Мазмұнға өту
Home

Қазыналы түбек

Мұқтасын Сухамбердиев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қазыналы түбек

Мұқтасын Сухамбердиев — «Қазыналы түбек». ҚАЗЫНАЛЫ ТҮБЕК

/uploads/993f3733-a6c8-53e0-9552-6eed7de3391f/cover.png

Бұл кітапшада қазіргі күндерде «Қазыналы түбек» атанған Маңқыстаудың кешегісі мен бүгінгісі, оның ен байлығын игеруде ерен еңбек етіп жүрген совет адамдары сөз болады.

Қазақстанның картасына қараңызшы! Оның батыс бөлігінде Каспий теңізін қоршай жатқан кеңістік көзге түседі. Мұнда мәңгілікке тұнып қалған теңіз толқындары сияқты жал-жал қыраттар, солтүстіктегі Мұғалжар тауының қалдықтары Каспий атырауының ойпаттарымен ұласады. Кей жерлерде кеуіп қалған алып ойпаттар, сортаң алқаптар, теңіздің ортасында қалған арал немесе кең жазыққа тіккен киіз үй тәрізді күмбезді, тік жарлар, бағы заманнан бері жердің үстіне қаншама қатпар топырақ шөккенін көрсетейін дегендей жалаңаштанған тау деңгейлері кездеседі. Бұл көріністен қарт Каспийдің арғы атасы, бір заманда Солтүстік мұхитқа ұласқан Сармат теңізінің толқындары осынау жар қабақтарға ұрып жатқандай әсер қалдырады.

Міне, осы көрініске оңтүстік, орталық және солтүстік болып үшке бөлініп, бір шеті шығыста — Қарабұғазға, екінші шеті — Қарақұм, Сам құмдарына, оңтүстігі — Тұпқараған шығанағы мен Бозашы түбегіне шектесіп жатқан үлкен территорияны қоссаңыз Маңқыстау жерін түгел көз алдыңызға әкелесіз.

Мұндағы қыраттар теңіз бетінен жоғары жатса, Қарағия сияқты ойпаты теңіз деңгейінен төмен. Түбекте қыста қақаған аяз болады, жазда сәл жел тұрсақ кез аштырмайтын құмды дауыл соғады. Шілденің аптап ыстығында Қарағия ойпатында болған адам зергер керігінің аузында тұрғандай сезінеді.

Ғасырлар бойы шөлейтті дала атанған Маңқыстаудың қойнауында есепсіз байлық бар деп ешкім де ойлаған жоқ еді. Өйткені малшылар жер бетінде көрінгенді ғана қанағат етті. Малдың қонысы санап олар түбекті Маңқыстау деп атады. Малшы ел осы жерде төрт түлік мал өсіріп, қыстап, көктемде, қар ерісімен үдере көшті де, малын жая қозғалып, бір жағы Волганың етегіне, Аралдың жағалауларына, Торғай даласына барды. Ал қысқа қарай Орынбор жәрмеңкесінен ішер асы, шәй-шекері, киім-кешегін алып, өзінің үйреншікті қыстауы — Маңқыстауға оралды.

Маңқыстау даласында өмір үшін ең зәру нәрсе — су еді. Сондықтан болар, осы өңірдегі әрбір құдықтың өз шежіресі, өз тарихы бар.

Көшпелі ел осының бәрін өздерінің басынан кешірді. Ол бұлтсыз аспанда шатырлаған найзағайды, жерге тамбай ауада ұшып кеткен құрғақ нөсер жаңбырды да, құдық бетінде қалқыған жер майын да, сексеуілмен бірге жанған май сіңген топырақты да көрді. Бірақ олардың себептерін, отқа жанған топырақтың мұнай екенін, одан өзінің қараңғы үйіне жарық беретін керосин алуға болатынын білмеді.

Оның жай ғана қара топырақ емес, мұнай екенін түбекке әр уақыттарда келген ғалымдар, экспедициялар бұдан талай жылдар бұрын аңғарған болатын. Бірақ халқы көп және жақын жердегі аудандардың байлығын игеруді ойламаған патша өкіметі қиыр шет, құлазыған шөлейт дала Маңқыстауды көзіне де ілген жоқ. Тек Ұлы Октябрь революциясынан кейін партия мен үкіметіміз еліміздің шығыс аудандарының байлықтарын игеруді маңызды міндеттердің бірі етіп алға қойды. Батыс Қазақстанда, оның ішінде Каспий атырауы мен Маңқыстауда геологиялық барлау, іздестіру жұмыстары өріс алды. Ұзақ жылдарға созылған зерттеу, геологиялық барлау, бұрғылау жұмыстары нәтижесінде бұрын мал жайылымы болып келген Маңқыстау еліміздің ең бай аудандарының біріне айналды.

Қазіргі Маңқыстау «қазыналы түбек» деген атақпен бүкіл әлемге белгілі болып отыр. Осы қазына түбегін зерттеген ғалымдар «одан Менделеев кестесіндегі химиялық элементтерді түгел табуға болады» деген сенім білдіруде.

Әзірге Маңқыстау — мұнай мен газдың, химия өнеркәсібінің өлкесіне айналып келеді.

Маңқыстаудың батыстан шығысқа қарай созылып жатқан мыңдаған шаршы километр территориясы қазір қайнаған еңбектің ордасы тәрізді. Жүздеген километр темір жол, асфальтты тас жолдар түбектегі елді мекендерді жалғастырып жатыр. Көгілдір ауада құрыш қанат самолет самғаса, жасыл теңізде мұнай тиеген танкерлер жүзуде.Бұрын ел мекендемеген ащы теңіз сағасы — Қолтық мүйісінде таңғажайып жаңа қала пайда болды.Мұнай алыбы — Өзенде жаңа поселке бой түзеді, барлаушылар тоқтаған жерлерде — Жетібай, Ералиев, Ақсу поселкелері өсті.

Маңқыстаудағы үлкен мұнай өндірісі партиямыздың XXIII съезінің назарын аударды. Съезд қабылдаған бес жылдың жоспардың Директиваларында: «Маңқыстау түбегінде мұнай, газ шығаратын өнеркәсіпті ірі ауданның салынуы тездетілсін» делінді. Осыған сәйкес Батыс Қазақстанда 1970 жылы мұнай өндіруді 15 миллион тоннаға жеткізуге, жаңадан жеті мұнай, газ кен орнын пайдалануға беруге, бесжылдық ішінде 500 мың шаршы метр тұрғын үй салуға бағытталған шаралар белгіленді.

...Батыс Қазақстанның қазба байлықтарын зерттеуге академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев зор үлес қосты. 1949 жылы оның ұсынысы бойынша Гурьевте Қазақ ССР Ғылым академиясының филиалы ұйымдастырылды. Академияның көшпелі сессиясында Қазақстанның батысында пайдалы қазба байлықтарды іздестіру, геологиялық және геофизикалық барлау жұмыстарын өрістету, өлкенің энергетика, химия, металлургия және өнеркәсіптің басқа да салаларын дамыту мәселелері талқыланды. Ғалымдар мұнай мен газдың жаңа аудандарын Ембінің оңтүстік беткейлерінен, қырлық Маңқыстау мен Үстірттен іздестіру қажеттігіне назар аударды.

Батыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмысын одан әрі өрістету жөнінде 1959 жылы Гурьевте Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференция өткізілді. Совет ғалымдары мұнда да жоғарыда айтылған пікірді қостады. Сөйтіп бұл өңірлерде геологиялық барлау жұмысы қызу қолға алынды.

Каспий теңізінің шығыс жағалауы патшалық россияның да назарын аударған. Тіпті сонау Петр І-нің кезінде осы араға князь Александр Бекович Черкасский басқарған әскери экспедиция әлденеше рет келді. Ол Волга өзенімен жүзіп отырып, Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Бозашы түбегін, Түпқарағанды, Құм мүйісін картаға түсірді.

Әрине, патшалық Россияның экспедициялары шынында да бұл шөлейтті аймақты геологиялық зерттеу үшін емес, жаңа территориялар жаулап алу арқылы империяның шекарасын кеңейту мақсатын көздегені белгілі.

1820 жылы бұл жерге полковник Ф.Ф.Берга бастаған тағы бір әскери экспедиция келді. Оның құрамында Маңқыстауды зерттеуде елеулі еңбек сіңірген Г.С.Карелин, Э.И.Эйхвальд, Н.А.Северцев, Н.Н.Ломакин сияқты көптеген географтар мен белгілі оқымыстылар болды. Экспедиция өлкенің географиялың және әскери-соғыстың жағдайларын зерттеп, біраз материалдар жинады. Таулы аудандарының геологиялық құрылымына назар аударды.

Осы мақсатпен олар XIX ғасырдың бас кезінде (1834-1836 ж.) Каспий теңізінің шығыс жағалауына (Түпқараған қолтығына) тұңғыш әскери бекініс (форт) орнатты. Бұл Новопетровск бекінісі патша үкіметінің Орта Азия мемлекеттерімен байланыс жасайтын, көшпелі қазақ, түрікмендерді бағындырып ұстайтын тірек пункті болды.

Тарихи мәліметтерге қарағанда ол кезде Маңқыстауда 20 мың үйге тарта қазақтар мен түрікмендер көшіп жүрген. Олардың ауқаттылары қырда малмен, кедейлері теңіз жағасында балықпен күн көрген.

Патша үкіметі Каспийдің шығыс жағалауын «бос жатқан жер» деп жариялап, оған өз еркімен көшіп барушыларға рұқсат береді және алғашқы жаңадан келгендерге аздап жәрдем де көрсетеді.

1850-1857жылдары осы Новопетровск қамалында әскер қатарында украин халқының адал ұлы, революционер-демократ ақыны Тарас Григорьевич Шевченко айдауда болды. 1851 жылы ол әскери топографиялық экспедицияның суретшісі ретінде Маңқыстаудың көптеген таулы аудандарын аралап, «Қайыршы балалар», «Қазақ қызы Катя», «Казарма», «Мемлекет жұдырығы» және көшпелі қазақтардың ауыр тұрмысын, жоқшылық өмірін бейнелейтін ондаған суреттер салды.

Кейін жаңа патша Александрдың таққа отыруына байланысты Новопетровск қамалы Форт-Александрийск деп аталды.

Жаңадан қоныстанушылардың келуімен бұл өңірде балық өндірісі дами бастады. Қазақ, түрікмен кедейлері балық кәсіпшіліктеріне қара жұмысқа орналасты.

Ал жұтқа ұшыраған жергілікті шаруалар «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп лек-легімен балықшылар қатарын көбейте берді. Бірақ Маңқыстаудың шын байлығы жер үстінде, «өзен жағасында» емес, жер астында жатты. Оны сол замандарда санаулы адамдар ғана білді.

Өткен ғасырдың аяқ кезінде Маңқыстаудың таулы аудандарына әлденеше рет ғылыми экспедициялар келіп қайтты. Солардың бірі географ Николай Иванович Андрусов болды. Каспий теңізі мен Қарабұғаз, Красноводскіге дейін барып, қайтарында көлікпен Туарқыр арқылы Үстірт, Қарынжарық құмы, Бесоқты, Бесқұдықпен айналып, Александрийск фортына келеді. Осы сапарында ол мың километрге тарта жол жүреді. Көптеген іздестіру, зерттеу, бақылау жұмыстары нәтижесінде кейіннен ол Маңқыстаудың картасын (масштабы: 1:600000) жасайды. Ол карта кейін Закаспий облысының геологиялық картасын түсірген И.В.Мушкетовтың еңбегіне негіз болады.

Біраз үзілістен кейін Н.И.Андрусов географ М.В.Баярунаспен бірге Маңқыстауға тағы да экспедициямен келеді. Бұл сапарында олар Форт-Александрийскіден Тұщыбек, Шаңырған-Шайыр, Ханга баба құдықтарының маңайларын зерттейді. 1909 жылы олар осы құрамымен Маңқыстауға қайта келеді. Бұл жолы Түпқараған түбегі мен таулы аудандарды, Қаратау мен Ақтау бойларын, тау жыныстарының жалаңаштанған құрылымдарын зерттейді. 1915 жылы Н.И.Андрусов Маңқыстаудың геологиялық құрылымын, оның терең қабаттарынан пайдалы қазба байлықтарды алудың жолдарын дәлелдеген көп жылғы зерттеулерінің қорытындысын үлкен еңбек етіп жарыққа шығарады. Оның зерттеулерін М.В.Баярунас жалғастырады. Ол 1910 жылы Маңқыстаудың қырлық, бөлегін аралап, Қарасазтаспас құдығынан май сіңген топырақ, су бетінде қалқыған жер майын көреді, Қарағия ойпатының геологиялық сипаты туралы қызғылықты мәліметтер береді.

Осылардың және басқа да ғалым-географтардың жазып қалдырған еңбектері кейіннен Маңқыстаудың геологиялық құрылымы туралы тұтас қорытындылар жасауға көмектесті. Олар Маңқыстау геологиясын орталық аудандардағы — Қырымның, Кавказдың және Жерорта теңізінің геологиялық құрылымдарымен салыстырып қарауға, олардың арасынан кейбір ұқсастықтар табуға мүмкіндік берді. Бұл зерттеулердің нәтижесінде Қарасазтаспас, Қошақ алаңдары да мұнай іздеуге қолайлы деген тұжырымдар жасалды. Кейіннен В.В.Мокринский бастаған экспедиция Маңқыстаудың орталық ауданы — Қаратаудың батыс және шығыс беткейлерінен, Қаратаушық жонынан тас көмірдің мол кенін тапты.

Маңқыстау мен Үстіртті барлау, геологиялық іздестіру жұмысы Совет өкіметі тұсында онан әрі жалғастырылды. Геолог С.Н.Алексейчик бұл өңірдің тектоникалық құрылымын сипаттай келіп, мұнда мұнайдың негізінен Юра және төменгі Бор қабаттарында шоғырланғанын көрсетті, «Маңқыстаудың болашағы үлкен, сондықтан мұнда геологиялық барлау жұмыстарын кең көлемде жүргізу қажет» деген ұсыныс жасады. Тіпті ол мұнай болуы мүмкін аудандардың аттарын да атап берді.

1930 және 1933 жылдары Маңқыстауға Ленинград ғылми-зерттеу институтының бұрғылау партиялары келіп, біраз жұмыстар жүргізді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында геологтардың алдына майдан қажетіне мұнайды еселеп өндіру міндеті қойылды. Сондықтан жаңа мұнай алаңын іздестіру, барлау жұмыстары уақытша кейінге қалдырылып, мұнайы бар аудандардың мүмкіндіктерін сарқа пайдалану жұмыстары жүргізілді.

Алайда соғыс кезінде совет халқы болашағын да ұмытқан жоқ. Сол соғыс жылдарының өзінде Гурьевте «Қазақстан мұнай барлау тресі», «Мемлекеттік геофизика тресінің Батыс Қазақстандағы бөлімшесі» (кейін ол «Казнефтегеофизика» тресі) құрылды. Геологтар Маңқыстау түбегінде соғыс алдында жүргізілген барлау жұмыстарының материалдарын сұрыптаумен, жинақтаумен айналысты. Геолог Н.П.Луппов шығыс Маңқыстау мен Үстірттің геологиялық картасын жасады. Ол осының алдында Қарабұғаз, Туарқыр, Қарынжарық маршрутымен Өзен — Жетібай, Қарасазтаспас аудандарын зерттеп қайтқан болатын...

Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін партия мен үкімет мұнай іздеуші геологтарға «қара алтынның» жаңа көздерін табу ісін тездету міндетін жүктеді. Бұл уақытта жаңа мұнай, газ табылуы мүмкін аудан ретінде Маңқыстаудың маңызы щұғыл арта бастады. Көп кешікпей-ақ мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстары геологиялық және геофизикалық бұрғылау жұмыстарымен қатар жүргізілді. Маңқыстау мұнайы, тас көмір, темір рудасы, марганец және басқа да қазба байлықтары көп «қазыналы түбек» деген атаққа ие бола бастады. Маңқыстауды комплексті игеру мәселесі күн тәртібіне қойылды.

Маңқыстауда геологиялық барлау жұмыстарын бірінші бастаған Ленинградтағы бүкілодақтық геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты болды. 1950 жылы бұл институт Маңқыстауға геологиялық және геофизикалық барлау жүргізетін комплексті экспедиция шығарды. Экспедиция көп жылғы зерттеу, бұрғылау жұмыстарының қорытындысы ретінде — Бозашы түбегіндегі Қызаңды, Орталық Маңқыстаудан Түбежік пен Құсайын, Оңтүстік Маңқыстаудан Жетібай мен Еспелісайды терең бұрғылап барлауды ұсынды.

Маңқыстауда мұнай бар екенін дәлелдеп ондаған том еңбектер жазылды, ғалымдардың жоғары дәрежелі кеңестерінде мұнайды қай бағыттан іздеу керек екенін көрсетті. Енді сол пайымдаулардың дұрыстығын іс жүзінде тексеріп қарайтын, айтылған аудандарға бұрғы салатын мезгіл де жетті.

Әрине, мұнай өндірісі шоғырланған ауданнан материалдық-техникалық базадан жырақта жатқан өңірде жүздеген, мыңдаған метр тереңге бойлайтын скважина қазудың қаншалықты қымбатқа түсетіні белгілі. Осыған қарамастан, Қазақстан мұнай бірлестігі терең бұрғылау алаңдарын анықтау мақсатында Маңқыстауға структура іздестіру партиясын жіберді.

Бұл 1951 жылдың көктемі болатын. Соңына баржа тіркеген шағын моторлы кеме Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Баутин бухтасына келіп кірді. Бұл Гурьевтен шыққан Ембі барлаушылары болатын. Олар үнемі жазда келіп кететін түрлі экспедициялар сияқты емес, Маңқыстауға мұнай іздеуге біржолата келгендер еді. Олар жалғыз емес, семьяларын да ала келді. Форт Шевченко қаласының тұрғындары оларды қуана қарсы алып, үй-жайларға орналастырды. Бірақ түзге үйренген барлаушылар көп кешікпей-ақ Түбежіктен өздеріне үй салып алды. Олардың ішінде байырғы бұрғышылар Ғазиз Абдразақов, Көшкінбай Қалиев, Қанзиба Есмурзина, Шолтыр Жұбатқанов бар болатын. Сол жылы олар Түбежікке, кейін Қарасазтаспасқа бұрғы станоктарын орнатты. Ленинград экспедициясы бұл уақытта Бозашы мен Қарасазтаспас, Құйылыс алаңдарын және Қарағия ойпатын жан-жақты барлауда еді. Алдын ала зерттеудің бәрі мұнайды Маңқыстаудың екі бөлегінен — Бозашы мен Оңтүстік Маңқыстаудың қырлығынан іздеу керек деген тұжырымға әкеліп тіреді.

Маңқыстаудың көптен аңсап күткен күні де туды. СССР Мұнай өнеркәсібі өндіру министрлігі 1957 жылдың бас кезінде Маңқыстауда мұнай, газ барлау тресін ұйымдастырды.

Жаңа құрылған трестің бастығы Орынбай Бердіғожин бір топ инженерлермен бірге сонау Құлсарыдан Маңқыстауға автомашинамен ара жолға бес қонып, Опорная—Бейнеу—Уәлі, Манат—Жармыш—Шетпе—Таушық—Түбежік маршрутымен Форт Шевченкоға келді. Бұл болашақ үлкен көштің трассасы еді.»

Трестің штабы апрельден жұмыс істей бастады. Оның құрамына «Казнефтеразведка» тресінің Маңқыстаудағы экспедициясы, топографиялық геодезия партиясы, структура іздестіру және картировкалық бұрғылау партиялары, тағы басқа өндірістік буындар енді. Қазақстан мұнай бірлестігі, облыстық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық Советінің атқару комитеті Маңқыстауға мамандарды ұйымдасқан түрде жіберуді өз бақылауына алып, жаңа өлкені игеру ісіне бастапқы кезден-ақ көп қамқорлық көрсетті.Маңқыстау мұнай, газ барлау тресі басқарушысының орынбасары болып Борис Иванович Баранов, бас инженер болып Бағытжан Есенғалиев, бас геолог болып Валентин Петрович Токарев, бас механик болып Жақу Алиев тағайындалды. Структура іздестіру партиясы (бастығы Қамысбай Мырзағалиев), картировкалық бұрғылау партиясы (бастығы Петр Егорович Корсунь), топогеодезия партиясы (бастығы Владимир Солодов) трестің қарамағына берілді. Қазіргі Жетібай мұнай барлау экспедициясының бастығы Хасан Тәжиев ол кезде Түбежік разведкасының аға инженері болатын.

1958 жылдың февралында Маңқыстауға Ембінің Салық Рысқалиев, Константин Бураков бастаған екі бұрғылау бригадасы келді. Бураковтың бригадасы Түбежікте қалды да, Рысқалиевтың бригадасы Бозашыға барды.

1958 жылдың жазында, Қызанда алғашқы скважинаны қазу басталды. Салық Рысқалиевтің бригадасында Михаил Кулебякин, Төреғали Қадыров, Жолдас Тоқжанов, Александр Александров, Николай Шамрай және тағы басқа тәжірибесі аз жастар болды. Оның үстіне бұлармен іргелес жұмыс істеген Төлеген Құрмановтың бригадасына адам жетіспеді. Барлаушыларға аудан жастары көмекке келді. Шахта орта мектебін бітірген 30 жас жігіт Қызанға келіп жұмысқа орналасты.

«Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, жастар тезінен ақ қатарға ілесіп кетті. Разведканың аға инженері Хасан Тәжиев кешке бұрғылау жұмысының теориясын үйретсе, Салық Рысқалиевтің мұнарасында олар практикадан өтті. Олардың көпшілігі — С.Озғанбаев, М.Асатов, Ш.Айтжанов, М. Матаев және басқалар бұрғышы мамандығына ие болды.

Қызанда 1958 жылдың аяғына дейін 6 скважина қазылды. Ермағанбет алаңындағы № 3 скважинаның 2100 метр тереңдігінен мұнай сіңген топырақ жынысы көтерілді.

Түбежіктегі Бураковтың бригадасы да іске кірісті. Жаңа алаңдар іздестіру мақсатында структуралық бұрғылаудың көлемі де ұлғая түсті. Бұрғылау жұмысының бірте-бірте шығысқа қарай ығысып бара жатқанын ескеріп, трест Таушықта Маңқыстау терең бұрғылау конторын ұйымдастырды. Структура іздестіру партиясы Жетібай алаңына орналастырылды.

Алайда, материалдың базадан қашықта, геологиялық құрылымы белгісіз жаңа ауданда жүргізілген бұрғылау жұмысы тез арада алға басып кете алмады. Қажетті техниканың ескірген бөлшектерін алмастыратын запас бөлшектер жетіспеді, оны жөндеу үшін сонау Қызаннан Форт Шевченкоға, одан әрі Гурьевке жөнелту қажет болды. Қазақстан мұнай бірлестігі мұнайлы ауданнан жырақтағы бұрғылау жұмыстарына жеткілікті басшылық ете алмады. Сондықтан да Маңқыстау сияқты кең көлемді тың ауданды жан-жақты зерттеу ісі мамандандырылған ұйымдардың қарамағына беру дұрыс деп табылды. Сөйтіп, Маңқыстау мұнай-газ барлау тресі Қазақ ССР Геология және кенқорғау министрлігі- нің қарамағына берілді.

Трестің басшысы Халел Өзбекхалиев пен бас инженері Асабай Хисметовтың алдына барлау-бұрғылау жұмыстарына жаңа бағыт беру, бұрғылаудың тиімділігін арттыру, сөйтіп, Маңқыстауда бар екені анық, бірақ әлі де болса табылмай отырған мұнай мен газ кен орындарын ашу міндеті қойылды.

Бір шеті Бозашыдағы Қызанда, екіншісі Түбежік — Қошанайда, енді біреуі сонау Жетібайда жүріп жатқан барлау жұмыстарының қайсысы тиімді?

Оларды материалдың жағынан жабдықтау мәселесі талай талқыға түсті. Соның нәтижесінде бұрғылау жабдықтары бұрынғыдай Гурьевтен емес, қысы-жазы мұз қатпайтын Макачкала порты арқылы жеткізілетін болды. Қолда бар техниканы тиімді пайдалана отырып, енді мұнай, газ жөнінде перспективасы бар алаңдардың бірінен өндірістік мұнай көзін ашу қажет еді. Өйткені түбектегі барлау жұмысына күрделі қаржы бөлу ең алдымен осыған байланысты болды.

Қызан алаңындағы жобалы тереңдікке жеткен скважинадан сынау кезінде (2200 метр тереңнен) жылғалап аққан мұнай қоры одан өндіріс ашуға жеткіліксіз болды. Түбежік алаңының төменгі Бор қабаттарынан да мұнай қатпарлары табылды. Бірақ ол салмағы ауыр, смоласы көп, өндіріске пайдасы аз кен орны болып шықты. Ендігі таңдау Жетібай мен Өзенге түсті. Сөйтіп, Қызандағы барлаушылар Жетібайға, Түбежіктегі барлаушылар Өзенге көшті...

Барлаушылар келе жатқан осы Жетібай туралы халықта мынадай аңыз бар. Бір замандарда үлкен жұт болып, ел жоқшылыққа ұшырайды. Тігерден қалған тұяққа мініп жеті жігіт қазіргі Жетібай сайына келіп паналайды. Сайдың құнарлы мал жайылымы мен суы мол құдығы ағайынды жетеудің біраздан кейін баюына көмегі тиеді. Бұл жерде қазір сол жеті байдың моласы, жеті құдығы да бар.

Жетібайдың байлығы тізеден өсетін жусан, алабота, еркек шөп және т. с. ғана емес екенін барлаушылар жақсы білді. Он бес тракторға жүк болып келген «Гулливер»—«Уралмаш—ЗД» қондырғысы терең қазылатын скважинаның үстіне монтаждалды. Сөйтіп бұрғылау, зерттеу жұмысы ілгері жалғастырылды. Жетібайдағы өнім беруі мүмкін қабаттардың структуралық картасы жасалды. Енді сол тереңдікте не бар, мұнай мен газ ба, әлде бос қуыс па? Мұны терең скважина қазбай білу мүмкін емес еді.

Маңқыстау сияқты ұлан байтақ даланың байлығын бір скважинамен бұрғылап іздеу инемен құдық қазғанмен бірдей. Осындай он, жиырма скважина әдетте барланып отырған алаңның қабаттары мен оның геологиялық құрылымдары туралы кейбір ғана мәліметтер бере алады. Оның топырақ жыныстарын зерттей отырып, геологтар бұрғылаудың қажетті параметрлерін таңдап алады, қайсы горизонттың қай тұста кездесетінін біледі, сөйтіп мұнай мен газды қалайда тез табудың жолдарын іздестіреді.

Кейде жаңа алаңға орнатылған бірінші скважинаның өзінен-ақ фонтан атқылауы мүмкін. Ал кейде бір емес, 7-8 скважина қазылса да мақсат орындалмайды. Бірақ бұл геологтарға мұнай мен газды енді қайсы бағыттан іздеуге болатынын көрсетіп береді.

Бұрғылау айтуға ғана жеңіл. Тек бір скважинаны қазып шығудың өзі қаншалықты күшке түседі десеңізші!..

Әне, биіктігі елу метр бірінші мұнараның дизель моторы қара жерді күңірентіп, тынымсыз жұмыс істеуде. Айнала көк түтін. Біреудің даусын біреу есітіп болар емес. Соған қарамастан бұрғышылар бір-бірін ыммен-ақ түсіне береді. Әсіресе бұрғылау жүріп жатқанда әрқайсысында 400 аттың күші бар двигательдер қатар жұмыс істеп тұрғанда осы мұнара бейне бір космосқа ұшқалы тұрған ракетаға ұқсайды...

Жетібайда тұңғыш рет жұмысқа кіріскен осы скважинаның тағдыры барлығын да толғандыратын тәрізді. Трестің бас геологі Валентин Токарев те, бұрғышы мастер Иван Кузнецов та, бұрғышылар Көшкінбай Кулиев, Әбіл Жақсымбетов та осы жерде.

Пультте — Көшкінбай Қалиев. Болат бұрғы зыр қағып, жер қойнына бойлап барады. «Скважина не көрсетеді, нендей жаңалық ашады?» Трестегі, разведкадағы үлкенді-кішінің көз тіккені осы. Ал бұрғышылар аса сақтықпен қимылдауда, өйткені бұрғылау жұмысы техникалық нарядқа сай болмай, сәл мүлт кетсе, оған жұмсалған мыңдаған сом қаржы, соншалықты еңбек зая кетуі мүмкін.

Форт Шевченкодан 300, Ембіден 700 километр қашықта жатқан Жетібайдағы бірінші скважинаны қазудың өзі шынында да оңайға түспеді. Запас бөлшектер жетіспеді, бұрғылау ерітінділері талапқа сай болмады. Осының салдарынан скважинаны бұрғылау жарты жылға созылды. Скважина забойы 2515 метрге жетіп тоқтады. Су жетпей, бұрғылау ерітіндісінің сапасы кеміп, скважинаның жақтаулары құлап, бұрғылау құралдарын тұтып қалды. Сөйтіп, скважинаны онан әрі қазу мүмкін болмады. Соның өзінде болат бұрғы өткен тереңдіктен орта және жоғары Юра қабаттарынан колонкамен шығарылған кенде мұнайдың үлесі күткендегіден асып түсті. Тексеру, зерттеу барысында болат бұрғы 1751-2515 метр аралығынан мұнай, газ шоғырланған ондаған құмды қабаттарға кездесті.

Осының артынша № 2 скважина да қазыла бастады. Мұнда Салық Рысқалиевтің бригадасы жұмыс істеді. 1960 жылдың жазында екінші скважинаның забойы да 2000 метрден асты. Болат бұрғы осы кезде қысымы жоғары газ қабатынан енді ғана өтіп бара жатқан-ды. Газ қысымын басу үшін ерітіндіге араластырып забойға ондаған тонна цемент айдау қажет еді. Бірақ дер кезінде цемент болмады. Ал, барит әкелінген шақта оны забойға айдайтын цементировка агрегаты тағы да болмай шықты. Оны Құлсарыдан әкелгенше скважинаның жақтаулары бұрғыны тұтып қалды. Алайда, скважинаның жоғарғы жағын сынаудан өткізіп, штуцерді 11 миллиметрге қойып, задвижканы ашқанда скважинадан тәулігіне 10 тонна көлемінде қара қошқыл қою мұнай бұлағы ақты.

Алғашқы мұнайдың хабары жер-жерге тез тарады. Жетібай мұнайы құйылған шағын шөлмектер Москваға, Ленинградқа, Алматыға жіберілді.

Алғашқы табыспен қанаттанған барлаушылар бұрғылауды онан әрі жалғастыра берді. № 2 скважинаны қазған Салықтың бригадасы енді № 4 мұнараны монтаждап жатты. Жігер Мұқатов басқарған бригада № 3 скважинаны қазуға кірісті. Түбежікте Константин Бураковтың бригадасында болған инженер бұрғышы Николай Петров Жетібайға келіп, жеке бригаданы басқарды. Оған № 6 скважинаны қазу тапсырылды.

Жетібайдың терең қабаттарынан мұнай шыққан кезде Өзенде бұрғылау жұмысы басталған еді. Мұнда жиырмаға тарта тайыз скважиналар қазылды. Бұрғышы мастер Ғазиз Әбдіразақов қазған К-21 скважинаны сынағанда 800 метр тереңдіктен күшті газ фонтаны атқылады. Сөйтіп Өзен алаңының байлығы да белгілі болды.

Бірақ қандай көлемде, қанша мұнай бар екенін терең скважина қазбай анықтау мүмкін емес еді. Сондықтан геологтар Өзен структурасының ортасынан шаршы бағытпен 10 терең скважина, структура көлемін әлі де анықтай түсу үшін 11 тайыз скважина бұрғылауды ұйғарды. Сөйтіп бір-бірінен 80 километр жерде орналасқан Өзен мен Жетібайда терең бұрғылау басталып кетті. Мұнайдың хабары естілгеннен кейін Жетібайға тұрақты жұмыс істеуге келушілер де көбейе берді. Оларды орналастыру үшін жартылай жер үйлер, мектеп, асхана және 56 орындық жатақхана салынды. Ал 1960 жылы поселкеде амбулатория, байланыс бөлімшесі, жинақ кассасы ашылды. Қоғамдық ұйымдар құрылды.

...1961 жылғы 5 июль. Жетібайдағы № 6 скважинаның 2600 метр забойына колонна жіберіп, сынауға дайындық жүріп жатты. Забойдың қысымы күшті болды. Сондықтан бұрғышылар труба түсіруде өте сақтықпен қимылдады. Таңертеңгі сағат төртте жер астынан ысылдаған дыбыс естілгендей болды. Соның артынша ол гүрілге, ысқырыққа, құлақ тұндырарлық жаңғырыққа айналды. Скважинадан аспанға атқан қара қошқыл сұйық зат көзді ашып жұмғанша ондаған задвижкамен құрсауланған арматураны жұлып әкетті. Газ, су аралас мұнай фонтаны биіктігі 50 метр мұнараны жуып, бұрғылау алаңында сел болып ақты. Сәл ұшқын шықса болғаны апатты өрт басталуы мүмкін еді.

Мұнай күркіреуі жеті километрдегі поселкеге де естілді. Елең-алаңда машиналысы, жаяуы бар барлаушылар, оқу жасындағы балаларға дейін фонтан атып жатқан скважинаға қарай ағылды. Бірақ олар мұнараға жақындай алмады.

Құрсаудан босанып кеткен фонтанды матап, ырыққа көндіру үшін арнайы бригада құрылды. Оны трестің бас инженері Асабай Хисметов басқарды. Бригада мүшелері мастер Николай Петров, разведка бастығы Дүйсен Үсенов, бұрғышылар Бисенғали Бажиков, инженер Хасан Тәжиев және басқалар үстеріне су өтпейтін резин халат, қолдарына қолғап, бастарына противогаз, темір каска киіп, бірнеше топқа бөлінді де, нөсерлі фонтанның астында арматураны қайта орнату үшін қауырт қимыл жасады. Ыстық мұнай киімнен өтіп, денені қарыды. Әрбір топ ыстық мұнайдың астында 5 минуттан артық бола алмады. Олар алма-кезек ауысып отырды. Осылайша фонтанмен күрес үш күнге созылды. Москваға, Ленинградқа, Алматыға, Гурьевке телеграммалар кетті. Жергілікті партия, совет ұйымдарының басшылары, Маңқыстау мұнай-газ барлау тресінің инженерлері осында болды. Тек төртінші күні дегенде ғана скважина аузына қуатты жаңа арматура орнатылды.

Мұнай сұрапылын тоқтатуда Николай Петров, Оңғар Қабжанов, Сайлаубай Ысмағұлов, Қайып Азанбаев, Қантөре Қуанышбаев, Қадір Қожахметов, Әбіл Жақсымбетов, Мұқтар Ерғалиев, Найзабек Толтырбаев, Төлесін Өмірбаев, Үрістем Жүзбаев және тағы басқа жігіттер ерекше ерлік көрсетті.

Жетібайдағы мұнай фонтаны Маңқыстау барлаушылары мен бүкіл еңбекшілері үшін зор қуаныш болды. Мұның өзі Оңтүстік Маңқыстау мұнай, газ провинциясының өмірге келуінің бастамасы еді.

Міне, осыдан бастап «Жетібай», «Маңқыстау» деген сездер ел аузында жиі айтыла бастады, ол жиындарда, жоспарлаушы орындарда, тіпті екі адам бас қосқан жерде де әңгіменің басты тақырыбына айналды. Алғашқы фонтаннан кейін бұрғылау қарқыны да арта түсті. Бұрғышылардың көңіл күйі де жадырап сала берді. Тіпті «Маңқыстаудың ой-шұңқыры таусылмас, бар болса мұнайы қайда?» деп торығушылар да енді жұмысқа белсене кірісті. Барлау алаңына басшылықты жақындату мақсатында Маңқыстау мұнай-газ барлау тресі Ералиев поселкесіне көшіп келді. Теңіз жағасына бұрғылау жүктерін түсіретін, кеме қабылдайтын причал тұрғызылды, материалдық жабдықтау базасы біраз жақсара бастады. Доссордағы автотранспорт конторы, Мақатбұрғылау конторы Маңқыстауға көшіп келді.

Бірінші фонтан Жетібай мұнайының қандай тереңдікте жатқанын көрсетіп берді. Енді осы тереңдікте бір емес, он, жүз скважина қазып, жүз жерден мұнай бұлағын ағызу қажет. Ол үшін ең алдымен Жетібайдың үш километр тереңде жатқан байлығының көлемін анықтау керек.

1962 жылдың октябрінде Жетібайдағы мұнай алаңында 12 мың метр проходка қазылды. Бұрғылаудың барысында алынған мәліметтерді зерттеу — бұл өңірде өнімді горизонттар негізінен екі қабатта: Юра және төменгі Бор қабаттарында, жалпы қалыңдығы 900 метр топыраққа сіңіп жатқаны, мұнайдың 15 горизонт төңірегіне шоғырланғаны белгілі болды. Осылайша бірінің үстіне бірі шөгіп, ондаған горизонт, жүздеген қабат болып жатқан орасан мол байлықты қысқа мерзімде қалай есептеп шығуға болады? Егер әрбір қабатқа өз алдына бөлек скважина қазатын болса, оған қанша уақыт кетеді?

Батыс Қазақстан геология басқармасының бас геологі Нарен Орынбайұлы Имашев пен трестің геологі Валентин Петрович Токаревтің ұсынысы бойынша Жетібайдың 15 горизонты үш жеке блокқа бөлініп бұрғыланды. Мәселен, бірінші блоктағы 15-20 скважина жоғарғы бес горизонттың, екінші топтағылары — ортадағы, үшіншілері — төмендегі горизонттардың мұнай қорын анықтады.

Бұл кезде Өзенде де барлау жұмысы қызу жүріп жатқан болатын. Оның мұнай мен газ жатқан өнімді қабаттары Жетібайға қарағанда екі есеге жуық тайыз еді. Пайдалы кеннің жер үстіне жақын жатқаны бұрғылауды тез қарқынмен жүргізуге мүмкіндік берді. Бірақ алғашқы келген барлаушыларға Өзен де жақсы шырай білдіре қоймады.

...Қоңыр күз. Оңтүстік-шығыстан ышқына соққан ызғырық жел бір толастамайды. Жерден көтерілген шаң, аспандағы жөңкіле көшкен бұлтпен ұласып, осынау онсыз да сүреңсіз даланы көріксіздендіре түскендей. Қияда ұшқан қара құс пен анда-санда ін аузынан жылт етіп көрініп қалатын атжалман болмаса, мұнда тіршілік нышаны байқалмайды...

Міне, алғашқы барлаушыларды Өзен осындай көріністерімен қарсы алды.

Өзенге құрал-жабдық, азық-түлік барлығы да 400 километрдегі Форт Шевченкодан жеткізілді. Сәл ғана жаңбыр бүркіп өтсе лайсаң болып, аяң алып жүргізбеді. Төңірек шың, Борлыторым маңындағы құдықтардан тасылып әкелінген су жетпеді. Мұнда да барлаушылар өзара бірлесіп, таудың бұйра тастарын жинап, пәтер тұрғызды.

1961 жылы мұнда 2500 метр жобалы тереңдікке салынған № 1 скважинаны бұрғылау 1450 метр забойда тоқтатылды. Өйткені бұрғылау барысында қабаттың қысымы шұғыл өсіп кетті. Бұл үлкен мұнайдың нышаны еді. Енді скважинаны сынап көру керек. Күні бұрын дайындық жасалды. Задвижкаға труба жалғанып, ол мұнараның жанындағы қазан шұңқырға жеткізілді. Сөйтіп колонна бойымен жоғары шапшыған мұнай Жетібайдағы сияқты өз бетімен кеткен жоқ. Мұнайдың қысым күші штуцер арқылы есептелді. 7 миллиметрлік штуцермен, иненің жасуындай саңлаудан сыртқа шапшыған мұнай жинала келе бір тәулікте 80 тоннаға жетті...

1962 жылы Өзенде барлығы 14 скважина бұрғыланды. Бұдан алынған мәліметтер мұнайдың негізгі бөлегі 1450 метрден жоғары 105 қабаттар мен қатпарларға шөгіп жатқанын көрсетті. Әрбір қабаттың қалыңдығы 10-20 метр екені белгілі болды. 22 горизонттың жоғарғы 10 горизонты табиғи газ да, төменгі 12 горизонты мұнай болып шықты.

1963 жылдың аяң кезінде Өзен алаңындағы мұнай, газ қоры есептелді және оны сол жылы Мемлекеттік жер байлықтарының қорын белгілеу жөніндегі мемлекеттік комитет қарап бекітті. Кен орнының мұнай қоры мұнымен шектелмейді, мұнай өндіру кезінде де барлау жұмыстарын онан әрі жүргізе беруге болады деген тоқтамға келді. Ал 1964 жылдың апрелінде Қазақ ССР Министрлер Советі Өзен алаңын барлаушылардан пайдалануға қабылдап, онда мұнай өндірісін ұйымдастыруды Қазақстан мұнай бірлестігіне жүктеді. Сөйтіп Маңқыстаудың ой-қырын шарлап мұнай іздеген барлаушылардың көп жылғы еңбегі еселеп қайтты.

... Маңқыстаудың асыл қазынасын іздеген барлаушылар түбектің батыс ауданы — Түбежік пен Қызанға келіп түскенде, осы өлкені игерушілердің екінші тобы Түрікменстаннан аттанды. Ол 1958 жылдың декабрі еді.

Красноводск қаласынан жиырма автомашина мен шыққан құрылысшылар жетінші күн дегенде Қолтық мүйісіне келіп тоқтады. Бұл Маңқыстаудың жаңа ғана ашылған ен байлығын игерушілерге қала салып беруге келгендер еді. Құрылысшылар қыстың қақаған аязды күндерінде палаткаға орналасып, ең алдымен өздеріне жартылай жер пәтер тұрғызды. Азық-түлік сақтайтын қойма, жанар, жағар май қоятын орын, жатақхана салды. Құрылыс материалдарын қоятын сарай тұрғызды. Көктем шыға құрылысшылардың саны да көбейе түсті. Құрылыс материалдары жеткізілді. Бірақ жаңа қала салынып жатқан жердегі теңіз жағасында кеме тоқтайтын орын болмай, құрылыс материалдарын сонау Форт Шевченкодан тасуға тура келді. Сондықтан да қазіргі Ақтау порты тұрған теңіз жағасына жүк әкелген темір баржа батырылып, ол уақытша кеме тоқтайтын орынға айналдырылды. Осының артынша құрылыс материалдарын тиеген кемелер. тікелей Қолтық мүйісіне келіп тоқтайтын болды.

Қазіргі қала ортасындағы «Пионерная» автобус аялдамасы маңында бір этажды, екі этажды құрастырмалы ағаш үйлер тұрғызылды. Сөйтіп, бұл үйлер болашақта кең өріс алатын үлкен қала құрылысының алғашқы «пионерлері» болды. Құрылыс ерітіндісін дайындайтын торап, дизельді электр станциясы іске қосылды.

Ал өнерпаз жастар жұмысқа ерте барып, кеш қайтып жүрсе де сауықтан қалмады. Өздерінің көркем-өнерпаздар үйірмесін құрды, Комсомолдың сембіліктер ұйымдастырып, клуб, теңіз жағасына жазғы кинотеатр, стадион салып алды. Жазғы театр маңына Тарас Шевченконың бағынан әкелінген өрімдей жас ағаштар отырғызды.

Алғашқы кезден бастап-ақ құрылысшылар су тапшылығын көрді. Жақын жердегі құдықтардың суы ащы болды. Басқа амал қалмағанда олар тамақты осы суға тұз салмай пісірді. Поселкенің сыртынан скважина қазылып, литрінде үш грамм тұзы бар қышқылтым су шығарылды. Ол Форт Шевченкодан әкелінген тұщы сумен араластырылып кәдеге жаратылды.

Құрылысшыларға ғалымдар көмекке келді. Теңіз суын тұщылау тәжірибелік қондырғының құрылысы басталды. Дизельді моторлар поселкені электр жарығымен қамтамасыз ете алмады. Құрылыс материалдар жетіспей отырғанда, үйлерді жылыту үшін көмір, мазут жағу керек болды. Осы кезде поселкенің сыртынан электр жылу орталығының құрылысы басталды.

Тәжірибелік су тұщылау қондырғысының қызметі әдеттегіден күрделірек болып шықты. Теңізден насоспен тартылып алынған ащы су қондырғының қазандарында қайнатылып, буға айналдырылды. Бу суытылғаннан кейін ол барлық тұзынан айырылған дистиллат болып шықты. Әрине, бұл күйінде машинаға болмаса, ішуге жарамайды. Поселкенің сыртынан қазылған скважиналардың суына труба төселіп, су тұщылау қондырғысына әкелінді. Тұзынан айырылған теңіз суы мен жер астының суы арнаулы ауыз су даярлайтын цехта бір бірімен араластырылып, ішуге жарайтын кондицияға жеткізілді.

Әрине, теңіз суын тұщылау қондырғысы жаңалық емес еді. Қазір мұндай қондырғы жер жүзінің 40-қа тарта мемлекетінде жұмыс істейді. Шетелдерде, әсіресе Таяу Шығыс пен Африкада теңіз суын тұщылау өте қымбатқа түсуде. Буға айналдыру үшін теңіз суын қайнатқанда қазандардың ішкі жақтауларына тотық тұрып, қалыңдай береді. Сөйтіп қондырғы істен шығады. Сондықтан су тұщылау циклінің барлығы қайтадан басталады.

Совет ғалымдары теңіз суын қазан жақтауларын тотықтырмай қайнатудың жаңа әдісін, жаңа технологиясын тапты. Бұл бүкіл дүние жүзі ғалымдарының назарын аударды. Коммунистік партия мен Совет үкіметі теңіз суын тұщылау қондырғысын тұрғызып, тамаша жетістікке ие болған бір топ инженерлерге Лениндік сыйлықтық лауреаты атағын берді.

Маңқыстаудағы қондырғы қазір тәулігіне 5 мың текше метр су береді. Бұл болашақ қаланың тұрғындары ғана емес, жаңын маңдағы елді пункттерді, барлаушыларды, Жетібай, Өзен, Ералиев поселкелерін де сумен қамтамасыз етеді.

Қала бірте-бірте ұлғая түсті. Құрылыстың кең қанат жаюына мүмкіндік беретін, үй қабырғасына пайдаланылатын құрылыс материалдары да (ұлутас) қала іргесінен табылды. Құрылысшылар таудың бет жағындағы бос жыныстарды аршып тастап, тас кесуге кірісті. Электр линиясы тартылып, ұлутасты тілетін комбайн орнатылды. Сөйтіп көлемді блоктар орталықтағы екі, үш және төрт этажды үйлерді салуға пайдаланыла бастады. Егер бұл болмаса қабырғалық материалды теңіздің арғы бетінен тасуға тура келетін еді.

Құлазыған далада қала тұрғызу жастардан қыруар еңбекті қажет етті. Комсомолдар ең алдымен қаланы көгалдандыруды қолға алды. Көшелерге жаппай ағаш отырғызылды. Теңіз жағасындағы жазғы кинотеатр маңына отырғызылған жас баққа құбырмен су жеткізілді. Қазір бұл жер қала тұрғындары тынығатын сүйікті орындардың біріне айналды.

1963 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы мен жаңа қала Шевченко деп аталды. Қалалық партия, Совет және басқа да қоғамдық, әкімшілік ұйымдар құрылды. Маңқыстау жеріндегі геологиялық барлау және басқа өндіріс орындары енді Шевченкоға қарайтын болды. Сөйтіп, Шевченко қаласы түбектің орталығына айналды. Қазір қалада Қазақстан мұнай бірлестігі, Маңқыстау мұнай, газ құрылыс трест, автомобиль тасымал тресі жұмыс істейді. Мамандандырылған құрылыс басқармасы Шевченко қаласын арнаулы құрылыс жобасы бойынша салуды кең көлемде жүргізіп келеді. Сөйтіп, бұйра толқынды кәрі Каспийдің жағасына салынған жас қала күн сайын көріктене түсуде. Шағаладай аппақ зәулім үйлер мәңгі ұйқыдан оянған арудың мойнына таққан алтын алқасы тәрізді. Әсіресе түнге қарай қалада Ильич шамдары самаладай жарқырап, нұрын төгеді. Алыстан көрсең бірінен бірі ұрлана жасырынып, сығалай қарайды. Жер жұлдыздары мен көк жұлдыздары бірін-бірі қошеметтеп, бірінің жарығын бірі толықтыра ымдасып тұрғандай сезіледі.

Шевченко — архитектурасы жағынан қазіргі заманның талабына сай; сусыз түбектің жағдайына бейімделіп, шөлейт далаға көрік беретіндей сәнді, тұрғындарының өнімді еңбек етіп, жақсы тынығуына қолайлы болуы көзделіп салынып жатқан қала. Оның әр пәтеріне ауыз су, ыстың су және техникалық су құбыры жүргізілген.

Қала микроаудандарға бөлініп салынуда. Оның әр қайсысы өз алдына дербес қала сияқты. Өз мектебі, сауда орталығы, кинотеатры, балалар мекемелері, асханасы, кітапханасы, спорт алаңдары және басқа да мәдени орындары бар. Қазір қалада бес микроаудан салынды, алтыншы ауданның құрылысы да аяқталып қалды. Қала құрылысының бірінші кезектегі жобасында 1970 жылы тоғыз микроаудан қатарға қосылмақ. Оларда жүз мыңнан астам халық тұратын болады. Төртінші микроаудандағы жеті және тоғыз этажды үйлерде лифт жұмыс істейді.

Қаладағы өндірістік кәсіпорындар басқармасы құрастырмалы темірбетон конструкцияларын шығаруды меңгерді. Тұтас құйылған бетондармен 7-9 этажды үйлер тұрғызылды. 1968 жылы қалада жылына 75 мың шаршы метр өнім беретін тұрғын үй комбинаты қатарға қосылды.

Шевченкода әрқайсысы 1200 орынды, өзінің асханасы, спорт залы, клубы бар, қазіргі заманғы оқу мебелдерімен, көрнекі құралдармен жабдықталған 7 орта мектеп жұмыс істейді. Олардың бәрінде де оқу бір сменада жүргізіледі. Қалада музыкалық; және жас өспірімдердің спорт мектептері бар. 830 орындың «Юбилейный» кинотеатры өткен жылы қатарға қосылды.

...Ертеде Маңқыстаудың бір бағбаны тұқымы азайып бара жатқан ағаштарды сақтамақ болып, жерлестеріне: «ағаш та адам сияқты. Бір жерін кессең жас ағады. Оған тиюге болмайды, қасиетті өсімдік!» деп жар салған екен. Мүмкін, бұл табиғаты қатал шөлейтті Маңқыстауда әрбір бұта ағашты адам игілігі үшін сақтап қалғысы келгендіктен айтылған да болар. Бірақ Маңқыстау сол қатал шөлейт күйінде қала берді. Алғашқы құрылысшылар келгенде де мұнда көз тоқтатар ештеме болмады. Ал қазір бұл өңір күн санап өзгере түсуде. Қаланың көшелеріндегі, парктегі жасыл желек өрім ағаштар осы жерде мәңгі-бақи бой түзеп тұрған тәрізді.

Түбектің табиғатын өзгертуге Қазақстанның ботаниктері айтарлықтай үлес қосты. Олар Орта Азия мен Қазақстанның түрлі аймақтарында өсетін ағаш тұқымдарын қала сыртындағы питомникке әкеліп отырғызды. Ташкенттен, Душанбеден, Қарағанды мен Бақанастан және тағы басқа жерлерден әкелінген қарағаш, акация, терек, үйеңкі, итмұрын, тұт ағаштары жергілікті табиғатқа тез бейімделіп кетті. Қаланың көшелеріне, пляж маңына, скверлер мен питомникте 30 дан астам ағаштың, 50 ге тарта жыңғыл тектес талдың түрлері өсуде. Көп жылғы шөптер (тау қынасы, бидайық, беде, жоңышқа) ағаш арасында жасыл кілемдей құлпырады.

Тұщы сумен суарылып, тыңайтқыш енгізілген участокта 50-ге тарта гүл сорттары өсіріледі, жеміс ағаштары да бар. Алма, алмұрт, жүзім, абрикос, өрік, шие ағаштары жеміс бере бастады. Жарты гектар гидропоника жыл бойы үзбей помидор, қияр, қызылша, пияз, капуста береді.

Бұл өңірдің осылай өзгеруі, гүл жайнап, жеміс ағаштарының мәуелеуі — адам күшімен, ақыл-ой парасатымен қатар, судың құдіреті. Сондықтан Совет үкіметі түбекте су мәселесін ойдағыдай шешу ісіне зор көңіл бөлді. Алғашқы кезде барлаушыларға қажетті судың өзі 70—80 километр жерден (Жарма мен Сауысқан құмынан) машинамен тасылды. Басқа жердегілерді айтпағанда, тек Жетібай мен Өзен халқының суға деген мұқтажын жартылай өтегеннің өзінде бір жылда 600 мың сом мемлекет қаржысы жұмсалды.

Сондықтан да 1962 жылы СССР Министрлер Советі Оңтүстік Маңқыстаудың барлаушылары мен болашақ ашылатын мұнай өндірістерін тұщы сумен қамтамасыз етуге бағытталған барлау жұмыстарын күшейту туралы тиісті шара қолданды. Бұл шара бойынша су барлаушыларына 1963-1964 жылдар ішінде тәулігіне 5 мың текше метр, 1965 жылы 10 мың текше метр тұщы су бере алатын жергілікті су көздерін іздеп табу міндеті жүктелді. Барлаушылар тайыз қабатта үлкен мөлдір су линзаларын сақтай алатын жерлерді, мәселен, Бостанқұм, Басқұдық, Сауысқан, Түйесуқұм аудандарын барлауға шықты. Олар сауысқан құмында тұщы су көзін 30 метр, тіпті одан да жоғары қабатта жатқанын, қабаттардың қалыңдығы кей жерлерде 10-15 метрге дейін баратынын, егер бір-бірінен қашықтығы 1 километр 40-50 скважина қаза қалғанда, ол арадан тәулігіне кем дегенде 7 мың текше метр, су алуға болатынын анықтады. Ал Түйесу құмының жалпы ұзындығы 50 километрге созылған құмды алқабынан тәулігіне 12 мың текше метр тұщы су алуға болатыны анықталды.

Көп кешікпей Сауысқан құмына су құбыры тартылды, бір қабат құмның арасына 5 мың тонна су сақтайтын резервуар тұрғызылды. Сөйтіп 1965 жылдың көктемінде су Сауысқаннан 50 километр жердегі Өзенге келді. 1968 жылы екінші су құбыры іске қосылды. Бұл құбырлар қазіргі кезде Өзенге тәулік сайын 2 мың текше метр су жеткізеді. Өзеннен 45 километрдегі Түйесу құмынан су өндіретін скважиналар қазу жұмысы басталды.

Маңқыстау гидрогеология экспедициясының бас геологі Аяш Көгешев: «бұл құмдардағы су қорының жылма жылғы жауынмен толығып отыратынын ескергенде, Маңқыстаудың жер астындағы су қоры ешуақытта таусылмайды»,– дейді.

Бірақ бұл табылған сулар құмды алқаптардың бойынан ғана кездесіп отыр. Оларға жеке-жеке құбыр жүргізіп, бір орталыққа жинақтау көп уақытты, мол қаражатты қажет ететіні сөзсіз. Оның үстіне қаулап өсіп бара жатқан өндіріс тәулік сайын оншақты емес, жүздеген мың текше метр суды керек етеді. Күні ертең-ақ мұнайлы қабатқа миллиондаған текше метр су айдау керек болады, халықтың саны көбейеді...

Түбектің мұнай өндірісін дамыту жөніндегі техникалық-экономикалық байымдауларда мұнайшыларды Волга өзенінің суымен қамтамасыз етудің де жаңа варианттары енгізілген. Ғалымдарымыз бұл суды ұзындығы 200 километр құбыр арқылы Каспий теңізінің астымен Астраханнан Форт Шевченкоға, одан Шевченко қаласына, Жетібай мен Өзенге жеткізуді ұсынады. Түбек тұрғындары осы құбыр арқылы тәулігіне ондаған мың текше метр су алып тұратын болады. Оның құрылысы келесі бесжылдықта басталмақшы.

Маңқыстауды сумен қамтамасыз ету мұнымен шектеліп қоймайды. Теңіз суын тұщылау әдісі үнемі жетілдіріле беріледі. Салынып жатқан атом реакторы қатарға қосылғанда ол түбекті электр қуатымен және тәулігіне ондаған мың текше метр ауыз суымен қамтамасыз етеді.

... 1964 жыл. Ұзындығы 704 километр Мақат — Ақтау темір жолы іске қосылды. Маңқыстаудың меңіреу даласына болат жолды төсеп, жойқын тепловоздарға өмір күшін шерттіру үшін темір жол құрылысшылары орасан зор жұмыстар атқарды. Жол астына 20 миллион текше метр топырақ төгілді, 300 ден астам көпір, пролеттер салынды, жол бойымен жоғары кернеулі электр линиясы тартылып, әрбір станцияда теміржолшылар поселкесі, оларда он алты пәтерлі екі этажды үйлер, балалар бақшасы, мектеп, клуб, дәрігерлік пункт, өндірістік объектілер салынды. Қарақұм, Сам жайлауындағы малшылар бұрын колхоз бен аудан орталығына араға төрт-бес қонып келетін болса, енді оларға үш-төрт сағат та жеткілікті.

Бейнеу — бұрын Маңқыстау мен Жем бойының аралығында жүретін жолаушының көлік тынықтырып, демалатын бекеті, Самғаға, Үстіртке, Бозашыға, Шетпеге баратын көп жолдың түйіскен торабы болған. Міне, енді темір жол салынуымен Бейнеудің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені Бейнеуден Қоңыратқа темір жол тартылды. Орта Азия—Орталық газ құбыры да осы Бейнеуді басып өтті. Шевченко қаласынан 150 километр жердегі Өзеннен мол мұнай қоры ашылуымен байланысты, бұл екі араға да темір жол салынды. Көптеген қыр қазағы теміржолшы, жол жөндеуші, күтуші және т.с.болып жұмысқа тұрды. Олар бұрынғыдай киіз үйде емес, ішінде ыссы, салқын суы, канализациясы бар, электр нұры төгілген әсем үйлерде тұрады.

1964 жылдың апрелінде Өзен мұнай кәсіпшілік басқармасы құрылды. Оған еліміздің мұнайлы аудандарынан, ірі қалаларынан білімді мамандар шақырылды.

Кәсіпшіліктің басқармасы Өзен мұнай барлау экспедициясынан сынаудан өткен скважиналарды қабылдап алды. Көп кешікпей Татарияға, Азербайжанға, Ембі мен Түрікменстанға кеткен шақыру қағаздардан жауап та келе бастады. Август айында Ембіден Егеубай Сексенбаев, Әбубәкір Назарымбетов, Бөлек Жұбанов, Кемелхан Нұрмұханов, Меңдіғали Аманбаев, Балжан Қорқытов, Омар Бисалиев және мұнай өндірудің тағы басқа саңлақтары келіп жеке бригада құрды.

Бұлардан хан мұнайшылардың тағы бір тобы келді. Олар бакуліктер еді. Байырғы мұнайшылар Совет Одағындағы ең терең ойпат — Қарақияны көріп, Каспий теңізі ұлы мұхит деңгейінен 26 метр төмен болса, теңіз деңгейінен 132 метр төмен жатқанын, осы ойпатта ашылып отырған мұнай өндірісінің еліміз экономикасын онан әрі арттыра түсуге үлкен үлес қосатынын, оны тез игеріп, ел игілігіне жарату қажет болып отырғанын жақсы білді.

Осылардың ізінше Түрікменстанның Небит-Даг мұнайшыларының өкілдері — Қылыш Мақамбетов, Фирдауси Қыстаубаев, Ізтұрған Найзабеков және тағы басқалар келіп жұмысқа кірісті.

Мұнайшылар поселкесі салынатын алаңға СССР Газ өнеркәсібі министрлігінің «Южгазпроводстрой» тресінің бір топ құрылысшылары өз автобазасы, өздерінің вагон-пәтерлерімен көшіп келді де, құрастырмалы блоктардан бірінші жатақхананы тұрғызды. Ол алғашқы кезде тек жатақхана емес, сонымен қатар мұнай басқармасының кеңсесі де, қажет нәрселерді сақтайтын қоймасы да, асханасы да, жиналыс өткізетін клубы да болды. Өзен поселкесі қазір 42 ұлттың 20 мыңнан астам өкілі тұратын мұнайшылар мен бұрғышылардың, құрылысшылар мен интеллигенттердің жасыл желекке бөленген сәнді қалашығына айналып келеді. Поселке көшелеріне асфальт төселген. Қырымнан, Кавказдан, Алматы мен Ташкенттен әкелінген жас көшеттер бой көтеруде.

Жаңа құрылған мұнай өндірісіне қуатты техника мен жабдықтар, маман кадрлар келе бастады. Түрлі трестер, басқармалар құрылып, өндірістік базалар жасалды. Сөйтіп Өзендегі еңбек дүбірі бір толастамай күшейе берді, күрделі істер атқарылып жатты.

1965 жылдың 10 июлі. Бұл көптен күткен күн еді.

Сыртын алюмин сырмен бояған, бес этажды үйдің биіктігіндей алып қазандар мен мұнай цистерналары орнатылған вагондардың төңірегі - адамға лық толған. Жүздерінен қуаныш сезімі байқалады. Оркестр ойнап тұр. Бір кезде цистерналардың қақпағы ашылып, жоғарыдан салбырап тұрған «өңештерден» «қара алтын» сарқырап құйылды. Цистерналардың сыртында «Маңқыстау мұнайы Отанға!», ал тепловоздың алдында: «Маңқыстауды игерушілердің даңқы арта берсін!» деген ұрандар жазылған қызыл маталар желбірейді.

Иә, бұл күні Маңқыстау өмірінің жүрек тебірентерлік тағы бір шежіресі тарих бетіне жазылды. Өзеннің өзегін жарып шыққан «қара алтыны» жаңа ғана төселген болат жолмен Гурьев мұнай айыру заводына жөнелтілді.

Міне, сол күннен бастап мұнай тасқыны толастаған емес. Жер қойнауынан қайнап шыққан «қара алтын» қан тамырындай тартылған құбырлар арқылы орталық қазандарға құйылады да, одан соң вагондарға тиеліп, мұнай өңдеу заводына жіберіледі.

1965 жылы Өзенде бұрғылау конторы құрылды. Татарияның озат бұрғышы мастерлері — Дамир Нұрисламов, Рафанл Муртазин, Николай Беседин, Владимир Сафронов басқарған төрт бригада келді. Олар жыл аяғына дейін 61 мың метр тереңдікті бұрғылап, 50 скважинаны қатарға қосты. Келесі жылы бұрғышылар еңбек қарқынын екі есе арттырып, Өзендегі мұнай бұлағын молайта түсті...

Маңқыстау мұнайының парафинді болуы тасымал жұмысын қиындатты. Өйткені парафин аса құнды химиялық шикізат бола тұрса да, жергілікті жерде мұнай құрамынан айырып алатын өндіріс орны болмағандықтан, оны мұнай өңдейтін заводтарға уақытша қоспа күйінде тасуға тура келуде. Парафиннің салқынға тоңазып, линия бойында, скважина лифтісінде тұрып қалмауы, скважина аузын бітеп тастамауы үшін Татария мұнайшыларының әдісі бойынша скважинаға ішкі жақтауы шынымен көмкерілген арнаулы трубалар орнатылды. Осыған орай Қазақстан мұнай бірлестігінің өндірістік-техникалық базасының қасынан трубалардың ішін шынымен, смоламен, эмальмен көмкеретін арнайы цех ұйымдастырылды.

Маңқыстауда Бүкілодақтың мұнай және газ ғылыми-зерттеу институтының филиалы ашылды. Оның ғалымдары жергілікті мамандармен бірлесе отырып, Өзен кен орнын жеке-жеке блоктарға бөліп пайдалану: екі горизонттың мұнайын бір скважина арқылы өндірудің әдісін жүзеге асыру ұсынылды. Бұл әдісті қолданғанда бұрынғыдай әрбір горизонтқа жеке скважина қазылмайды. Ғалымдар мұнайды тиімді өндірудің тағы бір әдісін: жоғарғы горизонттың газын төменгі горизонттық мұнай қабатына айдап, мұнайды газ қысымымен, газлифт әдісімен жоғары көтеру ісін кеңірек қолға алуды ұсынды. Бұлай етуге де толық мүмкіндік бар.Өзеннің 22 өнімді қабатының жоғарғы он қабаты табиғи газ.

Бұл ретте Өзен кәсіпшілік басқармасының бас геологі Алексей Иванович Осадчийдің мына бір сөзі еске түседі. Мұнай газсыз өмір сүре алмайды. Газ мұнайдан пайда болады. Ал газдың өзі мұнайсыз өмір сүре береді. Өзеннің жоғарғы он горизонтында 6 миллиард текше метр табиғи газ бар. Ал мұнайдың өзіндегі газ да аз емес. Сондықтан таяу жылдарда Өзенде газ айыру заводы салынбақ. Осыдан кейін газдан жоғары сапалы бензин және тағы басқа химиялық өнімдер айырылатын болады.

Адамзат өз тарихында жер астындағы байлықты ешқашан да түгел алып көрген емес. Мұнай да сол сияқты. Кен орнының геологиялық қоры мен онан өндірілетін қор бірдей болмайды. Мұнай өндірісінде осы геологиялық қордың 40-45 проценті алынатын болса, ол жақсы деп есептеледі. Ал қалған 55-60 проценті жер астында қалып қояды. Осы қазынаны сарқа пайдалануға болмай ма?

Бұл бағытта Совет Одағында мұнай өндірудің екінші әдісі, яғни мұнайлы қабаттың қысымын су айдау арқылы арттырып, мұнайды жер үстіне фонтан әдісімен шығару және оны судан айырып алудың тәжірибеде сыналған, тиімді әдісі бар. Бұл әдісті елімізде бірінші болып Ембі мұнайшылары жүзеге асырды. Міне, содан бері СССР-дің ондаған мұнайлы аудандары осы әдісті ойдағыдай қолдануда.

Сондай-ақ солтүстіктегі Ухта мұнай өндірісінде жер астында өндірілмей қалып қойған мұнайды геологиялық шахта әдісімен алу да ойдағыдай нәтиже берді.

Бұл әдіс Қазақстанның Мақат кәсіпшілігінде таяудағы жылдарда жүзеге асырылмақ. Өйткені мұнай бере бастағанына елу жылдан асқан кен орнында геологиялық мұнай қорының үштен бірі ғана өндіріледі. Қалған мұнайды тереңдігі 200—300 метрлік шахта қазу арқылы алу жобаланып отыр. Мамандардың байымдауларына қарағанда, Мақат мұнайының өте жоғары сапалығы оған жұмсалатын шығынды қысқа мерзімде өтеуге мол мүмкіндік береді.

Әрине, Маңқыстау кен орындары үшін шахта қазу қолайлы емес. Мұнда мұнайлы қабатқа су айдаудың өзі де мұнайды неғұрлым көбірек өндіруге мүмкіндік береді. Мәселен, Өзен мұнай алаңында бұл әдісті қолдану арқылы мұнай өндіруді 1 процент қана арттыру жылына миллиондаған тонна өнім алуға мүмкіндік береді. Маңқыстауда осы әдістің өзі ойдағыдай жүргізілетін болса, өнімді 10—15 процент арттыруға болатынын тәжірибе көрсетуде.

Осы мақсатқа жету жолында жер қабатына қанша су айдау керек? Ағып жатқан өзені, шалқып жатқан дариясы жоқ Маңқыстау суды қайдан алмақ?

Түбектің мұнай өндірісін дамытудың «Гипровосток-нефть» ғылыми-зерттеу институты әзірлеген техникалық-экономикалық баяндамасы бар. Онда үш түрлі жоба көрсетілген. Біріншісі бойынша мұнай өндіру 1970 жылы — 10 миллион, 1980 жылы — 45 миллион тоннаға жеткізілмек. Екіншісіне қарағанда 1970 жылы — 15 миллион, 1980 жылы — 60 миллион тонна болмақ. Ал үшіншісінде 1970 жылдың өзінде мұнай өндіру дәрежесін 20 миллион тоннаға, ал 1980 жылы — 80 миллион тоннаға жеткізу көзделген. Қазіргі кезде Маңқыстау мұнайын екінші жобаның негізінде игеру ісі қолға алынып отыр.

Мұны орындауға толық мүмкіндік бар. Себебі, жобадағы онбес миллион тонна мұнайдың 12 миллион тоннасын тек қана Өзеннің өзі береді. Республика мұнай өндірісінің қара шаңырағы — Ембінің мұнайы 1970 жылы 3 миллион тоннаға дейін арттырылады.

Жоғарыда аталған техникалың-экономикалық баяндамада мұнайлы қабатқа су айдау әдісін кеңінен қолданбай тұрып, түбек байлығын тиімді пайдалану мүмкін емес делінген.

Өзен алаңында мұнай өндіру жұмысы жер қабатына су айдаумен қатар жүргізіледі. Жоғарғы горизонттың суы төменгі мұнай қабатына айдалады. Сөйтіп өндірілген мұнайдың орны сумен толтырылады. Әрине, бұған су қажет. Сондықтан бұл проблеманы шешу үшін Өзенге теңіз суын әкелу белгіленді. Мамандардың айтуына қарағанда, қазір Шевченко қаласынан Өзенге қарай тартылып жатқан үлкен құбырмен тәулік сайын 70—80 мың текше метр су келетін болады. Ол арнаулы скважиналармен мұнайлы қабатқа айдалады. Сөйтіп қабаттық қысымын арттыру, мұнайды барынша көп өндіру, қабаттың қатпарларында қалып қоятын мұнай қалдықтарын сумен шайып шығару ісі қамтамасыз етіледі. Қазіргі кезде теңіз суын шығаруға арналған құбырдың құрылысы аяқталып келеді.

Болашақтағы жұмыс бұдан да күрделі. Олардың аумағы мұқият есептелініп, арнаулы жоспарға жазылып қойылған.

Қазір осы идеяларды мұнайшылар өз қолдарымен жүзеге асыруда. Олар қажырлы еңбегімен Маңқыстау мұнайын өмірге әкелді. 1965 жылдың өзінде мемлекетке жаңа салынған темір жолмен 335 мың тонна «қара алтын» жөнелтті.

Өзен мұнайын игеру басталғанда алдымен оның газын Шевченко қаласына беру көзделді. Сөйтіп, екі араға ұзындығы 141 километр құбыр төселді. Бірақ түбекте өндірілген мұнайды темір жолмен қатар, су жолымен де тасымалдау қажет болғандықтан, қазір құбырмен мұнай айдалады.

Маңқыстау мұнайында парафин көп, сондықтан оны құбырмен тасымалдауды жеңілдету үшін трассаның әрбір 25 километріне мұнай қыздыру пештері орнатылды. Осы құбырмен жеткізілген мұнай теңіз жағасына (Жаңа Ақтау порты маңына) орнатылған резервуарларға барып құйылады...

1966 жылы Шевченко қаласы мен Өзен аралығындағы ұзындығы 146 километр асфальтты жол қатарға қосылды. Бұл Маңқыстау тарихында осынша қашықтыққа төселген тұңғыш трасса еді. Осы магистральмен тәулігіне 6 мың автомашина мұнай тасыса, ол елу жылға төтеп береді екен.|.

«Севкавдорстрой» тресінің Маңқыстаудағы құрлысшылары соңғы жылдары Жетібайдағы мұнайшылар мен барлаушылар поселкелеріне, Өзендегі кәсіпшіліктер аралықтарына, Өзен барлаушылар поселкесіне, Өзеннен 15 километрдегі Қарамандыбас мұнай алаңындағы жолдарға асфальт төседі.

Осы жол бойымен электр линиясы тартылған. Ол мұнайшылардың үйлеріне жарық беріп, мұнай өндірісін, сондай-ақ бұрғылау жұмыстарын электр күшімен жүргізуге мүмкіндік туғызды. Шевченко қаласынан тартылған жоғары вольтті электр линиясы Маңқыстау теміржол станциясына, Шетпеге, Құйылысқа жарың берді. Сонымен қатар ауданның «Жаңа жол», Ленин атындағы колхоздары да электр қуатымен қамтамасыз етілді. Сөйтіп Маңқыстауда алғашқы кен орны ашылған кезгімен салыстырғанда, қазір электр энергиясы 70 есе артық өндіріледі. Теңіз жағасында салынып жатқан атом реакторы қатарға қосылғанда түбектен тараран электр жүйелерінің бір шеті Ембі кәсіпшіліктерімен, шығыс жағы Түрікменстанның Небит-Даг мұнай кәсіпшіліктерімен жалғасатын болады. Ал 1970 жылы мұнай өндірісінің электрмен жабдықталуы қазіргіден 20 есе артады.

Бұл күндері Өзен мұнай басқармасында үш кәсіпшілік жұмыс істейді. Оларды азербайжан мұнайшысы Ягуддин Максимов, Краснодар мұнайшысы Юрий Демаков, Маңқыстау малшысының баласы, Азизбеков атындағы Баку мұнай институтының түлегі коммунист Энест Бүркітбаев басқарады. Маңқыстау мұнайшыларының қатары соңғы жылдары институт бітірген көптеген білімді жастармен, Ембінің, Түрікменстанның, Азербайжанның тәжірибелі мұнайшыларымен толықты. Олар бұрғышылар, қазған скважиналарды игеріп, оларды топтық қондырғыларға жалғап, мұнай өнімінің тәулік сайын арта түсуіне лайықты үлестерін қосуда.

Мәселен, жас маман Энес Бүркітбаев басқаратын № 3 кәсіпшілік 1967 жылы бірінші кәсіпшіліктен енші алып шыққан еді. Оның қарауындағы 75 скважина қазірдің өзінде тәулігіне 6 мың тонна мұнай береді. Таяу жылдарда кәсіпшіліктегі скважиналар саны үш есе көбеймек.

Кәсіпшіліктің №4 топтық қондырғысы қазір автоматқа көшірілді, — дейді Энес. Мұнда скважинадан келген мұнайды өлшеу, құбырға айдау, мұнайды қыздыру жұмысын түгелдей автомат атқарады. Таяуда басқа да топтық қондырғылар автоматтандырылады. Қазір кәсіпшілікте үш скважинаның әрбірі екі горизонттың мұнайын бірден өндіру әдісіне көшті. Егер әр горизонта бөлек скважина қазылса оған уақыт та, қаржы да көп жұмсалар еді. Оның үстіне мұнайы тығыз жатқан Өзен сияқты алаңда бір мың емес, екі мың скважина қазсақ да жеткіліксіз болар еді.

1972 жылы Өзенде бұрғылау жұмысы аяқталып, одан әрі бұл өңірде мұнай өндірілуге тиіс. Өзен алаңын игеруді бастаған жеті жыл ішінде 1 миллион метр скважина бұрғыланды. Қазір мұнай өндірумен қатар, бұрғылау жұмысы да қызу жүргізілуде.Мәселен, мастер Николай Федищевтің бригадасы скважина бұрғылауда республика бойынша рекорд жасады. Бұл бригада 1968 жылдың он бір айында 40 мыңнан астам погон-метр скважина бұрғылады. Мына бір мысалды келтіре кету де қызықты. Бұдан үш жыл бұрын Өзенде жұмыс істейтін бұрғышылар бригадалары, орта есеппен, жылына 20 мың метр скважина қазатын. Федищевтің бригадасы өткен мерекелі жылы 30 мың, ал 1968 жылы 44 мың метр скважина бұрғылады. Ұлы көсеміміз В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына, республикамыздың жарты ғасырлық, мерекесіне арналған социалистік жарысты өрістете отырып, Өзенде жұмыс істейтін мастерлер — Геннадий Шевченко, мен Сергей Масенковтың бригадалары 1968 жылдың соңғы айларында бесжылдықтың төртінші жылының есебіне өнім шығарды.

Өзен мұнайшыларына тәжірибелі инженерлер басшылық етеді. Олардың бірі Рахмет Өтесінов. Ол Губкин атындағы мұнай институтын бітіріп келіп, көп жыл Ембіде инженер, кәсіпшілік бастығы болып қызмет істеді. Кейін жауапты партия қызметін атқарды. Ал Өзенде мұнай кәсіпшілігі ұйымдасқанда Өтесінов оның басшысы болып тағайындалды.

Осыдан он жыл бұрын Маңқыстауға барлаушылардың алғашқы отрядын бастап келген Маңқыстау мұнай-газ барлау тресінің бірінші басқарушысы Орынбай Адаевич Бердіғожин қазір Өзен мұнай кәсіпшілік басқармасы бастығының орынбасары міндетін атқарады. Мұнай өндірісінде ол отыз жылдан астам уақыт еңбек етуде.

Маңқыстау мұнайын игеруде жүргізіліп жатқан ірі жұмыстардың бірі — ұзындығы 1500 километр Өзен — Құлсары — Гурьев — Куйбышев мұнай құбыры. Ол 1970 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылып, Маңқыстау мұнайы Куйбышевтен әрі «Дружба» мұнай құбырына жалғасады. Сөйтіп Маңқыстау мұнайы халықаралық аренаға шығарылады. Онымен жыл сайын ондаған миллион тонна «қара алтын» айдалады.

Қазір құбырдың құрылысы қызу жүргізілуде. Мұнда «Омскнефтепроводстрой», «Уралнефтегазстрой» құрылыс басқармалары, «Свармонтаж» тресіне қарасты №10 құрылыс монтаж басқармасының адамдары жұмыс істейді.

Жетібай — өте ірі кен орындарының бірі. Бұл кәсіпшіліктің мұнайы 1967 жылдан бастап Өзеннен келе жатқан мұнайға қосылып, құбырмен Каспий жағасына қарай ағады.

Өзен мен Жетібайдан кейін Теңге, Қарамандыбас, Тасболат, Шығыс Жетібай және т. б. мұнай-газ алаңдары ашылды. Теңге алаңы Өзеннен небары алты километр ғана жерде. 1962 жылы онда газ өндіретін кәсіпшілік құрылды. Мұндағы пайдалы кен орны да көп қабатты болып орналасқан. Негізгі өнімді 6 қабатында түгелдей газ, төменгі екі-үш горизонтында газ аралас мұнай бар. Ұзындығы 19 километр бұл алаңда отызға тарта скважина бұрғыланып, олардан бірнеше миллион тонна мұнай мен ондаған миллиард текше метр газ алуға болатыны анықталды. 1969 жылдың бірінші тоқсанынан бастап Теңге газ өндіру кәсіпшілігі Шевченко қаласының кәсіпорындары мен қала тұрғындарының үйлеріне арнаулы газ құбырымен газ береді.

Теңгенің газы өте көп. Оның қоры Маңқыстаудың бүгінгі қажетінен әлде қайда асып түседі. Сондықтан да газдың бір бөлегі таяу жылдарда Маңқыстаудың басқа кен орындарының газымен қосылып, Орта Азия — Орталық газ құбырына айдалады. Бұл газ сондай-ақ Өзенде келесі жылдан бастап салынатын газ айыру заводында өңделіп, товарлы өнім сұйық күйінде теңіз танкілерімен де тасымалданатын болады.

Жетібайдың барлаушылары 1965 жылдың декабрінде Жетібай мен Өзен аралығында Қарамандыбас структурасын барлап, бұл жерден өндіріс ашуға болатындай жаңа мұнай алаңын тапты. Мұнда бірінші қазылған скважинаның өзі 2360 метр тереңдікке дейін мұнай шоғырланған 15 горизонттың бар екенін, кеннің орналасу тәртібі Жетібай мен Өзенге ұқсас екенін анықтады. Қазір Өзендегі № 2 мұнай кәсіпшілігінен Қарамандыбас алаңына асфальтты жол салынып, скважиналар мұнай өндіруге әзірленуде. Қарамандыбас мұнайды 1969 жылдың бірінші жартысынан бере бастайды. 1970 жылы Тасболат газ-мұнай алаңы пайдалануға беріледі. Бұл Өзен мен Жетібай сияқты көп қабатты болып шықты. Қазір мұнда скважина қазу жұмысын Ленин орденді Жолдас Тоқжановтың, Ембі мұнайшысы Михаил Тарабариннің, СССР Жогарғы Советінің депутаты Сүйеген Салмановтың, Виктор Борщтың, Юрий Минасовтың бригадалары жүргізуде.

Бұдан басқа Доңға алаңында өндірістік мұнай, Қорғамбай алаңында тереңдігі 3200 метрден газ қабаты кездесті. Бұларда да бұрғылау, кен байлығын іздеу жұмысы қызу қолға алынды.

Бұлардан әрі жүргенде ұшы-қиыры жоқ кең дала жатыр. Бұл алқап Үстірт деп аталады. Ол Қазақстанның, Қарақалпақтың, Түрікменстанның жүз мың шаршы километрдей жер көлемін алып жатқан дөңес. Мыңдаған жылдар бұрын ол Торғай ойпаты арқылы Солтүстік мұзды мұхитына қосылып, ұлы Сармат теңізінің табаны болған. Ол қазір Каспий теңізінен 200 метр биікте жатқан шөл дала.

Үстірт бұл күндері елсіз дала емес. Оның солтүстігінен Ембі барлаушылары, шығыс жақтан Өзбекстан мен Түрікменстан барлаушылары бірнеше газ алаңдарын ашты. Бұл өңірде барлау, мұнай іздестіру жұмыстары онан әрі жүргізілуде. Үстірттің ен даласын Орта Азия — Орталық газ құбыры мен Бейнеу — Қоңырат темір жол трассалары басып етеді.

Маңқыстау аса бай өлке. Оның территориясында әлі де ат ізі түспеген, бірақ қойнауы мол қазынаға толы жерлер аз емес. Олардың ертең-ақ көзі ашылып, ел игілігіне жұмсалатынына бұл күнде ешкім де күмәнданбайды.

Маңқыстау байлығы тек мұнай мен газ ғана емес. Таулы Маңқыстауда темірдің, марганецтің, мыстың, хром мен кобальттың, никельдің, тас көмірдің, фосфориттың және тағы басқа қазба байлықтардың кен орындары табылып отыр. Маңқыстауды комплексті зерттеу ісімен қазір осында көшіп келген Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми экспедициясы шұғылдануда. Таяу жылдарда бұл байлықтардың да көлемі анықталып оларды да өндірістік игеру жұмысы басталады.

Маңқыстау қазынасын игеру шынында да бүкілхалықтық іске айналды. Мұнай өндірісіне, барлауға, құрылысқа еліміздің 14 республикасының 90 қаласы өз адамдарын, техникасын, құрал-жабдықтарын жіберсе, мұнайлы аудандардан келген мамандар өздерімен бірге жаңа алаңдарды тиімді игерудің озық әдістерін, мол тәжірибелерін ала келіп, оларды Маңқыстау жағдайында ойдағыдай қолдана білуде. Маңқыстаудың сай қилы проблемаларын ойдағыдай шешу ісімен еліміздің жиырмадан астам ғылыми-зерттеу институттары, жүздеген ғалымдары айналысады.

Қазақстан мұнай бірлестігінің Маңқыстаудағы мұнай кәсіп орындарында қазір 45 ұлттың өкілі еңбек етуде. Соңғы жылдары тек бір ғана Азербайжаннан 1100 дей маман жұмысшылар мен орта және 140 жоғары білімді инженер кадрлар келді.

Маңқыстау қазынасын ел игілігіне жарату үшін ерінбей еңбек етіп жүрген майталмандардың бірі — Төреғали Қадыров. Ол осы жерде туып өсті. Әке-шешесінен ерте айырылып, апасының қолында жүріп, орта білім алды. Соғыс аяқталған соң мұнайшы болды. Небит-Дагта скважина жөндейтін оператор, машинист, тракторшы, бұрғышы болып жүріп, Совет Армиясының қатарына шақырылды. Армиядан қайтып оралғанда ол Ембіге жұмысқа орналасты. Атақты мұнайшы, Социалистік Еңбек Ері Салық Рысқалиевтің бригадасыда бұрғышы болды. 1958 жылы Маңқыстауға жорық басталғанда Төреғали түбекке келді. Өзендегі ерен еңбегі, іскерлігі ескеріліп, ол бұрғылау мастері қызметіне жоғарылатылды. 1962 жылдан бері оның бригадасы 35 мың метр скважина бұрғылап, 30 жерден мұнай бұлағын ағызды. Төреғалидың еңбегі жоғары бағаланды. Оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланды. Жетінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің бірінші сессиясында Қадыров жолдас Қазақ ССР Жоғарғы Советінің өнеркәсіп, транспорт және байланыс жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі болып сайланды.

Түбектің кен байлығын игеруде, жаңа қала мен поселкелер салуда, темір жол, тас жолдарға асфальт төсеуде, мұнай мен су жүретін құбырлар тартуда сіңірген қыруар еңбегі үшін сый-құрметке бөленген майталмандар Маңқыстауда мыңдап саналады.

«Қазыналы түбекті» игеруші ардагерлердің ерен еңбектерін бейнелейтін Шевченко қаласындағы архивте бағалы бір документ бар. Оның авторы мойындарына ал қызыл галстук таққан бақытты жас ұландар — пионерлер. Бұл хат 2017 жылдың пионерлеріне арналған. Ол қала алаңдарының біріне орнатылған үш қырлы монументтің астында. Мрамор плитаның бір бетіне: «1967 жылы 7 ноябрьде. 2017 жылы 7 ноябрьде ашылсын», екінші бетіне: «Келешек ұрпаққа Совет өкіметінің 50 жылдығы құрметіне Маңқыстауды бағындырушылардан» деп жазылыпты...

Иә, Маңқыстау бұл күндері қайнаған еңбек ордасы. Оның қай түкпірінен болмасын кен байлығын іздеушілерді, табылған байлықты игерушілерді, жол салушыларды, қала мен поселке орнатушыларды, мұнай мен су жүретін алып құбырлар төсеушілерді, алуан түрлі техниканы ерттеп мініп, ел дәулетін арттыра түсу үшін ерінбей еңбек етіп жүрген механизаторларды көресіз.

2017 жылдың пионерлері осы еңбек ерлерінің құдіретті қолымен жасалған ен байлыққа кенеліп, жасыл желекке бөленген сәулетті қалаларда тұрып, Маңқыстауды игерушілердің еңбектегі ерлігі мен ерен істерін ілгері апаратын болады...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙