Бақыт гүлі
Гүлбақыт Қасенова
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жинаққа ақын қыздың рухани құндылықтарды дәріптейтін, туған жер, өмір, достық, мөлдір сезімге арналған өлеңдері еніп отыр. Кестелі жыр, өрнекті өлеңдерінен ақынның жүрек толқынысы, көңіл түкпіріндегі кіршіксіз, сыршыл бейнесі танылады. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
Гүлбақыт ҚАСЕН
Қ 21 Қасен Г.
Бақыт гүлі – Алматы: «Үш қиян»,
2015 жыл, 104 бет
Жинаққа ақын қыздың рухани құндылықтарды дәріптейтін,
туған жер, өмір, достық, мөлдір сезімге арналған өлеңдері еніп
отыр.
Кестелі
жыр,
өрнекті
өлеңдерінен
ақынның
жүрек
толқынысы,
көңіл
түкпіріндегі
кіршіксіз,
сыршыл
бейнесі
танылады.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
ІSBN 978-601-7194-29-1
«ЖАЛҒЫЗ ҚАЛСАМ ӨЛЕҢМЕН СЫРЛАСАМЫН...»
«Ақын – нағыз адам».
Шиллер
Мен өлгенде ғана өлең жазуды тоқтатамын».
Петрарка
Қолымда талантты ақын қыз Гүлбақыт Қасеннің жыр жинағы. Алғашқы бетін ашып оқығаннан-ақ, ақынның ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы, жүрек лүпілі, өмірді зерделеуі, ішкі мәдениеті мені тарта жөнелді. Гүлбақыт не туралы жырласа да, ерекше бір көңіл-қошымен өзінің таным-тағылымына лайық жыр кестелейді екен. Кітаптағы өлеңдер тақырыбының алуандығымен, рухының биіктігімен, тіл байлығымен жүрегіме жылы тиді. Мені ең басты қуантқаны – ақынның ешкімге ұқсамайтын өзіне тән нәзіктігімен қатар, жан-дүниесінің, таным-талайының кеңдігі болды. Оның поэзиядағы ұстамдылығы, ой түйіндеуі, тіпті сабырлылығы мені ойға қалдырды. Яғни, Гүлбақыт поэзияға үлкен дайындықпен келген.
Өмір – дана,
ізгі ойдан тұрады,
Саналыға тұнып ағар бұлағы.
Парасатпен өлшей білсе ғұмырын,
Есті жанға мәңгі болар тұрағы.
Өмір. Өмір...
Кімдер сенде өтпеген?
Болашақ бар саған қарай беттеген.
Келте тағдыр ете көрме өтінем...
Пенделер көп арманына жетпеген.
Иә, ақын қыз философиялық ой түйіндейді. Әрбір ақын өмірге келген сәтінен бастап әлемнің шексіздігін сезінеді. Уақыт тасқынына қарсы жүзеді. Ақынның адами өмірінен басқа шығармашылық тағдыры бар. Осының барлығы да ақынға сыйлаған Алла-Тағаламның ұлы сыйы.
Іліктірмей сұқ көздің садағына,
Нұрын төккен әр басқан қадамыма.
Жаратқан Аллам менің – шексіз Ізгі,
Жанымды жамандықтан ада қылған.
...Иманжүзді пендесін сүйікті еткен,
Сынақ беріп, бақты да үйіп-төккен.
Жаратқан Аллам менің – шын Төреші,
Ақ туын адалдықтың биіктеткен.
Польшаның ұлы жазушысы, әдебиет зерттеушісі Ян Парандовский ақындықты екі түрге бөледі. Бірінші топқа жататын ақындар – ерте туып, ерте бастап, ерте сөнетіндер. Екінші топқа жататын ақындар – асықпай туып, асықпай сөйлеп, құлашын кеңге сермеп, айтатын ойын тоғыз толғап, он рет ойлап жазатындар, Һәм тұқымы текті сәйгүліктей ұзаққа шабатындар. Мен Гүлбақыттың жыр жинағын оқып отырып, ақын қызды екінші топтан көретінге ұқсаттым. Оның сыршылдығымен қатар, ойын көркем тілмен астарлап жеткізуге деген шеберлігі де байқалып тұр.
Біздің ақын қызымыз өзінің туған тілі жайлы терең тебіреніспен,
перзенттік жанашырлықпен, ұлттық рухпен жырлайды:
Тілім менің – баға жетпес ырысым,
Тілім менің – ақтық демім, тынысым.
Тілім менің – ғасырлардың маржаны,
Бізге жеткен бабалардың үнісің.
Гүлбақыт – рухы биік ақын. Замана көшінен тайсалмай, өз пікірін білдірумен қатар, бүгінгі қоғамның, бүгінгі адамның ой-пікірін зерделеп жеткізе біледі. Әр ақын өзі өмір сүрген дәуірінің жақсысын да, жаманын да, сынағын да жүрек сүзгісінен өткізуге тиіс. Гүлбақыт туған жер тақырыбына қалам тартса да, махаббат тақырыбына қалам тартса да, өзінің жоорға жүрісінен жаңылмайды.
Сағынып тұрам арайлы таңда,
Сағынып барып көз ілем.
Аңсарым ауса аяулы жанға
Жасырам неге өзімнен?..
Сібірлеп атқан таңда, іңірде,
Іңкәрлік сезім кетпейді.
Жұбатқандардың мені бірі де
Сағынған жанға жетпейді...
Ақынның махаббат лирикасы таңғы шықтай мөлдір, көздің жасындай жүрегіңе тырс-тырс тамып, ұйықтап қалған сезіміңді оятады. Ақынның поэзиядағы адалдығы, тылсымын жасырған дариядай тереңдігі болашағынан үлкен үміт күттіреді.
Қазақ поэзиясына тағы да бір қиялы жүйрік, тілі орамды, жүрегі шын сөйлеуден танбайтын адал сөз сарбазының қосылғанына қуаныштымыз. Иә, ақын туғаннан жалғыз. Ақын пенде бола алмайды. Ол қарабайыр тіршіліктен жоғары. Бірақ тірлік заңы мүлде басқа... Қалай да асау ақынды ноқталап, жүгендеп, пенделік текетіреске түсіреді. Сондай кездері оның жүрегін ешкім де түсінбейді. Тек қана өлеңі түсінеді.
Зайда Елғондинова,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
ӨМІР НҰРЫ
Көрінер шоқтығы боп биіктердің,
Өнерлі ұл-қызы бар сүйікті елдің.
Ізбасар болайын деп ақындарға,
Мұрасын ел-жұртымның сүйіп келдім.
МҰРАСЫН ЕЛ-ЖҰРТЫМНЫҢ СҮЙІП КЕЛДІМ
Қарлығаш қанат қағар ұмтылғанда,
Қуаныш мұрагер боп ұл туғанда.
Тұсауын мен өзіңе кестіремін,
Кәдеңе жарар халқым, жыр туғанда.
Қазақтың даласында талант керім,
Тудырған тамсандырып талай ерін.
Сезбекке құдіретін қара өлеңнің,
Өнерді ниет етіп қалай келдім.
Көрінер шоқтығы боп биіктердің,
Өнерлі ұл-қызы бар сүйікті елдің.
Ізбасар болайын деп ақындарға,
Мұрасын ел-жұртымның сүйіп келдім.
Білінбей уақыт тезі бара жатқан,
Сыры мол сан ғасырды аралатқан.
Қаншама жауһар жырдың сүлейлері,
Өлеңнің өлкесіне қалам тартқан.
Өлең-жыр өрнегі әсем жаңаланған,
Жетелер болашаққа жаңа арман.
Жетісу өнерліге шабыт сыйлап,
От берген сөнбес мәңгі жанарларға.
ӨЛЕҢМЕН СЫРЛАСУ
Жалғыз қалсам өлеңмен сырласамын,
Ақ қағазға арманмен сырды ашамын.
Жүрек үнін тек үнсіз түсінер деп,
Ойнатамын ойға арай, құмға сағым.
Кетем кезіп даланың мұң-соқпағын,
Тәтті сезім лүпілін аңсап жаным.
Есімде әлі нұрлы өмір қуантқаның,
Есімде жоқ сағыныш шаршатқаның.
Өтер уақыт, өтер күн, өмір ағын,
Тақпа менің кер тағдыр жолыма мін.
Нәзік қызбын, әрине жалғыз қалсам,
Қаламыммен сырласып отырамын.
Бірімін мен өлеңмен мұңдасқанның,
Ауыр жүгі жеңілдер сырды ашқанның.
Әрбір ойын өлеңге мұң ғып жазған,
Кейіпкері болармын жыр-дастанның.
Орындалып жанымның от тілегі,
Уақыт өтіп бұл күн де ескіреді.
Сол уақытта албырт ұл, балғын қызға,
Жазғандарым аңыз боп естіледі.
Көңіл сырым
Өлең-жырым,
көңіл сырым осында.
Сырлы сазым,
ерке назым осында.
Туған жерім,
дархан елім осында.
Ана тілім,
жиған ілім осында...
мені әлдилеп жыр додаға қосыңдар!
Жұпар гүлім,
шаттық үнім осында.
Бұлбұл әнім,
сұлу сәнім осында.
Гүл мерекем,
нұр берекем осында.
Қуанышым,
жұбанышым осында...
мені аялап өз әніме қосыңдар!
Жарық күнім,
айлы түнім осында.
Мөлдір сезім,
айтар сөзім осында.
Кіл мұңдарым,
жыр құндағым осында.
Көңіл сырым,
өлең-жырым тосылма!
Мені ұғатын жүректер бар, досым бар!
ӨМІР-АЙ, ӨМІР...
Өмір-ай, өмір...
өзен-көл болып тасыған,
құралғандайсың құралай көздің жасынан.
Жамандықтың да, жақсылықтың да іздері
сіңгендей құмға, толқының шайып жасырған.
Тағдыр-ай, тағдыр...
таулардай биік, құзар шың,
қарсы алған жанды қиын белесің, ызғар сын.
Сәулеге зәру әділдік ойдың жартасы,
сең болған мұздан табаны тайып ұзар шын.
Жалған-ай, жалған...
ғарыштың көгі, аспаным,
жолаушы жандар жолында көпір аспалы.
Тіреусіз көкте қарманар бұлт па, ауа ма,
сезімнен қорқам ғайып боп кетер қас қағым.
Дүние базар...
тылсым күш ғажап тартатын,
тұңғиық түбің, кімдер бар сенім артатын?
Арманым болмас еді ғой ертеңгі күн үшін,
қалдырсам жазып намыстың жырын, ар хатын.
БИІК АРМАН
Биік арман
жетпей қалып қарға адым,
Шың басында аппақ бұлтты қармадым.
Тауым қанша шағылса да қамығып,
Мұңымды айтып жан пендеге бармадым.
Биік арман
қанатымды қомдағам,
Қатал тағдыр ызғарынан тоңбағам.
Бір қағысым жетпей қалған сәтте де,
Ақ қауырсын намысымды қорғағам.
Биік арман
бәйге аттарын баптаған,
Маңайымда сәйгүлік жүр қаптаған.
Бір шабысым кемшіл түсіп жатса да,
Құны қымбат абыройды сақтағам.
Биік арман
асыл мұрат діттеген,
Асқақ ойлар, даңғыл жолдар бітпеген.
Үміт сәулем талмаураған сәтте де,
Кер тағдырдың тосын сыйын күткен ем.
Биік арман – биік жартас ...
жетер жылжып жылан да,
жетер оған қалықтаған қыран да.
Армандарым – биік асқақ, заңғар шың,
Бір жетермін аппақ арай қылаңда...
****
Жат жердің тауы биік, тасы бөтен,
Асқар шың асуларын басып өтем.
Аспанын мекен етем мен уақытша,
Өзіме Ай мен Күнін ғашық етем.
Дос етем жұлдыздарын жымыңдаған,
Айтады сағым дала сырын маған.
Орманы адастырмай жол көрсетіп,
Құстары құлағыма сыбырлаған.
Кернеген саф алтындай ауасы кең,
Емделем жұпар желдің дауасымен.
Бөтендік танытпады адамдары,
Мүсәпір жолаушыдай адасып ем.
Шөлімді бастым мөлдір бұлағымен,
Көк майса сұлу әркез құрағымен.
Тіршілік бір өзіңнен өсіп өнген,
Қара жер менің мәңгі тұрағым ең.
Қазақтың әр даласы өз мекенім,
Несіне жат жер ғой деп сөз етемін.
Жатсынбай құшағына құлай бердім,
Аңқыған жусан иісті боз бетелім.
ЕЛГЕ АЯН
«Біз қазақ мал баққан елміз,
бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз»,-
деп өткен менің би бабам.
Ұрпағы үшін ұлтарақтай жерінің
шетін біреу басуға қимаған,
Найзасына үкі тағып ер жүрек
Батырларым тар бесікке сыймаған.
Ұрпағына құт-береке сыйлаған,
Бар байлығын мәрттік үшін жинаған.
Қазақ халқы
Тәуелсіз ел болсын деп,
Батырларым қалмады-ау жан қимаған.
Күлтөбеде күнде жиын өткізген,
Ұлы билер жүріп өткен текті ізбен.
Заман өтіп, бақ қондырған
Тәңірім,
Мың бір тәуба, осы күнге жеткізген!
Аяулы елім,
Алтын сенің керегең,
Шаңырағым шаттық нұрға кенелген.
Уық болып қадаламын қабыл ал,
Жүрегімде төрт құбылам теңелген.
Тұғырыңнан тәлім алар таймайтын,
Сәулелі ой ар, санамды жайлайтын.
Даналардың ақылы бар бойымда,
Елдің қамын ер жігітше ойлайтын.
Қазақ елі,
Қасиетті мекенім,
Құдіретіңе басымды иіп өтемін.
Ұлы аналар жақсылығы дарыған,
Елге аян қазақ қызы екенім.
ЖАРКЕНТ ЖЕРІМ
Жүрегімнің хақ төріненорын алған мекенім,
Жаркент жерім, жарқын болсын болашағың, ертеңің.
Қасиетті ана тілдің мәртебесін көтерген
Рухы биік ел-жұртымды сүйіп, тағзым етемін.
Байтақ далам, ұл-қызыңды бала құстай баптадың,
Тамыр алып мен өзіңнен жаңа өмірге аттадым.
Туған өлкем, тау көрінер әрбір шоқың мен үшін,
Бұл ғаламнан дәл өзіңдей жер шұрайын таппадым.
Тарихымнан сыр шертетін жерім дархан еңселі,
Таңғалдырар шаһарыма артар үміт, ел сенім.
Жетісудың бір уығы, мықты болсын керегең,
Шаңырағыңды биіктетіп, мақтан етем мен сені.
АЛТЫН БЕСІК АЙДАРЛЫМ
Туған жерім –
Алтын бесік Айдарлым,
Күннен ыстық, ажарлысың Айдан мың.
Түлеп ұшып кетсем дағы құсың боп,
Тілекшің боп кіндігіммен байландым.
Сенде қалды балалығым балдырған,
Бақ түбінде тәтті ұйқымды қандырғам.
Табанымда ізі құмның, тікеннің,
Таңдайымда кілегей мен тандырнан.
Сенде өткіздім тәтті бала күнімді,
Күлдім, жылап, тізем неше бүлінді.
Жүгерінің шашағынан шаш өріп,
Тердім жусан, жиде, бақбақ гүліңді.
Сен шығардың менің ана тілімді,
Өзің бердің ең алғашқы білімді.
Бестас ойнап, алтыбақан түбінде
Ертегі оқып көзім әрең ілінді.
Сенде қалды достар бала күндегі,
Албырт сезім алма ағашпен гүлдеді.
Топырағыңнан түлеп ұшқан жастарың
Қандай арман жетегінде білмедім.
Сенде ұстаз ұлағаты жатталған,
Дәптерінде қалды арманым ақтарған.
Дүниенің төрт бұрышын шарлатса,
Сыр ұғушы ек қанаты жоқ хаттардан.
Сенде қалды көршілердің көңілі,
Туғандайын мейірімі төгілді.
Бір шәугім шай – бөлінбеген еншісі,
Қимас жандар той ететін төргі үйді.
Сенде мәңгі баба ескерткіш, мазары,
Қазыналы қарттарым мол ғажабым.
Алтын ауыл бұзылмаған қаймағым,
Бесігіңде тербелсінші қазағым.
Туған жерім –
Алтын бесік Айдарлым,
Күннен ыстық, ажарлысың Айдан мың.
Жерұйығым,
Құдіретіңе бас иіп,
Қасиетті топырағыңнан айналдым!
ӨМІР
Өмір – мектеп,
үйренуден тұрады,
Болмас оның жауабы жоқ сұрағы.
Көп жасаған білмес, сірә, жалғанда,
Сын сағатта көргені мол – қырағы.
Өмір – сынақ,
сан белестен тұрады,
Есебі жоқ. Кім сүрінді, құлады?
Мәз біреулер биік шыңға шыққанға,
Бәз біреулер сағы сынып, жылады.
Өмір – дана,
ізгі ойдан тұрады,
Саналыға тұнып ағар бұлағы.
Парасатпен өлшей білсе ғұмырын,
Есті жанға мәңгі болар тұрағы.
Өмір. Өмір...
Кімдер сенде өтпеген?
Болашақ бар саған қарай беттеген.
Келте тағдыр ете көрме өтінем...
Пенделер көп арманына жетпеген.
ӨМІР ЖОЛДА ІЗ ҚАЛАР
Балалықтың бақ ұясын бұзбаған,
Көз саламын сол аулаға қызғана.
Маған қарап
қол бұлғайды періште-
тұлымшағы желбіреген Қыз бала.
Ақ жүзіме сәуле түссе әйнектен,
Ойға батам. Уақыт жылдам, ой, неткен?!
Бақ ішінен
күлімсіреп қарайды,
шолпысына сыр жасырған Бойжеткен.
Сағынышты жіберді ме сағым ғып,
Кестеленген орамалдан хәлімді ұқ.
Сәукелеге
тиіп кетсе саусағым,
шымылдықтан сығалайды Қалыңдық.
Алға басар жігер алып сенімнен,
Ғажап ғұмыр тілемейтін тегіннен.
Ақбоз үйдің
маңайынан аялдап,
ұшырасам ақжаулықты Келінмен.
Тәтті елестер ой санадан өше ме?
Тәубе етемін. Бүгінгіге, кешеге.
Жақсылықпен
жолықтырған тағдырым,
бесік тербеп отыратын Шешеге.
Тосын сыйы шексіз мынау ғаламның,
Өткелдерді артқа тастап барамын.
Адам – керуен,
өмір жолда із қалар,
Естелікті жырларымнан табамын.
АСТАНАМ
Береке-бірліктің ұшқыны басталған,
Айналар аңызға, дастанға - Астанам,
Таза да кіршіксіз, сымбатты келбетің,
Жігерлі жастарды асырар асқардан.
Арналып асқақ ән, төгіліп жыр лағыл,
Төріңде отырар ұлы Абай, жыр Жамбыл.
Сәулетің асқақтар болашақ үнімен,
Алмасып ғасырлар, қосылып жылға-жыл.
Астанам – өскелең ұрпақтың мекені,
Ұл-қызың мәңгілік мақтаныш етеді.
Бақытын болжаған кең пейіл қазақтың
Өзіңмен гүлдене береді ертеңі.
Өркендеп өсе бер, қазақтың қаласы,
Абылай жол салған азаттық даласы.
Ақорда - тірегі, жүрегі елімнің,
Ерке Есіл - елдіктің суыны, қарашы.
Досына айқара ашатын есігін,
Тыныштық тербесін жас қала бесігін.
Шартарап сәніңе тамсана қарасын,
Тарихқа жазылсын алтынмен есімің!
ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ТАБИҒАТЫ
Қызылжардың табиғаты,
Тамсандырар талайды.
Өшпес мұра – тарих аты,
Түптамырын қалайды.
Ақ қайыңдар көмкереді,
Бұлақ сылдыр қағады.
Күн де көзін төңкереді,
Ай қабағын бағады.
Ақсуат пен Ақжары бар,
Бар байлығын қорғаған.
Көкшетаудың ажары тау,
Бейне жұмақ орнаған.
Жерді жапқан мұздар көшіп,
Айналыпты аралға.
Тең түседі қыздар өсіп,
Сүп-сүйкімді маралға.
Ақ құйрықты орланы бар,
Бүркіт, тырна, безгелдек.
Жасыл желең орманы бар,
Сусар, үкі кез келмек.
Түнергенде бұлтты аспан,
Айбаттанар ер Көкше.
Жері батпақ, жұтып тастар,
Табиғаты бөлекше.
Орманды алқап атырабы,
Ақ қайыңдар өлкесі.
Ақындары шақырады,
Жырларымен өртесін.
Аққу ұшып, қаздар қонған,
Ғажап мекен көз тоймас.
Кербез сұлу жазда тоңған,
Ғашық жүрек сөз байлас.
Ормандары сыңсып ән сап,
Шырша, қайың тербейді.
Бір мезетке тылсымды аңсап,
Жүректі жыр кернейді.
«Көзбен шолу» өрнегі емдер,
«Өткір», «Сынған» шоқысын.
Қызылжарды көрмегендер,
Ақын жырын оқысын.
Қызылжардың табиғаты,
Тамсандырар талайды.
Өшпес мұра – тарих аты,
Түптамырын қалайды.
АСЫЛ АРМАН БІРЛІКТЕ
Абылайдың Ақ ордасы мекен болған талайға,
Асыл арман – бірлікпенен елді сақтау қалайда.
Қарасай мен Ағынтайдай батырларым өткен жер,
Қанша ғасыр халық үшін ерлікпенен төккен тер.
Ғалым Шоқан, Ақан сері, Шал, Орынбай перзентті,
Ұлықтаумен өнегесін қанша ұрпақ ержетті.
Қожаберген жырау өткен «Елім-айлап» жыр жазып,
«Ер Едіге»,«Көкше»,«Қасым», «Әмір Темір» мыңға азық.
Ғабит, Мағжан сөз өнерін, тіл киесін танытты,
Талабы зор жігер, намыс биіктетті халықты.
Қай кезеңнен сыр шертсе де ұлылардың ойлары,
Барша ұлысты жақындатып, жақсылыққа бойлады.
Қазақ, орыс, неміс, поляк, тату көрші татарлар,
Украин мен белорустар, өзе ұлт та қатарда.
Мызғымайтын достық, бірлік, ынтымақ бар елімде,
Асып-тасып төгілетін ырыс, құт бар жерімде.
Тау мен теңіз, орман, тоғай, өзен-көлдер өткелі,
Дархан дала төсі – куә, кімдер мұнда өтпеді?
Тарихымның кен-қойнауы толып жатыр сырларға,
Достық әні шырқап көкке, арқау болар жырларға.
ЖАЛЫНДЫ ЖАСТЫҚТЫҢ ЖІГЕРІ
Жалынды жастықтың жігері
Биікке жетелеп жүреді.
Жас қайрат намысын маздатқан
Ол – қазақ халқының жүрегі,
Ол – қазақ рухының тірегі.
Сол жастық «Абылай» дегізген,
Хан етіп көтеріп киізден.
Бүгінде ерлік бар, өрлік бар
Толқыны қаттырақ теңізден.
Сол жастық Шоқанды ұлы еткен,
Ғылымның көгіне ту еткен.
Қаншама іздер бар сол жолда,
Тарихта жас жанын түлеткен.
Жас Сұлтанмахмұттың өлеңі,
Күн болып шуаққа бөледі.
Нұр құйған санаға жастар көп,
Наданға найза боп төнеді.
Сол жастық Ғаниды бас еткен,
Жас Алаш ұраны, жас өткен.
Бүгінде сол шуақ жолында
Бүршігін жарғандай жас өркен.
Сол жаста Әміре ән салды,
Париждің даласы тамсанды.
Жыр болып, гүл болып егілген
Жастарым елім деп жар салды.
Сол жастық Сәкенді сері еткен,
Ақан боп, Біржан боп өрлеткен.
Жастықтың кең ашып сарайын
Босаға жақтауын төр еткен.
Сол жастық Мағжанды сендірген,
Өзгеге айбатын төндірген.
Шоқ болып маздаған сол сенім
От етті үмітті сөндірген.
Сол жастық Қанышты көтерді,
Қажырлы еңбегі өтелді.
Тау мен тас, жер байлық қазына
Бұза алмас жас қайрат өткелді.
Сол жастық Қайрат боп түнерді,
Бас иген бодандық күні өлді.
Желтоқсан жол ашқан теңдікке
Жастықта бақ өмір сүр енді!
Сол жастық Нұр ұлын шыңдаған,
Елбасы шыққан шың – нұрлы арман.
Әлемге танытқан қазағын,
Сүрінбей өткелден, шыңдардан.
Осылай жастықта жаныңдар,
Жас жанда жігер бар,
Жалын бар!
Жастықта азаттық ары бар,
Бойымда қазақтың қаны бар.
АСЫЛ МҰРАТ
...Тыңдай біліп заманыңның тынысын,
Төрге оздыру қазағымды – Ұлы сын
Н. Назарбаев.
Ел еріне,
ер еліне сенген асыл мұрат бар –
Берекелі қайнарлардан
бастау алған бұлақтар.
Әз Жәнібек, Керей, Қасым, Есім, Жәңгір, Әз-Тәуке,
Хан Абылай, Кенесары – тарихымда Ұлы аттар.
Қазақ елі –
тарихымнан келешегі кемел ел,
Елі сүйген, елін сүйген –
Елбасы бар кемеңгер.
Түркі жұрты арман еткен –
Мәңгілік Ел шырағы,
Нұрлы жолда барыс текті Халқым баққа кенелер.
«Рухы еркін
халық қана ұлы істерді атқарар»...
Ұлық еттім Елбасымды –
болашаққа апарар.
Тар жол, тайғақ кешулерден аман өткен өр халқым –
Арман еткен ертеңіне – үлкен сенім арта алар.
Қазағымның сыбағасы –
Асыл мұрат, Армандар...
Нұрлы жолда – үкілеген Үміттер бар.
Арман бар.
Тағдырыңды тоғыстырам десең егер мәңгілік,
Дер едім мен:
Бар ғұмырды – Елің үшін арнаңдар!
...Ел еріне, ер еліне сенген асыл мұрат бар –
Берекелі қайнарлардан бастау алған бұлақтар.
Мәңгілік Ел жүрегінде – асқақ рухты мұрат бар!
Бақ-береке ынтымақты, ырысты елге тұрақтар!
ЖЕТІСУДЫҢ АРУЛАРЫ
Жетісудың аналары – даналары халқымның,
Ақ жаулықта мейірім бар, өрнегі бар салтымның.
Мәңгілік ел шаңырағын биік етер өздерің,
Жақұтсыздар, қолда барда қадірі зор алтынның.
Жетісудың арулары – мақтанышы қазақтың,
Бақыттымыз тұрған кезде көгімізде азат күн.
Әрбір үйдің шұғылалы шуағысың сөнбейтін,
Сіздер ғана жыр өзегі шаттық пенен ғажаптың.
Жетісудың гүл қыздары – құндыздары даламның,
Ай мен Күні, жұлдызысың шексіз мынау ғаламның.
Сұңғыла жыр, терең білім, парасатты ойыңмен,
Ару болып, Ана болып бұл өмірде жаралдың.
Арта берсін арайланып әрқашанда таңдарың,
Менің қимас, менің сұлу, менің қымбат жандарым.
Құтты болсын мерекеңіз ардақты ана, арулар
Мен сіздерге шын жүректен осы жырды арнадым!
АЛАКӨЛ – АҚ АЙДЫН
Ақ айдынды Алакөлдің айнасын,
Ақ шағала мекен етсін, айналсын.
Күн мен Ай да шуақ нұрын төгеді,
Ғажап өлке әсем гүлдей жайнасын!
Бұл Алакөл – жасылжелек мекені,
Көлі күміс, балығы алтын ертегі.
Ақ жүректі, дархан көңіл елі бар ,
Жолы нұрлы, жарқын болар ертеңі.
Бұл Алакөл –өнерімен танымал,
Сәкен, Зейнеп – сұңғыла жыр, әні бар.
Ер намысты батыр туғанмекенде,
Қабанбай мен Қасабайдыңқаны бар.
Бұл Алакөл–ұранды ел, туы бар,
Үйгентаста Әнуардай ұлы бар.
Бір Мыңбаев,Шуақовтар ізімен,
Әлі талай марғасқалар туылар.
Бұл Алакөл – сұлу Айдай келбетті,
Бесігінде ақындарды тербетті.
Қастек, Ғұсман, Ахмет жырын жаттаған,
Бойжеткен мен бозбалалар ержетті.
ҰЛЫЛЫҚ ДЕЙТІН АТАҚҚА
Ұлылар өткен,
Билері өктем,
Хан, батыр туған даламда.
Ел бар ма, шіркін, жететін Бізге
кіршіксіз мынау ғаламда?
Тағылым берер тарихтыңтұнып тұр сыры санамда.
Ту етіп арын,
Құрбан ғып жанын,
От болып лаулап жанғандар.
Елі үшін туып, тарихта қалған
өлмейтін мәңгі жалғанда.
Ұлылық дейтін атаққалайықты бізде жандар бар.
Батырмын демей,
Атаққа ермей,
Қалдырған ерлік іздерін.
Ереуіл атқа ер салмай өткен
жалғаған жырау тізбегін.
Болмысы берен еріңненМахамбет рухын іздедім.
Іздедім, таптым,
Төрінде тақтың,
Батыры нағыз Қазақтың.
Момыштың қаны ақылы зерек
ұлы деп тегін жазатын,
Домалақ қара баладанестілген үні азаттың.
Жуалы жері,
Туғалы ерін
Тербеткен құба талбесік.
Маңдайда жұлдыз бақ болып жанған
Көлбастау берген бар несіп,
Күнтуған сәтте жұртынаәперген жеңіс қан кешіп.
Бауыржан аты,
Ерлікте заты,
Көзінде жалын оты бар.
Тасбауыр заман өзгерткен бәрін
жабығып жүріп отығар.
Жазылған қанмен кітабы – тарихымболып оқылар.
От шашып көзі,
Бір ауыз сөзі,
Қылыштан өткір алдаспан.
Марғасқа батыр – тағдыры дастан,
қаншама ұрпақ алмасқан.
Жаужүрек ерім– мұрагер, бабалар ізі жалғасқан.
Ту етіп арын,
Құрбан ғып жанын,
От болып лаулап жанғандар.
Елі үшін туып, тарихта қалған
өлмейтін мәңгі жалғанда.
Ұлылық дейтін атаққалайықты бізде жандар бар.
ҮШ ҰЛЫ БИ
Үш жүзден үш ақылшы болсын деді;
Қазаққа бақ пен дәулет қонсын деді;
Сайлаған көсемдерің кемеңгер боп,
Халықтың болашағын шолсын деді...
Қожаберген жырау
Тарам-тарам жолдар анау болашаққа беттеген,
Сол жолдарда аталы ой, баталы сөз, текті өлең.
Шежірелер сыр шертеді ғасырлардан ғасырға
Парағына тамып түскен көздің жасы кеппеген.
Оның бәрі кемел күнмен кеткендей ме кешегі,
Аспанынан сол күндердің қара бұлттар көшеді.
От ауызды, орақ тілді парасатты билері
Абылайдың өзіне де ақыл айтқан деседі.
Күлтөбеде күнде жиын, ақыл-кеңес құратын,
Ел бірлігін биік қойып, асыл еткен мұратын.
Тәуке ханның заманында «Жеті жарғы» өрілсе,
Үш ұлы би –
Тұнық ойы тұма болып тұнатын.
Жаугершілік, шапқын кезде жоңғар жерге таласқан,
Қиын сәтте ақылды хан билерімен санасқан.
Ордабасы жиынында ұйытқы болған даналар –
Үш ұлы би –
Абыройы Алашымнан әрі асқан.
Кесек шешім ата-жолы көңілінің күйі еді,
Солар шығар қолымдағы домбырамның тиегі.
«Тоқсан ауыз сөзді» түйген нақыл сөзбен жүйелі,
Үш ұлы би –
Саясаткер, озық ойлы, киелі.
Билік төрден орын алса ойы қандай ірі еді
Құрмет шексіз ұрпағына ел – жұрт анық білді
«Ақты ақ деп бағалаған» бабалар – ел тірегі,
Үш ұлы би – қазағымның азаттығын тіледі!
...Елімнің еш баласына жаттығы жоқ Ұлылар –
Қазағымның Төле, Қазбек, Әйтекедей ұлы бар!
ӘУЕЗОВТІҢ ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІ
Сөз бастадым ұлылыққа табына,
Туған жан ол Алашымның бағына.
Сырлы ой жазып сезімімді білдірем,
Әдебиеттің Әуезовін сағына.
Көркем дүние ой маржанын жалғаса,
Ойсыз ғұмыр кешу деген далбаса.
Бар ғаламға Абай даңқы өрлей ме,
Әлем сүйген Әуезовім болмаса?
Перзенті ол арда туған ғасырдың,
Академик ұлы ұстазға бас ұрдым.
Жетпіс өнер аздық еткен бойына,
Рухы қонған Абай сынды асылдың.
Менің далам – Абай, Мұхтар мекені,
Қиялымның шарықтайды жетегі.
Алаштардың нұрлы арманы,ақылы,
Әуезовтың сөзіменен жетеді.
“Абай жолы” –теңдесі жоқ шығарма,
Тағылымды тарих болар мыңдарға.
Әдебиеттің еңкеймейді жалауы,
Абай ай боп, Мұхтар күн боп тұрғанда.
Ғасыр өтсін, дәуір өтсін арада,
Алмас қылыш жарқылдамай қала ма?
Сарқыттарын сіңіремін санама,
Мұра етем ұрпағыма, балама!
БЕС БӘЙТЕРЕК
Ел-жұртымен қауышқан бес бәйтерек,
Шындық сырын ұқпаппыз біз ертерек.
Тарихымның түрілмей шымылдығы,
Жалған болып жетіпті елге дерек.
Жеңер әркез әділдік зұлымдықты,
Жұмбақ өлең өмірдің сырын ұқты.
Рухын биік көтерген Шәкәрімдер,
Елін сүйген ерекше ділі мықты.
Тамырына тілінің терең бойлап,
Ұрпағына сөз айтқан кемел ойлап.
Ағартушы Ахмет Байтұрсынов
«Ұлтшыл» болды елінің қамын ойлап.
Дүниенің бесігін еркін ашқан,
Білімімен наданның мысын басқан.
Мұралары жыр-дастан Жүсіпбектер,
Ұлылық пен өнердің нұрын шашқан.
Ұмытылмас тарихты айту – парыз,
Ғұмыр – күрес, өмірдің өзі арпалыс.
«Оян, қазақ!» деп өткен Міржақыптар,
Халық үшін атқарды ардақты іс.
Бірі болған Абайдың ізбасары,
Олар нағыз – сезімнің сырлас ары.
Өрлік жыры Мағжанды мәңгі етер,
Анық оның елімен мыңжасары.
Алаш жұрты тарихтан сыр ұғады,
Сыр ұғумен білімге құнығады.
Қанша ғасыр өтсе де ұмыт болмас,
Бес бәйтерек –
Қазақтың Ұлылары.
КҮН ҰЛЫ
...Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар
Мағжан
«Мен келемін, мен пайғамбар – Күн ұлы!»
Күн ұлының мәңгі болар ғұмыры.
Жырын оқып көкте ме деп қаламын –
Тұран текті тұлпарлардың тұғыры.
Қыран шолған алысқа да, жақынға,
Не айтайын Мағжан шайыр хақында.
Хош болмайды соны ойласам көңілім –
«...Дос болмайды адамзаттан ақында».
Ол – Күн Ұлы, қара әлемді аластар,
Түсірмеген ақыл-ойды таласқа.
От боп ойнап, жер жүзіне нұр құйды,
Жырларымен қуат берді Алашқа.
Қызылжарда қыран мінез, текті елім,
Сен өлеңнің Рухыменен көктедің.
Жар саласың Күн елінен әлемге –
Қарсы аласың ұлы Мағжан көктемін.
«Күннен туған, гүннен туған пайғамбар»,
Күпір айтар Хақ жолынан тайғандар.
Зарыққанға күмбір күйді сыйлайды –
Жарық таңға жапырағын жайғандар.
Жырын оқып жаным талай толқыды,
Кірпігімнен маржан үздім сол түні...
Басылмады жыр-тамырдың солқылы –
Сен не дейсің, ерке Есілдің толқыны?..
Ашылғанда қара түннің түндігі,
Жер-Ананың кесілгендей кіндігі.
...Жыры маржан, сәуле құяр сезімге –
Ұлы Мағжан көзіндегі күн нұры.
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСЫМЫ
Өршіл намыстан жаралған,
Аңыз боп атың таралған.
Қасымы қайсар қазақтың,
Намыстың отын маздаттың.
Батырын елі таныған,
Тектілік бойға дарыған.
Сүйетін ұлтын жүрекпен,
Ерлігін ұрпақ жыр еткен.
Аямай жауды күйреткен,
Төзімге ерді үйреткен.
Қайратпен сынды өткерген,
Жол тапқан қиын өткелден.
Қаһарман ұлы халықтың,
Ерлік үлгісін таныттың.
Жазылған кітап мұраңыз,
Атыңыз мәңгі жыр-аңыз.
Ұраны болған ұлтының,
Айбыны Алаш жұртының.
Абырой болған қанағат.
Ел мен жер бізге аманат,
Қалдырған тарих атыңды,
Қаһарман тұлға батыр ғып.
Жұлдызың биік, сөнбейді!
Есімің мәңгі өлмейді!
ҮЛКЕН ЖҮРЕК ИЕСІ
( Ақын Әли Ысқабайға)
Жетісудың бесігі қымбат маған,
Ән-жырымен сәбиін құндақтаған.
Қанша жетпіс атбасын бұрса дағы,
Жетіөзенім бұлағын құрғатпаған.
Жетісуда шалқып тұр өлең-өзен,
Арман бар ма өшпейтін өнерде өнсең.
Тілекшісі қашанда жас талаптың,
Сөйлер шешен болғанда көрер көсем.
Әли аға – көне көзем.
Зерлі жыры өмірдің таласында,
Әдемі өрнек айналған жарасымға.
Даналығы бір төбе бесік жырмен,
Қанық қылған жұмбақ ой, бала сырға.
Жырға тұнған арай нұр, таң шуағы,
Көлге айналған ақ көңіл тамшылары.
Үлкен жүрек иесі жастар үшін,
Жарығы мол шырағдан-шамшырағы.
Әли аға – ар шырағы.
Ізбасарлар балаған жыр шыңына,
Жібектей сөз байланған ұршығына.
Үлгілі ісі үйретер талаптанып,
Ықыласпен еңбекке құлшынуға.
Ақылманы ел-жұрттың, беделдісі,
Кемеңгердің кемімес кемел күші.
Рухы биік қазақтың азаматы,
Қаламгері, еңселі ерен кісі.
Әли аға– кемел кісі!
ЖЫР – МҰРА
(Ақын Әбен Дәуренбековке)
Қызықпай байлыққа да, мансапқа да,
Өмірден өтсем деп ем ән сап қана.
Әбен Дәуренбеков
Жеткізген құс тілінен тамған жырды,
Ойларың талай жұртты таңдандырды.
Тербейді,
Ақын аға, жыр-кемеңіз,
Ұғамыз қара өлеңнен қалған сырды.
Қызықпай байлыққа да, мансапқа да,
Өмірден өтсем деп ең ән сап қана.
Ұмтылып,
Ақын аға, өрге өрлеп,
Жүгірттің қиялыңды сан саққа да.
Қызыл тіл алдаспандай шағылысқан,
Көк дөнен көңіліңді алып-ұшқан.
Сағынып,
Ақын аға, жүрсің бе екен...
Жазы аз жастығыңды жалын құшқан.
Жеріне Жеті атаның жаның күйген,
Ұстатпай асау жүйрік жалын түйген.
Өзіңсіз,
Ақын аға, ерлік жасап,
Жеткізіп балаларын, жарын сүйген.
Керімсал келбет кімді тарта алмаған,
Сан арман арқаға жүк арта алмаған.
Толқынға
Ақын аға,жаутаңдайсыз...
Бұрымды Мәдинадай қалқа қалған.
«Өмірге» бауыр басып қалған бәрі,
Байлық па, атақ-даңқ па алғандары?
Басқадан,
Ақын аға, биік тұрсыз,
Жыр – мұра!
Қалған дүние жалған бәрі.
Ел мен жұрт еске алады бел баласын,
Мәпелеп бала жүрек, өр-данасын.
Сыйдырдың,
Ақын аға, жүрегіңе,
Ұлтың мен қазағыңның кең даласын.
Жетісу жырға бөлеп, ән үйреткен,
Жаркенттің жері бізді сәби еткен.
Бұлақ та
Ақын аға, өзен де ортақ,
Самал жел күймен тербеп әлдилеткен.
Өнеге жомарт пейіл, өрелі ісің,
Жауһардай жырың – асқар,
Өлеңің – шың.
Білсеңіз,
Ақын аға, зор бақыт қой,
Халықтың құрметіне бөлену шын.
ТИЕГІН ТІЛДІҢ АҒЫТТЫМ...
Шапанын киіп шабыттың,
Тиегін тілдің ағыттым...
Жүректен шыққан сөзді айтып,
Жауһардай жырды таныттым.
Түбінен сырлы сандықтың,
Шындықты танып, арды ұқтым.
Шамшырақ етіп елдікті,
Тарихта қалған сан мықты.
Шабуын таппай кетілген,
Балтадай кесек ет ілген.
Махамбет ақын сияқты,
Қайраса тағы жетілгем.
Қамалым берік бекінген,
Қағажу көрмей бетімнен.
Қасқайып тұрсам жырыммен,
Айыра қоймас еркімнен.
Тақылдап тұрар таңдайым,
Жарқырап тұрар маңдайым.
Алмастай шындық тілімде,
Ұсындың деме қандайын.
Көңілім аппақ қардайын,
Сөздерім семсер әрдайым.
Қуат бер маған, Жаратқан,
Қанатым талмай самғайын!
ТІЛІМДІ ТАПТЫМ
Тілімді таптым
Орхон Енесей жазбаларынан.
Жырымды таптым
Көне Отырар қазбаларынан.
Бай мұраларым аз ба табылған?
Санамды таптым
Халықтың ауыз әдебиетінен.
Бағамды таптым
Ежелгі түркі мәдениетінен.
Дастаным аз ба әлемге әйгі етілген?
Күйімді таптым
Қорқыт, Қойлыбай қобыздарынан.
Үнімді таптым
Марғасқа, Асан абыздарымнан.
Айтылмас сыр бар ма аңыздарымнан?
Ілімді таптым
Қожа Ахмет Иассауи дәріптерінен.
Білімді таптым
Ыбырай, Ахаң әліппелерінен.
Оқулық аз ба дәріптелмеген?
Әнімді таптым
Біржан мен Ақан сезім сазынан.
Сәнімді таптым
Сұлу Көкшенің кербез жазынан.
Сағыныш жырлар аз ба жазылған?
Сырымды таптым
Ілияс, Сәкен сыр сандығынан.
Сынымды таптым
Халқымның қатал күй талғамынан.
Сарқыт ұсынам сыйтабағымнан.
БАБАМ ТІЛІ
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Мағжан
Бай мұраға жасамаған асылық,
Тарихының қойнауына жасырып.
Алтын күннен белгі болған бағасыз,
Баба тілін құрметтеген бас ұрып.
Қоржынына салды қанша жауһарды,
Рухы – күшті, кемітпеді қауқарды.
Ерлік, елдік, бірлік болды ұраны,
Ілесе алмай жауыз тағдыр, жау қалды.
Бабам тілі ғасырлардан жалғасқан,
Мұқалмайтын алмас семсер, алдаспан.
Мағжан ақын асқақтатқан мерейін,
Тілді ұлықтар жырлар туар марқасқа.
Бабам тілі мәңгі қызмет етеді,
Ұрпағына ұран болып жетеді.
Қорқыт болып күңіренсе бір мезет,
Баян болып айбаттанып кетеді.
Бабам тілі Ай да болған, Күн болған,
Жарқыған Жұлдыз болған, Түн болған.
Исі түркі құдіретін танытқан,
Киесі зор қасиетті Үн болған!
Тілі – ұлық,
Ділі – тұнық,
Менің бабам Ұлы күшпен бір болған.
Содан барып,
Қасиетті Ана тілмен жүрегіме жыр қонған!
ЖАНАШЫР ЖАННЫҢ ТІЛЕГІ
Жетелейді арман, мұрат, мақсаттар,
Үлкен сынақ – лайық болу жақсы атқа.
Тілейтінім мәртебелі Тілімнің,
Құт қадамын ешуақытта ақсатпа.
Қол жеткізер біреу ғажап арманға,
Сырты әдемі дүниеге алданба.
Ең көркемі, ең сұлуы – Ана тіл,
Жәутеңдетпе оны өзгеге жалғанда.
Жетер біреу таудай асыл мұратқа,
Оңай болса оның сырын сұратпа.
Біздің байлық – ұлттың Ана тілінде,
Өтінемін Тілдің туын құлатпа.
Ұмтылады ұлы жандар мақсатқа,
Тілің үшін қиын істен бас тартпа.
Биік болсын Тіліміздің тұғыры,
Ана тілдің абыройын асқақтат.
Ана тілден бастау алар даналық,
Тілімізбен болашаққа баралық.
Тілге қызмет – әр азамат борышы,
Бойда болсын жігер, намыс, саналық.
Салт-дәстүрі мұра болып сақталған,
Үміт сөнбей, артқан сенім ақталған.
Наурыз тоймен менің елім қауышып,
Ағайынға тілек, сырын ақтарған.
Шырақ болып қайта жанды өшкені,
Осы емес пе қазағымның өскені?
Ұлыс күні құт әкелсін еліме,
Үйі жанға, малға толып төскейі.
Наурызымда күн менен түн теңелер,
Барша әлем ғажайып бір күйге енер.
Селт еткізіп жігіт қызды тосыннан,
Нәзік сезім ғашықтарға сый берер.
Жаңа жылға айқара есік ашайық,
Ғасырларға ізгі қадам басайық.
Қазағымның қасиетті дәстүрі-
«Наурыз» деген ұлы тойды жасайық.
АНА МЕН ӘКЕГЕ ТАҒЗЫМ
Жалғанда жан бар ма Анаға тең келер?
Мен үшін асқар тау Әкелер - кемеңгер.
Жұмақтың кілті
Ол – ананың табаны,
Жұмақтың кілті
Ол – атаның қабағы.
Анам мен әкешім –
ең алғаш көргенім,
Солардың ақылы сүйреген өрге мың.
Мәңгілік перзент боп өтер ем еркелеп,
Жалғанда “жан алар” келмесе ентелеп.
Анамның әлдиі –
ақ бесік жырлары,
Бақытты балалықтың сезім сырлары.
Анамның тілімен өмірді таныдым,
Дарыған бойыма өнеге, тағылым.
Анадан қабылдап инабат, әдепті,
Ою мен кестені үйреніп әндеттім.
Қос бұрым өргізіп, ағарып жаулығы
Әлемді әдемі етуге баулыды.
Дәмді ас мәзірдің түр-түрін жасатты,
Кермек дәм жиілеп, көзімнен жас ақты.
Жеті нан пісіріп, аппақ боп білегі
Ұл-қыздың бақытты болуын тіледі.
Бес қыздың жатжұрттық екенін білсе де,
Жабдығын қамдайды иегі кемсеңдеп.
Жұлып ап жүректің бөлінбес парасын,
Сыйлы еткен мың жылдық құдалар арасын.
Өзі - Ана, Өзі - Ене,
Өзі - Әже болса да,
Құрбыдай сырласар сексенге толса да.
Жарыңды сыйла деп ақылын айтады.
Елу жыл отасқан шалының басына...
Дұға етіп жұмада бір барып қайтады.
Әкемнің ақылы –
жүректе мейірім,
Басылған қадамдар жолдардай иірім.
Әкемнің жігерлі сөзімен есейдім,
Үмітін үкілеп, артқандай ел сенім.
Аузында иманы,
қолында құраны,
Текті ұрпақ өсіру –
мақсаты, ұраны.
Үстемдік етсе де қаhарлы қаталдық,
Бақытты болсақ деп,
Әкеден бата алдық.
Ақсақал атанып бір басын сыйлы еткен,
Асырап асықтай алты ұлын үй еткен.
Қатардан қалдырмай жетелеп алдыға,
Серік боп жүр дейтін жақсы мен арлыға.
Әкеден жетім қап қиынды өткерген,
Тарамыс қолдары бейнетті көп көрген.
Басымнан сипаған сол қолдар мамықтай,
Бойжеттім еркелеп өмірде қаймықпай.
Мұра етіп төс, балта, ер-тұрман құралын,
Өсиет қалдырып, мәңгі етті тұрағын.
Өрілген қамшысы түспейді төрінен,
Әлі де жөн сілтеп жатқандай көрінер...
Анамыз ұяда ұл-қызын тосады,
Немере, шөбере бал үнін қосады.
«Ардақты Ана» деп төс белгі қадалған,
Ұлылық есімге тұрарлық адал жан.
“Алдымен анаңа, анаңа, сәлем ет !”
Құранда айтылған есті сөз, әлеумет.
Ата-ана алғысы – ақ нұры АЛЛАНЫҢ,
Перзенттік парызбен өлең-жыр арнадым.
КИЕЛІ ӘЖЕ
Әже отыр
кимешекті киелі,
Батыр ана.
Неткен асыл сүйегі.
Мәуелі бақ – өзі өсірген ұрпағы,
Еркелейді, аялайды, сүйеді.
Әже отыр
самай шашын ақ басқан,
Сәнді өрнек жасап қара, ақ тастан.
Өзге түстер ілінбейді жанарға,
Сіңіп кеткен көкжиекпен астасқан.
Әже отыр
құлақ түріп ән-күйге,
Үн қосады бесік жыры әлдиге.
Ғасыр сыры әжімінде тұрса да,
Көкірегі зерек оның мәңгіге.
Әже сөзі
ұлылықпен үйлесер,
Жібек мінез құбылады түрліше.
Бір ұлыстың отын жаққан кейуана,
Қартайғанда бала болып күй кешер.
ШЫН СӨЗ АЙТСАҢ
Бұл өмірдің ызғар шашар,
сәуле төгер күні бар.
Бұл өмірдің нағыз ғажап,
үрей тұнған түні бар.
Мәңгі ғұмыр құдіретін сан ғасырға
жеткізетін тынбастан
Мұхаммедтің үмбетінің
шындық айтар үні бар.
Шын сөз айтсаң, жүрегіңнің
ақ болуын тілер ем.
Адамдар көп ақиқаттың
басымдығын тілеген.
Жалған айтып, дәл жаныңда алшаң басып
жүргендерді көргенде
Сен шындықтың қымбат нарқын
өз сөзіңнен білер ең.
АЛУА
Жүректі кернер жырларым менің – алуа,
Бұлақтай тұнық сырларым менің – алуа .
Тербеткен бесік анамның тілі – алуа,
Қаныма сіңген бабамның үні – алуа.
Аңсаудан тұрар сағыныш сазым – алуа,
Жарасым құрар еркелік назым – алуа.
Жайдары, әсем,әдемі күлкім – алуа,
Қуаныш сыйлар уәделі бір күн – алуа.
Балалық дәурен, ертегім менің – алуа,
Аппақ армандар, ертеңім менің – алуа .
Ататын алда арайлы таңдар – алуа,
Сеніммен маған қарайтын жандар – алуа.
Алуа өмір,
асықсам сен деп асықтым,
Тәттісін білем,
ащысын білем,
бәрібір саған ғашықпын!
Бәрібір саған Ғашықпын!
КӨҢІЛ ГҮЛІ
Сөзімнен соғамын жыр мүсін,
Бедерлеп ұлылық үлгісін.
Мен мәңгі берілдім Музаға,
Сен мені таба алмай жүрмісің.
АЙҒА ҰМТЫЛАМ...
Сезбеймін сиқырын ғаламның,
Тағдырым ұшында қаламның.
Тұтқыны боп өтем өлеңнің,
Жарымын Жыр атты қағанның.
Сөзімнен соғамын жыр мүсін,
Бедерлеп ұлылық үлгісін.
Мен мәңгі берілдім Музаға,
Сен мені таба алмай жүрмісің.
Адалдық танытам жырыма,
Қанық бол тұңғиық сырыма.
Жүректі шыңдаймын болаттай,
Төзуге тағдырдың сынына.
От емес күйдірер сын деген,
Ажал да емес ол, сұрмерген.
Жаныма араша ар-намыс,
Қаныма жат қылық сіңбеген.
Мен Айға ұмтылам қалайда,
Сен мені іздеме жарай ма...
Нұр болып оралам бір күні,
Айналғам сәулелі арайға.
Өлең-жыр – өмірім, ардағым,
Жеткізер бақытқа арманым.
Тәуба деп оянам әр таңда,
Сүйікті құлымын Алланың.
АЛЛАНЫҢ ШЕКСІЗДІГІ
Іліктірмей сұқкөздің садағына,
Нұрын төккен әр басқан қадамыма.
Жаратқан Аллам менің шексіз Ізгі,
Жанымды жамандықтан ада қылған.
Иманжүзді пендесін сүйікті еткен,
Сынақ беріп, бақты да үйіп-төккен.
Жаратқан Аллам менің шын Төреші,
Ақ туын адалдықтың биіктеткен.
Асыл аятсанамда жаңғырады,
Жүректі емдеп, жабыққан жанды ұғады.
Жаратқан Аллам менің шексіз Ұлы,
Ғайыптан барды жасап таңқылады.
Түзеткен ниетім мен пейілімді,
Жаратқан Аллам шексіз мейірімді.
Өсірген түсінік пен пайымымды,
Жаратқан Аллам шексіз қайырымды.
АҚ ТҮС
АҚ түс – менің әдемілік әлемім,
Ақ сүтіммен тіршілікке нәр бердім.
Жылап алып ажарланам қайтадан,
Жауһарымын ана жайлы әндердің.
Ақ түс –
арым, сүріндірмес тағдырым,
Қара түсті тасасында қалдырдым.
Өз-өзіме есеп беріп әрбір кеш,
Ақ-қарасын анықтап-ап қалғыдым.
Ақ түс –
ойым, жария етер шындықты,
Адалдықпен жаншыр үрей, сұмдықты.
Ащы болып көрінгенмен әділ сөз,
Көкірегімнен ұша алмай тұншықты.
Ақ түс –
өңім, сырын бермес сынығым,
Таза жүрек, кәусар бұлақ тұнығым.
Ақ мейірім жапқан кезде пердесін,
Әжім болып көрінбейді сұлу мұң.
Ақ түс –
өмір, лайланғаны арға мін,
Асыл арман биікте тұр талғамым.
Мұңын айтып, сырын айтып өтеді,
Ақ пен қара арпалысқан жалғаным.
ДОСҚА СЫР
Жалған сөзде жақсылық бар ма, достым?
Арзан дүние жаныңды жалықтырар.
Өзегіне өмірдің арна қостым,
Шыңыраудан шындықты алып шығар.
Ар-намыстың ауылы қайда, достым?
Жігерсіздік - тұйық жол, адастырар.
Үміті мол дүбірге айғай қостым,
Келешектен бір ұшқын қарастырар.
Абыройды сақтайды қалай, достым?
Жөнсіз сөздер жүректі жаралаған.
Шолпан атқан таңдарға арай қостым,
Шын талапты Тәңірім бағалаған.
Өтемесең борышты жөн бе, достым?
Иығыңа жүк арттым күшің келер.
Қарыз бенен парызды бөлмей қостым,
Ұлы істерге ұмтылар түсінген ер.
Адам болу оңай ма айтшы достым?
Аманат көп арқаға батады шын.
Ақиқатты аралап қайтшы достым,
Қайырлы таң атса екен
АДАМ үшін!
Беймаза көңіл – даладай құлазып тұрар,
Сағынған жүрек жанымды жыр жазып ұғар.
Ғашықтық ғазал жұбатса деп ем кешқұрым,
Естелік құрғыр азайды, сыр азық қылар.
Жұбата алмады күнделік, қолтаңбаларым,
Биікпін деп ең, сағынып сол тауға бардым.
Шыңдарды көрдім мұз құрсау басқан аппақ қар,
Адастым білем, қиядан жол таңдаудамын.
Жолығар кейде тағдырдың жолдары қиын,
Бұйырар бақыт, жоғалар қолдағы бұйым.
Жердегі гүлдер сезімі биікке ұмтылған,
Мендегі әуен сол қалпы, болмады күйім.
Домбырам қайда, сағыныш күйімді келтір,
Аңсатқан арман, сезімім, сүйініп кел, кір.
Қызықтың бәрі жастықта жалын ататын,
Бақыттың бәрі – өмірді сүюімде тұр...
Бақыттың бәрі – өмірдің биігінде тұр!
Бәрі де өтер,
бәрі де кетер өткінші...
уақыт – қой емші, болатын әркез төреші.
Жабырқау күндер тезірек, жылдам өтсінші...
жайдары бір күн, жанымды нұрға бөлеші.
Бөлеші келіп
шаттық күн, мені арайға,
өткізіп жүрмін уайымға толы сәттерді.
Сөнбеген сезім үмітпен әлі қарай ма...
ақтарып қоям сырлы күнделік дәптерді.
Күнделік сыры,
көңілдің жыры сақтаулы,
әдемі сурет елес береді өткеннен.
Миымда менің бейнең жүр сұлу, мақтаулы...
көңілімдесің көзімнен алыс кеткенмен.
Алыстап біздер
кетсек те қалсын сыйластық,
жақсылар әркез бағалар аппақ көңілді...
Шыдармын мен де сезімді тежеп қимастық,
өтсе екен ғұмыр жеңіл ғып жалған өмірді.
*** Бір нүктеге қадаламын үн-түнсіз, Орны толмас бір күнім кем бір күнсіз. Мазалайды мені сұрақ онсыз да, Жазалайтын Сіз кімсіз?
Шуақ керек күрең белге, күзге де,
Дегбірімді қашырды мұң, сыз дене.
Кілтін таба алмай жүрген көңілден,
Мін табасыз Сіз неге?
Жалғызсырап жар қабаққа жүз барам,
Мұңымды артып жүрегіме сыздаған.
Азайта алмай жүргенімде қайғымды,
Наз айтасыз Сіз маған.
Өмір-өрнек өз сұлбасын сызбай ма?
Кей адамға құмға салған із пайда.
Шақырады мені асқақ армандар,
Апарасыз Сіз қайда?
МЕНІ ІЗДЕ
Арманымды арқалаған ақ кемем,
Орта жолда батып кетті теңізге.
Бұл өмірде сенің барың - Бақ дегем,
Жоқ боп барам енді өзім,
Мені ізде.
Сағынбаймын өткен күндер парағын,
Сезім хаты алынбайды негізге.
Көз алдыңда ғайып болып барамын,
Алыстаған аңсаулардан
Мені ізде.
Шақырмайды бізді бүгін таныс бақ,
Жайқалмай тұр, жемісі жоқ дегізбе.
Қызық күндер кетті мүлдем алыстап,
Естеліктер еске түссе
Мені ізде.
Көз жасыма қанық көңіл дәптерім,
Жыр арнайды сыңар аққу егізге.
Ұмыт болар өзің сүйген тәтті ерін,
Ынтықтырып түсіңе енсем
Мені ізде.
Жүрегімде махаббаттың дерті бар,
Жұбатуға дәрмен жетсе ем ізде.
Мені әкетті ғарыш көкке ертіп ар,
Шын сүйемін десең ғана
Мені ізде!
Шын сүйемін десең ғана
Мені ізде!
СЕЗІМ
Көкке ұшам деп армандадым мен несін?
Дұрыс баспай жүрмін көңіл пернесін.
Білмеппін ғой мөлдір, сұлу сезімнің,
Сағыныш боп қайта айналып келмесін.
Сезім сұлу - сағындырып айтпаған,
Жылататын таңсық емес жайт маған.
Үкілеген менің аппақ үмітім,
Барса келмес сапарынан қайтпаған.
Шуақты ойлар көңілімді тасытқан,
Жабырқау күй жанарымды жасытқан.
Бұлтқа айналған ақ сезімге жетуге,
Мен дәуіріш жолаушымын асыққан.
Айға барып ақ жүзімді сүйдірем,
Күнге барып қанатымды күйдірем.
Сезімімді жасырады жұлдыздар,
Қиялыммен көкке ұшу – сый білем.
Қиял, арман қолын бұлғап, ер дейді,
Көзім жетті өткен сәттер келмейді.
Ғайып болған сезімімнің сәулесі,
Жүдеп жүрген жүрегімді емдейді.
****
Біреулер күліп миықтан,
Біреулер қағып иықтан.
Алдамшы өмір әлдилеп,
Пендесін жырмен ұйытқан.
Біреулер жалған жақтайды,
Біреулер сынап мақтайды.
Сырт айналған сұм тағдыр,
Ішіне сырын сақтайды....
Біреулер шындап жылатар,
Біреулер жардан құлатар.
Адастың деп жолыңнан
Кімің бар жайды сұратар.
Біреулер өрге сүйрейді,
Біреулер сөзбен түйрейді.
Жалғанға жаным шыдамай,
Күйрейді көңіл, күйрейді...
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Көп жандарда болар бәлкім сан арман,
Нұр құйылсын жүрекке, ой-санаға.
Жалғыздықты ұққың келсе сәлем бер,
Шаңырақта от маздатқан анаға.
Бетке айтар шындық сөзден танамыз,
Ізгілікке толы болсын тамам іс.
Жалғыздықты білгің келсе қолын ал,
Көңілі пәс, ақсақалдың тарамыс.
Шөл далада қанша бұлақ қосылды,
Кіл мықтылар тосын сыннан тосылды.
Жалғыздықты түсінерсің еске алсаң,
Жолайрықта қалып қойған досыңды.
Туыс үшін жүрек қанша ауырды,
Мекен еткен атақоныс ауылды.
Жалғыздықтың жайын білгің келсе егер,
Іздеп барғын бірге туған бауырды.
Аяқ асты түнергенде ашық күн,
Ай күлсе ғой қабағынан қашып мұң.
Жалғыздықты сезем десең жүрекпен,
Кейпіне ен мәжнүн болған ғашықтың.
Ей, жалғыздық,
мұңын шерткен көңілдің,
Шымылдығын түрмей шаттық өмірдің.
Күйкі тірлік жақын жанды жүдеткен,
Қобыз сарын...
қоңыр күй боп төгілдің.
Әдемі сол бір сәт...
елестей, көрген түс тәрізді,
Ерекше болмысы, тербетер жаны ізгі.
Гүл сезім кеш бізге оралған, амал не...
Мен үшін өмірде болғаның маңызды.
Әдемі сол бір ән...
әуезді, жүректі баураған,
Өлең-жыр - бір төбе, ойымды жаулаған.
Көктемнің самалы сезімді оятты,
Төгілді жазымның жаңбыры жаумаған.
Әдемі сол бір күй...
ғажайып, бөлеген сезімге,
Сыры мол сұлу таң атырған көз ілмей.
Жүрекке жасырған жұлдызды жырым бол,
Сағыныш саздары айналар төзімге.
Әдемі сол бір сәт...
Кездесу...
Жүздесу әдемі...
Жұптасқан көңілдің жыры мен әндері.
Нәп-нәзік сезімді жауратпай аялар,
Табылса деп едім жүректің мәңгі емі.
Жүрем ылғи өз-өзімді әуре ғып,
Арманыма қанат байлап самғағам.
Жұлдыздардан тамған нұрды сәуле ғып,
Үмітімнің үзіктерін жалғағам.
Қызу шоғы күйдірсе де тағдырдың,
Дәл осылай өз отыма жанбағам.
Сәттіліктер тағы жалғыз қалдырды,
Құласам да есімнен еш танбағам.
Қадірі жоқ тіршіліктен безіндім,
Қар астында гүл сабағы жаңарған.
Жаңа күннің жақсылығын сезіндім,
Жетелейді желкенімді жаңа арман.
Адастырмас мені таза дүние,
Мөлдір бұлақ, таулы орман бармаған.
Айналамын бүлдіршін пәк күйіме,
Балалықты тек бақытқа арнаған...
Жалғыздықта Жаратқаным - жар маған.
Айналдым көкем,
Ақ жүзің көркем,
Айымсың.
Келбетің көркем сұлу ақкербез ай мүсін.
Айналдым жаным,
Арайлы таңым,
Күнімсің.
Шаттыққа толы сағыныш сазды үнімсің.
Айналдым гүлім,
Қағатын күлім,
Бағымсың.
Елесі тәтті бақытты балашағымсың.
Айналдым айнам,
Қанатын жайған.
Ақ құсым.
Аппақ әлемде бұйырған менің бақ құсым.
*****
Өмір жолы бөлектеу, арна басқа,
Серт еттім мен - саған жыр арнамасқа.
Төгілдіріп моншағын сезім кербез,
Алдандырма, баяғы кезім келмес.
Биікпін деп, шалқыма, аспандама,
Оза алады ақылмен асқан ғана.
Тас та тұрмас, түбінде майдаланар,
Үлгі қалдыр өзгелер пайдаланар.
Байыз таппай жүрегім, нені аңсайды,
Ұмыт қалған мейірім, сені аңсайды.
Өтінемін, мені енді мазалама,
Ұмытты деп жазғырма, жазалама.
*** Ғашықпын гүл көктем күніне, Ғашықпын сұлу жаз түніне. Кеудеме жұмбақ жан орнаған, Ғашықпын бұлбұлдың үніне.
Сүйсінем құлпырған далаға,
Сүйсінем нұр тұнған қалаға.
Жұбатар періште көңілмен,
Сүйсінем бал тілді балаға.
Қуанам ақылды аруға,
Қуанам бауырмал бауырға.
Аңқыған жусанның иісі,
Қуанам көркейген ауылға.
Сағынам албырт шақ кезімді, Сағынам сәулелі сезімді. Өмірдің жолдары өзгерткен, Сағынам бұрынғы өзімді, Сағынам өзіңді... .
*****
Біздің сезім – шын ертегі,
Естеліктер сақталған.
Күнделігім толы жырға, сырды бүкпей ақтарған.
Біздер жүрген жолдар – жұмақ,
Гүлге толы бақ қалған.
Өрнек салып тоқиын ба қалы кілем мақпалдан?
Біздің әндер – әсем еді,
Ел аузында мақталған.
Махаббаттың жыры болып шумақтары жатталған.
Біздің бақыт – баянды еді,
Екеумізге шақталған.
Жүрмін қазір елес таппай сол әдемі шақтардан.
Адастым мен, сені таппай,
Біз жолыққан бақтардан.
Арман жасап алыппын мен, еріп кетер ақ қардан...
****
Сені ұмытқаным – күзді ұмытқаным,
Сезімнің татпай жемісін.
Таңдайымдағы тәп-тәтті балым,
Жүректің мәңгі емісің.
Сені ұмытқаным – жазды ұмытқаным,
Жаураған жанды жылытқан.
Жанарымдағы жазды ұғып қалың,
Сыр шерткен сәулем ымырттан.
Сені ұмытқаным – қысты ұмытқаным,
Аппақ қар көңіл іздерін.
Жалғызсырағанда қыстығып, талдым,
Жұбатар жанды іздедім.
Сені ұмытқаным – көктемді ұмытқаным,
Қызғалдақ гүлді құлпырған.
Мені елітті көркем тұнық таңым,
Тулайды жүрек бұлқынған.
Сені ұмытпадым – сезімді ұлықтадым,
Жанымды ұғар жарығым.
Сағынып жүрмін, өйткені ұмытпадым,
Сөнбейтін Сезім жарымын.
Іңкәр сезім
Көңілімде іңкәр сезім дір етті,
Шарықтатты, ақ жүзімді гүл етті.
Ерекше бір бөленемін күйге әсем,
Ұғалам ба ғашық болған жүректі?
Қанатсызбын, құстай қанат қағамын,
Жырым – алау, сезім отын жағамын.
Санамдағы сұлу сөзің «сағындым»,
Жүрегіме қалай кінә тағамын?
Әдемі ойды өзгелерден жасырам,
Жүрегімді жыр кернейді тасыған.
Іңкәр сезім тулағанда теңіздей,
Ақ дидарын бір көруге асығам.
Шақырады шынға айналған ақ мүсін,
Жетелейді алға мені ақ құсым.
Басыма кеп аялдайын деп жүрген,
Өзіңбісің, өзіңбісің бақ құсым!
Жарқ етер жанардан жасқанам,
Жол бар ма жан пенде баспаған.
Сенбеймін жалғыздық тұтқынын,
Құтқарам десе егер басқа жан.
Мен неге шарасыз бо(лы)п қалдым,
Тізімін толтырып жоқтардың.
Айналам тас болған мүсінге,
Сезбеймін қызуын шоқтардың.
Шоқ болып жанып ем, күйдім бе,
Өткеннен тұшымды ой түйдім бе?
Өмірге өлердей ғашықпын,
Білмеймін біреуді сүйдім бе?
Жүрегім айтпайды иесін,
Үркітіп алар деп киесін.
Қарадан қорғанып мен жүрмін,
Жақпаса екен деп күйесін.
Ақ жауын құйып тұр жаумайтын,
Жыр тұнды жүректі жаулайтын.
Айдынға қос аққу кеп қонды,
Сыңары өзімнен аумайтын...
Қиялға берілдім мен неге,
Ғашық жан сезімге кенде ме?
Жолыңнан жалғыз жан жолықса,
Өтінем жарқыным, мен деме.
Жарқ етер жанардан жасқанам,
Жол бар ма жан пенде баспаған.
Сенбеймін тағдырды өзгертіп,
Сүйемін десе егер басқа жан.
Ай орнында, Күн орнында әдемі,
Көз байланар даланы ымырт басқанда.
Әлдилейді жаңа арманның әлемі,
Жарқ ететін сәуле-үміттен жасқанба.
Жұлдыздар да жарық төгер аспаннан,
Сен жүретін жолдарға нұр себелеп.
Үлкен өмір сол жолдардан басталған,
Ақ жол болса, одан басқа не керек?
Аппақ қар да өзің үшін жауады,
Дәлеліндей кіршіксіз пәк сезімнің.
Қатар жүрер тағдыр сұрақ-жауабы,
Сәттерін айт ең бақытты кезіңнің.
Табиғат та жайнап кетер құлпырып,
Құйып тұрса ақ жауын еш тынбастан.
Бұлт емес-ау көңіліңе жыр тұнып,
Көкке өрлетсін әуезді күй, үн дастан.
Ай орнында, Күн орнында әдемі,
Жұлдыздар да орын алған аспаннан.
Төрін берсін тағдыр-бақыт әлемі,
Мына өмір – үйің, сенің баспанаң.
МЕН СИЯҚТЫ...
Мен сияқты сен жылай аласың ба,
Есем кетті тағдырдың таласында.
Сен сияқты мен күліп жүрмегенмен,
Бақыттымын адамдар арасында.
Мен сияқты сен сүйе аласың ба,
Тәуекелге бас тігіп барасың ба?
Сен сияқты мен шалқып жүрмегенмен,
Бақыттымын достардың арасында.
Мен сияқты сен ойлай аласың ба,
Мақтаулы елді мекендеп қаласың ба?
Сен сияқты мен көкте жүрмегенмен,
Бақыттымын туғандар арасында.
Иә, солай...
Сен Мен емес, Мен мүлдем Сен емеспін,
Дәл өзіңдей мықтыға тең емеспін!
Ғашықтық жырлар қайда мен іздеген,
Жаныма әр жолынан ем іздегем.
Арналса егіз өлең гүлсезімге,
Төгілген шумағынан сені іздегем.
Ғашықтық әндер қайда сазы бөлек,
Бұлақтай сыңғыры әсем, назы бөлек.
Күрең күз адастырды, іздеп келем,
Сезімнің мәңгі көктем, жазы керек.
Ғашықтық күйлер қайда күмбір-күмбір,
Төгілсе маржан-інжу, көңілім дүр.
Қобыздың қоңыр үні мұңға басты,
Сарынды іздеп жүрмін көңілді бір.
Ғазал жыр, ән-күй керек естілмеген,
Алыстан, ауыл жақтан естілді өлең.
Өмірдің домбырасы тозғанымен,
Көңілдің пернелері ескірмеген.
Аппақ болып қар жауып тұр, біздің таза сезім бұл,
Бұлақтарға ілінгендей ақша қармен сезім гүл.
Еш жауратпай, аяз бізді аялайды неліктен,
Жылылыққа мәңгі құштар іңкәр жүрек еліткен.
Сезім жырың – әдемі өрнек терезеге салынған,
Еріп жатыр, көңіл нұрын қайтем сені сағынған.
Жалғыздықта жанымды мұң, санамды мұз құрсаған,
Аппақ тұман гүл бейнемді көрсете алмай тұр саған.
Сәттерімде құлаштап кеп мамық қарға құлайтын,
Аяз сүйген балбыраған жүзім саған ұнайтын.
Аппақ әлем аспан асты құлаққа ұрған танадай,
Тек өзіңе еміренер көңіл шіркін баладай.
Қар қылаулап аппақ дала тіпті әдемі күйге енді,
Сұлу сезім сиқырлайды, тоңдырмайды сүйгенді.
Сені әкеткен қытымыр қыс мекендейтін қай ғалам?
Сонда барып мен де бір күн Ақшақарға айналам!
Жастығымды,
жас күнімді қайтаршы,
Қалмапты ғой естеліктер, айтар сыр.
Жүрегіңнің гүлі қайда дегенге
Бақытты ете алмадым деп айтарсың!
Аппақ асыл
арманыңды тұсама,
Адам боп қал ажал келіп тұрса да.
Қолда барда қадірін біл жақынның,
Тағдырыңа сабақ болсын бұл саған.
Жақсыны да,
жаманды да өткердің,
Сырын ұқтың өмір атты өткелдің.
Жаратқаннан саған бақыт сұраймын,
Үлгісі бол ойы терең, текті ердің.
Айға да ғашық жүрегім,
Тек саған құшақ жаяды.
Кім табар оның бір емін
Біреулер мені аяды...
Күнге де ғашық жүрегім,
Тек саған құшақ жаяды.
Күйемін ертең білемін
Тобығым қайта таяды...
Жұлдызға ғашық жүрегім,
Тек саған құшақ жаяды.
Жылаймын дағы күлемін,
Баяғы жартас баяғы...
Өмірге ғашық жүрегім,
Өзіңе құшақ жаяды.
Бүгінім аян, білемін...
Не болар екен аяғы?
Бірге жүріп өткен жолдар мәңгі есте.
Ізгі сұлу, ғажап сәттер емес пе?
Ұзақ жолдар тілектерді бір еткен,
Сезімдерді жібермесін келмеске.
Ән әуелеп, домбырадан күй ақты,
Гүл жарыпты қызғалдақтар қияқты.
Әдемі етіп аялайды мені әлем,
Сенің ыстық, от құшағың сияқты.
Сол сағыныш жүрегімді тасытты,
Жаным жалғыз.
Саған қарай асықтым.
Осы жолда биік арман, мақсаттар...
Өткен шаққа,
Мен өзіңе ғашықпын!
Биыл міне,
гүл жарыпты ерте өрік,
Бүкіл бақты алыпты ғой көмкеріп.
Ең бақытты сәттер ойға түседі,
Кетсем бе екен гүл ішінде өртеніп?
Ондай БАҚЫТ
бізге жиі оралмай,
Ғайып болған, жүрмін саған бара алмай.
Мен бақтамын, ал сен болсаң жырақта,
Анау өрік тұрғандай гүл жара алмай...
Мен бақтамын,
жүрмін босқа сенделіп,
Гүл аңқыған өрікті искеп, емделіп.
Жазылмай тұр жүрек дерті бәрібір,
Шаттық нұрға бөлесеңші сен келіп.
Биыл міне,
гүл жарыпты ерте өрік,
Бүкіл бақты алыпты ғой көмкеріп.
Сенсіз жұпар ем болмайды жаныма,
Неғып тұрмын шоқ боп кетпей өртеніп?
Биыл міне,
гүл жарыпты ерте өрік...
Мен енді ешнәрсе айтпаймын:
Әдемі жырым болыңыз,
Ғажайып сырым болыңыз,
Жап-жарық күнім болыңыз,
Ақ мақпал түнім болыңыз.
Мен енді ешнәрсе айтпаймын:
Жайдары жазым болыңыз,
Ерке үн, назым болыңыз.
Көңілдің әні болыңыз,
Өмірдің мәні болыңыз.
Мен енді ешнәрсе айтпаймын:
Тұп-тұнық көзім болыңыз,
Сағыныш сөзім болыңыз.
Мөп-мөлдір сезім болыңыз,
СІЗ менің өзім болыңыз!
Жаның таза.
Сұлу мұңды ұнаттың,
Сезіміңе сезімімді ұрлаттым.
Шөлімізді қандырғанмен бал сөзбен,
Бола алмаймыз қос тамшысы бұлақтың.
Алмастайсың.
Сыналатын кезеңде,
Өмір тағы у ұсынса төзем бе?
Жақсы істерің жұбатқанмен көңілді,
Бір жүзбейміз өмір атты өзенде.
Өткір жансың,
Бойыңда бар ар-намыс,
Тағдырыңда сайрап жатыр арман із.
Мөлдір сырлар тоғысқанмен жүректе,
Ешуақытта қосылмайды арнамыз.
Сәтті ойлар...
сәтті күн...
сәтті қадам...
Аңдып басып жүрсің бе аяқты адам?
Табан асты өзгеріп тәтті ғұмыр,
Бағы жанбай баянсыз аяқталған.
Теріс ұғым...
Теріс сөз...
Теріс ойлар...
Ағын судай екпіні тегіс бойлар.
Көлеңкеден жеңілем қауқарым жоқ,
Ақыл қалмай барады жеңісті ойлар?
Жалған сезім...
Жалған күй...
Жалған бақыт...
Мына әннің қойғаны-ай алаңдатып.
Көктемі жоқ, жазы жоқ...
Күн шықса да,
Селт етпейді жүргім қалған қатып.
ЖАНЫМСЫҢ
Жанымсың жақсы көретін,
Жалынсың беттен өбетін,
Жауынсың нұрын себетін,
Жарықсың шуақ төгетін.
Балымсың сезім беретін,
Барымсың көзбен көретін,
Бағымсың ұшып келетін,
Базарсың шаттық өнетін.
Елессің түске енетін,
Емессің жұлдыз сөнетін,
Ерексің Жаным сенетін,
Ерекше Жаным сүйетін !
Жанымсың! Жанымсың! Жанымсың!
Жүрегім сезеді,
қиялым кезеді,
Арманныңәлемін!
Көңіліміздейді,
үмітін үзбейді,
Дертімнің тап емін!!
Жүрегім бағынып,
алқа сыр тағынып,
Аңсайды өзіңді.
Күндерім арайлы,
шуақ нұр тарайды,
Сағындым көзіңді.
Жүрегім дүрсілдеп,
сен аман жүрсін деп,
Тілейді Алладан!
Көңілім сен жақта,
сезім от сен жаққан,
Сөнбейді, жанардан!
Кімге қайран,
Бұл жүрек жаралы ма?
Жас тұрса да жасырам жанарымда.
Мен бәрібір сүйікті бола алмаймын,
Неге сонша ақталам ар алдында?
Тас қараңғы...
жүрегім нұрланбайды,
Қонақтаған төріне мұң мен қайғы.
Сезімсіздер сезімсіз емес, сірә,
Сәл қуансам ұрлайды күн мен айды.
Мейірімді
бәрібір нәзік жүрек,
Тұрғанымен мұңайып қазір жүдеп.
Мезгілімен күрең күз, қыс та өтер,
Шыға келер көктем мен жазым гүлдеп.
КӨҢІЛ-ТОЛҚЫН
Күнім менің
сырғып жатыр сынаптай,
Айым менің
жылдарыммен астасқан.
Әрбір өткен сәттеріме кінә артпай,
Тағдырымның тартуымен достасқам.
Санам менің
сары далада сағым боп,
Ойым менің
өлең-жырды бағып жүр.
Кешегі өткен менің бала шағым боп,
Әлдекімдер ақ бантикті тағып жүр.
Хәлім менің
көктем, күздің нөсері,
Жаным менің
жарқын жаздың шуағы.
Жастық бақта үміт гүлдеп өседі,
Қайта оралмас, қайталанар сұрағы.
Көзім менің
сырларымды сездіріп,
Сөзім менің
шындығымды жасырар.
Қалған кезде өткеніммен кезігіп,
Көңіл-толқын жағалауға асығар.
Өзгеде жоқ
ерек сезім ұсындың,
Мен жүрекпен қабылдауға қысылдым.
Жанды емдейтін
осы жылы сөздер ғой...
Қуаныштың не екенін түсіндім.
Ырық бермес
ықыласты ұсындың,
Қаламадың басылғанын мысымның.
Жанды ауыртар
осы жалған сезім ғой...
Өкініштің не екенін түсіндім.
Биік арман,
бұлдыр сағым ұсындың,
Қолым жетпей кей сәттері күрсіндім.
Тұрлауы жоқ бес күн мына жалғанда,
Бәрі алдамшы екендігін түсіндім.
Иә, Тағдыр,
маған бәрін ұсындың,
Ақиқаттың анықтайды тұсын кім?
Мың тосқауыл қарсы алдымнан шықса да,
Көкке қарай қанат қағар құсыңмын.
МҮМКІН БӘРІ
Кінәрат жоқ шын көңілде,
Сырғыттық-ау бір күнді әрі.
Тосын сый көп бұл өмірде,
Мүмкін бәрі, мүмкін бәрі...
Өрнегі әсем жырға айналар,
Сағыныштың гүлтұмары.
Әрбір күнге сыр байланар,
Мүмкін бәрі, мүмкін бәрі...
Қар жаумайды қабағыңнан,
Жайдары етті күлкім бәрін.
Әдемі ән боп қаламын ба?
Мүмкін бәрі, мүмкін бәрі...
Бақ құсың боп қалықтасам,
Мүмкін бәрі, мүмкін бәрі...
Тек ән-жыр боп қалып қалсам,
Кім кәнәлі?
Кім кәнәлі?!
МҮМКІН ЕМЕС
Айдай әсем арай нұры таралған,
Арулар көп бұл өмірде менсіз де.
Әдемілік сүю үшін жаралған,
Ғашық болып қалсам қайтем,
Мен Сізге?
Аяқталар жақсылықпен ертегі,
Періште мен хордың қызы тең сізге.
Отжүректің жалыны кеп өртеді,
Ғашық болып қалсам қайтем,
Мен Сізге?
Өмірде жоқ Махаббаттан асқан заң,
Шартты нәрсе - сезімді ойға алуым.
Cіз емессіз, жүректегі басқаЖан,
Мүмкін емес,
ғашық болып қалуым!
Қия бассам шалыс кетер қадамым,
Жақсы жанды танымау мен тану – мұң.
Сіз емессіз, жүректегі Адамым,
Мүмкін емес,
ғашық болып қалуым!
Теңіздерден
тереңдікті түсіндім,
Тұңғиықтан маржан таппай күрсіндім.
Шөл далада тамыр алып нөсерден,
Көл ұлына жүрегімді ұсындым.
Тауға қарап
сырын ұқтым биіктің,
Күйін кештім жалғыз ауған киіктің.
Құмда туып күй толтырып кеудеме,
Көлдің ұлын шын жүрекпен сүйіппін.
Көкке қарап
арманымды өлшедім,
Жинай алмай жүрмін жанның бөлшегін.
Ай-жұлдызға қанша ғашық болғанмен,
Бақытымның молаймады мөлшері.
Теңіз, тауда, заңғар көкте жүрсем де,
Алақанда екен өмір өлшемі...
САҒЫНЫШ
Сағынбай жүрген жалғанда жандар кемде кем,
Сезімсіз болып өмірге сәби келмеген.
Аспаны ортақ жұлдыз ғұмырлар бір-бірін
Сағынған сәтте уақыттың өзі емдеген.
Сағынған ана
төрт бөліп түнгі ұйқысын,
Оралмай жүрген ұядан ұшқан ұл-қызын.
Жарқ ете қалған жасыннан қорғап ойларын,
Қыраттан күткен көктемде келер жыл құсын.
Сағынған достар
кемшіліктерін жасырып,
Маңайын жұмақ, әр жылын өткен ғасыр ғып.
Күндерде қиын қол ұшын берген нағыз дос,
Қауышар сәтте уақыттан да озар асығып.
Сағынған бауыр
езіліп ет пен жүрегі,
Қарындас, туыс – тіршілік берер тірегі.
Таулардай биік, арманы асқақ ағаның
Болса да реніш, ақжарма шуақ тілегі.
Сағынған сұлу
алыстап кеткен егізін,
Қарсы тұра алмас, дауылы қатты теңізің.
Сырлары мөлдір ақ маржан, лағыл тастардай,
Жасырған жанар жас болып аққан сезімін.
Сағынбас адам жоқ шығар
сірә, жалғанда,
Қуанам әркез кеудеде сәуле жанғанда.
Сағыныш деген қысқа ғұмырды ұзартар,
Амандық тіле, сағынып жүрген жандарға.
Осының бәрін сағынбай өткен жан бар ма?
Сағынышы билеп қол созам әрбір таңдарға.
Әрдайым мен де амандық тілеп келемін,
Алыстан аңсап сағынып жүрген жандарға.
Тек өзіңді ойлағаным,
іңкәр сезім бойлағаным.
Ерік бермей еркелейді,
Саған қарай жетелейді ойлы арманым.
Ойла Жаным! Ойла Жаным!
Ойлағаным – сағынғаным,
өткен күндер – сағым бәрі.
Ынтық болмай көз ілмеуге,
Сен сыйлаған сезім гүлге бағынғанмын.
Сағын Жаным! Сағын Жаным!
Сағынғаным – аңсағаным,
тәтті қиял – тамсанамын.
Мейірімді көздеріңді,
жанға дауа сөздеріңді бал санадым.
Аңса Жаным! Аңса Жаным!
Сағынып тұрам арайлы таңда,
Сағынып барып көз ілем.
Аңсарым ауса аяулы жанға
жасырам неге өзімнен?
Мұңайып тұрам бозарған таңда,
Мұңайып барып көз ілем.
Жүректің сырын қозғаған жанға
жауап жоқ неге өзімнен?
Сібірлеп атқан таңда, іңірде
Іңкәрлік сезім кетпейді.
Жұбатқандардың мені бірі де
Сағынған жанға жетпейді...
СЕН
Жұлдызды түн, арайлы таңым да сен,
Жасыл әлем, гүл жұпар бағым да сен.
Жүрегімді нұрлы етіп жүрсең болды,
Жалғыздықты сездірмей жанымда сен.
Шаттық өмір, қуаныш, қайғым да сен,
Шалқар көлім, аққулы айдын да сен.
Шырағымды сөндірмей тұрсаң мәңгі,
Шабырқанып, мұңайып, қайғырмас ем.
Сұлу әнім, сұңғыла жырым да сен,
Сертім болған құпия, сырым да сен.
Сыналғанда төзімің берік болса,
Сайыпқыран тұлғадан бұғынбас ем.
Сені бір жан іздемесе мұңайма,
Түсінемін,
көмек етпес мың айла.
Жұлдыздары жымың қағып тұрғанмен,
Түнгі аспан да зәру болар бір Айға.
Сені бір жан сағынбаса жылама,
Ұғам оны,
жұбата алмас жырлар да.
Шолпан дағы ғайып болар көктегі,
Алтын арай Күн ұядан шығарда.
Сені бір жан сүйе алмаса қайтесің?
Сезем оны,
айта берем әй, несін.
Өкінішті өткен Күнің ұмыт қып,
Жүрегіңді нұрландырар Ай келсін.
Жалғыздықта достасамын мұңменен,
Сірә, жан жоқ жыламаған, күлмеген.
Үзілді деп үмітімнің моншағы,
Наз білдіріп, арыз айтам кімге мен?
Кімге барып шер, мұңымды шағамын,
Тағдырыма қандай кінә тағамын?
Түсінер деп көңілімді кірпияз,
Жүрегімнің терезесін қағамын.
Өзіме аян өмірімнің өткелі,
Көңіл жазы, күзі, қысы, көктемі.
Сан сынақтан алып шыққан жүрегім,
Қайғы-мұңға жығып берме тек мені!
ҮНСІЗДІК
Мен де үнсіз, сен де үнсіз
тым-тырыс,
Маза бермес сезімдегі ұмтылыс.
Қанша уақыт тежеледі белгісіз,
Жүректегі бұлқыныс.
Дегенмененмөлдір сырға
берікпіз,
Қиял көкте, арман ойда серікпіз.
Түбі әйтеуір, бүршік жарар ақ сезім,
Көңілдегі еріп мұз.
Үндемей-ақ бірімізді
біріміз,
Түсінеміз ортақ біздің тіліміз.
Табыстырар екеумізді әлдилеп,
Жүректегі үніміз.
Қиындықтар –
тиесілі еншім бе?
Айтшы, Тағдыр,
жігер-күшім кемшін бе?
Жамап-жасқап білдіртпеймін жоғымды,
Сенім артам еңбек атты елшіме.
Жамандықтар –
бойымды алған үрей ме?
Не бәлекет,
түгін тартса түлей ме?
Жақсы ісімнің өтеуін бер, Жаратқан,
Жем етпегін мені соқыр дүлейге.
Сәтсіздіктер –
сорым әлде, бағым ба?
Өтінемін,
Тағдыр, маған тарылма.
Құлауға да, жылауға да хақым жоқ,
Сүрінсем – сын, ақылыма, арыма.
ҰЛЫ СЕЗІМ АЛДЫНДА...
Құлы емеспін байлықтың да, бардың да,
Қызықтырмас жақұт тастар, алтын да.
Асқақ болып көрінгенмен арманым...
Қауқарсызбын
Ұлы сезім алдында!
Гүлі емеспін қырдың, дала, таудың да,
Ұлпасы емен жаңа жауған қардың да.
Биіктікке бойлағанмен көңілім...
Дәрменсізбін
Ұлы сезім алдында!
Кей сәттері қамалсам да тар мұңға,
Сырымды айтып ел алдынабардым ба?
Құлашымды кеңге жайып жүргенмен...
Әлсіздеумін
Ұлы сезім алдында!
Дәмін таттым ащының да, балдың да,
Қанатымды сәл күйдіріп алдым ба?
Босағадан төрге мені сүйреген...
Бас иемін
Ұлы сезім алдында!
Ұлы сезім! Ортақ жасқа, балғынға,
Махаббат та, шапағат та бар мұнда!
Сынбас едім сынағына өмірдің,
Садағамын Ұлы сезім алдында!
ҚАЙЫРЛЫ ТҮН
Қайырлы түн,
мейірімді адамдар,
Бір түн келді бір күніңді тамамдар.
Сан тарапқа, шартарапқа ой кетті,
Көңіл деген бар нәрсеге алаңдар.
Қайырлы түн,
жақсы адамдар жаны ізгі,
Ұмытпаған қасиет пен парызды.
Сәл мызғысаң санаң нұрға сүңгиді,
Тербететін тәтті ұйқы емес маңызды.
Қайырлы түн,
ғазиз достар тілектес,
Қауыз жарар бір мезетте гүл тектес.
Түн шапағы нұрын төксін сендерге,
Салмақ салмай жүріңдерші жүрекке еш.
Қайырлы түн,
аға, бауыр, жеңгелер!
Қадірлі түн мың күніңе тең келер.
Жайлы жатып, жақсы-жақсы түс көргін,
Мақпал түннің шуағы мол емделер.
Қайырлы түн,
туғандарым жанашыр,
Сандығыңда Ай мен жұлдыз, бар асыл.
Таң алдында таңғажайып түс көріп,
Бір түніңе бір күн жалғап барасың.
ШЫН ЖҮРЕКТЕН
Шын жүректен жазылатын жырлар бар,
Жақсылыққа толы әсем сырлар бар.
Шын жүректен айтылатын тілек бар,
Сағынышпен үн қосатын жүрек бар.
Шын жүректен ақ тілегін арнаған,
Қамқор болған өзің барсың, жан анам!
Шын жүректен дұға еткен әр кешін,
Асқар тауым өзің барсың, әкешім!
Шын жүректен мәпелейтін ғашығын,
Бұл өмірде өзің барсың, асылым!
Шын жүректен сәлем жолдар таңертең,
Қуантатын өзің барсың, жан еркем!
Шын жүректен мені іздеп баратын,
Сағынатын өзің барсың, қанатым!
Шын жүректен аялайтын күні-түн,
Үзілмеген өзің барсың, үмітім!
Шын жүректен бақытымды тілеген,
Өзің барсың, өзің барсың білем мен!
ТАҢДАР БАР
Қуанышпен қарсы алатын таңдар бар,
Ізгі ниет ақ жүректі жандар бар.
Үзілуге шаққалғанда соңғы үміт,
Саңылаудай сәуле тамса таңданба.
Сынық сәуле өміріңді нұрлы етер,
Тағдырыңа өкпе айтпа құр бекер.
Мына өмірден патша да өтер арманда,
Риза болып тағдырына құл да өтер.
Жарық сәуле үмітіңді жалғайды,
Қанат бітсе көңіл көкке самғайды.
Сабыр, сабыр...
барлық нәрсе сәтімен,
Алма ағашы мезгілсіз гүл жармайды.
Қуана біл бес күн өмір жалғанда,
Шақырады асқақ, асыл армандар.
Қиындықты ақыл-оймен жеңе біл,
Жақсылықпен қарсы алатын таңдар бар.
МАЗМҰНЫ
«ЖАЛҒЫЗ ҚАЛСАМ ӨЛЕҢМЕН СЫРЛАСАМЫН...»
І БӨЛІМ.
Өмір нұры
ІІ БӨЛІМ.
Көңіл гүлі
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨМІРБАЯН
Гүлбақыт Қасен – 1975 жылы Алматы облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы болып қызмет атқарады. Өлең-жырлары облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. 2014 жылы «Баянжүрек» баспасынан «Алуа» атты жыр жинағы шықты. жылы өткен «Мағжан көктемі» ІІІ республикалық өнер фестивалінің ІІ орын жүлдегері. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру