Ақтарылам алдарыңда
Нүсіпбай Әбдірахым
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасымен танылып қалған Нүсіпбай Әбдірахым айтулы ақындар мен батырлар елі атанған Жамбыл ауданының түлегі. Бұл алғашқы жыр жинағына ақынның сонау бала күнгі мөлдір шақтарынан хабар беретін көптеген өлең-жырлары топтастырылған.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ
ББК 84 Қаз 7-5
Ә 14
"Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыс әкімі Серік
ҮМБЕТОВТІҢ демеушілігімен жарық көріп отыр.
ӘБДІРАХЫМ Н.
Ә 14 Ақтарылам алдарыңда: Жыр жинағы – Алматы: 2007. 160 бет.
ІSBN 9965-21-492-1
Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасымен танылып қалған
Нүсіпбай Әбдірахым айтулы ақындар мен батырлар елі атанған
Жамбыл ауданының түлегі. Бұл алғашқы жыр жинағына ақынның
сонау бала күнгі мөлдір шақтарынан хабар беретін көптеген өлең-
жырлары топтастырылған.
Автордан алғысөз орнына
Қолдарыңызға тиіп отырған жинақ жарты ғасырлық белеске
көтерілген кезімде жарық көріп отырған тұңғыш жеке кітабым. Бұл
үшін Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы ҮМБЕТОВ
мырзаға шынайы алғысымды айтамын.
Облыс әкімінің демеуші болатындығы жария болмай тұрып
кітабымды қаржыландыру қадамын жасаған Алматы облыстық
мәслихатының депутаты, іскер азамат Әбдіжапар Өгізбайұлы
ҚЫСТАУБАЕВ мырзаға да үлкен рахмет.
Өлең өлкесіне ертерек қадам басқаныммен оларды
жариялауға, жыр жинақтарын шығаруға асықпаған едім. Соған
орай тұңғыш жеке кітабыма өзім таңдаулы деп тапқан
жырларымды ғана емес, поэзия пырағының жалына жаңа қол артып
жүрген кездерімдегі мөлдір шақтарымнан хабар беретін,
сонысымен де ыстық бірқатар өлеңдерімді, анда-санда өзім үшін
ғана жасаған аудармаларымды, өлең формасында жазылған
сатиралық шығармаларымды қостым. Сөйтіп баспа табақ есебін
толтыру үшін емес, жазбауға болмай қалған кездері ғана туындаған
жырлардан құралған шығармашылық есеп түріндегі жинағым
дүниеге келіп отыр. Бір қажеттеріңізге жарап жатса, шын
қуаныштымын.
Қажыған жапан түзде жолаушыдай
Қақтаған күн кептірген кенезесін,
Қиналғанда шабыт кеп жылыұшырай
Қөңілімнің қағады терезесін.
І бөлім
ТУҒАН ЕЛІМ, БОТАҢМЫН
ҚҰСЫҢ БОЛАМ ҚАЛАСАҢ
Қазақстан!
Қасиетті мекенім,
Қадіріңе қайтсем ғана жетемін?
Ақының да, батырың да болмадым,
Қойдан жуас қоңыр қозың екемін.
Онда несін мейіріңе таласам?
Төсіңдегі бар тірлікпен жарасам.
Тұлпарың да, сұңқарың да болмадым,
Бозторғайдай құсың болам қаласаң.
Бозторғайға қандай тағдыр бұйырмақ?
Қонбаса егер қонбасыншы құйын – бақ.
Қуанғанда көп құсыңның бірі боп,
Қиналғанда ара түсем шырылдап.
ТУҒАН ЕЛІМ, БОТАҢМЫН
Туған елім,
Қасиетті Отаным!
Саған мауқын баса алмаған ботаңмын.
Арнасы кең өзен болсаң бұлақпын,
Асқар болсаң елеусіздеу жотаңмын.
Сен қуансаң бір ісіңді атқарып,
Шаттанамын төгілуге шақ қалып.
Көрерміз-ау гүл жайнаған күніңді
Қыдыр дарып жатқан, бақыт, бақ дарып.
Жарылмай да, зеңбірек боп атылмай,
Асықпай да, аптықпай да қапылмай.
Қажет кезде қарғып тұрдың орныңнан
Қажып келіп қалғып кеткен батырдай.
АТА-БАБА АРМАНЫ
Бүгін мейрам! Бір күй жаулап санамды,
Қолға еріксіз алдым сырлас қаламды.
Көгілдір түс толқындатып алаңды,
Алтын шапақ аймалауда даламды.
Бергендейін екеуін де шақтап бір,
Жарасып тұр көгілдір түс,
Әппақ нұр!
Әсемдіктің әр мысқалын дүние
Аясына сақтап тұр.
Шаттық кернеп бара жатыр даланы,
Шаттық кернеп бара жатыр қаланы.
Көк жүзінде ақ көңілдей ақша бұлт
Аққудайын әсем жүзіп барады.
Орындалған ел тілегін мият қып,
Шаттық-бұлақ көңілдерде тұр атқып.
Көк аспан да мөлдірейді тұңғиық
Қазағымның көк байрағы сияқты.
Тәуелсіздік!
Одан асыл бар ма әнің?
Күнделікті күйбең тірлік қалғаны.
Талай ғасыр аңсап өткен “аһ” ұрып
Орындалды ата-баба арманы.
Бар адамды жіберетін туыс қып,
Жаса, жаса, Теңдік пенен Тыныштық!
Енді елімнен арылмас-ау ырыс-құт,
Соқаны ешкім соға қоймас қылыш қып.
Мүмкін емес уақыт көші тоқтауы,
Естілмес-ау енді ананың жоқтауы.
Адамзаттың өз қолымен тұрғызған
Жарыла да қоймас сұмдық от тауы...
Өрт те шалмас өлең тұнған жотаны,
Бастан тартпас ешкім ерке ботаны.
Бар қандасым үмітпенен көз тіккен
Сенем саған, қасиетті Отаным!
КЕРЕМЕТ КҮНДЕР ТҰРҒАНДАЙ МЕНІҢ АЛДЫМДА
Керемет күндер тұрғандай менің алдымда,
Жатқандай тұнып шалқыған анау айдында.
Көшеде, шексіз созылған жолдар бойында,
Күткендей үнсіз жанында жасыл талдың да,
Керемет күндер тұрғандай менің алдымда.
Асығып келем ұмыт боп мұңым, қайғым да,
Күндегі күйбең тірлікке кеттім қайрылмай.
Арманым, мені ақсатып жолда қалдырма,
Туғанша сол бір күн хақым жоқ бір сәт қалғуға,
Керемет күндер тұрғандай менің алдымда.
Түн келсе тылсым асығам таңым атқанша,
Асығам күндіз жұлдыздар шамын жаққанша.
Айдын көл, сен де шараңнан асып кетер ме ең
Кеудеме тұнған сезімді саған ақтарсам,
Кінәлайсыңдар-ау, адамдар, айтып мақтансам.
Тұрғандай бақыт күндегі жүрер жолымда,
Үйінде достың, құрдастың думан тойында,
Бейтаныс жанның бір ауыз жылы сөзінде,
Қаракөз қыздың гүл ұстап тұрған қолында,
Сан түрлі сезім тыншитын емес ойымда.
Күлмегін, досым, үмітті жүр деп малданып,
Жүремін ылғи теңіздей толқып, толғанып,
Керемет күндер қонады менің басыма,
Болады әлі қызықты думан тойларым,
Тек күнім көкте күлімдеп тұрса болғаны.
ТҮС немесе «Ақтабан шұбырындыны» еске алу
Аттан!
Аттан!
Өрт алыпты төр алдын,
Судай аққан қызыл қаны баланың.
Жүрегімді тілімдейді жоқтаған
Балаларын қаралы үні ананың.
Ұйқымнан шошып ояндым.
Қаралы сол бір жылдарға
Қайтадан бүгін оралдым.
...Кең далам екен. Өз далам екен таптаған жаудың тұяғы,
Қан болып аққан күлімкөз мөлдір бұлағы.
Қолаңшаш менің қарындастарым кетіпті жаудың қолында,
“Аттандап!” бүгін түсімде қатты жыладым.
Жыладым бүгін,
Жылаулы жұртты көргенмін,
Сауыққой жұртым болыпты қатты сергелдең.
“Арыма жаным садаға” дейтін намысқой
Қазақтар, батыр ұлдарың қайда сендердің?!
Үрейлі дүбір... Қалың жау шапқан андыздап,
Қамады жалғыз батырды жүрген алғызбай.
Шар та шұрт, басы домалап түсті дұшпанның,
Өзі де өлді.
Өлтірді дұшпан жалғыздап.
Тағы да дүбір...
Дүбірлеп кетті кеудем де,
Лап қойған кекшіл батырлар қолын көргенде.
Ал, енді, қане, айқасып көргін жауыздар,
Даламыз біздің мола боп қалсын сендерге!
Қозғалды жұртым, қылыштар кекпен сермелді,
Дауылды күнгі теңіздей мен де тебірендім.
Кеше гөр мені, бабалар, тусам сол кезде
Тоспас па ем жаудың оғына мен де кеудемді.
Кінәлай көрме, бабалар, тағы жыладым,
Шаттықтан, әне, дұшпандар жүздеп құлады.
Боркемік, жасық демеңдер ақын ұлыңды
Қайғыңа сенің қайысып кеткен шығармын.
Не сыр бар сенде тұнжырап тұрған обалар,
Не үшін сені тұрғызды асау бабалар?
Кімдерді үнсіз бауырыңа басып жатырсың,
Жазира далам, жер болып кеткен молалар?..
БАБАЛАРДАН КЕЙІНГІ
ҰРПАҚ АТЫНАН КЕШІРІМ СҰРАУ
Бабаларым,
Дарқан мінез,
Өркеуде.
Кешіріңдер майдалансам мен кейде.
Көп алдында қалам кейде қысылып
Өз тілімде сөйлеуге.
Асқақ жырың жауға шабар ұрандай,
Асыл сөзің ақыл шертер Құрандай.
Сөйте тұра ана тілін, о сұмдық,
Төмен қойдық ұялмай.
Тілімізді алып шыққан мұнардан,
Тілімізді арудай мың бұралған,
Тілімізді дұшпанды дос ететін,
Суық қанды жыланды іннен шығарған
Менсінбеген кез де болды
Қазақша
Білмегенге қуанған.
Демеңіздер: “болып кеттің бор кеуде...”
Кейде сөз де таппай қалам сөйлеуге.
Қайтер еңдер мол мұраңа түкірген
Мына ұрпақты көргенде.
Сендер ең ғой сүрінгенге күлмейтін,
Бүлінгеннен бүлдіргі де ілмейтін.
Ұрпағың бар қазір үлкен сыйлауды
Қамшыменен бір тартпаса білмейтін.
Ұрпағың бар айта алмайтын әніңді,
Ұрпағың бар түсінбейтін жаныңды.
Кейбір мансап қуалаған ұлдарың
Тілін сатып жағынды.
Бір-ақ сөзбен кескен ердің кесімін,
Бір-ақ сөзбен шешкен даудың шешімін
Бабаларым, бүгін тағы рухыңа
Тағзым етсем несі мін?
Мәңгүрт болып кете жаздап түзелген
Ұрпағыңа ете көргін кешірім,
Ұрпағыңа ете көргін кешірім!
ҚАЙРАН БІЗДІҢ БАБАЛАР
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барса жол болсын.
Наурыз күнгі тілек
Көп болса да сойқандар
Дырауларын білеген.
Қайран бабам бәріне
Сәтті сапар тілеген.
Қысқа жібі күрмелмей
Қинаса да ой қанша.
Сұрамаған алтынды –
Әйтеуір ақ мол болса.
Кей ағайын қылығы,
Қонбаса да ойға онша.
Түзелер деп ойлаған
Ұлыс күні оң болса.
Ақкөңілдің аты арып,
Тоны қашан тозған-ды.
Әспеттеген қазағым
Ортасынан озғанды.
Бірақ, бірақ, басқаға
Басқызбаған белін де.
Өр болған-ау бабалар
Өзі туған жерінде.
Ақ мол болсын, жол болсын,
Біздің тілек бүгінгі.
Ұлыс күні шешкей-ақ
Барлық түйткіл, түйінді.
НАУРЫЗБАЙ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛҒАНДА
Ұрпағының көзіне сонадайдан көрінген,
Өр тұлғасы намыс пен өжеттіктен өрілген.
Батыр баба бүгінде қасқайып тұр қайтадан
Өзі жаудан қорғаған Жетісудың төрінде.
Ала тұлпар астында басылмаған арыны,
Жауға жасын түсірген бойында бес қаруы,
Қайта оралды еліне Шапырашты Наурызбай,
Сүйінші, елім!
Жарылды ақ түйенің қарыны!
Күй кернеп тұр бүгінде тау мен дала, аңғарды,
Жасқанбаймыз қай жақтан кеп қалар деп жоңғарды.
Желбіреді қайтадан Тәуелсіздік туымыз,
Пейілі кең Жаратқан жолымызды оңғарды.
Алда биік мақсаттар, күтіп тұр сан арналы іс,
Көңілде алаң жоқ бірақ,
Бар толқу мен толғаныс.
Қиын кезде жол тапқан Ерін қолдап киесі
Ел ішінде жүр дейді қызылшұбар жолбарыс.
Батыр баба, жауменен арыстандай алысқан,
Құтты болсын ұлы той ел-жұртыңмен қауышқан!
Ұрпағыңды қашанда жебеп жүре берсінші
Қасиетті киеңіз Қарасайдан ауысқан.
Телі менен тентекті шығармастан шашауға,
Жауды қойдай айдаған, бас білдіріп асауға,
Ел мен жерді дұшпаннан сақтап қалған, ер баба,
Ерлігіңе өлшеусіз қарыздармыз қашанда.
Мұнартады асқар тау, өзің жүрген құба бел,
Құба белде қайтадан ынтымағын құрады ел.
Батыр баба, осынау асқақтаған қалпыңда
Ұрпаққа ұран, сырт елге айбар болып тұра бер!
РАЙЫМБЕК БАТЫР КЕСЕНЕСІНІҢ
БАСЫНДАҒЫ ОЙ
Қорған болып нашарға, мықтыларға кішірмей,
Батыр баба, өтіп ең арыңа дақ түсірмей.
Ұсақталып баратқан ұрпаққа не айтасың
Бұқар жырау жорыған Абылайдың түсіндей.
Қалың қазақ елінің биік бүгін шоқтығы,
Ойламаймыз қай жақтан атады деп оқты кім?
Қара қытай қашанғы саясатын өзгерткен,
Жан алайын деп келген Жоңғар мүлдем жоқ бүгін.
Әйтсе дағы жасырман бет күйдірер ұятты,
Азаматың түгелдік туын тағы құлатты.
Бақталас пен тақталас, алауыздық дейтұғын
Жегі құрты елімді жеп қоятын сияқты.
Қиналғанда қашанда сыйынушы ем өзіңе,
Бір-ақ сәтке, әулием, құлақ салшы сөзіме.
Түйір ақыл кірмеді ұрпағыңның басына
Түссе дағы тағдырдың небір сойқан – тезіне.
Атамекен жат жұртқа кетпесе де қоныс боп,
Алдаспансыз, найзасыз жүріп жатқан соғыс көп.
Қарындастың біразы өзге жұртқа қатын боп,
Қазағыңның жартысы кетті бүгін орыс боп.
Сезіп тұрмын бойыңды буған ыза-дірілді,
Шындық, баба, осындай, мәселе көп түйінді.
Ұрпағыңның жартысы есіміңе сыйынса,
Енді қалған жартысы түсінбейді тіліңді.
Бақа-шаян, жын-жыбыр ұрпағыңнан түңілме,
Қандай ұлт боп шығамыз, кім біледі, түбінде?
Мұсылмандық қалыпты сақтап қап ең жоңғардан,
Саудалап жүр кейбіреу ең аяғы дінін де.
Елге, жерге бөлініп селдіресе қатарым,
Түпсіз сарыуайымның теңізіне батамын.
Жүзге күнде бөлініп жүзім күйіп бітпеді,
Ұтқан жоқпын ештеңе ұлы болып атаның.
Алауыздық – дерт елдің несібесін жеп кетер,
Оны құртпай, білмейміз, қандай сұмдық боп кетер?
Соның бәрін ойласам ақша қуған нөпірге
“Райымбек!” деп айқайлап ұран салғым кеп кетер:
Райымбек!
Райымбек!
ЕСКЕЛДІ БИДІҢ МОНОЛОГЫ
«Мен өмірді үш жүрекпен сеземін, алты көзбен көремін» -
дейді екен Ескелді би.
- Өкініштен кей-кейде өртенсе де өзегім,
Тәуба деймін, туымды асқақтатты өз елім.
Өйткені мен өмірді өз жүрегім ғана емес,
Қабылиса, Балпықтың жүрегімен сеземін.
Айтпасаң да болады ешнәрсенің дерегін,
Өйткені мен өмірді алты көзбен көремін.
Мен ағасы болғанда, Балпық тонның жағасы,
Қабылиса тынысым болып келген өренім.
Аға сыйлау тектілік, көргенділік ол дағы,
Мен бастадым - Бапекең, Қабылиса қолдады.
Бірігіп жол таппасақ қайда бастар, кім білсін,
Ұрпағымды заманның қиыр-шиыр жолдары?..
Қабылиса қолдады, Балпық бәрін болжады,
Сөйтіп талай сапардан қайтып жүрдік олжалы.
Ырылдаспай, тістеспей ынтымақпен іс қылсаң
Ырыс пенен береке құс екен ғой қолдағы.
Жалғыз өзім түгендеп үлгерем бе жоқ, барын,
Ел дегенде екі іні ақылына тоқтадым.
Жаманаттан түңілдім, азаматқа сүйіндім,
Өте шығар жалғанның жақсылығын жоқтадым.
Ғұмыр кештім біршама, бастан дәурен ұшырдым,
Асқақтадым, орыны келген жерде кішірдім.
Ынтымақ пен бірлігі бекем елге жау жоғын,
Берекелі қауымға дау жоқтығын түсіндім.
Бұл мәселе тарихта таразыға түсті көп,
Сұрамаңдар сондықтан бірліктен не күшті деп.
Қиын-қыстау заманда бәрін көрді алты көз,
Жақсы менен жаманның бәрін сезді үш жүрек.
БАЛПЫҚ ӘУЛИЕНІҢ БАТАСЫ
Байшегір руының басшысы Тілеуғұл қоныс таңдаған кезде
Балпық би қай жерді атаса да басын шайқай беріпті. Оған
Бапекең сәл ашуланыңқыраған кезде Қабылиса әулие:
«Бапеке, бұл Байшегірің Іленің төменгі Үш Қамауын ұнатып
тұр ғой. Бағана атқа қонарда артына бұрылып үш рет қарады
емес пе? Тілегін берелік,- депті.
Аға сөзінен асып көрмеген Балпық әулие сабасына түсіп
Тілеуғұлға батасын береді:
- Жай қолыңды, Тілеуғұл,
Жаңа қоныс құт болсын!
Малың тусын егізден,
Балаларың жұп болсын!
Ал ырысың алпыс нар
Көтере алмас жүк болсын!
Болжап көрсем жұртымнан
Жаманшылық тыс болар.
Бақ ұялап, жыр тұнған
Мекен болар Үш Қамау.
Жақсы күнді атырып,
Тиіп елге шуағы,
Осы өлкеден ақиық
Азаматым шығады...
Той басталсын қауымда,
Жіберіңдер ат басын.
Дұшпан енді ауылды
Қамағаннан сақтасын.
Кездер өтті талайсыз,
Көтерілді еңсе бір.
Үш Қамауда алаңсыз
Өсіп-өнгін, Байшегір.
Шалғай шетке көп соға
Қоймас тағдыр дауылы.
Санар сені жақсы аға
Арықтыным бауырың.
Бейбіт шақ ед, бар шыным,
Өмір бойғы арманым.
Сол күн туды, Қайшылы,
Күшік пенен Балғалым.
Бөлінбесін ой санға,
Естілмесін азалы үн.
Сендер аман болсаңдар
Жаман болмас қазағым.
Ұмытылмас ізгілік
Елің барда бір қауым.
Жылдар өте бізді де
Еске алады ұрпағым.
Қабыл еткін, Жаратқан,
Бата бердім қауымға:
Ұрпағымды сауаптан,
Шапағаттан айырма,
Ынтымақтан айырма!
ЖАМБЫЛ БАБАҒА АРНАУ
Ата, Сізді көрдім кеше түсімде,
Алатаудай асқақ, ойлы пішінде
Тұр екенсіз үнсіз ғана толғанып
Мәңгілікке соққан мәрмәр мүсіндей.
Күміс сақал,
Көзіңізде мейірім,
Көк теңіздей шалқып кетті көңілім.
Қандай тағдыр бұйырып тұр алдымда,
Маған қандай бақ сыйладың, өмірім?
Көктем күні...
Көк те шайдай ашылған...
Бұлақ күліп жатыр сырын жасырған.
Атам маған назарын сәл тоқтатып
Аялай бір сипап өтті басымнан.
Бұл не, елес?..
Әлде берген аян ба?
Мың сан сұрақ жарысады санамда.
Әз атамның салып берген жолымен
Жүйткимін бе мен де сайын даламда?
Ақ самалдай желпіп өтер жанымды,
Асау жырлай дуылдатар қанымды
Туған жердің топырағы,
Шалқытып
Саламын ба өзіңде асқақ әнімді?
Кейде әнімнен байқалса да мұң дағы,
Демен тағдыр тыныштығын бұлдады.
Өзіңіздей бас июді білмейтін
Бір балаңыз болам ба әсем жырдағы?
Ақ батадан алғы күнге нәр алып,
Баладай бір мәз боламын оянып.
Арманға ұқсап алдаған сол тәтті түс
Армандай боп бара жатты жоғалып...
Нұрмолда ағаның монологы
«Мен не жақсылықты болса да асыл астанам
Алматыдан күтуші едім... Мені ауылдың шетіне, тас жолдың
бойына қойыңдар... Алматы жаққа кеткендердің есіне
түссем, мүмкін, бұрылып келер, сәлем берер, дұға жасар...»
(Нұрмолда Алдабергеновтің ауатком төрағасы Артем
Мухановқа айтқан соңғы өтінішінен).
Темір өзек пендемін деп жүргеннің бірі едім,
Ажал келіп қалды ма,
Атқақтайды жүрегім.
Алматыға баратын қара жолдың бойына
Жерлеңдерші, бұл менің ең ақырғы тілегім.
Теңіз – ойдың тұңғиық тереңіне батамын,
Бекер екен бәрі де...
Көрген қызық, атағың.
Сіз-біз десіп сыйласып өту ғана баянды
Терең қуыс болған соң түбі келер жатағың.
Ағайын мен туыстар, азаматтар сырдескі,
Өздеріңмен тағы бір кеп тұр ойша тілдескім:
Өмір бойы ауылдың қамын жедім тыншымай,
Ел-жұртымның ырысын молайтам деп күн кештім.
Ойлап тұрсам тірлікте аз болыпты тыныш күн,
Жамандармен жандастым,
Жақсыларға жұғыстым.
Мұқтаж болып келгеннің орындадым тілегін,
Ешкімді де ренжітпей қайтаруға тырыстым.
Шарықтады армансыз шартарапқа атағым,
Небір жайсаң жандарды дос, жолдас деп атадым.
Астамдыққа сонда да жол бергем жоқ,
Баяғы
Аязбидей төріне іліп қойған шапанын.
Түспеу керек аяққа кедейшілік кісені,
Жалқаулық пен енжарлық – жолдас осы үшеуі.
Баршылықты ойласам жалшылықта жылаумен
Жүрген сонау кішкене кезім еске түседі.
Қолым бір де тимеді,
Кеш деп жүрдім бастауға,
Оқығанда шығар ма ем бұдан биік асқарға.
Сондықтан да қызыға қараймын мен желкілдеп
Келе жатқан бүгінгі жауқазындай жастарға.
Еңбек еттім тыншымай, қабырғам да қайысты,
Өмір бойы жоқшылық, тапшылықпен алыстым.
Бір кітапты дұрыстап оқымаппын,
Алайда
Өмір деген ең ұлы университет тауыстым.
Табысты да тасыттым, намыс отын жандырдым,
Содан болар, есімім шартарапқа жаңғырды.
Адамдарға жақсылық көп жасадым,
Ендеше,
Тіршілікте ізімді мәңгілікке қалдырдым.
Қорықпаймын өлімнен – бәрі түсер кең көше,
Қайда кетті бабалар кезегімен өлмесе?
Алматыда асыл дос, армандастар көп еді,
Сол жаққа да көз салып жатайын мен ендеше.
Қарағайдай қалың ел – қорғаным да орманым,
Қара жолдың бойына кеп тұр мәңгі орнағым.
Жалғыз ғана тілегім,
Өтінішім ең соңғы –
Дұға оқып бір сәтке еске алсаңдар болғаны!
ТАРИХИ ХИҚАЯТ
немесе тіл жөніндегі толғаныс
Мұның өзі болған тарих кешегі,
Кім біледі, әлде жұрттың өсегі...
Есерсоқ хан тіл жөнінде бір сойқан
Сынақ жасап көрген екен деседі.
Бола берер ойға сыймас жай, тіпті,
Бір уәзірі танытпақ боп артықтық:
Әрбір сәби ана тілін туа сап
Білед деген сандырақты айтыпты.
Тасқаны ма, әлде, шектен асқаны,
Хан сөздерін құлаққа ілмей басқаның
Анасының бауырынан алып ап
Төрт-бес ұлды итқораға тастады.
Қандай күйге түсті байғұс анасы,
Тұманданып кеткен шығар санасы.
Итпен бірге күте берді мылқау құл
Жылдар бойы нешеме ұлттың баласын.
Тынышталар күні жетіп өлгенде,
Қандай күйді кешпейді адам шерменде?
Жаншошырлық сұмдық тұрды қорада
Бес жылдан соң есікті ашып көргенде.
Ырылдаса тарғыл төбет жан алар,
Күшікке ұқсап қыңсылайды балалар.
Жылтыңдаған көздерінде үміт жоқ,
«Тілім қайда, – деген де жоқ – ағалар?».
Ауыр тарих.
Айтып тұрмын несіне,
Қандай тұспал?
Кімге, неге өшігем?
Тілдің жайын ойлап кетсем амалсыз
Осы бір жайт түсе берер есіме.
Шындық осы.
Қала, мейлің, қалама,
Ақиқатты құю керек санаға:
Ана ғана әлдиімен тербетіп
Ана тілін үйрететін балаға.
Әке – ұлына, ал атасы немере
Қай кезде де болу керек өнеге.
Өз тіліңде айта алмасаң далбаса
Көтерілдім деп жүргенің төбеге.
Тәуелсіз ел, ұлт атанып жүргесін
Тілің, дінің табу керек үйлесім.
Анамыздың бауырынан айырып
Ешкім бізге сынақ жасап жүрмесін.
ЕШБІР ТІЛГЕ ТЕҢЕМЕН
Менің тілім ешбір тілден кем емес,
Ешбір тілге теңеп және көрмегем.
Анашым да осы тілде сөйлеген,
“Әлдиімен” бесігімді тербеген.
Жанымды өртеп балғын ару бұрымды,
Осы тілде жазғам алғаш жырымды.
Содан бері тоқтататын шама жоқ
Кеудемдегі буырқанған құйынды.
Тілім менің – тірегім де мұратым,
Кім өзіңді қиянатқа қиятын?
Тіліп таста жүзін семсер сөзіңмен
Жоғалтқандар болса намыс, ұятын.
ТҮС
Жүрек тоқтап өліп қаппын түсімде,
Жетпейді екен селт етуге күшім де.
Бәрін біліп табытта үнсіз жатырмын,
Азалы үндер дүңгірлейді ақырын.
Келіп жатыр туыстарым, достарым,
Жылайды өксіп сүртпей ыстық жастарын.
Бірі келіп жауып жатыр көзімді,
Айтып жатыр бірі тірі кезімді.
Сұм ажалға қимағандай баласын,
Жылайды әкем, аңырайды анашым.
Батпан-батпан мұң торлайды кеудемді,
Кеше бар ем, бүгін, міне, өлгенмін.
Парыз санап қастерлеуді өлікті
Қастарым да жаназама келіпті.
«Тірлігінде қасарысып өтіп ед,
Басылыпты-ау, - дейді, - биік көкірек».
Қандай жаман, аздан соң сөніп жарық,
Жатамын қараңғыға жалғыз барып.
Салқын тартып мынау ыстық дүние,
Зар қылады-ау күлім қаққан күніме.
Күлімдейді күн қалай нұрын төкпей,
Қалай жатам қозғалмай, қыбыр етпей.
Мынау жарық дүние бөктеріне
Қалдыра алмай әнімді кеткенім бе?
Бір уақытта сұмдық түсім жоғалып,
Көзімді тез ашып алдым оянып.
Бақытты екем, достарым, тірі екемін,
Құттықтаңдар, тірінің бірі екемін.
Уақыт көпте күйбең ойдың бәрі мұң,
Күйбеңменен өткіземіз жарымын.
Түсінеміз ажал келіп жеткенде
Мынау ғажап тіршіліктің қадірін..
АУЫЛЫМ
Керіліп жатқан алдымда
Көрікті туған ауылым.
Оранған жасыл шалғынға
Мен өскен жер бұл, бауырым.
Кешкен жер жалаңаяқпен
Көктемгі нөсер жауынын.
Шаңдатқан тұлпар – таяқпен
Шаттыққа бөлеп бауырын.
Араз боп сабыр, ақылмен,
Өртеніп мұнда от басқам.
Алғашқы махаббатыммен
Егіліп тұрып қоштасқам.
Өткен-ді осы ауылда
Алаңсыз, асау өмірім.
Жалын бар еді жанымда,
Періште еді-ау көңілім.
Жігері қайнап қанында,
Сезімі бойда тұнатын,
Ауылдың шеткі жағында
Арманшыл бала тұратын.
Өзінше ақын от кеуде,
Өзінше ол да өр еді.
Болатын қойын дәптерде
Бес-алты ғана өлеңі.
Өлшеусіз үміт, сенімі,
Ар-намыс - өмір өлшемі.
Қиялға тым-тым беріліп,
Космонавт болсам деуші еді.
Шықпаған кез ғой шалғайға,
Ауылда ғана еркінмін.
Кировтей жақсы жер қайда,
Жұмақ осы ғой дейтінмін.
Көрініп таудай төбесі,
Көлдері тұрса мөлдіреп.
Сөгіліп сезім көбесі
Кететін жүрек елжіреп.
Қаншама кездім тірлікте
Елімнің ой мен қырларын.
Сезіндім сонда
Кировте
Киенің тұнып тұрғанын.
Ағалары асқақ көрінген,
Ақыны тұтас бір қауым.
Ауылым, сенің төріңнен
Оқылса болды жырларым.
Өзіңсіз бақыт бекер ғой,
Осында туыс, бауырым.
Жұмақтың өзі екен ғой.
Ауылы Үмбетәлінің.
Артықтау мақтап жіберсем
Сөкпей-ақ қойшы, бауырым.
Артық қой жердің бәрінен
Туып-өскен ауылың.
Ыстық маған әр бұрышы бұл жердің,
Ақ қайыңдай әсем әрбір ағашы.
Белгісіндей талай ғажап түндердің
Сыбдырлайды сұлу бұта аясы.
Қандай әсем, ғажап еді түндері
Мөлдірейтін сұлулыққа шомылып.
Қиялыңды қозғап бұлбұл үндері,
Көз алдыңа елестейді көп үміт.
Маужыраған осындай бір түндерде
Тебіренем бақыт мені өпкендей.
Жұлдыздар – от.
Келе жатам мен жерде
Жұлдыздардың ішіне еніп кеткендей.
ЖЕЛТОРАҢҒЫ ЖЫРЛАРЫ
1. ДАЛАНЫ АҢСАУ
Талпынғандай кеудемде бала бүркіт,
Алабұртып кеттім-ау, алабұртып.
Ақбозыңды берші, аға, керегеде
Қала берсін қандыауыз қара мылтық.
Керегі жоқ бүркіттің, тазының да,
Сағынышым болсын бар азығым да.
Саумалын бір сіміріп сар даламның,
Құйғытып бір қайтайын жазығында.
Санамайтын ешқашан бөтен мені,
Көріп қана қайтайын бөкендерін.
Қалқайып тұрған шығар тас обалар
Қалап кеткен қалаға кетердегі.
Көптен бері жолдарым түйіспеген
Тұрған шығар тербеліп күміс селеу.
Көкірегімде ән салып жүрген күнде
Бозторғайы қашпауы тиіс менен.
Қайта оралған тұлпардай қазығына
Ағып бара жатамын жазығында.
Алаңдама кешіксем, ағатайым,
Еш бөрінің кетпеймін азуында.
Талай дуда өзімді сынағанмын,
Алаңдама, аттан да құламаймын,
Одиссейдей сағынып жеттім елге,
Тағдырдан енді ештеңе сұрамаймын.
Жауынын да бүркенбей тосып алам,
Бәрінің де ақниет досы болам.
Көк майса, ашық аспан, күліп тұр күн,
Бәлкім, бақыт дегенің осы болар...
Кернеп барад кеудемді көл-көсір үн,
Асқарлардан мен бүгін еңселімін.
Мен бүгін құдіретпін,
Мынау ұлы
Табиғаттың кішкентай бөлшегімін!
2. АТТАНҒАНДА
Тағы да шықтым сапарға,
Қара жол қарсы ағады.
Ақ дала, аппақ атандар
Бұлдырап қалып барады.
Ақ арман сынды арайлы
Ақ үйлер шықты алдымнан.
Ақ сапар тілеп қарайды
Ақ басы Алатаудың да.
Армысың, далам, бұйығы
Жал-жал боп жатқан шағылдар!
Қай жақтан сені суырып
Әкелді қара дауылдар?
Тойымсыз аптап ыстықтан
Таңдайың қанша құрғады?
Бабамның жасын қыстыққан
Жұттың ба сонау жылдары?
Шығандап бір рет шырқауға
Тұқыртып ерік бермеген,
Сонау бір қара тұлпар ма
Босанып шыққан кермеден?
Көңілім кетті-ау елжіреп,
Қараймын қалай езілмей?
Көлдерің жатыр мөлдіреп
Бөкеннің бота көзіндей.
Шыққын деп маған тұр қырат
Кетемін қалай бұрылмай?
Өзіңе келдім шұрқырап
Адасып қалған құлындай...
3. САҒЫНЫШ
Қыс та өтті қысып тастаған,
Қыздырды шуақ қанымды.
Ақ торғындайын ақ самал
Аймалап жатыр жанымды.
Көктем де жетті көк белге,
Қауызын тағы ашты гүл.
Серт бергендейін өтпеуге
Жайнаңдап тұрған жас ғұмыр.
Жайнаған жасыл қыратты
Түсіме дала кіріп жүр.
Сол жақта жүрген сияқты
Жазылмай қалған тұнық жыр.
Сырымды дала төсіне
Өзім-ақ барып айтсам ба?
Шықпайтын ылғи есімнен
Ауылға барып қайтсам ба?
Сағынышымды шайқаған,
Көп күндер өтті арада.
Қырмызы гүлдер қайтадан
Толған да шығар далаға.
Жастықтың әнін жалындап
Шерткен де болар жігіттер.
Табысып жандар сағынған,
Жалғанды мүмкін үміттер...
Шаттықтан шашу шаштырып
Қуанып кімдер күлді екен?
Жаутаңкөз сол бір жас сұлу
Жабырқап әлі жүр ме екен?
Айта алма й кеткен арманын
Аңсаудан шаршап күні-түн,
Мейірі мұңға айналып
Үзген де болар үмітін.
Көңілінің ыстық өртімен
Талайдың жанын ойрандап.
Қайран ғып күндей көркімен
Күлген де шығар жайраңдап.
Өткенді еске ап күрсінбе,
Күл, құрбым, мынау көктеммен.
Сен ылғи күліп жүрсін деп
Бір кезде жылап кеткем мен...
4. АУЫЛМЕН ҚОШТАСУ
Жүргендей туған ауылда,
Сауығып қалды жаным да.
Ілеңде жүздім шалқалап
Өртеніп келген шағымда.
Мейірін сезіп ағаның
Шуақ та шашты жанарым.
Қыздырған қыз-қыз жанымды
Құмыңды басты табаным.
Дәстүрден неге қорынам,
Аттамай ата жолынан.
Дәм таттым ақ бас аруана –
Әжелердің де қолынан.
Білмейтін жаны жауыздық
Достар да таптым жаны ізгі.
Ақкөңіл, адал жүрегін
Берген жоқ олар қарыз ғып.
Қош болғын, ыстық күндерім,
Өзіңде еш мұң білмедім.
Арманды болып қалар деп
Аруыңды да сүймедім.
Келмей тұр тіпті қоштасқым,
Балаңа дейін достастым.
Қош, ауыл, ыстық құмыңды
Басармын, бәлкім, баспаспын....
Қайтадан жанды алауым,
Мың алғыс саған, ағайын.
Жабырқап келген сияқты ем,
Жаутаңдап қимай барамын.
Қоламта болған шағымда,
Келіп ем саған ауырлап.
Қош, ауыл, енді бой бермен
Мен небір долы дауылға.
МӘУЛІТ ТҮНІНЕ АРНАЛҒАН ЖЫР
Бір ғажайып болып еді сол түні,
Барлық әлем теңіздейін толқыды.
Жақсылықтың асып сол түн мерейі,
Жамандықтың сөгіліпті қолтығы.
Күйдірердей жауыздықтың қанатын
Жап-жарық боп кеткен екен қара түн.
Ең бір ұлы Пайғамбар кеп өмірге
Көбейтіпті ізгі істердің санатын.
Таппай адам жауыздықтың емшісін,
Досын сатып, ренжіткенде көршісін.
Тәубесіне келтірмек боп Жасаған
Жолдаған ғой Мұхаммедтей елшісін.
Жаратқан соң әуел бастан адам ғып,
Бәрімізге арқалайтын аян жүк.
Келмегенде Аллатағала Елшісі
Белең алып кетер ме еді жамандық?!
Бізді әу баста жаратқан ғой мөлдір ғып,
Мөлдірлікке рухымызды сендірдік.
Мәуліт түнгі керемет сәт болмаса
Жеңіп кетер ме еді жерде көлгірлік?
Тек жақсы істі кеткен бізге парыз ғып,
Қанқұмарға керек темір ауыздық.
Расулалла елді жөнге салмаса
Тамыр жайып кетер ме еді жауыздық?
Пайғамбарым – ізгіліктің жаршысы,
Тазалықтың тамып түскен тамшысы.
Дін - Ислам құра берсін салтанат,
Арамдықтың тіліп түсер қамшысы!
ОҒАН ҰҚСАЙ КӨРМЕГІН
Мұңаймашы, балақай,
Әкең сенің өлген жоқ.
Тек ол сенің ең алғаш
Адам болып қаз тұрып
Жүргеніңді көрген жоқ.
- Тірі, - дейді – көргендер,
Жүр, - дейді - әлі кердеңдеп.
- Ай сайынғы төлейтін
Мың теңгесін бергем, - деп.
Запыран боп кеудеңде
Қалды ма бір арманың?
Сені ол алғаш мектепке
Жетелеп те бармады.
Сарғайып қанша күтсең де
Сапардан әкең келмеді.
Саған ешбір дүкеннен
Ойыншық та ап бермеді.
Білем, білем, пәк көңіл
Жамандыққа сенбейді.
Әкең тірі, жамандар
Оңайлықпен өлмейді.
- Өлді, - дейді анашың,
Бірақ, оған сенбегін.
Әкең тірі,
Алайда
Оған ұқсай көрмегін,
Оған ұқсай көрмегін!
ТАҒДЫРҒА ТІЛЕК
Жаңқаланып кеткендей жыр-азығың,
Көңіл, неге соншама құлазыдың?
Мейлі, кейде мұңайтып қоятұғын
Тағдырыма қаталдау разымын.
Көрінермін біреуге жаман болып,
Көргемін жоқ әйтеуір аяр болып.
Табиғатқа ризамын ауыспалы,
Туғаныма ризамын адам болып.
Жүзеге аспай жүрсе де көңілдегім,
Басым аман,
Өзімнің жерімдемін.
Арман шіркін таусылмас адамзатта,
Тұрса болды күлімдеп көгімде күн.
Досым да бар,
Бар жарым,
Жақыным да,
Алтын қашан мұң боп ед ақын ұлға?
Нашарлығым өзімнің деп білемін
Шаршап қалсам алғашқы шақырымда.
Қуанатым кезім бар, мұңаятын,
Сәбидеймін жылап ап уанатын.
Жаны адалмен жүрмін бір көтерісіп
Жауыздықтың жасаған қиянатын.
Бөлемесін, мейілі, ән-жырына,
Қайтем бекер өкпе айтып тағдырыма.
Тек өлең деп өртенген жүрегімді
Салмаса екен ертерек сандығына.
ҚАР ЖАУЫП ТҰР
Қар жауып тұр. Қанымда қайнап аптап,
Тайғанақтап келемін.
Айнала аппақ.
Әппақ мамық алдымды кес-кестейді
Аңсап күткен анамдай қалбалақтап.
Масайраған баладай алып-ұшып,
Сабылысып ұшады, сабылысып.
Сыйғыза алмай келемін құшағыма
Жұлдыз – қыздың жапырақ сағынышын.
Қонып жатыр шашыма, иығыма,
Көрінбейді ұшы да, қиыры да.
Күміс көйлек киінген кербез дүние
Келіншектей күліп тұр миығынан.
Алатау да маңқиып сүйініп тұр,
Құйылып тұр аппақ нұр, құйылып тұр.
Ақ ұлпаны қондырған ағаштардың
Бұтақтары сәл ғана иіліп тұр.
Алыса алмай бойдағы аптаппенен
Кер дөненін көңілдің баптап келем.
Құдіретті табиғат, кешір мені,
Мамығыңды аяқпен таптап келем.
Толтырып ап қойныма мамығыңды,
Басайыншы бір сәтке жалынымды.
Шаң-тозаңнан арылған өзіңе ұқсап
Мен де күтіп жүр ем бір арылуды.
ШАРАПҚА ОДА
Сыңғырлаған күлкісіндей ерке сылқым сұлудың
Сылқ-сылқ етіп стаканға мөлдір шарап құйылды
Жалт-жұлт еткен жанары ғой жас сұлудың, ал, достар,
Бал сорыңдар гүл еріннен, қыздырыңдар жиынды.
Жайнаңдаған жаз дидары еріксіз жалт қаратқан
Байқасаңдар сұлулар да ұқсайды ғой шарапқа
Ішпей тұрып тағатыңды тауысады құрғырлар,
Мал қылады, күйдіреді өткеннен соң тамақтан.
Бұл өмірдің қайғысы да, қуанышы қас-қағым,
Бүгін көктем болса ертең күз келеді, достарым.
Бүгін ішіп мас болыңдар, ертең басың ауырса
Ішіп жүрме бас жазам деп гүл шарабын басқаның.
Мас қыл мені, о, сұлулар, мас қыл, бірақ құлатпа,
Мүмкін ертең сағындырып кетерсіңдер жыраққа
Шарап шіркін күлдіреді, жылатады адамды
Сендерден бір өтінішім,
Бүгін маспын, жылатпа!
КЕЙДЕ МЕН
Кейде мен көктемдегі даладаймын,
Жылуымды ешкімнен аямаймын.
Тербеліп тұрсам болды күлкісіне
Төсімде асыр салған балалардың.
Кейде мен күздікүнгі даладаймын,
Қара суық жанымды қамалайды.
Еркелете алмаймын інілерді,
Көңілінен шықпаймын ағалардың.
Даладаймын,
Кей-кейде баладаймын,
Алаңғасар, аңғыртпын,
Шалағаймын...
Ақтарылып түсемін ақкөңілге,
Кісімсініп тұруға жарамаймын.
Үйренгем жоқ ешкімді сағалауды,
Қалды содан көңілі сан ағайдың.
Кейде жасып қаламын,
Кейде бойда
Күші бардай сезінем Толағайдың.
Алмайын деп атағын Қарабайдың
Кішкентай қулықты да қаламаймын.
Қалсам болды мәңгілік тұрғыны боп
Адамдық деген арман жағалаудың.
Жаз бенен күз жанымда жиі ауысып,
Жапырағы жанымның тұрады ұшып.
Кейде менен бақытты жан жоқ сынды,
Жанарымды кей-кейде жуады шық.
Нөсерлетсе жанымда сезім кей күн,
Қалайша төгілмеймін, езілмеймін?
Алай-түлей болатын анда-санда
Мен мынау табиғаттың өзіндеймін...
Қиып түсіп жүрдім деп мақтанбаймын,
(Бәлкім, ол да жаныма батқан қайғы).
Бәрін үнсіз көтерер қара жердей
Көнтерлі болып бара жатқандаймын.
Жүрген кез де болды ғой масаң күліп,
Қалды бәрі - сотқарлық,
Асау қылық.
Көп нәрсеге үйретті өмір мені,
Жоқ бірақ та жанымда жасандылық.
Болмай-ақ та қояйын мен бір мықты,
Құны бар ма адалдық, мөлдірліктің?..
Әйтеуір жақсылыққа жақын жүрмін,
Серік етіп көргем жоқ көлгірлікті...
Х Х Х
Өз өзімнен жүрсем кейде өртеніп
Асыл жарым, қабағыңды түймеші.
Бәлкім, мұным саған деген еркелік:
- Ақымағым әлі аңқылдап жүр,- деші.
- Жүр,- деші - әлі ақымағым аңқылдап,
Мынау жарық ай астына сыя алмай.
Кейде алдыңа келсем оттай жарқылдап,
Кейде құм боп күйреп түсем ұялмай.
Ақын көңіл үлбіреген ақ мамық,
Оған әрбір түйір тастай батады.
Бір-ақ сөзге көңіл шайдай ашылып,
Бір-ақ сөзге тас-талқан боп жатады.
Сырымды да, мұңымды да білесің,
Бәріне өзің куәсің ғой, ақылдым.
Қылығыма анам сынды күйесің,
Оңай емес жары болу ақынның.
Бөлемедім үлде менен бүлдеге,
Мүлдем тақпай өтерсің-ау жақұтты.
Бір сәтсіздік қонған мықтап іргеме,
Бір мінезім үркітіп жүр бақытты.
Елес қуып, кейде ессіз шалқумен
Сыйладым ба саған уайым, шер ғана?
Осы отырған олпы-солпы қалпыммен
Мені дана көретұғын сен ғана.
Өзім үшін еш алаңым жоқ бүгін,
Әркімнің бір оры бар ғой қазылған...
Кемшілігім болсадағы көп, күнім,
Тағдырыңмын маңдайыңа жазылған.
Айнымастан бұл өмірден өтермін,
Жұлдызым боп тұра бергін көгімде.
Оңашада кешпегейсің бекер мұң -
Өзің жалғыз тағдырымсың менің де.
ІІ бөлім
Алғашқы махаббатқа хат
САҒЫНЫШЫМ МЕНІҢ
Мен бекер қуып жүрмін бе әлсіз елесті,
Бір кезгі ыстық бейнең де тартты көмескі.
Жылдармен, жаным, алыстап кетіп барасың,
Қалдырып артқа сағыныш атты белесті.
Өмір ғой, құрбым, уақытпен бірге өзгерген,
Есейдім мен де баяғы балаң кездерден.
Кеудемде асау, бұрқанған дауыл басылған,
Қараймын бүгін өмірге басқа көзбен мен.
Бір кезгі албырт емеспін мен де жас бала,
Жастықтың әнін сыйладым мүлдем басқаға.
Оңаша сәттер ойыма алып жүрсем де
Жалындап қайта сүйемін деуге жасқанам.
Өткенді қайта қозғауды дұрыс таппадым,
Тілеймін сенің таңыңның тыныш атқанын.
Өзіңе деген өкпемді мүлдем ұмытып,
Келеді ыстық сезімді ғана сақтағым.
Болды ғой кейде ренжіткен сені шақтарым,
Балалықпенен келеді бәрін ақтағым.
Өзімшіл көңіл қимаған шығар өзгеге,
Өтінем сенен, сонша ауыр кінә тақпағын.
САРЫ ҚЫЗ
Есімде сол шақ, алаңсыз, албырт сәттерім,
Бала едім, қазір ойласам көп-ау әттеңім.
Ұялшақ па едім, қызғаншақ па едім, кім білсін,
Жасырып жүрдім көңілдің шуақ көктемін.
Ұнатушы едім бір сары қызды көзі көк,
Арманшыл едім, есейсем деуші ем тезірек.
Космонавт болып айға ұшып бара жатқанда
Шығарып салып тұрсашы деймін өзі кеп.
Көктем де соның көзіндей әсем көгілдір,
Қытықтап жатты сезімтал балаң көңілді.
Жабырқап қалсам жанымды менің жылытар
Сол көздер маған күншуақ болып көрінді.
Ысырып тастап ойларды небір күдікті,
Арманшыл көңіл албырай сонда сүйіпті.
Ұрушы едім сол қызбен күнде мектепке
Бір келіп бірге қайтатын момын жігітті.
Өкінем қазір, түзейтін ешбір амал жоқ,
Сол қызсыз өмір көрінді маған қараң боп.
Қозыға қолын көтерген қарау Қодардай
Ойладым ба екен күшпенен тартып алам деп.
Қалдырып артқа думанды белес-белдерді,
Жиырма да келді думанды сырнай-кернейлі.
Аттандым алыс арманның аулын бетке алып,
Беліме шақтап буындым кеңдеу белбеуді.
Әлі де маған жеткізбей жүрген арман көп,
Есейдім, бірақ, косманавт бола алғам жоқ.
Аттандым туған ауылдан талай алысқа,
Тек сол қыз мені шығарып жолға салған жоқ.
Есейдім бұл күн, кеткем жоқ бірақ өзгеріп,
Ұшқам жоқ айға, арқалап жүрмін өзге жүк:
Сиқырлы жырлар сыйласам деймін сол қызға
Өмірдің ұзақ жолында бір күн кез келіп.
Жыл өткен сайын ауырлай түсер салмағы,
Сағыныш екен жете алмай қалған арманың.
Күлімдеп ылғи жанымда жүре берер ме ед,
Шіркін-ай, неге бала боп мәңгі қалмадым?!
Х Х Х
Көгілдір аспан көлдердей түпсіз тұңғиық,
Көз алмай үнсіз қиялға батып тесілем.
Сағымдай еріп алыстап кетсем бір күні
Шығарар ма екен сол бір жан мені есінен?
Түндерде толқып көз салар ма екен аспанға
Жұлдыз боп кетсем тылсым боп тіл де қата алмай.
Тыңдар ма еді жапырақ болсам жас талға
Сыбдырлап тұрсам сөйлеуге қатты бата алмай?
Еске алса мені, ессіз бір сүйген шағымды,
Жырымды оқып бұлқынса бір сәт жүрегі.
Күн болып төге алмасам да ыстық жалынды
Жұлдыз боп алыс жымиып қана күлермін…
*** Саған жазған жырларды қайта алдым қолыма, Күйінгенім, күлгенім – Бәрі түсті ойыма. Мына өлеңді жазғанмын алғаш ғашық болғанда, Мына өлеңді сый қылып тартпақ болғам тойыңа.
Ал мынаны жазғанда жас баладай армандап,
Жүрген кезім өзіңді тәңір тұтып қайран қап.
Мына бірі мұнарлы мұңға батқан кездерім,
Мына бірі жанымды жүрген кезің ойрандап.
Мына бірі... мейлі, енді, қайтем бәрін тізімдеп,
Бәрі де өшкен, бәрі де баяғыда үзілген.
Көлеңкеңді алыстан көргеніме мәз болып
Күні бойы жалықпай жүретінмін ізіңнен.
Сезіміңді еш өлең селт еткізген жоқ, білем,
Сонда да сен ешқашан санамашы кектіге.
Сый ғып тартқан жырларды тауып алғам еденнен
Аяқтардың астында түсіп жатқан тепкіге.
Содан бері көңілге құрғамайтын қақ тұрып,
Кеткем ұлы сезімді у жыланға шақтырып.
Адамдарға аңқылдап сыр ашуға қорқамын,
Ақ жанымды балшыққа кететіндей лақтырып.
Ұмытылмас өмірде қимас тәтті шақтардай,
Арман болып алыста қалдың бүгін ақмаңдай.
Саған жазған жырларды қолға алуға қорқамын
Жүрегімді әр жолы тепкіге алып жатқандай...
Х Х Х
“Махаббаттан басқа ештеңе жазбайсың” - деп
Сөкті мені бір ақын -
Жоқ па басқа бір тақырып жыр қылуға тұратын?
Жазбас ем-ау, құлып салып жауып тастар едім-ау
Зат болса егер ол шіркінің сандығыма сиятын.
Көріп жүрмін ақ тілекті, пәк жүректі жандарды,
Әсем түнді, шат жүздерді , алтын арай таңдарды.
Кешіріңдер, жаза алмадым ойда жүрген сан жайды,
Көлеңкедей сол бір елес қыр соңымнан қалмайды.
Көріп жүрмін адамдарды, бірін жүрмін ұнатып,
Енді бірі қиын кезде кеткен мені құлатып.
Мен ғашықпын,
Ақ жаныммен кешіремін бәрін де,
Жабырқаса жүремін мен жауымды да жұбатып.
Көріп жүрмін,
Бұл ойыма қосылмассың, сен, мейлің,
Сәбилікпен адамдардан қатыгездік көрмеймін.
Қандай қатты жан болса да бала болып елжірей
Сүйіп көрген жоқ дегенге сенбеймін мен, сенбеймін!
Ей, адамдар, жаз көңілге, жақсылыққа құштармын,
Мен аңсаған мекеніне жете алмаған құстаймын.
Қанатыма махаббаттың оғы тиген, сындырған,
Жаралымын, түсініңдер – сондықтан да ұшпаймын!
Мен ғашықпын! Қаталдыққа махаббатты емші етем,
Бақыт тілеп сол мергенге ақ жанымды көрші етем.
Маған арнап оғын жонған адамдарға мен бүгін
Жыр оқимын –
Қан-қан болған қанатымды көрсетем.
Махаббатты ту ғып ұстап төбеме
Асау жастық тұлпарыммен келем мен.
Жол бер маған, буырқанған теңіздер,
Асқар таулар, қарсы алыңдар өлеңмен.
Ешбір бөгет тұра алмайды алдыма,
Алам барып аспандағы айды да.
Аппақ таңдар, арманыммен қауыштыр,
Қара түндер, күрсініңдер қайғыма.
Жалғыз жортқан жапанда батыр да емен,
Жылап тұрса жауды да жақын көрем.
Бозторғай, шексіз-шетсіз сағынышымды
Бірге жырла қосылып ақынменен.
Мылтығым да жоқ менің, қылыштарым,
Қанжар емес, қолыма гүл ұстадым.
Ақ ниетті адамдар – тілеулесім,
Жердегі бар ғашықтар туысқаным.
Сағынышым, сағым боп тұра бергін,
Жетем бір күн шетінде қия белдің.
Жүйткі, жүйткі, жасқанба Батыраштан
Жаңа ғана бусанған Құлагерім.
Өлең жазсам жаза алмаймын махаббаттан басқаны,
Толқытпайды мені, достар, басқа өмір аспаны.
Мен ғашықпын, от сезімнен шалқып кетсем кей-кейде,
Мұңдарынан өлеңімнің тамып тұрад жастары.
Тебіренем, достарым-ау, сүйгенім деп әр күні,
Мұңайтады мені үмітсіз махаббаттың тағдыры.
Мейлі, қанша мұңайтса да бақыт тілер сыртынан
Қандай жақсы дүниеде сол бір жанның барлығы.
Көп уақыт өтті-ау, көрмедім сені,
Өтіпті-ау жылжып қаншама айлар.
Жазады дейтін қайда уақыт емі,
Мені әлі күнге қинайды ойлар.
Болып та жатыр сан қызық тойлар,
Өмір де өтіп барады, құрбым.
Мен жүрмін әлі аяқтай алмай
Баяғы сол бір жаралы жырды.
Бақытын тағдыр қимаса маған
Бұл үшін сені кінәлап қайтем?
Бірде үміт, бірде ұйтқыған боран,
Гүл өмір маған сол үшін көркем.
Сен деп тұңғыш жас жүрегім тулаған,
Жас жанымның жалқын отын өзіңе алғаш сыйлағам.
Тұңғыш сезгем тәттілігін өмірдің,
Ғашық болғам, мас болғамын,
Кең дүниеге сыймағам.
Тұңғыш рет қолыма қалам алып
Ақ сезімді, пәк сезімді жырлағам.
Мен өзіңді басқа түгіл, сәулешім,
Қасыңдағы көлеңкеңе қимағам.
Өмірде бір өзіңді сүйіп келем,
Сағынып-сарғаюмен,
Үмітпенен.
Кей сәттер шалқып кетсем, сүйіктім-ау,
Кей түндер арпалысам күдікпенен.
Арпалысып қинаған күдікпенен
Басымды имей, білдіртпей жүріп келем.
Жанды тырнап жатса да қара мысық
Кездескенде жаныңа күліп келем.
Кездескенде жаныңа күліп келем,
Бара жатқын, мейлі, өзге жігітпенен.
Сол сәттерде мен саған күліп емес,
Алабұртқан жүректі тіліп келем.
Тұрса дағы от болып күйіп денем,
Тесілемін соңыңнан үмітпенен.
Күлкілі боп көрінер,
Кінәлама,
Жас өмірді осылай сүріп келем.
*** Мойындаймын, Несіне жасырамын - Келеді сені ғана аялағым. Сенсіз құла түз болды сая бағым. Тек мені аямағын, Өтінемін, Соңымнан тек мүсіркей қарамағын. Онсыз да бұлқан-талқан көңілімнің Дауылдатып қайтесің жағалауын.
Сүйе алмасаң
Жүре бер сен алаңсыз өз жолыңмен,
Бейхабар боп өртенген кездерімнен.
Жылын да өзге күннен,
Ұмыт мені,
Қинамағын мүсіркеу сөздеріңмен.
Аянышты көтере алмаймын мен
Тәлкегіне тағдырдың төзгеніммен.
Аямағын,
Өтінем, аямағын,
Тырнама, онсыз да ауыр жараларым.
Сүйген жүрек сорлы болып көрінсе
Несіне аянамын?
Қайрай берме, егер де қайрай берсең
Қанжар болып кеудеңе қадаламын!
*** Келтіре алмай көңілдің құлақ күйін Кеткендеймін құрдымға құлап, күнім. Көңілімді ешнәрсе толқытпайды, Бос қалған бір иесіз үй сияқтымын.
Толқытпайтын сияқты жырақтығың,
Сезім емес, көзімде сұрақ бүгін.
Сүйе алмаған жаныңды көп қинадым,
Кінәлімін алдыңда,
Ұяттымын.
Кнәлімін,
Ақталам қалай ғана,
Жаныңа да салдым-ау талай жара.
Аспаныңа ұшырам, қоңыр қазым,
Қарайлама артыңа, қарайлама.
Таңың атып менсіз де, күнің шығар,
Жауып өтті көңілге бірінші қар.
Ақ қар басқан даладан үлбіреген
Қызғалдақты табуың қиын шығар.
Күншуақпен құбылған тамшыдайын
Бір шарықтап көгіңде алшы, жаным.
Мен қорғаштай алмаймын енді сені
Тырнағынан қандыкөз қаршығаның.
*** Сағындым сені, Сағындым сол бір кездерді, Өзіңе деген өкпем де бүгін өзгерді. Қайтадан бүгін еске алдым, еркем, сені мен, Іздедім маған сонша ыстық әсем көздерді.
Қай жерде жүрсің, қымбаттым менің, бұл күнде,
Бар ма екен сырлы сағыныш әсем күлкіңде?
Қалды ма әлде бәрі де сол бір қалпында,
Бітті ме бәрі жалт еткен түстей бір түнмен?
Аққудай жүзген көгілдір тынық айдында
Тұрасың әсем қалпыңмен ылғи алдымда.
Бір кезде маған көңілің толмай кетіп ең,
Басқамен бүгін бақытты бола алдың ба?!
Бақытты болшы қай жерде, кіммен жүрсең де,
Ренжіген жоқпын басқаны, мейлі, сүйсең де.
Жетеді маған осынау жердің бетінде
Бақытқа толы жүрегің барын білсем.
Алғашқы рет құшағымда тұрсың сен,
Аспан құлап кететіндей күрсінсем.
Қайғым менің, қасыма да қимайтын
Түсіне алмай жүрмін әлі, кімсің сен!?
Аймаладым арманым деп, күнім деп,
Амалым не, селт етпедің біріне.
Мен бақытты болмас па едім, дүние,
Жалғыз рет жалт қарасаң күлімдеп.
Бақытты боп көрсем деп ем кемді күн,
Қара тас боп кеткендейсің сен бүгін.
Еркімменен құшып-сүйіп тұрсам да
Әурешілік екен менің ендігім.
Қош бол деп те айта алмадым, қиналдым,
Не қалды енді, немді сонша қимаймын?
Қош бол, қалқам, ескерткішке мен саған
Қан саулаған жүрегімді сыйлаймын.
Менің жалғыз жүрегім бар жырымда,
Сырым да осы,
Қуанышым,
Мұңым да.
Жырымды сен құлым деме тек қана,
Аяғыма жығылғын деп бұйырма.
Ақ таң келсе ақ дидары күлімдеп,
Бақыт тұнса жанарыңа дірілдеп.
Жүрегімді онда менің отқа өрте,
Мұңайтпасын сені мұңлы жырым кеп.
Қайғы келсе қара жамыл, күйін деп,
Қара жер де кетер болса дірілдеп.
Жүрегімді онда да отқа бұрын сал,
Сен үшін ол жанып кетсін дүрілдеп.
*** Сүйгенің басқа еді, Өзге жанның Көрдім мен құшағынан бүгін сені. О, жүрек, түңілші енді!
Көшедегі кездескен көк аттыға
Айырбастап кетті ғой күнің сені.
Алабұртып қайтадан жоқтамашы,
Сүйкімді ол, сұлу ол –
Жоқ таласым,
Жоқ және бақталасым.
- Сүйесің бе? - деп едім сол жігітке
Күліп жауап берді ол: “оттамашы!”
Бірі келіп - құшақтап сүйдім, - дейді,
- Көнбеп еді, аямай ұрдым, - дейді,
- Жылады, күлдім - дейді.
Қорғай алмай қимасын қайран кеуде
Иесіз үйдей әр сөзден дүңгірлейді.
Қаласаң сені мүлде танымайын,
Танымайын,
Тағдырға бағынайын,
Соншалық сағынайын.
Биік едің, өр едің, тәкаппар ең,
Оралшы сол кезіңе тағы да, айым.
Өтінемін, сыртыңнан күйінбейін,
Сен бақытқа бөленсең күлімдейін,
Қол жетпес күнім дейін.
Биік ұстап басыңды жүрші, қалқам,
Маған сонша батады сүрінгенің.
*** Тәкаппар едің, жаным сен, Сол қалпың әлі, Иіліп мен де бармадым. “Ұмыттым” - дедім, “Жылыттым” - дедім өзгені, Өзімді-өзім алдадым.
Өлең де жаздым. Кімдерге керек ол өлең?
Өзіңе оқи алмадым.
Күйінген кезім көп болды мұңның
Көтере алмай салмағын.
Жасырмай айтшы, ардағым,
Кеттің бе мүлде ұмытып мынау өмірде
Өзіңді құлай ес-түссіз сүйген жан барын?
Күшпенен тежеп жүрмін мен асау сезімнің
Бұрқанған дүлей дауылын.
Ағыл да тегіл ағылар көздің жасындай
Селдетіп өтер жауынын.
Мейлі ғой, қайта оралмас мынау өмірден
Сен күліп өтші, қалдыр да маған ауырын.
Есімде менің сол бір түн,
Қалыпты мәңгі жатталып.
Сол түні саған, сүйіктім,
Сырымды айттым ақтарып.
Отырдың үнсіз.
Тыныштық,
Мүлгіді түн де маужырап.
Махаббат әнін жыр қылып,
Сайрайды бұлбұл жалғыз-ақ.
Үзілер тәтті үміттей,
Жапырақ тұрды дірілдеп.
Тербеліп бұтақ желменен,
Ай нұрын төкті күлімдеп.
Сол түні саған, сүйіктім,
Сүйем деп алғаш айтыппын.
Үзіліп барлық үмітім,
Мұңайып үйге қайтыппын.
Осындай талай түндерді
Өткіздім мен де біреумен.
Аймалап тұрып мен оны
Сені ойлап жүрдім жүдеумен.
Сен жоқсың, түндер көңілсіз
Ай нұрын әсем төкпейді.
Шаттыққа мені бөлеуге
Бал күлкің ғана жетпейді.
Тыншытпай-ақ қойғын мені,
Жұбатпағын ей, өмір!
Бұл қайғымның болмайды емі,
Толмайды енді бос көңіл.
Айтпаймын мен саған енді
“Сүйемін” деп ешқашан.
Сүйген жүрек көнді, мейлі,
Еркің қайда тастасаң.
Маған арман асау бақыт
Құшағына сені алсын.
Жыр өзегі болған шаттық
Саған мәңгі оралсын.
Жаңғыртпайын мен де өткенді
Есіңе алғың келмесе.
Отқа салам кей беттерді
Өлең маған көнбесе.
Көктемнің бір самал желі
Шарпып өтсе денемді
Шалқымайды өлең жолы,
Толқытпайды сені енді.
Неге жүрек лүпілдейсің, нені іздеп,
Неге оны еске аласың елжіреп?
Сен аңсаған аяулы жан, қатал жан
Кетпеп пе еді сені аямай тілгілеп?
Неге оны аңсайсың сен тағы да,
Қатал жанды жара салған жаныма.
Іздей бер, еркелей бер, өртене бер,
Сайрамапты ол бұлбұл болып бағымда.
Сайрамайды ол бұлбұл болып бағымда,
Соқсаң да сен лүпіл қағып жалына.
Іздесең де алып-ұшып сен оны,
Тоссаң дағы елжіреумен сағына.
*** Оқыдым қайта тағы да сол бір хатты алып Қалса да әрбір сөзіне дейін жатталып. Амал не, жаным, сүйіпсің басқа біреуді, Қинайсың енді өзіңді неге ақталып?
Кетсе де қимас бақытым сенің қолыңда,
Тұрамын қалай кедергі болып жолыңда?
Қайтейін ренжіп, тіледім бақыт мен саған
Кетсе де арман айналып сиқыр сағымға.
Ақталма бекер, өзіңе ешбір өкпем жоқ,
Құлпыра бергін, сәулешім, сұлу көктем боп.
Жылатса тағдыр жүрейін әркез жұбанып
Бақыттың биік шыңына сені жеткен деп!
*** Айтылмай кетті кеудемде талай сырларым, Көгімде, жаным, жұлдызым болып тұрмадың. Күнімдей көріп көктемім деген, аяулым,
Күтумен сені өтіпті-ау талай жылдарым.
Күлімдеп бейнең тұрғандай болып алдымда
Көз ілмей ұзақ атырдым талай таңды да.
Жүрсің сен қазір басқаның көгін жарық қып,
Мен үшін алыс арман боп қана қалдың да.
Атыңды сенің тауға да жаздым, тасқа да,
Сырымды айттым сыбырлап желге жасқана.
Сүйіп ем сені, арманым едің сен менің,
Шынымен, жаным, кеттің бе мәңгі басқаға?!
ГҮЛІМ, САҒАН КЕЛЕДІ СЫР АҚТАРҒЫМ
Гүлім, саған келеді сыр ақтарғым,
Қуантармын, білмеймін, мұңайтармын.
Кешіре алсаң кешкейсің, күнім менің,
Енді төзсем жынданар сияқтандым.
Бір жауабын берейін маған деген
Көңіліңде жүрген көп сұрақтардың.
Сен үшін түсініксіз жан шығармын,
Өшірген әдейі үрлеп шамшырағын.
Өзімді түсіндірер өлең ғана
Сыйым бұл - ақ жаныңмен алшы, жаным.
Бұлт едім мен,
Еріксіз тамып кеткен
Бұл менің ауыр, мөлдір тамшыларым.
Сүйгем мен!
Несіне оны қайталаймын,
Мен айтқам, айтар таулар, айтар айдын.
Жеріне жете алмаған жолаушымын,
Қайтадан ауылыма қайта алмаймын.
Өкпем де болған, оны несіне айтам,
Несіне өзегіңді балталаймын?
Сезімімді ешкімнен жасырмағам,
Ақын етті асқар тау, жасыл далам.
Өлеңіммен қызғалдақ ұсынып ем,
Қайтардың таудың қара тасын маған.
Мен сонда тулағанмын, тасығанмын,
Мен содан әлі күнге басылмағам.
Гүлім, саған келеді сыр ақтарғым,
Кінәлама, мен бүгін құлап қалдым.
Шаттығыңды бөлісе алмаймын мен,
Жылар болсаң қайғыдан жұбатпаймын.
Құлатқан жоқ әлі де қатал тағдыр
Жел тербеген жанымның құрақтарын.
Мен сүйсем құлай сүйем бар жаныммен,
Адаммын шындығыммен, жалғаныммен.
Адамдықты түсінем ақ көңіл деп,
Биіктерді өлшеймін арманыммен.
Түндерімде жыр жазғам ақын болып,
Бала болғам бейкүнә таңдарыммен.
Сәби ем зұлымдықпен ауырмаған,
Бәрі дос, бар адамдар бауыр маған.
Бәрін де құшағыма алғым келген,
Сырласым еді мынау сайын далам.
Аңқылдап жүргенімді кей адамдар
Күлкі еткен.
Сонда алғаш ауырлағам.
Мінезім бар кей сәттер дауылдаған,
(Ол мінезден әлі де арылмағам).
Тәніме де тиген ол таяқ болып,
Жарға соққан екпінім арындаған.
Сонда жалғыз қалғандай сезінгенмін,
Сонда сен керек едің, жаным, маған.
Сонда мен ойлағанмын қатал болам,
Тек сені ренжітуге бата алмағам.
Бар еді қолтығымда қара мылтық,
Аққуды қолым барып ата алмағам.
Сол түні басқаны атып ауызданғам,
Сол түні төсегімде жата алмағам.
Содан мен тұйықталғам, тұйықталғам,
Тасый алмай кеудеме тұныпты арман.
Сандық болып содан мен қала бергем
Мәңгілікке ауызы құлыпталған.
Ішімнен тынып үнсіз жүре бергем
Заттай бір ескі жұртта ұмыт қалған.
Содан мен есерлікті бастағанмын,
Ішім бөлек,
Сыртымда басқа жанмын.
Өлеңді де сол кезде өкпелеткем,
Тұншықтырып сезімді тастағанмын.
Өкінгеннен не пайда өткен іске,
Ес білмейтін сол кезде мас болармын.
Сен едің бір-ақ мұңым, бір-ақ қайғым,
Бұл күнде суы азайған бұлақтаймын.
Кешіп өт бақытыңа барар жолда,
Сәулешім, сені ешқашан құлатпаймын.
Шөлдесең сусын болам,
Іздемесең
Бір күні шөлге сіңіп тұрақтаймын.
Түсініксіз жан болып көрінермін,
Ақымақ де, ақын де мені, мейлің.
Жасын оты жанымды тіліп жатыр,
Нөсер болып бір күні төгілермін.
Күркіреген көктемнің аспанынан
Төгілермін, тамшы боп сөгілер мұң.
*** Үнсіз тыңдап тұрмын сені, Не дейін? Бітелгендей ыстық жаспен көмейім.
Қоштастым мен, жүзіп барад дүние,
Қош, сүйіктім, болсын сенің дегенің!
Мас адамдай тәлтіректеп барамын,
Тоқта! – дейді бұлдырап қос жанарың.
Күміс күлкің сыңғыр қағып шақырад,
Тартады артқа түннің ерке самалы.
Жүріп келем, көре алмаймын алдымды,
Кім бар менің түсіне алар қайғымды?!
Көңілімде тек қара түн қалғандай
Бейне біреу алып кетіп ай-күнді.
Тұрдым үнсіз қозғала алмай алдыңда мен дірілдеп,
Сан қайталап кетпей сәл-сәл тұра тұршы, күнім, деп.
Енді бұл сәт оралмасын сезді ме екен ет жүрек,
Қия алмадым сол бір көзді тұрған әсем күлімдеп.
Қандай әсем ай нұрымен шағылысқан ақ маңдай,
Балбыраған алқызыл жүз еріп бара жатқандай.
Ей, қара түн,
Бақытымды алып қашқан самал жел,
Бөлісіңдер бір қайғымды,
Бір-ақ сәтке тоқтаңдар!
Тілемеймін тыныштықты, шатырласын найзағай,
Неге үнсіз тұр мынау аспан отын шашып ойнамай?
Арман еткен алтын құсым кетіп қалды жанымнан
Мені қазір қандай отта қалдырғанын ойламай.
*** Келе ме мұңайғанмен өткен күнім, Ол күндер жасыл желек төккен гүлін. Тек қымбат күндерімнің белгісіндей Қадірлеп суретіңді сақтап жүрмін.
Кей кездер көңіл шалқып төгілгенде,
Ой шіркін тұңғиыққа көмілгенде.
Оңаша отырамын қолыма алып
Кездесіп қалғандай боп өзіңмен де.
Сөзім жоқ, саған деген сезім анық,
Үн-түнсіз отырамын мың толғанып.
Сағыныш сырлы сазын шертетіндей,
Кеудемде от сезімдер ойнақ салып.
КҮЛІП ТҰРСЫҢ СУРЕТТЕ
Ойламай-ақ қояйын, күдік құрсын,
Күліп тұрсың суреттен, күліп тұрсың.
Қозғамайын, бөлмемде шуақ ойнап,
Үзілмеген бір нәзік үміт тұрсын.
Мұңымды ұмыттырсын,
Қозғамайын,
Көкірегім күлкіңмен жылып тұрсын.
Күліп тұрсың суреттен, күліп тұрсың,
Күн шуағын бөлмеме жыйып тұрсың.
Менің дарқан көкірегіме симап ең,
Бір жапырақ қағазға сыйып тұрсың.
Сен данасың, осынау шат күлкіңді
Жазғыра алмасымды біліп тұрсың.
................................................................
Мұңаймасаң болды, құрбым, қайғыдан,
Мен емеспін қалың мұңға алдырар.
Күліп жүре берші, жаным, алдыңда
Асулар бар қанатыңды талдырар,
Адамдар бар көңіліңді таң қылар,
Адамдар бар жүрегіңді қан қылар.
Мұңайтады келсе өмір мұңайтқысы,
Сен мұңаймай өмірде жүр, ақ құсым.
Бақыт та бір өткінші жаңбыр сынды,
Сағыныш қой сезімнің тұрақтысы.
Мұңайып қалсам сені еске аламын
Сен әркез күліп жүрген сияқтысың!
Мен бүгін күлуден бір шаршамадым,
Жайраңдап сен де отырдың, аңсағаным.
Сан күнгі сағыныштың өтеуіндей
Бақыттың бөліп іштік бал шарабын.
Арада өкпе-реніш болмағандай,
Көңілдер де өзге күй толғағандай.
Отырдық біз алаңсыз екеуара
Ортақ бір қуанышты тойлағандай.
Жанарыңнан ақшуақ арай көрдім,
Жадыраттың,
Көңілім қаяулы еді.
Өткенді де ұмытып, өкпемді де
Көз ала алмай жүзіңе қарай бердім.
Тастадым да ысырып шетке мұңды,
Қызықтадым балауса көктемімді.
Кірбің салып қайтейін қабағыңа
Көріп едім селт етпес сәттеріңді.
От ойнатып сезімге күлімдедің,
Құшағыма қысып ем, дірілдедің.
Аспан жерге айналып бара жатты,
Құшағымда сен тұрдың, күнім менің.
Ойлар да жоқ,
Ешқандай сезім де жоқ,
Ұйқым келіп отыр, бәрін ұмыттым.
Алабұртқан баяғы кезім де жоқ,
Салқын тұрып суретіңді жырттым.
Терезеден лақтырдым.
Селт етпедім,
Сенің бейнең желменен ұшып кетті.
Келіп қалған сезімді сөйлетпедім,
Қаламым да қолымнан түсіп кетті.
Құрсын бәрі, тулама, сенгіш жүрек,
Ешнәрсеге егіліп толқымаймын.
Кешір, достар, кесемді тұңғыш рет
Шабытқа емес,
Шарапқа толтырамын.
Көкірегімнен қызыл өрт жүріп өткен,
Қайта оянған көктемгі өртеңдеймін.
Күзгі шөбі көңілдің күйіп кеткен,
От қоя бер,
Мен енді өртенбеймін.
Мен жүрмін сені әлі түсіне алмай,
Ұмытып та кете алмай,
Кішіре алмай.
Кімсің сен, не жазығым бар алдыңда
Соншама кібіртіктеп қысылардай?
Неге қинай бересің, неге мені,
Сен дегенде неге тіл бөгеледі?
Ұмытып-ақ кетер ме ем, көңіл шіркін,
Неге сені ешкімге теңемеді?
Көзді алдаған көгілдір сағымбысың,
Сорымбысың, білмеймін, бағымбысың?
Кім болсаң да өтінем, кете көрме,
Жылатсаң да жаныма жағымдысың...
Ойлаймын, армандаймын күнде сені,
Түсінші, қалай жүрек күймес енді.
Ет жүрек тас емес қой,
Тас болса егер
Елжірей сені осылай сүймес еді.
Сүймес еді ол, еш мұңды білмес еді,
Сені ойлап ол лүпілдеп жүрмес еді.
Қалай сені ұмытам, о дүние,
Күнде үзген гүлдерім күнде өседі.
Жібек болып күтсең мені Төлеген боп барар ем,
Сұр жебеден мерт болғанша асығар ем, ағар ем.
Баян болып көз алдымнан кетер болсаң жоғалып,
Іздер едім бар әлемнен, әйтеуір бір табар ем.
Азабыңнан, тозағыңнан қорқатын да жан емен,
Теңіз болсаң толқыныңда өкінбей-ақ қалар ем.
Сен қуансаң көмейіңнен күлкің болып төгіліп,
Жабырқасаң көкірегіңе жасың болып тамар ем.
Арманым ең, саған арман бола алмадым мен бірақ,
Үміт үзіп қайран жүрек қала берді қан жылап.
Бұлқынса да, жұлқынса да жете алмасын білген соң
Ұйықтап кетті ол қанжар тісті қайғыдан да қалжырап.
Кінәлама, біржолата ат құйрығын кестің деп,
Жылдар бойы жалындамай бір жалт етіп өштің деп.
Жолығудан тайсақтасам жек көргені деп қалма,
Мендей сені сүйе алмайды ешкім де.
Қоштасарда қойма маған ауыр тиер сұрақты,
Ренжігем жоқ, саған деген көңіл әлі тұрақты.
Тек ешқашан бишара да бола алмаймын мен саған,
Қодар бола алмағаным сияқты.
Есімде менің сол бір түн,
Қалыпты мәңгі жатталып.
Сол түні, саған, сүйіктім,
Сырымды айттым ақтарып.
Отырдың үнсіз. Тыныштық,
Мүлгіді түн де маужырап.
Махаббат әнін жыр қылып
Сайрайды бұлбұл жалғыз-ақ.
Үзілер тәтті үміттей,
Жапырақ тұрды дірілдеп.
Тербеліп бұтақ желменен
Ай нұрын төкті күлімдеп.
Сол түні саған, сүйіктім,
Сүйем деп алғаш айтыппын.
Үзіліп барлық үмітім,
Мұңайып үйге қайтыппын.
Осындай талай түндерді
Өткіздім мен де біреумен.
Аймалап тұрып мен оны
Сені ойлап жүрдім жүдеумен.
Сен жоқсың, түндер көңілсіз
Ай нұрын әсем төкпейді.
Шаттыққа мені бөлеуге
Бал күлкің ғана жетпейді.
*** Сені мәңгі ұмытам деп өз-өзіме сөз бердім, Сөз бердім де өзім білмей қаншама рет өзгердім.
Қолдан жасап алған талай қаттылық
Еріп жатты аясында күлімдеген көздердің.
Ашуменен суретіңді жыртып тастап, қымбаттым,
Кейін соны басқалардың альбомынан ұрлаппын.
Ұмыттым деп жүрсем де әркез өзгеге,
Ұмытылмас бақытымды өлең қылып жырлаппын.
*** Жұбатпай-ақ қойғын мені, Толқытпағын, ей, өмір! Бұл қайғымның болмайды емі, Толмайды енді бос көңіл.
Айтпаймын мен саған енді
Сүйемін деп ешқашан.
Сүйген жүрек көнді, мейлі,
Еркің қайда тастасаң.
Маған арман асау бақыт,
Құшағына сені алсын.
Жыр өзегі болған шаттық
Саған мәңгі оралсын.
Қозғамайын мен де өткенді
Есіңе алғың келмесе.
Отқа салам кей беттерді
Өлең маған көнбесе.
Көктемнің бір самал желі
Шарпып өтсе денемді.
Шалқымайды өлең жолы,
Толқытпайды сені енді!
Кетті енді қайта айналып келмеске
Махаббаттың бал қызықты күндері.
Шат күндерім айналғандай елеске,
Неге үзілді махаббаттың гүлдері?
Өтті қызық күндерім шаттанатын,
Мұңға оранды кеудемдегі бар арман.
Сен таптаған гүлдерін махаббаттың
Мен аялап көз жасыммен суарам.
ІІІ бөлім
“МЕН СЕНІ ӨЛЕҢ ҮШІН ОЙЛАП ТАПТЫМ...”
Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ
ТОЛҒАНЫС
Тұңғиығы тартып түпсіз ойлардың
Бүгін тағы сен туралы толғандым.
Жолаушысы сияқтымыз екеуміз
Ешқашанда тоғыспайтын жолдардың.
Болғанменен арман егіз, жол егіз,
Екі басқа жолмен тартып келеміз.
Айдынында өмір атты мұхиттың
Жолықпайды жүйткіген кемеміз.
Жайнап тұрсын, мейлі, жасыл жаз ғалам,
Жалт етер бір сәт те қысқа,
Азғана!
Өкініш-ай, мынау қысқа тірлікте
Бізге мәңгі бір болуды жазбаған.
Берілмейміз десек тағы бар мұңға,
Көз жетпейді шексіз-шетсіз айдынға.
Мың тәубе етем сонда да мен, біздерді
Кеш те болса кездестірген тағдырға.
Мың тәубе етем – ортақ айдын біздерге,
Ортақ аспан –
Жалықпаймын іздеуге!
Ай менен күн аман тұрса бел будым
Сенен мәңгі үмітімді үзбеуге.
Тірлік деген сойқан алыс-жұлыс-ау,
Жырымменен жылытамын суысаң.
Небір долы дауылдарды сен жаққа
Шамам жетсе жібермеуге тырысам.
Туса тусын басқа небір дүлей күн,
Алдыменен, жаным, сені сүйеймін.
Қақпақыл қып мені ойнаған толқындар
Сені майда тербегенін тілеймін.
Өмір солай, мейлі, мүлдем жатпенен
Ойна толқын төсінде арман – ақ кемем.
Мұңлы көзді жігітті де еске ап қой
Өмір сүрер тек кейінгі шақпенен...
*** Қанша уақыт болды саған бармадым, Күн өтпейді, Мәнсіз болды таңдарым.
Басқа ешқандай тілек те жоқ бойымда
Сені көру – арманым.
Жаулап алдың менің асқақ жанымды,
Сағындым мен, сені сондай сағындым.
Жанартау ем жатқан көптен булығып
Бұлқан-талқан болып бүгін жарылдым.
Алып көлдің ақтарылған суындай,
Ақ далада асыр салған құйындай.
Алып-ұшып жетем саған,
Жолдағы
Бөгеттердің біріне де бұрылмай.
Айтсын, мейлі ел, аттап кетті ардан деп,
Құлағаны осы биік жардан деп.
Менің мұңшыл жүрегімде жалғыз-ақ
Махаббаттан өзге ештеңе қалған жоқ.
Биіктедім, кеттім әлде еңіске,
Мейлі, үмітім болмаса да жеңісте.
Мен тағдырға бағынбауды ұйғардым
Прометейдей бас имеген Зевске.
Кәрі түсіп жай ойнатқыш құдайдың
Қиналайын,
Құрдымдарға құлайын.
Махаббатым қалса болды жанымда,
Азаптардың барлығына шыдаймын.
Жырым, мұңым – бәрі соның төлеуі,
Қандай бақыт – сені тағы көремін!
Ақ жаңбыр боп жетем дағы жүзіңе
Ақ жанымның сағынышын төгемін.
Қуанышты қолдан жасау қиын ба?
Мұңайма да көз жасыңа жуынба.
Айналаның бәрін бір сәт ұмытып
Үнсіз қалғын құшағыма тығыл да.
Анау да мұң, ойлай берсең, мынау да,
Себеп те көп күрсінуге,
Жылауға.
Көктемеде күліп тұрған көк терек
Күз келгенде оранады қырауға.
Кедергілер тұрған шығар алда сан,
Тағдырмен де тек сол үшін дауласам.
Келер күннің не жазғанын көрерміз,
Құшағыма тығыл, күнім, жаурасаң.
Шаршамайтын шат қылықтым,
Күйрегім,
Үнсіз қалғын, мұңайма да күлмегін.
Тапжылмайтын Темірқазық жұлдыздай
Қашан болсын сеніменен біргемін.
Сенің өмір аспаныңның көгінде
Кетсе дағы барлық жұлдыз көрінбей.
Жолыңды әлсіз шуағыммен жарық қып
Түндер бойы тұра берем ерінбей.
Ал күндіз бе?
Орнымдамын күндіз де,
(Күліп жүрсең барлығымды білгізбен).
Ақ жүзіңе тұрам үнсіз табынып
Алтын күннің арайына сүйгізген...
Жүрегімнен жайып салған жай мұным,
Жат емес қой маған да әсем жайлы күн.
Ризамын тек анда-санда еске алсаң
Сол шоғырда тілектес жан барлығын.
Бақыт қашан қонады деп басыма
Төзіміңді тауыспа да жасыма.
Сағыныш боп қалады осы шақтар да,
Жақындашы... жақындашы қасыма.
*** Қолайсыздау қоштастық-ау бүгін де, Қандай ауыр, десем дағы “күйінбе”. Мені бір жан кеп қалар деп алаңдап, Сені бір жан күтіп отыр үйіңде.
Жақын да емес, алыс та емес арамыз,
Бәрін екшеп, шешкен салқын санамыз.
Қазір нағыз данышпанға айналған
Сонау жылғы ессіз жігіт,
Бала қыз.
Алаңдатып күйбең тірлік, от басы,
Дегенді де айта алмаймыз “тоқташы”.
Өмір қатаң ережеге бағынған
Қиын шатраш ойынының тақтасы.
Алысқа ұзап кете алмаймыз жағадан,
Сырыңды да сезбеу керек жан адам.
Адымыңды аттатпайды ілгері
Парыз, ұят дейтін ала бағанаң.
Жүре алмаймыз ережеден тысқары,
Ойға да бір бару қиын ұшқары.
Дәл осылай мұңға бөлеп даланы
Қайтатын-ды қоңыр күздің құстары.
Жалықпаушы ек бір жүрсек те күніге,
Қайтем, қайта бересің де үйіңе.
Өкінішпен қашанда аяқталар
Қамшы сабы секілді бұл дүние.
*** Күйге бөлеп көңілдің күншуағын, Күлші, жаным, еркелеп күлші, жаным. Бар дүниені ұмытып бір-ақ сәтке Толқынына сезімнің тұншығайын, Күлші, жаным, тағы бір күлші, жаным!
Шытпағайсың томсарып қабағыңды,
Жықпаймын мен ешқашан жалауыңды.
Мұң басқанын өмірде тілемеймін
Осы бір мөлдіреген жанарыңды.
Кім біледі күні ертең не боларын,
Ораларын бұл сәттің,
Жоғаларын?..
Күлші, жаным, бақыттан мас боп жатып,
Мас боп шарап – бақыттан оянайын.
Түскендей дауыл тұрған көлге келіп,
Көзім алды барады дөңгеленіп.
Қолыңды бер, бір сәтке ұмыт бәрін,
Құшағында сезімнің тербелейік.
Есте қалсын осы бір керемет күн,
Ақ жаңбыр да ақырын себелеп тұр.
Құшағыңды аш, сәулешім,
Жалыныңа
Күйіп кеткен мен көзсіз көбелекпін.
Айтпа маған не өткенін басыңнан,
Жауын болған... дауыл болған...
Басылған.
Осынау бір албыраған қалпыңда
Сені әрқашан көрсем деймін қасымнан.
Қорғасын бұлт көңіліңді баспасын,
Бөтен ойды былай алып тасташы.
Көрмеймісің, біз беталған көкжиек
Сағымдармен бара жатыр астасып.
Не сыйлайды өкінгенмен өткен күн?
Мен де ұнаттым біреулерді,
Жек көрдім!
Қазір мені шақырмайды думаны
Балалығым қалған сонау бөктердің.
Бұл күн бөтен бала қыз деп, от қыз деп
Күндер талай көз жасымды төккізген.
Содан аман қалған жалғыз жүректі
Мен өзіңе аманат қып өткізгем.
Тыңдадағы сол жүректің дүрсілін
Күндеріңді өткізбеші күрсініп.
Екеуміздің көгімізге жаңадан
Келе жатыр емес пе еді күн шығып.
Беріл маған біржолата берілсең,
Біржолата жерін менен жерінсең.
Бауырымды боршалайды бірдеңе
Сен біреуді сағынған боп көрінсең.
Көтеремін ұнатпасаң, сүймесең,
Кейде жалған жолдаспен де үйлесем.
Тек жартылай жақсы көрме, өтінем,
Мен біржола күл боп түсем күйресем.
Айтпа маған не өткенін басыңнан,
Шаттықтар көп шатынаған,
Шашылған...
Айдыным бол, аңсап жеттім мен саған,
Мәңгіге орын тепсем деймін қасыңнан.
Өткен күннің жоқ ешқандай дерегі,
Бірте-бірте әлсірейді,
Сөнеді.
Бөтен ойды былай алып тасташы,
Ақ күніміз жаңа шығып келеді.
ЖАРҚЫЛДАП ЖҮРСЕМ
Қара аспан сынды шатырлап тұрсам
Өрлігім сенен бастау алғаны.
Мұңға бір табан жақындап тұрсам
Тыныш күнімді тастай алғаным.
Жарқылдап жүрсем жаныңның ыстық
Жалыны мені шарпығаны да.
Бақыттың балдай шарабын іштім
Күлмеші шексіз шалқығаныма.
Күлімдеп мәңгі тұрмайды күн де,
Мұңайып қалсам таң қалма оған да.
Сан түрлі ойлар қинайды бірде,
Қайтер едім мен сен болмағанда.
Шалқып та жүрем, мұңайып қалам,
Сен болсаң бәрін жеңетіндеймін.
Бейнеңді тылсым сыр айықпаған
Ұйықтап жатып та көретіндеймін.
Оңаша қалып ойға берілсем
Аяулы бейнең мұнартып тұрады.
Сен жайлы сырлы жолдар өрілсе
Жүрегім тәтті жыр айтып тұрады.
Естілмей кетсе хабарым көптен
Бар есін сенде қалдырды деп біл.
Құдайшыл жандай жанарын көкке
Тәубе етіп күнде талдырды деп біл.
Тым-тымық кеште жұлқыр сезімді
Байқап бір қалсаң қырлардан сағым.
Ол, жаным, саған ынтық көңілдің
Жете алмай қатты қиналған шағы.
Жеткізіп саған айта да алмаспын
Іңкәр жүректің талпыныстарын.
Мен бүгін, жаным, қайтадан аштым
Бүкіләлемдік тартылыс заңын.
Ғаламат бұл заң есімді алды,
Мұндай-ау деп еш ойлаған емен.
Түсіндім неге өзіңді жалғыз
Күнім-ау, шексіз айнала бергем.
Айнала бергем, айнала берем,
Білемін мәңгі талмайтынымды.
Куәсі саған арнаған өлең –
Біл ұмыта алмайтынымды!
ТЫНЫШТЫҒЫҢМЕН ҚОШТАСҚЫН
Жаныңнан мөлдір сыр ұқтым,
Өртендім,
тағы от бастым.
Ал енді ерке, тұнық қыз,
Тыныштығыңмен қоштасқын.
Көтергін, жаным, еңсені,
Тыншитын бүгін шақ па екен?
Арғымақпенен мен сені
Ақ сағым жаққа ап кетем.
Кеткендей жайнап қырқа да,
Өзім де қайта көркейдім.
Ақ нөсер құйып тұрса да
От сезіміммен өртеймін.
Көресің мүмкін емесін
Бұл оттан аман қалуың.
Жарық қып көктің төбесін
Қажет бір лаулап жануың.
Күле алмас ешкім кекетіп,
Құттықтар бізді құба таң.
Бақыттан алыс әкетіп,
Бақыттан сені жылатам.
Жаулап ап жырым жаныңды,
Беймаза болар кештерің.
Дауыл боп тыныш шағыңның
Шығарам астан-кестеңін.
Ұсынып шарбат көзесін
Тербеймін сені ақырын.
Қуатын сонда сезесің
Ақынның махаббатының!
ҚОШТАСУ МОНОЛОГЫ
Жалған сезім бе екен, әлде, жасықтық,
Кездесе сап қоштасуға асықтық.
Арбауында қала бердік ақылдың,
Бәрін жеңіп шыға алмады ғашықтық.
Үлгермедік өртеніп те, жанып та,
Құйылдық кеп баяғы бір қалыпқа.
Сылдырлаған бір мұң қалды кеудеде
Сарқын судай сылдыраған арықта.
Жол шекпедік болашаққа бірігіп,
Жалғастырып тұра алмады құр үміт.
Жұлдыз - бақыт жалт етті де жоқ болды
Көк жүзінде тұрған әрең ілініп.
Енді шаттық күте алмасақ ақ таңнан
Не шығады кінәліні тапқаннан?
Шат күндермен неге ерте қоштастық,
Неге қаштық балдай тәтті шақтардан?
Ащы мұңның аралында қалдырған
Не сұраймыз енді қатал тағдырдан?
Сағынышпен сары белден оралсам
Алабұртып сен шықпайсың алдымнан.
Біліп тұрып қоштасудың қиынын
Мен қайте алам –
Тілек айттың қиылып.
Қош бол, күнім, бақ-талайы бес елі
Қандай жанға тұр екенсің бұйырып?
Жабырқама көз жасына жуынып,
Өмірден де керегі жоқ суынып.
Қоштасарда өтінейік кешірім
Махаббаттың аяғына жығылып.
СЕНІҢ ТУҒАН КҮНІҢДЕ
Жанарымнан шыңғырған сағынышты оқыр кім,
Сенің туған күніңді жалғыз тойлап отырдым.
- Өлең оқы! Ой, пәлі...
- Ішпедің ғой...
- Құй! – демей,
Шарап толы кесені алып қойдым үндемей.
Тост көтердім оңаша жауып алып бөлмені,
Мұңайғым да келмеді,
Қуанғым да келмеді...
Аман болшы аяулы ақ бақытым жердегі,
Жете алмадым жүйріктей талқан қылып кермені.
Жат қолында қалғандай жетімсіреп біртүрлі
Құмырада өзіңе сыйланбаған гүл тұрды.
Ессіз бала ғашықтай тауысқан бар тағатын
Тереземе телміріп тұрып алды қара түн.
Өкіне де алмассың қолым жетпей қалды деп,
Көкірегім өртенді,
Не айта аласың, ал, жүрек?!
Парыз, арды тағы да тартасың ба көлденең,
Не деп жауап беремін көңіліме шөлдеген?
Көз алдымда нұр бейнең, ойдан кетпей есімің,
Сандалдым-ау таба алмай сансыз сұрақ шешімін.
Арман болған асуға жеткендеймін кешігіп,
Жынданамын жердегі бар жігітке өшігіп.
Кешір, кешір, сүйіктім, сезімім ғой ол дағы,
Сенің туған күніңді жалғыз өзім тойладым.
Тағдырға да бағындым, өзіңді де сағындым,
Шыңғырғанын сездің бе менің шерлі жанымның?
Сынағандай төзімді, тауысып бар тағатты,
Бір уақытта сарғайып барып әбден таң атты.
- Өмір жақсы, бауырым, - дегендей-ақ, - жасыма,
Шарап уы жайылып бара жатты басыма.
ІҮ бөлім
Жүз қызға ғашық болдым мен.
Расул ҒАМЗАТОВ
АҚЫН СЕЗІМІ
Мен жүз қызға ғашық болған шығармын…
Төлеген Айбергенов
Бал сезімдер бүршік жарған бөктердің
Баурайында мен де талай боп көрдім.
Ғажабы көп, тозағы көп сан түрлі
Сезімдердің бәрін бастан өткердім.
Мәпелеумен сезім атты шынарды,
Мәз боп талай қуандым да қуардым.
Көңіліме алғаш көктем орнатқан
Бір қыз мені ақын қылып шығарды.
Бір қыз маған балдай бақыт сыйлады,
Бір қыз мені ғұмыр бойы қинады.
Болашаққа жеткізеді деп сенген
Кемем талай быт-шыт болып қирады.
Көңілімнің солды қанша құрағы,
Соншама рет сөнді сенім шырағы.
Содан ба екен, Қозыдан да бақытсыз
Қодарға ылғи жаным ашып тұрады.
Бақ құсына қолы жетпей қалған көп,
Содан да өмір көрінеді жалған боп.
Қыз Жібектей ару күткен жолында
Төлегенде шынында да арман жоқ.
Көңіл қошта, бас-аяғың аманда,
Қонған бақты бағаламау жаман да.
Сонау шақта,
Жастықтың от күнінде
Бір қыз ғашық болып еді маған да.
Кім тапсырған бестікке өмір сынақты,
Мені де ұстаз – уақыт сыннан құлатты.
Есер жанды ессіз сүйген сол ару
Әлі күнге жылап жүрген сияқты.
Қарай алман сұлуларға сыздана,
Құмар болдым бір күн көрген қызға да.
Қиығын да салмай өткен көзінің
Күлімкөзге өлең жаздым қызғана.
Мен өмірдің қай бір сырын ұғыппын,
Жолықты ғой сан сұлулар қылықты.
Өте шықты бәрі ізін қалдырып
Жүрегіне тұнжыр көзді жігіттің.
Ұяңдаумын,
Әлде мүлдем жасықпын,
Айта алмадым жан сырымды ашып тым.
Алтын таңның арайындай ақ қыздар,
Мен сендерге әлі күнге ғашықпын!
Дегеніне көне бермес ақылдың
Өлеңімде жатыр шаттық, жатыр мұң.
Сезім өлген шақта өлең өледі,
Өмірге ол ғашықтығы ақынның.
СЕН ЕМЕССІҢ
Сендей сүйіп көрмесе де әлі күнге мені ешкім,
Кеш, асыл жан, шыға алмадым құшағынан елестің.
Кейде ұқсап кетесің сен алыс қалған сол жанға,
Амал қанша, о, өкініш, сен бірақ ол емессің.
Кешір, құрбым, өмір біздің жолымызды қоспады,
Сен емессің сорлы жүрек солқылдаумен тосқаны.
Сен еркелеп ақ жаныңмен асылғанда мойныма
Қиялыммен қысып тұрдым құшағыма басқаны.
Сол сәттерде сен бақытты санадың-ау өзіңді,
Қалай бұзам сенің тәтті, сондай шатты кезіңді?!
Кісі өлтірген қарақшыдай сезбесін деп сырымды
Сен қарасаң дереу төмен түсіремін көзімді.
Жалған жалын жылытар ма, қоштасармыз біздер де,
Өте берер өз әнімен көктем, сұрғылт күздер де.
Жылдар өтер, сарғаюмен, сағынышпен қиналған
Көңіл шіркін бірте-бірте ол да үміт үзбей ме?
Сонда сен де иесіз үйдей құлазып бір жас жаның
Тұрасың ғой мұңаюмен құшағында басқаның.
Сонда сен де үнсіз төмен түсіресің көзіңді,
Көрмесін деп басқа біреу көзіңде ащы жас барын.
Зырлайды уақыт білінбей
Түскендей оймен жарысқа.
Жастықтың әсем күніндей
Мен кетем сенен алысқа.
Жолдардың шексіз тармағы
Бөледі мәңгі біздерді.
Өтеді менсіз тойларың,
Көктем мен сұрғылт күздерің.
Жылдар да жылжыр зымырап,
Сарылтып, жанды ауыртып.
Оқитын үнсіз жымиып,
Хатым да жетпес сарылтып.
Бұлақтай мұңлы сылдырап,
Сағыныш толар кеудеңе.
Елес боп сонда бұлдырап,
Оралам сенің бөлмеңе.
Киіп ап жібек сағымды
Отырам келіп қасыңа.
Аялай ұстап қолыңнан,
Сыйпаймын үнсіз шашыңды.
Өр басым төмен иіліп,
Көз жасым тамса кеудеңе.
Баяғы кездей қиылып,
Егілдің деме сен неге?
Жылаймын бүгін егіліп,
Басымды қойып төсіңе.
Мен сүйген сол жан мәңгіге
Шығарды мені есінен.
Сол үшін сенен кетіп ем,
Сендей боп сол жан сүймеді.
Сен қалсаң мұңның өтінде,
Дұрыстап мен де күлмедім.
Мұңымыз бір ғой біздердің,
Кеше гөр мені, жан құрбым.
Маған да сұрғылт күз келді,
Еркіне көндім тағдырдың.
Кешірдің бәрін анамдай
Кешірген тентек баласын.
Салқындай түскен кеудеме
Сен ыстық тартып барасың.
Тұра алмас ғашық жоқтамай,
Сағыныш жанын тілгілеп.
Мен десең сен де тоқтама,
Өзімді сүйген бір жүрек!
Сеніп айтқан сырыңды айтып қойдым мен оған,
Қарақшыдай болдым-ау сеніміңді тонаған.
Сенің нәзік жаныңның буырқанған ағынын,
Жүрегіңнің жалынын ұқса деп ем сол адам.
Көрсе деп ем сол адам көңіліңнің көктемін,
Жарқыл ойнап жаныңда, жаңбыр құйып өткенін.
Енді бүгін отырмын өкінішке өртеніп,
Бәрі орынды досыңды айыптауың, сөккенің.
Көрсем деп ем мен сенің күліп жүрген шағыңды,
Айықпады-ау ащы мұң торлап алып жаныңды.
Толқынына сезімнің жүрсің бе әлі тұншығып,
Аямады-ау долы жел қорғансыз ақ қайыңды.
Махаббатсыз қызықты атпайды екен құба таң,
Алтын құрбым, не дейін, қалай сені жұбатам?
Қара түндер, бір сәтке қабағыңды түсірші,
Шындықты айтам бетіңе, бүгін сені жылатам.
Мұңаймашы, құрбыжан, әлі-ақ қайта көктейсің,
Бақыт деген түлкі ғой, кейде қуып жетпейсің.
Бір тілегім осынау қайта оралмас өмірден
Ғашық болып өткейсің,
Ғашық болып өткейсің!
*** Қоңырқай түнде, көңілден ұйқы қашқанда, Далаға шығып көз сап ем тылсым аспанға. Жабырқап көкте тұр екен біздің жұлдыздар Жанардан қазір үзіліп кетер жастардай.
Балалық қиял, бұлқынсам саған жетем деп
Бұлтарма менен есейіп кеткен екен деп.
Баламын мен де - жылтылдап тұрған жұлдыздар
Қорқамын бірде үзіліп кетер ме екен деп.
Жүрегім сыздап көп қарай бердім көкке мен,
Жұлдыздар, неге қарайсың маған өкпемен?
Біз бөлек кетсек мен емес ем ғой кінәлі,
Арманым ең ғой тірлікте қолым жетпеген.
Біз бөлек кеттік. Ал сендер бірге тұрсыңдар,
Сендердей бола алмадық біздер, тылсымдар.
Мен басқа жанмен, ол басқа жанмен түндерде
Жүреміз күліп сендерден ешбір қымсынбай.
Жабырқау тартқан жанымды демеп өлеңім,
Тірліктің бұраң жолымен талмай келемін
Жылтылдап көкте тұра бер, жарық жұлдызым,
Көгімде тұрсаң көңілден ақтың демейін.
ЖАЛТ ЕТІП ӨТКЕН БІР БЕЙНЕ
Жалт етіп өткен бір бейне,
Жадымда қалдың мәңгілік.
Жабырқап жүрген күндерде
Жанымды жүрдің ән қылып.
Сол бір сәт тәтті қиялдай,
Дүниенің бәрін ұмыттым.
Жан едім жүрген жұбанбай
Деміңмен лезде жылыттың.
Жалт етіп қана жоғалған,
Жаным-ау, тәтті түс пе едің?
Көктеммен бірге оралар
Күзбенен кеткен құс па едің?
Есімді кештеу жыйдым да
Бұлдырап кетті-ау көз алдым.
Несіне ерте тұрдым мен,
Түс болсаң неге ояндым?
Қайдасың, жүрсің қай жерде
Армандай болған сол бір жан?
Қыс та өтті, енді қай кезде
Шығасың ұшып алдымнан?
Кешігіп келген көктеммен
Көңілге аққу – мұң қонды.
Дариға-ай, сол бір от деммен
Жылытып жүрсің кімдерді?..
Елжіреп сен де түндерде
Есіңе мені алдың ба?
Жалт етіп өткен бір бейне,
Таба алмай мәңгі қалдым ба?
Даусың да таныс сүйкімді,
Естідім қашан күлкіңді?
Жанымды жұмбақ бір сезім
Қытықтап жатыр біртүрлі.
Қай жерде көрдім сені мен,
Шақ па еді мұздақ еріген?
Құлазып жүрген шағым ба
Даңғаза шудан жеріген?
Дос-жар да, жыр да көп мүлде,
Әлдебір сонау от күнде
Бақытқа мас боп жаныңнан
Байқамай өтіп кеттім бе?
Жетегіне еріп қиялдың
Отырмын құшып мұнар мұң.
Қияда мүмкін кездесіп
Қия алмай кеткен шығармын...
Мен емес едім мықтың да,
Ұтылдым ба, өмір, ұттым ба?
Алыстан шаршап қайтқанда
Алдымнан талай шықтың ба?
Арманды күтіп арайлы
Өткіздің бе екен сан айды?
Кінәлап әлі жүрсің бе
Танымай кеткен ағаңды?
Көңілге тәтті мұң сіңген
Кезіңде қажып күрсінген,
Ағаңды сен де сағынып
Еске алып қойып жүрсің бе?
Өзге бір күйді шертелік,
Тағдырың қандай, ерке елік?
Жалыннан жанды шарпыған
Өртеніп барам, өртеніп.
Тағдыр маған қайта сыйлап алыс кеткен күлкіні,
Таныстым мен сеніменен, бірге отырдым сол күні.
Қара көздер қарайтындай үмітпенен нұрланып,
Менің мұңлы жаным сонда теңіз болып толқыды.
Бірге күліп, бірге өткерер дарқан өмір жолдарын,
Бөлісетін бал жастықтың қуанышын, тойларын.
Сонда сені, кешір, құрбым, мынау қызық өмірде
Меніменен мәңгі бірге болсашы деп ойладым.
Көңілімді орап алып жеткізбейтін тәтті арман,
Қиялымда мол қуаныш, биік бақыт күтті алдан.
Жоқ, жоқ, өмір, қызыл гүлге соза алмаймын қолымды,
Көрмесін ол, естімесін сөздерімді ақталған.
Неге жаздым сол өлеңді, сырымды айттым не үшін,
Іздедім бе, жаным сүйген сол адамнан келісім?
Неге оны толқытып ап кете бердім қайрылмай,
Ашып беріп таусылмайтын ащы мұңның есігін.
Неге көңіл мұңданады, күн де нұрын төкпейді,
Неге бәрі бар болса да бір нәрсесі жетпейді?
Бір ойдан соң бір ой мені тыншытпайды мазалап,
Неге күндер бір қалыпты созылады өтпейді?
Күндіз-түні мазалайды жанымды жеп сол өлең,
Баттым ойдың теңізіне лақтырғандай кемеден.
Сағынышпен хаттарымды күтіп сол жан жүр ме екен
Көз ала алмай көк жүзінен шексіз-шетсіз көлбеген?
Дарқан өмір бірде төксе шаттығымды, күлкімді,
Енді бірде көре алмайды бақытымды бір күнгі.
Бақыт жайлы ойлап кетсем сол бір жанның бейнесі
Бұлдыр сағым арасынан мөлдірейді біртүрлі...
Мен де өкініш теңізін кешудемін,
Кешір мені, құрбыжан, кешір мені.
Сұлулық пен құмарлық құшағына
Тастап кеткен түн еді есім мені.
Ұмыттым да бір сәтке айналаны
Ақ жүзіңді армансыз аймаладым.
Жыймас па едім есімді шапалақпен
Бірер тартып жіберсең, айналайын!
Бар дүние дөңгелеп жанарымда,
Тұра алмастай едім ғой аяғымда.
Жаңа ғана уанған жас сәбидей
Құшағыңнан шықпауды қаладым ба?
Саған шаққым келді ме өкпе-мұңды,
Қаладым мен қасымнан кетпеуіңді.
Мен сол күні тауып ем алыс қалған
Жылдар бұрын жоғалтқан көктемімді.
Жолыққанда жоғалтқан арманыма,
Атып кетті қалай тез таң да мына?
Тағдыр да асықты ма бір бақытты
Сыйғызбауға менің тар маңдайыма?
Қала берді көкейде айтарым да,
Көздеріңнен мұң көрдім қайтарыңда.
Бәйтерек ем, дауыл боп кете бардың,
Құлатардай ағаңды шайқадың да.
Өрекпимін кейде іздеп барғым да кеп,
Барғым да кеп,
Тағы бір жанғым да кеп.
Мен де өкініш теңізін кешудемін,
Құрбым, сені мұңайтып алдым ба деп?
Ақталмай-ақ қояйын мен, қарағым,
Тырнамайын аузын ашық жараның.
Жылытуға тырыспайын, қайтейін,
Кездескенде тұнжыраса қабағың.
Қара мысық жүріп өтті арадан
Сенгіш еді жаның сәби баладай.
Бекер, бекер кездестің-ау, қарағым,
Мен секілді бұзық ниет ағаңа.
Уақыт – емші, бәрін де ұмыттарар,
Көңілден де айығар суық тұман.
Ағалардан сақ болып жүргін енді,
Іші түтін, сыртынан күліп тұрар…
Кеше гөр мені, құрбыжан,
Кешірек маған кездестің.
Мен үшін сен тек сыйлы жан,
Мұңыңды мүмкін сезбеспін.
Көзімді байлап тастар ем,
Жатпайды-ау мынау көзді ешкім.
Көзімнен көргін, жасырман,
Басқаны сүйгем кезіңде.
Мұңы да өткен басымнан,
Жеңілгем отты сезімнен.
Өкінгем,
Тым кеш өкінгем,
Өш алып өзім-өзімнен.
Ол кезді еске ап қайтейін,
Өткен де кеткен ол күндер.
Жығылған жоқпын әйтеуір,
Күл болған жоқпын өртінде.
Солқылдап бірақ қалғанмын,
Құлатам десең еркіңде.
Қалтылдап жалғыз қайықтай
Келемін дауыл өтінде.
Қаласаң аман алып қал,
Көз жазып қалсаң өкінбе.
Құрдымға батып кетпеймін,
Жетемін жердің шетіне.
Дауылдан өтем, жауыннан,
Шетіне жердің жетемін.
Жана алмай жүрген жанымды
Жауыннан аяп не етемін?
Еркіңмен беріл берілсең,
Аялап сені өтемін!
СОЛ ТҮНІ КӨП ҚАРАДЫҢ
Сол түні, қарындасым, көп қарадың,
Мәз ем мен де қонғандай бақ-талайым.
Құнсыз болып көзіңе көріндім-ау,
Ақиқаттан несіне ақталайын.
Көзімді қайта-қайта тарта берді
Қос анар, дірілдеген ақ тамағың.
Кеудемде бір құмарлық тұнып жатты,
Тұнып жатты, көңілді құйындатты.
Жаратпай тұрмын өзен жағасында
Қаптап жүрген есепсіз шуылдақты.
Бір уақытта құмарлықпен байланған
Жұлқынды арым, бетімді дуылдатты.
Ебелектей жел соқса бұлғақтаған,
Не боп барам, дүние-ай, кім боп барам?
Алдымда тұр бейкүнә, балаң жүрек
Нәресте махаббатын құндақтаған.
Шырылдатам қалайша жас сәбиді
Тұрғанда бал күлкісін сыйлап маған.
Белгілі ғой бақыты бола алмасым,
Белгілі ғой қайтадан оралмасым.
Түс қой бәрі осының, тәтті түс қой,
Өзгеріп кетемін ғой оянғасын.
Қой, тоқтайын, жауқазын нәзік гүлдің
Адамдарға сенімі жоғалмасын.
Не ойлап тұр екенсің, кім біледі,
Көлгірлікке жібермей тұр жүрегім.
-Қош бол, - десем мұңайып қаласың-ау,
Қалай-қалай ойымды білдіремін?
Көлгірлікпен сөйлесем күлдіремін,
Шынымменен жаныңды күйдіремін.
Көлгірлікпен күлдірсем күнәм ғой ол,
Шағады ғой арымды жылан боп ол.
Өткінші бақыт деген өкініш қой,
Өкініштен басқа бір сый ал менен.
Жұмбақ болып қалайын, қарындасым,
Қаласаң табысып жүр қиялменен.
СӨЗІМДІ БӨЛМЕШІ...
Мен бүгін сыр айтам,
Жыр айтам,
Сөзімді бөлмеші!
Мұңайтам,
ал өзім егіліп жылаймын,
Тек ерсі көрмеші,
Сөзімді бөлмеші.
Жұлдыздар, төбемнен төнбеші,
Төнбеші,
Бүгінгі қан болған қалпымды көрмеші.
О, Муза, айрылмас досым ең,
Тағы бір емдеші, емдеші.
Үндемей тыңдашы,
Самал жел, соқпашы.
Мен бүгін сыр айтам,
Тоқташы, тоқташы,
Кеттім-ау от басып.
Мас болдым кеше мен
Түрлі ойлар өртеген денесін,
Бірақ та мені ешкім, әлжуаз, қорғансыз демесін.
Кеудеммен қорғаймын дауылдан, жауыннан
Достардың арманшыл кемесін.
МҰҢЫҢДЫ ТҮСІНЕМІН
Ойым онға бөлінді, қиял мыңға,
Қиялмын ба, білмеймін, құмармын ба?
Көңілімді билейді желік кейде,
Кейде отырып берілем мұнар мұңға.
Шарпып өтті жанымды жалын қандай,
Сарылғандай қиналдым, сағынғандай,
Түкірем де талайсыз тағдырыма,
Тағдырыма боламын жалынғандай.
Жұмбақ ару, кімсің сен, жаның қандай,
Не күй кештің торғын мұң жамылғандай?
Өңменіңнен өтті ме өкпек өмір,
Қызыл шоққа болдың ба қарылғандай?
Қорғасын бұлт көгіңді торлады ма,
Бақыт құсы басыңа қонбады ма?
Жаза алам ба жаныңды жабырқаған,
Біте алам ба гүл болып жолдарыңа?
Лайсаң күзің, керемет көктемдерің,
Арман аймен қоштасып кеткен белің,
Таныс маған,
Мұңыңды түсінемін,
Бәрі-бәрі басымнан өткен менің.
Кірмей-ақ қой, мейілі,түсіме мың,
Сенің ақ сезіміңді түсінемін.
Көңіл көзі объектив – естелікке
Күліп тұрған кезіңді түсіремін.
Тойымсыз, тілеген тек тояттауын
Көңілді өзімшілдеу таяқтадым.
Кінә артпаймын, күнім, тек қалғып кеткен
Сезімді қиын болды-ау оятқаның...
СЕЗІМ СЫРЫ
Өкпелейтін жөнім жоқ, өкпелейтін,
Саған сонша кім едім «Кет!» демейтін.
Мен қазір күздікүнгі бәйтерекпін
Жапырағы жуырда көктемейтін.
Саям да жоқ, әрине, жоқ панам да,
Дәлелім жоқ өзімді ақтағанға.
Арса-арса діңімді көрер едің
Алыстан шаршап келіп тоқтағанда.
Жаз да өткен басымнан,
Көктем өткен,
Жасын өткен жанымды көктеп өткен.
Жарымжан жауынгердей тұрам үнсіз
Жеңетін үміті жоқ жекпе-жектен.
Тырна ұшып төбеңнен тырау-тырау,
Жанарыңда жаутаңдап тұрар сұрау.
Жанып кеткен жанымнан от таба алмай
Сол кезде құлазитын шығарсың-ау.
Бес елі болсын, мейлі, бақ-талайым,
Алайын шала мастау шақта бәрін.
Құлазитын шығарсың күндер өте,
Алдыңда сонда қалай ақталамын?
Көгеретін кезіңде, көктейтұғын,
Жарты бақыт білемін жетпейтінін.
Көлденеңнен кездескен көк аттыға
Жөнің де бар бұл кезде «Кет!» дейтұғын.
Тұрса дағы тарбиып бұтақтарым,
Кеудем шалқақ,
Келмейді ұсақтағым.
Кешір мені, бір кезде бұл кеудеммен
Күңгірлеп тұрып сені құшақтадым.
Қиналмай қисаң дағы маған бәрін,
Құшақтадым,
Құшуға бара алмадым.
Ақтала да алмадым алдыңда мен,
Желмен бірге жарысып жоғалмадым.
Сылтау ғып қайтем ессіз мастығымды,
Еріксіз тамағыма жас тығылды.
Кешір мені, тағы бір кеш жолыққан
Армандай бір елесі жастығымның.
Сылқылдаған сайқал күлкі тесердей-ақ құлақты,
Жанымды бір кіршілдетіп кесіп жатқан сияқты.
Қымсынбастан төгіледі, шақырады әлдеқайда
Ұмытқандай бар дүниені, тәрік қылып ұятты.
Сайқал күлкі... Мұңға толып бара жатты көкірек,
Неге ояндың қалғып кеткен сұрқия ой – жетімек?
Уылжыған балауса қыз кімге айналып барасың,
Тұрсың мынау тұнжыраған ағайыңнан не тілеп?
Ләззат алар от құшақтан өн бойыңды күйдірген
Құмарлық та емес қой бұл соншама ессіз күлдірген.
Қар аралас жаңбырға ұқсап тоқтай алмай егілген
Күлкіде де мұң боларын, о сұмдық-ай, кім білген?
Жастығыңды айырбастап жеңіл сайқымазаққа,
Қандай жауыз салған сені мұндай түпсіз азапқа?
Сенің мынау жынданардай сылқылдаған күлкіңді
Бейне естіп тұрғандаймын жаншошытар тозақтан.
Мұң сыйлаған қандай жауыз, кім алдыңнан кесе өткен,
Не жұбаныш таппақшысың ызғар ескен төсектен?
Жыр ғып айтып жүрген шығар сеніменен бір түнін
Бірге өткізген соқыр кеуде, саңылаусыз есектер.
Көкірегім бос шелектей өз-өзінен дүңгірлеп,
Лағнат айттым тағдырыңа сені осылай күлдірген.
Жігіттікке бара алмаған жасық жанды кеш, құрбым,
Жанарымды жерден қайтып көтере алмай тұрмын мен...
СОЛДАТ ХАТЫ
Бірінші өлең
Күт деп мені айта алмаймын, түсін мені, сүйіктім,
Қанша ойымды алса да орап алда тұрған қызық күн.
Арамызда жатыр айлар өтпестей боп көрінген,
Жолдар жатыр таусылмастай шексіз-шетсіз керілген.
Сондықтан ба, көп кешікті сағынышты хаттарың,
Бақыты боп жүрсің бе әлде, аяулым-ау, басқаның?
Бөлістің бе басқаменен бал қызығын түндердің,
Өкпелеттім бе, әлде, өзім, білмедім мен, білмедім...
Қиын саған, түсінемін, арадағы жіпті үзу,
Одан қиын екі жылды күтуменен өткізу.
Қиын саған, түсінемін, жас өмірдің жайнаған
Екі жылын алыстағы бір солдатқа арнаған.
Сондықтан да, сүйіктім-ау, кінәламан мен сені,
Сені еске алам ауыр ойлар басқан кезде еңсені.
Сен құлпырып өскін, гүлім, төсінде алтын аймақтың,
Сағыныш боп қала бергін кеудесінде солдаттың.
Жылдар өтер, оралармын алтын аймақ төсіне,
Сол кездерде қиналма сен өткенді алып есіңе.
Қанша ауыр болса дағы сені мәңгі ұмыту,
Қош, аяулым, мүмкін емес бар өкпемді жібіту.
Екінші өлең
Келші, жаным, ұмытайық, ұмытайық өткенді,
Жабайықшы мәңгілікке мұңға болы беттерді.
Аз болған жоқ біздер үшін тағдырдың бар өкпегі,
Сорлы жүрек айрылысқан қанша азапты өткерді.
Томсармашы, сонша алыстан келдім ғой мен сағынып,
Кетсең де сен басқа адамның көгіне от боп жағылып.
Қайта ал мені құшағыңа, сүйдір ыстық ерніңнен,
Сорлы жүрек бұл бақыттан кетсін, мейлі, жарылып.
Жалға қайта үмітімді біржолата кесілген,
Ұмытамын бәрін мәңгі, бәрін саған кешірем.
Бір кездері жүрегімді жүзге бөліп кетіп ең,
Саған деген бар өкпемді шығарамын есімнен.
Кешір, құрбым, сенсіз тыныш таба алмады жас жаным,
Саған деген бар өкпемді тұңғиыққа тастадым.
Бақыт жайлы қиялдаушы ең бар дүниені ұмытып,
Таба алдың ба сол бақытты құшағынан басқаның?
Махаббатты алып өтіп долы дауыл өтінен,
Қолыңа әкеп табыс етем кең дүние шетінен.
Сенсің менің табынарым, тастай салма далаға,
Сен деп өткен жастығымның атынан мен өтінем.
Үшінші өлең
Хатыңды көп күттім
Күн сайын асығып.
Әр күннен әрбір түн
Сырымды жасырып.
«Сүйем» деп серт берген
Сүйгенім, не болды?
Қол тимей жүр ме екен,
Болдым ғой екіойлы.
Ұмыт деп мені әлде
Айтты ма басқалар?
Сенбегін, әлемде
Біздерге жоқ қамал.
Көңілге нұр себер
Махаббат гүлдерін
Солды деп жүрсе егер
Сенбеші, сүйгенім.
Сенбеші ешкімге,
Махаббат сөнбейді.
Мен сені мәңгіге
Ұмытқым келмейді.
Ү бөлім
КӨГІЛДІР КӨКТЕМ - САҒЫНЫШ
КӨГІЛДІР КӨКТЕМ - САҒЫНЫШ
Қалған соң ба екен жырақ тым,
Секілді сол кез шуақты.
Сонау бір бала кезімде
Көгілдір түсті ұнаттым.
Ұнаттым гүлді қыратты,
Ұнаттым балғын құрақты.
Армандай түстен алушы ем
Алапат қажыр-қуатты.
Керемет сол бір күндерім
Көрген түс қана сияқты...
Көгілдір дүние жан жағым,
Көгілдір көкке самғадым.
Сезімнің сиқыр күшімен
Сезілмейтіндей-ді салмағым.
Аңсаумен атып таңдарым,
Алаулап сонда жанғамын.
Қинайтын еді қараңғы
Түндерде келіп мазалап
Аспанкөз ару – арманым.
Тіледім тіпті бұлттан да
Көгілдір тамшы тамғанын.
Зымыран құсы уақыттың
Табандап тоқтап қалғанын.
Жеткізбей қойдың сен, бірақ
Көгілдір менің тауларым,
Күмбірге толы бауларым.
Сылдырлап жатқан балбұлақ
Кәусарыңа да қанбадым.
Күйсандық – тамшы көп күткен
Кеудеме келіп тамбадың.
Көгілдір әлем,
Рахмет,
Кереметтей бір алдадың!
Армандай күндер, сағым ба ең,
Күйдірер қызыл шоқсың ба?
Талпынттың неге шыққын деп
Әлемде ешбір болмаған
Қиялмен көрген жоқ шыңға?
Білемін, білем, сен талай
Куәсің мұндай от сырға.
Сонда да айтшы - сол ұлды
Жоғалтқан кезде шынымен
Жабырқап қалған жоқсың ба?
Қууды қойып сағымды,
От күйден бүгін арылдым.
Тәтті шақ өтіп кеткен соң
Қатты шақ келді,
Ауырдым!
Салмағын сездім ауырдың,
Екпінін сездім дауылдың.
Арқырай шапқан арманның
Айғырын кейін қайырдым.
Жабырқап қалған жаныма
Жаутаңдап жетті жауыр – мұң,
Қайтейін, тағы ауырдым.
Көгілдір күндер - көктемдер,
Тербеткен анам – көк пен жер.
Ұлыңның әппақ тілегі -
Мәңгілік гүлдеп, көктеңдер.
Көңілден ұшқан кептердей,
Үзіліп кеткен шектердей
Қиылып сендер кетпеңдер.
Өзіңе ғашық бір балаң
Сарыарқа салқар сезімін
Суытып алды, сөкпеңдер.
Алқымға жыр боп кептелген,
Таусылмас мұңым боп келген.
Сыймаған жалпақ жаһанға –
Өзіммен ғана шектелген.
Жібімей қойған қара тас,
Ашылмай қалған бет пердең,
Керемет түсім, сонда да
Сонда да сені жек көрмен!
Жаңбыр боп төгіп жаусаң да,
Бұлт болып желмен аусаң да,
Бақытқа қолың жетсе де,
Түссе де басың дау-шарға.
Басқаға құшақ жайсаң да,
Мың рет сөзден тайсаң да,
Айналсаң-дағы лайсаңға.
Жек көрмен: “тәубе, тәубе!” деп
Жадырап жүрем майсаңда.
Күндер-ай, күндер көгілдір,
Көңілдің жырын төгілдір.
Жайна да жасар, тіршілік,
Жастықпен сенің тегің бір.
Самал жел, соқ та сұрланған
Уайымның бұлтын шегіндір.
Сағынып сені көңіл жүр,
Сен сола көрме, өмір – гүл!
ЕСЕНИНГЕ АРНАУ
Есенин, мен де өзіңдей
Көп таяқ жедім арақтан.
Содыр да сойқан кезіңдей
Қан болып қайтам кабактан.
Күлкінің тәтті сыңғыры
Мені де талай арбады.
Сұғылатындай бір күні
Кеудеме финнің қанжары.
Сиқырлы, отты өлеңді
Сүйемін мен де өзіңдей.
Тек мұңлы жырлар көбейді
Мұң тұнып қалған көзіңдей.
Күтумен көзін талдырған
Менің де анам болған-ды.
Ұлынан көңілі қалды ма,
Қалдырды мынау жалғанды.
Бұл күнде бәрі табылар,
Бәрі де бар ғой, бәрі де.
Жырларым ғана жабылау,
Жетпей жүр сенің әніңе.
Алқалы топта әрдайым
Өзімді бөтен сезінем.
Басымын барлық жанжалдың,
Соңынан қайта безінем.
Бойымды жеңген у шарап
Ойымды жеңе алмады.
Дүниені тұман тұмшалап,
Мұң болып барад қарға адым.
Көзімде тұнған жас кілең,
Мейірін төккен май едім.
- Дауасыз әбден маскүнем,
Бұзықсың, - дейді әйелім.
Алау таң, жарық күнімнің,
Болса да ыстық шуағы.
Мойныңды қиған ала арқан
Елестеп ылғи тұрады.
Тесіліп жансыз бейнеңе
Отырмын үнсіз тауап қып.
Көп түстім, Сергей, әуреге,
Қойсам ба енді арақты?..
СЕЗІМТАЛ ЖАНҒА ЖАҚЫН МҰҢ
( марқұм ақын Зекен Әбілдаұлына)
Кездестік, аға, өмірде
Алғашқы және… соңғы рет.
Риясыз ақын көңілдей
Өзіңіз сүйген ауылдың
Аспаны тұрды мөлдіреп.
Тағдыр-ай, саған не шара,
Жасытқан ақын қауымын.
Дедіңіз: “халым “нешауа”,
Денсаулық қана болмай тұр,
Ауырып жүрмін, бауырым”.
Қаламдас аға алдында
Көлгірсір қандай хақым бар?
Сөзімді бұрдым қалжыңға:
Қай кезде сап-сау, ауырмай
Жүретін еді ақындар?
Бұрын да солай болған-ды,
Болып тұр солай әзірге.
Аңқылдақ ақын жанына
Мына өмір балын ұсынып
Тұрған жоқ, аға, қазір де.
…Көңілге ыстық ауылға
Оралдым кейін қайтадан.
Бәрі бар – жолдас, бауыр да,
Ақыны ғана жоқ бірақ
Жауқазын жырын шайқаған.
Өтемін күнде неше мен,
Сіз жүрген жермен, көшемен.
Құмды да кештім армансыз
Шабыты қысып кеткенде
Бауырын ақын төсеген.
Бәрі бар – дана қарттар да,
Сылдырай аққан ақбұлақ.
Сіз жүрген жерде сәбилер
Ойнап жүр күнде шапқылап.
Ақыны ғана жоқ бірақ…
Сөз қылар біреу ірісіп,
Көңілде содан тұрар сыз.
Мұқаңдай Сіз де кезінде
Мұң емес, нағыз у ішіп
Мұнартып жүрген шығарсыз?
Той жасап, тұлпар мінбестен
Келмеске кете бардыңыз.
Жүрегі жұртпен үйлескен
Ақын да сәби,
Ендеше
Жап-жарық болсын алдыңыз!
БІРТУАР АЗАМАТЫ СІЗ ҚАЗАҚТЫҢ
Серік Әбікенұлы ҮМБЕТОВКЕ
Еңбектің, төккен тердің өтеуі ме,
Келесіз абыройдың жетегінде.
Туған күн қуанышы құтты болсын,
Толыпсыз елудің дәл жетеуіне.
Қарттардан көп алдыңыз батаны ізгі,
Салдыңыз жақсылармен қатар ізді.
Сексенде Сүйекеңдей алғыр болып,
Жасаңыз жасын Жамбыл атамыздың.
Қашанда Елбасыны қолдадыңыз,
Көрген жоқ алшақ кетіп жолдарыңыз.
Тілектес Сізге Алматы, Жамбыл жұрты,
Қарағайдай қалың ел – орманыңыз.
Жетісу, Жамбыл жұртын тең көресіз,
Қиналған жанға жомарт, кең келесіз.
Тұмау-сымау тигенде Ақши барып
Күртінің самалымен емделесіз.
Намысты көрген жоқсыз беріп қолдан,
Бақ құсы басыңызға келіп қонған.
Біртуар азаматы Сіз қазақтың
Айнымай Елбасына серік болған.
Көп жүресіз, әр жайды көп көресіз,
Басыңыздан сан күйді өткересіз.
Ағайынның бақыты – ынтымақта,
Бірлік түбі – береке деп келесіз.
Ақ тілек айтқан сайын ағылады,
Төгілді осылайша бауыр әні.
Қашанда қолдап жүрсін өзіңізді
Белағаш, Димекеңдер аруағы!
ІЗІҢІЗ БАР ШАҒЫЛЫНДА КҮРТІНІҢ
Ержанбек Ормаханұлы Нұрбековке
Басқарумен қаншама аудан, өңірді
Жұлдызыңыз шырқау көктен көрінді.
Абыройды серік етіп келесіз
Алға тартқан жолдарымен өмірдің.
Жиып қойып, демалысты, күлкіні,
Алмағандай көрінесіз бір тыным.
Қолтаңбаңыз қалды Балатопарда,
Ізіңіз бар шағылында Күртінің.
Қасиетті ауылында ән-жырдың
Дауысыңыз талай-талай жаңғырды.
Сізді жақын туысындай көреді
Елі-жұрты Ақсеңгірдің, Жамбылдың.
Жемісті шақ Құландағы кезіңіз,
Десек ешкім теріс демес сөзіңіз.
Алғыспенен ер көгерсе шынымен
Көгеретін бір азамат өзіңіз.
Жұмыспенен ұштастырып ғылымды,
Еңбегіңіз назарға көп ілінді.
Асқаралы алпыс жастың асуы –
Дүбірлі той құтты болсын бүгінгі!
«Ерекең!» деп құрметтесе еліңіз,
Биіктесін дәйім белес-беліңіз.
Мерейіңіз таси берсін осылай,
Жамбыл атам жасы - жүзге келіңіз.
АЛПЫС ЖАСТЫҢ ЖЕМІСІ КӨП ЖИНАЙТЫН
Жақыпжан Нұрғожаевтың мерейтойына
Құтты болсын, Жақа, туған күніңіз,
Ортамызда шаттаныңыз, күліңіз.
Немере мен шөберенің шаттықты
Күлкісінен босамасын үйіңіз.
Алпыс – тал түс,
Жадыраңыз,
Жайнаңыз,
Жарқырасын дәйім жастық айнаңыз.
Тілегіміз – сексенге кеп сергек боп,
Тоқсанда да тұғырдан еш таймаңыз.
Алпыс жастың жемісі көп жинайтын,
Кезіңіз бұл әндететін, жырлайтын.
Сізді жақсы көретұғын көп жан бар,
Ұжымыңыз бар айрықша сыйлайтын.
Ойдағыдай ақталынды көп парыз,
Оған куә сайрап жарқын жатқан із.
Сонда да бір босамайды кабинет,
Күні бойы шырылдайды «соткаңыз».
Белгілі ғой,
Іздемейді себепсіз,
Жақынға да, жолдасқа да керексіз.
Сөйте тұра бүгінгі күн қалайша
Қарттық жасқа келіп қалдым демексіз?
Әрине, кез өтіп кетті үздіккен,
Әйтсе де алыс егделік шақ Сіз күткен.
Билесеңіз келіншектер күлімдеп,
Үйіріліп жүре берер қыз біткен.
Шаттанамыз біз тасыңыз өрлесе,
Жүйрігіңіз бәйге алдын бермесе.
Қуаныштар бола берсін осылай,
Алпысыңыз құтты болсын ендеше!
Қас батырдай қай кезде де қасқайып,
Асекең мен Әбекеңді қасқа алып,
Жетпісте де жүріңізші біздерді
Брежнев атамыздай басқарып.
ЖАҚАҢНЫҢ «АЙНАЛАЙЫНЫ» ТУРАЛЫ
Шынында да жоқ шығар
Басқа сөздің керегі.
«Айналайын» дейді де
Жақаң бәрін жеңеді.
Осы сөзді тағы бір
Қосқым кеп тұр өлеңге.
Бас шұлғисың амалсыз
«Айналайын» дегенде.
Осы сөздің керемет
Қуатына шыдамай,
Талай-талай күлімкөз
Еріген де шығар-ау...
«Айналайын» биікке
Шығаратын беліңіз.
Осы сөзден айнымай
Аман жүре беріңіз.
ҚҰРДАСТЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАУ
Әміре Әрінұлына
Қаламының желі бар,
Ойдың асыл кені бар.
Қысылғанда демейтін
Жалпақ жатқан елі бар.
Содан кейін...
Бизнесі,
Мың гектардай жері бар.
Әміредей серінің
Осы бүгін айрықша
Шырқайтұғын жөні бар.
Шырқап салар әні бар,
Салтанаты, сәні бар.
Әбекеңдер Алпамыс
Болса өзіне лайықты
Гүлбаршындай жары бар.
Ең бастысы, ауылда
Ағасына мыңғыртып
Қосып қойған малы бар,
Тағысыны тағы бар.
Бәрін айт та бірін айт,
Әміредей құрдастың
Маңдайының бағы бар.
Құтты болсын, Әбеке,
Ердің жасы елуің.
Ойын-тоймен осылай
Өтсін деймін өмірің.
Шарықтатып қашанда
Шабытыңның асауын,
Енді осындай елудің
Тағы бірін жасағынІ
ДІР ЕТКЕН СОЛ БІР ҚАБАҒЫ...
(Ұстазым Н. Лушниковаға)
Есімде, албырт жүрек тулап аттай,
Толқығаннан сәл дірілдеп қолдарым.
Мен тұңғыш жан сырымды айттым жатқа,
Оқыдым мен алғашқы өлең жолдарын.
Жастығымның өзіндей алабұртқан,
Тентек еді бұра тартқан сол өлең.
Көгім бе еді бір сәтке қарауытқан,
Жете алмаспын дедім бе екен сөреге?
Неге оқыдым сол өлеңді, өкінем,
Албырттыққа толып балаң жанарым.
Жете алмаспын дегенде көл шетіне
Апайымның сәл дір етті қабағы.
Тура жолдан тайса кейде аяғым,
Сол бір сәтті есіме ылғи аламын.
Тұрғандай әр қадамымды бақылап
Апайымның сол сезімтал қабағы.
АЛТЫН ҮЯҒА АРНАУ
(Үмбетәлі орта мектебіне)
Орының өмірімде бөлек еді,
Бөлек еді,
Жаныма керек еді.
Мадақтай алу үшін, мектеп, сені
Ұлы ақын боп шығуым керек еді.
Шабыт беріп жаныма, білік беріп,
Еркелетіп өсірді сүйікті елім.
Сенің арқаң, мектебім, мына өмірде
Болса егер көтерілген биіктерім.
Әлі де айтылады басты жырым,
Сезімдер сенде аппақ ашты гүлін.
Сенің арқаң, мектебім, өн бойымда
Болса титтей қасиет – жақсылығым.
Шарықтар қанат берген өзің едің,
Толқытты керемет сәт кезі мені.
Қырықтан ассам дағы қабырғаңда
Өзімді әлі шәкірт сезінемін.
Сабырсыздау сотқар ұл саналып тым,
Көп кешкен ем батпағын шалалықтың.
Бүгін ием басымды,
Кешір мені
Алтын ұям – мекені балалықтың.
Сенің арқаң өрлесе ісім егер,
Толқыған түлегіңді кешіре гөр.
Жыл сайын өрендерге қанат байлап
Арманның асқарына ұшыра бер!
СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ
Ешқашан арылмаған өлең-жырдан,
Өмірге көзімді ашқан алтын ұям.
Қоштасатын өзіңмен күн де туды,
Қоңырау, қош бол енді сыңғырлаған.
Қоңырау сылдырлайды, сыңғырлайды,
Балалық күндерінен жыр жырлайды.
Алғашқы әр әріпті жаттаған кез
Бұлаңдап көз алдымда бұлдырлайды.
Мекені балғын шақтың асыр салған,
Қия алмай тұрмын сені, жасыра алман.
Сенде өтті, қызық күнім,
Сенде ашылған
Алғашқы албырт сезім, асыл арман.
Жанымды тыншыттырмай асқақ ағын,
Өзіңде өлеңімді бастағанмын.
Белгі етіп әр партаның беттеріне
Балалық күндерімді тастағанмын.
МАЙДАНГЕРДІҢ ҰЛЫМЫН
Көрмесем де соғыстың алапат сол құйынын,
Жақсы білем мен оның сұрапылын, қиынын.
Өйткені мен сол жылғы аналардың жырымын,
Аман қайтқан сойқаннан майдангердің ұлымын.
Майдангердің ұлымын куә болған талайға,
Қатысым бар желбіреп тұрған анау жалауда.
Бауырластар зираты – қаруласы әкемнің,
Басымды ием тік тұрып мәңгі өшпейтін алауға.
Әлі тасқа соғылып көрмесе де маңдайым,
Мен білемін соғыстың сұрапылы қандайын.
Әжем марқұм айтатын жарты ауылдың адамы
Жарты шелек талқанмен жібітті деп таңдайын.
Рас, рас, жау шетте қалқан болып ер тұрды,
Бірақ соғыс талайға кесепатын келтірді.
Алғы шепте атылған снаряд пен бомбалар
Алдыменен ауылда шал-кемпірді өлтірді.
- Керек, - десе келіні – бұдан гөрі аппақ ұн,
- Құрт не керек,- дейді ұлы - неге тыныш жатпадың?
Тәуба айтып анашым күбірлейтін оңаша:
О, Жасаған, кесепат, кесіріңнен сақтағын!
МЕН КӨРГЕМ ЖОҚ СОҒЫСТЫ
Мен көргем жоқ соғысты,
Көргем жоқ қан майданды.
Кездестірдім тек қана
Сұмдық кездің жарасы
Жазылмаған жандарды.
Кетпепті әлі қайғы ізі
Әжімді ана бетінен.
Сақтаулы әлі тұр күлше
Аттанар кезде жалғызы
Дәм татып кеткен шетінен.
Ұмытар емес әлі де
Соғыстың қатал жылдарын
Әкесіз өскен балалар.
Соғысқа кеткен ұлдарын
Сарғайып күткен аналар.
Шаттықты жүрміз жыр қылып,
Бұл күнде құрғап көз жасы.
Ал енді қанша арудың
Суреттен ғана тұр күліп
Оралмай қалған жолдасы.
Мен көргем жоқ соғысты,
Көргем жоқ қан майданды.
Көргім келер, адамдар,
Жер бетінен алаңсыз,
Тек бақытты жандарды.
ҰМЫТПАҢДАР СОҒЫСТЫ
45-тің көктемі,
Дүние тегіс көктеді.
Тынған еді сұрапыл
Сұм соғыстың өкпегі.
Сорлы жесір жұбанды,
Сорлы жетім уанды.
“Жеңіс” деген жалғыз сөз
Шарлап кетті қиянды.
Соғыс салған зардаптан,
Жүрегіне қан қатқан.
Қайтты үйіне желкен ғып
Сағынышын солдаттар.
Сұрғылт тұман ашылды,
Сары дауыл басылды.
Соңғы тәтті Жеңіске
Шашу болып шашылды.
45-тің көктемі,
Оңайлықпен кеп пе еді?
Қасиетті бұл күнге
Біреу жетті, жетпеді...
Қалайтындар керісті,
Қалайтындар бөлісті,
Тар дейтіндер өрісті,
Ұмытпасын соғысты,
Ұмытпасын Жеңісті!
ЖАҢА ЖЫЛҒА ТІЛЕК
Дайын сәлем, өлең де,
Төрлет, Жылым, бөгелме!
Бір-ақ сәтке кідіріп
Дәм татып кет менен де.
Жолыңды енді бастайсың,
Ентігіңді басқайсың.
Ақ көңілдер алдынан
Арман қақпа ашқайсың.
Ұзақ сенің ай, күнің,
Құлпырсын тек май гүлің.
Адамдар да ұмытсын
Ащы дәмін қайғының.
Аруларға жақұт бер,
Ақындарға уақыт бер.
Жүдемесін көңілдер,
Ортаймасын бақыт – көл.
Жадыратып жақсы үміт,
Тарылтпасын тапшылық.
Төрлет, Жылым, шаттықтан
Шашуыңды шаштырып.
Серігің боп от қана,
Содан кейін тоқтама.
Заулат, Жылым, бөгелме,
Қиып түсер оққа да.
Шаршап, талған кезіңде,
Өзіңді әлсіз сезінбе.
Адамзаттың өйткені
Бар үміті өзіңде,
Бар үміті өзіңде!
Ассалаумағалейкум, Жаңа жылым,
Сыйлайтын бар ма қандай жаңалығың?
Мен ертең тағы бір жас есейемін,
Бір жасқа алыстайды бала күнім.
Түзетіп азды-көпті шалалығын
Бір жасқа есейеді бала жырым.
Тағы бір бетін ертең тауысамын
Өмірдің жастық атты тарауының.
Татамын басқа жылдың дәмін ертең,
Мейлі ғой, бейбіт күннің бәрі көркем.
Басқа жыл, сыйлағын тек тыныштықты,
Жіберме бейбіт күннің сәнін өртеп.
Бір жасқа ертең менің өседі елім,
Осы ғой көгергені көсегемнің.
Әкемнің ақшыл шашы қоюланып,
Қартая түседі-ау тек шешем менің.
Болғын тек жеңіс жылы ғарыштағы,
Тағы да төгілмесін арыс қаны.
Қуанам, қарғыс атқан соғыс жылы
Бір жылға бізден тағы алыстады.
Тағып ап тұлпарыма өмілдірік,
Биікке тартам ертең төгілдіріп.
Әзірге жүрші, досым, сәби жылды
Қайтайық ақ шампанға шомылдырып.
ЖАҢА ЖЫЛҒЫ ТОЛҒАНЫС
Әнін шығарған Данияр Құрамысов
Жадыратып жарқын күннің шуағы,
Жаңа жылда кеудеге үміт тұнады.
Аяз Ата Ақшақармен ілесіп
Бақыт кіріп келердей боп тұрады.
Қайырмасы:
Жаңа жылда, халайық,
Шаттық отын жағайық.
Ақ тілектер атқарып,
Шырқап әнге салайық.
Жаңа жылда жағып үміт – шырақты
Көңіл де бір табар емес тұрақты.
Әне-міне абзал достай аңқылдап
Бір жақсылық кеп қалатын сияқты.
Қайырмасы:
Жаңа жылда, халайық,
Шаттық отын жағайық.
Ақ тілектер атқарып,
Шырқап әнге салайық.
Есігімді қағып достар жаны ізгі
Шаттық – шамның отына май тамызды.
Өмірдегі ең бір аппақ армандар
Осы қазір орындалар тәрізді.
Қайырмасы:
Жаңа жылда, халайық,
Шаттық отын жағайық.
Ақ тілектер атқарып,
Шырқап әнге салайық.
Күліп атып туған елдің таңдары,
Орындалсын, достар, барлық арманың.
Қиял шіркін бара жатыр шарықтап,
Ертегідей ғажап әлем жан-жағым.
АРМАН-АЙ
Әнін шығарған Данияр Құрамысов
Ай артынан айлар өтті
Уақыт жібін жалғамай.
Ғашық күндер қайда кетті
Бүгіндері, жалған-ай?
Алабұртқан сезімменен
Нұрланушы ед бар маңай.
Түні бойы көз ілмеген
Кездер өтті, арман-ай!
Қайырмасы:
Думандатып жүретұғын көшені
Қайран күндер, сайран күндер кешегі.
Сағыныштың бір жұлдызы жанымда
Жылт-жылт етіп күнде жанып өшеді.
Алаңсыз шақ еске түссе жанымды
Жадыратып бір жылылық еседі.
Ақ сезімнің айдынында тербелген
Маңдайымның бағы бопты-ау бес елі.
Естен кетпес тәтті шақтың
Тым алыста қалғаны-ай.
Сағыныш – дерт жанға қатты
Батты бүгін, арман-ай!
Еске түсіп сайран күндер
Дегбірімді алғаны-ай.
Қиял қанат жайған күндер,
Арман, арман, арман-ай!
Қайырмасы:
Думандатып жүретұғын көшені
Қайран күндер, сайран күндер кешегі.
Сағыныштың бір жұлдызы жанымда
Жылт-жылт етіп күнде жанып өшеді.
Алаңсыз шақ еске түссе жанымды
Жадыратып бір жылылық еседі.
Ақ сезімнің айдынында тербелген
Маңдайымның бағы бопты-ау бес елі.
КӨКТЕМДЕЙ МӘҢГІ ЖАЙНАҢДАР
Аналар – асыл армандар,
Алау боп ылғи жанғандар.
Тірлікте жалғыз табынар
Құдірет болып қалғандар.
Қиналса ұрпақ қанатын
Қарлығаш болып жайғандар.
Бұлбұлдар, бүгін әнді де
Анаға арнап сайраңдар.
Сезімге арзан алданбай
Ару да болған аймаңдай.
Аналар, күліп жүріңдер,
Алдыда аппақ таңдар бар.
Кездессін, мейлі, жай қандай,
Қалмасын үміт жалғанбай.
Көктемдей күнде жасарып,
Көктемдей мәңгі жайнаңдар.
Шындық бар жерде, жалған бар,
Қажыған пенде, талған бар.
Сөнбесін асыл армандар,
Аналар,жасып қалмаңдар!
Егілме, көңіл, егілме,
Елжірей берме күнде сен.
Сен де тым, арман, төгілме,
Өртеніп кетем үрлесең.
х х х
Жабырқадым.
Жаным күйді.
Жалықтым.
Күйін кештім қайраңдағы балықтың.
Ішудің де еш қызығы қалмады,
Ешбір сәні қалмады ойын-сауықтың.
Тым күрделі бір жұмбақты шештім де,
Сылқ түстім -
Ішім күйді бос күнге.
Қасиеттің түк құны жоқ екен ғой,
Қажетім де жоқ екен ғой ешкімге.
Сыры көшкен сандығындай көненің
Кімге қажет мұңға толы өлеңім?
Көңілдегі күмәні көп сұрақтың
Көбісіне жауап таппай келемін.
Күйкі тірлік түсірді де қақпанға,
Дәрмен қалмай қалды қанат қаққанға.
Жерде тұрып селт етеді жүрегім
Аспан төсін тіліп жұлдыз аққанда.
Сол жақта еді менің дағы мекенім,
Қайран күндер, қайтсем ұшып жетемін?
Тіршілікке қарыз едім өлшеусіз,
Парызымды қалай ғана өтедім?
Үлесімді қоссам деуші ем ғаламға,
Бір керемет сенім бар ед санамда.
Туған елге тұлпарлықты танытпай
Түйтеңдеген тұғыр болып қалам ба?
Шала болдым -
Жалын едім,
Өрт едім.
Жап-жарық боп көрінетін ертеңім.
Уақыт, сені қалай ойсыз өткіздім,
Арман, сені қалай ессіз өртедім?
Жабырқадым.
Жаным күйді.
Жалықтым.
Дәл түбіне түскендеймін тамұқтың.
Бауырларым Әбубәкір, Рәтбек,
Шақсам ба екен өздеріңе барып мұң?..
*** Мұңайсам кейде, Түңілсем кейде торығып, Қиналсам кейде маңдайым тасқа соғылып. Көтеріп кетед еңсемді Досымның бірі жолығып.
Шалқысам кейде шаттықтан асып-төгіліп,
Құйса бір ауыр уайымның бұлты сөгіліп.
Қуанды бірге достарым
Көңілдер аппақ көрініп.
Амалсыз кейде алыстап кетсем достардан
Жоқ менде көрсем дегеннен басқа ой,
Басқа арман.
Лаулайды достық алауы
Сенімнен берік басталған.
Бір досым мені сергітед шаттық ертке кеп,
Дос көңіл барда жабығу бізге ерте деп.
Сезініп аппақ көңілді
Кетемін кейде еркелеп.
Мың алғыс, достар,
Ойларды ауыр тастадым,
Кеудемде бірақ басқа ой – тұнжыр аспаным.
Сендерге деген от сезім,
Сағыныш атты басқа мұң.
БАЛА КҮНГІ ДОСҚА
Бойыңмен өлшеп сен мынау аспан мен жердің арасын
Көзіңе ілмей ешкімді көкірек керіп барасың.
Шыңғысхандайын өзіңді сезініп, байғұс, жүрсің бе
Мұздан да суық бір ызғар төгеді жанға қарасың.
Адамға деген мейірім, жылылық сенде біткендей,
Барасың мүлдем тәкаппар өзіңнен басқа түк көрмей.
Тесіліп тұрмын соңыңнан баяғы бала кездегі
Шарт ете қалар шаттықты алақандарды күткендей...
КӨКТЕМДЕРІМ
Көгершін жыр - көк қанат көктемдерім,
Тебіренбей сендерді өткермедім.
Көктем сайын көңілге мұң ұялап,
Көктем сайын қайтадан көктеудемін.
Көктеудемін,
Ағыл-тегіл қар басқан беткейлерім.
Шабытымды тағы да шалқытып жүр
Көбелектер, көк жасыл кептерлерің.
Көзімді арбап құлпырған көк белдерің,
Буыныпты көкжиек көк белбеуін.
Қызыл-жасыл дүние,
Сан құбылған
Көбелекке айналып кеткен бе едің?!
Маужыратып денемді күншуағың
Түндерімде тағы да тыншымадым.
Мені тағы мас қып жүр, көкірегіме
Қонақтап ап кішкентай жыршыларың.
КӨКТЕМ ТАҢЫ
Көктемнің бір жанға жайлы
Таңы атып келеді.
Әлсіз ғана сыбдырлайды
Май – арудың желегі.
Ғажап, әсем бір тыныштық
Көктем таңын баураған.
Бар сұлулық үнсіз күліп,
Құс тілімен сайраған.
Оятқандай құстар әні
Қиялдағы әлемді.
Мен сөйлеуге жасқанамын
Буса да арман денемді.
Таң да атып, күн келеді
Дүние нұрға малынып.
Кеудемді асқақ күй кереді
Күйкі ойлардан арылып.
Қиялымды қытықтайды
Бұлбұл әні бақтағы.
Қандай әсем туған елде
Бейбіт таңның атқаны?!
БАЛАЛЫҚ
Ойнаған жағасында құрақпенен
Түсімде былдырлаған бұлақ көрем.
Маржан су жалт-жұлт етіп көз арбайды
Кеткендей қосылып күн-шуақпенен.
Маржан су тастан тасқа секіреді,
Қанбайды сырлы сазға көкірегім.
Алаңсыз ойын қуған сол бір сәттер
Түсім болып шыққанда өкінемін.
Ұмытам бір-ақ сәтте жыладым ба,
Тұрамын, қайта күлем құладым ба?
Қалтқысыз бала көңіл – бұлақ әні
Әлі де сыңғырлайды құлағымда.
Қолымнан доп пен асық түсірмеген
Көп көрем балалықты түсімде мен.
Шіркін-ай, бал күндердің қадірін мен
Кезінде қалай жете түсінбегем?!
Асықтым тек ертерек есеюге,
Көз салмай қалып жатқан кешегіге.
Осылай басқа өтіпті қанша күнім,
Білмеймін, мұнымды өмір кешеді ме?
Аңсатса алыс қалған балалық шақ,
Кетеді көңіл шіркін далаға ұқсап.
Шаңдатып жүргендеймін сол далада
Тұлпардың орнына ұзын таяқ ұстап.
*** Он тоғыз жас. Жадыраған жаздың әсем күніндей Он тоғыз жыл қалай өткен білінбей? Орындалмай қалыпты артта қанша арман Қалған тәтті еріндердей сүйілмей.
Көз жіберсем жүріп өткен жолдарға,
Жастық шағым өткендей ну орманда.
Бірде тура, бірде жаза басыппын
Албырт кеудем алуан ойға толғанда.
Бас айналып таусылмайтын ойлардан
Адасыппын арман деген орманнан.
Сыншыл өмір, тура бастай бермегін
Кейде адастыр,
Өтінемін жолдардан.
Кейде адастыр,
Кейде жалғыз тастағын,
Жолдар, мені қиырларға бастағын.
Алынбаған асулар алдымда әлі,
Мен өмірді жаңа ғана бастадым.
Көрейін мен де бәрін жас шағымда,
Тұрсын, мейлі, қара түн аспанымда.
Жүре алмаспын тік басып даңғыл жолда,
Жүре алмасам иілмей тастағында.
ДОСЫМ МОНТАЙҒА
Өлдің сен,
Жоғалдың сен жер бетінен,
Ерте өшті шаттық нұры келбетіңнен.
Жатырсың салқын, сызды жер астында,
Көрмейсің бақыт гүлін тербетілген.
Әлі күнге тұр бейнең көз алдымда,
Асыр саушы ек балалық базарында.
Бір жүруші ек, бір күліп ойнаушы едік,
Ұмытсам айыптымын ар алдында.
Қара бұлт аспаныңды жасырмаған,
Құштарлығың өмірге басылмаған.
Жас едің сен, жан досым,
Қыршын едің,
Он екіде бір гүлің ашылмаған.
Еске алсын қыршын жасты ерте өлген,
Антым бұл, қымбатты дос, саған берген.
Белгі ғып туған жерден қабіріңе
Ескерткіш орнатамын өлеңдерден.
Досым менің !
Кешір менің көңілімді босаған,
Сендей мені түсінбеді әлі күнге еш адам.
Алаңқайға біздер барып ойнаған
Өсіп кетті ермен, қурай, ошаған...
Өтіп жатыр,
Атып жатыр арайланып ақ таңдар,
Өмір шіркін күнде тәтті болып бара жатқандай.
Той-думанды мына өмірде тек қана
Сен жоқтығың жүрегіме батқандай.
Тілегіміз,
Арман еткен бақытымыз бірге еді,
Амал қанша, қатал тағдыр ажыратты іргені.
Құшағына алған сені толқындар
Әлі күнге қақпақылдап жүр мені.
Мені қойшы,
Мен әзірге жер бетінде тірімін,
Жұпар иісін жұта аламын көктемнің әр күнінің.
Сен зарығып жатырсың-ау,
Өмірге
Тастай алмай көзіңнің бір қиығын.
Қымбат еді,
Қимас еді балалығым сенімен,
Неге ерте ағып түстің биік өмір көгінен?!
Сен тірісің, тірі, биік қалпыңмен
Орын алдың көңілімнің төрінен.
Тағы да көктем келді күлімдеген,
Толғандай ерен күйге бүгін денем.
Құшырлана иіскеймін қызғалдақты
Бейкүнә бір жүректей дірілдеген.
Көктем де, қызғалдақ та баяғыдай,
Есіме өткен күнді салады ұдай.
Сыздайды жүрек бейне сұм соғыстың
Шойынын тасып жүрген жаралыдай.
Ойын-той қанша еркімді алғанымен
Сені бір сәт ұмыта алмадым мен.
Сенсіз жүріп келемін тіршіліктің
Таусылмайтын сан алуан жолдарымен.
Кеше гөр бір кінәмді, досым менің,
Басыңа гүлдер шоғын өсірмедім.
Өлеңмен айта алмадым аузым барып
Жас өмір, жақсы үміттің кесілгенін.
Кең дүние күлімдетіп күй төккенде,
Басыңа бара алмадым бұл көктемде.
Ең болмаса еске алып отыратын
Қалмапты-ау сарғыш тартқан суреттер де.
Мен үшін әлі күнге тірісің сен,
Барсың сен, көп досымның бірісің сен.
Жанымдасың қуанған шақтарымда,
Жас боп ақтың көзімнен күрсінсем.
Дос едік әні бірге, жаны бірге,
Басқалар ұмытты ма сені мүлде?
Кім сені еске алды екен бұл көктемде,
Кім сенің гүл қойды екен қабіріңе?!
ДОСЫМА ХАТ
Марқұм досым Қыдырбек БАТЫРҰЛЫНА
Қуанушы ек жазира жаз ғаламға,
Дос көңілден алау от маздағанға.
Өзгердің деп өкпелеп жүрсің бе, дос,
Көптен бері хат-хабар жазбағанға.
Өзгергенім емес бұл, кешір, досым,
Есімдесің, сен ыстық төсімдесің.
Біздер сонда лаулатқан шат көңілдің
Алауын уақыт – нөсер өшірмесін.
Өзгерген жоқпын, бәрі баяғыдай,
Зор келіп жүр басқа емес, аяғыма.
Алуан түрлі сәтсіздік жүргізбейді
Шырмауықтай оралып балағыма.
Басымды әлі тау-тасқа соғып жүрмін,
Шілдеде де шырылдап тоңып жүрмін.
Кісімсіген қайсыбір мықтылардың
Көзіне ала қарға болып жүрмін.
Өлең де әлі егізден қоздамайды,
Баяғыдай соңымнан сөз борайды.
Басыма ағыл-тегіл қонған бақыт
Тұншықтырып жібере жаздамайды.
Бәрі де бар, бәрін де шақтап берген,
Достар да көп көзіме мақтап келген.
Жақсы, жаман арасын ажыратам,
Ол жаққа да бір кезде аттап көргем...
Күндер, айлар ұласып жалғасымен
Өмір өтіп барады арнасымен.
Шалыс басқан кезімде шәлкес тағдыр
Соғып қояд басымды балғасымен.
Шын көңілмен біреулер ағалап жүр,
Ақ жанымды біреулер жаралап жүр.
Менде қазір қалыпты бір ақ арман,
Сол арманды көңілім аялап жүр.
Ол арманым – тек қана жыр арманы,
Жарамайды мезгілсіз мұңайғаным.
Жаз кезінде желпінген жапырақ та
Күні жеткен соң жерге құлайды әлі.
Мұң айтқаным емес бұл, сыр ашқаным,
Жазылмай жүр бір еркін құлаштарым.
Әйтпесе күн көретін жан емеспін
Мансап қуып, даңқ қуып тыраштанып.
Жүрген жоқпын тырбанып баю үшін,
Мәймөңкелеп жақсы атақ алу үшін.
Ақын көңіл көнбейді қақпайлауға,
Ақын жүрек жаралған жану үшін.
Торықпаймын сендердей саям барда,
Хақым жоғын да білем арандауға.
Жаныма жырдан жарық сәуле құйған
Рахмет ақ пейілді адамдарға.
*** Дарқан өмір, Көп емес те менің сенен сұрарым: Тек өзіме байланысты Тік жүруім, құлауым, Майысарым, сынарым. Үзілмесін осы бір менің әлсіз қиялым, Биік болсын әрқашан арман атты шынарым.
Сұрамаймын мен бақыттың өзін де ,
Сәтсіздік те,
Сәттілік те
Байланысты өзіме.
Шабыт бергін шалқып кеткен кезімде,
Шағалаң боп шарқ ұрайын шомылып
Жауындатқан, дауылдатқан сезімге.
Өзіме аян бір күндері шығарым,
Бұлдырайды арман-тауым,
Шарқ ұрады қиялым.
Сол арманмен ұйықтаймын,
Күнде бірге тұрамын.
Ей, гүл өмір, аяғымнан шала көрме тек қана,
Келмейді енді, келмейді енді құлағым!
*** Өте алмай өмірдің тар өткелінен Еріксіз көз жібердім өткеніме. Артым соқпақ, алдымда асау тасқын Шынымен арманына жетпедім бе?
Алдымда асау тасқын, өтемін бе,
Кетем бе әлде тасқынның жетегінде?
Тастан-тасқа соғылып тасқынменен
Беймәлім бір қиырға кетемін де.
Бұлыңғыр өткен күндер, неге адастым,
Қай кезде тура бастым, жаза бастым?
Балалықтан кінәні іздейін бе,
Ол күндер көз ұшында, таба алмаспын.
Қинайды көп істерім өткендегі,
Кінәлі ерте келген көктем бе еді?
Жауқазын жүрегімді жаралаған
Сол жанға деген шексіз өкпем бе еді?
Көп жұлындым, көп жолды шиырладым,
Жеңілдетіп көк сумен қиындарын…
Тыңдамаппын ағаның ақылын да,
Тыңдамаппын құрбының қиылғанын.
Жаңа оянған жас бала көкірегім,
Алабұртам, асығам, өкінемін.
Иесіз жұртта жаутаңдап қалғандаймын.
Жетіп алсам, шіркін-ай, шетіне елдің.
Күтемін бе тасқынның басылғанын,
Қарауытқан көгімнің ашылғанын.
Арғы бетте құлпырып шақырғандай
Бір кезгі арман еткен жасыл бағым.
Тұрғанда жырға толып жасыл бағым,
Мен қалай тағдырыма бас ұрамын?
Тәуекел, толқын мені құшағыңа ал,
Беймәлім болашаққа асығамын.
Алып кет тасқын мені қиырларға,
Үйренгем қақпақылға, қиындарға.
Көп болса толқыныңа тұншығармын,
Жұдырық болсын, мейлі, жығылғанға.
Ойлардан қажысам да кемді-күнгі,
Әлі де жоғалтқам жоқ өрлігімді.
Тағдыр, мейлі, торыңа қыса бергін,
Дүние, ұнатамын кеңдігіңді.
Шаттығын қимадың деп өкінбеймін,
Сыйлай бер, мейлі, тағдыр өтін желдің.
Қолыңнан бермесіңді тартып алам,
Қол жетпес көктегіңді өтінбеймін!
ТЕМІРХАНҒА
Бөліскен балғын жастықтың балын, ауырын,
Барсың ба менің пайғамбар досым – бауырым?
Баяғы кездей өр басың әлі биік пе,
Шайқады ма әлде тағдырдың дүлей дауылы?
Барсың ба, досым, жанымның асқар тірегі,
Лүпілдеп әлі соға ма ыстық жүрегің?
Тұнжырап әлде жүрсің бе түсіп қабағың,
Еңсеңді басып тағдырдың қара түнегі.
Өмір ғой, досым, жүрмейсің ылғи күрсінбей,
Кеудеге сыймай жүрек те кейде дүрсілдер.
Қамыққан кезде құс болып ұшып кеткің кеп
Аспанға күнде бір қарап қойып жүрсің бе?
Өзіңдей болып түсінер кімдер жанымды,
Ойрандап кетті біреулер тыныш бағымды.
Жападан-жалғыз жабырқап жүрген шағымда
Жаз болып күлер жаныңды сенің сағындым.
Тайбурыл сынды тимейтін жерге аяғы,
Тоқтамай айлар зымырап кетіп барады.
Думанды тойдан көре алмай жүрмін сені мен,
Таба алмай жүрмін Темірхан атты баланы.
Бейнеңді сенің түсімде ғана көрген ем,
Қиялмен көргем қиянға құлаш сермеген.
Алаңдап жүрмін ашылған сайын есігім,
Жан досым, өзің келердей кіріп бөлмеме.
Адастық, мүмкін, бұлыңғыр өмір күнінде,
Думанды шақтар алысқа кетті бүгінде.
Тойладық біздер, амал не, мейлі, тоймадық,
Жастық шақ солай өтті ғой, досым, күйінбе.
Бірге іштік біздер өмірдің тәтті балын да,
Сүйіп те көрдік,
Өртендік бірге жалынға.
Өмір сол екен, өкпелеп оған қайтесің,
Ол күндер бүгін айналып кетті сағымға.
Өтпестей болып созылар ұзақ айлар да,
Сарылып кейде күтуден көңіл талғанда
Дос көңіл бар де осынау жердің бетінде
Жалғыз қап бір сәт еркіңді беріп арманға.
Жалғыз қап бір сәт еркіңді беріп қиялға
Толқысаң кейде бөлмеге торлы сыя алмай
Жалт етіп өтер алдыңнан қымбат сол бейне
Жалаңаш таста бұралып өскен шынардай.
Сол кезде күлкі жүгірер сенің жүзіңе
Ұмыт боп бір сәт өмірдің сұрғылт күзі де.
Шығарып естен көңілді қажар ойларды
Жатарсың ұзақ түндерде таңға көз ілмей.
Шалқып бір жүрген жастықтың қымбат сол шағын,
Еске алдым мен де,
Мұңайып күнде шаршадым.
Жаныма ыстық сағыныш сазын сыйлаған,
Бір кезде сонша қинаған жанды аңсадым.
Бастасын қайда сан тарам өмір жолдары,
Демегін басты айықпас тұман торлады.
Бәрі де өтер,
Бойдағы сезім, арманды
Жоғалтып алып жүрмесек, досым, болғаны.
АУЫЛ ӘСЕРЛЕРІ
1. Алатаумен жүздесу
Аманбысың, Алатауым – асқарым,
Армысыңдар өр шыңдарым қырау шалған бастарын.
Көп уақыт болған жоқпын баурайыңда,
Ол, әрине, сендер үшін қас-қағым.
Сылқ-сылқ күлкі, сылқым назға бөлеп ғашық тастарын
Сыңғыр қағып жатыр ма әлі баурайында бастауың?
Кеш, ұлыңды, жүрегімді жерге төсеп бұлағыңнан жұтқам жоқ,
Жатпадым мен өлең-төсек шалғыныңды жастанып.
Бірге кешкен қазағымның қасіретін, қайғысын
Армысың, ей, асқар тауым, бармысың!
Жатырсың ба күзетіп кең даламды
Дегендей-ақ ұлым бір сәт қалғысын.
Адасқан арманшыл бір балаң едім,
Қайта таптым, қайтадан саяңа ендім.
Қадірлі ата, саған бір үлкен сәлем
Абайымның ауылынан ала келдім.
Түгім жоқ бітірдім деп алданарлық,
Ерлігім жоқ істеген таңқаларлық.
Жүрмін мен саған деген сағынышпен
Үзілген арманымды жалғап алып.
Өмірдің көрдім мен де қияларын,
Тайып кеттім,
Бірақ та құламадым.
Күйбең ойдан кей-кейде жасып кетсем
Тәкаппар шыңдарыңнан ұяламын.
Өзің едің өсірген мені баулып,
Дала болса жүрегім,
Қаным - таулық.
Әкемдейсің кейде сен өзіңе ұқсас,
Анамдайсың басына тартқан жаулық.
Алатауым – атасы боз даламның,
Алдыңа кеп бас иген бозбалаңмын.
Сені қиып кете алмай қайта келдім,
Өзегіме тепсең де өз балаңмын.
Мол болмасын, мейілі, бақ-талайым,
Арсыз емен алтынға сатқан арын.
Алатау, ұлыңа ақ батаңды бер,
Алыстарға тағы да аттанамын.
2. Келіңдер, достар
Тағы да туған ауылға
Оралдым бейне жыл құсы.
Қайдасың, достар, қайдасың,
Балалық шақтың құрбысы?
Шығыңдар күліп алдымнан,
Сағынып жеттім мен бүгін.
Қондым мен туған айдынға,
Еркелеу менің ендігім.
Айтпағын бүгін, құрбыжан,
Өткенді мәңгі ұмыт деп.
Қоштасар сол бір жылғыдай
Қолыңды бергін күліп кеп.
Қолыңды бергін күліп кеп,
Қиналып тағы қоштасам.
Кідірмей алға жүріп кет,
Тоқтасаң тағы от басам.
Алаңсыз күнім, ақ гүлім,
Көлбеңдеп өтсін алдымнан.
Оралсын балаң, шат күнім
Жылдармен жырақ қалдырған.
Келіңдер, достар, аңсаған,
Кіріңдер үйге күліп кеп.
Сағынуменен шаршаған
Қалайын мен де биіктеп.
3. Гүл ұсынам
Көкірегімде тасыған көл,
Таудай толқын тербетілген.
Аңсап келдім, о туған жер,
Самалыңмен сүй бетімнен.
Келем таныс көшелермен
Бас иеді қайың, талдар.
Сондай таныс, ыстық жүздер,
Армысыңдар, асыл жандар?!
Арман қосып арманыма
Өздеріңе келдім қайтып.
Ақтарылам алдарыңда
Сырымды айтып, шынымды айтып.
Бір ұлың ем,
Албырттықпен
Шалыс басып шетке кеттім.
Біреуіңмен күлсем бірге,
Біреуіңді өқпелеттім.
Аңсап келдім, ей, адамдар,
Күліп қарсы алыңдаршы.
Үркіп бұлай қарамашы
Қара көзді қарындасым.
Жан емеспін қаражүрек,
Жауыз да емен жек көретін.
Бір ағаңмын өткен талай
Өткелінен өткелектің.
Бір ағаңмын алыс шетте
Тұмар қылған сағынышын.
Қарындасым, айып етпе,
Жүрмін бүгін алып-ұшып.
Үріккенді тасташы енді,
Қара тас боп кеткен жоқпын.
Жүрегім гүл бақшасы еді,
Қара тікен еккен жоқпын.
Гүл ұсынам барлығыңа,
Сендерге тек гүлім лайық.
Бөлеп берем ән-жырыма
Жүрегімнен жұлып алып.
4. Дос үйіне келгенде
Жалғыз кеп кірдім сол үйге,
Ит ұлып жатыр көңілде
Кешір, дос, сенің үйіңе
Осылай келем дедім бе?
Ақырын үйге ендім де,
Икемге келмей ернім де
Күбірлеп тұрмын: - Кеш, ана,
Балаңсыз жалғыз келдім мен.
Тірі емен, бүгін өлдім мен,
Келмейді тіпті сенгім де.
Бетімнен сүйді құшақтап:
- Шырағым, аман келдің бе?
Құлатпай сонда демеген
Кең екен, тағдыр, керегең.
Бетімнен сүймей сол ана
Жағымнан тартса не дер ем?
Не дер ем сонда, не дер ем,
Түскендей жасын төбемнен.
Кетер ме ем теңіз түбіне
Быт-шыты шыққан кемеммен?
Ток жүріп өткен денемнен,
Бетімнен сүймей сенер ме ем?
Ар соты мені соттады,
Мен басқа сотқа көнер ме ем?
Кеткендей дүние теңселіп,
Тіктедім бір сәт еңсені.
Құлазып жүрген көңілге
Мейірім неткен емші еді!?
Айыбым бар алдыңда өтелмеген,
«Өте!» дедің.
Кешірім етер деп ем.
Ерік бар ма менде енді, төгілейін,
Бір шалқуға жалының жетер ме, өлең?
Айыптымын шынында,
Айыптымын,
Жаза алмадым сендерге лайықты жыр.
Көбелек ем қанаты отқа күйген
Келеді өмір аз-аздап айықтырып.
Ақ жаныммен тілейтін бір тілегім,
Жандарыңды баспасын түн түнегі.
Наз орнына көздерден жас ақпасын,
Үзілмесін осы шат күлкілерің.
Ойламаңдар мұңайып қалыпты деп,
Өздеріңе жүрмін ғой жарық тілеп.
Қарындастар бар кезде жазалайтын
Жүре бергім келеді айыпты боп.
Жасыма, жалын жүрегім,
Гүл өмір мынау жайнаған
Жылы шырай бермесе.
Түңілме қызық өмірден
Тағы да қайғы кернесе.
Іздеме бақыт алыстан,
Елжірей берме әрбір кез.
Тулама енді өрекпіп
Қадалса маған мөлдір көз.
Жазылмай тұрып қайғының
Бұрынғы бітеу жарасы,
Шықпасын енді зарлы үнің
Мұң емес өмір бағасы.
Түстім де отқа алтын деп
Қанатым күйді, “кеш” дедім.
Болыппын көзсіз көбелек,
Өзімді-өзім кешпедім.
Алданба енді басқаға,
Адассаң менің өшкенім.
Таң атты, міне, тағы да
Ұйқысыз өтті бір түнім.
Ұзақ түн, жым-жырт тыныштық,
Ілінбей қойды кірпігім.
Буалдыр арман, жаныма
Тыныштық неге бермейсің?
Қол жетпес алыс қиянға
Қолыңды неге сермейсің?
Қолымда менің тұр бақыт,
Құшағым толы гүл менің.
Тойымсыз көңіл, тағы да
Не аңсап, нені іздедің?
Түсінбей жүрмін өзім де,
Балалық па екен аңсарың?
Қиялым неге сабылдың,
Кімдерді іздеп шаршадың?
Достар ма кеткен алыстап,
Алаңсыз күн бе кешегі?
Қорғасын бұлттар көгімнен
Тынымсыз неге көшеді?
Беймаза көңіл, бейуақта
Тыныштық қайдан табасың?
Буалдыр арман, жанымды
Жетелеп қайда барасың?!
Неге мен мұңаямын, түсінбеймін,
Аунап жатыр арқырап іішінде мұң.
Алабұртқан сезіммен арпалысып
Біткендей алақұйын күшім менің.
Күзгі аспандай неліктен қуарамын,
Қуантпайды көңілді бұлақ әні
Қай биікке шыға аламй армандымын,
Қай биіктен қапыда құлағамын?
Неліктен өз-өзімнен жасып болдым,
Келеді ме арнамнан асып-толғым.
Бір адамдай жастықты базарладым,
Бір адамдай өртеніп ғашық болдым.
Бір адамдай бар шығар бақ-талайым,
Қайта туар бүгінгі батқан айым.
Серпілейін мен де енді, қар астынан
Қылтиған бәйшешекті таптамайын.
Дүние көк шалғындай жайқалып тұр,
Тек қана бір бәйтерек қартайыпты.
Құйшы, досым, толтырып шарабыңнан
Көңіл деген құрғырың ортайып тұр.
Тыңда, әлем, мен бүгін бақыттымын,
Жүрегім мұңаюдан тапты тыным.
Шалқыған шаттығым бар бір басымда,
Құлпырып бүгін шешек атты гүлім.
Жаныма құйылғандай күн сәулесі,
Жайнап бүгін кеткендей өмір көші.
Ей, тағдыр, бар өкпемді ұмытайын,
Сен де мынау өмірдей еркелеші.
Шет қалма, кешірдім мен бүгін бәрін,
Құшақ жайсам өзіңе тығылмағын.
Кінәлі болсаң дағы тілемеймін
Мен бүгін ешбір жанның жығылғанын.
Сағынып көптен күттім бұл күнді мен,
Күттім, өмір, осынау күлкіңді мен.
Бүгін шық та өзгеше мөлдірейді
Қуаныштың жасындай сүртілмеген.
Өмірге қайта келдім тәй-тәй басып,
Шаттығым сыймай барад асып-тасып.
Өлеңім, ашылды арнаң,
Тасы енді
Алысқа арманымды алып қашып.
Ақымақ болу қандай оңай, ақын болу тым қиын
Болсам деумен өтіп жатыр бір күннен соң бір күнім.
Тік жүремін дегеніммен соқпақтарым бұралаң,
Жүріп келем құлап-тұрып көз алмастан қиядан.
Шыға алам ба бір күндері, еркін көзім жетпейді,
Парақтаумен келем әлі арман толы беттерді.
Кей-кездерде өз-өзіме көңілім толмай қалады,
Малтый алмай тереңдерге, таптаймын тек жағаны.
Кей-кездерде өз-өзімнен мүлде көңілім қалады,
Қаламымнан тумайды өлең,
Күндер өтіп барады.
Бостау болып кетем кейде сәл нәрсеге егіліп,
Сәл нәрсеге түйілген бір қара бұлттай сөгіліп.
Бұл қалпында қалмаймын мен, ойламаңдар, достарым,
Басқаша әлі жазылады менің өмір-дастаным.
Ойлағаным атақ емес, жалтылы көп даңқ емес,
Қонақтаған кеудеме арман толған айдай, жарты емес.
Шыға алмасам бұл биікке бос өткені өмірдің,
Бос өткені түндерімнің, төгілгені терімнің.
Қалай жүрем бір үмітін ақтамасам елімнің,
Жырламасам әр тасы мен шөбін туған жерімнің.
ОЯНА АЛМАЙ ЖҮРМІН МЕН
Ояна алмай жүрмін мен, ояна алмай,
Оянып кетсем отқа оранардай.
Қорқамын өрттен қалған бір тал шыбық
Осы бір отпен бірге жоғалардай.
Жоғалардай,
Асылым тоналардай,
Неге жүрмін өлеңге жолай алмай?
Жолаушы сияқтымын ұзап кетіп
Жүрген бір туған жерге орала алмай.
Баяғыдай жүргем жоқ алып-ұшып,
Қинайды тек сардала сағынышым.
Өлең - өлкем, жүрсің бе күтіп күнде
Жанартау жүрегімнің жарылысын?!
Боламын ба арынды арғымағың,
Күйшің бе, әлде, төгетін «Балбырауын»?
Ояна алмай жүрмін мен,
Кешір, өлкем,
Керек еді тіпті де қалғымауым.
ҮІ бөлім
АУДАРМАЛАР
ГҮЛ (А. С. Пушкиннен)
Гүлді көрдім солып қалған, сарғайған,
Ұмытылған ескі кітап ішінде.
Енді, міне, қамалап ап көп арман,
Қиялдадым ғажап айға түстім де.
Қайда өсті, қашан және қай көктемде,
Қанша уақыт тұрды жайнап, кім үзді?
Белгі болып қалды ма ескі беттерде
Арманындай ғашықтардың бір ізгі?
Белгісі ме қымбат, тәтті сүйістің,
Мұңның ба әлде сүйгенінен айрылған?
Белгісі ме әлде жай бір жүрістің
Аясында ну орманның қалғыған?
Тірі ме олар, қайда олардың мекені,
Кең дүниенің жүр олар қай шетінде?
Қызғалдақтай солды ма әлде ол екеуі
Ұмытылып, қурап жердің бетінде
Тағдырыңа жалын, мейлі, өкпеле,
Бір тылсым бар біз түйсініп жетпеген.
Не нәрсе үшін жапа шегіп келеміз,
Жұмбақтары бұл өмірдің көп неге?
Көңіл шіркін қайтсе, қалай жай табад,
Сұмдық сырды айтқым келер қайталап:
Өмір деген ғұмыр кешу
Біреудің
Жасап қойған күнәларын арқалап.
Қу тірліктің ызғары өтіп сүйектен,
Мың сан ойлар салмақ салар жүрекке.
Жылау үшін тудық біздер
Әйтсе де
Үміт – сәуле жылтырайды түнекте.
Виталий Яковлевич Пекельник
Бақыт жайлы
Мен даладан тауып алдым тағаны,
Қайран жүрек бір дір етті жаралы.
Таға тапқан бақыт деуші ед, арман-ай,
Үміт – толқын шымшылайды жағаны.
Шығарайын деген шығар мұң күйден,
Ел бекерге айтпайды ғой, кім білген?
Қара суық тұрған көптен қамалап
Көңілге жаз орнай кетті күмбірлеп.
Қалтылдаған үмітімнің сүйеуін
Маңдайшаға берік қылып ілемін.
Сені алып жетсін деймін осы үйге
Тірліктегі тоғыз жолдың біреуі.
Мені қай бір ерімейтін мұз дейсің,
Білем, сен де үмітіңді үзбейсің.
Жылынсаң да қандай алау басында
Түбінде өз отбасыңды іздейсің.
Алда келер бақытымның кепілі,
Сенем саған, айтпағайсың өтірік.
Осы жырдың мұңын оқып сол адам
Қалмасын тек өкініп.
Екатерина Свинцицкая
*** Өтсем де басып қаншама жерді, Тоқтамай уақыт тартса да алға. Мың алғыс айтам мені мен сені Бір жерге бастап әкелген жолға.
*** Сен кешір мені – Мұңайған шақтарыңда, Ақ таңдарың арайлап атқанында, Жастық шақтың жыр толы бақтарында Жаныңда бола алмасам, Келемін деп алдасам.
Қумағын мені сарғайса мынау атырап,
Жел болма, жаным, болмайын мен де жапырақ.
Самарқау күзде бұтақта жалғыз мұңайып
Тұрмайын әлсіз қалтырап.
Оралам саған жайнаған жазым жеткенде,
Көңілсіз күзде
Немесе гүлді көктемде.
Түндермен әлде таңдармен саған оралам,
Осындай менің мінезім, жүрме өкпелеп.
Досыма хат
Жазылды алғаш, соңғы сырым
Қайталанбас ешқашан.
Мен аңсаған бақыт гүлін
Іздесең де басқадан.
Сүймесең де жалынар деп ойлама,
Аңсадым мен сені әрбір кештерде.
Жасыратын енді менде жоқ шама,
Жалғызбын мен,
Бақыт болам басқаға.
Шақырмаймын сені қайтып жаныма,
Ойлама сен, қоштасқан соң өзіңмен
Кішірейіп келеді деп тағы да.
Ойлама сен, жылағам жоқ түндерде,
Жастығыма көз жасымды төккем жоқ.
Тек өзімді қинаймын мен, кеудемде
Сөнген жоқ қой махаббатым, сөнген жоқ.
Алғаш рет жайып салдым сырымды,
Өзімді ұстар енді менде шама жоқ.
Сен едің тек алғашқы махаббатым,
Елестейтін бақыт өзің ғана боп.
Сан түрлі ойлар санамды естен тандырды,
Жеткендеймін қысқа жолдың соңына.
Көп ұзамай аяу білмес тағдырдың
Түсетін де сияқтымын орына.
Әйтсе дағы қорқытпайды мені ажал,
Өсіп шығар қызғалдақтар көрімнен.
Өтінішім - өзің ғана азала,
Ақырғы рет сүйем сені ерніңнен.
Жыла менің жас моламның басында,
Білсін бар ел мұнда қыршын жас барын.
Тесіп өтіп топырақты, тасты да
Тамар, мүмкін, кеудеме ыстық жастарың.
Өртер сонда кеудемді ыстық жастарың,
Көріп келген туған жердің аспанын.
Жалын-шоқтай құдіретті сол жастан
Ерір, мүмкін, мұз боп қатқан жас жаным?..
ҮІІ бөлім
СЫҚАҚ ӨЛЕҢДЕР
СОҢҒЫ АҚЫЛ
(Бейімбеттің ізімен)
Әй, Елпеңбай-ай,
Бай-бай-бай!
Құрыдың ғой енді
Қу құдай-ай...
Бастығыңды боқтапсың,
Арғы аталарынан түк қоймай
Бергі әкесіне кеп тоқтапсың.
Ол аз болғандай
Еден сыпырушыға барып оттапсың.
Жұмыс уақытында қызып алыпсың,
Сөйтіп жұмыс тәртібін аздап бұзып алыпсың.
Одан көшеге шығып милиционердің түймесін
Ескерткішке деп үзіп алыпсың.
Осы сенің не жының бар?
Мас кезіңде алдыңда түйе тұрса да
Қағып кетесің.
Қой деген Телпеңбайдың терезесін
Күл-талқан ғып шағып кетесің.
Үйінен анда-санда
Үш күнге қашып кетесің,
Өзгенің қалтасын өзіңдікіндей көріп
Тары шашқандай қылып шашып кетесің,
Сөйтіп, өз абыройыңды өзің ашып кетесің.
Өстіп жүріп жұмыстан шықсаң
Дүние кезіп қаңғып кетесің.
Сырахана мен дүкеннің алдын
Алқаштарға ұқсап аңдып кетесің.
Одан да ертең бастыққа
Әйеліңді ертіп кел.
Ұялмасаң да ұялған сияқты болып
Қызара бөртіп кел.
Молданың алдындағы шәкірттей
Басыңды салбыратып жібер.
Шынында да алқаш болғаныңды білдіру үшін
Шашыңды жалбыратып жібер.
Аузыңа су толтырып алып,
Біраз үндемей шыдасаң
Басекең жібіп қалар.
Түлкінің күшігіндей болып біраз жүрсең
Жаман атың да ұмыт болар...
ӘРТІС ПЕН ТАРТЫС
(сықақ)
Ауылға Әртіс келді,
Әртіспен бірге ырың-жырың тартыс келді.
Белсенділердің жиналуы тез болды,
Қонақты күтіп алу жайы сөз болды.
Қалақ тұрып:
- Мұндай мықты күнде келе бермейді,
Ол келген соң сахнада
Езуі көпіршіп екі сағат сөйлейді.
Сондықтан су көп болу керек,
Бүгінгі күн талабына сай
Арақ-шарап дегенің жоқ болу керек,
- деді.
Жалақ тұрып:
- Әй, Қалақ, сен де сөйлейді екенсің,
Көзің бақырайып тұрса да
Ештеңе көрмейді екенсің.
Мұндай адамның алдында
Ағыл-тегіл ас болу керек.
Шипалы шұбат пенен
Құйқасы сап-сары болып піскен
Бас болу керек.
Содан кейін...кәнешні...
Есінен айрылғанша мас болу керек,
- деді.
Алдыңғы екеуінің де сөзіне қосылмаған
Салақ тұрып:
- Бас қатырып жатамыз ба сондайға,
Сол бір жын-сайтандарға
Әткретке бере салсақ болмай ма?
Бас дегенді бастықтар жейді ғой,
Мұндай бақсыларға қой сойып
Құрта береміз десеңіздер мейлі ғой...
- деді.
Сонымен ырың-жырың тартыс болды,
Турасын айтқанда
Әлгі теледидардан көретін айтыс болды.
Сөйтіп жатқанда Әртіс кеп қалды,
Белсенділердің арасында
Тағы да тартыс боп қалды.
- Алдынан сен шық!
- Сен шық!
- Мен тоқалдан туып па ем, өзің шық!
- Көзің шықсын...
- Қолтығыңдағы безің шықсын!..
- Үй, әкеңнің...
- Байдан қайтып кеп отырған тәтеңнің...
- Ішіңнің…
- Запыранға ұқсап сарғайып кеткен тісіңнің...
Белсенділердің арасында осындай тартыс болды,
Қып-қызыл айтыс болды.
Тартыс төбелеске айналған соң
Бұғалтыр Бүйректің жүрегі шыдамай
“Қайтыс” болды.
Кеңседе осындай шу болды,
Әртіске барлық дайындалғаны
Жарты шелек су болды.
Халайық жиналған соң концерт басталды,
Әртіс байқұс аш қалды.
АЗДЫРҒАН «АҚЫЛ»
Бір күні байтақ өлкеге,
Аю мен Қасқыр, серкеге
Сілеусін бастық болды.
Билікке қол жеткен соң, әрине,
Көңілде аздаған мардамсу,
Тойыс, мастық болды.
Ол да ештеңе емес қой,
Күйгені
Елін қалай басқаруды білмеді.
Содан соң терең толғанып,
Қауырсын қаламын қолға алып,
Жолбарыстан хатпен ақыл сұрады,
Не істеу керектігінің атын сұрады.
«О Жолбарыс ағамыз,
Сіз боп тұрсыз арқа сүйер панамыз.
Орныңыз мүлдем бөлек боп тұр,
Біздей бейшараға асқар ақылыңыздың
Аздаған мөлшері керек боп тұр.
Жұртым әбден азып жүр,
Құндыз құрыған судан шықпай,
Қабан, неге екені белгісіз,
Тұмсығымен жерді қазып жүр.
Аю да айтқанды ұқпайтын болды,
Жаз бойы сайранды салып,
Қыс түсе пырылдап ұйықтайтын болды.
Мойын бұрмай ағайын мен туысқа,
Серке деген селтеңбайдың
Тау-таста ойнақтап жүргені дұрыс па?
Маймыл да басымен құлаған көрінеді,
Сөйтіп жүріп әліне қарамай
Біраз жақсы мен жайсаңды сынаған көрінеді.
Соның аузын қалай жаптыруға болады,
Құмды қайтып қаптыруға болады?».
Жолбарыс оқып шыққан соң ойланып,
Ол да қауырсын қаламын қолға алып,
Сілеусінге жауап жазды:
«Е-һе, Маймыл осылай
Елді сынап күлдіріп жүр де,
Аю еңбек тәртібін бұзып,
Қабан егістік жерді бүлдіріп жүр де.
Әлі-ақ осының бәріне
Жауап беретін кез келеді.
Серке селтеңдеп жүріп құздан құласа
Мына саған алдымен сөз келеді.
Сондықтан Серке сорға жайылсын,
Қабан қиыршық тастың үстіне қолда жайылсын.
Аю мен Құндызды он бес күнге жабыңдар,
Маймылды жиналысқа салыңдар.
Болмаса қорқасыңдар ма,
Қарындарын жарыңдарІ».
Мұны оқып есірген Сілеусін
Ел-жұртын қан-жоса қылып талап жатты.
Содан кейін, әрине,
Арыз-шағым дегенің
Арыстан жаққа қардай борап жатты...
АУДАНДА ТҰРАТЫН АҚЫННЫҢ АЙТҚАНЫ
Әлі ел-жұртқа танылмаған ақынмын,
Сонда дағы өлең жағын қатырдым.
Поэма ма, баллада ма, басқа ма,
Бірінен соң бірін жазып жатырмын.
Тыңдамадым еш мықтының ақылын,
Баспада да жоқ ешқандай жақыным.
Өзге қызға өлең жазсам өртеніп,
«Өртеймін!» деп өрекпиді қатыным.
Керегі не одан асқан сыншының,
Демек мен де нағыз ұлы жыршымын.
Содан үш күн бармай қоям жұмысқа,
Қызметіме көңіл толмай қырсығып.
Өлеңім бар актуальді, ескірген,
Соның бәрі шықпаса да кештім мен.
Келер ұрпақ талантымды бағалар,
Ал әзірше кем емеспін ешкімнен.
Рас, өлеңнің есігінен кеш кіргем,
Өзгелерден кештеу барып бөстім мен.
Шайқылығым дәл солардан кем емес,
Шарапты да кем ішпеймін ешкімнен.
Ұлылар көп өз заманы ұқпаған,
Тимесін деп тілеймін тек сұқ маған.
Ақын достар таныстырып қояды,
Мықты ақын деп еш кітабы шықпаған.
Алғандай-ақ сосын жырдың қамалын,
Өз-өзімнен қоқырайып қаламын.
Асқар таумын аспанменен таласқан,
Айдын көлмін, жатқан сайын даламын.
Келсең маған сол кезде кел, ағайын,
Той алауын маздатып бір жағайын.
Шалқытып жыр оқып берем,
Сын айтқан
Білгіштердің бұзып берем танауын.
ҚАЙТА ҚҰРУ КЕЗІНДЕГІ ӨТІРІК ӨЛЕҢ
Біздің ауыл жаққа да
Соқты сәуір самалы.
Күннен күнге тіршілік
Оңайланып барады.
Нарық деген жақсы екен,
Сәудегерді қатырды.
Сары май мен темекі
Емін-еркін сатылды.
Жастар қойды бұл күнде
Қала жаққа қашуды.
Ортасынан ауылдың
Клуб үйі ашылды.
Кезек деген кеселің
Баяғыда тарапты.
Жаңа ғана ап қайттым
Үш-төрт банкі томатты.
О, сұмдық-ай, барлық зат
Арзан болып кетіпті.
Сатып алдым сексенге
«Импортный» етікті.
Көзбояудың заманы
Алыс кетті деседі.
Келмесе де еш бастық
Тазаладық көшені.
Ұрлық-қарлық тыйылып,
Ішкіш қойды арақты.
Содан кейін мілитса
Жұмыс болмай тарапты.
Өтірік жоқ сөзімде,
Келмей отыр күлкім де.
Суретімді комбинат
Шығарыпты бір күнде.
Төрт құбылам түгел сай,
Әйелімді қатырдым.
Күнде айта берген соң
Телешебер шақырдым.
Қайсыбірін айтайын,
Көп осындай жаңалық.
Тек тексере көрмеңдер
Әр сөзіме қадалып.
МАЗМҰНЫ
І бөлім
Туған елім, ботаңмын
ІІ бөлім
Алғашқы махаббатқа хат
ІІІ бөлім
Мен сені өлең үшін ойлап таптым
ІҮ бөлім
Жүз қызға ғашық болдым мен
Ү бөлім
Көгілдір көктем – сағыныш
ҮІ бөлім
Аудармалар
ҮІІ бөлім
Сықақ өлеңдер
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нүсіпбай
ӘБДІРАХЫМ Алматы облысы Жамбыл ауданының Үмбетәлі
ауылында 1957 жылы дүниеге келген. Қазақтың әл-Фараби
атындағы Ұлттық университетінің журналистика факультетін
бітірген. Өлеңдері бірнеше жыр жинақтарында жарияланды,
облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Қазіргі уақытта
Алматы облыстық «Жетісу» газетінің жауапты хатшысы болып
істейді.
Редакторы Манарбек ІЗБАСАР
Тех. редакторы Гауһар ДҮЙСЕНБАЕВА
Компьютерде терген Барагүл ТІЛЕУБАЕВА
«Нұр-Принт-» баспасында басылды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру