TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы 1

Светқали Нұржан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы 1

Светқали Нұржан - «Өлеңдер жинағы 1» шығармасы.

ТАҢ ҚАУЫЗЫН ЖАРҒАНДА

ӨЛЕҢ-КӨКТЕМ

Құстар әні думан ғып бар алапты,
Қайқы бұлақ сай-сайға тарап ақты.
Бар қызығын төсіне жиып алып,
Барақатты, бағыбан дала жатты.

Бәйшешек пен қызғалдақ қырда дүреп,
Маған бейне дейтіндей: "жырла, жүрек!"
Гүлді кешіп жүргенде,
Кенет менің

Кеудем көктемгі аспандай шулады кеп!
Жер ұғысып жаныммен, көк тілдесіп,
Жасыл дария үстінен өттім көшіп.
Сансыз сурет,

Қисапсыз қиқулы әнге
Көз талдырып,
Даусымды кеттім қосып.
Ақындықтың қазір мен күйін кештім,

Өлеңіммен келеді түйін шешкім.
Көктем келген, нөсерлі жанымдағы
Сезер ме екен ғажайып күйімді ешкім?!
1978 ж.

СЫР

Тұлпарым тізгінін сүзіп,
Көктемде бір келіп кеткем.
Мен сонда үздігіп күліп,
Күлкіме тұрды еріп көктем.

Күн жағып отын ерінге,
Көзіңнен нұр тұнып тамды.
Қос кептер көкірегінде
Кенеттен бұлқынып қалды.

Көздерден қысылып, күнім,
Боз үйге кідіріп кірдің.
Сырыңды түсініп бүгін,
Жайыңды ұғынып тұрдым.

Көркейіп қырқам да гүлмен,
Ғажабын танытқанда алап—
Мен жаққа Тұлпарға мінген,
Тұрғансың жабықтан қарап.

Пәк көңіл кір жасыра ма,
Сырыңды мен алып кеттім.
Шат жанның сырласы—дала...
Құйғытып, жоғалып кеттім!..

ҚАШАҒАНДАР

Қайран дала қиыры жоқ,
тыныстайды далиып,
Адырларға қозған шоқтай,
алқызыл кеш қаны ұйып.

Күн еңкейіп бара жатыр,
Ақырғы рет нұр шашып,
Жылқышыдан бір қашаған
күн астында жүр қашып.

Күн астында екеуінің
шаңы жатыр шұбалып,
Қашағанда кеңістік бар,
қуғыншыда— бұғалық.

Бірі қашпақ, бірі қумақ,
Барлығында бір арман,
Алтайыны мына жақта
Құйрықтап жүр құба арлан.

Далам еппен тыныстайды—
Бәріне арнап тілекті,
Бір бұтада бұғып жатқан
бозторғайым шыр етті.

... Көкірекке көріністен
кеткен бе әлде нұр тамып —
Жүр бір өлең жүрегімде
қашағандай бұлтарып!

1978 ж.

ТӨБЕЛЕР

Қырда мен төбелерден сыр ауладым,
Келеді жиһангезден бір аумағым.
Ер Досан қарсы алдымнан шыға ма деп,
Алаулап, алабұртып тұр-ау жаным!

Жоғымды тұрғанымда кеш түгендеп,
Сарынын мұңазама қосты жел кеп.
Елтимін кешегі күн бұл төбелер,
Ақтанның жырларын да естіген деп.

Санамда мың-сан қиял өрілер көп,
Қалардай елеуреймін өлілер кеп.
Аллақұл жендетінен өлген батыр,
Найзасы Құлбарақтың көрінер деп.

Қарайды тас төбемнен жымиып күн,
Мен болсам жанарыма мұң ұйыттым:
Астында не құпия бар екен, — деп,

— Татыққан тарғыл тасты кіл үйіктің?..

Жатқандай астарында бір үн бұғып,
Төбелер томсырайған сырын бүгіп.
Ұқтырмас мәңгі, бәлкім, қояды тек
Қиялды сан қияға ұрындырып.

Тарихтан жан емеспін сыр ұқпаған,
Талай сыр бетін жүр ғой бұрып маған.
Әйтсе де алапатты төбелерді Ойласам...
Төмен қарап тұрып қалам!..

1978 ж.

БАЛА ҚЫЛЫҚ

Балалықтың елесі, үзігі — жыр,
Бала қылық бұл күнде бұзылып жүр.
Ізін уақыт жаныма салғанменен,
Асық атқан кездердің қызығы жүр!..

Айырмастан ерліктің ақ-қарасын,
Күшті боп та ініге мақтанасың.
Өзің айтқан "ертекке" өзің мәз боп,
Асынуға бес қару шақ қаласың...

Асқақ ханға ұқсадық аста ат барда,
Көбең көңіл балалық бас баққан ба!
Маңдайымды жарушы ем темірге ұрып,
Бақайымның басынан тас қаққанда.

Еһ, балалық!
Ол да бір арман алыс —
Өмір деген тартты ғой тарлан ағыс.
Ықты-жарға қарамай шапқылаушы ек,

Тірлігіміз бүгінде жорға жарыс...
Уақыттың кеудеде қыжылы жүр,
Бала қылық бұл күнде бұзылып жүр.
Әйткенменен жанымда асыр салып,

Шыбық мінген кездердің қызығы жүр!..

БОРАН

Көз көрім жер көрінбей шұбарланып,
Мың сан пері ақ қардан шырақ жағып—
Есалаң жел жүйткиді қарды қуып,
Ойнақтаған қасқырдай жұмарланып.

Жер жұлынын долы жел суырғанда,
Тентек теңіз ұрады суын жарға.
Ию-қию...
Жүз бақсы жиналып ап,

Қобыз тартып жатқандай жуыр маңда.
Қыл арқаны соңында шумақталып,
Кіл асау ат шапқандай тулап қалып...
Әлдекімдер жатқандай, ақ бураның

Терісінен жасалған тулақ қағып.
Ақ шұбатты құлаштап сапырғандай,
Дәм татпасқа сенің де дәтің қалмай—
Даладағы боранға үнін қосып,

Жүрегімнен бір боран атылғандай!
Он бөрі мен бір сырттан жұмарланып,
Баратқандай құлақты ұран жарып.
...Ақтүтекте адаспай келемін мен,

Ақ періште жолыма шырақ жағып!

ДАЛА

Бозторғай-ғұмыр төсін даланың шарлаған,
Бесін намазын балбалдар оқып сарнаған.
Бозтамақ боздақ қарлығаш байыз таба алмай,
Боз мая боздап ботасына әнін арнаған.

Бұлттары қысыр безерген шақта бедеу көк,
Бәңгі қыр өксір алдатөмпекті — безеу бет.
Бүлікшіл желі қурайға қобыз тарттырып,
Бабаурап тұрып, береді бейбақ бебеулеп.

Боз шарбы бұлттың бөз көйлегіне қан тиіп,
Бура-тауларым түргенде құлақ маңқиып—
Бат-баттар құсап қарай да бермей балтиып,
Бағы сарынның бояуын бойға қал түйіп.

Баяғы бір ән, баяны күмән бұл қырлар. —
Бағыштап барын бұлбұлдар, бетін бұрды ұлдар.
Байқағыш болсаң, баба даланың бойында
Бітіп болмайтын бір сағыныш пен бір мұң бар.

Бөкен сағымдар боз желкеніндей өлкенің,
Бұйра толқынды шағылдар — бітпес ертегім.
...Бұл дала маған ұқсап барады бір түрлі...
Болмаспын, сірә, далама тартсам мен тегін!

ДОСҚА ХАТ

Сайлауға
Сағына қарап пәк дидарыңа жүретін, досым, беу, менің,
Ажырасқалы сыр берер болды осалдау тұсы кеуденің.
Халқымның ділін,

Даңқымның құнын іздейміз бірге деуші ек қой —
Күретамырды өкініш тістеп, кеміріп жанды жеуде мұң.
Өтуде күндер,
жетуде түндер - бақтары мұңмен теңселген,

Айтысар арыз, бөлісер
парыз — көп сынды қайта көрсем мен.
Сағынышымды жеткізбек едім, көгершін - жырмен,
Ол, бірақ,

Басқаға, сірә, симайды білем – Төлеген жазған өлшемнен!
Жандағы мұңды жанарға жия, қаламнан сия таусып ем,
Жатқандай кейде жанымда менің дала айқай салып, тау сүрен.
Балапан жырым қанатын сабап жетеді ертең, ол - саған,

Тым жырақтағы түнгі бақтағы ең әнші құстың даусымен!
Жолдадым сәлем алты қаздан да,
Топтары түгел тырнадан,
Хабар жоқ. Бәлкім,

Қонып қалды ма — болып қалды ма гүлге алаң?
Еңсесі биік, Өр Алтай ұлы, көрерсің, мүмкін, сен мені,
Ең Терең құрдым - Қарағиядан
Құйын ғып қолын бұлғаған.

Бұлт басып жатқан
Өр Алтайыңның ашқайсың, досым, түндігін,
Құрдымға батқан Маңғыстауымның шығарам бір күн шынға үнін!
Алтай жақта Бабамның Жұрты бар еді —

Жетсе бұл жырым — жұртына аунатып,
Шыңға қайраған кесе сал Нұрмен - кіндігін!..
1979 күз. Акой.

АҚЫН ЖЫРЫ

Асау көңіл — шығанға оқ па атылған,
Қанжар ма әлде қынында тот басылған?!
Ақын десем, көзіме елестейді,
Жолбарыстар тайлықпай отқа атылған.

Ақындардың атағын көкке асырған,
Тірі жеткен көп талқы, көп ғасырдан —
Асыл жырдың алдында алмасың да
Жасық шығар — шыбықтай отта сынған?!

Дана Абайдан Нұр алып,
От — Қасымнан,
Тұрсам деп ем ай құсап көкке асылған...
Есігінен өлеңнің енсем деп ем,

Шаңырағы шатынап, топса сынған!..
Зауалдардан— аспанға от қасынған
Аман қалған Ақынға тек бас ұрғам. —
Жүрегінен жыр болып қан тамшылап,

Маңдайына Мөр болып Оқ басылған!..
1978 ж.

ТҰЛПАР

Бойынан аулақ қалып жай күнгі мұң,
Арғымақ ұшқалы түр, пай, дүлдүлің! —
Сәуріктер енді мұны тепкілемей,
Шоқтығын жұлмайды енді айғыр мұның.

Тепкі жеп көп жабыдан мұңданғанда,
Ұғатын дел-сал жанын кім бар маңда?!
Күшті жоқ енді бұдан бұл өмірде,
Жүйрік жоқ енді бұдан бұл жалғанда.

Арғымақ тарс ұмытты сойқанды әңгі,
Күрсініп сағым-сауыр байтал қалды.
Іштегі атауы жоқ армандарын
Аспани шабысымен айтар мәңгі.

Даланың тірі болса төбелері,
Ұмтылар қанатынан демегелі.
Ғасырлап аңсап жеткен бәйгесінен
Дәл бүгін — не өледі,

Не келеді!..
Пырақтың тұяғынан үн шығып бір
Кеткенде,
Қалды неге күрсініп қыр?..

Беу, тұлпар, қыршын-арман сапарында
Күйбеңін теуіп кетті-ау тіршіліктің!..
1979 ж.
Қарамандыбас

КҮЗ

Бетегелі бел жүдеп өктем күз кеп,
Құстар қайтып барады көктемді іздеп.
Жапырақтар-жүректер сыбырлайды:
"Сағыныштан сарғайып кеткенбіз"—деп.

Бөгет болмай құстарға тас матаулар,
Көкке қарап кісінеп, қасқа ат аунар.
Биіктіктің қызығын көрмегесін,
Аласарып қалғандай таспа таулар.

Табиғаттың теперіш, тепкісі көп,
Қасқа дала, қайтесің көп кісінеп!
...Ебелектер елбеңдеп жүгіреді
Құспен бірге ұшып-ақ кеткісі кеп.

Естілгенде мұңды әуен түзден — зарық,
Күзден күдер мен де бір үзген ғаріп.
Екі қолды шарасыз жайып көріп,
Құс соңында барамыз біздер қалып.

Сайлар қызғылт,
Қыр күрең — күз желі өпкен,
Туған жерде болған күй бізде де өткен.
...Құмыр-ғұмыр құстарда не арман бар,

Тірісінде көктемін іздеп өткен?!
1980ж

ӨЛЕҢ

Шертемін көңілімнің мың ырғағын,
Біткей деп жыр жолында құмыр-дарын.
Мендегі бұла күшпен жаңбыр қылып,
Көктемнің бұлттарынан жыр ұрладым.

Төбемнен ән-ғұмырлы құстар ағып,
Бойыма жатқан шақта күш қамалып—
Шумақтап өлеңге атып жіберемін,
Даланың шылбыр-жолын ұстап алып.

Бәріне еркін барып, еркін келем,
Жанымнан іңкәрліктің дертін көрем.
Мен жазар жырды теңдеп жетті бір күн,
Бура-бұлт шудалары желкілдеген.

Жамырап жұлдыз біткен жауды маған,
Шашу ғып қайта шашты таулы далам...
Ғажайып өлең сөйлеп кетті бір күн
Қалқаның жанарынан жаудыраған.

Жатады дүние сыры алдыма кеп,
Жанарым салмағай тек қалғып әлек.
...Қараймын тал бүршігін таңда тұрып,
Бір өлең жасырынып қалды ма деп!

Сәуір, 1980 ж.
Қарамандыбас қыстағы.

СОҒЫС МҮГЕДЕГІНІҢ ӘЗІЛІ

"Соқыр қылған жоқ, шырақ, құдай мені,
Соқырлықтың себебі былай, — деді:
Көздеріме тыққанмын көк қорғасын,
Көрмеу керек нәрселер көп болғасын!

Керең қылған жоқ, шырақ, құдай мені,
Кереңдіктің мән-жайы былай, — деді:
Тығындағам құлаққа көк қорғасын,
Ұқпау керек нәрселер көп болғасын!.."

Осыны айтып, әлдене ескерткісі
Келді қарттың.
Бейне бір кешкі өрт — түсі...
Соғыс деген — көрсоқыр,

Тас кереңнің
Көзі тірі қалған бір — Ескерткіші...

ҚҰРБЫҒА НАЗА

Тамырыңды — арнаңды ылайлап ағып,
Миыңа жүр ме, жарығым, мың ой қамалып?
Жаныңның маған дегенде тазалығына
Былай да нанып келемін,

Мұңайма налып!
"Не дауа — ауыр жолыңа?" — деп алып маған,
Кезің көп көзден отырған жоғалып ғалам.
Мен жайлы мұңды ылақтыр санаңнан, күнім,

Сәл жыми маған, жетеді,
Дем алып қалам!
Сиқырлы бегзат күлкіңмен қой-дағы жебеп,
Жүйріктігіме сене бер тойнағы бөлек.

Намысқа тиме қамым жеп,
Өз тағдырларын
Жігіттің сойы болса өзі — ойлауы керек!..
Босамай жүр ғой басым да кіл күдікті ойдан,

Салғым кеп кетед
Заманға бір бүлікті ойран —
Сұрайтын шақта ақырып — жұртыма теңдік,
Қара басымның мұңына құл қылып қойған!

Алматы, шілде,
1980 ж

ТҮНГІ ҚИЯЛ

Иелік етіп тұрғанда қара түн даламда,
Қап-қара сұлулық жайғанда қанатын ғаламға,
Сапарға шықса боз атпен бозбала-ғашық,
Тыныштық даусын шу дүние жаңа тыңдағанда.

Дейтіндей, "бейуақ жол жүрді неге осы балдырған?"
Сыбыры сылқым самалмен кеңесіп алғым бар...
Қара судағы қалғыған ұқсап аққуға,
Ақ көйлекпенен көрінсе елесің алдымнан.

Сезім кеп жетсе содан соң самалдан құраққа,
Қиялды бастап әкетсе жаңа арман жыраққа.
Ақбоз ат мені жеткізсе алып-ұшып бір,
Қара түндегі қалғыған,

Ағарған Мұратқа...
Қарықтырғанда көзімді ақ тамақ қарша,
Сезім шіркінді төзімім шаққа басқарса.
Телміре қарап содан соң бір-бірімізге,

Тұра берсек-ау тапжылмай ақ таң атқанша!..

ЖЫЛЫЛЫҚ ОТАНЫ

Менің кеудем — жылылықтың Отаны,
Түнсіз таңдар алма-кезек атады.
Алатаудың мәңгі ерімес мұз-қары
Жүрегімде еріп кетіп жатады.

Мұңға батқан қара ормандар, шынарлар
Жүрегімде айығады мұнардан.
Мынау ғажап жылылықтан нәр алып,
Күнге қолын созар сонда мың арман.

Қожа болам ғаламға деп қасқарған,
Шомбал тастан қол жинаған асқарлар —
Жылылықты алу үшін құшаққа
Қақ жарылар,

Тарс айрылар тастар да.
Ешқашанда болмаса да дәл бұлай,
Ісім менің жүрсе де әлі мандымай,
Мұның бәрі тек кеудеде болған жай,

Түнсіз таңдар кеудемде тұр қалғымай!
Менің кеудем — жылылықтың Отаны,
Түнсіз таңдар кезек-кезек атады.
...Қыс түнінде жидек қаққан

Жұлдыздар
Жүрегіме еріп түсіп жатады!
Тірлік маған жүгін артып сан батпан,
Қара түнек қаптаса да жан-жақтан —

Кеудемдегі таңдарымды қалғытпай
Кешем өмір —
Атқанынша
Мәңгі Ақ Таң!

ЖАЗДЫҢ ТҮНІ-АЙ

Айдың нұры барша әлемді сырлап бір,
Сол нұрменен сурет салды құмдақ қыр.
Қонып алып жүрегіме дәл қазір,
Бір бозторғай мігір таппай шырлап тұр.

Шілделіктер құлағыма үн ұрып,
Түнгі ауаны жұттым қанбай сіміріп.
Сері селеу құртқашашпен сырласса,
Аққан жұлдыз көздеріме шыны үгіп...

Шашылғандай дастарханға кіл тары —
Сансыз жұлдыз.
Құсжолы — ұнның ұнтағы.
Тау-шопан қыз шапақ-қырықтығымен

Ай мүйізді
Серке-бұлтты қырқады.
Құба талмен тілдескенде тұт ымдап,
Тамырымнан от жүгірді лыпылдап.

Сезімдерім,
Жарып қалсам кеудемді,
Жұлдыздардай тұрған шығар жыпырлап?!
Түнгі ғалам қанатындай тотының

Құбылғанда —
Күбірлеп жыр оқыдым.
Пәруана ғып тартуын-ай адамды,
Алыстағы қызды ауылдың отының...

Бояу жағып айтар болсақ аздап бір —
Нұрға өртеніп жатыр, міне, маздақ қыр.
Жүрек байғұс — бозторғайы шырлаған,
Көкірегімнен ұшып кете жаздап тұр...

БӘЙГІДЕ

Осы екен ғой, дариға-ай, тұлпар деген! —
Жарысты тек тұлпармен іңкәр-белең.
Құртар ма екен төзімді бойымдағы,
Бұрқанды өлең,

Кеудемді жыртар деп ем!
Кейде күліп шыққанмен сөйлеп алдан,
Неге қатал болады кейде жалған?-
Шаңын жұтып шарасыз тұрып қалдым,

Сынық қанат қасқалдақ — бейбақ арман.
Арманымнан алғаным бөлек пе едің? —
Бөлек демің, ей, тағдыр, — керек дедім.
Алмауыттың артында шаң қауып Мұң —

Келіп кетті-ай соңынан дедектегім!
...Дүлділдерін бәз дала көксеулі екен,
Көтеріліп тұрған жоқ өкшем бекер!
Бұлыңдаған сағымға мен де ендеше

Жете жаздап... жете алмай өтсем бе екен?!

ІЗ ТУРАЛЫ

Мөрлерін басып жал, құмға,
Талай да табан таптаған;
Дәл қазір менің алдымда
Із жатыр сансыз — қаптаған.

Тарихтың түнек — сілемі
Тылсымын іздің ашпайды.
Соқпаққа бұрса біреуі,
Батпаққа бірі бастайды.

Тығылған шақта ай бұлтқа
Тура бір жолды іздеп ем.
Тұрмын сан тарам айрықта,
Түсейін қайсы ізге мен?

Тұйықтан шығар жол бар ма,
Иыққа үрей асылды? —
Пері иелеген сорларға
Кете ме тығып басымды?

Кеудемде қаздай шулаған,
Сұрақтар жатыр жауапсыз.
Із сырын оқып тумаған
Жан едім неткен сауатсыз?!

Жә, жетер!
Тұрмын жүргелі,
Жырақта әлсіз жануда от.
Қозғалу керек ілгері,

Бір ізде тұрып қалу жоқ!
Тамырын басып түнгі іздің,
Бағымды сынар келді рет.
Аспандағы аққан жұлдыздың

Алайын жолын белгілеп...
Туады ізден бәрі де,
Шығады содан жол ағып.
Қиялың жетпес әріге

Апарады іздер жаңалық.
Салса ізін ертең алтын күн
Алтын гүл өскен бағыма —
Жетейін деп ем

Халқымның
Жырменен жаны, жадына...
Емес қой ізге жарлы дүз,
Жер барда жатар тепкі жеп:

Бұл ғаламдағы барлық із
Айналсын жолға деп тілеп!..

СЕРГЕЙ ЕСЕНИНГЕ

"...Что касается остальных биографических сведений, —
они в моих стихах "
С. Есенин
Бұлтты шөптей оратын

Ай — Тәңірдің орағы...
Тәңіртекі, өр ақын,
Жұлдыз-Даңқың жоғары.
Орақ-жүрек сынғанда

Қайғы-бұлтты оратын —
Ащы шабыт буғанда
Шақырды арбап мола... түн.
Құрым сабан басыңа

Қара қайғы тұрды ұйып, —
Құрбы қыздар — ашына
Қарамайды — бір күйік.
Нұр тамызбай мұзыңа

Париждің кештері,
Күншығыстың қызы да
Пәрәнжісін шешпеді.
Барсаң жұртты қабақта

Жұдырықпен тергедің.
Көк аспанға талақтай
Жұлдыз-жырды Зерледің.
Мен де сенше бүлдіргем,

Мен де сенше ұрынғам...
Мұның бәрін білдім мен
Ғұмырбаян—жырыңнан...
Кешегілер бас ұрған,

Бүгін сені ұқпады.
"Қара кісі" қасыңнан
Әй, шықпады-ау, шықпады.
Пенделердің асыл жыр

Болды кейде ермегі.
Кейде халық басынды
Сабан ғұрлы көрмеді.
Сырын ұқпай дәуірдің,

Мұңын ұқты жыр — азаң.
Рязань деп ауырдың,
Ауырды ма Рязань?
Тірлік саған сезілді

Көк бет қатын көзіндей.
Көрмегің кеп, көзіңді
Жұмып алдың — безу ғой!
Ақынды жұрт әлпештеп

Өтсін деп ең — болмады;
Күн боп батты әр кеште
Өлеңіңнің жолдары...
Мен де сенше бүлдіргем,

Мен де сенше ұрынғам...
Мұның бәрін білдім мен
Өмірбаян — жырыңнан...
"Сергей, Сергей, Сергей!" — деп,

Мен де енді өлең арнаймын...
Өлмеу үшін сендей боп,
Кабактарға... бармаймын!..
...Осылай бір жырлап ем

Сонау балғын шағымда.
Сәби сезім — сырлы әуен
Сіңіп кетті сағымға.
Қыршын ақын... тірі елес

Түске енесің бірауық. —
Жазғы күндей — күлегеш,
Күзгі бұлттай — жылауық.
Алды жылдар еркімді,

Қалды адыра ой-арман.
Сонда берген сертімді
Орындадым дей алман.
Дәмін кейін шараптың

Таттық. —
Жиып әрең ес.
Кабак түгіл — абақтың
Бізге бүгін таң емес!

Жан шеңгелдеп кәззап мұң,
Тырнақтарын жазды өктем...
Ресейден — қазақтың
Қасіреті аз деп пе ең?!

Кәрін төгіп нашарға
Билейді елді — батасыз.
Атасыз құл қашанда,
Отанына опасыз!..

Дәнеңе жоқ ойымда,
Кеттім талай көкіп тым.
Отансыздар тойында
Бөсіп өлең оқыппын.

Бас қойыппын шөлдеп кеп,
Ер құйғасын ел сенген. —
У — Зәһарға мелдектеп,
Баттым боққа белшемнен.

Жырғап –
Жүзден өпсе сұм,
Жаттым талай тыраңдап —
Жын жайлаған бөксесін

Жезөкшеге жыр арнап.
Арманды іздеп жоғалған,
Өзегімде асқынды от.
Жеркенгенде солардан,

Кабактарға қаштым көп.
Бере ме опа-қайғы ерге! —
"Ем", — деп құйды у кей залым.
Менің де енді қай жерде

Өлетінім беймәлім.
Сергей, Сергей, о, Сергей —
Мен де ынтықпын молаға.
Әуел баста, десең ғой:

"Бұл пәлеге жолама!"
Таба алмай жүр қан қорек,
Айтпай кеттің неге, ерім:
Туып ақын әр бөлек,

Бір өліммен өлерін?!

АРБАСУ

Қылығыңмен қытықтап,
күлім қағып,
Алардай-ақ ақынның жынын қағып,
Өртемек боп жанымды,

Осы кеште
Отырсың-ау бекерге тынымды алып!
Балаусасың шыққан бір ерте көктеп,
Қимылдасаң кетесің еркелеп тек.

Арынымен, сезімнің жалынымен
Жақындайсың,
Жандырып, өртемек боп.
Насырыма қайтесің тиіп, қарғам,

Тиіспеші! —
Мұңым бар иық талған.
Жандырам деп жанымды әуре болма,
Әлдеқашан ол байғұс күйіп қалған!..

* * *
Қыз едің керім
Сен деген —
Тағдырың жалқы сый берген.

Жердегі барлық пендеге
Биіктен қарап үйренген.
Жаутаңдап тұнық жанарым,
Көз салғам саған,

Құдірет! —
Биіктен маған қарадың
Жердегілердің бірі деп.
Омыратындай омырға

Менде бар күйік, менде — шер.
Қосылып қалың тобырға
Болмаспын, сірә, жермешел!
Өшірем енді сезімді

Кигізген маған от-көйлек...
Армандап едім өзіңді,
Арманнан биік жоқ қой деп!..
Пәк арман болып бар әнім,

Кетемін көкке таратып.
Жарқ етер жұлдыз-жанарым,
Төбеңнен ағып баратып!..

КҮЗГІ ТҮН КӨРІНІСТЕРІ

Көтерілген қамырдай
Дөң — бұрын да ойшыл-ды.
Қаңқа-қаңқа адырды-ай —
Қасқыр тартқан қой сынды.

Ақтарылған айрандай
Бұлтты
арай шарпыды.
Алтынменен шайғандай

Айдың да оңған жалтылы.
Тулақ-жерді қақты кім,
Селдір тұман шаңытқан.
...Жұлдыздар да тап бүгін

Көз қысудан жалыққан.
Қойшы-жел жүр бұлтты айдап,
Теңізден бұлт су ішіп...
Шөп басында шық қайнап,

Жатыр көкке буы ұшып.
Жапырақты шаш дей ме? —
Шаштараз-күз аластар.
Шақырылған әскерге

Жігіт сынды ағаштар...
Көкіректе жетім мұң,
Ел көшкендей шулы айдын.
Өлең жазып отырмын

Әуеніне қурайдың.
"Қоштасу" боп ән аты
Қабысады өлеңмен.
Қайтқан құстың қанаты

Сусындайды төбемнен.
Қолын бұлғап ерке бақ,
Барады аққу, қаз қайтып—
Біздің әнді ертең-ақ

Жеткізуге жазға айтып...

ТАҢҒЫ ТАБЫСУ

Жүр, сәулем, қозғалайық, таң білінді,
Жетті ертіп періштелер мәңгі күнді...
Сен сонда жылап жаттың,
Дала-кеудем

Сімірді сімірудей жаңбырыңды.
Мәңгі күн ақ арайға шықты ілесіп,
Ұлы жер тербелгендей — құтты бесік.
Өткінші түнде жауған шөпке тұнып,

Екеуміз кеттік сосын шықты кешіп...
Рәйіс — сол бір тәтті кез есімде,
Шаттықтың шарап толған көзесінде.
Ерніңді жан сүймеген

Бірінші — мен,
Күн сүйді содан кейін — сезесің бе?!
Түседі сол түн еске бақты көрсем,
Сондағы сезімдерге ақ түн өлшем.

Атқанда күн шығыстан үлбіреп таң,
Үлбіреп күліп келе жаттың-ау сен!..

Т.АЙБЕРГЕНОВ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

1 -өлең
Ойы — өзен,
арманы—шың,
қиялы — құм,

Әлемге сан ұшқынын құяды күн.
Төлеген—шашыраған бір ұшқыны
Тұлпардың тасқа тиген тұяғының.
Ғашыққа сезімдей-ақ мықты айтылған,

Албырап сәуле төгіп шықты Ай қырдан.
Мұхит та, теңіз де емес
Айбергенов —
Көктемгі бәйшешекке шық қой тұнған...

Болашақ мәресіне арғымақ-ән
Барады құстай ұшып,
Қалғыма, Маң!
Көзімен Төлегеннің болашаққа

Қарар ма ед жалғыз сәтке барлық адам?!
Сыңсыған сағыныштың пернелерін
Тап басқан күйші-ғұмыр сол,— деді Елім..
Қайтадан Тәңір мені жаратса егер,

Төлеген сағынышын бер дер едім...
Келтірер таң нұры еді тау шырайын,
Келтірер ақ самал-тын таң шырайын.
...Арман не ағып өтсең,

Жаз түнінде
Аспаннан тамған жұлдыз-тамшыдайын!.
2-өлең
Ей, аға желдірген жол пырақ па едің?

Әлде сен—сөндірген жел шырақ па едің?!
Әлде сен жұмбақ сырын шештірмейтін
Тым қиын—ғасыр қойған сұрақ па едің?
Жұмбақсың! —

Шешсем шештім оннан бірін,
Шеше алмай таңданды тау, толғанды гүл.
Жұмбақсың! —
Жырларыңнан сезіледі

Бір сәтке жүрегіңе қонған діріл.
Еліне Келешектің батыл ауған,
Қайыл ғап мұрапаңа жатыр-ау маң.
Шулайды Бесқарағай — ормандарың,

Тулайды армандарың Атыраудан.
Маңғыстау! — Көкірегі жұмақ әлем,
Сырласқан кезіңді айтып Мұнарамен,
Шұбырып езуінен жұлдыз ағып,

Кірпігін таң алдында жұмады әрең...
«Кеш тудым, көрмедім деп мен өзіңді» —
Өртейді ащы өкініш өзегімді.
Қолыңда болмадым деп көзе-ғұрлы,

Жүректің мұңын жас қып көз еміп жүр,—
Көрдім мен қазір сені,
Тек орныңа
Өлеңің қабылдайды "кезегімді".

Кешегің Бүгініңе ауысуда,
Бүгінің Ертеңіңмен қауышуда.
Мәңгілік сенің жырың жаңғырады
Шырлаған Бозторғайлар дауысында...

Оу, аға!
Бірі емеспін кеп кезбенің! —
Байтақтың сенше сүйем көк көз көлін.
Сен құсап жыр-ошақтан шоқ көздедім.

(Салмағын Арманымның шек, Безбенім!)
...Шырлаймын Бозторғайдай таң алдында —
Бейне бір тірілгендей от кездерің!
Бейне бір тірілгендей жоқ кездерің!..

1979-1980 жылдар

БАБАЛАР ҚАЗҒАН ҮҢГІРДЕ

Келіп тұрмын қара үңгірге, ертегілер еліне.
Бір тылсым жел соқты үңгірден — айдаһардың демі ме
Онда неге лебімен мені өзіне тартпайды,
Батыр бабам күзеттіріп кетті ме әлде Періге!?

Ішке енуге сескенемін, қарай берем көз тырнап,
Демім шықпай қалғандай ма, ауыздағы сөз тұрмақ?
Саңылаудан енген ішке күн сәулесі екен ғой,
Шошып едім әлі тірі жатыр ма деп Жезтырнақ?!

Байыз таппай кейін қарай тартуын-ай жүректің,
Жоқ қой бізде бабалардың бойындағы дүр екпін.
Мен қанағат табар едім, батыр бабам ұстаған
Қылыш емес, табылса егер бір сынығы күректің...

Бағы Заман—қара үңгірдей құпиясы қатталған. —
Құпиямен тілдесуге тайсақтайды көп талғам.
Үңгірлерге үңілемін кітапхана — тауға кеп,
Делқұлылау тарихшыдай архивті ақтарған...

Біз ұқпайтын ғажап жатыр, азап жатыр бұл манда,
Ажал жатыр көрін қазып, келесі бір құрбанға!
...Көкірегімнің қуысынан бір тылсым жел соғады,
Тауларымның үңгірлері үңірейіп тұрғанда!..

ЖЕР

Жұмыр жер десе, Түнектің сібірлер таңы,
Жұмыр жер десе, Жүрек-тіл күбірлер тағы.
Ол болса мәңгі жолымен маңып барады,
Күні мен түні алмасқан, іңір мен таңы.

Ағып барады әлемде... шөкімдей көрік,
Осы жорығы мызғымас ниетіндей берік.
Барады кетіп қара Жер бетінен қайтпай,
Көп таяқ жеген зәңгінің бетіндей болып.

Өң бергісі кеп әлемге, дем бергісі кеп,
Көкірегінде көлдер кісінеп,
Біресе ол жақ, біресе бұл жағын тосып
Күнге қыздырады, жарадан емделгісі кеп...

Жер жайлы мен де бүгінде мұңданар ұл ем,
Бірақ мен қазір бойға өзге жыр-жарақ ілем:
Жердің бетінде қалт еткен Құбылыс болса,
Тұрады бағып Ұлы Әлем — Күн-жанарымен!

Қасірет жайлы бір кезде тозар мұндар ой,
Көтерер сансыз қалалар тозаң қырда бой.
...Жерде ешбір үлкен қылмыстар жол ала алмайды,
Себебі Ол Құдай-ғаламның көз алдында ғой!..

Қияннан қылаң береді жер Сүлдесі — егіз,
Сол Сүлде сепкен Ақ Нұрға толсын кесеңіз.
Таң — Шұғыла мен Кешкі Шапаққа шомылсын
Жерім- Көздері түзу Құдайдың болсын десеңіз!..

1980 ж

ДАЛАМЕН СЫРЛАСУ

...Сыпсың, сыпсың, қайтсін – ай, сыйқымды алмай,
Ұйқым қанбай мен жүрмін, ұйқым қанбай.
Мен далаға асығам, сол далада
Сыпсыңдардан құтқарар сиқыр бардай ...

Сары аурудай маңайдың сары бәрі,
Сары ойларым санамда сарығады.
Күлдір - күлдір күрең тай кісінесе,
Бұлдыр, былдыр күндерді сағынамын.

Сан сындырған сағымды сары күз ғой,
Жатыр екен сары дала сарын үзбей.
Сыпсың - сыпсың жел сөйлеп кетті алдымнан,
Шағыл іздей келіп ем,

Сағым іздей.
Жүрген сынды кілең жын шандақ шашып.
Маңайымды шоламын, аңдап басып.
Ада болып барынан,

Бара жатыр
Топырағын талақ қып қаңбақ қашып.
Өртеп кеткен жасылын тандыр — аптап
Жәдігөй шөп жел жырын алды жаттап.

Қара тастың бас ұрып аяғына,
Сыпсыңдайды бұталар сандырақтап ...
Қайран Далам, Мендегі ұқшы мұңды,
Ұқ сырымды, Жаным бар тіксінулі –

Сенен мейір дәметіп келгенімде,
Қоя тұрсаң қайтеді сыпсыңыңды ...
1980 ж. Жетібай.

ҚҰДАЙ ТУРАЛЫ ЖЫР

Құдай, сені жоқ деп жүр ғой адамдар,
Құдай, сені жоқ деп жүр ғой надандар
Жұдырықтай жердің тұрғындарына
Барлығыңды дәлелдеуге шамаң бар.

Талтаңдаған сан миллиард кеудені,
Төресінген топастарды төрдегі —
Тәнті қылшы;
Хақтығыңды дәлелдеп,

Тас - талқан ғып хайуандарды жердегі.
Ол үшін де қажет Сенің күлуің,
Мазақ қылып көрбақтардың қылығын.
Жалғыз сәтке пайда бол да аспанда

Қарқылдап бір күлші, Құдай — Ұлығым!
Басқа құл да,
Өзі ғана тектідей
Төбесімен жүргендерге көк тірей;

"Кісің - мен!" — деп,
Ісінген көп мешінге
Қарқылдап бір күлер кезің жетті ғой!
Күлші, Құдай!

Соған Күн мен Ай құштар,
Ай, Күнге де тор — тұзағын жайды іштар.
"Бір - бір құдай санап жүрген өздерін"
"А, Құдайлап" өліп кетсін байғұстар.

Сөйлегін жердегі бар не тілде,
Бір рет күл, жоқ болып кет, өкінбе.
Сен күлгенде өлмей қалған
Адамдар —

Өмір сүрсін сорлы Жердің бетінде!..
13.01.1982ж. Алматы

СҮЙІНҒАРА БАТЫРДЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Сүйекем сапар шекті сексен бесте.
Абыл ақын.

Әлқисса, ғұмыр бойы халқының дұшпандарымен алысып келіп, 85 жасында ақырет сауытын киініп, төсек тартып жатқан Сүйінғараның сөзін көнегөздер бізге де жеткізді:

Тағы жау шапты жеріме,
Түбекке симас күллі адай.
Тыныштық бермей еліме
Тіміскі жаттың қылғаны - ай.

Маңғыстау мекен — көп елге
Озалдан торын жайды азап. —
Сүйекем келді дегенде
Сүйінбеуші еді қай қазақ?!

Күндерде өткен мақам көп,
Қандайлығымнан бір белгі:
Исатай менен Махамбет,
Ағалап мені жүрген-ді.

"Ұран от"' түнде жағылса
Бермеуші ек жауға қалай да ар. —
Ту түбінен бірге табылса:
Ер Қармыс, Төлеп, Шабайлар.

Жыр болған Абыл ақынға,
Жырланар алғы таңда да әр;
Алаштан асқан батырға
Ұлыстың ұлы таң қалар.

"Қатпастың қара сорында"
Қағынды тиіп қауымға,
Құлбарақ батыр соңымда —
Қайтарғам кегін бауырға.

Аз жұрттың жүйрік, жорғасын
Аудардым бөтен тақымнан.
Ормандай елдің ордасын
Хабардар қылдым атымнан ...

Тәңірім тағы от берсе,
Өртенер алда көп қорған. —
Қараның ері кектенсе,
Хандардың басы доп болған.

Аласат — айқас алда тұр,
Асылын жаудың тұл етем! —
Атаңа некес Аллақұл
"Алласын" білмей жүр екен!.

Қапыда қанша кетті есе,
Сұраймын теңдік ақырып.
Патшаға әлім жетпесе,
Ханыңды өлем жапырып.

Жалмауыз жайынды үркітіп,
Дауылды күні ұштым мен.
Теңіздің делі бүркіті —
Қарқуар деген құспын мен.

Баяғы кезім елестеп
Аттанам, білек күшінде!
Адайдың ары емес тек,
Қазақтың қамы үшін де ...

Бар арман: қанат - құйрығым,
"Көре алмай барам мен бүгін. —
Исаның айтар билігін,
Досанның жасар ерлігін"...

Ойлап па еді елім, өр еңсе
Көр — інге басын тығар деп. —
Алмапты Тәңір: Сен өлсең
Халқыңның белі сынар деп!..

Сисемге жетер жол қалды,
Ісімді ұрпақ тергей көр. —
Тірлікте төрде болғанды
Өлгенде өрге жерлейді ел.

Қызығын қимай жалғанның,
Шыжығын берген өмір-ой.
Арманы ерек жандардың,
Таңдауы бөлек еді ғой. —

Алысып батыр өлмесе,
Алма-ғын тілді ей, Түмен! —
Айқасып өттім, ендеше
Айқаста өлсем дейтін ем ...

Аурумен ойнап қақпақыл,
Ақырғы мәрте оқ кезеп;
Алжасып жатқан қарт батыр
АЖАЛМЕН шықты жекпе - жек.

... Айқаста батыр өлген күн
Болмапты ой елде бөтендей:
Ел үшін туған Ерлердің
Тілегі қабыл екен ғой!..

Қосылам енді мен де елге,
Қаныма қалам батырам. —
Ел үшін өлген Ерлерге
Дұға еді бұл да оқыған ...

Алысып кірді ер бейітке. —
Мерт болушы еді кім бұлай?!
Ажалдан өлген — Шейітке
Дұғамды қабыл қыл, Құдай!..

05.05.1982ж. Алматы.

НЫҒЫМЕТ ШАЛ

Келген жан босағадан аттаса еппен,
Қақ төрде жамылып ап қақпа шекпен;
Жастыққа қызыл - ала жантайған шал
Бейне бір қыш құмандай шоққа шөккен.

Бұл үйде күй — дуалы, ән — дұғалы,
Боздатып бауыры бұлақ домбыраны;
Шөліркеп саумал іздеп енгенінде
Шал сазы мейіріңді қандырады.

Бірленіп жадау көңіл әрі - сәрі,
Түрленіп айналаңда сән ұшады.
Жиналған маңайына дүйім халық
Шай толы шыны аяқтай қағысады.

Жинаған жыр — жиһазды сарайы кең,
Әжім жүз — тағдырды айтар талайы кем. —
... Жарылып кетпесін деп қыш құманды
Зергерлер құрсаулайтын қалайымен.

Кей - кейде көрісуді мұрат қылып
Келсең сен,
қаупін айтар жылап тұрып:
"Көз жұмсам — ұл - келіндер домбырамды

Далаға тастар ма, деп, лақтырып?!"...

Ырсиып көгі кеткен керегесі,
Үзілген боз үйінің дөдегесі.
Жатады есі кетіп асық ойнап,
Жез көзді, без бәденді немересі.

"Осынау ұрпақ үшін гүл ататын,
Таттап ек, дейді, тірлік рахатын".
... Қуантқан дүйім жұртын
қариямды

Қиналам сөз таба алмай жұбататын
05.08.1983ж.

ШАЛДАРДЫ САҒЫНУ

Әруағыңнан айналдым, ұлы шалдар,
Өздерің жоқ, сөздерің — тірі шалдар;
Сонау жылы бір ақыл айтып еңдер:
"Ақыл сырын, ұланым, дұрыс аңғар. —

Кезде де осы жыр тілі күрмелмеген,
Қиын сынды келісу күнде елменен.
Өлеңшалық болдың сен қайдан ғана —
Басқа пәле, шырағым, тілден деген?!

Талапты ерге іс көп қой жүз амалды,
Тізіп санап қайтеміз біз оларды.
Қалыңды ойлап қабынбай, қарын байлап
Талай бала тірлігін түзеп алды...

Нұрым, Ақтан — пенде боп тақ - тұққа олар,
Зарлы Аралбай айтыпты ақтық хабар ...
Пірлі арманнан не пайда, пұл болмаса
Жыр ақыры, қарағым, жоқтық болар.

Шықсаң - дағы күн болып қасқа белден,
Бақ көрмедік өлеңнен басқа келген.
Маңғыстаудың қара ойын жырмен қырған
Ізбас атты нағашың аштан өлген!.."

Ақындықпен арманым өлшенерде,
Поэзия аулына жол шегерде —
Тап осылай деп еңдер,
Қояр ем ғой

Өлең жазбау қолымнан келсе егер де.
"Күйді екен, деп, шалдардың неге жаны?" –
Самсаған ой тұтқынға мені алады.
Бір сөзіңді екі етіп көрген жоқ ем,

Сол тілекті ақтамай келем әлі.
"Шайырлықтан таппассың ырысты, ұлым,
Тірелмейді өлеңге шын іс бүгін..." —
деп едіңдер,

Мойындап қалам кейде
Сол ақылдың шынымен дұрыстығын ...
17.11.1982ж. Алматы.

ШАЛДАРДЫ САҒЫНУ – ІІ

Жетелеп жолдың торабы,
Маңғыстау жаққа барсаңдар. —
Құдайдай күтіп алады,
Ақ шұнақ шалдар, сары шалдар.

"Жеті жұрт көшкен жерленбей", —
Маңғыстау осы дейін мен ...
Сен жаққа Қызыр көргендей
Қарайды шалдар бейілмен.

Сойғызып бағылан қозыны
Босайды сосын жан - жүйе.
Аяттарының созымы —
"Үш жүз де алпыс әулие..."

Болмасаң, бауырым, сөзге олақ
Жатырқар дейсің ол кімді? —
Өкпелей көрме, қазбалап
Тергесе арғы — бергіңді.

Мәшһурат — кеңес құрарға
Жинайды ол бастас бар шалын.
Кезінде шыққан ұранға —
Еліңнің сен де айт жайсаңын.

Есіне өткен кезді алса,
Аруана - қарттар боздайды.
Жетпеген бізге сөз болса —
Жеті атасынан қозғайды.

Желбіреп күміс сақалы
Сайрайды Абыз Атадай.
Ширылып шыққан мақалы —
Алшы боп түскен сақадай.

Ой салып қапы тұстарға,
Бағыштар небір ерге өлең. –
Жалмауға келген дұшпанға
Ақырып қылыш сермеген.

Соғыстың ізін көптеген
Нұсқар ол, әлі өшпеген. —
"Бұл жерден кімдер өтпеген,
Басынан нелер кешпеген"...

Тербейді кенет көңілін
Жыр, күйі екі Абылдың ...
Отырар жаңа нөмірін
Парақтап "Жұлдыз", "Жалынның".

Жандарын алма жүдетіп,
Оқи біл — тірі хаттарды.
Жатады қайта түлетіп —
Қашаған, Нұрым, Ақтанды.

Болғандай бейне қасында
Бедерлеп тарих өрнегін —
Бәленшекемнің асында
Бәйгіден қай ат келгенін;

Айтады бәрін аңыз ғып,
Кімдерді кімнің жыққанын;
Мәйегін сөздің ағызып
Қай бидің қалай ұтқанын.

Жыр мен күй жетер ертіп ән,
Жарқ етер мида ғайып хал. —
Ақшора менен Белтұран,
Ақбөбек пенен Қайыптар!..

Көңілдің көгін кезсе мұң —
Кезеңді еске ап үрейлі;
Мәтжаннан өтіп,
Сөз соңын

Тобаниязға тірейді ...
Ексіміне еріп кей заңның,
Батасын бөліп жүрме тек. —
"Оңдай гөр, жолын мейманның,

Қолдай гөр, дейді, Пір Бекет!.."
Аттанар шақта, күбірлеп
Кеудеңе сенің төс басып:
"Жақсы атың шыққай, ұлым", — деп,

Қалады қимай қоштасып ...
Жетектеп жолдың торабы,
Маңғыстау жаққа барсаңдар. —
Құдайдай күтіп алады

Қара шалдар мен сары шалдар ...
Өртемей мені тынбас - ты,
Сағыныш өрті — ұлы алау.
Қиырда жүрген кіл жақсы

Азайып қалған шығар - ау.
Кеттім мен неге қасыңнан? —
Жыраққа жылдар сүйреді - ау.
Назырқап барсам басымнан

Сипайтын шалдар сиреді - ау.
Барады кеміп біртіндеп
Кеуделер — шыққан саз аңқып.
"Жабы боп кетер жұртым", — деп,

Жандарын жүрген тазартып.
Шалдарды жоқтап жас тамды
Торыққан, тозған жүйкемнен. —
Төлежіп кеткен Аспанды

Төбелерімен итерген...
25.05.1982. Алматы

БЕЛБЕУ

"Байтаба белбеу орамай,
Кәнеки, шыққан ұшпағың?
Деңмент белбеуге қарамай,
Ұстаған қайсы пұшпағың?

Бабаңның ұғын арманын,
Жоғалтпа, — дедім, — сырт күлер
(... Белбеудің қайда қалғанын
Бүгінде сары жұрт білер.)

Есі бар іні тыңдайды
Ағаның айтқан ақылын.
Есуас іні қыңбайды,
Тәйт! — деуге жетпес батылың.

Заманың Жаңа.
Не қылсаң
Өзің біл! —
Киме бөз көйлек.

Белбеуді қайтер тағынсаң,
Бабамды көрген көз ғой деп.
Атадан қалған ақ таяқ —
Қадірін білсең мүліктей.

Белбеуді, тіпті, тақпай - ақ,
Тұсыңа ал да іліп қой!
Өкпек жел қармап бүйірін,
Жүргенде маңып жоқ қарап —

Соққан-ды бабаң иінін
Сом күміспенен соқталап.
Көненің көзі құртары, —
Әйлеңкес, нәйлу, есер көп.

Қалдырмап па еді, ұрпағым
Бос белбеу болып өсер деп?!" —
Осылай кәрін тікті ағам,
Көп сөзді қозғап көнеден.

Сол кезде түкті ұқпаған
Түйсіксіз едім не деген?!.
Ағамның кейпі қынжылған
Соққанда сонша салмақпен —

Үзілгір менің ұнжырғам,
Үзіліп кетпей қалды, әттең!..
Түсімде —
Жұртта жиырылып

Қалған сол белбеу соқталы,
Сарыүйек жыланша иіріліп,
Жүреді ылғи шаққалы ...
1986ж.

* * *
Маңғыстау елі — ғұрыпты,
Мақамы сіңген негізге.
Мені алғаш шомылдырыпты

Маржанды түпсіз теңізге.
Бастырып қаз - қаз жүргізді,
Бапкерім небір бар екен.
Сипады талай маңдайдан

Саһада, абыз бабалар ...
Сырларын шертті әр жайдан
Сыбырлап апа, ағалар.
Санатқа қосып төтеннен,

Сан тарау жолдар ақты алдан.
Сағымды атамекеннен
Сапарға алғаш аттанғам.
Аспаққа арман құзынан

Астана жаққа келгенде. —
Аралдың асқақ қызына
Арзу боп қаппын мен демде.
Талапқа талғам — әр қосқан

Толғадым жырды қалқаға;
Таптым мен әзіз сан достар:
Торғайдан, Алтай, Арқадан.
Жайнаған жаздай күйдірген

Жақыным көрдім бәрін мен.
Жақынның бәрін сүйдім мен
Жалынмен, әппақ арыммен.
Ұстарды тілім, ұшталды,

Ұстаз көп жанға гүл еккен. —
Ұнатам Қазақстанды,
Ұл-қызын сүйген жүрекпен!..
15.04.1983ж. Алматы

ҚАНСОНАР

Бүгін сонар.
Қардың беті кілең із,
Аң қағуға аттанамыз, міне, біз.
Жемелегі желге ойнаған көрші қыз,

"Қанжығаңыз қандансын!" — деп тілеңіз ...
Сол баяғы ертектегі қарғалар
Әлі күнге қар бетімен жорғалар.
Қасқыр ізі, қарсақ ізі, түлкі ізі,

Молдаторғай, шіл мен қоян — ол да бар.
Қызыл тазы ізге түссе жаңылмай,
Көз жанарың жоталарға соғылғай —
"Қанжығаңыз қандансын!" — деп тілеп ап,

Сырт айналған сылқым қыздың жонындай.
Тұлпарлардың тұяғына жұтылып
Жер жатқанда,
Кім кетеді құтылып?!

Аңға деген құмарлығың қызға ауып,
Кешке жақын оралармыз құтырып.
Бұл Заманның біз едік қой серісі,
Болса - дағы әлгі қыздың перісі —

Түлкі-білек мойнын орап ел жата,
Алқымынан алар қасқыр терісі ...
1984ж.

АЛАГӨЗ АТТЫ ҚОСҚАНДА

1 - өлең
Шаңқан боз атқа сал жабу,
Ойтаңға үй тік көгалды.
Бәйгіге бапсыз барғаны

Шын жүйрік үшін обал-ды.
Армансыз шықсын суы бір,
Жоғалсын ағып кермек тер.
Тұлпарды

Ерек туымы —
Аямай сынар өр, бөктер.
Қосылып ұшсын шаңға бу,
Бермейік қолдан арды өлсең ...

Еңсесін езген ақ жабу
Қанат боп кетсін сәлден соң.
Мүсіні малдан бөлек бұл,
Атылғалы тұр барысша.

Аңдыспай озса керек-ті,
Мың атпен салса жарысқа ...
Құбыла жаққа жай кілем,
Жүйріктен бір сыр тартар көз! —

Мен келмей жүрген бәйгіден
Келіп қап жүрер шаңқан боз ...
01.08.1981ж. Алматы
2 – өлең

Келді ғой бабың, Алагөз,
Бақ па әлде сор ма жолында?
Көсілші, шіркін!
Тәмәм ез

Күңкілдеп қалсын соңында.
Аяққа түспес жарақат,
Шашаңды шаң да шалмас, ә?
"Көк байтал" қосқан Барақат

Әруағы мені қолдаса!
Сезігін кеудем басты әрең,
Тап бүгін бөгет болмас, ә?
Қу Қосжан " қосқан "Тас жирен"

Әруағы сені қолдаса!..
Қарт сейіс көзге жас алды,
Қонғанда саған жас ақын ...
Шабысың есте асауды

Албасты құсап басатын.
Көк жона тоқым, сүйек ер,
Көк мойнақ, саған жарасты.
Күйелі ер менен киелі ел

Қайыл қап бізге қарасты.
Тағы бір сыншы: "ат осы"... —
деп қалды теріңді ұш бұрап. —
«Алмауыт еді атасы,

Жылқы емес мынау, құс, бірақ ...
Суыннан туған секілді
Қарашы тұрқын кәпірдің!» —
Дегенде сұм шал

не түрлі
Ойларға кетіп аһ ұрдым.
Көзінің сұғын қадаған
Табылар талай мыстандар. —

Есте ұста, бозым, қал аман —
Досың бар жерде дұшпан бар.
Ал кеттік, кәне, тұяғың
Тышқанның керін таптасын! —

Озу да жаман, зиялым,
Озбаудан құдай сақтасын!..
08.03.1983ж. Алматы.
3 - өлең

Батасы қабыл бабадан алып мың сабақ,
Алагөз атты өре киізбен тұмшалап;
Алты қанат үйдің ішіне отты жақтырып,
Қақ қылып жерді қамау тер алдым сын сағат.

Алғауы кетіп тұлпардың бойы жеңілген.
Ағызып терін азапқа салған жерімнен,
Ақ жабуменен аршындап шыққан ақ боз ат
Айдыннан ұшқан аққудай болып көрінген.

Алагөз тұлпар сол түні әбден асып таң,
Қос уыс жем жеп, саумалды жұтқан қос ұрттам.
Кеу - кеулеп желген кілең сейіске ілесіп,
Ертесін мен де тойлы ауыл жаққа асыққам.

Алқалы топқа арындай басып ендім мен,
Арманға мінген ақынды танып ел білген.
Алагөзімнің сыпырған сәтте жабуын,
Ат танитындар ару көргендей телмірген.

Буына тойдың мас болып, балқып жатты алап,
Шеки де басқан ақбозым бейне ақ парақ ...
Жіберді - ай кенет, барлығы бірдей кісінеп
Алагөз атқа қаптаған күлік жалт қарап.

Берілген шақта жұлқынған кілең атқа ерік —
Ақ жасын ақты, мысалы, бұлтты қақ бөліп.
... Мәреден өте мертікті, дүние-ай, пырағым,
Дұшпанның сұғы, тышқанның іні тап келіп.

Қаралы тойым тарады. Көңіл жаралы ...
Мен қатысатын аламан бәйгі бар әлі. —
Астана жаққа аттанып кеттім тойдан соң,
... Ақынның бәрін бір жалт қаратсам жарады ...

Сәуір, 1983ж. Алматы.

КАБАКТАҒЫ ЖЫР

Қайратқа
Ақын досым, құйшы шарап, сыраңнан –
Тұншығайық, бір шығайық құмардан.
Көк түтіннің көзге жағып бояуын,

Қақсын қанат — қауырсыны кір арман.
Бұ жалғанда уын беріп, пұл алған,
Көзіңді — жас, ерініңді шылар қан.
Қан шарапқа қанбай қалай шыдар жан?!

Келші, бүгін мас болайық, тап шыным,
Жанды ұғарлық сендей досқа тапшымын.
Жыр оқиық, дүр сілкінтіп кабакты,
Сен де бақсы, сенен де өткен бақсымын.

Жезөкшенің бізге қарап мөлиген
Күлсалғыштай көздеріне қақ шылым.
Күркіреп бір тілдің тінін шешкенде,
Бізге жақын келмей қалар еш пенде.

Ұмытылар қызып кетіп бөскенде,
Сұлу қыздан қарызға алған бес теңге.
Қарыз алып қайыр берер дәруіш —
Сенен өзге қалмады ғой дос менде.

Аяр уды қанға құйып, ал, балқы! —
Жырың — жетім, мұңың — жесір,
жан — жалқы.
Кабактардың тұманында адасқан

Ақындардың біз емеспіз алды - арты. —
Бұл еденде сіңіп қалған: Есенин,
Блоктардың тағасының бар даңқы.
Құйшы, кәне, қайда күрең Ажалым? —

Сау кезінде жырды ұрмайды қазағың.
Қыздырайық маскүнемдер базарын.
Өлең қылып салдақының ажарын,
Біз бұрайық Алматының назарын.

Құйшы, кәне, қайда күрең Ажалым?!
Астанамыз бауыр басып өгейді,
Неге бізді өз ұлымсың демейді?..
Күл - бұлттармен бітеп қойып көмейді,

Неге Алатау тамағын құр кенейді?
"Біздің қала көтермейді көп ойды,
Алып кетер ..." — деймісің сен, е, мейлі!
Алып кетсе ана жаққа жалдап кіл —

Жырға ие бол, пәтеріме жалдап кір.
... Жұлдыздарын тауысқанда жалмап түн -
Түннің шашын жұлар, бәлкім, талдап күн
Гүл жанышқан тұяғындай балдақтың,

Жүрегімді езуін-ай Салмақтың!..
Құрсын, қойдық!..
Шыннан олар кеп қалса
Мына көрген аз қызық та қалмақ тұл.

У — Зәһардың ішсең де ең ауырын,
Бұл Үрейді баспайды енді, бауырым.
Ес барында тастаған жөн тәуірі,
Мына отырған өлекселер қауымын ...

Пәтер ием соқа салғыш ауылдан,
Сәл кешіксем: қасып қойып сауырын,
Қанатады - ау бишігімен сабалап,
Жүрегімнің шилі болған жауырын ...

Бізді де ертең қайта қамап тұрмыс — көр
Жанды жаншыр күтіп түр ғой түрлі істер.
Менде - пәтер, сенде — жатақ,
Тау жаққа,

Екі жаяу, ал, кәнеки, тырмыс, кел!..
... Сияқтымыз:
қашып кетіп бір күшпен —
Бұғатын жер, тығатын көр таба алмай

Түрмесіне қайта оралған қылмыскер ...
03.07.1983ж. Алматы.

ӘЖЕМНІҢ ЗИРАТЫНДА

Тумай жатып мен қанша аза көрдім,
Тармағымын шумағы аз өлеңнің ...
Ақ әжеме орнатқан мынау күмбез —
Кимешегі тәрізді ақ әжемнің.

Шыққан тұңғыш әйелден пайғамбардай
Әжем ғой бұл! —
Ажалға қайран қандай?!
Бейне ағзоннан тіктірген кимешегі

Тоза - тоза ақ тасқа айналғандай.
Үлестіріп тірліктің бар жыртысын,
Баққа жорып көретін әрбір түсін;
Батты терең ...

Кіршіксіз кимешектің
Жазғым келіп кетеді әр қыртысын.
Тас моланы құшақтап сүймес едім,
Келсем болды-ақ тосын бір күй кешемін. —

Әжем шыға келердей жер астынан,
Басындағы шешіп ап кимешегін ...
28.05.1983ж.

"АБАЙ ЖОЛЫН" ҚАЙТА ОҚЫҒАННАН КЕЙІН

М. Әуезовке
... Әлі күнге Шыңғыстың даласында
Жүрген сынды ұлы Абай –
Нанасың ба?

Толқындарға телміріп әлі күнге,
Тұратындай Ертістің жағасында.
Басқанменен қаншама қайғы өмірін,
Ашып тастап алып төс — айлы өңірін, -

Тоғжанды ойлап егіліп, есі кетіп
Аялардай ән — масы Әйгерімін.
Тізгін тартып сиязға ара қона,
Даусы жетіп далаға, қалаға да;

Айтатындай билікті және даусын
Естіп тұрған секілді ... Қарамола.
Жақын жат боп,
алысты дос еткенде,

Тобықтысы еңбегін еш еткенде,
Кітапхана үйінде сол Семейдің
Қарайтындай бураша есектерге.
Шақта бағы бұлт құсап әрі аунаған,

Иттей талап жан - жақтан қарау, надан;
Еш алданыш таба алмай қиналардай,
Көкірегіне:
"Елім-м!.." — деп бабаураған.

Жырда асығы тұрса да алшысынан,
Көзіндегі таусылып тамшы - шыдам,
Әлі күнге тұрғандай ласын қарғап,
БАСЫН қорғап содырдың қамшысынан.

Сол бір дауыс санамда шыңғыруда,
Сол содырлар сағымды сындыруда.
... Кітапта емес, бәрі де бір жерлерде
Тірі жүрген сияқты шындығында ...

1983ж. Алматы.

АҚЫН

Иранбекке
Жатқызбас құдай берген қуат ұлды,
Оқыста жыр оқитын сұрапылды;
Маңдайын тауға да ұрған, тасқа да ұрған,

Көрдің бе Алматыдан бір ақынды?
Бір басын бес батырға балағандай,
Жүргендей күрсінеді ажал алмай.
Көзіме кейде менің елестейді ол,

Қатепті, кіре тартқан қара нардай.
Жігері кейде оның да құм болады,
Өзінің өлең ғана шын қонағы.
... Маңырап қошқар - дауыс шыққан шақта,

Текешік бақылдаған жым болады.
Сәл көрмей кетсең оны сағынасың,
Сағынып барып сөзден жаңыласың.
Әзірет — Әліоғылы Мәді ме деп,

Аспаннан Айсаны іздеп аңырасың ...
Жоғалған хас асылдың сүйегіндей,
Тілі бар кен — шежіре тиегіндей.
Қарасаң бітіміне, — адам емес,

Перінің тартып туған жиеніндей!
Ұғылмас пітінә мен езге бұл жыр,
Тексізді сымдай тартар тезге ділгір.
Ат ізін салмаса да күншілдікке,

Кенде емес міншілдіктен, сөзге білгір.
Тыңдасаң шошынасың армандарын,
Танисың бапсыз шапқан тарлан барын.
Тістіге сол ақынша тиісем деп,

Таяқ жеп қалып жүрсең таңғалмағын.
Қозғап ап, жыр деп өлген көнелерді,
Келімге келместей - ақ өлең енді —
Сүйегің сырқырайды жоқтағанда:

Жұмекен, Мұқағали, Төлегенді ...
"Біздерсіз озбас өлең,
Оңбас өнер", —
Десе де сөге көрме,

Қолдаса көр.
Буыршын қара өлеңге шабынар ед,
Буралар сол сияқты болмаса егер!
Жанында кей кездері жақтас қалмай,

Ыршиды сәл нәрседен шоқ басқандай.
Тіленіп түлен түртіп тұрар кейде,
Патшаның баласымен боқтасқандай ...
Көргендей жаңа туған жыр сүлейін,

Құшағын ашса — шошып, түршігемін.
Сипаса маңдайымнан "мықтысың" деп,
Қысылып өз - өзімнен күрсінемін.
"Мақтады ...

тақпады, — деп, — жырыма мін",
Бір ауыз сөзіне оның жылынамын.
Қасиет Қазақта бар сіңген оған,
ХАЛҚЫМ деп, — мен Ақынды ұғынамын.

... Өзгеге еліктеу мен ұқсау бөлек,
Жанымды жабырқаған ұқсаң керек!
Күптігей көңіл тыным таппай әуре,
АҚЫННЫҢ айтқанынан шықсам ба деп ...

... Ақталам, ХАЛҚЫМ, қабақ шытсаң не деп?..
1983ж. Алматы.

АҒА АҚЫЛЫНАН ҰҚҚАНЫМ

Ол да өзіңдей ит болсын
азғыр, азғыр ..
Абай
Сен де тарттың ат жалын кезегің кеп,

Меже, міндет алмасаң езеді індет.
Осы ақылды сыр қылып айтып тұрмын,
Біздің елдің төлі деп — өзегім деп.
Сыры бөлек дәуірдің, жыры бөлек,

Тиіспегін тентектеу ініге көп.
Сырыңды ашпа ешкімге, ойласын жұрт
Танылмаған таланттың бірі ме деп.
Сәні бөлек өмірдің, тәрі бөлек,

Көр - жер істің жүргейсің бәрін елеп.
Қысылса егер жүрегің,
шаншып миың,
Осы айтылған ақылдай дәрі керек.

Көп қой біздің қазақта қиқым кісі,
Ит-құстың да келеді итінгісі.
Шырпы жағып даяр тұр, әйеліңнің
Шылым шегу болса егер сүйкімді ісі.

Сынық ине қолыңнан күліп берме,
Төрдегіден айрылсын түрікпен де.
Кіріп келме еш жерге ұрықсатсыз,
Ырық берме делбелеу жігіттерге.

Желбезекке қармағың іліккенде,
Бүлікпен де тіл табыс, ұлықпен де.
Дөкейлерді -
Алғасын ішке де еніп,

Пісте беріп алдай біл, іске жегіп.
Қадірсіздеу біреуді кінәлай сал:
"Бір қазақты жүр ғой деп, үшке бөліп".
Айта да біл өтірік, өсекті сақ,

Араласқан өнерге есеп - қисап.
Төмпешік боп Парнас тау, Пегас пырақ
Қалған, шырақ, бүгінде есек құсап.
Көңілінде қалмасын күмән бірер,

Мықты ағаға іні бол ұнап жүрер. —
Сәл жымиса, кеңкілдеп күле сал да,
Сәл мұңайса, еңкілдеп жылап жібер.
Өзгелерден ақылың артық болса,

Көне берме жігіттік тәртіпке онша, —
Былш еткізіп бетінен бір сүйе сал,
Бір ақымақ жағыңнан тартып қалса.
Ар - ұяттан өлмейді күйіп кісі, —

Не жігіттің қор болған иықтысы.
Осы ақылды тыңдасаң, құрығанда
Әйеліңнің боласың сүйіктісі.
Әйел деген — азулы бөрің сенің,

Әйел деген — қазулы көрің сенің.
Өштескен бір жігіттің ебін тауып,
Өбектей де білгейсің келіншегін.
Бұл ақылды айтамын Зейіндіге,

Түрің — сұрың осыған бейім, міне. —
Бізге де ақыл айтатын ағалар бар,
Сен де айта жүр мұнымды кейінгіге ...
1984ж. Алматы

ҚАЗАҚ ЖЫРЫ

Қазақ өткен белестің бәрін де өткен,
Көріп те жүр жырақтар шаңын көптен ...
Қазақ жыры кешегі Тайбурыл ғой,
Шаба - шаба бүгінге талып жеткен.

Қобыланды гулетті, дүсір қақты,
Жермен шауып, аспанның құсын қақты.
Содан соң да, әйтеуір, талай тақым
Мініп жатты пыраққа, түсіп жатты.

Аққулардың қанаты қайрылғанда,
Құладындар қонбаған айдын бар ма?
Кетті ол қимай кісінеп арт жағына,
Қазтуғандар Еділден айрылғанда.

Жатқан шақта Замана қарбаласып,
Тегеуріні күш беріп жанға жасық —
Айқастарға арқырап кірді ол талай,
Махамбеттің тұсында тарлан ашып.

Жақпай жұртқа не ісі, не тілінен,
Қайтқанменен сұмдардан беті кілең —
Ұлы Абай да әбзелдеп мінген оны,
"Қамыс құлақ, шоқпардай кекілімен".

Кімдер келіп жатты ғой, кімдер өтіп,
Дүмі күшті пітінә Пірге Зекіп ...
Қайта ерттеді Сәкендер, Ілиястар,
Озып тұрып қолынан жүлде кетіп ...

Заман оған біресе бетін берді,
Сырт айналды кей - кейде, жетім көрді.
Оған әлі салып жүр талай ақын
Тау - шоқтығын қажаған не түрлі ерді.

Ақынсынып ауыр ой, дауыл жырлы,
Талай тақым ырғалып, жауыр қылды.
... Сол дүлдүлді түсімде көрдім кеше,
Ер - тоқымсыз жануар шауып жүрді.

Болмаса да еліме ылаң келген,
Бөкен безген даладан, құлан желген —
Ұстап алып пырақты, ерттеппін мен:
Қалған мұра бабадан — құранды ермен ...

1982ж. Алматы

САҒЫМ ҚУҒАН

Сағыныштың соңында шаңым қалған,
Шаң қалдырмай қойсын ба арынды арман.
Жанарымның алдында сағым қалған,
Сағынғаннан бәрі де,

Сағынғаннан.
Жүргеннен бе ән-шағым сағындырып,
Жүргеннен бе аңсарым сабылдырып—
Қара көздің моншағын тағып жүріп,

Қара түнде шаршадым сағым қуып...
Айналаны өрт қамап, жалын бөлеп,
Сыр ашысқан Алматы таңында көп—
Бір әдемі жан бар ед,

Соны ойласам
Шошып кетем, сол қыз да сағым ба деп?..
Мен—молдадай оқыған бұзып аят,
Мысық-сопы қарайды жүзіме аяп.

Сол сағымды—жар кешіп жазда қудым,
Қыста қудым—қар кешіп қызып аяқ.
Жұтқыза алмай маңыма кәусарымнан,
Бұлбұлдаймын мен кейде бау сағынған.

Енді жете бергенде Арманыма,
Сусып кете барады саусағымнан.
Баянсызын ұқтырып жалған мынау,
Сағыныш деп, сағым деп... алдандым-ау.

Сағым қуып жүрмін мен әлі күнге —
Сәби болып мәңгілік қалғанмын-ау

КӨЙІНШІК КӨРТ

Түйелі ауыл...
Үйді-үйде қою сүт көп,
Тоққа бәрі көрінбек ойыншық боп...
Тынымды ап жүр,

Иықтап Аруананы,
Тексіз туған көрдемше — көйіншік көрт!
Кешегі өткен Атаның арда малы,
Боздағаны жырлатқан сары даланы—

Түс үлектен қайыған аруана еді,
Таты неме бұзады-ау Ару Ананы.
Жағдай осы—мейлі енді аспанға әшкерт,
Тап осындай күйіктен басталмас па өрт?!

Қотан менен Келеге қожа болып
Сүркілдейді — сүдінсіз астаубас көрт.
Осы бір жай етті ғой жүректі ойран,
Қылар қайдан үлекке білек қайран...

Дойырын ап Бабаның сояр ма еді,
Көйіншіктен кім екен үлек қойған?!

АРУАНАЛАР

Аруаналар, боздаған аруаналар! —
Адамда жоқ қасиет малда болар.
Маңғыстаудың мәңгілік ардағы олар,
Адайлардың сиынар әруағы олар...

Шайнаса да арттағы тайлақты ерген
Шаңдақ қырдан асырып,
Жайдақ белден —
Ерге кие, жерге ие жануар деп,

Үш қиянға бабамыз айдап келген.
...Жердегі жоқ сезімді айдан ұрлап,
Желіп кетсе қиырға, сайға құлдап,
Қара месті жарып сап, күл сабалап,

Айбұқа — қар қарғайды "жайрағыр-лап!"
Оған тиген дыр қамшы маған батпақ,
Ақ қой! —
Аққа жұққыш қой тәмам батпақ.

Қырдан асып өркеші қылт еткенде,
Көргеуде шал боқтайды "жамалдат-тап!"
Құбылаға жүрем деп жетіп қонып,
Ақты көзі, танауы сетік болып.

Күлге тіздеп тастады талай оны,
Долы қатын, нәкөс шал зекіп, сөгіп...

Ит тірсектеп бір жақтан,
Қасқыр шаптап,
Тағы Заман тапжылтпай тас құрсаққа ап,
Жатты талай желіде сартап болып,

Мойнын салып, көзінен жас бұршақтап.
Жемтігі боп келсе де жат — қулардың,
Белгісі боп қалады ол Ақ Тулы Ардың.
Әні менен сәні бар — Аруанада,

Жұмақ мекен іздеген Аққулардың!..
Елге күйе жаға алман, Елде нем бар? —
Дегенменен өріп жүр кембағалдар.
Жан толқынын —көз деген көлден аңғар,

Толқып қана басылмас мендегі ол Зар. —
Аруаналар — Әруағы паң даланың,
Әруақты да боқтайтын пенделер бар,
Әруақты да соттайтын пенделер бар!..

Аруананың жантағы жарда болар,
Адамда жоқ қасиет малда болар.
Пәруаналар! — Өртенген Сағыныштан,
Мен сендерді ұғамын, Аруаналар!..

Жөнеліп жүр жел-көңіл желіп қанша,
Қайтеді енді, бір аңсар ерікті алса!
...Біздер боздап өтеміз мына өмірден,
Бір өрісте ақыры жолыққанша!..

1982 ж. Алматы

ЖАМПОЗ ІНГЕНДІ ЖАН ТАРТУ

Анасы жарытпаған сәби қай малдың сүтімен ауызданса,
мінезі соған тартады.
Халық ұғымы.
Маң, маң бір басқан, паң басқан,

Топшы шудасын шаң басқан,
Түйеде — текті жампозым,
Мөлт ете қалған жанарың—
Жұлын-өзекті тіліп бір түскен алдаспан!

Япырмай, неге қарадың
Көзіңді менен алмастан? —
Адамнан Зият — қарағым,
Таныдың білем иеңді —

Талайдан бері ат ізін кеткен салмастан.
Босатып менің жүйемді,
Қадама бұлай көзіңді. —
Мезгілде кінә — алға асқан.

Ұғар ма екенсің сөзімді
Сағыныш, нала арбасқан.
Серік қып желік — сезімді,
Ерткен де кеткен өзімді

Шағылды қырлар,
Сағымды жылдар жалғасқан...
Айтатын саған арызым—өлең,
Бошалап астым көп қырдан.

Жайым бар сенше қазығыма мен
Боталап қайтып кеп тұрған.
Аманмын, шүкір, қауіп, қазадан,
Әйтсе де тәнді арыттық. —

Құлапты өркешің ауыт қажаған,
Бейнетке туған жарықтық.
Жастық шарабы санамды жуып,
Көктемдер кештім сәруар,—

Жүрсің бе сен де сораңды қуып,
Ащыға құмыр жануар?!
Құладым талай жарға бір өзім,
Аңдамай басып аяқты.

Өзіңнен жұққан арда мінезім
Жегізді қанша таяқты.
Сағыммен енді жарыса алам ба?—
Тайраңшыл дәурен озды, әні,—

Жаңғырып кетті тағы санамда
Ботақан-шақтың
боздауы...
Амал не, мен де талай оқталдым

Жетуге елге қашып бір...
Орынын енді ала ноқтаңның
Мұрындық, бұйда басыпты.
Тағдыр тезіне көнеді екенсің,

Өткен соң бастан жұт неше. —
Кез-келген жерге шөге кетесің,
Бұйдаңнан тартып "шұқ" десе!..
Дегенмен кейде шалғайға маңып

Кетемін — арбап сыбызғы- үн.
Татыған шақта таңдайға дәмі
Өзіңнен татқан уыздың.
Жанымды сонда қозғап қыр әні,

Жүректегі иіп тұмса-мұң —
Жырымда менің боздап тұрады,
Жырақтан жеткен бір сарын...

АСАУ ЖУАСЫТУ

... Шу асау бұғалық сүйреп,
Арқырай атылған тұста,
Алқынып шығалықшы үйден
Бұрынғы батырларға ұқсап...

Жел кіріп бүлікті лекке,
Көп жылқы шұрқырағанда —
Дойырды іліп білекке
Ашуың бұрқырағанда;

"Байқа!" — деп қапылып бір үн,
Біреулер қызынып кетсе.
Асауға атылып мініп,
Шылбырың үзіліп кетсе!..

Тырналар тыраулап майда
Аспанды түріп бір шеттен...
Шу асау бұраң қақпай ма,
Бұзаутіс тіліп тірсектен!

Ат көнбес қашанда бірден,
Жылқы емес — жалын кешер ек.
Жігітті асауға мінген
Күтеді қалың қошемет.

Қарауға әр үйге, тегі,
Бере ме қызған ат мұрша
Ол да бір ғанибет еді,
Боз үйден қыз қарап тұрса!..

Тұяқта боз дала жанып,
Асаулық жым - жылас күрең
Арманды бозбаланы алып,
Ағатын күннің астымен...

Қымтанып қыры көрпені,
Ішкесін қымызды қанып —
Бір күйді күңірентеді
Қара шал сыбызғыны алып...

Ол күндер бүгін ертегі —
Мезі етті күйкі үн қаптаған.
Қалғымай күнімен Төрі —
Жатса еді қиқулап далам!..

АЛАТАУҒА ҚАРАП

1 – өлең
Алатауға ақ қар жапқан мәңгілік
Барғым келед бұлтпен бірге қаңғырып.
Үндемейді басылған жел таңға ұлып,

Қарсы алады қарқ - қарқ етіп қар күліп.
Жел айдаған бұлтпен бірге туғанмын,
Бірақ мені қуған шаттық, қуған мұң.
Тірлік - теңіз толғанғанда бір рет

Өлең - бұлт боп көкке қарай буландым.
Бір биіктеп, енді бірде төмендеп,
Биіктерге төнем қара өлең боп.
Құзарлардың әруақтарын асырып,

Нажағай боп ойнақ салар денемде от.
Қара бұлтпын, күнмен бірге лаулаған,
Бауырынан ақ қар - өлең саулаған ...
Зайырсыз бұлт, қайырсыз бұлт, әрі кет,

Жауайын деп келіп тұрып жаумаған.
Тек Биіктік — Мәңгіліктің Отаны,
Мәңгілік қар күнге таман жатады.
Күндіз - түні шақырады өзіне

Аласармас асқарлардың атағы ...
Бар ғаламнан басқа тұрақ таба алмай,
Айгезбелік маңдайдағы тауандай —
Ұмтылып - ақ жүрмін ғой мен Биікке,

Менен де бір мәңгілік қар жауардай ...
1982ж. Алматы
2 - өлең
Алатауды құшақтап қысар ма едім! —

Әсіресе, қырандар ұшар жерін.
Азамат боп алшаңдап жүрмек болсам,
Өрлігімді осы арман тұсар менің.
Болады деп болмасты аңсасам да,

Осы арманның жолында шаршасам ба? —
Жүрек қылып бір шыңын көкірегіме.
Бір шыңы боп жүрегім қалса сонда...
Сен де мендей жансың деп жаны мұңды,

Дауылын бір сілкісем, сағымын бір.
Арынымды тежемей зарығулы,
Құйып алсам құлаққа сарын-үнді.
Төсесем ғой ақ қарға бауырымды,

Қатыратын мұз қылып жалынымды.
Өз қолыммен бәрін де істер ме едім,
Бір пендеге білместен жалынуды,
Бір пендеге білместен шағынуды!..

Жүргендердің, бұл тауға ғашықсынып
Есін алсам! —
Ер өссін, жасық сынып! —
Сай-салаға тығылсын далп-далп етіп,

Кілең қара құзғындар қашып шығып.
Мұндай күйді кешпегем бұрын қайтіп? —
Шын істерге кеппіз ғой бұрылмай түк.
Алатауды құшақтап тұрсам-ау мен,

Ұларларға жын қуған жырымды айтып!
Қырандарға шыңғырған шынымды айтып!..
...Мұндай сөзді айтпайды есі барлар, —
демеңдерші, — құшқызбас осы Заңғар.

Мұнарланған бұл тауды құша алмаспын,
Ірі арманнан әйтсе де шошымаңдар!..
1983 ж.
3 – өлең

Апыр-ау, бір-ақ түнде қыс келген бе?!
Мұқағали.
Қыс келіпті бір түнде Алматыға,
Қар қонақтап қалыпты тал басына.

Жапырақтар жап-жасыл күйінде еді,
Рейімсіз екен ғой қар да, сірә!
Өскіндерге қараймын дәтім қалмай,
Жатыр нанбай жүрегім—аһ ұрғандай.

Төмен қарап қайыңдар тұнжырайды,
Шаштары ерте ағарған ақындардай.
Бұзық еді бұл қыстың ниеті нендей,
Сиқын алып осынша жекірердей!..

Ағаштардың тілімен хал сұрасам,
Сілкіп қалып шаштарын,
Өкірердей!
Үзе алмай тұр құрсауын құлып-қыстың,

Саңғырығы бетке ұрды күміс-құстың.
Тал орнына өзімді қойып көріп,
Шыдай алмай аязға, сынып түстім.
Сойыл тиіп қираған уықтарша

Шарт сынды емен. —
Қайтеді, суып тоңса.
Ақ дүниеден кейде адам шошиды екен,
Ақ — дегенің осынша суық болса...

Қарадым да маңайға: "фәни!"- дедім,
Жанарыма жас қатып, зар иледім.
Шаштарынан сипап ем, қарын қағып —
Өксіп берді шыбықтар — сәбилерім!

Өксіп берді шыбықтар — суық ұрған,
Болды жасыл жастықтың туы құрбан.
Ақырайын деп едім
Қысқа қарап,

Қозғалтпады буған мұз —
Буынымнан!..
1983 ж.
4 – өлең

Қыстың күні болғанмен тау сол күйде баяғы,
Баяғыша аршалар көк құшағын жаяды.
Жайғанменен құшағын — жап - жасыл боп жейдесі,
Жақындатпас маңына мұз сабақты инесі.

Көтере алмай қабағын сықсияды зілдей күн,
Жидіп жатыр терідей адау қары күнгейдің.
Медеу — сайдың жақпары, Шымбұлақтың шатқалы
Сылдырап кіл сүңгісі — мұздан моншақ таққаны.

Кемпір-шуақ күнгейдің қарын ептеп ерітіп,
'Бұл — қалай?!" — деп сай - сайдан шығад суық жел ытып.
Жел жеткенде сұп-суық — ағаш біткен тіксініп,
Қаратастың көзінде мөлтілдейді шық сынып...

Күбір - күбір көп бейне — қалың ағаш беткейде,
Көктем бізді ұмытып кетпейді ме?.." — деп кейде —
Сырласатын сықылды, биыл тау да, көк те ойлы,
Дауыстары тек, әттең, Алматыға жетпейді.

Қомданам да толғанам қарап қиян — қырымға,
Еңілікгүл көктемнің исін әкеп мұрынға.
Жібігенге күнгей жақ — қалды көңіл бір өсіп,
Әттең теріскейінде жатыр - ау қар сіресіп...

Түріп айдап шығатын қыстың зілін мұнша ауыр,
Нажағайы қолында — жетпей тұр - ау бір Сәуір?..
Байқап қалды Алатау қойғанымды көп қарап,
Әлденеден сақтанып, кілең шыңдар көк балақ,

Жиырды да мандайын, жия қойды шалғайын,
Мұншама сақ болар ма — біздің таулар әрдайым?!
Үміт үзбей ертеңнен, жатыр жазын көксеп бел,
Қар астынан қылтиып созды мойын көк шөптер.

Мезі қылып бітті әбден — кіл қарғаның қарқылы,
Жетпей тұрған Жаһанға — жалғыз қаздың жалқы үні...
Мінді лезде қаһарға, ысқырынып желді Ақпан,
Қабағында қан қатқан — қыстың көзін шел жапқан.

Маған қажет бір хабар жететіндей сол жақтан,
Алатаудан дәметем — бұлт бүркеніп толғатқан...
26.12.1983. Алматы
5 – өлең

Күллі алапты тағы да кеп басты түн,
Түннен қорқам! —
Болса да әлі бас бүтін.
Қайып тіккен бұлт-көрпесін қымтанып

Алды Алатау,
Жасын жұтып ащы тым!
Қайтпек сонша жасын жұрттан жасырып,
Төгіп-төгіп алмай ма екен ашынып?!

Көтеріліп-басылғандай кеудесі,
Иығына меңіреу үрей асылып.
Көрпе етегін көтергенде жел үріп,
Жұлдыз біткен жыбырлайды — жегі құрт.

Тау жүрегі шыңды — Найзағараны
Жатыр Түнек Ай-тісімен кеміріп.
Пана болам далама деп күн-түнін
Өткізген Тау — іле алмайды кірпігін.

Алтын ине-найзағайды сабақтап,
Көрпесінің жамайды кеп жыртығын...
Жамылғысын жатпақ еді оранып,
Кеулеп кетті қойны-қонышын жел алып.

Күрсінеді анда-санда Ақын-тау,
Көрпе ішінде Алтын Ине жоғалып...
1986 ж.
6 - өлең

Жүрген шақта бар қызықтан шет қалып,
Бет күйгенде көздерімнен шоқ тамып;
Жерде қалғым келмейді-ай бір,
Сондайда

Тартып кетем Алатауды бетке алып.
Тартып кетем, оятқанда
Ажал кеп,
Шың басында жеткей менің қазам деп;

Тірлікке де, күлдікке де былғанбас
Биіктерден оқитын жыр жазам деп.
Болмаса да тауға шығар құралым,
Шың басынан табылардай тұрағым.

Жер бетіне қарап тұрсам Биіктен,
Орындалар сықылды бар Мұралым.
Шыңға шықсам жасардаймын той күнде,
Опа берген оспадарлау ой кімге?!

Тау жаңғырып ілессе егер —
Жердегі
Құл тірлікті күлкі қылсам деймін де ...
Көз бұлдырап, күллі дүние дөңгелеп,

Адымымды аштырмайды өр бөгеп.
Қарсы алдымда Зеңгір аспан көзді арбап
Келем, міне, тауға қарай өрмелеп.
Қанат сынған — тәнімді алып ұшпайды,

Бір тартылыс құзырында ұстайды. ...
Баба таудың сұқ саусағы —
Найза шың:
Маған неге Аспан жақты нұсқайды?..

1989 ж., Алматы

НАРЫНҚОЛДА

Елшенбүйрек, Хантәңірі — жырлы алап,
Тас төбемнен аспан таулар тұр қарап...
Қасқыр-бұлттар түлкі-күнді қанжоса
Көкжиекке қуып тықты мылжалап.

Кетіріп тұр азулы аяз күз дегбір,
Сам жамырап,
Леп еседі түзден бір.
...Найзағайдан шырпы жағып әлдегім,

Тау ішінен әлденені іздеп жүр...
Кім болды екен? —
Бәлкім, Тәңір елесі!
Нені іздейді ол?..

Күбірлейді. О, несі? —
Сауалыма жауабы жоқ, —
Қаптаған
Шөгіп жатыр көп түйенің келесі...

Қандарына тау қасиет сіңгендер,
Қыр ұлының қиялына күлмеңдер! —
Алып таулар — қардан жабу жамылып,
Шөгіп жатқан аруаналар, інгендер.

Ерегесіп мешелдерге жер қапқан,
Аласаны асқақтықпен сорлатқан
Хантәңірі — келедегі кер үлек,
Күркіреген үн естілді сол жақтан...

Найзағайдың көзде елесі жоғалмай
Әлі тұрмын. —
Сырқатымнан оңалмай. —
Осы қазір бір керемет болардай,

Осы қазір бір қасиет қонардай.
Мұқағали туған жердің есігін
Ашып көрдім,
Тербеп қиял бесігін.

Жерін білмей жырын ұқтым деп кеппін,
Әруағынан сұрау керек кешірім...
Қорықпай-ақ аю, барыс, қорқаудан,
Қашып шығып у-шу болған ортамнан,

Найзағайды шақпақ қылып жақтым да,
Осы жырды тауып алдым сол таудан.
28.11.83.

ХАНТӘҢІРІ—І

Кемпірқосақ Мұзартқа беріп көрік,
Әлсін-әлсін күн жауды төгіп-төгіп...
Хантәңірі моншаға түсіп жатыр,
Алқымы көбік-көбік.

Айқай салып әлдегім жағын жыртты,
Көп күттірдің дегендей қалыңдықты.
Хантәңірі жарқ етіп көрінді-ай бір,
Тастады да сыпырып сабын-бұлтты.

Сосын маңның құлпырып кетті реңі,
Жігіт-шыңның еңсесі көк тіреді.
Көк пердеге оранған Күн-сұлудың
Деміменен дидарын кептіреді...

Өптіреді...

ХАНТӘҢІРІ—ІІ

(ертегі)
Ұлы ақынның маңдайындай шың басы,
Әлі талай жанарларды қарыр кіл. —
Хантәңірінің елден ерек тұлғасы

Көзқырына түсе берді Тәңірдің.
Шығып кеткен шың екен деп шамадан,
Дүрліктірді Тәңір сонда мекенін.
"Көрсетейін, — деді сосын—мен оған

Маған басын имеу деген—не екенін!"
"Қабыл болмас оның енді тобасы,
Қара бұлттан мәңгі ендеше қайғы оран!
Жалғыз менмін—

Аспан, жердің қожасы,
Мен тұрғанда Тәңірілік қайда оған?!"
Бұлт-әскерін жиып алып ақырды,
Одан сайын, суытты да өр кейпін:

"Ей, нәлеттер! —
Ертең анау ақынды
Болайын мен жер бетінен көрмейтін!"
Тәңір айтса, тыңдамауға бола ма! —

Қап-қара бұлт торлап алды шың үстін.
Жалт ойнатып бір күн, бір түн шамада,
Даусы естіліп тұрды алапат ұрыстың.
Ертесіне ел,

Мерт болды-ау деп сорлы шың,
Қарап еді жанарына жас жиып. —
Шуақ емдеп жарақаттың белгісін,
Күнге қарап тұр екен ол қасқиып...

ХАНТӘҢІРІ—ІІІ

— Ей-һей-һей!

Естисің бе сен мені, Хантәңірі! —
Құзарт пенен Мұзарттың ортақ ұлы...
Даусымды алып жөнелді жаңғырық қып,
Өзен біткен—Даламның қан тамыры.

Хантәңірі!
Қостар мені — құс даусы, арқар үні. —
Мың биік шың ішінде шын биіксің,
Тұңғиықсың ақындай арқалы, ұлы.

Хантәңірі! —
Мұзбалақтың маған да бер тәлімін.
Сенен аққан нәрменен ауызданып,
Аспанменен үндесер жер танымы.

Хантәңірі!
Бара жатыр суырып қолқаны жыр.
Сарқады нұр — өзіңе жұғамын деп,
Қызылшақа Таң менен Сартап Іңір.

Хантәңірі!
Жер мен Аспан өзіңді тең таныды.
Сен сияқты бір шыңы болмағасын,
Құмға айналған таулар көп — кер тағылы!

Хантәңірі!
Құдай — Күн, Ай шыға алар хан тағы — бұл
...Аласа сөз айта алмай Биік жайлы,
Солқылдайды шекемнің Тар тамыры...

— Ей-һей-һей-һей!..

Аша алмай Қақпаны Ұлы,
Жұлдыздар көп құздарға аққан ұлып.
Хантәңірі! —
Тағыңа бір отырғыз,

Тұр ғой, әне, қол созып — Хақ-Тәңірі!..

ЖЫЛҚЫ АУЫЛДА ҚЫСҚЫ ТҮН

Қара жерге қар әбден басқан бауыр,
Бұлт торлап тұр әлі де аспанды ауыр.
Атқораның ығында мен отырмын,
Тілеп таңда боранның басталмауын.

Әудем жерде тоңып тұр шоқы — ғаріп.
Апам жатыр сенектен отын алып.
Айыршөке бастырған ақ жабулы
Ақбоз атым қатады үн оқыранып.

Жылқы бағу, жыр жазу — қиын жұмыс,
Аяқ бір іс бастайды,
Миым бір іс.
Биылғы қыс — ақбоз бен екеумізге

Шалғай шабыс сыйлап тұр,
Қиыр жүріс.
Дәлу түні сыңсытып шыны-қарын,
Жатыр жырлап кәрі қыр ғұмыр-әнін.

Таңын тартқан тұлпардың тұяғының,
Әлдеғайдан жетеді ұлыған үн.
Таң тезірек атса екен,
Аттанды сап,

Оятатын қалғыған шатқалды сәт.
...Қар-бұлттардың астында ай жатыр-ау,
Қасқырларға құрылған қақпан құсап...

ЖЫЛҚЫ АУЫЛДА ЖАЗҒЫ ТҮН БАЛЛАДА

Ар жағы —
Айырқанат самолетпен,
Бер жағы —
Ауытталған қара көртпен,

Жыл жүрген Алматымды артқа тастап,
Аңсатқан ауылыма жаңа жеткем.
Азалдан ауыл еді жазар жырым,
Қарсы алды жаз түнінде бозаң қырым.

Бір інім өкпелеп жүр. —
Ұятты — мен,
Бәріне жетпей қалған базарлығым.

— Жай жоқ қой бұрынғыдай жиынды іздер,

Қиын қыс келатқандай, қиын күздер. —
Самсоздау сөйлейді ағай:

— Көрші көшкен...

Жайлауда жалғыз қалдық биыл біздер...
Сықылды өңештен бір алған сүлік,
Аузымнан сөзім отыр зордан шығып —
Оқудың жайын сұрап өбектеп жүр,

Жеңешем маған қарап қалған сұлық...
Кенеттен аттай беріп табалдырық,
Сүрініп жығылды бір адам кіріп.

— Мал кіріп кетті ме, әй? — деп ағам да іліп,

Құрдасы қол ұсынды оған күліп.

— Жайшылық.

Жүрген жанбыз тек қыдырып.
Келмедің.
Той жасадық көпті қырып.
Мынау кім?

Анау әлгі Алматыда...

— Е, сол ғой!..

Ағам сөзін кетті бұрып.
Қос құрдас өкпе айтысып қызып алған,
Жеңешем сыбырлайды жүзі жанған:

— Осының інісі ғой,

Саған құмар
Былтырғы көршіміздің қызын алған...
Бұрқ етіп от салғышта сүт тасыды, ал,
Жеңешем емес бірақ тіпті асығар—

Шай салып ақ дімшеге,
Шантақты ашып
Аямай алып жатыр—"тықпасынан"...
Қолымда ыңыранып қуыс шанақ,

Жатырмын күлдіреуіш, уық санап.
...Асылған мойынына туыс санап
Інім жүр ақ күшікті қуып сабап.
Аспаным жұлдыздарын жамыратқан,

Бәз бірі әредікте тамып аққан.
Түндіктің ашығынан үңілген ай
Түсердей үй ішіне шаңырақтан...
Түтінді жетектесе жел өбектеп,

Қызғылт шоқ көзін қысып сөнеді ептеп.
Майшамның парлап тұрған ақ күмбезін
Сабап жүр қанатымен көбелек кеп...
Бір ойым бір ойымды балалатып,

Бір сезім бір сезімді жаңалатып,
Шанаққа, көкірекке, киіз үйге
Сыймаған күй шығады далаға атып.
Аты еді бұл күйімнің: "Әттең, әттең..." —

Аңсаған ақ маңдайды жатқа кеткен.
Саусақтан жүрек қаны шым-шым ағып,
Астасты "Айнамқалды" — "Ақбөбекпен".
...Жеңешем мен жемеген етті аяды,

Көңілдің оған айтар көп қой әні.
Еңбегі ет, шұбатқа сіңген қонақ:

— Ай, бала, тағы да тарт! —деп қояды...

...Күй тынған.
Мен де тындым.
Дөңде тұрмын.
Пәк самал мейіріміндей жеңге-түннің.

Көңілім алау-далау, еске түсіп
Қайрылмас бір шақтары он жетімнің.
"Жырақта бекер жүрдім кешіп көктем..." —
Бір жұлдыз ағып өтті осып беттен.

...Ай жатыр әудем жерде. — Алты қанат
Ақ үйдің орынындай көшіп кеткен...

«АРАЛ ҚЫЗЫНА»

Жыр-шоғырынан

* * *
Анау жатқан Каспийдің ұлы едім мен,
Атырау ем —
жаныммен, жүрегіммен.

Аралдық қыз,
бір күні Арал болып,
Қол бұлғадың Дария-білегіңмен.
Сарқылдың ба тірліктің таласында?

Бір мұң жатты көзіңнің шарасында.
Аласұрған кез қайда,
Аралдық қыз,
Арал болып тартылып барасың ба?

Алғысы жоқ тірлікте, қарғысы көп,
Өзгере ме — өзгермес мәңгі сурет?!
Картадан көр:
Каспийім Аралыңды

Тұрған жоқ па құшақтап алғысы кеп?!
Есін алған аңсары арманды ұл ем,
Сен мұңайсаң, мен дағы жалған күлем.
Тулап жатқан Каспий боп ақтарылып,

Толтырармын бір күні арнаңды мен...
* * *
...Өзіңде деп жүрген едім көрік, бақ,
Сөз таба алмай әспеттеуге, мақтауға.

Арал қызы,
Атырауға келіп қап,
Ақыры біз жолығыстық Ақтауда.
Сені көріп ұмыт болды қайғы, өлең,

Құшақ жайдым Адам Ата сезіммен.
Ұлы Теңіз сүйіскенде Айменен,
О, һауа Ана, мен сүйістім өзіңмен.
Бүкіл ғалам кетті дерсің теңселіп,

Нұрмен орап алды бізді алтын бақ.
Сылқ-сылқ күліп Ұлы Атырау қол соғып,
Шағалалар құттықтады шаңқылдап...
Аспан көкшіл,

Жұлдыздары сиреген,
Суға құлап шабақ шалды шағала.
Тұрмыз біздер тылсым, қыршын күйменен,
Айбергенов жырлап өткен қалада...

...Қиялға еріп кеткішпіз ғой , тегі, біз. —
Сені аңсаудан туды мынау күй ішкі.
Анадайдан бір бейтаныс пері қыз:
"Неге жалғыз тұрсыңыз?" —деп тиісті...

Қашанғы жатам мұң басып,
Жаралған ек қой жануға...
Атырау-жігіт шын ғашық,
Аралдық арман аруға!

Егер де қоссақ, Әппағым,
Ерір ед біздің ішкі мұң:
Қызылордаңның аптабын,
Маңғыстауымның ыстығын..

Өзіңді мәңгі іздермін,
Жартымын,
Сен де жалқысың.
Махаббатымыздан біздердің

Өрт шығып—
Жерді шарпысын!..
* * *
Жүргенімде қуалап киік-күнді,

Бар аңсарын санама құйып тынды.
Досыма да жиі айтам соңғы кезде:
"Кеттім ғой, —деп, — сағынып сүйіктімді"
Оқты мылтық тұра ма атылмай түк,

Ашылды сол құпия хатым қайтіп?!
Жеңгем естіп қойыпты,
Ұйқысырап
Жатқанымда өзіңнің атынды айтып...

Жүрек құрғыр кеудемді жылап тепкен,
Аңсайды ғой кезімді шуақты өпкен.
Досым басу айтады:
"Білмейсің, —деп, —

Сағыныштың қадірін жырақ кетпей!"
Хаттарымнан жайымды тағы білсең,
Кірпігіңнің ұшына сағым іл сен.
Жырақтамын, амал не,

Мен өзіңді
Көріп тұрып өлердей сағынушы ем!
Бетіңменен бастың келіп бетімді,
Жымиясың сиқыр сырмен не түрлі.

Кейде бейнең зәулім аспан төріне—
Жұмақ жаққа шақыратын секілді.
Өзіңменен бір келіп пе ем үйге мен?
Дым түсінбей, өзді-өзінен күйді өлең.

Аймалайсың, тайғанайсың төсімде
Үнсіз-түнсіз, түк жылусыз күйменен.
Сәлден кейін қалғың келмей жекпе-жек,
Құшағымнан сусып шықтың өкпелеп.

Құлап түстім төсегімнен, айқайлап
Ұмтылғанда:
"Кетпе, кетпе, кетпе!.." —деп...
Өңім тұрмақ, түсім арқау өлеңге,

Аурумын ба, саумын ба әлде... —
Мені емде.
...Есім жиып орнымнан тұрғанда,
Ай сәулесі аунап жатты еденде...

* * *
Түсімде екен, иә, кәдімгі түсімде,
Айналыпсың тас тұғырлы мүсінге.
Тиісті екем мен де және өлуге,

Тасты өліп сүйгендігім үшін де.
Дар ағашы төніп тылсым бейітке,
Жұрт ызамен қарап маған—
Шейітке,

Мүсінің де көз салғандай мен жаққа,
Өңдегіден сәл жылылау кейіпте.
Үкімімді шығарушы қиырды
Бір шолып ап, құдайына сиынды.

Сосын маған төніп келіп
Соңғы рет:
"Пікіріңді қайтып ал!" —деп бұйырды.
"Сүйіп келдім,

Сүйіп мәңгі кетермін!" —
Деп еңсемді шамырқана көтердім.
Оянып та кеттім сол сәт,
Оянсам:

"Сүйемін!"— деп жылап жатыр екенмін...
Талап мынау: жаныма жатпа менің,
Тап сол күйде қалшы сен —
Әппақ едің.

Тек қана отыр нұрға орап түн тылсымның,
Терезеден тесілген қап-қара өңін.
Теңемеп ем өзіңе бөтен қызды,
Тартты неге құпия мекен бізді?

Талықсысақ төсекте,
Тұрған аңдып
Түн кеп басып қалмай ма екеумізді?!
Тәнге төре — жастықтың базарына

Тұтқын болсақ, қалармыз мазағына.
Тура қарап тұрайық —
Таң көзіне,
Тат жұқтырмай пәктіктің Ажарына.

Таң атқасын арқау боп отты өсекке,
Түк мән бермей сыбалған көп кесекке,
Тысқа шығып кетелік, таң сәулесі
Тайғанасын татаусыз ақ төсекте...

* * *
Жүрші, жаным, Аягөзге,
Серпілші енді сен де бір.
Қозысы өңге,

Баяны өзге,
Қодары өлген жерге жүр.
Жықпылдарға жылқы жатқан
Шақырғанда түн ымдап,

Бұлақтармен бүлкіп аққан
Сырласып ап сыбырлап—
Көптен күткен сапарыңа
Аттанайық нұр кешіп. —

Махаббаттың Отанына,
Аруана-Айға мінгесіп.
Шөкім бұлттан ауыт жасап,
Аруана-Айға салайық.

Дертімізден сауықпасақ,
Сол аспанда қалайық.
Бізде, сірә, жазық бар ма
Бұл сапарды аңсасақ?!

Жұлдыздарға-қазықтарға
Кідірерміз шаршасақ.
Ғашықтықтың кеселіне
Ем іздеп бір байқалық.

Қозы-Баян Кешеніне
Зиярат қып қайталық.
Оралғасын, Арман-ай, бір,
Аққа көңіл ауар шын!

Желіні толған Аруана-Айдың
Уыз-Нұрын сауарсың...
Қозы болып сені іздеп бара алмадым,
Таба алмадым амалын,

Аралдағым.
Арандадым құдыққа Қодар қазған —
Жүректе дерт болдың ғой,
Жанарда — мұң!

Қимай маған қызығын көктеме түк,
Тағы бір жыл өтуде өкпелетіп...
Ауылыңды табуға көмек берер,
Айбас сынды ағам да кеткен өтіп.

Не табам деп өрт жанды суытқаннан,
Қарсы алар ма ең алдымнан шығып, қарғам?
Сені іздеуге арнайы жаратқанда,
Ақбозымның аяғы сынып қалған...

Аунап-қунап Аралда, қызық көріп,
Айдынында теңіздің жүзіп көріп,
Қайта алмадым, жолымен бұрынғының,
Ай-Таңсықтай апаңа жүзік беріп!..

Ел оқымай — сарқылған көлдерге аят,
Басар ма едік бірігіп дөңдерге аяқ.
Күн кешер ме ек,
Қырқыспай Қодар қыртпен,

Мен де өлмей-ақ, артымнан сен де өлмей-ақ!..
Ғұмыр құрсын — зімді жасқап кешкен,
Тағдырым бар гүл сынды тастаққа өскен.
Кеудем көне жұрт құсап құлазиды,

Қарау-Ата — Қарабай тастап көшкен.
...Өз аңызын әр ұрпақ айта келді!
Қылығыңа қайыл ғып байтақ елді,
Хазар жаққа өзімді іздеп келіп

Бір Аңызды туғызсаң қайтеді енді?!
* * *
Сен енді тоқтарсың ба,
Деміме мынау алқынған.

Оралдан ұшқан көк қаршыға,
Оралып өткен алдымнан.
Т.Айбергенов
Жан жатыр қазір жалынға бөгіп,

Жанардан жасын-жас парлап.
Дертіме жүр-ау қаның керегіп,
Аралдан ұшқан қасқалдақ.
Көрінбей кеттің аспаннан мынау,

Дауа емес маған — ішірткі ем.
Арал жақтағы, қасқалдағым-ау,
"Барсакелмеске" ұшып па ең!?
Естілсе кейде Аспан жақтан үн,

Қомданам,
Біреу ұш дердей.
Шарап та ішемін, қасқалдак қанын
Таба алмаған соң ішкендей...

Бабамның көзі,
Даламның көзі—
Шыдармын қалай толғамай?!
Анаңның өзі—Аралдың өзі

Қасқалдақ қаны болмағай.
Молығасың сен! —
Өлеңім саған! —
Өлемін, сенім алдаса...

Жолығасың сен! —
Сенемін соған —
Дініне берік молдаша!..
Тәрік қып,

Қыстай мезі еткен әнді,
Қиқулап жетті құс біткен.
Өрт қойып жүрме, Өзекке мәңгі —
Оралмай қалып түстіктен!

Көктем кеп әнге маңым бөленіп,
Болса да у-шу аспан жақ—
Дертіме жүр ғой, қаның керегіп,
Аралдан ұшқан қасқалдақ!..

* * *
Уақыт заулап, барады жер түрленіп,
Жүрегімнен бір суық жел тұрды өріп...
Арал қызы, бір кезде дәурен озып,

Жолығарсың кемиек кемпір болып.
Басқанменен кәрілік күй еңсені,
Жоғалтпаспын,
Жүрегім-ием, сені.

Сол кезде де күйреуік сәби ақын,
Мәужіреген шал болып сүйер сені...
* * *
Мұңаю шарт мен үшін,

Күлкі міндей
Сезіледі — тұрғанда түн түрілмей.
Арал қызын армандап,
Түндерден мен

Аласұрып шығамын кірпік ілмей.
Содан кейін дүниенің сиқы қашып,
Көрер көзге көрініп күйкі, жасық,
Бұлт басқаны сықылды Алатауды,

Күні бойы жатамын ұйқы басып.
"Мәжнүн",—деп бәз біреу аяп қалса,
Езілемін,
жанардан жай аққанша...

Ұзақ жатам, —
түсімде Арал қызы
Теңіз құсап сыбырлап оятқанша...
Дидарымды шапақпен бояған кіл,

Сол бір жаннан мәңгілік ой алармын.
Мәңгі ұйқыға бір күні кеткенде де,
Сол қыз кіріп түсіме ... оянармын...
Сәуірдің құлағыма күркірі кеп,

Найзағай жатты аспанның бұлтын іреп.
Өр ару,
Әзілдедің бұлтты нұсқап:
"Шашыңнан аумайды екен... күлкілі...", —деп...

Сен күлсең—көк тасқа да бүр шығады,
Көзінде—көңіліңнің күн шуағы.
Сен деген күлу үшін туған жансың,
Ал менің жанарымды мұң шылады.

Сәуір кеп мұңды құшақ жайған бір күн,
Күлесің, бұйырмаған қайран құрбым.
Жел жұлқып,
Түтеленген бұйра бұлттың

Шашымнан аумайтынын қайдан білдің!?
Өткем жоқ дауылдардан ар саудалап,
Қонбады маңдайыма — жан сауға — бақ.
Жел түткен шаштарымның түптерінен

Сәуірдің жаңбыры боп қан сауламақ...
Найзағай — тесті бұлтты найзадайын,
Қарашы тағы да бір,
Айналайын...

Әттең-ай, бәрін көріп, Көрмедің ғой
Миымның жарқылдаған найзағайын...

ХІІІ

Сені көрсем санамда сең көшеді,
Бір мұзбенен бір мұз кеп белдеседі...
Көз алдымда көлбеңдеп азаптадың,
Соңыңа еріп күйдірдім мен де сені.

Түк көрмеппін көзіңнен—мөлдіріңнен,
Күлкіңе елтіп келіппін кемді күн мен.
Көздің жасы сарқылмай сарқылмайтын
Қайғы болдың,

Жасырам енді кімнен?!
Жалғыздықтың, деп жүріп, досы—қатер—
Арзу болдым бекерге—осы жетер.
Мың күн азап сыйлаған тағдырымның,

Мың жыл қажап қинаса несі кетер?!
Жетер енді! — Өзіңді көрмеймін мен—
Қылығыңды ерге ерік бермей жүрген.
Құдайда жоқ өрлікпен көтерілермін,

Бұйрыққа да сен айтқан ермей бірден!..
Ортамызда жіп бар-ды—
Үздің рас,
Ексімімен теңсетіп бізді біраз...

Сені сүйер маңайда ақын аз да,
Мені сүйер алайда қыз құрымас!..
Күлдірер—жыл,
Күйзеп—ай, жылатар—күн,

Бүр атар Мұң—
Басқаны ұнатармын.
Кеудемде тек із қалар,
Күзгі Әнінен

Жапырағын телдеген Құба талдың...
Жетер, жетер! —
Болдық қой өкпелесіп,
Кетем ертең өзің жоқ шетке көшіп.

...Атып тұрдым сен келіп қалды ма деп,
Сықыр етіп—
топсасы кеткен есік...
Күлмеңіздер,

Мендей ғашық сорлыға,
Құдірет тұттым,
басқа амалым болды ма? —
Жерде жеті кереметтің бірінің

Арал қызын қойып көрем орнына.
О, Жасаған!
Елең алма!
Нана гөр! —

Жетім жұлдыз! —
Жырларыма пана бер...
Пенделердің тарылғанмен тынысы,
Менің ғана ғажабым боп қалады ол.

Ғажап құрсын, қалар күйреп, саудырап,
Күйремейді ол—
Өртенсе орман, тау құлап.
Тұра бермек мәңгі жас боп жырымда,

Жасқа толған жанарлары жаудырап.
Түнек торып, жүрек болып қысылдым.
Аса құлақ аспаса да бүгін ел,
Сонысынан күні ертең-ақ түңілер.

Көрмек болып мәңгі тірі ғажапты,
Жырларыма жапырлап кеп үңілер...
* * *
Мәңгі өзіңмен қоштасуға келдім мен,

Сен қарсы алдың келбетіңмен өр мүлдем.
Түк ұқпадың көмейдегі шерлі үннен.
"Хош бол-ғын..." —деп, оң қолымды ұсындым,
Түнек торып, жүрек болып қысылдым.

Сездім енді қайрылмасын құсымның.
Соқты үскірік, тұрған үйден ән аңқып,
Бұл қоштасу қатыссыздай саған түк,
Тура қарап қойдың маған сауал тік.

Дауысыңа піл көтермес бітті зіл:
"Алған жандай бар байлығын ұтқызып,
Не ғып тұрсың?
Жүзің неге қып-қызыл?.."

Енді сенен шыға қоймас иманды үн. —
Сен түнекте қалатындай қиналдым,
Амалсыздан қиялыма иландым.
Күбірледім, шегін тартып шыдамның:

"Батарында қызармай ма шұбар күн? —
Кетерімде мен де сөйткен шығармын..."
* * *
Сен қайыңның шыбығы едің. —

Ұстара-
Күз келді де қиып түсті...
Еш шара
Қыла алмадым,

Жап-жасыл ғып жырлары,
Шырша едім мен көктеп тұрар қыста да.
Кез жетті де жапырағың шашылған,
Желге ілесіп кеттің мәңгі қасымнан.

Қыста сені құшағыма ап жылытып,
Жазда сипап тұрсам деп ем шашыңнан...
* * *
Әр құбылысты — абат табардай тым

Әдетім еді ағат бағамдайтын.
Шошытып тынды сені мінездерім,
Өзіңді көрсе тағат таба алмайтын.
Бар ма қылығым — қатарға жағардай? —

Жолдары қырын сапарға жарардай.
Фәни — нала-мұң,
Зариғабамын
Қорқау ұлыған жапанда қалардай.

Көктің түбітін түтердей шатқалда,
Алатау самалын дүкендей сатқанда—
Жүрегім менің қанап кетеді,
Көздерің жанды тікендей шаққанда.

Деп ем өзіңе,
Ақтар бірге сырды. —
Қаны жүректің — аққан сүмбе сынды.
...Тау танауында кемпірқосақ тұр,

Бота тұмсығына таққан сірге сынды.
Ақ қайыңдарға көп қыз деп қарадым,
Ішінен соның жоқты іздеп табамын.
Өзіңе деген есалаң сезімді

Ышқына боздап жеткізбек боламын.
Үмітімді үзіп жұмсарар кезіңнен,
Жанарды жаспен тұмшалап езілгем.
Аңсап өзіңді ындыны кепкен,

Нұр-сүт саулайды мұңсана көзімнен.
Сол аңсарыммен түндегі жотаның
Жұлдыз боп жанған гүлдерін отадым.
...Басқа түліктен қай кездерде де

Даусы ащы болад сіргелі ботаның.
* * *
Алматының ақ қары еріген күн,
Шат күйінде көріндің —

Сені көрдім.
Сені көрдім — егілдім, емірендім.
Емірендім, төгілдім, тебірендім. —
Алматаудың ақпары сөгілер күн...

Тап сол күні төндіріп ақыретті,
Маған тимей бір жасын қапы кетті.
Мен — көктеммін! —дегенді әлемге айтып,
Биыл тұңғыш көк аспан шатыр етті.

Маған тимей бір жасын қапы кетті.
Мына хабар тұра алмас қақпаны ұрмай.
Күнә болар бетіңді баққа бұрмай...
Күркір тынып аспанға сына қағар,

Құлама жар ақпары ақтарылды-ай! —
Жылап алар — жыр жазсам шақтарымдай.
Шыныменен жібітті-ау сені Дәурен! —
Мұныменен бітер ме менің әурем?..

Мұңды ұрлаған сол күні
сол көктемше,
Бір жырлаған алдыңда едім-ау мен! —
Мұныменен бітер ме, менің Әурем?..

Күн күркіреп,
Аққанда жасын көктен,
Жан қауызы көзіңде ашылды еппен.
Қара Тоңы Ақ Қыстың жібіген соң,

Бүр жаратын артынша—Жасыл Көктем!
...Алматаудың ақпары сөгілгенде...
* * *
Уызын бірге ұрттап ек талай түндердің,

Жұлдыздар қалды сол шақтан — қадайтын белгім.
Сиқырлы сәуле шашатын жанарларыңнан,
Ине шашырап мен жаққа қарайтын болдың.
Жұлдыз- шақпағы Ай-шамның білтесін жағып,

Нұрына гүлдер тұратын күлтесін малып.
Аяз боп кенет аңсызда алқымнан будың,
Шашырап кеткен көп ине — күрт есімді алып.
Аяз боп инең түйрейді —

Ұрады үскірік,
Шыра қыстырып көзіне - құрақ ұшты үміт.
Қауырсындарын дал-дұл қып үскірік түткен,
Үміттің құсы ақыры құлады ышқынып.

Қолынан бәрі келерін ұқтырып тәңір,
Көңілдің кіршең көйлегін жыртты ымыртта бір —
Ырайы қайтып Инеңнің —
Бермесе жамап:

Ақ қарын — Ақпан, ақ нұрын жіп қылып — Мамыр...
Қабақ түйгесін — жүректі табад та ине сұм. —
Қайта кимек ем көйлекті, қадап түймесін. —
Ертер ме екенсің қасыңа,

Әй, қайдам, мені —
Қара Көйлекті Ақ Жіппен жамап кигесін?..
* * *
Оралттың мұңды...

Сағындым сені —
Жоғалттым мәңгі шынында.
Басылар ма екен жанымның шөлі —
Ендігі қалған ғұмырда.

Көздегі жағып шырақтарды өлген,
Бастаған бір гүл бүр жара...
Сұлулық Пірін — Жұмақтан келген
Шошытып алдым біржола.

Жұттым да Түннің нұрларын сараң,
Сеуіп ем саған барды сап. —
Еткендей әсер жырларым саған
Мамырда жауған қар құсап...

"Кетемін", — дедің.
Жолда тұрмадым,
Сескендім. —
Жан ем наз ұрған.

Маңдайларына сорлы ақындардың
Сағынып өту жазылған.
Ақындар жолы теріс келерде
Әдеті: ит боп жүретін. —

Ғашық боп қалып періштелерге,
Тозақтарда өзі сүретін.
Жанымның шөлі! —
Сағындым сені,

Баратын саған жол жоқ па?
Өзіңді жұтқан
Сағымның селі
Келеді ағып мен жаққа...

Жоқтаудан Сені аянып па екем,
Тек ғашық айтар Хаққа сын! –
Айқайлап жатып оянып кетем,
Ұрғылап жұмақ қақпасын...

* * *
Сен болдың, шаттық — қайғым да,
Әйелден бөлек келімің —
Жолықтың жастық — айдында,

Қызындай ғайып — перінің.
Сиқырлы, сынық әніңде
Аққу боп қанат қақса мұң —
Сен жүрген жердің бәрінде

Көшетін жұмбақ ақ сағым.
Менің де көріп көшті ұйқым,
Киді әлем көйлек үр жаңа —
Сол әнді мен ем еститін —

Сағымды сүйген бір бала...
Менен де бұрын кей жігіт
Көз сапты саған — өрті ұрып.
Армандар қалды, — дейді жұрт,

Беліңе жетпей мертіліп.
Көйлектен есіп самалың,
Төсейтін бетін ұяң мұң.
Сезімге дерткен анарың

Шыңы ма дер ең — қиялдың!
Жеткізе де алмай назды айтып,
Тағатын едім сөзге мін —
Тамып бір түсе жаздайтын

Қос жұлдыз сынды көздерің...
Жұлдызы тамып көкбет түн,
Шапағы жанды шарпыды.
Ақыры жынды боп кеттім,

Перінің ұрып салқыны.
Көзімді байлап жат дуаң,
Жүргенде санам айықпай —
Сұңқ етіп түнде Аққу-ән,

Жоғалды сіңіп ғайыпқа - ай!
Сен боп қал перім — көрмеген,
Ізіңе, мейлі, гүл егем. —
Сондағы дерттен емдеген

Ішірткім еді бұл —
Өлең — ң!..
Көктем де келіпті - ау деп, мәз болмап па ем,
Өткенде қаңқылдасып қаздар көктен...

Адастым ақ нөсердің арасында
Өзіңнен мәңгіге көз жазғанда, әттең!
Жасындар елші болып бұлт аралық,
Жатқан шақ шың басынан шырқап ағып...

Асырып Алатаудан кетті сені,
Ақ нөсер қойынына қымтап алып.
Басына бұлт байлаған қара шыңға,
Әлі де гүл теруге барасың ба?

Шаштарың су - су болып жүргендейсің,
Әлі күн ақ нөсердің арасында?
Жас ғұмыр — жасынды бұлт, көшер бастан,
Көше алмай біздің бастан неше арбасқан.

Үйіріп арманымды алып кеткен,
Кірпігін нөсер басқан, о, шерлі аспан,
Қай жерде жүр екенсің —
Дос ем жастан?!

Жастық шақ бұлт боп тағы төнетіндей,
Төнсе егер кешер едім мен өкінбей.
Астында ақ жаңбырдың жүрем әлі —
Су - су боп өзің шыға келетіндей...

1982-1985ж

КӨРІНІС

Жаздың түні.
Аспан — теңіз,
Жер — теңіз,
Теңіз болып кеткендей бар шартарап.

Сол аспанда айға айналған ерке қыз,
Жүзіп кетіп бара жатыр шалқалап.
Сол айменен теңесесің,
Қасымда

Неғып тұрсың ғажабыңды қалқалап?!—
Жүзші сен де,
ақ тәніңді жасырмай,
Атыраудың айдынында шалқалап.

Шарап-шабыт күйшы, сахи, жырыма,
Ес кетірсін мынау арқа-жарқа бақ!
Ғаламды алған егіз айдың нұрына
Мен де жүзіп кетейін бір шалқалап...

МАХАББАТ ТАҚЫРЫБЫ

Әзіл

"Оңашалап жолықтық жылға жақта,
Сыбырласып сырластық біржар апта.
Менен мықты ақын көп, сенем,
Бірақ,

Сенен сұлу ару жоқ бұл қазақта!" —
Деп жырлап ем бір қызды баяғыда,
Қозыдай-ақ табысқан Баянына.
Ол қыз кетті жатпенен,

Тағы бірі
Жөргем болып ілінді аяғыма.
Бола ма адам біреуге текке ғашық,
Бауыр-ғашық болдық біз,

өкпе-ғашық.
Оған да әлгі бағытпен жыр арнадым,
Қоймаған соң сонымды бетке басып.
Енді қашан, құдай-ау, тоқталамын?!

Қаладан — қыз, даладан жоқ қарадым.
Жырлай, жырлай ең сұлу аруларды,
Ең мықты ақын мен өзім боп барамын...

АРМАНЫМА ТАЛАСПА

Аяулымды алғаусыз армандадым,
Сен де соған көз сүздің, арланбадың.
Ақ көңілмен жүргенде аңғармаппын,
Арманыма таласар арлан барын...

Азғындық па, атадан алған үлгің? —
Қалайсың тек қапқанын қармағыңның.
Жебір көзбен — ыдыны жібімеген,
Аймалайсың ақ тәнін арманымның.

Сіңіп қалған сүйекке арам әдет
Сүйкіміңді кетіріп — салады әлек...
Мен — өзіме қимайтын ардағым бұл,
Арманымның ізінен садаға кет!

Тереңдігін қиғандай құдай маған,
Иірім боп орнымда шыр айналам.
Қайдан келдің, сүйкімсіз бақа неме,
Көңілімді — көлімді ылайлаған?!

Құзғындайсың ұмтылған сен жеміне,
Әлде, өрмекші — шырмалған өрмегіне.
Өзің теңдес біреуді таппайсың ба,
Өзің айтқан жүгенсіз ермегіңе!..

Арманымды әлдилеп қалғыр ма едім,
Тұмсығыңмен былғадың Ардың көлін...
Таласа бер бағыма, байрағыма,
Арманымды өзіме қалдыр менің!

Сұлулықтан нәр алдым — жырлау үшін,
Сұлулықты жаралдың - былғау үшін...
... Әттең, неге адамдар естімейді —
Кесір күлкі жаншыған

Мұң дауысын?..
1984 ж.

АЛМАТЫ. ТОРЫҒУ.

М. Мақатаевқа
Көптен бері естімей сыңғырын жырдың,
Алматыға сия алмай шыңғырып жүрмін.
Қай жаққа кеткен баяғы бұла дауысым?

Төмендеген бе, биіктен құламау үшін?..
Түсінбей жүрмін тіліне сұр бет қаланың,
Тас моншаның ішінде кірлеп барамын.
Далама жетсем,

Кеудені кеулеп самалы,
Жіберер еді-ау, қайтейін, емдеп сананы.
Алайда жол жоқ ол жаққа —
Тұтқындамын мен,

Тұтқындамын мен — бүткіл ой, бүткіл жаныммен.
Шықпайды жыр да,
Тамырда ақпайды қан да,
Тірі өліктердің моласы жақпайды жанға...

Тұрмыс - шекпенін неліктен мұқала кидім? —
Басына барып қайтсам ба Мұқағалидың?!
Табылар содан жанға нұр тамызатын үн,
Қарғып тұрар ол,

Келді деп "нағыз ақыным".
Қарғып тұрар ол! —
Жанына бөлеген жасын —
Естелік қозғар жайында Төлеген, Қасым...

Сұрар ол: жырға келгенін қай бота-дарын —
Әбубәкірін айтармын,
Байботаларын!
Айтады сосын,

Ұшырып қимай кептерін,
Өзінің-дағы тірлікке симай кеткенін.
Оқыр ол.
Бақи дүниеде жаңа жазылған,

Фәни ғаламды егілтер Жаназа-Жырдан.
Молдас құрып ап, сөз етер өлең өмірін,
Ісім білсін, мынау күйімді неге жорырын?..
Ғұмыр биігі Кеңсайға — белеске шығып,

Жоғалам мен де содан соң Елеске сіңіп...
"Түкірдім сенің бетіңе, жұқана-күйбің! " —
Дедім де, сезім көйлегін тұтана кидім.
Қалдырып бәрін — тас қала, жұтаған үйдің,

Кеңсайға кетем, қасына Мұқағалидың!..
1982 ж. Аяматы

АНАМА

(Кенжебайдың әні)
Қызығымды әлі бір тойламаған,
Не күйде жүр екенсің,
Қайран анам?

Ащы-тұщы татыған таңдайыма
Жоқ енді уызың деп ойға қалам...
Нала бассын,
жанымды жара бассын,

Ұлыңа арман қуған жарамас сын.
Ұмытқан кез өзімді болған шығар,
Анашым, сені ұмытсам —
Қара бассын!..

Шөлдеп келед боз құнан тарлан шығар,
Қайдасың, тәңіриям, алдан шығар?
Құшағыңа құлайын уыз тілеп,
Бір тамшы маған деген қалған шығар?!

1983 ж.

МАЙДАНГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ СӘТІНЕН

Жеңбесе де сендерді қанша сынақ,
Жағылса да сендерге барша шырақ;
Әлі шошып оянып жүрсіңдер ме,
Көздеріңнен от пенен қан шашырап?!

Көрмесек те төгілген солдат қанын,
Шер - шежіре бетінде қалды аттарың.
Жау жұлынын әлі де мұздатардай
Солқылдатқан көшені балдақтарың.

Бұрын ойлап ошақтан Отан қамын,
Қан кешуден басталған сапарларың.
"Сап түзіңдер!" деп бізге ескертердей,
Селдіреген сендердің қатарларың.

Үні естілсе -
Бұлт болып қатер көшкен
Келеді әлі соғыстың аты өлместен.
Менің де тұр санамда жаңғырығып,

Атам кешкен қан майдан, әкем кешкен.
Біз де жаңа ғасырдың мінбесінде.
Бір барармыз Ертеңмен тілдесуге...
Ерке, шолжаң ұрпағың келеді өсіп,

Сендер аман, жер басып жүргесін бе?
Мініп алып бақидың арбасына,
Жөңкіп бара жатсыңдар алға асыға...
Ерден — ерке,

Еркеден есер туып
Ел иесіз, кім кепіл, қалмасына?!
Жанарларға жарғанат — жат ой сарып,
Жатқызбай ма —

Уайым бақай шағып?
Ұйықтап бара жатырған ұрпағыңды
Оятып кет, тағы бір атой салып!..
09.05.1982 ж.

СӨНУ

"Шырақтай жанған жүрегім, —
Нұр шашам маңға—шашам жыр.
Мен, мен!.." — деп алыс кеткен сол—
Досымның нағыз бірі еді...

Жолықтым бүгін—масаң жүр,
Арада көп жыл өткен соң.
Кешегі тұлға оқтаудай—
Белгісі бейне сұрақтың...

Құлағым салдым сөзіне. —
Замана желі соққанда,
Жалп етіп сөнген шырақтың
Түтіні ұрды көзіме...

ОЙ МЕН СЕЗІМ ОЗАНЫ

Әр сөзімнің астында жатса деп ем жымдасып,
Сезім менен ақыл-ой бір-бірімен мұңдасып.
Айтқанына ақылдың сезім шіркін көнбейді,
Бітуажа болам деп бейшара тән терлейді.

Шарпысқанда екеуі — арасынан шығып от,
Екеуінің бір-бірін аңдымайтын күні жоқ.
Шеке тамыр білеудей, басым, міне шарадай,
Болып жүрмін қазір мен қой аурулы баладай!..

Сезім нағыз серігі дегенменен ақынның,
Салт құратын Заманы құсайды бұл ақылдың.
Миым биік тұрғанға атқарғандай міндетін,
Жүрегіме салмағын түсіреді күнбе-күн.

Қанша тентек болса да титтей жүрек шаршады,
Жиі-жиі, құдай-ай, қатты-қатты шаншады.
"Сөзін айт деп Жүректің!" — Тілге берген тапсырма,
Қандай уәж қайтарам дана Абайдай тақсырға?

"Тек жүректен таза Ақыл шығад!" — депті бір Алла,
Құриды әлім — сілтеме жасай алмай Құранға.
Сондықтан ба, бүгінде Ми билейді Жүректі,
"Ақылды адам" атанып сүреді өмір кіл епті.

Шалажансар сезімді содан батпан Зіл басып,
Ой астында жатады өзді-өзімен мұңдасып.
Мен де ендеше шыдайын — езсін жанды жүк қанша! —
Тар кеудені Сезімім тас-талқан ғып шыққанша!

1984 ж. Шынжыр қыстағы

ЖЫЛАН ЖАЙЛЫ ЖЫР

Жыланды жолда жатқан соқпай кетсең,
Тап болған бір ғаріпті шақ дегенің.
Шәңгерей.
Қастық қылған жан емен тірі жанға,

Қастық қылман амалым құрығанда.
Күннің нұрын шаша алам жанарымнан,
Жақсылықтан жүрегім жылығанда.
Жасыра алмас бірақ бұл сырым білем,

Жазым қылар кезім бар тіріңді мен.
Жолды кескен жексұрын жыландарды
Жылан сапты дойырмен қырып жүрем.
Заман — жаңа, Заң — көне, қылмыс — кәрі,

Бірақ жылан өлтіру шын құштарым.
Бұғып келіп аңсызды шағатұғын,
Азайсын деп Адамның бір дұшпаны!
Көгім жайлы, десем де, сөз толғайын,

Жаңылады сазынан жез таңдайым—
Бұталарға бұғынған жылан барда,
Боз даламның жұтатын боз торғайын.
Талай Удың тәнімде Зәрі қалған,

Тағдыр не сый тартады тағы да алдан?
Есебі жоқ — жолыққан сұр жыланның,
Жүрегімнің басынан шағып алған!
Менің жаным шын іске құмарланса,

Жауыздыққа жармасам бір арланша.
Тамұғыңды кешуге қайылмын мен,
"Таңда мақшар" соған құн сұрар болса!..
Қанша дарын бойымда,

Қаншама әлім
Бар екенін білмеймін. —
Барша мәнім:
Тірі жанға зиянсыз жандарға мен,

Жыландарды қыруға жар саламын!..
1982 ж.
Алақабақ- Тасболат жайлауы

ҚАРА САБА

Жылқы ауыл...
Күлде жатыр қара саба,
Әр жерін тесіп кеткен бала-шаға.
Түсетін қара шал жоқ арашаға,

"Қазіргі тірлікке бұл жараса ма!" —
Депті де, күлге сүйреп тастатыпты,
Көкайыл келін оны ала сала.
Күн салып айналаңа қара абайлап,

Көп жылқы баяғыша салады ойнақ.
"Тай жүзген" — қара саба күлде жатыр,
Не сәнге, не мүлікке жарамай қап.
Қараймын барлығына секем алып,

автолар ат орнына жетеді ағып.
Бос шиша ғұрлы болмад қара саба,
Оларды өткізуге кетеді алып.
Десек те дәстүрін ел ұмытпайды,

Көп жігіт өткенінен түк ұқпайды.
...Желіге келмек тұрмақ, құлын біткен
Құланша маңайына жуытпайды...
Сөнбесін баба көзі деп тілесе,

Ішті-ішке болар еді тепкілесе!
«Қалдығы ескіліктің жойылсын!» — деп,
Кіл сұр бет лектор келіп кетті кеше...
1984ж.

Бірі де көнереді, көнереді,
Дегенмен бір ойлану керек еді.
...Осынау сабасының жайын естіп,
Қара шал қайтып келсе не дер еді?!

Ұлы отыр отқа жағып керегені...
Баласы сол нән шалдың алашада
Мас болып оттап жатқан — аласа аға.
...Қауымға ырзық болған қара саба —

Қадірін қайдан білсін бала-шаға?!
Қара саба... бала-шаға... қара саба...

ЖЫН-ШАЙТАН ЖАЙЛЫ ЖЫР

Әжем айтқан ертектерде —
Кіл сойқан
Үрейімді ұшырушы ед жын-шайтан.
"Шайтан деген бұл неғылған сорлы жұрт?!"

Деп ойлаушы ем...
Асылдарды қор қылып,
Жүретін-ді олар ылғи ертекте
Адамдыққа, адалдыққа тор құрып.

Бұл күндері сенбесем де ертекке,
Осы өлеңді бастағам жоқ мен текке.
Әлі күнге көрмесем де жын-шайтан,
Шын шайтанмен болатындай бір сойқан.

...Күні кеше орталықта селк еттім,
Бәлкім, бұл да шарпуы ма ертектің?
Бір келіншек сүйіп алып нән итті,
Ерінінен жалап тұрды еркектің.

Басқаша емес, жын-шайтаннан қорыққан
Тап осылай болады екен, соны ұққам.
Ертөстіктей сезіндім мен өзімді,
Шойынқұлақ, Бекторыға жолыққан.

Бұл да құрсын! —
Тай қазанда пісетін
Етті көріп, сыздап кетті тіс етім.
Иттің етін жейтіндерді естуші ек,

Жейтіндер де көбейіпті кісі етін.
Бұл да құрсын! — Абайға да Қасымға,
Тас сыбаған қылығыңды жасырма!
Адам етін жеуде не тұр, тәйірі,

Адам жанын жейтіндердің қасында?!
Бұл күндері сенбесем де ертекке,
Осы өлеңді жазғаным жоқ мен текке.
Әлі күнге көрмесем де жын-шайтан,

Жын-шайтанмен болатындай бір сойқан.
Шымшық құсап жем болатын қырғиға,
Күйзелсем-ақ ой туады ылғи да.
Ашып айтсам, сондағы ойым мынау-ды:

Заманаға бейімделіп сұм әлгі,
Ертектерде кездесетін кіл сойқан —
Кісі кейпіне енген шығар жын-шайтан?..
Әжем байғұс, "шайтан өлмес," — деуші еді,

Сол ұғымның менде қапты бөлшегі.
Ібілістер жайлап мәрмәр кеңсені,
Құл қылардай, езіп мәңгі еңсені.
...Сен не біліп мәз боласың күрсінсем,

Мен — Адаммын!
Ал сен, айтшы! —
Кімсің сен?..
Осы сауал — қалқандай боп құлағы,

Менің мәңгі қарсы алдымнан шығады.
Қалалар тұр — мәрмәр үйі қаптаған,
Бәлкім, Адам, бәлкім, Жынның тұрағы...
1983ж.

ТАНЫСТЫРУ

Ерлігі аңызға - аян, ертекке — анық,
Өр халық — менің халқым — тентек халық.
Ұрынған пышағына дұшпаны көп,
Қысты, әні, құшағына да өртеп барып!

Отырар өзді-өзінің жолын бағып,
Керемет менің халқым — момын халық.
Қонағы қоймасына қол салса да,
Көрген жоқ көңілі үшін қолын қағып.

Жатса да бары көрер көзге үптеліп,
Дос-жарын шошытпайды ол — кездік беріп.
Ерлігін — "ардалық" деп,
Ақ көңілін

Білемін — жүргендер бар ездік көріп...
Шайқасқа мен де кейде бірден барам,
Қысылып кейде текке — тілден қалам.
Білгісі келген мені байқа,

Шырақ,
Сол екі қасиет те сіңген маған!..
1984ж

ТҰНШЫҒУ - 1983

— Ей-й! һей - һей - һей!..

Жан даусыма бұл әлем
Оянбай ма?
Сап-сап басып сезімді — ой алдай ма?
Көнер ем ғой бәріне —

Аласұрған
Мынау титтей жүректі қоям қайда?!
Шарбағында көзімнің жас қамалып,
Бастап кете береді — басқа бағыт.

Тастап алып Зәһардан,
Ыласқа қанып
Отқа оранып соғылам тасқа барып.
Қамалған жас — у болып құмға тамып,

Тас шарбақта тұлпар жыр тұр маталып.
Жырға таңып шындықты жібере алмай,
Ашық күнде ышқынам — жынды атанып.
Тақа мұндай аранға кім айдаған? —

Тас шарбақтың ішінде шыр айналам.
Тулай алмай тұлданам — зәр кісінеп,
Тұл асаудай езуін шұрайлаған...
Қамап алып жан-жақтан аттан салған,

Құтылар күн бар ма екен батпан сордан?
Қан қақырып шарасыз ырылдаймын,
Қасқыр құсап сирағын қақпан шалған.

Ақтарар күн туар ма жырды шерсіз?
Гүл кешер күн болар ма құмды-шөлсіз?
Отырғандай тұтқында сезінемін —
Басым бостан болса да,

Тіл кісенсіз.
Дұшпан кезеп сыртымнан,
Дос атардай,
Жұлынардай жырыммен қоса таңдай.

Тыпырлаймын кеудемді босата алмай,
Тірсегінен ат басқан қошақандай...
06.02.1983. Алматы.

ДАЛАҒА ҰШУ

Мен ертең сонау сағымды белге ұшамын,
Қонамын қырға, толады нұрға құшағым.
Адымымды менің құрсаулап жүрген құса - мұң
Шешіліп қалар — кісенім, шідер, тұсауым.

Перғауындардың әскерін қырған Мұсаның
Асатаяғы — қаламсап болар, мысалы.
Қауырсын қалам — тоғытып жырға толғайды,
Сия орнына құйып ап қайтқан құс әнін.

Тағы бір шолып даламның шексіз байтағын,
Маң қияныма тағы бір барып қайтамын.
Аңғырттықпенен, иектеп жүріп сайтаным
Ішімде кеткен бар сынды бөлек айтарым.

Төгемін жырды, жүрегім бай да, тіл кедей,
Тілдесе берем тікен де демей, гүл демей.
Шетсіз де шексіз сағынышыммен жеткенде
Мүмкін бе оның қалуы маған — үндемей?!

Бұлтымен сүртем — дидарына оның шаң қонса,
Қанаты жоқтар талып - ақ қалсын — таңданса!
Дала мен бала сөйлеседі анық сол күні —
Дәуіттің ұлы тақ Сүлеймен бізге жар болса!

Болады ғажап —
Жұмақта көрген түсімдей!
Келемін қайтып ғайыптан түскен мүсіндей.
Даламның сөзін сендерге де айтам...

Әй, бірақ —
Қорлайсыңдар ғой түсінбей!..
06.02.1983. Алматы

СУЫҚ ҮРЕЙ ЖОРТЫП ЖҮР

Суық үрей жортып жүр жер бетінде,
Ұйқыдағы үңілед елге түнде —
Сілекейлі ақсиған жұлдыз - азу,
Ай - көзі бар ақшиған келбетінде.

Суық Үрей. —
Есімі Түн болады,
Түнді ойласам жігерім құм болады.
Түн-тажалдың жолында жүріп өткен -

Өліктер мен үйінді күл қалады.
Тағы, міне, келіп тұр ұнтағалы,
Шалғайымен Жарықты қымтағалы.
Кілең Тірі Сүйекті кешіп барад,

Бытырлата сындырып Түн Табаны.
Жер бетінде жортып жүр Суық Үрей,
Ілебінен сынды үйдің уығы кей.
Соңына еріп Үрейдің,

Түн жамылып
Соғатындай бір күні Ұлы Дүлей.
Тиіс, бірақ, дүние жаңаруға,
Керуенін Үрейдің доғаруға.

Амандасып әрдайым тұрмақ парыз,
Ақ шәйіге оранған Таң — Аруға.
Қашсын десең Ғаламнан Түн түріле,
Ұя салған талдардың бүртігіне —

Таңның әппақ Сәулесін жағу керек,
Түн — Үрейдің көзінің кірпігіне...
18.06.1985. Алматы.

КӨНЕ ЖҰРТҚА ҚАЙРЫЛУ

Жатқанмен талдар гүлдеп, дүреп терек,
Сөнетін болмады ғой жүректегі от.
Бақ тілеп кеткеніммен: "Ермеді" деп, —
Жырларым саған әлі жүр өкпелеп.

Білмеймін — өлең басқа, мен бөтен бе? —
Қиялға жел жетер ме —
Пелде-пелде!
Ит көңіл ескі жұртқа қарап ұлыр,

Даланы көкек әні тербетерде.
Жастықтың нұр - шарабын ұрттап алып,
Жүргенде ай сәулесін мұртқа жағып,
Көк шәйі сағым бұлғап көкжиектен,

Қойып ең ермей маған жұртта қалып.
Мен кеттім шарлаймын деп аспан астын,
Мәңгілік болдың жаннан тастамас Мұң.
Бейнеңді өлеңіме көшіріп ап,

Біржола өшпейтін ғып тасқа бастым!..
Айналып жаны нұрға, тәні гүлге
Алдымнан шығар ма деп тағы бірде —
Тұсынан көне жұрттың өткен сайын,

Өлеңім өгейсиді әлі күнге.
Күлкісін кір шалмаған асыл жардың
Шат күйде жүргеніммен қасында әр күн —
Соңғы рет көне жұртқа соғам өлі —

Өкпесі өлеңімнің басылған күн...
Сәуір, 1986. Алматы.

АТТАНЫС

Тілекке
Аттанамын мен Ертең Ұлы Жолға,
Қамданады сол жолға жырым —
Ол да.

Қарызды айтып қайдағы, парызды айтып
Жолымызға сен енді тұрып алма!
Жігіт бассын желігін, қыз аптығын,
Сыпырылып сирақтан тұзақ-мұңым —

Құдай — халық өзі айтад,
Жыр мен менің
Қайсымыздың жолымыз ұзақтығын.
Желігіп тұр наз бедеу мама ағашта,

Қалмапты әлі мінезі ала қашпа.
Апарып сап біздерді барар жерге,
Шылбыр сүйреп қайтады-ау, қара қасқа!..
Мына жалған — талайдан қалған жалған,

Құралған кіл таупықсыз армандардан.
Таңырқама, іздеме —
Үнім кейде
Қалса естіліп өксіген аңғарлардан.

Сол үн кіріп таулардың балағынан,
Бәлкім, дауыл тұрғызып салады ылаң...
Суреттегі мен емес —
Мойынына

Қара лента оралған — қара жылан.
Жыр — хат келер тудырып болмашы үміт,
Кебежеде құриды — ол да шіріп.
Жосығымды сұраған жан болса егер,

Кетті дерсің, ертерек жолға шығып.
Жинап алып жиһанның қазынасын,
Жамиғатқа жолдаймын базына — сын.
Жалт боп ойнап өтермін, елес ұрып,

Жатқан шақта беріліп нәзір — асым.
Жолда өлмеуін жырымның арман етіп,
Елесімді қойғанмын қорған етіп.
Ал аман бол, адал дос,

Мен, айтпақшы,
Баяғыдан барамын жолда кетіп!
07.12.1983. Алматы.

СЫРТТАН ИТТІҢ ЖЫРЫ

Серік Аксұңқарұлына
Мен деген Сырттан — итпін кәдімгі,
Атымда әуез жоқ онша.
Құйқа құсатып үйттім жанымды,

Қотаннан бір қой жоғалса.
Біреулер ұғып армандарымды
Сынаса — ерлік күт менен —
Тай жеген тағы арландарыңды

Кезім көп екі бүктеген.
Сырттан төбетпін!
Тазының өзін
Белінен қарпып талағам.

Жуынды емес-тін азығым менің,
Арда едім — ардап жалаған.
Мына далаға қорғанын салған
Сан халық куә — сан адам.

Бір кезде бабам жолбарыс алған! —
Сенбейсің, бірақ, сен оған.
Егессем — тісі бармен егестім,
Тістілер, шүкір, молшылық.

Мен деген — итпін!
Қанден емеспін! —
Тышқанмен тектес ол шірік!
Жәдігөй көзін жымияр қысып,

Ойлап ап қарын — жуанын;
Маңыма келсе зымиян мысық,
Тырағайлатып қуамын.
Адамдарды да талап жүрем кіл,

Қадра бас қамын күйттесе —
Иеміз кейде жаман біреуді:
(Мен ұқпайтындай) "ит" десе!
Жүретін ылғи ұрланып көптен

Қаскүнемдерді тапқаймын!
Көп таланғаннан жынданып кеткен
Маскүнемдерді қаппаймын...
Көзім суырып, шаншып құлағым

Бір нәрсе жанды жеп кетед.
Сәтті күн мен де қаншық қуамын,
Қалады шулап көп көпек.
Сорлымын —

Өзің қор санап өлер —
Ұлимын! —
Айға телмірем.
Жер сілкінетін болса да егер,

Алдымен елдің мен білем!
Темір ғасырға тірі жеткізді,
Тәубе айтам соған қыңсылап.
"Жеті қазынаның" бірі деп бізді

Әспеттеп жатыр кім, сірә!..

Қорғап - ақ едік үріп даланы,
Талмап - ақ тістің тұқылын...
Әулетім менің ұлып барады,
Құрып барады тұқымым.

Әр үйде құлып — қарауыл бір-бір,
Жұмыссыз қалған пақырмын.
Жат иіс сезіп танауым құрғыр,
Ырылдап тағы жатырмын...

Көрмесе де әлі тегім азат боп,
Кешемін ғұмыр арланша! —
Өз қорам бір күн өзіме жат боп,
Далада қаңғып қалғанша!..

01.06.1985. Алматы.

ҚҰСНИ-ХАТШЫ

Мүрсейіт Бікеұлына

Мен боламын демеңдер...

Абай.

Шешен күлкі қылса да, жырау мазақ,
Бара жатыр миымды сұрау қажап.
Сен болмасаң егерде,
Құсни хатшы,

Қалар ма еді Абайсыз мынау қазақ?!
Жоқ деген көп, қалмасақ жүгенделіп,
Жоғымызды тағы бір түгенделік...
Сен болмасаң егерде,

Абай деген
Болыпты деп бір ақын жүрер ме едік?!
Таусыз қалар қазақпыз Толағайсыз,
Осыны ұқпай жүр талай рабайсыз.

"Күпі киген қазақтың қара өлеңін"
Елестету сұмдық қой ұлы Абайсыз!
Бұл сөзімді керең де соқыр ұқсын,
Бір мекенге сыймайды екі қырт шын.

Жұрт оязға жатқанда арыз жазып,
Сен Абайды көшіріп отырыпсың.
Жер түбінен, о, бізге жеткен өрлік!
Сен ол болам демепсің текке кергіп.

Ерінетін өз жырын көшіруге
Ақындар көп. —
Сенікі неткен ерлік?!
Игі жақсы жиылып, астана жұрт,

Әрбір сөзін өткізіп тасқа жанып,
Күймейсің бе:
Өзіңдей хаттаттарын
Қайраткер ғып жатқанда басқа халық?!

Ақын деген, әрине, мазмұн құлы,
Мазмұнымда — жалқы ұшқан қаздың мұңы.
Сен өлгенсің, бұл жырды естімейсің,
Естиді деп тірілер жаздым мұны!..

1986 ж.

ҚАРА ӨЛЕҢ

Қазақтың қара өлеңі құдіретім...
Мұқағали.
Сендей қызды көрген емес Хорасан,
Сендей қызды көрген емес Арасан.

Жеті тамұқ,
Сегіз жұмақ қақпасын
Қағар едім, егерде сен қаласаң.
Сендей қызды көрген емес, әрине,

Фирдоуси де, Сағди, Хафиз, Жәми де.
Сендей гөзәл болған емес ешқашан —
Жеті шайыр жырлап өткен фәниде.
Саған арнап мұсабба да жазбаймын,

Саған арнап мұхаддас та жазбаймын.
Соларсыз-ақ он сегіз мың ғаламның
Пендесінің жан-жүйесін қозғаймын!
Гәнжәуидің Ләйлісінен бөлексің,

Науаидың қайғысынан ерексің.
Демек, жерде теңдесі жоқ аруға
Өзге өлшем мен бөтен ырғақ керек шын!
Дедім-дағы шартарапқа шарқ ұрдым,

Шарқ ұрып ем, құны кетті парқымның.
Бұл қалай деп ой тоқтатсам ес жиып,
Қара өлеңін ұмытыппын халқымның.
Жастық Дәурен — жорға тайдай ырғалған,

Мені жырақ ап қашыпты бұл маңнан.
Кейін ұқтым, қасіретім екенін,
Қара өлеңнің қасиетінен құр қалған!
Айналайын, қасиеттім күй тілді,

Қайран, айым, ашқан таңғы ұйқымды! —
Қара өлеңді сүйіп енді өтермін,
Қара қыздай Сүйкімді әрі Сиқырлы!

ЕРТЕ КӨКТЕМ. ҚЫСТАУДА

Жусан бүрін жарыпты — тышқанқұлақ,
Әзір келе қойған жоқ құстар, бірақ.
Гуілдейді салқын жел әлсін-әлсін,
Әлдеғайда жатқандай мыстан жылап.

Желігіп жүр беткейде бір көк дөнен,
Көзім тіге беремін қыр бетке мен...
Қысқы әнінің айтуда қайырмасын,
Жел өтінде бұталар дірдектеген.

Қараөзек шақ.
Иесіне ерке қарап,
Жер тарпитын сұлық тұр торы төбел ат.
...Аспан асты қалың бұлт. —

Әлде біреу
Күн-бөбекті тастаған көрпеге орап.
Жылынады сайларға жолдар кіріп,
Ағам анау, түспей жүр қолдан құрық.

Жеңгем күліп келеді, қой қорадан
Етегіне сап-сары тоңғақ жұғып.
Не істеп жатыр деді ме тыстағылар,
Інім шықты далаға — құсқа құмар. ...

"Құс қанаты" жауады-ау бүгін-ертең.
Қар қылаулай бастады...
Түш, жануар!..

ТОЛҒАҚ

Аямай-ақ құятын көзге алтынын,
Аңсағалы қанша уақ жаз жарқылын.
Бәз қарқылы қарғаның бизар қылған,
Күтіп жатыр бағзы қыр қаз қаңқылын.

Төсесе де қыр қанша нұрға маңдай,
Терек, қайың тұрған шақ сырғаланбай.
Түні бойы, жел мен ай тал тербетіп,
Таң атқанша қойғаны-ай бүр жара алмай.

Екпінінен Тоғыстың өлді Ақпаның,
Қоя берсе тезірек төлдеп Бағым!
Бақ түгілі,
Сезіндім түні бойы,

Жер Ананың қинала толғатқанын.
...Жатыр екен таңертең елжіреп қыр,
Қырға шығам. — Көктемім, жолды кептір!
Торсық шеке сәбидің кекіліндей

Күн шетінде шөкім бұлт желбіреп тұр...
1986 ж.

ТҮНГІ ТАНЫМ

Қараңғылық жарықты еппен сырды,
Құс жолы анау шаңытқан...
Неткен сыр бұл?! —
Жаңа ғана аспаннан бір ақбоз ат

Құйындатып,
Кісінеп өткен сынды.
Бұза алмайсың осынау келісімді,
Кеңейткендей боласың өрісіңді.

Жұлдыз қалған
Шашылып, әлгі ақбоздың
Шашыраған жан-жаққа тері сынды
Көз жіберіп бұл шеті, ол шетіне,

Айдалаға түнесең — Менше түне.
Жез үзеңгі-ай жатыр әудем жерде,
Түсіп қалған үзіліп жол шетіне...
Көктен — жерге жыр болып түскен есен,

Өңім екен барлығы, түс пе десем. —
Бұл ғажапты көрмес ем,
Жауырыныммен
Туған жерді бір рет иіскемесем!..

1986 ж.

АЛТЫН АЙДАР АҚ ТАУЫҚ

Он сан ғажап өтіп жатыр көгімнен,
Озса уақыт,
Оған қандай айла бар?! —
Ай-балапан кеше ғана көрінген,

Алтын айдар ақ тауыққа айналар.
Машырықтан ол сапарын бастарда,
Маңайынан табылады қорегі.
Тәңір шашып тастағандай аспанға,

Тары қылып жұлдыздарды тереді.
Алтын айдар ақ тауықтың балағы,
Алтын нұрмен жарқыратар маңыңды.
Кейде бұлтқа аунап-аунап алады,

Күлге аунаған тауық құсап кәдімгі.
Ол кеткесін, қабағын да шытты аспан,
Ол кеткесін—түннің сәні қашады.
Бірнеше күн кетегінен шықпастан,

Ақ тауығым жұмыртқасын басады.
Ай аспанда көрінгенде жаңадан,
Қауіп ойлап, қарай берем анықтап —
Жұмыртқаны жарып шыққан балапан

Айналғанша Алтын Айдар тауыққа...
Қара күс-түн қанатымен қаусырар,
Тұрам үнсіз —
Тас Мүсінді Сақтарша. —

Алтын Айдар Ақ Тауықтың даусынан
Аппақ Таңым шұғыла шашып атқанша...
1986 ж.

АЭРОПОРТТА

Бүгін менің жиі өзгерді реңім,
Бүгін менің жиі соқты жүрегім...
Жаңа ғана жайбарақат тұр еді,
Ақ самолет көз алдымда түледі.

Қара аспанға ақ самолет — айгезбе —
Ырғып шықты көрінбестей жай көзге.
Байқап қалдым лып-лып еткен шамын бір,
Жұлдыздардың арасынан шалынды.

Бүгін тіпті көтерілді тым биік,
Байқаса игі,
Алды неткен тұңғиық...
Зымырандар енген сайын ішкері,

Оған тура жол нұсқар ма —
Құсжолы?..
Соңдарына із қалдырып жолақты,
Күндегіден жұлдыздар да көп ақты.

Аққан жұлдыз көктей өтіп ғаламды,
Жүрегіме ине болып қадалды.
Қапияда жұлдыздар мен самолет
Ұшырасып қап жүрмесе жарар ед!

...Тұңғиыққа шашыраған ұшқындар,
Бүгін неге жиі-жиі ұштыңдар?!
1986 ж.

КЕҢЕС

Жанатқа
Ырғақтап жорға тайдай, қылаң қағып,
Қарағым, қайда асықтың шығай маңып?!
Қарадың былай қалып сәлем-сауқат,

Жанарың тұлайланып —
Тұманданып.
Жолыңа болады ғой жырынды кес —
Келмесе осы айтқаным —

Тілімді кес!
Бездірме баяныңды, аяғыңды
Аңдап бас,
Іліп қалар кіл індігеш.

Жайыңды, қарағым-ай, шын сезінем,
Айыңды тұман шалса,
Жыршы езілер.
"Жорға тай — мініс көлік" деген кеше,

Шошыдым бос белбеудің бір сөзінен.
Желкенін жел қиратып — жайып қалса,
Теңізде ғарық болды қайық қанша...
Жанымда ырғақтамай, сырғақтамай

Тұра тұр! —
Селдір тұман айыққанша!..
1986 ж.

ШЫРМАУ

Ішпек болып кіріп ем шөлдеп қымыз,
(Қыз қолынан дәм татып көрмекшіміз)
Алты қанат ақ үйде теру теріп
Сен отырдың сол сәтте,

өрмекші қыз...
Өрмекші-қыз,
Сырымды танып білген,
Сені көріп, есімнен таныппын мен.

Адарғы мен күзуге үңілем деп,
Өрмегіңе шырмалып қалыппын мен...
Шартын, салтын тірліктің ұғынбаймын,
Ұқпаған соң тынымсыз ызыңдаймын,—

Өрмекшінің торына шырмалып қап,
Шыға алмаған шарасыз шыбындаймын...
1986 ж.

ТҰСАУ

Сөз өнері дертпен тең.
Абай.
Аймағымды, аулымды ырза қылмай,
Соңғы кезде жыр неге жүр жазылмай?!

Жұмақ, тамұқ — екі өмір,
Шабытсыз шақ
Тамұқтың да Жаһаннам — түп жағындай.
Құтылмадым, жыр, сенің азабыңнан,

Ерте өлермін мен, сірә, ажалымнан.
Пұшайман боп отырмын,
Діндар құсап
Бес уақыт намазын қаза қылған.

Өлең күтіп елім мен жұртым жатыр,
Маған енді дейтіндей "сілкін, батыр!"
Жырсыз өткен күніме
О дүниеде

Жауап алар сықылды Мүңкір-Нәңкір...
Өлер болдым дертімнен жазыла алмай,
Мен күткен жыр енді-енді жазылардай.
Отырармын мен де ертең —

Қағбаға кеп,
Күнәсінен арылған қажылардай...
1986 ж.

АЙ-АРЗУ

Сәби шағым, күні — күлкі, түні — мұң,
Қалып қойды — желге таулап тұлымын.
Ал дәл қазір, аспандағы ай-ару
Жүрегіме сілтеп жатыр құрығын.

Мен ғашықпын сонау айға,
Қайран қап
Жүрме, бірақ, жаным соған байланды-ақ.
Құлын-қиял көкіректе кісінеп,

Ботақан-нұр жүзімде жүр тайраңдап...
Ару — айым,
Жанға жыр боп енші бір,
Арамызды жалғап жүрсін елші-нұр...

Құрығыңа іліксін де туласын,
Ең бір жүйрік шумақтарым, ең шымыр.
...Кекілімді күн тараған сол шақта,
Жыр жазбайтын уыз-сәби болсақ та,

Әлденені аңсап жаным,
Сырымды
Ілуші едім кірпіктегі Моншакқа.
Шоқ-моншақты жырмен енді көсеймін,

Түнгі сезім боп қалды тек досы — ойдың.
Көз шарамнан сәуле саулап дірдектеп,
Толған айға еріп жүріп есейдім.
Ай жолына қанды қақпан құрса бұлт,

Күйзелемін, жүрегімді кір шалып,
Айшалық боп бастап едім ауырып,
Дауасы жоқ дертке айналды —
Жыршалық!

Жалғыз мен бе — осы дерттен жоғалған?! —
Көз жұмғанда кеудемдегі көп арман —
Күбір-күбір жыр естірің ақиқат,
Төбесіне ай шаншылған моламнан!..

ҚҰЛЫН

Жантақ басын жатқан шақ жаңа жарып.
Күлте жалын желменен тарап алып,
Шұрқыраған енесін елең қылмай,
Боз құлыншақ беткейде барады ағып.

Бейнесіндей еркелік, еркіндіктің,
Сал даланың самалын, өртін жұтты.
Жалт ойнаған аспандай жанарына
Нәзіктік пен өрліктің сертін бүкті.

Ол әлі қыс көрген жоқ дауыл бұрқар,
Салбурын да кешкен жоқ әлін құртар.
Езу жыртар білмейді ол ауыздықты,
Жауыздықты сезбейді таңын жыртар.

Бара жатыр беткейде жалынша ағып,
Өз шабысын қызықтап барын салып.
Иесі әлі алған жоқ ит тепкіге,
Он екі өрім бұзаутіс шабын шағып.

Тұрасы сау тұяғын майса құмға
Жанып барад,
Ерсем деп қай сағымға...
Боз құлыншақ білмейді,

Ертеңгі күн
Той соңында жүрерін,
қой соңында.
Төс айыл да қысқан жоқ қос өкпеден,

Барады ағып, танауын төсеп төмен.
Бір азбарда тұрарын ұқпайды әзір,
Жемін тартып жейтін кіл есекпенен.
Бар көргені: бөз көде — бір түп, ана,

Ұлпа ерінді ененің үрпі ғана.
Бір тұмаға бас қойып,
Ши даусынан
Құйрық теуіп жөнелед үркіп ала...

Соны көріп, көзімде құбылды күн,
Өткенді аңсау болып тұр — бүгінгі мұң.
...Қыр астында шұрқырап қалып кеткен,
Даусың қайдан шығады-ей, Құлын-күнім?..

Осы бір мұң жанымды езді бір сәт,
Барады ағып беткейде боз құлыншақ...
Ит пен құсқа талатпай арманымды,
Жылқышы аға, жүргейсің көз қырын сап

БЕЙ-ТАҒДЫР

Сен өлесің...
Жарың жастай қалады.
Сезім-ине жазар тігіп жараны.
Бір қара құс —

бозторғайдай байғұсты
Қанатының астына кеп алады.
Жарың жастық бақшасына гүл еккен
Шақты ұмытар — қауызға әуен түнеткен.

Қара құстың қуатына малданып,
Сен сорлыны өшіреді ол жүректен.
Бұлбұл даусын жаншып құзғын — үні өктем,
Күн кешеді тек хайуани тілекпен.

Сүртіп фәни терезесін қыраулы,
Сен тұрасың — қарап ұзақ Түнектен...
Өрлеп келіп,
Кілт тоқтаған қара жол:

Бейбақ қатын!
Енді артыңа қара, — дер! —
Өмір озып, ажар тозып,
Жастығын

Сағынғанда Сені есіне алар ол.
Сені есіне ап,
Қайрылғанда артына ол,
Қос ішек-жол көз ұшына тартылар.

Күл-парша боп қирап Бақи әйнегі,
Теріс қарап Сен тұрасың — Жалқы Жар...

ҚЫРАН ЕСКЕРТКІШІ

(Құлжа жолында)
Атағы шыққан ұранға,
Тағының белін сындырған —
Ескерткіш жасап қыранға

Мүсінші бір іс тындырған.
Зар шындық деген осы да,
Күрсінсең іштей — ол да Зар. —
Ескерткіш-қыран басына

Қонып жүр, бірақ, қарғалар.
Осыны көріп бас қатты,
Тағдырдың сыйы қатал-ақ.
Қыранның басын тастапты

Саңғырығымен саталап.
Қайтемін батпай мұң-зарға? —
Қарғалар ие — көгіме.
Тірлікте, сірә, мың қарға—

Жолап па еді оның шеніне!
Жоғалар еді-ау көп құсың,
Бұтадан іздеп деңгелін—
Қозғап бір қалса топшысын,

Жазып бір қалса шеңгелін...
Сондағы менің қайғым не? —
Жоқ, әлде,.. әлде, о, тірлік! —
Қыранды танытпай жүр ме

Қарғаға біткен — соқырлық?..
Аспанды жермен жалғаған,
Сырласқан еркін ғаламмен—
Қыранды таныта алмаған

Шеберге кінә тағам мен...
Сын айту саған не теңім? —
Мынаны ұқ, бірақ,
Мүсіншім:

Өлсе де қыран екенін,
Қарға да болса түсінсін!
Көргендер оны қалмасын
Таңқайқата боп тамсанбай.

Балға алу қолға —
арға сын,
Қара тастарға жан салмай!
...Жазылар Құлпытасымда,

Аманат етер Тұмар бұл:
Ескерткіш болып
Басымда
Шаңқылдап тұрсын Қыран-жыр!..

09.11.1981ж.

ӨЛЕҢ СҮЙГЕН

Көктем ғой, көктем.
Өйткені
Көктемнен кейін көп нүкте...
Жәнияның өлеңінен.

Дәнекер болған өлең мықты жәй.—
Өшер ме сол күн көңілден.
Сол күні саған,
Кегендік қыз-ай,

Арзу боп қалған едім мен.
Көктем-ді...
Өңшең жас ақын — жасын,
Жалғаған едік жырға — жыр.

Үкілі үміттердің қосатын басын
Фариза апама ырзамын!...
Қайқайып Қаңтар,
аулақтап Ақпан,

Қыс қайтыс болған қаһарлы.
Жасыл Дария тау жақтан аққан,
Шайған да кеткен шаһарды.
Жырларың жетсе Ел — Жарияға,

Сүйетін мәз боп дос беттен.
Жүргенбіз жүзіп сол Дарияда
Қауырсын қалам — Ескекпен...
"Оқы" деп апай тілек білдіріп,

Жүрек пен Саусақ дірілдеп —
Діріл Саусаққа Жүректі ілдіріп
Жөнелдік кенет дүрілдеп.
Толқу бар жанда — Үрейден ірі,

Естімегенмен тақа сын.
Сол күні Асқар Сүлейменүлы
Берген-ді бізге батасын!
Көңілдің көкем сонысын жеді,

Кісінеуге сол сәт шақ қалдым. —
"Жылқы болмысты — соңысың, — деді,
Адайы арғымақтардың"!..
Күлік көкем-ай,

Ұғымы — дастан,
Ертегі сынды өмірің...
Шақар шыңдардан шығынып асқан —
Шұрқырап құлын-көңілім.

Оқыды дерсің өлеңнің жүзін —
Бозбала ылғи, бойжеткен...
"Полит-тен" келдің,
Кегеннің қызы,

Кемпірқосақ түстес көйлекпен.
Жас жүрек дір етіп, ырықты алғансың,
Тас түлек кілең дүр етіп.
Сен сонда бізді қырып салғансың,

"Періште..." жайлы жыр оқып.
Сендегі жырдың сазына таңдай
Қаққанбыз.
Мені от ұрған,—

Өлең мен Сені ажырата алмай
Екі есті болып отырғам.
Елтіткен мені Сендегі өлең ғой,
Ынтық боп саған ұмтылды ой.—

Шәйір боп туған Пендеге Мендей,
"Өлеңді" сүймеу мүмкін бе-ей!..
1982-нің сәуірі Алматы

САҒЫМ-АРМАН

Күн күйіп тұр.
Қан құрғап шөлдегенім,
Таңдай — тандыр,
Көз — бұлдыр, кермек —ерін...

Үміттеніп жеткенім шиман тақыр,
Болып шықты көк сағым — көл дегенім.
Өрмекшінің мен кештім өлмес күнін,
Иесіз дүздің өксігін енді естідім.

Тақымымда таңертең ойнап шыққан
Солқылдайды бүйірі кер бестінің.
Қу медиен.
Пенде жоқ хал-жай сұрар,

Жұмырым — бос.
Емге жоқ таңдай шылар.
Талмай шыдар сапарға серік қайда,
Қалмай сынар безер құм — нардай сұлар.

Тынбай шалып аңызақ мұңды күйін,
Тыңдай салып күйлейді күллі биін.
"Алыс жолға неме ғой жалғыз шыққан!..
Деп табалап қашқан кіл жынды құйын.

Қақпасынан енгенше теңбіл доп-күн
Мен білмеппін. —
Қанша әлі жол жүрмекпін.
Келдің-кеттің демейтін қыр меңіреу,

Нілін ғана талмаймын зеңбіл көктің.
"Жетер жерге жете алсам — құдай қалап."—
Үміт, күдік арбасты, мың ой қамап.
Сағым қуып жүргенде өлгендердің

Молалары самсап тұр—сынай қарап...
Естілгенмен дүз демі жат сарын боп,
Көштім көлден — көзімде бақша бүрлеп.
...Шөлдеп келем Ұлы Арман —

Кәусар Жырға,
Алдамағай жеткенде-ақ сағым боп!..

ШАЛШЫҚ-АЙНА

Бозбалаң шақ! —
Көңілге бердің көрік,
Жүр бақшаңа менің де енгім келіп...
Адам жаны айна ғой,

Сырт айнадан
Өз бейнемді тұрады көргім келіп.
Сол айнадан бой менен түс түзедім,
Тысты жеңіп қалғандай іш мінезім...

Бүгін де сол...
Үңіліп келе жатып,
Ылай судан бейнеме түсті көзім.
Наурыз туған шақ еді, ақпан бітіп,

Қақтан қалған — қарғынын оқпан жұтып,
Мені тартқан суретке — объектив,
Ылай су боп жолымда жатқан күтіп.
Жаңа ғана тұр еді сыбырлап таң,

Қалт кідірдім, басқандай шығыр-қақпан. —
Құбыжық қып шығарды бейнемді су,
Майда-майда толқыны жыбыр қаққан.
Кеттім аттап. —

Қымтанып боз жейдемді.
Өтті уақтар...
Сезімді өзге ой жеңді.
Жүргенім тек есімде көпке дейін —

Көргім келмей айнадан өз бейнемді...
Сірә, мұндай тірлікте тосын жай көп,
Бір ой түйдім. —
Оныма қосылғай көп:

Ылай-пиғыл жандардың көзіне де
Көрінеді-ау келбетің осындай боп!..

АУЫЛДАҒЫ ДОСҚА ХАТ

Бағдатқа
...Армысың, досым!
Біздей-ақ болсын,
Достыққа біреу сиынса!

Алдағы жазда жетемін елге,
Жетемін саған, бұйырса.
"Ұшуың керек!" — деп мені кеше
Шығарып салған өзің ғой,

Думанды шаһар аспанға мені
Үйіріп кетті құйынша!
Сағындым, досым!
Көріспегелі қаншама айлар ақты ызғып,

Неліктен біздер арада жүрген
Ақ қауырсынды хатты үздік.
...Паң Алматының жанарда түнін
жайнатып, таңын атқыздық,

Самал да тілін сайратып талай,
Көгал да түгін жатқыздық.
Өкпені қойдым өтпеді дейтін—
Сұлуларға айтқан базынам,

Сөйлеймін бүгін Самархан шәрдің
Көк тасты еріткен жазынан.
Шырағым қандай биікте жанса—
Сол жерде бақи тұрағым,

Ғашықтық дерттен өлемін өлсем—
Басқаларынан жазылам!
Арман-Мөрімді аспанға басып,
Жеткіздім Айға қанша әнді! —

Біздердің әнді жаттап ап талай,
Жаңғырық қылып тау салды.
Сімірдім қанбай ару қыздардың
жанарларынан жамырап

Төгіліп кеткен, сөгіліп кеткен,
Егіліп кеткен... Кәусарды.
Сабаққа, шүкір, үлгеріп жүрміз,
Сіңіріп бәрін жұтпа ми,

Ең бастысы сол—бастады білем,
Жаман досыңды жұрт тани.
Құшағын ашып қарсы алып жатыр
"Қаламгер" деген бары бар—

Мұхаңдар мәңгіп, Ғабеңдер қалғып,
Қасымдар қаңғып шыққан үй.
Қарға адым жерден тартады мені
Қарға өскен гүлдей Арманым,

Қызыл да жасыл гүлдерге толы,
Үндерге толы жан жағым...
Көктемгі көлдей күмбір кеуденің
Күйі тұр симай тіліме —

Барған соң айтам қалғанын!..

ҚЫРАН АҚҚУДЫ ІЛГЕН КҮН

Кірпігімді қансіңді жасқа малып,
Көшті қанша көзімнен мас-қара бұлт!.
Аспан ағып...
Ажал боп теуіп қыран,

Құлады аққу безқара тасқа барып.
Кетті, кетті, қайтейін, тағат менен,
Кезіктім-ау бекерге, қап, әттеген!
Сұлулықты Асқақтық майып қылып,

Тұрып қалдым шарасыз қарап төмен.
...Бытыраңды жинама кірпігіңе,
Мылтығыңды қинама,
Жарақты өлең!..

Көктен қысым көрген соң,
көлден қысым,
Тас құқшақтап қалыпты өлген Мүсін.
Қалай өлді? —

Ашаның бұйрығымен
Періштенің кейпіне енген құсым!..
Жүрек пенен ұрғандай миға жасын
Өртенесің.

Сөнесің.
Қиналасың.
Не қайран бар,
Осынша кең аспанға

Қос қасиет иесі симағасын?!
Аққу Мұңы — көздегі бұршақ екен,
Қыранымның шеңгелі — мұнша бөтен!
...Аққу жатыр.

Қыран жүр ұшып көкте,
Қайсысына назарды бұрсам екен?..

ЕСЕК-ДӘМЕ

Қара шал түнде түс көрді.
Түс көрді керім...
Баяғы балғын бұланған жігіт кезі екен.
Айнала — көкпар.

Қымыз ғып ішкен жігерін —
Көптің ішінде — сыбанған үмітті өзі екен.
Күл-бұлттардың ішінде Күн-таба жанып,
Жанығатындай аспан да көруге осыны...

Барады қыздар сонау бір қырқада қалып —
Бұла жастықтың кем күнгі еру қосыны...
Қарсылас жігіт — ол да өскен ерке жыр еміп,
Жайына қалды барлығы — жолындағының.

Ол алып кетті қақ жарып серкені бөліп,
Жартысы келе жатырды қолында мұның.
Кенеттен қызық бұзылды...
Ызғарлы бесін...

Жалт етті жасын — түскендей ғаламнан жарлық.
Қырқа басынан өрт қуды қыздардың көшін...
Оянып кетті баратып — араннан қарғып...
Азанда шалдың есіне түсіп майдан қанды,

Шуыл көбейіп құлақта, ентігі қайтып—
Куәлікке алып баяғы Жүсіп пайғамбарды,
Отырды түнде көргенін кемпіріне айтып...
Көңілің — тұлпар.

Тұлпарың зымырасын да,
Қинайды-ау өмір, көңілге артпасыңды артып.
Сәскеде үйдің кұнжыңдап құбыласында,
Жатырды шалың есектің тартпасын тартып.

Сот болар сынды дәл қазір — үкім кесілер,
Миында көкпар-ғұмыры құйындайды өткен.
...Ұмытып кетті ол Кешкенін Бүтін несібе —
Өңінде түгіл түсінде бұйырмай кеткен...

1981 ж. Жетібай кенті.

БІР СЫР БАР...

Жанымда жан ұқпайтын бір сырым бар,
Шыға алмай тар кеудеден тұншығуда.
Кезегін күтемін деп көптен бері,
Көзінің мұң-шығында күн сынуда.

Сәтімен жүрмін сыртқа шығара алмай,
Шығарсам қалардай жұрт ұға да алмай.
Кеменің күйін кешер сияқтанам,
Желкенін желге ұшырып құлаған қай.

Маңдайым жүр бұл шақта терден кеппей,
Жатыр-ау жыр-илхамнан жәрдем жетпей.
Ол сырды ашуға онша аптықпас ем,
Оны, әттең, ешкім айтып көрген жоқ қой!

Түйсігім түнді түртіп тамсағанмен,
Таңдарды шаршау өңмен қарсы алам мен.
Сол сырым өз қалпында шықса сыртқа,
Ұғысып кетердеймін — Барша жанмен!..

Қымтаған құпиясын тылсым жаным
Сезеді — алда мықты бір сын барын.
Асығам. —
Мына адамдар маған жүктеп

Қойғандай —
Ұқтыра алмас шын сырларын...

Наурыз, 1981 ж.

БЕБЕУЛЕДІҢ, ЖҮРЕГІМ...

Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Неден менің, жанарым, төмендедің? —
Құбыламның бетке алып желең желін,
Қырға қарай қылаңмен желер ме едім!

Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Көгендегім-ау менің, өлерменім!..
Түздегі елге қолғабыс берер ме едім,
Қозы-ылақтың ағытып көгендерін?!

Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Тек ермегім — бейкүнә өлеңдерім. —
Көктем сайын көретін көгергенін,
Майса құмға жырымды көмер ме едім?

Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Аспаны ма қаланың — Сөнер көгім?..
Жұлқынып тұр далаға көбең көңіл,
Өлер жерім жеткені — Бөгелгенім!

Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Мұның қалай — Тым ерте көнергенің?
Емдейінші өзіңді,
Егем менің,

Қайран қырдың түйретіп тебен-желін!
Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Көгер, көңіл!
Сөгілші Көбемде, Жыр!

Қалсыншы бір ажырап менен де мұң:
Маңдай — Сағым.
Табан — Құм.
Төбемде — Күн...

1981 ж. Жетібай кенті

У ТАТҚАН

Қирады көңіл биігім —
Дос таппай байтақ шаһардан.
Басуға қыздың күйігін,
Таттым мен алғаш заһардан.

Құлағым құрбым сөзінде,
Қиялым құрдым қиянда.
Зәр қосып удай сезімге
Ұрынып тұрдым Зиянға...

Өтінде желдің сарнаған,
Жүргендей едім тоң ойып.
Жаңағы құрсау тар ғалам
Кеткендей кенет кеңейіп.

Жерімес болдым һарамнан,
Өтетіндеймін аттап паң—
Талайлар түскен араннан,
Талайлар кешкен батпақтан.

Жылынып демі мұз қала
Тұрғаным есте — дейік те.
Қарамай кеткен қызға да
Қыр көрсетердей кейіпте.

Қайтемін кінә көп іздеп,
Қосылып кеттім қапыда:
"Қыз бенен Шарап егіз!" —деп,
Қышқыратындар сапына.

Ыза мен кекке орандым,
Ұйтқыды бойда ылаң-ән.
Алдына түпсіз аранның
Жол бастап келді бұралаң.

Кетпейді естен қара күн —
(Буыршын құсап жараппын.)
Алғашқы ішкен шарабым,
Алғашқы түскен Абақтым.

Мошқай бер, данам, Күл, надан! —
Мен де бір шындық айтам-ау:
"Алғашқы қадам — шын қадам,
Қалғанның бәрі — қайталау!.."

Періште-жырды жын жұтты,
Аршыдым қыздан басты мен...
Қайталап — жалғыз Шындықты
Өледі Барлық Маскүнем...

ЕҢІЛІКГҮЛ

Қар ішінен көрдім мен Еңілікгүл,
Қимылдауға қарағым ерініп тұр.
Самал болып сипадым самайынан,
Жанашыған жансынып демігіп бір.

Жанарына үңілдім және тергеп,
Мейірімімнің мысқалын дәметер деп ...
Ақ мамыққа шынтақтап жатқан күйі,
Зер салмады мен жаққа — "жан екен" деп!

Қанша басқым келгенмен бауырыма,
Пысқырмайды екен ол — сауығыңа —
Сыбырлаған сыпайы самал түгіл,
Азынаған айбынды дауылыңа!

... Етекте өскен аласа жыршы бала,
Ене алмады Биіктің қауымына.
Суығынан түсетін түнгі ай сынып,
Нем бар еді биікке тынбай шығып?!

"Еңілікке арзу боп! — Дәмесін!.." — деп,
Мысқылдайды төменнен ырғай, шілік.
Өңі — салқын, мінезі мұндай сынық:
Етекте — жаз.

Тауда - қыс. Кіл қайшылық.
Дүрлігеді төменде дүрмек халық,
Мошқайтындай мың түрлі гүл көп парк.
Үнсіз кетіп қалудың жөнін таппай,

Зорға ұзадым қасынан дірдек қағып.
... Жатқызбайды бәрібір қандағы жыр,
Биіктерден гүл құшу — арманы бір! —
Самалымды көгалды сайға тастап,

Дауылыммен бір барам,
Қардағы гүл!..
1981 ж.

БОЗҚАҢҒЫР

Ебелек ұшқан Сары адыр
Есіме түсті тағы да.
Қаңбағы қашқан Қара қыр
Оралды жиі жадыма.

Оралды неге жадыма,
Бабамның жұрты — жер түбі?
Бар ырзық — малы-жанына
Тырбиған жусан, мортығы.

Төсінде бебеу — жел ызғып,
Жатқан да шығар аңылжып.
Ата бір жұрттан қол үздік,
Атаның ісін — аңыз ғып.

Атаңның жерін қалдырып,
Атанның белін талдырып —
Не жүріс мынау қаңғырып,
Елеске еріп — санды ұрып?!

Дәурені көшкен Тұлғалы —
Дүрбелең дүние қым-қуыт.
Даланың ессіз ұлдары —
Далада жүрміз жын қуып.

Алыстан елді бақылап,
Өлеңді қойдық көпір ғып.
Жұмақтай жерде жатып ап
Даланды аяу — не тірлік?!

Мөрі жоқ ізден танырсыз,
Мен де бір жанмын жай ұрған.
Топырағында — тамырсыз,
Қаңбақтан қайсы — айырмам?

Көңілдің кірін шайған Мұң,
Сағыныш — сарсаң, арман — мұз,
Аузында талай хайуанның
Кете де жаздап қалғанбыз...

Көрсетем қашан қарамды,
Қаңбағы қашқан қыр - дала? —
Даламның желі! — Жарамды
Жә, жетер енді — тырнама!..

24.08.1983. Кеген.
Жіңішке өзені.

ЖҮРЕК

Маңдайымнан сипады ерте ұлы елім,
Ұлы елімнің ақтаймын деп тілегін,
Тұғырдағы тастүлектей түледім.
Ұстап мініп жырдың бұла күреңін,

Әшекейлеп әбзел — тұрман, жүгенін,
Шешіп алып шежіре - шер шідерін,
Бабам жортқан құба жонға түнедім.
Бес қаруын іліп сөздің білегім —

Ұлы жолға бет түзеген ұл едім!..
Оқ өткізбес, көз тигізбес уменен —
Шомылғанда қасиетті суменен
Су тимеген жерім жалғыз — Жүрегім!...

Бұқа сынды буырқанса жар сүзер
Болмасам да — кенен ойға нәрсіз ер —
Трояда қаза тапқан баяғы
Ахиллестің өкшесіндей әлсіз ол.

Қай кезде де батыр — аңқау, ер — қамсыз,
Құдай ертең, не берері болжалсыз.
Қайран жүрек! —
Қымтамаған Қарлыға

Көбіктінің кіндігіндей қорғансыз.
Не де болса жолға шықты сол жүрек. —
Суып, тоңып, сүйіп, күйіп, елжіреп.
Кейде кертіп ақ азуы Ақпанның,

Кейде желпіп жазғытұрғы жел жібек.
Сол жүрекпен талай құмға із тастадым,
Сол жүрекпен талай қызға із тастадым.
Сол жүрекпен жазылды алғаш дастаным,

Сол жүрекпен бағынды алғаш асқарым!
Сол жүректі аялайды достарым,
Сол жүректі аямайды қастарым.
Жыр жолынан жалдаптары ықтыра

Алмай жүрсем —
Кіналар ма жұрт мына?..
Жыр арнамай қояды екен Келешек —
Бір осал жер болмаса егер мықтыда...

Түкті жүрек, күпті жүрек, мұз жүрек,
Тірлігінен кейде үмітін үзді көп.
Ол неліктен? —
Мүйіздінің барлығы

Тұрады оны көргісі кеп сүзгілеп?
Жарасына ем — бір көздерде дәру бар,
Бір көздерде қара сілең — зәр у бар...
Сол жүректен жыр сұрайтын жұрт қанша,

Сол жүректі шымшылайтын ару бар!
Шерлі жүрек — айналады шеменге,
Желді жүрек — айналады көбеңге.
Сорлы жүрек — нұр шылаған жанарын,

Шам жағып жүр — соқыр, мылқау, кереңге.
Қансыраған көрсетермін Жүректі:
"Елің үшін не бітірдің?" - дегенге.
Мезгіл жетіп мерт боп кетсем егер де,

Байлап қойып басымды тас көгенге,
Былай деп айт — мола салғыш шеберге:
"Ең соңғы ірет — өлді жүрек, — деп жазсын, -
Опасыздық жасай алмай Өлеңге!.."

Тышқан - тірлік ырзық емес пендеге!
Тышқан біткен көр - топырағын жеуде өле...
Жетпеу үшін жау жебесі Жүрекке
Жырдан сауыт тоқып келем кеудеме...

02.12.1983. Алматы.

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ

1-өлең
Күннен шуақ жұқтырмай, айдан арай,
Тұр екенсің тұнжырап, қайран Абай.
Сап бастың ғой Еңсемді өрекпіген,

Жел өксіген құзында, Найзағара-ай!
Адамсың ба, тассың ба— Кімсің, көкем?
Көздегі мұң — жандағы күрсінге тең.
Пенде болсаң — көшеден Әбішіңнің

Іздеп, әлде, елесін тұрсың ба екен?
Айықпайсың неге бұл ойдан жұмбақ?
Түсіне ме көп елің қойғанға ымдап?
Тойған — қымбат тірлікті қазағыңды

Ойландырмақ түрің бе — Тойдан бұрмақ?..
Шаруасы жоқ сен жақта—
Нанына алаң
Бұл қаланың жөңкілген тәрі жаман.

Сенің қайғың қанына дарымаған:
Жас — миғұла, Есті — қырт, кәрі — надан...
Мәз боп жүр ғой сан ақын талайға әйгі,
Көтермейсің неге еңсе,

Абай — қайғы?!
Қара шалы қазақтың азайғанмен,
Ақындары, шүкірлік, азаймайды!..
Көргім кеп ед бейнеңді күлген өктем—

Үндемейсің, зер салдың кімге көктен? —
Жалтақтаймын сен қарап тұрған жаққа,
"Ел бүлігі" сол жерде жүр ме деп мен...
"Көп пысықты" мыңғыртып қала да тұр —

Пірге жүрек бітірмей, данаға — тіл,
Ұлы ақынды шегелеп тас тұғырға,
Ыржаңшыл жұрт жебелеп бара жатыр!..
2-өлең

Абай Ата!
Жан қашан жылымақшы?
Жан түнегін Күн бол да түріп атшы...
Діл-қанағат бермей тұр бұл жамағат,

Бірі — есірік, бірі— арсыз, бірі — бақсы.
Біліп болмас жынды кім, жырынды кім?
Құралында бас қоссаң ілімдінің —
Төбе би боп төрінде отырады:

Кемиек — Серт. Қушық — Шерт. Мұрынды — Мұң.
Орда жайын ұмытқан, отан қамын,
Қопал қарын өңшең бір, тапал дарын.
Кесір кейіп кемеңгер, қатал ғалым,

Алға тартып жан ұқпас жатар Заңын.
Зар өтпестей көбейтіп қатарларын,
Ел үстінен айырып татар дәмін,
Тұрған жандай саудалап атан, нарын —

Отыр, әне, саумалап сақалдарын.
Айыбы сол! — кигенмен шапандарын,
Айта алмайды үйренген мақалдарын.
Сұраған соң шыңғырып ғаріп көмек,

Талай Нәһан келеді халықты елеп.
Жұрт жақсысын тартса алға,
Біздің Қазы Қырт-бақсысын қашанда дәріптемек.
Сүйсінерге түк таппай, қызығарға,

Жаттың түрі тағы да бұзылар ма?
Бұзық арба сықылды неткен жұрт бұл,
Ұлы — орға аунаған, қызы — қарға?!
Аһ ұрып та көрдік қой, ақырып та,

Қатырып та айттық қой, батырып та...
Сұлтандары Заманның— Зарыңды айтсаң
Қарағандай қарайды Мақұлыққа.
Құдайы жоқ, құлы көп таты жұртта

Тәңірлер бар —
Айналған аты Бұтқа.
"Мен Абайдан мықтымын" дейтін Марту,
Көпіріп тұр ел жайлы тақырыпта.

Тұрмастай боп тұралап көз ілгенше
Түсіне ме Миқата — сөзіңді өлсе!
Жатаған жал көкеңіз Жат алдында,
"Абылай аспас асудай" — өзін көрсе!

Қашан назар бұрады Хақ-Тағалам?
Қашан оны ұғады ақпа-надан?
Сақтар аман Қазақты құдай қайда? —
Қордасы мен Қотанын — жоқ қараған,

Ордасы мен Отанын жат талаған!
Абай ата!
Заманы алыс қалған,
Мен мынаны аңғардым,

Данышпан жан:
Күрес қиын — білімді Оңбағанмен,
Көп наданмен білімсіз — Алысқаннан!
Абай ата!

Құлағың салмасаң да,
Күнде-күнде мазаңды алмасам да,
Зарымды естір құдай жоқ.
Саған келіп

Арыз айтып сергимін анда-санда.
Айғыздаса аяусыз көгімді ай, күн,
Өзегімде өксиді Елім жайлы үн...
Тас тұрпатың тұнжырап тіл қатпайды,

Ауыр білем бізден де Сенің Қайғың...
3-өлең
Тас тұғырға таңып қойды тас ғасыр,
Сана сарсаң тартты содан, ес — басыр...

Қасқа Қырын танытпаққа қомданды ол,
Ол толғанды — ағытпаққа Досқа — Сыр.
Ескерткіш боп тұра беру ұнамай,
Тас тұғырдан қарғып түсіп,

Құламай —
Алдындағы кең даңғылдың бойымен
Жүріп кетті, бір күндері ұлы Абай.
Жүріп кетті тас көшемен балпаңдап,

Таяқ қылды қолына бір нән талды ап.
Көктен тура тірі Құдай түскендей
Пенде біткен тұрды біраз аң-таң ғап.
"О ғаламат!

Кетті тасқа жан кіріп!" —
Айқай салды қарлы таулар қарлығып.
Көктің үні естерінен тандырып,
Жөңкілді жұрт жиғандарын қалдырып.

Болып жатты тас қалада ғажап хал,
Пенделерде Әруақ жайлы аз ақпар. —
Барлық міллет көлік мініп жоғалды,
Тек қарайлап қашты жаяу қазақтар...

Босап қалды барлық дүкен, баспана, ал,
Босап қалды барлық кеңсе, баспалар.
Қаңырап тұр — Жазушылар Одағы,
Атеист-тің ол жердегі қасқалар.

Зым-зия боп самолеттер, автолар,
Аспан астын кетті кезіп жат хабар.
Үкіметтің үйі — сұп-сұр.
Басшылар —

Мәскеу жақтан бұйрық күтіп жатты олар...
Сонша өзінен шошынғанға өр қала,
Қайғылы ақын сәл жымиды зорлана.
Бір есалаң шайыр бар-ды шаһарда,

Соңына оның еріп жүрді сол ғана.
Үркіп ұшты Алатаудың көп құсы,
Бұлт ығысты келген тауға шөккісі...
Шығармады тас қала ақыр тұтқыннан,

Келіп еді Жидебайға кеткісі!
Ай-ұясын салған шақта баққа түн,
Қарсы әрекет қылмайын деп Хаққа тым,
Сілелеген нәтижесіз жүрістен,

Тұғырына қайта мініп жатты ақын...
...Бұл оқиға болған-ды рас, қиялда,
Қиял, шіркін, шығандатқан қиянға.
Бейесепті менің ессіз болмысым

Ұрындырып кетпесе игі Зиянға.
Кешір, аңыз!
Кешір, қиял!
Кеш, өлең!—

Тағдыр — тайғақ,
Тайқы болды Пешенем.
...Ес жиғанда — Тас Мүсіндей түнеріп,
Жүріп келе жатырдым тар көшемен...

ҚАРАСАЗДА

Жағасында жылғаның бұзылған там,
Ей, жолаушы, сен соған бір қарағың...
Мұқағали.
"Жерімді көр!" — деген соң тағы келдім,

Сені көрген бір-екі кәріге ердім.
Сен жайында бір дерек біле ме деп,
Сәлем бердім кезіккен бәріне елдің.
Құзырында Аспантау — дәрігердің

Тұмасынан сімірдім — нәрін емдім.
Қабылдадым қажетін жаныма емнің.
"Таулар жатқан тәуаппар жан-жағында",
Саумал татқам барып ап малды ауылға.

Жолығысқан жолдардың тарнауында,
Тоқайласқан таулардың қарнауында—
Жыр-базарлық ұсындым бар бауырға.
... Күн де мұнда —

Тау деген Қан-бауырға
Бойлай енген ұқсайды қандауырға.
Мен де ұмыттым — төнді де жанды ауырған,
Дертті сылып — жабысқан әр дауылда.

Айқайтастан жел есіп,
Шалгөдеден,
Бозторғай-жыр ұшады әр көдеден.
Көк көйлекті қайыңдар көзін сүзсе,

Дәметеді ит көңіл әлденеден.
Босатпайды ауызды ән мен өлең —
Кенет кеңіп кеткендей тар керегең.
Мұң деген де бұл жерде — керемет мұң,

Қанатындай жеп-жеңіл көбелектің.
Періште емес ақ қанат. —
Перінің де
Ыңғайына келеді көне кеткің.

Сені айтып ем — көк тас та елең етті,
Әу баста, аға, бұл жерден неге кеттің?..
Жеткізе ме жалғанда тіріге арман! —
Жөн екен ғой кәрінің тілін алған...

Қандай Қызыр,
қай құзыр — бұл жұмақтан
Қуған сені —
Енші ал деп Ұлы Жолдан?..

Қайда барсам шығады жырың алдан —
Шыңдар сергек, тау ояу, түрік орман. —
Сенің барлық жырыңды біліп алған.
...Осыншама сырласты місе тұтпай,

Алматыда нең бар ед — құны қалған?!
Өлмей шықпас Тозақ ол —
Тірі барған!..
Тауында ойнап қарт марал,

құзында арқар,
Жайлау — жомарт.
Сай — сақи.
Дүзің — дархан!..

Жәутілдеген жанары Қарасудан,
Көріп қалдым арманшыл жүзімді аң-таң...
Енді, сірә, суынбас қызынған қан,
Бара жатыр дуылдап құзырлы арқам.

Мен де амалсыз аттандым Қарасаздан,
Жол дыңылдап желкемде — үзілді арқан.
...Сәби шағың Арманшыл
Жерленген Жер —

Қала барды жағада бұзылған там...

БАЛАЛЫҚТЫҢ БАҒЗЫ ЖАЙЛАУЫ

Шырайлы сезім жанымды менің жұпар-жарық қып
Көлбесе түтін Бақытқа мені қарық қып,
Шапанын желпіп шығатын көкем төбеге.
...Бақилық бүгін...

Иманды болғай жарықтық!..
Содан соң маңға түн келер түзеп маңдайын,
Қара шал сынды қаусыра желпіп шалғайын.
Қатқақтау жолмен тұлпарлар ақса суатқа,

Дүние қағып тұрғандай еді таңдайын.
Сыбырлап самал сыр айтқан сынды бір сылқым,
Шағылдар жақтан қоянсүйектер сыңситын.
Жөргегіне орап, бесікке бөлеп жалғанды,

Бейбіт Таң жайлы бастайтын жырын Тылсым Түн..
Ақ тазы құсап ардабын қойған жалатып,
Ай да ғаламға тұратын нұр-шаң боратып.
Тап осы Бақтың көшпейтініне сенесің,

Тап осы сәтте ұйқыға сүңгіп баратып...
Кешкен ғажаптың көресің түнде жалғасын,
Бұлбұлдар салған әннің салмағы — талға сын!
Кілең бір тәтті түстерді талмап шығасың,

Аққан жұлдыздың Сәулесін жалап алғасын!..
Таңертең баяу кісінеп қылаң құнаным,
Шашымнан иіскеп ойнайтын шұнаң лағым.
Көрген түсіммен жалғасып кетіп жататын,

Күлдіріп мені күн шымшып алған құлағым...
Сол түстің сазы Сананы түгел сиқырлап,
Тамырды бойлап ағатын жойқын күй тулап.
Көшіне мені елітіп ертіп кететін,

Төбемнен — тырна,
Тұсымнан жылқы қиқулап.
Қанаға — төзім, санаға — сезім, ұртқа тіл
Симайтын еді. —

Барлығын мезгіл құртты ақыр.
Көзімде қазір жөңкиді күздің сағымы,
Көңілде құлазып қызығы көшкен жұрт жатыр.
Балалық шақтар! —

Сезімге неткен құмыр, ә ?! —
Мен бейне қазір шараптан ада құмыра.
...Мықты ақын, бәлкім, мен болар ма едім, ғаламда,
Сол сезім түгел құйылып қалса жырыма.

Ол шақтар қалды.
Мұңымды немен бөгейін? —
Айтсаңшы жауап,
шарқ ұрып жүрген көп ойым! —

Лағыл-жас тұнған жанарыма мен не дейін?..
Сағымға мінген Сағынышыма не дейін?..
Мезгілдің Желі жұлқылап —
Қашқан Есімді,

Беймәлім жаққа барады бастап Көшімді.
...Басыңды қосып,
Өлеңнен шүлен таратам,
Бағзы Жайлауға қондырған күні Қосымды...

ҚЫСҚЫ ҚАМЫҒУ

Жел жылап, үріп құрғақ қар,
Аяздың тісі шықырлап —
Кілең бір зәрлі ырғақтар
Барады менің құтымды ап.

Құлпытастары қабірдің
Ықтап тұр тығылып тас тамға.
Сабау кірпікті шағыр күн
Қан жағып кетті аспанға.

Шытынап сына бастады
Аспанның шеті әйнек боп.
Запыран болды шашқаны —
Шатынай туған ай көкбет.

Дегбірсіз, делі күйге ендім,
Жанымда жатыр ұлып мұң.
Шамдары жанды үйлердің
Көзіндей соқыр үміттің.

Байқамай кеппін жай кезде,
Қыраулы неткен қыс көзі!..
Батқан Күн,
Туған Ай — көзде,

Санамда — суық қыз сөзі.
Көрсетті бөтен сондай түр,
Айналып алып ай— мұзға.
Ататын оғым болмай тұр

Қайғыма күлген байғызға.
Сырымды сезбес суыт көз,
Түсе алмай тұрмын сабама.
Тәнді — аяз, жанды суық сөз

Шыжғырып жатыр табаға.
Кірер-ау талай түске осы,
Ішімде тәтті мұң өлді.
Кеудеме мәңгі қыс кеші

Таңбасын қарып жіберді.
Сезімге салды тағдыр дақ,
Көңілде — нала, шер, қаяу.
...Қыңсылайды әлсіз қар құрғақ

Жылайды және жел баяу.
"Сүймеймін" дейді қараңғы үн,
Жандағы өрт дем боп бу атып...
Терезесін Суық Ғаламның

Келемін таптап уатып...

ЖАЗҒЫ ЖАБЫҒУ

Аңсаушы ем бір кез таңды арай,
Шайқаса мені көп түнгі ой...
Сағынып көрген, қарғам-ай,
Сағымға сіңіп кеттің ғой.

Көкжиектерге көз қадап
Тұрамын кейде кемсеңдеп.
Шағынам тауға жез балақ—
Жыныққан жандай жемсен жеп.

Сүйгенім болар айыбым,
Бас тартар қандай халім бар?!
Жалмады қиял-қайығын
Сиқырлап сайтан-сағымдар.

Санама түпсіз мұң құйып,
Тулайды толқын төс тепкен.
Тәуекел жүрмес тұңғиық—
Не істермін жалғыз ескекпен?!

Бір хабар, қалқам, емге бер,
Талпиды жүрек — сұм құсым...
"Жұмақ" деп атар пенделер —
Аралда жүрген сындысың.

Көзімнен үміт үзілді,
Қамайды қапас — мына тар...
Сүйердей Сенің ізіңді
"Тозақта" қалған күнәһар.

Таба алмай тұрмын шарасын,
Ірі арман, бой бар — шап-шағын.
Жұмақ пен Тозақ арасын
Жалғайды мұхит-ақ сағым...

ҚОЗЫ-БАЯН КЕСЕНЕСІНДЕ

Кірпігі гүлдің төккендей
Мөлт етіп тамды бейқам шық..
Жап-жаңа жүріп өткендей
Аягөз ару — Ай-Таңсық.

Бейіштен самал ескендей...
Қыз Баян ертіп нөкерін,
Жап-жаңа тастап көшкендей
Ғашықтар ғажап мекенін.

Шыдар ма оны жыр етпей! —
Мыңсайрам отыр төгіп жыр.
Сусиды шәйі жібектей
Көгілжім мекен — Көгілдір.

Сыпсыңдап селеу жел үрген,
Салады қырда жол асыр...
Қозы мен Баян көмілген
Ашпайды жалғыз мола сыр.

Айтылғанменен қилы жыр,
Бәріне куә — мына қыр.
Ғашықтар жатқан үйді бұл —
"Мола" деп айту күнә-дүр!..

Қараймын маңға ынтыға,
Тұр-
Өзен-қолын жайып көк.
Моласын тастап жұртына,

Ғашықтар кеткен ғайып боп...
Шырағын жанның жаға алмай,
Шалынған дертке бидауа —
Ғашықтар Елін таба алмай

Адасқан біз бір диуана...
Оқыдым дұға мен гөйлеп,
Құдайым еніп құлқыма:
"Ғашықтар Пірі келгей деп,

Жұртында қалған — Жұртына!.."
* * *
Көк белдер сонау сағымнан жаулық салатын,
Телміре қарап тұратын соған бала ақын.

Бала ақын едім шарқ ұрып жүрген қанатын,
Бүтінді — бөлшек, секунд қып өлшеп сағатын.
Алысқа қарап аңсармен асқақ күн көргем,
Шуаққа шомғам қырқаға барып гүл көмген.

Даланың қызы! Жолықтың маған бір белден —
Қызғалдақтарға көз жасың сіңіп үлгерген.
Жынына тиер шобырдың шорқақ жортуы,
Жас жүйрік едім сөгілген жаңа қолтығы...

Қара шалдырмай қиял-қашаған сол күні,
Тербетті жанды сағымның сансыз толқыны.
Көрешек қызық сол сәтке жалғыз тати ма?!
Жібермей қалды жолымды бөгеп жат иба.

Сағымнан жаулық, салдың да гүлден сақина,
Толқынды кешіп жоғалдың сіңіп бақиға.
Шегі де бар ғой, шеті де бар ғой Ибаның,
Шексіз де шетсіз дүниеге, бірақ, симадым.

Қауыздарына көз жасың сіңген — Иманым—
Сағымды кешіп басуға гүлді қимадым...
Жылжиды жылдар, жылжыған жағын байқатпас,
Сырғиды құмдар, мүлгиді таңдар қайта атпас.

Келеді көктем, болады тағы байтақ мас,
Толқиды сағым, тұрады гүлдер шайқап бас.
"Ауыр, - деп — жолым" беремін несін өкіне?!
Сұлулық Тәңірі оралад түбі ниетіме...

Иба мен Ардың Таңбасын басқан Бетіне
Дүниенің тағы тіреліп тұрмын шетіне...

НАҒАШЫМЕН ӘҢГІМЕ

— Сияқты жарқылдаушы ең ай жаңасы,

Тап келді ит кәрілік қайдан, осы...
Тозаңы жолдарыңның жұғып қалған
Басыңды жуып алшы, ай, нағашы!

— Көзімнен талай сурет, өтеді елес,

Сан жолдың шаңын қақтым... бекер емес!
Сол шаңдар сіңіп қапты басқа мәңгі,
Жусам да сақарға сап кетер емес.

— Дәуреннің көзің жетіп өтпесіне,

Қызықтың көп теуіп пе ең өкпесіне? —
Дидарың ұқсайды екен шимай-шимай,
Көнетоз көз орамал кестесіне.

— Жүректе маздай жанған — қоздайды арман,

Өттік қой өтеріңді сезбей, жалған!
Алып ем көп орамал кестеленген,
Көрмедім біреуін де тозбай қалған...

— Тірліктің алды — шиыр, арты — жалған,

Сені де сан салған ғой талқыға арман.
Сен қылған иен ерлікке тәнті болғам,
Олжаңды сатып алмай — тартып алған!

— Артында еткен ісің, сөзің қалар,

Бермей тұр соның бірі сезімге нәр.
Арбалған торғай-жүрек безіл қағар,
Олжа емес, аждаһа-ажал өзіңді алар!..

— "Жігіттің жақсылығы нағашыдан". —

Кішкене күмәнім бар тап осыған...
Мен күйіп қала берем отқа ұрынсам,
Сен аман өттің тозақ арасынан.

— Түбіне қай оттың да көсеу жеткен.

Көсеулік тұқымында — есек жеккен.
Ерегес — екі талай болған шақта,
Жерім жоқ — кегім түгіл есем кеткен!

— Өткерген істеріңнің қаразына,

Білмеймін — риза ма ел, наразы ма?
Тартатын күн жақындап қалды-ау деймін,
Обал мен Сауабыңды Таразыға!

— Тәйт, әрі!..

Ел болмастың қырсығы ұрар!
Мен асқан мың белеске бір шығып ал...
Қотыр тіл — ем қонбастың тұқымы едің,
Байқаймын сауалыңның қылшығы бар!..

— Кәрі ағаш тамырларын таңып тасқа,

Шынардың көзін шұқып жарытпас та.
Болғанда сөзде қылшық, көзде былшық—
Қолыңнан келіп жатса алып таста...

— Жиенін ұшпақ көрген теңсінбей кім?!

Біржола жиен мені жеңсін, мейлің.
"Кәріде бата қабыл, жаста — тілек",
Алдыңа тап осыным келсін, деймін!..
Сілтенсін оңды-солды қамшы-ғұмыр,

Жиенжан, сен де мендей салшы дүбір! —
Деп бата берген боп шал,
Көзіндегі
Көрсетпей тастады алып тамшыны бір!..

КӨКЕМ ҚАЙТҚАН ЖЫЛ-1981

Оралып шалғайыңа күйіп-жанып,
Сөз тыңдап отырушы ем иім қанып...
Серпілген қабақтарың енді менің
Кетпейді қиялымды қиырға алып...

Қырқаға тіреледі соқпақ-ағын,
Сол жерден елесіңді жоқтағамын.
Бөлініп ақ қаладан керуен боп,
Бірі боп қала бердің көп моланың.

Қайық сап дарияға өткелі жат,
Бөліндің үйіріңнен шетке жырақ.
Көзіңнен өлерінде тамған тамшы
Тұрады өзегімде ... кептеліп ап.

Жоғалттым, көке, мәңгі биыл сені,
Сан айтқан "тие берсін" бұйырса еді...
Тірейді қиялымды молаға әкеп,
Шешілмес жіп-соқпақтың түйіншегі...

Үйлердің қызартқанда шекесін от
Ай тумақ — отар-бұлттың текесі боп...
Бір байғыз сұңқылдайды бейіт жақтан,
Байғұс-ау ол да мендей — көкесі жоқ.

Өзіңнен қонған әдет кішкенеден,
Күрсін боп қайта шығад іштегі өлең...
Көрпеге исің сіңген —
Жасым жұғып,

Сен жүрген көп соқпақты түсте көрем.
Боласың соңыңа ертіп ала кетпек,
Қиналам,
Қарсылық қып саған ептеп:

"Түсімде түсіп алған соқпағымды,
Өңімде жалғап кетсем жарар ед" — деп.

ҚИЯН ДАЛАНЫҢ КЕР КИІКТЕРІ

Самсатып далам өр-биіктерін,
Тұла бойымнан тер құйып менің —
Тұлпарға мініп қуғанмын талай
Қиян даланың кер киіктерін.

Көңілім жошып — мұңнан айығып,
Алтын алғандай құмнан айырып —
Таңы жарқылдап алқызыл жалын
Баратушы еді қырға жайылып.

Таматын көзге ғаламдағы арай,
Жанатын нұр боп жанарда жаңа ай.
Киіктің лаулап тірі толқыны
Ағатын еді аранға қарай.

Қанына нұрдың шыланды бетім,
Ұртымызда ылғи ұран жүретін.
Бабамызға ұқсап отырдық кейде,
Бұзбай пісіріп бұланның етін...

Шақты ұмыттырып налаға батқан—
Қанатын ақ бұлт — шағала қаққан.
Аңқылдай сөйлеп ақкөңіл аңшы,
От қандай еді — далада жаққан!..

Кім екен тартып несібін алған?
Бәз далам жатыр... есімі қалған,—
Кер киіктерін жоғалтып мәңгі,
Сұлулық өртін өшіріп алған.

Көшкенде тырна тізіліп қырдан,
Шақырып ұран қызынып тұрғам.
Етті емес — шөпті қаузайды әлсіз,
Аранның тісі мүжіліп тынған...

Зорға асты бері өр-биіктен Ай,
Кетермін қырды мен қиып қалай!..
Серілік көріп салт атпен қуған
Кешірші мені,

Кер киіктер-ай!..
Қасапханада — қазанаттары...
Зауыттың мойын созады оқпаны.
Шақырады арбап шаһарлар шамы —

Сықылды бейне тозақ оттары.
Ырсиды кенет аран — арадай,
Айлы аспан бейне қара моладай...
Иесіз қалған үрейлі қырдан

Қашып кеп бердім... қалаға қарай...

ПОЭЗИЯ ЖЕНДЕТТЕРІ

Таңдап тауып бір туманы —
Жиналып ап жер - көктегі;
Жыр желкесін қырқуда әлі —
Поэзия жендеттері!

Кім тұра алмақ жолдарында? —
Өлексе өлең жыртық - тесік.
Қылыш - қалам қолдарында,
Жанды жерін қырқып, кесіп

Келеді олар;
Шабыт қысса
Ақын біраз тұлданады.
Жыр жарымжан болып шықса

Тіршілігің кімге дәрі?!
Даңқ білмей алақтайды
Құратынын кімге торын.
Шаршы дәптер жолатпайды,

Салып еске түрме төрін ...
Таңғы дерті кешке пісіп,
Жұртты сөгіп пікірі ала;
Өткен - кеткен еске түсіп

Қылса да ақын шүкірана —
Кітабында — кәрі нала,
Жанарларын бұршақ жапқан.
Бұтағында темір ара —

Азулары ырсаң қаққан.
Бұдан әрі жазу — лаң,
Аңдып отыр көп көреген.
Темір ара азуынан,

Жаса,
Аман өткен Өлең!
Замананың Зәрі жеген
Көрген кезде өлігімді,

Жырдың күрең қаныменен
Шыларсыңдар ерінімді ...
1987 ж. Құрық.

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ТҮН

О, казахи мои, древние и молодые...
Олжас.
Күн қызылы семіп, нұры жаңа өшті,
Жетіқарақшы көрінеді көмескі.

Түн тілінде тілдеседі менімен
Маңғыстауым — әрі жаңа, әрі ескі.
Сайқал түн кеп шашын сілкіп жаяды,
Жайған шаштың желі желпіп қояды.

"Әйт, шу, өйт, шу!.." —
Керуеншідей түйекеш,
Бесқаладан кіре тартқан баяғы.
Хиуалық қурайышты Құрбашы

Ай – қылышқа қолы жетпей ырғасып
Жатқанында,
Жерге түскен шөгерме —
Қарауытқан бағзы күмбез сұлбасы ...

Тыныштықтың тайып кетті безбені —
Арындаған тажал дауыс сезгенім ...
Жер жүрегін бүріп жатыр мұнара
Жезтырнақтай, бадырайған көздері.

О, Маңғыстау, айналайын, құт — ана,
Қорғалаған торғайыңмын бұтаңа. —
Дала қанын обырша емген құбырлар,
Ұқсап кетті жеті басты Жұһаға!

Боталары баяғыша боздайтын
Бәрі таныс суреттер — көзге айқын.
Бағзы менен Бүгін кеткен астасып,
Бұл не Дәуір — озбайтын да, тозбайтын?..

Тұрпаттары Әзірейілдей қарайып,
Түндегінің кетпек бәрі Зорайып.
Түтіндері қара түнге тығылып,
Тұрбалар түр өндіршегі сорайып.

... "Жау шаптылап!" —
Ұран отын жаққандай
Маң толған от.
Түн басады батпандай.

Тұрбаларға қарайды үркіп қариям —
Зеңбіректі әскер келе жатқандай ...
1989 ж.
* * *

Аспаным аңырады бұлтсыз қалып,
Ерлерім еңіреді ұлтсыз қалып.
Жел деген жендет шықты күрт сызданып.
Бұлттарды бір тауға айдап жиды апарып,

Ұлттарды бір халыққа құйды апарып —
Япырмай, ол не деген түпсіз халық!?
Бұлттарым тауды әзірге қызықтырар,
Бұлағын саусағына жүзік қылар,

Кемді күн гүлі сағақ үзіп тұрар.
Ұға алмас жел - жендеттей қырттың басы.
Жиылған қасіреттен бұлттың жасы
Сол тауды ақыр түбі мүжіп тынар ...

Жел - жендет әлі талай оралады,
Жеріңнің бар асылын тонағалы.
Түзге ұшып елдіктің ақ орамалы,
Желменен қасірет те күрт тарайды. —

Білгенге бұлт та — қайғы, ұлт та — қайғы,
Қайғысыз Жер мен Елің не болады!?
Мен үшін таптырып ед қай жерұйық? —
Ұлиды ескі жұртта қайғы ерініп.

Сайларға бу шөгеді жаймен ұйып.
Бұлты жоқ көкте көшкен шудалана,
Ту далам айналғандай қу молаға —
Қарайды төбесінде ай мөлиіп.

Жеп мені тауысқан ба тағы - құлқын?
Жиылмай қалғаны ма сағым - ұртым?
Құри ма қайран жұртым, қалың ұлтым? —
Деп едім:

Теңіз шықты буы атылып,
Көкте ойнап қарқуар құс жүр ақырып!
Жебір тау құлап түсті уатылып. —
О, тоба - ай, орала ма - ей, тағы бұлтым!?.

1989 ж. Құрық кенті.

АҚЫН МЕН ТҰТ АҒАШЫНЫҢ АЙТЫСЫ

Ақын:

— Безбүйрек тас айналаң,

Жатаған құз,
Құз деп мұны несіне атағанбыз?!
Жапырағыңды тұлдыр ғып жел тонаған
Неғып тұрсың, тұт ағаш, жапа-жалғыз?

Тұрғызар ма мына күз айыңды оңнан? —
Бір қақпасын құйрықпен жайын — жалған.
Топырағыңа тамырын байлап алып,
Ән салады алыста қайыңды орман.

Жұрт маңыңды не түрлі үнге бөлеп,
Кешегі күн жатушы ең гүрлеп ерек.
Тұт та кетті, құрыды жібек құрт та,
Мына тірлік, айтшы, енді кімге керек?!

"Менен саған не қайыр? — Құдайдан көр!" —
дейтін сынды жасты көз жылайман көл.
Сайқал құйын жаныңа билеп келіп,
Ырғап кәріп кетті әне күләйлән жел.

Аспан да анау. —
Баяғы далбасалық,
Қуалап жүр бір - бірін алға салып.
Жезтырнақты қара бұлт далп-далп етіп,

Ақша бұлтты бүреді қанжоса ғып ...
Танытқанда дүние түрлі ажарын,
Жақындардай жаныңа күнде ажалың.
Жапырақ - тілің жоғалған, бейбақ ағаш,

Сенің енді жетеді Кімге Зарың?!.
... Қалың орман алыста ән салады ...
Тұт ағашы:

— Тасқа жырын жазатын мұзды әріппен,

Жапырағымды жеткенмін күзге алып мен ...
Шын жанашыр болсаң сен, табалама
Тағдырымды жалаңаш құзға біткен.
Айтқансисың сен мені соттап өлең. —

Жел үп етсе ұшатын бақбақ емен.
Тап осылай тұрғанмын, ақын бала,
Бабаңыздың бабасы жоқта да мен.
Жан беруді бейне бір оңай көріп,

Тамырыма қайтесің қарай беріп?!
Көне жолда ырғалған керуендер
Дәмін татқан тұтымның талай келіп.
Бауырымдағы құсымды аяғаннан

Мен дәруіш — көкке қол жая қалған.
Қайыңды орман жоқта да, сары тамызда
Сансыраған сан жанға сая болғам.
Шеккен кезде ақырып аспан айбат,

Таппасам да бойымнан басқа қайрат;
Қауіптеніп тұтымсыз топырақтан,
Тамырымды тастағам тасқа байлап.
Дау айтпаймын, иншалла, дала, саған!

Қайғы айтпаймын ешқашан, қала, саған!
Бағыбаным — бір Тәңір.
Панасы — Адам
Ормандармен бұл жайлы таласа алам.

... Қарға өсетін Еңілік — Қарындасым,
Құмға біткен Сексеуіл — Нағашы ағам!..
Сен күрсінсең аяғы көктен келер
Мен емеспін. —

Басымнан өткен нелер.
Шымшықтарым жырлайды тағдырымды,
Күзде келмей, сен мені көктемде көр.
Көкірегіме көшіріп бақтың әнін,

Мен де бір күн көбейем, сап құрамын. —
Сарыүйек жылан ирілген бастауында,
Есен болса бұлқынған ақ бұлағым.
Аман жеткен бүгінге бір бәсіре —

Мені бағы Заманның құрдасы де.
Өзіңнен көр, жалаңбұт жүргеніңді,
Жібек құрттың зар болып пілләсіне ...
Ақын бала, қайғырма мен үшін көп,

Шын шайырға Жалғыздың шері сіңбек.
Жазда келіп жырыңның буынын бекіт,
Тасқа біткен Тамырдың жемісін жеп ...
* * *

"Бұл дала неткен тырдай жалаңаш? —
Деп көп жұрт келді араны аш —
Жарамас десіп ырғай, қара ағаш", —
Тал екті, верба аралас.

Тыңайтқыш сеуіп, нәр беріп түрлі
Жайнатты халық мекенін.
Кемді күн қайың сәнденіп түрді
Ақ көйлегінің етегін.

Қыс - қыран можап — тырнағы қайтып,
Қарғынға күлді түнгі оттар.
Сексеуіл ұқпас сырларын айтып
Жырғапты ал, енді гүл - бақтар.

"Сары шыбыжық", "тасбақа дауыл" —
Бір соғып кеткен өткенде.
Бұзып алған терек тасқа танауын
Өкпелеп қалды көктемге.

Көктемің де өтті, жазың да кетті,
Базары бақтың тарқады.
Аждаһа демді ағындап жетті
"Қазанның тары талқаны".

Жынданып желдің тап - тап бергенін
Ағаштар қалды кеш ұғып.
Қайыңның жұқа, әппақ көйлегі
Дал-дұл боп жатты шешіліп.

Шағылдар жылжып, шегінді ағаш бар,
Долырды дауыл кек қысып.
Шатырлап қирап егінді - ағаштар,
Құйынмен бірге кетті ұшып.

"Тырбық тірліктің бетін көмермін!" —
Деп қаһар төкті құм ыршып.
Құммен алысып,
Өтінде желдің

Сексеуіл қалды ... ыңырсып ...
Жем болды желге гүлің шық тұнған,
Болмады пана — Зау шынар.
... Содан ба, жырымда —

Ыңырсып тұрған
Сексеуілдердің даусы бар ...
1989 ж. Құрық

ТАҒЫ ДА ЖАЛҒЫЗ АҚҚУ ХАҚЫНДА

— Ақтауда аққу аулап жейтіндер көп ...

Ауыз екі әңгіме
Айдыныңды қай сойқан ойран еткен? —
Үйректер жүр маңыңда майға бөккен.
Жалғыз қалған жағада,

Мұңдық аққу,
Үйірің мен сыңарың қайда кеткен?
Толқын тілді, жанары кілегей көл —
Серік болмас, дейтіндей, шүрегейлер ...

Аққу деген — әруақ қой ақ жамылған,
Әруағына тыныштық тілемей ме ел?!.
Айналаңнан аққу - ел — көп кеткесін,
Шүрегейлер бір күні шеттетпесін.

Аңдығаны айдынның ақ шабағы —
Шағалалар сені де жеп кетпесін.
Келші бермен, сен менен ірікпе сыр,
Қайда кеткен аққулар бұрып көшін?

Киелісін айырған сыңарынан
Пірсіздердің бірі деп, үрікпеші!
Үрікпеші, басар деп, шүріппесін!..
Күшім бар ма, мұңдығым, селбесердей? —

Сұқ саусақпен жөн айтқан елге сенбей;
Үңірейген ұңғы - өңеш жұрттан қашып,
Жалғызсырап келіп ем мен де сендей.
Көк айдынға көз тігіп қадаламын,

Шамаладым қалғанын жағада кім.
Жалқы үніңді езгілеп естіртпейді,
Өгіз даусы өкірген шағаланың.
Шыдам кеміп кеткенде, күмән жеңіп,

Аққу емен, жүрер ем сыңар қонып.
Сен де мендей байланып қалдың ба әлде,
Туған жердің мойнына тұмар болып?! —
Деп ем, көкке шықты ұшып тастап көлін,

Жанын ұғар Жан күткен асқақ көңіл.
Аққу атты азбайтын ақтап тегін —
Бір сұңқ етіп кеудесін тасқа соқты,
Әппақ жанды қымтаған — әппақ кебін!..

Бұдан кейін бұл сырды қазу да — мұң.
Көлге қарап тірліктен қажудамын. —
Азуы ғой көлдің — тас, тіл - толқынмен
жалап алды қан жұққан азуларын ...

1991ж.

БА - Я - ҒЫ - ДА ...

Керек бүгін бұлардың аттануы,
Малды ауылға жеткізбек қаптағыны.
... Бұлт - көпшікті алмас - күн тіліп кетіп,
Бұрқырайды үсті-үстін ақ мамығы.

"Шөкпей сірә, ақ бура — жер қайыр ма?
Жер қайымай, мүбәдә, ел байыр ма?!" —
деп қария мақалдап,
Жүк артады

Қос өркеші құлаған сорлы айырға.
"Зорықтырды-ау, мына иттер інгенімді,
Көп көре ме ілініп жүргенімді?!
Өздері кеп алмас па кем-кетігін!?" —

Сөгеді қарт малдағы ұл-келінді ...
Соғда да шал даланы ем көреді,
Орталыққа сия алмай сенделеді.
... Сұрап алған оқудан немересі

Ыңылдайды көлеңдеп кер дөнені:
"Атан өлсе сойылар,
Атам өлсе қойылар.
Бірақ мұндай қансонар

Күнде қайдан табылар?!."
"Не оттап тұрсың, ененді ... сандалама!" –
Жас жеткесін, әрине, шал да бала.
... Бір түйелі, бір атты — қос жолаушы

Желіп бара жатады ақ далаға ... ... ба-я-ғы-да ...

ҚЫСТАУДА

Маңайдың бәрі ақ түтек.
Дала. Қой ауыл. —
Малшының жайы басыма салады ой ауыр.
Қайшылық көрем әлемнен — қойшы күтпеген:

Жағып тұр жерге әппақ қар — қара бояуын.
Итарқа үйдің маңайы жұпыны неткен! —
Арық-тұрақтар арса-арса ыпыны кеткен.
Шопан үйінің ұшпады түтіні көптен,

Жүргізгелі қыс кәрі үкімін өктем.
"Жандық емес, жәндік қой, үйінді басқыр!" —
Мылтықсыз шопан көзінде күйінді жас тұр.
Үкімін қыстың орындап, әлгінде ғана

Заялап малын кетіпті үйірлі қасқыр.
Марғасқа тазы жоғалып төтеп беред дер,
Ақ тауық түгіл, тығылған кетекке кептер.
Бірегей өлді,

Қайтеді дүрегей енді,
Қораға қашқан қаңсылап көпек төбеттер.
Дәлудің қамын пенде жоқ ақырапта ойлар. —
Аязбен бірге миымды шатынатты ойлар.

Қозысын қарға шоқуда, шуын шұбатып
Маңырасады жем сұрап ақымақ қойлар ...

"Малшының ісі кейде өстіп қырын басады" —
Мұңын шаққан шопан дос сырын да ашады.
... Қасқыр тартып өлтірген қойға таласып,
Қорадан шыққан төбеттер ырылдасады ...

Мейірсіз қыстың кеспірін көресің де бір,
Қайырсыз тұстың ойлайсың елесін не бір.
Қайғының "Қара қағазы" — қарға мен құзғын
Қой баққан елдің әлі де төбесінде жүр ...

1988 ж.

ЖЫЛҚЫШЫ

Кештіғұрым сәуріктер қырқысып ап,
Құйрық теуіп шет жақта кіл қысырақ. —
Самолеттің жолындай шаң қалдырып,
Шыңырауға құлайтын жылқы шұбап.

Сол-ақ екен, ұлы айқай басталады,
Аңдитының ағайдың қас-қабағы.
Екі етек боп шапса ағаң — тіл қатуға
Басқа түгіл басқарма жасқанады.

Топ үйрекке шүйгендей ата қырғи,
Оған енді бәрібір жоталы ылди.
Ағамыздың дауысы көш жердегі
Дүрліктіріп ауылын жатады ылғи.

Ағай қауға тартпайтын шешінгенмен,
Құлын санап қашанда төсін керген.
Сол кезде аты сүрінсе, сыбағанда
Тірілтеді атасын мешінде өлген ...

— Әй, әйкелді құлаттың, көзге қара,

Түзеп жібер науаны тездеп ана.
Шыбыныңды қағар ем шырқыратып
Өзің емей, болғанда өзге бала.
Бәрімізге айтары осы ғана,

Қарамайтын боп алдық шошына да.
Содан кейін адасқан енесінен
Құлындарды жүретін қосып аға.
Шығарады кей-кейде ығырыңды,

"Құдай бірақ естиді сыбыр үнді"
"Уф" - лейді соңынан, ат орнына
Жалғыз өзі тартқандай шығырыңды ...
Қайтқан шақта қайымбыз не десе де,

Ағамызға, сірә, жан теңесе ме?! —
Басады әнге: "Мен риза болсын десең
Жетіп қондыр, кер торы ат, жеңешеңе" ...
Көңілінде құманның күйесіндей

Кір жоқ. —
Мұндай ағаны сүйесің ғой ...
Жеңгей аттан түсіріп қарсы алатын,
Ері байтақ даланың киесіндей.

Күрең шайын жеңгемнің қанып ішіп,
Шай ішкесін "әруағы" тағы қысып;
Шұрқыраған құлыншақ - ұлдарының
Аттарынан жататын жаңылысып ...

... Бөліп кетті жылдар мен жол араны. —
Енді бүгін сағынсам сол ағаны,
Шалғайыма күшік - мұң оралады.
Ағай көшкен қалаға ...

Жұрты жатыр. —
Көрінбейді көп жылқы көк алалы.
Қай-қайдағы торлайды ой жүйесі жоқ.
Қуаң шөпті тауысқан күйесі жеп.

Тұрып-тұрып қалаға қайтам мен де,
Бизар болып даладан —
Иесі жоқ ...
Кей кездері қалада тас қамалдай

Жолығады сол аға — қасқа маңдай.
... Көңілімнің үркеді көк дөнені,
Мынау тұрған ол емес — басқа жандай ...

ЖОЛ БАЛЛАДАСЫ

... Теңізі анау — ақбайыл, тауы мына,
Жатырқамай қарайды қауымыңа.
Ит - құсты да талғамай,
Маңғыстауым

Жол - қолымен қысады бауырына.
Қорғалатар жоқ демей қайың, дарақ,
Қашаққа тақ берген жер,
шайырға — бақ ...

Қақ айырып қайшыдай торғын көкті,
Қонып жатыр Ақтауға айырқанат.
Әуежайы қаланың бос бола ма! -
Жігіт - жыртың,

Қыз - қырқын, жас талаба.
... Ақыл - жендет желкелеп жүрегімді,
Мен де бір күн жол шектім астанаға.
("Айрылыпты өлеңнен мына бала," —

деп сөксе де, қайтейін, біраз аға,
Прозаға жырымның қосын артып,
Қондырамын қоңсы ғып Драмаға ...)
Әуежайы Ақтаудың - нөпір халық.

Самал да жоқ соғатын кекіл жарып.
... Осы өлкенің бейне бір қожасындай
Төрт көз қанден маңайды отыр бағып.
Әңгіме емес айтпағым сірә да ескі,

Тәңір маған тап қылды мына егесті. —
Жуынды іздеп, жем теріп, жұғын жалап
Шыға келді бұрыштан бір ақ ешкі.
Сыбағаны құдайы берген сынды,

Сұрағаны алдына келген сынды;
Атып тұрды шәуілдеп төрт көз қанден,
Ата жауын ақыры көрген сынды.
"Қырар болды - ау, мына иттер кіл шеттетіп". —

Қашпақ еді ақ ешкі бір шетке өтіп,
Маңыраған бейбақты төрт көз қанден
Қуып тықты ортаға тірсектетіп.
Бұл қызықты қолымен көп тұр ымдап,

Сен де, бауырым, тұсынан өт жымыңдап.
Ұмтылғанда сүзбек боп қанденді ешкі,
Серек құлақ сұр төбет жетті ырылдап.
Қала итінің пиғылы өте бөтен

Болып шықты,
Мен де енді төте кетем.
Әншейінде өзді - өзі таласқанмен
Малды көрсе бірігіп кетеді екен.

Жеп барады "айтақшыл" жұрт жанымды,
Өткен - кеткен түскен Ес күрт қағынды.
Мыналардың зорлығын көрген кезде,
Ит жылы өлген сағындым сырттанымды.

Бұл қорлыққа, әрине, шыдамадым,
Шыдамаудан көп еді жылағаным.
Сұр төбеттің қонжиттым шекесінен,
Жұлып алып таяғын бір ағаның.

"Ит пен ит боп!.."
Не амал бар, күлдім жүдеп,
Күлкі соңы — күмірә, бұл бір жыр ед.
"Итке тиме, калбит!" — деп жетіп келді,

Жұдырығын саптаған кіл жүн білек.
Ақ ешкінің кетпеді әлегі құр,
Айналамда жігіт жоқ дәмелі бір.
Тісті менен Күштінің қаһарына

Қос бейбақтың тап болған шағы еді бұл.
Төбет, қанден ұмтылды талағалы,
Жуан қолда жыртылған жаға қалды.
"Тәртіп бұзған бұзықты" (мені әрине) —

"Қызыл жаға" әкетті қамағалы.
Жә, жөн болар көп сөзбен мезі етпеген,
Күн туса алтын басың тең — тезекпенен.
"Құрту керек бұларды!.." —

Көп сүйір тіл
Жүрегімді қанатты кезекпенен ...
Маңыраған бір дауыс кезіп көкті
Келіп, менің жанымды езіп кетті.

Иттері көп қаладан ешкі байғұс,
Қасқыры көп далаға безіп кетті.
Күн екен де бағытым қырын қашқан,
Қаламаған боп шықты жырымды аспан.

Ешкі кетті, мен қалдым. —
Сонда да әлі
Даусы естілед көп иттің ырылдасқан ...
1989 ж.

ГҮЛ МЕН БҰЛБҰЛ

Құмыр бұлбұл гүлді жырлап бақтағы,
Көмекейін күміспенен қақтады.
Әнге айналды ғұншагүлдің — әппағы,
Гүл қауызы — ғашықтардың қақпаны.

Жұрт таң қалды балға малып бармағын. —
Айтты бұлбұл ақындардың арманын;
Мөлт тамшының сол қауызға бөленген
Нәзік гүлді майыстырған салмағын.

Қайыл қалып: неткен жыр, — деп, — неткен үн! —
Күллі маңай мақтау айтты теп - тегін.
Бірақ бұлбұл білмеп еді,
Сол гүлге

Бір төбеттің түнде сарып кеткенін ...
1987 ж.

БҰЛТ – ШАЙЫР

(этюд)
Бұлт бір шайыр — сақал - шашы киіздей,
Жер - дәптерге үңіледі ол жиі үзбей.
Жарты ай анау,

Сол шайырдың қолында
дір - дір еткен шарап толы мүйіз ғой ...
Алабұртып,
Сәл масайып тұр ғалам,

Бір құпия сыр айтардай түн маған.
Нұр - шараппен
Тамып кеткен мүйізден
Шыладым мен таңдайымды құрғаған.

Табиғаттың тылсым Әнін тыңдадым,
Ұрладым мен Ұлы Әуеннің ырғағын:
Бұлт - шайырдың қанып алып шарапқа,
Күркіреп кеп оқитұғын жырларын ...

1988 ж.

ҚЫЗЕМШЕКТЕГІ ТҮН

(этюд)
От - жұлдызы тамған аспан айшықты,
Шоқ - сезімді лап еткізді тұтатып. —
Төбешіктің дәл үстінен ай шықты,

Бөбешіктен шыққандай - ақ сүт атып ...
Қайдан ғана жариын мен мінезге,
Тәңір, міне, тағы мені қақсытты. —
Сәби - бұлт кеп еміп қойды лезде,

Бөбешіктің ұшындағы ақ сүтті ...
1987 ж.

САНАМАҚ

"Жеті қарақшы — жеті жұлдыз",
Сол жетеудің бірімін.
"Ақбоз, Көкбоз — екі жұлдыз",
Екеуін де мініп кеткен ұрымын.

"Өмірзая — жеке жұлдыз",
Сен де жалғыз тұр екенсің, шыбыным!" —
Деп мен бірде арбап едім бір қызды:
"Жалғыз келдім,

Ер соңымнан,
Сыңар бол!"
Аспандағы санады да жұлдызды,
Сыңқ - сыңқ күліп тілін маған шығарды ол ...

1988ж

ТЫНЫШТЫҚ КӨРІНІСІ

Дала. Теңіз ...
Бір-бірінен құт дарып,
Бірін бірі жатыр шөлден құтқарып.
Дала - ананың алақаны ұсынған

Жағадағы ақ жем тастар сықпа құрт.
Дала анасы, теңіз - бала. –
Бір төркін,
Екеуінің махаббаты үлкен тым.

Сылқ - сылқ күліп еркелейді сәбиі,
Сықпа құртты жалайды кеп тіл - толқын ...
1987 ж.

ШАҒЫН ХИКАЯ

"... Тұйғын емен айдындағы қуды ілген,
Сиремеуге тиіс — шулы, нулы іргем.
Бар ғаламның Жарастығын жырлаймын,
Әділетті қорғау үшін тудым мен!

Болғанмен Жан жапырақтай дір етпе,
Ей, Жаратқан, айтам саған бір өкпе. —
Қара бұлттың шынтағында шыңғырған
Айдың даусы тиген кезде жүрекке..." —

деді бірде ақын көкке кіжініп,
Ғаршағылға үні жетті үзіліп.
Әлсіз дауыс тыншын алып Тәңірдің,
Көктің өңі кетті демде бұзылып.

Тәңір сонда кітап ұстап, нан тепті,
Сені тірі қоймаспын! — деп ант етті.
Ұлы Үрейдің шапалағы — нажағай
Бір тартқанда ақын көзі жарқ етті.

Жалп еткізді,
Көк төзімі бітіп қап,
Ажал қолы титтей жанды мытып сап.
Күлге айналды ақын тәні ...

Ай болса
Күлдіреді қара бұлтты қытықтап ...
1988 ж.

ТАҒЫ БІР ХИКАЯ

Түн күркіреп, жалт ойнап тұр аспанда,
Есірік жел емінеді жас талға.
Ойналғандай түрлі-түсті музыка —
Бүкіл ғалам бір әуенге басқанда.

Кәрі ағаштар түршігеді тұлданып,
Жалаңаш тал күрсінеді мұңданып.
Жапырақ шаш, ақ көйлекті қайың - қыз
Әлгі әуенге билеп жатыр жынданып.

Тіршілікті тәрік қылып былайғы,
Билеп жатыр ақ қайың қыз шырайлы.
Шашын сілкіп, жел - сезімнің ырқымен
Зау теректің құшағына құлайды.

Әлдеқайдан уілдеді үкі - мұң,
Кіл жарықшақ. Естілмейді бүтін үн.
Терек — желден қорғаған боп қайыңның
Қысып қойды солқылдаған мықынын ...

Жел басыла болған істі пайымдап,
Сыпсыңқасып әлгі оқиға жайында —
Тұрды ағаштар бас шайқасып, Теректің
Аяғында сұлап жатқан қайыңға.

Тек, тал, шілік азалады қайынды ...
Дәл сол түні бақ ішінде жай ұрды:
Ағаш тілін адамдарға аударып
Бермек болған есалаңдау шайырды ...

1988 ж.

"ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ ЖЫРЛАР" ЖЫР – ШОҒЫРЫНАН

1. Оқиға

Қыз - қайыңды көшеде шаштан алып,
Сабап жатты содыр жел масқара ғып.
Нән теректер бастарын сауғалады,
Көп қабатты үйлерді баспана ғып ...

"Сауап болды, кетіп ед көбеңсініп." —
Баға берді осылай емен, шілік.
"Бәрібір, деп, біздерге" — шыршалар тұр,
Ал қарағаш баратты төмен сіңіп.

"Өтер болды-ау дүрлігіп осы ай тағы" ...
Желіктірді желді енді дос айтағы. —
"Қайың түзу болса егер,
Қарап тұрмай

Тауға неге саусағын шошайтады?!."
"Дұрыс", десті көп ағаш малдас құрып,
Басып жатыр маңайды албасты бұлт.
Жел құтырды-ай,

Қылмысын бергеннен соң
Ағаштардың өздері заңдастырып ...
Күндер өтті ...
Жел кеткен мекеніне,

Ит біле ме мекенін, кетеді де.
Қайың да жоқ ...
Орнында жапырақтар
Самал соқса ұшады көтеріле...

Кеше желден ұмытып дүрліккенін,
Болмағандай ештеңе, —
Жыр ғып керім —
Айтысып тұр найқалып нән теректер,

Бітіп болмас баяғы тірліктерін ...
20.05.1986ж. Алматы.

2. Тағы да бір оқиға

Жер астынан жік шығып,
қос құлағы тік шығып
Кеткендей боп, о тоба, қалғаным бар тіксініп .
Көп қабатты жаңа үйлер —

ескі үйлерді жатаған
Қуып бара жатырды, тауға қарай тықсырып.
Нәшүкірлер нәнменен алысуға шыдамай,
Тырағайлап қашқандай,

Жан сауға да сұрамай.
Қайың қолы төбесін қорғап қашқан үйлерге
Қарап тұрып, бір жайға куә болдым мынадай:
Біздің үй де көп қабат.

Тұрады ылғи итініп,
Аласаға қарайтын өктемдікпен қитығып ...
Кеше ғана бұзылған көрші көне үй орнында
Түніменен шыққаны — жұртта қалған ит ұлып.

Ертесіне балконда қағып тұрып кілемді,
Аңшы мылтық асынған көріп қалдым бір ерді-
Ұстап алып әлгі итті, байлап қойып қадаға
Қақ жүректің тұсы деп, тартып келіп жіберді-

— Атпа! — деп ем,

Ол мені сыбады кеп нақыштап,
Қайда — а, мына біздейге қарулымен шатыспақ?!
Сәлден кейін сол жерге жиналып ап балалар,
Қол кезесіп өзді - өзі ойнап жатты "атыспақ" ...

Иттің даусы түндегі — бізге жеткен көнермей,
Маған әсер еткен-ді — ежелгі бір өлеңдей.
Өліп кетті бейбақ ит
әлсіз ғана қыңсылап:

"Көне жұртты жоқтасаң
Күнің осы ..." — дегендей ...
1987ж. Алматы.

3. Жантәсілім

(мақамы бар)
Кәр тікті тағы бұл "құдай",
Жегенің таяқ жендеттен.
Адал, ақ менің, жұртым - ай,

Қара бақ едің сен неткен?!
Шұқыған көзге малғұн көп,
Жер ойылардай әмірінен ...
Тәнімді аман қалдыр деп,

Сұраман сауға "тәңіріден"!
Сұрағанменен естімес,
Құлағы оның тас керең. —
Жасын - қылышы кескілеп

Шабылып жатқан бас көрем.
Сойлыны талай сұлатып,
Сол жасын тиер сағаққа. —
Кебін матаға уақыт

Олжасын түйер Заматта ...
Кезегім келсе "аһ" ұрып,
Дүниеден мен де жөнермін.
Жаналғыштарға атылып,

Шындығымды айтып өлермін!..
Соңымнан сол бір пірлі үнім
Пенденің сөгіп күйкі ісін;
Жылаған менің Шындығым

Жендеттің бұзар ұйқысын.
Бақилық дауыс жеткенде:
Түрменің торы мүжіліп;
Айналып қылыш кетпенге,

Шынжырлар қалар үзіліп.
Төбемді ойған көп пенде,
Тексіздің бетсіз ұрпағы. —
Тағыма қолы жеткенге

Тәңірсіп, қыртып тұр тағы ...
Шындығым менің, шерленіп
Биікке шығып шырқа жыр!
Жалған құдайлар көрге еніп,

Қарсы алар сені шын Тәңір.
Жатса егер алқап жұрт сұмды,
Тастап шық құлдық моласын.
Көзіңді сүртіп бұлт - сүлгі,

Шын Тәңір берер бағасын ...
Қаңтар, 1981ж. Алматы.

4. Ағаштар жыры

Күннің нұры төгілмеген түс қалмай,
Қыс қыңсылап жылап кетті мыстандай.
Ағаштардың тілі шығып әп - сәтте,
Сайрап берді жапырақтар құс таңдай.

Айтысты олар: қыстың қалай қысқанын,
Күштілердің тек құртуға құштарын;
Кәрлі Сұсқа бас имеген еменді
Қанжарлы аяз жарып салған тұстарын.

Мағұлым қылды, үсік ұрып тоңғанын,
Тамырларын құрсаулаған тоң барын;
Қабақ түйіп айбат шеккен теректің
Сытырлатып сындырғанын қолдарын ...

Ұлы Үрейдің ауызынан бір үн кеп,
Суық алған бойы кейде дірілдеп;
Күллі ағаш, тал ақындарға айналып,
Шықты жаздай шындықты айтып күбірлеп.

Олар да енді жырлар болды абайша,
Ағаш та ақын! —
Қасіреті молайса.
... Тамырларын тап басқасын Тажал - қол,

Жапырағын тат баспасын қалайша?! —
Жетті, сөйтіп, Желтоқсанның түндері. —
Тажал - саусақ төнді тағы бүргелі.
Ыршып түсіп жатты қарға былғанып,

Ағаштардың қан - қан болған тілдері.
Бар маңайды басып қалған әппақ күл ...
"Кәрі құда" — ақтабан қыс таптап тұр.
Жер сабалап жылайды ағаш.

Діңінде
Сәтін күтіп бұғып жатыр қаптап бүр ...
Желтоқсан, 1987ж. Құрық кенті.

5. Жат жерліктер жайлы жыр

Біз ешкімді деп бөлмедік:
"Жат жерлік." —
Жат жерлікке пана бердік, тақ бердік;
Жат жерлікке қала бердік, ат бердік;

Жат жерлікке тағам бердік, ақ бердік;
Жат жерлікке қалам бердік, бақ бердік;
Жат жерлікке дала бердік дәптер ғып. —
Ана — Жерді "жат" деуді біз жат көрдік.

Олар біздің даламызды жырлады;
Олар біздің қаламызды сырлады;
Олар біздің наламызды тыңдады;
Жүректері сәби - өлең құндағы:

Олар — алты арысымның ұлдары,
Олар — жалқы намысымның құрбаны.
Олар — бізге, біз оған жол көрсеттік,
Мен оларды бөле аламаймын бөлшек қып.

Дала деген менің дархан анамның
Төбелерін бірге емгенбіз емшек қып ...
Ал, мына бір аласуан жат жерлік ...
Әжептарқы көздерінде жатты өрлік.

Ғайбаттап тұр елім менен жерімді —
Әбужаһил — арапшыға тап келдік.
Ғайбаттап тұр бием менен түйемді,
Ғайбаттап тұр Ием менен Киемді.

Ғарыштағы ұлы Күнді боқтаса —
Өртемей ме жұлының мен жүйеңді?!.
Серігі де өзіне сай сұр мерген,
Өзін әлде.., көргендеймін бір жерден. –

Білесің бе - ей, саудыраған сүйекпен
Бұлар, — деді, — алтындарын бір көмген ...
Бейбақтар ғой қой, түйемен бірге өрген . —
Бірақ мұндай ғажайыпты кім көрген!?

Молаларын қазу керек бұлардың! —
Дегеніне қалай шыдап тұрармын?! —
Әйтсе де мен қозғалмадым орнымнан:
Біздің жерде шегі жоқ қой шыдамның ...

Боқтады олар — даламыздың кеңдігін;
Соттады олар — бабамыздың ерлігін;
Мошқады олар — анамыздың өрлігін;
Оттады олар — сөгіп заман теңдігін.

Бірі тұрып, ол да өзінше ойлы адам,
Өкінішін айтты бармақ шайнаған:

— Сорлы дала — қазынаның қоймасы,

— деп күрсінді, — жабайылар жайлаған...

Дейтін - ақ жер:

— Ал алтынды, кір көрге! ...

Бірақ сөзін соза берді кір кеуде.
Құр кіжіндім:

— Жақпаса егер кімдерге,

Боршықтырып кім әкелген бұл жерге?!
... Дөңбекшіді дарбас құмдар атандай,
Мен де өксідім,
Бір ауыз тіл қата алмай.

Шаң боп ұшты топырағы даламның,
Мыналардың табанында жата алмай.
Ауыздарын бұзуға қол бармады...
"Арам қанға қолды былғау ар - дағы". —

Сезімімді ойым сөйтіп алдады.
"Далаң жаман" деп айтқанды ұрғызар,
"Бабаң надан" деген тілді жұлғызар
Жоқ қой, сірә, біздің заңның тармағы!..

Сөздер айтып қашыратын құтымды,
Ниетіме түкірді де құтырды,
Танаулары кернейлетіп түтінді.
... Сәлден кейін таптай салды өкшелер —

"Қазақстан" деп жазылған тұқылды ...
1988ж. Өзен қаласы.

6. Жанарлардан тамған ән

(сарыны бар)
Түседі еске — шерлі өткен күн,
Желтоқсанның ызғырығы;
Білегінде жендеттердің

Оратылған қыз бұрымы!..
Тұрғанда ызғар қарып беттен,
Қардан аршып ән шығардым —
Жанарлардан тамып кеткен

Әуендерін тамшылардың.
Атар таңын көздеп еді ел,
Ұқпаса да тағдыр керең.
Қысса да аяз — кездер еді ол

Мұз бетінде ән гүлдеген.
Желтоқсанның алаңында
Соқтық қамал әппақ Ардан.
Бас көтерді — табанында

Тажалдардың жатқан Арман.
Қуат құйып ер түлекке,
Жалт ойнатып тынды ма Аспан?!
Нұр саулатып көр — түнекке

Біздер едік түндік ашқан.
Желтоқсанның жігіттері
Жұртты тағы бастай ма алдан? –
Жанардағы үміттері

Жібіді ме тасқа айналған?..
Азаттықтың алауында
Ұшқын шашса барлық үміт —
Жатсын, елім, жанарында

Желтоқсаның жаңғырығып!..
Сазымызды жалғап әр күн,
Келер ұрпақ қайымдасын:
Жанарлардан Тамған Әннің

Айтылмаған Қайырмасын!..

7. Аманат

(сазы бар)
Өшіріп үнін бабадан жеткен бағзы әннің,
Төріме шығып,
Көріме дейін қазған кім? —

Ұғынсаң, ұлым, мен де алғаш өмірбаянды
Желтоқсандағы көк мұзға қанмен жазғанмын.
Болмаса егер бұрқанып аққан бойда қан,
Қалушы ма еді: қызықта — мазмұн,

тойда — мән.
Өрімдей аға, апалар еді сол күнде —
Алаштың Арын,
Қазақтың Қамын ойлаған.

Қара бұлтты аршып,
түнекте қалған нұрды аңсап,
Азаттық жайлы аспаннан алғаш үн жар сап;
Алты арыс елің алты ғасырда бас құрап,

Есіңде қалсын —
Назарын Хаққа бұрған шақ.
Атаның жолын һалалдан болған қалайды ұл,
Перзентім, саған үйретем әлі талай жыр.

Қан қызыл гүлін тергенде, ұлым, Далаңның,
Желтоқсандағы Ізіме менің қарай жүр!..
1994 ж.

ҚЫЗЫМА

Айсараға
Құлыншағым, тіліңнің тәп-тәттісін! —
Айтқанымды санаңа шақтап түсін.
Ақиқаттың тіп-титтей қамалындай,

Жаңа жарған иегіңді әппақ тісің.
Айтпақ болып көргенің, сезгеніңді,
Талпынғаның қуантар көз, көңілді.
Былдыр - былдыр етесің, ақ сәбиім,

Менің айтқан қайталап сөздерімді.
"Бесік жырын", "Әлдиін" айтар ана,
Әкең әнін үйретпей жай таба ма!
Тек, құлыным, әйлеңкес кілауыздың

Бөтен сөзін ешқашан қайталама ...
Ертең Жасыл тірлігің өзгереді,
Ділгер уақыт саған да сөз береді.
Шындық пенен Сұмдықтың жігін ашып,

Өз Сөзіңді айтатын кез келеді.
Бейнесі адам тастарды қозғау үшін,
Шырқыраумен сарыққан аз ба күшім?!
Әкең де иттей болып жүр, естірте алмай,

У-шу болған дүниеге өз Дауысын.
Сен әкеңді құламас тіреу көрдің,
Тіреу кетсе бағыңды шідерлер мұң.
Бар тілегім: Сол қиын сәттерде де

Сөзін айтып тұрмашы Біреулердің ...
1988 ж. Құрық кенті.

ДӘМ АЙЫРУ

Гүлмамырға
Тісің шықты - иегіңді жарып, қанап,
Жейтін болдың дәміңді — анықтап ап.
Құйтақандай көжегім! — әрнәрсені

Отырасың аузыңа салып қарап.
Қылығыңның біз үшін бәрі де аңыз,
Шешең жарыта алмаған — әлі қарыз.
Ауызыңа қолдарың жақындаса:

"Ойбай, жеме!
Жаман!.." — деп жалынамыз.
Өбектеумен өзіңе өтті күнім,
Күн де ерекше тәтті бір төкті нұрын ...

Жақпас нәрсе аузыңа салып қойып,
Тыжырынып қалады "жоқ мұрының".
Саған сақтап сыбаға дайындаған,
Жатқан шығар дастархан — сайын далаң!..

Ғұншагүлдей ерніңнен, айналайын,
Ащы менен тұщыны айырмаған!
Ғұншагүлің қауызын ашады ертең,
Таң күлімдеп алдыңнан аса көркем.

Ақ жаулықты әжелер-ақ бас шыңдар,
Бар тәттісін жолыңа шашады өлкем.
Нұр ұялап содан соң маңдайыңа,
Самал еріп шабады шалғайыңа.

Татымағай, әйтеуір, деп тілейік —
Ащы тағдыр, ащы жас таңдайыңа!
Балапаным, мамығы үлпілдеген,
Сезіктеніп тамағын түртіп жеген ...

Ащы мұңын көзімнің шайып жібер,
Ерніңдегі тәп-тәтті күлкіңменен!

АРАЛ ЖАҒАСЫНДА

1 - өлең

Келіп едім Аралға — теңізім жоқ, теңізім,
Қалай берген қарт Хазар жалмауызға егізін ...
Көрінер деп бір белгі — күн салып кеп қарасам,
Бұғып жатқан диюдай бас көтерді қара шаң.

Балдырлардың орнында адыраспан қалыпты,
Көре алмайды ел мұнда жамырасқан балықты.
Желмен баяу сыңсиды айлағымның қолтығы,
Көне арнада сусиды майда құмның толқыны.

Әйлеңкес жел есірсе — толқындар жоқ күркірер,
Жын - шайтанның шашындай сар жағал құм сілкінер.
Не боп кеткен, япыр-м-ой,
бизар қылды-ау безер құм,

Құм құйылып жатыр ғой арнасымен өзеннің.
Біреу мені істіктеп жылатқандай сезіндім,
Тамырымнан қан емес — құм аққандай сезіндім.
Бақа да әнін салмаса — кесіртке бар бақа бас,

Жалмайтыны болмаса Құм — Теңізбен аталас.
Құйын тұрса аспанға шашын шашып жынданып,
Құм астында сырласар құлық пенен құмбалық ...

Өртегелі сені бір тандыр қалған дей ме екен?
Үрпі сорар ерінге шандыр да арман дей ме екен;
Балықтары желініп қалбыр қалған дей ме екен;
Халықтары керіліп сан құр қалған дей ме екен;

Сенің көрер қызығың мәңгі ұрланған дей ме екен;
Ұрлап кеткен оны да Тағдыр — Жалған дей ме екен?!
Құлақ салсаң жан - жаққа үн шығады сыңсыған,
Бұйқыт жатқан аймақта тұншығады бір шыдам.

Жалмайтыны болмаса Қазаққа — Жұт ағайын,
Тағы да бір мойынға ыршығалы тұр шығар ...
Егер теңіз толқыса түйілуші ед қабағы,
Ал мына құм ісіне ырза сынды жаңағы.

Езудегі табындай жымысқы бір әзілдің,
Жымсияды жаңылмай езулері әжім құм.
Құм теңізбен баталас — жалмайтыны жаман-ау,
Жұт қазақпен аталас — алдайтыны жаман-ау ...

Алты алаштың әкесі құсап сөйлер, ағам-ау,
Қайда кетті толқыны шырпып соққан жағалау?
Жағалауда санды ұрып момын халық сенделген,
Айырады қорегін өтірікпен сен берген.

Жұртқа жалған жаны ашып, өздеріне қор ашып,
Жүрген талай көкелер жатпен кетті жарасып.
Ертеңіне халқының арттарымен бал ашып,
Кейбірінің атағы бұлттан да өтті әрі асып.

Қазақ қасқа айтқыш-ау, бар ма ағамның хабары?
"Қарыны ашқан сұмпайы қаралы үйге шабады".

Өле-тұғын жайым жоқ менің де енді жұтып у,
Таңдайдағы Зәһарды керек боп тұр түкіру:
Күңірсіген құйқадай күйіп жатыр сай-сала,
Жұмағыңның есігін ашыңқырап қойшы, аға!

Бұл өлкенің хал - жайын келсе егер де ойлағың,
Су жоқ, құмға сен де бір сүңгіп көрші, Бейбағым!..
Жанды аларсың есірсең, шен тағарсың кешірсең! –
Жерің - тозақ, ел — мазақ. Бейбақ емей несің — сен!..

1986-92ж.ж. Арал — Мергенсай.

2 - өлең

Жағасына Аралдың тағы келдім,
Ұрын барып жүргем жоқ — әбігермін.
Құлғана адам түбіне жетті ме ақыр,
Ғалам — Ана тудырған Жәдігердің?!.

Түк шарам жоқ, келгенмін мен несіне?!
Тұзды дауыл борап тұр елге өшіге.
"Шұбырғанда ізіңнен шаң бораған"
"Шұбырынды Ақтабан" келді есіме.

Жабысып жүр жынды жел шалғайымда,
Сордың мөрі басылған маңдайымда.
Отызыншы жылдарғы қыршындардың
Көз жасының дәмі бар таңдайымда.

Қамын ойлар ұл қалмай анты берік,
Құритындай ертең - ақ халқым өліп ...
Ішке жұтқан өксігім өзекті өртеп,
Екі көзім кетеді қантүленіп.

Тірі жүргенім үшін жатқа жақпай
Өтуде өмір тұлданып шапқан аттай.
Далам жатыр — бетіне Арал атты
Қара сия төгілген ақ парақтай.

Қалғып кетсем теңізім түске енеді,
Құртуға адам не деген іскер еді?! —
Ана үрпінен тұзды сүт емген ұлан
Жасын сүртіп, былай деп тістенеді:

"... ашуда әне, жал құмдар бізге аранын —
Сызда жүрек,
сызда ми,
сызда жаным!..

Көздеріне көрсоқыр адамзаттың
Құйып жатыр Аралым тұз боранын!.."
... Арал желі ақ шаңын тұрды үйіріп ...
Көкіректі кеміріп күллі күйік —

Сені азалап өтем деп серт бердім мен,
Көздеріме қалғанша құм құйылып ...
1987 ж. Арал қаласы.

ҚОСБАСАР

немесе теңізге тамған тамшылар

І

Айбергенов жазып еді: Күй - ару
Домбырадан ұшады деп таранып. —
Арал — шанақ, екі шегі — Сыр, Әму,
Дала - Ақынның шабытынан нәр алып ...

Далам — ауру қазір дерті құзырлы. —
Әр шаттықтың ақырында бар қайғы.
"Менің егіз шектерімді кім үзді?.." –
Жетім шанақ осыны айтып сарнайды ...

ІІ

Жұмекен де жазып еді: Шайыр шал
Шүкіровтің домбырасы хақында. —
Дертті жанды күйлерінен айырсаң,
Нағыз Зауал сол болад, — деп, — ақынға.

Зейнолла жоқ жырдан тапқан мұратын,
Күмбезі тұр.
Жел аталар бар мұңдас.
Ғұмырымен дәлелдеді ол:

Шын ақын
Туған жермен болатынын тағдырлас ...

ІІІ

Айдыны жоқ далам менің қайғылы,
Қала жатыр — ақыны жоқ әйгілі.
Өз әлінше жұлқысып жүр жылқысып,
Тай - тобырлар бөліп алып бәйгіні.

Кетті ақындар,
қалдырды да көп аңыз,
Жұтып алып тұр мелшиіп молаңыз.
Төлеген жоқ, Зейнолла жоқ ...

Соңында
Біздер де енді бірдеңе айтқан боламыз ...

ІV

Барып едім Әлімдердің қорымына,
Кетті маңды зариғапқан күй кеулеп.
Бет сипап ем өлген теңіз орнына,
Ескі арнамен жылан қашты иреңдеп.

Бозаңдағы бозторғай құс азаннан
Бебеу қағып шырлайды - ай кеп мазамды ап.
... Мендей шерлі болды ма екен о, жалған,
Құсы кетіп, "Жұртта қалған" Қазанғап?!..

V

"Барсакелмес" ада бопты құланнан,
Теңіз жайы баршамызға болды айқын.
Әбдіжәміл ағам қайда? — жыланнан
Бозаңдағы торғайымды қорғайтын!..

Бір кітапты — салмағы ауыр Құраннан
Жазшы, ағатай, басыр басын алмайтын. —
Көмек сұрап арна жатыр жыланған,
Қан мен Терді тағы төкпей толмайтын ...

VІ

Көшеді қашан көр — бейнет,
Көндей бет бізге таңсық па?! —
Көзге ілмеуші едік: көл ғой деп,
Кез болдық сор мен шалшыққа.

Қасірет жұтқан бір мен бе?! —
Назырқап атты таң мынау.
Есікті жоқтап жүргенде,
Аралға зар боп қалдық-ау...

VІ

Бізден, Арал, безіндің,
Сыймай кеттің маңдайға.
Жырлаймын деп өзіңді
Әжім түсті таңдайға. -

Әлем жайлы жырлаған
Жер-Ақын да қажулы.
Жердің сен де құрғаған
Таңдайысың әжімді ...

VІІІ

Көз - өрмекші бетке әжіммен тор құрып,
Тән болдырып, келем әзір жол жүріп.
Әжім деген торы екенін Ажалдың
Көре тұрып елемейді сорлы жұрт.

Әжім түспей қайтсін бетке? —
Көрге үріп
Тұрғанда иттік кесапатын төндіріп.
... Дала көзі —

Арал да енді өрмекші,
Жатыр жерге әжім - құммен тор құрып ...

ІX

... аяқтан іліп,
басынан ұрып құлатты,
Кеудеге мініп,
алқымнан буып жылатты.

Жүректі сығып,
бүйректі бүріп
Ұлы Дерт —
Бауырды тіліп,

сүйекті үгіп сұлатты.
Дерт жеңген теңіз шығарады әлсіз өлесі үн,
Уақыт - емші бітер ме Ажал өңешін?
... Көзіме менің үңілші! —

Шыт - шыт жарылған
Тұзды сор ұшқан теңіздің орнын көресің ...

Х

Бұл маңайға жеткендей ме тағы жұт? —
Дала деген дала емес-ау! —
Тамызық.
... Қасиды аспан бұлт - қолымен Аралға

Күн-Жараның қанды іріңін ағызып.
Бір қысастық келгенімен қайғы алып,
Табиғаттың тілі қалмас байланып. —
Улы зәрін шашады Әлем бетіне:

Ұяң Самал долы Дауылға айналып ...

XІ

Күн артынан күндер өтті — ізі қан,
Тамырыма қанды құйып алдым дем.
Теңіз жайын бірде Аралдың қызынан
Сұраймын деп, хас бәлеге қалдым мен.

Жай білем деп жайым кетті. Не шықты? —
Зар боп қатдым бағзы қамсыз күніме.
Жапырағымды шұрқ - шұрқ тесік қып,
Құрт түсірді тамырыма, діңіме...

XІІ

Арал қызы қарап еді қадалып,
Түнегіме жұлдыздардан гүл екті.
Кірпігі — шатыр, екен көзі қара құрт,
Сол қара құрт шағып алды жүректі.

Шағып алды, тұрғанымда ұялып. —
Тәнді меңдеп барады індет құтымды ап.
Тылсым жанның жұлдыз - гүлі жиі ағып,
Қан орнына у шығады шыпылдап ...

XІІІ

Сор — қалың да, неге сонша қысқа — бақ?
Аққан жұлдыз жатыр әлі түнді іреп.
Абайламай саусақтарын ұстап ап,
Жүрек тағы күйіп қалды күлбіреп.

Өлмеші боп — тоным тозып, ат арып,
Күйік — дертім қайтпаған соң дәріден —
Жүрегімді көрсетіп ем апарып:
Көкбет теңіз жуды улы зәрімен.

XІV

Улы Зәрі күйігімді қуырып
Жібергенде,
Жан ұшыра сезгенім:
Әлде бір күш өзегімді суырып,

Жас орнына ағып түсті көздерім.
Ай астында айдалаға босқан шу
Басылмады-ау. —
Неге керек астамсу?! —

Арал, саған менен бүгін қосқан су:
Бар болғаны екі көзім —
қос тамшы у...

СӘТТІҒҰЛ БЕЙІТІНІҢ БАСЫНДА

Сапырған мұхит, теңіздер
Топанның қалмыш сарқыны.
С. Жанғабылұлы
Кетпек болып тәу етіп атты бұрдым,

Қапты бір мұң.
Қабақты жапты кірбің.
Жатты жырдың моласын шағыл басып:
"Қалмыш сарқын топаннан" — Сәттіғұлдың.

Көресіні әлі сан көре жатам. —
Жебір құмға жем бопты Өлең - Атам.
Айыр інген, жабуын жапқан бота:
Құм жамылған титімдей кереге там ...

Қыз қасынып кеткесін, ұл басынып,
Қарағасын ойсыз жұрт жырға сұлық,
Көрге сіңген ақынның сүйегіндей
Моласы да бара ма құмға сіңіп?!

Ер - азамат тірлігі күн үшін бе? —
Не боп жатыр, білмей ме,
Құм ішінде?!
Жоқтаушысыз қалған ба, қайран баба,

Он перзентін жоқтаған тірісінде!?
Жер ғой бұл да жайнайтын ексе гүлдер,
Ексе гүл — жер тірілер, тексеріңдер.
... Өлі ақынның арса - арса қолдарындай

Құм ішінен қол созды сексеуілдер.
Дейтін сынды: бар болса жаршылар шын,
Құм қапастан асылын аршып алсын. —
Сәттіғұлдың жырының мақамындай

Уілдейді мұңды жел әлсін - әлсін.
24.10.1987ж.
Тұщықұдық—Айдар Ишан

ҚҰЛБАРАҚТЫҢ ЗИРАТЫНАН ШЫҚҚАН ҮН

Әлқисса, өткен ғасырдағы кезекті бір шапқында Хиуа ханы Аллақұлға жендеті: "Сүйінғаранікі", - деп Құлбарақтың басын кесіп апарыпты. Сонда батырдың басы ханға қарап күліпті-мыс. Бұл — аңыз. Ақиқаты — батырдың басының Хиуада, денесінің Маңғыстауда жерленгендігі...

Аршылан құсап ақырар едім,
Биікке талай ту қадап.
Басымды кесті қапыда менің
Өтпейтін қылыш қидалап.

Арда бабаның ұстадым жолын,
Ерткенім ер деп — ез болды.
Әттең, дүние-ай, дұшпаным менің
Тәнсіз Басыммен кез келді.

Ата қоныстан аударып елді
Боспағанымыз рас тек...
Масайрап жүр-ау жауларым енді:
"Бас кетсе — кеуде лас", — деп...

Тежей алмай қап құлқынын бұзық,
Білмеді-ау жауым тек бұрын. —
Езуімдегі күлкінің жүзі
Қылыштан гөрі өткірін.

Саны көп жұртқа халқым қасынды,
Аз болып азу — тірлік пе?
Берер ме ем жауға Алтын Басымды,
Болса елім ауыз бірлікте.

Байтақ даламда молалар — орман,
Ерлерді жұтқан ізгі ойлы.
Басымды со-на-ау Далада Қалған
Рухы Тәннің іздейді...

Қалдырмақ болған тұз, белді жетім
Жауының сырын таныттым...
Жоғалтып Алып Іздеп Жүретін
Әдеті біздің халықтың.

Кезегін беріп атар деп пе едің,
Жауыққан жақын жаттан көп?!
Бауырым еді Махамбет менің,
Айта алмай кеттім: "Сақтан!" — деп.

Алыстан арбап күлді ғой Мыстан,
Қысқартып ғұмыр-жасымды.
...Жеңерін Мені Білді ғой Дұшпан —
Тәнімнен бөліп Басымды...

1989 ж.

«КӨҢІЛДІҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ» ЖЫР - ШОҒЫРЫНАН

Кездерде кейде қара бұлт айды бүктеген,
Үйіме үнсіз үгіліп, қайғырып келем.
Талықсып жатып содан соң кетемін ұйықтап,
Ұйықтап кетсем түсімде сәйгүлік көрем ...

Мінем де шабам алдымнан аңғарлар қаптап,
Таулардан орғып өтемін, заңғарларды аттап.
Жарықтың жылдамдығын да жолда қалдырам,
Мен болсам — арман, тұлпарым — арманнан да әппақ!

Жосылтам, шіркін!
Борайды жаңа өлең қардай. —
Тұлпарым қандай сол шақта және мен қандай?!
Аңсау бар жанда ес-түссіз! —

Тым-тым алыста
Тек мені күтіп жатқан бір ақ әлем бардай ...
... Аққу сындымын бүгінде айдыны — қырау.
Ақ әлемге барып жерлер ем қайғыны мынау. –

Өңіме қарап, апыр-ау, шаппайсың ба енді,
Түсімде көріп жүретін сәйгүлігім-ау!..
* * *
Кейде маған әрбір адам бір құдай ...

Мезі қылып күлгін жұлдыз, күлгін ай,
Жындыхана ауласынан сытылып
Қашып шыққан қаңғып жүрем жындыдай.
Күйзелгенде қара таппай жаны ізгі,

Қарға жазам Аллаға айтар арызды ...
Машинаның бәрі "жедел жәрдемдей",
Адам біткен ақ халатты тәрізді.
Кілең жендет бас жағыма жиналып,

Тас төсекте жатардаймын қиналып.
Зытып берем:
жаны — қара, халаты — ақ
Дәрігер келіп қалатындай ине алып.

Сөйтіп жүріп бәз біреуге соқтығам,
Соқтығам да түк түсінбей көп тұрам.
Оның айтқан барлық сөзін көтерем,
Әрине әлгі жұдырығын жеп тынам.

Содан соң-ақ есімді аздап жиямын,
Ұяттау боп көрінеді қиялым.
Мұрынымның қанын сүртем жалма - жан,
Тірі жанға жоқ болған соң зияным.

Сәлден кейін кәдімгідей жай табам,
Толқын дүние орнығады шайқаған.
Араласып кете барам халықпен,
Жындылармен табысқандай қайтадан ...

* * *
"Жер тартып жүр". —
Осы сенің індетің.
Көрге тығып тыну ойдың міндеті.

Арқалап ап қасіретін жалғанның,
Жерге сіңіп баратырсың күнбе - күн.
Құрбан болған мен деп қалма бір ғана,
Ойдан опа таба алмаған кіл дана.

Әуел баста сыбағаңды бөлгенде
Лайық жүк артсаң етті тұлғаңа ...
Сен өлгесін той жасайды ел көзге ұрып,
Жеңсіз көйлек кигізеді бөз бүріп.

Көрге енетін сәттегі ауыр қайғыңды,
Бөліп алар жұртың жеңіл сөз қылып.
Өп - өтірік аяғансып күллі жұрт,
Қорым жаққа асығады дүрлігіп.

Қып - қызыл боп көрдің аузы ашылып,
Жұһа құсап жұта салар қылғынып.
Орын тиер, бәлкім, жұмақ, тозақтан,
Әзір хабар келген емес о жақтан ...

Жаның ақ бұлт болып ұшып кетеді,
Тәнің әбден қажығанда азаптан ...
Сені жеген сана — құртқа не айла бар? —
Серігі өлең дана ымыртта ойға алар.

Тек табиғат жоқтап сені,
Ақ бұлтың
Еңіреген қара бұлтқа айналар ...
* * *

Әруақ қонып қақалғалы Ақ нұрға,
Мұңазамды талай айтқам тағдырға.
Енді, міне, шабыт үнсіз сарқылып,
Бір тас таба жатыр табыт - тандырда.

Қақ жарылып бүтін кеудем біртұтас,
Кейпімді ашты: іші — көмір, сырты — тас.
Тұл домбыра бас жағымда сүйелген,
Өлген шабытқа қойылған құлпытас.

Естілмейді тірі бейне — тірі әуен,
Сұр аждаһа елес берді дырау өң.
Лебімен тартып ала жөнелді
Мен танымас, мен көрмеген бір әлем.

Көрінді алдан Лауһұл — Махфуз тақтасы. —
Құлпы кілті шиқылдайды тат басып.
Жүйке шекті үзіп кете жаздады,
Тіршіліктің тарс жабылған қақпасы ...

Өкпем — киіз, шұрқ тесік қып біте - мұң,
Ескермеппін қапылыста түтерін.
Ажал қолы суыратын шақ келді - ау,
Көздеріме кірген күннің тікенін.

Алып тынар құзыр екен жыршылық. —
Өліп барам, сөніп барам тұншығып.
О, Жасаған! —
Ақ нұр еніп жаныма,

Кетті кенет құлпытастан үн шығып...
18.11.1989ж.
* * *
Тағы алдады алдамшы өмір — саудагер,

Қайда барам тұттай сәби - өлеңмен.
Күл боп кетті көзімдегі сәулелер,
Су қараңғы тірлік кешіп келем мен.
Жеңіп әбден билеп алды есті үрей,

Жарығымды жұтып қойды құрдым көр.
Жанұшырып бауыздалған ешкідей,
Жендеттерден сауға сұрап тұрмын мен.
Жексұрындар күліп менің сөзіме,

Мынау бал деп, нәжіс жақты қолыма.
Ине тығып түйсігімнің көзіне,
Шыны шақты сәби - сенім жолына.
Тікенденіп гүл билеген ғажап бақ,

Уыз-нұрды үсік ұрды аптапта.
Бір топ жендет мазағымен азаптап,
Тағы бірі кетті итеріп батпаққа.
Дыбысы бар, өздері жоқ тобыр кіл,

Айналамнан өтіп жатыр топтала.
Түк көрмеймін. —
Әлде шын-ақ соқырмын,
Әлде мынау күллі дүние ... қап-қара ...

19.02.1991ж.
* * *
Тойдым мынау тірліктің ойынына,
Кіл әулекі — сүйенген сойылына.

Аңдиды да жүреді мені әлдекім,
Без қара тас тығып ап қойынына.
Шығармай жүр бұл жан дерт — тығырық хал. –
Осы сырды өтермін ғұмыры ұқпай.

Неге екенін білмеймін, мені көрсе
Түйіледі қабақтар, жұдырықтар.
Асаулықтан болсақ та бастыққандай,
Тағы кімнен шығады қастық қандай? —

Елестейді адамдар, жүрегінің
Орынына құдды бір тас тыққандай.
Желге ұшқандай қуатым, парасатым,
Жер құшқандай серт — көкпен таласатын. —

Жеті түнге тығылам содан кейін,
Жан таба алмай жарықтан жарасатын.
Тигеннен соң жүрекке жұдырық көп,
Ол сорлының емес - ау мұңы бітпек.

Әлсін - әлсін селк етем, әлдебіреу
Тас атардай желкемнен тығылып кеп.
Тағы, міне, сол сезім жармасты тың,
Ол жабысса дегбірім, қалмас құтым.

... Жалт қарасам: ақшиып жалғыз көзі
Бұлт - тасы бар төніп тұр — Албасты-түн ...
02.03.19991ж.
* * *

Балауса едім, алау-сенім қолымда,
Ешкімге де мәлім емес есімім.
Бақыт, бақтың өсіп гүлі жолымда,
Аттаған ем әппақ әлем есігін.

Әппақ әлем ... кенет мүлдем құбылды,
Ақ нұр десем ақ қар екен мұп-мұздай.
Май шамдардың кірпігіне жылындым,
Ол шам улы сілекейін жұтқызды - ай ...

У сілекей қайта шықты. — Запыран.
Өзегімді Зардан ащы күлкі іреп;
Запыраннан өлгендердің атынан
Жыр оқитын болдым мен де күркіреп.

Ерте жылап қоймауы үшін кеш күлген,
Бақыт-гүлдің қалдырыппын сояуын.
Қорғансыз - ақ, армансыз - ақ кештім мен —
Дүниенің жеті түрлі бояуын.

Оңып кетті көзімдегі қарашық,
Жолым бұлдыр, жүрер болдым шам алып.
Жетпіс түстің жықпылында адасып,
Қалдым ақыр қара түнге қамалып.

Ақ нұр емес, май шам ғана қолымда,
Уын, Зәрін несібемнің еңсеріп;
Азап, сордың жуасы өсіп жолымда —
Қап - қара әлем ... шаққа келем теңселіп.

Естіледі бүкір дауыс, қисық үн...
Нұр себездер кірпігіме шық қонса.
Түнекті енді үңгіп бағар Түйсігім —
Жуам солып, гүлім қайта шыққанша ...

1991ж.
* * *
Мына ғұмыр қандай қиын, жан Алла?! —
Зәрлі өмірден еш келісім таппадым.

Жылан уын құйдым сосын қаламға,
Терісімен көздерімді қаптадым.
Жыр жазамын сарыүйектің уымен,
Қамсыздарды шағып алар өлеңім.

Мен озалда Жарасым боп туып ем,
Аян болды Қайшылық боп өлерім.
Нені іздегем мына өмірден,
не білгем? —

Сансыз елес салып кетті түсіме із.
Ай - дарақтың нұр - тамырын кемірген
Қар - аждаһа үсігі ұрды тісі — мұз.
Әлім бітті беремін деп елеске өң,

Елеспенен оңышқан жан оңа ма? —
Күнім құрсын құбыжықпен кеңескен,
Әруақпен де күңірендім молада.
Кіммін сонда? —

Тірі жүрген құр жаным,
Итшілеген күл ғұмырды кешем кеп. —
Ақындардың бүгін айтқан жұмбағын
Ертең атты ессіз келіп шешер деп ...

Жан Аллам - ай! —
Әр бер сұп - сұр әуенге,
Көзіңді алдап күнелтпесін көрбет сұм ...
Жыланға дос, емес ем ғой әуелде,

Дәуіт, дәуіт!
Бесігімді тербетсін!
Ей, Жасаған!
Естірмісің шыңғырсам? —

Ақ нұрыңды аямай - ақ құя сал.
Болар едім назарыңды бір бұрсаң —
Удан Дәрі жасай алар миясар ...
1991ж.

* * *
Қалмады түк те көңіл бірлейтін,
Соңымнан қанша сөз де ерттім.
Қабағы қату өмірдің кейпін

Келген-ді сонша өзгерткім.
Өзгерткім келіп өмірімді бір
Басымды тауға, тасқа ұрдым.
Қойдан жаралған қоңыр үнімді

Талады талай қасқыр - мұң.
Соңына да еріп қандыбалақтың,
Жарыместермен жанастым.
Қаншама мәрте бәңгі — кабактың

Тұмандарында адастым.
Жұтқанмын неге аяр уды арам,
Сойғандай тамшы тасты іреп...
Сеніппін бекер: Ай Ару маған

Жұлдыздан шашу шашты деп ...
Тепкіге талай тезекше көнгем,
Ардағы таңба өше ме? —
Қыдырғам қалай жезөкшелермен

Күмірә - күлкі көшеде!?..
Обыр пиғылдың Зәндәм құлқыны
Төнген-ді неше құртқалы.
Мәймөңкелік пен жалған күлкінің

Мөрі ғой әжім ұрттағы ...
Жақсылармен де таныстым ән сап,
Тоналған шақта тұлдыр бақ.
Досыммен қанша қауыштым аңсап,

Жапырағымыз сыбдырлап.
Атандым қазір құсадан "қаңғыр",
Бейопа — күлкі, сауық — тұл.
Көзімнен менің құсаяқ жаңбыр

Сірке тамшылап жауып тұр ...
Өмірден солай сырғанап келем,
Өзгерді оның қабағы.
Тек Ажал сұп - сұр бір қабақпенен

Мүсіркеп маған қарады.
Жырымды аяқтап жазармын дейтін,
Қиын ба жұртты сөзге ерту?! —
Алайда маған — Ажалдың кейпін

Керек боп қалды өзгерту ...
29.07.1991 ж.

ЕЛЕСТІҢ ЖЫРЫ

Қыздай алған адалым,
Жадымнан сәт шықпайсың.
Бұзбай алған қамалым,
Сен мынаны ұққайсың:

Сезіміңе тұтқын боп,
Еремін деп желікке;
Тірі адамға шықтым деп,
Тигенсің сен өлікке.

Әруақтармен кеңестім,
Пенделерге суықпын.
Мен бір ғайып — елеспін,
Әлем кезген — рухпын.

Мені көрсең Езіле
Талықсиды ақ тәнің.
Сезілмейді өзіңе
Елес құшып жатқаның.

Бірер түнеп жаныңа,
Үйді өзіңе қалдырып;
Кете барам тағы да
Елес болып қаңғырып.

Жүрек — тәнді тепкілеп,
Жасың жарып қанасын;
Жарым қайда кетті деп,
Зарлайсың да қаласың.

Мезгіл өтсе болжалды —
Көкірекке мұң сіңіп;
Жер бетінде жоқ жанды
Жоқтайсың кеп тұншығып.

Жылай - жылай жалығып,
Арпалысып ақ таңда —
Тар төсекте талығып
Екі есті боп жатқанда.

Қос үрей жан шыдамсыз. —
Тап боп осы күйіңе,
Аңдып жүрген бір арсыз
Кіріп алып үйіңе;

Арбап еніп қасыңа
Тамырыңды игізіп;
Көйлегіңді басыңа
Кетпегей тек кигізіп.

Қысыр жылан — білегің
Жаттың тәнін шақпасын.
Уға толы гүл - ерін
Бөгдеге нәр жақпасын.

Тәнің жеңсе өртенген,
Ардың жайын ұққан ба? —
Не айтасың,
Ертең мен

Көрден қайта шыққанда?!
Арлыны аяр арбайды,
Арсыз жолы көмескі. —
Елесің де қалмайды,

Өкпелетсең Елесті.
26.04.1991ж.

ҚАЛҚАТАЙДЫҢ АУЛЫ ЖОҚ

"Көрмегелі көп айдың жүзі болды",
Жазы кетіп мезгілдің күзі келді.
Мен келгенде аулың жоқ,
Жұртың жатыр,

Тастап көшіп кетіпсің бізің елді.
Асылымды жоғалтып жарықта мен,
Насырымды деп пе едім анық төгем.
Ауылым мен жұртыңның арасында

Соқпақ қапты — ине - боз әдіптеген.
Өзіңді аңсап жырақтан оралған ем,
Сырым қалды айтылмай саған деген.
Ақ боз үйің тұрушы ед Жүректей боп,

Бүлк - бүлк етіп түндігі самалменен ...
Сары күзде ұшқанмен гүлі өңірдің,
Кесілгені емес бұл тілегімнің.
... Маған деген паш етіп сезіміңді,

Жұртың жатыр табындай жүрегіңнің ...
1988 ж.

ДАЛА КЕЗЕР

Қасиетін жерімнің білсем деп ем,
Білсем деумен түн қатып бүрсеңдегем.
Үмітімнің маңдайы тасқа соқты,
Құлпын ашып тылсымның кірсем деген.

Айыра алмай мен қалдым ақ - қараны,
Ай - кілт қолға түспейді ... жоқ болады.
Құзар шыңдар ашпады құпиясын —
Мәңгіліктің меңіреу қақпалары.

Жол нұсқап тұр қай жаққа мына белгі? –
Жаным тозды, тән азды, шыдам өлді.
Қарш - қарш шайнап азуын Бөлтебер - құм,
Құйрықтарын сабалап шыға келді.

Тыныштықтың тілінен Зәр атылып,
Шықты алдымнан шағыр көз сор ақырып.
У жағады деміме,
Қанды буып,

Сарыүйек - жол мойныма оратылып.
(Тарғыл жондар, ор таулар, орғыл құмдар,
Сендер мені жібермей қор қылдыңдар.
Аяз-мұртты жолбарыс - төбелердің

Тырнағының астында өлдің, Жылдар ...)
Сонда да әлі даламды кезудемін,
Шыт - шыт жарық шындықты сезуде ерін ...
Зәрем ұшты, безеубет бетпақ қырлар,

Күлген кезде жиырып езулерін.
Тауыстырмай жерімнің тау - шатқалы,
Үрей қысты кеудемді қаусатқалы.
... Көне бейіт ішінде қара ағаш тұр —

Кәрі Ажалдың қап - қара саусақтары!..
Ажал — саусақ ұсатып иегімді,
Көмейіме қамады киелі үнді.
... Тарих — тасқа таңбамды қашар едім,

Жинай алсам шашылған Сүйегімді ...
1989 ж. Құрық

ЖЫР БИІГІ

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты
Мен өлемін өзімнің биігімде.
Т. Айбергенов
Жырың түсіп кетті, деп, биігінен,

Айтар болдың сен маған жиі кілең.
Кейде бәрін тамызық қылғым келед,
Сен ұсынған Заһардың күйігінен.
Сол сөзіңнен тіліммен от көседім,

Шаранасын нәті асыл сөкпес елім.
"Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты"
Төлегенмен мен - дағы тектес едім.
Тақпа кінә сәбиге — өлеңіме,

Қам жемей - ақ қой маған, керегі не?!
Сан дария сарқырап құйып жатқан
Көзің жетпей жүр, бәлкім, тереңіме.
Туған едім озалда тілмен сыңар,

Сыңарыма тиіспе — мүрдең шығар!
Қара бұлттар ұйлыққан биігіме
Өрең жетпей, кім білсін, жүрген шығар?!
Сенің айтқан сөзіңді данасына,

Бересіге бермеймін, аласыға ...
Даласындай далиған жан әлемім
Симас сенің шамаңның шарасына.
Жылар жерде сәбише жылай білдім,

Құлар жерде жігітше құлай білдім.
Танысын деп ізімнен сонарлы өлке —
Тізгінімді олай да, бұлай бұрдым.
Шындығымды жоғалтқан сұрай жүрдім.

Ақиқатын айтады құдай бір күн.
Тылсымыма тұншығып қаларың бар —
Шамаң бағып, шаптықпай былай жүргін!
Дос жыласын, демеймін, жат өкінсін,

Қажет емес арыма бататын сын ...
Жырым түскен жерінде биігінен —
Асқақ, әппақ Күмбезге бата оқырсың!..
24.08.1983. Жіңішке өзені.

ЖАН – ТЕР

(Рух драмасы)

Біссіміллә! —
Сөз басы,
Тіл тиегін қозғашы,
Нәр бере гөр шабытқа,

Қара өлеңнің көз жасы.
Айтпақ болып бір сөзді көптен бері тірі өліп,
Жүр едім мен,
Запыран алқымыма тіреліп.

"Бұл шіркінді әуелі бастау қиын ! "- деген шал, Иә,

"Шағири фәрияд! "-
Ауызыма өлең сал! —
деп сиынып алсам да,
Жүрегімде піспей жыр,

Шаңқан түстен айрылып,
болып кетті ішкі ой кір.
"Мың жылқының ішінде
он жыл қысыр желқуық

байтал-сөздер» жеткізбей,
Тұла бойды тер буып;
Шығара алмай терімді
Сейіс-өмір — бапкерім,

Томсырайып көп жатты менің ҚОҢЫР ДӘПТЕРІМ
"Мына бала түк айтпай өте-тұғын болды ғой», —
деп күңкілдеп соңымнан сөйлеп жүрді ел міней.
"Кесіп алса қан шықпас !.." — дегенді айтқан қай

Мыстан?-
Қысылмады-ау,

ҚЫЗДАН ДА ҚЫСЫЛАТЫН БАЙҒҰСТАН.

Еңбегімді еш қылып,
Тек мінеуге көшті жұрт.
Қарсы ал мені,
Шайырлар тастап көшкен,

Ескі Жұрт.
Ескі Жұртқа түнейін,
Хақтан медет тілейін,
Тірі өлік боп жүргенше ! — дегенді айтты бір ойым.

Жетегінде сол ойдың
Кеше кешке қонаға,
Келіп жеттім Шайырлар тастап көшкен Молаға.
Сол Моланың ішінде жүгіріп жүр жыр-көжек,

құлпытасқа сүйеніп қалғып кеттім бір мезет.
Мызғып кетсем түсімде —
Ылғи шайыр қаптаған,
Кілең жарау ат мінген,

кіл ақтабан баптаған.
Көбісінің қарасам өзі — кәрі, сөзі — жас,
Жыр шалығы буа ма —
Өздері сау, көзі — мас?!

Сөзі таныс көбінің,
Басқан жырға сойқан із
Арасында жүр екен аңыз-кейіп шайқы-абыз.
Шыққанменен әр тектен,

Бөлінгенмен түр-түрге,
Бір қызығы: барлығы сөйлейді екен бір тілде.
Сөйлейді екен қай тілде, - деп сұрасаң, - кіл ақын?—
Жыр тілінде, - дер едім. –

Жүрек керек ұғатын.
Сақалдары селдіреп, жанарлары мөлдіреп,
Ат баптап жүр барлығы:
"Тайлы бала келді!» — деп.

"Шын мәнінде, қарағым, көрген жоқсың әлі сын,
Бүгін байқап көреміз аяғыңның алысын,»-
деді бәрі жымиып, көздерінде жыр ұйып,
Түстім сонда Жан — Терге жатқан жандай құм үйіп.

Меніменен шынымен түспекші ме бәйгіге?!
Күпірліктен сақтай гөр!— Жұлдыз — әне, Ай-міне!
Мен бұлармен, Құдай-ау, қалай ғана жарысам,
Тұяғынан тайымның шыққан емес әлі шаң?!

Қанша көпшік қойса да кеппе жұртым "шайыр" деп,
Мыналармен жарысып күлкі болар жайым жоқ! —
Деп ем, менің бүл сөзім шайырларға жақпады,
бірі сілтеп қамшысын, бірі шетке қаққаны:

— Қараң батсын, пәлекет,

Кет бұл жерден, жоғал-ғын,
Сенбесің бар өзіңе — мазамызды неге алдың?! —
деген сөздер — қорғасын,
Құйылды да құлаққа,

Ақындарым ат басын бұра берді Жыраққа.
Жыр - Гесиод жөнелді Соқыр Ғұмар шалды ертіп,
Вергилийдің ізімен Данте кетті шаң желпіп.
"Жеті шығыс жұлдызы» —

Тұра алар ма шет қалып,
Әлгілермен жарысып олар-дағы кетті ағып.
Иоллығтегін қолында тас кітап бар — "Күлтегін»:
Жансың,— деді,— тұрмайтын алуға аттың бір терін.

Дал-дұл қылған шалғайын қыпшағы мен оғызы,
Қорқыт сүртті маңдайын күңіреніп қобызы.
Жүзін көріп шаршаған кетті ашылып көр-санам,
Інжі салып тісіне ши жібекпен қоршаған;

"Жүз сексен жас жасаған,
Жақ сүйегі босаған
Сыпырадай бір жырау» -
бейне ақ мәрмәр қашаған. —

Асан Қайғы асмар боп,
Қазтуған мен Доспанбет,
Шалкиіз тұр шатынап,
Жанарлары жасқап, жеп;

Бұхар, Дулат, Махамбет - қарағанда шаншылып,
Тұрған тастай мүжілдім қанша ғасыр тамшы ұрып.
Үрейімді үпіріп,
кетті зәре-құтымды ап,

Қозғалғанда шалдардың сүйектері сықырлап.
"Кекілі бар шоқпардай, қамысқүлақ» бір атпен
Абай да өтіп барады, қолым создым жылап мен.
Аттың басын бұрмады, пысқырмады маған түк,

Қарады тек қайғылы жанарларын алартып.
Абыл, Нұрым, Қашаған — өтті олар да шайқап бас,—
Неткен шалдар тасбауыр — жақындығын байқатпас!..
Күрсіністі үгіліп Ақтан менен Аралбай,

Қимай қарап мен жаққа, жөнелді айла таба алмай.
Қос періште ұшып кеп, қағып қалып қанатын:
"Бұзба, — деді,— сен, енді ақындардың санатын! »
Жырдың Кие — Піріне бізден гөрі серті артық

Кетті шалдар қайрылмай, тұлпарлары жер тарпып.
Кіл назбедеу мінгені — өтетіндей жүзіктен,
Топ-топ болып баратыр, қайтем бәрін тізіп мен.
Шауып ала жөнелді, алқап, демеп бір-бірін,

Әзер ұстап қалдым мен жадау тайдың шылбырын.
Еніп кетті шалдарым — Ақ Әлемге ғажап бір...
(Ал, елдегі, дәлдүріш, мен пақырды мазақ қыл!)
Сол-ақ екен алыстан күлкі естілді кіл есер,

Дәрменім жоқ қайрылып ол күлкімен күресер.
Қарқылдап бір күлді кеп, көп дәлдүріш табалап,
Дауыстары соққы боп тиді миға ғаламат.
Қаштым әлгі дауыстан, есеңгіреп, ес кетіп,

Жарар еді-ау ілінсем бір қараға кештетіп.
Тілім — әлі құрбақа, қозғалмайды ұртымда,
Жалғыз қалдым мәңгіріп Шайырлардың Жұртында.
Жадау тайды жетектеп жұртта қалған пақырмын,

Ақындардың ізімен ілбіп келе жатырмын.
Алдымнан ел шығар деп, келем есек-дәмемен.
Бедірейген бетпақ тұз.—
Қайда кеткен Ақ Әлем?

Жанды жаншып, миымды қаңсытқанда сұр дала,
Қоналқаға алдымнан шыға келді бір мола.
Болмаса егер көзде жан —
Сенер ме айтқан сөзге адам,

Пәруәрдигәр ! —
Бұл мола -
Болып шықты өз молам.
Туған-өлген жылдарым, аты-жөнім жазулы,

Жандатпасын шығарған көрім жатыр қазулы.
Сағанадан сәл биік, күмбез екен тұрқы пәс,
Маңдайында айшықпен әдіптелген ұқұлпытас-
Енді не бар сасатын. Жатын жайым тұр әзір.—

Құлпытастың бетінде жазулы екен МЫНА ЖЫР:
" ... Қара бояу көп дейді менің жазған жырымда,
Ақ бояуды, амал не, таба алмадым ырымға.
Таба алмадым ақ бояу — дәптерімді парақтап,

Жана-жана қарайып кетті ме, әлде, жан әппақ?
Жеті бояу, жетпіс түс — қай жақта жүр қаңғырып,
Іздеп едім соларды талай таңды таңға ұрып.
Жағып едім жүректі талай түнде шам қылып,

Сөндірді жел үпіріп, миды есінен тандырып.
Қара түнге қайғы айттым қара жүзім қабарып,
Қасіретімнен түннің де шашы кетті ағарып.
Ағарғаны шашының —

Жыртып бұлт-кебінді,
Сәулесінен сүт ағып Айдың жүзі көрінді.
Қанып жұта алмадым Айдың сүтін — бояуын,
Осып түсті жанымды тығып тырнақ сояуын.

Сосын маған қарады кірпіктерін қақпастан,
Бояу көре алмадым одан-дағы баттасқан.
Аппақ сүттің қалыпты қара дағы көзінде,
Тіліменен жалайды жұққан нұрды езуге.

Сол-ақ екен, өліктей тірі қалып көрді ашқан,
Жұлдыз-тері шыпылдап
Жіпсіп қоя берді аспан.

Тойғандық па жоқ, әлде,
Тоңғандық па білмеймін—
Тер-жұлдызды шоқ қылып демімменен үрлеймін.
Бұлт-кебінді күйдірді — үрлегенде шоқ ұшып,

Күйген жерден көрінді дертті Аспанның өңі ісік.
Шоқ-жұлдызы жиі ағып, жиі терлеп жатты аспан,
Түн басқандай мәңгілік, қалардай таң атпастан.
Тұңғиыққа тер-жұлдыз кеткенімен өзі ағып,

Жүрегінде жол, ізі жатады екен бозарып.
Ақ жұлдызым жоғалды жүрегіме жол салып,
Отырмын мен балаша — уыз-нұрға тамсанып.
Өмір өтер болды ғой кілең шайқас, қырқыспен,

Жағаласып сұр түспен,
Кәне, тағы, жыр, тістен !
Қара аспанның төсінен, ақ жұлдыздар, сырғана,
Ақ түс керек жырға да, үркітіп тұр сұр, қара.

Нәрсізден де әр көріп,
Өмір іздеп бүршіктен,
Сұп-сұр әлем ішінде КЫЗЫЛ-ЖАСЫЛ Түйсікпен
Қанша жүрер екенсің? —

Жырым, менің бөпемсің,
Тағы Түн боп езеді-ау —
Бөтен пиғыл, бөтен сын.
Таң атқасын сыншы көп —

Түнде жазған жырыңа,
Ілінсең де шыдай тұр тағдыр-талқы қырына.
Сезім-сұйық,
Ми — мимырт,

Тән-мұсалдат,
Ой — шатпақ,
Күнелтесің қашанғы
Талғамдардан тайсақтап?..

Жұрт талғамы таразы емес шығар өлшенер,
Сенің нәзік мұңыңды жаншу үшін болса егер.
Жалғыз мен бе көрген сын? —
Жұрт пікірі менде өлсін,

деп те талай түрпіге күлкі жалғап келгенсің.
Күліп едің, желкеңе мінбек болды емексіп,
Қорлығынан солардың шықтым талай мен өксіп.
Абай шалдың сөзіне қайта үңілген сезер-ді:

"Қайғы көміп шырайды, күлкі еріні кезерді».
Езу-көлдің әжімін айдын-маңдай шайды да —
Тәтті мұңым ол- дағы
Айналды ащы қайғыға.

"Ахиллестің өкшесі»,
"Көбіктінің кіндігі». —
Әлсіз жерім Жүрек-дүр —
Қасіреттің құрдымы.

Ғайбаттай бер жырымды,
тек Жүрекке Жақпа Кір,
Жүрегімнің иесі —
Ғалам пірі — Хақ -Тәңір.

Қайғымменен ойнатпан! —
Менің дертім Ұлы Дерт,
Ұлы Дертті сыйлаған —
жалғыз ғана Құдірет!

Ойнағысы келгендер
Құдіретпен тілдессін,
Құдіретпен тілдеспей қайғы сырын білмессің!
Көкжиектен сығалап,

ТӘҢІР МАҒАН ЖАҚЫН ЖҮР,

Сол жүйектен аса алмай басы қатты Ақылдың.
Тәңір маған дейтіндей:
"Шық жарыққа, бойды жаз! » —
Бірақ әлі толғатып жатыр Басым — ойбуаз.

Адам деген - АҚ ҚАРДЫҢ БЕТІНДЕГІ КҮНӘЛІ ІЗ,
Біздер әлі құрсақта тұншығулы — МІНӘМІЗ.
Ұмтылғанмен жарыққа, шыға алмаймыз қапастан,
Мезгіл жетіп, кіндікті кеспей жеті қат Аспан.

Адамдардың миына сынық сәуле боп енген,
Тәңірінің ұрығын талғажу ғып келем мен.
Сол бір СӘУЛЕ жердегі Шегараны сызатын,
Шегараны бұзбақ боп аласұрған біз — ақын.

Жөндеу үшін қисықты — түзу керек екенін,
Емдеу үшін Түйсікті — бұзу керек екенін;
Осылардың арасын білген дұрыс, білген жөн,
ҚАЙҒЫСЫНА АҚЫННЫҢ көтіңді ашып күлгенмен.

Қайғы толса жаныңа — зарға айналып тынады,
Аға берсе ақ жұлдыз — қарға айналып тынады.
Зардың қара сиясы толған әппақ қауырсын —
Зіл-батпандай қап-қара, түн басқандай ауыр шын.

Қауырсынды ұстауға ауырсынды саусағым,
Арманымды айта алмай тәнім тозып, қаусадым.
Қауырсынның Зарының шегі жоқтай таусылар —
Қарлы қанат аққудың іңірттегі даусы бар.

Жүйкем — қатты бұралған қыл қобыздың ішегі,
Кигізбеспін Зарыма Жалған Әуен Кісенін.
Сол қобыздың шанағы: менің Жүрек — байғұсым,
Жарылардай шатынап сиғыза алмай қайғысын.

Құрымақ емес қобызым шанағынан тесілмей,
Тынбақ емес қиғыр-тіл қыл түбінен кесілмей.
Қыл-жүйкені қиғыр-тіл қайраса да, еңсені
Қорқынышы Қорқыттың басты талай еңсеріп.

Сезік, Секем, Қорқыныш —
Ұлы Үрейдің төлдері,
Талай төнді жеңгелі,
Жеңіп жерге көмгелі.

Арсыз қолы Ажалдың жаққан күйе секілді,
Басып қалды сол бойда-ақ бейіт -тозаң бетімді.
Үрей деген мен білсем — жанның жара - жыртығы,
Сол жыртықтан үңілген Жынның көзі — тыртығы.

Шұрылдаған құрсағы,
Ырылдаған құлқыны
Үрейдің де адамда болады екен түр-түрі.
Елестетсе біреуі — адам басты жылқыны,

Бірі көзге әкеліп — қара албасты кірпіні.
Жүрегімнің үстінде аунады үрей — кірпі түк,
Ақ көжектей мұңымды мекенінен үркітіп.
Әжім — мүйіз кәрі боп елестейді біреуі,

Шағыр көзді сары боп елестейді біреуі.
Бірі алады алқымнан қан шеңгелді кісі боп,
Бірі енеді миыңа елес болып түсі жоқ.
Қабырға боп төнеді жан-жағымнан тас-күмән,

Мұрттар билеп шығады портреттің астынан.
Бір мақұлық келеді — көздерінен шашып от,
Шар ғып үріп өңешін, тәні — әңгі, басы — үлек.
Тағы бірі жетеді, мұз түкіріп, шоқ шайнап,

Қашырады құтымды жанарлары оқша ойнап.
Әр тал мұрты шырақша лыпылдаған Бөлтебер,
Төнген кезде жүректің барлық қылы өртенер.
Құзғын біткен шаңқылдап, қарқылдайды қыраны,

Кілең сиыр кісінеп, мөңірейді құланы.
Ылғи тышқан ысылдап, шиқылдайды жыланы,
Күллі қасқыр маңырап, ырылдайды ылағы.
Осыларды еститін болмай сонша қырағы,

Керең болсаң игі еді-ау, Жүрегімнің Құлағы! —
Деп дірілдеп отырам жұтып Түннің Жұлдызын,
Қуып жүрген секілді айналамда жынды жын.

Тастар едім тәнімді, ҰЛЫ ҮРЕЙДЕН езілген,
Бірақ қалай құтылам жан-дертімнен — Өзімнен?!
Қашсам — ертең желкемді қылыш болып қиятын,
Тас төбемнен төнеді Ай Мүйізді Ұятым.

Қорыкқаннан Жан — Терім шығады кеп шыпылдап,
Қасіреттің сорына құяды кеп лықылдап.
Қабақ түйген түн іші, тым ызғарлы тынысы.
Түн дегенің — лық толы Қасіреттің Ыдысы.

Әлем суық мен үшін — Жаз ба, қыс па — бәрібір,
Қар-жұлдызға бет тосып мүлгиді үнсіз кәрі қыр.
Шемен болып ішімде қатып қалған бар бір мұз,
Сол мұзымның үстіне жауып жатыр қар-жұлдыз.

Мұздатады жанымды — бір үміт мен бір үрей,
Діріліммен жылынам — қатпау үшін тірілей.
Көктемде құс келер деп, талға қағып тастаған
Құс кетегі — қазіргі басымдағы баспанам.

Қанатыма тығылып — үш балапан — үш балам,
Күніміз не болар деп, басылмайды ішкі алаң.
Сынық топшы аққу-жар мазалайды сұңқылдап,
Менен басқа мұңлықты жатыр дейсің кім тыңдап.

Қауырсынын жарымның қалам қылдым жұлып ап,
Шыққан қанын дәуітке сия қылдым құйып ап.
Қанатымның астына үш балапан тығылып,
Өлеңімнің отына алғысы бар жылынып.

Біз сорлыдан мұндайда шығушы еді не оңған жыр? —
Нұры қашқан көзінің — үсіген жыр, тоңған жыр.
Қашқан нұры көзімнің сыртқа түсті бір сәтке.
Тоңғандарға бәрібір — қар яки бұршақ, не?! —

Көз нұрыма шағылып бұршақ ұрды бетімді. —
ХАҚ ҮЙІНІҢ Қираған Терезесі секілді.
ЖАРАТҚАНҒА тас атқан бұл кімдердің жазасы? —
Ол шалдың да ендеше кеткен білем мазасы.

Шағылысқан жарыққа мынау кімнің елесі? —
Бұл да құдай құлы ма? — Қаптап жүр ғой о, несі?
Мекен еткен қонысым қора ма, әлде, қала ма? —
Не де болса тезірек қашқан жөн-ау далаға.

Түнгі шамдар ақсиған — Жыртқыш Тісі Қаланың,
Жыртқыш тіске ілініп қала көрме, қарағым!
Жалаңдайды асфальт-тіл, құрдым көше — өңеші,
Сол өңештің Құрбаны сен боп жүрме келесі.

Жалайды тіл езуді, сілекейі шұбырып,
Өңеш-көше бойында жүргендер кім жын ұрып?
Түйсік қылы тік тұрды. —
Неғылған кіл әулекі? —

Жиналған ба бұл жерге Ібілістің Әулеті ?! —
Деп маңына барып ем, — СОЛАР екен шынында! —
Осы жерде өріп жүр —
Жетпіс түрлі жының да.

Менің енді қалды ма, осы әулетті жырлауым ? —
Қарап тұрсам, өздері ел екен ғой бір қауым.
Не де болса шыдайын, тап қылса егер Құдайым,
Ынсап, ұят бере гөр, бұларға да лайым, —

Деп шүкірлік етіп ем, түртті мені не түлен?! —
Жетіп келді жаныма Құбыжықтар шетінен.
Бөгде жерге келген жұрт Тәубәсінен жаңылса,
Ібіліске айналар — шөпті құшқан жалынша.

Алды мені лезде жалынша орап жан-жақтан,
Ібілістің әулеті — кірпігіне қан жаққан.
Қарғыс алған Алладан —
О, бұларың — Ұлы Күш.

Ібілісті туғызған:
Тібіліс пен Жібіліс. —
Шексіз сұмдық сыйлаған ата-анасын еске алып,
Асаба боп Ібіліс, бөсті сонда төс қағып.

Сәл шаршаса Ібіліс — оқылады аза-жыр,
Авторы оның кәдімгі атышулы ӘЗӘЗІЛ.
Әзәзіл кеп биледі мойыныма асылып,
Қасқыр-азу тістерін ҚЫЗЫЛ ТІЛІ жасырып.

Уын қанға сіңіріп, толтыра алмай құрдымын,
Сілекейі шұбырып, танытады Ындынын.
Тілден жұққан сілекей —
Өрмекшінің торындай

Шығармайды шырмап ап,
Мәңгі арылмас сорымдай.
Сол сілекей көзіме шілтер болып құрылды,
Кісендеді сол шілтер ойым менен қырымды.

Шұбырған кіл Күләйлән —
Сілекейден жаралған,
Неткен нәсіл бәдбақыт —
Арамсідік, һарам қан?!

Кететіндей жын үркіп,
Нұрын қойған түн іркіп,
Шайтан біткен өріп жүр ШӘРГІЛДІГІН шұбыртып.
Кеспіріне кек түйген, кіл кісәпір беттиген. —

Шығып жатыр ылығып, анау тұрған шеткі үйден.
Екі Марту келеді қол жүгіртіп етекке,
Бір-бірімен таласып — Жезтырнақ-қыз жетекте.
Жезтырнақ пен Мартулар жынығатын тұсты аңдып,

Кеңес беріп қалмақшы, көпті көрген МЫСТАНДЫҚ.
Жезтырнақтың дауысы миға салып тырнағын,
Жылатады Жанымның Мөлдір Көзді Ырғағын.
Қос Мартудың қолына қара Пері жармасты,

Үлкендігін бұлдаған қуды оны кеп Албасты.
Дию мен Дәу күресіп, жамағатын мәз қылып,
Өлесі мас Самасты Нәтуән тұр азғырып.
Кие қашқан құмиян — қасиеттен тұл ұям,

Тұл ұяда ұйлығып Зымыстан мен Зымиян;
Бір-бірімен сүзісіп жантық мүйіз Шайтан, Жын,
Олар-дағы еріп жүр Соңында бір Сайқалдың.
Қаннас, Парлас, Кертартар — тумалары Түленнің,

Бишора мен Күлдіргіш, Обыры бар — түмен жын.
Төрт баласын түгенден аярсиды Түлен бұл,
Түленді кеп түрткілеп Шимұрын жүр кілең бір.
Тумаларын Түленнің арбап ертіп жанына,

Еркек Шайтан көзіне шөп салмақшы Шәбірә.
Әркіммен бір жынығып, болған әбден күй-масы,
Нақсүйері Шайтанның - сылқым Рәфиласы.
Шамасы ол да ұрғашы - киген шолақ дамбал жын,

Қылымсиды алдында Түктісұсты Зәндамның.
Барлығы да осының — Ібілістің Ұлысы,
Тірлігі бір, Тынысы —
Күмәнділеу жынысы.

Қырдан келген Қырдуан,
Таудан келген Шимұрын —
Шөрәліге Ормандық
Тықпалайды сыйлығын.

Шөрәлі отыр кекіріп, қалған сарқыт — қан-жында,
Сақтаған боп сыбаға жағынады Малғұнға.
Еңбегіне Малғұннан алар еді алапа,
Бір сау жанды таппай дал — қағып кетер Қанаха.

Тағы қанша жындар бар — танытпаған қалжасын,
Бөліседі Қазақтан тартып алған олжасын.
Несібеден терместей басқа жыннан неміз кем?-
Деп су пері Үббелер шықты олар да теңізден.

Үббелердің соңында Райлар тұр малмандай,
Көздерінен от шашып — уға малып алғандай.
Қоздандырар шоқ іздеп күл шашады Күреген —
Есектікі құлағы,

Бұлар кімнен дүреген?...
Торғай-жүрек шырылдап,
Төбет-тәбет ырылдап,
Мен де тұрмын Құлқынды

Қайғымменен тығындап.
Әзәзілдің Әулетін, көрем деп пе ем Жын Жұртын,
Бұл неғылған, Құдай-ау, бітіп болмас " Мың бір түн"?
Кержұтпа мен Төбегөз, Мөкей менен Көнаяқ

Тағы да бір сапарға жасап жатыр "жолаяқ".
Кергиді кеп жүргендей қызмет қып елге бір,
Шағыстырып жан-жағын Зияндас пен Делбе жүр.
Қаңтар, Ақпан, Наурыз,.. Саратан мен Зауза-түн –

Ызыңымен баурайды Ібілістің ЗӘУЗӘТІН.
Аласуан қасына Арапшыны ертіп ап,
Әуре білем таба алмай тұмсық сұғар жер, тұрақ.
Албақа мен Жалбақа — түсіп алып Аспаннан,

Жер ойылып баратыр аяқтарын басқаннан.
Жерден шыққан Аймөкен — жұлдыз жарған шекесін,
Серей менен Мекердің қиып жатыр некесін.
Куә-дүр боп — Әбілет,

Бата беріп — Тағалан,
Құрып жатыр шаңырақ —
Шайтан шарқы жаңадан.
Сүйектерін жаңғыртып — Орман мен Қыр отасып,

Артатынға ұқсайды ұрпағының сапасы.
Үнсіз қалай өтермін —
Жас шегелеп жанарға —
Тамыр тартып жатыр ғой

Бұлар - Менің Даламда!..
Емес еді шыдам бай,
Тұрдым тағат қыла алмай,
Бұғып қалу мүмкін бе,

Бассыздыққа мынандай.
Буырқандым, бұрсандым,
Қара бұлт құрсандым —
Тамшысы едім мен-дағы

Қамшысы бар бір шалдың.
Әбжыландай толғандым,
Кәр қырандай қомдандым,
Бар киесін шақырдым —

Отын болған Ордамның.
Аршыландай ақырдым,
Пірлерімді шақырдым,
Қобызымды Ожау ғып

Көк теңізді сапырдым.
Ожауымнан үн шалдым,
Келгені осы мұршамның —
Қумақ болдым ЗІКІРМЕН

Шайтандарын бұл Шәрдің!..
... Хасби Рәбби Жалалла, ...
Мұхаррабин Салолла!
Жаратушы Жан Алла —

Жалқы Жарым — Ғаламда!
Тастай көрме аранға,
Бастай көрме арамға.
Қалып тұрмын тап болып

Жын жайлаған аралға.
Лә-илла-һу, ил-алла,
Алла досы — Мұхаммед,
Тілді келтір иманға —

Ібіліс тұр жұтам деп!
100 неше мың пайғамбар,
33 мың сахаба,
Сенен қандай қайран бар —

Мынау жәбір-жапаға?
Төрт Шадияр — жар бол-ау,
88 Сәруар-ау, 99 Машайық,
Мен жолыңа пәруана-ау!

Қайда жүрсің бошалап,
Атам мінген аруана-ау,
Бабамыздың Әруағы-ау,
Келе көрші, Пәруар-ау!

Мағұрып пен Машырық! —
Неғып жатсың шашылып? —
Әулиеңді жіберші
Әруағымды асырып.

Жын қорлығы өтті ғой —
Абыройым ашылып,
Жасыл жөргек, ақ кебін —
Аяғына басылып.

Айға қарап аһ ұрып
Тырнағымды жалайын!
Қызыл қанын сапырып,
Құрбанымды шалайын.

Мойыныма бұршақ сап,
Таңмен бірге тұрайын,
Көзден жасым бұршақтап
Күнге қарап жылайын! ...

Осылардың барлығын
Түс қыла гөр, Құдайым!
Шайтандардың шәрлігін
Мыш қыла гөр, Құдайым!

Досым, саған не болды,
Жолға түсіп жосылмай?
Даусым, саған не болды,
Қобызыма қосылмай?!

Күлетан мен Табыстан,
Бостандық пен Зымыстан
Өтіп кетер болды ғой
Ауыз тимей ырыстан!

Су аяғы иірім,
Су басында Сүлейім,
Қорқыт атам, жете гөр,
Сенен медет тілейін.

Ай астында ақ бөрі,
Күн астында көк бөрі,
Азу тісің сақылдап
Назарың сал тек бері.

Жынды қумай тақымдап
Неғып жатыр көп бөрі?!
Жабық жатыр жау алып,
Жұмақ жақтың өткелі.

Өлді азаптан тау арып,
Жусанды қыр бөктері!
Ұмай Ана — Ай-діңгір,
Сеніңменен қайғым бір.

Күлетан, Табыстан,Бостандық,
Айдын-қырдың үстіне
Ақ нұрыңды жай-ғын бір!
Жеті Кәміл — Пірлерім,

Ғайып Ерен Шілтенім!
Мынау тозаң түрменің,
Шаңын қалай сілкемін?
Сексен сегіз құмарлым,

Тоқсан тоғыз тұмарлым,
Сол иығы шынарлым,
Оң иығы мұнарлым! —
Тескен таудан өте гөр,

Тез қасыма жете гөр! —
Қалай, сірә, мен бүгін
Сені көрмей шыдармын?!
Арқадағы Алперім,

Аңқылдамай кел бері!
Желкедегі Желперім,
Желкілдемей жел бері!
Тоқсан Білдің терісі

Тон шықпаған Түнперім,
Жетпіс Білдің терісі
Жең шықпаған Зілперім.
Жетпіс батпан қорғасын

Жалғыз өзің жамылып,
Сілекейің тамғасын
Келмей жатсың нағылып?
Сен келмесең болмас-ты,

Әруағымнан әр қашты,
Сәруарымнан сән қашты,
Салуалымнан Ар қашты,
Саумалымнан дәм қашты —

Жұлдыз көзді Жымырай,
Судан өрген Сұмырай,
Қырдан безген Қыбырай,
Құмды кезген Құмырай—

Адам кеуде — аң басты
Ала шайтан албасты
Алқымыма жармасты!
Асу-асу бел еді,

Аса соққан жел еді.
Құлағыңа жете ме
Атамыздың өлеңі?
Қызыл шұбар айдаһар,

Қара шұбар аршылан! —
Жібіте гөр зәріңмен
Таңдайымды қаңсыған.
Маңдайының қалы бар,

Таңдайының дағы бар,
Сен де жетші, жаным, ал,
Суда, Суын, Жануар!
Томағасы күмістен,

Аяқ бауы пүліштен —
Қаңғыр дөңнен қан жалап,
Шәмбіл белден су ішкен;
Дуадақтай жорғалап,

Жеті бұрхан жалмаған;
Кекіліктей қорғалап,
Шегін шұрқан шалмаған;
Тұйғындайын сорғалап,

Тоғыз тарпаң талмаған —
Баршын, баршын, баршын құс,
Ала бауыр аршын құс,
Үкілі балақ, шекең шоқ,

Сергелдеңді секемсоқ,
Сен де келер ме екенсің
Қиту, қиқу көтерсек?!
Отман таудың басынан,

От — жыланның қасынан,
Дегелек құс, сен де кел!
Дабылыңа шөлдеді ел.
Қос періштем-"ләппайым! »-

Мақұл менен Маққайым!-
Екеуіңді ертіп ап
Қара бұлтты жасқайын,
Шайтандарды шаптайын.

Жеттіңдер ме қиырдан?—
Қолдарыңды қақпайын!
Егеуіне келгенде
Елу ұста жиылған,

Таптауына келгенде
Тәмам ұста жиылған
Қанжарың тұр дап-дайын!
...Қалдыңдар ма жиылып?

Алдыңдар ма сиынып?
Кетпей тұрып бастайын
Сөздің арты сұйылып!
Зыңқыл, зыңқыл, зыңқыл бұлт,

Соғыс болар бір түндік!
Өріс табар тамудан
Өріп жүрген қыртыл-қырт!
...көзім нені көріп тұр? —

Жетіпті ғой төгіп нұр.
Екпінімен — Еліктір
Тыныштықбек төніп тұр.
Желмаямен желіп бір,

Есенғали еніп тұр.
Жылан Пірі — Мейірхан,
Жеті жұтты көріп тұр.
Амандықтай Ән-бөрім

Әлденеге өліп тұр.
Жеткізгендей Жыр-бөрім
Желжемеден жеріп тұр.
Қара бақсы— Қам-бөрім,

Әрнемені жорып тұр.
Елігіп тұр Ертайым,
Желігіп тұр Желпайым.
Болды осылар әзірге

Байқағаным— әлпайым.
Енді бұлар келген соң
Көшер Бәдік, Күләпсан! —
Түнге қанжар сілтейік,

Кеудемізде Жылап Шам!..
Ұшты кенет қолымнан
Аққу-Қобыз сұңқ етіп!
Осы жерге келгенде

Құлап түстім сылқ етіп...
Есті жисам — қайғырып,
Қанатымнан қайрылып,
жатыр екем айға ұлып,

Барлығынан айрылып!
Жоғалыпты Пірлерім – жүректері шайлығып,
Кетуге әлі жетпепті— Шайтан Тағын тайдырып!
Кешіре гөр, Жан Алла! —

Көп-ау сенде Қазына. —
Ібілістер билеп жүр Зікірімнің Сазына!..
Әсер етпейді екен ғой — әруақ қонған Ескі Асам,
Естіп көрмеген жынға —

Ескі Жырды Ешқашан!..
Қашқан дейді Машайық,
Құрсын, біз де қашайық,
Жын-шайтанның демінен қалмай тұрып масайып.

Әддім бар ма қашпауға,
Бәлекеттен бас сауға!
Жақсы шығар бұдан да тап боп қалған хас жауға...
Жүріп едім тағы алға — тайғанатты тамған қан,

Әзер сүйреп келеді көлеңкесін талған тән.
Әлде қашан бақидың еріп кеткен көшіне
Түсіп кетті ақ әжем— сонда менің есіме...
Жатқан шағым есімде —

өн-бойымды тер байлап,
Аққан сағым мені алып—
Апарардай көрге айдап.
Күйіп-жанып жан-денем,

Буындырып кіл елес,
Жағып едім алаулап —
не өлі емес, тірі емес.
Бір тылсым үн мені арбап шақырғанда мазардан,

Әжем еді-ау, айырып қалған сонда ажалдан.
Ділқұсамды баяғы бақсыларша жорып бір —
Қорғасыннан төбеме құйып еді — Қорытқы.
Тас табаққа үңіліп, тас төбеме көтеріп,

Сөйлеп кеткен күбірлеп,
бір-екі рет жөтеліп:
"Жарқыраған маңдайдан,
Сарқыраған таңдайдан

Болған екен,
Басыңнан өтер әлі сан майдан.
Суылдаған жүректе,
Шуылдаған құлақта—

Құзырың бар, құлдығым, түбі қайыр бірақ та.
Иә, Жасаған, әпер дем!—
Қауіп пенен қатерден,
Бәле менен бәтерден,

Біз көрмеген жат елден;
Кәпір пері кәрінен,
Жын-шайтанның шәрінен—
Құлынымды сақтай гөр!—

Бәлекеттің бәрінен.
Жаһид, Хинду, Зәңгі-дүр, Тарса пері, Мүһ пері-
Бөбегімнің бойынан кет, бәлекет, шық кері!
Осыменен жоғалсын кір менен күл, у сасық!" —

деп батар күн бетіне жіберді әжем су шашып.
Мұсылман мен кәпірдің
Перілерін алқада,
Соттағандай сөйлеген,

Киелі әжем — Елті-Ана!
Содан кейін білмеймін,
Кетсем керек талықсып.
Оянғанда тұр екен ай көзінен тамып сүт...

Сол оқиға, мінеки, түсті есіме қайтадан,
Әжем түсті... бөбегін — балапанын шайқаған.
"Тағы келдік тар жерге"-
Түсімде емес, өңімде,

Маңдайдағы азабым бес елі екен менің де.
Ақ Елестің нұрымен тазармақ ем жуынып,
Тажал-Түннің тырнағы алды тағы суырып.
Тағы бір той айқайлап алды мені шақырып,

Жақындап ем маңына: мұнда да ылғи Мақұлық.
Жұтыр, Жыпыр жиналып,
Құл мен Күпір сыйланып,
Бір-біріне иланып, боқтарымен миланып,

Қырт пенен Шырт кеңесіп,
Бәлду, Бәдік төресіп;
Жалмайды адал дәмімді —
Ауыздары көр-есік.

Қысыр шыбыш текесіп, көздерінің еті өсіп,
Құлтұмсықтар шекесіп, Марғасқаны кекесіп;
"Шаппай бер!"- боп торы шолақ,
Көк мойнақты қор санап,

Қорсылдайды қабанша —
Қонған, қайран, сонша бақ!
Мен де ақымақ, бұларды келіп жүрген ел санап,
Тұрдым біраз тістеніп, тастағым кеп боршалап.

Шәуілдейді бұралқы ит, үргенімен жақпақ боп,
Жармасады балаққа, өзінше ол да қаппақ боп.
һарамы ой жиғаны — қаптаған кіл мижады,
Әйлеңкес пен Нәгүмән — мұнда да елдің сыйлары.

Кіл жәреуке — жексұрын, күйіп кеткен иманы,
Арсыздықтың астына салып берген Ибаны.
Жалғыз Иба деп жүр ем, ілінбеген өсекке,
Бет қызылы оның да жұғып қапты төсекке.

Дүниені бір Тажал жаншып жатыр алапат,
Мына жерден мен сірә, таппаспын деп барақат —
Қозғалып ем сүріндім, қимылдауға жоқ әлім —
Аяғымның астында тасы жатыр моланың.

Шып-шып шықты Жан — Терім —
Жұлдыздардай жиі ақты,
Жүрегіме жерледім қызылшақа ұятты.
Тамұғына Жанымның жұлдызша ақты Жан —Терім.

Вергилийді іздеген күйін кештім Дантенің.
"Мәйіттердің үстінен қала салып тапады», -
деген жыры Дантенің — жаныма әлі батады.
Жеті жүз жыл өтсе де ескірмеген аты әлі,

Жүрегімнің төрінде Жаңғырығы жатады.
Молалардың үстіне қала салған Миғұла —
Өлі әруақ пен Тіріні қылмақ екен сый-құда.
Бұрылсам да қай жаққа,

Күбір-күбір кеңескен
Құтылмадым елестен—
Тылсым Ғалам желі ескен.
Сұқ саусақтай шошайған Құлпытас жол шетінде:

Кездесерміз тоқтай тұр,
Таңда сират көпірде ! —
дейтін сынды ұққанға.
Жатқан жан жоқ қыстырып,

Әруақтарды таптап жүр,
Өзінше әркім іс қылып.
Жүректері арам без—
Тексіздіктің ұрпағы. —

ЗАМАНАНЫҢ ҚҰЛДАРЫ ЕЛДІ БИЛЕП қыртады.
Ей, жазған құл, азбан құл! — "шекеңіздің қушығын
Білдірмей тұр дер едім, Құзғынтекі тұмсығың,»-
Дер едім-ау, дер едім-

Дерегім жоқ, дерегім,
Дерексіздің құны жоқ –
Не десе де көнемін.
Құзғын даусы —Зімпара, жүйкемді кеп қажайды,

Ұғушы едім құс тілін, тыңдасам сөз —не жайлы:
"Қарға атымды құзғын деп, бос шатпасын ақындар,
мен де құдай пендесі — талтаңдауға хақым бар.
Аққуларша өлмей-ақ, аққа арзу боп оталап,

Асырайды біздерді Боққа деген махаббат.
Аққу кешкен ғұмырды мен де ендеше сүрем, »- деп,
Құзғын біткен, әнеки, боқ шоқып жүр сүмеңдеп.
Бірақ менің оларды үркітуге жоқ шамам,

Сұрап алам қайта одан аққуларға шөп-шалам.
Шеп пе? —
Шәбі жерімнің айналыпты киізге,
Құлақтары елімнің айналыпты мүйізге.

Тұрды тағы танытпай жүрген нәрсе көз көріп,
Күллі болмыс кетіпті танымастай өзгеріп.
Шөп-киіздің тегі — жүн, түк қалдырмай күзеген...
Қуды менің Зарымды Мүйіз-Құлақ сүзеген.

Мазақтайды қарқылдап мені нұсқап құзғын-қырт,
Мүйізі бар шекеде қоса күлед біздің жұрт.

"Ақымақта арман жоқ». —
Керек пе ауыр ой, тегі,
Мүйіз шықса басына күлмегенде қайтеді!..
Тау жасайтын ел қайда,

сусып жатқан құмды илеп?
Ел жасайтын ер қайда,
былшыл қаққан құл билеп?! —
Тауды мүжіп сүйектей,

жұтып көлді жүз-құрсақ,
Неткен жебір жалмауыз —
Аран-құлқын, жұтқыншақ?!
Мұнайымен құртардай тереңдегі балықты,

Құдайымен құртардай әлемдегі халықты —
Жолдарында түк қалмай,
Жұмырына жүк болмай,
Асфальттарды жеп алып —

Уылдырық жұтқандай;
Ормандарды кемірді, тас пен бетон, темірді
түгел жалмап болған соң
Жүйкемді кеп кемірді.

Жүрегіме қадады табандағы шөгірді,
Қайран, дүние-ай, біздің ер, елірді ғой,
Не білді?
Қалды жұтап тау іші.

Жеді бәрін тауысып:
Шұрылдаған Ындынның Құрсағының Дауысы.
Құл қанымен құмды илеп жұтпаса енді ас болмас,
Біздің Ердей сірә, ешкім — ӨЗ Жұртына Қас Болмас.

Қара — пиғыл, сұрғылт — ой,
Қызғылт — тәбет, боз — құлқын. —
таптырмайды-ау армансыз Талап Жеуге Өз Жұртын.
Қаны тәтті Жұртыңның,

Жаны тәтті Құлқынның,
ЖАТПЕН жесең бірігіп,
Дәмі қандай, шіркіннің?!
Абай ата, мұндайда тым қапалы кейпіңмен:

"Қалың елім, қазағым, қайран жұртым..." дейтін бе ең?!
Махаңның да Қайғысын ұқтым жаңа, олла, шын:
"Бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын!.."
Ерте іліп ем басыма Кәрі Ақылдың дорбасын —

дәмі қашты миымның —
татып кетті қорғасын.
Махамбетше қанымды төге алмадым ел үшін,
Шығып жатыр Жан — Терім,

Осы болды-ау Зор ісім.
"Қан төкпеген адамның қарғануға хақы жоқ! —
Кім көрінген тілдейтін, ойыншық па — Ақырет!"
деген Дауыс Жұлдыз боп түнегімнен өтті ағып—

Сол Ақ Жұлдыз алдында шыға алам ба ақталып?
Келтіре гөр, Құдая, не жауапқа, не тілге,
Кеш, Бабалар,— деп кетсем,— Таңда сират көпірде.
Туған жердің төсінде көрген СОР да — БАҚ шығар?"

Қаны өртеніп кеткенде не демеген Жақсылар.
Кешір, ата-бабалар, кешір бізді, кеш, тағы!—
Алжастырды біздерді әруақты ердің Ескі әні.
Данышпандар дегенің — Адамзаттың шайтаны,

Өлмейді олар, себебі — сөзін ұрпақ айтады.
Абай демес мені ешкім — гөйлер едім мүжіліп,
Махамбет те емеспін — сөйлер едім кіжініп.
Сендерсіз де емес қой мен пақырда тапшы уайым,

Сөге көрме, даналар, өз бетімше қақсайын.
Қабыл алар халқың жоқ,— Ми құйсаң да ерітіп,
ЖҮРЕКТЕРІН жіберген АСҚАЗАНЫ қорытып.
Бота-мұңға не болсын, Үлек-Үрей шөккесін,

Не қылады Миыңды — Миы қи боп кеткесін.
Бас дегенің бас емес, айналған ғой Қарынға,
Қи-Миыңа күпті боп, Қарын-бастар, жарылма!
Жарылма, сен, жарылсаң — дүниені былғайсың,

Боқ сасытып әлемді тұншықтырмай тынбайсың!
Мен де сенше ойлайын,
Күнелткесін бір деммен —
Бақыт аспас ми емес, қи арқалап жүргеннен!

Жә, жә!
Қыртып барам ғой сендерге еріп, қи-бастар,
Сендік пиғыл, сендік ой — біздің басқа симас дәл.
Жауға шапқан ессіздей қылыш қылып қияқты —

Мұсалдат-ой миғұртқа жөн айтқаным ұят-ты.
Құл болуға жаралған қалса да Бас көгенде,
Жүрегімнің Дүрсілі ойнар сенің төбеңде.
Мынау жарық жалғанға танытуға сиқыңды,

Маза бермей сол дүрсіл бұзар сенің ұйқыңды.
Арам терден жаралған сенің демің сасық дем,
Күллі әлемді улаған бір сүре алман пасықпен.
Менің демім таза тер. —

Анты өмір де, арты— өлім,
Атау керені ішкесін шығатұғын Жан — Терім.
Хақтан алған қарызға — менің жалқы жаным бұл,
Таза күйде өзіне қайтып берем Тәңірдің.

Тамшы Тері Тәңірдің —
Кеудемдегі ұрттам дем,
Ұрттам демім симай тұр көкіректі жыртқанмен.
Сені таза сақтайын,

О, тамшы тер— ұрттам дем,
Былғаспайын ездермен, ырғаспайын қырттармен.
Болшы әйтеуір, сен, таза — былғанса, тән былғансын,
Сені былғап алсам мен сөзіме айтқан кім нансын!

Сен былғансаң мына бір Қара Дүние онсыз да,
Тастамай ма апарып —
Жарығы жоқ жолсызға...
"Не бітірем кектесіп? Күн кешейін септесіп,

Өмір сүре берейін дәрет жалдап, боқ кешіп.
Жіберген жан бір мен бе? —
Жатқа кегін, көпке есе,
Бір қонайын көппенен,

ел болайын ",— деп кеше,—
адамдардың жанынан көп іздеп ем Жаңалық,
Кіл мұндарға тап болдым—
Қалған Нұрдан тоналып.

Көре алмадым бір сәуле қарасам да қадалып,
Таба алмадым бір жарық — үңілсем де шам алып.
Үміт өлді. Шам сөнді. Түтіні тек таралып,
Сол Түнекке өзім де қалдым ақыр қамалып.

ЖҮРЕК ОТЫН,

КӨЗ НҰРЫН ЫНДЫНЫ ҮРЛЕП СӨНДІРГЕН,

Беттерінде иман жоқ — шемен, беріш, көлгір, көн.
Жалаңашсың!— деуге де,
тырдай болған Иманнан,
Айтуға — аузым, айтпауға арым бармай қиналғам.

Қылымсыған қылықтым қи түбінде қыңсыды,
Қырынсыған көріктім
ши түбінде сыңсыды.
Ауыр тиді тағдырдың маған артқан бұл сыны,

Сына жаздап төбемде шытынайды түн-шыны.
Түн-шынының сынығы бұршақ болып ұшқанда,
АРУЛАРЫМ Айналып Шыға келді МЫСТАНҒА.
Не істей алам бұларға,

Құлқы Айуан да Тұрқы Адам —
Мына өмірге біздерден жақынырақ бір табан
Көздерінен солардың жұттым ажал-инені,
Бұрын құсқым келуші ед, қазір күлкі күйледі.

Ине жұтқан ит құсап
Миым жатыр қаңсылап,
Келмей-ақ қой хал сұрап,
Өледі өзі қансырап.

Не болар деп ертеңін? -
Қандасы үшін қайғырып,
Мидың даусы жетеді Қара Түнде Айға ұлып.
Қалың Бұлттың ішінен Уыз-Нұрды аршып ап,

Ми Таңдайын шылайды Көктің Тері тамшылап.
Содан дәркер қуат ап дерт меңдеген жаныма,
Тіршіліктің қайтадан жабысамын жалына.
Тіршіліктің жалына жабысқанда көргенім,—

Тағы да сол баяғы көзі жасты, шерлі елім.
Сонау жылдар төрінен көрінеді мұнарып—
Мұраттарым мұңайып, Сырымдарым сыбанып.
Әбілқайыр тұрады жүрек көзін мұң шылап:

Хақназарым қансырап, Кенесарым құн сұрап!...
Сонда есіме түседі, "мұнар, мұнар, мұнар күн,
Буыршындар шабынып, бұлттан шыққан шұбар күн".
Сары сарып Аспанға,

Сідіктерін шашқан күн,
Қара-ғаріп бастарын бұғып алып қашқан күн.
Менің халқым қашан да
Күлкі алады, шер төлеп,

Қазан Ұрған Қасқаны —
Желтоқсаны желкелеп.
Иә, айтпақшы, желтоқсан...
Қалды мәңгі жадымда,

Қара мөр боп басулы —

МЕНІҢ ҚЫЗЫЛ ҚАНЫМДА.

Менің Қаным - алты айлық-
Құрсақтағы нәресте—
Ағып түскен шырқырап қар бетіне...
Әлі есте.

Тамырларын сыққанда
Желтоқсанның ызғары,
Жатқан сәби шырылдап —
Менікі еді мұздағы.

Түсік Тастап көк МҰЗҒА —
Кәрін тігіп УАҚЫТ —
Менің жарым болатын жатқан шуын шұбатып.
"Ұл бала екен жейделі —

Данышпандар қазаққа
Қажет емес!"- деп дәрігер айналдырып мазаққа;
Тастай салған қоқысқа,
Көрсетпестен жарыма. —

Желтоқсанда Кім Құлақ Асушы Еді Зарыңа.
Дәрігер қара пиғылын
ақ халатпен бүркеген,
"келесі бір түсік",—деп қағазына тіркеген.

Жендеттердің қолында —
Жоқтаусыз һәм жылаусыз,
ҚАНЫМ КЕТІП БАРАТЫР әлі күнге СҰРАУСЫЗ.
ҚҰНСЫЗ КЕТКЕН ҚАНЫМНЫҢ кегін кімнен қайтарам,

дауысы тұр құлақта, қалай ғана жай табам?!
Кетем деген пішінде —

БҰРАЛҚЫ ИТТІҢ ТІСІНДЕ,

Қол-аяғы тырбаңдап — қоқыс жәшік ішінде
Жатқансынды ӘЛІ АМАН - МЕНІҢ ТИТТЕЙ ШАРАНАМ
Қан ағады кей түні құлақтағы жарадан.
Іздесем де қаншама менің сол бір жоқ бөпем,

Қай бұралқы ит тісінде қан-қан болып кетті екен...
Ми — меңіреу.
Мұң — мешел.
Көзде сәби елесі. —

Бітелгендей болады Түйсігімнің Төбесі.
Жә, жә...
Айтсам сол жайды — Зарға айналып кетеді,
Қаламның да сиясы қанға айналып кетеді.

Мұны айтқанда тағы да халқым еске түседі.
Сол халқыма берген бір Антым еске түседі.
Менің жұртым шынында —
Айналған жоқ ХАЛЫҚҚА,

Құрсақтағы МІНӘ-дүр—
шықпай жатқан жарыққа...
Жетті тағы желтоқсан —
Тамырды мұз құрсады,

ТАСТАМАҒАЙ ТҮСІК қып ЗАМАНАНЫҢ ҚҰРСАҒЫ-

Шоқымағай күшіген, —
деп көзімнен қан тамды —

БҰРАЛҚЫ ИТТІҢ ТІСІНЕН КӨРСЕТПЕГЕЙ ҚАҢҚАҢДЫ.

Осы тілек миымды инесімен шабақтап,
Көз ілмеймін түндерде, атқанша әбден таң әппақ.
Қарқалләзи шақ туып,
өзі ие боп бұйдаға,

Көштің бетін түзер ме,
еніп ересидаға?!
Елдің ең бір шетінде,
Желдің ең бір өтінде-

Жүре берер дірдектеп
Кейде ұқсайды жетімге.
Пасығы да аз емес —
Олар емес бар қайғым,

Сәбилер бар ішінде,
Соларға арзу арнаймын.
Құраны бар — діні жоқ,
Ұраны бар — ұлы жоқ;

табаны бар — бүрі жоқ,
табағы бар — тыры жоқ;
Жалғаны бар — шыны жоқ,
арманы бар — мұңы жоқ.

Қанжары бар — қыны жоқ,
жанжалы бар — құны жоқ.
Құл халық деп, құлданып жүрген тексіз "Пірі" көп
Жарытар ма тірі боп —

Сен не дейсің, Құдірет!?
Иілмейтін ор басы көрді талай көрді ашып,
Маңдайына мөр басып,
қой бағындай қорғасын.

Жасым қанын оятсын,
текке жатпай мұңайып,
Жүрегіне жетер ме? —
Сәл қаттырақ жылайын.

Айналайын, Ұлы Жұрт,
Айналайын, Ірілік! —
Өліп-өліп болдың ғой,
Көрсейші енді тіріліп.

Тірлігіңді мен сенің
Зар еңіреп сұраймын.
Сені шұқи бере ме,
Сұқ Саусағы Құдайдың?! —

Деп қанша рет түндерде тілек айттым қол жайып,
Мықты болсаң, Әулием,
Ел Ертеңін болжайық.
Табанынан сыз өтіп,

Жүрегінен біз өтіп,
Халқым қанша тұрады Өз Есігін Күзетіп?..
Билік айтып құлғана —
Қарайды кеп тұлдана,

Есігінен ұрлана сығалайды кіл бала.
Ібілістің ойнағы болып кетті бұл қала,
Еншімді бер, Сен, менің,
Бояуға кір былғама!

Шегір көз үй сүр қабақ
Зәрені алып бір қарап,
Сұр қабақтың маңайын баттастырып сырлап ап,
Кірпігімен сояудай жүректі осып тырнап ап,

Есік-тілі қалтадан сумаң қағып пұл жалап;
Төрт көз иті иесіне құйыршығын бұлғап ап,
Жабысады балаққа — Қалмақ ол да тыр жамап.
Төбесініп күллі оба, төресініп кіл жәләп—

"Жетім бұрыш"- базардан иі жұмсақ құл қарап,
"Мынау Заман — қай Заман?" — деп бас шайқап тұл-дарақ,
Шекесіне гүл қадап, көк көз шыбық бүр жамап;
Сол баяғы тіршілік жатады өтіп сырғанап,

Сыңарынан адасқан сыңсиды аққу кір қанат.
Қатпар-қатпар маңдайы,
Маңайына мұңдана
Тек баба тау тұр қарап,

Қойнауына түн қамап.
"Төсенгені — топырақ, жамылғаны — жапырақ,"
Халқын ойлап қақырап,
Шаңырағы шатынап,

Баспанасыз ақындар көшеде жүр аһылап;
Күліп өтед қасынан мешінтекі ақымақ.
Тап осының өзі де емес маған аз қайғы,
Жан күйгенде шырпы боп жанып кете жаздайды.

Күйіндім де шер төктім, сиындым да серт еттім;
Жанар болса — мөлт еттім, Жүрек болса — селт еттім.
Елдің отын жағатын қайда менің ең,
Тектім? — Жақсылығын лапылдат,

Жамандығын өртеп тын...
Даналықтың Жаңбыры жүз жыл жауса көктемес,
Топырағын талақ қып,
Кенезесі кепкен Ес.

Ақиқаттың Ақ Нұрын көзге құйсаң селт етпес,
Түйсіксіздік Тоғайын —
Көш, Бәлекет, өртеп көш!..
Ақиқаттың Дауысы - мидың шаңын сілкісін,

шайып етсін сілтісін,
Кір, ыластан қыртысын!..
Көз Жасына Тұншыққан Дауыс шығад алыстан,
Ол дауысты еститін қайда Даңғыл Данышпан?!

Данышпанның өзін де — Хабар алған Ғарыштан,
Топастықтың Тозаңы қара тасқа жанышқан.
Жылтырайды көздері тас астынан шық құсап,
Бұрқырайды шаштары тасқа біткен мүк құсап!..

Арты ашылған Аранның азу тісі сақылдап,
Жем тілейді түнектен —
Ақіретке жақындап.
Адам Тәні, Жер Шары —

Тілектердің Түрмесі,
Ол тойынбай түрілмес Түнектердің Іргесі...
Күн жиылып ай болып,
Ай жиылып жылға еріп,

Жыбырлайды құрт құсап
Бір құлқынға құл болып.

Жыбырлаған Сол Құртқа қарап тұрып қорқасың,
Кеулейді кеп тынымсыз Уақыттың Қаңқасын!..
Шақшадағы күлімсі насыбайдай миы бар
Шартық қарын шерменде ұқпас мұны, күй ұғар.

Ұққан болып Мүттәйім, тұр көрсетіп ұйыған,
Ләззатын талмайды —
Құрсақтағы Қиынан!
Жалай-жалай тиынды кеткен тілі таттанып,

Бар тілегі бір Құрсақ — санаға - жүк,
Боққа -құт!
Ындынының үстіне
Көзі Жасыл Өт тамып,

Тағы-Тобыр Төрімде
Тағы да отыр топталып!
Ындынының тілегі тағаттарын тауысқан,
Жаңалығы бар ашқан:

"Сүйем жуық — қарыстан..."
Шандырымен шалынып, тамырымен таңылып,
Жұлынымен жағынып, сіңірімен сабылып;
Омыртқа боп опынып, қабыртқа боп қамығып,

Шыра болып жағылып, сына болып қағылып;
Кресло-табыттың жақтауына жабысып,
Тірі өлік боп сан аға — талқандарын тауысып;
Бұрау басын сындырмай қорғансыз, қор халқы үшін,

Таза өзіне қалдырып тағдырдың бар талқысын;
Сатып кетті — көңілдің қыбыр-жыбыр құрты үшін,
Сәби сынды жұртының мөлт-мөлт еткен күлкісін.
Елді билеу мүмкін бе - ЕНБЕЙ ЖҮРЕК ПІШІНГЕ

Көп жүректер божып тұр тұмсықтардың ішінде.
Сол тұмсықты бұзбақ боп қанша мәрте оқталдым,
Қанша мәрте тоқталдым, келмегесін сотталғым.
Сенген серкем — қанды ауыз қасқырменен сүйісті,

Менің сусақ көңілім шол басарға ми ішті.
Сиырды жеп семіріп, Жылқыны жеп желіккен
Не дәметем, ми-мешел,
Тірі-қарын өліктен.

Затын сатып жұртының,
Атын сатып ұлтының,
Тонын киіп кірпінің —
Қанын жалап ұртының,

Бірде қасқыр, ал бірде кейпіне еніп түлкінің,
Толтыра алмай жыртығын — Бітей алмай Құлқынын;
Ырылдасып кейде итше, жүргендерге қараймын,
Қараймын да жалма-жан ӨЗ ЖАРАМДЫ жалаймын.

Ындындары сақылдап, іші күліп, бұты ұлып,
Өзін кеше жаратқан Топыраққа түкіріп;
Арасынан қай тістің табам сені, деп қалып,
Мені жемей тұр әзір, жеуге тағы оқталып.

Сүйегімді Етімнен бөлгісі кеп қаталап,
Есекдәме болып жүр Есекжеме-махаббат.
Мен бір титтей шабақ ем, Айбат шеккен Киттерге,
Мен бір қоңыр қозы едім, Маңыраған Иттерге.

Не көрсем де елімнің арқасында көремін —
Қай ҚҰЛҚЫНДЫ қақпақ боп бітей алар ӨЛЕҢІМ?
Мен ұшынсам — жұртымның сөзін сөйлеп ұшынам,
Табылсам деп халқымның ЖҮРЕГІНІҢ ТҰСЫНАН.

Жүріп келем теңселіп, Жас балаша шалықтап,
Дидарына елімнің қарасам деп анықтап.
Арасында аз жұрттың болмақ қиын - бірегей,
Бірегейден озады Көптің бірі — дүрегей.

Дүрегей боп әйтсе де үріп өту жат маған,
Жаным күйіп жатса да - аққа күйе жақпағам.
Ардың сөзін жаттаған, барлық пенде жақ маған,
Әуелі — Алла — Хақ — Кәләм!

Сол құлдарды сақта аман!
Адал табалдырығын теңестірмес таққа арам
Арлыларды аз болсын — көргеніме мақтанам!
Бірегей мен қыртты әңгі,

Дүрегей мен сырттанды
Теңемеудің жолдарын айтып өтем Жұртқа әлгі.
Алмаспайтын ешқашан басқамен не ақшамен,
Менің жолым жетер жер — бөгде ғалам, басқа әлем.

Басқа әлемге өтпей-ақ жұрттың бәрі шұбырып,
Емеурінін Миымның қалса деп ем ұғынып.
"Ойламай-ақ өтті ғой — мына бала өз қамын,
Түбіне ақыр жетті ғой жегі құрт боп соз залым.

Келмесе де қолынан қамымызды жеп еді,
Халқым-ай!.." деп қашан да басталатын өлеңі.

Жайлы жатсын, бейшара!" — деп қағып ап шалғайын
Сипай салса жетеді МОЛАМЫЗДЫҢ МАҢДАЙЫН
Тап осыдан басқа түк мен жұртымнан дәметпен,
Бет сипаса болғаны — бері өткен мен әрі өткен...

Кідір сәл-пәл, қаламсап, жағаласпа жол аңсап –
Ақиқат пен Тілектің арасында — Аран, Шат.
Ақиқатқа айналар тілектерім түбінде, —
Деген сенім өлтірмей алып келді Бүгінге...

Сондықтан да сабыр қыл, бір Тілегім тағы бар.
Тілек аз ба адамда — халқым-ай, деп қамығар.
Түзу шығып сөздері, ежіреймей көздері,
Өз Аузына тезірек жетсе деп ем өз қолы.

Ішпей Атау-кере ғып Жаттың берген тәтті уын,
Биік ұста дер едік — Пірлі Тектің ақ туын.
Төбесінде ойнатпай, телілерін құрықтап,
Төрге оздырса деймін де, Тектілерін ұлықтап.

Ерте туған жұлдызын жалмап алмай Көрдей Түн,
БОСАҒАНЫҢ ӨЗІНЕ берсе деп ем ТОР КЕЙПІН.
Жетер болды түбіне - жебір пиғыл, іш, қарын –
Айырса ғой ертерек ДОСЫ менен ДҰШПАНЫН.

Қыбыр-жыбыр қайда да, мимырт мақсат, сөз ұсақ-
Неткен ғана жұрт еді — өз Сорына өзі шат?
Көзін тырнап ашса ғой менің сояу сөздерім. —
Қаза бермек қашанғы ӨЗ ҚОЛЫМЕН ӨЗ КӨРІН

Заманақыр келді ме, тап осынша азатын?! —
"Адам — мешкей, Моласын тісіменен қазатын".
Мүжік тістей шаһардан шылым-мұржа будақтап,
Күнде мейрам бұл жерде — кілең қара ту қаптап.

Неге керек, дерсің, сен, мейрам күні ойбай, дау! —
ӨЗ ІНДЕТІН тойлаудай, бұл жалғанда той қайда-ау?!
Төбеде дар тербеліп, төменде ар тапталып,
ӨЗ КӨРІНІҢ жанында Билеп жатыр ШАТ Халық.

Ашып қалған диуана — Сүлейменнің құтысын,
Жүгіріп жүр жанында шала киіп күпісін.
Шыққан Дию құтыдан — Ібіліске қосылып
Күледі кеп сақылдап, Билік айтып, төс ұрып.

Ізде ендеше, Диуанам, Сүлейменнің жүзігін,
Дию жұмсап, кеше ғой дүниенің қызығын.
Жұмсаймын деп,
жіберіп қоя көрме бұтыңа,

Кіріп кетіп жүрме тек Дию шыққан құтыға.
Көре тұрып осыны қалай қалам үндемей,
Білгеніңді айтуға жаралмап па ед тіл, көмей...
Жапырағын қайыңның

Түздің желі қоздырды,

КӨРЕ-КӨРЕ КӨЗДЕРІМ –

ДҮНИЕНІ ТОЗДЫРДЫ.

Кеше жасыл жапырақ қап-қара боп төгілер.
Тозған көзге Күрең де түсі қашып көрінер.
Іріп жүні барақтың, шіріп діңі Дарақтың,
Сорлылардың жарасын жапырақ-тілге жалаттым.

Бұта-бұлтқа ай-тазы сарығанда бұт артып,
Сары тазының сарығы жапырақ-тілді жүқартып,
Сәуле-нұр боп кеседі, шұрқ-шұрқ теседі —
Жерге тамған қанынан Аза-гүлі өседі.

Ызыңдайды күні-түн Сорға шыққан Аза-гүл,
"Үнін өшір Заржақтың !"- Кіжінеді қазағым.
Кіжінеді қазағым — болып жатса той, тегі,
Мазалаған бейбақтың аузын бумай қайтеді!

Аза-гүлдің алқымын топас-таспен бауыздап —
Бауыздауға келгенде өз қолың да — Жауыз, Жат;
Тамған қанын жалады көкжал-теңіз арсылдап,
Үнім өшіп, қалдым мен Қара Түнде қалшылдап.

ҮН мен ДЫБЫС ЖАНАРЫН кетті сонда қан жуып,
Аза-гүлім — Жырымды аруладым ақ жуып.
Түкіріп ем бір мәрте Сонда желдің өтіне,
Сідік болып қайтадан шашырады бетіме.

ХАЛҚЫН САТҚАН Жалдаптың
Сілекейінен тоқылған
Шымылдықты тасалап, талай үнсіз отырғам.
Содан бері мен сорлы, көтере алмай еңсемді,

Отырушы ем тіл қатпай орындықта ең соңғы.

ЖЕРЛЕНІП ЕД ЖҮРЕГІМ ҰҢҒЫСЫНА МЫЛТЫҚТЫҢ,

Шүріппені баспақ боп Ындын-Саусақ құртып тұр.
Басып қалса — Жүрек-оқ жоғаларын білемін,
Көздеріне кімдердің қадаларын білемін.
Ағызбаққа қанымды, шығармаққа жанымды,

Аңдиды ылғи Жендеттер, қимылдайтын шағымды.
Тигізеді от Үрейге — Жанарлары қан сасып,
Қалсам деп ем әлемге — жүрек барда Зар шашып.
Қуанышта құн бар ма, зардың дәмін татпаған,

Арбауынан жыланның торғайымды сақта аман, —
Деп тілеп ем Тәңірден — мені оларға пенде етпе!
Менсіз де олжа, табыс көп — Қасапшы мен Жендетте.
Тәңір Құлақ аспады, Қолын сілтеп тастады,

Жердегі кіл Міскінді қайтсін — Тәңір!
Рас-дағы.
Мағжандардың кешегі жеткен ақыр түбіне —
Сүйенем де, қайтейін, Қаламым мен Тіліме.

«Желпініп шық құмардан, шерлі жүрек, желді өкпе»
Айтарыңды айтып өл, алдындағы көн бетке.
Бірақ көн беттен гөрі сергек шығар тас деген,
Сөзіңді ұқпау жөнінен ол — тастан да таскерең.

Жыртылса да кітабым, қырқылмасын бұтағым —
Деген Жалғыз Тілек-ті, тілге тиек тұтарым —
Кешегі ағаш — бүгінгі қағаз яки кітап-ау,
Ажыраса Тамырдан — бұтақ деген — бұтақ-ау...

Шықты менің Жан -Терім —
Жасыл Қаным аққанда,
Бұтақ-қолым балта алып Тамырымды шапқанда.
Жендет-балта жанында оңай деп пе ең жан саумақ,

Қаламымның мұрнынан көксіл-қара қан саулап,
Дәптерімді бүлдірді, қан-қан болған ақ қағаз
Айта алмайды өксіктен — жақынға өкпе, жатқа наз.
Ары таза күнәдан — менің әппақ дәптерім,

Секілденіп көрінді жырымды орар Ақ Кебін.

ТҮРТКЕН ЖЕРДЕН ҚАН ШЫҒАР. –

Айтып қашан таусып ем,
Ыңырсиды Ақ Қағаз —
Ормандардың даусымен.
Жүйкейімді жүн қылды,

Жігерімді құм қылды,
Бидайсынып жүргенде диірмен-өмір ұн қылды.
Омыртқамды омырды,
Сүйегімді сындырды,

Қара шашым — қара орман —
жұлған шақта шыңғырды.
Ине тығып көзіме
Қанды жасымды ағызды,

Жүрегімнің үстіне
Өтімді әкеп тамызды.
Жанның Нәзік Сәулесін
Түнегіне дерт қамап,

Өзегімді баратыр
Өңі басқа өрт жалап.
Оралады тәніме ақырет-сауыт — бұлт-кебін,
Шығып жатыр Жан - Терім —

Не де болса сүртпедім.
Улы ауасын жерімнің, жұттым атау-керем деп,
Тұңғиыққа, мінеки, барам мен де тереңдеп.
КҮЛГЕН СУДЫҢ МИЫҒЫН ӨБЕМІН деп бірде мен,

Құрдымына күмп етіп, әзер шықтым — Түрмеден.
Мені алдады ӨМІР де жымиған сол СУ ҚҰСАП,
Сайқал екен бұдағы — аяр күлкі, у құшақ.
Айырмасы:

Мен бұдан шыға алмаспын сірә да,
ЖАРТЫ МЫСҚАЛ ЖАН ДАУСЫМ ғана қалар Мұраға.
Тұңғиыққа барамын бірте-бірте тереңдеп,
Естімейді Даусымды

Күллі дүние керең боп.
Даусым Зарға айналды,
Зарым зәр боп кетті енді,
Жан — Терімді ағызып, алқымыма кептелді.

Алқымдағы Дауысым қайта жұтсаң —мәкіру.
Қақырмасаң өлді дер — ішіп тағы ақын у.
Сол мәкіру жүрекке Запыран боп жиналып,
Көз іле алмай түндерден шықтым талай қиналып.

Кетуші еді қай кезде — артық ішкен Зәр тегін,
Запыраным — бұл жырым: өлердегі Жан — Терім.
Көк телегей тер болып, кетеді екен Жан шығып,
Жанның мөлдір шығына балаусалар малшынып.

Жан — Теріңнің шығына көктеп шыққан балауса —
Желбірер бір сені айтып —
Жел етінде Жалауша.
Жан — Тер деген не өзі? —

ҚАН ба, әлде ДАУЫС па? —
не болса да, ТӘҢІРІМ, тым мезгілсіз тауыспа.
Жан сапары — мәңгілік — көз жеткізбес қиыр шет,
Ал Адамның ғұмыры — сол Жолдағы түйіншек.

Түйіншекті шеше алсақ — ғұмыр кетпек ұзарып,
Көрінер тап алдыңнан —Ақиқаттың Ізі анық.
Ақиқаттың Ізінен кетпеу үшін ауысып,
Өтсем деп ем шығарып — ҚАННЫҢ ТАЗА ДАУЫСЫН.

Түрткен жерден қан шығар:

ӘЛЕМ ТӘНІ ТЫМ НӘЗІК —

Шыққан ҚАНға үн қосар үлгерсем ғой ЖЫР жазып.
"Ол үшін сен, жігітім, бозторғайша шырлап үш."
Жетті тағы жырақтан шырлап ұшқан бір Дауыс:
"Жүрегіңе ал-дағы зіл көтермес жүкті артып,

Ақиқаттың Шыңына Қауырсындай шық қалқып."
Дегенді айтқан басында — Абай, әлде, Қасым ба?
Ұлылардың біреуі — кім еді өзі, расында?

Ұлы деген кім екен? —
Біреуі оның — Жұмекен,
Мұқағали, Төлеген —Қара Өлеңнің Пірі екен.
Жолаушының иә, Алла, оң сапарын тіле тең —

Қаңғып жүрген ойымды қостарына түнетем.
Кекілбайдың Әбіші, Сүлейменнің Арысы,
Нұрғалиев Өтежан — Ол да Тәңір танысы. —
Осылардың бірі еді — айтқан әлгі Шындықты.

Шың емес-ау, Төбеге шығарсам сол —Зіл жүкті.
Бәйгіге атын қоспай ма? —
Көмек берер дос қайда? —
Өтеміз бе ел-жұртқа тигізе алмай еш пайда?..

"Ертай, Серік, Сұраған, Тыныштықбек, қайдасың? —
Құлаштап бір сілтейік Қара Өлеңнің қайласын!
О дүниенің Хабарын жеткіз! — Кірсін ел есі,
ТІРІ АҚЫНДАР дегенің - ӨЛІ ӘРУАҚТЫҢ ЕЛЕСІ.

Жантелі-дерт меңдеген, Ділқүсалы —бидауа,
ҚАРА ТҮНДЕ ҚАҢҒЫҒАН АҚЫН да бір ДИУАНА.
ЖҮРЕГІНІҢ ЖҰЛДЫЗЫ аққан кезде түн тіліп,
Сол Жұлдыздың Ізімен жүреді ол да тімтініп.

Қызығынан жалғанның қойғанменен құр қалып,
Жұртын бастап апарар іздейді Ол - бір ЖАРЫҚ.
Жүріп өтер жолдары — кілең шатқал, қия бет,
Қыр жалмап тынады бітіп болмас қиямет.

ҚАШАНДА АҚЫН ӨМІРДІ СҮРЕДІ АҚЫРЗАМАНДА –

Соған соқпау жолдарын айтып кетсек —АДАМҒА.
Бірақ Адам Ақынды тыңдап еді қай кезде! –
Біз Олардың көзіне көрінеміз —Айкезбе.
Ақындарды Алла да аямаған Құранда —

(Өзіңді іздеп өтеміз сондадағы, Бір Алла!)
Біле тұра барлығын — қала алмаспыз сыр сақтап,
Шынымызды айтайық — жанарымыз бұршақтап.
Есі дұрыс Келешек

Жолымызды ұстасын —
БІЗДЕР жазып кетейік ЖЫРДЫҢ СОҢҒЫ НҰСҚАСЫН!"-
Десем бәрі әр-жерден үн қатады айқайлап:
«Қам жемей-ақ қой бізге - жүрген жоқпыз той тойлап»

Тірлік қылып күнімен, өлең жазып түнімен,
барлығы да әуре екен - ЖҮРЕКТЕГІ ЖҮГІМЕН.
Жүректерін желпіп ап, жұпарымен Жұмақтың,
Тірлік деген Тамұққа тап болып қап жылап тұр.

Қаламынан қан ағып, екі көзі алайып,
Қамығады қарайып, досым —ақын Адаев:
"Шыңым қалды — қырансыз,
Қырым қалды — құлансыз,

Құмым қалды — жылансыз,
Құлым қалды — Құрансыз;
Қызым қалды — тұмарсыз, ұлым қалды —ұрансыз
Тонаған соң кіл Арсыз, топырағым құнарсыз.

Тап осыған сірә, ал, сіз, дау айтпайтын шығарсыз
Қайда жүрсіз, Әділет, не дейсіңіз бұған, Сіз?!"-
Қой, қой, Сабыр, сабыр ет!—
Қайда деме Әділет. —

Жоқ қой! —
Болса құл қылып қояр еді Әбілет.
Әділеттің жоқтығы дұрыс болған, тегінде,
Өлген болса, бейшара, тыныш жатсын көрінде.

Тірі болса, Жарықтық, жата алмас ед бас бағып,
Жылап келіп Біздерге мұң шағар ед қасқа ғып.
Қай-қайдағы қайғыңды шұқып жағып білте-түн,
Бұлт-сүлгіге қол жетпей көзін Оның сүртетін;

Күйзелер ек, содан соң Өзімізді кінәлап,
Жүгірер ек дүкенге — әкелуге шыны арақ...
Қалаға да дерексіз, ауылға да керексіз,
Ақын қылған Құдайға өкпе артарсыз не деп, Сіз?!

Ала алмадық өткеннен не бір дәріс, не сабақ —
Өмір өтіп баратыр ЖОҚ БОТАҒА бошалап.
Түйені емген мен бейбақ,
Шаршатқанда Шөлді Аймақ —

Желдеп кете беремін
Қиялдағы көлді ойлап.
Қалармын деп көмусіз жер де жетпей Молама,
Мен де кеше қашқанмын — сендер жүрген Далаға.

Тойып әбден тірліктен,
Дүниеден дүрліккен,
Мені күтіп жатқандай
Сол Далада Пір біткен.

"Маңғыстаудың ойында —
Үш жүз алпыс әулие"-
Қалса егер де Мекенін
ПЕРІ АЛМАҒАН Сау Кие,-

Жатсам деп бір қасына, тіршіліктен пәк кешіп —
Күндіз — жырмен, Ай бата Әруақтармен беттесіп;
Көрсетпес деп жолымды — қара шыңға түн төніп,
Шам ғып жағып ҚАНЫМДЫ, ТАМЫРЫМДЫ БІЛТЕ ғып;

Тұрған шығар деп келсем: Әруақ үйі қаңырап —
Бір маскүнем ішінен шыға келді маңырап.
Бір жезөкше түп жақта киіп жатыр лыпасын —
Тап осыны айтқаннан, жырым, нені ұтасың?!

Бетін жауып қынамен, жүзі күйіп ТАСТЫҢ ДА,

ЫҢЫРСИДЫ СҮЙЕКТЕР ЖЕЗ ӨКШЕНІҢ АСТЫНДА...

Мешіттерге кіріпті, әжеттерін өтеуге ел,
Қарғыс айтам мен Саған:
"Бұртташ келіп, кетеу бол!"
Бұдан артық не дейін,

Белгілі ғой көмейім-
Жер жарығы болса егер ойланбай-ақ енейін...
Мешіттерден басталған жер Астының Жолдарын-
Бітей салған Бүгіннің Темір-Тажал қолдары.

Үңіле алмай Тереңге тексіз Ұрпақ құнттап,
Құпиядан Құтылған, сұр Цементпен Құлыптап.

Әруақтарды Сүзгенде - із қалдырған Сайқал кіл —
Цементтегі қол таңба - мүйізіндей Шайтанның.
Құлақты да қойсам ба - сұр Шеменмен тығындап?!
Баба Рухы төбемде шырылдап жүр, шырылдап.

Иассауи жатқан жер. - Бақырғани Сүлеймен —
Кешегі бір күндерде қашып кірген Үрейден, —
Кімге мекен болды деп, —
Жер астында қилует? —

Үңіліп ем — мұнда да Тексіз сызған силуэт.
Кісікейіп Шайтанның оянған-ау ескі өші,
Бекет Ата, бар болсаң ешқайсысын кешпеші!..
Шежіре-бәдіз қоймасы — күлді балбал кемсиіп,

Үңілген боп бәдізге қалдым тастай мелшиіп.
Құпияңды ұға алмай қорлағанша тап сені,
Біржолата тас болып бадалғаным жақсы еді! —
"Алу үшін Әруақтан: дертке — дәру, жанға — нұр,

Мәшһураттас боларлық сенде Білік — бар ма бір? —
Деген Сауал кеудемнен қапияда оянды. —
Сұп-сұр жүзі Жүректің қызыл түске боянды.
Қалды сол сәт күрсініп, шөгіп жатқан Зілдей шың,

Көресіңді, — дегендей, — көрмей көрге кірмейсің.
Қараң етті шың басы...
Сақалды адам сұлбасы...
Әруақ қой деп қалып ем, екен арқар Құлжасы.

Үйірінен айрылып — шыққан бейбақ сүргіннен,
Әруақтарға шаққандай мұңазасын Пірлі үнмен,
Меңіреп түр аңылжып. —
Қос қозықа жанында,

Енелері қалғандай батып мәңгі Сағымға —
Жаутаңдайды артына, көздерінен құм саулап,
Бара жатыр дүниені сарнаған бір Үн шарлап.
Тарсылдаған үн шықты.

Тау да өксіп тұншықты.
Дір-дір еткен шөпбасы— әрең ұстап тұр шықты.
Дыбыс шықса селк еткен Шөпті көріп бір әлдім,
ЗӘРЕЗӘП боп қалған ғой тісінде әбден түреннің.

Ағып түсті тамшыкөз, тас бетінен жүзі шық,
Шайтан мен Жын тағы да жатыр ма деп сүзісіп –
Ойлап едім, мылтықтың дауысы екен жаңағы үн
Ұңғы-өңешті Жалмауыз Ашыпты әбден Аранын.

Соққы тиген кез қүсап түн жиегі күлтілдеп,
Шыққан түтін мылтықтан сіңді ауаға біртіндеп.
Керіп мына сойқанды, қатып қалдым қалшиып,
Киік біткен жосып жүр Мүйізінен Қан Сиіп.

Бірі алдыма жығылды — бүйірлері қан-жоса,
Шопан Ата, қайдасың, Киігіңе жан жаса!
Жаса деген не болар?! — Жан сала гөр,
Жан-Ата! Қалай ғана қарармыз бұл сұмдыққа таң ата...

...Теңізімнің үстінде — жалғыз аяқ жол жатыр —
Темір Баба ізімен келгені ме иен кәпір?
Уа, қаза гөр,
ЬІнсапсыз кәпірлерге мола-көр,

Темір Баба! — пәлеге өзің бөгет бола гөр!
Сен не дейсің, Бағзы Жыр?!
Сен не дейсің, Ескі Аңыз? —
Тым болмаса бір мәрте

Мен пақырды қостаңыз! —
Үндемеді Әруақтар —
Әлде бәрі керең бе? —
Ұшты ма Көк —Зәреңге,

батты ма Көр—Тереңге? —
Әруақтардың Мекені — шығармады бір сыбдыр,
Өзегімде өксіді — Бағзы Аңыз бен Тылсым Жыр.
"Заулауында киіктің — кендігі бар даланың," —

деген, Ақын, Кідіріп қалды неге қаламың? —
Оқ жүйрік пе, жоқ әлде бүгінгі елік шабан ба? —
Айдамай-ақ топылдап құлап жатыр Аранға.
Жыртқыштықтың Азуы — шың жағалай кіл Аран,

Көрі тарих жазуы — тас пен жастан құраған.
Бұл не қылған, Құдай-ау, бітіп болмас қан-қасап? —

АДАМ ЖАНЫН БІР РЕТ КӨРЕР МЕ ЕДІ АҢҒА САП?!.

Туған жердің тым құрса, бір Елігін қорғайтын
Менің шамам жоқ екен, жайым, сірә, болды айқын.
Әруақтар да үн-түнсіз — көмек берер мұндайда.
Жетпей ме әлде көздері, болып жатқан бұл жайға?

Рухтарын Жаншыған шыдай алмай езгіге,

КҮНӘҺАР ЖЕР БЕТІНЕН, ӘЛДЕ, МӘҢГІ БЕЗДІ МЕ?

Қалмады енді менің түк, Хайла қылар күш-айлам,

МҮЙІЗІНЕН АЙРЫЛҒАН МЕН ДЕ ТЕКЕ –

ПҰШАЙМАН...

Өлі әруақтар қасынан — аласталған адамдай
бұл жерден де кеттім мен мекен-тұрақ таба алмай.
Қайда барып күнелтем? —Жаям енді қайда өркен?
Қоныс болған Кімдерге — Менің жұпар жайлы өлкем?

Жындай талап сан сауал,
Жауап таппай сасқанда,
Қара Түнге көз шаншып,
Жаутаңдадым Аспанға.

Сірке-жұлдыз шұбырып,
Жыбырлаған бит-айдан,
Қышығандай бұлт-шашы —
аспаннан да күй тайған.

Атар емес әлі де Қоймалжындау Лай таң. —
Түн жамылып тағы да қаламыма сыр айтам...
Құпияның күндізгі ұғу үшін шын сырын,
Түсінген жөн алдымен Түннің Сырын — Тылсымын.

Қара түнге сондықтан Тығыламын тарықсам—
жүрегімнің төрінен аламын да жағып шам —
Толқынына қиялдың жүзем келіп қайық сап.
Теңіз-дәптер алдыма — отырамын жайып сап.

Құшағына Тылсымның — күндіз еніп тынады,
Айдын-дәптер бетіне Жұлдыз өріп шығады.
Шатастырып жер-көкті шығады ақ тер, көк терім —
Бірде айналып Аспанға, бірде Айдын боп Дәптерім,

Құпия бір әлем боп - Өңінде ойнап жұлдыздар,
Жан—Терімді жұлдыз ғып ағызады Түнгі Ызғар.
Есекқырған туады қашанда елдің алдымен,
Таң атқанша қуады көп жұлдызды шалғымен.

Көз алдымда тұрады жұлдыздың да түр-түрі —
Қытықтайды Қиялды — Қыз-Шолпанның кірпігі.
Шолпан-Қызға арзу боп Өмірзая — жас ақын,
бар жарығын шығарып лапылдайды аса тым.

Күреңітер ажары, жанын буып у-қайғы,
Зарын нұр ғып ағызып,қара түнді турайды.
"Мәжнүн!"- деп жан-жақтан жұлдыз біткен шулайды,
Қырсыққанда Қыз-Шолпан таң бозынсыз тумайды.

Лапылдаудан танбайды қолы жетпей қойса да. —
Қыршынынан қиылып кетед сосын бейшара. —
Айта алмаймын ар жағын; ар жағында түк те жоқ —
Қалды сыры бүкпе боп —жұлдыздар — көп нүкте боп..

Қарақшыға жем бопты Үлпілдегі Үркердің,
Байғұстардың көз жасын Бұлт-Сүлгімен сүртер кім?

Үлпілдек жоқ қасында.
Арман — Зая, неке —тұл. —
Сұлусары қабаржып бір шетінде жеке тұр.
Жетеуінің көзінен тамшылайды кекесін,

Қиған Қыранқарақшы — Үлпілдекпен некесін.
Жеті бірдей қарақшы бір қызды ұрлап ерсінед,
Ақбоз бенен Көкбозды және ұрламақ келсе рет.
Аңдысуды маңдайға жазған екен Алла шын. —

Ұқтым ақыр жалғанда Қарақшылық қалмасын.
Иесі кеткен Бақиға — байлауда құр шекті азап,
Тұяқ тозған көк тарпып — Ақбоз ат пен Көкбоз ат.
Сыртында кіл қарақшы жұбын жазбай тұр тұтас,

Міз бақпайды тек қана — Темірқазық-Құлпытас.
Ашылмайды құлпы да, таптырмайды кілті түк,
Бақи-Әруақ Үрейі ұрыларды үркітіп.
ҚҮЛПЫТАСТА ЖАЗУ БАР —көзім жетпей қойды, әттең! –

Аша алмадым Тылсымын зымыран-ойға бойлап мен.
Сол жазудың, шіркін-ай, Құпиясын меңгерсем. —
Түспес едім ешқашан, түрме қапас —көрге өлсем!
Ұзақ ғүмыр сүрдік-ау, үзілмейтін күдері,

Босатпайды, амал не, Тылсым Ғалам шідері.
Қара аспанға жанып ап
Қара қайрақ тұяқты,
Қылаң ұрып шығар ек

Ақбоз, Көкбоз сияқты.
Жанығанда тұяқты — тастай түнге шоқ шағып,

ҚАРА ҒАЛАМ БЕТІНЕН

ЖӨНЕЛЕР ЕК ОҚША АҒЫП.

Құтылсақ қой шідерден, қарақшыны қаңғытып,
Құс Жолының бойымен кетер едік шаңғытып.
О, онда ма, әркімге көрінбей-ақ бекер жек,
Бұл Тозақтан шығатын жолды нұсқап кетер ме ек?!

Дүр сілкінтіп дүниені —
Ұйқыбасыр —ісі жоқ —
шақырар ма ек ел-жұртты,

ЖҰМАҚ ЖАҚТАН КІСІНЕП.

Жазылмапты ондай жол —бірақ біздің маңдайға. –
Аққан жұлдыздарды тек

ТАМЫЗАМЫЗ ТАҢДАЙҒА.

Осы арманға тұтқын боп, жасы жетпей алжып бір,
Ано-о-оу шетте мұңайып шашы ағарған Нәнжік тұр.
Анау тұрған "Шағырма - мұңды келін — мұзды аяқ.
Шарт аязда шытынап" —күбірлейді бізді аяп...

Таразы— таң суытып, су суытып— Сүмбіле,
Үш арқардың мүйізін сырқыратып тұр, міне.
Теріскейден жел тұрса Құбылаға дүрліге
Жөнеледі Үш Арқар - көрініп тұр дүрбіге.

Қағар едім мүйізін — оғым жетпей жүр әзір. —
Құлағыңа жаға ма, ей, Қасапшы, мына әзіл?..

Шашын шашып көгінен, жасын шашып көзінен
Сыбырласқан Іңкәрдің мұңын естіп езілем.
"Сезінгеннің барлығын айту керек пе екен?"- деп,
кетеді еріп өкпелеп, суға түскен шекер боп.

Шынжырланған Жұлдызбен біздің Жад пен біздік Ес,
Сыңғыр қағып кетеді, күбірлесе күзгі кеш.
БІР ТАЛ НҰРМЕН жалғанған шынжырына жұлдыздың.
Ортақ, бірақ, қайғылы тағдыр шығар бұл — Біздің...

У тамады кезіме шаққан кезде - Қарағұрт,
Шырмап жатыр ғаламды шатырлары таралып.
Қозғалғанда мен жаққа бес аяғы жыбырлап,
Билетеді Жүректі тылсымдағы бір үн жат.

Анау — Қамбар, кез көрген, күзде туып жазда өлген,
Айына бір Үркермен тоғысқанын аз көрген.
Аз көред те, көзінен жібереді шашып от,
Тие қалса басыңа, міне, саған — Қасірет!

Тисе, әрине, жұмаққа шейіт болып кетесің,
Аспанға сәл қарай тұр, ерте өлгенде не етесің?..
Ерте жатып, кеш қалған, ел соңында қопырап —
Шабансары молаңа салар деп пе ең топырақ?!

Ең болмаса күтейік — ТАҢ ЖҰЛДЫЗЫ туғанша,
Сыпыртқымен Күн-Еже аспан жақтан қуғанша.
Бұрқырайды төбемнен Галактика тозаңы,
Еміс-еміс естілед жұлдыздардың озалы.

Көргенменен өздерін, ұқпай қалып сөздерін.
Таным сорлы тантырап, айта алмай тұр сезгенін.
Көк — Жайнамаз, ал жұлдыз — Тәңір ашқан құмалақ,
Пенде жори алмас қып қойған оны дұғалап.

Егер жұптай бастасаң, қонар еді шашқа шаң,
Көктің сырын біле алмай етер ме екем ешқашан!..
Алмақ едім Аспанның барлық сырын ақтарып,
Қымтай қойды көрпесін — әлденеден сақтанып.

Айдын-дәптер бетіне төгілгенде сия-бұлт,
Жүзін Аспан жасырды — шындығынан ұялып.
Мұның бәрін кердім мен —
Қоңыр дәптер-айдыннан—

Аспанның да қайғысы — аумайды екен Қайғымнан.
Жұлдыз-тері тамшылап, Ай-жанары ақшиып,
Дертті Әлемнің ішіне қайғым жатты шақ сиып.
"Астыңғы ернім қыбырлап" — сөз айтуға оқталдым:

"Аспанда да әділдік жоқ екен ғой!" — деп қалдым.
Сүйектерім шарт сынып, ТАМЫРЫМ ҚАН САПЫРЫП,
Бұлттан қашқан Ай құсап шықты сөзім атылып.
"Ғаршағлада жатып ап, бәрін үнсіз бақылап,

Жетер — Бізді қылғаның осыншама ақымақ!
Өзің айтшы, Құдайым?
Нендей қайла қылайын? —
Өзгерте гөр лайым,

Мынау Түннің райын.
Сенген Көгім Сен едің,
Енді қайтіп күнелтем?—
Керек емес маған түк —

Алдамшы өмір, тұл — ертең! —
Деп басымды көтеріп, қарап едім қадалып —
Жұлдыз - ЖАН —ТЕР орнына қоя берді ҚАН АҒЫП..."
...Осы жерге келгенде кеттім кенет оянып,

Түсіп әбден Жан —Терге жатыр екем боялып.
Жанарыма тұр екен Қаны Тамып Жұлдыздың,
Қаңғып кеткен Жанымды Кеудеме әрең кіргіздім.
Шайырлардың Моласы.— Айналамда қыр мүлгіп,

Жалғандағы Дыбысты құлпытастар тұр қылғып.
Көп ҚҰЛПЫТАС - ішінде жиһазы көп шантақтай,
Ал, мен тұрмын түсімді жорытатын жан таппай.
Өз әлімше болжадым, көрген түсті тосыннан,

"Маған-дағы топырақ бұйырар!"- деп осыннан.
Түсімдегі ЖЫРЫМДЫ түсіп көк тер, ақ терге,
Алдым түгел көшіріп, Жанымдағы Дәптерге.
Бұл жырымды — бетінде көлбеңдеген көп кескін,

"Шайырларға оқыған дұғам шығар?"- деп шештім.
Кенет, әлгі түсімде көрген тайым — түсі көк,
Жетіп келді жаныма жерді тарпып кісінеп.
Әлденеден сақтанып, баяғы ұят бет қарып,

Көк тайыма бұт артып кете бардым аттанып.

Мұқабасы мүжілген көп құлпытас том-том боп,
Қала барды артымда, кете алмадым мен теңдеп.
Бақи-тұрақ белгілі! —Тастап барам Із-Дерек.
Тұғырымды Фәнилік болдым енді іздемек.

Тұншықтырған тылсымға түстім тағы көне ізге. —
Тәуекелдің қайығын салдым тентек теңізге.
Қамшы-қалам сермеймін, тай үстінде қалғимын.
Сағымымен тербейді ала дөңі Алғидың.

Кенет... Алды шақырып бұтақ-қолын бұлғалап,
Көлден қашып елсізге шығып кеткен бір Дарақ.
Оқырманым, өзің біл — шөлде сағым ішпесең,
Болар мұны, дұрысы, өңде көрген түс десең.

Қона жатып тілдестім түбіңдегі тұрғынмен,
Түбіжіктеп ақыры Дарақ жайын білдім мен...
...Әзіреттің кең ойы — атам қонған жер екен,
Анам Нұрдан жүкті боп бала туған дер екен.

«Төрт бұлақтан — Нұр бұлақ, құйған екен Құндызға»
Дарау ағаш түбінде біткен екем бір қызға.
Сол Ағаш —Түп Негізге бастап келді Ұлы Жол,
Әруағыңнан айналдым, адастырмас, Пірім — Ел!

Сен тірі бол, адассам бастап келер жарыққа,
Ел-Піріме сиынам мінгенімше табытқа!..
Бәйтеректің басында бір бұлыңғыр бар тұман,
Өзгеріпті, Қашекең жырға қосқан қалпынан!

Суы қайда салқыған, нұры қайда шалқыған?
Айныған ба, Жасаған —баста берген антынан?
Су сепкендей басылды — қуанышым ұзамай,
Баспай оны қоя ма — Көзім көрген мына жай?!

"Нұрбұлағы" суалған, жапырағы қуарған,
Кебін киген Сүйектей бозарады Қуаңнан.
Алпыс тарам тамырлы, дарақ екен алты дің,
Әбілетті уақыт қалдырмапты тамтығын.

Жел-азуы шақпақ боп, күңірсиді тыс тұтап,
Алты дінде қалғаны бар болғаны — үш бұтақ.
Аждаһа құм ысылдап зәрін көкке шашқанда,
Жалбарынып Үш бұтақ қол жаяды Аспанға.

Кете алмаспын мен енді бұл ағаштың қасынан,
Жә, баяндап көрейін барлығын да басынан!
Тәңір екен мұны еккен — ең алғашқы Бағыбан,
Нұр тамызып түнектен, тамырына дарыған.

Жердің беті ғажайып шалғын екен ол кезде,
Мына тастар гүл сынды балғын екен ол кезде.
Тастар бұлай болғанда, гүлдер жайын сұрама,
Шығады екен бұрала — кірпігінен нұр аға!

Күн жүзінің өзінен Іңкәр шашып сұрапыл,
Жұлдызының өзінен Жұпар шашып тұратын!
Манаураған сәскенің сілекейін ішіп ап,
Тұрады екен төбелер желге қарап қысырап.

Саз есетін таулардан — көрі күйші, қартынан,
Самалының әзінен сағым исі аңқыған.
Оттар сөйлеп қиқулы — суларынан сиқырлы,
Үн тамыпты жүрекке— келтірмейтін ұйқыңды.

Алады екен Бәйтерек, Күннен - қуат, Айдан -нәр,
Өз қолымен аялап күтеді екен Пайғамбар.
Аттанарда Пайғамбар аспан жаққа жол жүріп,
Періштені орнына кетеді екен қалдырып.

Әр тамыры — тектілік, әрбір діңі — мықтылық.
Жатыпты өсіп Бәйтерек Туған Жерде тік тұрып.
Топырағынан тойыным, жапырағынан жайылым
Тауыпты бар тірі жан— жанабынан қайырым.

Пайғамбар мен Періште бергеннен соң бейілін,
Бұтағында көктепті жеміс болып — Мейірім.
СӨЙЛЕСІПТІ БІР ТІЛДЕ - он сегіз мың ғаламат,
Айуанат пен Жәмәдат, Жәмәдат пен Нәбәдат.

Айдан, Күннен, Жұлдыздан - тұрыпты жыр тамшылап,
Гүл де, тас та, ағаш та — бір-бірінен Ән сұрап.
Гүлгүл менен Бұлбұлдың жүрегінен күй тасып,
Күллі дыбыс өзара қалады екен ұйқасып!

Қазіргідей шықпапты миллионнан — он кезбе,
Табиғаттың барлығы Ақын екен ол кезде.
Жасағанның көзінен сәуле саулап тым нәзік,
Ай-қаламмен айдынға жатады екен жыр жазып.

Айдының да бетіне жел жұқпаған — Ақ Парақ,
Жырды — Самал, самалдан Сағым кеткен жаттап ап.
Төбей, Ұмай, Кейкіге — жатыпты ұрып түн басын,
Айналаның бәрінде Өлең сөйлеп тұрғасын.

Мадақ айтып Аллаға — дүниеге жаратқан,
Зікір қылып жарлаған — әр батқан күн, әр Ақ Таң!
Мұндай Ғажап Мекенде — болсын бөгет саған қай!
Кімнен туам дер едің — Нұрдан енді жаралмай!

Дүниені жарату Құдайға да оңай ма?! —
Бітіріп боп шаруасын, қалғып кеткен со бойда.
Жердің жайын Аллаға келген кезде хабарлай,
Қапы қалған Пайғамбар — Хақтан бұйрық ала алмай.

Пайғамбардың өзінше іс қылуға хұқы жоқ,
Ханы кеткен демала, сияқты еді Үкімет.
Тақырыптан ауытқып кеттік білем, сірә, біз,
Емес, тіпті, бұл аңыз! — оқушым, сәл шыдаңыз.

...Мезгілде осы Өліара — болды кенет әлемет,
Жер бетіне бұғауын үзіп кеткен бәле кеп!
"Шорт" үзгенде бұғауын — жұқты күнге қара Дақ,
Мұның өзі ғаламға соққы болды Ғаламат!

Гүл айналып Тікенге, қап-қара боп тас қатты,
Жарасым мен Үйлесім быт-шыт болды бастапқы!
Жұпар шашқан Дүние күлімсіге айналып,
Сайрап тұрған Әлемнің тілі қалды байланып!

Бұлт та Жерге Кебін боп- Киізіндей ажалдың,
Сүзер болды Ай кейде — мүйізіндей Тажалдың.
Самал кетті жынданып, жел — Дауыл боп жалданып
Аңқуынан айрылған Сағым қырда сандалып.

Жарасымның Желімі — Жасағанның Жыры еді,
Тіршілікті әлдилеп тұратын-ды үнемі.
Сол Жыр әлгі соққыдан кеткен кезде үзіліп,
Дүниенің іреңі жүре берді бұзылып.

Айтып тұрған Өлеңін қалды бәрі ұмытып,
Айтпақ болад әлдене — түйсіктерін ұлытып.
Себебі әлгі соққы кеп бар тамырды сөккен-ді.
Ғаламзаттың Жүрегін Соқыр қылып кеткен-ді.

Сол өлеңді ұмытпай қалған жалғыз тас қана!—
Әттең, тілі байлаулы - қорқыныштан Масқара!
Тек кей кезде жүрегін жібіткенде Ай хал сұрап,
Тұрады-ай бір көзінен жыры шық боп тамшылап!..

Содан кейін Ол Жырдың үзіндісін білетін,
"Ақын" деген сорлы бар — әулие боп жүретін.
"Шар кітаппен" бір келген әуел баста Аспаннан,
"Нұрға" ілесіп жүреді ол— Ғаршағыладан басталған.

Сөндірмек боп күресіп,
Жүр — лаулатса жын отын,
Жұлынына жалғаулы — Озалдағы Күре-тін.
Жырын ұғар пенде жоқ, жатқан жан жоқ жай сұрап,

Жыртты талай Ібіліс
Нұрын оның қайшылап!
Тас түнекке сан ірет Жарық болып атылды, ал,
Панасыз-ақ Сайтанмен күресіп жүр — Ақындар!

Панасы оның, алайда, жүректегі Алласы,
Пешенеде тұр өшпей, Ардың Әппақ Таңбасы!
...Ал, Ібіліс түр түтеп — кірпігінде өрт тұтап,
Күйік шалған Парағын — қолында оның "Төрт кітап

Енгізді оған түзету — ұғымына қайымдап.
Түтіп жатыр Ағашты— ындынына дайындап.
Періштенің тастапты Қанаттарын қырқып ап,
Ақ тауықша ол байғұс — күлдікте жүр бұрқырап.

Ұмытылған Алла үні. — Жаны — күйе, тәні — көн,
Жүріп жатыр барлығы ІБІЛІСТІҢ ЗАҢЫМЕН.
Сілекейі Шайтанның Тамырына тарап бір,
Қу Медиен Жапанда сол баяғы Дарақ тұр.

Үш бұтақтың бірінен У тамады күн-түні,
Татқан адам самсоз боп түрге енеді күлкілі.
Ере алмайды қатарға есін жиып ол адам,
Көп ұзамай қаласың атын оқып моладан.

Екіншісі —жаныңды жан төзгісіз өртке сап,
Жолап кетсең жұқпалы Дауасы жоқ Дерт шашад.
Жұқтырғандар Ол Дертті — салады-ай кеп Елге Өртті!
Ібіліске еріп жүр— кебін қылып Жөргекті.

Ал, үшінші бұтағы — шашад күндіз Үскірік,
Аптап ұрып түн болса, талықсисың Мыс құрып.
Марту құсап содан соң, басады кеп Зілдей шың,
Қалай Доңызға айналып кеткеніңді білмейсің!

Міне, Ағаштың жайы —осы.
Қайту керек, ал, мұны? —
Қара тулақ қалдығы —
Сонау Жұпар Шалғыны!

Өз қолында — Дарақтың барлық тірлік, тағдыры,
жекешелеп алыпты — Албастының Малғұны!
Жадау тайды қамшылап үш айналдым Дарақтан,
Балағыммен - тер аққан, қабағыммен — қан аққан.

Іздегенім — осы екен! — Тірліктегі Тұғырым,
Шырқ айналып қызғыштай өтер қалған ғұмырым.
Мынау Дөңін Алғидың — Ібілістен құтқарса—
Тағы тірі Нұр болып — Ғаршағладан шық тамса!

Онда — Уы Бал болып ағар еді Бұтақтың,
Ел Есіне түсіріп Жырын Бағзы Кітаптың!
Ал, Жұқпа Дерт- айналып: Демі Жұпар Самалға,
Сиқыр Сәуле ойнар ед Семіп Қалған Санаңда!

Үскірік пен Аптап та — талдап өріп гүл шашын,
Тұрар еді Түнде — Алтын, күндіз — Күміс Нұр шашып!
Ақындары Ғаламның Мың Жыл Ойлап таппайтын,
Жыр жазар ем — астары — жалғыз ғана Хаққа айқын!

Жұлыныңды үзілтіп, жілігіңді мүжілтіп,
Сазына оның болар ед
Қыр — ынтызар, құз — ынтық.
Ырылдайды, ал, қазір, айқайласам —Жақпар Шың,

Жырым, Алтын Нұрыңмен Азу Тісін қаптарсың!

Жирылады Жырыма қара аққулы ақ айдын,
Оның-дағы бір күні түсінгенін қалаймын.
Мағынасы: Алғашқы Тамған Нұрдан басталған,
Өлең менен Өмірдің басын қосу Басты Арман!

Ышқынамын, қайтейін, Нұрды жағып ішіме,
Ұйқыдағы Тәңірдің Енгім келіп Түсіне!
Ұғымдарды Ғаламдық - тар құдыққа шегендеп,
Сол құдықтың суын жұрт айтып жүр ғой "Өлең" деп

Ұғу үшін Өлеңді - кіру керек тереңдеп,
Ібілістің жолына тұру керек көлеңдеп.
Сонда ғана Жасаған Жан Даусынды Естімек,
Ұйқысынан оянып - Жынды тастар кескілеп.

Тарс ашылып сол сәтте — мылқау Әлем Құлағы,
Таулар мені түсініп, сырымды су ұғады.
Қара тастың бітелген қайта жанып шырағы,
Кеудесіне көмілген жырын жырлап тұрады!

Жұпар бөлеп Жалғанды - жинайды күрт Дүние есін.
Қалпына кеп Бастапқы — Жарасым мен Үйлесім!
Әбілхаят суы ағып, алтын тамыр Дараудан,
Ұрпақ өріп жатады - Ылғи Нұрдан Жаралған.

Дарақ Сонда аузынан айтар алғыс таусылып,
Бауырына басады - бұтағымен қаусырып!
Жырды беріп біржола Періштенің ырқына,
Ашып кетем Ағашқа ағып тұрар бір тұма.

Мейірлене қарап ап Нұрдан туған ұлтыма,
Қайтып кетем баяғы - Шайырлардың Жұртына!
Жан — Терім боп Жұлдыздар жұққан шақта Құлпыма,
Періштелер оқиды ҚҰЛПЬІТАСТЫ ынтыға!

...Ал, әзірге жол — алыс,
Жау - қаһарлы,
Ғұмыр — шақ.
Бар болғаны астымда жадау тай бар ұрыншақ.

Молам — дайын,
Тұғыр — Жат.
Тапсын қалай Жыр тұрақ?! —
Шайырлардың алыста шаңы жатыр бұрқырап...

Ақпан, 1994 ж. Құрық

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙