Алтайдың белі ақселеу
Ұларбек Дәлейұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ақын Ұларбек Дәлейұлының бұл жаңа жыр жинағына жастық ғұмырдың естен кетпес ізгі сәттері мен өкініштері һәм туған тау, өскен далаға деген ғұмырлық сағыныштың уытты азабы мен елесі қамтылған. Жаңбырлы кеште күз жауып, тұман түнеген соқпақтардың бойында қылаң беретін шайыр сұлбасы құдыретті жыр тіліне айналып, арба жолдың үстінде мұңды әуен болып сыңсиды. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
Ұларбек Дәлейұлы
Кітап аты:
Аннотация
Ақын Ұларбек Дәлейұлының бұл жаңа жыр жинағына жастық ғұмырдың естен кетпес ізгі сәттері мен өкініштері һәм туған тау, өскен далаға деген ғұмырлық сағыныштың уытты азабы мен елесі қамтылған. Жаңбырлы кеште күз жауып, тұман түнеген соқпақтардың бойында қылаң беретін шайыр сұлбасы құдыретті жыр тіліне айналып, арба жолдың үстінде мұңды әуен болып сыңсиды. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
Бірінші бөлім:
КЕШІРШІ МЕНІ, АЛТАЙДЫҢ БЕЛІ...
МЫҢ ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШ
Мендегі сол сағыныш – басталды күзден де ұлы,
Ескірген сол үміттен күдерін үзген жылы...
Қуарған жапырақтар!
Қақым жоқ қаралауға,
Шер жұтып келдім жалғыз суалған жағалауға.
Шығыстық сері шаһар, мен сенен сорға кеттім,
Апарып тастаңдаршы аулама жолдар ескі...
Белгісі секілденіп жастық шақ күнәсінің,
Шөп басып жатқан шығар иесіз лашығым.
Құрбымның қолы тиген құлпымдай тот мүжіген,
Қарайды енді бәрі жабырқап жат жүзімен.
Есінде қалдым бірақ, ескілеу сол қаланың,
(Ең соңғы шерлі ақыны әрине, мен боламын...)
Күтеді Қаратаудың мызғымас құм төбесі,
Күтеді қожайынның маңқиған сұр төбеті...
Күтеді, күтеді олар –
Жанарын жолға қадап,
Сол жылдар сағынышы маған да болды аманат.
Һәм мұңлы һәм өкпелі Кентаудың кеші бейғам,
Жайымен тартып алар басыңды тосын ойдан.
Сәнімен күзді жасқап әнімен жалғанды ұстар,
Саған кеп қонақтайды қанаты талған құстар.
Жыр болып оралады тіліңе қырлардан бір,
Ақшамда Өзбек шалдың ауласын жуған жаңбыр.
Қараша демі салқын қалтырар емен қолы,
Жаныңды қинайды ұзақ айықпас шемен болып.
Мың жылдық сағынышты жасырып кеткем мұнда,
Аяқсыз жырым жатыр тұмандар шөккен қырда.
...Мендегі сол сағыныш, басталды күзден де ұлы,
Ескірген сол үміттен күдерін үзген жылы...
Аялсыз өтті жылдар өкпесін қолына алып,
Жалыққан шығар бәлкім, далалар мені бағып.
Іңірде Сауран жақтан жетеді жебе дауысы,
Мезгілде кегің болса, о, таулар менен алшы...
Сені еске ап шертіп біраз жылдардың домбырасын,
Бейуақ... бозғыл айдың бетіне тамды жасым.
..............................
Ғасырлар сүйегіндей біздерге жеткен сынып,
Кентаудан басталған жол кеудеме кеткен сіңіп!
21. 10. 2010ж
МҰҢЛЫҚ
Алты айлық алыс даламнан асығып жеткен боздағым,
Сағынышымның мың түрлі аруағын несін қозғадың?
...Асуда асу бел еді,
Аңқып бір соққан жел еді.
Қуанышым да бар еді, қасіретім де көп еді.
Кешігіп жетер көктемнің сәлемін ала келдің бе,
Құладын құстай құмдағы жанымның шөлін көрдің бе?!
Ғасыр да емдеп жаза алмас жүрекке біткен мұңым бар,
Хантәңірідей қайғымды қабағымнан ұғыңдар.
Жылай да жылай жабығып жайлауда қалды қарындас,
Қарай да қарай қамығып қыстауда қалды тамырлас.
Жазыққа біткен бүлдірген – жалаң бұттарға жем болған,
Жарлауға біткен жапырақ – шашылып қара көң болған.
Алтайдың белі ақселеу,
Ақселеу басын ие ме,
Аңырап қалған қарындас әлі де бізді сүйе ме?
Көктоғай бойы көп асу,
Асуға қостар қонды ма,
Жұртымда қалған ақмойнақ, алыпсоқ арлан болды ма.
Ботасын қорғап жаңбырда, желкілдеп боран өтінде,
Шаңырақ салар құба інген боздай ма ауыл шетінде.
Ақсеңгір басы ақ мұнар,
...Ағалар кеңес құрды ма,
Жортуыл жолын күзетіп жеңгелер жылап тұрды ма.
Қара шыбындай құжынап байырғы адам баласы,
Қайнаған базар болды ма атамның қайран моласы.
... ...
«Қаймана Қазақ қамы үшін» қанымды берсем бе екен-деп,
Беймаза қазақ таңы үшін жанымды берсем бе екен-деп.
Желпініп жүрген жайым бар,
Жолымда қорқау жүрсе де,
Көз сұғын қадап қолымда қалған соңғы күлшеге.
Білегіне мұң қондырып бізге де жетті көктемдер,
Естері ауысқан, ей, ақпан!
Алдынан кесіп өтпеңдер.
Қанатыменен қаққылап оятты келіп ұйқымнан,
Қапияда бір адасып Алтайда қалған кептерлер!!... 05. 25. 2009ж
ӘУЕН
Сайына сан мың аруақ жасырынған,
Ауылым Серіліктаудың асуында.
...Асуға аппақ қар боп қылаулайтын,
Адасқан шағаланың жасы мұнда.
Тыныстап тарғыл күндер ауасымен,
Қайтейін,
Қанша үмітке жол ашып ем.
Шашымды желге жайып жылжып келем,
Шашылған сүйектердің арасымен.
Әлі де ұмытқам жоқ сол бөктерді,
Сол бөктер екеумізге сор бөктерді.
Сені қайдам,
Әйтеуір, мынау өмір,
Тірідей мені көрге көмбек болды.
Көмбек болды...
Тірідей һәм кебінсіз,
Молаң да жоқ, ізің жоқ қал - деп үнсіз.
Сенен қалған қасірет таңбасындай,
Өлік – дүние өксікке толды өзіңсіз...
Сығалап қараша үйдің жабығынан,
Қалып ең,
Бізді қимай жолы бұраң.
Бір ғасырға бергісіз өтті жылдар,
Жусан иісі бұрқырап адымынан.
Иесіз қыр,
Өшкен елес,
Өткен заман,
Сол әуен өкініш боп жеткен маған.
...Өзі де ұшты айналып шағалаға,
Шағырмақ бұлтқа ілесіп кеткен балаң...
07. 01. 2010ж
ЕЛЕС
Баяғыда,
Баяғыда...
Атам марқұм сүйеніп таяғына.
Ажал жайлы бір ауыз сөз қозғасаң,
Қой - дейтұғын, әй, бала – қой, оны ма?!
Қой – дейтүғын, ашуын басып әрең,
(Қандай қырсық шал еді ашуы ерен?)
Топ баланың ішінен батырсынып,
Ертегі айт деп барушы ем қасына мен.
Сәбилерді ақсақал ермек қылып,
Бастаушы еді тамағын кернеп тұрып.
Кектенгенін айтатын сол ажалға,
Майдандасын майданға жерлеп тұрып.
Қос көзінен жас емес, қан аққанда,
Кектеніпті ажалға, жаратқанға.
Бастан кешкен батырлық хикаясын,
Аяқтайтын ағарып таң атқанда.
...Ғұмырына басылған қара таңба,
Сол қартымды аңсаймын таң атарда.
Бір көкжалы өмірдің көз жұмыпты,
Бір көкжалы жортып жүр Алатауда...
07. 02. 2003ж
ӘЖЕМНІҢ ИІСІ
Кенеземде бір шөл бар қанбай жүрген,
Құрғыр-ау,
Жібімейді таңдай мүлдем.
Бал татыған зәмзәм да баса алмайды,
Кезі келсе шараппен алдаймын мен.
Кенеземде бір шөл бар қанбас мәңгі,
Медеу етем мен оған жазғы ақ таңды.
Амалым жоқ,
Келмеске бәрі кетіп,
Көңілімнің жайлауын қар басқан-ды.
Қатығын жеп Қазақтың кемпірінің,
Ержеткен ем астында елтірінің.
Туған далам тұнжырап қимай қалған,
Алыс жортқан алкеуде бөлтірігін.
Кенеземде бір шөл бар көптен жүрген,
Оның орны өмірден өшкен мүлдем.
Шаттығымның сөндіріп жалғыз шамын,
Мұңның желі іргемнен еппен кірген.
Сол мені кектендірген, кектендірген...
Осы шөлім қанбай жүр әлі күнге,
Таппайды емін бақсың да,
Тәңірің де.
Құпиясы тек қана бұл дертімнің,
Марқұм момын Әжемнің қабірінде... 09. 02. 2002ж
Ой буып мен жайлы ғана,
Маңайлап ошақтың қасын.
Сағыныш шерін төктің бе, Ана,
«Ағарып мың құлаш шашың?!»
Тамсанып сүтіңнің дәмін,
Ойланам тағдырым жайлы.
Көрсем де мұңлықтың бәрін,
Дәл сендей сағына алмайды!
Арыма жақтым ба күйе,
Анау бір даңғаза шудан.
...Даңғаза өмірді сүйе,
Өзіңнен қан уыстап туғам.
Бүгінге үмітті жалғап,
Қолым да, жолым да күрмеу.
Тым алыс әкетті алдап,
Ескі үйден басталған сүрлеу.
Түсіріп уайымшыл күйге,
Жауа ма жаңбыры күздің.
Елесі келе ме үйге,
Мен сүйген бақилық қыздың...
Елсіз бір адырға түсіп,
Ұйықтаймын сертімді жастап.
...Бір күні жетермін ұшып,
Адасқан құстарды бастап...
Қаһары қатты бұл қыстың,
Құлазыр қаңтардың түні.
...Сен де ұзақ азапқа түстің,
Тым ұқсас Аналар мұңы.
Жатқанмен жолдарды құшып,
Сағыныш аспаны асқақ.
Бір күні жетермін ұшып,
Адасқан құстарды бастап...
25. 02. 2010ж
ЕЛЕГІЗУ
Сере сере, сере қар,
Сені күттім селкілдеп,
Күз бораны іргемді көтереді кеңкілдеп.
....................................
Сеңгіл тұман ішінде боз шудасы желкілдеп,
Боз жауында сонау-у-у жыл қалып қойған көшімнен.
Бозадырда жоғалған інген кірді түсіме,
Бір емшегі тесілген,
Тілерсегі кесілген...
Мынау мәңгүрт, меңіреу дүниені қарқ қып,
Бөз бұйдасын жұлқылап боздады-ау бір жарықтық!
Қарашада қар жауар, қармен бірге зар жауар,
Уа, Шығыс аспанын шулатпаңдар, қарғалар!
Көзім жасын көп ішкен мұңаясың жер неге,
Көшпенділер жебесі бата ма әлі кеудеңе?
Мына әлемге һәм адал ниетімдей бір ізгі,
Серіліктаудың басынан сыңсып жетті сыбызғы.
Бүгін саған дүние, белгісіздеу дерегім,
Алтай қолда тұрғанда Мен Мен едім, Мен едім.
«Басы сайран, түбі ойран» – дүние жолы кіл аңғар,
Тобылғы түбін босатып, неге ауады жыландар,
Толарсақтан тер қатып, неге ауады бұландар?
Мынау жансыз мезгілге сұрап тұрмын жан сауға,
Ат шалдырып қайтайын атам құны бар тауға.
Селдер жүрген бұлаққа жасым сығып қайтармын,
Бұлақ басы суалса басым сығып қайтармын.
Қарашада жауған қар тас бетінде ериді,
Тасқа туса тарлан боз табан күші кемиді...
Ақ тұмсығын күн шалған Аспан текті шайырдан,
Оңқай соққан құба жел!
О, құштарын айырман!
«Ақын симас табытқа» теріс біткен өлеңмен,
Түннің зілдей мүрдесін көтеріп ап келем мен...
20. 11. 2012
ЖАЗАНАМА
Жапырақ!
Жаздың ғазиз бір еркесі,
Неге үзіліп кеттіңдер тым ерте осы?
Жұпар иісің бұрқырап ақшамдарда,
Өлік иісі сезілді күні ертесі.
Бөрі дауысы бұлқынған ізгі маңнан,
Тым ерте айырды ма бізді жалған?
Ажал үні жетеді енді міне,
Ғазал үні билеген күзгі жолдан.
Жолдар,
Жолдар!
Ажалға жатқан қарсы,
(Асығым түсер қашан аспанға алшы?..)
Аязынан Арқаның алып қашып,
Алтай жаққа апарып тастаңдаршы!
Қайран Алтай!
Қанаты күйген шерлім,
(Қанаты жоқ Қағандар сүйген шерлім!)
Қабағында ғасырлар бұлты түнеп,
Сенен шалғай сенделіп жүрген сеңмін!
Көтеріп азабын да,
Тозағын да,
Нәзилла – қыз жүр әлі назарымда.
Жалғыз қайтқан жыл құсын желден жасқап,
Жатқан шығар жабығып мазарында.
Енді қайтып оянбас мендегі арман,
Жалғыз-ақ үмітім ол көрде қалған!
«Елім-айға» елітіп есім кетіп,
Шиліөзеннің қамысын шерге малғам...
Кешір мені,
Жан Аллам күнәм болса,
Оған жетер жолдарым бұраң қанша?
Көктерек!
Сенен шалғай кеттім білем,
Қағынан қаншыр қуған құландарша.
Жаз дидәрін жастықтың мүрдем етіп,
Қанша мизам мерт болды күздер өтіп.
...Қылшаныма қырғауыл жүнін шаншып,
Жолға шығып кетсем бе,
Түнделетіп?!..
Сендер жаққа...
02. 01. 2011ж.
БОСТАНДЫҚ БЕРШІ, ЕЙ, УАҚЫТ
Ғайыптың күшімен еш ойға түспеген,
Фәни мен бақилық сапарлар үстінде.
Мен бір жұмақтай түс көрем:
Кеше, бүгінім, ертеңім –
Жазылған осынау қып-қысқа үш күнге.
...Мың жылдың алдында,
Тағы сол фәни мен бақилық сапарлар үстінде.
Бесігін боранға тербеткен тамызда,
Құлшылық ілімді құлшына уағыздап...
Иегі бозала шаң болған софылар,
Тылсымат ғылыммен гүлденген Отырар.
Көшпенді ұлдары сақалы қауғадай,
Әндетіп өтеді түйелі арбада.
Боз атан мойнында боздаған қоңырау,
Жіберші сол күнге,
Босатшы, өмір-ау!
Сауранның құмындай тағдырым қолымда,
Кенезем кепсінші, Самарқанд жолында.
Босатшы, тәуекел, жазмыштан көрейін,
Сақсырым сықырлап ордаға енейін.
Қараханид сұлуын естуші ем бұрыннан,
Жіберші, оған да жүрейін қырындап...
Тесілген қалқанға ұя сап құзғындар,
Саусағым ұшында ерісін мұз жылдар.
Ертектегі ерлерше қаңғып бір кетейін,
Есілде ес жинап, Ертістен өтейін.
Сүйегім қурасын төсінде даламның,
Обал жоқ,
Ол жаққа бар депті маған кім?!
Сол ұлы даланың даңқты халқы үшін,
Боз бие қанымен Хан алдында ант ішіп.
Жапырақша жусатып, жау шебін жапырып,
Сардарын састырып, аюдай ақырып!
...Жүрейін нөсерлі түндерде адасып,
Қарақшы тобының жыртайын жағасын...
...Қиялшаң өмірім,
Үмітшіл тағдырым,
Түк емес, ей, өмір,
Жасаған тарлығың!
Оралмас қайсы бір уақытқа елеңдеп,
Іздегем мен сені,
Іздегем өлеңнен...
Сұрыңнан қорқамын табыттай көнерген,
...Алты қаз тағы ұшып барады төбемнен...
Босатшы мені, ей, уақыт!
21. 03. 2009ж
ТАРЛАН
Мұхтар МАҒАУИНГЕ
Азаулыда Аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де Алмаға ат байлағаны жоқ еді!
- ДОСПАМБЕТ
Қансоқта ғасырлар тезінде
Материктей мұз жапқан.
Мінберден түскен мінәжаты бар сөзінде,
Жете ме дауыс біз жақтан?
Қыбырсыз қарап құбыла жаққа,
Балқан тау асып барған бір.
Серкелер мүйізін деміне қақтап
Басылмай қойды ақ жаңбыр!
Таңбалы тастың бетінде,
Бұланды таудың шетінде.
Күркесінде күшіген жүнді оқ жастап,
Арқалы топта азуын қайрап сөз бастап.
Боза бір шөпке күнде аунап,
Бозғылтым айға түнде аунап.
Қаралы ымыртқа қайыстыра салып салмағын,
Балталы орда маңында
Дүр сілкінген тарланым!
…Сере сере, сере қар,
Сескенбей барып сең жарған.
Шырмауық түстес шірелі заман торынан,
Тарихымды жем болған,
Рухымды көң болған.
Қыл майқанға көтеріп қаймықпастан қолға алған.
Бұз үстіне бұрқыратып от жағып,
Абыздай ауыр ойланған.
Ау, Қазақы тектің қасқырдай қайсар иесі,
Қамкөңіл жұрттың қобыздай көне киесі.
Ормандай елге ордадай орнын жоқтатқан,
Ойланса уақытты оқыс тоқтатқан –
Тарланым!!!
....Қансоқта ғасырлар тезінде
Материктей мұз жапқан.
Мінберге шыққан мінәжаты бар сөзінде,
Бөрі дауысын күтеміз аға, сіз жақтан!
Күтеміз... 07. 11.2009ж
ӨЛІАРА
Қалжыраған Зауза қызбен атыстан,
Салмау-салмау бұлт аунайды батыстан.
Дарақы жел түкірігін шашады,
Уыстап ап қиыр шетте қоқыстан.
Ол айтқандай өткір де емес тісі оның,
Сен айтқандай жасыл да емес түсі оның.
Жетім бақта жолға қарай адымдап,
Қара суықты қылқылдатып ішемін.
Бастан ауған ғасырлардың жаңқасын,
О, уақыт!
Маған жүк қып артасың!!
...Сәуір желі Сәуріктей шайнайды,
Күзден қалған қаңбақтардың қаңқасын.
Шам азанын бебеулеткен мешіттен,
Жаратқанның ескертуін есіткем.
Сәуір кештің сәлдесіне оранып,
Мұсылман ұл түрегелді бесіктен.
Дүркіреген найзағайға қосылып,
Отыр үйлер,
Жаңғырыққа шоқынып.
Жемтіктерде секектейді сауысқан,
Абайсызда шоқ ішкендей шошынып.
Түндей суық табыттардан толас қыр,
Үңірейген иесіз құдық,
...Ол аш тұр.
Жол соңын тек, абжыланша жұтады,
Қарсы бетте қаңғырлаған монастр... 25. 04. 2009 ж
ЕЛУБАЙДЫҢ ҚҰДЫҒЫ
Ауылдан алыс қиырға жетелейтін шаңдақ жолдың иек астында ақ мұнарға оранып ескі құдық тұр. Үнсіздігін көктемнен күзге, іңірден таңға жалғаған бұл көне құдықты ауыл адамдары күндіз болмаса, түнде жиі есінен шығарып алатын...
Ай астында ақ қырауға малтығып,
Қаңтар желі қарашығыма қар тығып.
О, бейкүнә, меңіреу құдық
Мен сені,
Жер бетінен іздеп жүрмін шарқ ұрып.
Уақытқа айырбастап барлығын,
Мен де сендей жаралымын, зарлымын!
Күн астында күңірене жортып өтіпті-ау,
Көктеректен көкке ұмтылған тағдырым!
Үнсіз қыстақ,
Ой түтіні будақтап,
Тыныштықта тұншығатын қыр да аппақ...
...Тыныштығы түрмеленген бір ақын,
Мезгілге енді мекенін де ұрлатпақ.
О, қаншама өкінішті, қайғылы,
(Ол мекеннің қайғысы да әйгілі!..)
Жалғыз құдық жыламсырайды алыстан,
Жалғыз оны жұбатады Ай нұры.
Қалды артымда қатері мол қанды ұшпақ,
Қайғырамын,
Өкінішімді қолға ұстап.
Соңғы азғын ұрпақтарын қарғыстап,
Жер үстінен жоғалуда сол қыстақ.
Асыл рухын өз қолымен пышақтап,
Айбынды ұлдар кетті мүмкін ұсақтап.
Қыл арқанға тапсыруда тағдырын,
Қара кеште қылқобызын құшақтап!
Тым мұңлы үнін алдына алып сол кештің,
Жетім құдық!
Жылай-жылай сен де өштің.
...Онда өлген соңғы адамның мүрдесін,
Жолға апарып жерлемейді енді ешкім!
Тауға апарып жерлемейді енді ешкім!!
...Қош болыңдар!!!
21.07. 2009ж
БАЛҚАШТА АҚШАМ
Балқашта ақшам.
Су беті жарық,
Үрейді меңзеп шоршиды балық.
Мұңлы бір жырды оқимын ұзақ,
Көзімнің жасы жиекке тамып.
Балқашта ақшам.
Су беті айғыз,
Айдыннан алыс ұшады байғыз.
Жалғыз қайықта сыңсиды сырнай,
(Кімді аңсап әнге салды екен қай қыз)?
Ақ мұнар әне, шемен боп шөккен,
Қамыстар әне, өлең боп кеткен.
Кешірші мені, Алтайдың белі,
Келе алмадым ғой,
...Келем деп кеткем.
Есімнен өшпес, есіл құрақ күн,
Дариға-ай!
Сені несін жылаттым?!
Басымнан күнде құлан су ішіп,
Балқашқа жеткен жетім бұлақпын.
Ол да мезгілге тоналар, Аға,
Құм – кебіндерге оранар, Аға!
Түсінер мені анау түнгі айдың,
Елесі құшқан молалар ғана...
Ай өзі айтып мүрдеге датын,
Балқашта ақшам,
Түн де әне жақын.
Теңіздегі ойға тұтқын боп тынар,
Бостандық жырын іздеген ақын.
Бостандық!
Сенің алдыңа құлап,
Ізіңді құшып сүйемін бірақ.
Жағаға жақын жабағы қостан,
Жаралы көздей жанады шырақ.
Балқашта ақшам.
Су беті жарық,
Сыңсиды біреу аралда налып.
...Мұңлы бір жырды оқимын мен де,
Көзімнің жасы жиекке тамып...
19. 11. 2010
ҚАНАТЫ КҮЙГЕН САМҰРЫҚ ҚҰС ТУРАЛЫ ЖЫР
Қасымхан БЕГМАНОВҚА
Халық ұғымындағы киелі һәм алып Самұрық құс жайлы аңызды бала күнімде Әжемнен естуші едім. Ерлігіне, қасиетіне таңданумен өттім...
Бұл жалған дүниеде Сізді екі адам шын сыйлай алса соның бірі мен шығармын деп ойлаймын. Сол үшін де сана түкпірімдегі Алып құс жайлы аңызды жырға айналдырып, өзіңізге арнадым. Қабыл алғайсыз...
Сонау-у-у шаңдақ ғасырлардың бірінде,
Қарт Алтайдың қарлы шыңы түбінде.
Бір Айдаһар мекендепті күн бетін,
Таң қызарса жатады екен інінде.
Түн баласы елге тыным бермеген,
Он күн сайын қыз қанына шөлдеген.
Көктем сайын көлдің бетін сапырып,
Көш жолында жатады екен көлденең.
Жебесінен жел ысқырған Ғұндардың,
Жолына кеп тура қарсы тұрған кім?!
...Көшпенділер бесігінде іңгалап,
Өтін жепті,
түнде туған ұлдардың.
Батырлықтың тозбас күйін күйлеген,
Жебе жыры айдың жүзін түйреген.
Басын тіккен өз ұлтының ары үшін,
Баһадүрлер туады екен күймеде...
Ақ сақалды Ноян тұрып бір күні,
Ақ орданың ерте аштырып түндігін.
Сауын айтып шаптырыпты жан-жаққа,
Алады деп есілдердің кім құнын?
Бір қарт Ана төгіп көздің сиясын:
– Жақыныңды қалай жауға қиясың?
Бұл сұрыңмен мынау байтақ даланың,
Кеудесіне қалай ғана сиясың?
Деп қаһарын төгіп алып күн жақтан,
Самұрық құстың көрсетіпті ұясын.
Өз сыңарын тастап биік терекке,
Ата Самұрық жеткен екен көмекке.
Ай түбінде ала құстай шулатып,
Аусар қанын төккен екен шелектеп.
Тау бойына ұлы арпалыс орнатқан,
Енді қауіп сейіліпті ол жақтан.
Енді қайтып шуламайтын болыпты ел,
Тыныш қана атып жатты енді ақ таң.
Сол аждаһа сияқтанып беті асқан,
Бізге мұра қалды адамдар ниеті астам.
Самұрық құстың береді айтып ерлігін,
Бізге жеткен аңыздар мен эпостар.
Қорып солай Алтай таудың әр тасын,
Кеткені үшін ерлігімен даңқы асып.
Көре алмапты оны әлсіз сорлылар,
Кескілепті оны уақыт балтасы.
Сан соқтырған сан мың жылдар аңызын,
Ғасырлар тұр ернімізге тамызып.
Бір ұядан шыққан жалғыз бауыры,
Жіберіпті қос жанарын ағызып.
Ата құстың таудай белін идіріп,
Тұла бойын қызулы отқа сүйдіріп.
Қуатынан қауіптеніп және де,
Жіберіпті қос қанатын күйдіріп.
Намыс оты жан өртеген, қаны асқақ,
Сол сатқындар жіберді ақыры аластап.
Сол Самұрық шығады екен түн келсе,
Және ұзақ жылайды екен таң атса.
...Ит өмір бұл,
Ит терісін илеген,
Сатқындықтың қыл шылбырын сүйреген.
Сіздей ердің көріп қалам елесін,
Сіздей ақын туылған сол күймеден.
Аға, сізді шалса және біреулер,
Сол Самұрықты көргендейін күйге енем...
25.06. 2011ж
ЖАЛҒЫЗ ЕМЕН ЖАПЫРАҒЫНДАҒЫ ЖЫР
Көктемдерге барар жолын сел жапқан,
Жан төрінде қалды түнеп шерлі ақпан,
Ымырт басқан қараң-құраң сұлбамды,
Суық леп ұрады әркез сен жақтан.
Түстік желі тынымсыз һәм азалы,
Азалы жел күнде жоқтау жазады.
Тауын аңсап тағаты ұшқан бір ақын,
Ай бетінен өз қабірін қазады..
Қалды шалғай қырау құшқан орманың,
Мекен аңсап мен де сендей сорладым.
...Бізді күтіп жатыр ма әлде құлазып,
Ұлы жұң го қорғаны.
Бұл әншейін сапар ғой деп басында,
Қорқынышымды адамдардан жасырғам...
Шетінен бір суық қолдар сүйрелеп,
Бесігімнен лақтырды осында.
Сен де бірдей – шағаласыз көл де бір,
Мен де бірдей – саясы жоқ бел де бір.
Келші, менің жүрегімнен көктеші,
Балталылар көп-ақ мынау жерде бұл...
Апанынан алыс кеткен Ай мініп,
Мен секілді аңсайды екен қай жігіт?
Селдір-селдір бұтағыңды сипалап,
Маскүнем шал отыр әне қайғырып.
Мәңгі қанбас шөлі оятқан ертемен,
(Ол қарттың да жайы менен сәл төмен...)
Бай мен бектің қан түкірткен даңқынан,
Биік менің өлеңдегі мәртебем!
Айбарынан қалған сонау-у-у Оғыздың,
Сабы сынық мен бір ескі қобызбын.
Көзін ашып кеуіп қалған сол іздің,
Таңдайыңа жалғыз тамшы тамыздым.
Сырқат емен,
Шерлі шайыр,
Жетім күн,
Мен сендермен бір қалуға бекіндім!
Жапырағыңа жазған анау хатымда:
«Үшеуімізді ұмытпа!..» – деп өтіндім.
09. 03. 2010ж
БАЛАСАҒҰН
Ұйытқысына айналған бұл ұлы шығыстың,
Киелі Кағбадай ежелгі қалам-ау!
Шу бойы шер жұтып, шулайды жағалау.
Қызарған реңі қанқұйлы қылмыстан,
Жеңілтек толқындар жиекке тырмысқан.
Ыстық күн аптабы,
Намысшыл нөсері,
Лаулаған отыңды қанша жыл көседі?
Жаңбырдай төбелеп Қоқанның жебесі,
Іргеңде сөгілген Парсының көбесі.
Тараздан түстікке жол алған,
Бұғра хан қосыны жеңіспен оралған.
Ысқырған уақыттың уысында ойнаған,
Шоң шаһар тірлігі қазандай қайнаған.
...Даурыққан құмарпаз,
Ызақор төбеттер,
Шамданшақ қошқарлар, қамыс бау себеттер...
Машынның фарфорын, Ұйғырдың жаңғағын,
Өзбектің өрігін, ақ ала дамбалын.
Тәңірінің жар болған қайырлы күнінде,
Керуен жолымен жеткізген Римге.
“Құтадғұ білік” деп көшпенді жырымен,
Бүгінге қалдырған Түркілер тілімен.
Жүсіптің кітабын мың жылға салмақтап,
Замандар оқиды Құрандай ардақтап.
Мақамнан жаңылған молдадай сәлделі,
Есінеп мүлгіген ғасырлар пәрмені.
Қашанда су ішкен құдығын ластаған,
Қасиетсіз Шүршіттер қиратып тастаған.
Келмеске кетіпті-ау!
Дәуренің сенің де,
Ой қамап отырмын керуен деңінде.
Қазақы болмыстың қағысқан қазығын,
Монғолдың әрине, жоқ бұған жазығы...
Сілеусін семсерін суытпай қырылысқан,
Кешігіп жетіпті “ауызы қан” Шыңғысхан.
... ...
Қақырай сөгілген зұлмат жыл тісінен,
О, Шығыс үйіндісі!
Мен сені түсінем.
Тапталған рухыңды іздеп бір табармын,
Бүрлеген адыраспан гүлінің ішінен!!!
27. 04. 2009ж
МОНШАҚ ҺӘМ МОНО ЛИЗА
Рахымжан Отарбаевқа
Құстары үркек қанатын сілкіп,
Түстікке түнде түзеген бойын.
Тұратын қырда тұманын бүркіп,
Қараша шерлі ай – бұл менің айым.
Жетті маған да өмір мизамы,
Моншақтап жасы қалды-ау, Моншақ қыз...
Көрмеймін мұңды Моно Лизаны,
Жақынбыз тағы сондай алшақпыз.
Геркулес сынды батыстың ері,
Жалғыз түп жусан молаңа қоям.
Иілмес басы, бүгілмес белі,
Мен де бір асқақ далалық Ноян.
Сүйсем де сонша кешіре алмайтын,
Ла Скала!
Сол қартың ар ма?
Ғасырлық жаңбыр өшіре алмайтын,
Өкпем бар Римдік суретшы шалда.
Тырналар!
О, мұңлық құстар,
Қайтесің бекер өткенді жоқтап.
Жап-жасыл жүрек көктемге құштар,
Кешер ме мені күз жауған соқпақ.
Басымнан солай бір дауыл өткен,
Шақырып ақшам,
Алматы шамы.
Сол үшін мен де Каспийден кеткем,
Тамшылап ағып арымның қаны.
Жетті ме саған өмір мизамы,
Моншақ жасыңды төкпе, Моншақ қыз.
Күлдіріп ертіп Моно Лизаны,
Кешіресің бе, саған барсақ біз?..
...Құстары үркек қанатын сілкіп,
Түстікке шулап көшерде мамыр.
Тұратын қырда тұманын бүркіп,
Қараша айын есірке, Тәңір!!!
10. 11. 2010
НАМАЗШАМ (Мұхаммед Ғ.С.) олардың айтқандарына сабыр ет. Раббыңды күн шығудан бұрын әрі батудан бұрын мақтай дәріпте. (39) Қаф сүресі
Кешкі қырдың иегінен турап өтіп жол – қанжар,
Лашығыма қонақтайды күзгі үнсіз ормандар.
Пері қыздың сәлеміндей талып жеткен ғайыптан,
Балықшы шал сыбызғысын сыңсытады қайықтан.
Күн батысқа барып сіңген керуендер күмбірін,
Төгіп-шашпай жұтып алар тәубасы жоқ түнгі құм.
Шоқылардың қабағына бір кірбеңдік құйылып,
Таулар ары аунап түсер Бір Иеге сыйынып.
Тас ошақта жанған оттан сезіп бақыт жылуын,
Жасыл жаулық астарына түйіп екі бұрымын.
Ерінінде жұмбақ күбір...
Соғылып ой сеңіне,
Жарым отыр жамау салып шекпенімнің жеңіне.
Жарлы үйінің жалғыз торы шолағына құныққан,
Қартаң бөрі қорымға еніп, сығалайды ымырттан.
Шерлі ғазал ырғағымен үнін басып үрейдің,
Құжырамда шайырлармен сәждеге бас тіреймін.
Қасиетті құлшылыққа буынымды алдырып,
Тоқсан тоғыз тасбиыққа саусағымды талдырып.
Алла атына мадақ айтам!
Махшар күнгі серті үшін,
Жылуы үстем жүректерге көрінбейтін көркі үшін.
Күнәһарлар төккен қаннан көктеп шыққан гүлі үшін,
Жеті көкті жылуымен жадыратқан нұры үшін.
Алла атына мадақ айтам!
Марқа төлдей маңырап,
Зеңгір түннің жұлдыздары уысымда жамырап.
Шайырларға қол қусырып,
Жылытып һәм шығарып,
Тұрағым тұр дымқыл мүкке белін орап құлазып.
Рудаки жырларынан тәлім іздеп кешірек,
Беймаза кеш табанында екі иығыммен есінеп.
Құлағымда қалып қойған бала күнгі әлдидің,
Ырғағымен білте шамның түбінде ұзақ қалғимын.
Ертеңгі ұзақ сапарларға шығу үшін бел шешіп,
Оянамын іргедегі ит үнінен селт етіп.
Беймезгіл шақ...
Балағынан иісі аңқып ерменнің,
Түнделетіп лашығыма сәлем бере келген кім?
Кемсеңдеген көкжиектен күн қабағын болжап ап,
Тұрам сосын езуімнен мың бір сәлем сорғалап.
Бейтаныс жол сүйреп келген бейбаққа қол ұсынып,
Жан ұшырған қорқынышын қабағынан түсініп.
“Қаф” сүресін күбірлеймін, жүзімді иіп Меккеге,
Бесік артқан жолаушыны түйесінен түсіріп... 04. 05. 2009ж
КӨКЖАЛДАР АҢЫЗЫ
Мен – аршамын!
Менің ием көк арша,
Тау төсінен көктеп шыққам соларша.
Күлгін бүрден тұмар тағып алатын,
Көкбөрі ұлдар күн түбіне жол алса.
Көк аршамен көмкерілген бесіктен,
Көкжал жайлы көне аңызды есіткем.
Арқыраған айғыр дауысы жететін,
Ақпан желі ұрғылаған есіктен.
Ай күзеткен апанынан безінген,
Арлан текті тарихым бұл көз ілген.
Көкбөрі анам омырауымен ып-ыстық,
Көк аршаның нілін қосып емізген.
Қайғылы Алтай -
Менің ғазиз жөргегім,
Жерошаққа кіндігімді көмгемін.
Мизам желі маңдайымды мұздатып,
Арқар қаны менің алғаш көргенім...
Жортуылдан жанын толғақ қысып кеп,
Айбұлақтан арша рухын ішіп тек.
Жатыр әне, тым жансебіл сыңарым,
Көк аршалар арасында күшіктеп.
Орман жырын біздің қаншық –
Ай-қыздар,
Қар бетіне қанмен жазып айғыздар.
Біздің жалғыз қормалымыз қара түн,
Бізді жалғыз түсінеді байғыздар.
Желкесінде жұлдыз құрттар жамырап,
Мынау орман қалады ертең қаңырап.
Жалқы туған бөлтірігімді иіскелеп,
Жатам жалғыз апанымда аңырап.
...Мен аршамын!
Арша, Бөрі - бір ұғым,
Көк аршамен жуады анам бұрымын.
Көкжал қандас үйірімді шақырып,
Көк жүзіне қарап ұза-а-ақ ұлыдым!!! 26. 10. 09ж
ОМАР ХАЯМДЫ АДАҚТАУ
Күндер келеді, өлтірілмеген әрбір Еврей үшін маған қарғыс жаудыратын боласыңдар! - Адолф ГИТЛЕР
Ықылым замандар ырғағын жаңғыртып,
Скифтер пырағын Алматыға алдыртып.
Тәу етіп тарихтың ежелгі ғұрпына,
Сапарлап қайтайық шайырлар жұртына.
Жасы үлкен ақсақал -
Гректің Абайы,
Жолына бас иген ағзамның талайы.
Иығына қазақы тон жауып оқалы,
Зағип Гомерден ғибратлы бата алып...
Сан тарау ілімнің жолында алысып,
Күншығыс жұртының көтерген намысын.
Бақ қонған ежелгі мұсылман елінде,
Шайырлар күн болып шырқайтын көгінде.
Табансыз құмдардың тынысын тарылтып,
Ой буған орманды уайымнан арылтып.
Жаужүрек таңірһұт Моденің тұсында,
Ғұндардың жебесі ысқырған Мысырда.
Омарға барайық,
...Ол қазір ішпейді,
Түн жастап мешітке ұрлыққа түспейді.
Оны айтқан имансыз орыстың өсегі,
Ішпей де ұрламай, жыр жазған деседі.
Қорықпай “қу кедей” деген сол атынан,
Сенбесең Сағдиді куәге шақырам!
Сирия құмында,
Бағдаттың шаң басқан жолында,
Күн қағып тесілген кеуегі қолында.
Оқыстан жолықсаң сол жарлы шайырға,
Сыр шертіп береді ұлы ақын жайында.
Музаны қайтесің?
Мен оған түкіргем,
Еш жәрдем күтпеймін, алжыған бүкірден.
Қайсы бір жеңілтек “Құдайын” батыстың,
Жырыма пір тұтып қоса алман ат үсті.
...Тегінен жеріген бұл шығыс ұрпағын,
Бір құртса Яһуди тобыры құртады...
Деп айтқан аятты күнде бір оқиды,
Тағасы тасырлап зулаған Сахи жыл.
Көшпенді Сақ – әке қанына қайтуға,
Ұлы Ғұн ұлымын! – деп асқақ айтуға.
Теңізді толқытып, төбеммен көк тіреп,
Дәуірлер рухы өлмесін, – деп тілеп.
Алланың атымен ант ішем заманға,
Қанқұмар жебірейлер қақпасын тепкілеп!!!
24. 04. 2009ж.
ТАМҰҚ СИМФОНИЯСЫ
Мәйегі бусанып маусымдай аһ ұрған,
Жарымның сағыныш хатындай шақырған.
Жусанды соқпақтар!
Жотада көсілген,
Іздерімді іздеймін жауындар өшірген.
Бөктерде белгісіз үйілген тастардан,
Іріген іңірдің өзі де жасқанған.
Көбелек ұмтылып сыңар көз шыраққа,
Жылқылар дүбірі сіңеді құлаққа.
Бағзыдан мезгілдің жендеті саналған,
Түн жетті тырмыса секіріп дауалдан.
Қауқары қажалып уақыт уынан,
Көршінің төбеті себепсіз ұлыған.
Шақырып уайымды, қашырып ұйқыны,
Ұзаққа созылды мамырдың бұл түні.
Шырмаған тәнімді жібіндей тұзақтың,
Бұл неткен түбі жоқ, таусылмас ұзақ түн.
...Түріліп етегі, жыртылып жейдесі,
Басымда отырды бала қыз бейнесі.
Ернінің ұшында жалыныш кілкіген,
Сүт ағып отырды жауқазын үрпінен.
Қап-қара ауаның құрсауын түріп мен,
Рухымды ұстадым, өзімнен үріккен.
Қайырыла қарманып кеудеме қонды ол да,
Жастығым астынан қол создым қанжарға.
Тұмшалап сол түннің төгілген бұрымы,
Іргеден оятты көкжалдың ырылы.
Аяусыз алысып, талықпай тіресіп,
Таң келді бозторғай үніне ілесіп.
Желкемнен желпініп жетті ақыр нұрлы таң,
Қашанда қасыңнан қалмауға тырмысам.
Самайы сүт таңда сәулеге боянған,
Ұқсаймын ежелгі шығыстық ноянға...
Сауғасы үшін деп бір әділ жанымның,
Саусағым жайылып, Құдіретке табындым.
Ақырғы азаптың отына түстім де,
Ұйқысыз түнектің михнатын іштім де.
Аһылап-уһілеп ес жиып отырдым,
Бамдатқа жайылған жайнамаз үстінде...
24. 05. 2009ж
ЕМХАНА
Емхана.
Бірде күн, бірде түн,
Ажал кеп қазады өмірдің іргесін.
Жымысқы уақыт жылмаңдап барады,
Жыртып ап жастықтың бір бетін.
Емхана.
Елітем ертеңге,
Үрейлер ойнақтап көрпемде.
Құртуға құлшынған ажалдың,
Жалыны жанымды өртеуде.
Уайым сарғайтып сіздерді,
Уайым сарғайтып біздерді.
Демімен жасырып іздерді,
Жыл құсын шулатып күз келді.
Біреу жүр көтеріп анасын,
Біреу жүр көтеріп баласын.
Кім солай көтеріп емдетер,
Қазақтың жаралы даласын.
Келмеске кетіріп тамызды,
О, қанша жаздарым жан үзді.
Жапырақ жалбаңдап ұшады,
Жалғаннан жалыққан тәрізді.
Азаптың аптабы қарыған,
Күндерден мен дағы жалығам.
Анау кең жап-жарық дүниенің,
Бір жұтым ауасын сағынам.
Елестер ішінен өзімді таба алмай,
Қорқамын мәңгілік қамауда қалардай,
Таңдарды ұйқысыз қарсы алам,
Біреу кеп құтқарып алардай...
21. 10. 2002ж
АҚША БҰЛТТАР АРИЯСЫ
Ақша бұлттар!
Ақ шабыттар арда емген,
Мекен іздеп жиналысқан һәр жерден.
Көктеректен кетпейсіңдер айналып,
Сендердің де жақындарың бар ма өлген?
Ақ жусандар күтеді аңсап нөсерді,
Қайда нөсер?
Қаһарлы һәм кеселді.
Жаназалар шақырады сабырға,
Қағидаға бағынбайтын осы елді.
Нәзилла қыз!
Нәркес өмір – нәрестем,
Өшкен де жоқ,
Өшпек емес ол естен.
Аяқтауға үлгіргем жоқ мен әлі,
Аяғымды жатыр құшып жол – эссем.
Мендік өмір таппады әлі мәртебе,
(Менсінбеді мәртебелі қарт өлең...)
Мен боп жырлап ағады үнсіз бұлақтар,
Мен боп жалғыз күрсінеді әр төбе.
...Кетем ертең,
Мені қуып жол қалар,
Бізден қалған жалғыз белгі сол болар...
Бір қарауға жетпеді әттең, дәрменім,
Қатыгез деп сөкпес мені енді олар?
Ебелектеп ертегі отқа түстім де,
Кеше бүгін кешкен ғұмыр түс мүлде,
Мұңлы ғазал жатар желмен шашылып,
Ермен басқан мазарымның үстінде.
...Ау, адамдар,
Ақиқатшыл арландар!
Үнсіздікке жұтылыпты қарлы аңғар.
Күн тұтылып жатқан шығар тағы да,
Ол жаққа енді бармаңдар... 07. 01. 2010ж
ХАТ
Селенгіге сел жауса да,
Орхон бойын оқ жауса да!..
Мен сендерді ұмытқам жоқ, бауырлар!
Әр кеш сайын сағынышым ауырлар...
Жүрегімді қалды бұлттар мекендеп,
Күн астында келем жалғыз тепеңдеп,
Дауыл жыққан қайыңдарға жүгірем,
Сұлап жатқан Ғұн сардары екен деп...
Сендер көрген түсті мен де көремін,
Сендер көрген құсты мен де көремін.
Алдай-алдай кетті мені уақыт,
Алданыш боп қалды жалғыз Өлеңім!
Бірақ, көңіл баяғыдай мұңлы емес,
Ыңылдайды бірде ерте, бірде кеш.
Орманы да мейірімді һәм жаңбырлы,
Қыз самалы кесе өтпейді алдыңды.
Бағыт алып өзі ұмтылған жайына,
Жатыр ағып, әне, Сейхұндәрия.
Қыс кетті ғой сары аязы гәуірлеп,
Сарыарқаға қонып жатыр Сәуір кеп.
Көбелектер қарсылайды Көктемді,
Мен сияқты, шіркіндерде дамыл жоқ...
Тек,...
Бұл – қала!
Қабағы сәл қатулы,
Қайырымдар-мейірімдер сатулы...
Оны қойшы...
Бәрі өтпелі өмір – бұл.
Біздің жаққа Көкек келді көгілдір!
Уа, көгілдір, көгілдір!
Қош шуаққа бізді тегін шомылдыр!..
Кімдер қонды, күлкі ұялап мұртына,
Орхонсуда қалған ескі жұртыма?
Шалғын бойын шалдырмаса ед ораққа!
Шаршап жеткен құстар көкке қонақтап,
Дерегімді жоғалтса да, сенерімді жоғалтпай,
Көгенімді жоғалтса да, Өлеңімді жоғалтпай,
Қиқу салып жатса игі еді,
Араласып бес аталы түлікпен!
Ей, Көкек айы, жағдайларын біліп кел!
Орхонымды Ой мүжісе,
Селенгімді сел мүжісе,
Сергелдеңімнің қызыл өтінде тұрып мен,
Желден сәлем жіберермін, Жерден де ауыр үмітпен!..
.....................
«Селенгіні сел алған жоқ,
Жау алды!
Орхонсуды оқ алған жоқ,
Дау алды!
Дәм бұйырса құшағыңа бір қысарсың оларды...»..
..............
Қайтқан құстың ғазалынан у ішіп...
Уата алсам жарар еді-ау Анамды...
30. 03. 2010ж
ДУ ФУДЫ ҚОНАҚҚА ШАҚЫРУ
...Бағзы бір ғасырлар қоңырауы түйелер қомында сыңғырлап, талай керуен басының кенезесін кептірген кер даланың кіндігі іспетті шағын шаһардың жым - жырт гүлзарларынан рухыңды іздеймін, шайыр шал!!!
Тым алыс сапардан табаны тесіліп,
Бізге бір күз келді кешігіп.
Жанары сап-сары сағыныш,
Жаңбырлы бораны есірік.
...Жол бойы,
Алжыған сұр төбет
Алая қарайды маған да өшігіп.
Қираған желкендер – жел жыртқан жалаулар,
Күреңіткен күзгі тау алыстан манаурар.
Шаңы ұшқан атыздар, шашылған сабандар,
Асыққан қадамдар, талыққан жанарлар,
Ішінде інім бар, ағам бар,
Таң ата базарға жөңкілген адамдар.
Осылай шығар-ау, мың жылдың алдында
Өзіңді апарып жерлеген жарандар...
Жоқ, атай!
Сені де апарып жерлемей бұл халық,
Уайымға мастанып әлі жүр жынданып.
Өзің жоқ, шарапқа сарығы басылмай,
Көрші қарт әлі отыр өзегің мұң қарып.
Жұбатып ішіп қайт, оған да бір барып!!
Сілелеп құртатын мұрсаңды,
Адамдар қасіретке құрсаулы.
Мәйхана төрінде жыр оқып отырам,
Дос тұтып өзіңнен аумаған бір шалды.
Жабықса шарапқа шер төгер,
Ақымақтау ақын ем, жауына да еркелер.
Өмір деп соққан бұл жүрегім,
Бір күні өртенер.
Қамыққан халымды біліп қайт,
Қаласаң қорланған ақындарды ерте кел.
Қарсы алар ешкім жоқ,
Шықпаймын жолға да,
Тірліктің құлымын, өмірге қолбала.
Қираған шараптың күбісі,
Жел ұшырған лашық,
Түсіме кіреді бораны құтырған сор дала.
Оу, ақын шал, қысқасы,
Тойып бір құлайық,
Ал маған жетпей жүр сол ғана... 18. 10. 2004ж
КӨКТЕРЕК ЖЫРЫ
Көктеректен көшкен сағым кеудемде,
Көктеректе өшкен шағым кеудемде.
Құлап сөнген жасын сынды көлдерге,
Тулап түскен жәйін сынды шөлдерге.
Мына өмір тас қараңғы көрден де,
Біз баратын өлгенде...
Аттап өтіп сан ақиқат белінен,
Дәл осылай бастамағам оны мен.
Құлазыған құба жолға қарсы ұшып,
Соңыма бір қарап кете беріп ем...
Жанарымда соңғы жапырақ қалды ұшып,
Өмір мені сарқып тұрып алды ішіп!
Сапарымды жалғастыра бергенмін,
Әжемді еске ап өлген кеше қан құсып.
Жібермеген топырақтың дәмі оны,
Жібермеген жалғыз тамшы қан оны.
Көлеңкеме ғана сеніп мен кеткем,
Бір басымда бүкіл дүние әлегі.
Серіліктаудың сұлбасы қап санамда,
Шартарапқа сүйрей қашты вагондар.
Мен әлі де жеңе алғам жоқ өмірді,
Мені әлі де түсінген жоқ адамдар!
...Көктеректен көшкен сағым басымда,
Көктеректе өшкен шағым ғасырда.
Ал рухым саған ұшып кетіпті,
Тағдырымды тастап жауын-шашынға.
Сонау – у – у бір кез, жиырма екі жасымда... 11. 11. 2002ж
АЙҒА
Мекеніңе неге асықтың жарық ай,
Мені солай кетесің бе танымай.
Әлде қайда құлап барам
Уақыттың,
Саусағынан сусып түскен тарыдай.
Сыбызғының саздарындай мұңлы бір,
Жүрегімді кескілейді түнгі жыр
Келбетінде қасіреттің күлкісі,
Жер бетінде сенделуде бір ғұмыр.
Бірақ әлі құрылған жоқ маған дар,
Мүрдемді де жасырған жоқ борандар.
Саған қара пышақтарын қайрайды,
Бірін-бірі бауыздаған адамдар.
Бақыт түгіл шын күлкіге жарымай,
Рухым жүр,
Өзін-өзі танымай.
Маған жалғыз жанашыр ең, а, Құдай!
Менің жалғыз сырласым ең, жарық ай!!
Дал-дұл қылып жыртып өмір тонымды,
Қара мысық талай кесті жолымды.
Аппақ нұрға ажал жырын жазамын,
Қанға малып қолымды.
Не кешкенін сезіне алмай дұрыстап,
Беу, бұл ғұмыр!
Ол да бір күн жылыспақ.
Қарғыс оқып тағдырыма шашамын,
Қабырымның топырағын уыстап...
23. 07. 2005ж
ЖЕТІМ КҮЗ ЖӘНЕ МЕН
Жазайын тағы да жыр,
Сен менің мынау көңіл бағыма кір.
Күрсініп күзгі өзен жатыр ағып,
Анасы өлген жетімнің зары ма бұл?!
Жетімдік...
Жетім тағдыр,
Жетім дала,
Көңілсіз жел сипаған бетін ғана.
Қаңбақ – өмір қаңбақтай домалайды,
Құйын қуған пәтшағар есімді ала.
Жоқтау айтқан тырналар керуені,
Түн бойы тыным алмай егіледі.
Бұл не деген беймаза өмір еді,
Жүрегім де бір сұмдық сезінеді.
Мына өмірді не қалды жоқтамаған,
Қайыршы моласындай қостар анау...
Тарғыл төбе басында сыңсу айтып,
Жылап жатыр селтиген топ қараған.
Жоқ мұнда жаздағыдай жасыл құрақ,
Тым алысқа бұрған ба, басын бір-ақ?
Үн қосып бейуаққы боз боранға,
Жаралы махаббатым жатыр құлап.
Уақыттың бәрінде тонағанын,
Көрем де мен келмеске жол аламын.
...Күзгі жел сипар талай сүйгенімнің,
Қабіріме байлаған орамалын...
07. 10. 2000ж
АЛМАТЫ. «САЙРАН» ВОКЗАЛЫ
Мұрат ШАЙМАРАНҰЛЫНА
Таңның дағы тыныштығы бұзылған,
Уақыттың да қос өкпесі қызынған.
Маған жонын төсеп жатыр жолдар да,
Сұлап қойып ұзыннан.
Талықсыған тұнжыр күннен у жұтып,
Тықыршиды, тамшыларға тіл бітіп.
Мені әне,
«Сайран» вокзалында,
Мұрат ағам тұр күтіп.
Жалғыз тартым темекі алып жаймадан,
Өлген махаббатым жайлы ойланам.
Жанары да жасаурап тұр аспанның,
Тағдырымдай қаймана.
– Бұл неткен мұң,
Бұл не деген дайын мұң,
Мені неге мезгілімнен айырды...?
...Табаныма танып естен құлайды,
Дымқылданған жапырағы қайыңның.
Шақ емес бұл – мезгіл құсы тыраулар,
Шақ емес бұл – мезгіл мені қыраулар.
Қолмен қойып әлдекімнің тағдырын,
Бал ашады Сығандар.
Жақтырмаған қабағындай інімнің,
Кешегідей ашық емес бүгін күн.
Мас әйелдей мәре-сәре қоғамнан,
Түңілдім!
Жүрегіме аяқ асты тіл бітіп,
Жібердім-ау, біраз мұңды сырғытып.
Мені әне,
«Сайран» вокзалында
Мұрат ағам тұр күтіп.
Сұрғылт күнді сылтау етіп бір ғана,
Алар ма еді қылғытып.
Сосын тіл бітіп...
14. 06. 2004ж
АЛМАТЫЛЫҚ ШАЙЫР ДОСҚА
Ақ тұманның астында аяз бетті қарыған,
Алматыда, нөсерде ақындардай арыған...
Аттиланың атының дүбірінен үріккен,
Қоңыр аңдай сендерді сағат сайын сағынам.
Маңдайдағы жазмыш қой,
Жазығым жоқ болса да,
Қарашада құстардан сәлем айттым қаншама.
Пақыр мұңым пысқырған парақтарды жіберем,
Жауабы жоқ болса да...
Сендер жүрген соқпақтар –
Жусан иісі бораған,
Жегі құрт бар жанымды жапыраққа орағам.
«Цельзар»* маңын себепсіз кезіп жүрем түсімде,
Барман бірақ, ішуге...
Бозғыл мұнар жамылған Кеңсайдағы моланың,
Кеңсай келіп құтылған қуғындағы ағаның.
Топырағын иіскеп келуші едік пана деп,
Жазармандар одағын...
Әй, ол пана болмады...
Иен екен аспандай,
Иен аспан астында нөсер күтіп жатқандай.
Есентайдың өзенін шөлмек тасып лайладық,
Кешіп өтіп ат салмай.
Айналайын Алматы!
Арқаңда ойнар күн қайда,
Біздер өткен желкілдеп жастық қайда, жыр қайда?!
«Арыстандай алшайтып...», арғымақтай үйретіп,
Ақ жауыннан жасырып шашын жерге сүйретіп,
Ал шымылдық ішінде асыр салған түн қайда?...
....................
Өкінішіңді құшақтап, өмір соңы – кетісу,
Белден берен суырып ұзақ жолға бекісу.
Аю қуған арқардай ауып кеттім Арқаға,
Қайырлы болсын сіздерге
Бізден бір қалған Жетісу!..
* Цельзар – Алматылық ақындардың жиі бас қосатын сыраханасы. 09. 12. 2009ж
КӨКТЕМ СОНАТАСЫ
Пианино тілдерінде түнеген,
Айналып кеп тапты мені бұл өлең.
Иығыма сүйеп балғын маңдайын,
Тереземде үнсіз жылап тұр емен.
Өткен күнге жетелейді кісіні,
Түнгі аспанда қиқулаған құс үні.
Жүректерді сұлулыққа тым құмар,
Жасыл-жасыл жаңбыр иісі ұрғылар.
Мас көңілге бір тыныштық орнатқан,
Оттар сөнген,
Түнгі алыс аумақтан.
Өсиетіндей сонау зұлмат ғасырдың,
Қасқыр үні талып жетер тау жақтан.
Саған мұнша ауыр азап берген кім?
Жылама қыз!
Жаныңды өзім емдермін.
Сырнайына қосылып ап жырлаймын,
Қоналқаға қонған керуендердің.
Мен өзіңді сағынумен ауырдым,
Ең алғашқы неке түні сәуірдің.
Біздің Сахи тілектерден тамған бір,
Өзіңді іздеп адасқан сол арман жүр.
Жылады үміт соңы кеткен мүрдемге,
Енді оны таба алмайсың бұл жерден!
Енді қайтып жана алмайсың бұл жерден!
Марғау уақыт қыңсылайды іргеңнен...
... Пианино тілдерінде түнеген,
Көктем,
Көктем!
Мен сағынған ұлы өлең!
Саян тауын көктей өткен құстармен,
Көктем болып келіп тұрмын міне мен.
Қарашалар,
Қайтқан қаздар,
Зарлықтар,
Қанды жылдан қарғыс алған хандықтар...
Күздің соңғы елесі жүр қорада,
Ескірген деп есіркеме оны аға.
Сол ескі мұң бізге де кеп орнықты,
(Көне әуенге біздің көңіл көндікті...)
Жаннат аңсап жапа кешкен дәруіштей,
Іздеп жүрмін жылдар көмген ерлікті…
10. 03. 2010ж
МЕНІ ҮНСІЗ ОҚИДЫ ЕСКІРГЕН ОБАЛАР
Азабым болдың сен ақырғы,
Һәм өлмес мұратым, мерейім.
Сен жақтан әлдене қол бұлғап шақырды,
Тәуекел, көрейін!
Қуанам!
Сен маған жолығып,
Шегі жоқ сағыныш сапарға шығардың.
Сарғылтым уайымның уына көміліп,
Түстікке көз салып тұрармын.
Тағыдай таңдап бір су ішкен,
Арқаның айбарлы шайыры...
Сен берген сағыныш – кеседен у ішкен,
Тәңіріден тілейді қайырын.
Мөп-мөлдір жанарға үздіккен,
Ғашықтық, сенде бір қайғылы күш бар-ау.
Мен болып қасына түней ме күз біткен,
Ол жайлы айтыңдар құстар-ау!
Соқты ма мазасыз сағатым,
Кешкі аспан күйіне елтіген.
Күн түгіл тоздырып жылдардың тағатын,
Өзіңе жетпек боп желпінем...
Сенделем себепсіз аулақта,
Бурыл түн астында бұлаққа жыр оқып.
Мені ешкім күтпесін білем де ол жақта,
Қайтамын ізімді қырауда шұбатып.
Мені үнсіз оқиды ескірген обалар,
Бәрі де ескірген, ескірген!
Баянсыз үміттің соңынан жоғалар,
Сен мені кеш мүлде...
Гулесе шығыстың бораны,
Сенің де сабырың ұшқан-ау.
Түнгі елес торыса ескірген обаны,
Осы жырды оқыңдар құстар-ау!
12. 04. 2010ж
БАТҚАН АЙ. БАЙҒЫЗ ЖЫРЫ
Алқымнан алып мүлде арқан қайғы,
Қайғының уын ішем қалқам жайлы.
Қара түнде қанатын алыс сермеп,
Саздыбұлақ бойынан ән саулайды.
Аруақтар елесі хандық құрған,
Қарымын қатал уақыт қарлықтырған.
Жалғыз қостың жыртығын іздеп тауып,
Сәби даусы келеді барлық қырдан.
Мекен ең қысы үрейлі,
Жазы жетім,
Кеш мені!
Баба бұлақ – хазіретім.
Еркімен асыр салған елік қызды,
Алып ем абайсызда жазым етіп...
Ауасын жұтпағалы сол аспанның,
Ақиқат ауылынан аласталдым.
Жалаңаяқ ел кезген диуанадай,
Сенделіп селеу-селеу бел асқанмын.
Осы – деп аз күн сауық құрған жерім,
Осы – деп саздан шыбық жұлған жерім.
Ай бетінен іздейді өз елесін,
Айдың боз ғазалынан туған Бөрі...
Түстікке ұшқан опалы құстардай біз,
(Мекенге ұшып қайтуға күш салмаймыз!).
...Сұңқылдап кеп сіңеді жүрегіме,
Соқыр түн саусағынан ұшқан Байғыз.
Көкжылым сәулелердің өрісінде,
Барған кезім есте жоқ көрісуге.
...Батқан Ай түн астында мені бағып,
Күтеді шырақ жағып көр ішінде!
27. 04. 2010ж
ЕРКІНДІК АҢСАУ ҺӘМ САПАР
Уа, қар сепкен, қар сепкен!
Құба адырда ғұмыр бойы зар шеккен.
Нұрлы күннен үміт күтіп бір ғана,
Құба адырға құлақ тігіп тұр мола.
Сен келер деп тағы күттім бүгін мен,
(Боз қаңбақ ем құба адырға жүгірген.)
Қаншама рет қалғып тұрды таулар да,
Қаншама рет бошалады құба інген...
Қанша жауды сол ақ қар!
Ашылмады парақтар, оқылмады кітаптар...
Уа, қаншама мен сендермен түнедім.
Қарағайға қарсы біткен бұтақтар!
Шығыс желі ызғарлы һәм сүркейлі,
...Шайыр ізін сұр тұмандар бүркейді.
О, сұр тұман, сұр тұман!
Бұғауыңнан құтылмақ боп бұлқынам.
Табыт сүйреп өткен керуендердің,
Қайғы жұтып тұрам қарап сыртынан.
Ең ұлы сол Жұмақ елесі үйірілген,
Мешіттердің босағасын сүйдім мен...
О, қар сепкен, қар сепкен!
Иығымды қажап бітті тар шекпен.
Бұл бес күннің мастығынан безініп,
Дүниені мен де сендей тәркі еткем.
...Діні берік Дәруіштей ибалы,
Бір сапарға шықсам ұзақ жиналып.
Сол моладай елітіп ғұмыр күйіне,
Мені күтіп жатса байтақ дүние...
Уа, түні аппақ, түні аппақ!
Бейіс елі қалсам сенде тұрақтап.
Хордың қызы емес маған керегі,
Зордың қызы емес маған керегі.
Асқақ-асқақ жырлар тыңдау үшін де,
Керек болса өздері іздеп келеді.
Кеттім енді,
Жерден де ауыр ойланып,
Бір үміттің жолын бекем байланып.
Тарки дүние!
Тұғырым ең қонақтар,
Мен келгенше басылады сол ақ қар.
Құрғатады жесірлердің көз жасын,
Дәруіштерден қалған ескі парақтар.
...Сол моладай елітіп өлім күйіне,
Бізді күтіп жатсын сайқал дүние...
23. 03. 2010ж
АРШАЛАР КӨЗ ЖАСЫ
Жанарбек ОҢАЛҰЛЫНА
Менің ескі жарамның ауызында бұғынған,
Сыздап келген бұл жырды еске алушы ем бұрыннан.
Қиырдағы қыстақтан көз алмайтын молалар,
Сайғағына байланған, жел жемірген орамал.
Қою мұнар ішінен көруші еді өз басым,
Шып-шып тамған тастарға аршалардың көз жасын.
Таулы өлкеге тосыннан күз келетін еді ғой,
Иен қырман мұңайған түрге енетін еді ғой...
Сол моладан үйлерге жалғанатын сүрлеуден,
Кетіп бара жатушы ем, тілім мүлде күрмелген.
Сәби ең сен ол шақта есін тіптен жимаған,
Мен жаралы арқар ем, тау төсіне сыймаған.
Сол жаралы жүрекпен бүгінге аман жеттім мен,
Түбі тесік қайықпен талай судан өттім мен.
Жел жемірген ескі аула...
Ермен басқан лашық,
Ашылмаған сырымды сонда көміп кеттім мен.
Одан бері ол маңды тұман басты қаншама,
Әлі жасын төге ме, сол таудағы аршалар?
Тірілердің үрейі, өлілердің отаны,
Көбейіп те қалған-ау, молалардың қатары.
Әбілхаят суынан қуат алып қаншама,
Туған таудың төсінде көктеуші еді аршалар.
...Таулы өлкеге тосыннан күз келетін еді ғой,
Иен атыз үн-түнсіз күйге енетін еді ғой!
Қабағына қар қатқан қаңтар айы кіргенде,
Нәзилла қыз рухы ән салатын түндерде.
Ал, бүгіндер тек менде сол жылдардың елесі,
Сонда қалған қайраңдап балалықтың кемесі.
Тауға өрлейтін шаңдақ жол балақтарды көметін,
Санамызға сан қилы армандарды егетін.
О, қаншама киелі сол мекеннен көз алмай,
Біздің ауыл қарттары тауға қарап өлетін.
Азан-қазан ауылға мал қайтқанда өрістен,
Сол моладан өтуге шошынатын періштем.
Нәзилла қыз рухы ән салатын түндерде,
Қат-қабат шер басады қаңтар айы кіргенде.
Уақыттың бораны самайымды қыраулап,
Жастық та өтіп барады, маңдайымнан тыраулап.
Ат қып мініп аршаны, алақаны қан болып,
Сол қырманда елесім шаңға әлі жүр аунап.
...Таулы өлкеге тосынан күз келетін еді ғой,
Үнсіз мола мұңайған түрге енетін еді ғой.
Үнсіз ауыл елесі, ойға батқан қартым да,
Мәңгілікке қалды енді сағыныш боп артымда.
Аршалардың көз жасын толтырып ап көзеңе,
Түсімде ылғи жүресің сол бір сәби қалпыңда...
18. 11. 2008ж
ШАМ ШАҺАРЫ
Тіл байлаған тымық кештің бірінде,
Қарауытқан шырағданның түбінде.
Тас сарайда,
Тас жазбалар ішінде,
Сол кескінді жиі көрем түсімде.
Арақ емес, шарап ішіп ой қармап,
Оңашада, бақ ішінде айды арбап.
Әбу ағаң – Насыр шалдың жалғызы,
Құрма ағашта отыр төсек салғызып...
Құлағында қайтқан қаздар қаңқылдап,
Жанарында тау бүркіті саңқылдап.
Күннен қажып күреңіткен Шаһарға,
Ұлы дала қанын бірге апарған.
Оғыздардың қобызына тіл жалғап,
Бір мұңлы әуен тамырында тұрді ойнап.
Қылуетте Хижраша жыл санап,
Көмейімен күңкілдеп тұр құм сағат.
Хақ туралы өзегіне түсіп от,
Тылсыматпен өзгесімен ісі жоқ,
Сүргін дауды сүймеуші еді суқаны,
Бейқам ойын бөлді көше шұрқаны.
Абыз құмда айыр ұстап, жол тосып,
Ала бүлік атағынан ел шошып.
Әбу Даби керуенін тонаған,
Қан көшеде дарға асылды топ адам.
Семсеріне лағылдан көз орнатқан,
Талай сері жолаушыны сорлатқан.
Атаманның тәні асылған қақпада,
Атаман боп ойнап жүрді топ бала.
Тайпаларға көрсеткендей бір қысым,
Кесілген бас таратылды үлгі үшін.
Диуаналар дарға қарап үреймен,
Дәруіштер түнге қарап сілейген.
...Шам шаһары!
О, Шығыстың жанары,
Қанша үмітті сағынышқа қамады?!
Сонадайдан ағараңдап төбелер,
Түнгі алаңда жатты бассыз денелер.
... ... ...
Қарай-қарай мінер кезде кемеге,
Көкірегінде қалып қойған жебедей...
Бір күдікті қорқынышқа байланып,
Уақыт оның тыныштығын қойды алып.
Дар ағашқа тұра берді сүйеніп,
Отырардың басы туралы ойланып...
24. 04. 2009ж
ГҮЛСАРЫ
Кеше түнде Александровкадан келе жатқан жолда жануарым, тұлпарым – Гүлсары мерт болды. Өлген аттың басында түні бойы от жағып күзетіп отырдым... Ш. Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» повестінен.
Кісен қиған тілерсегім дірілдеп,
Кекіліме түн жаңбыры сібірлеп..
Қайран өмір!
Сенің жым-жырт көшеңді,
Қақ айырып шауып өттім дүрілдеп.
Ғапыл дәурен,
Ғазиз күндер жоқ мұнда,
Қарашаның өлді елесі көп қырда.
Қалжыраған рухымды маңайлап,
Кетпей ұшып жүріп алды топ тырна.
Қалған ғұмыр жетпеді әттең, созғанға,
Маңдайыма солай өлім жазды Алла.
...Енді қайтып оралма деп ескерткем,
Санташ тауын жанай ұшқан қаздарға!
Тағылым алған зұлмат жылдар тісінен,
Адамдардың аярлығын түсінем...
Қос мүйізді, қоңыр Пыраққа айналып,
Фәни жаққа тұрмын қарап кісінеп.
Аманаттап ақырғы бір мұрасын,
Өтті,
Кетті,
Не бір тәтті күн асыл,
Қайғылы ием Хан басымды құшақтап,
Отыр оқып күбір-күбір дұғасын.
Өлген үміт қоздайды әлі, өкінбе,
Жан жарасын қозғайды әлі, өкінбе!
Терім сіңген тебінгімді иіскелеп,
Талай Қырғыз боздайды әлі, өкінбе!...
Аяғы жоқ аңыз болып осы елде,
Қалар ізім...
Қыраттарды мекендеп.
...Қу ағашта басым тұрар ілініп,
Қайран өмір,
Сенің жым-жырт көшеңде...
25. 01. 2010ж
ҚАНЫМДАҒЫ ҚАСҚЫР ИІСІ
Қанымдағы қасқыр иісі –
Қаздар асқан таудан-дүр,
Қан жосылтқан жаудан-дүр.
Сағыныштар өртеген,
Сазға басам бауырымды ертемен.
Рухымды жеті көктен таппас бұл,
Берген маған, ана-қасқыр,
Ақ қасқыр!
Ақпандағы алауыртқан Ай бетін,
Мен сияқты мекендепті қай жетім?!
Қылшанымда қырық жебем төгіліп,
Саусағымның он көбесі сөгіліп.
Қарасудан шошып ұшқан құстардың,
Топанымен бірге сыңсып ұшқанмын.
...Сары ала күз, сары ала күз,
Сары ала!
Уыс-уыс у себеді жарама.
Жасын оты бықсып жатқан жоталар,
Ақ жауындар тәуекелге апарар.
Сырғып көшкен күн сәулесі ұрлаған,
Қайыңтозға жазған ескі жылнамам.
Күңгір-күңгір орман жырын оқиын,
Үңгір-үңгір шоқыларда шоқиып.
Қаным тасып,
Қанымдағы жыр тасып,
Аймен бірге кеттім ұзақ қырқа асып.
Қашан қайтып оралармын ол жұмбақ,
О, қарт орман шақырма енді қол бұлғап!
Қақпан кесер тірсегімді,
Оқ тесер,
Мүмкін, ажал қарсы алдымнан беттесер.
Ей, қу өмір!
Қаһарымнан қалтыра,
Қатқан мойным бұрылмайды артына.
...Сары ала күз, сары ала күз,
Сары ала!
Оралғанда құлазыған далаға.
Қуғыншының қаны жұққан тісіммен,
Қақпанымды сүйреп кірем молаға... 01. 11. 2009ж
ТОПЫРАҚ
Топыраққа енгенің – топырақтан туғаның,
Бағасы бір бәрінің – бізге ежелден бұл мәлім.
Әбілхасан РУДАКИ
Жесірлер жасынан көктеген,
Дәуірлер ғазалы бір соқпай өтпеген.
Мен сені еске алам жаралы тораңғы,
Бауырыма басамын топырақ анамды,
Күйіктер отымен қуарған санамды,
Оңаша жалаймын жарамды.
Қабағы қатулы ғасырлар,
Саған кеп мінәжат етеді.
Сұлуын табытқа жасырған,
Ханзада керуені қоңыраулап өтеді...
Шарапқа желпінген диуана,
(Шекпенін қамыстан тоқыған...)
Жүздері албырап сексеуіл отынан,
Бал ашып береді өткенің туралы,
Ойыңды көзіңнен оқыған.
– Отаның, - Топырақ, тоқымдай болса да,
Өзгесін армандап у жұттың қаншама?
Қай жерде жан шықса сол жерді мекендеп,
Қалады рухың қасиетін бекемдеп.
Жол үсті өлгенін жатпай-ақ ұрандап,
Сол жерге көмеді мекенсіз сығандар...
Жер үстін себебі: мола деп таниды,
Мысалы, інінде өледі жыландар.
Жастығын сауықпен өлтірген,
Уақыт қамшысы тәубасын келтірген.
Топырақ туралы еріні кемсеңдеп,
Мәтелдеп береді қаусаған кемпір де.
Байланған осынау киелі танымға,
Топырақ-деп қақсайды қу томар шалың да,
Бір дәлел келтіріп көне бір аңыздан,
Топырақ туралы береді уағыздап.
...Бағытым белгісіз,
Белгісіз дерегім,
Киелі топырақ!
Мен саған сенемін.
Сапарлар соңында сағына оралып,
Өзіңді құшақтап өлемін!
...Топырақ... Рух...
10. 10. 2008ж
ЖЕТІМ ТОРҒАЙЛАР
Зұлымдықтай ақылды бол,
Жанымның,
Жарасының аузын ашпа, жарқыным!
ШЕКСПИР
...Оларға арнап жақсы болжам айта алман,
Заман өзі бетімді әбден қайтарған.
Бәйтерекке ұясын тастап Самұрық құс,
Жеріп кеткен жұмыртқасын шайқаудан.
Маған ауыр олар жайлы ойланбақ,
Уақыт кеткен Сахи күлкімді ойрандап...
Оты сөнген ошағында опынып,
Отыр ағам жез крестіне шоқынып.
Мағрұптан мәржіп шыққан күніме,
Машүріптен мүлгіп жеткен түніме,
Имансыздың шашыраған нәжісі,
Кеш көктеген ихысан гүлдің бүріне.
Тағылымын өсиеттеп өлерде,
Атам өзі боз бурасын шөгерген.
Жерұйығымның желкесінде сор қайнар,
Зеңгір көктен желіге ұшқан қанды айдар.
Құмайлардың тояты үшін тіленіп,
Жемсауында кетті жетім торғайлар.
...Шаңды жорық шатырында туылып,
Ұмай ана ақ сүтіне жуынып.
Әлмисақтың жанарына жерленген,
Тағдыр жолын таразылап тең бөлген.
Жебелердің суылымен оянып,
Көшпенділер бесігінде тербелген.
Жетімектер-ау!
Бөрі баурына сыймап па ең,
Жас бөлтірік таласа еміп сендермен.
...Кею ана рухы,
Күңіреніп жүр күн қуып,
Қап тауында Бұлдырық құстар дүрлігіп.
Енді келер екі айналмас ғұмырда,
Ол сорлы ана өтер жасын сығымдап...
Қара аспаннан қандауыр көз қарайды,
Қара боран әлде нені сыбырлап.
...Бозғыл айға бата жасап отырмын,
Таңдайдағы бесік жырымды ыңылдап...
18. 03. 2009ж.
БОЗІНГЕН
...Бозарған шудасы желкілдеп,
(Мезгілсіз ағарған Анамның шашындай).
Аңқасын кептірген шөлі бір басылмай,
Күн ұзақ кезеді туған жер жотасын,
Іздейді ботасын.
Қараша күндері...
Гулеген боз боран,
Сағыныш сарыны – бота боп боздаған.
Аспанда шулаған жыл құсы,
Сол ескі жарасын қозғаған!
Бұрынғы күн емес секілді мына күн,
Бұрынғы ән емес секілді бұл әнім.
Кейуана тағдырлы аруана зарына,
Қосылып менде үнсіз жыладым.
Тас болып кеткен бе, көкірегі дүниенің,
Айтыңдаршы адамдар,
Нышаны бұл ненің?!
Тағдырын қоғамның тастап сол табанға,
Жетелеп барады бізді ақыр заманға.
Ежелден серпілмей ғасырлар түнегі,
Тоқтап-ақ қалардай замана жүрегі.
Күндерден айларға,
Айлардан жылдарға алмасқан,
Өңкей бір күңірену, өксікке толды аспан.
...Бозарған кекілін күн сүйіп,
Мелшиген тас оба пішінде,
Күйігі өрт болып ішінде.
Көз алмай күзетіп туған жер жотасын,
Аруана емізіп жатады түсінде,
Қасқырға айналған ботасын...
24. 03. 2008ж
Жаулап бір алған өмірдің күзі,
Мазасыз ұйқы...
Түс, елес.
Түсіме кірді Қыпшақтың қызы,
Пері ме кім бұл?
Кісі емес...
Иіскеді екен кімдер төсінен,
Көз біткенді өзі тұр арбап.
Жымиып қойды...
Қыр желкесінен,
Қылыштың ізі қылаңдап.
Үңіледі бейуақ үнсіз де тілсіз,
Қашады күлкім,
Мазам да.
Қолымды тағы созамын үнсіз,
Дәруіштер жазған ғазалға...
Жақынымды алған,
Достарымды алған,
Ажалдың ізін қуалап.
Аңырап қалған тас қорымдардан,
Отырдым үнсіз сығалап!
Аузы қисайған аш ниеттерден,
Арқам бір терлеп,
Суынып...
Қуарып қалған жақ сүйектерден,
Жебенің ұшын суырып.
Құлағын тігіп мұңлы бір күйге,
Билейді ғасыр тамырын жазып.
Сүлкінім түсіп оралам үйге,
Ғұламалардың қабірін қазып.
...Үңіледі бейуақ үнсіз де тілсіз,
Қашады күлкім,
Мазам да.
Қолымды сосын созамын үнсіз,
Дәруіштер жазған ғазалға... 26. 07. 09ж
ТҰТҚЫН ӘЙЕЛ
Сорға бола қонған анау сорқұдық,
Қалды ма енді, қанға шөлін қандырып?!
Аңқау тайпа басшысының ақ басын,
Ала кетті қу сырыққа қондырып.
Керуеннің кер шаңына малтығып,
Сүт кернеген қос омырауы алқынып.
Көз алдында қызыл шақа сәбиі,
Үлгірмеген талпынып!
Көз алдында:
Көп аламан жұлқысы,
Қанға батып өлген әке түр, түсі.
Құлағына қандауырдай тиеді,
Айдауылдың жырқылдаған күлкісі...
Өлді жары...
Өршелене алысып,
Өлді інісі...
Құшақтап өр намысын!
Шырқырата шабақтайды жүрегін,
Жылап ұшқан жалғыз тырна дауысы.
Ақ белдікке арын түйген ағалар,
(Енді қайтып жер бетінде жоқ олар...)
Қабақ шыта ұзатады бұларды,
Қыр басына қонып қалған молалар.
Қарашығына қара шыбын үймелеп,
Кербез белден кендір арқан сүйрелеп.
Тұмса ұлының көреді тек елесін,
Толғақ қысып, туаған жорық күймеден.
Келмейді, әттең!
Зулаған жыл ағысы,
Тұрмайды, әттең!
Топырақ құшқан арысы.
...Шырылдата шабақтайды жүрегін,
Жылап ұшқан жалғыз тырна дауысы...
21. 07. 2009ж
ҚАЙРАҢДАҒЫ ҒАЗАЛДАР
Қуат алып тарам-тарам бұлақтан,
Ұлы құмның төсін сызып Ніл аққан.
Сарыала жел сыбызғысын сыңсытып,
Аспан жерді,
Жер аспанды жылатқан.
Бостандықтың түрмесіндей боз аңғар,
Боз аңғарда,
Буды құшқан тозаңдар.
Қайраңдарға қарғып өлген сазандар,
Қамыс салдан қалғып жеткен ғазалдар...
Дәрия желі бір сәт тыным алмастан,
Балықшының етегіне жармасқан.
Аптап ойпат – көк аспанның қазаны,
Қазанына қарай алмай қалды аспан.
Қу жалғаннан жауыр болып арқасы,
Медиенде бітіп соңғы сорпасы.
Сүңгі-сүңгі саусақтары саудырап,
Жолда қалған қайыршының қаңқасы...
Тажал құмға тұтқындар кеп жазалы,
Перғауынның көрін терең қазады.
Есі ауысқан билеушінің ермегі,
Пирамида – ғасырлардың азабы.
Аққан мұндай мың сан құлдың жасымен,
Өмір шіркін, қызық еді несімен?!
Судан қайтқан ханның ерке ханшасы,
Қоңыраушының шықпай қойды есінен.
Сұлулықтың мәңгі екенін айғақтап,
Ақ желегі желмен бірге ойнақтап.
Жанарында бір өкініш дір етіп,
Қайран бекзат келмейді әттең, айлаққа!
Қаумалаған ойдан басын суырып,
Жабырқады, жағалауға жүгіріп.
Қоңыраушының қорлана айтқан ғазалы,
Тұрды бейуақ,
Сексеуілге ілініп... 16. 09. 2009ж
АСТАНА. ЖЕР АСТЫ ЖОЛЫ. СОҚЫР СЫБЫЗҒЫШЫ
Мысырдың бір мұңлы ертегін,
Һәм сырлы бандура ырғағын.
Мен оны сен тартқан
Сыбызғы үнінен тыңдадым.
Тыңдадым:
Ханзада жарының құлдармен ойнағын,
Күмбездер ішінде күлтелі тойларын,
Құрбандық ізінде жүз адам сойғанын,
Біздегі сумақай махаббат дәптерін,
Әй, солар ескірткен екен деп ойладым.
Жыр болып сыңсыған қаламсап ұшында,
Ай маңдай сұлулар ежелгі Мысырда.
Шаһарлар үстінде ақ кебін жамылып,
Қиялым ішінен қылау боп ұшуда.
Сендерден қалған бір естелік секілді
Біздегі жұтынған жалаңаш қысырлар...
Сен тартқан сыбызғы күйіне елтіген,
Жасамыс сұлумен қосылып желпінем.
Жоқ!..
Ол бір жеңілтек «Жез бикеш»,
Адамдық сертінен бас тартқан еркімен.
Тарихын, тағылымын талқандап тастаған,
Монастр кіргізіп, молаға бастаған.
Өз мұңы өзін жеп бітірген бұл елдің,
Жезөкшелері де қартая бастаған...
Түндері күмәнді, күндері мұнарлы,
Ай, қайран қарт сылқым!
Доғаршы жылауды....
Сенсіз де қайталап береді күн сайын,
Жалыққан уақыт бұл әнді.
Тағатын тоздырған уақыт сүргіні,
О, жер асты жолының бейкүнә тұрғыны,
Бейіштің самалы иықтан бұрқырап,
Жер үсті жолына шығамыз бір күні...
...Өмірінің құнындай бес-алты жармағы.
Ау, зағип мұрагерім!
Мұңдығым, пәруәрім.
Конгресс-холл алдында сен болып боздайды,
Қазақтың қорланған байырғы аруағы... 20. 11. 2009ж
КЕНТАУ КЕШІ
Албырап батыстың жүзі,
Қаланы басады мұнар.
Күп-күрең Кентаудың күзі,
Күңіреніп күй тартқан шығар...
Елітер ескі бір үнге,
Көшелер ақ жаңбыр жуған.
Жұтылып кетуші ем түнге,
Жастықтың желігі буған.
Оңаша сауықхана да,
Саксафон тұрады боздап.
...Мен одан жалыққам, аға,
Қайтесіз өткенді қозғап...
Бірде жаз, ал бірде ақпан,
Осылай ақынның жаны.
Жабусыз қап еді қақпам,
Кеш болса ойлаймын соны.
Күп-күрең күз келген сайын,
Жанымды үнсіздік езер.
Кеш болса Кентаудың бойын,
Бетховен елесі кезер.
Сағыныш – ол мықты тұзақ,
Ойласам жаныма батар.
Мен бірақ, кетіп ем ұзап,
Түсінер сауықшыл шаһар.
Дәл сендей уайымсыз болса-ау,
Сусатып жанымның шөлін.
Қарайлау, сағыну, аңсау –
Еһ, қайран өмірім менің!
Жетімек ботасын тастап,
Керуендер өткен ғой бұрын.
...Түнімен Лорканы жастап,
Жаттаушы ем Фирдоуси жырын.
...Оңаша сауықхана да,
Саксафон тұрады боздап.
Мен одан жалыққам, аға,
Қайтесіз өткенді қозғап...
21. 10. 2010ж
КҮЙ
Өлім күйі тәтті күй,
Елтиді жаным сол күйге...
Мағжан ЖҰМАБАЙ
Боз мұнар үстінде бусанып билеген,
Бозамық ай, сен де талыққан шығарсың?
Тәкаппар жондарды қамырдай илеген,
Баспалап жетті үнсіз жезтырнақ шұбар түн.
Сонау бір жылдары сары ауыз кезімде,
Шұбар түн мені де дәл солай илейтін.
Өзінің ең ұлы тегінен безінген –
Оны ағам: Әзірейіл тартқан бір күй – дейтін.
Сол күйге елітіп көз ілем,
Сол күйге елітіп оянам.
Алдымда Сираттың көпірін сезінем,
Жендеттер тырнағын
Жапырақ нілімен бояған.
Ол кезде сескенбей алар ем,
Опасыз жылдардың оң қолын.
Көсілте көз алдап бұл шексіз даламен,
Шетіне адасып кетіппін енді оның.
Бұл сапар тым ұзақ, тым жақын,
Һәм бұл жырдай тым ескі.
Ол күйді сағына аңсайтын мұңлы ақын,
Белгісіз қабірін қаулаған гүл өсті.
Іңірде қаралтым бояулап әлемді,
Жадымда жаңғырып сол әуен келді үйге.
...Күркемде көп ойдан көз жазып ал енді,
Менде үнсіз елітіп отырмын сол күйге...
16. 03. 2010ж
ҰЛЫТАУ
Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе,
Ұлар құстың ұясын ұмытайын дедің бе?!
Басын тұман торлаған бұлдыр-бұлдыр өлкемде,
Бұлт астынан көз салам бұлдыр-бұлдыр ертеңге.
Борай да борай жауған қар –
Астында қалды есігім.
Орай да орай жауған қар –
Үстінде қалды бесігім...
Қалай еді әлгі күй, қалай еді сөз басы,
Мөлт-мөлт етіп үзілген билеушінің көз жасы...
Ұлытаудың баурында ақсақ құлан жосыған,
Ақсақ құлан соңында аласұрған Жошы хан.
Кетбұғадай сабаздың күңіренген сазынан,
Сан ғасырлық дертімнен уақытша жазылам.
Түннің тыныш бесігін тербетеді неге осы,
Құлан теуіп өлтірген Қағандардың елесі?!
Қырау-қырау қаңтарда қабағыма түнеген,
Қиялыма жүр сыймай қырау-қырау бұл өлең.
О, Қыпшақтың даласы!
О, сен айтшы, Жошы хан!
Санам қайта тазарып сауығам ба осыдан?!
Итаяққа жаутаңдап қолдан жуынды ішпеген,
Мен бір ақсақ Бөрі едім бөлтірігін тістеген.
Күні қаран бұл елдің тағдырына ашынам,
(Біздің хандар тірі жүр, есек тепкен басынан...)
... ... ...
Қырау-қырау қаңтарда қабағыма түнеген,
Қиялыма жүр сыймай қырау-қырау бұл өлең.
Маңдайынан бақ тайған мынау заман сұрынан,
Қошқыл жалым қылаңдап күн түбіне тығылғам,
...Ұлытауды айналып ұзақ жорттым арқаны,
Бір жақсылық болар-ау,
Оң қабағым тартады...
Қаңтар 2010ж
ПЕРҒАУЫН
Египет моласын Есілге көшірген,
Есіл Ғұн рухын санамнан өшірген.
Перілер ізінен тозаң боп тараған,
Түн келсе түсіме кіреді зобалаң.
Қанжарын кезеген Мұсаға, Һаронға,
Табынған ешкіге, табынған адамға.
Ғасырлар қанының дағындай мұнара,
Сүйрелеп келеді бізді мың күнәға.
Адамизат қолының қуаты жетпеген,
Тек қана Перілер демімен көктеген.
Ескірте алмаған топан су екпіні,
Құлата алмаған Наполеон тепкіні.
Өшіре алмаған дәуірлер тартысы,
Күйрете алмаған Ромель танкісі.
Перғауын рухы кезіп жүр даламды,
Кезіп жүр, кесапат жаулаған қаламды.
Ескі алаң бойында есінен ауысқан,
Қарт әйел басында билейді сауысқан...
Пендеге табынып, таусылған ойламы,
Ол жаққа баспаңыз!
Жындардың ойнағы.
Қанына малтыққан Кирдің басынан,
Тарихымды оқып ап сәбидей шошынам.
Ер Кене сарбазы су ішкен Есілден,
Еркін бұл рухымның үміті кесілген.
Тұлданып жылармын,
Жылап ап күлермін,
Соншама қалың ба, қасіреті бұл елдің?!
«Тек өзім Құдаймын,» – деп тыным таппаған,
Перғауын тіріліп келген бе деп қалам...
Мыңдаған шайтандар шарқ ұрған миында,
Табынған доңызға, табынған сиырға.
Өзгерте алмаған Дарвин шатпағы,
Алжастыра алмаған шіркеудің «хаттары».
Тәубасын түсірер адамға, ғаламға,
Келші деп жалынам Мұсаға, Һаронға.
Маңдайға басылған таңбасы қорлықтың,
Египет моласы Есілге орнықты.
Қаһарсыз ұрандар,
Қайратсыз қармаулар,
Тазарта алмас-ау, дәрменсіз болжамдар!
Тарихтың арманы:
Тек қана Нұқ келіп,
Топан су күшімен қоймаса нүктені.
...Сезесің уақыттың не меңзеп тұрғанын,
Перғауын...
Нұрғауын...
21. 04. 2009ж
ЖОҒАЛҒАН ПЫРАҚ ТУРАЛЫ ЖЫР
Қазақия тәуелсіздігі туралы толғау
Тәубесіз замандар түсірген әр ізге,
Ұлтымның ұятын ұмытпай бәдіздеп...
Үздіккен үміттер,
Алқынған армандар –
Күрең күн астынан күмілжи тіл қатты,
Тіл қатты!
Аязда арқасы құрысқан Балбалдар!
Бұғаулы бостандық,
Шылаулы қастандық,
(Айналып кете алмай қасыңда біз жүрдік...)
Әкемнің кегімен, Анамның шерімен,
Қош келдің жиырма бірінші жүз жылдық!
Көк түрік жерінде,
Сарыарқа төрінде,
Есілге ентелеп еңсесін тіктеген,
Қандыкөз ғасырлар түсінде күтпеген.
Ғарыштық сәулелер өсінде қайралған сүңгісі,
Ақордам үстінде қалқиды күн құсы!
Даңғаза замандар,
Алдыңа жүгінбен,
Сыр тартам кешеден, бүгіннен.
Адами тілекпен, ақындық жүрекпен,
Бұл дала сөйлейді Абайдың тілінде.
Есімнің ескі бір жолдарын,
Қасымның қасқа бір арманын.
Және де Әз Тәуке жарғысын,
Мансұқтап кете алмас дұшпандар қарғысы!
Ескірмес өлеңім, жоғалмас дерегім,
Мен оған Құдайдай сенемін!
Толағай ел едік...
Күн жүрек, Ғұн атты,
Мені де қанқұмар уақыт жылатты.
Еділден су ішіп,
Елім деп у ішіп,
Византия жазығын жаурындай мүжіген,
Көп іздеп едім мен
Еділдің қасынан Пырақты.
Ен сапар жолында ескірген кіндігі,
Е, аяр тарих!
Түсінер кім мұны?..
Еркіндік жұлдызы жалынан жамырап,
Келер деп күтіп ем бір күні.
Днестр бойында жол тартқан арқырап,
Днепр бойында жығылған қансырап.
Күн асты рухын жетелеп жетер деп
Мың жарым жыл бұрын жоғалған сол Пырақ,
Бұлт асты бозарып, бұз үсті бусанған,
Мезгілдің жүзінде көктеді жусандар...
Мен тартқан жебенің дәмі бар сұп-суық,
Басы жоқ Кирлер байланған қылшанда!
Санама орнығып,
Сойыма сіңірген,
Қарт Каспий жағасын жағалай жүгірген.
Ошақтай із тастап, ормандай кісінеп,
Сол Пырақ түрегеп келеді қып-қызыл іңірден...
Қағында қунаған,
Сауырында жебенің табы бар құландар,
Һәм Бұланай басында бұлт асты бусанған.
Жан тілін босатып жұбаныш сұраңдар,
Айдың ақ сүтімен көктеген жусандар.
Көктем боп,
Күз болып аунаған ғасырлар,
Қайғымды жартасқа жасырған.
Айбалта жүзінде сырғанап уақыт,
Көгімде көк туым желбіреп
Аруағымды асырған!
Айтарым көп саған,
Атамды жерлеген айбарлы тарих.
Арқанның ізі бар әр кеуде, әр иық –
Сендегі қысасын қынамен жазады,
Көзіне қан ұйып.
Жол тартқан Үрімге,
Жол тартқан Дунайға,
Ер Абылай аңсары – сыбызғы қурайда.
Тағаты тамшылай таусылған,
Һәм қайғысын ұғамыз дауысыңнан.
Замана ізінде табаны тасырқап,
Ілінген бұл ғасыр сенікі жас ұрпақ!
Бүлінген бұл ғасыр сенікі жас ұрпақ!
Отарлық бұғауы үзіліп,
Білегін түрінген
Бұл ғасыр сенікі жас ұрпақ!
Жарты әлем төсіне тамырдай тараған,
Көшпенді даңқына күйіне қараған.
Сатқындар дәуірі сақалдай кесілген,
Менің бұл даламнан қарасын өшірген.
Әнеки, өткен шақ өсінде талаурап жанары,
Санында садағы –
Ер Түрік қағаны қол бастап барады.
...Тұр міне, біздермен еңірей қауышып,
Теңізге құлаған жұлдыздар дауысы...
07 шілде 2011ж
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Мұнарлы күз хикаясы
АҢСАР
Осынау бағдарсыз өмірде,
Қай маңнан табылар жол, тұрақ?
Мен сені күтемін қараша желінде,
Бұтадай қалтырап.
Жаныма бір нұрлы от жақты,
Сен жақтан ерменнің иісі.
Жолаушы кезеді сан тарау соқпақты,
Кешкі өкпек кетірген күйісін.
Ойында жусанды даласы,
Найзағай кемірген һәм ескі таулары.
Бөрілер жататын таласып,
Шілде де жауатын қарлары.
Жортуыл жолдары,
Сынған бір сойылдар арманда.
...Қарт Алтай Тәңіріге созатын қолдарын,
Көкжиек көзінен қызыл қан тамғанда...
Аршалар!
О, нұрлы жасындар,
Қанымда қаһарлы сел аққан.
Мен сені күтемін,
Гүлзарлар қасында,
Мұңлықтар мекені – көзінде таң атқан.
Ол маңда бізге енді жоқ өлім,
Жалғыздық парағы фәниден жыртылған.
Мен оған сәбидей сенемін,
Сәбидей иірімге ұмтылған.
Ешқашан басылмай аптығы,
Уақыт шаңдағы самайға қонады.
...Әкемнің жоғалтқан жастығы,
Анамның ескірген жамалы...
...Осынау бағдарсыз өмірде,
Қай маңнан табылар жол, тұрақ?
Мен сені күтемін,
Қараша желінде,
Бұтадай қалтырап...
15. 11. 2008ж
ТҮРКІСТАН. КҮЗ ҒАЛАЫ
...Дерт боп мүлде мені жаулап алдың сен,
(Сен білер ең,
Мені жалғыз жан білсе...)
Қайғысындай Хорезмдік шайырдың,
О, әсем қыз!
Әлегім боп қалдың сен.
Мен жайында мың сан өсек өрілген,
Тұрды шарап улы кеселерімен...
Мас қайтушы ем ақшамдарға сүйеніп,
Түркістанның бейғам көшелерімен.
Өткен ғұмыр өкініш боп оралмақ,
Керек емес енді ол үшін алаңдап.
Еліктеумен өтіп еді өмірім,
Қайтем бірақ,
Ішпепті ғой Омар қарт...
Шайырлардың басқан ізін торыған,
Ажал қуға күніне бес жолығам.
Мені жерлеп қойды тіпті біреулер,
Қарашада қайтқан құстың соңынан...
Сайрандаған бірге суық өліммен,
Қайран жастық!
Қайғыға да семірген.
...Рудаки ертіп алып кететін,
Күзгі бақта мас боп жүрген жерімнен.
Масаң шақта жоқ нәрсеге елеңдеп,
Тапқан жалғыз сырласым ең өлеңде.
Келіспедің менің «өлетініме»,
Сенбедің сен мені өледі дегенге.
Жеткен маған ескі жылдар көшімен,
Ғазиз бейнең шықпады ақын есінен,
Бір ғажайып өмір иісі аңқитын,
Жаңбыр жуған көйлегіңнің төсінен.
Жас ғұмырдың құлақ күйін келтіріп,
Ай түбінде жорттым ұзақ желпініп.
Жалғыз досым – төбет еді алжыған,
Кетті оны да күзгі нөсер өлтіріп.
О, әсем қыз!
Сәтсіз жазған ғазалым,
(Мүмкін, ғұмыр бойы тартар азабым).
...Қалды солай Түркістанда қазылып,
Өзім бірақ жерленбеген мазарым... 06. 04. 2010ж
КҮЗ САРЫНЫ
Иесіз бақ төрінде шымшық үні –
Хабарындай мына күз дүрсілінің...
Жапырақтың, қарашы, күрсінуін,
Жүрегімнің, қарашы, тұншығуын...
Анау қыздың қарашы, қырсығуын...
Дала біткен безініп өз гүлінен,
Қарашаның келерін сезді білем.
Бұталардың басынан тозаң ұшып,
Уақыт сырғып барада өздігінен.
Өз демінен тоңады сарша тамыз,
Жалғыздығы оның да сонша таныс...
Азу тісі ақсиып көшеді бұлт,
Жайлы болмас биыл да Арқада қыс...
Жапырағымен у сепкен жараңызға,
Беу, сағыныш!
Күз сіздің молаңыз ба?
Әлі сеніп отырмын аулама кеп,
Рудаки айтатын сол аңызға.
Қасіреті де шараптан күшті бірақ,
Ол құс енді, көзімнен ұшты жырақ...
Айға сүйеп басымды көз іліп ем,
Жалғыз тамшы кеудемнен түсті құлап.
...Күз сарыны сүйрелеп шалғайымнан,
Сайтан – елес көлбейді жан-жағымнан.
«Қара жердің сызы өтер, тұра ғой» – деп,
Түн жарықтық сипайды маңдайымнан....
18.09.2013ж.
АҒЫЛ-ТЕГІЛ ЖЫЛАШЫ, ҚЫЗ
Ағыл-тегіл жылашы қыз, ақ моншағың жерге тамып,
Ағыл-тегіл жыласын бұлт, көк моншағы көлге тамып...
Жылашы бір, кешкі қырда шығып тұрып жол басына,
Құты қашқан мынау әлем тұншықсын сол көз жасыңа.
Аза тұтқан иесіз бақтың жүзін бірге бүркер қайғың,
Жұбатар деп күтпе мені, көңіл жасын сүрте алмаймын.
Мұңлы өмір моласынан құстар ұшар қара бауыр,
Ол туралы ойлану да, жыр жазу да маған ауыр.
Есіл бойы ескі лашық етегін жел жұлмалаған,
Аңызға елітіп алжасқан деп жеткіншек қыз күлме маған.
Бұл өмірді мұңмен сезу – бізге берген ұлы бақыт,
Берейінші саған қалқам Рудаки жырын оқып.
Онсыз сүркей заман мынау қос көзінен сорасы аққан,
Не күтеміз бүгіннен біз, не күтеміз болашақтан?...
Қасіретіңді түсінемін, оған жасып қалма көкем,
«Сорқұдықтың басына әкең сорға бола қонған екен...»
Ерте ашылған бәйшешегің мезгіл жетпей солған екен...
Өзі жайсыз өмірде бұл бір жайсыздық болған екен...
Баяғыда...
Мас күндері бізде атып ек көп елікті,
Мезгіліне жетпей тұрып жұлдық талай көк өрікті.
Бір қызбалық өткен шығар, енді сонша не болыпты,
Өткен сәттік өкінішке біз айтпаймыз төрелікті.
Мынау байтақ кеңістікте өткенді іздеп болдырма, айым,
Тұманды орман жиегінде жалғыз өскен мен бір қайың.
... ... ...
«Отызға келген жасым бар,
Ойпаңда өскен басым бар.
Орманды жерде ойланған,
Ормансыз жерде толғанған,
Есілге кеп есін жиған, даңғылға кеп досын жиған,
Құр даңққа құлдық ұрмай жыр жолына басын қиған».
Міне солай, жеткіншек қыз!
Сұрар болсаң біздің жайды,
(Ескі көктем махаббатын көз жасымен қыз жырлайды).
Ағыл-тегіл жылайды ұзақ, ақ моншағы жерге тамып,
Ағыл-тегіл жылайды бұлт, көк моншағы көлге тамып...
...Мың жыл бойы бұл өмірдің болған әркез төсі қайқаң,
Батады әркез осылай күн, атады әркез осылай таң.
Көктем сайын көздің жасын төгіп келген бала қызға,
«Ағыл-тегіл жылап ал да, жыр оқы!» деп ақыл айтам...
16. 03. 2010ж
МЕН СЕНІ ЖОҒАЛТҚАН СӘУІР
(Тағы адастырмаса не етті?)
Бұл кештің салмағы ауыр.
Желдетіп, желпініп жетті ,
Мен сені жоғалтқан сәуір.
О, менің қанатсыз құсым,
Айықпас Пәруана мұңым.
Ұмытып ұзап, кеткенім үшін,
Кешірім сұраймын бүгін...
Жеттім ғой тағы ұзақ жүріп,
Ұрынып шегі жоқ шөлге.
Семсерім қалыпты ұмыт,
Өзіңмен серттескен жерде.
Мен сені жоғалтқан сәуір,
Бұл айға өкпем бар сондай.
Азабы ұзақ һәм ауыр,
Каспийге жұтылған жолдай...
Көз жасың қайғыңды жуар,
Көкірегің шыланып жасқа.
Ештеңем жоқ медеу қылар,
Өзің һәм өлеңнен басқа...
Жауады жып-жылы жаңбыр,
Және де сұп-суық мұздай.
Алдымда билейді тағдыр,
Мені ойлап жынданған қыздай...
Тағы да далада жаңбыр,
О, шерлі панасыз құсым!
...Мені ұнатпайды қызылкөз тағдыр,
Бас имегендігім үшін...
Жалғанар сен жаққа менен,
Жолдардың барлығы тұйық.
Түсіңде: ақбоз атпенен,
Кеп тұрам ақ сауыт киіп...
Тарқамай сол ащы шерім,
Басымды көп ұрдым тасқа.
...Ештеңем жоқ енді менің,
Өзің һәм өлеңнен басқа...
29. 03. 2010ж
БОЗ ЖУСАН ЭЛЕГИЯСЫ
Саған арнап бүгін тағы жаздым жыр,
Жүрегімде қалған көне қанменен.
Өзің жаққа бұрылардай бар денем,
Өзің жақта қалғандай боп әлденем.
Мендік сырлар – іші азап, сырты өлең,
(Көз жасыңды жыр қолымен сүртер ем...)
Бізді айырған жолдар қалды құлазып,
Уақыттың ақ тұманы бүркеген.
Ұрындырмай алып өткен шөлдерге,
О, уақыт!
Рахмет сендерге.
Көзімді алмай тұрам қарап үздігіп,
Боз жусаны бұрқыраған белдерге.
О, ізгі күн!
Дәрменім жоқ ұстарға,
Сені қуып оралды ұшып құстар да.
...Ұмтыламын,
Сүйіп сенің шашыңнан,
Қызылқұмнан бізге жеткен бұлттарға.
Ауылыңа апаратын бұлақтан,
Мен болғанда кетпес едім бір аттам...
Сол қыратта қалмайды екен неге олар,
Сенің наркес жанарыңда тұрақтап?
Қол бұлғайды тарау-тарау жол – елес,
Көзім тырнап оянды екем неге кеш?...
Көп айтатын балаң шағым – ол емес!
Көп айтатын жан аңсарым – ол емес!
Шылбырына тастай қатып уақыттың,
Өзімді ұзақ жазғырамын сені емес...
Маған бір сәт мұрса берші,
Шығар күн!
Сен тербеткен тыныштыққа құмармын.
...Ұйықтап кеткен ұлы дала рухынан,
Боз жусан боп қайта көктеп шығармын...
...Жусан көрсең жұлма, сен! 10. 04. 2010ж
ЕЛЕС ІЗДЕУ
Жауып бір өтті ақ лағыл,
Ақшам мен түннің арасы.
Буланып жүзі қалды адыр,
Ұмытылып ескі жарасы.
Сен жаққа қарай аттап ем,
Жастықтың жасыл отын ап.
Жолымда құлап жатты әлем –
Күзден бір қалған жапырақ...
Күзден бір қалған ән еді ол,
Құстардан қалған жыр еді.
Шаңына көмді сәре жол,
Тоқтады солай жүрегі.
Қалқам!
Сен оны еске алма,
Еске алсаң көңіл бұзылар.
Емендер...
Тозған ескі аула,
Ескі бір жылдың сызы бар.
Қаншама жапырақ үзілді,
Көшкенде жылдар төбемнен.
Көрмеген ғазиз жүзіңді,
Отырмын сызып өлеңмен...
Жалықтым сенің күлкіңсіз,
Жүрдім де жырсыз, шарасыз.
Кетемін кезіп үн-түнсіз,
Ақшам мен түннің арасын...
Ой ұстап нұрлы күндерден,
Мың бір түп раушан арқалап.
Барады ұзап бір керуен,
Таулардың жүзін қалқалап.
Сонау бір өзен бойында,
Сызылтып сырнай тартқан кім?
Обалын өзі мойындап,
Уақытқа кінә артқан кім?
Боздады бұлттар бізде де,
Білегін қырдың жастанып.
Бұл жақтан мені іздеме,
Кеткенмін желмен аттанып.
...Жалықтым солай күлкіңсіз,
Һәм тілсіз, жырсыз, шарасыз.
Кетемін кезіп үн-түнсіз,
Ақшам мен түннің арасын...
28. 04. 2010ж
АСПАНДА ЖЕТІ ҚАЗ
Бөлмемді кезіп жүр ескі елес –
Есте жоқ жылдардан жұлынған қауырсын,
(Оны еске ап бір мезет бұл жүрек ауырсын...)
Ұлы бір тыныштық үстінде ұйықтайды сәбиім,
Еңсемді басады есуас ауыр түн.
Сен келіп басымнан сыйпардай елеңдеп,
Өкініш иірімі тартады тереңге...
Өткінші жаңбырлар жуған сол бейнеңді,
Жұлдыздар жасымен көшірем өлеңге.
Мың тарау жолдарым,
Бәрі үрей, бәрі үміт,
Опық жеп отырмын обадай сарылып.
...Өзінен түңілген ғасыр тұр алдымда,
Ақ кебін жамылып...
Үш көктем аунады...
Үмітін пақырдың үрейге матаған,
Оны енді құмарлық сезім деп атаман!
Күтуде алдымда күңіренген ұшақтар,
Күтуде Қособам...
Қайсыбір қыспақта қасымда сен едің,
О, менің өлімге қимайтын өлеңім!
Әуелеп ұшады аспанда жеті қаз,
Біреуі мен едім...
Қым-қиғаш тірліктің қырсығы арқамда,
Түн өзі жұбатар түсіріп сарпаңға.
...Көршілес кейуана кемпірдің мысығы,
Жылайды балконда.
Түсім де, кешім де, түнім де қамырық,
Секундтар мызғайды қадамнан жаңылып.
...Өзінен түңілген уақыт тұр алдымда,
Ақ кебін жамылып...
12. 03. 2010ж
ЕМЕНДЕР БҮРЛЕГЕН ТҮНГІ АЙДЫҢ
Тым ауыр сәттердің куәсі мына ақшам,
Ұмтылған сен жаққа Шайырдың еркінде.
Тереңге батырып, түпсізге құлатсаң,
Обалымды артармын,
Сен емес, сол түнге ...
Мен саған ғашықпын,
Ғашықпын!
Шерлі қыз...
Емендер бүрлеген түнгі айдың сертімен.
– Қай жаққа кеттіңіз?
Қай жақтан келдіңіз?
Қауырсын лебімен жүзімді желпіген.
Қауырсын лебімен жүзімді желпіген,
Дымқылдау соқпақта изендер бораған...
Құтылуға асығып сағыныш өртінен,
Сен жаққа біржола жол алам.
Жыр жазып сен жайлы,
Мен жайлы,
Келеді басқа түн, атады басқа таң.
Басқа ешкім дәл сендей азаптай алмайды,
Ешқашан, ешқашан, ешқашан...
Үрейін бұлттардың ұшырған борандай,
Тұманға тұншыққан жолдарды сағалап.
Жапанда мүлгіген лашығыма оралмай,
Сәбидей ынтықпен жетер ем саған-ақ.
Бағытсыз сапарын сіңіріп іңірге,
Сені іздеп жоғалды қаншама көктемдер.
Алқынып алдыңа жетермін түбінде,
О, жолдар!
Сол кезде бұрылып кетпеңдер.
Келмеді өзім көп аңсаған бақыт та,
Тек сені жоқтаймын, біреуді жоқтасам.
...Кедергі бола алмас
Мұхит та...
Уақыт та,
Ешқашан, ешқашан, ешқашан...
01. 06. 2010 ж
БІР ЕЛЕС ТОРЫҒАН ЖОЛЫМДЫ
Бір елес торыған жолымды,
Ендігі құтылу жоқ одан.
Билеген тәнімді, қанымды,
Қыраулы терезем сыртында сол адам.
Гулеген боранның өтінде – сол адам,
Сүреңсіз жолдардың бетінде – сол адам,
Бораған ақ қардың ішінде – сол адам,
Сарғайған жапырақ түсінде – сол адам!
Қараша қанатын қаққанда жасырын,
Мөлт етіп үзілген сағыныш жасымын!
Тым ауыр ойлардың мекені –
Мен және
Шырағдан түтіні ыстаған лашығым.
Жел кеулеп етегі,
Ол маған бір күні жетеді, жетеді.
Бақытқа мастанып, қайғыға қайысып,
Мұнардан келеді, мұнарға кетеді.
Дәл біздей кім тыңдар,
Күн жырын, түн зарын,
Жарасын кім таңар ынтызар жыр жазып?..
Кеземіз қолдасып һәм үнсіз арбасып,
Шираздың шаң басқан ескілеу гүлзарын.
Талықсам оятар ертеңгі шығар күн,
(Шығар күн мойынында алқынған тұмармын).
...Мен оны сүйемін,
Сол сүю арқылы,
Тағдырды мазақтап алуға құмармын...
Елестер кезетін іңірде жер бетін,
Бір ұлы сағыныш басады меңдетіп.
Шырағдан түбінде жыр жазып отырмын,
Түнгі Айдың көз жасын тағы да көлдетіп...
Бір елес торыған жолымды.
17. 01. 2011ж
СЕН БОЛЫП ҰШҚАН ҚАЗДАРДЫҢ
Мынау бір салқын іңірдің,
Қаншама сызы өткенмен.
Қажытып шермен жанымды,
Тағы да құстар жеткенмен.
Мен сені айым, сағындым,
Сағындым һәм көп күттім.
Дәрменсіз жапырақ жанымның,
Тағатын әбден жеп біттім.
Көп күттім сені келер деп,
Келер деп сонау түстіктен.
Жолыңды жаспен бөгер деп,
Сырқаты ауыр қыс біткен.
Сағыныш серті қашанда,
Үміттің мөрін бекемдер.
Лашығымның маңында,
Адасқан бұлттар мекендер...
Сен болып ұшқан қаздардың,
Жүрегінде де мұң бар-ау!
Жабырқау жүзі жазғанның,
Тоспашы жолын құмдар-ау!
Шығыстан күттім және де,
Күттім көп мұнар батыстан.
Оянды екем қанша түн,
Қос жанарыммен от ұстап!..
...Қонақтап қалған ән еді ол,
Жауқазындардың жүзінде.
Жауқазын текті жан еді ол,
Қимаймын тіптен үзуге.
Жалықтым, күндер!
Онсыз да,
Жағасы, жеңі сан құрау.
Адасып жүрсе жолсызда,
Жеткізіңдерші жаңбыр-ау! 14. 07. 2010ж
Бір сазды зарлата шертіп,
Ымырт та күйзелтті мені.
Келеді тұмандарды ертіп,
Ызғарлы Шығыстың желі.
Ажалға маңдайын иген,
Кеземін Шаһиттер елін.
...Шұғадай елігіп сүйген,
Ең дегдар мұратым едің!
Сәмбі тал сәнінен безген,
Сәуірлер,
Сенен не қайыр?
Жоқ іздеп жалғанды кезген,
Мен де бір жаралы Шайыр...
Қолдаса сол ғана қолдар,
Деп саған мойнымды бұрам.
Жан-жаққа шұбаған жолдар –
Түсімде көп көрген жылан...
Жанымда қабағын түйген,
Таңдайда жалғыздық дәмі.
Боз қырқа астындағы үйден,
Боздайды Шәмшінің әні.
Отты да ішуге дайын,
Жастықты тонатқам кеше.
Ес-түссіз егілген қайың...
Сертімді жоғалтқан көше.
Сен де ұзақ күттің бе мені,
Үмітке жаныңды жалғап.
Соқты ма Шығыстың желі,
Тырналар мезгілді қарғап.
Қайғыдан қанаты күйген,
Бұл нөсер – дәуірдің қаны.
Боз қырқа астындағы үйден,
Боздайды Шәмшінің әні...
03. 02. 2010ж
Саған жетер асуларды жапқан қар,
Одан әры мен түсінбес Аспан бар.
Сәл қалғысаң шатқалдары шақырар ,
Жыландары шашқан зәр...
Сен жайында ойлану да тым ауыр,
Ойламау да тым ауыр!
Алпар текті,
...алақанын шер осқан,
Диуананың күні дерсің сірә, бұл...
Қансыраған сәттерімдей бұрынғы,
Жеңілтек жел жеткізбейді үнімді.
Құстар келіп алады өзі жұбатып,
Біздің шерлі ғұмырды.
Маңдайымды қарып өтіп қол мұздай,
Жар түбіне жалғыз төсек салғызды Ай.
Жүрегімнен мың жапырақ самсатып,
Ешкім мені жұбатпайды сол қыздай.
Менен тұрақ таба алмады көп арман,
Құс кейпінде көктемге ұшып жоғалған.
...Мен оларды Аспан жаққа жіберіп,
Аспан жайлы жыр жазуды доғарғам.
Мен мезгілді,
Мезгіл Мені кінәлар,
(Амалым не, ортамызда тұр ажал!)
Құба түнде құландай дүр сілкініп,
Құлан баспас құла түзде жүр олар.
...Қансыраған сәттерімдей бұрынғы,
Жеңілтек жел жеткізбейді үнімді.
Құстар келіп алады өзі жұбатып,
Біздің шерлі ғұмырды...
17. 01. 2011ж
ЖҰБАТУ
Қайғырмашы қалқам, сен!..
Жаның қалмай жар басына жүгіріп,
Құламашы, көз жасыңа сүрініп.
Мынау шексіз кеңістіктің жүзіне
Қарашы бір бұрылып.
Көктем кепті көл беті көкала үйрек, көк үйрек,
Көк үйректің соңында шұбатылған көп ирек...
Кінәлы бір күй тартып алдына сап орманын,
Жұбатып тұр таулар да сенің адал қорғаның.
Будан басын суырып бұлақ келді алдыңа,
Былдыр-былдыр тілімен құлап келді алдыңа.
Бақытынан адасқан сенен өзге жан жоқтай,
Тағдыр үшін кешірім сұрап келді алдыңа.
Жазықты оған менмін деп жел де, бұлт та, тұман да,
Жұлдыз біткен жиылып саулығыңды сұрауда.
Іңірдегі шегіртке жүрегіңді сиқырлап,
Асқақ қарап өмірге тұршы бір сәт күй тыңдап.
Тәңірі өзі жазған күн жалын сөніп, жан шықпақ,
Одан бұрын қайтесің жас өмірді мансұқтап.
Сенің терең қайғыңмен мен де бірге ауырдым,
(Жердің белі қайысар кімдер де жоқ ауыр мұң!..)
Ай, ауыр мұң, ауыр мұң!
Менде сендей жауырмын.
Мынау жансар жүректе наласы бар тауымның,
Моласы бар бауырдың,
Сорасы бар шілде де жылап жауған жауынның...
Қайғырмашы қалқам, сен!...
Қабағыңа сәуір бұлтын түнетіп,
Онсыздағы қара жердің бара жатыр сызы өтіп.
Терезеңнің алдында жаны қажып дүрмектен,
Изен иісі бұрқырап күмілжи кеп тұр көктем.
Адам болып көрдің ғой,
Енді ойланар жайың жоқ,
Менің ескі ауламда көктейсің бе қайың боп?
Мынау сүркей заманға өзге амалы болмаған,
Бір мұңлы ақын айтқандай жүрегіңді берме оған.
Менің де ауыр жайымды тірі пенде жоқ тыңдар,
Самырсынға айналып қаулай өсіп кеткім бар.
Сосын мәңгі қалайық...
Қайғы да жоқ, уайым жоқ,
Жүрегі адам, өзі ағаш – самырсын боп, қайың боп...
Күз жеткенде...
Сөз берем, қалман әсте қуарып,
«Мұңнан қашқан мұңлықтар» деп жарым жүрер суарып...
11. 04. 2010ж
МЕЗГІЛДЕР КЕТКЕН ТАҢБАЛАП
Мезгілдер кеткен таңбалап,
Мың жылдық шөлдей басылмас.
Ақ жаңбырлардан қорғалап,
Қашқан күн қазір ашылмас!
Асықтым сан мың күн жүріп,
Басымды қамап мұңлы ойлар.
Қараша желі сындырып,
Сыңсыған қара қурайлар...
...Сыңсыған қара қурайдан,
Сыбызғы жондым саған деп.
Басымды буған мұңлы ойдан,
Құтқарып мүлде алам деп.
Сен жайлы хабар білем деп,
Үңілдім иесіз хаттарға.
Вокзалдарды түгендеп,
Көп жүрдім аэропорттарда.
Селкілдеп тоңып ақ қарда,
Сені іздеп жүрген шығармын.
Кеудеме тиген оқтарға,
Ем іздеп жүрген шығармын.
Жылайды үнсіз бұл әлем,,
Табанға ақты мөлдір шық.
Сауысқандардан сұрап ем,
Көргем жоқ деді көлгірсіп.
Сұрайтын қаздар жоқ тіптен,
Тырналар көкте самғай ма?
Ардағымдай боп көп күткен,
Тұр жалғыз қайық шалғайда...
Іңірден түнге ұласқан,
Сырнай даусына елітем.
Менсіз де боздап тұр аспан,
Тәйір-ай, одан не күтем?!
...Сыңсыған қара қурайдан,
Сыбызғы жондым саған деп.
Басымды буған мұңлы ойдан,
Құтқарып бірге алам деп!
Өзгермес қалпы бұл өмір –
Бұл өмір солай әлде де.
Жанарыңды әркез тіге жүр,
Мен жақтан түскен сәулеге...
28. 01. 2010ж
АЛМАТЫ ЖОЛДАРЫ
Масаңдау ақынның елесін аңдыған,
Күңгірттеу көшеде есіней қалғыған.
Қалып ең қайғыра қош айтып егіліп,
Арзанқол шарапхана алдынан.
Бірімен қоштасып, бірімен қауышып,
Түңіліп, торығып, жыр оқып жарысып.
Жұтты да әкетті жалынған үніңді,
Даңғаза достардың даурыққан дауысы...
Соңыңа соңғы рет имене бұрылып,
Ақ жаңбыр ішінде кеттің сен жүгіріп.
Көзіңнен тамшы жас сырғыған бокалды,
Тұрдым мен үн-түнсіз сіміріп.
Есімде әлі сол Алматы жолдары,
Есімде сол күннің өлімдей салмағы.
Есімде және де қайыршы кемпірдің,
Алдымда дір қағып қаусаған қолдары...
Шарапқа суарып, сағынышқа ораған,
Жалғыз-ақ қорғаным еді бұл қалада,
Табытпен қоштасып тұрғандай қамығып,
Құлазып қалды үнсіз ол шарапхана да.
Ал қазір ол маңда мен жоқпын,
жоқпын мен,
Жаралы құланмын сауырын оқ тілген.
Уайымыңды арқалап, қайғыңды қалталап,
Мың жылда келместей қайғырып кеттім мен,
Ұнату, жек көру дегеннен
Мүлдемге шайлығып кеттім мен!
Қаптаған адамнан өзімді ап қашып,
Обадай сарылып ой қуып кеттім мен!
Басылған тағдырым секілді табанға,
Шылымдар жатты өшіп,
Сол қапты санамда.
Ең соңғы шарапқа жасымды тамыздым,
Ең соңғы вагонда...
Бұл ұлы Даланың ерініндей кезерген,
Сол күндер елесін тек мұңмен кезем мен.
Сен жайлы жыр жазып әлі отыр сол ақын,
Сөзі бар, өзі өлген...
Ұмытқан шығар сол Алматы жолдары... 28. 08. 2010ж
СТАМБУЛ КҮЗІ
Стамбулда ырғақты күз әуені,
Ырғақты күз – сағыныштар әлемі.
Бұл маңда да жүр екен ғой жалғыздық,
(Жалғыздықтар маған ғана тән еді...)
Сол ескі үміт түске айналып түндегі,
Мені құрсап сағыныштың тұр лебі.
Қандай сазды еді мешіт азаны,
Стамбулдың күзі қандай мұңлы еді...
Қимасым-ай!
Қимайды екен дегізіп,
Жағалауда қалды сірә, көп ізім.
Кешіп өтіп саған жетсем деп едім,
Мұнар жапқан түпсіз Мәрмәр теңізін.
Кемелерде кешкі жалау қылаңдар,
Жалауларда жауабы жоқ сұраулар.
Мен секілді...
Батыс Кипр жерінен,
Адастырып алып келген тұмандар.
Ең бір ізгі үмітімдей ардақтап,
Соғады жел,
Жел соғады жан-жақтан.
Жіберер ем қанатына хат жазып,
Шағалалар бармайды әттең, ол жаққа.
Құжырамда қалды ақынның шер-мұңы,
Өткінші деп атай көрме сен мұны!
Тереземде тұнған жасын көктемнің,
Жаңбыр шайып кеткен шығар ендігі.
Кетсін деп ем, сол Алматы кешімен,
Ұмыта алмадым.
Ұмытуға бекіп ем.
Саған ұқсас көрдім Айдың елесін,
Күзгі жаңбыр жуған жолдар бетінен...
27 желтоқсан 2011ж
АЙГЕРІМГЕ
Арқа жақта сары аяз.
Адырларға шөгіп нұр,
Ақпан кетіп барады үскірігін төгіп бір.
Жапырқ та жоқ қазір, топырақ та жоқ мүлде,
Уайым бүркеп жаныңды тым алысқа кеттің бе?
Есер, есер, жел есер,
Мезгілмен не теңесер,
Бұрынғыдай және де ақиқатшыл емес ел.
Жаныңды ауыр шер басса жырлар жазып емдермін,
Мұнар емес және бұл сен өмірге келген күн...
Ұғар емес...
Себебі: мезгіл ғой бұл ерке тым,
Құстарда жоқ айдында қанаттарын серпетін.
(Құс орнына сені іздеп ұшып мен-ақ барайын,
Ақпан түнін ұзартып, мұздан ұя соғайын...)
Қырау бүркеп тұмсығын, мені көрсе еркелеп,
Босағамды күзетіп жатыр үнсіз сол төбет.
Мен аспанға қараймын,
Аспан маған төнеді,
...Құшағыңа тығылып еркелегім келеді....
Мен бар жерде бұл күннің суығы да түк емес,
Терезеңді қыраулап қонады әлі мың елес.
Тырналары тыраулап қонады әлі күлегеш,
Мың елестің ішінде тек мен ғана тірі елес...
Арқа жақта сары аяз.
Арқам жылы, алдым мұз,
Қырау жапқан самайын бұл кім деме балғын қыз.
Жаныңды ауыр шер басса жырлар жазып емдермін,
Мұнар емес және бұл сен өмірге келген күн...
Созсам қолым жетпейді, «Айды алқа ғып тағар ем»,
(Ай бетінде сенімен мекендеп бір қалар ем...)
Кешір мені!
Бәріне жетер емес дәрменім,
...Содан бері жазылмас өз қайғыммен әуремін.
Сағыныш һәм мұң да емес, қыр басынан
Сен үшін,
Бір жалт етіп ақыры сөнген кешкі сәулемін...
Кешір мені...
11. 02. 2012ж
Мен сол күні сен жайлы ұзақ ойландым...
Ақшам келді.
Арқа жаққа түн келді,
Есіл бойы,
Емен көктеп үлгерді.
Кететіндей мені алысқа сүйрелеп,
Мамық бұлттар тұрды аспанда үймелеп.
Секілді бір ақ пен қара таласы,
Жүрегімде сол жылдардың жарасы.
Тек өмірі сағынудан тұратын,
Неге мұңды, – деп күледі мына ақын.
Мендік қайғы – сендік мұңға барабар,
Көз жасыңды көрмейді әттең, тағы олар.
Сені ойладым:
Кеттім шығып елсізге,
(Бұл далаға құс келеді менсіз де.
Бұл адамдар түс көреді менсіз де).
Ақ жауынын кешіп жүріп сол кештің,
Сен кешпеген ауыр сәтті мен кештім.
Сен қасымда жоқсың бірақ Дегдарым,
Сенен шалғай жалғанады жолдарым.
Жүрегіңе қонған шаңын уайымның,
Жуады әлі қайта жауған сол жауын.
Сол жалғыздық жаны жомарт маусымнан,
Екеумізді күте-күте таусылған.
Жетер едім, түн үрейін жамылып,
Жетер едім,
Желден бұрын сағынып,
Жібермейді, жібермейді, әнеки,
Қанымдағы таудан жеткен тағылық!
Ол да бөгет бола алмас-ау,
Жан нұрым,
Кінәлі тек, менің бейғам тағдырым.
Аспанымда тұр қалжырап мұнар күн,
Мұнар күннің қасіретін де құп алдым.
...Шығар күннің шуағынан дәметіп,
Сен сияқты мен де күткен шығармын...
...Сенімен бір құшар едім таң нұрын,
Кінәлі тек, менің бейғам тағдырым.
...Екі айналмас елес сынды фәниде,
Сені күтіп құлазу да ғанибет...
09. 04. 2012
САУАЛ
Көңіл қалай? – деп ем мен,
Күз ғой дедің күбірлеп,
Өмір қалай? – деп ем мен,
Мұз ғой дедің күбірлеп...
Өзің қалай? – деп ем мен,
Сіз... ғой дедің күбірлеп.
Түсініксіз бұл күйді тарта берме, Сетерім,
Желден бұрын желпініп бір күн саған жетемін...
Түнгі салқын бойыңды тоңазытса таң алды,
Тағдырыңа жүгініп емдеп берем жараңды...
Жапанда өскен Жаутерек, жапырағы жасыл-ды,
Жапырақта жүз өлең!
Жаны да оның Ғасыл-ды...
Алау алау, алау от!
Айта алмаған арманым,
Анау анау, анау от!
Көп тістеген бармағым...
Кешкі жаңбыр төгілген жолдар беті мың елес,
Сені үнсіз сағыну – қуаныш ол, мұң емес.
...Көңіл қалай? – деп ем мен,
Күз ғой дедің көңілсіз,
– Дала үнсіз және де сіз келетін жол үнсіз...
Жалғыз ұшса түн құсы – сағынышым бір-ақ тал,
Орман да тұр орнында, мұз қатқан жоқ бұлақтар.
Мына мендік азаптың топырағы жеңіл-ді,
Жемсауына шер толған жеңеді ол да өлімді.
Тарік етіп төрт күндік осынау тар жалғанды,
Мен жүремін күзетіп қырау тұнған аулаңды.
...Күз ғой дедің көңілсіз... 19. 10. 2012ж
СҮРЛЕУ
Бұл сүрлеу тым ескі...
Жүрмеші, Жан - Гүлім,
Күтпе одан сәуірдің самалын, жаңбырын.
Бұл сүрлеу тым ескі, есінде ешкім жоқ,
Адасар онсызда көмескі тағдырың.
Қуансам мұңайтып,
Мұңайсам жұбатып,
Өзгерген мен емес, өзгерткен уақыт.
Мен бар деп осында күтпеген боларсың,
Күтпеген боларсың...
Кешіккен жолаушым.
Мың раушан гүл алып, мың бір түп жыр егіп,
Көктем де келеді өзімдей түнеріп.
Маңдайға сызбаған,
Жазбаған бесіктен,
Мен үшін өмірсің!
Тағдырсың кешіккен.
Мұздатып не өртеп кетпеді жанымды,
Өткерген өмірім – өткінші жауын-ды.
Кешірген кешірмем – боранды, дауылды,
Сағыныш жебесі – һәм өткір һәм улы.
Бәрі де ескірген...
Ескілік аңыздар,
Жолыма көктеген қырмызы ең тамызда...
Тағатын ғасырдың там-тұмдап мүжіген,
Сен жайлы жыр жазып шықтым ғой түнімен.
Кездірген үміт пен күдіктің арасын,
Шер басып, шемендер улаған санасын.
Қанша ақын сандалып,
шалдыққан,
жүдеген,
Жай еске алу мен сағыныш арасын.
Қатты бір ұйқыда жатқан да шығарсың,
Тәтті бір ойларға батқан да шығарсың.
Қатты бір сағыныш езгілеп жаныңды,
Ащы бір жасыңды татқан да шығарсың...
Ұзақ бір ойлардың түбі боп мекенің,
Қайтарып сонау-у-у бір уайымның өтеуін.
Біреуді сағынып, бәлкім, бір жыладың,
Ұмытылып шалғайда менің бар екенім.
Бұл сүрлеу тым ескі...
Жүрмеші өтінем,
(Бұл жақта жел тұрды құбыла өтінен!)
Боздала кеудесін бейуақта боздатқан,
Мен де бір ішегі үзілген жетіген...
Бұл сүрлеу тым ескі...
Жүрмеші өтінем!...
13. 02. 2013ж.
ТҮС
Түнгі ұйқымда тербеткен кім,
Сағыныш па, жаңбыр ма?
Тым кешіккен бұл көктемнің,
Серті бар ма тағдырға?
Алабұртып жүрдім ұзақ,
Аяз қонған ауламда.
Таң атпайды қыстан ұзақ,
Селт етпейді баулар да.
Сен қайдасың сағынышым,
Қасіретім һәм ыстық.
Күйіп біткен жаным үшін,
Ояусың ба, жол үсті...
Саған құлпын ашқан жүрек,
Тек, сен өмір ғанасың.
Шер мүжіген қақпамды кеп,
Түбінде бір қағасың...
Тереземе
(Сыры кеткен),
Суретіңді мың сызар.
Түнгі жауын жуып өткен,
Жолдар саған ынтызар.
Мен де жаңбыр...
Аял болса,
Сүйер едім мың түнеп.
Мүмкін, сен бір оянғанша,
Өте шығам сіркіреп....
03. 03. 2013ж
Тағы іздеп ояндым сені,
Мекенің жерде емес шығар...
Өмірде болмаған жолы,
Қайғымды сірә, кім ұғар?
Мендегі дерттен де басым,
Тұйыққа аңсарын ашқан.
Түн қатып төгеді жасын,
Бұлттарға тәуелді аспан.
Сенсіз бұл ғұмырды сүрем,
Рухыма жазмыш боп жеткен.
Көктемсіз келмейсің, білем,
Ал сенсіз келмейді көктем...
Буалдыр мұнарға тұнып,
Елесі ұшып жүр күздің.
Жасындай қою һәм суық,
Сорыма жаралған қыздың...
Аңсаудан жаны жүдеген,
Жынданған бақсыдай кейпім.
Қырық шырақтың жарығыменен,
Күзетем өткен күн бейтін.
Жүз бір жыл желпініп жеткен,
Құстардың қабағы мұңды.
Табыттан түргеп кеткен,
Ол менің азабым сынды.
Сенсіз бұл ғұмырды сүрем,
Рухыма жазмыш боп жеткен.
Көктемсіз келмейсің, білем,
Ал сенсіз келмейді көктем...
03. 03. 2013ж
Өмір
Сен жүрген көшелер.
Аялдама айлағы,
Жанымды белгісіз сағыныш байлады,
Көзімде белгісіз сағыныш ойнады.
Осынау ымыртта қабағы түнерген,
Есіме түседі қайдағы...
Жүрегі елжіреп,
Жанары сұрланып,
Сенің әр ізіңді қыбырсыз тұр бағып.
Тұр бағып сол ақын,
Ескірген көшеде.
Бақшада Көктем жүр, өмір жүр дір қағып.
Суық леп мазасыз,
Өкпемді түйреуде,
...Өкпелеп кетіп ем, қайталап сүймеуге...
Зымыстан жастығым дәл солай өтерде,
Қанаты ғұмырдың осылай күйген бе?
Жапырақ бүршігін жалғыз тал құмырысқа,
Илеуге сүйреуде.
(Не жетсін, дәл солай өмірді сүйгенге!)
Не жетсін?
Сүйгенге!
Сүйгенге!!!
15. 03. 2013
КҮТУ
Сарғайған жолдар бойымен,
Шалғайға сапар шекті қыс.
Алысып өз-өз ойымен,
Сарыарқаға да жетті құс.
Арқаға құстар келгенмен,
Аңсарым бірге келер ме?
Ақыны түсте көргенмен,
Ардағы түсте көрер ме?
Дертім бұл менің ескірмес,
Өмір бұл
Өмір – заңы үстем.
Ымыртта дауысы естілмес,
Келмейді жылы ағыспен...
Кеудеме түнде түнеген,
Бұлттардың ауыр салмағы.
Менен де бетер жүдеген,
Дүниенің мынау арманы.
Келмейсің, білем, желмен де,
Мезгілдер жасын көп ішіп.
Рубаб тартқан керуенге,
Ғазалдарымды бөлісіп.
«Ұмытам!..» деген сөз ескі,
Ұмытпас тіпті, молалар.
Жолдарым алыс, көмескі,
Күтеді бірге далалар.
Сені ертпей көктем келгенмен,
Бәрібір күтем түнеріп.
...Сандалған сонау керуеннен,
Сарғайған хаттар жіберіп...
28. 03. 2013ж
КӨКТЕМ РОМАНСЫ
Мұңға байлап қойды мені дала бұл,
Мұнартауға батып күн.
«Жылқы ішінде ұстатпайтын ала жүр...»
Киесіндей бақыттың.
Киесі ұрған шығар бізді бақыттың,
Батпан батпан, жол батпан.
Ескерткіші секілденіп уақыттың,
Сен келерсің сол жақтан...
Сен келерсің серті де ауыр, Бекзатым,
Бесіні ауған сорлыға.
Алыс маған, маған әрі ең жақын,
Таңдап алып қырау тұнған жолды да.
Сексен көлден туған шолпан жұлдыздай.
Сән берерсің өмірге.
Сүйрейді іңір саған мойын бұрғызбай,
Түн жылайды терең қазған көрінде.
Мен құштармын құм илеген белдерге,
Шер илеген тауларға.
Түн илеген көлдерге,
Сел илеген жолдарға.
Мені іздеген орманға!
О, сағыныш!
Айтарым көп сендерге,
Мұңға байлап қойды мені дала бұл,
Мұнартауға батып күн.
«Жылқы ішінде ұстатпайтын ала жүр...»
Киесіндей бақыттың...
Неге сорға қайта есігін ашты күн,
Күрең жанар күзден бе?
Боран көмген іздеріндей бақсының,
Мына жолдар қалады ертең бізден де...
Мына көктем қалады ертең бізден де...
30. 03. 2013ж
ЖАЛҒЫЗДЫҚТЫ ЖҰБАТУ
О, Жалғыздық!
Күттім сені көптен мен,
Құба түзден, қанша қысты өткерген.
Құс қанаты құтын алған даладан,
Анау қыздан
Мені сүйіп, жек көрген...
Мият тұтпай өмір берген аз әнді,
Бәлкім, сенің аз алғам жоқ мазаңды.
Аспан тіптен ашқан емес қабағын,
Қазір тағы беріп жатыр жазамды.
«КҮТУ» дейді ел –
Күте-күте талыққам,
Тіпті, күдер үзгем түнгі жарықтан.
«ТАМҰҚ» дейді ел –
Табанымен кешкендей,
(Онсызда мың кешіп жүрміз сескенбей).
Мені жылап отыр дейді біреулер,
Іңір жылап отырғанын ескермей.
Кел, кел, Достым!
Есігімді қақпа, кір,
Жүрек шіркін жарылатын шақ па бұл?.
Сенің қайғың – үнсіздікке жұтылу,
Менің қайғым – суық жел боп бақта жүр...
Жат еді онда – скрпика үні,
Би кеші,
Өмір,
Өлім,
Тұрушы еді үйлесіп.
...Сенесің бе?
Сенің мұздай мүрдеңді
Өте шыққан қақпа алдынан сүйретіп...
Сен айтқансың:
Мүлде мекен жоқ менде,
Мен айтқанмын:
Ұқпайды деп көп пенде.
...Жым-жырт түнде түс суретін салайық,
Онсызда бұл мағынасы жоқ көктемге...
Кел, Достым!
21. 04. 2013
Жүзін жасқап кешкі боран ағысы,
Тұңғиықта түмен бұлтпен алысып.
Кұба кеште кұлазыған жан үшін,
Қандай ғажап түнгі тырна дауысы...
Төгіп жасын құлазыған бауларға,
О, Мәжнүн – күз!
Мендік түске арбалма!
Түнде ұшқан тырналар жүр саз қосып,
Менің ауыр қасіретімдей тауларға.
Басам жалғыз сан мың ойдың соқпағын,
Тосам жалғыз сан мың кайғы оқтарын.
Сен екеуміз кешкен ойды мың кешіп,
Қалжырадым.
Оятпашы.
Жоқ қалім!
Түн құстары!
Қандай хабар әкелдің?
(Хат та жазбас, ол сендердей жат енді...)
У төгілген жүрегімнен ескен жел,
Сарыарқаның аязынан қатерлі...
Тамырыңды шер мүжитін кез неше,
Қайтем мендік сағынышты сезбесе.
Бұл өмірден безіп кайта оралган,
Жүрегімнен қан тамады өзгеше...
...Тағы бір сәт қанатымды жаралап,
Мынау өмір жазалады мені ағат!
Сенің нәзік саусағыңа ілініп,
Мен ұйықтаймын, жүрегіңді паналап.
Кезеп маған удай ажал оқтарын,
Суық өлім!
Ауыз салма, тоқтағын!
..Ол екеуміз кешкен ойды мың кешіп,
Қалжырадым.
Оятпашы.
Жоқ қалім!
КҮЗДЕН ҚАШУ
Жалқы сәтке байлап барлық мұратын
Тастап жалғыз кеткенімен мың ақын,
Өмірден де тартымды екен мына түн.
Өлімнен де үрейлі екен мына түн...
Аттап өтіп кеткен ұзақ болмыстан,
Мендік тілек – ауыр емес қарғыстан.
Кетті әдіра, көктемдерден жеткен құс,
Жел құшады сол теректі сен құшқан.
Жапырақпен жауып ескі моласын,
Қарашада құстай жаны тоңатын.
Қамырығын басып улы шараппен,
Күзден қашып күрсінеді көп ақын.
Ардағым-ау,
Азап болдың сен неге.
(Күткеніммен келмес бірақ, ол кеме...)
Қарашаға сіңген дауысым былтырғы,
Қара түн боп соғылады кеудеме...
Жүрегімнің қанын беріп көп түнге,
Мен жаралғам қасіретіңді естуге.
Көктем жүзін жасырғанмен гүл сеуіп,
Күзден қашып құтылмайды ешкім де...
Тек сағыныш әкелуші ең, түн бізге,
Есігіңді іл,
Қара желді кіргізбе!
Ай астында жанған әлсіз шырақтай,
Бізден қашып құтылмайды бұл күз де...
28.08.2013ж.
ШАҺАР. ҮНСІЗДІК
Қалаға жауды қар,
Қамкөңіл бақтарға,
Сүреңсіз қыркүйек ұқсайды ақпанға.
Тәні мұз гүлзардың жүрегін тілгілеп,
Маңдайға ұрады мазасыз түнгі леп.
Тізесі Есілге ентелеп тоқтаған,
Анау сұр үйлерден бір жылу жоқ маған.
Сен келер жолдардың бәрі де ақ боран,
Сен өтер сулардың бәрі де ақ боран!
Баспалдақ үстінде өмір тұр жалаңаш,
Үміт тұр ешкім кеп есігін қақпаған.
Сезгемін ол түстің бітерін,
Сезгемін мен оның үзіліп түсерін.
...Әлемде жаумаған бір түйір ақ қардай
Әлемде болмаған бір сәлем күтемін!
Шаһарлар,
Шаң көшкен мазарлар,
Бейуаққа бой созған мешіттер, азандар.
Кешіккен автобус,
Күп-күрең қабақтар,
Шылқыған қолшатыр, су кешкен балақтар...
Бәрі де мен үшін кешегі түсімдей,
(Сірә, мен өтермін ешкімді түсінбей).
Жол шегін іздеймін һәм ескі һәм алуан,
Бәрінде үнсіздік,
Асапнға не болған?..
Аңсарымды ерте кел, қараша-ау, былтырғы,
Ерте кел сен көрген былтырғы күлкімді!
Қанша күн телмірдім...
Ол қақпа жабулы,
Мұнартқан жүрекке сұр құлып салулы.
Үнсіз кеш алдыма құлайды көлденең,
Қаладым мен де үнсіз қалуды...
04.10.2013ж.
ГҮЛНАЗҒА
Мұнарлы аспан,
Мұнарлы күз,
Мұнар күн,
Аяғына шыға алмаймын бір әннің.
Көзім жұмсам көлбеңдейді елесің,
Бәлкім сені шындап сүйген шығармын.
Тереземді қақса жаңбыр тамшысы,
Ол беймаза сағыныштың жаршысы.
Мазасын ап таңғы тәтті ұйқымның,
Жүрегімде тұрды бейнең шарпысып...
Жеткізе ме?
Сан-сан тарау жол әлі,
Кімде мендік махаббаттың обалы.
Желтоқсанда желмен ұшқан бір шоқ қар,
Рухым боп кірпігіңе қонады.
Бейтаныс жол қарсы алдымнан қол бұлғап,
Аппақ елес шақырады алдымнан.
Жігерімді қанат қылып ұшамын,
Мені күтіп сонадайдан сан жылдар,
Мені мұңға көметін жол – бұл емес,
Талықсытып жиі арбайды мың елес.
Менің мынау сағынышымның алдында,
Хафиз айтқан сағыныштар түк емес!
Іздеп тапқан сарғаюдың түбінен,
Менің ең бір қастерлейтін гүлім ең.
Ең бақытты адам болып қалармын,
Маңдайыңнан бір сипаған күні мен!!...
22. 02. 2008ж
БЕЙУАҚТА ЖАЗҒАН ХАТ
Жапандағы жалғыз талдай мен күзгі,
Көкірегімді жылан – қайғы жол қылды.
Батыс жақтан соққан соңғы ызғар жел,
Үмітімнің жалғыз шамын сөндірді.
Жапырағым саудырауда сарғайып,
Жолдарымыз тоғыса ма енді ізгі?!
Арал желі...
Мұнша суық болар ма,
Мен жайлы енді сағыныш та жоқ онда.
Жыл құстары сыңсып ұшса төбеңнен,
Мен ағамды жоғалтқам де оларға.
Көкірегі тола уға зіл батпан,
Қос жанарын қатал уақыт мұздатқан.
Жалғыз қазды көрсең жем бер қолыңнан,
Оған қарап жүрегіңді сыздатпан.
Мен туралы жырын айтар сол құстар,
(Мен туралы және жылы қарғыстар...)
Жүрегімді қалар мәңгі мекендеп,
Қайтқан солай бала құстар, паң құстар...
Сені күтіп жүдеп өлген жаныммен,
Күзгі шықтай мөлдіреген арыммен.
Бейуақта жазған хатым еді бұл,
Жанардағы соңғы тамшы қаныммен...
28. 07. 2008ж
БАҚИДАҒЫ НӘЗИЛЛА
Әлем картасын жасаушылардың ойына да кірмейтін таулы қыстақтың шығысын ала орын тепкен топ қабірдің шетінде, сырқат сәбидей мұңлы жүзін ауылға қаратып Нәзилла қыздың шағын мазары тұр. Ақ қар астында...
Жапырақша жауған қарды кешіп бір,
Аппақ ұлпа тұмандарды тесіп қыр.
Сәл ескірген қабіріңді қақ жарып,
Жалғыз шыбық көкке ұмтылып өсіп тұр.
Туған мекен,
Мұңлы мекен бұл дала,
Жалғызсырап құлазиды мұңдана.
Желден өзге жебеуі жоқ жетімнің,
Жанашыры күн ғана.
О, Нәзилла!
Наз айтар шақ бұл емес,
Сен туралы сөз айтар шақ бұл емес,
Қасіретімді азайтар шақ бұл емес.
Батқан күнді нұсқап тұрып мен саған,
Айтар болсам сағынышым түгемес!!
Иен бақта бұрынғыдай жоқ әнші,
Тонапты оны мезгіл дейтін тонаушы.
Біздің сонау-у иесіз жұртты бетке алып,
Кетіп бара жатыр жалғыз жолаушы.
...Қарай-қарай көзден жасы сорғалап,
Тұңғыш көрген немересін тонға орап.
Мен аттанған алыс қырға көз тігіп,
Анам отыр жол қарап.
- Сағындым ғой,
Қайда жүрсің жүгірмек,
Ұмыттың ба, бүгін туған туған күнің-деп.
Құшпақ болып маған қарай ұшады,
Шыбын жаны шыбын боп.
О, Нәзилла!
Таудың бұлты сенделіп,
Көктерекке дауыстайды мен болып.
Көк дауылдың көкірегін қарс айырып,
Рухың жүр көктемдерге өң беріп.
...Дәл осылай түс көрдім мен таң алды,
Азан дауысы тырнап ескі жарамды.
Түркістанға төпелеп тұр аппақ қар,
Еске салып сенің жетім молаңды...
Неге кірдің түсіме?! 26. 01. 2006ж
КҮЗ ЖЫРЫ
Сарым мұңлығым!
Сағыныштан күзде сен,
Махаббаттан, менен күдер үзбесең.
Сары жапырақ арасынан табылам,
Егер мені есіңе алып іздесең.
Қуанышы құм астына көмілген,
Ақын ем мен аянбаған өмірден.
Күздің сары жапырағы ем төгілген,
Күздің суық жасы едім мен егілген.
Бейуақта қарсы алдыңды кес-кестеп,
Бейуаз бақты жұлқыласа кешкі өкпек.
Саған деген сағынышым деп ойла,
Жылап жатқан жапырақты етпеттеп.
Сайтан мезгіл сарқып айтып тәтті әнді,
“Бәрі менің еркімде”-деп мақтанды.
Мекеніне мұңын шағып соңғы рет,
Жыл құстары қошын айтып аттанды.
Жыл құстары,
Сап түзеді түстікке,
Көрдің бе, әне, өткізгендей істікке.
Ең соңында барады ұшып үш аққу,
Ең соңында барады ұшып үш нүкте...
Сары мұңлығым!
Сәт тілеймін саған да,
Сәт тілеймін, сағыныш толы ғаламға.
Сен әкелген сағынышым сан жетпес,
Сілкілесіп мәңгі кетер санамда,
Сілкілесіп мәңгі кетер жағамда!!!
19. 10. 2000ж
САҒЫНЫШ ЭЛЕГИЯСЫ
Аңсадым-ау!
Өзің жайлы алғызармын қайдан хабар,
Біз қауышқан көктемгі бақ саған құшақ жайған болар.
Мұнар басқан қала жолын жалғыз ұзақ серуендеймін,
Сағым елес жолын алдап құмда қалған керуендеймін.
Бастап барып әлденеге қыз көктемнің жұпар лебі,
Сан мыңдаған адамдардың толқындары жұтар мені.
Жүрегімде шердің табы,
Көкірегімді басқан аптап,
Әбден таныс уайымнан қашып келем сасқалақтап.
Таңғы азаннан сілкінеді талықсыған қала таңы,
Құмар қылған сан кірпіктер жебе болып мені атады.
Сарсаң қылған жолдарыңа жайып көктем жапырағын,
Сені үнсіз шақырады Түркістанның топырағы.
Сатып кетті сан достарым бұл сапарға бірге шығып,
Ұмыт болған өткеніме өкінемін тым кешігіп.
Бақыт жайлы толғанбаймын,
Ол да ермек емес маған,
Жалғыздығым – жұбанышым,
Одан кейін сені еске алам.
Көңілсіз бір түс көремін, тал түсте де ояу жүріп,
Соңыма ерген күшіктерге таныстарша қоям күліп.
Салғырт күндер санамды езіп сағынышқа желімдейді,
Өзім сенген жандар мені жылатудан ерінбейді.
Шаршасам да жолдарыңа жайып үміт керегесін,
Қараудан бір жалықпаймын вагондардың терезесін.
...Сарсаң қылған жолдарыңа жайып көктем жапырағын,
Сені үнсіз шақырады Түркістанның топырағы.
Мен сенемін сел боп аққан тыйылар-деп жасым бір күн,
Міне солай сенсіз көрген күлкіден де қашып жүрмін... 06. 03. 2005ж
ҮШІНШІ БӨЛІМ
АТАДАН ҚАЛҒАН САРЫ ЖҰРТ
ҚАРАША АЙЫ КЕЛГЕНДЕ
Баһадүрлер сияқты майданда сап түзеген,
Иіліп тұр сені еске ап,
Мың самырсын, жүз емен.
Дала мұңды болғанмен, қала таңы қарбалас,
(Жауған жаңбыр шайырдың сағынышын аңдамас).
Жан азабын кімдердің жырға қосып келем мен,
Көз жасымен аялап бұлт қарайды төбемнен.
Мен іздейтін дерегін,
Сен сен едің, сен едің,
Қара жердің қайғысын бір көтеріп келемін.
Түн де қара бұл жақта, жол да қара, бұлт қара,
Мен айтатын ескі әнді алайда, сен құптама.
Жүрегімнің жыртығын сенен басқа кім жамар,
Сенбеймін мен құстарға, кетеді алдап тырналар...
Һәм жаралы, һәм мұңлы,
Елесімен барады айлар кесіп алдымды.
Шайырлар көп айтатын күтер мені нұрлы күн,
Сағынышың боп оралам,
Ораламын, құлдығым!
Қараша айы келгенде қасымда бол, қамқорым,
Қарауытқан таулардың басында бол, қамқорым!
Жел сүйреген құмдардың ішінде бол, қамқорым,
Мен сүйреген мұңдардың түсінде бол, қамқорым.
Ақшам келсе желпініп көп ұшады сауысқан,
Ол әкелген хаттарды оқып-оқып тауысқам...
...............
Баһадүрлер сияқты майданда сап түзеген,
Иіліп тұр сені еске ап,
Мың самырсын, жүз емен.
Қараша айы болғанда, қара жаңбыр жауғанда,
Сен сияқты күтетін құлазыған орман да.
...Күз жауыны онсызда қасіретімді молайтар,
Мен жайлы ізгі хабарды іңір барып сол айтар...
19. 09. 20012
ДАЛА
Жорықтар тұтқыны шулаған,
Сары дала төсінде жөңкиді күн – ғалам.
Секундтар сыртылы ғасырларды ұрлаған,
Алдаспан жүзінен ақиқат іздеген,
Көшпенді сардары қол бастап мыңдаған.
Бейуаққы үрейді жамылып,
Тапжылмай түнеріп қарайды шоқылар.
Періште тілімен дұғалар оқылар.
Ежелгі шығыстық шайырлар –
Бандура сазына елітіп,
Кешкі бақ сәулесін жамылып отырар.
Ғашықтық хаттары...
Үздіге сағыну,
Семсерге серт байлап, есінен жаңылу.
Жас сұлу көне бір ғашықтар жырымен,
Майдандағы арысын аңсайды түнімен.
Ырысы арнадан төгілген,
Қоян жон алаптар – аңыздар тіліндей,
Бүгінді сезбейсің кешеге үңілмей.
Белестер...
Елестер кешегі,
Бүгіннен ертеңге аңыз боп көшеді.
Ежелгі қас Сақтың қаһарман сарбазы,
Қанжардан қанданған сауытын шешеді.
Көшпенді сардары!
О, менің үлгі алар ұраным,
Бұл дала мәңгілік тұрағым.
Бір сүйем жер үшін у жұтқан
Рух жырыңмен,
Ұлымның бесігін аластап тұрамын.
О, менің қасиеттім, пырағым!!
... ... ...
Ертектер ғасыры,
Мен одан кеш қалып,
Қиуасыз жерлерден қиуалы дос тауып.
Күп-күрең кеш қанын сіміріп отырам,
Аңыздағы әлдекімді еске алып... 28. 08. 2008 ж
Хат ІІ
Күз тұнжырап тұр ма тағы,
Тұнжыр-тұнжыр қыраттарда,
Түн жамылып жүр ме елесім Ай осқырған бұлақтарда.
– Албасты ма, адам ба деп қарай ма оған Мұрат көршім,
(Дәті жетсе мына мендей сағынышқа шыдап көрсін!).
Үнсіз көзбен мені ұзатып сонда бір қыз жылап қалған,
...Мен туралы ойлай ма екен жеңгесінен сұрап көрші...
Күнде өксіп қарай ма екен тәні суық жолдарға анау,
Жылдар бойы жолдар алдап жоғалған сол армандар-ау!
Менің мұжық құжырамды мұң баса ма күз жауғанда,
Жаны шіркін төзеді ұзақ өртену мен сыздауларға.
Жетек атпен кеткен атам жетпісінде жоғалған-ды,
Мұқыр атпен кеткен әкем мүгедек боп оралған-ды.
Мен сенбеймін белдерге анау қарсы алатын қусаң ғана,
Сәби жасым сарқып ішкен тарғыл шашты жусан ғана.
Сертке ұстар бұл жүректе сағыныштан басқа не бар,
Оның халі тіптен бөлек,
Жауға сайран, досқа мазар...
Күз тұнжырап тұр ма тағы,
Қурай басы жоқтау айтып,
Бізден жеткен қарлы бұлтқа қойсаңдаршы тоқтау айтып.
Тұнжыр-тұнжыр атыздарда түн жамылып жүр ме елесім,
Өз азабын тартсын солай ел қадірін білмегесін...
Мен сендерді сүйем қанша,
Сүйем қанша көк аршалар,
Басы мұнар балғын дәурен белең асып жоғалса да.
Қабағында сәуір бұлты, қарсы алады көктем жүдеп,
Күрсінуден шаршамайтын япыр-ай бұл неткен жүрек?
Жалған сынды уәдешіл, тым оспадар адамдардан,
Бір белгісіз сезік күтіп Әкем қалған, Анам қалған.
Күз тұнжырап тұр ма тағы,
Күннің жүзін қырау басып,
Топ-топ тырна бара ма ұшып әлденені тырауласып.
Мен сеземін, мұң бар сірә, қабағында қарқараның,
Талпындырған сол елесті қуа-қуа шаршағамын.
Өмір солай болатынын білген таулар, білген әлем,
Құлағымда сыңсиды әлі арба жолға сіңген әуен.
...Қиянаттың алдында егер тұрсын десең асқақ болып,
Мендегі отты сөндірші, інім!
Мұхиттарды бастап келіп...
17 маусым 2011ж
731 ЖЫЛ. КҮЛТЕГІННІҢ СОҢҒЫ СӘТІ
БІРІНШІ СӨЗ
Е, Білге ағам, ер Қаған!
Тірліктегі өкпең болса бер маған.
Тұман көрдім Селенгіні қаптаған,
Соңғы сәтім сес жасап тұр,
Сол жаман...
Кездерімді жығылған, сан сүрінген,
Қайта-қайта есіме алдым бүгін мен.
Отты айналып орда алдынан ұзамай,
Түні бойы боздап шықты бір інген.
Ол боздаса Барыскөлден көш құлар,
(Сірә, қазір бір жамандық жоқ шығар).
Сұмдық екен оны тыңдап ояну,
Әй, бірдеме сезген шығар есті мал...
Қорқаулардай үймелеген мүрдеге,
Қалың дұшпан қыңсылайды іргеден.
...Маңдайшамда қалсын солай ілулі,
Қос өкпемнен көктеп өткен сұр жебе.
Ана – далам!
Маған бір сәт берші дем,
Жарықтық ай, қос омырауы тершіген...
...Не болды екен, әлі күнге хабар жоқ,
Табығашқа кеткен топты елшіден.
Жау көбейер өлгенімді білгесін,
Мықты ұстаңдар Енисейдің іргесін.
Мені әкеткен ажалды іздеп соңынан,
Борла Қатун боздап жылап жүрмесін.
Борла Қатун!
Бөрі туған текті анам,
Оралсын деп сауын айтты көк маған.
Жасы жетпей, жорық туын түсірмей,
Өкпелеме!
Тастап кетті деп маған.
Тозбасы үшін қайта-қайта пысықтап,
Оны уақыт,
Өз қолыңмен ұшықта!
Кейінгі ұлдар кетпесін деп табынып,
Көкбөрі емес, қайдағы бір мысыққа...
Бөрі тегін бұлдырықтай сағынған,
Бір жан өтпес,
Менің ғазиз жанымнан.
Тасқа қашап тарихымды жазыңдар,
Сонау тұрған Қарабаласағұннан...
Көктеп шыққан менің маңдай теріммен,
Бір түп қайың құламасын жерімнен!
...Мынау күннің күркіріне қосылып,
Әне, тағы боздап жатыр сол інген...
ЕКІНШІ СӨЗ
...Е, Білге ағам, ер Қаған!
Қоштасайын, қолыңды енді бер маған.
Ажал келсе қарсыласпа сен де оған,
Көзін сығып күйзелмесін көл де оған,
Қаным сарқып өзім жаудан қорғаған,
Белін иіп босамасын жер де оған.
Біз көрген тек, кесапаттың алды бұл,
Жатыр күтіп әлі талай қанды жыл...
Бізден қалған бостандықтың тамтығын,
Басын тігіп қорғайды әлі сан мың ұл.
Ер Түріктің ерен қолы енбеген,
Сәлем шөлдер!
Мен тірімде көрмеген.
Аманат боп саған қалды бұл жондар,
Ұлы Қаған Тоныкөкті жерлеген.
Қалар далам,
Жау қанына шөлдеген,
Қалар таулар,
Жау жолында көлденең.
Уа, күн түбіне жортқан Беглерім!
Аспанға тұтқан өрмегім!
Жорық үсті жұлқынған қабылан жүрек ерлерім!
Ояу жатқан ұлы дала рухынан,
Тоят тапқан шерменім!
Бұрһантауда бура сойып ант ішкен,
Бұландыкөлде бұғы терісін киіскен,
Бұлт жамылып, буына желдің семіріп,
Ақырып жауға тиіскен!
Ерлерім саған Аманат!!!
Орхонсуда күзет қылған түнім еш,
Болмасын деп Бозордама құлым өш!
Алтай бетін айғыздайды қаншама,
Бүгін бізден бастау алған ұлы көш.
Әспеттеген Түрік атын, Ғұн атын,
Өз ұлтымен бірге қойған мұратын.
Бесігінде аман өсіп сол көштің,
Тым есер боп ержетеді бір ақын.
Біз алыстық,
Ел болмасты ел қылдық,
Сыздап аққан жетім суды көл қылдық.
Қол бастадық,
Қолға ерген халыққа,
Ертең ұлы ел боларын сендірдік.
...Мың екі жүз жетпіс тоғыз жылдан соң,
Мені жоқтап жыр жазады сол мұңлық...
Күмбез асты көк Тәңірін күш тұтқан,
Бұл даланың намысындай қыстыққан!
Талай ұлы ұрыстарға кіргізер,
Менен жеткен бір тамшы қан,
Ыстық қан!
Майдан аңсап алып біткен тағатын,
Өр көңілі сөндірмеген жан отын..
«Күн тағдырлы ұлтым аман болсын!» деп,
Жоқтау жырын аяқтайды сол ақын...
14. 04. 2010ж
ОРТА ҒАСЫР ҰРЫС МАЙДАНДАРЫНДАҒЫ ТҮНГІ ЖЫР
БІРІНШІ ЖЫР
Алғайдың алты қырында арғымақ атлар жусайды,
Жақсылық па ол, не Бегім?
Бөрілібұлақ суына шөліркеп жаным сусайды,
Жамандық па ол, не Бегім?
Туырлықтай жетім бұлт жел сесінен үркеді,
Жалғаннан жеріп кеткен бе?
Жалқы туған қарындас жанарға жасын іркеді,
Оған да қайғы жеткен бе?
Бозкөденің түбінен бұлдырық құстар үркеді,
Ұясын салған бөктерге.
Ала аждаһа аптығып балапан басын түртеді,
Қайрылар қайран жоқ менде.
Орманды қырқа астында ошағым қалды жел құшып,
Ошағымның басында қосағым қалды жер құшып.
Ебелек ұшпас елсізден,
Көбелек ұшпас көлсізден.
Көген сап тілеп мойныма көп күттім сені жан аға!
Ажыр-ажыр тауларда,
Қожыр-қожыр тастарда,
Қурайдан жонып сыбызғы, қауырсын тіктім жағама.
Күн бетін көлге жасырып,
Ай бетін суға матырып,
Арқарлар ауған Алтайды,
Аңсай да аңсай ақыры біздің де көңіл ортайды.
Боталаған боз інген, бошалаған құба інген,
Табынынан бөлініп боз далаға жүгірген.
Терістік белден соққан жел –
Тебінгі терін құрғатар,
Түстік белден соққан жел –
Жанымның шерін құрғатар.
Қаратаудан ел босты қара найзасын қалдырып,
Қаралы жесір боздайды бесікке қолын талдырып.
Қалаға тиді қабылан жау – қан ішпей сірә, кетер ме,
Далаға тиді арыған жау – өліспей сірә, кетер ме?
Жаралы құстай шырылдап жау қолында қалды інім,
Жат етпесе игі еді!
Жанынан безген жантықтың қолына беріп тағдырын,
Қапы етпесе игі еді!...
ЕКІНШІ ЖЫР
Қалжырап барып көз іліп кеткен уақыттың,
Құрсағындағы құнын құм басқан Ерендер,
Көрден оянып көңілді біздің жебеңдер!
Салмау да салмау самтырап жатқан қырқалар,
Сенде жоғалған кездігімді іздеп кім табар?
Сарыала қаздай самғап бір ұшқан жебелер,
Ат жалын құшып Аймадет өлген төбелер.
Үйде туып түзде өліп,
Атасы басқа дұшпанның қанынан тоят іздедік.
Күрке тіктік киізден,
Садақ идік мүйізден.
Бөрібас тудың астында хан алдына құралып,
Жекпе-жек майдан үстінде Абыздан бата сұрадық.
Аш қасқырдай алқындық,
Аш бүркіттей жұлқындық.
Іленің қанды суымен бұл елдің қаны мінездес,
Опалы туған оғылан ер обалын жатқа жібермес.
Апаннан шыққан қасқырдай алаңда қылыш жарқылы,
Қарасұр жүзі қуарып қанын бір жаудың сарқыды!
Інінен шыққан жыландай ілгекті найза сесінен,
Қаралы жоны қуарып жоталар жатыр есінеп.
Тоқсан торлы сауыттың тоғызы қалды тозғанда,
Толғап бір тартқан адырна түйреді жауды көз қармап.
Алау да алау, алау от!
Аспанға қолын сілтеген,
Жалау да жалау, жалау от!
Жотаға жолын сілтеген.
Күн астында күркіреп,
Ай астында дүркіреп,
Құрулы шепті құрсаулап айқайдан көңіл аптығып,
Жасанған жауға аттандық арыстан жалды ат мініп!
... ... ...
Аруақ, аруақ!!!
ҮШІНШІ ЖЫР
...Ертістен өттік ентелеп,
Еділге жолды келтелеп.
Қамығып қалған қалқам-ау,
Айрылдым сенен ертерек.
Мәпелеп міндім құла жал,
Құла жал шабыс сұранар.
Түнделетіп бір жетерге,
Жолымды кесіп тұр ажал.
Арқаның құба жонында,
Ақырып ұрыс салдық-дүр,
Алқымнан жауды алдық-дүр.
Алдымнан тиіп ақ жебе,
Қансырап жолда қалдық-дүр.
Оқ қылқандай төгілді,
Қан жусандай егілді.
Құзғынға күнім қаратқан,
Қимаймын әттең, өмірді.
Алтайдай алыс мекенге,
Салған бір зарым жетер ме?
Айқайлап шепті бұзып ем,
Ғазизлеген сұлтан жанымды,
Ел үшін құрбан етерге.
Қоштасып дала, бәріңмен,
Бір жатам бабаларыммен.
Тал бесігімді саған табыстап,
Тағдырыңды орап әкеткем,
Үкілі орамалыңмен.
Сауыттар кидім ақсырма,
Болаттан өрмек жапсырған.
Сүйегі жатыр әкемнің,
Сүйемдей жердің астында.
Аманат етіп бұл таудың,
Сүйелдей тасын тапсырған...
Елсізде ер сап телпекке,
Тік жүрген еркек еркек пе?
...Мен жайлы аңыз айта жүр,
Ішіңде қалған тентекке...
Ауылым қонған Алакөл,
Алакөл мендей жаралы ол.
...Медиенде жатып мерт болсам,
Жазыда қонған жұртымнан,
Бір уыс топырақ сала көр!!!
Отауым қалды белінде,
Төсегім қалды төрінде.
Атаңа нәлет дұшпанды,
Жатармын тосып көрімде!..
11. 01. 2010ж
БАЛЫҚ ҚИССАСЫ
…Базар маңындағы дүңгіршекті көлеңкелеп, бір жасар шамасындағы қызын алдына ұстаған жесір әйел қайыр сұрап отыр. Қашанғы жетіспеушіліктен тұратын тағдырына бетбұрыс жасауды үнемі ойлаумен жүретін қоңыр қалта жас ақын қалтасындағы соңғы жармағын оның алдына уыстап тастай салып лашығына жаяу жол алды… Жұмыссыз журналистің күнделігінен. ... ... ... Жұмақтың деміндей бұл Шығыс аңызын, Есімді шақырдым ерініме тамызып... Кержағал өлімнің соңынан жол алған, Керуендер ізімен өмірге оралған. Топан су зауалын мың жылға шегерген, Ізгілік мұраты о, неткен өлермен! Бір минут үнсіздік! Суалған жанардың, Бір минут үнсіздік! Су алған ғаламның. Көркі үшін және де көктем мен күздердің, Ақ жаңбыры өшірген көмескі іздердің. Құрметі үшін деп құрсақта аунаған, Сәбидің үмітін санамен қорғаған. Иллахи жазбадай жоғалған бір беті, Қазірше осылай адамзат құрметі. Тозақтың алқызыл жалыны лапылдап,
Дәл осы сәтімдей жауапқа шақырмақ!
Бір тамшы көз жасы!
Мейрімді һәм ізгі,
Сол оттан құтқарып алатын тәрізді.
Табаның астында күрең түн кісінеп,
(Сені ажал себепсіз босатсын тісінен).
Бір тамшы көз жасы!
Азалы һәм мұңлы,
Көпірден тосатын сияқты алдыңды.
Қу жаным сен үшін,
Құрбандық жиғаным,
Кешірсін тек қана Паруардигарім!!!
……………….
Ізгілік мұраты!
Белгілі тозбасы,
(Дәлелдеп жатпаймын оны енді өз басым!).
Құтқарып кетсе тек, Ахирет сотынан,
Жүзіңнен сырғыған бір тамшы көз жасың…
24. 02. 2010ж
АЛЕКСАНДРИЯ МАЯГЫ
Шалғайдан келер кемені, кемемен келер інісін ұзақ күткен сорлы қыз өз қолымен жасаған шыны шамның түбінде қалғып кетеді. Екі жылдық сарғая күту оны әбден шаршатқан еді... Фарос аралында түн ортасы ауа күшейген боран шамды құлатып сөндіреді. Қыз інісі мінген кеменің жақындап қалғанын сезбейді. Бағытынан адасқан кеме су асты құзына соғылып ғарық болады. Хабарды естіген ғаріп қыз жынданып кетеді... Материялдан
Шетсіз-шексіз мұхиттан аттап өтіп аласа,
Босағама келді үнсіз қартаң жүзді қараша.
Қабағында қорқыныш, әлде уайым,
Әлде мұң,
Біздің елге қош келдің, қара шұбар сәлделім!
Көшелер тұр жүдеген, күркесіндей жесірдің,
Жесір көше алдында тайсалмастан шешіндің...
Қалған еді онсызда мезгілдерін аяқтап,
Бала құсымды үркіттің Қараөткелден таяқтап.
Саған бірақ жоқ өкпем, жоқ және де базынам,
Мен бір аңқау Ертіспін ерте айырылған қазынан.
Сендік шексіз зорлыққа жетсін кімнің қиялы,
Еске салдың кешегі зарлы Александрияны.
Жүрегі ізгі, аяулы адамдарға үндемей,
Мен де күткем біреуді қаңтар демей, түн демей.
Мендей шерлі шайырдың бір келер деп қасына,
Шырақ жағып қоюшы ем төсегімнің басына.
Оралмады ол әттең,
Оралмасын білген ем,
Кешкі бұлттың артынан үнсіз жылап тұрды өлең.
Жетім түскен көрдей боп, жұртым қалды Алтайда,
(Жалғыз шырақ түбінде аңсай-аңсай қартайғам...)
Анам қалды тағы да ақ інгендей арыған,
Неткен мұңлық жан едім соры қалың бағынан.
Серіліктаудың сенделген мен едім ғой барысы,
«Ағажайдан» аумайды сәбиімнің дауысы.
...Ей, қараша, қараша,
Көктемдерден аласа!
Ұнатып та кетпеуші ем, жек көріп те сені аса.
Өкініштің мендегі ең соңғы улы тұяғы,
Неге салдың есіме зарлы Александрияны?!
Жайып тастап алдыма күрсіністер жинағын,
Бәтшағар-ау, тағы да неге ұзақ қинадың?..
Мендегі әлсіз үміт қой, қиын қылса ол да өлер,
Сеңдер көшіп ізімнен көктем келер, сел келер.
Талай-талай жүрегім сағынышқа тербелер,
Таяғына сүйеніп, табытымды арқалап,
Қызыл-жасыл дүние әлі талай дөңгелер.
...Серіліктаудың сенделген мен едім ғой барысы,
«Ағажайдан» аумайды сәбиімнің дауысы...
Бұлдыр-бұлдыр белдерден аттап өтіп аласа,
Буырқанып, бусанып бізге жетті қараша.
...Ей, қараша, қараша,
Көктемдерден аласа!
Шемен буған шайыр деп ескермессің мені аса.
Қарлы бұлтқа ілісіп, қиыр шеттен жеткен күз,
Күте-күте біз сені күдер үзіп кеткенбіз.
Сендік бейқам көңілдің қағып қалып арқасын,
Салған әнім жаңғыртар Александрия жартасын...
01. 11. 2009ж
ҚҰМДАҒЫ ШАЙЫР МОЛАСЫНА ҚАШАЛҒАН ЖЫР
Күн астында арқандаулы есектей,
Көмпіс ғасыр мүжілуде судағы мұз кесектей.
Сайф Сарай жырындағы сол дана түн, қара түн,
Тамұқтың ең түбіндегі шоққа малып қанатын.
Мың сан жасақ жұлдызымен қоршап алып іргені,
Босағада тұрған құлдай келеке етер құм мені.
Байырғы бір керуендер басып өткен сүрлеуге,
Бозаң айдың боз сәулесі шашылады бір демге.
Қиқуы өшпей құлағында қантөгіс пен ұрыстың,
Ежелден-ақ соры қалың бұл бейкүнә шығыстың.
Қарға, құзғын сұлулардың омырауында тояттап,
Кешкі ұйқымнан құрсақтағы сәби даусы оятқан.
Шық тұнған қыр бейне менің күзгі өкініш жасымдай,
Бозаңғырт Ай шөлде қурап қалған ақын басындай.
Иесінің өмір көшін алдап соққан ұры күн,
Қосаяқтар кеміреді алдаспанның сынығын.
Көне Түрік сарбазының санына ілген садақтан,
Орта шығыс орманынан үркіп атқан абат таң!
Сақал-шашын қылау-қылау шаңы басып ғасырдың,
Көшпенді шал жүзін құмға көшіп жүріп жасырды.
Енді олар жоқ!
Сенде жоқсың, ей, мызғымас құба қыр,
Қария құм құрсауында болар ақыр тұрағың.
Әлі күнге ажал жайлы ақиқатқа берілмей,
Адамдар жүр қателігін қайталаудан ерінбей.
Жебірейіл семсеріне күніне бір кездесіп,
Оған тағы асықпайды ақындардан өзгесі.
Хауыз бақта шарап ішіп, айтылып сан күпірлер,
Кедейліктің күрмеуіне сабаздарың түкірген!
Тынымсыз бұл тіршілікке бермей өткен кеудесін,
Ғазал пірін маусымдар кеп мәпелейді өлгесін.
Сол ерлердің моласына керуен-керуен жыр түнер,
Шоқ жусанды жуындырып, таңғы жаңбыр сіркірер.
...Сайф Сарай жырындағы сол дана түн, қара түн,
Тамұқтың ең түбіндегі шоққа малып қанатын.
Айрық жолға өзің тіккен жыртық-жыртық қосыңда,
Саған да бір кезек берер соңғы жырыңды оқуға.
Суық күліп табытыңды өз қолымен шегелер,
Құм жырына құлақ түріп құлпытасың көнерер.
Рухыңды бауырына басып үнсіз тұмандар,
Мазарыңның іргесінен ін қазады жыландар.
Мен сияқты дос боласың үнсіздік пен мезгілге,
Мен сияқты қас боласың уайымшыл сол күзге.
Бейуақта еске салып фәнидегі күнәсін,
Жанап өткен жолаушыға үрей сыйлап тұрасың...
Мен сияқты...
28. 02. 09 ж
КӨК ТҮРІКТЕРДІҢ ЖОРЫҚ ЖЫРЫ
Жалаңаш барып жауға ти,
Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр!
ШАЛКИІЗ ЖЫРАУ
...Баста бізді, бөрі-Ене!
Теріскей белден тер ақсын,
Күнгей белден ақсын қан!
Шаһитсіз кеткен талайдың
Сүйегін Жер де жатсынған...
Отыздағы мылжыңдар көлденеңдеп жолыма,
Қырықтағы қылжыңдар ербелеңдеп сорыма,
Он жасымда сауал ұрттап, сегіз перен Ой ұштап,
Он үшімде он екі тұтам жай ұстап,
Он бесімде құрама ер салдым тоқпақ жалды торыма!..
Дулығасы бұлтқа жетіп шарт сынған
Бұлан да бұлан, бұлан Ер!..
Бұландыкөлде айқаста Тәңіріге өзін тапсырған,
Уай, біздің Ерлердің күні батқан жоқ!
Қызыл жібек шымқай жамылып,
Қыз-қыз керуен тірлікте
Ар-ұяты ала жіпке таңылып,
Алтын тақ үшін Ата салтын сатқан жоқ!
Жатпасы үшін қарт шежіре
Қайтара бізге тас атып,
Тобылғы түбі тосатып,
Қорамсақ қорын босатып,
Арсылан жауға тимемсе,
Отына кектің күймемсе,
Ел үшін жанымыз құрбандық, жамбасымыз жерге тигенше!
Ұлдарымызды үзеңгілеріне құл ғып байламақ,
Қыздарымызды қызыл жайламақ...
Атаңа нәлет көп дұшпан тағы да келер жақындап!
Уай, қабылан Ерлер,
Қапылда,
Тәңір отындай лапылдап,
Сайын даладағы сансыз мақұлық
Қызыл у желді олай да бұлай сапырып,
Соңымыздан бірге жосыла,
Тиейік жауға ақырып!
Кесілген басы төбе боп тауымның шетін толтырсын,
Шашылған қаны өзен боп көлімнің бетін толтырсын!
Шаһитсіз кеткен талайдың
Сүйегін Жер де жатсынған.
Теріскей белден тер ақсын,
Күнгей белден ақсын қан!
Біз әзірміз!
Баста бізді, бөрі-Ене!..
Ей, кесір жау, кесір жау,
Тұманды тауда ет қақтап,
Күмәнді Түзде дәт қақтап,
Шынжырлы сауыт киісіп,
Бөрітектес Оғландар астана жұртыңа қырғын тиісіп!..
Арғымақтар белін талдырып,
Асқынған арам қаныңа адырдың шөлін қандырып,
Адыра қалған тәніңді Ай сәулесіне қыңсытып,
Көрерміз сенің жүзіңді,
Кесілген басыңды ер қасына алдырып!..
13. 04. 2010ж
ТҮНМЕН СЫРЛАСУ
Түн келді,
Тереземді тұмшалады,
Аулақта, алыс тұр бір таң әлі.
Таңдайымды қаңсытқан тәтті жырдың,
Тартылып тұр алдымда құр табағы.
Түн қонды,
Тымпиған шал – тау басына,
Құлақ түрем сыбдырға, болмашыға.
Ай дейтұғын жанары жансызданған,
Қарай берем жарымжан жолдасыма.
Түн келді,
Тәтті шағын кімге берді?
Мен тұрмын жоғалтқандай бірдеңемді.
Сырлы өмірдің сыртынан бұғып барып,
Бастап кеп жіберер ме ем дүрбелеңді.
Түн жайды,
Жан-жағыма жаялығын,
Туған ел, алаңсыз бол,
Ояу ұлың!
Дүрбелең салмақ тұр ғой,
Тілемеймін,
Сәбилердің ұйқыдан оянуын.
Сәбилер!!
Болашақтың солдаты олар,
Тыныштығы жоғалса зорға табар.
Қорғаймын мен ажалдан
Қиын қылса,
Бодауына маған кеп таңба салар!!!
27. 03. 2001ж
ТІЛДЕСУ
О, зарлы бақ, зарлы бақ!
Ояндың ба, өз қайғыңнан қалжырап.
Қарт теректің қабағында қарыс мұң,
Қаусап біткен иықтары салбырап.
О, зарлы бақ, жетім бақ!
Сүркей түннен ояндыңдар не тыңдап.
Желікті ме қыстың суық бораны,
Сәби талдың аяқ-қолын отындап.
Өзіңдегі қасіретті, қайғыны,
Түсіне алар адамдардың қай бірі.
Өліп-өшіп құлады ма үстіңе,
Ақ кебінді албастыдай Ай нұры?
Дүниеге тірлік отын маздатқан,
Көктем келер шуақ шашып жан-жақтан.
Жаудан қашқан жалғыз кемпір секілді,
Шашын жайып жоғалады қарлы ақпан.
...О, зарлы бақ,
Мұңлы бақ!
Баурайыңда тулайды әлі мың бұлақ.
Сонда екеуміз оянамыз бірлікте,
Қара түннің кеудесінен ұрғылап!
08. 02. 2003ж
АЖАЛ БИІ
Алқызыл іңірдің түнге ауысар өлара шағында, «Apollon» сауықханасында екі иығын жұлып жеп билеген жартылай жалаңаш сұлуға тебірене қараған Шайырдың ойына даңқы көк тіреген Ай мүйізді Ескендір патша мен Роксана оралды...
Мейірімге шөлдеген бұл мылқау әлемде,
Сұлулық жоғары екенін дәлелдеп...
Серпіліп ортаға шықтың да биледің,
Ажалдың жырына жазылған әуенге.
Қалайша мең-зең боп отырам енді мен,
Бұл жаңа заманның еріккен Еңлігі ең.
...Бойымда оянды үрейлі бір жыртқыш,
Өмірді сүйетін қан жұққан ерінімен.
Жалғанды жапырып басып бір өтсем де,
Жастықты сапырып шашып бір өтсем де.
Қасыңа жеткізер жол таппай қорландым,
Жарымның көзінен секіріп кетсем деп...
Секіріп кетуге, әй, жолым болмады,
Есер бұл намысым өз-өзін қорлады.
...Шалқая отырып папирус тартуға,
Беліме батады тапанша салмағы.
Сусаған мейірге сұлулық жолдасым,
(Мен келгем өмірге солармен қолдасып).
...Батады тәніме сонау бір жылдары,
Иығымда қап қойған бір түйір қорғасын.
Шер толған тәкаппар жүректі дуалап,
Есер бұл сезімнен қалыппын тұралап.
Қосылып кетіппін ұмытып өзімді,
Жүргендей жыланды «жұмақтан қуалап».
Қашанғы мендегі қуатпен санасқан,
Бұл аспан орынында,
Баяғы сол аспан!
Айнала анталап қарауда адамдар,
Адамдар...
Оларды ұмытқам о бастан!
Шашыңдай қоп-қою түн жатыр алдымда,
Түннен де салмақты мұң жатыр алдымда.
Ажалдай алқынып, өмірдей күрсініп,
Аһ ұрып зарлайды киелі Бандура.*
...Кедейдің үйінен аттанған қонақтай,
Жалғыз қайттым мен де, мойыныңа қол артпай.
Келді ақыры елесің төсекке ілесіп ,
Иығымда қап қойған бір түйір сол оқтай...
Бандура* - көне Шығыстың саз аспабы.
25. 02. 2010 ж
ТҮН. ӨСКЕМЕН. АЛТАЙДЫ АҢСАУ
Ислам Әбішевке
Ескіртіп жыл азабы,
Сарғайтып күн аптабы,
Өзіңмен қайран Алтай, қауыштым жылап тағы.
Жорықтар шаңын жұтып, найзасын түтін шалған,
Түркінің тумасы едім сен үшін күшін салған.
Қалдырып күнгей бетін қанша жыл ел аунады,
Ертістің енін бойлап қанша жыл сел аунады?!
Түрусіз түндігімді жұлқыды қанша боран,
Іргеме қонды қанша іңірде шаршаған ән.
Былтырғы кеткен құстар келді әне, жолаушылап,
Соңғы құс мен іздеген мұңлығым сол-ау, сіра...
Есімде:
Сол бейбақтың қадірін білмеген түн,
Есімде:
Осы тауда емендер бүрлеген түн.
Жол қарап жүрген шығар жолсызбен кеткен ерге,
(Желіккен жетесізі айналып кетті өлеңге).
Шығысқа апаратын ақырғы жол емес бұл,
Батысқа әкететін сапарлар соңы емес бұл!
Алтайдай жүрегі бар, рухы өр, санасы аман,
Ертісім қалды аманат – Ислам аға, саған!
(Ертістей қаны таза, бекзада аға, саған!..)
Іні боп ергендерге жараған ағалыққа,
Сыналған адамдығы өткелсіз сан ағыста.
Шөлдеген адалдыққа, ездіктен запы ғасыр,
Ер едің аты Ислам, жаны – мәрт, Заты – ғасыл.
Өзінің биіктігі өзіне жара салған,
Тауларым тағы аманат – Ислам аға, саған!
... Ескіртіп жыл азабы,
Сарғайтып күн аптабы,
Өзіңмен қайран Алтай, қауышам жылап тағы.
Мамырда найзағайдың оғына жараланар,
Жүрмейді шың басында алайда, шағалалар...
Сыймаймын дүниеге,
Сыймаймын аспан, жерге,
Мендегі қалғаны тек – өкініш басқан кеуде.
Осылай өкіндіріп өтеді өмір жазған,
Парқым аз менің сірә, мекенсіз қоңыр қаздан.
Еңсемді езеді мұң, басады қорғасындай,
Ақшамда жауған жаңбыр бейне бір көз жасымдай.
Анасы Алтай үшін өлуді бақ санаған,
Еліктеп ертегі еміп, ой алған әфсанадан.
Сенің өр даңқың үшін, семсерлі сертің үшін,
Неркескен намысың һәм қастерлі көркің үшін,
Хафизді етіп үлгі ақын боп жаралсам да,
Мен сені бермен әсте жиырма Самарқанға.
Ерлікті, есерлікті серт еткен салты күшті,
Іздей ме мынау аспан,
Мекенсіз жалқы құсты?...
...Іңірде туған айды тіреу ғып өз басыммен,
Сен үшін жыр жазамын, қайғым һәм көз жасыммен...
17. 06. 2011ж.
Тебінгісін тер басқан,
Бұқадай мойынын алты қарыс шел басқан,
Жолбарыстай шұбардың
Ақ таңға белін талдырып,
Төскейдегі ордалы жылан тобының,
Іргесінде алаң ұйқысын қандырып.
Ақ шатырдан айбалтасын ала ұшқан
Ата жауының тілерсегін қидырып,
Айдарын кесіп,
Ай тұмсық көн етігін сүйдіріп.
Әлпештеген ай жүзді һәм күн көзді
Арушасын олжалап,
Қас жүректі қалмақтың басын дорбалап.
Арқар мүйізді ала садақ асынып,
Жаудан алған мың жылқысын күн астына жасырып.
Айғыр мініп ажыр-ажыр белдерден,
Бұланай таудың барысын ала мысықтай өңгерген.
... ... ...
Бұлдыр да бұлдыр күн өтті-ау,
Күн өтті-ау біздің ерлерден.
Бетегелі сары арқаның белінде,
Бейбарыс кеткен берекенің жерінде.
Қызтеке туды, қыран деп күткен құрсақтан,
Жылан боп туды...
(Жатырына кілең құл шапқан!)
Отызында орда емес, қора маңынан ұзамай,
Қырығында қырда мас боп жүр ағай...
Кеше тіпті, Папа алдында құлдай сүмеңдеп,
Қымызым түгілі, қызымды қойыныңа тігем-деп.
Сорлы қазақтың намысын нандай илеген,
Абайдың тілін қырасау темірмен түйреген.
Тұз артқан құнан өгіздің басын ұстауға жарамас,
Сұлбасында сансыз жұрттың реңі аралас.
Ауызына иман кірмеген алпыс жеті жасында,
Қимасын Хиюаға сатқан қарттың асында
Телпектер айтты төрелік...
Жын төгілген күлтөбенің басында… 09. 02. 2009ж.
ЕРЕЙМЕННЕН АУҒАН ҚҰЛАНДАР
Маңдайыма ақыры солай тағдыр жазды Алла,
(Мекен іздеп жеріне қайтады ғой қаздар да!..)
Мұхиттардың төсінде мұзтөбедей сенделген,
О, Ереймен даласы!
Рухым бір сендермен!
Мынау байтақ өлкеден тұман ауды сан мың жыл,
Құлан ауды сан мың жыл!
Мынау шаһит даланың сорындай боп ең соңғы,
Ымырттағы үнсіздік басады ылғи еңсемді.
Сырғып көшкен сағымға жоталардың еті өлген,
Адырлары аңырап, қыраттары жөтелген.
Дала!
Сенің даңқыңды жырлап мен де тауыса алман,
Тұрады өзі бұл ғұмыр – жоғалту мен аңсаудан...
Құлагердің қапыда қаны тамған ұлы аңғар,
Қасіретіңді тек қана түсінеді құландар.
Уа, құландар!
Қуғында жебе осқан арқасын,
Шақырады шалғайдан Ерейменнің әр тасы.
Қарашаның желінде қызыл қаны тамшылап,
Сені жасқап қала алмас Батыраштың балтасы...
Мезгіл уы маңдайын мың елеске бояған,
Мың бір түрлі жазмышын дұшпаны да аяған.
Мен де ауған өзіңнің құланыңмын,
Жондар-ау,
Қалайыншы қасында шақырмаңдар, жолдар-ау!
Құлагерім – пырағым,
Сусызға біткен құрағым!
«Қарға жүнді қандасым,
Үйрек жүнді оттасым!»
Уа, Ереймен, елдесім!
Еңіреп туған шерлесім!
Жатсына көрме мені де, желігіп жүрген көп дұшпан,
Көзімнің жасын көрмесін!
Мендік шерді жалғанда жырлап мүлде тауыса алман,
Тұрады өзі бұл ғұмыр – жоғалту мен аңсаудан...
Сол үйірден едім мен,
Жебе осқан арқасын,
Шақырады шалғайдан Ерейменнің әр тасы.
Қарашаның желінде қызыл қаны тамшылап,
Жасқап бірақ қала алмас Батыраштың балтасы...
15. 07. 2010ж
ЖАН САҚТАУ БӨЛМЕСІ
Жан сақтау бөлмесі.
Сыртта күз – қарасан,
Өмірімнің соңы ма ең, о, меңіреу қараша!
Қасымда жоқ тағы аусарлау адамдар,
Адамдар және де теңгеден аласа.
Сорыма тағы не жолықты көлденең,
Жаным бар мұздаған,
Тәнім бар өлмеген.
Ажалдың қолына жармасып жүр үнсіз,
Емші қыз мен мүлде білмеген, көрмеген.
Жармасып жүр үнсіз,
(Жанымдай ардағым),
Бөлмеден сеземін жалғыздық салмағын.
Өзімді табалап тұрғандай алдымда,
Өзімнің аруағым...
Өлімдей аһ ұрып,
Өмірдей есінеп,
Жанарымда ойнайды жалқы нұр несіне?
Тұрфанның тұнжырап ататын таңы ма,
Балқаштың балбырап сөнетін кеші ме?..
Шырақтар жалтылы –
Бір үрей, бір үміт,
Жүр ажал қанжарын қадауға құнығып.
Қараша кешінде қабықтай қалтылдап,
Жаным тұр өмірдің бұтағына ілініп.
О, бейбақ тағдырым,
Сен неден түңілдің,
Тым шалғай жол тартқан мен асау ғұмырмын!
Сәбиім, жарым боп жан таппай шырылдап,
Алыстан жетеді дауысы құлынның.
...Кеше алсаң алдымен
Е, ажал сен кешір!
Неге ғана ақын боп келді екем жерге осы.
...Жаныма түбінде тыныштық орнатар,
Еһ, дүние!
Сен де бір жан сақтау бөлмесі...
10. 11. 2010ж.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру