Шығармалар жинағы 5 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Қалижан Бекхожин
Қалижан БЕКХОЖИН ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ 5-ТОМ Алматы УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Б 39 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Құрастырушылар: Зайда Бекхожина, Мирасгүл Бекхожина БЕКХОЖИН Қ. Шығармалар жинағы. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2014. ISBN 978-601-03-0202-0 Т.5. - 380 б. ISBN 978-601-03-0257-0 Қазақтың көрнекті ақыны Қалижан Бекхожиннің бұл жинағына кезінде жұртшылықтан жоғары баға алған балладалары мен аңыздары еніп отыр. Қаламгер Шығыс поэзиясының інжу-маржандарын қазақ тілін сөйлетіп шеберлігін танытады. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44
ISBN 978-601-03-0202-0 © «ҚАЗақпарат», 2014 ISBN 978-601-03-0257-0 Б 39
ПОЭМАЛАР МЕН ДАСТАНДАР СҰҢҚАР ТУРАЛЫ АҢЫЗ Революционер ақын Сәкен Сейфуллинге арналды І Осынау арнау жырдың есесіне, Кешіккен сәлемімді кешесің бе? Есіркеп тұрмын қарап, Ескі үйге – Алматы, Карл Маркс көшесінде. Бұл бір үй – ақындарға болған орда, Талай жыр тауап еткен толғанарда. Енді тұр... Бұлбұлы жоқ бақтай мүлгіп, Шырмауық әлде гүлін торлаған ба? Ол кезде іші күмбез, даласы бақ, Тұратын зор бәйтерек дара сұңғақ. Басында алмалықтар, мәуе бақтар, Жайқалған жас өрендей жарасып-ақ. Әлі тұр, сол бәйтерек қозғалмай тік, Қоңыр үй, жел қаққан ба, тозған қайтіп? Отыр ма әлде сонда
Саят жыршы, Жарына аққу жырын наз қып айтып? Отыр ма, Әлде ойға жүзіп ақын, Бәйгіге баптап қайта қызыл атын. Ақты ма қиялында экспресс, Мінсе жұрт ағысына қызығатын? Бөгелдім есігінен аз-ақ аспай, Жас күнгі әдебімше жаза баспай. Онда мен Шынардай ем шық шалмаған, Бұл күнде Қыраулымын боз ағаштай. Бірақ ол Үлкен әлі жыр ағашы, Өтсе де ұзаңқырап жыл арасы. Сүрленген жүрегімде наз жырым бар, Ағаның сапардағы сыбағасы. Иә, сол бастау жырдың жалғасы бар, (Басы жоқ, басы отқа жанған шығар). Оқиын дастанымды ұстазыма, Тағы да маған сәтті жолдар, сынар... Қоңыр үй! Үй едің ғой бақ құсаған, Тұғырдай ақындарға ақ босағаң. Жыршылар жиылды ма? Дәл төрінде, Отыр ма, ақыл айтып ақ бас ағам?
Өлеңдей гүлге толық сонда маңың, Гүліңді иіскеген сол баламын. Көктем ғой, Әлде қарың еріді ме? Жағама неге тамшы сорғаладың? Қоңыр үй, Тебірен де, жаңғыр жылдам! Көгімнен ауды сұр бұлт, Жаңбыр қуған. Шыңынан Алатаудың сұңқар ұшты, Тыңда сен, Жас жырымды таңғы туған. Өлеңге ашыла ма ая мұндай! Қазір де тойлы күн ғой баяғыдай. Жетекте жігіт жырым. Аш есікті, Бөгеліп тұрған шығар аяғым жай... ІІ Қазірдей көктем емес, Онда күз де. Албырт шақ. Дүние де кең де бізге. Ақылын ағалардың Тағылым тұттық, Ар-ұят ұялаған кеудемізге... Тап осы кең есіктен кіріп әрең, Шәкірттей сынақ күткен, дірілдеген. Ендім де, Сәлем беріп, қалдым қатып, Естілмей жүрек үні дүбірлеген.
Бәлкім бұл жырға тұңғыш сапар шығар, Ақынға сын соңы жоқ, Сәт алды бар. Бұл үйге тәжім етіп жүгіретін Мен түгіл, Сол кездегі сақалдылар; Жарқ етті Кең маңдайлы шұғылалы, Қыран көз! Бір қараса сыр ұғады. Өзі де поэзия – Түсі маңғаз, Көріп ем, жиындарда сұңғыланы. Өзгеден ол өзгеше Сұңқар адам, Даңқынан, сымбатынан сыр тараған. Сөйлесе Сәкен аға – Ынтық болып, Мұртының қимылына жұрт қараған. Көргенде сөз гулеген жиын жерде, Сұсты еді Әлдекімге шүйілгенде. Ал қазір Жомарт жүзі жылы тартты, Алғашқы көргенім ғой үйін мен де. Дастарқан жаюлы тұр киелі, Кең, Нұсқады орындықты иегімен.
Отырдым үнсіз ғана, Тұлғасына Телміріп, пейілімді ие мүлдем. Өлім ғой – ықтырынса жақтырмай ғап, Қалпымды көз қырымен шықты байқап. Қасында біреу отыр Күйкі ғана, Сұңқардың қасындағы сұқсырдай тап. Бәйтерек жалғыз тұрса жараса ма? Өспей ме қасында тал аласа да? Болатын сырластары сондай кіші, Әзілге, серуенге, тамашаға... Есімде: Демалыс күн. Ол жайдары, Сол бір сәт тынған шығар жыр майданы. Алды бір мереке ғой, Осындайда, Әзілдің шертілетін сырнайлары. Тұлпарға үйір келер ат болар тай, Тай едім жыр соңында аттаған жай. Назары ауды маған. Қуандым мен, Ежелгі үмітімді ақтағандай. – Ұлымын сізге мәлім Нұрғожаның, Азырақ әкемшілеп жыр жазамын. Жырым бар сұңқар жайлы... Ұяламын, Оқуға олқы ма деп сыр – ажарын.
– Жыр болса оқы, бала, абдырама! Мұндайда шіркін сабыр таптыра ма? Шынымен қысылдым мен. Тай қадамын, Арғымақ менсіне ме, жақтыра ма? Қызарып кетті білем құлақ-шекем, Уа, қандай қиын сынақ, ауыр сәт ең?! Боздақ жыр, еске сақта! Бұл сағатты, Алдымда отыр ұстаз – ақын Сәкен... Арнап ем өзіңізге бұл дастанды, – Оқи бер! Сонда былай жыр басталды... ІІІ ...Дауыл күз... Теңіздей көк буырқанған, Сұр бұлт, ақ көбігін бүркіп ауған. Аспанның селебесі жарқ еткенде, Саңқылдап сұңқар ұшты бұлғыр таудан. Бұлттардың бұлан-талан әлегінде, Толқындай топырласқан бәле мүлде. Құзғындар, қарақұстар майдан құрған, Құстардың еркін жайсаң әлемінде. Лашындар, бозторғайлар шырылдаған, Алапат аспан асты сүргін ғалам. Шыңынан Көкшетаудың қан сорғалап, Қиядан балапандар құлдыраған.
Көк дауыл соқты қатты, құз құлар ма? Айналды найза тастар Мұзды қарға. Қанаты найзағайдай қызыл сұңқар, Шүйіліп шыға келді құзғындарға. Керемет тегеурін бар топшысында, Сондай күш болған емес көк құсында. Қарпып тез, қасқырға тең қияқтыны, Қиядан домалатып атты суға. Құрсаулы қамалдай көк қара тұман, Сайысқан сұр тұмсықтар қанаты қан, Сұңқарды қамалады қым-қияда, Мұз қатып кірпігінен қар атылған. Қылыштай ақ қанатын сермеді де, Талайын сұңқар қысты шеңгеліне. Қуалады қанды ауыздар Бурабайға, Тулады толқын сыймай шеңберіне. Қайнады құс майданы қиын шыңда, Қияқтар оңайлықпен қиылсын ба? Топшысы жараланған сұңқарымды, Қоршады сұмдар таудың қуысында. Қапыда түсті сері темір торға, Сұр жендет құзғын отыр қорып сонда. Сыңсыды аққу-қазбен көліндегі, Көкшетау – сұңқарларға төркін орда. Жоқтады сол сұңқарды бұлбұлдары, Ащы еді торғайдың да мұңлы зары.
Кенеттен қызыл тудай күн жарқырап, Қара бұлт ғайып болды жылжып әрі. Жайнады көк те, шың да, Шалқар сай да, Шырқайтын сонау көкке сұңқар қайда? Тағы да зарла, бұлбұл, Шула, құстар, Қас қыран сұңқарымды құтқармай ма? ІV Бітті жыр. Тер жосыды маңдайымнан, Төрелік болар екен қандай бұған? Алдында Жас баладай жаутаңдадым, Өлеңге, Сол кісіге бардай кінәм. Ол тұрды. Ойға, сірә, батты білем, Алыста Алатау тұр көк тіреген. Ұшты ма қанаттылар Құздан сонау, Тоятты алғыр көзі тапты неден? Білдім бе, не керемет тұр есінде? Тайғақ жол, тар өткелдің күресі ме? Көзіне көрінді ме, Сұңқар сынды, Түскені тап жауының түрмесіне. Айналып Алатаудан ол қарады, Азырақ сұстанғандай өр қабағы.
Қиялын қозғады ма, әлде, әлгі Сұңқарды құзғындардың торлағаны. «Сұңқарды лайық емес бұлай жырлау, Жырыңның бейнелері буалдырлау. Жігітім, қанжар болсын албырт жырың, Үзілсін көк еркесін буған бұғау. Өрен жыр өзегіңнен тусын кекке, - Сұңқарды шығар тордан, мүскін етпе. Ақындай сері құс қой Сұңқар шіркін, Шарықтат. Еркін өзі жүрсін көкте! Өлеңде өлім – қайғы үн қатпасын, Сұлудай өмір ғана бұлғақтасын. Мадақта Аспан сынды кең өмірді, Жырыңның ағыт содан бұлақ басын. Бұл заман сендерге – Кең бақ тәрізді. Ойласақ біздер сонау жортқан ізді – Өлеңнен тіпті қиын. Қатал тағдыр, Айдады қарсы жауған оққа бізді. Разымын тар жол, тайғақ тағдырыма, Бөленді дарқан далам бақ нұрына. Альбатрос секілді болсам, шіркін, Теңіздей тебіренген тап жырына.
Сүй жігіт! Толқындаған дәуір сазын, Жырла сен, Махаббаттың тауып назын. Ал өзім жазбақшымын дастан етіп, Жаңғырған дүниенің дауылпазын». ...Есімде қалды мәңгі сол бір кезең, Ол тұрды Құзға қарап терезеден, Сол бір сәт ұмыт болды отырғандар, Ойында ақты білем терең өзен. Әзілқой қонағы да тіл қатпады, Сөйлесе балқыр едім тыңдап тағы. Жұпардай жұтып әлгі лебіздерін, Қозғалдым, Тамырымның тулап қаны. Мен кеттім. Кетті сыны қиялымда, Бұзуға ойын әлде қимадым ба? Дариға, білмедім ғой, Соңғы шақ деп, Қарап көп қанбадым-ау дидарына... V «Сұңқардың түлегіндей самға жырым, Тындырдым жыр көгінен саңлақ үнін. Бағымда бұлбұл құстар ән шырқаса, Қосыл, тіл, сандуғаштай сайра бүгін!» - Деп солай өлеңімді бастадым да, Кірістім таңсәріде дастаныма.
Алдымда жыр серісі Сәкен тұрды, Пернесін балаң жырдың басқанымда. Па, шіркін, қандай қызық албырт жасың! Күн сайын делебеңді жаңғыртасың. Жалығу, еріну жоқ, жасу да жоқ, Жеті рет асқандайсың тау қырқасын. Басқадай шықпасам да шарлап өрге, Асықтым алдағыға сонда мен де. Басым ақ болса-дағы Тағдыр әлі, Шалдыртпа өлеңімді шал дегенге. Жорға боп алмасақ та Жүлде жырдан, Елгезек болатынбыз жырға жылдам. Қарамай жарқылына, бедеріне, Іздермен бұрын басқа жыр ағылған. Тұлпардай тай жүрмей ме шылауында, Түспедік ағалардың сынауына. Мүмкін сол мініміз де... Бірақ өстік, Уақыттың жауап қатып сұрауына. Сиынып сонау жанға әуелі мен, Сол тұстың ағындадым әуенімен. Аз күнде дастан бітті Асықтым да, Сұңқарға шарықтаттым әуені кең. Ол кезде алшақ емес өрісім де, Бірақ та албырт болсаң сен ісіңе!
Тәуекел! Кеттім тағы тағылым күтіп, Өлеңнің өр кеуделі серісіне. Ол өзге, өзгелерден құзырлы жан, Сұңқар ол – Кеңді шолған тұғырынан. Қазымыр құзғын емес. Там күзетіп, Бұтаға торғай қонса тыжырынған. Маркстің көшесімен келемін мен, Жалындап жаңа жазған өлеңіммен. Алдымнан ақ маңдайлы ақын аға, Жарқ етер, Әулие жыр әлемінен... VІ Күдері көңілімнің күрт үзілді, Аспанда буралардай бұлт тізілді. Жаңағы күн шуағы жоғалды да, Суық жел соға қалды бүркіп зілді. Жалбырап қара шашым жүгірдім мен, Үрейлі жапырақтың сыбырымен. Бөгелдім, Үй алдында тұр селкілдеп, Бәйтерек Нендей сұмдық сырды білген? Сол үйге Ол да мендей қарап төнген, Қаптаулы терезелер қара тормен.
Сұңғақ бой көрінбеді. Стол бос тұр, - Сұңқар жоқ тұғырында қанат керген. Иесіз бе, Үйде, сірә, кісі бар ма? Құс қайда ән шырқаған осы маңда? Шуылдап қара ағаштар, Жел шақырып, Сусылдап жатыр жерге түсіп алма. Үй үнсіз. Көшкен жұрттай оты сөнген, Жапырақ жағаласып жатыр желмен. Құшақтап нәрестесін бебеу қағып, Түбінде қу қайыңның отыр жеңгем. Бұлттардың ауған әлде елесімен, Апыр-ау, адастым ба мен есімнен? Қимадым жаманатқа. Дір еттім тек Қас қанжар қадалғандай өңешімнен. Жұмбақ сыр... Жазылмайтын жұмыр қандай? Аңырдым, арнамнан жыр бұрылғандай. Жапырақ тамшы ұшты кірпігімнен, Жырымның бәйтерегі жығылғандай. Суық сөз Жарқылдаған жасындай тап, Ашыл тез, Кең аспаным, жасыл байтақ!
Сұңқарым әлде көкке ұшты ма екен? – Ағаштар дүр сілкінді басын шайқап... Дариға, жетпедім бе арманыма, Өзіне осы жырды арнадым да, - Алдынан өтпедім-ау... Боздақ жырым, Қалайша шалдығады зарға, мұңға. Бітпеді-ау, жырлап түгел Ол Ленинді, Сол нұрға бөлейінші өлеңімді. Маркстің көшесімен кеттім үнсіз, Батқандай үнсіз ойға әлем күллі... VII Жырымнан аулақ жүрші аза-қайғы, Тыныш түн. Кім ақынды мазалайды? Керемет! Торға түскен сол Сұңқарым, Жетелеп жерге түсті найзағайды. Қызық жоқ қанаттыға көктен өзге, Сірә, ол шүйілгендей көкті кез бе? Не ғажап? Жай ұстаған әлгі Сұңқар, Қарасам, Сәкен болып кетті лезде. Астында асау тұлпар сұстанады, Апыр-ау, құрымап па дұшпан әлі?
Найзағай емес екен. Қырмызы ту, Қолына айбар етіп ұстағаны. Жөнелді тұлпарымен тартып әрі, Майданға бастап жұртын артындағы. Қан шалған үзеңгісін қанжығада Қалам мен қылыш қатар жарқылдады. Кешегі айдын жүзді ақын Сәкен, Бұл күнде мұнша неге ашынды екен? Жаси ма сырлы сабаз, сынық сөзі, От тисе, алау атар асылға тең. Сол бір шақ қасіретке батқан дала, Ақынға өш емес пе жат пен жала? Саңқылдап ащы даусы Ақын Сәкен, Шеруін тартты тура Ақмолаға. Бұл неткен таусылмайтын тасқын адам? Астында Қызыл тудың басты қадам. Жаңғыртып түнек басқан Ақмоланы, Көшесін кернеді жыр тасқындаған. «Намысы бар нашардың балалары, Неше мың жыл қор болған бабаларың, Жолдастар! Сансыз нашар бірігіп салдық ойран, Сол нашардың жалғыз біз паналары, Жолдастар! Кедей ұлы жігерлен, Бірігіп ойран салып қал! Қызыл тулы майданда,
Бостандықты алып қал!» Тұра ма ақын даусы жалын атпай, Даланы жөнелді жыр жарып оқтай. Сол жырды айтып шықты ереуілге, Аулын жау торлаған жарлы-жақыбай. Көрінді аясы кең аңғал алаң, Қызыл ту айналасын алқалаған. Мінбер тұр жұлдыз жанып маңдайында, Қасында халық шулап анталаған. – Революция дабылын қоста, қорға! Майданға аттанамыз тосқан алда! Мінбеге Сәкен шықты көзі жайнап, Лениннің күн келбетін ұстап қолға. «Құрысын озбыр біткен, тәңірсінген, Торлаған сұңқарларды темір сыммен! Жойылсын сұр жыландар, жала тілдер, Жасасын, жарқын дүние, өрісі кең! Ұшырып апарды ма жел қанат жыр? Сол жерге қалай жеттім – Ғажап тағдыр! – Сағынтып, Сәкен аға, Қайда жүрсіз? – Жетімдей жұртыңызда жыр жоқтап жүр. – Колчактың жаңа шықтым түрмесінен, Сонау бір тар жолым ғой бұл кешірген. Сендерге қалсын жырым... Сұңқар болып, Ұшамын сонау көкке көл-көсір кең.
Жендеттің шеңгелінде шырмалғанша, Сүңгиін түпсіз көкке қырандарша. Жанымды табарсыңдар, Жырларымнан, Құпия күй сандықта сырлар қалса. Шырқаймын Ленин жырын аспанымда, Созылар мәңгілікке дастаным да!.. Ұсынды маған Ленин портретін, Қасына жақын қадам басқанымда. Уа, құдірет?! Ақ қанатын қалды жайып, Әп-сәтте көз алдымнан болды ғайып... Япырау, бұл неткен түс! Ұқтым нені? Тағы да неткен «Тар жол» – Тұтқын тегі? Көрді ғой осы түсті қайран сабаз, Тап сол түн сұп-сұр үйде түкпірдегі. Иықтап ойлар мең-зең басымдағы, Жасаурап жұмық көзім ашылмады. – Сәкен деп зарладың ғой... Мұның не? – деп, Қадалды қара шұбар қасымдағы. – Түс көрсең түн қатпай ма, Адасып ой, Ол басқа – Сәкен деген нағашым ғой. – Жоқ, айттың сол Сәкенді... Біз білеміз, Тегінде, Сәкен үшін наласың ғой...»
Мұндайда салғыласпау салтымыз да, Ауыр ғой, шек келтірсе парқымызға. Шырмаған Сәкендерді Мысық қара - Сындылар жүрмеді ме артымызда? Бізді де жақаттаған зәбір-жала, Сондайда сүйеніштің ары ғана. Тұрдым да қарап қалдым – Ленин өзі Тұр екен күлімсіреп қабырғада. VIII Қазір мен қалғыдым ба, ояумын ба? Несіне күбірлеймін баяу мұнда? Қоңыр үй, Жадырашы, ақын келді, Сыбаға алып жырдан аяулыңа. Бірімін, сыр сазыңа жүзгендердің, Бұл жерге Сәкен басқан ізбен келдім. Құжырам, ашшы маған есігіңді, Соғылсын қабырғаңа сөзбен белгім! Кетпеген көкейімнен арман едің, Көктем ғой баяғыдан бар ма лебің? Сұңқарым Алатаудан саңқылдаса, Аяңда тебіренсін ардагерім! Ақынның аңқылдатқан көңіл-күйін, Бұл күнде көнеріпсің қоңыр үйім. Жырыммен сені шыңға орнатайын, Тұлғаңды тасадан бұл көру қиын.
Сәкеннің рухы бірақ қия – қырда, Сұңқардың қылшылдаған қияғында. Ән-күйдің ордасында Көкшетауда, Өзімдей ақындардың қиялында. Тұлпардың тауда жортқан желісінде, Заулаған экспресс рельсінде, Болаттай бұлшық еті бедерленген, Кендегі заводтағы ер ісінде. Халқымның аузында, жүрегінде, Жырымен жаңғырығып жүр елімде. Әлі де «Альбатрос» қанат қаққан, Теңіздей толқындаған бұл өмірге. Иә, солай, Бірақ маған қалдырылсын, Тартуды әкелдім ғой қазір түсін. Төріңе оралады ақын сабаз, Ертең той. Тойға үйім әзірмісің? Куә қып қоңыр үйді жырларыма, Осылай ойға жүзіп тұрғанымда. Трамвай келе қалды кең көшемен, Күй шертіп экспресс ырғағында. Тартты да жүрегімді таныс әуен, Жөнелдім трамвайға жабыса мен. Көтеріп ішіндегі жас бауырлар, Рельспен зымырады жарыса өлең.
«Советстан, біздің стан, совстан, Экспресс, талма екпінді шабыстан. Гуле жүріп, Дымы құрып, Қалсын ұлып, Ескі жалған арттан қалмай жабысқан!» МАРИЯМ ЖАГОРҚЫЗЫ Махаббат пен достықты жырлайтын бұл дастан Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері – Мария Егоровна Рекинаға арналған АРНАУ Өзіңнің өрен жырың бұл тағы да, Ыршыған бұлт астында бұрқануға, Бұл жырым жүрегіңдей таза сенің, Ешкімнің бұрылмаған бұлтаңына. Бұл сенен қызықты боп қалған аңыз, Сазына сол жырыңның таң қаламыз. Тебіренсе даламызда «Дударайың», Бар қазақ тербелеміз, толғанамыз. Жырлаймын сен сақтаған махаббатты, (Ежелден ғашық жыры маған тәтті.) Достықтың таңда соққан самалындай, Жырла деп «Дударайың» дабыл қақты.
Жүруші ем, жастан сол бір қалап үнді, Қозғадым құштарланып қаламымды. Сүйікті сенің атың, наз даусыңа, Мүлгиді тербетіліп дала күллі! Жарқырап даламның сен аспанынан, Осы жыр жалындаған жас жаныңнан, Шек бар ма достық пенен махаббатқа, Кім соны іздеп жүрген дастанымнан? Әніңе түнді жарып бізге жеткен Қосылдым сырыңды ұққан қыз-жігітпен. Мұң сазы жалындатқан жас қазақты, Кем бе екен Марияшым Қыз Жібектен? Мәңгі жас махаббаттың жыр лебіне, Құмар ем, қалды даусың жүрегімде. Жыршыңның кім ауызын қақпалаған, Ғашықтың қажетсіз деп жыры өмірге? Жырлап ем, дос жүректің сырын аңсап, Жазылса жырларымның жолы жаңсақ, Өзің кеш, Марияшым, өзің түзе, Ақ ниет бұл жырымды көтер ән сап! Жырымның сенікі ғой шын атағы, Елеме бос күбірді, шырқа тағы, Сыншым да сырлас болды саған бүгін, Өзіңше «Дударайды» шырқатады. «Мариям Жагор деген орыс қызы, Он жеті-он сегізге келген кезі,
Қазаққа Дудар деген ғашық болып, Сондағы Мариямның айтқан сөзі... Дударари-дудым, Сенің үшін тудым, Шіркін-ай, Дударари-дудым?..» ОРЫС ӘНІ І Үн-түнсіз таң сәріде жасыл Нұра, Аққандай толқындары жасырына, Жағада шық бүркеген шілік-шоқы, Иіліп құмартқандай жаз сырына. Ежелден нөсері жоқ айқай-сүрен, Шалқысын күз таңында қандай сырмен, Жөнелген жыршы құсы, жапырағы, Сып-сида ағашында жоқ қой сүрең. Үстінде таң аспаны тұр бұлттана, Жұтаң қыр, айналасы сұрғылт дала. Ағады баяу өзен баяғыдан, Сол қырдың көштеріндей жылжып қана. Әлі де дел-сал меңіреу, дала сұлық. Бұлттарды таң қанаты алға сырып Жайылды. Түн қуғандай сол елеңде, Салт атты қырда неге жүр асығып? Әлде бұл жарға асыққан бір жолаушы, Немесе жел-құйын боп жүрген аңшы? Нұраға тыныш жатқан дүбір беріп, Бұл жортқан түн ішінде қандай жаршы? Келеді әлдененің әлегімен,
Асқанда қырдың талай белеңінен, Түн жарып жасыл Нұра көзге түсті, Сонда ашу тарағандай ер өңінен. Өзенге сақтағандай сағынышты, Жүрегі жүргіншінің алып ұшты, Ұмытты ызасын ол, таң да, әне, Аспанға жайды нұрын алтын түсті. Нұрадан өзен бар ма ыстық өзге? Бесігі болған еді жастық кезде, – Ауды екен әке сорлы неге бұдан, Көштерге еріп ылғи босқын кезбе?.. ІІ Жігітті қырдан асқан таң қалдыра, Көрінді туғандай бір таңнан Нұра. Тұрғандай мүлгіп жаға, тал ырғалып, Секілді кенересі толған нұрға. Қалғанда суға жақын, өрі биік, Алдынан зымырады орғып киік. Түйілді аңға жігіт жас бүркіттей, Атына қамшысын да қалды үйіріп. Кенеттен естіп әнді, тұрып қалды, Неткен ән қанат қаққан жарып таңды? Киіктен құйқылжыған озып бұл үн, Аралап жөнелгендей жазықтарды. Сол бір ән аңқып желдей таңертеңгі, Қозғалып ұйқысынан тал тербелді, Шымырлап шусыз аққан өзен беті, Толқыннан туған ән бұл, терең шерлі. Күн емес, осы дауыс жерді оятқан, Керілді таңғы дала ойға батқан. Жабырқап тұрған жаға жаңғырығып, Бұл әнді естілмеген талай тапқан?
Өзенге жақындады жас жолаушы, - Естілді қыздың үні – орыс даусы, Сазында мұң да, сыр да терең еді, Кім екен, тебірентіп ән шырқаушы? ...Алыс қыр, айнала қыр, құйын қарлы, Жалғыз жан күңіренткен күйік әнді. Борандай бұрқап көкке көтеріліп, Сыңсыған жер сипалап, кейде зарлы. Көтерген арман даусы құйындарды, Өле алмай жатыр ма әлде қиып жарды? Сорғалап кейде көктем жаңбырындай, Ыстық жас қар үстіне ұйып қалды. Үзіліп махаббаттың соңғы даусы, Боранға көмілді ме сол жолаушы? Ән жүйрік аттан және ажалдан да, Күштірек бораннан да соқшы, жаушы! Жарына ақтық үнді алып баршы, Ежелден махаббатқа өлең жаршы – Көзіңе жас келсе де қыр түлегі, Жүрекке сол бір әнді, құйып алшы! «Япырау, неткен дауыс, Қандай ән бұл, Толғанып кетті ме екен таңғы бұлбұл? Таңсық үн Нұраны алып, таң сәріден, Қалайша мұңды дала жаңғырып тұр?» ІІІ Бүгін де аққан Нұра күндегідей, Ауылдай баяу көшкен сыр білдірмей. Тұңғиық өзен түсі, тек тал ғана Сыбырлап тұрды бөбек күбіріндей. Мұнартып тұрған тыныш жағасына,
Келіпті таңсәріден шал асыға. Өзенге ауды тастап, суды сүзіп, Жас қызы жаутаң қағып жүр қасында. Ақ сазан, алтын шабақ асырын сап, Әдейі ойнағандай жасырынбақ, - Көрініп шал мен қызға жоқ болады, Сүңгиді, су астында қашып, зырлап. Жабырқап балықшы шал тұрды осыған, Жүзінде бар секілді сыр ашынған. Сарғыш шаш қырауытып, көз суалып, Өткендей өзен қайғы шал басынан. Ілінбей сүзекіге жалғыз балық, Күрсініп қажыған қарт қалды налып. Өзеннің желді күнгі толқынындай, Басында бұрқанып ой жөнелді ағып. Кеткенде ойға батып, шал жабырқап, Жас қызы жұбататын әнін шырқап, Қазір де ағындайды қыздың сазы, Тыңдап тұр соны жігіт әрең шыдап. Өзеннен толқындап үн, өрлеп селдей, Жағалай сұп-сұр дала... сол бір әуен Шалдың да шерлі жанын тербеткендей.. Мінеки, келді жігіт, қалды танып, - Кәдімгі балықшы шал, Жагор, анық. Жас жігіт көрінгенде, қыз қымсынып, Қайран ән қалды үзіліп... Жігіт барып, Жагорға сәлем беріп, жатты шұлғып, (Әнші қыз, кенет ойға батты мүлгіп Жігітті бала кезде көргендей бір Қиялы жас шағына ақты зырғып.) – Япырау, біздің Жагор, ағаймысыз? Бұл жақта адасқандай қалай жүрсіз? Қалайша кеп қалдыңыз поселкадан,
Тұруды біздің жақты қалаймысыз? Алексей қайда? – Шырақ, кім едің сен? – Үкеннің баласымын, атым – Дүйсен. – Сенбісің! Көгершінім, бұл сен бе едің, Жылы жүз жөн сұраған бұл кім десем. Жагор қарт жас қазақты сүйді қысып, Есіне өткен сонау күндер түсіп. Үкеннің сұрап кетті халін Жагор, Ежелден өскен жандай бір туысып... IV Жалғанда не көрмеді сорлы мұжық? Заманның азабынан артып зіл-жүк. Өтіпті бабасы да, баласы да, Өмірде қорлықпенен көріп құлдық. Қатал заң, қытымыр күш, дөкір билік, Езетін Россияда адамды іиі ғып. Бай, төре-патша еркесі, ал мұжықты Шырмады жоқтық жылан, сор қиындық. Жагордың көргені сол, тартқаны шер, Бұйырмай мекенінен ұлтарақ жер, Мыңдаған шаруадай босқын етіп, Бұл жаққа айдап келген жоқтық-ділгер. Ол кезде ойлап еді – барсам көшіп, Бұл қырда ұлан-байтақ, әзір несіп. Ен дала, жатқан еркін жер емес пе? Елінде еркін шығар еңбек-кәсіп. Болмады ойлағаны... жүдеу дала, Мұнда еркін ойнақтаған тек жел ғана. Қаңбақтай елбең етіп, көшкен қазақ, Ен дала аясынан таппай пана. Жатса да жомарт дала жазылып жай,
Жалғыз-ақ көреді екен қызығын бай. Қырында бүрсең қаққан жарлы қазақ, Орыстың бейнет шеккен мұжығындай. Ауған жан шет өлкенің қиырынан, Көп кезді көрмей рақат қиын қырдан. Байлары жаны қас боп Жагорларға, Жыландай жерді сабап жиырылған. Осылай жоқшылықпен жүрген тұста, Келіпті Нұра жаққа, Жагор қыста. Үйіне Үкен сонда паналатып, Табысқан бейтаныспен тар қуыста. Ақ пейіл, жарқын мінез, кеудесі кең, Ізгілік сезілгендей өр түсінен. Үкенге ұнап кетті осы Жагор, Сүйкімді мінезімен, әр ісімен. Жатсынбай, ауылында ала қылмай, Сыйлады ол, өзінің дос қонағындай. Тілін де, әдетін де біліп Жагор, Үкеннің болды туған адамындай. Біреуге үй, біреулерге орнатып пеш, Көмегі жұртқа тиді ертелі-кеш. Өзі тек балық аулап, ал ауылға Егіннің қасиетін етті кеңес. Келгендей өзін біреу айдап бейне, Налитын туған жерін ойлап кейде, Осылай жүрген шақта сол ауылда Туды ұлы, сүйіктісі Алексей де, «Сақтасын орыс тілін, орыс рухын, Бағыма бұл кезеңде дұрыс тудың, Сәті боп оқи қалса бір қалада, Болмасын ұрпақтарым мендей қуғын...» – Деп Жагор жүрген кезде ой үдетіп, Кетіпті алты жылдай өмір өтіп.
Бір күні село даусы жетті Есілден, Егінші жер сауырын дүбірлетіп. Тартты ма егіншілік кәсіп ескі, Әйтеуір, село жаққа Жагор көшті, Алайда, Үкен досы кейде келіп, Шертетін екеулері сыр-кеңесті. V – Е, балам, қалай әкең, әлі тың ба? Алдына мал көбейтіп алатын ба? – Әлі де шаруасы қиыр-шиыр, Бар малы – өспейтін бір екі-үш сиыр. Амалсыз көндіккендей шал бәріне... Айтыңыз... Алексейдің хабары не? – Өзі де қайғылы еді, Жагор тегі, Жүр еді жанып іште жігер-кегі. Жыл болды, жауыз патша әлегімен, Баласын қан майданға жібергелі. Хабарсыз сол ұлынан айрылғалы, Соны ойлап Жагор байғұс қайғырады. Кім үшін? – Германы кім? Патшасы кім? Баласы кімнің кегін қайырады? Күрсініп осы шермен жанды өзегі. Үйінің сүйеніші жалғыз өзі. Өзіне ұнап еді Алексейдің Жасынан қайсар және өр мінезі. Селода, ойлы бала жүрген кезде Хат танып қалып еді, оқып лезде. Оқитын кітап көрсе мүлгіп төніп, Жас еді жұмыс десе, жаны төзбе. Тартты ма жас жалыны бетіндегі, Селоға сүйкімді боп кетіп еді. Көргенде шаруалардың сор азабын,
Қайнайтын кеудесінде кек тілегі. Дос еді Дүйсенмен де бала күннен, Баурап ол ақылымен, талабымен, Кеңесін шертуші еді сыры ғажап, Оқыған адамдай бір саналы кең. Шырмалып жүрген бала кезіндегі, Шірік дін оқуынан езілмелі, Ақылын Алексейдің ұғып Дүйсен, Үш-төрт жыл бұдан бұрын безіп еді. Айтып ол елдің өткен ерліктерін, Болатын жандырғандай ерлік лебін. Үйреніп қалып еді сол досынан, Орыстың әсем өрнек әріптерін. Сағынып сол бір досын өр талапты, Кенеттен Дүйсен, міне, ойға батты. Баласын алып еске, Жагор шалдың Тағы да ызалары қайнап жатты: – Көп болды қатал құдай басынғалы, Мұжықтан берекені қашырғалы. Егін де шықпай қалды биылғы жыл, Өмірі сорымыз бір ашылмады. Көлігім – жалғыз атым, ол көтерем, Кемпірдің ескі ауруы басым әлі.. Кеттім мен поселкадан, бұл Нұраға, Белгілі кәсібіме жасымдағы... Жас жігіт тыңдап шалдың қайғы сырын, Жанында шертілгендей күй жасырын. Мұңайып қалды-дағы, кетті сөйлеп, Сездіріп жүректегі зіл-ашуын: – Жазықсыз даламызда жүреміз деп, Қырсықты, қиянатты көреміз көп.
Біреудің атын мініп, бес күн болды, Жоғалтып жалғыз атты, келем іздеп, Жүргенде саяқтармен сонау қырда, Ықтапты әнеугі бір сел жаңбырда. Көріпті біреуі: сіздің село адамы, Жүр дейді мініп қазір Сарыадырда. Келемін сол селоға асығып тым, Атымды ұстады екен басынып кім? Көріп ем мұндай талай бүліктерді, Соларды ойлап қазір ашыныппын. VI Білетін озбырлықты осындай тап, Жагор қарт тыңдап тұрды басын шайқап, Жігіттің ынта қадап сөзіне де, Өзін де Мария қыз қойды байқап. Сүйкімді күрең жүзді, әсем сымбат, Өр кеуде, жалпақ иық, бойы сұңғақ. Бөркінен шашыраған бұйра шашы Түсіп тұр кең маңдайға келісіп-ақ. Өткір көз, қарақаттай қарашығы, Қабағы әрі ойнақы, әрі ашулы, Жіңішке қара мұрты – келбетіне Әдейі біткендей бір жарасымды. Қараса көзінен сыр қозғалғандай, Мейірімді айтылатын сөздер бардай. Өзенге тастап торды орыс қызы, Жігітке қарап тұрды көз аудармай. Су беті шымырлады, ыршып міне, Аңырып балықшы қыз тұрсың неге? Селт етіп, ауыр торды тартты Мариям, Ілікті қыздың қолы несібеге!
Мариям торды жұлқып жатқан кезде Дүйсен де түсіп суға кетті лезде. Жас жігіт балық толы торды сүйреп, Қарады қасындағы отты көзге. Кейбір сәт жүзі күліп жас балаша, Көзінен жалын атқан жалт қараса. Бояу жоқ бетінде де, үстінде де, Табиғат еркесіндей тап-тамаша. Көз нұры сол өзендей жасылдана, Қылықты қасиет бар қасында да. Жұп-жұмыр ақ сазандай ақ мүсінді Жұпыны көйлек бүркеп, жасыра ма? Қыз дене қызықты өз қалпыменен, Артық қой әсірелеп айту деген. Тек аузы әсем күйдің аспабындай, Бұғағы бүлкілдеген, ән тілеген. Ана жыл көргенде бір бөбек еді, Ол кезде анық байқап, елемеді. Есінде сергек сыры бала қыздың Күлгені еркін-ерке, билегені. Жас жігіт таңырқады Мариямды, Есінде айтылған ән қалып әлгі, Тағы да әншіл жастың аңсап жаны, Телмірді қызға қарап, сүйіп әнді. – Қарындас, неткен ғажап әнші едіңіз! – Ән емес, шыққан ол бір жан шеріміз. – Шер ме еді? Жүрегімді алды шырмап, Тағы да сол бір әнді сап беріңіз! – Масайрап ән шырқайтын мұнда жоқ қой. – Жастықтың қайда жүрсе тойы көп қой... Жөтелді Жагор тұрып жар басында, Белгісіз – қайғыру ма, жоқ ашу ма?
Қыз, жігіт сөзді қойып, ауыр торды Сүйрелеп шықты судың жағасына. Міне, ырыс! Лық толыпты торға балық, Осыған Жагор аға тұр қуанып, Бұлқынып ақ шортандар жұлқып ауды, Шомпылдап шабақ ыршып, торды қағып. Сүйсініп Жагор мына табысына Сөйледі қарап судың ағысына: – Қуырылған балық жейсің біздің үйден, Мария, бұл Дүйсен ғой, танисың ба? VІІ Тып-тыныш Сарыадырда шаң молайта Құйғытты село жақтан бір тройка. Алыстан күңгірлеген, дулы-шулы, Гулеткен гармон тартып, жырын да айта. Қай мырза думандатып келе жатқан? Мезгілсіз сейіл құрып село жақтан? Мариям көзін қадап, тыңдай қалды, Жасынан гармон даусын ол ұнатқан. Үш жігіт пәуескеде, қызу жырлап, Келеді, жұтса керек бір азырақ. Тартса да күйші гармон, сескендірді Даурыққан дауыстары қызды бірақ. Шегір көз әне біреу едірейді, - Мариям тани кетті Андрейді. Мақтаншақ, селодағы бай баласы, Сыртынан қыздар оны «әңгі» дейді. Неғылсын, жерге, малға бай әке бар, Озбыр жан жегі-жебір пейілі тар, Есілдің жазықтарын жүндей түтіп, Нұраға ауды құлқы, болды құмар. Жан-жаққа, иен жазыққа егіп егін.
Төстеген емін-еркін төңірегін, Шаруаны езіп ылғи, қазақ көрсе, Көтерген тәкаппар ол көкірегін. Қадалса кімнен болсын, қан алады, Қашады көрсе оны дала адамы. Пәлеқор пейіліне берген ұйтқы Парақор ұлықтары қаладағы. Андрей масайраған, қызып, шалқып, Гармонды дірілдетіп, үзіп тартып, Көрді де Марияны арбасынан, Өзеуреп сөйлей түсті бұзық-тантық. «Сұлу қыз, неғып жүрсің оңашада, Жүр бізбен серуенге, тамашаға... Безініп жастық сайран қызығынан Жүргенің балық аулап жараса ма?!» Ал Дүйсен қарай қалды атқа төніп, Үш аттың жон-жауыры аппақ көбік. Күміс қыл кекілінен тани кетті, Өзінің Ақсұр атын кенет көріп. «Шырмалдың қандай сұмға, жануарым, Мойныңнан күзеліпті қалың жалың!» - Деп Дүйсен басын сипап өз атының, Налыды жүрегінде жанып жалын. VІІІ Барса да Марияға екіленіп, Андрей тұра қалды зеку көріп. Өз атын ұстап жатқан сол жігітке, Бұрқырап сөйлеп кетті жетіп келіп: – Әй, қазақ, жөнел әрі, аттан аулақ! – Бұл атты ұстап алдың қайдан аулап? – Саған мен жауап беріп жата алмаймын. Танысаң, бар, ала бер, сотпен даулап.
– Көпіріп зорлық айтпа, менің атым! Бар еді жегуге оны қандай ақың? – Жеп қойды егінімді шығындатты, Сол үшін бір жаз бойы жегем атты. Бетінше өріп жүрген малдарыңның Осындай көп қырсығы маған батты. – Мынауың жапқан жала, қулық мүлде, Егін жоқ ол маңайда, қу өңірде. – Бәрібір сенің атың еркін жайлап, Жүр екен көкорайлы тың жерімде. – Көрінді шатаққұмар екеніңіз, Бұл ара атақоныс мекеніміз, Бабаңнан мұнда қалған жерің жоқ қой, Мал жаймай, енді қайда кетеміз біз. Мынауың озбырлық қой нағыз тіпті, Көргеміз мұндай талай жауыздықты. Мұныңды әкімдерге жеткіземін, Өзіңше болып тұрсың жалғыз мықты. – Әкімдік бәрі бізде, яки менде, Менімен тіресетін тегің тең бе? Егессең, жеткіземін жандаралға Аулыңды айдатамын Бетпақ шөлге. – Байқа, сен тегімізге тіл тигізбе, Белгілі Россияның жұрты біз де. Қуа алмас ешкім бізді туған жерден, Далама көшіп-қону еркімізде. Қарыспа, қайсарлықпен қайтар атты! – Деп Дүйсен өршеленді, айтты қатты. Балығын тасып жүрген Жагор ағай, Бұлардың керістерін байқамапты. Келді де араласты сол ұрысқа: – Көкисің күштімін деп, бұл дұрыс па? Қой, бала, қыңырлықты, босат атын.
Әйтпесе... ашулымын, сөзім қысқа... – Бұл іске, балықшы шал, сен кіріспе, Қайдағы киргиз үшін ара түспе! – Атымды босат деймін! – Сал жұдырық! – Әрі кет, үйір неме арам іске! ІХ Осылай жанжал оты қызған кезде Бұл жерге келіп қалды қыз да лезде. Андрей едірейіп тұра қалды. (Баса алмас едің оны сөзбен өзге.) Мастығы бұзбайтындай қыздың шырқын, Көз қарап, шырай берді әлгі шіркін. Әдемі өткір көзді, ойнақы қыз, Күлімдеп сол жігіттің қоймады ырқын. – Би билеп жатыр ма деп келіп едім... – Я, бикеш, солай... болсын көңілдегің Мына бір кезбе киргиз болды бөгет, - Сауықтың жасар едік кең дүрмегін. – Ендеше соның атын жіберіңіз, Гармонды гулетіңіз, жүр келіңіз! Билейік, билеп мен де ән шырқайын, Жадырап қалсыншы бір жүрегіміз... Андрей қыса қалып көзін қылмаң, Гулетті гармонын да өзі жылдам. – Ал, шырқа, қыз, ал шырқа, биле, әйдә! Кең көшеде, тау баурында, Шырқалатын жыр қайда? Андрей тартып, билеп жорғалады, Гармонда созылып үн ырғалады.
Кенеттен қыз аузынан ән ұшқанда, Жөнелді желдей кезіп жыр даланы. Аңырып аузын ашты Андрей де, Елшісі махаббаттың ән демей ме – Соғылды шапалағы сар жігіттің, Өзіне айтылғандай сол ән бейне. Дүйсен де ат үстінде елеңдеді, Кетпей тұр, шырмағандай өлең тегі. Жагор қарт, қолын сермеп, күлімсіреп: – Жігітім, атың олжа, жөнел! – деді. Құйылды жүрегіне сүңгіп ән де, Шертті ме махаббаттың жырын әлде? Тізгінін Ақсұр аттың тарта берді, Тартып қыз жырымен де, сырымен де. Сол бір ән артта қалып өршіп жатты, Мейлі бір өзен жыр боп ақсын қатты. Па, шіркін, орыс әні қандай жақсы, Құтқарған қыл бұғаудан Ақсұр атты! КӨЛДЕГІ КҮЙ І Күмістей жарқыраған қоғалы көл, Қоныпты осы көлді жағалап ел. Аққу, қаз су сабалап қаңқылдаса, Қамысын дабылдатып қағады жел! Көлдегі жалғыз ғана қызық думан, Мал даусы жамырасқан, қызықтырған, Жиекте, әлдеқайда бүгін кеште, Шырқаған қандай қыздар сызылтып ән?
Жағалап осы көлді келе жатты, Белгілі біздің жігіт, Ақсұр атты. Келеді осы ауылға өз үйінен, Түнеріп, түйген неге қас-қабақты? Құтқарып Ақсұр атты келген күннен. Әкеге шерткен сырын көрген-білген. Ақ пейіл Жагор аға, жасыл Нұра Жағасы бұл арадан кең көрінген. Айтса да әкесіне – тыңдамады, Сүйеді бесігіндей қыр даланы. Бес қара алдындағы бес жүз малдай Көрініп, ойы соған шырмалады. Көндіккен тұрмысына әке мүлгіп, Түйедей шөлде жүрген ептеп жылжып, Азығы – айран, сүті аз қараның, Сондықтан малға ғана еткен құлдық. Жігітке бұл далада кәсіп қайда? Бес малды бағып-күту несі пайда? Жалданса әлде байға, жас жігері Құм болып, жанбай жатып басылмай ма? Осылай қалар ма екен Дүйсен әлде, Бұрқаған дала бұлты бүрсең елде? Бас имей кедейлікке, байлыққа да, Өзімше емін-еркін жүрсем мен де – Жасынан жасымаған жас жігерді, Өткірлігі, өрлігі басым еді. Жаныңа үміт күткен бар талабы, Өзгеше даланың бұл жас түлегі. Оқыды әліп-биді, білді нені? Тәйірі, дін оқуы білім бе еді? Әйтеуір, хат таныды, бірақ содан, Не пайда, елге, өзіне білінбеді, Тигізіп еңбегімен үйге себін,
Шабатын біреулердің кейде шөбін. Күрсініп бала жігіт, батып ойға, Іздейтін көңіл күткен келешегін. ІІ Шақырып болыс мырза, ол келеді. Көп болды соның түрін көрмегелі, Ыдырыс... қара шұбар, көзі қызыл, Жыландай көз алдында өрмеледі. «Шақырды неге мені, менде ісі не? Жазығым жоқ еді ғой, бұл кісіге?» - Деп ойлап, тепеңдетіп Ақсұр атты, Ауылдың келіп қалды іргесіне. Қараша киіз үйлер көл жағалай, Үнсіз тұр, аулақтағы бір моладай. Естілген мал мен иттің даусы ғана, Әйтпесе, жапан дүздей қу жадағай. Ортада ақсұр үй тұр кебін түсті, Ішінде көп үйлердің сол бір сұсты Қабағы қату жігіт жортып келіп, Қасына сол орданың келіп түсті. Кім екен, үй ішінде гүжілдеген? Тап өзі, – бұл Ыдырыс кіжіңдеген. Сыртынан жерлеп жатыр әлдекімді, – Бәрібір, кірді жігіт сыр білмеген, Сәлемін берді Дүйсен. Болыс көріп, Қарады кірпік қағып, бас көтеріп, – Есен бе? Әкең тың ба? – деп қырылдап. Құбылтты сұрғылт түсін тастай берік, Көрмеген көптен бері Ыдырысты, Әлі де баяғыдай еді сұсты.
Бірақ та өзгертіпті қияпаты, Бурадай қырау басқан бурыл түсті. Селеу мұрт тікірейіп ұзарыпты, Шаян көз жыпылықтап қызарыпты. Қатпарлы әжімінде шұбар беттің, Алапат ашулардан із қалыпты. Айбатпен қасын қақты бәйбішеге, Отырған әлденеге қайғы шеге. Сабаны күмпілдетіп құйды қойып, Көпірген сар қымызды бір тегене. Дүйсенге тостағанды ұсынды да, Ыдырыс сөйлеп кетті тосын, тура. Ұйпалақ қасын қағып, көлгір көзбен, Тұрғандай айланы бір тосып, сірә! ІІІ – Әкеңді бала жастан білемін мен, Бұйығы байғұс шал ғой, тілегі кең. Аталас, адамбыз ғой... Рас, бұл өңір, – Тегінде, төл-әулетім түгелімен. Әкеңнің білем халін, малы азайды, Бұл күнде басқан шығар ыза-қайғы. Ойым бар қарасатын кейін, бірақ... Болайын қызметімде өзім жайлы. Бұл кезде қызметі тым ауыр, тегі, Көбейді ұлықтардың әмірлері. Алдияр ақ патшаға құрмет үшін Игі бір бұл ісім ғой өмірдегі. Бірақ та қызмет тіпті ауырлады, Қазақтың лаңы көп қой ауылдағы. Бағынып жай жүрмейді, шағым-шатақ... Басымды қатырды ылғи дауы тағы. Қолым да хат білмейді... мол әбігер,
Тұрмын бір жәрдемшіге болып ділгер, Деп сөйлеп ол Дүйсенге қарады тез. (Ішінен бұл ойымды деді білер.) Қымызын жұтып Дүйсен, тіл қатпады, Болыстың ойын күтті тыңдап тағы. – Білесің жазу-сызу, сенсің аздап, Білетін орысшаны бұл жақтағы. Боласың маған хатшы, бұл саған бақ, Өзің де өсіп қапсың тұрсам аңдап. Ақылға айла қоссаң – дүниең түгел, Берік бол тек өзіңе, – менде салмақ. Маған сен – жақсы қызмет тұр, қолайлы, Қатал бол, тек түңілтіп жүрме байды. Былайғы, жарлы-жақыбай сонда сенің Алдыңда бала қаздай жорғалайды. Деп болыс күтті жауап көзін қадап. – Болысеке, емес бұның ізгі талап, Шен тағып, іздемеймін қадірді мен, Табамын талабыммен өзіме бақ, Өзіме қымбат жастық еркіндігім, Сол ғана бар дәулетім, көркім бүгін Әкімге қошаметші – құлдықпен тең. Қалайша арқалайын қорлық жүгін? Бақыт па, жазықсызды жорғалату? Бұл жұртта онсыз да көп сорға бату? Жоқ! Сізге қызметші бола алмаймын, Шен үшін – сұмырайлық – арды сату! – Дегенде болыс түсі түнере қап, Орнынан ұшып тұрды, төне қарап, Дүйсенге қолын сілтеп безілдеді, Жиырылып шұбар бет пен түнек қабақ.
– Не дейсің? Не деп тұрсың? Сөзің тантық! Болды ма бұл құрметім – өзіңе артық? Әкімге мін тағатын сен кім едің? Қалмайсың қарасам бір көз алартып! Үйрендің сұмдық сөзді әлдекімнен? Қарашы! Ақыл айтпақ дәлелімен... Шен тағу – сұмырайлық па?! Билік, сірә, Кем бе екен кедейліктің әлегінен! Тентіреп әкең келер есігіме. Келтірем! Ерегессем кесіріңе – Сені де етем жалшы, – тоқта, бейбақ. Жөнел! Сол шешімім де, кесімім де! – Жоқ, болмас! Тағдырымды шештім деме! – Көрерміз оныңды біз, «күшті неме»! – Өзіме өзім ие! Еркім барда, Жалынып күн көрмеспін ешкімге де! – Деп жігіт, жалындады сертке сеніп, Болыс тұр, бойын ашу – өрт еңсеріп. Есігін қатты жауып кеткен кезде, Ақсұр үй селт еткендей бір теңселіп. ІV «Өзіме қымбат жастық еркіндігім Сол ғана бар дәулетім, көркім бүгін. Әкімге қошаметші – құлдықпен тең, Арқалап жүре алмаймын қорлық жүгін. Қарашы, жасытпақшы, сөйлеп өктем. Жауыз ғой, билеп жүрген елді әлекпен. Кіріптар болмаспын мен саған мәңгі!..
Дұзағын құрса, құрсын мейлі кекпен...» Осылай көл жағалап келе жатса, Бір топ қыз бұраңдаған жас құрақша, Жігітке қандай қызық осындайда. Алдынан күлім көздер қасын қақса! Сыланған перизат па ертегіде? Қай жақтан биші қыздар жүр тегінде? Орғиды, жорғалайды, тербеледі, Күй гулеп, естігенді еріте мүлде. Безілдеп жатыр гармон толқын күймен, Тербелген он екі қыз шалқып бимен. Аңырып қалды тұрып аңқау жігіт, Қорғанып бұл қызықтан жаны сүйген. Жігіттің ерсі болып аңырғаны, Мазақтап қыз біткеннің күлді бәрі. Жаудырды жамырасып әзілдерін Ежелгі қалжың сөздің құмарлары. – Мынау кім, жалғыз жүрген дуана ма? Кім айдап келді өзін бұл араға? – Қыздар-ау, үндемеңдер, бұл болыстың Әкімі, ақбоз үйге кірген мана. – Әкім бе? Онда бізден жүрсін әрі. – Молда, әкім, жігіт емес, – әрі-сәрі, – – Түсір деп аттан өзін тұрған шығар, Деді де жүгірісті тағы бәрі. Ат үркіп, жақындатпай қарғып көкке, Есесі сол әзілдің қалды-ау текке. Бәрінен ойды бұрын тартты бірақ, Гармонды гулеткен қыз сонау шетте. Уа, ғажап, Мариям ғой, сол емес пе? Әнеукүнгі айтқан әні түсіп еске, Әбігер, қайғы-қамның арасынан Қиялы ауған талай осы елеске.
Сол көзі жаутаңдаған жас балаша Дүйсенге қарағандай назбен таса... Асығыс қарғып түсті аттан жігіт. (Тегінде тықыршимыз қыз қараса.) Беріліп наз жүрегі әр қиялға Бұл жаққа келіп еді Мариям да, Бар еді сырлас қызы Өрік деген, Ән-күйге ол да құмар ару жан да. Селода тұрған көрші Өрікпенен, Әнші қыз, дауысы бар еркін, өрен. Сүйікті болған еді Мариямға, Наз, жылы мінезімен, көркіменен. Әкесі бай орыстың малын бақты. Жыл болды, түтек боран соғып қатты, Шөп тасып айдалада жүрген кезде, Сорлы әке үсіп жолда өліп қапты. Кәрі ана, қайғы түсті қыз басына, Сондағы тек Мариям наздасы да. Ыдырыс келіп бір күн, жақыным деп, Көшірген Өріктерді өз қасына... Өрік қыз әлі бала, әлі еркінде, Құлпырған жаңа ғана гүл көркі де, Ыдырыс жетім қызды еркін ұстап, Сыртынан күлімдейтін көріп күнде. Күй мен би алушы еді қыздың дәтін. Көкейін қытықшыл күй қоздыратын. Кездессе Мариямға Өрік кейде, Біздерге би үйрет деп наз қылатын. Сәті боп Мариям да келген еді, Оңаша, көзден таса көл жиегі, Мариям гармон тартып, өзі бастап, Қыздардың қызып еді сол билері.
V Осыған сүйсініп тұр Дүйсен біздің... Бірақ та арасынан көп сол қыздың Көзіне Мариям қыз жарқырады, Шолпандай ішіндегі топ жұлдыздың. Табиғат қалай асыл нұрын құйған? Кетіпті сұлуланып бұрынғыдан. Шоқтанып көз жанары, жүзіне қан Жайылып, бәйшешектей қыз құбылған. Дүйсенмен сәлемдесіп жылы леппен, Жүзіне қарап қана қойды әдеппен. – Қыздарды қуантуға келдім деңіз, – Сіз-дағы құр қалмаңыз, кел билеңіз! – Билесін, – деді Өрік, – гармонымен, Мариям, бұл жігітті әлдилеңіз. Осылай қоршап қыздар бастырмалап, Мариям гармонын да басты қалап. Жігітім, шыныменен қиналдың-ау, Қиын ғой білмегенге, рас, бұл талап. Мереке, не бір тойда, не бір кеште, Сол қызды көрмесек те бұрын әсте, Шақырса бізді биге, білмеймін деп, Жігіттер, тұрғанымыз мін емес пе? Ұялып солай Дүйсен қалған шақта, Көп жылқы қаптай шықты кең алқапқа. Келеді жылқышылар дүбірлетіп, Осы бір құйқылжыған гармон жаққа. Жігіттер келді. Ол кім түсіп аттан, Әзілдеп сақ-сақ күліп сөйлеп жатқан?
– Апырау, Базармысың? – Барып Дүйсен, Құшақтап алып келеді сол бір топтан. Жігіттің аты – Базар, өзі кедей, Бірақ та жүрген жері жәрмеңкедей. Жалғыз бас, Ыдырыстың жылқышысы, Сонда да жалшылығын жүрді елемей. Досы еді Дүйсеннің де сырға берік, Қыздардың сүйіктісі – сұлу Өрік. Өріктің тілегімен Мариям да Нұрадан келіп еді соған еріп. Көңілдің күйін серпіп жастық албырт, Сол Базар сөйлеп кетті тасып-шалқып: – Ал, кәне, Мариямжан, бас гармонды, Билесін мұндағы бар жас құмартып. – Жігіттер аяқтарын баса ала ма? – Билейміз қарғи басып қасақана. – Өркенің өссін, Мариям, шырқа, шырқа Қызыққа батайық бір осы арада... Жандарын қытықтайтын безек күй кеп, Ырғалып он екі қыз, кезек билеп, Киіктей орғып кейде, кейде ұршықтай Иірілді, шыр дөңгелеп, желпіп көйлек. Топ қыздың арасында әсем, сергек, Мариям күйді тартып, өзін тербеп. Айналған кейде кербез, кейде оқыс, Аққудың қанатындай қолын сермеп. Етегін көйлегінің жел әлдилеп, Денесі суда қалқып жүргендей тек. Теңселіп толқындары, су шымырлап,
Тұрғандай тіпті қазір көл де билеп. Сызылып келісіммен, сырлы нәшпен, От беріп жүректерге, күй тілдескен. Билеуді білмесе де қыр түлегі, Сол күйдің ырғағына оймен көшкен. Етеді кейі арбаң, кейі бұраң, Қалбаңдап жатыр күліп, кейі бұған, Мейлі! Жаңалықтың бәрі қиын, Басталды ауылымда билі думан... VІ Қаздай күн сүңгіп көкке жоғалды тез, – Керілді жер үстінде көкше күмбез. Жер жасыл, аспан ашық, жас көңілге, Осындай сүйікті ғой кешкі бір кез! Құрылды алтыбақан! Бәрін шақыр! Талай жас көл басына келе жатыр. Сұрықсыз, салтанатсыз сидаң қырда Сарғайған жас қауымға бұл – театр... Қозғалды алтыбақан. – Тербе, тербе! Наз қыздар дауыстайды жігіттерге: – Қаттырақ бас аяқты шырқа, шырқа! Жөнелсін дауысымыз жүйткіп өрге... Ішінен сол үндердің шалқып аққан, Бір дауыс әсем әнмен қанат қаққан. Тербетіп үміт күткен жүректерді, Жабырқау жандарына жалын атқан. Өзгеше осы бір үн өзекті өртеп, Тына қап, құмарлы жас тұнып тұр тек. Аңырып қалды Дүйсен, орыс қызы, Кенеттен, әнмен жұртты кетті тербеп. Көтеріп сыршыл Базар сол бір әнді,
Қостап тұр қошаметтеп Мариямды. Уа, тәңірі, орыс қызы, қазақша айтып, Қалайша тебірентеді тыңдағанды! Қоңырау көмекейден сызылып ән, Шыққанда шырқап көкке жүз құбылған. Қадалып құштар көзі жігіттердің Берілген, жұтып әнді бұлбұл қыздан. «Амал жоқ қайттым білдірмей, Апырау, қайтып айтамын? Қоймады дертің күйдірмей, Не салсаң да тартамын! Талайсыз, бақсыз мен сорлы, Еріксіз аттап ұяттан Қорлыққа көндім бұл құрлы, Байқалар халім бұл хаттан... Шыныңды айт, кімсің тербеткен – Иембісің сақтаушы? Әлде азғырып әуре еткен – Жаумысың теуіп тастаушы? Шеш, көңілімнің жұмбағын, Әлде бәрі алданыс? Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс...» Сыңсып қыз естілмеген сырлы жырмен, Құпия көңілден бір ой білдірген. Қандай наз? Қалай шықты осы бір саз, Мұңайып Мариямның жүрегінен? Шыңғыстың шыңдарында шертілген жыр, Ғашықтың жүрегіне төккен бе нұр? Естіп бір Татьяна шерлі күйін, Ыстық жас көздерінде мөлтілдеп тұр. Расында бізге тосын аты ғана
Сүйкімді орыс қызы Татьяна. Назындай махаббаттың ұйып тыңдап, Дүйсен тұр жүрегінің оты жана. Осы бір жаңа келген әнмен тәтті, Мариям әлдекімге мұңын шақты? Сұлу ән, Татьяна, жас Мариям... Шалқу сап, Дүйсен біздің ойға батты. Қиялы қанат қағып тәтті жырмен, Ұмытып айналасын кетті мүлдем, Қол артып иығына Мариямның Жымиып жалындаған от көңілмен. Жас біткен жаңа айтылған сүйіп әнді, Сүйсініп, қалды ұнатып Мариямды. «Айтсын!» – деп, орыс әнін тілеп бәрі, Телміріп әнші қызға тұрып қалды. Орыстың өрен әні жетіп көкке, Құйылды толқындай бір көкірекке. Саңқылдап кетті даусы Мариямның, Таратып тың әуенді төңірекке. Өзгеше ән шалқып түнде шыққан шақта, Таңданып түрді құлақ жұрт аулақта. Ағылды қойшы, жалшы сол маңдағы Осы өлең жаңғырығып жатқан жаққа. Тіл өзге, сыры терең сезілмеген, Құдай-ау, түсінбедік сөзін неден? – Десе де, тамылжып ән, тамсандырып, Ұйытқан жүректерді сұлу өлең. Керексіз әнге тілмаш – сыршыл наз ән. Сүйсінсең, балқымай ма сазына жан? Тыңдаймыз таңдай қағып Поль Робсонды Негрдің айтып мұңын, сыр қозғаған. Сондай-ақ, сезгір жандар елтіп үнге –
Қосылып әнге бәрі кетті бірге. Ән десе алып ұшқан халықпыз ғой, Өлеңмен әлдилейтін өлімді де... VІІ Үстіне түйе жүнді шекпен киген, Аптығып шықты біреу ақсұр үйден. Жас қауым жатыр еді думандатып, Қызықтың маздап оты әнмен, күймен, Ашулы, ақ шоқпарлы, тұман түсті, (Осындай пәлеқор жан келер сұсты.) Ақырып ақ аюдай қалған кезде, Жас біткен тани кетті Ыдырысты. Селт ете қалды тоқтап ән үзіліп, Сөнгендей лапылдаған думан-қызық. Іркіліп әнге еріген қыз-бозбала, Сәулетін жас ойнақтың кетті бұзып, Көтерді ақ шоқпарын сермеп көкке, Дүйсенді ұрмақ та еді тұрған шетте, Қолымен қалды қағып жылпос Базар, (Сірә, епті болушы еді мұндай кепке.) Ыдырыс жас біткенді атып көзбен, «Сайтан қыз, жоғал әрман көз алдымнан, Жоғал, тез азғын сұмдар, діннен безген. Құрыңдар, жын ойнақтар, жоғалыңдар, Өңшең қу, азып туған, бәле құмар!..» Ыдырыс осылайша тұр барқырап, Жылысып үрейлі жас кетті ыдырап. Мариям сол айқайдан сескенді де, Сол жерден оқшау барып тұр қалтырап. Есітіп Ыдырыстың сойқан сөзін,
Үн-түнсіз кетті қадап Дүйсен көзін. Ызалы жас біткенді сол бір сәтте Билеген толқынымен қандай сезім? Жандары жаңа естіген сол әнді аңсап, Жөнелді жас өрендер қолдай самсап. Қайтадан қақты қанат әсем әуен Тербеліп түнгі ауылға жаңа жар сап, Мариям есін жиып, бастап әнді, Жәрмеңке жас өмірмен ән аттанды. Ыдырыс бұлт бүркеніп көл басында, Тепсініп жалғыз өзі тұрып қалды. ЖҰТ І Қыс келді бұлың қырға басын сілкіп, Қыраулы қабағынан ашу бүркіп, Даланың келді ежелгі шапқыншысы, Ақ боран апыр-топыр аң шұбыртып. Бұл қырды қиырсыз бір ұлан-байтақ, Кеткендей анталаған боран жайпап, Қар ұйтқып шудасынан қалың бұлттың Қаптаған буралардай басын шайқап. Бейбіт қыр белеңіне түсті бүлік, Жалаңдап айдаһардай қыс құтырып, Сабалап обаларды, молаларды, Далада тентек боран жүр ысқырып. Жәндік те, жануар да, жортқан аң да, Жай тауып тұра алмаған бұл жапанда. Асыр сап алапат қар, долы құйын, Билеген жер төпелеп жоталарда!
Сұрапыл соққан сондай бұрқасында, Бір шал жүр Тұщыкөлдің қырқасында. Мұз қаңбақ секілді бұл қалтаң қарттың. Бүрсеңдеп үш-төрт қара жүр қасында. Боз қырау бетін бүркеп, қарлы кірпік. Кигені шидем-шекпен – бәрі жыртық. Мұз қатып қабағына бүкшиген шал, Қазып жүр қалбалаңдап қарды күртік. Қазады, қардың тоңы мүлде қатты, Ақ құйын толастамай бұрқап атты, Тәлтіреп төрт сиыры бұғып төмен, Іздейді қар астынан қылтанақты. Апыр-ау, бұл неткен қыс, сұм селебе! Соғып тұр өршеленіп мұнша неге? Болса да наурыз айы әлі боран, Мал шіркін қырыла ма, малшы өле ме? Қыс ерте қырға жапқан мұз қанатын, Таусылған мал азығы – аз ғана тым, Ежелден жарлы малшы – сорлы малшы, Қырдың да қау, түктерін аз алатын. Үкен де шөптен ерте болып жұрдай, Жүр, міне, шырматылып сорға мұндай. «Малсыздың күні қараң» деген сорлы, Жұлқынды жаны малда тұратындай. Қарды ашып, жегізгелі жердің түгін, Талай күн аласұрып, көрмей тыным, Бүгжеңдеп жапанда жүр күйгелек шал, Боран да құтырынып тұрды бүгін. Боран да соқты бүгін құтырынып, Қар басқан төбелерді түтіп ұрып. Ысқырып өрен құйын ойнақтайды, Еркіндеп ен далада өкім құрып. Жалаңдап, қар саусағын жаза жылжи,
Шертеді айдалада азалы күй, Үскірік сұрапылдың сол асыры Далаға таратқандай азап ылғи. Бір жақта бота боздап, түйе шөгіп, Қалды ма боран көміп, иесі өліп? Бір жақта шұрқыраған жылқы даусы, Қамаған әлдеқайда қасқыр төніп. Ұлиды, маңырайды, мөңірейді, Айнала ақ перделі – көрінбейді. Үкен жүр кеш түссе де, тек малдары Сау болса – өзі өлсе де көнді мейлі. Айнала әр төбеде әркім әлек, Алысқан асау қыспен бәрі бөлек. Мал баққан талай жанды илеп боран, Осылай көмген талай қарға бөлеп. Ежелден кедей сорлы малы аз ғана, Сол малы күн көрісі жалғыз ғана. Кәсіп жоқ, егін де жоқ, жарлы қазақ, Жанындай малын жауға алғыза ма? Ышқынып долы боран тағы үдейді, Басқандай бар даланы жау үрейлі, Мүскін шал төрт сиырын тағы иіріп, Өзі де қалтырайды, дірілдейді. Іздейді кімнен көмек? – Жауыз бәрі, Нәріңді тартып алар ауыздағы. Көлгір көп әншейінде, ал қырсықта Сорлының қиналады жалғыз жаны. Осы бір мал күйреген құрғыр қыста, Үкен де барып еді Ыдырысқа, Сұрады содан көмек – бес байлам шөп... (Жүретін санап оны бір туысқа). Бораннан төтенірек бұрқырады: «Сор кедей, бұзылды ма шырқың тағы?
Бұзық бір ұлың бар ғой, құр есіріп, Орыстың жүрген шырмап шытырмағы. Құтқарам, бұл пәледен, соны көндір, Бетімен келмей кетіп, не ғып ол жүр? Жылқымды бақсын ұлың, өзің мал бақ, Малыма қос малыңды!» – деді көлгір. Кетсе де изеп басын, ол көнбеді, «Қалай бұл, қыңыр бала өр кеуделі?» – Жалынба қу болысқа, өлсе де мал, Сен үшін сол азапқа көнем! – деді. «Шыдаңыз, өлсе де мал, көніңіз!» – деп, Кеткен-ді село жаққа қорек іздеп. Көп болды, тіпті бүгін шапқын боран Жаушыдай түтеп жатыр тізбек-тізбек. Жапанның бұлан-талан қиырлары, Ақ топан толқындады, құйындады. Шіліктей иілді шал, шыр айналып, Сілкініп, сүмеңдеді сиырлары. Сыйынып тәңірісіне енді Үкен: «Уа, Құдай, рақымыңды күтем, күтем. Сақта бұл сиырымды – несібемді, Мені ая, боранды бас, мынау төтен!» Тауабын тыңдамады қыңыр Құдай, Қаһарын төкті боран бұрынғыдай. Бір сиыр құлап түсті, – сол боранның Өшіккен Үкенге қас бұйрығындай. Сиырды бүркеп боран иірілді, Кебінге орағандай құйын қырды, Алдында қалтаң қарттың ширық атып, Ақ басты жыландарша жиырылды. Көріп шал, дене мұздап дірілдеді, Жас парлап, ерітіп мұзын түріндегі,
Құшақтап сол сиырды сұлап жатқан, Кемсеңдеп еріндері күбірледі: «Бейбақпын, құдіретіңді танымаған, Сақта сен, ая мені, талып барам. Сақта сен, сиырымды, әулие, өзің, Табындым енді саған, тәңір боран!». ІІ Жатса да азап зары араласып, Бытырап әр еңіске қонған лашық, Астында ақ боранның шайқалып тұр, Түндігін, туырлығын тау қар басып. Малшының құрым киіз баспанасы, Құрысын, ырыс көрген бес қарасы. Бебеуін қағып кемпір, аяз қысқан, Әр үйдің шырылдаған жас баласы. Құрсаған киіз үйді аяз, мұз, қар, Ішінде алты ай қыста азынап зар, Сол үйде қалтырайды малшы жұрты. Бойларын буып ылғи азап ызғар. Мінеки, қараша үйде шеткелең бір, Бүкшиіп от басында отыр кемпір. Күн-түні қи-тезекті тұмандатып, Алысқан сорлы кемпір отпенен құр. Бықсиды улап көзді, жүректі жеп, Жанбайды үрлесе де дымқыл тезек. Ал сырттан аяз боран үйді сабап, Ышқынып ысқырады қағып безек. Үйдің де үзіктері құрым-жырым, Қап-қара күйе басқан туырлығын! Қырау көз керегенің сағанағы, Түндіктен қылаңдатқан қар құйрығын. Сол бір үй, секілді бір сірі тулақ,
Сабайды сабау құйын секіріп-ақ. Майысып тал қабырға уықтары, Шаңырақ шеру тартып тұр сықырлап. Келгендей қалың бір жау қырдан шұбап, Анталап тұрғандай бір аңдар шулап. Сол үйдің жығылғандай іргесіне, Алыстан үсіп келген адам жылап, Осылай ыңырсиды, өкіреді... Кемпірдің айрылғандай көкірегі, Күрсініп, Дүйсені мен байғұс шалды Ойлап бір сүмірейіп отыр еді. Малдарын жел алды ма, жын алды ма? Өзін де көміп боран жоғалды ма? Сәріден бермен әлі шалы да жоқ, Әлегі асып кетті боранның да. Соны ойлап кемпір байғұс отыр еді, Ойласа, айрылғандай көкірегі. Сорасын көзіндегі сүртіп қойды, Ошаққа төніп тағы от үрледі. Есіктен кірді, міне, аппақ қарлы Арқалап алып келді ақсақалды. Бұл келген Дүйсен екен арқалаған Әкесін, жылытуға отқа апарды. Сорлы шал үскірікте ісініпті, Домбығып, бұзылыпты түсі тіпті. Мұз қатқан бет-аузына, қол қимылсыз. Аяқ та жансыз, дене ісініпті. – Шешетай, отты қыздыр жылдамырақ, Адасып кетіпті әкем үйден жырақ. Қырқадан түссем бері, бір сиырға Сүйеніп, малжан байғұс, тұр қалтырап. Ұшыпты сұрапылда бір сиыры, Құрбаны құдіреттің бұл биылғы.
Әкелдім өзін әрең мінгестіріп, Құрысын, малшы күні қиын-қилы! Көнерміз қырылса да қалған қара, Тірлігің екеуіңнің арман ғана. Сау болса аяқ-қолым, Ақсұратым, Шешетай, қор болам деп қорғалама, Достығы жақсы адамның жоғала ма? - Жарты қап тары берді Жагор аға. Қимастан берді бізге, өзі жарлы, Құдай да мұндай бізге жар бола ма?! Аз шөпті танысымнан алдым сұрап, Басқа мал қырылса да, атым, бірақ Сау қалсын! Көктем келе көшеміз біз, Барамыз село жаққа жақынырақ... ІІІ Сезілді бүгін ғана көктем лебі, Тықыр жер жатыр жаңа көктегелі. Арқаға аузын ашқан ақ борандар Аңдай бір қырды жайпап өткен еді. Созылды жылдағыдан қыс биылғы, Ысқаяқ, үскірік қар, жер құйынды, Көп заман шұбатылып соғып ылғи, Жалмаған жалаң қырды, кең қиырлы. Даланы аш бораны тістей тонап, Ашпаған ашулы аспан қыстай қабақ. Көктемде көктен қарлы нөсер бұрқап, Жағалай қырды басты мұз тайғанақ. Ілінбей ауызына жердің түгі, Апатқа ұшыраған қыр түлігі. Ежелден табиғаттың даламызда Жасайтын малшы жұртқа бұл бүлігі. Қайрат жоқ, амал да жоқ қорғануға,
Қорғансыз қыры жалаң сорларына, Қыс қамын ойламаған онда малшы, Тебіннен талшық тілей сол малына. Қырына қыруар мал осы жұттан, Талайдың малы түгіл, басын жұтқан Қазақты құтқармаған қатал тағдыр, Ол кезде табиғатқа – масылдықтан. Мәз болып қыбырлаған тай-тулаққа, Талшығын таба алмаған талма-уақта. Осылай ата-баба өткен екен, Тапсырып мал тағдырын табиғатқа! Мінеки, ағылған көш қыр белеңі, Айдаған бәрін, жұттың дүрбелеңі. Ыдырап ойға бірі, қырға бірі, Әр жаққа ауды ауылдың іргелері. Алдымен алды шырмап жұт кедейді, Байларға жұт даланы жұтса мейлі. Жүз малы өлсе, мың мал төлдеп қайта Өрбиді, өсіп тағы еселейді. Кедейдің көштері бұл құрым-құрақ, Алдында айдағаны арық-тұрақ. Жүздері жұтаң жұрттың жүдеу, сылбыр, Келеді әрең басып, арып-қурап. Боз інген бүрсең қағып, бота боздап, Қойлары жолда құлап жата жаздап, Көтерем сиырлары сирақтарын Иіліп келеді әрең, сылти қозғап. Осылай жылжып жадау көш келеді, Шұбырып бұл Дүйсеннің көшкен елі. Қырсықтан қыстан сорлап, қорек іздеп,
Ығысып Нұра жаққа көшкен еді. Келеді бір түйеде Үкен міне, Қасында кемпірі де отыр бірге. Айрылған төрт сиырдан боран жалмап, Өршіген қайғысының оты мүлде. Түйенің үстінде қарт теңселеді, Бәрінің түскен бірдей еңселері. Дүйсен де ат үстінде ойға батқан, Көрем деп алдан қандай әуселені. Тек қана қырғын жұттың кесірінен, Әкесі келе жатыр көшіп әрең. Нұраның жағасынан жай таба ма, Ұнасып Жагорлардың кәсібімен? Ренішті көшуіне әке тегі, Күйігі малдың қалай өтеледі? Және де жарлы-жақыбай төрт-бес үйді, Көшіріп бірге міне әкеледі. Солардың жұмсап ойды тағдырына Қарайды қырдың қара адырына. Түксиген түйелердей оба-төбе, Батқандай тап өзіңдей бәрі мұңға. Тек Нұра алыста ойнап, аласұра, Жігітті шақырғандай жағасына. Сағымнан елес беріп ақ Мариям, Бұлбұлдай ән шырқаған ағашына. ІV Жел шымшып секіреді жасыл Нұра, Ау салған балықшыны ашындыра. Көктемде еркелейді ойнап солай, Құпия сырласқандай ғашығына. Кешіп жүр сол өзенді бір топ адам, Құрық сап ағын суға толқындаған.
Құрығы – торлы сүзбе, түспей соған Балықтар су ішінде топырлаған. Бұлардың бірі орыс, бірі қазақ, Бұл жерге айдап келген бәрін азап. Қосылды Жагорларға бұл жағада Ауылдан ауған кедей арып ұзақ. Бірнеше лашық орнап жар басына, Киіз үй, шым құжыра жалғасуда. Ырысы бәрінің де бұл көктемде, Өзеннің қылдырықтай арнасында. Үкен де жүр осында сүзіп балық, Шулары балықшының қызық анық. Гулесіп сөйлеседі, күліседі, Тор тастап, тереңінен жүзіп барып. Жағадан табылғандай жақын аулы, Ұмытқан жүдеулікті, жабырқауды. Жагор қарт болып риза бұл жұртына, Күлімдеп тастап суға жатыр ауды. Сөйледі Үкенге де күлімсіреп: – Ал, Үкен, ауға шортан ілінсе тек – Бір қойым қоздады деп қуана бер, Ойлама, малда ғой деп ырыс-тілек.. Жымиды езу тартып оған Үкен: «Суда да ырзық-кәсіп болады екен! Келгенде түйесінен түспеп еді, Малы жоқ қоныс па, – деп, бұл қу мекен» Әйтсе де Жагор досы жайып құшақ, Қабылдап мінезбенен жайдары-шат, Көтерген қам көңілін қарт Үкеннің, Тар үйі кең жайлауға жайнап ұқсап: Түсініп, бір-бірінің наз-мұңын да, Аз ғана бөліп берді азығын да,
Үкен қарт қайғырса да төрт қара үшін, Көндігіп қалып еді қазір мұнда... Ал ұлы өзеннің шет жағасынан, Там үйді салып жатты қалап шымнан. «Құрысын қысты күні киіз лашық!» Деп талай бұдан бұрын ол ашынған. Көктем шат, ән шырқаған құс шуылдап, Бұл жаға болды оған гүл шырын бақ. Көнді әке тұрақтауға осы жерде, Кірісті Дүйсен іске құлшынып-ақ... Жазғыз-ақ ішінде бір үміт тәтті, Бір кетпей жүрегінен, ұйып қапты. Сүйемін... Бірақ қайтіп... Бар-ау бөгет... Деген ой қиялында құйындатты. Былтыр күз қайтқан түнде Ащыкөлден Құшағын Мариямға ашып келген, Қымсынып әлденеге қыз тартынып, Лүпілін жүрегінің басып келген. Жігіттің арманы да ауыр еді, Шырмады жұттың биыл әбігері, Көргенде Мариямды мұңға батып. Жүр еді ойы толқып әрі-бері. Сақтап бір жас үмітін күн көзіне Жиектен келе жатыр қыз өзі де. Дүйсеннің ұйып қалды жүрегіне, Қыз көркі, наз дауысы, мінезі де... Жарқылдап қыз сәулесі көзіндегі, Жігіттің ұшқындады сезімдері, Үмітін сақтап Дүйсен тұрды қызға, Сүюдің сәтіне де әзір еді...
ШЫРМАУ І Аулақта, ар жағына Ащыкөлдің, Бір сарын тұр еңсесін басып елдің, Бу шығып сегіз қанат сұрғылт үйден Сүреңін кетіргендей жасыл белдің. Жат сөздер түсініксіз, сарнау – шулар, Кеудесін зіл басқандай зорға шығар. Шаншылып отыр сонда көк өрімдер, Торланған түнек түсті молдасы бар. Түнеріп қара бұлттай отыр молда, Түксиіп қарап қойып оң мен солға. Құдайдың өзі ұстатып кеткендей-ақ, Әсілі ақ таяғы түспей қолда. Шәкірттер жамырасып үн шығарған, Айтылып жатыр міңгір ағуз-әлхам, Қадалып құмырсқа із иректерге, Қозыдай көгенделіп көздер талған. Осы оқу, осы біреу ирек әріп, Аяздың ызғарындай миды қарып, Талайды түтегінде шырмап талай, Шіріткен талай миды илеп алып. Оқыса, ежелері бас қатырған, Қиын бір құпия ма осы Құран? Арабқа сатылған ба жұмбақ құдай, Қазаққа түсініксіз, сыры тұман. Көрінбей білмегенге бүркеніші, Жайылған елімізге дерт өрісі, Асылы, құралы не, Құраны не? –
Арабтың ескі мылжың ертегісі. Халқымның қамау болып өрлеуіне, Орауға дүлей діннің өрмегіне, Қырықаяқ қыбырындай құж әріптің, Бір кезде елім сорын көрмеді ме? Уыз ми, ұшқыр қиял, жас кезімде Азабы осы әріптің түсті өзіме «Әліптен» «биге» дейін бір ай жүріп, Күндерім жас балалық өтті езіле. Айтылмай тіл бұралып әлхам-аят, Үстіме төніп талай қалған таяқ. Сол шағым өткен зая еске түссе, Өкінем, ойға батам өзімді аяп... Әріпті алдындағы әрең көріп, Осы үйде сорға батып отыр Өрік. Торға бір түскен құстай жаутаңдайды, Басынан қызық думан кетіп ерік. Былтырғы Ащыкөлдің басындағы Күй мен би, орыс әні, жас жырлары Көрінді Ыдырысқа зор бәле боп, Қатулы қас-қабағы ашылмады. Тұтанды ежелгі сұм ашулары: «Немене, жын ойнақтың басынғаны, Сәпелек орыс қызы ауылымда, Сайтанның сабақтарын тасығаны?! Үкеннің азғын ұлы, Базар құлым, Тұсымнан даурықтырды дозақ үнін. Билепті, Өрік қыз да, бұзылыпты Бетінше жіберіппін, жазам – мұным!» Соны айтып әдетінше, күні бұрын,
Кіжініп түйді сойқан жұдырығын. Зығыры қайнап сол бір жас біткенге, Төндірді Өрікке де зіл құрығын. Осыны кеңескенде қазіретпен: «Сұмдарға орысшылап азып кеткен, Үйрету керек дінді!» – деген соң ол, Аулында медресені әзір еткен. Алыстан молданы әкеп бір сүмелек, Қорқытып Құдайменен салып әлек, Көкөрім гүлдей жасты көгендеп ол, Қамаған сол бір үйге сыры бөлек. ІІ Айрылып еркіндіктен, мәз күлкіден, Ада боп ән мен биден, наз үміттен, Сарғайып отыр Өрік бұл қапаста, Қайғырып тағдырына өзін күткен. Бақыты, еркіндігі болды аз-ақ, Басына енді міне төнді дұзақ. Ыдырыс сұқты көзбен қараушы еді, Қыз өтсе үй алдынан, тұрып ұзақ. Ісі жоқ жастықпен де, қызықпен де, Ойлаған қу құлқынды бұзық пенде. Айтыпты анасына; «Қызыңды бақ, Қожа – мен жемісіңді үзіп жеуге!» Жасырды ана сырды жалғызынан, Осылай жас киікке ор қазылған, Шалынып кезбе күбір құлағына, Жүзінен қашты қыздың алқызыл қан. Көнсе де дүниенің азабына, Көнеді қайтып сұмның мазағына? Басында сорлы қыздың қилы қиял, Қайда жүр мұңдасатын Базары да?
Кең жер жоқ жырлайтын бір мұңын шырқап. Бәрі отыр, мағынасыз үнмен шулап. «Қорықса діннен, Маған тез көнер!» – деп, Ыдырыс қойды мұнда, қызды шырмап. Биыл жұт – ниетіне болғандай тап, Байыды ол, жегідей бір жұртты жайлап. Құлқыны ауды енді жас тоқалға, Меккеге баруды да жүрген ойлап... Ал Базар сол бір кешкі сауық үшін, Қатыгез қожасынан тауып қысым, Қашып бір кетіп еді, білді ме екен, Өрікке төнген мынау қауіпті шын? Әлхамға қарамады ынтасын сап, Жүрегі еркін шақты отыр аңсап, Бұлдырап қара көзі, басы меңзіп, Әріптер құмырсқадай өрді самсап. Мыңғырлап айтты молда ағузыны, Өрмегі қыз қиялдың тағы үзілді, Ал бір үн жете қалды құлағына Қай жақтан, толғады кім нәзік үнді? Құпия сырмен ғана баяулатқан Шықты екен сызылып ән қай аулақтан? Көретін жасынан қыз ән-күйді артық, Аятын молдекесі айтып шұлғып, Көңілсіз әлхамдардан, аяттардан. Жығылды жайнамазға етіп құлдық. Мұндайда қыз епті ғой еленбеуге, Ақырын үйден шығып кетті жылжып.
ІІІ Оятып ұйқысынан кең даланы, Аспанның арай берді алтын таңы. Үстінен түнек зілін сырып тастап, Ғашық жер күн жарына жаутаңдады. Жасырын жүгіріп жел қағып сыбыр, Тамаша таң лебінен тасыды сыр. Керіліп бурыл бел, боз бетеге, – Шық қонған ақша гүлін сілікті қыр. Күн құмар бозша торғай алақайлап, Шыр-шырлап аспанына дүзді сайрап, Қызыл күн сәукелелі келіншектей, Жарқ етті боз отаудан көзі жайнап. Адырдан үш салт атты түсті төмен, Күн жақтан көтеріліп ескен әуен, Екі қыз, екі жігіт келе жатыр, Сол күндей жалын атып түстерінен. Үреймен түнде жортқан, қазір бірақ, Шаттық нұр көздерінде тұр жарқырап. Дүйсеннің өр дауысы даланы алып, Келеді жаны сүйген әнді шырқап: «Қыз емес, қыздың аты қызыл бидай, Қыз үшін түнде жорттым сөзін қимай», – Дегенде, көтереді шырқап бәрі, Жар сүйген жандарының қызығындай: «Ахау-айдай, Қызыл бидай, Бұралып тал шыбықтай, Жолда тұрғай...» Жастықтың аңсарындай еркін, ізгі, Қыздырған бұл ән талай елітіп бізді,
Мариям, Дүйсен, Базар айтып соны, Келеді алып қашып Өрік қызды... Ауылдан шеттеп Базар жүрген жақта, Шалынған Өрік жайлы сыр құлаққа. Қайғырып сорға батқан сүйікті үшін, Шыдамай мінді Базар сол күн атқа. Асығыс Дүйсендерге келіп жеткен; Шерткенде ғашық мұңын, ол жүректен, Мариям торға түскен Өрікті аяп, Жүрегін Дүйсеннің де елжіреткен: – Көн, Базар, бейнетке де, қуғынға да, Жігітке ғашық зары – қайғы ғана. Құтқар тез, сорлы қызды сол бұғаудан, Қорғайды құшағы кең айдын дала!.. Осыған ұйып бәрі, буып белді, Ащыкөл жағасына суыт келді. Сызылып Мариямның жеткен әні – Жаршы боп сол сұр үйге суық реңді, Жапқанда Ащыкөлге түн қанатын, Өрікке тосып Базар тұрған атын, Тіл қатпай мінгесті де кетті қашып, Ежелден қыз осылай ұрланатын. Білдірмей бейуақытта басқан ізді, Аялап тек құшағын ашқан түзді. Келеді қуанысып төрт сырлас жан, Ыдырыс білмей қалды қашқан қызды. IV Келеді екеу-екеу өзді-өзімен, Құпия үміт жайнап көздерінен. Жылысып Базар, Өрік озып алға, Дүйсенге оңашада сөз берілген:
«Қарашы, екеуінің жарасуын, Бақытты-ау, тапқан солай жар ғашығын. Айтайын, Марияшым оңашада, Сырымның жүректегі бар асылын. Айтуға әлденеше оқталып ем, Жанымда сәулең жанып жатқанымен Көзіңнен, әндеріңнен от алсам да Айта алмай ащы мұңды тоқталып ем. Даланың дарқан өскен түлегімін, Өзіңе аян менің бұл өмірім, Таба алмай шын бақытты, армандарым Түбінде тулап жатыр жүрегімнің. Расында арманым көп сыры терең, Өзіме оты лаулап көрінбеген, Күйігім өршіп кетті – жұтап елім, Ежелгі сұр қырсықтың сорыменен. Тар жолда тоғыстырған тағдыр өзі, Өнеге – әкелердің ақ мінезі, Ұнап ең бұрын жылы жүрегіңмен, Әніңнің әнеугі бір тартты сөзі. Жаныма әнмен тәтті ұяладың, Арналған әлдекімге қиял әнің? Бірақ та ойлап сені, Марияжан, Түндерде ұйқы көрмей оянамын. Қызысың өзге жұрттың биік кеуде, Асылсың әніңмен де, көркіңмен де, Бір бейбақ бақташының баласымын, Шексіз тек сүйем десем, ерітем бе? – Деп Дүйсен, мөлдір қара көзін қадап, Күткендей лебінен бір өзіне бақ, Телмірді Мариямға жауап тілеп, Жалындап жүрегінде сезім талап.
Жаутаңдап қыз да сол кез қарап еді, Жігіттің қандай күшті жан әлегі? Қуарып, тез қызарып қоңыр жүзі, Алқынып шыққан шапшаң және демі. Күрсініп сөйлеп кетті Мариям да: – Оңаша, аулақтағы бұл қиянда. Тұрмыстың әуресімен, қапылықпен, Өзім де түстім талай әр қиялға. Көңілсіз жағадағы жетім бұлбұл Секілді шырқағаным менің мұң-жыр. Сергітіп жаны жүдеу ата-ананы, Ән айтып көтерілген көңіл құрғыр. Солардың жалғыз қалған серігімін, Аулақпын желігінен сейіл жырдың. Әнімнің сыры терең ағындарын, Қиядан тап болдың да сен ұғындың. Байқадым, табындың сен, ән сазына, Сол еді бойымдағы бар қазына, Қостың үн менің жұмбақ әуеніме, Баладың естілмеген жар назына. Ұнады маған ұшқыр дауысың да, Қосылған қырдың сонау алысында. Менің де көңіл құсым құштар еді, Ән сүйген сол жүрекпен табысуға. Аулақпын жұрты өзге деп жатсынудан, Естіп мен қырдан талай шат, сұлу ән, Таң қалғам құдіретіне қыр даусының, Шалқыған адамының ақ сырынан. Сүйемін сені, бірақ көнеміз бе?.. Түскенде өңшең залым күндеп ізге, Сұм тілдер сумаң қағып, бізді азғын деп. Таянса тағдыр зілі төне бізге. Желдей бір өсек қырда гуілдесе,
Атадан азып бізді туды десе, Қосылып көрген жоқ деп орыс, қазақ Жан-жақтан дүлей күштер дүбірлесе. Ата-ана риза болмай, салып әлек, Біздерден безіп бір-ақ кетсе бөлек. Дұғамен күңіреніп мешіт, шіркеу, Біздерге мәңгі қарғыс айтса нәлет, Сонда біз болмаймыз ба қуғын, бейбақ, Осыған көнемісің, көрдің бе ойлап? – Дегенде жігіт жаны тебіреніп, Сөзін де бастап еді толқындай қап. – Соны ойлап бөгеліп ем, шынын айтсам... Кенеттен Қарадырдан құйындап шаң. Қуғыншы келіп қалды... Қол ұстасып, Екеуі бір қопаға кірді шапшаң... V Батты күн, алтын сәуле сүңгіп тарап, Құрымдай бұлттарды жамылды алап. Жабығып жар басында Үкен тұрды, Кешіккен баласының жолын қарап. Шаңдатып бейбіт, бұлдыр кең алапты, Салт атты суыт жүріп келе жатты. Ұлына ұқсамайды, бұл кім екен? Бейуақта келеді бұл неге қатты? Тұлғасы қорқынышты, түрі сұсты, Жаушыдай жүрісінің сыры күшті. Арбиған ат үстінде алпамсадай, Үкен тез тани кетті Ыдырысты. Келді де сәлемдеспей сөйлеп кетті: – Сені кім осы жаққа сүмеңдетті? Жат жұртқа қоныс болған қазақ бар ма,
Кім көрген сендей сорлы сүмелекті? Атаның жолын аттап, келдің мұнда? Орыспен бірге тұру – дінге күнә. Ұлыңа әпермексің Жагор қызын, Болмақсың шоқындымен енді құда. – Уа, тәңірі, сақта мені, бұл тек ғайбат, Бұл жерге келді бізді жоқтық айдап. – Жоқ, жалған, крестьян болмақсың сен, Жанымда соның қаупі жатыр қайнап! Қайда ұлың? Көрсет азғын, сұм шірікті, Еліме салды бүгін сол іріткі. Аулымда орысшалап дырду құрып, Шошытты аруақты, дінді, жұртты. Бұл жаққа босты тыныш жатқан елім, Сол азғын жүрегіне сапты әлегін. Базармен қашып кеше кетті Өрік, Өсіріп өзім үшін сақтап едім. Қайда екен, сімілтірік қаңғыбас құл? Оларды сайтан желік оңдырмас бұл! Бәрін де желіктерген сенің ұлың, Орысқа ентелеген есуас бір... Уа, тәңір, сүйегіме түсті таңба, Не істеймін мынау азғын туысқанға! Болмаспын жұртқа таба! – деп зілденіп, Түйсінді алдындағы мүскін жанға: – Азба сен, өз еліңді тезінен тап! Қаңғырма,қасыма қон, сөзіме бақ. Алдыңа мал саламын, – ал ұлыңа Әперем қазақтың бір қызын қалап. Кешірім сұрасын ол: менен, діннен, Безсін ол, Мариямнан енді мүлдем! Базарды ұстап берсін, жесірімді, Әкетіп, атағымды кірлеп жүрген.
Білемін, азғындардың сыры бірге, Өршіді зілді өсек сыбыр күнде, Барамын кетіп міне ұлықтарға, Ашынсам айдатамын Сібіріне! Ұлыңды көндір жылдам, бар еліңе, Түспе сен ашуымның әлегіне! – Сілтеп бір сар қамшысын кетті жүріп, Сүңгіп тез қап-қара түн әлеміне. Бұндайды естімеген бұрын тегі, Үкен шал қалтырады, дірілдеді. «Қайдасың, қарғыс атқан қу жалғыз!» деп, Бейуақта безектеді, күбірледі... VI Ал Базар келіп қырдың алысынан, Жай тапқан хуторда бір танысынан. Қапада көзге түспей қалып еді, Өтсе де Ыдырыстар дәл тұсынан. Содан соң тарап еді әр тарапқа, Серттесіп махаббатқа, өр талапқа. Сырларын ата-анаға айту үшін, Мария, Дүйсен кеткен Нұра жаққа. Танысы Тимофей шал, келіп жеткен, Базар да білуші еді оны көптен. Жоқ іздеп жүрген кезде бұрын талай Үйіне осы қарттың қонып өткен. Ақжарқын сол кісінің пейілін біліп, Өрігін алып Базар келген кіріп, Қабылдап қария шал қуғындарды, Білдірген жылы жүзбен мейірімділік! Күндерін айтып Базар көріп өткен, Шалдың да қарт жүрегін тебіренткен, Арманды албырт шағы өзінің де,
Осылай арпалысып өтті кекпен. Күреспен қуғыншылық көрген бейнет, Кезінде отын сақтап жүргендей тек, Өріктің халін естіп өрши қалды, Ежелгі жүректегі сол зілдей кек: «Менің де жауыздарға кетті кегім, Алыспен өтті жастық отты лебім. Көргенде Ыдырыстай сойқандарды, Ызамен көтерілер көкірегім. Жүзіндей жарқылдаған ақ алмастың, Сүйсінем ерлігіне сендей жастың. Шырағым қайсар бол да, қайрала бер, Күреске аяғыңды жаңа бастың. Сақта сен махаббаттың көркін, гүлін! Сақта сен, жүрегіңнің еркіндігін. Жасыма не көрсең де, бақытың сол, Заманның күреспенен көр тірлігін!» Тыңдады қарттың Базар бұл кеңесін, Өткізді бірталай күн бірге кешін. Сөздері қарияның беріп сабақ, Көргендей бақытының шын елесін. Ондайды естімеген өмірінде, Сырына Базар ылғи берілуде. Жайраңдап өз үйіндей жайнап жүзі, Тілегін айтып жатыр Өрігі де: «Базаш-ау, әлгі біздің Дүйсен қайда? Еркін бір масайрайтын осындайда. Жасқанып әлденеден жүргенше құр, Сүйікті Марияшқа қосылмай ма?!» VІІ Келеді Дүйсен міне, кетіп шыдам, Амалсыз жасырынып қуғыншыдан.
Күйініп Мариямы қалды үйінде, – Адырда құлазыған күңгірт шыған. Қопадан айрылысып әр тарапқа, Үйіне қайтып Дүйсен барған шақта, Үркітіп үміттерін ұялаған, Әкесі айқай салды жар қабақта: – Желігіп қаңғыбас ұл, не істеп келдің? Сұмдықты сумаң қаққан ескермеппін. Қыз алған діні жаттан қазақ бар ма? Торына қалай түстің осы өрмектің? Жагорды дос көрсем де, болман құда, Қыз алу діні жаттан болар күнә: Ыдырыс кетті сөгіп, уа жасаған, Масқара болғаным-ау, ел алдында!.. Мариям дегенді қой, өшір үнді! Сұра бар, Ыдырыстан кешірімді, Ұстап бер, қашқын анау Базар қуды, Тигізбе, маған мұндар, кесіріңді. Әйтпесе, қарғыс айтып мен зілденем, Кетемін Ыдырысқа өзім! – деген. Айтса да Дүйсен шағым жүрегімен, Тыңдамай әке байғұс безілдеген. Амалсыз үйден Дүйсен безіп аулақ, Қиналды әкесінің сөзін ойлап. «Қисайды қисық әке, қыңыр құдай, Болыс тұр, қара қаны қызып, қайнап». Келеді жортып жігіт Ақсұр атпен, Базарын іздеп сонау – алыс кеткен. Сонымен сырласып бір шешпек еді, Жолдарын құтылудың, қасіреттен. Мінеки асты белден, алды сағым, Алыстан жайнады қыр, шағылса күн. Көкжиек көлдерінен қылаңдады,
Аз ғана қора-қопсы, малы шағын. Ежелден ел қонбаған бұл бір шыған, Болатын аулақ жолдан, жолаушыдан. Бірі бұл құлазыған көп белдердің, Таныс жер Дүйсенге де бұл жасынан. «Кімдер бұл, қоныстаған айдаланы?» Немене алдына сап айдағаны? Бір-екі түйе жеккен, сиыр жеккен, Ақырын бетегіні айналады. Сағымнан соқа дүзі жалтылдай қап, Шаң ұшқан жерден туған жалындай тап. Таянса – жерді жыртып топ қазақ жүр, Қиқулап көліктерін жылдам айдап. Көрді де жер сауырлап жатқан жұртты, Қуанып түсті шапшаң аттан тіпті. Күлімдеп сәлем берді бәріне де, – Береке болсын өнім, сәтті, құтты! – Деп Дүйсен жөн сұрады налып көбі, Күрсініп әлденеге қалып еді. Қапсағай бойлы қарт бір қатты жауап, Оның да әрең шықты ауыр лебі. Жарлы бір ауыл едік, алыстағы, Тұрмыстың қысқан бізді тар қыспағы, Аз ғана малды бағып азаппенен. Тәңірдің түскен бізге қарғыс кәрі. Құдайдың бізге ашылды тек араны, Жалмады малымызды жұт бораны. Қасқырдай қалды қауып Ыдырыс та, Жұттан да жаман тиіп жұртқа лаңы. Қырылды аз ғана мал біз өсірген, Қағылды «қызыл бұзау» өңешінен. Сол үшін қалған біраз тұяқтарды, Біздерден тартып алды сол есірген.
Содан соң тентіредік бөтен жаққа, Кедейді түсірмей ме жоқтық отқа, Жұттан соң жалаңдаған жарлы-жақыбай, Шұбырып қала жаққа жатқан жоқ па? Бар еді ақылды орыс тамырымыз, Талайғы таныс оған тағдырымыз, Кеңесін айтушы еді мүсіркеп ол, Тұйыққа тірелгенде тарығып біз. Сол аяп халімізді, ақыл берді: (Кезген ғой өзі талай адыр-белді.) «Қоныңдар бұл бұйратқа, қорек мұнда, Сүйіңдер пейілі кең – асыл жерді!» - Деп бізді тартты егін кәсібіне, Үйретті дән егудің тәсілін де. Құрасып қалған-құтқан күш-көлікпен, Жатырмыз жер тырналап осы күнде. – Қария, құтты болсын талабыңыз, Білмеппіз қасиетін даланың біз. Мәз болып мал тістеген түктеріне, Қалдық қой қырсығына қамалып біз. Іске сәт! Бастамасы игіліктің – Ынтасын тартсын біздің қилы жұрттың. Өзім де қосыламын бұл кәсіпке, Құтылсам шырмауынан қайғы-үміттің... Деді ол. Жайнап күнмен тұр мәз дала, Қызығып қарады да біраз ғана, Соқаның сабын ұстап, жүріп кетті, Күлімдеп қарап қойып бороздаға, Сұрады келе жатып: ол кім деген, Сіздерге қамқор болған, көрмей бөтен? – Аты оның – Тимофей қарт, Кертөбеде Қоныстап, көптен бері еткен мекен. «Тимофей!» – деп Дүйсен де жымың қақты,
Естіген Базарынан бұл тың атты. Қуанып қалып еді, сол сезімін Кенеттен ызаның бір бұлты жапты. Қапсағай бойлы шал бір шертті шерін: – Шырағым, заманға бұл кетті сенім. Тегінде тентірейміз тағы да біз, Ұлықтар төндіріп тұр өрт кеселін. Дуаннан шелтиген бір келді төре, – Бұйрығын өктем айтып, кеуде кере, «Көшіңдер бұл Бұйраттан, жер біздікі, Бұл жерге қаңғып қазақ келдің неге? Төлейсің биыл салық бұл егіннен, Содан соң, аулақ әрі жүр жерімнен. «Көшесің күзден қалмай!» – деп бұйырды, Дәлелдеп, шағым айтып тіленіп ем. Қылышын жарқылдатып безілдеді, «Қожамын қазақтарға өзім!» – деді. «Андрей Шишков деген біл, әкіммін!» – Деп біздің жанымызды зәбірледі... Осылай шал күрсініп, шақты мұңын, Естіп сол Андрейдің жат бүлігін. Түнеріп тұрып қалды, міне, Дүйсен Сол сұмға кеудесінен атты зілін... VIII Сабылтып Ақсұр атты Дүйсен мүлде, Базарын іздеп әрең тапты, міне. Өрікпен бір өткізіп шат күндерді, Жатқан ол, қызық тауып сәтті күнде. Ал Дүйсен ашу жинап қабағына, Келіпті кек-ызаны ала мұнда, Базарға сырын кенет айтпақ еді,
Бөгелді қарияға қарады да. Сөйледі, сезіп Базар, шалға қарап: – Әкеме бұл кісіні қойдым балап. Өмірі, сыры өзінің ертегідей, Ақылы – оқытқандай маған сабақ. Тыңда өзің, таңғажайып хикаясын, Тыңдасаң ерліктерін тыңаясың. Талай жыл күресте өткен күндері көп, Патшаның әміріне имей басын! Осыны естіп Дүйсен, құмарланып, Байқады шал сипатын қарай қалып: Өткір көз, қаба сақал, дөң мұрынды, Кетіпті сарғыш шашы қырауланып. Қатпарлы қалың маңдай, күрең бетті, Әлі де бойы шалқақ, – көкіректі. Көрді де жылы жүзін, ойлы көзін, Дүйсен де сырын жылдам шертіп кетті: – Естуге сөзіңізді ынтық едім, Жатсынбай, жақын тартып қыр түлегін. Көңілсіз өміріне көзді тігіп, Білесіз жаны жүдеу жұрт тілегін. Қуандым, көріп қамқор ісіңізді, Жаңа бір тапқандаймыз досымызды. Ақ бұйрат бұйраланып жатыр түлеп, Бұл келген даламызға кәсіп ізгі. Мұңайтып бір оқиға мені тұр тек, - Таянып, сол бейнетке қуғын дүрмек, Осылай әкім-ұлық жұртымызға Келеді зорлықтарын төндіріп көп. – Деп Дүйсен Тимофейге шағып бәрін, Қапсағай бойлы қарттың шағым-зарын, Айтты да, түйіліп ол Андрейге: – Қалайша әкім болды шалың залым?
Қазақта бардай-ақ бір мұның кегі, Бұрыннан жүрген жері бүлік еді. Қалайша өз жерінен ауады жұрт, Қалайша қуғын көріп бүлінеді?! Қазақты жаратты ма тәңір кем ғып? Әйтпесе қайда әділдік, қайда теңдік? Құри ма құлазыған құмға барып, Қожа емес өз жеріне – қандай елдік? Осыны айтып Дүйсен шалға қарап, Сұрау сап тура көзін қалды қадап. Күрсініп ойға батты Тимофей қарт, Сақалын қыса сипап, түйіп қабақ. Өзім де жөнсіздікті жүрмін көріп, Көкіген әкімсініп, кеуде керіп. Шілтиген шенеуніктер, пәлеқорлар, Ауылды аш қасқырдай жүр ғой торып. Бірақ та орыс халқы емес бұлар, Құлқыншыл қай-қайдағы азғын қулар – Орыстың ақ пейілін арамдап жүр, Әділдік жоқ оларда – бұзық құмар, Кінәнің басы сонау патшамызда, Түнекті төндірген сол баршамызға. Үргізіп ұлықтарын қойған да сол, Берген сол еркіндікті бар жауызға, Бір кезде жастық отпен жасап ерлік. Патшаға қарсы болып бас көтердік, Сұмдығын айтып жұртқа, ашып сырын, Күреске буырқанып тасып көрдік, Бірақ та тұтанбады ұранымыз, Жеңістің білмедік пе құралын біз? – Торына түстік те біз кете бардық, Сықырлап аяқ-қолда бұғауымыз. Содан соң бейнетпенен өтті күн де,
Сібірдің сонау шалғай түкпірінде, Талай жыл тартып азап, титықтадық, Қайттық-ау қартайып та, тіпті, міне. Амал не? Қаптаған сол жауыздармен Жетпейді алысуға жалғыз дәрмен! Тұтанса сендей жастың жалындары, Бар халық толқындаса – тау бұзар ең!.. Бар еді агрономдық қабілетім, Байқадым кезіп жүріп қырдың бетін, Толқитын әрбір дәні тор топырақ, Дариға, жатыр жұтып желдің өтін. Жапанда жарлы жұртың жатыр сорлап, Халыққа қырғын соғыс ауыр салмақ. Қайтпексің, ойлан шырақ, ертең патша, Еліңді еңіретсе, алып солдат? – Қарттың бұл тыңдап Дүйсен әңгімесін, Көңілдің таратқандай көлеңкесін. Сібірдің сырластары қағып дабыл, Алысқа әкеткендей көңіл көшін. Тербеліп естімеген жат сырменен, Толқып сөз – күрес деген, теңдік деген Базарға сөйлеп кетті Дүйсен, міне, Ыршыған жүректегі толқынменен. «Өнеге естігеннің маған бәрі, Орыстың қандай ғажап адамдары. Күреске туғандай тап елі үшін, Күрессе табылғандай жан құмары! Күрестен қашқандаймыз көшіп жүріп, Қалайша ел боламыз қашып, бұғып? Қалайша басынбасын Андрейлер, Өзіміз үндемесек басындырып?» Осы ойын Базарына білдіргенде,
Деді ол: «Қырсық біткен біздің елде, Өмірдің өріне біз ұмтылмаймыз, Орыстың ұлдарындай керіп кеуде. Қарашы, көзді тартқан қаласына, Ну орман, жасыл гүлді ағашына. Гулетіп гармондарын кешке жақын, Жастары жайнар гүлдің арасында. Еркін жас, тіпті мұнда, еркін қыздар, Жастары еңбексүйгіш, әзіл құмар. Қайтейін, мұңайттың-ау Мариямды, Орыстың күндей жарқын мінезі бар...» Осыны айтып Базар, ойын күтіп, Дүйсенді күлімсіреп қойды түртіп, Қабағын қалың қара түйіп Дүйсен, Отырды тағдырына ой жүгіртіп... ІХ Беріліп жалындаған өр қиялға, Мазасыз ойға батты Мариям да. Бір ғана Дүйсенді ойлап сол бір кеште, Ғашықтың тәтті мұңын құйды жанға. Есінде ләззат үні – «сүйем!» – деген, Ендеше пада болды үрей неден? Алқынып ойланды қыз: «Уа, жасаған, Жараттың жат қып бізді қай ойменен?» Тегінде дін деген не? Құдай қандай? Көрінбес жасырынбақ ойнағандай... Қараса, бұрышта тұр сұп-сұр икон, Мөлиіп, мәңгі нұры сөнген жандай. Жалған рух, өлі бейне... Мәлім пейілің... Несіне Мариямға едірейдің? Желігі қу нәпсінің өзі емес пе, Жас қызын арбап алған еврейдің?!
Гүлімін өскен жаңа махаббаттың, Үрейлі кірпігіңді неге қақтың? Қаракөз қазақ ұлы шақырып тұр, Нұрына достық пенен жастық шақтың. Көңілге қобалжу сап жүрген шүбә Расында құдай өзі жоқ па, шын ба? Білмейтін осыны қыз, бірақ шүбә Жүректе жүруші еді жасырына. Білгені Алексейден көп те бұрын, Айтқан ол, ел алдағыш поптың сұмын. Күлкіге батушы еді жас өрендер, Алексей поптың қулық айтып сырын. Болса да сол есінде, ана бірақ, Жан еді діншілдігі басымырақ. Қорқытқан сәби қызға құдайды айтып, Сайтан деп, періште деп, зәресін ап. Есінде сонау шіркеу қаладағы (Бұған да алып барған ана тағы). Сүреңсіз аруақтай өңшең сурет, Өліктен жиылған жұрт моладағы. Алдында тұрды біреу жалбыр шашты, Түксиген түсі түкті, бейне албасты. Құбыжық – ойыншық, деп қалды Мария, Еріксіз күлкісін де әрең басты. Сарнап тұр сол жалбыр шаш мұң таратып, Кресін сілтеп, сермеп, жарқылдатып. Азаның ордасындай көңілсіз үй, Күңіренген ішінде жұрт ойға батып. Жарқылдап сары крест, жанып шырақ, Жатқандай азан-қазан аңдай шулап. Бәрі де жек көрініп Мариямға, Амалсыз әрең сонда тұрған шыдап, Шіркеудің қоңырауын гөй-гөй тартқан,
Естіп қыз түсіне алмай ойға батқан... Көрмеуге қорқынышты құдай түрін, Көз жұмып томсарған қыз, бетін жапқан... Шешесі естіп, міне сұм өсекті, Мұңайған Марияны сілеп-сөкті: «Қалайша діннен бездің, елден бездің, Өмірде естімедім мұндай кепті! Болдың ба жеңіл ойлы, арың қайда? Орыстан саған күйеу табылмай ма? Өзіңді, нәсіліңді мұнша қорлап, Намыстың оты жоқ па тұла бойда?» Мариям ана зілін ойлап кеште, Өзінің қиялымен түсті егеске. Жагор шал өз бетінше жатыр ойда, Ежелден ыза басқан жан емес пе?! Бірақ та шошытпады махаббатты, Сыр айтпай не бір қатты, не бір тәтті. Еске алып Алексейін майдандағы, Қызына берді оқы деп келген хатты. «Соғыстың жолы күңгірт, ойран тегіс, Келеді Россияға қайдан жеңіс? Арсыз ғой әміршіміз, ақылсыз ғой, Қырсық қой халқымызға бұл қантөгіс. Сезбейді солдатты ол – үнсіз, керең, Жана алмай ерлік оты жүрміз әрең. Мағынасыз бұл ойранға бізді айдаған, Кім – соған, жүрміз үрлеп ызаны өрен». Оқытты қайта-қайта сөздерді бұл... Баласы қандай ыза сездіріп тұр? Осыны ойлап Жагор үйден шықты, Сол хаттан сезілгендей ізгілік бір.
Ойланды Мария да оқып хатты, Сол шақта шапшаң біреу есік қақты. Дүйсеннің сағынышты хатын алып, Күлімдеп жылпос Базар келіп қапты. ДҮЙСЕННІҢ МАРИЯМҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ Адал сөзін махаббаттың Ар ғып саған айтамын наз. Жүрегіме сен от жақтың, Болдым сенің лебіңе мәз. Күн сипатты ақ дидарың, Алдың ба нұр әлде көктен? Жүрегіңнің ұқтым зарын, Әуезіңнен тебіренткен. Ай боп туып өзге жұрттан, Үмітіме болдың жұлдыз, Аттай алмай жат ғұрыптан, Әурелікпен неге жүрміз? Желпілдейді ел түндігі, Тасиды өсек жел сыбырлап, Азғын жан деп мен сорлыны, Сумаң қағып жатыр шулап. Көндім жұрттың мазағына, Ықтырмайды мені күшпен. Көтеремін азабын да, Өтсе өмірім ерегіспен. Тәңірі де емес қорқынышты, Үрейі емес я Құранның. Өр әкенің сөзі күшті –
Қожасындай ар-иманның. Бұл назымды әрең шыққан, Айтар едім құшып тұрып, Аңдып жүрген бізді дұшпан, Екеумізге жасар бүлік. Мұңлы хатқа жауап күттім, Айт расыңды, асық жарым, Қуанышпен жанды үмітім, Қосылуға асығамын. ДУДАР-АЙ І Шексіз бір көк теңіздей шымқай дала, Әндерін шығандатып шырқай сала, Жүр еді жылқышылар, жылқыларын Айдап салып бетеге, көк майсаға. Көп жылқы көл құсындай, көкалалы, Көркейтіп көлбеп өрген кең даланы. Кісінеп күмбір-күмбір күреңдері, Малжанды көңілге бір күй салады. Осы мал өзінікі емес, әттең! Күндері жалшылықпен қор боп өткен. Даланың жортуылы – жылқышылар Осылай ән салатын кейде кекпен. Болса да өзі жалшы, жаны сері, Жылқышы – жігіт өрі, жастың ері. Кеудесін баса алмаған бай бажылы, Не боран, не дауылды көк нөсері. Өткізіп ұры түнді сақ көзімен, Даланы оятады әуезімен. Құлындай шұрқырасып таңсәріде
Масайрап мәз болады өзді-өзімен. Көңілді күндегіден бүгін тіпті, Әндеткен ортаға алып бір жігітті. Сөйлеп тұр көтеріліп осы жігіт, Кім өзі, қалың қабақ, қара мұртты? Кеңесін Тимофейдің көріп қызық, Аз уақыт хуторында күн өткізіп, Ел жаққа қайтты Дүйсен, Сол бір қарттың, Тілегін, ақылдарын ойға тізіп. Ал Базар Мариямға алып хатты, Кеткелі бес-алты күн болып қапты. Жүр ме екен серуендеп Өрігімен, Әлдилеп әлде сәби махаббатты? Ойына ереуіл сап бастағы мұң, Ішіне келді Дүйсен достарының. Ауылға бара алмады, сескендірді Сөздері сумаңдаған дұшпанының. Достары жеті түнде жылқы баққан, Дүйсен де қиқулатқан түнді ұнатқан, Мәз болып жатыр бәрі ол келгенге, Кез еді таң самалда тыным тапқан. Мадақтап орыс қызын, ғашық сырын, Дүйсенге айтты бәрі қалжың сынын. Бірақ та сезіп шерін екі жастың, Түсінген тақсыретін қайғысының. Осылай қуанысып тынық таңда, Басылды шырқалған ән күн шыққанда. Сөз бастап достарына кетті Дүйсен, Түсіп бір аттарынан тыныққанда: – Осынша неткен дала, ұлан жазық, Осылай жатқаны ма құр құлазып?
Қу шөптен басқа нәр жоқ үстінде бір, Түртініп тапқан әрең мал ғана азық. Орыстың таң қаламын өнеріне, Толықсып бәйшешектер тұр жерінде. Кешегі құла түзге қала салып,, Теңіздей айналасы толды егінге. Бау-бақша, жасыл мәуе... толған нәсіп. Судан да, ағаштан да тапқан кәсіп. Осының бірін тағдыр білдірмеді, Қазаққа өші бардай ерегісіп. Меңіреу даламыздай мүлгіп тұрған, Еліміз оянған жоқ әлі ұйқыдан. Ойласақ, білім де жоқ бәрімізде, Не білдік дүмше молда оқуынан? Осылай аңды қуып, малды бағып, Далада жүреміз бе қаңғып, лағып? Орыстан оқып неге үйренбедік, Өнеге істерінен тәлім алып? Кім біздің қолымызды қойған байлап, Осыны білдіңдер ме, тегінде ойлап? Қырдағы қытымыр бай, болыс бізді Қалайша тұншықтырып, қор қып қоймақ? Бәрі де тұрып қалды батып ойға «Дариға, оқу қайда? Өнер қайда?» Көрінді жер құртындай бай жылқысы, Шұбырып бара жатқан терең сайға. ІІ Тұрғанда қарап жолға, кетіп шыдам, Сәлем ап жетті Базар ғашығынан. Асығыс жардың сөзін тыңдады ол,
Жауапты іздеп сырға жасырынған. «Түсін сен, мұңы терең Марияның, Арманы толқынындай дарияның. Сен үшін, достық, еркін өмір үшін, Дінді де, ғұрыпты да мен қиямын!» - Дегені жылы тиіп жүрегіне, Ойнақтап тұрды шалқып нұр реңінде. Сүйсінді Мариямның бұл сертіне, Ойының өрлігіне, ереніне. Қуанып қыз сырына жылқышылар, «Дүйсен-ау, дәтің бар ма енді шыдар? Адалын айтыпты ғой...» деген кезде Сөздерін бөліп сөйлеп кетті Базар: – Нұрадан кетіпті әкең көшіп елге, Барыпты Ыдырысқа, Ащыкөлге, Сөзіне сол көлгірдің наныпты қарт, Арбаған күшімен де, ашумен де. Ұрланып үйіңе де қайттым барып, Сорлы әкең іздеп сені, отыр налып. Түйіліп ақсақалдар, хазіреттер, Кетіпті кеше ғана әлек салып: «Ұлыңды, дінді бұзып, жүрген жазып, Тыймаған надан әке – сенде жазық. Орыстың қызын алса – ұлың сенің, Кетеді әулетіміз түгел азып... Күнәсін өзі келіп, тәңір атқан, Сұрасын хазіреттен, шариғаттан. Келмесе, орыс қызын алып кетсе, Үкен, сен кінәлісің, сірә, сақтан! Мал-мүлік – онда өзіңе болар харам, Шариғат – дін қарғысын төгер саған. Болмасын десең егер осы жаза, Мешітке мойынсұнып келсін балаң!...»
Осылай әлек сапты сұмдар өңшең... Амалын осы көптің ойлап, біл сен. «Әкелік әмірім сол, – деді қартың, – Өзіммен кеңесуге келсін Дүйсен...» Қабағын қара бұлттай ыза бүркеп, Дүйсен тез сөйлеп кетті қолын сілтеп: – Әкемде жұмысы не жендеттердің, Күнәлі құдайына өзім ғой тек. Айтыңдар, ел алдында бар ма күнәм? Құтылам қалай діннің арбауынан? Берейін еркіндікті жүрегіме, Ғұрыптың құтқарайын қармағынан. Езілген ескілікпен қайран әкем, Сорлатып сен байғұсты қайда кетем? Барайын мешітіне, айтысайын, Шариғат шын ғашыққа не айтар екен? – Осыны айтып Дүйсен зілді кекпен, Жөнелді әкесіне өзін күткен. Қоштасты, достарына сертін беріп, Дәлелдеп сөйлесуге хазіретпен. ІІІ Меңіреу мешітіне түнге жақын, Міңгірлеп айтты молда мінәжатын, Сопылар қойдай сұлап, домаланып, Күбірлеп айтып жатыр құдай атын. Бүгжеңдеп тақуалар белді бүгіп, Өліктей түсі қашып, жатыр мүлгіп. Сәлдесі дағарадай сұп-сұр имам, Әлхамын айтып сарнап тұрды шұлғып. Ішінде сәжде қылған топырлардың, Тізесін әрең бүккен тәкаппар кім?
Алла емес, ауызында – ашулы сөз, Тұрысы көрсетіп тұр бұзық қалпын. Бұл тұрған сұм Ыдырыс келіп бұрын, Дүйсеннің хазіретке айтқан сырын. Түнеріп хазірет тұр осыны естіп, Ішінде түнек ойлар тұр жасырын. Кешегі өткен жұма намазында, Жиналып өңшең діңкәр – қайнап ыза, Дүйсенге айтқан шулап, қарғыстарын, «Азғын» – деп ғашық болған кәпір қызға, Хазірет дір-дір етіп айтқан уағыз: «Қосылды діні жатқа азғын нағыз, Ондайға шариғаттың жазасы бар, Күнәсін алла атынан бұйырамыз!» Табылмай Дүйсен бірақ содан бері, Жалындап Ыдырыстың жанған кегі. Өзіне бағынбаған қайсар жастың, Ызасы жүрегінде қайнап еді. Меңіреу мешіт іші батып мұңға, Ыңырсып аят әрең айтылуда. Көңілсіз бейуақтың бұлдыры да Мезі ғып үнсіз маңды тұрды дұға. Бастарын қалтаңдатып, шұлғып изеп, Алдамшы нысананы оймен меңзеп, Табынып түнек жандар тәжім еткен Ғайыпқа құлдық ұрып, рақым іздеп. Достарым, жандарымыз қандай азат, Құдайсыз, табынусыз – өмір ғажап! Еркінбіз, әміршіміз жанымызға, Біздерді шошытпайды құдай, дозақ, Ғайыпқа құлдық ұрып, болған пенде, Не дейміз жаны езіліп өткендерге? Еркіндік таппай жанға, махаббатқа,
Талайлар батпады ма сөйтіп шерге?! Мешітке Дүйсен, міне, келді кіріп, Қабағын түйіп қатты, қалды тұрып. Түскендей қой қораға көкжал бөрі, Бастарын қалтылдатып қалды бұрып. Бұзылып кетті намаз, үзілді аят, Мешіттің мұнарасы сынғандай-ақ. Түксиіп тұрды бәрі, тәубаны айтып, Алдында әзірейіл тұрғандай тап. Хазірет сұрлана қап, айтып дуға, Күбірлеп сөйлеп кетті мехрабында. Сұстанып кетті Ыдырыс сілтеп қолын, «Уа, тақсыр, жаза бер, – деп, – бұ малғұнға!» Хазірет әмір етті: – Бас ілгері, Азғын жан, дініміздің сенде кегі. Тәңірдің үйі мынау, айт күнәңді, Сөйлеймін Алла атынан қарғап сені! Дүйсен: Тағдыр деп қарайсыздар пенде ісіне, Айтыңыз, ғашықтықтың күнәсі не? Хазірет: Құранда – күнә деген бұл махаббат, Кәпірді сүю сұмдық, дініме жат. Дүйсен: Орыстың елі ізгі, ал қызын да Жаратқан құдай сұлу қызығуға.
Хазірет: Азғын жан, сол қызды айтпа мұнда мақтап, Сайтан да сұлулықты жүрер сақтап. Дүйсен: Сүйдім мен жаны таза орыс қызын, Сүйкімді періштедей сұлу жүзін. Хазірет: Тантыма, бұзылған жан, сұм іспенен, Садаға – орыс қызы періштеден. Дүйсен: Мария, орыс қызы, жаны бірақ, – Секілді жүрегіме жаққан шырақ. Хазірет: Әзәзіл, тегі, азғырып сені бұзған, Табарсың жаныңа азап осы қыздан. Дүйсен: Күнә жоқ қыздың ару жүрегінде, Өзіме жаны серік, сыры бірге. Хазірет: Сайтанды әкет аулақ, біздің діннен, Мүрдем кет, сол сиқырлы қызыңменен! Дүйсен: Хазірет! Енді бөгет болма бұған, Сүйікті болды жарым – қыз Мариям.
Хазірет: Құдайдың әмірі емес, өзің аздың, Ғұрыпты бұздың ескі – дінге жаздың. Ыдырыс: Малғұн! Мұнда, сірә, иман бар ма? Ақ жүрек әзәзілге алданар ма? Хазірет: Уә, бұзық! Құдай ма екен сені аздырған, Тәңірге тізеңді бүк – жат, азғын жан! Тізесін бүкпей қалды тәкаппар жас, Махаббат мехрабқа имеді бас. Асасын қалды сілтеп сұм хазірет, Жүгірді өңшең дінкәр жайып құлаш. Мешітке тұтқын болған жас жігітті, Жабылып сопы біткен жерге жықты. Хазірет әмір етті, байлаңдар деп, Ыдырыс салып жатыр жұдырықты. Еркін жан, қасиеттеп махаббатты, Сұмдармен жағаласып, сөйлеп жатты. Қамшысын Ыдырыс жүр баса соғып, Хазірет айтып тұрды лағынетті... ІV Мариям сәлем айтып ғашығына, Келер деп, қазір Дүйсен күтті асыға. Дүйсенді ойлап жалғыз, енді ұмытты Дінді де, күйрек ана ашуын да. Жас қыздың қиялына беріп үрей,
Сол кезде жылмаң қағып келді Андрей. Жымиып, сәлемдесіп Мариямға, Рақымын сұлу қыздың тілегіндей. Келе қап осы сумаң аңдаусызда, Сөйледі үрейленіп қалған қызға: «Шошисыз... Қыр тағысы деп пе едіңіз, Орысты, сірә ұмытып қалғансыз ба?» – Орысты ұмытпаймын, туған халқым, Сүйемін ақ жүрегін, артық даңқын. – Ендеше жатқа неге ынтығасың, Еліңнің таптап ғұрып, аттап салтын. – Жат емес, сүйікті жас бәрі бірдей, Оның да жүрегі өз жүрегіңдей. – Масқара, орыс қызы жат қазаққа, Құмартып адасқанын жүрген білмей! Адасып азба жолдан, қой Мария, Келтірме сұмдық кірді сен арыңа. Сүйемін, сүйші мені, жар етейін, Сұлусың, от тастаған құмарыма. Ойлашы, атақ, байлық – бәрі менде, Абырой, сән-салтанат бар әкемде. Жел айдап, сағым қуған тағы қазақ Ойлашы, орыс қызы, саған тең бе? Осыны ойлап анаң болды дертті, Құдайды айтып маған мұңын шертті. Айтып ем, сүйгенімді сені, Мария, Қуанды, ризалығын беріп кетті. Бұл сөзді есіткенде шошып қатты, Мария сөзін қатал зілмен айтты. – Сүйгенім Дүйсенді рас, тием соған, Аулақ жүр, арамдамай махаббатты. Орыстың қызы аз ба менен өзге, Сүйе бер, соларды сен, менен без де.
Сүюді саудаға сап, байлықты айтып, Жүргенің масқара ғой, жігіт кезде. Осы сөз шамдандырып Андрейді, Тепсініп Марияға едірейді: – Әкіммін, даладағы билік менде, Сор болам, сені сүйіп іліккенге. Айдатам, ерегіссем, Дүйсеніңді, Бұзақы, таратқан деп ірткі елге. Ти маған жақсылықпен, кел, Мария, Түсірме сор таңбаны ел арына. Кетіпті кешірімді сұрап Дүйсен, Болыс пен хазіреттің алдарына. Есіттім бір қазақтан – анық маған, Әзірлеп ауыл қызын қойыпты оған, Құшағын қырдың қуы соған жайып, Алдапты орыс қызын ұйытпаған. Ажуа болдың-ау қыз, маған енді, Басыңды ій! Жат махаббат енді сөнді! – Деп тентек ха-ха-халап кетті шығып, Мариям өңі қашып қала берді. V Асау сөз армандарын асқындырып, Кеткендей жүректе бір тасқын туып, Қимылдап еріндері Мариямның, Қайғысын іштегі үнге қосты жыр ғып. Сол үнмен тебіреніп, іздеп жарын, Қиялға ұшырғандай жан құмарын. Құпия ырғақтардан үн тізіліп, Жүректің серпігендей жалындарын. Тұйықтан толқындарды сүйреп алға, «Дудар!..» деп ыршыды үн ыстық қанда. (Айтатын оңашада «Дударым» деп,
Дүйсеннің бұйра шашын сипағанда!) Сүйікті сол бір сөзден «Дудар» деген, Күй сандық кеудесінен туған әуен. Тізбектеп толқын-толқын күй үндерін, Алысқа жөнелгендей тулап өлең. Көкірек көптен ойлап шығарғандай, Еріксіз үндер кетті шырқап шалғай! Қосылды дала желі, тынып бәрі, Тыңдады жат бір үнді құлақ алмай: «Дудар-ай, Ақсұр атты жемдедің бе? Кезінде уағда айтқан келмедің бе? Уағда айтқан кезде келмей кетіп, Мариям заты орыс деп сенбедің бе? Дударари-дудым, Сенің үшін тудым. Шіркін-ай, Дударари-дудым!.. Ащыкөл – Тұщыкөлдің арасы бір, Басыңа камшат бөркің жарасып жүр. Дудар-ай, келер болсаң тезірек кел, Орныңа жаман біреу таласып жүр... Қолында Мариямның өткір қайшы, Арманым ақ қағазға жазылсайшы. Қор болып сол жаманға кеткенімше, Алдымнан бір терең сай қазылсайшы! Дудар-ай, бір келетін күнің жетті, Қайғыда Мариямның күндері өтті. Мойныңа ақ білекті артып едім, Өзің қи, жақтырмасаң сол білекті. Мариям – менің атым, әкем Жагор, Жүректе ғашық отым қайтып сөнер?
Егер де заты орыс деп келмей кетсең, Дудар-ай, Мариямың қайғыда өлер. Қайғырдым Дудар жаным кешіккеннен, Өсекті жұрт айтады өшіккеннен. Дудар-ай, ғашық болған мені ұмытып, Не таптың молдалардың мешітінен? Дударари-дудым, Сенің үшін тудым, Шіркін-ай, Дударари-дудым!..» Осы өлең сол бір кезде шыққан мұң сап, Даланы кезіп кетті шарлап-шырқап, Тұқырып басын гүл де, жел де тұнып, Тыңдап бір тұрып қалды жұрт таңырқап. Елжіреп естіген жас ұйып тыңдап, Сазына сол бір әннің қан шымырлап. Елпілдек жас жүректер жалындады, Мәриям махаббаттың мұңын жырлап. Тамсанып кәрілер де жұтып әнді, Таянып таяғына тұрып қалды. Тамылжып тәтті бір үн, жұрт жанына, Тербетіп әкеткендей тыңдағанды. Ал сол кез жүрген Базар бір аулақта, (Аң қуып, мылтық атып, мініп атқа,) Ести қап наз дауысты сыры терең, Жүгірді ән толқындап жатқан жаққа. Өзімен келді бірге Өрігі де, Сол әннің дауыл беріп көрігіне. Жиналып жас бір қауым жүріп кетті, Әнімен кең далада керілуге. Құшақтап Мариямды сүйіп беттен, Бәрі де тілегіне тәжім еткен.
Шырқады қостап бәрі, «Дудар-айды», Қосылып қыз назына ақ ниетпен. «Мариям Жагор деген орыс қызы, Он жеті-он сегізге келген кезі. Қазаққа Дудар деген ғашық болып, Сондағы Мариямның айтқан сөзі: Дударари-дудым, Сенің үшін тудым. Шіркін-ай, Дудадари-дудым!..» VI Тап сол кез мешітінде хазірет сұм: – Бұзыққа жаза беру әділет шын, – Байлаңдар қол-аяғын, дүре соғып, Мейлі өлсін, жаһаннамға жаны кетсін, – Деген соң, ұстап қолын сопы біткен, Дүйсенді алысумен әлсіреткен. Жалғыз-ақ жүрегінде жанып ыза, Жұлқынып жатты жігіт жас үмітпен. Сол бір кез жай атқандай тітіреп көк, Жетті сол ащы дауыс күркіреп кеп. Мешіттің қабырғасын қалтыратып, Соққандай мехрабын толқыны өктеп. «Дудар-ай, Ақсұр атты жемдедің бе? Кезінде уағда айтқан келмедің бе? Уағда айтқан кезде келмей кетіп, Мариям заты орыс деп сенбедің бе? Дударари-дудым...» Хазірет үнсіз қатып мехрабында – Білмеді періште ме, әлде жын ба? Селт етіп қалды Ыдырыс үрейленіп,
Ал Дүйсен тосты құлақ ащы мұңға: «Ащыкөл – Тұщыкөлдің арасы бір, Басыңда кәмшат бөрік жарасып жүр. Дударай келер болсаң тезірек кел, Орныңа жаман біреу таласып жүр...» Жалыны отты өлеңнің жүрегін жеп, Бұлқынып тұрды Дүйсен ереуілдеп. Домалап қалды көбі ұмтылғанда, Қамшысын Ыдырыс тек жүрді сілтеп. Мешіттің қабырғасын тесіп кірген, – Тағы да өршеленіп ән естілген. «Дудар-ай, ғашық болған мені ұмытып, Сұмдардың шықпадың ба мешітінен?», – Дегенде Дүйсен шықты ырғып топтан, Жұлқынып жолбарыстай тордан атқан, Сырылып қалды бәрі бір бұрышқа, Хазірет қашты жылдам мехрабтан. Қағып қап Ыдырысты тұрған жолда, Дүйсен де кетті шапшаң орғып алға. Шықты да мехрабқа, айқай салды Түршігіп тәубаны айтып тұрғандарға: «Еркіндік, сауық-сайран, жас махаббат, Қызығын білмейсіңдер, сендерге жат. Сендерсің – достыққа жау, адамға қас, Сендерге нәлет айтар, келер ұрпақ. Ал кеттім мешітіңнен, құраныңнан, Махаббат – маған тәңір, маған иман. Өңшең сұм, өшерсіңдер, жоғалар тез, Қытымыр заңдарың да қара тұман.» Осылай алып зілді сөзбен өшін, Мешіттің шықты теуіп терезесін. Сұмпиып сопылары, қатты хазірет, Алып бір нажағайдай сөз зәресін.
Мешіттен ырғып Дүйсен шыққан шақта, Тұр екен алдында әзір Ақсұр ат та, Тұр екен Базары да – жөнелді тез, Зымырап жары тосып тұрған жаққа. «Уа, достым, жаңа еркіндік бердім жанға, Қайда тұр, баста мені Мариямға, Кетеміз бүгін түнде, будым белді, Түкірдім дүмше молда имансызға. Бұл жерде мені десе – кетер әкем, Жат елден өзім барған табар мекен. Тартысып жауыздармен өлгенімше, Кек алып еркіндікке жетем, жетем!» Соны айтып, жүрегінен ауғандай мұң, Жарқырап сәулесімен туған айдың Жалын жас дүбірлетіп жортып кетті, Өзі де шырқап әнін «Дударайдың...» Ал бірақ Ащыкөлде, алыстағы, Мешіттің ұйтқып жатыр қарғыстары, «Ұстаңдар! Дүйсендерді, бұзықтарды!» - Тұр еді түнді жарып дауыс әлі. Олар жоқ, түн жамылып кетті аулаққа... Таппады іздесе де мініп атқа. Ыдырыс түнгі ауылды дүрліктіріп, Жіберіп қуғыншыны жүр жан-жаққа. Үйіне Жагордың да, Үкеннің де, Қуғыншы құйындатып жеткен түнде. Таңертең мәлім болды Марияммен, Дүйсеннің қашып түнде кеткені де. Жүрегін өртеп ыза Ыдырыстың, «Табамын, тінтсем де мен жердің үстін, Жазасын тартар менен!» – деп тістенді, Қаһарын шашып жұртқа зәбір күштің. Үнімен дауыл беріп өрт кегіне,
Осы ойын жұртқа жайды ертеңінде. Жеткізді сол хабарды Андрейге, Бір еді сырлары да, серттері де. Өзі де жүріп кетті сол күн таңмен, Қалада кездесуге ұлықтармен. «Ел бұзғыш, қашқын Дүйсен ұсталсын!» деп, Жөнелді жүйткіп хабар бұйрық-жармен... ДАУЫЛ І Жағасын құйын басып Қорғалжынның, Құс сыңсып, аңдар ұлып болған ың-жың. Қозғалып қалың қамыс қобыз тартып, Көл бейне сабасындай толған мұңның. Қақталып қурайы да қалған қурап, Қопа боп жапырылған қамыс-құрақ. Көңілсіз көлдің басы қорқынышты, Бақырып түнде байғыз, бақа шулап. Жаутаңдап жапан дүзде жалғыз жатқан, Көл еді көрген жанды жабырқатқан. Оңаша, ен жазықтың түкпірінде, Нәр татпай көшпенді жұрт талып, қатқан. Қуғыны қу өмірдің Дүйсендер де, Көз таса келіп еді осы көлге. Көп болды жатыр міне, бір түбекте, Кездескен төнген сонау кеселдерге. Қопаның арасына күрке салып, Құс атып, аңды аулап, сүзіп балық.
Базарын күтіп Дүйсен жатыр еді, Ойына кешікті деп күдік алып, Дүйсенмен болып бірге жорық түнде, Сол Базар кеткен еді Өрігіне. Сайдағы ауылда қыз қалып еді, Бара алмай мешіт жаққа еріп бірге. Өрігін алып мұнда келіп ол да, Түспекші Дүйсендермен қуғын жолға, Таба ма алдан бақыт, дарқан өмір, Ұстай ма әлде күрес туын қолға? – Алдағы өмірлері шат бола ма? Арманды үміттері ақтала ма? Осындай сағым ойлар елес қағып, Төртеуі жетпек еді Ақмолаға. Ал көлдің басы ың-жың, бұлдыр тұман, Қамыста ыңырсыған, аң шулаған. Аспаннан кейде нөсер жасын атып, Шыңғырған қырдан – бұлан, шөлде – құлан. Жығылған көлге келіп, талып киік, (Жанына Мариямның салып күйік.) Маңырап буаз марал миға батқан, Атты екен қандай жауыз, қайтып қиып? Ботасыз боздап інген құмға шөккен, Иесі, ботақаны қайда кеткен? Мыж-мыж боп жатыр төбе қу қабырдай, Бәрін де дүлей дала жұтты ма екен? Осылай сұп-сұр дала тұмандатып, Тұрғандай айналаға мұң таратып. Көз тігіп, күңгірт түсті төңірекке, Қайғырып қалды Дүйсен ойға батып...
ІІ Жұбатып жүректерін тәтті сырмен, Екі жас үміт етті таңғы өмірден. Тұңғиық түндей түсті көл күрсініп, Алыста улап-шулап аң жүгірген. Түнеріп тұрған бұлттай төбе жақтан, Кім екен дүбірлетіп келе жатқан? Жортқан бір әлде аң ба, қуғыншы ма, Даланы дүрліктірген, түнді оятқан? Мылтықты, түсі суық бір салт атты, Асығыс бері қарай келе жатты. Мылтығын кезеп Дудар қалды тұрып, Паналап көлге біткен көк құрақты. Салт атты шолып келді, қарай маңын, Көргендей күркенің бір қарайғанын. Қасына сол күркенің таяу келіп, Естіртіп «Мариялап» тұр айқайын. Жүрекке жылы тиді осы дауыс: «Бұл өзі кім болды екен үні таныс? Базар ма? Бірақ даусы мұның басқа. Алексей қайдан келсін, майдан алыс...» Сол бір үн жүрегіне ереуіл сап, Мариям қалды тыңдап сақшы құсап, Қараса танып Дүйсен салт аттыны, Жүгіріп бара жатыр жайып құшақ. Дүйсенге ашып жатқан кең құлашын – Мариям күлімдеген көрді ағасын. Дүйсенді құшаққа алып сағынышпен, Алексей құшты, сүйді қарындасын. Ұялып қылығына тоқтай қалып, Қарады ағасына жаутаң қағып, Не дер деп ескі досым бұл таң іске, Дүйсен де сырын үнсіз қалды бағып.
Алексей сезіп соны сөйлеп кетті: «Сүйемін жастарды мен от жүректі – Ұмтылған еркіндікке сермеп қанат, Сұңқардай жарып ұшқан көк түнекті. Екі жас, сүйсінемін қадамыңа, Ерікті берген жүрек талабына. Достықпен, батылдықпен ұқсайсыңдар – Кең дүние, келер күннің адамына. Есігін ескі салттың жауып қатты, Екеуің ардақтадың жастық шақты. Ежелгі ескі көрші орыс, қазақ, Гүлдентсін достық пенен махаббатты!» Соны айтып екі жасты сүйіп беттен – Алексей алғыс айтты ақ ниетпен. Жадырап соған жаны екеуінің Әлегін айтып жатыр бастан өткен... Бұл жайды келген естіп Алексей де. Соғыстан жараланып қайтқан елге, Екі жыл азап шекті қан қырғында, Сондықтан болған еді кекті кеуде. Темірдей сұм тырнағын елге қадап, Халықты патша емес пе жатқан қанап? Сол үшін сорлы солдат жан бере ме, Қала ма халық ылғи тартып азап? Деген сөз – күрес керек, күрес керек! – Естілген Алексейге күркіреп көп, Айбынды большевиктің дауыл даусын, Майданнан жұтып алып кетті жүрек. Аяғын ақсай басып келді еліне, Дабыл сап әлгі дауыс жүрегіне. Ызалы Алексейді ашындырды, Мұндағы күйінішті жұрт реңі де. Көнбеген сұм ғұрыптың шырмауына –
Естіген екі жастың сырларын да. Бірақ та басқа дүмпу дүрбелеңі Дауылдап Алексейдің тұр жанында. Сол оймен жүрегіне жинап кекті – Алексей тағы тасып сөйлеп кетті. Ескендей өрт майданның жалын желі, Сездірді күйдіргендей көкіректі. – Қан кешіп екі жылдай сонда жүрдім, Әлі де бітер емес қанды қырғын. Ажалға айдап патша момын жұртты, Тудырмақ ел басына сұмдық-сүргін. Сондықтан ызалымыз, ашулымыз, Бұл күнде әрең жерді басып жүрміз. Отанның арын қорлап обыр патша, – Азаптан, әрі аштықтан ашындық біз. Келіп ем жараланып қайтып елге – Мұнда жұрт батқан тағы қайғы-шерге. Қазақты солдатқа алсын, депті патша, Айдамақ момын жұртты қан нөсерге. Бүлікшіл Ыдырысқа табылды ермек, Жұртыңды жегідей бір жатыр шелдеп: «Ақ патша, қызметіне қазақ әзір!» Деп соғып, атқа мінді әкіреңдеп. Көген көз жас біткенді айдап-шырмап, Соғымдай соғысына аттандырмақ. Қалдырып бай ұлдарын – параны алып, Жарлының жалғызына дұзақ құрмақ... Өз жұртын қансыратқан қанқор патша, Тырнағын енді жайып тұр қазаққа. Талай жыл түнегінде тұншықтырып, Айдамақ енді отына – көр дозаққа. Естідім елдің жасын еңіреген, Сенделген өзіңдей жас өңшең өрен.
Келер деп сені тосып қалды Базар, Шеріміз бір болсын деп ел шерімен. Осылай өкім күшпен ел шырмалған, Кетпей ме осындайда өршіп арман. Ерлікті ел күтіп тұр – өздеріңдей, Ел сүйген ер жігіттен, өршіл жаннан! Алексей осыны айтып, күтіп жауап, Дүйсенге ойлы көзбен қалды қарап. Жеткендей дауыл еніп кеудесіне, Түксиіп Дүйсен тұрды түйіп қабақ. Толқыны ар-намыстың кеуде кернеп, Қарап бір Мариямға кетті сөйлеп: «Өмірдің қашқыны боп жүре алмаймын, Жатқанда ел еңіреп, кек нөсерлеп. Есіркеп, аяп сәби махаббатты, Азабы ауыр ойдың маған батты. Заманның зілі айдаған қуғын жанмын, Табамын қашып жүріп қайдан бақты? Қорқытып, шың шықса да, оқ атса да, Құл болып, жүре алмаймыз сұм патшаға. Шақырам достарымды ереуілге, Шығатын туды кезең аттан сала! Өсектің оты лаулап жас жанымда, Жетейін кегі жанған достарыма. Жүр бірге, ақылыңды айт Алексей, Ой тастап жарлы қазақ жастарына!...» Осы еді Алексейдің сөзі күткен, Дүйсенге қарады да ізгі үмітпен: – Мария, кеттік бірге, ауыл жаққа, Жарлыққа қарсы мынау елді үркіткен! Өздерін осылайша кектендіріп, Үшеуі құйындатып кетті жүріп.
Күрсініп Қорғалжын көл қала берді, Басында құстар сыңсып, аңдар ұлып. ІІІ Сайда бір алабы кең, әрі терең, Топталған өндір жастар, өңкей өрен, Жарқылдап қылыш, найза қолдарында, Оқ зулап, жай отындай күркіреген. Қолына мылтық, найза, шоқпар алып, Тұс-тұстан жатты қалың топ құралып, Сол сайдан оқтар зулап, қиқу шығып, Дабылын ереуілдің жатты қағып. Кейбірі қылыш қайрап, жарқылдатып, Кейбіреу асау атын жаңа үйретіп, Бәйгеге қосатындай баптап күнде, Орғытып көкмайсаға жүр тулатып. Қасқиып тұрды Дүйсен ортасында, Мылтықты Мариямы тұр қасында. Майданның сырын шертіп Алексей жүр, Базар тұр қарауылдап қыр басында. Бірнеше күндер өтті – сонау көлден, Дүйсендер күн-түн қатып мұнда келген. Жар салып жігіттерге, достарына, Кеңескен буырқанып тұрған елмен. «Патшаның әлегіне, жанған отқа, Барғанша, барлық жігіт мінсін атқа!» – Жайылды осы хабар жүйткіп желдей, Жан-жаққа, қиырдағы атырапқа. Дүйсен мен Алексейдің сырын ұғып, Ауылды кезіп Базар кеткен жүріп. Шақырған ереуілге жігіттерді, Жел беріп, жүректерін кектендіріп.
Жан-жақтан ағылып жас, жарлы-жақыбай, Қосылған осы топқа тас бұлақтай. Осыны көріп Дүйсен көтеріліп, Қайнап кек кеудесінде тұр шыдатпай. Келіпті көп жылқышы достары да, Сүйсініп келіп білек қосқанына. Есесін ел кегінің алып енді, Әлекті салмақ бүгін дұшпанына. Базардан естіп елдің хабарын да, Ашуы үйіліп тұр қабағында. Ежелгі жау Ыдырыс, сұм Андрей Бүлігін салған елдің адамына. Керілген көк майсалы кең алапқа – Толқындай қаптап жігіт толған шақта, Сөйлеп бір кетті Дүйсен, тебіреніп, Ұшқандай дабыл қағып ойы аулаққа: «Достарым, түйілген бір бұлттай сұп-сұр, Қауіптің астында тұр жастық өмір, Өндір жас өздеріңдей көгенделіп, Көзінде ата-ананың жас толып тұр. Жетті күн етікпенен суды кешкен, Жетті күн ауыздықпен ат су ішкен. Келді күн – ер жігітке ереуілдеп, Алатын еркіндікті, тартып күшпен. Даланың дауыл екпін түлектері! Өрттей бір жалындасын жүрек кегі, Көтеріп ерлік туын жөнелейік, Қаһарын халқымыздың үдеткелі! Өршітіп, от тастаймыз жауыз топқа, Бармаймыз залым патша жаққан отқа! Жауымыз – патша, болыс бәріміздің, Қақсатқан елімізді қанды азапта. Қорлықтың жетті шегі, бүкіл қырда
Патшаға қарсы халық бұлқынуда. «Солдатқа жан бермейміз қырғын үшін, – Деп дала толды қазір толқын туға. Естідім Алексейден, елдің бірге Тасыған екпіндері, ерек мүлде. Торғайдан Амангелді батыр шығып, Шақырған бүкіл жұртты ереуілге, Достарым, талай тартыс алдымызда, Жүректі шыдатпай тұр, шалқып ыза. Ыдырыс, урядник – қу Андрей Бүлікті жасап жатыр ауылымызға. Сондықтан бүгін кешке аттанамыз, Найзаның күшіменен кекті аламыз. Ел үшін, еркін жаңа өмір үшін, Дұшпанның ордасына өрт саламыз!» Кегімен өрши қалған дауыл күштің. Жанында жігіттердің жанып ұшқын, - Бәрі де: – Әзірміз! – деп ұрандады, Сол сайдың ереуіл үн алып үстін. ІV Аулында Ыдырыстың құрып штаб, Әкімдер жасап жұртқа қуғын қыспақ: «Қашырған ұлдарыңды табыңдар» – деп, Әмірін айтты болыс, қатал нұсқап. Ал бір топ, үй сыртында көк майсада, Масайрап мәжіліспен тапқан сая, Хазірет уағыз айтқан: «Қызмет парыз – Иеміз, әміршіміз – ақ патшаға. Солдатқа ұлдарыңды жіберіңдер, Осыны құдай айтар – құран тілер.
Бұл істен кім бас тартса – ол күпірлік! Патшаға қилап істен дін түңілер...» Қамшысын сермеп қатты көпке үйіріп, Ыдырыс хазіретті кетті киіп: – Жандарал келе жатыр, жақын жерде Ояздан жетті бізге қатал бұйрық. Беріңдер, ұстап анау қашқындарды, Қалайша өңшең бұзық тасқындады? Келмесе ертең бәрі өз еркімен, Ашуым өрттей менің асқынады. – Түнерген шұбар беттің зәрі шалқып, Ыдырыс тепсініп тұр беріп жарлық. Тұрғандай тәңір байқап, патша шайқап, Бұл жерде құты қашқан жұрттың барлық. Айқаймен жұрт мазасын алып кейде, Қылышын жарқылдатқан Андрей де. Жасырып бай ұлдарын, жасы кем деп, Жыл қосқан жасын дәл ғып әр кедейге. Осылай әбігер боп бәрі бірдей, Қараңғы түн басқанын қалды білмей, Даурығып дулы сөзбен жүрді Ыдырыс, Жүрегін басып ыза ауыр зілдей. Ал сол кез нөсердей бір дүбірлетіп, Жасағы жігіттердің келді жетіп. Жарқылдап ат үстінде қылыш, найза, Дүбірі ақбоз үйді дірілдетіп. Жарқ етіп, түнді жарып оқтар зулап, Кеткендей көк шатырлап, бұлты бұрқап. Жалаңдап ақ сойылдар, көк сүңгілер, Ақ үйді, алқа топты алды шырмап. У-шу боп осынау топ жамырасып, Жан-жаққа жанталаса жатыр қашып.
Шатырлап шаңыраққа көк сойылдар, Қаһар мен қорқыныш үн жатты ұласып. Алласын айтып құр тек дір-дір еткен, Кездесіп қалды Дүйсен хазіретпен. Сойылмен қағып өтті, қалды құлап... Ыдырыс көрінбейді, қайда кеткен? Дүйсен жүр сол ауылды шыр айналып, «Болысты табыңдар!» деп айқай салып. Ал Базар үйге жылдам еніп кетіп, Әкелді Андрейді, байлап алып. Тізімін қолындағы өртеп отқа, Тастады Андрейді таңып атқа. Ойрандап болыс үйін ашулы жұрт, Айбынды үндер кетіп тұр жан-жаққа. Бірақ та Ыдырыс жоқ, қайда кеткен? Таба алмай соны Дүйсен жанды кекпен. «Қоршаңдар көлді жылдам!» – деді де өзі, Сөйлесіп қала берді қалың көппен. Лап қойды қалың жасақ көлге қарай, Көк құрақ біткен екен көл жағалай. Айна су түнде көздей жарқыраған, Жатқандай ортасында тығылып ай. Жігіттер шыр айналып көл жағалап, Арасын жас құрақтың жүрді қарап. Қиқулап үркіп қызғыш, көлде – әупілдек, Күрсініп жатқандай бір көлді арқалап. Шайқалған қалың құрақ арасында, Қасқырдай Ыдырыс тұр аласұра, Дүйсендер келген шақта зытып еді, Ұрланып мылтығын да ала шыға. Жасырып жауызды тұр жансыз құрақ, Сыбдырын естіртпеді жел шуылдап.
Еңбектеп, жылжып қана жүрді Ыдырыс, Үстінен зу-зу етіп, оқ зымырап... V Ішінде абыржыған қалың көптің, Дүйсен тұр айтып сырын жас жүректің, «Ағалар, атқа міндік, атой бердік, Ел үшін, отын үрлеп ескі кектің. Ғұрпына ескіліктің айтып нәлет, Жалын жас жүрегімде қайнады кек. Азды деп айта берсін, мейлі сұмдар, Сендердің қымбат маған ойларың тек. Араңа келіп тұрмын қағып дабыл, Балалық сәлемімді алып қабыл, Сенсеңдер маған, жұртым, – тұр, атқа мін, Түнекте тұншықпасын туған ауыл! Тегінде кінәлі емес бұған орыс, Қырсығы патшаның бұл қырғын соғыс. Сұрқия соның ғана тілегі үшін, Сендерді сорға жықпақ әкім, болыс. Соғатын сойылыңбыз, ұлдарыңбыз, Жалындап қазір кекпен тұр жанымыз. Азаттық алдымызда шақырып тұр, Жетейік соған жылдам, кел, бәріміз!» Осылай айтып сырын шын жүректен, Тұр Дүйсен ынтымақты тілеп көптен. Қалың жұрт ортаға алып өз түлегін, Алғысын айтып жатты ақ ниетпен: – Қадамың құтты болсын, жалынды жас!
– Ғашықтың жолы таза, тілегі рас! – Мариям өз қызымыз, өз гүліміз. – Ежелден өзімізбен Жагор мұңдас. – Орыстың жазығы жоқ, тегі бізге. – Әкімі әлек салған елімізге. – Ұлыққа ылғи құл боп жүре алмаспыз, Тиетін шығар сірә, теңдік бізге? – Иә, күт, берер саған патша теңдік! – Дүйсенжан, өзің баста, соңыңа ердік, Езіліп жатамыз ба енді тағы, Елміз ғой, шығайық та жасап ерлік! – Осылай гуілдесіп тұрған халық Тағы да шулай қалды түнде жатып. Дүйсен-ау, қайда біздің әнші келін, Айтсын да «Дударайын», бір тыңдалық! Дегенде кетті Дүйсен шын қуанып, (Сезілмей түндей төніп тұрған қауіп). Жөнелді Ақсұр атпен жалғыз өзі, Келем деп Мариямды қазір тауып. VI Үрейлі Өтебайдың қырқасында, Мариям Алексейдің тұр қасында. Неліктен тулады екен, қыз жүрегі, Қасында Дудары жоқ сырласуға? Алексей қалып мұнда көп жігітпен, Келетін отрядтың жолын күткен. Жандарал аттандырып солдаттарын, Жолдағы тыныш жатқан елді үркіткен. Бүлік сап момын елге сұм ниетпен, От шашып зеңбірегін күркіреткен.
Солдатқа бермедің деп жастарыңды, Жандарал жан алғыштай жүрді әлекпен. Алексей естіп соны, қырда қалып, Тұр еді жандаралдың жолын бағып, Қалдырған сонда Дүйсен Мариямын, Қатерін шабуылдың ойына алып. Қайран жас жалындаған от жүрекпен, Жарына жортып кетті Ақсұр атпен. Шуылдап қалың қамыс қобыз тартып, Сумаң жел, сыбырласқан жас құрақпен. Қиқулап көлдің құсы шықты көкке, Күрсінді үрей салып әупілдек те. Ер Дудар көл жағалап келе жатты, Сақтап бір Мариямын тек жүректе. Естілмей желден басқа бір де сыбыс, Қоғаның арасында тұр Ыдырыс. Ақсұр ат қылаң етіп шыға келді. Жүрегін билеп кетті бір сұмдық іс. Ежелгі аңдыған жау өр көкірек, Мылтығын кеудесіне қойды тіреп. Албырт ер келді жақын, басып қалды... Дір етіп толқын ыршып, көл тітіреп. Ақсұр ат жөнелгенде жалын бүркеп, Жарқ етті көк түтінмен жалғасып от. Қыршын жас құлап түсті, қан сорғалап, Ұялап кеудесінде қорғасын оқ. Шайқалып жас құрақтар, қамыс шулап, Шаңқылдап шағалалар, торғай шырлап. Күрсініп көл күңіреп, түн түршігіп, Селк ете қалды айнала талмаусырап. Үрейлі оқ даусымен түнді оятқан, Ауылдан шықты дауыс: – Аттан! Аттан!
«Жігіттер, қалайсыңдар, өлтір сұмды, Аяулы сабазыңа оғын атқан!» Жөнелді жас өрендер, кетті асыға, Күрсіну, күңірену көл басында. Жас боздақ жатыр сұлап ыңыранып, Көре алмай Мариямын мұңдасуға. Ер досын көріп Базар жатқан сұлап, Үстіне құшақ жайып түсті құлап. Көзінен ыршып жасы: «Бауырым!» – деп, Елжіреп жаны жанып, жүрек жылап. Құрбан жас қолын созып достарына, Арманды көз қиығын тастады да: «Мариям! Мариям!» – деп ұмтылды тез, Сол есім дем үдетіп жас жанына. Көтеріп қан ыршыған көкіректі, Орнынан өрен күшпен тұрып кетті, Дірілдеп даусы шықты... Дауыл тұрып, Сол дауыс алып кетті жарып көкті: «Достарым, ұмтыл жауға, алыңдар кек, Шақырды әне дауыл, күркіреп көк. Атты таң... Қайда менің Ақсұр атым? Жанымды, жаудың кегі барады өртеп. Қайдасың, Марияшым, үнің қайда? Келші тез, қосылайық «Дударайға...» Көтерші мені назды дауысыңмен, Басталды, әне, майдан, терең сайда!» Ұмтылды айтып соны – тағы, бірақ, Жығылды қайран сабаз талмаусырап. Естіп бір соңғы даусын Мариям да, Үстіне жан жарының түсті құлап...
*** Оққа ұшты, өліп міне, жатты боздақ, Мұңдарын махаббаттың кетті қозғап. Аңырап азалы түн, күңіреп көк, Сол жасты жоқтағандай дала боздап. Жарының кеудесінен басын алмай, Мариям еңіреген жас маралдай. Ес-түссіз жаны езіліп жатыр ғашық, Жүрегін біреу жұлып тастағандай. Жалғыз-ақ еріндері кемсең қағып, Бебеу сап баяу үнмен кетті налып. Сол көлдің тебіренді толқындары, Қайғысы Мариямның көкпен ағып; Ыршып жас жаңбырдайын бетін жуып, Зар илеп, толқын шашын жатты жайып. Азасы аяулы ердің аспанды алып, Далаға шалқып шері кетті ұлғайып. Жүгірмей тына қалды жел де ыршып, Құс біткен үн қосқандай көлде сыңсып. Тұқырып басын төмен, теңселіп жұрт, Тамшылап ыстық жастар көзден ыршып. Мариям күңіреніп, күйіп-налып, Әлсіреп сол бір шақта қалды талып. Үрейлі жан ұйқыда жүрек іздеп, Жоғалтқан сол ғашығын алды тауып. Құшақтап жан Дударын сүйіп қатты, Наз айтып ғашығына мұңын шақты: «Кешіктің мұнша неге, Дударжаным, Сарғайттың мұнша неге махаббатты?».. Сүйді де Мариямын көп сағынған: «Қалмайын жібер, сәулем, жасағымнан, Шақырды, ереуілге жібер мені!» - Деп жары шығып кетті құшағынан...
Селк етті, талған Мариям шошып кетті. Қараса жаңғыртып жұрт жер мен көкті. Келеді «Дударайды» дауылдатып, Оятып қайғы басқан қан жүректі. «Мариям Жагор деген орыс қызы, Он жеті-он сегізге келген кезі. Қазаққа Дудар деген ғашық болып, Сондағы Мариямның айтқан сөзі. Дударари-дудым!»... Зар етіп осы жырды жас, кәрі де, Иіліп Мариямға тұр бәрі де. Осы өлең бұрынғыдан шалқып қатты, Үстінде ер Дудардың тербелуде.. Жүр Базар тұтандырып қайта кекті, Меңіреу сол қамысқа тастап отты. Өртелсін Ыдырыс та, сұмдық іс те, «Өртеңдер! Тезірек!» – деп әмір етті. Күркіреп кеткен ыза, желдеп жалын, Алқызыл алау басты көлдің маңын. Қамыс та, Ыдырыс та жатты жанып, Түн сырғып, күтті дала жаңа таңын.. Ал Базар, қайта қарғып мініп атқа, Дабылын тағы қағып тұр жасаққа. – Жігіттер, аттаныңдар, тез жүріңдер, Ойранды жауыздарға жасамаққа! Қайғысы ер Дудардың бізге батты, Мариям, көтер басты, тұр, таң атты. Алысқа Дударайың шақырып тұр, Шырқа деп, ерлік пенен махаббатты... – Соны айтып, шеру тартып кетті жүріп, Жандарал шыққан жаққа бетті бұрып. Жөнелді «Дудар-айды» айтып бәрі,
Сол әнді жандарына ту ғып тігіп. Жаны оның жайнағандай туларында, Көтеріп алып кетті Дударын да. Мариям есін жиып көтерілсе, Жаутаңдап Ақсұр аты тұр жанында. Атының жалын сипап Мариям да, Тыңдаса шалқып әні тұр шығанға. Шақырған жорыққа кім «Дударайлап», Жүр ме екен Дудар жаны әлде сонда? Алыста өрттей қызыл туды таң да... Басталды әне майдан жауыздарға. Мариям айқай салды: «Дударым!» – деп, Әлде ол, кетті ме екен озып алға? Майданда атой беріп шырқап әнді Шақырған Дудары ма Мариямды? Ақсұр ат жебеп әндей сол бір топты, Сол шепке Мариям да барып қалды. Шаңқылдап тұяғы да шапқан аттың, Даусы да шыққан оқтың, жарқылдап тым – Бәрі де жаңғыртқандай «Дударайын», Үніндей жастық шақтың, махаббаттың. Жас қазақ ұмтылғанда атой беріп, Кеткендей күңіреніп үн көтеріп, Шырқап бір «Дудар-айды» тиіп жауға, Қылышын жарқылдатқан кеуде керіп. Сақтап бір сарбаздары өр көңілге, Жар жанын әкеткендей өлеңінде. Жаңғыртып жас даусымен. «Дудар-айды», Өзін де шақырғандай ереуілге.
Тұрғандай шеру тартып достарына, Дудары сол майданның аспанында. Елестеп айбынды ер рухыменен, Енгенде Мариямның жас жанына. Кіргендей кеудесіне шалқып жалын, Жүректің кетті қозғап толқындарын, Мариям еніп кетті сол майданға. Дабыл ғып «Дудар-айын», айтып жарын... ЭПИЛОГ Бірталай өтті жылдар. Октябрьдің Керемет күркіреген оқ дабылын Даламыз естіп ескі заман зілін, Лақтырды, азат күнді тапты ауылым. Толастап түнек желі азынаған, Еліміз айықты да қайғы-ызадан. Шырқалып шаттық жыры шығандарда, Орнады таң-тамаша тойлы заман. Сырылып тұман-сынды қара лашық, Нұраның жағалауын қала басып, Жайнаған орыс, қазақ өрісі бір Өмірде қаны, жаны араласып. Төріне тойлы өмірдің толып өлең, Еркін жас ән шырқаған теңіменен. Қосылып «Дудар-айға» бәріміз де Ғашықтың шертіп жүрдік мұңын терең. Мариям еріп әнмен ереуілге, Жүргендей жан Дудары ере бірге. Жеңісін махаббаттың сақтап қалған,
Өлмейтін мәңгілікті өлеңінде. Ән ғана болды оның жан серігі, Ән ғана жүрегінің бар сенімі, Достықты, махаббатты жыр ғып жұртқа, Ағылған аузынан нөсер үні. Осылай әнмен шалқып, жырмен жайнап, Мариям ауыл кезіп жүрді сайрап. Әлпештеп аруындай Мариямды, Таңырқап тыңдай берген жұрт масайрап. Талай жыл өтті солай өлең-жырмен, Алғысын орыс қызы алды өмірден. Ақ шалып Мариямның алтын шашын, Ай түсті жүзіне де әжім кірген. Алайда, жас қауымға жалын беріп, Жүр еді ауызынан ән тербеліп. Самолет самғап бір күн Алатаудан, Қырына Қорғалжынның қонды келіп. Жөнелді Мариямды алып көкке, Бұл өзі әлде түс пе, керемет пе? Ақ шашты Мариямды қайда әкетті, От беріп қайта кәрі көкірекке? Самолет ұшып келіп бұлттан шыға, Кеп қонды астанаға – Алматыға. Аспаннан жерге түсті, аң-таң Мариям, Жиналған мұнда қалың топ ынтыға. Мариям қосылғандай ғашығына, Үстіне құрмет гүлі шашылуда... Масайрап орыс, қазақ думанды жас, Шырқады «Дудар-айын» қосылды да. Әкелді сәулетті үйге Мариямды, Сол үйге салтанатпен жұрт жиналды. Жүзінен кәрілердің күлкі жүзіп, Гулетіп жатты жастар айтып әнді.
Мариям той төрінде тұр таңырқап, Қалайша келе қалды тосын бұл бақ? Бәрі де қошаметтеп Мариямды, Жас біткен «Дудар-айын» жатты шырқап. Жас қазақ, орыс қызы – бәрі бірге, Сол сарай тұрғандай бір толып гүлге. Мыңдаған Мариямдар, жас Дүйсендер Қосылып тапқан бақыт бұл өмірде. Бұл үйге бәріміз де келгенбіз де, Құмартып әсем әнге, сән лебізге. Мүсіркеп махаббатты тұрды мұнда, Мұқаң мен Валентина жеңгеміз де... Қуаныш қанат беріп ән мен күйге, Бір жиын болып жатты сол бір үйде. Ардақтап әншіл қауым «Дудар-айды», Бұлбұлдай Мариямға сүйсінуде. Достықтың, махаббаттың сәулесінде – Сақталған осы ән еді ел есінде. Атынан үкіметтің ақ шашты қарт, Тақты орден Мариямның кеудесіне. Құбылып кәрі жүзі шаттықпенен, Тәжім ғып жұртқа басын иді төмен. Мариям құйқылжытып гармонын тез, Толғанып кетті тағы оймен терең. Жүректің толқын сырын ағытқандай Жырлады бұрынғыдай қағып таңдай. Жырлады өшпес мәңгі махаббатты, Бұғауды бұзып шықан алыптардай. Тербетіп алдындағы гүл жастарын, Шақырды «Дудар-айдың» сырластарын. Шақырды қосылуға, бастады өзі Достықтың шертілмеген бір дастанын...
ТҰРЛАУЛЫ ТАҒДЫР АРНАУ (Зейін Шашкинге) Білемін, өкпелісің өлеңіме, Түскенде уақыттың сен елегіне, Шадыман жырмен ғана шалқыдым мен, Тағдырын тұстасымның еледім бе? Түссе де теңбіл менің талайыма, Шырмалсын өлең шіркін қалай мұңға? Қызықтым зор өмірдің бәйгесіне, Қосылмай дүбіріне қалайын ба? Жас едік туған бірге таң нұрында. Ортақпын бақытыңа, тағдырыңа. Тосыннан құйын сені теңселткенде, Менің де түспеді ме дақ жырыма? Дәуірдің кінәлі ме сол бір кезі? Өсірді еркелетіп өмір өзі. Ер сенім, өткір ойды берді бізге, Лениндік комсомолдың өр мінезі. Баянның биігінде ойнап өстік, Ертістің тереңіне бойлап өстік. Албырт жас, дулы топтың арасында Екеуміз жанған оттай жайнап өстік. Болмады бізде күдік, нала-қайғы,
Қалайша бізді қауіп жағалайды? Түнде бір аспан кенет шатырласа, Қол создық қағамыз деп найзағайды. Заманның ішке тартып жалындарын, Сүйдік біз не сүйсек те жанып бәрін, Сонда біз саялаған қыз-қайыңдар, Жайып тұр әлі бізге жапырағын. Жүргенде махаббаттың назын қалап, Қыз сүйген бетімізден әжім тарап. Қалайша түкті қара басымызды, Басынды ақ қыраулар ажуалап? Бақытын бұзса кенет аяулымыз, Қандай зіл жүргеніңде баяу, үнсіз?» Дәуірдің шатқалаңын шарықтамай, Мәз көрдік бәйшешек пен бояуды біз... Жаңаша күйді тыңдап кең елімнен, Жанымды жастық жырға бөледім мен. Сол кезде кінәлімін, досым, саған, Тыс қалып өкінішің өлеңімнен, Жасырсаң көңілдің бір мүгедегін, Қалайша қайта жайнап түлер едің? Өзіңдей өткел кешкен өрендерге, Ақтарған адал сырым – бұл өлеңім. Өзім де сындырмаймын сөздің сағын, Қыз – өлең жайды маған наз құшағын. Қыраулы мұртпен күліп мүсіркеймін, Жастықтың сонау өткен жазғы шағын...
БІРІНШІ БӨЛІМ Бірінші тарау Егер сен жұтам десең тау самалын, Қалың құз шатқалдарға ауса жаның – Өрле сен, Лениннің кең көшесімен, Табылар қызық-рақат аңсағаның! Құмарта қалсаң кейде биік шетке, Жарыңмен бөленуге бәйшешекке, – Адымда, Лениннің сол көшесімен, Күлімдер тау мұнарын жайып көкке. Бөктерде сарайлар бар еңсесі кең, Тілдескен көк шатыры кеште шыңмен. Білімнің биігіне баратын жол, Зымыра Лениннің зор көшесімен! Сол көше беткейіне шыққаныңда, Заңғардай зәулім биік көп үйлерге, Жүреді студенттік жұрт ағыла. Кеш болса жасыл таудан төнген мұнар, Сол жаққа болған едім мен де құмар. Жүріңдер, өлеңіммен солай қарай, Сендер де сырластарым, толғаныңдар. Сүт емген сонау қарлы ала шыңнан, Арқырап көкжал арық аласұрған. Таратып көшелерге моншақтарын,
Тағынған көк лентаны қала судан. Арықтың айғай-шулы ағысы ұнар, Ойымның ағысында жарысы бар. Сақшыдай суды бойлап жағалаған, Аңсағай ақ қайыңдар Жалы шұбар. Ежелден қыз-жігітке жылы сырлас, Өзен мен жапырақта сыбыр тынбас... Бауырында көк торғынды бәйтеректің, Сөйлесіп оңашада тұр екі жас. Сыбдырлап мыстай сары жапырағы, Сыбдырды жел қуалап жаңғыртады. Ақсайдың адырында, алыста күн, Батар шақ алдында бір жарқырады. Сондай-ақ жарқ етті де көз жанары, Жігітке жаутаң қағып қыз қарады, Іркілген ойлар, сірә, бұлқынды ма? – Дамылсыз кірпіктері қозғалады... – Мұнымды бекер айтқан өкпе деме! Жаз бойы сараңсыдың хатқа неге? Болайық Ұлытауда деп едім ғой, Кеттің-ау менен қашып Ақтөбеге... Ақтөбе құмды қала, алыс әрі, Ынтығың қалай соған ойысады? Әлде бір қызықтырған қызың бар ма? Артық па, әлде бізден ойы, сәні? Өзім де Ұлытауда зерікпедім, Кездесті жас күндегі серіктерім. Жарыстық жүйрік мініп, қия кездік, Әйтсе де мен ешкімге елікпедім. Жалғыз-ақ көңілімде туған алаң, Өзіңсің сол назымды тыңдамаған.
Ұмытып мені қалай таптың сабыр, Қалайша салқындығың туды маған? Айтты тез қыз осыны жігітіне, Сездіріп өкпесін де, үмітін де. Ал Ақан үнсіз неге абыржыдың, Сүйгенің болды ма шын, ұмыт мүлде? Рас, оның кеудесінде кейісі бар, Айтсын ба? Айтса мүмкін теріс ұғар. Сұмдық та сыр жасыру сүйіктіден, - Бұл да бір сақтанудың кері шығар... Ауырып ажал жетсе қарт әкеңе, Жылар ұл, бірақ өшпес дерт кете ме? Ақанның содан ауыр әке шері, Айтса, қыз әлде шошып селк ете ме? – Сүйікті адал жанды әкем еді, Құлшынған өз парызын өтегелі. Отыз жыл баулып балғын түлектерін, Білімге бөбектерін жетеледі. Өстім мен соның білім уызымен, Жан еді жүгірмеген жел ізінен. Сүйкімді ел ішінде, қызметінде, Жаққан ол жұртқа жылы лебізімен. Еңбектің елімізге ерлігі ұнар, Сол үшін алған сыйға ордені бар, – Менің сол әкешімді қаралапты, Елдегі өсек, пәле терген қулар. Дүрмектен, дулы сөзден алыс әкем, Ауданда бір бастықпен таныс екен. Сол адам ұсталыпты жау атанып, – «Неткен жау? Мұның өзі таң іс екен?» – Депті әкем отырып бір мәжілісте, Мұндайда «қырағылар» әзір іске.
Сол ғана сөзі үшін айыпталды, Айыптау басып тұр ғой қазір күшке. Қуғын мен әкем түсті сергелдеңге, Арызбен аудан кезіп сенделгенде. Бөлінді сенен ойым сол іспенен... Сағынып сәлем күттім сенен мен де. Сенемін, әкем менің ақталады, Жоғалмас адал жанның ақ талабы. Оралар қызметіне, партияға, Жазықсыз ары қалай тапталады? Әсия жаутаң қағып, сырын тыңдап, Ақанның себептерін тұр мақұлдап. – Ақталса өкініші болмас, – деп қыз... Қайтадан айтқан назын кетті бұлдап. Тек қана өзі сүйген сөзге құмар, Ежелден әйелдердің мінезі бар. Бүйрегің сыздап келіп бір бәлеге, Мұңайып айтқан шала сөзіңді ұғар. Қайтеміз Әсияға біз өкпелеп, Жан-ерке махаббат қой жөні бөлек. Ақанға таянып қыз айтты ойын, Ала жал аққайыңды көлеңкелеп: – Сағындым... дедің өзің, рас па мұның? Ойласаң айтар назым басқа бүгін. Өткіздім төрт жыл достық жылы шақты, Іркілтіп толқындарын жас жанымның. Берілдік білімге біз, болдық үздік, Сабақты, сейілді де бір өткіздік. Ұнасты мінезіміз туыс жандай, Жүрекке жастық дәурен сырын тіздік. Үйрендім сол бірлікке, мінезіңе... Сырыңнан сусын таптым бір өзіме. Келер жыл бітпек оқу, ойладың ба,
Таянып айрылысудың тұр кезі де. Жүрдік пе әлде сыбыр-күбір үшін, Жаныңның сездірмедің құбылысын. Білдірші, Ақаш, енді оңашада, Ойыңның мен туралы жүгірісін? Қайырды шашын дөңес маңдайынан, Көз алмай алдындағы нән қайыңнан, Сөйледі ол көз жіберіп сол ағашқа, Жан-жаққа жапырағы мол жайылған. – Біз өскен бір ағаштың миуасымыз, Қожамыз бақыт деген сыйға шын біз, Кетердей құйын бар ма жұлып бізді, Теректей құз тамырлы бұл жасымыз. Жайқалған егіз гүлдей жарасымды, Достықтан таптық серік жанашырды. Талай кез тербелдім мен ойлап соны, Қалайша сезбедің көз қарасымды? Көзіңнің сездім отты ұшқындарын, Бірақ та дәтің қатты, күшті арың. Сол сұсты сипатыңды сыйладым мен, Ал өзің аяп бір сәт құштырмадың. Қалжың ғой... Қалжың емес, сырым бұл да, Тәтті сол, жастық ыстық тұғырында... Алдымен құшағыма енші, кәне, Сезілсін жүрегім де, тынымым да, - Деп қызды тартты жігіт жақынырақ, Кенеттен қыз көзінде жанып шырақ, Бұтадан ұстап кейін тартынғанда, Үстіне жауа қалды мол жапырақ. Мұндайда қасақана қыздар берік, Қарай көр, тартынады ызғар беріп.
Ант етіп жалын оған... Ал өзі ше? Лүпілдеп наз жүрегі қызған еріп. – Сүйемін... Бірақ алда шақтар әлі, Кездессе тұрмыстың бір шатқалаңы. Жалт беріп кетпейсің бе, Әсияшім, Сертіміз сонда қалай ақталады? – Өмірге, әлде маған бар ма шүбәң, Немесе бар ма сырың бір жасырған? Әсия жаутаң қағып жабырқады, Жалтаң сөз естілгендей сырласынан... *** Дариға, қайран жастық, шыдамсыздық! Аптығып қыз сүйгенде шындап қыздық. Сол бір сәт сілекейін бал деп жұтып, Ақыры іштік айғай-шудан тұздық. Елтіп біз ескердік пе ел өсегін, Тұрдық па талдап соның келешегін? Білгір ғой қазіргі жас, сонау аңғырт Құрбыммен осылай мен кеңесемін. Ақан да қызу жан ғой, Бұл шағында, Ант беріп қызды қысқан құшағына. Семья, әке, бақыт елестеді... Шындық па? Әлде бұлдыр құр сағым ба? *** Бұзбай бір табиғаттың әлегі де, Екі жас тәтті сырға бөленуде.
Бауыры бәйтеректің жылы тартты, Түн ұқсап күннің жарқын әлеміне. Осылай жалын атар жастар жаны, Сүйіссін! Олар неден жасқанады? Осындай кеште ыстық кездесуден, Келешек өмір кейде басталады. Болса сол ақтарысқан сыр-шынымды, Өмірі ұмытпайсың сол шағыңды. Қайтер ең кенет біреу қалса тартып, Жарыңа сол бір жайған құшағыңды? Қалайша жаның сонда тыныс табар, Осындай кейбір нышан тұрмыста бар – Жарыңа гүл ұсынған наз қолыңды, Шағады арасынан құмырсқалар. Шақта сол қосылуға қол ұсынған, Сүйіскен екі жастың дәл тұсынан. Суық қол сыбырлатып жапырақты: – Тоқта! – деп, әлде біреу нығызсынған. Аңырып қыз бен жігіт жалт қарады, Кім өзі, неге былай оқталады? Келген бұл өздерінің студенті, Неліктен екеуіне жат қабағы. – Ғашықтар, көп іздедім сендерді мен... – Несіне бізді іздеп сенделіп ең? – Мәселең, Ақан, сенің қаралады. – Немене, не сұмдықты сен біліп ең? – Жүріңдер екеуің де жиналысқа, Сұрама саясат па, жай жұмыс па? Осылай үзді жібін махаббаттың, Сол келген қара жігіт, бойы қысқа.
Екінші тарау ...Сағындым комсомолдың жиылыстарын, Әсілі қашып содан жылыспадым. Қызғанда сын көрігі алауына Бетімді бүркемедім, тік ұстадым. Бәріміз біліп өстік сын бағасын., Бөлістік сынның талай сыбағасын. Қадалса жүрегіңе жала қанжар, Қалайша сондай сыннан сыр аласың? Шат, таза жүрегіңді арамдауға Түкірсе, не дер ең сол адамдарға? Осындай сын селіне Ақан түсті, Жазықсыз жала жауып адал жанға. Жарым түн. Кенет болған бұл жиылыс, Мәселе мәні терең. Тұтқиыл іс. – Әкесі Ақтаевтың ұсталыпты! – Ақан жат енді бізге! – Жоқ, күйініш... Жиылыс суық түндей тым көңілсіз, Қалың жас бас тұқырып отыр үнсіз. Тек төрт жан тепсінеді, тіксінеді, Ағылып ауызынан сөз тынымсыз. Мектеп қой, жақсы жиын, сыны керек. Өзгеше жиылыс бұл түрі бөлек. Ол кезде сондай жиын жаныңды жеп, Талай бас айналатын шыр көбелек. Манағы тапал қара тұр мінбеде, Құбылған қатал күңгірт түрі неге? Әрдайым көлгір күліп, сыр бағатын, Көзінен енді достық білдіре ме?
Мұндайда озбыр ойға өкім еді. Мұндайда оның биік көкірегі. Керіліп тапал бойы, ащы сөзбен, Шампандай шапшаң шапшып көпіреді. Күншіл ол, дос бағына қарсы жаны, Қалай сол тар кеудеге ар сияды? – Ақанның күндеп білім, абыройын, Ішінен қызғанатын Әсияны. Сол қуға із аңдыған, түсті де сәт, Сөйлеп тұр сөз сабалап жарым сағат. Сондай бір табашылдар аз болды ма? Сүрінсең масайраған санын сабап. – Ақанның әкесі жат. Ол түрмеде. Соны ол мойындамай отыр неге? Білсе де жау әкесін жасырды бұл, Бере ме кінәсіз деп кепілдеме? Сезілген жат мінезі мұның әркез, Дарашыл, тәкаппар, паң, кекең, кербез. Қоғамшыл комсомол қыз Әсияны, Ескішіл әдетімен арбады тез. Сондай көп қылмыстары... Сондай бұл сұм, Мұндайлар арамыздан аулақ жүрсін! – Деп сөзін тапал қара тауысты да, Қайқаңдап түсті төмен қайрап тісін. Өсекті гүлдей терген қолын сыбап, Шықты бір қалтақ сары, қалқан құлақ. Боз көзі жыпылықтап сөйлеп кетті, Шіңкілдеп шындықты бір айтқансып-ақ: – Ақанның бабалары бай болыпты. Сібірге нағашысы айдалыпты... Әкесі жақын екен Жүкеновпен, Жапонға тыңшылығы байқалыпты.
Сондай көп сұмдықтары... Шын, бәрі шын... Оқудан, комсомолдан шығарылсын! Таң болып бұл сөздердің қыңыр лебі, Қалың топ абыржыды, күбірледі. Ойлы жас өздеріндей жаны таза, Ақан да сыйлы еді, бұрын тегі. Отырған жастың бірі артта тыныш, Деп қалды: – Ойланып бұл айтар тың іс. Білеміз Ақан адал жолдасымыз... Аяйық... – Ах, либерал! – Оппортунист! Осылай асау сөздер дүбірледі, Басылды топтың шалыс күбірлері. Әсия аяп кетті сүйіктісін, Шыдамай сөйлеп әрең дірілдеді: – Ақан – ақ, ары берік, білемін мен... – Жақтап тұр жатты сүйген жүрегімен. – Мойында, адастың сен, комсомол қыз, Құтыл тез Ақанның жат сілемінен! Киліге сөйлеп қалды тағы да қыз: – Ақанның жетейік те ағына біз! Сол екен оқты сөздер жамырады: – Мына қыз либералдың өзі нағыз. Басылып үнсіз қалды Әсиямыз... Мұндайда бәріміз де ашынамыз. Жан-жақтан бұқпалатса бүлік сөздер, Білсек те ақиқатты басыламыз... Алайда Ақан бұған шыдамады, Кеудесіне жебір-жаласын қамады.
Ақ, еркін жүрегінен атты жалын, Қалайша бәлеге бұл шырмалады? – Ақпын мен, білесіңдер, доссың бәрің. Алдаудан аулақ жаным, күшті арым. Бәрі де өсек-жала... Сендіремін! Жүректің серпіп отты ұшқындарын. Ақпын мен, бұлтаңы жоқ бұл басымның, Заманның жаңа туған құрдасымын. Өстім мен еркін өмір өрені боп, Болмақшы менде қандай сыр жасырын? Әкем де момын таза бір жан еді, Жапқан ғой жалақорлар бұл бәлені. Жаны шат мұғалімдік еңбегіне, Жат жырға болған емес бір елеңі. Ақталып әкем қайта оралады, Жанымды мынау өсек жаралады. Бірақ та жас өмірдей шындық жеңіп, Масқара болып қулар қалар әлі... Дегенде тапал қара безілдеді, Ашуы жарқыл қағып көзіндегі. – Ақтап тұр жау әкесін, жат қылығын, Айыпты етпек бізді, өзі тегі. Бұлтару – жат біткенге мұра қылық, Бітсін сөз, берілмесін бұған ырық, Қуылсын комсомолдан Ақан дұшпан, - Деді ол жиылыс бетін тура бұрып. Сонымен бітті жиылыс. Жұрт тарады. Күзгі түн. Түйіліп тұр бұлт қабағы. Көшеде Ақан жалғыз... Түндей төнген Қауіптен қалай өзін құтқарады? Қуылды комсомолдан, оқудан да, Әлде бұл абыржыған ойы таң ба? Жазықсыз сөгіс алсаң қандай ауыр
Бақытқа жаңа ғана ұмтылғанда? – Сонда бір маңдайыңа түссе таңба, Бағыңды аңдитындай тосып алда, Кеміріп өз арыңды кетік оймен, Түспей ме тұтқиылдан басың лаңға? Сондай кез есімізде, өтті кеше, Жөн емес, ақын мұның өкпе десе. Куәсі болдық талай тағдырға біз, Талайлар қуғын көрді текке неше... *** Ал Ақан көніп бұған жасымайды, Күтеді бұлт астынан тосып айды. Кенет бір кеудесінде жігер лаулап, Түн жарып өсек-жала сөздің селін, Күлімдеп Әсияға кездесемін, – Деп жігіт асығыспен күтті таңды, Жүрегін билеп берік ізгі сенім... *** Жауапты бір мекеме, төргі бөлме, Бір бастық отыр мұнда түкпір жерде. Кеудеге қысып келіп жан шағымын, Міне, Ақан, сол есікті түрткілеуде... Ақыры әрең кірді бұл бөлмеге, Арызын айтып кетті бірден келе. Тұқырып басын төмен отыр бастық, Білінді жүзінен бір кірбең неге? Жасқаншақ, жалтаң көзін жауып шүбә, Ол тура қарамайтын арызшыға. Өзі тек күдік буған күйбең пенде, Дәрменсіз даулы іспен қарысуға. Өз-өзін билеушіге табынады,
Рақатты содан ғана тауып жаны. Дабырлап жиылыс болса көзін жұмып, Мін көрсе сескенеді, тарылады. Ақанның ынта қоймай шағымына, Берілді сол күдікшіл шағымына. – Әкең жау, өзіңнің жат қылықтарың... Уақыт жоқ шағым қарап сарылуға. Бар, жөнел, айтарым сол! – деп тұнжырап, Кейіп тез телефонын кетті бұрап: «Қайда, – деп, – қырағылық?» – Сөгіп жатыр, Аузынан әлдекімге сөз бұрқырап. Ақан тез құбылысын соның байқап, Бөлмеден шығып кетті басын шайқап. Талайға сор болды ғой сол бір кезде Күдікшіл, күйкі жандар осындай тап? *** ...Биыл күз ерте түсті, күрт бұзылды, Аспанда сұр толқындай бұлт тізілді. Шулатып шұбар жалды теректерді, Тау жақтан ысқырды жел суық зілді. Мазасыз алай-түлей сол бір жақтар, Құйыннан қорғалады қалтырап тал. Сүт емген бұтасынан сөгілді де, Судырай түсті жерге жапырақтар. Осыны Ақан көріп келе жатты, Кім білсін, не жек көрді, не ұнатты? Айрылмай тек сенімнен, ол арызбен, Дамылсыз көшелерді кезіп бақты. Батса да қайран жастық шағы мұңға, Ол шүбә келтірмеді шанымына. Сонда да сонау басшы тіл қатпады,
Өзіне сенген жанның шағымына. Алдынан үміт күндер жорғалады, Баспады әлі бірақ өрге бағы. Кезгенде, кеше сая теректерден, Мойнына салқын тамшы сорғалады. Сұрапыл ығыстырған қала халқын, Жүгірген тасаларды қалап әркім. Кездессе Ақанға көп таныстары, Өтеді бас изесіп шала, салқын. Мұндайды сезбеген жан күйіне ме, Сары ауру, сондай тағдыр қиын неге? Масқара қуылғаның қоғамыңнан Бейне бір кінәлідей дүниеге. Бірақ ол алабұртты бір үмітті, Жас албырт жаныменен жанып күтті. Кеміріп тас көшелер өкшелерін, Балағын қалың нөсер жауын жыртты. Кеудесін үміт толған кең бір өлке, Кеулер ме кесір үрей, күңгірт, келте? Бірақ та Ақан жүрсе аңдып ізін, Соңынан қалмай қойды бір көлеңке. Үмітін қумас қудың ербелеңі, Бақыттың алда әлі өр белеңі. Кеудесін кере ашып ақ жаңбырға, Лениннің көшесімен ол келеді... Үшінші тарау Тұқырып қиялдарын бір бұрышқа, Бөгеліп Ақан тұрды бұрылыста. Алдынан сол көлеңке ербең етті, Тап болды қара жігіт бойы қысқа, Жымиып әлденеге алды күліп,
Қайыстай қара беті сәл құбылып: – Уа, Ақан, қайдан жүрсің? – деп ыржиып, Шапшаң тез қолын берді салқын, суық. – Жүрмін ғой, міне, Ленин көшесінде... – Сыр айтам қатал сынның есесіне. Айтып ем комсомолдың қызуымен, Сонымды ақ сыр айтсам кешесің бе? Бәлені үйген саған басқа бір сұм, Мен емес, мен екен деп босқа жүрсің. Ұнатам сенің жарқын мінезіңді, Сендей-ақ жолдасыңа дос табылсын. Жүрші бір ресторанға, сырласайық, Айтатын ақылым бар шын ғажайып, – Сен емес, әкеңде ғой сұмдық айып. – Не дедің? Не деп тағы тұрсың мұқап? – Жоқ, аяп тұрған сені, досыңмын ақ. «Әкем – жау, сезген едім оны бұрын, Жасырып келдім – күнә, осыным тап!» Осындай арыз берсең, Аламыз комсомолға қайтып онда. Жүр өзің оңашада кеңесейік, Сенерсің шын сырларым айтылғанға... – Тұрсың-ау толқытам деп, маған ой сап, Осы ма шын достығың келген аңсап? Әкеңді тірідей көм жан сауғалап, Дегенді айтар еді қандай найсап? Бар, қайқай, ақылыңмен әрі зымыра, Із аңду әлде сенің парызың ба? Жолама енді маған! – деді Ақан, Асау бір сөздер тулап ауызында.
Ол кетті. Кім осы бір ол дегенім, Құпия геройым ба әлде менің? Теңіздей айқын жүзді өлең шіркін, Өмірдің жасыра ма сүмелегін? Ол таныс, тіпті сырлас бәрімізбен, Сөйлесер шын пейілмен, еріп сізбен. Көз таса бола қалса көлеңкеңіз, Жүгірер өсек-жала теріп ізден. Уа, оның кереметі таңғажайып, Қазір бар, қазір ғана болар ғайып. Сиқырлы, епті де ол, сайқал әрі, Құпия сырларын да қояр жайып. Біледі тәлімсуді, сұстануды, Біледі достарыңды, дұшпаныңды. Иіріп ой жігерін тегершіктей, Тартады сенің ынта-құштарыңды. Аты кім? Аты Қараш Дүрлібаев, Атына сиқы және сыры лайық. Жандай бір көзі бұлдыр жүретін ол, Жарықты сүзе қарап, сығырайып. Жайнайтын жиылыс десе, арыз десе, Әлде бір жел өсектен нәр іздесе. Ақанды кірлеп жазып, көп арыздың Жан-жаққа зымыратқан бәрін кеше. Ақанға кеше бәле таяндырған, Қалайша туа қалды аяу бұған? О, тәңір! Сақта бізді осындай дос, Көлгір көз, күңгірт жаны бояулыдан! Түспесек сондайлардың торына біз, Тек селсоқ жырлаймыз ба көріп аңыз?
Жоқ, шаншып қаламменен ондай сұмды, Көрсетсек жұттан мәңгі арыламыз. *** Құзында Алатаудың күн жорғалап, Қалаға от кірпігін төнді қадап. Шықтарын сілкіп сұрғылт жапырақтар, Мейірімін мәңгі нұрдың тұрды қалап. Уа, қызық, күздің жарқын таңертеңі! Кеудеңді жұпар самал кеңейтеді. Алматы ару күліп күнге қарап, Бөледі күлкісіне кең өлкені. Қағылып еңбектің де дабыл әні, Көшеде күй шертеді тау бұлағы. Өрлеп сол арықтарды шат күлкімен, Оқуға өрім жастар ағылады. Солардың болып едім біреуі мен, Жастықта сүйе білген, күйе білген. Қол созып құз білімнің қиясына, Ұмтылған сыр алуға ұлы өмірден. Қанатын қағып жырдың КазПИ-імнен, Тербелдім сол бір шақтың наз күйімен. Осылай соңырқап бір көз тікпей ме, Аспанның айдынына қаз сүйінген. Білімнің сарайы сол – ұям едің, Сенде мен шарықтадым қиял өрін. Сол төрт жыл қайта жайнап оралса бір, Өмірдің қырық жасын қияр едім. Айрылып сондай ыстық аясынан, Ақанның албырт ойы аласұрған. Алдынан студенттер өтті самсап, Тұр, міне, жалын атып жаны осыған, Соларға қарап сырттан тұрып ұзақ,
Жаралы жүрегіне сыр алғызбақ. Тұр әне, институт – жайнап әлі, Түнерген күз де бүгін, бұл жалғыз-ақ. Тұрды ол Басарықтың жиегінде, Жандырып сағынышын жүрегінде. Тек оны саусағымен сипады күн, Жарқырап Алатаудың иегінде. Жылы бір сәуле кіріп кеудесіне, Әсия түсе қалды енді есіне. Ауыр ой әуресімен жүрген жігіт, Күйікпен келіп еді кездесуге. Әне қыз елең етті, бұл Әсия... Апыр-ау, қолтықтаған кім қасында? Ақан тез құштар көзін қадап еді, Қараш па? – Қараш екен, ол расында. Сонымен сырласа ма, күбірлей ме, Әсия құбылғандай күліп бейне. Жарқ етсе жалынды шоқ жүрегінде, Мұндайда жаныңды тез күйдірмей ме? Ұмтылды, тоқтады тез, жалт бұрылды, (Кең мінез, кектенбейтін жоқ бұрынғы.) Жағалап кетті шапшаң Басарықты, Жүрегін түскен әлгі шоқ қуырды. Төртінші тарау Тағы да өтті талай күн бұлдырап, Жауап жоқ арызына әлі бірақ, Үгілді үміттері ұшқындаған, Қиялын енді неге бағындырмақ? Тағы да сұрланды құз, бұлт қыраулы,
Селебе қарлы жаңбыр бүркіп жауды. Көшеде тітіреніп Ақан тұрды, Түтек ой енді қайда ұйтқып ауды? «Жүргенше аш қалтамен күн өткізіп, Көргенше сүйген қыздың күйігін де, Көрінбей бір қияға кеткен қызық...» Кетейін Жезқазғанға, көндім соған, Өзім де жан едім ғой кен аңсаған. Өткен жаз қайтып едім тәлім алып. Шахтаның қуысы – кең қоныс маған. Осыған бекіп ойы, бүгін жүрмек, Ал неге қатты соқты сырлы жүрек! Әсия... Әсия мен Қараш қатар, Адымдап көз алдында жүр күлімдеп. Бармады кінә тағып, тіл қатуға, – «Әсия, Қарашпенен театрда Болды» деп айтып еді сумаң сары, – Жанына сол күбірлер тым батуда... Өзгерді сүйген қыз да, амалы не, Болды ғой жігіт басы таба мүлде. Ақан тез тоқталды да бір бұрышта, Хат жазды қызға кінә таға міне: «Әсия! Менің саған сырым мәлім, Мүсіркеп маған неге бұрылмадың? Әлде жат көріндім бе саған да мен, Әлде шын кірленді ме бүгін арым? Кездейсоқ кінәнің мен қуғынымын, Масқара шығар мені сүю бүгін? Көріп ем қолтығынан Қараш қудың. Сонымен сәтті болсын үйірлігің... Мейлің, зіл біткенді көтеремін, Тегінде тіл қатпай да кетер едім.
Тек тұңғыш сүйіп едім сені ғана, Тұңғыш сен серт беріп ең... Өтемедің. Баянсыз махаббаттың әуресіне, Мұң шертіп, наз төгемін мен несіне? Бақ тайса мұз бүркенер махаббат та, Қалсын сол тұңғыш сүю тек есімде... Қош енді, алғашқы жас алданышым, Пәк еді-ау сен дегенде ар-намысым! Жанымды түсіндің бе? Жоқ, жөнелдім, Бойымды тебіренткен арман үшін». *** Қалқашым, неге бірге күйінбедің? Ақ жүрек ағысымен сүйіп едің. Әлде шын сескендің бе? Түсінбедім, Сырыңды ашуым да қиын менің. Қиын ғой қыз жүрегі, жұмбағы көп, Түсінер түйілгенін бұлдану деп. Түйінін шешемін деп сондай қыздың Бір кезде өзіміз де зыр қағып ек. Иә, сәулем, өтті дәурен құйындатқан, Менің де қанатымды құйын қаққан. Түскенде тағдырдың сол әуресіне, Жанымды байқадың ба күйіп жатқан? Қапия қапа болып жүргенімде, Сен менің қиялымды білмедің де Көрдім мен жүрдің билеп әлдекіммен, Елігіп думан-қызық дүрмегіне. Уа, білсең, сонда қандай езілдім мен! Күйіндім, өртелгендей сезім мүлдем. Алдамшы махаббатқа айтып нәлет, Алғашқы ғашығымнан безіндім мен. Әлде сен санадың ба мені жатқа?
Япыр-ау, тежеу бар ма махаббатқа? Айрылдым талабымнан, ғашығымнан, Ығыстым Ақан кеткен сонау жаққа. Ол жылдар кетті жылжып кер белеңге... Лажың жоқ тағдырыңа көнбегенде. Өмірдің әміріне бағындық біз Жарымыз өзінше ғой: тең бе, кем бе? Енді сен сол күніңе қызығасың, Көргенде қыз қалпыңдай сызыласың. Өзім де өкінемін кінәлідей, Өткен соң оты қалың қызу жасым. Шын сүйсең махаббатқа жасу қайда? Қозғалар қай-қайдағым осындайда. Амал не, алданышым – ғашық жырым, Сол жырым ғашықтарға болсын пайда... Сондай-ақ, Әсияжан, сен де кесір, Ақанның ауыр зілі, сүйсең кешір. Асыға келе жатыр қыз да міне, Алдына жүгіргендей көлеңке сыр. Ақанның хатын алып абыржыған, Қызды да қалжыратқан ауыр шыдам. «Жатпенен сырлассың» деп сынаған соң, Сескенген қыз жүрегі дабыр-шудан. Жау десе – жақтағаның, айбының да, Жетпейтін онда ақтық байыбына. Сақтанған туысынан, сүйгенінен, Сол кездің елден ерек жайы бұл да. «Безіну біржолата жоқ тегінде, Біраз күн кездеспедім, өкпелі ме? Әуре боп өз басының әлегімен, Ақанның өзі бөлек кетпеді ме? Апыр-ау, мынау хаты неге зілді, Жаттыққа санадым ба мен өзіңді?
Қарашпен әншейін бір жүргеніме, Осынша бұздың неге мінезіңді? Қалайша Қарашқа сол қызығармын, Құштарым ақтығына ізгі ардың. Күтіп ем сенің құтты тағдырыңды, Кенеттен бақытыңды бұзып алдың». Әсия ойлап солай күйінді де, Күрсінді, өр қабағы түйілді де. «Жоқ, Ақан, кездеседі, сырласады, Кетпейді менен аулақ қиып мүлде...» Осылай келе жатыр оймен есе, Кезді қыз көшелерді әлденеше. Ақан жоқ, кездеспеді, ол асыға, Асыға поезбенен кеткен кеше. ЕКІНШІ БӨЛІМ Бірінші тарау
Ақанның алды құз-құз, сең-сең тастар, Керемет опырылған сеңгір асқар. Болсайшы құдірет күш, шыңыраудан Соларды сонау сыртқа серпіп тастар! Отыр ол үңгір таудың кең төрінде, Жөнелтіп тас тырманы кен теруге, Бүркіттей шеңгелдерін қадап тырма, Қарпиды кесектерді өңгеруге. Бірақ та бүркіт емес ұшырғаны. Аспанды асқар емес тұсындағы, Теңіздей ой толқытқан кітап емес, Қолына қалам емес қусырғаны. Шықты ма аңсарының құзарына, Үзді ме пәлеқордың дұзағын да? Түсті ол аңғарына жер астының, Осыған сүйсіне ме, ызалы ма? Ақанның жоқ ісіне өкініші, Келтірген мұнда өзінің өтініші, Шахтаның кеңсесінде қал дегенде, Көнбеді, тартты кеннің өкім ісі. Ашынып әлде мұңын болды жеңбек, Адамдай алыс жолдан келген шөлдеп. Маңдайдан тер шыққанда, шер шыққандай,
Сусынын қандырғандай қайран еңбек! – Жас албырт құмартты сол кен ісіне, Бастықпен әрең келіп келісімге, Аяды Ысқақ оны, осы боздақ Жүрсін деп жердің еркін кеңісінде. Айтқанда әке жайын Ақан сыр ғып – «Немене, төне қалған төтен сұмдық? Неткен жау шегімізден ақтарылған? Білмеймін, бізден таса неткен шындық?» – Деп Ысқақ басын шайқап тыжырынған, Қарт кенші ондай іске қыңыр бір жан. «Кепілмін саған өзім, білем сені, Былтырғы жұмысыңнан, қылығыңнан» – Деп Ысқақ мұндар жасқа қанат берген, Қия ғой ұясындай қалап келген. Көлеңке болса-дағы мынау түкпір, Ақанға оттай қызу талап берген. Сөз ауыр – шыдамайсың зіл кегіне, Қапа ғой еңбексіз бос жүргенің де, Ақанға алтын сарай секілді бұл, Қызықты думан істің дүрмегіне. Тырманы тасбақадай қозғап әрең, Толтырды кең шұңқырды құздай терең, Төменде, қат-қабатта бір өзекте, Ағылған кен электровоздарменен. Тиеліп кең бункерге тығырықта, Өрлейді кең қияға, – биік қырқа. Гауһарын жер астының әкетуге Вагондар тізбектелген күтіп сыртта. Ақанға елестеді сол бір тізбек. Қалай ол кен ағысын бөгеп үзбек? Серт еткен осы шахта заводтарға, Асыра асылдарын төгеміз деп.
*** Қысқы кеш, тыныш бұл шақ, бүгін сенбі, Жатақта бұғып жатқан бұл кім енді? Оянса Ақан жалғыз, қайда бәрі? Ах, Лера! Көз алдына күліп келді. Көп айтып комсорг қыз әңгімені, Ақанды кеше сөзбен әлдиледі. «Қызық бар бүгін кешке клубқа кел, Ағылар сонда думан, ән-күй», – деді. Жан емес, Ақан, сірә, жабырқағыш, Жүрегін езген әлгі, зәбір-запыс. Сауықшыл жас еді ғой, жаны сері, Әзілшіл, билегіш те, ән шырқағыш. Қасірет – жегі құрттай жаныңды жер, Құр оймен өртелмесін жалын-жігер. Күл, ойна жастық шақта, өтер дәурен, Боларсың минутына әлі ділгер. Басыңнан жас ойнағың асар дүркін, Бетіңді ақ тікенек басар бір күн. Күліскен жасты көрсең күрсінерсің, Болсам деп қайтадан бір жасаң, шіркін! Күн қайда сондай болар қазір бізге? Қапымыз аңқау жастық кезімізге. Мәз болып сүйіскеннің жырын жырлап, Жүрміз ғой өкінішпен өзіміз де. Аяғын басты Ақан алшаңырақ, Мейлі ғой, аяз жалап, тоңса құлақ. Кепкасын бұра киіп келе жатыр, Соққандай жүрегі тек аңсап шуақ. Жетті ол, міне клуб, жастық жиын, Гулеткен жас өрендер тасқын күйін. Баянның құйқылжыған нәш әуені,
Қыздырды Ақанның да жас бүйірін. Клубқа кірді Ақан. Тұрды қарап, Қыз-жігіт бимен балқып, жүр сырғанап. Шетте бір тәтті күлкі, ыстық күбір, Солардың сыбырының сыры ғажап! Күрсінді Ақан неге? Аңсарында, Қозғалған күйі ащы, сол сарын ба? Осылай Әсиямен тербетіліп, Жүрген ол институт зор залында. Мінеки түсіп кетті сол есіне, Кеудесін таяп ыстық кеудесіне. Оралып қолы жылы қолтығына, Билейтін демалыстың әр кешінде. Көзінің жарқыл қаққан елесіне, Жоқ еді шүбәсі де, сенбесі де. Қалайша сол махаббат болды ғайып, Тағдырдың әлде бұл да әуресі ме? Жоқ, оны ұмытпады әлі мүлде, Жүргенде жердің қат-қат үңгірінде. Сәуледей елес беріп, Әсия тез, Сұр таспен шыңырауға сүңгір бірге. Толқындай лек-лек ойдың арасынан, Сол сәуле құбылып көп аласұрған. Ынтығы, намысы да жанып кейде, Сонысын сездіртпеген, ол жасырған. Дәл осы минутта да алабұртып, Мұндар жас болды қалай соған ынтық? Қай жерде, кіммен отыр сол Әсия, Ой кетті ұйтқып желдей орағытып. Отыр ма Қарашпенен театрда, Сонымен үйренді ме түн қатуға. Тығылып құшағына әлдекімнің, Тұр ма екен жүрек сырын тыңдатуға?
Әлде сол сүйгенімен билеп жүр ме, Серт қайда жалын тисе, күймек бірге. Шын сүйсе маған неге жазбады хат, Жалғанда жоқ па, сірә, сүймек мүлде? Тұрғанда Ақан солай ойға батып, Гармоншы жатты күйді ойнақтатып. Петямен билеп жүрді Лера мұнда, Желкілдеп бәйшешектей жайнаңдатып. Ақанды сол қыз кенет көре барып. Жабысты қыз құшағын кере барып. Қолтықтап билеп кетті... Тұрып қалды, Аңырып аңқау Петя Перевалов. Екінші тарау «Құпия арыз, шахта бастығына! Кім соны шығарған бұл тас тұғырға? Түбінде соған жауап бересің сен, Тап болса шахта соның қастығына. Әкесі – халық жауы, ұсталған сұм, Бастық, сен, саясаттан тыс қалғансың. Бөрінің бөлтірігін бауырына сап, Пердесін бейқамдықтың құшқан жансың. Қастығын сезбедім деп міңгірлеме! Сынады құрал-сайман күнде неге? Білеміз, жаудың қолы жебір келер, Адал жан бар құралды бүлдіре ме?! Ескі деп құралыңды кеміткен кім, Тағылды техникаға неліктен мін? Жаңаны аңсап істі тоқыратқан,
Шахтаңда адамдар бар желіккен тым. Дұшпанның әрекеті емес пе бұл? Әншейін білместік деп егеспе құр! Оқудан, комсомолдан қуылған жау, Тығылған көзден таса белеске бұл. Жоқ екен бастық сенде қырағылық, Мүлде жат партияға мына қылық. Аласта дұшпан Ақан Ақтаевты, Құрисың берсең егер бұған ырық!» Осыны шұбар Шаукен оқығанда, (Бұл арыз келді тыныш отырғанда) Селк етіп ұшып тұрды, төбесінен, Ұқсады зеңбірек шын атылғанға. Шошыды шағатандай қазір жылан, Көрінді динамиттей арыз бұған. Жарылып кететіндей әрең ұстап, Жөнелді үйден бастық абыржыған. «Уа, сұмдық, шыққыр көзім, нені көрген? Қағазы жоқ еді ғой, соңғы жерден. Айыпты бұған Ысқақ, берсін жауап, Шахтаға осы сұмды сол жіберген. Пәлеге шырмалдым ба білінбеген?» – Деп Шәукен дедектеген, күбірлеген. Алдынан қызыл жаға шыға келсе, Жүрегі жарылардай дірілдеген! *** Ол отыр жердің түкпір қойнауында, Құз-құз тас, жусағандай қой маңында. Қаттасып жатыр бықып, – айдап соны, Сықырлап темір тырма айналуда. Шыңырау, кең шұңқырға алдындағы, Тоғытып тас тобырын алқымдады.
Кейде ол терін сүртіп маңдайынан, Ақырын анда-санда алқынады. Таянды сменасы бітер бұл шақ, Маңайын қалың кесек жатыр қоршап, Жұлқынды Ақан соны ысыруға, Асыра іс бітірсе, соған ол шат. Ай өтті, ісі міне өрлегелі, Алдында өзгелердің ол келеді. Толтырып өнімін де, өлшемін де, Күнде ол кідіріссіз келген еді. Білді ол тек құралда істің еркі, Жетуге жаңалыққа күшті серті. Қазір жүр сырттан оқып, Орал жақтан, Ақырғы курстың ол студенті. Сарылып түнде талай көзін сүзіп, Кітаптың ойды тартқан сөзін сызып. Ойланып отыратын чертеждердің, Үлгісін қағазына сызып тізіп. Өрнектеп үлгіні де көрді кеше, Кім білсін, бастыққа ерсі көрінбесе. Ұнатып алып кеткен соны Петя, Жігіттің отыр соған көңілі өсе... Сол ойын оймен тағы сыналады, Жүзеге асса, шіркін, бұл талабы! Қуанып қатты басты кнопканы, Тас тергіш бірақ әрең сырғанады. Тістесті сең тастармен, қаршылдады, Басты тез барабаны, тартылмады. Аузын тау топырға басқан тырма, Тырбаңдап қалды, тасты қарпымады. Қос тісі қалды сынып, омырылып... – Ах, шіркін, ашылмаған сорым бүлік. Болдым-ау байлағандай талайымды,
Тағы да тас тұйыққа соғылдырып. Ұят-ау Лерадан да, серттесіп ек, Тасудың қарқыны тез ептесін деп, Бөгелді вагондары, кәрі тырма, Шөккізіп қу түкпірге кеткесін тек... *** Бірақ ол ұзақ ойлап отырмады, Бұрылып тескен тауға артындағы, Жүгіріп кете барды тар жылғамен, Петяны іздеп тағы шақырғалы. Міне, ол бір қатпарға түсті төмен, Вагондар мұнда зырғып тас тиеген. Мұнда зор кеңістікте бір топ адам, Сөйлескен, кеукілдесіп бастықпенен. Парторг мұнда Сергей Иваныч та, Әлде бұл төтенше бір жиналыс па? Тұр Петя шақылдасып Шәукенменен, Ашумен жүзі түсіп қиналысқа: – Мұныңыз бас сауғалап бұрылу ма, Жол бар ма жазықсызға ұрынуға? Ақанның адал жанын шалдырмаймыз, Сермелген мынау жала құрығыңа. Кәдімгі «жансыз жүйрік» жала хат бұл, Әсілі сезілген жоқ ойы жат бір. Міне, үлгі скребокты өзгертуге, Сызған ол, ұшқыр ойлы, қандай тапқыр! *** Шәукеннің ала көзі ажырайып, Сұстанды, шыққандай сол сөзі лайық. Ақанды атты көзбен, қимайтын не?
Арыз бар алақанда әзір айып. – Шахтаға түсірген кім осы сұмды? Тағы да тас тергіштің тісі сынды. Мінеки, әрекет бұл сескенерлік! Парторг, бейқам болма, түсін сырды... Енгіздік мұны қалай ұямызға, Бұл өзі қалай келді қия-құзға? Шақырған сен шығарсың сүмелекті, Сендейдің әрекетін тыямыз да! Төзбеді, құрыстанды Ысқақ бұған, Мұндайға жан емес қой тіс қақпаған. Сондай бір турашылдар аз болды ма, Тізгінді пәлеқорға ұстатпаған! – – Сен қалай саясатқа нықсынасың, Үрлеме жалақордың бықсымасын? Сақтықты тілеп тұрсың өз басыңа, Білмейсің бұл жігіттің түк кінәсін. – Арызын Алматының бекер деме, Оқудан бұл қуылған екен неге? – Шәукен, сен қырағының шырағы боп, Кеудеңді кере берме, кекеңдеме! Ұштары бес бұрғының мұқалыпты, Тістері тас тергіштің жұқарыпты. Сондай көп тозған сайман, – десек те сен, Қарысып өзгертпедің бір қалыпты. Ақанның айыбы – сол әкесі ме? Сол үшін бұл да жаза өтесін бе? Жоқ. Ақан адал жігіт... Тиіспе сен! – Деп Ысқақ тартты сөздің төтесіне...
Үшінші тарау «Ақан мәз, забойына қайта барып, Тұман ой кеткені ме тарқап анық. Неткен үн ыңыранған тар қуыстан, Жатқандай тасты біреу арқаланып. Қараңғы үңгірде сол кім қысылған? Зор біреу жібермей тұр уысынан, Шойын қол жатыр оны қылғындырып, Сорлы жан әлсіреген, ыңырсыған. Шығады даусы әрең «құрыдым...» деп, «Басыма түскен жала құрығы тек. Адалмын, азабынан құтқар мені, Қайдасың, қайран менің құлыным...» – деп. Сол сарын тұла бойын тебірентті, Түкпірге Ақан жылдам келіп жетті. Қараса қылғындырған бір дәу екен, Қасқа бас, көз әйнекті, темір бетті. Қан тамған қалшылдаған қанжарынан, Мұң ескен күңіреніп жан-жағынан. Қарқылдап күледі сол көз әйнекті, Жыласа, жаңағы жан жалбарынған. Бейшара: «Ақпын!» – десе дымы құрып, Әлгі сұм қысты тағы буындырып. «Уа, сұмдық, әкешім ғой!» - Ұмтылды Ақан, Отқа бір түсер жандай қуырылып. Жағылды электр шам, уа, ғажайып, Қасқа бас қолын соған қалды жайып. Әп-сәтте сол жауыз да, әкесі де, Ақанның көз алдынан болды ғайып...
Сол қуыс бола қалды жылдам жарық, Алдынан шықты Қараш жылмаң қағып. Бетінің бірі жылтыр, бірі қара, Күледі күңгірт көзі тұманданып. Мұңайып Әсия тұр ар жағында, Жетпеген жан секілді арманына. Қол созды аяп Ақан, кезікті ол, Қараштың қарсы шапқан қанжарына... Айғайлап қалды Ақан, шын қысылған, Оянып кетті сұмдық ұйқысынан. Түс шіркін, тұман ғой бір ой адасқан, Мең-зең ол, шыққан жандай сол қысымнан. Шәукеннің ыза болып шалысына, От тиді кеше оның намысына. «Бөлтірік» атанғанша алысына...» Бейбақтың жері жоқ қой қастық құрған, Жараның дерті зәрлі, басым удай. Басында құйындай ой, ұйықтап еді, Ашумен қағып алып ащы судан. Десек те түс деген бір елес қана, Сол елес күйіндірді есін ала. Зарына әкесінің үн қосқандай, Алыстан аңырады жесір ана. Әлі де әкесінен жоқ хабары, Жыл болды жетімектей жоқтағалы. Әділет тілеп жазған арызына, Жауап жоқ, бірақ үміт тоқтамады. Қиналды әлдекімнің қыңырына, Мұндайды ойлады ма ғұмырында? – Арызға әділетін тілеп жазған, Тіл қатпау – қателік пе,бұрылу ма? Заң айқын – секілді бір жанған шырақ, Күрестен, арпалыстан алған сынап.
Ардақты правомыз – қорғаушы сол, Кім соның бұзып кілтін тұрған бұрап? «Әр ханға сұрқылтай бар әр дәуірде...» Дегендей шын жат бар ма елге мүлде? Жазықсыз әлгі жанды буындырған, Ұқсайды сол қасқа бас әлдекімге. Сондай ой Ақан жанын езбеді ме, Көп болды тағдырына төзгеніне. Түстен де ана хаты күйіндірді, Қандай мұң жатыр ана сөздерінде. «Алыстап қайда кеттің, құлыншағым, Жалғыздық жапа шеккен мұңлы шағым. Адасқан үйірінен сыңар қаздай, Қарысты сағынышпен тұл құшағым. Менен де, әкеңнен де суыдың ба? Жүргенше алыстың сол суығында, Қасымда жарығымдай жарқырап сен, Болсайшы, өзің туған тұғырыңда. Болсайшы, түлеп ұшқан өз ұяңа, Қаңғырмай жер астында, құз-қияда. Телісін тағдырына әкеңнің де, Әкесін адал туған ұл қия ма? Маған да пәлеқордың кесірі көп, Тілдейді мені жаудың жесірі деп. Айрылған ботасынан аруанадай, Боздаймын суретіне тесіліп тек». Осы хат Ақан ойын абыржытты, Ананың қандай шері ауыр тіпті! Қолына қысып хатты кетті үйден, Сілкуге бойындағы ауырлықты.
*** Ақанның аңдап Сергей ой аңысын, Сезіп тұр қасіретін, қиналысын: «Қиырда шеше жалғыз, ал әкенің Тағдыры теңселтіп тұр қиял-күшін. Дейді ол: – Өкінішсіз өндір едім, Елімде өмір жолы – кең, білемін. Тек күңгірт күйлер мені күйзелткенде, Аһылап ақ арымды кеміремін, Шын жау ма, кінәлі ме, әкем осы. Қасарды неге заңның мекемесі? Қалайша қас болады еліне ол, Еңбекпен қайнап өскен етенесі. Адал... – деп, – әкем менің күрсінеді, Көзінде кейістіктің тұр сілемі. Жатсың деп көзге түртті өзімді де, Шәукеңдер ақтығымды түсінбеді. Құрыды әкем қудың жаласынан, Хат келді аңыраған анашымнан. Сең соғып қайығымды қиратқандай, Бір жанмын көк толқында аласұрған. Тасқында жан қала ма тал қалмаса, Ауыр ғой арығаным, арман баса. Кетейін су түбіне енді мен де, Жанымда жұрт сенетін ар қалмаса?! Русаков тыңдап терең түсінгелі, Мүдіріп, үнсіз ұзақ мүсіркеді. Білмей ме рентгенсіз-ақ шын дәрігер, Дүрсілден жүрек демін ішіндегі. Кездескен қызу істің бір кезеңде,
Ақанның ой аударған мінезіне. Байқаса сөзге жарқын, іске батыл, Қат-қабат мұң болса да бір өзінде. Білді ол – еңбекке де құштарын да, Бейімін күлуге де, сұстануға, Шақырған өзі қазір, сезген кеше, Бұл жаста буырқанған күш барын да. Ашулы Ақан берік сабырға да, Сөз күтті, сілкінсе де қазір ғана. Русаков әлі үнсіз... Бұрды басын, Ұмтылған алға басы, өр маңдайлы, Теңіздей терең ойды кең толғайды. Шапақтай қызыл тулар желпіп нұрды, Қасында шұғыладай толқындайды. Көзіне көрінгендей кең болашақ, Нұсқалған саусағымен алдағы шақ. Еруге ұшқыр ойдың ағысына, Ормандай көтерілген қолдар самсап. Русаков, Ақан ойын тербетуде. Кеңесін есті бейне кемешідей, Айдынның аққан жылдам кең бетінде. *** – Иә, жігіт, қынжылу ма, бұл шағым ба, Түстің бе әлде қайғы құшағына. Шынымен тасқа тиіп жасыдың ба, Темірді тепсең үзер ер шағыңда? Өмірге бар ма шүбәң? – Жоқ, сенесің. Өткіздім мен өмірдің көп белесін. Есіңе ал қапастарды, қысымдарды, Біз өткен күрестердің өрт елесін. Қарысты ескі зілмен қырыс дүние. Түскен жоқ еркіменен тыныш күйге.
Жебірлер, жәдігөйлер, бұқпа сұмдар, Қадалды денемізге шаншып ине. Төндірмек болды бізге тепкілерін, Қайырып капиталдың көк түнегін. Солармен сілкілесіп ашындық біз, Соларға бұрқап таптың отты кегін. Әділ бұл, бұлтаңы жоқ өмір заңы, Болмақшы бұл күреске кім ызалы? Қас болса қатсын мейлі, кім болса да, Өштікті өзі соның туғызады. Ал таза пейілдіге – ел алды кең. Ұқ соны, ақ жүрекпен, ең алдымен. Қара сен, Ленин әне, шақырып тұр, Келуге келешекке кең даңғылмен. Жарқырап алтын іздер асылдарға. Бізде бақ, үстем біздің мерейіміз. Дауылды көп жылдардың геройымыз, – Лениннің нұры қалды кеудемізде, Сондықтан батыл, берік, ойымыз! Расында, әкең жау ма, түсінбедім, Емес қой тексеретін ісім менің. Осынау нөпірге мен таң қаламын, Қалай жау болды таныс кісілерім? Солармен қақталып ек отқа бірге, Шын жаумен жағаласып Октябрьде, Қалайша кепілдеме жазды солар, Білмеймін, құпиясы көп қазір де? Ұлымыз халықтың біз – өз арың шын, Ақ болса, пейіліңді бұзба, түсін, – Басқаға ойың әсте бұрылмасын! (Русаков қойды сипап бурыл шашын.)
Не бастық, не бір заңшы ағат басса, Апшысы жас жаныңның қурылмасын. Әлде бір әурелеген жалашыл ма? Хақың бар әкеңе де жан ашуға. Кінәлі болса өзі... өзің бірақ, Ешкімнің ілінбейсің жаласына. Аңырма, анашыңды көшір мұнда, Жүрегін жалғыздықпен шошындырма. Табамыз пәтерді де, көтер бойды, Жаныңды езілтпеші осы мұңға. Ауыр ма шахтадағы әлде жұмыс, Кеңседен табайын ба не бір тың іс? Парторг айтып соны тұрды қарап, Жас жаны тапты ма деп сабыр, тыныс. Жүрегі жай тыныштық таппай бірақ, Соғып тұр бұрынғыдан тым қаттырақ. Кейде бір жан ырғағың шертілгенде, Жанарың шағылмай ма нұр жарқырап?! Сергіп ой серпілткендей ыза-мұңын, Қиялы қонғандай-ақ құзға мығым. Күлімдеп Русаковқа қарады ол, – Сездіріп өр сенімін, ырзалығын...
ҮШІНШІ БӨЛІМ Бірінші тарау Қыз десе қызығамыз, асығамыз, Бәрінен махаббат қой асыл аңыз. Білемін, бүлкілдеді бүйректерің, Ақын-ау, қайда жүр деп Әсиямыз? Емес қой бөгелгенім текке менің, Ойымды қыз сырына көп бөледім. Ақын-ау, қайда жүр деп Әсиямыз? Ақанмен мен де бірге өкпеледім. Сүйгені рас еді, ыстық еді, Сол шыққан қыздың тұңғыш күшті лебі, Суымай асыл ары қысты мені... Аядым Ақанды да сыр жасырдым. Қия ма, қиналса да шын ғашығың, – Сүйкімді Әсияны жазғырып құр, Қалайша түсіремін сынға сырын? Жоқ, сен де, Түсін терең жыр аңысын, От жүрек табар еді жұбанышын – Басымен әуре болып Ақан кеті, Сезбеді, ескермеді қыз намысын. Әлде сол суық қыстың ызғарында, Салқындап сағынышы қызбады ма? Не ойын бөлеп түгел қызу оқу, Сол сүю қалғыды ма қыз жанында? Асыққан жолаушы тез ызғып аса,
Қалса бір маздаған шоқ көзден таса, Кетпей ме күңгірттеніп, егер бір жан, Қайтадан үрлемесе, қозғамаса? Ал бірақ қыз жалыны жүректегі, Көп жанды, сүю отын үдеткелі Ақанды ойлап ұзақ, өзге жанға Қызғанып жүрек шоғын үрлетпеді. Әсия сезімге де берілмеді, Әсілі сырына қыз берік еді. Жай сөйлеп Қарашқа да жымыңдаса, Елжіреп сөз айтқанға ерімеді. Берілді оқуына, осы тұста. Дипломдық жұмысы да асығыста. Әсия әуреленді емтиханмен, Осылай әбігермен өтті қыс та. * Өтті қыс, жетті міне, жаз жарқырап, Әсия Алматыдан алшағырақ. Жүзіп жүр айдынында көкше көлдің, Аспаны ала түндік, ақ шаңырақ, Әлде бір сырласы ма, мұңдасы ма, Әсия жалғыз емес, кім қасында? Сүюдің қаршығасы қонды ма кеп, Көңілдің көлеңкелі қиясына? Оқусыз бүгін ғана күн алғашқы Білімнің асуынан бүгін асты. Инженер дипломын алмақ ертең Сол үшін қыз көңілді, ықыласты. Өңшең жас қиялдары өсіп өрге, Сайраңдап келген осы Есік көлге.
Есігін ертең ВУЗ-дың жабатын күн, Кетер кез енді жаңа көшіп белге. Бітті оқу, ми ашыған кетті кезең, Бұлдырап бара жатыр өкпе деген. Міне, жаз, жібігендей ескі көңіл, Бейне бір ерігендей қатқан өзен. Қараш пен Әсия жүр көл бетінде. Көл шіркін қыз қиялын тербетуде. Себіліп күн сәулесі, су шымырлап, Құбылған Әсияның келбеті де. Ақ сағым көлдің алыс өріндегі, Қарашқа алтын болып көрінеді. Лебіне телегейдің лебін қосып, Әсия оқтын-оқтын керіледі. Қуанып Қараш соған күлімдеген, Әсия түнергендей тынды неден? Астында толқындардың Ақан жүзіп, Секілді – әлдене деп күбірлеген. Қалың жас, ол ғана жоқ арасында. Тағдырдың түсті қалай таласына? Өмір де толқындай ма төңкеріскен, Тұрлаусыз тағдырдың бұл табасы ма? Жарқ еткен сол махаббат сөнгені ме, Әлде мен өрісіне сенбедім бе? Басқадай жарды неге таппаймын мен Ақаннан өзгелерді кем дедім бе? Кездеспей көктемде бұл маған жайнап, Секірген толқындарды қолмен серпіп, Әсия қазір солай отыр ойлап. Қарашқа қарай қалып қасындағы, Күлуге ол асығады. Қиялшыл (Қараса қыз қиялын қайдан білсін? Өзі мәз үмітіне басындағы).
Болмады-ау арамызда Ақан бүгін, Айтып ем сол жиынның қаталдығын. Көнбедім, ол да біздей жас емес пе, Жүрмей ме жайнап бізбен қатар бүгін?! Әсия айтып соны суға қарап, Күрсінді көңілінен толқын тарап. Ал Қараш, жаңа ғана жымыңдаған, Сөйлейді жиын бардай түйіп қабақ. – Әсия, түсінбейсің әлі күнге, Ақанның берілген соң тәліміне. Қалайша қорғаймыз біз сондайларды, Жау болса, сондай сұмдар серігің бе? Әкесі айдалған жау жер түбіне, Онымен ұлының да серті бірге. Қаскүнем болып шықты қазір Ақан, Шырмалған шығар енді еркі мүлде. Ондайлар лаң туғызар қиян-кескі, Шахтадан қуалапты зиянкесті. Хат алдым Жезқазғаннан, – ол енді жоқ, Басыңнан кетсін енді қиял ескі. – Солай ма? Ақан анық ұсталды ма? – Әсия үнсіз қатты сұстанды да Қарады Қараш соған қызғанышпен, Қызыл шоқ тұтанды да құштарында. Қалай ол құтылды екен қиналыстан? Жанында махаббаттан күй бар қысқан. Жылы сөз сөйлегенсіп Әсияға, Талай ол алып қайтқан жиналыстан. Әуелде онысын қыз ұнатпады. Талай ол телмірсе де тіл қатпады. Жолдас қой оқитын бір үйреншікті, Әсия жүрді көңілін жұбатқалы. Ежелден махаббаттың түлкісі қыз,
Мәз болдық деме көріп күлкісін біз. Алданып қалмадық па жымиғанға, Әуре боп ашылмайтын кілт үшін біз. Қараш та пенде шіркін, жүрегі бар, Оның да үміті бар, тілегі бар. Айып па ғашық болса Әсияға, Қысылған қыздан талай тілеп іңкәр. Ол шешен сөйлегенде жиындарда, Сөйлейтін сең соққандай биік жарға. Ол әрең айтты сырын Әсияға, Ғашыққа сөз таппаудан қиын бар ма? – Әсия, ашып айтар сырым менің, Айтуға бөгеліп көп жүріп едім. Бес жылдан бері соққан жүрегіме, Бір қабат мейіріммен үңілмедің. Жат жанға әурелендің, білемін мен, Соның мен сақтап қалдым сілемінен. Барма сен Жезді жаққа, бір болайық, Мүсіркеп бақытыңды тіледім мен. Қурайсың қуарған тас қаласында, Аспирант оқуына қаласың ба? Мен өзім министрлік мекемеге Келістім, сен де бірге қал осында. Кешікпей көтерілер абыройым, Сен үшін адал менің арым, ойым, Екеуміз болсақ бірге бақыттымыз, – Деп Қараш сілкігендей ауыр ойын. Мұндайда оқыған қыз жалтақтай ма? – Жоқ, болмас, еркіміз ғой барсақ қайда. Білімпаз боламын деп қызықпаймын, Барамын мыс балқытқан Қарсақпайға. Бейнетпен өлген әкем осы маңда, Сақтаған солар бізге – асыл онда.
Мен үшін әуре болма, мыстай қайнап, Табармын бақытты бір тосып алда. – Осы да, – деді Қараш, – шешімің тек. Ақанның тиер еді кесірі көп. Оқудан қуар еді мен болмасам, Сені де сонда жаудың жесірі деп. Айтты ол, жетпей сөздің байыбына: – Сақтаған осы маған айыбың ба? Ендеше бұр ойыңды менен, Қараш, Бұрылсын жиекке тез қайығың да!.. Көңілсіз күй басқандай сырласқанды, Кенеттен күңгірт бүркеп шың-тастарды. Шудасын түйе бұлттар сілкіндіріп, Асыр жел дүрліктіріп жүр аспанды. Құрымды жамылғандай күміс шыңдар Төсіне үймелепті түтек-мұнар. Ашушаң қатындай тез долданатын, Кейде бір Алатаудың әдеті бар. Аспанда бұлт пен дауыл, қызған егес, Әп-сәтте қыз бен жігіт бұзды кеңес. Әсия аспандай сол түнерді де, Алқынған Қарашқа сөз қозғар емес... Білеміз қыз мінезі – ерке, кекшең, Тартынар, тіл қадасаң ентелеп сен. Жігіттер, қапы қалма, тіксінем деп, Тегінде ериді қыз еркелетсең... Екінші тарау Үйіне келді Ақан жаңа ғана, Жүгірді құшағын кең жазып ана, Бөбектей көріп ұлын сүйіп жатыр, Сүймесе сорлы көңіл жазыла ма?
Келгелі көшіп мұнда сергіп еді, Таралып тауқыметтің теңбілдері. Бұл үйде үш бөлмелі кеуде кеңіп, Алдында баласының елпілдеді. Сағынып ұлын шеше қалғаны ма? Аз күн ғой Орал тауға барғанына. Бітіріп сырт оқуды диплом алды, Жеткендей алыстаған арманына. Қағаз ғой диплом деген... Ол қағаз ба? Ентелеп әрең жеткен соған аз ба? Білімі кем бе бірақ Ақандардың, Еңбектің өзі мектеп өнерпазға. Білсе де өзі бейнет шеккен кенді, Қалайша сендіресің, Шәукендерді? Сарыла сырттан оқып, диплом алып, Инженер болып міне, Ақан келді. Сол еді қуанышы. Көп сағынған. Босанды анасының құшағынан. Қараса қасында тұр күлімдеп қыз, Балғын жас жанарында нұр шағылған. – Ақан, бұл Еркежан ғой, танымасаң? – Еркежан? Сәлемет пе, келдің қашан? Бойжеткен болыпсың ғой, бала едің, Бес жыл ғой, көргеніме жаңылмасам? Сол сөзін жалғастырды қағып ана: – Бұл жақтан бізге жақын табыла ма? Шақырттым, жұрағат қой ауылында, Жүр екен бекер байлап бағын бала. Қарашы, бүлдіршіндей бұл қарағым, Қызындай сидаң емес бұл араның. Жарасып жүрсін бірге өз қасыңда Бір үйден екеу шықса қуанамын... Бетіне қан жүгірді қыздың неге,
Шешенің құпиясын қыз біле ме? Ақанға қарада да, қымсынды қыз, Қалқажан, қызарды тез, жүзің неге? Ақан тұр аң-таң болып анасына, Мейірім тұр шешенің көзқарасында. Тезірек келін көру үміті ме, Шипа сол жүрегінің жарасына. Анасын аяп Ақан сөзін бұрды: (Жігіт қой жөн табатын сегіз қырлы) – Шахтаның өнеріне үйретемін, Еркежан болмасын тек өзі мұңды. Ал, апа, тойың қайда? Инженермін, Сүңгимін тереңіне енді жердің. Жинайын достарымды, солар ғана – Өзегі бойымдағы ер жігердің. Дәмдерің дайын болсын әзірлеген, Шақырып достарымды қазір келем, – Деп Ақан жымиды да шықты үйден, Еркежен қалды қандай сезімменен? * Клетпен олар төмен зымырады, Шахтаның қандай терең шыңырауы? Қат-қабат шатқалдардың қуысында, Шайқасып тас пен темір шыңылдады. Еңбектің қызу мұнда зор майданы, Екпіні қатты ердің забойдағы. Шытырман шеп секілді соғыстағы, Жылғалы жер астының құз қойнауы. Русаков, Ақанменен келді міне, Заңғардай камераның кеңдігіне, Жас жігіт тас тергішті безектетіп,
Жүгірткен тас тобырдың ең түбіне. Сыпырған қалың тасты қуыстардан, Жүрісі тас тергіштің дұрысталған. Осыны жасап берген Ақан, Петя, – Жүзеге асқан бұл да тұңғыш арман. Ақан тұр қарап соның жүрісіне Қасында Русаков та қарап соны, Ақанның таңырқанды тың ісіне. – Дұрыс қой бұл енгізген өзгерісің, Осындай тапқырлығың тез көрінсін. Тағы да ұсынысты ойлан, жігіт, Тыңайтар техниканы өздеріңсің. Ғаламат құрал керек кен ісіне, Осыны сақта, Ақан, сен есіңе. Жүр қазір учаскеңді аралайық, Кел кешке, бұл туралы кеңесуге. ...Осылай танылған соң іспен анық, Шәукеннің өшкен сөзі іште қалып. Ісімен Ысқақтарға ұнап Ақан, Қазір ол инженер де сменалық. Үшінші тарау Әсия жатыр жалғыз бөлмесінде, Түрлі ой орағытып келді есіне. Заводтың азан-қазан арпалысы, Кетпей тұр жаңғырығып зердесінде. Тұңғыш іс заводтағы қандай қиын! Сыпырды талай терін маңдайының. Топалаң тастар сеңдей соғылысып, Алдында бұрқыраған қардай құйын.
Қыз ырза келгеніне бұл заводқа, Қызықты цехта жұмыс қызған уақта, Малталап мыс тастарын үгіткенде, Алтындай алау атқан қызыл отқа. Тек оны жабырқатты тетік көне, Көп бөлшек кемірілген кетіктене. Үзілді ескі белдік ауық-ауық, Болмады техникасы жетік неге? Сол ма тек сілкіндірген ой тереңін, Сүйгенің еске түссе қайтер едің? Күлімдеп көз алдына Ақан келді, Куә қып Алматының бәйтерегін. Біреуден сұрап өзі білген бүгін, Ақанның Жез кенінде жүргендігін. Қазірде қандай күйде сол мұндары, Алысқа алып қашқан сыр мен мұңын. Әлі ол сол сүйкімді пішінде ме, Наз айтсам жүрегімді түсіне ме? Әлде ол жалт бере ме жабырқанып, Солай ол енген еді түсіме де. Өкпесі өрттей әлі сөнбеді ме, Құпия қыспады ма шер мені де?! Кеттің сен талайыңды тұман шалып, Жетті ме аялауға дәрменім де? Кінәм жоқ, ұятымнан қорықсам да, Иіліп өзім барып жолықсам ба? Көңілі ауып оның басқа жарға, Сыр берсе өлгенім ғой, анық сонда... Осылай ойлар ұйтқып өзін қысты, Көрген жоқ көптен мұндай езілісті. Дуылдап тұла бойы аунады қыз, Тұтанды тұнып жатқан сезім күшті. Керілді, бойы бірақ серпілмеді,
Тамырдың қатты соқты серпіндері. Ләззатты түпке түйген сырлы жүрек, Жүр еді сәті түссе шертілгелі. Күрсініп тұрып кетті төсегінен, Жабырқап жалғыздықтың кеселінен. Қарады шар айнаға, ақ жүзіне. Қалайша қызыл шырай нұр себілген? Құпия бұлықсыған қайран мүсін! Қадірін көрмеген жан қайдан білсін? Әппақ төс, қос анары сәл томпиған, Сондаймен сері жігіт ойнап күлсін. Жып-жылтыр, жібек балтыр, аяғы тік, Жалаңаш ақ қайыңдай ая күтіп, Жылы жел тербегендей теңселді қыз, Өзіне өз көңілінде аяу бітіп. Осылай күнде ерте қызып тұрып, Денесін шайқайтын қыз шынықтырып. Әсия аңдамады, қарап біреу, Сұқтанды сырттан көзін қызықтырып. – Әсия, көз тимесін сымбатыңа, Керілген аққудайсың суда тура. – Ах! – деп қыз халатына сүңгіді тез, Мұршасы келмей соған тіл қатуға. – Е, Қараш, кім әкелді сені қуып, Саумысың, қайдан жүрсің, ізің суық? – Қызметім Алматыда, Главкада, Бақылап кен кәсібін жүрмін суыт. Бұл жаққа шықтым қызмет бабыменен, Талай бір мәліметті алып келем. Әсия, таптым сенің заводыңды, Алыстап кеткен жоқсың әлі менен... Әсия бойын түзеп отыр тыңдап, Сөзімен жақындап ол ақырындап,
Шытына Әсияға қарайды да, Тілегін білдірмеді батыл бірақ. – Әсия, көргеніме қуанамын, Жүрсең де қырында сен қу даланың. Талпынған бір ұяның түлегіміз, Кейісең, не десең де құп аламын. Мүсіркеп қимаймын ғой сені жатқа, Мейлің, тежеу жоқ қой махаббатқа. Жүр екен әзір Ақан біреу бүркеп, Тығылған жер астына аулақ жақта. Ашылар ертең сыры, оған саспа, Айтатын жаңалық бар одан басқа. Жұрағат қызына бір үйленіпті, Ақанға дәмеңді қой, қадам баспа? Құсымыз қатар ұшқан бір ұяның, Толғайтын өзіңнің де кең қиялың. Тыңдашы, Әсияжан, – деді Қараш, Портфельден алып жатып коньягін. Төртінші тарау Көрсең сен күркіреген зеңбіректі, Екпіні тітіренткен зеңгір көкті. Көрсең сен жауынгерді жанталасқан, Жаудырған жау шебіне сүргін оқты. Сондай тап Ақан жатыр арпалысып, Забойда, сом бұрғыны тарта қысып, Зіркілдеп перфоратор зеңбіректей, От қуат тегеуріні арта түсіп, Соққылап жатыр құз-тас қабырғаны, Бұрғының тұрқы ұзын, ауыр тағы. Тұтып ол болат дүмін сол бұрғының,
Бір сағат иығынан аудармады. Минутта батпан балға мың соғылып, Алпауыт таудың төсін төнсе ұрып, Мұның да сондай қатты әр соққысы, Кемеңді кетер еді теңселдіріп! Қарысып Ақан тұрды сол екпінге, Инженер күндегіден бөлек мүлде, Басында дулығадай сары каска, Забойшы тұр иығын кезеп дүмге. Тер ыршып маңдайынан, тұр тіресіп, Алдында тас қамалы құз сіресіп, Жалаңдап көк сүңгісі бұрғысының, Бүйірін жатты таудың сүңгіп тесіп. Иесі бұл забойдың Степан да Тарлан да таңырқатқан іспен алда. Тас түсіп иығына, сырқат еді, Сол үшін Ақан бұрғы ұстаған да. Маңдайы тершіп Ақан абыржыды, – Бұрғының қандай, сірә, ауыр зілі? Табылса тәсілі бір жеңілтетін, Көтерсе автоматпен дәу бұрғыны? Осыны қазір Ақан ойлап тұрды. Мың батпан жел екпінді айдап бұрғы. Дүбірі иығына дүркін иіп, Ақанды ауыр зілі ойлаттырды. Тұрған жоқ өзін аяп, сол себебі: Мыңдаған бұрғышының еңселері Езілмей сом темірдің соққысына Бейнетін техникаға берсе деді. – Бүтін бе қарың, жігіт-оқымысты? Сырттан кеп Ысқақ оның қолын қысты. – Шырағым, қалам емес, бұрғы болат, Шыдайды мұндайға тек дәті күшті...
- * Ой басып жатыр еді, ұйқы аралас, Әсия төсегінен көтерді бас. Ысырды басындағы суық қолды, Қараса, төне түсіп отыр Қараш. Айналып айтылған бос әңгімеге, Әсия неге бірге қалды деме? Сөз табар тыңдатарлық әркімге де. Қыз-жігіт шарап жұтса, шешім әзір, Сондаймен кірленеді есіл әзіл. Ери ме шарапқа қыз еркі күшті, Әсия жинай қойды есін қазір. Ашуын үнсіз ғана тек білдіріп, Ызбарлы көзбен қарап, кетті тұрып. Әлде бір несиесі бар адамдай, Қараш та едірейді, етті билік: – Әсия, отыр, айтар тілегім бар. – Жоқ, менің уақытым жоқ, тілек ұғар, Оңаша қалдыр мені, – деді Әсия, Түксиіп тұрды Қараш, – енді не бар? Кінә не, еміренсе, мүсіркене? Жоқ, іштен түтеп ескі кесір дәме, Ашулы Әсияны жұбатқансып, Аймалап қол жүгіртті төсіне де. Көп сақтап, ынтығын ол сөндірмеді, Сәті бір түсті ме деп, сеніп еді. Әсия, өз үмітін бұлт басса да, Бұған сәл ерімеді, егілмеді... – Алдыңда біл, Әсия, қайғы барын! – Біл енді үмітіңнен айрылғаның.– Деп Қараш қайқаң етіп кетті үйден, Сездіріп тағы ескі айбындарын...
- * Әсия тұрды байқап: – конвейермен, Ағылып ақша тастар келген өрден. Жалт етіп жақұттай тас жөнеледі, Үміттей ұстауға бір көнбей жүген. Тізіліп тас тобырдың бұл жасағы, Көзінен қашып жылдам жылысады. Сондай-ақ, бейне сендей соғылысып, Жүрегін дамылды жоқ ой қысады. Алдында тас түйгіш тұр, – сом құрышты, Иірер кесектерді соғып күшті. Құдды бір мұз жарғандай күтірлетіп, Қарпиды темір келі – шойын тісті. Талыстай ременімен жылжымалы. Талқан тас жөнеледі жылжып әрі. Әріде жалақтаған ақ алаулар, Асайды түйірлерді шыжғырғалы. Жүр қарап осыларды көз алмастан, Опа емес, ақша бетін тозаң басқан, Шаң сілкіп шапшаңдаған кірпіктері, Ал ойы тулай қашқан озар тастан. Асыл кен ағылса да дәл аттасып, Килігер арам тастар қабаттасып, Сондай-ақ Қараш қалмай жүр соңынан, Үміт пен өкінішке қанаттасып. Құратын алдан оның дұзағы не? Әлі де армандарын бұзады не? Жалт берсе жалтыр тастай Ақан тағы, Қайтпекші? Білмей қапа, қыз әлі де... Бөлді ойын аласапыран тас сырғанап, Әсия люкке түскен тасты қарап Тұр еді, сырт сарайға келіп жатыр, Кен артқан состав тағы бастырмалап.
...Сол жақтан тулай ағып тастар көшкен. Құдды сол толқын ойдай бастан кешкен. Әсия кетті шошып, сатыр-күтір, Люк іші бола қалды астан-кестен. Түсіпті кесек темір, бұзылды люк, Сындырды тас түйгіштің жүзін ұрып. Тоқталды тасқын ісі цехта айғай, Сол айғай кетті ойды үзілдііріп. Төтенше уақиғадай асығыс шақ, – Бұл қайдан келген состав? – Бастығын тап! – Ақтаев бөлімінен! Неткен шатақ! Әсия тұрып қалды басын ұстап... Бесінші тарау Механик Петя міне, жүр жүгіріп, Тас-тасқа бір сүрініп, бір жығылып. «Техника шешер бәрін», – деп күбірлеп, Тың іске асыққаны тұр білініп. Міне, ол келді топқа забойдағы, Бұл ара взрывтың құж ойраны. Шынардай өрлеп шыңға еңселері, Маздаған кеншілердің мәз ойлары. – Бір тауды тастадық қой серпіп бірақ. – Бұл руда жүз тоннадан артығырақ. – Бұрын бұл естілмеген үздік рекорд, – Осыдан шегінбесін қарқын бірақ... Осылай себеледі сөздер дүркін. – Осылай күнде рекорд болса, шіркін! Шайқаста жеңіс тапқан Буденныйше, Ысқақ та қойды сипап қою мұртын.
Дүркіншіл Шәукен соған мәз еді де, (Басқадай жаңалыққа аз ебі де). – Бізге тек рекорд керек! – деп өзеуреп, Соған бір жеткен бүгін кезеңі де. – Рекордқа арамызда қырсау жоқ па? Құрал да жетерлік! – деп ұрса топқа, Кіжінді Шәукен тағы Ақтаевқа – Ол ойын айтып жатты Русаковқа. – Бұрғының дауыл күші қандай қатты! Кеншінің еңсесіне таудай батты. Осыны меңгеретін құрал іздеп, Сарылып, миым менің талай қатты. Сом бұрғы тасты соғып жатқан шақта, Ұқсайды минометтен атқан оққа. Соқтырмай иығына бұрғышының, Басқартса сол қуатты автоматқа? Шытынды Шәукен бұған. – Бірақ Ысқақ Кимелеп кетті, мұртын бұрап ұстап. – Рекордпен алысқа бір шабамыз ба? – Жортпасақ жаңаша бір құрал ұстап. Уа, қандай Жезқазғанның шахталары! Шақ емес бұған Кавказ шатқалдары. Мұның кең қойнауында сан машина, Кемеше дүзер еді шалқардағы. Зор алаң, мұның екі-үш қабаты бар, Кең сыяр мұнда эксковаторлар. Осындай кереметті техникаға, Беріліп бетті тегіс қаратыңдар! Ал мұным құр қиял ма, ертегі ме? Бұл игі қалмай істің ертеңіне, Шахтаға ену керек! – деп толғанды, Сол топты қиялына ерте мүлде. Бәрі де күлімдеді, шұлғып басын,
Көргендей шаттық еңбек шұғыласын. Серпіле сөйлеп кетті Русаков та, Мақұлдап кеншілердің шын ынтасын. Ақанға сол тар забой ой түтеген, Алатау аясындай көрінді кең. Қаққандай жас қанатын шыңыраудан, Екпінмен келешектің еріне тең. Қызық қой қиялымен есе білген, Құздарды алыстағы кесе мүлдем! Ах, Лера бұзды ойды: сынды жаңа Заводта тетік темір кесегінен. Мұны тез хабарлаған Байтасова, Ал, Ақан, бұған дәлел айтасың ба? Келіпті металл сенің тастарыңнан, Тосыннан шырмалдың ба қайта сынға... – Ақан кім? Дәлелдейді мына қылық, Сендерде сөнген мүлде қырағылық! – Деп Шәукен басты кәрі айғайына, Ысқақ пен Русаковты сынап іліп. Жүгірді Ақан жылдам, әлдеқайда, Әлі де сұр қырсығы арылмай ма? Мін таққан Әсияны, ар-намысты, Асығыс алабұртып, алып ойға... Алтыншы тарау Үңіліп автоматтың үлгісіне, Сарылған қиналысы тұр түсінде. Ақанды абыржытты – мән бере ме, Москва мұндай жастың тың ісіне? Көп болды үлгісінің кеткеніне, Әлі де Москваға жетпеді ме?
Әлде сол сызғандары сынға түсіп, Ұнамсыз болып әлде өтпеді ме? Мазасын алып өткен таластары, Кейбір сәт қиялы да толастады. Намыс қой қалса құлап, қарсы бұған Өкілі Главканың Қараш тағы. Жазыпты арызын ол бұрыс түрде: «Пайдасыз бұл бір әуре жұмыс мүлде. Шетелдік қиялдардың шырмауы бұл, Ұнайды мағынасыз бұл іс кімге?» Қараштың дәлел таппай шүбәсына, Әлде ол мазағына шыдасын ба? Қарайды сызығына қайта-қайта, Ғашығын іздегендей шын асыға. Осылай үйде Ақан отыр міне, Тесіліп чертежының тетігіне. Көзіне елестеді Қараш бірақ, Тығылып сызықтардың кетігіне. Тағы да ол арызын түрте жүрді, Сылтау ғып люкке түскен сом темірді. Төндіріп жүрді тағы өз күйігін, Ежелгі күншіл лебі көтерілді. Ол өзі сол күн байқап кермеп еді, Темірдің қалай кетті сом бөлегі? Шәукеннің шағымына құлақ түріп, Тергеуші тексеріп жүр сол бәлені. Қараштың түстім бе деп дабылына, Ақанның кетті қазір дамылы да, – Русаков ақыл айтқан – Абыржыма, Жетерміз уақиғаның анығына...
- * Суретке алдындағы қарады да, Түйілді қайғы бұлты қабағында. Ұлына ойлы әке тұрды қарап, Үмітті әлі оның хабарына. Шынымен мәңгілікке сүңгіді ме? Неткен бұл тұйық дүние сыр білуге? Тағы да арыз жазған жоғарыға, Жауапты күтіп сағы сынды мүлде. «Жүр екен қайран әкем әлдеқайда, Мекені шығар әлде сонау тайга? Мұз қатып кірпігіне, аяз қарып, Жүргенде ажал жетіп сорламай ма? Қала ма құрсауында сұм жаланың, Білдірмей кеткені ме бір хабарын? Сенбеймін кінәлі деп әкем сені, Кінәлі кім деп соған қиналамын. Кім дейсің? Кінәліге талас бар ма? Ұқсаған адамдар ғой Қараштарға, Мансап пен абыройдың қулары сол, Үрлесе өсек желін толас бар ма? Өздері адал жансып кеуде қағып, Күйесін талай таза ерге жағып, Көпірген сондайларға сенді кімдер, Жаланы қарамады-ау тергеп анық?! Ақанның ойлар сондай келді есіне, Қараштың қабақ түйіп елесіне... Жарқ етті Әсия да қиялында, Ауды ой өткен күннің белесіне. Ең ыстық көрінген жан жас шағында, Ұйыған отты лебі жүрегіне, – Дариға, ұқсады ма сол сағымға?
Безді ме әлде сүйіп ол өзгені? Ынтығы ләззат тапқан бір кездегі, Жанның ең түкпірінде қызып шоқтай, Тығылды, бірақ дәтін күйгізбеді. Сол күкірт шоғын бір кез кім үрлеген? Күйдіріп махаббатты түңілмеген? «Әсия Қарашқа шын қосылды», – деп, Жат күңкіл құлағына күбірлеген. Ақанды осы хабар күйіндіріп, Теңселткен, кеткендей бір құйын ұрып. Талай түн төсегіне от түскендей Тарыққан, ыза бұлтын түйілдіріп. Амалсыз ойламауға көндікті тек, Естіді – Әсияны келіпті деп. Мүсіркеп келер ме қыз... Әлде өзі Барсын ба, аянышын сеніп тілеп? Маздады сенері де, сенбесі де, Өкпесі, қызғанышы егесуде. Орнынан тұрып кетті күрсініп ол, Наз, ыза қатар тулап кеудесінде. Есіктен еніп ана күбірледі: – Ақан-ау, мейірімің бір білінбеді. Еркежан зерікті ғой үйде жалғыз, Ренішін сезбейсің бе түріндегі? Ол өскен бағыңдағы гүл емес пе, Сенімен тілегі де бір емес пе? Шешені жұбатуға жауап берді: – Киноға апарармын бүгін кешке... Телефон безектеді. – Ақанбысың? Балам-ау, ұмыттың ба атаңды шын? Кел жылдам, біздің үйге, Анарқұл мен Байтасты алып еске атау үшін.
Ол кетті, кетуге шын сылтау тапқан, Солай деп ана шіркін ойға қамап, Артынан елең етіп, қалды қарап, Еркежан қара көзі жаутаң қаққан. Жетінші тарау Ол еркін кіріп еді бұл бөлмеге, Аңырып тұрып қалды әлденеге? Ішінде дулы топтың өткір бір көз, Есіктен енген бетте қалды төне. Бірақ тез қағылды да кірпіктері, Жалт берді көз жанары үркіп тегі. Нажағай жарқ еткенде қараңғыда, Бүркіт те селк етпей ме биіктегі, – Сондай-ақ Ақан кенет абыржыды, Жүректің аударылып ауыр зілі. Оңаша болса бір сөз айтар еді, Бөгеді бұлқынысын сабырлығы. Отырды орындыққа ең шеттегі, Әсия жан әлегін көрсетпеді. Шегіндей домбыраның діріл қақты, Сөз айтпай білдірді де тек пейілді, Түйіліп тамырлары сыр шерткелі, Құйды Ысқақ қызыл, мөлдір посвтвейнді. Әкесіне кеншінің Анарқұл қарт Еске алды өткен сонау өрттей күнді. Айтты ол өмірінің өткен жырын, – Сұр таста маңдай сорын төккендігін. Алысып ағылшынның үңгірінде, Азабын талай боздақ шеккен бұрын. – Жезқазған ағылшынның зынданы да,
Әлі де аянышты тұр жанымда. Уа, шіркін, қандай еді біздің Байтас, Іске де, тартысқа да тұлғалы да. Өр мінез қорлығына бағынсын ба? Келетін ылғи қарсы ағылшынға. Кенеттен забой құлап қаза тапты, Жетпеді еркіндіктің ағысына. Тартыпты Әсияжан дәл өзіне, Жанары әкесінің тұр көзінде. – Байқадым, бөбегінде көріп едім, Шырылдап жетім қалған сол кезінде. Оқыды, өсті шаттық уақытында, Өскен жоқ әкесіндей батып мұңға. Арнадым тілегімді, Әсияжан, Алдағы өміріңе, бақытыңа. Сол үшін сергі кәне, тост ал, шырақ! – Қарт сөзін әрең ғана тосқан шыдап, Әсия қағып қалды кірпіктерін, Кесеге түсті моншақ жас тамшылап. Ақан да қарай қалды: Мейірім тілеп, Баяғы қос жанары тұр мөлдіреп. Алмадай қызыл жүзі ашаң тартып, Көрінді бұрынғыдан сүйкімдірек. Өткен қыс өзгерткен бе қыз келбетін? Әлдекім әдемілеп сүйген бетін? Әлде бұл әдеті ме табиғаттың Қыз өссе сұлулықтан сый беретін? Ақан тез көз қиығын бұрып алды, Басында басқа бір ой буырқанды. Рюмкасын еппен изеп Әсияға, Жұтты да төмен қарап тұрып қалды...
- * Тұңғиық қалдырса да сыр-тілекті, Сол көру қиялдарын бұрып өтті. Ақанның кеудесінде содан бері, Беймаза ой шіркіндер дүбірлетті. Құлшынды іске, соны ұмытқалы, Бірақ ол от қызуын суытпады. Көрінбей ширатылды, үзілмеген Жүректің сол баяғы суыртпағы. Сол кеште тартып ойын толқымады, Тіл қатпай тосты қалың сыр туралы. Көз тіккен Әсияға оқта-текте, Өкпесін, өкінішін серпіп әрі. Сондай-ақ бар ма қатқан зілді кегі? От еді Әсияның назды лебі. «Айрылдың асыл жаннан қайтіп қана?» Деп кеше Лера тағы әзілдеді. Ах, Лера! Дәйім өзі мәз көңілді, Білмейді бір кеюді, өзгеруді. Өзінің Петясына сүйінішті, Білмейді сынық, суық сөзге еруді. Достары қайғырмаса қуанышты, Сылтау қып бүгін, міне, демалысты, Шақырып Қарсақпайдан Әсияны, Үйінде оңаша бір сыр алысты. Осыны біліп Ақан асығады, Қалайша жан күйігін жасырады? Сол үйге жөнел Ақан жылдамырақ – Қай сабаз махаббатқа бас ұрмады?
- * Куә қып көктің алтын жұлдыздарын, Өткізді оңашада түн ұзағын. Қалқалап күншіл айға тал үкісін, Екеуі тарқатып тұр сыр дұзағын. Егер шын жалындаса ынтызарың, Құны не сүр өкпенің, құр ызаның? Жайдың бір жаңылысын жіпке тізіп, Оралған бақытыңды туғызғаның! Дарыттым өздеріне өр ойымды, Қалайша кінәлайын геройымды? Мін емес, екеуінің жүрегіне, Сүюдің тағдыры бұл тең құйылды. Көзіне Әсияның мөлдіреген, Ақан да айтып назын төнді төмен. – Ақ болсаң Қараштан сен, мен өзіңді Сүйіскен сол алғашқы күндей көрем. Мұндайда түйген сырын жасыра ма? Күйігін айтып қалды Әсия да: – Қалаған жекжат қызың бар деп еді, Шынымен сол сүйгенің қасыңда ма? – Сендің бе Қараштардың өсегіне, Сенсіз мен түйінімді шешемін бе? Көремін қарындастай Еркежанды, Берілмей мүддесіне шешенің де. Кінә мен күдіктердің жауып бәрін, Кіршіксіз махаббатқа шақырамын. Жалғашы жүрегіме жүрегіңді, Жайнатшы жас шағымның жапырағын... Киіктей жаутаңдаған тау ығында, Серігін таппай күздің дауылында, Алқынған Әсияны сол ыстық сөз, Ақанның тартты ыстық бауырына.
Өмірдің қызық жолы, биік арман, Бақыт қой қиындықты киіп жарған. Күш қайда қамалайтын құштарыңды, Ескі бір күдік үшін ұйып қалған? Әсия тербелді де жан тереңі Ақанды құшты қатты, – айтар еді: Күшті деп сонау тұңғыш сүйістен де, Болса тек Алматының бәйтерегі. Осыны көріп Лера тасалана, (Ұзатқан өзі еді ғой осы араға). Күлімбеп кетті кейін тек ай ғана Екеуін аңдып төнген қасақана... Сегізінші тарау Парткомға кеңесуге келді бәрі, Жиынның ауды соған ой-құмары: Русаков сөйлеп жатыр серпілдіріп, Шегінен сол күндердің жортып әрі. Басталды өрісі кең ұлы жылдар, Жайнайтын алдымызда алтын күн бар. Еңбектің аттанысын бастап алға, Өріне жаңалықтың ұмтылыңдар. Бесжылдық күйін шерткен өр көңілдер, Маршын тыңдасын тез келер күндер. Жайнаған Жезқазғанның ертеңіне, Жүріңдер, кереметін, кел көріңдер. Алда тұр құм төбелер, кең бұйраттар, Тұр жаңа мыс заводтар, комбинаттар. Кеңгірдің алқабына көл мөлдіреп, Құлпырған гигант қала, гүлді бақтар.
Көшедей шахталардың кең ішінде, Жүгірер машиналар кеңісінде. Қозғалып құдіретті тетік-құрал, Сай болсын келешектің желісіне. Иә, солай болмақ бәрі ертең ғана, Жайнайды асылымен еркін дала! Бірақ та бүгінгінің бұл тынысы, Болмасын әсте бір күн іркілісі. Бастайық соған жорық жауынгерше, Жұмсалсын кен жұртының бүкіл күші! Русаков көз жіберді жиылғанға, Бәрі де отыр екен ұйып алда. Әсия, Ақан, Лера, Петялар бар. Қадалған қиялымен қиырларға. Әсия сөз тіледі: мүмкін болса, - (Деп ескі әдетінше, комсомолша, Сөйлейді көтеріліп, – болар солай Көңілге арман құсы келіп қонса...) – Жезқазған жарқырайтын шұғыламыз, Кеңгірге мыс ордасын тұрғызамыз. Қасынан аңғар қазып айдын көлді, Өзіміз су толқытып туғызамыз! Сақталған асылдардай адырдағы, Соғады жанымыздың дәл ырғағы, – Дегенде бәрі қостап Әсияны, Үндері қияларда дабылдады. * Есіктен енді Қараш қайқаң етіп, Бәрін де сұқ көзімен байқап өтіп.
Сөйледі Русаковқа қарап қана, Өзінің өкілдігін айта кетіп: – Не шықты берілгеннен құр қиялға, Біреудің сандырағы идеал ма? Бөгеді жаңашылдық кен ағысын, Ақтаев арандатты бұл зиянға. Парторг, сеніп жүрсіз осы кімге, Көндігіп Ақтаевтың кесіріне. Бұзған ол сом темірмен тас түйгішті, Жол бар ма мұндай жатты өсіруге? – Деп Қараш тапал бойы құрыстана, Сол ескі әдетінше тұр сұстана. Ақ шашын сипап қойды Русаков тек, Қарашқа қарап ұзақ тыныш қана. Ал Қараш сөйлеп тағы екіленді, Ежелгі пікіріне бекіп енді: «Ақан тез қуылсын!» – деп Әсияға Қоқиып құдды қораз секілденді. Орнынан тұрды Ақан, шыдамады, Көп болды өсек жала шырмағалы. – Қалайша қалмай жүрсің қыр соңымнан, Уа, Қараш, үрлеп ескі сұр жаланы. Парторг, айтыңызшы, қастығым ба? Тіленіп талпынғаным тас тұғырда. Сол кесек темірге де кім айыпты, Өзіңіз жеттіңіз ғой растығына? Бөгелді ол, Әсияға қалды қарап. Ашумен түйіліпті қалың қабақ, Қарашқа отын шашып жанарынан, Әсия отыр екен көзін қадап. Русаков мұндай сырды байыптағыш, Бұрыннан Қараштардың жайы таныс: – Жігітім, қайдан таптың әдетті бұл,
Біреуге жала жапқыш, айыптағыш. Танылар адам жанның тереңінен, Ісімен, бейілімен, өнерімен. Әке үшін бала жауап бермес болар, Өз орнын таба білсе кең өмірден. Ақанның ақау бар ма жүрегінде? Жалын бар талабында, жігерінде. Алуға асылын мол жер астының, Сермеді өнерін де, білгенін де. Ол озық – еңбегімен, шешімімен, Өмірдің мұндай жасқа есігі кең. Кінәсіз Ақан оған, темір кесек, Кетіпті басқа жанның кесірінен. Қадірлі Ақан кенші қауымында. – Не дейсіз әкесінің жаулығына, Қалайша қадірлі ол? – Автоматы Әншейін шимай – сызық, даулы бұл да. – Деп Қараш көтерілді қолын нұсқап, Арыншыл арқабасы тұр құрыстап. Әлі де айтар еді – бөлді сөзін, Есіктен қағаз ұстап кірген Ысқақ. – Сүйінші, Ақан, міне, келді хабар, Тамаша жаңалыққа бұл барабар. Москва үлгің үшін шақырыпты, Талабың абыройын енді табар. – Бәрі де кенет төне қалды хатқа, Москва мән беріпті автоматқа. Алдынан жай түскендей Қараш мең-зең... – Жігітім, сөйле, Ақан – ақ па, жат па?! – Білдірді Петя солай қуанышын, Тың құрал кен жұртына туғаны үшін Ақанды арқасынан қақты бәрі,
Таң етіп тапқырлықпен тынған ісін. Бәрінің шаттық ойнап жүздерінде, Көрінді Қараштың тек зіл реңінде. Жалт берді ол, Әсия тек бір түкірді, Қараштың жылан иірім іздеріне... * Қызарып көктің алтын дөңгелегі, Аспанға дөң астынан өрмеледі. Қасында Әсиясы, жан анасы, Ұшуға Москваға ол келеді. «Победа» зымырады кең қырқада, Жайнады көкке төсін керіп дала. Алдында қоңыр көлдей қиыр жазық, Алыста мөлтілдеген Кеңгір ғана. Әлі де ұшатын жер жатыр қашық, Қиян қыр, жазықтарын адыр басып, Балалап жатқандай-ақ төбелері, Құрылыс қаз тұрыпты жапырласып. Адырлар ақ сағымға жатты дүзіп, Не көріп, Ақан содан тапты қызық? Гауһардай жалтылдайды кең тастары, Ағылған вагондарда сап тізіліп. «Менің де сол тастарда сыбағам бар, Шыңдалды шыңырауында сынбаған ар. Шіркін, сол автоматым дәуірлесе, Сүйсінсе кенге қолын сыбанғандар!» Тербеліп Ақан, міне, машинада. Қарайды қасындағы Әсияға. Сонау күн сәулесіндей көз жанары, Әсия күлімдейді қасын қаға.
Көзінің мөлдірінен мұң айыға, Өзгеше сәулет енген шырайына. Салқын, бос, жалғыз өткен жетім жылдар. Жете ме махаббаттың бір айына?! Сарғайып қуанышын көп іздеген, Ұлындай үмітінен ой үзбеген Ана мәз екеуіне, тек жұбайын, Алыстан қарауытқан, ол көздеген. Әлі де емес кәрі, қырық жаста, (Қырықта кей әйелдің сыры басқа) Жоқ, ана қимас мәңгі некелісін, Басқаға көңілі мәңгі бұрылмас та. Асқардай болса биік-ар намысың. Ари ма асыл жанның арманы үшін? Қуып бір жеткен шақта мұратыңа Немене, аз күн көрген арпалысың? Қызық қой, наздану да, қызғану да, Ғашықтың көн отына, ызғарына. Теріскей желдей соққан сонау бір жыл, Әулие махаббатты бұзбады ма? Айрылып талай бейбақ жұбайынан, Ағартып алды шашын мұңаюдан. Болса да аз ғана шақ Әсияны, Ақандай боздағынан кім айырған? Талай жар ерін күтіп батты мұңға, Жүрегін бөлеп соның ақтығына. Не дейміз жары ғайып болса жаңа Жар құшқан әйелдердің шаттығына? Жоқ, Ақан, бақыттысың зайыбыңа, Жоқ та ғой Әсияның айыбы да. Тұрлаулы тағдырың да, сүйгенің де, – Өзгеше құдірет жоқ айыруға.
Дәуірдің тынысына дағдылымыз, Ежелден еркіндік қой бақ-жарымыз. Советтік алтынды заң кітабына, Жазылған – айнымайтын тағдырымыз. Емеспіз өткендердей уақыты тар, Кең жолға жолаушымыз бақыты бар. Достарым, сендерге мен қосылайын, Арнасын асқақ әннің ағытыңдар. Алдымыз алтын басты шыңдарға тең, Кел, Ақан, шырқа жырды шығанда кең. Осынау тура жолдың асуында, – Алдыңнан, мүмкін, күліп шығар әкең...
МЕНІҢ МЕКЕНДЕСТЕРІМ Поэмадан фрагменттер Агроном аңызы Соңырқап қаз оралмай ма, Балапан боп өскен көлге? Келдім мен де орақ айда, Балалығым көшкен белге. Сол баяғы «Тереңсор» ма, Ауылым ауып, ұмыт қалған? Мекен едің керең сонда, Өзегің сор, уыттанған. Бірақ өзім жүгіріп ем, Нуға балап шаңдағыңды. Көрдім көктей қиыры кең, Сенің жұрдай жан-жағыңды. Ызғындаса ығыр желің, Шаң бүркесе кер беліңді. Іздеп гүлді жүгірмедім, Иіскедім кермегіңді. Жылдар ұзап жүрдім аулақ, Жазығынан құлазыған. Жасарайын бір күн аунап, Белің болса, гүл жазылған?
Қаңбағыңды жел аунатқан, Көлшігіңді, сағым күлген, Шақатыңды, бұзау баққан Жас баладай сағындым мен. Сағынышым сағыздай боп, Созылған көп күндер өтті. Күндер өтті аңыздай көп, Талай түзді гүл бөлепті... Ұшқан ұям, бетегіңе, Құшақ жайдым қуандым да. Жөнел мені жетеле де, Көлбеңдесе ну алдымда... Баяғыдай аспан, күн де, Баяғыдай шағыл, тымық. Бірақ қырым, басқа мүлде, Тұр егінге шалқып тұнып. Жаяу тарттым сол бір жаққа, Сипаладым дән желегін. Осынау бір қу алқапта, Кеткен еді дәнге кегім. Онда сағым арасынан, Жылтыраған сары бауырсақ, Әке сорлы аласұрған, Әлек салып сол ауыр шақ. Естіп келем қандай үнді, Жаңғыртқан кім қыр алысын? Жырға қосып комбайнды, Шерткен жастар қуанышын.
Бидай мүлгіп бұлың белде, Ерлер қостың қасында жүр. Жорық алда, бүгін әлде, Сабан тойдың басы ма бұл? Қырман төрін шыр айналып, Биші қыздар бұлаңдады. Құйқылжытқан сырнайды алып, Орыс, қазақ ұландары. Сәлем, жаңа жерлестерім, Шығанымды сүйіп келген. Тарт тамырын, тербет өрін, Жұт уызын, иіп берген! Танысайын –тумасымын, Бұл түпкірдің ұмыт бұрын. Өздеріңмен құрдас үнім, Енсін топқа жігіт жырым. – Сергеймісің! Сөзді термей, Құшақтастық, қол алыстық. Сол құшағы сездіргендей, Сағынышын маған ыстық. Танысып ек, жат түкпірде, Жаралы да, сол өндір жас. Госпитальда жаттық бірге, Аға сержант болды сырлас. Майдан шеккен сол бір күнде Шыққан талай от қамалдан.
Жауды соққан сел – дүркінде, Аяғына оқ қадалған. Әлсіз жатты төсегінде, Қиналысы ауыр еді. Кейде кетіп есі мүлде, Әрең дамыл тауып еді. Қақсағанда сынған аяқ, Жігіт қатты безілдеді. Түнде талай тұрдым аяп, Ыңырсыды, көз ілмеді. Кейде бір сәт дамыл тауып, Көзін жұмса, күбірледі. Күбірледі ауық, ауық, Құрмаш, Құрмаш! Жүгір! – деді. Білмедім мен, досы қандай? Есінен сол кетпей қойған. Түсінде де ашынғандай, Алабұртып отты майдан. Гипс матап есіл өрен, Зар болды бір көсілгенге. Жинап еді есін әрең, Жіліншігі кесілгенде. Ер екен деп қалдым сонда, Бейнетіне тура төзген, Жылдам таяқ алып қолға, Аяқ басты протезбен.
Ақсай басып албырт жігіт, Тақсіретін елемеді. Жанында тек жарқын үміт, Әуесі тек өлең еді. Жыры жылдам ақпаса да, Ол қиялмен есе білді. Таңдандырды жатқа соға, Айтып ылғи Есенинді. Үйір болды ол менімен, Өткіздік көп жыр кеңесін. Өткен майдан дүрмегінен, Аңыз шертті іргелесім. Аққан қан да аяғынан, Ұмытылды, жерге сіңді. Ұмытпады, аяды да, Менің сол бір жерлесімді. Құрмаш ылғи жүрді есінде, Екеуі бір майдан кешкен. Мен құштар ем, жерлесіме, Жасымда бір ойнап өскен. Айтты Сергей сонда маған, Деп, – досымды жұтты майдан. Білмей қалдым, тор қамаған, Соңғы даусы шықты қайдан? Екі солдат кірген бірге, Айқасуға соңғы бір шақ.
Бұрын бірге жүрген түнде, Бүркеп талай жалын бұршақ. Оқ кезеніп жүгіріпті, Екі боздақ қатар алға. Сергей кенет жығылыпты, Оқпен бойын матағанда. Ертіп мені ол келеді, Адырдағы ақ шатырға. Күн де солай дөңгеледі, Артып иек ақша қырға. Артта жастар сыңқылдасқан, Алда – дәнді тізген белең. Сол досыммен, сылтып басқан, Өткен бұлдыр ізбен келем. Басқан ізден бала шақта, Елестеді үнсіз ғана. Сөнген оттар жер ошақта, Көшкен ел мен тілсіз дала... Үңілдім мен іздеріме, Жас ойнақпен еске келген. Ол қарады дүз-беліне, Ақ бидаймен кестеленген. Мен разымын айналама, Осынау жер-бесігім деп. Ол қуанды, айдалаға – Еккен мынау несібім, – деп.
Қарап солай жымиды да, Ол бастады әңгімесін: -Келдім өзім бұл қиырға, Сүйіп қырдың кең белесін. Көп болды сен көрмегелі, Шекті жылдам жылдар сапар. Баяғыдай көрме мені; Болдым, міне, қырма сақал. Ал өзің ше? Ерте емес пе? Шашың неге боз қыраудай? Ойлап жырды ерте-кеште, Сарылдың ба, сөз құралмай? Бірақ мейлі, ақын үшін, Сөз бе бурыл шаш дегенің? Болса жасқа жақын ісің, Жылы тисе жасқа лебің. Иә, маған жыр қонбады, Ақынсынып баққан едім. Тартты шулар қырмандағы, Ауды қырға бақ-тілегім. «Буып шерге құр кеудемді, Соғам кімді балдағыммен? Көктей көріп күрең белді, Жер қызметін таңдадым мен. Оқып сырын топырақтың, Көктем болса аласұрдым.
Оқтар жыртқан атыраптың, Өңіріне дән өсірдім...» * «Майдандағы үндей бізге, Жетіп даусы партияның, – Жел басынған дүлей дүзге, Дедім бір күн, – тарт, қиялым. Сол бір дауыс жаңғырықты, Отанымның кеңісінде. Жауғандай тап жаңбыр құтты, Егіндікке – ел ісіне! Теңізге де сүңгір адам, Асылдарын теремін деп. Айдын дала сырлы маған, Теңізден де тереңірек. Көзім бар да, қолым бар да, Сылтау ма сол кем аяғым? Келдім сылтып қалың қарда Жазығына кең аяның. Қазақ жерін келдім аңсап, Қияны бар теңіз сынды. Жетті маған желі алшақ, Өзің айтқан лебіз сынды. Айтқандайын бұл түкпірге, Келдім күшпен әрең зорға. Үйді күдік бұлтын мүлде, Құнар жоқ деп «Тереңсорда».
Апаты бар әлек сор деп, Баяғысын тосып алға, Талай әкім шенеп сөйлеп, Жолатпады осы маңға. Өзің айтқан кереметін, Қызық көріп, көнбей келдім. Жұрты безген жердің бетін, Тұйық жатқан кендей көрдім. Құйын ғана бебеу шертіп, Құлазыған тұл қыратқа, Өрендерді келдім ертіп, Өң беруге топыраққа. Келсек мұнда, елсіз түкпір, Өзің көрген жалғыз мола. Жым-жырт жапан, үнсіздік құр, Мекендеген байғұз ғана. Түнерген Сор, жер ызғарлы, Қарап бізге түйді қабақ. Жағасына, шала қарлы, Жабдықтарды үйдік қалап. Болған да жоқ лашық баста, Сыз төсеніп, жел жамылдық. Күмбезіміз – ашық аспан, Бұлт та бізге болды түндік. Жерді тіліп белестегі, Топырағын иіскедім.
Маған қырдан елестеді, Толықсыған ырыс – егін. Көрер едің көк нөсерде, Өршеленген өрендерді. Трактормен өктеп өрге, Жаңғыртқанын керең белді. Қуанар ең келбетіңе, Қожыр қырың кестеленсе. Рақаттанам бейнетіме, Сол қиын шақ еске келсе... Көрсең тұңғыш борозданы, Несібеңнің бастауындай. Қуанар ең қағаздағы, Басталған тың дастанындай. Ақын болсам соның бәрін, Жырлар едім ертегідей. Сол күндердің көп сырларын Шермендемін, шерте білмей. Трактордың арт жағында, Есімде көп жүгіргенім. Маңдайымның қатпарында, Сызулы тұр жырым менің. Жырлайсың ба? Сұра, сырды, Жігіттерден жер түлеткен. Өлеңдерді, терең сырлы, Шығандарға шертіп өткен.
Сұра, соны туысыңнан, Мұнда қайта көшіп келген. Аман сақтап қыр қысынан, Қойды баққан Әшімдерден. Сұра, жаңа жерлесіңнен, Қала салған тұл дүзіңе. Сортаң тері жерге сіңген, Жаз өлеңді, жұрт ізіне!» Сүртіп терін маңдайынан, Сергей енді шылым шекті. Сонау қостың маңайынан, Әншіл жастың шуы жетті. Іздедім мен үндерінен, Дастанымның нәшін жаңа, Айналамда тұр керілген, Ақ бидайдай жасыл дала... *** Ақша қырдан күн де асты, Ақ шатыр да жақындады. Сергей неге жылдам басты, Ынтығы не шатырдағы? Қарап едім, ол күлімдеп, Жүзі тағы арайланды. Тоқтады да тез күбірлеп, Ақ шатырға қарай қалды. – Ех, сырласым, мақталар ем, Маған айдай нұрын жайса.
Тіпті содан бақ табар ем, Ағытта тек сырын Айша?! Тәкаппарсып бұлқынбайды, Сөйлесуге кезіккенде. Жылы жүзбен құп тыңдайды, Сыршыл өзі – нәзік пенде. Бірақ өзі сырға берік, Өз бетінше үн қатпайды. Өмірінен дерек теріп, Сұрағыңды ұнатпайды. Қалар едің сен құмартып, Бетіндегі шұңғыл меңге. Бала қыздай ішін тартып, Сықылықтап шын күлгенде. Құрбыларын шенеп сөйлеп, Күліп қатты, қызған топта. Киіп ерсі шолақ көйлек, Шолтаңдаған қыздар жоқ па? Қоңыр да емес өзгелердей, Мұның жүзі аққұбаша. Сызылады сөзге келмей, Сездірмейді, жақтырмаса. Болса мейлі әйел өзі, Назды бірақ ол қыздардан. Қазір тіпті жайнар кезі, Асқан жаңа отыздардан...
Саған сырын айтар бәлкім, Тумасы ғой маң даланың. Жары қайда? Неге салқын? Білмей соны таң қаламын. Өкінішпен қатқан жан ба? Аузы күйіп арамзадан? Өзін жарға сақтаған ба. – Не, майданнан оралмаған? Әлде жары болды ма опат, Қайғылы ма күйігінен? Сөнгені ме сол махаббат, Шешіледі түйін кімнен? Үміткердей баққа дайын, Не ақым бар өткенінде? Келді мұнда, айтқандайын, Айша жаздың көктемінде. Жай емес ол, білімпаз жан, Маған орай мақсаты да. Нәр іздейтін құм мен саздан, Аспаптар көп ақ шатырда. Ол шығады таңсәріде, Еңістерге жапа-жалғыз. Ұмытқан жан кеңсені де, Құзыры тек – сары жапан дүз. Жүгіреді әр төбеге, Уыстайды топырағын.
Басын шайқап әлденеге, Кейде ұзақ отырады. Әлде сорға, әлде баққа, Осынау әйел келді бізге? Мінді тағып әр бұйратқа, Жүгіреді желді дүзде. Келіп кейде егістікке, Мені тіпті мұңайтады. «Мынадан мол жеміс күтпе, Бұл қуаң жер, құмайттағы». «Өңі тозған мына дүзді, Өңдесе ғой минералмен». Сөйлегенде мінеп бізді, Дәлел таппай қиналам мен. Жер сиқырын баяндаған, Картасы бар, айна сынды. Сол сырлары аян маған, Дәлелдері ойға сіңді. Зая бейнет, құр қиялың, Топыраққа телміргенің. Шын қадірін химияның, Ем – дәріге тең білмедім. «Шіркін мынау шаң дүзіме, Көлкітсе ғой нөсерді көп. Сонда қалың дән тізіле, Көк құрақтай өсер гулеп.
Тамшы тамбай, табынамыз, Кейбір жазда қарап көкке. Дәрменсіздей тарыламыз, Кетсе солай талап текке... Ех, шіркін, сол, космонавтар, Жаңбыр бұлтын қуа келсе, Кеңдігін де аспан ақтар, Жерге нұрын құя берсе. Әзілім ғой, көкте нем бар? Әлекпін ғой жер ісімен, Сусын келмей, бұл төбең зар, Аққан анау Ертісіңнен. Бірақ мұндай сыр қажет пе? Ақын құмар Айшаларға. Жырла соны, қазір жет те, Толғана жүр, жайша барма! Өлең-жырдың ол бөбегі, Сырлары бар біз ұқпаған. Тыңда жаның тербеледі, Тың аңыздай қызық саған. Бейуақытта, күңгірт кеште, Барады да «Терең сорға», Көз тіккендей бір елеске, Отырғанын көрем сонда. Қарайды да сол көлшікке, Күрсінеді Айша неге?
Сүйіктісі сор кешіп пе? Сол қайғысын жайша деме! Менде жыр жоқ, мен әшейін, Жер тырнағыш түрен сынды... Айша айтса, түнге шейін, Тыңдар едің терең сырды. Өскен екен қиыр жақта, Келген шығар қимай елді. Әлдекімге бұйырмақ па, Қарындасың, бидай өңді? Әлдекімге кім қияды? Келем соған шатырдағы, Жыр етсін деп химияны, Қос басына шақырғалы... ТЕРЕҢСОР СЫРЫ Тып-тыныш кеш, жел жусап, Көл толқынын жиырды. Жерлестерім ән шырқап, Жарқабаққа жиылды. Жіктемессің айырып, Бәрі бірдей көрікті. Шашын келте қайырып, Тракторшы келіпті.
Қарасаң бір саңлақ, Сылаң қаққан сауыншы, Күміс қоңырау сыңғырап, Шыққанда наз дауысы. Отыр алда балташы, Құрылыстың шебері. Қандай әсем, байқашы, Тас үйлердің бедері?! Бірі келген Тамбовтан, Бірі таулы Оралдан. Жиналыпты жан-жақтан, Туыстарым оралған. Келіпті мал басынан, Жәкең қарт та жиынға, Өтіп талай асудан, Жүрген басқа қиырда. Отыр талай көшкендер, Бұрын құтсыз қоныстан. Шартарапта өскендер, Көп жұлдыздай тоғысқан. Солар үшін жырымды, Отырмын мен күбірлеп. Күй сыбырлап бұрынғы, Өрлеп жаңа дүбір кеп. Сергей қайда қарады, Жұртты мұнда шақырған?
Күліп еді қабағы, Айша шықты шатырдан. – Жігіттер, тез тыныңдар, Дамылдасын қыр-қия. Сендерге тың сырым бар, Келе жатыр – химия. Ол да жердің сіңлісі, Аты – Айша біліңдер. Тыңдағы бұл тың кісі, Бауыр тартар бұлың бел. Шашу етіп алдынан, Қыр моншағын жайса да, Мынау дәндер шалқыған, Кем көрінді Айшаға. Сонша молға дәмелі Айтар өзі дәлелін. Таныстырсын әуелі Ақынға сөз беремін... Дәнсіз онда боз белім, Дүзге бұзау бағамын. Онда мен де өзгемін, Зыр жүгірген баламын. Сор басында шағын жұрт, Малдары да азғана. Тартқан бәрін сар үміт; Иен мекен, жаз, дала.
Ауыл деген атағы, Жиналғандар әр жерден. Әр қаланың жатағы, Әр кәсіппен әлденген. Онда соны білдім бе? «Тереңсорға» мәз едім. Ырыс бардай түгінде, Жайраңдаған жаз елім. Бағып малын, жалаңдап, Жерден тағы дәметті. Жосаланды алаң жақ, Серік ағай дән екті. Бәсеке ғой бәрі де, Бұрқыратты шаңдақты. Кестелі жер керіле, Әдіптеді жан-жақты. Сол жаз менің жадымда, Аулымыз дән өсірген, Желге, күнге, жалынға, Кетті зая несібем... Өктеді жел мамырда, Құйындады топырақ. Асыр болды дауылға, Дән себілген атырап. Серік ағай әбігер, Жер ісіне белсенген.
«Ақтамай ма кәрі жер, Бейнетін де ел сенген?» Жас анасы емізген, Айша онда нәресте... «Ақ бөпешім» дегізген, Сәби қалпы әлі есте. Әкесін сол кездегі Кеюсіз бір көрмедік. Айша бірақ сезбеді, Бесігінде тербеліп. Қарап сонау егіске. Қара бұлттай түнерді. Құйын тулап еңісте, Дән себілген құм ерді... «Тереңсордан» осындай, Басталды бір жаз алды. Тамшы жоқ көз жасындай, Аспан неге сазарды? * ...Кектемін сол шілдеге, Баяны да бар ұзақ. Алау тиіп сүлдеме, Аптап еді аңызақ. Өртелді ме күн көзі, Кірпіктері ұшқындап? Түтеп көктің күмбезі, Жалындады түстік жақ.
Аспан қырдай қурылды, Көрінбеді меңдей бұлт. Қарғап өрттей қу күнді, Сапырылды сеңдей жұрт. Жұрт құдайға бас ұрып, Көкке қарап аңырды. Серік ағай ашынып, Сөкті тура тәңірді. Кеуіп жердің таңдағы, Солды бидай көктеген. Түкірік нәр тамбады, Тарылды бұл, көк неден? Келді бір күн күрт індет, Қойға тиді топалаң. Ұшты сиыр дүркіндеп, Бұтадай, тез отаған. Кеткендей бір жалап өрт, Айналаны, алшақты. Елге тиіп оба-дерт, Талай жанды жамсатты... Ұмыттым ғой, көбін мен, Бірақ сол күн есімде. Найза төнді көгімнен, Түс ауа, не, бесінде. Қайырдық біз бұзауды, Алыс қырдан асырға.
Қызық көрдім ұзауды, Құрмаш болса қасымда. Түсі қызыл, сүйір тік, Көкте жүзген құйыршық. Оқ жыландай иіріліп, Атты кенет шиыршық. Қарауытты булығып, Сағым басқан сары алап. Қызық көріп жүгірдік, Санымызды сабалап. Айналды тез дауылға, Боратып құм құйынды. Біздің момын ауылға, Қара пәле түйілді. Ауыл біткен у да шу, Айғай шығып әр шеттен. Құдайдан деп бұл ашу, Жалбарынған, зар шеккен. Иірілген зіл қара, Басатындай еңсеңнен, Болатындай зілзәлә, Киіз үйлер теңселген. Жүгірдім мен үйіме, Шошыдым да ойбайдан. Шешем қақсап бүйірде, Әкем мүлгіп қол жайған.
Үрейлендім үйімнен, Шайқалып тұр шаңырақ. Уық біткен иілген, Сынатындай қақырап. Құрым түндік желпілдеп, Дауыл ұрған сабалап. Керегелер селкілдеп, Саңғырады сағанақ. Қара сұмдық астында, Қалшылдады ауыл тек. Шын албасты басты ма, Құтырды ма дауыл – көк? Әкеден сәл ұрланып, Жабықтан мен қарадым. От құйрығы тұр жанып, Айдаһардай қараның. Уа, ғаламат, уа, құдай, Кетті ме көк шатынап? Әлгі қара бомбыдай, Көлге түсті шатырлап! Астан-кестен айнала, Көп лашықтар домалап, Тұмандалды сай, дала, Қара жалын қамалап. Көлге қарай ұштым мен, Көруге сол ойранды.
Бу бұрқылдап үстінен, Көл зығырдай қайнады. Есі кеткен жұрт мұнда, Азан-қазан, жүр жылап. Жоғалған үй жұртында, Тұрды Серік тұнжырап. Асау аспан ашуын, Бұрқап, оқтай құм атып, Кетіпті қу лашығын, «Тереңсорға» құлатып. Айша жатты шырылдап, Үй жұртында, жөргекте. Ана қайда? Сыр ұрлап, Түнеріп тұр жер, көк те... Желбауына шырмалып, Шықпай сорлы далаға, Үймен дауыл бірге алып, Сорға батты ана да... Серік ағай жүгірді, Шыр айналып көл басын. Көлге қарап бүгілді, Жоғалтып жан жолдасын. – Ауылымызды аунатқан, Мынау, сірә, албасты?! – Деп гулесіп жан-жақтан, Желді сөздер жалғасты.
Сөйледі Әбіш молдекең, Көк сақалы селкілдеп. «Күнәсі көп бұл мекен, Кеттің бәрің еркіндеп. Құдай жоқ деп есірді, Жастар әбден бұзылды. Серік бастап кесірді, Жосалады дүзімді. Одан-бұдан байыдың, Зекетсіз мал жиналды. Аллаға көп айыбың, Ұмыттыңдар иманды... Бұлттай кезген аспанды, Болатын бір мұғаллақ, «Тереңсорға» тасталды, Құдай соны бұғаулап. Айдаһардай басы бар, Жалмар әлі талайды. Бұл қоныстан қашыңдар, Қанды көлі қарайды. Құрмалдығын беріңдер, Сауап тілеп тәңірден. Кетем, маған еріңдер, Құтсыз мынау өңірден!» * Серік ағай бір ғана, Тәңірге бас имеген.
Мынау Сордай сұрлана, Қарап көлге күйреген. Айналды да бірнеше Іздеп Сордан жұбайын, Кесір көкпен тілдесе, Қоса тілдеп құдайын. Кете барды бейуақта, Алып қолға бөбегін. Кетті содан қай жаққа, Естімедік бебеуін. Сұмдық деген сөз өктеп, Қарсы шықты бұған кім? Сөйлеген тек безектеп, Біздің Уақит мұғалім. Оның сөзін тыңдай ма, Үрейлі жұрт, үріккен. Не жаздық деп құдайға? Қарап көкке күдікпен. Пәле төніп аулыма, Түкпірдегі керең сол, Әр тарапқа ауды да, Қараң қалды «Тереңсор»... Абыржыды қалың жас, Қарап көлге, Айшаға. Сөз бастады қарындас, Көлге мұңын жайса да.
Өткенді көп қумады, Өткенін көп қозғама! Айтты өзі туралы, Ұзақ емес, азғана. Тағдырын сол бұрынғы, Мен де келте қайырам. Құтқарып тез жырымды, Сүрдей қатқан қайғыдан... Сонау шетте шарқ ұрып, Күйін жаңа түзеткен. Әке бір күн алқынып, Қайтыс бопты сүзектен. Қалды қызы бестегі, Бөтен ана бақты ма? Айша еркін өспеді, Сор жетімдік батты да. Қызды солай шет қалған, Максим көрші аяды. Жетімекке детдомнан, Тапты жылы аяны. Өсті Айша, сол пана Бесігіндей тербетіп. Қуды жылды қыз бала, Көк шынардай ер жетіп. Болды жылы мекені, Сібірдегі зор қала.
Мектеп – өмір жетегі, Оқу – арман, сол ғана. Қызық жылдар ВУЗ-дағы, Өтті қызық көктемдей. Құлаш ұрды қыз-дағы, Оқу – терең өткелдей. Ұстаздары баулыған, Тең болыпты әкеге. Ұшырыпты баурынан, Ғылымдық бір мекеме. Өзі тілеп Сібірден, Келді мынау мекенге. Бірақ өткен сырын мен, Түгел баян етем бе? Бар шығар бір мұңы да, Бар да шығар арманы. Толқын сынды ғұмырда, Аттай ма дәл арнаны. Жырдай ма бір тізбегі, Өмірдің көп ырғағы. Кінәлі ме қыз тегі, Алданыстың құрбаны. Сол ма шіркеу бетіне, Кім белгілер күйемен? Мейлі соған бекіне, Айрылысыпты күйеуден.
Сырласқанда мен кеше, «Адасыппын» деп қалды. Айыпты кім ендеше? Дегенімде тоқталды. Сынап оны кінәлап, Өкінішке жүзбеді. Кей әйелше сыналап, Қылмысты да тізбеді. Әлде қозғау ауыр ма? Жүректегі жараны? Жоқ па, сірә, дауы да, Түйілмеді қабағы. Сонысын мен ашпадым, Алдымдағы жиынға, Оймен шолып аспанын, Ол қарап тұр қиырға. Ол сөйлеп тұр жағада, Айналаның тың бәрі. Дәндер жусап далада, Жерлестерім тыңдады. «Мені желі тербеген, Бесігімде, құндықта, Туған мынау кер белең, Шақырды ма бұл жаққа? Әйтеуір мен құмармын, Құмына да, көгіне.
Білмей қайтып тынармын, Анашымның кегіне? Әлде көктен тасталған, Метеор ма, жасын ба? Жайды тартқан аспаннан, Көл де сірә, асыл ма? Жұмбақ сынды сор бейне, Бірақ бұл ма, мәселе? Қызық па сол Сергейге, Сортаңға дән өсе ме? Еміренбес қыр-қия, Еңістерін тілгенмен. Тыңдаңыздар химия, Не тілейді Тың белден!» Сөйлеп кетті осылай, Әр белге ой жүгіртіп, Басқан ізге қосылмай, Өзінше бір тың жыртып. Айдай жайнап жағада, Айша тұрды күлімдеп. Айтылған сыр бағана, Келді маған күбірлеп. Құтсыз қоныс керең сол, Ауған ауыл, бәрі есте: Жайды жұтқан «Тереңсор», Жылап жатқан нәресте...
ДӘН ЖОРЫҒЫ Ойларымды жусатып, Шықтым ерте дөң аса. Көк теңізге ұқсатып, Жүздім қырды оңаша. Қандай ғажап маңайым, Толқын түскі торғындай. Тұнық жырмен бағайын, Толықсысын тор бидай. Маң төбенің астында, Мотор күйі шертілді. Дүркіндеген тасқын ба? Сол күй алды еркімді. Үкілі бас дәндерім, Билегенше орақпен, – Келбетіңе кең жерім, Қуанамын қарап мен. Көркіңнен жыр іздедім, Дән самалын аңсадым. Керілсінші Қызбелім, Мөлдіретіп моншағын. Дүзді жеке кезуді, Қаладым мен таңертең.
Жетектеді өзімді, Жырым менің, жан еркем. Комбайн жүр кемеше, Селді жарып аққандай. Тап алдымнан жел есе, Қауыз ұшты ақ қардай. Желбіреп ақ шәлісі, Рульде қыз қасқиған. Комбайнның шалғысы, Ұстарадай шаш қиған. Сусылдайды маржандай, Құймедегі алтын дән. Мұрынымды жарғандай. Нанның исі аңқыған. Әулие нан, ғазиз нан! Сені күнге теңер ем, Жатса жерде жалғыз дән, Бас иіп мен терер ем! Сенде өмір нәрі бар, Сәулесі бар күннің де. Туысымның тері бар, Иісі бар гүлдің де. Молшылықтың қорындай, Отаныма сый – дәнім, – Деп қалған бір орылмай, Масақты мен сипадым.
Тұрдым солай. Сол бір кез, Айғай шықты артымнан. – Ей, тоқта сен, бұрыл тез, Қисық басқан антұрған. – Сергей екен ашулы, Даусы шықты жаңғырып: – Қырса солай шашыңды, Шекеңде жал қалдырып. Соқырмысың, мұның не? Жерге шашып моншақты? Ендеше жұл қолыңмен, Мына қалған масақты. Ұста тура бетіңді, Жерге бір дән қалғызба!» – Деп Сергейім зекіді, Комбайншы сары қызға. Қандай қыз бұл мүләйім, Ұятын да аңдамадым. Үнсіз ғана мұңайып, Жұлды қалған дән жалын. – Жайшылықта жұмсақ ең, Досым, неге түйілдің? Қыз бала ғой, мұнша сен, Неге қатты бұйырдың? – Қайтер ең сен, шашылса, Әр төбеге несібең?
Аяққа дән басылса, Ақ теріңмен өсірген? Сонау қырдан келдім мен, Терге батып ақсаңдап. Масақтар көп селдиген, Орған белде, ақ таңдақ. Жақсы ғой жай сөзіңді, Осы қызың ескерсе. Тапсырмаға төзімді, Тәртіп керек әскерше. Сергей сорып шылымын, Егіндікке қарады. Азсынды ма шығымын, Түйілгендей қабағы. Сергей басын шайқады, Әлденеге күрсініп. – Айша не деп айтады, Соған сағым тұр сынып. Топырағының нәрі көп, Құнарлы бел деп едім, Тыңайтпай-ақ дәрілеп, Дәнге мұны бөледім. Табалайды бұл үшін, Айша тағы білемін. Үмітімнің бұрысын, Аян етті бұл егін.
«Берері мол жер екен, Бабын неге таппадың? Болсын қайдан берекең, Топырағын бақпадың». Айша солай мінеді, Жұрт көзінше әлгінде, Аямады, жүрегі Мұқатуға әлді ме? Қазір тағы келер де, Дәнді көрер уыстап, Сөзін нықтап дәлелге, Дәмесі бар ұрыспақ. Ойладым ба өткенде, Химияның мол емін? Мәз болып дән сепкенге, Кеңейттім ғой көлемін. Өкпелі жер өзінше, Сыйға қарай сыбаға. Айшаның тек көзінше, Бұл мінімді сынама. Мінегенге мәз Айша, Дей ме мені бас ұрсын. Менің парқым азайса, Өз мерейін асырсын. Ұмытты ма туысың, Айтшы соны Айшаға:
«Махаббатсыз тұл ісің, Күн шуағын жайса да», - Деген екен бір ақын, Шықты ма сол есінен. Жүрегімді бұратын, Сондай сөзге шешілем...» Басталған сол әзілмен, Дөңнен төмен аттадық. Сергей солай сезілген, Сырын саяз ақтарып. Алдымыздан, ақ қырдан, Айғай шықты – Сергейлеп! Айша екен шақырған, Шеттен қолын сермей кеп. – Тағы да дау басталды, Шақырып тұр шаңдаққа. Бұзып біздің жоспарды, Күздік жыртпақ сол жаққа. Химияның әмірі, Құдіретті десе де, Солған мәңгі тамыры, Тулаққа дән өсе ме? Ырзамын ғой дәлелге, Айтса болды жөнімен. Менікі жөн дегенге, Үнсіз қалай жеңілем?
Дау не керек жыршыға? Желдірте бер өлеңді. Жібер мені бұл сынға, – Деп Сергейім жөнелді... * Өзім жеке тербелдім, Көтерілген еңсеммен. Көк теңізге тең көрдім, Көп бидайды теңселген. Крейсердей жүзіп жүр, Комбайндар жайсаңда, Сен де жырым қызып бір Қанатыңды жай, самға! Өлшемедім өлеңмен, Мөлдір дәннің мөлшерін. Өзім туған белеңнен, Өр сенімді өлшедім. Емеспін ғой санақшы, Бидай басын қаттаған. Жырыма көп сарапшы – Содан қалай ақталам? Қиын ғой жыр асуы, Қиялап көп жығылдым. Қыраулап бұл басымды, Құзға неге жүгірдім?
Тракторшы болсамшы, Күйді шерткен темірмен? Не қой бағып қалсамшы, Жайлауының төрі кең? Сөзді бақтым, жыр еттім Кінә менің өзімде. Лүпілдерін жүректің, Жауаптымын сезуге. Ойлап соны жөнедім, Сарша қыздың ізімен. Ерді бірге өлеңім, Дән секілді тізілген. Қарамаппын көгіме, Көкжиекке сүйенген. Ашық көкті тегінде, Ақ пейілдей сүйем мен. Әлгінде күн шағыл да, Шілдедей сол баяғы. Егін сүңгіп сағымға, Кең аспандай аялы. Бұзау баққан белесім, Толықсып тұр бидайға. Сонау кездің елесін, Ескересің мұндайда, Ескі мола белгі де, Осы бері асқанда,
Өткен еске келді де, Қарай қалдым аспанға. Кенет көкті жапты бұлт, Шөлдеді ме күн, сірә? Жел де соқты аптығып, Жер мен көкті қусыра. «Тереңсордың» сыртынан, Жарқ етті тез нажағай. Сұлу және сыры таң, Табиғаттың ғажабы-ай! Жауап рақат өзіме, Құйындап тез өте көр! Елестеді көзіме, Баяғы сол метеор. Күн еді тап осындай, Қуарған дүз, осы маң. Көктен түскен тосын жай, Дүркіреп жұрт шошыған. Қазір құтты мекенге, Күлімдейді күн, ай да. Қазір кәрі Жәкең де, Еңкеймейді құдайға. Айдаһар жоқ көгімде, Жоқ жүзімде қорқыныш. Күркіре көк, керілме, Жыр тыңдасын жер тыныш!
Төк нұрыңды себеле, Жоламасын шаң қырға. Жұпарына кенеле, Кеуде тостым жаңбырға. Суға шылқып келіп ем, Шомылсын деп кәрі жүз, Алдымда тұр кейіген, Комбайншы сары қыз. «Білмей көктің болжауын, Бастатқан кім орақты? Жау ғой бізге бұл жауын, Дүркін істі таратты. Тілегенде тамбады, Қара енді бүлігін. Шірітпек қой жондағы Бидайымның бұрымын. Зерттесейші әуелі, Осы жерде бір кісі. Әлденеге әуейі, Бізге келген білгіші. Сергей әуре күн ұзақ, Әйелменен әлгі бір. Кетті екеуі тым ұзап, Мұнда иесіз қалды қыр. Жауын, міне, селдеді, Доғарылды комбайн, Машинасы келмеді, Су болуға дән дайын.
Ұрысуды біледі, Маған бейне балаша. Сынаса да күледі, Айша тура қараса», – Деп тарылды сарша қыз, Күндеуі ме, өші ме? Сыр білсек те қанша біз, Шабанбыз ғой шешімге. Ойламадым қыз назын, Жаңбыр үшін ұялдым. Жаңбыр іздеп қызғаным, Қиянаты қиялдың. Сулана ма мынау дән, Егін залал тарта ма? Мезгілсіз сел бұл жауған, Жаусайшы тек арқама. Ал Сергей ше? Ол зәуде, Дау айтып тұр Айшаға. Қыздың сөзін болжау де, Қызғанса да қаншама. Ойлап соны көз тіктім, Солар жүрген шаңдаққа. (Қадалыпты қыз тіпті, Қаршығадай сол жаққа.) Ұялып ем жауыннан, Енді араға түс ақтап. Сергейім жүр дау қуған, Айшамызды құшақтап.
Алғыс айтар ер жігіт, Қыз жаураса нөсерге. Құшаққа енер өр үміт, Қыз қарысқақ десең де. Сәті ме бір сондайдың, Айырмадым сонысын. Достықтарын қолдаймын, Сүйінемін сол үшін. Көріп соны сары қызым, Сұрланды да бұлтиды. Қызғаныштан бар ма ызың, Бетке неге бұлт үйді? Мейлі шешер өздері, Шын махаббат дарысын. Осынау шұғыл кездегі, Толғандым мен дән үшін.
БАТЫР НАУАН (поэма) І Бәрінен айбыны артық батыр Науан, Қазақта батыр бар ма жеткен оған? Жусатқан талай жауды жалғыз өзі, Майданда найзағай ғой көкте ойнаған. Жасынан от жүрегін көкпен көміп, Өсіпті жанған өрттей өршеленіп, Толықсып тоғыз жаста атқа мінген, Арқаға анталаған жауды көріп. Жас Науан биыл жеткен он сегізге, Дүбірлеп даңқы кеткен барлық жүзге. Аңсайтын жортуылды асыр салған, Жортатын жолбарыстай құла дүзде. Сүйетін аруақты Кене ағасын, Кененің кең пейіштей Сарыарқасын, Сүйетін туған тауын, өскен жұртын, Сол үшін жарқылдатқан көк найзасын. Батырлар сағынғандай сол Науанды, Амалсыз іштерінен күйіп-жанды. Жас Науан күнәлі ғой, неғып келсін, Қалайша жұбатпақшы Кене ағаңды.
Бәрі айтты: «Көтерейік көңілімізді, Тағы да әнді шырқа, тарт қобызды». Соны айтып күрпілдетіп сар сабадан Саулатын құйып жатыр сар қамызды. Сол кезде біреу кірді басып алшақ, «Кене ағаң қайсы? – дейді, – айтамын дат». Кенені төрде отырған сезді-дағы, Алдына барды жігіт алдиярлап. Барды да Кенекеңе басын иді, «Алдияр, ер едіңіз мейірімді, Айрылған ел-жұртынан бір бейбақпын, Естіңіз сорлы болған біздің күйді. Руым атышулы Алшын-Жаппас, Жігіт ем жалқы болып өскен маңғаз. Еліміз Ырғызды өрлеп көшкен жайлап, Шөмекей, шектілермен шекаралас. Ел едік еркін жайлап жатқан тыныш, Құт орнап аулымызға қонған ырыс. Жүр едік қызық сайран думанында, Тап келді енді бізге бір сұмдық іс. Сол жаққа Ақымет деген төре шықты, Өзі бір батыр дейді жаннан мықты. Қасында жер қайысқан солдаты бар, Көрді де қаһарынан ел дүрлікті. Ел жатты артып жүгін улап-шулап, Келді олар жасақ құрып жортуылдап,
Шапты елді, өрістегі малды айдады, Ақымет айғай салып адуындап. Сөз айтқан адам болса – кетті өлтіріп, Кенеке, көріп пе едік бұндай бүлік. Әкетті қарақат көз сұлуларды, Зарлатып, қара шашын төгілдіріп. Істеген сұмдығы көп басқа тағы, Әкетті шырылдатып жас баланы. Құл қылып, жау жұртына сатпақ дейді, Соны ойлап саулап көзден жас тамады. Бар еді бота көзім – сүйген жарым, Жоқ еді ол тұрғанда түк арманым. Патшаның офицері алып кетті, Айрылып ғашығымнан аһ ұрамын. Сұлуым отыр ма екен жасын төгіп, Жаралы жас жүрегін жаспен көміп. Шелтиіп отыр ма екен бір шартығы, Әлде оның дидарына өліп-төніп. Зары тұр еңіреген құлағымда, Сұлуым торға түскен, батқан мұңға. Алыста күңіреніп көшкен елім, Қамалып құлазыған халық мұңға. Кенеке, айбыныңыз асқан таудан, Құтқаршы сұлуымды сол бұғаудан. Сорлаған ел-жұртыңды сақта өзің, Самсаған албастыдай сонау жаудан.
Кенекең басын жерден алды тартып Ашулы аузынан жалыны шалқып. Сөйледі саңқ-саңқ етіп қаһар төге, Желікті найзасымен жерді тарпып: – Қазаққа сонау патша көз алартып, Самал тау, шалқар көлін алды тартып. Аруақты хан Абылай баласы едім, Дұшпанға жол бермейтін айбыны артық. Бұл кезде шатырайып шыққан төре Кеудесін сап-сарала жезбен кере. Арқаны ата некес жауға сатып, Желігіп бара жатыр өңшең неме. Қазақ елі, ала киіз туырлықты Тәкәппар менсінбейтін басқа жұртты. Құдай-ау, кез болдық па кер заманға? Не пәле, естідім ғой бұл сұмдықты. Ызасы Ақыметтің өтті маған, Патшаның әскерімен ел талаған. Қазақтың елін, жерін шенге сатты, Кек әпер, батырларым, енді содан. Кененің көзі шатынап оттай жанып, Сөйледі айғай салып ашуланып: – Ер бар ма бұл намысты қайтаратын, Аулына Ақыметтің жалғыз барып? Ер болса сол ауылға жалғыз барсын, Шелтиген төресінің басын алсын.
Әкелсін жаяу айдап офицерді, Көнбесе сол арада жарып салсын. Кенекең бейне ашулы бір ақиық, Қарайды жан-жағына қабақ түйіп. Ер қайда бұл сапарға жортатұғын, Барады намыс өртеп жаны күйіп. Аттанам ертең кешке Абылайлап, Жорыққа дайын тұрсын ауыл, аймақ. Әуелі артық туған батыр болса Әкелсін офицердің қолын байлап. Бейне бір батырлары аш арыстан, Жау десе бәрін-дағы ашу қысқан. «Алдияр, мені жібер, барамын» деп, Шуылдап қоя берді тұс-тұсынан. Бәрі де түнде жортқан өңшең көкжал, Ішінде қамал бұзған қаһарман бар. Кім шыдар айбатына тау теңселткен Ақырса Ағыбайлар, Бұғыбайлар. Барам деп айғай салды ер Жоламан, Бер деді бұл кезекті Шәкір маған. Тәкаппар Жеке батыр кеуде қақты, Ежелден жалғыз барып қамал бұзған. Сөйледі Сүйіндіктің Жанайдары: «Кенекем мені талай жауға айдады. Осы жол өзімдікі, мен барамын, Бұл қызық батырлықтың бір майданы!».
Сөйледі адуындап батыр Иман: «Ел үшін ежелден мен жанды қиғам. Әкелем бұл кекті де, жол менікі, Қыпшақта ел бар ма артық ер боп туған?» Батырлар сөйлеп жатты жамырасып, Ызалы жүрегінен жалын шашып. Бәрі де көрсетпекші өз ерлігін, Көтерген найзаларын күші тасып. Қобызын қолына алды Нысанбайы, Сұңқардай жез таңдайы саңқылдады. Тағы да өршеленіп қоя берді, Мадақтап аты-шулы Наурызбайды: – Бәрінен артық туған батыр Науан, Қазақта батыр бар ма жеткен оған. Кененің кеткен кегін сол әкелер, Келе алмас қайтып аман басқа ешбір жан. Аулыңда Ақыметтің күзет тұрар, Қарулы жер қайысқан солдаты бар. Шартылдап зеңбірегі жан жолатпас, Қай жан бар жанған өртке қарсы шығар. Өлімге бел байласын барған адам, Бәрің де жалақтаған өңшең ноян. Жол алсын, жастық, албырт күнәсі бар, Күнәсін тартып қайтсын батыр Науан. Өлімге барсын Науан– сол жазасы, Сау келсе, кешер бәлкім, Кене ағасы.
Жүрмесін жас жолбарыс жонда қаңғып, Боялмай қызыл қанға көк найзасы. Науанның мінезі бар жастық, албырт, Жау десе түйілетін ол жауар бұлт. Батырлар аңтарылып тоқтай қалды, Барсын деп батыр Науан айбыны артық. Бергенсін Наурызбайға бәрі кезек, Кенекең барсын деді басын изеп, Жазасы – осы ажалға айдағаным, Әйтпесе сол күнәсі өртейді өзек. Бас иген Кенесіне батырлары, Алдияр, әміріне, – деді бәрі. Жөнелді қайдасың деп, – батыр Науан, Алшыннан келген жігіт бағанағы. ІІ Жүр еді батыр Науан жонда жортып, Ашулы жолбарыстай алабұртып. Кей кезде құла дүзден құлан қуып, Ақырған айғайынан аңдар үркіп. Сағынып жүрген еді жортуылды, Жортатын дауыл соққан жарым түнді. Жігіті Алшын-Жаппас жолыққан соң, Жүзінде жалын ойнап, жүз құлпырды. Тебініп торала көз үзеңгісін, Аспанға жарқылдатты көк сүңгісін.
Жөнелді жігітті ертіп, жау еліне, Әмірін Кенекеңнің естігесін. Кенекең аруақты, әмір етті, – Жауыма жібермеймін, – деді, – кекті. Бүйірін Ұлытаудың дүбірлетіп, Жас Науан жолбарыстай жортып кетті. Ақауыз жарқ еткізіп ай тұяқты, Бауырын өрден өрге жаза шапты. Бұрқ етіп аспанға ойнап шыққан шаңы, Артында әр төбенің қалып жатты. Науанның мінезі бар жастық албырт, Қазақта батыр бар ма одан артық? Ақауыз ақ қанатты ат емес пе, Жөнелді алты арқадан алты-ақ қарғып. Алдында жарқылдайды қоғалы көл, Қоныпты аққу құсап жағалай ел. Ауылы Ақыметтің сол арада, Түн еді, ауыл ұйықтап жатыр түгел. Дауысы естіледі үрген иттің, Күзетте бірен-саран жүрген жұртың. Қотаны орта ауылдың қара-құрық, Сәуле тұр төбесінде бір түндіктің. Наурызбай қарап тұрды аттан түсіп, Қоғаның арасында жасырынып. Қасында жас жігіт бар үрейленген, Шошынып бір құбылып, бір суынып.
«Ол үйде болып жатты бір мәжіліс, Ішкені арақ-шарап, сылқ-сылқ күліс. Отырды төре қазақ, бір жас сұлу Толықсып торқа менен киген пүліш. Жас сұлу азалыдай қайғыланып, Өзегі өртегендей жатыр жанып. Аққудай торға түскен сорлы сұлу, Отырды бота көзден жасы тамып. Офицер абдыраған естен танып, Қазақтың сұлуына құмарланып. Сүйеді қолын бұрап, ақырады, Кей кезде шытыранып, ашуланып. Ыржыңдап әңгіме айтып отыр қазақ, Шелтиген офицерге тағзым жасап: «Бар қазақ бас иеді енді сізге, Көнбесе тартқызамын бәріне азап. Кім қарсы тұра алады ақ патшаға? Тәйір-ай, қазақта ондай бар ма шама? Бүлікшіл бірен-саран жүргендер бар, Әлгі бір Кенесары Сарыарқада. Рас, ол өзі асқан батыр дейді, Арқадан жігіт жиып жатыр дейді. Өзара оны хан деп айтады екен, Патшаның бұзамын мен шартын дейді. Бар дейді қанды-балақ батырлары, Жиылған көкжал дейді өңшең бәрі.
Кененің Науан деген інісі бар, Сұм дейді жүрек жұтқан бір қаһарлы. Ол өзі қалың қолдан таймайды екен, Бір өзі мың кісіні жайпайды екен. Бейне бір атышулы Шыңғыс дейді, Дауылдай өрт ішінде ойнайды екен. Бірақ та пар келмейді о да сізге, Әкімсіз, жарты жаһан әміріңізде. Төремін мен де елімде айбынды аздап, Сескеніп бата алмайды олар бізге». Наурызбай сол кезде үйге кіріп келді, Ақырып, жалақтатып ақ семсерді. «Інісі Кенесары – Наурызбаймын!» – Дегенде бәрі шошып түрегелді. Ақырды: Қолдарыңды тез көтер, – деп, Атамын қимылдасаң орныңнан тек!» Жас сұлу үрейленіп, төре састы, Офицер қалш-қалш етіп тұр дірілдеп. Науанның жолбарыстай түрі айбарлы, Қояды жалақтатып көк қанжарды. Төренің дір-дір етіп төрде отырған Қасына қабақ түйіп жетіп барды. «Інісі Кенесары – Наурызбаймын, Айта бер иманыңды, бауыздаймын!» Еңкілдеп қоя берді төре сонда Жығылып аяғына Наурызбайдың.
Төреге наркескенін қалды салып, Наркескен тамағынан кетті жарып. Бауыздап басын тағы кесіп алды, Жатқанда жер бауырлап ыңыранып. Арқанмен офицерді алды байлап, Жас сұлу соңына ерді ағатайлап. Оралды құшағымен жан-жарына, Мінгесіп мініп алды атқа жайдақ. Жігітке: Жарыңды алып жөнел,– деді, Жау шықса жалғыз өзім көрем деді. Ұрланып қаша алмаймын қарақшыдай, Кегі үшін Кенекемнің өлем, – деді. Жас Науан жолбарыстай көзі жайнап, Жүзіне жанып шықты жалын, қайрат. Атына офицерді өңгерді де, Ер Науан айғай салды Абылайлап. Оянды ұйықтап жатқан қарауылшы, Әбігер бола қалды ауыл іші. Аспанға ақ семсерін жарқылдатып, Жөнелді жар шақырып жортуылшы. Даурығып тұра қапты көп қуғыншы, Жортуыл түн жамылып құстай ұшты. Ақауыз ақ қанатты ат емес пе, Наурызбай жолбарыс қой дауыл түсті. Артына қарап еді бір кез тоқтап, Айнала қап-қараңғы, жым-жырт жан-жақ.
Зымырап Ақауызы кеткен екен, Көз жазып қалған екен қалың қазақ. Тастады офицерді талға байлап, Жөнелді жау шақырып қайта айғайлап. Үстінде тоғыз көзді кіреукесі, Шарайна, көк сүңгісі жалт-жұлт жайнап. Жүр екен қараңғыда жау шұбырып, Тоқталып Науанды іздеп жасақ құрып. Батырдың айғағымен қаптай шапты, Алыстан алабұртып жау дүрлігіп. Көрді де батыр Науан қарсы шапты, Найзасын бір қолымен жарқылдатты. Семсерін бір қолымен көкке сермей, Жұлдыздай жаудың тобын жарып ақты. Жапырылып сермеген жер құлап жатты, Жан-жақтан күрсілдетіп мылтық атты. Ер Науан Ақауыздың басын тартып, Ашумен Абылайлап қайта шапты. Жауымен айғай салып араласты, Ақырып ат үстінен найзаласты. Ішінде қалың топтың батыр Науан Сермеп жүр жарқылдатып ақ алмасты. Ер Науан жау ішінде ойнақ салды, Тоқсаны Наурызбайды ортаға алды. Найзасын алды-артына сілтей берді, Түн еді көз түрткісіз тас қараңғы.
ІІІ Жүрегім өрт болады ер дегенде, Ерді айтсам еңіреген ел дегенде. Ежелден ерлік істі елім сүйген Сондықтан сүйсінемін ерге мен де. Сәуерлеп сөйлейді екен кейбір білгіш, Кім білсін, иә естісі, иә күндегіш. «Несі бар өткенінде бұл қазақтың, Тәйір-ай, көшіп-қонып жүріпті-міс». Осылай айтады екен біреу күйіп, Кім өзі, сумаңдаған білгішсініп? Керуен боп ғасырлардан келдік пе біз Түйенің өркешінде ұйықтап жүріп? Байқа сен, өткеніме қара үңіліп, Көрсетпей тұрған шығар көзілдірік. Кенекең аруақты ашынса егер, Басын да найзасымен кетер жұлып. Арқадан аруақты ұлдар шыққан, Ашынса аспандағы айға ұмтылған. Ежелден ер туатын ел емес деп Есуасша сөз сөйлеген қай антұрған. Асыр сап ат үстінде өскен елміз Найзаны найзағайға теңегенбіз. Жалғанның жартысындай қырда ойнақ сап, Жау десе жер қайысып біз жеңгенбіз.
Даланың дауылына біздер теңбіз, Алтайдан, Ақ Еділге жебеген біз. Соғыстық жеті жүз жыл жеті жұртпен, Тарих-ау, өзің айтшы кімнен кембіз? Айбыны Кенекеңнің қандай күшті, Ісінен сол ерлердің еске түсті. Асқақтап Алатаудан асқан жырмен Орнатам Кенекеңе ескерткішті. Дүниеге Кенең келді қайғы арқалай, Ел-жұрттан қамап алған жау жағалай. Күңіреніп тұрған еді сормаңдай боп, Сорлы жер сол кездегі Сарыарқадай. Аттанды сонда жайға ер Кенекең, Ақылы шалқып жатқан теңізге тең. Арқаның ардагері сол емес пе, Дүбірлеп жеті жұртқа даңқы кеткен. Ер бопты арыстандай кеудесі кең, Айбаты нажағай ғой күркіреген. Арқадан атой салып жөнелгенде, Алыста Еуропа да тітіренген. Даланың дауылындай дүрілдеген, Кененің Арқадағы дүсірінен. Шетінен төрелері төмен бұғып, Патша да үйіндегі дірілдеген. Кенекең кернейлетіп жауға аттанып, Найзасын батыр Науан қанға малып.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру