TELEGEI

Home

Шаханов. Ойланалық, біз қандаймыз?

Abai.kz

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шаханов. Ойланалық, біз қандаймыз?

Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановтың туған күні. Қырғыз Республикасының халық ақыны, Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері – Мұхтар Шаханов. Мұхтар Шахановтың кім екенін жұртқа жеке таныстырып жатудың өзі артық болар. Шахановтың аты айтылған жерде оның ақындығымен қатар азаматтық ұстанымы да қатар айтылады

Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановтың туған күні. Қырғыз Республикасының халық ақыны, Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері – Мұхтар Шаханов. Мұхтар Шахановтың кім екенін жұртқа жеке таныстырып жатудың өзі артық болар. Шахановтың аты айтылған жерде оның ақындығымен қатар азаматтық ұстанымы да қатар айтылады. Желтоқсан. Наурыз. Үш тұғырлы тіл. Қазақстандық ұлт...

Бүгін алаштың ардақты ақыны Мұхтар Шаханов 78 жасқа толды. Осыған орай, ақынның Abaі.kz ақпараттық порталы мұрағатындағы өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Махаббатты қорғау Кіріспе яки ғашықтар жазған хаттардан

І Біз екеуміз жолықтық, Біpaқ тым кеш жолықтық, Достасудан от тұтап, қоштасуға қорықтық. Маған құйды жарығын сенің көңіл-терезең, Арқамызда - құзар шың, Алдымызда - өр өзен. Өр өзеннен өтуге кім береді қайықты, Кім бар бізді түсінер, қане, кім бар байыпты? Ал қайықшы - қиқар шал, Жалынғанмен, не бітті? Қайығына қабаған итін байлап кетіпті... Япырай, біз соншама дәрменсіз боп тудық па? Бойымызда жоқ екен итті алдайтын қулық та.

ІІ Көбелектің "кеселі" - Тұрақсыздық деседі. Гүлден алған шапағатты ceзімі Келесі біp гүлге жетпей өшеді. Өз мінeзі өзіне үкім кеседі... . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Менің саған айтпағым да осы еді!

ІІІ Амал бар ма, махаббатқа жан пидалық ете алмадың, Аққу-арман жалт бергенде, қуып көрдің, жете алмадың. Жете алмадың, көлеңкеңнен алыс ұзап кете алмадың, Жанар майын жағып біткен машинадай от алмадың. Epкің қайда, Сертің қайда, (бөркің қайда, құрып қалғыр?) Ең шешуші кез келгенде, тілің тістеп тұрып қалдың. Еңселім деп ойлаушы едім, Еркелеуші ем ерге балап, Ең шешуші кез келгенде тұрып қалдың жерге қарап. Артық қорлық бар ма әлемде сенгеніңнен безінуден, Құлай сүйген адамыңның осалдығын сезінуден... Көз жасымды көрсетпеуге тырыстым мен саған біpaқ, Сен деп шыққан сенімімнің биігінен барам құлап. Махаббатқа жан пидалық етпедің бе, Бәрі бекер! Енді қалған қызығыңның нарқы кеміп, мәні кетер. Өзінің ең қасиетті әнін қорғай алмаған жан - Басқа іcтe де қабілетсіз... бағы мәңгі жанбаған жан. Cіpә, бағың жана қоймас, басқан ізің кетті кейін, Әйтсе де, мен жылап тұрып, жолың болсын деп тілеймін.

ІV Бақшадан алма ұрлаған баладай нақ Кеудемде үркек сезім салады ойнақ. Отыздың орманында жүргенімде Алдымнан шықтың, айнам, ағатайлап. Сен мендік бар шаттықтың төресі ме ең, Жүр едім өткен шақтың елесімен. "Мұнда кел, мұнда кел" деп қол бұлғадың Жиырманың көк балауса белесінен. Селк еттім дауысыңнан шошығандай, Жүр едім өз мұңымды өшіре алмай. Жиырмамда алдап кеткен махаббаттың Kүнәcін әлі күнге кешіре алмай. Сен болып қайта жанды-ау сағынышым, Бәлкім, тар маңдайымның бағымысың?! Бәлкім, сен менен қашқан махаббаттың Ойланып қайта соққан шағымысың?! Сол болсаң, қолыңды бер, жүр, қарағым, Сен барған жерге мен де біp барамын. Көл едім тасымаған, тасыттың ғой, Бақша едім бағы тайған, гүлге орадың. Кәнеки, жалыныңа жалға мені, Күтіп тұр пәк махаббат, арман елі. Өмірде мені алдаған адамдар көп. Тек қана сен алдаушы болма мені!

V Ар алдында адал, ақпыз десек те, Сан сұрақтар алар кейде жағадан. Мүмкін, бізді таңар шулап өсекке, Мүмкін, бізді түсінбейді көп адам. Алуан ұғым алуан жаққа тартады, Сан көңілдің тұйығына малтыдым. Ғашық болып көрмегендер бар тағы, Олар бізді қайдан ұқсын, алтыным. Көзімді алмай маздап жанған оттардан, Саған сенем, Саған сенім артамын. Қорықпаймын түcінігі жоқтардан, Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын!

Саматтың жұбайы Айжанармен жекпе-жек

Замана тұр бөркін алып ойланып, Сол түнгі ойлар кетті бізді қайда алып? ...Сол түні біз сенің туған сіңліңнің Он ceгізгe толған күнін тойладық. Мен қуана тост көтердім қызға арнап: - Ал сапарың сәтті болсын, қызғалдақ. Өміp мынау: Қатар тосқан жеңілі мен ауырын, Қайғысы мен сауығын, Шуағы мен дауылын. Бүгін, міне, сенің туған күніңдe Қандай тілек айтсам екен, бауырым? Саған байлық тілер ем мен, біpaқ ол - бір әңгүдік, Есігіңнен кіргенімен паң күліп, Жүргенімен шеру тартып, сән құрып, Саған жолдас бола алмайды ол мәңгілік. Бәлкім, ерлік тілер ем мен тамыр алған төзімнeн, Ерлік сезім біpaқ сенің табылады өзіңнен, Онсыз адам жүре ала ма соқпақтар мен жолсызда, Ал сұлулық тілер едім, сұлусың сен онсыз да. Қайтсем екен? Мен одан да бүкіл адам аңсаған, Бүкіл адам сан мың жылдар арман етіп, шаршаған, Азы жетіп, ал сан мыңы тек елесін тамсанған, Кез келгеннің бақшасында піспейтін, Кез келгеннің уысына түспейтін, Зор махаббат тілейінші мен саған, - Деп едім. Tіпті сол сәт ұқпай қалдым себебін, Сен орныңнан кенет атып тұрдың да: - Махаббат жоқ! - деп күрсіндің, ызғар шашып қабағың. Мен жүзіңе аң-таң қалып ежірейе қарадым, Қарап едім, жасқа толып кеткен екен жанарың. - Махаббат жоқ! - дедің тағы, - ол - әншейін далбаса, Ғашықпын деп, Сүйемін деп, Сенем деп, Адамдардың біpін-біpі алдайтыны болмаса, Махаббат жоқ, ол - әншейін далбаса! Айтып-айтпай не керек, Біp кез мен де мына сіңлім сияқты Ұяң едім, сұлу едім керемет. Meнің асқақ сезімімнен үміткер Аз болмайтын біздің жақта жігіттер. Қатал-қиқар тағдырынан тек махаббат сұраған, Махаббатты таппай қойман деп талпынса біp адам, Ол мен едім. Бірақ бүгін сол сезімнен не қалды? Сондағы үміт талдан ұшқан жапырақтай жоғалды. Қазір момын күйеуім бар және екі-үш балам бар, Жағдайым жоқ ештеңеге алаңдар. Не ішемін, не киемін демеймін, Мәселесін шешіп алғам қарын менен көмейдің. Міне, қара, саусақтарым көрінбейді алтыннан, Тек баяғы шат қиял жоқ сан тарапқа шарқ ұрған, Тек баяғы жігіттер жоқ тереземді торыған, Олардың да бағы алыстау болған шығар сорынан. Кездескенде жалқау тартқан басын изеп өтеді, Ұлын epтіп соңынан. Жылдар бойы алаңдаумен қуатымды сарқыдым, Босқа шаштым жігерімнің жарқылын. Жер бетінде махаббаттың бар екені шын болса, Айтшы, кәне, мен неліктен жолықпадым, жарқыным? Үндемедім, тарылғандай кеңісім. Мосқал көpші жауап берді мен үшін. - Иә, иә, өміріңе өкпелісің, қарындас, Оған біpaз себептер бар, Tіpліктe біp бекеттер бар кілтін таппай, алынбас. Ырық бермес бөгеттер бар не түрлі, ...Алматыдан шыққан жолдың барлығы Отырарға бастап алып бармайтыны секілді. Өмірдегі сан салалы жолығу мен жүздесу, Табысу мен кездесу, Талпыну мен түйісу, Сағыну мен сүйісу, Тіпті кейде одан да өзге сезімдер Махаббатқа бастап бара алмайтыны белгілі, Махаббат ол - жан мен тәннің тізе қосқан epлігі. Не болды екен сені мұнша жүдеткен, Үміт қайда жүрегіңе гүл еккен? Сұлулығың кем емес қой Баяннан, Ақылың да кем түспейді Жібектен. Сенде де бар тым сезімтал көз, көңіл, Көңілі мен көздеріндей өзгенің. Айлы кеште саған да айтты ғашығың Ұлы Абайдың Тоғжанға айтқан сөздерін. От боп өртеп ғашықтықтың ықпалы, Ән қостыңдар... Жұрт қуана құптады. Талпындыңдар, Алқындыңдар, ал бірақ Одан Қозы, сенен Баян шықпады. Heгe бұлай? Өмір бақи бұл сұрақ Өтер, мүмкін, намысыңды шымшылап. Қайда жүрсе тек өз әнін айтатын, Елікпейтін өзге шу мен сарынға, Қажымайтын қар мен желдің өтінде, Махаббат та ұқсайды ұлы дарынға, Шын дарындар аз ғой жердің бетінде. Иә, махаббат - қайсар құзды жарып өтер тасты жол, Махаббатта сезім ғана ойнамайды басты рөл, Ұға алмадың сен оны, айнам. Жеткен жерге талабың мен ақылың, Ceзімің мен батылың, Қырсыққанда, жетпей қалды шыдамың, Әне, соның кecіpінен қаншама жыл жыладың. Шыдам жоқта, төзім жоқта, Көкірегіңде көзің жоқта, Жүрегіңде ерлік жоқта қорғай алар шаттығын, Махаббат та жоқ, күнім! Кездер аз ба ой көргенді көз көрер, Отын өзің жаға алмаған, Өзің іздеп таба алмаған асылды Таппайды деп неге ойлайсың өзгелер? Қарашы, әне, мына сіңлің сияқты Инабатты, албырт әрі ұятты, Алаулаған желегі Соңымыздан асау ұрпақ, арынды ұрпақ келеді. Оларға пәс болар әлі Бізге биік көpінeтін төбелер. Біз cүpінгeн кезеңдерден, Біз жүзуге жасқанған өзендерден Солар жүзіп өтеді деп сене бер. Бұған күмән келтіруің азаматтық болмас та. Бүкіл адам іздегенмен бақыт жолын, бақ жолын, Ешкім оңай таба алмайды Абайы мен Тоғжанын. Өйткені асқақ азаматтық жоқ жерде, Қайсар сенім жоқ жерде, Махаббат та жоқ, жаным! - ? Ортамызда қалжың айтып біp жігіт, Отыр еді қалың жұртты күлдіріп. Отыр еді бізден гөpі сіңліңе Жақын, сырлас екендігін білдіріп. - Ал мен таптым Тоғжан сынды пәк жанды, - деді ол масаң діріл қосып сөзіне. - Өзің Абай болмаған соң, Мазалама Тоғжанды, - деді сіңлің жас үйіріп көзіне... - ?..

Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ

Отырарда бір қадірлі қарияның қанатты Тұлпар тектес аты бопты сүйсінткен бар алапты. Мінезі сәл жайсыз екен шодыр бала іспетті, - Шаршап-талып шөлдесе де арықтан су ішпепті. Жек көргені жақын келсе, тарпып, теуіп тістепті, Содан аяқ шідерленіп, бастан жүген түспепті. Бозбалалар сымбатына көз тастайтын табына, Қарияның ай дидарлы қызы бопты тағы да. Сол жас ару, әкесіне былай депті бір күні: - Әке, сенің дарқандығың шақырады күлкіні, Қиқар, тентек мына атыңды мәпелеуді қоймайсың, Айырбастап, сатып, сойып, неге көзін жоймайсың? - Рас, қызым, сөзіңнің жоқ қатесі, Аттың қиқар мінезі бар, - деп күрсінді әкесі, - Тек бұл бейбақ - ат біткеннің зерегі, Түскен кезде бәйгелерге, жарысқа, Жаралғандай шабу үшін алысқа Арын салып, күшін, терін төгеді, Бірақ сөзсіз бірінші боп келеді. Әйгілеген елге күшін, Сол ғаламат еңбегі үшін, Қиқарлығын кешіруге болмай ма?! Кешірмесек, бетте таңба қалмай ма?! Аз ба елде тұлпарды асқан бағы бар, Жуас, көнбіс, моп-момақан жабылар?! Қасиетін сезбесе де, тәлім алар, табынар, Жуасты әркез мақтайтын жұрт табылар. Бәлкім, тұлпар сол үшін де ызалы, Ызалыны бағалауға шабандаумыз біз әлі. Нағыз еркек тұлпарға ұқсас, айнам-ау, Саған қылмыс ол жайында ойламау. Толғағы кем талғамыңа бар таңым, Басыңа бақ қонбай ма деп қорқамын... Дұрыс шығып әкесінің есебі, Қыздың жолы болмай қапты деседі. Ойлан, жуас жан іздеген, жар іздеген, жас талап, Өмір сенің күткеніңнен әлдеқайда басқарақ, Еркек сұлу көрінбей ме еркімен, Еркіндіктің нұры ойнаған көркімен. Жалғандыққа күрес ашқан ісімен, Сүйгеніне берген қайсар сертімен Және соны қорғай білген күшімен. Ойлы әлемнің әйелдерсіз күні бар ма көктеген, Әйтсе де мен әйелге ұқсас еркектерді жек көрем!

Еркектерге еліктеген әйелдің де аз табары, Иә, әр жыныс өз мінезін сақтауымен бағалы. Жігіт жігіт санала ма бұғып жүрсе тасаңда, Өз пікірі жоқ еркектен қорқу керек қашанда! Қанаттыны кері тартып, табандап, Ұшар кезде ұша алмайтын шабандап, Өз пікірі жоқ еркектер ел басқарса, не болмақ?! Тоқтамайды еркектер мен телпектердің жарысы, Ойлан, қалқам, еркекті еркек етіп келген - намысы. Мықты кім бар намыс атты батырдан, Бір сөз үшін қаншама еркек тіршіліктен жан кешті. Бір сөз үшін жекпе-жекке шақырған Қайсар Пушкин Дантесті. Ар-намыстың құрбандығы Аз болмапты, қайраулы әлі әділеттің балтасы. Жердің аман тұрғандығы - Сол намысқой еркектердің арқасы. Әркез нұрлы үміт сеуіп алдымызда таң жатсын, Қайғы келсе жеңілмейтін, Бақыт келсе семірмейтін, Ер мінезін қадірлейтін Әйелдердің даңқы артсын! Ал, жас ару, тұрмайды ешкім жолыңда, Өз тағдырың дәл қазір өз қолыңда. Талғамыңды әйгілей ме талабың, Көкейіңді сезіп тұрмын, қарағым. Айтқаныңнан шықпайтын, Меселіңді жықпайтын, Саған момын, жұп-жуас еркек керек, Жо-жоқ, еркек емес-ау, телпек керек. Егер бүгін қайта туса ұлы Абай, Ол да саған қалар еді ұнамай. Бақаның да әніне сай бағы бар, Іздегенің жабы болса, табылар. Нағыз бақыт тұяғымен тұлпардың, Қиялымен сұңқардың Өлшенетін мына ұшқыр заманда Бірте-бірте құнсызданар бағаң да. Мен сенемін, шын еркектің алдында Қызаратын күн туады саған да... . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Тек ол күннің кеш келгені жаман да!

Әйелдер

Не толқытса соның мұңын тартасың... Аурухана ауласында сытырлатып картасын Жанарында әзіл ойнап жарасты Маған бір қыз бал ашты: - Науқастан ба ерініңіз кезерген, Жазыласыз, Налымаңыз бекер сіз. Әйтсе де әйел қауымына ежелден Немқұрайды қарамайды екенсіз. Сүюді Сіз ерлік деп те айтасыз, Онсыз ақын боларсыз ба ой өрген. Дегенмен Сіз абайлаңыз, байқаңыз, Бағыңыз да, сорыңыз да әйелден. - Бәрекелде, Өркен жайсын талабың, Сәуегейі сен боп жүрме қаланың. Бұл бетіңмен ңыгандарды жүмыссыз Қалдырарсың, қарағым, - Дедім күліп. Бірақ қыздың байсалды Әзіл сөзі маған біраз ой салды. Дүниеге қан тамырдай тарайтын Жер бетінде әйел жайлы ертек көп. Әйелдерге немқұрайды қарайтын, Еркекті мен санамаймын еркек деп. Қай кезде де сұлулықтың жолы - мұз. Әйел біздің әзиз байлық қорымыз. Әйел біздің тағдырымыз, Тағдырымыз болған соң Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз. Хас сүлулық әлсіздердің қызғанышын маздатқан, Ал қызғаныш күрды деп кім айта алады аз қақпан. Бір әйелге бола кейде ел менен ел жауласып, Жер жастанған боздақтар. Оған куә анау төбе томпиған Анау шындар құлақтары қалқиған. Сан ұрпаққа тұлға болған ақындар Бір әйелдің намысы үшін жан қиған. Мағынасыз жылтырақты сақтамайды ел еске. Жалын болып жылу болмау, Әйел болып сүлу болмау Табиғатты алдаумен тең емес пе? Гүлзар әйел қауымына сұлулықсыз бақ қайда, Шын сұлулық тереңдікте жатпай ма? Қайырлатқан кемесін талай ердің Саяз көлғе шашылмағай шұғылаң. Тереңдігі жоқ әйелдің Қорқу керек сыртқы сұлулығынан. Әйел - еркек намысының қорғаны. Нағыз сүлу әйел табу - Бүкіл еркек атаулының арманы. - Нағыз сүлу әйел үшін қажет кезде жан қию, Бұл - жігіттік кодекстің жазылмаған тармағы. Бірақ, бірақ талайлардың бақыты алыс, сорынан, Бұл кез келген бөріктінің келе бермес қолынан. Ерлік семсе азаматтық семеді. Үлкен ерлік үлкен күшке келеді. Маған ғашық бір әйел бар. Ол әйел Менде сондай күш барына сенеді!

Ойланалық, біз қандаймыз?

Соңғы он жылда, елімізде өрге басқан өрелі Бір зор іс бар. Ол - «ТЖ»-лық, «туфли жалау» өнері. Жағымпаздар жарысында билік шексіз құптаған, Біз дара шың иелендік бұрын ешкім шықпаған. Бұл өнерде біз өзгеше, елден-ерек жаңғырдық, Тіпті Түрікменбашыны да жарты жолда қалдырдық.

Түрікменбашы кеуде қақса өз елінің ішінде, Бөспелікті айналдырдық біз әлемдік пішінге. Билік сөзін, билік ісін айтсақ елдің парқы деп, «Зейнеткердің ақшасын біз өсіріппіз алты рет!» Сол «алты зор игілікті» ойға бұрсақ бастапқы, Құны мысық тамағының бағасынан аспапты.

Егер жөнсіз мақтанбауды ұқсақ билік салты деп, Ет пен сүттің құны неге қымбаттады алты рет? Кеуде ұрамыз игі істерде бірінші орын алардай, Онда неге әр ай сайын қымбаттауда жанармай? Біз шығарар мұнай араб елдерінен кем емес, Тым құрыса бір ісіміз неге оларға тең емес?

Арабтардың бізден бөлек елдікке тіл қатысы. Неге оларда оқу тегін, тегін пәтер ақысы? Олар неге әр сәбиге доллар сыйлап жеті мың, Жел өтіне тастамайды қартын, жесір, жетімін? Алпыс төрт мың доллар алмақ жаңа үйленген отбасы. Неге оларда үлкен байлар игі істердің жақтасы? Бар ғұмыры даңғойлыққа болғанымен ашына, Пәтерақын тегін етті тіпті Түрікменбашы да.

Ал біздегі бос мақтану, бос кеуде ұру сорың ба? Дарын емес, қарын шығып ең негізгі орынға, Демократия бұл күндері «жемократия» торында, Еліміздің бар байлығы жиырма адамның қолында. Біздің байлар неге сараң тіс сындырар тиынға, Ізгіліктің ұшқыны жоқ неге олардың миында?

Еліміздің «зор байлығын» дастан етіп толғаймыз, Байлықтағы жұрт үлесін...Мүлде ауызға алмаймыз Тек «ТЖ»-лық өнерінде шырқау көкке самғаймыз, Нақ осылай кете берсек ел боп, ұлт боп оңбаймыз, Құлдық сана аясында майға піскен нандаймыз... Ойланалық, біз қандаймыз, мінекей, біз қандаймыз?

“Тек баюдың жолын үйрен, бір күніңді бос етпе!” Адамдығың бар ма, жоқ па, алынбайды есепке...

Нарықта мың қалтарыс бар жең ұшынан бұрылар, Елдегі ең құрметтілер – ең тойымсыз ұрылар, Байлық кімде болса, соның маңдайының нұры бар, Ұрлық заңға айналған соң рух жырын кім ұғар?..

Қайда барсаң көз арбайды тойшыл мейрамханалар. Түнгі клуб, түнгі күлкі – ойсыз сайранханалар

Шаршау білмес табыс көзі ретінде танылды. Тек Байлық пен Қызықшылық басты мұрат саналып, Ғасыр түпкі рухани компасынан жаңылды.

Базбір шағын қалаларда үш жүз мыңдай халқы бар, Сөз жоқ, үш мың нәпсі күйттер арнаулы үй сән құрар.

Әр адамның пенделік осалдығынан, Даңғаза шуға, думанға босаңдығынан

Саудагерлер ардан аттап, бақ табуға талпынар, Қазір Ар мен Намыстың да материалдық нарқы бар...

Көшелерде жұртты бұрар пендешілік арнаға, Жан-жағыңнан анталайды, Нәрсіз көзі қанталайды, Кілең арсыз, пайда-нарқы ақырған бір жарнама, Көре алмайсың ізгілікке шақырған бір жарнама, Жарнама емес, секілді бір Орнама не Торнама.

Қандай бедел ұсынбақпыз біздер келер заманға? Неден қаштық, нені шаштық, нені бастық табанға? Талай табан нұрлы ойларды айналдырды сабанға, Сол сабанға қарап енді айқындалар бағаң да. Ескермедік, сенім арту қылмыспен тең екенін Рухани байлығы жоқ, айдыны жоқ адамға...

«Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі. Тек сол үшін оны ардақтау, жөнсіздеу һәм күлкілі. Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды, Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды... Ерлігі жоқ, елдігі жоқ, аузы ғана белсенер, Сөзден ісі алшақ жатса, оған қалай ел сенер? Неге бүгін ұлт мүддесі науқас жандай теңселер?.. Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен өлшенер.

Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен, Рухани мүдде шыңы – шындық үшін күрескен. Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән, Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан. «Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған», Десек-тағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?» Ел, ұлт жайлы сырларымен, Жыры биік тұрғанымен, Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан! Бұл ақындық ұстанымым қалыптасқан талайдан...

...Шындығы жоқ пенделерді басар уақыт көшкіні. Даңққа мойын созғанымен, Том-том өлең жазғанымен, Шындығы өлген ақындардың ақын емес ешбірі! Шындығы өлген мінезсіздік болмақ кімнің мақтаны? Қазір барлық салаларды мінезсіздер қаптады. Басшыларға жағымпаздық бұл кезеңде дара күш, Содан ақынсымақтардың көбі «туфли жалағыш»...

Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы, Сол азапқа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы... Ақындық күш – айтылмаған ой-сезімдер жиыны, Ол биіктен бой көрсету – қиынның ең қиыны!

Басты мақсат – өз халқыңның сан ғасырлық ағысын, Жеңісі мен жеңілісін, тілін, рухын, намысын, Жүрегіңнің санасынан, елегінен өткізу, Және оның қасіретін, Ұлтқа, тілге бас иетін, Қалың елге жырмен, іспен, мінезіңмен жеткізу. Жеткізе алмай дірілдесең... ол – шошыну, тосылу, Үркектердің, қорқақтардың қатарына қосылу. Ондайлардың маңдайына мәңгілікке сор қатқан, Ешқашанда шыншыл ақын шыққан емес қорқақтан!

Ақынға егер сөзіне сай шындық парқы қонбаса, Одан үлкен өріс күту, жеңіс күту далбаса... Кейде ұқсап көрінгенмен заңғарға, Сөзі басқа, ісі басқа, екіжүзді жандарға, Батыл, қарсы бағыт ұстау – әділ өмір талабы. Пенделікпен тірескен жан, Шындық үшін күрескен жан, Сол шындықтың айбыны мен беделі боп қалады! * * * Шындық кейде қалың «арпа ішіндегі бір бидай», Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?» Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай, Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбикүл мен Жырбибай.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙