Мазмұнға өту
Home

Сарыарқа

ISBN: 978-9965-18-398-0 Беттер саны: 400 Жанр:

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сарыарқа

Авторы: ISBN: 978-9965-18-398-0 Беттер саны: 400 Жанр:

ЌАЗАЌСТАН РEСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖЄНE АЌПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АЌПАРАТ ЖЄНE М¦РАЃАТ КOМИТEТІ «ЄДEБИEТТІЊ ЄЛEУМEТТІК МАЊЫЗДЫ ТҮРЛEРІН БАСЫП ШЫЃАРУ» БАЃДАРЛАМАСЫ БOЙЫНША ШЫЃАРЫЛДЫ Васильев Геннадий Сарыарқа. Рoман/ Геннадий Васильев. Oрыс тілінeн аударған Оңайгүл Тұржан. Астана: Аударма, 2012 – 400 бeт. В 19 ISBN 978-9965-18-398-0 Құрманғазы Сағырбаевтың күйлері қазақ халық шығармашылығында аса маңызды тарихи орынға ие. Күйші шығармашылығындағы өзекті мәселелер – халықтың азаттығы мен жеке тұлға бостандығы. Азатшыл ойдан туған күйлерімен зорлықшыл топқа қарсы тұрған ұлы күйшінің бүкіл өмірі әлеуметтік әділетсіздік пен қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолында өтті. © Қазақша аудармасы, О.Тұржан, 2012 © «Аударма» баспасы, 2012 УДК 821.161.1=03.512.122 ББК84(2Рос.–Каз)7-44 В19 УДК831.161.1=03.512.122 ББК84(2Рос.–Каз)7-44 ISBN 978-9965-18-398-0

ҰРПАҚТАР ЖАЛҒАСТЫҒЫ Геннадий Павлович Васильевтің «Сарыарқа» кітабында Ресей аумағындағы Кіші жүз қазақтары өмірінің тұтас бір дәуірі қамтылған, ол дәуір Бөкей хан бастаған қазақтарға Жайықтың оң жағалауымен көшіп жүруге рұқсат берген Павел І-шінің 1801 жылы қол қойған үкімімен басталып, XIX ғасырдың аяғына дейін жалғасады. Васильевтің романы сол жүзжылдықтың өн бойында ордада өткен оқиғаларды тарихи дәлдікпен суреттейді, ал тіпті кей тұстарында оқырманды орта ғасырдың бас жағындағы көне дәуірлерге және сол кезеңдерден басталған қазақ мемлекеті қалыптасуының шежірелеріне дейін жетелеп кетеді. Романның басты кейіпкері – Құрманғазы Сағырбаев. Оның жарқын бейнесін жазушы ерекше жылылықпен кескіндейді. Романды оқи отырып оқырман өзін ұлттың даңқын асқақтатқан жұлдызды баланың өмірге келуінің басықасында жүргендей сезінеді, содан кейін композитордың маңдайына жазылған тағдырдың ауыр жолымен оның соңынан ілесіп отырады. Даланың өзіндік сұлулығының суретін сала отырып жазушы оқырманды әрі көркем, әрі қауіп пен қатерге толы даланың жолдарында сайрап жатқан Құрманғазының ізімен жетелеп келе жатқандай болады. Дауылпаз күйші әрі өр мінезді Құрманғазы Сағырбаевтың басынан талай ауыр жылдар өтті. Биліктің қырағы бақылауында болған ол талай түрмелердің қабырғасында да отырды. Бірақ темір кісендер де, түрменің торы да оның азаттық сүйгіш рухын ауыздықтай алмады. Ол өмір бойы жаманшылық атаулымен, әділетсіздікпен күресіп өтті, қарапайым халықтың жан дүниесін өз күйлері арқылы жарқын болашақтың келетіндігіне деген

сенімге толтырып, теңсіздікке қарсы әділетті күрес жүргізуге шақырды. Менің ойымша, Геннадий Васильевтің бұл кітабы біздің аға ұрпақ оқырмандарымыздың да, қазіргі жастарымыздың да тарапынан лайықты бағасын алады деп ойлаймын, өйткені бұл туындының әрбір беті кейіпкерлердің ыстық сүйіспеншілігі мен адал достығын паш етеді. Ұрпақтар арасын жалғастырып тұрған мөлдір желі бұл әдеби шығарманың ауқымын кеңейтіп, тіпті оның аумағынан да асырып, самғатып әкетеді. Сондықтан да оқырман сол мөлдір желіге өзінің де жалғанып тұрғанын сезінеді, тарихи үдерістердің жай бір механикалық тетігі емес, шын мәнісінде сол үдерістерге қатысушы және сол үдерістерді жасаушы ретіндегі өз рөлін де сезінеді. Кітапты оқып шыққаннан кейін романның көптеген кейіпкерлеріне өзіңнің де ұқсағың келеді, әрине, бірінші кезекте Құрманғазы Сағырбаевтың өзіне ұқсап тұрғың келеді. Менің ойымша, бұл кітаптың «Жолдастық» деп аталатын қазақ қоғамы құрылғанының 20 жылдығы тұсында шығарылуының да өзіндік мәні бар. Мен кездейсоқтық дегенге онша сене қоймаймын және кез келген кездейсоқтық белгілі бір заңдылықтардың арқасында жүзеге асады деп ойлаймын. Және осы тамаша кітапты жазып шыққан дарынды, бұл сөзім асырып айтқандық емес, астрахандық жазушы Геннадий Васильевпен менің кездесуім де кездейсоқтық емес екендігі анық. Сондықтан да мен көп ойланбастан осы кітаптың жарыққа шығуына материалдық тұрғыдан қолдау көрсетуге бел байладым. Бұл менің «Жолдастыққа» төраға болған жиырма жылдық еңбегімнің және жақында ғана бұл міндетті өзімнен кейінгі жас буынға сеніп тапсыруымның қорытындысы да болсын. Осы кітапты қолына ұстап отырған оқырмандардың барлығының да кітапты бар зейіндерімен оқып шығуына тілектеспін, өйткені бұл шығарма өзінің қилы-қилы оқиғаларымен қай-қайсыңыздың да жан дүниеңізге ерекше әсер берері сөзсіз. Бір Алла жар болсын! Никита Сейітұлы ЫСҚАҚОВ, Қазақ мәдениетін дамыту қорының төрағасы

Кітап Ресей мен Қазақстан халықтарының мызғымас достығына арналады

Нағыз махаббат үшін арақашықтықтың алыс-жақындығы жоқ. Навои Низам ад-дин Мир Алишер Ән мен жырға, аңыздар мен ертегілерге қаныққан Еділ өзені өзінің мөлдір суын Ресейдің орталығынан Астраханьның оңтүстік айлағына құлашын кеңге жайып, еркін ағыспен жеткізеді. Көктемде Еділ-Ақтөбе аңғары төңірегіндегі көгалдар мен шалғындарды ернеуінен аса тасып жататын сансыз өзендер мен көлдерге айналдырып жібереді, ол көлшіктерге миллиондаған үйір-үйір балықтар уылдырық шашады. Ал судың деңгейі түсіп, өзінің бұрынғы аңғарына әлгі сансыз балықтарын ілестіре кері қайтқан кезде, жер құрғап, көк майса шалғын жайқалған кезде, енді бұл жерге үйір-үйір мал жайылып, жерсақ диқандар тырмаларымен келіп, іске кіріседі. Ырзықтың молдығы сөзбен айтып жеткізгісіз – жердің жұмағы тәрізді. Көне дәуірлерде осы жер жұмағына таласқан түрлі халықтар мен ұлыстардың арасында талай қантөгіс соғыстарды бастан өткерген бұл өзен не көрмеген дейсіз, тек бұл жер Ресей мемлекетінің мығым қолына қарағаннан кейін ғана оның бәрі тоқталды. Бірақ дәл қазір мұның бәрін еске түсіріп отыруға уақыт жоқ. Еділ өзін асыға күткен сүйікті досы Каспиймен тезірек қауышып, оның тұзды ернінен сүйіп, ыстық құшағына еніп кетуге асығып бара жатыр. САРЫАРҚА ÐÎÌÀÍ

І-тарау ҚАРСАҢДА Жиделі тоғайының тас төбесінен шақырайған күннің көзі төңіректегі тіршілік атаулының бәрін сирек ағаштар мен әлдебір өзеннің иіріліп қалған суына өскен қалың қамыстың көлеңкесіне қуып тығып, шыжғырып бара жатыр. Су ішіп шыққан қойлар күндегі әдеттерінше, күнге күйіп сарғайып кеткен, тамақ болып та жарытпайтын шөптің басын шалып, еріне басып өріп барады. Атжақты өңі күннің көзіне қақталып қап-қара болып кеткен, шаң басқан сақалы ағарып көрінетін қойшы жүннен сырып тігілген шапаны мен тері бөркін баса киген мына қалпында ел кезіп жүретін дәруіштерге ұқсайды. Тек ердің үстінде өзін сергек ұстап отырған кең иығы мен жіңішке белі, иығына асып алған былғары баулы мылтығы мен астындағы шаршаған атын анда-санда сипай қамшылап бара жатқан сыртқы тұлғасы оның кім екендігінен хабар беріп тұрғандай. Түн қараңғысында бұл маңға қасқырлар келетінді шығарды, даланың арлан қасқырларымен арпалысып, өз міндеттерін қанша адал атқарғандарымен сары ала төбеттердің кейде оларға шамасы келмей қалып жатады. Сондықтан да кейде түн ішінде от жағып, қасындағы көмекшісі екеуі кезектесіп, тынығып жатқан отарды айнала шолып келіп отырады. Өзеннің жағасындағы бұтағы қалың тоғайдың арасына тігіп қойған қостарына келіп, ол атынан жеп-жеңіл секіріп түсті де, аттың шылбырын түріп қоя берді. Ағаштың діңіне арқасын сүйей отыра кетті де, қалғи бастады: отарды қасқырдың үйірінің шабуылынан қорып, ұзақ түнде көз ілмегені көрініп тұр. Көмекшісі Қамысбай қамқор көңілмен «Қалай, Сағырбай, шаршадың ба?» деді де, ебедейсіз үлкен басын шайқап, «Өзіңді аямасаң да, атты аясаңшы. Мынадай қайнаған ыстықта қандай аң інінен шығады дейсің, қазір олар қойға шаппақ түгіл, басымен қайғы болып жатқан

шығар. Қасқыр түгіл, жын-шайтандар да жердің астына кіріп кеткен болар» деп жымиған қалпы кесеге құйған күрең шайды Сағырбайға ұсына берді. – Сен отарды шолып келгенше, мен шай қайнатып қойдым, қарашы қандай күп-күрең, ішсең, шаршағаның қолмен сылып алғандай болады. Қамысбай Сағырбаймен құрдас еді, соған қарамастан оған жасы үлкен ағасындай ерекше бір құрметпен қарайтын. Сағырбай көмекшісі ұсынған кесені қолына алып, бір ұрттап көрді де, оның шайды ерекше дәмді етіп демдеген шеберлігіне мақтау айта отырып, сүт қатқан ыстық шайды сүйсіне іше бастады. Екі самайы мен арқа-жонынан, кеудесінен аққан ащы тер бойындағы барлық шаршауын өзімен бірге алып кетіп жатты. Қамысбайдың толысқан ай тәріздес дөңгелек, сақал-мұртсыз күлімдеген жүзіне сүйсіне қарап Сағырбай: «Аң дегенің төрт аяқты ғана емес, екі аяқты да болады. Кәпірлер келіп сенің домалақ басыңнан шоқпармен бір ұрса немесе ішегіңді сойылдарына орап алып шұбатып ала жөнелсе, Мәңкүр мен Нәңкүрдің алдына барып, сынға түскенде не айтасың, ағаштың көлеңкесінде жатып ұйықтадым, шай ішіп, қуырдақ жедім дейсің бе?» деді. Қамысбай үлкен көздерінің ұзын кірпіктерін (шамасы, бұлардың тұқымында даланың талай жұртының қаны араласқан болуы керек) жыпылықтатып «Ой, қойшы, екеумізде құрт араласқан тарымыздың өзі бірде бар, бірде жоқ, қайдағы қуырдақты айтып тұрсың» деп жауап қатты. Сағырбай ағаштың діңіне ыңғайлана сүйеніп жатып, сәл жымия «Жай айтқаным ғой. Құрты не, қуырдағы не» деді езуіндегі күлкіні құрдасына байқатқысы келмей. Қамысбай өз сөзін Сағырбайдың күлкі қылғанына ыңғайсызданып қалды. Оның екі метрге жететіндей бойы мен нән қарыны ішсең іш кептіргеннен басқа жұғымы жоқ көжені емес, нағыз тамақты аңсап тұр еді. Өз сөзінің растығын дәлелдеу үшін ішіне ас түспегеніне біршама уақыт болып қаңғырлап тұрған қарынын алақанымен ұрыпұрып қойып: «Мына қарынды сылдыр көжемен алдандырып

көр, ол ұли жөнелгенде, оның қасында қасқырдың ұлығаны қозының маңырағаны сияқты болып қалады. Ал сенің анау арқаңа жабысып жатқан қарыныңа тарының талқанынан басқа тағам жағады деймісің, жалшының күркесіндей мұндай тап-тар қарынға тарының талқанынан басқа тағам сыймайды да ғой. Ал мен болсам дәл осы қазір тұтас бір телшікті мүжіп тұрып рахаттана жеп алар едім, жаубүйрек болса, оны да соғып алар едім де, соңынан бір саба қымыз ішіп, қарынымды бір тойдырып, риза етер едім». Сағырбай құрдасының мына арман-қиялына күліп: «Мүмкін, саған қазы да беру керек шығар?» деді. Қамысбай шарықтап кеткен қиялдың бетін бері қайтарып, ауыр бір күрсініп алды да, құрдасына: «Әрине, қазыдан да бас тартпас едім-ау, бірақ оны маған кім берейін деп жатыр, Сағырбай-ау?» деді тамсанып. Шөпке төселген тулаққа лақтыра салғандай әсер беретін зор денесін көтере түрегелді де: «Жарайды, құрдас, енді сен демал, ал мен отарды тағы бір айналып шығайын, тыныштық па екен, байқап қайтайын» деді. Сағырбай басын изей көзін жұма берді, шаршағаннан болар, бірдеңе деуге шамасы да келмеді, сөйлегісі де келіп жатқан жоқ. Дәл қазір оның бар ойы үйінің жағдайы еді және бар ойы сүйікті әйелі Алқада болатын, ай-күні жақындап отырған келіншегі бір өзі үйдің бар шаруасын қалай көтеріп жүр екен, аманесен босанар ма екен, оны да бір Алла біледі ғой. Сәбилі болудан күдер үзе бастаған шақтарында Алла жар болып, Алқаның бойына бала біткен, енді, міне, жарық дүниеге сол көптен күткен сәбидің келетін уақыты да жақын қалды. Екіқабат келіншегінің білініп қалған ішіне қарап, сәбиінің отбасының тірегі, ұрпағын жалғастырар ұл бала болатынын болжап та қойған. Тіпті ол қыз бала болып шыққан күнде де, Сағырбай ұлды болғаннан кем қуанбас еді, өйткені ол қызы Алқа сияқты сұлу әрі әсем дауысты болар еді. Өйткені бұл екеуін осыдан бірнеше жыл бұрын табыстырған Алқаның сол әсем дауысы болатын. Қалғып бара жатқан Сағырбайдың ойы түс сияқтанып, оны сол бір қуанышты шаққа жетелеп

бара жатты: жылқышы еді, жоғалып кеткен қойды іздеп жүріп, адасып, күн кешкіре Таз руының ауылына тап болды. Ауыл шетінде қой сауылып жатыр екен, маңыраған қозылақтың у-шуының арасынан жұлдыздар енді ғана жаныпсөніп біліне бастаған ымырттағы аспанды тербеген ғажап бір дауысты естіді. Сағырбай жан дүниесін баурай жөнелген осынау ән естілген жаққа қарай атының басын қалай бұрғанын өзі де білмей қалды, әлде, бұл бір Алланың өзінің бұйрығы ма екен. Қызылқұрт руының жігіті Сағырбай өз қалыңдығымен осылайша танысқан еді. Ауыл шетінде сол қызбен кездескен сәттің әсерімен ол үйіне қайтты, тіпті ол ауылға не үшін барғанын да ұмытып кеткендей. Дәл қазір оның ойы меңіреу малдың жайын ойлайтындай емес еді, жап-жас қыздың қарақат көздері мен көктемгі бұлақтың үніндей тап-таза мөлдір дауысы оның ішкі әлемін төңкеріп жібергендей болды, мазасыз күй кешті. Бар ойы сол қызға қалай да үйленуде болды, бірақ бұл ақылға сыйымсыз сияқты еді. Бір жағынан ойлап қараса, олардың үйленуіне кедергі болатындай да ештеңе жоқ секілді, қазақтар үшін аса маңызды болып табылатын руластық жақындықтары жоқ, екеуі екі рудан. Жетінші атасына дейін білу – әр қазаққа міндет, бұл бір аумақта тығыз орналасқан ұлттың отбасын құрауда қан араластырып алмауы үшін аса маңызды болып табылатын жағдай. Міне, өзінің рулық жігін анық білетін Сағырбай үшін екеуінің екі рудан екендігі көңіліне үміт отын жағып, тіпті жүрегін жаулап алған әлгі қыздың таяу арада мұның қалыңдығы болатынына деген сенімі арта түскендей болды. Сағырбайды ұйқы жеңіп, енді жаңағы ойларының бәрі ғажайып түске айналып, өмірінде бұрын-соңды болмаған сол бір қуанышты күндерге қарай жетелей жөнелді. Сағырбай түсінде өзінің Таз руының бір қызына үйленгісі келетіндігін айтқан сәттегі анасының әрі толқыған, әрі қуанып кеткен жүзін көріп жатты. Анасы басын шайқай: «Не заман болып кетті, баяғыда әкесі мен шешесі баласына өздері таңдаған

жерден алып беретін еді қалыңдықты, енді қазір баласы келеді де өзіне ұнаған адамына үйленгісі келетіндігін айтады. Ал мүмкін далада жүріп ән салғаннан басқа ол қыздың қолынан ештеңе келмейтін шығар. Ондай әйелдің күйеуі күтімсіздіктен азып-тозып, қатқан нанды талғау етіп, қаңғырған қаңбақ сияқты күн кешеді ғой». Баласын біраз тұқыртып алды да, үзіліс жасамастан анасы жалғыз көрерменінің алдында өзінің спектакілінің екінші бөлімін бастап кетті: «Балам-ау, мен тіпті сенің ержеткеніңді де, өз алдыңа отау тігіп, қалыңдық әкелетін уақытыңның болғанын да байқамай қалыппын ғой. Бірақ үйлену деген оңай шаруа емес, сый-сияпатыңды тек оның әке-шешесіне ғана беріп қоймайсың, оның артында жарты ауылы тұрған шығар!» Шешесінің мына сөздерінен ештеңе түсіне алмаған Сағырбай: «Апа, мен ештеңе түсіне алмай отырмын. Менің үйленетіндігіме сен ризасың ба, әлде, бұл сен үшін соншалықты бір ауыр жағдай ма, неге қасірет кешетіндей сөйлеп отырсың?» деді. Анасының сорғалап отырған көз жасы тыйыла қалды: «Ақымағым-ау, текебайым-ау, өз баласының бақытына қуанбайтын шеше бола ма екен? Тек үйлену тойын жасау деген анау-мынау шаруа емес қой, ол саған балалармен қуыспақ ойнау емес, мұны ойлану керек, сенің болашақтағы бүкіл ғұмырың өзіңе қандай жұбай таңдағаныңа байланысты болады. Міне, сен оны керемет әнші деп отырсың, ал ол ертең сенің бар тапқан-таянғаныңды сол әнінің жолына салып жібермей ме?». Сағырбай тағы да жаңағы әуеніне бастаған анасын тоқтатып: «Апа, не айтып отырсың, менің қотыр ешкім де жоқ қой». Анасы әуелі баласына көзі бадырая бір қарап алды да, күліп отырып: «Иә, ол рас, жоқ нәрсені уайымдаудың да қажеті жоқ, ал оларға беретін қалың малды мен әкеңнен алып берем, ал ол менен құрғақ уәдемен құтыла алмайды» деді сенімділікпен. Сосын ұлына өкпелегендей сыңай танытып «Немене маған жабысып қалдың осы, басқа шаруаң жоқ па?» деп еді, Сағырбай күліп, киіз үйден шығып кетті. Оның шынында

да шаруасы көп еді, Сағырбайға бір сәтке де тыныштық бермей бір-бірімен бытысып жатқан жұмысы бастан асатын. Бірақ не істесе де, бүгін оның көз алдынан сол бір мөлдір көз кетпей қойды. Үміт пен үйленудің арасы қанша ұзақ болғанымен де, ол ақыры бір күні өзінің нүктесіне жетеді. Туған-туыстары мен қызық көруге жиналғандар қаумалаған құдалар аттарын қамшылап қыздың ауылына аттанып кетті. Шығарып салушылар кетіп бара жатқандардың артынан ырым бойынша бақыраш лақтырып еді, ол әуеде бір-екі рет айналды да жерге түбімен құлап түсті, шаңы бұрқ ете қалды. Демек, қалыңдық қатал әрі тәкаппар болады, мұндай әйелді бағындырып отыру оңай болмас, егер де лақтырылған бақыраш жерге түскенде түбі жоғары қарап қалса, мұндай жағдайда алған әйелі жұғымды да жұмсақ мінезді болар еді. Бірақ дәл қазір Сағырбай қандай да бір ырым-жырымға мән берейін деп тұрған жоқ, оның есі-дерті төбе-төбелердің, сусыған құм шағылдардың арғы жағындағы ауылда отырған қаракөзінде. Аттар бұлаңқұйрыққа салып шапшаң жүрді. Жол алыс еді, тездету керек болды. Міне, ақыры аттардың аяғы малтығып әрең жүрген жал-жал құмдардың арғы жағынан ағараңдаған ауыл да көрінді. Иесінің байлығынан хабар беріп тұрған сегіз керегелі шеткі үй аға сұлтан Майбасардың үйі, оның артында аңшының садағындай доға жасай тігілгендері – оның үйленген балаларының отаулары, оларға жапсарлас туған-туысқандарының киіз үйлері, олармен қатарласа орналасқан қонақ күтуге арналған киіз үйлер – Майбасар ауылына жоғары шенділердің жиі келіп тұратындығының белгісі еді. Ал бұл үйлерден әрі қарай қоңырқай тартып тұрғандары қызметшілердің үйлері болса, сәл әрегеректе Сағырбайдың Алқамен танысқан қотаны мен желісі және құрт-май қайнататын тағы бірнеше қараша киіз үйлер орналасқан. Жалпы алғанда, бұл да Еділ мен Жайықтың ортасында көсілген кең далада тарыдай шашылып жатқан көп ауылдардан еш айырмашылығы жоқ кәдімгі ауылдардың

бірі еді. Шаршап келе жатқан жолаушылар шеткі үйден бір адамның шыға салып, ауылдың ортасына қарай жүгіре жөнелгенін байқады. Құдалардың бірі Байтас жүгіріп бара жатқан адамды қамшысының сабымен нұсқай «ананы қарашы, бәйгеге шапқандай жүгіріп бара жатқанын, сүйінші сұрағалы асығып барады-ау, шамасы» деді Сағырбайға қарап жұмбақтай жымиып. Қалыңдықтың туған-туысқандарымен, таныстарымен аман-дасып, жөн-жосық сұрасып, мал-жанның амандығын біліскен ұзақ-сонар рәсім Сағырбайдың ішін пыстырғандай болды. Әзіл-қалжың мен арасында айтылып жатқан ән де оған әсер ете алмады. Өйткені сол көп дауыстың ішінде ол іздеген бір дауыс естілмеді, ол оны мың әйелдің дауысының ішінен айнытпай таныр еді. Алдына келіп қойылып жатқан сан алуан астың да дәмін сезіне алмады. Есесіне өзіне қарсы отырған Қамысбай осы салтанатқа деп арнайы әзірленіп, дастарханға қойылған сан алуан тағамдармен өзінің қабақтай қарынын толтыра қарық болды. Сағырбай бұл жерге Қамысбайдың қайдан келе қалғанын түсіне алмай әлек, бұлар кеткен кезде ол ауылда жоқ еді ғой, ол балық аулау артелінде немесе тұз өндіру жағында сияқты еді. Жатақтардың отбасында туған ол жастайынан жақсы өмір іздеп ел кезіп кеткен, бірақ іздегенін таба алмай, ақыры ауылға қайтып келген. Бір кезде Сағырбай өзінің түс көріп жатқанын түсінді, ал түсіңде неше түрлі жағдайлар бола береді ғой, ақырын бір күрсініп алды да, тәтті түс болып кірген сол бір бақытты шағын еске алып, қайтадан ойға шомды. Міне, оның өмірінің жанды толқытқан ең бір ұмытылмас шағы: екі жеңгесі Алқаны қолтығынан сүйеп, арнайы тігілген отауға кіргізді де, Сағырбайдың қасына отырғызды. Алқаның шешесі қолы дірілдеп, сырты өрнектелген әдемі кесеге сүт құйып, оған екі сақинаны салды. Сосын өксік толы дауысымен күйеу жігітке қарата «осы некеге күйеу жігіт келісімін бере ме екен?» деп сұрады. Сол сәттің ерекше әсері және мынау әйелдің

дауысы Сағырбайды да қатты толқытып жіберді, ол дауысы құмығып, сыбырлағандай болып өзінің келісімін беретіндігін әрең айтты. Сағырбайдың нақты жауабынан кейін ол кеседегі сақинаның біреуін алып күйеу жігіттің саусағына кигізді де, кеседегі сүттен ішкізді. Сасқалақтап отырған Сағырбайдың тамағы құрғап қалып еді, сүт ұрттағаны жақсы болды. Келесі кезекте қызының да осы некеге келісім сөзін естігеннен соң, Алқаның саусағына екінші сақинаны кигізді де, кеседегі сүттен оған да ішкізді. Осылайша «неке қию» салтанаты жасалды. Сағырбай қалыңдық жақтың тойының қалай өткендігін білмейді де. Есесіне ұзатылып бара жатқан қыздың көшінің ауылдан қалай аттанып бара жатқандығын, анасының қызына айтып жатқан: «Көгершінім, күйеу баланың ауылының сүйкімдісі бол, ерте тұр. Сонда басқалар да саған қамқор болады. Көгершінім, қыз болып туған соң, тағдыр деген осы, басқа босағаға кетуің керек» деген өсиеттерін есінде сақтап қалыпты. Сағырбай қайын енесінің сөздерін ести тұрып, өзінің анасы туралы ойлады: «Менің анам сияқты екен, не деген ұқсастық, бір бұлттың екі тамшысындай. Осындай сөздерді қайдан тауып айтады екен, түпсіз шыңыраудан тартып шығарып жатқандай, сарқылмайды да азаймайды». Ақыры бұл шыңырау да сарқылды немесе қайын енесі келесі бір жағдайға керек болар деп әдейі тоқтаған болар. Қалай болғанда да енді жолға шығатын уақыт болды. Киіз үйден бірінші болып күйеу жігіт жағының адамдары мен қалыңдық жағының адамдары шықты, одан кейін қонақтар, күйеу жігіт жолдасымен шықты, қалай екені белгісіз, жігіт жолдас Қамысбай болды. Қамысбайдың қампиған қарыны есіктен зорға дегенде өтіп болғанша, бұлар босағада кідіріп қалды. Қамысбай күйеу жігітті иығымен алға қарай итергенде, бүкіл киіз үй қозғалақтап кетті, енді бір итерсе, құлап түсетіндей. Сағырбай оянып кетті. Қамысбай мұны иығынан жұлқылап жатыр екен. «Ой-й, Қандай керемет түс көріп жатыр едім, оятып жібердің ғой. Сен ашқарақ, тойдың үстінде де тамаққа тоймадың, одан кейін есікке сыймай киіз үйді құлата

жаздадың, өңімде де, түсімде де тыныштық бермейтін болдың ғой» деп Сағырбай сөйлей түрегелді. Қамысбай ештеңе түсіне алмай қалың кірпікті үлкен көздерін бір ашып, бір жұмып: «Қайдағы той? Қайдағы киіз үй? Саған күн өтіп кеткен ғой деймін, сандырақтап кеттің?». Сағырбай күлімсіреп: «Жо-о-оқ, күн өткен жоқ, жаңа түсімде өзімнің үйлену тойымды көрдім, қалай екені белгісіз, сен сонда жігіт жолдас болдың» деді. Қамысбай Сағырбайдың жанына келіп отырды да: «Айтшы, дастарханда қазы болды ма?» деп сұрады. Сағырбай сәл ойланды да: «Әрине, болды, сен бәрін бір өзің жеп алдың» деді оны қызықтыра. Қамысбай қарынын сипалап, қуана: «О-о-ой, қандай жақсы болған, ал талқан болды ма?» деді. Сағырбай: «Талқан да болды, бірақ сенен кейін басқалар оның дәмін де тата алмай қалған болар. Тамақ жайлы енді сұрай бермеші, осы ашқарақтығыңмен жаңа көрген керемет түсімнің быт-шытын шығардың ғой. Одан да сен мені не үшін оятқаныңды айтшы?» деді ренжіп қалғандай кейіп танытып. Қамысбай құрдасына: «Оу, көрмейсің бе, күн ауып кетті, сен шақырайған күннің көзінде қалып қойыпсың, қарашы, әне, бет-аузың қып-қызыл, сақалың күйіп, түтіндеп жатыр» деді. Сағырбай: «Әрине, сенің мені күн өтіп кетуден сақтап қалғаныңа рахмет, бірақ қандай керемет түс көріп жатыр едім, соншалықты бақытты едім!» деп досының қамқорлығына ризашылығын да, өкінішін де білдірді. Қамысбай Сағырбайға жақындай түсіп: «Түс деген не, келеді де кетеді, одан не пайда» деп жұбата бастап еді, Сағырбай оған келіскісі келмей: «Олай деме, құрдас, кейбір түс жаныңды тыныштандырып, аурудан жазып жібереді. Біздің ауру-сырқауларымыздың бәрі жанымыздың тыныштық таппайтындығынан, торға түскен торғайдай болып, шығатын тесік таба алмай тар кеудеде жанұшырады да жүреді, бүкіл дерттің бәрі содан келеді. Ал жақсы түс аз уақытқа да болса, сол қараңғы түкпірдің есігін ашып, жан дүниені бостандыққа шығарып, қанатын кеңге жая қияндарға қалықтауына мүмкіндік береді» деді ойлы

жүзбен. Қамысбай болса басын шайқап: «Иә, расында да күннің көзі сені оңдырмаған екен, Алламен тікелей сөйлесетін дәруіштердей жұмбақтап кеттің ғой» деп қалжыңға басты. Қайнаған күн де таудан саулаған бұлақ тәрізді, тек салқынның орнына төбеден шақырайған ыстығы тиген жерінің бәрін күлге айналдырардай болып, енді ағаштың көлеңкесі де пана болудан қалды. Қамысбай суып қалған шайдан өз кесесіне де, Сағырбайдың кесесіне де құйып: «Кел, шай ішейік, құрдас, сенің тойыңнан ішкен қымыздан кейін менің тамағым кеуіп бара жатыр» деді тағы да қалжың араластыра. Сағырбай оның қолынан кесені алып, көз ұшында толқыған сағымға, бір шөкім де бұлты жоқ шақырайған аспанға қарап қойып «Найзағай ойнайды-ау, шамасы» деді. Қамысбай аспанға бір, Сағырбайға бір қарап, аң-таң болды: «Оны сен қандай белгісіне қарап айтып отырсың?». Шөл қандыруға жарамаған жылы шайдан ұрттап-ұрттап алды да, Сағырбай «Немене, көрмей отырсың ба, күн қайнап, тып-тымық болып қалды, тіпті бір шөптің басы қимылдап тұрған жоқ, ағаштың жапырақтары да қозғалмастан қалды, дала дауылдың алдындағыдай тымтырыс болып қалды ғой, менің көңілім де біртүрлі болып отыр, бір нәрсені күткендей» деді көңілсіздеу кейіппен. Қамысбай бір нәрсе ойына түсіп: «Иә, естен кетпейтін бір оқиға менің де басымда болып еді. Өзің де білесің ғой, шал болып қалғаным шамалы, бірақ бұл өмірде талай нәрсені көрдім, жоқшылықты да, аштықты да жеңбек болып, өз әлімше күрестім, бірақ олар менен күштірек болып шықты, әлі күнге дейін жеңіліспен келе жатырмын». Ебедейсіз үлкен басын бір сілкіп жіберіп ойын жинақтап алғандай болды да, сөзін әрі қарай жалғады: «А-ай-й, осы ой деген де бір кимелейді де қалады, кезек-кезек еске түсу деген жоқ, миымдағының бәрін бір-ақ топырлатып, алып шықты. Саған айтайын деп отырғаным мынау еді. Бір жолы қожайындарымыз бізді көлге балық аулауға алып барды. Мен сол кезде бір қалмақпен жақсы дос болып кетіп едім. Анау қожайындар үшін қазағы не, қалмағы не, бәрі бір –

жабайылар, көшпелілерміз ғой. Олар бізді адам қатарына санамайды, бәрімізді қырғыздар деп атайды. Олар үшін біз адам санатында жоқ болғандықтан, бізге жанашырлықпен қараудың қажеті бар деп санамайды, ең ауыр, ең лас жұмыстарға салады да, ал еңбекақы беретін кезде, біз ең соңғысы болып шығамыз, оның үстіне еңбекақыны дұрыс төлемейді де, жеп қалады, ақыр аяғында қолға жарытып ештеңе алмаймыз. Осындай кезде біз әлгі қалмақ жігіт екеуміз дос болдық, екеулегенде аналардың қысымшылығын көтеру де жеңілірек болды. Сол күні теңізде күн дәл бүгінгідей еді, бір шөкім бұлт жоқ. Қазір екеуміз, әйтеуір, ағаштың көлеңкесінде отырмыз ғой, ал ол жерде пана болар ештеңе жоқ, жағадағы қамыс алыстан «менің көлеңкеме келіңдер» дегендей басын қозғалақтатып, бізге қол бұлғайды. Бірақ ол жерде қамысқа бару қайда, жұмыстан белімізді жаза алмаймыз. Сол күні ауға жарытып ештеңе түсе қоймады, аздау болды, бәлкім, балықтар келе жатқан дауылды сезінді ме екен, алысқа кетіпті, соңынан қуа жөнелдік. Құрал-саймандарымызды даярлай бастағанымыз сол еді, көкжиектен бір кішкене ғана бұлт көрінді. Тіпті бұлт дейтіндей де емес, кішкене ғана қара нүкте сияқтанған, көзге түскен шөп сияқтанған ғана бұлт. Есесіне бұл шөп сондай жылдамдықпен үлкейе бастады да, аздан соң көздің жартысын жауып қалатындай деңгейге жетті. Теңіз ұйытқи соққан желден селк еткендей болып, ұсақ толқындар жүгіре бастады. Ішіміздегі үлкеніміз «Зәкірді көтеріңдер, жымға кетеміз» деп айқай салды. Бірақ кетіп үлгересің бе, желден жылдам емессің ғой, көзді ашып-жұмғанша екпінмен келіп соққан дауыл желкеннің талқанын шығарып, діңгекті қақ бөлді. Теңіз бас білмейтін асау ат құсап біздің қайығымызды қауырсын ғұрлы көрген жоқ, толқын-толқынның үстімен ыққа қарай алды да кетті. Жан-жағымыздың бәрі толқынның үрейлі үңгірі тәрізді, тек ара-тұра жарқ ете қалатын найзағайдың жарығында құрдымға кетуге айналған біздің қайықсымағымыз көзге шалынып қалады. Не рулі жоқ, не

діңгегі жоқ, жартылай суға толған, үстінде күннің күркүрі сілкілеген, үрейден есі шыққан адамдары бар қайығымыз бірін бірі қуып келе жатқан алып толқындарға батып-шығып, батып-шығып жанталасуда. Шеті де жоқ, шегі де жоқ сол толқындардың тұтқынына айналған бұл адамдардың одан құтылып шығуы енді екіталай еді, тек бар сенімдері бір Аллада. Бірақ мына алапат дауылдың ортасында суға тұншыққан бұлардың дауысы оған жетер ме?! Бір кезде басыма қатты бір нәрсе келіп сарт ете қалды, менің мына басым қап-қатты ғой, бірақ мұның өзі шыдамады, мен есімнен танып қалыппын, ештеңені білмеймін. Бір кезде есімді жисам, айнала тып-тыныш, қамыс сыбдырлап, құстар сайрап, күннің көзі денемді қыздырып жатыр екен, мен «е-е-е, көрген бейнетімді ескеріп, бір Алла мені жұмаққа жіберген екен ғой» деп ойлап, көзімді ашсам, әлгі досым маған қарап күлімдеп тұр екен, шынтағыма сүйеніп, жанжағыма қарасам, қайықсымағымыздың, дәлірек айтқанда, соның жұрнағының палубасында жатыр екенмін, оны толқын қақпайлай-қақпайлай, қайраңға әкеліп тастапты, батып кетпеген себебіміз де сол екен. Ақыры өзімнің жұмақта жатпағанымды, мына күнәсі көп жер үстінде әрі қарай өмір сүруге қалдырылғанымды, бір Алланың жұмақтан маған бір орынды қимағанына ренжіп, кәдімгідей көзіме жас келіп қалды. Бірақ артынан белгілі болғанындай, бұл жағдайға Алланың ешқандай да қатысы жоқ екен, мені жібермей қалған мына досым екен. Басымнан ауыр соққы алып, мен енді шортандай шоршып теңіздің астына жөнелуге айналғанда, ол маған жармаса кетіп, айрылмай қалыпты. Шамасы, оны тастап бір өзім жұмаққа кетіп бара жатқанымды қызғанған болса керек, бізді толқын олай-бұлай лақтырған аласапыранның өн бойында ол менен айырылмаған күйі отырыпты. Дауыл өте қатты болды, ұйытқи соқты, бірақ өзінің жастығының әсерімен күшін шамалай алмай қалған болуы керек, таң ата демігіп, бізді қайраңға лақтыра салып, үні өшті. Біз әлгі досым екеуміз тірі қалдық, ал жеті адамның

үшеуі ортамызда жоқ болып шықты, оларды теңіз алып кетіпті. Осы оқиғадан кейін біз екеуміз бұрынғыдан да жақын дос болып кеттік. Қабылдау орнында мыңдықта бірге жұмыс істедік. Осы өндірістен сол досым екеуміздің бір жағымсыз жағдайға байланысты полиция келмей тұрғанда тезірек кетіп қалуымызға тура келді. Казармада бәріміз бірге тұратынбыз: әйелдер төменде нарда, ал ер адамдар соның жоғарғы қабатында жататын еді. Күні бойғы ауыр жұмыс діңкелетсе де, жастық өзінің дегенін істетпей қоя ма, оның үстіне Ресейдің түкпір-түкпірінен табыс табу үшін келетін қыздар да көп. Солардың біреуі болмаса, біреуі жігіттердің біріне ғашық болады да қалады, жастық емес пе, одан қайда қашып құтыласың. Сөйтіп жүргенде менің досым бір қаракөз қызды ұнатып қалыпты, қай кезде үлгеріп жүргенін білмеймін. Мәселе онда да емес, осы қызға сол жердің бір жергілікті жігіті де көз салып жүрсе керек, секпіл бет, кепкісінің маңдайынан жирен шашы бұрқырап көрініп тұратын казак сотқарлығымен де танылып үлгерген болатын, бір сөзбен айтқанда, бәрі соның алдында басын иіп тұруы керек, ал қыздарға тіпті күн көрсетпейтін. Бірақ менің досым да жай жүретін адам емес еді. Әлгі жігіт менің досымнан қаракөз қызды күшпен алып кетпекші болғанда, бұл оны жұдырықпен қонжитқан ғой. Содан Степан, оның аты Степан болатын, екі күн жұмысқа шыға алмай қалды. Осы оқиғадан кейін өңшең бейшара адамсымақтар сияқты, ол да кекшіл екен, ішінен тісін қайрап жүріпті. Бір күні кешкілік сөйлесейік деген сыңай танытып менің досымды казармадан шақырып алып кетті, бірақ қамыстың түбінде бұларды өзінің жолдас жігіттері қолдарына шоқпарын ұстап күтіп тұрғанын айтпаған. Досым шығып кетті, ал мен Степанның бұлайша батылдануының бекерден бекер еместігін сезінгендей, оларға білдірмей соңдарынан ілесе шықтым. Қарасам, досымды Степан қалың қамысқа қарай алып бара жатыр екен, бір кезде қамыстың арасынан қолдарында қарусымақтары бар бес адам шыға келді. Мен Степанның мынадай иттігіне

шыдай алмадым да, жақсылап тұрып соққының астына алдым ғой. Бірақ артықтау кеткен болуым керек, казак естүссіз жалп ете қалды, мынадай көріністен кейін, оның жандайшаптары қолдарындағыларын лақтыра-мақтыра қаша жөнелді. Ал мен Степанды өлтіріп ала жаздаппын, ол бейшараны дәл осындай әлсіз деп ойламап едім, мен қайықтың жуан ағашы келіп соққан кезде де өлмей қалып едім, мынаны бір ұрғанда жаны шығып кете жаздады. Бірақ, амал не, қашу керек болды, заттарымызды ақырындап жинастырып қойдық та, түн жамылып зытып отырдық, әрине, бейнетпен жүріп енді қолымызға аламыз деп жүрген еңбекақымыздан қағылдық. Осыдан кейін мен тұз өндірісіне кеттім, ал досым «Орыс бастықтардың езгісі мен қорлығына шыдағанша, далада аш жүргенім жақсы» деп кетіп қалды. Осылайша біз бір-бірімізбен туған бауырлардай қимай қоштастық. Бірақ мен тұз өндірісінде де ұзақ қала алмадым, жұмыс ауыр еді, мұндай ауыр жұмысты көрген емеспін, күн ұзағына белуардан тұздықта жүріп, тұз қабаттарын аударумен боласың. Бір кішкентай жеріңді жарақаттап алсаң, бітті, өлдім дей бер, тұз әлгі жарақатыңды одан сайын ойып, сүйегіңе дейін жеп қояды. Сөйткен мен, міне, тағы да өзімнің туған даламдамын, бірақ бұдан не пайда, бұған дейін қалай жатақ болдым, әлі де сол жатақпын. Баяғы сол досымның «орыс бастықтардың езгісі мен қорлығына шыдамаймын» деген сөзін жиі есіме аламын, өз байларың мен старшиналарыңның езгісін көтеру де жеңіл болмай тұр». Енді екеуі де аз уақытқа үнсіз қалды, қайнаған күннің ыстығына, сағымының адамды ойға жетелейтін толқындарының сырын түсінуге тырысқандай әрқайсысы өз оймен болып кетті. Қамысбай кенет есіне бір нәрсе түсіп, Сағырбайдың иығынан қағып: «Сенің тойыңда қалыңдық жағынан мен болдым, бірақ күйеу жігіттің үйіне жеткенге дейін қатты қарыным ашты. Енді күйеу жігіттің үйінің дастарханынан дәм тататын уақыт та болды» деді. Сағырбай да құрдасының қалжың сөзіне қалжыңмен жауап қатты: «Сен

өзің ғой түсімде менің тойыма, қалай екені белгісіз, келіпсің, енді жігіт жағының тойында болмадым деп өкпелеп отырсың, неге оятып жібердің мені, оятпауың керек еді, сонда әлі де екі күн той тойлайтын едің». Қамысбай: «Оятып жібергенім үшін Аллаға шүкір ет, сенің түсіңде менің тамаққа деген тәбетім енді-енді ашылып келе жатқан, ол түсің енді аз уақытқа жалғасқанда, қонақтарыңның бәрі аш қалатын еді» деді күліп. Досының тамақсаулығын білетін Сағырбай да қоятын емес, алғашында сонша ықыласты болмаса да, енді әлгі үйлену тойының жалғасын тағы айта бастады. Мұның ауылында тосып отырған жұртшылық әдемі киімдерін киіп, әнмен, бимен, теңгелер мен тәттілерді араластыра шашу шашып, бұларды алыстан қарсы алуға шықты. Алыс жолдан қанша шаршаса да қалыңдықты алып келе жатқан керуен ауыл шетінде қарсы алуға шыққан бұларды көріп, қайтадан көңілденіп сала берді. Әнмен, бимен келіп қалыңдыққа арналып екі киіз үйді жапсарластыра тіккен отауға да келіп жетті. Екі киіз үйдің де бір жақ керегесі алынып тасталып, екі орта бір-бірімен арқа болып жалғанып тұр. Қонақтар қалыңдықтың үйінен шыққан реттілікпен енді күйеу жігітке арналып тігілген үйге кірді. Отаудың болашақ иесі болатын қалыңдықтың бетін жеңгелері орамалмен бүркеп, шымылдыққа кіргізді. Жасауларын да алып кірді. Бұдан былай туысқан болатындармен танысу басталып, біреулері бұрыннан танитын адамдарын көріп, енді біреулері жаңа таныстарымен қалжың айтысып, дауысы зорлары әнге басып, бәрі у-шу болып кетті. Құс базары секілді. Қамысбай шыдамсызданып: «Қонақтар енді қашан дастархан басына отырады?» деді. Өзінің сөзін бөлгенге Сағырбайдың ызасы келді: «Өй, ашқарақ, кішкене шыдап тұра алмайсың ба? Әлі қалыңдықтың жасауын көрген жоқпыз, қалыңдықтың шешесі күйеу жігіттің ағайындарына өзінің сый-сияпатын үлестірген жоқ, ал бұған тойдың тамағын беру керек». Құрдасынан қатаң жауап естіген Қамысбай басқаның бақытын сыртынан бақылап отырған бөтен адамның жағдайына түсіп, досының

үйленуі жайындағы әңгімесін енді үнсіз ғана, оның бір сөзінде қалт жіберместен тыңдап отырды. Ақыры бәрі танысып болғаннан соң, ортақ таныстары мен туысқандарын да тауып алғаннан кейін, күйеу жігіттің шешесі қалыңдықтың шешесінен жас келіннің бетін ашуға рұқсат сұрайды. Қалыңдықтың шешесі басын изеп, рұқсатын береді. Осыдан кейін екі жеңгесі Алқаны шымылдықтың арғы бетінен қонақтардың алдына алып шығып, алдын ала төселіп қойылған ақ қойдың терісінің үстіне әкеліп тұрғызады, бұл жас келін мейірімді, жұмсақ мінезді болсын деген ырым. Қалыңдықтың бетін жапқан орамалдың шашағының бір ұшына қамшы байланған. Киіз үйдің ортасында бүкіл ауылға белгілі домбырашы Түсіп отыр. Ол домбырасына қосылып отырып, әдемі әуенмен қалыңдықты шеті жоқ туысқандармен таныстыра бастайды, әрбір туысқанның есімін атай отырып, Түсіп қамшысын сілкіп қалғанда, бір жағынан таныстырылып отырған туысқанның тарапынан айтылған болып есептелетін тілектер мен талаптарды да тыңдай тұрып, Алқа аты аталған туысқанға иіліп сәлем етеді. Осындай таныстырылымнан соң қайын енесі Алқаның бетін ашты, ал келіннің жанында тұрған жеңгелеріне ақша және басқа да сыйлықтарын берді. Шаршаған, бірақ соншалықты бақытты Алқа енді күлімсіреп жиналып тұрған баршаға арнап тағы да иіліп сәлем етті. Осы «Беташардан» соң, енді қалыңдық емес, жас келіншекке айналған келінді қайтадан шымылдыққа кіргізіп, сәукелесін шешіп, басына шашының бәрін жауып тұратындай етіп жаулық байлады. Осыдан кейін оны күйеуімен бірге той дастарханының басына отырғызды. Сағырбай мен Алқаға жиналған көпшілік тағы да тілектер айтты, ерлі-зайыптылық өмірдің жауапкершілігі жөнінде, ал шешесі қызына шаруақор да ибалы болу керектігін тағы да ескертіп жатты, әрине, бұл ақыл-кеңестердің барлығы да бір-біріне қарама қарсы отырып, бір-біріне ынтыға көз салып қойып отырған күйеу жігіт пен қалыңдықтың бір құлағынан кіріп, бір құлағынан шығып жатты. Өзінің әңгімесін аяқтай келе: «Қысқасы,

ешқандай да ерекшелігі жоқ, бәрі де кез келген үйлену тойы сияқты өтті, тіпті бір-бірінің мұрынын бұзған төбелес те болған жоқ» деді Сағырбай. Қамысбай болса: «А-а-ай, сен өзіңнің үйлену тойың туралы жақсы әңгімелей алған жоқсың, құрдас, қонақтарға қандай қонақасы берілгені туралы бір ауыз сөз жоқ, дастарханда не болды, қандай тағамдар, қандай ішімдіктер болды, той туралы айтқаннан кейін осындай маңызды жерлерді айтпау кетуге бола ма екен! Шамасы, сен алдыңдағы тағамға емес, Алқаға қараумен болғансың ғой, содан болар қандай тағам болғандығы жөнінде ештеңе айта алмай отырғаның» деді әңгімеге көңілі толмай. Сағырбай досының бұл сөзіне аса мән бере де қойған жоқ: «Сенің жан дүниең анау үлкен қарыныңда сияқты ғой, оны ауыртып қонақасы туралы несін айтам, сен бәрібір ол тойда болған жоқсың. Мен саған дастарханда не болғандығын сыпыра айтып шықсам, сенің араның ашылып кетіп, қазының орнына мені қалай жеп қойғаныңды өзің де білмей қаларсың» деп күліп, досының нән қарынынан ұрып-ұрып қойды. Енді бір сәтке екеуі тағы да үнсіз қалып, күнге күйіп кеткен шыжыған далаға қарап отырып қалды. Сағырбай тағы да ауыр күрсінді: «Күн күркірейін деп тұрған сияқты. Сен таңертең ауылға барып тағам алып кел, Алқаға соғып, жағдайын біле қайтшы, менің көңілім біртүрлі қобалжи береді. Сен келген соң отарды басқа өріске қарай айдайық. Мына жерде малдың аузына ілігетіндей ештеңе қалған жоқ, барының өзін жеп тауысты әрі тапталып қалды». Сағырбайдың сөзін дәлелдейін дегендей бір самал жел желпіп, ағаштың құрғақ жапырақтарын сәл ғана сыбдырлатып өтті де, анау белес-белес құмдарға қарай жөнелді. Бұлар енді жан-жақтарына елеңдей қалды, мына сылаңдаған жел қай жақтан соғып өтті екен? Бірақ алаңдатарлықтай ештеңе байқала қоймады. Арада бір шайқайнатым уақыт өткен кезде күні бойғы жүрістен шаршағандай, көкжиекке батып бара жатқан күннің астынан кішкене ғана бұлт көрінді. Ол бірте-бірте ұлғайып, енді күннің жартысы қап-қара бұлттың

өн бойына сіңіп, көрінбей қалды. Айнала тұтас күңгірттене бастады, сол-ақ екен, дүние жарқ ете қалды, қою бұлтты қақ жарып, жерге дейін жеткен найзағай көз қарықтырардай еді. Бір мезетте оның қара жерді төңкеріп тастардай зор дауысынан төңірек түгел солқ ете қалды, әдетте найзағай өзінің найзасының ұшын айдалада тұрған жалғыз ағашқа қарай сілтеп, соған түсетінін айтады жұрт, соны біле тұра екі дос ағаштың түбіне тығылды. Жабайы үрейден бір сәтке ақыл мен еркінен айырғандай екеуі табиғаттың мына айлапат дүлейіне қарап үнсіз қалды. Найзағайдың артынан жел қуып келген нөсер жаңбыр аптаптан жарылып-жарылып кеткен жерге баданадай тамшыларымен тасырлай құйған кезде, айнала тұтас қайнап жатқан көл сияқтанып кетті. Мына көріністен тез естерін жинаған екеуі аттарына қарғып мінді де, иіріліп тұрып қалған отарға қарай шаба жөнелді. Дауыл түн ортасына дейін соқты да, сосын қалай тез келді, жынынан айырылғандай дәл солай тез ғайып болды. Тіпті ештеңе болмағандай тұп-тұнық аспанда жұмбақ жымыңдап жұлдыздар жарқырай қалды. Қатал қыстың хабаршысындай болған ыстық жаздан шаршаған күллі табиғат тып-тымық түннің құшағында тыныстап жатты. Таң атысымен Қамысбай қозыкөш жердегі ауылға жүріп кетті, ал ертең бұлар алыс өріске қарай кетеді, ол жер ауылдан ат шаптырым. Қамысбай желдей есіп, шапшаң жүрді, кешегі жаңбырдан кейін дүр көтерілейін деп тұрған жердің шөбі оның ізін тез жауып қалып жатты. Бірақ ертең күн тағы ысиды, қара жер гүлденіп үлгере де алмайды. Кеуіп қалған өсімдік біткеннің қайта бой түземекке тырмысып, босқа әлектеніп жатқанына қарап отырып Сағырбай ойға шомды: «Біз де осы өсімдіктер сияқтымыз ғой, өмір бойы жақсы тұрмысқа ұмтыламыз, ал ол жеткізбейді. Байлар мен патшаның жергілікті өкілдері қайнаған ыстықтағы дала сияқты, біздің жан дүниемізді кептіріп, бақытының шешек атуына мүмкіндік бермейді». Енді балалық шағы, тарихқа айналып кеткен сонау кезеңдер есіне түсті. Жаңа құнарлы

жерге көшіп келген кезде, әлі жасының кішкентайлығына қарамастан, молшылық пен бақытқа кенелеміз деген сеніммен анасының қуана күлімсірегенін, әкесінің өңінде бір үміт отының жарқ ете қалғанын байқаған еді. Сөйткен анасы да, әкесі де өзінің мәңгілік мекендеріне аттанды, өзінің өмірі де орталап қалды, ал бұлар – жатақтар күткен жақсы тұрмыс әлі де жоқ. Осындай ой құшағында отырған Сағырбайды уақытша қалдыра тұрайық, өйткені өзінің ұлы күйлерімен өз руының ғана емес, талай азапты жолды бастан өткерген ұлы халқын да даңққа бөлейтін сәбиі әне-міне дүниеге келгелі жатқан адам үшін ойланатын жағдай жетерлік. Бірақ мұның бәрі болашақта болады, ал біз қазір Сағырбайдың балалық шағы өткен аты шулы қоныс аудару кезеңіне оралып, оның қалай болғандығын түсінуге тырысып көрелік.

2-тарау ЖОЛ БАСЫ 1801 жылдың ақпан айы солтүстік астананың қаңырап тұрған көшелерімен қар ұшқындарын ұйытқыта қуып, андасанда бір өтетін жүргіншілерді тондарының жағаларын көтертіп, жақын жердегі үйлердің ауласына тез-тез кіргізіп, көзден ғайып қылып жатыр. Кешкі сағат тоғызда жарықты өшіру керектігін хабарлаған белгі соғылды, азынаған желдің өтіндегі қала үрейлі қараңғылықтың құшағына енді, ол үрей енді бос көшелер мен көшенің бұрылыстарына, терезелердің арғы жағында тығылып қалғандай болып жатқан қалалықтардың үйлерінің аулаларына да кіріп алды. Қандай да бір жеңілдік әкелмейтін мазасыз түстерінің құшағында жатқан олар ертеңгі күні басталатын тағы бір белгісіздіктердің алдында тұр еді, ал бұлардың кейбіреулері үшін ертеңгі күн тіпті өз өмірлерінің ең соңғысы болуы да мүмкін. Осы үрейді тудырған адамның өзі де түн ортасында бүкіл денесін суық тер басып, қорқыныштан қалш-қалш етіп, тұншыға жаздап оянды. Орнынан әрең тұрған ол қап-қараңғы терезенің алдына жақындады, көшеде қар ұйытқып соғып, күртікке айнала бастаған екен. Оның қоңқақ мұрынды, өңсіз кескінді беті терезенің ойығына үңіле қалды да, қорыққаннан адырайып кеткен көзі қараңғының түкпірінен әлденені анық көргісі келіп одан сайын тесірейе қалды. Павел І-нің жайындай ашылған үлкен ауызы ауа қарманып жанталасқанымен, көмегі болмады. Желкесінен ұстап алып сығымдап, тұншықтырып бара жатқан бір нәрсе түсінде өзін тұншықтырып жатқан бүлікшілер болып көрінді, қолымен кеңірдегінің тұсын сипалай бергенімен, демігуі басыла қоймады. Мұндай түс көруі жайдан жай емес, бұл өзін алып державаны басқаруға тағайындаған Жаратушының бұған жасап жатқан ескертуі болар. Павел І өзін Құдайдың жер үстіндегі өкілімін деп есептейтін және оның дәл солай

екендігіне еш күмәні жоқ еді. Павелдің таққа отыру рәсімі 1797 жылы Мәскеуде византиялық императорлардікі сияқты ерекше салтанатпен өткен болатын. Патша қызыл барқыттан тігілген мантия киіп, оның үстінен құндызбен көмкерілген алтын жамылғы жамылды. Құдайдың рахымшылығын алғандай болған соң тақтың алдына келіп, императордың тәжін өз басына өзі кигізді, өйткені бұдан былай ол өзін Құдайдың қалауы түскен адамымын деп есептеді, әйелінің басына да тәж кигізіп, оны да императорша етіп өзі жариялады. Грамота оқылып, мұнда бұл «шіркеу басы» деп жарияланып, соңынан өзіне берілетін дәрежелер мен құқықтар баяндалды. Осы сәттен бастап ол Ұлы Мәртебелі ретінде алтарьдан қасиетті сыйлықтар салынған ыдысты алып, священниксізақ діни ырымдарды өзі жасай беретін болды. Бұл өзінің анасы Екатерина ІІ-нің және оның көптеген фавориттерінің қысымшылығына шыдап келген болатын, сондықтан да осы таққа отырғызу рәсімінің үстінде тақ мұрагері туралы заң да оқылды. Бұл заң бойынша патшаның тағы тақтың тікелей ер мұрагерінен тікелей ер мұрагеріне өтетін болды. Ендігі жерде ешқандай да Екатериналарға да, Елизаветаларға да жол жоқ. Және боярлар мен стрелецтер немесе қарадан шыққан біреулер сайлаған кездейсоқ билеушілерге де жол жоқ. Аз-маз көңілі тынышталғандай болған Павел кереуетке отырып, таққа отыру салтанатындағы өзінің бақытты сәттерін, соңынан берілген түскі ас кезіндегі керемет сәттерді, тағамды тарату кезінде Ұлы Мәртебелінің тағамын қасында күзет ретіндегі екі гвардия офицері бар полковниктердің алып келгендігін есіне алды. Мерекелік костюмдер мен салтанатқа киілетін мундирлердің, асыл тасты әшекейлердің жарқылы Павелдің сұрықсыздығын айқындай түскеннен басқа әкелген пайдасы шамалы болды. Ебедейсіз дене бітімі мен бырсиған сұрықсыз беті оны салтанатты асқа келген қонақтардың көңілін көтеру үшін арнайы шақырылған сайқымазақ сияқты етіп көрсетті, оның үстіне бұл осы рөлді

тамаша ойнап шыққанын өзі де білмей қалды. Бет әлпеті сан құбылып, көз жанары біресе мейірімділікке толып тұрғандай болады да, біресе ызбар шашып кетеді, ендігі кезекте мұп-мұздай салқындықпен қарайды, бұған қарап жүйкесі ауытқымалы осы адамның дәл осы сәтте қандай-қандай сезімдерді бастан кешіріп отырғанын байқауға болар еді. Дегенмен оның ойы өзін таң атпай тұрғызып алған әлгі жаман түсіне қарай қайта-қайта ойыса берді. Жоқ, мұндай түстің енуі жайдан-жай емес деп Павел тағы да іштей қайталады. Сонда айналасындағы адамдар, осыншама қастық ойлайтындай мұны не үшін жек көріп жүр екен? Даңғаза той-думанмен 34 жыл бір өзі билеп-төстеген анасынан тақ мұрагерлігін алғаны үшін бе? Қандай да бір ұрысқа жарамайтын гвардия анау, 200 миллион рубль қарыз мойнымызда, ол қарыз ел бюджетінің үш жылдық қаржысына пара-пар. Бұл болса, соның бәрін дереу тоқтатты, қайтыс болған патшайымның Монтескье мен Беккаридің еңбектерімен шабыттану үшін жасақтаған аты шулы «Үкімін» айнылымнан алып тастады. Анасы жасағанның бәрін де жоқ қылды. Сөйтіп аз уақыттың ішінде Павел І шығарған 500ден астам заң өмірге келді, олардың көпшілігі бір-біріне қайшы келіп жататын, кейбіреулерінің орындалуы мүмкін де емес еді. Бірақ оның санасы бұл туралы ләм-мим деген жоқ, есесіне оның өз образы өзіне күн өткен сайын көркем көріне бастады. Бұл билік басына келгенге дейін елдің әскері түкке алғысыз еді ғой. Соның бәрімен бұл аянбай күрес жүргізді емес пе! Тәртіпке үйренген Гатчин гвардиялық полкін мықты етіп жасақтады, 7 фельдмаршалды, 300ге тарта аға офицерлерді ұсақ-түйек жағымсыз әрекеттері үшін немесе жай ғана өзіне ұнамағандығы үшін отставкаға жіберді. «Якобиншілер» деп есептелген жүздеген адам қуғынға ұшырады. Дворяндарды ұрып-соғып тәртіпке шақыратын заңды Екатерина ІІ 1785 жылы алып тастаған болатын, бұл оны қайтадан күшіне енгізді. Ол барщина мен оброкты азайтты, бірақ оның бұл әрекеті шаруалардың

тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында емес еді, ол осы арқылы дворяндардың құқығын кемітіп жіберді. Өзінің әкесі сияқты әскерге ерекше назары ауып, Павел І «әскери жүріс тәртібіне» және өз әскерінің киіміне айрықша мән бере бастады. Бес жылға жетер-жетпес уақыт аралығында ол атты әскердің киімін тоғыз рет ауыстыртты. Қарт фельдмаршал Суворов жаңа киім үлгісін ұнатпады. Әскерилер киіп жүруге тиісті болған үшбұрыштар, париктер, пруссиялықтардікі сияқ-танған бұрымдар Суворовтың ұнататын нәрселері емес еді. «Опа оқ дәрі емес, зер зеңбірек емес, бұрым қанжар емес, мен неміс емес, кәдімгі орыспын» деді ол. Көңілі толмайтындығын білдіріп, осындай сөздер айтқаны үшін оны өзінің деревнясына жер аударып жіберді. Бұлайша жер аударылғандардың саны патша сарайының маңынан да, қала тұрғындарының ішінен де, әскер қатарынан да табылып, тіпті күн өткен сайын көбейе бастады, мұның өзі елдің ішінде үрей туғызды. Империяның ең алыс түкпірлерін де сол үрей жайлап алды. Ертеңгі күнгі тағдырының не болатындығын ешкім де білмеді. Сібір жері осындай қуғындалған адамдарға толып кетті, арада бірнеше жыл өткенде Петербургте өлімші күйге түспеген бірде-бір адам, бірде-бір отбасы қалған жоқ. Павел төсектің шетінде отырып алып өзін сарайдағылардың не үшін жек көретіндігіне жауап табуға тырысып-ақ бақты, бірақ жауап таппады. Майшамның жылт-жылт еткен жарығымен ол енді өз бөлмесінің әр бұрышына үңіле қарады, терезе пердесінің, бөлмедегі басқа да заттардың ебедейсіз көлеңкелері ербеңдеп қабырғаға түсті. Оның көзі үстелдің үстінде кеше кешке хатшысы әкеліп бергеннен жатқан қағаздың орамасына түсті. Қағаздың біреуі мұның әрі-бері жүріп желпіткен ауаның екпінімен жерге түсіп қалыпты. Павел орнынан тұрып барып қағазды алды. Бұл Астрахань әскери губернаторының Ұлы Мәртебеліге жазған өтінім хаты еді, мұнда Бөкей ханға оның қарамағындағы қырғыздарымен бірге Жайық пен Еділдің арасында еркін көшіп-қонып жүруіне рұқсат беруі жөнінде сұралған екен.

Генерал-губернатор Кнорринг Павел І-ге жазған хатының ішінде 1797 жылы бекітілген Хан Кеңесінің төрағасы Бөкей ханның өзіне осындай өтініш айтқанын жазыпты. Бөкей Хан «өзінің қарамағындағы халқымен бірге Бүкілресейлік Билеуші-императордың бодандығына өткісі келетіндігін» білдірген екен. Әрі қарай губернатор ханның бұл өтініші туралы өзінің пікірін келтіріп, қырғыздар сияқты жауынгер халықтың көрші болғандығынан гөрі бодан болғандығы тиімді екендігін айтыпты. Павел Петрович хатты үстелге қойды да, бөлмені адымдап өлшей жүріп, Астрахань губернаторымен ойша айтысып кетті, тіпті дауыстап: «Ол ойлайды, ал кім саған ойла деген? Сенің міндетің – менің бұйрықтарымды орындап, губерниядағы жағдайды маған хабарлап отыру ғана. Бетімен кеткен екен бұлар: тәртіп те жоқ, тәрбие де жоқ. Мүмкін саған да солдаттың шинелін кигізіп, Сібірге айдатып жіберуім керек шығар, сонда ғана ақылың кірер». Павел аузынан түкірігі шашырап одан сайын ызаға булықты. Қарамағындағылардың кез келгені өз тілек-талаптарын айтып немесе мемлекетті қайткенде жақсы етіп құруға болатындығы туралы ойларын немесе кез келген шенеуніктің жағымсыз қылығы туралы жазып, патша сарайының алдындағы жәшікке салуға құқық берілген заман өтіп кеткен. Павел І-нің қабілетсіздігінің қырсығынан қатал шаралардың және шеті жоқ репрессияның заманы келді, оның бірден-бір көрінісі бір-біріне қайшы келіп жатқан жаңадан шығарылған заңдар мен өкімдер еді. Императордың жүйкесінің әлсіздігінен оның көңіл күйі сәт сайын құбылып тұратын. Міне, осы қазір де Астрахань губернаторының хатына бола бұрқырап-сарқырап ашуланып алды да, енді осы мәселенің көтерілуінің тарихын ойлап кетті. Павел Петровичке талай кінә тағуға болады, бірақ тарихтың құйтырқы сырлары мен мемлекеттің саяси өмірін білетіндігі жағынан оған кемшілік тағу мүмкін емес. Гатчика имениесінде ұзақ жылдар қызмет ете жүріп өзін тақ мұрагерлігіне даярлады, даярлай жүріп, түрлі ғылым саласын зерттеп, Ресей Мемлекетінің тарихына да қанықты, ал оның

арасында өзінің Гатчин полкін шынықтырумен болды, бұл істе ол Петр І-ге еліктейтін еді. Ал қырғыздардың мына мәселесі бұған сол кезден бері жақсы таныс болатын. 17-ғасырда Русь мемлекетінің шекарасы шығысқа қарай біршама кеңейген еді. Осы кезеңдерде Түмен, Тобыл, Жайық қалашығы пайда болды, бұлар ресейліктердің қазақтармен сауда-саттығының өрістеуіне айтарлықтай жағдай туғызды. Мемлекет басшылары да Ресейдің Орталық Азиямен, Иранмен, Үндістанмен және Қытаймен сауданы өрістетуіндегі Қазақ елінің маңызын жақсы түсінді. Қазақ хандарының Ресеймен тезірек жақындасуға ұмтылуына сауда-саттықпен қоса, шығыстан келген жоңғар шапқыншылығы да ықпал еткен еді. 1723-1727 жылдар аралығында қазақтарға тап берген жоңғарлар халықтың тең жартысын қырып кетті, ауылдарды тонады, малды айдап әкетті. Мыңдаған қазақ ауылдары жоңғарлардан қашып, орыс шекарасына беттеп, Ембі, Жайық, Елек өзендеріне қарай көшті. Кіші жүздің Ресей бодандығын қабылдауы қарсаңындағы Қазақ жеріндегі жағдай осындай еді. Ұлы Петрдың өзі 1722 жылы Парсы жорығына аттанып бара жатып Астраханьда болып, Кіші жүздің де жағдайымен танысқан еді және Азия елдерімен байланыс орнатуда қырғыз-қайсақ даласының маңызын айрықша атаған болатын. Кіші жүздің Ресей бодандығына кіруі Анна Иоанновна императрицаның арнайы грамотасымен 1731 жылы 19 ақпанда ресімделген, мұнда қазақтардың өз өтініштерімен Ресей бодандығына өткендігі туралы айтылған. Ресейдің Кіші жүз қазақтарының жеріне бекінуі үшін 1734 жылы Қазақ жерімен, Орта Азиямен, Иранмен және Үндістанмен сауда-саттығын өркендетуге ықпал ететін Орынбор қаласын салу туралы Жарлық шығарылды. Қазақтардың Ресей мемлекетіне бірігуіне себеп болған жағдайларды есіне түсіре келе Павел Петрович енді үстелдің үстінде жатқан мына өтінішке не деу керектігін ойлап кеті. Бұл қырғыздардың 1773-1775 жылдар аралығындағы Пугачев көтерілісіне қатысып, мұның анасына қаншама

қиындықтар келтіргенін де жақсы білетін. Астрахань губернаторы генерал-майор Кречетниковке хат жазып, Пугачевқа көмектесіп жатқан қырғыз-қайсақ отрядтарын талқандауға өзіне сенімді қалмақтарды пайдалану керектігін айтқаны да есінде. Ол тіпті қырғыз отрядтарын талқандауда ерекше көзге түскен қалмақтарды марапаттау үшін 5000 рубль бөлгенін де біледі. Бір жағынан бағынуды білмейтін бұл қазақтардың Астрахань губерниясының аумағына қандай да бір рұқсат алмай-ақ қазір де келіп-кетіп жүргені белгілі. Ресей бодандығын өз еріктерімен қабылдап отырған оларға Ресейдің бос жатқан жерлеріне қоныстануға неге рұқсат бермеске? Үстелдің қасына келіп тоқтады да, қаламын ала салып, Астрахань губернаторының өтінішіне рұқсат беретін қолын қойып та жіберді. Ол енді жаңағы көрген қорқынышты түсіне ойша қайтып оралды, «Жоқ, бұл жай түс емес, жоғарыдан келген ескерту. Тездетіп бір шешім қабылдау керек» деді өзінен өзі күбірлеп. Павел өзі таққа отырғаннан кейін ұлы Александрды Санкт-Петербургтің әскери губернаторы, сенатор, кавалерияның бас инспекторы және әйгілі Семенов полкінің құрметті полковнигі етіп тағайындаған болатын. Алайда бұлардың барлығы да тек құрметті атақтар ғана еді. Павел өзінің ұлынан да, айналасындағы басқалардан да күдіктене бастады, қай жағына қараса да қаскөйлер толып кеткен сияқтанды. Ал бүгінгі көрген түсі сол күдігін нақтылай түскендей болды. Павел тағы да бөлмесінде ызалана әрібері адымдай жүріп, мына сұмдық түс шындыққа айналып кетпей тұрғанда тез арада қандай шараларды қолға алу керектігін ойластыра бастады. «Ең алдымен Александрды барлық атқарып отырған қызметтерінен босатып, жауап алу керек те, әйелімен екеуін түкпірдегі бір монастырға жіберу керек, сол жақта тірілей шіріп өлсін, сосын ол кімдерді көрсеткен болса, сол бүлікшілердің мәселесін қарау керек» деп ол дайындалып жатқан бүлікті ашудың жоспарын жасай бастады. Бірақ бұл жоспар жүзеге асқан жоқ. Павел І-ні тақтан

құлатпақшы болып жүрген граф Пётр Алексеевич Пален бұл кезде Александрды және оның адал достары генерал Беннигсенді, князьдар Платон мен Николай Зубовтарды, Пётр Волконскийді, Яшвильді, Александр Голицынды, Уваровты өз жағына шығарып алып үлгеріп, оларға қосылған басқа да бүлікшілер жоспарды жүзеге асыруға да дайын еді. Михайлов замогында жүзеге асырылмақшы қайғылы оқиғаға дейін санаулы ғана күндер қалған. 1801 жылы 11 наурызда император Павел І Бөкей сұлтанның өзінің қарамағындағы ауылдарымен бірге Нарын құмына көшуіне рұқсат беру туралы жарлыққа қол қойды. Тағдырдың жазуы сол ма, әлде кездейсоқтық па, бұл жарлық Павел Петровичтің – Ресей Императорының өмірінің ең соңғы күні – өзінің ұйықтайтын бөлмесінде демікпеден қайтыс болатын күні жарыққа шықты. Күзгі аспанды ап-ауыр бұлттар көкжиекке дейін тұмшалап алды, сіркіреп жаңбыр жауа бастады, бұл сылбыр жауыннан Еділдің оң жағалауын бетке алып жаңа мекенге көшіп, айдалада келе жатқан адамдардың да, малдың да бас сауғалар жері жоқ еді. Алдағы күннің не боларын білмейтін бұл көштің көңіл түкпірінде үрей де бар, екінші жағынан сұлтандар мен байлардың арасындағы қырқыс-тартыстан шаршағандықтан жаңа мекенде жақсы өмір сүретіндіктеріне сенімдері де жоқ емес еді, әйтпесе, осылайша үдере көшудің қажеті не? Арбаның үстіндегі күркешіктің ішінен сығалап қарап жатқан кішкентай Сағырбай қоныс аударудың ауыртпалығына қарамастан мына адамдардың көздерінде ұшқын атқан қуаныштың да себебін ұғынғандай еді. Дүние мүліктерімен, малдарымен 5000 үй болып көшіп келе жатқан керуеннің о шеті мен бұ шеті қозыкөш жерде. Керуеннің ең алдында Бөкей сұлтан келе жатыр. Жаңбыр тамшылары оның жалпақ бетінің ұстара тимеген самайымен бірінің артынан бірі сырғи отырып, жол салып, мұртына жетіп, дөңгелек сақалына келіп кішкене аялдап, жинақталып алады да, омырауына қарай саулай жөнеледі. Бірақ жаңбырдың

мазаны алған бұл қылығын елең етіп келе жатқан ол жоқ, жаңа жердегі өздерінің жаңа өмірінің қандай болатындығын алдын ала болжап алғысы келгендей оның қысық көздері сонау алыс қырлардың арғы жағын шолып келе жатыр. Ең ықпалды деген сұлтандар мен билерден, старшиндардан құралған Хан Кеңесі жайлы да қайта-қайта ойлай береді. Хан кеңесінің басшылығына Айшуақ сұлтанның тағайындалуы, мұның ойынша, дұрыс емес еді. «Хан мен болмағанда, кім болу керек! 1783-1797 жылдары кезінде Пугачев көтерілісіне де қатысқан Сырым Датов бастаған қазақтардың көтерілісін басу керек болғанда, жазалаушы отрядтардың ішіндегі ең ықпалдыларын мен басқарып, оларды жауапқа тартқызып, патша үкіметіне көп көмектескен де мен едім ғой. Ал Айшуақ ханның сайлануының арты не болды? Бәрі бір-бірін итше талады, бір-бірінің жүнін жұлып жеді. Патшаға жазған өтінішімнің қабылданғаны қандай жақсы болды, шамасы, патша үкіметінің алдындағы еңбегім ескерілген болар. Енді мен өз Ордамды құрамын, бұл Ордада бәрі де заң бойынша, әділеттілік жолымен ғана жүріп, кедейшілік, біреуге біреудің қысым көрсетушілігі деген болмайды. Бұл жақтың жері құнарлы, жалқауланбай жұмыс істе де, рахаттана өмір сүр» деп ой үстінде келе жатқан Бөкейдің жанына торы атымен Байбек жетіп келді. Ол әрі досы, әрі барлық шаруаның басы-қасында жүретін көмекшісі еді. Сұлтанның алдында сәл иіліп «Мырза, керуенді тоқтататын уақыт болған жоқ па, түн жақындап келеді, қойлар да шаршады, шыдамды түйелердің өздері де бастарын салбыратып, жүргісі келмей келе жатыр. Оның үстіне мына жер де елсіз ғой, анау құмды белестердің арасынан қасқырлар малға шауып, қырып кетуі мүмкін. Керуеннің бас-аяғы көкжиекке дейін созылып кетті, бұл жақсы емес» деді ақырын жылжып қараңғыдан көрінбей бара жатқан көштің соңын қамшысының сабымен нұсқай көрсетіп. Сұлтан атының басын тартып қалып «Астапыралла!» деді жай ғана. Сосын бұл шырғалаңның бәріне тап осы кінәлідей, желдей ескен шапшаң, орта бойлы,

арықша келген, әлі қалыңдап болмаған мұрты жан-жаққа шашырап тұрған өзінің көмекшісіне ызбарлана қарады. Бірақ сұлтанның ызбарлы да оқтай атқан жүзі қап-қара қиғаш көздері өзінің осы айтқанының дұрыстығына еш күмәні жоқтығын білдіріп тұрған көмекшісіне әсер ете қоймады. Сұлтан болса «Ең болмаса, сақалымның ақтығын сыйлап, өңінде қаймығу болмаса да, аздап та болса, ұялу деген болу керек емес пе. Маған ежірейе қарап, әрі ішінен күліп тұрғаны да анық, көзі жанып тұр оттай болып, өңменіңнен өтіп кететіндей. Не деген заман болып кетті өзі, жастар үлкендерді сыйлаудан қалды!». Осылай ойласа да, өзінің оң қолы болып саналатын жас жігітке деген Бөкейдің ашуы тез қайтты. Әлі жас болса да бұл жігіт өзіне әрі аудармашы болды, патша үкіметімен келіссөздер жүргізгенде де барлық жұмысты тындыратын осы. Экономикалық, саяси, тіпті күнделікті тұрмыс мәселелерін де, отбасына қатысты жағдайларды да шешкен кезде Бөкей көп жағдайда осы Байбектің пікіріне құлақ асады. Дәл қазір де өзінің ішкі ашуын басып: «Нөкерлерге айт, төңіректі шолып келсін, маңайды торып жүрген қарақшылар жоқ па екен» деді. Сәл ойланып барып: «Мұндай жағдайда не істеу керек екендігін сен өзің де менен кем білмейсің ғой» деді де, тағы да терең ой құшағына еніп кетті. Оны ойлантатын жағдай аз емес еді. Тезірек жаңа жерге жетіп, сол жерде ешкімге тәуелсіз билікті тезірек қолына алғысы келіп асығулы, сол себеппен де өздері орныққан бұрынғы қоныстарынан күздің қара суығына қарамастан үдере көшті, қыс болса, қыр астында тұр, ал бұлардың әлі қыстақтары да жоқ. Ең болмаса биыл қайда қыстап шығатындарын ойлану керек, алғашқы аяз соққанға дейін ең қажетті деген жағдайларын жасап алу үшін оған керекті құрылыс материалдарын қайдан алады. Бар малдан айырылып, жұтқа ұрынып қалмасақ болды әйтеуір, малсыз қалса, малшының да күні бітті деген сөз. Қой қазақ үшін ішсе – айран, жесе – тамақ, кисе – киім, баспанасын да сол қойдың жүнімен жабады, қой жоқта – қазақ та

жоқ. Тіпті қазақтар бір-бірімен амандасқанда да мал-жан аман ба дейді, яғни бірінші малының амандығын сұрайды, содан кейін барып өзінің, бала-шағасының, тумаластары мен жақын-жуықтарының денсаулығын сұрасады. Жаңа орынға бірінші рет қыстап шығарда атқарылатын жұмыс аз емес, әрине. Бөкей осының бәрін ойлап келе жатқанда, қас қарайып, түн болды, қоныс аударып келе жатқандардың керуені түнемелікке тоқтап, әр жер-әр жерден лаулаған ошақтың оттары айдаланы нұрға бөлегендей. Бұлар ежелгі қоныстарын тастап, бұрын көріп-білмеген бөтен жерге келіп, ерекше бір жаңа өмір бастауға батыл қадам жасаған шын мәнісінде де ерік-жігері мықты алғашқылар еді. Бұлардың соңын ала басқалар да керуен-керуен болып осы өңірге қарай көше бастады, сөйтіп 1803 жылы Бөкей Ордасында 7500 үй болды және келушілер әлі тоқталған жоқ. Сол ең алғашқы қоныс аударушылардың ошақ оттары айдаланы нұрға бөлеген түннен кейін де арада бірнеше жыл өтті. Бір қоныстан бір қонысқа көше жүріп, Бөкей хан ақыры Қиғаш өзенінің мол суына барып құятын бір шағын өзеннің жағасына келіп, өзіне біраз уақытқа дейін қоныс болатын жер ретінде отауын тікті. Жомарт дала көктемге қарай жапжасыл шалғынымен және алқызыл қызғалдақтары жайқалған белестерімен жайнап кететін. Түрлі-түсті жауқазын гүлдер табиғаттың бұл кезеңінде жас қыздардың жүрегіне болашақтағы бақытты өмірлеріне деген үміт отын жағып, ал тентек желмен толқып жатқан көк теңіз жандүниеге қанат бітіріп, сол теңіздің шексіз кеңістігіне қарай алып ұшады. Бұл жер Бөкейдің көңілін де өзіне қарай тартып ала жөнелді, ақыры осы жерді бірнеше жыл қоныс етуге ой тоқтатып, қазығын қаққан еді, алайда, бірнеше жыл емес, Бөкей ханға осы жерде бүкіл ғұмырын өткізуді жазған екен. Бөкейдің киіз үйінің ашық есігінен әуелі басы көрініп, артынан Байбектің тұтас өзі кірді. Жаңа жерге келіп қоныстанған кезде медресені бітірген жап-жас жігіт қазір кең иықты, мығым денелі жігіт ағасына айналған. Жас

кезіндегі селдір мұрты да қазір едіреймей әдемі жатыр, оған ұқыптап қойған сақалы да жарасып, оны оқымысты адамдай етіп көрсетіп тұр, тек өткір көздері ғана бұрынғыша өзін шақырған қожайынына зер сала қарайды. Бөкейдің кең үйінің қабырғаларына тұскиіздер мен кілем ілініп, еденіне сырмақ, текеметтер төселген, бірақ дәл қазір осы әшекейлер үй иесінің көңіліне алданыш бола алмай тұр. Кебіс киіп, сыртынан ботаның терісінен тігілген жұп-жұмсақ тонмен орап тастаса да, екі аяғы сүйекті бойлай сырқырап әкетіп бара жатыр. Тоқалы әлдеқандай бір сормақта даярлап әлек. Байбек жай ғана жымиып: «Аға-сұлтан, мені шақырдыңыз ба?» деді. Бөкей тоқалына кейін тұр деп белгі беріп, жанына батқан аурудан қабағын тырыстыра: «Шақырдым, шақырдым, диуана құсап неғып тұрсың есік алдында, жоғары шық» деді. Байбек Бөкейге басын ие сәлемдесті де, төрге озды, ер адамдардың әңгімесіне ортақтаспай, шыға тұрайын деген оймен есікке беттеген тоқал да оның сәлеміне басын изей жауап қатты: «Маған диуана дедіңіз ғой, хан ием, ондай қасиетті де құрметті атаққа бұл өмірде лайық бола алмай өтетін шығармын, тіршіліктің ешқашан бітпейтін шаруасына белшемнен батып жүрісім мынау, жан дүние туралы бірдеңе ойлауға уақытым да жоқ». «Мен де әзірге хан емеспін ғой», – деп Бөкей де жауабын тез айтты да, ауру аяғын тонның астынан сипай отырып: «Алыс жақтан Сайд Бабаның біздің өңірге келіп, орналасқанын сен де естіген боларсың» деді. Байбектің қараторы өңін жарқын күлкі нұрландырып жіберді: «Құлбай Бин Сайд Ғали сынды ғұламаның мұнда қайтып оралғаны туралы кім естімеді дейсің, ол Каирда, Бағдадта, Бұхарада дәріс оқыған, ғылыми атағы жағынан «мүршид» дәрежесін алған, зайырлы және мұсылмандық жолын ұстанатын әрі емдік дәрі жасайтын ғұлама ғой. Ол Түркістанға да, Үндістанға да барып, барлық қасиетті жерлерде болған, ал қазір туған жеріне оралып, өзінің Хожетай деген ауылына қоныс тепті. Оның қайтып оралғаны туралы бүкіл ел біледі және көп

адамдар көмек сұрап оған барып та жатыр, ешкімнің бетін қайтармайтын көрінеді. Бірақ жұрт айтады, ол кісі өзіне арам пиғылмен келіп, қандай да бір даулы мәселеде өз дегенін жүзеге асыру мақсатында мұны алдап өз жағына шығаруға ұмтылса, оны сезіп қояды екен және мұндай адамға оның аяушылығы болмайды екен. Есіктен кірген бетте-ақ адамның қандай мақсатпен, не үшін келіп тұрғанын айтпай-ақ білетін көрінеді. Адамдардың ойы ол үшін алдында ашық жатқан кітап сияқты дейді». Бөкей осы бір ғажап адам туралы өзінің көмекшісінің айтқан сөздерін тыңдай отырып, өңіне жылы реңк жүгіріп: «Міне, мен сені сол кісіге бір өтінішпен жұмсағалы отырмын: ол кісі өзінің қасындағы оқушыларымен менің мына жұпынылау үйіме келіп кетсін. Әрине, өзім барып құрмет көрсететін жөнім бар еді, бірақ аяғым ауырып, келе алмай жатқанымды түсіндіріп айтарсың. Құр қол барма, табыннан ең жақсы ат таңдап ал, тұлпардай жақсы ат болсын, оншақты ақсарбас пен нар ал, нарға қонақкәделеріңді артарсың. Сосын бұл сыйлықтарды ол қалай да алатындай етіп бересің ғой, оның мән-жайын өзің, сірә, менен жақсы білесің, сені дипломатияға үйрететін мен емес. Және бізге қалай да келетіндей ет, келісімін алмай қайтпа» деді. Байбек мынадай тапсырмаға қуанып кетті: «Қам жемеңіз, ояз, бәрі де ойдағыдай болады. Мен ертең Темірқазық тумай жатыпақ Хожетайда боламын». Бөкейді бір Алланың өзі емші, ғұлама етіп жаратқан Құлбай Бин Сайд Ғали таяу күндері мұның төрінде қонақ болып отыратындығына және сырқатын да жеңілдететініне деген үмітте қалдырып, сұлтанның тапсырмасын орындауға Байбек жедел жүріп кетті. Әрине, Бөкей тек өзінің қазіргі жағдайына бола кездесейін деп отырған жоқ. Оның үстіне, сыртқы дерт соңғы күндері ұйқы бермей қойған ішкі әлемінің дертінің қасында бұйым болып па. Жас кезінде армандағандарының көбі сол тәтті қиял күйінде қалды. Жаңа жерде оның жұлдызы жанатындығына сенген

адамдарды бұл тоқшылыққа кенелте алмады, барлығы тең құқылы болатын әділетті де бақытты өмір орната алған жоқ. Соңғы кездері мұның елді басқаруына көңілі толмаған адамдар саны да көбейді, жақсы жерлерді туысқандары мен жора-жолдастарына, ал басқаларға сортаң мен құм басқан жерлерді беріп әділетсіздік жасады деп кінәлауда. Егер жақын-жуықтарына жақсы жер бермесе, хандыққа сайлауға түскенде бұған кім қолдау көрсетер еді. Ал қара халыққа қанша жақсылық жасасаң да, оның көңілін табу мүмкін емес. Сырым Датовтың басқаруымен көтеріліске шыққан қара халықты басқан кезде мұндай көңілі толмайтындардың талайын көрген. Нағыз мұсылмандықтың жолынан тайған тайғанақтардың талайы бұл ордада да пайда болған, олармен енді аяусыз әрі ымыраға келмейтін күрес жүргізбекші. Бәлкім, бұл ғұлама соңғы жылдары мұның өзімен өзі айтысып, өзімен өзі күресіп келе жатқан және ешқандай нәтиже бермей қойған осы мәселесін шешуге көмектесер. Оның кеудесін зілдей болып басып жатқан және жауабын өзі таппаған осы мәселені, бәлкім, осы ғұлама шешіп берер. Өзін шырмап алған ойлардан шаршаған сұлтанды ұйқы жеңе бастады, өң мен түстің арасында жатқан оның құлағына бір дауыс жеткендей болды: «Алла өзінің құлдарына сол құлдары Өзіне қанша жақындаса, сонша жақындайды. Ол құлдарының шын жүректерімен Өзіне жақындағанын көріп отырады. Жүрегіңе не жақын болса, соның соңынан ер». Қалғып отырған Бөкей көзін ашты да, селк ете қалды, оның қарсы алдында қара атлас шапан киген арықша келген қарт кісі отыр, үлкен қой көздері мейірім мен шуақ төгіп тұр екен. Мынадай адамды бірінші рет көріп отырған сұлтанның Сайд Бабаның дәл осы екендігіне күмәні қалған жоқ. Сұлтанның сұрағын айтпаса да түсініп, ол «Сені мазалап жүрген жағдайлар маған шақырушыңнан да бұрын жетті, сондықтан да мен оны күтіп отырмай-ақ саған тезірек көмектесу үшін барынша жеделдетіп жеттім» деді. Ғұлама қартпен аяқ астынан кездесе қалған мына жағдайдан енді-енді ғана есін

жинаған Бөкей оған басын иіп: «Өзімнің төрімде сізді қарсы алып отырғаныма қуаныштымын, ұстаз, бұл мен үшін үлкен құрмет» деді де дауыстап тоқалын шақырды. Ол да Сайд Баба сияқты сол бойда кіріп келді, тіпті бұл жерден ешқайда кетпегендей. Бөкей келген қонақты әйеліне таныстырып, шай әкелдірді, тоқал шайды сол бойда алып жетіп келді де, кесені оған ұсына беріп еді, Бөкей әйеліне сыбырлай дастарханның қарсы жағын ымдай: «Сен, немене, шайды бірінші қонаққа ұсынбайсың ба, сосын барып маған құясың» деді сұсты жүзімен. Аң-таң болған әйелі қожайынның тапсырмасын сол бойда орындады да, оның ызбарлы өңінен сескене қайтадан тез шығып кетті. Сайд Баба қолына шай толы кесені ала беріп: «Әйеліңе ұрыспай-ақ қой, мені басқа адамдар көрмейді, өйткені біздің кездесуіміз жан дүниенің кездесуі, сенің жүрегің менен көмек сұрады, бұл тілегіңді менің жүрегім қабыл алды, дәл қазір мені сенің өзіңнен басқа ешкім көрмейді де, ешкім естімейді де» деді. Сұлтан оған тағы да басын иіп алғысын білдірді: «Менің өтінішіме құлақ асқаныңыз үшін рахмет, ұстаз!». Құлбай Бин Сайд Ғали тағы да күлімсіреді: «Біз кездесіп отырған осы қысқа ғана уақыттың іщінде сен «ұстаз» деген сөзді екі рет қайталадың. Бірақ мына әрі ғажап, әрі күнәға толы жер бетінде мәңгілік те шексіз өмірдің ғылымын танып білуге келген біздің бәріміз де шәкіртпіз. Солай бола тұрса да адамдардың бәрі бірдей бір Алланың қалағанындай кейіпте емес, олар бір тектес болғанымен, сан алуан. Біреулер табанды да еңбекқор, солардың дарындылары осы ғылымды тануда алға озып кетті де, қабілеті шамалылау әрі жалқаулары алғашқылардан әлдеқайда артта қалып қойды. Дегенмен уақыты келгенде, жаңғыз ұстазымыз – бір Алланың жетелеуімен осы ғылымның шәкірттері осы мектепті бітіріп шығады, тек әрқайсысы әр түрлі мезгілде бітіреді». Сайд Баба шайын тағы бір ұрттады да, дәмге рахметін айтып: «Жолда менің үйіме қарай келе жатқан сенің сыйсияпатыңа көп рахмет, екі жұмадан кейін, саған ауыр

болмаса, екі күнге сенің үйіңе қонаққа келіп қайтармын» деді. Сұлтанның көзіне тесіле бір қарап алды да кенет Сайд Баба із-түссіз көзден ғайып болды, тіпті ол мұнда келмегендей, бұл тек сырқаттанып отырған сұлтанның қиялында болған нәрсе сияқтанды. Бөкей орнынан тұрып, жаңа ғана ұлы ұстаз және сөз сүлейі отырған жерге келді де, кенет біраз уақыттан бері жанына батып жүрген аяғының сырқырап ауырғаны басылып қалғанын байқады, тіпті жандүниесі жеп-жеңіл болып, әлдеқандай бір қуанышты сезінді. Сосын дастархан басындағы әңгіменің қорытындысындай болып оның ойына төрт жол өлең келе қалды: Өмір деген – кітап, соны білгейсің, Оқы оны ғасырлап. Сол кітаптан шын білімді ілгейсің, Сонда ғана келер саған асыл бақ. Бір күннен кейін Байбек те келді, өзін Сайд Бабаның үйінде қалай құрметпен қарсы алғанын жеткізді. Сұлтанның үйіне қонаққа ғұламаның келетін болғандығы жөнінде енді айта бастағаны сол еді, сұлтан оның сөзін бөліп Сайд Бабаның қай күні қонаққа келетіндігін білетіндігін, енді Байбектің уақыт оздырмай қонақ күтетін үй даярлап, соятын малды ыңғайлау керектігіне тапсырма берді. Өйткені ғұлама жалғыз келмейді, оның қасында шәкірттері де болады ғой. Ғұламаның қай күні келетінін сұлтанның біліп отырғанына аң-таң болған Байбек нақтылап сұрап жатпады, мұның басынан асырып қарап отырған жанарында бір жұмбақ сыр жатқанын ғана аңғарды да, өзіне берілген тапсырмаларды орындауға үйден үнсіз шығып кетті. Бір жұмадан соң өзінің шәкірттері Шаих Ақ Мәмбетті, Бин Мула Саидты, Салисан Шаих Мужавирді және Сахиб Асар Саид Мұхаммедті ертіп, астына сұлтанның сыйға тартқан атын мініп келе жатқан Құлбай Бин Сайд Ғали ауылдың шетінен көрінді. Дәл бүгін осы қонақтардың

келетіндігін күтіп, алдарынан шығып қарсы алу үшін бірнеше рет шолғыншылар төңіректі қарап қайтқанымен, келе жатқан ешкімді байқай алмап еді, сондықтан да мына көрініс күтпеген жағдай болды. Қонақтарды арнайы тігілген үлкен киіз үйге кірігізіп, дастархан басына отырғызды. Сұлтан қонақтардың ортасында, өзінің ескі танысындай болып кеткен Сайд Бабаға тағы да қарама-қарсы отырды. Екі күндей қонақ боламын деп уәде еткен Құлбай Бин Сайд Ғали Бөкеймен бірнеше күн бойы әңгіме-дүкен құрып, оның көптеген сұрақтарының мән-жайын түсіндіріп, ақыры бір жұмадай кідірді. Осындай бір әңгіме кезінде әлдебір шаруаларымен олардың үстіне Бөкейдің ұлы Жәңгір кірді. Қонаққа бас иіп құрмет белгісін көрсетті де, үйдің бір бұрышында жатқан ойыншықтарын ала салып, далада өзін күтіп тұрған балаларға қарай жүгіре жөнелді. Бала ойыншықтарын алып жатқан кезде Сайд Баба баладан көз алмады, ал шығып кеткен кезде: «Міне, Орданың жаңа ханы, тек оған зайырлы да, діни де жақсы білім керек. Ол үшін саған Астраханға жиі-жиі барып, сол жақтан орыс достар табуың керек. Тіпті олардың ішіндегі мәдениетті, білімді отбасыларын тауып, мына балаңның солардың қолдарында уақытша болса да тұруына жағдай жасау керек шығар. Әрине, губернатордың өзінің отбасында тұрса тіпті жақсы болар еді. Менің естуімше, ол жоғары білімді, дәрігерлік мамандығы бар адам. Бұлай жасамасаң, сенің балаларың ел-жұртты басқаруды қайдан үйренеді?» деді. Әңгіменің басқа жаққа бұрылып кеткеніне ыңғайсызданып қалған Бөкей оған өзінің де әлі осы Орданың ханы еместігін, сөйте тұра ұлын өзінің ізбасары етем деудің ретсіздігін сыпайылап қана айтып өтті. «Сен хан боласың, тек оның менің жер бетіндегі өмірімнің ең соңғы жылында жүзеге асатыны өкінішті» деп жауап қатты оған Сайд Баба. Бірдеңе айтайын деген сұлтанның сөзін ол сәл тоқтатып, әрі қарай сөзін жалғады: «Мен өлімнен қорықпайтын адаммын, өйткені бұл – адамның жер бетіндегі тіршілігінен басқа бір ғажап жағдайға өтуі. Біз – Жаратушымыздың өзіне ұқсатып

жаратқандарымыз. Адам Жаратушымен мәндес әрі соған ұқсаған көркем. Бұл ғаламда адамның бойында жоқ нәрсе болмайды. Сондықтан да адам өзіне керек нәрсені өзінен іздеу керек, өйткені соның бәрі адамның өзінің ішінде». Сәл ойланып қалды да, өзінің сөзінің дәлелі ретінде қатты толқып: «Қара жерге жүк болып жүрген талай нәрселерді біз тірі деп есептейміз, ал олар өлі, ал жер үстіндегі қаншама нәрсені біз өлі деп есептейміз, ал олар тірі» деді. Бөкейдің өңіне бір жып-жылы сәуле ойнап шыға келді. Осы бір маңызды әрі терең ойға жетелейтін әңгімеден кейін сұлтан сәл ойланып: «Құрметті Құлбай Бин Сайд Ғали мырза, сіз білесіз бе, сіздің әңгімелеріңізден кейін маған енді бәрі түсінікті болған сияқты, әр нәрсе өзінің орынын тапқандай. Ал мына менің айналамдағы кеңесшілерімнің айтқандарын тыңдасам, бәрі шатасып, бірінің сөзі екіншісінің сөзіне қиғаш келіп жатады, үшінші біреуінің не айтып отырғанын адам түсініп болмайды, сөйтіп оларды тыңдап отырған менің басым қатады» деді. Сайд Баба жымиып күліп алды да: «Бір дәруіш болыпты. Әлгі дәруіш бір күні намаз оқып тұрса, қасында шайтанның жүргенін байқайды. Дәруіш одан «сен мұнда неғып жүрсің, өзіңнің шайтандық істеріңмен айналыспайсың ба десе, шайтан мұңайып, соңғы кездері жол көрсеткіш, жөн айтқыш ұстазсымақтар мен теорияшысымақтар көбейіп кетті де, маған жұмыс қалған жоқ» деген екен деді тағы да жымиып. Бірақ бұл сәтте басқа бір мәселені ойлап кеткен Бөкейге Сайд Бабаның күлкілі әңгімесінің әсері бола қойған жоқ. Сосын: «О, ұлы көріпкел! Егер саған адам өмірінің шарықтап биікке көтерілетін кезі мен өмірінің соңғы сәттері алдын ала белгілі болса, мені де сенің мәңгілік тыныштық табатын жеріңнің маңайына жерлеуін кейінгілерге өсиет етіп жазып кетуіме рұқсат ет!» деді қатты толқып. Құлбай Бин Сайд Ғали сәл ойланып барып жауап қатты: «Сенің жаның таза, жүрегің адал, менің ойымша, бұл тілегіңді Жаратушы иеміз ескеретін болар. Ал әзірге сен екеуміздің жер бетінде атқаратын шаруаларымыз аз емес қой, сондықтан да бір

Алланың бізге берген уақытын асықтырудың қажеті жоқ, керісінше оны адамдарға пайдамызды тигізуге пайдаланайық, талайдың өмірі біздің іс-қимылдарымызға немесе ешқандай әрекетсіздігімізге байланысты. Өзіңнің ісің емес нәрсемен айналыспа, ол туралы ойланба да, жүруге болмайтын жолмен жүрме». Сайд-баба сөзінің соңын жырмен аяқтады: Қара күшің білімге бермейді есеп, Алтын тасып жүрсе де, шөп жейді есек. Білімі жоқ жігітке күш қайғы ғой, Қанаты жоқ құстар да ұшпайды ғой. Ауылдың шетіне жетсе де аттанып бара жатқан аса қадірлі қонағын қимай тұрған Бөкей сұлтанға Сайд Баба «Бір Алла өзіңе берген табиғаттан, айналаңдағы адамдардан үйрен және есіңде болсын, адамға дос та жоқ, жау да жоқ, тек ұстаздар ғана бар. Жер үстіндегі өмір бізге сол ұстаздар беретін білім үшін берілген. Тағы да айтарым – ұлың Жәңгір туралы айтқанымды да есіңнен шығарма!» деді де қарт ғұлама астындағы тұлпарын қамшымен бір тартып жіберіп құмды белестерге қарай желе жортып кете барды. Бұл сөздерді абыз сұлтан есінде жақсы сақтап қалды және өзінің қалған ғұмырында сол ұлы адаммен достық қарым-қатынасын берік сақтады. Бұдан кейін де олар бірнеше рет кездесіп, талай әсерлі әңгіме-дүкен құрысты. Бөкей Сайд Бабаға қаржылық көмек көрсетіп тұрды, ал ол бұл қаржыны сырқаттарды емдейтін дәрілер сатып алуға жұмсайтын еді және бұл ғұлама-емші Сұлтанды да емдеп, жан дүниесіне де жеңілдік әкелді. Бұл қарым-қатынас 1812 жылы Құлбай Бин Сайд Ғали қайтыс болғанға дейін үзілген жоқ, дәл осы жылы Жайық өзенінің бір сағасында кіші жүздің старшиндары мен байлары Бөкей сұлтанды ақ киізге көтеріп, Ішкі Орданың ханы етіп сайлады, ұлы көріпкелдің айтқаны дәл келді. Әрине, бұл оқиғаға дейін талай қыс пен көктем алмасты, ал дәл қазір сұлтан

өзінің көмекшісі Байбекті іздеп отыр, оны алыс сапарға – Астраханьға ерекше тапсырмамен жібермекші. Күн ұзынғы жұмысынан қалжырағандай күннің көзі де үлкен емен үстел басында шаршау өңді адам отырған кең кабинеттің терезесіне өзінің алтын шапақтарын шашырата Еділдің оң жағалауындағы құмдардың арғы жағына жайлап батып бара жатты. Алтын шапақ үстел басында отырған адамның түксиген қабағынан сырғанай түсіп, көзіне үңіліп еді, өзіне назар аударғанына риза болды ма, сәл жымиды, енді ғана негізгі мақсатына жеткендей болған алтын шапақ көкжиекке барып көрінбей кетті, жолшыбай сәл аялдап қаланың үстін күздің күрең нұрына бөледі, бірақ күз түскенге дейін әлі де жаздың қайнаған екі айы бар еді. Степан Семёнович Андреевский жымиған қалпында ауыр бір күрсінді. Астрахань губерниясының жаңа азаматтық губернаторына оңай болып жатқан жоқ, бұрынғы губернатордың кезінде атқарылмай қалған шеті жоқ жұмыстар мен міндеттер енді мұны иығынан басып, бір сәтке де тыныштық беретін емес. Ең алдымен губернияның тазалық мәселесін түбірімен өзгерту керек еді. Бұған жаңа губернатордың губернияны аралап шыққан сапарында көзі жеткен. Мысалы, Бертюль қоршауының жағдайы өте нашар екен, өйткені бұл жерде ағаштан тұрғызылған ескі сарайлардан басқа орынжай немесе тауарлар мен заттарды тазалауға қажетті қандай да бір орын да жоқ. Тинақ пен 1807-1808 жылдары елде тырысқақ індеті тарағанда салынған заставалардың хал-күйі адам айтқысыз болып шықты. Бұл жұмыстардың қай-қайсысы болса да бұған таныс әрі үйреншікті жағдай еді. Киев Діни академиясында оқып, бастауыш білім алды, оқи жүріп, медицина саласына деген қызығушылығы оянып, бұл академияны тастап, теңіз госпиталі жанындағы Кронштад медицина мектебіне ауысып кетеді. Бұдан соң Петербург госпиталі жанындағы мектепте білім алады. Дәрігер мамандығын иеленіп, сібір жарасы мәселесін зерттеуге жіберілген Челябі округіндегі

экспедицияны басқарады. Бұған дейін белгісіз болып келген осы ауруды нақты зерттегені үшін оған штаб-дәрігер (медицина докторы атағы жоқ дәрігерлерге берілетін жоғар атақ) деген атаққа ие болады. Оның өз өтініші бойынша осы Челябі округінде тағы да екі жыл мерзімге қалдырылады, өйткені бұл оған дейін осы аурудың жұқпалылығын дәлелдеу үшін және онымен ауырған адамның қандай жағдайда болатындығын нақты сипаттап жазу үшін әріптестерінің көзінше осы ауруды өзіне жұқтырған болатын. Осындай ерлігі үшін 1796 жылы Степан Семенович 3-дәрежелі Қасиетті Владимир орденімен марапатталған. Бұл Ресейдің тарихында дәрігерді соғыс қимылдарындағы емес, зерттеу жұмысындағы ерлігі үшін марапаттаудың алғашқысы еді. Андреевскийдің өмірінің ең көп жылдары медицина саласына арналды, сондықтан да губернияның санитарлықмедициналық жағдайының мүшкілдігі оны жасытқан жоқ, керісінше бұл жағдайды тезірек реттеуге деген ұмтылысын оятты. Мұндай мәселеде ол суда жүзген балықтай еді, қордаланып қалған көп шаруаның шешімін табу үшін оны қай жағынан қалай бастап, қалай дөңгелетіп әкету керектігін жақсы білді. Ең алдымен көктемгі қар еріп, су жүрген кезде қаланы су басып, онымен бірге келетін қоқыстың бәрі көше-көшеде жиналып, кептеліп, иістеніп, небір аурудың ошағына айналмас үшін қаланың тазалығын қолға алуы тиіс, ауруларды бөлектейтін кордондарда да тырысқақ пен түрлі қауіпті аурулардың тарауы жиі болып тұрады, мұны да ретке келтіру керек. Жалпы алғанда, губернияның тазалығын сақтап, оны қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін алдын ала жүргізілетін шаралардың тұтастай жоспарын жасап та қойды. Бәрінен бұрын өзінің бас пайдасына тиетін үлесі болмаса қозғалғысы келмейтін көпестермен жұмыс істеу қиын болып тұр. Міне, осы қазір ғана ағаш саудасымен айналысатындарды шақырып алып, әңгімелесті, әңгіме өте ауыр болды, олар қалаға келіп жатқан барлық ағаштарды сатып алған, енді оны тұрғындарға өте қымбат

бағаға сатқалы отыр. Дәл осындай себептермен нанды да түгел көтеріп сатып алуды тоқтаттырды, оған нақты баға қойғызып, губернияның өз халқының нанға деген қажеттілігі толықтай өтелмейінше, нанды шекарадан алып шығуға да тыйым салды. Мұндай шешімдерді қабылдау да оңайлықпен жүзеге асқан жоқ, жүйкеге ауыр салмақ түсіріп, кешке тіпті жұмыс кабинетінен шығып, үйіне қайтуға да шамасы келмей қалатын. Үй дегенде – үйде қожайынының тыныштығын бұзбас үшін аяғының ұшымен басып бөлмеден бөлмеге өтіп, жылжып жүрген көлеңке сияқтанатын үй қызметшісі ғана. Ал бұған кейде қолдау көрсетіп, қамқор көңілмен үйдің ішін жылылыққа толтырып отыратын да адам керек, оны кім жасай алуы мүмкін, әрине, сүйіктісі ғана. Бірақ Степан Семеновичтің жұбайы Анастасия Ивановна Петербургтегі бұлардың жекеменшік үйінде тұрады, Астраханьға андасанда ғана келіп кетеді, ал әйелі жоқ үй не, казарма не, сен оны қанша әшекейлесең де, үңірейіп, сұп-суық болады да тұрады. Степан Семеновичтің ойын кабинеттің босағасында тұрған хатшының жөткірінген дауысы бөліп жіберді. Бұрылып қарады да шаршаған, тіпті ашуланғандай дауыспен: «Иә, тағы да не болып қалды, Иван Петрович?» деді. Шашына ақ кірген, кабинеттік жұмыстардан шаршап, еңкейіңкі тартқан хатшы қолын екі жаққа жайып: «Дұрыс па, бұрыс па, білмеймін, бұл туралы сізге қалай айтсам екен, Степан Семенович, егер де сіздің осы губерниядағы ұлттық мәселеге деген көзқарасыңызды білмейтін болсам, онда мына келіп отырған қырғызды бірден қуып жіберер едім, сонымен бәрі бітер еді» деді. Андреевский өзінің хатшысына таңданған кейіппен қарап қалыпты: «Қайдағы қырғыз? Бұл жерге ұлттық мәселенің қатысы қанша?». Иван Петрович түсіндіре бастады: «Түріне қарағанда жай қырғыз емес сияқты, оның үстіне аздап біздің тілімізде сөйлейді екен. Өзі Ішкі Ордадан Бөкей сұлтанның маңызды бір тапсырмасымен келдім дейді және сізбен жолықпайынша ешқайда кетпеймін деп отыр».

Хатшының мына түсіндірме сөзінен кейін кабинеттің қожайынының да оны көруге деген ынтасы оянып: «Кіргізсейші енді, не күтіп тұратыны бар!» деді. Сәлден кейін кабинетке жақсы ұлттық киім киген қырғыз кірді. Байсалды, жалпақтай жөнелмей, өзін дұрыс ұстай білетіндігі бұл адамның өз бағасын өзі білетіндігін байқатып тұр. Ол кабинеттің қожайынына иіліп сәлем берді де, Степан Семенович ұсынған креслоға отырды. Андреевский хатшысына қонаққа шай әкелуін айтқаны сол еді, сиқырлы таяқшаның әмірімен болғандай, сол бойда үстелдің үстіне шай да келе қалды, содан кейін барып Андреевский оның осыншама шаршататын ұзақ жол жүріп келетіндей қандай маңызды шаруамен келіп отырғандығын сұрады. Байбек шай құйылған стақанды күміс табақшасымен бірге көтеріп алып, қызыл күрең шайға бір қарап алды да, күлімсіреп: «Өмір бойы көшіп жүретін көшпелі жұртқа жолдың ұзақтығы деген не болыпты, бұл да өзінше бір қызық қой. Ал енді Бөкей сұлтанның атынан Сізге айтайын деп келген өтінішім бір қарағанда біртүрлі көрінуі мүмкін. Ол өзінің үлкен ұлы Жәңгірдің сіздің отбасыңызбен бірге біршама уақыт бірге тұруына рұқсат беруіңізді сұрайды. Біз, көшпелілер, сауатымыз аздау, ал қазір жаңа 19-шы ғасыр, ғылымды меңгермейінше халықты басқару қиын. Енді білім алудағы мәселелерімізді шешу үшін көмекті сан ғасырлық мәдениеті бар, ғылымы дамыған, өз еркімізбен одаққа кірген өзіміздің көрші орыс халқынан сұрамағанда, кімнен сұраймыз» деді. Кабинет иесі күлімсіреп қонақтың жайлап қана баяндап келе жатқан сөзін бір сәтке бөліп: «Сөзіңізге қарап отырсам, сіз сауаты аз адамға ұқсап тұрған жоқсыз ғой» дегенде, қонақ та оған күлімсірей өзінің бөлініп қалған сөзін әрі қарай жалғады: «Оныңыз рас, мырза, мен өзімнің оқымаған құрдастарымның көпшілігіне ұқсамаймын, өйткені бақытыма орай, мен медресе бітіргенмін, біздің миллиондаған халықтың ішінде мен сияқтылар санаулы ғана. Сондықтан да Бөкей сұлтан өзінің ұлын сіздің отбасыңызға қабылдауын өтініп сұрайды. Сіздің үйде болмаса, адамдарды басқаруға

ол қалай машықтанады, оқуды, жазуды, орыс басшылармен қарым-қатынас жасау үшін қажет болатын орыс тілін қайда жүріп үйренеді. Адамның өмірі ұзақ емес қой, мұны сұлтан жақсы түсінеді, сондықтан да ол өзінің жолын жалғастыруға лайықты ізбасарын ертерек дайындағысы келіп, Сізге осындай әдеттегіден тыс өтініш жасап отырғанының себебі де осы». Сөзін аяқтап болды да, терең ойдан маңдайының әжімдері айқындала түскен Андреевскийден жауап күте оған қарап қалды. Міне, кабинет иесі бір шешімге келген болуы керек, жеңіл бір күрсінгендей болды да: «Неге болмасқа! Ең болмағанда кешке қарай қасымда біреу болады ғой, әрі инспекциялық сапарларда мұндай бала маған аса ауыр жүк бола қоймас» деді. Сосын Байбекке қарап тоқтамды сөзін айтты: «Келесі айды менің инспекторларым Ордаға тексеріс жұмыстарымен барады, сол жолға баланы даярлаңдар». Байбек орнынан тұра берді де жадыраған жүзбен: «Ой, рахмет, бастық, жақсы сөзіңіз үшін рахмет, енді мен жүйрік атымды қамшының астына алып, желдей есіп барамын да, қожайыныма бұл хабарды жеткіземін» деді. Андреевскийге тағы да басын иіп тағзым етті де, артымен шегініп барып, кабинеттен шығып кетті. Көп ұзамай губернатордың қасында үнемі көңілді жүретін, қап-қара көмірдей көзі жылт-жылт еткен, ботаның төбе шашындай болып үрпиген, қайратты қара шашты, арықша келген жасөспірім бала пайда болды. Баласы жоқ Степан Семенович өзінің балаға деген бар әкелік мейірімін Жәңгірге төкті. Баланың әрбір күнінің таңертең ұйқыдан тұрғанынан бастап, ұйқыға жатқанға дейінгі әрбір минутында не істейтіндігі әскери қызметтегідей белгіленді. Ауылда жүргендегі балалармен ойын қуған шақтарын ол енді тек сабақтың арасындағы үзіліс кезінде немесе кешке ұйқыға кетерде ғана еске алатын. Губернатор жалға алған көптеген мұғалімдер жасөспірімнің ақ қағаздай тап-таза санасын тың жерге дән сепкендей етіп, кешегі ауыл баласы бұрынсоңды естіп те, ойлап та көрмеген тарихты, географияны, тіл

ғылымын және тағы да басқа ғылымдарды оқыта бастады. Мұндай салмақты көтеру де оңай болған жоқ. Дегенмен оның өн бойында жүгіріп жүрген қиыншылықтардан жасымайтын сұлтан тұқымының қаны мұны ештеңеден қаймықтырмады, ол бәрін де ерекше төзімділікпен көтере білді. Бұл ауыр жағдайға әлі үйренісе алмай, губернатордың үйінен жасырынып туған ауылға қашып кетпекші болған ойлар да артта қалды, оның үстіне киіп жүрген еуропалық пішіндегі көйлегі де бұрынғыдай қыспайтын болған сияқты, география мен тарих пәндері сабағында күн сайын өзіне бір жаңалық ашу да қызғылықты, орысша да біршама үйреніп қалды, сондықтан енді қашып кету туралы ойдан арылды, жалпы енді ешқайда кеткісі де жоқ. Кейін Ішкі Орданың ханы болған кезде ол губернатордың үйінде өткізген жылдарын, ғылымға, оның ішінде медицинаға деген қызығушылығын оятқан Степан Семеновичтің өзін де ризашылықпен еске алып отыратын еді. Ол хандық құрып тұрған кезде Ордада балаларды шешекке қарсы егу қолға алынды, дәріхана, ең алғашқы мектеп ашылды, хан мешіті салынды. Өзінің көп жылғы еңбегі үшін 1-дәрежелі «Святая Анна» орденімен марапатталып, генерал-майор шенін алды. Оның «Мюхтесерюль выкчает» атты кітабы Қазан қаласында жарыққа шықты. Қазан университеті Ғылыми Кеңесінің құрметті мүшесі болып сайланды, әрине, мұның бәрі де болашақта болатын жетістіктер еді, ал қазір ол Андреевскийдің өзі басқаратын инспекциялық сапарға жүргелі жатыр. Жылдар құстай ұшып өтіп бара жатты, қолапайсыздау, қалқанқұлақ жасөспірім Жәңгір жанары ойлы, қараторы жігіт болып өсті, енді көп ұзамай Ішкі Орда халқының бүкіл тағдырының ауыртпалығы оның иығына түсетін болар. Ауылдан әкесінің денсаулығының нашарлағаны туралы хабар қайта-қайта келіп жатыр, енді таяу арада бұл ауылға, әкесінің көңілін сұрап, бір жағынан батасын алу үшін барып қайтуы керек. Осы уақытқа дейін губернатор тапсырған кейбір жұмыстардан қолы босамаған.

Көпестердің өтініштерін қарап Жәңгір отырған бөлменің есігі ақырын ғана ашылды да, арғы жағынан жүзі мұңданып үнсіз тұрған Андреевский көрінді. Орнынан тұрып губернаторға қарай жүрген ол оның бет-әлпетіне қарап бір ауыр жағдайдың болғанын түсіне қойды. Степан Семенович Жәңгірге таяп келді де, оны иығынан құшақтай: «Берік бол, ұлым, әкеңнен айырылып қалдық» деді дауысы дірілдеп. Бұл 1815 жылдың жадырап тұрған мамыр айы еді, күллі табиғат тіріліп, шешек атып жатқанда, өзінің ең жақын адамы өмірден кетті дегенге сену де қиын екен. Бөкей хан өзінің аманат етіп кеткені бойынша досы әрі ұстазы Құлбай Бин Сайд Ғалидың қасына жерленді. Ал арада үш жыл өткен соң 1818 жылғы желтоқсан айының ызғарында Жәңгір Астраханьда өзінің әкесіндей болып кеткен губернатор Андреевский Степан Семеновичті қара жердің қойнына берді. 21 желтоқсан күні жерлеу рәсіміне қатысып, онымен қоштасуға келгендердің ұзын тізбегі қаланың орталығынан Иванов монастырына – Үлкен исад маңындағы қорымға дейін созылып жатты. Қайғылы шерудің бас жағындағы табыттан кейін басын төмен салып, өзінің туысқанындай болып кеткен бұл адаммен көзінің тірісінде ең басты да негізгі мәселе туралы сөйлесуге үлгірмей қалғанына өкініп бас киімін қолына алып Жәңгір келе жатты. Қабірдегі табытқа мұздай топырақты салып тұрып, көзіне жас тола «Топырағың торқа болсын, әке» деді еріні әрең икемге келіп. Қамшы тиген жүйрік аттай заулап бара жатқан жылдарды сәл де болса аялдата алатын күш жоқ әлемде, сөйтіп бұл тұлпар өзінің жалында келе жатқан біздің кейіпкерлерімізді 1823 жылға, Жәңгірдің Кіші Орданың ханы болып сайланатын жылына да алып жетті. Қазақ халқы үшін 1823 жыл тек осы оқиғамен ғана емес, дәл осы жылы бір Алланың өзі ерекше дарынды етіп жаратқан теңдесі жоқ композитор-күйшінің өмірге келуімен де даңқты. Қамысбайдың соңын ала біз де Әубәкір Ақбаевтың ауылына асығайық, Сағырбайдың қоңырқай ғана шағын отауында не болып жатыр екен?

3-тарау ЖҰЛДЫЗДЫҢ ТУУЫ Иіріліп қалған шалшық су жорға жүріспен келе жатқан ат тұяғы тиген сайын жан-жаққа шашырап барып, қайта құлайды. Қамысбай көкжиекке енді ғана көтерілген күннің көзінен әлі құрғап үлгермеген дымқыл таза ауаны құшырлана жұтты. «Нөсер құйып өтті, жақсы ырым, Алқа Сағырбайға аман-есен бір ізбасар туып беретін шығар!» – деген оймен Қамысбай биік төбенің басына көтерілді. Төбенің басынан қарап тұрып етекте жатқан туған ауылын көрді, әр үйдің ошағының басынан жеңіл түтін көтеріліп, ошақ басында кешкі астың қамымен жүрген әйелдер көрінеді. Ауадан сәлсәл ғана сезіліп тұрған жанған тезектің өзіне бала кезінен таныс иісін рахаттана жұтып алды да, атының бүйірін ескі етігінің өкшесімен тебініп қалып, Сағырбайдың үйін бетке алып, ауылға қарай желе жортып кете барды. Түндігі ашық тұрған үйдің киіз есігін көтеріп, ебедейсіз үлкен басын есіктен ішке сұға бергені сол еді, үлгермеді, алакөлеңкеде ұрғашы қасқырдың көздеріндей болып от шашқан бір кемпірдің көзі бұған атып жіберердей қарады да, жасының егделігіне қарамастан, қарулы қолдары Қамысбайдың үкітүкі болған шашынан жармаса кетті, шашының түбі ауырғаны соншалық, маңайында басқа да әйелдер тұрмағанда бұл қасқыр тамағынан алған қозыдай бақырып жіберер еді. Қамқа мұның сабалақ шашынан қармақ сияқты саусақтарын әлі алмаған күйі жыландай ысылдап: «Мына есек басыңмен қайда кіріп бара жатырсың, хайуан!» деді де оны сыртқа қарай бар күшімен итеріп жібергенде, бұл шалқалап барып, құлай жаздады да, әйтеуір құлап кетпей, құмның үстіне дастарханның басында отырғандай малдасын құрып отыра қалды. «Мына жын ұрып кеткен кемпір шашымның жартысын жұлып алған жоқ па?» деп ауырып қалған басын сипалады. «Нағыз жылан екен ғой өзі, мен не жамандық

жасап қойдым оған тап осылай кектенетіндей? Мені жіберіп отырған құрдастың өзі. Күні жақындап отырған әйелінің жағдайын біліп келуді тапсырды, өзімді де, атымды да аямай, шауып келдім, мынау соған айтқан рахметтері ме? Мен де нағыз есек екенмін ғой, есіріп үйге дейін шауып келген, осылай жасауға бола ма екен? Бірақ бұл әйелдерден бәрін де күтуге болады». Осы кезде үйден Қамқа шықты, енді ол жаңағы сәттегідей ұрғашы қасқыр сияқты да емес, ысқырынған жыландай ызғар шашып та тұрған жоқ. Ештеңе түсіне алмай әрі жолдан шаршап келіп отырған бұған қарап бетінің терең-терең әжімдерін жымиған күлкісімен жазбақшы болып, мұның өзінен де шаршаңқы үнмен: «Маған ренжіме, Қамысбай, Алқаның толғағы қатты болып жатыр, бір Алла жар болса, аман-есен босанатын шығар. Бұл жерде қазір саған қалып жатқан шаруа жоқ, ауылыңда сені күтіп тұрған басқа да жұмыс жетерлік шығар, үй ішіңді де әлі көрген жоқ шығарсың. Сондықтан мен сияқты кемпірге ашуланбайақ қой, Алқа босанған бойда хабар жіберемін» деді. Жаңа ғана осы кемпірді жүндей түтіп тастағысы келіп ызаланып отырған Қамысбай орнынан ұшып тұрып: «Астапыралла, әже, қалайша сізге ренжуім керек, қайта сіз мына мен сияқты ақымақ басын көрінген жерге тығатын малды кешіріңіз!» деді сасқалақтап. «Қамысбай, сонда сен өзі малдың қай түріне жататын болдың?» деді өңі жадырап. Қамысбай кемпірге тағы да ашуланып қала жаздады: «Жаңа ғана мұны сол малға теңеген өзі еді, енді өзі оларды күлкі етіп тұр». Дегенмен кемпірдің жайма-шуақ кейпін көрді де, өзі де күлімдеп: «Шамасы, мен текебай шығармын» деді. Қамқа «Сен сияқы үлкен жүректі мейірімді адамды есек деуге болмас, оның үстіне сенің жасың да ақымақ болатын жастан кетіп қалды, сондықтан, шамасы, сен қай шыңда жүрсең де досыңды құтқару үшін сол шыңның басынан қандай тереңдікке де кез келген сәтте секіруге дайын тұратын айбарлы арқар шығарсың» деді. Қамысбай кемпірдің мына сөздеріне басын еңкейе иіп алғысын білдірді де, оның айтқаны бойынша өз

шаруаларына жүріп кетті, шынында да шаруа деген жетерлік еді. Ең алдымен, әрине, Әубәкір байға кіріп шығуы керек, өрістегі малдың жайын баян етіп, сосын өткен жолғыдай жарты құрсақ болып аш жүрмеулері үшін тағамды молырақ бергізуін сұрауы тиіс және былтырғы жылдың еңбекақысына байдың бұған үш қой қарыз екендігін айтуы керек. Ақ жұмыртқадай болған байдың ақшаңқан үйінің айқара ашық тұрған есігінің тұсында Әубәкірдің үш күндесі әлдене туралы бірі-бірімен күңкілдесіп отыр екен. Жақындап келген малшыға жақтырмаған кейіппен бір-бір қарап алды да, күңкілдерін жалғастыра берді. Қамысбай да оларға аса назар аудара қоймай байдың үйінің есігінен еңкейе басып кіріп кетті. Жібек шапанын киіп, басында зерлі тақиясы бар бай төрде жастық шынтақтап жантайып жатыр екен. Алдында жатқан күміс шақшасынан алып ерінінің астына насыбай салып отыр. Рұқсат сұрамастан ішке кірген малшының батылдығын жақтырмай: «Немене ерігіп жүрсің? Мал қайда?» деді аузы толған насыбайдан сөзі сақауланып естіліп. Қамысбай байдың от шашып тұрған сұп-сұр өткір көздерінен сескенген жоқ: «Малды иесіз қалдырғаным жоқ, ертең малды жайлауға айдайтындығымызды айтайын деп келдім. Сосын бізге тамақ керек, тамағымыз таусылды. Егер де қазір тағамды молырақ алмасақ, аштан жығылатын мал емес, біз – Сағырбай екеуміз боламыз және бірінші болып кімнің жығылатынын өзіңіз де сезетін шығарсыз, құрметті Әубәкір!» деді де өзінің кәдімгідей кішірейіп қалған қарынын алақанымен бір ұрып қойды. Малшының қаймықпай отырған мына сөзіне ызасы келген бай аузындағы насыбайын түкіріп тастап: «Өзіңнің қожайыныңмен, саған ас құйып отырған адаммен бұлайша сөйлесуге сенің қандай қақың бар, қаңғырған күшік, сенің шаруаға қырсыз, ашқарақ болып туғаныңа мен кінәлі емеспін. Бармаған жерің, баспаған тауың жоқ, еш жерден тұрақ таппадың да, ақыры қаңғып маған қайтып келдің, ауылыма қайтып келейін деп едім деп жыламсырап, жалынып отырып алдың. Өлсең – сенің

құның көк тиын, сені зындан күтіп тұрғалы қашан, әлде ауылға неліктен қайтып келгеніңнің себебін мен білмейді деп ойлайсың ба? Әубәкір бәрін де біледі және ұмытпайды да, сондықтан одан да аузыңды жап, қожайыныңа қарап әкіреңдемей, құйрығыңды қыс, саған тынышы сол, маған да тыныштық бер!» деді жақ терісі үрпиіп. Бай ашуын сыртқа шығарып болғанша Қамысбай іштей ойға кетті, бұған қарата неші түрлі сөзді айтып тастады, ақыры қаңғырған күшікке теңеп отыр. Байдың ашуы қайта бастап, езуіне тағы да насыбай салуға ыңғайланғанда: «Құрметті Әубәкір Ақбаев, егер де сіз бәрін де білетін болсаңыз және ештеңені де ұмытпайтын болсаңыз менің еңбекақыма беремін деп уәде еткен үш қой қайда екендігін айтпас па екенсіз?» – деді. Бай сол бойда ашуын баса қойып, Қамысбайға қарап өзінің ең жақын досына сөйлеп отырғандай жымия қалды: «Ағайындардың арасында өзара реніш деген бола ма екен, сенің қойларың ешқайда кетпейді, отардан кез келген уақытта өзіңе бұрылып қарағандарының ішінен ең семіздерін таңдап аласың. Бірақ оның дәл қазір саған қажеті қанша? Сенде қазір күнкөрісіңе қажеттісі бар ғой, менің дастарханымнан тамақ ішіп отырсың. Ал бұл қойлар саған үйленген кезде керек болады. Биылғы жыл үшін тағы да үш қой аласың, әрине, жалқауланып кетпейтін болсаң, ал қазір менің шаруашылығымды басқарып жүрген Оспанға бар, ол саған қажеттінің бәрін де береді» деді барынша жұмсақ сөйлеп. Қамысбай күні бойы тыным таппады. Оспан өзіндегі барын өз балаларының аузынан жырып беріп жатқандай кейіппен жақтырмай әрең берген тағамдарды жолға даярлады, алыс жайлауда жүргенде малшыға қажет болатын жабдықтарды, тағы біраз ұсақ-түйектерді әзірледі. Сөйтіп уақыттың зымырап өтіп, қалай кеш болғанын да сезбей қалды. Ал манағы кемпірден әлі хабар жоқ. Қамысбай оны бұдан әрі қарай күте алмады, ауыл шетінде бір-біріне жапсарлас орналасқан кедейлердің қараша үйлеріне қарай ол тағы келді.

Сағырбайдың үйіне жақындап келгенде, көк жүзінде алғашқы жұлдыз да жымыңдап көрініп, Қамысбай оған еріксіз көз тастады, міне, дәл осы сәтте үйден естілген «іңгәлаған» дауыс шықты, мұны күтпеген Қамысбай селк етті. Қамысбай тоқтай қалып, ойына бірінші келген сөзді қалай айтып қалғанын өзі де білмей қалды: «Жұлдызды бала туды». Дәл осы сәтте сауаты жоқ кедейдің айтқан дәл осы сөзі шындық еді, әлемдегі бірде-бір ғұлама дүниеге жаңа келген сәбидің болашағын әрі қысқа, әрі нұсқа дәл бұлайша болжап бере алмас еді, шамасы, бұл сөзді Қамысбайдың аузына бір Алла салған болар. Таңның атуын күтпестен түн ішінде Қамысбай атына қамшы басты. Алқа мен жарық дүниеге келер баласының хабарын күтіп тағатсызданып отырған құрдасына мына қуанышты хабарды жеткізуі керек. Шауып келе жатып ол: «Ля иляха иллалах!» деп іштей қайталай берді. Түн ортасы ауғанда қотанға да жетті, жабайы аң келіп қалды деп ойлаған Сағырбай иттерді де шулата қолына мылтығын алып жүгіріп шықты. Түн қараңғысында да досының жадырап тұрған жүзін көріп: «Иә, айтшы тезірек, не болды, үйде бәрі жақсы ма?» деді шыдамсыздана. Бірақ Қамысбай атынан әдейі асықпай түсіп, тағам салынған дорбаларды ат үстінен алды. Сағырбай досының жай қимылына шыдамы таусылып, оған көмектесе бастады әрі сұраулы жүзбен досынан көзін алмайды, ақыры төзімі біткен ол «Адамның жанын жемей не болғанын айтсаңшы енді, дым сезбейтін мәңгүрт сияқтанбай!» деп айқайлап жіберді. Қамысбай өкпелеп қалған болып: «Бүгін мені неше түрлі жан-жануарлардың бәріне теңегендер болды, бірақ ешкім мәңгүрт деп айтқан жоқ еді, сондықтан саған рахмет және сол үшін айдалада қасқырдың үйіріне жем болуым да мүмкіндігіне қарамастан саған өте жақсы жаңалық алып келдім» деді. Досының соңғы сөзін естіп райынан қайтты да, кешірім сұрағандай дауыспен: «Енді сенімен қалай сөйлесуге болады, келгеніңе жарты сағат болды, біліп кел деген жәйт

туралы әлі бір ауыз сөз айтқан жоқсың» деді Сағырбай да көңілденгенін жасыра алмай. Қамысбай өзінің тым артық кеткенін сезді, оның мұндайы жоқ еді, сосын: «Сенің тапсырған нәрселеріңнің бәрін де әкелдім, тіпті тапсырғаныңнан да артықтау етіп Оспаннан тартып алғандай қылып алдым. Ал әйеліңнің жағдайына келетін болсақ, ол былай: ол саған нағыз батыр болатын бала туып берді, әйелің түн қараңғысы түскенше қиналды, бірақ баланың дені сап-сау, аман-есен, сондықтан – сүйінші!» деп Сағырбайды құшақтай алып, тіпті қабырғаларын сындырып жібере жаздады. Екеуі енді от жағып, шай ішіп, таң атқанша әңгімелесті. Әңгіме қайта-қайта кешегі күні болған жайттарға, Алқа мен баланың жағдайына ауыса берді де, ақыры жақындап келе жатқан Құрбан айттың құрметіне соған ұқсастырып Құрманғазы деп қойды. Көп ұзамай баланы бесікке салған «Бесік тойы» өтіп, оған ауылдың барлық кедей-кепшіктері жиналды, әрине, олардың ортасында Сағырбай мен Қамысбай да болды. Әубәкір Ақбаев бұл екеуінің орнына «Жаңа туған бала маған адал қызмет ететін адам болып өсу үшін Бесік тойын дұрыстап өткізсін» деген оймен сол күні малға басқа жалшыларды жіберді. Осы жаңа туған баланың арқасында өзінің есімі тарихта қалатынын сезінгендей айтты. Ауыл адамдары тойға жиналып, бұл тойдың қалай өтетіндігіне болжам айтып, бір-бірімен пыш-пыш әңгімелесіп тұрғанда, киіз үйдің жанына екі аттылы – Сағырбай мен Қамысбай да келіп жетті. Бұларды көріп, бәрі Сағырбайды жан-жақтан күлімдеп келіп, ұлды болуымен құттықтай бастады, мұндайды бұрын көрмеген ол жұрттың бәрінің назары өзіне ауғанына бір жағынан қысылып, бір жағынан қуаныштан толқып тұрған жүзін қайда жасырарын да білмей қалды. Қамысбай топырлап тұрған жұрттың ортасынан шеттеп шықты да, Сағырбай екеуі қой бағып жүретін өзеннің жағасындағы талдардан қиып алып, өзі иіп жасап, алып келіп

тұрған бесікті кеудесіне қыса ұстап сәл кідіріп қалды. Өткен жолғы кемпірдің қарулы қолының қармақ сияқты саусақтары шашын жұлып жібере жаздағаны есінде қалған ол киіз үйдің ішінде не болып жатқанын білгісі келіп бара жатса да, есігінен сығалауға қорықты. Ал үй ішіндегі жағдайға қазір де сол Қамқа басшылық жасап жатыр еді. Ол есіктен бері қарай үңіліп қарады да «Неғып тұрсың қақшиып? Әкелсейші енді бесікті!» деді Қамысбайға. Қойшы Қамысбай сол бойда оның бұйрығын орындады, бесікті ұстаған күйі Сағырбай екеуі енді киіз үйдің ішінен бір-ақ шықты. Бұл кезде Қамқа ішінде қорғасын мен қойдың майы балқып жатқан темір табақшаны қидың шоғына ұстап тұрып, үйдің ішін аластап жатыр екен. Қамқа әлдеқандай бір құдыретті күшпен тілдескендей біресе сыбырлай, біресе дауыстап үйдің ішін шыр айналып жүрді: Алас, алас, аласы, Келдi, мiне, баласы, Көш, көш пәлесi, Алас, алас, алас. Тiлi жаманның тiлiнен алас, Отыз омыртқасынан алас, Қырық қабырғасынан алас, Алас, алас, аласы, Келдi, мiне, баласы. Үйдің ішінде отырғандар әлдеқандай жұмбаққа толы осы дәстүрдің ықпалына беріліп, бәрі үнсіз қалды, әрқайсысы күнделікті жалшылық тіршіліктің соңында жүріп ұмытуға айналған ішкі әлемдерінің үнінің ерекше салтанатына тамсанды, тіпті ішкі дауыс өзінің құдыретімен үрейлі де көрінді. Тек жаңа туған сәби ғана ештеңеден үрейленбей, қап-қара көздерін ашып, өзінің жан-жағында толып отырған адамдарға қарап тіссіз қызыл етін көрсете күліп қояды.

Қамқа сәбидің жастығының астына қайшы мен тарақ қойып жатып «Әдемі де абыройлы бол!» деп алдымен тарақты қойды. Сосын қайшыны да дәл солай істеп, өз ісінің шебері болуына тілегін білдірді. Соның бәрінде бала тып-тыныш жатты, тек оның бай болып, молшылықта өмір сүруінің ырымы ретінде тонға ораған кезде әуелі бет-аузын тыржитып жақтырмаған сыңай танытты да, бір кезде бай болғысы келмейтіндігін білдіргендей бар даусымен шарылдап жылай бастады. Бірақ жұрт оның бұл жылауын басқаша түсіндірді: үмітсіз кедейліктен шаршап, ең болмаса өз қиялында бақытты да бай болып және келер күндерде күтіп тұрған бақытты шақтары үшін жақын-жуықтарының қуанышын сезіп жылап жатыр десті. Болашақта келетін бақытты шақтардың белгісін беріп жатқаны үшін бәрі жапырлап Алқа мен Сағырбайды құттықтасты, баланың жылағанын ешкім елең қылып жатқан жоқ, сәби тек анасы қолына алып, бауырына басқанда ғана жылағанын қоя қойды. Бұдан кейін жиналған жұртшылыққа арналып жұтаңдау болса да дастархан жайылды, ал Қамқа сыйлыққа әдемі жібек орамал алды. Құрманғазыдан кейін бұларға тағы да Алланың мейірімі түсіп, дүниеге бір ұл, бір қыз – Байғазы мен Зейнеп келді. Сөйтіп Алқа мен Сағырбайдың отбасылық бақыты үш еселеніп еді, бірақ кедейшілік те үш еселеніп, ауыртпалық еңселерін көтертпеді. Бір-бірінен аумайтын жылдар тізбегі даланың күзгі таусылмас сылбыр жауынындай болып өтіп жатты, Әубәкір байдан көріп отырған қысымшылықтары жандарына батқан Құрмаштың, оны еркелетіп отбасында осылай атайтын, атааналарында да алдағы күннің жақсы болатынына деген үміт ұшқыны қалмаған. Кедейдің отбасында өскен бала тез есейді, оған кедей біткеннің маңдайына жазылған жоқшылық пен аштық кінәлі. Дегенмен тіпті осы қатал ұстаздың өзі бала Құрмаштың өзінің туған халқының болашақтағы бақытты өмірі туралы қиял құшағына берілуіне кедергі бола алмады. Анда-санда ауылға кезбе әншілер мен акробаттар, жыршылар

мен күйшілер келіп-кетіп жүретін. Қызылды-жасылды киім киген олар қырат-қыраттың әр жерінде орналасқан ауылауылды аралап, өздерінің шулы ән-күйлерімен, билерімен бүкіл өңірді кезіп жүретін. Олардың осы шулы дауыстарына ең алдымен ауыл балалары жүгіріп келетін, олардың ішінде кішкентай Құрманғазы да бар еді. Балалардың соңын ала ешқашан бітпейтін үйдегі шаруаларын тастай салып, ауылдың үлкендері де жиналған кезде өнерпаздар нағыз сиқырлы өнерлерін ортаға салатын, оны көргенде қатты әсерленетін Құрмаштың отты қара көздері жалтылдап кететін. Оған, әсіресе, әншілер мен музыканттардың өнері қатты ұнап, сол әуендердің қанатында ол жұрттың бәрі бақытты да тоқшылықта өмір сүретін ғажайып өмір туралы қиялға берілетін. Кішкентай бала кезінде естіген бір әңгімесі есінен шықпайды, бір балаға ата-анасы жалқаусың, үйдің шаруасына көмектеспейсің деп үнемі ұрса береді екен. Бірақ атаанасының бұл сөзіне бала ренжіп, өзінің жалқау еместігін, тек оның үй шаруасымен айналысуға қолы тимейтінін айтыпты. Оған басқалар таңғалып, сонда оның қандай шаруалармен қолы тимей жатқанын сұрағанда, бала кәдімгі үлкен адамдарша сөйлеп, дауылға тап болып, суға батып бара жатқан кемені құтқарып жүргенін айтады. Бұл баланың аты Сұлтан екен, үлкендер оның мына әңгімесін тыңдап, қайдағы сөзді айтып кетті, мынау нағыз өтірікші ғой деп кінәлайды. Күндердің күні болғанда жағаға бір кеме келіп тоқтап, одан бір бай көпес шығады да, Сұлтанның әкесінің үйін іздеп табады. Келіп, оның әкесіне көптеген сыйлықтар береді. Әңгіме арасында әлгі бай көпес жолда кемелері дауылға тап болып, апатқа ұшырауға айналған кезде толқындардың үстімен жайлап жүріп келе жатқан бір бала көзге шалынады. Ол келеді де кемеге кіреді, сол кезде дауыл тына қалады. Көпес баладан: «Бізді құтқарып қалған сен кімсің?» деп сұрайды. Бала өзінің аты Сұлтан екендігін, бір малшының баласы екендігін, ауылының қай тұста, қай жерде екендігін

айтады да, жоқ болып кетеді. Осы ғажайып әңгімені бір кезбе жыршының айтқанынан естіген кезде Құрмаш «Мен де халықты тіршіліктің дауылдары мен сәтсіздіктерінен құтқарып алсам ғой» деген ойда қалды. Құрманғазы туралы автор ретіндегі менің бұл айтқандарыма, бәлкім, талайлар дауласып, кішкентай балаға мұндай үлкен-үлкен ойлар қайдан келеді деуі де мүмкін. Ал мен ондай күдік келтіргендердің күдігіне бұл баланың жәй бала емес, жұлдызды бала екендігін ескертер едім. Бұдан әрі қарай Алланың ерекше назары түскен балалар бастан өткеретін бұдан да асып түскен ғажайыптар туралы әңгіме болады. Жасы жетіге келіп қалған кішкентай Құрмаштың үнемі басқаларға көмектескісі келіп тұратын, бірақ қалай көмектесудің ретін таппаушы еді. Бір күні ауылға осы өңірге күйшілігімен даңқы шыққан Ұзақ деген қарт кісі келді. Астында өзінен де кәрі аты бар Ұзақ қарт ауылға кіре беріп, шетте тұрған бір үйдің тұсына тоқтады. Бұл Сағырбай мен Алқаның үйі еді. Кимешек киген Алқа қонақты қарсы алып тұрып: «Ұзақ ата сияқты қадірлі қонақты өзіміздің қоңырқай үйімізде қарсы алу – біз үшін үлкен құрмет» деді өзінің әсем дауысымен, сосын сәл кейін шегініп, қонаққа жол беріп, үйге кіргізді. Ішке кірген Ұзақ алакөлеңке үйдің сол жақ қанатында көздері жылтырап бұған таңдана қарай қалған үш кішкентай баланы көрді. Қарт кісі оларға қарап сәл иіле жымиып амандасты. Балалардың үлкені орнынан ұшып тұрып, қонақтың қолындағы сырты қапталған домбырадан көзін ала алмаған қалпы басын иіп амандасты, сол кезде екі кішкентай бала да үлкенінің жасағанын қайталап бастарын имекке әрекет жасап еді, олардың бұл қылығына қарт кісі мәз болды. Ол балалардың жанына келіп, шапанының терең қалтасынан қолдарын толтыра кәмпит алып берді де, үй иесі әйелдің ұсынуымен төрге озды. Шай үстіндегі әңгіме жалшылық өмірдің ауыртпалығы туралы өрбіді: «Әрине, менің ештеңеге де өкпем жоқ, – деді Алқа өзінің

әншіге тән сазды дауысымен, – тек менің түсінбейтінім, біз күйеуіміз екеуміз таңертеңнен кешке дейін байға бел жазбай қызмет етеміз, соған қарамастан, мойынымыздағы қарызымыздан құтыла алатын емеспіз, құтылмақ түгіл, бұрынғы қарызымыздың үстіне жыл өткен сайын тағы да қарыз жамалып жатыр. Қазір де менің күйеуім жайлауда байдың малын бағып жүр, тамақтың жартымсыздығынан, жаңбыр мен желдің өтінде жүріп, әбден азып-тозып кетті. Ал Әубәкір болса, семірген үстіне семіріп, бір кедей ауылда тұратын жетім қызды енді төртінші әйелдікке алмақшы. Ал қалыңдық болса, әлі бала, аты да жақсы – Алма. Өзі де алма ағашының шыбықтарындай, жел соқса майысатын талдырмаш. Жұрттың айтуы бойынша ауылда сөйлесіп жүрген жап-жас жігіті бар екен, ол да қыздың өзі сияқты жатақ. Ол жігіттің – Ерғалидың бар байлығы – керемет дауысы. Ол ән салғанда бүкіл дала тынып, тыңдай қалады, тек құстар ғана оның дауысына қосылады, сол кезде адамның жан дүниесіне қанат бітіп, даланың құстарымен бірге зеңгір аспанда қалықтап жүргендей әсер береді!» Ұзақ Алқаның жүзіне ойлана қарап қалды: «Келін, шырағым, жаңа келгенде сен бірден менің есімімді атадың, мені қайдан танисың?» деді. Бұл сұраққа Алқа жымия күліп жауап қатты: «Атақты домбырашы Ұзақты бүкіл ел біледі ғой, кішкентай кезімде сіз біздің ауылға да келіп тұратынсыз, сол кездерде мен де талай рет сіздің күйіңізді тыңдағанмын». Ұзақ Алқаның жүзіне одан сайын үңіле қарады: «А-а-а, білемін, сыңғырлаған күміс дауысты бір кішкентай қыз ән салып, мені ерекше қуанышқа бөлеген. Сол сен екенсің ғой. Ал қазір неге ән айтпай жүрсің?». Алқа, оның өзіне тесіле қараған жүзінен сәл ыңғайсыздана, бетін алақанымен көлегейлей: «Қазір маған ән қайда, күнделікті күйбең тіршіліктен қол босамайды. Балаларға кейде бесік жырын айтамын, ал кейде үйде ешкім жоқта ән салатыным бар» деді күрсініп. Ұзақ Алқадан көзін алмаған қалпы: «Оңашада ән салған кезде, жеңілдеп қаласың ба?» деп

сұрады. Алқа иығынан бір ауыр жүк түскендей терең тыныс алды да: «Иә, жеңілдеп қаламын!» деді де жадырай күлді. Ұзақ қарт та үй иесі келіншектің жадыраған күлкісіне жымия қарап: «Бір Алла өзінің таңдаған адамдарына дарындылықты жерге көміп тастау үшін бермейді, сол дарынын дамытып, адамдарға сыйлап, тек өзінің ғана емес, басқалардың да жан дүниесіне жеңілдік беріп, ләззат сыйлау үшін береді. Міне, мен шашым аппақ шал болдым, менің жасымда жылы үйде ыстық шай ішіп, жантайып жататын уақыт болды, бірақ мен жаңбыр мен желге, қайнаған аптапқа қарамастан ауыл-ауылды аралап өз күйлерімді, маған дейін өмір сүрген күйшілер шығарып кеткен күйлерді тартып, көңілдерін көтеремін. Тек менің ғана емес, менің халқымның көңіліне де бостандық пен теңдікке жеткізетін қанат бітсе деймін. Және мен өзіме жақсы бір шәкірт тапсам деп жүрмін, мен кеткеннен кейін менің жер бетіндегі осы ісімді жалғастыратын шәкірт тапсам деймін. Бір адамның ғұмырына жер үстінен берілген бір ғана ғасыр негізгі мақсаттарын жүзеге асыруына тым аздық етеді. Оның үстіне адам баласы өзіне жайлы өмір жасаймын деп, бір уыс топыраққа татымайтын атақдаңқ іздеп қаншама уақытын босқа өткізеді де, нағыз керекті істерге тым аз уақыт қалады. Сол кезде адамның жалғыз үміті шәкіртінде болады, оны шындықтың жолын іздеген болып өтірік данышпанситындарға еріп кетіп, уақытын босқа өткізіп алудан сақтандырады, ал шындық деген дарынды адамның өзінің бойында болады, міне, ұстаз соны шәкіртінің өзі өз бойынан іздеп табуына көмектеседі. Ал ол осының бәрін меңгеріп, өзінің жолын тапқан кезде, міне, сол кезде ұстаздың көңілі жайланып, адал жүрегімен «сонау көктен біздерге көз алмастан қарап тұрған бабалар кеткен мекенге алаңсыз кете беруіме болады екен!» деп риза болады» деп сөзін аяқтады. Тағы да жымиып алды да, бұған үн-түнсіз қарап отырған балаларға және ойланып қалған Алқаға бұрылып, Ұзақ басын шайқап, сөзін әрі қарай жалғады: «Алжыған шалдар осылай сөйлеп, өзін қарсы

алып отырған үй иесінің де ішін пыстырады. Мен Майқы би емеспін, бірақ, білетінім – басқа адамдарға өзінің қолындағы күшімен озбырлық көрсеткендер бір күні болмаса, бір күні сазайын тартады, жазасы адамнан болмаса, Алладан келеді, жасаған қарау істерінің бәрі үшін жауап береді» деді де ол бақанға қағылған шегеге іліп қойған домбырасына қолын созды, пернелерден сансыз әуен құйыла жөнелді, көктемде шешек атқан табиғат сияқтанып біресе нәзік, біресе мұңды, біресе тұлпардың шабысындай екпінді де жігерлі, біресе шындықтың төрешісіндей асау да кекті әуен баурай жөнелді. Кішкентай Құрманғазы пернелердің бойымен қалықтай ұшқан ақсақалдың саусақтарынан көз ала алмай қалды, мына қарт кісі оның көз алдында адам кейпіндегі құдыретке айналып жүре бергендей. Оның қиялы киіз үйдің керегелерінен әрі өтіп, енді көсіліп жатқан ұшы-қиыры жоқ кең даланы көріп отырды. Күйшінің құдыретімен оқиғалар бірінен соң бірі алмасып, жыл мезгілдері тез-тез ауысып, ендігі сәтте оның өзі де әлгі шексіз даланың қиырында қырандай қалықтап ұшып бара жатқандай болды да, соның әсерімен келе қалған бір ой оны оятып жібергендей: «Міне, маған ешқандай жаудан тайсалмайтын жігер берер күш – осы, осы күшпен мен де, дауылда қалған кемені ажалдан құтқарған бала сияқты, адамдарға көмекке келе аламын, мен мұны қалайша бұрын білмей келгенмін» деді ішкі ойы. Домбыраның соңғы қағысы да қағылып, ол енді қабына салынды, күйдің әсерінен оттай жанып, күйшіден көзін ала алмай отырған бала қиялында уақыт пен кеңістікке бағынбайтын алыс қиырда әлі де қалықтап жүр еді. Ұзақ Алқаның назарын Құрманғазыға аударып: «Міне, мына баладан маған лайық шәкірт шығар еді, менің ойымша, көп уақыт өтпей-ақ мына баламен менің жолым бір жерде тоғысатын шығар, сосын ешқашан да, өмірімнің соңына дейін біз ажырамаспыз» деді де ол дастархан басынан тұрып бара жатып, әлгі сөздеріне Құрманғазының келіскендей сыңай білдіріп өзінен көз алмай қалғанын байқаған қалпы үйден шығып кетті.

Сол күннен бастап Құрмаш шешесіне ауылдағы белгілі домбырашы Түсіппен сөйлесіп, оның домбырасын бір нәрсеге ауыстырып алайықшы деп қыңқылдаумен болды. Алқа мұны алғашқы кезде жай бір балалық қызығушылық шығар, бала не сұрамайды дейсің, уақыт өте келе ұмытады ғой деп аса мән бермеген. Бірақ Құрмаш айтқанынан қайтатын болмады, ақыры Түсіпке баруға мәжбүр етті. Түсіп қарт Алқаның сөзін тыңдап алды да, бала маған өзі келіп кетсінші деді. Түсіптің домбыраға өзім үйретемін, маған келіп кетсін деген сөзін шешесінен ести сала Құрмаштың аттың қылындай қайратты шашы желмен желбіреп, қарт домбырашының үйіне қарай қалайша ұша жөнелгенін айту да артық шығар. Көп ұзамай-ақ Құрмаш кейбір жеңіл күйлерді тарта алатын деңгейге жетіп, оған қарт Түсіп те кәдімгідей қуанды. Жеті жасында сол кезде ел-жұртқа танымал күйшілердің шығармаларын еркін тарта бастады, оның талантын мойындаған Түсіп қарт: «Балам, сен менің білетінімнің бәрін үйрендің, енді менің қолымда жүріп талай бақытты да, талай мұңды да шақтарымда қолымда болған осы домбырамды да ал. Мен енді бұдан артық саған ештеңе де үйрете алмаймын, ендігі сенің жолың Ұзақ сияқты ұлы күйшілердің жолымен түйісуі тиіс, ал мен өзіммен және көршілеріммен қуанышымызда да, қайғымызда да бірге болатын басқа бір домбыра жасатып алармын» деп орнынан тұрып, өзімен теңдес адамдай ишарамен балаға домбырасын ұсынды. Шеберлікке барар жол оңай емес. Аз ғана күнге ауылына келген әкесі баласының домбыраны тәп-тәуір тартатынын көріп таңғалды. Күй тартып отырған кезде оның өңі жадырап сала берді, көздері ұшқын атып, сәл ғана жымиып отыратын ол бұл кезде әлі жап-жас еді, бақытты еді, ал алдында Құрмашты сұлу әйелімен өткізетін бақытты шақтар да күтіп тұрды. Міне, баласы тартқан күйдің соңғы қағысы да бітті, күйдің әсерімен бір сәтке болса да ұмытылған ауыр

тіршілік қайта басталды, иінінен басқан қара бұлтта, сол азап оның ғұмыр бойы иығынан түспеді, бұл қандай жұмыс істемеді дейсің, қойшы да болды, жылқышы да болды, бел жазбастан басқа да түрлі жұмыстар істеді, бірақ қиыншылық атаулының бәрі осы бір бейнетқор жанды төңіректеп, қыр соңынан қалмай қойды. Баласының күйін тыңдап болып, Сағырбай ауыр бір күрсініп алды да: «Жақсы тартасың, балам, бірақ мәселе қайда жатқанын білесің бе: домбыра қарын тойдырмайды, мұның бәрі бос әуре, жасың жетіге келді, сондықтан болашақта өзіңді өзің, отбасыңды асырайтын шаруаға икемделетін кезің келді, сен менімен бірге жүр, жайлауда Қамысбай екеумізге көмекші боласың, міне, сол жерде бізге домбыра тартып, көңілімізді де көтересің» деді. Құрманғазыға әкесінің бұл ұсынысы қатты ұнап кетті де, ол тез жиналып, домбырасын орап жолға дайындады. Ауылдан қашық жердегі еркін өмір Құрмашқа қатты ұнады, ол мұнда өзін үлкен адамдарша сезінді. Өйткені әкесі оған ылғи енесінен адасып қалып, жылаған баладай маңырап алақтап жүретін қылықтары күлкіңді келтіретін жаңа туған қозыларды қарауды тапсырған болатын. Дегенмен оған күні бойына сан рет құбылып, көкжиектен көкжиекке дейін созылып жатқан шексіз дала өзінің шексіздігімен ерекше ұнады. Таңғы алакеуімде өңіне сәл қызғылт реңк жүгірген сүттей ақ болып тұрады да, түске жақын жорықтарға аттанатын ертегідегі батырлардай күннің көзімен жалтылдап, көзді қарықтырады. Ал кешкі күн батардың кезінде сол дала-батыр алқызыл түске боялып қайтып келе жатады. Сосын қараңғы түсіп, көз байлана бастағанда ауыр жұмыстардан арылып, ертең тағы да жаңа ерліктерге аттану үшін тып-тыныш қана қалғи бастағандай әсер береді. Құрмаш осы шексіз даланы өзіне шабыт берген, жаңа күй шығаруға жетелеген осындай тіршілік иесі ретінде қабылдады. Міне, бүгін кешке де ол жанған оттың қасында, жорықтан қайтып келе жатқан дала-батырдың келбетіне көз тастай,

домбырасын жәй ғана шертіп қойып отырған болатын, бір кезде батып бара жатқан күннің кешкі шапағында оның қасына келген біреудің көлеңкесі бұған түсті. Бала басын көтеріп қарада да, шошып кетті, оның қасында үстінде жүннен сырыған шапаны бар бір дәруіш жымиып тұр. Құрмаш домбырасын қоя салып, ұшып түрегеліп, қартқа сәлем берді. Дәруіш оның сәлеміне жауап ретінде басын сәл иді. Тарбиып өскен ағаштың көлеңкесіне төселген киізге отырды да кешкі тыныштықты бұзып алмайын дегендей жұмсақ дауыспен баладан шай сұрады. Құрмаш өрістен кез келген уақытта келіп қалуы мүмкін деп әкесі мен оның көмекшісінің алдынан шай даярлап отыратын еді, бұл жолы да қидың шоғында шай қайнап тұрған. Ол сол бойда дайын тұрған шайды кесеге құйып, бір үзім нанмен дәруішке ұсынды. Қарт дәруіш шайын асықпай ұрттап ішіп отырып, балаға зер сала қарады, Құрманғазы оның бұл қылығынан аздап ыңғайсызданғандай болды. Бірақ қарт кісі оның ыңғайсызданғанына мән берместен сол қараған күйі өзінің жұмсақ әрі шаршаңқы дауысымен: «Иә, халқының қамқоршысы болатын осындай баланы тапқан ананы құдай жарылқайтын шығар!» деді. Сосын қараңғыланып бара жатқан көкке қарап, тек өзіне ғана көрінетін құдыретті күшпен тілдескендей болды да үнсіз қалған балаға қарап: «Есіңде болсын, балам, сен осы өмірдегі зұлымдық атаулымен күресу үшін туған адамсың. Бұл өте ауыр әрі қиыр-шиыры көп жол, бұл жолда қиындық та, сенің төзімділігіңді сынайтын ауыртпалықтар да кездеседі, бірақ сен соның бәрінен қайсарлықпен өтесің, өйткені сен оларды жеңетін күшті екі таудың рухын алатын боласың, сол таулардың атын есіңде сақта, олар: Боғда мен Шерқала-жолбарыс тау. Осы екі тау сені күллі тіршіліктің өн бойын бойлап кететін дыбыстардың құдайына айналдырады, сол дыбыстар арқылы сен жаңа әуен тудырасың, Шерқала өзінің асқақтығымен сенің жүрегіңе арыстанның айбатындай айбат береді. Сен талай жылдарыңды қуғын-сүргінде өткізесің, жалғыз жолдасың

даланың қара жолы ғана болады, ал досың – астыңдағы атың, ол талай сапарларыңда қауіп-қатерден, өлімнен құтқарып қалатын болады» дегенде, Құрмаш өзінің дәл осындай құдыретті қабілет иесі екендігіне сену қиын екендігін білдіргендей, өзінің ап-арық иығын бір көтеріп қойды да, санап алуға болатындай көрініп тұрған қабырғаларын кере ауыр бір күрсінді. Құрмаштың бұл қимылын қарт дәруіш қалт жібермей, жаңағы сөзін әрі қарай жалғады: «Уақыт аттан да жүйрік, ештеңеге ебі жоқ қазіргі бала қалпыңнан жауды жасқандырар қайсар жігіт болып қалғаныңды өзің де сезбей қаласың, ал достарың сені қай жерге барсаң да ерекше қуанышпен қарсы алатын болады». Мынадай сөздер Құрмашты жадыратып жіберді де ол: «Ал менің қару-жарағым бола ма?» деді қуанышты күлкісін жасыра алмай. Ақсақал аппақ мұртын сипалап: «Ол сенде қазірдің өзінде бар, – деді Құрмаштың қасында жатқан домбыраны қолымен нұсқап көрсетіп, – Ендігі қалғаны – осы домбыраны құдыреттілікпен тарту. Ал оған сенің бүкіл ғұмырың кетеді». Қарияның соңғы сөзі баланың шалқыған көңілін қайтадан түсіріп тастағандай болды, ол жауды қылышымен жасқап, ұшқыр садақтарымен жайратып салар батырлықты дәл бұлайша түсінбеп еді. Қария баланың ойын бет-әлпетінен кітап оқығандай оқи қойды да, әжім басқан алақандарымен оның жылқының қылындай шашынан сипап: «Сен ренжіме, достым, одан да өзің сияқты жап-жас баланың дауылда суға батып бара жатқан кемені құтқарып қалғандығы туралы әңгімені есіңе түсір, алып батырлардай керемет күші де жоқ сол балаға дәл сондай деңгейдегі қуат берген – оның ішкі рухы, тайсалмайтын ерік-жігері, мына жарық дүниеде онымен күш сынасуға қандай алып батыр да беттей алмас еді. Сен де таяу уақытта жаңағы мен айтқан екі таудың рухынан дәл сондай құдыретті күш аласың, сен сол күшіңнің бәрін музыкаға арнайсың, сенің саусақтарыңнан күй төгіліп жататын болады. Ешқандай қару сенің домбыраңды жеңе алмайтын болады. Оның дыбысын естіген сәтте қандай жаудың да

меселі қайтып, ажал алдында тұрғандай халге түседі, ал достарың қуанышқа бөленеді!» деді. Құрмаш дәруіштің сөзіне әсерленіп: «Ал таулар маған қалайша өздерінің күшін береді, олар сонда тірі ме?» деп сұрады. Қария тағы да баланың басынан сипап, сөзін жалғады: «Мына жарық дүниедегінің барлығы да Құдайдың құдыретімен жаралған, демек, олардың барлығының да жаны бар, демек, олар да тірі. Оған таяу арада өзіңнің де көзің жетеді». Осы сөздерді айтты да ол орнынан тұрды: «Ал жақсы, аман бол, менің жап-жас досым, енді қандай қиындыққа кездессең де, мен сенің қасыңнан табыламын, сен тек мені ойла да, келуімді сұрасаң болды» деп иығынан құшақтап, баланың көздеріне зейін сала қарады да, енді балаға емес, үлкен кісіге қарата сөйлегендей біртүрлі қаталдықпен: «Халықтың жақтаушысы болатын сенің тағдырыңның ауыр жолдарында қандай қиыншылық басыңа түссе де мені ұятқа қалдырмассың деп ойлаймын. Енді екеуміз қоштасатын уақыт та келді» деп баланың иығынан қолын алды да, жайлап басып тарбия өскен ағаштың діңін айнала беріп, көзден ғайып болды. Құрмаш бір сәтке аң-таң болып тұрып қалды да, сосын ол көрінбей кеткен жаққа қарай тұра жүгіріп, бұл адамның кім екендігін біліп қалайын деп ағашты айнала қарады, бірақ ешкім жоқ еді, тек қоюланып қалған ымырт кең даланы көзден көлегейлеп, түн болып келе жатты. Көп ұзамай әкесі мен Қамысбай да келді, баланың жанжағына алаңдап бір нәрсені іздеп тұрғанын көріп: «Немене, Құрмаш, әлденені жоғалтып алғандай болып тұрсың, әлде көзіңе бірдеме елестеп тұр ма?» деді. Құрманғазы ауыр бір күрсініп алды да: «Ештеңе де жоғалтқаным жоқ, ештеңе көзіме елестеп те тұрған жоқ, бір қарт кісі жаңа ғана келіп қонақ болып кетті, түрі ертегілердегі сиқыршыға ұқсайды, мен тіпті оның аты кім екендігін де сұрап үлгергенім жоқ, ол әңгімесін айтып отырып, менен көз алмады, сосын әне жерге барды да, бірден жоқ болып кетті, көкке ұшып кеткендей!» деді. Қамысбай қобалжып тұрған балаға бір, ешкім тиіспеген

тағамға бір қарап алды да: «Сен, бәлкім, ұйықтап кетіп, түсіңе сиқыршы кірген шығар?» деп еді, үлкендердің өзінің сөзіне сенгісі келмей тұрғандығына ызаланып, кәдімгідей жыламсырай сөйледі: «Жоқ, қайдағы ұйқы, міне, мен оған шай да құйып бердім. Ол маған «сен өжет батыр боласың, ал батырға керек күшті саған екі тау береді, қаруың мына домбыраң болады деді». Бала сәл ойланып, таулардың атын есіне түсіріп сәл ойланып тұрды да: «Ол таулардың аты Боғда мен Шерқала!» деді өңі жадырап. Баланың мына сөзінен кейін екеуі аң-таң қалып бір-біріне қарасып, енді оның сөзіне мән бере бастады. «Сонда ол шал қайда кетіп қалуы мүмкін, мына далада бәрі де алақандағыдай көрініп тұрады, жаңа өрістен келе жатқанда Қамысбай екеумізге көрінуі тиіс еді ғой ол, тұра қашқан екі қояннан басқа ештеңе көзге түскен жоқ қой, сонда қайда кетеді?» деген Сағырбайдың сөзіне Құрмаш: «Мен қайдан білейін қайда кеткенін, ол мына ағашты айнала берді де көрінбей кетті, мен оның соңынан жүгіріп ағашты айналып шықтым, ешкім жоқ, айтып тұрмын ғой, ол көкке ұшып кеткен шығар!» деді бір түрлі өкінішпен. Қамысбай басын шайқап, даусын соза: «Иә, қызық екен! Ал, кәне, шай ішіп, тамақтанайық, мен сендерге сол шал айтқан Боғда тауы туралы бір әңгіме де айтып берейін» деп шағын дастарханның басына жақындады. Түн көктің жүзін өзінің жұлдызды шатырымен жапты, кепкен бұтақтар отта шытырлай жанып жатқан ошақ басында үшеу отыр, біреуі қызықты бір әңгімені шабыттана баяндауда. Біз де оттың басына ақырындап жақындайық та, сол әңгімеге құлақ түрелік. Қамысбай ошақта жанған оттың жалынына қарап қойып, әңгімесін жалғай түсті, оған өтіп кеткен жылдар осы лаулаған отың жалынының арғы түбінен көрініс беріп жатқандай. «Бұл сонау жылдары менің табысты жұмыс іздеп ел кезіп жүрген шағым болатын. Менің бір досым болды, онымен бірге жүргенде талай қиыншылықты

бірге өткердік. Соңғы рет бірге жұмыс істеген жерімізден біз бір күні түн ішінде қашып кеттік, бір жағдайларға байланысты. Мен ол жерден кеткеннен кейін Басқұншақ көліндегі тұз өндіру кәсіпшілігіне бардым. Әлгі досым екеуміз бір-бірімізбен айырылысатын шақта ол маған сол көлдің маңында қасиетті Боғда тауы бар екендігі туралы, «сол тауға менің атымнан басыңды иіп, тағзым етші» деп өтінді. Мен оған бұл тілегін қалайда орындауға уәде бердім, сол кезде ол аңыз ба, ертегі ме, мынадай бір әңгіме айтты. Баяғы бір замандарда Еділдің жағалауына Монғолиядан көшіп келген бір халық қоныстаныпты. Бұл халыққа малға өрісі кең осы жер қатты ұнап қалса керек. Әрине, бәрі де жақсы болып келе жатыр екен, бірақ күндердің күні болғанда бұлар алыстағы отандарында қалған өздері аса жақсы көретін тауларын сағыныпты. Малшылары да таудың самалын сағынып, малды дұрыс бақпай, соның қырсығынан малдары ауырып, өле бастапты. Мал да, халықтың өзі де түрлі дертке ұшырап, түгел қырылуға айналыпты. Сол кезде олар өздерінің құдайы ұлы Буддаға жалынып, алыста қалған сол таудың ең болмаса бір бөлігін сыйға тартуды сұраған көрінеді. Будда оларға орталарыңнан екі қайратты жігіт шығарыңдар депті, олар ортадан шығарған сол екі жігітке Будда керемет толағай қуат-күш берсе керек, содан соң екеуіне Монғолия жеріндегі таудың бір бөлігін арқалап әкелуге рұқсат еткен екен. Тек оларға бір ғана шарты ретінде: келе жатқанда жолда шаршадық деп, көтере алмадық деп айтпаулары керектігін ескертеді. Будданың айтқанына келісіпті де, екеуі жолға шығыпты. Еліне келіп, алып таудың кішкентай бір бөлшегін Еділге қарай арқалап ала жөнелсе керек. Бірақ жол ұзақ еді, қатты шаршаған олардың біреуі ыза болып, Будданы қарғапты. Будда оны естіп қалыпты да, тау сол бойда жапырыла құлап, әлгі жігітті жаншып қалған екен дейді. Екінші жігіт оны көтермекші болған екен, бірақ оған күші жетпепті. Тау тіпті жерге жабысып өскендей болып, міз бақпаса керек. Қайғыдан құса болған жігіт от

жағып, шай қайнатып ішейін дегенде, байқамай шайға тұзды тым көп салып жіберген көрінеді. Тым тұзды болып кетіп ішуге жарамай қалған шайды жігіт әлгі қозғалмай қалған таудың етегіне қарай түкіріп жібергенде, бір керемет әдемі көл пайда болыпты. Қазіргі өте тұзды Басқұншақ көлі сол жігіттің түкіріп тастаған тұзды шайынан пайда болған көл екен дейді. От басында отырғандар әрқайсысы таудың пайда болуы туралы бұл аңыздың әсеріне елтіп ой жетегіне беріліп кеткен болуы керек, біршама уақыт үшеуі де үнсіз қалды. Қамысбай шоқты таяқпен қағыстырып, тағы да қи тастады да, әңгімесін әрі қарай жалғады: «Мен тұз өндірісіне жұмысқа кіріскен соң бір күні жұмыс арасында уақыт тауып, досымның айтқан өтініші бойынша таудың басына шықтым. Жұмыстан қатты шаршап қалған болсам керек, таудың басына шыққан соң, саумал ауаны жұтып қисайып жата тұрайын деген едім, қалғып кетіппін. Ұйықтап жатқан сияқтымын, бірақ құстардың шиқ-шиқ еткен дауысын, желмен тербелген құрақ шөптердің екі жаққа жайып жіберген қолдарымды сипай сыбдырлағанын естіп жатырмын және мына таудың тыныс алғандай болып көтеріліп-басылып қозғалып жатқанын сезгендей болдым. Бір кезде шошып ояндым, өзімнің тау басында ұйықтап жатқан мына қалпыма қарап, осы менің есім дұрыс па, бір аң келіп, үстімнен басып қалса қайтер едім деп орнымнан ұшып түрегелдім де тез-тез басып таудан түсе бастадым. Түсіп келе жатыр едім, кенет алдымда жатқан топырақтың күрең қызыл түсіне еріксіз көзім түсті, шалдар айтатын еді «осы тауда қып-қызыл топырақ бар, ол әлгі тау басып қалған батырдың қаны» деп, мен соны көрдім. Шынында да бұл кеуіп қалған қанға ұқсайды екен. Таудан түстім де, еңкейіп өзім үшін де, досым үшін де тауға иіліп тағзым еттім. Ол тау қазір біз қой бағып жүрген жерден алыс та емес, ат шаптырым жерді 5-6 рет айналып шыққандай ғана қашықтықта. Сондықтан да, Құрмаш, мүмкін бір сәті түскенде сол тауға сен де қонақ болып барып қайтатын

шығарсың!». Қамысбай осы сөзді айтқан кезде баланың көзі шоқтай жанып, енді ол баяғы қария айтқан екінші тау туралы да сұрады. Қамысбай ауыр бір күрсініп алды да: «Ол тау туралы мен саған көп ештеңе айтып бере алмаймын, ол біздің ата мекеніміздегі тау, біздің әке-шешелеріміз Бөкей ханның соңынан ерген халықпен бірге ол жерден осы жаққа көшіп кеткен, мен кішкентай бала едім, ол ұлы көштің қалай болғаны есімде жоқ. Менің қарттардан естігенім – ол тау үш жағынан Каспий теңізі қоршап жатқан Маңғыстау жарты аралында орналасқан. Ол айдалада бөлек тұрған биіктігі бес жүз метрге дейін жететін тау, оның басына шықсаң, баяғы замандарда сол жермен өткен керуен жолдарының бәрі алақандағыдай көрінеді дейді. Оған шығу өте қиын көрінеді, көне замандарда осы өңірде талай қырғын соғыс болып, сонда жеңіліп бара жатқан жақ осы таудың басына жан сауғалаған екен. Тіпті осы тауда Шыңғыс ханның ұлы Жошының бекінісі болған екен деген де сөз бар. Міне, менің Шерқала туралы бар білетінім осы, бірақ сенің ол тауға барубармауың екі талай шығар, өйткені ол өте алыста, жақсы атың болса, бір ай жүріп баратын жер, бірақ жол ауыр, құмы борап жатқан шөл даламен, шатқал-шатқал таулардан асу керек!» деп сөзін аяқтады. Оның әңгімесін бар зейінімен тыңдаған Құрманғазы «Бір ай жол деген сөз болып па, менің бүкіл өмірім алда ғой!» деді үлкен адамдарша ойлана сөйлеп. Сағырбай мен Қамысбайға мына сөзді қараңғы түнде бет-әлпеті анық көрінбей отырған бала емес, үлкен ақсақал адам айтып отырғандай әсер берді. Ошақтағы от та сөне бастады, отарды иісшіл де сақ бөрібасарларының күзететініне алаңсыз сенген от басындағы үшеу де ұйқыға кетті. Жайлауда күнделікті тіршілік өзінің кезегімен осылайша тып-тыныш өтіп жатқанда, олардың туған ауылдарында бір қайғылы оқиға болды, ол оқиғаға ғайыптан-тайып кішкентай Құрманғазы куә болды. Сол жолғы топырлаған адамдардың бірін бірі жұлып жеген, бірін бірі аямаған зұлымдықтары Құрманғазының көкірегінде ұмытылмастай болып қалды.

Алманы сүйген жігітінен айырып күштеп алып кеткен мынау жұтаң ауылда Ерғалидың әні енді қайтып естілмейтін шығар, оның үстіне Ерғалидың өзі де қазір ауылда жоқ еді, ол алыстағы жайлауда жылқы бағып жүрген. Ол Әубәкір байға қарыздың өтеуі ретінде Алманы сатып жібергені, бір жұмадан бері оның бөтен ауылда құса болып жатқаны жөніндегі хабарды кейін естіді. Моншақпен өрнектелген тақия киген Әубәкір өзінің жаңа қалыңдығын қашан әкеліп көрсететінін күтіп бұқар кілемі төселген ақ жұмыртқадай отауының қақ төрінде отыр. Оның майлы бетінің қыртыс-қыртысынан жасаурай бозарып, өлімсіреген көзі зорға көрінеді, ысқырына дем алғанда таудай болып көтеріліп басылатын қампиған қарыны молдасын құра айқастырылған аяғының үстінде жалпиып жатыр. Екі самайынан сорғалаған тер жұқа атлас шапанының жағасымен бүркемеленген майлы иегінің қатпарларына кіріп, ғайып болуда. Өңінде осы бір қалыңдықты көрсету деген бұл үшін ешқандай мәні жоқ нәрсеге бола осыншама уақытын жоғалтып отырғанына реніш бар. Міне, ақыры киіз үйдің есігі жартылай ғана ашылып, ішке тал-шыбықтай майысқан қалыңдықты жетелеген бәйбіше басын иіп кірді, қалыңдық әкесі қайтыс болғаннан кейін тұл жетім қалған қыз еді, оны күшпен алып келіп тұр. Алма анасын көрген де емес, анасы мұны босану үстінде қайтыс болыпты. Әкесі оның жалғыз қорғанышы еді. Бірақ әйелінің жастай қайтыс болғанының қайғысы мен бел жаздырмаған бейнет оны ерте қартайтып жіберді де, ақыры ажал алып тынды. Ендігі жердегі оның жалғыз ғана жұбанышы Ерғалиға деген ыстық махаббаты еді, олар бір-бірін іштей жақсы көріп жүрсе де, оны білдіруге батылдары жетпей жүрген. Дала көктемнің барқыт кілеміне малынып жатқан бір күні ауылдың шетіндегі құдық басында екеуі кездесіп қалды. Сол сәттегі екеуінің түйісіп қалған көздері сөзбен айтып жеткізе алмаған сезімдерін паш еткендей еді. Құдық басына не үшін келгендерін ұмытып,

олар қол ұстасқан қалыптары қалы кілемнің түгіндей болып жайқалып, жұпар иісі аңқыған даланы бетке алып ұзап кеткен. Жүрегі шаттыққа толған Ерғали сол құлпырып тұрған даланы тербете ән салды, оның керемет көркем дауысы мынау тіршілік туралы, бірін бірі тапқан жүректердің сезімін көкке өрлететін махаббат туралы, бір арнаға құйылған ғашықтық сезімдері кең дүниені түгелімен сүйіспеншілікке бөлейтіндігі туралы әндерді шырқап бара жатты. Қандай керемет күн еді ол! Дәл сол сәтте Алма қандай сұлу еді! Басын сүйіктісінің кеудесіне сүйеп, Ерғалидың ғажап әндерін тамсана тыңдаған. Өңіне алқызыл алау жүгіріп, керемет бақытқа бөленді. Сол күні олар енді ешқашан бірбірінен ажырамасқа серттескен. Міне, енді қазір Ерғали алыста қалды, қасында еріндерін сылп-сылп еткізіп бірдеме деп мына бай отыр. Бәйбіше Алманы иығынан күшпен басып, Әубәкірдің алдында тізе бүгіп тұруға мәжбүрледі. Әубәкір бай аузындағы насыбайдан жап-жасыл болып тұрған сілекейін ағыза сәл жымиғандай болды да, өзінің бұл үшін қалың мал төлегендігін, сөйтіп жетім қалған мұны өзіне төртінші әйел етіп алып, маңдайының бағын ашайын деп отырғанын айтты. Жанында тұрған бәйбіше жыландай ысқырынып: «Басыңды иіп тағзым ет, осы жақсылығы үшін оған алғысыңды айт» деді. Бірақ Алма иығынан оның қолын лақтырып тастап, тізерлеп отырған қалпынан ұшып түрегелді де, байдың тұманданған көздеріне тіп-тіке қарап, көздері жасқа толып, дауысы дірілдеп тұрса да, әр сөзін шегелей: «Мен бейшара жетіммін және сіздің мұндай құрметіңізге лайық емеспін. Менің сүйген жігітім бар, ол да менің өзім сияқты кедей, біз бір-бірімізден ешқашан да ажырамасқа уәде еткенбіз. Сізден өтінерім – мені өзімнің кедей ауылыма қайтарыңыз. Мен бәрібір сізге әйел болмаймын, тіпті өлім алдында тұрсам да болмаймын!» деді. Әубәкір өмірінде өзіне қарата айтылған мынадай сөздерді естіп көрмеп еді. Және оны кімнен естіп тұр десеңізші? Өзі малға сатып алған кедейден. Қатты қарсылыққа тап болған байдың

алғашында тілі байланып қалғандай болды да, тек сәлден кейін ғана аузындағы насыбайын кілемге түкіріп жіберді де, ысылдап-пысылдап орнынан түрегеле беріп, мынадай өжет қызды жеп жіберердей жабайы дауыспен ақырып: «Сен – адам емес, сатып алған кәдімгі жансыз затсың!» деді де бәйбішеге қарай зәрін шаша одан сайын ақырды: «Жоғалт мына албастыны менің көз алдымнан. Қара су мен қара нанға байла, көрермін сосын, бір жұмада кейін қалай-қалай майысып тұрар екен!». Міне, содан бері екі жұма өтті, Алма бір жағы құсадан, бір жағы аштықтан әбден жүдеп, үлкен қой көздерін мұң басқан, маңдайына тіке түскен жіңішке әжім ізі байқалады, жүрегі біресе үнсіз қалғандай болады да, біресе торға түскен торғайдай болып аузынан шығып кетердей алқынады. Ал Ерғали болса ауылда өзін қоярға жер таппай жүр. Қазір жылқыға қарайтындай жағдайда емес. Ол не де болса Алманы ұрлап алып кету керек деген шешімге келді де, өзімен бірге жылқы бағатын Жұмабайға табыннан өзі мінетін және Алма мінетін екі жылқы алып кетуге бел байлағандығын, «оны сен ұйықтап қалып, білмей қалған бола салшы» деп өтініп еді, Жұмабай оған алғашында келіспеді: «Сен не, мыналар мені зынданға тастасын деп пе едің?». Оған Ерғали: «Жоқ, құдай сақтасын, тек сен маған ешқандай кінәсі жоқ Алманы тұтқыннан босатып алып шығуға көмектесші. Жасаған жақсы ісіңнің бірде-бірі Алланың назарынан тыс қалмайды, бәрі де Алладан қайтады» деп жалынып, екі күн жүрді. Не істерін білмеген Жұмабай: «Менің бұл қызметіме бір Алланың қашан және не беретінін білмеймін, ал ұрланған жылқылар үшін көп ұзмай-ақ таяқ жейтінім белгілі» деді желкесін қасып. Осындай ұзақ-сонар айтыс екінші күнге созылып, кеш батқанда ғана Жұмабай Ерғалидың сөзінің ыңғайына көне бастады. Алыстан қасқырдың ұлыған дауысы естілді, оған жауап ретінде иттер шабалаңдап үріп шулап қоя берді. Жұмабай қасқырлардың дәл осы кезде ұлығанына қуанып кетті:

«Бәрекелді! Табыннан екі жылқыны қасқыр жеп кетті деп ойласын! Ал, Ерғали, мен айнып қалмай тұрғанда аттарды ал да, шап! Жет Алмаға! Енді мен үшін алаңдамай-ақ қой, бір амалы болар, адамның қасқырлары талап тастаған ет пен терімнен басқа менде бәрібір ештеңе жоқ, ол байдың қамшысына да төзер, жақсы іс үшін бейнет шеккеннің айыбы жоқ! Аттан!». Екі дос құшақтаса қоштасты, бір-бірін енді көре ме, көрмей ме, бір Алла біледі. Әубәкірдің ауылын бетке алып құйындата жөнелген қос аттың тұяғының дүбірі түнгі даланы жаңғырықтырып барады. Айналаны елеңдетіп, үкілерді үркітіп, азық іздеп даланы кезген аңдарды шошыта қос ат оқтай ұшты. Міне, көк жүзіндегі жұлдыздарды бір-бірте сөндіріп, таң да ағарып келеді, ал бетке алып келе жатқан ауылға жеткенге дейін әлі жарты жол бар. Ерғали бұл ауылға кешке бірақ жетті. Аттарын ойпаңға тұсап тастап, өзі төбенің басына шықты, бұл жерден ауыл алақандағыдай көрініп тұр. Жүзген бұтақтарын тасалап отырып, ол ауылға көз салды. Киіз үйлердің ошақтарында от жанып, қазандар қайнап жатыр. Ошақтан көтерілген оттың түтіні ымыртқа сіңіп жатқан тыптыныш кеште қазан қайнатып жүрген әйелдердің дауысы ап-анық естіліп тұр. Ерғали, әсіресе, байдың күндесінің үйінің маңындағы жағдайға назар аударды және сәті түсті десе де болады. Үлкен қазанда буы бұрқырап пісіп жатқан семіз қой етінің иісі кешеден бері нәр сызбаған Ерғалидың қарынын одан сайын шұрылдатып жіберді. Бірақ оған назар аударып жатқан бұл жоқ, бар зейіні әйелдердің абың-күбің сөздерінің арасынан әлгі үлкен қазанның жанында тұрып сөйлесіп тұрған байдың бәйбішесі мен тоқалының әңгімесінде болды. Бәйбіше тоқалдың сұрағына жауап қатып: «Әлгі қасарысқан қыз тіпті нан да жемейді, қара судан басқа нәр татпайды, өзі әбден арықтап, қу сүйек болып қалды. Оны Әубәкір бай енді иттердің жемтігіне тастайтын шығар, бірақ оның бойында ит жейтіндей де ештеңе қалған жоқ» деді. Сосын

екеуі сылқ-сылқ күлді. Кәрі бәйбішеге жас тоқал «Егер ол қашып кетсе, Әубәкірге не айтасың?» деді сұраулы жүзбен. Бұл жағынан алаңдайтындай ештеңе жоқ екендігін білдіріп: «Менен ешкім де қашып құтыла алмайды, түнге қарай мен оның аяғына тұсау саламын да оның бір жақ ұшын ұзын жіппен өзімнің қолыма байлап қоямын. Сосын анда-санда жіптің шетін тартып қалып отырамын, егер қозғалақтаса, демек, оның орынында болғаны» деді бәйбіше. Бұл сөзге екеуі тағы да жарыса күлді. Мұны естіп алған Ерғалиға енді мына үйлердің қайсысы бәйбішенің үйі екендігін біліп, сосын оның тоқалға тапсырма беріп тастап, үйіне кетуін күту ғана қалды. Бәйбішенің отауын біліп алған Ерғали Алманың қай киіз үйде жатқанын да білді, енді тек ауылдың қалың ұйқыға кететін сәтін күту керек. Ерғали үшін әншейінде заулап өтетін уақыт енді біржола тоқтап қалғандай әсер берді, ымырт та жалқауланып, көз байланатын сәт те бүгін тіпті баяу қимылдағандай. Ауылдың шетіне кешкі сауынға қойларды айдап әкелді. Самбырлай сөйлескен әйелдер күбілерін даңғырлатып ұзақ-сонар қой саууға кірісті. Ақыры қойлар да сауылып бітіп, әйелдер үйлеріне кетті, бірақ әлі қараңғылық түсетін емес. Еріні кеберсіген Ерғали шыдамсызданып, қара түннен көмек сұрап, жалынып-жалбарынып отыр. Оның бұл тілегіне құлақ асқандай ымырт үйіріле бастады, түннің тіршілік атаулыны қалғыта бастайтын құдыретті қараңғылығы ауылды тұмшалап алып, бәрін де тәтті ұйқының құшағына бөледі, тіпті ауылдың әншейіндегі саққұлақ иттері де, өздерінің күзетшілік қызметтерін ұмытып, құлақтары салбырап ұйқыға кірісті. Ерғали Алманы құтқарып алған соң қайда апаратынын да әлі білмейді. Бірақ дәл қазір ол басты мәселе емес, қазір айқай-шу шығарып алмай, Алманы құтқару керек, қалғанын сосын көрерміз, жақсы адамдар бар ғой деген ой жетегінде отырған Ерғали енді ептеп басып, ілгері жылжыды. Алма жатқан киіз үйдің босағасына келді де,

тың тыңдады. Бәйбішенің қорылы үйді басына көтеріп жатыр. Есікті жайлап ашып, Ерғали ішке енді. Ұйқысы қашып, әр дыбысқа елеңдеп жатқан Алма қараңғыда үйге енген адамның кім екенін демінен-ақ танып қалды. Ерғали беліндегі пышағын алып, Алманың аяғындағы тұсауды кесіп жіберді де, оны қасындағы тартқан кезде тербеліп кететін бақанға байлады. Жұмсақ көрпеде қалың ұйқыда жатқан бәйбіше тұяқ серіппеген күйі жатыр. Екі ғашық киіз үйден жайлап қана шықты да, есікті мықтап жапты. Талай күннен бері үйден шықпаған Алма таза ауаны құшырлана жұтқан кезде, басы айналып кетіп, құлап қала жаздағанда қаңбақтай болып жүдеген оны Ерғали ұстап қалды. Алманы көтеріп алып, аттарды қалдырып кеткен ойпаңға қарай асыға басып жөнелді. Өзі-өзіне келген қыз жылқышы жігіттің мойнынан құшақтай, көздері оттай жанып, ерекше бір ықыласпен қарады. Аттар да өздеріне жақындап келе жатқан екеуді көріп, пысқырынып қойды. Ерғали бір атқа Алманы отырғызып, екінші атты ерттеп өзі мінді де, Алмаға: «Шырағым, бар күшіңді салып, берік отыр, шапшаң жүруіміз керек, бұл қырсық шалған жерден тезірек ұзап кетпесек, байдың жандайшаптары ұстап алса, олар аямайды» деді асыға. Оған келіскен Алма басын изеп, қалмай отыруға тырысты. Ерғалидың артынан қалмай еріп отыруға қанша тырмысқанымен, күші жетпеді, ерден сырылып түсіп қалуға айналған соң, Ерғали оны өзінің алдына отырғызып, екінші атты жетегіне алды. Ұзақ жолда шаршаған атты жетегіндегі атқа ауыстырып, барынша тез жүрудің амалын жасағанымен, Алма аттың шапшаң жүрісіне шыдай алмайтын болды. Ұйқыда жатқан бәйбіше арасында қалғып-шұлғып отырып, жіпті тағы да бір тартып қалды да, бірдеңені сезгендей, жатқан қалпында жан-дәрмен қолымен айналасын сипалай бастады, енді ғана көзі жетті, тұтқын қыз жоқ. Екі көзін сипалап ашып қараса, біреу жіпті бақанға байлап кетіпті, қыз жоқ. Атып тұрып, ұйқыда жатқан иттерді шошыта аттан салып, иттер бәйбішенің айқайына айқай қосып, әп

сәтте ауыл үсті азан-қазан болды да қалды. Сәлден кейін ауыл үсті илеуінен жүгіріп шыққан құмырсқаларға ұқсап, бет-бетімен жүгіріп, қызды іздеген адамдарға толып кетті. Ер адамдар жағы ошақта енді-енді сөне бастаған отқа бұтақты тұтатып алып, жолдарына жарық қылып, не болып қалғанын білу үшін ауылдың ортасына қарай асыға басып келе жатты. Иттер осыншама шабаланып неге үріп жатыр? Қалыңдықтың қашып кеткендігі туралы хабар Әубәкірге жеткен кезде, ол әлгі иттерден бетер жынданып кете жаздады. Нөкерлерін тез арада жинап алып, екі көзі қыпқызыл болып, құтырынған жабайы аңдай арсылдап: «Ол ит бұл қызбен алысқа ұзай алмайды, аттарды ерттеңдер де, қуыңдар артынан. Ол менің қол астымдағы көрші ауылға тек екі жолмен ғана кетуі мүмкін, бірақ ол жаққа бармайтын шығар, өзін-өзі ұстап беріп не қылсын, сондықтан екіге бөлініп, басқа екі бағытты бетке алып, тез аттаныңдар! Таң ата екеуінің маған не тірілей, не өлігін жеткізіңдер!» деді де сәл ойланып тоқ етерін айтты: «Жоқ, маған оларды тірілей әкеліңдер. Көрейін мен олардың өлім алдындағы түрлерін, өлтіруге сосын да үлгерерміз». Міне, қара түн сүттей тұманға шомылып, таң ағара бастады. Ал қашқындар жолдың әлі ширегіне де жеткен жоқ. Енді көп ұзамай таң да атады, соңынан қара түнге сеніп тапсырып кеткен өзінің иелігіндегі кең дүниені жарқырата күн де шығады. Жазғы түн қандай қып-қысқа еді, екі қашқын үшін дәл қазір осы таңның тез атқанының кедергіден басқа пайдасы жоқ еді. Міне, жер дүнияны жаңғырықтыра қуып келе жатқан қуғыншылардың аттарының дүбірі де естіле бастады. Күші басым олардың алдындағы өзінің жағдайының қандай екендігін сезіп, Ерғали атының басын тартты. Алманы құшақтап, көкжиектен әлі көріне қоймаса да, алтын шапағы шашырай шығып келе жатқан күнге қарады. Ол сәл жымиып, Алмаға сол бір керемет көріністі нұсқай көрсетті, Алма да өңі жадырай, өмірінің ең соңғы таңына қуана қарап қалды.

Жақындап келген нөкерлер бір-біріне тығылып, мәзмәйрам болып отырған мына екеуін көріп аң-таң қалды. Олардың өңдерінде үрей де, өкініш те жоқ еді, атып келе жатқан алтын таң олардың жүздерін одан сайын арайландырып жібергені соншалық, тіпті нөкерлердің оларға тарпа бас салуға батылдары жетпей қалды. Өзінің қарамағындағылардың мынадай қалпын көрген байдың байлаулы итіндей Оспан: «Немене ауыздарың ашылып қалды, ұстаңдар тез!» деді ақырып. Оспанның ащы даусы нөкерлерді қамшы тигендей осып өтті. Сол кезде олар екі ғашыққа үйірлі шибөрілердей тап беріп, қолдарын артына қайырып байлап, сүйрелеп әкеліп, атқа көлденең салды да, ауылға қарай құйындата жөнелді. Түс әлетінде қашқындарды ауылға алып келді де, Әубәкірдің аяғының астына тастай салды. Ауылда бұл екеуін жазалауға дайындалып жатқан кезде атына ұлын мінгестірген Сағырбай жайлаудан үйіне келе жатқан еді. Құрманғазы тісі ауырып, оң жақ ұрты ісініп, мазасызданумен болды. Өзенге шомылғанды қызықтап, суда ұзақ жүріп қалып, суық тигізіп алды ма, әлде апарық Құрмаш кешкі салқында тоңып қалды ма, әйтеуір, түн ішінде тісінің ауырғаны соншалық, бақырып жылап, тек таң алдында ғана аздап көзі ілінгендей болды. Отарды Қамысбайға тастап Сағырбай баланы ауылдағы әрі емші, әрі көріпкел, әрі бәрін білетін қасиетті адам болып саналатын баяғы Қамқаға алып келе жатыр. Қандай да бір мәселенің шешімін таппаса, басы ауырып, балтыры сыздаса да ауылдың адамдарының бәрінің келетіні осы Қамқа. Қамқа да олардың ешқайсысының бетін қайтармайды. Қолынан келген көмегін жасайды. Тіпті Әубәкір де талай рет оның көмегіне жүгінген. Жақындай бергенде-ақ бұлар ауыл адамдарының араның ұясындай абыр-сабыр болып жатқанын көрді. Көктем сайын алқызыл қызғалдақтармен өрттей болып жататын төбеден аса

бергенде, төбенің етек жағындағы ауыл шетінде айқайласыпшуласып жатқан адамдарды көрді. Мынадай опыр-топырдың себебін білуге асыққан Сағырбай атына қамшы басты. Ол Құрмаш екеуі әлгі тобырға жақындап келгенде үш жағынан қоршай қаһарланып тұрған адамдардың ортасында қолдары арттарына қайырылып байланған қыз бен жігітті көрді. Әйелдер жағы әлгі қызға небір сұмдық сөздерді айтып, қарғап-сілеп, бетіне түкіріп, ал ер адамдар байдың жандайшабы Оспанның Ерғалиды балағаттаған сөздерін қоштай тыңдап, өңдері бұзылып, екі жасты одан сайын қыспаққа алып тұр екен. Ат үстінде отырған Әубәкір алба-жұлбасы шығып Ерғалидың иығына сүйеніп тұрған Алмаға қарап: «Сен өзіңнің ғашығыңнан ешқашан айырылмаспын деп ант ішіп, соған жіберуімді сұрап едің ғой, ия, сен одан ешқашан да айрылыспайсың, шариғаттың жолын аттағаның үшін онымен бірге тозақтың отына күйетін боласың!» деді кекесінді де зілді үнмен. Сосын Оспанға қарап иегін қағып қалып еді, ол бұларға қарап шоқпарын сілтеп қалғанда зілдей шоқпар Алманы қорғаштай берген Ерғалидың басына тиді. Бетін қан жуып кеткен Ерғали шалқалап барып, Алманың алдына құлады. Ендігі бір сәтте көздері қанталай құтырынған нөкерлер екеуіне тап берді. Осының бәрін көріп тұрған Құрманғазы шыңғырып жібергенде, астындағы аты үркіп, алға қарай ұмтыла шапты. Ызалы тобыр кейін шегінгенде Құрманғазы қасқыр талағандай болып қанға бөгіп, бір-бірімен құшақтаса құлап жансыз жатқан екі жастың өлі денесін көрді. Қыздың кеудешесі қақ айрылып, әлі сәбидің ерні тимеген омырауы айқара ашылып қалды. Әйелдердің ішінен біреуі келіп, оның кеудесін жапты, енді ғана естерін жинаған тобыр осынау сұмдық көріністен алыстай берді. Жас Құрманғазының тісінің ауырғаны сол бойда басылып қалды, бірақ мына тобырдың осыншама қатігездігі мен әділетсіздігі оның жан дүниесін жаншып өтіп, бүкіл ғұмырында көзінің алдында тұрды да қойды.

4-тарау ЕСЕЮ ЖОЛДАРЫ Ажал құшқан екі жас өздеріне қастандық жасалған сол төбенің басына жерленді. Біреулердің ұсынысымен сол қырқа «Ғашық-тау» деп аталып кетті. «Ғашық-тауға» көктем сайын қызғалдақтар қаптай өсіп, ыстық сезімнің отындай менмұндалап тұрады, оның төбесіне апаратын жолдың бойы раушан гүлдеріне малынып, тағзым етуге келген ғашықтарға жол сілтеп жатқандай әсер береді. Бұл жерге тек ауыл жастары ғана емес, Алма мен Ерғалидың аруағына бас иіп, тағзым етуге алыс-алыс жақтардан келетіндер де аз емес. Ел аузында осы жерге келіп, екі ғашықтың аруағына тағзым етіп, шын ниетімен тілек тілегендердің бәрінің де тілегі қабыл болатындығы туралы аңыз да жүр. Уақыт өте келе екі жастың өмірін қиған бұл сұмдық оқиға да күнделікті тіршіліктің ағымымен ұмытыла бастады, оларды тек өмірде жолы болмай, қатты қапаланып, аруақтардан көмек күткендер ғана еске алатын болды. Ұмытшақтығына бола адамдарды кіналамай-ақ қоялық, оның жаратылысының өзі сондай. Басынан кешкен сұмдықтарды ешқашан ұмыта алмай жүретін болса, адам баласының есінен ес қалмайтын шығар. Міне, Сағырбайдың отбасы да енді ажал құшқан екі жас туралы ойдан бірте-бірте арылып, ендігі ойлары адам саны көбейе түскен отбасын қалай асыраудың амалдарына ойысқан. Кішкентай Байғазы мен Зейнеп киіз үйдің бір бүйірінде қолдан жасалған ойыншықтармен ойнап, мәз болуда, ал Құрманғазы болса, өзі шығарған күйін қайта-қайта тартып көріп төр жақта отыр. Енді бір сәтте домбыраның дауысын үзіп тастады да, шешесіне қарап: «Мен қалай тартам, апа?» деді сұраулы жүзбен. Апасы жымиып: «Жақсы тартасың, Құрмаш. Тартысың күннен күнге жақсарып келеді. Біздің рудан шыққан ақындар да, күйшілер де аз болған жоқ, соған

қарағанда сен нағашыларыңа тартқан боларсың. Жарайды, сен балалармен бірге отырып, тамағыңды іш, ал біздің әкең екеуміздің ақылдасатын шаруаларымыз бар» деді. Сағырбай дастархандағы болар-болмас тағамды тез-тез жеп алған балаларына қарап отырды да: «Құрмаш жақсы тартады ғой, бірақ одан не пайда, оны тұздық қылып тағамға қоса алмайсың, қуырдақ қылып аузыңа сала алмайсың» деді ауыр күрсініп. Отты көздері жалт ете қалған Алқаның оған жауабы тез болды: – Сен не деген адамсың, Сағырбай, күйде халықтың жандүниесі жатқандығын қалайша түсінбейсің? Бір Алланың өзі біздің баламыздың қолына керемет дарын беріп отыр. Бос қазан мен мұздай ошақтың қасында құшақтасып жатқанымыз бүгін ғана ма? – Ой-й-й, мен соны түсінбейді ғой деймісің. Сені де бөтен бір ауылдан әнің арқылы тауып алған жоқпын ба? Бірақ өзің ойлашы, не әйелі жоқ, не баласы жоқ, қаңғырған қаңбақ құсап ел кезіп, көрінгеннен тіленіп бір үзім нан сұрап жеп жүре ме бұл бала? Бүгін мына ауыл, ертең анау ауыл, не жұмыс жоқ, не табатын табысы жоқ, ол сонда не өмір болады? – деді Сағырбай да тез жауап қатып. Алқа жүдеуліктен еңкейіңкі тартқан күйеуіне жылы жүзбен қарап: – Міне, сенің әйелің бар, балаларың бар, қандай жұмысты да алып кете аласың, бірақ отбасыңды тойдырып тамақтандыра алмай жүрсің ғой, осы да өмір ме? – деді дауысында аяныш сезімі байқалып. Күйеуінің еңсесі түсіп кеткенін байқай қалған Алқа сол бойда: «Жарайды, ренжіме, мен мұны саған сені төмендету үшін айтып отырғаным жоқ. Күйеу болса, сендей-ақ болсын, мейірімдісің, сенің арқаңда мен тек кедейшіліктің дәмін ғана емес, сүйікті жар болудың қызығын да көріп келемін. Міне, үш баламыз бар және қандай балалар дейсің ғой!» деді Сағырбайдың арқасын жұп-жұмсақ алақанымен сипалап қойып, кешкі тамақтарын жеп болып, үйдің бір бүйірінде ойынның қызығына кірісіп кеткен балаларын меңзеп. Алқа әңгімесін әрі қарай жалғады:

«Өткен айда сен Құрмаш екеуің жайлауда болғанда ауылы Көктөбенің арғы жағында тұратын Шахбала деген бай бар еді ғой, сол Әубәкірге келген екен. Бір кезде әдейі келді ме, әлде, кездейсоқ па екен, қарасам, біздің үйдің маңында жүр, мені көрді де Құрмаш туралы әңгімелей жөнелді, өзіме қой бағуға көмекшілікке алар едім дейді. Құрмаштың домбыраны жақсы тартатыны жөнінде талай естіп едім дейді, домбырасын ала жүріп, қозыларға күй тартып берсін, менің өзім де анда-санда келіп, оның күйін тыңдап тұрар едім деді, сосын күлді, иіні сондай жұмсақ. Мен оған сенің рұқсатыңсыз ештеңе дей алмайтындығымды айттым. Енді қазір ойлап отырмын, өткен жолғы Әубәкірдің сұмдық ісінен кейін Құрмаш енді Әубәкірдің қарамағында жұмыс істеуге келісе қоймайтыны анық, не де болса, оған сол Шахбалаға жұмыс істегені тыныштау шығар, аз да болса, үйге де көмек болар еді». Сағырбай Алқаның сөзін қоштай: «Дұрыс, жұмысқа үйренсін, домбырасын да тарта берсін, бұл екеуінің бір-біріне кедергісі жоқ. Енді сегізге толады, мал бағудың мән-жайын біле берсін, домбырасын да тастамай, шеберлігін арттырсын. Арғы жағын уақыт көрсетер, қай бағытқа кетеді...» деді басын изеп. Уақыт өте берді, бірақ Құрмаштан жақсы қойшы шықпайтыны белгілі болды, ол домбыра тартып отырып, басқа дүниенінің бәрін, тіпті бағып отырған қозыларын да мүлдем ұмытып, күйге елтіп, өзімен өзі болып кететінді шығарды. Есесіне, оның шебер күйшілігі туралы әңгіме кең даланы шарлап бара жатты. Міне, Құрмаштың Шахбала ауылында жүргеніне де төрт жылдай болды, анда-санда ғана өз ауылына барып, әке-шешесін, інісі мен қарындасын көріп қайтады. Бұрынғыдай ап-арық бала емес, бойы өсіп, ержетіп қалды. Оның күйшілігіне сүйсінетін үлкендер мұнымен үлкен адамша сөйлеседі. Осы бір қарапайым ғана аспаптың Құрманғазының қолына түскенде төгіле жөнелетін әуеннің құдыреттілігі таңғалдырады. Ал бұл талайды көрген, әбден

піскен адамның ғана қолынан келер еді, басқалардың бұған үлкенге ілтипат көрсеткендей қарым-қатынасының бір себебі де осы болатын. Ерте көктемнің бір күнінде, төбе-төбенің арасында әлі де топырақпен араласқан қар еріп бітпеген шақта ауылға бір топ өнерпаз келді. Олардың ішінде Сал да бар еді, ол күй тартты. Жаман тартқан жоқ, жиналғандар ынта қойып тыңдады. Ендігі кезек Құрманғазыға тиді, ол қолдан жасалған қара домбырасын қолына алды да, қыстан енді ғана оянып келе жатқан дала туралы шығарған өзінің күйін тартты. Жұрттың бәрі алыстан келіп отырған домбырашыны ұмытып, Құрманғазы күйінің ғажайып үніне елтіп, тымтырыс болды да қалды. Осы жағдайдан кейін оның күйшілік даңқы бұрынғыдан да асқақтай жөнелді. Бірақ Құрманғазының өз тартысына өзінің көңілі толмады, ол қалай да ұлы күйші Ұзақпен кездесуді армандады, оның шәкірті болып, қасында жүруді қалады. Өзін мақтағандарға ол: «Мен тек сіздер үшін ғана керемет сияқты болып тұрмын, өйткені сіздер нағыз күйшіні тыңдаған жоқсыздар, ал мен бала кезімде Ұзақ күйшіні тыңдағанмын, оның шеберлігіне дейін жету үшін маған әлі талай жыл керек шығар» деп қана жауап беретін. Сол жылдары далаға көктемнің лай суындай қаптап алыпсатарлар келді, олар ауыл-ауылды аралап жүріп, көздеріне көрінгеннің бәрін арзанға сатып алатын, кейде араққа да айырбастайтын еді. Ызыңдаған шыбындардай үй-үйді кезіп, қаладан әкелген ине, жіп, моншақ сияқты әлекей-шүлекейлерін жүнге, теріге, етке, майға, айранға айырбастаймыз деп елдің мазасын алды. Жағдайы тәуір алыпсатарлар қой, жылқы, түйе сатып ала бастады. Міне, осы кезде Шахбала өзінің өнімдерін делдалсыз-ақ өзі сатып, даладағы күнделікті тірлікке керектінің бәрін араға адам салмай, тікелей сатып алу үшін Астрахань базарына керуен жіберуге дайындала бастады. Даланың шөлі мен ұзақ

жолына төзімді аттар мен түйелерді іріктеп алып, түйелерге жүн мен теріні артып, бір отар қоймен керуен дайын болды, керуенді алып жүру жылқышы Қодар мен Тәкежанға1 тапсырылды. Олар бұған дейін өздерінің қарамағында болып келген Құрмашты Шахбала байдан көмекшілікке өтініп сұрап алғанда Құрмаштың қуанышында шек болмады. Өйткені қалаға жеткенге дейінгі жол ұзақ еді әрі базарға бару үшін Еділ өзенінен пароммен өту керек болатын. Ақыры жолға дайындық та бітті, сөйтіп, 1836 жылғы жаз айында керуен Астраханьға қарай бет түзеді. Ол кезде Астрахань губерниясы Ресей империясының өз билігі өзіндегі әкімшілік аумағы болатын. Қаланың стратегиялық жағдайы және Каспий флотилиясының осы жерде орналасуы себепті өлкедегі жоғары билік өкілі әскери губернатор атағында еді. 1834 жылы көктемде Николай І Тимирязев Иван Семёновичті Астрахань қаласына жібереді. Бұл қалада жер аударылып келген поляк көтерілісшілері бар еді, олардың көпшілігі жастар болатын. Өздерінің болашағы мен өз елінің тағдыры туралы мәселені талқылау үшін олар жиі-жиі бас қосатын-ды, ал мұның өзі бақылаушылардың әбден мазасын алған еді. Қаланың әскери губернаторы Василий Гаврилович Пяткин жер аударылып келген осы поляктардан басының қатқаны соншалық, бұларды революционерлер деп және қаланы бүлікшілік жайлады деп жариялады. Тимирязев қаладағы осы жағдайды шешу үшін келген болатын. Иван Семенович сол сапарынан кері қайтып келіп, патшаға жағдайды айтқан кезде, патша қаланың жағдайы В.Г.Пяткин айтқандай аса ауыр емес екендігін ұқты да, И.С.Тимирязевті Астрахань өлкесінің әскери губернаторы әрі осы өлкенің азаматтық бөлігі мен сонда орналасқан казактар әскерінің командирі етіп тағайындады. 1 Бұл романда М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы көптеген кейіпкерлердің есімдері кездеседі, мысалы: Қодар, Тәкежан, Абай, Зере, Оспан, Майбасар, Байсал, Бөжей және т.б. Бірақ бұл кейіпкерлердің М.Әуезов кейіпкерлеріне еш қатысы жоқ екендігін ескертеміз. Аудармашыдан.

Астрахань қаласы ежелден бері сауда-саттық өркендеген, көптеген сауда алаңдары мен базарлары бар ірі орталық еді. Қаланың өзінде де жылдың қай мезгілінде болсын сауда қызып жатады, 1225 сауда нүктесі қалалықтар мен шеттен келгендерге тауарлардың сан түрін ұсынатын. Дегенмен Астрахань қаласы тек сауда-саттығымен емес, сонымен бірге өнеркәсібі мен қол өнері де дамыған орталық еді. Мұнда 20 зауыт, 12 кірпіш зауыты, 10 тері зауыты орналасқан, сонымен қатар, бұл аталғандардан басқа тағы да 11 фабрика мен зауыт түрлі өнімдер шығаратын, соның ішіндегі астраханьдықтар мақтан ететін жібек өндіретін екі фабрика да бар-ды. Жібек жіп өндіру үшін қалада тұт ағашы көптеп өсірілген. Шахбаланың керуені Астраханьға қарай бет алғанда қалада 60160 тұт ағашы, 600 плантация және 43 тұқымдық ағаштар өсіп тұр еді. Жаздағы ыстықтан қорғану үшін көбірек ағаш өсіру мақсатында қала тұрғындарына тұқымдық ағаштар тегін таратылып берілетін. Бұл кезеңде Астрахань 45 мыңдай тұрғыны бар, көп тілді шығыстық қала болды. Қаланың көшелері кең де, бұрылыстары тар еді. Тек орталық көше болып саналатын Московский көшесі ғана көрікті еді. Міне, Астрахань бұрынғы губернатордан Иван Семеновичке мұраға қалған ішкі шаруашылық мәселелерімен де, анда-санда кейбір топтар ұйымдастырып тұратын бүлікшілдігі қаланың тыныштығын алатын саяси жағдайларымен де ерекшеленіп тұратын қала еді. Бірақ Тимирязев қиындықтардан қорқып отыратын адам емес екен. Француз компаниясы кезінде кадр мәселесін шешуде ерекше көзге түскен офицер жер аударылып келген поляктардың мәселесін тез арада шешті. Мұның 1831 жылы Варшавада поляктар көтерілісін басуға да қатысқаны бар. Ленчица деген жерде ол өзінің отрядымен бірнеше мың поляк еріктілеріне шабуыл жасап, оларды тұтқынға алды. Көп ұзамай орыс әскері Варшава қаласының орталық бекіністерін де бағындырған болатын. Осы жағдайларға байланысты және Астраханьдағы бүлікшілдікті

де күшпен басқан жаңадан тағайындалған генерал-губернатор Иван Семенович туралы жағымсыз пікір болмас үшін жас кезінде оның Н.М.Карамзинмен, П.А.Вяземскиймен, В.А. Жуковскиймен таныс болғандығын айта кетелік. Осындай сөз шеберлерінің жанында жүріп ол «Карамзин үйірмесінің» мүшесі болды, бұл үйірмеде зиялы қауым өкілдері өз ойларын ортаға салып, үнемі пікір алысатын, болып жатқан оқиғалардың жай-жапсарына қанығатын. Кейінерек генераллейтенант Иван Семёнович Тимирязев өзінің ұлы Фёдорға: «Күрес үстіндегі қорқақтық деген кейде адамның еркінен тыс болуы да мүмкін, ол жүйке жүйесінің сыр беруіне байланысты орын алатын жағдай, ал адамдарға деген көзқарасыңдағы тұрақсыздық, бірінші кезекте, сатқындық болып есептеледі, нағыз тәрбиелі адамдарда бұл болмайды, болуға тиісті де емес» дегені бар. И.С.Тимирязев басқарған жылдары Астрахань губерниясында 1837 жылы губерниялық мұрағат ашылды, дәл сол жылы «Астраханские губернские ведомости» басылымы шығарыла бастады, бұл 1860 жылға дейін жаңғыз басылым болып қала берді. Міне, сондай жұмыстар атқарған сол адам қазір қағаздарға үңіліп үлкен жұмыс кабинетінде отыр. Үлкен есік жай ғана сықыр етіп ашылды да, Иван Семенович басын көтеріп есікке қарады. Беймезгілде келіп тұрған ерекше тапсырмалар жөніндегі офицерді көріп, иегін қағып, оның не үшін келіп тұрғанын айтуға рұқсат еткен ишара танытты. Офицер сәл ыңғайсызданып, сөзін губернаторды мемлекеттік маңызды жұмыстарынан бөлгені үшін кешірім сұраумен бастады. Губернатор оның шеті жоқ кешірім сұрауын қолын көтеріп тоқтатып: «Бір-біріміздің алдымызды сызылып тұратын жағдай далаға демалуға шығып, шай ішіп отырғанда болар, ал қазір не шаруамен келгеніңді қысқартып, тездетіп айтшы» деді. Кезекші офицер губернатордың ескертуін қаперіне алғандығын білдіріп сәл ғана басын иді де келген мәселесі туралы қысқаша ғана баяндап шықты. Генерал-губернатор сәл үнсіз

қалды, бет-ауызын бір сипап өтті де, терең тыныс алып өз-өзімен кеңескендей болып жауап қатты: «Жәңгір хан құтырайын деген екен, тойымсыздығы оның барлық игілікті істерін жуып-шайып, тіпті өзінің де түбіне жететін болдыау!». Кезекші офицерге қарап, онымен ақылдасайын деген сыңаймен: «Осындай бірдеңенің болатындығын сезіп едім, бірақ жағдайды түзетуге әлі де уақыт бар ғой деп жүргенмін, қателескен болып шықтым ғой. Былтырғы жылы қырғыздар ауыл-ауылдан көшіп қалаға, өндірістерге келе бастағандаақ дабыл қағып, Бөкей ордасында сол кезде тездетіп тыныштық орнату керек еді, бірақ мынау жер аударылып келген поляктардың жағдайымен жүріп, бұл мәселені кейінге қалдырған едім» деді өкінішін жасыра алмай. Ол үстел басынан тұрып, қаптаған есіктері бар шкафқа жақындап келіп, ақ жіппен байланған көгілдір папка алып шықты да, оның бір бетін ашып дауыстап оқи бастады: «Жәңгір хан өзінің сұлтандарымен бірге жақсы жайылымдарды басып алды да, қара халықты малымен бірге тақыр жерге жіберді. Жәңгір хан және оның туған-туысқандары 400 мың деятина жерді алып қойды, ал оның қайын атасы Қарауыл Қожа Бабажанов Каспий теңізінің жағалауындағы 390 мың десятина жерді иемденіп алды. Осыншама жерді Бөкей ханның бауыры Меңдігерей алды». Құжаттан осы үзінділерді оқып шықты да, ашуланып, кабинетте олайбұлай жүріп: «Жағдайды осындай күйге дейін жеткіземіз де, сосын далада тыныштық болсын дейміз. Мынадай күйдегі даланың осы уақытқа дейін қалайша тып-тыныш жатқанына таңым бар. Кіші жүздің қазақтары басқаларына қарағанда әлдеқайда жауынгер халық қой, олар әділеттілік талап етіп көтеріліп жатса, мұның арты оңайға соқпас» деді толғанып. Сосын кезекші офицерге губернияның тәртіп пен тыныштыққа жауапты барлық жоғары шенді басшыларын кешкі сағат алтыға жиналысқа шақыруды тапсырды. Айтылған сағатта губерния мен қаланың барлық әлеуетті ведомстволарының бастарын құраған шұғыл жиналыс

өтті. Жиналыста қырғыз даласында орын алған бүлікті басудың жоспары жасалып, таяу күндерде қала мен қырғызы көп түрлі кәсіпшіліктерде толқулар болып кетпес үшін жүргізілетін алдын алу шараларының тізімі бекітілді. Иван Семёнович жандарм басқармасының бастығы мен полицмейстердің баяндамаларын сабырлылықпен тыңдады. Губернатор кабинетіндегі емен үстелдің басында отырғандар үшін бұл сырттай қарағандағы сабырлылық жақсылықтың басы болып сезіле қойған жоқ. Әлгі екі баяндамадан кейін орныққан тыныштықтан соң жауар бұлттай түксиген губернатор орнынан түрегеліп, қайсысының төбесінен найзағай ойнатсам екен дегендей мұп-мұздай көздерінің ызғарымен отырғандарды бір шарпып өтті. Сәл жөткірініп алып: «Сонымен, мырзалар, сіздердің баяндамаларыңызға қарағанда губернияда бәрі де тып-тыныш, жайма-шуақ. Солай ғой?» деді зілді үнмен. Ол, әсіресе, басын бұқшитып иығына тығып алып отырған жандарм басқармасының бастығына қарай шүйлікті. Қойылған сұрақ бойынша ешкімнің жауабын күтпестен, әңгімені өзі бастады: «Менің ойымша, бізде жайбарақаттанып отырарлықтай жағдай жоқ. Өйткені қырғыз даласы бойынша да, қалмақ даласы бойынша да жұмыс бақылаусыз, бетімен жіберілген. Басқаша айтқанда, қырғыздың байларымен де, қалмақтың тайшыларымен де ешқандай жұмыс жүргізіп жатқан жоқсыңдар. Қалай иелік етсеңдер де өздерің біліңдер деп жерді бердіңдер, міне, енді олардың биліктерінің шектен шыққаны соншалық, жергілікті халық кедейшілікке ұшырап, әбден жұтаған. Бұл, бәлкім, біреулер үшін тиімді болған шығар, біз оны әлі тексереміз. Алдымен күллі қырғыздар көтерілісіне айналып кетпей тұрғанда, тез арада далалықтардың бүлігін басуымыз қажет. Дәл осындай бүлік Ұлы Екатеринаның тұсында Пугачевтың бастауымен болған. Ал енді қырғыздардың арасынан бүлік шығып жатыр». Ол үстелінің үстінде жатқан қағазына қарап тұрды да, дауыстап оқып берді: «Беріш руының ішіндегі Ағатайдан тарайтын болыстық старшина Исатай

Тайманов, олардың қоныстары теңізге жақын маңдағы Нарынның шығыс бетінде және оның қасында Махамбет Өтемісов деген жандайшап бар, естуімізше, жергілікті ақын». Бұл жағдай нағыз көтеріліске ұласып кетпес үшін осы жиналыстың алдында жобалап жасап қойған жоспарым бар, соны қарап шығыңдар» деді. Жиналысқа қатысып отырғандар басшының осы жағдайға байланысты бұларды дәл қазір сын тезіне алмайтынын түсінді де, губернатор ұсынғалы отырған жоспарды талқыламақ ниеттерін білдіріп, бір-бірімен сыбырласып кетті. Иван Семёнович, орындығына отырды да үстел үстінде жатқан асығыс жазылған қағаздарды алдына алып, тағы да бір жөткірініп қойды, сосын оқи бастады: «Губернияда орын алған бұл оқиғаны төтенше жағдай деп жариялаймын. Қаладағы қырғыздардың толқуына жол бермес үшін көшеге полиция және атты полиция шығарып, тәртіпті бақылауға алуды ұсынамын. Жеке приставтар қаладағы жағдай жөнінде қаланың жанжағын бақылаушыларға осы туралы ақпар жеткізсін және губерния аумағына сырттан келгендердің паспорттарын қатаң тексеруді тапсырсын. Сырттай бақылау жұмыстары да күшейтілсін. Кварталдардың, вокзал маңының учаскелік бақылаушыларының жұмысы жандандырылсын. Бөкей даласының болыстық старшиналарымен тығыз байла-ныста жұмыс жүргізілсін және қалмақ кордондық отрядтарының қызметіне бақылау қойылсын. Даладағы бүлікті басуға кез келген уақытта жіберуге дайын тұру үшін казак станицаларында әскери жүздіктер құрылсын». Жоспарын оқып болды да «тағы қандай ұсыныстарың бар?» дегендей кейіппен кабинетте отырғандарға қарады. Полицмейстер мен жандарм басқармасының бастығы өз ұсыныстарын айтты. Олардың сөздерін отырғандар қайта-қайта бөлді. Әркім өз ұсынысын айтты, толықтырды, қысқасы, губернатордың жоспары қызу талқыға түсті, ақыры түн ортасында нақты ісқимылдар айқындалып, оған жауаптылар да тағайындалды.

Бөкей даласындағы жағдай тек Астраханьда ғана талқыланып, сонымен тынған жоқ. 19-ғасырдың алғашқы жартысында қазақ-орыс сауда-саттығында айырбас тәсілі кең дамыды. Қазақтармен сауда жасаудың маңызды нүктелері Орынбор, Орал, Петропавл қамалы, Омск, Семей болды. Орыс көпестері сібір қазақтарынан жыл сайын 3 миллионға жуық қой, 150 мыңдай жылқы, 100 мыңдай бұқа сатып алып, бұл күміс ақшамен 8 миллиондай рубльді құрады. Көтеріліс етек алып келе жатқан кезде Орынбор губерниясында 59 тері зауыты жұмыс істеп тұрған. Қазақ даласына бояу, шай, қант, темекі, жібек маталар, мақпал, пүліш, түрлі терілер, өңделген теріден тігілген бұйымдар әкетіліп жатты. Арзан өнімдерін аса бағалы шикізаттарға айырбастап, орыс көпестері табысқа кенелді. Көпестер тарапынан нағыз тонаушылықтың өзі болған бұл жағдай күндердің күні болғанда бір сойқанға соқтырары анық болды, бірақ орыс көпестерінің экономикалық есептері тұрғысынан алып қарағанда, оған жол беруге болмайтын еді. Осыған байланысты солтүстіктегі аталған қалалар мен қамалдарда Астраханьдағыдай көп адамдар қатысқан жиындар өте бастады. Ол жиындарда өз жұмыс берушілеріне, яғни хандарға, байларға, сұлтандар мен старшындарға қарсы көтерілген бүлікшілердің бұл әрекеттерін тез арада басу керектігі жөнінде қызу айтылып жатты. Қалада губернатордың қатысуымен шұғыл жиын өтіп жатқан кезде Қодар, Тәкежан және Құрманғазы үшеуі өздерінің заттарын базарда өте тиімді өткізіп, енді Еділдің сол жағалауына қайтадан өтіп, сол жердегі жолаушылар тоқтайтын көптеген арнайы түнемеліктердің біріне келіп қонуға тоқтады. Ертеңіне қаланың жәрмеңкесі мен сауда орындарын аралап, енді зат сатуға емес, керісінше, байдың өзі тапсырған және көршілері өтініш жасаған заттарды сатып алуға барады. Құрманғазы түнемелікте сарайдың төбесіне үйілген шөптің үстіне жайғасты. Ол жан-жағы шарбақпен қоршалған түнгі аспанға қарап жатып көпке дейін ұйықтай

алмады. Қала түнінің аспанындағы жұлдыздар біртүрлі алыста сияқты көрінді және мұп-мұздай әсер берді. Ал дала түні өзінің жұлдызды шымылдығын шексіздікке дейін жайып салатын және ол жұлдыздар өзіне жақын да ыстық сияқты еді. Қолыңды созсаң, ұстап алуға болатындай, алақаныңда сәулесі ойнап, жандүниеңді жылылыққа бөлейтін, сол сәтте көңілде күй ойнап, қолдары домбыраға қарай созыла беруші еді. Алғаш рет келіп тұрған Құрманғазыға шеті жоқ адамдары олай да бұлай ағылып, тап-тар сауда қатарларының бойын одан сайын тарылтып сапырылысқан көп тілді қаланың тіршілігі қатты әсер етті, қалада бәрі де басқаша болады екен. Дегенмен базарда сауда жасай жүріп, аз уақыттан соң оның ырғағына да бой үйрете бастады, адамдар сауда қатарларының бойымен жайдан-жай сапырылысып жүрмейді екен, олар бір-бірімен сауда-саттық мәселелерін шешу мақсатымен жүреді екен. Ол қаланы көрмеді десе де болады, күн сайын базарда сауда жасасумен болды. Саудагерлердің әрқайсысы өз өнімдерін жарнамалап бірінен бірі асыра, өңештерін жырта айқайлаған дауыстарынан, сиырлардың мөңіреген, жылқылардың кісінескен, қойлардың маңыраған дауыстарынан адамның миы айналғандай екен. Ақыры, міне, бәрі де артта қалды, ертең ол қаланы аралап көреді. Шалқасынан түнгі аспанға, жұлдызды аспанға қарап жатып, ол қаланы көрудің қандай болатындығын, қандай әсер алатындығын, қаланың мұны қалай қарсы алатындығын ойлап жатты. Біріне бірі киліккен ойлардың шырмауында жатып, оның көзі ілініп кетіпті. Оны Қодар мен Тәкежан келіп оятты. Тәкежан «Өзің ұйқышыл екенсің ғой, біз қалаға сенсіз-ақ кете берейік деп ойлағанбыз, түнемелікте күні бойы отыра бермейміз ғой сен қашан оянады деп, қайдан білейік сенің мәртебелі ұйқыңның қашан қанатынын!» деді сөзіне қалжың араластыра сөйлеп. Құрманғазы ұшып түрегеліп: «Қалайша, Тәкежан аға, мені тастап қалаға өздерің кетесіңдер, мен ғой сол қаланы көргенше асығулымын,

біздің киіз үйлерімізге ұқсамайтын қаланың үйлерін көрейін деп, адамдар ол үйлерде қалай тұратындығын көрейін деп жүрген жоқпын ба?» деді. Құрманғазының бұл сөзіне Тәкежан тағы да қалжыңмен жауап қатты: «Кәдімгідей тұрады, нан жейді, сен мен сияқты аузын ашып, жанжағына алақ-жалақ қарап жүргендерге шыны терезелерінің арғы жағынан қызықтап қарап тұрады, сосын саусақтарын шошайтып мазақтап күледі. Бол енді, жуын тез, қарнымыз ашып, бізді мазаламас үшін трактирден жақсылап тамақ ішіп аламыз, сосын саудамызға кетеміз әрі қаланы көреміз және ескертіп қояйын, дүкендерге кіргенде аузыңды ашып жүрме, абай бол!». Құрманғазы оның соңғы сөзінің мәнін ұқпай: «Тәкежан аға, ал неге ауызды ашуға болмайды?» деп сұрады. Тәкежан оның бұл сөзіне де күліп: «Егер аузыңды ашып жүрсең неше түрлі жағдайға тап болуың мүмкін, мысалы, шыбын кіріп кетуі мүмкін ғой, ал аузыңды ашып жүрме дегеннің тағы бір мағынасы бар, яғни дамбалсыз қалуың мүмкін, өйткені сауда жүрген жерде, нағыз баукеспе ұрылар да жүреді, олар көзді ашып-жұмғанша сенің дорбаңдағының бәрін қағып кетеді, сосын базардың ортасында жалаңбұт қаласың деген сөз!» деп түсіндірді. Құрманғазы Тәкежанның өзіне не туралы айтқанын енді ұғынып, қолын бір сілтеді: «Мен қорқатын ештеңе жоқ, дорбам жоқ, ал менің мына бұтыма зорға ілініп тұрған дамбалыма кім қызығады дейсің, тек домбырамды ұрлап кетпесін деңіз!». Ол домбырасын кеудесіне қысып-қысып қойды. Оның мұнысына Қодар мен Тәкежан қосарлана күлді: «Ұрылар сенің жаман ағашыңды не қылсын!». Қала даланың бейнетқорларын Үлкен Исадтың сан тілді дабырлаған дауыстарымен қарсы алды. Мұнда да неше түрлі бұйымдарын саудалағандардың қызу айтыстары жүріп жатыр екен, балықтың да небір түрі сатылады екен. Кутуманың жағалауында қайықтар қаптап тұрады екен, осы жердегі шағын флоттың маңында түбінде тірі балықтар жүзіп жүрген үлкен күбісі бар қампайған, жалпақ қайықтар тұрды. Жас

бурлактар ұсақ балықтар мен бекірелердің кезекті бір бөлігін алып келіп түсіріп жатыр, олар дереу ат-арбаларға тиеліп, сауда орындарына әкетілуде. Ауылдан бұрын-соңды ұзап шығып көрмеген жас Құрмаш мынадай қыз-қыз қайнаған тіршілікті көріп аң-таң болды. Ол өткен жолғы базарда малдарды күзетіп тек бір орнында тұрған болса, бұл жолы адамдар деген тірі қабырғалардың арасынан амалдап өтумен болды. Мына тобырдың арасында адасып қалмас үшін ол кішкентай бала сияқтанып онсыз да қаптаған адамдардан әрең дегенде жол тауып келе жатқан Тәкежанның қолынан мықтап ұстап алды. Тәкежан келесі бір сауда ләпкесіне өтуге жол аша жүріп жетегіндегі Құрмашқа әлденелерді айтып күлдіріп қояды. Осыдан кейін олар Кіші Исадқа да келді. Ол Еділ өзенінің қаланың көптеген айлақтарының арасымен құлашын кеңге жая келіп Каспий теңізіне нақ құяр тұсына орналасқан. Көптеген ақ желкенді қайықтарды қауырсын құрлы көрмей көтеріп келе жатқан мынау құдыретті өзенге Құрманғазы аңтарыла қарады. Ал қаладағы ең үлкен әрі кең Московская көшесіне келгенде ол жерде салт ат мініп олай-бұлай өтіп жатқан мұртты казактар мен мерекедегідей киініп алып қыдырыстап жүрген халықты көргендегі бұлардың әсерленгенін сөзбен айтып жеткізгісіз еді, Тәкежанның аузыңды ашып жүрме деп ескерткені осы көріністерге байланысты болар. Ақ тастардан қаланып, күмбезі көкке шаншылған ғаламат үлкен Кремль қоңыраулатқан дауыспен бұларға қарай өзі жақындап келе жатқандай әсер берді. Оның биігіне шалқая қарап тұрып үшеуі шынында да ауыздарын ашып қалды. Кремль биігінен түсіп, енді олар Татар-базарға қарай бет алды. Бұл жерде де бір орта ғасырда салынған салтанатты сарай өзінің өзгеше сәулетімен үшеуінің алдынан шыға келді. Құрманғазының бұл салтанатты сарайға көңіл аудармауы мүмкін емес еді, ол бұдан бұрын да қалаға талай рет келген қасындағы екеуінен мынау ғажайып үйдің не үй екендігін, оның ішінде кімдер тұратындығын сұрады. Не деп жауап

берсек екен дегендей Қодар мен Тәкежан бір-біріне қарасты да, сәлден соң Тәкежан жымиып: «Бұл үйде сіз бен біз сияқты атақты адамдар тұрады, бірақ олар мұнда өз еріктерімен тұрып жатқан жоқ» деді де, ауыр күрсінді. Құрманғазы бұл екеуі мені мазақтап тұр деп ойлаған болуы керек: «Мынадай керемет үйде біз сияқты жарлылар қалай тұрып жатыр және еріксіз тұрып жатқандары қалай?» деді сұраулы жүзбен. Мәселені тағы да Тәкежан түсіндіре бастады: «Оның түсінбейтін несі бар, кім өз еркімен түрмеде отырады дейсің? Ал кімді түрмеге қамайды? Әрине, бүкіл билікті сатып алған біздің ханды қамамайды ғой түрмеге, заң ол үшін жазылмаған, олар заңды өздеріне тиімді етіп қалай бұрамын десе, солай бұра салады. Сондықтан да түрмеде негізінен қорғанышы жоқ сіз бен біз сияқты кедейлер отырады!». Әлгі ғимаратқа қарап тұрып Құрманғазы оны айналдыра орап тастаған тікен темірлерді көрді, бұрышбұрышында қарауыл мұнаралар бар, ол мұнаралардан андасанда қылт-қылт етіп күзетшілердің төбесі көрініп қалады. Құрманғазының бұл түрмені орта ғасырдағы замок деп ойлауының да мәні бар еді. Кезінде италиялық сәулетші Депедри Карл Ивановичтің жобасымен салынған бұл ғимарат кейін түрмеге айналдырылған болатын. Жай ғана сәйкестік пе, әлде, бізге түсініксіз бір жағдай ма, әйтеуір, бұл ғимарат күйші Құрманғазының туған жылында – 1823 жылы салыныпты. Неге екенін кім білсін, әйтеуір бала Құрмаш оның қалың қабырғаларына, бұрыш-бұрышына зер сала қарады, ал кейін, жылдардан асып жылдар өткен соң, Құрманғазы дәл осы замоктың дымқыл дәліздері арқылы өтіп, ішіндегі «кереметтің» дәмін өзі де тататынын, әрине, біліп тұрған жоқ. Мұның бәрі болашақта болатын жағдай, ал қазір олар бұл сүреңсіз замокты жайына қалдырады да, Татар-базарға келеді. Бұл базардың алаңдарында қашан да артистер, әншібишілер, сиқыршылар мен акробаттар өнер көрсетіп жатады. Құрманғазы бұтына жолақ-жолақ шалбар, басына біртүрлі

қызық қалпақ киген Петрушканың алдына келіп тоқтады. Құрманғазыны тоқтатқан оның біртүрлі киімі мен бояп алған қып-қызыл мұрыны емес еді, оны тоқтатқан бұл адамның қолындағы домбыраға ұқсап тұрған, үш қырлы музыкалық аспап еді, оң қолымен оның шектерін қағып-қағып қалып, бір әуендерді төгілтіп-төгілтіп жібереді екен. Оның пернелерінен ойнап шыққан әуен біресе алқын-жұлқын билей жөнелгендей әсер берсе, біресе әдемі бір нәзік әуенді сызылтып, ананың алақанындай жаныңды желпіп өтеді, біресе толқи аққан Еділ өзеніндей арнасына толып асып-төгіле жаздайтындай. Құрмаштың көздері ұшқын атып, екі беті алаулап, қолы арқасына асып алған домбырасына қарай еріксіз созыла берді. Енді, міне, халықтың қарапайым ғана екі музыкалық аспабы – Еділдің еркіндігі мен теңіздей шексіз дала боп қос дауысқа салып, жұрттың көз алдында бұрын-соңды ешкім естіп көрмеген әуендерді төкті-ай кеп. Құдыретті әуен жәрмеңкеге жиналған қалың жұртты магниттей тартып, олар әп-сәтте мойындарын созып, бірін бірі кимелеп, осы жерге үймеледі де қалды, енді олардың ортасында қалған өнерпаз орыс жігіті мен жасөспірім қырғыздың саусақтары өздерінің қарабайыр аспаптарының пернелерін бойлай жүгіргенде одан төгілген әуендер бір-бірімен үйлесім таба құйылып жатты. Көпшіліктің ықыласын көріп шабыттанған Петрушка қырғыз баласына қарап көзін қысып қалады да, енді бұлар көңілді бір би әуенін құйқылжыта жөнелгенде, күллі жәрмеңке саудаларын тастай салып, шыр көбелек айналып билеп кетті, қайсысы көпес, қайсысы жай кедей шаруа екенін айырып болмайды, құдыретті әуен бәрін де теңестіріп жіберді. Сәлден кейін Қодар мен Тәкежан Құрманғазының қасына келіп, оны кері шақырып алды, күй тартысқа есі кеткен Құрманғазы бұлардың бары-жоғын ұмытып та кеткен еді. Олардың әлденеге мазасызданған түрлерін көріп, бұл бір қолайсыз жағдайдың болғанын сезе қойды. Орыс өнерпазымен басын иіп қоштасты да Құрманғазы домбырасын қабына салып, екеуінің соңынан ерді. Олар жәрмеңкеден

шығып, жеркепелердің арасымен өтіп, адамы аздау бір жерге келген кезде Тәкежан: «Құрмаш, енді жолға шығатын уақыт болды, түнемеліктің орнына біз манағы өзің шыр айналдыра қараған замоктың ішінен бір-ақ шығып жүрерміз» деді сыбырлап. Ештеңе түсіне алмаған Құрманғазы: «Тәкежан аға, біз қалада әлі де екі күн боламыз деп едік қой? Енді қашан келеміз бұл қалаға – бір құдайдың өзі біледі, ал мен қаланы әлі дұрыстап көрген де жоқпын, оның үстіне біз байдың да, көршілердің де тапсырған заттарының бәрін алып болғанымыз жоқ қой?» деді ренжігендей сыңай танытып. Сөзге үнсіз Қодар араласты: «Сен де айттың-ау, сол ма бар уайымың, басымызға бәле тілеп алмай тұрғанда, бұл қаладан аман-есен қалай шығып кетеміз, біз қазір соны ойлауымыз керек. Бос сөзбен керілдесіп, уақыт өлтіріп тұратын сәт емес, асығайық. Кеттік, жүгірейік, адамы жоқ жерлермен жүрейік, түнемелікке тездетіп жетіп алсақ, аттарды алып, түйелерді теңдеп, бір Алла сәтін салса, ауылға қарай асып кетсек, жақсы болар еді». Әлі де ештеңеге түсінбеген Құрманғазы мына екеуінің әбден абыржыған түрін көріп, енді ғана мазасыздана бастады да, үн-түнсіз олардың соңынан ерді. Тәкежан мен Қодар жолшыбай бұған жаңа жәрмеңкеде бұл домбыра тартып, жұртты үйіріп отырғанда, өздерінің осы қалада тұратын тумаластарын көргендіктерін, олар далада көтеріліс басталғандығын, соған байланысты губернатордың кеше құпия жиналыс өткізгендігін айтқанын баяндады. Сол жиналыста қалада жүрген барлық күдікті және паспортсыз жүрген қырғыздардың бәрін қамап, тексеруге тапсырма берілгендігін естігендерін айтыпты. Ал бұларда қайдағы паспорт, қаланың жәрмеңкесіне ауыл старшинасының тапсырмасымен жіберілгендігі туралы болыс старшинасы берген түкке тұрғысыз бір қағазсымақтары бар, басқа ештеңелері де жоқ. Бұл қағаздың ешқандай да қауқары жоқ, оған тіпті ешкім қарамайды да, қараған күнде де, бұл қағаз үшеуін түрмеден құтқара алмайды, өйткені көтерілісті болыс

старшинасының өзі бастаған көрінеді. Қодар мен Тәкежан далада не болып жатқандығын, соның салдарынан бүкіл қазақ біткеннің кім екендігіне қарамастан, қамауға тапсырма берілгендігін айтқаннан кейін ғана Құрманғазының да көңілі алаңдап, алдарында қандай қиындықтар тосып тұрғанын енді ғана шамалай бастады. Қаланың көркін тамашалау туралы ой сол бойды ысырылып кейінге қалды да, алдарынан жол бойы кездескендердің барлығы енді бұларға күдікпен қарап, қазір-ақ ұстап әкететіндей көрінді, атпен шауып келе жатқан әрбір казак бұлардың жан-дүниесін дүсірлетіп өтеді. Адам қарасы аз бұрылыстармен жүріп отырып бұлар ақыры түнемелікке де жетті, «енді тезірек елге жетсек!» деген бірақ оймен қожайынның ақысын төлеп, орындарын үн-түнсіз босатты. Бұл бір сәтті күн болды, тәртіп сақшыларының тозығы жетіп, тот басқан ескі механизмінің серіппелері құпия жиналыстың жедел шешімдерін сықыр-сықыр етіп жүзеге асыруға кірісемін деп жүргенде, бұлар ешқандай қиындықсыз Бозан өзені арқылы өтетін паромға жетіп алды, ал оның арғы жағы – өз ауылдары, қазақтар өздерін суда жүзген балықтай сезінетін туған жерлері. Өзен жақтан соққан тап-таза салқам ауа енді аптапқа айналып, ыссы жел даланың қаңбақтарын дөңгелете қуып барады, күнге күйіп кеткен қызыл құмның ара-арасынан жалғыз аяқ жол әрең-әрең байқалады. Бірақ шөлейтті даланың отты демінің бұларды қорқытпақ болған әрекетін байқап келе жатқан Құрманғазы жоқ. Оның қиялы қазір бұл маңайдан алыста-а-а жүр, оның қиялы ғасырлар бойы езгіде болып, күндердің күні болғанда бір адамдай бар қуатымен кең даланы дүбірлете дүр көтеріліп, денесінен қаны сорғалаған халықты ит-тепкіге салған қансорғыштардың үйірлеріндей байларды теуіп өтіп, туған даласының төсінде әділеттілік пен бостандық үшін күресіп, алға қарай батыл адымдап келе жатқан халқының жанында еді. Оның көз алдына қасқыр талағандай болған Алма мен Ерғали келе қалды, бала кезінен байдың малын бағып, бұл күнде өңі

топырақтың түріндей болып бозарып, еңкейіңкі тартқан аурулы әкесі мен жасына жетпей бетін әжім торлап, ерте қартайған мейірімді анасы келді. Және халқының езіле бермей, ерлікпен бас көтергеніне риза, екінші жағынан өзінің сол көтеріліске қолына қару алып қосылуға әлі тым жас, тіпті кішкентай екендігін ойлап өкінді. Көңіліне мұңды да, алаңдаулы осы шақтардың кескініндей болып бір әуен орала бастады. Кейінерек Құрманғазы осы әуенді кеңейтіп, толықтырып бір арнаға түсірді де оған «Кішкентай» деген ат берді. Құрманғазының бұл күйі – Исатай мен Махамбеттің ұлы қозғалысты бастаған ерліктеріне, яғни кішкентай күйшінің ел қорғаған батыр ағаларына арнаған күйі болды. Құрманғазы «Кішкентай» күйін «Сырым сазы» күйінің әсерімен шығарды, бұл күйді ол Ұзақтан тыңдаған еді. Ұзақ күйші қазақтардың 1783-1797 жылдар аралығында болған Сырым Датов бастаған көтерілісі туралы айта отырып, осы күйді тартқан еді. Құрманғазы өзінің бұл шығармасында көтерілісшілердің тағдырын және олардың өлмес ерліктерін баяндайды. Әрине, мұның бәрін ол кейін шығарады, ал қазір ол өзінің әділетті де бақытты өмір орнату үшін күреске шығуға әлі тым жас екендігін ойлап өкінумен келеді. Жайлауда жүргенде өзіне ғайыптан келген қарт кісінің айтқан сөзі ойына оралды, ол бұған сенің қаруың – домбыра деген еді, керуеннің соңынан ілесіп келе жатқан атының сол ізден айнымай жүріп отыратынына сенген ол иығынан домбырасын қолына алды, міне, енді әлгі көңілінде сайрап келе жатқан әуен домбыраның пернелеріне қонақона қалды да, сол жерден қуат алып, кең даланы баурай қалықтай жөнелді. Оның демінен: «Аттан!», «Айрылмас!» деген ұрандар асқақтап тұрды. Бөкей ордасындағы жағдай өрт тиген қаудай бірден ушығып кетті. Халықтың ашу-ызасынан ұшқын алған көтеріліс кең даланы жайлап бара жатты, ол жолындағының бәрін тік көтеріп, енді оған тек кедей-кепшіктер ғана емес, туған бауырлары жатақтың жағдайында күн кешіп жатқан

байлардың өздері де қосылып кетті. Астаң-кестең болып ие бермей кеткен қол астындағы ауылдарының жағдайынан шошынған байлар қастарына нөкерлерін ертіп, ханның бекінісіне қарай түн жамылып қаша бастады. Бірақ ханның бекінісінде де тыныштық жоқ еді. Жәңгір ханнан ұйқы қашқанына, міне, үш күн болды, көзінің алды көлкілдеп ісіп тұрғаны соның дәлелі еді. Оған жаңа ғана өзінің қайын атасы, сұлтан Қарауылқожа келіп кетті, екеуі отырып байлардың Қиғаш өзенінің бойындағы малға жайлы шүйгін жерлерін өз еріктерімен басып алған бүлікшілерді талқандаудың жоспарын құрды. Жалғыз қалған ол енді алдымен ханның бекінісін қорғау амалдарын қалай жүзеге асыру керек деген мәселені ойлап кетті. Бірақ ұйқысы қашқан оның көз алдына жап-жас Жәңгір келе берді, ол қартайған, ызалы ханның алдында тұр: «Өзіңнің білімің мен қуат-күшіңді халқыңа қызмет етуге жұмсауға берген антың қайда?» дейді ол ақырып. Жәңгір: «Мен солай жасадым ғой. Мен басқарып отырған кезде ордада тұңғыш рет адамдарды шешекке қарсы егу жұмыстарын жүзеге асырдым, алғаш рет осында жәрмеңке өткізілді, хан мешітін тұрғыздым, тіпті бұрынсоңды болмаған дәріхана ашқыздым. Қазір өзімнің халқым туралы кітап жазып жатырмын, осындай игілікті істерім үшін І дәрежелі «Святая Анна» орденімен марапатталдым» деді. Сосын жас Жәңгір жасамыс тартқан Жәңгірге тұптура қарап тұрды да, оның аппақ сақалын да сыйламастан күліп жіберді: «Сенің үлесіңе тиген не деген оңбаған халық еді. Жасаған қамқорлықтарыңның бірін де бағаламады, бағаламақ тұрмақ, бүлік шығарып жатыр. Алдын ал егу дегеннің жақсы іс екендігіне дау жоқ, тек олар дені сау, қарны тоқ адамға жасалғанда ғана нәтижелі болады, ал мыңдаған кедейлер мен құлдықта жүрген ызалы, аштықтан ісініп кеткен адамдарға жасағаннан пайда жоқ. Жәрмеңке ұйымдастырдым дейсің, одан байдан жеген таяғынан арқажоны айғыз-айғыз болған терісінен басқа сататын ештеңесі жоқ жатақтарға не түседі, олар сенің дәріханаңнан не дәрі

сатып ала алмайды, мешітке садақаға деп те ештеңе бере алмайды. Кітап жазып жатырсың, ол дұрыс қой, бірақ оны кімге арнап жазып жатырсың, халқың сауатсыздықтың астында тұншығып жатқанда, оны кім оқиды? Бәлкім, сен ол кітапты өзің қызмет етіп жатқан ақсаусақ мырзаларға арнап жазып жатқан боларсың, шамасы, оларға жақсы қызмет етесің ғой деймін, әйтпесе, олар сені өздерінің орденімен марапаттай ма?». Хан мына тентек баланың сөзіне қарсы дау айтпақ болып еді, бірақ ол табан астында дәл осы қазіргі Жәңгірдің өзіне айналды да, мына жақсылықты білмейтін халықтың алдында оның атқарған қызметтерін атап-атап, мадақтай бастады, бірақ оның шектен шыққан мадағының мұның өзіне жиіркенішті көрінгені соншалық, ол алдында жатқан қамшыны ала салып, қарсы алдында тұрған өзінің елесін осып-осып жіберді, ауаны тілгілеген қамшыны елең қылмаған елес езуіне жымысқы күлкі иіре, бірте-бірте бұлдырай барып, ауаға сіңіп жоқ болды. Сол-ақ екен, қамшы оның қолынан бірте-бірте сырғып түсе бастады да, бірер сәттен соң ханның қатты қорылдаған дауысы аппақ киіз үйін басына көтеріп жатты. Бірақ хан түсінде де тыным таппады, біресе ыңқылдап, біресе шошынып, біресе біреудің басын шауып тастамақ болып, қолына қылышының сабын қыса ұстағандай қимыл жасап жатыр. Қамысбайдың өзінің бір жора-жолдастарының өтінішімен құпия барлауға барып келген беті. Кетіп бара жатқанда алып денелі мұны жолдастары ортаға алып күлкіге айналдырған: «Ой, мына түйедей бойыңмен, сенен қандай барлаушы шығады дейсің, қозы көш жерден көрінесің ғой, Қарауылқожа сияқтылардың нағыз көздеп ататыны сен болатын шығарсың, оның әскері шиті мылтықпен қаруланған, ал сен оларды жүгіріп барып шоқпармен ұрмақсың ба?». Қамысбай да олардың қалжыңына қалжыңмен жауап қатып: «Алыстан көрінсе, несі бар, адам екен деп ойламайды, бір нән нар түйе адасып жүр екен дейді, оның үстіне басымды оққа байлап берейін деп жүрген мен жоқ, басым маған

бүгін кешке керек болады, тоқтының етін жеймін ғой» деген болатын. Енді, міне, ол сол жолдастарының алдында басын шалқақ ұстап көтеріліс кеңесі орналасқан киіз үйге қарай беттеп барады. Киіз есікті көтеріп, ішке кірді де, алакөлеңкеге көзі үйренгенше, есік алдында сәл кідірістеп тұрды. Іште отырғандар бұған бұрыла қарады да, мына алып адамның жайғасып отырып, сосын Қарауылқожа сұлтанның жазалаушы отряды орналасқан Қиғаштың арғы жағалауында не болып жатқанын баяндағанын күтіп, сәл үнсіз қалды. Қамысбайдың ауылдасы әрі руласы, тез қимылдайтын әрі қандай іске де атқан оқтай шапшаң, сөзге де жылдам, шыдамсыз Майбасар Қамысбайдың асықпай отырып жатқанына дегбірі қашып: «Отырасың ба, жоқ па сен, әлде аспанға ай көтерілгенше тұрасың ба?» деп еді, кішкентай күшіктердің шәуіліне алыпсоқтардың көзін де салмайтыны сияқты, оның бұл сөзіне аса мән бермеген Қамысбай алакөлеңкеде аса байқала қоймай, төр жақтағы бүйірде отырған Исатайды көріп, енді соған қарай жақындады. Исатайдың жанына келіп малдасын құрып отырып, екі аяғының үстіне жайғасқан қампайған қарынын сипалап, жанын шүберекке түйіп жаудың жатқан жеріне барып келген емес, тойдан келіп, соның қызығын айтайын деген адамдай сәл жымиып қойды. Үй ішінде ауыр бір тыныштық орнады. Отырғандар Қамысбайдың жалпақ алақанымен әлі де сипалап отырған қампайған қарынына қарап, бұл не дегелі отыр дегендей таңданған кейіппен қарап қалыпты. Бәрі әлі тым-тырыс отыр. Енді болмаса Қамысбайдың нән қарыны иесінің асықпайтын жәйбасарлығына шыдай алмай, жаудың бекінісінде не болып жатқанын, нені көріп, нені естігенін өзіақ айта бастайтындай көрінді. Мына үнсіздікке шыдамай, жарылуға шақ отырған Майбасар: «Қамысбай, немене, бізді мазақ қылғың келіп отыр ма, әлде бәріміз осы жерде қырылып қалсын дейсің бе? Біз мына жерде сенің аузыңнан сөзіңді суырып шығарып аламыз дегенше, Қарауылқожа өзінің отрядымен өзеннен аттап өтіп, басымызды шауып

тастайтын болды ғой. Саған сол ма керегі?» деді даусы дірілдеп. Майбасармен осындай текетірестен соң ол жау бекінісінен не көргенін айта бастады: «Олар қазір бергі жағалауға жетіп келіп, бәрімізді шауып тастайды дегенге менің айтарым – ондай жағдай болмайды, оның себебі мынау: Қарауылқожа сұлтан бізді өзінің жақсы қаруланған отрядына соққы бере алатындай соншалықты бір мықты күш санап отырған жоқ. Сондықтан да ол бізбен соғыс жағдайын ойнап отырған жоқ, керісінше, ашық аспан астындағы ойынтойға жиналғандай жағдайда ғана. Бекіністе шатырлар тігіп қойыпты, қой сойылып, ет асылып жатыр, саба-саба қымыз». Бәрі Қамысбайға тесіле қарады. Исатай оның сөзін мұқият тыңдап алды да, сен мұның бәрін қайдан біліп алдың деп сұрады. Қамысбай жымиып, тағы да қарынын сипалап отырып: «Менің нақты білетінім – мынаның ішінде бес күн ашытылған қымыз жатыр» деді. Алып адамның мына сөзіне бәрі ду күлді, бірақ шыдамсыз Майбасар тағы да дегбірі қашып: «Сен не, жаудың дәл ортасына барып, солармен бірге отырып қымыз ішіп келгеннен саумысың?» деді. Қамысбай бәкене бойлы, шынашақтай көршісін басынан аяғына дейін бір шолып өтті де: «Әрине, мен олармен отырып қымыз ішуден бас тартар едім-ау, бірақ мынау қарыным көнбеді ғой!» деп қойдың басындай жұдырығымен қарынын соғыпсоғып қалды. Киіз үйдің іші тағы да күлкіге көмілді. Бірақ Майбасар да қоймады: «Сен шынымен де Қарауылқожаның лагерінде болдың ба немене, сосын оның жігіттері, шынымен де саған қымыз берді ме?». Қамысбай үй ішіндегілердің өзінің сөзіне сенбей отырғандарын одан сайын қыздыра түсіп: «Болдым, әрине, бірақ анау Қарауылқожамен қол алысып амандасуды ұмытып кетіппін және қазан-қазан еттің пісуін күтіп отыра алмай, кетіп қалдым» деді. «Күтуің керек еді, сол отярдтың жейтіні сенің мына қарыныңа сыйып кететін еді!» деген Майбасардың сөзіне Қамысбай: «Күтетін де едім, бірақ сенің шыдамсыздығыңды білемін ғой, мені күтуге шыдамың жетпей, дамбалыңды жырта, жалаңбұт

қалпыңмен Қарауылқожаға қарсы жалғыз өзің шабуылдап кетесің бе деп қорықтым. Және сенің қандай деңгейдегі батыр екеніңді мен білемін ғой, олардың батырларын он орап аласың, сені көріп сұлтан өзіне қарай көзі ақырайып шауып келе жатқан ажалын көргендей болады да, отрядмотрядымен қаша жөнелер еді, сосын біз Исатай екеумізге жасайтын шаруа қалмайды да, жауды жеңді деген атақдаңқтың бәрін бір өзің иеленіп кетесің ғой, ал оның маған керегі не!» деді міз бақпай. Қамысбайдың бұл сөзі де орталық киіз үйдегілердің қарқ-қарқ күлкісіне ұласып, сыртта тұрған көтерілісшілер бұл күлкінің мәнін түсінбей, аң-таң болды. Күлкі тыйылып, тынышталған соң Исатай Қамысбайдың тапсырманы орындап келгені үшін және жау жағының қауіп төндірерліктей шабуылға дайындалып жатпағаны туралы жақсы хабары үшін алғысын айтты. Осыдан соң жиналғандар қалыптасқан жағдайдан шығудың және Қарауылқожа отрядын талқандаудың жоспарын талқылауға кірісті. Көп айтыс-тартыстан соң сұлтанның отрядының Қиғаштың оң жағалауына шығуын күтіп отырудың қажеті жоқ, таң ата өзіміз өзеннің қарсы бетіне өтіп, тұтқиылдан шабуыл жасап, талқандау керек деген тоқтамға келді. Таң қылаң беріп, түн қараңғысы сейіле бастаған кезде Исатайдың отряды әлі ұйқыда жатқан өзеннің үстіне тұнған мұнарды жамылып, арғы бетке өтті. Көтерілісшілер үшке бөлініп, оларды Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісұлы және барлауда өзінің жақсы ісімен көзге түскен Қамысбай басқаруына алды. Олар жаудың жатқан жерін үш жақтан қоршауға алды, ал төртінші жағында – Қиғаш өзені табиғи кедергі. Жаудың енді бұл қоршаудан аман-есен шығып кетуі қиын шығар. Енді тек ұйқыдағы отрядқа тұтқиылдан тап берудің сәтін салса болғаны, мұның өзі Қарауылқожаның саны жағынан әлдеқайда көп әрі жақсы қаруланған отрядын жойып жіберіп, өздері бастары түгел аман шығуына көмектесер еді.

Көтерілісшілер отряды жаудың жатқан жеріне жақындап келген кезде олар күзеттегілердің жанып бітуге айналған ошақ басында алаңсыз ұйықтап жатқанын байқады. Бұл да болса Қарауылқожа лагерін талқандауға деген үмітті арттыра түсті. Олар барынша жақындап келді де, таңғы тыныштықты қақ жара ұрандаған дауыспен лагерьге тап берді, даланың құтырынған дауылындай жолындағының бәрін жапыра, қолдарындағы бар қаруы – шоқпарларын ызакектерімен сілтеді. Қарауылқожаның әскері жан-жақтан тиіп жатқан соққыдан алғашында естерін жия алмай қалды, тек сәлден кейін ғана қарсылық көрсетуге шамалары келмей, бас сауғалап, әрқайсысы әр жаққа бытырай қашты. Есі шығып, нөкерлерінің тасасымен әскерін тастай қашқан Қарауылқожа әп сәтте-ақ алысқа ұзап кетті. Оның астындағы ұшқан құстай жүйрік аты күншығысты бетке алып қасындағы күзетшілерінің де атына жеткізбей қара үзді. Көтерілісшілердің бірде-бірінің оқтай заулап бара жатқан оның тұлпарының артынан тұра қууға шамасы жетпей, күн астында қылаңытып бара жатқан оны тек көзбен ұзатып салды. Осы сәтті шабуылдан соң Исатай мен Махамбеттің отрядына алыс-жақын ауылдардан өз тәуелсіздіктері мен әділеттілік жолында қолдарына қару алып күресуге тілек білдірген көптеген адамдар келіп қосыла бастады. Бұл отряд өзінің жеңісін тойлап, ханның шүйгін жерлерін кедей-кепшік ауылдарға бөліп беріп жатқан кезде Құрманғазылардың керуені Шахбала байдың ауылына аман-есен жеткен еді. Бұлар ұзақ сапардан қайтып оралғанша ауылда айтарлықтай өзгерістер болған екен. Осы өмірге келгеннен күннен бастап байдың алдында кінәлі болып қалған адамдардай үнемі бастарын бұғып, үн-түнсіз жүретін жатақтар енді еңселерін көтеріп, топ-топ болып жиналып, әлденелерді айтысып, анда-санда байдың үй жағына қарап күлісіп, кәдімгідей өзгеріп қалыпты. Ешқашан ештеңеге көңілі толмай түксиетін де жүретін Шахбаланың өзі де бұларды таңғалдырып, керуеннің алдынан шығып,

құрметті қонақтарын күткендей жалпаңдай қарсы алды, тіпті бұрынғыдай сауданың есеп-қисабын дереу талап еткен де жоқ. Ал Құрманғазы ауылындағы әке-шешесіне барып келуге бірнеше күнге рұқсат сұрағанда, ол бірден келісе кетіп, өзінің туған баласына қарағандай мейірімділікпен қарап, бұған рұқсат берді, тек рұқсат беріп қана қойған жоқ, адал еңбегің үшін деп мұның әке-шешесіне аздаған базарлық та беріп жіберетін болды. Өзінің туған ауылында да дәл осындай жағдай болып жатыр екен: Әубәкір халықтың қаһарынан алдын ала секем алып, ханның бекінісін сағалап кетіп қалыпты. Шахбала барып келуге берген атпен ауылға жақындай бергенде Құрманғазының біртүрлі көңілі бұзылып, көзіне жас іркілді. Үйіне келмегініне екі жылдан астам уақыт болыпты. Аса бір мейіріммен басынан сипап бұған мұңдана қараған анасы мен ұлының алдында кінәсі бар адамдай ақшыл басын төмен салып отырған әкесі, оны басқа ауылға жібергісі келмей мойынына асылып алған інісі мен қарындасы көз алдына келді. Басынан өткергеннің бәрін сақтап тұратын адам санасының құпия сандығы дәл қазір ашылып, Құрманғазыға өткен күндерді осылайша бір көрсетіп өтті. Атына қамшы басып, күнге күйіп қарайып кеткен сол туған үйіне қарай құйындата жөнелді. Ат дүбірін естіп далаға інісі мен қарындасы жүгіріп шықты. Ағаларын танып Байғазы мен Зейнеп қуанып, алдынан жүгірді. Құрманғазы аттан жепжеңіл секіріп түсіп, бауырларын да құшағына алып, сол бойда жинала қалған көршілерімен амандасып жатты. «Құрмаш ержетіп қалыпты ғой, ол енді бұрынғыдай бізге домбыра тартып бермейтін шығар, ол кішкентай кезіндегі ермегі еді, тастаған шығар» десіп жатты көптің ішінен әлдекімдер. Құрманғазы көршілерінің күдігін сейілтейін деп: «Домбыра мен үшін ермек емес, ол енді ешқашан айырылмастай болған менің ғұмырлық серігім. Кешке қонаққа келіңіздер, сіздерге бұрын-соңды естімеген жаңа күйлерімді тартып беремін, мен оларды жақында ғана шығардым» деді. Дауысты естіп

үйден анасы да шықты. Құрмашын көріп, жүгіріп келіп кішкентай бала сияқты құшақтап бетінен сүйіп еді, өзін әжептәуір ересек санап жүрген Құрманғазы бұған кәдімгідей ыңғайсызданып қалды. Кешкісін Сағырбайдың шағын ғана отауына бүкіл ауыл жиналып Құрманғазының күйін тыңдады, бәрі бірдей сыймай, далада, есік алдында отырды. Құрманғазы кеш батқанша күй тартты, далада болып жатқан қозғалыстар туралы әңгімеледі. Жиналғандар Құрманғазының әлі тым жастығына қарамастан, одан өздерін толғантып жүрген жайттар туралы сұрасып жатты, өйткені осындай тамаша күйлер шығарған адам толғақты мәселелердің де мән-жайын біледі деп ойлайды олар. Бірақ көршілерінің мұндай күрделі сұрақтарының бәріне бірдей жауап қайтару оған оңай болған жоқ. Өйткені мұның өзі де сол сұрақтардың жауабын таба алмай толғану үстінде еді. Дегенмен көптің көзі сұраулы кейіппен өзіне бағытталғанда, оның айтқан жауаптары өзінен бұрын өмір сүрген ұлы адамдардан ғибрат алған санасының терең түкпірлерінен қайнап шығып жатты. Жауаптары нақты да дәлелді шығып, ашық аспан астында мұны тыңдауға жиналғандардың әрқайсысының көңіл түкпіріне барып қонып жатты. Аспаннан секіріп түсіп, ауыл үстіне жатып алған қара мысықтай болып түн тұмшалаған кезде ғана көршілер үйдіүйіне тараса бастады. Құрманғазы өн бойы дел-сал болып, қатты шаршағанын сезінді. Жиналғандардың алдында жебені шірене тартқандай жауапкершілікпен отырып, ақыры мұның қолынан ысқырына ұшқан жебе көк жүзіне сіңіп кеткенде ғана екі қолы босағандай дел-сал күйге түсті, ендігі бар арманы анасы салып берген жұмсақ төсекке құлай кетіп, көрпені қымтай жамылып, бала кездегідей алаңсыз да тәтті ұйқыға кірісу еді. Бірақ бұл тілегі бола қоймады: жаңағы жиналған көршілердің ішінде Қамысбай неге жоқ? Ол басын көтеріп әлі ұйықтай қоймаған әкесінен Қамысбайдың неге болмағанын сұрап еді. Сағырбай төсегінен тұрып, салқын шайдан бір ұрттап алды да: «Қайда болушы еді? Исатай

мен Махамбеттің отрядында, оның әдеті емес пе, басын отқа тығады да жүреді, екі басы бар сияқты. Өзі кетсе бір жөн ғой, өзімен бірге жиырма шақты жатақты да ерте кетті. Жұрттың айтуынша ол қазір Қиғаш жақта жүрген көрінеді» деді қоштамаған кейіп танытып. Құрманғазының ұйқысы енді шайдай ашылды. Түрегеліп отырды да: «Мен де Қамысбаймен бірге сол отярдқа қосылар едім, мен оған жолбайлау болмас едім, керісінше, солармен бірдей сапта жүріп, ханның отрядына қарсы күреске шығар едім» деді толғанып. Енді әңгімеге анасы араласты. Бұған дейін ертеңгі күні не болатынын білетін сияқты еді, енді даладағы мына көтерілістен соң балалары мен күйеуінің тағдырлары қалай болатынына алаңдаулы. Аналық сезімімен ол алдағы күндердің қандай да бір жақсылыққа бастағалы тұрмағанын сезініп отыр, сондықтан да болар, ол: «Асықпа, Құрмаш, соғысқа асықпа, сенің әлі өсуің керек, буының беку керек, күш-қуатыңды жинауың керек, ал сенің қуатың домбырада тартқан күйіңде, бүкіл ауыл сені тыңдауға келген кезде оған өзіңнің де көзің жетті. Жүрегім сезіп отыр – қанды қырғын біздің ауылға да жетеді. Сондықтан соғыстың соңынан жүгірмей-ақ қой, уақыты келген кезде ол өзі-ақ сені қуып жетеді, міне, балам, денеңе түскен жара мен жан дүниеңе түскен жараны емдеп жазу үшін сол кезде домбыраңды шындап тартуға тура келеді!» деді ауыр күрсініп. Құрманғазы: «Сонда қалай, апа, көтерілісшілер бәрібір жеңіледі деп ойлайсың ба?» деді біртүрлі таңданып. Алқа: «Мен олай деп ойлап отырған жоқпын, жүрегім сезіп отыр, жүрек бәрін де біледі. Жарайды, ұйықта, балам, көп ұзамай таң да атады, қаншама шаруа күтіп тұр, енді ұйықтамасақ, ертең үйде қалғып-шұлғып отырамыз ғой» деді баласына қарап. Қиғаш өзеніндегі жеңістен қанағаттанып, қатары көбейе түскен көтерілісшілердің бір бөлігі орданың Қамыс-Самар болысына қарай ойысатын болды, ал отрядтың қалғаны байлар мен сұлтандардың озбырлығынан халықты құтқару үшін

Қарауылқожаның ауылын шабуды жоспарлады. Исатай мен Махамбет те, оның қасындағы жолдастары да ендігі жерде артқа шегінетін жол жоқ екендігін түсінді – не өлім, не өмір – үшінші жол жоқ. Сондықтан да олар ауыл-ауылдардың бірінен соң біріне шабуылдап, басқарып отырған байманаптарды талқандап, жерлерін тартып алып, кедейлерге үлестірумен болды. Дегенмен байлар мен сұлтандар да қарап қалмады, көтерілісшілерге жақсы қаруланған отрядтарымен қарсы күресіп, айтарлықтай шығынға ұшыратып жатты. Көтерілісшілер мықты қорғаныста отырған Қарауылқожаның бекінісін ақыры ала алмады. Бұлар сойылдары мен жарқжұрқ еткен қылыштарын сермелеп, жүйрік аттарымен оның бекінісіне лап қойған кезде, қарсы алдарынан зеңбіректің жерді сілкіндіре гүрсілдей атылған оғына тап болды. Жиырма шақты адам сол жерде оққа ұшты, зеңбірек екінші рет атылғанда көтерілісшілер бет-бетімен қаша жөнелді. Бұл отрядтың ең алғашқы ірі жеңілісі еді, осының өзі көтерілісшілердің ішінде осы істерінің дұрыс-бұрыстығына күмәнданып, екі ойлы болып жүргендердің біразының бетін қайтарып тастады. Қарауылқожаның ауылы көтерілістің бетін қайтарып тастаған кезде, оның өзі бүлікті біржола басудың жоспарын құрысып ханның бекінісінде жатыр еді. Бөкей ордасындағы жағдайдан патша өкіметі де хабардар еді, олар да өңірді жіті бақылауына алды. Оралдан атаман Покатиловтың басқаруындағы екі жүз казактан құралған қарулы отряд келді. Атаманға мынау дала әрі жат, әрі аса қауіпті көрінді, көтерілісшілердің өздері көзге шалынбады, бірақ іздері қым-қиғаш болып сайрап жатты, сол сайрап жатқан іздер жағдайдың қаншалықты ауыр екендігін сездіріп, үрей шақырғандай еді. Ал казактардың бөлімшелеріне дала кекшілдері аяқ астынан пайда болып, қиқулай шабуылдап, сосын лезде меңірейіп жатқан төбе-төбелердің, сай-жыраның арасына кіріп, елес сияқты жоқ болып кететіндігі бұларды тіпті абыржытты. Кең далада өздерін кесірткедей еркін сезінетін және көзге көрінбейтін мұндай жаумен қалай соғысу

керектігін біле алмаған атаманның басы қатты. Покатилов көтерілісшілерді таба алмағандығын сылтау қылып Оралға отрядымен қайтып келді. Покатилов басқарған казактар отрядының осы сәтсіз жорығынан кейін патша өкіметі бұл мәселеге шындап кіріспесе болмайтындығын түсінді. Николай І Астрахань губернаторына Бөкей ордасындағы көтерілісті басу үшін шұғыл шешімдер қабылдауға бұйрық берді. Орынбор қаласынан генерал-губернатор Перовскийдің бұйрығымен Исатайдың отрядын жою үшін полковник Гекенің басқаруындағы артиллериямен қаруланған отряд жіберілді. Бұл кезде Исатайдың қолбасшылығындағы көтерілісшілердің патша өкіметінің уақыт өткен сайын күшейіп келе жатқан қарулы отрядымен күресіп келе жатқандарына екі жылдай уақыт өтті, олардың қатарында бітпей қойған соғыс қимылдарынан шаршағандары да бар еді. Өйткені олардың көпшілігі қолға түспейтін бақытты өмірдің соңынан қуа бергенге емес, даладағы кедей болса да көшпелі тыныш өмірге үйренгендер болатын. Енді өз қолбасшылары уәде еткен бақытты өмірдің қол жеткізбес нәрсе болып шыққанына, желігіп жүріп, ақыры қу далада сенделіп қалғандарын айтқан наразылар да әредік шыға бастады. Исатай қандай да бір шұғыл шешім қабылдамаса, енді аз уақыттан соң жолдастарының рухы түсіп, екі жылдан бері жүрген жүрістің босқа кететініне көзі жетті. Сөйтіп 1837 жылы күзде ханның бекінісіне шабуыл жасауға бекінді. Бар күштерін уысына жинаған олар бір жарым мыңдай әскер болып ханның бекінісіне қарай бет түзеді, негізгі мақсат – патша әскері келіп жеткенше, бекіністі басып алу. Аспанды ауыр бұлт тұмшалап, сылбыр жауын сіркіреп тұр, мазаны алған бұл жауын енді ешқашан тоқтамайтын сияқты көрінді. Малмандай су болған Қамысбай ат үстінде ердің қасына жантайып, пана боларлық қауқары қалмаған ішігінің етегін қымтай отырды. Су сүйегіне дейін өтіп кеткендей, енді мұздай болып, арқа-жонына қарай сорғалап,

алып денесін қалтыратып барады. Ханның бекінісіне жету ауыр әрі жол ұзақ болды, өз ауылдары болса, тым алыста қалды. Қамысбайдың қасына өзі де асау, астындағы торы биесі өзінен де асау Майбасар келді. Қамысбаймен қатарласа берді де ол: «Мен бұл жорыққа сілкініп қалса, үстіндегі битінен ат үркетін қотыр ит құсаған Қамысбай сияқты, сүйкене беру үшін келгенім жоқ!» деп еді, Қамысбай Майбасарға жаңағы оның өзі айтқан битке қарағандай қарап, жай ғана: «Ханның бекінісінің қашан көрінетінін мен қайдан білейін? Біздің жүріп өткен жолдың ұзақ болғанына қарағанда, енді алыс емес сияқты. Сен менімен босқа тіресе бермей, өзіңнің күшіңді алдағы болатын ең шешуші соғысқа сақта» деді. Бірақ тынышталатын Майбасар болмады: «Сен ана қолбасшымызға қарашы, ол ой ойлап келе жатыр! Ал сенің миыңда қандай да бір ой бар ма өзі? Меніңше, сенің мына қазанбасыңа зеңбіректің оғы да өтпейтін шығар, маңдайыңа тисе жапырылып қалатыны сөзсіз, бірақ құлағың әлсіздеу, оны шрапнель1 тесіп өтуі мүмкін». Майбасар Қарауылқожаның ауылына шабуыл жасаған кезде оқ Қамысбайдың басына зақым келтірмей, тек құлағын тесіп өткенін еске салып тұр. Осылайша бір-бірін қағытып келе жатып, келесі бір төбенің басына да көтерілгені сол еді, алдарынан талай күннен бергі жүрістен соңғы сағым сияқтанып, алыстан бұлдырай ханның бекінісі шыға келді. Жаудың көзіне түсіп қалмас үшін кешке дейін құмның арасына тығыла тұрып, сосын түн жамылып барып бекініске лап қоюды жоспарлаған еді. Бірақ көзге түспеу мүмкін болмады, көтерілісшілерден сақтанып, бекіністің төңірегін шолып жүрген шолғыншылар бұларды байқап қалды. Исатай енді өзінің әскеріне уақытты босқа жоғалтпай, бекіністің маңайындағы ескі қораларға үйілген шөмелелерді жинап, сосын түнде әр жерден сансыз от жағып, шабуылға келе жатқан көтерілісшілердің қатарын бірнеше есе көбейтіп көрсету керек деген тапсырма берді. 1 Шрапнель, шар тәріздес домалақ оқтармен толтырылған снаряд. Ағылшын офицері Г. Шрапнельдің есімімен байланысты аталған. Аудармашыдан.

Жаңбыр басылып, аспанда жұлдыздар жарқырай бастаған кезде, сансыз ошақтардан от лаулап, онымен салыстырғанда ханның бекінісі енді аз уақыттан кейін халық кегінің мұхитына жұтылып кетейін деп тұрған шағын ғана арал сияқтанып көрінді. Бекініс дүрлігіп кетті. Жәңгір ханның штаб үйінде бас қосқан Қарауылқожа мен оның төңірегіндегі бай-сұлтандар Жәңгір ханды түн жамылып сытылып шығып, Оралға немесе Орынбор жаққа кетіп, сол жақтан орыс патшасынан көмек сұрауға үгіттеді. Сұлтандар мен байлардың үгіті күшейген сайын Жәңгірдің өңі де сұрлана түсті, өзінің қол астындағыларға қанталаған көзімен ата қарап: «Сендер, алдарыңа лақтырылған жемге үйренген өңшең қорқақ шибөрілер, сонда жердің құрты сияқтанған мына қара сирақтардан қорқып, маған хан басыммен тырағайлап қашуды ұсынып отырсыңдар ма? Мұны қалай айтып отырсыңдар маған, есек ғұрлы миы жоқ ақымақтар! Осыны айтқан тілдерің неге байланып қалмайды сендердің! Батырсынып жүрген мына өңшең жалшыларға ертең дұрыстап соққы бермейтін болсаңдар, онда сендердің тұқымдарыңды қарғыс атсын!» деді ақырып. Мынадай сөздерден кейін ханға қарсы шығуға ешкімнің де жүрегі дауаламады да, бәрі де ханның айтқанын мүлтіксіз орындауға кірісті. Сұмдық айқас болды, өйткені екі жаққа да тек қана жеңіс керек еді. Егер де көтеріліске шыққан мына жалшылар ханның бекінісін басып алатын болса, олардың ешкімді де аямайтыны анық еді. Ал егер де көтерілісшілер тізе бүксе, кең даланы жайлап келе жатқан бұл ұлы қозғалыстың жеңілісінің басы осы болар еді. Бұл жағдайды Жәңгір ханның бекінісіндегілер де, Исатай мен Махамбеттің қасындағылар да жақсы түсінді. Күні бойы соғыс біресе бәсеңдеді, біресе жаңа күшпен өлім мен өмірдің арасындағы қыл көпірде бір-бірімен жабайы аңдарша арпалысып кетісті. Исатай даланың құтырынған желіндей дауылдап, ат тұяғынан шаң бората хан бекінісінің қорғанысына қарай тап берді, қорғаныстағылар да қораға

қамалған жаралы қасқырдай жанұшырып, мылтықтарының аузын өткір азудай ақсита көтерілісшілердің қайта-қайта жасаған шабуылын қайтарып тастап отырды. Кешке қарай хан бекінісінің алды қарайып кеткен жансыз денелерден аяқ алып жүргісіз болып қалды, ал төңірек өлімше халге жеткен жаралылардың аһылап-уһілеген дауыстарына тұншығып, көмек сұрап жатты, бірақ көмекке келер ешкім жоқ еді, өйткені қырғын шайқас әлі де жалғасып жатқан болатын. Жәңгір ұрыс алаңына өзінің ең соңғы отрядын кірістірді, егер де көтерілісшілер тағы да бірнеше рет дәл осылай шабуылдаса, бекіністің күші сарқылады деген сөз. Соғысқа кіріскен хан әскеріне көмекке жіберілді деген патша әскері ұшы-қиыры көрінбейтін даланың қай белесінде адасып жүргенін бір Алланың өзі білсін, әйтеуір, хабар жоқ. Көмек келіп жеткенше бекіністі ұстап тұра алатындығына күмәнданған Жәңгір хан енді қулыққа көшіп, бекіністі қоршап тұрған көтерілісшілерге өзінің адамдарын жіберді. Кеш бата бастаған мезгілде Жәңгірдің әскерінен үш салт атты бөлініп шықты да, сар желіске салып, Исатайдың әскері жатқан жерге қарай бет түзеді. Ащы тілімен өзін қанша түртпектеп жүрсе де, ұрыс кезінде оның батырлығына арқа сүйеп, маңайынан ұзамай жүргенінің өзінен бойын батылдық билеп, еркін қимылдаған Майбасардың қасына Қамысбай таяп келіп: «Мыналарды ажал айдап келе жатыр ма?» деп еді, жақындап келіп қалған аттыларға қарап тұрған ол: «Сенің басың ғой үлкен, бірақ ішінде ми шамалы ғой демін. Қарасаңшы, ортадағысының қолында ақ шүберек желбіреп келе жатыр емес пе, демек, Жәңгір Исатай мен Махамбетті келісімге келуге шақырып жатыр деген сөз» деді. Бұлар осылайша әңгімелесіп, Қамысбай ауылдасының қағытпа сөзіне тойтарыс берумен тұрғанда үш аттылы көтеріліс басшылары отырған қосқа қарай бет алды. Майбасар Қамысбайды иығынан түртіп, тағы да тиісті: «Немене қақшиып тұрсың? Сен отрядтың басшысысың ба, әлде, жай ерігіп жүрген адамбысың?». Қамысбай өзінің шілтиген мына ауылдасының

басынан аяғына дейін бір қарап өтті де, «Ал, басшысы мен, не дейін деп едің сонда?» деді. Майбасар мұның шамалы уақытта сөздің төркініне мән бере қоймайтын бейқамдығына ыза болып: «Енді басшы болсаң, не істеп тұрсың менің қасымда? Сен де барсаңшы анау қосқа, әңгімелеріне қатыс, әр сөздерінің астарына үңіліңдер, анау түлкідей қу Жәңгір ақымақ қылып кетпесін бізді, дұрыс пікіріңді айт!» деп бір тоқтады да, дереу қолын бұған қарап бір сілтеді де, сөзін әрі қарай жалғады: «Әй, бірақ сенен қандай кеңесші шығады дейсің, дегенмен баршы, ең болмаса, олардың не туралы, нендей шартпен келіп тұрғанын біліп кел, сосын маған соны айтып бересің». Қамысбай жолдасының сөзіне құлақ асып, қосқа қарай жүрді. Ол ішке кірген кезде Исатай Тайманов көтерілісшілердің Жәңгір ханға қоятын талаптарын қағазға түсіріп болып қалған екен. Бөкей Ордасын басқарудағы әділетсіздіктер көп еді, солардың ішіндегі ең бастысы ретінде шүйгін, сулы-нулы жерлерді ауылдарға, руларға бөліп беруде тепе-теңдіктің сақталуын талап еткен еді. Келіссөзге келгендер ертең таңертең көтерілісшілердің талабына ханның айтатын жауабын алып қайтып келуге уәде беріп, қайтып кетті. Айдың жарығымен бозарып, өлі тыныштық орнаған далада қаруларын тастаған екі жақтың адамдары шығып, жараланған, өлген адамдарын жинап жүрді. Әскерінен көп адамның өлгені және жараланғаны Исатай мен Махамбет жасағының еңсесін түсіріп кетті. Енді біраз адамдар: «Қанша уақыттан бері соғысып жатырмыз, қанша адамымыз бөтен жерде ажал құшты, біздің де алдымыздан сол жағдай күтіп тұрған шығар. Исатай мен Махамбеттің сөзіне неге еріп кеттік, үйде отырсақ, тарының көжесін ішіп, тандыр нан жеуші едік, мұнда қара нанның өзі бірде бар, бірде жоқ» десті. Отрядтың жауынгерлік рухы көз алдарында әлсіреп бара жатты. Ал ертеңіне Жәңгір ханның жауабын әкелгендер көңіл жұбатарлықтай ештеңе айтқан жоқ. Жәңгір өзінің жауабында талап етіп отырған мәселелердің дұрыс екендігін, бірақ оны шешу

үшін орданың барлық ықпалды байлар мен сұлтандардың, болыстық старшындардың үлкен кеңесін шақыруы керектігін айтыпты. Ал ол үшін де уақыт керектігін көрсетіпті. Одан кейін хан мұндай кеңесті шақырып, шешім қабылдау үшін кем дегенде бір жұма, әрі кетсе, он күн уақыт қажеттігін ескертіпті. Ал бұл мәселе шешілгенше ол көтерілісшілерге азық-түлік беретіндігін жеткізіпті. Исатай мен Махамбет қырдағы бұл көтерілістің жеңіліспен бітуге жақындап келе жатқандығын түсінді, оның үстіне жасақтағы көптеген адамдардың көңіл күйі түсіп, ұрысты жалғастыруға деген құлықтары жоғын байқады, ал дәл осы күйінше оларды тағы да ұрысқа шақыру – жеңіліске, сосын өлімге алып баратыны сөзсіз еді. Сол түннің өзінде-ақ қараңғылықты пайдаланып ауылдарына кері қайтып кеткендердің есебінен қатары сиреп қалған жасақтар басшыларының жиынында Жәңгірдің ұсынысын қабылдауға шешім бекітті. Көтерілісшілердің ұсынысты қабылдағаны туралы хабар-ды екі ортада жүргендер арқылы естіген кездегі ханның қуанышында шек болмады. Өзінің қайын атасы Қарауылқожаға: «Енді олар осы жерде өлетін болады» деді мысқыл күлкімен өңі жадырап. Бес күн өткен кезде Исатайдың қарауылдағы адамдары өздеріне қарай қаптап келе жатқан казактар жүздігі мен олардың соңдарынан ерген атқа жегілген зеңбіректерді көрді. Жасақтарға атқа қонуға бұйрық берілді, бірақ бәрі де кеш еді, олар зеңбірекпен атқылап, бұларды ығыстыра бастады. Зеңбіректердің үні өше берген кезде саны жағынан әлдеқайда көп казак әскері бұларға лап қойды. Нағыз қырғын енді басталды. Бұл жерден Исатай жасағының ішінен аман қалғаны жоқ шығар. Ал ғайыптан тайып аман қалғаны болса, олар сол бойда тұтқынға түсті. Тұтқынға түскендердің кісендерінің сылдыры даланы жаңғыртқандай болды, кейін олардың барлығы да Орал мен Орынборға сотқа жіберіліп, сол жақтан Сібірге айдалды. Ал Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы

мұндай жазалауды бастан кешірген жоқ. Өйткені оның екеуі де ұрыс даласында қаза тапқан еді.1 Көтерілісшілердің жеңілісі туралы қайғылы хабар кең далаға тез тарады, бұл хабар бұрынғысынша Шахбаланың малын бағып қырда, бірақ жан дүниесімен тас-талқаны шығып жеңілген көтерілісшілердің ортасында жүрген Құрманғазының туған ауылына да жетті. Бұл кезде ол өзінің «Кішкентай» атты күйін толықтай аяқтаған еді. Кеш түскен күз өтіп кеткен жазды қимай көз жасы төгіліп келе жатқан қалың бұлттарды дүркірете қуып барады. Құрманғазы өрістің сиреп қалған шөбін жыра-жыраның арасынан теріп жеп жүрген отарға қарап қойып, қалың сулыққа оранып алып отыр. Шағыл құмдардың арасынан көз ұшында бұлдырап бір қара көрінді. Түйеге ұқсайды. «Бұл жақта түйе қайдан жүр?» деп Құрманғазы таңырқай қарады. Жақындай келе әлгі түйе дегені иығындағы ауыр жүктен бүгіліп кеткен адамға ұқсай бастады. Жақындап келе жатқан адамның енді түрі де таныс сияқтанды. Құрманғазы «Қамысбай аға!» деп оған қарай қуана қарсы жүгірді. Қасына келіп, иығындағы ауыр жүкті алуға көмектесіп жатыр. Жүк дегені – Қамысбай иығына салып көтеріп келе жатқан өзінің ауылындағы көршісі, жаралы Майбасар болып шықты. Қамысбай Құрманғазыға қарап күлімдеп, жалпақ алақанымен оны иығынан құшақтай жай ғана сілкілеп қойды да: «Ой, өзің жігіт болыпсың ғой! Нағыз бытырдың өзі!» деді тамсана. Оның бұл сөзіне ыңғайсызданған Құрмаш: «Сіз де айтасыз-ау, Қамысбай аға, мендегі қайдағы батырлық, тек қойлармен жағаласқаным болмаса. Ханның өзімен шайқасқа шыққан нағыз батыр сіздер ғой!» деді. Қамысбай: «Шайқасуын шайқастық қой, өкінішке орай, патшаның әскері мен оның құйыршықтары 1 Тарихи деректер бойынша 1838 ж. 12 шілдеде Ақбұлақ бойындағы шайқаста Исатай Тайманұлы қазаға ұшырап, ал Махамбет Өтемісұлы бұл қырғыннан аман-есен құтылып кетті. Ол жылдар бойы қуғында жүрді, 1846 жылы оның өміріне қастандық жасалды (Аудармашыдан).

біздің талқанымызды шығарды. Біздің бар әрекетіміз бен барлық құрбандықтарымыз босқа кетті ғой!» деп ауыр күрсінді. Оның бұл сөзіне қарсылық білдірген Құрманғазы: «Жоқ, Қамысбай аға, сіздер ханмен бостан босқа шайқасқан жоқсыздар, сіздердің қаруластарыңыз да босқа өлген жоқ. Сіздер жасаған ерлікті сөзге сыйғызып айтып жеткізу мүмкін емес, сондықтан мен оны өзім шығарған күйдің әуеніне салып жеткіздім. Тыңдайсыз ба?» деді. Қамысбай тағы да ауыр күрсінде де: «Әрине, тыңдаймын, бірақ дәл қазір емес, кейін бір реті келер. Әуелі мына жаралы кісінің жағдайын жасайық, жылылап орап, шай ішкізейік, бір үзім наның болса, одан да бас тартпас едік» деді. Құрманғазы алақанымен маңдайын бір соғып: «Ақымақ басым-ай, мен де таптым-ау әңгіме айтып, күй тартатын кезді, ауыр шайқас пен ұзақ жолдан кейінгі сіздердің жағдайларыңыз болса, мынау!» деді де, енді олар Майбасарды төбесі жабылып, қойдың терісі төселген ықтырмаға жайғастырды, үстіне жылы көрпеше жапты. Құрманғазы от жағып, көп ұзамай шай да қайнатты. Бірінші кезекте Майбасарға шай ішкізді, бірақ тамақ жей алмады, кеудесіне тиген оқтың жарақаты жанына қатты батып жатыр еді. Бүкіл денесі қалшылдап, тынысы да ауырлады, кейде есінен жаңылысып, арасында сандырақтап сөйлеп, ұрыс даласында қолындағы сойылын оңды-солды сермеп жүргендей қимыл жасап, тынышы кетті. Тағы да есінен танып қалған Майбасар жаққа бұрылып қарап Қамысбай қолындағы кесесін қойды да, басын шайқады: «Мұның мына кіп-кішкентай шақша басы қандай ақылды еді, әр нәрсенің ұтырын білетін, соғыста қалай болу керектігін де айтып, ақылын беруші еді, менің қорбаңдаған икемсіздігіме күліп жүруші еді. Аналардың зеңбіректерінің оғы жаңбырдай жауғаны соншалық, қара жерден денеңді бір көтеріп қарау мүмкін болмады. Енді бір кезде казактар бізді қоршап алды, сол мезетте бұл жалғыз өзі өлем деп те ойламай, орнынан атып тұрып, атына қарғып мінді де «Аттан!», «Айрылма-а-а-с!» деп айқай салғанда, тығылып

жатқан басқалар да аттарына қарғып-қарғып мінді. Мынадай кішкентай адамның бойына осыншама ержүректіліктің қалай сыйып тұрғанына таңым бар, қаптаған казактардың қалың ортасына оның оқша атылып барып, ойран салғаны әлі көз алдымда, казактардың ішіндегі небір көзсіз батырларының өзі мұндай жанкештіліктен шошынған болар. Бәлкім, сол сәтте қолындағы шоқпарын бұлғалап келе жатқан Майбасар оларға ауызын ашып келіп қалған ажалдай көрінген болар. Ал артынан тұра ұмтылған біз оған әрең ілесіп отырдық. Тек бір кезде оқ тиіп, ердің үстінде өзін зорға ұстап қалған шақта, мен де жеттім, жеттім де оны бір қолыммен көтеріп, алдыма ұстап ұзай бастағаным сол еді, атыма оқ тиді. Мен жалмажан мұны иығыма салып алып, жыра-жырамен бұқпаңдап, жаудан бой тасалап үлгердім. Бұл кезде ұрыс даласында қоршаудан шықпақ болған біздің жігіттердің бірде-бірі аман қалған жоқ еді. Қаша алғаны қашты, жараланып, тұра алмай қалғандары тұтқынға түсті. Біраз жер жүргеннен кейін бір кезде бұл есін жиды. Қозғалақтап, өзінің жаны қиналып келе жатқанымен шаруасы жоқ, маған: «Сен немене, жәрмеңкеден бір қап ұн арқалап келемісің, әлде мен сияқты жауынгер жолдасыңды ұрыс даласынан алып келе жатырсың ба, егер солай болса, маған құрметпен қарап, абайлап жүрмейсің бе? Зәресі ұшып, құлағын жымитып алып қашып келе жатқан қоян құсап, ойлы-қырлы жермен тепеңдеп келе жатқаның не, сенің мына жүрісіңнен көп ұзамай менің мойыным үзілетін шығар!» дейді. Міне, бұл осындай адам, адам емес-ау, бұл менің денемдегі жазылмайтын жара сияқты, өйткені мұның осындай шымшыма сөздеріне шыдап келе жатқаныма екі жыл болды. Бір аяғы баяғы ата-бабаларымыз кеткен жолда тұрса да, адамды шымшып сөйлеуін қоя алатын емес». Майбасарға ұзақ қарап отырды да Қамысбай ауыр күрсініп: «Иә, бір Алла өзің сақтай көр, шымши берсін, менің терім қалың, шыдай береді, тек бұл аман болса екен. Жарақаты тым ауыр, оқ кеудесін тесіп өткен. Бір жақсы емші болса ғой, бірақ мына даланы казактар кезіп жүрген кезде, оны

қайдан табасың, біз сияқтыларды ұстап алады да, түрмеге лақтырады. Сондықтан бұлардың аңдуы біткенше бой тасалай тұру керек, арғы жағын көре жатармыз. Баяғыда мен тұз өндірісінде жұмыс істеп жүрген кезімде, терең үңгірлерге түсетінбіз, үңгірлер тарау-тарау болып жататын, сонда түскен жолыңды белгілеп отырмасаң, қайтар жолда адассаң, бітті, қайтып шыға алмайсың. Сонда сол жердегілер бұл үңгірлердің ауасының ем болатын қасиеті бар, әсіресе, өкпе ауруларына жақсы деп айтушы еді. Енді Майбасар сол үңгірлерге бір барып, ауасымен тыныстаса, жақсы болар еді, әйтпесе, мына демікпеден тұншығады ғой» деді ойлана. Құрманғазы да бір сәтке ойланып қалды да: «Ал ол үңгір алыста ма?» деп сұрады. Қамысбай іштей есептеп алды да «бір ат шаптырым жерді үш еселеші, сондай қашықтықта» деді. Енді Құрманғазы: «Демек, жаралы адамға екі-үш күндік жер ғой» деді жолды өзінше есептеп. Сосын өзінше бір тоқтамға келді де: «Қамысбай аға, сен осында қал, мен мына жақын жердегі жайлауға барып келейін, ол жерде Өтеген деген менің жақсы танысым бар, жылқышы, ол маған екі жылқысын бере тұратын шығар. Бай қазір қырға шығуға қорқады, екі жылқының жоқ екендігін білмейді де. Тіпті, біле қалған күннің өзінде де, оны қарақшылар алып кетті дерміз, сосын ол қай қарақшыны тапсын» деді. Көп ұзамай Құрманғазы атына мінді де, түнгі даланы бетке алып жүріп кетті. Түн ортасы ауғанда қайтып оралды. Өтеген екі атымен қоса бұлар қайтып оралғанша отарды қарап тұрсын деп өзінің көмекшісін де ертіп жіберіпті. Өтеген қолындағы бар тағамдарын да салып беріпті, «қашып жүрген оларға азық керек қой, мен құр шаймен де күн көре тұрамын» депті. Көп ұзамай айлы түннің жарығында көзге әрең білініп жатқан жолмен дүсірлеп, желе жортып бара жатқан ат тұяғының дүбірі де алыстай берді. Ортадағы аттың үстіндегі Майбасарды екі жағынан сүймелдеп үшеуі бір-бірімен иық тіресіп келе жатты.

Үшінші күннің таңы атқанда алдарынан бір тау көрінді, жай уақытта Құрманғазы оған аса мән бермес те еді. Миллиондаған жылдар бұрын қара жердің бетінде толқынданып жатқан мұхитттар аз болды дейсің бе, уақыттың екпінімен өзінің түбіндегі тау жыныстарын жалаңаштай шегініп, енді, міне, ол жыныстардың беті көк шөп басып, ағаштар өскен дала болып созылып жатыр. Бірақ мына тау ерекше екен, бұлттардан қиып жасалғандай ол біресе көрініп, біресе жаңа кейіпте қайтадан пайда болу үшін ғайып болып құбылуда. Құрманғазы атының басын тартып, ат үстінде отыра алмай, әбден әлсіреген Майбасарды алдына алып, жай жүріп келе жатқан Қамысбайды күтті. Қамысбай қасына жақындап келген кезде ол «мына тұрғанның не деген тау екендігін білесің бе?» деп сұрады. Қамысбай тоқтап, жан-жағына, таудың ұшар басына қарап тұрды да: «Неге білмеймін, бұл Боғда тауы, бір кездері мен оның биігіне шығып, саф ауасын да жұтқанмын. Бұл тау туралы сен кішкентай кезіңде менен сұрағансың да. Міне, көрдің бе, енді сол тауға жолың түсіп, келіп тұрсың» деді. Осы сәтте Құрманғазының есіне баяғы қария дәруіш түсті, бала кезінде от басында отырғанда ол ғайыптан пайда болып, қасына келіп, сосын ауаға сіңгендей қайтадан жоқ болып кеткен еді ғой. Осы тау оған күйшіліктің ерекше қуатын беретіндігін де айтқан еді. Ол бала кезінде биік шыңдары бұлттардың арасында жатқан құдыретті тауларды көз алдына елестетуші еді, сол қария айтқан таулардың басына шыға алар ма екенмін деп те қиялданатын. Осындай ойдың жетегінде тұрған кезде сол қария тағы да көз алдында пайда бола қалды. Шошып кеткен Құрманғазыға қарап ол жай жымиып тұр екен: «Қалай, Құрмаш, мені бұл жерде кездестіремін деп ойлаған жоқсың ғой, әрине, мен саған ең жауапты шақтарымызда кездесіп тұратындығымызды айтқан едім ғой» дегенде, Құрманғазы оған иіліп сәлем берді де: «Сіз кім боласыз, ақсақал? Өткен жолы есіміңізді сұрамаппын» деді. Дәруіш әлі де жымиып тұрып: «Мен сенің шексіз сеніміңмін! Мына таудың ұшар

басына қарашы, не көріп тұрсың?» деді сұраулы жүзбен. Құрманғазы таудың басына қарап тұрды да кемпірқосақтың бояуларындай түрленіп тұрған керемет бір сәулені көрді. Мұны қарияға айтқан кезде ол: «Енді ештеңеге алаңдамай сол таудың басына шық, сенің заманың келді!» деді де ауаға сіңіп жоқ болып кетті. Жылдам басып тау басына шыққан Құрманғазы оның тап-таза ауасын жұтып, бойы сергіп сала бергенін сезді. Бұл таудың өзіне ерекше шабыт бергенін де сезінген ол төменге қайтадан түскен кезде, өзін күтіп тұрған Қамысбай: «Түк түсінсем бұйырмасын, сенің түріңе қарап, біздің жолбасшымыздың ақылы ауысып кеткен жоқ па деп ойлап қалдым ғой. Тоқтай қалдың да біреуге басыңды иіп амандастың, сосын таныс бір адамыңды кездестіргендей әлденелерді айтып тұрдың да, бір кезде таудың басына қарай жүгіре жөнелдің, тіпті сені атпен қуып жету мүмкін емес еді. Не болды саған?» деді ол таңдана. Құрманғазы қулана күліп: «Мазасызданбаңыз, Қамысбай аға, ақыл-есім орнында, ал бір адамды шынымен де кездестіргенім анық» деді. Қамысбай одан сайын аң-таң болды: «Ол не қылған жұмбақ жолаушы, сен басыңды иіп сәлемдесіп жатқаныңда, сенің алдыңнан мен ешкімді де көрген жоқпын!». Құрманғазы: «Оны көруің де мүмкін емес, өйткені ол менің жан дүниемде өмір сүретін адам, тек мен оны бұған дейін білген жоқ едім» деді жұмбақтай күлген қалпында. Құрмаштың мына сөзінен кейін Қамысбай «бала ұзақ жолдан қатты шаршаған екен» деп ойлады да, сұрақ қойып әрі қарай мазалаған жоқ. Кешке жақын олар өздері іздеп келе жатқан үңгірді тапты да, оларды орналастырып тастап, Құрманғазы ізінше кері қайтты. Таудан алған шабытынан қанаттанған ол өзінің ауылына қалай жетіп қалғанын да сезген жоқ. Оның үңгірде қалған достарына келетін болсақ, олар бұл ауыр жылдарды аман-есен өткерді де, одан кейінгі өмір жолдары Құрманғазының көзінен тасада қалды. Бәлкім, күндердің күні болғанда олардың жолдары тағы бір жерлерде түйісетін болар, ол туралы осы әңгіменің барысында тағы да баяндалатын болады.

5-тарау БАРЫМТА Жылдар тіршіліктің әрбір бетін парақтай отырып, жақында ғана мыңдаған адамдардың ақыл-ойларын аласапыран қылып, жүректерді дүрсілдете, көңілдерді алаң қылған оқиғаларды өткен шақтың есебіне жазып, Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілісін тарихта болып өткен тағы бір дауыл ретінде жазып қалдырды. Бөкей ордасындағы жағдай да бірте-бірте тынышталып, бәрі орынорнына келе бастады. Ханның жандайшаптарының халық көтерілісінен шошынған көңілдері де орнына түсе бастады, енді олар соншама үрейленгендерінің есесін қайтару үшін және қара халықтың алдында беделдері түсіп қалғаны үшін өздерінің қарамағындағыларды бұрынғыдан да бетер қыспаққа ала бастады. Ұйытқи соққан жел шексіз даладағы жусан мұхитын толқындай тербеткені Құрманғазының қолына домбырасын алғызды да, ендігі бір сәтте ол өз музыкасының толқынында бақытты да шаттықты өмірдің шексіздігіне қарай беттеп бара жатты. Міне, қос ішектің соңғы қағысы да әуеде сәл қалықтап тұрды да, тына қалды, әлденеге көңілі алаңдап, мына жұтаң тіршілік еңсесін түсіріп жібергендей болды. Орта бойлы, кең иықты, жасы он сегізге келген Құрманғазының келбетінде батырларға тән бір жігерлілік бар, сәл қиғаштана біткен қой көздері кең маңдайына жараса қалып қарағанда, оның табанды да, ақылға бай адам екендігі бірден танылады. Оң-солын танып үлгерген бұл жігіт байлардың жетегінде жүруден бас тартып, мойнынан жалшылықтың қыл арқанын лақтырып тастап, отарды өзінің көмекшісіне тапсырды да, ауылына тартып отырды. Халық күйшісінің еркін де азатты өміріне бет бұру үшін ата-анасының батасын алмақ. Күн батып, қараңғылық тұмшалаған кезде ол ауылына жетіп, балалық шағы өткен туған үйіне қарай бет түзеді. Кештетіп

келе жатқан белгісіз салт аттыны ауыл иттері шулай үріп қарсы алды да, ол атынан түсіп, үйге қарай жүрген кезде, «негізгі міндетімізді атқардық қой» дегендей әрнені бір тіміскілегене ауыл иттері жөн-жөніне кетті. Сырттан шыққан дыбысқа киіз есікті серпе көтеріп ашқан, басындағы ақ кимешегінің астынан ақ түскен шашының жіңішке қос бұрымы көрінген анасына қарай қалған Құрманғазының көңілі толқып, көзіне жас үйірілді. Үйдің дәл іргесіне дейін келіп, қараңғы түскенде иттерді өре түрегелткен кім екен деп Алқа қолындағы білте шамының әлсіз сәулесі түскен төңірекке үңіле қарады. Өзіне қарай құшақ жайып келе жатқан мығым денелі жас жігітті көргенде «Менің Құрмашым келді» деп оған қарай тұра ұмтылды. Бір-бірін сағынысқан ана мен бала құшақтасқан қалыптарында бір сәт үнсіз тұрып қалды. Сәлден кейін екеуі үйге кірген кезде шағын ғана отаудың іші көл-көсір қуанышқа кенеліп жатты: Байғазы мен Зейнеп ұшып-ұшып тұрып, оның мойнына асыла кетті, мәз болған екеуі ағаларын босататын емес, шетте тұрған әкесі баласына қай жағынан жақындарын білмей, тек қасына келген Алқаны иығынан құшақтаған қалпы, жүдеу жүзіне қуаныш ұялап, балаларына сүйсіне қарап аңтарыла әлі тұр. Дәл осы сәтте бұл дүниеде Сағырбай мен Алқадан бақытты жан жоқ шығар. Міне, енді бәрі дастархан басына жиналып, шайға отырды. Құрманғазы Шахбала байдың жалшылығында жүрген шақтағы өмірі туралы әңгімеледі, дегенмен Сағырбай мен Алқа баласының бұл айтып отырған әңгімелерінен гөрі көңіл түкпірінде айтылмай жатқан және айта алмай отырған тағы да бір жағдайдың барын сезіп отырды. Шай ішіліп болған соң, төсек салынып, үй-іші жатуға ыңғайланды. Білте шам сол бойда сөндірілді, өйткені қарапайым халық үшін керосин қол жете бермейтін қымбат дүние, сондықтан да оның әр тамшысы үнемделеді. Сағырбай оны өткен жолы ауылдарды аралап, сауда жасап жүрген саудагерден алған еді. Оқиға былай болған-ды, бір күні әлгі саудагердің жүк тиеген керуенін аш қасқырлардың үйірі

қамап, талап тастауға айналған шақта оларға сол маңайда қой бағып жүрген Сағырбай тап болады. Қасқырлардың ырылдасып, улап-шулап кеткен дауысын естіп, Сағырбай өзінің бөрібасарларымен көпеске көмекке ұмтылды. Қолындағы мылтығымен үйірдің көкжалын сұлатып салды, ал үйірдегі басқаларын оның бөрібасарлары жайратты. Осы көмегі үшін көпес Сағырбайға шам мен бір құмыра керосин берген еді. Сағырбай шамды үйіне алып келіп, жарқырата жаққан кезде кедей ауылдың барлық жарлы-жақыбайы жиналып, аң-таң болған. Міне, сол шам сөндірілген бойда Байғазы мен Зейнеп мұрындары пысылдап, ұйқыға кетті, ал үлкендер жағы көңіл түкпірінде өздерін мазалаған мәселелер туралы ой жетегінде еді. Сағырбай ауыр бір күрсініп алды да Құрманғазыға: «Балам, беймезгіл уақытта ауылға неге келгеніңді айтсаңшы енді?» деді. Құрманғазының бұл сұраққа жауабы дайын еді: «Әке, байлар мен старшындардың да, ханның да алдында құл болып еңкейіп жүре беруге бұдан әрі шыдай алатын емеспін, мен бұл өмірге ол үшін келгенім жоқ. Менің күйшілігімді бүкіл ел біліп болды, мен сол өзім шығарған күйлерімде азаттықты, еркіндікті айтып отырып, өзімнің құлдықта жүргенім қалай, құлдыққа төзуге менің хақым бар ма? Сондықтан да мен жалшылық өмірден қол үзуге бел байладым, жалшылық өмір маған тұсау болып отыр, мен жай ғана күйлерді емес, халықтың мұңын жырлайтын, олардың жарқын болашаққа деген сенімі мен үмітін арттыратын, сол үшін күресуге олардың да хақы бар екендігін, құлды да бір Алла басқалармен тең етіп жаратқандығын олардың санасына жеткізіп дәлелдейтін күй шығарамын. Мен сол үшін Шахбала байдан біржола кеттім. Ертең Әубәкірдің табынынан бір жақсы ат аламын да, Ұзақ күйшіні іздеуге аттанамын, оны тауып, қасында жүріп үйреніп, шеберліктің шыңына шығуым керек. Мен онымен бірге елді аралап, ұлы күйші екеуміз күй тартып, халықтың санасын бостандық сазы арқылы оятып, ауыр тұрмыстарын жеңілдету үшін күресу керектігін түсіндіреміз. Ал менің үйге

келіп отырған себебім, анам екеуіңнің баталарыңды алайын деп едім». Тып-тыныш бола қалған үйдің ішінде әкесінің ауыр күрсінісі естілді де, артынша оның бүкіл денесін селкілдете, жөтел қысты. Жылы шайдан аз-аздап ұрттай отырып, жөтелін әрең басты. Тынысы ауырлай: «Балам, менің тұқымымда да, шешеңнің тұқымында да барымташы деген болған емес. Ұрлық деген – ауыр күнә, өмір бойы сен оны ештеңемен жуып-шая алмайсың» деді. Құрманғазы әкесін тыңдап болды да: «Әке, сен ғой өмір бойы Әубәкір байдың жалшысы болып келе жатырсың, ол сені қаншама рет алдағанын білесің бе, еңбегіңді жеп, қаншама рет ақысын бермей кеткенін ше, соның бәрі бір аттың құнына жетпейді деп ойлайсың ба?» деді айтқанынан қайтпайтындығын дәлелдей түсіп. Енді әңгімеге Алқа араласты: «Байдан көрген қорлығымыз бен бейнетімізді, ала алмай қалған ақымызды есептесек, оның құны бір жылқы емес, бір табын болатын шығар!». Анасының сөзін тыңдап болды да, Құрманғазы сөзін әрі қарай жалғады: «Бұрыннан келе жатқан қазақтың дәстүрі бар емес пе – егер де бай ақыңды дұрыс бермесе, қарызын өтемесе, есесі кеткен адам барымта жасайды және бұл ұрлыққа жатпайды». Тағы да үнсіздік орнады, тыныштықты Құрманғазы бұзды: «Сендер менің жер бетіндегі ең жақын адамдарымсыңдар, егер де сен екеуің мені дұрыс түсінбесеңдер, тағдырымның бұдан кейінгі жағдайы анықталатын ауыр сәтте қолдамасаңдар, сонда мен кімнен көмек сұраймын?». Тағы да келіп қалған жөтелін шай жұтып зорға тоқтатып Сағырбай: «Тірі тұрсам, саған араша түсетін мен боламын және мен тұрғанда сенің атыңа ешкім де кір келтіре алмайды» деді. Анасы баласына жақындап келіп, құшағына алып, маңдайынан сүйді. Таң атысымен Құрманғазы ата-анасымен қош айтысып, інісі Байғазыны мінгестіріп алды да, Әубәкір Ақбаевтың табыны жайылып жатқан аңғарға қарай жүріп кетті. Табынның шетіне келіп, бір алтынжалды көркем тұлпарды ұстап, ерттеп мініп алды да, інісіне жылқышыны тауып, әкесінің алдындағы Әубәкірдің

қарызы үшін осы атты алып кеткендігін қалай да жеткіз деп тапсырды. Сосын Байғазыны құшақтап тұрып: «Қош бол, бауырым, енді көрісеміз бе, көріспейміз бе, оны бір Алла біледі. Ендігі үйдің үлкені сенсің. Әкеміз болса, қалжырады, жөтелі де күшейіп кетіпті» деді. Байғазы: «Алаңдама, аға, әкемізді емдейміз, Қамқа әже оған борсықтың майын ішкізу керек дейді, мен борсық аулап аламын да, әкемізді емдеп шығарамыз» деді сенімділік танытып. Құрманғазы атына қарғып мінді де, інісіне астындағы атты Шахбалаға қайтарып апарып беруді тағы бір рет ескертіп, көктем желінің бағытын бетке алып, өзін күтіп жатқан ауыр тағдырына қарай желе жортып жөнелді. Құрманғазы Ұзақ күйшіні көп іздеді ме, әлде тез тапты ма, ол жағын даланың мына саулай ескен желі ғана білетін шығар, әйтеуір бір күні ол ел ішіндегі әңгіменің әрқайсысына құлақ түре жүріп, сұрай-сұрай ақыры Ұзақ ұстазын тапты. Қарт күйші алдына келіп тұрған жігітке сынай бір қарап өтті де «Астындағы аты да жақсы, аттың иесі де ешкімнен кем емес екен, ал домбырасы көзге қораш көрініп тұр, жақсы жасалмаған, бірақ ол кемшілік емес, ең бастысы мына пернелерде ойнайтын қолдың шеберлігі болса, болғаны және жан дүниесі де таза болса, басқасы келіседі ғой. Ал көрсет енді өнеріңді, мына мен сияқты шалды қуантар ма екенсің, әлде ренжітіп аласың ба, көрейін, мен бәріне де дайынмын» деді. Құрманғазы толқып, домбырасын тысынан алды да, өзінің дәл осы кездегі көңіл күйін білдіретін бір күйді тартты. Домбыраны бар ынтасымен тыңдап алдында отырған қартқа өзінің мына жап-жас иесінің жалшылықтың құрсауын қалай бұзып шығып келіп отырғаны, ата-анасының батасын алғаны, сосын ұстазын іздеп қырды кезіп, ақыры тауып келіп отырғаны туралы және барымташы деген жаман атаққа қалып, енді мұның соңынан екі қолынан шап беруге сылдырлап еріп кісен келе жатқаны туралы баяндады. Қарт күйші өнерлі жігітті көзіне жас үйіріліп отырып тыңдады, ол күйін тартып болған кезде, киіз үйдің төріне отырғызып,

күрең шәйдің дәмі таңдайды жібіткен дастархан басында оған деген өзінің ризашылығын білдірді: «Мен қателеспеген екенмін, сен кішкентай кезіңде менің домбырама таң-тамаша болып қарағаныңнан-ақ, күйді есің кетіп тыңдағаныңнанақ үміттеніп қалған едім. Сенің мына тартқан күйің өзінің тілімен сенің өткен өмірің жайлы баяндап берді, бұл – үлкен өнер және сен шеберлік деңгейіне көтеріліпсің, бірақ ғаламшарда шек болмайтындығы сияқты, шеберлікте де шек болуы тиіс емес. Сондықтан да біз осы деңгеймен тоқтап қалмауымыз керек, өйткені құдыретті өнер иесі өзінің бүкіл ғұмырында оны ұштай беруі тиіс, өйткені бұл дарындылықты бізге бір Алла берген». Ұзақ кеседегі шайдан бір ұрттап қойып «менің сөзімді түсінді ме, жоқ па» дегендей қонағына сұраулы жүзбен зер сала қарады. Қарады да, жас күйшінің өңінен өзінің жаңағы айтқан сөзінің сәулесін көріп, әңгімесін әрі қарай жалғады: «Домбыраны ең алғаш рет қазақтың қай руы, қашан ойлап тапқанын ешкім де білмейді. Бірақ оның зұлымдықты жеңетін және тыңдаған жанға мейірім төгетін қасиетін жұрттың бәрі де біледі». Құрманғазы демін ішіне тартып отырып, қарт күйшінің домбыра туралы айтқан аңызын ерекше құштарлықпен тыңдады. Ұзақ күйші кесесін қойды да, жұмсақ та қоңыр дауысымен әңгімесін бастап кетті, ол кеңістік пен уақыттың шексіздікке дейін кетіп жатқан алыс қиырларын көзбен шолып отырғандай еді: «Құм төбелердің бел-белестерінің арасында жалғыз үй отыр екен. Үйдің иесі бай-манаптардың озбырлығының құрбаны болған. Асыраушысыз қалған отбасының талғажу қылып отырғандары жалғыз ғана аруана екен, оның да ботасы өлі туыпты. Қайғы жұтқан аруана көз жасы мөлтілдеп, күні-түні ботасын іздеп боздай берсе керек. Ақыры бір тамшы сүт те шықпай қалыпты. Аруана да жылайды, оған қосылып үй ішіндегі аш құрсақ жетімдер жылайды. Сөйтіп отырғанда айдалада ел кезіп жүрген бір қарт кісі келіпті. Отбасының ауыр жағдайын білгеннен кейін ол қолына арқасына таңып алған домбырасын алады да керемет бір күйді боздата жөнелген

екен. Желі басында қайғыдан бас көтере алмай жатқан аруана күйдің әуені құлағына жеткен кезде, жан-жағына қарап елеңдеп, орнына түрегеледі. Енді бір сәтте күйдің құдыретті әуені алпыс екі тамырын иітіп жіберген аруананың емшектерінен сүт саулай бастайды. Балалардың шешесі шелегін ала жүгіріп, хош иісі бұрқыраған сүтті күрпілдетіп сауа бастаған көрінеді. Сүтке тойған кішкентай балалар да мәз болысып, сөйтіп аштықтан аман қалған екен. Ал қарт домбырашы одан әрі қарай ел кезіп кете барыпты. Сондағы күйшінің тартқан күйі халықтың арасында «Нар идірген» атанып кетті. Иә, шынында да, домбыраны қазақтың қай руы, қашан ойлап тапқанын ешкім де білмейді. Тағы да мынадай бір аңыз бар. Баяғы заманда бір ханның жалғыз ұлы болыпты. Бір күні ханның ұлы өзінің нөкерлерімен бірге аң аулауға шығып кетіп, сол жолда өліпті. Ханға ұлының өлімін естірткен адамның да өлім құшатынын бәрі де біліпті. Ұлының неге келмей жатқанынан сезіктеніп, бірнеше күн бойы қайғы жұтып отырған хан «Ұлымның өлімін естірткен адамның көмейіне қорғасын құямын» депті. Сондықтан да жұрт оған шынында да оның ұлының өлгендігін айтуға қорқыпты. Сол кезде ханға бұл хабарды домбыра жеткізген екен. Ыза мен қайғыдан не істерін білмеген хан халықты жинап алыпты да, сол жерде сол домбыраның шанағының дәл орта тұсынан қорғасын құйған екен дейді. Сөйтіп домбыра бүкіл халықтың төбесінен төнген зұлымдықтың да бетін қайтарған екен». Ұзақ қарт әңгімесін аяқтай келіп, ойланып қалған жас жігітке қарады. Ал Құрманғазы болса мынау алдында отырған Ұзақтың орнына бұған дейін өзіне елес сияқты болып көрініп кеткен абыз қартты көріп отырды. Ол езуіне күлкі үйіріп, басын шайқай: «Міне, бір Алланың сенің қолыңа қандай қару беріп қойғандығын енді түсінген боларсың? Бірақ бұл саған жауыңа қарай қылыш сілтей салу емес. Күймен күллі халықты өз бостандығы жолындағы күреске дүр көтеруге болады. Жарық дүниеге келген күннен бастап, соңғы деміне дейін адамды әуен жетелейді. Бірақ

ол әуенді тыңдап, сезіне білу бақыты кез келген адамға бұйырмаған, ол санаулы адамдардың ғана еншісінде, соның бірі – сенсің» деді. Құрманғазы еріксіз орнынан көтеріліп, тізерлей отырды да: «Түсіндім, мен бәрін де түсіндім! Сенің бұл сөзіңді қалай да ақтап шығамын!» деді. Айтқан аңызының мына жігітті осыншама толғандырғанына Ұзақ таңдана қарады. Бірақ бауырына домбыраны қыса ұстаған қалпына қарап, көңілін қуаныш кернеді: «Сенің қандай дарын екендігіңді тап басқаныма менің енді анық көзім жетті. Енді аз уақыттан кейін сен менен де асқан күйші боласың, тіпті бұл даланы тамсандырып жүргендердің бәрінен де озып кетесің, ал мен болсам, бұйрықты күн келгенде, бұл өмірден алаңсыз аттана беретін боламын. Мен де, басқа күйшілер де көне дәуірдегі батырлардың ерлігін күйімізге өзек еткен едік, сен «Кішкентай» деген күйіңде бүгінгі күннің жағдайын баян еткен екенсің. Бұл қазіргі кезеңді, жақында ғана көтеріліп басылған халық қозғалысы батырларының ерлігін баяндап тұр. Олардың арпалыса жүріп ерлікпен, тым жап-жас қалыптарында ажал құшқан тағдырларына қайғырады, жұртшылықты сол батырлардың ерлік істерін ұмытпауға шақырады, сол арқылы тазаруға, мейірімдірек болуға шақырады». Ұстаз бен шәкірт ұзақ сырласты. Осылайша болашақ ұлы күйшінің Ұзақ ұстазымен бірге ел аралап, күй тартып, даланы әуенге бөлеген өнер жолындағы тағдыры басталып кетті. Енді олар қайда барса да бірге жүрді, ал көпшілік болса, шәкірттің орындаушылық жағынан да, шығарған күйлерінің саздылығы жағынан да ұстазынан бір мысқал да төмен еместігін мойындай бастады. Ұзақ негізінен эпикалық мазмұндағы күйлер шығарса, Құрманғазы нағыз халықтық сипаттағы күйлердің өмірге келіп, дәстүрге енуіне ықпал еткен өнер иесі болды. Құрманғазы қазақтың аспаптық музыкасын байытып, оны күнделікті өмірге жақындатып, болып жатқан оқиғалардың мазмұнына бөлеп, халықтың ой-

арманын күйіне арқау етті. Оның шығармаларының негізгі кейпкерлері аңыздағы ертегі-адамдар емес, өзінің туған елі үшін күресте қол бастайтын, сол жолда жеңілуді білмейтін батырға айналып шыға келетін кәдімгі қарапайым халық болды. Енді Құрманғазының күйшілік даңқы, азаттық үшін күрескерлік рухы жайлы әңгіме желдей есіп, күллі Бөкей ордасына, тіпті оның аумағынан да шеткері жерлерге тарала бастады. Дегенмен оның барымташы ретіндегі атағы да жалпақ жұртқа жайылып кетті. Әубәкір Ақбаев өзінің табынынан Құрманғазының бір атты барымталап алып кеткендігін естігенде, жынданып кете жаздады. Ол тез арада нөкерлерін жинап алды да, аузынан түкірігі шашырап, айқайлап, өз маңайындағы барымташылыққа төзе алмайтындығын, барымташыны қалай да тапқызып, түрмеге қамататындығын айтты. Айтты да, ешқандай кінәсі жоқ қасындағыларға, жалшыларына қаһарын төге, кінәліні қалай да тауып, өлілей болса өлігін, тірілей болса, өзін тез арада тауып алдына алып келуді бұйырды. Бірақ Құрманғазы оның қолына түсе қоятындай жерде емес еді, оның өнеріне тәнті болған жұрт оған қашан да төніп келе жатқан қауіп-қатер мен артынан жетіп қалған қуғын жайлы алдын ала хабар жеткізіп отырды. Олар талай алыс жолдардан асып, ел аралап жүргенімен, ақыры байдың ауылына қайтып оралды. Байдың шырмауықтай шырмаған сөздерімен тағы да оның қармағына түсті, бай мұны барымталығы үшін ұстап берудің сәті түскеніне қуанып, енді сол шешуші кезеңді күтті. Бұл кезде Ұзақ қасына Құрманғазыны ертіп, хан бекінісінде болғалы жатқан жәрмеңкеге баруға жиналған еді. Жәрмеңкеге осы өңірдегі ең таңдаулы әншілер мен күйшілер келеді, сондықтан оған дұрыс дайындық керек. Халық әуендерін сүйсіне тыңдайтын Жәңгір ханның өзі де бұл өнер жәрмеңкесін тамашалайтыны анық. Бұлар келген кезде қызылды-жасылды түрге бөленген, кеңірдектерін соза у-ду болған көпшілік, шамандар мен

1 Асан-қайғы (Аудармашыдан). жай уақытта ауыл-ауылдарды он бес-жиырма адам болып аралап жүретін небір айтулы сал-серілер жәрмеңкенің көрігін қыздырып жатыр екен. Олардың арасында ақындар да, сиқыршылар да, палуандар да, небір шабандоздар бар еді. Өнер адамдары аттарын жарты шеңбер жасай қатарластыра байлап, ашық жағын сахна ретінде ыңғайлап, алаңқайда өнерлерін көрсетіп жатты. Олардың көптігі соншалық, қазақ даласында көшпелілердің сұрқай тіршілігіне сәл де болса әр беріп жүретін бірде-бір әнші-күйші, не ақыны қалмай, бәрі осында жиналған секілді. Домбыраның, қобыздың, сыбызғының, тіпті Құрманғазы алғаш рет Астрахань жәрмеңкесінде бірінші рет көрген балалайканың үні де бірбірімен біресе алыстай, біресе жақындай мидай араласып кеткен. Міне, Құрманғазы мен ұстазы Ұзақ екеуі арнайы келген даланың алыс қырдағы бел-белесін артқа тастап әр қиырдан бас қосқан әншілер мен күйшілердің сайысы да басталды. Көрермендер отыратын алаңда нөкерлерінің ортасында сәнді де биік орын-тақта жасамыс тартқан Жәңгір хан отыр. Қаршыға көзі түйілген қабағының астынан кірпік қақпай қарайды. Басқалар оның сайысты бастауға беретін белгісін күтіп отыр. Ендігі сәтте Жәңгір хан басын изеп, сайысты бастауға белгі берді, ол дала дарындарының өнерін тыңдай отырып, сүйсінген кезде, жасамыс өңі жасарып, жадырап шыға келді, ара-тұра қасында отырған қазылар алқасының мүшелерімен әлденелерді айтып, әңгімелесіп қояды. Міне, кезек Ұзаққа да тиді. Көпшілік қозғалақтап кетті, қарт күйші басын иіп сәлемдесу ишарасын жасады да, қолына домбырасын алып, терменің әуеніне салып, халық үшін жердің жұмағын іздеп жер дүнияны шарлаған Аспан-қайғы1 туралы аңызды жырлады. Содан кейін ол Қобыланды батырға арнаған күйін тартты. Күй аяқтала бергенде көрермендер дуылдата қол соғып, ризашылықтарын білдіріп

жатты. Ендігі кезекте ортаға Құрманғазы шықты. Шықты да, басқалар сияқты қандай да бір алғы сөз айтпастан, бірден күйін бастап кетті, күйдің көңілді ырғағы төңіректі тербетіп, отырғандардың бәрін той үстінде отырғандай әсерге бөледі. Тыңдармандардың өңдерінде жылы шырай ойнап, ырғалып, күйге елтіп кетті. Бұл би ырғағына салып, төгіле жөнелетін «Балбыраун» күйі еді. Құрманғазы бұл би ырғақты күйін үзіп тастады да, енді өн бойы мұңға толы екінші бір күйін бастап кетті. Біреулердің көкірегін ызғар қарып өткендей қылып, енді біреулерді терең ойға қамап тастаған бұл күй «Кішкентай» еді. Жәңгір хан қасындағы нөкерлеріне әлденелерді айтып, Құрманғазыны меңзеп, сыбырласып отырды. Сайыс аяқталып, Құрманғазы мен Ұзақ жеңімпаздардың қатарында аталып, тиісті сыйсияпаттарын алып бола бергенде, Құрманғазыға ханның бір адамдары келіп, оны Жәңгір ханның қонақ күту үшін арнайы тігілген киіз үйіне келуге шақырды. Құрманғазы ойланбастан ханның күзетшілерінің соңынан ерді. Ханның отауына кірген кезде ол төрге жайылған дастарханның басында жалғыз отырған Жәңгір ханды көрді. Шамасы, ол күйшімен бетпебет сөйлесейін деген болар. «Менің қол астымдағы өңірді у-шу қылып жүрген тентек, кел!» деп өзінің қарсысындағы құрметті орынға шақырды. Құрманғазы оған иіліп сәлем беріп, ханның қолымен ишара білдірген орнына келіп ««Өлгеннен кейін қайта тірілткен Аллаһқа мадақ болғай! Өлгеннен кейін қайта тірілуіміз тек Оған ғана тән»» деді де отырды. Хан мынау сауатсыз қырдың қазағының Құранның сөздерін білетіндігіне аздап таңырқап қалды. Көңілінің арғы жағындағысын өтірік күлкімен жасырған хан көбігі бұрқыраған қымыз толы кесені қонағына ұсына берді де: «Қасиетті Құранның сөздерін мен нашар біледі деп ойлаймысың?» деді. Құрманғазы сәл үнсіздіктен кейін «Хан ием, мен олай деп ойламаймын, керісінше, сіз құран сүрелерін менен әлдеқайда жақсы біледі деп ойлаймын. Бірақ оны жаттап алып айту мен шындыққа көз жеткізудің

арасында түпсіз тереңдік жатқан жоқ па, ол тереңдіктен тек жақсы істерден көпір жасап барып өтуге болады емес пе» дегенде, бұл сөздер Жәңгір ханға ұнап кетті. Сосын ол көңілденіп сала берді де, кеседегі қымыздан бір ұрттап қойып, өзінің халық үшін жасаған игілікті істерін тізіп айта бастады. Алланың ырзалығы үшін мешіт тұрғызғанын да мақтан ететіндігін айтты. Құрманғазы оның бұл сөздеріне сәл мұңдана қарап отырды да Құранның тағы бір сөзін келтірді: «Зекет кедейлер мен жоқ-жітік адамдарға ғана беріледі, сондай-ақ оларға мейірімділік көрсеткендерге, яғни кімнің жүрегі (шындыққа) жақын болса; қарызын өтей алмағандар тұтқындалғанда (оларға еркіндік беретіндерге), Алланың ризашылығы үшін садақа беретіндерге. Бір Алла бәрін білуші! Ал енді, хан ием, өзіңіз кімге қайырымдылық жасағаныңызды есіңізге түсіріңізші. Сіз қайырымдылықты өзіңіздің ағайындарыңыз бен маңайыңыздағыларға жасадыңыз ғой, оларға жердің жақсысын бөліп бердіңіз, қол астындағы қарапайым халықты билеп-төстеуге шексіз еркіндік те бердіңіз, солай ғой? Мойнына қарыздың қамыты салынғандардың қайсысын қарызынан құтқарып, еркіндік бердіңіз? Мешіт салдырттым дедіңіз, ал жалшылардың күшін зорлықпен пайдаланып салдырған мешітке Алла риза бола қояр ма екен?». Құрманғазының соңғы сөзі ханның жанына батып кетті, екі беті қызарақтап дастарханнан ұшып түрегелді де: «Маған ақыл үйрететіндей кім едің сен? Немене, мен сенің Әубәкірдің атын барымталап алып кеткеніңді білмейді деп ойлап тұрсың ба? Сол қылығың үшін сені түрмеге қаматуға толықтай хақым бар. Бірақ мен олай жасағаным жоқ, әлгі қасыңдағы шалыңмен екеуіңе мол етіп сыйлық бергіздім, бұл менің қайырымдылығым емес пе?» деп айқайлап жіберді. Сосын сәл ашуын басқандай болып, дастарханның басына қайтадан отырды. «Мына туған жерімізді әспеттеп жүрген ерекше дарының үшін мен сені түрмеге жіберткен жоқпын, бірақ сен енді бұдан әрі қарай да жаңағы тартқан «Кішкентай» сияқты күй шығаратын

болсаң, онда түрмеге қамалдым дей бер және қаматуға бар күшімді салатын да мен болатынымды ескертемін» деді. Құрманғазы ханның сөзін тыңдап болды да, орнынан түрегеліп, дәм үшін Жәңгір ханға алғысын айтты да, «патша өкіметі мені барымташы деп жариялады, ол түсінікті де. Өйткені көпшіліктің жан дүниесіне қозғау салып, бәрінің де бір Алланың жаратқаны және кім-кімнің де бір Алла берген еркіндікке ие екендігін білгізе алатындай күй тартқаны үшін ешкім де күйшіні түрмеге жаба алмайды ғой. Одан да барымташы деп қамаған әлдеқайда жеңілірек. Жарайды, түрмеге жапқыларың келсе, барымташы десеңдер, дей беріңдер. Ал күйшілік қабілетті маған бір Алла берген және тағы да бір Алла қанша жыл өмір берсе, мен сонша жыл сол күйге адал қызмет ететін боламын» деп сөзін аяқтап, ханға тағы да басын иіп тағзым жасады да, үйден шығып кетті. Құрманғазының даңқының жайылғаны соншалық, қырдың белгілі адамдарының жасаған шілдеханасына болсын, келін алып, қыз ұзатқан тойына болсын, әйтеуір, қандай да бір қуанышына Құрманғазы келіп күй тартуға келісім берсе, бұл той иесі үшін үлкен абырой болып есептелді, ол келіп кеткеннен кейін де сол той иесі көпке дейін өз тойында Құрманғазының келіп күй тартқанын айтып, мақтанып жүретін болды. Құрманғазы да мұндай шақырулардан шамасы келсе, бас тартпайтын. Өйткені мұндай жиындарға, әдетте көп халық келеді, ал оның күйлері негізінен сол халыққа арналып шығарылған еді. Бәлкім, той дастарханының басынан бәріне бірдей орын тие қоймас, бірақ оның домбырасының үні тойға арнап тігілген атшаптырым үйлердің сыртында отырғандардың бәріне бірдей естіледі, олар демдерін іштеріне жұтып, көңілдеріндегі мұң-шерін қозғаған ғажайып күйлерді мүлгіп тыңдап қалады, оның үстіне байлар Құрманғазыға деген сый-сияпаттарын да аямайды, ал күйші болса, байдан алғандарының бәрін сол маңайда жүрген кедейкепшіктерге үлестіріп береді. Міне, дәл қазір ол Ақшоқы байдың қызының ұзатылу тойына баруға жиналып жатыр.

Қарт күйші Ұзақ соңғы кезде кәрілік жеңіп, денсаулығы да болмай жүр, көзінің де көруі нашарлап, қолдары да домбыраны дұрыс ұстай алмайтын жағдайға жеткен, сондықтан да ол күй тартуын азайтты, көбіне шеберлігі жағынан өзінен әлдеқайда асып кеткен айрықша қабілетті шәкіртінің күйін тыңдап отыруды ұнатады. Құрманғазыны жолсапарға аттандырып тұрып, оның қызуқандылығын білетін ұстазы: «Сенің міндетің – тойға келгендерге күй тартып, көңілдерін көтеру, өнерге сусындату, сондықтан да қандай да бір айтыс-тартыс, жанжалдарға араласып кетпе, тіпті оған сені байдың жалшылары немесе байдың өзі итермелеп жатса да, одан аулақ бол. Бұл тойда Шиманның ұлы Жанша болады деп естідім, ол өзі мақтаншақ адам, бәрінің алдына түссем деп жүретін даукестің өзі, сен онымен әңгімелеспе де, дауласпа да, диуана сияқты болып, оның не айтып отырғанын түсінбеген сыңай таныт та, жымиып қойып, күйіңді тарта бер. Сонда ғана ол «бұл жындыдан не шығады дейсің» деп жөніне кетеді деді көңілі толқи. Құрманғазы Жанша дегенде, әлдене есіне түсіп кетіп: «Жанша деген, әлгі патша өкіметіне Жахияны – Исатай Таймановтың ұлы Жахияны Сібірге айдап жіберуге көмектескен Жанша ма?» деді сұраулы жүзбен таңдана. Ұзақ күйші: «Дәл соның өзі!» деді. Құрманғазы онсыз да денсаулығы жоқ қарт ұстазын ренжітіп алмайын деп тойда өзін жақсы ұстауға уәде бергенімен, сол бойда-ақ оның алақаны қышып, ондай мақтаншақты қалайша тұқыртатынын көз алдына елестете бастаған еді. Ақшоқы байдың өзінің қызын ұзататын тойына Құрманғазыны шақырғаны және оған күйшінің келуге уәде бергендігі туралы хабар тойға дайындалып жатқан байдың ауылына тез тарап кетті, әсіресе, жастар жағы елеңдеулі еді. Байдың қызы Зипа он төрт жастағы Қаратайды Құрманғазының алдынан шығып қарсы алуға аттандырды және оған байдың табынының ішінен ең таңдаулы атты мінгізіп жіберді. Кедейдің отбасынан шыққан жалаңаяқ бұл

бала қаракөз Зипаға іштей ғашық еді. Қыз оны білетін, өзі жасөспірім Қаратайдан екі жас үлкен болғандықтан, оған жақсы көретін інісіндей қарады және басқаларға сенбейтін тапсырмаларын осы балаға айтатын, тіпті іштегі сырын да шертетін, Қаратай да қыздың өзіне айтқан сырларын құпия сақтап, оның тапсырмаларын шын ниетімен орындап келетін. Зипаға ғашықтығы өз алдына, жүйрік ат десе есі кететін, ат жарыстарға Зипаның атымен шабандоз ретінде Қаратай баратын және ешқашан жеңіссіз оралған емес. Міне, енді қазір де ол жүйрік атқа мініп алып, өзінің әміршісінің тапсырмасын орындауға асығып бара жатыр. Жолшыбай оған оншақты түйесі мен аттылары бар шағын керуен ұшырасты. Бұл өзінің нөкерлерімен, киіз үйлерімен тойға келе жатқан Жанша бай еді. Қаратай шабысын бәсеңдетпестен керуеннің тұсынан шаңды бұрқыратып өте шығып еді, баланың мына қылығына байдың ызасы келіп «мойының үзілгір!» деді де әрі қарай жүре берді. Қаратай көз ұшында келе жатқан аттылыны байқады да, осының дәл сол Құрманғазы екендігін біліп, атына қамшы басты. Желдей есіп, күйшіге жақындаған кезде, Құрманғазы атынан түсіп, өзіне қарай құйғытып келе жатқан аттылыға қызыға қарап қалды. Қаратай таяп келген кезде Құрманғазы: «Талай шабандоздарды көргенмін, өзім де жақсы шабандозбын, бірақ сенің шабысың бөлек екен, шауып келе жатқан жоқсың, ұшып келе жатырсың! Есімің кім, бала?» деді күлімдеп. Атақты күйшінің өзін мақтағанына көңілі көтеріліп: «Менің атым Қаратай, Зипа ханымның тапсыруымен сізді қарсы алуға келе жатқан бетім, ол өзінің құрбыларын жинап, сізді күтіп отыр, сіздің керемет күйлеріңізді тыңдауға асығулы» деп жас жігіт күйшіге сүйсіне қарап тұрды. Құрманғазы шабандоздың астындағы атына зер сала қарап тұрды да: «Сені мынадай тұлпармен жібергеніне қарағанда, ханым шынында да менің күйімді тыңдауға құмартып отырған секілді» деді. Қаратай: «Иә, бұл жақсы

ат. Мен мұнымен талай бәйгелерге қатысып, озып келгенмін. Сіз де жақсы аттың иесі екенсіз, жасым кіші болғанымен, мен аттарды тани білемін, оған сене беруіңізге болады. Мұнымен бәйгеге түссем, бас жүлдені алар едім» деді бала Құрманғазының атына сүйсіне қарап тұрып. Құрманғазы бәйге деген сөзді естіп: «Бұл тойда бәйге бола ма екен?» деді. Бала: «Болғанда қандай, бас бәйге – бір тоғыз, міне, соны алса ғой!» деді бала құшырланып. Құрманғазы да сол бойда: «Онда не тұрыс бар, мә, ал менің атымды, ендігісі сенің қолыңда. Өзің жеңіп алған атты өзіңе беремін де, қалғанын ауылыңдағы жоқ-жітіктерге таратып береміз. Қалай, келісесің бе?» деп еді, Қаратайдың өңі қуаныштан құлпырып шыға келді: «Әрине, келісем!». Сонымен екеуі келісіп, Қаратай Құрманғазының атынан бәйгеге түсетін болды, бірақ мұны бәйге басталғанша құпия ұстауға келісті. Құрманғазы Қаратайдың бастауымен ауылға келіп, құрбыларымен асыға күтіп отырған ханымның отауына қарай бет алғанда, таяу маңдағы жасыл алаңға Жанша байдың аппақ киіз үйі тігіліп жатқанын көрді. Байдың өзі үйді тігіп жатқан жалшыларға әлденелерді айтып зекіріп жатты. Әлгінде өзін шаңға көміп өткен баланы көріп, оған қарап жұдырығын түйді, сосын оның артында келе жатқан аттылы өзіне иіліп сәлем беретін шығар деп күтіп еді, бірақ оның мұны көзіне де ілмей өтіп бара жатқанын көріп: «бейшара күйшісымақ, барымташы, көрсетермін мен саған!» деді ызалана күбірлей. Ал оның тігіліп жатқан үйінің тұсынан өтіп бара жатқан Құрманғазы болса: «Жан дүниелері қап-қара болған сайын, үйлері неге аппақ болады екен?» деген ойдың жетегінде еді. Бұл күні әр тұстан, әр ауылдан қонақтар тойға ағылып келіп жатты. Әсіресе, жастар жағы көбірек еді, олар дарынды күйшінің домбырасының үні естілген отаудың маңындағы алаңға топ-топ болып жинала қалды. Арасында шай іше отырып, арасында сәл-пәл үзіліс жасап алып Құрманғазы кешке дейін күй тартумен болды. Оның күйлері тыңдаушының алдына біресе түрлі-түсті гүлдерден

кілем төсегендей әсер беріп, сол гүл-кілемнің үстімен жүргізгендей болды, ендігі кезекте гүлдерді жапырып кетерміз деп сақсынып тұрғандай тым-тырыс күйге түсіріп, біресе, алдарынан сағымы ойнаған кең дала шыға келгендей еркіндік бергенде, олар тербеле билеп кетті, енді бір сәт Алма мен Ерғали сынды екі ғашықтың қасіретті махаббатын қос ішектен төгіп, бәрін мұңға батырды. Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлының халықты көтеріліске шақырған құдыретті үні төгіле жөнелгенде көпшіліктің бойында ерлікке деген рух бой көрсетті. Бұл күні домбыраның сиқырлы үні қараңғы түскенге дейін тынған жоқ. Ал ертеңгісін таң ата бәйге басталуы тиіс. Жанша талай аламан бәйгелерде жүлде алып, өзінің даңқын шығарып жүрген Кертөбелін қосты. Алдын ала сақтық жасап, ол бәйгенің жолының шетіне өзінің адамдарын тұрғызып қойды, олардың міндеті – алда-жалда басқа ат озып бара жатса, өзінің шабандозына айтақ қосып, қапталдан күш-қуат беру және басқа аттың озуына мүмкіндік бермеу. «Не болатынын шайтан біле ме, сақтанбаса болмайды» деді Жанша бай іштей. Бірақ бұл жолы оның алдын кескен шайтан емес, Алланың өзі қуат берген Құрманғазы болды. Міне, бәйге аттарына белгі берілді де, ат тұяғынан ұшқан шаң аспанға көтерілді. Қай ат қай жерде кетіп бара жатыр, кімнің аты қай тұста, кім алда, кім артта – ештеңе айырып болар емес, тек ышқына ұмтылған тұлпарлардың дүбірі дүниені жаңғырықтырып бара жатты. Құрманғазы ат тұяғынан көтерілген құйынның бозғылт пердесінің ішіне үңіле қарап тұр, жүрегі дүрсілдеп кетті, жүрегінің дүрсіліне қосылып: «Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс!» деген ой да санасында қайталанып жатты. Міне, енді созыла шапқан бәйге аттарының ұзын ырғасы алыстан, қыр басында тұрып қарағанда иретілген жыландай бүктетіліп-жазылып бара жатқандай. Сәлден соң созыла түскен жыланның басы денесінен бөлініп шықты да, алға қарай екпіндей жөнелді. Жо-жоқ, бұл жыланның басы емес екен, бұл көкке ұмтылған сұңқар екен, ал артқы жағынан

келіп қалған жылан оны жұтып жібермекке оқталып келеді. Бірақ жерде жорғалаған жылан көкке қалықтап бара жатқан сұңқарды қалайша жұта алады: қалың шаңның арасында қақалып-шашалып келе жатқан жыланды артқа тастап, сұңқар шарықтай жөнелді. Ең соңғы айналым! Тұлпар мен үстіндегі бала бір тұтас әлемге айналып кеткендей. Аңтаң қалған жұртшылықтың алдынан олар оқтай ұшып өте шықты, бұл – Құрманғазының Қолбаңқұлақ деп аталатын сүйікті тұлпарының үстінде кетіп бара жатқан Қаратай еді. Жанша бас бәйге Құрманғазының атына берілгенін естігенде ызадан жарылып кете жаздады. Сосын өзінің қабаған иті сияқты бойы екі метрге жететін жандайшабы Тәкежанға бәйгеден бірінші орын алып бере алмаған жалшыларының сазайын тартқызуды тапсырды. Тәкежан бойының ұзындығына қоса, алып күш иесі де еді, ол жұдырықпен бір ұрғанда нән бұқаның өзін сұлатып түсіретін. Енді, міне, сол қолшоқпардың уысына түсу Жаншаның жалшыларына оңайға соқпайын деп тұр. Көп ұзамай Құрманғазы демалып жатқан киіз үйге Жаншаның бір адамы келіп, күреске қатысуға ұсыныс жасалып жатқанын айтты. Келіп тұрған адам: «Атының бірінші келгені оның еңбегі емес, ал жекпе-жекке шығып жеңіп өзінің күшін көрсете білсе, сонда ғана ол нағыз батыр жігіт деген атқа лайық болмақ» деген ойын мысқыл күлкісімен аңғартып өтті. Құрманғазы келіп тұрған адамның сөзін де, ойын да түсінген соң: «Сенің қожайының менің онымен жекпе-жекке шыққанымды қалап отыр ма?» деді таңырқаған кейіп танытып. Байдың жандайшабы аздап іркіліп қалып: «Байдың өзінің шаңға көміліп күресіп жатқаны ыңғайсыз ғой. Сен оның Тәкежан деген палуанымен күреске шығасың, егер де сен домбырасын дыңғырлатып жүрген әлдеқандай бір бейшара күйшісымақ емес, жұрттың бәрі аңыз етіп айтып жүргендей шынымен де батыл адам болсаң, соны дәлелдеу үшін менің қожайынымның ұсынысын қабыл алуға тиіссің» деді сөз тауып кеткеніне мақтанған үнмен.

Құрманғазы өзінің намысына тиіп, сөйтіп мұның бас тартуына мүмкіншілік бермеуге тырысып сөйлеген жандайшаптың сөзін тыңдап болды да: «Сенің қожайыныңнан менің айырмашылығым – мен ешқашан да біреудің артқы жағына тығылып тұрып сөйлеген адам емеспін. Егер де ол мені өзінің жабайы аң сияқты құлымен қорқытқысы келіп тұрса, онысы бос әурешілік. Мен сенің қожайыныңның өзімен жекпе-жекке шығар едім, бірақ ол мұндай жекпе-жектен қорқып, құлының арқасына тығылып отыр ғой, несі бар, ендеше мен сол құлмен де жекпе-жекке шыға аламын, егер де мен оны жеңіп кетсем, демек, сенің қожайыныңды да қара жерге алып ұрғаным болып шығады, осылай деп сәлем айт!» деді байыппен сөйлеп. Жасыл алаңды жұрт қоршай отырыпты, ортаға арқасын бүкірейтіп Тәкежан шықты. Ұп-ұзын қолдары жерге тиердей, қыртыс-қыртыс жап-жалпақ маңдайына орнай қалған қалың қабағының астынан жасыл-сұры араласқан жабайы көздері ызғар шаша қарайды. Ол өзімен жекпе-жекке шығуға батылы жететін жемтігін іздеп тұр еді. Құрманғазының қолынан қысып ұстап алған Қаратай: «Құрманғазы аға, мынадай жабайы аңды адамның жеңуі мүмкін бе, қараңызшы, мынау нағыз қара күш қой, көзқарасы қандай ызғарлы еді. Ол тіпті біздің әрқайсымызды түтіп жеп қоярдай, мынаумен кім жекпе-жекке шығар дейсің, торға қамалған аң сияқты алдына келгенге атылайын деп тұр, тіпті ешкім шықпаса, қазір кім болса, соған тап беретін түрі бар сияқты» деді біртүрлі абыржып. Құрманғазы: «Саспа, Қаратай, адамның рухының күшінен асатын күш болмайды, ал аңда қайдағы рух? Аң – ол кәдімгі аң, оның күші жүйкесі жұқа адамсымақтарға ғана жетеді. Ал біз екеуміз ондай адам емеспіз ғой!» деп баланың иығынан қағып қойды. Сөйтті де, бойы өзінен бір бас биік Тәкежанға қарай батылдана қадам басты. Жарыстың шарты бойынша күреске шыққан екі палуан бірін бірі кезеккезек үш реттен лақтыруға тиіс. Жанша анау деп, мынау деп айтысып жүріп, ақыры төрешілерден Тәкежанға бірінші

кезек беруін сұрап алды, сондағы ойы – Тәкежан бірінші кезектің өзінде-ақ қарсыласын шаң қаптырады да, жұрттың алдында қайсар күйшінің рухын енді қайтып тұрмастай етіп сындырып береді. Міне, Тәкежан өзінің ұзын қолдарымен Құрманғазыны қапсыра құшақтап алды да, жерге атып ұрды. Қызыққа жиналып тұрған жұрттың кейбіреулері дәл қазір көз алдарында сұмдық оқиға болатындай шошынып, көздерін жұма қалды. Бірақ Құрманғазы құлап бара жатып, бойын жинап үлгерді де, жасыл шөпке домалап түсті. Домалап түсті де, сол бойда ұшып түрегелді. Осы жағдай екінші ретте де қайталанды, үшінші ретте де дәл осы жағдай қайталанған кезде, демдерін іштеріне жұтып бір сұмдықты күтіп тынып тұрған қалың жұртшылық ду-у ете қалды. Ендігі кезек Құрманғазыға тиді. Бұл да қарсыласын үш рет лақтыруы тиіс. Бірақ үш реттің қажеті болмай қалды. Бірінші рет лақтырғанда-ақ Тәкежанның зор денесі жерге бар салмағымен гүрс ете түсті, кеуде тұсында бір нәрсе сықыр етті де, ол сұлқ қалды. Құрманғазы Жанша жаққа қарады да: «Қалай, мен сені жерге жапсырдым ба, жапсырдым! Күресу деген саған жазықсыз баланы каторгаға айдату емес, оның әкесінің рухы осы күресте менімен бірге болды, сол екеуміз, міне, сені жеңіп шықтық! Алдағы уақыттарда да осылай бола бермек, осыны мәңгі есіңде сақта!» деді мығым дауыспен. Бай күйшінің ашулы сөзіне ештеңе деп жауап қатқан жоқ, артына бұрылды да, жиналған жұрттың бәрінің өзіне қадалған көздерінің салмағынан жаншылып кеткендей, еңсесі түсе, өзінің киіз үйіне қарай беттеп бара жатты. Бірақ жай кетіп бара жатқан жоқ: «Әлі де кеш емес, кімнің кім екенін көрсетермін саған!» деп бара жатты іштей. Бұл тойдан Құрманғазы жеңіл қайтты, күй тартқаны үшін алған сыйлықтарын да, жарыстардан озып келгені үшін алған сыйлықтарын да ауылдың кедейлеріне үлестіріп берді. Ауыл да алыста қалды, тіпті көрінбей кетті, бірақ күйшіні шығарып салуға бәйгеден бірінші келіп, жеңіп алған атына мініп ере шыққан Қаратай әлі де кері қайтатын

емес. Осы тойда дауылпаз күйшімен әрі дала батырымен жолыққанына риза. Кейін қартайған шағында бұл бала өзінің немерелеріне күйшімен өзінің қалай кездескенін ертегілердегідей қызғылықты деректер қосып, керемет аңыз етіп айтатын болады. Ал қазір ол Құрманғазымен қоштасып тұрып: «Құрманғазы аға, мен бүгін Жанша байдың өзінің нөкерлеріне айтып жатқан бір әңгімесін естіп қалдым, ол нөкерлеріне ендігі жерде сіздің артыңыздан көлеңкедей қалмай аңдып жүруді тапсырып жатты, сізді ұстап алып, барымташы деп, Орданың түрмесіне қаматпақшы» деді. Құрманғазы өзін шығарып салып тұрған баланың қолын қысып тұрып: «Ризамын саған, достым, маған осыны ескерткенің үшін! Демек, менің енді сақтанып жүруім керек, сақтансам, мен олардың қолына түсе қоймаспын!» деді де желе жортып ұзай берді, ал сәлден соң атына қамшы басты. Құйындатып, төбелердің арғы жағына асып кетті. Жол үстінде жалғыз қалған Қаратай оның артынан ұзақ қарап қалды. Сәлден кейін барып атының басын кері бұрып ол да ауылға қарай жөнелді. Ауылға келе бергенде ол ауылдың шетінен бес салт аттының жаңағы өзі келген бағытқа қарай желе жортып бара жатқанын көрді. Олардың артынан қарап тұрып, жұдырығын түйіп: «Кеттіңдер ме, оңбағандар! Бірақ Құрманғазы сендердің қолдарыңа оңайлықпен түсе қалатын адам емес!» деді айқайлап. Әрине, оның дауысын ешкім де естіген жоқ. Ал, соңынан қуғын шығуы мүмкіндігін Қаратайдан біліп алған және байдың зұлымдығын да білетін, сондықтан да оның жалғыз кетіп бара жатқан осы сәтті босқа жібермеуге тырысатынын сезген Құрманғазы оларды алдап соғуға бел байлады. Ол ауылына кеткен жоқ, кең далада қиыр-шиыр болып жатқан жолдардың біріне түсті де, басқа ауылға қарай тартты. Біраз жүрген соң Құрманғазы ойпаңдау жерде ықтасында отырған бір ауылға келді. Келді де бір қараша үйдің жанына тоқтап, «кім бар?» деп дыбыс берді, үй

иесі тысқа шықты. Ұзақ жолдан үсті-басын шаң басқан мұның өзін, қолындағы сырты оралған домбырасын көріп, күлімсірей қарсы жүріп, үйге шақырды. Үйге кірген кезде Құрманғазының керегеде ілулі тұрған домбыраға көзі түсті. Жақындап келіп домбыраны қолын алды да, құлақ күйін келтіре бастады. Сәлден кейін үй иесі дастарханға шақырып, қонағына шай ұсынды. Үй иесімен екеуі әңгімелесіп, шай ішіп отырғанда, үйге оның жасы он бестер шамасындағы қызы кірді. Дөңгелек жүзді, қасы қиғашталып түскен, үлкен қой көзді, оймақ ауыз қыздың сымбатын байқап үлгерген жас күйшінің жүрегі біртүрлі жиі-жиі соғып, оған қарай берді. Бейтаныс адамның өзінен көз алмағанына ыңғайсызданған қыз әдемі көзін басқа жаққа бұра беріп, керегеде ілулі тұрған домбырасының өзі іліп қойғандағыдай емес, басқаша тұрғанын байқап қалды. Аузын бұртитып: «Менің домбырамды кім ұстаған?» деді өкпелегендей. Әкесі: «Ақ-Мадай1, сен менің домбыра тартпайтынымды білесің ғой, бәлкім, сенің домбыраңды ұстаған қонағымыз болар?» деп жұмсақ дауыспен жауап қатты. Қыз Құрманғазыға қарап бұрылып, оның көзіне тайсалмай қарады да, мынау бейтаныс адамның өзіне мейірлене қараған жүзіндегі ерекше бір сүйкімділікке байланып қалғандай болды. Өңіндегі әлгі еркелігі сол бойда ғайып болды да, еріндері сәл ашыла, жігітке күлімсірей қарады. Орнай қалған үнсіздіктен екеуі де ыңғайсызданып қалып, сол үнсіздікті, әйтеуір, бірдеңе айтып бұзбақ болған Құрманғазы қызға домбыра тарт деп ұсыныс жасады. Қыз да ыңғайсыз жағдайдан шығып кетудің жолы табылғанына қуанып, кереге басында ілулі тұрған домбырасын жылдам алды да, құйындатып бір күйді тарта жөнелді. Қыз күйді тартып болған кезде Құрманғазы оған сүйсіне қарап: «Күнім-ау, сенің әлгі тартқаның түкке тұрғысыз бірдеңе ғой!» деді де, қыздың қолынан домбыраны алып, басқа бір ауыз сөз айтпастан өзінің «Балбырауын» 1 Автор бұл жерде тарихи деректерде Құрманғазымен күй тартысқан делінетін Ақмаңдай күйшіні меңзеп отыр.

күйін төгілте жөнелді. Қыздың қос жанарына бір қуаныш сәулесі ойнап шыға келді, саусақтары күйдің ырғағымен қимылдап, тербеліп кетті, қыздың әкесі де сақалын жайлап сипап, риза болып отырды. Күйдің соңғы дыбысының үні басылғаны сол еді, енді күйші екінші шығармасын бастап кетті. Бұл «Серпер» еді. Әкесі мен қызы біраздан соң шабытты күйлерімен өздерін таңғылдырып отырған мынау адамның Құрманғазы екендігін таныды. Өйткені бұл далада қос ішекті бұл аспапты асқан шеберлікпен тартатын одан өткен адам жоқ еді. Енді олар күйшіні өздерінің үйінде тағы да бірнеше күн қонақ болып қалуға үгіттей бастады. Қонақ бұл ұсынысты қабыл алғанда, үй ішінің қуанышында шек болмады. Бұл жағдайға әкесінен гөрі қызы көбірек қуанды, қуантқаны оның күй тартудағы шеберлігі ғана емес еді. Олар күн ұзағына бірге болды. Құрманғазы өзінің әдемі шәкіртін күй тарту шеберлігіне баулыды. Кей күндері екеуі кең даланы бетке алып, ауылдан ұзап, даланың жалғыз аяқ жолымен жүре беріп, жұп-жұмсақ кілемдей көгалдың жұпарын жұтып, құстардың сайраған дауысына құлақ түріп, өздері де сол самғаған құстардай қиялмен алысты шарлап кететін. Көңілінде сүйіспеншілік сезімі бүршік атқан күйші қыз Құрманғазы ауылдан аттанарда осы күзде өзінің еріксіз, өзі сүймейтін біреуге ұзатылатынын, егер де Құрманғазы өмірлік жар етемін десе, атастырған жерінен бас тартып, еркін өзіне беретінін айтты. Шынайы сезімін ақтарып салған қыз алдында Құрманғазы қатты толқып тұрды. Сосын оның мөлт-мөлт етіп жасқа толып кеткен нәркес көзіне өзі де мұңдана қарап: «Мен бір орнында тұрақтамай, өмір бойы ел кезіп жүретін адаммын, бұл жүрісіммен мен сені бақытты ете алмаймын, әкеңнің мені құшақ жая қарсы алған қонақжайлылығына алғыс айтудың орнына, қызын алып кетіп және ол қызды бақытты ете алмай, қайғыға көміп кетсем, менің адамгершілігім кәні! Мен сенің өз бақытыңды табатыныңа сенемін!» деді де қызбен қош айтысып, өзін аз

күнге болса да қуанышқа бөлеген осы бір қараша ауылдан аттанып бара жатты. Жаншаның нөкерлері даланың аштықтан бұратылған шибөрілеріндей Құрманғазының ізіне түсіп, қырдың үстін кезіп жүрді, ақыры не жерге кіріп кеткені, не көкке ұшып кеткені белгісіз күйшіні табудан күдер үзіп, ауылдарына қайтып келді. Жанша болса, өзінің ескі әдетінше, нөкерлерінің жер-жебіріне жетіп ұрысып алды да, Құрманғазыға деген кегін көңілінің түкпіріне жасырып, қалай да одан өш алатындығын тағы да бір нықтап қойды. Тойдан қайтып келгеннен кейін ол өз нөкерлерінен тұтас бір отряд жасақтап, Құрманғазының ізінен қалмай жүріп ұстап, қалайда түрмеге жаптыру керектігін шегелеп тапсырды. Жаншаның жол торушылары жарты жыл бойы Құрманғазыны аңдумен жүргенде олар үшін мынадай бір оңтайлы жағдай бола қалды: Құрманғазы сырқаттанып жатқан ұстазы, кедей отбасынан шыққан Таңшолпан деген бір қыздың күтіміндегі Ұзақ қарттың көңілін сұрап қайтуға келген еді. Ұстазының хал-жағдайын біліп, біраз отырған соң үйіне қайтты. Өзінің қараша үйіне келіп, кереге басында ілулі тұрған домбырасын қолына алды да, ақырын ғана шерте отырып, заулап бара жатқан адам өмірінің соншалықты қысқалығын ойлап, мұңға батты. Ұлы күйші Ұзақты алғаш көрген кезде, бұл бала еді, ол сонда мұның көзіне аңыздардағы батырлардай көрінген, ал өмір шексіз сияқты еді де, жылдар тым ұзақ тәрізденген. Сонда тезірек есейгісі келген, есейіп, домбыраны тартқанда шеберлігіне сөз жетпейтін Ұзақ сияқты күйші болғысы келген. Міне, балалық шақ та артта қалды, есейді, домбыраны тартуда да, күйшілік өнерде де бүгінгі күні өз үйінің төрінде бұхар кілемінің үстінде жатып, сөніп бара жатқан қадірлі ұстазынан да асып түсті. Сосын, сосын не болып еді? Өткен шағына, қызыл гүлдей жайнаған балалық шағына тағы да бір бұрылып қарап: «Сен шынымен де менің басымнан өттің бе? Әлде, мұның бәрі жай қиялдағы ғана нәрсе ме

еді?» деп сұрағысы келеді. Құрманғазы осындай ойлардың жетегінде қолындағы домбырасының пернелерінің бойымен саусақтарын жүгіртіп, әлдебір әуенді шертіп отырғаны сол еді, үйге кіріп келген Жаншаның жансыздары бұған тарпа бас салып, жабыла сабап, сосын қос қолын артына қайырып байлап, екі аяғын арқанмен байлап-матап, атқа өңгеріп алды да, кешкі ауылдың назарына ілікпес үшін, тым-тырыс күйде аттанып кетті. Орданың түрмесіне тағы бір тұтқын әкелінгені туралы хабар көп ұзамай Жәңгір ханға да жетті. Бұл хабарды естіген хан жеңімпаздың күйіне түсіп, кекесінмен бір жымиып қойды. Бірақ илікпей қойған Құрманғазыны алдына алып келгенде, мұның зәрлі көзіне салмақпен және тайсалмай қараған оның тәкаппар кескінін көрген кезде, тұтқындарға билігі жүретін құдыреттілігін көрсеткісі келіп отырған райынан қайта қойды. Мына жас күйшіге қарап отырып, оның көз алдына өзінің жап-жас шағы айнадан көргендей болып елестеп өтті. Талдырмаштай шағында Андреевскийдің қабіріне топырақ салып тұрып, уысындағы мұп-мұздай топырақты қыса ұстап, өзінің әкесіндей болып кеткен осы бір қадірлі адамды соңғы сапарға атандырып тұрғанда оған іштей уәде беріп тұрған сәті елестеді. Губернатордың қабірінің басында тұрып берген уәдесінде ол өз халқының бақытты да тоқшылықта өмір сүруі үшін бар күшін сарп ете және өмір бойы қызмет ететіндігін айтқан еді. Сол уәделері қайда қалған? Бәлкім, ол бұл уәделерін де сол жерде мұп-мұздай топырақпен өзі көміп кеткен болар? Міне, енді көп жылдар өтіп, жасамыс шағына жеткен кезде, жастық шақтағы ар-намысын дәл қазір өзінің қарсы алдында отырған мына жас жігіттің батыл да ашық келбетінен көріп отырғандай әсерде қалды, сол сәтте, тіпті бір демде өзінің айналасындағылардың жағымпаздығы жүрегін айнытып, қолын созса малынатын байлығы түкке алғысыз бірнәрсе болып шыға келді. Дарынды да, тәрбиелі мына жігіттің жан дүниесін ап-айқын көрсетіп тұрған жарқын жүзінің алдында мұны бәлеқор деп, барымташы деп соңына

түскен өзін енді қайда қоярға жер таппағандай болды, жалаңаш қалған адамдай, бетперде қылуға жарарлық бірдеңе іздеді, іздеді де жігіттен көзін тайдырып әкетті. Дегенмен бір мысқал да кінәсі жоқ осы адамды тез арада тұтқыннан босатып жібергісі келген алғашқы әсер тез қайтты, сөйтті де, енді өзінің құдыретті күйлерімен халық кегін оятып, ол кектің дауылы мұның өзіне де тап беріп, ақыры құртып жібере алатындай күшке ие талант иесінің алдында бір қорқыныш биледі. Жәңгір Құрманғазыға тағы да қарады, бірақ бұл енді жаңағы көзқарастан мүлдем басқа, қырдың халқын есеппен әрі қулықпен бағындырып отырған адамның көзқарасы еді: «Сіздің түрменің торына қамалып қалғандығыңызға қатты өкініп отырмын, Құрманғазы Сағырбаев, және мен сізді қазір-ақ босатып жіберер едім. Бірақ заңның аты заң, менің де оны бұзуға хақым жоқ. Дегенмен сіз үшін бір жеңілдіктер жасай аламын. Сондықтан қандай тілегіңізді де орындауға әзірмін» деді. Құрманғазы оған кекесінді кескінмен жымиып: «Егер де маған еркіндік бере алмайтын болсаңыз, ең болмаса мені домбырамнан айырмаңыз!» деді бар өтінішім осы дегендей сыңай танытып. Хан оған домбырасын тез арада қайтарып бергізуге уәде етті. Хан Жәңгірмен күйші-композитордың екінші рет және соңғы рет кездесуі осылай аяқталды, енді оның барымташы-тұтқын ретіндегі өмірі басталды.

6-тарау ҚАШҚЫН

Құрманғазының хан түрмесінде жатқанына жылға таяу уақыт болды. Шаршап бітті. Не тергемейді, не соттап тынбайды. Хан тапсырғасын, бұған дегенде күзетшілердің тырысқан қабағы жазылып сала береді. Ескертуден әрі аспайды. Осының бәрі еркіндікті сүйетін күйшінің жанын жегідей жеп барады. Қазір бұл да бір – торға түскен торғай да бір. Тар қапасқа сыймай аласұрып, өзінің бостандықта, соры қайнаған халқының ортасында жүруге тиіс уағында қайғыға қосақтап қойған тағдырын қарғайды келіп. Ол бір сәт азат өмірден мәңгіге күдер үзген кейіпте Құдайына мұң шаққан: «Құдай-ай, менің мұндай жаза тартатындай не жазығым бар еді? Ұры да, қанішер де емес едім ғой. Осының бәрі, байлардың зорлық-зомбылығына шыдамай қарсы көтерілген қайғысы қалың халқымның көңілін күймен жұбатпақ болғаным үшін бе! Темір торға босамастай байлап тастар болсаң, несіне ұшарға қанат бердің, несіне күйшілік дарын бердің? Сенің пәрменіңсіз адам баласының басынан бір тал шаш та түспейді. Ей, құдіреті күшті Құдайай, неден жаздым! Бәлкім, менің бұл жазаға лайық болып, өзіңнен кешірім сұрауға да хақым жоқ шығар! Бірақ оқыған дұғамның саған жеткенін білдіргендей бір белгі берсеңші!» Осылай деп Құдайға мұң шағып жатқан ол темір тор ішінде пайда болған қартты байқамай да қалды. Бұл – қарттың Құрманғазы қиналған шақтағы үшінші келуі еді. Қараңғы қапас ішінде терезе алдынан табылған таныс адамын көрген бойда Құрманғазы ыршып түсті. Әлгі қарт тұтқынның мұнысына жылы жымиды да қойды. «Сіз мұнда қайдан жүрсіз?». Аң-таң болған қалпы иіліп жатып, Құрманғазының аузынан осы бір орынсыздау сұрақ шығып кеткен. Сәлден соң онысын өзі де сезе қойды: «Кешіре гөріңіз, бұлай шатасып жатсам, мына қапастың ақыл-естен

айырайын дегені-дағы.» Құрманғазының бұл сөзінен кейін ақсақалдың жүзіне күлкі үйіріліп, кешірдім дегендей иіліп ықылас білдірген. Сосын басын шайқап: «Сен өзіңе жіберілген сынақты жаза деп қабылдап, жаңа ғана Жаратқанға бұдан да орынсыз сұрақ қоймап па едің?» – деген. Құрманғазы өзін кінәлі сезінгендей басын төмен салбыратып: «Бірақ бұл сынақ адам төзгісіз болса мен қайтпекпін. Ауру-сырқауды, кекетіп-мұқатқанды, жауларымның өсек-аяңын көтерсем де, бұғауда отыруға төзе алмаспын. Мен өз өнеріммен адамдардың түзу тұрмыс кешсек деген үмітін үрлеп жақтым. Елді байдың озбырлығына қарсы күресуге үндедім. Енді, міне сол озбырлықтың отына өзім өртеніп жатырмын» - деді. Әлгі ақсақал асықпай тыңдап болып, жауап қайырды: «Сенің бұл ойың дұрыс емес. Себебі Алла Тағала ешкімге ешқашан көтере алмас жүкті арқалатпайды. Адамның мойнына ауыр жүк артылғанда, ол тістеніп тұрып, жігерін жанып, алған бетінен қайтпауы керек, сөйткенде ғана оның рухы биіктейді. Ал, мұң мен зар, езгі мен қорлық өміріңе жетерліктей болар, тек мұның бәрі келер күннің еншісінде әлі». «Осы сынақтың бәрі не үшін сонда? Бұған төзерліктей шыдамды қайдан алам?» Құрманғазы алабұртқан қалпы осыны сұраған. Күзетші ол отырған камераның есігінен ішке сығалады. Әруақытта сабырын серік қылған тұтқын бұл кезде камераның қақ ортасына тұрып алып, терезеге телмірген қалпы елес боп келген қартқа әлденені қызылкеңірдектене айтып жатқан. Тұтқынның сыртынан аз уақыт бақылаған күзетші мынау ақылынан алжасқан екен деп ойлады. Бұл сәтте әлгі қарт Құрманғазыны асықпай тыңдап болып, оның сұрақтарына жауап берулі. «Бірінші сұрағыңның жауабын өзің де біліп тұрсың деп ойлаймын. Ол үшін батырлықтарын өзің күйге айналдырған Исатай мен Махамбеттің не үшін опат болғанын есіңе алғайсың. Екінші сұрағыңа жауабым қысқа: күштің бәрі үмітте жатыр, осыны білгейсің». Сөзін аяқтап болып, қарт орнынан тұрып бара жатқан. Құрманғазы тоқтатты: «Сәл кідіре тұр. Осымен үшінші рет қиналған шағымда қасымнан

табылдың. Түсінбедім, сен кім болдың?». «Бұл жолы да танымадың ба? Мен сенің үмітіңмін ғой!» – деп күлді әлгі қарт. Осыны айтып артына алакөлеңке түрме терезесінен қабырғаға құлаған күн шұғыласын ғана қалдырып, ауаға сіңіп жоғалды. Қартпен кездескеннен кейін тұтанған алабөтен сезімнің тербеуімен Құрманғазы жаңа бір күйді тарта жөнелген. Күзетші оның бұл қылығын да түсіне алмады. Дегенмен күйдің кереметтігі сол – тұтқынның жан дүниесі түгелдей домбыра шанағына сыйып кеткендей еді. Күйге құлақ түрген күзетшінің көз алдына кең төсін жұпар аңқыған гүл көмген көктемгі қырдың керемет көрінісі келе қалғаны. Сосын... көк кілем үстімен дүркірей шауып, көкжиекке сіңіп бара жатқан шабандоздың бейнесі көлбеген. Бұл күйдің күзетшіге әсер еткені соншалық, ол түрменің есігін ашып, жаңа ғана ойналған күйдің атын сұраған. «Ертең кетем» деген күліп Құрманғазы. Күзетші жылы жымиды-дағы, түрме есігін құлыптап жатып, мына қапас шынымен күйшіні ақылынан алжастырайын деген екен деп ойлады. Сосын көрген-білгенін айтпаққа түрме бастығына жөнелді. Келесі күні күнделікті қалыптасқан ережеге қарамастан Құрманғазыны өзге тұтқындармен бірге түрме ауласын тазалауға алып шыққан. Бұған себеп қыс бойы омбыланып, қарайып қалған қардың еріп, түрме ауласының әр жерінде жинаусыз шашылып жатқан қоқыс, көң, тезек үйінділерін жалаңаштап тастаған көктемнің келісі болса керек. Камерадан шығып бара жатып Құрманғазы өзінің жан серігі – қара домбырасын тастамай алып жүрген. Мұны байқаған күзетшілердің бірі оған той тойлауға емес, жұмыс жасауға бара жатқанын, бұл істе домбыраның қажеті жоқтығын ескерткен. Ал күзетшілердің бір жартысы, қара жұмысқа адам жеткілікті деп, Құрманғазының керемет күйші екенін, ол күй тартса, тұтқындарды қадағалап жүру іш пыстыра қоймайтындығын алға тартқан.

Осылай күйші түрме ауласына домбырасын құшақтай шықты. Шақырайған көктемгі күн сәулесі көзін қарықтырып, сыртқа шығып келе жатқан күйшінің санасында дәл бүгін бұл бұғаудан азат болам деген ой берік бекіген. Түрме ауласына сүйенген дөңгелегі сынық арбаның үстіне жайғасып жатып ол, арба үстінде тұрып секірсем, ауланың жоғары жағына қол іліндіре алам, сосын ауладан әрі асып түсуге болады, ал оның аржағын Құдай көрсетер деп түйді. Дәл осылай көп қиналмастан бостандыққа шығуға болады деген ой күйшіні желпіндіріп, «Серперді» ерекше ықыласпен тарта жөнелген. Бір күйден соң бір күй төгіліп, сиқырлы саз күзетшілердің езуіне күлкі қондырып, тұтқындар да осындай бөлекше әсермен өз ауласын тазалап жатқандай жұмыс көркін қыздырған. Көктем – түрме ішінде де көктем ғой, шіркін. Күзетшілердің қатайып кеткен жүректерін жібітіп, тұтқындардың көңілінде көп ұзамай мына қапастан босап шығамыз деген үміт отын жақты бұл көктем. Күйші күн түбіне тартып бара жатқан шабандозды көз алдыңа елестетер кешегі бір күйін төгілте жөнелді. Бұл күйдің айналаға әсер еткені соншалық – күзетшілер де бір сәтке ақыл-естен айырылып, тұрған жерлеріне қазықша қағылғандай еді. Осы сәтті пайдаланған Құрманғазы, күйді кілт үзіп, арба үстіне қарғып шығып, домбыраны ауладан лақтыра, өзі де тосқауылдан асып түскен. Сосын аяққа тұрып, домбырасын қолына қысып ұстап, әлгі бір күйдегі шабандоз құсап көзкөрім жердегі өзен бойындағы қалың қамысқа қарай желдей ұшқан. Тіпті түрме беттен шыққан мылтық даусына да қарайламаған. Құрманғазының жалғыз үміті – өзен болатын. Ат тұяғының дүрсілі қуғынның жақындап қалғанынан хабар беріп келеді. Алған жерден жүгіре жөнелген тұтқын көп ұзамай ентігіп те қалды, тек жігерін жанып жүгірісін үдеткен. Міне, өзінің жебеушісіндей болған қалың қамысты өзен алдында ағып жатыр. Тұтқын қалқыған мұздықтар бетін жапқан көктемгі өзен суына қарай жабайы қабанға ұқсап, қамыстан қаланған қабырғаны басымен жарып өтіп жол салған. Домбырасын

арқасына іліп, ол өзінің құтқарушысы – кілкілдеген үлкен ыдысқа қойып кетті. Судың салқындығы бірден білінді. Тұтқын қолдарын жанталаса сермеп, өзеннің арғы бетіне қарай тартты. Ағыстың қатты болғаны соншалық, тұтқынды төмен қарай ағызып әкете барған. Биік өскен қалың қамыс күзетшілердің дәлдеп атуына мүмкіндік бермеді. Мылтық дүмбісінен ұшқан оқтар су бетінде болмашы толқын туғызып, иесін таппай су түбіне кетіп жатты. Құрманғазының бұл ісін қайталарға күзетшілердің жүрегі дауаламады. Олар «тисе терекке, тимесе бұтаққа» оқ жаудырып жүргенде Құрманғазы арғы жағалауға жетіп, қамыс ішіне сұғынып кетті. Күзетшілер тұтқыннан көз жазып қалғандарын сезіп, оқ атуларын тоқтатты. Сосын кінәні бір-біріне аудара сөйлеп, біраз дауласып тұрды да, аттарының басын кейін бұрып, түрме басшылығына болған жайды баяндауға асықты. Ең қауіпті тұтқынның түрмеден қашып кеткенін естіген Жәңгір хан ашуға мініп, түрме бастығын шақыртқан. Ол болса қаһарлы ханның алдына имене басып кірді. Сосын билеушісінің көзіне тіке қараудан қорқып, басы салбыраған қалпы ханның атшаптырым кең бөлмесінің кіреберісінде кідіріп қалды. Хан әшекейлі жұмсақ орындықта тақ үстіне жайғасқандай салтанатты отырып, зәрін шаша сөйлеген: «Бағана сияқты есік алдында не ғып тұрсың? Қазір бөлмемнен шығып, сенің орныңа тұтқынды қуа жөнеледі деймісің? Жақында бері, мен сенің жұмысыңды жасайтын жайым жоқ. Онсыз да шаруам шаш-етектен». Хан өзіне қарсы орналасқан орындықты нұсқады. Түрме басшысы құлдық ұрып, алға жақындай берген. Бірақ орындыққа отыра кетуге жүрегі дауаламады. «Барлығын тұрып баяндауға рұқсат етіңіз» – деді қаһарлы ханнан именіп. Жәңгір басын изеп келісімін берді. Түрме басшысы болған жайды баяндай бастады. Кешқұрым түрме күзетшісі келіп, күйшінің ақыл-естен айырылайын дегенін, әрі сөз арасында тұтқын күзетшіге күліп, ертең қашып кетем деп айтқанын жеткізіп еді. «Күзетшінің сөзінен кейін жағдаймен

келіспеске шарам болмады. Сосын, ертесі таңертеңмен өзге тұтқындармен бірге таза ауаға шығарып, түрме ауласындағы кішігірім жұмыстармен айналысуына пәрмен бергенмін. Мен таза ауа оның ақыл-есін кіргізер деп ойладым». Хан түрме бастығының баяндамасын шорт кесіп: «А-а-а, ойладым де!.. Сенің басыңда ойланарлықтай бірдеңе бар ма өзі! Құрманғазының ақыл-есінің сау екендігі соншалық, сені мен сенің айналаңдағылардың ақыл-есі мұндай деңгейге жетіп көрген жоқ бұл күнге дейін. Ал, ол жынды боп көрініп, ауыздарыңды аңқитып кетті. Осыдан кейін кім ақымақ екен: ол ма, әлде сендер ме?» Түрме бастығының тілі шықпай қалды. Жәңгір оған қарағысы келмей жиіркене сөйлеп: «Көзіме көрінбей жоғал әрі! Өзіңнің болашақ тағдырыңның қандай болмағын менің хатшымнан білесің!». Түрме бастығы хан бөлмесіндегі бұхар кілем үстімен тізерлей сүйретіліп бара жатқанда Жәңгір хан таңғалысын жасыра алмай айқайлап жіберген: «Иә! Міне нағыз ер! Үмітімді ақтады! Ақыры менің бұғауымнан құтылған екенсің ғой». Ханның жан дүниесі арпалысқа түсті. Құдды бір, екі батыр жан алысып, жан беріскен айқасқа шығып, бірін-бірі ала алмай жатқан секілді. Оның біреуі – жас әрі өзіне сенімді, шындық үшін күрескен жаужүрек, ал енді бірі – қулық-сұмдыққа жетік, дүниеге көзі тоймайтын қанқұмар жауыз. Ішкі арпалыстан қажыған хан Аллаға мадақ айтқан... Өзінің күнәларын кешкендігі үшін. Билеуші қашқынның артынан қуғын түспесін деп тапсырды. Түрме бастығын да өз орнында қалдырды. Түрме күзетшілерінің көзіне шалынып қалармын деген оймен Құрманғазы қалың қамыс ішінен біраз уақытқа дейін шықпаған. Демін ішіне тартып, тың тыңдады. Бірақ көктемнің желі тербеген қамыс сусылы мен алыстан талып жеткен қойлардың маңыраған даусынан өзге қыбыр-сыбыр құлаққа шалынбады. Қайықтар да бүйірін күн қыздырған қалпы дабыл күтіп жағада жатыр екен. Бірақ көктем мен қыстың арпалысқа түскен ала-құла шағында ағыны күшті өзен бетінде зырлап жүрген мұз кесектерге соқтығысып,

қаусаған қайықпен жолға шығуға кімнің дәті шыдар дейсіз. Басында білінбеген суық қашқынның өне бойын қалтырата бастады. Батысқа кұлаған күн жылу біткенді жиып алып жайына кетті. Суық жел шайқағанда қамыс басы жерге жетті. Күзетшілердің артына түспегенін біліп, Құрманғазы қайықтармен бөгелген тосқауылдардан жылдам өтіп, ендігі суықтан қатып қалмау үшін қамыс арасынан шығуға бекінді. Бірақ қайда барарын өзі де білмеді. Қалыңнан шығып ол іңірде адам жанын арбайтын, бір жағы үрейлендіретін қырда жылыну үшін басы ауған жаққа тартып берді. Бір уақытта, дене қимылы ширай бастады, сосын суға малшынған киіміне жылу тарады. Сай-саланы қуалай дөң басына дейін өрлеп шыққан дала шөбінің иісі мұрнын қытықтады. Қашқынның көңілі марқайып, құтылдым-ау деген үміт санада жылт етіп көрінген. Кеш артынан орнаған түн жарқыраған жұлдыздарын аспан төсіне шашып тастаған қалпы, жалғызілікті жолаушыға жаңа туған айдың мүйізімен сүйсіне қарап тұрды. Бірақ оны бұл байқамады. Тек өлім жазасынан құтылған адам секілді айналаға қарайламай шетжегі жоқ далаға сіңіп бара жатты. Өзін мәпелеп өсірген далаға сіңіп бара жатты. Бір уақытта, тау құмдардың аржағынан жылт еткен бірдеңе көзге шалынғандай болды. Құрманғазы қойшылардың тұрағына тап келген екенмін деп қуанып кетті. Бірақ қарсы беттегі құм төсінен тағы бірнеше от көрінді. Жаны тас төбесіне тығылды. Бірден біле қойды: «Үйірлі қасқыр мені қоршауға алды». Қарсы алдындағысы арлан қасқыр екен. Борпылдақ құм бетіндегі көрінер-көрінбес сүрлеуге тұрып алып, азуын ақситып, тап беруге дайын тұр. Қорқыныш бүкіл тұла бойын дірілдетті. Құрманғазының басына ой келе қалғаны: «Міне, ажалды сәтің осы болар. Сенің мынау соры қайнаған елде бір кездері өмір сүргендігіңді әйгілейтін төмпешік те қалмайды. Мүжілген сүйектеріңді аңқұс талап алып, аласұрған жел борпылдақ құммен көмеді де тастайды». Кенет Құрманғазының бойында қалғып кеткен бір бұла күш түрегеліп: «Құрманғазы, неге ұнжырғаң түсіп

кеткен? Осы бір үйірлі хайуаннан қорыққаның ба? Ал, мен сені денесі шымыр, рухы биік жан екен десем. Айуаннан да бетер Тәкежанмен арпалыс алаңына қаймықпай шыққан жоқ па едің? Әлде менің жаңылғаным ба?» – деп күле сөйлеген. Осы ішкі дауыс Құрманғазыны қайрады. Тіпті шырмап алған ішкі қорқыныш жел кептірген өзінің киімінің суындай аспанға бу боп ұшып кеткен секілді. Ол оттай жанған қасқырдың көзіне қарап тұрып, дауыстай сөйлеген: «Азуыңды неге ақситасың, қотыр ит! Мен сенен қорықпаймын! Бұл сенің қарақшылық өміріңдегі ең соңғы жортуылың». Осы сөздерді айтып ол түксиген қасқыр тұрған бетке қарай адымдаған. Дегенмен адам айқайынан арлан қасқыр ыққан жоқ, керісінше өзіне қарай атылды. Міне, екеуі жағаласа кетті. Адам мен қасқыр тұтас дүниеге айналғандай бір-біріне жабыса түскен. Бұл – өмір үшін айқас. Қасқырдың сақылдаған азуы Құрманғазының тамағына келіп қалған. Қуатты қолдар қасқырдың алқымынан алды. Аңның тырнағы оның бетін тіліп өтті, үстіндегі киімінің дал-дұлын шығарды. Мұны елеп жатқан ол жоқ, керісінше қасқырдың тамағынан қыса түскен. Өмір мен өлім арасындағы айқас үсті ол иттерін айтақтап келіп, үйірлі қасқырды қуып жібергендерді байқамай қалыпты. Екі ересек адам жантәсілім еткен қасқырдың тамағынан айырылмай қысып ұстаған Құрманғазының қолдарын әрең ажыратып алды. Қашқынның бағына қарай, қасқыр үйірі құм арасындағы қолатта орналасқан қой қора маңында тап келген екен. Қойшылардың ұйқы көрмегеніне де екі апта болыпты. Ашыққан қасқырлар қорқынышты ұмытып, адамдардың тұрағына тым жақын келіп жүр екен. Тіпті қой қораның төбесіне шығып алып, ішке түсу үшін қамыстан жабылған төбені тынымсыз тырнайтын көрінеді. Бұл түні қойшылар төбеттерін жетекке алып, қасқыр үйірінің шабуылына төтеп беруге шығыпты. Белгісіз біреуге қасқырлардың шабуыл жасап жатқанын көрген олар көмектесуге асығыпты. Құрманғазы есін жиып, көмекке

келгендерге рахметін жаудырды. Олардың бірі аяғының астындағы домбыраны байқап, жерден көтеріп алды да, бейтаныс кісіден бұл сіздікі емес пе деп сұрады. Қуанған күйші түн ішінде адақтап осы домбыраны іздеп жатқанын айтты. Домбырасын жас жігіттің қолынан алып, ол бауырына басты. Шанағын сипап еді, ыңырсыған үн шықты. Қойшылар жаңа ғана қасқырға таланып қала жаздаған бейтаныс кісінің домбыраға деген ерекше құрметін көріп таңырқағандай болды, сосын үйге жүруін сұрады. Жұқа ағаштан қаланып, сырты балшықпен сыланған үйдің іші жылы әрі жайлы екен. Егде тартқан әйел адам қызған пеш үстінде бірдеңе шыжғырып жатыр. Бетін қан жуған бейтаныс кісіні көріп, әлгі әйел жылап қоя берді. «Айғыз, сен жылап-сықтағанша, жолдан келе жатқан қонақтың жуынып-шайынуына көмектесіп, менің киімдерімнің ішінен үстіне ілетін бірдеңе берсеңші. Қандай күйде екенін көрмей тұрмысың, үйірлі қасқырдың шабуылынан құтқарып қалдық». Жалданып байдың малын бағып жүрген қойшы – осы үйдің отағасы – Байсал осылай деп әйелінің жылауын тоқтатқан. Бірақ әйелі қайта бастап еді, отағасы қатулы қабағымен тыйып тастады. Әйел қонақтың алдына мыс табақ пен жылы сумен толтырылған құман қойып, өзі қарсы бетте тұрған сандықтан киім-кешек іздеп жатты. Құрманғазы жуынып-шайынып алды. Түрме киімін тастап, киілген болса да шопанның берекелі киімін үстіне ілді. Осылай ол дастарханға жайғасқан отағасы мен сол үйдің екі ұлы: жасы жиырмадағы үлкен ұлы мен он үшке келген кіші ұлы қатарласқанда, осы отбасының бір мүшесі сияқтанды да қалды. Айғыз дастархан басындағыларға шай құйып, алдарына ас қойып, осынау қауіпті сапарға жалғыз шығуға не жағдай себеп болғанын асықпай баяндаған бейтаныс жанның әңгімесіне аракідік құлақ тосып отырды. Құрманғазы шопандардың қонақжайлығына риза болып, өзінің басынан өткен әуресарсаңды, мына отырған қарапайым жандардың ойы түгіл,

түсіне де кіріп шықпаған ерекше жағдай ретінде әсер еткен ханмен болған әңгімесін, адам сенгісіз түрмеден қашу оқиғасы туралы бүкпесіз айтып берді. Әңгімеге елітіп, ұзақ отырып қалған Айғыздың қуырып жатқан бауырсақтары күйіп кетіп, ол үй ішін желдету үшін есікті ашуға тұра ұмтылған. Ал отырғандар тамақтарын жеп болып, ауыр еңбек күні мен үрейлі басталған қара түн шаршатқандықтан жантая кеткен. Осы сәт Құрманғазы бұрышта жалғызсырап тұрған домбырасын қолына алып, бұрауын келтіріп, сөзін сабақтады: «Бұл күй айтылған әңгімемнің растығын дәлелдер». Домбыра иесінің аласапыранға толы қилы тағдырын төгіп жатты. Әлгі бір күй төгіліп келіп тоқтағанда, Байсал: «Менің мына аядай ғана үйіме Алланың қалауымен орда түрмесінде жазықсыз жапа шеккен даланың ұлы күйшісі – Құрманғазының өзі келгендігіне енді менің еш күмәнім жоқ» – деді. Күйші күліп отырып сөйлеген: «Мен саған өз атымды айтқан жоқпын, мен үшін домбыра сөйледі, алынса домбырадан жауап алынар. Егер хан жасағы келер болса, бейтаныс адам өзі туралы ештеңе айтқан жоқ, тек домбыраны дыңғырлатты да кетті деп айт. Бұл сені және отбасыңды жазадан құтқарады». Байсал толқып кетті: «Мені не деп жазалайды? Мына батырақтың өмірі – мен үшін аз жаза ма? Міне, үлкенім жігіт жасына келді – үйленетін уақыты бұл. Ал менің қолымда не мал, не ақша жоқ болса, мұны қалай үйлендірмекпін, үйлендірем деген күннің өзінде қыздың қалың малын қалай берем? Көп ұзамай кіші ұлым да ер жетеді. Бұларға не мұра қалдырмақпын? Әкемнен маған ауысып, әлі күнге қайтарылмаған байдан алынған қарызды қалдырам ба? Мен ханның қаһарынан қаймықпаймын, себебі дүниеде қорлық пен жоқшылықтан өткен қорқыныш жоқ». Құрманғазы қойшының иығына қолын қойып айтқан: «Қорқыныштан шаршадым деген сөзің менің жанымды жадыратты. Қорқыныштан шаршаған халық Исатай мен Махамбеттің бастауымен хандық биліктің езгісіне қарсы көтерілген кез біздің замандастарымыздың есінде

әлі. Бұл туралы менің домбырамның не дейтінін тыңдап көр!» Құрманғазы «Кішкентайды» тартты. Күй тыңдап отырғандардың көңіл-күйі сазбен бірге сан толқынысқа түскен. Көтерілген елдің жаншылып, қол бастағандардың қазаға ұшыраған кезі көз алдарына келгенде – тыңдаушылардың қабағына кірбің қонды. Дегенмен күйдің аяқталар тұсы ертеңгі күннен күдер үзбеуге шақырғандай сезілген. Күй де бітті, халықтың жүрегіне мұң болып орнаған сол бір қасіретті кезеңді құдіретті күйдің әсерімен тағы бір бастан кешкендей сезімде отырған тыңдаушылардың жан дүниесін сөзге салу еш мүмкін емес еді. Күйшінің шеберлігіне тәнті болған Байсал осы бір тыныштықты бұзып: «Айт, Құрманғазы, біз саған не көмек көрсете аламыз, бәрін де орындаймыз, тек бұйырсаң болды» – деген. Күйші күліп жауап берген: «Бұйыратындай мен бай емеспін ғой. Егер шын көмектескің келсе, менің анам мен әкем, інім мен қарындасым тұратын Жиделі жеріне қалай жетуге болатынын көрсет». Байсал сәл ойланып: «Бұл мекен бізден алыста, күн батар тұста. Жасырынып жүріп жаяу жетем деу – қиынның қиыны. Саған жылқы керек. Өзімдікін бере алмаймын, шыным, бұл – байдың малы. Мәселе жылқының менікі екендігінде де емес. Өзің білесің, мінер атсыз малшының көрген күні күн болмайтындығын. Бірақ бұл жерден күншығысқа қарай екі аттам жерде байдың жылқысы жайылып жүр. Мінер ат сұрасаң, одан байдың қазынасы ортая қоймас. Онда жеткенше менің атымды мінерсің, балам шығарып салар. Ыңғайыңа келер жылқы таңдап аларсың. Құдай жар болып туған жеріңе аман жет!» Құрманғазы ойланып отырып жауап қайырған: «Ойың орынды екен, Байсал. Мені түрмеге ат ұрлады деген жаламен қамаған, ендігі жерде сол шығарылған үкімді ақтағандай болайын». Таң ата Байсалдың үлкен ұлымен бірге Құрманғазы үй иесі нұсқаған бағытты бетке алып жолға шықты. Ал кеш бата табын ішінен торы айғырды таңдап мініп, батысқа қарай асыққан күннің соңынан қуып жетердей болып шауып бара жатты.

Жол қанша ұзақ болғанмен, ол да бір күні таусылады. Бесінші күн дегенде Құрманғазы да туған мекеніне жеткен. Мұндағы қауіп бұғып жатуы бек мүмкін төбеден бастап, сай-салаға шейін, не қашқынды сырт көзден қалқалайтын, қысылғанда қорған болатын жыңғыл, жүзгенді Құрманғазы бес саусағындай білетін. Жолға шығарында қойшылар беріп жіберген азығы екі күн бұрын таусылған. Осы бір жайдан хабар бергендей асқазан да шұрылдап келеді. Бірақ соған қарамастан, ауылдың төбесінен көтерілген түтінге көзін қадап ұзақ тұрып, ойға шомған: «Сен шұрылдамай тұра тұршы. Жол бойы төселген қақпанға түсіп қалмаудың қамын ойлау керек. Қаншама қауіп-қатерден аман өтіп, туған жеріңнің табалдырығынан аттай берген сәтте тұтқынға түсу қасірет қой». Бір-біріне жапсарласа жайғасқан кедей киіз үйлерінің ішінен өзін әрқашан асыға күтіп отыратын біреуін көзімен іздеп тапқысы келген. Бірақ онысы бекер болды. Кедей-кепшіктің жылдар бойы тұрып ескіріп кеткен киіз жамылғылары бір-бірінен аумай қалыпты. Құрманғазы атын шідерлеп тастап, ауыл алақандағыдай көрінетін төбе басына жантайып жатып, ауылдың тірлігін бақыламақ болды. Бір топ бала бір үйден бір үйге қашып, келесі бір топтың балаларын аңдып, өздері ойлап тапқан соғыс қимылдарын жүргізіп жатыр екен. Құрманғазы мұны көрді де өзінің пырпырлай ұшып ғайыпқа сіңіп жоғалған балалығын есіне алды. Бір ақсақал киіз үйден шығып, ауыл арасының әңгімесін айтып, дабырлай сөйлеп отырып, пісіп жатқан асқа қарауды ұмытып кеткен әйелдерге ұрысып жатты. Әлгілер қазанға асығып жетіп, жұмыстарын жалғады. Асылып жатқан қой етінің бұрқыраған иісі төбе басындағы бұған да жетіп, асқазан қайта шұрылдап қоя берген. Өз үйін таба алмаған Құрманғазы күннің батқанын күтіп, ауылға бұғынып жетсем, кез-келген үйдің бірінің есігін қағармын деп ойлады. Уақыт шіркін қашқынның сабырын сынағандай созыла берген. Ескірген киімінен салқын жел ұрып суық сүйегіне жетті. Ал аспан төсінде білінер-білінбес шұғыла қалдырып

күн ұясына құлаған шақта қара жел азынады-ай келіп. Құрманғазы дөңнен төмен түсіп, шідерленген аты қалған қолатқа қарай жүгіре жөнелді. Ондағы ойы мінер атының орнында тұрған-тұрмағандығын білу, әрі жүгіріп жылынайын дегені. Атын алыстан байқаған, жарықтық жануар жаңа тебіндеп келе жатқан шөпті тісіне іліндіре алмай әлек. Жүгіргеннен бойына жылу тараған ол атының шоқтығын сипалап, сосын: «Е-е-е, сорлы, сен де мендей ашыққан екенсің ғой. Сәл шыда, көп ұзамай көк шөпке тойғызармын» – деді. Құрманғазы жүгіргенде жылынып ғана қойған жоқ, тіпті уақытпен жарысты. Әлгінде ғана дөң басында түннің келісін күтіп қалтырап жатқанда тоқтап қалғандай көрінген уақыт енді кенет асыққандай аспан бетін қара шәлімен қымтап, жұлдыз жаға бастаған. Бұл шақта ауылдағы сабылысқан жүріс те тоқтап, тыныштық орнады. Тыныштықты аракідік ит дауысы бұзып қояды. Құрманғазы түн жамылып киіз үйлерді аралап жүріп біреуіне тоқтады. Сосын жайлап есігін қаққан. Көп ұзамай есік ашылып, аржағынан Алқаның жүзі көрінді. Ойламаған кездесу бір сәтке ана мен баланың тілін байлап тастағандай болды. Ұлын көрген Алқа бойында жан қалмағандай құлап бара жатқанда, есін жиып үлгерген Құрманғазы анасын жерге жетпей ұстап алып, құшағына басты. Қуаныштың жасы жүзін жуған ананың «Менің Құрмашым келді» деген сөзі тым әлсіз шықты. Ана мен бала құшақтасқан күйі үйге кірді. Үй сығырайған шам жарығымен отыр екен, ал шамның жанында бейтаныс қыз бала. Үй иесінің жалғыз кірмегенін көрген қыз орнынан тұрып, келген қонаққа иіліп сәлем берді. Келісті келбетін мына жартылай қараңғы үйдің өзі жасыра алмаған қызды көріп, Құрманғазы анасына сұраулы жүзбен қараған. Анасы күліп жауап қайырды: «Танымадың ба? Бұл қарындасың – Зейнеп қой». Құрманғазының Зейнеп қарындасы баяғы бала кезіндегідей ағасының мойнына еркелей асылмай, тек иіліп қана ықылас білдірді. Оның бұл

сыпайы сәлемін қолай көрмеген Құрманғазы оны қуатты қолдарымен қапсыра құшақтай алды да, бетінен сүйді. Сосын бәрі қарапайым жайылған дастарханға жайғасып, ыстық шай ішіп, қатқан нанды үзіп жеп, жолықпаған жылдардың жайынан хабар айтысты. Киіз үй ішіне әлсіз ғана жарық шашып тұрған шамға қарап, Құрманғазы ертеде әкесінің ерлігіне тәнті болған бір көпестің сыйға тартқан шамын сұрады. Анасы терең күрсініп сөйлеген: «Әуелі керосин таусылған, сосын абайсызда байқамай шынысын сындырып алдық. Сосын ол шам керексіз болып қалды да, байға бір қап ұнға ауыстырып алғанбыз. Шамды қайтесің, одан да өзіңнің жай-күйіңді айтшы. Мына қырда сен туралы жел сөз көп, ара-тұра Жиделіге де соғады. Біреулері сені халықтың жоқтаушысы деп бастарына көтереді, енді біреулері сені жауыз, қарақшы, барымташы етіп қара бұлтты қаптатады. Бірақ мен ұлымның жаманшылық жасамайтынын білемін, сондықтан ондай әңгімелерді құлағыма да ілмеймін». Құрманғазы анасының сөзіне жауап қатпай, киіз үй ішін бір шолып шығып, мұңды кейіппен: «Әкем мен інімнің болмағаны қандай өкінішті? Олар қайда қазір?» – деп сұрады. Құрманғазының қиналған түрін көріп анасы Алқаны да мұң иектеді: «Әубәкірге жалданып жұмыс жасап жүр қырда. Кеше Байғазы жалғыз келіп кеткен тамақ алу үшін. Әкең қатты жөтеліп жүр екен. Ем болар деп берген борсықтың майының да көмегі шамалы болып тұр». Алқа баласының қолын алақанына салып, бозарған жүзіне қарап отырып: «Өзің қалай өмір сүріп жатырсың?» – деді. Құрманғазы анасының алақанын сипаған қалпы: «Біреуге – дос, біреуге – дұшпан боп тірлік кешкен жайымыз бар. Менің кімдер үшін сыйлы күйші екенімді, кімдер үшін қарақшы екенімді сізге түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Бұл кеш өзім туралы біраз жайды ақтардым-ау деймін, бірақ сонда да, апа, менен сұрарыңыз бар сияқты. Қазір мен Алланың алдында отырғандай сіздерден жырақ жүрген жылдарымнан бүкпесіз әңгіме айтайын. Түндер бойы дөңбекшітіп ұйықтатпай

домбыраға жүгіндірген арман-аңсарымды, сырымды жайып салайын». Құрманғазы сол кеш анасы мен қарындасына күреске толы кездер туралы ұзақ әңгімелеген, дегенмен хан түрмесінен қашқан сәтін қысқа қайырған. Құрманғазы әңгімесін аяқтағанда, анасы ұлының ерте ақ түскен басын кеудесіне басып, жылап отырып сөйледі: «Құрмашым менің, бір адамның басына түскен осынша ауыртпалықты қалай көтеруге болады? Қаһары түсерліктей Құдайға не жаздың?». Құрманғазы күлді: «Апа, әуелі мен де мұны жаза деп қабылдағанмын. Құдайға шүкір, қазір ол ойымнан қайттым». Алқа ұлының бұл сөзіне таңырап, жүзіне қараған. Сосын: «Бұл не болды сонда?» – деп сұрақ тастаған. «Бұл – сынақ, апа» деді Құрманғазы. Ұлының жауабына риза болмаған анасы: «Екеуі де жүрекке жара салып, жаныңды ауыртар болса, жаза мен сынақтың арасында не айырма бар?» – деп еді, ұлы: «Анашым, жаза адамды тасжүрек қылады, бүкіл дүние атаулыға деген өкпе-нала бір өзінің ғана жүрегіне тікен болып қадалғандай кетпей қояды. Ал басқа сын түскенде, қайғы адамның жігерін жаниды, намысын қайрайды. Соның әсерінен адамзаттың мұң-наласына жүрегің ауырғыш, жаның ашығыш болады». Құрмаштың бұл сөзінен кейін анасы ұлына адам жанын терең ұғына білетін кемел азамат ретінде сүйсіне қараған. Ана жүрегі ауырған сәттерде осы сұраққа жауап таппай қиналатын, ал енді міне ұлы аз ғана сөзбен бәрін ұғындырып отыр. Ана жүрегі жай тапты. Енді оған ұлы туралы бір жаман сөз айтып көріңдерші, соны айтқан ақымақ не өтірікшіге қарғыс жаудырар не әлгілердің ақымақтығын әйгілеп күлер. Осы бір шұғылалы ойлар ананың жүзіне күлкі болып тұнды. «Сен дұрыс айтып отырсың, азаматым. Бірақ саған бұл жерде қалуға болмайды. Әубәкір көрген бойда сені қайта түрмеге жөнелтуге асығады ғой» – деді анасы. Құрманғазы келіскен кейіп танытып: «Ия, бұл жағын ойлап қойғанмын. Оның үстіне Жәңгір де артымнан қуғыншы салған шығар. Сондықтан мұнда қала алмаспын.

Шамасы, теңізге жақын орналасқан елге кетем-ау деймін. Ол жерден мені іздей де қоймас. Осыннан қашқандардың бәрі сол беттерде бой тасалап жүр ғой. Бір жағы ол беттегі елдің патша үкіметі мен хан итаршыларымен арасы шиеленіскен қалпы. Артыма түскен күннің өзінде хан қолшоқпарларының ол бетке баруға жүректері дауаламас» – деді. «Құрмаш сенің бұл сөзің дұрыс. Ауыр болса да, сен бүгін түні кетіп қалуың керек. Қарындасыңмен қоштасар алдында сөйлесіп қал, енді мұндай күн туа ма, тумай ма, кім біледі. Мен көршілерден жүрер жолыңа тамақ, ал атыңа бір дорба арпа сұрап қайтайын, ашыққан атпен ұзаққа бара алмассың». Осыны айтты да анасы екеуін қалдырып тысқа шығып кетті. Үй ішінде үнсіздік орнаған. Оны Зейнеп бұзды. Ол Құрманғазының ұстазы Ұзақ туралы сұраған. Қарындасының сыңғырлаған дауысы: «Күні кеше бала еді, есейіп кетіпті ғой» деген ой салды Құрманғазыға. Ол келіп қалған ойды тұсап қойды да, сөзін бастады: «Мені Жәнші байдың нөкерлері ұстап әкеткенде, қарттық пен ауру оны алып болған еді. Тек күні-түні қасынан шықпай, жағдайын жасап жүрген жетім қыз болмағанда ұстазым бұл өмірмен қош айтысар еді. Қазіргі хал-жағдайы қандай екенін мен білмеймін, ара-тұра түрмеге хабар келіп тұратын. Бірақ оның өзі кеш жетеді». Әңгімелесіп отырып екеуі анасының ұлының жолына ішіпжем мен атқа азық ала кіргенін байқамай да қалды. Айырылысар сәт те келіп жетті. Жеті қараңғы түнде киіз үйдің жанында үш адам бір-бірін құшақтаған күйі ажырағысы келмей ұзақ тұрған. Құрманғазы анасы мен қарындасын құшағынан босатты да: «Әкеме айтыңдар, мен оның алдында басымды жерге жеткенше идім, ал інімнің қолын қатты қыстым. Бәрі ойдағыдай екендігін, артыма түскен қуғын тоқтағаннан кейін елге оралатындығымды жеткізерсіңдер» – деді. Анасы ұлының тілеуін тіледі: «Құрмаш, Алланың жазғаны болар, жолың болсын! Біз үшін алаңдама, өз күнімізді өзіміз көре береміз». Алқа жылауға шақ тұрған: «Осының бәріне төзуді айтсаңшы». Құрманғазы анасының

қолын сүйіп жатып: «Білем ғой, апа! Тағы бір білетінім – сен мен үшін ең асыл әрі ең батыл адамсың, басқа түскен қиындықты көтерер жан сіздей болсын». Осыны айтты да, Құрманғазы атын тебініп, түнге сіңіп жоғалды. Еділдің төменгі жағында шынымен де Құрманғазы өзін еркін сезінер еді: себебі ол бет Бөкей Ордасына қарағанда, хан итаршылары мен патша өкілдерінің билігі орнай қоймаған өңір. Дегенмен онда жеткенше қауіп-қатер сейілмейді. Төмен жақтағы қалың қамыс талайдың жаны жай тапқан жер. Байы бар, басқасы бар, әйтеуір жергілікті шенеуніктерден зорлық көрген шаруалар өз қожайындарының жылқысын барымталап, дүние-мүлкін өртеп, Еділдің төменгі сағасына қарай тартатын. Олардың біразы сол маңда топтасып алып өткен-кеткенді тонап қарақшылықпен айналысатын. Талауға түсетіндердің көбі – саудагерлер мен байлар. Дегенмен астына жақсы ат мінген жалғызды да аямайтын кездері болады. Тоғайған жануар бұланқұйрық жүріске салып келе жатты. Туған ауылы алыста қалды. Өзінің тамағы таусылғанша, атының азығы біткенше алдынан кезіккен ауылдарды айналып өтуді жөн көрген Құрманғазы. Осылай жүріп отырса, өзін тіпті де танымауы мүмкін алыс ауылдарға сіңіп жоғалуына мүмкіндік көп. Мұны танып-білгеннің өзінде бұл беттегі қарапайым халықтың ауылға келген бейтаныс жан туралы болысқа баяндай баруы екіталай. Бұл маңның таным-түсінігі бөлек: аузында сөз тұрмайтындарды заңмен емес, ардың сотына салып әділ әрі қатал жазалайды. Құрманғазының жүрісіне ілесіп көктем де келе жатты. Күн жарқырай түсіп, жер төсін қыздыра бастаған шақ. Күннің шуағына шомылған мекен Құрманғазының көз алдында жалаңаш сұрықсыз кейіптен, жап-жасыл аймаққа айналып кеткені. Үшінші күні ол жол бойында ұшырасқан ауылға соқпақшы болды. Отырған елдің сыртқы көрінісі бай ел емес екендігінен хабар беріп тұрды: құм ішінен тігілген сұрғылт тартқан үйлердің көбі үш керегелі екен. Өзгелерге

қарағанда сыртқы киізі жаңалау келген төрт керегелі үйлер санаулы. Жолаушы соңғыларының біріне барып дыбыс берген. Іштен ақсақал шықты. Түн батар кезде келген қонақтың түр-түсіне көз салмақ ниетпен, жанары қарыққасын маңдайына қолын қойып барып қарады да, құдайы қонақ екенін біліп, есік аузынан былай тұрып, ішке кіріңіз дегенді қимылымен білдірді. Құрманғазы табалдырықтан аттай бере үй ішін бір шолып шықты. Белгілі болғаны – үй иесі орта дәулетті адам екен. Ақсақал қонақтан кейін ішке кірейін деп тұрып, әйел есімін айтып дауыстады да, сосын барып киіз үйдің есігін жапты. Жайланып әңгіме айтарға кілем үстіне жайғасып болмай жатып, есік айқара ашылды да, сөніп бара жатқан күннің қоңырқай жарығы ішкі түсті. Жас әйел келген қонаққа иіліп сәлем берді де, артық сөз айтпастан, дастархан жаюға кірісті. Келген қонақтың аты-жөнін, бұл жүрісінің мәнісін сұрамақ болғанда дастархан үстіне қойылып жатқан ыдыстардың салдыры үдеп кетіп, үй иесі үнсіз отырып қалды. Асын дайындап болып, шайын ұсынған келін сыпайылық сақтап дастарханнан сәл алшақ отырды. Қожайын қонағын қарапайым жайылған дастархан басына шақырды, дастархан үстінде айтарлықтай ерекшелік жоқ, күнделікті бауырсақ, құрт-майы, асылған қой еті – қонақтың алдына тартылған ас осы еді. Бірақ қарны ашып келген қажырлы жас жігітке бұдан артық не керек? Құрманғазы үй иесінің шақыруын қабыл алып, артық қысылып-қымтырылмастан тамақ жеуге кіріскен. Ал ақсақал болса, асқа зауқы соқпағандай, түртіп-түртіп қойып, алдындағы шайын аз-аздан сораптап, әңгіме бастар оңтайлы сәтті күтті. Қонақ тамаққа тойып, қолына шай құйылған кесені алып сораптаған сәт – әңгімеге таптырмас уақыт еді. Ақсақал өзін мазалаған сұрағын қойды, сонда ғана Құрманғазы өзінің кедей күйші екендігін, ауыл-ауылды аралап күймен нан тауып жүргендігін ғана айтты. Күйшінің сөзін естіп отырған әлгі әйел сыртқа шығып, қуанышты хабарды елге жеткізуге асықты. Себебі ауылға

өнерлі кісінің келуі сирек құбылыс, тіпті мұндай кісілердің соңғы рет қашан қонақ болып кеткенін де есіне түсіре алмады. Ақсақал бейтаныс адамының сөзіне күмәнмен қарап: «Сенің сұлтан тұқымынан емес екенің көрініп тұр, бірақ астыңа мінген атың тым жақсы екен. Бұл жануарды қайдан алдың деп сұрамаймын, тек мұның басыңа бәле боп жабысуы мүмкін екендігін ескерткім келеді» – деді. Құрманғазы ақсақалдың бұл сөзінің мәнісін сұраған. «Сен бет түзеген жерлер жүргінші үшін өте қауіпті. Астыңдағы атың көзге бірден шалынады, осыған бола қарақшылар сені өлтіріп кетуі мүмкін» – деді ақсақал. Құрманғазы мұнысын қостаған: «Әлбетте, қарақшылар сөйтуі мүмкін. Бірақ менің бұдан бөлек мінер атым жоқ». Ақсақал қонағының айтпақ ойын түсініп, сенімсіздеу сөйледі: «Бәрі Алланың қолында, амалың жоқ болса, осы жолыңмен жүре бер, қауіпқазадан аман өтерсің, бәлкім.» Өзін қоярға жер таба алмай тыпыршып отырған жас әйелге көз тастап қойып, үй иесі қонаққа: «Өзің күйші екенсің, бүгін ауылымызды күйіңмен қуант. Біздің елге әнші-күйшілер келе бермейді, ал шын өнерпаз мүлде болған емес. Өтінішімді қабыл аламысың?». Құрманғазы күлді де «Сіздер менің күйімнен шаршағанша ойнаймын ғой» – деді қонақжай қожайынға. Қонағының жауабына риза болған үй иесі сіңірі шыққан қолдарымен шоқша сақалын сауып отырып, өздеріне қызмет көрсетіп жүрген әйелге: «Ал, Айғыз, жүгір, мына елге жар сал» деп тапсырды. Әйел екі айттырған жоқ. Орамалының астынан көрінген салмақты сырғалары найзағайдай жарқ етіп, бұл үйде тіпті болмағандай есікті жайлап қана жапты да, ғайып болды. «Жаңағы келінім, кіші баламның әйелі. Әлі жас, мен дегенде сыйы бөлек, амандығымды сұрауға күніне жүз келеді. Кемпірім ана өмірге менен бұрын аттанып кетті. Жарықтық, барлық шаруаға менен бұрын үлгеруші еді, өлімде де алдымды орады.» Терең тыныстап, сөзін әрі жалғады: «Міне, мына Айғызым маған бала құсатып қамқорлық көрсетіп отыр. Өзімнің қызымдай жақсы

көрем». Сосын күлді де: «Бір-бірімізге осылай сүйеніш болып өмір сүріп жатқан жайымыз бар» – деді. Әңгіме аяқталып, екеуі далаға шыққан. Шалғайдағы жайылымда жүргендерден басқа, ауыл адамдарының бәрі бірі қалмай жиналған екен. Құрманғазы ши тоқымаға жайғасқан қалпы, оң қолының саусағымен домбыра ішегін шертіп қалып, жүзі бал-бұл жайнаған күйі ойнақы ырғақты «Балбырауынды» тарта жөнелді. Тыңдаушылардың жүздеріне күлкі жүгіріп, қыздар жағы наздана иықтарын қағысқан. Ал балалар көзді ашып-жұмғанша дөңгелене жайғасқан тыңдаушыларды айнала жүріп, өздерінің ойындарын бастап кетті. Мұны көрген ақсақалдар еріксіз жас кездерін еске алды. Әлгі күй адамдардың жанын жадыратып, сәтке болса да ауыл жар бермейтін күнделікті күйбең тірліктен босап, жиналғандардың арасында ерекше бір жылы жарасым орнай қалды. Сосын Құрманғазы ұстазы Ұзаққа арнаған «Ақжелең» күйін тартты, ал «Кішкентай» көңілде аласапыран туғызып, мың сан сезім арпалысқа түсті. Осылайша Құрманғазы түнімен осынау ұшы-қиыры жоқ далада елеусіз тіршілік кешіп жатқан ауыл тұрғындарын күйге қарық қылған еді. Таңертең ақсақал қонағын жолға салып тұрып: «Мен ауыр тұрмыс кешкен, көпті көрген адаммын: махаббатқа да мас болдық, өшпенділіктің не екенін де білдік, талай жақыннан айырылып қайғы жамылдық және көңіл шалқытар қуанышты да бастан өткердік. Солай десем де, сен секілді ұлы өнер иесін өмір бойы кездестірмеппін. Ұлым, есіңде болсын, сенің менен жасырған есімің енді мына қырдағы жұрттың әрбірінің аузынан түспейтін болады». Қарттың ықыласы Құрманғазының аузына сөз салған, бірақ ақсақал тоқтатып тастады: «Сенің төгілткен күйіңнің қасында сөз дегенің түкке де тұрмайды. Сенің есімің қанатты құстай кең даланы шарлап кетіп, күндердің-күні бізге де қайтып соғар. Ол күн – ауылымыз үшін үлкен қуанышқа айналар. Ал, енді жүрер шағың келді, артыңнан түскен қуғын өкшелеп қалған шығар, жолыңнан қалма!». Ақсақал аттың сауырынан

салып қалып еді, жануар иесін таң қылаң беріп келе жатқан тұсқа ала қашты. Қашқын бұрын табаны тимеген далаға сұғына кірген сайын, кішкене өзендер мен жылғалар да көбейді, сортаң жерлер де, батпақты тұстар да жиілей бастады. Бұл сулар Каспий маңындағы кеберсіп жатқан қырдың бойына қан жүгіртіп, соның себебімен мыңдаған құс көктем келе балапан басуға осы жақты бетке алатын. Сосын қыс келгенше бұл маңды шуға толтырып жататын. Құрманғазы жолында кездескен ағынды судан аттап өтіп еді, ат тұяғының астынан бір топ үйрек үрке көтерілді. Оның артын ала үшкілденіп шүрегей әуелей ұшқан. Сосын ұшып барып, иіріліп аққан өзен бойындағы қамыстан әрі асып кетті. Құрманғазы қарсы бетке өтіп алып, тершіген маңдайына қолын қойып, көк аспанға көз тастады. Қыран қалықтап жүр екен. Алып қанаттарын ақырын қағып қойып, аспан төсінде қадалған қалпы, жерден жанарын алмай, жемтік іздеп келеді. Қыбырлаған бірдеңе көре қалса кез келген сәтте тастай түйіліп келіп тырнағын батырмақшы. Құрманғазы атын отқа жіберіп, өзі судың жанындағы жайқалған боз талдың саясына қисая кеткен. Тамақтанатын уақыт та келіп қалған екен. Дорбадан қатқан нан мен қойдың ірімшігін шығарды. Су болса, қасында ағып жатыр. Тез тамақтанып алып, суға қанған соң Құрманғазы көк шөптің үстіне құлай кетіп, аспанға көз салғанда манағы қыран әлі қалықтап жүр екен. Ойына ай бұрын артта қалған отбасы оралды. «Менсіз олар қалай өмір сүріп жатыр екен, үйді асырау үшін сырқатына қарамастан жұмыс жасап жүрген әкемнің халі нешік? Ал менің отбасыма қайырым тиген кезі жоқ: кезбемін әрі қашқынмын. Оларға қалай көмектеспекпін?». Оның ойы сан саққа жүгіріп, көз алдында туған ауылы көлбеген: бұл алыс жолдан астына баран ат мініп келеді екен. Ет жақындары аппақ киіз үйдің жанында күтіп алып жатыр. Бәрі той киімін киінген, жүздерінде күлкі, ауру-сырқаудан аман-сау екен дейді. Бұл болса

атынан түсіп, әрбіреуімен жеке-жеке құшақтасып, көрісіп жатыр. Алдындағыдай Зейнеп қарындасы қымсынбайды, бетін ағасына тосып тұр. Шүпілдетіп сүйіп жатыр екен бұл. Жолсоқты болып қалған жолаушы оң жамбастап ұйықтап кетіпті. Жақсы түс көріп жатқандай, жылы жымияды. Ұйқыдағы кісіні талдан талға секіріп, айналшықтап кете алмай шықылықтап жүрген сауысқан оятып жіберді. Құрманғазы орнынан тұра салып, бұл құсты алаңдатқан не болды екен, сауысқан қыр баласының бекер мазасын алмаушы еді ғой деп айналаға құлақ тосып еді, көңілге күдік салар сыбыр естілмеді. Жаман хабарды құйырығына қондырып алып, аулақ ұшқан сауысқанға қарап тұрып, мұныкі бекер болды деп ойлады. Күн батысқа еңкейген екен, жайылып жүрген жылқыға бара жатып ол «бір жағы, уақытында оятқаны дұрыс болды» деді күбірлеп. Дегенмен сауысқан бекер шықылықтамаған болып шықты: Құрманғазы ағаштың көлеңкесінде ұйықтап жатқанда, аттылы топ суды кешіп өтіпті. Бірақ олар су арнасы жалт бұрылған жерден өткесін ұйқыдағы адамды байқамапты. Құрманғазы шылбырды қағып, қалың шөптен әрең көрінетін сүрлеуге түсіп тартып берді. Біршама жүрген соң оның алдынан солқылдаған ағаш көпірі бар тағы бір кішкене өзен шыққан. Айналасын бір шолып өткенде көзіне түскен қалың қамыс дәл мынау қарақшылық торуылға таптырмас жер екен деген ой салды. Сосын шаужайынан ұстап, атын көпір арқылы әрең алып өткен. Көзді ашып-жұмғанша қамыс арасынан шоқпар ұстаған бір топ қарақшы шыға келіп, тап берді. Сауысқанның шықылықтауының мәні осында екен. Әуелі қарсы шапқан үшеу жас жігіт екен, Құрманғазы оларды қалың қамысқа атып-атып жіберді. Сосын атының алдыңғы аяқтарын аспанға көтеріп, қарсы бетте тұрған қарақшыларға қарсы шапқан. Бірақ артынан шапқан қарақшы шоқпарымен көкжелкеден салып қалды. Құрманғазының көзі қарауытып, атынан ауып бара жатты.

Бір уақытта селкілдетіп әкетіп бара жатқан бірдеңеден оянып кетсе, өз атына етбетінен көлденең салып алып бара жатыр екен. Атты жетекке алып келе жатқан қарақшы жанындағы жолдастарына: «Жақсы ат екен, атаманнан маған беруін сұрамасам» – деді. Бұл сөзден кейін қарақшылардың арасында дау туып, аяғы төбелеске ұласып кете жаздады. Беті секпілденген аласа бойлы біреуі: «Мынау Жұмабайдың жағын сындырды. Оспанның екі тісі сынды. Ат тұяғымен Байсалдың иығын мертіктірді. Бұл ат осылардың еншісі» – деп ашуланды. Ат жетектеп келе жатқаны оған қарсы болды: «Бет-аузын жұдырыққа тосқан өзінен көрсін, анауың ашықауыз, мынауың аттан қаша алмай жүр. Бұлар таяқ жегендері үшін сый алмақ па сонда? Оның басына мына менің шоқпарым тимегенде, аттың шаңын жұтып қала берер едіңдер. Ат та жоқ, олжа да жоқ.» Әлгі секпіл бет те қайтпайды екен: «Жаңағыда не олжа бар, астындағы аты мен екі ішекті таяғынан басқа» – деді кіжініп. «Степанның айтып отырғаны дұрыс, олжаны тең бөлу керек» – деп бірбірін қостай сөйледі қарақшылар. Ат жетектеп келе жатқан жігіт істің насырға шауып бара жатқанын сезіп, аналармен келіскен кейіпте: «Сендер айтқандай болсын, әділ бөліске салайық. Соңғы сөзді атаман айтар» – деді. Бұл сәтте желкеден тиген ауыр соққыдан есін жия алмаған қалпы, ол басына не күн туғанын өзі де түсінгісі келгендей ойын бір жерге жинауға тырысқан. Бір-бірімен ұзақ дауласқан қарақшыларға қарап шаршаған күн де дем алғысы келгендей қалың қамыстың ар жағына барып құлады. Осы уақытта қарақшылар да кең көсілген көк шалғынды тұрақтарына жетті. Үлкен қазанда қойдың еті бұрқырап қайнап жатыр екен, оның хош иісі адамның сілекейін шұбыртады. Қарақшылар Құрманғазыны аттан жерге түсірді де, атаман отыратын үйге қарай болған істің бәрін баяндауға кетті. Бір кезде төбелес кезінде бет-аузы бұзылған екі қарақшы Құрманғазыны алып кету үшін жүгіріп келіп, аяғын шешті. Тұтқын әлгілердің артынан жүріп келе

жатып, өздеріне тигізген залалымның өтеуі ретінде бұлар менің көзімді құртайын деген болды ғой деп ойлады іштей. Мұны байлаулы қолымен ішке алып кіргенде, жинаусыз үйіліп жатқан кілемдердің үстіне жайғасқан көзге қораш көрінетін орташа бойлы теке сақалын өшіге салалап отырған қазақты көрді. Алакеуім киіз үй іші ұрланған кілемдер үстінде отырған әлгі кісінің жүзіне анықтап қарауға мүмкіндік берер емес. Бірақ шарт-шұрт еткен қимылынан, сақалын өшіге тараған қалыбынан таныс кісінің тұрқы білінгендей еді. Атаман осы бір отырысымен тұтқынның көңіліне қорқыныш орната алмағанын сезген соң, әдейі дауыс көтере шаңқылдаған дауысымен қарамағындағылардың тұтқынды өз шаңырағына қолын байлаулы кіргізгендері үшін айқайлаған. Атаманның дауысынан Құрманғазы Майбасарды таныды. Кезінде жаралы күйінде өзін арқалап келе жатқан Қамысбайға да ол осылай айқайлап еді. Дәл сол дауыс. Құрманғазы өзі ойламаған жерден күліп жіберді. Атаман бұл оқыс қылыққа таң қалып, тұтқынның тұла-бойын бір шолып шыққан. Сосын аяқта нық тұрған әлгі дембелшең кісіге қарата: «Бұрындары өзім мен досымды ажалдан аман алып қалған Құрмаш емеспісің?» – деді. Құрманғазы күлді: «Майбасар аға, Қамысбай аға екеуіңізді үңгірге жасырған Құрмаштың дәл өзімін ғой». Осыдан бастап Құрманғазы қолы байлаулы тұтқыннан сыйлы қонаққа айналып шыға келді. Осылайша екеуі дастархан басында таң атқанша бабы келіскен қымызға мас болып отырды. Дастархан басында Майбасар арты қайырсыз болып, көсемдердің қайғылы қазасымен біткен көтерілісті, ауыр жараланған кезінде Қамысбай досының арқалап алып шыққанын еске алды. Өткен күннің бейнесі сол бетте көлбеп тұрғандай Майбасар жанарын шаңыраққа қадап отырып: «Тағдыр Қамысбай екеуіміздің жолымызды екі айырды. Жарам жазылып, аяққа тұра бастағанымда Қамысбай Еділдің төменгі сағасына барып, балықшылардың артеліне жұмысқа орналасуға көндіруге тырысты. Мен үзілді-кесілді қарсы болдым, оқ тиген көкірекпен балық

аулауға бола ма. Осы жүрісіммен қалай тірі жүр екенмін, түсініксіз!» деді. Сосын қымызын ұрттап қойып сөзін жалғады: «Тағдырдың айдауымен Еділдің төменгі сағасына мен де келдім. Бірақ балықшылардың артеліне келмегенімді өзің де көріп отырсың. Менің күшім білекте емес, білікте. Сондықтан да мына қарақшы жұртты басқарып отырмын. Менсіз бұлар не казактардың қылышынан өліп, не байлардың қамшысына сабалып, аяғы түрме түбінде құруы мүмкін еді. Мені жазғырма, Құрмаш, маңдайыма осылай қарақшылардың арасында елеусіз ғана өлу жазылған шығар. Көп ұзамай бірімізді қалдырмай тұтқындап ит тепкіге салатын секілді көрінеді де тұрады. Бұл ойымды қарамағымдағыларға айтқаным жоқ, олардың білмегені де дұрыс». Майбасардың сөзін тыңдап болып Құрманғазы: «Қуғыннан қашып, қарақшы есебінде жүрген адам сені қалай жазғырсын» – деп еді, оның бұл сөзіне Майбасар қарсы болды: «Ара-тұра бай мен көпестің қалтасына түсіп тұратын мені өзіңмен салыстырғаның не. Сен мемлекеттің шаңырағын шайқалтқан жансың ғой. Билік үшін мен ешкім де емеспін, ал сені жалаң қолмен алам деу бекершілік, себебі Құдай бойыңа халықты әділетсіздікке қарсы күреске бастай алатын ұлы өнерді дарытқан. Ал күйге тұсау салып көр. Сондықтан билік үшін сен қауіпті адамсың. Өзіңді қарақшының деңгейіне түсірме, ондай болғанда мен сені сыйламаспын. Сенің жолың – халықтың қалғыған санасын ояту, сондықтан жүрісіңнен жаңылма, бағытыңнан айныма!» – деді де – «жарайды, жатайық, таң атып қалды» дегенді қосып қойды. Таңертең Құрманғазының азық-түлігін қамдап, Майбасар: «Мен саған біраз күн қонағым бол дер едім, бірақ сенің қайтарар жауабыңды біліп тұрғандықтан, айтып қайтем. Мен өз қарақшыларымнан мына жолдың бойынан нәпақа іздеп жүргендердің барлығына сенің менің досым екеніңді айтып жіберем, сонда ешкім саған саусағын да тигізбейтін болады. Керісінше көрген жерде көмегін аямайды. Осы бір

сапарыңда Қамысбаймен жолығудың сәті түссе, оған менің атымнан үлкен сәлем айт және маған жасаған жақсылықтары үшін рахметімді жеткіз. Жөнсіз жекіді деп маған ренжімесін, мен оған жек көргеннен ұрысқан жоқпын, мұның бәрі ит мінезімнен ғой. Ол маған бауырымнан да жақын, осыны айт. Ал, енді бар, әйтпесе жылап жіберермін. Ал атаманға жылауға болмайды». Құрманғазы кетерінде Майбасарды сүйегін сықырлатып тұрып құшақтады. Сосын қарақшылар нұсқаған бағытқа қарай шаба жөнелді. Құрманғазының туған ауылынан ұрланып қашып шыққанына да жылдан астам уақыт болыпты. Тағы бір көктем келіп, қамыс басын шайқап тұр. Ат тұяғының астына өзге бір ауылға бастап алып келе жатқан зүбәржаттай жарқыраған көк кілем төселген. Құрманғазы осы бір елдің жұртын күймен қуантпақшы. Ол кенет атын кілт тоқтатқан. Сосын мына даланы көкжиек тұсқа дейін көміп тастаған түймедақ, көк тікен, қызғалдақтан тігілген көк кілемге зер сала қараған. Қызғылт гүл атқан жыңғыл қол бұлғап тұр екен. Жүзген де жарқыраған ақ гүлге оранып алған. Ол қамыстың сусылына құлақ түрген, бірақ ерекше ештеңе сезінбеді. Себебі бұл ұзақ әрі шыңылтыр қыстан кейін орнайтын жылдағы бір сурет еді, бұған таңғалатын ештеңесі жоқ деп ойлады Құрманғазы. Дегенмен неге көңілде алаң басым, жүректе неге шаршау бар: сезім сергелдеңде – бұл қайғы ма, әлде қуаныш па? Мүмкін, екеуі араласып кеткен болар, ал, шешіп көр. Біраз уақыт ой үстінде тұрып ол, мұның себебін жүйкенің жұқарғанынан деп топшылады, сосын тізгін қағып, жолын жалғады. Көп ұзамай, өзен бойынан көктемгі су тасқынынан сақтанып төбеге шығып кеткен ауылды көзі шалды. Дөң басында сығылысып тұрған аппақ киіз үйлер күн сәулесіне боялып, алтын жалданған толқындардың қоршауында кеме тұрғындарын адам аяғы баспаған бақыт жағалауына бастап келе жатқан желкенге ұқсап кетті. Ауылдың бейнесі санасына осындай кейіпте елестегеніне таң қалған Құрманғазы «Бүгін маған не болған?» деп өз-өзінен сұраған. Кенет «Сен несіне

кідіріп тұрсың, мына кеменің ішінде сенің көптен күткен бақытың кетіп барады» – дегендей жүрегі қатты соғып кетті. Құрманғазы жүрегінің сөзіне құлақ түріп, жердің шаңын аспанға көтеріп, атын тебініп, айлақтан шығып Махаббат атты елге бет алған ғажайып кемеге қарай ұшқан. Жүрек сөзі оны аппақ киіз үйдің алдына әкелді. Мұны ұзақ күткен адамдай үй ішінен ақсақал шықты. Шыныменен күтіп отыр екен, жылы жымиып: «Құрметті қонақты көптен күтіп отыр едік, үйге кіріңіз» – деді. Құрманғазы бір сәтке бұл құрметті ақсақалдың сөзіне күмәнданып, киіз үйдің есігінің алдында тұрып қалған. Бірақ дүрсілдеген жүрегі оны осы киіз үйдің ішіне кіруге мәжбүрледі. Сондықтан да ол көктемгі су тасқыны шайқаған кеменің еркіне бағынып, болар іс болады ғой деген. Жазмыштан озмыш жоқ. Қонақтың артынан ере кірген үй иесі оны дастархан басына шақырып жатып: «Біздің сені күткенімізге таң қалма. Астыңдағы атың жүйрік болғанымен, жақсы хабар қанатты құс секілді, ұшқыр атқа да жеткізбейді. Мен сенің жылағанды жұбататын, қайғырғанды қуантатын, жүректе махаббат отын жандыратын, көптің құмарын қандыратын ерекше күйшілік өнерің туралы көп естідім. Қиыр жайлап, шет қонған біздің елге өзіңдей күйшінің келуі арман ғой. Мен осы ауылдың ақсақалы – Игілік деген шалмын. Сен туралы хан түрмесінен қашып шығып, өзге ат жамылып, біздің бетте жасырынып жүрген байтақ даланың ұлы күйшісі деген дақпырт бар. Бұл үшін мен сені жазғырмаймын, себебі мұның бәрін еріккеннен істеп жүрген жоқсың. Бір нәрсе анық – сен менің қонағым болып жатқанда, ханның қуғыншылары сенің шырқыңды бұза алмайды. Ал енді дастарханға жайғасып, Алла бұйыртқан дәмнен алып отыр» – деді. Дастархан басында жанары өткір арықша келген Игіліктің тоқалы қызмет қылып жүрді. Кешке таман ауыл тұрғындарының алдында Құрманғазы өзінің күйлерін төкті. Бұл кеште ол елдің батырлары туралы үзік әңгіме айта отырып, эпикалық күйлерді де тартты.

Эпикалық батырлар, халқының бақыты үшін жан қиған ерлер хақындағы күйлер бірінен соң бірі Құрманғазының саусағынан саулап жатқандай көрінді. Күйшінің домбырада керемет ойнағаны соншалық, жиналғандардың санасында бұл домбыра емес, мына қатал әлемде қарапайым жандардың өмірін жалғап тұрған үміт, сенім, махаббат атты ішекте ойнап жатқан көктемнің өзі секілді елестеп кетті. Құрманғазы домбыра тарта отырып, адамдарды бір шолып шығып, шанақтан төгілген күйдің олардың көңіл күйіне әсерін байқаған. Тыңдаушылардың жанары бірде мейірім мен махаббатқа толып, енді бірде мұң-налаға батқандай еді. Міне, мөлдіреген қара көз өзіне қадала қарап тұр, жымиысы маржандай тістерін көрсетті. Жүрегіне жақын осы бір әдемі таныс бейнені қайдан, қашан көріп еді? Күй тартып отырып, бұл таныс бейне санамда қалайша жаңғырды деп ойлана қалған, бірақ әуен оны өзіне тартып ала жөнелді де, ештеңені есіне түсіре алмады. Не деген керемет сұлу, кең пішілген көйлек те жасыра алмаған не деген келісті бітім! Еріндері жабыса кетіп, жұпарымен мәңгілік тыныстауға болатын раушан гүлдері секілді. Бірақ ол мұндай сезімді бастан кешкен: сол бір қыз мұның құшағында кермаралдай қалтыраған, оның дірілдеген анары, ерніне жұғып қалған қыз еріндердің шырыны, бәрі-бәрі есінде. Бірақ бұл қайда, қашан болып еді? Жоқ, әлде бұл түсінде көргені ме, не күн сайын қуғыннан қашып жүргендіктен жүйкенің жұқарайын дегені ме? Күйші жанарының өзіне қадала қарап тұрғанын сезген әлгі қыз ұялғаннан тыңдаушылардың тасасына тығылды. Құрманғазы жиылғандар арасынан жанарымен қызды іздеп таппақ болып еді, бірақ жанары селдір сақалды алпамсаның кекесінді көзқарасымен түйісіп қалған. Бұл көзқарас та мұның жүрегін шымырлатып кетті. Мына кісімен де жан толқытарлық бір сезім байланыстырып тұрғандай еді. Бірақ, қайдан, қашан көргені еске түспеді. Бүгін маған не болып отыр деп ойлады сосын. Шынымен де ақылымнан алжасайын дегенмін бе, түсініксіз нәрселердің

көбейіп кеткені несі? Құрманғазының қолы өздігінен ойнақы күйді кілт үзіп, халықтық көтерілістің құрбандарын аза тұтқан «Кішкентайды» тарта жөнелген. Сол сәт әлгі сақалдының жүзі сұрланып, жанары суланып кетті. Құрманғазы тани қойды. Бұл әкесінің құрдасы – Қамысбай екендігіне еш күмәнданбады енді ол. Түн жарымға шейін алаңқайда күй ойнап тұрды. Аспанда он төртінен толған ай жиналғандардың жүзін ақ нұрмен жуып, жердегілерге ерекше мейіріммен қарап тұрды. Құрманғазы тұрардың алдында тағы бір сезімге толы күйін орындады. Оның көз алдына өзі күй арнаған қыздың бейнесі келе қалған. Есіне түсті, жаңа ғана көптің ішінен көзіне түскен сол Ақ-Мадайдың дәл өзі ғой. Ол оның мына жарық дүниеде ешкімге ұқсамайтын күлкісін, адамды өзіне байлап тастайтын әдемі жанарын өзге ешкіммен шатастыра алмас. Бірақ қалың қамыс қалқалаған айдаладағы елге Адайдың қызы қайдан келіп қалған? Күй тартып отырып, Құрманғазы өзіне серт берді: «Бұл жолы ақымақтық қылмаспын. Шырағым, әлі басың бос болса, маған деген көңілің суымаған болса, мен сені бұл жерден алып кетемін деп айтамын». Күй аяқталды, Құрманғазы тарап бара жатқан топтың артынан ілесіп, әлгі қызды іздеп кеткен. Бірақ оның жолына селдір сақалды алып адам тұрып алып, құшақтай алды: «Менің кішкентай қорғаушым, бұл сенбісің? Есейіп кетіпсің ғой. Мына бір қайратты жігіттен Боғда тауларына өзіммен бірге қауіпті жорыққа аттанған сол бір арық жас баланы әрең таныдым. Егер сенің қолыңда өзің бала кезіңнен керемет тартатын домбыра болмағанда, мен, бәлкім, сен деп ойламас та едім!». Қамысбай оны оңынан да, солынан да қарай берген. Құрманғазының есін жиғызбай, қуатты қолымен арқасынан қысып: «Қыдырып қайтайық, жүр, кездеспегелі қай заман, айтатын әңгіме көп шығар. Туып-өскен ауылдың жайын, ағайын-туыстың хабарын айтарсың. Туған мекенімді, оның қабірін де сағынып қалыппын. Ғашық жастар әлі күнге Ерғали мен Алманың басына барып тұра ма? Айта бер, әрбір

кішкене жаңалық менің жанымды жылытады ғой» деген. Құрманғазы оң аяғын сылтып басқан Қамысбайдың артынан еріп келе жатып, мұңдана сөйлеген: «Менің аузымнан өзім де ара-тұра бір соғатын туған ауыл жайлы жақсы әңгіме естіп жарытпассың, аға. Ауылға аракідік қысқа уақытқа ғана келіп кетем, сосын түн жамылып қуғыннан қашам». Әңгімелесіп келе жатып бұлар өзен басына келді. Өзен көктемгі су тасқынынан жағалауын тастап қашып, ай жолымен жүгіре отырып, ауыл аз уақытқа тұрақ тапқан дөңге қарай жеткен екен. Қамысбай алдын-ала дайындалып қойған қураған бұталардан от жақты, сосын отқа сындырылған жыңғыл бұталарын тастап отырды. Қара түтін бұлттай жауған масаларды қуып жіберді. Отты таяқшамен қозғап қойып, Қамысбай сөйлеген: «Өзен жағасында жағылған оттың жанында отырғанды жаным сүйеді. Бұл сәтте ойланғанның өзі бір ғанибет. Түн жамылып асығып ағып бара жатқан өзенді көріп, өзіңнің зырлаған өмірің есіңе түседі. Зырлай ұшып қайда барып тұрақ таппақ, білмейсің. Менің бұл өмірге келгендегі мұратым не? Өмір бойы қатқан нан үшін байға батырақ болып жалданып жұмыс істеу ме? Бірақ бұл тілі жоқ малдың өмірі ғой, ал мен адам емеспін бе? Алла маған түні бойы төсегімде дөңбекшітіп ұйықтатпайтын ақыл-ой берді. Сондықтан өткен өмірім туралы ойлар мені қажап бітті. Сенесің бе, Құрмаш, ханның озбырлығына қарсы көтерілген Исатай мен Махамбеттің қасында жүргенде мен өзімді адам ретінде сезінетінмін! Енді бүгін артқа қарап отырсам, сол майдан даласындағы күндер – ең бақытты күндерім екен ғой менің. Бірақ ол уақыттар құмға сіңген су құсап жоғалды, ешнәрсе өзгермеді. Батырақ батырақ күйінде қалды, байлар қайтадан халықтан арқан есе бастады, сол арқанмен халықты қылғындырмаққа». Құрманғазы Қамысбайдың әңгімесін тыңдап отырып, бұтаны отқа лақтырып, әкесінің досының осы бір түңіліске толы ойларына жауап қайырған: «Қамысбай аға, сен көбісін дұрыс айттың, бірақ біреуінен қателескен сияқтысың: халықтың ұлт азаттық қозғалысы

ізсіз жоғалып кеткен жоқ, ол халықтың санасында тұр әлі. Сен жаңа ғана өзіңді сол кезде адам ретінде сезіндім деп едің ғой, міне, сен секілді мыңдаған қайыршы жұрт осындай сезімде болды. Мұны енді олар ұрпағына үйретеді, сосын адам баласы өзінің өмірін құрбан етсе де, жақсы өмір үшін күресуі керек деген ой халықтың санасына мықтап орнайды. Сонда ғана басымызға ақ күн туады, біз оны мүмкін көрмеспіз, бірақ балаларымыз бен немерелеріміз көрер. Сенің қалқан құлағыңнан аққан қан зұлымдықпен айқастағы зарықтыра жетер жеңіс үшін төгілген қан, онда сенің де үлесің бар!». Қамысбай бұл сөзге ренжігендей кейіп танытып міңгірлеген: «Сен мына балаға қара, менің зарымды күлкіге айналдырып отыр. Құйрығың әкенің қамшысын сағынып жүрген болды ғой». Құрманғазы күлді де: «Қамысбай аға, ренжіме, екеуміздің әңгімеміз тым тұнжыр болып кетті, мұны не күлкісіз, не жылаусыз жалғау мүмкін емес. Жастың кермек дәмі бар, одан да күліп отырайық», – деді. «Дәл осылай түсіндіргеннен кейін өзімнің құтқарушыма қалай ренжимін!» деп Қамысбай келіскен кейіпте сөйледі. Сосын келіскендігін іспен білдіргісі келгендей, алып қолдарымен күйшінің арқасынан қағып қалып еді, анау сол жағына қарай ауып кетіп, суға қарай домалай жөнелді. Бұған жарылардай болып күлген батыр, алыс қамыс арасындағы құстарды үркіте: «Ей, жігіт, мен сені мықты ма десем!» – деп айқайлаған. Құрманғазы орнына жайғасып жатқанда, Қамысбай күліп: «Екеуміз қанша бұтаны отқа жақтық, бірақ сен өз жайыңда ештеңе демедің ғой. Жоқ, әлде әкеңнің ескі досына сенбеймісің? Ондай болса, сен бетіме айт, мен ренжімеймін», – деді сөзін әзілге жеңдіріп. Құрманғазы от басына жақындап келген қара түнге қарап отырып сөйледі: «Бұл не дегеніңіз, ақсақал, тек менің өмір жайлы әңгімелерім ұзақ әрі мұңды болады-ау дегенім ғой. Біз екеуміз жаңа ғана келіскен жоқпыз ба, қайғыға қарай барыспаймыз деп». Қамысбай Құрманғазыны арқаландырып қойды: «Ал, біз қас жауларымызға қырсыққанда күле беретін боламыз».

Құрманғазы қарт батырдың балаға ұқсаған қылығына күліп: «Ал, ендеше тыңда, бөлуші болма» – деді. Оттағы бұтақтардың көңілді шытырымен Құрманғазы екеуі айырылысқан Боғда тауларынан кейін болған жағдайларды баяндай жөнелді. Зу етіп өте шыққандай көрінген осынау өмір басынан өткен оқиғалар кезең-кезеңімен тізіле қалғанда өзінің шын мағынасына ие болды. Әңгімесінің аяғында бұл өзінің Майбасармен кездескені туралы, Қамысбаймен жолыға қалсаң, оған менің сәлемімді жеткіз дегенін де айтты. Қамысбай жас досының әңгімесін тыңдап болды да: «Өй, оңбаған, мені өзінше өмірге үйретуші еді, қарақшы болып кетіпті ғой. Жолықсаң айта бар, егер оның осылай қарақшыға айналатынын білгенімде, сол жолы үңгір ішінде қалдырып, сыртын таспен бітеп кетер едім деп айтты да» деді. Енді бір сәт әркім өз ойына шомып, екеуі үнсіз отырып қалды. Құрманғазы отқа тығылған тырбиған ағашты қызыл тілімен жалап-жұқтап жатқан отқа қадала қарап отырған Қамысбайдан: «Ақсақал, мына аяғыңды қашан ақсатып алып жүрсің? Соғыс даласында сен шашыңның астына жасырып жүретін атылған құлағыңнан ғана айырылып едің ғой» – деп сұрады. Қамысбай ұзынынан тастаған ауру аяғын сипап отырып: «Менің өмірім сенікіндей сан түрлі оқиғаға толы емес. Себебі ақын емеспін, күйші де емеспін, менің жалғыз сүйенерім – табиғат дарытқан батырдың күші. Бай өзінің қызметшісін жұмсағандай, мен де осы аяғымды пайдаланып келем. Майбасардың жарасы жазылып, өздігінен жүре алатын кезінде, қуғыннан қашып барып тығылуға болатын Еділдің төменгі сағасына кетейік дедім. Ол бірден келісті, себебі орталықтағы ауылдарда қалсақ, аяғымызға кісен салып Сібірге айдап жіберетіндігін түсінді. Міне, біз осылай мына бетке қалтырауық қояндар секілді әрбір жықпылдан қорқыпүркіп, кейде жаяу жүріп, кейде барымталаған аттарымызбен шауып отырып жеттік. Майбасардың басы жасағыш қой, бір ауқатты ауылға келіп түскенімізде, ол өзінің пайдасын ойлап, ауыл ақсақалының қызметшісі болып қалып қойды. Біз

осылай айырылысқанбыз, ал оның қарақшы болып кеткенін бүгін ғана сенен біліп отырмын. Екеуміздің жолымыз екіге бөлінгесін, мен балық аулау ісіне кірісіп кеттім, әлі күнге сондамын. Мына маңдарға ара-тұра келіп кетемін. Осында баласы жоқ жесірді қатындыққа алдым, қыс түскенде көбіне әйелімнің қасында болам, мені жұрт көктемгі балық аулау маусымы туарда бір көреді, содан қыс түскенше жұмыстың соңында жүремін. Бүгін ғана балығымды нан, ірімшікке айырбастап алдым, енді біраз күн әйеліммен болып, қайта жұмысқа кетем» – деді. Құрманғазының ақсаған аяғы туралы сұрағаны есіне түсіп кетті де, ол сөзін жалғады: «Е-е-е, мұның бәрі қара күшке сенгендіктен болды. Көктем басталғанда, су тасиды ғой, сол кезде мені ылғи ауды бақылауға қояды. Қыр адамына қалай түсіндірсем екен: көз алдыңа үлкен ауды елестетші, балықшылар өзенге салатын, оның төменгі жағына таш деп аталатын ауыр жүк іледі, ал жоғары жағына қалтқы байлайды, сосын ауыр жүк ауды төмен тартады, ал қалтқы жоғарыға тартады, осылай ау өзен астында қабырға секілді тартылады да, жолындағы балықтың барлығын торына түсіреді. Ал, аудың алыс шеті артта қалып, не алға кетіп қалмау үшін аудың арқаны жағалаудағы құмға қағылған қазыққа байланады. Сол арқылы аудың қозғалысын бір қалыпқа келтіріп отырады». Құрманғазы балық аулаудың өзіндік қыр-сырын әрең түсініп отырса да, сөйлеушісін асықтырған: «Айталық, сен жағалауда тұрып, жағалау бетіндегі аудың бір жақ шетінің қозғалысын басқарасың, ал төменгі шеті өздігінен жүзе бере ме сонда?». Қамысбай сөзін бөлген тыңдаушысына ренжіді: «Сен мені жаңылдырмашы. Судың терең жері үшін ауды салған адам жауапты, ал мен қазір өзімнің аяғым туралы айтайын деп отырмын ғой». Құрманғазы бұл әңгімелердің жаралы аяққа қандай қатысы бар деп ойлады, бірақ қарсыласып жатпады. Ал балықшы болса, ойша өзінің өзен бетінде жүргендігін елестетіп, әңгімесін қызу жалғап отыр: «Бұл осыдан үш жыл бұрын болған жағдай. Судың ағыны қатты

болғаны соншалық, арқанды жіп құрлы көрмеді. Мен қазық қадалып тұрған өзен жағалауына жүріп келем, жүріп емес бәйгедегі тұлпардың өзіндей шауып келем. Көмекшілерім арқанға ташты байлап үлгере алмай жатса, қырсықты қара, олардың өздерін ау өзенге тартып барады. Міне, бәленің бәрі осы жерде болды. Жағалауды су шайып, қазық қоймалжыңнан суырылып шығып, менің аяғымды шалғы құсап орды да кетті, мен балшыққа құлап, аурудан есімнен талып қалыппын. Сол беттегі дәрігер аяғыма тақтайша қойып, мықтап орап берген. Содан біраз уақыт бір аяқпен секіріп жүрдім, сосын балдақтың көмегімен ептеп аяғымды бастым, бірақ ақсаңдағаным кеткен жоқ. Шамасы, дәрігер келістіріп салған жоқ-ау, күн бұлттанса болды сырқырайдыай келіп. Есесіне фонаркада жұмыс жасап жүрмін қазір. Фонарка деген қайықтың аты. Соған мініп алып мен аудың жоғары бетінің шет жағына жетіп, аудың орта тұсындағы балық жиналатын қапты сүйрете келіп, ал таңбалаушы аудың төменгі жағын батырған кезде, тездетіп әлгі қапты ағытып жіберуім керек. Ол ұсталған балықтардың оған түсуі үшін қажет, менің жұмысым осы». Қамысбай күліп отырып, өзінің ақсақ аяғының тарихын осылай айтып берген. Бір кезде Құрманғазы өзінің жанын жегідей жеген сұрақты қойды. «Айтшы, аға, манағы сауықта Адай руының қызы не ғып жүр? Жанарымды алмай қарап едім, көптің арасына сіңіп жоғалды». Балықшы кім туралы айтылып отырғанын сезе қойды да, сосын таң қалған кейіпте өзінің сенімін бекемдеу үшін: «Әуес туралы сұрап отырмысың? Ол сен қонақ болып отырған Игіліктің қызы ғой» деді. Құрманғазы өзінің жасы үлкен жолдасына күдіктене қарап: «Сен қателесіп отырған жоқпысың, ақсақал. Әлгі қазық сенің тек аяғыңды зақымдамағандай ма, қалай өзі? Бұл Адайдың қызы АқМадай ғой, оны мен ешкіммен шатастыра алмаспын!» – деді. Қамысбай басын шайқап күлген: «Бүгін біреуміздің басымыз жасамай отырғаны анық, кімдікі екендігін біліп те отырғандаймын».

Әуес менің көз алдымда үлпілдеген балапаннан аққуға айналды ғой. Қызда мін жоқ: Алла тағала сұлулық пен ақылдан кенде қылмапты. Тек тағдырының келіспегеніай. Әуес он беске келгенде, көрші ауылдың бай отбасының ұлына айттырылған. Жігіт те Әуеске сай болатын, той қамына кірісе бастағанда, бір қайғылы жағдай болды. Бәйгеде аттан құлап, жігіт жерге қолайсыз түсіп, мойны қайырылып кеткен. Жұрт болып жерледі. Әуес қатты қайғырды, бірақ қолдан келер шара жоқ, артынан сабырға келді. Содан бері екі жыл өткен, ауыл ішінде Әуестің күлкісі қайтадан сыңғырлап шыға бастаған. Көп ұзамай қайтадан төбесін қара бұлт торлады: Игілік өзі құсаған кәрі шалға байлығы үшін Әуесті бермек болды. Иегінде тіс қалмаған қақбастың жас әйел алғандығы, қазы шайнап берсін дегені шығар! Әуес жасын көл қылып, қаусаған шалға тұрмысқа шыққанша, тұңғиыққа батып өлгенім жақсы деген. Бірақ Игілікпен салғыласу бекер. Оның үстіне әлгі шал қалың мал ретінде қора-қора қой мен табынды жылқы айдап әкеліп тастаған. Игілік мұндай мүмкіндікті құр жіберсін бе? Ал қыз болса еңірегенде етекке жасы толып, шалдың үшінші қатыны болып бармақшы, Игіліктің мұнымен шаруасы жоқ. Мына Игілігіңнің де үш қатыны бар. Әуес оның тоқалынан туған, кезінде оны да ауылға тым жас кезінде көзжасын көл қылып алып келген екен». Құрманғазы балықшының осы бір қайғылы әңгімесінен кейін атып тұрып, Қамысбайдың өзіне айқайлаған: «Олардың ойы іске аспайды. Қыздың бұлайша қайғы шегуіне жол бермеймін!». Қамысбай жерден тұрып жатып, қазандықта қайнаған су секілді шапшыған күйшінің жүзіне қарап тұрып: «Балақай, сен неге маған айқайлайсың? Қызын шалға беріп жатқан мен бе екенмін!» деп ашуланған. Қамысбайдың жауабы Құрманғазының үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей әсер етті. Сабырға келіп, Қамысбайға кінәлі жүзбен қараған ол: «Кешіре гөр мені, ақсақал. Мен сені ренжітейін дегенім жоқ, шыдамай кеттім, балалық қой. Сен дұрыс айтасың, бүгін менің ақылым орнында емес.

Бірақ әкеммен достығың үшін, ұзақ жылғы таныстығымыз үшін өтініп сұраймын: сол қызбен жолықтыр мені» – деді. Қамысбайдың ашуы тарқап, жылы жауап берген: «Осыдан бастау керек еді бәрін, ал сен болсаң жаман атқа ұқсап туладың келіп. Менің жасым бұл іске кірісуге мүмкіндік бермейді, жүгіріп жүретіндей аяғым да сау емес. Бірақ менің қарамағымда бір бала бар, сенен аумайды, екеуміз жақсы қарым-қатынастамыз. Онымен ертең таңертең сөйлесем, ол құпия жүздесуді ұйымдастырып бере алады, тек Әуес келіссе болды. Бірақ кешегі бір-біріңе қарастарың ерекше көрінді, келіседі деп ойлаймын!» деді күлімсіреп. Құрманғазы ренжи сөйледі: «Біреудің тағдыры шешілейін деп тұрса, мынаның күлуін қарашы». Қамысбай күлкісін тоқтата алмай: «Әлгінде ғана бүгін жыламаймыз деп келіскен жоқпыз ба!» – деді. Өз сөзін өзіне қару ғып пайдаланғасын жас жігіт: «Қамысбай аға, сөз таластырмай-ақ қояйық, жақсы ма?» деген. Күйші Игіліктің үйіне таң алдындағы сұрғылт аспан бетінде жұлдыздар жоғала бастаған шақта оралған. Сосын өзіне салынған төсекке жатып, басы жастыққа тиген бетте ұйқыға кеткен. Құрманғазы кеш оянды, ашық тұрған есіктен бой сергітер таза ауа ішке еніп тұр. Көзін сәл ашып қарап еді, екі әйел шай жасап жатыр екен, үй иесі орнында отырған қалпы, бұған міней қарап отыр. Әйелдердің бірі дастархан басына кеселерді қойып болып, бұл жатқан бетке кері бұрылған, сөйтсе, мұның жанарынан жасқанып топ ішіне сіңіп жоғалған кешегі ару осы екен. Ұйықтап жатқан адамдай айқасқан кірпіктерінің арасынан оған зер сала қарап еді, анық байқады, бұл Ақ-Мадай емес. Жұқалтаң жүзді, көздері әдемі, күлкісі тартымды. Бұл қыздың хан жәрмеңкесіндегі табиғи сұлулығымен де, би үстіндегі бұлқынған қимылымен де таң қалдырған сыған қызына ұқсас тұстары бар екен. Әуестің құлағындағы үлкен алтын сырғалары да содан аумайды. Ақ-Мадайдың әдемі бейнесі мына бір арудың тасасында қалғандай еді. Әлгі қыз қонақтың өзіне қарап

жатқанын сезіп, жүзі қызарып кетті. Құрманғазы бұдан ары ұйықтаған болып жата алмады да, төсегінде тұрып отырды. Қонағының ұйқыдан оянғанын көріп, үй иесі жылы жымиып, жай ғана иіліп ілтипат білдірді де, қызына қарата: «Әуес, қызым, құманға су толтырып, қонақтың жуынып-шайынуына көмектес» – деді. Қыз бала әкесінің айтқанын орындап, қонаққа жанарын сәл тоқтатып, құманды алып үйден шығып кетті. Құрманғазы артынан асығыс ерді. Жуынып жатып, қыздың әдемі қолына көзі ерекше тоқтаған. Ұзын жіңішке саусақтар құманды әдемі ұстап алыпты, оның санасында ой тұтанды: «Мына саусақтар менің мойыныма оралса ғой, шіркін!». Бетінің суы тамған табаққа иіліп жатып, ол қыздың өзіне ерекше ықыласпен қарап тұрғанын желкесімен сезді. Шайын ішіп болып, кешегі өздері от жаққан жерде Қамысбаймен қайта кездесті ол. Балықшы жас жолдасының жүрегін орнына түсіргісі келгендей сөйледі: «Бәрі ойдағыдай, Фархатқа тапсырма бердім». Құрманғазы: «Бозбала мұндай маңызды тапсырманы орындай алар ма екен?» – деп күдіктенді. Қамысбай оның иығына қолын асып тұрып: «Алаңдама, Фархатқа мен өзіме сенгендей сенемін. Ол бұған дейін менің тапсырмаларымды мінсіз орындаған. Бір рет алып келген балығымды соға кеткен көпеске беріп, әйелім екеумізге бір қысқа жетер ұн алып берген». Құрманғазы ренжіді: «Қамысбай аға, бұл балық емес, мен үйленем деп отырған қыз ғой. Бұл істе жас бала не білуші еді? Бір нәрсені келістіріп айтпай, үстімізден күлер әлгі қыз. Сөйтіп, ақсақалдың қызы күйшімен қашып кетпекші болды деген жаман хабарды ауылға жайып жіберер». Қамысбай жас жолдасын тағы сабырға шақырған: «Сен алаңдама, Фархат бала болғанымен, саналы. Оның жасына жетпей өмірді түсінгіштігіне әрі ақылдылығына өзім де таңғалам кейде. Оның жасында баспен ойламас алаңғасар болдым, мұным үшін құйрығым жиі жауап беретін. Сондықтан әліптің артын бақ». «Күт» деу – айтуға оңай. Уақыт алға жылжымай, күн аттың тағасы секілді қағылып қақ төбеге шығып тұрып

алса, мен қалай күтпекпін. Құрманғазы ойланып қалды: «Жарайды, Фархат оңаша кездесу үшін қызды көндірді делік, мұның өзі үлкен мәселе, себебі мен онымен мүлде тіл қатысқан емеспін. Ал қыздың бұған көзқарасын әртүрлі түсіндіруге болады, көзін жыпылықтата бергені, қоқым түсіп кеткендіктен болар, ал мен болса маған белгі берді екен деп қуанып жүрмін! Ал, қоқым көзіне түспеді, мен қызға ұнап қалып, біздің кездесу жүзеге асады делік. Оған не демекпін? Мен – мына маңда биліктің қуғынынан бой тасалап жүрген қашқынмын, барымташымын. Ұрлық менің сүйікті ісім болғандықтан, сені де ұрлап кетейін деп едім деймін бе? Саған әдемі өмір сыйлаймын. Менімен бірге қамыс арасында тығылып жүресің. Аспан астында күркеде өмір кешеміз. Домбырада ойнап тамақ табамыз, ол болмаса да ештеңе етпейді, қайыршы болып күн кешеміз. Халқымыз мейірімді, бір кесек нанын аямайды деймін бе? Есі дұрыс қыз бұған қалай келіспек?». Жағалаудың құмын табанымен өлшеп шаршаған ол алақанына қараған, домбырасы жоқ екен, бұған өзі де таңғалды. Енді ол түк шықпайтын ойларын тастай салып, домбырасын алмаққа Игіліктің үйіне кетті. Домбырасын қолына алып еді, жаны жай тапқандай болды. Ия, домбыра оның қиын сәттердегі құтқарушысы еді. Өзінің сезімін жеткізбек оймен қызға айтпақшы болған сөздерінің қиюы келіспеді, әрі қашты. Бірақ санасында тұрған жүрек сөзі күй тілінде ішектің бойына қона қалған. Бұл оның махаббатын білдірген күй еді және оған түсіндірменің қажеті жоқ еді. Күйден көктемгі самалдың даусы естілді, гүл жапқан алап көзге елестеп, сол алапта қол ұстасқан қос ғашық өз бақытымен қауышуға барады. Күйдің оны елітіп әкеткені соншалық, Фархаттың жанына қалай келіп жеткенін байқамай да қалды. Баланы көріп ол күйін тоқтата қойған: «Менің кішкентай досым, маған айтар жақсы жаңалығың бар ма?». Белгілі күйшінің өзіне бұлай тіл қатқанына масайраған бала жауап берді: «Бәрі ойдағыдай, Құрманғазы аға. Өзеннің айналмасындағы қарсы жағалауда

өсіп тұрған ағаштарға күн жеткенде, Әуес келісілген жерге келетін болады. Қыздың өзін танымайды десе де болғандай адаммен «жұрттың өсегіне қалам-ау» деп қорықпастан кездесуге келіскендігіне Құрманғазының сенгісі келмеді. Толқығаны соншалық, айтылған адамын өзге біреумен шатастырып алған жоқпысың деп Фархатпен салғыласып кетті. Тыпыршыған күйшінің түріне үлкен адамның кейпінде қараған бала: «Мен ешқашан ештеңені шатастырмаймын. Сене беріңіз, ешқайда кетпейді, келеді» – деді. Осыны айтты да бала жағалаудағы құмның бетіне таяғымен айқұшұйқыш сурет салып тартып кетті. Құрманғазы кетіп бара жатқан балаға бір қарады, тас төбеге шығып тұрған күнге бір қарады, сосын белгіленген уақытқа әлі ерте деп, ал түстеніп алатын уақыт жетті деп, аз уақыт кідіре тұрып, қазір Әуесті көретін қонақжай үйге кетті. Өзі жобалағандай ер азаматтарға дастархан басында Игіліктің тоқалы мен қызы қызмет көрсетті. Әуес қонаққа үнсіз ғана қарап қойып, шай құйылған кесе ұсынды. Оның жанары салқын тартқан әрі ештеңеге алаңдамаған кейіпте көрінді Құрманғазыға. Бұл Фархаттың сөзінің растығына күмәнданды. «Есерсоқ, балаларды жинап келіп, қамыс арасында қамығып жалғыз тұрған маған күліп жүрер. Бұл қарақшылар бәріне де барады!». Фархат туралы ол осыны ойлаған. Түскі асын ішіп болып ол өзен жағасына қайта барды, ондағы ойы мүмкін болса, Фархатты жолықтырып, істің жайы туралы тағы бір сөйлесу. Бірақ сол жерде кезіккен Қамысбай бұған: «Мен бәрінен хабардармын. Фархат Әуес екеуіңнің кездесулеріңді келістірген екен» – деді. Құрманғазы Қамысбайға кезіккеніне қуанып, бірақ көңіліне күдік ұялағасын: «Фархат бәрі жақсы болады деген, бірақ жаңа ғана түскі ас үстінде қыз маған тіпті салқын қарады, сондықтан баланың сөзіне күмәндандым» – деді. Қамысбай: «Қызықсың, өзінің әке-шешесінің көзінше мойныңа асылар деп күттің бе? Қыз үйіндегілер қонаққа деген өзінің ерекше ықыласын біліп қойып, артыма адам салып жүрер деген

оймен сыр бермей отырған ғой» – деп оны сабасына түсірді. Күйші терең демалды: «Білмедім, осылай болса жақсы ғой. Мен өз сезімімді бұлай жасыра алмас едім. Мендік сезім албыраған жүзімнен көрініп тұрған шығар». Қамысбай ғашық жігітті жігерлендіріп, басу айтты: «Сол үшін де ол абайлап отыр ғой. Өзің ойлап көрші, екеуің ата-ананың көзінше бір-біріңе жылтың-жылтың етіп күліп отырсаңдар, олар не ойлайды? Ондай болған жағдайда, кездесу туралы ұмытуға тура келеді». Күйшіні сөзіне иландыра алғанын сезген Қамысбай тағы мынаны қосып қойды: «Таза ауа жұтып, жүре тұр осында, менің балық аулауға кетпес бұрын мұнда бітіретін шаруам көп». Қамысбай осыны айтып, өзінің үйіне кетті. Бұл уақытта күн де алыс жағадағы ағаш бетке еңкейіп қалған екен. Әр кеш күннің батар тұсы осы. Асығыпаптықпай, еш жанға білдіртпей ауыл сыртындағы кездесуге белгілеген қамысқа қарай аяңдайтын уақыт та келіп жеткендей. Осылай ойлай беріп еді, кенет қатты жел тұрып, айдын бетінде қойдың жүніндей бұйра толқындар пайда болып, аспан бетінде қашан келіп орнағаны белгісіз үлкен қорғасындай ауыр қара бұлт көкжиекке құлап бара жатқан күнді жұтып алып, аспанды бір өзі иеленді. Алғашқы тамшылар жерге келіп ұрылып жатты, ұзамай жаңбыр ауыл төбесіне құйды да кетті. Осы бір жаңбыр мұның қызбен кездесуге деген үмітін үзіп, жүздесу туралы тәтті қиялын басып қалды. Мезгілсіз уақытта басталған жауынды қарғап, өзін де жуындырып тастағасын ауыл жаққа әлгі қонақжай шаңыраққа қашпақ болған, бірақ сол сәт жүрегі қатты соғып, кері бұрылып, алыстағы қалың қамысқа қарай жүгіре жөнелді. Су тасқынынан қорғанып ауыл шығып алған дөңнің үстінен бұлақтар саулады. Төбеде ойнап тұрған найзағай, мұның бас жағынан жарқ етіп, өзі де асығып бара жатқан әлгі қамыс жаққа қарай қашты. Күннің күркірегені соншалық, аспан айналып жерге түскендей сезімде болды. Найзағай енді бір жарқ еткенде күйші қалың қамысқа тығылған қыз бейнені көріп қалды. Сосын екеуінің арасын айырған қашықтықты тез

аттап өтіп, қорқыныш пен суық қалтыратқан қызды құшағына ала берді. Құрманғазының құшағынан қорғаныш тапқан қыз ештеңе айтпай іштен тынған. Жаңбырға малшынған киімдері қос жүректің айқасып, бір жүрекке айналуына кедергі бола алмады. Құрманғазы жаураған қызды құшағына басып тұрып, ақырын ғана: «Менің сүйікті шырағым, бұл жарық дүниеде мен сені ешкімге де бермеймін!» – деп сыбырлады. Ал қыз қуаныштан жылап: «Мен сені ұзақ күттім ғой, батырым. Мені мына дүниеде ұстап қалған да сол ғашығымның бір күні келер деген үміт». Көктемгі найзағай қасиеті сол – көпке бармай басыла қалады. Бұл жолы да күркіреп тоқтап, жер-көкті шулатып барып тыншып, жаңа ғана өзі жұлмалап дал-дұлын шығарған бұлттарды жинап алып әрі қарай кеткен. Қос ғашық құшақтасып ұзақ тұрды, сүйіскен қалпы айналаға қараған да жоқ. Біз де бақыттан басы айналған ғашықтарға тесіле қарап отыра бермей, екеуін жеке қалдыралық. Олар бір-бірімен жаңа ғана табысып жатыр, айтар әңгімесі көп болар. Ал оларды алда қиын әрі қызықты болашақ күтіп тұр. Бұлар оны тек болжап қана қоя алады. Біз одан да жаңа ғана жаңбыр жуып өткен аспан төсінде оттай лаулап батып бара жатқан күннің керемет суретін бақылайық. Міне, күн де ұясына батты, ал жел болса, қансорғыш масаларды қалың қамыс арасына айдап тықты. Біздің қос ғашық уақытша айырылыса тұрады. Міне, екеуі екі жаққа бет алды, көп ұзамай қыздың әкесінің үйінде қайта жолығады. Құрманғазы дөңбекшіп ұйықтай алмай жатыр. Санасында сан қилы ойлар жалт ойнатып, маза таптырар емес. Біресе Әуестің жарқ еткен қуанышты жүзі көрінеді, біресе қыздың оңбаған әкесі қаһарын төгіп тұрады. Қонақжай ақсақалдың қылған жақсылығына енді бұл қызын алып қашу арқылы жауап бермекші. Барымташы дегені аздай, бұдан кейін көрінген жерде қайырымды ақсақалдың қызын алып қашып кеткен қарақшы дейтін болады-ау. Мұнысына ішкі бір

дауыс қарсы шығады: «Осы қайырымды, сенгіш адам өз қызын бір отар қой мен табынды жылқы үшін сатты ғой. Ол қайғырса, қызы үшін емес, қайтарып беруіне тиіс болатын малы үшін қайғырады». Жаны тыныштық таппай аласұрып жатқан күйшіні ақыры ұйқы жеңді. Бірақ санадағы күрестің жеңімпазы анықталмай қалды. Күйшінің бұл ауылға келгеніне бір аптаға жетер-жетпес уақыт болды. Бірақ соған қарамастан, қыздың үйінен қашып шығуы үшін тыңғылықты дайындық жүріп жатыр. Әуес жолға қажетті заттарын білдірмей Қамысбайдың әйелінің үйіне тасыды. Бұл іске ол да араласқан. Мәселе шешілгендей болды, белгіленген күні Әуес өзінің атымен өздері қашар бағытқа қарай серуенге шығып, сосын ауылдан аулаққа барып сүйіктісін күтетін болып келісті. Бұл күмән тудырмайтын іс еді, себебі Әуес соңғы кездері серуендеуге жиі шығатын әрі ауылдан алыстау кететін. Құрманғазы Қамысбайдың үйінен әкесінің досының сыйы деп жолға азық алып, ауыл адамдарымен қош айтысып, өзінің сүйіктісінің артынан кететін болып шешті. Қамысбай жұмысқа екі күн бұрын кеткен. Құрманғазымен қоштасып тұрып: «Туған жеріңе жетсең, мені ұмытпаған жұрттың бәріне сәлем айт, әсіресе жақынымдай болып кеткен әке-шешеңе. Сен туғанда жақсы хабарды Сағырбайға ең бірінші жеткізген мен болып едім. Алла жар болсын, денсаулықтары мықты, бақытты болсын!» деді. Сосын Құрманғазыны қатты құшақтап қысып жатып: «Ал, жарайды, сүйіктіңе тарт! – деген. Күйші атына қонып, Қамысбайдың үйіне жүріп кетті. Онда досының әйелі заттарды түйіп күтіп отырған. Жүкті атқа артып, Қамысбайдың әйелімен қоштасып, балалардың қуанышты айқайымен жердің шаңын аспанға шығарып, ауылдан желе жортып Әуеспен жолықпақ болған жерге тартты. Міне, дала төсімен екі аттылы шауып келеді, қос ат махаббат қанатында қатар ұшып келе жатқандай сезілген

екеуіне де. Ал алда бақытты өмір күтіп тұрғандай көрініп кетті. Түске жақын Әуес оралмағанда, Игіліктің көңіліне күдік кірген. Себебі қызы серуеннен осы уақытта келуші еді. Ал күн тас төбеден батысқа қарай құлағанда орнына отыра алмай кетті. Сезе қойды, жүрегін жасын осып өтті: қызы әлгі күйшімен қашып кетті. Ақсақалдың көз алдынан отар-отар қой көшіп, олардың артынан табын жылқы шауып өткенде, осының бәрін иесіне қайтарып беруі керектігі есіне түскенде, ызадан баж ете қалды. Оның зарына әйелдері жетіп келген, оларды өзінің нөкерлерінің басшысын тауып келуге жіберді. Ұзамай ол қожайынының үйіне ентігіп кірді. Игіліктің зарының себебін әйелдерінен естіп біліп, қожайыны шақыртқанда есіктен кірер-кірместен, ол әлгі күйші келгеннен-ақ одан сезіктеніп, артына аңдушы салғанын айтып сендірмекші болды. Бірақ Игілік қолын көтеріп, нөкерінің өтірігін сөзбен тыйып тастап: «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деген. Сен аз сөйлеп, көп жұмыс жаса, арттарына қуғын сал, алып кел ана қызды. Ал күйшіге бірнеше тымақты да жетеді, жұрттың жақсысына сұқтанудың қандай болатындығын көзіне көрсетсін». Ол қызына қымбат бұйым ретінде қарайтындығын білдіріп қойды сөзімен. Сосын осымен сөз бітті дегендей теріс айналып кетті. Жарты сағат өтпей, он шақты нөкер қашқындарды қуып жетпекке асығыс аттанған. Ызалы ақсақал бұлардың артына қуғыншы салар деп топшылап, Құрманғазы мен Әуес ауылдан қалай болғанда да ұзап кетуге асыққан. Көктемгі су тасқыны даланың сайрап жатқан жолдарының біреуіне түсіп, артынан шыққан қуғыншыларды адастырып кетуге мүмкіндік бермеді. Сондықтан қырдың биіктеу тұсындағы созылып жатқан жалғыз аяқ жолмен жүрулеріне тура келді. Бұл қуғыншылардың жұмысын жеңілдеткен, себебі олар ойланып уақыт жоғалтпай-ақ әрі сөзсіз қашқындарға алып баратын жолмен аттарын аямай қамшылап шаба берсе болғаны. Мұны

Құрманғазы да жақсы білді, соған қарамастан түрін мың құбылтып серігін желпіндіріп келе жатты. Өзінің серігі де даланың қызы әрі туадан шабандоз атын барынша тебінді. Кешке таман, қуғыннан қашып құтылдық-ау дегенде, тоқтап, аттарын еркіндікке жіберіп, олардың да тыныстауына мүмкіндік берді. Гүл жапқан алаңқайды таңдап алып, тынығу үшін жантайды. Әуес үлкен ақ орамалды жайып жіберіп, үстіне Қамысбайдың үйінен алып шыққан ас пен саба қымызды қойған. Шөл алып бара жатқан соң, тамаққа зауқы соқпады, тек саба толы қымызға бас қойды. Көп ұзамай қымыз мас қылды. Құрманғазы шөп үстіне жата кеткен, жел жай ғана тербеген гүлдердің басы мұның бетін қытықтады. Ерекше кейіптегі бұлттар жүзіп жүрген аспанға қарады ол, қарады да қуаныштан күлді. Әуес тамақтың қалғанын жиыстырып болып, терең тыныстап жатқан көкірекке басын қойған. Құрманғазы бірнеше күн бұрын тіпті де танымаған, ал қазір одан асқан сүйкімді әрі одан жақын жаны жоқ Әуестің жібек шашын қолымен тарады. Байқамай ұйықтап кетіпті, көңіліне кірген алаң орнынан жұлқып тұрғызды. Әуестің басын кеудесінен алып, тұрып отырды да, бұл қорқыныштың себебін түсінгісі келді. Былай қарағанда, айналада ешқандай өзгеріс жоқ секілді. Жағалаудың қамысы әлі сусылдап тұр, шымшықтар бұтадан бұтаға секіріп жүр, бал іздеген аралар гүлдерді айналшықтайды. Бірақ белін жол қиған алыс дөңнің басынан бірнеше қара пайда болғанын байқады. Дүрс-дүрс соққан жүрек жазбай таныды – қуғын. Ол ұйықтап кеткен қызды оятып, сосын құдды бір қуғыншылар естіп қоятындай сыбырлай сөйлеп: «Әуес, тұр, бізге жолға шығу керек». Қыз сүйіктісінің алаңдаулы түрін көріп бәрін түсіне қойды. Олар дала төсінде емін-еркін жайылып жүрген аттарын ұстап болғанша, жақындап қалғанын білдіріп, аттардың тұяғының дүсірі тым жақыннан естілді. Қуғыншылар жүйрік аттарына мінген қашқындарды байқады. Нөкерлер болдырып қалған аттарын қамшылап, арттарына түсті. Алда қалт-құлт еткен көпірлі өзен ағып жатты. Құрманғазы осы

маңда қарақшылардың шабуылына тап болып еді. Бұл көпірден атпен өту мүмкін емес, кез келген уақытта құлап кетеді. Асықпаса тағы болмайды. Кенет қашқындардың арт жағынан түсініксіз шу бұрқ ете қалған. Көпірдің қақ алдына аттарын тоқтата қойып, не болып жатқанын түсінгісі келгендей Құрманғазы артына қарады. Қараса, қуғыншылар мен осыдан біраз бұрын өзіне шабуыл жасаған қарақшылардың арасында қақтығыс болып жатыр екен. Қамыс арасынан торы ат мінген жирен сақалды қарақшы Степан шығып, күлімсірей бұларға қарай жақындап келеді екен. Қашқындардың абдырап қалғанын көрген ол Құрманғазыға айқайлады: «Аузыңды ашып не ғып тұрсың, соңымнан ер!» Тұлпарын тебініп, ол қарақшылардың тұрағы орналасқан жақын маңдағы орманға қарай тартты. Құрманғазымен қатарласа шауып келе жатқан Әуес қарақшылар әкесінің нөкерлерін тегін олжа көріп шабуылдады ғой деп ойлады. Бірақ қамыстан шыққан жирен сақалды әлгі қарақшы, қасындағы серігіне таныс адамдай тіл қатып, қуғыннан жасырынуына көмектескен жоқ па? Ал ашық алаңқайда аппақ киіз үйдің алдында Майбасар бұларды ықыласпен иіліп қарсы алды да, күліп: «Менің күркеме кіріңдер! Сіздерді көптен күтулімін» – деді. Құрманғазы асығып, серігінің аттан түсуіне көмектесті. Әлгі қарақшыға жақындап келіп, құшағына қысып жатып оған: «Рахмет, Майбасар, бұл жақсылығыңды ғасыр өтсе де ұмытпаспын. Қиындықтан құтқардың!» – деді. Қарақшы қашқынның құшағынан әрең босап, иығын қысылған кейіпте қиқаңдатқан: «Қатырасың, жақын адамдардың арасында есеп жүруші ме еді!». Әуестің жүрегі тоқтап қалардай болды. Ол өзінің серігінің құлағына сыбырлап: «Сен қарақшысың ба?» – деп сұраған. Майбасар қыздың сұрағын естіп қалып күліп жіберді: «Қарағым, дұрыстап қарасаңшы, қолына шоқпар орнына домбыра ұстаған адамнан қандай қарақшы шығады. Үйге жүріңіздер, дастархан басында асықпай-аптықпай отырып сөйлеселік. Жаңалықтарыңмен бөлісе отырыңдар, әйтпесе, орман ішінде

жабайы болып кетуге айналдық». Қонақтарын алға оздырып, орта тұсына мол дастархан жайылған үйге олардың артын ала кірген. Үй иесі қонақ күтіп отырғандай көрінді. Күні бойғы алақұйын шабыс ойламағандай аяқталды. Дастархан үстінде отырған жастар осы бір болып жатқан жайларға сенер-сенбестерін білмей қайта-қайта есік жаққа қарай береді: мұнысы – қуғыншылар келіп қалмас па екен деген қорқыныш. Майбасар байқап қалып: «Бұлай қатты алаңдамаңдар, бүгінгі шытырман осымен аяқталды, менің шаңырағым қауіпсіз. Қуғыншылар мұнда келе алмайды, келуге дәттері де шыдамайды, олар бастарымен қайғы болып кетті. Құрманғазы, мана серігіңнің сұрағына жауап беріп тұрып, сенің қарақшы емес, момын күйші екендігіңді айтып едім, ал қазір қарап отырсам, сен қарақшының нағыз өзі екенсің. Мен мұның тырнағына да татымайды екенмін. Маған мұндай әдемі қызды алып қашу қайда! Бұл үшін үлкен батылдық керек қой!». Енді Әуеске қарақшы ондай қорқынышты көрінбеді. Сосын ұзақ әрі қорқынышты болған бүгінгі күннің де аяқталғанын білген қыз, жай ғана жымиып отырды. Күлкі оның келбетін нұрға бөледі. Майбасар оны мақтады: «Е-е-е, міне, енді дұрыс болды. Қызым шай іш, еттен ала отыр. Ал біз сенің күйеуіңмен бірге бес күн ашытқан қымыздан көрейік. Біз – ескі достармыз, өзіңе қызық болса, мен туралы әлі айта жатар, ал қазір қымыз үсті айтылар әңгіме көп». Қымыз Құрманғазының көңілін жайландырып, ішектей тартылған жүйкесін босатты. Майбасар қонағының алаңсыз қалпын көріп: «Менің қарақшыларым сендерді де, қуғыншыларды да көп бұрын көріпті. Досымды серігімен қуғыншылардың тобы қуып келеді дегенді естігенде, сендерді бәледен азат ету үшін, қуғыншылардың алдынан тосқауыл қойыңдар деп тапсырдым. Бүгін менің қонағымсыңдар, еш нәрсеге алаңдамай дем алыңдар. Ал таңертең менің адамдарым сендерді өзеннен өткізіп жібереді, ары қарай

Алла жар болсын деймін, себебі, өзеннің арғы жағы менің иелігімде емес» – деді. Сосын сәл ойланып отырып, кенет: «Жүрген жолыңда ойда-жоқта Қамысбайды кездестірген жоқпысың?» – деп сұрады. Құрманғазы қуанып кетті: «Өзің ойлап көрші, адам айтса сенгісіз, Қамысбайды Әуес тұрған ауылда кездестірдім. Оның Әуесті алып қашуға көмектескені былай тұрсын, Қамысбай мен оның көмекші баласынсыз, бұл іс мүлде жүзеге аспас еді» деді. Майбасар көңілі көтеріліп: «Кезінде сенің бізге жасаған жақсылығың үшін әрқайсымыздың жақсылықпен жауап бере алғанымыз қандай жақсы. Мен туралы айттың ба оған?» – деп сұрады. Өзінің аузына қарап қалған Майбасарға ол: «Өтірік алдамай-ақ қояйын, екеуміздің кездесуіміз туралы бәрін айттым» – деді. Қарақшы терең бір күрсінді, күйшінің бұл жауабы оның арқасындағы ауыр жүкті түсіргендей болды: «Мен туралы не деді ол?». Оның жүзінен бұл туралы ескі досының пікірінің қаншалықты маңызды екені сезіліп тұрды. Екеуміздің қамыс арасында кездесіп қалуымыз оны таңғалдырмады деген сыңайдағы хабарын айтты Құрманғазы. Майбасар күреңқабақтана сөйледі: «Мен одан өзге жауап күткен жоқпын. Әркімнің өз жолы бар, бәріне Құдай төреші! Ал енді ұйықтаңдар, алда ұзақ әрі қауіпті жол бар». Осыны айтты да, екі жасты оңаша қалдырып, өзі киіз үйден шығып кетті. Таңертең Майбасармен қоштасып, қашқындар қарақшылардың көмегімен өзеннен өтіп, жолдарын жалғады. Бұл жолы тағдыр тілектес болды, олар Құрманғазының жеріне қиындықсыз жетті. Аттары болдырған шақта бұлар күйшінің балалығы өткен Жиделі мекенінде келе жатқан. Бір кезде Әуес жауқазындар жайқалған белге шығып: «Сүйіктім, қарашы, мына бел бізді жайқалған гүлдерімен қарсы алды ғой. Өзге белдердегі жауқазын мен қызғалдақтар солуға айналыпты, ал мына белдің гүлдері бізді күткендей құлпырып тұр». Құрманғазы атының басын тартып, айналадағыларға ұқсамайтын дөң басына мұңдана қараған: «Міне, мынау бізді

шын күткен. Ол ғашықтардың бәрін осылай күтеді, ойлаған армандарын орындау үшін күтеді». Әуес оның жүзіне қарап еді, ол түнеріп тұр екен, көзінде – мұң. Күйші қазір күлетін жағдайда емес еді, себебі өткен күндердің қасіретті суреті көз алдына келген. Аттан түсіп, Әуеске де көмектесіп жатыр. «Бұл дөңнің басына жаяу шығу керек. Кейін саған осы жерде жерленген қос ғашықтың құсалы өмірі туралы айтып берем. Бір жас жігіт байдың қолынан мен секілді ғашығын алып қашқан ғой. Бізге Майбасар көмектесті, ал оларға қолұшын беретін жан болмаған. Байдың нөкерлері мына қырда қолға түсіріп, жұрттың көзінше осы дөң бетте оларды ұрып өлтірген. Осы бір жауыздықты мен ойда жоқта көрдім. Ал адамдар естерін жиғанда істегендері үшін өздері шошынып, дөң басына құрметпен жерлеген еді». Құрманғазы Әуеске Ерғали мен Алманың қасіретті тағдырлары туралы баяндап келе жатып, дөң басына да жетті. Қос қабір – қос ғашық бір-бірін құшақтап жатқандай әсер етті. Құлпытас орнына екі қойтас қойылыпты. Жастар қабір басына тізерлей отырып, іштей марқұмдарға дұға бағыштады. Қыз құлпытастың біреуіне қолын тигізген, тастан жылу сезілді, тіпті ол тыныс алып жатқандай діріл байқалды. Қыз шошынғаннан қолын тартып ала қойды. «Сен қорықпа, екеуміз секілді талай ғашық осында келіп, алақандарын құлпытас үстіне қойып, осы тастың астында жатқан ғашықтардан өздерінің ең асыл армандарының орындалуын тілеген. Қай кезде де, кім-кімге де қос ғашық осылай бір белгі білдірген». Жағдайды енді түсінген қыз құлпытасқа қорықпастан алақанын апарып, көзін жұмып, дамыл тапқан ғашықтардан әлденелерді ынтыға сұрап жатты. Қыздың серігі ғашығының құпия армандарын тыңдап қоймау үшін, шетке шығып тұрды. Міне, біз де дәл осылай істеп, қос ғашықтың қасынан алыстайық. Дөң басынан түсіп, бұлар Құрманғазының туған ауылы орналасқан алапқа жетті. Енді олар қателеспестен аттың басын күйшінің үйіне қарай бұрды. Күйші мен оның серігін үй іші қуана қарсы алды. Анасы осы қазір ұлының келерін

сезгендей бұлардың алдынан шықты. Екеуін көргенде алақанын көкке жайып, шүкіршілік еткендей, мұндай қуанышқа сенер-сенбесін білмей, сөз айта алмастан қатты да қалды. Ұлы анасын құшағына басып, бетінен сүйіп жатып: «Міне, апа, мен келдім, бірақ жалғыз емес, қалыңдығыммен. Оның да анасы бол!». Анасы ұлын қойып, шетте тұрған қызға анықтай қарап, көзіне келіп қалған жасты ірке алмай қалды. Ол жай ғана жылы үнмен: «Маған жақында, қызым, менің аяқтарым орнынан қозғала алмай қалғандай болып тұрмын» деді. Жанына келген қызды құшақтай алды. Сосын жасын сүртіп, ши есікті көтеріп іш жаққа: «Менің ұлым келді» – деді. Бүкіл үй іші сыртқа шықты. Бәрінің соңын ала арықтап, қалжырап қалған әкесі шыққан, сосын шетке тұрып, әйелі мен ұл-қызы келгендерді айналшықтап жүргесін, ұлын емінеркін құшақтап, оның таңдаған қалыңдығымен танысар сәтті күтіп тұрды. ...Сосын қоңырқайлау болып той өтті. Ел болып жабылып, жаңа киіз үй берді, олар өз үйлерінде бақытты ғұмыр кешті. Құрманғазының жанын жалғыз нәрсе жегідей жейтін: ол әке-шешесінің рұқсатынсыз, қыздарын үйінен алып қашып кетуі еді. Сондықтан ай өткесін, қалыңдығының туған ауылына барып, бұл істі біржақты еткісі келді. Иігілік Құрманғазының ісін біраз сөккенімен, ауылына қайтарда қос ат жетектетіп, қызының теңін артып жіберді. Елге жетіп Құрманғазы қайын атасының қалай қарсы алғанын естігенде Әуес қатты қуанды. Осылайша, бүлікшіл күйшінің қаңғыған өмірі енді қалыпқа түсе бастағандай болды. Бірақ бұл қалып қаншаға созылар екен? Оны уақыт көрсетер, ал әзірге күйші Құрманғазы әйелімен бақытты әрі алдына үлкен жоспарлар қойып отыр.

7-тарау ТЕНТЕК Жиделі шатқалындағы ми қайнатар аптап ыстықтың күшейе түскен шағы. Қапырық ауа мен күннің қызуынан тіршілік атаулы бас сауғалап қаша жөнелуге шақ тұр. Ауыл иттері де киіз үй қабырғаларынан түскен көлеңкені сағалап, қызған құмды бауырлап жатып, өз қорғандарын тапқандай. Лайланған, суы азайған өзенді сирақтарымен кешіп күннен қорғаныс тапқан сиырлар да ара-арасында мөңіреп қойып, құйрықтарын бұлғаңдатып, соналармен жағаласып әлек. Ауыз кептірер аптап ыстықтан мазалары қашқан ауыл тұрғындары да киіз үйлерінің есіктерін айқара ашып, түндіктерін екі жаққа лақтырып, лаж қылғанымен, одан көмек шамалы болып тұр. Күннің қызуы арта түсіп, кесірткелер де індеріне тығылған шақта Құрманғазы жолға шықты. Себебі өзінің өмірлік ұстазы болған Ұзақтың хал үстінде жатқандығы туралы хабар алған. Ол жолға дайындалып жатып, далада шілденің шіліңгір ыстығы емес, қаңтардың қытымыр аязы тұрғандай киінді. Үстіне киімдерін қабаттай киіп, сыртынан кенеп матадан тігілген күртешесін іліп, басына тымақ киді. Әуес болса, көзіне жас ала тұрып, «абай бол» деп бәйек болып жүр. Құрманғазы атына жайғасып, жұбайына қарап, жымиды, ішкі ойы: «Екеуміздің бір шаңырақ астында тұрып жатқанымызға үш ай өтсе де, оны әр кез сүйген сайын келбетінің ерекше құлпыра түсетінен көремін» деп елжіреп бара жатты... Құрманғазы жолға шыққан төртінші күні өзі бағыт алған ауылына жетіп, тезірек ұстазының жанынан табылуды жөн санап, қарттың киіз үйіне қарай жүрді. Ол ұстазын әрқашан да өмірге деген сүйіспеншілігі басым, жүзі мейірімге толы күйде көретін. Бірақ Құрманғазы бұл жолы тынысы тарылған, денесі жүдеу тартқан Ұзақты көргенде, біраз абдырап қалды. Бұл кезде ұстазы сәл қалғып кеткен

екен. Ұзақтың жанында сол баяғы жетім қыз жүгіріп жүр. Ол үйге кіріп келген күйшіні көріп қыз қуаныштан жүрегі жарылардай болып алдынан жүгіріп шыққан еді. Оның ботадай көздеріндегі іркіліп тұрған жасы моншақтай үзіліп кетті. Құрманғазы қыздың арқасынан қағып, сабырға шақырды: «Сен әлі жассың. Қатты қайғырғаныңды қаламаймын. Бұл өмірдің заңдылығы. Біз де бұйырған бір күні дүниеден өтеміз. Ал қазір бұл тамаша адамның кезегі келген ғой. Ол өмірінде адамдарға бар жақсылығы мен мейірімін арнаған жаны таза Алланың пендесі еді. Ендігі аттанғалы отырған мәңгілік мекенінде де ол өзіне тиесілі орнынан табылатынына сенімдімін». Өксігін баса алмай тұрған қыз: «Кешіре көріңіз. Қатты қорыққанымнан, сізді көргенде көз жасымды ұстап тұра алмадым. Өзім де сізден осы үшін ыңғайсызданып отырмын» деді. Хал үстінде жатқан қария қасына әлдекімнің келгенін сезіп, көзін ашқан сәтте өзіне жақындаған сүйікті шәкіртін көрді. Оның қуанып кеткені әрең дегенде жымиған қалпынан танылды. Тіл қату ауыр тиіп жатса да шәкіртіне соңғы аманатын тапсырды: «Міне, сені де күтуге шамам жетті-ау. Құрмашым, мені жақсылап тыңда. Өзімнің шығарған күйлерімнің барлығын саған мұра ретінде тарту етемін. Сенің ендігі қызметің, менің жолымды жалғастырып, халықты күйдің ерекше сыңғыры мен сырына баулуға арналуға тиісті. Сонда ғана екеуміз де ел мен Алланың алдындағы өз парызымызды өтейміз. Мен саған үлкен сенім артамын» деді де, аздап күш жинап алайын дегендей шал біраз үнсіз қалды, сосын әңгімесін жалғастырды: «Жасым ұлғайған шақта маған қолғабыс болған мына жетім қызды қараусыз қалдырма. Шалқыған бай болмасам да, ауламдағы бірнеше қойымды, жылқыларымды осы жетім қызға қалдырамын. Ол мұның барлығын заңды түрде алсын, сол себепті кешіктірмей осы жұмыспен айналысқаның жөн. Ендеше, сендер уақыт өткізбей осы жұмысты реттеп қайтыңдар. Ал мен енді қайтпас ұзақ сапар алдында көп нәрсені таразыға салуым

керек, сондықтан жалғыз қалғым келеді» деді Ұзақ көзін жұмып шәкіртіне «әңгімені осы тұстан аяқтадым» дегендей ишара білдірді. Құрманғазы орнынан тұрып, қызға есікке қарай жүр деп ымдады: «Екеуміз ауыл болысына соғып, бір мәселелерді шешіп қайтайық» деді. Үйден алыстай бергенде, Құрманғазы қызға бұрылып: «Көңілін білдіріп жүрген жігітің бар ма?» деп сұрады. Күтпеген сұрақтан аздап қысылып қалған қыз: «Бар. Бірақ ол да өзім сияқты жарлы отбасынан. Той жасамақ түгілі, тұратын жеріміз де жоқ» деді одан сайын ұялып. Осы кезде Құрманғазы: «Мен күйеу жігітіңнің жағдайы туралы ештеңе айта алмаймын. Білетінім, жақында сен алты керегелі киіз үйі бар көп жігіт сөз айта беруге дәті жетпейтін қалыңдық атанасың» дегенде, жетім қыз аң-таң болып қалды. Олар ауыл болысының киіз үйіне келді де, күйші болысқа өзі кіріп, оңаша сөйлесіп шықты. Осылайша ұстазының мұрагерлікке қалдырған дүниесі мен мал-мүлкін қызға беруді заңдастырған олар, екеуін күтіп жалғыз қалған ұстазының жанына жылдам жетуге асықты. Екі күннен кейін Ұзақ өмірден озды. Елге даңқы шыққан күйшіні ақтық сапарға шығарып салуға барша ауыл жиналды. Әйелдердің жоқтауымен, оны туған жерінің топырағына тапсырды. Иә, осы туған мекені Ұзақ күйшінің әр туындысына арқау болған еді...

Құрманғазы үйіне қайтар жолда жолшыбай біраз ауылдарға аялдады. Ұстазы Ұзақтың қазасын ол ауыл жұртшылығына домбыра үнімен жеткізген-ді. Жиналған жұрт Құрманғазыны Ұзақтың соңғы күндері қалай өтті, санаулы сағаттарында қасында кімдер болды, қалай жерледіңдер деген сауалдардың астына алды. Әңгіме үстінде Құрманғазының өз тіршілігінен де хабар сұрастырды, тіпті, өткен кездегі кейбір оқиғаларды да ойға оралтып отырды. Соның бірі ханды тағынан айырған тұтас бір халықтың батылдығы еді. Енді елінің басын біріктіріп байлар мен олардың нөкерлеріне, патша болыстарына қарсы шабуыл бастайтын ержүректердің халық арасынан тағы да шығатынына кәміл

сенетіндіктерін сездіріп отырды. Ал Құрманғазының күйі буырқанған жігерлеріне одан сайын серпін қосқан сыңайлы. Күйші ауылдан кеткен соң да, оның домбырасының қоңыр үні халықтың жадында қалатын. Осы кезде әділетсіз байшонжарларға деген ыза мен кек ауыл арасында қазанда қайнаған судай буы бұрқырап жатар еді. Құрманғазы туған ауылына аяғы тимей жатып, өзінің асқан талантымен халық арасында билерге қарсы күреске шығуға үндеп жүр деген сыбыс еліне оның өзінен бұрын жетсе керек. Әрине, мұндай қауесет ауыл болысы Әубәкір Ақбаевтың да құлағына тиген. Ол бұл жағдайды байыптап, ой елегінен өткізе келе, «қара халықтың көзін ашатын бүлікшілдің пайда болуының арты жақсылыққа апармайтын іс. Бұл жұрттың жаппай көтерілуіне әкелуі мүмкін» деп өзінше топшылады. Билік үшін халық көтерілісінен асқан қасірет жоқ, ол жолындағының барлығын жайпап өзіне еліктіріп әкетеді, осыдан кейін мұндай құйыннан аяғыңды алып шығу оңай болмайды. Іс насырға шаппай тұрғанда, бір шара қолдану керек. Енді Әубәкір «бұл бүлікшілді темір тордың аржағына ұзақ мерзімге тоғыту ең дұрыс шешім болар еді» деген қара ниетін қалайша іске асыруға болатындығын ойлап кетті. Осы кезде оның есіне бұрын да Құрманғазыға жала жауып, абақтыға айдатқан Жанша түсе қалды. Дәл осы кезде үй иесіне жағымпаздана басын иген Оспан да кірді. Өмірінің қиын сәттерінде қашан да көмекке келетін, бетін әжім басқан, жүдеген Оспанды көріп Әубәкір ойға кетті: «Оспан қартая бастаса да, басы жас кезіндегіндей-ақ жұмыс істейді». Қызметшісінен ол көзін тайдырып, шардай домаланған қарынына қарап өзін құрдасымен салыстырғандай болып: «Бұл мені қаншама жылдан бері тонап келеді. Оның байлығы менікінен кем түспейді. Бірақ ол неге арықтай береді, ал мен керісінше неге семіре беремін. Шақадай басым осыны әлі күнге дейін түсіне алмай келеді» деген ойдың жетегінде отырып, Оспанға кезекті тапсырмасын беруге кірісті.

Ол нөкерлерді Жаншаға жіберіп, өзінің менің талқылайтын маңызды мәселесі бар екендігін, сол себептен тез жетсін деген сәлемдемесін айтуды бұйырды. Екі күннен кейін ауылға нөкерлерімен бірге Жанша жетті. Байдың қызметшілерін қонақтарға арналған киіз үйге жайғастырып, ал өзі Жаншаны қасына алды. Әдеттегісінше амандықсаулық сұрасқан байлар дастархан басына жайғасып майлы ет пен қою қымызды ішіп-жеп, қомағай қарындарын тойдырды. Өздері тойса да, көздері тоймаған байлар әбден ықылық ата бастаған кезде ғана қызметші әйелдің ұсынған жастықтарына жантая кетті. Осыдан кейін үй иесі асықпай әңгімесін бастады: «Сағырбайдың тақыр кедей әрі күйші баласының елге оралғанынан хабардар шығарсың. Жалғыз өзі емес, қасына бір әйелді ерте келіпті. Жұрт оны ұрлап немесе ойыннан ұтып алған деп жүр. Жарайды, онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ бұл күйшіге әлі де ес кірер емес. Тіпті темір тордың тәртібі де түзетпеген сынды. Ол елге оралысымен халықты билікке қарсы айдап салумен айналысып жүр екен. Тас қоршалған қамаудан ол қалайша қашып кетті екен өзі? Тіпті соңынан қуғыншы да келмеді. Әлде біздің ханның ісі ме екен бұл? Соңғы кезде сол хан әділдік, ұят, адам жаны дегендерді көп айтатын болып жүр, ауырып қалғаннан сау ма екен? Міне, осы сауалдарды ойластырайықшы деп сізді шақырып отырмын. Біз тез арада ел дүрлікпей тұрғанда, мына күйшіні ханның емес, патшаның абақтысына өмірінің соңына дейін отырғызудың жолын қарастыруымыз керек. Сен бұған дейін Құрманғазыны бір рет болса да түрмеге қаматқансың. Яғни бұл мәселеде маған қарағанда тәжірибелісің ғой» деді. Бұл сөздерге әбден масаттанған Жанша әңгімеге қосылды: «Бұл оңайлықпен жүзеге асатын шаруа емес. Оны түрмеде ұзаққа қалдыру үшін нақты айғақтар керек». «Ол менің атымды ұрлаған. Бұдан артық қандай айғақ керек» деді шамданғанын жасыра алмаған Әубәкір. Жанша өзінің алдында отырған бұрынғы жауының терісіне сыймай ашуланғанын көріп, іштей мысқылдай күліп алды.

Байдың қыңқылына ол сабырмен жауап берді: «Ат ұрлағаны үшін ол түрмеде отырып шықты. Әрі екеуміз де оның қашып кеткенін, әлде, ханның өзі жақсы тәртібі үшін мерзімінен бұрын босатқанын білмейміз. Атты ұрлау мәселесі бойынша істі тексеретін болса, онда өзіңнің бұрынғы былықтарыңның арты ашылып қалуы мүмкін. Сағырбайдың малшылық еңбегінің ақысын қанша жылдан бері өтемей жүргендігің туралы болсын, әлде, жылқы ұрлағандығың болсын, әйтеуір, ашылады. Ал өзің үшін осылардың қайсысының жазасы ауыр деп ойлайсың?» дегенде Әубәкірдің көзі шарасынан шығуға шақ қалғанын көріп, сабырға шақырғандай: «Бұлай қатты ызаланудың қажеті шамалы. Алла басқа салмасын, әйтпесе, қарның шынымен де жарылып кетер. Мен де ел басқарып отырған адаммын. Оларды тек еркіне жібер, ертеңіне-ақ басыңа шығып алады. Құр айқаймен іс өнбейді, бұл жерде ызыңы білінбейтін ойын керек. Ол үшін ойлаған амалымыз заңды түрде көрініс тапқаны жөн. Егер жоғары жақтың күдігі туса, онда ақшамен-ақ сейілген күдікті жууға болады» дегенше Әубәкір де ыждаһаттана сөйлеп: «Ақшамен басыңды қатырма, одан қиындық тумайды. Өгіздің құйрығынан тарта бермей, не істеу керектігін айт» деді. Сыбайласының бұл сөздерінен кейін Жанша: «Әубәкірдің екі аяғын бір етікке тыққан бұл күйшіден мен де кезінде өз сыбағамды алғанмын. Шыдамның да шегі бар. Бұл істің соңына нүкте қоюдың уақыты жетті. Өйтпесе, бұл бүліктің аяғы жақсылыққа апармайды. Тақыр кедейлердің ашуы біздің туған мекенімізден төрт аяқтап қашуымызға себепкер болуы мүмкін» деген ойының ұшын ішіне жұтып қалды. Сосын мұның ақыл-кеңесінің тоқ етерін күтіп тағатсызданып отырған Әубәкірге бұрылып: «Оны ұрлық жасады деп айыптайтын адамдар жағы керек, әрі айғаққа тұздық болатын бірнеше куәгерлерді тапқаның дұрыс» деді. Әубәкір ой үстінде тұрып, амалсыздық шарасын да айтып өтті: «Бұл ауылдан Құрманғазыға қарсы келетіндерді қайдан табасың?». Жанша қолын бір сілтеп: «Бұл ауылдың басшысы

өзіңсің, өзің шеш. Негізі, саған тағы бір кеңес берер едім. Бұл іске өзіңе қатты қарызданып қалған кедейлерді тарт. Оларды күйшіге қарсы айғақ беруін сұра, егер келіспесе, бүкіл қарыздарыңды есептеймін де, ауылдан алыстатам деп қорқыт. Сол кезде ғана әңгіме ыңғайына келеді» деп сөзін түйіндеді. Көп ұзамай екеуі ортақ шешімге келгендей болып, бұл істі артқа ысыра бермей құрған жоспарларын тезірек орындауды қолға алу керек деп уағдаласты. Осы мақсатта байдың киіз үйіне ауылдағы кедей отбасылардың бірінің отағасы Бәкіржан шақыртылды. Бұрын-соңды аяғы тимеген киіз үй табалдырығын аттаған ол, дастархан басында шалқайып жатқан байларға бурыл тартқан басын иіп, біраз үнсіз қалды. Әубәкір алдындағы мейманға мейірбандық танытқандай: «Қал-жағдайың қалай, Бәкіржан, әйел-бала шағаң аман ба, бірдеңеден тарылып жүрген жоқсың ба?» деп қулана сөйледі. Бәкіржан үй ішінің жағдайын сұраған байға ризашылығын білдіргендей ишара танытып, жауап қатты: «Аллаға шүкір, Әубеке, мен әлі де сізге қызмет етуге қауқарым жетеді. Әйелімді жер қойнына тапсырғаныма үш жылдан асты, ал екі ұлым сіздің үйіріңізді бағады. Қызымды Құрманғазының ұйытқы болуымен көптеп-көлемдеп көрші ауылға сәнімен тұрмысқа бердік» деді. Бәкіржанның соңғы сөздері байдың құлағына түрпідей тиді: «Шал-ау, ол бүлікшілдің көмегін қабыл алмауың керек еді. Мен сенің маған жасаған көп жылғы қалтықсыз еңбегің үшін өзіңе және екі ұлыңа жылқы атар едім» деп қисая сөйледі. Сенер-сенбесін білмей тұрған шал жастықта шалқиған байға аңтарыла қарады. Ал ол болса естіген адамның күлкісін тудыратын әңгімесін жалғастырды: «Бірақ бұл жерде бір кілтипан болып тұр. Әлгі бүлікшіл күйші Құрманғазы саған мінгізгелі отырған жылқыларды ұрлап кетті. Көрген-білгендердің айтуынша, өзі сияқты босбелбеу, тек домбыраны ғана тоқылдата білетін Ұзақты жерлеу рәсіміне мініп кеткен көрінеді. Енді сен оның атына менің сыйлаған аттарымды ұрлап кетті деп шағым жазуың керек.

Ары қарай билік бұл іспен өздері айналысады» деп тоқ еткізді. Шал басын көтеріп, денесін тіктеп: «Мен ештеңе де жаза алмаймын. Сауатсыз адаммын» деп қатқыл дауыспен жауап қайтарды. Әубәкір ызаға булықты: «Сенің орныңа мен-ақ жаза саламын. Сенің маған қарыздарыңды көз алдыңда есептейін бе, әлде, сөзіме сенесің бе? Үндемейсің, яғни сен қанша қарызыңның барын жақсы білесің ғой. Сенің сауатсыз екенің маған баяғыдан белгілі. Сол үшін де сен үшін өзім жазып қойдым, енді саусағыңның ізін мына ақ қағазға қалдыру ғана қалды. Бұған келіспесең, үйің мен керекжарағыңды қарызыңның өтеуі қыламын да, екі ұлыңмен бірге қаңғыбас иттердей далаға лақтырып тастаймын. Әрі қызыңа да бұл жерден қоныс бұйырмайтын болады» деді де, ұнжырғасы түсіп кеткен шалға: «Не қақиып тұрсың, бері жақында да өз саусағыңды қой» деп айқайлай сөйледі. Аяғы жүруге ілікпей қалған шал көз жасын көл қылып байдың алдына тізерлей отыра кетті. Бай шалдың күс-күс саусағын сиямен бояп қағазға күштеп бастырды. Осы тектес әңгіме ауылдың тағы бір екі кедейімен жүргізілді. Сосын көп ұзамай бұл қағаздар өзінің тиесілі жерлеріне жөнелтілді. Өзіне қазылып жатқан ордан бейхабар Құрманғазыға қарсы тергеу жұмыстары асқан жылдамдықпен жүргізіліп жатты. Ол үйіне жеткенде әкесі аурудан әбден қалжырап жатыр еді. Құрманғазы ес білгелі әкесінің беймезгіл уақытта төсекте жатқанын көрмеген екен. Әкесінің шаршаңқы күйін көріп, қасына жақындап «Қалайсың, әке?» деді. Сағырбай жай ғана жымиып: «Шектен тыс жұмыс істеп қойдым-ау деймін. Бүкіл денемді әлсіздік басып, тынысым тарылып кетті. Келген емші жақсылап тамақтану керек дейді. Байғазы екеуміздің нан мен тарыға ғана жететін жалақымызға қалай дұрыс тамақтануға болады?» деп сырқатының себебін түсіндіргендей болды. Әкесі ғұмыр бойы сол байларға қызмет етсе де, бейнетінің зейнетін көретін шақта керісінше қарызға

батып отырғаны Құрманғазының ызасын тудырды: «Мен Әубәкірге жолығамын. Мал баққан еңбегіңнің өтемін беруі тиіс». Ұлының бұл байламына үрке қараған әкесі: «Мені тыңдасаң, балам, бұлай істеме. Ақиқатына жете алмайсың. Тек байдың бұған дейінгі ашуын үдете түсесің. Ол сенің әлі де болса атын айдап кеткеніңді ұмыта қойған жоқ. Егер өзіңді ойламасаң да, анаңды, жас келіншегіңнің жағдайларын ойла. Темір торға қамалсаң, оларды кім асырайды?» деп баласын ақылға шақырғанымен Құрманғазы райынан қайта қоймады: «Әке, мен осы кезге дейін қара домбырамның үнімен халықтың көзін ашуға, байлар мен болыстардың қанауына тойтарыс беруге күш-жігер беріп жүріп, енді өзім шешем мен әйелімнің артына тығыламын ба? Тіпті мені итжеккенге айдатса да, өз дегенімнен қайтпаймын. Ертең-ақ Әубәкірге барып, барлық қарызын беруін сұраймын» деді. Ертеңіне Құрманғазы әкесіне айтқанындай, байдың ақшаңқан үйіне қарай бет түзеді. Ол үй алдын күзетіп тұрған нөкерлерді көріп, Әубәкір менен шынымен де қорыққан сияқты ғой деп ойлады. Нөкерлердің бірінің не үшін келдіңіз деген сұрағына Құрманғазы сұрайтын жәйттер жиналып қалды, сол үшін болыспен сөйлесуге келдім деп жауап берді. Бірі іштегі байға қашқын күйшінің келіп тұрғанын ескертіп, кіруге рұқсат алып шықса, екіншісі есікті кеңінен ашып тұрып, үйге кіруге ілтипат білдірді. Құрманғазы табалдырықтан аттаған сәтте парсы кілемінің үстінде тақта отырғандай шалқайған байды көрді. Әубәкір өзін ауыр мінезді әрі маңызды адам ретінде көрсеткісі келгенімен, быттиған екі беті мен аяғында жатқан дәу қарыны көпестердің сатып жүрген қытайлық фарфорындағы семіз адамның суретін еске түсіреді. Құрманғазыға отыр деп ишара білдірмеген байға сәлемін берді де, оның мұндай қабылдауынан именбестен, өзінің келген шаруасын айта бастады. Құрманғазы сөйлеген сайын, Әубәкір қызара түсті.

Қызуқанды күйшіні соңына дейін тыңдауға байдың шыдамы әрең жетті. Күйші сөзін аяқтағанда бай жайғасқан орнынан қалай атып тұрғанын байқамай қалды: «Сен ұрысың әрі бүлікшісің, менің жүйрік аттарымды ұрлап көпестерге саудаға шығардың. Сен мені тонауға шақ қалдың, енді келіп менен бірдеңе талап ететіндей не бетің бар еді? Мен сені тірідей жерге көмемін. Түрмеде шірітемін» деп айқайлаған байдың дауысы үйді басына көтерді. Болмысындағы сабырлылық болмағанда, күйші байды ұрып жіберер ме еді, әлде, қайтер еді? Киіз үйдегі дүрбелеңді естіген нөкерлері ішке ентелей жүгіріп келіп Құрманғазының екі қолын артына қайырып, алып кетуге тырысты. Бірақ күйші байға «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, соңғы сөзін долданған ызаға толы өлең жолдарымен аяқтады: Құдай куә аспанда, Бір тосқан бар асқанға. Табыныңды алғам жоқ, Қастандыққа барғам жоқ, Ен далада, Әубеке, Аранын ашқан өлімді, Көз алдыңа келтіріп, қайтарсам бір кегімді, Шығындамай сөзімді, Жүндей түтсем өзіңді, Сонда менде арман жоқ, – деді де артына бұрылып та қарамастан байдың үйінен далаға атып шықты. Осы оқиғадан кейін Құрманғазы үйінде қалың ойдың шырмауында отырған еді. Тіпті Әуестің үйден шығып кеткенін де байқамапты. Ол енесінің үйіне қарай кеткен болатын. Анасы мен келіншегінің арасы шешесі мен қызындай тату еді. Ой үстіндегі Құрманғазы үйге кімнің кіріп-шығып жатқанынан да бейхабар тәрізді. Мұндай күйге түсуінің себебі де бар. Жалғыз қалған күйші өмірдің әділетсіздігін

таразылап, бастарына күн туған сәтте жандарынан табылып, көмек қолын созған адамдары енді өзіне қарсы жылқы ұрлады деп жала жауып отырған қарекеттерін түсінбей дал. Бір кездері Бәкіржан өмірінің қиын сәттерінде жанына адал азаматты жібергені үшін Алла тағалаға алғысын білдірген еді. Бірақ сол адам бүгінде оған жала жауып отыр. Осыдан кейін қалай өмір сүруге болады және кім үшін? Осы кезде артынан біреудің шаршаңқы тартқан дауысы естілді: «Егер өзің жауап беруге құлықсыз болсаң, онда жауабын мен айтайын» деді. Жалт бұрылып қараған Құрманғазы өзінің бұрынғы таныс ақсақалын көрді. Ол күйшінің қиын сәттерінде әрқашан қасынан табылатын. Бұл жолы да сөйтіпті. Құрманғазы қарттың алдына жығыла кетіп, басын төмен салып: «Сіз менің ойымды оқып қойған сыңайлысыз. Дауыстап айтудың қажеті де жоқ сияқты. Айтыңызшы, адамдарға деген сенімділігім жоғалып бара жатқан сияқты, не істеймін?» деп қарттан жөн сұрағандай болды. Сонда қарт өткір көздерімен күйшінің жан дүниесіне үңілгендей қарап тұрып: «Сүйіспеншіліктен сенім туады. Әке-шешеңді, бауырыңды, әйеліңді жақсы көргендей, жауыңды да солай жақсы көруге тырыс. Алла тағала да күнәһарларын кешірген және әр құлын өзінше жақсы көрген. Міне, еңбек пен абырой қайда жатыр. Негізі жау жоқ, тек олардың ұстаздары ғана бар» деген сөздерінің мәйегін әріден түсінуге тырысып тұрған Құрманғазыға қараған қарт сөзін әрі қарай жалғады: «Жаңа ғана сен бүкіл еңбегім мен талабым далаға кетті дедің. Бәлкім, солай да шығар. Мына жұлдызды аспан, тамаша жер, өзендер мен теңіздер қалай пайда болды екен деп өзіңе іштей болса да сұрақ қойған шығарсың? Әрине, жауабын мұсылман халқының қасиетті кітабынан таптың. Құранда мұның барлығын Алла тағала жаратты деп жазған. Ал неден жаратты? Бос кеңістіктен. Сенде сол бос кеңістіктің бір бөлшегісің. Адамның әр айтқан

сөзі, әр шығарған әуені осы бос кеңістіктен өз орнын табады. Өзінің жақсылығы мен жамандығына қарай әсерлі үйлесімді шығарады немесе керісінше осы әлемдегі үйлесімді бұзады. Сондықтан да өзіңді қоршаған әлемге жала жаппай, оған өз мейіріміңді арна, осы дүниеге өзіңнің де қатысың барын білдір» деп қарт орнынан тұрып: «Енді мен кетейін. Саған әлі көп нәрсені ойлану керек. Себебі алда тағдырдың талай тар жол, тайғақ кешуі тұр» деп сөзін аяқтады. Құрманғазы қарт досына қимастықпен қарап тұрып: «Сен маған әрқашан осындай сын сағаттарда сенім мен үміт болып жаныма шуақ беретінсің. Осы кезде кім болып жаныма келдің?» деді. Сонда шал: «Мен сенің мына жұмыр кеудеңде соғып тұрған кең жүрегіңдегі шексіз махаббатыңмын» деді де бұрынғысынша ғайып болды. Енді Құрманғазы абдырап, біртүрлі күйге түсті. Ашу мен ызаға толы тұла бойындағы тұңғиық сезім бір сәтке болса да айналасындағы адамдардың жасаған әрекеттерінің себебін өзінше байыптауға күш бергендей. Қарттың кешірімді болуға шақырған сөздерінің ықпалымен көп нәрсені енді ғана түсінгендей болды. Арада үш күн өткенде ұлы күйші тұтқындалды. Тұтқындағы адамға рақым беру өзі би, өзі сот, өзі қорғаушы болған ауыл болысының ғана құзырында еді. Ауыл өмірінде сирек ұшырасатын бұл оқиғаны тамашалауға жиналған жұрттың қарасы көп болды. Аяқ-қолы байлаулы Құрманғазыны тозығы жеткен арбаға әлдебір керексіз затты лақтырып жібергендей, дүңк еткізді. Ауылдастары қозғалайын деп тұрған арбаға жармасты. «Не үшін байлап тастадыңдар, ең болмаса қолын шешіңдер. Жақындарымен қоштасуға мүмкіндік берсеңдерші» деген жұрттың айқайы жиілей түсті. Халықтың ызасынан қорыққан қарауыл күйшінің қолын шешкен сәтте жиналғандардың арасынан Әуес жүгіріп шығып, Құрманғазының мойнына асыла кетті. Жирен сақалды казак: «Байың билікке қарсы шықпай тұрғанда

дәл осылай жылап, жалынуың керек еді, енді немене, көз жасыңды көл қыласың. Сендер сияқты кедейлер мен бүлікшілердің барлығын итжеккенге айдатып, құрту керек» деп Әуесті әрі қарай итеріп тастады. Әуес күйеуінің жан серігі болған қара домбырасын иығына жылдамдата іліп те үлгерді. Әрине, қасында тұрған казактың көзінен бұл әрекет тасада қалмады. Бірақ ол да табан астынан мейірімді бола қалғандай, жылы жымиып: «Жарайды, ештеңе етпейді, жол бойы өзінің балалайкасымен көңілімізді көтеретін болады» деп мысқылын да танытып үлгерді. Құрманғазы өзіне қимастықпен қараған анасы мен түрі жабырқаулы таяққа әрең сүйеніп тұрған әкесін көргенде жүрегі сыздап, көзіне еріксіз жас алды. Бұны көрген анасы: «Мен дүниеге жылауықты емес, нағыз ер жүрек азаматты әкелдім деп жүрсем» деп ұлының бетінен шапалақпен тартып жіберді. Арба енді қозғалып жүре бергенде көпшілік арасынан күтпеген жерден Құтжан жүгіріп шыққанда, ат үркіп тоқтап қалды. Құтжан Құрманғазыға жақындап аяғының астына жығыла кетті де: «Жасаған иттігім үшін кешіре көр. Өз еркіммен емес, байдың бұйыруымен әлгі қағазға қол қойдым. Ол менің үрім-бұтағыма дейін құртамын деп қорқытқан болатын» деп өксігін баса алмаған күйі қолындағы түйіншекке оралған таба нанды ұсынды: «Мынаны қабыл ал. Күдіктенбей ала бер. Ішінде у емес, менің көз жасым ғана бар» деді. Құрманғазы ауылдасының ұсынған дәмін алып тұрып: «Ақсақал-ау, жас баланың алдында жылап тұрғаның саған жараса ма? Наныңа да, ғылымыңа да үлкен рахмет. Егер сені бір кездері білместікпен ренжітіп алсам, Алладан да, өзіңнен де кешірім сұраймын» деген сөздерін айтып, оны құшағына қысып кешірім берді. Содан кейін көп ұзамай қарауылшыларға қозғала беріңдер деп өзі нұсқау берді. Үстінен жүк түскендей болған Құтжан жолдың шетінде

арбаның соңынан ұзақ қарап тұрып, Құрманғазының ғылым туралы айтқанын көп ойланғанымен түсіне алмады. Оралға дейінгі жолда олар Құрманғазының таныс ауылдарының үстінен өтті. Арбаны қарсы алуға шыққан халықтың көптігі соншалық, тіпті біреулері күйшіге жаны ашып сүт, нандарынан ауыз тигізіп жатса, ал байлары бүлікшілдің бейшара түрін қызықтап, мысқылдап тұрды. Адамдардың екі жүзділігі күйшіні жабырқатса да, дәруіштің сөзін ол мықтап ұғып алған болатын. Себебі ол өз әуендерін шығарғанда бай-кедейге деп бөлген жоқ, ол туындыларын барша адам баласына арнады ғой. Ол бұл ауылдарда күй тартқанда халық таң атқанша қасында отыратын. Демек, әр тыңдарман мұның күйлерінен өзіне қажеттісін тапты деген сөз. Сол мезетте оны халық шын ниетімен жақсы көрді. Бұл жағдай оған үлкен қуаныш сыйлады. Қалай болғанда да домбыра үнімен барлығының жүрегіне махаббат дәнін септі, тіпті қазір маған күліп қарап тұрғандардың өзінің жұмыр жүректерінде ақыры осы дән өніп шығатынына сенеді. Сол үшін де ол қазір барлығына үлкен сүйіспеншілікпен қарайды. Оның жүзінен сыры терең жылылық кетпеді. Себебі ол басқаларға белгісіз, құтты бір өмірді сүюдің кілтін тапқандай толысып отыр еді. Жанындағы күзетшілер тұтқындары қашуды ойластырып қоймады ма екен, алдымыздағы ауылдардың бірінен бүлікшілдің серігі табылып қалмай ма екен деп абыржумен болды. Осылайша тұтқын күйшіні алып келе жатқан арба да паром жүретін өзеннің аңғарына жетті. Бірақ паромның асығатын түрі жоқ. Тұтқынның күзетшілері жан-жақтарына алақтап, әбден әбігерге түсті. Күйші табан астында қашып кететін тәрізді. Бірақ ызыңдаған шыбындардан басқа күдікті ештеңе көрінбейді. Олар мінген арбаның артына тығыншықтай денелі, қызыл шырайлы кіші шенді полицей мен оның үлде мен бүлдеге бөленген әйелі жайғасқан арба

келіп тоқтады. Екеуінің бір-біріне деген қарым-қатынасынан үйленгендеріне көп уақыт бола қоймағаны байқалады. Ол арбадан түсе әйелінің және айналасындағылардың алдында мақтанғандай әрі үстіндегі алтындай жарқыраған ілгектерінің маңызын ұқтырғандай зеки сөйледі: «Жылдам паромды жеткізіңдер!». Шынымен де мұның сөзі әсер етті ме, әлде паром жүргізушісі де тұра-тұра жалықты ма, тағатсыздана күтіп тұрған жолаушылары тұрған өзен жағасына қарай паром ақырындап жылжи бастады. Ол жағаға жеткенде полицей арба үстіндегі адамдарға тәкаппарлана қарап отырған әйелін орналастыру үшін атының шаужайынан ұстап алға жылжыды. Құрманғазы отырған арба паромға ең соңынан кірді де, паром жағадан алыстай бастады, бірақ жағадағы қаптаған шыбын-шіркейлер соңдарынан қалмай ере шығып, жолаушылардың мазасын ала берген еді. Кенет әлгі шендінің әйелінің аяқ астынан шыққан шәңкілдеген дауысы паромды басына көтергені. Бәріне кінәлі олардың дәл артында тұрған жүйрік ат болса керек. Ол үстіне қонған қаптаған шыбыншіркейлерді құйрығымен үркітемін деп әйелдің үлпілдеген ақ тамағына тиіп кетті ме немесе әлгі жүйрік атқа әйелдің бидайықтан жасалған гүлді қалпағы ұнап қалып, соны иіскеп көрейін деді ме екен, тіпті болмаса жарқ-жұрқ еткен алтын әшекейі көзіне түсіп, жануар соны қызықтап тұрған сәтінде жұмсақ еріндерімен құлағының артынан қытықтап жіберді ме, кім білсін? Шенді күйеуі айбарлы дауысымен барлығыңды түрмеге айдатамын деп, әйелдің шаңқылынан аттар үркіп паромнан құлап кетуге шақ қалды. Құрманғазы мына айқай-шуды көтере алмай, полицейге қолын көтеріп, қазақшалап тынышталуын сұрады. Бұл сөзге намыстанып қалды ма, полицей қызарақтап, енді бұдан кегін алмақшы болып, оңтайлана бергенде, Құрманғазы паром үстін тыныштандырмаса болмайтындығын түсіне қойып, қолына домбырасын алып, күмбірлетіп тарта жөнелді. Тек осыдан

кейін ғана жолаушылардың өңі жылынып, полицейдің де ашуы тарап, тіпті әйелінің шәңкілі де басылды. Отырған көпшілік Құрманғазыдан: «Сіз қандай шығарманы орындадыңыз?» деп сұрады. Сонда күйші: «Мен генерал емеспін, бірақ менің домбырамнан шыққан әуез мына полицейге «Не кричи! Не шуми!» деп тұрған жоқ па?» деп жауап берді. Кейіннен бұл күй халық арасында дәл осылай «Не кричи! Не шуми!» деген атаумен кеңінен тарап кетті. Ал, қазір күйші отырған паром өзі бағыт алған Орал қаласына қарай әлі де жүзіп барады. Тасыр-тұсыр жүрісімен бұлар мінген арба орыс жеріне өзінің ізін тастай отырып, ақыры діттеген жеріне жетті. Тұтқынды аман-есен алып келіп, түрме күзетшілеріне тапсырған соң, казактар да кері қайтып өз қызметтеріне кірісті. Құрманғазы қақпа алдындағы түрменің күмбезді шатырының астына еніп келе жатып, күйдірілген кірпіштен салынған қабырғаларды көріп: «Әубәкірдің соты маған жақсы орын тауып берген екен, мына кірпіштен соғылған бөлмелерді оның киіз үйімен салыстыруға болмас» деді іштей. Қасында жүрген қарауыл мына тұтқынға қадала қарап: «Бұл жерден қашамын дегенді енді ойыңа алушы да болма. Бұл жерден сытылып шығу саған мүмкін болмас енді» деді қатқыл дауыспен. Құрманғазы орысша білмейтін еді, қасындағының не жайында айтқанын толық түсінбесе де келіскендігін білдіріп, басын изеумен болды. Түрме қызметкері абақтының өз ережесіне сай тіркеу кітапшасына оның аты-жөнін жазып, нешінші камерада жататынын белгіледі де, енді басқа бір қарауылды шақырып, ол мұны әлгі белгіленген камерасына қарай алып жүрді. Жолшыбай Құрманғазыға темір тордың өз шарттары мен өзін-өзі ұстау қағидаларын тәптіштеп түсіндіріп келеді. Күйші қасындағы қарауылдың өзіне түсінікті тілде сөйлегеніне Алла тағалаға ризашылығын білдірді.

Ұзын дәлізбен жүріп келіп, меңіреу қабырғаларға қарсы орналасқан сұрғылт түске боялған темір есіктердің біріне келіп тоқтады. Қарауыл қолына үлкен кілтті алып есіктегі шынжырды ағытып, камераны ашқанда Құрманғазы іште отырған өзі сияқты тұтқынды көрді. Түрме қызметкері камерадағы тұтқынға орысшалап: «Міне, қасыңа жаңа серік қосылды. Ол музыкант, енді ішің пыспайды» деп Құрманғазыны ішке кіргізді. Камералас көршісі сары шашты Алексей Лавочкин есімді орыс жігіті болып шықты. Күйшінің түрмеде отырғанына әлі бір ай болмаса да, орыс көршісінің көмегімен орыс тілін біршама үйреніп қалдым десе де, әрең дегенде сөйлейтін, оның шатып-бұтып сөйлегеніне досының күлкісі келетін. Алексей өзі ашық, өмірге деген сүйіспеншілігі мол әрі қызуқанды жігіт екен. Бір қарағанда Құрманғазыға мұның жазасы жеңіл болып көрінді. Жала жабу туралы әңгіме айтыла қалса бітті, Алексей ызадан булығып қалады. Оның осы қызуқандылығы абақтыға түсуіне себепкер болғанға ұқсайды. Леша Оралдағы тері зауыттарының бірінде, бұрқыраған күлдің ортасында ауыр жұмыста болған көрінеді. Олардың жұмысы химиялық тазартуға келетін аңдардың терілерін күбілерден түсіріп, қайта тиеу екен. Терілер цех бойына жүргізілген рельстер арқылы кішкене вагондарда тасылады. Жұмысшылар әбден тозығы жетіп, іске жарамсыз болып қалуға айналған осы рельстерді жөндеу керек деп цех бастығына бірнеше рет ескерткенімен: «Сендер жұмыс істеуден қашу үшін, таппайтындарың жоқ» деп бар кінәні бұларға жауып тастай берсе керек. Бір күні Алексей ылғал терілерді қисайған рельс бойымен цехқа сүйреп келе жатқанда кішкене вагон аударылып түсіпті. Терілер лас еденге шашылып қалады. Қалай тиісудің ретін таппай жүрген әлгі цех бастығына бұл жағдай «іздегенге сұраған» бола кетсе керек. Оның Алексейге айтпаған сөзі қалмайды. Боқтап, былапыт сөздермен намысына тиіп, тіпті

айыппұл төлетемін деп әкіреңдеген цех бастығының бұл қылығы жанына батқан Алексей жерде былғанып жатқан терінің біреуін ала салып, оған қарай сілтеп қалғанда шебер қираған рельстің қасына сұлап түскен. Бұл істің ақыры бастықты емделуге, ал жұмысшыны түрмеге жіберумен аяқталады. Міне, енді бұл ешқандай тергеусіз бірнеше айдан бері темір тордың ар жағында күн кешуде. Оған қанша мерзім бұйыратыны және қайда жазасын өтеуге жіберетіні белгісіз. Бәлкім, ну орманды, кең алқапты, адам аяғы баспайтын Сібірге жіберетін шығар. Сібір жері кең, ол жерге қанша тұтқын келсе де, орын барлығына жетеді. Құрманғазы серіктесінің әңгімесін тыңдап болып, өзінің күй тартқаны үшін осында қамалып отырғанын айтқанда, Алексей бұған сенер-сенбесін білмей қалды. Тіпті әзілдеп айтып отырған шығар деп: «Әзілдеріңмен адамның ішексілесін қатыра берме, мен де бұл өнерден құралақан емеспін. Мен сені жасы үлкен, қиын күндерде бір нанды үзіп жеп отырмыз ғой деп, басымнан өткен оқиғаларымды сенен артық кім түсінеді деп айтып отырмын, ал сен болсаң менімен қалжың айтысып отырсың» деп ренжігендей кейіп танытты. Бірақ Құрманғазының қалжың айтайын деген ойы да болмаған-ды. Ол ораулы тұрған домбырасын шығарып, темірмен қоршалған терезеден сығырайып түсіп тұрған күн нұрына ұзақ көз тастап, мұңлы жүзбен орыс жігітіне бейтаныс аспапты сайрата жөнелді. Қазақтың қара домбырасының үні орыс жігітінің өмірге деген құлшынысын арттыра түскендей болды, тұла бойын бір күш кернеп, енді болмағанда абақтының қалың қабырғаларын құлатып тастардай еді. «Мен біреудің қол астындағы күңі емеспін, бостандықтағы адаммын» деп бар дауысымен айқайлап жіберді Алексей. Құрманғазы күйді тартып болған соң, Алексей өзінің бойын билеген тылсым күшті түсіне алмай аң-таң: «Маған не болды? Бір сәтке мына

түрменің тас қамалдары маған түкке тұрғысыз нәрседей көрініп кетті» деп өзіне қарап жымиып отырған музыкантқа бұрылып, оның күй тартқаны үшін қамауда отырмын деген сөзіне енді сенгендей болды. «Сені шынымен де музыка үшін отырғызғанына жаңа ғана көзім жетті. Мынадай әуен үшін патшаның құйыршықтары сені өміріңнің соңына дейін қамауда ұстауы мүмкін. Сенің бұл өнеріңнің күші зеңбіректің өзін жолда қалдырады» деді. Алексей аздап сабырға келіп: «Егер мынау тас қамалда өмірімізді өткізгіміз келмесе, бізге бұл жерден қашудың амалдарын қарастыру керек. Мынау темірмен қоршалған терезе мен аяғымыздағы кісенді бұзсақ болғаны. Бір аптадан кейін менімен көрісуге анам келеді, ол жаңа пісірген нанның ішіне менің жолдастарым болаттан күйдірген егеуді салып алып келмекші. Содан соң Алла қалап, күзетшілер байқап қалмаса қашуға дайындаламыз» деп өзінің жоспарымен бөлісті. Досының бұл сөздері оның үмітінің қайта оянуына түрткі болды. Құрманғазы Алексейге бұдан бұрын да бір рет түрмеден қашқанын айтып, қамаудан шыққаннан кейінгі бостандықтағы сезімді сөзбен жеткізу мүмкін еместігін жеткізді. Бұл әңгімеден кейін олар Алексейдің анасының келуін тағатсыздана күтті. Уақыт тоқтап қалғандай күй кешкен екеуі көптен күткен кездесу белгіленген күнге де жетті. Алексейдің анасы ұлымен кездесуге уағдаласқан уақытта келді. Құрманғазы болса енді камера ішінде байыз таппай, Алексейдің оралуын шыдамсыздана күтті. Ол Алла тағаладан Лавочкиннің анасы әкелген нанның ішіне жасырылған егеуді түрме күзетшілері көріп қоймаса игі еді деп жалбарынды. Алексей камера табалдырығын аттай салып, үстел үстіне қойған азықтүліктің арасында жатқан бөлшектенген нанды көргенде, күйшінің түрмеден қашып шығамын деген үміті жалп етіп сөніп қалғандай болды. Қырағы түрме қызметкерлері нанның басқаша пісірілгенін байқап қойған болып шықты.

Құрманғазының неге қабағы түсіп кеткеніне аса мән бермесе де, Лавочкин оны жігерлендірейін дегендей: «Уайымдама! Барлығы жақсы болады. Менің анам өте батыл жан. Әкем құрт ауруынан қайтыс болғанда, кішкентай төрт баласымен жалғыз қалды, сонда да қабырғасы қайыспады. Ол бізді бағып-қағу үшін күндіз-түні еден жуатын. Уақыт өтіп, екі үлкен ағам жұмысқа шыққанда анама біраз жеңіл болды. Тіпті үйде мереке күндері жалбыз дәмді тоқаштар мен тәттілер пайда бола бастады. Бірақ мұның бәрін анамыз бен қарындасымыз Настя үшін әкелетінбіз. Настя кішкентайынан пысық болып өсті. Анам жоқ кезде үйдің ішін айнадай қылып қоятын. Тіпті анамның алдында еріндерін шүртитіп алып бізді өзіне бағынышты етіп, үй тазалатып қоятын. Сондықтан да анамыздың жұмыстан келер сәтінде үй іші тап-таза болып тұрады, сосын кешкі асты ертерек дайындап әкелеміз де, шешеміздің келуін күтетінбіз. Бесеуміз дастарханға жайғасып бұқтырылған картоп пен қара нанды пиязға қосып жеп алатынбыз, біздің кешкі асқа ішетін бар тамағымыз осы болатын. Ең бастысы біз тату едік. Жолымызда кездескен қандай қиындық болса да жеңіп шығуға тырысатынбыз. Үйде жүргенде бір-бірімізбен көп әзілдесетінбіз, жағаласып ойнайтынбыз, қазір ғой тас қамалда отырып көп ойланып, парасатты әрі ақылды бола бастағаным» деп демін бір алып, әңгімесін қайта жалғастырды: «Әй, балалық-ай, енді бүгін барлығымыз бірге ыстық картопқа тойып, мәз болысып отыратын сол кездерге қайта оралу үшін қолымнан келгенінің бәрін де істер едім. Сондай шаттыққа толы кездерді басымызға қиындық түскенде ғана есімізге алатынымыз жаман. «Қолда бардың қадірі жоқ» деген сірә осы болса керек. Анау бастықты неге терімен ұрып жібердім екен, құтты бір содан кейін ол мисызға ес кіретіндей. Емделіп шыққаннан кейін жұмысшыларға одан бетер ызалана түсті және барлығының мойындарына қарыз іліп тастапты.

Қолдарында билігі бар адамдарға қарсы шығуға бола ма екен, олардың меншігінде әскер бар, полицей бар. Кішкене артық қимылдап қойсаң болды, темір торға тоғытуға дайын тұрады». Сонда күйші: «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген бар біздің халықта. Егер ел болып қарсы тұрса, ол байларың не істей алады дейсің?» деп Алексейдің ойын жалғады. Ал Алексей болса: «Бүкіл халықты артына ертетіндей адамды табу оңай дейсің бе?» деп досының жауабына қарсылық танытқандай сөйледі. Көршісін ұйып тыңдап отырған Құрманғазы: «Әр дәуірдің өзінің қан жұтқан батырлары болған. Менің балалық шағымда бай мен сұлтандарға қарсы бүкіл халқын жинап, күреске шақырған ержүрек батыр болып еді» деп, ол орыс досына Тайманов пен Өтемісұлының көтерілісі туралы әңгімелеп берді. Содан кейін халқының қос батырына арнаған күйін де орындады. Лавочкин күңіренген дауысымен: «Сондай ержүрек батырлардың өзі жеңіске жете алмай кетті. Ал біз сияқты бейшара әрі кедейлерге билікке қарсы шығу қайда?». Құрманғазы: «Олар да біз екеуміз секілді қарапайым ортадан шыққандар болатын. Тек олар өз қамдарын ойлаған жоқ. Бір қазан картоп үшін күреспеді, керісінше аш және үлестен кем қалған адамдардың әділдігі үшін шайқасты» деп үлкен тебіреніспен сөзін аяқтады. Алексей көпке ұқсай бермейтін мына қазақтың бір ғана отбасы мен бүтін халықтың жағдайын салыстыра айтып отырған әңгімесіне таңырқай қарап, мұның өзінің де батырлықты ешқандай тапсырыспен жасамайтынын осы әңгімесінен ұққандай болды. Ол екі қолын жоғары көтеріп: «Мен берілдім. Біздің үстелімізде қазанымыз болмаса да картоп пен нан бар. Әрі мен оларды сенімен бөлісіп жеуге дайынмын» деп нан туралы айтып отырып, кенет ойына бірдеңе түскендей қолымен басын ұрып: «Мисыз басым ай, мен саған ең бастысын айтуды ұмытып кетіппін ғой. Мен саған айтпап па едім, менің анам

өте батыл кісі деп. Міне, мана күзетші анамның әкелген азық-түліктерін тексеріп жатқанда, анам қарап тұрмай, нанды ортасынан кесіп күзетшіге «міне, мына нанды да тексер, мүмкін мен ішіне рұқсат етілмейтін басқа бір зат салып жіберген шығармын» деп, жымия күліп, оның күдігін сейілтті. Әйелдердің күлкісінен ұялғандай болған күзетші «бұл жердің тәртібі осылай» деді де, тексеруін аяқтап, бізді оңаша қалдырды. Анам көзімен егеудің қайда тығылғанын көрсетті» деді. Енді екеуі үстел үстіндегі тамақты ұмытып, нанның ішінен болат егеулерді асыға іздей бастады. Міне, көптен бері жоспарлаған ойларын жүзеге асыруға кірісетін сәт те келіп жетті. Бірақ бұлар бір нәрсені естен шығарып алған екен. Алексей темірді егей бастағанда, оның шықырлаған дауысы бүкіл камераны жаңғырықтырды. Ара-тұра есік тесігінен сығалап кететін бақылаушылардың құлағына шалынса, бітті дей бер, барлығы құрдымға кетеді. Енді тез арада бір амал табу керек. Сол кезде Құрманғазы домбырасын тарта жөнелді де, оны түсіне қойған Алексей де өз ісіне кірісіп кетті. Бір апта бойы Лавочкин күйшінің сүйемелдеуімен терезедегі торды үзумен болды. Көктемнің жайдарлы күндеріне асыққан тұтқындар қашуға бір табан жақындай түсті. Көптен күткен ұлы той. Терезедегі тор егеліп бітті, енді аяқтағы кісенді шешу қалды. Ол терезеге қарағанда соншалықты қиын емес. Бір сырғытып жіберсең, өзі-ақ жерге түсіп қалады. Осы сәтте камераға кіріп қалған бақылаушы таңғалғандай: «Бүгін неге тынышталып қалдыңдар? Бір апта бойы тынымсыз берген кештерің кенеттен аяқталып қалды ғой. Музыкаларыңды тыңдауға тіпті басқа блоктардың бақылаушылары арнайы келетін» деп қулана сұрақ қойды. Өткір тілді Лавочкин де қарап тұрмай: «Біздің ойнағанымызға өтем жоқ. Ең болмаса бір ожау артық ас беруді де білмейсіңдер. Не үшін біз сіздерді бар күшімізбен қызыққа бөлеуіміз керек?»

деп жүгенсіздеу жауап қатты. Құрманғазы көршісі мен бақылаушының арасындағы әңгімені бұзып: «Егер сізге менің күйім ұнаса, мен онда сізге қоштасар алдында тағы да орындап беруге дайынмын» деп ізеттілікпен сөйледі. Бақылаушы күйшінің бұл сөзін өзінше бағамдады, өйткені осы бір-екі күнде оны алдымен Орынбор түрмесіне, содан соң Сібірге айдатады деп жатқан. Бірақ мына тұтқын бұл құпия ұсталатын деректі қайдан біліп қойды екен? Біреу айтып қойды ма әлде? Қырғыздың сөзін түсіне алмай дал болған оның ойын Құрманғазының күмбірлете жөнелген күйі бөліп жіберді. Оның шығармаларының арасындағы бостандық таңының әнұраны іспеттес «Ертең кетем» деген күйі болатын. Бұл күйден көктемнің самал желі мен гүл басқан кең байтақ даланың үстімен бостандыққа қарай жүйіткіп бара жатқан салт аттының шабысы анық естілетін. Сәйгүліктің тұяғының дыбысы әсіресе ап-анық естілген тұсы – күйдің соңғы аккорды еді. Үлкен ықыласпен тыңдап болған күзетші Құрманғазыдан: «Қазір ойнаған күйіңнің аты қандай болды?» деп сұрады. Күйші аздап жымия түсіп: «Ертең кетем» деп аталады деп еш бөгелместен жауап берді. Түсінбеген бақылаушы: «Не дедіңіз? Қалай аталады дедің?» деп нақтылап қайта сұрады. Құрманғазы: «Жаңа ғана сізге арнап орындаған шығарма «Ертең кетем» деп аталады» деп сенімді үнмен тіл қатты. Осы уақытта аздап өзіне келген бақылаушы қырғыздың мына сөзіне біртүрлі күдіктене қарап, камера есігін тарс етіп жауып, металды шынжырмен байлап: «Енді қашып көр» деп аяғын алшаң басып кете барды. Бірақ күйдің әсерімен ойына келе қалған әлгі күдік тарқамай қойды. Бақылаушы кеткеннен кейін Алексей Құрманғазыға шүйлікті: «Сен өзіңнің бәлеқор сөздеріңмен екеуміздің қанша айдан бергі еңбегімізді еш еттің ғой». Бірақ күйші өтірік айта алмайтынын әрі егер осы күй дәл солай аталса, онда оның кінәсі жоқ екенін жеткізді.

Содан кейін бұл күй ханның түрмесінен қашқанда да сәттілік алып келгенін айтты. «Сондықтан дәл қазір оны басқаша атап, күйге сатқындық жасағым келмеді. Олай істей қалсам, бұл күй өзінің маған деген махаббатымен қоса, сәттілігін де ала кететін еді» деді байсалды қалыппен. Күйшіні жеңе алмайтынын сезген Лавочкин қолын бір сілтеп, терезе жаққа қарай кетті, ал күйші болса, домбырасын алып тағы да бірдеңені ойнай бастады. Бүкіл тыныштықты бойына сіңіріп көптен күткен түн мезгілі де келді. Бұл түнде тыным таппаған самал жел мен екі тұтқын ғана болатын. Олар аяқтарын тұсаудан босатып, енді терезеге қарай беттеп, бостандық ауылына қарай жанұшыра ұмтылды. Ап-арық Алексей терезе ойығынан жылдам өтіп кетті, ал ірі денелі Құрманғазыға далаға шыққанша аздап терлеуге тура келді. Ол абақты терезесінің алдындағы шалшық суға жалп ете қалды да, енді тың-тыңдап, екеуі тырп етпей отырып қалды. «Байқасам, үнемі осы көктем мезгілінде, әйтеуір бір жерден қашып шығатын болыппын. Бірде түрмеден, бірде әйелімнің әкесінің нөкерлерінен, енді, міне, Орал абақтысынан да қашып барамын. Әдетке айналып кетпесе болғаны» деген ойын жалғастыра беріп еді, Алексейдің сыбыры селт еткізді: «Сен шалшықта әлі ұзақ жатасың ба, бізге таң атқанша қаладан шығып кету керек. Қазір өзен жаққа қарай барып, балықшыларды паналай тұрамыз. Аушылар артелінде істейтін әкемнің Степан есімді бұрынғы досы бар еді» деп қысқаша қашу жоспарын айтып та үлгерді. Құрманғазы болса аяғынан тұрып, аспанға қарап: «Алексей аспанға қарашы, жұлдыздардың жымыңдаған сәттері қандай әдемі, иә?» деп досын әңгімеге тартты. Бірақ Алексейге қазір аспандағы жұлдыздардың қызығы шамалы болып тұр. Ол күйшінің қолынан ұстап, өзіне қарай тартып: «Тезірек бұл жерден кетейік. Егер күзетшілерге ұсталсақ, соңғы деміміз сол Сібірде үзілетін болады» деп өзі бастап,

қозғалып кетті. Иттердің ұйқылы-ояу арсылдарымен қараңғы көшелерді артқа тастап, екеуі қаланың шетіне де жетті. Өзен бойымен төмен қарай жүрген олар Лавочкиннің танысын іздеумен келеді. Бұл соншалықты оңай іс емес екен. Жолдарындағы бірнеше артелдерді сүзіп шыққан қашқындар Лавочкиннің танысын таба алмады. Қарындары ашқан, біраз әлсіреген екеуі Алексейдің танысын үшінші күні ғана тапты. Степан атай қарапайым балық аулаушы емес, бригадир екен. Олардың бейшара түрлерін көріп, барлығын сөзсіз ұққан ол бірден Лавочкинді сұрақтың астына алды: «Лешка, сен мына түріңмен анаңа өз ажалымен өлуге мұрсат бермейтін сияқтысың ғой? Сенің ебедейсіз қылықтарың үшін әкең мен шешең жұртқа жеккөрінішті көрінеді де жүретін. Осы жолы тағы не бүлдіріп қойдың? Түрмеден бір-ақ шыққаныңа қарағанда үлкен былық жасағансың ғой. Қане, маған барлығын бүге-шігесіне дейін баяндап бер» деді. Алексей балықшыға өзінің не үшін отырғанын, оның қапас түнектен қашып шығуына анасының көмектескенін айтқанда Степан желкесін қасып: «Иә, сен былыққа батасың, ал анаң болса, артыңды жабумен әлек, оның да жағдайын бір ойлап қойсаңшы» деді. Алексей кінәлі үнмен: «Әрине, анамды есімнен шығарған емеспін» деп еді: «Бірақ тек басыңа іс түскенде немесе қарның ашқанда ғана анаңды есіңе түсіретін сияқтысың ғой. Егер сен шын мәнінде оның жағдайын ойласаң, бастығыңа жұдырық алып жүгірмес ең» деп қолын бір сілтеді. «Мен бастыққа қолымның ұшын да тигізген жоқпын, тек шикі терімен бір сілкіп жібергем» деді ақтала сөйлеген Лавочкин. Степан оны тағы да сөзінен бөліп: «Мен бұл жерден асқан айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Ең бастысы бастығың емханаға кетті, ал сен темір торға қамалдың» деді де қасында тұрған Құрманғазыға қарап, орыс тілін түсінбейді деп ойласа керек: «Ал мынау қырғыз қайдан шықты?» деді. Бұл сөзге күліп тұрып Құрманғазы

бұл сұрақтың жауабын өзі айтты: «Бұл қырғызыңыз Алексей жатқан камерада бірге жатты. Есімі Құрманғазы болады». Балықшы өз сөзінен ұялып қалып: «Сіздердің жағдайларыңыз түсінікті болған сияқты. Әрі қарай не істейтіндеріңді енді кешкі ас барысында талқылармыз. Ал қазір моншаға барып, ерекшеленіп көрінбес үшін үстеріңе балықшылардың киімдерін киіп алыңдар. Сендер жуынып боламын дегенше де балық сорпасы да дайын болады. Алдағы тұрмыстарың жайында сол жерде кеңінен сөйлесетін боламыз» деп Алексейге қарап сөзін толықтырды: «Судың жағасындағы мұржасынан түтін шығып жатқан кішкентай үйшікке барыңдар. Біздің моншамыз сол. Керекті заттардың барлығын – жөке, иіс сабын, сыпырғыштарды моншаның кіре берісінен табасыңдар. Жақсылап жуынып шығыңдар, әйтпесе үстеріңдегі иіс мұрынды жарып барады» деді. Осыдан кейін Степан өз жұмыстарымен кетті де, ал екеуі оның тапсырмасын орындауға кірісіп кетті. Моншаның есігін аша берген сәтте іштен қайың ағашының сыпырғыштары мен жуыну жөкелерінің иісі бұрқырап қоя берді. Құдды бір кішкентай ғана үйшікке бүтін бір жасыл орманды орналастырып қойғандай әсер қалдырды. Шомылуға асыққан Алексейдің қимылдары ширақ. Ал Құрманғазы болса асығар емес, ол қабырғаларда ілулі тұрған сыпырғыштар мен жуыну жөкелеріне ұзақ қарап болып, бұларды не үшін пайдаланады екен дегендей ойға кетті. Екеуі киімдерін шешіп болғанда, Алексей Құрманғазының келісті дене бітіміне аңтарылып қарап қалған еді. «Сен нағыз ержүрек батыр екенсің ғой. Не үшін біз бір апта бойы темір торды егелеп қиналдық. Терезені жарты қабырғасымен жұлып алауға бір өзіңнің де шамаң жетерлік екен ғой» деді Алексей оның жұмыр денесіне сүйсініп. Жолдасының сөздеріне аздап ұялған Құрманғазы оған әзілмен жауап берді: «Сол қабырғаны құлатып алармын деп

терезеге жолаған жоқпын ғой». Алексей күйшінің әлгі монша жабдықтарына таңданып қарап тұрғанын байқап: «Қазір біздің бұл батырымыздың төзімділігі мен мықтылығын орыс моншасы арқылы сынап көреміз. Сөзге келгенде тау қопарардаймыз, ал іске тірелгенде бармағымызды тістеп қаламыз» деді. Орыс моншасы туралы күйшінің бұған дейін ешқандай түсінігі болмаған еді. Сондықтан да ол ыстық булы моншаға Алексейден кейін кіруді жөн санады. Беттен ұрған ыстық будың сахараның аптабынан да өткен қызуына қапелімде бой үйрете алмай қалған Құрманғазы екі құлағын жауып біраз отырып қалды. Мұны көрген Алексейдің езуіне күлкі үйірілді: «Не болды, батырым-ау?». Дегенмен сәлден кейін Құрманғазының бойы бұл ыстыққа да үйрене бастады. Орнынан тұрып шомылуға кірісті. Ыстық бу да күйшінің шымыр денесінің ырқына көнгендей, оны ағыл-тегіл аққан термен жуындырып жатқандай болды. Алексей орыс моншасын тағы бір қырынан көрсету үшін күйшіні тақтайдың үстіне жатқызды. Онсыз да қайнап тұрған моншаның қызуын арттыра түсейін деп, Алексей өртеніп тұрған пештің үстіндегі кірпіштерге бір ожау суды шашып жібергенде, төңірек будан көрінбей қалды десе де болады. Алексей жолдасының арқасынан сыпырғышпен осқылай бастағанда, ажалымның жеткен жері осы болды ғой деп ойласа да Құрманғазы тақтайдың үстінде қозғалмастан жатты. Сыпырғыштың жылдамдығы арта түсіп, бітті-ау дегенде күйшінің қызарған арқасы енді тіпті ештеңені сезуден де қалған еді. Енді сәлден кейін арқасынан ауыр жүк түскендей болып, өзін далада жалаңаяқ жүгіріп жүрген балалық шағына оралғандай да сезінді. Моншадан шықты да, екеуі қасындағы өзеннің көктемгі салқын суына күмп берді. Жанып тұрған денелерінің қызуы бір мезетте басылып, өздері бір рахаттанып қалды. Асықпай аяқтарын алшаң басқан екеуі балықшылар артеліне жеткенде, балықтың жас сорпасының иісі бұрқырап, бұларды

күтіп тұр екен. Кешкі асқа шаруашылықтың жұмысшылары да келді, олар он бес шақты адам. Қонақтарды дастархан басына жайғастырып болған Степан: «Жігіттер, өздеріңнің қатарларыңа келген жаңа балықшыларды қарсы алыңыздар. Олар сырқаттанып қалған Василий мен Андрейдің орнында жұмыс істейтін болады. Дегенмен бұларды әзірге балық аулау ісіне үйрету керек. Себебі екеуі де бұл жұмыстың маңына да бармағандар» деді. Дастархан басында жиналғандар шулап кетті: «Бұл соншалықты қиын іс емес. Ең бастысы олар өздері жалқау болмаса болды. Әрі қарай балық аулаудың қыр-сырына біз үйретеміз». Степан таныстық үшін әрқайсысына ащы судан құйғанда, отырғандар әр жерден жамырай жөнеліп, тіпті араларында балықшылыққа қазір-ақ үйретуді бастап кететіндер де табылды. Бұрын ащы судан татып көрмеген Құрманғазының көзі қарауытып, басы айнала бастады. Степан оның ұйқылыояу түрін көріп, екеуіне казармадағы төсектеріне барып демала берулеріне болатынын айтты. Уақыт өте келе тұтқындардың қатардағы балықшылардан айырмашылығы болмай қалды. Таза ауа мен балық сорпасы олардың абақтыдан оралған кездегі жүдеу беттеріне қан жүгіртті. Екеуі балық аулаудың хас шеберіне айналды. Әрі балық аулайтын құрал-жабдықтарды да жақсы пайдаланады екен. Жұмыстан кейін Құрманғазы өзінің өнер төгілген он саусағымен домбырасын күмбірлете жұмысшылардың көңілін көтеретін. Құрманғазы енді өз туындыларына орыс халық музыкасының элементтерін де қосып, жиналғандарды риза ететін. Балықшыларға соның ішінде Лавочкиннің анасының батырлығына арнап шығарған күйі ерекше ұнады. Зымыраған уақыт. Балықшылардың мұрындарына су жетпейтін кез болып саналатын көктем мезгілі де аяқталды. Көктемнің қарбаласынан дем алайыншы дегендей Орал өзені де толқындарын Каспийдің арнасына қарай жылжытуда.

Осы кезде су басы да саябырсыған тәрізді. Бұл балық аулау ісінің қызған шағының аяқталғанын білдірсе керек. Бұл кезеңде балықшылардың бір-бірден үйлеріне барып келуге мүмкіндіктері болады. Степанның да кезегі жетіп, қаладағы үйіне барып қайтқан ол Алексейдің анасынан қашқындарды іздеуге арнайы казактардың жасағы құрылғанын, әрі олар қала маңындағы барлық балық шаруашылықтарын тінтуге шыққаны жөніндегі хабар айтып жібергенін жеткізді. Степанның әңгімесін тыңдап отырған Алексей Құрманғазыға: «Көрдің бе, арнайы казак жасағын құрғандарына қарағанда екеуміздің абыройымыз жоғары болғаны ғой» деді жымиып. Батыл сөйлеп отырған Алексейді Степан тоқтатты да: «Сенің ақылың қашан кіреді екен? Бұл әңгіменің сендерге қатысы жоқ. Халықтың айтуынша, Орынбордағы және біздің қаламыздағы түрмеден саяси тұтқындар қашқан көрінеді. Сол үшін де казак жасақтарын жіберген сияқты. Егер де сен сияқты қашқынды көрсе, қолдарындағы мүмкіндікті жібермесі анық. «Балықсыз қалғанға, шаян да балық» демейтін бе еді». Алексей танысының бұл сөздеріне ренжігендей кейіп танытып: «Солай де, Степан атай, сен мені шаянға теңегенің ғой, тіпті ұсақ балыққа да татымағаным ба?» деп еді, Степан Алексейдің ұйпаланған басынан ұстап: «Әрине, татисың, балам! Бірақ әзірге өзің үшін, анаң үшін шаян болып жүре тұрғаның жақсы болады. Ал қазір қалжыңдасатын мезгіл емес, бүгін болмаса, ертең олар бізге де келуі мүмкін. Сондықтан әрі қарай не істейтіндеріңді ойлаңдар» деді. Ақылдаса отырып Құрманғазы таңертең өзі бес саусағындай жақсы білетін туған жеріне қарай жолға шығатын болды, ал Алексейге біраз күнге қалада паналауға тура келеді. Ертеңіне олар қонақжай балықшыға алғыстарын білдіріп, ұзақ сапарға аттанды. Екі жолдастың жолдары екіге айырылар тұста бір-бірін қатты құшақтап енді кездеспейтіндерін біліп қимастықпен қоштасты. Тек

олардың арасында мәңгіге естелік болып композитордың өзі арнап шығарған күйлері қалды. Жол ортасында жалғыз қалған Құрманғазы қай бағытта жүретінін ойланып көп тұрды. Патшаның қырағы қызметкерлері оны үйінде күтіп отырған да шығар, мүмкін, төменгі жақтағы қайын атасының ауылына қарай жол тартсам ба екен деген де бір ой келді. Әрине, қайын жұртында тоқтау оның бүгінгі жағдайына біраз қолайлырақ болатын еді. Бірақ Әуестің әкесінің көзіне қалай қарайды? Қызын алып қашып кеткені өз алдына, енді оны тағдырдың тәлкегіне жалғыз тастап кетті емес пе? Өзі болса жарқын жастығын әр жердің көлеңкесінде тасалаумен өткізуде. Енді келіп қайын атасының асын қалайша ауызға алмақ. Жоқ, бұл қылық Құрманғазының арына артылған үлкен жүк болатын еді. Әрі өзінің ұяты мен Алла тағаланың алдында күнәһар атанбас үшін тәуекелге бел буып, өз шаңырағы тігілген туған ауылына қарай жол тартуды жөн көрді. Қазір күйшінің ең басты ойлағаны – қартайған әке-шешесі мен көздері жәудіреген бауырларын әрі сүйікті әйелін бір мезетке болса да құшағына қысып сағыныштың мауқын басу. «Әрі қарай не болатынын көре жатармыз» деді өзін жұбатқандай. Мазасы қашқан күйші қиын сәттің дұрыс шешімін тапқандай, аяғын алшаң басып, сахараға қарай бет түзеді. Сырғымалы барқын құм ұлы күйшінің іздерін жылдам жасырып, үлгеріп келеді. Оның туған жерге деген сапары ұзаққа созылды. Жаздың өртенген күндерін жаңбырлы күз алмастырды, одан қаһарын алып қыс та жетті. Жайдарлы көктем де шуағын шаша келді. Осылайша күн мен түн алмасып уақыт шіркін зырлай берді. Осы кезде жолшыбай кездескен ауылдардың барлығына соққан Құрманғазы өз ауылына әлі де жете алар емес. Қыстың қытымырланған аязды күндерінің бірінде ол күні бойы артынан аңдумен келе жатқан қасқырдың үйірін байқады. Олар айдаладағы жалғыз әрі жаяу жолаушының

ізінен қалар емес. Жалғыз жаяу әбден қажыды, ентіге дем алып, таяққа сүйене кетті де, өзін жартылай қоршап тұрған қасқырларға қарай бұрылды. Көздері шоқтай жанып тұрған қасқырларға көз тастап, мұңая жымиып сөйлеп тұр: «Сендер менің соңыма тағы да түскен екенсіңдер ғой. «Қарындарымыз жалап барады» дейсіңдер ғой? Бірақ мына менің қу сүйек денем бүкіл үйірге жұғын болар деп пе едіңдер? Солай бола тұрса да, бұл қушиған денемнен жанымды сендерге оңайлықпен бере қоймаспын. Алдын ойлап жүретін Степан досымның балық кесуге деп берген өткір пышағы бар менде. Оның жүзі сендердің терілеріңді сылып алуға да жарамды». Қасқырлар жаяу жүргіншінің бойынан қорқыныш сезімін көрмегендеріне аңтарыла қарап тұрып, күйшінің сандырағын ұйып тыңдағандай болды. Үйір ішіндегі ең батылы азу тістерін ақситып, атылуға дайындала бастады. Жолаушы енді қатқыл дауысымен: «Мен сендердің барлық қитұрқы әрекеттеріңді жақсы білемін. Қазір сен алдымен маған қарсы шапқанда қалған үйірің менің артымнан тап бермекші ғой. Бірақ бұл жоспарларыңның күлі көкке ұшатын болады. Бұл сенің тірі жанға жасаған соңғы шабуылың болмақ» деп ақырып, ол етігінің қонышынан жүзі жарқыраған пышақты суырып алды. Сүрлеу жолдың үстімен қасқырлардың шабуылын күтіп келе жатқан ол аяғын нық баса алға қарай жылжи берді. Сүрлеу жол төмен қарай түсті. Сол кезде ол етекте ақ қар басқан шағын ауылды көрді. Қас пен көздің арасында пайда болған мына көрініске сеніңкіремегендей, артындағы қалмай еріп келе жатқан қасқырдың үйірін ұмытып, екі қолымен көзін уқалап, ұйқыда жатқан ауылға тағы қарады. Жақын маңдағы қасқырдың иісін сезген ауыл иттері беймезгіл шақта әр жерден үре бастады. Шырт ұйқыда жатқан шағын ауылдың адамдары аяқтарынан тік тұрды. Тіпті әр жерден үйлерінен қолдарына от тұтатып далаға асыға шыққан адамдар да көрінді.

Құрманғазы ауыл шетіндегі киіз үйлердің біріне келіп сыртта тұрған үй иесімен амандасып, осы үйде түнеп шығуды жөн көрді. Басын изеп сәлемін алған қожайын қолындағы шырақты қонақтың сақалы өскен әрі жүдеу тартқан бетіне тақап анықтап қарап алды да, үйге кіруін сұрады. Ол отты сөндірмей түнделетіп келген мейманына бір бөлшек таба нанмен шай беріп, қонағынан артық ештеңе сұрамай, төсек салып берді. Бұл адам өзінің беймезгіл уақытта не істеп жүргенін, қай жақтан келе жатқанын таңертең жолаушы өзі қаласа айтып берер деп үй иесі де ұйқыға кетті. Ертеңіне таңғы аста Құрманғазы үйдің иесі жылқышы Әйтімбет пен оның Абай және Бөжет есімді ұлдарымен, әйелі Зеремен еменжарқын әңгімелесіп отырды. Күйші қонақжай әрі мейірбан үй иесіне абақтыдан қашып келе жатқанын, тіпті жолшыбай кездескен кедергілердің барлығын жасырмай айтып берді. Әңгіме барысында Әйтімбеттің өзі түбі Қызылқұрттан екенін білді, әрі ол Құрманғазының әкесін жақсы таниды екен. Осыдан кейін отағасы қонағына шұқшия қарап: «Менің саған жеткізетін екі жаңалығым бар. Бірі өкінішті, екіншісі қуанышты хабар десем болады. Бірақ алғашқысын айтуға аузым бармай отырғаны» деді Әйтімбет. Құрманғазы бір жамандықты сезгендей: «Аға, алғашқысынан бастасаңыз жөн болар еді» деп өзі бірінші қолқа салды. Әйтімбет: «Көктем мезгілінде әкең Сағырбай дүниеден озды» деді күрсіне. Жүзі жабырқаулы тұтқынның арқасынан қағып жымиып: «Ал қыста ұлың өмірге келді» деп сөзін жалғады. Олар өмірден өткен әкесі Сағырбайды еске алып, ал өмір есігін жаңа ашқан ұлына денсаулық тілеп дастархан басында ұзақ отырды. Жазық даладағы бұл ауыл күйшінің туған мекенінен қашық емес екен. Кештің батуын күткен Құрманғазы мезгілі жеткенде өз үйінің жанына келді. Есіктің сықырлаған дауысына бесік

тербетіп отырған Әуес жалт бұрылды. Есік алдында тұрған Құрманғазыны көрген ол есінен танып қала жаздап, тіпті орнына тұра алмай қалды. Даладан суық жел гулеп тұрған есікті жылдам жапқан күйші өз көзіне өзі сенбей бесікті тоқтаусыз тербетіп отырған әйеліне қарай күлімдеп, жақындап келе жатты. Мұп-мұздай киімі Әуестің есін жиғызып, мұның түс емес, өңі екендігіне енді көзін жеткізгендей күйеуінің құшағына құлай, дауыстап жылап жіберді. Қатты дауыстан шошынған бала оянып кетті. Ол ұйқысы қанбағанға ренжулі кейіппен үйді басына көтере жылады. Күйші енді бесіктегі шарылдап жылап жатқан баласына қарай жақындады. Өңі алаулап, бесікті тербете бастады, балбұл жайнап, әйеліне қарап: «Дауысы маған тартқан екен. Өскенде не күйші, не әнші болатын түрі бар». Әйелі Құрманғазыға сүйсіне қарап: «Әрине, болады. Бүкіл халықтың арасында атағы жер жарған күйші әкесі тұрғанда, бұл қайда барар дейсің». Осы кезде тынышталған ұлына қарап: «Ал, есімін кім деп қойдыңдар?» деп сұрады. «Құбаш деген есім бердік. Сенімен кеңеспей қойғанымыз үшін ренжіме. Біз сені енді неше жылдан соң келер екен деп ойлап, өзіміз қойып едік. Бала сонша уақыт есімсіз жүре алмайды ғой» деді Әуес күйеуінен көз алмаған қалпы. Құрманғазы әйеліне разы болып: «Мені күтпей-ақ балаға есім бергендерің жақсы болыпты. Менің алдымда кешірім сұрайтын жөнің жоқ. Әрі әдемі есім екен, тіпті менікімен қосылғанда үндес келеді: Құбаш Құрманғазыұлы. Егер алдағы уақытта да осындай жағдайлар болып қалса, балаларды өзің атай бер. Мен саған бұл мәселеде әкелік рұқсатымды бердім» деп баланы тағы да оятып алмайық дегендей, күлкісі естілмеуі үшін, ауызын алақанымен басты. Жүзі қуанышқа толып Әуесті құшақтай алды. «Мен құпия жолдармен, батпаққа батқан көлдерді де еңсеріп келгендегі бар үмітім тек сенімен кездесу болды. Махаббат, үміт және сенім менің таусылмас күшімнің ең басты қайнар көздері.

Солар маған қаншама ай бойы қиыншылықтарға төзіп, саған жетуге көмегін берді». Күйшінің бұл сөздеріне Әуестің сыбырлай сөйлеген үні қосылды: «Сенің қасыңда өткен әрбір күн мен түнім шексіз бақыт қой». Бұл сөздерден кейін бірін бірі сүйген қос жүрек бір-бірін құмарлана сүйіп, бірі-бірінің құшағына енді. Таңертең оларды тәтті ұйқысынан Құбаштың жылаған дауысы оятты. Сәби бұл әрекетімен «менің қарыным ашты» деп жатыр еді. Таңғы шай үстінде Әуес күйеуіне өткен аптада оны іздеп арнайы Оралдан казактар келгенін және оны да қонақтардың киіз үйіне жауап алуға шақырғанын айтты. Олар күйеуі елге келсе, бұл туралы дереу хабар беруі керектігін ескертіп кетті. Әйелін мұқият тыңдап отырған Құрманғазы мынадай шешімге келді: «Олар маған бұл жерде еркін жүруге мұрсат бермейді. Тіпті көрпе астынан болса да тауып алулары мүмкін. Сондықтан маған бұл істің сәл болса да саябырсыған сәтіне дейін бір жерді паналай тұрудан басқа шара жоқ. Бүгін анаммен, бауырларыммен көрісіп қайтайын. Ал ертең әкемнің бейітіне барып құран бағыштаймын. Содан соң екі күннен кейін екеумізге біраз уақытқа қайтадан қоштаса тұруға тура келеді. Олай болмаған жағдайда, Сібір жерінде мәңгілікке қалу қаупі төнеді» деді. Әйелі күрсініп: «Бірақ қақаған қыстың ішінде қайда бармақсың? Жаман айтпай, жақсы жоқ. Бір жерде үсіп немесе қар үйіндісінің астында қалып қойсаң не болады? Тіпті қазір ауыл маңында қасқырлар үйір-үйірімен жүрген көрінеді. Ауыл иттерінің өзі адамдардан қорғаныш іздеп құйрықтарын жымитып алып, үйге тығылады» деп күйшіні райынан қайтарғысы келе сөйледі. Әрине, Құрманғазы қазір ауылдың маңын қасқырдың үйірі торып жүргендігін жақсы білетін. Тіпті өзі олармен бетпе-бет қалған жоқ па еді? Өмірінің қыл үстінде екенін қасқырдың азулы аузынан бір-екі қадам ғана аралықта тұрғанда қатты сезініп еді. Бұл жағдайды қазір ол бойын қорқыныш билеген әйеліне айтқан

да жоқ. Ол Әуеске Фокеево қыстағында тұратын өзінің бұрынғы жақсы бір танысы қонаққа шақырғанын айтты, Бородин Иван Федорович деген бұл азаматтың қазақ музыка өнеріне деген сүйіспеншілігі зор адам екенін әрі ана тілімізде де тәп-тәуір сөйлейтінін, енді сол бағытқа қарай жол тартатынын жеткізді. Иван Федорович қыстағы Мухор форпостынан ат шаптырым жерде орын тепкен. Ол патшалық билікпен де, ханның нөкерлерімен де достық қатынастағы жан. Сол себепті де Құрманғазы біраз уақыт осы кісінің қасында аялдай тұруды құп көрді. Әрі қарай не істейтінімді көре жатармын деп бір шешімге келгендей болды. Зулап өткен осы екі күн ішінде күйші жақындарымен де көрісуге, әкесінің басына барып құран оқуға да, тіпті байдың бір атын қолға түсіруге де үлгерді. Әрине, бұл соңғы әрекетті істемеуге шара қалмады. Алыс жатқан қыстаққа жаяу жету мүмкін емес-ті. Кешкісін Әуес күйшімен қоштасып тұрып: «Болашақ сәбиімізге қандай есім бересің?» деді. Өзі күтпеген сұрағына Құрманғазы іркіліп қалып: «Біздің тағы да сәбиіміз болады дегің келе ме?». Әуес төмен қарап тұрып: «Сен баланың қалай пайда болатынын білмейтін бе едің? Үш түн бойы сенің құшағыңда болдым. Не боларын кім білген. Сондықтан өзің қойғың келген есіміңді маған айтып кетсең дұрыс болар еді. Алла тағала енді екеуміздің жолымызды қашан жолықтыратыны белгісіз». Құрманғазы өз-өзіне келгендей әйелін құшырлана сүйіп: «Дүние есігін ашып үлгермеген балаға мерзімінен бұрын есім беріп тағдырға қарсы келмейік. Бір Алланың бұйыртқаны болар. Ал мен үйдің отағасы ретінде саған осы міндетті сеніп тапсырдым. Сен оларға қандай есім берсең де, олар біздің тамаша жазық мекеніміздей әдемі болады» деді де, атына мініп басталғалы тұрған боранға қарсы желе жортып жүріп кетті. Бородин Иван Федорович жирен шашты, орта бойлы және орта жағдайы бар, түрлі музыкалық аспаптарда ойнауды

жаны сүйетін кең пейілді азамат еді. Оның бойына іскер әлемге аты шыққан көпес әкесінің ақылы мен әр нәрсенің ұтырын білетін икемділігі дарыған, ал кедейдің қызы болған анасынан үлкен көк көздері мен өнерге деген сүйіспеншілік дарыған. Ол өзінің қыстағында оңаша өмір сүріп жатса да, тірлікте алға басудан қаймықпау керек деген ұстаныммен өмір сүретін адам еді. Иван Федорович өз заманы туралы өзіндік пікірі мен көзқарасы бар зерек кісі. Жалғыз өзі тұрып жатса да, оның үйінен қонақ арылған емес. Кең қонақ бөлмесінде елге танымалы да бар, енді танылып жатқандары да бар ақындар, әншілер, суретшілер, журналистер және музыканттар жиі болатын. Олар сол жерде таң атқанша әңгіме-дүкен құрып, әсем әуен тыңдайтын, тіпті Ресей елінің қазіргі әрі келешектегі саясатын айтып, пікірталасқа да түсіп кететін. Үй иесінің өзі де өнерден құралақан емес-ті. Ол түрлі аспаптарда әдемі ойнап қана қоймай әрі бедерлі сурет те салатын. Кей кездерде бұл қонақжай шаңыраққа қазақ халқының өнер майталмандары да келіп тұрады. Сол кезде ол қазақтың қара домбырасы мен қобызын тартып көріп, кәдімгідей сабақ алатын. Міне, енді оған қызметшілері өзіне бір бейтаныс қазақтың келіп тұрғанын жеткізгенде ол бірден қонақты жұмыс бөлмесіне әкелуді бұйырды. Бөлмеге кіріп келе жатқан Құрманғазыны көргенде көңіліндегі қуанышын жасыра алмай өзі орнынан тұрып құшақ жая күйшіні қарсы алды. Қонағын қысып құшақтап тұрып, сосын оның жүзіне ұзақ қарап: «Батырымыздың бойынан асқан жігерді көріп тұрмын. Екеуміз көріспегелі қанша уақыт өтті өзі?» деп өз сұрағына өзі ойлана жауап берді: «Бес жылдың көлеміндей уақыт өтіпті ғой. Жарайды, үстіңдегі тоныңды шеш, сырттың суығын қоса алып кіріпті. Сенің керемет күйшілігің туралы талай әңгіме естіп жатырмын, оны шай үстінде айта жатарсың». Құрманғазы киімдерін шешіп жатып, бір күрсініп алды да: «Иә, ел арасында тек сізге жеткен әңгімелер

сияқтылары ғана жүрсе ғой, шіркін. Бүгінде халқым мені тек ат ұрлаушы әрі бүлікшіл деп қана танитын сияқты». Қожайын қонағының үстіндегі киімдерін шешуге көмектесіп жатып оны тоқтатқандай: «Ал бұл жағдайларыңызды, ұлы композитор мырза, маған ыстық шай барысында толығырақ айтып беретін боласыз» деп бөлмесінің есігін ашып, бар дауысымен: «Ксюша, қонақ екеуміз үлкен бөлмеде шай ішкіміз келеді. Бізге жылдамырақ шай демдеп жіберші» деп айқайлады. Қалалық үлгіде киініп алған он сегіздер шамасындағы бойжеткен қыз Ксюша қонақ бөлмедегі үстел үстіне фарфор ыдыстар қойып, дастарханды түзеп жүгіріп жүр екен. Қожайынын көрген ол: «Иван Федорович, самауырды әкеле беруге рұқсат па?» деп сұрады. Қонағын терезе алдындағы орындыққа жайғастырып жатқан Бородин жылы жымиып: «Рұқсат, Ксюша. Тек тезірек, себебі біздің мейманымыз жолдан тоңып келді» деді. Сәлден соң сарқылдап қайнап жатқан жылтыр самауыр дастарханда тұрды. Бородин Ксюшаға алғысын білдіріп, мейманға шайды өзі құятынын, ал оның басқа жұмыстарымен айналыса беруіне болатынын айтты. Бородин ернеуіне алтын жалатылған фарфор кесеге шайды құйып жатып: «Алланың бұйыртқан дәмінен ал» деді. Алла тағала бұл қожайынға шынымен де қарасқан екен. Үстелде түйіршектелген қара уылдырық дейсіз бе, ақ балық па немесе бекіре жейсіз бе, түрлі тұздықтар, жеміс-жидектердің қайнатпасы, тәтті нан ба, тіпті графинге құйылған ащы су ма, әйтеуір қалағаныңыздың барлығын осы дастархан басынан табуға болады. Құрманғазы үй иесінің денеңді жылыту үшін ащы судан бір рюмка болса да іш деген ұсынысынан түбегейлі бас тартты. Шайдың өзі де жетіп жатыр деп құтылды. Себебі бұл ащы судан ол балықшылар артелінде жүргенде аузы күйген. Шай үстінде

күйші өзінің тағдыр тәлкегіне түскенін, оның өткені мен келешегі түгелдей тұңғиыққа кеткендей болып жүрген өмір тіршілігін басынан аяғына дейін баяндап берді. Қонағын міз бақпай тыңдап отырған үй иесі жымиып күліп алды да: «Міне, енді түсінікті болды. Мына Әубәкір мен Жанша бүкіл нөкерлерін аяқтарынан тік тұрғызып, абақтыдан қашқан бүлікшіні іздеп жүрміз деп жандарын қоярға жер таппай жүр десем. Олардың іздегені сен болдың ғой» деді. Бұған Құрманғазы мұңлы жымиып: «Менен қандай бүлікші шығады дейсіз. Олар жан-жақтан адамдарды жинап жала жапқызып әрі мені ел арасына ұрлықшы етіп қойды. Мен темір тордың ар жағында отырсам да «аттарымды ұрлаған осы» деп көрсетуден жалықпас олар. Жазық дала кең болғанымен де, паналауға жер таппаған соң, өзіңізге келіп отырмын, Иван Федорович, қуып жібермейтін шығарсыз?» деп жауабының артын сұраққа айналдырып, үй иесінің рұқсатын сұраған ниетін де танытты. Бородин күйшінің бұл сөздеріне аздап шамданғандай басын шайқап: «Мен сол бәлеқор иттердің алдына тірі жанды лақтыра салады деп ойлағаның не? Шу басылғанша біраз уақыт менде тұра бер. Олар маған, сірә де, келе қоймас. Келе қалған жағдайда да, менің еңгезердей жігіттерім олардың күлдерін көкке ұшырады» деді. Құрманғазы бір жеңілденгендей терең тыныс алып, ризашылығын білдірді: «Мен сіздің бұл қонақжайлығыңыздан бас тарта алмаймын. Шынымен де менің қазір барар жер, басар тауым қалмады. Тек менің сізден сұрайтын өтінішім бар еді: мен кісінің нанын жеп, бостан босқа жата алмаймын, ондай ас маған батпайды. Сондықтан маған сіз өзіңіздің шаруашылығыңыздан қандай да бір жұмысты бөліп берсеңіз жақсы болар еді». Бородин күліп: «Жұмыссыз қалмайтыныңызға уәде беремін. Менің бойымда көпестің қаны босқа ағып жатқан жоқ қой, мен әрқашан өз үлесімді алып қалуға тиіспін. Сен мені тылсым

домбыраның қыр-сырына әрі ойнауға үйрететін боласың. Мен бұл аспаптың музыкалық кеңдігін өзім-ақ үйренуге тырысқаныммен, бірақ нәтиже ойдағыдай емес. Алла тағаланың өзі сені маған көмекке жібергенге ұқсайды. Енді менің үйімде қазақ өнерінің хас шебері жүргенде менің бұл аспапты игерудегі жұмысым тек алға қарай жылжитынына сенемін. Ал қазір мен саған монша жақтырайын. Орыс моншасының рахатына бөлен. Бұл лайланған суға үстіңді бір-екі рет батыру емес» деді. Құрманғазы күліп тұрып өзінің жауабын да беріп үлгерді: «Мен орыс досыммен бірге түрмеден қашқан кезде балықшылардың моншасына түскенім бар. Сондықтан орыс моншасының бойыңдағы бар кінаратыңнан тап-таза етіп шығаратын ыссы буын жақсы білемін» деді. «Солай де, жарайды, онда саған моншада өзіңді қалай ұстау қажеттігін түсіндірудің жөні жоқ сияқты. Жуынып болған соң, екеумізді кешкі ас күтіп тұр. Одан кейін сабағымызды бастаймыз. Өзің сұрандың, енді жұмыстың аты жұмыс қой. Ал таңертең бір адамдарым арқылы әйеліңе азық-түлік бергізіп жіберемін. Жас анаға жақсы тамақтану керек. Және менің бұл ниеттеріме қандай да бір қарсылық танытқаныңды көрмейтін болайын». Құрманғазы, шыныда да осыншалықты мейірбан досына қарсы келе алмады. Себебі ол шын ниетімен көмегін беріп тұр еді. Жүректен шыққан шын мейірім мен көмекті ешқандай тиын-тебенмен өтей алмайсың. Осылайша Фокеево қыстағындағы күйшінің тағы бір өмірі басталды. Бородиннің ауылына көрші Астраханьнан, Оралдан тіпті айналадағы ауылдардан көптеген адамдар келетін. Біреулері көпестік, сауда-саттық мәселелерімен келсе, екіншілері әр жерден келген өнер иелерінің қатысуымен өтетін қыстақтағы ән-күй, жыр кештерін сағынып жететін. Кейде кешкі басқосу түн ортасына дейін жалғасып, таң шапағымен аяқталатын. Кеш қонақтары темекі түтіні мен

тым көп ішілген шайдан әбден шаршап, ертеңгі кеште қайта жүздесу үшін қалың ұйқыға кететін. Үйден қонағы арылмайтын Иван Федоровичтің жанына күйшінің серік болуы келуші меймандардың санын көбейтпесе, кеміткен жоқ. Құрманғазының күйлерін үлкен ілтипатпен тыңдайтын қонақтардың өздері де әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнап, небір әуендер төгетін. Күйші де өзіне бейтаныс аспаптарға айрықша бір қызығушылықпен қарайтын. Гитара, балалайка, тіпті өзі қазақтың қыл қобызына ұқсатқан скрипкадан шыққан әуендерді зор ықыласпен тыңдады. Бұл аспаптардың дыбыс шығару диапазонының кеңдігіне таңғалғанымен, тіпті оларды үйренудің де тілін тауып көргенімен, күйші бұл аспаптардың үнінің өзінің қарапайым қара домбырасының құдыретіне жетпейтіндігін іштей сезінді. Бұл сезімнің өзі Құрманғазыны қазақтың қара домбырасынан енді мәңгі ажырамастай етті. Қыстақтағы көңілді кештің дарынды музыкантқа бергені көп болды. Ол өз шығармаларына орыстың халық әндерінің де элементтерін қоса отырып тыңдармандардың зор қошеметіне бөленді. Түні ұзақ, күні қысқа қыс мезгілі де келді. Уақыт шіркін бір орында тұра ма? Қаңтар айының бет шымырлатар аязынан кейін бораны түтеген ақпан да жетті. Ақпан бітіп, даланың ақ қары көктемнің көк мұзына айналып, оның арты лайлы суға айналып көктемнің наурыз айы да жетті. Жеті қат жер жүзінің гүлденген кезі көктемде күн сәулесі мейлінше көп түскенімен, күйшінің көңіліндегі қаяу уақыт өткен сайын қалыңдап бара жатандай болды. Үй иесі Иван Федорович көңілі жадау тартып, терезеге телміріп отырған күйшіге қарап: «Достым-ау, саған не болған, мүлдем көңіл күйің жоқ қой? Сырқаттанып қалғаннан саумысың? Немесе менен бір ағаттық кетті ме? Қысылмай ойыңдағыны ашық айтсаңшы» деді. Құрманғазы үй иесін әбігерге түсіргеніне қысылып: «Бұл не дегеніңіз, Иван Федорович. Өмірімде мені дәл сіздей жылы қабыл алған, жүрегі таза жанды

кездестірген емеспін. Сіз мендей қашқынды паналатып, өз абыройыңызға нұқсан келтіріп алудан қорыққан жоқсыз. Тіпті менің әйелім мен балама да азық-түлік жіберіп, өз туғанымыздай жанашыр болған сіздей абзал адамға білдірер алғысым шексіз. Бірақ мен өз Отанымның, өз даламның бағына туған күйшімін. Кең дала – менің өмірім, онсыз мен ешкім емеспін. Ол маған күш береді. Ол – менің шығармаларымның қайнар көзі. Сіз маған үлкен түсіністікпен қарап, енді мені жолға өзіңіздің ақ батаңызбен шығарып саларсыз деп ойлаймын» деп жауап берді. Бородин күйшіні жолға шығу жөніндегі райынан қайтару үшін: «Бұл мезгілде жолға шыққан ауыр әрі қауіпті ғой. Биыл қар көп жауды, енді ол еріп, өзен беттеріндегі мұз жібіп жатқанда жол жүру өзіңе де, астыңдағы атыңа да қиындық тудырады» деп еді, бірақ Құрманғазы өз дегенінен қайтпады: «Жол өзі ақ мені барар жеріме алып барады. Иван Федорович, мені жолдан қалдырмаңыз. Мен сіздің жұмыс бөлмеңіздегі торда қамалып тұрған шымшық емеспін, керісінше мен еркіндікті ту еткен күйшімін, әлгі тор алтынмен апталып, күміспен қапталса да, мен ол жерде отыра алмас едім. Бәлкім, тумысым сондай шығар» деп жауап берді. Қонағының қабылдап қойған бұл шешімін өзгерте алмасына көзі жеткен Бородин қоштасарда: «Келістік, кетемін дегеннің жолынан қақпайық. Екеуміздің арамыздағы достықтың белгісі ретінде саған өзімнің арнайы сыйлығым бар еді» деп ол жарты қабырғаны бойлай тұрған шкаф ішінен күміспен безендірілген аңшының мылтығын алып шықты. Ол мылтықты Құрманғазыға ұсынып тұрып: «Мынаны ал, бұл сенің жолыңа да керек болып қалуы әбден мүмкін. Қазір ауылдарда босып жүрген неше түрлі жауыз адамдар көбейіп кетті. Немесе кездескен жолбарыстан қорғанатын қорғанышың болады. Мен сені мықты мерген деп естіген едім, тіпті далада қарның ашса, азықтыққа аң атып алуыңа да керек дүние» деп өз сыйлығын қонағының

қолына ұстатты. «Мен үшін орны бөлек сыйлығыңыз үшін алғысымды қалайша білдірсем екен? Әрине, музыкант өзінің шығармасын арнамаса, оның қолында басқа не бар дейсіз» деді. Бұл сөздеріне үлкен ризашылығын білдіргендей жымия түскен Бородин: «Мылтық тозады, не болмаса сынады, тіпті болмаса ұрланып кетуі мүмкін. Ал сендей таланттан шыққан туынды әрқашан халықпен бірге болады. Сондықтан егер сен шынында да маған арнап күй шығарсаң, мен үшін бұдан асқан сыйлық бар дейсің бе?» Келесі күні Құрманғазы Фокеево қыстағын тастап жолға аттанды. Кейін белгілі болғанындай із кесушілер Бородиннің де үйін тінтіген көрінеді. Себебі Иван Бородиннің қызметкерінің Әуеске азық-түлік әкеліп беріп жүргенін Әубәкірдің құлағы шалып қалыпты да, ол бұл жағдайды бірден патша билігіне жеткізіп үлгергенге ұқсайды. Құрманғазы кеш батқанда қыстақтан шығып кеткен кезде казак жасағы Бородинді тексеріске алған екен, күйшіні таба алмаған олар, кешірім сұрап кері қайтып кетіпті. Желдің гуілі жан-жақтан естіліп тұрғанымен, даладан оны қанша іздесең де ұстай да алмайсың, таппайсың да. Құрманғазы да гуілдеген желдей есіп, бір ауылда пайда бола қалып, күйінің әуені естіледі де, аз уақыттан соң оның домбырасының үні басқа бір қияндағы қырдың астынан құлаққа келіп жатады. «Қазақ» сөзінің түпкі мағынасы «Еркін адам» деген мағына беретіндігі туралы бекерге айтылмаса керек. Жалшылық өмір олардың қысым көрсетушілерге деген қарсылығын одан сайын үдете түсті. Халықтың қараңғы түнектен бастарын көтеріп, қожайындарының алдында енді бойларын тік ұстап өз бостандықтары үшін күреске шығуы хан билігін қатты алаңдатса керек. Сондықтан да болар, күйшінің дауылды күйлерінің халықты бостандыққа шақыруын үдете түскенінен сескеніп, билік жағы мұны іздеп табу үшін бар мүмкіндіктерді жасауда. Ауылға казак жасақтары келе жатқанын ел ішіндегі

ұзынқұлақтан естіп отырған күйші олар келіп жеткенше келесі ауылға аттанып үлгеретін. Өткен маусым айындағы салқынның өтеуін алғандай шіліңгір шілде айы өртеніп тұрды. Аптап ыстықтан ен дала сары түстен күлгін түске өзгеріп шыға келді. Кенезесі кепкен Жер-Ана аспаннан бір тамшының түсуін күтіп, көкке сыйынып жатқандай. Бірақ шөкімдей де бұлт көрінбейді, күннің көзі шақырайып, қызуы арта түскен шақ жер бетіндегі тіршілік атаулыны еріксіз көлеңке-көлеңкеге қуып тығыпты. Тіпті самал желдің өзі өртеніп тұрған ауаға қарсы тұра алмай, ну қамыстың арасына кіріп алғандай. Осындай аптапта мазалары кеткен казак жасағы Қаратай болыстың ауылына жетті. Жасақты бастап келе жатқан Евлевтің алдынан шыққан Қаратай оң қолын кеудесіне қойып: «Ассалаумағалейкүм, ояз мырза» деді де, әрі қарай «уағалейкүмассаламды» күтпестен «бұл кәпірлерден не аларсың» деген ішкі ойын бүгіп: «Сіздердің жайлы демалуларыңызға барлық жағдай жасалған. Қонақтарға арналған киіз үйге жайғаса берулеріңізге болады» деді. Есаул аттан түсіп, араларындағы казактардың біріне бұйрық беріп жатты: «Хорунжий Семибратов, жасақты мына шал айтқан жерге орналастыр да, өзің маған қарай кел. Ақылдасатын жәйттер бар». Ту ұстаушы оның бұйрығын түсінгендей ишара танытып Қаратайдың артынан ілесті. Енді жасақтың бүкіл мүшесі: есаул Евлев, есауылдың орынбасары Иванов, сотник Подкопытов және жасақтың ең жас мүшесі, хорунжий Семибратов қонақтарға арналған жайлы киіз үйге келіп, күбіден салқын қымыз ішіп, алаңсыз демалуға кірісті. Ыстықтан естерін жинаған олардың алдына біраздан соң қазанда буы бұқырай піскен ет келді. Сотник Подкопытов бабына піскен майлы етті асап жатып: «Менің үйде асатын етім ешқашан дәл осы қазақтардікіндей болмайды-ай. Қанша тырыссам да болмайды. Менің етім тамағымнан әрі зорға өтеді, ал бұлардікі бал сияқты, ауызыңа салған бетте

еріп кетеді» деді тамсанып. Әріптесінің бұл сөзін есаулдың орынбасары Иванов та қостады: «Иә, ет пісіруден бұлар нағыз шеберлер десек болады. Тек сусындарына көңілім толмайды. Мен мынау қышқыл қымыздарын қанша ішсем де мас болмаймын, ішімді бүре бастайды». Осы кезде әңгімеге енді араласқан орталарындағы ең жасы әрі қызу қандысы Семибратов: «Сендердің дастарханға отырғалы бергі әңгімелерің ет пен қымыз жайлы болып кетті, ал өзіміз, міне, қанша айдан бері қолға ұстатпайтын рухтың соңынан қуып жүрміз. Мүмкін, әлгі бүлікшіл өмірде атымен жоқ шығар. Бұл азиаттар орыс ақымақтарын әдейі жүгіртіп қойды-ау деймін. Анау қытайдың шенеуніктері сияқты көздерін сығырайтып бетіңе мәз болып қарап тұрады да, сен кері бұрылғанда ғана арқаларындағы тығулы пышақтарын алып шығады. Менің бүкіл денем ауыратын болып жүр. Жермен-жексен болып жата қаламыз. Құйрығымызды басып отыратын не тәуір орындықтары да жоқ. Тіпті көз қырыңды салатын әйелдері де түсініксіз. Көздеріне дейін оранып алған. Қызы не, қатыны не, айырмашылығы жоқ. Ең қызығы еркектері оларды қалай ажыратады екен?» дегенде қарны қампиған сотник көзінен жас шыққанша күліп: «Алексей, сен өзіңе ненің қажеттігін өзің шешіп ала берсейші. Әйтпесе, біз сияқты үлкендер жастардың қалауына көп мән бере бермейміз. Шыныңды айтшы, сені бұл жердегі қыз-қырқынның ойдағыдай болмағаны қынжылтып жүр ме, әлде орындықтың жоқтығы ма? Сен екеуінің біреуін таңда да, айт, командиріміз Иван Семенович қырғыздарға бір қалауыңды орындатқызатын болар. Мүмкін, нағыз қалауың қанағаттанған соң қашқынды өзің-ақ тауып келерсің» деп еді, жиналғандардың барлығы кіші офицерді қылжақ қылып ду күліп алды. Күлкілері басылған кезде барып есаул: «Күлкі күлкімен ғой, ал іс болса, оңай болмайын деп тұр. Орынбордан жедел хат жетті, онда «осыншама уақыттан бері бір

бүлікшіні қолға түсіре алмай жүрсіңдер ме» деп жазылыпты. Олардың өздерін де жоғарыдан қысып жатса керек», – деп Иван Семенович сұқ саусағымен жоғары жақты нұсқады. Сосын сөзін әрі қарай жалғады: «Ол қашқынның мына шексіз далада таныстары жеткілікті. Ауыл адамдары оған біздің келе жатқанымызды алдын ала ескертіп қойып отыр. Бізге енді жаздың соңына дейін уақыт берілді. Сондықтан да, хорунжий Семибратов мырза, бұл сізге ешқандай да рух емес, керісінше таза мемлекеттік қылмыскер. Тек қана жылқыларды ұрлаған жоқ, биліктің басқару ережесіне бағынбаған адам. Сол себепті біз жолымыздағы кедергілерді жеңіп, оны көрсетілген мерзімінен бұрын табуға тиістіміз. Сондықтан әзірге тұрмыстық жағдайсыздық пен әйелдің қылтыңын ұмыта тұрғандарың жөн. Енді ең басты сұраққа көшейік. Үлкен болыс Әубәкір қызметкері арқылы маған ол бүлікшілді іздеуге өзі де тор құрғанын жеткізіпті. Егер тауып алып жатса, тікелей біздің қолымызға тапсырады. Мен сол хабаршыдан ақпар күтіп отырмын. Сондықтан жасақ қандай тәуліктің қай уақытында болса да, сақадай сай тұруы тиіс. Ал әзірше барлығымыз демалып алуымызға мүмкіндік туып тұрған сияқты». Аз уақыттан соң киіз үйдің әр бұрышынан қорылдаған дауыстар естілді. Тек әлгі жас офицер ғана ұйықтай алар емес. Бірақ шаршап жүрген ол да біраз уақыттан кейін қалың ұйқыға кетті. Түсінде ол қарсы алдында жылтыр белбеу таққан жіңішке белін бұралаңдатып тұрған тамаша қырғыз қызын көреді. Түн ішінде Әубәкірдің жаушысы келіп қарақшының жақын маңдағы бір ауылға келгендігін, оны байдың нөкерлері казак отрядтары келіп жеткенше ешкімге білдірмей күзететінін айтты, өз беттерімен ұстауға әрекет жасаса, халық дүрлігіп кетуі мүмкін. Сондықтан отряд асығыс атқа қонып, хабар

айтып келген адамның жол көрсетуімен түн жамылып әлгі ауылға қарай суыт жүріп кетті. Бұл кеште Құрманғазы жиналғандардың алдында күй тартып, әр күйдің шығу тарихын айтып ұзағырақ отырған еді. Ал «Лаушкен» күйінің өзімен бірге түрмеден қашып шыққан бір орыс досының анасына арналғанын айтқан кезде, тыңдап отырғандардың кейбіреулерінің көзіне жас үйіріліп, әйелдер жағы «шешенің аты шеше ғой, ол қай тілде сөйлейтініне қарай ма, олардың балаға деген сезімі бірдей ғой» десіп жатты. Түн ортасы ауған кезде ыстықтың да беті қайтты, қамыстардың арасынан самал жел соғып, жанды серпілтті, жиналғандар енді ертеңгі күні бұларды күтіп тұрған ауыр тіршіліктің бітпейтін шаруаларының алдында аз да болса тынығып алуға үйлеріне тараса бастады. Өзін жасырып ұстап отырған ауылдың шеттегі бір үйіне қарай Құрманғазы да аяңдады. Төсек салынып қойылған екен, шешініп жатып қалғанымен, жуық арада ұйықтай қоймады, көңілінің түкпірінен әлдебір қауіптің жақын жерде жүргендігін сездіретіндей бір мазасыздық пайда болды. Үнемі өзін аңдығандардан қашумен жүргендіктен бе, соңғы кездері қауіпті жағдайды алдын ала сезіп отыратын болды және бұл сезімі оны алдаған емес. Тағы да біршама уақыт дөңбекшіп жатты да, орнынан тұрып, тысқа шықты, сосын неге екенін өзі де бажайламастан, ауыл шетіндегі жайылымда жүрген атына қарай кетті. Атын ұстап, үйге алып келді де, дәл қазір жол жүріп кететіндей ерттеп, сосын үйге кірді де, қасына домбырасы мен оқтаулы мылтығын қойып, жатып қалды. Ауыр түс көріп жатып, ауыл иттерінің шабалаңдай үрген дауысынан шошып оянды, тіпті ұйықтамаған сияқтанды. Үйден тез шықты да, таңғы алагеуімде осы үйге қарай жан-жақтан жақындап келе жатқан адамдардың сұлбасын байқады. Ұзақ ойланып тұрған да жоқ, атына қарғып мініп, өзіне қарай келе жатқан бір

адамға қарай шаба жөнелді. Ол ат тұяғының астында қалып қоя жаздап, әрең дегенде жалт беріп үлгерді де, мұның екпінімен жерге жалп ете қалды. Бірақ сол сәтте оң жағынан тағы бір адам шыға келіп, бұған қарай винтовкасын кезене берген. Күйші иығындағы мылтығына жармасып, анау бұған оқтала берем дегенше, атып үлгерді, айқай естіліп, әлгі адам қолындағы мылтығын түсіріп алды, шамасы, мұның жақын жерден атқан оғы көзделген жерге дәл тиген болуы керек. Міне, енді қарсы алдында қашқынның жеткізбей кетем деп үміт еткен кең даласы жатыр еді, бірақ тез ағарып қалған жазғы таң шапағы қуғыншыларға мұның құйғытып бара жатқан бағытын дәл көрсетіп, соңына салды да қойды. Аттарының жалына жабысып алып мұның артынан қиқулап келе жатқан казактардың отряды мен күйшінің ара қашықтығы жақындай бастаған кезде, олар жан-жақтан қоршауға ала бастады. Үстелдің үсті сияқтанған теп-тегіс далада олардан қашып құтылудың мүмкін еместігін Құрманғазы да түсініп келеді. Жалғыз ғана бір үміт бар, ол – таяу маңда суы тартылып, ортайып, кей жерлері бұл күнде батпаққа айнала бастаған өзен бар, соған қарай жалт бұрылып, адастырып кетпесе, басқа амал жоқ. Дәл солай боларын соңында келе жатқан казактар да жобалап келе жатыр еді, сондықтан да олар қашқынды өзенге жеткізбей, жолын кес-кестеп далаға қарай бұрып, сол далада қоршауға алуға ұмтылуда. Құрманғазы болса, атына аяусыз қамшы басып сол өзенге қарай ұшып барады, міне, өзеннің жағасына да жетіп қалды. Жағадағы қамыстар да жақын қалды, әттең, дәл осы сәтте атының алдыңғы аяғына әлдене қатты тиді ме, әлде аяғын інге тығып алды ма, аты бар екпінімен келіп сол жағына қарай жердің шаңын бұрқырата жалп ете құлады. Аттың үстінен ұшып кеткен Құрманғазы да басы айналып кетіп, сәлден кейін ғана ақсай басып түрегеліп, қорылдап жатқан атының қасына жүгіріп келді. Аттың астында қалып қойған

домбырасының да күл талқаны шығыпты, ал мылтығы, сол күйінше, бір сызық та түспеген екен. Ол өлгелі жатқан атына қарап тұрды-тұрды да, зорықтырып алғаны үшін жан-жүрегі қан жылап тұрып одан іштей кешірім сұрап, сосын мылтығын ала салды да, әу дем жер қалған жағаға қарай тұра жүгірді. Балдырлармен бытысып, тұрып қалған лай суға қойды да кетті, астындағы қап-қара лайын көтере суды белуарынан кешіп келеді. Қамысы қалың арғы жағаға тез жетті, бірақ жағаға шыққан жоқ, ағыстың бағытымен төмен қарай жеделдетіп жүре берді, бар ойы аттың құлаған тұсынан тезірек кетіп қалу, өйткені қуғыншылардың мұны дәл осы маңнан іздейтін анық еді. Келіп қалғандардың ат тұяқтарының дүбірі жақындаған кезде, ол қамыстардың арасына кіріп жоқ болды. Казактардың жаны қиналып жатқан мұның атының қасына келіп, әлденелерді айтып, ақылдасып жатқан дауыстарын естіді, сосын сәлден кейін оқ атылды. Құрманғазы олардың қиналып жатқан байғұс тұлпарды атқанын, сөйтіп оны өлім алдындағы азаптан құтқарғанын түсінді. Өлген аттың жанында үйіріліп тұрған казактардың жанына әбден ақ көбік болған атымен енді жеткен есаул Ивлев: «Немене, бұрын-соңды өлген ат көрмеп пе едіңдер? Хорунжий, казактарды өзенді жағалай орналастыр, қатар-қатар тұра қалып, өзеннің қарсы бетіндегі қалың қамысқа қарай оқ жаудырсын, қашқын алысқа кеткен жоқ, осы қамыстардың арасында тығылып жатыр ол» деді бұйыра сөйлеп. Хорунжий комнадирдің тапсырмасын сол бойда орындады, сәлден кейін бірнеше мылтықтан қатарласа атылған дауысы айналаны дүрліктіріп жіберді, қарсы беттен шошыған, қиналған аттардың кісінеген, ыңырсыған дауысы естілді. Түкке түсінбей қалған есаул: «Мынау, не пәле?» деді таңдана. Атынан қарғып түскен жүзбасы Подкопытов: «Түсінікті болды, шамасы, арғы беттегі жағада табын-табын жылқы жайылып жүрген ғой, біздің мергендеріміз соларды

атып салды деген сөз!» деді есаулдың сөзіне жауап қатып. Есаул өзіне бағынышты адамның жұрттың көзінше жіберген қателігін бетіне басқанына ызасы келіп: «Әй, сен – данышпан, командирге ескерту жасағанша, ана салбыраған қарыныңды жинасаңшы, офицер емес, ай-күні жетіп отырған екіқабат қатын сияқты тұрысың мынау» деді жақтырмай. Сосын хорунжийға қарап: «Семибратов, қасыңа адамдар ал да, арғы жағаға өтіп, не болғанын көріп келіңдер» деген. Семибратов қасына үш казакты ертіп, өзеннен әрі қарай өтіп, аз уақыттан соң қамыстардың арасынан көрінбей кеткені сол еді, бір кезде бірнеше рет атылған оқ дауысы естілді. Ивлев қуанып кетіп: «Шамасы, әлгі қашқынды атты ғой деймін, қазір алып келеді» деді айналасында тұрған офицерлеріне қарап масайрай. Біршама уақыттан соң арғы жағаға кеткен казактар қайтып оралды да, хорунжий командирге болған жағдай туралы баяндады: «Екі атқа оқ тиіпті, олар бірден өлген, ал үшеуі қатты жараланған екен, мал болмайтыны белгілі болған соң, оларды атып тастауға тура келді. Ал табын далаға қарай қашып кетті, шамасы, қатты үріккен болуы керек». Ызадан жарылып кете жаздаған есаул казактарын боқтап, бұрқан-талқаны шықты: «Сендер бақшадағы торғайды үркітуге ғана болмаса, даладағы қарақшыны ұстауға жарайтын адам емессіңдер. Қай жаққа атқансыңдар, мен сендерге қамысқа қарай атыңдар дедім ғой, аспанға емес». Сосын хорунжийге қарап: «Ал сен немене оқ атып бүкіл даланы дүр сілкіндірдің, сендердің оқтарыңсыз ол аттар өлмей қалады деп қорықтыңдар ма, адамшылықтарының арта қалғандарын» деді. Офицерлер дәл қазір командирге бірдеме деп жауап қатып, одан сайын қыздырудан пайда жоқ екенін түсініп, өздерінің ешқандай кінәсі болмаса да, үн-түнсіз бастарын салбыратып тұра берді. Есаул бұрқырапсарқырап барып басылды да: «Енді не өкіне беретіні бар, бұл жолы қашқынның жолы болып кетті, оның бақытына

қарай арғы бетте жылқылар жүрді. Сол аттардың бірін ұстап мініп, ол ендігі жыра-жыраны тасалап, ұзап кеткен шығар, ұстап көр енді оны мына иесіз даладан. Қайтайық, кәсіпқой қашқынды ұстауға жасаған біздің бүгінгі әрекетіміз сәтсіз болды, бірақ күндердің күні болғанда, біз онымен ақыры есеп айырысатын боламыз, соны ұстамасам, мен – мен болмай кетейін, еркіндікте жүруге оған енді көп қалған жоқ» деді де атына қарай беттеді. Казактар сал желіп отырып, кері қайтты, ұйқыдан жаңа ғана оянған өзеннің үстінде тыныштық орнады, тек табынтабын масалардың гуілі ғана естіледі, мұны өлімнен әрең қашып құтылған қашқын алғашында байқамаған екен. Өзін маса талап тастағанын енді ғана сезді, беті күп болып ісіп шыға келді. Жағаға шығып, жан-жағына қарады. Көз тоқтатар ештеңе байқалмайды, алдында теп-тегіс шексіз дала жатты. Құрманғазы бұл даланы жақсы біледі, шығысқа қарай жүрсе, ол жақта Ноғай мен Қызыл құрт руларының сұлтанаты жатыр, оның билігі домбыра өнерінің айтулы тұлғасы, ел-жұрты Бапас деп атап кеткен Дәулеткерейдің қолында. Құрманғазы ойланып тұрды да, «соған қарай тартып кетсем бе екен, қанша дегенмен күй өнері бізді жақындатады ғой, оның үстіне басқа бағыттағы күйлерді тыңдамағаныма да көп болып еді. Ал бардым дейін, сонда ол мені қалай қарсы алар екен, ол – сұлтан, менің жүрісім мынау, жарлы адаммын. Оның үстіне жол да алыс, күн қайнап тұр, ас жоқ, су жоқ, оған қалай жетем? Бірақ менде одан басқа жол да жоқ қой, мені өлімнен құтқарып берген мына өзеннің жағасында жатып енді арам өлуім керек пе?» деді өзіне өзі күбірлеп. Сөйтті де зеңгір көкке көтеріліп кеткен күннің астына қарай аяңдап жүріп кетті. Екі күн өтіп, кеш батып бара жатқанда әбден қалжыраған жаяу жолаушының алдынан Дәулеткерейдің биік дуалдармен

қоршалған мекені сағымдана көрінді. Енді біраз жүріп, дуалға келген кезде аяғын аттап басуға шамасы келмей қалған күйші мылтығының дүміне сүйеніп тұрып қалды. Нөкерлері сұлтанға бір қаңғыбас адамның келіп тұрғандығын, ол өзін атақты күйшімін деп таныстырғандығын, бірақ қазір оның қолында домбыра емес, өте жақсы мылтығы бар екендігін, ол мылтықтың мынадай қайыршының бойына тіпті жарасып тұрмағандығын айтты. Мына әңгімеге Бапас таңғалып қалды да, келіп тұрған адамды ішке кіргізуді бұйырды. Аулаға кірген кезде Құрманғазы ортаға тігілген үлкен киіз үйді көрді, жол бастап жүрген қызметкер екеуі оны айналып өтті де, сұлтанның ағаштан соғылған кең де жарық сәнді үйіне кірді. Құрманғазы ішке енгенде сұлтан үлкен орынтақта отыр екен. Ол келген адамға сынай қарап: «Иә, кімсің, маған не үшін келдің?» деді. Құрманғазы басын иіп: «Мен қазақ даласына есімім белгілі болған күйші Құрманғазымын және сіздің керемет күйшілігіңіз туралы талай естіген едім. Сондықтан да сыртыңыздан біліп қана қоймай, өзіңіздің шығарған күйлеріңізді өз тартуыңыздан бір естісем деп, мүмкін болса, сіздің шеберлігіңізден үйренейін деп іздеп келіп тұрмын. Өйткені сіздің күйлеріңіз қазақтың дәстүрлі күйлерінен гөрі өзгешелеу» деді. Сұлтан өзінің күйшілік даңқының қазақ даласына да жеткендігіне риза болып қалды да, дегенмен, мына қайыршының өзі айтып тұрған күйшінің нақ өзі екендігіне деген күдігінен арыла алмай: «Сенің мына түріңе қарап, күйші екендігіңе қалай сенемін, оның үстіне қолыңда домбыра емес, мылтық. Одан да сені алыстан келген қарақшы деп, қолыңды артыңа қайырып байлап, кім екенің анықталғанша жапқызып қою керек шығар. Бірақ мен олай істемей-ақ қояйын, қазір менің қызметшілерім сені өз-өзіңе келуге көмектессін, жуынып, жаңа киім ауыстырып киіп, сосын тамақтанып ал, содан кейін барып сені менің музыкалық бөлмеме алып келер. Сол

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙