаршы топтың алдында аттан жұлып алып, жанашыр жақын нағашысы Сыздықтың жалғыз атын арашалап қалады. Бұл – Аманның алғаш рет зорлықка ашықтан-ашық жасаған қарсылығы, əлеуметтік тартысқа кірісуі еді. Осы жолы ол тіпті шабарманына ара түскен Малқар болыстың өзінің «жағасын жыртуға да» əзір екендігін əкімдердің алдында тайсалмай айтып шығады. Осыдан бастап соңына шырақ алып түскен ел жуандарының қудалауына душар болған Аман, өз болашағы коммунистермен бірге екендігіне əбден көзі жетеді де, ауылда жастардың ячейкасын құрып, көп кешікпей Ақмолаға совет қызметкерлерін дайындайтын курсқа оқуға кетеді. Сонда жүргенде ол облыстық комитеттің мүшелігіне сырттан сайланады да, кейін болыстық милиция бөлімінің начальнигі болып елге оралады. Осыдан бастап оның ендігі өмірі үлкен əлеуметтік оқиғалардың аясында, күрес-тартыстың ортасында өтеді. Бірде кедейдің байға кеткен есесін əперуге тура келсе, енді бірде жер дауын немесе жесір дауын шешуге тура келеді. Малға сатылып еріксіз кеткен əйел, барымтаға аяқ артар көлігі немесе бала-шағаға сүт болып отырған жалғыз сиыры кеткен кедей-кепшіктер – бəрі де Аманды паналап, ақыл сұрайтын болады. Осындай күрес күндерінде оның бұғанасы бекіп, ойы да, бойы да биіктей түседі. Кейін ол уезд бастығы болып тағайындалады. Айналада болып жатқан өзгерістердің бəріне де Аман нағыз коммунистік тұрғыдан əділ баға береді. Кезінде республикалық мекемелердің бірін басқарған, ұлтшылдық ниеті бар кертартпа Жандосты да ол талас үстінде дəлелін асырып сөзбен жеңеді. Қазақ халқы үшін жайлауға шығудан, көпшелі өмірден артық рахат жоқ деген Жандосқа ол: «Мен жайлауға қарсы емеспін, жайлаушылдыққа қарсымын... Бай, тіпті, орташа мал жая келсін. Ал кедейлер соларға көз сүзуден басқа не бітіреді? Менімше, қазақтың көшімпаздығы көшқұмарлықтан емес, лажсыздықтан... Енді тек отырықшы болса ғана жариды... Қайта көшпелі елдің күні оларға күнде түседі. Қойын бір қағаз шайға, атын бір қапшық астыққа сатып, жайлаушыл қазақ не оңады? Ел деген атымыз бар. Елдік мұрамыз бар ма?! Бабаларымыз іс қалдырмай, сөз қалдырыпты. Оның өзі жиюсыз, шашылып жатыр. Ұшан-теңіз жерге иеміз. Оның да тек түгін сорып, суын ғана ішеміз. Ішін ақтарып, шырынын əлі ала алмадық. Осының бəрін менен артық біле тұра отырықшы өмірден қашақтауыңызға қайранмын», – дейді. Орынды да, дəлелді де пікір, ойы өскен парасатты ақылгөй адамнан шығатын сөз. Осыдан кейін Аманның өзімен бірге оқып шыққан Əлжан, Нұрғали, Қасендерге, Таймас, Тоқабайларға саяси сауаты жағынан ұстаздық құра бастауы да заңды боп көрінеді. Романға осы Аман образына байланысты кейбір сын пікірлер де айтылды. Олардың кейбіреулері, бас кейіпкер Аман образы шықпаған, одан гөрі революцияның жаулары, ұнамсыз кейіпкер Шəкен мен Малқар болыстың образдары əлдеқайда күшті шыққан, ал олар өздерінің əлеуметтік бет-бейнесі, бағыт-бағдары жағынан өзінен өзі табиғи түрде бас кейіпкер бола алмайды дегенге саяды. Бұл пікірдің белгілі дəрежеде шындығы да жоқ емес. Бірақ бір нəрсені ескеру қажет. Ең алдымен, Аман – «қойын құрттап, айранын ұрттап» қана, саяси күрес, əлеуметтік тартыс дегеннен бойын аулақ салып, бұйығы өскен орта шаруаның өкілі. Ол өз басына күштілер мен тістілердің таяғы тигенге дейін мүлде битарап күйде жүреді. Бірақ заман ағымы оны еріксіз əкеп күреске қосады. Демек, мұндай жағдайда Аманның ел ісіне араласа кеткен бойда Шəкен, Малқаралардың деңгейінен табыла қоймауы табиғи нəрсе. Бұл алуандас сын бір кезде М. Əуезовтің «Абай жолы» атты төрт томдық эпопеясының алғашқы кітабындағы Абай асына да, сондай-ақ Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы Бұланбай, Сүгірəлі сияқты жұмысшылардың образдарына да айтылған болатын. Демек, эпопеяның алғашқы кітабында əлеуметтік өмірге енді ғана араласқан Абай еңсесінің Құнанбай шоқтығынан анағұрлым аласа тұруы, сондай-ақ өндіріс өмірінің босағасын жаңа аттаған Бұланбай, Сүгірəлілердің Игілік, Ушаковтардан төмен тұруы заңды құбылыс. «Абай жолы» қазақ өмірінің жарты ғасырлық тарихын бейнелеген төрт томдық эпопея болса, «Оянған өлке» – жазушының жоспары бойынша ұзақ уақытты қамтитын трилогияның I кітабы. Бұл шығармалар көп планды, құлашы кең романдар болғандықтан, олардың алғашқы кітаптарында бас кейіпкердің солай көрініп, бірте-бірте кемелденуі, сатылап өсуі шындық шеңберіне сыйымды. Ал «Дауылдан кейін» романында жағдай басқаша. Бұл шығарманың қамтитын уақыты белгілі бір жылдардың шағын шеңбері ғана. Демек бас кейіпкер Аманның романның аяғында бірден шоқтығы биік саяси күрескер боп шыға келуі, уезд бастығы боп сайлануы шүбə тудырады. Əлеуметтік аренаға оң мен солын ажыратпай, бұйығы шыққан Аманды аз уақыт ішінде қауырт өсіріп, саяси жетекшілік дəрежеге көтере көрсету арқылы

жазушы бас кейіпкердің өсу жолына, характердің қалыптасу эволюциясына ептеп қиянат жасағандығы аңғарылады. Аман образын жасаудағы бұл олқылық, түптеп келгенде шығарманың композициялық құрылымындағы жалпы кемшілікпен тікелей байланысты, сабақтасып жатыр. Əрбір эпикалық шығарманың композициясы, архитектоникалық кұрылысы оқиғаның есіп-өрбуі, дамуы, шиеленісуі, лирикалық шегіністер, оқиғаның шарықтау шегі яғни кульминациялық нүктесі, оқиғаның шешілуі деген сияқты құрамды элементтерден тұратыны мəлім. Дұрыс орналасып, дұрыс өрбіген жағдайда шығарма оқиғасы да композицияның осы заңына лайық табиғи дамып, табиғи шешілуге тиіс. Атылған зеңбірек оғының барып түсетін ең соңғы мүмкіндік нүктесіне дейін жасайтын траекториясының заңдылығы қандай болса, шартты түрде алып салыстырғанда, шығарма оқиғасының туу, даму, есу, шешілу заңдылығы да дəл сондай болуға тиіс. Міне, осы тұрғыдан қарағанда «Дауылдан кейін» романында елеулі бір кемшілік бар. Шығарманың алғашқы жартысы көп планды, көп томды романға лайық толып жатқан мəселелерді қамтып, құлашын кең жая басталады. Бірақ сол сала-сала оқиғалар мен əр алуан əлеуметтік мəселелерді даралауға келгенде жазушы олардың əрқайсысын жүйе-жүйесімен өрбітіп алып кете алмай, келтелеу қайырып, оқиғаның шешіліс шеңберін шамадан тыс қысып, қусырып жібергенге ұқсайды. Міне, шығарманың композициялық құрылымында осындай табиғилық бұзылуына байланысты бас кейіпкер образының жасалуына да белгілі дəрежеде жасандылық элементі еніп, бір қараған көзге характердің даму эволюциясының дəйектілігін əлсіретіп тұр. Шығарманың архитектоникалық желісін құруда, сондай-ақ оқиғаның өрбіп, даму барысында бас кейіпкердің характерін жасау мəселесіндегі осы алуандас олқылық жазушының бұдан бұрын «Миллионер» повесі мен «Шығанақ» романында да байқалған еді. Мəселен, «Миллионер» повесінде Жомарт жоспары қабылданғанға дейін оқушы назарын ешқайда аудармай шегелеп ұстап келген шиеленіскен тартыс жүйесі енді сол жоспарды жүзеге асыруға бет алған бойда босаңсып сала береді, тіпті енді кедергі, қиындық дегендерге соқпай өтеді десе де болады. Осыдан барып Жомарт образы да асығыс өседі. Сол сияқты «Шығанақ» романында да колхоз кұрылысының нығаю, даму процесін көрсететін тұтас бір кезеңді аттап өткендік бары байқалады. Əрине, бұлардың бəрі де шығарманың көркемдік диапазонын едəуір тарылтып тұр. Олай болса, бұл алуандас олқылық жазушының творчестволық іздену жолындағы, шеберлік шыңына шығу сапарындағы алар биігі, жаңа бір қамалы ретінде ерекше есте тұруға тиіс. Осы орайда айта кететін тағы бір жай – жазушы өз кейіпкерінің əлеуметтік іс-əрекетіне көбірек үңілген де, оның жеке өз басының өміріне, кəдімгі қарапайым пендешілік тірлігіне аз тоқталған тəрізді. Сондықтан да болар, ол тым ұстамды, тым ақылгөй сияқты. Асылында ұнамды геройдың «мінсіз» герой болуы көркемөнер үшін заң емес екенін ескеру қажет. Бүлдірген теруге оңаша бірге барған Шəкеннің сұлу тоқалы Шолпанға ол «күйеуге неге ерте шықтыңыз?» дегеннен басқа ештеңе айтпайды; ашықтан ашық көңіл білдіріп, өз басының мұңын шағып отырған сұлу келіншек Ақтамақтың үйінде оңаша алшақ жатып, оған жеркене қарайды; сондай-ақ Қалабайдың қызы Сəуле де Аманның осы бір «ұстамдылығының» кесірінен тіпті көңілінде жоқ Таймасқа желнесібе болады. Міне, осы жағдайлардың бəрі Аманды оқушының көзіне басынан бұрын көкселендіріп көрсететін сияқты. Рас кейін ол Шолпанмен бір рет көңіл қосқан көрінеді. Бірақ ол жағдайды оқушы Аман мен Таймастың əңгімесінен жол-жөнекей ғана біледі. Артынан Азат атты қызы бар Шолпанды ғана көреміз. Айлы түнде Қазанқаптың қолына түсіп қалатын сəттен басқа бұл екеуінің кездесуі жайында бояулы, сырлы сурет берілмейді. Егер жазушы өз кейіпкерінің əлеуметтік күресін, қоғамдық өмірін соншалықты кең алып көрсетумен қатар, оның жеке интеллектуалдық өміріне де ойдағыдай орын беріп, ерекше назар аударған болса, онда ол жағдай оқиғаны да қоюлатып, тіпті қаһарманның ішкі жан дүниесін де əрлендіре, көріктендіре түсер еді. Екінші бір мəселе – Аман елге оралған бойда милиция қызметінде жүргенде, ешқандай сот шақырмай-ақ, біреудің малын қайтарып, біреудің əйелін ажыратып сүйгеніне қосып, енді біреулерді табан аузында абақтыға қамап жатады. Кейде теориялық таластар да болмай қалмайды. Кейін Қызыл Отау келгенде, мұндай мəселелер заңды түрде сот мəжілісінде шешіледі. Белгілі бір дəуірдің шындығында, аласапыран уақытта қолма-қол милициялық көмектің керек болғаны да рас шығар. Дегенмен, ұнамды кейіпкеріміз партия, совет, заң орындсрының ісіне орынсыз араласып, заңсыздық жасап жүрген жоқ па деген де күдік туады. Мүмкін, Аманды барынша даралап көрсеткендіктен де болар, романдағы Алексей Федорович, Ералин сияқты коммунистердің

образдары əлі де мүсіндеп, іс-əрекеттерін күшейтіңкіреп, характерлерін аша түсуді тілейді. Қайткенде де бұл бейнелер жаңа өмірге кеше ғана өздері баулып қосқан Аман образымен үзенгі таластырып, иық тіресе алмай, олқы соғып жатыр. Алайда, осындай кедергі-кемшін жайларына қарамастан, Аман образы – шығарманың басты образы жəне М. Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясындағы Григорий Мелехов сияқты, қазақ аулында орта шаруа аталатын белгілі бір əлеуметтік топтың советтік идеяға, революциялық күрес идеясына келу жолын бейнелейтін типтік образ. Автордың жазушылық өнерін мол жұмсап, бояу нақышын сəнімен жасап шыққан мүсіндерінің бірі – Шəкен мырза. Ол – əдетте жағымсыз кейіпкерлер аталатын Малқар, Шөгел, Мақыш би, Жылпос Жақып сияқтылардың ішіндегі ең кесек, ең күрделі тұлға. Оқушы бурыл тартқан тығыз қаба сақалын тұжыра қырқып, дəл иегінін үстіне ғана қалдырған, қысқа мойынды, салыңқы тығыз бұғақты, орта бойлы, жуантық Шəкен мырзамен мал суарылып жатқан құдық басында алғаш кездескенде-ақ, оның басына киген қара шляпасына, аяғына киген ботинкасына қарап, əншейін ел ішіндегі қара жаяу көп байлардың бірі емес екенін аңғарады. Барлық жағынан қарағанда да, Шəкен жартылай феодал, жартылай буржуа. Оның шаруа қалпы да қарапайым қазақ байларынан өзгеше. Рулы елге бой бермеген кең шабындықта бестеп, ондап машина шұбыртып, кетпен тимеген ту далаға соқа салып, арба-арба астық алып, елу арбамен қазына кіресін тартып, таңертеңнен сарнаған сепаратор үнін үздірмей, соның бəрін ақшаға айналдырып қалтаға басып, кəрлен кеседей ақ орданың төрінде шот қағып, газет жаңалықтарын қадағалап отырған Шəкен мырза мен қалаға келгенде намаз алдынан тысқа шығып, дəретхананың дəл қасына келсе де, ішіне кірмей, іргесіне отыра кеткен Малқар болыстың арасындағы айырма жер мен көктей. Бұлардың екеуі де Совет өкіметінің жауы. Бірақ екеуінің жаулығының өзі екі басқа. Малқар елді тозығы жеткен ескі əдіспен қорқытып ұстамақ, ал Шəкен қулықпен алдап ұстамақ. Шəкен мырза – «заманы түлкі боп қашса, тазы боп шалатын» нағыз сұрқия, құбылмалы адам. Ол ертең ел ісіне араласады-ау деген Аман сияқты талапкер жастарды шырғалап ұстауға тырысса, біреуді орға жығарда өзі көрінбей, тасада тұрып, ал ордан шығарса, өзгені көрсетпей, өзі ғана көрінеді. Шəкеннің шаруа бағуы, іс-əрекеті, мінез-құлқы т. б. жақтары көп жағдайда «Оянған өлке» романындағы Игілік биді елестетеді. Игілік өз төңірегіндегі Жұмабек төре, Күреңкөз қожа, Боздақ билерді не біржола сыртқа теппей немесе жақын тартып, сырына қанықтырмай, ұзын арқан, кең тұсаумен белгілі бір қашықтықтан аудырмай ұстайтын еді, ал оның сырының тереңіне тіпті «байының бір айтқанын екі етпейтін ерке тоқал да» еніп көрген емес-ті. Дəл осы жағынан «Дауылдан кейін» романындағы Шəкенді сағалаған жылпос Жақып, Мақыш би, Шолпан үшеуінің жағдайы да төре Жұмабек, Боздақ би, Айғанша үшеуінің жағдайынан артық емес. Ал екеуінің шаруа бағуларындағы ұқсастықтар өз алдына бір мəселе. Игілік сонау XIX ғасырда қазақ даласына ене бастаған капитализмнің элементтерін ерте қабылдаған алдыңғы буын болса, Шəкен сол буынның XX ғасырдың басындағы кенже ұрпағы, заңды жалғасы реуішті. Басқаша айтқанда Шəкендер – пролетарлық революция құлатып отырған кешегі Игіліктер. Бірақ феодализмнен капитализмге бет бұрған шақта Игіліктің шаруа күйіндегі, іс-əрекеттеріндегі кейбір жаңаша жағдайлар прогресс (Жұмандарға қарағанда) саналса, мына пролетарлық революция заманында, капитализмнен социализмге өту кезеңінде Шəкендер бүкіл іс-əрекеттерімен де, шаруашылық қалпымен де нағыз құрып бара жатқан керітартпа күшке айналып отыр. Сондықтан бұл екі образдың характерлік, мінез-құлықтық жəне шаруа бағу жақтарындағы ұқсастықтар мен сабақтастықты сөз ете тұра, олардың қоғамдық дамудың əртүрлі кезеңдерін сипаттайтын осындай ең негізгі өзгешеліктерін ерекше атап көрсету қажет. Шəкен сұрқия, залым, жағдайға икемделуге шебер адам. Ол тұтқынға алынатын ең соңғы сағатына дейін барлық айла-тəсілдерін салып, бас сауғалайды. Ел ісіне араласпаған пішін білдіріп, бетегеден биік, жусаннан аласа, моп-момақан күйге түсіп жүрсе де, билік тізгіні қолдан шығып кеткен мынау жаңа заманда «артынан қайыр күтер» үміті бірте-бірте кесіліп, əрекет, ықпал ету шеңбері күн санап тарыла береді де, ақыры тұмсығы тасқа тірелген сəтте, қолынан келген ең соңғы жауыздығын жасап, Шолпанға пышақ салады. «Өзімдікі дегенімнің бəрі өзгенікі болды. Соқа басым ғана қалды. Аспан алақандай-ақ, жер тебінгідей-ақ. Үміт кесілді, тыныс тарылды. Ақ елім маған бұйырмады. Қара өлім тірідей кемді. Түбіңе қарап үңілдім де, түңілдім сенен, сұм дүние! Жар емес, жасырын енген сұр жылан мынау қойныма!» Бұл – Шəкеннің тізе бүгер шақтағы соңғы сөзі. Кұлақ естімес қылмыс үстіне Аман мен Таймас кіріп келгенде, оның қолынан құлап түскен, қанға боялған қара пышақ үстем таптың қолындағы

соңғы қаруы да, ал Əдхамның алдында екі қолы байлаулы кетіп бара жатқан Шəкеннің өзі ескі дүниенің сынған соңғы бəйтерегі тəрізді. Жазушы романда бірқатар əйел образдарының галереясын жасаған. Соның ішінде ерекше сəтті шыққан Танакөз бейнесі. Қазақ аулының шаруа баққан қарапайым əйелдерінің ішінде алыса кетсе азаматты аттан аударып алғандай небір өжеттері, аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін небір ділмар, жезтаңдай шешендері болған. Танакөз міне солардың қалың ортасынан алынған жиынтық бейне. Ол құрдастығына сүйеп əзілдесе кеткенде, рулы елді нысы басып, ықтырып отырған Шəкен мырзаның аузын аштырмайды. Жылқыбай сияқты дүниеқоңыз сараң байдың бермесін сұрап алу да тек Танакөздің қолынан ғана келеді. Ал еркектің киімін киіп жіберіп қол жұмысқа кіріскенде, тіпті күйеуінің өзі жолда қалады. Табиғатында осындай пысық та өжет Танакөздің болыстық комитеттің мүшелігіне сайлануы арқылы жазушы заманалар бойы қараңғылықта күн кешкен қарапайым қазақ əйелін отбасының күйбеңінен босатып, əлеуметтік өмірге, ел басқару сияқты мемлекеттік іске қосқан тек қана Совет өкіметі екендігін аңғартып, дəуір шындығының тағы бір ұтымды картинасын береді. Жеке басында қайшылығы мол күрделі бейне – Шолпан. Ол – Шəкен мырзаның сүйікті тоқалы. Əуел баста ол мырзаға сүйіп қосылған жас емес, қалталы байдың қаһарына шағын шаруалы өз туыстарының қарсы тұра алмайтындығын білгендіктен тұрмысқа шығады да, кейін, уақыт оза келе, өз жағдайына бойы үйреніп, көндігіп кетеді. Мұнысында шындыққа үйлеспейтіндей ештеңе жоқ. Ол заманда басқа түскенге бағынышты боп, бұғып, қорғалап қалған қазақ əйелдері аз емес-ті. Осы романның өзіндегі Малқар болыстың тоқалы Айша мен Ақмоладағы қымызшы əйел Ақтамақтың өзі-ақ бұған дəлел бола алады. Бұлардың бар қарсылығы күйеулерінің үстінен – бірі жалшы Тайбекпен, енді бірі Сəтмағамбет əншімен көңіл қосып, байларына басқа біреудің баласын асыратумен ғана тынады. Тіпті бұларының өзі де я қарсылық, я шын махаббат емес, əншейін тағдырға ашынғандықтан туған шарасыздық реуішті бірдеңе. Ал Шолпанды бұл сияқты суық жүріске, жеңілтек күнкөріске үлкен де игі жаны, кең ойлайтын ақыл-парасаты көп уақыт жібермейді. Рас, Шолпан Аманды шын ұнатады. Бірақ оның Аманға деген махаббаты қоғамдық көзқарастарының ұқсастығынан, болмаса басқа бір əлеуметтік мотивтерден туған ырық, жігіттің жеке басын, дара қасиеттері мен адамгершілік сипаттарын ұнатқандықтан ғана туған жəне бұл жайында ол ешуақытта ешкімге сыр шашып, ашылып көрген емес. Алайда, ана мұраты қашан да бала ғой. Егде тартқан Шəкеннен күдер үзген Шолпан кезінде бала сүйіп, қалған өміріне жұбаныш ету үшін өзі қалап Аманмен көңіл қосады да, бірақ Аманның түпкілікті, өмірлік жар етпек болған көңіліне келісім бермейді. Шолпан үшін «күйеуінен кетіп, басқа біреуге тиіпті» деген сөзді естуден ауыр жоқ. Бұл – оның санасына патриархалдық əдет-ғұрып ұялатқан, əбден қалыптастырған сенім. Кітаптың аяғына дейін оның тағдырға наразылығы, өз жағдайына қанағаттанбаушылық сарыны үнемі сезіліп отырады. Ол өз жүрегіндегі екіұшты қайшылық жағдайды жеңе алмай, əрі-сəрі күйде жүріп, ақыры аянышты қазаға ұшырайды. Шолпан болып жатқан қоғамдық мəселелерге қатысы жағынан да, Танакөз немесе Күлпаш сияқты, өз бағытын анықтап алған адам емес. Тіпті өз күйеуінің жаңа үкіметке қарсылығын қуаттайтыны ия қуаттамайтыны да ұзақ уақыт белгісіз күйде келеді. Сөйткен Шолпанның сайлау басында бірден кедейлер жағына шығып, үгіт қана емес, тіпті тікелей батыл қимылға көше кетуінін дəлелдемелері əлі де жетіңкіремей жатқан сияқты. Романның сонында ол Шəкенмен бірге кетпей, елде қалуға енді ғана белін бекем байлап отырған сəтте қаза тауып, қыршын кетеді. Тағдыры оқушының соншалықты аяныш сезімін тудыратын осы Шолпан образынан шығыс əйелдеріне тəн ұстамдылық, биязылық, парасаттық лебі еседі. Жазушы революциядан бұрынғы қазақ əйелдерінің бойындағы небір асыл қасиеттерді осы образдың төңірегіне топтап көрсеткен. Тағы бір назар аударатын тұлға – Күлпаш. Романның бірінші бөлімінде жазушы бұл кейіпкерінің өткен өмірімен Əдхамның сөзі арқылы ғана сəл таныстырып өтеді. Одан біздің білетініміз Күлпаштың шегініп бара жатқан ақ бандалардың қолына түсуі, тұтқыннан қашып шығып, Орынборда оқып, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінде жауапты қызметте жүргендігі жайында хабар ғана. Осы Күлпаш кітаптың екінші бөлімінде Қызыл Отауды басқарып елге шығып, оқушының алдына үлкен мəдениет, қоғам қайраткері болып оралады. Оның бойынан бұрын қазақ əйелдерінде кездеспейтін өзгешеліктер де байқалады. Оның жазып жүрген күнделігінің өзінен санасының марқайғандығы, ірі-ірі əлеуметтік мəселелерге өзіндік

орынды ой толғамы бар екендігі көрінеді. Осы жағынан алғанда Күлпаш бейнесін бүгінгі жаңарған социалистік қазақ ұлтының мыңдаған маман əйел кадрларының алғашқы буынының өкілі, бастамасы деуге лайық. Романда арнайы тоқтап, жеке талдауды керек ететін əлі де көптеген образдар бар. Сөз етер жайлар да көп. Мəселен, жазушы оқиғаға жол-жөнекей ілесіп отыратын екінші қатардағы Ақан, Андрей, Ақжан, Сапар пірəдар сияқты жанама кейіпкерлерін де өздеріне лайық іс-əрекет, мінез-құлық беріп, шын мəніндегі образ деген ұғымға сыйымды етіп шығарған. Бұл кейіпкерлер аз көрінгеннің өзінде-ақ оқушы көзіне талай тамаша типтік жағдайларды елестетіп, əрқайсысы өзіндік даралығымен есте қалады. «Дауылдан кейінді» көп жыл өткен соң қайта оқығанда алған əсері жайында жазушы Рамазан Тоқтаров былай деп жазады: «Бұл романның бойында үш бірдей қасиет əлі күнге өзгермей, сол күйінде қарап тұр екен. Ол – тілі. Бұған жазылу мəдениеті де кіреді. Екінші – мейлінше түсінікті, шегіне жете тарқатылған концепциясы. Кейінгі ұрпаққа кемел ашылған дəуір шындығы. Үшінші – осы екі қасиетті бірдей ауыздықпен ұстап тұрған автордың позициясы. Автор – қатал. Қатал да болса, əділ. Автор – даукес. Даукес те болса қазы. Тереңдігі əділ шешімінен танылады. Қазылығы да сонда. Қолымда тұр екен деп жақсылық пен жамандықты кейіпкерлерінің басына үйіп, төге бермейді. Бойына шақтап ой, келешегіне шақтап əрекет береді». Барынша əділ баға. Біздің бұған қосарымыз – творчестволық қаталдық пен əділдік тек осы романға ғана емес, жалпы Ғабиден творчествосына хас қасиет. Тіпті бұл Ғабиденнің стиліне айналған құбылыс демекпіз. Өзінің көркемдік сапасы, дəуір сипатын берудегі шынайы шыншылдығы, психологиялық сезім күйлерін суреттеу тереңдігі, айқын да шым бояумен жасалған адам характерлері т. б. жақтарынан алып қарағанда «Дауылдан кейін» романы Ғабиден Мұстафин творчествосының жаңа бір биігі болып саналатын шығарма. Республикамыздың тарихының белгілі бір кезеңінің лайықты ескерткіші, жазушының көп жылғы творчестволық бай тəжірибесіне белгілі бір қорытынды жасаған нағыз реалистік көркем туынды. * Жазушының соңғы шығармасы – «Көз көрген» атты мемуарлық романы 1963 жылы жарыққа шықты. Бұл шығарманың бірқатар оқиғасы, əсіресе екінші жартысы «Дауылдан кейін» атты романында суреттелген дəуірді қамтиды. Жаңа шығармасында алпыстың асуынан асқан жазушы өзінің жəне өзімен бірге туган елінің, халқының «іші-тысы қалай өзгергеніне» көз жіберіп, бастан кешкендері мен байқағандарын көріп, көңілге түйгендерін қиянатсыз қисайтпай суреттеп, ұмытқанын еске түсіруді, сөйтіп болашақ ұрпаққа өткен күннің елестерін көзбен көрген куəгер ретінде баяндап беруді мақсат тұтқан. «Көз көрген» романы – жазушының творчестволық жоспарына осы мақсатпен енген мемуарлық трилогияның алғашқы кітабы. Қазақ əдебиетінде шын мəнінде Ұлы Октябрьдің перзенті саналатын реалистік кесек прозаның, атап айтқанда, роман жанрының саналуан түрлері туып қалыптасты. Қазір қазақ əдебиетінде шағын повестен бастап роман-эпопеяға дейін салқар көш үлкен прозаның ішінде мемуардың да өзіне лайық үлесі бар. Мемуарлық əдебиетке күнделіктер, естеліктер, өмірбаяндық туындылар, автордың өз өмірінің келелі-келелі кезеңдерін, сондай-ақ қоғам өмірінің əралуан бел-белестері мен қиян-қилы құбылыстарын бейнелейтін əдеби жазбалар т. б. жататыны мəлім. Алайда мемуар автордың басынан кешкенін əйтеуір баяндау үшін жазылатын еріккеннің ермегі емес. Көптеген мемуарлық шығармалар – белгілі бір маңызды тарихи оқиғаларға байланысты жай-жағдаяттарды айқындау үшін қажетті документ болып табылады. Оларда автордың қоғамдық күрес мəселелеріне көзқарасы, таптық тұрғысы мен саяси бағыт-бағдары, əралуан тарихи оқиғаларға қарым-қатынасы айқын аңғарылады. Мемуардың əлем əдебиетіндегі классикалық үлгілері осылай болып келді. Мысалға Жан-Жак Руссоның «Өсиетін», В. Гетенің «Менің өмірімнен. Поэзия жəне шындығын», А. Герценнің «Бастан кешкендері мен ойларын», В. Г. Короленконың «Менің замандасымның тарихын», М. Горькийдің «Менің университеттерімін», т. б. көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, əдебиет пен өнер өкілдерінің, əскери қолбасшылардың əралуан естелік жазбаларын атауға болады. Бұл салада қазір қазақ əдебиетінде де ауыз толтырып айтар жетістік, салынған із, үлгі-өнеге бар. Сəкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы мен Сəбит Мұқановтың «Өмір мектебі» атты трилогиясына Бауыржан Момышұлының, Мəлік Ғабдуллиннің Ұлы Отан соғысына арналған документалдық шығармаларын, Қасым Қайсенов пен Əди Шəріповтің партизан жазбаларын қосқанда едəуір тізім құрайтындығы даусыз.

Қазақ əдебиетінде де мемуар арнайы ғылыми зерттеудің объектісі болып, сын көтерерлік дəрежеге жетті. Жоғарыдағы тізімге келіп қосылған Ғ. Мұстафиннің «Көз көрген» атты жаңа романы да жанр табиғатына лайық қойылатын талап-тілектерді ақтай алатын, сонымен бірге өзіндік ізденіс, табыс көрсеткен туынды. Бұл да тек жазушының өз басынан кешкендері жайлы есеп берген естелік қана емес, түптеп келгенде, оның өз өскен ортасы жайындағы ойтолғаныстары, жалпы замана, уақыт жайындағы шығарма. Мұнда автор бастан кешкенді бірыңғай баяндай бермей, өзінің суреткерлік борышын да əрдайым еске сақтайды. Романда суретке құрылған небір қызықты эпизодтар мен бас кейіпкердің баяндау тəсілі өзінше бір көркемдік үйлесім, жарастық тауып, алма кезек ауысып отырады, мемуарлық баяндау мен көркемдік бейнелеу астарласып келеді. Мұның өзі жазушы ізденісінің жаңа бір қырын аңғартады. «Көз көргенде» жер бөліс мəселесінде сахараға ауып келген орыс переселендері мен қазақтар арасына от тастаған патшаның Столыпин реакциясының зардаптарынан бастап, екі ел еңбекшілерінің тіл тауып, табысып, орыс шаруаларының қазақ аулының жер емшегін емуіне, білім жарығына ұмтылуына еткен игі ықпалына дейін, сондай-ақ 1916 жылдың оқиғасы, сол оқиғаның тұсында қарапайым халықтың көз жасы мен қасірет-қайғысының үрдісінен мал тауып, пайда іздеген ел жуандары мен пысықтарының іс-əрекеті, революция жылдарындағы таптық жіктеулер, іс басынан шонжарлар мен алаяқтарды ығыстырып, ауылды советтендіруге дейін толып жатқан əлеуметтік, саяси мəселелер қамтылады. Жəне бұл оқиғалардың бəрі де шығарманың бас геройы Сарбаланың əр оқиға тұсындағы жас мөлшеріне лайық көкірек көзінің сүзгісінен, сана-зердесінің елегінен өткізіп, соның білігі, танымы тұрғысынан беріледі. «Мен өзімді білер-білмес кезімде жерімізді переселен алып, алпыс үй Елібай Жауырдан көшеді. Спасск заводының шығыс жағында 17 километр «Көктал-Жарық» деген жерге келіп орналасады (1907 жылдары). Ата мекенінен айрылған елдің зары, жермен қоштасқандары, келгендер мен тұрғын ел арасындағы ұрыс-жанжал, кісі өлімдері менің көңіліме өшпейтін ғажап суреттер қалдырып кетті. Қазір жазып жүрген «Көз көрген» атты көлемді еңбегіме сол оқиғалардың қайсыбірін пайдаландым», – деп жазды жазушы 1903 жылы. Тек мемуар ғана емес, жалпы қандай көркем шығарма болса да, белгілі мөлшерде өз өмірінің фактілерін, тəжірибеде бастан кешкен жайларын пайдаланбайтып жазушы болуы мүмкін емес. Əңгіме тек қалай жəне қанша пайдалануда. Көркем шығарманың басқа түрлерінде автор өмір фактілерін творчестволық топтау, түйіндеу түрлерінен өткізіп, артық-кемді қосымшалар қосып, болған шындыққа болатын шындықты үйлестіріп, барынша еркін пайдаланады. Ал мемуарда көбінесе жазушының еркі фактіге бағынады. Сондықтан да өзінің творчестволық ожданының тазалығын ойлаған шын суреткер шындықты, тек қана болған шындықты беруге тырысады. Шығарманың бас геройы Сарбаланың өмірдегі прототипі – жазушының өзі. Демек, жазушы роман оқиғасына қатысатын кейіпкерлерді жұрағатшылық, жақындық жақтарына, туыстық белгілеріне қарамай, өзінің таптық позициясы тұрғысынан суреттейді. Жалпы өркен жаяр келелі үлкен əдебиеттің, өскен əдебиеттің салты ұнамды, ұнамсыз кейіпкерді бірыңғай ақ немесе қара түсті бояумен алдын ала сызылған схема бойынша көрсетпей, жеке тип, индивидиум ретінде əр алуан бояумен нақыштап, өзіндік характерімен даралап көрсету болса, Ғабиден романынын бойынан бұл қасиеттер де молынан табылады. Бұған романдағы өз туысы Махамбетше би мен қайынатасы саудагер Əубəкір Сейткемеловтың əр кезде, əсіресе 1916 жылдың оқиғасы тұсында халықтан пара алып байыған жемқорлығын, сондай-ақ аталас ағайындары Мексін, Якия сияқты ұрылардың əрекеттерін суреттейтін беттср толык дəлел бола алады. Шығармадағы əрбір кейіпкер осылайша ішкі-тысқы байлықкедейлігімен, сала-сала қырымен шындық тұрғысынан беріледі. Кейбір мемуарларда автордың өзін дəріптеңкіреп немесе өз көңіліне ұялап ұнатқан жайларына бүйрек бұрды жасауы, сондай-ақ кейбір естеліктерде белгілі, беделді адамды айтқан болып отырып, соның шапағатымен өз бойын өсіре көрсетуге тырысушылық тенденциялары байқалып қалатын еді. Сөз болып отырғап шығарма ондай əділетсіздіктен бойын барынша аулақ ұстағаны көрініп тұр. Жазушы өз туысы Махамбетше бидің, сондай-ақ саудагер Сейткемеловтың жемқорлығы мен сараңдықтарын ел ақтап келген соқыр ақын Қақпанның аузымен былайша əшкерелейді: «...Асып ед əкең Қыдыр Қуандықтан, Қанеки шыққан мүйіз жуандықтан. Аузыңды аждаһадай ашсаңдағы, Түйені түгіменен жұтсаңдағы. Ақиретке əкетерің үш қабат бөз, Жиғанын қалар бір күн болып тоз-тоз. Қара есек мінген қара сарт Қара арғымақ жегіпті.

Қазағымды сорған соқ Майға əбден бөгіпті...». Шығармада əсіресе күшті шыққан Мұстафа бейнесі. Мұстафа да, Сарбала да ұстанған, тұтқан жолын барынша берік тұтынатын, өз сенімдерін тіпті бұлжымас ережеге айналдыратын адамдар. Характерлердің жасалуы жағынан бұл екі образ бірін-бірі күшейтіп, бірін-бірі толықтырып отырады. Бұл екеуін бірінен бірін ажыратып, екеуін екі дүниеге жетелеп тұрған заманы. Дінге қалтқысыз берілген Мұстафа хажы əділдікті құдай жолынан, құран сөзінен, Мұхамбет пайғамбардың өсиетінен іздесе, жаңа өмірге жаңаша талпынып өсіп келе жатқан Сарбала совет заңынан іздейді. Беймезгіл уақытта үйде оңаша қалған əке мен бала бірі Хожа Ахметтің «Хикметін» алып оқып, құдайға мінəжат қып күңіренсе, енді бірі мұқабасы тозған Абай өлеңдерінің көшірмесін жаттаумен болады. «Кітаптар екеуін екі жаққа: Хожа Ахмет – ахыретке, Абай – дүниеге тартады» (131-бет). Əкесі Құнанбайды мақтаса, Сарбала Абайды жақтайды. Демек, бұл екеуі екі алуан заманның, екі түрлі сенімнің адамдары екені осыдан-ақ көрінеді. Өмір арнасына көз жіберіп, ор тараудың аяғында ойланып-толғанып, ертеңгі қоғамдык үлкен өмірге əзірлік жасап жүрген Сарбаланың əр ойының соңғы ұшығы көбінесе Абай өлеңдеріне келіп тіреледі. Ауыл арасының құпия сырларына, ел ішінің, ағайын арасының араздық-татулық т. б. көптеген мінезқұлықтарына қатысты түсініксіз сұраулардың жауабын Сарбала дəйім Абай өлеңдерінен тауып, танығандай болады. Осының өзінен-ақ шығарманың бас кейіпкері болашақ жазушы екендігінің төбесі қылаң беріп қалады. Ал Мұстафа болса, табиғатында адал да ақылды, əділ де батыл, бірақ құран сөзі, пайғамбар өсиеті дегенге көзсіз берілген фанатик адам. Ол тіпті əділеттік жөнінде құдай жолы мен совет заңының арасынан ортақ қасиет, ұқсастық іздеп əуреге түсіп жүрген, қайшылығы барынша мол аса күрделі де қиын тұлға, яғни өзінің діни наным-сенімдерінің құрбаны. Шығармадағы оқиғалардың бəрі де бас герой Сарбаланың төңірегіне топтастырыла өрбиді. Шығарма өзінің сырт көрінісі, формасы жағынан жеке-жеке əңгіме-новеллалардан құрала тұрса да, оқиғаның бас кейіпкері Сарбала айналасына құрылып, өріле көрсетілуінің арқасында, əр новелла өзінше бір көркемдік тиянақ тауып əрі, солай бола тұра, композициялық дөңгелек бір тұтастық, бүтіндікке жеткен. Ол бүтіндік – бас кейіпкер арқылы көрінетін заман шындығы. Шығармада барды бадырайта айтатын бұлтартпас шыншылдық пен тонның ішкі бауындай оқушымен іштей ұғынысып, сыбырласа шүйіркелесіп отыратын терең сыршылдық өлең шумағындағы егіз ұйқастай қатар жүріп отырады. Осы жайлардың бəрі де жазушының бұл жаңа шығармада түр жөнінде қатты ізденгендігін жəне соны үйлесімді таба білгендігін көрсетеді. Шығарманың композициялық тұтастық қалпын табуының тағы бір себебі – жазушы мұнда өмір фактілерінің жетегіне, оқиға өрбуінің барысына ілесіп, жай ғана сылбыр еріп отырмайды, уақыт, мезгіл шындығын көрсетуге жарайды-ау деген детальдарды орынды екшеп, іріктеп алып отырады. Мысалы, 1916 жылы оқиғасының нағыз трагедиясы солдатқа бармас үшін өзін өзі жарымжан етіп, бір көзінен айрылып шыққан жас жігіттің əкесімен сөйлескен шағын ғана диалогынан айқын аңғарылса, азамат соғысының тұсында Колчак үкіметінің халыққа қырғындай тиіп, құтырған қасқырдай «жегенінен жаралағаны көп» болған айуандығын жазықсыздан жазықсыз жапа шегіп, ақтардың мазағы үшін тұтқын боп бара жатқан 16 жасар жас қыздың трагедиясынан көреміз. Романда осындай шағын-шағын жеке эпизодтардын өзінен-ақ тұтас бір кезеңнің, белгілі бір тарихи оқиғалардың шынайы картиналары бой көрсетіп отырады. Сол сияқты революция жылдарындағы таптық жіктердің ашылуын жазушы Пахрей деген татардың семьясын суреттеген бір ғана штрихпен өте нанымды бейнелейді. Ұлы Октябрь революциясы əркімге əртүрлі ой салды, əркімнің өміріне əр алуан өзгеріс кіргізді. Осы ұлы төңкеріс, өзгеріске қарымқатынасына қарай бір семьяның өзінде идеялық, таптық жік туып, атаға бала, ағаға іні қарсы күрескен күндер болған фактілері өмірде де, өнер шығармаларында, оның ішінде көркем əдебиетте де аз кездеспейді. Міне, осындай жағдайдың қазақ даласында да болған бір көрінісін жазушы өте əсерлі суреттейді. Пахрейдің кіші ұлы – армиядан қайтып, соғыстың зардабын көзбен көріп, енді конверт сатумен күнелтіп жүрген Құсайын большевиктерді жақтайды: ортаншы ұлы – Меңліхан жəшікке салған дəрі-дəрмегін большевиктерден қызғанып, қарадай қорып тыққыштап жүр. Ал үлкені Шайхы үшін үкімет атаулының бəрібір, қандайы болса да талғап жатпайды. Романда бұл сияқты ұтымды берілген суретті эпизодтар мен штрихтар мейлінше мол ұшырасады. Міне, жоғарыда аталған қасиеттер «Көз көрген» романын жазушылық іздену жолындағы тағы бір табысы ретінде танытады. Тұтастай алғанда, осындай тамаша-тамаша жарқын бейнелері, айшықты суреттері, өрнекті сөз кестелері бар кітапта «былай болар ма еді» деп ойлайтын жайлар да жоқ емес.

Ең алдымен, Ұлы Октябрьдің дүмпуі барлық жерде де еңбекшілер арасында ерекше энтузиазм, революциялық рухтың соншалықты өрлеуін туғызғандығы мəлім. Демек, шығарманың революция жылдарына арналған беттерінде осы революциялық рух өрлеуін бұдан гөрі де едəуір қоюлатып, əрлендіре көрсету қажет. Мəселен, Сəкеннің Спасск жұмысшыларына келіп, халық арасында сөз сөйлеуі сияқты эпизодтардың тұсында автор тек көзбен көрген фактілерімен шектеліп қалмай, творчестволық топшылаулар мен жорамалдарға да, жазушылық қосымшаларға да тиісінше орын беріп, əсірелеп көрсетуіне мүмкіндік бар еді. Əрине, мемуарда басты рольді факт ойнайтыны даусыз. Дегенмен де шығармаға көркемдік, əдеби құбылыс деп қарасақ, «Көз көргенде» кейбір бір көрініп, жоқ болып кетіп, немесе тіпті жоғалып кетпесе де, оқушының ойында айтарлықтай із қалдырмайтын кейіпкерлер бар. Тек Сəкен бейнесі ғана емес, осы тұрғыдан Спасскідегі ұста Степан бейнесін де əлдеқайда толықтыңқырап, сол арқылы еңбекшілердің ереуінін, революциялық рух өрлеуін нəрлірек етіп беруге, басқаша айтқанда оларды да көркем образ дəрежесіне көтере көрсетуге болатын еді. Екіншіден, романда сыңсу, беташар, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақ халқының салттық-тұрмыстық жайларын башайлап, тəптіштеп түсіндіру, сондай-ақ кейбір ұлттық ұнамсыз мінез-құлықтарға авторлық ремаркамен берілген анықтамалар мен түсіндірмелер тым көп кездеседі. Үшіншіден, романның жалпы стилінде, көркемдік келбет-тынысында авторлық ақыл, салқынқанды ойлылық басымдау да, эмоциялық ішкі жылылық жайлары жетіңкіремей жатқан тəрізді. Төртіншіден, романдағы кейіпкерлердің көпшілігі-ақ ділмар, шешен сөйлейді. Мұның өзі де олардың сөздік, тілдік мінездемелерін жасауда едəуір олқылық аңғартып тұр. Сол сияқты осы шығармада аттас қос есімдер жиі кездеседі. Мəселен, романда Мұстафа екеу, Сыздық екеу, Ыбыш екеу. Ал мұның өзі де оқушының түсінігін ауырлатып, оқиғаны шатастырып алуына жағдай жасайды. Шығармада əйел образдары солғындау шыққан. Осы тұрғыдан əсіресе қымызханадағы əнші қыздың таяқ жеу себебін ашыңқырап, сондай-ақ ақтардың қолында кетіп бара жатқан 16 жасар тұтқын қыздың тағдырын толығырақ көрсете кетсе, теріс болмас еді. Əрине, «Көз көрген» – жазушы жоспарлаған үш томдық көлемді еңбектің алғашқы кітабы. Демек, жазушының келешек кітаптарда ескеруге тиісті жайлары, қорыта айтқанда, осылар болуға тиіс. * Ғ. Мұстафин реалистік кесек прозамыздың стилі қалыптанған, қаламы төселіп, таланты кемелденген көрнекті өкілдерінің қатарынан орын алады. Ол тынбай ізденудің арқасында бір шығармадан бір шығармаға биіктеп, шеберлік шыңына қарай үздіксіз өсумен келе жатқан жазушы. Оның əсіресе «Миллионер», «Шығанақ» «Қарағанды», «Дауылдан кейін» романдарын алып, алғашқы шығармаларымен салыстырсаңыз, адам характерлерін жасауда, шығарманың композициялық желісін түзеп, сюжет құруда жазушының анағұрлым өскендігін аңғару қиын емес. Ғ. Мұстафинге оқу, есею дегендердің көбіне-көп еңбек арқылы келгендігін, оның творчестволық іздену мəселесіне қаншалықты жауаптылықпен қарайтындығын мына сөздерінен көруге болады: «Жазушы еңбегі қиын, жауапты, ең ардақты еңбек. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем əдебиетте де даңғыл жол жоқ. Мен біраз жасадым, біраз еңбек еттім, қаламым əбден төселгендей болды. Сонда да əрбір жаңа шығарма тұсында бастықпаған тайдай бұлтақтай беремін, шарқ ұрып іздене беремін. Ойларымды, жазғанымды сан рет өшіріп, сан електен өткізіп барып, жарамды дегенімді ғана қалдырамын. Сол жарамдымды жазып отырғанда күлемін, қуанамын, қайғырамын, жылаймын. Жазғаның өзіңе осылай əсер етпесе, басқаға мүлде əсер етпесе керек. Қиналмасаң, қиналып тапқан бір сөзің не бір ойың «Мен бақытты!» дегізбесе, ондай жазушыға жазудың керегі не? ...Оңаша бөлмеде, ұзақ уақыт ой тізіп сарғая отырғаныңда жер тəңірісі бір өзім. Тізгендерім көп талқысына түскенде мен бір жаңа түскен келін. Егер жазушының басына қарама-қарсы осы екі қасиет орнамаса, жазушы шығарма үстінде өзін халық ойшысы, мемлекет қайраткері деп, шығармасы біткен соң бұлардың тек атқосшысымын деп сезінбесе, ондай жазушыны нағыз жазушы деу қиын», – дейді Ғ. Мұстафин. Əр жазушының өзі ұнатып қалаған жазу мəнері болатыны мəлім. Тегінде стиль дегеніміздің өзі де осы жазушының творчестволық мəнеріне байланысты туып, қалыптасады. Ғ. Мұстафин шығармаларының сөйлемдері көбінесе құрмалас болмай, қысқа құрылған жай сөйлемдер боп келеді. Жазушы аз сөзге көп мағына беріп, үлкен ой сыйғызуға тырысып отырады. Шығармаларының тілі көбінше қарапайым, көпшілік халыққа түсінікті, ұтқыр да өткір болады. Ол əсіресе өмірдің, күнделікті тұрмыс, тірліктің көзтаныс көріністерін, қарапайым жайларды суреттеуге шебер жазушы. Оның тіліндегі

кəдімгі ұнамды мағынасындағы қарапайымдылық та түптеп келгенде осыдан туып жатады. Ол жасаған характерлерде ұлттық ерекшеліктер айтпай танылып тұратындық қасиеттер де оның халық тілін жете меңгеріп, өз шығармаларында барынша мол пайдалана білетіндігінде. Ғабиден Мұстафин шығармаларының тіліне тəн тағы бір ерекшелік – оның халық мақал-мəтелдерін өз лайығымен орынды пайдаланатындығы өз алдына, сонымен қатар ол өз тарапынан да қанатты, афористік сөздер жасауға талаптанатын жəне бұл салада едəуір нəтиже көрсеткен жазушы. Мысалы: «Əр тасқынға бір тосқын, əр азғынға бір зауал», «Жақсы тəртіп əдетке айналса – ырыс, жаман тəртіп əдетке айналса – қырсық», «Жасында көргені жоқтың, өскенде айтары жоқ», «Өмір ащыны бермесе, тəттіні білер ме едік, өмір тəттіні бермесе, ащыны білер ме едік», «Салдама болған қайықтан қайқайта буған сал артық», «Теңіздей терең халық ішінде алмастай асыл ойлар жатыр», «Көруге қырағылық, алуға батылдық керек», «Бабын таппаған еңбек құмға құйған сумен тең», «Дүние кірпіші бірқалыптан шыққан жоқ», «Барды қанағат тұтып, жоқты іздемеу – мешеулік», «Кең көңілге екі тілек сыймайды», «Үлкен адам үлкен істе көрінеді», «Тəнім таза болғанша, жаным таза болсын», «Ысылмаған ауыздан кедір-бұдыр сөз шығады», «Ағайын арасына жік түссе, қас жаман сына қағар, қамқор азамат дəнекер болар», «Шешендігіңді қайтейін, шиелі түйінді шешпесе, ақ пейілің кімге дəрі, өз еліңе өтпесе», «Еңбек емген мұжық қалай байымас, ермек емген сорлы қазақ жарым аш», «Жасыңда ашық ауыз болсаң, өскенде ырбық ауыз боласың». Міне, жазушының əр шығармасынан алынған бұл сияқты қанатты лұғат сөздер жазушының суреткерлік ізденістерінің айғағы екені даусыз. Марксизм ұлттық ерекшеліктердің бірі ұлт психикасы деп үйретеді. Ғабиден шығармаларының аса ұтымды жақтарының бірі – оларда ұлттық психикалық ерекшелікті елестетерліктей эпизодтар мен жеке көріністердің молдығы. Бір ғана мысал келтірейік. «Дауылдан кейін» романында қалаға алғаш келген ауыл кедейлері Нұрғали мен Əлжанның базардағы кез келген адамға кісі тонайтын ұры деп қарауы, қымыздың қызуына желіккен шикіл сары мырзаның мінездері, жылпос Жақып пен Шөгелдің кейбір əрекеттері əрбір қазақ оқушысынын көңіліне қона кететін ұлттық сипаттарды көзге елестетеді. Мұндай эпизодтар мен ұтымды штрихтар Ғабиден шығармаларында мол-ақ. Қараөткелде қымыз ішіп, думан құрып жатқан топтың үстіне кірген Ақанның атақты Ғазиз ақынмен əзілін алайық: – «Аманбысың, ақбас Ғазиз? Айқайды əлі қоймап па едің? – Аманмын, сары мұжық. Сен соқаны тастағанда, мен гармонды тастармын. – Соқа нан береді. Жыртық гармонь не береді? – Сен қарын тойғызсаң, мен көңіл тойғызам, мəстек. – Қарын тоймай, көңіл тойғанды көрген емен. Қартайғанда Абай айтқан арсыз ақын бола көрме, сыңайыңнан сескеніп қалдым... Аман, бері шығып кетші». «Дауылдан кейін» романынан алынып отырған осы үзіндінің өзінде қаншама қазақы мінез, қарт құрдастардың жарасымды əзілі əдемі берілген. Тіпті жаңа сипат, жаңа адам тұлғаларын танытатын Шығанақ, Ермек, Олжабектердің өздері де барлық іс-əрекет, мінез-құлық, сөз саптауларымен барынша қазақы, ұлттық психикалық ерекшелік аңғартады. Ақтөбеде өзен бойына ат суаруға келіп, су ала келген келіншекке «ойнап-күлсек қайтеді» деп, бəтеңкесін сипаудан ары аузына түк сөз түспей тұрған доғал Олжабек, суға шомылып жүрген Жанботаның бар киімін жағадан алып қашып кетіп, махаббат жайында дөкірлеу сөз қозғап отырған Амантай («Шығанақ» романында) немесе Қарағандыға көшіп келе жатқан арбалы керуен жолда қонып жатқанда өзі қыз оятуға келе жатып, жолы болмағасын, жол-жөнекей Адырайдың итарқа ішіндегі əйелімен əңгімесін тыңдап, көрпесін ала қашып жүрген Жəнəбіл («Керуен» əңгімесінен) мінездері мен əзілдері, сөз жоқ, барынша қазақы, нағыз ауыл өміріне сіңісті болған əзіл-оспақ үлгілерін, əдет-ғұрып, салт-жоралғыларды көрсетеді. Мұның өзі Ғабиденнің əсіресе өзіне таныс ауыл өмірін жазуға шебер екендігін, қарапайым халық тіршілігін жете білетіндігін танытады. Жазушы шығармаларының тілі көркем. Жазушының стиль ерекшелігіне айналған қысқа да қарапайым, əрі шағын сөйлемдерден жасалған, нəр-нақышы, бояуы қонымды талай тамаша шынайы көріністер Ғабиденнің суреткерлік шеберлігінің анағұрлым жетілгендігін, кемелденгендігін мойындатады. Тағы бір мысал келтірейік: «Күн көзі бүгін тым өткір. Масасы жоқ, шыбыны аз, биік, салқын жайлаудағы елді сəске кезінде-ақ қыздырып барады. Біреулер ыстықта көйлек-дамбалшаң, жалаңаяқ не қоңылтаяқ кебісшең жүрсе, енді біреулер ыстық өтпесін деп, саптама етігін, шидем күпі, сеңсең тымағын киіп алған. Қозы, бұзаулар оттан қалып, иттер тілін

салақтатып арбаның, үйдің көлеңкелерін паналай бастады. Сəйгел қуған сиырларда ес жоқ, құйрықтарын шошайта, көздерін шатыната, тырым-тырақай шапқылауда. Қайсыбірі есік ашық үйлерге қойып кетіп, отырған бала-шағаны басып немесе жерошақтағы қазанды теңкеріп, ауылды шулатып жүр». Шынайы да таныс көрініс. Мал баққан қазақ ауылында шілденің шіліңгір ыстығында күн дəл төбеге шығып алып шыжытып тұрған сəске түстегі ауылдың суреті бұл. Ғабиден Мұстафин творчествосы Советтік Қазақстан тарихының көркемдік шежіресі дедік. Расында да, Ғабиден творчествосымен жете танысқан адам Советтік Қазақстан тарихының əр алуан кезеңдерінен тұтас та толық түсінік алатындығы даусыз. Жазушының соңғы «Көз көрген» атты жаңа мемуарлық романы біздің бұл сенімімізді бұрынғыдан да арттыра түседі. Əдебиетімізде қазір қойылып отырған ең күрделі проблемалардың бірі – бүгінгі күннің тақырыбын жырлау проблемасы. Бірқатар əдебиетшілер өмір материалы неғұрлым көбірек жатып, уақыт сынынан өтсе, солғұрлым көркем əдебиеттің пайдалануына жеңіл болады дегенді де ұсынды. Белгілі дəрежеде мұның да дұрыстығын мойындай отыра, уақытты, заман тілегін, бүгінгі күнді жырлау проблемасының маңызы ешқашанда төмендемейді. Өмір фактілерінің ізін суытпай ілесе шығарма жазып, оның көркемдік шешімін табудың мүмкіндігі мен айқын үлгісін танытқан жазушыларымыздың бірі – сонау бір кезде əдебиет табалдырығын «қара таныған хатқа жүйрік» біліммен ғана аттаған Ғ. Мұстафин. Қазірде есімі Одақ көлемінде ғана емес, көптеген шетел тілдеріне аударылған шығармалары арқылы əлемге таныс болған жазушының өзі де өзінің шығармалары тəрізді, тек қана советтік социалистік өмір шындығының жемісі. 1959–1978. ҚАЙТА ТУҒАН РОМАН Аға жазушыларымыздың бірі Сəбит Мұқанов өзінің алпыс жасқа толуы қарсаңында қадірмен халқына тағы бір тыңтарту ұсынды. Ол 1931 жылы алғаш рет «Адасқандар» деген атпен жарық көрген шығарманы кең тынысты, көлемді роман етіп қайта жазып, оқушылардың қолына берді. Жаңа романға «Мөлдір махаббат» деп ат қойды. Реті келгенде айта кетелік, «Адасқандар» романы біз тұрғылас оқушылардың қолына бертініректе ғана түсті. Оның себебі – дер кезінде ел арасында əрі тез, əрі кеңінен тараған бұл кітап біз ес біліп, етек жинап, қара танып, көркем əдебиетке тұщынатын дəрежеге жеткен кезде бірлі-жарым данасын сақтап қалған кейбір ұқыпты адамдардың қолында ғана бар еді. С. Мұқановтың «Ботакөз», «Сұлушаш» сияқты таңдаулы туындылары, əсіресе олардағы махаббат жайы сөз болғанда, «Адасқандарды» кезінде оқып үлгерген үлкендер: ол кісінің «Адасқандар» романын оқыдыңдар ма? Міне, нағыз тамылжыған поэзия, тамаша махаббат, таза махаббат сонда ғой деп қызықтыратын. Олар жəй əңгімелеп айтқан жеке эпизодтарды есіміз кете тыңдайтын едік. Сөйтіп құмартқан шығарманы оқудың сəті институттың III курсында жүргенде ғана түсті. Бір оқытушымыздың өз кітапханасынан «Адасқандар» романын аттүйедей қалап алып, бір топ студент қолдан-қолға тигізбей оқып шыққанымыз есімде. Бұдан едəуір уақыт бұрын «Қазақ əдебиеті» газетінің бетінде жазушы «Мөлдір махаббат» романы қалай жазылғанын, бұл шығарманың жазылуына не түрткі болғандығын жариялады. Роман оқиғасының негізіне жазушының өзі көзбен көріп, егжей-тегжейіне дейін тексеріп білген, сот процесінде өзі қоғамдық айыптаушы болып қатынасқан бір қылмысты істің тарихы алынған. Бұл алуандас жағдай əдебиетте толып жатыр. XVIII ғасырдың басында ағылшын саяхатшысы Роджер Вудстың əлі адам баласына мекен болмаған Хуан-Фернандес тобындағы аралдардың біреуінен бақытсыздыққа ұшырап, 4 жыл мекендеп қалған шотланд саяхатшысы Александр Селкиркті алып қайту фактісі реалист жазушы Даниэль Дефоның сол кездегі Англияның экономикалық артықшылығын, буржуазиялық қоғамның өсіп келе жатқан дəуірін бейнелейтін ескерткіш – «Робинзон Крузо» романын тудырды.

Ұлы жазушы Лев Толстой орыстың даңқты заң қызметкерлерінің бірі Конидің юристік тəжірибесінде кездескен бір кішкентай ғана оқиғаның негізінде қоғамдық маңызы соншалықты зор «Арылу» атты нағыз əлеуметтік роман жасады. Н.В. Гогольдің «Ревизор» комедиясын жазып, патша самодержавиесінің бойындағы барлық кінəратты бір жерге жинап, оның басқару-əкімшілік жүйесін масқаралауына А.С. Пушкин айтып берген бір кішкентай ғана күлкілі оқиға жеткілікті болды. Сол атақты адвокат Плевако қорғаған «Бартеевтер ісінің» негізінде Бунин «Корнет Елагиннің ісі» деген повесін жазды. Демек, мəселе шығарма жазу үшін ненің тілге тиек, ненің түрткі болғанында емес, жазушының сол фактіні, сол оқиғаны қаншалықты қоғамдық мазмұнға, əлеуметтік аренаға көтере суреттеуінде жатыр. «Адасқандар» – прозалық кесек туындыларымыздың ең алғашқыларының бірі жəне кезінде айтулы шығарма болды. Бірақ ол шығармадағы ең басты олқылық – жазушының сюжет қызықтап, екі ғашықтың арасындағы сүйіспеншілік мəселелерін суреттеуге көбірек зер салып, кейіпкерлердің басына түскен бақытсыздықты, трагедиялық халдерді туғызушы əлеуметтік жағдаяттарға, қоғамдық ортаны, дəуірге тəн құбылыстарды бейнелеуге жеткілікті назар аудармағандығы еді. Өз ортасынан да, оның идеологиясынан да бойын аулақ салған Бүркіт арқа сүйеп, иек артар əлеуметтік күшті танымай, бұқараға келер жол үстінде қара бастың намысын жыртқан дара кейіпкер боп құлайтын. Сол сияқты Бəтес те қайтып бақыт табар-таппасы белгісіз бей-жай күйде қалатын. Ел тілегін ескеріп, шығармасын қайта жазу үстінде əдеби тəжірибесі мол жазушы ең алдымен осы олқылықтарды болдырмауға барынша күш салған жəне ол мақсатына жетіп тынған. «Мөлдір махаббатты» оқып отырғанда, оның тартымды оқиғасынан алатын əсерің бұрынғыдан кемімейтіндігі былай тұрсын, қайта анағұрлым арта түседі. Ең алдымен шығарманың əлеуметтік маңыздылығы жайындағы оқушының бұрынғы қанағатсыздық сезімі мүлде жойылады. Бұл романда қоғамдық мəселелердің шеңбері барынша кеңейе түскен. Революция жылдарының оның қарсаңындағы жəне одан кейінгі кездердің, жаңа экономикалық саясат пен ауылды кооперативтендіру кезеңінің саналуан қат-қабат шындығы, заман рухын айқындайтын небір əлеуметтік саяси маңызы зор қоғамдық күрделі оқиғалар оқушы көз алдынан кино лентасындағыдай тізіліп өтіп жатады. Романның 125 бетін алып жатқан алғашқы бөлімінде шығарманың бас кейіпкерлері Бүркіт пен Бəтес əлі жүз керісіп жолыққан да жоқ. Бірақ бұл бөлім жастардың болашақ махаббатына зұлымдық тұзағын құратын озбыр күштерді, қоғамдық ситуацияларды алдын ала даярлайтын романның беташары тəрізді. Мұнда жастардың болашағына кедергі болар жайлар, трагедияға ұрындырар əлеуметтік мотивтер бар. Бұл уақыттың ішінде күндей күркіреп 1916 жылдың оқиғасы болып өтті, қазақ еңбекшілеріне нұрын шаша Ұлы Октябрьдің шұғыласы туды, патша үкіметі келмеске кетіп, қарасын батырды; уақытша үкімет те құлап үлгірді. Осындай санқилы əлеуметтік өзгерістерді, сан-алуан жаңалықтарды əр тұрғыдан қабылдап, өз болашақтарына əр түрлі жоспар-жоба құрып жатқан əлеуметтік топтар арасында сапырылысқан тартыс жүріп жатыр. Еңбекші халықтың дүниені дүр сілкіндірген ұлы күресі кезінде қайткен күнде өз өктемдігін жоғалтпай, бас сауғалап қалуға жанталасып жүрген Əбеу жəне іргесі мықтап шайқалып кеткен Əбеулер дүниесі бар. «Таң атпайын десе де, күн қоймайды» дегендей, Əбеулер қаншама жанталасқанмен бастан ерік, қолдан билік кетіп барады. Өмірдің өткелең кезеңдерінің дүрбелеңі Əбеуді жел аударған қаңбақтай қаңғыртып алып кетіп жүр. 1916 жылғы көтерілісте қамаудан қашып жүргенде, талауға малы түскен Əбеу аз күн қолына есе қайыратын күш тиіп калғанда, күні кеше туған шешесі мен жан баласын өлім аузынан арашалап алған кедей Нұржанды өз қолымен дарға асып, құрбандыққа шалуға жүзі жанбайды; революция жеңгеннен кейін Сыр бойына жан сауғалап көшіп барған ол іштен шыққан екі қызын ақшаға сатып, мал жинауға кіріседі; жазғытұры жұтаған жұртқа тыққан тұқымдық астығын үстеме бағамен үлестіреді; аштыққа душар болған ата-ананың 13 жасар қызын бір дорба тарыға сатып алып, үлкен ұлы Текебайға қатын əпергенде де Əбеуден ар-ұят дегеннің нышаны байқалмайды, алашордашылармен астыртын жеңұшынан жалғасып, Торғай өлкесіндегі ашыққан кедейлерге көмекке жиналған малдан үлес алудан да үміттеніп, «топалаңда той» жасауға да əрекеттенеді. Бірақ оның əрекеттерінің бəрі де сəтсіздікке ұшырайды. Өйткені арқа сүйер, табан тірер тірегі əлсіз, желді күнгі құмдай сусып кетеді. Заман тізгіні еңбекші халықтың қолына көшкен – барлық себеп сонда. Жазушы Əбеудің осы сияқты жеркенішті кылықтарын, жауыздық əрекеттерін көрсету арқылы ол шыққан ортаның – үстем таптың азғындығын, іріп-шіріп бара жатқан моралін де идеологиясын шебер көрсете білген. Əбеуде адамгершілік аталатын асыл қасиеттен көрер көзге азбаған, тозбаған, шірімеген не қалды? Ештеңе де қалған жоқ. Оның

семьясының өзінде ырың-жырың, шəлкем-шалыс жағдай жиі болып кетті. «Жау жағадан алғанда, ит етектен» дегендей, əлеуметтік іргесі шайқалып тұрған заманда, қатын беттен алып, бала бағынудан кетті. Қиюы қашқан қазіргі шақта оның үйі, Бүркіттің сөзімен айтқанда: «...Қуарған ағаштың басындағы жапырақсыз бұтақта, тағы бір қаттырақ дауыл соқса құлауға əзір боп, қарғаның қалтылдап тұрған ұясына ұқсайды» (143-бет). Жағдай дəл осы айтқандай болып шығады да. Жаңа экономикалық саясат аяқталып, шаруашылықтың социалистік жүйесі шабуылға шыққанда, осы бір семья мүлде ыдырап, күйрегенін көресіз. Барар жер, басар тауы, татар дəмі таусылған Əбеу кейінірек шетелге өтпек болып қашып бара жатқан сапарында Ауғанстан шекарасында оққа ұшқанын естисіз. Əбеу, образ ретінде, өте күшті шыққан ірі тұлға. Онда ойға алған дүниесін орындауға жанын сала кірісіп кететін батылдық та, қысылшаңнан із шалатын тапқырлық та, ожар өктемдік те, қайыспас қаталдық пен мейірімсіздік те, қысқасы, характер тұтастығын беретін сипаттардың бəрі де табылады. Ол өз мүддесі, өз қоғамы, өз бағыты үшін, өз идеалы үшін барын сала күресті, талмай тартысты, қолдан келгенін жасап бақты. Ал қандай мақсат үшін болса да, ешқандай толқусыз, теке-тірес, тай-талас тартыста құлап, мерт болу – күшті адамның, ірі характер, тəуекелшіл ірі тұлғаның ісі. Бірақ қоғамның тарихи дамуы ығыстырып бара жатса, бұған қарсы шыққан күш мерт болмай қайтпек. Жазушы бұл образдың логикалық бітімін ете дəлелді жасап шыққан. Асылында Əбеудің тағдыры – бүкіл бір əлеуметтік топтың тағдыры. Ал осыған қарама-қарсы қойылып, қақтығысқа түсетін тағы бір тағдыр бар, ол жайында кейінірек тоқталмақпыз. Ретті жерінде айта кететін тағы бір мəселе – осы ортадан алынып жасалған Əбеуден басқа өрелі, шоқтығы биік образдардың тапшылығы. Шынын айту керек, үстем тап өкілдерінен көрінетін Мəмбет қожа, Қоңыр қожа, Сасық бай т. б. толып жатқан іріліуақты жау адамдардың бəрі де Əбеу сияқты тегеурінді іс-əрекеттің, ірі қимыл, адуын мінездің адамынан əлдеқайда төменде тұр. Мысал үшін, көбіне сырттай аталып келіп, алғаш рет оқиғаға араласқан Сасық байдың бейнесіне тоқталып көрейік. Сасық кім? Жазушының айтуына қарағанда, ол – алашорда шаңырақ көтеріп, газет ашуға қаржы жинағанда, 100 ту қой, ал «алаш полкы» құрылғанда 100 құр ат ұстап берген, «ата-бабасынан бері осы елдің тұтқасы болып келе жатқан адам». Жазушы оның портретін былайша суреттейді: «...ақ үйдің маңында бізді қарсы алған Сасықтың түр-тұлғасы қызық адам болып шықты. Ол аса биік бойлы, жуан денелі, ірі сүйекті адам екен. Кескінсіздеу қара бұжыр бетті, тұмсығы жуан, түбі батыңқы мұрынды, шүңірек көзді, қалың ерінді, үлкен ауызды, аралары ашық жалпақ күрек тістері сойдиған, қылы иегіне ыдырай біткен көселеу сақалды (Қоңыр қожаның екі шықшытында екі уыс, сүйірлеу иегінде бір уыс қылы бар екені есімізде – Б. С), азғантай ұзын қылы екі езуінің үстіне ғана шоқталған сұйық мұртты адамның сопақтау басы, кішігірім өгізбен теңдеседі десе де болады. Біз барған шақ «шілденің сарша тамыз» аталатын ыстық мезгілі болғанымен, Сасықтың үстінде етек-жеңі мол үлкен күпі, басында тыссыз елтірі тымақ, аяғында байпақты үлкен етік» (161-бет). Жазушы енді сізді оның үйіне ертіп кіреді. Əңгіме үстінде сіз оның қалған сипаттарымен танысасыз: «Ол сөз арасында қара өкпе болған түйедей деміге ауыр жеткіріп алады екен де, алақанның аясына толарлықтай қақырықты аузынан есікке қарай атқанда, кейде тері мен есігі он метрдей табалдырықтың қасына түсіреді екен, кейде, егер ашық тұрса, есіктен де шығарып жібереді екен...». (163бет). Соншама жасаусыз, соншама салақ үйде енді не ғажап көрер екенмін деп көз салсаңыз, «ағаш төсектің алдында киімдері түрсіз, көнетоз жаулығының кірі құрым киіз сияқты шүйкедей ғана арық кемпір» отыр. Автор осылардың бəрі əлі де аздау болар дегендей, сый қонақтардың қолына ернеуінің кірі екі елі, сыртының кірі сойылып жатқан аяқпен қымыз ұстатқызады да, ақыры қымыздың ішінен көлбақа сияқты бірдеңе шығарып, Бүркітті дастарханға құсқызып бір-ақ тынады. Сіз айналасы төрт беттің ішінде Сасықтың əкесі де дəл осылай болғандығын біліп үлгересіз. Сасықты соншалықты сүмірейтпей-ақ дұшпан етуге, «сасық» етуге де, пасық етуге де болар еді ғой. Бəлки өмірде мұндай жағдай болған да шығар. Дегенмен, дəл осы айтылғандар ақиқат өмірдің шындығынан гөрі, кейіпкердің шыққан ортасына, анкетасына қарап алып барып, сосын мінездеме беріп, портрет жасау болып кеткен сияқты. Кейбір жағымсыз образдардың Əбеу көтерілген дəрежеде шықпауы дəл осыдан ба деп ойлаймыз. Шынында да, жазушы кейіпкерінің бүкіл мінездемесін сахнаға шыға келген сəтте бірден ақтара көрсетіп, оған өз қатынасын, өз көзқарасын қоса айтып беріп отырса, онда ол образдың бойынан характер ашатындай басқа ерекшеліктер іздеп оқушы несіне əуре бол-

сын. Бəрібір ондай қасиет табылмайды. Мына жағдайларда да дəл солай болып шыққан. Əдебиетімізде бұрын жасалып, жұртшылық жұмыла қол қойып таныған Құнанбай, Итбай, Игілік, Шəкен образдары осы айтылған тəсілден аулақ болғандықтан да соншалықты биікке көтерілгендігі аян. Көркем əдебиеттегі образ дегеннің өзі ақиқат өмірдегі адам жəне бір адам емес, жиынтық бейне ғой. Ал өмірдегі əрбір адам өзінше оригинал, өзінше құпия. Əр адамды ашу, білу, тану қажет. Егер жазушы образдың характерін бірте-бірте ашып, өсу эволюциясына қарай мысқалдап таныстырып отырса, онда оның өмірлік шындығы, ақиқаттығы да айқындала түседі. Неғұрлым образ оқушыға сыр бермесе, сыр шашуға сараң болса, солғұрлым оқушы образдың құпиясын ашқанша іңкəрлана түседі, солғұрлым шығарманың тартымдылығы арта береді. Біз жоғарыда Əбеу тобының тағдырына қарама-қарсы қойылып, қақтығысқа түсетін басқа бір тағдыр бар деген едік. Енді соған тоқталайық. Ол Бүркіт пен Бəтес тағдыры. Романның бірінші бөлімінен басқа үш бөліміндегі не бір оқиғалар осы екі жастың махаббат драмасының төңірегіне құрылған. Солай болғандықтан, айналып келгенде, шығармаға түп қазық болып тұрған ең басты тұлғалар да осы екеуі. Біздің байқауымызша, Бүркіт кейбіреулердің айтып жүргеніндей махаббат серісі ғана емес, үлкен əлеуметтік те кейіпкер. Аумалытөкпелі, ұлы дүбірлі күрес күндерінде күйреушілікке ұшыраған семьяның заман көшіне ілесер, жаңа керуенге қосылар бұтағы тарихта да болған жəне советтік əдебиетімізде де бұл жиі кездеседі. Бүркіт – дəл осындай тұлға. Тіпті оның жасөспірім кезінде-ақ (бірінші бөлімнің аяғында) «Совет тұтатқан жаңа өмірдің ұшқынын сөндіре ала ма олар?.. (жаулар – Б.С.). Сөндіре алмаса, тағы да өртенгеніміз бе біздің?. .Жоқ, əкем өртенгенмен, мен өртенбеспін енді!.. Туған жеріме деген мөлдір махаббатымды ешкім енді сөндіре алмас!.. Мен енді оның жаңа ұшқынына қосыла, бірге жалындармын!» (126-бет) – деген сөздері қалтқысыз сендіреді. Бұл – оның саналы өмірінің программасы тəрізді. Таяуда ауызекі əңгімеде сақа сыншыларымыздың бірі романның соңында кесімді мерзімін өтеп, абақтыдан оралған Бүркіттің Коммунистік партияға кіруге ойы бар екендігін білдіретін эпизодқа шүбə келтірді. Біздіңше, осының өзімен жазушы үлкен проблема қойып отырған сияқты. Шынында да, Бүркіттің саяси қылмысы жоқ. Ендеше ағынан жарылып, шын пейілімен келген, тіпті қылмысын, қателігін адал іспен ақтап алуға келген адамды біздің қоғамдық құрылысымыз сырт теппейді деген тұжырым жасайды жазушы. Бүркіт табиғатының өзінде өжет, турашыл, иілмей, морт сынатын емен сияқты қайсар, соған қоса ақылды адам. Романда оның характерін ашатын оқиғалар, эпизодтар жеткілікті. Біз осы роман жөнінде пікір айтқан З. Шашкин мен Қ. Бекхожиннің «Бүркіттің туған ортасынан безінгендігін жəне біздің қоғам санасына батыл бой ұрғандығын əсерлі сипаттайтын суреттер тапшы» деген пікіріне қосылғымыз келмейді. Төрт жастың өзінде əкесіне бетінен сүйгізбей қашамын деп құмда адасып, кебежеге таңғызбаймын деп түйеден құлаған сəтте-ақ образ болашағының бір қыры ашылатын тəрізді. Ал 8 жаста оның сəби жүрегі дарға асылған Нұржанға ара түссе, Ақмешітте Аралбаев басқаратын «жетім балалар коммунасына» жасырын кіріп алған бай балаларын əшкерелеуде Ғани Мұратбаевқа жəрдемдеседі. Əкесі қалың бермей келін етіп түсірген жас жетім қыз Шынарды коммунаға орналастыруы, Торғайдағы аштар үшін жиналған малға ортақтасуға барған əкесінің ниетіне қарсылығы, Еркін, Нұрбек, Найзабек, Самалықтарға ниеттес болып, қысылғанда қызыл отаудан, коммунистерден пана табуы, ұлтшыл нағашысы Жақыпбекпен саяси мəселелер жайында айтысып қала беруі, ақырында Ташкенде алашорда басшыларына сот болғанда, олардың қылмысты істерін əшкерелеп сөз сөйлеуі – міне, осылардың бəрі Бүркітті өскен ортасынан бірте-бірте алыстатып, мүлде қол үздіреді де, жаңа көшке, жаңа заманға ілесуге жағдай жасайды. Осылардың бəрінен кейін Бүркіттің əлгіндегідей байлам жасауында ешқандай жасандылық жоқ екені көрініп тұр. Жазушы бұл образдың логикасын əдемі ашқан, даму, жетілу процесін шебер дəлелдеген. Бүркіт қазақ əдебиетінде бұрын жасалған кейіпкерлердің ешқайсысын қайталамайтын, жағымды образдар қатарынан өз орнын алатын, өзіндік нəр-нақышымен көрінетін образ. Бəтес көп жағдайда Бүркітті толықтырып отырады. Ол оқушыға алғаш жолыққанда қалада қолдан өсіргендей алаулап, жайнап тұрған гүл емес, күтусіз, қысыла өскен, бірақ хош иісімен жаныңа рахат нұрын себетін қырдың қызыл қырмызысындай шешек атып келе жатқан қарапайым ауыл қызы. Жалын атқан жастық шағында жар таңдап, сүйгені үшін бүкіл ата-ана, ауыл-аймағынан қарғыс естіп, адам көрер ауыртпалықтың бəрін көрсе де қайыспай, махаббат ер-

кіндігі үшін алысады. Ескілік атаулы кедергіден аттап өтіп, жаңа заман жаққан жарыққа ұмтылады, жаңаша заңнан пана табады. Осы күресте жүріп ол мұратқа енді жеттім бе деген шағында ардан безген бір алаяқтың арбауына түсіп, аңдаусызда мерт болады. Абыройы төгіліп, адамгершілік ары қорланған жас қыз, Лермонтов сөзімен айтқанда, сабағынан үзіп алып, иіскеп рахатын көргеннен кейін жол шетіне лақтырып тастаған гүлдей аянышты халде қалады. Ал сол гүлді көтеріп қатарға қосып, көктеуіне мүмкіндік берген, білім берген, өмір жəне өмір болғанда жай ғана тіршілік емес, бақытты өмір берген кім? Тағы да Совет өкіметі, совет елінде қорғансыздар жоқ, мұнда ешкім де панасыз емес дегенді аңғартады автор. Аянышты трагедиялық жайлармен аяқталатын шығарманы оқып біткенде оқушыда ешқандай күйректік, пессимистік сезім қалмай, оптимистік сарын сезілетіндігі де осыдан болуға тиіс. Бұл біздің советтік əдебиетімізге ғана тəн қасиеттердің бірі. Романның эпилогында абақтыдан қайтқан Бүркітті таудағы демалыс үйлерінің бірінде жаңа моральға сыйымды жарастықпен қарсы алған жұбайларды (Бəтес пен оның күйеуі Ақпан) көресің. Бұлардан туған баланың аты Бақыт қойылуында да символика жатыр. Бұл ұрпақ ата-анасы көргенді көруге тиісті емес. «Адасқандар» романында күңгірт қалатын Бəтес тағдыры жана романда осылайша жаңаша шешімін тапқан. Осы жағдайлардың барлығы бұл шығарманы тек махаббат туралы дастан ғана емес, сонымсн бірге үлкен əлеуметтік роман деп атауға да мүмкіндік береді. Рас, көпшілік оқиға Бүркіт пен Бəтестің махаббаты, екі жастың сүйіспеншілік драмасы төңірегінде дамып отырады. Жақсы шығармада, əдетте, жарыса жүретін сала-сала оқиғаның ішінде барлығының басын қосатын, қамшының өрім таспаларына өзек болғандай бір оқиға бедерлірек көрінуге тиісті де. Əдебиет теориясына сайғанда, лейтмотив дейтініміздің өзі де осы боларға керек. Автордың айтайын деген идеясы да оқушыға сол бедерлі, өзекті оқиға арқылы, сол оқиғаға басты-басты кейіпкерлердің көзқарасы, қатынасы арқылы жетпей ме? Олай болса, сөз болып отырған шығармада да өзекті оқиға – махаббат тақырыбы автордың айтпақ болған əлеуметтік тұжырымдарын жеткізерлік кұрал болып шыққан сияқты. Демек, З. Шашкин мен Қ. Бекхожиннің «Романдағы барлық шиеленістер, шытырман тартыстар екі абзал жанның махаббатын, бостандығын қорғау төңірегінде өрістегендіктен, автор қозғаған əлеуметтік өзгерістер, ауылдағы тап күрестері, еңбекші тап өкілдерінің жаңашыл іс-əрекеттері өзінше бір мақсат ретінде көрнекті суретін таппаған тəрізді», – деген пікірлеріне де қосылуға болмайды. С. Мұқанов бұл сияқты тəсілді алғаш рет қолданып отырған жоқ. Мысалы, «Сұлушаш» поэмасының басынан аяғына дейін Алтай мен Сұлушаштың трагедиямен аяқталатын махаббаты жырланбай ма? Бірақ автордың айтпақ идеясы ұлтшылдарға қарсы қазақ қоғамында да таптар болғандығын, тап тартысы болғандығын дəлелдеу еді. Олай болса, əлеуметтік мəселені тақырыптың төңірегінен ғана іздемей, сол тақырыптың шешілу процесін іздеп таба білу, көре білу қажет. Жағымсыз кейіпкерлердің ішінде нанымды жасалған образ – Мүсəпір. Сіз онымен Бүркіттің аулында бала кезінде кездескеннің өзінде-ақ өз еркін өзі билей алмайтын, күлгенге еріп күліп, шытынғанға қарап томсара қалатын жігерсіз, жетесіз, жасық адамның қалпын аңғарасыз. Бұндай адам əрбір күшті натураның ықпалына еріп кете беретіні белгілі. Ал өсе келе оның бұл мінезіне жұлын құрттай жымысқылығы келіп қосылады. Біздің болжауымызша, Мүсəпір, кейбір сыншылардың айтып жүргеніндей, қулығына құрық бойламайтын зұлымның бейнесі емес. Ол жүріп бара жатқан адамның аяғының астына жіп керуден арыға бара алмайтын уақтүйек бақай қулықтың ғана адамы. Өзің дəл осы үшін құйып қойған сияқты. Ол – толық мəніндегі əрі жасық, əрі пасықтың образы. Образ ретінде əбден мүсінделіп əдемі жасалған осы Мүсəпірді адам ретінде өмірге көшірсең, Бүркіттер жоғалып табылса, сүйіншісіне іркілмей ұстата беруге болады. Ауылдан келген ақпейіл, аңқау қызды алдап, айтпақшы, алдап айласын асырып емес-ау, тəжірибесіз жас қыздың ақжүрек сенгіштігін пайдаланып, мас қызды масқаралағаннан басқа Мүсəпірден аршынды бір қоғамдық ірі істер күтудің өзі артық болар еді. Мұның өзін де ол бір жігіттік намысқойлығынан, баяғыда оқудан қайтып келе жатқанда Бүркіттен таяқ жегенін еске алып, өз тұрғысынан жасаса бір сəрі ғой. Соның өзінде ол Жақыпбек пен Əбеудің үндемей келісіп жасаған, ұшығы тереңде жатқан жоспарын жүзеге асырушы қолжаулық қана. Республикалық бір газеттің қызметкері болып жүргенде, «жарықтықтың» тапқан ортасын (қайдағы бір Қарсақ, Күзен, Коришандар) көрсейші. Қолына көтеріп тұрған кетпенмен өзін өлтіруге келген Бүркітті бір салып қалуға жарамаудан өткен жасықтық бола ма? Ынжықтық пен пасықтықтың қосындысы ретінде бұдан өткен образды қазақ əдебиетінен іздеп табу қиын сияқты.

Романның бір ерекшелігі – оқиға басынан аяғына дейін Бүркіт пен Бəтестің күнделігі ретінде беріледі де, оқушы барлық жайға тек бірінші (баяндауыш) жақтың айтуымен ғана қанып отырады. Осы ерекшелікке байланысты оқиғаға, театр сахнасындағы сияқты, керекті жерінде ғана өз кезегімен кіріп, араласып, шығып кетіп жататын көптеген кейіпкерлер бар. Оның бəрін шетінен тізіп, анау қайда, мынау қайда деп авторға талап қоюға болмайды. Солардың ішінде екінші планда алынған коммунист Еркін мен Нұрбек, өз буына өзі піскен Қисық пен шебер жеңгетай Қалиса, маубас Текебай мен пысық Қайрақбай, ептеп ішіп қоятындығымен бір көрінгеннің өзінде күлкі шақыратын Найзабек, жемтік аңдыған күшігендей біреудің құпиясын аңдып күн көруге машықтанған, европалық вымогательдің қазақ сахарасына лайық түрі Жұман, Бəтеске жол серік болған Балқаш пен Жаңыл, Қызыл отау иесі Əсиялар аз көрінгеннің өзінде əрқайсысы өзіне лайық мінез-құлықпен есте қалып қояды. Бұл жарасымды-ақ. Бірақ романда ірілі-уақты көптеген Алашорда басшыларының аттары аталады. Бұлар ел ішіндегі байлармен тізе қосқанда самсаған сары қол. Бірақ солардың ішінде оқиғаға тікелей қатынасатын Жақыпбек Дəуітов, Жұнысбек Дауытбаев, Аралбаев сияқтылардың зұлымдық əрекеттерін əлі де қоюлатып, характерлерін аша түсу керек еді деп сын айтқан жолдастарды біз де құптаймыз. С. Мұқанов – тіліне жұрт қанық болған, стилі əбден қалыптасқан жазушы. «Мөлдір махаббат» романының баяндау, материалды беру тəсілі «Өмір мектебі» романына ұқсайтын болса, ал сөйлемдердің синтаксистік құрылымы, сөз орамдары көбінесе «Сырдарияны» еске түсіреді. Кейбір шұбалаңқы суреттеме сөйлемдер болмаса, жалпы алғанда романның тілі тартымды, көп жағдайда поэзиялық көркемдікке көтеріліп отырады. Жазушының тілі, стилі арнайы зерттеуді керек ететін үлкен тақырып болғандықтан, бұл мақаланың мақсатынан тыс қалдырдық. Сəбең оқиғаны қызықты, тартымды етіп беруге де, композициялық, архитектоникалық желі құруға да өте шебер жазушы. Бұл ретте Сəбеңе тəн бір қасиет – оқиғаның баяндалу барысында жерге, елге байланысты көптеген ғылыми, этнографиялық маңызы бар аңызəңгімелерді қосып отыру екендігін оқушы жұртшылық «Сырдария», «Өмір мектебі» романдарынан өте жақсы біледі. Бұл жағдай, сөз жоқ, шығарманың білім берерлік маңызын күшейте түседі. Осындай жайлар сөз болып отырған «Мөлдір махаббат» романында да баршылық. Сыр бойының өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесін баяндайтын сəттер, Бəтестің күнделігіне енген бірнеше ертегілер мен ел арасында жүрген аңыз-əңгіме, хикаялар оқушыға көп мағлұмат береді. Бірақ кейде ақиқаттығынан гөрі қауесетке жуық жайлар да ұшырасып қалады. Романның 117-бетінде жұпар Торғай мен Сыр бойында жолаушының алдынан шауып өтіп жүретін Зорман аталатын тышқанның құйрығынан алынады-мыс деген мағлұмат бар. Егер осы рас болса, жұпар кім көрінгеннің қолында жүрмес пе еді? Жоқ, олай емес, жұпарды жұрттың бəрі айтады, бірақ көрген кісі шамалы. Өйткені жұпар мүлде басқаша. Алтай, Тибет тауларының ең биік құздарын мекендейтін, қазір өте сирек кездесетін, үлкендігі ешкінің марқа лағындай ғана киік тақылеттес аң болады. Біздің елдің жергілікті қазақтары оны күдір дейді. Орысшасы – кабарга. Жұпар осы күдірдің текесінің үйірге түскен кездегі үйек терісі. Жұпардың хош иісі текенің тек үйірге түскен кезінде ғана болады. Аңшылар оны дəл осы кезде, онда да текесін ғана (өйткені қызығатын еті, терісі болмайды) аулайды. Ал қолға түскен шикі терінің өзін иісін шығармай өңдеп алу үшін де шеберлік керек болады. Осы жұпар мен бұғының мүйізі ертерек кезде Алтай қазақтары мен көршілес елдер арасында таптырмайтын аса бағалы сауда товары болған. XIII ғасырда Тибет тауларын зерттеп қайтқан атақты Венеция саяхатшысы Марко Поло да жұпардың алынуын дəл осылайша суреттейді. Жазушы С. Бегалин де өзінің Алтай қазақтарының өмірінен жазған «Көксегеннің көргендері» атты повесінде осы пікірді растайды. Оқушыға жағымсыз əсер ететін мына бір үзіндіні өзгеріссіз келтірейік: «...Көзімді жұмып жіберіп суды құныға сіміріп жатқан шағымда, былқылдаған бірдеме ерніме тигендей болғасын, басымды көтеріп қарасам, өліп қалған тышқан!.. Суға құмарлануым сондай, тышқанды саусағыммен іліп ап лақтырып жібердім де, бақырдағы суды қайтадан сіміре бастадым... – Апырай, шіміркенбей қалай ішіп жатырсың? – деді Қайрақбай. Оған жауап қайтармай жұта бердім де, мейірім қанып болғаннан кейін: – Шешеңнің сүтін, тышқан түгіл, қабан түссе де емерсің, – дедім Қайрақбайға. – Рас па? – Рас! – деді Қайрақбай демін соза алып. – Бұл су маған шешемнің сүті сияқтанып кетті» (108-бет). Бұл – Сыр бойынан туған жері Торғайға алғаш келгенде, мекенін сағынған бала жігіт Бүркіттің құдық басындағы əңгімесі. Біріншіден, жер басып жүрген адамзатта ана сүтін дүниедегінің

бəрінен қасиетті санамайтын пенде жоқ шығар. Екіншіден, Сасықтың үйінде қымыз құйған ыдыстың кірінен жеркеніп, дастарханға құсып қойған Бүркіттің жүрегі бұған қалай дауалады екен? Бұл диалогта жазушы туған жердің, өз топырағының адамға соншалықты қымбат екендігін білдіріп отыр. Шіркін, дəл осы ойды А. С. Грибоедов қандай əсем етіп жеткізіп еді. Оның: «Туған елдің түтіні де тəтті (и дым отечества сладок и приятен) дегені ұрпақтан ұрпаққа мақал боп жетпеді ме? Көркем əдебиет, эстетика көркемдік сезімді, талғамды тəрбиелеудің құралы ғой. Ендеше ең асыл, ең қасиетті деген ана сүті тышқан түскен сумен қатар қойылса, оқушы одан қандай лəззат алмақ. Сол сияқты Бүркіттің жылан етін жеп, сорпасын ішетін тарауды да алып тастаса, оқиға тұтастығына ешқандай залалы тиейін деп тұрған жоқ сияқты. Айтулы шығармада осындай тым анайы дүниелердің болмағаны абзал. Біз роман туралы «Қазақ əдебиеті» газетінің бетінде пікір айтқан Т. Əлімқұловтың Асылбеков деген дұшпанның партиялық билетті үлестіріп жүргендігі үйлеспейді деген пікіріне қосыламыз. Бірақ біз романға осы оқиғаның кіруіне қарсы емеспіз. Өйткені бұл да белгілі бір дəуірде тарихи болған жəне көркем шығармада сол бір кезеңнің сипатын суреттеуге септігі тиетін оқиға. Тек сол Асылбековтен коммунистік билет алып қалған Əбеу мен Қайрақбай оны бірде болмаса бірде өз мақсаттарына пайдалануы керек емес пе? Ал олай болмаған жағдайда бұл эпизодты енгізбесе де болатын сияқты. Бір мақалада айтулы шығармаларымыздың қатарын толықтырған бұл сияқты кесек туындыға барлық жағынан түгел, жан-жақты талдау жасап шығу мүмкін емес жəне біз мұндай мақсат көздегеніміз де жоқ. Романға жазған алғысөзінде автор «көркем шығарма – жанды дене сияқты, оның бір жеріне жасалған түзету, өн бойын қамтиды» деген пікір білдіреді. Дəл айтылған сөз. Бір ғана шынашаққа шыққан кішкентай жара адамның тұла бойын қыздырып, бүкіл дененің температурасын көтеретіні сияқты, көркем шығармада да ішінара кездесетін кемшіліктер, оның жалпы сом құйылған ұлы денесіне аз да болса кеселін тигізеді. Сондықтан да біз романға пікір айту үстіне өзіміз қызыға-қызыға оқып шыққан, əлде де сан қайтара оқитын кітабымызды мінсіз күйде көрсек деген ниетімізді де қоса білдіруді жөн көрдік. 1960. ТАЛАНТЫ ТƏРБИЕШІ Өзінің жарты ғасырдан ағарту майданында қызмет алып, əрі педагог-жазушы аса саналы өмірін халық істеуге жұмсаған қарт мұғалім – Спандияр Көбеев бейнеті де, зейнеті де мол, күрделі де ұзақ өмір жолын өтті. Ол өз халқымен бірге екі түрлі заманды – Ұлы Октябрь революциясынан бұрынғы қараңғылық пен надандық, жоқшылықтың үстемдігі жүрген қытымыр, қатал заманды жəне Ұлы Октябрь революциясынан кейінгі шаттыққа бөлеңген советтік жаңа заманды бастан кешірді. Спандияр Көбеев 1878 жылы қазіргі Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында кедей шаруаның семьясында туған. Ес біле келс ол əуелі ауылдағы молдадан аз уақыт оқиды, бірақ діни-схоластикалық мектептің адам төзбестік қатал дене жазасына шыдай алмай, оқуды тастап қашып кетеді. Міне, оның барлық діни оқуының алды-арты осы болады. Енді Спандияр орысша оқуды арман етеді. 1887 жылы 9 жасар Спандиярдың екі жылдық ауылдық мектепке оқуға орналасуына қазақ халқының көрнекті педагог, ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің тікелей көмегі себеп болады. Бұл мектепті Спандияр 1892 жылы бітіріп шығады. Ауылдық мектепті бітірісімен, Спандияр сол кезде төрт жылдық облыстық мектеп деп аталатын мектепке оқуға түсіп, оны 1895 жылы бітіріп шығады. Бұдан кейін, ол 1897 жылы Қостанай қаласындағы екі жылдық мектепті, артынша 1900 жылы сондағы екі жылдық педагогикалық курсты бітіріп, бастауыш мектептің мұғалімі болып қызмет істеуге право алып шығады. Ол енді өзінің орыс мектебінде тəрбиеленіп алған білімін ғылымға сусап, қараңғылықтың қапасында отырған өз халқына таратуды көксейді. Сол мақсатпен 1901 жылы Спандияр Кішіқұм деген жердегі ауылдық мектепке мұғалім боп барады. Міне, осыдан бастап Спандиярдың халық ағарту майданындағы ұзақ жылдық еңбегі басталады. Барлық мақсаты халқына қызмет ету, қазақ жастарын орыс мəдениеті мен ғылымына үйрету болған, өзінің бүкіл саналы өмірін осы мақсатқа жұмсаған Спандияр бұл жолда талай қиындықтарға да кездеседі. Ең алдымен ол ауылдағы бай-феодалдардың зорлық-зомбылығына, олардың қалың еңбекші бұқараға істеп отырған озбырлығына

қарсы болады. Қолдай келгенінше олардың озбырлық əрекеттеріне қарсылық жасау керек деген пікірге келеді. Бұл туралы Спандиярдың өзі: «Бала кезден бастап, жоқшылық зардабын көп тартқан, қорлықзорлықты көп көргенмен кедей ауылдардың өз праволары үшін бас көтергенін заңды, керекті оқиға деп аңғардым. Мен өз ауылымның адамдарына ұдайы осылай ету керек деген пікірлерді де айттым. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» дегендей, жуас болсаң шонжарлар басына береді деп ескертіп жүрдім», – дейді. Ол мектептегі оқу-тəрбие жұмысын өзінің ұстазы Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық ойларының негізінде құрады. Əрине, бұл жағдай да үстем таптың өкілдеріне ұнай қоймайтындығы түсінікті. Спандияр алғаш ауылдық мектепке мұғалім болып келген кезде бұрын Ыбырай Алтынсарин енгізген ауылдық мектепте оқу екі тілде – орыс жəне қазақ тілдерінде жүргізілуі керек деген бастама мүлдем жоғалып бітуге жақын еді. Бұл да Спандиярдың тұңғыш мұғалімдік қадамында үлкен қиындық туғызады. «Тəжірибе деген жоқтың қасы. Өзімнен басқа жөн сұрар, кеңесер, ақылдасар адам тағы да жоқ. Оқу құралы жеткіліксіз, көрнекі құрал мүлдем жоқ. Ауылдағы билеп-төстеуші байлардың, молда, қожалардың іштерінде «аяғыңды қия басшы, күліңді көкке ұшырайын» деп бағып отырған жаулар да аз емес. Бірден балаларды үйіріп əкетіп, балалар арқылы олардың ата-аналарының, туысқандарының алдында беделді болуың керек. Осының бəрі оқыту əдісіне байланысты» – деп еске түсіреді Спандияр сол бір өткен алыстағы күндердің қиыншылығын. Ауылдық мектепте екі-үш жыл қызмет істегеннен кейін, Спандияр Петропавл қаласының маңындағы Нілді деген жердегі төрт жылдық облыстық мектепке мұғалім болып белгіленеді де, 19031905 жылдардың арасында сол мектепте қызмет істейді. 1905 жылы Омск қаласында бастауыш мектептердің мұғалімдеріне арналып бір айлық ауыл шаруашылық курсы ашылады да, Спандияр білімін көтеру мақсатымен сол курсқа түсіп оқиды. Əрине, курс Спандиярға артық ештеңе бере қоймайды. бірақ Омскіде болғанда Спандиярдың есінде елеулі із қалдырған, оның саяси санасына əсер еткен бір оқиға болады. Спандияр осында большевиктердің астыртын үйірмесіне қатынасады. Бірақ көп кешікпей патшаның тыңшылары үйірменің ізіне түсіп, үйірменің басшылары тұтқынға алынады да, Спандияр оқуын бітіріп, елге қайтады. Осы үшін кейін реакция жылдарында Спандияр да қудалауға ұшырайды, алайда қолында нақты дəлелі болмағандықтан патша жандармының тексеруі аяқсыз қалады. Аз уақыт болса да большевиктік астыртын үйірменің жұмысымен танысуы Спандиярға қатты əсер етіп, ой салады. Ол тұңғыш рет осы Омскідегі большевиктік астыртын үйірмеге қатысып жүргенде патша үкіметіне қарсы революция жасау қажеттігі туралы, демократиялық республика құру туралы естіп біледі. Курстан қайтып келісімен Спандияр Петропавл қаласындағы екі жылдық орысша-қазақша мектепке мұғалім болып, 1910 жылға дейін сол мектепте қызмет істейді. Бұл жылдарда Қазақстанның солтүстік облыстарында орыстың 1905 жылғы тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революциясының дүмпуі ерекше біліне бастаған кез еді. Революцияның дабылы қазақ еңбекшілерінің таптық, саяси санас-езімін анағұрлым оятты. Қазақстанда мектептердің саны көбейе түсті, қазақ тілінде газет-журналдар шығару мəселесі сөз бола бастады. Ел ішінде демократиялық бағыт күшейе бастады. Петропавлда, Қостанайда, Омскіде, Ақмолада большевиктердің астыртын ұйымдары жұмыс істеді. Олар түрлі революциялық үндеулер шығарып, саяси əдебиеттер, листовкалар таратты, халықты революциялық күреске шақырды. Қазақ еңбекшілері орыс пролетариатымен тағдыры бір тап ретінде табысып, бостандық үшін күресте қол ұстасып, бірге болатындығын таныта бастады. Бұрын қазақ кедейінің наразылығы өз аулындағы байлар мен би-болыстардан аса алмайтын болса, енді олар өздерінің жауы тек би-болыстар мен байлар ғана емес екендігін, олардың сыртында патша үкіметі тұрғандығын түсіне бастады. Міне, осындай революциялық рух, өрлеу туған дəуір де түрлі топтар мен жіктердің таптық мүдделеріне сəйкес əртүрлі əдебиеттік ағымдар да туа бастады. Демократиялық интеллигенцияның өкілдері халықты ұлттық-əлеуметтік теңсіздікке қарсы, надандыққа қарсы күреске, оқуға, өнер-білімге шақырды. Олар ескіліктің кертартпа əдет-ғұрып, салт-санасын сынады, үстем таптың халыққа жасап отырған қысымын, озбырлығы аяусыз əшкереледі. Қазақ халқын орыстың прогресшіл əдебиетінің таңдаулы үлгілерімен таныстыру сияқты ағартушылық шараларына көңіл бөлді. Қоғам өмірінде болып жатқан бұл сияқты зор өрлеу Спандиярға да əсер етпей қалмады. Ол халыққа кызмет ету үшін тек қана бала оқытып қоюдың жеткіліксіздігін түсінді. Ол енді əдебиетке де белсенді түрде араласа бастады. Спандияр Петропавлдағы екі жылдық орысша-қазақша мектепте қызмет істеп жүргенде өзінің бұрыннан бері Крыловтан аударған

40-тан аса мысал өлеңдерін қайта қарап шығып, баспаға əзірлейді. Бұл кітап 1910 жылы «Үлгілі тəржімə» деген атпен Қазан қаласында басылып шығады. Спандияр Көбеевтің бұл аударма еңбегінің кезінде зор прогресшіл маңызы болды. Кітапқа кіргізілген көптеген мысал өлеңдер сол кездегі қазақ аулындағы бай-феодалдардың надандығын, топастығын, халыққа жасап отырған қиянатын мінеп шенейді. Спандияр орыстың мысалшыл жазушысы Крыловтың орыс аристократиясының адресіне айтқан аяусыз мысқыл сықағын қазақ тіліне аударып, қазақ əкімдерінің мінез-кұлықтарын күлкі етеді. Сөйтіп ол өзінің бұл аудармасын зұлымдыққа, озбырлыққа, надандыққа қарсы күресудің бір құралы ретінде пайдаланады. Оның бірсыпыра аудармаларын ауыл адамдары жаттап алып айтып жүретін болады. Бұдан кейін 1912 жылы тағы да сол Қазан қаласында Спандияр Көбеевтің «Үлгілі бала» атты екінші кітабы басылып шығады. Бұл жинаққа, негізінен, жазушының өзінің жазғандары, орыстың классикалық əдебиетітің өкілдері мен көрнекті педагогтерінің балаларға арналған қысқа өлең-əңгімелерінің аудармалары, орыс жəне қазақ халықтары ауыз əдебиетінің кейбір үлгілері енгізіледі. Жинаққа кіргізілген шығармалардың қайсысының болса да жалпы сарыны қазақ жастарын оқуға, өнер-білімге, əділеттікке, адамгершілікке, мəдениетке шақыру болып келеді. Бұл кітап өз кезінде Ыбырай Алтынсарин салған дəстүр бойынша Спандиярдың сабақ беріп жүрген мектебінде оқу құралының қызметін атқарады. Бұл туралы жазушының өзі: «Үлгілі бала» хрестоматиясына кірген... өлеңдерім, негізінен алғанда, бастауыш мектептің оқушыларына арналып жазылған шығармалар еді. Жалғыз-ақ мұнда атап көрсететін бірнəрсе – бұл кітаптың да жалпы сарынында теңдікті, əділеттікті аңсағандық барды... Демек, «Үлгілі бала» хрестоматиясындағы өлең, жырлар да халық бұқарасының мүддесі тұрғысынан қаралып жазылған еді» дейді. Алайда əдебиеттің қоғамдық мəнін айқын түсіне бастаған Спандиярды тек қана аудармамен шұғылдану қанағаттандырмайды. Ол енді өзі де көлемді шығармалар жазуға талпынып көреді. Сөйтіп, ол «Қалың мал» романын жазуға кіріседі. Бұл туралы Спандияр былай деп жазады: «Надандыққа, феодалдық ескішіл, өрескел сорақы салтқа қарсы күрес жүргізудің бірден-біреуі халықты ағарту: балаларды оқыту, халықты сауаттандыру деп, оны мəдениет сатысына аяқ бастыру деп ұғушылардың бірі мен едім. Бірақ сегіз-тоғыз жыл оқытушы болғаннан кейін феодалдық салтпен күресу үшін тек ғана балаларды оқыту жеткіліксіз екеніне көзім əбден жетті. Бұл күресте халық санасына күштірек əсер ететін басқа да құралдар керек сияқты көрінді. Іздене келе, мен осы мақсатқа жету жолында ағартушыға ыңғайлы күрес құралының бірі көркем əдебиет екен деген ойға келдім. И. Крыловтың мысал өлеңдері аудармасының мектеп оқушысы былай тұрсын, халық бұқарасына еткен əсері осы ойымның дерегі еді. Міне, осы ойымды жүзеге асыру мақсатымен 1911 жылдан бастап «Қалың мал» романын жазуға кірістім». Спандиярды жұртшылыққа жазушы ретінде танытқан жəне кезінде зор прогресшіл роль атқарған көлемді шығармасы «Қалың мал» романы. «Қалың мал» ең алғаш 1914 жылы Қазан қаласында басылып шығады. Романның негізгі тақырыбы Ұлы Октябрь социалистік революциясынан бұрынғы қазақ аулындағы əлеуметтік теңсіздіктен, ескілік салттан туып отырған əйел теңсіздігі, олардың ауыр азапты, аянышты өмірі еді. Əйелдің бас бостандығы, оның сүйгеніне қосылуы сияқты мəселелер əркезде-ақ прогресшіл əдебиеттің назарын аударған мəселе болатын. XIX ғасырдың екінші жартысындағы ұлы ағартушы педагог Ыбырай Алтынсарин қазақ қыздарына білім беру жөнінде көптеген жұмыстар істеп, арнаулы мектептер ашса, ұлы ақын Абай əйелдің үлкен қоғамдық күш екенін танып, аса жоғары бағалады, оны малға сатушылыққа қарсы шығып, əйелдің бас бостандығын, сүйгеніне қосылуын ұсынды. Қазақ даласында құлашын кең жайған феодалдық ескі əдетғұрыптың ең бір жеркенішті жексұрын көрінісі əйелді зат есебінде малға сату еді. Сондықтан да бұл сияқты айуандық салтқа қарсы XX ғасырдағы бұқарашыл ақын-жазушылардың көбі де үн көтерді. Əйел теңдігі мəселесі XX ғасырдың алғашқы жылдарында С. Дөнентаевтың шығармаларының басты тақырыптарының бірі болды. Міне, əйел теңдігі мəселесіне XX ғасырдың бас кезіндегі бұқарашыл ақын-жазушылардың қатарында Спандияр Көбеев те осы «Қалың мал» романымен үн қосты. Романда жазушы, негізінен алғанда, кезінде зор актуальды мəні бар екі түрлі əлеуметтік мəселе көтерді. Біріншіден, жазушы мұнда романның бас кейіпкері Ғайшаның төңірегіне қазақ əйелінің мінезқұлқын, іс-əрекетін, аянышты өмірін топтастыра отырып, қазақ əйелінің бостандығына кесірін тигізген реакцияшыл феодалдық

əдет-ғұрып, салт-сананы, оларды тудырушы үстем таптың өкілдерін əшкерелейді. Сонымен бірге жазушы сол кездегі қазақ қоғамындағы əлеуметтік теңсіздік мəселесін де белгілі дəрежеде сөз етеді. Жоғарыда айтылған байлар мен би-болыстардың озбырлығын, олардың шаруалардың малын, жерін заңсыз тартып алатындығын сөз етеді. Жазушы романда іштеріне байларға қарсы кек сақтап жүрген Əлкен, Бірке, Жүніс сияқты бір топ шаруалардың образдарын жасайды. Алайда жазушы ескі қазақ аулындағы тап тартысын кеңінен ашып, өз алдына айқын мəселе етіп көрсете алмайды, оны ру таласы, жесір дауы, жер дауы сияқты мəселелердің төңірегіне жақындата береді. Бұған жазушының жалпы сол кездегі саяси көзқарасының тар көлемдігі себеп болады. Жазушы романда баяндалатын негізгі оқиғаның өзін ұсақ шаруаның психологиясына лайық дүниетану тұрғысынан алып шешеді. Жазушы романын бас кейіпкер Ғайшаны талас-тартыссыз сүйгеніне қосып, Қожашты əлді, ауқатты шаруаның қатарына жеткізумен аяқтайды. Романның соңында олардың тыныштықпен өмір сүріп, шаруа тұрмысын құрып отырғандығы, жазушының көзқарасынша, өмірдің рахаты ретінде ұсынылады. Міне, романдағы тап тартысы мəселесі осындай ұсақ шаруаның дүниетану тұрғысында алынып шешіледі. Солай бола тұрса да, романда айтылатын əлеуметтік теңсіздік, үстем таптың еңбекшілерді аяусыз қанап отырғандығы, олардың арасындағы өшпенділік т. б. жағдайлар романның өз кезінде зор роль атқарғандығын, жазушының творчествосындағы прогресшіл демократтық сипатты айқын аңғартады. «Қалың мал» романынан кейін Спандияр Көбеев қазақ аулындағы əмеңгерлік, көп əйел алушылық, қарт адамның жас қыздарға үйленуі сияқты ескіліктің жексұрын салттарын əшкерелеу мақсатымен көлемді екі роман жазбақ болып талаптанады. Алайда бұл шығармаларының біріншісі жарық көрмей, қолжазба күйінде жоғалады да, екіншісін жазуға оның көптен келе жатқан бас ауруы ұлғайып кетеді де, мүмкіншілігі болмайды. Ауыр ми жұмыстарымен шұғылдануға дəрігер мүлдем тыйым салады, тіпті мұғалімдік қызметтің өзін уақытша қалдыра тұруға кеңес береді. Сөйтсе де Спандияр ара-тұра ғылыми, педагогикалық, методикалық мақалалар жаза жүреді де, 1951 жылы өзінің көптен бері жазып келе жатқан еңбегінің жемісі ретінде «Орындалған арман» атты мемуарлық шығармасын бастырып шығарады. Бұл мемуарлық еңбегінде Спандияр өз көзімен көрген революциядан бұрынғы Қазақстанның жағдайы мен революциядан кейінгі Социалистік Қазақстанның жағдайын фактілерге сүйеніп, автордың естеліктері ретінде баяндайды. Қазақ халқының аянышты еткендегісі мен бақытты бүгінгісін болған оқиғаларға негіздей отырып, оқушылардың көз алдына елестетеді. Ескі ауыл мен жаңа ауылдағы ағартушылық ісінің айырмашылығын, мектеп өміріне кірген өзгерістерді көрнекі мысалдар арқылы баяндап береді. Спандияр Көбеевтің «Орындалған арман» атты еңбегі өңделіп, түзетіліп, 1954 ж. екінші рет басылып, жұртшылыққа ұсынылады. Кітаптың екінші басылуына жазушы көптеген түзетулер енгізіп, толықтырулар жасаған. Автор мүмкіндігінше бұл еңбектің алғашқы басылуына республикалық, облыстық баспасөз беттерінде айтылған сындарды ескеріп, қойылған тілектерді қанағаттандыруға тырысқан. Кітап: «Балалық шақ», «Мен – оқытушы», «Қилы кезеңдер», «Орындалған арман» деп аталатын негізгі төрт бөлімнен құралады. Бастапқы екі-үш бөлімінде Ұлы Октябрь революциясына дейінгі қазақ даласыный қоғамдық-əлеуметтік мəселелері сөз болады. Спандияр ескі ауылдағы надандықты, қазақ халқының қоғамдық дамуына мейлінше кедергі жасаған ескілікті, салт-сана, əдетғұрыпты, рулық дау-жанжалды əшкерелейді, революцияға дейінгі қазақ даласында болған тап тартысын баяндайды. Кітаптың «Надандықтың құрбаны», «Қара бақсының хикаясы» атты тарауларында жазушы бас еркі жоқ қазақ əйелінің аянышты халін, үстем таптың əйелге зат ретінде қарап, малға сататындығын жəне осындай жеркенішті салт-сананы тудырушы қоғамдық құрылыс пен қараңғылықты батыл əшкерелейді. Бүкіл қазақ даласына сіңісті болған бұл сияқты озбырлық жазушының да жанын жегідей жейді. Сол бір феодалдық əдетғұрыптың таяғы жазушының өз басына да тиеді. Үстем таптың Нұржақып сияқты тоғышар өкілінің кесірінен Спандиярдың өзінің сүйген қызы Сағила да надандықтың, айуандық, озбырлықтың құрбаны болып қаза табады. Автор ескі қазақ аулындағы рулық талас-тартыс, дау-жанжалдарды кеңінен əшкерелей отырып, тап тартысын да көрсетеді. Кітапта жазушының бұл талабы «Қисықтың өлімі», «Мұз үстіндегі айқас», «Зорлық» т. б. тараулардан айқын көрінеді. Ел ішіндегі осындай толқулар орыс халқының революциялық қозғалысының əсерімен

бірте-бірте ұлғая түсіп, ашық қимыл жасауға əрекеттенушілікті тудырады, қалың көпшілік бұқараның толқуы бұрынғыдай стихиялық сипаттан құтыла бастайды, халық енді мақсатты саяси қозғалысқа бет алады. Қазақ халқының саяси санасына кіре бастаған бұл өзгеріс кітаптың «Тұтанбай қалған өрт», «Қостанайдан хат» тағы басқа тарауларында айқын көрінеді. Бұл тарауларда жазушы XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында, оның қоғамдық ой-пікірінің дамуына өне бастаған жаңалықты, революциялық өрлеуді дұрыс танып, сезінгендігін байқатады. Халықтың үстем тапқа, патша үкіметіне қарсы наразылығы мен толқулары ақыр аяғында 1916 жылдың оқиғасына əкеп соққанын автор өте дұрыс суреттейді. «Көтеріліс маған үлкен əсер етті, – дейді жазушы. – Қалың халық бұқарасының патша үкіметіне қарсы көтерілуі халықтың сана сезімінің оянғандығын айқын көрсетті. Əрине, қалың халық бұқарасының бұл көтерілісі таңданарлық іс емес еді. Өйткені ол бір шырпы тисе, лап ете түскелі тұрған от сияқты толғағы пісіп жеткен, енді бір сылтау – түрткі керек болып тұрған көтеріліс еді». 1916 жылғы көтеріліске кездейсоқ емес, заңды құ былыс ретінде қарап, тарихи дұрыс баға бере отырып, жазушы қазақ халқының бостандық жолындағы бұл көтерілісінің ұлы орыс халқының ұлы азаттық күресімен ұласуын тілейді. Жазушы «Қалың мал» романына қарағанда бұл кітапта революцияға дейінгі қазақ аулындағы кедейлердің бостандыққа, азаттыққа ұмтылуын көрсету мəселесінде елеулі табысқа жеткен. Бұл кітапта сөз болатын, санасы ояна бастаған Оспан, Сəду сияқты шаруалардың қимылы, іс-əрекеті «Қалың мал» романындағы Əлкен, Бірке, Жүністердің қимылынан анағұрлым өрелі, зор. Автор революцияның қарсаңында қазақ кедейлерінің, қарапайым қараңғы шаруаның басында қыдыра бастаған азатшыл, бостандық сүйгіш ойларды көрсетеді. Жазушы өзімен бірге жолға шыққан атшының қазақ халқының өз дамуында тығырыққа тіреліп отырған жағдайы туралы пікірлерін баяндау арқылы бұл жайларды ашық аңғартады. Алайда жазушы халықты ашық күреске үгіттеп белсенді əрекет жасауға шақыру дəрежесіне көтеріле алмады, яғни шын мəнісіндегі революционер бола алмады. Бірақ онда халық тілегінен, ел мүддесінен тыс мүдде болған емес. Міне, сондықтан да Спандияр өз қаламын дұрыс сілтеді, саяси бағытында толқудан, ауытқушылықтан, адасудан аулақ болды. Ол Совет өкіметінің алғашқы күндерінен бастап, ауылдарда социализм идеясын таратуға араласып, ұлтшылдардың зымияндық əрекеттерін халық алдында əшкерелеп, олардың бүркеншіктерін жұлып тастап отырды. Кітапта бұл жағдайлар «Қамқор 3», «Ұлтшылдардың масқара болуы» т. б. тараулардан айқын көрінеді. Жоғарыда кітаптың екінші рет басылуында бірқатар түзетулер мен толықтырулар енгізілгендігі айтылды. Ең алдымен жазушы кітаптың екінші басылуында бұрын баспасөз бетінде айтылған сындарға құлақ аса отырып, екі ұшты мағына беретін көптеген жеке моменттердің басын ашып айқындаған, сондай-ақ кітаптың стиль, тіл мəселелерін де қатты қадағалап отырған. Кітаптың 1951 жылғы басылуында енгізілген «Кейбір педагогикалық мəселелер туралы», «Оқу-тəрбие, оқыту тəжірибелерінен» деген екі тарау кітаптың екінші басылымынан шығарылып қалған. Өйткені бұл екі тарау мемуарлық жанрда жазылған шығарманың стильдік, композициялық құрылысына үйлесіңкіремейтін. Бұл тараулар мемуар емес, публицистикаға жақын еді. Сондықтан да кітаптың екінші басылуында жазушының бұл публицистикалық мəселелерді шығарып тастауы өте орынды. Кітаптың бірінші басылуына сын айтқан жолдастар жазушының Ұлы Октябрь революциясына дейінгі өміріне көбірск тоқталып, ал революциядан кейінгі жылдардағы өміріне, халық ағарту майданында еткен еңбегі мен қоғамдық қызметіне аз көңіл бөлгендігін атап көрсеткен болатын. Жұртшылықтың бұл тілегімен санаса отырып, жазушы кітаптың кейінгі басылуына «Кеңес қайтарған кек», «Тағы да тартыс» деген арнайы екі тарау енгізген. «Кеңес қайтарған кек» деген тарауда автор Совет өкіметінің алғашқы жылдарында қазақ кедейлерінің байларға қарсы жүргізген күресін, Совет өкіметінің қазақ еңбекшілеріне теңдік əпергендігін, шеткері аймақтарда еңбекшілердің Совет өкіметін қалай қарсы алғандығын көрсетеді. «Тағы да тартыс» деген тарауда бүкіл саналы өмірін халық ағарту майданында еңбек етуге жұмсаған Спандияр Көбеевтің бірсыпыра уақыт бойы совет мектептеріндегі оқу тəрбие жүйесіне еніп, орын алып келген жалған ілім – педология мен оның өкілдеріне, жақтаушыларына қарсы жүргізген күресі баяндалады. Қарт, тəжірибелі педагог совет мектептерінде жалған ілім-педология үстемдік еткен ауыр жылдарда да орыс педагогикасының

классикалық ережелерінен айнымайды, педологияның идеалистік пікірлеріне қарсы күреседі. Сөйтіп оқушы бұл кітаптан орыстың алдыңғы қатарлы педагогтері мен ақын-жазушыларының шығармаларынан нəр алып жəне өмір бойы сол алған білімін мəдениеттен кенже қалған өз халқына жеткізу үшін қызмет істеген педагог-жазушының өмір жолының кезең-кезеңдерімен танысады. * Спандияр Көбеев Ұлы Октябрь социалистік революциясын өз халқымен бірге қуана қарсы алады. Халық ағарту ісіне жан-тəнімен беріле еңбек еткен ол революциядан кейін де өзінің оқытушылық қызметін тастамай, қайта онымен мықтап айналысады. Қазақстандағы халық ағарту ісін жолға қоюға, мектептердегі оқу-тəрбие жұмысын жақсартуға барынша атсалысады. Қостанай болысына қарайтын Қарқын, Құмтөбе, Қамыскөл, Ақсуат, Шолақсай т.б. ауылдық жерлерде мектеп үйлерін салғызып, бастауыш мектептердің ашылуына еңбек сіңіреді. Сонымен қатар ол Совет өкіметінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ советтік құрылыстың ауылдағы белсенді үгітшілерінің бірі болады. Партиямыз бен үкіметіміздің саясатын халыққа түсіндіру мақсатымен түрлі баяндамалар жасайды. Қазақстанда ауыл шаруашылығын коллективтендіру қызу жүргізіле бастаған кезде Спандияр ауылдарда серіктік ұйымдастыру ісіне қызу араласады. Бұл жұмыстардың бəрін ол өзінің мұғалімдік жұмысымен қатар жүргізеді. Спандияр жасының ұлғайып кеткендігіне қарамастан, өмірінің ақтық күндеріне дейін Қостанай облысына қарайтын Ақсуат онжылдық қазақ орта мектебінде мұғалім болып істеді. Ол өзінің көпжылдық педагогтік еңбегінде жинаған бай тəжірибесін жас мұғалімдерге беріп отырды. 50 жылдан астам педагогтік қызметінде Спандияр талай жас ұрпаққа білім мен тəрбие беріп, баулып өсірді. Тек совет заманында ғана ол талай жас түлекке тиянақты білім, коммунистік тəрбие берді. Спандиярдан оқыған толып жатқан жастар Отанымыздың əр түкпірінде қызмет істеп, белгілі адамдар болды. Жұртқа мəлім, біздің елімізде педагог кадрлар аса зор құрметке, халық қамқорлығына бөлеңген. Өйткені оларға біздегі бардың ең қымбаттысы – біздің жас ұрпақтарымызды, коммунизмнің болашақ белсенді кұрылысшыларын, əртарапты дамып жетілген саналы, мəдениетті азаматтарды партиялық тілекке сай тəрбиелеп шығару міндеті сеніп тапсырылып отыр. Совет мұғалімдері – халықпен тығыз байланысты жəне халыққа шын ниетімен қызмет етуші совет интеллигенциясының ең көп отрядтарының бірі. Олар балаларды оқыту жəне тəрбиелеу міндетін атқара отырып, коммунизм идеяларын таратады, мəдени-ағарту жəне қоғамдық-саяси жұмысты қажырлылықпен жүргізуші қоғам қайраткері болып қызмет етеді. Мұндай озат идеялардың сəулесін таратушы, шын шабытпен қызмет етуші мұғалім өзінің шəкірттерінің өмірінде өшпес із қалдырады. Біздің елімізде өз өмірінің ұзақ жылдарын жас ұрпақты тəрбиелеу жолына арнаған көптеген даңқты мұғалімдердің есімі бүкіл халқымызға мəлім. Міне, Спандияр Көбеев осындай мұғалімдердің қатарынан орын алады. Туған халқымыз қарт педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің есімін барынша құрметтейді. Партиямыз бен Совет үкіметі Спандиярдың көп жылдық педагогтік еңбегін жоғары бағалап, оны 1939 жылы Ленин орденімен наградтады. Спандияр Көбеев 1940 жылы 62 жасында Совет Одағының Коммунистік партиясына мүше болып кірді. Қартайған шағында партияның мүшесі деген атақтан ерекше қуат алған Спандияр соғыстың ауыр жылдарында да жігерлене еңбек етті. 1944 жылы Спандиярға «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атақ пен Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының грамотасы берілді. 1945 жылы үкіметіміз бен партиямыз Спандиярды «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен наградтады. Ал 1949 жылы Спандияр халық ағарту майданындағы көп жылдық еңбегі үшін Ленин орденімен екінші рет наградталды. 1947 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігі Спандиярға «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» значогін берді. Халқымыз қарт мұғалімінің жас ұрпақты тəрбиелеуге сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оны 1946 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат етіп сайлады. Республикамыздың мəдениет қайраткерлерінің бірі, қарт педагог-жазушы Спандияр Көбеев үкіметіміз бен партиямыздың, совет халқының бұл тамаша қамқорлығы мен құрметіне өле-өлгенше іспен жауап берді. Ол өзінің барлық күш-жігерін, барлық тəжірибесі мен білімін елімізде коммунизм орнатушы жас ұрпақты оқыту жəне тəрбиелеу ісін онан сайын жақсарта беру үшін жұмсады. 1953–1954.

АДАМ. ТАРИХ. РОМАН Тілшімен тілдескенде СҰРАҚ: Өткен жыл қазақ əдебиеті үшін өнікті жылдардың бірі болды дегенді қазір жұрт көбірек айтып жүр ғой. Басқаны айтпағанның өзінде тек роман деп аталатын кесек те күрделі жанрдан ғана сегіз-тоғыз шығарма жарық көріпті. Солардың бірталайы тарихи жəне тарихи-революциялық тақырыпқа арналған. Сіз сол шығармалар туралы қандай пікірдесіз. ЖАУАП: 1970 жылы тарихи-революциялық тақырыпта тəмамдалған үлкен жұмыстың бірі – жазушы Əбдіжəміл Нұрпейісовтың «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» деп аталатын үш кітаптан тұратын «Қан мен тер» атты трилогиясы. Біздің болжауымызша, сөз болып отырған трилогия – Əбдіжəмілдің көп жылдық творчестволық тəжірибесін жинақтаған, жазушы қаламының толысып, кемелденгенін танытатын көлемді де көркем туынды, басқаша айтқанда, автордың бүгінгі жеткен биігі. Трилогияның алғашқы бөлімдері жарық көрісімен-ақ баспасөз беттерінде əрқилы пікірлер айтылды. Олардың ішінде асатпай жатып, құлдық ұрған қошеметшіл сындар да, сондай-ақ аяқталып бітпей жатқан шығарманың бас кейіпкері іздеген деңгейден табылмай жатыр деген сияқты ыссылай ұрттап, асығыс айтылған пікірлер де болды. Бұл пікірлер туралы өз ойларымды 1962 жылы жарық көрген «Партиялық принципшіл сын үшін» деген мақаламда ортаға салғандықтан, қайталап жату артық қой деп ойлаймын. Ал бүгін осы бір алғашқы бетінен бастап таныс шығарманы бас-аяғы түгел бүтінделіп, тəмем боп столға қойылған шағында араға көптеген жылдар салып қайта оқып шыққанымызда жазушының творчестволық мəнеріндегі салиқалылық, жалықпай, тынбай ізденгіштік, өз шығармасына деген жауапкершілік ерекше аңғарылады. Трилогияның аты «Қан мен тер» деп текке қойылмаған: романның өн бойында төгілетін қан да, тер де жетіп жатыр. Мұның өзі қазақ еңбекшілерінің бостандық үшін күрес жолында көрген бейнеті, шеккен азабы, төгілген қаны аз болмағандығын аңғартуы даусыз. Осыған орай романда өлім-жетім көп, автор қиындықты көрсетемін деп ел өмірінің көлеңкелі жағын, қара бояуын қоюлатып алған деген сияқты сын пікірлер де айтылып жүрді. Шығарманың алғашқы нұсқасынан жүрек сазып қоя беретін осындай əсер туатындығын біз де айтқан едік. Ал қазір шығарманың бас-аяғы дөңгеленіп, өзінің заңды шешіміне жеткен шақта қаншама қантөгіс, қиындық болып жатса да, оқырман еңсесі биік, көңілі көтеріңкі сеніммен отыратынын аңғардық. Оның себебі – жазушы зұлымдыққа, озбырлыққа қарсы тұрар күшті көтеру, жетілдіру арқылы оқырман көңіліне ұялап келген əлгіндей түйткілден жақсы құтылған. Қазіргі қалпында романда суреттелетін қарапайым халықтың өзі бас кейіпкерлер Еламан, Кəлендерді жоқтатпайтын дəрежеге көтеріле көрсетілген. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отырған теңіз жағасындағы балықшы жатақтар – үлкен əлеуметтік күш. Сонау қырда малы жұтап қалған кедей шаруа да, ауылындағы ел жуандарының тісі батып, қашып келген бірлі-жарым жарлыжақыбай да осыларды паналап, осыларға сүйенетін болды. Арал теңізі төңірегіндегі қазақтардың, оның ішінде теңіз сауып күнелткен балықшы қауымның тұрмыс тұрпаты, тіршілік қалпы – көптеген оқырманға бейтаныс дүние. Автор осынау өмірді əр қырынан алып, кеңінен суреттейді, теңіз сағалаған жатақтар өмірінің тұтас панорамасын береді. Жазушының өзі суреттеп отырған өлке тірлігін, этнографиялық жайларын, əлеуметтік талас-тартыс мəселелерін жетік білетіні ешқандай шүбə туғызбайды. Екі əйел алған Төлеу семьясының трагедиясын суреттеу арқылы автор осы бір адыра қалған ескі салтқа қарғыс айтқандай болады, оқырманды соған қарсы қайрай түседі. Томай құлақ, тоң мойын қайнысы Қалау, жеңгесі Кенжекейдің өз баласын өзіне қарсы қойып, сен əжеңнен тудың деген сылтаумен қайрап, туған шешесін сабатады. Бірақ сəби жүрегі бəрін де сезеді. Сөйте тұра нəресте күнінен екіге жарылған жарым жүрекке жастай ұялаған жалған сезім оны көпе-көрнеу еркінен тыс қылмысқа итермелейді, ішінен ет жүрегі қан жылап тұрып шешесіне қол жұмсайды. Өкінішке қарай, қазақ аулының бала тəрбиесінде бір кезде Абай атамыздың өзі қатты айыптаған (оныншы қара сөзін қараңыз) осы бір көлеңсіз көрініс тіпті қазіргі кезде де ара-кідік кездесіп қалады. Романда бұл сияқты ғибрат алар штрихтар, эпизодтар орнымен, ұтымды пайдаланған. СҰРАҚ: Ал енді осы трилогиядағы образдар галереясы жөнінде не айтар едіңіз? ЖАУАП. Жазушы образ, характер жасауға да төселгенін, кемелденгенін танытады. Романдағы Еламан Кəлен, Мөңке, Дос, Телеу, Тəңірберген, Алдаберген сопы, Курнос Иван, Кенжекей, Бебек бейнелері – образға қойылар талаптарды көтере алатын толыққанды

тұлғалар. Тіпті, оқта-текте көрініп, оқиғаға екінші қатарда кірісіп жүрген кейіпкерлер: сəт бағып отырып пайда-серіктен шыққан күйі сырт айналып жүре беретін татар байы Төмірке, Тəңірберген мырзаның барып кел, біліп келінде жүріп, ауылдан тері-терсек жинап байып, енді жалына су жүгіріп, қоңына ет біте бастағанда кешегі табынғаны Тəңірбергеннің өзін жүре тыңдай бастаған жылпос, епті жігіт Ебейсін де, ел сөзін жерге тастамайтын есті қария Есбол да өздеріне лайық мінездерімен бой көрсетеді. Əрине, авторға аты аталып, кітап бетіне шыққан кейіпкерлердің бəрін образ деңгейіне көтермедің деп өкпе артудың лайығы жоқ, ол мүмкін де емес нəрсе. Дегенмен де, оқушыны өз болашақтарынан біраз үміттендірген Мюлгаузен, Селиванов тұлғаларын логикалық шегіне дейін жеткізген дұрыс болар еді деген ойдамыз. Бояуы келіспей, эскиз күйінде қалған – Жасағанберген бейнесі. Трилогияның алғашқы екі кітабында қалада орысша оқып жүрген бай ауылдың ең кенже мырзасын демалысқа ел ішіне келіп жүрген кезінде ғана бір-екі рет кездестіреміз. Ауылдағы алпауыт ағаларының істерін онша құптамай наразы боп, либералдық пікірде жүрген осы бір науқастау, жүдеу жігіттің революция жағына шығып кеткенін кейін Торшолақ баланың аузынан ғана естиміз. Рас, дүниені дүр сілкіндірген төңкеріс жылдарында бір семьяның қарама-қарсы баррикадаға бөлінген фактілері толып жатыр. Бірақ, Жасағанбергеннің дəл мұндай шешімге келуіне романда логикалык əзірлік жасалмаған. Кейіпкердің іс-əрекеті, эволюциялық өсу жолы жоқ. Колчактан түңіліп, Беловтың армиясына майданға сұранып кеткен қарт генерал Рошаль, сондай-ақ түрікмендер тұтқынынан қашып шыққан Айғанша тағдыры да атаусыз, белгісіз. Ал Ақтөбеге келген ақтардың армиясына сыйлық алып бара жатқан Тəңірбергенді Шалқар қаласының сыртында тосып алған Еламан тұтқындап, оның орнына қазақ мырзасы боп, бір ай бойы генерал Беловпен бірге Омбыға Колчактың ставкасына да барып қайтады. Қайту сапарында Торғай қаласында ажырасып, генерал Беловтың рұқсатымен елге қайтқан Еламан көп ұзамай Шалқарға шабуылға аттанған ақтың армиясына көрсетіп келе жатқан Тəңірберген екенін естиді əрі жүздеседі де. Осы тұста оқырманға Тəңірбергеннін қызылдар тұтқынынан қалай босап кеткені, генерал Белов өзінің алданғанын қалай білгені, əрі онысын білгенде қандай күйде болғаны көмескі қалады. Немесе Алдаберген сопы өз əйелінің өсегін естіп, Торшолақ баланы қолға түсіргенде оны итше тепкілеп, əбден есінен танғанда есік алдына сүйреп тастайды. «Сол түні, – дейді автор, – Алдаберген сопы ақ тоқалды да көк ала торғайдай ғып, ауыл айналдыра қуып жүріп сабап, Кішіқұм бойындағы төркін жұртына қуып жібереді» («Күйреу», 130-бет). Ал сол ақ тоқалды артынан көп уақыт еткен соң өз аулына өзі бастап алып, келген ақ солдаттардың біреуі «көрпетөсек жайған төрде, софы ағасының намаз оқитын дағдылы жерінде» зорлап жатқан жерінен Тəңірберген өзі құтқарып, арашалап алуы да (339-340 бет) түсініксіз. Қалай болғанда да, трилогияның композициялық құрылымына, оқиға желісінен, сюжеттік линиясынан селкеу тастамай, шынайы ісмердің қолын танытып келе жатқан жазушыға бұл да мін, кемшілік екені даусыз. СҰРАҚ: – Аз сөзбен болса да көп жəйді аңғартқаныңыз үшін рахмет. Өзіңіз діттеген басқа шығармалар туралы не айтасыз? ЖАУАП: – Біз сөз етіп отырған 1970 жылы «Аққан жұлдыздың» екінші кітабы жарық көрді. Қазақ халқының өткен ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі – Шоқан Уəлиханов өміріне арналған бұл роман жазушы жоспарында трилогия боп тəмамдалмақ. Үлкен тақырыптың тізгінін үлкен жазушымыздың – Сəбит Мұқановтың ұстауы əбден орынды. Бұл тарихи күрделі тақырыпқа жазушы кенет келе қалған жоқ, көп жылдық дайындық, əзірлікпен келіп кірісіп отыр. Бұған дейін ол Шоқан туралы көлемді ғылыми еңбек пен мақалалар, пьеса жазды. Бұларға қарағанда Сəбең Шоқан туралы материалдар жинауға тіпті ертеден кіріскені байқалады. Трилогияның жарық көрген алғашқы екі кітабындағы тарихи деректер мен материалдардың молдығы да бұған айғақ. Роман əлі аяқталып бітпесе де, осы алғашқы екі кітаптың өзінен-ақ қазақ хандығының соңы ыдырап, орыс əкімшілігінің үлгілері – аға сұлтандық ене бастаған тарихи кезеңдегі заман тынысын, уақыт рухын, əлеуметтік өмірдің кең панорамасын төре тұқымының қолындағы билік тізгіні біртіндеп сусып, суыртпақталып шығып бара жатқанын, ендігі жерде көп мəселені аталы ақсүйектік емес, қалталы бай, ақша шеше бастағанын қапысыз танимыз. Екінші кітаптың соңында Шоқан шын мəніндегі аққан жұлдыз боларлық, кемелді шағының қарсаңына келіп тоқтап тұр. Оның кандидатурасы атақты Ыстықкөл, Қашқар саяхаттарына ұсынылып отыр. Ал тарихи Шоқанды шығыстану ғылымының аспанында құйрықты жұлдыздай жарқыратқан да оның осыдан былайғы кезеңі, жазып қалдырған ғылыми еңбектері екені мəлім. Демек, жазушының ең жауапты кезеңі үшінші кітаптың үлесіне қалып отыр.

СҰРАҚ: Сонымен «Аққан жұлдыз» туралы ой айтуды сіз де кейінге қалдырып отырсыз ғой. Солай-ақ болсын делік. Өз көңіліңізде енді қай шығарма туралы пікір айту ниеті бар? ЖАУАП: Мен бұл сұрағыңызға жауап ретінде Сейітжан Омаровтың «Қызыл арайын» айтар едім. Бұрын тек əңгімелер мен повестер жазып келген сақа жазушының бұл алғашқы романы. Оқиға Харитон деген жас жігіттің есімі қалайша қойылғанына байланысты өрбиді. Бірінші бөлімде оның əкесі Ұлы Отан соғысына қатысып, екі көзден айрылып зағип болған майдан офицері Алмас Оспановтың сестра қызға үйленгені жайына ауыса түседі де, əрі қарай Алмастың əкесі Оспан Жаманбаев жайы əңгімеленеді. Тіпті Жаманбай жайынан да біраз шежіре шертіледі. Кітаптың басым көпшілігі – екінші бөлімі Оспан Жаманбаевтың төңкеріс жылдарындағы, күрес күндеріндегі іс-əрекетін суреттейді де, оның ақтар басып қалған Атбасар қаласына қызылдардың құпия тапсырмасы бойынша астыртын келуімен кілт үзіледі. Шығарманың ақырында «Бірінші кітаптың соңы деп берілген ескертпеге қарағанда, бұл да аяқталмаған туынды. Оның үстіне сонау Жаманбайдан Харитонға дейінгі аралықта роман XIX ғасырдың аяғы, империалистік соғыс тұсы, Октябрь революциясы, Ұлы Отан соғысы, қазіргі заман көріністерін қамтуды мақсат тұтқан көрінеді. Осындай себептерден де болар, бұл алғашқы кітапта композициялық желінің тұтастығы байқалмайды. Оқырманның алатын əсері де шашыраңқы. Сондықтан бұл ретте де тұтас бір пікір түйіп, жазушы туындысына үзілді-кесілді баға беруді кейінге қалдырып, «Əліптің артын бақ» дегендей, романның неге кітаппен бітерін күте тұру жөн ғой деп ойлаймын. СҰРАҚ: Бəке, əңгімеміз қызық болып барады. Дегенмен, бəрін кейінге қалдыра бермейік. Біткен бір шығарма туралы ортаға ой тастаңызшы. Мəселен, Сара Мыңжасарованың «Қыр қыздары» туралы не айтуға болар еді? ЖАУАП: Авторы жағынан көңіл аударар бұл шығарма расында да əңгімелеуге тұрарлық. Роман оқиғасы Талдықорған, Қаратал төңірегінде азамат соғысы жылдарында болады. Негізгі тартыс бай мен кедейлер арасында, қараша ауыл атанған қарапайым еңбек адамдары мен шоң ата шонжар тұқым Елпан, Оралбай ауылдарының арасында жүріп жатады. Роман негізінен қыр қыздарының, қазақ əйелдерінің санасындағы өзгерістерді, революциялық күрес идеясына келу жолын суреттеуге арналған. Романның соңында Оралбай мен Жұманның шетелге қашып кеткен хабары келеді де, ал Елпан қолға түсіп, істеген бар жауыздығы үшін, Балайым мен Гауһардың оғынан қаза табады. Əрине, көркемөнердегі еңбек əйел мен еркекке екі түрлі норма беріп, екі түрлі талаппен қарайтын спорт емес. Сондықтан ортақ талап тұрғысынан қарасақ, бұл шығарма да кемшіліксіз емес екенін көреміз. Олар кедейлер тобында жүрген, образ дəрежесіне көтеріле алмаған кейіпкерлердің көптігі, күрес күндеріндегі оқиғаларды біресе Елпан ауылына, біресе Оралбай ауылына, кейде Қараша ауылға, кейде қалаға кешіріп қайталай беру, баяндаудың бір сарынды шұбалаңқылығы, тілдегі кейбір олқылықтар дер едік. Сондай-ақ романның басынан аяғына дейін ілесіп келе жатқан Қаншайым мен Қалдыбек жəне Мұса арасындағы қарым-қатынас линиясы да дəйекті шешімін таппаған. Қаншайым мен Қалдыбек некелері қиылғанмен, ерлі-зайыпты өмір сүрген емес. Бұл кезде қалада оқып, жазғы демалыста үйге келіп-кетіп жүрген Қалдыбек те 15-18-ге келіп жігіт боп қалды. Қаншайымға қыз кезінен ғашық Мұсаның əлі де көңілі бар. Ал Қаншайым болса, адал, пəк көңілді қайнысын, қазіргі некелі жары Қалдыбекті қимау, оның үстіне өзін əлпештеп, алақанға салып, туған баласындай көріп отырған ата-енесі Досан мен Дəмелі көңілін қалдырмау, сыйлау сезімі жəне бар. Осы бір шешімін таппаған жұмбақ сезімдердің дүмбілез күйде қалуы – шығарманың ең басты кемшілігі. Қазақта «көш жүре түзеледі» дейтін мəтел бар. Жаңа бастаған автор түгіл, төселген кəнігі кексе романистердің өзі де кемшіліктен құр бола бермейді. Олай болса, осы романның жазылып жарық көруінің өзімен-ақ тек авторына ғана емес, жалпы қаламдас əйел əріптестеріміздің бəріне эпикалық күрделі жанрда сəт сапар тілесек, артық болмас деп ойлаймыз. СҰРАҚ: Қорытындыда не айтар едіңіз? ЖАУАП: Жалпы қазақ-совет прозасында тарихи жəне тарихиреволюциялық тақырып – аса күрделі де ірі тақырып. Оған жазылған романдар да толып жатыр. Тарихи тақырыпты игеруде сөз боларлық проблемалар да ұшан-теңіз. Алдымызда келе жатқан Қазақстан жазушыларының VI съезінде бұл сияқты ауқымды мəселелер арнайы сөз болып, келелі кеңеске түскені жөн. 1971.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ Əдебиетіміздің прозалық ұсақ жанрлар саласында қызмет етуге өзін бағыттап жүрген жас автор Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» атты повесі оның тек əдебиеттік талантын ғана жарыққа шығарып қойған жоқ, сондай-ақ, педагогикалық тəлім-тəрбие мəселелеріне қанық, қаламы төселген жазушы екенін де аңғартты. Уақиғаның көлемі, жеке эпизодтардың фабулалық оралымдарының тез де шапшаң ұтқырлығы немесе кейбір уақиғаларды, əсіресе істің логикасы осындай қорытындыға əкеледі деген жайларды баяндап жатпай, очерктік аттап кетулер арқылы оқушыға емеуірінмен таныту сияқты əдістер автордың бұл шығармасын повесть деп атауға мүмкіндік береді. Повестің композициялық желісі, сюжетінің жасалуы жас жазушыдан көп нəрселер күттіреді. Оның осы шығармасының өзінде, ауылға институтты жаңа ғана бітіріп келген жас мұғалім Жақыпбектің сабақ басталмас бұрын, болашақта басына туатын қиындықтардың объектісі Сапар сияқты тентек оқушыны көруі, оның атын класс партасына жазылған жазу арқылы білуі, əкесінің бала тəрбиесіне қай дəрежеде көңіл бөлетіндігін байқауы сияқты əрекеттердің бəрі қисынды түрде тізбектеліп отыруы – шебер құрылған композицияның дəлелі. Интригалардың өз заңымен туып, заңды түрде есіп, дами отыратын тартыс желісінің үзілмей жалғасып келуі – жазушының алғашқы қадамындағы жақсы бастамасы деп қараймыз. Автор қаһарманының жеке басының қайшылықтарын оның қоғамдық принциптерде туған күресінен бөліп алмай, жеке мүддені қоғам мүддесіне бағындыру деген ұтымды идея ұсынады. Бұл жайлар əдебиетімізде еңбек етіп жүргсн бірсыпыра жазушыларымызда кездеспейді. Сондықтан да бұл əдісті жазушының үлкен талабының көрінісі, асырыңқырап айтсақ, өзіне тəн ерекшелігі деп қарауға болады. Жақыпбек пен Əсима, Бану арасында болатын жайлар, қоғамдық мəселе жайлы болатын жалпы тартыстан туып, дамиды. Мектеп директорының қызы Əсимаға пікір білдіре жүріп, қоғам мəселелеріне келгенде, директордың теріс істеріне Жақыпбектің батыл сынмен қарсы шығуын автор социалистік сананың бір көрінісі етіп ұсынады. Міне, бұлардың бəрі де автордың əдебиеттік таланты жөнінде сөз болатын жайлар. Бірақ, шығарманың құны тек мұнымен ғана белгіленбейді. Ондағы əңгіме етілетін мектеп туралы, тəлім-тəрбие, педагогика мəселелері шығарманың мазмұнын айқындай түседі. Бұл төңіректе де автордың елеулі жетістіктері бар екенін байқау қиын емес. Алғашқы бетте шығарманың қаһарманы Жақыпбек бастауыш мектептен орталау мектепке таяуда ауыстырылған, шаруашылық жағынан да, басқару ісінен де, білім беру, тəлім-тəрбие жағынан да кемшіліктері көп, ақсап жатқан мектепке қызметке келеді. Жас мұғалім өзінің арнаулы оқу орнында алған теориялық білімін практикада осындай ортада жүріп қолдануға тиіс болады. Мектептің қандай жағдайда екендігін: топыраққа аунап алысып жатқан балалардан, ремонты бітіп, жұмысқа əзір деп есептелген мектеп үйінің қаһарманымызға туғызған көңілсіз əсерінен, еңсесі түсіп тұрған директордың кабинетінен, танымайтын кісімен алғаш кездескеннің өзінде-ақ «сен» деп сөйлесетін директордың мəдени дəрежесінен, ең аяғында, мектептің ауыл ортасындағы беделінен, колхоз мекемесінің мектепке деген көзқарасынан аңғаруға болады. Бұл жайлардың бəрін автор өзі баяндамай, іс арқылы, уақиғаның өзін көрсетумен шебер берген. Бірақ мұндай кейіндеп қалушылықты көрсетуге М. Иманжанов Помяловскийдің «Бурса очерктері», Смирнованың «Село мұғалимасы» т. б. шығармаларда ұшырасатын мектеп жайымен қатар қоюдан аулақ. Ол шығармаларда патша өкіметінің реакцияшыл ағарту саясатының салдарынан, я экономикалық жағдайдың қысымы салдарынан күйреп жатқан буржуазиялық мектептер көрсетілсе, Мұқан шығармасында социалистік қоғамның даму барысында сын арқылы, адал істеген еңбек арқылы, даусыз, қатарға қосылатын совет мектебі көрсетіледі. Яғни мектептің кемшілігі Мұқан шығармасында диалектикалық дамудың бір көрінісі ретінде ғана алынады. Мектептің осындай мүшкіл халі болашағына сенімі мол ершіл, жас маман Жақыпбектің жігерін жасыта алмайды, қайта оның жігерін ұштай түседі. Бірінші күннен бастап-ақ, Жақыпбек мектепті көңілсіз жайлардан арылтудың қамына кіріседі. Ол мектепті колхозды ауылдың мəдени рух себуші мекемесі дəрежесіне көтеру үшін талмай қызмет істеп, болашақтың иелерін, ертеңгіні жасаушы жас буынды тəрбиелеп, білім беру мəселесінің жауапкершілігін өз мойнына алады. Олардан батыр халқымыздың ізгі қасиеттерінің бейнесі көрінетіндей, коммунизм рухына суарылған нағыз азамат өсіру жұмысының негізі мектеп үлесіне, дəлірек айтқанда мұғалімнің мойнына жүктеледі деген ой аңғартады. Осы мақсатын іске асыруда ол өткен педагогтердің тəрбиелік қағидалары

мен дайын əдістерін ғана қолдануды жеткіліксіз деп қарайды да, өзі де творчестволық іздену үстінде болады. Социалистік қоғамда жаңа адам тəрбиелеудің əдістері де жаңа болу керек деген үлкен идея ұсынады. Сондықтан да ол іске: «Мен өткен заманның ұлы педагогтерін қадірлейтін, олардан қажетті жерінде оқып үйренетін адамның бірімін. Бірақ маған керектің бəрін олар бере алмайды. Мен жаңа дүниенің жаңа адамын, совет адамын тəрбиелеушімін» деген ізгі мақсатпен кіріседі. Бұл жолда қолданған оның саналуан əдістері сəтсіздікке де ұшырайды, бірақ бұл кемшіліктерін оған өмір кейінде мойындатады. Ол бірінші сабақта оқушылардың бəрімен шешіле сырласып, тығыз байланысты болғысы келеді, бірақ ол сенімі орындалмайды. Ешбір оқушы оған шешіліп сыр ашпайды. Жақыпбек «мұғалімнің ең күшті сыншысы өзінің оқушылары» екенін түсінбейді. Жас буындармен сырлас болу үшін алдымен оқушының өзіне деген сенімін арттырудың кажеттігін, сонда ғана бала саған бар ішкі дүниесін ақтарып, шын сырын танытатындығын автор да, оның қаһарманы Жақыпбек те кейін түсінгендей болады. Оқушыға таза бол деп айтып түсіндіруден, тазалықты көзіне көрсету, сол арқылы баланың сезіміне əсер етіп, қиял дүниесінің кеңеюіне жəрдемдесу молырақ пайда береді. Оқушы өзіне ең жақын ортаға, яғни мұғаліміне көбірек еліктеп өседі. Сондықтан да оқушылар ортасында ең бірінші үлгі мұғалімнің, я тəрбиешінің өз басынан табылуы керек. Осы жайды ескерген автордың тарих пəнінің мұғалімі Жауынбаевты кір киімдерімен сабақ беруге рұқсат етпей, мектептегі тазалық мəселесі үшін күресудің қажеттігі сияқты педагогиканың күнделікті мəселесін ұсынуы орынды. Бірақ жас мұғалім Жақыпбектің өте қызуқанды болып, тəрбиешіге керекті тамаша қасиеттің бірі сабырлылық сияқты мінезден аулақтап, ұшқалақ адамға тəн мінез көрсетуі қолайсыздау екенін ескеру қажет. Шығарманың қаһарманы Жақыпбек болмашы нəрсеге жүз шайысып, айғай көтеріп, шап ете қалады. Шығарманың өнбойына ол төртбес жерде ұрсысып қалады. Қаһарманының осындай шапшаң мінезділігінен тарих пəнінің бір сабағы өтілмей қалады. Бұл бос өткен оқу сағатына сол пəннің оқытушысы Жауынбаев жауап беруге тиіс еді, бірақ одан мұны талап еткен оқу ісінің басқарушысы болмайды. Сөйтіп, бұл жағдай ашылмай, көмескі күйде қалады. Жақыпбектің жоғарғы мінезі оның өзім білемдігін, дарашылдығының элементін аңғартады. Мысалы, повесте мынадай бір диалог бар: – Кластарымыз сізге ұнамады ғой деймін, шамамда, – деді Бану ерні ерніне жұқпай күле сөйлеп. – Оны қайдан білдіңіз? – деді Жақыпбек те күлімсіреп. – Бет пішініңіз, əсіресе көзіңіз айтып тұр. – Олай болса, көзімнің сыр жасыра білмегені ғой, – деп Жақыпбек күліп жіберді. – Көздің қасиеті де, асылдығы да сол сыр жасыра білмейтіндігінде ғой. «Қарай гөр өзін», – деді Жақыпбек ішінен. Осы үзіндіге қарағанда, автордың көзқарасынша, жоғарғы сөздерді Жақыпбектен басқа кісі, əсіресе, жоғары оқу орнында оқи алмаған, орта білімді ауыл қызы Бану сияқты адамның айтуы мүмкін емес деп қорытынды шығаруға болатындай. Жақыпбек – біздің көзқарасымызша да, бойында үлгі боларлық қасиеті мол, зор келешегі бар, істің адамы. Өзінің педагогтік қызметінің «алғашқы айларында-ақ» мектеп өміріне, тəрбие мəселесі мен оқу жұмысына елеулі өзгерістер енгізеді. Жақыпбек педагогика пəнінің күн тəртібінде жүрген кейбір проблемалық мəселелерді көтеруге, мектеп пен колхоз өмірінің тығыз байланысы сияқты тамаша істерді енгізуге ұйытқы болады. Жақыпбектің тіпті студент кезінің өзінде күнделікті əдебиеттердің ғылымисын мақалалар басылған номерлерін арнаулы папкаларға тігіп, оған өз көзқарасын қоса жазу мəселелерімен шұғылдануына қарағанда, ол болашақ күннің қиындықтарын ескеріп, оған алдынала дайындалған сияқты. Ол колхоз бастығын балалар арасына əңгіме өткізуге шақыру, колхоздың жоғалып кеткен қайығын табуға жəрдемдесу сияқты істерімен ауыл адамдарының мектепке деген бұрынғы көзқарасын жойып, сенімін арттырады. Осы жоғалған қайықтың тарихын айтқызуда ол совет педагогі Макаренко ұсынған коллектив арқылы əсер ету əдісін қолданады. Соның нəтижесінде өзін жалғыз қалғандай санаған қылмысты оқушының бірі Бектай сезім дүниесінің толқынына түседі де, ақыры, шынын айтады. Мұғалім табысқа жетеді. Мектептің оқу ісін басқарушы – сол мектепте өтілетін барлық пəннің мұғалімдеріне жетекші. Осы мақсатты шын түсінген Жақыпбек əр пəннен хабардар болу үшін өзін-өзі қатты дайындықта ұстап, басқа мұғалімдерден де осыны талап етеді. Заманымыздың білім дəрежесіне ілесіп отырудан қашқалақтайтын Жауынбаев сияқты мұғалімнің білместігін сабақ үстінде көзіне көрсетіп, бетіне басады.

Бұл жағдай сырт қараған адамға «оқушылар алдында тəрбиешінің беделін қорғау» деген педагогиканың қағидасына қайшы болып көрінеді. Бірақ автор «мұғалімнің абыройынан гөрі, балалардың сабақтан алып қайтқалы отырған теріс ұғымдарының салмағы басым болған жағдайда, осылай болуға тиіс» деген мақсатпен мұны орынды қолданып отыр. Шығармада жас мұғалімнің күрделі əрекетінің бірі достық қатынастағы коллективті тəрбиелеу ісімен көрінеді. Алғашқы ретте оқу озаты Жарқын мен сабаққа нашар үлгеретін оқушы Сапардың араларына дəнекер етуге коллективті қатыстырмай біраз сəтсіздікке ұшырайды да, кейін ол қателігін түсініп, жаңа көзқарасты шын достыққа негізделген коллектив құрап, тəрбиелеп шығарады. Осы мақсатпен, дарашылдыққа, тəкəппарлыққа бой ұрып, адасып бара жатқан Жарқын сияқты озат оқушының менмендігіне тежеу жасап, оның мөлшерлі қалыпқа түсуіне жəрдемдеседі. Міне, кейіпкердің осындай үлгі боларлық жақтарын үгіттеу арқылы автор барлық тəрбиеші атаулыға үлкен ой тудыратын педагогиканың күн тəртібіндегі мəселелерін ұсынып отырғанын көресіз. Дегенмен, тəрбие мəселесінің əрбір түйінді кезеңдеріне үңіле қараған автор мынадай жайларды ескермеген. Оның негізгі қаһарманы Жақыпбек əр оқушының жеке басын зерттеу мəселесіне мəн бермейді. Оқушының сабаққа үлгермеушілігі мен тентектігін түзету əдісінен бұрын, алдымен ол жайлардың шығу себебін іздеу əрбір педагог, əрбір тəрбиешіге бұлжымас заң екенін педагогика пəні əрқашан ескертіп отырса да, автор бұған көңіл аудара бермейді. Сондықтан да қаһарманымыз Жақыпбек бұл мəселе туралы ойланбайды, ойланса да жеткіліксіз. Мұны Жақыпбекке ойландырмай, өзі баяндап берген автор Сапардың үлгірмеуі мен тентектігінің себебін, оның шешеден жастайынан жетім қалғандығы мен əкесінің бала ырқына жүгіргіштік, көңілшектік мінезінен ғана деп түсіндіреді. Рас, бұл жағдай бала тəрбиесіне əсер етеді, бірақ негізгі себепті бұдан іздеу жеткіліксіз сияқты. Біздіңше, Сапар əрекетін тудырушы негізгі себеп басқада. Ол – баланың жас өзгешелігіне лайық табиғатына берілген еңбек сүйгіштік, өршілдеу мінездері. Сен балық тауып алсаң қайтер едің? – деген балалардың сұрауына: «Мен өзім алар едім, – дейді ол, – жасыра алмай». Коллективке берудің пайдасын көре тұра, ол осыны айтады, себебі жолдастары «қорықтың» деп мазақ етеді деген ұғымда болады. Осылайша оның сезімі неше түрлі толқуға түседі. Ақыры, өтірік айтуды қылмыс деп танығандықтан емес, қорыққандықтың белгісі деп түсінеді де, шынын айтады. Шығармада, тіпті, оның барлық теріс мінездері жолдастарының «қорықтың» деп сықақтауынан құтылу үшін жасалады. Бұған қарағанда, Сапарда ерлік іске ұмтылудың, қорықпауға тырысып, қорыққанын жасырып, өзін батыр етіп көрсетуге ұмтылудың балалық бейнесін, сəбилік түсінігін көресің. Бірақ осы мақсатын теріс əрекеттермен сыртқа шығарып, жағымсыз жағдайлар жасаумен көрсетпек болып, тамаша қасиетін адасып жұмсайды. Автордың мақтаулы мұғалімі Жақыпбек оқушы əрекетінің осындай нəзік жеріне кіре алмай, тəрбие мəселесінің өзегін дəл баспай, көпке шейін адасумен уақыт оздырады. Бектайдың теріс іске берілген пионерлік сертін оңға бұрып жібергені сияқты, Сапардың пайдасыз істерге жұмсалып жүрген осы сезімін пайдалы істерге бағыттау мəселесіне автор да, автор жақтаған тəрбиеші Жақыпбек те бара алмайды. Шығармадан мұның да өзінше себебін табу қиын емес. Автордың бұл қателікті жіберуіне себеп болған жағдай – күрделі бір образдың аяқталмай жолда қалуында. Əдетте қай жазушы болсын, шығармада қатысушылардың негізгі тобымен қатар, солардың іс-əрекетін күшейту, я айқындау үшін, екінші қатардағы адамдарын, яғни қосымша кейіпкерлерді қатыстырады. Олар үшін жазушыдан ешбір оқушы жауап күтпейді, жазушы оны керек жерде ғана көрсетіп, қалдырып кету правосымен пайдаланады. Ал, негізгі тұлғалардың, үлкен істің иесі болуға лайық образдардың толық жасалмай, қалдырылып кетуіне əдебиет оқушысы мүмкіндік бермейді, ол үшін жазушыдан жауап күтеді. Ол кейіпкерлері үшін жазушы оқушыларының алдында есеп беруге тиіс. Тəжірибесіз жас тəрбиешіге өмір университетін өтіп, отыз-қырық жыл ағарту ісінде қызмет еткен қарт оқытушы Нұрипа апай ақылшы ретінде қосылады да бір реттен кейін бой көрсете алмай, тасада қалады. Нұрипа апайды қайта көрсетуді автор да ескермейді. Аз көрінгеннің өзінде Нұрипа апай көп істің үлгісі, көп тəрбиешінің ақылшысы болуға лайық образ екенін анғартады. Ақыл сұрай келген жас мұғалім Жақыпбекке: «Əр бала бірін-бірі қайталамас қандай дара болса, оны тəрбиелеу жолында тап болған əрбір көңілсіз уақиғада да сондай ерекше сыр жататынын білмейсіз бе?.». деп кеңес береді. Осы тамаша кеңесін əркезде айтып, Жақыпбекке ақыл беру функциясымен шығарманың аяғына шейін Нұрипа образы ілесіп отырса, автордың қаһарманы Жақыпбек те «адамның жеке басын зерттеп білу» сияқты педагогиканың ең негізгі мəселесінің шебіне кіре алмай адасудан

аулақ болар еді. Амал не, Жақыпбекке мұғалімдер ортасынан сүйеу боларлық жалғыз образ – Нұрипа образы аяқталмай жолда қалады да, негізгі қаһарман Жақыпбек «көпке қарсы жалғыз» күресуші болып көрінеді. Автор қаһарманын жұртқа таныту мақсатымен, коллективтен жырып алып, қол үздіре көрсетеді. Рас, Жақыпбек көп нəрседе партия ұйымының уəкілі Керейден, колхоз председателі Еркінбектен жəрдем алады. Бірак, бұл автордың кемшілігіне арашашы бола алмайды. Өйткені бүкіл мұғалімдер коллективінде, автордың ойынша, Жақыпбектен басқа жан жоқ. Мектеп директоры Күдері қолынан іс келмейтін, ескілік көлеңкесінің шеңберінде қалған біреу болса, Батырбек – баққаны өсек, жаманшылықтың соңында жүрген, өзін-өзі күте білмейтін біреу. Бану бақытсыз сезімімен іштей алысып жүрсе, Байсалды мектептен гөрі, колхоз кеңсесінен көбірек көресің. Бірінші жарты жылдықтың ішінде-ақ мектеп ілгергі қатарға қосылады. Ауыл өмірінде де кешкілік, жексембілік, интеллигенттер үшін арнаулы мектептер ашылу сияқты елеулі өзгерістер жасалады. Осындай тез уақытта істелген көлемді істердің жасаушысы, коллектив емес, жалғыз ғана Жақыпбек сияқты болып көрінеді. Автор қалай жақтаса да, институт қабырғасынан жаңа шыққан жас кадрдың бойына мұндай көп жұмыс сыйымсыздық жасап тұрғандығын көру қиынға соқпайды. Сөйтіп, шығармада Жақыпбек бүкіл ауыл өміріне, мектепке жаңалық ендіріп, өзгеріс жасаушы дара қаһарман болып көрсетіледі де, коллектив көлеңкеде қалады. Осының салдарынан қаһарманның өсу жолы да сенімсіздеу күйде қалады. Айтылған ортада өмір тəжірибесінен сабақ алып, күреспен өсудің орнына бəрін өз бойына сыйғызған, аспаннан түскендей кенет образ жасалады. Осы тұрғыдан қарағанда Жақыпбектен гөрі, шəкірт қаһармандарының типтік характері басым жатыр деуге болады. Қазір əдебиетімізде еңбек процесіндегі рекордшыл жеке адамнан гөрі, бір тұтас коллективті көрсету мəселесі алға қойылып отыр. Біздіңше, осындай талапқа жауап беріп, коллективтің еңбегін ілгері қойып, жеке қаһарманды сол топта көрсетсе орынды болар еді. Шығармада ауыл жастары ұйымының аты да аталмайды. Ауылдың рухани өмірінің ұйытқысы комсомол ұйымы, жастар екені ескерілмеген. Кешкі мектептерді ұйымдастыру мəселесі, осы ауыл жастарының инициативасымен көтерілсе, көңілге қонымды болар еді. Ал, жазушы үгіттеп отырған «жексембілік мектеп», я шала сауатты үлкендерді жиып оқытатын сауаттандыру мектептері біздің еліміздің тарихында осыдан ондаған жылдар бұрын кездескен, сондықтан көркем əдебиетке кіріп үгіт болудан қалған система екені бəрімізге мəлім. Осындай жеке кемшіліктерді еске ала отырып, бұл повесть – арнаулы білім беретін педагогикалық оқу орындары студенттерінің, мектеп оқытушылары мен тəрбиешілердің оқуларына ұсынылатын көркем əдебиеттердің қатарынан орын алатындығын, оқушы бұдан пайдалы əдістер мен тамаша тəжірибелердің елесін көретіндігін атап өту қажет. Жазушының бұл саладағы алғашқы қадамы сəтті басталған. Бірсыпыра жазушыларымыздың қолынан келмей жүрген қаһармандардың психологиялық моменттерін жеткізу принципі бұл повесте айтарлықтай дəрежеде берілгендігі автордан мектеп өміріне арналған сүбелі үлкен еңбектер күттіреді. 1951. ЖАСТЫҚТЫҢ ӨЗІ – ЖАЙСАҢ ЖЫР Əдебиетке əр қаламгер əртүрлі жолмен келетіні мəлім. Демек, əрқайсысының былайғы творчестволық тағдырлары да əрқилы қалыптаспағы табиғи құбылыс. Біреулер келген бойда-ақ талантымен жарқ етіп танылып, өз төңірегінде дабыр-дүбірін, мадақмақтауын, қолпаш-қошеметін ілестіре келсе, бағзы біреуінін дарынынан дақпырты бұрын жүретіні де болады. Ал əдебиет табалдырығын айғай-шусыз ептеп басқан сыпайы қадаммен аттап, ерінбей еткен еңбегі арқылы өз орнын тапқан қаламгерлер де аз емес. Осындай жазушылардың бірі – Əзілхан Нұршайықов. Ол орта мектеп партасынан тұрар-тұрмаста маңдайларына майдан тірлігі бұйырып, əдебиетке жорық жолынан келіп қосылған буынның өкілі. Творчестволық сəт сапарын журналист ретінде жазған очерктері мен əңгімелерден бастаған Əзілханның «Алыстағы ауданда», «Тың бастығы», «Ертіс жағасында», «Жомарт өлке» жинақтары көпке таныс. Алайда, жазушы көңілін көбірек белген тақырып – жастық өмір, жаз өмір, жақсы өмір. Сондықтан да оның «Жазушы» баспасынан шыққан «Махаббат жыры», «Əсем», «Ботакөз», «Ескі дəптер» атты повестерін жұртшылық жылы қабылдады. 1970 жылдың аяғында оқырман қауымның қолына Əзілханның «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы тиді. Бұл шығарма,

бəлки жазушының өзіне етене жақын, бауыр басқан сүйікті тақырыбына арналғандықтан да болар, əйтеуір автор қаламының барған сайын төселіп, талантының толысу жолында екенін танытарлық туынды. Романды оқып шыққан бір əдебиетші таяуда: «Үндемегеннен үйдей роман шығыпты», – деп əзілдегені бар. Ия, əзілмен айтылса да, осы сөздің төркіні шындыққа тірелетін тəрізді. Кітаптың соңғы нүктесі қойылған бетті жауып қойып, оқығаныңның бас-аяғын жинақтап, оймен тұтас шолып шыққанда, алуан түрлі адамдар тағдыры тағы да анталап, көз алдыңнан кетпей тұрып алады. Əсіресе бас кейіпкерлер Ербол мен Меңтай жайы көңіліңді əлдебір мұңмен сыздата сырқыратқандай күйге енесің. Сөйтесің де, көптеген беттерін көз оқығанмен, көңіл тоқи алмай сырғанап өте шығатын, сыншылардың ресми атауынша «ортаңқол, сұрқай» делінетін кейбір шығармалардай емес, мынау дүниеліктен өзіңнің анаң биіктеп, жаның байып, сезімің серпіліп қалғанын сəтті аңғарасың. Көркем шығарма өз оқырманын əрі бейтарап күйде қалдырмай, еліктіріп ертіп ала жөнеледі. Бұл оның ең бірінші табысы, тегінде шығармада эстетикалық əсері, эмоциялық күші деп соны айтатыны. Біз оқып шыққан роман оқырманды осындайға жетелейтін жақсы шығарма. Тіпті кейбір ситуациялар өмірдің шым-шытырық бұралаңбұлтарыстары жайында баяндалатын беттер тұсында автормен етене пікір таластырып, полемикаға барып отыратын да сəттер болады. Романның бас кейіпкері – майданнан қайтып, университетке оқуға түскен жас жігіт Ербол. Шығарма оқиғасына өзек болған да Ерболдың əңгімесі. Ол – сұрапыл соғыстың бар бейнетін бастан кешіріп, жеңіспен оралған жауынгер, өмірден көріп-түйгені бар жігіт. Ол парасатты, оқығаны да, тоқығаны да мол, пайымдағыш Ербол сияқтылар үшін жорық жолдарының өзі бейбіт кездегі ондаған жылдардан ала алмайтындай білім мең тəжірибе жинауға болатын тұтас бір университет екені даусыз. Күні кеше майданда блиндаждың есігі алдына келіп түскен баяу жарылатын снарядты, басқа еш адам бас көтере алмай бұғып қалғанда, алысқа көтеріп апарып, қауіпсіз жерге жеткізіп жаруға батылдығы жеткен Ербол бүгін мына бейбіт өмірде күнде көріп, қасында жүрген, өзі ұнатқан қызға көңіл білдіруге келгенде батылсыз, именшек. Ерлігі елге аңыз болған алып батыр Самсонның Далила алдында құрдай жорғалайтыны сияқты, мұның өзі де бір махаббаттың күші, жазылмаған заңы тəрізді. Өз жүрегіне сене тұра, бар ықыласымен сүйе тұра, қыздың да «кет əрі» емесін біле жүре, тіпті алғаш сырласқанда қыз аузынан бұл емеурінді ести тұра, махаббаттың əлгі бір нəзік те белгісіз заңы буа берген Ербол ұяңдық, именшектік салдарынан өз несібесінен көпе-көрнеу өзі айрылып қалды. Патриархат заманынан, ата-анадан қалған жол-жоралғы бойынша алғашқы қадам ер азамат тарапынан болуы, ұсынысты күйеу жасауы, ал «əйел жолы жіңішке» деп, қалыңдық тарапынан инициатива жасалуына шек қою бары əлімсақтан мəлім ақиқат. Алайда жұртқа мəлім осы ақиқатты автор бояуын баттастырмай, бадырайтпай, Ербол мен Меңтай кешкен халдерді баяндау арқылы соншалықты лирикалық нəзіктікпен шебер суреттеген. Романның оқырманды ойға жетелейтін сəттері мен беттері молшылық. Асылында, əйел заты, ер адамның бойынан ақыл-парасат, ой, көрік көргісі келетіні өз алдына, соған қоса шамалы батылдық та іздейтінін Ербол сан классиктен оқыған да болар. Кейбір қыздар жігіттің шамадан тыс ұяңдығын ақылдылық, ұстамдылық не ізеттілік деуден гөрі жетесіздікке таман жақын апаруды тəуір көріп тұратыны да содан болу керек. Сыңайы, қыз жігіт бойынан батылдық іздегенде, ертеңгі жұптық өмірде өзіне деген қамқорлық пен қорғаныштың кепілін көргісі келетін тəрізді. Бізде адам өзіне жар таңдағанда, емес дос іздегенде, өз көңіліне, өз мінезіне, өз характеріне үйлесім іздейді деген пікір жиі айтылып, үстем болып келеді. Біздіңше, осының да шындығын мойындай отыра, керісінше, адам ең алдымен өзінде жоғын іздеп, сонысын тапқанда ғана өз гүлін, өз мұратын тапқандай болатын тəрізді. Өйткені өз бойында барды идеал тұту ия менмен тəкаппарлық, ия тоқыраумен шектес жатыр. Меңтайдың Ербол бойынан көре алмағаны, онысын өзі ашып айтпаса да, осы батылдық еді. Бірақ сонысынан кейін қыз өзі опық жеді. Неге екені белгісіз, өзіңе ешбір бөліп бергені, қосып қойғаны болмаса да, өмірде бір мұрат тұтып, көңіліңе тоқ санап, көре қалсаң, көңілің өсіп, жаның семіретін, немесе, керісінше, өзіңе ешбір қиянаты, жаманшылығы болмаса да, сəлемдесе сала қасынан тезірек кеткің келіп тұратын адамдарың болады. Шығарманың бас кейіпкері Ербол оқырман ретінде менің өзіме осылайша, қарадай сыйлап тұрғың, құрметтеп өткің келетін адам (образ) ретінде əсер етті. Зер сала ойлай келе, мен оның нəпсіге тежеу саламын деп, гүлін үздіріп алған осалдығын да, алғаш көргенде-ақ өзінің кім екенін едіреңдеген дөкір мінезінен көрсетіп, ондай адамдардан не күтуге болатынын айтпай танытып тұрған Ошақбаев сияқты əлдебір есірікті өзі ертіп барып, өмірлік тəжірибесі жоқ жас қыз Меңтайды қолы-

нан жетелетіп қоя берген қателігін де кешіргендеймін. Бұған оның барынша ақ көңіл адалдығы, біреуге зəредей қиянат, жаманшылық жасауға бара алмайтыны өз жүрегі мен адамгершілігі себеп болды. Кейіпкердің осы бір қасиеттері қай оқырманды болса да, біржола баурап алады. Ербол, сөз жоқ, пəк таза жанның, шын мəніндегі үлкен жүректің адамы. Жазушы оны осы дəрежеде тамаша сомдап, мүсіндей білген. Романдағы тағы бір басты кейіпкер – Меңтай. Əке-шешеден жастай айрылған, жалғыз ағасы майданда қайтыс болған тəжірибесіз жас қыз Тұмажан Ошақбаев сияқты жексұрынның алдауына түсті. Өлер алдында ағасы жазып қалдырған хаттағы «осы жігіттің етегінен ұста» деген соңғы өтінішін өсиеттей тұтқан адал жан жер басып жүрген жұрттың бəрін өзіндей адал санады. Жарық дүние сонымен бірге арам пиғылды алаяқтардың да мекені екенін ескермеді. Алайда оқырман Меңтайдың аңдамай шалыс басқан қадамын айыптамайды қайта жанашырлық сезіммен, жүрек жылылығымен аяп, аялап қарайды. Ал оқушы назарын былайша шегелеп ұстау жазушылық зор шеберлікті талап ететінін ескерсек, роман авторы өз миссиясын ойдағыдай атқарғандығын көреміз. Меңтай тартқан жан азабы мен шеккен қасірет Ербол сезімін мұқамады, қайта өршіте, ұштай түсті. Ол Меңтайды бұрынғыдан да құлай, беріле сүйді, ақыры ұғысып, қосылды. Бірақ, өкінішке қарай, жас жұбайлардың жақсы, тату-тəтті өмірі ұзаққа бармай, Меңтай балаға босанып, қаза болды. Оқырманды ойға шомдырып отырған да оқиғаның осылай қилықилы соқпақпен келіп тоғысуы. Егер жазушы екі жасты осындай ситуациядан айырып, ертегідей бақытты тұрмыспен аяқтатса, шығарма осері əлсірер еді. Демек, мұның өзі Ербол мен Меңтай тағдырының оқырман қауымды бейтарап қалдырмайтындығының кепілі. Ал оның кейіпкермен бірге қуанып, бірге өкініп, жақсылы-жаманды жайларды өз басынан өткергендей халде болуы, сөз жоқ, көркем шығарманың кұдіреті. Романда Ербол мен Меңтайға қарама-қарсы алынған, оқырманның жеркеніш қана емес-ау, өшпенділік сезімін қоса туғызатын ұнамсыз бейне – Тұмажан. Ол жазушы суреттеуінде басынан аяғына дейін аяр, алдамшы, алаяқ, эгоист. Оның өмірге қояр талабы – өз басының қамы, айтар сөзі – «Ошақбаев опық жемейді». Бір қарағанда, ол бірыңғай қара бояумен жасалған сияқты əсер қалдыруы мүмкін. Ал зер сала қарағанда, мүлде басқаша. Ол Меңтайдың тəжірибесіздігін пайдаланып, оған дөрекілеу батылдығын қоса жұмсады да, əп-сəтте ішекке салып пісірген уыздай жап-жас, пəк таза Меңтайдың жанын жаралап, арын ластап əлем-тапырық күйге түсірді. Өз басым Ошақбаевтың онысынан əуелде адам табиғатына жат оспадар ештеңе көрген жоқ сияқты едім. Өйткені қыз оның уəде берген, күні ертең некелі жары болам деген қалыңдығы болатын. Тек соңынан пойызд үстінде дарақы неменің аузынан Ербол естіген опасыздықтан кейін ғана, бұл жоспар сонау сұрапыл соғыста өлім халінде жатқан қыз ағасына хат жаздырып алған сəттен бастап құрған тұзағы, алдын-ала жасалған аярлық екенін сезгенде ғана жазушының бұл кейіпкерге беріп отырған мінездемесіне, образдық концепсиясына қол қоюға мəжбүр болдым. Оқиға, негізінен, Меңтай мен Ербол төңірегіне құрылғандықтан, біз бұларға көбірек бөгелдік. Əйтпесе, романдағы Бүркітбай – Сəлима оқиғасы да, Заман мен Тана тағдырлары да композициялық желіден өз үйлесімін тауып, əдемі өріліп, лайық орындарын алған. Бұл линиялардың əрқайсысы өзінің заңды жолымен дамыған табиғилық қалып танытады. Ал бас кейіпкерлерді қоршап, оқиғаға жиі араласып отыратын адал дос, ақылды қыз Майра да, күлдіргі тілді, ойнақы мінезді, ізетті іні Жомартбек те, аңқылдақтау, тілі өткір, бірақ кейде ашық боламын деп, ашықауыз боп кететін, кей тілектерімен мещандыққа да жақын барып қалатын Зəйкүл, бұйығылау Қанипа – əрқайсы да сахнаға өз жүктерімен, өзіндік характерлерімен шығыпты. Мынасы артық, анасы кем деп жату қиянат. Біраз университет тəрбиешілері – профессор ғалымдар мен журналистер қауымы да айтпай танылғандай шебер мүсінделіпті. Ə. Нұршайықовтың романына, əсіресе, студент жастар қауымы ерекше мəн берді. Өйткені бұл «жүзім – жаз, көңілім – көктем кең пейілді, жақсының жүрегіне құмар едім»,– деп ақын Қасым Аманжолов ағамыз айтқандай, жандары жайдары, жақсылыққа құштар жастар жайлы хикая. Ал жастықтың өзі тұла бойы тұнып тұрған жайсаң жыр. Автордың бұл шығармасын «...жастықтың жалынды жыршысы жəне жас қаламгердің жанашыр қамқоршысы, жалықпас ұстазы болған жазушы Мұқан Иманжановқа арнауында осындай мəн бар тəрізді. Осының бəрін ескере отырып, бұл романды жарыққа шыға сала оқырман қауымды өлең еткізген, соңғы жылдардағы елеулі құбылыс, таңдаулы, тамаша туынды, махаббат (Ербол, Меңтай) пен зұлымдық (Тұмажан) жайында дастан деп бағалау əбден орынды. 1972.

ЖАРАЛЫ ЖЫЛДАР ЖАЙЫНДА Мен өткен жыл демалыс алып, туған аулыма барып өскен Қазақстанның ең шығыс ауданының мен туып-өскен ауылынан бесалты километр жерде «Байкісі көлі» аталатын жер бар. Сол көлдің қайқайыс қабағыңа шыға келгендегі үлкен тас əлі жатыр. Айдалада адасып қалған жүргіншідей тақыр кезеңнің үстін жападанжалғыз жайлаған осы тас талай тарихқа куə болған шығар. Біздің ауыл үшін бұл тастың есте қалар, ескерткіш болар тағы да бір жайы бар. «Еңбек» аталатын шағын ауылдың еразаматы кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанғанда, осы кезең үстіндегі үлкен тастың жанында тұрып, жаяулы-жалпы шығарып салған туғантуысқандары мен ел-жұртына соңғы рет қош айтып, алты шақырым жерде артта қалған ауыл-аймағына соңғы рет көз тастайтын еді. Ал Бөртек тауының етегіндегі аядай шұқырға тығылған ауылда тұрып қарағанда, кезең үсті көз жеткісіз көкжиекпен астасып жатқандай көрінетін. Сондықтан да болар, менің бала көңіліме еразаматты елжұртының ыстық құшағынан, туған ұясынан көз таса ғып əкетіп бара жатқан дəл осы кезең болып көрінуші еді. Жалғызын күткен зарлы ана да, жарын күткен жарым көңіл ару да сол кезеңнен асып қасқайып жатқан жіңішке қара жолға сарғая қарайтын. Ал соғыс бітіп, азаматтардың аман қалғандары елге оралғанда жолаушысын күтіп отырған үй кезеңнен қылт етіп асқан қараны көріп, «кеп қалды, кеп қалды» десіп əбігерге түсетіні де дəл бүгінгідей есімде. Мүмкін, менің балалық түсінігім болар, əйтеуір біздің ауыл адамдарына соғыс аталатын зұлмат сол кезеңнің ар жағында болып жатқан тəрізденетін. Ер-азамат қан майданда жүргенде тылда еңкейген кəріден бастап жас өспірім балаға дейін еселеп еңбек еткен шақ еді ол. Тау ішіндегі пішен басынан кір-қоңыңды жуғызып, моншаға түсіп қайту үшін анда-санда бір келгенде, ауылда сөредегі құртқа тауық шығып кетпесін деп, құрығын қасына қойып, көлеңкеде ұршық иіріп отырған қарт əже мен ағаш үйдің іргесінде асыр салған бірді-екілі ешкі-лақтан басқа көзге түсер дүние шамалы екенін көргенде бала «көңілдің жайлауынан ел көшкендей» талай-талай құлазып сала беретін шақтары да болған еді. Ауыл көркі азамат екенін бала да болсақ, қатты сезінетін едік. Соғыс жылдарында жас жүректі жаралаған шындықты жазушы Жəрдем Тілековтың «Шалғай шепте» атты повесін оқып тағы бір рет еске алып отырмыз. «Шалғай шепте» – жазушының 1953 жылы жеке кітап болып баспадан шыққан «Қайнар» атты повесінің жаңадан жазылған варианты. Кезінде жазушының бұл повесіне көптеген сындар айтылған болатын. Автор сол айтылған сындардан тиісінше қорытынды жасап, кітаптың көптеген тарауларын қайта жазып, көп түзеткен көрінеді. Повесть Шығыс Қазақстан облысындағы бір колхоздың жай-жапсарын баяндау арқылы Ұлы Отан соғысы жылдарына тəн жағдайды көрсетеді. Мұнда тыл мен майданның берік байланысы, совет адамдарының моральдық-саяси бірлігі, достығы, қарапайым еңбек адамдарының патриотизмі мен қырағылығы ерекше көзге түседі. Шығармада ерекше назар аударатын бас кейіпкер Есенəлі бейнесі. Ол революциядан бұрын кісі есігінде күн кешкен малай, Совет өкіметі орнап, колхоз құрылысы нығайғаннан кейінгі өмірінің көбін ол мал соңында өткізеді. Шағын ғана қысырақтың үйірін мыңнан асырған қарт жылқышы еңбек рақатына бөлеңіп, халық құрметіне ие болады. Колхоз председателінің орынбасары болып жүрген шағында соғыс басталып кетеді де, елуден асқан сауатсыз қарттың үлесіне колхозды басқару жүктеледі. Сауаты аз болса да, өмірлік тəжірибесі мол, тұрмыстан түйгені көп талай қарт соғыс жылдарында шаруашылықтың тізгінін өз қолдарына алып, уақыт сынынан сүрінбей өткені мəлім. Міне, колхоз басшыларының дəл осындай өкілдерінің бірі – Есенəлі. Ұнамды кейіпкер ретінде бейнеленген Есенəлі образын жасауда жазушы бірыңғай бояумен мінсіз характер жасаудан бас тартыпты. Есенəлі үлкен коллективті басқару ісіне бірден икемделіп кете алмайды, əралуан қақтығыс, қателіктерді бастан кеше жүре, өзінің логикалық жолымен бірте-бірте өсіп жетіледі. Ол кем ойлап, келте қайырудың салдарынан бірбеткей кетіп, өзім білемнің тұйығына тіреліп те қалады. Бірақ ол халық алдындағы жауапкершілік пен борышты ешқашан да естен шығармайды. Əуелгі кеште колхозшылардың жалпы жиналысын шақырып, бастық болудан бас тартуға да көңілі кеткен қартты бұл қимылдан тежеп қалатын да осы жауапкершілік сезімі еді. Жазушының өз сөзімен айтқанда, «Социалистік Қазақстан» газетінен басқаның бетін ашып көрмеген қарттың бойында уақыт табынан қалған ескілік əдет-ғұрыптар да жоқ емес. Мəселе оның өз колхозында шошқа өсіруге қарсылығында ғана емес. Ол басшылық қызметтерге тағайындалған Мария, Үлжан сияқты жастарды еңбекте сынап, көзі жеткенге дейін жалпы əйел жөніндегі ескі түсінігінен айнымай, «байтал шауып бəйге алмастың» ауқымында жүреді. Жарқанат сияқты жасырынып жүрген жауға пана бергенде де оның

ойың да ағайыншылық, ымырашылдық сезім мол болатынды күйеуі майданға кеткенде орнын басып, парторг болып қалған немере келіні Мақтымға да ол əуелгі кезде саяси басшы деп қарамай, қайнағаның алдын кесіп көлденең өтпес келін деп қарайды. Еңбек үстіндегі қайратына риза болғаннан кейін Əділ ұстаның қызы Ұлжанға кіші баласы Ғалым үшін сырттай тон пішіп, құда түсіп қоятын да сол Есенəлі. Бірақ ол өз бойындағы осындай осалдықтардың бəрін де жеңе білді. Дойыр қамшыны бекем ұстап, ал қарындаш ұстаса, қалтырап қоя беретін əлуетті қолына бірте-бірте кітап ала бастады. Қысылшаң кездің қиындықтары егде тартқан шағында Есенəліні оң мен солын тануға, ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне ой жіберуге, басшыға тəн байсалдылыққа үйрете бастады. Сөз болып отырған повесть жайында пікір білдірген сыншы Серік Қирабаевтың: «Түптеп келгенде, мұның өзі бір адам басында түйіскен ескі мен жаңаның тартысы» деп бағалауы əбден орынды. Міне, Есенəлі өз бойындағы ескілікті кештеу болса да кемел оянған жаңалыққа жеңгізіп, барлық іс-əрекетін, мақсат-мүддесін отаншылдық, патриоттық сезіміне билетті. Осы бетбұрыс оны партия қатарына енуге жетеледі. Повестің аяғында біз Коммунистік партияның мүшесі болған Есенəліні көреміз. Ол Жарқанат сияқты зұлым жау əшкереленгенде өзінің ашықауыздық жасағанына іштей қиналып, ар-ұжданы алдында, халықтың, партияның алдында қылмысты, кінəлі санайды. Мұны ол аудандық партия комитетінің секретары Болатовқа ашық айтып, мойындайды. Əйелі Нұрғайша жұмыста жүргенде бір самауыр шай қойып іше алмаған Есенəлі балалы-шағалы əйелдің үрдісіне түсіп отырған міндеттің соншалықты ауыр екендігін де іштей мойындайды. Міне Есенəлі образын айқындап, характер тұтастығын сақтауға септігін тигізетін осындай шағын эпизодтарды жазушы өте ұтымды пайдаланған. Ұнамды кейіпкерлер тобынан ауылдық советтін председателі əрі колхоз партия ұйымының секретары Мақтым бейнесі де назар аударады. Жазушы бұл кейіпкер арқылы Ұлы Отан соғысы кезінде ер-азаматтың орнын басқан іскер басшы, ұстамды, адал дос, айнымас жар бола білген қазақ əйелдерінің типін жасауды мақсат еткен тəрізді. Осы тұрғыдан алғанда бұл образдың да оқушыны сендірерлік шынайы шындығы бар. «Шалғай шепте» повесіне бірқатар баспасөз беттерінде оқушы жұртшылық лебіз білдіріпті. Солардың кейбіреуі Мақтым образында шынайы сенімділік жетіспейді дегенді айтады. Біздің топшылауымызша, бұл пікірге қосылу қиын. Соғыс кезінде өзінің адал еңбегі, айнымас көңілімен майдан ерлеріне рухани күш берген асыл арулар да, апта айналмай-ақ көрінген еркек кіндікке көз сүзген бірлі-жарым көңілі арсыз көрсеқызарлар да болды. Бірақ қалай болғанда да, тыл өміріндегі еңбектің шынайы ерлері жеңілтек жолбикелер емес, Мақтым типтес əйелдер екендігін көрсету – жазушының негізгі мақсатының бірі болғандығы байқалады. Повестегі Мақтым, Ұлжан, Мариялар – əлгіндей үлкен жүрек пен шынайы сезімнің өкілдері. Автор Мақтымды сырттай мақтай беруден аулақ. Ет жүректі пенде болғандықтан, оның да айналада болып жатқан оқиғаларға күйінетін, сүйінетін, тіпті нəзік əйел жанының шаршап, шалдығатын шақтары жиі кездеседі. Қалдыбай сияқты мансапқор алаяқ «майдандағы жары Ербөлек хабарсыз кетіпті» деп қағаз жібергенде, ол ел жоқ жерде егіле жыласа да, көз жасын көпшіліктен жасырып жүреді. Өйткені ол жарын күткен жақсы əйел ғана емес, көпшіліктің саяси жетекшісі, ауылдағы үкіметтің басшысы. Ақылды əйел оны да ұмытпауға тиіс. Ал өз дегені болмаса, өзгенің тіліне көне бермейтін қыңыр қайынаға Есенəлімен сөйлескен шақтарында ол əрқашан тіл таба біледі. Мұндай кездерде ол өзінің келін екенін де ескеріп отырады, сөйте тұра асау қайынағаны адасқан бетінен алдаусыратып елеусіз қайырып алады. Қайсар қайынағаны морт сындырып алмай, аңдаусыз иіп əкеледі. Жаны таза, адал, бірақ сонымен қатар аңқау қарт астық келіннің айтқанына қалай көніп қалғанын өзі де сезбей қалады. Əрине, жазушы Мақтымды партия ұйымының секретары екен деп, мінсіз, тас мүсін жасаудан аман Бір мысал келтірейік, сүрбойдақ Қалдыбайдың Мақтымды қолға түсіріп алмақ ойы бар. Осы ойын жүзеге асыру үшін ол көрші колхоздың бастығы, өзінің туған інісі Жарлыбайдың үйінде қой сойғызып, Мақтыммен бірге қонақ болады. Іңір арасында аспен бірге аздаған арақ-шарап та ішіледі. Мақтымның атының тұсауы əдейі ағытылып, ауылға қашып кетеді де, Мақтым сол үйге қонуға мəжбүр болады. Міне шам сөніп, бір келіншек, бір бойдақ жігіт төр алдында қатар салынған екі жер төсекте жатыр. Екеуі де ұйқысыз. Жазушы осыдан кейінгі халді былайша суреттейді: «...жыл бойы сəби баласын құшақтап қана жалғыз жатып, көктем таңын көзінен атырған Мақтым, сақа бойдақтың неліктен дөңбекшіп жатқанын сезіп үрейленді. Тіпті сол бойдақ көрпе сыртынан сыбырласа, жауыз нəпсісі ақыл-санасын матап тастамас па?.. Біраздан соң Қалдыбай Мақтымға қарай аунап түсіп, ептеп аяғын созды. Келіншек шатақ шығарса, «өзім емес, аяғым ғой, о жаққа

менің аяғымды кім апарып тастаған» демек пе, онысын өзі біледі, бірақ башпайы көрпеге тиді... Мақтым «тарт аяғыңды» демегесін, Қалдыбай жорғалап барса, үлкен көрпені бүркене тұйықтап, оранып алыпты, сыртынан қол арта құшақтады... Көрпе сырты болса да, еркектің құшағы Мақтымды дірілдетіп жіберді... Тұла бойы біресе қызып, біресе тоңып дірілдейді... Нəпсі құрғыры: «аш көрпеңді, лəззəт бер» деп тұншықтырып, қыздырып барады да, ақылы: «Жоқ, бұл құшақтап жатқан Ербөлегің емес» деп желпи береді. Ақырында ақыл жеңіп, Мақтым серпіле сілкіп жіберді Қалдыбайды. Езіліп қалмаса да, қабырғасын қайыстыра қысқан зіл салмақтан жеңіліп, тынысы кеңіп қоя берді...». (177-бет). Бұл үзіндіде Мақтым да ет жүректі пенде, онда да сезім, онда да адамға тəн осалдық бар. Оның толқуы заңды да, əсерлі де. Бірақ жеме-жемге келгенде əйел нəпсі жетегіне ермей, ақылына тізгін берді. Бұл – оның əйелдік парасаттылығы, асыл тəкаппарлығы еді. Біздің ойымызша Мақтым сəтті шыққан ұтымды тұлға. Айта кететін бір жағдай – жалпы шағын повесте кейіпкерлерді топырлатып, көбейте бермей, жазушы өзін барынша сараң ұстапты. Бұл да автордың пайдасына жұмыс істеп тұр. Сол санаулы кейіпкерлердің бірі – қарт дихан, Есенəлінің ежелгі досы Дмитри Колосов. Ертеден-ақ тағдыр табыстырған екі қарт бұ күнде ауылы аралас, қойы қоралас дегендей тату көрші. Бірақ осы екі қарттың арасында да кейбір күндері қақтығыстар болмай қалмайды. Колхозға бастық болған Есенəлі мал шаруашылығы саласын бірінші етіп ұстағысы келсе, ескі дихан, тексеру комиссиясының председателі Колосов егін жайын бұрын ойлайды. Ақырында жалпы жиналыста аудандық партия комитетінің секретары майдан үшін, Отан үшін бұл екі шаруашылықтың екеуі де бірдей қажет екендігін дəлелдеп түсіндіреді. Есенəлінің мінезінен бірқатар ескілік əдет-ғұрып, теріс мінездер байқайтын Дмитрий Колосов қарт досына көпке дейін партияға кіруге кепілдік бермей жүреді. Бұл мəселе де повестің аяғында барып бір-ақ шешіледі. Ақыры екі қарт өз еріктерінен тыс, бір-біріне бауыздау құда болып, Мария Есенəлінің Ғалымына тұрмысқа шығады. Біз Есенəлінің өз баласына Ұлжанды айттырып, сырттай құда болып қойғанын білеміз. Сөйтіп, ақырында, жаңалық ескі əдет-ғұрыпты жеңіп, өз дегенін істейді де, екі жас қол ұстасып, Москваға оқуға аттанады. Дəл сол күні Ұлжан Алматыдағы мал дəрігерлік-зоотехникалық институтты бітіріп ауылға оралады. Ұлжан – он жылдықты бітірісімен сиыр фермасына жұмысқа барып, институтта сырттан оқиды. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында ол Есенəліге орынбасар болып, шаруашылықты бірге басқарысады. Боранда ыққан жылқыны ебін тауып алып қалып, азаматтан артық қайрат көрсететін де, жауыз Жарқанат Таутанды атып өлтіріп, енді Есенəліге екінші рет оқталғанша артынан келіп құрықпен қолдың қарынан ұрып қаруын түсіретін де Ұлжан. Бірақ осы қимылы да, ісі де еркекке бергісіз, өзі оқыған, тəрбиелі қыздың махаббат мəселесінде өз жүрегін өзі анық біліп ала алмай, сергелдеңде жүруі сендіре бермейді. Неге екені белгісіз, ол сол ауылға жаңа келген жас зоотехник Таутанға есі кетіп, ғашық болады. Бірақ ол кезде жас қыздың махаббатының жігіт өз бойын қашық ұстайды. Бұған да повесте жеткілікті дəлел жоқ. Енді біраздан соң жігіт үйіріле бастағанда қыз сырт бере бастайды. Іле Таутан дұшпанның оғынан қапылыста қазаға ұшырайды. Күйінген қыз нəлі тартып ауырып та тұрады. Содан кейін ол Есенəлі мен өз əкесі құдалық жайынан да хабардар болып, Ғалымды да жүрегінің бір бұрышына сақтап жүреді. Бірақ Ғалым Марияны сүйіп, соған қосылады да, Ұлжанның махаббаты не ол емес, не бұл емес əрі-сəрі күйде қалып қояды. Бұл тəптəуір образдың тұтастығына едəуір нұқсан келтіреді. Жалпы Ұлжан махаббатында шынайылықтан гөрі шүба көбірек тəрізді. Шынын айтайық, жазушының жас зоотехнигі Таутан – Ұлжандай қыздың махаббатына ие болып, онымен қоймай, ол махаббатты қабылдамай қоятындай жігіт емес. Таутан – кітаптағы шықпаған образдардың бірі. Ол тіпті оққа ұшып өлгенге дейін əр тұста бір шошаң етіп көрінгені болмаса, еш жерде не бір азаматтық ісі, не бір білім, парасаты ия жігітшілігімен көзге түспейді. Оны автор колхоздың зоотехнигі депті. Бұл колхоздың бүкіл мал шаруашылығын шырқ айналдыратын маман болуы керек. Ал Таутанымыз мал тұқымын асылдандыру жөнінде тəжірибе жасап жүрген біреу болған да қалған. Мұның өзін де көбінесе автордың баяндауынан білеміз. Оның өз характерін ашып, жарқырай көрінетін жері – аудан орталығында осы мəселе жайлы Қалдыбай Құлмұқановпен айтысы, сосын боранда жылқы малын құтқару тұсы болса керек еді. Жоқ, ол бұл екеуінде де сол бос белбеу, аузынан сөзі, қолынан бөзі түскен жасық күйде қалған. Сол боранның артынша құла-құнанның үстінде келе жатып, оққа ұшқаннан басқа Таутанның тындырғаны шамалы. Осы жігітті жазушы бізге үлкен жаңалықты бастаушы жас ғалым, ақыл-парасат иесі, Ұлжандай қыздың махаббат идеалы деп таныстырғысы келеді. Əрине, оқушы қауым автордың айтқанына емес, көрсеткеніне сенеді. Ал Таутан көрінбей жатыр. Ол схема күйінде қалып қойған образ. Жазушы бұл образды логикалық шешімге дейін алып бара алмаған

да, сондықтан да болар, повестің ортасынан асар-аспаста-ақ оққа ұшырып тынады. Баспасөз бетінде пікір айтқан жолдастардың бірқатары-ақ Жарқанат образына тоқталып, өкпе білдіріпті. Шынында, осы образ да шықпай жатыр деген пікірдің жаны бар. Бұл бір кезде ақтар қашқан жылдары шетел шекарасына өтіп кеткен Шонжарбай ұлы Қараман деген қудың өзі екен. Міне, осы ниетпен Қайнар ауылына орналасқан Жарқанат совет адамдарының моральдық-саяси берік қамалына соқтығып беті қайтып қалады да, тек Таутанның істеп жатқан жұмысын төңіректейді. Əр жерде бір көрінгеннен басқа аршынды əрекет, дұшпандық қимыл жасай алмай, сөйтіп жүріп, колхоздың майданға көмекке жинаған ақшасын жеп, өзін өзі оп-оңай ұстап береді де, Таутанды атып, қашады. Бірақ Есенəлінің қамшысынан қашып құтыла алмай, қолға түседі. Осы оқиғада да жасандылық басым. Өйткені бір түкпірдегі колхозда мал тұқымын асылдандыру жөнінде тəжірибеге берілген он шақты ірі қара үшін американ разведкасының арнаулы агент жіберуі де екіталай. Қалай болғанда да, ол көркем шығармаға кейіпкер ретінде кіргеннен кейін кесек-кесек дұшпандық əрекеттерімен көзге түсіп, образдық сипатқа ие болуы керек еді. Демек, сын айтқан жолдастардың Жарқанат тұлғасы шықпай жатыр деуі осыдан болуға тиіс. Соғыс жылдарында азаматы майданға кеткен ауылда қалып, ебін тауып екі асап, «аңқау елге арамза молданың» керімен жүрген жылпос активсымақтардың болғаны да мəлім. Повестегі Қалдыбай бейнесі соларды көзге елестетеді. Бірақ жазушы осы тұлғаны мүсіндеуде де бір жақты кеткенін байқамапты. Біздің кейбір шығармаларда жағымсыз кейіпкерлердің басына жаманшылық атаулыны үйіп-төгіп жапсыра беретін бір дерт бар. Бұл сапар осындай схемадан Жəрдем Тілеков те қол үзіп кете алмаған. Əйтпесе, жағымсыз тип ретінде тəп-тəуір мүсінделіп келген Қалдыбайды алып барып, өз келінімен (туған інісінің əйелі) жақындастыру сияқты тұрпайылыққа ұрындырудың қажеті жоқ еді. Дегенмен, осындай-осындай елеулі кемшіліктері бола тұра, повесть белгілі бір кезеңнің көптеген шындығын оқушының көз алдынан өткереді, өткенге ой салуға мұрындық болады. Ал əлгіндей кейбір кемшіліктерді көрсету жазушының болашақ жұмыстарына жəрдемін тигізер деген ойдамыз. 1963. ЖАПЫРЫП ЖАУДЫ ЖЕҢГЕН СОҢ Футбол əуесқойлары өздерінің нақсүйер командасы жарыс кестесінің қай деңгейінде келе жатқандығын, жоғарылағанын не төмендегенін үзбей қадағалап отырады жəне оған бейтарап, сүлесоқ күйде қала алмайды. Белгілі бір дəрежеде əдебиет сыншысының жағдайын (əрине, шартты түрде) осы футбол əуесқойларымен салыстыруға болар еді. Бірақ басын ашып алатын басты бір айырмашылық – футбол əуесқойы өзі қалаған бір команданың тағдырына ғана күйініп сүйінсе, сыншы өзінің белгілі бір жанкүйер жазушысы ғана емес, жалпы əдебиеттің тағдырына, əрбір ақынжазушының тағдырына ортақтасады. Оның жақсысына жанымен қуанып, кемісіне кейіс білдіреді. Бұлай болмаған жағдайда ол шын мəніндегі əдебиет сыншысы болуы да неғайбыл. Жазушының көз алдында қанаттанып, көз алдында ұядан ұшып, көз алдында аяқтанып келе жатқаның көрудің өзі əдебиетші үшін ерекше бір ғанибет. Жаңа бір шығарманы қолыңа алғанда, автордың бұрынғыдан өзгергені, өскені бар ма əлде өшкені бар ма деп қарайтының да содан болуға тиіс. Қалмұқан Исабаевтың «Бетпебет» романын оқығанда біз дəл осындай ойда болдық. Қалмұқанның қазақ əдебиетіне келуінен бастап қазіргі жеткен жеріне дейінгінің бəрі де біздің буынның көз алдында болып келеді. Біз оның «Ажал құрсауында» атты алғашқы көлемді еңбегін де, майдан өмірінен жазған əңгімелері мен Аягөздің Айғызы жайлы, болашақ Ертіс – Қарағанды каналының құрылысы жайлы жазған очерктерін де қалдырмай оқығанбыз. Тіпті кейбіреулерін редакцияда қызмет істеп жүрген кезімізде қалам тигізіп, қолымыздан өткергеніміз де бар. Демек, ол шығармалардың бəрі де бізге таныс, ол жөнінде Қалмұқанның бізден жасырып-жабар сыры жоқ. Автордың бар жазғанын қазбай-ақ, осы сөз болып отырған соңғы романының өзін-ақ алып қарайықшы. Жазушы кітабының аяғында: «Варта-Ильменау (ГДР) – Алматы. 1953-1963» деген сөздермен соңғы ноқат қойыпты. Бір шығарманың жазылуы үшін аз уақыт емес – дөңгелек он жыл. Бұл шығарманың қолжазбасын автор алғаш рет 1954 жылы Жазушылар одағына əкелген екен. Содан бері ол сан өзгеріп, мүлде жаңаша жазылғаны байқалады. Тіпті өткен жылғы талқыланған қолжазбаның өзіне жазушы көп-көп сапалық өзгерістер енгізіпті. Жұртшылық пікіріне құлақ асып, оның орындысын пайдалану – жазушыға жақсылықтан басқа дəнеңе бермейтіндігінің бір

мысалын Қалмұқанның осы романынан көруге болады. Расында да, екі ауыз сын айтылса, жалына қол апартпай қотырына қалушылық жұрт пікірінен əлдеқандай бір өшпендік іздейтін орынсыз секемшілдік өсемін деген жазушының ауыл үй қонатын мінезі емес. Суреттеп отырған өмірді бүге-шігесіне дейін жете білу жазушыға жүктелетін ең бірінші міндет екендігі мəлім. Қ. Исабаев романындағы бізді қуантқан бірінші жағдай міне осы жазушының өзі жазып отырған объектісін жете білетіндігі. Роман оқиғасында «аталы – өлесің, атасың – өлтіресің, міне соғыс деген осы» деп төтесінен тартатын долбар жоқ, қайта жарақты жаумен жағаласып, көп өмірді көзімен көрген адамның бұлтартпас куəлігі, тікелей алған əсері, шынайы сезімі бар. Əрине, соғыс шындығын жазу үшін, алдымен «окоп шындығын» білудің зор маңызы бар екені баяғыдан айтылып келе жатқан ақиқат. Алайда, майдангердің көзбен көргенінің бəрі көркемдік шындық бола бермейді. Демек, топтау, жинақтау, обобщение дегендер бұл тақырыпта да аса қажет. Қалмұқан осы кітабында өз тəжірибесін өмірдің болуы мүмкін басқа да жайларымен жапжақсы тоғыстырғаны көрініп тұр. «Бетпе-бет» романы жазушының бұдан бұрын жарияланған «Ажал құрсауында» атты шығармасының жалғасы болып саналады. Ол шығармасында неміс фашистерінің концлагерінде тамұқтың азабын тартқан совет патриоттарының ерлік істері, нацистер орнатқан зұлмат дүниесіне қарсы астыртын күресі, ол күрестің жеңіспен аяқталуы, лагерьдегі əр алуан ұлт өкілдерінің интернационалдық ынтымағы баяндалған болса, «Бетпе-бет» романында неміс фашизмі күйрегеннен кейінгі алғашқы кезеңнің оқиғалары суреттеліп, совет адамдарының фашизм бұғауынан енді ғана азат етіліп шыққан Германияны демократиялық жолға бұру жолында жүргізген күресі бейнеленген. Оқиға Германияның Шмальштадт деп аталатын шағын қаласында болады. Соғыстың ақырғы күндерінде американдықтар келіп оккупациялаған бұл қала келісім бойынша совет əскерлерінің қолына өтеді. Автор осы күннен бастап қалада демократиялық тəртіптің қалыптасып нығаю процесін жəне бұл істе даңқты Совет Армиясының атқарған ізгі миссиясын реалистік тұрғыда көркем бейнелеуге талаптанады. Адалын айту керек, бұл жөнінен автордың қол жеткен табыстары жеткілікті. Əсіресе қолжазбаның сюжет ұтқырлығы қызықтырады. Фашистер үкіметі құлап, бұрынғы əкімшілік бордай тозып, қирап жатқан қаланың тіршілігі, əр алуан топтағы адамдардың іс-əрекеттері, мұндай жағдайда əркезде-ақ кездесе беретін анархиялық мінез-құлықтар жанды бейнесімен көз алдыңа келеді. Жəне бұл автордың айтуы бойынша емес, оқушы күтпеген шымшытырық, қиян-қилы қызық əрі шындық оқиғалар арқылы беріледі. Жазушылық шеберліктің жете шыңдалмағандығынан болған кейбір шұбалаңқылық болмаса, кітап тұтастай алғанда қызыға оқылады. Басталған белгілі бір эпизодтың немен тынатынын оқушы асыға күтіп отырады. Міне, осындай жағдайда оқушының күтпеген шешімдерге кенет тап болатын сəттері де жиі ұшырасады. Əрине, осының бəрі де сюжеттің қызықтығынан, оқиғаның ұтымдылығынан болса керек. Жəне айта кету керек, сюжет, оқиға тартымдылығы дегенде, бұл романда қым-қуыт детектив те жоқ, мұнда кəдімгі күнбе-күнгі қала тіршілігінен туып отыратын шынайы картиналар, шынайы өмірдің қиыншылықтары бар. Қалай болғанда да, автор өзі қалап, саналы түрде əдейі барып отырған қиын да күрделі тақырыпты жақсы біліп, жете меңгергендігін таныта алған. Əрине, соғыс тақырыбына жалпы Одақ көлемінде, соның ішінде, қазақ əдебиетінде де жазылған шығармалар аз емес. Біз олардың көпшілігінен-ақ фашист басқыншыларының айуандығын, совет адамдарының отаншыл ұлы жүрегі мен патриотизмін, жанқиярлық ерлік істерін көретін едік. Ал, Қ. Исабаевтың бұл романынан ұзақ жылғы соғыстың тауқыметін тартып, əбден қажыған қарапайым халықтың өліп-талып аңсап жеткен бейбіт өмірге алғашқы бетбұрысын, «уһ» деп алған алғашқы тынысын танимыз. Жеңілген елде осы бір кезеңдегі алуан түрлі идеялық бағытбағдарға, əртүрлі саяси көзқарастарға ұшырасамыз. Бұл романнын оқушыға, əсіресе, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңдерінің не бір ауыртпалықтарын тарих оқулықтарынан ғана білетін жас ұрпаққа берері көп. Олар бұл кітаптан өздері бұрын естіп, оқып, біліп жүрген көп жағдайларды көркем бейнелер арқылы көз алдына елестетеді. Жазушы көп жағдайда өз оқушысын соғыстың зардаптарынан жирендіру, бездіру арқылы баянды бейбітшілікке ұмтылдыруға, соғысқа қарсы тəрбиелеуге тырысады. Соғысқа қарсы, бейбіт өмір үшін, болашақ ұрпақтың бақыты үшін күрес – кітаптың ең басты, өзекті идеясының бірі. Алайда автордың соғысқа қарсылығы нацифистік қарсылық емес. Ол əділетсіз басқыншылық соғысқа қарсы. Бұл идея шығарманың бүкіл өнбойынан аңғарылып отырады. Əрине, көркем шығарманың ерекшелігі сол – мұнда идея жалаң берілмейді, алуан-алуан оқиғалар, талас-тартыстар үстінде, кез-

десу-кеңесу, айну-ажырасу, түңілу-түсінісу т.б. сол сияқты тіршілікке тəн харакеттер үстінде тоғысатын адамдар характерлерінің қақтығыстары арқылы беріледі. Демек, көркем шығарманың идеясын жеткізушілер – ондағы образдар, адам тұлғалары. Ендеше, «Бетпе-бет» романындағы образдар жүйесіне қысқаша тоқталып өту қажет. Жазушы романдағы кейіпкерлер санын шамадан тыс тоғытып, көбейтіп жіберуден бойын аулақ салыпты. Бұл орынды да. Өйткені кейіпкер саны қаншалықты көп болса, характер жасау, оларды өзіндік ерекшеліктерімен даралау жазушыға соншалықты қиындыққа түсер еді. Романдағы бас кейіпкер – қаланың коменданты – майор Төлеген Ақылов. Біз оны генерал Сугробовтың қабылдауында болып, осы қалаға жолдама алып келген кезінде қала тіршілігіне батыл араласып, қызметке қызу кірісіп кеткен бойда көреміз. Жылдар бойына фашизмнің үгіт-насихаты уландырып, большевиктер, коммунистер, советтер, жалпы орыстар жайында буржуазияның жүргізіп келген өсектері санасына əбден сіңген жергілікті халықтың, əсіресе, интеллигенцияның тілін тауып жұмыс істесу Төлегенге оңай соқпайды. Бірақ жеңістен өзгені білмеген Совет Армиясының ержүрек офицері, партияның адал ұлдарының бірі Төлеген сол қиыншылықтарды салқынқанды сабырлылықпен жеңе біледі. Ол Совет Армиясының немістің қарапайым халқына дос көңілден басқа ешқандай дұшпандығының жоқ екендігін, оның ойлайтыны немістің соғыстан арып-ашып, шаршап-шалдығып шыққан қарапайым халқының қамы, соның болашағы екендігін сөзімен де, бүкіл күнделікті іс-əрекетімен де көрсете біледі. Сөйтіп Совет Одағы саясатының əділдігіне тұрғын халықтың көзін жеткізіп, олардың арасынан көптеген достар табады. Халық енді совет адамдарына сенімсіздікпен үрке қарауды қойып, өз қаласында қалыпты өмір, демократиялық тұрақты əкімшілік орнатуға белсене аталысады. Бұл жөнінде ол көбінесе неміс жұмысшы тобының өкілдері Вернер мен Паулые, т. б. адал неміс азаматтарына, əр алуан антифашистік топтардың өкілдеріне арқа сүйейді. Соғыстан əбден қираған қаланың көшелерін, кварталдарын иіс-қоқыстан тазалату үшін, ол жиналған жұртқа өздері қатты құрметтеп, сыйлайтын белгілі ғалым профессор Клаус Гиптнерді сөйлетеді. Төлегеннің ұйымдастырғыштық, басшылық қабілеті əсіресе заводта болған диверсияны, балалар бақшасындағы зиянкестікті, Шмальштадт басында қаза тапқан совет жауынгерлеріне ескерткіш орнату, сондай-ақ профессор Клаустың өзін өзі атып өлтіру себептерін ашу сияқты ірі-ірі операциялардың тұсында кеңінен ашылып танылады. Шығарманың өн бойында Төлеген жат елге советтік үлгі-өнеге мен социалистік гуманизм идеясын таратушы адал патриот, қажырлы күрескер, үлкен жүректі шын мəніндегі совет азаматы болып танылады. Төлеген өзінің семьялық жеке өмірінде алуан бақытсыздық жайларға да тап болады. Бұл бақытсыздық оны Германияға артынан əйелі Үміт іздеп келгеннен кейін басталады. Жеке адамға табыну кезеңінің сұрқылтайы Əмір сияқты залымның алдау-арбауына түскен Үміт мінезі Төлегеннің көз алдында өзгере береді, өзгере береді. Бірде тіпті жанжалға дейін барып қалатын жайлар болады. Əуелгі кезде Төлеген ашуын ақылға жеңгізіп, сабыр сақтап, мəселені ушықтырмай қоя салады. Ол тіпті бір рет əйелінің аузынан арақ иісі шығып, масаңдау боп жатқанын білсе де, осылай үндемей қалады. Ақыр аяғында жанына балаған жарының дүние жинап, Алматыдағы жеңгесіне қайта-қайта посылка салып, жалпы айналадағы өмірге, адамгершілік мəселесіне деген көзқарасы күн санап, көз алдында сабындай бұзылып, өзгеріп бара жатқанын бір емес, бірнеше рет көрген Төлеген Үмітті ақтық рет ашық əңгімеге, бүкпесіз сырласуға шақырады. Бірақ ол «мезгілінен қолын кеш сермеген» еді. Бұл кезде Төлегенді Совет елінің дұшпаны етіп көрсеткен Əмірдің азғырындысына əбден иланып, көңілі тұрақтаған Үміттің көз алдында өз күйеуінің болашағы күңгірт тартып, бірте-бірте қараңғы қапасқа айналып біткен-ді. Сондықтан да ол күйеуі шақырған ашық əңгімеден бой тартып, ақырында себебін айтпастан Алматыға қайтып кетеді. ...Міне, əйелін елге қайтатын пойызға шығарып салуға келген Төлеген Əмір мінезіне жəне əмірлер дүниесіне қатысты көңілде жүрген көп сұрақтарына жауап іздеп, генерал Сугробовтың кабинетінде отыр. Бірақ ол кезде абырой-атақты жалған жолдан іздеп жүрген Əмір əрекеттері тек Төлеген үшін ғана емес, талай-талай сырлар түйген қарт генерал үшін де шешілуі қиын жұмбақ оңайлықпен тарқатылмайтын түйін еді. Əрине, қарт генерал мұндай мінездердің түп төркіні мен тамырлары əмірлерден гөрі əріректе, тереңіректе жатқанын шамалайтын. Жүрек түкпірінде жиналған сұрауларын бүкпесіз ақтарып, ашық айтып шыққан майор Ақыловқа айтары аз болғандықтан да, генерал оның соңынан ұзақ қарап, өзі білетін ержүрек адал офицер мен Əмір түсірген көрсетінді шағымдардың арасынан ұқсастық таппай үнсіз отырып қалған-ды.

Жазушы Төлегеннің осы мəселелер жөніндегі ой толғаныстарын, іштей тебіреністерін психологиялық, эмоциялық жағынан əсерлі де сенімді етіп бергені бірден байқалады. Өз көңіліндегі жұмбақ сырлардың шешуін таба алмаған Төлеген ақырында армиялық қызметтен босатуды сұрап командованиеге арыз жазады... Романның эпилогында бір кездегі неміс қаласында совет комендатурасында қызмет істеген қарағандылық жас солдат Рамазанға жолыққан Үміт сөзінен оқушы Төлеген Ақылов партиямыздың тарихи XX–XXII съездерінен кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке шақырылғанын біледі. Сонау бір жылдарда шешуі табылмаған қиын жұмбақтың сыры да Төлегенге енді ғана анық болғанын оқушы айтпай сезінеді. Сонау кезде есік-терезесі үнемі қымтай жабылып тұратын оперативтік бөлімнің офицері Əмір Байтасов бөлмесіндегі онсыз да ала көлеңке сұрқайлықты сұстандыра, көңілсіз күңгірттікті күшейте түскендей, келген адамнан көз алмай, əрқашан пенснелі көзілдіріктің астынан сүзіле, сыздана қарап, төр алдында тұратын портрет оқушының көз алдына келеді. Міне, жұмбақ сыры да осында болатын. Бірде Төлегенге Марго деген жезөкше əйел өзінің 18-ге жаңа толған жас қызын əкеп көрсетіп, қалған өмірінде сол қызының бақытын сатып күн көрмек ойы бар екенін ашық айтады. Əрине, ойда жоқта болған мынау масқара оқиғаның тұсында Төлегеннің бұл əйелге не айту керектігі жөнінде ойға қалуы заңды нəрсе. Бұл түптеп келгенде екі дүние – капитализм жəне социализм дүниелері туғызған қарама-қарсы екі түрлі моральдың жүзбе-жүз беттесуі, екі түрлі идеологиялық тəрбие жемістерінің сынға түсер шағы еді. Сондықтан да жазушы, əйел əңгімесінен кейін үнсіз қалған бас кейіпкерінің басынан кешкен халін былайша баяндайды: «Маргоның өмір сүрудің өзі айтып отырған сорақы бейнесіне сенетініне шəк келтіруге болмайды. Дəл осы жерде оған дүниенің көлеңкелі, жарық сəулелі екі беті болады деудің өзі артық еді... мұны осындай бір отырыста түсіндіре қою мүмкін емес. Марго ұсынысыңа қарсы бір ауыз сөз айту, дəл қазір оның үмітін шорт кескенмен бірдей. Ал үміті ақталмай, кесілген адам сорақылықтың қандайына болсын құлаш сермеуге бар». Ой соңын осыған сайған Төлеген қызды шешесінен үнсіз алып қалады да, артынан балалар бақшасына жұмысқа орналастырып, тəрбиелейді. Кейін бақ ішінде оңаша жолыққанда, марголарды жəбірлеп келген адам қорлағыштарды есіне алған Төлеген уыздай жас қыз Бригиттаға əйел намысын қорғау, адам атын ардақтап биік ұстау дегеннің не екенін үйретуге бел байлайды. Оны Альбертпен бірге педагогикалық курсқа жібереді. Кейін біз оқудан қайтып, жұрт алдына бақытты семья құрып, қол ұстасып келіп тұрған Демократиялық Германияның жаңа сапалы жастарын көреміз. Германияның болашағы, неміс халқының болашағы осы жастардың қолында деген сенім аңғартады автор. Кейін біз Маргоны да күйеуге тиген қызын мақтаныш тұтып келіп тұрған ана ретінде, жұрт қатарлы өмірге қосылған əйел тұлғасында көреміз. Жазушы бұл образды жалпы фашизмнің, капитал дүниесінің тудырған мерездерінің бірі ретінде əдейі алған. Мəселен, ол совет комендатурасына алғаш келген бойда кезекші офицердің «əлеуметтік жағдайыңыз қандай?» деген сұрауына: «Бұл дүниеде мен түсіне бермейтін сұраулар көп, офицер мырза, мынауыңыз да соның бірі»– деп, ал «ендеше, күнкөріс кəсібіңізді атаңыз?» деген сұрауға: «мен туралы бірдеңе жазғыңыз келсе, еркек үшін туған əйел дей салыңыз» – деп жауап қайырады. Бақытын балалық шақтан жоғалтқан бишара əйелдің бойына капитал дүниесі еккен моральдық тəрбиенің сиқы осындай. Бұл оның қырсығып айтқан сөздері емес, көңілі сөнген имандай шындық дүниесі. Міне, осы əйел де сана саңлауы ашылып, түнде ұшқан көбелектей, жарыққа талпына бастайды. Бірақ, амал не, Марго бейнесі өзінің даму эволюциясы, түзу жолға түсу процесімен толық көріне алмай, алғаш жоспарланған схема күйінде қалып қойған. Асылында адамның іштей жаңару, өзгеру процесі аса күрделі процесс. Демек, осы тұрғыдан оның түзелуіне совет адамдарының, демократиялық жаңа құрылыстың қандай əсері тиіп жатқандығы жеткілікті дəлелденбеген. Оқушы онымен біресе дұшпандар ықпалында, біресе адал ниетті адамдар жағында жүрген жерінде оқта-текте ғана кездесіп қалып отырады. Бұл образды кітапқа белгілі бір мақсатпен кіргізгеннен кейін оны характер ретінде, логикалық шегіне жеткізе мүсіндеп шығу, əрине, қажет-ақ еді. Кітапта бұл сияқты көптеген оқиғалар бас кейіпкер Төлеген бейнесін толықтырып, соның характерін сомдауға қызмет атқарып тұр. Бұл ұтымды да, орынды. Бірақ осы орайда айта кететін бір нəрсе – Төлегеннің əрбір бастаманы жүзеге асыру үшін, тіпті кейбір қатерлі мəселелерге кірісу үшін қаланы жалғыз аралап кете беруі сенімсіздеу. Қанша дегенмен, ол күні кеше ғана тізе бүккен жаудың қаласы, əлі қалыпты əкімшілік орны, тұрақты тəртіп жоқ қала ғой. Ол қалада Зурен сияқты кешегі фашист баскесерлері, Финк, Анзольм, Гунтер

сияқты дұшпандар, американ разведкасының жалдамалылары қаптап жүргенде, совет комендантының атқосшысыз, күзетсіз күндізтүні жалғыз жүре беруінің шындық болуы екіталай. Жазушының əдемі ойланған тұлғаларының бірі – капитан Деденов. Оның барлық туған-туысқаны фашистердің қолынан қаза тапқан, ал өзі майданда орасан зор ерлік көрсеткен батыр жауынгер. Ұлы Отан соғысы бойына неміс фашистері уақытша басып алып, билік жүргізген жерлерінен көріп келе жатқан айуандықтың іздері оның адал жүрегіне өшпес жара салып, қара қан болып қатқан. Бірақ осы өшпенділік оның саяси көзқарасына да шымылдық боп, немістің қарапайым халқы мен неміс фашизмінің екеуі екі басқа екенін ол көпке дейін түсіне алмай жүреді. Оның ойынша ешбір неміске аяушылдық болмауға тиіс, өйткені оның бəрі фашист. Бұл қате көзқарасынан ол Төлегеннің төзімділікпен жүргізген, айтып, түсіндірген тəрбие жұмыстарынан, көрсеткен жеке басының үлгілерінен кейін ғана қайта бастайды. Бірде ол қала халқын жұмысқа зорлықпен шығарып жүреді. Мұны көрген Төлеген оған: «Мұныңыз не? Халыққа неге күш жұмсайсыз?» – десе, ол: «Смоленскіде олар оқ жұмсаған» – деп жауап береді. «Смоленскіге фашистер барған, ал Шмальштадтқа кім келіп отыр?!» – деп, Деденов сөзін Төлеген бірден қайырып тастайды. Бұл арқылы ол совет адамының атқаруға тиісті миссиясын ескертіп өтеді. Бомбадан қираған қаланың кварталдарын аралап жүріп, бір қараңғы подвалдан Деденов егеуқұйрық тышқандар талаған немістің үш жасар жетім қызын тауып алады да, оны балалар бақшасына тапсырып, сырттай қамқорлық жасап жүреді. Бұл аянышты хал немістің қарапайым халқына деген Деденовтың көзқарасының түзелуіне үлкен əсер етеді. Табиғатында адал, ержүрек, екі сөйлеуді білмейтін бірбеткей Деденовты Төлеген өзі ұсынып, комендатураның аға офицері қызметіне тағайындатады. Роман соңында ғана оқушы партиямыздың тарихи XX-XXII съездерінен кейінгі шұғыла шуағында еркін тыныстап жүрген Деденов жайында хабардар болады. Ол, Рамазанның айтуынша, Қарағанды облысының бір селолық ауданында құрылыс-монтаж басқармасының бастығы болып істейді екен. Деденов тұтастай алғанда, сом тұлғаланған, характер тұтастығы бар, əдемі мүсінделген образ. Тек жазушыға бір ғана ескерте кететін жай – Деденовтың əуелгі кезде арақ ішіп, мас болып алса болды, фашистерді қырамын да жоямын деп айғай-шу шығаратын эпизодтарды қайталай берудің кажеті жоқ. Неміс халқының прогресшіл күштерінің өкілі ретінде алынған бургомистр Вернердің жəне оның əйелі, бір кездегі антифашист Элизабеттің, прогресшіл педагог əйел Мюллердің образдары басаяғы жинақы, олпы-солпысы жоқ жап-жақсы шыққан образдар. Сондай-ақ романдағы əр алуан оқиғалар тұсында көрініс беріп қалып отыратын қарт жұмысшы Пауль, немістің болашақ прогресшіл жастарының өкілдері Бригитта мен Альберт т.б. бірсыдырғы сəтті шыққан. Біз бұл ретте қарт профессор Клаус жайында ғана бір-екі ауыз сөз айта кетпекпіз. Клаус – саясатпен көп ісі жоқ, жалпы адамгершілікті, гуманизмді ереже тұтқан, өз халқының жанындай сүйген адал ұлы, ғылымның нағыз типтік өкілі. Ол қандай саяси өкімет болса да, оның қызметіне тек неміс халқына тигізетін жəне тигізіп отырған пайдасымен ғана өлшеп баға береді. Онда көптеген жылдар бойы фашистердің коммунистер жөнінде жүргізген үгіт-насихатынан санаға əбден сіңіп калған сенімсіздік те табылады. Дегенменде ол Төлегенмен бетпе-бет жолығып сөйлесіп, қаланы тазартудың неге керек екенін түсінгеннен кейін, орыс коммунистерінің мақсаты мен істерін кешегі фашистердің əрекетімен салыстырып барып, содан соң ғана жаңа тəртіпке оң ыңғайын береді. Сөйтіп ол митингіге жиналған көптің алдында сөз сөйлеп, халықты жабыла жұмыс істеуге шақырады. Сөзін жерде қалдырмайтын қала жұртшылығына профессордың бұл сезінің үлкен əсері болады. Жаңа тəртіптің тұсында мемлекет меншігіне берілген бұрынғы капиталист Генрих заводында өмір бойы зерттеу жұмысын жүргізіп келе жатқан ғалымды Батыс Германиядағы американ разведкасы ұрлап əкетпек те болады. Бірақ оны бұл қауіптен завод жұмысшылары құтқарып қалады. Ақырында ол американ разведкасының телефон арқылы «профессорды Москва ұрлап əкетпекші» деген арандатушылық лақаптарының құрбаны болып, өзін өзі атып өлтіреді. Оның өлімінің себебін Төлеген бастаған топ кейін барып ашады. Бұл арандатушылыққа қатысқан Анзольм мен Финк, Иохим Гюнтер əшкереленіп қолға түседі. Клаус образы – романның табыстарының бірі. Алайда автор ғалымның бойындағы, мінезіндегі аңқаулықты, ғылымның кейбір типтік өкіліне тəн парықсыздықты көбірек қызықтай беріпті. Профессор ғылыми қызмет үстінде, саяси қызмет үстінде тіпті көрінбейді десе де болғандай. Сондықтан да бұл қызық образ бір-ақ қырынан көбірек көрініп, жан-жақты ашылмай қалғаны байқалады. Мəселен, оның өз еліміне себеп болған телефондағы əңгімені не

күйеу баласы бургомистр Вернерге, не қызы Элизабетке, не құдай қосқан қосағы Лоттоға немесе ескі досы Паулье айтпай, ішқұса боп ауырып жатып, ақыры ағылып өлуге дейін барудың дəлелі жеткілікті болып шықпаған. Дұшпандар тобынан ең күшті шыққан – бұрынғы фашистік режим тұсындағы хауфтштурмфюрер СС Зурен образы. Ол кешегі фашист, бүгін американдық разведкаға сатылған азғын, неміс халқының, жалпы коммунистердің бітіспес жауы. Бірақ сөйтіп жүріп, оның кітаптың аяғында совет комендатурасы ашқан балалар бақшасынан өзінің жалғыз ұлы Гельмутты тауып алып, сол үшін ғана Төлегенге өзі келіп беріле салуы, ал Төлегеннің оның сөзіне бірден сеніп, балалар бақшасына өзі ертіп баруы, сосын муниципалитетке, Вернерге жіберуі де шындыққа келіңкіремейтін тəрізді. Мұның өзі автордың осы образ арқылы айтпақ болған ойын табиғи жолынан едəуір тайдырып жібергенге ұқсайды. Екінші бір қызық тағдыр – Финктің тағдыры. Ол алғашқы империя тұсында бургомистр болған, ал фашистердің тұсында оларға да адал қызмет еткен, енді мына демократиялық тəртіптің тұсында да ол муниципалитетте қаланың сауда-саттық мəселесін басқарушы, жауапты қызметте жүр. Бұл – неміс бюргерлерінің нағыз типтік өкілі. Ол Зурен арқылы американ развед-Қасымен байланыс жасап, демократиялық құрылысқа қарсы қастандық əрекеттер жүргізеді. Ақырында Клаус өлімі тұсында əшкереленіп қолға түседі. Бірақ автордың бұл кейіпкерді шамадан тыс жетесіз, ынжық етіп жіберген жерлері жоқ емес. Бұл алуандас кемшіліктің көбінің төркіні мен тамыры, түптеп келгенде, жазушы шеберлігінің қалыптасып үлгірмегендігіне саяды. Шығарманың тілінде де ала-құлалық көп. Автор кейіпкерлерінің сөздік мінездемесін жасауға, диалог құруға едəуір төселіп қалған. Мəселен, ғалым Клаус пен СС офицері Зуреннің немесе антифашист Элизабет пен жезөкше əйел Маргоның сөйлеген сөздері əрқайсысының өз бойларына үйлесіп, жарастық тауып тұрады, олардың характерлерін аша түседі. Олар дəл солай сөйлеуге тиісті, басқаша болуы мүмкін емес сияқты болып көрінді. Ал енді осының есесіне суреттеулер мен баяндауларға, кейіпкерлердің портреттерін жасауға, пейзаждық суреттер сызуға келгенде жазушы жорғасынан жаңылған жылқыдай шоқырақтай береді, қаламы мүлде доғал тартып қалады. Аракідік кейіпкерлердің іс-əрекеті көрінудің орнына автордың сыдыртпа жалаң баяндаулары килігіп кететін кездері де баршылық. Дегенмен, жазушы тіл ұстарту жөнінде де, біз қараған бұрынғы шығармаларынан анағұрлым ілгерілегендігі, ерінбей еңбектенгендігі байқалады. Біздің қазақ жазушыларының халықаралық тақырыпқа бара бермейтіндігін ескерсек, бұл романды Қ. Исабаевтың едəуір батыл басқан қадамы деп бағалауға болады... 1964. ОТТЫ ЖЫЛДАР ҚАҺАРМАНЫ Сүйікті Коммунистік партия халықты, əсіресе жас ұрпақты тəрбиелеуде көркем əдебиеттің атқаратын ролін айрықша атап көрсетіп отыр. Аға буынның Отан алдындағы, халық алдындағы адал еңбегінің айқын мысалдарын шыншылдықпен суреттеу арқылы «...жас түлектерді ерлікке ұмтылатын талап сезімін өршітіп, өзінің Ұлы Отанына деген белсенді жəне пəрменді сүйіспеншілік сезіміне баулып, аға ұрпақтың жігерлі өнегесіне еліктіре алатын» шығармалардың тəрбиелік маңызы шынында да орасан зор. Совет халқы өзінің жарты ғасырға жуық тарихында сан алуан қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Соның бірі – күні кешегі Ұлы Отан соғысы. Еліміздің даңқты жеңісінен кейін дүниеге келген кенже ұрпақ үшін ол да ұмыт боп бара жатқан тарих екен-ау! Осы бүгін кəмелетке толып, қолына паспорт алған азамат көзі көрмеген соң көңілі сенбейтін сол бір сын сағаттардың шежіресін Ұлы Отан соғысының ерлері жазған естеліктер мен архив қазыналарының, тарих туындылары мен көркем əдебиеттің көмегі арқылы танып білетіндігі даусыз. Біздің əдебиетімізде Ұлы Отан соғысы жайында аз жазылған жоқ. Бұл тақырыпқа жазылған лирикалық шағын өлеңдерден бастап роман-повестерге дейін көптеген туындылар бар. Бірақ соның бəрін де халқымыздың жаппай ерлігімен, патриотизмімен салыстырсақ өнер қызметкерлерінің өтер парызы əлі де ұшан-теңіз екенін көреміз. Жазушы Өтебай Қанахиннің «Дəмелі» атты романы осы үлкен парызды өтеу ниетінен туған көлемді туындылардың бірі. Шығарма Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында уақытша неміс басқыншыларының қолында қалған аудандардан Қазақстанның батыс облыстарының біріне көшіп келген соғыс заводының өмірін, сол заводқа комсомолдық шақырумен келген жергілікті қазақ жастарының, тылдағы қарапайым еңбек адамдарының ерлік істерін суреттеуге арналған.

Майданда еразамат етігімен су кешкен қысылтаяң шақта тылдағы ауыртпалық негізінен əйелдердің, қарттар мен жасөспірім жеткіншектің мойнына түскені, басқыншы жауды қасиетті Отан шебінен қуып, жеңіс күнін жеделдету үшін бүкіл совет халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей, зор ынтымақпен еңбек еткені мəлім. Автордың алға қойған мақсаты да осы ақиқатты көрсету. Романда бұл жайлар кеңінен сөз болады. Сұрапыл соғыс жылдары. Жағдай қиын, ауыртпалық үлкен. Бірақ заман қаншама қысылшаң болғанмен, өмір деп аталатын күрделі процестің логикасы бар. Бір қолдағы бес саусақ та бірдей емес. Демек, адамның да бəрі бірдей емес, алуан түрлі. Біреулер ел басына түскен ауыртпалықты жан дүниесімен терең сезініп, барлық ақылой, жігер-қайратын сарқа жұмсап, жеңіс күнін жақындату үшін жан аямай еңбек етіп жатса, бағзы біреулерге ертең жетер жеңістен гөрі бүгін жейтін нан, қарақан басының қамы, от басының амандығы қымбат. Біреулер жылаған баласының қолына ұстатар бір кесек қант таппай отырса, біреулер қысылшаң кездің қиындығын пайдаланып, қымқырма пайда тауып, байлықты емін-еркін шайқап жүр. Бүкіл халықта біздің Армияның зұлым жауды жеңетіндігіне деген мызғымас берік сенім бар. Ал сонымен қатар басқыншылар Москва түбіне келіп қалған шақта «қалай болып кетер екен» дегендей күдікке беріліп, өз болашақтарына басқаша жоба, жоспар жасап жүрген бірлі-жарым опасыздар мен табансыз элементтер де жоқ емес. Ата-бабасынан бері ақсүйек алпауыттың тұқымы, бұрын кадет корпусын бітірген, патша үкіметінің офицері, революциядан кейін шетелдерде жүріп, енді соғыс басталғасын неміс командованиесінің арнаулы тапсырмасымен Қазақстанға өткізілген шпион Əмірхан Айдарханов сияқты жасырын жаулардың қол артып, иек сүйер тірегі де осындай тұрақсыз, азғын элементтер: заводтың ОРС бастығы Əкімгерей Сейтімов пен қойма меңгерушісі Жағыпар Нұрмолдин болды. Диверсиялық осы топ заводқа құрал-жабдықтар алып келе жатқан пойызды құлатып, шойын құю цехын өртейді. Ал тамыртаныстық арқылы мемлекет мүлкіне қол сұққан саудагер кемпір Томпақ, еразаматы майданға кеткен жетім-жесір қыз-келіншектерге қырындап қыр көрсетіп, жылы орын іздеп жүрген мəнсапқор жігіт Барлыбайлар болса, жоғарыдағы дұшпандар тобын көбейтіп, жау отына май құя түседі. Бірақ қаншама тырысса да дұшпандар тобы совет адамдарының алынбас қамалдай берік ынтымағына, қалт етпес қырағылығына кездеседі де отырады. Жаппай еңбекке жұмылған ұйымшыл коллектив бұлардың əрекет өрістерін күн санап тарылта түседі де, ақыры Əкімгерей сияқты зұлым атылып өлуге мəжбүр болады. Өлер алдында ол өз сыбайластарын да əшкерелеп кетеді. Ал мемлекет мүлкіне қол сұғып, дұшпанға құрық беріп жүрген жексұрындар заң бойынша сазайын тартады. Міне, осының бəрі де тылдағы еңбек адамдарының жеңе білген қиындықтары. Жазушы осы қиыншылықтарды суреттей отыра, бірінші кезекке советтік патриотизм идеясын, халықтың оптимистік жарқын ойлары мен ұлы сенімін, ерлік еңбегін қояды. Шығарманың идеялық ең басты табысы да осында. КПСС Орталық Комитетінің июнь Пленумы өнер шығармалары туралы айтқанда əсіресе жағымды кейіпкердің тəрбиелік роліне ерекше көңіл белді. Сөз болып отырған шығарма бас кейіпкерінің есімімен аталыпты. Оқиға осы Дəмелі төңірегіне топтасып, қамшының өзегіндей жарыса жүріп отырады. Автордың айтпақ идеясы да, көптеген қосалқы кейіпкерлердің характерлері де бас геройдың өмірге, айналада болып жатқан обьективтік дүниеге қатысына, көзқарасына қарай анықталады. Біздіңше, Дəмелі образы артық-кемді кемшілігіне қарамай, соғыс кезіндегі ауыртпалықты көппен бірге арқалаған қазақ əйелінің жиынтық бейнесін көзге елестете алады деп ойлаймыз. Міне, жанына балаған жарын майданға аттандырған жас əйел ауыр ой үстінде. Екі жастан енді ғана асқан Еркіні майданға кеткен Мəдіғалиын еске түсіріп, жас əйелдің жанын жаралайды. Енді бірде оны жалғыз баласын майданға аттандырған Балғаным кемпірдің жайы толғандырады да, «екі жарты, бір бүтін» болып күн көру мақсатымен, кемпірді ол өз қолына алады. Уақытқа байланысты, кір жуатын сабын мен асқа қатар тұз, хат жазар қағаз да қат. Жалғыз ұлдың аяғына қыста киер киіз байпақ алуға көмектескені үшін, Əкімгерей сияқты сұрқияны сырттай сыйлап, құрмет тұтқызған да уақыт қиындығы. Адал көңілі үшін артынан ерген ел арасының өсегіне төзетін де ол. Үйге кірсе, жар төсегінен бастап, аяқ киімнің тұмсығына түскен кішкентай сызатқа дейін қан майданның өтінде жүрген ерін елестетеді. Пəлен ай бойына хат келмей дүдамал күдікпен жүргенде, майданнан келген «қаралы қағаз» – Дəмелі басына түскен жай оғындай еді. Осының бəрі де уақыт жүгін арқалап қалған əйел басына өз кезегімен келіп-кетіп жатқан қиындықтар. Бəрі де таныс, бəрі де белгілі. Алайда, отаншыл жас осы қиындықтардың бəріне төтеп бере, төзе отырып, өз бойынан күрделі станокты игеру сияқты қажырлы қуат табады. Аз уақыттың ішінде токарьдың қиын мамандығын игер-

ген ол өзіне сенімсіздік пен қараған Баранов сияқты қарт мастердің күдігін үзілді-кесілді жоққа шығарады. Осы алуандас тағдырды бастан кешірген жастар Айтжан, Жүніс, Сима, Бағдагүл, Дəмір, Рəбиғалар тобы Дəмелі бейнесін толықтыра түседі. Бұлардың бəрі де бұрын завод дегеннің не екенін естігені болмаса, көрмеген алыс түкпірдегі ауыл жастары. Бірақ солай болса да, жастар аз уақыттың ішінде тың іске төселіп, тəжірибелі кексе жұмысшылардай маман болып алады. Автор бұлардың əрқайсысын өзіне тəн іс-əрекет, мінез-құлықпен, əр алуан тағдырмен көрсете білген. Ал бас кейіпкерді жеке-дара үздік герой етпей, осы жастардың ансамблінде суреттеуі – жазушының қол жеткен табысынан саналуға тиіс. Романда айрықша назар аударуды керек ететін парторг Өмірзақ Досмұқанов бейнесі. Майданнан жараланып қайтқан, самайын қырау шалған осынау қарапайым, сезімтал адамның достық көмегін кейіпкерлер де, соған ілесе оқушы да жанмен сезініп отырады. Шынын айту керек, біздің көптеген шығармаларда парторг барлық жерде, бар жұртқа, қолынан келетінге де, білмейтінге де ақыл айтып, сол арқылы «мен парторг» деп айқайлап тұрады. Əдетте, олардың партия қызметкері екенін іс-əрекетінен немесе мінез-құлқынан емес, жазушының сыдыра баяндап берген анкетасынан қарап білетін едік. Сөйтіп олар көркем образ ретінде көрінбей, көбінесе жасанды «білгірлер» болып керінетін. Сөз болып отырған романның авторы партия қызметкерінің образын жасаудағы осы бір жасандылықтан бойын аулақ салуға тырысыпты. Бұл, сөз жоқ, құптарлық жағдай. Əманда, кенетоз шинелінің қос қалтасынан қолын алмай, жұрт сөзін үнсіз мұқият тыңдап, бір қараған кезге «өкпе-бауырына дейін ресми» көрінетін Өмірзақ айқайлап та, ақыл айтып та жатпайды. Өзінің арнаулы мамандық білімі де жоқ. Армияда ол политрук болып қызмет істеген. Партия жұмсаған жерге бар ынтасымен келген ол қал-қадарынша адал қызмет атқарып жатыр. Мамандығы болмаса да, оған завод тіршілігінде ала бөтен бөгде көрінетін ештеңе байқалмайды. Сөйте тұра ол мамандарға пікір қосып отырып-ақ көп нəрсені елеусіз тындырып жүр. Өзі барынша қарапайым, барынша адал. Адам тағдырына соншалықты сезімтал парторгтің жұмысына жазушы завод директоры Вера Васильевна Кузнецованың ойы арқылы дəл баға берген: «Жұмыстың əр буынын жеке алып, талдап қарағанда, Досмұқанов, яғни парторг қосқан ешқандай үлес жоқ сияқты. Ал бір есептен көп нəрсеге қозғау салған сол екені тағы анық. Вера Васильевна парторгтің жұмысына теңеу тапқысы келеді. Бірақ ойына ыңғайлы ештеңе түспей отыр. «...Я, кəдімгі ашытқы десе боларлық. Ашытқысыз нан жоқ, ал нанда бөлек көрініп тұрған ашытқы жəне жоқ! Бірақ нанның нан болып шығуы ашытқының сапасына бірнебір байланысты ғой», – деп парторгтің ісіне мұндай үйлесімді теңеу тапқанына директор іштей қуанып кетті» (183-бет). Расында да əділ баға. Шын мəніндегі партия жетекшісі əрбір істің, əрбір бастама жаңалықтың, жалпы коллективтің ұйытқысы. Ұйытқысыз айран да жоқ, ал айраннан бөлек оқшау тұрған ұйытқы жəне жоқ. Осы тұрғыдан Досмұқанов сəтті шыққан образ. Оның іс үстіндегі терең тебіреніс, кең толғаныстары соншалықты сенімді. Тұтастай алғанда, жап-жақсы жазылған шығармада көз тоқтатып, көңіл аударар кейбір кемшіліктер де бар. Жазушы мезгіл тынысын терең сезіндіру мақсатын көздеген болу керек – сол бір тұста болдыау деген оқиғаның бəрін қалдырмай қамтуға күш салған: шығармада завод жастарының колхоз шаруашылығына көмегі де, армиядағы азаматтардың семьясына камқорлық та, темір жол жұмысшыларына жəрдем де, тіпті т. б. көптеген қосалқы керексіз оқиғалар бірі қалмай түгел сөз болады. Əрине, автордың заман тынысын таныту ниетіне тəнтіміз. Бірақ оның да орынды ретін білу қажет еді. Бұл жерде «барлығын қамтуға тырысу» өзін өзі ақтап тұрған жоқ. Автор өз күшін, өз резервін өзі бөлшектеп, орынсыз шашыратып алған. Кейбір эпизодтар сілкіп қалсаң, шығарманың композициялық желісінен сетінеп, өз жайына кететін тəрізді жəне осы қосалқы эпизодтарда асыра айтқан əсіре қызыл боямалар да аракідік ұшырасып қалады. Соғыс жылдарындағы таршылық-тапшылықты баяндайтын кейбір сəттерде жазушы натуралды суреттерге бой ұрып кеткендігін байқамай қалатын жерлері бар. Мəселен, төрт балықты үйге жеткізе алмай, бұралқы қызыл төбетпен төбелесіп тұрған екі бала (158бет), сондай-ақ кейбір «əйел, қыздардың машина майын нанға, нан болғанда, қойдың қиындай қап-қара бірдеңеге жағып жеп жүруі» (207-бет) реалистік картинадан гөрі натуралдық суреттерге көбірек ұқсайды. Жалпы, жазушының көркемдегіш құралдарды пайдалану тəсілдерінде де, тілінде де алғашқы шығармаларынан анағұрлым ілгерілегендік байқалады. Əлгіндей жекелеген кемшіліктері болмаса, «Дəмелі» романы автордың өсу, іздену үстінде екенін танытатын шығарма. Сөз соңында айта кетелік, кітап қолжазбасының талқылауында пікір айтқан жолдастар романның композициялық құрылысына, сюжетіне, оқиғасына өзгеріс енгізуді тілейтін көптеген кемшілік-

терді атап көрсеткен еді. Жарыққа шыққан романнан автордың сол сын пікірлерге құлақ асып, елеулі-елеулі түзетулер жасағаны, кейбір оқиғаларға жаңаша шешім тауып, тарау-тарауларымен қайта жазғандығы көрініп тұр. Достық сынға құлақ асып, дұрыс қорытынды шығару да болашағын ойлаған өсер жазушы үшін өнеге тұтар жақсы қасиет. 1963. СОҢЫНДА СОНАР ІЗ Қазақ поэзиясына жүрек жылытар сырлы да сазды, ойлы лирикалық өлеңдерімен келіп қосылған ақын Жұмекен Нəжімеденов «Ақ шағыл» атты роман жазып, өз ізденістері мен талантының жаңа бір қырын танытты. Бұл – оның проза саласында жасаған алғашқы қадамы. Ақын Исаковскийдің айтуынша, адам баласында ерте ме, кеш пе, əйтеуір, поэзияға бір сəт бой ұрып, əуестенбейтін пенде кемдекем көрінеді. Бірақ əуесқойдың бəрі ақын бола берсе, поэзиядағы əсемдікте қасиет те қалмас еді. Алайда Жұмекен ноэзияға əуесқойлықпен ғана келген, ештеңе тындырмаған ақын емес, бетбағдарын, қолтаңбасын айқын танытқан, табысты еңбек еткен белгілі ақын. Жұмекен жырлары жұртшылықтың, əсіресе жыр сүйер қауымның ыстық ықласына бөлеңді, əдеби сыннан лайықты бағасын алды. Оның шымыр да жұмыр жыр жолдары ақынға республика комсомолы сыйлығының лауреаты деген абыройлы атақ алып берді. Енді, міне сол ақын прозалық тұңғыш туындысын оқырмандардың талғам таразысына тартып отыр. Əрине, ақындардың есейе, кемелдене, творчестволық тəжірибесі молая келе поэзиядан прозаға, драмаға бірыңғай ауысуы немесе сол аталған əр жанрда қатар қалам тербеулерінің алды-арты Жұмекен ғана емес. Сонау Пушкин, Лермонтов үлгілерінен бастап бүгінгі тел əдебиетіміздегі Əбділда, Əбу, Дихан, Қалижан тəжірибелеріне дейін талай есімді атауға болады. Асылында, поэзияда жастыққа, жалын атқан жігер шағына тəн, ауызбен айтып заңдастырып беруге болмайтын бір белгісіз ерекшелік қасиет бар тəрізді... Сонымен «Ақ шағыл» жайы. Шығарма оқиғасында аспаннан аяғы салбырап түскендей көзге ұрып тұрған дəнеңе жоқ, соғыстың соңғы жылдарында бозбалалықтың дəмін алғаш татып, нəпсінің тəтті дəмін тұшынған жасөспірім Еділхан мен ат жалына жабыса мініп, бəйгеге шабу сияқты шабандоздыққа жарап қалған «шөтке шаш қара бала» қатарлы буынның бəрі де күні кеше көзбен керіп, бастан кешіріп, куəсі болған белгілі оқиға, таныс тірлік. Бір қарағанда мұның өзі оқиға ұсақтығын, жұпынылық жайын аңғартатын боп көрінуі де ықтимал. Бірақ, зер салып үңіле қараған көзге тіпті де олай емес. Шығарма оқиғасының арқауы қашанда шынайы тірлік, өмір құбылыстары екені даусыз. «Дауыл – құйыннан, ақша – тиыннан», – дейді халық нақылы. Демек, «Өмір құбылыстары» деп аталатын проблемалық үлкен ұғымның өзі тірліктің, күнделіктің күйбеңінен сырт тұрған оғаш бір нəрсе емес, қайта солардан құралатын заңды салдар, нəтиже. Ұлы Бальзак əр романын жазғанда мына проблеманы көтеремін деп ешқашанда ен салып, ат қойып, айдар таққан емес. Ол өзі көрген қоғамдағы, өмірдегі болмыс тірлікті, орта (отыз) жасар əйелдердің психологиясынан бастап адам табиғатының байлыққа, бақытқа құштарлығын, соған ұмтылуда əр пенде əр түрлі жол тауып, əр алуан əрекет ететінін, ізгілік пен зұлымдықтың талас-тартысын жазды, соның заңдылығын, іздерін ажыратты, бір сөзбен айтқанда, күнделіктің əр алуан күйбеңін жазу арқылы «адамзат комедиясын» хатқа түсіріп, ұлы іс тындырғанын ол өзі де байқаған жоқ. Француздың белгілі ғалымы һəм жазушысы Жан-Ростанның: «Əманда өзіміздің білетінімізді айтып таңғалдырып кеткен адам – міне, нағыз үлкен жазушы сол»,– деуінде көп мəн бар. Бұл пікірдің төркіні ұлы сыншы Белинскийдің белгілі «таныс бейтаныс» туралы пікіріне тірелетіні де күмəнсіз. Демек, сыншылардың шығарма талдағанда «үлкен тақырып, ірі тақырып, күрделі тақырып, тақырыбы уақ» деп бөліп жатуы да шартты түрдегі ғана мəселе. Көркем шығармада тақырыптың ірілігі мен уақтығынан гөрі сол тақырыпты бере білудегі ірілік пен уақтық сарапқа бұрын түскені жөн. Осы тұрғыдан алғанда Жұмекен жаңағы айтылған өмірдегі адамдардың таныс тағдырларын бейтаныс бейнелер арқылы шынайы да көркем, ойлы да əсерлі суреттеген. Роман оқиғасы бас кейіпкер Сейсіметтің 1944 жылдың күзінде армияға алынып, майданға жүрер алдында нағашысы Əжімгерей қартқа сəлемдесіп, қоштасып кетуге келген сапарынан басталады. Есіктен кіре «Құйыдым ғой» деп еңіреп қоя берген сақау жігіттің олақ тілі мен киген киімі сияқты икемсіз, олпы-солпы сырт пішінінің өзі оқушының əрі күлкісін келтіреді, əрі аяушылық сезімін тудырады. Тоқтау айтып, ақылға шақырып кез жасын тыйғызған Əжімгерей қартқа Сейсімет енді бір сəт ата-бабасының, əкесінің батырлығын, ерлігін, күшін айтып

мақтанып, есіп кетеді. Табиғатында адал, пенде баласына залалы жоқ, қулық-сұмдықтың иісі мұрнына бармайтын аңқылдақ аңқау Сейсіметтің не сөзінде пəтуа, не ісінде береке болмайды. Ол құдық қазғанда, пішен шапқанда, асау үйреткенде тіпті табиғаттың бойға берген қара күшінің өзін ысырап етіп жұмсайды. Жəне онысына əсте бір ойланып, қынжылып көрген емес. Қай шаруасы орнына келмей жатса да, «Тойы айғый, тоқпақ жалды тоғайда бай, қыздайдың ең жақсысы ноғайда бай»,– деген жаттанды əуеніне басып, қаперіне түк те кіріп шықпаған парықсыз қалпында жүре береді. Сол қылығының өзінен ол оқырман көңілінде адамға тəн дүнияуи пендешіліктен «құдай сақтап» мақұрым қалған табиғаттың бір кіршіксіз, пəк перзенті сияқты əсер қалдырады. Əрі күлесің, əрі аяйсың. Жазушының суреттеуінде ол əрбір істелетін жұмыстың ыңғайы бар-ау, жоқ-ау деп ойламайды, ағаш жонса, қолына еменнің иір бұтағы түссе де, ығын іздеп, оңайын көздеп жатпай, пышақты қарсы салатын орашолақ жан. Тіпті Мəруа сияқты сұлу қызды Сейсіметтің туған ағалары алып қашып, əкеп бермегенде, оның батылы жетіп, өз жөнімен үйленуі де неғайбыл еді. Жеңгесі шығарып беріп тұрған қызды (болашақ əйелін) алып қаш дегенде, ол «төмен етек, қысқа аяқты» адамға қиянат жасау қылмыс деп түсінгендіктен емес, адамгершілікке жат деп таныған адал көңілімен бас тартады. Ал осылайша өзін сүймей қосылған жары Мəруəнің бойында пендешілік бар-ау деген де оның ойына кіріп-шыққан емес. Майданда жүргенде ол ел қатарлы ерлік те жасап, кеудесіне бірнеше медаль тағып қайтады. Ал сөйте тұра соншама мол дене, табиғат берген күшіне қарамастан, өзінен əлдеқайда нашар, бірақ араққа қызып алған солдат Колядан таяқ жеуі де жетесіздіктен гөрі, əлгі айтқан ақкөңіл адалдықтан тəрізді көрінеді. Кей сəт тіпті осының өзінде жүйке-тамыр (нервы) бар ма, жоқ па деп ойлауға да болатындай. ...Алайда бар екен. Əзі жоқта əйеліне колхоз бастығы Темірəлінің қол жұмсағанын естігенде, ол қырып-жойып жібермек боп, колхоз кеңсесіне аттанады. Бірақ əділетсіздікке жаны күйіп кеткен, ары таза бастық ақырып тұра ұмтылғанда атына қалай қарғып мінгенін білмей қалған Сейсімет тек кезең асқанда барып, артына бұрылып, есін жияды да, «хан артынан жұдырық» дегендей, «қитымасаң, қитыма» деп бір кіжініп, сосын «той айғый тоқпақ жалды тоғайда бай» дейтін үйреншікті əуеніне басып, жəйімен лағып кете береді. Ертеңінде пішен басында əйелі жайындағы осы бір қолайсыз оқиғаны есіне қайта салған ез туысын қол жұмсап ұрып жығады. Бұл – оның пенде баласына тұңғыш та, соңғы да қиянаты еді. Онда да оны намыс өртеп бара жатқан жоқ, тіл тигіздің деп үлкендік жасап тұра ұмтылған ағасының қолындағы балғадан шошығандықтан еді. Сонда да оның ашуы жарты айналымға жетпей, біраздан соң орағын шыңдап алғызуға ағасының артынан жалынып еріп жүреді. Қорыта айтқанда, Сейсімет образы – жазушының сəтті жасаған табысы, қосымшасыз, боямасыз, бар болмысымен берілген тұтас тұлға. Армиядан ертерек қайтып, есен-сау оралған кейбір азаматтардың амандаса келген ауыл адамдарына майдан өмірінің тіпті болмаған эпизодтарын болғандай етіп, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ғып» əңгімелеп отырғанын сол тұстағы мен қатарлы жасөспірім буын сан рет өз құлағымызбен естігенбіз. Сейсіметтің майдан жөніндегі əңгімелері сол бір таныс көріністі еріксіз еске түсіреді, күлкіңді келтіреді. Сыңайы, Қошалақ сияқты шалғай ауылдың əр қайсысының өз Сейсіметі болуы ықтимал. Оның оқырманға «таныс бейтаныс» болатыны да осында болуы керек. Жазушының бұл кейіпкерге «медаль тағып, кек киіп келіп тұрған «айыстай азамат» екі ауыз сез айтқанда, ар жағынан баяғы Сейсімет шыға келді» деп берген мінездемесі, сөз жоқ, характер тұтастығын танытады. Романда көзге көрнекті, бедерлі жасалған тұлға Темірəлі бейнесі. Əу баста ол балықшы, теңіз жағалауынан келіп, колхозға бастық болады. Мал баққан қыр елінің тірлігін жете білмейтін жігіт қай малға қандай шөптің жұғымы болатынын ескермей, алғашқыда біраз мал шығыны болады. Ойпаң немесе тегіс жерге үйген пішеннің түбіне су кетіп шірітеді деген сылтаумен, шөпті шоқалдардың үстіне үйгізіп, мемлекетке жалған ақпар бергізіп жүрген пішеншілер мен бригадирлердің көзбояушылық əрекеті де бұл отқа май құя түседі. Осының бəрін кезбен керіп, қолмен істеп, біліп отырған ферма бастығы Сағынай Темірəліге кеңес беріп, ақыл қосудың орнына, оны орға жығуға əрекет жасап, ақыры аудандық газетке колхоз партия ұйымының секретары ретінде мақала жазып, дегеніне жетіп, пасық ойын жүзеге асырып тынады. Өйткені оған Темірəлінің орны қажет. Əрқашан «Темақа-Темақа!» – деп жалпылдап, сыпайы сызылып, оқырманға сыр бермей келген Сағынай, енді картаны ашуға болады деген соңғы сəтте ғана шын ниетін, ішкі пасық есебін танытты. Жазушынын суреттеуіне қарап, «дос болып қас қылғаннан сақта, тəңірім» – деген халық өлеңі дəл осы Сағынайларға айтылған ба деп қаласың. Тағы бір ескеретін жай – Отан соғысы жылдарындағы ауыл өміріне арналған шығармалардың көбінде колхоз бастықтарын

ауылдағы қыз-келіншектерге қырындап, мемлекет мүлкін судай сапырып, қолынан келген соң қонышынан басып жүрген, əбден шектен шығып асқынған адам ретінде суреттеу салтқа айналып кеткен таптауырын сияқты еді. Жұмекен осы бір стандартқа мүлде қарамақарсы тұлға жасапты. Оның колхоз бастығы – ел қамын жеген абзал азамат, ауылдағы бала-шаға, қатын-қалаштың қамын шын ойлайтын адал басшы, ең соңында, жымысқы кулық пен əділетсіздіктің құрбаны. Ол Мəруаға қамшы сілтегенде де, күйеуі майданда жүрген жас əйелдің ұстамсыздығына күйіп кеткендіктен сілтеген еді. Ақыры осының бəрі өзіне пəле боп жабысып, романның финалында ол қашан шындықтың беті ашылғанша абақтыға алынады. Бұл арқылы жазушы Сағынайлардан сақтану қажеттігін аңғартады. Темірəлі мен Қарашаш арасы жəне бұлардың қызы Талжібекке байланысты лирикалық шегіністе өз орнында тұрған нанымды эпизодтар. Кітаптың соңында аудан орталығына шақырылып кеткен Темірəлінің атын, үзеңгісін қанжығаға қайыра байлап, пошташы Оразғали бос жетектеп қайтады. «Ер қанаты – ат», – деп қастерлейтін қазақ ұғымында үзеңгі қайырып, сəйгүлікті бос жетелеп қайту ат иесіне бір зобалаң болғандықтың белгісі, жаман ырым. (Айтпақшы, мұндай ырым жаугершілік тұсында казак-орыстарда да болған). Расында да, Сағынай жасаған қиянат бойынша Темірəлі қамауға алынған екен. Алайда, қанша жасырғанмен, қашанда əділдік жеңуге, шындық шыңға шығуға тиіс. Бұл өзі көне тарихтың ұзына бойына əмсе солай болып келеді. Демек, кітап оқиғасының осылай кілт үзілуі – шығарма жалғасының бар екендігіне меңзеу жасайды. Романда назар аударатын Əжімгерей мен Сандыбай образдары. Бұлар жас жағынан бір-біріне қарайлас қарт адамдар, ал характер ретінде мүлде қарама-қарсы тұлғалар. Əжімгерей қарт өзінің жұртқа жасаған жақсылығы мен əділін айтатын ақыл-парасатымен көп құрметіне бөлеңген ауыл ақсақалы. Аға сыйлап өскен қазақ сияқты елдің əр ауылында-ақ осы кісі не айтар екен деп, жұртты аузына қаратып, сөзін тостыратын, басалқалық айтатын байсалды ақыл иесі қариялар бар. Əжімгерей солардың бірі жəне сəтті жасалған бірегейі. Ал Сандыбай егде тартқан жасына қарамай, ел ішіндегі күбір-сыбыр өсекті теріп, таратып жүреді. Бұл – оның қанына сіңіп болған машығы. Жазушы оны былайша суреттейді: «Сандыбай ақымақ емес, ауру емес, тек... аузы жеңіл. Қайдағыны сол айтады, қайдағыны сол біледі. Кімнің қандай қылмысы бар, кімнің не міні бар, кім кімнен несін жасырып жүр – бəрін Сандыбай ашады, бəрін білетін сол. Жəне ылғи жаңа хабарды, соңғы хабарды жұрт содан естиді. Ауыл арасының ұсақ-түйек, жаяу өсегін былай қойғанда Сандыбай еңең əрісі ауданнан қай уақытта кімнің өкіл болып келетініне шейін күн ілгері біліп, айтып жүреді. Ғұмыры қателеспейді, қателессе, сирек қателеседі. Алғашында құм елі Сандыбай келді десе қуанып қалатын. Əңгімесін, хабарын еститін. Келе-келе жек көре бастады. Себебі: ылғи дұрыс айтады. Неге? Не кереметі бар сонша? Қайдан біледі? Жалпы, өсекші болғасын өтіріксіз болмайды ғой. Осындай хабарларынан елдің күтетіні де сол өтірік. Бірақ... Сəкең инабатты адам, өтірікті өлсе айтпайды. Онын үстіне əрі ақылды, əрі сақ» (263бет). Осы бір мінездемеде бүкіл Сандыбай мен сандыбайшылық тұр. Бұл да бір тұрған тип. Сандыбайлар əр ауылда ғана емес, тіпті əрбір мекемеде кездесуі мүмкін екенін ескерсек, бұл да жазушының шындық шеңберінде шешкен шынайы кейіпкері екенін мойындауымыз қажет. Жалпы, Жұмекен прозада характер жасау сырларын едəуір игергенін осы тұңғыш шығармасының өзінде-ақ аңғартып тұр. Əжімгерейдің майданда қайтыс болған баласы Садықтың əйелі Мұғзима да, еркекшора адуын əйел Қарашаш пен жеңілтек Мəруа да əрқайсысы өз тағдыр, өз трагедияларымен есте қалады. Тек, осы тұста жазушының есіне бір жайды сала кету артық болмайды. Автор Мұғзима тағдырын романның соңғы жағында (II тарау) лирикалық шегініспен баяндайды. Бұл тұсқа дейін ол шығарма кейіпкері ретінде бір-екі рет аталғаны болмаса, сахна төрінен көрінген еместін. «Құдай салды, мен көндім» дегенге мойынұсынып, тағдырына пенде болған осы бір келіншектің өмірбаянын үйіп-төгіп бір-ақ баяндағандықтан да болар, ол лирикалық шегіністен гөрі оқиға желісіне кенеттен еніп кеткен тың новелла сияқты, шығарманың композициясымен тіл табыса алмай, тігісі жатық шықпай тұрғандай əсер қалдырады. Сыңайы, романның «Жұлдыз» журналында жарияланған нұсқасында осы тұстың көбірек қысқартылуы тегін емес. Алайда, осыған дейін оқырманға жібі женсал, мондыбас, ынжықтау көрініп келген келіншек, соғыста өлген күйеуіңді бес жыл бойы күттің, саған Құдай да, адам да риза, өмір бойы өлмелі кемпір-шалды бағып өміріңді өксіткенше, басың əлі жас, бағыңды байламай, теңіңді тап,

– деп атасы рұқсат берген сəтте, барлық алтындай асыл ішкі дүниесі ақтарылып бір-ақ ашылады: «– Кетпеймін! Ішқайда кетпеймін! Мені ауырламай-ақ қойыңдар! Өз тамағымды өзім табам! Тарылмаңдар! Іштеріңнен шықсам өйтпес едіңдер! Келін өз дауысын өзі танымай қалды. Өрескел қатты шықты. Осынау сөздердің де аузынан қалай ытып кеткені беймəлім. Жан дауысымен ышқынып айтты. Біреу далаға сүйреп лақтыратындай, төсеулі жатқан алашадан қос қолдап бүріп алды. Сонсоң... боздап қоя берді. Баяғыдан бері ішіне бұқтырған азап, қорлық, өкпе-назын сонымен бір-ақ ақтарды. Кемпір-шал қосыла егілді. Көп сөйлемейтін адам көп ойлайды ғой. Келін де сондай кісі еді», – дейді жазушы. Соншалықты əсерлі жазылған осынау жолдарды оқығанда тіпті оқырман көзіне де жас үйірілуі ықтимал. Халықта «мал аласы – сыртта, адам аласы – іште» деген нақыл бар. Ал əлгі көріністі оқығанда «апырай, адамның аласы ғана емес, асылы да іште жата береді екенау» деп ойлайсың. Асылында, Жұмекен психологиялық баяндауға əрі жеңіл юморға бейімділік қалпын танытады. Бірер мысал келтірейік. «Дүниеде туыстың, бауырдың, бастың қайғысынан басқа өнердің, үлкен өнердің де қайғы-қасіреті болатынын жəне оның сол өнерді иемденген жанды қарадан қарап жүріп қарып, күйдіріп бітіретінін Қарашаш, əрине, ойлаған жоқ». Мұны өнер иесі – ақын, музыкант автор айтып отыр. «Ет жеу науқаны» бісмілдə, тие берсінмен» басталады. Түрлі түсті, жуанды-жіңішкелі қолдар табақ пен ауыздың арасына дамылсыз қатынайды. Əп-сəтте ту-талапайдан босаған қос табақ қайқаңқайқаң етіп шыға-шыға келісті», немесе: «Ал, осынша берекесіз жұрттың өліні құрметтеуін, оған деген сый-сияпатын көрсеңіз... тура өліп кеткіңіз келеді». Бұл алуандас суреттеулер мен баяндауларда Жұмекен юморының жұртты жалықтырмайтын жылылық лебі айқын аңғарылады. Ал романдағы жасөспірім бозбала жігіт Есімханның «Ұят» деп аталатын ұғымды игеруі, жер ошақ басында сүйекке таласқан иттердің əрекеттерін жалаң баяндамай, өмір құбылыстарымен психологиялық параллель жасай отырып суреттеуі– осылардың бəрі де жазушының жаңа жанрдағы сəтті қадамын танытып қана қоймай, сонымен қоса болашағынан да көп дүние күттірері даусыз. 1974. ПОЭЗИЯ ПАТШАЛЫҒЫ ӨШПЕС МҰРА Абайды біз ұлы ақын дейміз. Мұның өзі əрбір юбилей күндерінде жазылатын мақалаларға тəн жалпы мақтау сөздер болмаса керек. «Ұлы» немесе «Данышпан» деген мақтау сөздерді əртұста əркімге қолданатын уақыттар болады. Бірақ, соның бəрі бір дəрежеде емес. Абай есімі аталғанда «Ұлы», «Данышпан» деген сөздер еріксіз келіп оралады. Бұл сөздер айтылмаса, Абай есімі өгейсіп тұрғандай. Абай ас беріп, ат мінгізіп, шапан жапқан бай үйінің «салтанатын, мырзалығын» мақтап сарнаған ақындарға қарсы күрес ашты. Өлеңді күнкөрістің құралы етіп, кəсіпке айналдырушылыққа жан-тəнімен қарсы болды. Абай «əр елден өлеңмен қайыр тілеп, сөз қадірін кетірген» кезеген аяқ ақындарды аяусыз əшкереледі. Сөйтіп, ол тұңғыш рет поэзияның қоғамдық ролін, көздейтін нысанасын айқын белгілеп берді. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін». «Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан, сауық ойда жоқ əуел баста-ақ». Əр шақта жазылған осы екі шумақ өлеңде Абай поэзиясының мақсаты айқын белгіленген. Ақын поэзия «еріккеннің ермегі емес», халыққа қызмет етудің, күрестің, тəрбиенің құралы екенін жақсы түсінді. Сөйтіп, қазақ əдебиетінде Абай тұңғыш рет «искусство – искусство үшін» емес екенін іспен дəлелдеді. Поэзия шын мəнінде искусствоға, күрес құралына айналды. Халықтың ғасырлар бойы сараланбай келе жатқан бай сөз қазынасына Абайдай көркем сөз шеберінің қолы араласты. Бұл мол мұрадан ұлы ақын асылы мен бағалысын ғана іріктеп алып, əсерлі сөз сапына тізді де, жасығы мен қоқысын поэтикалық тілден аластады. Сөйтіп, ұлы ақын шын мəнінде сөз қазынасының инженері болды. Абай творчествосының бір ерекшелігі міне осында. Бұл жайға тоқтала келіп Абай өмірі

мен творчествосының ересен білгірі Мұхтар Əуезов былай деп жазды: «Өлең ермек емес, өнердің басы. Ол өнер халықтың тілін де, ойын да жаңғыртып, түлетіп өсірсін. Ең алдымен алысқанда надандық, қараңғылықпен алыссын. Соны жас ұрпаққа, халықтың болашақ тарихының жаңа қауымына əдейі арнап тұрып айтады. Тағы да шынайы əлеуметтік тартыстың құралы болған өлең арзан бағаланбайды. Жеңіл жеңіске, сəн сауыққа ермек қана боп кетпейді. Өзгеге, алысқа, халықтық, тарихтық улы арманға меңзейді... Өлең жазудағы мақсатым осы, бұл халқым алдындағы қарызым дей түсіп, Абай бұрын жариялаған ақындық платформасына тағы да бірнеше кесек ойлар қосады». Абай творчестволық жолының алғашқы кезінде араб, парсы, шағатай əдебиетінің классикалық үлгілерімен танысып, соған біраз еліктеді. Бірақ, кемелденіп, толған шағында ұлы ақын орыстың прогресшіл классикалық əдебиетін құныға оқып, үйренді. Орыс əдебиетінің мол мұрасын мейлінше оқып-үйренудің арқасында ғана Абай табиғат соншама жомарттықпен сыйлаған қуатты талантын көпке танытты. Ақын оқушыны бірден баурап əкететін сиқырлы күш ұялаған өлеңдерін орыс əдебиетінің игі əсерімен жазды. Міне, Абайдың искусствоға, өмірге көзқарасы XIX ғасырдағы орыстың ұлы революцияшыл-демократ сыншылары Белинский, Чернышевский, Добролюбовтардың ықпалымен қалыптасты. Ендігі жерде поэзия ақынның ең бірінші өмір қажетіне айналды. Ақынның: «Өзгеге көңілім тоярсың, Өлеңді қайтіп қоярсың» – деген пікірі осыны аңғартады. Бұл ерте ме, кеш пе, творчестволық еңбектен басқа қызықтың бəрі де жалықтырады дейтін Л.Н. Толстойдың пікірімен үндес екені даусыз. Дау-жанжал, ұрлық-қарлық, барымта, зорлық-зомбылық етек алған жағдайда жаны кейіп жүрген ақынның жақсы тұрмысты ойлауына да орыс əдебиеті мұрындық болды. Қараңғылық пен надандық тұманы түнеп, əрекетсіздік пен əділетсіздік жайлаған жайбарақат халқының болашағына ой жіберген ұлы ақынға үміт саңлауы алыстан бұлдырап көрінді. Абай өз жаның тебіренткен небір күрделі мəселелердің түйінін, өз халқының азат болуының мүмкіндігін орыстың прогресшіл əдебиеті мен мəдениетінен, орыс халқының озат ойынан іздеп тапты да, қазақ халқын сол бір сəулеге бағыттады. Ұлы ақынның жүрегі жұртым деп соғып, қаламы халық деп қозғалды. Ұлы ақын қазақ халқын орыс тілі мен мəдениеті арқылы бүкіл адамзаттық мəдениетке жетуге, сөйтіп өнерлі жұрттың қатарына қосуға талпындырмақ болды. Ақын мұны өзінің саналы өмірінің мақсаты деп білді. Ол қазақ қоғамындағы артта қалған пікірлерге, орыс халқының мəдениетіне жақындасуға бөгет жасайтын зиянды үгіт, кедергі атаулының барлығына қарсы күресті. Ақынның халыққа қызмет ету мақсатынан туған алыс арманы мен асыл ойлары өлеңіне келіп құйылды. Революциядан бұрынғы қазақ арасында сөзге қонақ бермей, жамандық атаулы болса, орысқа аудара салатын ислам дінінің зиянды үгітінен туған надандықты аяусыз əшкереледі. «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде ақын: «Орыс теріс айтпайды, Жаман бол деп оларды. Қаны бұзық өзі ойлар, Қу менен сұм боларды. Орыста қалар жаласы», – деп жазса, «Өкінішті көп өмір кеткен етіп» деген өлеңінде: «Тура тілді кісіні дейміз орыс, Жиреніп, жылмаңдықты демес дұрыс...» – деді. Ақын осылайша қазақ арасындағы «қаны бұзықтардың» кеселді пікірлерін əшкерелей отырып, Россия ның прогресшіл мəдениетіне жету қазақ халқының шынайы арманы екенін түсіндірді. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бəрі орыста тұр. Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі: олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең көкірек көзің ашылады... Орыстың ғылым, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі... барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет», – деп жазды Абай. Ұлы ақын тəжік пен татардың да өнері қазақтан əлдеқайда ілгері екенін түсіндірді. Бұл халықтар, қазақ сахарасындағыша өтірік пен есек қумай, «шаруа қуып, өнер тауып, орыстың өнерін бізден кеп үйреніп кетті» деді. Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың шығармаларының игі дəстүрі сөз болғанда, оны қазақ өлеңдерінің жасалу техникасына Абай енгізген жаңа формалар мен синтаксистік сөйлем құрылыстарының, сөз қолданыстардың тұрғысынан ғана танып қою жеткіліксіз. Абай мұрасының тамаша дəстүрлерінің бірін оның қазақ халқын ұлы орыс халқымен, сондай-ақ басқа да туысқан халықтармен достыққа,

мəдени қарым-қатынас жасауға шақырған тамаша прогресшіл идеясынан іздеу қажет. Бүгінгі ұрпаққа Абай қадірін арттырып, ақын атын ардақтатып отырған да – оның осындай достықты үгіттеуі, сол жолда тынбай істеген творчестволық еңбегі болса керек. Қазақ халқын ұлы орыс халқымен жəне басқа да туысқан халықтармен достыққа шақыру – Абай творчествосының прогресшілдік сыйпатын белгілейтін ең негізгі, басты тақырыптың бірі. Абай шығармаларында тамаша интернационалистік пікірлер бар. Əрине, бұдан Абай барлық елдердің еңбекшілерін күреске шақырды деген ұғым тумайды. Абай барлық елдердің еңбекшілерін емес, тіпті, қазақ еңбекшілерінің өзін де күреске шақыра алмады. Бұл Абайдың бүкіл творчествосындағы, қоғамдық əлеуметтік пікірлері мен идеясындағы шектелушілік еді. Абай өзінің көптеген өлеңдері мен қара сөздерінде қоғамдық дамудан кенжелеп қалған қазақ халқын озық слдердің өнерінен, мəдениетінен, ғылымы мен білімінен үйренуге үгіттеді. Оның ең алдымен үлгі етіп ұсынғаны да, өзіне ұстаз тұтып оқып, үйренген мектебі де орыс жұрты, орыс халқының прогресшіл мəдениеті болды. Ақынның сол кездегі талапсыз, харекетсіз, «өлең-сөлеңмен» өмір оздыруға құмар қазақ жастарын орыстың ұлы жазушылары Салтыков пен Толстойдан үлгі алуға шақыруы да сондықтан болатын. Ақын орыс тілі мен орыс мəдениеті арқылы қазақ халқын бүкіл адамзаттық мəдениетке жетуге, сөйтіп өнерлі жұрттың, мəдениетті халықтың қатарына қосылуға талпындырмақ болды. Орыс тілін үйрену мақсатын ақынның өз көңіліндегідей тани алмай, теріс түсініп, ал тілді білуді патшаға қызмет етіп, «шен-шекпен киюдің» қарызындай танып жүрген кейбір қазақ жастарына Абай орыс ғылымын оқып үйренудегі мақсатты айқын ашып түсіндірді: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып керуге. Военный қызмет іздеме, Оқалы киім киюге... Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге, – деп жазды Абай. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласына орыс халқының тұрмыс-салтының шындап араласа бастауы орыс мəдениетіне бой ұруды тудырмай қойған жоқ; қазақ жастарының алғашқы буыны ғылым мен мəдениетке ұмтылды. Міне, Абай идеясы да қоғамдық дамудың осындай тынысынан келіп туған еді. Өйткені, қашан да болсын ақынды халық пен өмір сүрген заманы тудырады. «Абай шығармасында əлеуметтік сарынның жаңа ағымын туыпөсіп, ең алдымен əзірлеген жағдай,– деп жазды М. Əуезов,– сол кездегі көпшілік қоғам тұрмысының өз қалпы болады. Сол өз ортасының не күйі бар, неге мұқтаж екенін көппен бірге сезіп, мұң еткен ақын енді сондайлық əлеуметтік мазмұн-сарынды сыртқа шығаратын жол, үлгі, өнеге іздейді. Осылайша іздену жолында жүргенде, өз қауымындай қоғамдардың ортасынан шығып, елге сапалы еңбек етіп өткен ағартушы, мəдениетті, либерал, бұқарашыл ақындардың ізін, жолын көреді. Сонымен барып Пушкин, Лермонтов, Салтыковтың мсктебіне үңіледі. Өзгерек жағдайда, өзгеше құлдық, надандық, зұлымдық қорлығында жатқан өз жұртшылығына, аналардың сарынымен бұлда өзгеше өнегелі еңбек етпекке талпынады. Міне, Абайды европа мектебімен, орыс əдебиетінің классик дəуірлерімен жанастырып, қабыстыратын өткел осындай қоғамдық, тарихи өткелдер болады. Мазмұн-сарыны, ішкі бағыт нəрі ел тұрмысының қоғам күйінің өзіндік, анайы топырағынан шыққан сарын, нəрлер болады. Соны жарыққа шығаратын түр-үлгіні ғана орыс халқының асыл қазынасынан алады». Абайдың өмір сүрген заманы, сонымен бірге, қазақ даласында ислам дінінің де əрекеті күшейген кезі еді. Ислам діні фанатиктерінің ең зиянды жəне ең хауіпті арекеті – олардың қазақ халқын ұлы орыс халқының мəдениетінен алыстатқысы, сөйтіп, рсакцияшыл шығыстың кертартпа мəдениетіне қарай бейімдсгісі келгендіктерінде сді. Олар өздерінің бұл зұлымдық пікірлерін діни қабыршықтарымсн бүркемслеп отырды, орыс халқын басқа діннің адамдары болғандықтан мұсылманға дос емес деп түсіндірді. Ислам дінінің бұл зиянды əрекетін патша үкіметі өз мақсаттары үшін барынша қуаттады. Патша үкіметі Россияның шет аймақтарындағы халықтарды орыс халқының мəдениетінен жырақ ұстағысы келді. Өйткені, патша үкіметі артта қалған қараңғы ұлттардың еңбекшілеріне орыс еңбекшілерінің көрсететін күрес үлгісінен, беретін өнегесінен мейлінше қорықты. Ал, ислам дінінің əлгіндей үгіті патша самодержавиесінің ұлт араздығын қоздыру отына май құйды. Əрине, қазақ халқының ұлы орыс халқына, оның озат мəдениетіне ұмытылуын патша үкіметінің реакцияшыл саясаты да, сондай-ақ ислам дінінің үгіті де тоқтата алмады. Алайда қоғамның анағұрлым

артта қалған бөлігінің ішінде, діннің айтқанына көзсіз еріп, «орыс» деген сөзге тосырқап, үрке қарайтын адамдар болған жоқ деп айту қиын. Өйткені, əрбір қоғамда үстем идеология – сол қоғамдағы үстем таптың идеологиясы. Ал, үстем идеология өз үстемдігін сездірмей, қоғамдық пікірге əсерін тигізбей отыра алмайды. Орыстың революционер-демократ сыншысы Добролюбов осындай жағдайларды ескеріп бірсыпыра шет аймақтардағы ұлттар орыстарға сенімсіздікпен қарайды, ал бұған кінəлі орыс халқы емес, патша самодержавиесі деген болатын. Басқа халықтардан, əсіресе орыс халқынан үйреніп, оған жақын болуды мұсылманшылықтың кешпес күнəсіндей етіп түсіндіретін реакцияшыл діни көзқарасты батыл əшкерелеу – Абай заманы үшін бұл, сөз жоқ, интернационалистік пікір. Өйткені Абай заманында қазақ қоғамында бұдан озған пікір айтқан ешкім болған жоқ. Абай қазақ халқының болашағы ұлы орыс халқымен достықта, мəдени қарым-қатынас жасауда екенін өз кезінде өзгеден артық түсінді. Абай қазақ халқын ұлы орыс халқымен, сондай-ақ, басқа да туысқан халықтармен достыққа шақыра отырып, өзі де сол жолда аянбай қызмет істеді. Абайдың орыс əдебиетінің тамаша үлгілерінен жасаған аудармасы да осыны дəлелдейді. Ақын орыс халқының бай əдеби мұрасың қазақ халқына өз ана тілінде таныстыру мақсатын кездеді. Ерте ме, кеш пе орыс халқының мəдениеті бүкіл Россия халықтарына ортақ мəдениет болады, сол кезде «дауысым бүкіл Россияға тарайды» деп, болашаққа үлкен үміт артқан данышпан Пушкиннің «Ескерткішін», сол сияқты ұлы революционер демократтардың Россияның болашағы жөнінде, орыс халқының шет аймақтар үшін атқаратын ролі жөнінде айтқан пікірлерін оқып білген Абайдай ұлы ақынның халықтарды достыққа, бірлікке, ынтымаққа шақыруы əбден заңды да жағдай еді. XIX ғасырдағы қазақ даласының əлеуметтік, қоғамдық тұрмысы мен өмір шындығы ақын творчествосының негізгі объектісі, нысанасы болды. Ақын ел ішіндегі озбырлықты, зорлық-зомбылықты, үстем таптың өктемдігін аяусыз əшкерелеп, қарапайым халыққа, кедейлерге жанашырлық сезіммен қарады. Ел ішіндегі ебедейсіз, оғаш мінездерді түзеу үшін қызмет етті. XIX ғасырда қазақ ауылында етек алған ұрлық-қарлық, өсек-өтірік, мақтаншақтық, арызқойлық, «өлең-сөлеңмен» өмірді мақсатсыз, еңбексіз өткізушілік сияқты қоғам дамуына кедергі келтіріп отырған мінездерді Абай барынша əшкереледі. Оның орнына ақын халықты пайдалы іспен шұғылдануға, адал еңбек етуге, оқу, өнер, ғылым, білім іздеуге шақырды. Сөйтіп Абай поэзиясымен бірге қазақ əдебиетіне реализм бағыты еніп, берік қалыптасты. Абай осылайша əдебиетті, поэзияны жанрлық жағынан түбегейлі негіздеп, қоғамдық, əлеуметтік мəнін барынша арттырып, күшейтті. Алайда, ақынның ел ішіндегі оғаш мінезді түзету талабы толық жүзеге аса қоймады. Қиян-қилы қайшылығы мол заманда өмір жолын кешкен ақын көп ойланып, көп толғанып, ой соңына жете алмай, жалғыздығын, жапа шеккендігін, «етек басты» болғандығын кейбір өлеңдерінде сыртқа да шығарып отырды. «Қайратым мəлім, Жетпейді əлім, Мақсат алыс өмір шақ», – деді ақын. Сөйтіп, ол дегеніне жете алмады. Қоғамның мешеулігі, халықтың қараңғылығы «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан» ақынның аяғын тұсай берді. Бірақ, ақын налымады, өзінің үлкен үмітін ол болашаққа, жас ұрпаққа артты. Абай өз кезіндегі өмір шындығын жырлап, барды бадырайта айтқан реалист ақын. Бүгінгі бақытты ұрпағына да ол сонысымен қымбат. Пролетариаттың ұлы жазушысы Максим Горькийдің: «Құрметтейік, көтерейік əдемілеп, көркем түрде шындықты айтқан ақындарды. Оларда шындықты айтудан басқа бағынатын құдай, табынатын тəңірі болмасын!» – деген сөзі дəл Абай шығармалары үшін айтылғандай. Алайда Абай көзі тірісінде көңілдегісін көре алмай кетті. Ақынның шынайы арманы тек советтік заманда ғана жүзеге асып отыр. Қазір қазақ халқы туысқан ұлы орыс халқының ағалық қамқорлығының арқасында СССР-дың барлық халықтарымен дос, терезесі тең ел болып, социалистік мəдениетке өз үлесін қосуда. 1955.

ЖАҢА ӨМІРДІҢ ЖАРШЫСЫ Социалистік мəдениетіміздің күрделі саласының бірі болып отырған қазақ-совет əдсбиеті қазіргідей дүниежүзіне мəлім профессионалдық, сүбелі əдебиет дəрежесіне тек Октябрьдің жеңісімен ғана тарихи қысқа мерзімде жетті. Оның проза, драматургия сияқты жанрлары революциядан бұрын жазылған кейбір жеке шығармаларды есептемегенде, шындығында да, Октябрьмен ере келді. Социалистік жаңа əдебиет жасау ісі қолға алынғанда поэзияның жағдайы басқа жанрлардан гөрі өзгешерек еді. Өйткені ғасырлар бойы халық жасаған сан алуан өлең-жырлар, халық арасынан шыққан дарынды ақындардың туындылары, шаруалар көтерілісін жырлаған патриот ақын Махамбеттің өлеңдері, өткен ғасырдың əдебиетінде шыңға біткен шынардай шоқтығы асып жеке тұрған Абай шығармалары, XX ғасырдың бас кезіндегі поэзияда бұқаралық идея ұсынып, тамаша ойлар айтқан Сұлтанмахмұттың лирикалары мен поэмалары, Сəбит Дөнентаевтың өлеңдері т. б. поэзиялық нұсқалар жаңа советтік социалистік поэзия жасаушы ақындарымыз үшін үлкен мұра, зор өнеге-үлгі болды. Революцияның бірінші жылдарында поэзияның қалам тарта бастаған алғашқы қарлығаштары Б. Ізтөлиннің, С. Сейфуллиннің, Б. Майлиннің, I. Жансүгіровтың, С. Мұқановтың, Ш. Иманбаеваның, т.б. ақындардың көп жырлағаны қазақ халқына Октябрь революциясы əперген бостандық, Совет өкіметін орнату ұраны, əйел теңдігі мəселесі, Отан табиғаты тақырыптары болды. Бұл түсінікті дс. Өйткені, ұлы дүрбелең оқиғаның, революция тудырған үлкен өзгерістің тұсында оның маңызын біреу ұғынып, біреу түсінбей жатқан жағдайда поэзия сияқты ұшқыр да ұтымды жанр өзінің басқа жанрлардан артықшылығын пайдаланып, дер кезінде үн қосуы əбден заңды. Өзінің творчестволық қадамын революцияның алдында, таптық езушілікке қарсы наразылық білдіруден бастаған Сейфуллин Сəкен 1917 жылдан бастап ақындық өнерімен де, іс-əрскеті, қызметімен де түгелдей революция жағында болды. Социализм идеясын берік тұтынып, сол жолда аянбай еңбек еткен больщевик, рсволюционср ақын талай «тар жол, тайғақ кешуді», қыруар қауіп-қатерді басынан өткізді. Ғасырлар бойы қазақ кедейлерінің мойнына мініп, қанап келген байларға қарсы бар дауыспен үн көтерді. Ол өзінің «Кел, жігіттер», ««Жұмыскерге», «Жас қазақ марсельезі», «Қамаудан», «Жолдастар» сияқты көптеген өлеңдерінде бұқара халықты жаңа өмір үшін аянбай күресуге шақырды. Барлық саналы өмірін Қазақстанда Октябрь революциясының жеңісі үшін, совсттік социалистік құрыльм тың нығаюы үшін күреске жұмсаған патриот ақын өз творчсствосын түгелдей осы мақсатқа бағыштады. Азамат соғысын жсңіспен аяқтап, халық шаруашылығын қалпына келтіруге, социализм орнатуға қызу кіріскен Совет мемлекетінің даму қарқынын Сəкен 1926 жылы жазған «Экспресс» поэмасында жүйткіген жүйрік экспресс пойызға теңеп суреттеді. Жаңа өмірді суреттеу үшін ол өлеңнің түрі, ұйқасы, көркемдігі жағынан да көп ізденді, қазақ өлеңдерінің формасына, ұйқасына көп жаңалықтар енгізуге талпынды. Сейфуллин Сəкенмен қарайлас шығып, қазақ-совет поэзиясының негізін қалаушылардың бірі болған дарынды ақын Жансүгіров Ілияс та еңбекші халықтың мүддесі үшін қызмет етті. Ол «Еңбскшілерге», «Егінші», «Кедей тойы» сияқты өлеңдерінде ауыл кедейлерін Совет өкіметін нығайту үшін ұлы аттанысқа ат салысуға шақырса, «Жалпы жасқа», «Жастар», «Саналы жасқа» т. б. бірсыпыра өлеңдерінде жаңа заманның рухына ілесіп, ниеттестік, тілектестік білдірген жастарды өнер-білімге, мəдениетке нұсқады. 1924 жылы В. И. Лепиннің қайтыс болуына байланысты халықтың ұлы көсемге, партияға, Совет өкіметіне деген сүйіспеншілігін білдіретін көптеген өлеңдер жазылды. Сондай өлеңдер жазған ақынның бірі – Ілияс еді. Бүкіл халқымыз көсем қазасын аза тұтқан шақта партия қатарына кірген Ілияс «Ленин тірі» деген өлеңінде Ленин жолының мəңгі жасайтындығын, оның өсиеті мүлтіксіз жүзеге асатындығын нық сеніммен жырлады. Бұдан кейінгі жылдарда Ілиястың көп көңіл бөлгені жаңа заманда жасарып, жақсара түскен Қазақстанның көрікті суреттері мен əралуан табыстары болды. Ақын саяси лирикаларымен бірге «Күй», «Күйші», «Құлагер» сияқты көркем поэмаларын қалдырды. Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде республикада газетжурналдар көбейе бастады. Социалистік өмірдің жаңа нышандары поэзиямыздың негізгі тақырыбы болды. Байзақов Иса, Сыздықов Жақан сияқты ақындар жаңа өмірді жырға қосты.

Азамат соғысы жеңіспен аяқталып, бүкіл еліміз шаруашылықты қалпына келтіруге жұмылған кезде де ақындарымыз партияның жауынгер насихатшысы болды. 20-шы жылдардың екінші жартысында поэзияда Ə. Тəжібаев, Т. Жароков, Ғ. Орманов, А. Тоқмағамбетов, Қ. Жұмалиев, Қ. Əбдіқадыров сияқты бір топ ақын бой көрсетті. Олардың əрқайсысы да жас дауыстарымен Жаңа заманның тынысын жырға қосты. Ұсақ лирикалық өлеңдерді тізбегенде осы бір тұста жазылған поэтикалық көлемді шығармалардың ішінде Мұқанов Сəбиттің «Балбөпе», «Пионер», И. Байзақовтың «Құралай сұлу», Жұмалиев Қажымның «Қанды асу» поэмалары күрделі туындылар болды. Халыққа кең тарап кеткен көптеген саяси мəні күшті өлеңдер туды. Орманов Ғалидың лирикалық өлеңдері жұртшылыққа кеңінен тарады. Бұл кезде қазақ-совет поэзиясынын тұрақты кадрларының саны едəуір ұлғайып, жас əдебиет əртүрлі жат бағыттардан өз іргесін аулақ салып, ара-жігін біржола ашып, пролетарлық бағытын айқындап алған еді. Бұл жөніндс БК(б)П Орталык Комитетінің 1925 жылғы «Партияның көркем əдебиет саласындағы саясаты туралы» қабылдаған арнаулы қаулысы ерекше роль атқарғандығын атап көрсеткен мақұл. С. Мұқановтың «Батырақ», «Октябрьдің өткелдері» поэмаларында Қазақстанда Совет екіметін орнату үшін күресіп, азаттық алған кедейлердің өмірлері мен іс-əрекеттері бейнеленеді. Ақын Қозыбақ, Теміртайлардың таптық күресін көрсетуі арқылы қазақта тап тартысы болған жоқ дейтін ұлтшылдық зиянды пікірге соққы береді. Ол езінің 1920 жылдардың аяқ кезінде жазған «Сұлушаш» атты романында революцияға дейінгі тап теңсіздігінің небір сойқан көріністері болғандығын ашып көрсетті. «Сұлушаш» тек идеялық мазмұны жағынан ғана емес, сонымен бірге көркемдігі жағынан да озық шығарма болды. Бұл роман поэзиямыздың алғашқы кезеңінің ғана табысы болып қойған жоқ, ол сонымен бірге жалпы сюжетті поэмалардың ішінде Сəкеннің, Ілиястың жоғарыда аталып өткен шығармалары сияқты күні бүгінге дейін өз бағасын жоймаған күрделі де кесек туындылардың бірі ретінде танылып келеді. Қазақ-совет əдебиеті дамуының екінші кезеңі 30 жылдардан басталады, 30 жылдардың ішінде бүкіл елімізде, соның ішінде республикамызда индустрияландыру ісі зор қарқынмен өрістетілді. Ел өміріндегі осындай өзгерістердің айғағы ретінде поэзиямызда толып жатқан шағын өлеңдер мен көлемді шығармалар жасалды. Социализмнің жеңісі, Коммунистік партияның басшылық ролі, бесжылдықтың табысы, ауыл шаруашылығын коллективтендіру, Қазақстанға алғаш рет пойызды алып келген Түрксіб темір жолы, Қарағандының көмірі, Балқаштың мысы, Алтайдың түсті металдары, совет адамдарының праволарын қамтамасыз етіп берген Советтік Конституция, халықтар достығы меи интернационализм идеялары, Отан күзеті – міне, 30 жылдардағы поэзияның негізгі тақырыптары осылар еді. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының I съезі өткеннен кейін халық творчествосына ерекше назар аударылғандығын атап өту қажет. Осы тұста Жамбыл бастаған халық ақындары Н. Байғанин, Ш. Қошқарбаев, Қ. Əзірбаев, О. Шинин т. б. Отан туралы, советтік патриотизм туралы, ел өміріндегі елеулі оқиғалар туралы толып жатқан тамаша жырлар туғызып, поэзиямызға едəуір үлес қосты. Өндіріс тақырыбына арналған Қ. Əбдіқадыровтың «Бұрғысы» мен «Екпін», С. Мұқановтың «Балқашы» мен «Жүйткі, қара айғырым», А. Тоқмағамбстовтың «Турксиб түйіскенде», Ə. Тəжібаевтың «Айнабұлақ», Ғ. Ормановтың «Шеңбер», Т. Жароковтың «Бесжылдықтың балғасы» атты өлеңдері сол тұстағы поэзияның жақсы үлгілері болып саналады. Бесжылдықтар тұсында халық шаруашылығының даму қарқыны талай ерлік істерді жасаушы жаңа адамды, еңбек ерлерін туғызды. Ақындарымыз осындай батыр ұл-қыздарымыздың ерлік істерін ізін суытпай халыққа танытып, соны, тың өлеңдер, көлемді-көлемді поэмалар жасады. Мəселен, «Күн тіл қатты», «Ақ аю», «Алынған қамал», «Құтқару», «Мұз тұтқыны» сияқты көлемді шығармалар поэзиямыздың едəуір есейіп, жетіліп қалғандығын, актуальді тақырыптарды меңгере бастағандығын аңғартады. Отызыншы жылдардың орта шенінде қазақ-совет поэзиясына тың күш – Қ. Бекхожин, Ə. Сəрсенбаев, Д. Əбілев, Қ. Аманжолов, Ж. Саин, Қ. Сатыбалдин сияқты ақындар қосылды. Бұл ақындардың бəрі де поэзияда өз қолтаңбалары бар, жұртшылыққа танылған, əдебиетіміздің тұрақты кадрларына айналды. Қазақ-совет поэзиясы көркейе түскен сайын оның тақырыптық шеңбері де, мəдениеті де арта берді. Ақындарымыз интсрнационалдық сарынды жырлап, империализмнің басқыншылық шабуылына ұшыраған елдердің еңбекшілеріне тілектестік сезім білдіріп, шапқыншы жауларға лағнет айтатын көптеген өлеңдер жəне Отан күзетіне арналған бірсыпыра

поэмалар жазды. Мəселен, Жамбылдың «Испандық бауырларға», Т. Жароковтың «Жалында, жарқын Долорес», А. Тоқмағамбетовтың «Испания», Ə. Тəжібаевтың «Аида», Д. Əбілевтің «Испан қызы» т. б. өлеңдері мен Ə. Сəрсснбасвтың «Отан күзетінде», Ж. Саинның «Досыма хат», А. Тоқмағамбетовтың «Күзетте» поэмалары осындай ниеттен туған болатын. Бұл шығармалар, шындығында, əдебиетіміздің дамуының үшінші кезеңінде, Ұлы Отан соғысы жылдарында жырланған тақырыптардың алғашқы бір елесі, əзірлігі тəрізді əсер береді. Советтік өмірдің шындығын негізгі тақырып еткен ақындарымыз өткен күннің оқиғасын да ұмыт қалдырған жоқ. И. Байзақовтың «Алтай аясында», «Ақбөпе», Ж. Саинның «Күлəнда», Ə. Тəжібаевтың «Абыл», Д. Əбілевтің «Шалқыма» поэмаларында өтксн дəуірдсгі қазақ өмірінің шындығы жырланды. Соғыстың алдындағы поэзияның жалпы бір ерекшелігі сол – онда социализм слі адамдарының алып адыммен алға басып бара жатқан екпіні, күшті серпіні анық байқалады. Жаңарған өлке, жаңа адамдар, таңғажайып ерлік, советтік патриотизм, шат көңілдің лебізі – мұның мысалы сол кездегі қазақ-совет поэзиясыиан мол табылады. Ə. Тəжібаев «Оркестр» поэмасында көркейген қазақ музыкасын əңгімелей отырып, советтік дəуірдің артықшылығын тамаша көрсете білді. А. Тоқмағамбетов солтүстік мұзды мұхит арқылы Америкаға ұшқан совет ұшқыштарының ерлігін жырлады. Ақын Т. Жароков «Тасқын» поэмасында социалистік өмірдің шынайы суреттерін жасады. Поэзияның соңғы 15–16 жылдағы дамуын сөз еткенде сол дəуірдегі халқымыздың қоғамдық өмірінс көз салу қажет. Бұл жылдарда совет халқы неміс фашистеріне қарсы жүргізген Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтап, халық шаруашылығын қалпына келтіруді тыңғылықты түрде жүзеге асырды. Поэзия халқымыздың басынан кешкен осындай елеулі зор оқиғаларды көбірек қамтыды. Əсіресе совет халқының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы патриоттық істері, совет адамдарының майданда, тылдағы еңбекте көрсеткен ерліктері, соғыстан кейінгі бейбіт еңбек жоне дүниежүзінде баянды бейбітшілік үшін күрес т. б. көбірек жырланды. Сөз болып отырған кезеңде қазақ-совет поэзиясы тақырып жағынан да, мазмұн мен түр жағынан да едəуір табыстарға жетті. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жағдай поэзиямыздың алдына халықты патриоттық, Отанға, халыққа шын берілгендік рухта тəрбиелеу, совет адамдарының майдан мен тылдағы ерлік істерін жырлау, фашист басқыншыларына қарсы өшпенділік сезімді күшейту міндетін қойды. Отан соғысы жылдарындағы поэзия бұл зор міндетті ойдағыдай орындап шықты. Соғыс жылдарында жазылған Жамбылдың көптеген өлеңдерін, Ə. Сəрсенбаевтың «Ақша бұлт», Д. Əбілевтің «Тұлға», Ж. Саинның «Айғақ», Қ. Аманжоловтың «Дауыл» атты жинағын сол жылдардағы поэзиямыздың елеулі табысы деп білеміз. Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ ақындарының творчествосында советтік патриотизм идеясы бұрынғыдан да күшейе түсті. Ақындар өз шығармаларында басқыншы жаудың зұлымдық, озбырлық, айуандық əрекеттерін əшкерелеп, біздің əділ ісіміздің жеңетіндігін өзекті арқау етіп алды. Олар өздерінің патриоттық сезімін тек творчестволарында ғана емес, сонымен бірге қолға қару алып, қан майданда жаумен жағаласа жүріп те көрсетті. Қазақ ақындарының талай тамаша өлеңдері халқымызды басқыншы жауға қарсы күреске құлшындырды. Жамбылдың «Ленинградтық ерендерім», «Москваға», С. Мұқановтың «Фашизмнің ажалы», Ж. Саинның «Партизан жырлары» т. б. дəл осындай өлеңдер болды. Соғыс жылдарында ұтымды жырланған тақырыптардың бірі – халықтар достығы. Москваны қорғау үшін болған сұрапыл шайқастың кезінде біздің ақындарымыз Москваны қорғау – бүкіл Отанды қорғау екенін поэтикалық тілмен түсіндірді. Москваны қорғауға қатысқан қазақ жауынгерлеріне бүкіл қазақ халқының атынан айтылған пəрменді бұйрығын поэзиялық жалынды сөздермен жеткізді. Москва түбінде басқыншылар талқандалған кезде ақындарымыз жауды талқандаған совет жауынгерлерінің ерліктерін жырға қосты. Олар осы бір ұлы айқаста қазақ жауынгерлерінің де болғандығын, Ұлы Отанымыздың астанасы Москваны қорғауға қатысқандығын зор мақтаныш сезімімен жырлады. Поэзиямыз бұл жылдарда халықтар достығының туын өте-мөте жоғары ұстады. «Қазақтар орыс жерінде, Тайсалмай шауып өлімге Гвардеец атанып, Үлгі боп байтақ еліне, Ерліктің тікті туларын»,– деп жырлады қарт Жамбыл. Ұрыс даласында болып, Европаның фашизм құлдығында отырған халықтарын езгіден азат етіп, елге жеңіспен оралған ақындарымыз

Аманжолов Қасым, Сəрсенбаев Əбу, Əбілев Дихан, т. б. совет елінің ұлылығын, оның жарқын болашағын, Ұлы Отанның көз тартар көркін мақтаныш өте отырып, капиталистік дүниенің жеркеніштілігін көзбен көріп қайтқан куəсі ретінде жырлады. Жалпы алғанда, Ұлы Отан соғысы жылдарында поэзиямыздың үгіттік, публицистикалық қуаты басым болды. Мəселен, Т. Жароковтың «Киемін сүр шинельді», Ж. Саинның «Аттанарда», Д. Əбілевтің «Мені де жібер майданға» т.б. өлеңдері өз кезінде үгіттік мəні зор шығармалар еді. Майданда болып, шетел тұрмысын көзбен көріп қайтқан ақындарымыз Совет Армиясының халықтарға азаттық əперу миссиясын жырлау арқылы совет жауынгерлерінің тамаша адамгсршілік, гуманистік, моральдық қасиеттерін сипаттайды. Олар Европаның қарапайым бұқара халқына зор сүйіспеншілік, аяушылық сезім білдіреді, олардың ұлттық дəстүрін құрметтейді. Мəселен, Əбудің «Мадияр қызына», «Қоштасу» т. б. бірсыпыра өлеңдері ақынның осындай жоғары сезімдерінен туған өлеңдер: «Күн астынан ала келдім Азаттықты мен бұл елге»,– дейді ақын. Ақынның лирикалық геройы бүкіл совет адамдарының, совет халқының өкілі ретінде көрініп отырғандығын тану қиын емес. Поэзияда тылдағы еңбек адамдарының істері де кеңінен жырланды. Ақындарымыз тылдағы еңбек өмірі жалпы Отан қорғау ісінің бөлінбес бір бөлігі екендігін дұрыс түсінді. Бұл өлеңдердің де көбінесе үгіттік жағы басым болды. С. Мұқановтың «Балқаш түні», А. Тоқмағамбетовтың «Мұнай бер» т. б. өлеңдері еңбек адамдарын Отан қорғау ісіне қарқынды еңбекпен үлес қосуға шақырды. Поэзияда Отан соғысы тақырыбына арналған кесек, көлемді шығармалар да жазылды. Бұл ретте Сатыбалдин Қапанның «Əлия», Мəриямнің «Мəншүк», Жақанның «Қос қыран», Қалижанның «Жиырма сегіз», Диханның «Майданбек», Қасымның «Абдолла» поэмаларын атауға болады. Алайда, бұлардың кейбіреулерінде таңдап алынған тақырып толыққанды поэтикалық шешімін таппады. Ақындарымыз көп жағдайда оқиғаларды құр тізбектей берді. Бұл жағынан алғанда поэмалардың кейбіреулері сол кездегі ұсақ лирикалық өлеңдерден гөрі əлдеқайда солғын, олқы болып шықты. Ұлы Отан соғысын шежіреге түсірген қазақ поэзиясының ішінде Қ. Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы айрықша тұрады. Қазақ əдебиет сынының атап көрсеткеніндей бұл поэма» ақынның ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының ірі табысы болды. Соғыстан кейінгі жылдардағы поэзиямыздағы ерекше сөз ететін мəселенің бірі – поэмалар. Бұл жөнінен ақын Ə. Тəжібаевтың «Портреттері», X. Ерғалиевтің «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің», Ж. Молдағалиевтің «Нұрлы жол», «Қиял қанаты», «Жесір тағдыры», «Мен – қазақпын», Ғ. Қайырбековтың «Дала қоңырауы», М. Əлімбаевтың «Менің Қазақстаным», Қ. Бекхожиннің «Мариям Жагор қызы», «Ақан Ақтаев», «Ақсақ құлан», Т. Жароковтың «Жапанды орман жаңғыртты», «Қырда туған құрыш» поэмаларын, Диханның «Алтай жүрегі» атты өлеңмен жазылған романын атауға болады. Бұл поэмалар тек көтерген тақырыптары жағынан емес, поэтикалық құндылығы жағынан да қазақ-совет поэзиясының анағұрлым есейгендігін танытқан шығармалар болды. Бұл поэмалар кезінде оқушы жұртшылықтан лайықты бағасын алған болатын. Соғыстан кейінгі жылдардағы лирикалық ұсақ өлеңдерді, ондағы табыстарымызды сөз еткенде поэзияда жемісті еңбек етіп келе жатқан бірқатар талантты ақындарымызды атап өту қажет. Бұл ретте алдымен С. Мəуленовтың, сол сияқты Ж. Молдағалиевтің, М. Əлімбаевтың, Қ. Жармағамбетовтың, Қ. Шаңғытбаевтың, Ғ. Қайырбековтың, I. Мəмбетовтың, Т. Молдағалиевтың, С. Жиенбаевтың, т. б. өлеңдерін атаймыз. Соғыстан кейінгі жылдардағы лирикалық өлеңдердегі табыстарымыз осы ақындардың творчествосына көп байланысты. Олардың өлеңдерінің көпшілігі жалпы жырлау, дерексіздік, формализм машықтарынан аулақ. Нақтылыққа, түр, мазмұн, мағына жағынан тың, соны жаңалықтар іздеуге бой ұру байқалады. Бұл ақындарымыздың творчествосындағы ең бір ұтымды нəрсе – қысқа өлеңдерді белгілі бір сюжетке құруға ұмтылушылықтары болып отыр. Ал сюжетті лирика, тұтастай алғанда, соңғы кездегі поэзиямыздан көбірек табылады. Соғыстан кейінгі бейбітшілікпен даму дəуірі совет əдебиетінің алдына үлкен міндеттер қойды. Бұл зор міндеттерді партиямыздың Орталық Комитеті өзінің идеология мəселелері жөнінде қабылдаған тарихи қаулыларында атап көрсетті. Партиямыздың бұл қаулылары əдебиетте болып келген идеялық қателіктер мен кемшіліктерді жоюдың нақты шараларын белгілеп берді. Партиямыздың нұсқауларына жауап бере отырып, қазақ-совет поэзиясы еңбек ерлерінің образын жасауды ең негізгі міндет

етіп қолға алды. Бұл жөнінде толып жатқан тамаша лирикалық өлеңдер жазылды. Қазақ-совет поэзиясы бейбітшілік үшін күрес ұранына да үзбей үн қосып келеді. Əрине, қазір поэзиямыздың əріден келе жатқан ұзақ тарихы, қалыптасқан бай тəжірибесі мен дəстүрі бар, өздерінің творчестволық өмірлерін халық өмірімен əрдайым бірлестікте, байланыста ұстаған буын-буын талант иелері мол. Атап айтқанда, уақытқа, мезгілге қарай əдебиетімізге əр тұста келіп қосылған буындар бар. Мəселен, поэзияның кейінгі жеткіншектеріне өз творчестволарымен зор əсер етіп, ықпалын тигізген аға ақындар мен оларға ілесе шыққан бір буынды былай қойғанда, күні кеше ғана «ақын» деген атаққа «жас» деген эпитетті тіркеп жүрген Аманжол, Ғафу, Ізтай, Еркеш, Əнуар, Сағи, Тұманбай, Зейнолла, Тоқаш, Шəміл т. б. бір топ бүгінде жайдарман жарқын жырларымен əдебиет қауымына ғана емес, қалың халайық қауымға жақсы таныс болып отыр. Бүгінде бұл ақындарымыздың жастары ғана есейіп қоймай, жырлары да марқайды. Тіпті, поэзияның босағасын кеше ғана аттаған Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нəжімеденов өлеңдері де қазір арнайы сөз ету дəрежесіне көтерілген өзіндік өзгешелігі бар əсем поэзия. Балауса, балғын бола тұра, бұғанасы бекіп, буыны қатайған, кəмелетке толып, емтиханнан өткен ересек жыр, есейген жыр. Мұндай жыр əдеттегі жастыққа жасайтын скидкадан құтылған, қандай сынды да, талапты да көтере алатын жыр. Мұндай жырды поэзия болашағының кепілі деп батыл айтуға болады. Ал күнделікті газет-журнал беттерінде көрініп жүрген немесс бірлі-жарым жинақтарын жариялап қана үлгірген жас талапкерлердің тізімі тіпті ұзақ болар еді. Əрине, алғашқыда опыр-топыр дүрмекпен аттанғандардың бəрі бірдей көмбеге бірінші боп келмейді. Жүгіргеннің бəрі жүлде бермес жүйрік, «əу» дегеннің əрқайсысы əйгілі ақын боп кете бермейтіндігі бағы заманнан мəлім. Бірақ, солардың ішінде де күні ертең-ақ поэзияның тұрақты кадрларының сапына келіп қосылатын жақсы жауынгерлердің жүрмегенін кім біледі? Сөз жоқ, солардан да күні ертең талай жүйріктер озып шығады. Өйткені, өнер жарысының табиғатының өзі солай. Тегінде «күш атасын танымас» деген халық нақылы осы өнер үшін арнап айтылған тəрізді. «Алдыңғы доңғалақ қайдан өтсе, соңғысы содан өтеді» дейді халық. Демек, бұл жас есімдер де ертеңіміздің үміттері, ағаны көріп іні өскен дегендей іскер буынымыз болып табылады. Əдетте, ақын ең алдымен өзі өмір сүрген заманның азаматы, өз қоғамының ұлы, өз дəуірінің үні. Өз заманы үшін ештеңе ендірмеген ақынның болашаққа берерін сұрамаса да болады. Демек, ақын өз заманының, өзі суреттеп отырған өмірдің төрешісі. Бұған біздің қазақ-совет поэзиясы тəжірибесінің өзі-ақ айғақ бола алады. Оның əр буындарының өкілдері де өздерінің барлық күш-жігерін қалам қайраткерлерінің алдына Қоммунистік партиямыз қойып отырған ұлы мақсатқа – коммунистік қоғам құрып жатқан өз замандастарымыздың тұлғасын жасап, бүгінгі өскелең де өршіл өмірімізді жырлауға жұмсап отыр. Сондықтан да біз поэзиямызды жаңа өмірдің, жарқын өмірдің жаршысы дейміз. Бүгінгі таңдағы үлкен қуанышымыздың бірі – поэзияда, жалпы əдебиетте стандарттан, схематизмнен, ақындарымыздың ойына белгілі дəрежеде тұсау болған кедергі кеселдерден бірте-бірте арылып, өлеңде философиялық ойлар толғауға ұмтылу, шынайы сезім, шын пікір айтуға құлшыну талабы. Поэзиямыздың бүгінгі таңдағы дамуына көз жібергенде жалпы көңіл тоқтатып, шүкірлік айтар тағы бір жағдай – поэзия мəдениетінің анағұрлым өскендігі болып отыр. Ақындарымыздың қайсысының өлеңдерінде болса да, қазір жалаң сөзділік пен схематизмнен аулақтап, тақырыптың көркемдік шешімін дұрыс табуға, өмірді нақтылы жырлауға ұмтылушылық айқын аңғарылады. Міндет осы бір жақсылық нышанын барынша күшейтіп, əдебиеттің поэзия жанрында қызмет ететін барлық күшті қоса отырып, олардың бүкіл жігерін өскелең поэзия жасау ісіне жұмылдыруда, поэзиямызды бұдан былай да барынша дамыта беруде болуға тиіс. 1957–1964.

АЛПЫСТЫҢ АҚЫН ҚАРАП АСҚАРЫНАН Алдымызда қалың-қалың қос кітап – «Алты асқар» деп аталыпты. Авторы – қазақтың əйгілі ақыны, драматург һəм əдебиет зерттеушісі Қалижан Бекхожин. Поэзия көшіне сонау отызыншы жылдардың екінші жартысында келіп қосылған ақын бүгінде алпысқа толып, жас жағынан жігіт ағасы, творчестволық тұрғыдан бірқатар жұртқа ұстаздық хақына иелік дəрежеге жетіпті. Өмірінің əр он жылын бір асқарға балағанда, алты кезең артта қалыпты. Ерке Ертістің ақжал толқынымен жарыса жүзіп, Керекудің кұмын жалаңаяқ кешіп, тақырда асыр сап, асық ойнап, орыс балаларымен бірге қарағай үйлі қаланың мұржаларынан көгершін ұшырып жүрген балалық шағын, түнгі көшеде əн шырқап, қызды ауылдың шеткі үйлерін торуылдап жүретін бозбалалық шақты, Ертіс бойында аудандық финанс бөлімінде, Қостанай жерінде трактордың рулінде, ауылдық мектепте мұғалімдік қызметте, т. б. жағдайларда өткізген уақытты есепке алмағанда, сол алты асқардың төртеуі – қырық жыл саналы өмір бейнеті де, зейнеті де мол творчестволық еңбекке, əдебиетке беріліпті. Мынау қалың қос кітап – сол қырық жылдың ішінде ақын жариялаған поэтикалық отыздан аса жинақтың ішінен іріктеліп алынған хрестоматиялық туындылары, өмірді əр қиядан бір қарап, ой көзімен шолған болжамдары, оның дүние танымын, ой қорытындыларын, толғам-топшылауын тануға мүмкіндік беретін «сыр сандығы», басқа сөзбен айтқанда, ақынның бүгінгі торқалы той үстінде Отанға, халқына, Коммунистік партияға беріп отырған творчестволық есебі іспетті. Енді сол «сыр сандықты ашып қарасақ», ақынның алғысөз орнына арнайы жазған жыр жолдарына кезігеміз: «Алты асқар... Қалды қиын асулар. Əр асуда дүркіреген жасым бар. Құлан мініп, сұңқарымды самғаттым, Жырлағаным – ардагерлер, асылдар». Əрине, жыр жайлауында құлан мініп қиқу сап, сұңқар шүйгенге дейін əрбір жас ақын сияқты Қалижан да алғашқы адымдарын жастық шақтың əсерін жырлаудан бастады. Бұған ақынның ертерек кезде жазған «Есімде», «Балалық», «Түнгі көшеде» т. б. көптеген өлеңдері дəлел. Алайда, шын жүйрік құнанында-ақ шабады дегендей, Қалижанның сол балауса, балғын жырларының өзінен-ақ кібіртік байқалмай, болашақ қарпуы мол, кең құлашты алымды ақынның аяқ алысы аңғарылады. Өзінің бұдан бұрын жазған жырларына ақынның өз көңілі толмады. Əрине, кейін кемел шағына жетіп, есімін ел таныған кезде сонау сəби жыр жолдарына нəумез көзбен қарау заңды да. Бұл сияқты ахуал орыстың ұлы ақыны Некрасовтың басынан да кешкендігі тарихтан мəлім. Осындай жайға тоқтала келіп Қалижан Бекхожин «Қазақ əдебиеті» газетінің тілшісіне берген жауабында (15 август, 1976 жыл) былай деді: «Ұмытпасам, алғаш қолыма қалам алып, өлең жазғаным 1932 жыл болса керек. Ондағы өлеңдерім бөрікті қызға, нағашыма, тракторшыға деген бірдеңеден басталатын. Сөйтіп жүргенде 1933 жылы Павлодар аудандық газетінде əйелдер күніне арналған өлеңім басылып шықты. Қуанғанымнан көктемде тасыған Ертістей шалқыдым кеп. Көп ұзамай осы газетте «Бүгін майда» деген өлеңім тағы басылды. «Бүгін майда жұмысшы тап, көшелерге шығар самсап» – деп басталатын бұл өлеңім пір тұтқан Сəкен өлеңіне өзімше «ұқсап-ақ» тұрды. Əйтсе де ол кездегі өлеңдерім жаттығу, үйрену кезеңінің ғана жемісі болса керек. Өйткені, солардың ешқайсысын кейінгі кітаптарыма енгізуге лайық деп таппадым. Өз басым творчествомның алғашқы кезеңі деп 1936–1941 жылдар аралығын айтар едім». Біз жоғарыда поэзия жасағына отызыншы жылдардың екінші жартысында келіп қосылған деген пікірді ақынның өз куəлігіне сүйеніп айтып отырмыз. Расында да бұл жылдар Қалижан ақынның «Кек», «Орман қызы», «Ақсақ құлан» сияқты сүбелі-сүбелі дастандардың жағасына жармасқан кезі болатын. Жəне бұл шығармалар бірден-ақ оқырман қауымның назарын аударып, өлең еткізген туындылар болды. Отызыншы жылдардағы лирикалық поэзияда үгіт-насихаттық əуен басым поэма басты тенденция саналғаны мəлім. Аталған поэмалар осындай жағдайда көтерген тақырыбы, жанры жағынан ерекшеленіп қоймай, көркемдік құндылығымен де, таза өлеңдік қадір-қасиетімен де көзге түсті. Мұның өзі табиғи құбылыс. Өміршең жыр өмірдің өзінен туады. Демек, күні кешегі тəжірибесі аз жас ақын бұл тұста көп оқып, көп ізденудің нəтижесінде едəуір білім жинап, тəжірибе түйіп те қалған еді. Творчестволық еңбек жолын аудандық газеттің жауапты секретарьлығынан бастаған таланты жас білім бұлағынан сусындауға астанаға келіп, ҚазПИ-ді ойдағыдай бітірісімен, əдебиет əлеміне

түгелдей бет бұрып, творчестволық еңбекке біржола ден қойды. Институт қабырғасында жүріп жазған лирикалық өлеңдері өзінің зерделі ойымен, шымыр ұйқасымен ерекше назар аударды. Бұл тұста ол жұмыр да жылы жыр жолдарымен қатар, əдебиеттің сын саласына да ат салысты. Тіпті сол кездің өзінде (1937–38 жылдары) қазақ əдебиетінің VIII класқа арналған хрестоматия оқулығын Сəбит Мұқановпен бірге жасасқанын ескерсек, бұл жиырмадан жаңа асқан жас əдебиетшінің қайсының болса да тақиясына тарлық етпейтін табыс екенін мойындауға тиіспіз. Ретті жерінде айта кетелік, Қалижан қазақ əдебиетінің сыны мен зерттеу саласын арнайы жолым деп тұтынбаса да, қаламынан қалтарыс қалдырған емес. Бұған оның əдебиеттің проблемалық мəселелеріне арнап əр тұста жазған зерттеу, сын мақалаларынан құралған «Дəстүр мен жаңашылдық» атты кітабы кепіл. Алайда, Қалижанның құлашын кең тастап, көсіле самғайтын өрелі өрісі – ақындық, басқаша айтқанда поэзия екені мəлім жəне бұл саладағы табысы да қыруар. Қалижан – жастық шақтарының еншісіне бүгінгі жарқын өмірді жасаудың қиян-қилы тұстары тиген буынның өкілі. Демек, оның жырлары сол буын бастарынан өткерген кешегі таныс тарихтың шежіресі десе болғандай. Өйткені шыпайы ақынды өлеңінен, ал өлеңін өзінен ажырату мүмкін емес. Оның ақын Тайыр Жароковке арнаған өлеңінде: «Өмірге, өлеңге де телі келдік, Бірге біз жыр гүлдерін теріп едік. Қуандық Отан күлсе, ал жау төнсе, Найзалы қаламменен тебірендік», – деуінде құпиясы жоқ сыр, шынайы шындық жатыр. Əрбір совет адамының моральдық, азаматтық-патриоттық, идеялық-саяси сапалары сынға түскен кешегі жорық жылдарында Қалижан да Совет Армиясының қатарында болып, саяси қызмет атқарды, əскери журналист болды. Жайшылықтың жарты ғасырының өмір жүгін арқалатқан сол бір сұсты кезең – каһарлы да қатал соғыс жылдары ақын қаламын қайрай түсті, шабытына шамырқану сарынын қосты. Кеше ғана лирикаларында балалықтың базары мсн жастық жайлауын жазып келген ақынның ендігі жырында шамырқана шыққан ыза-кек, жауға деген өшпенділік, кемелденген кекселік нотасы пайда болды. Бұл кейінірек ақынның өз оқырмандарына: «Жүрегімді жұмсадым, Кешіп солдат сапарын. Жырымда бар сол сарын, Жырымда бар қатал үн», – деуіне себеп болған еді. Оның осындай солдат сапарынан туған жыр шумақтары 1944 жылы жарық көрген «Шеру» атты өлеңдер жинағында бас қосты. 1946 жылы Совет Армиясының қатарынан қайтқаннан бері қарай Қалижан Бекхожин творчестволық еңбекпен бірыңғай шұғылданып келеді. Творчестволық тожірибесі толысып, дүние танымы кеңейіп, пайымдаулары байсалды тартып, марқайған шағында ақын туған жер табиғатын, өз халқының өткені мен бүгінгісін, ескелең өмір мен өзгерген өлкені, өндіріс пен ауыл шаруашылық ардагерлерінің еңбектегі ерлігін, совет халықтарының ынтымагы мен мызғымас берік достығын өз жырына арқау етіп келеді. Ал оның Ұлы Отанға, Москваға, Кремлые, Коммунистік партияға деген азаматтық, ақындық сезімін білдіретін философиялық, саяси лирикалары өз алдына бір төбе. Мұнда да ақынның шынайы сезімі бірден танылады. Мəселен, ақын өзінің Коммунистік партияға арнаған бір өлеңінде: «Тең емес сенің мұхит қуатыңа, Тұлғана құздан биік заңғар қия. Тең күш жоқ құдіретіңе, ұлы атыңа, Данасы мəңгіліктің Компартия!» – десе, «Москва туралы жырында» ұлы орыс халқының мейірбанды адал жүрегін, революцияшыл рухын, батырлық, батылдығын баяндай келіп: Мейрімді сол жүрек қой иені тартқан Кең жатқан кеудесімен Кремльден. Астанамсың аяңнан бақыт тапқан, Мен де ұлыңмын орыстың біреуіндей... Жаңа келіп тұрсам да туғандай-ақ Москвада, Кремль бауырында. Өзімсініп мен тұрмын, тұрғандай-ақ Нағашымның үйінде, ауылымда. Балаңдай басымды иіп мейіріміңе, Жүрегімді алдыңа тостым анық, Құшағыңда күлімдеп тұрмын міне, Мен қазақпын, адаммын москвалық», – дейді. Міне, дəл осындай бүкпесіз шынайы сезім, азаматтық айқын үн Қалижанның: «Советтің сылтыңы жоқ ақынымын, Ақиқат сырым жəне батыл үнім», – деп айдай əлемге бар дауысымен жар салуға мүмкіндік береді.

Жас Совет мемлекетінің В. И. Ленин қол қойған алғашқы декреті Бейбітшілік туралы болғаны тарихтан мəлім. Содан бері Коммунистік партия мен Совет үкіметінің сыртқы саясатына үздіксіз негіз болған бұл ұран совет əдебиетінің де тұрақты тақырыбы болып келеді. Бейбітшілікті қорғау ұраны 1941 –1945 жылдардың тауқыметін көтеріп, тақсыретін тартқан қарапайым халықтарға соғыстан кейінгі жылдары ерекше қымбат болды. Соғыс өртін тұтандырушы империалистік реакцияшыл күштерге қарсы қаһарлы үн қатқан қазақ ақындарының ансамблінде Қалижан Бекхожиннің де өз дауысы, өзіндік асқақ үні бар: «Азаматпын, Ақынмын өрттен шыққан, Менің заңды кезеңім

Бұл тыныққан. Сондықтан ызыңындай сары масаның Сөздерді

Жақтырмаймын дауырыққан». Қай тақырыпқа қалам тартса да, Қалижан жырларының бір ерекшелігі – онда өлең жазатын қауымның кейбіреуінде кездесетін «мен кереметпін, мен өйтемін де, бүйтемін!» – деп кеуде қағатын бос даурығу жоқ, қайта, лирикалық геройдың оқырман қауыммен іштей үндесіп, тонның ішкі бауындай жан тарта сырласып отыратын кейде қатты, кейде тəтті шынайы шындық бар. Ең бастысы, ақын айтқанына сендіреді. Қалижанның лирикалық жырлары оқырман қауымға əуелі осынысымен қымбат. Өзінің алғашқы қадамдарынанақ жұртқа қалтқысыз танылған талантына, дарқан дарынына қоса Қалижан талмай ізденетін еңбекқор ақын. Оның: «Өттім кейде басып жанған жалынды. Мұртым мүмкін сол жалынға шалынды. Борандарда кейде суыт жол шектім, Бұл басыма сонда қырау тағылды. Жастық дəурен өтті дулы-дабырлы, Өзгелердей болмадым да сабырлы. Тұңғиықтан сөзді сүзіп сарғайдым, Асықтым мен жұмсап албырт шағымды», – деген шумақтарында ол кешкен өмір жолы, алпысқа келсе де, сиремеген қайратты қалың шашқа ұласқан қаумет пен мұрт ақындықтан, суыртпақтай сөз сүзген ізденістен ағарғандығы айқын аңғарылады. Ақын өзінің «Біздер өткен жастық шақ» деген өлеңінде жоғарыдағы пікірін сабақтап: «Біздің жастық лебіміз Толқынға тең топтасқан. Күрестерге теліміз, Өрендерміз от басқан», – деп əрлендіре, айқындай түседі жəне ол мұны өз атынан ғана емес, өзі қатарлы буынның өкілі болып, соның атынан сөйлейді. Сөйте тұра тағы да: «Қарап бурыл шашыма, Алқынба деп асыға Тақпа, досым, сын маған. Өйткені бұл ғасырда Əлі талай асуда Алатын көп сыбағам», – деп, егде тарту енжар тарту емес екенін, шаштың ағаруы ақындық шабыттың шау тартуы болып саналмайтындығын, творчестволық қуатының əлі де молдығын жəне ескерте кетеді. Күні бүгінге дейін қаламына тыным бермей, өлең жолдарын нөсерлете төгіп келе жатқан ақын бұл айтқандарына қалтқысыз кəміл сендіреді. Қалижан лирикалық жырлардың майталман шебері ғана емес, сонымен бірге жалпы саны жиырмаға тарта үлкенді-кішілі поэманың да авторы. Бұл салада Қалижан əсіресс эпикалық сюжетті поэмалар жасауға шебер ақын. Ол өзінің бұл қасиетін 1939 жылы республика комсомол ұйымы жариялаған конкурста жүлде алған «Орман қызы» атты алғашқы дастанымен-ақ көрсеткен болатын. Содан бері оның қаламынан «Кек», «Ақсақ құлан», «Жусан», «Мамырстан», «Соңғы сайран», «Сырдария көктемі», «Келтемасат», «Дала комиссары», «Мариям Жагорқызы», «Теңіз дастаны», «Гималай сарыны», «Америка хикаяттары», «Тұрлаулы тағдыр», «Сұңқар туралы аңыз», «Кремль сақшысы», «Шардара», «Ертіс хикаясы», «Аппақ намə» поэмалары туындап, дүниеге келді. Ақынның сюжетті поэмалары жайында сөз болғанда «Ақсақ құлан» дастанына тоқталмай кетуге болмайды. Бұл оның 1939–40 жылдары жазған алғашқы поэмаларының бірі. Поэманың оқиға желісі ел арасына ертеден тараған аңыз əңгімеге құрылған. Кезінде жұртшылықтан жылы лебіз естісе де, ақын кейін кемелденген шағында бұл шығармасына қайта оралды да, аңыз жетегінде қалмай, оны əрлендіріп, өзінің творчестволық көрігінде қайта жасап шыгарды. Нəтижеде өнер шығармасының озбырлыққа, жауыздыққа қарсы, сүрінгенді жебеп, қарлыққанды қолтығынан

демеп, жылауларды жұбатуға тиісті заманалар бойы келе жатқан миссиясын дəріптеген көркем де көлемді тарихи поэма туды. Асылында, өнері туындысы адамдарды іштей түлетіп, рухани жағынан жетілдіріп, кемелдендіре түсуге тиіс екендігі Тыма күйші мен Жошы хан арасындағы үнсіз арбасу, тартыс негізінде өте нанымды суреттелген. Дастанның эпилогында ақын Шыңғысхан мен Жошы сияқты халықты қанға бояп, көз жасын селдей ағызған, тақта отырған тажалдардан дəнеңе де қалмағандығын, болашақ ұрпақтың оларға лағнет пен қарғыстан басқа айтары жоқтығын, ал халқы үшін қатерге басын тігіп, аждаһадай төнген ажалдан тайсалмай, елін, жұртын апаттан аман алып қалған өнер иесі Тыма күйшіден ғасырлардан ғасырларға жеткен өнср туындысы – күй қалғандығын былайша баяндайды: «Ер шығар, кім болса да сол ашынған, Ел шығар, ашындырған сол ашудан. Күйшідей кекті қуған сабазды сол, Көтер жыр, көне кұмның арасынан! Бейнесін сол батырдың қала шыңға, Таңырқап тарих соған қарасын да. Шыңғысты тітіренткен кекшіл ата, Қалайша жыр болмайды даласында?» Қалижанның айтулы шығармаларының бірі – қазақ халқының орыс халқымен достығын жырлауға, оның тарихи тамырын таныстыруға арналған «Мариям Жагорқызы» поэмасы. Бұл дастанның оқиғасы да ел арасына кең тараған белгілі жағдайға құрылған. Алайда ақын тағдырлас екі халықтың ұлы мен қызының арасындағы махаббат мотивінің шеңберіндс қалып қоймай, оқиғаны барынша қоюлатып, үлкен əлеуметтік мəселелердін аясында алып, асқақ суреттеген, есте қаларлық бірнеше характер мүсіндеген. Ақынның бұл поэмасы орыс сыншылары мен оқырмандарының да ыстық ықласына бөлеңуі сондықтан. Орайы келіп тұрғанда айта кетелік, Қалижан бірнеше кітабы орыс тілінде (Москвада, Алматыда) жарияланып, Одақ оқырмандарына да мəшһүр болған ақын. Қ. Бекхожиннің лирикалық дастандарының ішіндегі соқталысы – «Сұңқар туралы аңыз». Осыдан он шақты жыл бұрын жазылған бұл поэма – революционер-ақын Сəкен Сейфуллин туралы Қалижанның өз толғаныс-тебіреністері, философиялық ой тұжырымдары. Мұнда халықтың ардагер азаматы, ақыны Сəкен бейнесі автордың дүние танымы тұрғысынан баяндалып, революция жалынын жарып ұшқан қызыл сұңқар ретінде мүсінделеді. Дастанда оқырман жанын тебірентер шумақтар аз емес. Жалпы, Қалижан сөз құдіретін жақсы түсінетін, қазақ-совет поэзиясында айшықты өз қолтаңбасы, өз кестесі бар кемел ақын екендігінің тағы бір мысалы – осы дастан. Сондықтан да академик-жазушы марқұм Сəбит Мұқанов ақын поэзиясының осы қасиетін айта отырып: «... «Ақсақ құлан», «Мариям Жагорқызы», «Сұңқар туралы аңыз» дастандары – Қалижанның ақындық өнерінің биік шыңдары жəне де қазақ-совет поэзиясының алтын қазынасына қосылатын асыл туындылар», – деп бағалаған еді. Қалижан Бекхожин бірқатар шетел мен Совет Одағы халықтары поэзиясының озық үлгілерін қазақ оқырмандарына танытқан шебер аудармашы да. Ол қазақ тіліне өлеңдерін аударған ақындарды Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Маяковский, Байрон Гете, Навоидан бастап санай берсек, ондап есептелер еді. Соңғы жылдары Қалижан драматургия жанрына да барлау жасап, қалам тербеп жүр. Бұл, əрине, ақынның ұлғайған шағында сүйікті жанры поэзияға жасаған опасыздығы емес, керісіншс, іздену өрісін кеңейткендігі еді. Қайталап айтайық, Қалижан өлеңнен бір сəт қол үзген жоқ, сыңайы, үзбек те емес. Оның балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған «Егер жүрек шын берілсе», Семей театрында қойылған «Нөсерден кейін» пьесалары драматург ізденісінің сəттілігін аңғартса, осы таяуда ғана қазақ өнерінің қара шаңырағы атанған М. О. Əуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында қойылған, халық тарихының айрық жол алдына келген қиян-қилы кезеңіне арналған «Ұлан асу» пьесасын да жұртшылық жылы қарсы алды. Сөз соңында ақынның өнеге алған, өзіне белгілі дəрежеде өсері тиіп, үлгі тұтқан ақындары жайында бір-екі сөз айта кетудің артықтығы жоқ. Қалекеңнің өз айтуынша, ақындыққа алғаш рет бой ұруына мұрындық, себепкер болған өзінің туған əкесі Нұрғожа болса керек. Ол ескіше сауатты, діни білімі бар, өз жанынан өлең шығаратын, тіпті Ақан сері, Нұржан Наушабаев, Мəшһүр Жүсіп Көпеев сияқты белгілі ақындармен айтысып, сөз таластырып белдесуге жараған едəуір ақын адам болыпты да, ескіше хисса-хикаят кітаптарды өте көп жинапты. Қаршадайынан ескіше хат танып, сауатын ашқан болашақ ақынның алғашқы мектебі – өзі құныға оқыған осы хиссалар болған көрінеді. Содан соңғы қадамы жайында ақын: «Менің балаң қиялыма дана Абай өлеңдері қанат бергенін өмір бойы ұмытпақ емеспін. Абай өлеңдерін біздің үйдің іші түгелдей жатқа

білетін еді», – деп еске алады Əрине, бұған да білімдар, ақын əкенің əсері, ықпалы болғандығын болжау қиын емес. Ал енді ақынның «Сұңқар туралы аңыз» поэмасындағы: «...Деп солай өлеңімді бастадым да, Кірістім таңсəріде дастаныма. Алдымда жыр серісі Сəкен тұрды, Пернесін балаң жырдың басқанымда» немесе Ілияс Жансүгіровке арнаған өлеңіндегі: «Кеудемде ұялатып күй-əніңді, Қандырып кеттің жырға құлағымды. Сол бір күй жаңғырсын деп іздеп едім Ізіңді, мініп «Ақсақ құланымды», – деген тамаша шумақтар кейініректе, кемел шағында кімдерді ұстаз тұтқандығынан хабар береді. Қазақ тіліне аударма жасай жүріп, Байронның, Пушкин мен Лермонтовтың ақындық мектептерінен көп нəрсені творчсстволықпен үйреніп, солардың ықпалымен бірқатар өлеңдер мен дастандар жазғаны, орыс поэзиясы, оның ішінде аталған қос алып ақын Қалекеңе тұтас бір унивсрситет болғандығы өз алдына арнайы сөз етуді керек етеді. Сонымсн, ақын бүгін алты асқарды артқа тастады. «Мезгілдің тұғырымен желіп келем, Жолымның ой мен қырын көріп келем. Алқынып астым талай асулардан, Бəріне көніп келем, сеніп келем...», – деп ақынның өзі айтқандай, оның жыр нөсерін төге беретініне оқырман қауым да сенімді. Біз сол қауым тілегіне қосыла, «алар биігің əлі де көп болсын, ақын аға», демекпіз. 1974–1978. АҚЫН ЖОЛЫ – ЖЫР ЖОЛЫ Соңғы уақыттарда жасалған баяндамаларда, сөйленген сөздерде, оқылған лекцияларда, жазылған мақалаларда қазақ-совет əдебиеті бүкілодақтық əдебиеттің айтулы бір белігі, терезесі тең, іргелі, сүбелі, үлкен əдебиет болды дегенді жиі айтамыз жəне орынды айтамыз. Аттары асса – əлемге, қалса – Одаққа белгілі болған «Оянған елке», «Дауылдан кейін» сияқты басты-басты кесек туындыларымыз өз алдына бір төбе. Бірақ біз жоғарыдағы пікірді тек осы аталған шығармаларды арқа тұтып қана айтқан болсақ, бұл кем айтқандық болар еді. Соңғы бірнеше жылдың ішінде туған əдебиетіміздің сан шеберлері алды алпыстан асып, бірқатары елуді еңсеріп, халқымыздың тек жақсылыққа ғана жоритын мəтелімен айтқанда, «Тойымыз тойға ұласып» жатқандығы бəрімізге аян. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» дейді халық. Демек, солардың бəрі де бірі бас болса, бірі қанат, бірі қол дегендей, əдебиетте өз орны, өз салмағы, өз қолтаңбасы бар, туған өнеріміздің көрнекті өкілдсрі еді. Əдебиетіміздің ұшуына да, қонуына да, тіпті қай керегіне болса да жарайтын, қатардағы жауынгерлерінің бірі – ақын Қасым Тоғұзақов. 1910 жылы Қостанай облысының Кеңарал болысы, қазір Меңдіқара аталатын ауданында, толықси аққан Тобыл бойындағы тоғай ішінде жайлаудан көшіп келіп, күзем алып отырған ауыл шетіндегі Нұрым отағасының көзге қораш қараша үйінде бір сəби дүниеге келді. Ат шаптырып, той қылуға шаруасының шағындығы мүмкіндік бермеген Нұрекеңнің қалжаға деп сойған бір малының етін жеп, сарала тұздықты сорпасын сораптап ішіп тарасқан ауыл ақсақалдары «Сəрсекеңнің сəбиінің аты Қасым болсын, əумин!» деп, бет сипасып тарасқан еді. Біреудің жасының нешеде екендігін пəленше қыздың ұзатылуы немесе түгеншенің байға жалданып пішен шабуымен тұспалдап барып жобалайтын ескі қазақ ауылында сəбидің дүниеге келгендігін дəлелдейтін бар документтің өзі де осы бір «бет сипаумен» тынатын-ды. Міне өзінің Қасым екендігін сол «əуминмен» құптатып алған сəби саналы өмірдің есігін жырмен ашатындығын тойға жиналған ақсақалдар да, оның туған-туысқандары да білген жоқ еді. Бұл ақиқатты ақынның кейінгі болашағы ғана болжатты. Сəби алты жасқа толғанда оның шыбық мініп шапқылаған балалық шағына шек қойылды. Үш жыл бойы ауыл молдасынан əліпби оқып тіл сындырған Қасым 1919 жылы көрші селодағы орысша-қазақша

мектепке түсіп, оның қабырғасында бес жыл орыс тілін үйренді. Ол əдеби еңбекке Қостанайда педагогикалық техникумда, кейін Ленинградтың Герцен атындағы педагогикалық институтында оқып жүрген кездерінен бастап араласты. Содан бері əдебиет майданында 40 жылдан аса тынымсыз қызмет істеп келе жатқан ақынның жұртшылығымызға сіңірген еңбегінің басты бір саласы – аударма өнері. Бұл салада Қасымның сарапқа салар олжасы көп. Ол қан базар жəрмеңкеден олжасыз қайтқан сəтсіз саудагердей, қарманғанда қалтасынан түк табылмай қалатын ақын емес, қап толы қазынасы бар ақын. Қазына емей немене? Қазақ оқушысы Лермонтовтың «Демон», «Бастуншы аулы», «Хаджи Абрек», «Мцыри», «Тамара», «Сашка», «Ақын өлімі» т. б. шығармаларымен, Пушкиннің «Бақша сарай фонтаны» дастанымен жəне бірқатар лирикалық ұсақ өлеңдерімен, Некрасовтың атақты «Орыс əйелдерінің» сан ұрпақ мақтан етерлік ерліктерімен ана тілінде Қасым Тоғұзақов аудармалары арқылы танысты. Күрес күндерінде тарих таңына күннен жарқырап шыққан, советтік сөздің жалынды жаршысы, совет поязиясының маршалы Маяковскийдің революциялық пафосқа толы «Владимир Ильич Ленин» атты поэмасын алғаш рет қазақ оқушысының құлағына құйған да осы Қасым ақын болатын. Ақынның «Юбилейное», «Фининспектормен əңгіме» сияқты белгілі шығармаларын да Қасым аударды. Бұл арқылы Қасым қиын да қатал сыннан өтті. Маяковскийдің ой екпініне құрған күрделі ұйқасын сақтап, əрі оның қорғасындай салмақты сөздерінің күшін, мəн-мағынасын жоймай, қазақ оқушысының тосын құлағы тосырқамайтындай етіп аудару екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе беретін шеберлік емес. Ленин –

пролетариаттың шын көсемі. Ал, либерал, есерлер құр бөседі – Жарылқауға ант етіп,– жұмыскердің Иығына қайта міну – бар есебі. Олардың кітабында өздерінің арамза, аксүйектер екендігін Ленин əшкерелеп көп алдында Шіріген жібін үзді сөздерінің. Бостандық жұрт бауырлас дегендегі Олардың Мылжыңының жоқ керегі! Маркстің құралы бар большевиктік

біз жалғыз партиямыз дүниедегі! Ақын өзі аттас марқұм Қасым Аманжоловпен бірге аса көрнекті совет ақыны Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмасын аударғанын білетін едік. Кейінгі жылдары ол Твардовскийдің «Правда» газеті тұтас бір тарихи кезеңнің өшпес əдеби ескерткіші деп бағалаған «Бір қиырдан бір қиыр» атты эпикалық кесек туындысын аударып, жеке кітап етіп шығарды. Ол Твардовскийдің «Теркин мақшарда» атты ең соңғы дастанын да қазақ тіліне аударып, баспасөз бетінде жариялап үлгерді. Егер осы аталған абройлы қыруар еңбекке ақын аударған Сүлеиман Стальскийдің «Серго Орджоникидзе», Павел Антокольскийдің «Ұл» поэмаларын, поляк халқының классигі Адам Мицкевичтің, венгердің классигі Верешмартидің, болгар ақыны Иван Вазовтың, совет ақындары Д. Бедныйдың, В. ЛебедевКумачтың, А. Безыменскийдің, Якуб Коластың, Янка Купаланың т. б. өлеңдерін қоссақ, онда ақын адресіне риза көңілден рахмет қана айтуымыз керек. Қасымның аудармашылық өнеріндегі бір өзгешелік – түпнұсқаның бояуын, көркемдік кестесін, нəр-нақышын, өлең өлшемін, жазу мəнерін мүмкіндігінше толық сақтай отырып, оны төрден орын алатындай төл туындының дəрежесіне, қазақ өлеңінің дəрежесіне көтере білетіндігінде. Міне, дəл осы қасиетімен де оның көптеген аудармалары қазақ оқушыларының жүрегіне қалтқысыз жол тапты. Сөз арасында айта кету керек – біздің əдеби сынымызда аудармашының еңбегіне жете баға бермеушілік, ақын мен аудармашының арасына шек қойып бөле сөйлеушілік кездесіп қалады. Шынында бұл дұрыс емес. Өйткені жақсы аудармашы аудармайды, халыққа түсінікті өлең жасайды. Басқа бір халықтың, басқа бір ұлттың психологиясындағы, тұрмыс-салтындағы, ой дүниесіндегі өзгешеліктерді өзгертпей, өз халқына жеткізіп беру жеп-жеңіл жұмыс емес. Аудармашы ең алдымен ақын, аударма оның жұмыс орны ғана. Демек, «аудармашы – прозада құл да, поэзияда бəсекеші» деген жұртқа мəлім қағиданы еске алсақ, онда жақсы жасалған аударманы жатырқамай, жақын са-

науымыз керек. Міне, Қасым аудармаларының жайы да осылай болып та отыр. «Балбырап ымырт түссе, шапақ батса, Кавказдың шыңына түн перде жапса, Сықырға басы айналған сияқтанып, Мүлгісе, ың-жың дүние тыныш тапса. Шыңдардың бастарынан самал ессе, Қозғаса шөптің басын, тауды кезсе, Көдеде жасырынып жатқан құстар – Сілкінсе қараңғыда, шаттық сезсе. Жүзімнің бұтақтары бойын жазса, Ынтығып жер шығына аузын ашса, Құлпырса тынық түнгі жапырақтар, Жайқалып желкілдесе, жұпар шашса. Алтын ай аспандағы сəуле берсе, Жоғары жылжып таудан дөңгеленсе, Ғажайып дидарына құштар болып, Тасадан көз жіберсе, əуреленсе – Сол кездс саған ұшып мен жетермін. Мейман боп күн шыққанда бір кетермін, Жібектей кірпіктерің ілінгенше Ұйқыға əлдилермін, тербетермін... Лермонтовтың Демоны Қасым аудармасы арқылы қазақ оқушысымен осылай сырласса, Верешмарти басқаша толғайды. ...Жан қиып, жиі көрісіп, Ардақтадың досыңды. Ел дəулетін бөлісіп, Кұпия сырың қосылды. Қапыда семсер жарқ етіп, Қалдырмады сені сау. Қалды ғой көзің бір жетіп – Кешегі досың бүгін жау. Іш! Өмірге кім ие! Баянсыз, шіркін, дүние! Бұзылып бір күн сабындай, Жоғалар ізі табылмай. Өз елім деп аянбай, Жан-тəніңді берерсің, Сол елде сая таба алмай, Қуғын-сүргін көрерсің. Ақымақ, қудың, залымның Құрбаны болып, өзіңді Қудалап, қорлап арынды, Елің шұқыр көзіңді. Іш! Өмірге кім ие! Баянсыз, шіркін, дүние! Бұзылып бір күн сабындай, Жоғалар ізі табылмай?.. Мастық пен қайғы, қасірет Достарындай қол берсе, Бос өмірде бір үміт Бар екенін білдірсе, Басыңды көтер, сіреспе, Қолыңнан зор іс келеді. Аянбай аттан күреске, Кім батыл, – сол жеңеді. Біл: өмірге кім ие! Болса да шолақ дүние, Қиратып жүріп жасаған – Ең бақытты осы адам». Қасымның аудармашылық еңбегі тек поэзиямен ғана шектелмейді. Ол Чеховтың «Шағаласын», Гогольдің «Үйленуін», А. Толстойдың «Алтын кілтін» бас етіп, орыстың жəне дүниежүзі классикасының, сондай-ақ совет жазушыларының жиырма шақты пьесасын аударды. Кейін академиялық опера жəне балет театрымыздың сахнасында қойылған татардың «Алтыншаш», ұйғырдың «Назугум» операларының либреттосын да Қасым аударды. Бұл жерде ол аударған бірнеше көркем суретті кинофильмдерді атап жатудың қажеті де болмас. Міне, ақынның туған əдебиетімізге сіңірген еңбегінің бір парасы осындай. Қасым Тоғұзақов аударма ғана емес, толып жатқан тамаша төл туындылардың да авторы. 1928 жылы Қызылорда қаласында жазушы Сəбит Мұқанов құрастырып бастырып шығарған «Ленин» атты жинаққа енген тұңғыш өлеңінен бастап, Қасымның ұтымды ойға құрылған көптеген əдемі лирикалық өлеңдері, мақалалары мен фельетондары жарық көрді. Ақынның алғашқы кезде жазған өлеңдерінің басым кепшілігі Ұлы Октябрь əперген азаттық, арте-

лье ұйымдаса бастаған қазақ кедейі, таптық сананың оянуы, колхоздастыру дəуірінің алғашқы адымдары т. б. тақырыптарға арналды. Əрине, мұның заңдылығы да жоқ емес. Өйткені көркем əдебиет қашанда өмір айнасы екендігі белгілі. Ол жылдары бұл тақырыпқа қалам қозғамаған қазақ ақыны жоқ десек, артық болмайды. Алайда, Қ. Тоғұзақов осы көпке тəн ортақ тақырыпқа арналған өлеңдерінің өзімен-ақ өзіне лайық үн, өзіндік нəр-нақыш, бояу таныта білді. Сондай өлеңдерінің қатарында: «Мəңгі есімде қалады», «Кедейдің талабы», «Үлгілі аудан», «Өспек, дамып үдемек», «Ауылда жаңа дəуір бар», «Жаз жақын» т. б. атауға болады. Ленинград қаласына білім сапарына аттанардың қарсаңында Қостанайдың «Ауыл» газетінің тілшісі болып жүрген Қасымның өлеңдері топ-тобымен жарияланып жатты. Бір ғана өлең емес, қалам қызметінің қызығына əбден тұшынған жас Қасым, ол бір тұста, «Жедел қарт» деген құпия атпен мақала, əзіл, сықақ, фельетондарды да қардай боратты. Бұл оның көп өнерінің бір қырын, журналистік зор талантын танытқан шағы болатын-ды. Қасым Тоғұзақов лирикалық қысқа өлеңдермен қатар көлемді дастандар да жазған ақын. Оның бұл салада өз қаламын тұңғыш сынап көруі 1937 жылы жазылған «Өмір толғауы» атты сюжетсіз лирикалық дастаны. Қазақтың 7–8 буынды жыр үлгісі мен Жамбыл толғауларының сарынында жазылған бұл шығармаға əдебиеттану ғылымының жанрға жүктеп отырған бүгінгі биік талабы тұрғысынан қарасақ, көптеген кемшілік айтуға тура келеді. Мəселе ақыиның дайын жыр үлгісін пайдалануында емес, жалпы жанр табиғатын терең танып білмегендігінде, оның техникасын толық меңгермегендігінде болатын. Бұл жағдай осы шығарманы ақынның кейінгі жазған «Күлəш» атты поэмасымен салыстырғанда айқын аңғарылады. Бұл поэмада да қазақтың ауыз əдебиетіндегі тұрмыс-салт жырларының, атап айтқанда жоқтау үлгілерінің элементтері жоқ емес. Қазақтың ауыз əдебиетіндегі дəстүрлі жоқтауларында қаза болған белгілі адамның ауыл-аймағына, ағайын-туғандарына, ел-жұртына, халыққа сіңірген еңбегі, адамгершілік асыл қасиеттері сөз болатын. Міне, сырт қарағанда, Қасым поэмасында да осы дəстүр сақталыпты. Ақын мұнда Күлəштің өнер босағасын аттаған алғашқы қадамынан бастап, халқын күйзелткен қазасына дейінгі өмір жолын, адамгершілік асыл да қарапайым қасиеттерін тере отырып, тебірене жырлайды. Алайда, ақын дəстүрлі жоқтау үлгісін пайдалана отырып, жазылу түрі, өлеңдік техникасы жағынан шығарманы шын мəніндегі бүгінгі поэзия, бүгінгі поэма дəрежесіне кетерген. Поэманың соңында ақын сүйікті əншімен былайша қоштасады: «Қара барқыт көйлек киген күйінде, Қос бұрымы асулы екі иінге, Өзі өскен театрдың үйінде, Табытында жатыр əне сол Күлəш. Ардақтысы елдің даңқын асырған, Əн несі аяғына бас ұрған. Ел аузында ғасырларға ғасырдан, Қала берер, тұрар орны зор Күлəш... ...Қара киіп, сен түскенде қабірге, Үзілді өзек, күйреді көп қабырға. Ешкім ие бола алмады сабырға, Туған елге мəңгі бақұл бол, Күлəш!» Қорыта айтқанда, шағын көлемді бұл поэмасы арқылы ақын халқымыздың бұлбұлы атанған марқұм Күлəш Байсейітоваға əдеби ескерткіш жасады деп айтуға əбден болады. Қ. Тоғұзақов творчествосының шоқтығы – оның үлкен планда, кең көлемде алып жазған «Сібір Омар» атты дастаны. Ақын белгілі революционер Омар Досжанов жайында жазған бұл көлемді еңбегін екі кітаппен тəмəмдады. Жалпы, поэма – соңғы кезде əдебиет сынында жиі-жиі сөз болып, бірқатар айтыс, талас пікірлерге мұрындық болып жүрген жанр. Сан жағынан алғанда, əдебиетімізде поэма аз деп ешкім де айта алмайды. Бүгінгі қазақ-совет поэзиясында еңбек етіп жүрген кəрі-жасы аралас белгілі ақындарымыздың ішінде поэзияның күрделі де қиын, кесек саласы – поэмаға соқпай өткені жоқ деуге болады. Əсіресе поэзияда үзбей еңбек етіп келе жатқан жасамыс ақындардың бұл салада сіңірген еңбектері ұшан теңіз. Тек бір ғана өкініштісі сол – уақыт сынынан өтіп, əдебиетіміздің поэма жанрының активіне, қазақ əдебиетінің қазынасына қосылған шығармалар жазылған поэмалардың жалпы санына шаққанда, көп дүние боп көрінбейді десек, онымыз қанағатсыздық емес. «Сібір Омар» – поэзияның кесек, ірі жанрында ақынның алғашқы əрі сəтті қадамы болғандықтан, жұртшылық оқып үлгірген шығармаға азды-көпті тоқтала кету артық болмайды.

Кітаптың алғы сөзінде автор бұл шығармасын өлеңмен жазылған роман депті. Асылында, поэтикалық шығармаға я кəлеміне, я бір тақырыпқа жазылған кітаптың санына қарай ат қойып, айдар тағу əрқашан өзін өзі ақтай беретін тəсіл емес. Поэтикалық шығарманың аталуын əдетте оның көлемі, кітап саны шешпейді, мазмұны, сапасы шешеді. А. Пушкиннің «Евгений Онегині» өлеңмен жазылған роман деген атаққа көлемі үшін емес, «орыс өмірінің энциклопедиясы» болғандығы үшін ие болғаны мəлім. Ал тұтас бір дəуірдің тынысын таныту, бір халықтың өмірінің энциклопедиясы болу тек көлемнің ғана емес, көбінесе сапа мен мазмұнның ісі болса керек. Сондай-ақ қазіргі украин ақыны Александр Пидсуха өз халқының екі ұрпағының тарихи тағдыры жайында бір тақырыпқа үш кітап жазды. Ал өздері ұнатып, жақсы бағалаған осы шығармаларды олар роман демей-ақ, поэмалар трилогиясы деп əділ атап отырғаны бізге де үлгі болуға жарай ма деп ойлаймыз. Негрдің прогресшіл ақыны Ленгстон Хьюоздің «Менің негр халқым туралы» поэмасы небəрі алты-ақ жол екені мəлім. Біз бұл жағдайды əңгіме еткенде сөз болып отырған шығарманың кұнын кемітейік деп отырғанымыз жоқ. Қазір не көп, қазақ-совет əдебиетінде өлеңмен жазылған роман көп. Біздің мақсатымыз – осының өзі қалай екен деген мəселеге жұртшылық назарын аудару ғана. Əрине, айтыстың, пікір таласының мəселесі болғандықтан, бұл жайындағы əңгімені өз жөніне қалдырып, дастанға көшейік. Ғабит Мүсірепов бір сөзінде: «жазушыға өзінің өтпей тұрған кітабын көруден өткен бақытсыздық жоқ» деген еді. Осы тұрғыдан алсақ, ақынның мақтаныш етуіне болатын тағы бір жай бар – оның «Сібір Омар» дастанының қос кітабы айналасы аз күннің ішінде кітап магазиндерінің сөресінен ғайып болды. Бұл «жаксы болса, жақсыны кім көрмейді, өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?» – деп Абай атамыз айтқандай, талғамы, тұщымы, мəдениеті өскен халқымыздың жақсыны көре, тани білгендігінің айғағы дегіміз келеді. Қасым Тоғұзақов «Кейде» деген бір өлеңінде өнер адамының, əсіресе, ақынның шабыт шақырып, оңашада өзімен өзі сырласатын шақтарын еске алып: «Өлеңде боп бар ұжданың, бар жаның, Сұрыптайсың лағыл, інжу, маржанын. Өз тапқаның өзіне асыл көрінер, Жұрт айырар бірақ қымбат, арзанын» – дегені бар еді. Демек, кітаптың өтуі – белгілі дəрежеде шығармаға жұртшылықтың берген бағасы да болмақ. Мұның өзі кез келген сыншының, əдебиет зерттеушісінің «тəуір екен» деп берген бағасынан анағұрлым асып түсетін факті ме деп ойлаймыз. Өйткені, əдебиет маманы емес былайғы адамдар, яғни, Абай айтқан жалпақ жұрт поэзияның өзгесінен бұрын өлеңдік қасиетіне көбірек қарайды. Ол əрбір жаңа шығармадан өз керегін іздейді – өз көңілінің жұмбағын шешетін, өзінің жүрек қылын қозғап, сезім пернесін дəл басатын жəйттерді іздестіреді. Ауылдағы кез келген қарапайым оқушымен сөйлесе кетсең, Сəбиттің «Сұлушашынан» немесе Ілияс пен Исаның поэмаларынан жатқа соғып жіберетіні де осыдан болуға тиіс. Түптеп келгенде, уақыт сыны дегеніміздің өзі де шығарманы жұртшылықтың қалай қабылдап, қаншалықты кəдеге жаратып əкетуімен өлшенеді. Қасым дастанының төңірегіне жұрт үйірілдірген қасиетінде осы өлең өрнегі, сөз кестесі. Ұзақ жылдар бойы ойланып-толғанып, тебірене кіріскен бұл шығармасына Қасым өзінің ақындық өнерін аямай төккен. Ол қой қора, қотан төңірегін, ауыл айналасын жырласа да, қайнаған қала тіршілігі мен қан базар жəрмеңке суретерін берсе де, оқушыны еліктіре тартып, баурап алатындай шеберлік пен ақын көзінің жітілігі аңғарылып отырады. Дастанның ең басты қасиеттерінің бірі – мұнда бірқатар шығармалардың бойына мін болып жүрген жасандылық дегеннің ізі де жоқ. Оқушы көңілін дүдəмал ойға жетелейтіндей сенімсіз жəйттер мұнда кездеспейді, кітаптың қай бетін ашып оқысаң да, соншалықты көзтаныс көріністерге, бедерлі бояу, айқын картиналарға кезігесің. Айналадағы азапты өмір, ауыр жағдайлар жігерлендіріп, қиыншылыққа қарсы күресте шыңдалған Омар сияқты қарапайым адамдардың қилы-қилы тағдыры, ол басынан кешірген оқиғалар керуені көз алдыңнан көшкен бұлттай тізбектеліп өтіп жатады. Оқушы кейіпкердің тағдырына, өсу, қалыптасу жолына қалмай ілесіп, көп жағдайларда ортақтасып отырады. Бұл дастаны арқылы Қасым өзінің тіл шеберлігін анағұрлым ұстартып, сөз кестесін тоқуға төселген, əбден қалыптасқан қаламгер екендігін танытты. Дастанның негізгі тақырыбын, бір сөзбен айтқанда, адам тағдыры десек, бас кейіпкері – Омар. Ол – қазақ ауылында туып-өсіп, бай есігінде бақытсыз балалық шағын еткізген көп кедейдің бірі. Адам баласы ана сүтінен ажыраған күні, өз бетімен күнкөріске тұңғыш қадам басып, жарық дүниеде көрмек бейнетінің алғашқы ауыртпалығын арқалайды, мұңын шегеді. Осы бір тұңғыш қадамнан басталған тұрмыс талқысын, өмірдің аштық-тоқтық, бар мен жоқтық, зейнет

пен бейнет сияқты сан соқпақ, сүрлеуінен өту арқылы ғана оның ойпікірі, дүниеге көзқарасы, адамгершілік сипаттары қалыптасады. Міне, қаршадай Омар Қазыбай байдың сиырының соңында зыр жүгіріп жүріп, жазықсыздан-жазықсыз соққыға жығылып жатыр. Ақын оқушыларды өз кейіпкерімен осындай бір аянышты хал үстінде таныстырады да, осыдан бастап оның қиын əрі күрделі өмір жолына үнемі ілестіріп отырады. Қойдың жағын қарыстырған қараша айының өңменнен өткен суық желі мен боз қырау, далада соққыға жығылып қалған жалғыз үлын таң ата ғана тауып əкеп, жарасына кұрым киіз басып жатқан Досжан мен қарт ана. Олардың күңіренген үні оқушы жүрегін де мұңға батырады. ...Міне, жарасынан айыққан соң əкесі оқуға Тройцкіге əкеп салған. Омардың көз алдында асық үшін таласқан тақырлар, бір шетін ұлтараққа кескен қара киіз, иісі көңірсіп жанып жатқан тезек, түндігі жабық үйде көз ашытқан қою түтін, қыр басындағы сан адамды құшағына алған зират, бір жағын салақ əйел жаңқалап тамызық еткен ат байлайтын шақы, жеңешенің жер ошақта қайнап жатқан құрты мен көбік жалаған жалаңаш-жалқы балалар, киіз үйдің шиқылдап ашылатын жарма есігі сияқты ескі ауылға тəн суреттер тізбектеліп өтіп жатыр. Қазақ аулының осынау бір сұрқай, жадау көріністерін бала кезде бақылап өскен ақын мейлінше дəл жəне айқын бояулы етіп берген. Бұрын ауылдан алты адым ұзап шықпаған жас балаға шəһəр өміріне көндігудің өзі бір қиындық: «Бұхар мен Түркістанның саудагері Батсайы, мəнті сатып əуреде еді. Сезген соң қыстың сызын, жағы үрпиіп, Жөнелді дөңгеленіп сəлделері. Ірбіт пен Орынбордың татарлары, Омбы мен Ордың алып-сатарлары, Пермьнің мұжығының шаналарын Алуға жүгіріп жүр қатар бəрі... Жағада цыганның ақ шатырлары, Қаңғып жүр, қайыр тілеп қатындары, Би билеп балалары, ақша сұрап, Еркегі ала жаздай ат ұрлады. Байларға бара алмайды олар батып, Кедейге аяғансып «арзан сатып». Аузына арақ құйған арық мəстек Қалады шыға бере арам қатып». Тезек иісі мүңкіген ескі ауылдың суреттерін қайнаған қала тіршілігімен салыстырыңыз да, он жаста осындай қым-қуыт, таныс емес дүниеге еніп кеткен Омардың психологиялық көңіл-күйін ойлаңыз. Ақынның əсіресе тұрмыс-тіршілік мотивтерін суреттеуге соншалықты шебер екендігін байқайсыз. Бұл кереғар, шалғай жатқан екі түрлі тіршілік жайын суреттегенде ақын кейіпкерінің өсу жолын дұрыс көрсету үшін алдын ала дайындық жасап отырғандығын айтпай тануға болады: «Осында Омар түсті талай сынға, Ілінген кездер болды жалғыз қылға. Ұқыпты əйел ескен қыл арқандай Пысыды, ширатылып жылдан-жылға», – дейді автор. Қыл арқанның суға тиген сайын ширығып, қатая, беки түсетінін жақсы білетін қазақ оқушысы үшін қандай нағыз ұлттық теңеу бұл! Бұдан соң Орынборда білімін көтеріп, бұғанасы бекіген Омар дүниетану, өмір көру мақсатымен Ташкентке барады. Сонда жүргенде жазықсыз жапа шеккен əйелге ара түскен адамгершілік əрекетінен пəле тауып, түрмеге түседі. Билік, заң, өкімет қолында тұрған үстем таптың өкілі Яффар бай өтірік жала жауып, Омарды 25 жылға Сібірге айдауға үкім шығартады. «Бермейді ақыл, тəсіл төтеп сорға, Болсаң да ойға жүйрік, тілге жорға. Лағы ақбөкеннің жығылады Қапылыс қасқырға деп қазған орға. Бай төрге ұмтылады, батыр өрге, Басқаны батырады батпақ жерге. Жазықсыз Омар кіріп кете барды Жазықты Яффар кірер суық көрге. «Заң!.». дейді, заты күмəн оның-дағы, Семсер ғой ақсүйектің қолындағы. Сақтайтын, қорғайтыны бай мен төре, Озбырлар отырған зор орындағы», – деп суреттейді ақын. Осылайша Омар, «сорлыға дегенде сот та қателескіш келеді», – деп Виктор Гюго айтқандай, патша үкіметінің қатеден емес, қасақана берген əмірін арқалап, Сібір түкпіріне кете барады. Ақынның өз кейіпкерін шарықтаған шабытпен беріле көрсететін жері де поэманың осыдан кейінгі «Этапта», «Сібірде», «Қош-

тасқанда» атты бөлімдері. Бұл тараулардан кейіпкердің жан күйзелісін терең ашатын айшықты сөз кестелерін, бояуы айқын нелер суреттерді авторлық толғаныс, тебіреністерді, философиялық ұтымды ой қорытындыларын мол ұшыратамыз. Бұл тарауларда автор кейіпкерлерінің тағдырына өзі ғана араласып қоймай, оқушыны да ортақтастырып, ақындық күшін, өмір фактілерін жете білетіндігін еркін таныты отырады. Айдауда азап күнін кешкен сорлыларды суреттейтін шумақтардан «халықтардың түрмесі болған» патшалық Россияның небір жауыздығын көзбен көргендей боласың. Өмірдің сан соқпағы мен бел-белесінен өткен кейіпкерінің қасірет-қайғысына да, қуаныш-шаттығынада ақынның айтқаны ақиқат-ау деп сеніп отырасың. Өмір болған соң оның бұралаңбұлтағы, көлеңкесі мен шуағы болмай тұрмайтыны белгілі. «Өмірде жалқы біткен зат болмайды, қырсықтың бақыт деген бар сыңары» – деп ақын айтқандай, сол тар қапаста жүрген Омардың да қуанатын, шаттанатын шақтары бар. Бейнетке батып жүрген қос жұбай – Омар мен Назиқаның тұңғыш нəресте сүйген сəттегі қуанышын ақын былайша баяндайды: «Тасытып бала бақыт, ырыстарын, Жіберді тым кеңейтіп тыныстарын. Тынығу естерінен кетті шығып, Елемей ертең ауыр жұмыс барын. Бар мейір, бар махаббат балаға ауып, Жайраңдап, ата-анасы рахат тауып. Отырса, еңбектесе, тілі шықса, Қаз тұрса, жасап жүрді ойын-сауық». Бір қарағанда осының өзі сенімсіздеу жағдай болып көрінуі мүмкін. Қияметтей қиыншылықта жүріп не қылған ойын-сауық деп ойлауға əркімнің правосы бар. Бірақ сіз осылардың сол кішкентай бақытына иланасыз. Каторгалық еңбектен əбден арып-талып, кешке өздері аядай ғана шағын үйге оралғанда екеуінің ортаға алып ермек ететіндері – кішкентай сəби Зылиқа. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» – деген ғой халық. Үй ішіне ұрмай-соқпай, қорқытпайақ ықпалын жүргізіп, семьядағы жұптық өмірді сақтауға, көңіл кірбіңін көтіруге бас себепші болған сəби жайында бала сүйген əрбір ата-ананың көңілінен шығатын авторлық ойлар сізді Омар мен Назиқаның қуанышына еріксіз ортақ етеді. Табаны күректей 22 жыл патша түрмесі мен каторганың азабын шеккен Омардың «Бостандық» деген сөзді есіткенде, сылқ етіп құлап түскені де түсінікті. Егер авторға қояр талаптың ірісі – адам психологиясына бойлай ену десек, Омардың жан дүниесінде сол сəттс болған өзгерістер мен психологиялық күй тек қана осылай сыртқа тебуі тиіс екендігіне де дау айта алмайсыз. Ұзақ жыл бауыр басқан, азапты болса да, бар жастық, жігерлі шағын өткізген, ой-шұқыры таныс болған жермен қоштасу да оңай емес. Жат жер болса да, оған Омардың жаспен бірге қаны тамды. Дəл қоштасар сəтте ол: «Босанған үкімімді алдым кеше, Тым ыстық көрінеді үй мен көше. Үйренген Сібірімде қалуды ойлап Көңілім ауытқыды əлде неше», – дейді. Біздіңше, бұл да сəтті жасалған сурет. Тарихта бұл сияқты фактілер де болған. Мəселен, атақты декабрист Михаил Сергеевич Лунин 20 жыл каторганы өткеріп шыққаннан кейін, «үйренген Сібірін» мекендеп қалған. Ендеше Қасым дастанының қаһарманы Омардың да əлгіндей əрекетінде шындыққа шалғай келетін ештеңе жоқ. Бұл сияқты бірқатар детальдарды біз, тұтас алғанда, ақынның жүгінгені шындық екендігін дəлелдеу үшін əдейі келтірдік. Бірақ ақын образ ретінде Омарды дастанда көрінетін басқа кейіпкерлердің ансамблінен шамадан тыс оқшау суреттейді. Бұл ретте Омар мен Назиқадан кейін ауыз толтырып атауға тұратын тұлға – қазақы мінезді, ақ пейіл, жарқын жанымен көзге түсетін Досжан (Омардың əкесі) мен қыс көзі қырауда қаршадай қызын арқалап, тар қапастың қыспағын кешсе де, қайыспай, ер басына екі талай күн туғанда жалғыз қызын қиып кеткен қажымас қайрат иесі Қақаң қарт болар дер едік. Əсіресе, Омарға қарсы топ дастанның ұзына бойына ілесіп отырмайды деген сын пікірдің жаны бар. Егер дастанның бас кезінде кішкене Омарды таяққа жыққанда ғана бір көрініп жоқ болған Қазыбай мен өзбектің биік дуалынан төбесі ғана қылт еткен Яффарды ескермесек, онда тартысқа тұскен екі жақтың бірі тіпті жұтаң, жадау жатқандығын мойындауға тура келеді. Ал көркем шығармада қарсы жақтың өкілі нашар суреттелсе, «жеке шапқан аттың бəрі жүйрік» дегендей, ұнамды кейіпкерімізді күшейтіп көрсетуге де едəуір нұқсан келетіндігі мəлім. Осымен байланысты айта кететін тағы бір мəселе – Омардың түрмеге түсуінің мотивировкасы жайында. Емшегін күшік еміп жатқан əйелді арашалағаны үшін 25 жыл каторгаға кесілуі, тіпті, жалпы осы оқиғаның өзі XIX ғасырдың екінші жартысының

шындығынан гөрі шығыс ертегілерінде кездесетін қиялмен астарлас жайларға көбірек ұқсайды. Əрине, біз Омардың өмірбаянын зерттеген адам емеспіз. Оның түрмеге түсуінің тарихи себептерін, əлгіндей оқиғаның болған я болмағанын білмейміз. Біздің білетініміз – алдымызда жатқан көркем шығарма. Ал, ол – тек тарихи шындықтың фотосуреті емес. Оның да өз заңы бар. Солай болғандықтан, болашақ революционердің түрмеге түсуіне əлгіндей оқиғалардан гөрі əлеуметтік мəні, саяси салмағы басым басқа да қосалқы мотивтер табу дұрысырақ болар еді. Омарды революциялық идеяға алып келген тек қана оның басынан кешкен аянышты өмірі деп қою жеткіліксіз. Ол Кукуйде айдауда жүргенде, жер аударылып келген Павел деген қарт революционермен пікірлеседі. Омардың дүниеге көзін ашатын да сол. Бірақ, ақын Павелге байланысты оқиғаға тереңірек тоқтаса, жақсы болар еді. Автор бұған бірнеше шумақты ғана арнайды. Ал, Омарға Ташкентте, артынан Орынборда жолыққан Елисеев болса, ол өзі де революциялық ойдан қашық, небары орыс армиясының либералдық пікірдегі офицері ғана. Ендеше Павел мен Елисеев жайы да авторды ерекше ойландыруға тиіс, қайткенде де, бұлар жол-жөнекей аталып, қалып қоятындай тұлғалар емес. Омардың революциялық іс-əрекеті суреттелетін дастанның екінші кітабында бұл образдар өздерінің бар тұлғасымен едəуір бой көрсеткен екен. Сонымен қатар дастанда тым ұзақ суреттелетін, қысқартуға əбден болатын жерлер бар. Дастанның бірінші кітабы «Арнау», «Ауылда», «Троицкіде», «Орынборда», «Жолда», «Ташкентте», «Этапта», «Сібірде», «Қоштасқанда» деп аталатын тоғыз тараудан құралады екен. Осындағы «Орынборда» деген тарауда баяндалатын барлық оқиға – Омардың заң оқуында білім алғаны, В. Дальдың келіп сөз сейлеуі, Ы. Алтынсариннің Омарға: «Ташкентпен таныс, ел арала» – деп кеңес беруі ғана. Осыған ақын 416 жол өлең арнапты. Көлемі жағынан осының өзі шағын бір поэма ғой. Біріншіден, осында В. Дальдың келуінің, Ы. Алтынсариннің көрінуінің Омардың болашағына, оны образ ретінде қалыптастыруға тигізіп тұрған септігі шамалы. Бұл екеуінің көрінбеуі керек еді, ал көрінген екен, Омардың болашақ əлеуметтік өмірінде, ой-пікірінде белгілі дəрежеде із қалдыруы керек еді. Екіншіден, солай болған күннің өзінде де, бұл тарауды анағұрлым шағындауға болады. Осы тараудың аяғы Омардың Орынбормен қоштасып, керуенге ілесіп жүріп кеткенімен аяқталады. Сол керуеннің Ташкентке кіргеніне дейінгі екі арада «Жолда» деп аталатын бір тарау да мүлде басы артық тұр. Оңтүстікте құмдақ, ыстық болатыны, қауын, əңгелек бар екені, көліктері көбінесе түйе екендігі айтылмаса да, поэманың жалпы оқиға желісіне нұқсан келмей, қайта ол етек-жеңін шұбалтпай шағындалып, ширай түсер еді. Дастанның, əсіресе, «Арнау» атты кіріспе бөлімі өте əсерлі жазылған. Автор мұнда өзінің туған жеріне, «Сынаптай Торғай, Тобыл, Əйет, Үй» өзендеріне деген махабатын барлық ақындық ыстық ықыласымен төккен. Орынды-ақ! Бірақ осы кіріспеде ақынның лирикалық геройы сағына, сүйсіне еске алған Торғай, Тобылды шығарманың бас кейіпкері Омарға Троицкіде оқуда жүргенде бір, Орынборда екі, айдаудағы сапарда үшінші рет қайта-қайта сағындыра беруден де поэма ешнəрсе ұтып тұрған жоқ. Сондықтан ақынның лирикалық геройы мен шығарма геройының туған жерге деген сағыныштарындағы қайталауларды да біраз шағындаған жөн. Бұл сияқты олқылықтар ақынның өз геройының өмір фактілерінен заман рухын айқындайтын типтік, маңызды мəселелерді іріктеп алмай, хронологиялық ізбен кеткендігінен, ол геройы ауылда тұрып, оқуда жүріп, болмаса Ташкентке түйе үстінде кетіп бара жатыр ма, – соның бəрін жіпке тізіп, қалдырмай суреттеуге тырысудан туған ба дсп топшылаймыз. Ал көркем шығармада бұл тəсілдің əрқашан сəтті бола бермейтіндігі белгілі. Əрине, бұл айтылған кемшіліктер дастанның өлеңдік қасиетіне емес, композициялық, сюжеттік құрылысына тағылатын кінə. Қайталасақ та шынын айту керек. Поэманың тіл көркемдігі жақсы. Тамашасы сол – поэмада шет тілдің сөздігін оқығандай қиналып, тіліңді бұрап, сындырып оқитын ұйқастар мен шумақтар мүлде ұшырамайды. Салған жерден-ақ ақын өз оқушысын еріксіз ертіп, еліктіріп əкетеді. Шығарма тілінің тартымдылығынан болу керек, жоғарыда айтылған композициялық олқылықтар үңіле қарамаған оқушының бір қараған көзіне көріне де бермейді. Қандай шебердің қолынан шықса да, сом суреттердің, полотно-картиналардың əсемдігін белгілі бір қашықтықта тұрып қарағанда ғана тұшынуға болады. Тым жақын қойып қарасаң, май бояудың кедір-бұдыры көбейе береді. Солай болғандықтан, біз соншама ұзақ дастанның өн бойында екі-үш жерде (əдейі санап шықтық) ұшырасатын жаңсақ ұйқасты термей-ақ кітаптың құнын түсіре алмайтын кемшілік қой деп кешірім жасадық. Асылында, Қасым – тілге шебер, сөз талғамы күшті ақын. Патшалық Россияда жылау мен зарлаудың символы болған Сібірдің табиғатын суреттеген мына бір үзіндіні қарайық:

«...Бірақ осы Сібірде жоқ құбыжық, Кездеседі не тамаша, нелер қызық. Шілдеде селеу басы қимылдамай, Тұрады тым аңызақ, күні қызып. Мұның бар қазы менен үйрегі де, Кездігің бойламайтын бүйрегіне. Келмейді жер бетінің көп өзені Енисей, Ангараның ширегіне... Өзендер ағып жатқан алмай тыным Ғажап қой адам айтса нанбайтұғын. Қулықтың қымызындай қою ауа Мейірің қанша жұтсаң қанбайтұғын». Арқаның аязды күнгі ауасын құмарта жұтып көрген адамға соңғы жолдардың əсері қандай десеңізші. Жылдың ең бір қатал мезгілі – қыстың аязды күнгі ауасына нағыз қазақ өмірінен қандай əсем теңеу тапқан ақын. Əдетте ұлттық түр деген ұғымның өзі де осындай тілдік ерекшеліктерден, талассыз төл теңеулерден құралады. Бұл сияқты əсем теңеулер мен сөз кестелері көп-ақ. Тіпті кітаптың кез келген бетін ашып қалып, мысалға келтіруге болады. Ендеше, мұны ақынның күші, құдіреті деп тану қажет. Дастанның І-кітабы бас кейіпкердің пойызға мініп елге қайту үшін сапарға шығуымен аяқталады. Алайда Омар патша жандармериясының тұзағынан, астыртын аңдудан біржола құтылып кете қоймайды. Бұл ахуалды ақын былайша баяндайды: «Қоштасып Омар кетті Сібірменен, Доңғалақ жөнелді алып дүбірлеген. Қамаудан құтылса да қара басы, Аңдудан арылмады «күбірменен»... «Бір залым келе жатыр ізін аңдып, Сезеді, ұзақ жолға бірге қаңғып. Кейінгі пəлесінен қаймығады, Əйтпесе кетер еді-ау аузын қан қып. Омарға босанса да болмады ерік, Табылды айырылмас мықты «серік», Қалыңдап, жүрген сайын өсе берді «Делосы» келе жатқан соңына еріп...». Оқырман қауым Омардың қалған өмірімен дастанның екінші кітабында танысады. «Толғанғанда», «Қорғанда», «Сырласқанда», «Қостанайда», «Париж» ресторанында», «Таң атқанда» деп аталатын алты тараудан тұратын кітаптың кіріспе бөлімінде ақын əуелі Досжанов атына қойылған тың игеруші совхоздың бүгінгі көрінісімен, тұрмыс-тіршілігінен, ондағы гүлденген жаңа типті ауылмен, жайдары да жарқын жүзді жастармен, олардың шат-шадыман өмірімен таныстырып алады да, Сібірден келген жігіт пен Уфадан келген қызға ілестіріп, оқырманды Əлия аталатын апайдың үйіне бастап əкеледі. Ақынның таныстыруы бойынша Əлия – Омар мен Назиқаның абақтыдан, айдаудан қайтқанда іште келген қызы. Омардың ендігі өмірі, революциялық қызметі осы Əлияның жастарға айтқан əңгімесі арқылы лирикалық шегініспен беріледі. Поэмада бұл тəсілдің өзі де ұтымды шыққан. Осы əңгіменің бəрін Əлия бала кезінде əкесінің өз аузынан естіген болып шығады. Туған ауылына келіп тұруына мүмкіндік ала алмаған Омар əйелімен бірге Қорған қаласына келіп орнығады да, Шадрин станциясының арасында жалданып, темір жол бойына кіре тартады. Темір жол бойының жаңалыққа толы қайнаған тірлігін, қаладағы орыс капиталистері мен еңбек адамдарының арасындағы қайшылықтарды, қала төңірегіндегі қазақ байларының, ел жуандарының тұрмысы мен ауыл кедейлері тірлігінің арасындағы алшақтықты байқап, ақыл зердесіне салып, саралап білуі, орыс-жапон соғысынан қашқан солдаттарға жолығып, оларды үйіне паналатып сырласуы (ол солдаттың біреуі – Омардың байырғы досы, кейін болыневиктік ұйымға кіріп, Омбыда абақтыда жатқан Николай Елисеевтің баласы болып шығады), əсіресе төмір жол жұмысшыларымен етене араласып жақын танысуы Омардың таптық санасының бірте-бірте ояна бастауына үлкен əсер етеді. «Кірді де жұмыскердің арасына Тапқандай дəру жүрек жарасына, Шеңбері үмітінің қанат жайып, Жаңа ұрық себілгендей санасына», – деп суреттейді ақын. Осы тұста баласының хабарын естіген Досжанның іздеп келуі, отыз жыл бойына сағынысып көріскен əке мен баланың қауышуы, келіні мен немересін алып елге қайтуы, елдегі орыс, ноғай, қазақ кедейлері болып бірігіп, патша əкімшілігіне өтініш арыз түсіруінің арқасында Екатеринбург қаласынан рұхсат алып Омардың да туған жеріне аман-есен оралуы, ағайын арасының қарсы алуы сияқты кейбір этнографиялық жайлар баяндалады. Елге келісімен Омар революциялық қозғалыстың дүмпуімен ояна бастаған ел арасына үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Сайым, Бəйеке сияқты ел

жуандарының жəне соларға жағынған жалдаптардың тоғытқан арызшағым, көрсетінділері бойынша уездік əкімшілік Омарды əлгіндей астыртын əрекеті үшін тағы да қамауға алады. Тек кедей-кепшік, ағайын-туғанның арыз беруі, пара беруінің арқасында ғана Омар он күн отырып, аман-сау құтылып шығады. «Жұтылып түгіменен түйе кетті, Тұяғын серіппестен бие кетті. Белгілі «берген перде бұзатыны», Жазықсыз жапқан жала-күйе кетті». Артынша ауылға патшаның тақтан түскен хабары келіп жетеді де, енді аздан соң Қысқы сарайдың алынғанына ілесе Чекмарев бастаған матростар келіп, Қостанайды соғыссыз, қан төгіссіз алып, қалада жəне сол аймақта революциялық өкімет орнайды. Жаңа тəртіп орнап, Омар жергілікті жерде революциялық трибуналдың төрағасы болып сайланады да, əділдік үшін күреске жан-тəнімен біржола кірісіп кетеді. Осындай жұмыспен Қостанайға келген ол ойда жоқта «Париж» деп аталатын ресторанда əн салып тұрған ескі досы Миофаизды жолықтырып, Əліби Жангелдинмен кездеседі. Олар оны Қостанайдағы белгілі большевик, жауынгер командир Таранға ертіп барады. Таранның тапсырмасымен Троицкіге барып, қолбасшы Блюхерге жолығып, Оралдан көмек келгенше қайткен күнде де Қостанай қаласын атаман Дутов пен алаштың жендеттерінен қорғау жөнінде нұсқау алып қайтып келе жатқан сапарында иен далада Ақжолов бастаған алаштың алаяқтарына жолығып қалады да, жаулардың қолынан қапыда қаза табады. Кенет кездескен ескі досы, Блюхер армиясының қызыл комиссары Елисеев еріп шыққан еді, жалалы болған сол ғана түн жамылып құтылып шығады. Екі кітаптан тұратын дастан оқиғасы осымен тəмəмдалады. Қасым Тоғұзақов осылайша тарихта болған, патша үкіметінің абақтысын, каторгасын көрген, кейін Совет өкіметі үшін жалынды күрескер дəрежесіне көтерілген Омар Досжановтың балалық шағынан өмірінің соңғы сағатына дейін, қиян-қилы өмір жолына ілесе отырып, оның поэтикалық сом тұлғасын мүсіндеді. «Қараса, көз тойғандай сиығына, Мінгендей екі кісі иығына. Қыр мұрын, жинақы ерін, ірі тісті, Нұр бар ед мұрты менен миығында. Кең маңдай, дөңгелек жүз, қалың қабақ, Қойғандай кірпіктерін қолмен қадап. Көтеріп салбыраңқы көз терісін, Жанары жарқ ететін қалса қарап... Бас қосып қалған жерде жалшы, жарлы, Сылтау қып сөз бастайтын жоқты-барды. Үдетіп ақырында əкететін Тізбектеп атыс, шабыс, соққыларды. Сөйлейтін кейде бəсең, кейде асқақ, Біреуге айтқандай-ақ арнап, қостап, Ояна бастаған жұрт ой-санасын Қоздыра ақырындап ұшқын тастап...». Дастанның соңын ала берілетін суреттеуден ықшамдалып келтіріліп отырған осы төрт шумақтан оқырман қауым бас кейіпкер Омардың сырт тұлғасынан да, іс-əрекет, мінез-құлық характерінен де толық хабардар бола алады. Алайда, ретті жерінде айта кету қажет, бір кемшіліксіз шығарманың болуы да сирек қой. Өлеңдік техникасы, ұтымды ұйқасы, шеберлігі, тартымдылығы жөнінен таңдай қақтыратын дастанның композициялық құрылымында оқиғаға қатысы шамалы қосалқы бір шағын сюжеттердің, штрихтардың еніп кетуі осы екінші кітапта да елес беріп қалады. Мəселен, бір кездегі гимназист Жаманшалов Смайылдың патша өкіметінен астықтың подретін көтеріп, елу мың сом ақша алуы, артынан азғантай ғана астық салған қамбаны өзі өртеп, алдаумен құтылып кетпек болып, қуғынға түсуі, Петроградқа қашып барып, атақты юрист Плеваконы іздеп-тауып, соның тапқырлығымен аман қалуы – бас-аяғы тұжырымды өз алдына жеке бір баллада тəрізді, поэманың архитектоникасына қабыспай, жамау сияқты оқшау тұрғандығы байқалады. Поэманың сəтті шығуына ақынның өмірді жақсы білетіндігімен қатар, аудармашылық еңбегінің де көп көмегі тигендігін аңғарамыз. Сібір көріністері мен тұтқын өмірін суреттеуде Н. Некрасовтың «Орыс əйелдері» поэмасының ақынға көп ой салғандығы көрініп тұр. Сондай-ақ «жар басындағы жалғыз моланы жұтып, борышын мұз мұхитқа өтегенше, Енисейге қосылуға асығып келе жатқан Ангараның» суретінде Терек өзенін суреттеген М. Лермонтовтың əсері жоқ деп кім айтады? «Ғажап қой Ангараның тасығаны! Əреңдеп он бес күнде басылады. Кідірген қойнауларда селдір сеңдер Жеткенше Енисейге асығады.

Телегей теңіз болып жердің беті, Өзеннің көрінбейді арғы шеті. Борышын мұз дарияға өтегеншс, Байқалдың басылмайды құдіреті». Кісі қызығарлық осындай жақсы шығармадан кісі қызғанарлық мінсіз шығарма жасау үшін, оның композициялық, сюжеттік желісіндегі жоғарыдағы сияқты олқылықтарды жою қажет. Кемеліне творчество адамының біреуі ерте, біреуі кеш келеді. Қасым қазір кемеліне келген, қаламы төселген нағыз дер шағында. Ақын өзінің «Достым» атты соңғы өлеңдерінің бірінде: «Па, шіркін, жастық шағың тұрса қолда, Көз жетсе қазіргідей оң мен солға. Жасың жас, көргенің көп бола тұрып, Ештеңе бітірмесең – кінə сонда», – деп жырлайды. Жүрек түкпірінен жарып шыққан осы шумақта өкініш емес, өмірден көпті көріп, көп нəрсе түйген, жігіт ағасы шағына жеткен ақынның ендігі істер еңбегін көреміз. Аздап жазса да, дəмді жазып жүрген, жаны жас, творчестволык жігері жас ақынның ез халқына əлі де талай дəмді шығарма беретіндігіне шүбə жоқ. 1960–1978. ЖЫР ТАСҚЫНЫ «Елу жылда ел жаңа» деген халық нақылы қандай əділ айтылған. Белгілі ақынымыз Тайыр Жароковтың сауаттысын саусақпен санарлықтай қараңғы ауылдан білім дүниесін аңсап алыс сапарға алғаш аттанғаны да кеше ғана тəрізді сезіледі. «Басқанда алыс жолға алғашқы адым, Тұлымым желкілдеген жап-жас шағым, Есімде: жетім тайлақ өркешіне Жарбиып қаршадай боп жармасқаным. Туған кез өмір бізге нұрын шашып. Оқуға кеттім елдің өрін асып, Жаутаңдап жетім тайлақ желе берді Құмға тек табанының мөрін басып». Жетім тайлақтың өркешіне жарбия жабысып, туған ауылынан білімге сусап шыққан сол қаршадай бала қазір өресі мол өскен əдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің, еңбегін ел таныған кексе ақындарымыздың бірі. Ойын-тойға, думан-сауыққа, өлең-жырға жастайынан-ақ құмар Тайырдың ақын болсам деген талабы өте ерте оянады. Бұған оның 1923 жылы қазақтың халық ағарту институтына келіп түсіп, соның қабырғасында оқып жүріп Абай поэзиясымен, сондай-ақ қазақ поэзиясының жақсы үлгілерімен, орыстың классик ақындарының творчествосымен танысуы едəуір себеп болады. Ол енді өзі де өлең жаза бастайды. Бірақ бұл алғашқы бір байқау сияқты тұңғыш өлеңдерінің ажарсыз, тартымсыз болғандығын, оларында шəкірттіктің ізі айқын көрініп тұрғандығын кейін ақынның өзі де атап көрсетті. Тайырдың шын мəніндегі творчестволық жолы 1927–28 жылдардан басталады. Сол жылдары баспасөз қызметкерінің алдына «Күлімдеді күміс күн де», «Аэроплан» атты тұңғыш өлеңдерін имене ұсынып, балғын жырының жарық көруін асыға күткен атжақты, қараторы жігіт – Тайыр Жароков бүгін елу жасты еңсеріп артқа тастап отыр. Тайыр содан бергі көп жылдық творчестволық жолында жыр нөсерін төккен, дарынды да кесек тұлғалы ақын екендігін танытты, қазір профессионалдық, байсалды, салиқалы искусство дəрежесіне көтерілген қазақ-совет поэзиясына алуан-алуан поэмаларымен жəне маржандай төгілген лирикаларымен айтулы үлес қосты. Ақынның бүкіл творчествосы еліміздегі социалистік құрылыстың өркендеуімен тығыз байланысты. Оның қаламы ел көшіне, заман ағымына ілесе, мүдірмей жүгірді. Тұңғыш өлеңдерінің өзімен-ақ совет адамдарының күнделікті өмірін, олардың еңбектегі ерлік істерін, жігері мен қайратын, қоғам өміріндегі жаңалықтарды жырлау үстінде көрінді. Азамат соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтіру, индустрия, ауыл шаруашылығын коллективтендіру, Советтік конституция, кешегі Ұлы Отан соғысы, бесжылдыктар кезеңі, бейбітшілік үшін күрес, табиғатты өзгерту сияқты ел өміріндегі елеулі оқиғалардың, саяси жəне шаруашылык науқандардың ішінде ақын қаламына ілінбегені жоқ десе де болады. Тайыр Жароков əдебиетке халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңін аяқтай, алғашқы бесжылдықтардың қарсаңында келіп қосылған ақын. Бұл дəуірде партиямыз ауыр индустрияны өркендету, социалистік жарысты ұйымдастыру, сөйтіп еңбекте жаңа қарқын тудыру мəселелерін көтерген болатын. Еңбекшілердің осы зор міндеттерді орындау үстінде туған, бұрын-соңды тарих біліп көрмеген

ерліктері, жаңа қоғамдық кұрылыстың мұншама зор пафосы жаңаша жыр, жаңаша күй тіледі. Əдебиетімізге осы тұста асқақ, жігерлі екпінмен, тың үнмен келіп қосылған Тайыр Жароков өрге серпіген қанатты жырын тасқындата төкті. Ақынның өз сөзімен айтқанда, «мың тілді машинаның билегені ақынды да, қаламды да бірге ойнатты». Творчестволық қызмет ең алдымен халық үшін қызмет ету екендігін айқын түсінген ақын жаны өмірдің өзі ұсынып отырған мынадай ұлы істерге селсоқ қарай алмады. Адамның өзі «көкте кұс, суда балық болып», экспреспен зыр жүгірген заманда: «...Сол күшті, сол ұлы істі көре тұра, Қаламды жөн бе ойнатпай мүдірткенім», – деп түйді ақын өз ойын. Көз алдыңда болып жатқан ұлы өзгерістердің куəсі болған ақынның алғашқы өлеңдерінің езегі өндіріс тақырыбы болуы əбден заңды да орынды еді. Қазақстанда алғашқы бесжылдықтың тұңғышы болған Түркістан – Сибирь төмір жолының салынып бітіп, іске қосылуына байланысты ақын «Түрксибтің дабылы», «Темір жол», «Бесжылдықтың балғасы» т. б. өлеңдерін жазды. Сол сияқты «Шахта», «Болат балға», «Еңбек дабылы» өлеңдерінде ақын салынып жатқан алып заводтарды, жер астының кен байлығына жол ашқан шахталарды, ондағы бар еңбегін индустрияландыру ұранын іске асыру үшін жұмсап отырған жұмысшыларды шаттана жырлады. Тайырдың өндіріске арналған өлеңдері тақырыпты еркін меңгеріп, дұрыс көркемдік шешімін тапқан жəне ақын есімін ел ішіне, халыққа кеңінен жайған өлеңдер еді. Оның «Бесжылдықтың балғасы» атты өлеңі сол тұста жұрт аузында жатқа айтылған, үлкен үгіттік маңызы бар аса ұтымды, саяси өткір лирика болды. Ақынның «Герб» дейтін өлеңіндегі бір жұмысшының: «Не көрмеген біздің мынау, біздін мынау қолымыз, Біздің қолда құрыш балға, құрыш балға көріңіз! Не көрмеген біздің мынау, біздің мынау балғамыз, Бұл балғаны талай-талай майданға да салғамыз. Теңдік бағын, теңдік бағын, жарқыраған нұр шамын, Осы балға күшіменен миллиондар боп алғамыз», – деуі де осындай ұтымды ойдың жемісі. Ақын мұнда жаңа дүние, жаңа заман орнатқан, социалистік кұрылыстың іргесін қалап, нығайтып отырған жұмысшы табының күшін əсем бейнелейді. Ақын жырлаған күрделі тақырьштың бірі – ауыл шаруашылығы. Ол өзінің алғашқы кезде жазған бірсыпыра өлеңдерінде ауыл кедейлерінің колхозға ұйымдасып, тұрмысты жаңаша құруға бой ұрғандығын осы зор қуанышты сезіммен атап өтсе, басқа бір топ өлеңдерінде сол шаруалардың еңбектегі табыстарын, санада болған өзгерістерді жырлайды. Ақынның «Қызыл қырман», «Қызыл керуен», «Нұра бойында», «Көз толтыра қарадым», «Алтын дəн» сияқты өлеңдерінде республикадағы астық үшін күрес мəселесі көтерілсе, «Таудың қызы», «Қаскөлең түліктері» сияқты өлеңдерімен «Екінші тың» деп бағаланып отырған мал шаруашылығын өркендету ұранына үн қосады. Тайыр Жароковтың творчествосына тəн бір ерекшелік – қай тақырыпты жырласа да, атой сап көрініп тұратын лептілік, көтеріңкілік сарыны. Бұл қасиет ақынның Москваны, Отанды, туысқан Коммунистік партияны, еліміздің қол жеткен қыруар мол табыстарын жырлауда тіпті айқын көрінеді. Оның «Кремльде», «Қызыл алаң», «Партия туралы жыр», «Партия газеті» сияқты өлеңдерін оқушылар өз кезінде саяси тақырыпқа жазылған лирикалық өлеңдердің ең ұтымдыларының қатарында қабылдап баға берген болатын. Бұл өлеңдерінде ақынның заңды мақтаныш сезімі, шатшадыман өмірімізге қуанған көңіл күйі еседі. Кешегі қаһарман Ұлы Отан соғысы жылдарында Тайыр Жароков, үстіне əскери шинель кие жүріп, көптеген шағын өлеңдер жазды. Ақынның «Днепр», «Саған сəлем, туған ел», «Жеңіс туы», «Ленин қаласы», «Жұлдыздай жанған Москва» өлеңдерінде елімізді фашистік жендеттерден қорғап қалуға шақыру үні мен біздің халқымыздың жеңетіндігіне нық сенім айқын аңғарылады. Ал соғыстан кейін тарих алдында жер жүзінде баянды бейбітшілік орнату үшін күрес ұраны қойылған кезде де Тайыр соғысқа қарсы, қатардағы совет азаматы ретінде, ақындық өктем даусын естіртті. Оның «Əлемге бейбітшілік қанат жайған», «Орыстың ұлы өзені», «Греция», «Достық туының астында», «Өлеңмен қойдым қолымды» сияқты өлеңдерінде соғысқұмар империалистік жыртқыштардың айуандық бейнесі əшкереленіп халықтардың соғысқа қарсы қаһарлы үн қатқаны жырланды. Тайыр Жароков тек лирикалық ұсақ өлеңдердің гана шебері емес, ол сонымен бірге кесек дастандар жазуға да ерте кіріскен жəне бұл салада да мол еңбек сінірген ақын. Ол өзі қалам тарта бастағаннан бері 20-дан астам көлемді поэма жазды. Олардың басты-бастылары: «Нефтьстан», «Күн тіл қатты», «Мұз тұтқыны», «Шекарада», «Тасқын», «Нарын», «Жапанды орман жаңғыртты», «Астық», «Қырда туған құрыш», «Құмдағы дауыл» т. б. Ақын бұл поэмаларының кейбіреуінде социалистік жаңа құрылыс, советтік

жаңа заман қалыптастырған жаңа адамды көрсету талабын жүзеге асырса, енді біреулерінде еліміздің басынан кешкен елеулі тарихи оқиғалардан елес береді. Бұл ретте ақынның «Күн тіл қатты» поэмасын ерекше атап көрсету қажет. Шығарма тарихи болған бір ғана нақтылы тақырыпқа арнала тұрса да, ақын тақырыптық тар шеңберден əлде қайда ұзап шығып, жалпы советтік социалистік құрылыстың артықшылығын сипаттайтын біртұтас романтикалық поэма жасаған. «Қарыңды қағып су қылдым, Суыңды сілкіп бу қылдым, Түніңнен таң атқыздым. Жеріме жұлдыз жаққыздым... Өзенді өрден өргіздім, Өрелеп қолдан жүргіздім. Кісендеп күшті дендерді, Құрсадым болат шеңберді...». – дейді поэманың лирикалық геройы. Бұл, əрине, совет адамының мақтанышы. Ақын совет адамдарының бұл ерліктерінің негізін социалистік құрылыстың артықшылығынан іздеп, дұрыс түйін, нық байлам жасайды. Тайырдың советтік жаңа заманды мақтаныш ету сезімі «Тасқын» поэмасында да айқын көрінеді. «Тасқында» алынған тақырыбы жəне жеке адамдардың тағдырын қоғамдық-əлеуметтік мəселелермен байланыстыра жырлау жағынан Пушкиннің «Мыс салт атты» поэмасының əсері бар. Бірақ Жароков поэмасының геройы Қайсар «Мыс салт аттының» бас кейіпкеріне мүлде ұқсамайды. Рас, мұның екеуінің де үйлерін тасқын басып кетеді. Бірақ олардың бұдан соңғы тағдырлары екі бөлек. Евгений өмір сергелдеңінің соққысына душар болып, ақыры өледі. Ал Қайсарды мұндай трагедиядан құтқарып қалған – Совет өкіметі деп қорытады ақын өзінің айтайын деген пікірін. Поэмада Қайсар да, оның сүйген қызы Жамал да советтік тəрбиенің жемісі, жаңа заманның жастары болып көрінеді. Олардың бойында ата-анасындай тəрбиелеп өсірген Отанына деген шексіз махаббат бар. Олардың бұл сияқты жылы сезімдері іс-əрекет үстінде, шиеленіскен оқиғалар арқылы, талас-тартыс арқылы айқындалады. Ақынның келемді шығарма жазуда көп өскендігін танытқан шығармасы – «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасы. Мұнда ақын революциядан бұрынғы, сауырын күн күйдіріп, аспаннан тамшы сұрап, алаулаған аңызақ жел сөлін сорып алып, сұрғылт тартқан Сарыадырдың (туған жерінің) аянышты да ажарсыз өткендегісін советтік заманда өзгерген бүгінгісімен салыстырады. Туған жеріне сапар шеккен ақын Сарман шалдың жыртық үйінің орнында тұрған жаңа қаланы, еңбек өмірі қайнаған колхозды ауылдың орталығы болған Сарыадырды, көзіне ағып жатқан су мен гүл ғана елестеп, қара лашық ішінде мұңайып отырған кешегі кішкентай қара қыздың орнына бүгін жоғары дəрежелі білім алып, орман маманы болған комсомолка Майраны, бау-бақша мен тоғайға толған даланы табады. Бұл параллель арқылы ақын оқушысына бір кезде тұрмыстың ащы, ауыр жағдайы еңсесін басып келген халықтың жарқын ойлары мен арман-тілегінің тек социалистік қоғам жағдайында ғана іске асқандығын сездіреді. Бой көрсете алмай, жарып шығуға мүмкіндік таппай келген күштің тиегін социалистік қоғам құрылысы ағытты, сөйтіп халық совет заманында жасампаз зор күшке, шешуші факторға айналды дегенді аңғартады. Ақынның бұл поэмасы қазақ-совет поэзиясында лайықты орны бар, кесек те құнды шығарма деп бағаланды. Тайыр Жароковтың ақындық еңбегінің күрделі бір саласы көркем аудармалары. Ол орыстың ұлы ақындары Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың көптеген өлеңдерін, украин халқының ұлы ақыны Т. Шевченконың «Кавказ», «Түс» деген шығармаларын, грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының үзіндісін, В. Маяковскийдің көптеген өлеңдерін, т. б. ұлт ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Бұл арқылы Тайыр жоғарыда аталған поэзия алыптарының шығармаларын халқымыздың игілігіне айналдырып қана қоймай, сонымен бірге сол ақындардың шығармаларының мазмұн, мағына, түр жағындағы игі дəстүрлерінен өзі де үйренуге талаптанды. Жароковтың өзіне əсіресе ұстаз тұтқан ақыны В. Маяковский болды. Оның шығармаларындағы əрбір сөзге ерекше бір кетеріңкі күшті мағына, екпінді леп бере сөйлеуге талаптану, өлеңнің жаңаша түр, формасын табуға талпыну осы Маяковский поэзиясының ықпалынан туған еді. Қазір жас қаламгерлерге ақылын айтып, талмай ұстаздық етіп жүрген ақынның творчестволық қуаты əлі де мол. Елуден асып, егде тартса да, енжар тартқан жоқ. Ол əлі де əдебиетімізді талай тамаша шығармалармен молықтырады. Заманымыз – жақсы жырдың заманы. Жырла, Тəке! 1958.

АҚЫНДА СЫР БОЛМАЙДЫ АЙТЫЛМАЙТЫН Асылы, ақынның өмірбаянын білгің келсе, оның өнерін, табиғатын танимын деп талпынсаң, алдымен шығармаларын оқы. Ол əмəнда өзінің бар болмыс-бітімімен, аңсар арман, мінез-құлқымен, тұтас түлғасымен жыр жолдарынан, творчествосынан табылады, бұлтақсыз, бүкпесіз, қалтқысыз, қалтарыссыз танылады. Ақындардың мұндай құпиясын «душа в заветной лире» деп ұлы Пушкин айтып кеткен еді. Данышпан Абай атамыз: «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» дегенде немесе жыр нөсері Қасым Аманжолов: «Өртке тиген дауылдай өлеңімді, Қасымның өзі емес деп кім айтасың?» дегенде, сыңайы, осы жайды ескерген болулары керек... Төміржол бойындағы станция. Тоғыз жолдың торабындағы көз тоқтатып, көңіл аударатын, əбігері көп базарының басында айраншалап, шекілдеуік секілді майда-шүйде сатып, ары-бері өткен жолаушыдан шай сұрап жүрген төрт-бес кемпірден басқа көзге түсер қара-құрасы аз шағын ғана можантопай көп станциялардың бірі. Станция жұртының сағат тықылдағы сияқты бірқалыптан аумайтын күндегі тақ-тұқ тіршілігіне бір сəт тоқтап өтіп жататын жолаушылар пойызы ғана там-тұм өзгеріс енгізетін тəрізді. Əйтеуір, қалай болғанда да, осынау жабырқау-жадау мекеннің иелері үшін жолаушылар пойызының келіп, аз да болса аялдап аттануының өзі кішігірім мерекедей боп көрінетін. Станция басында екі иінінен демін алып, екілене ентіккен пойызға таңырқай қарайтын бір топ жұрттың ішінде ата-анасынан жастай айрылған, көкірегі қаяулы, тұлымшағы желбіреген, он-он бір жастар шамасындағы сары бала да болушы еді. Өз болашағын əлі пайымдай қоймаған қаршадай ұлдың балаң қиялы сонау көз ұшында құстай ұшып жүйткіп бара жатқан жолаушылар пойызымен жарыса жөнелетінді... Сол бала «Таңды оятып, күнді көзбен батырып», колхоз қосының басында жүрген жерінен оқу іздеп қалаға қашуға бел байлап, «өзін өзі ашуға», болашақ бақытымен кездесуге алғаш рет аттанғанда осы станция басынан, осындай пойыздың бірімен ілесіп кеткен екен. Осыдан қырық бес жыл бұрын болған бұл оқиғаны бізге ақын Мұзафар Əлімбаевтың жыр жолдары сырғып шертіп отыр. Отыз күз баяу жүріп сырғанады, Орады отыз көктем қырдаланы. Оралған ақын болып ауылыма, Ол бала менмін десем кім нанады?! Бұл ақынның осыдан он бес жыл бұрын жазған өлеңі. Тағдыр бірдікі болғанмен, көпке түсінікті. Ендеше ақын қойып отырған сауалға қайтарар бір ғана жауап бар – ол тек біздің советтік заманымыз ғана жүзеге асырып отырған үлкен де мол шындықтың көп мысалдарының бірі. Өнердің бəрі де өнер жəне бəрі де жақсы. Дегенмен ақындық өнердің орны бəлек тəрізді. Бəлки, бұл халқымыздың ақын атын ертеден-ақ ардақтап, «ел еркесі» етіп койғандығынан ба, əлде əркімнің өзінде жоққа құмар келетіндігінен бе – əйтеуір өз басым ақындык өнерге қызыға да, қызғана да (ұнамды мағынасында) қараймын. Əрине, тек жыр атаулының бəрі қызықтыра да, қызғанта да бермейтіні өзінен өзі түсінікті. Жан тебірентер жақсы жыр ғана, атап айтқанда, ақылға қосары бар ойлы, жүрек жылытар сезімі мол өлең ғана оқырман көңіліне ұялайды, қызықтырады, қызғантады. Демек, сонау бір станция басында көрінген қаршадай баланың творчествосы жұртшылық елейтіндей сөз болып жатса, бұл да халқымыздың сөз өнеріне, ақындық өнерге деген қадір-құрметі, тарту-таралғысы, сыйсияпаты, партиямыз бен үкіметіміздің қалтқысыз зор қамқорлығы деп бағалаймыз. Мұзафар қазір қазақтың кəдімгі жалпақ тілімен айтқанда елуді еңсеріп, алпыс деп аталатын асуға қарай қадам басты. Əрине, бұл жасқа екінің бірі, егіздің сыңары келе береді. Мəселе жəй келуде емес, келе білуде, немен, қалай келуде. Ел өзінің еңбегі сіңген перзснті болса, ешқашанда елеусіз, ескерусіз қалдырған емес. Демек, əңгіме ең алдымен еңбекте жатыр. Мұзафар қызығы да, қиындығы да, бейнеті де, зейнеті де мол творчестволық жұмыстан бір күн мойнын босатпайтын, өз талантын тынымсыз, толассыз толғаныс, тебіреніс арқылы, іркілмей іздену арқылы шыңдап, біртіндеп есіп, өндіре жазып келе жатқан жемісті қаламгер. Белгілі ақынымыз Сырбай Мəуленов өз əріптесінің осы бір ерінуді білмейтін еңбеккерлігі мен бейнетқорлығын ескере .келіп: «Оның күндері мен айлары бекер əтпепті. Жыр кітаптың жолдары... ақынның көп ізденіп, мол тер төгіп, табандата еңбек етіп келе жатқанын аңғартқандай. Мұзафарға əрбір өлең өзінің алдындағы ағаларын, үлкен əріптестерін оқып үйрену арқылы аса қиынға түсіп отыратыны байқалады. Əрине, ауыр еңбекпен өсірілген жеміс тəтті болатыны сияқты тер төге жазылған жыр жолдарының да абыройы мен рақаты мол болмақ», – деуінде

көп мəн бар. Расында да толғақпен туған жырдың жақсы болмағы табиғи нəрсе. Ол жаңа жаза бастаған жас емес, қаламы төселіп, ойы толысқан, стилі қалыптанған, отыздан аса өлең кітабын, оның ішінде екі рет «Таңдамалыларын» шығарып үлгірген, тіпті, бірнеше кітабын орыс тілінде де жариялап, Одақ оқырмандарына танылған ақын. Сондықтан да ол əдеби сынымыздан өзі жайында, өзінің творчествосы жайында пікір күтуге праволы. Мұзафар Əлімбаев қазақ ақындарының сапына Ұлы Отан соғысының жорық жолдарын артқа тастап келіп қосылды. Рас, ол майдан окоптарында да оқта-текте тиіп-қашып, өлең жазып жүрді. Орта мектептің есігін жабар-жаппаста соғыс аталатын зұлматтың алапат от алынына еніп кеткен жап-жас жігіттің ол кезде жазар тəжірибесі де, тақырыбы да тапшы-тын. Ұрыстан қажыған майдангердің көңіл күйі, туған жерге, елге, ата-анаға, əлі бейнесі де белгісіз болашақ жарға деген жүрек сыздатар солдат сағынышы т. б. сол сияқты сезім күйлері əп-əсем əсерлі беріле тұрса да, ол тұстағы балауса жыр жолдарынан ақындық емес, өлеңге деген əуесқойлық көбірек аңғарылатын. Мұзафар есімі ақын ретінде жыр сүйер оқырман қауымның аузына ілігіп, есте қалғаны «Қарағанды жырларынан» (1952 жылы жеке кітап боп шыққан) басталады десек қате болмас. Таза өлеңдік жағынан келгенде кейбір қатқыл-қасаңдау жолдар ол циклда да кездесіп қалатын-ды. Солай дегенмен де, оқырман қауым пен əдебиет сыншылары бұл сапар оған нағыз ақынға қояр талап пен өлшем тұрғысынан келгені мəлім. Кейін, 1961 жылы жарыққа шыққан «Таңдамалы өлеңдер» жинағына қосқанда ақынның: «...кезең-кезеңнің куəсі тұтар өлеңдерімнің мазмұны мен идеялық сипатын сол қалпында қалдырдым да, сөз орамдылығындағы олпы-солпысы секілді селкеуі бар тұстарға қолымды қаттырақ батырдым...», – деуі де содан болса керек. Ақынның өз сезімен айтқанда, бұл кез оның «увертюрасы біткенмен, операсы əлі алдағы» кезі болатын. Алайда кейін Мұзафар жырларының құнарлы қасиеті саналған философиялық парасатты, ұтымды ой түюге, ол ойын көркемдік нақышпен өзгеше зерлеуге талпыныс, ұтқыр алымдылық пен ықшамдылық нышандары алғаш рет осы тұста бой көрсеткен еді. Халыққа, Отанға, Коммунистік партияға қызмет етудің жолы деп ақындық өнерді қалап алған Мұзафар сол кездің өзінде-ақ: «Еңбек етер туған елге Ерлік жырдың іздеп кенін Жас ақынмын. Демек, мен де Партиялық кызметтемін... Өзің сына, өзің түзет Жырларымды, дастанымды. Уа, партиям, міне жүрек, Өзің бекіт жоспарымды!» – деп жазды. Содан бері ол алған бетінен бір сəт ауған жоқ, коммунизм құрып жатқан қаһарман халқымен бірге аяғын тең басып, «жігіт жырын» жүгірісінен тандырмай, ерлік еңбектің алдыңғы сапында келеді. Шынайы талант, шын қаламгер қашанда өзін ел көшінен жырақ ұстап көрген емес. Мұзафар да өз халқының күнделікті өмірінде болып жатқан əр алуан жаңалықтарды, кезең-кезең тарихи маңызы бар оқиғаларды, социалистік Отанымыздың ұлы тынысын ез жырының арқауы етіп келеді. Мейлі ол тың игеріп жатқан ұландарды жырласын, мейлі Байқоңырдан ұшқан сайып-қыран космонавтарды жырға қоссын, мейлі тіпті таза интимдік ішкі сырларын шертсін, соның бəрі-бəрінде ақынның азаматтық, патриоттық пафосы, өзін ұлы істі, ортақ істі жүзеге асырып жатқан көптің пайдалы бір мүшесімін деп санайтын мақтаныш сезімі айтпай танылып тұрады. «Сыйы мол жылдар, Ел асқан шыңдар, Халықтың ерлік еңбегі. Зерек ой сəби, Көркейген əр үй, Жарасқан достық елдегі Жырлатпай мені қоймайды, Жырлауға жаным тоймайды. Алтын дəн орсаң, Сом болат жонсаң, Сенімен мен де біргемін. Каналдар қазсаң, Кітаптар жазсаң, Сенімен менің бір демім. Сендерге мснің өнерім, Сендерге менің өлеңім». Міне, бұл жолдар – ақынның ағынан жарылып айтқан имандай шын сыры. Əдетте, Мұзафар творчествосы жайында сөз болғанда ақын өлеңдерінің ойлылығы көбірек айтылады. Мұның өзі – қазіргі за-

ман поэзиясы үшін аса қажет қасиеттердің бірі. Өйткені біздің ғасырымыздың өзі ақыл-ойдың ғасыры. Бүгінде оқып шыққан соң түйер түйіні, тоқып қалар салиқалы ойы болмаса, баланы алдап, айнадан түскен сағым ұстатқандай жалтылдақ өлеңмен ешбір оқушыны емексіте алмайсың. «Мұзафар ақындығында, соның ішінде оның лирикалық өлеңдерінде, – дейді ақын, сыншы Əбірəш Жəмішев,– өзгелерден ерекше, тек Мұзафарға ғана тəн қасиет көрініп тұрады. Ол ақынның өлеңді қысқа қайыруы, əрі ойға құруы. Ақын айналаға, өмір құбылыстарына, замандас сезіміне ой көзімен зер салып, айтылмаған, ашылмаған қырларын аңғарғыш-ақ. Көбінекөп ол осынысымен ұтады». Міне осы ой марқалығы ақынның көптеген лирикалық өлеңдерінен айқын аңғарылып отырады. Тіпті, мұның небір тамаша мысалын ақынның кезкелген өлеңдер жинағынан қиналмай тауып алуға болады: «Планета тұтқасындай тұрақты, Адам, адам жақындатқан жырақты. Жердің шары кетпесін деп бытырап, Жолмен шандып буып қойған сияқты». Осы бір шумақ ақынның «Жолдар-жырлар» аталатын жинағына эпиграф ретінде алыныпты. Орынды алынған осы шумақ жинақтың бүкіл маңызын айқындай түскен. «Шығарма жазу ат қоюдан басталады» – деп қаламдасымыз Қалжан марқұм жиі айтушы еді. Сол айтқандай, ат қою сияқты, эпиграф алуда да белгілі мəн бар. Сəтімен алынған эпиграф жасқа толған жасамыс əйел киген бас киімдей жарастық тауып, кітаптың немесе шығарманың бүкіл мазмұнына белгілі бір үйлесім, гармония жасап тұруға тиіс. Адамзат қауымын қауыштырып, тіл тауып табыстырушы – қарым-қатынас, байланыс жасау болып табылады. Жоғарыдағы шумақта жер шарын шандып жатқан жол осы байланыс, қарым-қатынастың символы ретінде алынған. Ақынның совет адамдарының көңіл-күйлерін, мақсат-мүдделерін бейнелейтін өлеңдерінде де, əр кезде əр алуан жолсапарларынан жазған «Түркмен топырағында», «Кавказ қойнында», «Литва жырлары», «Кереку гүлдерінен», «Қырғыз жырларынан» атты циклдерінде де оның гүл шоқтарынан бал жиған арадай, ел ішінен тəжірибе жинап, ой түйетіндігі байқалады. Ал мұның өзі өнер көзі, жыр арқауы халықта екендігінің айғағы. «Сапар шектім мен талай, Өттім жолдар торабын: Жолдар кинолентадай, Жүрегіме орадым»,– деп Мұзафардың өзі айтқандай, жоғарыдағы циклдердің бəрі де ақын жүрегіне оралған шырайлы да шымыр жыр жолдарынан құралған. Мұзафар лирикасының жалпы мазмұны да, əлгі аталған циклдерде айтылатын тағы бір өзекті ой арқауы да бауырластық, туыстык, достық пен ынтымақ. Ақынның бұл тақырыпқа жазған лирикаларын оқып отырғанда «есің барда ел таны» дейтін халық нақылы, əсіресе, ақындар үшін арнайы айтылған-ау деген тоқтамға келесің. «Ұмыта жаздасаң сен борышыңды, Арала атамекен қонысыңды, Есіз жұрт, ескі мола еске салар Халқыңа адал болып болысуды. Ұмыта жаздасаң сен борышыңды, Арала жаңғырған жер қонысыңды: Қок егін. көркем шаһар еске салар Халқыңа коммунисше болысуды». Талант тоқырап қалмау үшін ақынның өзіне қояр талабы да, өзгеге айтар ақылы да осы. Мұзафардың көптеген өлеңдерінде ақындық өнер мен азаматтық парыздың диалектикалық бірлігі, өнер адамының өмірде алар орны мен атқарар миссиясы нақтылы бейнеленіп, езінің көз тартар көркемдігі, күншуақ жылылығымен баурап отырады. Қазақ халқы езінің табиғатында ақын халық, жыршы халық деген сөз тегін айтылмаған. «Əрбір қазақ – жарты ақын», – деп Жұбан Молдағалиев айтқандай, «ауылдың алты ауызын қонақ кəдесіне» айналдырып, дəстүріне енгізген халық сөз құдіреті – өлең екенін ерте топшылаған тəрізді. Егер Махамбет өзінің Баймағамбет сұлтанға айтқандарын батырлығының үстіне ақын болмай, жəй əшейін ел ішіндегі көп тентектің бірі болып айтса, сол сарайдан сау-сəлемет шығуы неғайбыл еді. Сүйімбай ақын айтпай, əншейін Бейсембай, Сəрсембайлардың біреуі айтқан болса, көзін бақырайтып қойып, «кезептігін» бетіне шыжғырып басқан удай ащы мысқылды Тезек төре көтерер ме еді, көтермес пе еді? Ал айтқан кісі ат мініп, шапан киіп, сыбаға жеп қайтар ма еді, əлде ат-тонын тонатып, таяқ жеп қайтар ма еді?! «Таяқ еттен, сөз сүйектен» өтетінін хан, төре, сұлтандар да сезген. Өйткені, өз орнында, өз дəрежесінде болса, əр ақынның сыртында оның шын қамқоршысы, қорғаушысы халық тұратынын олар жақсы білген. Ал білмегендері, сезбегендері отты да, уытты ақын

Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» əніне іліккен Шорманның Мұстафасы сияқты тек өз кезі үшін ғана емес, тіпті болашақ ұрпақ алдында зорлық-зомбылығы айдай əлемге паш етіліп, құтылмас сөзге қалып, қас масқара болған жəйі бар. «Ақын – елдің еркесі, батыр – елдің серкесі» деген нақылға халықтың ақынға деген қаншама махаббаты сыйып тұр. Сондықтан да сол бір қатыгез, қытымыр заманның өзінде өлеңнен семсер де сескеніп, қанжар да қаймыққан тəрізді. Ақын Олжас Сүлейменовтің Махамбет жайында: «О, даланың жолбарысы, көкжалы! Көкжал бөрі қай кезде де олжалы. Өзіңнен бе? Сөзіңнен бе? Əйтеуір, Сенен кепті дейді ханның ажалы», – деуінде көп мəн бар. Мұзафардың: «Ақындар – ерке халык, кіді халық, Шамдантсаң бүркіт сөзбен бүруі анық. Абайлап сөйлескен жөн адуынмен, Аңқылдап, құлар жерін біліп алып», – деуі де осындай ойдан туғандығы даусыз. Көне заманнан бері ақынның өмірдегі орны, қоғамда атқаратын миссиясы мен азаматтық ролі жөнінде саналуан ақыл иелерінің айтқандары аз емес. Демек, бұл жөнінде оқушы жұртшылықты тағы бір тосын, тың пікірмен таңғалдырып тастау да қиын. Солай бола тұрса да, осынау жұртқа мəлім жайдың өзін «Ақын» атты өлеңінде Мұзафар өз өрнегі, өз бояуымен жылы да жатық жырлап берген: «Тумайды жұртын ақын жылатуға, Туады жүректерді нұрлантуға. Өлеңін орамал ғып өтеді олар Көз жасын адамдардың кұрғатуға... Қызбайды күншілердің табасына, Қырқыста сан жыртылар жағасы да. Жүрегін көпір етіп төсейді ақын: «Жетсін деп жұртым бақыт жағасына». М. Əлімбаев соңғы жылдары аяқталған, тиянақты бір ұтымды ойды білдіретін төрт жолдық шумақтарды да (рубаи) жиі жазып жүр. Бұл топтағы өлеңдері де ақынның бірқатар сырларымен, өмірден көрген, білген, түйген жай-жағдаяттарымен таныстырады. Жақсылыққа жанастырып, жамандықтан жерітеді: «Сайқалша арбап, балаша алдап генийді, «Зорайтып» барып, тоғайып алып, жериді. Тарылтып жүрген, сарылтып жүрген сол қулар Дүние деген керемет үйді – кең үйді». Бұл шумаққа түсінік беріп жатудың өзі артық болар еді. Қашқанның да, қуғанның да ішінде бір мезгілде жүретін əлгі «қулар» əркімнің-ақ өмірде көріп-біліп, сирек болса да, кездестіріп жүрген жандары. Жəне олар мамандық таңдап жатпайды, өмірдің қай саласында да шаруашылықта да, ғылымда да, əдебиет пен өнерде де – кездесіп қалуы ықтимал қулар. Бірақ мұны əркім айтып жатқан жоқ, төрт жолға ұтымды сыйғызып ақын ғана айтып отыр. Өмірді жазушылық. ақындық көзбен көре біліп, бағалаудың сыры да осында болса керек. Ретті жерінде, сез арасында айта кетелік – «адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезінің міні де болмақ»,– деп Мұхаң марқұм айтқандай, Мұзафардың көптеген өлеңдерінің сапасы саналған ойлылық кей сəтте оның мініне айналатын да кездері жоқ емес. Ақын өлеңдеріне тағар мін, қояр кінəмізді бір сөзге сыйғызып айтуға тырыссақ, ол кей сəтте кездесіп қалып отыратын орынсыз ақылгөйлік дер едік. Мысалы, төрт жолдық шумақтардың ішінде философиялық ой топшылаған небір əссм жолдармен қатар, мынадай да өлеңдер жүр: «Халықтан мықты батыр жоқ, Халықтан білгір ғалым жоқ, Халықтан ділмар ақын жоқ, Халықтан асар дарын жоқ», – немесе: «Күні жоқта гүл – жетім, Гүлі жоқта жер – жетім, Сөзі жоқта тіл – жетім, Елі жоқта ер – жетім». Əрине, осы шумақтарда айтылғандардың қатесі жоқ, бəрі де рас, бəрі де дұрыс. Бірақ осыны жұрт Мұзафар өлеңінен ғана оқып біліп пе екен? Бұл халықтың өзі əлімсақтан бері айтып келе жатқан ақиқат емес пе? Абзалы, ақылдылық жақсы нəрсе, ал орынсыз ақылгөйлік əрдайым өзін ақтай бермейді. Сар желіспен ағызып келе жатқан небір əсем, сарабдал суреттердің арасына аракідік кібіртік жолдар, жорғасынан жаңылып кеткен жылқыдай желешоқырақ шумақтар кіріп кететінін де құптамаймыз. Мұндай жолдар мен шумақтар киіз жұтқандай тұтқырланып, ауыр оқылады. Əрине, бұл шумақтар оқырманды еріксіз қынжылтады. Халықтың өзі əлімсақтан бері айтып келе жатқан ақиқатты ұйқасқа түсіріп, əншейін ғана айта салу-

дан ақын ұтпайтындығын ескерген абзал. Демекші, тағы да осыдан туады-ау! Мұзафардың осіресе ертерек жазған өлеңдерінде ұйқасты доғалдау қайыра салу, сол (ұйқас) үшін орынды-орынсыз кісі аттарын кіргізе беру де кездеседі. «Мынау Василь, Мұрекең, Қыран емей, кім екен? Анау Сабыр, Кендекең Қыраныңнан кем бе екен? Сайып қыран осылар, Суретіңе басып ал». Бұл жолдардың аяғына əзіл-шыны аралас: «Сөз түсінген ақынға Осыдағы жыр ма екен?» – деп қосқың келеді. Сол сияқты поэзиялық қасиеті шамалы кейбір жыр жолдарынан (мысалы: «Таққұмар да баққұмар», «Кəмпитсініп шатылған», «Ойдым орман үйректей» т. б.) немесе «Деп құрылысшы кіл өрен Құйып нұрдан кірпішін. Ансамблі – тың өлең, Жаңа нақыш, түр-пішін», – деген шумақтардан да эстетикалық лəззат алу қиын. Творчествоның бар құпиясы мен сырын тамыршыдай сезіп білетін сөз зергері Ғабит Мүсірепов ағамыз айтқандай: «Көркем сөзі бар болғырдың өзін орақпен орып, күрекпен күреп ала алмайсың! Оны бір-бірлеп тересің, бір-бірлеп тізесің! Жылтырағанның бəрі алтын болмай, жарқырағанның бəрі жауһар болмай шығатыны тағы бар». Бəлки, мұның өзі Мұзафардың тынымсыз көп жазатынынан да болар. Бірақ қайткенде де, айта кеткен жөн, көмескі жазу мін болғанмен, көп жазу мін саналмақ емес. «Өлеңге жоқ демалыс» деп Сырбай айтқандай, ақынға əлі де көп жазуды, жақсы жазуды тілейтініміз ақиқат. Өлеңнің техникасын, жалпы көркемөнердің теориясын бір білсе, осы біледі деген ақын үшін едəуір мін болып саналатын əлгіндей шумақтар кездеспесе екен деп тілейтініміз де ақиқат. Мұзафар тек лирикалық жырлар ғана емес, «Құрбымның күнделігі», «Алатаудың баурайында», «Құрыш қазақ», «Көк кілем», «Менің Қазақстаным», «Мен де Ильичтің баласы», «Естай-Хорлан», «Ту тіккен» сияқты т. б. көлемді дастан, поэмалардың да авторы. Поэзияның бұл күрделі саласында Мұзафар есімін жақсы жағынан танытқан «Менің Қазақстаным», «Мен де Ильичтің баласы» атты лирикалық поэмалар мен «Құрыш қазақ», «Естай-Хорлан» сынды лиро-эпикалық дастандар дер едік. Алғашқы екі поэма – ақынның өзгерген өңір, көркейген өмір, жаңғырған жер, Ұлы Отан, туған ел, марқайған жұрт, қайта туған Қазақстан жайында шын сыр, шынайы ойлары, толғаныс-тебіреністері, туысқан Коммунистік партияға, ұлы Ленинге деген шексіз сүйіспендік ниеті, азаматтық пафоспен астарлас күй болып тасқындата, тербеле төгілген жыр жолдары. Мұнда совет азаматының патриоттық мақтаныш сезімі біз мысалға келтіріп отырған төменгі екі шумақтан-ақ атой салып көрініп тұрғаны даусыз: «Кеш тудым, кенже қалдым...», дей алмаймын, Өзімді өткенді іздеп неге алдаймын?! Бағым бар, болашағым – толар шағым, Партиям, өз жолыңа сенем дəйім!.. ...Қадірлі Қазақстан, Отан ана, Есімім сенен бөлек атала ма? Алдыңда парызымды өтеп кетем, Өлсем де қарыздар боп ата-анама» («Менің Қазақстаным»). Ия, ақын өз парызын өтеп келеді, өтей береді де. Мұзафардың сюжетті поэмаларының сүйіктісі де, сүйсінтері де «Естай-Хорлан». Бұл ел арасына кең тараған, тарихи болған оқиға негізінде жазылған келемді де, көркем дастан. Халқымызға мəлім ақын, əнші һəм композитор Естай өмірінің бір сəтін суреттейтін бұл дастан сол тұстағы əлеуметтік талас-тартыстар аясында болған махаббат трагедиясын қым-қуыт оқиғалар арқылы əсерлі де əсем бейнелеп бере білген. Жəне Естай ақын тек өз махаббатын ғана қызғыштай қорыған ұсақ мүдденің сақшысы боп қалмай, сол оқиғаны өрісі кең əлеуметтік мəселе тұрғысында топшылап, жалпы əділетсіздікке қарсы күрескер дəрежесіне көтеріле білген кейіпкер ретінде көрінген. Үстем тап өкілдерінің, дала мен қала жыртқыштарының жауыздығы салдарынан сүйген қызы Хорланнан айрылған Естай зары – «Əн Хорлан» болып əлемге қанат қағып, қазақтың байтақ даласына тарап, өнер туындысы ретінде өшпеске, өлмеске, мəңгілікке бет алуының өзі осыны дəлелдейді. Мұзафар Естай өмірінің бір ғана сəтінен, дəлірек айтқанда, «Хорлан» əнінің туу тарихынан, жұртшылық құмарта оқитындай айқын бояулы дастан жасап шыққан. Бəлки, бұған автордың Естайды көзбен көруі, сол ортада туып-өсіп, сол өлкенің ішкі-сыртқы сырына

əбден қанықтығы да септігін тигізген болуы керек. Əйтеуір, қалай болғанда да, ер жігіт пен қыздың арасында болуы мүмкін сəтсіз аяқталатын махаббат сияқты сырт қарағанда кішкентай ғана болмашы дүниеден өнер туындысының өміршеңдігі жайында философиялық ой түйіндеген оқиғалы көркем дастан жазып, əрі оны жақсы жазып шығу да қалам ұстағанның екінің бірінің қолынан келе бермейтіні даусыз. Поэма, сөз жоқ, ақын творчествосындағы өркешті, сəтті де көркем туынды. Сөзіміз дəлелді болу үшін бір-екі мысал келтірейік. Əрине, əркімге өз туған жері, өскен топырағы көрікті де, қымбат та болмағы заңды нəрсе. Ақын өзінің туған жерінің көркін былайша суреттейді: «Көк талы көк шапанды келіндердей, Жидегі ер сүймеген еріндердей, Толқиды қызыл шілік шымылдықтай, Ақ қайың жалтылдайды өңін бермей. Қақтаған күміс түйме шалғайында – Қаптаған көкшіл көлдер өн бойында. Айдын ба, аққу-қаз ба, айырмассың, Өспесең Маралдының маңдайында. Іргелес даласында Құлындының, Құнардан арылмайды құны мұның. Қыртысы майлы женттей туырылған Еңбегін еш етпеген тұлымдының». Бұл тек кір жуып, кіндік кескен жерін қызықтаған субъективтік сезімнен ғана туған шумақтар емес, бір қараған адамның қандайын болса да ортақтастырар, көркіне көз тойғысыз əсем көрініс, бұлықсып тұрған сəнді сурет. Немесе, революциядан бұрын театры, киносы, циркі мен стадионы жоқ, көңіл көтерер басқадай қызығы жоқ кешпенді қазақ аулында анда-санда болатын айт пен той, ас беру мен алтыбақан басы сияқты дырду жиындар еңсені басқан тұнжыр тірлікке аз да болса, бір өзгеріс енгізгендей, ептеп серпілтіп, желпіндіріп тастайтын. Сондықтан да оған, əдетте, бай мен бағлан да, тоқтар мен жоқ-жітік те, кедей-кепшік те, жас та,жасамыс та ағылып бара беретін. Тегінде, «той дегенде қу бас домалайды» деген халық нақылы да сондайдан туған болуы керек. Мұзафар осы поэмасында той-думанның да тамаша суретін жасапты: «Дуылдап Маралдының атырабы, Бір қыздың тойы болып жатыр əлі. Таянған таяғына сырт буын да, Ұйықтамай таңды кезбен атырады... Мүшеден дəмесіз де дəмелі дə, Осында ой елі де, тау елі де: Сүйіндік, Апай-Бөрі, Қозған-Қақсал, Қыпшақ пен Бұқа-Күбір, Сəмегі де... Осында обаған көз обыры да, Осында жегін өгіз момыны да, Осында бір тойынып кетейін деп, Келіпті кедей-кепшік шоғыры да...». Бұл шумақтардан біз «Құлагер» дастанында Сағынайдың асын суреттеген Ілияс ағамыздың қалам сілтесін көргендей боламыз. Мұзафар Əлімбаев сонымен бірге балалар əдебиетіне де ат салысып, үзбей əрі өндіре жазып келе жатқан ақындарымыздың бірі. Тіпті оның балаларға арнаған өлеңдерінің өзі (тек таңдамалылары ғана) 1973 жылы «Балдəурен, шіркін, балалық» атты кітап боп жеке басылып шықты. Мұзафар балалар бақшасындағы бөбектерден бастап, октябряттарға, пионерлерге, комсомол жастарға дейін өлең жазатын ақын жəне ол осылардың əрқайсысының жас мөлшеріне лайық тіл тауып сырласып отыруға өте шебер ақын. Ол əлде біреулердей бөбектерге жалаң дидактикалық уағыз айтудан бойын əрдайым аулақ ұстап, ең кішкентай оқырманына (оқырманына емес-ау, бəлки, тіпті тыңдаушысына) елеусіз, байқатпай отырып, өмір тəжірибесін үйретеді, ұтымды ойға баулиды, дүние танымын кеңейтуге тырысады. Мəселен, ақын «Он саусақ» атты өлеңінде: «Жалғыз саусақ тіпті де, Ұстай алмас жіпті де. Екі саусақ бірікті, Ине қолға ілікті. Үш саусағым орамды, Жүгіртеді каламды... Өнерлі екен он саусақ, Қала салсақ, жол салсақ...», – дейді. Осының езінде ақын ұйымшылдықпен бірлесіп істеудің пайдалылығын, бір кезде өзі ұсынып, кейін газетке рубрика болып кеткен фраза – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болатындығын бөбектерге байқатпай отырып баяндайды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мəселе оның алғашқы ашылуынан бастап республикамыздың бөбектерге арналған «Балдырған» журналының

бас редакторы боп қызмет атқарып келе жатқандығында ғана емес. Оның бөбектерге арнап жазған жырлары, жаңылтпаш, жұмбақтары өзінің қысқа тұжырымдылығымен, ойлылығы һəм көңіл ашар ойнақылығымен баурап, тартып отырады, жас жеткіншектерді тіл ұстартуға тəрбиелейді. Тəрбие демекші, ақын əрі журналист Мұзафардың коммунистік тəрбиенің келелі мəселелері туралы өз ойларын ортаға салған, жас жеткіншектерді баулып өсіруде мектептің, ұстаздың, ата-ананың ролі қандай екендігін пайымдаған «Тəрбие туралы əңгімелер» деп аталатын кітабы да өз алуанымен өзгеше қызықты. Мұнда мораль, этика мəселелері де шағын мысалдармен тартымды сөз болады. Мұның өзі ақынды журналистік, публицистикалық қырынан көрсетсе, ал қазақтың мақал-мəтелдері жайлы кітабы – əдебиетті ғылыми зерттеу ісі де оның оң жамбасына келетінін танытқан құнды да елеулі еңбек. Мұзафар əн текстерін де көп жазып əрі жақсы жазып жүрген ақындарымыздың бірі. Оның өлеңдеріне жазылған көптеген əн қазір қазақ жастарының сүйіп айтатын əндері болғаны баршамызға мəлім. Бұған мысал ретінде ұлы жазушымыз Мұхтар Əуезовтің «Өскен өркен» романында «Ақмаңдайлым» əні жөнінде айтылған тамаша жылы лебіздерді еске алудың өзі жеткілікті. Міне, осының бəрі де каламгер талантының көп қырлы, жанжақтылығын, диапазонының мол, құлашының кеңдігін сыйпаттайтын кұбылыстар деп білеміз. Сонымен қоса оның жаңа талап, жас қалам несінен ақыл-кеңесін, керек жерде жəрдемін аямайтын жан жомарттығы да жеткілікті. Тіпті қазірде танымал болған бірқатар жас ақындардың оны көзіне де, сыртынан да Мұзаға деулерінде осындай себеп бар секілді. Өз жырының лебіндей жайдары, жарқын қабақ, жайсаң мінез оны азаматтық, адамгершілік тұрғысынан тағы да əрлендіре, көріктендіре түседі. Екі жинағы жарыққа шықса, жал біткен жабы жылқыдай мінезіне қол апартпай құтырынып тұратын тарпаңдық Мұзафарға мүлде жат. Міне, дəл осындай қалпын бұзбай сақтап келе жатқан ақын қаламында əлі де енжарлыққа орын жоқ. Сондықтан да ақынға жаңа творчестволық табыс, ұзақ өмір тілейміз. 1978. ҰСТАЗ ХАҚЫ Қазақтың белгілі ақыны, арғы-бергі ұлттық əдебиетіміздің, қала берді дүниежүзілік əдебиеттің бесаспап білгірлерінің бірі Қайнекей Жармағамбетов 1974 жылы 10 сентябрьде дүние салды. Арамыздан аға буынға іні бола білген, кейінгісіне жарқын да жайдары жанымен, қалтқысыз қамқорлық, ақыл-кеңесімен «Қакең» атанған үлкен жүректі азамат кетті. Творчестволық қызмет үшін егделік қылмайтын жаста ерте кетті. Қайнекей Жармағамбетов 1918 жылы 25 августа қазіргі Торғай облысының Торғай ауданына қарасты «Шилі» деп аталатын колхоздың жерінде шаруаның семьясында дүниеге келді. Екі жасында шешесінен айрылған Қайнекей 1934 жылы əкеден қоса айрылды. 1932–1934 жылдары ол балалар үйінде тəрбиеленді. Ақынның сыры да, шыны да əмəнда жырында болады ғой. Қайнекейдің: «Əлі есімде онда жетім баламын, Үйренбеген дəстүріне қаланың. Панасыздар мектебіне санқилы, Ала кірдім дүлейлігін даланың»,– деген жыр жолдары («Ана хаты») оның өмірінің сол бір кезеңінен елес береді. Кешікпей Торғай қаласындағы бастауыш һəм жеті жылдық мектепті бітірді. Торғай топырағында туып, тақырда асық ойнап, Өлкейек өзеніне шомылып, шортан, шорағай аулаған, содан соң мектептің босағасын аттаған осы бір балғын шағын ақын кейпін: «Əлі есімде мектепке алғаш барғаным. Сумка асынып, дəптер, қалам алғаным. Бір бұрышында сол сумканың жатқаны, Кеней, сақа, кендір баулы қармағым», – деп еске алды («Мұғалима»). 1934–1938 жылдары Қазақтың педагогикалық училищесін бітірген Қайнекей Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа түсіп, 1941 жылы оның филология факультетін үздік бітіріп шықты. Институтты бітіргеннен кейін əртүрлі жауапты кызметтерде жүріп, ара-тұра өлеңдер мен мақалалар жазған Қайнекей 1949– 1950 жылдардан бастап творчестволық еңбекпен етене жақын шұғылданды. Оның «Адам туралы аңыз» (1950), «Заман біздікі» (1951) атты өлең жинақтары, «Əнші азамат» повесі (1951) əдебиет сүйер қауымның назарын бірден аударды. Содан бері ақынның «Бетпақ дала очерктері» (1954), «Мұғалима туралы баллада» (1957),

«Балладалар» (1962), «Даурен» (1969), «Сырлы тал» (1971) атты кітаптары жарық көрді. Бұл оның республикамыздың партия, комсомол ұйымдарында, Жазушылар одағында, баспасөз орындарында əр алуан жауапты қызметтер атқара жүріп қалдырған мұрасы. Қазірде қаза болған ақын жайында айтылар əңгіменің ресми жағы осындай. Қайнекей өз өмірінде «ақын болу шарт емес, ал азамат болу борышың» деп ұлы ақын Н.А. Некрасов айтқан қағиданы қазықтай берік тұтынған жан еді. Жастайынан партия қатарына еніп, сонда тəрбиеленіп, шыңдалған ол жас өрен, жаңа заманды, өмір өзгерістерін жыр арқауы етті. Ол ақындығының үстіне шын мəніндегі айтулы азамат болды. Əдебиет əлеміне 50-жылдардан кейін келген буын өкілдерінің ішінде оның ақыл-кеңесін тыңдап, ағалық көмегін көрген ақын, жазушы, сыншыларымыз да жетерлік. Бір ғажабы – ол шылбыр тастайтындай жерге жеткен жас əдебиетшінің қайсысына да қол ұшын беруден айнымаған қалпымен етті. Тіпті өнер аталатын үлкен өмірге ол өзі тікелей қолынан жетелеп əкеліп қосқан адамдар да аз емес. Олар əрдəйім Қайнекей есімін ризашылық алғыс көңілмен еске алады. Ақынның «Қазақ əдебиеті» газетінің 1969 жылғы 18 октябрьдегі санында жарияланған мына өлеңі дəл осындай шəкірттеріне арналыпты: «Шəкірттер, бірің – ғалым, бірің – ақын, Дейсіңдер тілек етсем бəрің мақұл. Сөздерің ұстаз деген жан тербейді, Айтуды қойған қазір кəріп ақыл. Сендерге бас иемін білген үшін, Төс көрмей көздеріңе ілген үшін. Мақтанам сырттарыңнан өз құрбыма, Əр қайсың зор думанға кірген үшін. Қашанда мен мақтаудың құлы емеспін, Кісімін қарапайым, ұлы емеспін. Үйретсем өнер, білім əліппесін. Шүкірлік, сендер барда тұл емеспін. Кешіңдер. кейде орынсыз қуаладым, Келмеді алдап-арбап дуалағым. Біреуің қарсы келіп көргенің жоқ, Бақытты екенмін деп қуанамын. Ақ кірпік бір кездегі балапандар, Талант пен талапты ала туған жандар. Заманның мұзбалағы атаныңдар, Күтіп тұр алдарыңда асқар заңғар». Бұл өлеңін ақын маған арнаған деуге хақы бар адамдар əдебиет əлемінде де, байтақ республикамыздың барлық жеріндегі мектептерде сабақ беріп жүрген мұғалімдер қауымы арасында да аз емес. 1951–1952 жылдары ол Жазушылар одағында жауапты секретарь əрі «Əдебиет жəне искусство» журналының бас редакторы болып тұрғанда, журнал бетінде «Біздің жас авторларымыз» деген рубрикамен қырық шақты ақын, прозаик, сыншының суреттері мен қысқаша өмірбаянын беріп, шығармаларын жариялаған екен. Енді қарасақ, оқырман қауымға Қайнекей тікелей өзі жетекші боп таныстырған солардың бірде-біреуі əдебиеттен аулақ кетпей, тұрақты кадры болыпты. Көпшілігі қазір белгілілердің санатында. Қайнекей қашанда кіріскен ісін жеріне жеткізбей тынбайтын отты да алымды, іскер болатын. Достары көзі жоқ жерде сыртынан: «Қорғасын құйған сақадай салмақты, түскен жерін ойып түсетін отты да шымыр» – десетін. Ол біздің көңіл көзімізде дəл сол бейнесімен азаматтық қалпында сақталып қалды. Қайнекейдің ақындық еңбегін ерекше танытқан – оның балладалары. Қазақ поэзиясында баллада жанрын бастаушы болмаса да, түбегейлі қоныс тептіріп, орнықтырушы Қайнекей болды десек, артық айтқандық болмас деп ойлаймыз. Əу баста Европада (Франция топырағында) туып, міндетті түрде қайырмасы бар, билеп жүріп айтуға лайық махаббат, ғашықтық əндерінің тексті ретінде тараған бұл жанр езінің сан ғасырлық даму, қалыптасу барысында алуан түрлі өзгеріске ұшырап, бүгінгі біз танитын қалпына жеткендігі мəлім. Əуелі ол би билеуден ажырап, қайырмасынан айрылды да, бірыңғай шұбыртпалы ұйқасқа құрылған жəне сол тəртіпті қатаң сақтайтын үш шумақ өлең жолдарына айналды. Өлең техникасының қиындығынан балладаның бұл түрі бір дəуірде жоғалып та кетті. Ал XVIII ғасырдың басынан бастап қайта жандана бастағанда баллада сюжетке, əсіресе тарихи тақырып пен аңыздарға, драмалық оқиғаларға құрылған өлең шумақтары ретінде танылды. Сөйтіп бір кездегі таза лирикалық өлең формасына қазір эпостың элементтері жай еніп қана қоймай, үлесі (потенциалы) басым жағдайға жетті. Жəне көбінесе мысал өлеңдегі тəрізді оқиға шешімінің күтпеген сəтте кенет болуы да, баллада үшін маңызды түйіннің біріне ай-

налды. Міне, сондықтан да Қайнекей Жармағамбетовтың сюжетке, оқиғаға құрылған балладаларының көпшілігі кішігірім поэма тəрізді əсер береді. Бұл ретте оның: «Большевик туралы баллада», «Мұғалима», «Жидебайдың түндері мен күндсрі», «Галилей туралы баллада», «Фирдауси туралы баллада», «Ақын мен ажал», «Бетпақ дала аңызы» т. б. шығармаларын атауға болады. Ақынның «Мұғалима» атты балладасы туралы бір оқиға есімде қалыпты. 1960 жылы апрельде В. И. Лениннің туғанына 90 жыл толуына байланысты кездесуге шақырылып, Жазушылар одағынан төрт адам: Қайнекей Жармағамбетов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков жəне мен астана іргесіндегі Талғар селосына бардық. Кездесу мектеп клубында өтті де, тыңдаушылар сондағы қазақ орта мектебі мен бір училищенің оқушылары болды. «Қазақ-совет поэзиясындағы В. И. Ленин образы» туралы шағын баяндамадан соң ақындар өлеңдерін оқыды. Өлең оқудың соңғы кезегі Қайнекейге тиді де, ол «Мұғалима» атты балладасын бастады. Бүкіл өлеңнің өн бойында əдетте сыбыр-күбірсіз отыра алмайтын мазасыз аудитория қыбыр етіп қозғалмастан, тұнып тыңдады. Балладаның соңында балаларға əңгіме оқып берген мұғалима Екатерина Ивановна сонау алыс жылдары Сокольникиде, жетім балалар үйінде болған жаңа жылдың кешінде Ильичтің қолынан қуыршақ пен пакет алған кішкентай қыз Катя болып шыққанын естігенде, шəкірттер залды дүр сілкіндіре ұзақ қол соқты. Біз Алматыға қайтып келе жатып, жол бойы: «Əрбір өлеңнің өз оқырманы, өз тыңдаушысы бар-ау, сірə», – деп ұзақ əңгіме етіп келдік. Қайнекей балладаларын да, тіпті жай өлеңдерін де сюжетке құруға бейім əрі шебер ақын. Оның тың игеруге арналған «Бидай туралы балладасында» Қостанайдың Қарабалық ауданында туған бір солдат майданнан жараланып қайтып келе жатып, Смольныйға соғып, ұлы көсеммен шаруашылық жайын, диқан тірлігі жайын сөйлеседі. «Майданды қойып, еліңе қайтып, егінші бол», – деп кеңес берген Ильич солдатқа көтерінде бір дорба кубанка сортты ақ бидайды сыйға тартыпты. Баллада былайша аяқталады: «Сол солдат туған жері Қарабалық, Келіпті көсем сыйын далаға алып. Жыл сайын жалғыз дəнін төкпей-шашпай, Өсіріп келеді əлі дана халық. Мақтаныш болатұғын əр елге де, Теңі жоқ телегейдей əлемде де, Толқыған тың өлкеде байтақ егін, Лениннен келген бізге сəлемдеме». Ақын «Тың жерді игергені үшін» (1956) жəне В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған юбилейлік медальдармен осындай тамаша ақындық еңбектері үшін наградталды. Оның өлеңдерінің тақырыбы алуан түрлі. Сонау азамат соғысының қаһармандары, ауылға азаттық ала келген большевиктер, халық батыры Аманкелді Иманов, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы совет партизандарының ерлік істері, тың игерушілер табысы, бүгінгі замандастар бейнесі – бəр-бəрі де Қайнекей жырларынан лайықты орын алды. Ақынның аударма саласына сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. Оның Шиллерден, Мицкевичтен, Лермонтовтан т. б. аударған балладалары мен орыс-совет ақындарынан аударған өлеңдерін былай қойғанда, қазақ оқырмандары Б.П. Ершовтың орыс ертегісінің негізінде жазылған «Тұлпартай, сұңқар тай» («Конек горбунок») дастанымен, сондай-ақ А. Бартоның балаларға арналған көптеген өлеңдерімен Қайнекей Жармағамбетов аудармасы («Жақсы кеш» – жинақ, 1955) арқылы танысты. И. С. Тургеневтің «Əкелер мен балалар» атты романы да қазақ оқырмандарына Қайнекей аудармасы арқылы тарады (1953). Ақынның бұл саладағы еңбегі сөз болғанда, оның өзінің төл туындысындай саналып, кеңінен тараған – Чилидің аты əлемге əйгілі патриот, коммунист ақыны, Халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты Пабло Неруданың бірнеше поэмасының аудармасы болды. Аударманың соншалықты ұтымды шығуының себебі қазақ ақынының Неруда поэмаларын орысша басылымындағы ақ өлең (ұйқассыз) нұсқасынан алып, онбір буынды қара өлең ұйқасымен аударуында ғана емес, өмір бойы əділдікті жақтап, бейбітшілік үшін күрескен антифашист ақынның жан дүниесін, жүрек тебіренісін жақсы түсінгендігінде еді. «Бір уыс топырағымын туған жердің, Бір тамшы көз жасымын азалы елдің, Дауылды дауылпаз да емеспін мен, Бір шумақ өлеңімін қайғы шердің».– («Қашқын» поэмасынан) деп əлемге жар салған дауылпаз ақын Пабло Неруданың: «Ей, солдат, саған тиген үзім нан да Иленген көз жасы мен қызыл қанға;

Атылған мың адал жан алдыңда тұр Наныңда біздің қаннан бар деп таңба»,– («Орманшы да оянар» поэмасынан) деген жолдары Чилидің дəл бүгінгісін көзбен көріп, фашистік əскери хунтаның айуандықтарына лағнет айтып тұрғандай естіледі. Қайнекей Жармағамбетов əдебиеттің тарихын, теориясын, əр жанрдың сипатын бүге-шігесіне дейін жете білетін жан-жақты, эрудит əдебиетші əрі сыншы еді. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін əдебиетіміздегі халықтар достығы, бейбітшілік тақырыбы жайында, поэзия мен прозаның əр алуан мəселелері жайында, жеке ақынжазушылардың шығармалары жайында үзбей мақалалар жазып тұрды. Ол 1947–1954 жылдар арасында орта мектептің X класына арналған «Қазақ-совет əдебиеті» оқулығы авторларының, сондай-ақ 1949 жəне 1968 жылдары жарыққа шыққан «Қазақ-совет əдебиеті тарихы очерктері» авторларының бірі болды. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап шығарған М. Горький, Жамбыл Жабаев, Б. Майлин, С. Мұқанов туралы жеке-жеке шағын кітапшалары да күні бүгінге дейін өз міндетін атқарып келеді. Əрине, ақынның ақыл-ой, парасатқа, идеялық көркемдік қасиеттерге толы салихалы жырлары туралы айтылар сөз де, кейде шынашақ айналмай шарт етсе де ашуы шылым шеккендей уақытқа жетпей, бəз-баяғы жайсаң да жандары қалпына келетін зілсіз мінезі мен барынша қарапайым, бауырмал бейнесі жайында жазылар естеліктер де əлі алда. 1976-1978. АҚЫН ЕСЕП БЕРЕДІ ЖҰРТ АЛДЫНДА Өткен 1965 жылы «Жазушы» баспасы ақын Өтебай Тұрманжановтың 60 жасқа толған мүшелдік мерекесіне арналған таңдамалы шығармаларының бір томдығын жарыққа шығарды. Əдебиетімізде ұзақ жылдар бойына талмай тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ақынның «Тандамалылары» белгілі сыншы-ғалым Мұхаметжан Қаратаевтың «Таң жыршысы» деп аталатын алғысөзімен ашылыпты. Иə, өте əділ айтылған баға. Өтебайды «Таң жыршысы» десе дегендей. Шынында да ол қазақ халқына Ұлы Октябрь таңы əперген бостандықты бірінші боп жырлау бақыты үлестеріне тиген Сəкен, Сəбит, Бейімбет көшіне ілесе шыққан аға буын ақындарымыздың өкілі. Жас мөлшері жасамыс болғанымен, жаны жас, жігері жас ақынға торқалы тойы тұсында абзал бағалар, асыл тілектер де көп айтылды. Əрине, бұл – əдетте юбилей кезінде болатын қалыптасқан дəстүрді сақтағандықтан ғана емес, ақынның өз халқына берген жемісі мен еткен адал еңбегінің қайтқан қарымтасы, қалың оқушы қауымның риза көңілінен туған жүрек сөздері деп білеміз. Өтебай əдебиетімізге келгеннен бергі уақыттың ішінде жалпы саны қырықтан астам кітап шығарған ақын. Арада оның үзіліс жылдарын, зая кеткен уақытты ескерсек, бұл аз дүние емес, қыруар мол еңбек. Міне, сол материалдан еркін пішіліп, тігілген тандамалы жинақтың мазмұн-мағынасы да, хронологиялық құрамы да ақын өткен творчестволық соқпақ, сүрлеуді көз алдыңа жайнатып, жайып салады. Басқаша айтқанда, жинақ ақынның творчестволық еңбегі жайында халық алдында берген есебі тəрізді танылады. Жинаққа ақынның лирикалық геройының көңіл-күйін, оның өмірбаяны көрсеткен сыршыл да шыншыл жыр шумақтары мол ұшырасады. Біз орыстың ұлы ақыны Н. Некрасовтың «Ақын болмасаң да, азамат болу парызың» деген көпке мағлұм сөзін жиі айтамыз. Шынында да ақын парызы тек кана ұйқас құрап, жақсылы-жаманды жыр жазумен шектелмейді, соған қоса азаматтық үлкен жүрек, адамгершілік асыл касиет қажет. Осы тұрғыдан сөз болып отырған жинақтың авторына Некрасов сөздерін арнайы атап айту артық болмайды. Өтекең ақын да, азамат та. «Жұлдыз» журналының 1964 жылғы 11 номерінде жарияланып, сосын осы жинаққа енгізіліп отырған «Жұпарым болса, жұртым, ал!» деген бір елеңінде Өтебай:

«Адал жүріп, аяңдап, Тек қана еңбек істедім. Сырымды айтсам баяндап, Арамнан ас ішпедім. Қулықпен жүлде алам деп, Құлпырып көзге түспедім. Өтірік олжа салам деп, Бусанып бекер іспедім. Бірді бірге айдап сап Арамнан олжа таппадым. Бір көргенде жайнақтап, Бұрыла бере қаппадым... Көзге жақсы көрініп, Жамандықты бақпадым. Жалтылдақтан жерініп, Жұпынылық тапқаным. Талаптыны қызғанып, Етегінен тартпадым. Біреуге бекер назданып Салмағымды артпадым...», – десе, «Ескінің де жақсысы бар алатын» деген тағы бір өлеңінде өткеннен үйренбей, жаңаның жасалмайтындығын айта келіп, ақын: «Сол ескінің көріп қалған жұлығын, Ескі шығар, бəлкім, мінез-құлығым. Қасақылық қылығым жоқ адамға, Үлкенге де, кішіге де жылымын», – деп жазды. Бұл айтылғандарда лирикалық геройдың ақындық, творчестволық идеалы айқын аңғарылады. Осы шумақтарда бар бітім-болмысымен ақынның өзі тұр. Автор мұнда «мен сондай едім» деп кеуде қағып мақтанудан, өзін-өзі дəріптеуден аулақ. Ақынның ағынан жарылып айтқан адал сыры бұл. Түптеп келгенде, бұл сөздердің төркінінде ақынның əлі де ілесіп қалмай келе жатқан кейбір кеселдерге, оңайдан олжа іздейтін, бірді-бірге жанитын арамзалыққа, күлген боп көлгірситін сұрқиялыққа, əлдекімнің аты озғанша, ауылдастың тайы озсын деп, таланттыны тақымнан тартатын жершілдік, іштарлық, мансапқорлық сияқты мінез-құлықтағы ескіліктің қалдықтарына деген жеркеніші, айыптауы жатыр. Бұл сөз азамат ақынның айтар сөзі болса керек. Ақынның өмірбаяндық жайларын баяндайтын өлеңдердің қатарында: «Бөген, Бөген, Бөгенсің», «Бөген, мен сенің балаңмын», «Туған жер», «Балама», «Ауылым осы ақ қала», «Дариға, сол жастықты сағынамын», «Ит көйлек», «Бөген», «Арыс туралы жыр», «Батырға есік ашалық» т. б. атауға болады. Бұл жыр жолдарынан біз ақынның Шымкент облысының Арыс ауданына қарасты Жалғызағаш деген жерде Бөген өзенінің бойында туғандығын, ата-анасынан жастай айрылып, Ташкент тəрізді таныс емес үлкен қаланың көше тіршілігін бастан кешіріп, панасыздық тауқыметін тартқандығын, ақырында тек Совет өкіметінің тəрбиесі арқасында ғана адам қатарына қосылып, еңбегін ел таныған бүгінгі ақын дəрежесіне жеткендігін аңғарамыз. Панасыздықтың бар дəмін татқан Өтебайды өзі сияқты сан жетімекпен қоса 1919 жылы Совет өкіметі балалар үйіне алып тəрбиелейді. 1922 жылға дейін сонда оқып, сауат ашқан болашақ ақын əдебиетке, ғылым-білімге ұмтылады да, сол жылы Москваның күншығыс еңбекшілері университетіне оқуға кетеді. Өзінің оқуға аттанған алғашқы сапарын ақын «Бөген» деген бір өлеңіндс былайша баяндайды: «Қайрылмай сол кеткеннен қала бардым, Даланың қайғы-зарын ала бардым. Қалада қайта туып, қайраттанып, Оқыдым, өмір көрдім, шын жаңардым». Өтебай Тұрманжанов ақын ретінде де, азамат ретінде де Ұлы Октябрь таңының, Совет өкіметінің, Коммунистік партия тəрбиесінің жемісі. Ол Октябрь ұранына, Қазақтың пролетарлық, советтік бағыттағы жас əдебиетінің үндеуіне бірден-ақ іркіліссіз, бүкпесіз батыл үн қосқан ақындарымыздың бірі. Ақынның творчестволық жолы 1925 жылы Москвада «Таң өлеңдері» деген атпен басылып шыққан жинаққа енген Ленинге, Октябрьге арналған өлеңдерінен басталады. Жалпы Ұлы көсемді жырлау, Отанды, Москваны жырлау, өзгерген ел өмірін жыр шумақтарына өзекті арқау ету – Өтебай туындыларының ең бір өзекті саласы десек, артық болмайды. Сондықтан да ол бұл тақырыпқа əр кезде айналып соғып отырды. Сөз болып отырған жинаққа енген: «Москва – алтын астанам», «Отан – ана», «Отанымның алтын көсеу ошағы», «Орыс тілі», «Ленин өзі – коммунизм адамы», «Жүрегімде жатыр менің билетім», «Трактор-

мен жерге жаздық роман», «Нан», «Көктем – мұрап, күз – дихан» т. б. өлеңдері осының айқын айғағы. Өтебайдың 20–30 жылдардағы шығармаларының дені революция əперген бостандықты, өзгерген ел өмірін, азамат соғысын т. б. жырлауға арналады. Олардың ішінде «Таң сыры» (1929), «Тез адыммен» (1929), «Құрылыс жыры» (1931) өлеңдер жинақтарын, «Ақ алтын» (1930), «Шыршық сыры» (1930), «Пулемет» (1934) поэмаларын айрықша атауға болады. Бұл тақырыптар сол тұстағы поэзиямызға ортақ тақырып екендігі мəлім. Демек, қолына жаңа қалам алған жас ақынның қаз-қаз басқан алғашқы қадамын революцияға, азамат соғысы жылдарының ұлы дүбіріне үн қосудан бастауы заңды еді. Өйткені Өтебай қазақ кедейіне, жарлы-жалшы, жетім-жесірлерге Октябрь əперген таң шуағын сырттай сезінбей, өз басынан кешіріп, оның самалын құшақ жая қарсы алған, саф алтындай ауасынан тыныстаған ақын. Сондықтан да ол «Сол Октябрь күні екен» (1933) деген өлеңінде: «Келеді екен қызыл тулы көп халық Бірде жүріп, бірде жайлап тоқталып. Сол халыққа мен де кеттім қосылып Жүрегімнен жалау етіп отты алып. Арқа-жарқа жұрттың бəрі көңілді, Көңілдендім, қайғы-шерім төгілді. Қол ұстасып, ұрандасып көппенен, Көзімменен көрдік күлген өмірді», – деп еске алады бұл жайды. Ақын өз күшін поэма саласында да біраз сынап көрді. Оның «Шыршық сыры» атты поэмасында ірі байлардың мал-мүлкін конфискелеу, ауылдағы жер бөліс мəселелері жырланса, «Байғыз» атты шағын поэмасында ақын Қазақстан индустрия алыптарының бірі – Балқаштың салыну тарихын əсерлі де əсем бейнелейді. Ақын бұл поэмасында əсіресе оқиға ұтымдылығын шебер ескерген. Советтік еңбек адамының қолымен Ильич шамы жарқырай, түні күндіз болған, табиғат перзенті, түн құсы – байғызды таңдандырады: «Жарығы электрдің көзін басып, Бұл күйге түсіне алмай, қалды сасып. Қанатын қайта ұшуға серпе алмады, Ой басып, орағытып теңіз басып», – дейді ақын. Ал, «Пулемет» поэмасында ол азамат соғысы жылдарында ел үшін қан майданда қаза тапқан Назым, Сақым сияқты ер жүрек батырлардың аңызға айналған ғажайып ерліктері, ағаларының кегін алу үшін жасақты жаумен жағаласып, еліміздің ерлік дəстүрін сақтап қалған жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриотизмі жау қолынан түсіріліп алған пулеметке байланысты көркем де ұтымды жырланады. Бұл поэма сол жылы жарияланған конкурста жүлде алды. «Күміс қылыш» атты əңгімеде (1930) азамат соғысының бір көрінісі ұтымды суреттеледі. Мұнда жазушы сол атраптағы елді үлардай шулатқан басмашылардың бастығы атышулы Кер Шерметті (Соқыр Шермет) қолға түсірген жауынгерге күміс сапты қылыш сыйлыққа қалай берілгендігі баяндалады. Өтебай Тұрманжанов есімі əсіресе балаларға арнап жазған шығармаларымен мəшһүр болған жазушы. Оның бөбектерге арнап жазған «Қарлығаш» атты алғашқы шығармасы 1931 жылы жарыққа шықты. Содан бері ақын өз талантының денін біздің еліміздегі ең ерке қауым – балдырған бөбектер жүрегіне жол тапқан жалынды жыр шумақтарын тудыруға жұмсап келеді. Оның «Құрыш кұс» (1932), «Карл» (1933), «Сексен өтірік» (1935), «Медовый город» (орыс тілінде – 1961), «Түлкі мен бөдене» (1961) т. б. кітаптары осындай жыр жолдарына толы. Өтебайдың бөбектерге еткен көп томдық еңбегінің творчестволық есебі ретінде 1962 жылы «Менің кітабым» атты көлемді еңбегі жарық көрді. Міне, ақынның тіл ұстартуға арналған өлең-тақпақтары, жас ұрпақты адамгершілік абзал қасиеттер мен мінез-құлықтарға баулитын мысалдары мен ертегі-поэмалары, аңыздары бас қосып «Таңдамалылардың» арнаулы бір бөлімін құрапты. Қазақ балалар əдебиетінің қарт өкілдерінің бірі Сапарғали Бегалин жазушы творчествосының осы бір саласын: «Өтебайдың қалам ұстап əдебиет майданына келгелі жазған еңбегінің басым көпшілігі жас бөбектер мен жасөспірімдерге арналған. Ол бұл салада тынбай жазып келе жатқан еңбеккер, оқымысты, педагог-жазушымыз. Оның шығармаларының өзегі көбінесе халық əдебиетінен өрбіп халық ауыз əдебиетінің мол көлінен сусындай өріс ап, ширалып отырады. Жазған өлеңдері де, мысал хикаялары да, ертегі ізімен жазылған жаңа ертегі-поэмалары да халық ауыз əдебистінен қордаланып, көркем кесте, мəнер алады. Жас оқушыларын жас сұңқардай өрге, өнерге, қияға талпынуға, енбекке, еңбек адамын сүюге баулиды. Адал болуға, əділ, шыншыл болуға меңзейді», – деп бағалады. Расында да. Өтебай – педагог-жазушы. Оның мазмұнды да мəнерлі жыр жолдарымен қазақ балаларының бүгінгі буыны ғана емес, сан буыны тіл сындырып келгені мəлім. Оның балаларға арналған өлеңдеріне тəн

бір ерекшелік – жас ұрпақтың ақыл-ой өрісін кеңейтетін ойлылық пен терең мағыналық. Бұрнағы жылы Өтебайдың балаларға арналған «Алма атасы» атты шағын кітапшасы басылып шыққан еді. Мұнда ақын Алматының апортын өсірген қарт Бағбан «Алма атасы» жайын балаларға балдай тəтті тілмен баяндайды. Карт Бағбан мектептен қайтқан балалардың бүгінгі алған бағаларына қарай алма үлестіріп береді. Екілік бағалары үшін алманы аз алған балалар бұдан былай жақсы оқуға талпынады. Бағбанға риза болған олар алма теруге жəрдемдеседі. Ақын осылайша өз оқушыларын еңбекке баулиды. «Таңдамалыларға» енген балаларға арналған жыр шумақтарын оқып отырғанда, Өтекеңнің осы бір өлеңі еріксіз еске түседі. Алпыс жаста да алты жасар бөбекпен тіл тауып сөйлесіп, бойындағы бар жігер, бай талант қуатын балдырған буынға аямай үлестіріп беріп отырған балажан ақынның өзі де осы өлеңдегі «Алма атасын» көзге елестетеді. Өтебай Тұрманжанов қазақтың ауыз əдебиеті мұраларын, əсіресе аңыздар мен ертегілерді, жұмбақтар мен мақал-мəтелдерді көп жинап, əдебиеттану ғылымына да еңбек сіңірген жазушы. Ол жинап құрастырған «Мақалдар мен мəтелдер» 1935, 1957, 1959 жылдары үш рет жеке кітап боп жарыққа шықты. Отызыншы жылдардың орта шенінде ол ҚазПИ-дің əдебиет факультетінде сабақ беріп, бірқыдыру ғылыми-педагогикалық жұмыстар да атқарды. Сөз болып отырған «Таңдамалыларға» енген «Мысалдар», «Ертегі-поэмалар» деген бөлімдердегі өлеңдердін мазмұны көбінесе ауыз əдебиетіндегі аңыз-əңгімелерге құрылуы да сондықтан болса керек. Бұл өлеңдердің де, балаларға арналған өлең тақпақтар сияқты, оқушыға ой саларлық үлгі-өнеге, ғибрат аларлық жақтары мол. Тек, бір ғана өкініштісі – ақынның ауыз əдебиетіндегі жыр, дастан үлгіөнегесіне көбірек бара беретіндігі. Жинаққа жазған «Алғысөзінде» М. Қаратаев ақынның «Пулемет» поэмасын талдай келіп: «...Кей ретте ақын эпос дəстүрлеріне тым иек артып кетіп, шығарманың жаңалықты поэзиялық қасиетін жасытып алатыны да бар... Ұйқасы, сөз саптасы жөнінен эпоста көп қолданылып мезі қылған сөз тіркесін қайталайды... Ұрысты суреттеу, адам образын бейнелеу тəсілінде көнерген, үйреншікті жайлар баршылық», – деп жазды. Сыншы көзі жіті байқаған осы бір олқылық тек «Пулемет» поэмасында ғана емес, ақынның ертегі-поэмаларының бірқатарында ұшырасатын, жалпы алғанда оның біршама бой тартатын ортақ кемшілігі ме деп ойлаймыз. Сондай-ақ кейбір өлеңдерде суретті сөздер қайталаушылык, тіпті оқиға, сюжет қайталаушылық та аракідік кездесіп қалады. Мəселен, «Аю мен аралар» (264-265 беттер) деген өлеңнің оқиғасы «Орман ертегі» атты шағын дастанның ішінде тағы да қайталанады. Екеуінде де балын тартып жегені үшін аралардан таяқ жеп «мұрнынан қаны тамшылап, өкіріп қашып бара жатқан» аюға тап боламыз. Бұл да бір ойланатын жəй болса керек еді. Өтебай Тұрманжанов аударма саласында да бірқыдыру еңбек етті. Оның Эзоптан т.б. аударған мысалдары, жер жүзі халықтарының қызғылықты ертегілері, Игнатьевтің «Партизан жазбалары» – əрқайсысы жеке-жеке кітап болып жарық көрді. Ұзақ та жемісті өмір кешкен ақын 1978 жылы 73 жасында дүние салды. Алайда, «өлеңге жоқ демалыс» деп Сырбай ақын айтқандай, Өтебай Тұрманжанов та өмірінің ақтық күндеріне дейін қолдан қаламын тастаған жоқ. Алда алынатын əлі де талай биіктер, жүзеге асыратын творчестволық ойлар мен жоба-жоспарлар көп еді. Бірақ оған қатыгез ажал кедергі жасады. 1966-1978.

АҚЫН ЖЫРЫ – АНА Кейінгі жылдардағы поэзиямызда көңіл аудара көлемді де көркем туындылардың бірі – ақын Жұбан Молдағалиевтің «Жесір тағдыры» поэмасы. Мұнда поэманың атының өзінен-ақ аңғарылып тұрғанындай, сонау бір жылдарда тұрмыс талқысына түсіп, ауыр тағдырдың зардабын шеккен, сөйтіп өмірдегі өз орнына тек Совет өкіметінің арқасында ғана ие болған қазақ əйелінің жайы баяндалады. Сырт қарағанда мұнда тұрған тақырып тыңдығы, сюжет сонылығы жоқ сияқты. Күңдіктен революция азат еткен қазақ əйелінің тағдыры 20–30 жылдарда талай ақын жырлаған тақырып екені де даусыз. Сөз болып отырған поэманың бас кейіпкері Айшаның тағдыры алуандас тағдырды өз басынан кешірген ақын Шолпан Иманбаева өз өлеңдерінің денін қазақ əйелінің бас бостандығына арнағаны да белгілі. Дегенмен, бұдан бұрын дəл осы тақырыпқа арналған сюжетті поэма, эпикалық көлемді туынды болған жоқ десек, артық болмайды. Мəселе, түптеп келгенде, тақырыптың сонылығында да емес, алған тақырыбын ақынның қалай баурап, қай дəрежеде жырлағандығында емес пе? Шығармаға осы тұрғыдан қарасақ «Жесір тағдыры» композициялық құрылымы жағынан да, оқиға шындығы, сюжет үйлесімі, өлең техникасы жағынан да ақынның творчестволық активіне қосылатын күнды поэма екендігіне ден қоямыз. Поэманың прологында қасына немерелерін ертіп, бақ ішін аралап жүрген ақ шашты əжемен алғаш жүз көріскен оқушы шығарманың өн бойында ғазиз ананың аузынан өткен күннің өксігі жайлы əлгі бөбектермен бірге жаңа аңыз тыңдағандай күйге енеді. Қарт əже келмеске кеткен кешегіні күрсіне еске алып, мынау балғын бөбектерге ащы шындықты азалы күй ғып шертетін тəрізді. Əже шынды айтты, ащы шындықты айтты. Бірақ шат тұрмыс, шадыман күлкіден бөтен ештеңе көрмеген бақытты балаларға əже айтқан əңгіме əлдеқалай естіген бір ертегі сияқты болып көрінеді. Өткен күннің өкінішін айта отыра ақын бүгінгі өмір шындығын қоса аңғартады. Күні кеше Жабас байдың жерошағының басында отымен кіріп, күлімен шыққан күң есепті күн кешкен жесір Айша бүгін «өзіндей бақытты аналардың қауымында əңгіме-дүкен құрып отыр», ал кешегі күні жесірдің етегіне жармасып жүріп, Октябрьден басталған «қаһарлы да жұмбақ ғасырды қарсы алған алаңсыз, маубас, алаңкөз үш жасар қара баладан» бүгінде «Алматыда жыр толғаған ақын» шықты. Ендешс бұл Совет өкіметінің, социалистік құрылыстың шындығы – ашып айтпай-ақ ақын аңғартып отырған айқын шындық осындай. Əнгіменің əлпетіне қарағанда өмірде прототивтері бар жесір Айша да, құрым ішінде қысқа тон жамылып өскен «қара тірсек, алаңкөз ұл да» Октябрь революциясы Совет өкіметі азат еткен бір жесір емес, мың жесірдің, бір жетім емес, мың жетімнің ортақ тағдырын еске салады. Басқаша айтқанда, ақын жекелеген өмір фактілерін, тұрмыс материалдарын көпке тəн типтік оқиғалардың деңгейіне көтеріп, кейіпкерлерін нағыз көркем тұлғалар етіп сомдайды. Сейтіп өмірдегі жеке-жеке фактілер шығармада нағыз типтік көркемдік шындыққа айналады. Поэманың қол жеткен үлкен табысының бірі де осында. Ақын оқушысын оқиғаға ертіп кірген бойда ғасырлар бойы шершемен жайлаған Шеген жерін мекен еткен аз ауыл Құл деп аталатын рудың кəнігі тіршілігімен таныстырады. Бұл күнге дейін айтқаны екі болмай орындалып, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып келген Жабас бай НЭП тұсында біраз еркінсінгенмен, оның революцияға дейінгі күні əлдеқашан адыра қалған. Өйткені өктемдігі əлі де жүріп тұрғанмен, түптеп келгенде, заман тізгіні бірте-бірте оның қолынан шығып кетіп барады. Мұны Жабастың өзі де сезеді, бірақ қолдан келер шара, қылар қайран жоқ. Теңіз бойында балық аулап күн кешкен момын шаруа Молдаш сүзек індетінен қайтыс болады да, үш жетімді соңына ерткен жесір əйел Айша «ел ішін» сағалап келіп, Жабас байдың аулының іргесіне қараша құрым үй тігіп қоңсы қонады. Ұзақ жылдар бойы ол тіршілік үшін бай ауылдың ас-суын əзірлеп, күңдіктің күнін кешеді. Ескі ауылдың əмеңгерлік сияқты ежелгі салтына қарсы күресе жүріп, өзінің адамгершілік ар-намысын қорғай жүріп, бірте-бірте Айшаның таптық сана-сезімі ояна бастайды. Бұл жөнінен оған бір кезде ауылдан қалаға қашып кетіп, коммунист болып қайта оралған Ораз сияқты езілген таптың саналы өкілінің көмегі көп тиеді. «Көсем де – көріп ысылған, Шешен де – сөйлеп төселген. Келмейді олар Мысырдан, Шығады ертең осы елден... ...Аламыз, бұзып-жарамыз, Тағдырға патша боламыз. Түлейді тұмса даламыз, Туады тың жыр, бал аңыз...», – дейді ол Айшаға.

Міне, дəл сондай «осы елдің» өзінен шыққан күрескердің бірі – Айша болады. Совет өкіметінің арқасында ол жер аударылған Жабас байдан еселі еңбек ақысын алады, сауат ашып, хат оқып, қара танитын дəрежеге жетеді. Ақырында ол Коммунистік партияға мүшелікке еніп, ауылдық советтің басшысы болады. Сөйтіп кешегі бай босағасында жүргенде талай сұғанақ сұқ кездер мен ашқарақ арам ниеттерге тойтарыс беріп, жетім қалған жас ұланын санатқа қосқан айнымас адал жар, абзал ана Айша əлеуметтік күрескер дəрежесіне көтеріледі. Ол енді колхоз құрылысына да мол еңбек сіңіреді. Ауылға келген алғашқы тракторды айдаушы қаршадай қыз кешегі жесір Айшаның жетім қызы – Шекер. Поэманың соңында ақын: «Бұтаны, тасты ұйпалай, Тартып жүр жайнап трактор. Езіліп піскен құйқадай Ырсиып қалды тулақ қыр. Астында соның көмілді Шегеннің мешеу заманы. Жасайды жарқын өмірді Жаңа адам – колхоз адамы. Құрыш күш бүгін ескіні Белінен сызып тастады. Күркірі алыс естілді, Колхозшы көктем басталды», – дейді. Поэманың аты қойылған жесір əйел Айша образы өте сəтті жасалған. Шығарманың соңғы бетін жапқанда біздің кез алдымызға бақытты болашақ үшін бар жастық шағын, жастықта көрер қызығын құрбан еткен қажымас қайрат, терең ой мен парасат иесі, қасиетті ананың жарқын бейнесі келеді. «Мамырлап жаныңнан сол өткенде ана, Болсаң да неткен əкім, неткен дана. Қаласың өзіңді бір бала сезіп, Өз қолы өз аузына жеткен жаңа», – деген ақын сөзімін еріксіз бөліскендей боласың. Поэмадағы орталық тұлға – Айша. Шығарманың бүкіл оқиғасы, қосалқы эпизодтар мен жанама кейіпкерлердің бəрі де осы Айша төңірегіне топтастырылып дамытылады. Айшаның жеке басының күресі бірте-бірте көптің мүддесі үшін үлкен əлеуметтік күреске айналады. Міне, сондықтан да поэма жөнінде пікір айтқан сыншы М. Қаратаев «ақын ел өмірі мен жеке тағдырды ұштастырып суреттеуге композициялық кілт тапқандығын» атап көрсетіп, «Жесір тағдыры» – қазақ поэзиясындағы ең байсалды эпикалық шығарманың бірі» – деп бағалады. Осы əділ бағаға біз де қол қоямыз. Ақынның əдемі жоспарлап, кең ойланған образының бірі – коммунист Ораз бейнесі. Бала кезінде ауылдағы қиянаттан қашып қалаға кетіп, сонда сауатын ашып, Коммунистік партияның мүшесі болып қайта оралған Ораз ауылда советтік идеяны тарату, байлардың озбырлығына тойтарыс беру, кедей-кепшіктің күштіге кеткен есесін əперу сияқты қыруар жұмыс істейді. Ақырында ірі байларды конфискелеу кезінде Теке қаласына барып келе жатқан сапарында революцияның жар астын тасалаған Жабас сияқты жасырын жауларының қолынаи қаза табады. Ораз жайын ақын былайша баяндайды: «Бала боп кетіп даладан, Дана боп елге оралды. Құдайын тауып қаладан Алғандай ақыл, жоралғы». Ол жылдары ауыл өмірінің ауыртпалығынан арып-талған қазақ жастарының ішінде тіршілік қамымен қаражат іздеп қалаға, «орыс арасына» кету жиі кездесетін жай еді. Олардың көбі ауылдағы жеңгежелеңдеріне айна-тарақ сияқты «сый-сияпат» алып келген əншейін ғана «пысық бозбала» боп қайтатын да, ал бағзы біреулері шынында да осы Ораз сияқты сауатын ашып, көкірек көзін оятып оралатын. Ойланған дəрежеде Ораз бейнесі, сөз жоқ, шығып тұр. Бірақ бұл образда, шынын айту керек, жаңалық жоқ. Өйткені, қаладан революцпялық іске төселіп қайтқан осы алуандас бейнелер бірқатар прозалық шығармаларда да, кейбір поэтикалық шығармаларда да бұрыннан бар болатын. Демек, ақын Ораз бейнесін «бала боп кетіп, дана боп оралғаннан» басқа аршынды əрекетке, шырқау биікке шығарып əкете алмаған. Сөйтіп бұл образ əдебиетімізде бұрыннан бар тұлғалардың деңгейінде қалып қойған. Тағы бір айта кететін мəселе – жалпы соңғы жылдары жазылып жүрген бірсыпыра поэмаларға тəн сөз-бұйда шұбалаңқылық сияқты ортақ кінəраттан Жұбан поэмасы да бойын аулақ сала алмапты. Əсіресе, Шеген жерінің көріксіз, сұрқай, жүдеу суретінің алғашқы тарауларда əралуан жолдармен қайталанып келуі бар болса, «Дүбірлі көктем» атты соңғы тарауды да едəуір ықшамдауға болатын тəрізді. Мəселен, Айшаның «келімсек сері қарт ақынмен» қақтығысып

қалатын эпизодтың оқиғаға ешқандай қатысы жоқ, қайта поэманың өте ұтымды құрылған композициялық тұтастығына сəл нұқсан келтіріп тұр дер едік. Жұбан қаламы төселіп, өлең техникасын еркін меңгерген ақындарымыздың бірі. Сондықтан да болар, онда жаңсақ ұйқас, жартылай түсінік дегендер ілуде біреу болмаса, кездеспейді. Тек өзіміз айтылатын пікірге дəл келе бермейді-ау деп тапқан бірекі ғана мысал келтірейік: «...Дəу шегір көзі аспанның Күшіне сірə толмаған» (14 бет). «Сүлдеміз сүйек, құр сіңір Таңдайға тартқан сұр сиыр...». (19 бет). «...Түндіктен тіп-тік асылып, Бір қарап өтті ай соқыр» (23 бет). Осындағы аспан көзінің күшіне толмауы, айдың соқырлығы, сиырдың сұр түсі – сəтті шыққан суреттеулер емес қой дейміз. Біздің топшылауымызша, Жұбан шағын өлеңнің шебері емес, поэзиядағы эпикалық жанрдың ақыны. Оның бұрын жазған «Нұрлы жол», «Жыр туралы жыр», «Қиял қанаты» сияқты поэмалары кезінде жұртшылықтың ықласы ауған, əлі күнге дейін поэзиямыздың сəтті туындыларының санатында аталып келе жатқан поэмалар еді. Бірді-екілі кемшілігіне қарамастан, сөз болып отырған поэма да біздің жоғарыдағы пікірімізді дəлелдей түседі ғой деп ойлаймыз. Қазір қаламы бабына келген жүйріктен жүгіріспен тұрған ақынның алар асу, шығар биігі осы ғана деу қате болар еді. Поэма сияқты ірі де жауапты жанрда жақсы үлгі танытқан ақынды алда талай жаңа биіктен күтетіндігімізді ескертіп өтсек дейміз. 1962. СЫН ДЕСТЕСІ ПАРТИЯЛЫҚ ПРИНЦИПШІЛ СЫН ҮШІН Коммунистік партияның күнбе-күнгі практикалық қызметі оның əдебиетіміз бен өнерімізді өркендету жөніндегі мейірбан ыстық ықласы мен əкелік қалтқысыз қамқорлығын, елімізде тарихи XX– XXII съездерден кейін туған заман тынысын айқын танытып отыр. Партия өнер мен əдебиет қызметкерлеріне халық алдында өтейтін парызын, сол парызды бұлталаң-бұлтақсыз, қалтарыссыз-қалтқысыз, адал өтеудің сара жолын əрқашан нұсқап, көрсетіп беріп келеді. Партия біздің еліміз де əдебиет пен өнер қайраткерлері сəулетті коммунизм сарайын қалап жатқан қаһарман халықтың еңбекшіл ұлы коллективтің мүшелері, жауынгер тобы екендігін, сондықтан да ол бұл ұлы құрылысқа өз кірпішімен жəне кірпіш болғанда ең сапалы кірпішпен ғана бару қажеттігін, мұның өзі, түптеп келгенде, партиялық принциптік мəселе екендігін сан рет атап көрсетті. Партия бізге принцип дегеннің мəні əр адамның өз басынан шыққан ойларын эгоистікпен қорғаштауы емес, қайта сол ойлардың бəрінің де бір ортақ мүддеге, елімізде коммунизм орнату мүддесіне, марксизм-ленинизм идеясына қызмет етуінің қажеттілігі, қоғамдық мүдденің біріншілігі мен беріктігі екенін түсіндіріп берді. Партиямыздың əдебиет пен өнердің дамуына деген шексіз қамқорлығы өздерін сезімнің, əсердің, интеллектінің адамдарымыз деп санайтын творчсство қауымының əрбір мүшесінің жүрегіне жылылық шұғыласын құятындығы сөзсіз. Принципшіл сынның небір айқын мысалын біз партияның бүкіл тарихынан, күнбе-күнгі практикалық қызметінен көріп келе жатқандығымыз белгілі. Ешқандай бет-бедел, атақ, аброй, даңқ-дабыра дегенге қараман бұлтарыссыз-бүкпесіз батыл сынау, жоғарыда аталған қоғамдық ортақ мүдденің тұрғысынан сынау үлгісін партиямыздың пленумдары мен съездерінің барлық документтерінен ерекше айқын көріп отырмыз. Партиялық сын – əділ сын, ал əділ сын қашан да принципшіл. Міне, бұл біздің əдеби сынымыздағы бұлжымас ережеміз, басшылыққа алар қағидамыз болуға тиіс. Қашан да, қандай мəселеде де партиямыздың қолындағы қуатты кұралы болып келе жатқан сын мен өзара сынды қоғамдық дамудың

қозғаушы күштерінің бірі деп санайтындығымыз да, түптеп келгенде, оның осы принципшіл берік позициясы мен əділдігінде. Демек, əдеби шаруашылығымыздың жай-жапсары сөз болғанда біз əрқашанда мəселеге осы тұрғыдан қарауға тиіспіз. Тек 1962 жылдың өзінде ғана сын мен əдебиеттану гылымын қоса есептегенде жеті-сегіз кітап дүниеге келіпті. Мұның ішінде Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасынан шыққандары да, көркем əдебиет баспасынан шыққандары да бар. Олар: Есмағамбет Ысмайыловтың «Жаңа белеске», Айқын Нұрқатовтың «Идея жəне образ», Қалжан Нұрмахановтың «Дəстүрлі достық», Мүсілім Базарбаевтың «Тамаша дəстүрлер» атты мақалалар жинағы мен Тұрсынбек Кəкішевтің «Октябрь өркені», Мырзабек Дүйсеновтың «Əдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі», Серік Қирабаевтың «Сəкен Сейфуллин» атты монографиялық еңбектсрі т. б. Сонымен қатар əдебиетіміздің жауынгер сын саласына белсене араласқаны үшін М. Қаратаев, Р. Бердібаев, Қ. Нұрмаханов, Ə. Кекілбаев, Қадыр Мырзалиев, З. Серікқалиев, А. Сүлейменов т. б. бір топ жолдастарды өткен жылғы сыншылар есімдерінен ерекше атай аламыз. Бір жыл үшін аталған кітаптардың саны азшылық етіп тұрған жоқ. Əрине, бұлардың бəріне жеке-жеке тоқтап, жетістік-кемшілігін ортаға салып жатуға уақыт жетпес еді. Бұл жинақтарға енген мақалалардың бəрі де аталған авторлардың əр тұста жазып, баспасөзде жариялаған, кезінде жұртшылықтан өз бағасын алып, пікірлер тудырған мақалалар. Бірақ бəріне ортақ бір жақсы нышанды атап еткен жөн. Авторлар жазған дүниелерінің бəрін тықпаламай, кітаптарына белгілі бір тақырыптық бағыт-бағдар беруге тырысыпты. Бұл өте ұтымды қасиет деп қарауымыз керек. Мəселен, Есмағамбст Ысмайыловтың жинағы партиямыздың тарихи XXII съезінің шешімдері мен Программадан туатын міндеттер негізінде əдебиетіміздің əр алуан проблемалық мəселелеріне көбірек көңіл бөлсе, Айқын Нұрқатов кітабының денін қазақ əдебиетінің проза саласындағы жетістік-кемшіліктерін сөз етуге құрыпты. Ал Қалжан Нұрмахановтың жинағы орыс, украин əдебиеттеріндегі қазақ тақырыбына, бұл əдебиеттердің достығына жəне қазақ əдебиеті шығармаларының орыс тіліндегі кейбір аудармаларына арналған мақалалар циклынан құралыпты. Туысқан əдебиеттердің байланыстарын салыстыра зерттеу мəселесі əлі күнге дейін кенже қалып келе жатқандығын ескерсек, автордың сөз болып отырған жинағының едəуір елеулі еңбек екендігін мойындаймыз. Сол сияқты жоғарыда айтылған ғылыми еңбектер де туған əдебиетіміздің əр алуан проблемаларының төңірегінде жан-жақты зерттей отырып, байсалды пікірлер айтқан, əдебиет тарихын зерттеу ісіне белгілі дəрежеде үлес қосқан шығармалар. Осы тұрғыдан, əсіресе, Тұрсынбек Кəкішевтің «Октябрь өркені» атты кітабы жөнінде бірер сөз айта кеткен орынды. Бұл кітап ең алдымен оқушыны қазақ əдебиетінің қалыптасу жылдарының ерекшеліктерімен, əдебиеттегі социалистік платформаның таптық күресте жеңіп шығу процесімен, сондай-ақ көпшілігіміз, əсіресе кейінгі буын əдебиетшілері біле бермейтін 20 жылдардың орасан бай архив қазыналарымен таныстырады. Əлгіндей мол материалдарға сүйене отырып, автор Мұхтар Əуезов творчествосының алғашқы кезеңін танып білу, бағалау т.б. бірқатар проблемалар жайында батыл мəселе көтеріп, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салады. Мүсілім Базарбаевтың «Тамаша дəстүрлер» деп аталатын кітабында қазақ ақын-жазушыларының жаңа тақырыпты игеру, өмірдің өзекті мəселелерін, ұлы өзгерістерді жырлау жолында жасаған алғашқы қадамдары, дəстүр мен жанашылдық жайында бірқатар проблемалық мəселелер көтеріледі. Əсіресе, автордың социалистік реализм проблемаларының бірі ретінде ұлттық форманы, ұлттық түрді тек қана ұлттық тілдің шеңберімен түсіндіру жеткіліксіз екендігі, мұның өзі аса маңызды проблеманы тар көлеммен шектеушілік болып табылатындығы жайындағы ойлары əдебиетшілер жұртшылығының пікір алысуларына мұрындық болатын құнды пікірлер. Автор өз пікірлері мен теориялык тұжырымдарын мүмкіндігінне қазақ əдебиетінің мысалдарымен дəлелдеп отыруға тырысыпты. Біздің əдебиеттану ғылымымызда теориялық мəселелер жайында жазылған еңбектер жоқтың қасы, əйтпесе саусақпен санарлықтай аз деуге болады. Демек, бұл мəселедегі тапшылықты ескерсек, ғалым Мырзабек Дүйсеновтың «Əдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі» жайындағы кітабын сол салада жасалған алғашқы батыл қадамдардың бірі деп қарау қажет. Əрине, автордың теориялық тұжырымдары, жеке шығармалар мен кейіпкерлер жайындағы пікірлері жөнінде пікір таластыруға бола жатар. Бұл өз алдына мəселе. Бірақ бұл еңбек те мəселе көтеру, күн тəртібіне проблема қою жөнінен құптауға, қуаттауға болатын еңбек. Сондай-ақ филология ғылымының докторы Серік Қирабаевтың «Сəкен Сейфуллин» атты монографиясы жайында баспасөз бет-

терінде көптеген пікірлер айтылды. Жекелеген кемшіліктерін былай қойғанда, бұл еңбек революционер ақынның творчествосына жан-жақты талдау жасап, ғылыми пікір айтуға талаптанған алғашқы еңбектердің бірі екенін ескеруге тиіспіз. Өткен 1962 жылы жарияланған əдебиеттің ағымдағы сын материалдары да сан жағынан аз емес. Бір ғана «Жұлдыз» журналының бетінде «Əдебиет мəселелері», «Сын жəне библиография» деген рубрикамен 44 материал, ал кітаптарға шолу жасаған 26 материал жарияланыпты. Біз журналдың съезд алдында жазушыларға трибуна беріп, пікірлерін айту үшін арнайы ашқан «Əркімнің бір ойы бар» деген рубрикада жарияланған материалдарды бұған қосып отырғанымыз жоқ. Көріп отырсыздар, сын мақалалардың жариялануы жанынан бұл аса бір өнікті жыл болды. Мұның ішінде де байсалды пікір, баянды болжам айтқан, пікірлері дəлелді, көптеген тұжырымдары талас туғызбайтын, жақсы жазылған мақалалар аз емес. Осындай мақалалардың қатарында Ғафу Қайырбековтың «Жыл əкелген жырлар», Сағынғали Сейітовтың «Алуан мəселелер арасынан», Қажықұмар Қуандықовтың «М. Əуезов жəне қазақ театры», Асқар Сүлейменовтың «Жас прозаиктер жəне жастар образы», Əбу Сəрсенбаевтың «Кіршіксіз жандардың көңіл күйі», Мұхаметжан Қаратаевтың «Жыл жемісі», Есмағамбет Ысмайыловтың «Партиялық талап тұрғысынан», Ə. Кекілбаевтың «Өзіміз жайлы ойласақ», Əбіраш Жəмішевтің «Кезеңдер кестесі» т. б. атауға болар еді. Əрине, мақтауға тұрарлық сын материалдарды тізе берсек, тым ұзаққа кетіп қалуы мүмкін. Əрбір газеттер мен журналдарда басылған барлық сын мақалаларды түгел қамтып, талдап пікір айтудың жайы əлгі аталған кітаптардан да қиынға түседі. Жəне мəселені дұрыс көтеріп, дұрыс талдаған мақалалардың дұрыстығын тағы да қайталап, далелдеп жатудың қажеті болмас та. Сондықтан бұл мақалада жалпы сынға қатысты ортақ мəселелерге жəне кейбір жұрт назарын аударған пікір таластарына ғана тоқтамақпыз. Баспасөз бетінде пікір айтқан жолдастардың көпшілігі сынға соқпай өтпейді. Солардың пікірлерін қорыта келсеңіз, мыналарға саяды: Бірқатар жолдастар «сында сыңаржақтық басым», «достық пейіл аз» деген өкпе білдіреді. Жазушы Өтебай Қанахин «Жұлдыз» журналының 1962 жылғы 4-номерінде жарияланған «Шындық жəне сыншы» деген шағын ғана мақаласын түгел дерлік сын мəселесіне арнапты. Мұнда автор мақалалардың көбінесе заказбен жазылатынын, оқушы пікірлерінің ескеріле бермейтіндігін т. б. бірқатар дұрыс пікірлер айта отырып, сөз соңында былай дейді: «Осы күнге дейін арыла алмай келе жатқан бір қырсығымыз – əдебист сынында пікір айту орнына үкім айту басым», сыннан «күзгі қара суықтай ызғар еседі де тұрады», атап айтқанда, «əпербақан ұр да жық сын» көп, сондықтан «біз əлі сынды мұқату деп түсінуден айыға алмай келеміз». Біз сез болып отырған бір жылда жарық көрген барлық сын материалдарды қайта қарап шықтық та, Өтебайдың бұл пікірі неден туды екен деген сауалдың жауабын іздестірдік. Сонда біз жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Қазақ əдебиеті» газетінің 1962 жылғы 2 февраль күнгі санында жарияланған «Шындықты бетке айтайық» деген мақаласына назар аудардық. Шынын айтсақ, Бердібек мақаласында Сансызбай-дың көптеген кемшіліктерін əділ де, батыл сынайды. Бірақ пəлен кітабын жариялап, пəлен жыл бойына республикалық журналистикаға еңбек сіңіріп келген бір жазушыға балалар əдебиеті деп аталатын бір майданда қызметті бірге істеп жүрген қаламдас серіктесінің бас жоқ, аяқ жоқ, сен қалам қызметін қой дегендей сыңай білдіруі жарасып тұрған жоқ. Жəне Сансызбайдың он бес жыл бойы жазғанынан іліп алар ештеңе таба алмау да бұлтты күні қара көзілдірік киіп алғандай əсер қалдырады. «Қазақ əдебиеті» газетінің 1961 жылғы 18 август күнгі санында сыншы Зейнолла Серікқалиевтің «Ойсыз өлең жоқ» деген мақаласы жарияланды. Жас сыншы біздің кейбір өлеңдеріміздің сырты жылтырап, бір қараған көзге сұлу көрінгенмен, ішінде ой аз болатынын, мұның өзі ойлануды қажет ететін үлкен олқылық екенін дұрыс көрсетті. Жасыратыны жоқ, сыншының айтып отырғанының жаны бар. Бізде шынында да циркте клоундар көтеретін картоннан жасаған гир сияқты сырты бүтін, бірақ ішінде ой, мазмұн, мағына жоқ өлеңдер толып жатыр. Өлеңде ой болмаса, сұлулықтың жылуы да болмайды. Газетке мақала шыққанда сыншының көтеріи отырған көңіл аударарлық мəселесінің төңірегінде ақындар, сыншылар, оқушы жұртшылық болып пікір алысатын шығар деген үміт бəрімізде де болды. Бірақ текке күтіппіз. Көп кешікпей-ақ сол газеттің 25 август күнгі санында ақын Аманжол Шəмкеновтің «Жан серігің болса сын» деген жауап мақаласы жарияланды. Ақын мұнда сыншының қаламына ілігіп кеткен бір-екі нашар өлеңін қорғаштап, аттан салды. Мəселе мынада: газетте жарияланған Зейнолла Серікқалиевтің мақаласының жартысы ғана еді. Қандай құдірет күштің араласқанын

кім білсін, əйтеуір редакция мақаланың екінші жарымын жариялау жөніндегі алғашқы уəдесінен бас тартып, оның орнына жарты мақалаға қарсы дау айтқызды. Əрине, аяқталмаған мақаладағы кейбір дүдəмал жайлар сын семсеріне ілінген ақынның реніш білдіруіне себеп болды. Сонымен, редакция қызметкерлеріне барып, ары айтысып, бері айтысып сөзін өткізе алмаған сыншы «Жұлдыз» журналының 1962 жылғы 1 номерінде поэзия жəне оның сыны жайында «Өмірлі өлең үшін» деген мақала жариялап, бұрынғы мақаласындағы пікірлерін сабақтастыра отырып, Аманжол Шəмкеновпен тағы да таласқа түсті. Алайда бұл сапарда сыншы өзінің алғашқы дəрежесінен табылмады. Неге? Əңгіме соңғы мақаласының аргументінің немесс тұжырымдарының төмендігінен емес, бірқатар жағдайда өз оппоненттерімен есеп айырысуға кеткендігінен. «Жұлдыз» журналының 1962 жылғы 10 номерінде жарияланған Рамазан Тоқтаровтың «Қара сөздің құдіреті» деген мақаласын жоғарыда біз тəуір материалдардың қатарында атап өттік. Бірақ бұл мақала да кемшіліксіз емес. Сыншының пікірлерінде қайшылық көп. Мəселен, сыншы Əбдіжəміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романының 1-кітабы жайында былай дейді: «Романда тап тартысы жақсы шыққан. Тіпті, айта берсеңіз, қазақ кедейінің ауыр тұрмысын осы кітаптан ғана анық танығандаймыз. Арқадан суық тер шығаратын, əйелді ерге, ерді жерге қарататын шын кемтарлык, жұпынылық жайы бар. Даладағы тағылық, жан түршігерлік жыртқыштық бар. Бұл кітапта революция рухы бар». Əрине, сыншының: «Қазақ кедейінің ауыр тұрмысын тек осы кітаптан ғана анық танығандаймыз»,– деген тұжырымымен келісуге болмас. Сонау «Сұлушаштан» бері «Өмір мектебіндегі» өмірдің зарлы күйі гөй-гөйіне басып жүріп, арасы алшақ екі ауылдың арасында үсіп өлген Самайке жайы, «Оянған елкедегі» тұрмыс тапшылығынан миғұла боп кеткендей, қазақ ауылының бүкіл мүсəпірлік қалпын өз бастарына жинап алған Талтаяқ пен Тілеуке жайы т. б. толып жатқан шығармалардағы эпизодтар сыншының бұл пікірімен таласуға дəлел бола алады. Ал «Абай жолы» эпопеясындағы қараша ауылдар халінің шынайы картиналары, жұт болған жылдардағы тапшылық өмірдің талқысы, лыпа жоқ қырық тесік, тоқсан шоқпыт құрым үйден азынап соққан өкпек желдің суреттелуінен окушының өз өкпесіне суық тиетіндей əсер алатынымыз бəріңізге аян. Əңгіме мұнда да емес. Сыншы əлгі айтқан пікіріне ілесе былай дейді: «Бізді толғандыратын мəселе – осы кітапта тап тартысы, балықшылар өмірінің егжей-тегжейі деген желеулер болғанмен, шығармадағы қат-қабат оқиғаларды мұрнынан тізіп, қыл жіппен тартып тұрғандай бір өзек, салиқалы тың ой əзір болмай, байқалмай жаткан сияқты. Ауылдағы тап тартысын, қалың бұқараның ауырсына азап шеккенін ғана жазу қазір жаңалық емес» деп келіп, пікірін «бұл кітапта Жасағанберген ғана: «Келешек кедейлердікі, оны да ойлау керек» деген бір сөзді төбеге ұрғандай айтып қалады да, сонымен тынады» деп қорытады. Ендеше «Қан мен тердегі» Арал балықшылары неге мұнша өнерсіз жадау көрінеді?» деп сұрау да қояды. Көріп отырсыздар, сыншы өз пікіріне өзі қайшы шығып отыр. Соңғы пікірге сенсек, тап тартысы, балықшылар өмірінін егжейтегжейі дегеніміз желеу боп шықса, «шығармадағы қат-қабат оқиғаларды... қыл жіппен тартып тұрғандай өзек, салиқалы тың ой» болмаса, «Арал балықшылары өнерсіз жадау» көрінсе, онда əлгінде ғана айтып өткен «тап тартысы жақсы», «революциялық рух» деп отырғанымыздан не қалады? Осында сыншының бір пікіріне қосылуға əбден болады. Шығармада жоқшылық, жүдеулік, Тоқтаровша айтқанда, «шын кемтарлық, жұпынылық жайы» бірінің артынан бірі ілесе келіп, тым қазымырлана, қазбалана суреттеледі. Шығарма толы жоқшылық қайта-қайта жүрек шымшиды, əр эпизодты оқыған сайын көңілің сыздап сала береді. Əлде не эстетикалық əсеріңді зілдей басып, еңсеңді көтертпейді. Ал кейде мұның өзі авторды натуралдық суретке сүйреп кетуі де мүмкін ғой. Əрине мұны шығарманың міні деп таныған жөн. Қанша дəмді болса да, бір тамақты қайта-қайта жей берсең, тез жерисің. Қаншама жұпыны, жоқшылық өмір болғанмен, сондағы кейіпкерлердің серпілер, көңіл кетерер, тіпті сауық құрар шақтары да болады ғой. Міне, оқушы көңілін бір өңкей мұңға батырар емес, осындай серпілте көтеретін, сəулеге ұмтылдырар сəттерді де аракідік оцгіме қып отырса, қандай ұтымды болар еді деп ойлаймыз. Бұл жөнінен «Абай жолы» эпопеясында не бір ғаламат үлгілср бар емес пе? Сыншының жазушы Зейін Шашкиннің «Теміртау» романының тілі, көркемдік сапасы, ондағы стилистикалық олқылықтар жайындағы көптеген ескертпелерімен де келісуге болады. Бұл роман жөнінде осы уақытқа дейін сын жазып, пікір айтқандарымыздың көбіміз романды бірыңғай идеялық-тақырыптық талдау жағына

көңіл бөліппіз де, ал көркемдік шеберлік, тіл мəселелеріне назар аудара бермеген сияқтымыз. Сыншы көзі бұл олқылықты дұрыс байқаған. Романның тіл көркемдігіндегі бірқатар кінəраттарға «Жұлдыз» журналының бетінде замандастар тұлғасын жасау жайында мақала жариялаған жазушы Хамза Есенжанов та назар аударыпты. Романның тілінде көптеген кемшіліктің бар екенін жазушының өзіне жазған соңғы хатында марқұм Мұхтар Əуезов те ескертіп еді. Бірақ, тұтастай алғанда, жап-жақсы жазылған мақалада өзі пікір таластырып отырған əріптесі жайында ағат айтылған сөз тіркестері сын сыпайылығына нұқсан келтіріп тұрғандығын сыншының есіне сала кету теріс болмас. Сыншы негізінен құнды деп баға бере отырып, Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» повесіне де бір-қатар сындар айтыпты. Əрине, біз сыншымен бұл жөнінде біраз пікір таластырар едік, бірақ тақырыптан шығып кете беруге мақаланың көлемі мүмкіндік бере бермейді. Алайда, сынымыздың өсу-даму бағытын белгілейтін құбылыс бұл болмаса керек. Бір кезде сынау орнына ат қойып, айдар тағып айыптау, дəлелдеу орнына тілдеу сияқты кеселді кінəраттан құтылып, сын мəдениеті анағұрлым артып келе жатқандығын атап айтуымыз керек. Бұл, жалпы сын пікірлеріміздің дамуының соңғы жылдардағы басты табысы десек, артық болмайды. Сын жайында пікір білдірген жолдастардың енді бір тобы, керісінше, сында жалтақтық, көңіл жықпастық, бірыңғай мадақтау басым дегенді айтады. Сыншы Қаратай Құттыбаев «Жұлдыз» журналының 1962 жылғы номерінде жарияланған «Ойға оралған мəселе» деген мақаласында: «бірімізді екіншіміз мадақтауға əбден етіміз үйреніп алды. Ақын ақынды, жазушы жазушыны мақтаса, сыншы бəрін де мақтайды»,– деп жазды. Сын жалтақ, ымырашыл деген пікірлер ақын Сырбай Мəуленовтің, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың осы журналда жарияланған мақалаларында да бой көрсетеді. Бұл айтылған пікірлердің белгілі дəрежеде шындығы да жоқ емес. Біздің сынымызда асыра мақтау, автордың басына тəж кигізе дəріптеу жиі кездеседі. Баспасөз беттерінде жарияланып жүрген рецензияларға көз жіберсеңіз, сапасы нашар жинақ некен-саяқ сияқты, жəне, атап айту керек, рецензиялардың көпшілігі инкубатордан шыққан балапан немесе фабрикадан шыққан сериялы зат сияқты жаппай мақтап, ең соңында ғана бір-екі сөзбен кемшілік айтқансиды. Іле-шала «е, ондай-ондай кемшілік болады ғой, оқасы жоқ», – деп тағы да жуып-шайып, мақаланы аяқтайды. Кейде бір нəрсеге беріле, құлай жазудың салдарынан шамадан тыс мақтауға бой ұрып кететін кездер де кездеседі. «Қазақ əдебиеті» газетінің 1962 жылғы 5 октябрь күнгі номерінде жас сыншы Əбіш Кекілбаевтың «Алғашқы адым» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақаласында сыншы жас ақын Жұмекен Нəжімеденовтің өлеңдеріне тоқталып, ондағы жақсылық сипаттарды негізінен дұрыс көрсете тұра, кейде шамадан тыс бас шайқап, таңдай қағып, таңырқай беріпті. «Бұл Жұмекен поэзиясының əлемі. Ол жалт-жұлт еткен жалтылдақ əлем емес, теңселіп, тебіреніп тұрған ойлы əлем. Жапырағына жел шаңыттың тозаңын жиып, мүлгіп тұрған тұнжыр əлем де емес. Сілкініп, жаңғырығып, түлеп тұрған құлпырма ерке əлем. Оның аясында əсем сурет те, əдемі əуез де, көңілге талап-ой тудырар сырлары да баршылық». Бұдан əрі сыншы асырыңқырап жібергеніне өзі де сəл қысылған-ау деймін: «Екі жұқа кітабын ұсынып, оқушы қауымның ықылас-ілтипатын енді ғана иеленген жас ақынның творчествосын бүкіл бір əлемге теңістіргеніміз ерсі емес пе?» – деп сұрау береді де, «Жоқ, ерсі емес» деп кесіп жауап береді. – Неге ерсі емес?– деп сұрау берсеңіз, сыншының жауабы тағы да дайын тұр. «Жұмекен – суретші ақын,– дейді сыншы. – Оның суреті он сегізге енді ғана шығып, құлпырып тұрған бойжеткеннің дірілдеп, бұлқынып тұратын көкірегіндей тірі сурет. Онда қақшиып қалған, омалып қалған ештеңе жоқ. Ылғи көшіп, сусып, жылжып, төгіліп, тербеліп, тебіреніп, жайқалып, лүпілдеп, үлбіреп, ырғалып, шайқалып, сусылдап, солықтап, аунап, дөңбекшіп жатқан көріністер. Суреттері бояулы, ажарлы болуымен қоса ойлы, сырлы». Көріп отырсыздар, Жұмекен екі жинақта дүниедегі қозғалыс, қимыл атаулыны түгел игеріп біткен екен, енді жас ақынға не қалды? Ізденудің, өсудің не қажеті бар? Бəрін игеріп біткен ақынға «Өс, ізден» деп біз қалай айтамыз? Жұмекен енді екі аяғын кереуеттің басына айқастырып салып қойып алшысынан түсіп жатса да болмай ма? Жоқ, Жұмекенге істейтін, ізденетін шаруа əлі көп. Ол қазір қарақшыдан жақсы аттанды, көмбеге жетуге көп дүние керек. Бұл жөнінен «Қазақ əдебиеті» газетінің сол жылғы 1 июньдегі номерінде «Кішкене кітап туралы» деген мақаласын жариялаған Дүкенбай Досжановтың: «Жұмекен жақсы ақын. Жақсы ақынға мақтау емес, талдау керек. Өлеңдерінің көбі əуенді, əсерлі болғанмен, оқушыны жалықтырып та алады. Дүрліккен дүниеге ұшқыр қиял, ащы дауыспен

жауап беру аз. Көбіне туған жердің рақатына батып, кейде азынаулақ мұңайып қойып, жырлай беретін жалқаулық, селсоқтық та бой көрсетіп қалады. Өмірлі ақынға өмірлі тақырып керек» деген пікірін қуаттау орынды сияқты. Досжановтың осы айтып отырғандарының төңірегінде ойлану ақынға да зиян болмас. Жұмекеннің өлеңді ала-құла жазатындығын, заманымыздың өскелең рухына лайық ірі тақырыптарға батыл бара алмай жүргендігін «Лениншіл жас» газетінің 1962 жылғы 31 июнь күнгі номерінде жарияланған «Жол таппай жатқан қуат» деген мақаласында жас ақын Сабырқан Асанов та дұрыс байқапты. Шынында да советтік əдебиетіміздің асыл қазыналарының бəрі де ел өміріндегі қадау-қадау елеулі оқиғаларға, тарихи күрделі кезеңдерге, үлкен-үлкен тақырыптарға арналғандығы аян емес пе? Шын суреткер болу үшін, халыққа, Отанға адал қызмет ету үшін тақырыпты қайдағы бір кең-қоқыр, уақ-түйектің төңірегінен іздемей, коммунистік жарқын болашаққа жол салып жатқан еліміздегі өмір орнықтырғыштық маңызы бар күрделі де ірі тақырыптарға барудың қажеттілігін партия əрқашан еске салып келеді. Демек, өмірлі тақырыпқа, өмір орнықтырушы ірі тақырыпқа бару – бір Жұмекен емес, барлық ақын-жазушыларымыздың төл ісі болуға тиіс. Еруліге-қарулы дегендей, Əбіш Кекілбаевқа Жұмекен де қарыздар болып қалған жоқ. Кейіннен Жұмекен «Лениншіл жас» газетіне мақала жазып, онда қазақ əдебиетінде жақсы поэзия жасап жүрген шын мəніндегі ақын саусақпен санарлықтай аз, сол аздың бірі Əбіш Кекілбаев деді. Жоғарыда Əбіш асыра мақтау ерсі емес деді ғой. Мен өз басым мұны ерсі дер едім. Əрине, сыншы да, ақын да кезектесіп мақтап қалайық деген пікірде болмаған шығар. Бірақ авторлар солай ойласын, ойламасын, сырт қараған көзге: «Лежнев зарадуется» – «Он про Вешнева», Вешнев – «он про Лежнева» – деп Маяковский айтқандай, қолайсыз көрініп тұр. Осындай көтере мақтау Асқар Сүлейменовтың «Қазақ əдебиеті» газетінің 1962 жылғы 23 февраль күнгі номерінде жарияланған «Өлең – алаңдағы дүбір» деген мақаласында да жеткілікті көрінеді. Бұл мақаласында ол Ə. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романына зəредей шаң жуытпауға тырысып, кемшілік атаулының тұсынан көз жұмып өтсе керек. Шығарманы басынан аяғына дейін бірыңғай мақтап келеді де, автор «ол туралы əңгімелеу керек, көпті тыңдау керек» деп, кемшілікті айтуды келесі біреудің үлесіне қалдырып өте шығады. Романның бойындағы мін деп табатын жайымызды жоғарыда атап кеткендіктен, біз бұл жерде сыншымен пікір таластырып жатпай-ақ, тек сөз арасында, мақаланың тілі жөнінде бірер сөз айтпақпыз. Жалпы, Асқардың кейбір макалаларының тілі ауыр-ақ. Тіпті, əп-əдемі оп-оңай ұғымның өзін қайдағы бір қиыр-шиырға сүйреп əкетуге автор өте құмар. Бұл жөнінде «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде Ə. Рақымжанов, «Литературная газетада» Т. Əлімқұлов жолдастар жеткілікті айтып кеткендіктен, біз Асқардың аталған мақаласынан бір-екі ғана мысал келтірейік. Автор былай дейді: «Ə. Нұрпейісов... эффекті қуып, ситуацияны еріксіз сықпайды, жан-жағы кемерлеп қазылады, тереңнен үңгіп барып, табан тірер негізін нəзік қылдырықтағанша шешім ұсынуға тырыспайды»; «Романда конфликт ұсынылмайды, арық адамның маңдайындағы адырайған тамырдай бар бітім-пошымымен, көлеңке-сəулесімен, қия-кемерімен салған беттен көрінеді»; «Кітапта жай ұғымдағы маңдай сипар орынсыз пейзаж жоқ», немесе «тип мəселесіне автор қатты шүйліккенін танытты...», «романның негізгі образдары шын суреткерлік сезімге суарылған, үшкір жытылықпен кезігіп типтенген», т. б. Ал түсініп көріңіз. Қолына қалам алған творчество қызметкерінің қайсысы болса да, (ол қай жанрда жазса да мейлі) ең алдымен халыққа түсініктілік деген мəселе көкейде тұруға тиіс. Мұны ешқашанда ұмытуға болмайды. Біз қолымызға түсіп қалған бір-екі мысалды ғана келтірдік. Əңгіме түптеп келгенде жалпы көтере, шамадан тыс асыра мақтаудың кімге болса да, соның ішінде əсіресе болашағы зор жас ақын үшін зиянды екендігінде болып отыр. Əуелгі жинағын баспаға əкелгенде жібектей мінезімен келген талай ақынды білеміз; талқылау мəжілісінен шыққанда «Өзі бір қыздай жігіт» екен деп жүретініміз де болады. Сосын бір-екі жинағы сəтті шықса, кəрі-жасымыз болып «апогеясына жетті» деп жабыла мақтап, орбитаға шығарып аламыз да, кейіннен кемшілігін айта алмай, шерменде боламыз. Əу дегеннен артық мадақтауға, қошеметке құлағы үйренген ақын сын тыңдаудан қалады да, енді бірде қарасақ, манағы қыздай жігітіміз өркөкірек, менмен, кекшіл кексенің өзі болып шыға келеді. Бұған бірден-бір кінəлі – асыра мақтаған сын деп батыл айтуға болады. Соңғы уақытта сын көтерген күрделі мəселенің бірі – дəстүр мен жаңашылдык мəселесі. Бұл мəселе əдебиетші Əуелбек Қоңыратбаевтың «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Өлеңнің де

обалы бар» деген мақаласынан басталды. Артық-кемді пікірлерін ескермегенде, мақала мəселені принципінде дұрыс көтерді. Осы мақаланың төңірегіндегі айтыс көпке дейін созылып келді. Коммунистік партия біздің бейнелеу өнерімізде кейбір формалистік, абстракционистік ағымдарға белгілі дəрежеде жол беріліп келгендігін, жекелеген жағдайда осындай ауытқушылық көркем өнердің басқа салаларында да, əдебиетте де байқалып жүргендігін атап көрсетті. Біздің қазақ əдебиеті жағдайында «міне мынау формалист» деп желкесінен сүйреп экранға алып шығарғандай ешкімді атай алмаймыз. Алайда «Лениншіл жас» газетінің бетінде жарияланған Т. Ысмайловтың «Заман мен өлең» атты ұзақ толғауында «Жаңалық дегеннің жөні осы» деп, қазақ өлеңінің ғасырлар бойына халыққа қызмет етіп келген, əлі де қызмет атқарып отырған игі дəстүрлері мен сыннан өткен түрлеріне тіл тигізу сияқты теріс бағыт байқалды. Ж. Қыдыровтың «Түр туралы ойлансақ» деген мақаласы «Жаңаның аты жаңа, ескінің аты ескі» деп, екеуінің арасын бөліп тастап, Ысмайловтың өлеңіндегі теріс пікірді теориялық жағынан негіздемек болды. Жастар газетінің бұл ағаттығын бір бас мақаласында «Социалистік Қазақстан» газеті де атап көрсетті. Адалын айтқанда, Төлеужан Ысмайловтың, Кашаф Туғапбаевтың, Əли Мұсақановтың т. б. кейбір ақындардың қазақ өлеңіне акценттік өлең элементтерін енгізбек талаптарын жəне осы саладағы бұрынғы іздену ниеттерін құптауға болады. Бірақ Төлеужанның жаңалықты ежелгі өлең нормаларының бəрінің «басын жарып, көзін шығарып, аяғын сындырып, бел омыртқасын үзіп» деген сияқты, дəстүр атаулының бетіне түкіріп барып жасамақ болған ниеті ағаттық болған. Мұндай теріс тенденцияны сыншы Мұхаметжан Қаратаев «Қазақ əдебиеті» газетінің 1963 жылғы 25 январь күнгі номерінде жарияланған «Жаңалық па, жаңа былық па?» деген мақаласында қатал да болса, əділ сынаған. Ешқандай жаңалық тақырға шыға салмайды, өзінен бұрынғы көненің керекке жарайтынын пайдалану, соны дамытып, жақсарту, жетілдіру арқылы жасалады. Ең жаңа, оң революцияшыл марксизм ғылымының өзі де «Марксизмнің үш бұлағы, үш қайнар көзі» деп аталған өзінен бұрынғы қоғамдық ғылымдардың табыстарына сүйенгендігін біз тарихтан жақсы білеміз. Демек, əдебиеттегі жаңашылдық та игі дəстүрді бұзушы емес, сол дəстүрдің жалғасы болуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда түрге болсын, мазмұнға болсын, белгілі бір мезгілде енген жаңалықты халық қабылдап, əдебиеттің жан-тəніне, қанына мидай араласып, сіңіп кете алса, уақыт оза келе ол дəстүр қазынасына қосылып, дəстүрді байытатындығы, мəселен, өз тұсында қазақ өлең өлшеміне Абай енгізген жаңалық бүгінгі əдебиетіміз үшін игі дəстүр болып отырғандығы жайында Мүсілім Базарбаевтың пікірімен (аталған еңбектің 64–65 беттерін қараңыз) қосылуға əбден болады. «Шын мəніндегі жаңашылдық əр уақытта да оның қарсаңындағы көркемөнер тəжірибесінен шығып (туып – Б.С.) отырды, бұл тəжірибедегі барлық жақсылық, прогресшілдік атаулыны дамытты, оны жаңа сатыға көтерді. Шын мəніндегі жаңашылға ұлттық көркемөнер мəдениетінің озат дəстүрлерінен анархияшылдықпен бас тарту мүлде жат іс» – деп жазды «Правда» газеті өзінің 1962 жылғы 3 декабрьдегі бас мақаласында. Орыс поэзиясына зор жаңалықпен келген новатор ақын Вл. Маяковский Пушкинге арнаған атақты «Юбилейное» дейтін өлеңінде революция рухын жырлау үшін XIX ғасырдағы ямб көнерді дей тұра, ұлы ақынға: «əттең, тірі емессің, əйтпесе, бір өзіңе бүгінгі ақындардың елуін айырбастасам, есем кетті демес едім» дегені бəрімізге мəлім. Біздің дəстүрді менсінгісі келмейтін кейбір ақындарға Маяковский өлеңінің формасына түсінбей еліктегенше, оның əлгіндей əдептілік жайындағы лұғат сөзінен тағлым алу əлдеқайда пайдалы болар еді. М. Қаратаевтың жоғарыда аталған мақаласынан бағзы біреулер жаңалыққа, ізденушілікке қарсылық іздегісі келетіндей ыңғай танытады. Шынында бұл дұрыс емес. «Жаңа заманда жаңаша жырлау қажет дегенге кім қарсы болар еді?» деп, сыншы ізденудің, жаңалыққа ұмтылудың қажеттігін атап көрсетіпті. Сыншының таласы сол жаңашылдықты кейбір жастардың жоғарыдағыдай теріс түсінуінде болып отыр. Əрине, жаңа мазмұнды жаңаша жырлау үшін жаңа түр іздеу орынды да, қажет те. Бірақ тек түрді қажеттілік үшін емес, əншейін түр үшін іздеу, сөз жоқ, түршілдік (формалистік) ауруына соқтыратыны даусыз. Содан соң жаңашылдық дегенді біздің кейбір ақындарымыз буын санының ІІ-ден кем ия артықтығымен өлшегісі келеді. Бұл да түбірімен қате пікір. Біздің топшылауымызша, Мұхаметжан Қаратаевтың мақаласындағы мəселе тек Ысмайловтың өлеңі мен Қыдыровтың мақаласы ғана емес. Мұнда кейбір кеудесіне нан пісетін өркөкірек жастарды өзінен өзгені менсінбеу сияқты жаман мінезге бой ұрушылықтан

сақтандыру да бар. Шынына келгенде, не мақаласының, не өлеңінің ішінде «осыны сирек оқиды-ау» деген екі-үш жазушының атын кіргізіп, он сегіз мың ғаламның тілін білгендей сөйлейтін жастар жоқ емес. Жəне қазақ əдебиетіне өнеге етіп ұсынған есімдердің ішінде неге екені белгісіз, біздің жастарымыздың ауызына Пушкин мен Толстой немесе Горький мен Шолохов үлгілерінен бұрын Верхарн мен Бернс, Лорка мен Уйтмендер көбірек түсе береді. Əрине бұдан Батыстың немесе дүниежүзі прогресшіл жазушыларының озық үлгілерінен мысал келтірілмесін деген ұғым тумайды. Біздің айтарымыз тек соларды атау мақаладағы бір ойды, пікірді дəлелдеудің қажеттілігінен, мұқтаждығынан туып жатса деген тілек қана. Білімге құмарлық, сөз жоқ, жақсы қасиет, ал білгір атануға құмарлық, жалған білімдарлық жақсы қасиет емес. Еркіне салсаң, өмірдің басын өзінің туған күнімен өлшеп, ал əдебиет тарихын өзінің тұңғыш өлеңінен бастағысы келетін тенденция біздің кейбір жастарымыздың мінезқұлқында, сөйлеген сөздері мен мақалаларында қылаң беріп қап жүргені де ешкімге жасырын сыр емес. Тіпті, бағзы бір еріндердің емеурініне қарасаң, мəдениетіміздің тарихымен бірге жасасып келе жатқан кейбір ақын-жазушылардың жақсылығын олардың творчествосынан емес, солардың лауазымынан ғана іздегісі келетіндік пішін аңғарасың. Міне, мұндай тенденцияға, сөз жоқ, Н. Грибачевтің «Жоқ, олай емес, балалар» деген өлеңін ескертіп отыру артық болмайды. Міне, осы тұрғыдан Қаратаевтың мақаласын барынша қуаттауға болады. Партия біздің жастарымызды социалистік революцияны жасаған, социализм орнатқан, қолдарына қару алып, оны фашистік басқыншыларға қарсы қатал айқаста сақтап қалған, коммунистік қоғам құрылысын кеңінен өрістетуге материалдық жəне рухани алғы шарттар жасаған аға ұрпақтардың лайықты мұрагерлері болуға шақырады. Олай болса, творчестволық жастар арасындағы өзім білермендік теріс мінездер мен дандайсуға қарсы тойтарыс беріп отыру – əдебиет сынының келелі міндеттерінің бірі болуға тиіс. Біздің жастардың кейбіреуі «ағалар бізді оқымайды» деп ауызша да, баспасөз бетінде де өкпе білдіріп жүреді. Шынында да солай ма? Жоқ, тіпті де олай емес. Байқап отырсақ, соңғы жылдары жазылған мақалалардың көбі жастар творчествосына арналыпты. Бұған Жұмекен өлеңдеріне, Кекілбаевтың поэмасына, Тұрсынзада Есімжановтың, Мұқағали Мақатаевтың т. б. бірқатар ақындардың өлеңдері жайында баспасөз беттерінде айтылған жылы лебіздер айғақ бола алады. Сондай-ақ жас ақын Қадыр Мырзалиевтің творчествосына кең талдау жасап, Əбу мен Сырбай сияқты белгілі ақындарымыз «Жас та болса, жасамыс ақын» деп бағалап отырса, жас прозаик Жайсаңбек Молдағалиевтің тұңғыш повесіне Сəбиттей аға ықылас білдіріп, Қалихан Ысқақовтың тұңғыш шығармасына Зейнолла Қабдолов жылы лебізін жолдаса, ал Төлеужан мен Қыдыровтың шалыс басқан қадамын Мұхаметжан Қаратаев дұрыс жолға бұрса, мұның өзі жастарды жұрттың оқитындығының, оларға жанашырлықпен қарайтындығының белгісі-ау дейміз. Демек, жақсы шығарма мейлі жас жазсын, мейлі жасамыс жазсын, ешқашанда оқылмай қалмақ емес. Ал бір жинақ екі жинақ шығармай жатып, өзі жайында монография іздеушілік те жоғарыда біз айтқан өркөкіректік мінездің бір көрінісі. 1965 жылы «Лениншіл жас» газетінің 12 февраль күнгі номерінде жас ақын Сабырқан Асановтың «Біз ұқсаспыз ба» деген мақаласы жарияланды. Мақала авторы жас ақындардың өлеңдерінде ұқсастық көп, даралық қасиет, өзіндік ерекшелік аз деген пікірге қарсы шығады да: «Ал кей үлкендер ол пікірді неге айтып жүр? Оны айтқызған не?» деп сауал береді. «Себеп біреу, себеп – əдебиеттегі аға буын өкілдерінің кейбірі кейінгі жастардың шығармаларын оқымайды», «атымызды атасақ, фамилиямызды атасақ, атымызды сұрап есімізді шығаратыны бар» – деп жауап қайырады. «Ағаларымыздың біздің өлеңдерімізді сүйсініп болса да, сескеніп болса да бір оқитын кезі келеді ғой» – дейді автор. Мақалаға сенсек, творчестволық жастарды ілтипатқа алмай қырын қарайтын аға буын бір бөлек, ал əрқайсысы өз үні, дауысымен келсе де, еңбегі еленбей зəбір көріп жүрген жастар тобы бір бөлек сияқты. Шынында да солай ма? Жоқ, жағдай мүлде басқаша. Бізде ортақ бір мүддеге қызмет етіп, халқымыздың рухани қазынасын тізе қосып, бірге жасасып жатқан əр буынның берік ынтымақтасқан өкілдері бар. Бірінен бірі жігін ашып, бөлініп тұрған буын, бір-біріне қайшы келетін ұрпақ деген жоқ. Əдебиетіміздегі жастарға деген қамқорлықтың, жанашырлықтың бірнеше мысалын жаңа атап өттік. Демек, автордың бұл жердегі өкпесі орынсыз деп білеміз. 1962 жылы «Жұлдыз» журналының 12 номерінде Қадыр Мырзалиевтің «Білгенге – маржан, білмеске – арзан» деген келемді мақаласы жарияланды. Мақала түгелдей балалар əдебиетінің, əсіресе жас буынға арналған өлеңдердің жайын сөз етіп, онда орын алып келе жатқан көптеген кемшіліктерді дұрыс көрсетеді. Сондағы бас-

ты кемшіліктің бірі – ой жұтаңдығы. Біздің балаларға арналған кейбір өлеңдеріміз орыс ақындарының əлдеқашан айтып кеткен ойын, сюжет желісін қайталайтындығын айта келіп, украин ақыны Платон Вороньконың «Баспақ пен кірпі» деген өлеңін мысалға келтіріпті. Бұл өлеңде кірпіге таңырқаған баспақ жалап қалып, тілін қанатып алады. Шағын ғана өлеңде ақын «аузыңа сыйғанның бəрін сала берме» деген ой аңғартады. Ал дəл осы сюжет Сағатай Оңғарбаевтың «Кірпі мен мысық» атты өлеңінде қайталаныпты. Мұнда мысықтың тұмсығы ашып, табаны қанап қалады. Мен Қадырдың осы мысалына тағы бір ақынның өлеңін қосқым келеді. Қабікен Мұқышевтың «Кірпі мен Сұрмойнақ» деген өлеңінде əлгі айтылған баспақ пен мысықтың жайын күшік бастан кешіреді. Өлең: «Шыдамады бас салды, Міне қызық басталды. Аузын ашып аңқиып, Қалды отырып шоңқиып», – деп аяқталады. Сырт қараған көзге болмашы ғана көрінетін бір мысалға арнайы тоқтап отырған себебіміз осындай хал тек балаларға арналған өлеңдерде ғана емес, жалпы поэзиямызда ара кідік ұшыраса беретіндігінде болып отыр. Кейде бір өлеңді оқып шықсақ, əлдебір көз танысымыздай əсер етеді, бұрын да оқыған басқа бір ақынның өлеңінің не нағашысы, не жиені ме деп қаласың. Əдетте, оқылмайтын сұрқай өлең көбейіп кетті деп айта беретіндігіміз де, түптеп келгенде, осыдан ба дейміз. Поэзиядағы осындай жағдайға соға кейіп, ақын Ғафу Қайырбеков 1962 жылы «Жұлдыз» журналының 6 номерінде жарияланған «Жыл əкелген жырлар» атты мақаласында: «Ақындық, адалдық, қиянатсыздық, тазалық дегенде айтарымыз, бізде кейбір ұнамсыз жағдайлар, біріміздің тер төгіп тапқан дүниемізді тұрақтандырудың орнына екінші, тіпті оныншымыз қайталап, еткен еңбекті зая кетірушілік бар. Бір табылған сөздің құбылысын, теңеуді əр формада, əр сақта қайталау бар. Ол əдебиеттегі жатып ішерлікке, арамтамақтыққа апарып соғатын нəрсе», – деп жазды. Мұндай фактілердің кездесетіндігін соңғы бір мақаласында ақын Мұзафар Əлімбаев та атап кетті. Шынында да мұндай қайталаулар жиі кездеседі. Мəселен, мысал деген рубрикамен жарияланып жүрген көптеген өлеңдерді қарасаңыз, бірінде бұлақ пен өзсн, бірінде өзен мен көл айтысса, енді бірінде жазық пен дөңес, енді бірінде төбе мен тау айтысады. Əрине, барлығының ұсынатын идеясы да – əліңе қарай мақтан, шамаңа қарай шалқы деген бір-ақ қорытынды. Мысал өлеңдердегі осындай ой қайталаушылықтардың жиі кездесетіндігін жастар газетінде жарияланған бір мақаласында ақын Шəміл Мұхамеджанов та дұрыс көрсетті. Міне, əдебиетіміздегі мұндай ұнамсыз жайларды ашып көрсетіп отыру да əдебиеттің жауынгер сынының міндеті болуға тиіс. Тақырып сын жайында болғандықтан, сынның тағы бір саласы туралы бірер ауыз сөз айта кету қажет сияқты. Ол – кітап жарық көргенге дейінгі сын, яғни, шығарманың қолжазба күйінде талқылануы жайында. Шынын айту керек, бізде қолжазбаны талқылаудың атүсті асығыс ететін жайлары жиі болып келді. Əдетте, қолжазбаны екі, əрі кетсе үш адам оқиды да, жақсылығын айтып, пəлен характер, түген характер ойдағыдай шықпаған деп кемшілігін айтып, сосын «баспаға ұсынылсын, автор редактормен жұмыс істесін» дейтін арзан формулировкамен қаулы қабылданады. Ал характер шықпай жатса, қандай іскер редактор болса да, автор үшін характер жасап бермейтіндігі мүлде ескерілмейді. Талқылау мəселесіне бұрын Жазушылар одағының президиум мүшелері де оқта-текте ғана қатынасатын еді. Бір жақсысы – соңғы уақытта қолжазбаның талқылауларына президиум мүшелерінің батыл да жиі араласа бастағандығын барынша құптауымыз қажет. Əйтеуір, қалай болғанда да, «шалғайын көріп – шапан бар, теке мүйізін көріп – қой түгел» дей салатын «жауырды жаба тоқитын» талқылаудан біржола бас тартуымыз қажет. «Басы қатты болса, ақыры тəтті болар» дейді халық нақылы. Демек, ақын-жазушыға ең пайдалы сын – оның шығармасы жарыққа шықпай тұрғанда айтылатын сын. Солай болғандықтан, қолжазбаға айтылатын сын кейде тіпті барынша қатал болса дұрыс болар еді демекпіз. Сыншы ғалым Есмағамбет Ысмайылов 1962 жылы «Жұлдыз» журналының 4 номерінде жарияланған «Партиялық талап тұрғысынан» деген мақаласында «көркем шығармаларға деген талап пен талғамның əлсіреуін» атай келіп, «талап пен талғамды кім əлсіретті, Жазушылар одағы ма, газет, журнал, баспа орындары ма, сыншылар жұртшылығы ма? Оны іздеп жатпайық, əйтеуір осы хал ақиқат екендігіне ешкім таласа алмайды», – деп жазды. Бұл сауалдың жауабын сол мақаланың өзінде айтылған: «Əдебиет сыны көбінесе жалтаң, бұдырсыз, домалақ немесе тамыр-таныстық ыңғайындағы

қошеметшіл сынға айналып барады» деген пікірден іздеген жəн. Өйткені бір нəрсе аян. Егер талап пен талғам əлсіресе, ол үшін оқушылар жұртшылығы ешқандай да күнəлі емес. Бүгінгі оқушының талабы да, талғамы да күн санап өспесе, кеміген жоқ. Демек, талап пен талғамның əлсіреуіне сынның тікелей қатысы бар. Сын тамыртаныстық ыңғайына кеше бастаса-ақ болды, ол партиялық принциптен, жоғарыда айтылған қоғамдық мүддеден ауытқиды деген сөз. Осыдан келіп жалтақтық, жағымпаздық, қошеметшілдік сияқты келісімсіз жайлар етек алады. Біздің ойымызша, ақын Сырбай Мəуленовтың: «Партиялық принципті сынсыз əдебиетіміздің алға басуы мүмкін емес. Рас, жазушыларымыз сынды жақсы көре бермейді. Біреуге сын сырығы тиіп кетсе, «жəбірлі жан» қол жиып, топ құрап, өш алуға тырысады. Сын осындайдан жалтақ күйге түседі. Осыдан барып кейде ортақолды шығармалар дəріптеліп кетеді... Əділ сын болған жерде ғана əдебиетіміз құнарлы топырақта өскен бидайдай жайқалып өсе алады», («Жұлдыз», №5, 1962 ж., 145-бет) – деген пікірі əбден орынды. Сындағы асыра мақтау, қошеметшілдік жазушының сынға құлақ аспау, дандайсу сияқты жаман əдетке бой ұруына кұрық береді. Жасыратыны жоқ, бізде əлгіндей сын сырығы тиіп кетсе, Жазушылар одағының басшылығынан бастап əрі қарай араша іздеп жүгіретін жазушылар жоқ емес. Кейде тіпті əлі жарық көрмеген, редакцияның портфелінде жатқан сын мақаланы алдын ала біліп, күні бұрын байбалам салып, сол мақаланы шығармаудың қамында жүретін творчество адамдары да табылады. Көне заман қайраткерлерінің бірі Плутарх: «Мен пікірімнің бəрін қуаттап, бас изей берген досты ұнатпаймын, өйткені оны менің өз көлеңкем анағұрлым жақсы атқарады» – деген екен. Міне, біздің кейбір жазушыларда Плутархтың бойында болған осы қасиет жетіспейді. Біздің ақын-жазушыларымыз, əдетте, сыншыдан əділ сыннан гөрі қошемет пен құптауды көбірек күтіп жүреді, былайша айтқанда көлеңке болуға бейім тұрады. Сын пікірдің бəрі бірдей дұрыс деуге болмайды, онда да артық-кем айтылатын, кейде тіпті теріс түсінуден қате айтылатын тұжырымдар да болады. Бірақ қалай болғанда да сол сынның қатесімен таласып, ал дұрысын қабылдау, ол үшін ашуына тежеу салып, ақылына тізгін беру парасаттылығы біздің бірқатар ақын-жазушыларымыздың да, сыншыларымыздың да творчестволық этикасына əдет боп кіре алмай жүр. Əрине, бұдан жазушы мен сыншыны бір-біріне қарсы қою деген ұғым тумауы керек. Əдебиетсіз сын жоқ та, ал сынсыз əдебиет əлсіз. Демек, əңгіме халық алдындағы етер парызды, қасиетті борышты аброймен адал атқаруда болып отыр. Соңғы жылдары астананың əдебиетшілер қауымы «Əдеби жылдың қорытындысы» деп аталатын мəжіліске арнайы жиналып, белгілі бір шығармалардың төңірегінде пікір алысу мəселесін іс тəжірибесіне айналдырып отыр. Жылдан-жылға қалыптасып, дəстүрге ауысып бара жатқан осы мəжілістің алғашқы тəжірибелерінің өзінен-ақ іске септігі тиетінін аңғарып отырмыз. Демек, мұндай талқылаулардың ой туғызуға, пікір таластарын туғызуға пайдасы бар екендігі даусыз. Ал ақиқат пікір таласынан туатындығы – философияның уақыт сынынан өткен аксиомасы. Пікір таласы болған жерде біреу көрмегенді біреу көреді, біреудің артық-кем айтқанын біреу толықтырып, біреу теңестіреді. Осылайша келе-келе əдебиетіміздің белгілі бір шығармасы жайында математикалық ортақ бөлгіш болмағанмен, жұртшылық ден қоятындай ақиқатқа жақын белгілі бір пікір қалыптасады. Бұған осы күні өзіміз қалтқысыз танып, бағалап отырған «Ботакөз», «Абай жолы», «Оянған елке», «Дауылдан кейін», «Сұлушаш» сияқты т. б. көптеген туындыларымыздың тарихының өзі-ақ жеткілікті айғақ бола алады. Бұрынырақта біз сын жоқ деп жиі айтатын едік, соңғы кездерде біз сынның бар екенін мойындадық та, онда кездесетін олқылықтар мен кемшіліктер төңірегінде сөз қозғайтын болдық. Бұл да дұрыс. Өйткені біз асса əлемге, қалса Одақ жұртшылығына танылған əдебиетіміз бар деген пікірді əрқашан мақтаныш сезімімен айтамыз. Демек, өркен жайған үлкен əдебиетіміздің бар екенін мойындаудың өзі белгілі мөлшерде сол əдебиеттің өсуіне септігін, қолғабысын тигізген сынның да бар екендігін мойындау болып табылады. Өйткені əдебиет пен оның жауынгер сын саласын бірінен бірін бөліп, не қарама-қарсы қойып қарауға болмайды, бұл екеуі – бір даму процесінен туатын егіз кұбылыс. Былайша айтқанда əдебиет сыны көркем əдебиетке өгей бала емес, төлқозыдай егіздің сыңары. Əдебиет сынымыздың марқайғандығының нəтижесінде соңғы бір үш-төрт жылда тағы бір игі іске қолымыз жеткендігін ерекше атап өткен жөн. Ол жыл сайын көркем əдебиет саласындағыдай ондап, жүздеп болмағанмен, бірді-екілі сын мақалалар жинақтарының кітап боп басылуы. Сөз жоқ, бұны да жылдан-жылға өсіп келе жатқан сынның белгісі деп таныған жөн.

Бірақ жарық көріп жүрген сын кітаптарының тиражы басқалармен салыстырғанда өте аз. Атап өту керек, бізде мүмкіндігі бола тұра əдебиеттің күнбе-күнгі тіршілігіне, жауынгер сын саласына араласпай, бойын аулақ сап жүрген əдебиетшілер аз емес; жұртқа танылған аға буын əдебиетші ғалымдарымызды былай қойғанда Ə. Нарымбетов, М. Хасенов, Т. Əбдірахманов, Ə. Дербісалин, С. Ордалиев, X. Ишанов сияқты əдебиетшілеріміздің бүгінгі əдебиетіміз жайлы лəм-мим деп тіс жармай жатып алуын еш нəрсемен ақтап алудың ыңғайы жоқ. Біз кейде сын жанрынан сырғақсып, əдебиет тарихына, ғылымизерттеу ісіне қарай ойысқан адамдарды сөз арасына қыстырып сынап та қоямыз. Əрине, жанрдың қиыншылығынан қашқаны үшін сынау орынды да. Дегенмен, сыншы бір подвал мақала жазса, екі-үш жылға азық болардай дауға, жеккөрініштікке қалады. Жақтап жазса – жарамсақ, жамандап жазса – жалақор, ал екі жағын да қамтып жазса – жалтақ атанады. Бұл мəселеге баса тоқталуымыздың бір себебі мынада болып отыр. Жұртқа мəлім, біздің аға буын сьшшыларымызда əзір тұғырдан түсіп тұрған ешқайсысы жоқ. Соңғы бір-екі жылдың ішінде ғана осы бір қиын жанрдың жүгін арқалаймыз деп жазып жүрген батыл да, өнікті де мақалаларымен сынның болашақ тұрақты кадры болуға жап-жақсы беталыс аңғартқан бір топ білімді жастарымызды да ұмытпайық. Солардың əрқайсысы да ертең өз еңбектерінің жемісін бірлі-жарым болса да кітап күйінде көргісі келетіні даусыз. Қызықтыру еңбектің қай саласында болса да стимул ғой. Демек, біз сынның болашағын, оның кадрларын даярлау, өсіру ниетін шыңдап ойлайтын болсақ, сыншының еңбегін шығару мəселесін əр жиналыс сайын қайталай бермей, заң күшіне енетіндей етіп біржола түбегейлі бір-ақ шешіп алу қажет. Үлкен əдебиеттің өз өресіне лайық үлкен тарихы да болу керек. Қазір Əдебиет пен өнер институты қазақ əдебиетінің, соның ішінде қазақ-совет əдебиетінің де ғылыми тарихын жасау ісімен шұғылданып отыр. Демек, біздің əдеби сынымыздың бұл істе де атқаратын жауапты да абройлы міндеттері бар. Дер кезінде айтылатын сын пікірлердің артық-кемді қате-кемшіліктері бола береді. Бірақ ол түзетілуге тиіс жəне түзетіледі де. Ал əдебиет тарихын ғылыми зерттеу ісі осы сын пікірлерінің іріктеп берген материалдарына сүйенеді. Бұл жөнінен алғанда əдеби сын əдебиет тарихы деп аталатын ғылымның авангарды, жауынгер барлаушысы болуға тиіс. Мұның өзі біздің əдеби сынымыздың жауапкерлігі мен жауынгерлігін екі есе арттыра түседі; əдебиет сынын көркем əдебиеттің партиялығы, халықтығы, идеялық жағынан кіршіксіз тазалығы үшін, аса жоғары көркемдік сапалылығы үшін күреске жұмылдырады. 1963. СЫН МҮДДЕСІ Коммунистік партиямыздың қолындағы айбынды құралының бірі сын мен өзара сын екендігін оның бүкіл тарихы, практикалық қызметі көрсетіп келеді. Принципті батыл сын болмайынша еліміздегі үлкен өмірдің, күнделікті тірлігіміздің бірде-бір саласы қарқын үстіне қарқын қосып, дамудың жаңа сатысына көтерілмеген болар еді. Сондықтан да біз сын мен өзара сынды социалистік қоғамымыздың қозғаушы күштерінің бірінен санаймыз. Сын дегеннің төркіні – ақиқатқа жету үшін болатын пікір таласы екендігін мойындасақ, əдебиеттің өсуі де көбінесе сынның дəрежесіне, батылдығына, əдебиеттің қаншалықты қанына сіңіп, дəстүріне айналғандығына байланысты. Демек, əдебиет, өнер өмірінде де сынның алатын орны, атқаратын ролі ерекше. Əдебиет жұртшылығының екі айтып, бір айтып, сынның жай-жапсарын елден ерек сөз етіп, айрықша назар аударатыны да содан болуға керек. Біз қазақ əдебиетін қазір шоқтығы биік, өрісі кең, арнасы мол, өскен əдебиет деп танып отырмыз. Ал əдебиетіміздің өсу, даму жолы кедергісіз, айтыс-тартыс, бұралаң-бұлтақсыз даңғыл жол болған жоқ. Біздің қолымыз жеткен əрбір табыс – сынның жемісі. Бүгінгі таңда өзіміз мақтан етіп, аузымызды толтыра атап отырған іргелі үлкен əдебиетіміздің осы дəрежеге көтерілуінде əдеби сынның атқарған қызметі аз емес. Осы орайда М. Əуезовтің əдебиетіміздің қырық жылдық жемістері жайлы айта отырып, «Қазақ-совет əдебиетінің өсу, даму жолдарын шолып өткенде сол əдебиетіміздің өрлеу табысына көп көмек ететін бір топ жандардың аттарын қоса атамасақ, сөз сыңаржақ болар еді. Біздің əдебиетіміздің бар жаңалығын, батыл ізденгіш өзгешелік қасиеттерін өзіміздің заманымызбен нық байланыстырып өсіре түсуге айнымас көмекшілеріміз де себепші болды. Олар бар жазушылармен тізе қосып, білекке білек жалғасып, қатар жасасып келе жатқан біздің сыншыларымыз бен əдебиет тарихшыларымыз», – дегенін еске алу əбден орынды.

Соңғы уақытта жарық көрген кейбір мақалаларда бізде сын бар ма, жоқ па деген таластың төңірегінде əңгіме көтеріліп, сынның бар екенін дəлелдеуге əрекеттенушілік аңғарылады. Бүгінгі таңда «сын бар ма, жоқ па» деп мəселе қойып жатудың өзі басы артық жағдай екендігіне М. Əуезовтің жоғарыдағы сөздері толық айғақ. Рас, кейбір жиналыстарда, əдеби талқылауларда «сын жоқ» деген пікірлер айтылып қалып жүреді. Алайда бұл сөз көңілінен шықпаған жеке мақалаларға өкпелеген кейбіреулердің ғана пікірі. Бізде сын да бар, керек десе буын-буын сыншылар кадры да бар. Демек, бұл – сынның тарихы да бар деген сез. Соңғы уақыттарда сын саласынан іріліуақты бірқатар кітаптардың жарыққа шығуы, тіпті əдеби сынымыз арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарының объектісіне айнала бастауы жоғарыдағы пікірлерді дəлелдей түседі. Əдебиеттің жақсысын да, жаманын да жазушылармен бірге бөлісіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, бүкіл творчестволық өмірін жанр жүгін арқалаудан танбай өткізіп келе жатқан аға буын сыншыларымыздан бастап сындағы сары жұрт болған ескі сүрлеуді місе тұтпай, əр саққа бір бас сұғып барлау жасап, едəуір ізденіс аңғартып жүрген соңғы буын сыншыларымызға дейін санасақ, ондаған адамның аттарын атай алады екенбіз. Солардың бəрі де кайыңның қабығын жазып жүрген жоқ, қағаз жазып, жəне қағаз болғанда, жақсылы-жаманды сын жазып жүр. Ендеше соларды көре тұра, «көрдім деген көп сөз, кермедім деген бір сөз» дегендей, «сын жок» деп бір сөзбен қайыра салу, М. Əуезов айтқандай сыңаржақтық болар еді. Əдебиетші ғалым Бекмұрат Уахатов «Қазақ əдебиеті» газетінің 1963 жылғы 13 сентябрь күнгі санында жарияланған «Сын бар, бірақ өткір емес» деген мақаласында «...Əдебиет сыны мен əдебиеттану ғылымының өзінде не шықты, не қойды дегенді есепке алып, библиографиялық көрсеткіш жасайтын уақыт жетті. Қазір ғылымдық ойдың ілгері кеткендігі соншалық, тіпті мұның өзін жоғары оқу орындарында жеке пəн етіп оқыту керек» деген ұсыныс жасады. Байыптап қарасақ, осы пікірдің төңірегінде бірқатар ойланатын жайлар бар сияқты. Адалын айтуға батылдығымыз жетсе, біздің жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан əдебиетшілеріміздің ілуде біреуі болмаса, көпшілігі-ақ қазақ əдебиет сынының тарихынан көмескілеу, бұлдыр-салдыр ғана біліммен шығады. Жоғары оқу орындарында əдебиттану ғылымының əдебиет тарихы жəне əдебиет теориясы деп аталатын салаларына көп көңіл бөлінеді де, ал əдебиет сыны əдебиет тарихына байланысты жүрдім-бардым ғана сөз болады. Шынына келгенде, əсіресе, əдебиетіміздің қалыптасу жылдарындағы сынның жай-жапсарын оқиғаның басы-қасында болған аға буын əдебиетшілерімііз болмаса, кейінгілеріміздің көпшілігіміз жеткілікті біле бермейміз. Сонау Аристотель мен Гегельдің, Белинский мен Чернышевскийдің эстетикасынан, Поль Лафарг пен Плехановтың, Горький мен Луначарскийдің көркем өнерге көзқарасынан мағлұматы бар əжептəуір білімді деген жастарымыздың сүрінср томары – қазақ əдебиет сынының туу, қалыптасу, даму тарихы десек, өтірік болмас. Қазақ əдебиеті де, жалпы совет əдебиеті сияқты, күрес күндерінде туып, күрес үстінде шынығып өсіп, бүгінгі əлемге мəшһүр болған дəрежесіне жетіп отыр. Осы жолда ол саналуан қиындықтар мен кедергілерді жеңе білді. Жиырмасыншы жылдарда, одан бертініректе де əдебиеттің əралуан мəселелері жайында ірі-ірі айтыстар болды. Солардың кейбіреулері тек жеке сыншылардың ғана пікір шалғайлықтары емес, идеология майданындағы айқас, яғни таптық платформаларға негізделген айтыстар болады. Бір ғана Абай мұрасын танып-білу, пайдалану мəселесінің төңірегінде қаншама күрес болды. Сол сияқты «Қызыл сұңқарлар», «Сұлушаш» сияқты қадауқадау жеке шығармалардың төңірегінде қаншама айтыс-тартыстар, пікір таластары болды. Мəдениетіміздің белгілі қайраткерлері Сəкен Сейфуллин, Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсреповтер социалистік платформадағы жаңа əдебиетіміздің қалыптасуы жолында қаншама тер төкті. Іргесін М. Əуезов қалаған Абайтану ғылымының бүгінгі дəрежеге жетуінде көрнекті ғалымдарымыз Қ. Жұмалиевтің, Қ. Мұхаметхановтың т. б. қаншама еңбегі бар. Жеке-жеке проблемалық мəселелер төңірегінде Е. Ысмайыловтың, Б. Кенжебаевтың, Т. Нүртазиннің, М. Ғабдуллиннің, М. Қаратаевтың, Ə. Тəжібаевтың жəне одан кейінгі буын ғалымдарымыздың еңбектері өз алдына бір алуан. Міне, осылардың бəрі де бүгінгі қазақ-совет əдебиеті сынын əзірлеген, оның тарихына қатысты да қажет дүниелер емес пе?! Тіпті, əріге бармай-ақ қоялық. Күні кеше ғана елуінші жылдардың бастапқы кезінде біздің əдеби сынымызда бүгін езу тартпай еске алуға болмайтын бұрмалаушылықтар, ат қойып, айдар тағып айыптаушылықтар болды емес пе? Өзгені былай қойғанда, бүкіл совет əдебиетінің мақтанышы болған «Абай жолы» эпопеясының алғашқы кітаптары жайында қандай пікірлер айтылмады. Баспасөз беттерінде бұл романнан феодалдық ескішілікті дəріптеу, өткенді аңсау сияқты бірдеңелер іздеп əуреге түскендер де есімізде. Егер

біздің əдеби сынымыз осы шығармаларды əлгіндей теріс түсініктер мен пікірлердің құрбандығына беріп жіберсе, не болатынын ойлаудың өзі қазір мүмкін емес. Демек, қазір жұртшылық бір ауыздан ден қойып, əдебиетіміздің алтын қорына қосылды деп танитын басты-басты шығармалардың əрқайсысы жөніндегі пікірлер бірден қалыптаса қалған жоқ. Əлгіндей қате көзқарастарға тойтарыс бере отырып қалыптасты. Осының бəрінде де партиялық басшылыққа, маркстік-лениндік эстетикаға негізделген, социалистік реализмге арқа сүйеген əдеби сынымыздың шешуші күштерінің жеңістері байқалады. Ендеше əдебиет сынының тарихына қатысты осындай жайларды біздің студент жастарымыз қолына тиген-тигенімен үзіпжұлып танысқанша, жүйелі түрде жеке пəн ретінде өтсе, əлдеқайда пайдалы болар еді. Əрине, бұл жарық көрген мақаланың бəрін қалдырмай тізіп оқыту деген сөз емес, мұны студенттердің өздері де іске асыра алады, əңгіме сынның тарихын белгілі бір жүйемен, арнаға салып таныстыруда болып шығады. Пəн кезеңді-кезеңді кесек проблемалар төңірегіне құрылатындығы өзінен өзі түсінікті. Əуелгі кезде тілге тиек етіп, қолға ұстар құралдар жоқ емес. Мəселен, Сəбит Мұқановтың «Өсу жолдарымыз», М. Əуезовтің «Əр жылдар ойлары» атты еңбектерінен əдеби сынымыз өткен жолдың көп шежіресі көрінеді. Сондай-ақ жас ғалым Т. Кəкішевтің «Октябрь өркені» атты ғылыми-зерттеу еңбегі де əдебиетіміздің қалыптасу жылдарының сын материалдарынан едəуір мағлұматтар береді. Біздің ойымызша, толғағы жеткен осы маңызды мəселені ең əуелі əдебиетшілер кадрларын дайындау дүкені болып отырған – қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты мен С. М. Киров атындағы Мемлекеттік университеттің қазақ əдебиеті кафедралары қолға алса дұрыс болар еді. Əйтеуір, калай болғанда да, тек кейінгі жылдары ғана там-тұмдап бастала бастаған сын тарихын оқыту ісіне кафедралардың оқу жоспарларынан тұрақты орын берілгені жөн. Айналасы екі-үш жылдаақ қалыптасқан дəстүрлі курстардың бірі болып кететіндігі шүбə туғызбайды. Бастапқы кезде орыс əдебиет сыны тарихының курсын бұрыннан оқытып келе жатқан орыс əдебиеті кафедраларының тəжірибелерін пайдалануға да мүмкіндік жеткілікті. Бұған тіпті қосымша сағат сұрап жатудың да қажеті болмас. Əуелгі кезде əдебиеттің белгілі бір тақырыбын алып, кең түрде өтуге арналған арнаулы курс пен арнаулы семинардың біреуінің сағаттарын пайдалануға да болатын шығар. Жалпы принципі шешілсе, ұйымдастыру жағындағы шешуші сөз ҚазПИ мен ҚазГУ-дің қазақ əдебиеті кафедраларынікі болса дейміз. * Əдеби сын жайын сөз еткен жолдастардың жиі-жиі өкпе етіп айта беретіндері сынға көзқарас мəселесі. Бұл тұста сын кітаптарының баспа орындарының жоспарынан қағажу көретіні, сыншыларға Жазушылар одағы басшыларының тарапынан көңіл бөлінбейтіндігі, басқа жанрлар сияқты сын шығармаларының талқыға түсіп тұрмайтындығы көп айтылады. Расында да, бұл сөздердің жаны бар. Бұл сияқты бадырайып, тайға таңба басқандай айқын көрініп тұрған фактілерді былай қойғанда, ақын-жазушылар арасындағы елеусіз көрінетін кейбір уақ-түйек жайлардың өзінен-ақ сынға деген көзқарастың қандай екендігін аңғаруға болады. Осыдан біраз жыл бұрын белгілі бір жазушымыздың романы жарыққа шыққанда, мен сол шығарма туралы журнал бетінде мақала жариялап, хал-хадарымызша өзім таныған кемшіліктерін көрсеттім. Артынан жолыққанда «Сіздің кітабыңыз жайындағы менің мақаламды оқыдыңыз ба?» деген сұрауыма автор: «Шығарма жазудан гөрі сын айту оңай көрінеді ғой» – деп, жақтырмай кекетіп жауап қайырды. Əрине, ашу билеп тұрған авторға бұдан əрі ештеңе демей кете бардым. Əрбір шығарма – жазушының тоғыз толғатып туатын перзенті. Ал сын деген кімге болса да шайнамай жұтатын май құймақ емес қой. Ол өзінің табиғатында жанына бататын қатқыл, жұрт алдында қызартатын нəрсе. Мен жазушының өз перзенті үшін жүрегі ауырып тұрғанын түсінсем де, ашуын тежей алмай тізгін беріп тұрғанына ренжіп қалдым. Кейін ашуы сабасына түскен автор əлгі романын тағы бір қарап, əдебиет жұртшылығы айтқан сындардан қорытынды жасап, қайта жазып шықты. Осы бір кішкентай болмашы эпизодты еске алып отырған себебіміз – бізге əлгіндей сөздер бір жазушының ғана емес, сынға құтырына қарайтын бірқатарының аузынан естіліп қалып жүреді. Бұл пікірге қарағанда, поэзия туралы тек ақын, ал роман, повестер туралы прозаик қана пікір айтуға праволы болып шығады. Біздіңше, өлеңге пікір айту үшін ақын болу шарт емес, бірақ поэзияның сырын, сыйпатын, əсемдігін, əсерін түсініп, ұғына білу шарт. Тіпті ұлы сыншы В. Г. Белинскийдің өзінің де көркем шығармаға қаламы аттай желіп кеткен жоқ, «Дмитрий Калинин» атты пьесасының сəтсіздікке ұшырағаны белгілі. Бірақ бұл жағдай оның өз заманындағы бүкіл орыс əдебиетіне бағыт сілтеп, жол көрсетуіне, поэзияның Пушкин, Некрасов сияқты алыптарының өзін идея жағынан молықтырып

қаруландыруына, сөйтіп əдебиет сынының классикалық үлгісін жасауына кедергі болған жоқ. Сонда ұлы ақынды да, ұлы сыншыны да бір ғана ортақ мүдде – халыққа қызмет ету мүддесі биледі. Ал əдебиетті олар халыққа қызмет етудің құралы деп таныды. Мүмкін бұл салыстыруымыз жөнсіздеу де болар. Дегенмен, «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды керсеңіз» деп Абай атамыз айтқандай, ақындарымыз Пушкин мен Некрасовқа, сыншыларымыз Белинский мен Добролюбовқа ұқсауға тырысқан болса, онда тұрған ерсілік жоқ-ау дейміз. Сыншылық институт бітіргенде дипломмен бірге мемлекеттік комиссия беретін арнаулы мамандық емес. Демек, ақындық, жазушылық сияқты бұл да өнерге, талантқа, дарынға байланысты нəрсе. Бүгінгі совет жазушыларының ең үлкен де, ең əділ де сыншысы – оқушы жұртшылық, қалың көпшілік. Көпшіліктің ішінен сынды бізде əркім жазады, бірақ сол «əркімнің» бəрі сыншы емес. Белгілі бір шығармаға талдау жасағанда автордың идеясын əдеби құбылыс ретінде эстетикалық тұрғыдан түсініп, тап басып талдау жасай білген оқушы ғана сыншы. Көркем шығармалардағы айтылмыш ойды дұрыс түсінудің өзі де өнердің ісі. Марқұм Вс. Вишневскийдің сөзімен айтқанда, жазушының жұртқа жеткізіп айтайын дегенін дəл тұрғыдан танып, дұрыс түсінген оқушы автордың деңгейінде тұрады. Біздің қазіргі маман сыншы (профессионал) деп жүргеніміз, міне, осындай оқушылар. Ал сыншылық қаншама көпшілік қолды дүние болғанымен, əлгіндей автордың дəрежесінде тұратын оқушыларсыз сəні болмас та еді. Бірсыпыра жағдайда ақын-жазушылардың сыншыларға үлкен өкпе артуларына себеп болатын да кейбір сыншыларымыздың шығарманы дұрыс түсінбеушілігі немесе түсіне тұра көпе-көрнеу бұрмалаушылығы. Əрбір жаман жазылған көркем шығармаға ренжуге болатыны сияқты, əлгіндей артық-кем айтылған сынға да өкпе айтуға əбден болады. Бірақ белгілі бір жанрдағы бір шығарманың сəтсіздігіне бола сол жанрды түгелдей жоққа шығарып, өшіге қарауға болмайтыны тəрізді, тенденциямен бұра тартып жазылған жеке сын мақалаға деген өкпені жалпы сын жанрына, сын мəселесіне артуға əсте болмайды. Өкінішке қарай, біздің кейбір ақындарымыздың шығармаларында осындай орынсыз өкпе, сынға, сыншыға деген сыңаржақ пікірлер де кездеспейді емес. Белгілі ақын Қалижан Бекхожин 1957 жылы жеке кітап боп басылған «Ақан Ақтаев» атты поэмасының кіріспесін былайша бастайды: «Түу! Ұзақ сөздерге бір шырмалыппын, – Не жырлап, қандай жаңа сырлар ұқтым? Сілкіскен ылғи ығыр жиындарда, Сыншыдай сөзді қуып зыр қағыппын. Сыншының олжа көріп сыбағасын, Дəмем жоқ үдетуге сын бағасын, Тек қана мүлтті баққан, мінді күткен, Қалайша салқын сыннан сыр аласың? Мейлің сындырмайын сөздің сағын, Қыз өлең жайды маған наз құшағын. Қыраулы мұртпен күліп мүсіркеймін, Жастықтың сонау өткен жазғы шағын!» «Сөз қуып зыр қаққан», «тек қана мүлтті бағып, мінді күткен», «сыншының сыбағасына» мүсіркей қарап, «сын бағасын» үдеткісі келмей отырған ақынның бұл шумақтарына түсініктеме беріп жатудың қажеті де болмас. Ақын өзінің сынға деген осындай бірқатар өкпе-назын «Қазақ əдебиеті» газетінде арнайы мақала жазып, «сыншылармен сырласқанда» да айтқан еді. «Қазақ əдебиеті» газетінің 1960 жылғы 5 февраль күнгі санында ақынның «Сыншы мысық» атты өлеңі жарияланды. Өлең мынадай: «Сыншы мысық,

Көзін қысып, Оқыды бір кітапты. Бетін тырнап, Етіп қылжақ, Қоқиды да мін тақты... Нəрсіз десін, Мəнсіз десін, Мейлі тағы пысқырсын, Мияуласын, Мияу даусын Құлаққа кім қыстырсын?» Осы өлеңдегі екіұшты «қыстыруды» ескермегеннің өзінде де, автордың сынға деген ақ пейілі көрініп тұрған жоқ.

Шынында да сыншы, ақын айтқанындай, ылғи бір жазушының мүлт басқан қадамын аңдып, сəтсіздігіне қуана күліп отырған жан ба екен? Енді соған келейік. Ақынның 1950 жылы жеке кітап боп басылған «Мариям Жагорқызы», 1957 жылы басылған «Ақан Ақтаев» поэмалары едəуір сынға ұшырады. Əсіресе алғашқы поэмаға айтылған ағат пікірлер де болды. Алайда ақын осы екі поэманың екеуін де өңдеп қайтадан жазып, жаңа кітап етіп бастыруға сын пікірлердің əсерін, пайдасын көргем жоқ деп айта алар ма екен? Ендеше сынға соншама өкпелеуіне жол болсын. Осы таяуда ғана Қалижан Бекхожин өзінің ертеде жазған тырнақалды көлемді еңбектерінің бірі «Ақсақ құлан» поэмасын қайтадан жазып, «Жұлдыз» журналында жариялады. Журнал оқушылардың қолына тиіп үлгермей жатып, сыншы Мырзабек Дүйсенов газет бетінде мақала жазып, өз пікірін білдірді. Біздің ойымызша, ақын шеберлігінің бұл поэмада анағұрлым артқандығы, ел ауызындағы аңыз əңгіменің тұтқынында қалмай, оның саясиəлеуметтік мотивтерін жетілдіріп, ұштап, өз көрігінде қайта жасап шыққандығы, мұның өзі ақынның соңғы жылдардағы бір елеулі тартуы екендігі сол мақалада əділ көрсетілді. Ендеше ақынның сыншы жайындағы «тек қана мүлтті бағып», жақсылық атаулыға «мысықша көз жұмып» отырады деген пікірі де орынсыз деп білеміз. Демек, сыншы кейбір ақын-жазушылардың ойлағанындай, қаламын қайрап, кітаптың жарық көруін ғана күтіп отырған көркем шығарманың үкім шығарушысы емес, қайта оның насихатшысы, досы, ол керек жерінде жазушының кеңесшісі де бола біледі. Сынға деген көзқарасын «Бір сыншыға», «Академиядағы бір досқа» деген өлеңдерінде ақын Сырбай Мəуленов те білдіріпті. Əйтеуір, дес бергенде, оның өлеңдерінде алдыңғы əріптесіндей тіл тигізуден гөрі достық əзіл басым екен. Бұл мəселеге мəн беріп, арнайы тоқталып отырған себебіміз – кейбір қиғаш пікірлер мен шəлкем-шалыс сөздер жеке сыншыларға арналып жазылып жүрген «Достық əзілдерде» де бой көрсетеді. Кезінде сын пікірлерден бірқатар əділетсіздіктер көрген кейбір аға буын ақын-жазушыларымыздың сынға сақтана қарайтын жайын түсіну қиын емес. Бірақ кейбір жап-жас ақындарымыздың сын жөнінде, сыншы жөнінде əлгіндей теріс пікірде болуы қынжыларлық іс. «Лениншіл жас» газетінің 1963 жылғы 21 сентябрь күнгі санында ақын Жұмекен Нəжімеденовтің бір топ лирикалық өлеңдері жарияланды. Егер шынымды айтсам, солардың ішінде, сыншыларға арналған бір өлеңнен басқасының көпшілігі-ақ өзінің ойлылығымен, философиялық түйін табуға талпынған талабымен қатты ұнады. Жас ақынның сыншы қаламдастарына беріп отырған «бағасын» түгел келтірейік: «Есек байғұс өлең жаза білсе егер, Жырлар еді алдымсн өз құлағын (?) «...дүниенің жүрегі мен миынан Біле-білсең, құлағы артық, шырағым». Ақымақ деп айта алмас ең сонда оны, Ол да біреуге болар еді «сүйікті». Бірақ есектің сорына Сыншы болу тиіпті». Жұмекеннің өз басы тек қана жылы сөзден басқа, шамына тиіп, шымбайына бататындай сын естіп, ерғашты болған ақын емес. Ендеше бұл өлең жас ақынға жалпы сыншылар жайындағы кейбір ақынжазушыларымыздың арасындағы жағымсыз пікірлердің салқыны тигендіктен туып отыр. Өлеңнің басында не аяғында тым болмаса «достық əзіл» деген рубрика тұрса да бір сəрі ғой. Демек, бұл кəдімгі өлең – көркем шығарма деп қарайтын болсақ, сыншы атаулыны арасына теңдік белгісін қойып, есекпен қосақтау əзіл де, əжуа да емес, тікелей тілдеу, пародия емес пасквиль боп шыға келеді. Мүмкін жас ақын алғашқы бір келе қалған сезім жетегіне ілесіп кеткен шығар, бірақ, редакция қайда? Не газет редакциясының, не редколлегия мүшелерінің бірде-бірінің «бұлайша обобщение жасап айту ағаттық болады» деп авторға ақыл салмай, не жазып берсе, соны талғаусыз баса салғаны да жас авторға деген тəрбие үлгісін көрсетіп тұрған жоқ. Міне, осындай болмашы дүниелердің өзінен сынға деген көзқарас аңғарылып қалады. Мұндай пікірлер əдебиетіміздің сын мəселесін күшейтуге, оның белсенділігін арттыруға, сөйтіп оны көркем əдебиетіміздің көмекшісі дəрежесіне көтеруге пайдасын емес, зиянын тигізеді. Əрине, өзіміз сыншы болғандықтан бұл жерде «бөрік кигеннің намысы бір» деп, мундиріміздің жыртысын жыртып отырғанымыз жоқ, жалпы əлгіндей пікірлер сын өссін деген қаламнан тумайтындығына назар аудару мақсатын көздеп отырмыз. Ақындар мен сыншылардың бөлісе алмай жатқан балығы жоқ. Мəселе, ортақ мүдде үшін – əдебиет мүддесі үшін тізе қосып, ынтымақтаса адал қызмет істеуде болып отыр. Венгер халқының ұлы ақыны Шандор Петефидің «Жаман

өлеңдерім туралы» деген бір өлеңінде: «Мен жаман өлеңді жазайын деп жазбаймын, сыншыларға тілге тиек етер сөз болсын, жұмыс болсын деп жазамын», – деген əзілі болушы еді. Мен біздің ақындарымызға ылғи ғана бір өңкей жақсы өлең жазып, сыншылар байланысатын ештеңе қалдырмай мысын құртыңдар, сөйтіп оларды ұнамды мағынасында «жұмыссыз» қалдырыңдар дер едім. Егер ақындарымыз ылғи мінсіз өлеңдер жазса, мұндай «жұмыссыздыққа» сыншы атаулы түгел қуанар еді. Біз жоғарыда əдеби сын бар дедік. Əрине, бұл біздің сапымызда кем-кетік жоқ деген сөз емес. Сын мəдениетіміздегі ең басты кемшілік – теориялық тереңдіктің аздығы, логикалық дəлелдің осалдығы. Ұлы сыншы В. Г. Белинский Гогольге жазған атақты хатында орыс халқы жөніндегі жазушының теріс топшылауларын аяусыз сынай отырып, өзінің ой қорытындыларын ұсынғанда, менің пікірлерімді не өзіңіз, не заманыңыз жоққа шығарып көріңдерші деп, жазушыны ашықтан ашық пікір сайысына, жекпе-жекке шақырды. Ал жазушы сыншыдан кезегін алмақ боп екі рет жиналғанда айтар дəлелі болмай, ақырында «бəлки, мен орыс өмірінің шындығын жете білмейтін шығармын» деп, мойындап хат жазуға мəжбүр болғаны мəлім. Өйткені, ұлы сыншының логикалық ой-жүйесінің тереңдігі, аргументтерінің беріктігі жазушының бұлтаруына мүмкіндік қалдырмай шегелеп, буып тастаған еді. Міне, біздің көптеген сын мақалаларымызда айтатын пікірлеріміздің дəлелдері жетіспейді, логикалық соқталы ой қорытындыларымыз аз болады. Талдауларымыздың көпшінігі шығарманың түп-төркініне терең бойламай, қалқи соғып, сипай қамшылап жатады. Сар желістен гөрі желе-шоқырақ көп. Сондықтан да белгілі бір шығарманы тартқыға түскен терідей бір сыншы бір пұшпағынан əрі тартса, екіншіміз келесі пұшпағынан бері сүйреп жатамыз. Жазушының сынға деген кейбір өкпе-назы кейде осындайдан барып туады. Асылында, сыншы белгілі бір жазушының еңбегіне аппонент болып қана қоймай, сол шығарманың ұтымды, ұтымсыз жақтарын автормен бөлісіп отыруға тиіс. Шығармаға өз бағасын берумен ғана шектеліп, оның тағдырынан бейтарап қалатын сын əдебиетіміздің ошағына тас бола алмайды. Сынның міндеті шығармада барды ғана арифметикалық есепке алып, тіркеуші болып отыру емес. Сыншы автордың ой қорытындыларын өмір фактілерімен салыстыра отырып, оның шетін ғана шығарып, айтпай кеткен пікірлерін тереңдетуге, дамытып отыруған тиіс. Міне, бізде дəл осындай шын мəніндегі творчестволық сыйпаты бар сындарлы сын жетіспейді. Біздің сынымызда ылғи өкінішпен айтылатын бір жағдай – жалтақтық пен жарамсақтық. Адамға тəн мінез-қасиеттердің ішіндегі ең жеркенішті жексұрыны болып табылатын осы бір ауру біздің əдеби сынымызда қанша айтылса да, қалмай келеді. Əрине жалтақтық та, жарамсақтық та сыншының өзінен атақ дəрежесі жоғары тұрған лауазымды ақын-жазушылар алдында болатындығы айтпай-ақ түсінікті. Кейбір жас қаламгердің түймедей мінінің өзін түйедей етуге əзір тұратын сыншы лауазымды жазушының түйедей мінін айтуға келгенде табаны тасқа тиген тағасыз жылқыдай кібіртіктеп сала береді. Айтайын дегенінің əр жерден бір төбесін ғана қылтитып, о тұс, бұ тұстан бір оспақтап, жаяу борасыңдатып қана өте шығады. Əуелгі бір сəтті де жақсы шығармасымен аты шығып, бір танылып қалған жазушыны кейін не жазса да, талғаусыз жабыла мақтап, түшкіріп қалса, «жарекім алламыз» дайын тұрады. Жəне не пəлеміз барын кім білсін, мақтауға, эпитет қолдануға келгенде, сыншы атаулы бітпес бір бəсекеге түскендей-ақ, бірінен-бірі асыруға тырысып, арпалысады да, ақырында əбден сілесі құрып, шаршапшалдығып барып азар тоқтайды. Осы қошеметшіл қолпаш сынды, мөлшерсіз, межесіз мақтау-мадақты осындайдан құлағы сарсып əбден мезі болған лауазымды ақын-жазушыларымыздың педагогтік, ұстаздық тактысы жетіп өздері «қойыңдар» деп жатпаса, əй қайдам, сыншылар қауымы өздігінен қоя алар ма екен дегендей де ой келеді кейде. Ал енді оның есесіне, əдебиетке алғашқы бірер шығармасында егіз аяңмен келген кейбіреуге, кейін тəп-тəуір соқталы шығарма жазса да, «қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмас» дегенге бағып, оқымай жатып-ақ «е, соны қойшы, не қиратты дейсің» деп қол сілтей қарайтынымыз да бар. Тіпті, редакциядағы кейбір қызметкерлердің де жастау бір жазушының көлдей романы туралы екі етек мақала жазсаң, көзі атыздай боп шошынып, ал атышулы жазушының шағын əңгімесіне алты етек жазсаң да азырқанып қарайтыны жасырын сыр емес. Асылында, сыншының да, редакцияның да алдында ең алдымен автор (дəлірек айтқанда оның лауазым, дəрежесі) тұрмай, талқыға түсетін нақтылы шығарманың өзі тұрғаны абзал ғой. Əдебиетке тұрақты кадр боламын деп келген қандай жазушы болса да, əдебиет сынынан «осы менің нем бар, нем жоқ, қай деңгейде жүрмін, болашағым бар ма?» – деген сұрауларға жауап күтуге право-

лы. Демек, бірде-бір жазушының жазған жаңа туындысы сын назарынан тыс қалмауға тиіс. Əдебиеттің өсіп келе жатқан əр бұтағына зер сала қарап, ол бұтақтың кінарат шалған жері болса, дер шағында емдеп жазып, сау бүршігін мəпелеп, баулып, бой салдыра өсіру, яғни, оның «жақсысын асырмай, жаманын жасырмай» айтып отыру – сынның тікелей міндеті. Жас талантқа қатаң талап қоя да білу қажет, керек жағдайда арқасынан қағып, маңдайынан сипай да білу қажет. Қазақстан жазушыларының III съезінде сөйлеген сөзінде заманымыздың ұлы жазушысы М. А. Шолохов бұл жағдайды əсерлі де əсем бейнелеп отырып айтып бергені баршамызға белгілі. Демек, «жақсы сөз – жарым ырыс, жақсы лебіз жан семіртеді» деген халық нақылының əсіресе жас қаламгерлер үшін маңызы ерекше. Сонымен бірге біздің сынымыздың көркемдік жағы да кенже қалып келеді. Сын да əдебиеттік құбылыс болғандықтан, онда тек мазмұн ғана емес, өзіне ылайық көркемдік те болуы шарт. Рас, бұл жөнінен осы соңғы жылдарда сонау бір кездерде əбден мезі қылған стандарттан қашу сияқты біраз ілгерілегендік, ізденгендік бой көрсетті. Дегенмен көркемдік мəселесінде сынымыздың əлі де тапқанынан гөрі іздейтіндері көп. Сындағы тағы бір үлкен кінарат – əділет таразысынан таюшылық. Белгілі бір шығармаға бір сыншы əу дегеннен шұқшия келіп, қазбалай қарастырса, екінші біреу сол шығарманы мақтағанда сезім тізгінін қаңтарып ұстау дегеннен мүлде айрылып қалады. Міне, осындай безбен басын тең ұстамаудың салдарынан барып, үшкіргеннен қалмайтын желұшық сияқты болмашы ғана қайшылықты əр тасадан бір сілтеп, кезектесіп есе қайырып қалу арқылы шалғайға шығарып алып, пікір жақындастыруды қолдан қиындатып жүретін жағдайлар жиі кездеседі. Осыдан барып əдеби атмосфера бұзылады. Сөйтіп, сын жазушылар арасында топ, жік деген сияқты жеркенішті əдеттердің тууына құрық береді. Əр жазушының өмірге өз көзқарасы бар. Түптеп келгенде, оның өзіндік даралығын, өзіндік стиль өзгешелігін айқындайтын да сол. Сол сияқты əр сыншының да шығармаға өз көзқарасы бар. Бірақ сыншы шығармаға шынайы көзімен қарамай, алдын ала көздеген мақсатпен көзілдірік арқылы қарайтын болса, онда шығарма жайында ол жүрек сөзін айтпайды, киген көзілдірігінің бояуын ғана айтады. Жасыратыны жоқ, қазір қай жазушы туралы немесе қай шығарма туралы кім жазса, не айтып, қалай жазатынын болжап, алдын ала тон пішіп отыруға болады жəне сол болжамның өзі шындықтан көп шалғай кетпей де жүр. Мұны жақсылыққа жору қиын. Бұдан туатын қорытынды – біздің əдеби сынымыз топ, жік дегендердің жетегінде кетпей, адалын, əділетін айтуға тиіс. Əділеттік бүгінгі өміріміздің барлық саласында, еңбектің барлық түрінде əрбір совет азаматы үшін ең қажетті қасиет. Ал əдебиет сыншысы үшін бұл екі есе қажет. Əділет жолында тұрғанда ғана сын қалғып кеткенді ояту, сүрініп кеткенді демеу, адасқанды дұрыс жолға салу сияқты өз мүддесін мүлтіксіз атқаратын болады. 1964. ЖАНР ЖҮГІН АРҚАЛАП... Сыншы, ғалым М. Қаратаев 60 жаста Қазіргі қазақ əдебиетінде сын жайы сөз бола қалса, алдымен, сын синонимі сияқты Қаратаев есімін қатар атайтынымыз хақ. Оқырман көңіліндегі мұндай ассоциация Қаратаевтың туған əдебиетіміздің қазіргі сын жасағының көш басында келе жатқандығынан ғана емес, сонымен бірге өнер босағасын алғаш аттағаннан бастап күні бүгінге дейін сөз құбылысын, негізінен сын сияқты қиын да күрделі бір саладан іздеп, талантын сол арқылы танытып келе жатқандығынан да туатын болу, керек. Расында да ол, басқа жанрға анда-санда аракідік мойын бұрғаны болмаса, бүкіл творчестволық саналы өмірін əдебиетіміздің сыны мен зерттеу ісіне қапысыз арнап келе жатқан қаламгер. Əдебиеттану ғылымына да ол сын көпірінен өтіп, сын баспалдақтары арқылы қосылды да, егіз екі салада қажымай қатар қалам тербеп келеді. Əдебиеттану ғылымы əдебиет сыны тəрізді көркем əдебиет тəжірибесіне ілесе дамитындығына, ...əуелі əдебиет сыны, оған жалғаса əдебиеттану ғылымы бой көрсеткендігіне көңіл бөле келіп, Мұхаметжан Қаратаев: «...Əдебиетіміздің совет дəуірін зерттеу жұмысы əдеби сыннан бастап өріс алды. Сондықтан əдеби сын мен əдебиеттану ғылымының арасында қазылған ор жоқ, екеуі қатар жəне аралас өсіп келе жатқан құбылыстар» – деп жазған болатын. Бұл пікірдің ақиқаттығына юбилярдың өз творчестволық тəжірибесі де айғақ бола алатын тəрізді. Ендеше бүгінгі Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, бір сөзбен айтқанда, ғалым Қаратаевты əдебиетіміздің сын саласына сонау отызыншы жылдардың алғашқы жартысында

Бейімбет, Ілияс, Сəкен, Сəбит, Мұхтар, Ғабит сияқты аға буынның өкше ізін баса келіп қосылған белгілі сыншы Қаратаевтан бөле-жара қараудың еш реті жоқ. Сонымен, Қаратаевтың творчестволық ізденісі негізінен бір бағытта болды, оның оң жамбасына келген жанр, өнер тіліне аударып айтқанда, амплуасы – сын мен зерттеу ісі дегенде, оны тек тар көлемде бір жақты түсінбеуіміз қажет. Əдебиет сыншысы əрі зерттеуші ретінде ол туған əдебиетінің түкпір-түкпірін ой көзімен шолған, бағыт-бағдарын байсалды болжаған, құлашы кең, қарпуы мол алымды қаламгер. Мейлі проза ма, поэзия ма, драматургия ма, əлде туған əдебиетіміздің өткен тарихы немесе бүгінгі теориясы ма – бəрі бір, осылардың қай-қайсы да Қаратаев қаламының барған, болған, башайлап зерттеген, ең кем қойғанда, ат шалдырған төбелері. Қазақ əдебиетінде сыншы назарынан қаға беріс қалған қалтарыс жоққа тəн десек, асырып айтқандық бола қоймас. Бұл да əдебиетші диапазонының кеңдігін танытады деп ойлаймыз. Біз Қаратаев қаламының өрісі жайында сөз қозғағанда əдебиеттің жанрлық жағын, тақырыптық шеңберін ескеріп айтқан едік. Ал ғалым-сыншының творчествосы жайында пікір айтқан əдебиетшіғалымдар X. Əдібаев пен Ж. Молдағалиев: «Қазір қалам тартып жүрген (тіпті үлкені бар, кішісі бар) талапкерлердің ішінен сыншығалым пікір айтпаған немесе арнаулы зерттеу жазбаған жанды кездестіру қиын. Мұхаметжан Қаратаев творчествосы кең құлашымен де, шалқар тереңдігімен де еріксіз таңдай қақтырады», – деп жазады. Əрине, бұл пікірлердің арасында шалғайлық жоқ. Əңгіме Қаратаев талантының ауқымдылығында, қалам қарпуының алымдылығында, туған əдебиетімізді түгел қамтып пікір айтуға тырысатын барынша еңбеккерлігінде болып отыр. Бұл қалам қызметінде жүрген көбіміз үшін үлгі-өнеге алар, мақсат тұтар қасиет болып саналса керек. Осы орайда əдебиетіміздің əз ағасы, əйгілі жазушымыз марқұм үлкен Мұхаңның – іні Мұхаңа бұрынырақ өткен елу жылдық тойы тұсында жылы лебізін білдіріп, «Қазақ əдебиеті» газетінің 1961 жылғы 20 январь күнгі санында жариялаған «Өрлеу егіз-қатар болсын» атты мақаласында: «Екі бірдей тілде, қатар ана тілдерінде тең сөйлеп жаза алатын қасиетінің үстіне Мұхаметжанда əрдəйім кімге де болсын, қандай жиынға, қандайлық оқушыға да болсын елеулі етіп айтары бар, нəрі бар бір сыйпат бар. Екінші сол нəрлі айтарын тілмен де, қаламмен де бір емес, екі бірдей тілде айта білетін құдірет бар. ...Міне, Мұхаметжанда біз қадірлейтін осындай өнерлі сыйпат бөлекше», – деп берген бағасын еске түсіру əбден лайықты. Бұдан біз қай шаршы топқа болсын, қысылмай қосып, қызармай отыруға болатын, «əдебиетшің, сыншың қайсы?» – десе, мынау», – деуге лайық ініге деген аға сенімін ғана емес, қуаныш сезімін де қоса аңғарамыз. Кейініректе сын мұраты саналып, мақал-мəтел тақылеттес жатталып кеткен «сын шын болсын, шын сын болсын» деген тамаша пікірді де М. Əуезов осы Қаратаев творчествосына қатысты айтқаны есімізде. 1923 жылы туған ауылы Төлікөлден Сұлутөбеге кетіп бара жатқан жолаушыға ілесіп, оқу, білім іздеп аттанған сапарында жасөспірім баланың көңіліндс болашақ өмір жолын таңдап алу жайында бірдеңе бола қоюы неғайбыл. Онысында əйтеуір жарыққа, білімге ұмтылу талабы ғана бартын. Бұл бір ғана Мұхаметжан емес, сол тұста «қоңылтақ күні салқын қоңыр күзде» аулынан ала тайға мініп аттанған ақын Ғалидың, «жетім тайлақтың еркешіне жабысып» жөнелген Тайырдың, əдебиет əлемінде тай-құлындай тебісіп төл өскен белгілі жазушылар Хамза Есенжанов пен Зейін Шашкиннің, жалпы Мұхаң құралпы буын өкілдерінің көпшілігі бастан кешкен хал еді. Əйтеуір, қазірде алпыстың асқарына шығып, аға буынның қатарына кірген сол топтың өнер-білімге ұмтылысында, ізденісінде ерекше бір құлай берілген құштарлық, соншалықты ынтызарлық аңғарылады. Сыңайы, мұның төркінінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» арман еткен ақын ағамыз Сұлтанмахмұт айтқан «талапталпыныс» тұруы да ықтимал. Ал жасалған мəдениеттің, əдебиеттің ең жайлауына еркін басып келген кейінгілеріміздің көбімізде сол аға буын өкілдерінің бойында болған құштарлық, ынтызарлық, ұнамды мағынасындағы қомағайлық жағы жетісе бермейді-ау дейміз. Осы жағынан келгенде, оларға қызыға да, қызғана да қарауға болады. Міне, сол құштарлық жетелеп аттанған он үш жасар баланы қиял қанатына қондырып, алға бастаған арманы алысқа – өнер өріне, əдебиетке, əсірссе оның ең бір жауапкершілігі мол саласы – сынға əкеп қосты. Əуелі екі жылдық мектеп-интернат, сосын орта білім, одан қазақ мəдениетінің, ғылымының қара шаңырағы атанған Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институт, Ленинградтың аспирантурасы – міне, М. Қаратаевты əдебиеттану ғылымына, əдеби сынға жеткізген баспалдақтар осылар. Əдебиет табалдырығын аттағаннан бастап, сын жанрының жүгі жеңіл болмайтындығын, ол өзінің табиғатында тəттісі мен қаттысы, ащысы мен тұщысы алма-кезек араласып отыратын, əділдік пен батылдықты бірдей талап ететін аса күрделі жанр екендігін ерте

пайымдап, дұрыс болжаған М. Қаратаев сыншының миссиясы жайында: «Үзілді-кесілді үкім шығаратын сот емес, қаламдас жолдас, ақылшы дос, бəрінен бұрын шын мəнісінде əдебиетші-суреткер болу қажет! Міне, сыншы дегеніміз осындай болса керек», – дейді. Ол осы үлгіні өз тəжірибесімен, өз творчествосымен көрсетіп келе жатқан қаламгер. Жанрлық табиғаты жағынан сынның миссиясы – əдеби процестің алғы шебінде болу екенін ерте түсінген білімдар сыншы сол творчестволық жолын бастаған жылдардың өзінде-ақ қалыптанған дайын пікірлерді паналамай, əдебиет жұртшылығына айтары бар, өзіндік беті, пікірі бар, болашағына үлкен үміт артуға болатын зерделі зерттеуші екендігін таныта келгенді. 1933 жылы Сəкен Сейфуллиннің дастанына байланысты жазған «Қызыл ат» жəне социалистік реализм» деген мақаласында сыншы бұл шығарма туралы айтылып жүрген сын пікірлердің қате тұжырымдарына батыл қарсы шығып, дастанның тууына себеп болған республикамыздың шаруашылық саласын басқаруда орын алған кейбір кедергі-кемшіліктер мен асыра сілтеушілік екенін ашып, ақын позициясын жақтады. Ол өз пікірін: «Қызыл ат» дастаны... кемшіліктері бола тұра, қазақ-совет əдебиетінде жаңа колхоз тақырыбына жазылмақ болашақ шығармалардың құнды бастамасы болып орын алатынында күмəн жоқ», – деп қортындылаған еді. Бұл сол тұста əдебиет босағасын жаңа аттаған 23 жасар жас сыншы үшін олқылық етпейтін батыл да байсалды болжам болатын. Бүгін біз əдеби, сын пікірлер сабасына түсіп, шығарма туралы пікір қалыптасқан кезде Қаратаевтың осыдан көп жыл бұрын айтқан болжамының шындықтан шалғай кетпегенін көріп отырмыз. Сол сияқты 1935 жылы қазақ-совет жазушыларының I пленумында «Қазақ əдебиет сынының міндеттері» туралы жасаған баяндамасында да Мұхаметжан Қаратаев əдебиет ескілігін, өткен мұраны зерттеу, танып, біліп, игеру жөнінде, əсіресе Абай мұрасына көзқарас жөнінде айтылып келген кейбір белді де беделді əдебиетшілердің пікірлеріне қарсы дау айтуға əрі өз пікірінің дұрыстығын дəлелдеуге іркілген жоқ. Əйтеуір «ескі» дегенді тілге тиек етіп, өткен мұрамыздың жақсысына да, жаманына да күдіктене қараушылық, тіпті қол сілтеп, ат-тонды ала қашу сияқты сындағы социологиялық жалаң ұраншылдықтың, схематизмнің орын алушылығының бір себебі – онымен арнайы шұғылданатын тұрақты кадрдың аздығы екенін түсіндіре келіп, баяндамашы: «Сынды кəсіп қылып, мамандығым деп санап, осы жолда білімін көтеріп, көркем өнердің тарихын зерттеп, ізденген, талаптанған сыншыны көрсетіңіздерші! Жоқ, таба алмайсыздар ондай сыншыны. Осы уақытқа дейін сынды өткен-кеткеннің кездейсоқ жолы түскенде соғып кететін станциясы құсатып қараушылық болды. «Көп түкірсе – көл», – мұның да пайдасы бар. Бірақ жалғыз осы жол-жөнекей соғумен сынды аяққа қоя алмаймыз» – деген еді. Міне, содан бері сын жұмысына «жолжөнекей» соқпай, онымен түбегейлі індете шұғылданған, соның ыстығына күйіп, суығына тоңып, жақсы-жаманын бірдей арқаласып келе жатқан алғашқы əдебиетшілердің бірі – Қаратаевтың өзі болды. Ғалым-сыншы қазірде қазақ, орыс тілдерінде шыққан оннан аса қалың-қалың ғылыми-зерттеу, сын кітаптарының авторы. Солардың кейбіреулерін атай кету де артық емес: «Туған əдебиет туралы ойлар», «Шеберлік шыңына», «Эпостан эпопеяға», «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы», «Рожденные Октябрем», «Казахская литература», «Мировоззрение и мастерство», «От домбры до книги», «Вершины впереди» т. б. Осы тізбеге оның Ілияс Жансүгіров поэзиясының сыр-сыйпатын, Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы» романының ұлттық сана-рухын азаматтық, қоғамдық, семьялық, жалпы адамзаттық қарым-қатынастар тұрғысынан суреттейтін эпопеялық диапазонын айқындаған зерттеулерін, «Қазақ əдебиетінің тарихын», оның ішінде «Қазақ-совет əдебиетінің тарихын» (III том, I – II кітаптар) жасауға сіңірген қыруар еңбегін қоссақ, бұл аз олжа емес, бір қаламның азар көтеретін жүгі екенін көреміз. Əрине, бұл сияқты соқталы қалың-қалың кітаптардың əр қайсысына жеке-жеке тоқталып, талдау жасап жату уақытты да, орынды да көп алар еді жəне ол өзі тіпті мүмкін де емес. Ал осындай қыруар еңбектерді қырқа матап, топтастырып, тұтастай пікір айтсақ, сыншы пікірінің пісіп-жетілгенін, пайымдауларының бір кітаптан бір кітапқа биіктеп өсіп келгенін, туған əдебиетімізге зəредей болса да қолғабыс септігін тигізсем-ау деген жанашырлық сезім күйінен, ізгі ниеттен туындаған бағалы дүниеліктер екенін аңғарамыз. Міне, Қаратаев еңбектерінің құндылығы да түптеп келгенде осында. М. Қаратаевтың аракідік басқа жанрларға да соғып кететін кездері жоқ емес. Бұған оның «Жыр қанатында» (А. Брагинмен бірігіп жазған), «Даладағы дабыл» (алғашқы нұсқасын Қ. Алтайскиймен бірігіп жазған) атты көркем туындылары, М. Горькийдің «Менің университеттерім», М. Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясының III кітабын аударуы, жалпы туған əдебиетіміздің күнделікті əралуан

көкейтесті проблемалары жайында жасап жүрген баяндамалары толық айғақ. Бұл жерде оның университет, институт қабырғаларында жастарға білім беріп келе жатқан педагогтік еңбегін айтып жатпайақ қоялық. Қаратаев зерттеулері əдебиеттің сан саласын қамтиды дедік. Соның ішінде ол туған əдебиетімізде социалистік реализм əдісінің туып, қалыптасуы мəселесіне сонау əріден бастап əркез назар аударып отырды. Ұлттық əдебиетіміздің жарты ғасырлық тəжірибесіне сүйенген зерттеуші жаңа əдістің – социалистік реализм əдісінің бұрынғы прогресшіл дəстүрлермен тамырластығы, байланысы туралы: «Қазақ халқының ғасырлар бойы құралған бай ауыз əдебиет қазынасы мен Абай негізін салған жазба əдебиет өрнектері жаңа социалистік реализм əдебиетінің қолайлы жағдайда өсіп, дамуына қажетінше азық, нəр берді. Өмір шындығын кейбір жақтарынан болса да халық мүддесіне бейім, дұрыс бейнелеген реалистік үлгілер мен адам арманын əр заман алға мегзеген дарынды романтикалық сарындар жаңа əдістің бойына судай сіңді дей аламыз», – деп пікір түйді. Міне, сыншының осы салада жүргізген ұзақ мерзімді зерттеу жұмыстарының нəтижесі оған ғылым докторының мантиясын (шапанын) жапты. Публицистикалық ұшқырлық, теориялық тереңдік, салихалы ой, бейнелі де бедерлі тіл, талдайтын шығармасы туралы қолдан келгенше əділдік безбенін тең ұстау – міне, Қаратаев зерттеулері мен сын еңбектеріне ортақ қасиеттер осылар. Ғалым аға, сыншы аға алпыста. Халық ұғымында бұл батагөй қарттың жасы емес, жігіт жасы. Сөз болып отырған жағдайдағы біздің ұғымымызда – білімін аямай, жұртпен, əсіресе жастармен бөлісетін дарқан жомарттықтың, алдына ақыл сұрай баратын ұстаздық хақына ие болған ағалықтың жасы. Бұл дəрежеге ол тек алпыстағы жасымен ғана келіп отырған жоқ, төл əдебиетімізді, туған əдебиетімізді өркендетуге сінірген қыруар еңбегімен, табан ақы, маңдай терімен жетіп отыр. Юбилярға күні кеше ғана берілген жоғары үкімет наградасы – Еңбек Қызыл Ту ордені де сол еңбектің жемісі. 1971. АЙҚЫН НҰРҚАТОВ ХАҚЫНДА Дос лебізі Талантты сыншы, əдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, айтулы азамат Айқын Нұрқатов мезгілсіз қаза болды. Қатыгез ажал қазақ əдебиетшілерінің қатарынан болашағы зор дарынды қалам иесін алып кетті. Айқын есімі, оның мезгілсіз қазасы қысқа болса да, қызулы өмір өткізген Ғани Мұратбаев, Саттар Ерубаев, Баубек Бұлқышев, Абдолла Жұмағалиев, Мұқан Иманжанов есімдерін еріксіз еске түсірді. Айқын Нұрқатов 1928 жылы Көкшетау облысының Рузаев ауданындағы Шұқыркөл аталатын ауылда дүниеге келді. Сол туған ауылында орта мектеп көлемінде білім алған ол 1946 жылы Алматының Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мен əдебиеті факультетіне түсіп, 1950 жылы оны үздік бітіріп шықты. Əдебиетке ерте құмартып, институт қабырғасында озық оқыған Айқын бірден қазақ əдебиеті кафедрасының аспирантурасына қалдырылды. Айқын əдебиетке елуінші жылдардың бас кезінде келіп қосылды. Қазіргі «Жұлдыз» журналының сын бөлімін басқара жүріп, ол 1954 жылы «Вл. Маяковский жəне Қазақ-совет поэзиясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Алғашқы кезде республиканың баспасөз беттерінде бірлі-жарым өлеңдер жариялап, кейініректе аударма мəселесімен де біраз шұғылданған Айқынның өз талантын айқара ашып, жемісті еңбек еткен саласы – əдебиетіміздің жауынгер сыны еді. Бұл салада Айқын сол қысқа өмірінің ішінде қыруар еңбек беріп үлгерді. Күнделікті баспасөз бетінде ол екі жүздей əдеби сын мақалаларын жариялады. Шоқан Уəлиханов, Вл. Маяковский, Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин творчестволары туралы шағын-шағын очерк-кітапшаларын басып шығарды. Үлкен сынды үлкен əдебиет туғызады. Жалпы көркем əдебиетіміздің даму дəрежесінен кенжелеп қалып келе жатса да, соңғы жылдарда əдебиет сыны саласында анағұрлым дерлік ілгері басқандық бар екенін атап өткен көңілге тоқ, көзге қуаныш. Бұл ілгерілегендікті ең алдымен сыншыларымыз бен əдебиет зерттеуші ғалымдарымыздың сын нысанасына проблемалық күрделі мəселелерді тігіп, солар жайлы байсалды, ойлы пікірлер айтып бет бұра бастағандығынан, ұзақ жылдар бойы шаңдағы шыққан бел-

гілі сүрлеуден шығып, жаңа ізге, жаңа стильге түсе бастағанынан аңғаруға болады. Соңғы уақытта сыншылар арасында күнделікті баспасөз беттеріндегі мақала, рецензиялармен ғана шектелмей көрнекті жазушыларымыздың творчестволарына ғылым шолу жасап, үңіле зерттеп, тереңірек баға беруге ниеттену бой көрсетті. Міне осынау жаңа да игі бастаманы алғашқы ілегінде Айқын Нұрқатов та бар еді. Сын саласында жеке кітап болып басылған алғашқы бағалы еңбектердің бірі – Айқын Нұрқатовтың жазушы Мұхтар Əуезов творчествосы жөнінде жазған монографиялық очеркі (1957 ж.). Бұл көлемді еңбек əйгілі жазу шымыз М. Əуезовтің мол салалы, кең арналы творчестволық жолына шолу жасауға, оның басты-басты еңбектерін талдап, баға беруге, жазушының қазақ-совет əдебиетінде жəне көпұлтты совет əдебиетінде алатын орнын айқындауға арналған. Жұртқа мəлім, аты əйгілі болған сүйікті жазушы жайында талай мақала жазылған да болатын, жазылып та келеді. Аға жазушының кейбір жеке шығармалары жайында немесе кейбір жеке образдары жайында əралуан қайшы, талас пікірлер де айтылғанды. Бірақ ол жеке-жеке мақалалардың қайсысының болса да Əуезов творчествосына жан-жақты талдау жасауға мүмкіндіктері болған жоқ. А. Нұрқатовтың бұл кітабы Əуезов творчествосы жөніндегі талассыз пікірлерді жүйеге салған, ал бірқатар талас мəселелердің басын ашып, орынды дəлелдемелері мен тың пікірлер айтқан алғашқы еңбектердің бірі болды. Бұл жағдай, біріншіден, оқушы жұртшылықты алдында зерттеуші еңбегінің бағасын арттырса, екінші жағынан, оның кейбір жеке кемшіліктері жөнінде кінасын жеңілдетеді. Өйткені, алғашқы еңбекте ондай-ондай олқылықтың болуы да ықтимал жəне автор өз еңбегін М. Əуезов творчествосы жайында ең соңғы сөз деп ұсынған да жоқ еді. А. Нұрқатов бұл алғашқы кітабында жазушының мол мұрасын бақайшағына дейін талдап, барлық сипатын ашып беруді міндетіне алмағандығын айта келіп, ол жұмысты болашақтың үлесіне қалдырды да, бірақ сүйікті жазушының творчествосын зерттеу ісіне əлі де сан рет оралатындығын, ол жөніндегі пікірлерін əлі де негіздеп, тереңдете беретіндігін оқушыға алдын ала ескерткен болатын. Солай бола тұрса да, бұл еңбек, автордың сыпайылығына қарамастан, М. Əуезов творчествосы жайында едəуір жүйелі мағлұмат берген бағалы еңбек болды. Өмір құбылыстарына социалистік реализм деп аталатын творчестволық əдістің биігінен қарап суреттеу жазушыға қандай қажет болса, көркем шығармаға немесе жеке жазушының творчествосына талдау жасап, баға беруге бұл əдіс сыншы мен əдебиет зерттеушісіне де сондай қажет. Автор сөз болып отырған еңбегінде осы принципті мүмкіндігінше ескергендігі аңғарылады. Əр жазушының өзіне тəн өмір жолы, өзіне лайық творчестволық даралығы, өзіндік стилі бар. Сол сияқты М. Əуезовте бүгінгі дүниежүзілік мəдениетке үлкен үлес қосқан көрнекті қаламгер дəрежесіне жеткенге дейін тарихтың талай тар соқпағы мен бұралаң сүрлеуін артқа тастады. Демек, оның творчествосының даралығы, қыры мен сыры, өзіндік өзгешелігі мол болуы табиғи нəрсе. Зерттеушінің міндеті осындай өзгешелікті көре білу болса, Айқын еңбегі сол сауалға жауап беруге жараған еңбек болды. Кітаптың ең негізгі жəне көлемді тарауларында М. Əуезовтің драмалық шығармалары мен Абай жайындағы төрт томдық эпопеясы, ол шығармалардағы алуан түрлі əлеуметтік топтар өкілдерінің образдары талданады. Осы талдау үстінде автор жазушының тек өзіне ғана тəн бірқатар ерекшеліктердің басын ашып береді жəне оның зерттеу құралы болып табылатын тіл шеберлігін сипаттайтын мысалдар келтіреді. Совет əдебиетінде жасалған көлемді көркем полотнолардың алдыңғы қатарлыларынан саналатын Абай жайындағы эпопеяға зерттеуші ерекше мол орын беріп, баса назар аударды. Қоғамдық үлкен өмірді көрсететін «Абай жолы» сияқты кесек туынды жасау үшін, жазушы Абай өміріндегі фактілердің хронологиясына айналып қалмай, олардың ішінен шығарманың негізгі идеясын шешуге тиіс боларлық нəрселерді ғана алып, əрбір жеке кейіпкерді типтік дəрежеге көтерген. Батыстың классикалық əдебиетіндегі тарихи шығармаларға қарағанда, М. Əуезовтің тарихи эпопеясындағы осындай өзгешелік пен артықшылықты алғаш айтушылардың бірі де А. Нұрқатов болды. Бұл ретте автордың орыстың классикалық əдебиеті мен совет əдебиетіндегі тарихи шығармаларға экскурсия жасауы да орынды. М. Əуезов қазақ театр искусствосының өркендеуіне көп еңбек сіңірген белгілі драматург. Ол жазған жиырма шақты пьеса мен бірқатар аудармалар əдебиетіміздің драматургия саласына елеулі үлес болып қосылды. Əсіресе, оның «Еңлік – Кебек», «Айман – Шолпан», «Түнгі сарын», «Қобланды», «Бекет» сияқты пьесалары

əрқайсысы əр тұста ұлттық сахнамыздың көркі саналғандығы белгілі. Міне, М. Əуезов творчествосының бұл саласы да зерттеушінің еңбегінде үйлесімді көрінісін тапқан. М. Əуезов – кейіпкердің характері мен портретін жасауға шебер жазушы. Бұл мəселедегі бір ерекшелігі оның кейіпкерлерінің характері, кейде тіпті портреті де қайсыбір шығармалардағыдай жолжөнекей ашылып қалмай, шығарманың ұзына бойына біртіндеп өсіп, толысып жетіледі. Жазушы кейіпкерлерін «былай еді» деп таныстырмайды, оны оқиғаға қатысына, іс-əрекетіне қарай оқушының өзі танып біліп, бағалайтын болады, яғни кейіпкер жөнінде дайын мінездеме ұсынбай, іс-əрекеті, портреті бар жанды кейіпкерлердің өзін ұсынады да, оған мінездеме беруді оқушының еркіне қалдырады. М. Əуезовтің суреткерлік шеберлігін танытатын тағы бір нəрсе – оның шығармаларындағы табиғат көріністерінің берілуі. Пейзаждық көріністерді суреттеуді жазушы шығарманың композициялық шешіміне қатыссыз өз алдына дара мəселе деп қарамайды, қайта оны кейіпкердің көңіл-күйін, іс-əрекеті мен мінез-құлқын тереңдете айқындау үшін пайдаланады. М. Əуезов шығармаларының құндылығын арттыратын тағы бір қасиет – тілі. Ол – тілге мейлінше бай жазушы. Оның қай шығармасын оқысаң да, философиялық мəн терең, еріксіз еліктіріп, баурап əкететін поэтикалық тіліне таңқалмай қоймайсың. Жəне оның тіл шеберлігі тіпті ең алғашқы шығармаларының өзінде-ақ айқын көріне берген еді. А. Нұрқатов жазушы творчествосының осындай əр-алуан ерекшеліктерін аталған еңбегінде мүмкіндігінше кең қамтып, жан-жақты сөз етуге тырысты. Зерттеуші жазушының жеке кейіпкерлері жөнінде бұрын айтылған кейбір жаңсақ пікірлерге дəлелді тойтарыс та берді. Мəселен, ғалым М. С. Сильченко «Абай жолы» романының I кітабына жазған рецензиясында Əбдірахман образын шындықтан қашық, өмірде ол жазушының суреттегеніндей дəрежеге көтеріле алған жоқ деп кінəлаған еді. Бұл арада біз романдағы Əбішке өмірде болған Абайдың баласы деп қарамай, əдеби кейіпкер (образ) деп қарауымыз қажет. Əрине, шығармадағы кейіпкердің өмірде прототипі бола беруі жиі кездесетін заңды нəрсе. Бірақ жазушы ешқашанда өмірдегі болған тарихи адамды шығармаға бұлжытпай кешіре салуға уəде берген жоқ, тіпті олай етуге тиісті де емес. Олай болса, романда Əбішті Абай баласы етіп қана қалдырмай, жинақталған, типтендірілген, автор тарапынан біраз кемелдендірілген, прогресті жақтаушы белді образ деңгейіне көтеру. М. С. Сильченко айтқандай, жазушының кінəсі, кемшілігі емес, қайта, қол жеткен табысы, тапқырлығы, шеберлігі деп танылуы тиіс. Біздіңше, бұл жағдайды А. Нұрқатов дəлелді түрде барынша дұрыс түсіндірген. Сондай-ақ сыншының Абай туралы эпопеяның соңғы кітабында Дəрмен алып қашып Мəкенге үйленгеннен басқа қоғамдық, əлеуметтік аренада аршынды əрекет көрсетпейді, бұл образ алғашқы кітаптардағы деңгейінен əрі дами алмай қалған, сондықтан да соңғы кітапта Дəрменнің ақындық, əлеуметтік іс-əрекетін əлде де сəл толықтыра түссе, сөйтіп біз оны Абай артқан үмітті ақтайтындай дəрежеде көрсек деген талабы да көңілге қонады. Сыншының бұл еңбегі қазақ əдебиеті мен өнерінің 1959 жылы Москвада өткізілген он күндігі тұсында орыс тіліне де аударылып, жеке кітап боп шықты. 1960 жылы февраль, март айларында Мұхтар Əуезов совет жазушылар делегациясының құрамында Л. Леонов, С. Щипачев, О. Гончармен бірге Америка Құрама Штаттарына барып қайтты. Елге оралғаннан кейін капитализм дүниесінің ең басты еліне жасаған сапарынан алған əсерлері жайында Қазақстан Жазушылар одағында өткізген 6ір əңгімесінде жазушы Айқынның осы кітабының орыс тіліндегі бір данасын Нью-Йорк қаласындағы Ұлт əдебиеттері кітапханасынан көргендігін соншалық бір қуанышты, мақтаныш сезімімен хабарлағаны əлі есімізде. «Əңгіме ол кітаптың мен жөнінде жазылғандығында емес, – деп еді Мұхаң, – қазақтың бір жас ғалымының кітабы орыс тілінде басылып, ол сонау мұхиттың арғы бетінде, мүлде бейтаныс жат елде алдыңнан шығып қарсы алып жатса, ол кімге болса да ғанибет емес пе?» Əрине, жазушы творчествосына жан-жақты шолу барлау жасаған алғашқы көлемді еңбекте сыншының сол тұста жалпы М. Əуезов творчествосының алғашқы кезеңі жайында орын алып келген кейбір жаңсақ пікірлерді ауқымынан аса алмағандық фактілері де кездеседі. Сол олқылықтарды ескерген ол, өз уəдесінде тұрып, жазушы мұрасына қайта оралып, 20 баспа табақ монографиялық көлемді еңбек жазып жүріп қайтыс болды. Бірақ автор бұл еңбегін белгілі бір жүйеге түсіріп, алды-артын бірде тегістеп жазып шығуға үлгірмеді. Сондықтан да Айқын қайтыс болғаннан кейін шыққан екінші кітапқа оны М. Əуезов шығармалары жайында əр тұста жазып жариялаған

мақалалары жəне «Абай жолы» эпопеясы жайында қайта жазып шыққан көлемді тарауы ғана енгізілді. Бұл жинақтың екінші бөлімі оның əр тұста жазған басқа əдеби сын мақалаларынан құралды. Айқынның тағы бір көлемді еңбегі 1962 жылы жарыққа шыққан «Идея жəне образ» атты мақалалар жинағы. Бұған оның 1956–1960 жылдар арасында жазған мақалалары енген. Бұл еңбектер қазіргі қазақ совет əдебиетінің келелі мəселелерін қозғауға, жекелеген ақын жазушыларымыздың творчествосын, ірі-ірі шығармаларын, суреткерлік шеберлігін, көркемдік ізденістерін талдауға арналған. Логикалық ойдың соқталығы, айтылмы пікірдің айқын да батылдығы, дəлелдің күштілігі, тілді көркем де өткірлігі – міне, жалпы алғанда, сыншы Айқынның, əдебиетші ғалым Айқынның қаламына хас қасиеттер оның жоғарыда айтылған мақалалар жинағына енген еңбектерінен де айқын аңғарылады. Атап өтерлік бір жай – Айқынның бұл кітабында да бірнеше мақала ұлы жазушымыз М. Əуезов творчествосына арналды. Мəселен, «Жылдар – ойлар» атты мақаласында ол жазушының осыған ұқсас атпен жарияланған ғылыми-зерттеу жəне сын мақалалары кітабына талдау жасайды. Тегінде, Абайдың өмірі мен творчествосы М. Əуезовтің суреткерлік творчествосының ғана емес, сонымен бірге ғалымдық қызметінің де кең өрісті өзегі, үзілмес арқауы екендігін атап көрсете келіп, ғалымның зерттеу тəсіліндегі ерекшеліктерге тоқталады: «Автор ақын шығармаларын тақырып-тақырыпқа бөліп, үзіп-үзіп жіктемей, тұтас күйінде алған – деп жазады Айқын. – Ол хронологиялық принцип ұстанып, ақын творчествосын ұзына бойына шолып зерттеп шығады. Бұл – əдебиеттану ғылымында ежелден бері қолданылып келе жатқан, өзін-өзі ақтаған жемісті зерттеу тəсілі. Ақын мұрасының қай саласын, қай жанрын талдаса да, автор осы тəсілден танбайды. Ал оның шеберлік қырларын, тіл ерекшеліктерін, эстетикалық жəне философиялық көзқарастарын жəне ақын поэзиясындағы дəстүрлік жəйттар мен жаңашылдықты кезеңкезеңіне қарай, сап-сабымен ашып тастап отырады». Абай творчествосын зерттеу жұмысымен кейін Айқынның өзі де шұғылданды. Бұл мəселеде М. Əуезовтің жəне Абай творчествосын түбегейлі зерттеген басқа ғалымдардың: С. Мұқановтың, Қ. Жұмалиевтің, М. Сильченконың т. б. еңбектері сыншының іздену өрісіне темірқазық жұлдызындай бағыт-бағдар сілтегені, игі əсерін тигізгендігі даусыз. А. Нұрқатов өзінің бірнеше жыл бойы жүргізген зерттеулерінің нəтижесінде «Абайдың ақындық дəстүрі» атты монографиясын жазып бітіріп еді. Бірақ автор ол еңбегін де жариялап үлгіре алмады. Бұл кітап та авторы қайтыс болғаннан кейін, 1966 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Айқын бұл еңбегінде өзінің алдындағы аға буын ғалымдардың осы саладағы еңбектеріне сүйене, солардан тағлым алып үйрене отырып, Абайдың өзінен кейінгі қазақ ақын-жазушыларына тигізген игі əсері, үлгі-өнеге ықпалы жайында тың пікірлер айтуға, оның ақындық дəстүрінің соны соқпақтарын, тың іздерін табуға талаптанды. Абайды түгел таныдым, кемел игеріп, түбегейлі толық зерттеп біттім деу қате екендігі жайында, ақын поэзиясының идеялық һəм əсемдік (көркемдік) əлемі болашақ сан ықылым буындардың сансыз оралар байтақ мол дүние екендігі жайында М. Əуезов айтқан ескертпелерді Айқын берік тұтынды. Сөз болып отырған кітабында ол ұлы ақынның дəстүрін кейінгілердің идеялық бағыт-бағдарларынан да, сондай-ақ көркемдік шеберлік тəсілдерінен де, өлең формасындағы ізденіс жаңалықтарынан да, жалпақ тілмен айтқанда, жалпы сөз саптасынан да іздестірді. Ол іздегендерін автор Абайдың тікелей ұстаздық көмегіне, ақындық, ағалық ақыл-кеңесіне сүйеніп жыр жазған Ақылбай, Мағауия, Əсет үндерінен, одан беріректе Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Сəбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев пен Мұхаметжан Сералин, т. б. творчестволарынан тапты. Айқынның кітабында Абай өлеңдерінің сырт формасына, жеке шумақтарына жеңіл-желпі сырттай еліктеушілер, эпигондар, көпшілік қауымға онша-мұнша кең таныс емес, беймағлұм есімдер де кездеседі. Бұл сөз жоқ, зерттеушінің ізденіс өрісінің кеңдігі. Ол алған тақырыбына деген ыждағаттылық пен мұқияты зерделілік қалпын танытса керек. Сондай-ақ, зерттеушінің болжауы бойынша, қазақ-совет ақындарының алғашқы буын өкілдерінің ішінде де Абайдан үйреніп, белгілі дəрежеде өнеге-үлгі алмағаны, ең кем қойғанда, оны құмарта оқымағаны кемде-кем көрінеді. «Абай тек өз творчествосымен, өз мұрасымен ғана ұлы емес, – дейді зерттеуші.– Қазақтың реалистік жазба əдебиетінің негізін қалаған ұлы классигіміздің жалпы ұлттық əдебиетіміздің кемелденуіне, толысып өсуіне тигізген əсері ұшан-теңіз. Абай мұрасын игеру, оның творчествосын терең зерттеу – өткендегі мəдени қазынамызды пайдаланудағы ең түбегейлі мəселелердің бірі болғаны сияқты, біздің əдебиетіміз, əсіресе поэзиямыз өзінің қалыптасып дамуының қай кезеңінде де ұлы ақынның жемісті,

құнарлы дəстүрлерінен сырт қалған емес. Бұл – даусыз шындық. Мұны өткендегі жəне қазіргі əдебиетіміздің даму тарихынан анық көреміз. Қазақтың айтулы, ірі-ірі ақындарының қай-қайсысы да өздерінің іздену жолдарынан Абай творчествосының тереңіне үңілмей, оның тұнығынан сусындамай кете алмайды». Жалпы кітаптың өн бойында зерттеуші көзінің жітілігін, пайымдауларының парасаттылығын, дəйектілігін дəлелдейтін фактілер, тамаша талдаулар мол ұшырасып отыратын. Мəселен, автор «дерексіз ұғымдарға тіл бітіру, жан беру, абстракциядан образға ауысу – Абайдың ақындық стихиясы екендігін, оның қаламының шыққан сөздер сурет боп көрініп, үн болып естіліп жүре беретіндігін» атап көрсете отырып, ақынның интимдік лирикасынан екі өлеңге талдау жасайды: «Дем алыс ісініп, Саусағы суынып, Белгісіз қысылып, Пішіні құбылып». ...Өзгесін былай қойғанда, – дейді автор, – «дем алыс ісініп» деген бір жолда қаншама қуат, қаншама тапқырлық бар. Бұдан артық айту қиын сияқты. Бірақ айтуға болады екен. Оны айта алған да – Абайдың өзі». «Егерде қолың тисе білегіне, Лүпілдеп қан соғады жүрегіне. Бетіңді таяп барсаң тамағына, Шымырлап бу енеді сүйегіне. «Сүйекке шымырлап бу ену» – бұрынды-соңды ақындарымыздың ішінде мұны тек Абай ғана айта алды. Бұған ешқандай комментарийдің қажеті жоқ. Өйткені талдай бастасаң, өлеңді бар əсемдігінен, бар нəзіктігінен айырып аласың. Белинский айтқандай, тілсіз түйсіктерге тіл беретін, жан бітіретін шын мəнісіндегі лириканың, шын шеберліктің үздік үлгісі осы болса керек». Əрине, Абайдың өлеңдеріне таңдай қағып, тамсанып, таңырқау жаңалық емес. Сөз жоқ, ғажап көрініс, тамаша сурет. Бірақ осы өлеңдерді сан рет оқып жүріп, көбіміз оған оншама мəн бермеппіз. Біздің бұл жерде айтпағымыз – жұрт байқамағанды Айқын байқапты да, байыпты байлам жасапты. Зерттеуші зердесіне тəнті болмасқа лаж жоқ. Ойлап қарасақ, бұл жан сезімінен гөрі тəн сезіміне ойысыңқырайтын физиологиялық құбылыс. Мұндай кұбылысты Абай айтпай, басқа бір ақын айтса, бəлки, тұрпайылыққа төбе шашың тік тұрып, құйқаң шымырлауы да мүмкін еді. Ал Абай өлеңінде тұрпайылық тұрған анайылықтың да нышаны жоқ, қандай сыпайылық, қандай шынайы сурет, тіпті тұнып тұрған сезім гармониясы. Біздің риза болатынымыз Айқын Абай лирикасының осы қасиетін тамыршыдай танып, тап басқан. Айқын Қазақ ССР Ғылым академиясының М. О. Əуезов атындағы Əдебиет пен өнер институтының аға ғылыми қызметкері бола жүріп, қазақ əдебиетінің көп томдық тарихын жасау ісіне де барынша ат салысып, ең белгілі де белді авторлардың бірі болды. Ол қазақ əдебиетінің орта мектепке арналған оқулығын жасаушылардың да біреуі болатын. Аз өмірінің ішінде əдебиеттану ғылымы мен сын саласында соншалықгы мол еңбек қалдырған талант иесінің бұл еңбектері оқушы жүрегіне қалтқысыз жол тапқандығы күмəнсіз. 1965–1978. ЗЕРДЕЛІ ЗЕРТТЕУ Ұлы жазушымыз Мұхтар Əуезов өзінің «Октябрь өрені» атты мақаласында қазақ-совет əдебиетінің 40 жылдық өсу жолын шола келіп: «...əдебиетіміздің өрлеу табысына көп көмек ететін бір топ жандардың аттарын қоса атамасақ, сөз сыңаржақ болар еді. Біздің əдебиетіміздің бар жаңалығын, батыл ізденгіш өзгешелік қасиеттерін өзіміздің заманымызбен нық байланыстырып өсіре түсуге айнымас көмекшілеріміз де себепші болды. Олар бар жазушылармен тізе қосып, білекке білек жалғасып, қатар жасасып келе жатқан біздің сыншыларымыз бен əдебиет тарихшыларымыз» – деген еді де жəне сол топтың көш басында Сəкен мен Сəбит есімдеріне жалғастыра Қажым Жұмалиевті атаған болатын. Қ. Жұмалиев əдебиеттану ғылымында талмай еткен еңбегімен танылған белді де білгілікті ғалым ғана емес, сонымен бірге көркем əдебиет саласында жарыса жазып келе жатқан жан-жақты қаламгер. Ал жан-жақтылық, ақындық, жазушылық оның ғалымдық еңбегіне, шығарманы, ақын-жазушылардың өздеріне хас қасиеттер мен ерекшеліктерді ежелеп, мүшелеп терең талдауда көп септігін тигізетіндігі өзіненөзі түсінікті. Бұл жай бұрын да ғалымның жазған оқулықтары мен монографиялық еңбектерінен, жеке зерттеу мақалаларынан айқын көрінетін. Зерттеуші ретінде Қажым Жұмалиев қазақ əдебиетінің сан саласында түгел дерлік еңбек етіп келген ғалым. Оның ғылыми еңбектері

ауыз əдебиетінің үлгілерін, əдебиет тарихының əр алуан күрделі мəселелерін, əдебиет сынының актуальдық проблемаларын, сондайақ əдебиеттің теориялық мəселелерін камтиды. Ол VIII-IX кластарға арналған қазақ əдебиеті оқулығының, Махамбет Өтемісовтің өмірі мен творчествосы жайлы көптеген мақалалар мен фундаменттік монографиялық зерттеудің, «Қазақ əдебиеті тарихының мəселелері жəне Абай поэзиясының тілі», «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы жəне Абай поэзиясының тілі», «Қазақ эпосы мен əдебиет тарихының мəселелері», «XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ əдебиеті» т.б. кітаптардың авторы. 1966 жылы «Жазушы» баспасынан ғалымның «Стиль – өнер ерекшелігі» атты əдеби зерттеу мақалаларының жинағы жарық көрді. Жинақта жалпы жазушының жазу мəнері, стиль ерекшелігі дегеннің теориялық түсіндірмесінен басқа Сəкен, Ілияс, Бейімбет, Сəбит, Тайыр, Əбу, Дихан сияқты қазақ-совет əдебиетінің белгілі өкілдерінің творчествосын талдауға арналған мақалалар енгізілген. Алдын ала айта кететін бір жай – автор олардың басты-басты көркем туындыларына идеялық тақырыптық талдау жасай отырып, негізгі нысанаға олардың өздеріне лайық, басқадан айыра танытарлық стиль ерекшеліктерін, көркемдік шеберліктерін алған да, сөйтіп жалпы жинаққа белгілі бір бағыт-бағдар беріп, тақырыптық тұтастық тапқан. Жинаққа енген «Стиль – жазушының өзіне тəн ерекшеліктер», «М. В. Ломоносов тіл мен стиль туралы», «Ұлы ойлардың ұшқыны» атты мақалалар стиль мəселелерінің жалпы теориялық ұғымын жанжақты, егжей-тегжейлі қамтып, кеңінен сөз етеді. Ұлы Октябрьдің перзенті – қазақ əдебиетінің табыстарын, əлемге əйгілі туындылар беріп, туысқан халықтар əдебиеттерімен терезесі тең, үзеңгі қағысқан іргелі əдебиет болып отырғандығын заңды мақтаныш еткенде, біз Мұхаң марқұм айтқандай, оның сол шыққан биігіне лайық сыны мен əдебиеттану ғылымы да өсіп-өркендеп, қатар дамып келе жатқанын білеміз. Бұған əсіресе соңғы 10–15 жылда жеке кітап болып басылып шығып жатқан зерттеулер мен сын материалдарының өзі-ақ айқын айғақ бола алады. Алайда, тұтастай алып қарағанда, қыруар табысы бар əдебиеттану ғылымы мен сынымыздың сүрінер томары, «Ахиллестің өкшесіндей» осал да дімкəс жері, əлі де болса, ақын-жазушылардың өздеріне хас стильдік ерекшеліктерін, творчестволық мəнерлері мен көркемдік шеберлік, тіл мəселелерін зерттеу болып отырғандығын мойындамасқа лаж жоқ. Демек, бүл салада əдебиетшілеріміздің əлі де тындырғандарынан тындырары көбірек. Ал осы жайды ескерсек, ғылыми еңбектерінің денін əдебиет тарихы мен теориялық мəселелеріне арнап жүрген педагог ғалымның сөз болып отырған кітабының құндылығы да бір саты биіктей түсері даусыз. Аталған алғашқы мақаласында автор қазіргі қазақ-совет əдебиеттану ғылымы мен сынының ең бір зəру, ділгəр болып отырған мəселесіне аз жазылып келгендігін біршама сөз ете отырып былай дейді: «Шынында да жазушының стилі деген сөз айтуға оңай болса да, қолға ұстатқандай етіп дəлелдеп беру, стиль ұғымын айқындайтын жəйттердің бəрін толық қамту кімге де болса қиын. Сол себептен, стильді сөз етушілердің кемшіліктерін меңзесек те, оларды даттаудан аулақпыз». Бұл сөздер шынайы ғалымға лайық сыпайылық танытып қана қоймайды, сонымен қоса осы кітаптың атқарар міндет, көздеген мақсат, көтерер жүгінің көлемін де белгілейді. Автор ең алдымен стиль деген ұғымның соншалықты кең екендігін, атап айқанда, оның əдеби тəсіл (метод) мағынасынан бастап, мазмұнға, түрге қатысын, көркем тілмен байланысын, сондай-ақ стиль ерекшелігін зерттеу тек əдебиетшілердің ғана емес, тіл мамандарының да ортақ төл ісі екендігін тайға таңба басып, соқырға таяқ ұстатқандай айқын да талассыз мысалдармен дəлелдей отырып сөз етеді. Мақалада стильдің тəсілдік кең ұғымын былай қойғанда, бергі, нақты жазушылық ерекшелік ұғымына оралғанның өзінде, ол тақырып таңдаудан бастап, шығарманың идеялық мазмұны, жанры, композициясы, образ жасау əдістері, сөздік қоры, сөйлем құрылыстары, поэтикалық тілі т.б. толып жатқан компоненттерді қамтитындығы байсалды түрде баяндалады, стильдің жалпы тарихынан бірқыдыру мəліметтер беріледі. Бұл материалдағы тағы бір назар аударарлық мəселе – стильдің табиғи талантқа, дарынға қатысы. Асылында, жазушының стилі бірді-екілі шығарма жазумен қолма-қол қалыптаса салатын оп-оңай дүние емес. Рас, əдебиет тарихы бірден өз стилін ала келген дарын иелерін де біледі. Бұл жөнінде алғашқы шығармаларының өзіменақ көркемдіктің белгілі биігінен табылып, көптеген жазушылардың басынан кешетін əдеби шəкірттік кезеңін аттап өткен Л. Толстой, М. Горький, М. Шолохов, қазақ топырағында Абай мен М. Əуезов есімдерін атауға болады. Алайда бұл данышпандықпен шектесетін таланттар тобына ғана тəн, тарихта ете сирек кездесетін құбылыс. Əрине, ұлылыққа дарыннан гөрі тынымсыз еңбегіне, жігері

мен қайратына көбірек сүйеніп жететін таланттар тобы да тарихта аз емес. Міне, дəл осы топтағы жазушылардың стилі іздену, өсу, үйрену, зерттеу, оларын өз бойына дарытып, сіңіру сияқты көптеген факторлардың нəтижесінде біртіндеп қалыптасады. Ал əдебиетте өз стилін қалыптастырып, өз ізін, өз қолтаңбасын танытқан талант өз еліктеушілері мен үйренушілерін де табатындығы даусыз. Демек, шын мəнінде қалыптасқан стиль – шынайы таланттың ғана үрдісі деп танысақ, ол белгілі бір топта ұстаздық хақына да ие бола алатындығын ұмытпау қажет. Олай болса, бірлі-жарым шығармасын жаза салып, əдебиет табалдырығын аттар-аттамаста «Менің стилім, менің əдісім» деп дандайсып, кеуде қағу сияқты қайсыбір қаукөкіректердің əдепсіз əулөкіліктерін сынай келіп: «...стиль – шын талант, ұлы ақын-жазушылардың қаламдарына тəн сипат. Кез келген ақын-жазушылардан стиль іздеу – бекершілік. Өйткені барлық өлең қиыстырушыларды ақын, сөз жаза білушілерді жазушы десек қателескен болар едік. Дарын жоқ та – стиль жоқ. Бұл екеуі сабақтас... Демек, стильді нақтылы талант, ұлы жазушылардың туындыларынан іздеген жөн» – деген ғалым пікірін құптау қажет. Жинаққа енген жеке ақын-жазушылардың творчестволарын талдауға арналған басқа мақалаларында зерттеушінің өзі де осы айтқан пікірлерін берік тұтынғандығы анық байқалады. Автор бұл мақалаларында қазақ əдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған, өздерінің бет-бағдарын белгілеп, бедерлі өрнек-үлгілерін танытқан ақын-жазушыларды сөз етсе, екіншіден, олардың тек басты-басты деген, əрқайсысының активіне қосылатын туындыларын алып қана талдап, стильдік ерекшеліктерін «Аққудың айырылуы», «Қара жер», «Ақсақ киік», «Сыр сандық» сияқты көрмеге қоярлықтай көркем шығармаларынан іздеу, ал жаңашылдық, новаторлық өзгерістерін «Советстан», «Альбатрос», «Тракторшы» т.б. туындыларынан табу осының айғағы. Жинаққа енген материалдардың ішінде қызыға оқылатындарының бірі – Б. Майлин творчествосына арналған «Талант – əр алуан» атты мақала. Б. Майлин – аға буын жазушыларымыздың ішінде де сегіз қырлы, бір сырлы дейтіндей, бар жанрда бірдей қалам қозғап, ой тербеген, өзінің өмірлік мүддесін тек қана творчествода деп білген, сондықтан көп те, көркем де жазған орны бөлек қаламгер. Ол ең алдымен юморист. Юмор оның қай жанрда жазған шығармаларында болса да жиі ұшырасып отырады, басқаша айтқанда, бұл оның творчествосының бойына сіңген табиғи құбылыс. Бұл – Бейімбет творчеетвосы сөз болғанда есте болатын ең бірінші өзгешелік. Міне, зерттеуші оның творчествосындағы осы өзгешелікті айта отырып: «Б. Майлин юморы орыс не европа классиктерінен үйрену нəтижесінде туған, оны қазақ топырағына егіп, өсіруден пайда болған юмор емес, қазақ халқының өз топырағында өскен, өз өмірінің, өз əдебиетінің, өз тілінің негізінде қалыптасқан юмор» – деп атап көрсетеді. Бейімбеттің зілсіз, жеңіл юморынан туған Мырқымбай образының өзі қазақ əдебиетіндегі тың, соны образ болды. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында жалпы қазақ кедейлерінің көпшілігінің басында болған ортақ қасиеттерден жинақталып алынып, Мырқымбай атына ие болған нақты образ жасалды. Орыс əдебиетінде Гогольдің Маниловы мен Хлестаковы, Гончаровтың Обломовы, Фонвизиннің Митрофанушкасы заман шындығының бет-бейнесін ашып салу құдіретінің арқасында белгілі бір əлеуметтік топтардың өкілдігін танытарлық, қосалқы өмірге ие болған (нарицательдік) жанды кейіптер еді. Қазақ əдебиетінде де бұл сияқты кейіптер ұшырамайды емес. Мəселен, Ғабит Мүсреповтің Жантығын, Мұхтар Əуезовтің Жұман қыртын, Əбдіжəміл Нұрпейісовтің Судыр Ахметін атауға болады. Міне, осы орайда қазақ əдебиетінде өзінің жеке, жалқы есімімен жалпы есімдік жайлар танытқан тұңғыш образ Мырқымбай десек, асырып айтқандық емес. Мұның өзі де Бейімбет қаламының құдіреткүшін танытарлық ерекшелік деп білген жөн. Бейімбет творчествосынан табылатын тағы бір өзгешелік – лаконизм, айтайын дегенін соэбұйдаға салып шұбалаңқы суреттемей, нақ басып, дəл, қысқа да ұтымды бере білу. Бұл оның прозалық шығармаларына да, поэзиясына да хас ортақ қасиет. Поэзия демекші, Бейімбет қазақ поэзиясында сюжеттік лириканы жасаушылардың алғашқыларының бірі жəне бірегейі. Осыдан да болу керек, оның өлеңдері көбінесе құрылады да, лирикаға драманың элементтері араласып отыратын жайлар жиі кездеседі. Бейімбет творчествосының ерекшеліктері дегенде зерттеуші осы мəселелердің төңірегінде толғанған тəрізді. Жинақта бұдан басқа да көптеген мақалалар бар. Оларында да Қ. Жұмалиев əрбір ақын-жазушының өзіне ғана лайық деген ерекшеліктер жайын сөз етеді. Мысалы, Ілияс Жансүгіров поэзиясына лайық музыкалылық, ұтымды берілетін ішкі ұйқасқа кұрылған дыбыс əуезділігі (эвфопия), Сəбит Мұқанов творчествосындағы өмір фактілерінің байлығы мен батылдық,

өмір танытушылық күшінің молдығы, Тайыр творчествосындағы лептілік пен суреттеу тəсіліндегі əкілендіріп, дамытып отыруға құрылған үдемелілік (градация), Əбу лирикасындағы сезімге ойнайтын сыршылдық, Дихан поэзиясындағы ұнамды мағынасындағы қарапайымдылық – бəр-бəрі де зерттеуші қаламынан лайықты бағаларын алған. Жинақтың ең соңындағы екі мақала туысқан қырғыз əдебиетіне – бірі «Манас» эпосына, енді бірі Тоқтоғұл Сатылғанов творчествосына арналған. Əрине, мұнда да зерттеуші назары көбінесе олардағы стиль ерекшеліктеріне аударылғандықтан, жинақтың құрылу принципіне қиғаш келерліктей оғаштық көрініп тұрған жоқ. Жинақта кейбір пікір қайталаулар, цитата қайталаулар ұшырайды. Осындай кедергі-кемшін деген кейбір уақ-түйек жайларға кешіріммен қарасақ, Қ. Жұмалиевтің бұл еңбегі жалпы оқырмандарға да, мектеп мұғалімдеріне де, сондай-ақ əдебиетшілерге де қажетті, пайдалы кітап екендігі даусыз. 1967. КЕМЕЛ ШАҚ Туған əдебиетімізді арнасы кең, суы мол үлкен бір өзенге немесе дарияға теңеу жаңалық болудан қалғаны бір бүгін емес. Сол арнаны əр тараптан келіп қосылып жататын айырықтар, ағыстар жасайтыны тəрізді əдебиетке де əр кезде келіп қосылып, қал-қадарынша еңбек етіп, тер төгіп жүрген буын-буын қаламгерлер тобы бар екені ақиқат. Əдебиетімізге Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары келіп қосылған буында жіті көзге байқалар бір ерекшелік болды. Қазірде есімдері елге мəшһүр болған танымал талант иелерінің бір тобы жайшылықтағы бейбіт кездің ондаған жылына татырлық өмір университетін, жорық жолдарын кешіп келген болса, енді бір тобы мектеп партасынан жаңа ғана тұрып келген, əдебиетке деген құштарлық пен үміт жетелеген тəжірибесіз жастар еді. Бұл екі топ соғыстан кейінгі жылдары институттар мен университет қабырғаларында, мерзімді баспасөз орындарында бір тұста келіп тоқайласып, бас қосты да, араларындағы азды-көпті жас ерекшеліктері елеусіз қала берді. Міне, əдебиет деп аталатын үлкен өнердің босағасын сол жылдары мектеп партасынан келген бойда институт қабырғасында жүріп аттаған топтың алдыңғы легінде бүгін елуге келіп отырған Серік Қирабаев та бар еді. Серік əдебиет босағасын аттағаннан бастап, бағзы біреулердей бытырамай, шашылмай, əр жанрдың есігін бір қақпай, өз құбыласын бір бағыттан – сын саласынан ғана іздеді һəм іздегенін тапты, жұртқа танытты. Бір бағытта ізденудің нəтижесінде ол қыруар іс тындырды. Ол əдебиет сыны сияқты қиын да жауапкершілігі мол жанрға жолдаманы 1948 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған шағын мақаласымен (рецензия) алды. Əрине, ол кезде редакцияның босағасын имене аттаған жап-жас жігіт, ҚазПИ-дің II курс студенті, кейін осы газеттің əдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болармын деп ойламаған да шығар. Қалай болғанда да осы бір баспасөз бетін көрген шағын материал жас қаламгердің сынға деген сенімін күшейтіп, я талабын талпынтты да, енді ол бұған біржола ден қойды. 1951 жылы ҚазПИ-дің тіл-əдебиет факультетін үздікі бітірген Серік бір жағынан аспирантурада болашақ ғылыми жұмысқа дайындала жүріп əрі мерзімді баспасөз орындарында қызмет атқара

жүріп, əдебиетіміздің əралуан зəру мəселелеріне, əсіресе, проза мен поэзияның көкейтесті проблемаларына арналған көптеген мақалалар жазды. Сыншыға тəн салқын қандылық, эмоцияға беріліп кетпей, безбен басын тең ұстауға тырысатын əділеттілік, ұстамдылық, соқталы ой айтуға ұмтылатын парасаттылық нышандары Серіктің сол алғашқы мақалаларының өзінде-ақ бар еңсесімен бой көрсеткен болатын. Əдеби сынның бұқаралық, қоғамдық жұмыс екенін, оның жазушы үшін де, оқырман қауым үшін де атқаратын тəрбиелік миссиясын тез паййымдап, дөп таныған Серік «Əдеби сынның партиялық принциптілігі туралы» деген мақаласында: «Сын біздің əдебиетімізге өзінің принциптілігімен, пайымды пікірлерімен көмектесіп отыруға тиіс. Негізін де ол əдебиеттіне болмаса қандай да бір ғылыми еңбекті оқушыларға насихаттау қызметін атқарады. Сын арқылы көрсетілген пікірлер авторларға ой салатын, сол шығармаға жаны ашудан туған пікірлер болуы қажет. Егер олай болмаса, əдеби сын өзінің жауынгерлік міндетін атқара алмайды» – деп жазды. Міне, бұл Серіктің бұдан былайғы жұмысында өзіне де, өзгеге де қояр талабы, айтар ақыл, берер кеңесі болды. Ол өзінің жоғарыдағы ойларын дамыта отырып, бізде баспасөзге де, сын пікірлерге де бостандық екенін, демек, белгілі бір жазушы немесе шығарма жайында кез келген оқырман, басқаша айтқанда, екінің бірі, егіздің сыңары өз пікірін айтуға праволы екенін атап көрсете келіп, бірақ қарапайым оқырманның айтқандарының бəрі əдеби сын деңгейіне көтеріле бермейтіндігін, пікір айтқандардың бəрі маман сыншы болмайтындығын, тек эстетикалық талғамы бар, əдебиеттің өнер ретіндегі өзіне хас қасиеттерін жете білетін, сөйтіп өз пікірімен жазушыға ой салып, жəрдемдесетін адам ғана маман (профессионал) сыншы деген атқа ие бола алатынын ескертеді. Сөйтіп ол сын миссиясына, сыншы мамандығына аса жоғары мəн береді, яғни əдебиетті түсінігі төмен оқырманның деңгейіне қарай сүйремей, қайта, қарапайым оқырманның талғам таразысын өнердің құпиясын түсіну дəрежесіне дейін жоғары көтеріп, тəрбиелеу қажеттігін дұрыс ұсынады. Серік сонау Ілияс, Бейімбеттерден бастап бүгінгі Сағи, Тұманбай, Қадырға дейінгі аралықтағы көптеген жеке ақын-жазушылардың творчестволары жайында қысқаша шолу жасаған, бас-аяғы тұжырымды да ойлы мақалалар жазды. Серіктің жеке жазушылардың творчествосын арнайы зерттеп, жан-жақты талдау жасауға талпынысындағы алғашқы сəтті қадамы педагог-жазушы Спандияр Көбеев пен қазіргі əдебиетіміздің ақсақалдарының бірі, прозаның хас шебері Ғабиден Мұстафин жайында жазған кітаптары еді. Бұл еңбектер авторды енді əдебиет ағымына ілесе пікір айтып, жіті қадағалап отыратын сыншылық, елгезектік үстіне ыждағатты ізденіске, толымды ой толғаныстарына бейім ғалымдық амплуада жаңа қырынан көрсетті. Жəне сыншының творчестволық өсу жолының алғашқы бір кезеңіне белгілі дəрежеде қорытынды жасады, болашақ барар бағдарына баспалдақ болды. Серіктің əдебиеттану ғылымында бүгінгі шыққан биігі – 1962 жылы жарияланып, араға екі жыл салғаннан кейін филологияның докторлық дəрежесін əперген «Сəкен Сейфуллин» атты көлемді монографиясы. Сəкен творчествосын Есмағамбет Ысмайылов, Тұрсынбек Кəкішевтермен қатар жедел зерттегендердің бірі де Серік болатын. Алғашында Сəкеннің поэзиясы жайында, «Айша», «Жер қазғандар» повестерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері жайында, қадау-қадау мəселелер төңірегінде көлемді-көлемді мақалалар жазған Серік тынымсыз іздене жүріп, кейін оларын кең тынысты, көлемді монографиялық зерттеуге айналдырды. Бұл еңбегінде автор Сəкеннің совет əдебиетінің негізін қалаушы, қазақ əдебиетінде социалистік реализмнің алғашқы ту ұстаушысы болғандығы жайында дүйім жұрт жұмыла ден қойған пікірді одан əрі тереңдетіп, нақтылы дəлелдермен негіздей отырып, орнықтырып қана қойған жоқ. Сəкен есімімен байланыстыра отырып, жалпы қазақ-совет əдебиетінің іздену, өсу, өрлеу процестерін түбегейлі зерттеп, зерделі ойлар, тұжырымдар түйіндеді. Сондықтан да ғалымның бұл еңбегі əдебиеттану ғылымына елеулі үлес боп қосылып, орыс тілінде де екі рет (Алматыда жəне Москвада) жеке кітап болып басылды. Жалынды ақынның өмірі де, практикалық ісі де, бүкіл творчествосы да Ұлы Октябрь революциясымен тығыз байланыста аталатынын айтсақ, бүгін сол революцияның 60 жылдығы тұсында Серіктің сөз болып отырған еңбегінің құндылығы бұрынғыдан да арта түсері даусыз. Сəкен Сейфуллин творчествосының революциялық рухына айрықша мəн беріп, егжей-тегжейлі тоқталып отырып, пікірін ол былайша тұжырымдайды: «Ұлы Октябрь социалистік революциясынан бұрын-ақ өлең жазабастаған ақын сол қалпымен революцияға келіп араласады да, халық үшін аянбай күрескен жалынды большевиктердің сапында болады. Бұл жылдары ол өзінің

революциялық қызметіне өткір өлеңдерін де пайдаланады... Революциялық рухтың қазақ поэзиясында берік орын теуіп, жаңа заманды жаңаша жырлаудың алғашқы мотивтері біздің поэзиямызға Сəкен шығармалары арқылы енді. Ол шығармаларында ақын коммунистік идеяны шын мағынасында түсінген, сенімді, ешбір жалтақ пен ауытқуды білмеген, батыр большевик болып көрінеді. Революциялық күрес дəуірі мен социалисті құрылыс майданында да осылай өмір кешті. Сол дəуір деп шығармаларының қайсысында болса да, Сəкен бар өмірін жаңа қоғамның салтанат құруына, коммунистік идеяның мəңгі жеңуі жолына арнады». Серік қаламынан əмəнда зерттеуші ғалымға тəн парасаттылық пен зерделілік, сыншыға лайық публицистикалық ұшқырлық, елгезектік қалпы байқалады. Ол туған əдебиетіміздің күнбе-күнгі өмірінде болып жатқан əралуан өзгерістерге əрдайым құлағы түрік, қаламы қайраулы сыншы. Оның өзі қатарлы буыннан оза шауып, өндіре жазып, өрелі іс тындыруы да осындай ерінбес еңбеккерлігінде, əдеби процестің лүп еткен тынысын қапысыз бағып, қадағалап отыруында деп білеміз. Бұл əдебиетші, сыншы үшін таптырмайтын аса бір қажет қасиет. Міне, Серік творчествосының тақырып шеңбері сонау Сəкен, Ілияс, Сəбиттерден бастап, орта буын өкілдері Хамит Ерғалиев пен Мұқан Иманжановтар арқылы бүгінгі жаңа талап, жас ақын-жазушыларға дейінгі аралықты кеңінен қамту себебі де сондықтан. Серіктің қоғамға, халыққа сіңірген еңбегінің енді бір парасы – ұстаздығы, педагогтік қызметі. Ол 1958 жылдан бері республикамыздың педагог кадрларын даярлау ісіне белсене атсалысып, қызмет атқарып келеді. Қазір ол Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының профессоры, СССР Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР Оқу министрлігінің əдебиет жөніндегі оқу-методикалық советінің председателі. Бұл салада да ол өз міндетін тек практикалық қызмет шеңберімен шектелмей, творчестволық жұмыспен ұштастырып келеді. Бұған оның «Қазақ балалар поэзиясы», «Балаларға арналған үлкен əдебиет жасайық», «Қазақ-совет балалар əдебиетінін кейбір мəселелері» атты көлемді-көлемді мақалалары, орта мектептер мен жоғары оку орындарының филология факультеттеріне арналған оқулықтар жазуға белсене атсалысуы айғақ бола алады. Жоғарыда аталған монографиялық туындылардан басқа Серіктің «Өрлеу жолында», «Октябрь жəне қазақ əдебиеті», «Өнер өрісі», «Əдебиет жəне дəуір талабы» атты кітаптары əр кезде жарыққа шыққан екен. Сол еңбегіне лайық дəл осы күндері оған бұрынғыларына қоса, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері деген құрметті атақ берілді. Серік, міне, шын мəніндегі ұстаздық хақына ие болған, соған жасымен де, еңбегімен де жеткен дер шағында тұр. Бұл жерде оның педагогтік қызметін ғана емес, əдеби ұстаздықты, өзі тұрған биігін сезіну жауапкерлігін, жас əдебиетшілерге қамқорлық, əдебиеттану ғылымы мен əдеби сынның келелі мəселелеріне ұйтқы, мұрындық болу сияқты көптеген ұғымдарды сыйғызып айтқым келеді. 1977.

СЫНШЫ МҰРАСЫ Əдебиет сыны мен əдебиеттану ғылымына елуінші жылдар шамасында келіп қосылған топтың жуан ортасында болып, оқырман қауымға жедел танымал болған есімдердің бірі марқұм Қалжан Нұрмаханов еді. Сан буын əдебиетшілерді баулып ұшырған алтын ұя – Москва университетінің филология факультетін ойдағыдай бітіріп, сосын М. Горький атындағы дүниежүзілік əдебиет институтының аспирантурасында оқып жүрген кезінен бастап əдебиет сыны саласына белсене араласқан оның қаламынан əралуан проблемаларға арналған ондаған мақалалар қалды. Амал не, əдебиеттің тереңіне енді бойлап, оның бар əсемдігін сезініп, іске бар ынтасымен беріле кіріскен шағында ол мезгілсіз дүние салды. Бірақ өзі еңбек еткен 10–15 жылдың ішінде қыруар дүние жазып үлгергенін біз оның «Жазушы» баспасы жарыққа шығарған «Дос лебізі» атты жаңа кітабынан тағы да танығандаймыз. Бұған дейін марқұмның көзі тірісінде оның «Литературные заметки» (1961 ж.) жəне «Дəстүрлі достық» (1962 ж.) атты кітаптары жарық көрген болатын. Орыс тілінде басылған «Литературные заметки» деп сыпайы ғана аталған кітабында жекелеген жанрлар жайындағы өз ойларын ортаға салып, сондай-ақ бірқатар мақалаларын революцияға дейінгі демократияшыл қазақ əдебиеті өкілдерінің творчестволарын талдауға арнаған еді. Ал «Дəстүрлі достықта» көбінесе өткен ғасырдағы орыс жəне қазақ халықтарының əдеби байланысын көрсетуге, А.С. Пушкин, В.Г. Белинский, Ф.М. Достоевский, В.Г. Короленко сияқты ұлы жазушылардың қазақ халқының əдет-ғұрпы, рухани өмірі жайлы айтқан пікірлерін баяндауға күш салды. Ал кейбір мақалаларда қазақ əдебиеті шығармаларын орыс тіліне аударуда орын алып келе жатқан кедергі-кемшін жайлар, əралуан «əттеген-айлар» сын садағына ілінді. Туған əдебиетіміздің күнделікті өміріндегі сан-салалы құбылыстарға құлақ түріп, жіті қарап отыратьш сыншының ең бір өнікті еңбек саласы – туысқан халықтар əдебиеттерінің əр жақты байланысы болып еді десек, қателеспейміз. Тіпті, оның кітаптарының аталуының өзінде «Дос лебізі», «Достық» сөздерінің қайталанып келуі осыған байланысты екені даусыз. Ең алдымен ол өзі əдебиеттің де, əдебиетшілердің де қалтқысыз, қалтарыссыз шынайы досы болатын. Жекелеген əдебиетшілердің, ақын-жазушылардың арасында оқта-текте ұшырасып қалатын кейбір дүниелік пендешілік мінездер мен пиғылдарға ол ренішпен қарап, өнер есігі, əдебиет босағасы – қасиетті құттыхана, оның табалдырығын адал арың, таза жаныңмен аттау керек деп білетін һəм өзі осыған барынша тырысатын. Ал ардың тазалығы əрбір əдебиетшіге, əсіресе сыншыға өте-мөте қажет қасиет. Оның жазған мақалаларында сөз болып отырған шығарма авторының лауазымы мен мансабы сыншы пікіріне ықпал жасау дейтін атымен болмайтын. Ол не жазса да, тақырыбын жан-жақты зерттеп, игеріп алып, содан соң ғана қаламына сөз беретін білімдар да байсалды сыншы еді. Шығарманы оқыған бойда бір мақаланы сүйкей салатын ұшқарылық онда жоқ болатын. Жəне сонымен бірге туған əдебиетіміздің тірлігіне деген керенау, самарқаулық та оның қаламына жат құбылыс. Көп жыл бойы бір мекемеде қызметтес бола жүріп өзіміз байқаған бұл қасиет оның осы «Дос лебізі» атты кітабына енген көптеген макалаларынан да байқалады. Əсіресе, Мұқан Иманжановтың журналистік, публицистік еңбектерін баяндайтын, Асқар Тоқмағамбетов сатирасының сырларын ашатын, театр сыны мен аудармалар жайын баяндайтын мақалалар бұған толық айғақ. Əдебиеттер достығы, əдебиеттер байланысы – Қалжан еңбектерінің елеулі бір саласы дедік. Қазақ тақырыбына жазған орыс, украин жазушыларының шығармалары жайлы мақалалар циклі бұрынғы кітаптарынан мəлім. Ал сөз болып отырған соңғы кітабына енген тоғыз мақала өз алдына бір бөлім болып, түгелдей осы əдеби байланыстар тақырыбына арналыпты. Əсіресе, А. С. Пушкиннің қазақ даласына сапары, Т. Г. Шевченконың қазақ даласындағы тағдыры, алтын алқап аталған өзбекстандық достардың шығармалары, бауырлас қырғыз əдебиетінің Аалы Тоқомбаев, Түгелбай Сыдықбеков сияқты көрнекті өкілдерінің творчествосына жасаған жан-жақты талдаулары сыншы өресінің кеңдігін танытатын байсалды зерттеулер. Қалжан əсіресе көршілес, бауырлас қырғыз əдебиетіне əрдəйім ерекше назар аударатын. Жəне ол туысқан елдер əдебиетіне əйтеуір бір юбилейлік жылы лебіз білдіру ниетімен емес, шын мəніндегі жанашыр зерттеушінің көзімен қарайтын. Қалжан зерттеулерінде туысқан елдер əдебиетіндегі дəнекерлік ортақ жағдайларды, ортақ мүдделер мен жетістіктерді жіті пайымдайтын. Бір ғана мысал, «Түгелбай творчествосы туралы ойлар» деген мақаласында Қалжан былай дейді: «Колхоздың алғашқы ұйымдаса бастаған шағында шаруалардың белгілі бір бөлігінің жаңа құрылысқа үрке қарап, «жерұйықты» іздеп

дүрліге көше бастағаны да шындық. Бұл жағдай сол дəуірге арналған шығармалардың біразынан көрініс тапты. Мысал рстінде орыс əдебиетінен – А. Твардовскийдің «Жерұйық» поэмасындағы Никита Моргунокты, қазақ əдебиетінен – Ғ. Мұстафиннің «Шығанақ» романындағы Олжабекті, қырғыз əдебиетінен – Аалы Тоқомбаевтың «Өз көзіммен» атты өлеңмен жазылған романындағы Нұрбай қартты алсақ та жеткілікті. Осы бір шындықты, яғни, орта шаруалардың В. И. Ленин айтқан «екі жанын» Т. Сыдықбеков те дəуір бойына сыяр оқиғаларды көрсету арқылы суреттеді. «Кеңсу» романындағы Иман кедейдің, «Темірдегі» Күнту қарттың тұлғалары бұған толық дəлел». Қалжан туысқан елдер əдебиеті өкілдерінің шығармаларын бірыңғай жақсылық жағынан ғана қарастырып қоймай, сонымен қатар кемшіліктерін де ұтымды фактілермен дəлелдеп көрсететін. Оның ілгергі бір мақалаларында қырғыз жазушылары Қ. Жантешевтің «Қаржұқпас» романы мен Н. Байтеміровтің «Бір совхозда» повесіне жасаған талдаулары осыны дəлелдейді. Қ. Нұрмахановтың туысқан қырғыз əдебиетіне деген көзқарасын сөз еткенде, оның Шыңғыс Айтматов творчествосына деген ықласына (дəлірек айтқанда, махаббатына) арнайы тоқталмай болмайды. Бүгінде əлемге мəшһүр болып отырған Лениндік жəне Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, совет жастарының сүйікті жазушыларының бірі Шыңғыс Айтматов творчествосын тырнақалдысынан таныған əдебиетшілердің қатарында да Қалжан бар еді. Ұмытпасам, жазушы Тəкен Əлімқұлов Қырғызстаннан қайтқан бір сапарында «Жұлдыз» журналының редакциясына Шыңғыстың «Бетпе-бет» повесінің орысша нұсқасын (қолжазбасын) əкеп беріп, жас жазушы жайында жылы-жылы тамаша сөздер айтып, сырттай таныстырып кетті. Редакцияда қолжазбаны бірінші оқып шыққан Қалжан болды да, аударуға ат-түйедей қалап алды. Табиғатында елгезек жан, қабілетті де қағылез əдебиетші Қалжан аудармасы арқылы Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет», «Жəмилə» атты повестері қырғыз тіліндегі түпнұсқасымен біртұста қазақ тілінде де жарыса жарық көрді деуге болады. Қалжан кейін де оның бірқатар шығармала-рын аударды. Олардың бəрі де Шыңғыстың «Тау мен дала хикаялары» атты кітабына енді. Шыңғыс талантына табынған сыншы «Жəмилə» повесінің негізінде «Аңсаған менің əнімсің» атты пьеса жазды. Повестің сахналық варианты бойынша қойылған бұл спектакль міне қатарынан бірнеше жыл қазақ өнерінің қара шаңырағы М. О. Əуезов атындағы академиялық драма театрының репертуарынан орын алып, көрермен қауымның алғысына ие болды. Бірыңғай таза сезімге құрылған Шыңғыс повесінің нəзік лирикасынан сахналық ситуация тауып, лириканы драмалық тартыспен шебер астарластырып бере білу – драматургияға енді ғана бетбұрған Қалжанды тағы бір тың қырынан танытқандай. Қалжан қайтыс болғанда Шыңғыс Айтматов Лельскийге ұшып бара жатқан асығыс сапарына қарамай, Алматыға арнайы келіп марқұмның туған-туысқандарына ғана емес, «Қазақ əдебиеті» газетінің бетінде барша қауым, жалпақ жұртқа көңіл айтып, жылы лебіз білдіруі – бүгінгі үлкен таланттың сыншы еңбегіне деген дəн риза көңілінің кепілі болатын. «Дос лебізі» кітабының алғашқы беташар бөлімі сыншының ұлы көсеміміз В. И. Ленинге, оның əдебиет пен өнерге қатысты айтқан пікірлері мен еңбектеріне арналған мақалалар циклынан («В.И. Ленин жəне əдебиеттегі типтік проблемасы», «В.И. Ленин жəне əдебиеттану ғылымының кейбір мəселелері», «В.И. Ленин жəне совет көркемөнері») құралыпты. Бұл мақалаларында да сыншы ұлы көсеміміздің əдебиет пен өнер жайындағы данышпандық қағидалаларына орай, туған əдебиетіміздің проблемалаларын жанжақты баяндауға талпынғандығы байқалады. Бүкіл елімізде В. И. Лениннің туғанына жүз жыл толуын тойлауға жаппай дайындық жасалып жатқан қарсаңда жарыққа шыққан кітап бетінің аталған тақырыптағы мақалалармен ашылуы «Дос лебізі» жинағының құндылығын, актуальдық маңызы мен салмағын анағұрлым арттыра түседі. Сөз соңында айтпағымыз – бергенінен берері көп кезінде жастай кеткен қатардағы қарапайым əдебиетші Қалжан мұрасының елеусіз қалмай, ескеріліп, бас қосып, түптеліп, жеке мұқаба киіп шығуы өнегелі елдің үлгісі, өсер əдебиеттің дəстүрі демекпіз. Демек, бұл тұрғыдан Жазушылар одағы мен «Жазушы» баспасына сыншы еңбегін бағалайтын оқырман қауымның айтар алғысы мол. 1968.

ЖАРИЯЛАНБАҒАН МАҚАЛАЛАР ТОЛСТОЙ ЖƏНЕ ƏУЕЗОВ Ұлы жазушымыз Мұхтар Əуезов орыс реализмінің дəстүрлері жайын сөз еткенде революциялық-азаттық қозғалыстармен тығыз байланысқан орыс халқының көркем творчествосының дара ерекшеліктері өмірді бейнелеудегі батыл жаңашылдық характерді ашудағы терең шыншылдық, жоғары идеялық ағартушылық пен халықтық сияқты сипаттарда жатқандығын атап көрсете келіп: «бұл дəстүрді бүкіл совет əдебиеті зор ұқыптылықпен бойына сіңіріп келеді», – деп жазған еді. Жоғарыда аталған қасиеттерді өз бойына түгелдей сыйғызған байтақ та мол мұралардың бірі, һəм бірегейі – орыс топырағында өсіп шығып, өркен жайып, жұпар иісін əлем əдебиетіне себездеген данышпан, ұлы ойшыл Лев Толстой творчествосы екені даусыз. Жалпы əлем əдебиетінде Толстой творчествосына тұшынбаған, оның ықпалын азды-көпті сезінбеген қалам иесі сирек болса керек. Біздің қазақ топырағында Толстойды аударуға батылы жетіп қолына қалам алған тұңғыш жазушы Ыбырай Алтынсарин болу керек. Алтынсарин Толстойдың «Азбука» деп аталатын оқу құралынан балаларға арналған дидактикалық шағын-шағын төрт-бес əңгімесін қазақ тіліне еркін аударып (сюжетін пайдаланып) өзінің «Қырғыз хрестоматиясы», «Мəктубат» кітаптарына енгізді. Дəл осындай хал кейін Спандияр Көбеев басында болды. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Лев Толстойды интернатта оқып жүрген қазақ жастарына үлгі етіп ұсынғаны да баршамызға мəлім. Қазақ-совет жазушыларының ішінде Толстой мұрасына ден қойғандардың алғашқы легінне Мұхтар Əуезов те болды. Ол сонау отызыншы жылдардың бас кезінде-ақ Толстойдың «Той тарқар», «Булька» атты əңгімілерін қазақ тіліне аударды. Атақты Ленинград университеттінде энциклопедиялық дəрежеде білім алған ғұлама жазушы Мұхтар Толстой сияқты сом тұлға, ірі суреткердің мұрасына аншейін бара салған жоқ, оқу үйрену мектебі санағандықтан саналы түрде барғандығы хақ. Əдебиетші Евгения Книповичтің естелігіне жүгінсек, Лениндік сыйлық жөніндегі комиссияның мəжілісінде М. Шолоховтың «Адам тағдыры» əңгімесі талқыланған кезде сөйлеген сөзінде М. Əуезов прозасының шағын жанрына айрықша мəн бере отырып, «Лев Толстойдың творчествосын алайықшы, оған осындай сыйлықты тек «Соғыс жəне бейбітшілік» үшін ғана емес, «Қожасы мен малайы», «Той тарқар» атты əңгімелері үшін де беруге əбден болады емес пе?» – деген екен. Толстой мұрасына деген Əуезов көзқарасының біраз сырлары осыдан-ақ айқын аңғарылғандай. Қазақ əдебиет зерттеушілері мен сыншыларының көпшілігі-ақ Толстойды М. Əуезовтің əдеби ұстаздарының бірі деп санайды. Тек қазақ əдебиетшілері ғана емес, тіпті, басқа халықтың кейбір зерттеуші, сыншылары да осындай пікірді қуаттайды. Мысалы, «Абай жолы» эпопеясын өз тілінде оқыған француз сыншысы М. Лалу: «Əуезов романына мен социалистік реализм əдісімен жазылғандығы үшін ғана емес, жазушының асқан зор таланты үшін көбірек толғандым. «Тынық Донның» авторы Шолохов секілді ол да Толстой мұрагерлерінің бірі боп саналуға тиіс» деп жазды. Əрине, орыстың ұлы ойшылы, данышпан жазушы Толстойдың жазу мəнерінен қазақ жазушысы Əуезов нені қабылдап, нені қойғанын стиль ерекшелігінен нені үйренгендігін айту – өз алдына арнайы терең зерттеуді, сарыла отырып тер төгуді қажет ететін аса күрделі тақырып, жауапкершілігі мол жұмыс. Солай бола тұрса да, əдебиет зерттеушілері мен сыншыларының жоғарыдағыдай тұжырымға келуінде де негіз жоқ емес сияқты. Мұхтар Əуезовтің өзіміз революцияға дейінгі қазақ халқының жарты ғасырлық тарихы, көркем энциклопедиясы деп атап жүрген «Абай жолы» эпопеясы мұндай атаққа көлемі төрт том болып жазылғандығы үшін емес, халық өмірінің небір қат-қабат қыртыстарын сан-сала бұрылыстары мен иін-иірімдерін тың қопарғандай аударып, ақтара көрсеткендігі үшін, оның материалдық жағдайы мен рухани игіліктерін жарқырата ашып бергені үшін, ұлттық сана-сезімнің есею, даму процесін логикалық дəлелі мен байсалды суреттеп, айқын картина жасап бергендігі үшін ие болғандығы мəлім. Міне, дəл осы үшін де М. Əуезов кейініректе не бір кінəмшіл, талғампаз оқырманды ғана емес, тіпті, бір кезде мұрнын шүйіре қарайтын «батыс цивилизациясы» деп аталатын тəкаббар əлемнің өзін таңғалдырып, талантына табындырды. Жалпы эпопея деп қандай шығарма аталуға лайық деген мəселеге өз кезінде Гегель: «Барлық шыққаны елден ерекшеленіп, бізге семьялық өмірдің өнегелік, əдет-ғұрыптық негіздеріндегі, соғыс пен бейбітшілік халімнің қоғамдық жай-жағдаяттарындағы, оның қам-

қаракеттіктеріндегі, өнерлеріндегі жол-жоралғы, салтымдағы ынтаықылас. мақсат-мүдделіріндегі ұлттық рухтың картинасын, жалпы ақыл-ой, сананың бар болмыс дарежесі мен хал-ахуалының бейнесін береді», – деп жазған болатын. Əрине, орыстың өткен əдебиетінен осындай эпопеялық дəрежеге Лев Толстойдың «Соғыс жəне бейбітшілік» романы, кейін Горькийдің «Клим Сасгиннің өмірі». М. Шолоховтың «Тынық Доны», А. Толстойдың «Азап сонары» мен «I Петрь» романдары көтерілген болса, қазақ-совет əдебиетінде М. Əуезовтің «Абай жолы» да дəл сондай шығармалар қатарына қосылды. Өйткені, бұл романда қандай жіті көзбен қарағанда да өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өмірінде тарихи мəні бар шешуші құбылыстарынан көзге түспей қалтарыста қалған дүние шамалы-ау деп топшылаймыз. Өмір сүрген заманы, қоғамдық жағдайлары бөлек екі суреткерді, «Соғыс жəне бейбітшілік» пен «Абай жолы» эпопеяларының авторларын жақындастыратын, табыстыратын ерекшеліктер – халық өмірін, ел өмірін барынша мол қарпуы, қоғамдық жайжағдаяттарды қамтудағы əлеуметтік тынысының кендігі, кейіпкерлер (əсіресе, бас кейіпкер) характерлерінің қалыптасуын ұлттық тарихи панорамада алып, жан-жақты суреттеуі жəне осының бəрін айқын, қанық бояумен безендіріп көркем бейнелеуі. Демек, Толстойдың М. Əуезов творчествосына игі ықпалы, қазақ жазушысының орыстың реалистік мектебінен оның ішінде Толстойдың суреткерлік, көркемдік, əдемілік академнясынан үйренуі, оқу-тоқуы жайындағы зерттеу-ізденістер осы мəселелердің төңірегінде болғаны абзал. Абай жайында төрт томдық эпопея жазу үстінде жəне ұлы ақынның творчествосына талдау жасаған ғылыми зерттеу еңбектерін жазу тұсында Мұхтар Əуезов ұлы көсеміміз В. И. Лениннің Толстой туралы жазған данышандық еңбектеріне сан рет үңілгендігі байқалады. Бұған оның музей-үйіндегі өз кітапханасында сақтаулы тұрған Ленин шығармаларының ІV басылымындағы Толстой жайындағы мақалаларды астын сызып отырып оқығандығы, кей тұстарға белгі қойғандығы, ал Толстой ілімі мен көзқарастарындағы қайшылықтар мен оларды туғызушы тарихи-қоғамдық жай-жағдаяттарды талдаған тұстарына Əуезовтің өз қолымен «Абай да солай» деп қызыл қарындашпен жазғаны (15-том, 183-бетте) дəлел. В. И. Ленин «Л. Н. Толстой жəне қазіргі жұмысшы қозғалысы» деген еңбегінде Толстой өзінің туысы мен тəрбиесі жағынан Россиядағы помещиктердің ең жоғары аксүйек тобына жататындығын, сөйте тұра ол өзінің ілімінде өз ортасының барлық үйреншікті көзқарастарынан бас тартып, қол үзгендігін, сөйтіп ең соңғы шығармаларында сол кездің қалың бұқараны қанауға негізделген барлық мемлекеттік шіркеудің, қоғамдық, экономнкалық тəртіптерін сынап, барынша шүйліккенін атап көрсетсе, «Лев Толстой – орыс революциясының айнасы» деп аталатын еңбегінде жазушының көзқарастары мен іліміндегі қайшылықтар қоғамдық даму заңдылықтарын толық ажырата алмаған осындай екіудай жағдайдан туған қайшылықтар екенін талдап отырып түсіндірді. Мұхтар Əуезов өткен ғасырдағы қазақ қоғамының даму жағдайында Абай басынан Толстойға көп ұқсастық, ортақ туыстық тапты. Абай да аталы ақсүйек, алпауыт тұқымынан шықты, алайда, өзінің көзқарасында ол да өз ортасынан безініп шықты. Ол да Толстой сияқты таптық күрес идеясынан алыс болды. Сондықтан ол да дəл Толстой басында болған кайшылықтарға ұрынды. М. Əуезовтің кітап шетіне жазған «Абай да солай» деген екі сөзінде осындай дүйім дүние, сан-сала пікір жатса керек. Тарихта – Толстой Калуга төңірегінде болған аштықта арнайы комиссия кұрып, ашаршылыққа ұшыраған шаруаларға жəрдем ұйымдастырса, романда Абай қатал қыста жұтқа ұшыраған ауылдарға, қазақ кедейлерінің мал-жанына өз ауылынан пана беріп, жұттан аман шығарудың қамын жасайды. Демек, өзінің тамаша эпопеясының кейбір тарауларының оқиға желісін өрбітуде Мұхтар Əуезов бастапқы серпінді осындай жайларға байланысты тапқандығы, ұлы ақынның шынайы образын жасауда Толстой творчествосы мен оның ілімін, көзқарасына берген Лениндік бағаны басшылыққа алғандығы аңғарылады. «Қазақ əдебиеті», 8.09.1978 ж.

АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ Ақынның қайтыс болғанына 50 жыл толуы қарсаңында Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың шығармаларының игі дəстүрі сөз болғанда, оны қазақ өлеңдерінің жасалу техникасына Абай енгізген жаңа формалар мен синтаксистік сөйлем құрылыстарының, сөз қолданыстардың тұрғысынан ғана танып қою аздық етеді. Абай мұрасының тамаша дəстүрлерінің бірін оның қазақ халқын ұлы орыс халқымен, сондай-ақ басқа да туысқан халықтармен достыққа, мəдени қарым-қатынас жасауға шақырған тамаша прогресшіл идеясынан іздеу қажет. Бүгінгі ұрпаққа Абай қадірін арттырып, ақын атын ардақтатып отырған да – оның осындай достықты үгіттеуі, сол жолда тынбай істеген творчестволық еңбегі болса керек. Қазақ халқын ұлы орыс халқымен жəне басқа да туысқан халықтармен достыққа шақыру – Абай творчествосының прогресшілдік сипатын белгілейтін ең негізгі, басты тақырыптың бірі. Абай шығармаларында тамаша интернационалистік пікірлер бар. Əрине, бұдан Абай барлық елдердің еңбекшілерін күреске шақырды деген ұғым тумайды. Абай барлық елдердің еңбекшілерін емес, тіпті, қазақ еңбекшілерінің өзін де күреске шақыра алмады. Бұл Абайдың бүкіл творчествосындағы, қоғамдық əлеуметтік пікірлері мен идеясындағы шектелушілік еді. Абай өзінің көптеген өлеңдері мен қара сөздерінде қоғамдық дамудан кенжелеп қалған қазақ халқын озық елдердің өнерінен, мəдениетінен, ғылымы мен білімінен үйренуге үтіттеді. Оның ең алдымен үлгі етіп уғынғаны да, өзіне ұстаз тұтып оқып, үйренген мектебі де орыс жұрты, орыс халқының прогресшіл мəдениеті болды. Ақынның сол кездегі тайынсыз, харекетсіз, «елең еткенмен өмір оздыруға құмар қазақ жастарына орыстың ұлы жазушылары Салтыков пен Толстойдан үлгі алуға шақыруы да сондықтан болатын. Ақын орыс тілі мен орыс мəдениеті арқылы қазақ халқын бүкіл адамзаттық мəдениетке жетуге, сөйтіп өнерлі жұртты мəдениетті халықтың қатарына қосылуға талпындырмақ болды. Орыс тілін үйрену мақсатын ақынның өз көңіліндегідей танып алмай теріс түсініп, я тілді білуді патшаға қызмет етіп, «шен-шекпен киюдің» қарызындай танып жүрген кейбір қазақ жастарына Абай орыс ғылымын оқып, үйренудегі дұрыс мақсатты айқын ашып, түсіндірді. Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге. Военный қызмет іздеме Оқалы киім киюге. Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге, – деп жазды Абай. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласына орыс халқының тұрмыс салтының шындап араласа бастауы орыс мəдениетіне бой ұруды тудырмай қойған жоқ, қазақ жастарының алғашқы буыны ғылым мен мəдениетке ұмтылды. Міне, Абай идеясы да қоғамдық дамудың осындай тынысынан келіп туған еді. Өйткені, қашан да болсын ақынды халық пен өмір сүрген заманы тудырады. Абайдың өмір сүрген заманы, сонымен бірге, қазақ даласында ислам дінінің де əрекеті күйген кез еді. Ислам діні фанатиктерінің ең зиянды жəне ең қауіпті əрекеті – олардың қазақ халқын ұлы орыс халқының мəдениетінен алыстатқысы, сөйтіп, реакцияшыл шатыстың кертартпа мəдениетіне қарай бейімдегісі келген еді. Олар өздіерінің бұл зұлымдық пікірлерін діни қабыршақтармен бүркемелеп отырды, орыс халқын басқа діннің адамдары бодтандықтан, мұсылман емес, жаттар деп түсіндірді. Ислам дінінің бұл зыянды əрекетін патша үкіметі өз мақсаттары үшін барынша қуаттады. Патша үкіметі Россияның шет аймақтарындағы халықтарды орыс халқының мəдениетінен жырақ ұстағысы келді. Өйткені, патша үкіметі артта қалған қараңғы ұлттардың еңбекшілеріне орыс еңбекшілерінің көрсететін күрес үлгісінен беретін өнегесінен мейлінше қорықты. Ал, ислам дінінің əлгіндей үріті патша самодержавиесінің ұлт араздығын қоздыру отына май құйды. Əрине, қазақ халқының орыс халқына, оның озат мəдениетіне ұмтылуын патша үкіметінің реакцияшыл саясаты да, сондай-ақ ислам дінінің үгіті де тоқтата жаздады. Алайда қоғамның анағұрлым артта қалған бөлігінің ішінде, діннің айтқанына көзсіз еріп, «орыс» деген сөзге тосырқап, үрке қарайтын адамдар болған жоқ деп айту қиын. Өйткені əрбір қоғамда үстем идеология – сол қоғамдағы үстем таптың идеологиясы. Ал, үстем идеология өз үстемдігін сездірмей, қоғамдық пікірге əсерін тигізбей отыра алмайды. Орыстың революционер демократ сыншысы Добролюбов осындай жағдайларды ескеріп, «бір сыпыра шет аймақтардағы ұлттар

орыстарға сенімсіздікпен қарайды, ал, бұған кінəлі орыс халқы емес, патша самодержавиесі деген болатьын. Міне, Абай қазақ қоғамындағы артта қалған пікірлерге орыс халқының мəдениетіне жакындасуға бөгет жасайтын зиянды үгітке қарсы күресті. Сөзге құлақ бермей, жамандық болса «орысқа» аудара салатын надандықты аяусыз əшкереледі. «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде: «Орыс теріс айтпайды, Жалған бол деп оларды. Қаны бұзық өзі ойлар, Қк менен сұм болдырды Орыста қалар жаласы», – деді ұлы ақын. «Қаны бұзықтардың» кеселді пікірлерін əшкерелей отырып, Абай Россияның прогресшіл мəдениетіне жету қазақ халқының шынайы арманы екенін түсіндіреді. Сондықтан да ол ескіліктен, ислам дінінің кертарпашылығынан қол үзу керек деп тапты. «Орысша оқу керек, қызмет те, мал да, өнер де, ғылымда – «бəрі орыста тұр. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымнын білмек керек. Оның себебі: олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең көкірек көзің ашылады... орыстың ғылым, өнері – дүниіенің кілті, оны білгенше дүние арзанырақ түседі... турасын ойлағанда балаңа қатын əперме, енші берме, барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет», – деді Абай. Ұлы ақын кейбір қазақтың бір халықты «сарт», бір халықты «ноғай» т.б. деп менсінбей қараған теріс пікірлерін де əшкерелеп, ол халықтардың өнері қазақтан əлдеқайда артық, сондықтан олардан үйрену керек деп үйретті, озық елден үйреніп, оған жақындасқанның пайдасын түсіндірді. Бұл халықтар өтірік пен өсек қумай, шаруа қуып, өнер тапқан халықтар деді. Басқа халықтардан, əсресе орыс халқынан үйреніп, оған жақын болуды мұсылманшылықтың кешпес күнəсындай етіп түсіндіретін реакцияшыл діни көзқарасты батыл əшкерелеу – Абай заманы үшін бұл, сөз жоқ, интернационалистік пікір. Өйткені Абай заманында қазақ қоғамында бұдан озған пікір айтқан ешкім болған жоқ. Абай қазақ халқының болашағы ұлы орыс халқымен достықта, мэдени қарым-қатынас жасауда екенін өз кезінде өзгеден артық түсінді. Абай қазақ халқын орыс халқымен, сондай-ақ, басқа да туысқан халықтармен достыққа шақыра отырып, өзі де сол жолда аянбай қызмет істеді. Абайдың орыс əдебиеті үлгілерінен жасаған аудармасы да осыны дəлелдейді. Ақын орыс халқының бай əдеби мұрасын қазақ халқына өз ана тілінде таныстыру мақсатын көздеді. Ертеме, кеш пе орыс халқының мəдениеті бүкіл Россия халықтарына ортақ мəдениет болатынын, сол кезде «дауысым бүкіл Россияға тарайды» деп, болашаққа үлкен үміт артқан данышпан Пушкиннің «Ескерткішін», сол сияқты ұлы революционор демократтардың Россияның болашағы жөнінде орыс халқының шет аймақтар үшін атқаратын ролі жөнінде айтқап пікірлерін оқыпбілген Абайдай ұлы ақынның халықтарды достыққа, білімділікке, ынтымаққа шақыруы əбден заңды да жағдай ғой. Алайда Абай көзі тірісінде көңіліндегісін көре алмай кетті. Ақынның шынайы арманы тек советтік заманда ғана жүзеге асып отыр. Қазір қазақ халқы туысқан орыс халқының толық қамқорлығының арқасында ССРО-ның барлық халықтарымен дос, терезесі тең ел болып, социалистік мəдениетке өз үлесін қосуда. «Лениншіл жас», 30.06.1954 ж.

АБАЙ ШƏКІРТТЕРІ ДЕГЕНДЕР КІМДЕР? Абайдың əдеби мектебі туралы мəселені талқылаймыз Қазақтың классикалық əдебиетінің нұсқасын алғаш ұсынған Абайдың даналығы кезінде əдебиеттегі жақсы дəстүрге, жаңалыққа тұңғыш із жасауында ғана емес, кейінгі ұрпаққа ескірместей тамаша əдеби мұра қалдырған ақындық үлгісінде. Шынында, Абайды қазақтың классик ақыны деп бағалауға мүмкіндік берген жағдай оның өз шəкірттерін таба алуында, атап айтқанда, дана ақыннан творчестволық жолмен үйренуші белгілі əдеби топтың болуында. Абайдың ақындық мектебі бұл уақытқа дейін ғылми тұрғыдан дұрыс зерттелмей, тіпті кей жағдайда, Абайдың əдебиеттегі дəстүріне қарсы бағытта шығармалар жазған Көкбай сияқты ақындар Абайдың шəкірттері деп танылып келді. Профессор М. Əуезов 1934 жылы «Əдебиет майданы» журналының №11-12 сандарында басылған «Абай ақындығының айналасы» деген мақаласында Абайдың ақын шəкірттері деп төрт адамды атайды. Олар: Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз балалары жəне Көкбай мен Шəкəрім. Əдеби мектеп ақынның түр тақырыбын ғана емес, алдымен пікірі мен идеясын дамытушы мектеп болуға тиіс. Əдеби мектептің өкілі сол басшы ақынның идеясын дамытушы, қателігін түзей өсуші адам болуы керек. Марксизм-ленинизм классиктері белгілі бір топтық саяси ағымның ортақ белгісін олардың түр (форма) тақырыбынан емес, идея, пікір бірлестіктерінен іздеудің қажеттігін əрқашан үйретіп отырды. В.И. Ленин 1908 жылы марксизм ғылымын сынамақшы болып əуреленген Богданов, Базаров, Юшкевич, Валантиновтарды «өңін айналдырған махшылдар» деп бағалап, ал, Мах пен Авенариусті Кант арқылы Юм мен Берклидің тобына қосып баға бергенде олардың негізгі идеяларының бірлестігін ескергендігі белгілі. Əр кезде өмір сүрген, араларында уақыт алшақтығы бар бұл топтардың бір-бірінен формалық жағынан əдейі бүркемеленген болса да айырмашылықтары бар еді. Бірақ негізгі пікір бірлестіктеріне қарап, В.И. Ленин бұларды Юм мен Берклидің тобына қосып баға берді. Сол сияқты XIX ғасырда орыс музыкасында əр жанрда жазған бірнеше композиторлардың шығармаларын бір «қуатты топқа», бір мектепке біріктіргенде, олардың мазмұн пікір бірлестіктері, яғни» музыканың халықтық бағытта туғандығы еді. Əдеби мектеп деген мəселені осы тұрғыдан қарасақ, М. Əуезов Абай шəкірттері деп санаған ақындардың көпшілігі бұл сынды көтера алмайтындығы даусыз. Өйткені, Абай творчествосында бар мазмұн, идея, пікір ұшығын ол ақындардың шығармаларынан таба қою өте қиын. Əр мазмұнның өзіне лайықты формасы болады. Сондықтан мазмұны түрліше, екі түрлі идеяны сарындайтын творчествоның формаларында да ешбір бірлестік жоқ деген сөз болып табылады. Мағауия поэмаларында ұшырасатын Байронның, Пушкиннің, Лермонтовтың романтикалық поэмаларының əсерін автордың өзін қызықтырған жақсы шығармаға сырттай еліктеуден туған деп қарауға болады. Мағауия творчествосындағы ауызға аларлықтай нəр де осындай романтикалық сарындағы сюжетті поэма жазуында. Абай «шəкірттері» жазған поэмалардың қайсысын алып қарасаңыз да, қазақ əдебиетінде əріден келе жатқан лиро-эпос жырларының өлең ұйқасынан, сөз қолданыстарынан, буын, бунақ санынан ешбір өзгешелігі жоқ кейін аңғару қыйын емес. Қазақ поэзиясына Абай енгізген жаңалықтарды бұл поэмалардан көрмейсіз. Ал, мазмұны жағынан Абай творчествосынан алшақ жатқаны талассыз нəрсе. Абай творчествосының негізгі идеясы, оның халықты ағарту, оқу ісіне, мəдениетке үндеуі, адамгершілікке шақыруында. Абай шəкірттері делініп жүрген кейбір ақындардың творчествосында мұндай идеяны жырлау деген мəселе атымен жоқ деуге болады. Абай шəкірті саналатын Көкбай «Абылай – Кенесары» атты поэмасында қазақ-кырғыз халқының қас жауы болған сұлтан Кенесары Қасымовтың монархиялық қозғалысын, оның ел тонаушылық əрекетін дəріптейді. Поэмада ақын Кенесары мен Наурызбайдың бейбіт отырған орыс қаласына шабуыл жасап, тұрғылықты халықтардың қанын судай шашып, орыс шаруаларын Қоқан хандығына зат есебінде сыйға тартқан айуандығына ризалық білдіріп, «соларды əне болар көкжал десе!» деп сүйінеді. «Бұл поэманын сюжетін Көкбайға Абай əңгімелеп берген еді» дейді, Əуезов жолдас өзінің жоғарыда аталған макаласында. Өз өмірінде орыс адамдарымен достасып, орыстың прогресшіл ойшылдарының шығармаларын оқып, екі халықтың берік достығын мақсат етіп, қазақ халқын орыс мəдениетіне шақырған Абайдың Көкбайға орыс халқымен достыққа қарсы бағытта шығарма жаздыруы шындыққа жанасымсыз пікір. Сол сияқты Ақылбайдың «Қисса Жүсіп» поэмасында да үстем таптың жеңілуі халықтың күресінен болмайды, зəбір көрушінің қарғысынан туады деген мистикалық пікір уағыздалады.

«Мағауия «Шамиль» поэмасында Шамиль жайын – патшаға қарсы «Кавказ көтерілісшілерінің даңқты қолбасшысының жайын жырлады», – деп жазады мұнан кейін М. Əуезов 1945 жылы Москвада орыс тілінде басылған Абайдың «Таңдамалы шығармалар» жинағына жазған алғысөзінде, бұдан əрі автор: «Абайдың тапсыруымен жəне оның тікелей қатысуы бойынша Көкбай белгілі Кенесары туралы, оның патшаға қарсы көп жылдарға созылған құралды көтерілісі туралы тарихи поэма жазды», – деп (18-бет) Кенесары сияқты халыққа қарсы күрес жүргізген феодалдық-монархиялық қозғалыстың басшысын – халықтың қас дұшпанын бір жақтаса, екіншіден олар туралы оқушыға теріс ұғым беретін поэма жазған авторларды дəріптейді. Бұдан басқа Мағауия «Еңлік-Кебек» позмасын жазып еді деген пікір де дəлелсіз. М. Əуезов: «Мағауия Кеңгірбайдың «Қабекең» деген атын Қабан деген сөзден шығарған екен. Оның өткенге қатты тиіскенін жақтырмай, (Абай – Б. С.) бұл өлеңнің жарыққа шықпауын дұрыстайды», – деп жазады («Əдебиет майданы» 1934 жыл, №Ц– 12, 20-бет). Екі жастың өміріне қастық жасаған қатал атаға оның ұрпағы айтқан əділ сөзге атаның ұлы болмай, адамның ұлы болуды үгіттеген Абай қарсы болды деу – Абайды əділетсіздіктің жағында болды дегенмен бірдей болып шығады. Шынында, көпшілікке мəлім «Еңлік – Кебек» жырының авторы Совет өкіметіне қарсы күрескен Шəкəрім екендігі де айтылып жүр. Профессор М. Əуезов 1940 жылы басылып шыққан Абайдың «Толық жыйнағына» жазған мақаласында да Абайдың ақындық мектебі туралы алғашқы əлсіз, ғылми теріс пікірлерін қапталайды. Абайдың əдеби мектебін, ақын шəкірттерін тануда 1933 жылдан бері қарай жүйелі түрде айналысып келе жатқан М. Əуезовтың қате пікірі бірсыпра əдебнет зерттеушілерінің бұл мəселеде теріс жолға түсуіне, қате жіберушілігіне мұрындық болып келді. Жиреншенің «Абай жəне оның орыс достары» деген еңбегінде Кенесары қозғалысын дəріптеп поэма жазған Көкбайды Абайдың шəкірті деп бағалап, оның идеясы жат шығармаларын жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Қ. Мұхаметхановтың «Абайдың ақындық мектебі» деген диссертациялық еңбегі – Абайдың əдеби мектебі туралы теріс түсінікті кеңірек тарататын, қате пікірлерге толы, саяси, ұстамсыз еңбек. Профеесор Қ. Жұмадиев Абай шəкірттері туралы мəселені сын көзбен қараған, орта мектептің IX класына арнап жазған «Қазақ əдебиеті» оқу құралына (1950 жылғы басылуы) енгізе салды. Абай шəкірттері деп саналып келген ақындардың творчествосына ғылми марксизм тұрғысынан талдап, баға беру керектігі ескерілмеді. Шынында Ақылбай, Көкбай идеясы жат шығармалар жазған, реакцияшыл ақындар еді. Тіпті кейінгі кезде, əсресе, осы тақырыпта болып жатқан пікірталастарда үстінде, кейбір əдебиетшілер бұл ақындарды Абайдың шəкірттері деп, ал, олардың жат идеялы шығармаларына Абайды ортақтастыру мақсатымен Абайдың қайшылығы деп қарағысы келеді. Бірақ, орыс халқымен достыққа қарсы болып, қайшылыққа ұрынудан Абай творчествосы таза. Сонда жоғарғы пікірді қуаттаушы жолдастар Ақылбай поэмасындағы мистикалық сарынды ғана Абайдың қайшылығына алып келе алады. Бірақ бұл да Ақылбай Абайдың əдеби мектебінен шыққан ақын шəкірті деп айтуға дəлел бола алмайды. Өнткені, аға ақынның поэзиядағы тың жолын дамытпай, қайта, кемшілігін ұлғайта түсушіні əдеби мектептің тізіміне қосуға болмайды. Олай болса Ақылбай, Көкбайларды Абайдың ақын шəкірттері деп тану – олардың Абаймен бірге жүріп, бір дастарқаннан тағам татқандарына қарап қана баға беру болып саналады. Ал, шындығында, қанмен туыспай, жанмен туысудың қажеттігін өзге емес, Абайдың сөзі нақыл сөздері мен өлеңдерінде талай рет айтқаны жұртшылығымызға белгілі. Ақындық мектепке меже боларлық тілде, істе, пікірде, идеяда бірлестіктің болуы өз творчестволарында бой көрсете алмаған Ақылбай мен Көкбайды Абайдың шəкірті еді деген пікір дəлелсіз, дəрменсіз болып табылады. Абай шəкірттерін, оның творчествосынан түр жағынан да, жаңалық жағынан да оқып, үлгі алып, дана ақынды ұстаз тұтушыларды Абайдың өз төңірегінен ғана іздеу дұрыс емес. Абайдың əдеби мектебін, оның поэзиядағы тамаша дəстүрі мен жаңалықтарын, прогрессивті пікірлерін алға дамытушы топты дұрыс тауып, ғылыми тұрғыдан дұрыс бағалауымыз керек. «Лениншіл жас», 15.06.1951 ж.

АҚЫН МАХАББАТЫ Сұлтанмахмұт 1915 жылдары Алтай елінде мұғалім боп қызмет атқарғаны мəлім. Оның қызмет істеген мектебі қазір Шыңғыстай орта мектебі деп аталады. Мектеп 1907 жылы ашылған. 1957 жылы мектеп өзінің 50 жылдығын атап өтті. Бұрын ол көп уақытқа дейін Ережеп мектебі болып аталып келген екен. Осы атау бойынша жасалған мөрді өкімет орындарына өткізген қазір университеттің мұғалімі, тарихшы Ə. Лекеров. Бұл кісі 1928 жылдары сол мектепте директор болып қызмет істеген. Ережеп – Сұлтанмахмұт өлеңінде кездесетін Əбдікəрім болыстың əкесі, М. Əуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы төтенше съезге жоғарғы елден қатысатын Ережеп сол. Əбдікəрім болыс боп тұрғанда ағасы Дүкен қажы болысқа кандидат болған. Ақынның «Кім жазықты» романының оқиғасы «Алтайдың бір саласын қоныс қылған» елде болатынын ескерсек, ежелден жуан тұқым бұл семья ақын шығармасына бірқыдыру материал бергендігін аңғару қиын емес. Сұлтанмахмұт сол Əбдікəрімнің Бағила деген қызына ғашық болған. Ақынның 1950 жылғы таңдамалы шығармалар жинағындағы «Орамалға» деген өлеңіне берілген түсініктемеде қыздың атын Жібек дегені қате екендігін осыдан біраз бұрын əдебиетші Тəкен Əбдірахманов дəлелдеп жазған болатын. Сондықтан да біз ол жайға тоқтап жатпаймыз. Орысша-қазақша мектеп ашып жүрген болысқа «түсінер-ау» деп едəуір үміт артқан ақын Бағиламен арасындағы жай-күйін қыз əкесіне өз ауызынан баяндаған. Бірақ, үміті алданғанын артынан білген. Ақынның болысқа едəуір үміт арта қарағандығы оның «Жаңғырып Алтай тауы саласынан» деген өлеңіндегі: «Ұқпайды бұл сөзімді басқа кісі Махмұттың Əбдікəрім ағасынан», – деген жолдардан да аңғарылады. Əлгі əңгімеден соң Əбдікəрім қызын айттырып қойған жеріне – Бұқабай деген байдың баласы Ақмырза дегенге ұзатады. Болыстың қызы Сұлтанмахмұтпен қашып кетеді деп қорыққаны соншама, уəделі күнді – елдің жайлауға шығуын күтпей, ақ қар көк мұзда қыс ішінде алдына жылқы салып, кезеңдегі асудан қар бұзғызып отырып 20–30 шанамен апарып салған. Қызды ұзатып салған керуеннің ішінде ат тағалап бірге барған ұста Бексұлтан қазір сексендер шамасына келген қарт кісі, сол Катон-Қарағайдағы совхоздың «Жұлдыз» бөлімшесінде тұрады. Жылай-жылай кете барған қыздың жұртында көңілі құлазып қала берген ақынның «ай батқандай адастырып кеткен» махаббатын айтып, сағыныш шерін тарқатқан ұзақ өлеңі болған екен. Ақын мен қыздың арасына сəлем хаттарын жеткізіп, жеңгелікке жүрген Нұрмаш шешейдің айтуынша, ол өлең: «Суындай Бұқтарманың ағындаған, Жүрегім басылды ғой жалындаған»... деп басталады екен. Нұрмаш шешей сол Шыңғыстайда осы бертінде ғана қайтыс болды. Өлеңнің бұдан арғы жолдарын ол кісі еске түсіре алмады. Ал Бағила – əйел затының көріктісі еді деп отыратын ол кісі. Тегінде, ақын жүрегінің қалауы – осылайша өле-өлгенше алыс арман боп кеткенге ұқсайды. Ақынның жоғарыда айтылған жинағында «Ж...» деген өлеңге: «Бұл өлеңді Сұлтанмахмұт 1915 жылы Зайсан жағында Əбдікəрім үйінде бала оқытып жүргенде жазады. Əбдікəрімнің қызын аламын деп көп əуреге түседі. Шаймерденнің айтуына қарағанда, қызбен екеуінің жазысқан хат, өлеңдері тіпті көп сияқты жəне «көрген сайын көңілді қозғап əуреге салады» деп Сұлтанмахмұт барлық өлеңін жыртып тастайды, осы өлең жыртылғанынан алынған көрінеді. Өлеңнің қанша жолы жоғалғаны мəлім емес», – деп түсініктеме беріліпті. Жоғарыдағы өлең де осындай күйге ұшырап кетуі мүмкін-ау деп ойлаймыз. Қыз ұзатылып кеткеннің артынан көп ұзамай, ақын Катон-Қарағайдан Зайсан жағына ауысып кетеді. Осы тұстарда жазған кейбір лирикалық өлеңдерінде ауызбен айтып жеткізе алмастай бір сағыныш лебі есіп тұратындығының əлгіндей себептері болған көрінеді. «Қазақ əдебиеті» 29.11.1963 Ж.

ҚАЛАМДАСТАР ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС Бұрын күнделікті баспасөз беттерінде ғана бой көрсетіп келген сыншы еңбегінің жеке кітап боп басылуы тым жиі кездеспейтін жəне аса қуанышты оқиға. Өз еңбегінің жемісін кітап күйінде көру əр автор үшін үлкен мерей екені өз алдына, сонымен бірге бұл – барша оқырман қауымға да, əдебиеттің жанкүйерлері мен зерттеушілеріне де шарапаты тиетін іс. Үстіміздегі жылы жарық көрген сын кітаптарының бірі – Бекмұрат Уахатовтың «Таланттар, туындылар» атты еңбегі. Ол əдебиет тану саласында көп жылдан бері еңбектеніп келе жатқан əдебиетші. «Таланттар, туындылар» – оның осы көп жылдық еңбектерінің ішінен іріктеп, сұрыптап алып ұсынып отырған алғашқы кітабы. Жинақка енгізілген зерттеулер мен мақалалар кезінде газет-журнал беттерінде жарияланып, жұртшылық кəдесіне жараған. Соған қарамастан автор кітапты баспаға əзірлеу үстіңде бұрын жазғандарының өзін қайта қарап, көптеген өңдеулер, толықтырулар жасағаны көрініп тұр. Жинаққа енген материалдардың дені қазақ прозасынын келелі мəселелерін сөз етеді. Əсіресе, «Роман... характер», «Қазіргі повестер хақында», «Шағын шығарма шеберлігі» деп аталатын зерттеулер – прозамыздың бүгінгі жеткен табыстарын мысалға ала отырып, баянды ой, байсалды пікір түйеді. «Роман... характер» деп аталатын мақалада Б. Уахатов кезінде «Қазақ əдебиеті» газетінің беттерінде қазіргі қазақ романы жайында көтерілген мəселеге байланысты пікірлерін ортаға салады. Оқиға мен суреттеу жан жақтан (І-жақтан ба. ІІІ-жақтан ба) берілуі керек, романдағы авторлық баяндаудың ролі, ішкі монолог, диалогтардың орны мен мөлшері – міне, мақалаға арқау болған проблемалық түйінді мəселелер осылар. Кітаптағы келесі бір көлемді зерттеу – «Қазіргі повестер хақында». Бұл Б. Уахатовтың көптен бері зерттеп, етене араласып жүрген тақырыбы. Мақаланың кіріспе бөлімінде повесть жанрының ерекшеліктері туралы айтылып келген теориялық тұжырымдарды жүйелейді де, бұл айтудың өзі орыс əдебиетінде көпке шейін «баяндау, хикая шерту» мағынасында қолданылып, кейініректе ғана «бірде поэма, бірде əңгіме» деп айтылып келген мағынасынан іргесін ажыратып, таза жанрлық қалыпқа көшкенін, ал қазақ əдебиетінде бұл термин бір дегеннен-ақ жанр мағынасында айтылып, Ұлы Октябрьдің өзімен бірлесе келгендігін айтады. Бұдан əрі ол қазақ əдебиетінде соңғы 10-12 жыл ішінде туған повестердің таңдаулы дегендеріне талдау жасайды. Аталмыш уақыттың ішінде ірілі-уақты жүзден аса повесть жарыққа шыққан екен. Əрине, оның бəрін талдап жату бір мақаланы былай қойғанда, тұтас бір кітапқа ауыр жүк. Немесе сыншының басты-басты деген шығармаларға ғана аялдауын дұрыс түсіну қажет. Соның өзінде де мақалада повестері арнайы сөз болған Т. Ахтанов, З. Шашкин, Т. Əлімқұлов, С. Шаймерденовтерден бастап Ш. Мұртазаев, М. Сүндетов, С. Бердіқұловқа дейінгі аралықтағы автор тізімінің өзі ғана едəуір орын алып кеткен болар еді. Соншама қыруар дүниені оқып шығу бір күн, ия бір айдың шаруасы емес, ал оның үстіне олардың бірсыпырасына идеялық-тақырыптық, образдық талдаулар жасау үшін көп тер төгілетіні түсінікті. Міне, осындай талдаулардан соң автор бүгінгі повестер негізінен екі түрлі жанрдың (драма мен лирика элементтерінің) синтезінен тұрады деген топшылау жасайды да, өз ойын былайша тұжырымдайды: «Сөйтіп соңғы он жылда туған повестер өзінің жазылу мəнері, жанр табиғатына қосқан жаңалығы жағынан ғана емес, тақырып түрлілігі, көтерген мəселелерінің байлығы жағынан да əр тарап, əр сала екенін көреміз». Əрине, осы зерттеуде Уахатовтың кейбір жеке повестер жөнінде берген бағасына, образдарды талдауларына дау айтуға да болар еді. Бірақ ол əр автордың талғам-тұщымына қатысты мəселе болғандықтан, өз ойын, өз тұжырымын ортаға салуға праволы. Демек, бұл жерде зерттеушіге «олай емес, былай» деп жатуды жөн көрмедік. Дегенмен, осы тұста Бекмұрат Уахатовқа бірер тілек айтар едік. Мақалада жеке шығармаларға талдау, образдарға анализ жасау көп те, сол анализдерге сүйене отырып, ой қорытындылау, жалпыға тəн ортақ сипаттарды белгілеу (синтездеу) жағы əлі де олқылау тəрізді. Екіншіден, кейбір пікірлер мен тұжырымдар нақтылай, айқындай түсуді талап етеді. Мəселен, ол қазіргі повестерге қойылар талаптың өзгергендігін айтып келеді де: «Бүгінгі жазушының алдында тұрған міндет – адам жанының нəзік сырларын, оның психологиялық жүрек тебіреністерін суреттеу» (45-бет) дейді. Шындығында, бұл – тек бүгінгі ғана емес, жазушы атаулының алдына ежелден қойылып келе жатқан белгілі міндет, белгілі ақиқат. Сыншы ниеті адам жанын, ішкі психологиялық дүниесін суреттеуде бүгін анағұрлым ілгерілегендік бар екенін көрсету болар деп топшыладық. Қалай болғанда да сөйлем дəлдікті сүйетіндігін ескерген жөн.

Б. Уахатовтың «Эскизден эпопеяға» деген мақаласы М. Əуезовтің «Абай жолы» романының соңғы кітабына, арналған. Бұл кітапты арнайы бөле қарап сөз етуінде де себеп бар. Эпопеяның барлық төрт томының ішінде авторлық өзгеріске ең көп ұшырағаны осы кітап екені аян. Бекмұрат мақаласында осы жайларды жазушы лабораториясына еніп, оның музейінде бар қолжазба матерналдарды, тіпті жазушы жинаған фактілер мен жасаған эскиздерге дейін мұқият пайдалана отырып, ғылми түрде жан-жақты зерттегенін аңғартты. М. Əуезовтің «Өскен өркен» романы өзі қайтыс болғаннан кейін жарияланды. Бұл шығарма жарыққа шығысымен баспасөз бетінде алғаш пікір айтушылардың бірі осы Бекмұрат Уахатов болатын. Алдымызда В.И. Лениннің туғанына жүз жыл толу, республикамыздың елу жылдық мерекесі келе жатыр. Б. Уахатовтың жинағындағы «Жүрекжарды жырлар» деп аталатын мақаласы қазақ поэзиясындағы В.И. Ленин образын, көсем бейнесін жасауға қазақ ақындарының қосқан үлесін сөз етеді. Бұл жинақтың сапасын арттыра түсері даусыз. Ал жинаққа енген «Азамат ақын» (М. Əлімбаев творчествосы туралы). «Қазына халықта» (бүгінгі халық поэзиясының жайы туралы), «Принципшіл мəдениетті сын үшін» деген мақалалар да өз деңгейінен табылатын ойлы мақалалар. Қысқасы, Бекмұрат Уахатовтың «Таланттар, туындылар» атты кітабы туған əдебиетіміздің қазіргі деңгейін танытатын оның бірсыпыра күрделі мəселелерін халқадарынша шешкен жəне жұртшылық кəдесіне жарайтын елеулі еңбек болып шыққан. «Қазақ əдебиеті», 20.09.1969 ж. БАҒАЛЫ ЕҢБЕК Ы. Алтынсарин шығармаларының үш томдығы Қазақ сахарасында орыс мəдениетінің ықпалымен қалыптасқан прогресшіл идеяның жаршылары Шоқан Уəлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев үшеуінің өткен ғасырдағы мəдениетіміздің тарихында алатын орны ерекше. Абай шығармаларының түгел дерлік жиналып «Толық жинақ» деген атпен үш-төрт мəрте басылып шығуы, əр басылымы сайын текстологиялық түзетулер енгізіліп, ғылыми тұрғыдан жақсара түсуі, сол сияқты Шоқан Уəлиханов шығармаларының көлемдікөлемді бес том болып бас құрап, оқырман қауымның қолына тиюі – өткен ғасырдағы ұлы ағартушыларымыздың мұраларымен қалың көпшілікті таныстыруда жасалған аса игілікті, қуанарлық та құптарлық іс болды. Ыбырай Алтынсарин мұрасын жинап бастыру жөнінде осы уақытқа дейін айтарлықтай жұмыс болмай келгені кімкімге де белгілі. Сондықтан да болар, оның «Таңдамалы шығармалар» жинағы 1955 жылы қазақ тілінде, 1957 жылы орыс тілінде жеке бір кітап болып жарыққа шыққанда, жұрт құшақ жайып қарсы алған еді. Бұл бір томдыққа кезінде баспасөз бетінде пікір айтып, лебіз білдірген оқырмандардың кейбіреуі өздерінің риза көңілдерінен шыққан алғыс сезімдерімен қоса, ендігі жерде педагог-жазушы мұрасының толық жинағын шығаруды жедел қолға алу қажет деген талаптар да қойған болатын. Осындай жұртшылық пікірлерін ескере отырып, Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих, археология жəне этнография институты ұлы ағартушының мұрасын неғұрлым кеңінен қамтып, жалпы көлемі үш том етіп жарыққа шығару қамына кірісті де 1975 жылы оның 1 томын, ал 1976 жылы ІІ томын бастырып шығарды. Үстіміздегі жылы, осы таяуда ғана, ІІІ томы жарыққа шығып, сонымен үлкен де маңызды жұмыс тəмамдалды. Шығарушылар алқасының (ред.коллегияның) айтуына қарағанда, бұл басылым Алтынсарин творчествосың түгелге жуық, ал негізгі еңбектерін түгел қамтитын көрінеді. Ы. Алтынсарин шығармалары жинағының І томына жазушының көзі тірісінде жарияланған көркем шығармалары (өлеңдері, əнгімелері, мысалдары), өз кезінде жинастырған ауыз əдебиетінің əралуан үлгілері, «Қазақтар үшін орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты педагогикалық еңбегі, сондай-ақ педагог-жазушының

творчестволық өмірбаянына қатысты материалдар енгізілген. ІІ томына халық ағарту, тарих жане этнография саласындағы еңбектері топтастырылған. Бұлардың көпшілігі еліміздің əралуан архив қазыналарынан табылып, тыңнан жарияланып отыр. Ал III том, ағартушының əркімдермен жазысқан хаттарын, жазбаларын, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық қызметіне қатысты материалдарды, іс қағаздарын қамтиды. Назар аударатын бір нəрсе – бұл үш томның үшеуі де ақын Н. Титовтың, М. Кəлменовтің, А. Брагиннің аудармалары арқылы орыс тілінде жарияланған. Ыбырай Алтынсарин шығармаларының Ұлы Октябрь революциясына шейін басылғандары көбінесе архивтерде ғана сақталды да, жеке зерттеушілер үшін болмаса, жалпы оқушы жұртшылыққа таныс бола қоймады. Ал революциядан кейін Ыбырай шығармалары қазақ тілінде 1934, 1943, 1948 жылдары басылып шықты. Бірақ бұл жинақтарының көлемі 2-3 баспа табақтан аспайтын еді. Өйткені, ол жинақтарда ұлы ағартушының санаулы ғана əңгімелері мен өлеңдері енгізілген болатын, ал ғылыми еңбектері мен хаттары, публицистикасы, педагогикалық мақалалары мен кітаптары жұрт қолына түсе бермейтін. Сонымен бірге 1943, 1948 жылдары басылып шыққан жинағында текстологиялық бұрмалаушылықтар, редакциялық өзгерістер, түпнұсқадан ауытқу дегендер де жиі кездесетін. Ұлы ағартушының сөз болып отырған үш томдық шығармалар жинағының бір құндылығы – кітапқа енгізілген еңбектердің көпшілігі алғашқы басылған күнінде айтылған, ал бұрын баспасөз бетінде жарияланбаған қолжазба күйінде сақталған еңбектері мүмкіндігінше сол түпнұсқа күйінде берілген. Шығармалар жинағына Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» жəне «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты ғылыми-педагогикалық еңбектерінің 1879 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан, ағартушының өзі корректурасын оқыған нұсқасынан алынып кіргізілуі де орынды деп білеміз. Ұлы ағартушы еңбектерінің түпнұсқасын тəртіпке келтіріп, текстологиялық тексеру жасап, нақтылау, дəлдік енгізу жөнінде жинақты баспаға əзірлеген тарих, археология жəне этнография институты, əсіресе, жеке текстер мен кейбір қиын ұғымдарға түсінік беріп, ғылыми алғысөз жазған Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы Бек Сүлейменов көп еңбек сіңіргендігін атап көрсеткен абзал. Осыған байланысты айта кететін бір мəселе – жалпы осы уақытқа дейін кейбір құрастырушылар мен зерттеушілер тарихи мұраларға редакциялық өзгерістер енгізіп, азды-көпті қиянат жасайтын жағдайлары да кездесетін. Олар өткен заманда өмір сүрген жеке ақындардың өлеңдерінде ұшырасатын ескі ұғымдар мен кейбір діни сөздерді, немесе атауларды бүгінгі күннің талабына қарай икемдеп жіберуге бейім тұратын. Осы секілді хал Ыбырай Алтынсариннің бұрынғы кейбір жинақтарында да болған еді. Ұлы ағартушының прогресшіл идеясын да, дүниеге көзқарастарындағы қайшылықтарын да дұрыс танып-білу үшін оның шығармаларының текстің бұрмаламай, қалпын сақтап беру мейлінше дұрыс болған. Жинаққа енгізілген шығармаларында, əсіресе, жұрт назарын аударатындары – ағартушы-жазушының өлеңдері мен көркем əңгіме, новеллалары. Жұртқа мəлім, Ыбырий Алтынсарин ұлы ағартушы-демократ қана емес, сонымен бірге қазақ даласында орыс ғылымының ұрығын тікелей себуші көрнекті педагог, əрі жазушы болды. Ол өзінің бүкіл əдеби еңбектерін де, қоғамдық-саяси қызметін де бір ғана осы мақсатқа, яғни қазақ балаларын оқытудың практикалық ісіне арнады жəне сол жолда талмай еңбек етті. «Мен, – деп жазды ол 1884 жылы сентябрьде Н. И. Ильминскийге жолдаған хатында, – күшімнің жеткенінші туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан ешуақытта да қайтпаймын». Міне, сондықтан да Торғай облысының қазақтары «Оренбургский листоктің» 1884 жылдың 26 мартындағы санында жарияланған мақаласында Россия үшін Ломоносовтың еңбегі қандай маңызды болса, Ыбырай еңбегі қазақтар үшін дəл сондай маңызды екенін айта келіп, «Ол біз үшін тек Ломоносов қана емес, сондай-ақ қырғыз (қазақ – Б. С.) ағарту ісінің бірінші əулиедей уағызшысы» деп бағалады. Ыбырай өзінің қазақ балаларын орысша оқытуына кедергі болған нəрселердің бəріне қарсы аяусыз күрес ашты, мектепте оқып шыққан жастар халыққа мəдениет пен ғылымды таратушылар болады деп сенді. Сондықтан да ол: «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты құралы... біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек осы мектептерде... ғылыммен қаруланған əрнəрсеге дұрыс көзқарасы бар... оқушылар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа əсер ете алады, сонда... фанатизмнің де күлі көкке ұшады», – деп жазды. Ыбырай Алтынсарин өзінің бірсыпыра өлеңдері мен əңгімелерінде ел ішіндегі азған əкімдерді, үстем тап өкілдерін, дін иелерін, бай-

лар мен билерді, саналы өмірінің көбін пайдасыз іске жұмсап, зая қылатын əрекетсіз, еңбексіз жастарды қатаң сынады. Оның көркем əңгімелері мен өлеңдерінің көпшілігі үгіт-насихат, дидактикалық сарынды болып келетіндігі жұртқа мəлім. Дидактикалық өлеңдерінде ол ескі қазақ аулында əдетке айналған ұрлық-зорлық сияқты зиянды əрекеттен аулақ болуға, əділетті, шыншыл болуға, мақтаншақтық сияқты жағымсыз мінезден сақтануға, көрсеқызарлықтан, ашықауыздықтан, т.б. жаман мінездерден бойын таза ұстауға үгіттейді, үндейді. Ыбырайдың өз өлең-əңгімелерін дидактикалық сарында жазуы заңды. Ұлы ағартушының дидактикалық өсиетінде сақтандырып отырған теріс мінездер мен зиянды əрекеттердің бəрі де сол кезде ел арасында кең өрістеген жағдайлар болатын. Көрнекті педагог өзі оқытқан шəкірттерінің осындай теріс мінездерден аулақ болуын көздеді. Оның 1864 жылы мартта Н. И. Ильминскийге «Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға (балаларға – Б. С.) адамгершілік жағынан əсер етуге де бар күшімді салып отырмын» деп жазуы осыны дəлелдейді. Ыбырай өзінің көптеген əңгімелері мен өлеңдерінде жұртқа өнер-білімнің, ғылымның, мəдениеттің пайдалылығын түсіндіріп, ескі салт пен надандықты, діни кертартпалықты əшкерелеп отырды, сурет өнерін, медицинаны насихаттап, халықты отырықшылық тұрмысқа мегзеді, егін, қолөнер кəсібімен шұғылдануға шақырды. Қысы-жазы мал соңына еріп көшіп-қонып жүрген халықтың мəдениетке жетуі қиын екендігін дұрыс түсінген ағартушы халыққа отырықшылық тұрмыстың артықшылығын атап көрсетіп «Қыпшақ Сейтқұл», «Киіз үй мен ағаш үй» əңгімелерін жазды. Алтынсариннің сөз болып отырған үш томдық шығармалар жинағына енгізілген «Қазақ хрестоматиясы» кітабынан алынған өлеңдер мен «Қазақтар үшін орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты педагогикалық еңбегі де, аса құнды шығармалар. Алтынсарин бұл еңбектерін орыс халқының ұлы педагогі К.Д. Ушинскийдің жазған оқу құралдары негізінде орыс-қазақ мектептерінде оқитын қазақ балаларының пайдалануы үшін жазған. Қазақ балалары үшін жасалған тұңғыш оқулық пен хрестоматияға Ыбырайдың халық ауыз əдебиеті нұсқаларын жинап енгізуі де Ушинский үлгісін аңғартады. Алтынсариннің жалпы педагогикалық тəжірибесі мен дидактикасына бүгінгі біздің заманымызда да маңызын жоймаған бағалы, пайдалы істер бар. Мəселен, ол өзінің жоғарыда аталған еңбегін орыс графикасы негізінде өзі жасаған алфавитпен жазып шыққан. Алтынсариннің бұл тамаша бастамасының құндылығы оның осындай бағалы идеяға ерте, XIX ғасырда келгендігінде ғана емес, сонымен бірге оның көп əріптерінің бүгінгі орыс графикасы негізінде жасалып, өзіміз пайдаланып отырған алфавитіміздегі əріптерге үйлесетіндігінде. Алтынсариннің басқа да бағалы тəжірибелерін атап өтуге болады. Мəселен, ол орыс-қазақ мектептерінде оқитын балаларға жалпы пəндерден бөлек ағаш шеберлігі, ұсталық сияқты мамандықтарды меңгеруді, қазақ қыздарына киім пішіп, кесте тоқу, т. б. сол сияқты халық қолөнерін үйренуді міндеттеді. Алтынсарин өзінің пелагогикалық қызметінде көп қиыншылыққа кездесті. Өзіне тарих жүктеген ұлы міндеттің ауырлығын, жауапкершілігін түсінген данышпан ағартушы-педлагог бұл қиындықтарға қажымады. Сөз болып отырған жинаққа енгізілген педагогикалық шығармалары педагог-жазушының қазақ халқына сіңірген осы баға жетпес зор еңбегінің айғағы тəрізді. Үш томдыққа енген кейбір іс қағаздары мен жазбалар, документтер де осыны аңғартады. Шығармалар жинағына Алтынсариннің Қостанай төңірегіндегі қазақтардың қыз ұзату, құда түсу, той қылу, өлген кісіні жерлеу, ас беру, т. б. дəстүрлері жөнінде жазған очерктері мен этиографиялық зерттеулері енгізілген. Ал халық ағарту маселелері жөнінде əр кезде жазған ескертпелері мен запискалары, ресми жазбалары мен іс қағаздары өз алдына жеке бір сала. Бұл еңбектердің де жинаққа енгізілуі өте орынды. Өйткені, қазақ халқының этнографиясын, тарихын, Октябрь революциясына дейінгі Қазақстанда халық ағарту ісінің жай-жапсарын зерттеп жүрген адамдар үшін бұл еңбектер мен хаттар баға жетпес мұра, таптырмас документ болып саналады. Əр томның соңында Ы. Алтынсариннің жеке еңбектеріне қатысты ғылыми тиянақты түсініктермен қатар адам атаулары, географиялық атаулар, мекемелер мен əкімшілік бөлімдері, рулар мен тайпалар атаулары жайында жеке-жеке көрсеткіштер жəне жазушы шығармаларының алфавиттік көрсеткіші берілуі – бұл басылымды пайдалануға көп жеңілдік беретін игілікті істер. Бұлар, сөз жоқ, үш томдықтың ғылыми жағынан құндылығын арттырады. Сөз соңында мынадай бір жайды еске сала кетудің де артықтығы жоқ секілді. Ұлы ағартушының еңбектерін баспаға əзірлеп жария-

лау сияқты игілікті іске Қазақ ССР Ғылым академясының М.О. Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институты мен Қазақ ССР Оқу министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары институтының неліктен қатыспай қалулары түсініксіз. Тіпті бұл іске институт қана емес-ау, Алтынсарин творчествосың түбегейлі зерттеп жүрген жеке ғалымдарды (филология ғылымының докторы Ə. Дербісалин, т. б ) қатыстыру да іске тек қана пайдасын тигізер еді. Əманда жұмыла көтерген жүк жеңіл болары хақ. Ұлы ағартушы мұрасының үш том болып орыс тілінде басылып шығуын барынша қуана құптай отырып, енді осы басылымға енбей қалған шығармаларын (ондайлар жоқ емес) қоса қамти отырып, ана тілімізде толық жинақ қалпында көрсек жəне бұл істі уақыт оздырмай дереу қолға алса деген тілек те орынды деп ойлаймыз. Дегенмен, Ыбырай Алтынсариннің жұрт қолына көп күттіріп тиген үш томдық шығармалар жинағының жарыққа шығуы – аса елеулі оқиға. «Қазақ əдебиеті», 22.09.1978 ж. ІЗДЕСЕК ЕГЕР ІЗТАЙДЫ... Ұмытпасам, 1953 жылы жаз айларыньщ бірінде Пролетар көшесіндегі он бірінші үйде орналасқан Жазушылар одағына бардым. Қазіргі «Жұлдыз» журналының редакциясы да сол үйде болатын-ды. Журналдың сын бөлімін басқаратын курстас досым Айқын Нұрқатовқа келген шаруаның жайын енді айта бастағаным сол еді, есіктен түсі бейтаныс, танауы қусырыңқы, тəмпіш мұрын, орташа бойына қарамай сəл еңкіштеу қара жігіт кірді. Бет əлпетіне қарап, сынайы мен сияқты жас авторлардың бірі боларсың деп онша мəн бере қойған жоқ едім, жігіт аядай бөлмеге иін тіресе қойылған үш-төрт столдың біреуінде жатқан қағаздарды жинастырды да, менің сөзімді киіп кетіп: «Əй-аға, мен бір сағатқа бір жаққа барып келейін деп едім, бастықтар іздей қалса, өзін түсіндіріп айтарсың», – деді де, шығып кетті. Əдетте əдебиет əлеміне жаңа келген адам жасқаншақтау, тіпті, редакция деп аталатын мекеменің курьерін көрсе де ізетшіл, ілтипатшыл болады ғой. Мен де соған бағып, жүріс-тұрысына қарағанда «мына қара тегін болмады» деп ойладым да, Айқыннан сұрадым. Əлгі жігіт сол жылы ғана университет бітірген жəне Айқынның айтуымен редакцияның поэзия бөліміне қызметке алынған жас ақын Ізтай Мəмбетов болып шықты. Көп кешікпей-ақ Ізтай есімі жыр сүйер қауымның аузына ілікті. Бірінен бірі асып түсіп жатқан ойлы, жүрекке жол тапқан сыршыл да сындарлы лирикалық шумақтарын туындатқан ол поэзиямыздың тарлан өкілдері Сəбит Мұқановтың, Əбділда Тəжібаевтың, Қалижан Бекхожин мен Хамит Ерғалиев, Сырбай Мəуленов, т.б. осылар сынды ақындардың сынына толып, ыстық ықыласына ие болды, баспасөз беттерінде олардың жылы лебіздерін естіді. Ал журналда қызмет істеген жылдары ақын творчествосының қалыптасу сəтіндегі бір үлкен басқыш, тұтас бір мектеп болғандығы даусыз. Жалпы, Ізтай достыққа берік, тиянақты, пейілі түскен адамына үстіндегі соңғы көйлегін шешіп беруге əзір тұратын жомарт еді, екі сөйлемейтін жəне ойына алғанын қандай жағдайда да көлгірсімей көзге айтатын. Ақынның: Кесірлік етсең, кесірлік етер жыным бар, Сырласа білсең, сыйласа білер сырым бар. Түн болсаң – түндей, күн болсаң – күндей қыбым бар, Көңілім осы, сыймаңдар мейлі сыйыңдар, – деген сөздерінде оның адамдық, азаматтық тұлғасы тұрған болса:

Тек əйтеуір жүргенім жоқ ермекпен, Шын тəттілік іздей бердім көрмектен. Көпшіліктің көнілі боп маздадым, Осы менің өз қызметім елге еткен, – деген жыр жолдарында оның бүкіл ақындық болмысы жатыр. Ол сондықтан да жылуы мол, қызуы зор жыр жазды, көптің көңілін тапты, өмірден де, Абай атамыз айтқандай, «жайнаған туы жығылмаған» қалпында, маздаумен өтті. Тірі болса, бүгін елуге келер еді-ау деп еске алғанда, өлең əлеміне өзгеше көзбен қарайтын талғампаз ақын Əбділда Тəжібаевтың сол тұста «Ізтай қыршын кетті, барлық берерін түгел бере алмай кетті... Бұл біз үшін үлкен өкініш, зор күйініш», – деуінде үлкен мəн бар екені тағы да ойға оралады. Ізтайды жасы кіші інілері ғана емес, құрбы-құрдас замандастары біздер де, тіпті, кейбір жасы үлкен ағалары да «Із-аға» дейтін. Бұл есімді інілері сыйлап айтса, құрбылары ойнап, ағалары еркелетіп айтатын жəне бəріне де жарасып тұратын. Ал сонау 1929 жылдың ақпан айының боранды күндерінің бірінде Ақтөбе облысындағы Табантал деген қоныста дүниеге келгенде, сəбидің құлағына айқайлап, ата-анасының азан шақыртып қойған шын аты Ізбасқан екен. Ізтайдың мінезінде сəл қызбалық та байқалатын еді. Онысын өзі де жасырмай «Ала құйын мінезім бар ашулы, қапелімде басылам ба, болам ба?!» – деп өлеңге қосты. Сол мінезіне қарамай, төңірегіне жұрт үйірілгіш еді. Оның қасынан ақын достарын, кейінгі інілерін жиі көруге болатын. Сонда жұртты өзіне тартып тұратын оның өмірде де, өлеңде де ешбір жасандылығы, жымысқысы жоқ шыншылдығы, қалтқысыз адалдығы, жанының тазалылығы еді. Əйтеуір менің қойынға тыққан жоқ тасым, Ақ адал жаным – қорғаным, əрі жақтасым. Арманым – жүрек адамды сүйіп тоқтасын! Арманым – елім ұлым деп сонда жоқтасын! – деген жолдарда ақынның имандай сыры жатыр. Ізтай ерте кетсе де, сол айтқан арманына жеткен ақын. Ол өмірінде «көпшіліктің көңілі боп маздады», оның жүрегі адамды сүйген қалпында тоқтады. Бүгін оқырман қауым, халқы, елі азамат ұлын, ақын перзентін іздейді, сонда іздегенің оның артына қалдырған өшпес, өлмес лирикалық жыр кітаптарынан, онға жуық поэма-дастандарынан табады. «Қазақ əдебиеті», 30.03.1979 ж. ƏКЕ-БАЛАҒА СЫНШЫ Жазушының көп қырлы, сан-салалы еңбегінің əлі де сиректеу сөз болып жүрген бір парасы – ұстаздық-педагогтің қызметі ғой. Мұқаң сонау жиырмасыншы жылдардың орта шенінде Семейдің Казпедтехникумынан бастап Ташкентте училищелерде, Алматыда КазПИ мен КазГУ-де, елуінші жылдардың бас кезінде МГУ-да сабақ берген ұлағатты ұстаз, тəрбиеші педагог екені белгілі. Ал, оның қазақ əдебиетінің оқулықтары мен программаларын жасауға сіңірген қыруар еңбегін, сонау отызыншы жылдары қазақ мектептерінің мұқтажын өтеу үшін тіпті химия мен география, биология пəндерінің көмекші оқу құралдарына дейін аударып, қазақ балалары үшін орыс тілінің «Əліппесін» («Букварь») жасап шығарғанын екінің бірі, егіздің сыңары біле бермейді. Бұл – өз алдына ден қоя арнайы зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып. Біз тек Мұқаңның ұстаздық қызметінен есте қалған жерлер туралы ғана бір-екі сөз айтпақпыз. Мен Мұқаңның алдынан дəріс алып, емтихан тапсырып, зачетка деп аталатын студенттік документіне оның жұртқа таныс қолы қойылған қатардағы көп əдебиетшінің бірімін. Егер сол шəкірттік, етуденттік кезді еске түсірсем, лектор Мұқаңның кейбір дара қасиеттері ойға оралады. Мұқаң біздің бірінші курста екі семестр бойына бірде-бір лекциясын қалдырып көрген емес. Кейбір мұғалімдер, əсіресе, профессорлар кейде коллеквиум, семинар сияқты сабақтарын, өткізуді өздерінің аспирантына, яки, ассистентіне тапсыра салатыны да болады. Ал, Мұқаң біздің курста бұл жұмыстарды өзі атқарып шықты. Бірінші семестрде зачетты да, жыл аяғында емтиханды да өзі қабылдады. Мұқаңда қайсыбір мұғалімдердегідей, «Иə, сонымен, біз өткен сабақта не жайында əңгімелеп едік?», немесе «Қай жерге келіп тоқтап едік?» деген сияқты артық сұраулар да болмайды. Есіктен кірген бойда, орнына отырар-отырмастан лекциясын өткенде үзілген жерінен, ноқаттан тоқтаса – ноқаттан, үтірге тоқтаса – үтірден дерліктей бастап жалғастырып жүре беретін. Аз күнде-ақ Мұқаңның бұл мінезіне дағдыланған студенттер лекция жазатын дəптерлерімізді дереу ашып қойып, дайын отыратынбыз. Сөйте тұрсақ та, лекция жазудың сəті түсе бермейтін. Оның себебі – əрі тыңдап, əрі жазып отыруға төселмеген, мектеп партасынан келген біздер М. Əуезовтің мазмұнға бай, өлең жолдарындай төгілтіп, тамылжытып, шешен тілмен оқитын лекциясының бірде-

бір сөзін қағыс қалдырмай, аузымыздың суы құрып тыңдайтын едік те, ниетімізге қолымыз ілесе алмай қалатын-ды. Енді ес біліп, етек жинаған шағымызда ойласақ, ол кезде (I курста) біз Əуезов сияқты ғұламаның лекциясын тыңдауға əзір емес екенбіз. Емтиханда ол кісі студентті қарсы алдына отырғызып қойып, жауабын тыңдағанда, оның көзіне зер сала қадала қарап отыратын, Ұлы адамның мысы баса ма, əйтеуір, сол бір қарас бəрімізді де едəуір қысып, қымсындыратын. Енді бақсақ, сонда ол алдында отырған студент лектордың айтқанын жаттап ап қайталайтын «тотықұс» па, жоқ əлде, оның жауабының астарында болашақ əдебиетшіге лайық бірдеңе бар ма, міне, соған зер салады екен ғой. Оны біз қазір жазушының музей-үйіндегі архивінде сақталған блокнот жазбаларынан айқын көріп отырмыз. Студенттің зачеткасына қойған бағасынан басқа өз блокнотына да бірдеңе түртіп алып отыратын еді, сөйтсек ол кісі əр студенттің тұсына ресми бағасын қойып, соған қоса тек өзіне ғана түсінікті белгі қойып алып отырады екен. Жəне ол мұндай белгіні беске жауап берген студенттің бəріне бірдей емес, солардың ішінде əлгінде қадала қараған өз көзінің сынына толды-ау дегендеріне ғана қойғанға ұқсайды. «Əке – балаға сыншы» деген нақыл бар. Жастарға шын мəніндегі ұстаздық қамқорлық, əкелік көрегендік деп осыны айтса болғандай. «Қазақ əдебиеті», 30.09.1977 ж. АУДАРМАЛАРЫ КҮН ӨТІП КЕТКЕНДЕЙ Иван Бунин Олар түстік астан кейін жарығы мол ыстық асханадан палубаға шықты да сүйеніш қоршаудың жанына келіп тоқтады. Əйел көзін жұмып, қолының сыртымен бетін басты да, қарапайым əсем күлкісімен сыңғырлап күле сөйледі. – Тегінде осы бір кішкентай əйелдің бар қылығы əсем, назды-ақ еді. – Мен мас сияқтымын... Сіз қайдан тап болдыңыз? – Мен мас сияқтымын... Сіз қайдан тап болдыңыз? Осыдан үш сағат бұрын мен тіпті сіздің бар-жоғыңыздан да бейхабар едім. Мен тіпті сіздің қай жерден отырғаныңызды да білмеймін. Самарадан ба? Мейлі, бəрібір... Бұл не, менің басым айналып тұр ма, əлде біз бір жаққа бұрылып барамыз ба? Алда қою қараңғылық пен оттар көрінеді. Қараңғыдан ескен майда қоңыр жел лебі еседі, ал оттар бір бүйірге қарай ойысып жүйткіп қалып барады, пароход Волга бойына лайық дарқандықпен кең айналып бұрылып, шағын пристаньға жанасып келеді. Поручик əйелдің қолын алып сүйді. Кіп-кішкентай шымыр қолдан күнге күйген иіс аңқиды. Оңтүстік күнінің астында ыстық теңіз құмында ай бойы жатып шыққаннан кейін (əйел Анападан келе жатырмын дегенді) оның мына кенеп көйлек астындағы денесі де күн сүйген шып-шымыр болар-ау деп ойлағанда, жүрегі бір түрлі тылсым күйде тоқтап қалғандай болды. Поручик: – Түсейікші... – деді күбірлеп. – Қайда? – деді əйел таңырқап. – Осы пристаньға. – Неге? Ол үндеген жоқ. Əйел қолының сыртымен тағы да нарттай күйіп тұрған бетін басты. – Жынданған шығармыз... – Түсейікші, – деп қайталады поручик ақырын ғана. Өтінем... – Ах, иə еркіңіз білсін, – деді əйел бұрыла беріп. Ағындап келген пароход алакөлеңке пристаньға баяу соғылып еді, олар біріне-бірі қақтығысып құлап қала жаздады. Үстерінен

лақтырған арқан ұшы зу етіп өте шықты да, сосын кейін сырғып, су шуылдап қайнап кеткен тəрізденіп, баспалдақ салдырлады... Поручик заттарды əкелуге жөнелді. Бір минуттан соң олар ұйқыға шомған кеңсені басып өтіп, қызыл асықтан келетін қалың құмға шықты да, үндеместен лау арбаға мінді. Қисық əрі сирек шамдар арасында шаң басқан борпылдақ жұмсақ жолда тауға көтерілген мынау өр тіпті таусылмастай көрінеді. Бірақ, міне, қыратқа да шықты, қатқақ даңғыл жолда сартылдатып келеді. Міне бір алаң, адамдар аялдайтын орын, өрт бақылайтын мұнара, жазғы түнгі уездік қаланың жылуы мен иістері... Лаушы жарық түсіп тұрған үйдің алдына келіп тоқтады. Ашық тұрған есіктердің аржағында тік шұғыл көтерілетін ескі ағаш баспалдақ. Үстіне қызылдау түсті қисық жағалы көйлек пен сюртук киген, қырынбаған кəрі малай самарқау келіп заттарды алды да, қисық аяқтары майдаңдап алға түсіп жүре берді. Терезелеріне ұзын ақ перделер ұстаған, айна алдына жағылмаған екі майшам қойылған кең, бірақ ұзақ күнгі ыстықтан əбден қызып кеткен қапырық номерге кірді, малайдың есік жауып шығуы сол-ақ еді, поручик тағатсызданып əйелге құшақ жая ұмтылды, екеуі де құшырлана қауышып, қадала сүйісіп қалыпты. Осы бір минут көп жылдар бойы бұлардың естерінен кетпеді, өйткені екеуі де өмір бойы дəл мұндай хəлді бастарынан кешпеген еді. Аты-жөнін айтпастан, əзілдеп бейтаныс сұлу деп қана танысқан осы бір кішкентай əйел, шіркеуі күңіренген, мейманхана алдындағы алаңда базары бар, орыстың уездік қаласына тəн шөп пен қарамай аралас таныс иіс аңқыған ыстық, ашық таңда, күн көтеріле аттанып жүріп кетті. Бұлар аз ұйықтаған еді, бірақ таңертең төсек жанындағы перде тасасынан шығып, бес минут ішінде жуынып, тамақтанған əйел дəл он жеті жасындағыдай жайнап бұлықсып тұрды. Қысылып, қымсынды ма ол? Жоқ, сəл ғана, бұрынғысынша қарапайым да жайдары қалпы – тек енді байсалды парасатты болып алыпты. – Жоқ, жоқ, сүйіктім, – деді ол жігіттің бірге кетейік деген тілегіне, – жоқ, сіз келесі пароходқа дейін қала тұруыңыз керек. Егер бірге кететін болсақ, бəрі де бүлінеді. Маған ол өте ыңғайсыз болады. Сізге имандай шынымды айтайын, бұл өзі əлдекім деп ойлап қалуыңыз мүмкін ғой, мен тіпті де ондай адам емеспін. Ешқашанда бүгінгідей жағдай менде болған емес, ендігəрі болмайды да, құдды бір басым айналып, көзім қарауытып кеткендей болды... Немесе, дəлірек айтқанда, біз екеумізге де күн өтіп кеткен сияқты бірдеңе болды... Поручик оп-оңай келісе салды. Көңілі тынған қуанышты күйде ол əйелді пристань басына жүрейін деп тұрғанда апарып салып, жұрт көзінше палубада сүйді де, жинайын деп жатқан баспалдақтан жағаға қарғып шығуға əзер үлгерді. Мейманханаға да ол дəл сондай көңілді, сергек қалыпта оралды. Алайда əлдене өзгеріп кеткен тəрізді. Номер əйелдің барындағыдан мүлде басқаша боп көрінді. Əлгінде ғана бөлме іші толықсып тұрған еді, енді мүлде құлазып қалған бұл өзі ғажап дүние! Оның ағылшын əтірінің иісі аңқып тұр, поднос үстінде ішіп тауыспаған шай кесесі əлі тұр, ал өзі жоқ... Кенет поручиктің жүрегі лүпілдеп шымырлап сала бергені сонша, ол темекі тартқанша асығып, бөлме ішінде бірнеше рет əрлі-берлі жүріп шықты. – Мұндай да ғажап оқиға болады екен-ау! – деді ол күле дауыстап һəм көзіне жас кеп қалғанын сезіп, «Сізге имандай шынымды айтайын, бұл өзі əлде кім деп ойлап қалуыңыз мүмкін ғой, мен тіпті де ондай адам емеспін...» Енді міне кетіп те қалды... Перде ысырылып, төсек əлі жиналмаған. Ол енді мына төсекке қарауға да дəті жетпейтінін сезді. Ол оны пердемен тасалап базардағы дабыр-дүбір дауысты жəне доңғалақтар шиқылын естімес үшін терезе пердені жауып, жиырулы ақ шымылдықтарды түсірді де, диванға отырды... Иə, міне, «жолшыбайғы ғажайып оқиға да» осымен тынды! Кетіп қалды, ендігі ұзап та кеткен шығар, мүмкін, шынылы ақ салонда немесе палубада күнге шағылған мынау алып өзенге, қарсы кезіккен салағаштарға, сарғылт құм-қайраңдарға, жарқырай көрінген су мен аспан жиегіне, мынау Волганың көз жеткісіз бар жайсаң жазық жағалауына қарап отырған болар... Ал енді ,кешір, мəңгібақи сау бол... Өйткені бұлар енді қайтып кездесер ме? «Күйеуі бар, үш жасар қызы бар, жалпы семьясы, күнделік тірлігі бар əйел тұрған қалаға əй-шəй жоқ жетіп бара алмаймын ғой, – деп ойлады ол, – бара алмаймын!» – Əлгі қала оған ерекше бір қорықтағы қала сияқты боп елестейді, сол қалада əйел жиі-жиі мұны жəне бұлардың ойда жоқта кездейсоқ өткінші жалғасуларын еске алып, бəз-баяғысындай жападан-жалғыз өмір сүріп тұрып жатады, ал бұл болса, оны енді ешқашанда көре алмайды деген ой əрі таңдандырып, əрі түршіктіріп жіберді. Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес! Онда тіпті анайылық, тағылық, шектен тыс масқара болар еді! – Əлгі əйелсіз өмір тұл екенін ол енді ғана сезінген секілді, жаны жаман күйзелісте. ...«Сайтан алғыр, не болды» – деп ойлады ол, орнынан тұрып, бөлме ішінде əрлі-берлі жүріп, перде тасасындағы төсекке қарамауға

тырысып. – Маған не көрінген соншама! Соншалықты ол кім өзі, не боп қалды, шынында? Расында да бейне бір күн өтіп кеткен тəріздімін! Бəрінен бұрын мынау түкпірде онсыз ұзақ күнді қайтып өткізбекпін?». Оның барлық ерекшеліктері күнге күйген тəні мен кенеп көйлегінің иісі, шып-шымыр денесі, қарапайым һəм ақжарқын дауысы бəрі-бəрі де мұның есінде-тін... Əлгі бір əзірде ғана құшып-сүйіп əйел лəззатін алған сезімі əлі басылған жоқ-ты. Енді мына мүлде түсініксіз екінші бір ғажайып сезім маза берер емес. Кеше ол əншейін еріккеннің ермегі үшін бастай салған таныстық тіпті де бұлай болар деп ойлаған жоқ-ты. Ал енді ол туралы айтуға əйел кетіп қалды. «Бəрінен қиыны деп ойлады ол, – енді ешқашанда айта алмайсың! Не істеу керек, осынау мазасыз естелікке, жаныңды жегідей жеген қасіретке толы ұзақ күнді əлгінде ғана қызғылт пароход əйелді алып ғайып болған мынау жарқырап жатқан Волга бойындағы кіп-кішкентай қалашықта қалай өткізбексің?» Уақыт өткізіп, көңіл алдандыру үшін, əйтеуір бірдеңе істеу қажет еді. Ол ойланбастан картузын киіп, ат айдайтын шыбыртқысын алды да, шпорларын шылдыратып, бос дəлізді бойлай, тікше басқышпен сыртқа қарай жедел басып жөнелді... Бірақ, қайда бармақ? Есік алдында үстінде ықшам бешметшесі бар оңтайлы жас жігіт – атшы асықпай-саспай темекі тартып тұр. Поручик оған бір түрлі бейжай əрі таңырқап қарады, қалайша естіп орында отырып, асықпай-саспай темекі тартуға болады, тіпті жалпы пəруайымда түк жоқ бейқамдығын айтсайшы? «Сыңайы осы қалада менен өткен бақытсыз сорлы жоқ шығар» – деп ойлады ол базарға қарай бара жатып. Базар тарқап жатыр екен. Неге екені белгісіз, ол арбалар арасындағы жаңа үйінділерді, қияр үйінділерін, жаңа мескейлер мен горшоктарды аралады. Жерде отырған қатындар жамырай шақырып, горшоктарды алып, саусақтарымен тықылдатып, сапасының жақсылығын көрсетіп əуре боп жатыр, ал мұжықтар: «Мəртебелі мырза, міне, бірінші сорт, тамаша қияр!» – деп айқайлап құлақ тұндырады. Мұның бəрі де əншейін мақсатсыз бос сандал болды да, ол базардан кеткенше асықты. Құдайға құлшылық қып, бар дауыстарымен жалбарынып, шын ниеттерімен қуана əн шырқап жатқан соборға барды, сосын өзеннің көз жеткісіз көк айдыны жағасында тау қиясына тақау жердегі əрі ыстық, əрі иесіз қаңырап жатқан кішкентай бақшада ұзақ қыдырып жүрді... Оның кителіндегі погондар мен түймелердің қызғандығы сонша, тіпті қол тигізуге болмайтын еді. Картуздың ішкі көнересі терлеп суланып, бет-əлпеті бал-бұл жанды... Мейманханаға оралғасын, ол астыңғы этаждағы бос тұрған үлкен де салқын асханаға рахаттана кіріп, картузын рахаттана шешіп, ыстық та болса ауа кіріп тұрған ашық терезе алдындағы столға отырды да, тоңазытқан ботвинья алдырды... Бəрі де жақсы, айнала бəрі де шат-шадыман қуаныш, көңілді, тіпті мына қапырық ыстық пен базардың бар иісінен де, мына бейтаныс шағын қала мен уездік ескі мейманханада да əлгі шаттық қуаныш еседі, сөйте тұрса да, көңілі құлазып ет жүрегі қан жылайды. Ол бірнеше рюмка арақ ішіп, укроп қосқан тұзы аздау қиярмен аузының дəмін алды. Осы сəтте ол егер бір ғажайып күш əйелді қайтарып əкеп, тағы бір күнді, бүгінгі күнде бірге өткізіп, өлердей сүйетінін айтып, бірдеңе етіп дəлелдеп, көзін жеткізетіндей мүмкіндік болса, күні ертең-ақ ойланбастан жанын қиюға əзір екендігін сезінді... Дəлелдеудің қажеті не? Көзін жеткізу неге керек? Неге екенін ол өзі де білмейді, бірақ бұл өмірінен де қымбат қажеттілік?.. – Жүйкем əбден-ақ құрып біткен екен! – деді ол бесінші рюмка арақты құйып жатып. Ол ботвиньяны ысырып қойып, сүтсіз қара кофе сұрады да, темекі тартып, қатты ойға шомды, ойда-жоқта кенет тап болған мына махаббаттың əлегінен қалай құтылу керек? Бірақ құтылу мүмкін емес екендігін ол жан-тəнімен жақсы сезінді. Кенет орнынан атып тұрды да, картуз бен шыбыртқысын алып, почтаның қайда екенін сұрап, «менің ендігі жалған өмірім мақшар күніне дейін сіздікі, тек сіздің құзырыңызда» деген телаграмманың дайын текстін ойлап, басында пісіріп бара жатты. Бірақ почта мен телеграф орналасқан қалың қабырғалы ескі үйдің қасына келісімен шошына аңырап тұрып қалды, ол əйелдің тұрған қаласын, күйеуі жəне үш жасар қызы барын ғана білетін де, бірақ не фамилиясын, не атын білмейтін бұл туралы ол кеше түстік тамақ үстінде де, мейманханада да сан рет сұраған еді, бірақ əйел əрқашан күліп: – Сізге менің кім екенімді, атымды білудің қажеті не? – деп жауап берген болатын. Почтаның жанында бұрышта фотография витринасы бар еді. Ол қалың эполеті бар, томпақ көзді, тар маңдайлы, қаба сақал қауметі едірейген, кең кеудесі орденге толы бір əскери адамның суретіне ұзақ қарап тұрды... Əлгі бір «күн өтіп кетіп», жүрегін зор махаббат, аса үлкен шаттық жаралаған, – иə жаралаған, бұны ол енді анық ұғынды, – жанға мына бір қалыпты күнделікті тірлік қандай

күйкі, жиіркенішті еді! – Ол жаңа қосылған жас жұбайларға – ұзын сюртук киіп, ак галстук тағып, шашын кірпішке тікірейте алғызып, неке сəукелесін киген қызбен қол ұстасьп, ыздиып келе жатқан жас жігітке, қарады да, студент картузын бір шекесінен қисайта киген көңілді əрі сүйкімді бір бойжеткеннің суретіне көзін аударды... Содан соң, қайғы-қасірет шекпеген əлгі бейтаныс адамдардың бəріне соншалықты қызғанышпен қарап əбден зеріккен ол көше бойына қадала көз тікті. – Қайда бару керек? Не істеу керек? Көше қаңырап, бос тұрған-ды. Үйлердің бəрі де бір кейіпті, көпестердің үлкен бау-бақшалы, екі этажды ақ үйлері, бірақ ішінде тірі жан жоқ тəрізді, үлкен жолды аппақ қалың шаң басып жатыр, осының бəріне көзің шағылады, бəрі де алаулаған ыстық аптап, қуанышты, бірақ дəл осы жерде түкке қажеті шамалы күн шұғыласына шомылып тұр. Алыстаған сайын көше қайқайып өрге көтеріліп, бұлтсыз ашық көгілдір аспанмен ұласып жатыр. Осының өзінде Севастопольді, Керчті, Анапаны еске түсіретін оңтүстікке ұқсас бірдеңе бар тəрізді. Бұл жағдай жанға тіпті бата түсті. Поручик басы салбырап, жарықтан көзін сығырайтып, аяқ астына тесіле қарап, шпоры шпорына соғылып, сүріне, сенделе кейін қайтты. Мейманханаға келгенде оның шаршағандығы сонша, бейнебір Түркістанда, Сахарада асу асып келгендей еді. Ең соңғы күшін жиып, өзінің абажадай бос номеріне кірді. Номер іші жиналып, əйелдің ең соңғы із-белгілері ғайып болыпты, тек түнгі стол үстінде ұмыт қалған бір шпилька ғана жатыр! Ол кителін шешіп айнаға қарады, беті кəдімгі жел қағып тотыққан сұрғылт өңді, күнге күйген ақсары мұртты, қоңырқай бетте бұрынғысынан да айқындап түскен көгілдір көзді офицердің бет əлпеті, енді мүлде жынданып кеткен кісінің кейпіне ұқсайды, ал крахмалданған тік жағалы жұқа ақ көйлектен əлдеқандай бозбалалық жастық жəне соншалық бақытсыздық байқалады. Ол шаң басқан етіктерін төсек басына асып қойып, шалқасынан жатты. Терезелер ашық, шымылдықтары түсірулі, мезгіл-мезгіл соққан қоңыр жел бөлме ішіне күн қыздырған темір шатырдың, барлық мынау шаңқайған, мүлде құлазып бос қалған үнсіз Волга əлемінің аптабын əкелді. Ол екі қолын желкесіне қойып, қарсы алдына қадала қарап қапты. Сосын ол тістенді де, жанарынан жас тамшылары ағып бара жатқанын сезіп, көзін жұмды, ақыры ұйықтап кетті, оянса, күн еңкейіп қалған екен, шымылдық сыртынан қызғылт-сарғыш кешкі сəуле көрінді. Жел тыныпты, номер іші тұмшалап қойған пеш сияқты құп-құрғақ, қапырық, ыстық... Кешегі күн де, бүгінгі таңертеңгілік те бейне бір осыдан он жыл бұрын өткендей көрінді. Ол асықпай тұрып, асықпай жуынып, шымылдықтарды көтерді де, самауыр алдырып, есеп айырысуды сұрады, ұзақ отырып лимон қатқан шай ішті. Содан соң лаушыны шақырып, заттарды алып шығуға əмір етті де, арбаның күнге күйіп сарғайып кеткен орындығына отырып жатып, малайға тұтас бес сомды бере салды. – Сыңайы, түнде сіздерді əкеп салған мен-ау деймін, мəртебелі мырза! – деді лаушы көңілдене, қолына делбені алып жатыр. Пристаньға келіп түскенде, қарайып, Волга үстіне жаздың көгілдір түні төніп те қалған еді, өзен үстінде əртүсті көптеген оттар жамырай шашылып жатыр, ағызып келген пароходтың мачталарында да оттар жағылыпты. – Дер кезінде жеткіздім! – деді лаушы, жарамсақсыл жалбақтап. Поручик оған да бес сом берді, сосын билет алып, пристаньға өтті... Дəл кешегідей жағаға ақырын ғана соғылып сəл кейін лықсыған пароходтың доңғалақ қапалағы астында толқып қайнап кеткен судың шуылы, сосын лақтырған арқанның ұшы, аяқ асты шайқалып тұрғандықтан, аздап бас айналады... Жарықтары түгеп жағылып, асхана иісі аңқыған осы бір пароходтағы кісінің көптігі соншалықты жақсы, шыраймен қарсы алғандай болды. Бір минуттан кейін жұрт əрі қарай бағана таңертең əйел көтерілген жоғары жаққа жүгірді. Ілгері жақта жазғы түннің қою қараңғылығы алдындағы соңғы сəуле сөніп бара жатты, ымырттағы сол сəуленің астында сағымдары анда-санда өзен бетінде дірілдеп, ұйқылы-ояу шымырлап көрінген айнала қараңғыда шашылып жатқан əртүсті оттар кейін жүзіп қалып жатыр, қалып жатыр. Палубадағы күн қағар қалқан астында өзін дəл он жылға қартайып кеткендей сезініп поручик отыр. «Жетісу», 10.02.1971 ж.

ƏБІЛ ФАРАДЖ Сирия əдебиетінің классигі «Əділдікпен» Қасқыр, түлкі, арыстан үшеуі бірлесіп аң аулауға келісіпті. Істері оңға басып, олар ешкі, бұғы, бір қоян ұстап алыпты. – Олжаны бөл, – депті арыстан қасқырға, – тек əділ бөл. – Жақсы, – депті қасқыр, – ешкіні, меніңше, саған, қоянды түлкіге беріп, өзім бұғыны алайын. Мұны естіген арыстанды ашу қысып, қасқырдың парша-паршасын шығарыпты. – Енді сен бөл, – депті ол түлкіге, – тек əділ бөл. – Құп, – депті түлкі, – ешкі – сенің таңертеңгілік сыбағаң, қоян – сəскелігің, бұғы – кешкілік тамағың болсын. – Міне, дұрыстық деп осыны айт, – дейті арыстан. – Мұндай əділ бөлуді саған кім үйретті? – Мына қасыңда мылжа-мылжасы шығып жатқан қасқыр үйретті тақсыр, – депті түлкі. Мықты дəлел Қасқыр, түлкі, қоян үшеуі бір қозыны ұстап алыпты. Олжаны кім алуға тиіс? Ішіміздегі жасымыз үлкеніміз алсын десіпті. Бірінші боп қоян сөйлепті. – Мен жаппар иемнің өзі жер мен көкті жаратпастан бұрын туғанмын. – Əбден дұрыс, – депті түлкі, – мен растаймын, сен туғанда шілдеханаңа барып едім. – Екеуіңдікі де дұрыс, – депті қасқыр, – бірақ менің мына тұлғам, тырнақтарым, мына азуымның өзі-ақ кімнің жасы үлкен екенін айтып тұрған жоқ па? – Əлбетте, айтқаныңыз орынды, – депті түлкі мен қоян, жарыса сөйлеп қозыны жəукемдеп жатқан қасқырға. Маймыл мен ит Бір ит мешітке кіріпті де, сарып кетіпті. Мұны сол маңайда жүрген маймыл көріп қалыпты да: – Құдайдан қорықсайшы! Мешітті ластадың ғой, – депті. Соңда маймылға ит: – Өзіңді осыншама сұлу ғып жаратқаны үшін Құдайға ара түсіп, үйін қорғап тұрсың ба? – депті. Өжетсінген ешкі Ешкі биік шатырға шығып алыпты да, төмен тұрған қасқырдың жер-жебіріне жетіпті. Қасқыр оның балағат сөздерін тыңдап алып: – Е, ешкім, бұл өжет сөзді айтып тұрған өзің емес, сен тұрған анау орын ғой, – депті. Ит пен киік Тазы ит бір киікті қуа жөнеліпті. – Куғаныңмен менің қарамды да көре алмайсың, – депті киік. – Неге? – деп сұрапты тазы. – Мен жүгірсем, өмірімді ойлап бассауғалап жүгіремін, сен болсаң қожаңа жағынайын деп жүгіресің, – депті киік. Түлкі мен ит Түлкіні ит ұстап алыпты. – Қолға түсіп қалғаным сенің мықтылығыңнан емес, өзімнің осалдығымнан болды, – депті түлкі. Нанбасаң, кəне қасқырды ұстап көрші. Аңшы мен шымшық Бір шымшықты аңшы ұстап алыпты. – Мені қайтпексің? – деп сұрапты құс. – Сойып, етіңді жемекпін, – деп тіл қатыпты аңшы. Шымшық жалыныпты: – О, мейірімді адамзат, жанымды қия көр! Мені жеп бəрібір жарылқанбассың. Босатамын деп уəде бер, мен саған жақсы үш ақыл айтайын. Менің етімнен гөрі олардың беретін пайдасы анағұрлым артық. Алғашқы ақылды өзіңнің қолыңда тұрғанда айтамын. Екінші ақылды сонау ағаштың басында отырып айтамын, ал үшіншісін – ана жартасқа ұшып жеткен соң ғана айтамын. – Ал, тыңдайық, – депті аңшы. – Келмеске кеткен дүниеге өкінуші болмағайсың. Бұл ақыл аңшыға ұнап кетіпті де, шымшықты қоя беріпті. – Өмірде болмайтын қисынсыз іске ешқашан сенбегейсің, – депті шымшық ағашқа қонып алған соң. Сонан соң қанатын бір сілкіп алып, сөзін сабақтай түсіп:

– Ақымақ адам! Егер мені сойсаң, ішімнен баға жетпес екі асыл меруерт тас алар едің ғой. Өкініштен іші күйген аңшы саусақтарын сыртылдатып: – Мүлде зым-зыя ұшып кетпей тұрғаныңда үшінші ақылыңды айтшы! – депті. – Алдыңғы екеуін ұмытып та үлгердің, қалғанын айтып не өнер дейсің. «Келмеске кеткен дүниеге ешқашан өкінуші болмағайсың, «өмірде болмайтын қисынсыз іске ешқашан сенбегейсің», – демедім бе, əлгінде мен саған? Ал сен мені қолыңнан шығарып алғаныңа өкініп, ішімде меруерт тастар бар дегенге сеніп қалдың. Теңіздің түбінде ғана болатын асыл тас құстың ішінде жатқанын қайдан көріп ең? «Қазақ əдебиеті», 16.05.1958 ж. ЭНАНСИ БАЛЫҚШЫ Африка ертегісі Батыс Африкада, ну орманның жанында, Ашхенти деген жерде, Энанси атты кісі болыпты. Атақты аңшы, айтулы іскер болмаса да, оны төңіректегі жұрт түгел біледі екен. Энансидің аты еріншектікпен жəне қулықпен шықса керек. Атышулы қудан жұрттың бəрі аулақ жүруге тырысатын бопты. Сондықтан ол əрдайым жаңа бір қулық ойлап табуға құштар екен. Бір күні Энанси Оусанса деген кісіге жолығыпты. – Ей, менің сөзіме құлақ сал, – депті ол, – теңізге ау салайық та, балық ұстап сатайық, бірден байып шыға келеміз. Бірақ Энансидің қулығына сырттай қанық Оусанса: – Жоқ, ішіп-жемге жететін байлық өзімде де бар. Балық ауласаң, өзің аула, – деп жауап беріпті. – Мəссаған! Жалғыз ауласам, бар жұмысты өзім істеймін ғой. Маған бəрін мен үшін істейтін адам керек. Оусанса кеткесін, біраздан соң Энанси Анени деген кісіге кездесіп: – Достым, бері қара, теңізге ау салып, балық ұстап сатып, байысақ қайтеді? – депті. Энансиді бұл да жақсы біледі екен, сонда да келісіп: – Несі бар? Жалғыз аулағаннан екеу боп аулаған тиімді, мен əзірмін, – депті. Екеуінің уəдесі елге тез тарап кетсе керек. Бір күні Оусанса Анениге жолығып: – Сені Энансимен бірге балық аулайтын бопты деп естідім. Байқа, ол сені алдап кетіп жүрмесін. Оған жұмысты біреу істеп, пайдасын өзі көрсе болғаны, – депті. – Сонда Анени: – Бүлк етпе, Оусанса, кім ақымақ болғанын көре жатармыз, – деп жауап беріпті. Келесі күні таңертең Анени мен Энанси ау тоқу үшін пальма ағашының бұтақтарын кесуге орманға барыпты. Энанси жол бойы Анениді қалай алдасам екен деп келе жатады. Орманға келісімен Анени кенеттен: – Уһ, Энанси, достым, буманы мен көтерейін, ал мен үшін сен шарша депті. – Жоқ, ол болмайды, – депті Энанси. – Мен соншама ақымақ емеспін. Буманы мен алып жүремін, ал сен сол бұрынғыша шаршай

бер. Сөйтіп ол буманы иығына салып алып деревняға аяңдай беріпті. Ал Анени қасында келе жатып: аһлап-уһлей беріпті. Деревняға келген соң Анени əбден шаршаған дауыспен: – Ал, достым, ең болмаса, енді орын алмастырайық. Мен ау тоқиын, сен шарша, – депті. – Жоқ, жоқ! – деп Энанси тағы да келіспепті. – Əу баста келіскен өзің, енді ақырына дейін шаршайтын өзің боласың. Ол ау тоқуға кірісіпті де, Анени белгілі əніне салып, көлеңкеде жатып, шаршағаннан көзін жұмып, мызғыпты. Ау тоқып отырып Энанси шалқасынан түсіп жатқан Анениге қарап тілін шығарып мазақтапты – Анени де ақылдымын дейді-ау, – деп ойлапты ол, – нағыз ақымақтың өзі. Қарашы аһлап-уһлеп өлейін деп жатқанын». Ау əзір болған соң Анени орнынан əзер тұрып: – Ох, Энанси, ең болмаса енді берші, ауды мен алып жүрейін, сен шарша, – депті. – Жоқ, сен қатарласып жүріп отыр да, өз шаршауыңды біл. Сөйтіп екеуі бірі ау көтеріп, бірі шаршап теңізге келіпті. Анени айтыпты: – Тоқтай тұр, Энанси. Ойланып алайық. Бұл жерде акула көп жүреді. Мен жалғыз барып теңізге ау құрайын, егер мені акула жеп қойса, мен үшін сен өлетін бол. – Тапқанын қарашы, – деп ашуланыпты, Энанси. – Одан да мен өзім барып ау құрамын, акула жеп қойса, мен үшін сен өлетін боласың. Сөйтіп, ол ауды теңізге ала жөнеліпті. Ертеңіне екеуі ау қарай келсе, төрт балық түскен екен. Анени тұрып: – Энанси, бар-жоғы түкке тұрмайтын төрт шабақ екен, бүгін сен ал. Ертең шамасы, балық көп болар, соны мен алармын, – депті. – Қарай гөр мынаны, – депті Энанси. Айтқанға көне салатын мені бір ақымақ көресің бе? Мына түкке тұрмайтындарды сен ал, ертеңгіні мен аламын. Анени көп ойланып жатпай-ақ, төрт балықты алыпты да, қалаға апарып сатыпты. Ертеңіне ауға сегіз балық түсіпті: Анени отырып: – Мынаны қара, Энанси, не бəрі сегіз-ақ балық екен. Бүгін сенің кезегің болғаны қандай жақсы. Ертең көп түскенін мен алатын болдым. – Жо-жоқ! – деп көнбепті Энанси. – Бұларды да сен ал, ертеңгі молын мен аламын. Анени тағы сегіз балықты қалаға апарып сатыпты. Сөйтіп, күндер өтіп жатады. Анени балықтарды ала береді, ал Энанси балықтың көп түскенін тосып жүре береді. Ақырында, бір күні ауға бір-ақ балық түскен екен. Сөйтсе олар аудың шіріп кеткенін көріпті. – Əрине, бүгін сенің кезегің, Энанси, – депті Анени. Мен қуаныштымын. Сен қалаға апарып балықты сат, ал мен ауды сатайын. Ол үшін едəуір ақша табуға болады. Қалай менің ойлап тапқаным ұнай ма? – Хм, – деп міңгірлепті Энанси. – Тоқтай тұр, асығудың керегі не? Одан да ауды мен сатайын, ал балықты сен ал. Сөйтіп, олар қалаға барыпты. Анени балығын тез сатыпты, ал Энанси көшеде айқайлап, арлы-берлі сандалып жүріпті. – Кімге шіріп кеткен ау керек?! Шіріген тамаша ау сатамын. Ақыры оның дауысын дуанбасы есітіп, қатты ашуланып Энансиді алып келуге əмір беріпті. – Сен менің қаламда не істеп жүрсің? – деп сұрапты ол. – Мен шіріген ау сатып жүрмін, – деп жауап беріпті Энанси шімірікпестен. – Сен өзің жынданғанбысың? Бізді кім деп ойлайсың? Сенің сыңарың Анени жап жақсы балық əкеліп сатты. Ал сен болсаң, жұртқа əлде қашан далаға тастайтын шоқпытты сатқың келеді. Сен немене, бізді мазақ қылғың келе ме? – деді де, дуан басы оған дүре соғып, қаладан қуып жіберуге əмір етті. Ох, Энанси ойбайлады дейсің! Ақырында қаланың қақпасынан шығарып жіберген соң оған Анени айтты: – Ілгеріде бұл саған сабақ болады. Сен жұртты ақымақ қылайын деп жүріп, өзің ақымақ болдың. – Иə, иə, айтқаның рас, – деді ол, екі бүйірі мен арқасын сипап. – Сен де жақсы-ақ серік боп шықтың. Мені таяқтап жатқанда ауыртпалығын сен алсаң бірдеңең кетер ме еді! «Қазақстан пионері», 16.04.1969 ж.

АҢЫЗДАН АРЫЛҒАН ШЫҒЫС Е.Фехер Пал Андре Мальро бүкіл өмірін аңызға айналған Шығысты іздеумен өткізді. Ол шығыс халықтары революцияларының куəгері, сонымен қатар оның солдаты да болды жəне олар үшін халықаралық қолдау пікірлер ұйымдастырып, Қытайда, Үндіқытай жəне Үндістанда қаржы мен қару жинап, өз басын қатерге де тікті. Неруден бастап Маоға дейін дамудың жаңа жолына түскен жаңа мемлекеттердің басшы қайраткерлерімен жүзбе-жүз таныс болды. Үндістанға генерал де Голльдің саяси жолдама сəлемін ала барған сапарында ол Бенарестегі Будданың ескерткішін көруге асықты, оның сиқырлы тылсым күшінің əсерінен үнділік ойлау жүйесін іздеді. Мальро мистик емес-тін, қайта ол саясатта да, əдебиетте де реалист болатын. Сонда да ол Үндістанда Шығыстың мистикалық «рухын» іздеді. Елуінші жылдардың орта тұсында бір қазақ-совет жазушысы да сол Мальромен қатар Үндістанда болып қайтты. Ол өзінің ата тегімен де, ғұлама білімдарлығымен де Шығыстың төл перзенті Мұхтар Əуезов болатын. Ол туған кезде оның халқы сауатсыз, қараңғы еді, солай бола тұрса да, небір тамаша батырлық жырлар мен ғажайып аңыздар шығарды. Əуезовтің өзі де көшпенді рудан шыққан еді, Өзінің өзгеше, ықыласы мен ынтасы жəне советтік өмір тəрбиесі арқасында ол XX ғасырдың дəрежесінде білім алды. Əуезов саясат адамы емес, ғалым: əдебиетші, тамаша фольклорист, қалың-қалың монографиялардың авторы, Мальро сияқты реалист-жазушы. Революцияда ол өзінің француз əріптесіндей романтикалық роль ойнаған жоқ. (Мальро қазақ жазушысынан небəрі төрт жас қана кіші еді). Ол да Бенаресте болып, Будданың табытын көрді. Мифтер туралы ол міндетті түрде таныстыруға қажет материал ретінде ғана сөз етеді. Будда мен Шива мүсіндерінің көпшілігі кемсалихат жарымжандық күйге ұшырауының себебі оны шынымен қатты ойландырды. Алла тағала күнəмізді кешірер деген сеніммен оларды «хақ мұсылмандар» бүлдіріп құртқан еді. Əуезовке мұсылмандардың осы бір діни «қасиетті кектерін» білу діншілдердің революцияға деген өшпенділігімен күресу үшін қажет болды. Мен бұл екі жазушыға баға беруден аулақпын. Мальро жалпыға мағлұм, Мұхтар Əуезов дана ақыл иесі, тамаша жазушы бола тұрса да, əлем оны əлі жеткілікті танып болған жоқ, Əуезов тұтас бір əдебиетті танытады, ол қазақтың профессионал əдебиетінің негізін салушы болып табылады. Алайда бұл жазушылардың құбылыстарды танып-білу жолдары мүлде басқаша екені айдан анық. Мальро Шығыстан Европада жоқты іздейді, ол Азияның Европадан айырмашылық белгілерін іздейді. Əуезовке аңыздың қажеті жоқ, ол мифпен тұмшаланып, бүркелген қатал шындықты қалтқысыз таныды. Ол онымен өз елінің өткен тарихынан да таныс болатын жəне сондай-ақ бұл шындықты ол бүгін жан-жақты қоғамдық даму жəне ғылыми техникалық революция жолына түскен Азия континентінің басқа елдерінен де көрді. * 1973 жылы сентябрьде Мұхтар Əуезовтің тұрған қаласы Алматыда Азия мен Африка елдерінің жазушылары өз конференциясына жиналды. Бұл олардың бесінші кездесуі еді. 1956 жылы, Мальро мен Əуезов Үндістанға барған кезде, үнді жазушыларының Азия жəне Африка жазушыларының жалпы форумын шақыруды ұсынды. 1958 жылы Советтік Өзбекстанның астанасы Ташкентте афро-азиялық жазушылардың бірінші конференциясы болды да, содан бері бұл ұйым ойдағыдай қызмет атқарып келеді. Мəселе мынада: Африка мен Азияның жаңа əдебиеттері өзара танысқысы келеді. Олар өздерінің қол жеткен табыстарын шын мəніндегі прогресс тұрғысынан бағалап, болашақ жоспарларын белгілеуді тілейді. Осы бағдардағы қызметтің топтап жинақталған ең сəтті программасын мен Лениндік сыйлықтың лауреаты, қырғыздың үлкен жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Литературная газетада» жарияланған «Қуалай соққан қоңыр жел» атты мақаласынан көрдім. Айтматовтың негізгі айтпақ идеясы – афро-азиялық жазушылардың бұл кездесулері фашиизмді жеңгеннен кейін, отаршылдық системаның күйреуі тұсында басталғаны жəне өткізіліп отырғандығы жайында пікір. Басқаша айтқанда, тек прогресшіл саяси қайраткерлер мен жазушылардың ғана емес, тұтас ұлттардың өмірлеріне тікелей төнген хауіп келмеске кетті, сол сияқты əйтеуір күнелтіп, тіршілік ету үшін ғана күрескен кезең де өтті. «Қайтсек күнелтеміз?» деген сауалдың орнына енді «не үшін өмір сүреміз, өз өмірімізді неменеге арнаймыз, өмірлік мақсат не жəне оның мағынасы қандай?» – деген əлдеқайда маңызды проблема туды.

«Бүгінгі күндері, – деп жазады Айтматов, – екі ққрылықтың – Азия мен Африканың көптеген халықтарының алдында тек саяси жəне əлеуметтік міндеттерді шешудің тəсілдерін таңдау ғана емес, сонымен бірге ұлттық өмірдің əлдеқайда күрделі аспектілері мен өз мəдениеттерінің даму жолдарын таңдаудың да қажеттігі туып отыр... Қырғыз жазушысы африкалық немесе азиялық жазушылармен əңгімелескенде «XX ғасыр – ұлтшылдықтың ғасыры» деген сөздерді жиі еститіндігін айтады. Айтматов «ұлтшылдық» деген ұғымның өзін кең толғап ойланып, дұрыс та деп түсінудің төтенше маңызы бар деп санайды. «Егер əңгіме бір ұлттың жан теңгермес ерен ерекшелігі туралы доктриналардың кез келгені жайында, бір халықтың екінші халықтан артықшылығы туралы теориялардың кез келгені жайында немесе ұлттық-мемлекеттік мүдделердің тар шеңбердегі өзімшілдік концепциясы жайында болса, – деп атап көрсетеді Айтматов, – онда олардың бірде-біреуін мен мүлде қабылдай алмаймын, өйткені бұл тоқмейілсуге, орынсыз мен-мендік тəкаппарлыққа, ақыр-аяғында рухани бишаралыққа алып баратын барынша ең реакцияшыл құбылыс». Айтматов сонымен бірге мынадай жағдайды қазіргі кезде ұлттық сана-сезімге ұмтылып отырған оянған халықтардың өмірінде ұлтшылдықтың тарихи ролі əртүрлі болуы мүмкін екендігін де еске алады. Ол мұны былайша пайымдап, тұжырым жасайды: «Егер мұны (ұлтшылдық дегенді) тұтас халықтардың ғасырлар бойы жинап-терген өмірлік тəжірибесін бейнелейтін этникалық, лингвистикалық, мəдени қайталанбас белгілері ретінде қараса, онда ұлттық тілдерді, ұлттың өзіндік ерекшеліктерін сақтауға, дамытуға ұмтылуды жалпы прогресс үшін онша қажет емес теріс нəрсе етіп көрсетпек болу да дəрменсіз, дəлелсіз». Айқын да ақылды позиция. Айтматов ұлттық ерекшелік – ұлт тілдерінің бірлігін атап көрсетумен шектеліп қалмайды. Ол мынадай жағдайға дара түсінік береді: африкалық жəне азиялық жазушылардың кездесуі XX ғасырдағы прогресшіл идеялардың дəнекер елшісіне айналуға тиіс. «Шығыстың аңызын» іздемеу керек, бейбіт əлемнің бірлігін тауып, нығайту керек. Ғылыми-техникалық революция ғасырында рухани байлықтарды қорғау жəне тарату жауапкершілігін жазушылар өзімнің адамгершілік парызым деп білуге тиіс. Аңыздарды адамгершіліктің күлгісі етудің қажеті жоқ, қайта ұлттық дəстүрден социализмнің бүгінгі прогресін қолдайтын һəм соған көмектесетін жалпы бағытты, сондай элементтерді іздеу керек жəне оларды табуға болады. Мұндай жағдайда дəстүрлер ұлттық ой-зерде немесе «шығыстық сана-сезім» дегендер халық үшін апиын емесі, қайта ол шындыққа, ұлттық жəне жалпы адамгершілік тұрғысынан олардың өзара намысын жоғары сезіп білуге жетелейтін күш. Бұл позиция – социалистік позиция. Бұл «біз не үшін жəне қалай өмір сүреміз?» деген сауалға айқын жауап береді. Айтматов шығармалары Венгрияға кеңінен таныс жəне бүкіл əлемге де мəшһүр. Оның əдеби шығармаларынан теориялық планда өзі айтып отырған осы принциптердің эстетикалық қазынаға қалай айналғанын, қаншама шынайы өнер шығармасына көшіп, сосын идеялық-саяси күшке ие болғанын көруге болады. Айтматов Азия мен Африканың жалпы прогресін мифтерсіз, аңыздарсыз алып қарастырады, жəне ол осы прогресті социалистік революцияның даму жолдарынан көргісі келеді. Ол Европаны өсіп-өркендеп келе жатқан елдерге қарсы қоймайды, қайта керісінше, социалистік дүниетанымның адамы тұрғысынан қарап, оларды идеялық-саяси одақтастар деп санайды. Оның ой-пікірі де ұстаздарының бірі – қазақ жазушысы Мұхтар Əуезовпен үндесіп жатыр. Алматыда жиналған Африка мен Азия елдері прогресшіл жазушыларының ой-пікірлері де осыған саяды. «Социалистік Қазақстан», 12.03.1974 ж.

Мазмұны «Өнерімен» сүйікті, өресімен биік-ті. Алғысөз орнына ................3 Жанр жүгі Əлемге мəшһүр əдебиет ................................................................11 Өмірі – өнеге, өнері – мұра ...............................................................19 Мұхтар Əуезов – қоғам қайраткері .................................................75 Бір хаттың тарихы ........................................................................81 Қауышқан құшақтар .....................................................................85 Еңбекпен ержеткен талант ..............................................................91 Қайта туған роман .....................................................................141 Тəрбиеші таланты .......................................................................153 Адам. Тарих. Роман ......................................................................164 Алғашқы қадам ...........................................................................170 Жастықтын өзі – жайсаң жыр .......................................................177 Жаралы жылдар жайында ..........................................................182 Жапырып жауды жеңген соң ....................................................189 Отты жылдар қаһарманы ..............................................................199 Соңыда сонар із .........................................................................204 Поэзия патшалығы Өшпес мұра ..................................................................................211 Жаңа өмірдің жаршысы .............................................................218 Алпыстың ақын қарап асқарынан ...............................................228 Ақын жолы – жыр жолы ............................................................237 Жыр тасқыны ...............................................................................256 Ақында сыр болмайды айтылмайтын ......................................262 Ұстаз хақы ....................................................................................275 Ақын есеп береді жұрт алдында .................................................281 Ақын жыры – ана .......................................................................288 Сын дестесі Партиялық принципшіл сын үшін ............................................293 Сын мүддесі ..................................................................................313 Жанр жүгін арқалап......................................................................325 Айқын Нұрқатов хақында .........................................................331 Зерделі зерттеу ..............................................................................339 Кемел шақ .....................................................................................345 Сыншы мұрасы ............................................................................350 Жарияланбаған мақалалар Толстой жəне Əуезов ...................................................................354 Абай шығармашылығындағы халықтар достығы.....................358 Абай шəкірттері дегендер кімдер?..............................................362 Ақын махаббаты............................................................................366 Қаламдастар туралы толғаныс ....................................................368 Бағалы еңбек .................................................................................371 Іздесек егер Ізтайды... ..................................................................377 Əке-балаға сыншы .......................................................................379 Аудармалары Күн өтіп кеткендей. Иван Бунин .................................................381 Əбіл Фарадж. Сирия əдебиетінің классигі ................................388 Энанси балықшы. Африка ертегісі ............................................391 Аңыздан арылған шығыс. Е.Фехер Пал .....................................394

«Ел-шежіре» қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының президенті Дидахмет Əшімханұлы Баламер Сахариев ШЫҒАРМАЛАРЫ Редакторы Əділхан Күлімбетов Техникалық редакторы Ниязбай Оразымбет Көркемдеуші редактор Жамила Айдос Компьютерде беттеген Ермек Қабыланбекұлы ИБ № 122 Теруге 5.05.2013 ж. берілді. Басуға 19.05.2013 ж. қол қойылды. Пішімі 60х90 1/16. Қаріп түрі «Times New Roman». Басылымы офсеттік. Шартты баспа табағы 25. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс № «Ел-шежіре» қоғамдық қоры. 050009. Алматы қаласы. Абай даңғ. 143., 517 бөлме «Полиграфкомбинат» ЖШС Алматы қ., Мақатаев көшесі, 41

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙