TELEGEI

Home

АЛТАЙ БАЛЛАДАСЫ

Асқар Алтай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

АЛТАЙ БАЛЛАДАСЫ

Асқар Алтайдың «Алтай балладасы» (Алтайдың алқызыл модағайы) романы сыншылар тарапынан жақсы бағаға ие болды. Роман туралы ақын Сәкен Иманасов кезінде былай деген еді: «Бұл бір шынында табиғаты бөлектеу біткен, танымдық тереңдігі көркемдігінен кем түспейтін кесек шығарма екен. «Алтайдың алқызыл модағайының» авторы алдымен не жазатынын жақсы зерттеп біліп алған. Аңызбен астасқан шығармадағы аңшы ме

(Алтайдың алқызыл модағайы)
Роман-миф

БЕТПЕ-БЕТ Қарағай мен самырсыны селдір күңгей. Құлама күңгейдің күреңшелі шымын қиялай басып‚ қабырғалай кесіп‚ құлдай түсіп келе жатқан салт аттыға Алтайдың ақ төс қара аюы — Айқоңыр бүгін де тесіле қалған. Айқоңыр демін адамша ішіне тарта орнынан тапжылмай тұр. Қара тастай қатқан алып тұлғасын атан ұшқатпен аралас өскен ырғай мен тобылғының тұмсық батпас бүрі күргейлеген. Әлгінде ғана Атқыбұлақтың биігінен аста-төк ақтарылған сарқырама астынан малмандай болып шықса да‚ бой-бойын белгісіз ыстық буып‚ қара тұмсығын суық тер басқан. Бүк қысқан ұры қолтық іші алқымын ісінтіп‚ тынысын тарылтса да шыдаулы. Жалтаңдау жалама беткеймен еңкейген құла құнанды қыз — бойжеткен Бұлабике үшін шыдаулы. Бірақ... шыдамның да шегі бар. Хайуанның қоңыр көздері қашаудай қадалып‚ салт аттыны жазбай баққан. Сәл жиырылған танауы да пысылдамайды. Қос аяқтай тік тұрған қалпы қалың бүрдің арасынан сығалай‚ күдіс жауырыны күжірейіп‚ жауын баққан жыртқыштай ұрлана‚ бойын жасыра‚ молақ мойнын асыра түседі. Түкті қабағынан құйылған ащы терден кілегейленген жанарын май басқан мүйіз-мүйіз алақанымен сыйпап қояды. Төбеден тік шаншылған шілде күнінің өткір жүзі қоян-қолтығына дейін терлете түскен. Жел-құзсыз тымық‚ терең қолтықтың іші қапырық қысып‚ жаңа ғана сарқырама астынан салқындап шыққан Айқоңырдың тұла бойын балбырата босаңсатып жіберді. Балбырай иіген тәнін шыжым-шыжым шымырлата бас көтерген бұла сезім қуалап өтті. Сол-ақ екен хайуанды бөлек бір ойнақы күй биледі... Ол бар дүниені ұмытып‚ салт атты‚ сәнді киімді жанға жанарын суарған да қалған. Ал жанарын тіккен жан болса — асықпай аяңдай келіп‚ құла құнанды отқа қойып‚ белін қынаған ұзын тайжақысын шешіне бастады. Айқоңырдың да тағаты таусылып‚ жаны қыстығып барады. Сонда да сабыр сақтап‚ сыналай қарап‚ қуалай көз салады: бойжеткен төбесіндегі бұлғын бөркінен іліп алып, қына түсті сақтиян етігіне дейін шешіп тастай салғанда‚ ақ тиіндей тәні бір сәт жарқ ете қалды... Хайуанның жанары жасаурап‚ қарадай қарықты. Нағыз еркектік күшіне келе толысқан‚ бабы келіскен оның да тәні тоят тілей ширықты. Қыз төбесіне түйген қара шашын тарқатып кеп жіберіп еді‚ жұмыр бөксесіне дейін жауып қалды. Аюдың миы мұздап‚ қаны суып‚ бойын бір ызғарлы күй биледі. Ұлы жонын жосыған суық тер қара қылшығын қуалады. Күректей табандары шалғынды қара жерге жабысып‚ теректей бойы сымдай тартылып‚ күбідей майлы денесі ара талағандай дуылдап, қозғала алмай қалды. Бойжеткен денесі шыбықтай солқылдаған күйі биік кереге жартастың басынан атқылай құлаған мол судың астына енді. Айқоңыр кірпік қақпаған жасқа толы жанарын жұмды. Көз құйрығынан жас парлады. Суыр інінің аузындай үңірейген тесіктен бұршақтай атқылаған бұлақ қыран қонақтар кереге тас қабырғадан құлап‚ төмен қарай моншақтай шашырап‚ перде тұта ақ көбік ағын саулаған. Жалаңаш ақ тән сол аппақ ағынға жұтылған. Кенет қыз денесі судан шолп еткен шабақтай шоршып шыға келді. Қыз аппақ ағын астына қайта кіріп кетті. Айқоңырдың ет жүрегі ел-сел еркінен айырылып‚ көзі тұнды. Бойжеткен қаңтардың мұзындай тіл байлайтын суық суға шыдамады білем‚ іле суторғайдай атып шықты. Сүңгідей сұлу тәнін күн сәулесіне сүйдіре балтырын сыйпаған жасаң үстіне оңашалау барып бой түзеді. Айқоңыр үнсіз тыншығып қалды... Күн сәулесі сұғын қадаған балғын тән аюдың нәпсісін алып‚ ойнақы сезімін оятып жіберді. Қыз денесіне тұнған мың сан мөлдір моншақ күнге шағылып‚ құбақандай құбыла ойнады. Сәулеленген су тамшылары қардай тәнге сиқырлы шұғыла‚ тілсіз тылсым құпия жинап‚ хайуанның жұлын-жүйесінде жынды бір сезім ағыны ырқын алып бара жатты... Бойжеткен су шайған шашын сілкіп‚ ырғала басып күнге қыздырынған сайын әлгіндегі асау ағын аю бойында күш алып‚ еркін билей түсті. Айқоңырдың ерік-жігері еріксіз елтіп‚ шекердей еріп‚ әйел тәнінің өзіне ғана тиесілі ерекше сұлу, тартымды құдіретіне арбалып қалды.

Модағай – шұғынық гүлі.

Қындай белді қайыңдай мүсін қанын қыздырып‚ сезім-сауанын суғарған сайын өз-өзін ұмытқан хайуан бойын бағып тасаланғанды да қойған. Алдындағы қалыңды жапыра аттап та кеткен. Қызынған қан да‚ қиналған жан да шыдатпаған... Бар-жоғы ат арқандай аралықтағы ашық алаңқай шегінен шыға келді. Әлде бір алақұйын арда сезім анадан тумай жалаңаш тәнге деген аңсарын аудырып әкетті. Ет жүрегі дүрсілдей‚ қызыл қаны таси‚ аңсар ағзасы басына шаба шарқ ұрған. Асау ағза ырқын алып‚ ырғын күй күйледі. Кілегейленген көзін көк тұман басып‚ ағзасы асып‚ қызынған тәні байыз таба алмай‚ қуынған жаны құйындай қыдырған. Алып денесі бір ысып‚ бір суынған. Алаңқай шетінен алпамсадай Айқоңыр пайда бола кеткенде бойжеткен қыз да‚ құла құнан да алғашқы сәтте аңдамай қалды. Аю орнынан не қозғаларын‚ не қозғалмасын білмей әлден уаққа состиып тұрып қалғанда ғана жылқы жануар сезген. Оқыстан пайда бола кеткен жыртқышты қайдан көрдім дегендей құла да құлағын қайшылап‚ бой сала‚ мойнын ие үркектей қарады. Кенет танауын шұр еткізе тартып‚ шаптырып дәреттеп те жіберді... Сонда ғана ту сыртын берген бойжеткен секем ала бұрылған. Бұрылған бойы қарақат көздері шатынай‚ кірпігі қағылмай қатып қалды. Күн қыздырған алау жонын мұздай тер жапты. Жаны жанарында ойнаған. Ұлы бір үрей биледі.Тіл тартылып‚ жан шошынып‚ тән тоңазыды. Шошынғаннан қолма-қол зәр төгіп‚ тер үгіп қалған құла жануар да тірсектері дірілдеген күйі теріскейге ұмтылды. Қарағайы мен ұшқаты қалың тік беткейге жанұшыра шатқаяқтай борбайлады. Тұяқ астында жіліншіктей ұшқат тамырлары сынып‚ кеудеден көк бүрлі бұтақтары кескілей кескестеген. Жыртқыштың суық сұсы‚ албасты мысы басқан жануар шұрқырай‚ шырқырай кісінеген. Үрейлі үннен қыз да селт еткен... Айқоңыр да елең еткен... Бойжеткен шала-мала ес жиды. Аю айналасын аңдады. Адамды да‚ аңды да қилы сезім құйындай соғып-соғып өткен. Бірінде — құты қашқан үрей‚ енді бірінде — соқыр сезім иелеген құмарлық. Қыздың қолаяғына қорғасын құйғандай қозғала алмай, үрейден үні өшсе‚ аюдың арқасы қыза ағзасы асқан... қаны тасқан. Бір сәт адам бойындағы есті үрей мен аң бойындағы ессіз құмарлық шарпысып қалды. Екі жанды да екіұдай сезім құшағында есеңгіреп тұрды. Бірақ бұл тұрыс ұзаққа бармады білем‚ Айқоңыр орнынан оқыс қозғалған мезетте Бұлабике де бетін теріс бұрды. Борықтай тән көкпеңбек табиғат қоршаған мынау маңда естіні ғана емес‚ ессіз тағының да еркін алып‚ тағатын тауысып қойған еді... ...Осыдан тура екі күн бұрын Атқыбұлақ басындағы жол-жөнекей жантая кететін жатағынан пысынап оянып кеткен Айқоңыр өз көзіне өзі сенбеген. Екі аяқты пенде атаулы жолай қоймайтын Атқыбұлаққа әлде біреу аяқ басыпты. Өзі тағы еркін. Су астына шомылып жүр. Басында аю да тіксініп қалды. Дереу бойын екі аяқтыдан аулақ салғысы келді. Бірақ хайуанды беймәлім бір жай өзіне сиқырлай тартып‚ тұра жөнелуге тежеп қалған. Ол — әйел затының тұттай жалаңаш тәні-тін. Айқоңырды құдіретті күш ұстап қалды да‚ біртіндеп өз ырқына бағындырып та алды. Алғашқы сәттегі аппақ адам денесіне деген таңырқау ‚ қызықтау сезімінен соң тәнін иіткен‚ жұлын-жүйесін қыздырып‚ ағзасын қоздырған әлде бір аңсау сезімге бой алдыртқан. Екі күннен бері түс әлетінде әлгі жанды алыстау жатақ маңынан қарауылдап‚ шақырайған күн астында терге шылана баспалай бағуды шығарған. Бойы үйрене келе ара қашықтықты азайта түскен. Күн санап жақындап‚ алақұйын арда сезім соңынан ерген... Тіпті‚ кеше қыз бұлақ басынан аттанысымен, соңынан иіс ала бұл да жөнеген. Қаражалдың қимасына жақын қалың қарағайлы ойпаңда орын тепкен Бұлабике ауылының белеңінен бой салған. Түн баласында да бір соғып өткен еді. Енді міне‚ су шайған сүйріктей мүсін сезімін билеп‚ сүмеңдей ұмтылғаны. Ұлы үрей есін алған ессіз Бұлабике болса‚ кереге жартастың шырқау шекесіндегі көнектей көмейден шапши құлаған тау бұлағының сарқырамасы астына қайта қойып кетті. Айқоңырдың көз алдында сәтке жарқ етіп‚ ізінше су ағыны жұтып қойды. Бұлабике көрінбей қалды. Сол-ақ екен алып аю айырылып қалдым ба дегендей бүлкектей жөнелді. Ақ тұман тұтқан су шымылдығы астына ес-түссіз еніп кеткен бойжеткен мұздай ағыннан тәні түршіге санасы сауықты. Көз тұна құлаған аппақ ағын — су пердесі мен қабырға қара тастың ойық қолтығы арасы әжептәуір ашық еді‚ тісі-тісіне тимей сақылдаған сұлу қыз шашыраған су тамшыларын бойына сіңірген мүкті тас қабырғаға ту сыртын тіреген. Ми мұздатар суық судан тұла бойы қалтырап‚ жас жүрегі көтеріңкі кеудесіне сыймай тарсылдап‚ атқалақтап кеп аузына тығылады. Есін енді жиып алса да есеңгіреп тұр. Бойын алған үрей басылар емес. Тек сансыраған санасына мына үйдей құбыжықтан қалай құтылам деген бір саңылаусыз ой соғып-соғып өтеді... Сусоқты мүк қабырғадан жон арқасын ызғар қарып‚ ықтасын астында балғын тәнін бұлақтың тастай ағыны шаймаса да тірсектері дірілдеп‚ башпайлары қатыпсеміп қалған бойжеткен бойын алған қорқыныштан өз-өзін билей алар емес-ті.

Аузы икемге келмей‚ иегі дірілдеп‚ ақ тастай тізілген тістері сақылдап тұрған Бұлабикенің атыздай көзі тастағы жарық дүниені анық аңғартқандай аппақ ағынның кенет түсі қашып‚ қошқыл тартқанынан секем алып‚ жүрегі мұздап кетті. Жағы да қарысып қалды. Сөйткенше ағынды жара малмандай жүн-жүн қос қол көрінді. Бұлабике де белгісіз бір сұмдық күш қозғап‚ қабырға жартасты іргелей жылыстап берді. Суық тер жапқан сімтік тұмсығын сұғына Айқоңыр да ене берді. Ол ағын жуған жанарын бір ашып‚ бір жұмып алғашқыда ештеңе байқай алмады. Ыңыранған күйі қабырға асты — бойжеткен жасырынған кең қолтық ықтасынға озды. Бірақ бұл іздеген жан иесі жоқ боп шықты... Сарқырама түгін жыға шайған әккі хайуан оқыс ақырып жіберді де‚ жарықты күргейлеген ақ тұман ағынға қарай ұмтылды. Ол бұлақ ағысын бойлай‚ ұры қолтықты құлдай, ақ қоянша ағып бара жатқан Бұлабикені бірден шалды. Бойжеткен белуардан шалғында жүзіп барады екен. Алдында бірақ қорғандай құрсауланған табиғи тосқауыл — тырнақ аршымас‚ тұмсық батпас итмұрын-ырғай‚ ұшқатқарақат жынысы. Атқыбұлақ суы сол жынысқа жымысқылап еніп кететін. Сол жыныста жасырылған мұның да уақытша жатағы бар. Зәресі ұшқан қыздың соңынан су шайған түгі жылтырай‚ қызынған денесі салқындай қорбаңдаған Айқоңыр сасатын емес. Оның бойын борықтай сиқырлы мүсін арбаған құдіретті сезім еліктіріп қана қоймай‚ екі аяқты пенденің әлсіздігін нақты сезінген инстинкті сенім пайда болған еді. Иен қолтық ішінде өз үстемдігін сезінген хайуан иесіз жанның қорғансыз күйін қызықтағандай күлің-күлің ерген. Өз-өзін ұмытып‚ сиқырлы сезімге бой алдырды. Бойжеткеннің балғын тәні балдай тартып‚ балбырай иіп‚ ағзасы асқан. Айқоңырдың нәпсісі қозып‚ баба сезім — аң сезімі оянды. Тексіз сезім еркін билеп‚ жетегіне ертті. Айқоңырдың арсалаңдай жүгірген алпамса тұлғасынан Бұлабикенің біржола құты қашқан. Басы ауған жаққа бұлдырықтай, бағдарсыз безе берді. Шыбын жанын үрей иелеген бойы жанұшырған. Ақтер-көктерге малшынған пенденің есі ауа‚ өкпесі жана безек қақты. Төбеден тік шаншылған өткір сәуле астында‚ желеміксіз тымық қолат ішінде бас жасырар‚ жан сауғалар жер жоқ еді... Қалай қарай бұрылса да кескестеп, күжілдеген құбыжық шыға келеді. Әлде есі кіресілі-шығасылы бойжеткеннің өзі білместікпен Айқоңырға қарай бұрыла ма‚ әлде әккі аю алдын орап үлгере ме — ол жағы жұмбақ... Әйтеуір түймедей көзі жылтылдап‚ өңменінен өте тесілген сұқ қақ маңдайдан қадалады. Беткейдің сиыр жалақ күреңшесін кешкен Бұлабике еріксіз жалт береді. Өкшесі аюдың көз алдында ағараң қағады. Қолтық табанындағы көк шалғынға қарай қайыра салады. Шошынғаннан үні де шықпайды. Май тартқан толық денесін қозғаған Айқоңыр да сыр берген. Ол да алты айрығынан тер құйылып‚ көмейіне май тығылып, ілгерінді-кейінді кеткен. Қайта жүндес аюдай емес‚ лыпасыз тәнін шалғын сыйпаған адамға жеңілерек... Өкпесі өшпесе‚ от тигендей жүгіре берері хақ. Осыны сезгендей Айқоңыр да барын салып‚ айлаға көшті. Ол Бұлабикені Атқыбұлақ құлаған кереге жартастың бір жақ қапталына қайырып әкеліп тіреді. Құлжа ғана құтылар жақпар-жақпар жалаң жартас жолын бөгеген Бұлабике төніп кеп қалған қорқынышты хайуаннан үрейі ұшқан күйі бетін басып отыра кетті. Сол бойда теріс бұрылып‚ қара тасқа тас кенеше жабысты. Тілі тұтылып‚ иығы ғана діріл қақты. Жұмылған көз қиығынан жас саулап‚ ес-түссіз ел-сел күйге енді. Бар дүниеден күдер үзіп‚ өз-өзін ұмытқан. Қарсыласуды күткен хайуан қыздың үн-түнсіз қалғанына таңданғандай состиып тұрып қалды... Бағанадан ырсылдап қалған Айқоңыр сәл-пәл тыныс та алды. Оның да жүрегі жанып‚ бойы қызып‚ қаны тасып кеп соқыр сезім-сауаны қызынған тәнін қытықтап‚ ағзасына тоқтау салдырмай тұрған тұғын. Аю еріксіз қолын созып‚ қатқыл алақанын қыз жауырынына тигізген. Сол бір сәт дірілдеген жауырыннан тараған әлде бір толқын аюдың тұла бойын жай ұрғандай етті. Ұлы бойына толқын жүгіріп өтті... Тұлдай тәннен құдіретті толқын ұрған Айқоңыр шыдай алмады білем‚ жойдасыз алақанды қос қолын жерге түсіріп, «Уәж–ж!..» деген түсініксіз дауыс шығарып‚ қыздың ту сыртынан тершіген суық тұмсығымен емірене иіскелеп‚ қалың тілімен жалап-жалап алды. Бірақ баяғыдан басы қаңғып‚ есі шығып кеткен Бұлабике былқ еткен жоқ... Тұттай жалаңаш тәні тітіреп‚ жүрелеген күйі қалтырағанын қоймады. Айқоңыр ағаш қуысынан бал немесе илеуге басқан алақанын кеулеген құмырсқаны жалағандай‚ қыздың қалақтай жауырыны мен жонын ұзынынан жалдай жалады. Бойы да шымырлап қоя берді... Тақ осы сәтті күткендей құлақ түбінен жарылған оқыс үн жыртқыштың миын шағып жіберді. Ол оқ тигендей дүр сүлкінді. Жыртқышқа тән жылдамдықпен жалт бұрылды. Бар-жоғы есік пен төрдей жерде әлекендей жаланған әлде бір екі аяқты тұр. Қолында ұзын селебе. Қасында кержақтық «орыс» бесатар жатыр. Бұл — Ұлар аңшы еді... Тәнін шымырлатқан тәтті толқынның қайталанбас сәтін бұзғанын қызғанғандай Айқоңыр да ақыра ұмтылды. Еңгезердей аңшы жігіт ақ төсті алып қара аюдың алдында көпе-

көрнеу кіп-кішкентай боп көрінді. Бір ғажабы — әлгінде ғана қос аяқтап тұрған төбедей тұлға төменшік тартып‚ жемтігіне жекпе-жек шабарда қос аяқтап алып‚ қос қолмен ұмтылатын аю атаулыға тән айламен емес‚ аңшыға қарай молақ мойнын соза, тұмсығын ала жүгірді. Аңшы да сасып қалды. Бірақ бір қырына қарай барысша қарғып кеткен аңшы бойын жиып алды. Ақ төс қара Айқоңыр да қапы қалып‚ қызыл өңеші көріне қайыра салды. Ол енді өзіне тура келген ажалдан қорғанам деп шапты... Әлгіндегі алмағайып сезім сап тиылып‚ адаммен бетпе-бет жолығудан жүрегі ұшатын‚ сезімі сескене сыр беретін тағы хайуан аяқ астынан айла-шарғысыз атылды. Сондықтан да сасқан аю әлеуетті қолдарын созбай‚ азулы басын ала жүгірген. Соның сазайын тартты да. Көзсіз ұмтылған кішігірім үйдей қара аюдың сімтік тұмсығы үстін ала оңды-солды тартып өткен Ұлар бір бүйірге жалт берді. Күн сәулесіне екі жаны шағыла жалт-жұлт еткен жеңді білектей селебе жыртқыштың қара тұмсығының үстін ала сойып-сойып түскен. Жұқа терісіне дейін даладай қып ырсыйтып‚ салбыраған ұртын қоса тіліп түскен сом селебе жарасынан қара қан бұрқ етіп‚ Айқоңырдың жүзін жуып кетті. Қоңыр көзін де қан басты Ауырсынған аю ұры қолтықты басына көтере айғайлап жіберді. Ауырсына ақырған ауыздан аппақ тіс‚ қызыл көмей көрінді... Апандай ауыз атандай шақырды. Ұлар болса Айқоңырдың кезекті шабуылын асықпай күткен. Аңшы қара аюды оп-оңайақ алатынына сенімді еді... Бірақ алып Айқоңыр ауырсына ақырған күйі кенет жалт берді. Сол бетінде теріскей бетке жүз бұрды. Аса тік келген теріскей — құлама қия ғана емес‚ ит тұмсығы батпас жыныс та еді. Самсаған самырсын да мол өскен. Бағана Айқоңырды көргенде осы беткейге құла құнан да тұяқ тірей ұмтылып‚ шыңғыра кісінеп бой жасырған тұғын. Енді қара аюдың өзі жолындағысын жапырып‚ жан сауғалап зытып жоғалды... Жасыл жапырақ бетіне қошқыл қан ұйып қалды. Ақ төсті алып аю жынысқа бой жасырғаннан кейін ғана аңшы қара тасқа қынаша жабысқан жалаңаш жанға бұрылған. Бүктіскен борықтай бейненің қолаң шашы қобырай жұмыр иығын‚ жұқа жаурынын жауып‚ қима белден көк шөпке төгіліп‚ көз жауын алған бөксесі бұлтия қалыпты. Аңшы Ұлардың бұрын-соңды әйел баласының ашық мүсінін көрмеген жанары тайғанақтап‚ жыртқыштан бүлк етпеген жүрегі тапырақтап‚ қарадай дымы құрыды. Аңырып аз-маз тұрды. Ұрлана қысылды. Кенет нық қадаммен адымдай басты. Үстіндегі кеудесі қиық келген кең қолтық‚ арқар тері шолақ шапанын жүре шешіп‚ жүзін суық жартасқа басқан жанға жапты. Саусақтары жартас жақпарларына сұғынған әлгі әйел заты мұны сезбегендей сұлық кейіп танытты. Тек тері шапан ғана тоңған торғайдың қауырсынындай дір-дір қақты. Сонда ғана аңшы иен тұйық ішінде албастыдан әрмен аюдан бейкүнә пенденің періштесі шошып‚ үрейі ұшып‚ тіл-аузы байланып қалғанын түсінді. Қарулы аңшы дереу иығынан сілке көтеріп‚ қан-сөл жоқ қуарған жүзді жас бойжеткеннің бетіне бажырая қарап: «Есіңді жи! Есіңді...» деп дауыстап та жіберді. Бірақ бойы мұздай қыз тәні кірпігі ұйқысып‚ меңіреудей мелшиді. Қу ағаштай қалшиған қызға сөзін өткізе алмасын сезген Ұлар шапалақпен тартып-тартып жіберді. Жүзін жандыра соқса да шошынған жан селт еткен жоқ. Үрейден қарашықтары шатынаған күйі қарақат көзін жұмды. Құланның таңындай күн сүймеген‚ шеңберек атқан қос анары діріл қақты... Бір мезет аңшы бойын солқылдақ тал тартып өткендей шымырлаған толқын жүгіріп‚ жанары да жарқ етіп‚ іле жүзін нарттай қызу шарпыды. Жиырма бес жасар жігіттің жүрегі асаудай тулап‚ тамағына толқыған бір ыстық түйнек тірелді. Ол серейіп тұрған қызды тік көтеріп алды да, сарқырамаға қарай жүгіре басты. Сол бойы су тасқынына тосты. Тәнін суық су тітіреткен жан қарулы білек бойында балықша бұлқынып‚ шыңғыра айғайлап жіберді. Су астынан күн көзіне көтере шыққанда да Бұлабике аңшының бет-аузын сабалап‚ мән-мағынасыз шыңғыра берді. Бетімен безе жөнеле ме деп‚ Ұлар да жалаңаш жанды босата қоймады. Қыздың әлі де өз-өзіне келе алмағанын білген жігіт тақымынан ала көтеріп‚ қол-аяғын ербеңдете жерге дік еткізіп‚ білегінен бір қолымен мыти ұстап‚ тағы да жүзінен алақанымен жалатып-жалатып қана өтті. Қыз үні де сап тиылды. Кірерге тесік таппағандай қос қолдап бетін басты... Алдында аю емес‚ адам екеніне‚ түсі емес‚ өңі екеніне зердесі жетсе керек. Аңшы бойжеткеннің көгеріп қалған балғын білегін жайлап жіберді. Көкмайса үстінде жатқан қыздың киім-кешектерін тез жиып әкеп‚ тайжақысын жауырынына жапты. Бұлабике де тез киінді. Ұлар да селебесін беліндегі шақпақты‚ оқшантайлы кісесіне ілінген былғары қынынан суырып‚ сарқырама суына шайып алды. Жеңіл елтірі бөркін шешіп тақыр басына‚ аузы-мұрны мен шынтағына алақанымен іліп алды. Ат үсті шыдамды өгіздің былғарысынан тігілген екі қабат ұлтанды саптама етігімен су кешті. Бесатарын иығына ілді. Үн-түнсіз киінген қыз аз уақытта сақадай сай болды. Қолма-қол сөйлесіп кетуге бірі ұялып‚ бірі бата алмай жасқанысқан... Бірақ ойда жоқта ажал аузында тәңірінің өзі тілектес боп ұшырасқан екеу ұзаққа бармай, тілге келісті.

БІРІНШІ БӨЛІМ ҚИЯДАҒЫ ҚҰМАРТУ І Атқыбұлақ торсықтай тұйық. Теріскейі тік біткен‚ күңгейі қия беткейлердің басын түйістіре қосқан‚ бүйен ауызды бұлағы басынан бұршақтай құлаған, жақпар-жақпар жалама жартасы керегелене керіліп‚ тек етегі ғана құлдилар сай боп келген тұйық іші тымырсық. Тамыз жаңа туған. Төсінде ызғар қарыған, қойнауында самырсын жұпары аңқыған Алтайдың бұл ылғар шеті қырық күн шілде қызуынан айырыла қоймаған кез. Жаз да желқұзсыз жайлы. Жауын-шашын аз‚ қарлы-бұршақ соққан жоқ. Соның да салдарынан Атқыбұлақ секілді ұры қолтық-тұйықтар‚ сай-шатқалдар ішін бүк қысып‚ түнде ғана тыныс алатын. Бүк бауырға түсіп‚ бөгелек ызыңдаған желеміксіз тұйықтан аңшы жігіт тезірек аттануға тырысты. Алып аю елесінен үрей билеп алған бойжеткен де жан-жағына жалт-жалт барлай қарап‚ бір орнында тұрақ таба алар емес. «Өлімнен ұят күшті»‚ аңшы жігітке де тура қарай алмайды... Жай күнде жарқылдап тұратын жанның жүзі шіркеулі‚ тілі күрмеулі. Алғашқы сәттегідей емес‚ қыз киініп‚ өз-өзіне келіп‚ сабыр орныққан соң аңшы Ұлар да әлде бір әбес қылық жасап қойғандай қысылып‚ төменшік тартқан. Екеуі де бір-біріне ұрлана көз тастасқан. Біртін-біртін бой үйретісті. Ширыққан сезім‚ алабұртқан көңіл бастыға келе жігіт қызға‚ қыз жігітке жанар тіктеп‚ сана сала қарасты. Екеуі де ажал торыған Атқыбұлақ басынан аттануға асыққан. Атанның жілігіндей атпал азамат құру-құрулап алып‚ ысқырып-ысқырып қалды. Күңгейдің селдір қарағайлы беткейінде соны шалып‚ бой жасырған тұрқы биік құбақан айғыр кісіней желіп келді. Келе иесіне тұмсығын жанастырып‚ оқырана иіскелеп,балаша еркеледі. Бәрінен де жылқышы қыз Бұлабикені айран-асыр таң қалдырған құбақан қылығы емес‚ сұйқылтым жалынан жалпақ сауырына дейін жабудай жайылған теңбіл шұбар барыс терісі еді... Жартас түсті қара жон‚ бауыры қылаң‚ бүйірі шұбар жазғы түкті қар барысының бас терісі ат жалынан аса салбырап‚ ал керіскедей керіле созылған төрт тірек сирақтары ат бауырына төгіле салақтап‚ бітеу сойылған алақан табанындағы қара тырнақтары қияқтай иіле тарбиып‚ үкідей үлпілдек жүнді ұзын құйрығы жер сыпыра шұбатылып жатыр. Бұлабикені әйел затына тән жеңсік құмарлық жеңді білем‚ жұп-жұмсақ жүнінен аялай сипай берді. «Қандай керемет!..» деген сөз де аузынан шығып қалды. Сол-ақ екен қыстыққан тынысы да ашылып қоя берді. Ұлар да өзін жеңіл сезініп‚ бойжеткеннің дауысы дірілдемей шықанына‚ аюды ұмыта бастағанына сенімі артып, әңгімеге шақырды. Қорқыныштан ойпылтойпыл қыз көңілін де аулағысы келген. — Құзғындының серісі ғой‚ кеше атып алдым. — Аңшы ағасы‚ барыс атаулыны тұңғыш көруім. Сіз болмағанда барыс қана емес‚ жарық дүниені де тап қазір көре алмас едім... Сізге өмір бойы қарыздармын. Өмірім қарыз... өтелмес қарызбын‚ — деп күрсінді Бұлабике‚ — қалауыңыз білсін! «Қалауыңыз білсін!..» деген құпия сыр сақтаған сөз аңғарын аңшы Ұлар анық түсінді. — Олай деме‚ қалқам‚ тәңірі кез қылды... — деп‚ аңшы сөз таба алмай сасып та қалды. — Қара дүлейден құдай сақтады. Ел-жұртсыз иенге қайдан кеп қалып жүрсің? — Әңгімені басқа арнаға бұрып жіберуге тырысты.– Жылқының қышқыра кісінегенін естіп‚ оның теріскей жон үстімен ер-тұрманымен шошына жортып бара жатқанын шалып қалып бұрылдым. Иенде иесіне бір жағдай кез болды ма деген күдікті сезім алып келді. Қайта дыбыс берген жануарға қарыздармыз... Әйтеуір‚ жолымыз болды. — Өткенде саяқ сәурікті қарап жүріп‚ осы бұлақ үстінен шыққам. Содан келгіштеп кетіп едім‚ — деп қыз ұяла төмен қарады. Бойжеткеннің жебедей кірпіктерін жерге қадағанына көңілі тоя: — Мұндай маңға жалғыз келуге болмайды‚ — деп Ұлар өзін еркін сезінді. — Аю аңдыған екен сені... — Осы бір сөзді айтып қалғанына бармағын тістеді. — Атың кім‚ қалқам? Қыз да: — ... «аңдығаны» несі‚ аға? — деп құлағын түріп‚ барыс терісін сыйпаған саусақтары қолма-қол қалтырап қоя берді. Бұған тіктеле қарады. Қарақат көздерінде үрей ұялап‚ сүп-сүйір біткен сұлу тұмсығы үстіне шып-шып суық тер шығып‚ желбірі қусырылып кетті. — Иә‚ аңдыған екен‚ — деп Ұлар амалсыз айтуға көшкен. — Аю адамға албаты шаппайды. Байқаусызда адам қақ төбесінен түсіп қалғанда‚ болмаса — аю аштықтан бұралса... Әйтпесе қарадай тиісе қоймайды. Адамдар аңдып соңынан түссе қашып құтылуға‚

бой жасыруға тырысады. Қыр соңынан қуып жетсе ғана қорғанам деп шабады. Ал саған неге шапқанын ... түсіне алмадым?! — Сонда мені аңдып отырған ба? — Қыз үні үрке шықты. — Ағасы-ау‚ оның менде несі бар? Жаным түршігіп барады. Кетейікші‚ аңшы аға‚ кетейік тезірек! — Қазір-қазір‚ сен Сумылтыққа мін. Қорықпа‚ қорбаңбай кетіп қалды. Ол енді оралмайды... қорқады қалқам! — Жоқ аға‚ ол неге аңдып жүр? Мені Бұлабике дей беріңіз... Аңшы аға‚ аю адам аңди ма екен? Бұлақ басынан күткен ғой‚ — деп‚ Бұлабике Сумылтық жануарға машықты қимылмен сарт ете түсті. Ұлар қызды қолтығынан демеп те үлгермей қалды. —... Аға‚ — Бұлабике айғыр тізгінін қаға қайта сұрады‚ — мен суға шомылғанша күткен бе сонда? Ұлар да нақты жауап қатты. — Бұлабике‚ аю саған жемі ретінде шаппаған. Ол өзі қызық аң ғой‚ кейде адамша ойнайды да... Жұмбақ аң. Саған қалай десем екен... — Жасырмаңыз‚ аңшы аға! — Жасырып-жабары жоқ. Хайуан қызықса керек... Адам да аюға ұқсайды ғой‚ аю адамнан азған дейді үлкендер. Бәрі де мүмкін. Сені қуғаны — жейін деп емес‚ адам тәніне қызыға құмартқанынан... Мұндай жағдайлар бұрын да кездескен ғой. Аю адамды алып кетіп‚ үңгіріне жасырып‚ жауырынын жалап жүн шығарып‚ жабайы жан қылып алғаны туралы аңыз да бар емес пе‚— деп Ұлар жұбата сөйледі. Бұлабике болса‚ көңіліне күдік түйіп қалды... Аю боп көрінген осының өзі емес пе деген қаңғырған ой да соғып өтті. Олар Кіші Қаражалдың құлдилар тұмсығы тұсындағы жасырын тұйықтан қарағайлы орман бүркеген белеңге көтерілгенде, күн де екінтіге еріне еңкейген. Қиғаш түскен күн сәулесі орман ішіне себезгілеп‚ ақ нұрлы сағым сумаңдаған. Соны басын ырғап‚ шырша етегін сыйпап самал соққан. Әлде қандай аң соқпаққа түскен екеу ауылға қарай тартты. — Ұлар аға‚ — деді Бұлабике‚ — Сумылтығыңызға салмақ салсақ па деймін‚ мені құла құнан бір жерге тастап кетті. Әйтпесе сүйреп‚ сүйегімді шашып кетті деп‚ ауыл атүсті әбігер болып жатыр ма — кім білсін? — Иә‚ қазақтың ажалы аттан ғой‚ құла құнаның терге малшына тура ауылға барса‚ онда жазым болды ма деп, шапқыласып жүргені анық. Мінгесіп-ұшқасып біз жеткенше де біраз уақыт өтер. Қыз артына мінгескен — барыс терісі үстіне қонжиған иесін тарпаң текті Сумылтық ауырсына қойған жоқ. Бастарын бұтақ қағып қалмас үшін еңкейісіп алды. Аңшы жігіт он жеті жасар Бұлабикенің қыпша белінен құшақтаған. Ұлардың бойын бұлақ басындағыдай қызулы жұмбақ толқын соғып өтті... Аңшы алақаны да қыз беліне қол салған сәтте бойжеткеннің оқыс дір ете қалғанын сезді.Ұзын мойнын қысқарта, иығын селк еткізе қымсынғанын да ту сыртынан байқап қалды. Сұңғыла сезім ауанын сездіргісі келмегендей желе шоқытқан Сумылтықты тебініптебініп қойды. Тарпаң текті тұрықты жануар қамшы тигізбес әдетімен жылып берді. Қарағай арасынан себездеген селдір сәуле селкілдеп қалып жатты. Қой қоралана жатардай аумақты алаңқайға шыға бере Бұлабике Сумылтықты кілт тоқтатты. Жан-жағын қоршай өскен қалың қарағайлы алаңқайдың шетін ала шаңырақтай шалқайған мүйізді бұғы мен марал бұзауын емізіп тұр екен. Олар бұзауының мамықтай маманы кергілеп‚ сүйсіне созғылап жатқанын қимады ма‚ бұлардан бір мезет қауіп күтпестен селт етпей‚ құлақтарын ғана түрді. Сумылтық та солығын баса алмай тыпыршып‚ қамыс құлағын қайшылады. Екі жағы да бір-бірін үнсіз күтісті. Кер бұғы‚ ақ марал‚ құба бұзау үшеуі бұл үшеуіне елеңдей қарап‚ мәрттіктерін сынап әрі-бері тұрды да, әп-сәтте сынапша аға жоқ болды. Бой жасырар бурыл орманға сіңді. Сонда ғана: — Бұлар менің маралым‚ — деді Бұлабике қуана. — Үнемі осы маңда жүреді. Бұрын ұзақ тұратын‚ аса үрке қоймайтын. Бүгін сендерден қорықты... Өзінің маралға деген махаббаттан аңдаусызда аңшыға «сен» деп сөйлеп қойғанын сезіп‚ тілін тістей қойды. — Маралдарың әдемі екен‚ — деді Ұлар да. — Маралдарыңа мен ие болсам деймін бұдан былай... Ақ маралдың орман ішінде жалғыз–жарым қалмасына кім кепіл. Оның еркін жүргені керек, — деп тұспал тастады. — Ақ маралыңа да‚ ақ тілегіңе де ортақ болсам деймін‚ – деп және қосып қойған. Бұлабике «ие болсам деймін» деген тұспал сөздің салмағын бірден-ақ түсінді. Теріс қарап отырған күйі бір қызарып‚ бір бозарды. Бағана бұлақ басында бойын жиып алғанда-ақ атпал азаматқа деген арқа сүйеушілік сезім бас көтеріп қалған еді де‚ енді сол шынайы сезім сүйсінерлік күйге ауысып‚ қыз жүрегін билеп алды. «Жоқ» деп жауапсыз қалдыра‚ «кет» деп кеудесінен итере сала алмайтынын да түсінді. Тығырыққа тіреле Сумылтықты тебінді.

— Бағана бұлақ басында «қалауыңыз білсін» деп едім‚ сол сөзім — сөз... – деді Бұлабике булыға. Көкірегінде құпия қылау‚ қыстыққан өксік барын да булыққан үнімен білдіріп қойды. — Ақ сөзіңе мен тұрдым‚ Бұла‚ — деп Ұлар ойланып қалды... — Кешір‚ қалқам‚ тар жолда айтар сөзім емес еді‚ өзіңе деген риясыз көңіл шыдатпады... Шын тілегім осы. Енді екеуі де үнсіз тынды... Құбылмалы ой қуды. Сумылтық жануар ғана желісінен танбай келеді. Кешікпей Кіші Қаражалдың Үлкен Қаражалға асар қимасына жақын отырған тымбай* ауылының үстінен шықты. Бұл — Бұлабике ауылы‚ Қызырбайдың қонысы. Бұлабике де Қызыр байдың қызы. Бұлабикенің үш ағасы да осында. Бие байлап‚ қаздай мамырлап отырған ақ шаңқан ауыл үстіне түспеді. Бұлабике түсіртпеді. Аңшы Ұларды ауылдан қозы жайылым жердегі тұяқкешті дөң үстінен‚ селдір қарағай арасынан қайтарды. Барыс терісін де байлатпады. Ішіне сыр бүгіп кетті... Ол ауылға қарай жүгіріп ала жөнелгенде, соңынан аңшы жігіт қызыға да‚ қызғана да көз салып‚ көңілі марқайып тұрды. Бұлабике ұзап кеткеннен кейін күлік беліне қонды. Кіші Қаражал етегін ала бауырлай Жүндіқарағайға қарай суыт жүрді. Жүндіқарағайдың уқорғасынды бұлақ басында жападан жалғыз тігілген отауына‚ отаудағы анасына асыққан. Анасына да айтары бар: Бұлабике жайы... Қанжығасы да құр емес. Алтай серісі — барыс байлаулы. Өзі талай оқталып барса да жолы болмаған Құзғындының қыран қалықтаған қар– мұзды мұзартының сыйы ғой. Жолы болды. Бәрінен де Атқыбұлақ басында жолығысқан ажалсыз арудың мұның тілегін сырт теппегенін айтсаңшы! Алтайдың ақ төс қарасына да мың да бір рахмет! Барыс құйрығы жыландай сумаңдаған салт жолаушы кешкі салқынмен көңілі толып‚ жүзі жанып жөней түсті. Сумылтық та иесі ығына жығыла жүрдектікке салынды. Үйге қонаға жетуді межеледі.

*Тымбай – ру атауы.

ІІ Тәні жаралы‚ жаны үрейлі Айқоңыр. Ол Атқыбұлақ басынан алысқа ұзап кетуге тырысты... Атқыбұлақ басындағы адаммен айқас — Айқоңырдың екі аяқтымен тұңғыш түс шайысуы‚ азу көрсетісуі ғана емес‚ түймедей көзіне ажал елестеп‚ жаны қыстыға қызыл үрей билеуі еді. Ұшқын атқан жанарына кеңсірік үсті қаны шашырап‚ қызыл қан қуатын алып‚ сезім-сауанына ұлы үрей ұялатқан да‚ Айқоңыр алды-артына қарамастан қашқан. Терісі жұқа кеңсірік сүйегіне жеткенше сойып түскен жара да жанына батып кеткен. Майлы ұртын ала қамсаулай‚ айқыш-ұйқыш орай тілген суық селебе ызғары кетпей‚ уыты қайтпай қойды. Ол қорқыныш қуалап қашқан беті Кіші Қаражалдың күн түспес салмаларына суыт тартты. Аң мен құс қана мекендеген бұл маң иентін. Атам заманғы ағаштар мен бұталар ұсақ аң-құстың ырғын мекені‚ адам аяғы мен мал тұяғы жете бермейтін тұмса өңір еді. Қара тұмсығы жоса-жоса қанды Айқоңыр сала-сала салманың біріне іліккенде қызыл іңір ауып‚ алқара аспан жүзінде сырғадай ай көтерілген. Ай сәулесі астында Айқоңыр ашыған тұмсығын ауырсына суға тықты. Тұмсықтағы жараны тілімен жалай алмай қор болып‚ тек бұдыр-бұдыр алақанымен сыйпалағаннан жара аузы қатпай‚ қан құйыла көп кеткеннен басы зеңген хайуан тау суынан сергіп қалды. Суық су ашыған тәніне шипа‚ ауырсынған жанына дауа болды. Өзінен басқа бұл маңда мінез танытатын жыртқыш жоғын білетін ол анда-санда ақырып та‚ түн тыныштығын бұза төңіректі жаңғырықтырып та алады. Түн ортасы ауғанша өзен ішінен шықпаған Айқоңыр ақыры күндізгі күшті сезім — құмарлық пен қорқыныштан соң‚ осы араға дейін қаны сорғалай жүгіре басқан ауыр жүрістен кейін қалжырап шаршады да... Ол оңашарақ қорлана өскен қызылқат арасына барып‚ жатар орнын иіскелеп алып, бірер тырнады да қисая кетті. Мұздай су шайған танауы тоңып‚ тұмсығын қос қарының арасына тыға жатты. Әбден әптер-тәптері шыққан аюдың тез-ақ көзі ілініп кетті. Сәлден кейін өлі ұйқыға шым батты. Шым батты да қорылға басты. Қорылға басысымен тұманды түске енді... Тәтті түс тырп еткізбестен табандап басып алды. Алдымен аппақ тұман тұтты. Ақ тұман ішінде Айқоңыр өзін сондай жеңіл сезінеді... Сүттей әлем сиқырлы тартып‚ хайуанды еліктіре елітіп алған. Ол ұшып жүрген сияқты. Қара жерге табандары тиер емес. Әлде бір жеңіл бу ма‚ су ма төбесінен төмен қарай құйылады. Бұл рахат бір күйге бөленеді. Бой-бойы бусанғандай‚ балбырай иігендей. Санасыз хайуанның сезім-сауаны ғана сүйінгендей. Сүттей сиқырлы әлем сұйқылтым тартқан. Түссіз бір дүние пайда болды. Әлде бір ақшыл елес алыстан шаңытқан. Әлгі елеске еліккен Айқоңыр жетем деп тас түйінді. Бірақ жете

алмай жаны қинала күйінді. Сондай бір жұмбақ сезім өзіне тарта елтіткен. Елтіте келе еріткен. Әлгі елес жақындай келе таныс сұлбаға айналды. Ол сұлба — Атқыбұлақ басында өзі үш күн аңдыған әсем қыз тұлғасы болып шықты. Таныс тұлға жыртқыштың жанына жақын жұмбақ тәнге айналды. Жұмбақ тән жанарынан жырақтамай‚ қайта жыландай билеп, жыртқышқа жақындай түсті. Жақындаған сайын Айқоңырдың жүрегі тулап‚ жаны мұрнының ұшына келді. Сол-ақ екен қара тұмсығы ысып қоя берді. Түгі жұқа тұмсық терісін кенет найзағайдай от қарыпқарып алды... Қарып өткен күйікке шыдай алмаған аю шапалағымен тұмсығын ала тартып қалды. Айқоңыр ауырсына оянып кетті... Түйме көзін ашып алған. Ай батып кеткен бе‚ тас қараңғылық үйіріліпті. Жұлдыздар ғана жырақтан жымыңдайды. Селебе сойып кеткен жарасы ашып жатыр екен. Ақ тұман да‚ аппақ сұлбалы жан да жоқ... Хайуан әлде сыздаған жарасы‚ әлде бұлыңдаған Бұлабике сұлбасы әсерінен қинала гүрілдеді. Бірақ гүріл ұзаққа созылмады‚ ол қайта қалғып кетті. Іле жөпшеңкіге оянбас ұлы қорылына бас қойды. Осы қорылдан тек күн көтеріле ғана көзін ашты. Тұмсығы ашығанын қоймапты. Орнынан ошарыла тұрған тағы суға қарай қозғалды. Әлі де қарақотырланған жарасы тобарси айырылып‚ қошқыл қан шып-шып шығып‚ ырсыйған тілікке тілі жетпей‚ жарасын жалай алмай қиналған Айқоңыр ағынды суға тұмсығын малды. Кешегі суық судан қан тоқтаса да, тұмсық кезігіп кеткен еді... Өзі кішкентай жанары ісінген бастан көртішқан көзінің жасуындай боп жұмылып қапты. Зіл тартқан басын мұздай суға малып-малып алысымен, миы солқылдап-ап жөнелді. Ісінген бас‚ сақылдаған тіс тұла бойын ширықтырып‚ өзі қызынып тұрған тәнін алау-далау етіп жіберді. Оның әп-сәтте ыстығы көтеріліп кетті. Селебе уыты ма‚ жара кезігі ме — хайуан өзін қоярға жер таппады. Алып-ұшқан алып жыртқыш қонжықтай жеңілтектеніп‚ бауырынан келетін тау өзеніне қойып кетті. Әлден уақытта түгі малмандай болып судан шыққан Айқоңыр ықылық атып‚ қалтырапдірілдеп жағада шоңқиып отырды. Ыстық күн қыздырған денесі сонда да тоңғанын қоймады. Нәр сызбаған көкөзегі де сазды . Ол еріксіз орнынан тұрды. Нәрлі шөптің тамырын‚ қарақат жемісін теру үшін молақ басы зеңіп‚ миы солқылдап тұрса да қозғалды. Тұманытқан көзінің алдында түсінде көрген елес пайда болды. Айқоңыр амалсыз ерді. Оны елес ертіп кетті... Осы бір елес алып аюды енді өл-өлгенше ертіп жүретінін ‚ түнде түсінен шықпай‚ күндіз көз алдынан қиястайтынын дәл қазір ауру хайуан нақ сезіне алған жоқ. Ол елес ырқына көніп‚ елес дүниеге еніп, еліге еріп жүре берді...

ІІІ Шөп басын шық шалмас тамыздың тымық кеші түсті. Қыз бен жігіт бүгінгі қоңыр кеш тағы кездесті... Албырт аңшы мен балғын жылқышы асыға‚ сағыныса жүздескен. Қатар жортқан ұялас көкжал арлан мен қара қаншықтай жондана жатқан Үлкен Қаражал мен Кіші Қаражалдың арасында сынаша сүйірленіп біткен құрғақ сайдың теріскей қапталы бауырындағы балапан шыршалар арасы — екі жастың жолығысар «жолбасар» жеріне айналған. Осы бір аз ғана күн екеуі етене тартып‚ жас біткенге ортақ қызулы тән‚ қызған жан текті сиқырлы‚ жұмбақ сезімге бой алдыртып‚ бауыр басысып кетісті. Жұрт көзінен жырақ‚ жүргінші жолынан ада қос Қаражалдың арасындағы тәңірінің өзі қашаған ұзын астаудай табиғи табанға кеш үйіріле тұяқ тірейтін құла құнан мен құбақан айғыр да таң сібірлей өретінді шығарды. Олар да бір-біріне үйірсектеп кетісті. Шамдана‚ шамырқана тебіспеген‚ қайта жал мен жаясын тістей қасысқан. Тіпті‚ осы бір сүйір сай төбесінен төнген баданадай жұлдыздар да ақпады. Таңға сөнбеген. Жарық ай да жамбасқа қисайғанша қимады. Сәулесін себездеген. Қос Қаражалдың қапталындағы қалың қарағай да мұнарлана мүлгиді. Шыққа белшесінен бататын шалғын да шыланбады. Қоңыр самалмен сілкіне сілбімеген. Бар дүние екі ғашықтың бақытты шырқын бұзбауға тырысты. Бүгін де түн ортасы ауған. Барыс терісі үстінде‚ айдың саумал сәулелі көгілдір пердесі ішінде жатқан екі жас жанды атаулыға тән қызулы құмарлықтан енді ғана айықты. Сезімдері бастығып‚ саналары сергіді. Тәнге тыныс‚ жанға байыз берісті. Әлден уаққа үнсіз тыныс алысқан... Тыныға келе тілекті сыр тартысқан. ... — Екі дүнияда да өкінішім жоқ. Қасіретім өзіммен кетсін! Сенің басыңды қатерге байлай алмаймын. — Ердің басы — қатер‚ — емес пе‚ бикем-ау! — Жоқ-жоқ. Атастырған жерім‚ ұрын келіп кеткен ерім бар. Сырлы түймем сынған‚ шымылдығым ашылған... өзің куәсің! Ал‚ ағаларым‚ өзіңмен кетем десем‚ оған еш рұқсат

бермейді. Бәрінен де сені кешпейді. Мерт қылады! Мені қалың малым төленген жұртыма жым-жылас қып аттандырып жібереді. — Бұлабике‚ ағаларыңмен де‚ әкеңмен де сөйлессем‚ бәлкім‚ түсінер. Қалың малын да қайтарармыз... Күңгейдегі қалмақ нағашыларым мен Марқа‚ Бөкенбайдағы атажұрт қожамбеттерге, иісі ақ найманға салмақ салам. Бұлғын мен сусар, құндыз бен тиін терілерін тартам... — Атама‚ Ұлар‚ атама! Әкем мен ағаларым малға қызығып отырған жоқ. Малы мыңғырып жатыр ғой. «Қалыңмал» деген жатқа кетер қыздың жолы... барған жерінде қадірлі болсын дегені емес пе. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз жоқ» демей ме жұрт. — Менің шешемді де әкем Алтайдың арғы бетінен алып қашқандай қылып әкелген екен. Бұлабике‚ басқалай жол қалмаса‚ күңгейге қарай тартып отырайық. Ел мен жер бір ғой. Шаңырақ көтеріп‚ артымыздан қара ерткен соң, қайтып ораламыз... Сосын өздері де кешіреді. — Ұлар‚ мына айлы түн атынан айтам‚ мені жарық дүниеге келтірер-келтірместе о дүниеге кеткен қайран анамның аманатын қалай бұзам? Ата-баба салтын қалай аттап кетем? Олай ете алмаймын! Буынсыз жерге пышақ ұрма. Бір Алланың алдында разымын саған‚ арысым! Әкемнің‚ жөргегімнен етегіне салып алған үлкен шешемнің теріс батасын ала алмаймын! Әкем мен ағаларымның діні қатты. Олар жер астына түсіп кетпесем‚ іздеп табады. Мені қойшы‚ ер-азамат сені өлімге қияды. Азаматым менің‚ мен кісі қанын жүктеу үшін келгенім жоқ қой өмірге. Анам да мен үшін туыт үстінде кетіпті... Ой‚ дүние-ай‚ мен бір талансыз туған бейбақпын! — Бұлабике‚ мен тау-тас кезген жабайы аңшымын. Не дейін саған? Боталаған көзіңе жас ұялатпашы! Әлде‚ өтей* елінің жігітімен жүзбе-жүз сөйлессем бе?! — Жо-жоқ‚ Ұлар‚ мені мүлде қарабет қылайын демесең‚ ондай сөзді айтушы болма!.. Осы аз күнгі қызығымды қи. Енді сен көп көрмеші... Жан баласына білдірмеуге тырысып жүр емеспін бе. Ол азамат басын қорламайық. Ұрын келіп‚ бетімді ашып кетпеді ме... Ендігінің жөні жоқ. Бәріне өзім кінәлі! Сені де сезімге алдырттым. Кеш‚ кешіре гөр мені! О‚ тәңірім‚ өзің медет бола гөр! Ұлар тосылып қалды... Бір елі түбітті барыс терісі үстінде‚ кере қарыс қылшықты аю терілі жамылғы астында жаны мен тәні тілектес боп жатқан жігіт пен қыз қайта қауышып‚ Бұлабике аңшы құшағында өкси булықты. Тері түгі қытықтаған екі жастың ұлпа тәні қайыра ширығып‚ бірі талыстай керіліп‚ бірі қайыстай созылды. Қан өрекпи қуынып‚ тән қызына суынып‚ сиқырлы сезім бойды алып‚ әлгіндегі салқын сананы биледі. Екеуі де ерікті алған сезімге берілді. Тұнжыраған төңіректі түн ғана әлдилеген. Мезгіл-мезгіл мазасыздана шақыратын байғыз бен оқта-текте шығатын әлде қандай аң үні де естілмейді. Сумылтық пен құла да көкті күрткүрт үзгенін қойып‚ шашаларын сылти көтеріп жусап тұр. Тек түн ортасы ауа ғана шалғын да дем алып‚ мөлдір шық тұнды. Сай ішінде мұнар қалыңдап‚ қоңыр кеш салқын түнге алмасты. Маңайды мұңлы мұнар бөктірді. Тек буынсыз тілді өбістен‚ балғын тәнді шарпыстан жерінбеген екі ғашық қана тән ләззаты мен жан рахатына батқан күйі балбырап жатты... Олар түнгі түнек дүниені ұмытып‚ өз қызықтарымен өздері болып‚ таң алакеуімінің қалай тез кеп қалғанын да сезбей қалды. Көк аспан көгіс тарта тілі балдай‚ тәні талдай Бұлабике тезірек қайтуға мазасыздана берді. Ұлар таңның білінгеніне өкініп‚ шыңылтыр ауаның шық сезімге толы сәтін қимай жатты. Сарша тамыздың сарғайған таңымен қырындай жатқан қызды жалаңаш белінен өзіне қарай құмарта тартты... Әлден уақта екеуі де жусаған жылқыларын жетектеп кеп‚ Кіші Қаражалдың қимасынан түстік бауырға көз жіберді. Көк мұнар көмген‚ селдір орман кесе көлденеңдеген Қызыр байдың ауылы көзге шалына қоймайды. Бұлабике мен Ұлар атүсті құшақ жазысты. Таңғы салқын соқты. Бойжеткеннің соңынан сүзіле қарап тұрған аңшының тұла бойы тоңазыды. Құла құнанды қыз мұнарға сіңді. Сонда ғана Сумылтық жануардың сулығы сылдырап‚ тізгіні Жүндіқарағайдағы жалғыз отауға қарай қағылды. Қос Қаражалдың арасында ұзына бойы созылған астау сайды өрлеген Ұлар қасқа маңдайынан көрінген бүйрек жонындай жұмырлана жатқан алыс та алып Сарытау сілеміне көз салды. Ақ қасқа қарлы‚ алып иінді белең көк мұнарды серпе, таңның сарғыш сәулесіне иек артқан екен. Көтеріңкі көңіл‚ сергек сезім түсін билеген жанның таңды көзбен атырғаны білінер емес... Жусап алған астындағы Сумылтық та ойнақтай басады. Құла құнан мінген қыз да қунақ еді. Ол да жастықтың қызуымен‚ таңғы салқын ауамен талықсыған тұмса тәнін‚ балбыраған балғын бойын жиып алған. Құнан үстінде құлын мүшесі ширыға‚ қос анары қол тигізбей қолдырай дірілдеп келеді... Ауылға жақындаған сайын кеудесі өрекпіп‚ біреу-міреу аңдып тұрған жоқ па деген күдік кеулеп‚ сонда да өз-өзіне басу айтып, асыға түседі. Құла да құлағын қайшылап‚ пысқырып қояды.

*Өтей – ру атауы.

Әлгіндегідей көгіс аспанның шығыс өңірі ескі бөздей боз тартты. Бозбала таңмен балқарағай басын шала бозторғай боздай жөнелді. Жаңа ғана бозбала жанынан ләззатқа құмартып‚ ұшпа сезімге масайып аттанған бойжеткеннің албыраған реңі де бозаң тартты. Қара түннен қызулана қалжыраған тәнін де белгісіз ызғар қарып өтті... Бұлабике енді құлаға тақымын батыра асыға түсті. Қыз ат шаптырым ойпаңда орын тепкен ақ шаңқан ауылға теріскей дөңнің төсін иелеген селдір орман пұшпағынан құламен құлағанда‚ ауылдың шығыс бетіндегі биік тұрғыны жапқан қалың балапан шыршаның арасынан қадала көз тіккен Айқоңыр аю да орнынан қозғалақтап тұрып кетті. Ол Атқыбұлақ басындағы аңшымен айқастан кейін бұл ауыл төңірегіне табанын тұңғыш тигізіп тұрса да‚ баяғы бұлаңдаған балғын тәнді әйел жынысын жазбай таныған. Сол сәт жаны да бір ышқынып‚ жүрегі де бір бұлқынып қалған... Айқоңыр да Атқыбұлақ басында жолығысқан жұмбақ та сүттей сиқырлы жанды сағына‚ одан айырылып қалғанына ашына жеткен. Жолындағысын жайрата жеткен... осы бір таң қараңғысында. Шықтан шаңқан тартқан ауыл да тыныштыққа ұйыған. Бірақ... әлде біреу ояу еді. Ол — Бұлабикенің ортаншы ағасытын. Іргеден өткен жылқы тұяғының дүсірін естісімен‚ ұйқылыояу сақ жатқан ол орнынан атып тұрған. Жанындағы жарын іргеге қарай итере сап‚ сүйек төсектен сыртқа ұмтылды. Қараңғыда киіз үйдің ағаш есігін қайыра‚ бастырмасынан қалқалай көз салды. Бұлабике құла құнанды қаңтарып‚ төрт-ақ қанат қыз отауына еніп кетті. Жабықтан жіті сығалаған қыздың жыланкөз ағасы тісін шықырлата қайрады... Боп-боз боп жерді жапқан шықты таң бұл сәт ағарып атқан еді.

ІV Барқыт шапанды‚ тайжақылы бойжеткен киіз үйге бойын жасырып‚ ал Атқыбұлақ басында алды-артына қарамай атқи жөнелген құла жылқы мама ағашқа қаңтарылған соң‚ Айқоңыр да жылыстай берді. Ақ жолақ тартқан тыртық танауын алақанымен сипай‚ Кіші Қаражалдың күңгей бауырын бөктерлей‚ бағана Бұлабике асып түскен жал қимасы тұсынан қиыстай қорбаңдаған. Май табаны маймаңдап‚ майлы бөксесі бүлкілдей желді. Бай қызын аңдимын деп таңды атқызып алған. Тереңдегі жатағына кеш қалды. Жалтаңға да жамбастай алмаған — қорыққан... Амалсыз Атқыбұлаққа бұрылды. Ол Кіші Қаражалдың күңгей қапталындағы жатаған жоталарды жапқан қалың қарағайлы орман ішімен асыққан сайын‚ өткен күндерде тап осы өңірмен Атқыбұлақ басынан‚ қыз соңынан талай еріп келгенін де көз алдына келтірді... Бұлақ басындағы балғын тәнді адамның сиқырлай тартқан сұлу мүсінін де елестетіп өтті. Сол-ақ екен әлі де күн көтерілмей‚ сәуле жүгірмей‚ мұнар ғана қымтаған салқын орман ішінде елес пайда болды. Аю да енді ана бір күндері жарасын жалай алмай‚ жазыла алмай‚ ашқұрсақ күйі терең шаттың ішінде елеске емекси ергеніндей тағы да ере берді... Сол бір сұмдық ашынған‚ бар даусымен азынай ақырған күндер де елестей берді... Бұл бүгін Бұлабике ауылына құлқын сәріден табан тіреп‚ тырнағын батырғанда да ұрты майлы‚ азуы қанды болатын. Борсаңдаған жүрісі де мандымай, ықылық атқаны содан. Терең Қаражал шатының ішінде сімтік тұмсығындағы жара тыртықтана бітіп‚ көзінің алдын ала үнемі суық термен жіпсіп тұратын қара танауының артын ала өскен ақ жүн жолақтана жал салып еді. Арада тамыздың өкпе қысар аптабы қайтып‚ құба салқын күндері келген. Қоңыр кеші түсіп‚ ызғар түні дендеген. Таң да тоңази ататын. Өткен кеш Айқоңыр терең шұңғыма Тымбай шатына түсті. Оңай олжаға килікті. Ақ жолақ танаулы Айқоңыр суық селебе тілгеннен бері әдеттеніп қалған «тұмсық сипау» жосынын жасап алып‚ шашырай жатып күйіс қайырған ірі қаралардың еңіс жағынан шықты. Жел жағынан қашқан‚ желге қарсы орағытқан. Аңқау жануарлар төніп келе жатқан ажалды аңдамады. Салқын қызыл іңірде көзін жұмып‚ күйіс қайтара жынын жұтып жатты. Амалдап ай көтерілген. Алаңқайға таман жатқан төрт сиырдың да ай жарығында ай мүйіздері ағараңдаған. Әккі Айқоңыр арыдан тіміскілеп‚ алыстан орағытып‚ жер жадысын жете айырып‚ қара бойын баса‚ қара тұмсығын тыға‚ қара тырнағын жасыра жақындады. Алдымен шатқа құлдаған жалтаң жылғаның теріскейіндегі қарақат-ұшқат көлеңкесінде күргейлене қозғалған. Бағана беткейден бағдарлап алған ол бейуаз жатқан жеміне су орған жыраның қараған-бұта‚ ұшқат-қызылқат‚ ырғай-итмұрын көмкерген жапсарына жасырына келіп‚ тап қастарынан көлеңкедей қарая көтеріліп‚ түре тиуді бағамдады. Түйе бойы терең әрі құрғақ жыра жыртқыштың қолайына келе кетті. Жардың көлеңке жағын ала жүрді. Ішіне тартқан дымын, табаны басқан жымын сездірмеуге көшті. Өз жүрегінің ғана дүрсілін естіді. Сонда да әлде неден оқыс секем алып‚ шұнақ құлағын түре тоқтайды. Әлде қандай сезіммен сескенеді. Әлде‚ өткендегі аңшының жарқылдаған суық селебесінен бе екен... Тұра қалып ақ қылшық жолақтана өскен жүндес тұмсығын сипады. Демін тарта тың тыңдады. Тағы түнере қозғалды.

Кенет жылғаны жылыстай құлдаған іңір самалы сап тиылды. Іле төмендегі ұлы шаттан іргелей көтерілген салқын өрлей соқты. Айқоңыр да хайуандық жат иісін мал сезіп қаларын біліп‚ мөлшерлі жерге бүгжеңдей жөнелді. Сөйткенше сиырлардың бірі өкіріп қалды. Бірақ кеш еді. Аю алқым астындатын. Жырынды жыртқыш жарқабақтың түйетайлана біткен тұсындағы көк ұшқаттан қос қолдай ұстап‚ ырғи серпіліп шыға келгенінде, тап алдында әлі де марғау жатқан жас құнажынға кезікті. Орнынан үрейлене көтеріле берген әлгі жануарды жыртқыш хайуан бір-ақ басты. Ол бірден-ақ көжекті бүрген қырғиша қона түсті. Алып аю салмағы астында жаншылған құнажын тыпырлады да қалды. Өкіре де алмады. Ал Айқоңыр болса‚ азуды көк желкеден‚ сояу тырнақты қолды жұқа қолтықтан салып‚ алапат шапшаң қимылдап қолқажүрекке қолын батырып жіберген де‚ қалған мақұлықтарға қарай жүгірген. Күз жақындай келе бұзаулары қожырай‚ өздері өрісте қалып қойып жүрген жануарларда ес қалмаған. Үйдей боп үңірейе қозғалған жыртқыштан жан-жаққа жансауғалай қашқан. Айқоңыр бірақ құтқармаған. Қарны жер сызған семіз қызыл сиырға алдымен жеткен. Жеткен бойда шонданайдан саусақтай тырнақты батырып‚ салалы саусақты оң қолмен қармап‚ шоңқита отырғызды. Әрі ауырсына‚ әрі үрейлене өкірген жануарды жанасалай бере екінші қолы — сол қолымен қос иықтың үстіндегі иіннен мыти ұстап‚ сүйектерін қарулы қолдарымен сындыра сығып‚ сиырды көтере соқпақ болды. Бірақ жарым-жартылай сынған сүйектер ауыр салмақты көтере алмай‚ сиырдың қыр-жонынан ырсиып-ырсиып, сыналай сынып, сыртқа тепті. Соған қарамастан ашулы да азулы аю жұлыны үзіліп‚ былқ-сылқ бос қалған денені бауырына ала көтеріп‚ қара жерге қайқайта ұрып жіберді. Ол мұнымен де тоқтамай тұра жөнелді... Ендігі кезек — екі жыл бойы тұл қалған ту сиыр — қоңыр сиырдікі. Майдан жарылардай былқылдаған қоңыр сиыр аса қашыққа ұзай да алмаған. Өрге қарай жүгіргеннен алқына дем алып‚ алқымына май тығыла ісініп‚ ілгерінді-кейінді кетіп арсы-күрсі болған. Ал бұлармен бірге өрістеп жүрген екі жасар еркек кер өгізше құйрығын бір-ақ тікті. Ол биік басына шығып‚ үреймен ары асып та кетті. Қоңыр сиырды Айқоңыр қуып жеткенде‚ ол жаламалана біткен биік жартасқа артқы жағын бере, орақтай мүйізімен басын шайқай қарсы алды. Бейшара жануар ішін тарта үрейлене өкіріп-өкіріп қояды. Аю бірақ сасқан жоқ. Жақындай келе жер-көкті жаңғырықтара аю да ақырды. Сиырдың енді үні шықпай қалды... Түгінен майлы тер тамшылап‚ дәреттеп те жіберді. Айқоңыр адамша тік тұрып‚ өз салмағының ауырлығынан екі жағына таразы басынша теңселе қозғалып‚ түсініксіз үнмен гүрілдеп‚ тіпті жас сәбидің сөйлеймін деп талпынғанындай уілдеп‚ оқыс ақырып-жекіріп те қалып жақындай түсті. Қоңыр сиыр басын ғана бұлғай-шайқай беріп‚ бойында ұлы бір үрейден жан қалмады. Алты айрығынан тер аққан тәні түртіп қалса, жантая кетердей діріл қақты. Қос бүйіріне қарай қайқаңдай жеткен ақ төс қара аю бір қолымен мүйізден шап берді де‚ енді бірін сиырдың шекесінен шеңгелдей салды. Бас бармағы қоңыр сиырдың бір көзін ағыза кіріп кетті де‚ қалған шеңгел бас сүйекті бүре мытып‚ ыңыранған жануарды өзіне қарай жетелей тартып‚ кенет бар күшімен көткейін итеріп кеп қалды. Өзі әрең тұрған жануар шегіншектей барып тас қабырғаға соғылды. Бейшараның бірден белі опырылып кетті де‚ көтендігі күл-талқан күйреп түсті. «Өк!..» деуге де шамасы келместен, төрт сирағын бауырына басқан күйі шөке түсті. Сұрапыл күш, сұмдық айламен үш қараны да суырдай қып соққан жыртқыш сонда да түймедей көзі түйреңдеп‚ төңірегін тінткілей сүзді. Тымбай шаты іші жым-жырт. Айдың ақ нұры ғана төгіледі. Әлі суып үлгермеген сиырдың ыстық қолтығы астына аю қолын жүгіртті. Тар қолтықтың қабырғасын өткір тырнақтарымен сөге қолқа-жүректі қопара суырып алды да, апыл-құпыл асай бастады. Қорқаулығы ұстай қолқ-қолқ‚ қорқ-қорқ үн шығарды. Шілденің ортасынан бері қарақат-қызылқат піскелі жеміс атаулыны жей-жей жүрегі қарайып, қарнын жел кеулеп жүрген хайуанның бұл шағы— нағыз малға шабатын уағы еді... Өткендегі селебе жарақатынан да Айқоңыр алысқа ұзай алмай, ет жей алмай‚ есесі кетіп-ақ жүрген. Құдай бұған кез қылды. Айқоңыр да аянып қалған жоқ. Бір түнде үш бірдей қараны қорқырата жықты. Ол жемтіктерінің жылы-жұмсағына ғана ауыз матырып‚ жүрегін майлады. Ыстық қаны сорғалаған өкпе-бауыр‚ қолқа-жүрек жыртқыштың жүрегінің қыжылын ғана басқан жоқ‚ кекірік аттырған маймен қайырып та тастады. Қарақат қышқылы қыжылдата қайнап‚ маза бермейтін асқазаны майланып‚ ауыр тартысымен, көңілі орнына түскен Айқоңыр Бұлабике ауылы жаққа барғысы келген. Бірақ бірден бұрылып кетпеді. Жыртқыш жыртқыштығын ұмытпаған... Жемтіктерін жасырған. Алдымен өзі ең соңында жылы-жұмсағын қарбыта соғып алған құнажынды дәл қасындағы жарқабақ жиегінен сырғанатып‚ қалың ұшқат астына сүйреп апарып жасырды. Ал

қызыл сиыр мен қоңыр сиырды ауырсынды ма‚ сүйреп әуре болмады. Беткейге көтеріле барып‚ ерінбей-жалықпай балапан шыршаларды түбінен сындырып‚ кейбіреулерін тамырымен қопара жұлып алып‚ ақтер-көктер бола тасып‚ өлекселерді орын-орнында басып тастады. Сосын әлден уаққа дейін шоңқая отырып демін алды... Ай жарығынан түскен көлеңке ұзара ауылға қарай бет қойған. Таң қараңғысында ауылға де жетіп‚ таң сарғая Бұлабикені де көріп‚ енді Атқыбұлаққа қарай құлдилап‚ баяғы құла құнан қиғаштап түсетін беткейде қиялап келе жатыр... Басы еңкейіп‚ бөксесі тоңқайып, қинала қозғалады. Бой-бойынан тер кетіп‚ буын-буыны былқылдап‚ майысып та келеді. Бітеу тұйық бұрынғысынша бүк. Күн енді көтерілсе де, қара жолдан қиналған аю сарқырама астына қойып кетті. Тәні салқындап‚ жаны сергіп сала берді. Атқыбұлақтың аппақ ағыны астында қолын шапаттап балаша ойнады. Сәлден кейін селкілдеп тоңып‚ күнге қыздырынып көгалда отырды. Миынан мұздай су өтіп‚ тісі-тісіне тимей сақылдады. Орнынан көтеріліп‚ өзі ана жолы тастай қашқан жеңілжелпі жатағына қарай жүрді. Соңынан түгіндегі су тамшыларын кептіре күн сәулесі ерді. Көз алдына баяғы бір ақшыл елес келді. Елес мұны ерте көлбеңдеді. Әлгі елес Айқоңырды жатағына жатқызып‚ еріксіз жанарын жұмғызды. Жұмылған жанар ішіне сіңіп, елес те ғайып болды. Ол түске айналып кетті. Аю түсінде елеспен тілдесіп жүрді...

V Тамыз түгесіліп‚ қыркүйек келген. Алтайға қоңыр күз қонақтаған. Төр жәйлауда отырған ел де жылжи қонып‚ күзекке түсе бастады. Әне-міне Қызыр байдың ауылы да ойға құлайды. Бұлабике де сарғайған күзбен Сарыбайдағы қыстауға көшіп кетеді... Сарыжұртта сарғайып жалғыз қалатын – із-түзсіз жоғалап кеткен Баршынбектің қараша үйі және оның cүйген жары Шаған мен аңшы ұлы Ұлар. Әкесі де жоғалғалы қаша? Өлі-тірісі де беймәлім. Сонда ел шетінде‚ әке орнында қалатын Ұлар мен мұның торғауыт-қалмақ шешесі Шаған ғана. Бірақ тобынан адасып‚ көлде қыстап қалған сарала қаздай қырдағы қыстауды иен тауға айырбастағандары бір бүгін емес қой. Бақанмен күргейлей көтерілген түңліктен алакөлеңкелене түскен жарыққа шалқалай қарап жатқан Ұларды осындай бір ойлар қамаған. Қыстағыдай қос қабат емес, жалаң қабат туырлыққа тырс-тырс тамған жаңбыр шуылы‚ тақ ортада шытыр-шытыр жанған шырпы шыртылы құлағына келеді. Үш бұт мосыда қазан көтеріліп‚ қойдың еті асылып‚ буы бұрқырай былқылдап‚ бүлкілдеп тұр. Бұл қойды кеше Бұланбай шаты маңынан көшіп бара жатқан қожамбет ағайындары әкеп тастап кеткен. Әйтпесе Ұлар да‚ әкесі Баршынбек те мал ұстап‚ мал бағып көрген емес. Бірақ мал етіне қысылған да емес. Жаз бетінде ел келеді қастарына‚ қыс бетінде күзде-ақ сойып алған жылқы мен қой еті қақтала ысталып‚ екі-үш жанға аузы-мұрыннан шыққан азық еді. Қымбат құндыз‚ бұлғын‚ сусар‚ аю‚ барыс терісі үшін ұлы келін түсіретін‚ қызы ұзатылатын халайық өздері-ақ әкеп тастайтын. Ал жиналып қалған басы артық малды мұның әкесі марқакөлдік ағайын-туысқа таратып жіберетін. Өйткені оны қарайтын әкесі екеуі емес... Шешесі Шаған да еркектің ісіне араласпайтын. Артық малды қайтеді‚ түздің аң-құсы жын атып жүргенде. Тыста күздің жылауық жаңбыры бүркіп‚ ақ тұманы бүркеген. Үй ішінде еңсені езген бір ауырлық бар. Тіпті дем де ауыр‚ әлде дымқыл ауа әсері ме екен. Әйтеуір‚ түсініксіз. Су-су болған шешесі сырттан отқа жағар аршаны көтере кіргенде‚ екі-үш қабат аң терісі үстінде шалқасынан жатқан Ұлар басын көтеріп отырды. Шешесі әкесі із-тозсыз жоқ болып кеткелі үндемейтін әдетімен үнсіз қалды. Үндегенде не дейді? Екеу ара нені әңгіме қылады? Қас қылғандай әкесі де аяқ астынан жоқ болып кетті. Оған да міне‚ аттай жеті жыл... Бұл жиырма беске жиды. Алғашқы екі-үш жыл шешесі көп егілді. Шыршадай Шаған шүйкедей боп солып қалды. Келе-келе жалғыз ұлын медеу тұтты ма‚ қайыңның безіндей қатып‚ ширап алды. Көп сөйлемейтін‚ шешілмейтін боп кетті. Алтайдың арғы бетіндегі төркіні торғауыт ауылына да көшкісі келген. Бірақ Баршынбек әкесі құсаған қату мінез ұлы көнбей қойды. Аяқ та бастыртпады. Ол жақтан ағасы Шадан кей жылдары іздеп келіп кететін. Олар да көп болды‚ ат ізін салмай қойды. Баршынбек жайынан олар да бейхабар... Бұлар да ол жақтың жайынан хабарсыз... Екі ара да шалғай. Шешесі қазанды оттан түсіріп‚ қарағай астауға бас пен қойдың жілігін‚ жетім қабырға‚ белдеме‚ бүйрегін салды. Отты да ысырып қойды. Дәмді піскен астан ала отырып‚ Ұлар да өз ойына орала берді. Осы шешесі мен әкесі де тағдыр айдап қосылыпты. Болмаса Ұлы Алтайдың ылғар шеті — Қобда Алтайы торғауытының аруы мен құзар биігі – Ақтау*‚ Сарытау өңірінің азаматын тәңірінің өзі

себепкер болып қоспаса‚ мұның әкесі Баршынбек әлде бір қазақ қызын қалыңдығы етер ме еді... Кім біледі? Бәлкім‚ бұл сияқты бойдақ боп жүріп‚ тұяқсыз өтер ме еді... Көз жетпейді.

*Ақтау – қазіргі Мұзтаудың ежелгі түркілік атауы.

Шешесі Шағанның айтуынша‚ Шадан ағасы мен Баршынбек тағдыр қалауымен‚ тәңірі алқауымен иен тау басында аң қағып жүріп жолығыпты. Қияметті дос болып кетіпті. Оның да өз себебі бар... Шадан ағасының тоқалы аюдың етіне жерік болады. Тоқалының аң етіне жерік болуы да тегін емес‚ Шаданның да аңкөстігі‚ кейде жалғыз-жарым аңшылыққа аттанып кететіні бар. Жас тоқалға сол да әсер етсе керек.

Кәрін тіккен қаңтардың ақ қар‚ көк мұзына қарамай‚ әлде бір қалмақпен Шадан Алтайдың ұшарына аттанады. Болашақ шикі ет сәби үшін аңның шикі етіне сапар шегіпті. Жолдары да болыпты. Шадан ағасы қасындағы құрдасымен аю апанының үстінен түсісімен‚ қалмақша шыңғырта аулауға көшіпті. Бірақ ұйқыдан оянған дүлей хайуан аңшылардың амалайласын талқан етіп‚ өздеріне тура шауыпты. Аңшылар екіжақтаса да әлгі хайуан бірін мерт етіп‚ бірін жаралап‚ жастығын ала жатыпты. Шадан жаралы күйі иен тау басында жалғыз қалыпты. Тәңір айдап Баршынбек үстерінен шығыпты. Оның аң қағып жүрген беті екен.

Су ішкілігі бар Шадан ағасын Баршынбек атқа өңгеріп жеткізіпті. Шадан болса ажалдан аман алып қалған аңшыға жалғыз қарындасын қиыпты... Оған Шағанның апасы мен әкесі де қарсы болмапты. Қазір сол сұлу қалмақ қызы Шағаннан не қалды? Боталаған нұрлы көзі ғана... Бұл әулеттің ел шетінде‚ тау бетінде ғұмыр кешіп келе жатқанына талай уақыт болыпты. Әкесі Баршынбектің бабалары да мергендігімен‚ аңкөстігімен аты шығып‚ Алтайдың өрін қоныстап күн кешіпті... Әне олардан қалған белгі — кісі бойы құрамалы қара жақ. Бір уыс жебесімен төрде ілулі тұрған қорамсақ. Қайран әкесі қара садақтың қалай атылатынын да көрсетіп кетті ғой. Аю-қабан‚ қасқырқабылан ататын сала құлаш сәйгез жебесімен аңды атпаса да‚ жүз қадамдай жердегі жуан қарағайды көздей атып‚ қауырсын қанатты ырғай жебенің болат ұшын батырып жіберген. Батып кеткен қызыл ырғай жебені қыл мойнынан сындырып алған. Ал құрамалы көн садақты да түсіндіріп еді-ау! Күш түсер‚ серпін сақтар қос иініне құлынның балғын қабырғасын қоса таңған‚ жебе қонар алақанына қозы жауырынын қиып қондырған‚ солқылдақ ақ самырсыннан иіп‚ мал сүйегімен серпімді күш бере құраған сүйекті жақ екенін көрсеткен. Тік тұрған аюды қақ көкіректен атса да, төс сүйегін қақырата жарып өтер жақ аңға ғана емес‚ ықылым замандарда жауға да қолданылған жарақ сырын жеткізген... Бабаларының көзіндей боп керегеге сүйеулі күйі ол тұр. Бұғы терісі мен тарамыстан өрген адырнасы да босап қалған бұл күнде. Өткен өмір бедерін ойлай отырып, Ұлар түскі ас үстінде Бұлабике жайында шешесіне айтсам ба деп оқталып, бірақ тілін бүгіп қалды. ...Ұлар Сумылтыққа аяқ артқанда күн түстен ауып бара жатқан. Тұман жер бауырлап алған төңірек бүріккен беймаза жаңбыр астында сілбіленіп‚ бар дүние көзге көбең тартыпты. Ақ тұман жұтқан‚ жауын шайған ауыр күнде аттанған аңшының да сезімі сырғақ‚ ойы бұлыңғыр тартқан. Бұлабикеге қандай байлаулы уәж айтарын білмейді. Баяғы бір таң атырған жүздесуден кейін тиіп-қашты ғана жолығысулар болды. Ағалары әлде нені сезіп қалса керек. Жеңгелері де тыйым салыпты. Ұятты қайын жұрты барын да ескертіпті... Содан бері жүздесу де сиреген‚ күндіз ғана сүт пісірім мезгіл жасырын жолығысып кететін-ді. Тұман тұтып‚ жылбысқы суық жаңбыр бүріккен жайсыз күн болса да, бүгін екі жастың ұшыра уағдасы бар еді. Ұлар соған асыққан. Жүндіқарағайдан қос Қаражалдың басын түйістіре жатқан астаудай құрғақ сайға іліккенше де бірталай жер. Кіші Қаражалдың күңгей қапталына асып түсер қимаға жақын өскен баяғы өздерінің балапан шыршалары бауырында жолығысуға аңшы жүрегі алып ұшқан. Сумылтық айғыр да тарпаң тегіне тартып‚ тебін тигізбей сау желген. Бүркеген бұлыңғырды елер емес. Орама тік тұяғы орман ішіндегі жалғыз соқпақ табанын жазбай басады. Ұлар да маңдайынан салбыраған бұтақтардың бірі қағып‚ ат құйрығынан түсірмесін деген қауіптен жалына еңкейіп алған. Басындағы құндыз бөркі‚ үстіндегі алқымынан ілгектей салған аю жамылғы түгіне су сіңіп‚ қылы қисайған. Иесінің құла құнанды қызға асыққанын сезгендей, Сумылтық та суырылып келеді. Оған да бұл соқыр соқпақ‚ бұлаңдаған бойжеткен‚ ойынкөс құла құнан етене жақын тартып кеткен. Бүгін-ертең Бұлабике ауылы да Шұбарағаш‚ Маңтөбет жағындағы күзекке‚ Сарыбайдағы қыстауға қарай көшеді. Бұлабике де көз көрмеске бет бұрады. Бұлабике әкесі Қызыр байдың да‚ ағаларының ауылына да мұны жолатпай қойды... Ауыл маңына да жуытпады. Қайтсе екен? Байырқалар байлам‚ тұрақтар түйін жоқ. Мына бұлыңғыр дүниедей бәрі де бұлдыр. Келешек күндері де күңгірт. Әлде бір-ақ тасып‚ Алтайдан асып‚ тайып кетсе ме екен... Қалай

ғана қарымды қимыл етсе екен? Қандай қуат көрсетсе екен? Осындай бір орашолақ ойлар аңшының алды-артын орады. Ақылдасар жан жоқ. Жалғыз өзі жанталасып‚ әлден уақ кесімді ой түйе алмай, жүдеу тартты... Бұлабике туралы анасына да ақтармады. Жалғыз өзі шошайып‚ үмітін кесіп отырған шешесін тағы бір уайымға салғысы келмеген. Енді іштей өкініп те келеді. Сылбыр сілбі саулаған‚ тұман торлаған тау іші де тән тәтіретер‚ жан күйзелтер салқын. Күңгірт те көңілсіз. Ұлар аңшы да межелеген жерге жеткен. Ат құлағын қайшыласа әрең көрінетін тұманды күнде аңшыны Бұлабике мен құла құнан емес‚ үш салт атты күткен. Су өтпес қалың шидем киген үшеу амандық-саулық жоқ суық қарсы алды... Ұлар да бәрін түсінді. Белді бекем буынды. Оқыранған күлік басын тарта «Ассалаумағалейкүм!» деп дауыстады. Олар бірақ тіл қатқан жоқ. Өңдерін суық салған күйі сыр бермеді. Бірақ ортаншысы шыдамады білем: — Бұлабикеде не әкеңнің құны бар?! — деп барқ ете қалды. — Ағалар‚ — деді Ұлар ашу шақырмай‚ — алдарыңнан өтейін деп едім‚ Бұлабике рұқсат бермеді. Атастырған жерінің бар қалыңын өтейін‚ тек айыра көрмеңіздер. Біз бір құрыққа ілінгенбіз... — дей беріп еді: — Мына хайуан неме не деп тұр өзі?! — деп әлгі ортаншы ағасы ақырып жіберді. — Бізге мал керек деп жүр екенсің ғой‚ малғұн! Бізге ар керек! Ар... Сөз де сонымен сап тиылды. Қайдан сілтенгені мәлімсіз қайың құрық Ұлардың бөрікті басына сарт ете қалды. Миы аузына түсе зеңіп‚ ер үсті теңселіп кетті. Қайың құрық қайыра сілтенгенде аса жанды жер тізеден тиіп‚ алпамсадай аңшы жігіт айғыр үстінен тиінше ұшты. Жерге жауырыны тиертиместе есінен танып кетті. Бірақ: — Әкеңнің көрі‚ тағы неме! — Ит жемес өлексе‚ сорлы! — Тексіз тума! — деген боқтық аралас былапыт сөздер тиылмай‚ жерде ес–түссіз есеңгіреп жатқан жанға қос қайың құрық тағы да қабат-қабат сілтенді. Сонда ғана шыдай алмаған үшінші жас салт атты: — Тоқтатыңдар! Болды енді‚ — деп ат-матымен ортаға килігіп‚ араша түсті. — Өлтіресіңдер ғой‚ аясаңдар етті! — Ол бізді аяп па?! – деп гүрілдеді үлкені. — Ұятқа қалдық қой ел-жұрттың алдында... Ат құйрығына байлаймын екеуін де‚ — деп ысылдады ортаншысы. — Ауылдың өсек-аяңы ертең ол жаққа да жетер‚ — ішіндегі үлкені күдігін күшейтті. — Әкем‚ құн арқалаңдар деген жоқ‚ — деп кенжесі тағы бір сөздің ұшын шығарды. — Бұл — құнсыз... Құн сұрар кімі бар? — Ортаншысы орағыта сөйледі. — Олай деме‚ аға‚ қалың қожамбет‚ қала берді теріге сатылған ел бар деп әкем айтқан‚ — деп кенже жігіт тоқтау салды. — Жарайды енді‚ өзі де сыбағасын тартты. Көкем қамшы үйіріп жүрмесін‚ — деді үлкені. Олар жиіркене қарап‚ жиырыла бұрылып кетті. Жаралы жан шалажансар күйде қала берді. Ол да бір ақ тұманның ішіне енген. Есін жия алар емес. Жамбасы мен жауырынынан сыз өтіп‚ бет-жүзі мен мойны-басын жаңбыр шайып жатты. Сонадайда Сумылтық сулығын сылдырлатып‚ өз бетімен жайылып жүрді. Оның да үсті малмандай еді. ...Самайдан тиген сойыл соққысынан есеңгіреп, аңшы ұзақ жатты. Бәлкім‚ жата да берер ме еді‚ Сумылтық болмаса. Кеш батып‚ көзге түртсе көргісіз қара суықты‚ жаңбырлы түн түскенен сескенді ме‚ иесін ес көрді ме — жануар жаралы жанның сұп-суық боп жатқан жүзін ыстық та қатқыл тілімен жалап‚ жан кіргізді. Ес жиғызды. Тәні тітірей тоңып‚ жаны алқымына тығыла қысылып жатыр екен. Қозғалам деп қос қолдап қармана беріп еді‚ басы солқылдап‚ тізесі шоқ басқандай өртеніп қоя берді. Сонда ғана қара түнді‚ қара жаңбырды және өзінің қайда жатқанын бағамдады. Кең танауын пырылдата‚ жұмсақ ерінін еміренте‚ суық сулық темірін тигізе оқыранған жан серігі Сумылтықты сезінді. Өлі емес — тірі екеніне‚ түсі емес – өңі екеніне түнектей қараңғы болса да көзі жетті. Өз-өзін қинала зорлай басын көтеріп отырды. Оң тізесі от тигендей дуылдап‚ қол тигізбей қолдырап күйіп тұр. Тізелікті былғары саптаманың сыртынан тисе де, қайырымсыз қатты‚ ауыр қолдан тізе тостағаны сынып кетсе керек. Самайы да сау емес сияқты. Бүкіл басы солқылдап‚ оң көзі ашылмайды. Қара қабақ жарылғандай. Басын төмен салған Сумылтықтың сұйық жалына жармаса‚ жал тұрқына сүйене көтеріліп‚ қараңғыда ерге әрең қонды. Ерге қонысымен ұңғысы төмен‚ дүмі жоғары қараған құндақты бесатарын тексерді. Ол ердің оң жағында, алдыңғы қасты ала құндағымен тігулі әрі

қанжығамен байлаулы еді. Аңшы мылтығын тексеріп алысымен жамылғысын жөндеп‚ ернін ауырсына тістеп‚ күлігіне ерік берді. Сумылтықтың суыт жүрісінен басы айналып‚ жүрегі лоблып‚ тізесі сыздап қоя берді. Аңшы ат жалын құшты. Күннен түнге үдеген күздің қара жаңбыры да сабаудай түтті.

VІ Айдын көкте ай алмасты. Алтайға алғашқы қар түсті. Ұлы тау арасы қоянның мамығындай ұлпаға кенелген. Ақ ұлпа соңы шыңылтыр аязбен қысты. Қыркүйектің қытымыр күні қыс қаһарын сездірді. Ел көшіп кеткен. Ошақ көмулі. Сарыжұрт сарқулы. Мал-тұяғы тиылған. Адам аяғы тыншыған. Ұлы бір тыныштық орныққан. Кең жайлау қаңырап‚ аңғал-саңғал аңғар-сай‚ шатшоқылар аңырап тұр. Хан Алтай атанған алып өңір бойында көгілдір көк текті кеңдік‚ жан сейілтер жайлылық‚ тән сергітер салқындық бар. Жаздың думанды дүбірі сарқылған сыңайлы. Оны әзірге ояу Айқоңыр да сезінген. Ол да енді елсіз жұртты адақтап шығуға бейіл. Сарыжұрт қалдырмай сарыған. Иенде өз қожалығын еркін сезінулі. Қараша мен қазан түспей‚ сабыла да сарқыла жортқан хайуанның бауырына сауыс-сауыс мұз қатпай‚ ала жаздай мүйіздене қалыңдаған күс-күс қара табанынан сыз өтпей жата қоймайтыны тағы ақиқат. Сулы қарды шылқылдата кешіп‚ күс алақанын ақжемдете жұқартпай‚ жұқарған алақанда май мен табан қызбай‚ қыза келе миына дейін мұздамай, аю атаулы тыныс алмасына табиғаттың өзі кепіл. Аюдың аса қауіпті кезі де осы уақ... Ұйықтар алдында қарны қоңылтақсып‚ жұртта көмулі қалған өлекселерді ашып жеп‚ болмысын дендеген ұйқыға кете алмай, ашынып жүргені. Айқоңырдың да сондай күндері жақындаған. Бірақ бұл тоқ еді. Биылғы жазда мидай былқылдап, ерен семірген. Зор қуатты‚ қилы айлалы хайуан жүрегі мен бүйрегін май басса да, емін-еркін қимылдайды. Қажет кезде қаһарлы жыртқышқа айналады. Кебеже қарын‚ кең құрсақ хайуан күбідей дөңгеленеді. Тура қырық жылдық қарағайды қозғар салмағы бар. Ол асықпай аралауды жөн көрген. Өзіне тиесілі төңіректі бір емес‚ бірнеше рет сүзіп шыға алады. Бірақ балпаңдай басқан маймақ асығар не бар? Бар дүние орнында. Екі аяқтылар тастап кетпесе‚ көшіріп кетпейді. Қараша келіп‚ қар қалыңдап; ызғар қарып‚ бой мұздап; боран ұрғанша болдырмасы хақ. Байпаңдап табанын жани түсетіні де‚ түгі де тысқа тебе қалыңдай беретіні де ақиқат. Жалқау хайуан албаты адақтағысы да жоқ. Терең Тымбай шатының теріскейіндегі аң соқпақпен биігіне көтеріліп‚ биіктегі мол жұртқа табан тіреп‚ күншуақтап жатқысы бар. Ары қарай тағы да көрер‚ тағы жортар. Жортудан жалықпас. Күн қыздырмас теріскей бет салқын болса да‚ қалың қарақат пен ұшқат‚ қарағай мен балапан шырша ну боп өскен қиядағы соқпақ — қияметтің қыл көпірі іспеттес. Айқоңыр ырсылдап-ақ қалды. Соқпақ бұған тар соқты. Екі иығы мен жамбасын жирен ырғай мен қызыл тобылғы бұтағы, итмұрын тікенегі мен шырша инесі шанши сипап‚ екі жағына жүгі ауған түйедей теңселген алып денесінің түгінен тартып әуре етті. Әупіріммен кеш қоюлана биікке де ілінді. Биік басы ойдым-ойдым таз басындай алаңқайлы‚ орманды‚ бәйге шабардай аумақты еді. Әбден шаршаған‚ шалдыққан Айқоңыр да дем алар орын іздеген. Мұнда тура түскен күн шұғыласынан кешегі жұқа ұлпа түк қалмай еріп кетіпті. Аю бір топ ұшқаттың түбін тырнаптырнап жантая кетті. Тер құйылып ашыған‚ май басқан көзін жұмды. Көзін жұмғаны сол еді‚ көлең-көлең күлгін елес пайда болды... Айқоңыр тамсанып жатып қалғып кетті. Ұйқыға бірақ шома алмады. Пысқырынған‚ тарпыған жылқы даусынан оянып кетті. Жыртқыштық нәпсісі қозып‚ қолма-қол ындыны құрып‚ сілекейі шұбыра тың тыңдады. Тұяқты мал иісі мұрына келе қоймаса да‚ бұл жатқан жерге жылқының шұрқырасқан үні анық естіліп тұрды. Аю төрт аяқты жемінің жүйріктігін‚ тіпті жақын маңда жүргенін бағамдап қозғалмай қойды. Танауымен тыныс та тартты. Үркітіп алмас үшін‚ жел жағынан шықпас үшін әккі жыртқыш тырп етпей жатып, амал-айласын сайлады. Айқоңыр мысық табандап орнынан көтерілді. Аспанда ай да көтеріліпті. Оның күлгін сәулесі айналаны көгілдір тарттырып тұр екен. Биік ұшқаттың батыс жағын ала көлеңкелей бой жасырған жыртқыш желдің шығыстағы Сарытау беттен ескенін‚ жылқылардың шұрылы түстіктегі қиыс беттен екенін бағдарлады. Ол Тымбай биігі басындағы шоқыны батысынан шеңберлей айналып‚ жемі мен желдің алдынан шығуға бой салды. Сыбдырын шығармай салмақтай басты. Тақия төбелі шошақты шырайнала шырғалай жөнелді. Төңіректеп те үлгерді. Шарбы бұлтты шанши төгілген ай сәулесі де нәрсіз. Айнала алакөлеңкелене‚ қарауытқан табиғат күлгіндене қалған.

Таудай келген табиғат тағысы ескі жұртты төңіректеген‚ жалғыз-жарым саяқсыған жас сәуріктің қалың жылқыдан үйірлей бөліп алып қалған бес-алты бас қылқұйрықтысының алдынан шыққан. Бұла бойын да бүкірейте қалған. Танауына жылқының басқа жануарға бітпес асыл текті тері иісі келген. Бойы шымырлап кетті. Биік басын қызыл ызғырық үрді. Ызғырықты жылқылар да‚ жыртқыш та елең құрлы көрмеді. Күңгейге селдірей біткен кәрі-құртаң қарағайлардың арасында қиялай‚ шашырай жайылған жануарларға сасықтан иіс алдырмай‚ сыбдырдан дыбыс шалдырмай жақындауды көздеген Айқоңыр табан суытты. Әрі-сәрісіз айла-шарғысын аңдаған. Еліктей үркек‚ қояндай қорқақ тектілерге қар басқан түлкідей сақсынып‚ аш бөрідей айласын асырып баруды бек тұтты. Бірақ аю атаулының қысаң жерде жол табар‚ қауіпті жерде азу салар сұм айла-амалы еш жыртқыштан артық түспесе‚ кем соқпасы анық-ты. Осы өңірдің қасқырындай қорқау‚ барысындай бұла‚ түлкісіндей тақыс екендігін былай қойғанда‚ адамын да‚ аңын да алдап соғар сезімтал сұңғылалығы бір басына жетерлік. Жаз жамалында осы биік басын сартап қылған мал тұяғынан айра-жайра жол түскен қалың қараған-бүрген арасымен бойын баса қозғалған Айқоңыр жеміне бір бүйірден қиялай тиюді бағдарлап‚ ақ жолақ тұмсығын пысылдатпай тартқан. Екі-үш байтал мен тай-жабағы ғана пысқырына түседі. Күзгі піскен от салқын түнде жануарлардың таңдайына бал татыған сыңайлы... Бастарын жерден алмайды. Азулы жыртқышқа да осы керегі. Ол да тоқтай қалып‚ тоқтаған сәтте тынысын тартып ала қойып‚ екі аяқтай тік тұрып‚ тұрған бетті қаракөлеңке қарағай арасында тастай қатып‚ жоғарғы жағын жай қиып‚ төменгі молағы ғана қалған қысқа қарағайдай қарауыта қалып‚ ұрлана басып жақындап келе жатты. Жақындаған сайын жаны үздігіп‚ тұла бойы тіксініп‚ қарыс қадам қалғанша құшырлана ширығып‚ бойындағы бар қуаты бір арнада тоғысып‚ тегіне тән жыртқыштық сезім кернеп алды. Жемінің ық жағынан із тастаған әккі Айқоңыр жат-жадағай жайылған жануарларға жымын білдірмей жетті. Жуан бір кәрі қарағайды қалқалай таянған тағы тап тұсындағы семіз тайға тырнақ батырмаққа бекінді. Қарағайдың ұйықтай ұйыған қап-қара көлеңкесі астынан барысша атылған жыртқыш бейғам жайылған тайдың жалын жазбай басты. Үн-түнсіз үйдей басқан қара аюдың астында қалған семіз тай кісіней де алмады. Тұяғын ғана серіпті. Секемшіл жануарлар бірақ сезіп қалды. Шұр ете түсті. Алпамса Айқоңыр да жолындағысын жапыра‚ қараған-бүргенді жара‚ сүрініп кетсе аударыла-ақтарыла домалайтын қия беттен де қорықпастан теңселе ұмтылды. Бірақта тырнақтыдан тұяқты озды. Олар қиялаған күйі төменге қарай ойысты. Науадай ұлы арнада жазыла көлбеген Майқапшағай жазығына қарай Тымбайдың тік биігінен шошынғанынан салмалап түсе берді. Алдыңғы қолы қысқа Айқоңыр үріккен жылқылардай жанұшыра тіктен түсе алмасын біліп‚ ашына ақырған күйі тұрып қалды. Ол жылқылар беттеген сала-сала салмалардың қарағайсыз жалаң‚ күңгей жондарын іштей шолып‚ ашық күнде сағымға сіңіп‚ тым-тым төменде бұлдырап жататын‚ тап қазір тұттай жапқан қараңғылық құшағынан мүлде меңіреу құрдым боп көрінген Майқапшағайдың жазығына көзін сатып‚ амалсыз кері бұрылды. Қарағай түбінде қалған жеміне беттеді. Ол жоғары өрлеп келген бойда ішек-қарын‚ боқжыны ақтарылмаған тұрықты тайды бітеу бойы арқасына бірақ артты да‚ бағана өзі тоқтаған маңға қарай қозғалды. Семіз тайды бүйім құрлы көрмеді.

VІІ Мертіккен тізе тез бітті. Аңшы ай жаңара орнынан тұрды. Бұл мертігіп келгесін Шаған шешесі балтыр мен санды қамтыған ұзын ағашты қалақшалай жонып‚ тас қып таңып тастаған. Жарықшақтанған тізе тостағаны үстінен Сарытаудың мәңгі қар басқан жолақты төбесінде ғана өсетін ащы жуасын қосып‚ қыздырған қасқырдың майын күнде жағып отырды. Құз басында қалшия қарауылдаған құлжадай қозғалтпаған. Айналасы айға толар-толмас уақытта Ұлар құр атша желді. Бастағы жарақат та‚ тізедегі жарықша та жазылды‚ бірақ көңілдегі жара жазылмады... Суық бір сезім қалып қойды. Жүздесуге келе алмаған Бұлабикеге деген құштарлық емес‚ әлде бір салқын‚ салмақты сезім пайда болды. Бойжеткенді ұмытқысы да‚ бал күндерді естен шығарғысы да келді‚ бірақ... ұмыта алмады. Тұңғыш татқан бал дәміндей, көкейде бір асық сезім шымырлап қала берді. Бұрын-соңды билемеген‚ көңілді күйлемеген жалғыздық пен тұрақсыз аңсау күшейді. Қарадай күйінішті хал кешетін болды. Іштей жал-құйрықсыз жалғыздығына да күйінеді. Ақылдасар әке жоқ‚ ақыл қосар ана бар. Оған бірақ не дейді? Әкесінен тірідей айырылғалы жеті жыл бойы құса кешіп‚ қайғы жеп отырған анасын тағы бір күйікке кез қылмай ма... Жоқ. Жоқ. Бұл өз азабы-тозағын өзі тартсын! Өткенде-ақ анасы қаншама қасірет шекті‚ әйтеуір мұның аяғы тез оңалып кетті‚ бірақ кейуана сезіктеніп те қалды... Марал қуамын деп‚ ат үстінен тасқа жығылдым деп әрең

құтылды. Өмірінде өтірік айта алмайтын басы анасынан шындықты жасырды. Жасырмасқа шарасы қалмады. Айдынды әкеден де арманда қалды... Жанын үзген деуге қимайды. Өлі-тірісін білмесе‚ сүйегін көрмесе‚ қалай ғана жаманатқа қияды. Бәлкім‚ бір жерде жүрген шығар. Оралар — оралмаса да аман болсын! Әй‚ бірақ ондай пенде емес-ті. Мұның отандай он сегізінде үйден аң қағып келуге кеткен. Содан қайтып оралмады‚ көкесі! Табандатқан жеті жыл өтті. Жеті жыл. Астындағы атматымен жоқ болды. Ажалы аңнан келді ме‚ әлде адамнан келді ме? Бір тәңірге аян! Ол бірақ аңнан қапы қалмасы ақиқат. Ал адамнан қолды болуы ғажап емес... Ол да он саусақтай шындық. Азулы жыртқыш ала алмас жан еді‚ қапыда кетпес. Жасынан жыртқыш атаулымен бірге ауызданған тағы еді ғой‚ тіпті балдырған бұны да баулыған. Баулып қана қоймай қолы қалтырамас‚ жүрегі шайлықпас жанкешті етіп кетпеді ме. Ажалсыз аңшыға айналдырмады ма... Ал ондай адам аң-құсқа қор болмас. Бір-ақ күдік‚ бір-ақ байлам: ол — адамның қанды қолы. Опат болса — қарақшы қолдан... Бәлкім‚ қарақшы қол құрған құрулы мылтықтан. Мылтық құратын бұл өңірде бір-ақ адам бар. Олар — түк ауызды кержақтар. Кержақтар да көбіне аңға құрады. Әсіресе‚ аюға құрады. «Кейде адамға да құрады...» деп әкесі айтып қалып еді. Кім біледі‚ мүмкін‚ сондай аюға яки адамға арандата құрылған мылтықты кезге душар болды... Аранға құлаған құландай атымен мерт кетті де... Көз жетпейді бірақ. Құлағын қайырып‚ шүріппесінен сым тартып соқпаққа құрылған бір неше мылтықты кезден аң да‚ мал да‚ адам да тірі қалмайды. Кержақтармен келген мұндай құрулы кезге кей жылдары адамдар түсіп‚ ал олардың ізін сол аңшы-сымақ кержақтар жасырып тастайтын жайлар кездесетін еді ғой. Қайран арыстай әкесі де сондай жұмбақ өлімнің құрбаны болмады ма? Адамсыз аңдыған суық кезден ажалы жетті ме? Жер құшты ма‚ жоқ аңдаусызда алдырды ма? Өлсе — сүйегі қайда қалды екен?! Өлмесе — сүлдері қайда жүр екен?! Осындай ойпыл-тойпыл дерексіз ойларға ден қойды Ұлар. Тығырыққа тірелді. Тірлігіне налыды. Тағы тағдырына ой жүгіртті... Өз өмірі де өзексіз. Алтайдың тау-тасын сағалап‚ аң мен құсын аңдып өтіп жатыр. Аңшылықтың қызығымен күннен күн асып‚ тағыдай тірлік кешіп келеді. Жалқы жан. Жалқы тағдыр. Жалқы тірлік. Ғұмыр бойы жалқы боп өте ме екен... Ол да мүмкін. Бұл да бір кісікиік қой. Кісікиіктігінен қорқатын да шығар ел. Арғы ата-бабалары да аңшылықпен күн кешіп өткеннен де шығар‚ қалың елден кейінгі ұрпақтары да қожырап‚ қожамбеттен ажырап қалғаны... Кісікиік кебін киген бұл әулетке кім қызын бере қойсын? Баршынбек әкесі де торғауытпен сүйек шатыс болғаны сондықтан шығар. Жо-жоқ‚ онда сенің шаруаң болмасын! Ол өз-өзін тиып тастады. Ат үсті әрі-сәрі ой қуған алаң көңіл жігіт Сумылтықты сүйкей қамшылап өтті. Қолының жазықсыз жануарға қалай батып кеткенін өзі де аңғармай қалды. Қамшы салдырмас текті жануар орнынан ытырылып кеп кеткенде‚ ер үстінен абайсызда аунап қала жаздады. Қазанның қары қымтаған суықмұрын тау аңғарынан ызғарлы ескек есті. Осы бір жыпжылмағай жазаңда Ұлар астындағы азбан басын жіберіп алды. Ол да аязды ауаны‚ қолқасы қаба жұнттай күйі жұтына шапты. Бауыры астында қарлы жер қалбаң қағып‚ бұлдырықша ақты. Аңшының алқымы астында ашық бұғағы қатты. Алмағайып ойлары ұмыт қалып‚ азбанның аршынды шабысынан жаны кіріп‚ санасы да сергіп сала берді. Түстете Тымбай биігіне‚ шошақ иініне шықты. Биік төбесін өңменнен өтетін қызыл ызғырықтатып‚ терісінен түріп тұр екен. Үзеңгіге шірене тұрған Ұлар мына биік тұрғыдан тұңғыш рет көз тастап тұрғандай, төңірекке жанарын төңкерді. Ал аңшының алған беті — алтындық. Қаба сақал кержақтар иемденіп‚ алтын шайқап жатқан Майқапшағай еді. Мықия кемпірдің үйі де осы ойда... Ағаштан шапқан алып науадай Майқапшағайдың жазда ат тұяғын бояйтын бүлдіргенді‚ қыста ат сауыры қылтылдар омбы қарлы жазығы да көсіліп жатыр. *** Тымбай биігі терістігіндегі Құзғынды мен Жайдақтай‚ шығысындағы Сарытау мен Мұзтаудай‚ батысындағы Салқын Шоқыдай мұзарт болмаса да‚ көз ұшында мұнар арасынан оқта-текте ілініп қалатын түстіктегі Сауыр-Сайқан мен Тарбағатай тұрғылары шалынарлық шоқтықты шошақ еді. Басын Сарытаудан алған Күршім өзені мен Марқаның көлінен ағып шыққан Қалжыр өзендері еміне Ертіске құйып‚ бұрымдай бұраңдап жатқаны. Осы асқақ қос өзеннің арасында қарағайдай қалың қаракерейдің қожамбет‚ сырымбет‚ ақнайман, қалқаман‚ бура‚ өтей сияқты саралы таптары мекен еткен. Атам заманнан ұрпақ өрбіткен.

Қос өзеннің арасы бай да байтақ... Малға да‚ жанға да ‚ аң-құсқа да кенде емес. Суы шәрбат‚ оты соны‚ ауасы кәусар құт өлке. Сонау Сарытаудың сары Шаңқан жазығы мен қос Қаражал‚ Шұбарағаш пен Көлшілік‚ Қарасеңгір мен Бөкенбай‚ Ақжал мен Бұланбай‚ Тайшын мен Қызбейіт‚ Марқакөл мен Маралды‚ Қалжыр мен Қалғұты‚ Жиренбайтал мен Алқабек, Қаба мен Құба малға да‚ жанға да жайлы: жаз жайлауда қарағайлы орманы сая‚ тас тұмалары шөл қандырса‚ қыс қыстауда ықтасын ұйықтары елге пана‚ қара қырқалары малға жайылым. Өзен-көлінде қолдың саласындай шүпірлей‚ үйірлей жүзген балығы мен мамырлап ұша алмас құсы‚ ормантоғайында толайым толы аңы мен жануары жыртылып айырылатынын айтсаңшы! Ұлы Алтайдың бұл бір қазанның қаспағындай ғана құйқалы өңірі. Қалған қырық саққа салаланып‚ қырқа санға бөлініп кеткен жері‚ елі қанша ма?!

ЕКІНШІ БӨЛІМ ОРМАНДАҒЫ ОЙРАН І Қиын сай емес‚ Тымбай биігінен салмалай‚ жондарын жалдай түскен аңшы азбан айғырға сенді. Тік еңістен төтелей түсіп‚ бұла қуатты‚ жуан жілікті жануардың терін үккісі келген. Күн ұясына ене етектеп‚ іңірде ғана Майқапшағай аузындағы алтындыққа жетті. Мықия кемпірдің үйреншікті тамының алдына келіп‚ азбанды ауыздықтан шығармай тізгінін ер қасына тарта қаңтарған. Шылбырын үйден тысқары тоқылған шарбаққа шала салды. Ол қарауыта қалған ұлы қабырға — Майқапшағай тау сілемінің сүреңіне қарадай тіксіне қарады. Қос Қаражалдың арасындағы астаудай құрғақ сайда‚ қараша үйде қалған шешесін ойлады... Неге тіксінгенін өзі де түсінбей тағы көз салды. Сонау Қызыл Кезең мен Қызыл Қасқыр* шыңынан басталған Майқапшағай сілемі анау Бұланбай биігіне дейін арық құланның қабырғасындай қапсағайлана‚ арсалана созылып жатыр. Қара түннің әрін ақша қар ғана әлсіз шамдай көгілдірлетіп тұр. Ал Ұлар болса — осыдан екі күн бұрын Жүндіқарағайдың жым-жылас жұтып қояр жасырынбақ жылғасынан жаз бойы отырған әкесінің қара шаңырағын Қаражалға көшірген еді. Тау басында Шаған шешесі жалғыз қалды. Тап қазір Алтай иен. Тауда аю да ұйықтай қойған жоқ. Бәрінен де жаз бетінде жөнді май жинай алмаған жыртқыш болса‚ ең қауіпті сол қаңғыбас... Шатақ-шатун... Олар қар басқан қара күз бен қысаң қыста қарайған атаулыға шабады. Жем іздеп ойға дейін түседі. Ашқұрсақ хайуан адамға да шаба береді. Тәңірі аш аюдан сақтасын! ...Шық етіп сықырлай ашылған есік Ұлар ойын бөліп жіберді. — Қалқам–ау‚ Ұлармысың? — деген дауысқа бұрылды. — Күйлі-қуаттысыз ба‚ апа! — деп аңшы да Мықия кемпірге қарай жүрді. Қарағайдан қиып салынған қос ауыз үй Ұларды қуана қарсы алды. Екеу ара амандық сұрасты. Сырықтай ұзын кемпір қара қазанға ет салды. — Е‚ ұлым‚ құдайдан өлім тілеп отырған жайым бар. Қалқайтып мені қалдырғанша‚ шешектен кеткен бес баланың бірін‚ болмаса — жалғызым болып қалған Жапарбекті‚ тіпті байымды қоймады ғой... О дүние-ай! Ух! — Ауыр күрсінді. — Апа–ау‚ — деп Ұлар‚ — бәрі де бір Алланың ісі ғой‚ — деп басу айтты. — Сол Алланың көзі соқыр‚ — деп Мықия енді тілдеп те алды. — Не кінәм бар мен жазғанның?! Үйелменді-сүйелменді күндерінде бесеуіне шешек бегін жіберіп бір алды. Тәңірінің ісі дедік. Жара шыққандай ел ішінен жырақтап мұнда келдік. Жаратқан ием жар болып‚ Жапарбегім — жалғызым келді жарыққа. Құдайға мың тәуба дедім! Бірін берсем‚ бірін алам деді ме‚ бір жұма төсек тартып жатты да Мүтән кетті қарайламай... Өлім үйірсек болып‚ ажал торып алған жан емеспін бе‚ жылап-жылап алдым да‚ Аллаға разымын дедім. Жапарбегіме солардың жасын бер деп жалбарындым! Бес уақ намазға жығылдым. Бірақ қатер қайдан деген бе‚ балам‚ атың өшкір Көк шеріп** жұтты. Қайтейін-қайтейін‚ қарағым-ай! Соқыраңдаған соқыр құдай демей‚ не деймін? Өзімді алса етті... Тым құрыса жүрегімді жарып‚ қаназамды қан қып шыққан ұрпақтарымды ұрласа да‚ мені жоқ етсе де, Мүтәнді қимады ма‚ құдай-ай! Азамат қой‚ қатын алып‚ қара қазан көтеріп‚ сәби сүйер еді ғой. Бәріне де мен кінәлімін‚ жатырымнан шыққанды да‚ жаныма жуығанды да жұтып алған... — Апатай‚ құдайға шет болмаңыз! — деп Ұлар шошып кетті. — Көк тәңірісінің құдіреті ғой. Бар сырын ақтара алмай жүрген жалғыз басты шерлі кемпір оған бірақ тоқтай қоймады. — Алладан күнде ажал сұраймын! Бірақ қара тастай қатқан құдай қайырылар емес... Қайғыға көмілсін‚ көз жасы көл болсын дейді ол да. Жапаржанымның су түбінде көмусіз қалғаны жаныма батады. Ух‚ жалған-ай! — Апа-апатай‚ қайтеміз‚ көнеміз‚ көнеміз де...

— Иә-иә‚ ұлым‚ сені көрген соң‚ көр болған дүнием ашылғандай‚ Жапарым келіп қалғандай боп‚ көңілім босап жатқаны ғой... Ол шеріп қазбай‚ сен сияқты тау сағалап‚ аң-құс аулап жүргені жақсы еді ғой. Сенің әкеңнің арманы жоқ, арманы! Шаған да шүкірлік қылып отырған шығар‚ сендей ұлға.

*Қызыл Қасқыр шыңы – Совет өкіметі кезінде ежелгі атауынан қорыққан әсіресақ атқамінерлер Қызыл Сораң атап, кейін 1962 жылы Сәбит Мұқанов пен Қалижан Бекқожин Шұбарағаш жайлауына келгенде ел азаматтары жазушылардың құрметіне «Сәбит шыңы» атап жіберген шыңның байырғы аты. **Шеріп – шахта; алтын қазатын жер асты шахтасын қазақ осылай атаған.

— Шешеме де оңай емес‚ апа‚ — деді Ұлар. — Жеті жыл болды ғой күткелі... Әлі үмітін үзер емес. Әй‚ қайдам‚ кержақ орыс қолына көзір, аяғына кісен салса да келетін уағы болды ғой бірақ... Күдер үзіліп барады. Шешем ғана сенеді. — Қой‚ балам‚ — деп‚ ағыл-тегіл аққан жасын орамалмен сүрткен Мықия кемпір енді бұны бекіте түсті. — «Кебін киген келмейді‚ кебенек киген келеді...» Әлі-ақ келіп қалар. Кержақ-орыс қолына түссе қайтып оралады‚ ұлым! Итжеккен Алтайға алыс емес көрінеді ғой. Өткенде қожамбет ішінен айдалып кеткен шатақ* Торғауыт кісенін үзіп‚ бұғауын сындырып, Сібірден қашып келіпті. Қазір Алтайдың орманын жамылып, тайганы паналап алған. Талай азамат бой тасалап жүр емес пе?! Әгәр әкең топырақтан тысқары болса‚ онда сөз жоқ қайтып оралады. Баршынбек — атан азамат еді ғой... Үмітсіз — шайтан ғана. Енді екеуі де тосылып қалды. Ет дастарханға түскенше Ұлар тысқа беттеді. Сыңғыраған суық ауа есік ашыла бере ішке лап қойды. Ыстық үйдің еденін жалай тұманыта жұтылды. Ай әлі көтерілмепті. Көк төрінде қорғалаған. Жұлдыздар ғана жұлдыз құрттай самсаулы. Айсыз түн ақша қармен ғана қылаң тартқан. Қылаң түн аязды. Қаңтарулы азбан иесіне оқыранып‚ тыпыршып қойды. Оған бірақ аңшы мойын бұрмады. Ол Мықия кемпірдің әкесі туралы айтып қалған әңгімесін әр саққа жүгірте ойлап өтті... Әкесі бұл ойлағандай құрулы кезге емес‚ қарулы қолға түсіп‚ айдалып кетпеді ме екен. Мықия кемпір бір нәрсе біле ме екен. Жо-жоқ. Ол абақтыға қамала‚ айдалаға айдала қоймас. Не үшін айдайды? Біреудің ала жібін аттаған емес. Әлде‚ баяғы бір заманда‚ бұның ес білмейтін сәби кезінде болған, қытай мен орыс арасында шекара шегендеген сойқанды оқиғаға байланысты байлап әкетпесе‚ оның жазығы жоқ. Бірақ одан бері де талай жаз, талай қыс өтпеді ме? Ұмыт болмады ма? Алтайды арсалай бөлген дейді‚ бірақ бәрі өз орнында. Қорған-қамал жоқ. Ол уақта бүкіл ел көтеріліпті... Әкесі де елмен бірге болыпты. Бір отырғанда өзі айтып еді. Мұның жанына бататыны — өлген болса‚ өз қолынан ахиреттеп көме алмағаны‚ бір уыс топырақ сала алмағаны‚ көз жасын төге алмағаны... Мықия кемпір де Жапарбегін солай жоқтап отыр. Жалғызы Жапарбек Ұлардан екі-үш жас кіші еді. Бұғанасы бекір-бекіместе‚ қабырғасы қатар-қатпаста‚ жіліншігі жетілер-жетілместе алтындыққа түскен-ді. Жалғыз шешенің ық жағынан шығып‚ жел жағына өткен-ді. Бірақ ұзаққа тағдырын жазбапты. Тәңірі тартып қойыпты... Алтайдан түскен атқы** үлкен Көк шеріпті тал түсте бір-ақ толтырыпты. Жер астындағы жіпселеген терең ұңғылар әп-сәтте-ақ толыпты. Шеріп ішіндегі жер кеулеген он шақты адам су астында қалыпты. Көлкілдеген Көк шеріп бастарына мола болыпты. Жапарбек қоса қалыпты. Ұлардың бойын мұз қарыды... Жеңіл шыққан ол үйге қарай беттеді. Сумылтық та суыдым дегендей оқыранып қойды. Түн ортасы ауа шыққан аңшы сулығын шайнаған азбанның ерін алып‚ құр жіберді. Тарпаң текті жануардың сыры иесіне мәлім: бас білгелі тұсамысс‚ шідерсіз жайылымға шығады. Ол қарауытқан елу-алпыс үйдің ту сыртын ала Көк шеріп жаққа қарай желе жөнелді. Қараңғы болса да құбақан өңі қараң-құраң қақты. Иесі де есіней үйге енді. Үйге еніп бара жатып әлде кандай елегізи берді...

ІІ ...Ал осы аязды түн Айқоңыр абайсызда адамға шапты. Адам тәнінен тұңғыш рет дәм татты. Тәтті дәм таңдайына татып‚ жанына жаққан. Арық тән бірақ аранын ашпады. Тымбай биігінде соққан семіз тай оған талай күнге ас болған. Өткеннен бері ол осы маңнан алысқа ұзамай қойды. Жаздың күні соққан сиырлардай сасытып‚ борсытып‚ құрттатып дегендей‚ дәмді ете алмаса да қазы-қарта‚ жал-жаясын сүйсіне шайнады. Жас жабағының тіл үйірген‚ сезім сүйсінткен семіз еті жүрегін майлап-ақ тастаған. Бірақ жыртқышқа тән ынсапсыз ындын жіпсіз байлады. Жемін шала жеп кете алмады. Тау

басынан ел ауып‚ түтін иісі тиылғалы емін-еркін жортатын түлкі‚ қарсақ секілді егеу тіс жыртқыштарды да гүрілдеген үнімен басып‚ жұғымды жемі жанына жуытпаған. Ал бұл сескенетін ұялы бөрілер елмен бірге етекке түсіп кеткен-ді... Алтайды уақытша болса да иен– тегін өзі иемденген. Табиғаттың өзі бойына дарытқан аштық қаупі деген инстинк мынандай қарасуықты қара күзде Айқоңырға оңай-оспақ мол жем бұйырта бермейтінін бағамдатқан еді. Сондықтан да майдан жатып қалардай жыртқыштың аш көзі қимағаннан‚ тоқ көңілі тойынбағаннан ұсақтүйек аң-құсқа жаз бетіндегідей аузынан артылғанын тастап жүре бермеген. Қарға-құзғынға қорқаулығы ұстап жібімеген. Бал татыған балдырған дәмді сүйек-саяғына дейін уата сындырып‚ кеміре сорып сыпырып-сыйырып салды.

*Шатақ – ру атауы. Найман қаракерейі қожамбет табының жәлменбет тармағынан тарайды. **Атқы – кенеттен нөсер жауғанда сайды толтырып, аяқ-астынан пайда болатын тасқын.

Сарысүйек құдадай биыл сарыжұрт кезе қоймады. Кей жылдары қоңылтақсыған қара көңілін қара күзде басу үшін доңыз аулауға баратын. Бұланбай шаты жаққа да танауын тікпеді. Семіз тай тоқмейілсітіп-ақ тастады. Өзінің ұлы ұйқыға кетер мезгілінің жақын екенін анық аңдаған Айқоңыр қысқы жатағы — терең үңгіріне қарай бұрылды. Үңгір алыста еді. Үлкен Қаражалдың теріскей бетіндегі еңкейген әлде бір салманың суағар алқымы үстіндегі тепсеңдетін. Аспас-саспас Айқоңырға екі күншілік жер. Көктем келісімен оянып‚ қонжық күніндегідей тастап кеткен байырғы жатағына бұл жаз бетінде соққан емес. Ел мен мал келетін Кіші Қаражалдың күңгейіне қарай тіміскілей тартатын. Тіпті кей жаз Марқакөлге дейін домаланып барып қалатын... Мамалақ күнінен қанына сіңген‚ сүйегіне біткен қаңғыбас әдетін қоя алған емес. Сыбағасы сайлы жыртқыш Қызыр байдың көшкен жұртынан шықты. Күңгей жағынан келіп көз жіберген хайуан ойпаңға ойлана қарағандай. Оның қоңыр көздеріне жаздың көлбеңдеген келбеті келгендей. Қарағай түтіні сұйыла көтерілген жер ошақтар мен шаңқан отаулар‚ кермеде жусаған жылқылар мен керімсалға тұмсығын шүйіре жатқан маң төбеттер елестеп өтті. Сол-ақ екен бай ауылдың Бұлабикедей бойжеткені сезім саңылауынан ашық та аязды күнгі қыламықтай қылаң беріп‚ әлде бір күміс сәуледей сылаң қағып‚ сезім-сауанын арбай көз алдына жұмбақ бейне үйіріле кетті... Әлгі жұмбақ елес жабайы хайуанның аң-құсқа ғана тән тәңірілік жадынан жарқ ете оянып‚ жаздың жанға жайлы жамалында жолыққан жанды сиқырлы бір сезім қуатымен құбылта оралтып‚ Айқоңырды ескі сарыжұртта жіпсіз байлады. Тамағы тоқ‚ көңілі сот аюдың айнала жұртты ақтарып-төңкеруге зауқы да жоқ. Содан да әлде бір күлі шыммен көмілген жерошақ басында түстен ауған күнге тура қадалып‚ отандай ауыр денесін қозғауға ерініп‚ қос жамбастай шоңқия‚ қақтана отырған күйі мелшиді. Қара күздің шуағы қақтаған хайуанның май басқан болбыр бойы балбырап‚ аязды да елемей есеңгіреп отырды. Жұмған жанарының жыртығынан жанасалай енген арсыз сәуле сумаң қағып‚ көз ұясында түрлі-түсті боялған шарлар шыркөбелек айналған. Осы ойнақшыған шарлардың арасынан баяғы бұлақ басында бойында алай-дүлей ауыс сезім оятып‚ содан бері соңынан ертіп келе жатқан сұлу мүсін‚ сиқырлы елес пайда болып‚ сезім-сауанына тұмандай шөгіп‚ тағы да Айқоңыр хайуанды еркінен айырып алды. Қыр соңынан қалмайтын жұмбақ елес көзін ашып алса да ақ қарлы алаңқайда шаңыта көлбеңдеп‚ қақ маңдайдан шаншылған күн астында күлің-күлің қағады. Хайуанның қаны қызып‚ жүрегі жанады. Терең көңіл түкпірінде құмартқан күшті бір сезім бұлқынып қалады. Еңкейіп қалған қызыл күннің иегі астында қызғылт мұнар кілкіп‚ ақша қар да қызыл реңге шомып‚ тек... сүт түсті елес қана елбең қағып‚ қарыққан жанарының жапсарынан асып төгілген моншақ-моншақ жас тамшылары жуған елес сұлба есеңгіреген хайуанды еліте түскен. Қызыл мұнар ішінде қалқыған қағылез де сымбатты сұлба өзіне біржолата баурап алған. Бұлабикенің уылжыған ақ тәнді аппақ елесі Айқоңырға бұлыңғыр тартқан күйі ұстатпайақ қойды... Үйген қарақшы тастай қалқиып отырған мақұлық кеш түсіп‚ табанын ызғар қарып‚ бойын суық шалғанда ғана қозғалақтады. Жаймен көтерілген жыртқыш жылан қабыршақтанған кешкі қатқақты күтірлете басып‚ Кіші Қаражалдың қимасына қарай жөнеді. Елес те ғайып болды. Айқоңыр да бір сәт сезім-сауанынан ұмыт қылды. Бұлаңдаған Бұлабике де бұлықсыған күймен кеңістікке сіңіп кетті... Жыртқыш хайуан кесірлі кебіне қайта енді. Әлгіндегі әлде қандай нәзік сезім күйінен тез арада арылып‚ жаужапырақтай жалпақ табандарымен балпаңдай‚ алып адымдарымен алпаңдай жөнелді. Ол қос өркештенген түйежон қимаға көтерілгенде, қос Қаражалдың арасындағы алып астау сай іші көбең тартып‚ қалың мұнарға шомған екен. Асуланған

аңғарды алқымдаған қарасуық ызғырық қана еркіндеп тұрса керек‚ аюдың өн бойын сүңгідей суық қарып‚ өз-өзінен дүр сілкінді. Артқы аяқтарына тік тұрып‚ бой салған жыртқыштың өткір жанары көк мұнар арасынан әлде қандай қарауытқан нәрсені шалып қалды. Бірақ киіздей қалың мұнар не жай екенін анық аңдатпады білем‚ Айқоңырды аңға тән әлде бір қызығушылық сезім тартып‚ аңсарын аудара берді. Қараң-құраң мал яки бұлан ба деген аңға тән ішкі бір түйсік-тауан да тарта түсті... Ол алған беті бұрыс болса да, мұнар бүркеген қарайғанға қарай жүрді. Жардай дене салмағынан бөксесі бұлғаң қағып‚ аяғын ырғаң басып бара жатқан Алтайдың ақ төс қарасы — Айқоңыр сескеніп те келеді. Десе де иен тау арасында үңірейе қарайғанға деген табиғи қызығушылығы мен құмарлығы басып кетіп‚ бұқпантайламай да, бүгежектемей де келіп қалған. Бойында бір сезік те бар. Шылбыр тартым жерден сол күдікті сезім тоқтау салған. Мұнар ішінен шыға келген мына киіз үйге әрі күдікпен‚ әрі үркіп қараған аю да аң-таң. Теріскей қабырғаның алақандай жеріне ұйлыға өскен бөріктей балапан қарағайларға жақын тігілген қоңыр шаңырақ бір түрлі тыныш қарсы алды. Айқоңыр жақтан аңғарды өрлей соққан ызғырық лебі де қоңыр үйдің иіс-қоңысын ары алып кетіп‚ хайуанға ешқандай бөгде сыбыс білдірмеді. Әлсіз ай сәулесі астында‚ мұнар түннің қойнында қарауытқан екі аяқтылардың жатағына әрі қызыға‚ әрі қорқа қараған аюдың әлден уақтан кейін бойы үйреніп‚ батылы күшейіп‚ жүрексінбестен жақындады. Адамдар ғана кіріп-шығып жүретін‚ өзіне көптен таныс дөңгеленген дүниеден соншалықты тіксіне де қоймады. Бәлкім‚ баяғы базарлы жазда бетпебет келген аңшы жігіт пен жүзбе-жүз жолыққан бойжеткен қыз әсерінен де болар... Әйтеуір‚ қараңғы түнде қараша үйге деген белгісіз бір батыл сезім итермелеп‚ жыртқыштың ет жүрегін биледі. Ол осындай бір отамалы күймен қараша үйге соқтықты... Ал қараша үй — осыдан екі-үш-ақ күн бұрын Жүндіқарағайдан қысқа деп қоныс аударған баяғы Баршынбектің‚ қазіргі Ұлардың шаңырағы еді. Шаңырақта Шаған шешесі қалғантын. Шаған шешей болса қызыл іңірде тамақтанып алып‚ қаннен қаперсіз қоянның жүнінен жіп иіріп‚ байпақ тоқып отырған. Ортаға жағылған оттан киіз үйдің іші самаладай жарқырап‚ қарағайдың көк түтіні бақанмен көтеріліп‚ күргейлей ашылған түңлікті шаңырақтан көкке сіңіп‚ ал күн шығысқа қараған ағаш есіктің сыртынан жылу шықпасын деп, есіктің маңдайшасынан құлай басқан бастырма киіз ауызды айқара жауып‚ тысқа от жарығы түсер саңылау қалдырмаған. Қысқы аяз бен бораннан қорына қос қабаттап жапқан туырлықтардан да тысқа үн естілместей еді. Қызыл жоса кереге мен қызыл ала арқауланған шидің арасына айналдыра аң терілері тұтылғантын. Бір-біріне жапсарластыра қайыспен тігілген құлан мен бұлан‚ аю мен бұғы терілері дөдегеден іргеге дейін керіліп‚ киіз үйді ішіктей қымтап тұрған. Іргеден біржарым құлаштай сырт алынып‚ терістік пен түстіктен қиғаштай жерге қағылған қарағай қазықтардың түбін ала‚ киіз үйдің шаңырақтан төмен уық үстін бастыра, қарындай тартылған қос арқан да дауыл соқса тырп еткізбес еді. Жүректілік билеп‚ салқын сезім иелеп кеп қалған Айқоңыр киіз үйге сүйенді. Ол тік тұрған қалпы үйді сықырлата қозғап көрді. Үйде отырған Шаған шешей де елеңдеген... Біреу кеп қалды ма‚ әлде Ұлар ме екен деген ұшқыр ой жарқ етті. Бірақ бәрі лезде тына қалды. Шешей үнсіз құлақ түрді. Ұршығын қоя салып‚ кереге басында ілулі тұрған түлкі шапанын алды. Сол-ақ екен үй сықыр-сықыр етіп‚ төбедегі уықтардың бірі ауыр салмақтан шарт ете түсіп‚ шаңырақ көзінен қаламы шығып кетті. Шаған қапелімде ойына тұрақтамастан тысқа ұмтылды. Уық қаламын көзінен шығарып жіберген Айқоңыр еді. Ол үйді айнала бере керулі бастырма арқанға кезіккен. Бастырма арқанды қазығымен қопарып жұлып алған тұғын. Сол бойда үйді айнала есік көзіне де кеп қалған. Тап осы бетте өзі қатты қорқатын екі аяқтымен бетпе-бет жолыққан. Адам да‚ аң да «аһ!» дескен. Желбегей жамыла салған түлкі шапан аяқ астына сырғып түскен. Шаған шешейдің де‚ Айқоңыр аюдың да жүрегі суып кетті. Екеуі де бір сәт таскерең күй кешіп‚ тілсіз мелшиіскен. Бірақ жабайы аң тез барлап‚ адамды ақыра бас салды. Сонда ғана адам өзіне аю шапқанын аңдап өткен. Бірақ бәрі кеш еді. Шүйкедей ғана Шағанды қапсыра-қаусыра құшақтаған қара аю жанын көзіне көрсете қысып жіберді. Адамның жан даусы шықты. Аюдың салалы тырнақтары қабырға мен қыр арқадан қаусата кіріп‚ айнала бере сілкіп-сілкіп қалғанда, тірі жан ақырғы рет ышқынды. Әрі үрейлене‚ әрі долылық буа күркіреген жыртқыштың қиналған дауысты естіген бойда бойын бір бұла күш биледі. Айсыз түнді қақ жара‚ қарағайлы‚ таулы өлкені жаңғырықтыра арқыраған Айқоңыр шынашақтай кемпірді тік көтере беріп‚ тоң жүрген, күреңшесі мұздаған жерге асықша атты. Сірі жан сонда да бір сілкініп қалды. Енді ашулы жыртқыш та қарап тұра алмады. Өзі зәресі ұша жыртқыштық жасаған маңнан ұзап кеткісі келді білем‚ жаны әлі ұшып үлгермеген салдуар сүйекті желкеден қапсыра тістеп‚ алдыңғы екі аяқтың арасында сүйретпелей алып жөнелді. Көп ұзамады

бірақ... кілт тоқтап‚ өзінің табиғат дарытқан жыртқыштық жем басуына көшті. Әлі салқындап та үлгермеген тәнге тіс батырды. Қолқа-жүрекке қол батырып‚ буы бұрқыраған‚ қаны сорғалаған дәмнен қарбытып-қарбытып алды. Езуін тілімен тамсана жалап-жалап қойды. Бал мен темір тоты аралас қышқыл дәм сүйір тілін үйіріп‚ қыртысты жалпақ таңдайына татып кетті... Мұнарлы түнде жан-жағына жасқанбай көз жүгіртіп‚ көңілі жемтігіне кетіп тұрса да қайта қозғалды. Ет жүректі хайуан сабыр сарқып тұрақтай алмады. Ай көтерілмеді. Қараңғы түн қою тартты. Үсіген күреңше жүзіне жылымшы қан тамшылады... Қара күздің қара суықты мезгілі өтіп‚ қыстың күңгірт күндері мен түндері таяп қалған еді.

ІІІ Таң түйіліп қарсы алды. Күзгі күн құба тартып‚ күрең бұлт тау төсін шалып‚ бұрқақ боларынан рең берген. Аңшы да аяқ астынан бұзыла қалған ауа райына қабақ шытып қалды. Сүйектен өтер Алтайдың сүңгідей ауасы жан біткеннің бойын тіксінткен. Шашырай орын тепкен отыз қаралы дөңбек үйдің мүк басқан мұржаларынан ақшыл түтін көтеріледі. Көк арша мен қызыл қарағайдың түтіні сұрғылт тартқан аласа аспанға тез арада сіңіп кетіп жатыр. Сумылтықты ысқырып шақырып алған Ұлар Мықия шешесінің қорасына байлай салды да, «бүгін қайту керек» деп ойлады. Ол тұз бен ұнға‚ тағы басқа ұсақ-түйекке‚ ең қажет бесатар оғына айырбасқа әкелген құндыз бен бұлғын‚ сусар мен ақкіс‚ аю мен қасқыр‚ қарабауыр мен тиін терілерінен бір-бір данасын алып, алтын шайып жатқандардың барағына* қарай жүрді. Майқапшағайдағы бұл алтындықты алғаш ашқан қазақтар екен. Зергер ұсталар тау өзенінің табанын сүзіп‚ ағаш астаумен шайқап‚ жаз бетінде үзіп-жұлып алтын алатын еді. Келе-келе Алтайды кержақ-орыс жайлағалы бұл өңірге заты түгілі аты естілмеген ақ шашты‚ ақ түсті адамдар — ағылшындар табаны тиді. Көзіне жылтыратып әйнек таққан‚ қалтасына шынжырлаулы сағат салған‚ қолына темір таяқ ұстаған әлгі жандар да Ертіс пен Қабаны кешіп‚ Зайсан қаласы жағынан келіпті. Жай келмепті‚ жалаңдаған қылыш асынған‚ қорамалы мылтық кезенген Шар Русияның** қазақ-орыстарын*** ерте келіпті. Мырзасы пәуескеде‚ әскері салт атта екен. Олардың соңынан іле-шала кержақ-орыстар жетіпті. Бұлар бір қауым ел болып‚ қарағайдан қиып‚ үй тігіп; қара жерді кеулеп‚ шеріп қазып‚ алтын ала бастапты. Міне‚ сол уақтан бері де жиырма жылдай болыпты... Қазір бұл жердің қожасы кешегі қожамбет пен қалқамандар емес‚ осы алтындық иелері. Кей қазақ байлары осы алтын иелерінен малға айырбастап алтын да алып тұрады. Әсіресе ұлдары отау тігіп‚ қыздары ұзатылып жатқанда осылай қарай шабатындары бар. Мұнда Мықия кемпірдің ошағы сияқты бірен-саран жатақ-қазақтар да жалданып жүр. Олардың байып кеткені жоқ‚ әйтеуір күнкөрістің қамы. Бұл тіріліктен Ұлар әкесі Баршынбектің барында хабардар тұғын. Алтындық ауылының құбыла жағынан ұзынынан ұзақ салынған шатырлы барақ ішінде әйелдер алтын шаятын да‚ шығыс беттегі тау бауырында жер астын үңгіп кеткен жыланирек шеріптерде еркектер алтын қазатын. Қиын сайдың аткөпір өзенінен тауды бөктерлете бір құлақ су шығарып алған алтыншылар айналдыра бұрып әкеліп, әлгі бараққа бір-ақ кіргізіп‚ оның төмен жағынан лай-батпақ қып ағызатын. Барақ ішінде бір құлақ суға шеріптен жеткізілген қиыршық-құмды‚ саз-балшықты топырақты күректеп тастап‚ темір қобдишалы тоспалар мен түрлі темір торлар арқылы елеп‚ құмы мен қоспасын‚ тасы мен тайтұяғын екшеп алып жататын. Барақ сыртында қазақ-орыстар күзетсе‚ ішінде алтынды есептеп алушы қадағалаушылар көз жазбайтын. Ұлар жылдағы әдетінше осы жайға тура тартты. Мұны бәрі де танитын және тамыртаныс та еді. Күзетшілер де бетінен қаққан емес. Өйткені осы бір таңқаларлық жас аңшының қолы ашық‚ жаны таза екенін олар жақсы білетін. Қымбат терілері талай тегін тиген... Сондықтан да барақ ішін емін-еркін аралап‚ жұртты мәре-сәре қылатын. Бұл аңшыдан алтынға қызығарлықтай қауіп жоқ екенін баяғы Баршынбек әкесінен бері алтын иелеріне мәлім еді. Ұлар шатты-бұтты орысшамен‚ олар шала-пұла қазақшасымен тәп-тәуір түсінісетін. Алтыншы қазақтар да түсініспей жатса көмекке келетін. Ал Майқапшағай алтындығының иесі — ағылшын Адам Смет**** мырза ежелгі «тамыр» болатын. Ол қазақтардың тіліне ағып тұр‚ адымыңды аштырмай сөзден жаңылдыратын. Бірақ бұл жолы Ұларды ешкім құшақ жая қарсы алмады... Ол барақтағы күзетшілер қасына қарусыз келген. Танымайтын қос бірдей күзетші үстібасы теріге малынған‚ құйрығы жерде шұбалып жатқан барыс жамылығылы бейтаныс жанға салған жерден тоқтау айтып‚ мылтық кезенген. Сонда ғана аңқау аңшы ес жиған. Үңірейген қос ұңғы бүйірден қадалды. От пен судан беті қайтпаған Ұлардың жауырынынан жылан жорғалағандай суық тер сорғалады. Ажал кеп алқымынан алып‚ жаны қазір ұшып кететіндей бір қорқынышты күй биледі. Тілі де желімделіп қалды. Мылтық аузының соншалық үрейлі‚ соншалық суық екенін осы бір

сәт бағамдап өтті. Тері дорба аузын қысқан оң қолы да қарысып қалды. Күзетшілердің саңғырлаған даусын да демде естімес күйге енді. Сәлден кейін ғана санасын билеп алды. Жігіт ағасы жасқа жеткенше бұған адам баласы атаулы қару кезеніп‚ қарауылға шалынып көрмеген еді... Бесатарын Мықия кемпірдің үйіне тастап кеткеніне де өкінді.

*Барақ – барак. **Шар Русия – Царская Россия. ***Қазақ-орыс – казактар. ****Адам Смет – Адам Смит, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл-Күршім ауданындағы Майқапшағай алтын кен орнының ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында болған басшысы. Ол 1905 жылғы Бірінші орыс революциясынан кейін туған елі – Англияға қайтып кеткен (жергілікті жұрт аузынан).

Жез түймелі‚ жұқа киізден бастырылған желбегейлі* қазақ-орыстар да таныс болмай шықты. Екі жақтап қару кезеніп тұрса да‚ сабырға келген Ұлар олардың бойынан әлде бір сескенушілікті сезіп қалды. Бірақ бұл да бүлік шығарғысы келмеді. Тамыр Сметтің таныстығын да арқаланды. Күзетшілердің айтқанына ләм-мисіз көнді. Тері дорбасын көтерткен бойы алтындық дербенесінің** ортасындағы Смет тамырының қос қабат үйіне алып жүрді. Аңшы бұл үйге бұрын да талай рет ат басын шалдырған. Үйдің темір тор тұтқан терезелі‚ жатаған бойлы астыңғы қабаты қабат-қабат тастан қаланған‚ еңселі келген үстіңгі қабаты құшақ толарлық ақ самырсыннан қиюластырып көтерілгентін. «Е-е‚ мына танымайтын қазақорыстар мұның тері киіп‚ тері жамылған түр-сықпытынан сескеніп‚ Смет тамырына әкеле жатыр екен ғой...» деп ойлады Ұлар. Бұл долбар бірақ бұрыс шықты. Аңшыны төменгі қабаты қара тастан жиғаннан қара түсті‚ жоғарғы қабаты жосаға салғаннан қызыл-қошқыл рең берген дөңбек үйдің белуарына тірелген темір жақтаулы‚ ағаш тепкішекті биік баспалдақпен көтерілтпей‚ тап сол сәкі баспалдақ астындағы қабырғаға ойып орналастырған темір құлыпты‚ темір белдікті темір есікке мылтық ұшымен түртпектеп алып келді. Өзінің бір оғаш іске душар болғанын Ұлар сонда ғана сезінді. Қылар айланың кештігін де түсінді. Еріксіз айтқанға көніп‚ айдағанға жүрді. Қия басып‚ қарсылық жасаса‚ қазақорыстардың қорғасынды көкірегіне қондыра салардан тайынбасын да таразылап өтті. Қымбат тері толы дорбаны қолынан жұлып алғанда да‚ жауырынынан мылтық дүмімен нұқып қалғанда да қыңқ деместен көнді. Тек жақ еттері ғана жыбыр-жыбыр етті. Ол көрдей қараңғы тартқан‚ тау сазындай сыз шалған тас үйдің қабырғасын іргелете қаланған тас табан тепкішекпен төмен түсіп келе жатып‚ «түрме деген осы ма?» деген ойға оралып өтті. Жо-жоқ. Бұл түрме емес‚ бұл үй... Әжептәуір жарық түсіп тұрған босаға оқыс дүрс етіп‚ есік тарс жалбылды. Бір сәт тыныштық орнады. Қаракөлеңке бөлме ішіне адам бойы жете алмас биіктен салынған шағын терезеден ғана күңгірт күз күнінің сәулесіз жарығы түскен. Бөлменің түйе бойлы төрт қабырғасы тастан қаланған, табанына тас төселген екен. Төбесін ғана тырнақ батпастай тізіп‚ жіксіз бөрене салмалармен жауыпты. Төрт-бес адам зорға сиярдай ғана тас қабырғаның ішінен ызғар еседі. Осы ызғарлы леп аңшының бойын аралап өтті. Бірақ киіз ұлтарақ төсеп‚ тері байпақ киіп‚ тері жамылғы жамылған оның бойын ала алмады. Ұлар барыс жамылғыны жерге жастана малдас құрды. Сабырмен ойға берілді. Өз-өзін оймен сергітті. Аңшы аңғырттығына мырс етті. Қарадан қарап қармаққа ілініп‚ қамаққа түскеніне налыды. Әкесі де осы қамаққа түсті ме екен... Түсуі мүмкін емес. Ол көне қоймас. Әлде көнбеймін деп оққа шалынды ма? Олай дүниеден өткен жоқ. Смет тамыры бар ғой‚ ол да оққа байлатпас... сорын қайнатпас! Бірақ-бірақ... көз жетпейді‚ көңіл тоқтамайды. Ел құлағы — саңырау. Әйтпесе бір сыбыс білінер еді. Ол сол жапанда жоқ болды. Ажалы‚ бәлкім‚ адамнан‚ бәлкім — аңнан... Бір аллаға аян! Алтайдың талай асуын асты‚ талай шатын бойлады — із-түзін таба алмады. Өлді. Опат болды деу де қиын. Қисынсыз. Кім біледі: «Кебін киген келмейді‚ кебенек киген келеді»‚ бір күн болмаса бір күні келіп те қалар... Үмітсіз — шайтан ғана. Мұның үміті үзілмес‚ әкеге деген сағынышы демі біткенше айнымас... Бойын мұз қарыды. Сабырлы санаға ой мен сезім сарқыды. Бұлабике туралы да сағыныш сезімі соғып өтті. «Ол қайда екен?» деген сұраулы ой бас көтеріп‚ іле «аман-есен болсыншы!...» деген дерексіз тілек оралды. Мұның қамақта отырғанын ол қайдан білсін... Алтайының тау-тасын кезіп‚ арша-шыршасын паналап жүр ғой деп ойлайтын шығар. Ол да сағынатын болар... Ол да оймен сүйінер‚ оймен күйінер. Ұлар тісін шықырлата қайрады. «Бұлабике ұзатылып та кеткен шығар...» Тұтқын аңшы оқыс орнынан тұрып кетті. Теріскейдегі тас кереге мен тор терезеге қарады. Күңгірт күннің бұлтты боз аспаны шалынды. Бұзылған күннің талағы тарс айырылуға таяу деп болжады ол. Шешесі тағатсыз күтіп отыр-ау! Ол да күн райынан қорқып‚ жалғанға жалғызы үшін жалбарынулы ғой. Ал мұның жатысы мынау. Ол тас қабырғаға тесіле

қадалды. Жалпақ тастардан жоталата қаланған қалың қабырғаның уыс-қуыс жіктеріне назар аударды. Қабырға қуыстарына саусақтарын батыра Ұлар жоғары өрледі. Түйе өркеш биіктегі терезеге жетіп‚ темір тордан ұстады. Тор шыбығы жуан, әрі шыбық бастарын қабырға арасына қоса қалап кеткен екен. Берік темір шыбықтарға бар салмағын сала асылып көрсе де былқ етпеді. Аңшы енді терезенің жоғарғы жақтауына бір-ақ қарыс тимей тұрған төбеге қолын созып байқады. «Тамырдан да‚ басқадан да үміт-қайыр болмаса‚ шәйірлі төбеге шақпақ тамызып‚ от қою керек» деп шешті. От пен түтін оятып‚ өзді-өзі дүрлігісіп есікті ашқанда қашып-құтылудың қамын жасамақ. Басқалай істей қояр лаж жоқ.

*Желбегей – шинельді жергілікті қазақтардың атауы. «Желбегей жамылу» тіркесі де сол патша өкіметі заманында шықса керек. **Дербене – деревня.

Ұлар осындай ойлармен отырып‚ кірпігі қамасып‚ көзі ілініп кетті. Тыныштық тілеп‚ сүттей ұйыған санасының бір түкпіріне ғайыптан жұмбақ сәуле түсіп‚ әкесі Баршынбек өңіндегідей көрінді. Қара ат мініп‚ қара киім киіп алыпты... Жүзі ғана жарқын. «— Тұр‚ ұлым‚ не ғып жатырсың? Жүр менімен‚ Аршалы атаң күтіп отыр... — Сулығын қарш–қарш шайнаған қара ат жамбастай жатқан Ұларды таптап кете жаздады. Ұлар ләм деместен екі ұмтылып орнынан тұрды. Қараңғы қапас ғайып болып‚ Тымбай шытының теріскей қиясындағы қалыңнан бір-ақ шықты. Мал мен жан жүрмейтін соны соқпақ үстінде сүйретіліп келеді. Ілгері басқан аяғы кері кетеді... Әкесінің соңынан амалсыз ереді. Әкесі бірақ қайтіп артына қайырылған да жоқ. Құйрық-жалы сүзіле сусылдаған жат қара арғымақ үстінде күзді күнгі қурайдай қақиып қалыпты. Ту сыртынан қара ат міне‚ меңсіз қара киіне сықиып отырған отырысы да мұның жанына жат. Мүмкін‚ көп уақыт көріспегеннен болар. Сондықтан да шығар‚ әкесі Баршынбектің соңынан ергісі жоқ. Бірақ бір күш күштеп алып келеді. — Жүр‚ ұлым‚ жүр! — Әкесі бұрылмастан дауыстады. Даусы да жат... Ұлардың көңіліне күдік кірді. «Баршынбек әкем бе өзі?» деген күмән ұялай кетті. Ол кенет қалт тоқтады. Әкесі ұлының басқа ұрғандай тоқтап қалғанын білмеді ме‚ төңірегін қаз қатар жуан қарағайлар мен қарақат‚ ұшқат ұйыса қамаған тік қиядағы аң соқпақпен алға оза берді. Күн түспей алакөлеңке тартқан теріскей беткейдегі бұра тарта алмас жалғыз аяқта әлде не күтулі екенін Ұлар тіл жетпес терең сезім арқылы сезген еді... Бірақ бейқам әке бетін қайтара алмады. Әке айдыны аузын аштырмады. Баршынбек әкесі бұтақ-бұтағы салбыраған қыран қарағай түбінен бес-алты қадам ұзай бере қатарынан гүрс-гүрс мылтық атылды. Ұлының көз алдында атымен қоса аңшы әкесі қияға қарай омырыла құлады... Аңшы жігіттің жан даусы жаңғырықты. Ол әлгінде көк түтін шығара атылған оқша еңіске қарай ұшты. Ұшқан беті әкесінің бетін құшты. Төрт аяғын тыпырлай сермеген қара ат жан тапсыра алмай, қалыңды ойран қылды. Ал алды мен арттан‚ оң мен солдан құрылған төрт бірдей мылтық оғы қабат тиген әкесі сұлық қалды. Ұлар ғана зар салды. Көзі жасқа шыланды‚ қолы қанға малшынды. Қайран әкесі кержақ-орыстың құрулы кезіне кез бопты! Баршынбек кенет көзін ашты... Ұлардай азамат ұлына тесілді: «Ұлым! — Даусы жарықшақсыз анық шықты. — Ұлар‚ кеш мені! Жалғыз тастап барам‚ жалғыз... Қош‚ ұлым! Қош‚ Ұларым!» — Ұларым! Ұларым! — деген ащы дауыстан өксіп жатқан Ұлар оянып кетті. Алакөлеңке бөлме ішінде жұмулы көз қиығынан жас саулаған аңшы тұтқын алғашында өң мен түстің қай жағында екенін аңдай алмай қалды. Өксігін де үзіп-үзіп әрең басты. Мықия кемпірдің «Ұлым-ау! Ұлар-ау!» деген қобалжулы даусы қайта естілгенде ғана өңін айырып алды. Сонда ғана «Бісмілла! Бісмілла!» деп күбірледі. Оқ шығардай ғана уақытта айырылып үлгерген жұмбақ түсіне сенерін де‚ сенбесін де білмеді... Барыс жамылғысын тас еденнен көтере‚ иығына желбегей жамыла ашық тұрған есікке тыстан түскен жарыққа қарай жылжыды. Ақылы бірақ айран-асыр. Қоюлана қалған қараңғылықта тас тепкішектен ұшып кетем бе деп қорқасоқтап тұрған Мықия шешей де Ұларды аңдағанда, шыдай алмай ұмсына түсті. — Апа‚ тоқтай тұрыңыз‚ тоқтаңыз! Мына тепкішектен ұшып кетесіз. — Қарағым–ау‚ қайдан тап болғансың мына пәлелерге? Маған айтпастан неге кетіп қалғансың? Өзім ертіп барушы едім ғой... — Апа–апа ! Қорықпашы! Олар маған түк істеген жоқ. Осында алып келді‚ — деп Ұлар шешейді жұбатқан болды. Оған бірақ Мықия кемпір тоқтай қоймады.

— Ұлым–ау‚ әкеңнің тамыры Смет те кейінгі кезде өзгеріп кетті. Ана бір оқалы‚ сары түймелі орыс келгелі тыныштық жоқ. Жұрттың екі аяғын бір етікке тықты. Ел Смет кетеді деп жүр. Оқалы орыс осында қалатын көрінеді. Әй‚ жақсылық болмас! Есік аузындағы қазақ-орыстар да асықтыра түсті. Мықия кемпірді қолтықтаған аңшы да асығыс... — Ұлар‚ балам‚ — деп Мықия шешесі тездете сөйледі‚ — сенің бағыңа Смет тамырың келіп қалып‚ сол босаттырды. Мені қазір үйге кіргізбес‚ мына қарғылы күзетшілер‚ өзің кірерсің. Абай бол‚ балам! Әкең секілді бірбеткейлікке салып жүрме... оның мінезі қиқар‚ діні қатты еді ғой. Бұлар аямайды‚ айтқанына көне бер‚ босанып шықсаң болды ғой. Ұлар: — Шеше‚ — деді жұлып алғандай‚ — әкем де қамауда отырып па еді?! — Жо–жоқ‚ ұлым‚ ол қамаққа түскенше‚ қолда өледі. Оның сыры өзіңе де мәлім. Сені сондай жүрегі қайтпастықтан сақтасын‚ ақылға қонақ берсін дегенім ғой. Жаужүрек бола берме! Олардың қолы ұзын... Тері-терсекпен алда‚ әлі жассың ғой‚ өмірің алдыңда. — Айтқаның болсын‚ апа! — деп Ұлар келісім берді.— Үйге бара беріңіз‚ мені күтпеңіз! — Тезірек кел‚ ұлым! Тәңірі тілегіңді орындасын! Ата-баба аруағы жар болсын! Жалғыздың жары болсын!— деп жалбарынып бара жатты. Қоңыр күздің жылыстап бара жатқанын білдіргісі келгендей, төңірек тұлан тұта түсіпті. Дымқыл да ызғарлы ауа ауыр тартыпты. Қапастан шыққандай аңшы көкірек толтыра жұтты. Бойын бұла бір сезім серпілте түсті. Оны алдына салып айдаған қос қазақ-орыс үйге қоса енді. Алакөлеңке ауызғы бөлмеден оң жақ бүйіріндегі сықырлауық есікке бұрылды. Бөлме кең тұғын. Мұнда тамыр Смет отыратын. Іші де жарық еді. Бүгін бөлме іші көк түтін. Төр жақтағы үлкен үстел басында әлде бір сап-сарала киімді‚ алтын оқа иықты біреу сары аюдай қонжиыпты. Қасында екі адам отыр: оның бірі — тамыр Смет‚ енді бірі — орысша киінген‚ дөңгелене семірген, жалпақ беті жылтыраған қазақ. Бұл кіріп келгенде отырғандар — неге екен белгісіз — ошарыла тұрды. Бәлкім‚ мұның мысы басты‚ яки барыс терілі жамылғы құдіретімен көз арбады... Қазақ-орыстар есікті Ұлардың соңынан жауып‚ ар жағында күзетіп қалды. Алғаш тіл қатқан Смет болды. Аңырайып қалғандар сонда барып орындарына отырды. Тамыр Смет: — О–о–оһ!.. Охотник — аю аулаушы‚ — деп бұған қарсы жүрді‚ бірақ бұрынғыдай қазақша кеуде қағыспады‚ қолын алып қысып-қысып қана қойды. Ұлар ұнатпай тұрғанын үнсіздікпен білдірді. — ... — —Ұлар‚ — деді Смет‚ — сен ренжіме! Қазақтар барақ қасынан тұтқындапты. Қазір ол маңға баруға болмайды. Өткенде алтын жоғалған... Бүлік болған. — Мен алтын ұрлауға келгенім жоқ‚ тамыр‚ — деді Ұлар да. — Аңшы ұрлық істемейді‚ бізге керек болса — айырбастап аламыз. Кенет әлгі қазақ шап ете қалды. — Сен аңшымысың‚ әлде бандитпісің — оны анықтаймыз... — Отставить! — деп ақырып қалды бағанадан бақырайып отырған аюдай орыс. — Госпадин атаман! — деп әлгі қазақ зыр ете түсті де, аузы-аузына жұқпай әлде не деп зарлай жөнелді. Қара сүртік киінген көзілдірікті Смет те аю-орыстың ақырысынан сілейіп қапты. Оқалы орыс болса‚ толған бүйендей тырсыйған тапал қазаққа бір қарап‚ сыйдиған су талдың қадасындай сыптығыр Сметке бір қарап, зекірді-ай келіп. Ол әлден уақтан кейін барып басылды. Оймақтай көзі ойнақшыған қазақтың «тілмаш» екенін Ұлар сонда ғана түсінді. Аюдай орыстың сөзі тәмам болысымен‚ тілмаш бұған тап берді. — Сен қайдан қаңғып жүрген адамсың? Үстің толған қымбат терілер. Неге аң-құсты сұраусыз қырып жойғансың? Бұл өңір патша ағзамның иелігінде‚ мұнда сұраусыз аң аулауға болмайды! Сен бандиттік жолмен аңшылық құрғансың. Патшаның жарлығына қарсы шыққансың. Бүлікшісің. Бандитсің... — Қысқартыңыз. Сізге полковник мырза олай деген жоқ. Дұрыс аударыңыз‚ — сөзге Смет тамыр араласа кетті. Ұлар аузына су ұрттап алғандай тіс жармады. — Сіз де араласпаңыз‚ — деп тілмаш та тіл мен жағына сүйене кетті. — Бәрін бетімен жібергенсіз. Сіз енді кетесіз. Бұл қазақтармен қалатын атаман екеуміз‚ сондықтан біз тәртіпке келтіреміз... Бұлар бір таудың қуысында қалған жұрт. Нағыз жабайы жұрт. Орыс культурасынан да артта қалған. — Жоқ‚ олай демеңіз. Бұлармен бірге бірталай уақыт өмір сүрдім. Нағыз адал адамдар — осылар...

— Отставить! — Бағанадан Смет пен тілмаштың түсініксіз тілде шүлдір қаққаны шамына тиді ме‚ аю-орыс барқ етіп үстелді қойып қалды. — Что за разговор? Откуда Басурман? Дикарь... Да-да‚ дикий человек. Тілмаш аю-орысқа қарап тағы да тақылдай жөнелді. Оның бір де бір ләмін Ұлар ұққан жоқ. Ұққысы да келмеді. Оның ойы орманда еді... Тезірек тауына аттанып‚ анасына жолыққанша тағаты таусылып‚ төзімі түгесіліп тұрған. Құба күн де құбылып‚ күлгін беттеніп алғанынан іш жия берген. Әңгімеге Смет тамыры тағы араласты. Енді екі жағы да шуылдасып қалды. Бәрі де бұл үшін екенін Ұлар да түсінді. Бірақ ол ақырын үнсіз күтті. — Мұнда неге келдің? — деп тілмаш тағы тілге шақырды. — ... — Бірақ Ұлар міз бақпады. — Мейлі‚ — тіл-аузы байланған аңшыдан жауап ала алмаған тілмаш шарасыздық танытты‚ — өз обалың өзіңе. Итжеккеннен бір-ақ шығасың... Патша ағзамның мал-мүлкі мен аң-құсын тонаған‚ жер-суын ластаған қалай екенін сонда көрерсің?! Адам Смит мырза сендерді әбден есіртіп жіберген екен. Жаңа қожайын — атаман мырза асқақтатпас. Балақтарыңның биті өскен екен‚ — деп тілмаш ділмарлыққа салынды. — Мырза‚ сіз тағы да үркітіп–қорқытуға көштіңіз. Бұлай сөйлеу — патша жарлығын аяқ асты ету деген сөз. Ол үшін жауап бересіз. Жергілікті жұртты кемсітіп‚ қорлауға болмайды‚— деп Смет тамыры тағы килікті. Дегенмен тілмаш басылып‚ жүні жығылғандай болды. — Енді неге жауап бермейді? Атаман мырза күтіп отыр ғой... — Мырза‚ мен өзім сөйлесейін. Ұлар екеуміз баяғыдан тамырмыз. Бұл сөзге тілмаш та‚ атаман да келіскен сыңай танытты. — Ұлар‚ — деді Смет‚ — тамыр‚ мен енді бұл алтындық ауылының қожайыны емеспін‚ ана отырған атаман мырза. Сол кісілерге неге‚ не үшін келгендігіңді өз аузыңмен жеткіз. Есінемей естісін! Ұлар да мән–жайды түсіне қойды. Іс насырға шауып кетпесін деген ой да оралып өтті. Сұп-сұр өңін жылытып‚ қыранның көзіндей қанталай түйілген сұғын жұмсартып‚ қайдан келіп‚ қайдан тұрғанын баян қылды. Тамыры мұның жай-жапсарынан мәлім болса да‚ оларға көз қып айтқызып тұрғанын да түсінді. Өзінің ширығулы екенін сездірмеуге тырысты. Смет тамыры майын тамыза жеткізді білем‚ қасқа маңдай аю-орыс басын кейде шұлғып‚ кейде шайқап отыр. Ол әлде бірдеңе деп еді‚ тамыры қолма-қол тіл қайырды. Сол-ақ екен оқалы орыстың тұздай көздері шақшиып‚ түксіз жақтары жыбырлап‚ жуан даусы көкке жеткенше барқырады. Смет тамыры да бір нәрсе деп айтып жатты. Тілмаш та суырдың айғырынша шошаң-шошаң қағып‚ шолтаң-шолтаң сөз жарыстырды. Үшеуі әрі-бері кергілесіп барып тоқтады. Аңшыға енді тілмаш тілімен жүгінді. — Ұлар‚ аулаған аң-құстарың үшін «дань»* төлеуің керек. Сен ешқашан ондай нәрсені төлеген емессің. Аң-құс патшанікі ... Алтын қазушылар да жер үшін ‚ оның байлығы — алтын үшін патша өкіметіне‚ Ресейге алым-салым төлеп тұрады. Сен осы уаққа дейін төлемегенсің. Соның құнына осында алып келген терілерің мен ана үстіңдегі барыс терісін тастап кетесің. Бұл — бір. Екіден‚ сенің тамырың Смит мырза айтып отыр: ұн‚ тұз‚ бидай‚ тары алғалы келді деп‚ оларды атаман аз-аздап беретін болды. Ол да сенімен тамыр болғысы келеді. Бұған қалай қарайсың? Алманнан да ада-күде құтыласың... Қапелімде аңшы жігіт қалай жауап берерін білмей сасып қалды. — Әрине‚ тамыр болады‚ — деп‚ Ұлардан бұрын Смет жауап берді‚ шамасы «жоқ» деп айтып қала ма деп асықса керек. — Тамыр да болады‚ тері де әкеп тұрады... Солай емес пе‚ тамыр? — Солай–солай!... — деп бұл тұтықты. — Барыс терісін атаманға береді‚ — деп Смет салмақты бұған сала‚ жауапкершілікті өз мойнына ала сөйледі. — Алтай аман болса‚ жабайы аңы жын атады ғой... Ұлар аман болса, теріден таршылық көрмейсіңдер. Бұл өзі шүлен мырза‚ нағыз «джигит»‚ — деп «жігіт» сөзін орыс ұлығы ұқсын деп орысшалай айтты. Ал аңшының ойына Мықия кемпірдің «тері-терсекпен алда» деген сөзі түсе берді. Смет тамырының сөзі қамшылай түсті. Құзғындының құз-шыңынан атып алған‚ Бұлабикемен өткізген жастықтың жазғы түндеріне куәгер болған түбітті‚ жұмсақ теріні қимай тұрса да қинала келісті. — Барыс жамылғыны берейін‚ бірақ молырақ астық берсін! – Ондағы ойы — Мықия кемпірге де тастап кетсе... — Мықия апама қыста аз ғана арық-тұрық малдарына да жем– шөппен көмектессе. Шөпті мол шапқан мұжықтардан Үлкен мырза алып берсе‚ мен адал тамыр болам. Тамыр тамырға сенеді! Тілмаш аңшының аузынан шыққан сөзін шыбын-шіркей қаққан көлбақаша іліп алып‚ оқалы киімді мығым орысқа қаз-қалпынша жеткізді. Оның салқын өңі жібіді. Үстелден тұрып келіп: «Джигит‚ хорош! Охотник‚ хорош! Тамыр тоже хорошо..!» деп арқадан қақты.

Өзі де өлеңді жердің өгізіндей етжеңді‚ еңгезердей неме екен‚ Ұлардай сүйекті тау қазағы иығынан зорға келді. Аңшы да: «Тамыр‚ тері большой. Кушай көп. Тамыр хорош...» деп тіл сындырды. Смет болса‚ «джентельменге» көшті. Бәрі де бір мезгіл мәре-сәре болысты. Тыста алақаншық ақ қар қапалақтап‚ түс ауғанша жарыла алмай тұрған жарадай тырсылдаған қара күздің күні шідерін үзген. Аңшы Алтайының басына‚ анасының қасына асыққан. Талай жыл жалғыз тастап кетіп жүргенде жаны бұлай байыз таппай қоймаушы еді. Сезімі қозғап‚ сенімі секем алған аңшы әлде неден күпті... Өзі де түсіне алмай-ақ қойды. Бар тілегі — Сумылтыққа тезірек жетсем‚ басы бармаққа байлаулы маңнан кетсем болды. Ол бесін уағында аттанып та кетті. Соңында тілеуін тілеп Мықия кемпір ұзақ тұрды. Сумылтық та сырдаң қақты.

*Дань – патша заманындағы салық.

ІV Желемік күшті желге айналды. Тау арасына түнек түсті. Ат құлағы саңырау ақтүтек айналып соқты. Көк аспан мен қара жер қақ айырылып‚ құбақан арғымақ мінген адам ұйытқыған осы ұлы дүниеге шым-шымдап батып‚ түпсіз құрдым тартып бара жатты. Аласапыран әлем беймәлім бауырына басқан. Бірақ бейкүнә жанның беті қайтар емес‚ аялдамастан тартқан. Астындағы жануарға сенген. Сумылтық та иесіне сүйенген. Тегінде жабайы тарпаңның зыты бар жылқы құлағын қайшылай, жанарын тіктей түсті. Жаз бойы жайылым мен міністі қатар көріп‚ мейіздей жараулы жануар жазбай басқан. Сіңірлі тірсек пен дүмді тұяқ әзірге сыр берген жоқ. Күйлі айғырдың аңшыны көтерген белі де бекем‚ кеудесі де өр. Тізесі бүгілмес‚ тұяғы кетілмес тарпаңның тұқымы ғой. Таң бозындағы сырғақ күн боранды бұлғақ түнге ауысқан. Жапалақтаған жабысқақ қар қиялай қапалақтаған қиыршыққа айналды. Үскірікті суық та сүйек-сүйектен өтеді. Күллі төңірек көндей құрысқан. Ерте көктемде көш жүретін Қиын сайдың бүйендей кең-мол қолтықты‚ ащы ішектей иірқиыр ішінен тез арада құтылып шығу да оңай емес. Жер жадысына жіті жануар Сумылтық та қиналып келе жатқаны анық еді. Салмақты қос қоржын да шатқаяқтата түскен. Қиын сайдың қысаң тұстарында жол тау өзені ағып жатқан арнаның табанымен өтетін. Былайғы күнде тілерсектен шаятын тау суы қазір бауырды жалайды. Бусанған жануардың бойын қарып өтеді. Сумылтықтың қолқа жүрегіне дейін суынады. Иесі иілер емес. Қайың ерге қазықтай қадалып‚ желімдей жабысып қалған. Берік тақымы да былқ етер емес. Түлкі тымақты баса киіп‚ ердің алдыңғы қасында бөктерулі жүретін тұлыпты қымтай оранып алған. Астындағы азбан үшін де қам жер емес. Бар білетіні — азбан аман болса‚ таңға жетпей жетері ақиқат. Тек ұлы таудың ұры қолтықтарын қуалай соққан боран ғана бұрқ-сарқ бүлінген. Алды– артты орай да борай көтерілген жел үні кейде ышқынып‚ кейде ыңқылдап құлаққа жетеді. Алтайдың аң мен құсына‚ жыбырлаған жандысы мен қыбырлаған қандысына пана қалың орман шулап‚ асаудай тулап‚ үнге үн қосқан. Көзсіз қараңғы түн басқан. Аңшы әзірге тоңа қойған жоқ. Бітеу тігілген тері киімнен ызғар қарыр емес. Сана да сергек. Сезім ғана сырғақ... Шаған шешесін жалғыз қалдырып кеткеніне өз-өзін жазғырып та келеді. Жаз беті емес‚ қазір күз. Қара күзде бұл ұзап сапар шекпеуші еді. Тышқаншылаған түлкі құсап тірлік кешетін. Әкесі Баршынбектің қарасы батқаннан кейінгі жерде Ұлардың да жүзі сынық. Көңілі қапалы‚ жаны жабырқаулы. Әкесіздікті‚ жетімдікті жан-тәнімен сезінген. Әсіресе жалғыз жүргенде‚ аң аулап аулаққа кеткенде жүрегі езіліп‚ көңілі бұзылып сағынатын. Тері иісі аңқыған жұмыр мойнына бала кезіндегідей асыла кетіп‚ танауын тыға құшырланып иіскесе бір!.. Мұндайда көз жасын бұлап та алатын. Сол әкесі өсиет қылушы еді. «...Ер жігіт — түздің аңы. Бірақ тырнақты аң да‚ тұмсықты құс та ұясына айналып соғады. Адам да солай‚ шешеңді жалғыз қалдырушы болма! Жазда жер түбіне кетсең де‚ қыста қарға адым ұзама! Мен де қартаямын ғой деп айтып жатқаным ғой... Алтайдың қысы құбылмалы. Жыртқыш аңы да жанкешті. Ақымақ аюы қанша қоңды болса да, қаңтарда көңілі қоңылтақсып‚ жем іздеп қаңғитыны бар. Қаңғыбас кісіге қаймықпай шабады...» Қазір бірақ қаңтар емес — қазан. Алтайдың қоңыры мен қарасы қалың ұйқыға қисая қойған жоқ. Қар екі жаумай‚ жалпақ табаны жұқармай жата қоймайтыны және мәлім. Сондықтан да қауіп көреді. Бірақ жеміс пен жемтікке аузы майланған Алтай аюы ілуде бірі адамға азу көрсетеді. Қара күз бен қара қыста адам алыпты‚ жазым қылыпты дегенді бұл

естімепті... ерте көктемде болмаса, ол уақта бірақ тау – иен. Құрық бойлар қалың қар бауырынан жарап‚ астынан еріп жатқан көктемде аш-арық жыртқыштың жан баласынан тайынбайтынын алтайлықтар жақсы біледі. Қара қырдан құзды тауға күшіктеуге келген жаужүрек бөрілердің жемтігіне айналатыны да осы кез... Даланың азулы бөрісі орманның алып аюын алып‚ тісін сүйекке қайрайтын‚ тілін қанға шылайтын. Қараңғы түнге қожа болып алған мына ақтүтекте аңшыға осындай ойлар лекер болды. Аюша ақырып‚ бөріше ұлыған түнде анасының екі көзі төрт болып‚ санасы сан-саққа жүгіріп отыр ғой... Шешесі бірақ қоян жүрек емес-ті. Қайраты бір өзіне жетерлік жан. Жалғыз қалып‚ жалғыздықта күн кешіп келе жатқалы қашан? Жалғыздық — оның жан серігі. Бас құраған Баршынбегі де ақ таңертең кетіп‚ кеш келетін‚ ақыры... ақ түскен қарашықтай ада-күде жоқ болды. Ал жалғыз ұл бұдан да не қайыр: күн байыта батырып‚ түн оздыра атырып жүргені. Сумылтық жануар барлығар емес. Боранды түннің бауырын тіліп‚ байыпты жүріспен келеді. Бұған да оңай емес‚ жын-ойнақ ортасында қалғандай күйде екенін иесі де біледі. Асыл сойдың тұқымы сыр білдірмей-ақ желеді... Ұлардың ұйғаруынша‚ Қиын сайдан құтылған сыңайлы. Қара орманы селдір белеңге іліксе керек. Жел де ұйытқи бермей‚ түстіктен көтеріле бетке ұрды. Бірақ түнек түріле қойған жоқ. Түн ортасы ауса да ақ тиін адасар түтек түтеп тұр. Боран тереңнен бастау алып‚ солықтай соғып тұрғанын осы жалтаң дөңде сезінген Ұлар кейде екі-үш күндеп‚ кейде апталап соғар «Алтайдың ақ түтегі» басталғанын білді. Бұл енді мал мен жанға қатар батар табиғаттың қысасы екенін бағамдағанда‚ ойына жылқышы қыз Бұлабике орала кетті. Ет жүрегі шым етті... Сол-ақ екен бораннан бұққан бойын түзеп‚ желден ыққан жанары жарқ етіп‚ тамыздың қоңыр жай кеші‚ айлы түні бір сәт елес беріп өтті. Отты көздің қиығынан ыстық жасты жел іліп әкетті. Аңшының аузынан «Жоқ! Жоқ!» деген сөз шықты. Оны бірақ өзі де ести алмады: бөгде біреуге бұйырып‚ ұзатылып кетті дегенге сенбеді... Желе-жортып келе жатқан азбанды қос бүйірден тебінді. Азбан да жалтаң жонда шаба жөнелді. Тершіген жұқа шабы керілді. Ол өзі шамалағандай таң білінбей жетті. Таң алдындағы тас қараңғыда астындағы азбан киіз үйге тұмсыған тіреп‚ басқа ұрғандай қалт кідіргенде Ұлар үйге кеп қалғанын бір-ақ білді. Шешесі ұйықтап жатыр ғой деп ойлап‚ Сумылтықты мама ағашқа қарай алып жүрді. Ұзын тұлып етегі үріп тастаған күртік бетін сыпырды. Көз жұмылта жүз қарыған үскірікті қараңғыда қос қабат киіз бастырманы көтере‚ шабақты ағаш есікті аша кіргенде ошақтағы қызыл қарағайдың жуан түбірінің шаласы таусыла қоймаған екен. Жанға жайлы жылы леп жүзіне ұрған. Қаракөлеңке үй ішіне көз де үйрене қоймаған. Ұйқысы сергек шешесі де селт етпеген. Ұлар: «Апа! Апа! Біз де жеттік» деп дауыстаған. Бірақ жауап болмады. Ешкім тіл қатпады. Аңшының жүрегі су ете түсті... Шешінбеген бойы оң жақтағы шымылдық құрулы сүйек төсекке қарай ұмтылды. Төсек-орын жинаулы қалпы екен. Бұл аңырып қалды. Тілі де тістене байланды. Тыста дүлей дауыл ғана уіл қақты. Қос қабат киіз жабылған‚ тері тұтылған үйге жынды жел үні балаша уілдей жеткен. Осы бір жанға жағымды үнді ести тұрып‚ аңшының ойы онға бөлінді. Табан астында татымды ойға беки алмады. Қаны тасып‚ сезімі сырғақсып‚ жаны қиналды. Әлден уақта: «А-а-аһ!.. А-а-па!..» деп айқайлап‚ тыстағы түнекке қарай атылды. Аш бурадай азынаған боранды түн суық құшағына қысты. Ол белдеуден ұстай үйді айнала «апалады-ай» келіп‚ бірақ қайырымсыз қараңғылықтан‚ сұрапыл суықтан жауап қайырылмады. Оның алқына айғайлаған үнін суыра соққан жел жұтты. Ашылған аузын қиыршық-қиыршық қар тұтты. Есі шыққан адам жүгіре басып жылы үйге қайта енді. Қапылып кеп жүргенде аяғына оратылған ұзын тұлыпы тыста қалды. Өз-өзіне келе алмаған аңшы жігіт үй ішінде де байыз таба алмады. Ес-түссіз тысқа беттеді. Қоңыр көзінен қатып қалған қойдың құмалағындай жас та жібімеді. Есіне есеп бере алмай қалды. Қайта ұмтылып‚ бастырма киіздің бір бұрышын жұлқа көтерді. Тағы да алайтүлей боран жағасынан алып‚ желкесінен тұқыртып‚ жауырынынан итерді. Тағы да үй айнала беріп‚ әлденеге аяғы шалына құлады. Аяғы астында былқ ете түскен тұлыпты шешесі екен деп шыр ете түсті... Санасы да дем арасында сауығып кетті. Апатайлап зар еңіреп‚ көз жасы бұршақтап қоя берді. Қолына бірақ қара тұлып қана ілікті. Ол жансыз тұлыпты тізерлей құшақтаған күйі отырды да қойды. Жүйке-жүйкесі босап‚ қара қабырғасы қаусап‚ жан-жүрегі қан жылап‚ сезім-сауаны сүлесоқ тартты. Ұлы бойын боран алып‚ тәні мұздағасын орнынан көтерілді. Үйге сүйене ілгері аттай бере қолына киіз үйді бастыра тартқан жуан арқан тиді. Жел көтермесін деп шірене тартылған кендір арқан да бос екен. Білектей қазығы да жұлып алынған бойы салақтап‚ байлаулы жүргенін мұздаған алақанымен ұстап көрді. Тоң жүріп кеткен қара жерден қазықты бел ортасынан қайқайта сындырып алмай‚ суырып алған мұндай алапат күш аюда ғана болатынын аңшы осы сәт саралап өтті... «А-а-аһ!..» деп өкіне ақырды. Жұлын-тұтасын кеулеген ыстық бір толқын соғып өтті. Ып-ыстық жас сұп-суық бетін жуды. Тісі-тісіне тимей сақылдап‚ тұла бойы қалтырады.

Үйге кіргеннен кейін де қалтырап тоңғаны басылмады‚ көп уақытқа сансыраған санасы орныға алмады. Қайғы басқан қара үйде бауыры езіліп‚ жүрегі жаншылып отырды да қойды. Түнекті түрер таңды күтті. Бірақ ұзақ таң атпады. Аңшыны ауыр ой мен мұң басты... Қара қаны тасты. Тыста бұзық боран ғана бебеу қақты.

Боран да күн-түн булықты. Күн мен түн де аңшымен бірге ананы аза тұтты. Аяғы құлақ тесті‚ пышақ кесті тынды. Тауға да таң атып‚ күн шықты. Аңшы да ащы шерден арылып‚ суық көрден тұрғандай болды. Булығып барып басылған жан жанкешті тірлікке бет беріп‚ қанкешті қатыгездікке сес бекітті... Жүрегі беріштей қатып‚ қаралы көңілі сеңдей бұзылып‚ ыстық қаны мұздай суынды. Шыбын жаны ғана шырылдай қуынды. Қоңыр көзі қанмен жуынды. Қанды кекті қайырымсыз ажалмен қайыруға бекінді. Жел тоқтап‚ боран басылысымен төңіректі тінткілеген Ұлар шешесінен қалардай еш белгі таба алмаған. Үлкен Қаражал мен Кіші Қаражалдың арасындағы алып аңғарды алғашқы қармен-ақ сықап‚ сүрлей үрлеп тастаған еді. Үлкен Қаражалдың күңгейі ғана қар алмаған күйі қарауытып жатыр. Сумылтық қыс бойы күңгейді тебіндеп шығатынды... Қазір де ол сол қарсыз‚ ормансыз қара қабырғада жайылып жүр. Аңшы апыл-құпыл жиналды. Үйден тұз бен қуырылған бидайды бір айға жетерлік қып алды. Оны-мұныны да ұмытпады. Құлаш жарым жалпақ шаңғының табанындағы бұғы терісін сыпырып алып‚ самырсынның шәйірінен қайнатылған желіммен қайыра желімдеді. Қасқырдың ерітілген майымен терінің түгін майлады. Күн көтеріле Кіші Қаражалдың қимасына қарай қатты күртік бетімен тайғанақтап сырғанай жөнелді. Қима үстіне көтеріле бұрылып соңына қарады. Аңғарда бір кезде әкесі мен шешесі көтерген қоңыр отау жетімсіреп тұр екен. Жанарына жас келіп‚ көңілі құлазып қоя берді. Оның осы хәлін сезгендей алыста қарайған Сумылтық серігі де кісінеп‚ иесінің бойын шымырлатып жіберді. Кенет ол кектене қалды... Жалт бұрылып‚ жөнеле берді. Арқасындағы ауыр жүк пен бесатардың салмағын елеген де жоқ. Тік беткейден құлаған тастай қимадан қиялай ақты. Ашық өңірін ызғырық кеуледі. Қайғыдан құса көкірегі кенет ашылып кетті. Шерлі көңіл шерменде күйден арылғысы келгендей оқыс сілкініп сала берді. Бойын мұздай ауа кернеп, әлде бір мәрт сезім биледі. Аю терілі жамылғысы ту сыртында түңіліктей жалпылдап‚ бөрі майымен майланған бұғы тері табанды шаңғысы шарықтай зырлап‚ Ұлар еңіске қарай құмайша құлдилады. Бораннан кейінгі ызғарлы күннің ашық қабағы астында Қызыр байдың ескі жұртына қарай жылжып жөнелді. Таяқсыз тепеңдеген аңшы селдір орман ішінде желген атпен пара-пар сырғанаған еді. Күртік иіріп тастаған жұртқа ол тоқтамады да... Тоқтайтын да жөні жоқ-ты. Шұңғыма Тымбай шатына тезірек жетуді‚ әлде бір аюды арсы-күрсі алуды‚ қорқырата жығуды көздеген... Ол Тымбайға иек артар иінге көтерілгенде қос Қаражал кәдімгідей алыста қалған еді. Күн де түстен ауып кеткен. Ұлар қарағайдан жалданған ұлы жонға көз жібере тұрып Сумылтықты еске алды. Жалғызсырап қалды-ау деген ой оралды да‚ қараша үйді қара тұтады деп түйді. Бұрын Шаған шешесін паналайтын жануар... Бір жақсысы— бұл Өр Алтайдың басында оған шаба қояр ұялы ит–құс жоқ. Олар малмен бірге ойға түсіп кеткен. Жалғыз қауіп — аю. Ол да бірақ тоқ. Жөпшеңкі аю атаулыға азбан алдырта қоймас. Тоқ аю шаба қоймас. Бірақ тоқпын деп тоқмейілсіді ме‚ шешесі ғайып болмады ма? Аю шаппаса‚ адам алды ма? Алтайда аюдан басқа жау бар ма? Бары бар-ау... Ол — адам. Иә-иә, адамның өзі. Әкесі де‚ шешесі де ұшты-күйлі жоғалды. Әлде адам‚ әлде аң жем қылды... Әй-әй-әй‚ аңнан адам қатерлі-ау! Бұған екі аяқты адамнан төрт аяқты аң жақын. Аң ашық жолығады‚ адам тасадан тіс басады. Адам аңнан бетер жыртқыш болып кетті ғой. Мынадай жапан түзде де тағылығын қоймайды ғой бұл адам. Дегенмен‚ тағыдан да күні төмен... Осындай бір ойлар ызғырықты иін үстінде оралып-оралып өтті. Ол оратыла кеткен ойдан құтылғысы келгендей‚ қатты күртік үстімен күтірлете сырғанай жөнелді. Тері табан шаңғы астында шықырлаған күртік беті түсте жібіп‚ күн еңкейе балық қабыршақтана қалған екен. «Өзекті жанға — бір өлім» деген бұғалдырықтай ой бұлаң ете түсті. Әлде бір ой түйіні кенет қылаң берді. Иә‚ өзекті жанға бір өлім ғой. Жалғыздықта күн кешуге болады‚ бірақ жалғыздықта жан кешуге болмайды... Жаның жоқтаусыз‚ тәнің көмусіз қалады. Жоқтаусыз қалғаның — жаныңа жан баласынан жетіқат көкке жетерлік жоқтау салынбағаны‚ көмусіз қалғаның — тәніңнің қара жердің қойнына арулай жуылып қойылмағаны. Жоқтаусыз жанды қызыл тамұқ та‚ көмусіз тәнді қара жер де қабылдай алмас. Жапанда жазым болудан сақтан! Адам болып туған соң‚ адам болып өле біл. Адамға ақ өлім керек. Ақ өлім бірақ әркімге бұйыра бермейді. Бұйырса — әкесі мен шешесіне бұйырар еді ғой... Бірақ бұйырмады. Тәңірі бұйыртпады. Бәрі де бір жаратқанның ісі. Тәңірі танытқан өз түсіне сенсе, әкесі алмағайып аң

соқпақта арманда кетіпті. Алқалы тезге түспеген алтын басы құрулы кезге ілігіпті... Қанды қарауылға тігіліпті. Әлде аңға‚ әлде адамға құрылған қазақ-орыс пен кержақ-орыстың бірінің ажал аңсаған мылтығынан мерт болыпты. Оған да бірақ түс – куә, түс– болжау... Сынаптай сырғақ ой сумаң қақты. Өзінің мәнсіз өміріне налыды. Кенет күпірлік қылғанына ренжіді. Ешқандай да мәнсіз емес екеніне өзін бұл баяғыда-ақ сендіріп қойған. Бала көңіл‚ бұла тірлігіне баяғыдан дән разытын. Енді ше‚ бұл үшін өмірдің мәні — жалғыздық. Әлгіндегі арсыз ойдың бәрі де сандырақ. Өз басы жалғыз жүріп жан кешуге бар. Бұл тірлік жатырдан жанға жұғысты‚ туадан сүйекке сіңісті. Енді одан қашып құтыла алмас. Құтылғысы да жоқ. Күні кеше көрді емес пе?! Майқапшағайдың тас зыңданында зарықпады ма?! Торықпады ма?! Адамдар деген солар ғой... Қалай ғана қаймана тірлік кешпейсің? Кешесің. Тау сағалап‚ тас сыналап күн кешкен тірілігің қымбат. Мойынға бұғау‚ санға бұрау салған пенделер арасынан гөрі тәнге тыным‚ жанға ерік берген жалғыздықтағы тіршілік артық... Бұл тірлігін тәңірі тартып алмаса‚ адам айырып ала алмас. Арғы ата-бабалар мен бергі әке-шешесі ұстаған жолдан Ұлар да бұра тартпас. Тіпті‚ Бұлабике ғайыптан оралса да бұра алмас... Бұл бұрғызбас. Жалғыздығы – жан азығы... Шылбырдай ширыққан ойды ұмытқысы келгендей ол терең Тымбайдың күңгейіндегі әлде бір тұрғысынан төменге көз жүгіртті. Боран басып тастаған ұлы сай тым-тырыс жатыр. Шулы-шұрқанды жазғы тірлігі тыным тапқан сыңайлы. Қар ала алмаған күңгейінің жалтаң жондары тақыр ала тайдай‚ алғашқы бораннан-ақ қарқ қылған теріскейінің ығы-жығы қарағайлы қабырғасы қалың жүн құныдай. Көктемнің көгіндей алашабыр бұлтты күз күні Тымбай биігінің белеңінен әне-міне асып кетуге асыға қалыпты. Қарлы қара күздің қарасуықты кеші де кешікпей қонақтайын депті. Дәл бүгін дөң табанға жолыға алмасын аңшы да сезді. Қоналқағы теріскей дұрыс деп түйді. Тулақтай тақыр күңгей жаз бетінде болмаса‚ қыс бетінде жалтаң жүзі пана болмайды. Оңдысы — теріскей. Бірақ теріскейге жетуге біраз тер төгу керек‚ төменге түспестен жоғарғы жақтан жоталағаны жөн. Қиядан сырғанап келе жатып Ұлардың есіне әкесімен алғаш рет он үш жасында аю аулауға шыққаны түсті. Көбік қар жауған қара күздің қансонар күні еді. Бұл жүрек тоқтата қоймаған жас бала еді... Сол жолы да осы Тымбайды тінте қарап‚ түске тарта Қиын сайдың кеудесіндегі Тоқтау жұртына жете жолыққан еді-ау! Сыбдырсыз сусыған шаңғымен ескі жұрт етегіндегі қамысты қоға мен уқорғасынды сазға аюдың ізімен індете кірген-ді. Күн тал түстін. Қоныштан жауған көбік қардың да жүзі жіпсіп жатқан. Бірақ бөрі майымен майланған тері табанды шаңғылар алмастай ағып тұрған–ды. Баршынбек әкесі кісі бойы қопаға кірерде шаңғысын шешіп‚ мойнындағы мылтығын алып Ұларға ұстатты. Ұлар қаруды қолына алып‚ шаңғыны арқасына ілді. Әкесі мысықтабандап‚ ұлы сырғанап із қуды. Қалың қопаны жапыра жүрген жардай жыртқыштың соңында су орған жырадай жол қалыпты. Ошақтай ойылған қамысты қопаны бұлар сыбдырлатпауға қанша тырысса да, күтірлегені естіле берді. Жеті жасар шолақ құйрық бөрінің терісінен илене тігілген иығындағы жамылғы жауырынын жауып‚ ту сыртынан келе жатқан Ұларға әкесінің бөрі сыпатты сырт тұрпаты сұсты көрінген. Ол өзін ешқандай қауіп-қатерсіз сезінген... Бірақ бәрі де көзді ашыпжұмғанша асты-үстіне келген де‚ бармақтай ғана бала жүрегі дүрсіл қаққан. Қол-аяғы дірілдеп‚ санасын мұз қарыған. Оқтаулы қару кезелмей‚ қалтыраған қолдан түсіп кеткен. Ал әке болса — әлде бір алып хайуанмен жағаласып берген. Аю атаулыны қол созым жерден аңшы баланың алғаш көруі еді. Қарға аунағандай күн көзінде түгі құбылған қоңыр түс аңның атандай зорлығын да тұңғыш рет таныған. Сабалақтанған бауыр жүні от шарпығандай сарғыш жалқақ‚ жұдырықтай жұмыр жоны қошқыл-қоңыр тартқан жыртқыш жатар алдында қант татыған қамыстың тамырын‚ қан татыған уқорғасынның собығын шайнап‚ суын сорып‚ аш құрсағының ащы сөлін басуға келген еді‚ бірақ ізіне түскен екі аяқтылар аңдаттырмай келіп үстінен түсті. Жел жағынан емес‚ жел өті иіс алдырмас төр жағынан шықты. Төніп кеп қалған жауына шыбын жаны үшін тап бермеске лажы қалмады. Ай-шайға қарамас айқасқа үрейленген сезімі алдыртты... Қалың қопа мен уқорғасын арасында қылаяғы қайырылуға жер қалдырмаған жайға душар болған қоңыр аю амалсыз қарсы шапты. Бұрын ұсақ-түйек аңшылықты ғана місе тұтып жүрген жас бала мынандай ұлы сұмдықсойқан көз алдында өткенде‚ жүрегі тоқтап‚ қаны суып кеткен-ді... Қарыс қадам жерде ажал асыр салғандай әсер еткен. Бірақ екі көзі от жайнап‚ салқын ұрған санасы жанталасты бағамдап тұрған-ды. Ажал айналдырған аю мен әкесі болса‚ бірі ақырып‚ бірі аһ ұрып ұмтылысқан. Азулы жыртқыш әкесін жақын жібергенімен‚ айлалы болып шыққан. Ол Баршынбекті салған жерден құшағына қысып‚ қос қолымен қаусата сығып тастағысы келмеді білем‚ сол алақанымен иығынан қағып жіберген. Әкесі аңдаусызда жалп ете қалған да‚ тері жамылғы басынан аса жабылған. Осы бір оғаш сәтті күткендей аю да аңшының арқасынан қос қолымен

міне түскен. Аңшы әкесі екпеттеген күйі қимылдай алмай жер құшып‚ жауырынынан басқан жалпақ табан астында қалып‚ шыбын жанына шын қатер төнген. Ұлардай ұлы болса, тасқа жабысқан қынадай табандап-ақ тұр... Мелшиген күйі міз бағар емес. Жанын жайлаған үрейден үні де өшкен. Әкесінің: «Ат‚ ұлым‚ ат!.. Ұлар, ат деймін» деген даусы құлағына еміс-еміс естілсе де есеңгіреулі тұғын. Қысылтаяңда қимылдар қару-қарымын қорқыныш алып қойғантын. Тек шегір тартқан көздері тесіле түскен-ді. Шарасы кеңіген кесірлі көз ғана көрулітін... Құдай дес бергенде әке үстіндегі қалың түбітті бөрі жамылғы жансауға болды. Қоңыр аю көкшулан бөрі терісін жұмырлай уыстап‚ бауырына тарта тік түрегеле бергенде‚ Баршынбек те сытылып шыға жөнелді. Бірақ ол оңаша өңірге қарай жылжымай‚ қызыл көмейі көріне бақырған балуан бел аюдың бауырына бөрі жамылғы астымен жыланбауырлай енді. Бөрі терісіне тіс пен тырнағын қатар батырып‚ кеудесіне қыса жиып алған жыртқыш шапқа қарай еніп кеткен адамды аңдамай да қалған еді. Қалған жай қас пен көздің арасында өтті. Баршынбек әкесі қоңыр өлеңде күйленген бұландай былқ-былқ еткен аюдың жұқа шабынан селебені сүңгіте салып‚ жоғары қарай ірей тартқан. Өзі де ет пен терінің арасын тілген пышақтай бір бүйірге қылп ете түскенде‚ іш майы қардай аппақ болып аударыла ауырсынған хайуан ышқына ақырып‚ төңіректі теңселте күркіреген. Күркіреген үннен сынық көңіл‚ сәби жүрек Ұлар да ес жиған. Есік пен төрдей жерде тұрған оған жаралы жыртқыш тік тұрған бойы ұмтылған. Екі адым аттар-аттамаста ауыр денесі екі жағына сабаша теңселген хайуан өз-өзін ұстай алмай, қос бүктеле жығылған. Ауырсына ыңыранған аю қайтіп қозғалуға әрекет те қылмаған. Сол бір сәт Ұлардың сәби жүрегін әлде қандай аяныш билеп‚ әлгіндегі үрей үркіп қоя берді. Осы бір аяныш сезімі мұның бойында кейін де мәңгі-бақи қалып қойды... Бәрінен де Баршынбек әкесінің бала болса да бұдан көмек күте айғайлағаны — әлде әдейі қапы қалған болды ма‚ әлде шынымен айласы жетпей қалды ма — әлі күнге жұмбақ... Жалғыз-ақ ақиқат — аюды құрамай қаптырғаны. Қатерлі аңшылықтың қыр-сырына қанығу‚ бүге-шігесін білу сол Тоқтау жұртынан басталған. Әкемен үзеңгілесе жүріп те‚ жеке жүріп те талай жырынды жыртқышпен жүрек тоқтатысып жолығысқан. Бірақ ол күндердің аңшылығы қауіп-қатерлі болса да қанкешті қазасы‚ жанкешті жазасы жоқ еді. Ендігі аңшылығының жөні бөлек: қанға – қан‚ жанға – жан дейтін аяусыз кек қуған сүргін... Алтайдың аю атаулысын алып бітпес‚ бірақ жуық маңның маймағына қан құстырары хақ. Сарытау мен Сарыбайдың арасындағы қос Қаражал мен Тымбайдың‚ Тайшын мен Бұланбайдың‚ Бесқарағай мен Салқын Шоқының‚ Көлшілік пен Сарытау етегіндегі Шаңқан жазықтың бойынан ұшырасар көп аюдың бірі— кісі жегіш боларына сенімі кәміл. Ал айлалы аң адам жеп бір дәндеп алды ма‚ қайыра шаппасына‚ адам атаулының ізінен түспесіне кім кепіл? «Адамға бір шапқан‚ адам етін жеген аю — ең қауіпті жыртқыш. Ол дәндеген ит секілді. Адам тәні де тәтті болса керек‚ құмарына қанбаған жыртқыш ештеңеден тайынбайды» деуші еді әкесі‚ о жағы тағы бар. Анасының жазықсыз жан кешуі ғана емес‚ кекпен қоса қосүрей қауіп те аңшыны үйде отырғызбас. Әкесі бір кездерде елдің үрейін алған сондай кісі жегіш аюды да алыпты. Оған да не заман өтіп кетіпті... Бірақ Баршынбек жер қара‚ күн ұзында аңшылық құрса‚ Ұлар қытымыр қыста белін буған. Ал ұйқыдан оятып‚ мазасын алған Алтай алыбын қысқы аязда аулау — қос қабат қатер екені тағы ақиқат. Басқа бұрылар жол жоқ‚ тағдырдың тайғақты тоң мен сырғақты қысты жұмыр басына жазғаны шығар. Мұны ардақтаған әке мен аялаған анадан жаны артық емес — құрбан! Тек адам алғыш аюдың араны ашылмасын! Адамның араны ашылсын... Сонда әлсіз пенденің ажалға айналуы хақ. Белді ойға бекіген Ұлар белең-белең биікпен айнала жаяулап, Тымбай шоқысына кешқұрымда ғана жеткен. Жаз бойы атүсті жүріске жамбастап үйренген жан шаңғымен жаяулағаннан қатты шаршаған да еді. Балтырларына қорғасын байлап алғандай салдырап‚ табандары жер тартқандай желімделе қалыпты. Бұл биікті біраз күн ерулегелі таңдаған. Тымбай шаты ғана емес‚ Бесқарағай мен Жүндіқарағайға‚ Бұланбай шатына қарай асып түсуге де бұл арадан жеңіл. Ол теріскей қиысындағы ұйыса өскен қалың шыршаның ара-арасында қадау-қадау көк тіреген қыран қарағайлардың бірінің бауырына қоныс тебуді жөн көрді. Қыран қарағайлар қарт Алтаймен бірге жасасып келе жатқан ағаштар ғой. «Қыран қарағай» деп ел-жұрт та тегін атамаған... Жасы жүздеген жылдарды ілестірген қарағайдың мұндай тектері тіпті мың жыл өмір сүреді дейді жұрт. Ол рас та шығар. Жіптіктей зәулім шыршалардың ұшарынан да биік басына бүркіт қонақтап‚ балапан ұшыратын бұл қарағайлардың қара жерді қақ айырған табандарының аумағы қос қанат қанат киіз үйдің орнындай еді. Он-он бес елі қалың қожырқожыр қабықты‚ желімдей жабысқақ ащы шайырлы қыран қарағайға құрт-құмырсқа да жоламайтын. Жасының ұзақтығы да содан болса керек‚ тек адамдардың балтасы мен тәңірдің оты — жай түскеннен аман болса болғаны. Бағзы замандарда бабалары алысқа аттанатын жорық арбаларының дөңгелегін шыдамды‚ мықты болады деп осы қарағайлардың діңінен

бітеудей шауып алады екен. Көлеңкеде кептірілген‚ шабақсыз бітеу ойылған дөңгелектер таутаста былқ етпепті. Қазір ғой қайың шабақ‚ қаратал шанақ дөңгелектердің сылқ-сылқ шабағы шығып‚ шарт-шарт шанағы сынып жататыны. Көне заманнан көз боп келе жатқан қыран қарағайлардың құдіреті жалғыз ол ғана емес‚ қорыған аң мен қонақтаған құс‚ қорғалаған мал мен паналаған пенде атаулыға жазда қара жаңбырлы бұршақтан‚ қыста қарлы боранды суықтан сая болатын. Оның құрық бойы бауырынан қара жерге тигенше мұрттай салбырап‚ жайыла жауып‚ діңін дөңгелене қоршап тұратын құшақ-құшақ жуан бұтақтарының астына күн көзі түспейтін‚ жел өті өтпейтін. Қыран қарағайдың түбі сондықтан да қысы-жазы қос қабат киіз жапқан киіз үйдей жылы. Кеше ғана кең дүниені шайқаған үскірікті боран да Ұлар табанын тіреген қыран қарағайдың жер сыйпаған мол етегі үстінен үріп‚ қасатпен сықай қамап тастапты. Дің төңірегін тұтаса жапқан бұтақтар бойын үшкілдей үріп тастаған күртік теріскей бетте тоңданып та үлгеріпті. Ал айқұш-ұйқыш бұтақтар басқан‚ қалың көк ине жапырақтары жылқының жалындай жапқан діңнің астын қояндай кеулеп кіргенде аңшының кеңсірігін таңқурайдың жұпар иісі ашып жіберді. Көлеңкеде гүлдеп‚ тамызда пісетін тау таңқурайының түйе бойы биік‚ үй орындай дөңгеленген алаңқай астында, мал тұяғы тимеген‚ аң тырнағы тырнамаған жерде өсетінін бұрыннан білетін Ұлар қаракөлеңкеде мүңкіп қоя берген иісіне таңырқай қойған жоқ. Қарыстай салалы күреңшенің бетін қолымен сипай отыра кетті. Жемісі ағып‚ шырын иісі аңқып қалған таңқурай шырышы сіңді күреңше де қураған күйі құп-құрғақ екен. Өзінің өрге тартқан өгіздей қалжырағанын Ұлар жамбасы жерге тигенде ғана білді. Ала жаздай ат үсті жүріске дағдыланған аңшының тері шаңғы тепкен‚ қар шылаған аяғы да көтертпейді. Өңеші кеуіп‚ өзегі талыпты. Ашпа-жалап ар жағы үшін амалсыз орнынан тұрды. Бұтақтары төбенің мәтшесіндей салмаланы жабылған қарағай жаппаға жабайы аңдай тесіп кірген ол тыста қалдырған түюлі дорбасы мен ораулы тұлыбы‚ арбиған мосы мен темір шәугімі‚ пұшпақ шаңғысы мен мылтығы үшін қайта шықты. Қас қарайып‚ көз байлана түсті. Теріскейдің ызғары да жүз жалайды. Аңшы еңбектей ішке еніп‚ ұлы діңнің төңірегін қараңғыда жалаң қолмен тінткілей‚ қу шөмшек қағыстырды. Кісесінен шақпақ пен мақта алып‚ от тұтатты. Қарағай жаппа ішіне жарық түсісімен, Ұлар кішігірім киіз үйдің аумағындай алып қарағайды айнала жүріп‚ отпен аластап шықты. Төбеден басып‚ іргеден теуіп қымтаған қалың күртік астындағы алып жаппа ішін қарағай қызуы шарпысымен‚ қоңыр салқын мекен жылына түсіп‚ қылшықтай қылқан жапырақ үстін жапқан қатты күртік беті суланып‚ әр жерден суық тамшы тамып‚ сәлден кейін мүлде мұз боп қатты. Қыран қарағай діңінің бауыры енді аңшы паналар қар жамылған‚ мұз қатқан қарағай қосқа айналды. Түтінге ысталған жаздағы бұлан етін қар суына қайнатып жесімен‚ сорпа-суын ішісімен аңшы жатып қалды. Өзі енген ауызды шолақ тонымен жапқан еді. Ошақтағы қоламта табымен қызынған қыран қарағай қосы ертең осы уаққа дейін жылуын жібермейтіні оған бала күнінен белгілітін... Тері киімдерін түгел шешіп‚ шыт жейде‚ шыт дамбалмен ғана қалып‚ құс ұйқыға бас қойған. Ұлы бойы болдыраған.

VІ Бұрқақ басылып‚ бұлғақ тиылды. Ұлы таудың бауыры сыз‚ қабағы мұз сауырын сары сәуле қыдырды. Қоңыр күз өтіп‚ қара күз түскен... Қатқақ қысып‚ қара жерге тоң қатты. Алтайдың аршалы басын аяз қарып‚ бетегелі бауырын көбік қар жапты. Қосар күн мен түнді алмастыра соққан алағай-бұлағай ішін тартып алысымен‚ қысқы үңгірінен ауыздағы күртікті ақтара шыққан Айқоңыр май басқан көздері қарығып‚ ашулана ақырып жіберді. Екі тәулік бойы топалаң тигендей қылған қазанның қарлы боранына да қырыстана қалған еді. Ұлы ұйқы ішкі жағынан бас көтерсе де, бауыр жазып жата алмаған. Қоңыр көздеріне арам ұйқы тығылып‚ тынысы тарылып, дөңбекшіді де қойды. Тәнге жеңіл‚ жанға рахат қысқы ұйқы қаперіне кірмесе де, түйнектей көздері кіртиіп кетіпті. Сығырайған көздерін алысқа қадай тыныс тартты. Ол Үлкен Қаражалдың батысқа қарай доғаша иілген еңкек иініндегі қысқы үңгіріне боран басталар күні ғана жеткен. Ала жаздай бір соқпаған содыр хайуан жай жетпеген — жол-жөнекей соққан жемін ала келген. Ол жем — адам тәні‚ Шаған шешейдің қатып қалған арық мәйітітін... Тәтті тәннен дәм татса да‚ сүйсініп жей де алмаған. Берекені ала бұрқырар боранның барын сезген-ді. Сезген бойда ауыр денесін деңгелек аттыра қысқы жатын орнына жетіп алуға асыққан. Күн-түн демей домалана безді. Тамағына май тығылып‚ алқынып та қалды. Аунақшып ұйықтай алмағаны да содан. Бұрнағы жылдары Айқоңыр үңгіріне қара күзге ілінбей жетіп алатын. Осы маңнан-ақ борсық‚ доңыз аулап‚ қаңтарда оянғанда жүрегін жалғауға‚ наурызда орнынан тұрғанда аш өзегін талғауға азығын да қамдап қоятын. Биылғы жаз толағай тойынған жыртқыш қыс

келмейтіндей‚ жаз өтпейтіндей жайбарақат күй кешті. Көктемде ғана жазғы жатақтары маңына бек көміп кеткен. Өзінің қыстан шығуға осындай қамсыз қалғанын сезгендей, Айқоңыр адам сүйегіне тиісе қоймады. Әлде жатар алдында жылдағы табиғи сезімі әсер етті ме‚ терең үңгірдің ауыз жағында тас боп қатып жатқан мәйітті сазға қарай алып жүрді. Қос тәулік нәр сызбаса да жемтігіне тісін қайрамады. Өзегі талған көктемдегі қараөзекшілік уақ емес‚ жүрегі майлы қара күз кезі ғой. Бұла бораннан кейінгі күн күңгейге ақ шуағын төгіп-ақ тұрған. Түс те таяп қалған. Айқоңыр бірақ қызулы күн нұрына май басқан бойы балбырай бусанып‚ талтая қақтанып отыра алмады. Сонау түпсіз терең шатқал түбінде шабына шулап жақтан Күршімнің жағасына бара алмаса да‚ күр-күр еткен күшті өзеннің бір сағасы болып табылатын қолаттың алқымынан ағып жатқан қос бастаудың бауырындағы қара саздың басынан табылды. Жұнттай хайуан түбіті қалың терісінің түгі жылтырап‚ сулы саз сорған табандары сыздап жүріп алды. Сұмдық сезімтал да сұңғыла хайуан кемпірдің қатып қалған қайыстай сүйегін саз шетіне таман мұқият көмді. Саз сорған сүйектің еті қан-сөлі жоқ ақжемге айналатынын‚ аш өзегіне түспес сусоқты ақжем қаңтарда жұмырына жұмсақ тиетінін аю атаулыға табиғаттың өзі дарытқан-ды... Тәңірі сыйға тартқан Алтай алыбына адам өлім сеппесе‚ кәрілік қуып жетпесе‚ жазатайым жайға кезікпесе‚ ауру-сырқау тимесе — аштан өлмеген‚ ажал жетпеген. Қыста табанын жалап қалың ұйқыда жататын‚ жазда жанын жалдап майлы жемтікке шабатын Айқоңыр уқорғасынды сазды ұзақ айналсоқтамады. Сай қуалай‚ жар жағалай ентелеп өсетін сусіңді бозталдың‚ сол бозталдың су ішінде арбиған тамыры мен суасты тастарына оратылған балдыр мен балдырғанның төменнен салқынмен аралас келген тұшымды иісі еліте шақырған ол тоқтай алмады. Ілгері кетті. Қар тоқтамас саз емес‚ күртік иірулі жар жағалады. Айқоңыр аш қарынға балдай тәтті балдырған мен кермек дәмді балдыр жеген. Қара саздан күйсеген уқорғасынның қан татыған улы собығы да жүрегін көтеріп‚ лобылтып жіберген. Аюға керегі де осы еді. Қоясын құсқан қырандай су кеше тұрып құсты-ай кеп... Мидан өтер бұлақ суының үстіне жаз бойғы жиналған ащы запыран ақтарылды-ай кеп... Ол осылайша ішіндегі тұрып қалған нәжіс жынын тазалады. Қыл-қыбыр мен жыл-жыбырдан арылғанша қанша ма рет қайнардың қара суын ішіп‚ балдыр-балдырғанын талмап жұтынды. Табаны мен балтырлары мұздап‚ қолымен көсе қар асады. Мүйізгек табаны саз бен су кешкеннен жібіпті. Күн төбеден ауған. Шуақ шағырмаққа айналған. Атқы алмас‚ су ормас биік тепсеңнің күңгей жағындағы жіліктей жуан көк ұшқат пен бармақтай аю қарақаттың арасынан қазылған алып үңгірдің иығын ала көтерілген Айқоңыр көк кіреуке тұтқан алыстағы Құзғындының қасқа бас құз-шыңдары мен Жайдақтың туырылған тоғым сауырларына ақ жүнді жолақ танауын көтере көз жіберді. Жазда жарадар болған ақ жолақ танауын тағы сыйпап қойды... Селдір қарағайлар ғана өскен тақыр тепсеңде шоңқая отырып‚ шағырмақ күнге қыздырынды. Сүңгі қатқан бауырын‚ суық шалған қолаяғын жылытқысы келді білем‚ көзін жұма қалғыды. Бірақ ұйқы келмеді. Өткен күндері жұмулы жанарына келіп тығылды. Енесі Сары кірекейдің қасында домалаңдап жүрген жаймашуақ көктем күндері оралды. Ол бір көгілдір көктем еді... Қара жер қар суына қаныққан‚ күн нұрына жарыған‚ ал тау төсі ала тайдай ал шабыр тартқан уақ. Мамыр туса да көк қаулай алмай‚ қыс аяғы ұзарғаннан сай-сала ақ қардан арыла алмай‚ мал-жан жондамай қойды. Арса-арсасы шыққан арық енесі жалғыз мамалағы* үшін бек қазып‚ суыр аңдып‚ тараққұйрық тышқаны кірген інді қазып‚ өлместің күнін көріп жүрген. Қазір өзі отырған тепсеңнен Айқоңырдай қонжығы бір-екі күнде бауырын көтеріп‚ буынын бекітіп алысымен‚ енесі Үлкен Қаражалдың қырқа жонымен жоғары өрлеген еді. Кіндік қаны тамған апаннан ұзаған сайын бұл да тұмса табиғаттың сырына қанығып‚ қатал сынына төтеп беруге үйренген. Енесінің ақ сүтіне тойып‚ ет жинай торалып қалған қара қонжық тамыр жеп‚ ін қазып‚ тышқан қуалап‚ дөңнен домалап асыр салды. Өз қолы өз аузына жетіп қалды. Оның балалыққа тоймас мамалақ күндері көпке созылмады бірақ. Қос көкжал Сары кірекей енесіне ажал боп тиді. Олар да бәлкім тимес пе еді‚ енесі қос бөрінің апанына кез болып‚ бес бірдей бөлтірігін опат қылмағанда... Қара тырнақтанып‚ құлақтары тік тұрып жетіліп қалған бөлтіріктерді бұлар көгілдір көл — Марқакөл маңындағы қар-мұзды қияның қара жартасының түбінен‚ тошала мен тобылғы күргейлеген жасырын апаннан жолықтырған. Көкекте Үлкен Қаражалдағы жылы үңгірін суытқалы енесінің бауыры қарлы жаңбыр мен қара желден қорған болған Айқоңыр да бұғы мүйіз биік жартастың басында шоқиып отырған бөлтірікті бірінші болып байқады. Суырдың айғырындай секиіп отырған бөлтірікті көрген бойда күңгейдің жатаған қараған-бұтасын

жапыра жүгірді. Қиядан домалап та кеткен. Бірақ тырнақты саусақтарымен бүрген басынан ұстай алып‚ қара жартасқа қарай ұмтылды. Кең құрсағы тоймағаннан‚ қара қонжығы қанын сора емгеннен сүзектен тұрғандай сүлдері қалған Сары кірекей көлден балық аулауға келе жатқан бетітін. Түгі түлеп‚ алжаалжа терісі салбырап‚ аш құрсақтан ашулы хайуан еріксіз ойын қуған Айқоңырдың соңынан ерген. Ал Айқоңырға ермек керек... ол ермек те табылды. Қара мамалақ бөрінің бөлтіріктеріне келіп тиді. Дүниені бөрі мен бөлтірік емес‚ аш-арық аю мен күйлі қонжық бүлдірген... Жартас үстіндегі сұр бөлтірік те бауырындағы жасырулы інге қойып кетіпті. Әлі ештеңеден беті қайтпаған мамалақ бөрінің тас жақтауын кеміре‚ кемер астын кеулей қазған тар ауыз апанына жүрексінбестен енді. Іннің аузы тарлау болғанымен, арғы жағы кеңіп сала берді. Аса терең де емес екен. Құлаштай тереңдіктегі құшақтай қараңғы қуыста ұйлыға‚

*Мамалақ – қонжық.

көздері от шаша ырылдаған бөлтіріктерге қызықтаған қара қонжық «Уә-уә! Уәж!..» деп дыбыс та берді. Шашыраған шоқтай жарқылдаған он шақты жанар сескеніп те қалды. Маймақ қолын соза беріп еді‚ қауіпті қимыл күтіп тұрған ұяластар тарпа бас салды. Мұндайды күтпеген Айқоңыр асып-сасып бұрыла да алмай‚ бес бөлтіріктің ортасында талауға түсіп‚ балаша баж-баж ете шарылдады. Шұбар тошала төбесінен жауып‚ қызыл тобылғы жым-жолын бүркеген бөрі апанының басынан шыққан булығыңқы үнді естігенде, есі қалмаған енесі тауды басына көтере бақырып‚ итмұрын өскен қалыңның тікеніне түлеп жатқан терісін шаншыта‚ алба-жұлба салалы түгін ілдіре жетті. Қонжығының сәбише шырқыраған даусынан төбе-құйқасы шымырлап‚ шұнақ құлағы шыңылдады. Ін ішінде тайыншадай көк қасқыр талап жатқандай сезінген. Бірақ бөлтіріктері қарақұлақтанғалы қасқырдың қаншығы да бес бірдей күшігі үшін арланымен бірге жем іздеуге алысқа аттанып жүрген. Көлдің түстік бетіндегі орыс ауылдарына емес‚ Қалжыр өзені үстіртіндегі қойлы ауылдарға барып‚ қозы-лақты тірі алып келіп‚ бөлтіріктерін ауыздандыруға көшкен еді. Дербене жақ жақын болса да жоламайтын‚ бұрынғы жылдары тайынша-торпақ жығамыз деп ауыздары күйген — соңдарынан сойыл емес‚ мылтық алып түскен. Бөлтіріктерін де мерт еткен... Сары кірекей бірақ бұл жайдан хабарсыз тұғын. Ол үшін өз қонжығы қымбат. Қырыстана біткен жақпар тастың кемерлі етегінен қол салған сиырдай Сары кірекей зор қуатпен ырғай-ырғай көтергенде‚ апан үстіңгі жағынан жартылай ашылып қалды. Адамша ойбайлаған қара қонжық та көрінді. Әжептәуір талап тастаған Айқоңыр ауырсына аулаққа қашты. Сары кірекей соңынан жүгіре қойған жоқ‚ долданған дүлей хайуан жер тізерлеген күйі жүндес сол қолын қопарылмаған ін қуысына тықты. Сынған сүйек жарықшағындай өткір азулар білегі мен біз тырнақ саусақтарынан тістелеп жатса да, жыртқыш кірекей бөлтіріктерді бір-бірлеп алып‚ қара жерге жаныштай мыжып‚ қолға ұстағанын жұмарлай сығып‚ қайсы бірін бұтарлай жұлып тастаған. Онымен де тоқтай алмай бөлтіріктердің жас етін жұлмалай тісіне басты. Көптен көмейіне ет тимей‚ тісі қышып жүрген жыртқыш қаны сорғалаған‚ сүйегі шеміршек балған күшіктерді құмарлана асады. Жаңа ғана тіршілік тыныс алған қыртысты жартас маңында әп-сәтте тыныштық орнады... Бөлтіріктер енесінің тобылғы мен итмұрынға ілінген ақ-сұр жүні мен кірекейдің өлқая сары жүні ғана қалды. Азулы жыртқыш та табанын жалтыратты. Қонжықты кірекей бірақ көгілдір көлге жете алмады. Ізімен келген иісшіл бөрілер алдын орады. Ұлан даланың тағылары мен қалың орманның жыртқышы бетпе-бет жүздесті... Көк бөрілер мен сары аю жекпе-жек қалды. Домалаңдаған Айқоңыр тілдері салаңдаған қос бөріні аулақтан байқағанда-ақ жақын тұрған жуан қарағайға жанталаса шығып кеткен. Бірақ енесінің де сытылып кетуіне қос көкжал мүмкіндік бермеді. Алыстан арсалаңдап аққан беті алдын кесті. Әсіресе сұр қаншық арс-арс ауаны қауып‚ сары аюды алаңқайға қарай қақпайлады. Арланы айбат көрсетіп‚ зор кеудесін кере‚ аппақ азуларын ақсита қаһарын төгіп қана келе жатты. Сары кірекей болса, екі жағына кезек жалтақтап‚ қос қолын көтерген бойы артқы аяғымен бүлкектей басты. Көгі көкиектене бастаған алаңқайға да шықты. Төңірегі селдір қарағай қоршаған далаңқайдың бір шетінен үңіле қара қонжық отыр. Доңыз айналар алаңқайға кек нұры да құйылып тұр. Сол көк шуағы астында көк қуған қос бөрі мен зұлымдық қылған сары аю бірбірін барласа қалған... Әлгінде ғана сыртынан көз салғанда сүзектен тұрғандай Сары кірекей бойын жиып ала қойыпты. Терісі болбыр көрінген‚ жүрісі сылбыр тартқан хайуан лезде жайдай жарқылдаған жыртқышқа айналыпты. Екі жағы да аямасқа бекініп‚ қатерге бас тіккен екен. Айқасты түлеген тақыр жүнді‚ қара жоны көкшулан қылшықты‚ шолақ құйрықты арлан бастады. Ол ақырып-бақырып тұрған аюдың қапталынан кетіп‚ қарсы алдынан шыққан. Қуаты мол бұлшық етті езуін жиырған көк шолақ тікесінен тік тұрған аюдың апай төсіне

алдыңғы сирақтарын арта ұмтылды. Сары кірекей көк бөріден мұндай көзсіз қимылды күтпесе керек‚ қапелімде үлгермеді. Көкжалдың шалғыдай азулары әукелі алқымынан алды. Әбжіл қимыл әп-сәтте жыланша сығып‚ тынысын тарылтты. Аю да жыртқыштығына басты. Еңгезердей арланды кеудесінен жұлып алып‚ аулаққа атып жібергісі келді білем‚ бөрінің жауырын-жонынан қос қолдай мытып‚ жұлқи тартты. Бірақ арланның жерге қазықша қадалған артқы әлеуетті сирақтары былқ етпеді. Алқымға қайшалыса бата түскен азулары да ажырай қоймады. Сары кірекейдің көзі қызара дөңгелеп‚ миы зеңді. Осы бір сәтті күткендей көк қаншық зор аюдың бүйірінен тиді. Оның өткір тістері кірекейдің қалың терісін тесе жапырақтай қылып жұлып алды. Қара қан бұрқ етті. Қан шыққан жерге қасқыр қайыра ауыз салды. Сүйрік тұмсық қара бауырға тірелді. Сары кірекейдің бірақ бүйірімен ісі болмай қалды. Ол ақырғы рет әл-қуатын жиып‚ кеудесіне мінген қарағайдай салмақты көк шолақты ысырып тастауға әрекет жасады. Бөрі алқымынан алғаннан кекжиіп қалған иегін де ие алмай‚ қанды ауызы жауына жетпей қиналды. Шіріген теректей теңселе түсіп‚ тұла бойын суық тер шылады. Сонда да аю алып күшін жұмсап үлгерді‚ көкжалдың қабырғасы мен жауырынына тырнақтарын батырып‚ қос өкпесін қысып жіберді. Аюдың балуан қолдары мен жуан тырнақтары жанына батқан сайын көк бөрінің де алқымды қапқан азулары айқаса түсті. Жақ еттері жиырыла түсіп‚ жыртқыштың демін біржола тұншықтырған. Теке тірескен қос тағы буындары дірілдей‚ бірі шалқалай‚ бірі екпеттей жығылды. Қара қабырға мен жауырын қалақшасы күйрей сынған көк бөрі сары аюдың үстіне мініп‚ жағы қарысып қалған. Көк қаншық қана тұншығып өлген сары аюдың ыстық бауыры мен бүйрегін қарбыта асады. Қарағай басындағы бұтақты құшақтаған қонжық сұмдық сойқанның тілсіз куәгері болып‚ әрі үрейлене‚ әрі қызыға қарап отырды. Көк шолақ әлден уақтан кейін жағын жазып‚ кеудесін көтеріп‚ жазыла жайрап жатқан жауының басынан аса барып жатты... Бұғынікіндей тұтаса біткен мойнын бұрып‚ қан қақсаған жарасын жалай бастады. Қасына қаншығы жақындай беріп еді‚ тісін ақситып‚ танауын жиырып жолатпады. Кешікпей ымырт түсіп‚ сам жамыраған. Ай көтерілмеді. Қара қонжық қарағай басында қараяды. Кенет қос бөрі үздік-создық ұлыды. Қонжықтың аза бойы қаза болып‚ қараңғы түнде қорқыныш билей жалғызсырады. Бөрілер бөлтіріктерін жоқтаған. Олардың зарлы даусы көгілдір көлге жақын қарағайлы жонның бойын бойлай алысқа кетті. Сол түн қара қонжықтың көзіне ұйқы тығылғанмен‚ қос қасқырдың зарлы да зор үні тыныштық таптырмады. Қарағай басынан түсірмеген‚ көзін ілдірмеген. Жаралы арлан сары аюдың маңынан жылжымады. Жемінен дәм де татпады. Көк қаншық қана тар құрсағын кеңіткен‚ тас емшегін жібіткен күшіктері жатқан апанға екі қайтара барып келді. Олар таң қылаң бере белдерін көтерген. Сары кірекейдің санындағы қоң етінен үзіп-жұлып жеген болды. Сол бетінде қарағай басындағы қара қонжыққа да қарамастан күн шығысқа қарай жол түзеді. Енесінен айырылған‚ арып-ашқан қара қонжық ақыры өз анасына шапты... Қарға-құзғынмен таласа-тармаса Сары кірекейді апта бойы азық еткен. Аузын қандап‚ ұртын жалап‚ тісін қайрады. Қорқаулық жолға өз анасы етін жеп түсті... Көгілдір көлдің балығын да аулап жеді. Құс атып‚ аң қуалап‚ балық аулаған көл маңындағы адамдармен де жүздесіп қалып‚ зорға қашып құтылған. Жетімдіктің ащы зарын да талай тартты. Ол күндер де ұмыт болыпты... Қазір қара күздің шағырмағына қақтанған хайуан қалғыған жанарын ашып алды. Күн кешкіріп‚ теріскейде ызғар ескен. Қыс бойы мол денесіндегі майын жұтып‚ көктемде көтерем күйге түскенде құрсағында қырынды‚ қарнында шарбы‚ ішігінде шел тұруы үшін жын сасыған арғы жағын артық-ауыстан тазалаған еді... Қара саз басып‚ қара су кешкен аюдың саз сорған‚ су шайған табандары қыж-қыж қызып‚ қызыл майы еріпті. Қар екі жаумай жатпайтын хайуанның мүйізгек табаны тоңбай‚ тоңа келе қызбай‚ қызған табанын жұқартпай, жаны жай таппайтыны ақиқат. Айқоңыр да отырған орнынан ауырлай тұрды. Ақ төсті‚ ақ жолақ танаулы хайуан құшақ жетпес қызыл қарағайға қарай жүрді. Қарағайға келген бойда тік тұрып‚ майы теуіп‚ қызара бөртіп тұрған алақанын жас қарағайдың бұжыр-бұжыр қабығына үйкелей бастады. Жаз бойы жабайылана өсіп кеткен қара тырнақтары қалың қабықты кейде қопара осып түседі. Терісі ақжемденген алақаны жұқарған сайын жаны кіреді. Қол-аяғының пішіні адамнан аумайтын жыртқыш әрі-беріден кейін жаз бойы жемін жайратқан саусақ басындағы қыранның тұмсығындай сояу тырнақтарын салды-ай кеп. Қарағай қабығын осып‚ қызыл діңін жалаңаштай аршып қана қойған жоқ‚ жақын маңдағы дөңкиіп-дөңкиіп жатқан шұбар жартас беттеріне де егеді. Егеген сайын жезтырнақтары мұқала түскен. Ол бұл іспен ұзақ әуреленді. Күн еңкейе ғана ескі үңгірге келіп‚ ондағы көк сасыған арша-шырша төсенішін тазалаған. Тап-тұйнақтай тазалап қана қоймай‚ балапан шыршаның

жас бұтағын сындырып‚ биіктегі көк аршаны молынан жұлып әкеліп жаңалады. Қысқы ұйқыға бас қояр жатағын мұнтаздай күйге түсірді. Қара қазанның аюдың тырнағындай қиық айы туғанша‚ қара суығы ұрғанша үңгір маңында маңыздана жүріп алған Айқоңыр асықпай келіп жатты. Жатқанда да қол-аяғын бауырына ала жатты. Басын да ішіне тыққан. Алақаны аузына жақын. Адамша есінеп те қояды. Кең танаудан зындандата тартқан тыныстан жериісті құрғақ үңгір іші буға бөкті. Бірақ бұл ай батуға дейін созылатын мол тыныс тұғын. Таң қараңғысымен терең тыныс бәсең тартады. Аткөпір бу да бәсеңсиді. Аю да ұлы ұйқыға кетеді. Құс ұйқылы хайуан қыс ұйқыға дендейді. Қоңыр көзін кілкитіп жүрген көк тұманға шым батады. Біреу-міреу оқыс мазасын алмаса‚ қыс ортасына дейін тұяқ серіппей‚ саусақ сорып қана жата берері хақ. Суық көк төрінде жартыкеш ай сығырайған. Сарыкездік тигендей сарғыш өңі де сынық. Атандай зор денесі он пұттай май жиған‚ іркілдеген майдан жатып қалған ақ төс қара аю ұзақ ұйқыға кеткен. Селебе тілген ақ жолақ танауынан ғана тіршілік белгісі үреді. Ол кей тектестеріндей ыңыранбайды да. Баяу ғана дем алып‚ қонжық күнінде Сары кірекейдің бауырына тығыла жатқандай балбырайды. Мамалақ күнгісіндей бұйыға түседі. Айқоңыр биыл ерте жатып қалды...

VІІ Бесатарды қолдана бермейтін Ұлар өткенде қорғасын жалынтуына тура келді. Түйемойнақ тұғылдан шұңғыма қолат табанына түскенде жербауырлап жатып алған ауыр будан қарыс қадам жерді айыру мұң болды. Аңшы амалсыз бесатарды қолына алған. Атты адам бойы сорайған‚ жалпақ жапырағы түсе сидиған сирек уқорғасынды саз сәбидің еңбегіндей былқылдап жатыр. Кеше ғана тізеден түскен ұлпа қар жылы саздың демінен еріп‚ тобықтан келіп қапты. Кеуектегі тиінін үсітетін‚ жер астынан бұрқылдай шығатын тас қайнарын қатыратын Алтайдың қандай қаһарлы қысы да қара саздарына әлі келмейді. Қалың қар астына тоңы жүрмейді. Қысы-жазы су сарымсағы жетіліп‚ солқылдап жатқан солқылдақ саздың арқасында ғой аю атаулы қаңтарда жүрек жалғап қалатыны. Әйтпесе хайуанның халі қалай боларын бір құдай біледі?! Аумағы ат шаптырым сазды үнсіз жұтқан ақ тұман сезімге секем салады. Жүндей жұмсақ саз бетінде маймақтың басқан дыбысы да білінбейді. Оқыс даусы шығып қалмаса‚ тынысы да сезілмейді. Тап құлағыңның түбінен «пыс» еткенше аңдамасың анық. Қазандай алып шұңқыр ішінде ықтаған тұманнан ауа да алмаспай қалғандай‚ желімік жоқ. Терең қолат тымық. Аю үшін де‚ аңшы үшін де қатерлі қолат қашан бір-біріне қол созымдай келгенше таскерең күй кешеді. Сондықтан да Ұлар шаңғы мен ұлтанды қалың етікті тастап‚ қасқыр терісінен бітеудей бүріп тігілген байпақпен сыбдырсыз кірген. Табан астында саз бүлкілдейді. Әр жолғы әдетінше алғашқы сәтті санаған ет жүрек дүрсілдейді. Уқорғасынды дендеген сайын жүрек те жиілете соққанын қойып‚ салқын сезім‚ салмақты сана ырқына көнеді. Сескенбейтін сабырға енеді. Аңшы ұлтарақтай жапырақтарынан арылған‚ білектей сүйекті собықтары самсаған уқорғасын арасын көзімен де‚ көзі жетпеген жерін көңілімен де арылтуға кірісті. Аяқ асты былқылдаған саз қара күзде майдан жүре алмай қалған аюдай‚ қос жамбасына кезекпе-кезек қираңдатады. Ым-дымсыз ақ түтек тұман торлаған терең қолтық ішінен сыбдыр сезілмейді. Ауыр ақ түнек сыбысты да жұтқан. Саңлаусыз соқыр тұман саңырау да. Табанға желімдей жабысып‚ кесек-кесегімен кеседей күйде қалып жатқан дымқыл қар да сықырсыз. Сықырсыз қар сыздау да. Буға қаныққан суық ауа қос өкпеге шаншудай қадалады. Тұлабойды тітіретіп те қояды. Тері жамылғаннан ғана тақыр тән қалтырамайды. Ашық тәннен тараған қызу шүберектей жұмсақ иленген тері жейде‚ тері жарғақ ішінде бой жылытады. Ішкі-тысқы суықты бүйім құрлы көрмейді. Балғын дене бой бермейді. Сынық көңіл аңшы жігіт Жүндіқарағайдың ұры сазынан аю кезіктіретініне кәміл сенімді еді. Ойпаңға аунап жатып алған мол тұман сейілмесе де‚ оның сенімі сейілейін деді. Сүт пісірім мезгіл саздың су қарын кешкенмен‚ кезігер емес. Әлде‚ аю біткен жатып қалды ма екен? Болмаса бұл маңдағы алпауыт атаулы қара сазға қайырылуға керек. Қар екі жауса да қарын шелін тазалайтын мақұлық су сарымсақ пен уқорғасынның улы тамырын бір үзбей жатпауға тиіс. Бұл кеш қалды ма екен? Олай болуы мүмкін емес. Биыл жаз жайлы болса да, қыс қатаң болмақ. Аяз күшті болады. Жұлдыздар қара күзден-ақ жерге жақын. Самаладай жарық. Бір-бірінен алшақ емес — жиі. Ұлардың көкейі көріп тұр... Аңшыны алдай алмас. Демек‚ аюдың аюы болмаса‚ ерте елтуге тиіс емес. Қара күздің қылт еткен шуағын пайдаланып қалады. Жаз бетінде саз шетіне көмген өлекселерін суырып алып‚ ақ шұнақ аязды сезген олар ортасына таман көмеді. Мал мен аңның жарым-жартылай желінген еттері салқын саздан бүлінбейді де. Қайта қолмен тұздағандай саз шымының шүйгін тамырларының

иісі сіңе борланады. Қыс ортасында жүрегі сазып оянғанда қомағайлана соғатын сүйікті асы — осы — борық. Сусоқты‚ сазсіңді ақ борық. Күн әуелей көтерілгенін Ұлар тұман түсінен білді. Қалың бозамық бу қылаң тартты. Жолы болмағанынан жабыққан аңшы етекті ала түріп шығуға бекінді. Саз суалтқанша‚ орман ішінен із кеспегеніне өкінген. Құлдилай жүрген. Қасқыр байпақтан су өтпесе де, қар ызғары білінді. Адымын жиілетті. Бірақ бипаңдаған саз шымы қолайсыз-ақ. Аяқ астында жер сілкініп жатқандай ойнайды. Қос жамбасқа сыңар салмақ ауып‚ семіз аюдай сан етің талады. Сызды демалыстан көкірек деміге төмен тартады. Былқылдаған саз билеткен аңшы шегіне де шықты. Үстіндегі тері киім түгі де малмандай. Аюжақы көкірегіндегі қайыс ілгекті ағытты. Сазды жиектей саптама етігін тастаған төрге қарай орағыта жүрді. Бір жағынан аю жолықпағанына кектене‚ бір жағынан қара саздың қапы соқтырғанына секемдене‚ анасы үшін айла қыла алмағаным ба деп ашулана аяқ басқан. Шөгіп жатқан құба түс тұманға да зығырданы қайнаған. Қия қабырға беттен сықырлата басқан үн естілді. Құлағы шалып қалған Ұлар дауыс шыққан жаққа шапшаң бұрылды. Сықырлаған үнге тура бет қойған. Иен тау ішінде келе жатқан‚ сазға қарай қозғалған қорбаңбай екеніне күмәні қалмады. Селебені суырсам ба деп бір ойланған да‚ бағанадан арам тер боп көтеріп жүрген бесатарға қырсыға қалып‚ қаруын оңтайлай ұстады. Суық ұңғыны кескестей сығымдаған. Жалаңаш қолды қарыған суық темір мидан бір-ақ шықты. Ұлар да дүр сілкінді. Көше алмастай қорғалаған тұман аю мен аңшы қоян-қолтық келгенше көрсетпеген. Екеуі есік пен төрдей келгенде ғана ажыратысты‚ қарағай ішінде‚ беткей етегінде жолығысты. Кішігірім құнажындай қоңыр аю сәтке сасқалақтап қалса да, жауына қарай жапырыла атылды. Ол әрі беткей жақта‚ аңшы сәл де болса төменде еді. Шапалақпен салып жіберуге қос қолын көтере қарғыған қорбаңбай жауына аяқ астынан жасындай тиетінін бұл жолы да мүлтіксіз орындады. Бірақ айлакер аңшы да жер соқтырды. Көздеместен қол бағытымен атылған оқ көкіректен тиген де‚ қоңыр аю барысша ырғып кеткен аңшының орнына ұзыннан түскен. Ұлар екінші рет оқ шығындамады. Сол жақты ала атылған ажал оғы жүректі жазбай тапса керек. Еңіске қарай екпеттей құлаған семіз хайуан бір-екі-ақ рет бүлк-бүлк етті. Үнсіз кетті. Қанын ішіне тартқан аңшы да демін шығарды. Сұп-сұр өңі жібімей‚ оқты көзімен ата теріс айналып кетті. Құнажындай қоңырға қайырылмады. Көмейіне қыстыққан ыстық түйнек қайырылтпады. Шаңғысы мен етігіне жеткенше қоңыр көзден жас жауған. Саптамасын кие‚ шаңғысын іле аттанған. Асығыс ұзаған. Аңшы алған аңының тұңғыш рет терісін сыпырмады... Бүгін де Сарытау мен Мұзтаудың салқам сауырын күн сәулесі сыйпай жолға шыққан Ұлар қауіпті кекпен аттанған тұғын. Бұланбайдың биігіне күн көтеріле табан тіреген ол ақ бөкеннің жонындай көлбей мұнартқан Бөкенбай өңіріне‚ күн көзінен айдыны маржан шашқан Марқакөлге қимастықпен көз тікті. Құтты биік-биіктен қарауыл қарайтын көкжал құсаған. Тағыдай тұрлаусыз күй кешіп‚ саяқ өмірге дағдыланған жанның көкірегіне мұнар мен мұңға бөккен Бөкенбай қырқалары ұйытқыма сезімге себепкер болды. Сылаң сәуле Бұлабикеге деген сырлы сезімін шарпыған. Жас жүрегі еріксіз бұлқынды. Көз алдына тамыздың талдырма күндері мен түндері келген. Жылқышы қыздың қалампыр аңқыған қолаң шашын еске алды. Ақша беті тигендей Ұлардың жүзі ду еткен. Тәні де күлге жасырынған қоламта шоғын үріп жібергендей бір суынып‚ бір ысыды... Ақ бөкендер ағып жүретін Бөкенбайдың қар жатпас күңгейінде қыстайтын қалың қожамбет ауылын — өз қандас туыстарын‚ ал бергі Түйеқұлаған‚ Тесіқұя маңында отыратын Бұлабикенің ауылы — қалқамандарды оймен шолған. Бала күнінде әкесі ертіп баратын жәлменбет ішіндегі шатақтар жағалай қоныстанған Жантай‚ Атымтай‚ Мысқал‚ Сарықамысты сағына еске түсірді. Жанарына жас іркілді... Әлі күздің сарыжамбас шуағы иіткен ойдағы қарсыз өлкеге қарап өзегін өрт шалды. Ойдағы ел-жұртқа жол— жабық. Туған-туысқа бұл — жатбауыр. Баяғы бабаларынан бері безбүйрек‚ тағытірілік боп кеткен. Енді бұған да суық. Жәлеңдер де жат. Олар емес‚ бұл — бөтен. Бөгде бауыр боп кеткен... Бәрінен де жанға жауырдай бататыны — анасының жайы. Кекті қанмен жуу керек. Аңшылық ары алдында арылмас сын. Аң ауламай өзі де өмір сүре алмасы ақиқат. Өз–өзін үнсіз бекіткен аңшы иығындағы аю терілі жамылғысының етегі делдие етекке қарай аға жөнелді. Пұшпақ табан жалпақ шаңғы зырлап кеп берді. Бұланбайдың күңгейін бауырлай‚ орасан терең‚ құлама шатқалдың сай-жылғаларының қабырға жондарын қуалай еңкейген. Кебіндей қар жамылған‚ ұлы бір тыныштық құшағында құлазыған орман-таулы‚ өзенсайлы өлке аңшы көңілін беймаза күйге түсіреді. Сұп-суық саф ауа ғана көкірек демдейді. Өлі мәйіттей өр әлем мүлде меңіреу. Жалғыздыққа жасынан үйренбеген адам болса‚ баяғыдаақ мынау мұздай қатып-семіп жатқан иен дүниеден айран-асыр болып‚ ақылынан адасып

өлер еді. Суықбауыр сұм дүние көрініп‚ жан дүниесі жатсынған жан жынданып‚ құсадан баз кешер еді. Ұлар аңшы ондай ойран күйді сезінген емес. Малы-жаны, аң-құсы азан-қазан шулап‚ шұрқырап жататын жаздан гөрі құп-қу медиендей тыныштық қойнында байырқа тапқан қыстың ашық күндері жанына жақын. Қасқа биіктерден көз жібергенде ұланғайыр қар басқан тау ішіне түскен сәулелері сумаңдап‚ көз қарытып жататын шаңқан күндерін‚ жарық ай астында мұнарлана мүлгіген көгілдір түндерін ұнатады. Шыр етіп жерге түсіп‚ кіндігі кесілгенде дүниеге жалғыз келгенін сезгендей‚ бұл жалғыздықтан қорыққан емес. Жалыққан да емес. Тісін қайрап‚ жарасын жалап‚ жанын жалдап күн кешетін бөрідей саяқтықты серік еткен. Жалғыздық жанына жаққан. Жалғызжарым тірліктің құлы бұл. Адамнан гөрі аңға тән тіршілікке үйір. Қас аңшыға ғана жалғыздық қолайымен жағады ғой... Ұлар жолы — жалғыз ғұмыр кешу. Таңдаған тірілігіне еш өкініш-мұңы жоқ. Баяғыдан ұлы бабалары елден безіп‚ Алтай кезіп таңдаған жол. Бұл да оны бұза алмас. Жырақ жүріп жан қияр‚ тірлік қылар. Бірақ тіршілік таңдамас! Бар мұраты— мұңлы болса да ерікті өмір. Бұның арда өмірінің арнасын Бұлабике де бұра алмас... Бұла тірлігін айырбастай алмас. Кешегі Марқакөлді мекен еткен қызыл қасқырлар секілді бұл. Оларды да атам заманнан Алтайда адам біткен аулай-аулай Марқакөлде ғана сақталып қалып еді. Ертіс бойлап‚ балық аулап келген кержақ-орыстар Қалжыр өрлеп‚ Марқакөлге төс тіреп‚ бұлан мен құдырды‚ қызыл қасқырларды жоқ қылды. Қызыл қасқырлардан бұл күнде бөлтірік қалмады. Жан сауғалап аумапты да тағылар... Әкесі Баршынбектің бала кезінде көл маңында өріп жүреді екен. Кейін Нор Жайсаң* жақтан келген кержақтардың қорғасынды қаруы түп-түгел опат қылған. Тұқым қалмаған. Көл маңын қыстайтын қазақтар қарсы шықса‚ олардың өзін оқпен жаралап‚ мылтықпен жасқапты. Қаба сақал кержақтар көл бетінде жыртылып-айырылатын құстарды да бесатармен баудай түсіреді. Ұлар да талай куә болған... Кержақтар көл маңына қарағай үйлер көтергелі Марқакөлдің сәні‚ Мәрмәр таудың мәні кетті. Маңайдағы қыран қарағайларды өртеп жығып‚ ну қамыстарды да отқа орантып‚ дербенені жағалай көбейтіп барады. Көлдің астындағы балығын‚ бетіндегі құсын аулап‚ аш-жалаңаш қол арбамен келіп жатқан кержақтар тойынғалы торайдай молайды. Қызыл үйрек‚ сұр үйрек‚ қарақаз‚ сарыалақаз‚ жағалтай‚ ұлар сиреген. Кержақтар тіпті «балық пен құсты аулайды» деп‚ балықшы мен субүркітті де атқылап‚ азайтып жіберген. Олардың бей-берекет дүңкілдетіп оқ шығаруынан тоқтының асығындай ғана шөже торғайлар да ауып кеткен аулаққа. Көл маңынан қазір қазақтар да көш қашық қоныстанады... Бағзы бір замандағыдай ерулеп жататын ел жоқ. Бағзы бір бабалары найза-қылыш ұрған замандағыдай жау да жоқ. Әйтеуір‚ барға бұт артып жүрген жұрт. Тірлікке тоқ... Түлкі тымағын түріп тастаған‚ бой-бойы бұлақтай бусанған аңшы Бұланбайдың жауырындай жалпақ етегіне ілінгенше алуан-алуан ойға соқтыққан. Бесінге бел сүйеген қызусыз күн шатқал ішіне түспейді. Терең шатқал іші өрлей соққан ызғырықтан үскіріп тұр. Аткөпір алқынған Бұланбай суынан да суықмұрын секілді‚ сүйек қабар сызды ызғар бар. Өзен жағасын көмкерген көктал мен көктерек‚ қайың мен долана боп–боз. Боқыраудың бозқырауын жамылғандай. Су ернеуін моншақ жауыпты. Көз тастасаң — суық көк аспанмен ұстасқан теріскей беткейді жылқының жалындай тұтас жапқан бал қарағай мен қызыл қарағай шыршасы сілкіне алмастай ақ ұлпаға малыныпты.Сарытаудан бас алған Бұланбай шаты Марқаға қарай түйенің мойнындай иіле түсіп жатыр. Кей жері — қысаң‚ кей жері – жазаң. Іші толы ну орман мен қалың жыныс. Адам баласы көп аяқ баспайды. Ұлар теріскейге жоғарырақ көтеріліп‚ шырша астына түнеуді жөн көрді. Алдымен аш бурадай шабынып жатқан суынан өтудің қамын қылды. Ағаш арасымен ыңғайлы жер іздей жағалады. Жағаға жақын өскен долананың піскен қоңыр түс түйірінен аузына тоғытыптоғытып та жіберген. Жапырағы селдіресе де, жемісі ерте көктемге дейін түспейтін‚ үсінбейтін долана ғой. Тар арнаны іздеген аңшы тапты да. Жапырағы желге ұшып кеткен‚ жар жиегіне жақын өскеннен тамырларын су шайып‚ шорлана білеуленген алып ақ қайыңның жуан бұтағына белінде ілулі жүрген‚ төрт таспамен таңдайлана өрілген қайыс арқанды асыра ұшын қолына алды. Бір ұшы белінде байлаулы. Епсекті қол машықты қимылмен жар жиегінен серпіле секірген денені өзен үстіне еңкейген бұтақ астында бесіктей тербеді. Қайыстың бір ұшынан қос қолдап тарта, өз салмағын теңдестіре ұстаған Ұлар бір қалыппен тербелген бойы көз мөлшерімен арғы бетті межелеп‚ кенет қатты серпінген ағынмен қайыс арқан ұшын қоя бере құстай ұшты. Ол қалықтаған беті қар жамылған жағалауға дік ете түсіп‚ оң қолымен ауа жер тіреніп қалды. Құймышақ тұсынан‚ жақы сыртынан‚ аю жамылғы астынан соғып қалған бесатар ғана жайсыздау тиген. Бұтақтан асыла суға түскен қайыс арқанның бір ұшын суырып алды.

Ол иығынан асыра іле салған қысқа шаңғысын алып‚ тізеден түскен қар үстімен жеңіл жылжи жөнелді. Жиырманың бел ортасына жаңа келген ержігіт балғын қуаты бойында талығу‚ шаршау дейтінді білмейтін. Қимылдаған сайын‚ қозғалған сайын шиыршық ататын. Соңынан сонарда түскен іздей жосылта егіз жолақ салған аңшы қалың бұта-қараған‚ итмұрын-шәңгіш қаулаған құлама қабырғаға жете тоқтады. Шаңғысын иығынан асыра, бауын беліндегі кісіден байлап‚ суыр терілі қолғапты қолымен жолын ашып‚ қарды кеше жылжыды. Етігін қырындата басса да тайғанақтап қояды. Қасқыр байпақтан‚ үнемі жаяу жүрістен аяғы қыж-қыж қайнайды. Кеш қарауыта әжептәуір итшілеп көтерілген Ұлар ентігін басып‚ бөріктене өскен жиырма-отыз жылдық бал қарағайдың жас шыршасының бауырына тоқтады. Қия қабырғаға түнемелікке дайындалды.

*Нор Жайсаң – Зайсан көлі.

Тері жамылғысын сыпырып тастап‚ мылтығын қарағайға сүйеп, кісеге ілінген қайыс арқанды босатып алды. Жамбас сыйпаған қайыс арқан қолма-қол кәдеге асты. Шыршаның етек жағындағы қар жамылған қос бұтақтың ұштарын біріктіре байлап‚ әлгі бұтақ бастарын жақын өскен ұшқат түбіріне тұқырта тартып тастады. Бұтақ астындағы жерді қардан аршыды. Селебені кіседегі былғары қынынан суырып‚ маңдайдағы кісі бойы бұталардың жіңішке бұтақтарын кесіп әкеп‚ шыршаның жуан діңінен бері қарай ұшбұрыштанған егіз бұтақтың қос қапталын жапты. Ірі ұшқат‚ қарақат‚ тобылғы‚ ырғайларды да кесіп‚ дің айналасын да қоршады. Жүрелеп отырғанда төбең тиер-тимес үп-үшкіл қос пайда болды. Аңшы қосы. Енді тек қосты қармен қымтау ғана қалған. Қатқылдау иленген аю терілі жамылғыны төрт бүктеген аңшы айнала тізеден түскен‚ бағанадан таптауырын болған қарды әлгі жүні ішіне қаратылған жалпақ «тері» күрекпен күрей бастады. Қызыл іңір қоюланғанша бір кісілік қосты қаладай қып жауып та үлгерді. Түстік шығыстан көтерілген керім ай сәулесі теріскей жаққа түспеген. Құрымдай көлеңке бүркеген. Қарсы күңгей бет ақ ұлпа әсерінен алақандағыдай анық шалынады. Қар қалың жамылған қосына бір бүйірден тышқандай тесіп‚ жербауырлап кірген аңшы аю жамылғысының бүктеуін жазып‚ астына салды. Жоғарыдан сырғыған қар кеуек тесікті жауып қалды. Қардан аршыған қатқақ жер түбітті қалың теріден жамбасына батпаған. Аунап–қунап алғасын аңшы ауқаттануға көшті. Күні бойы көкірекке қарай кісе үстінен көтере тартып алған белдемшені шешіп‚ оның екіқабат арасына салынған жұп-жұқа етіп тілініп‚ отқа қақталған‚ жаз бойы Шаған анасы дайындаған түтін татылы‚ тұз сіңді сұрпы еттің бір бөлегін алған. Қолымен іргеден қар көсіп асаған. Қақталған ет желінісімен, бал қарағайдың майлы жаңғағын жақының жанқалтасынан бір уыстай қылып алып‚ аузына бірінен соң бірін тоғытты. Тас қабығын тиіндей шырт-шырт түкіреді. Апыл-құпыл ауқат артынан аршадан жонылған тіскекті кіседен алып‚ тісін ұзақ шұқыды да, аузын қар суымен шайып тастады. Аңшы азамат аш өзегін жалғағанша көсіліп қана жататын‚ қалың қар жамылған қарағанбұталы қос іші де ыстық деммен жылынған. Үстіне тері жейде‚ тері шалбар киген‚ жақысын шешіп жамылған Ұлар оң жағына қырындады. Қоңыр салқын қос іші демалуға қолайлы-ақ. Кірпігі айқасар-айқаспаста жаны сая тапқан‚ бөгде ой мазаламаған. Шешесі өлгелі көп құсалана бермеуге тырысып‚ тез ұйықтап кетуге қалыптасып жүрген ол қор ете түсті. Бүгінгі Бұланбай құлаған сүргін де әсер еткен. Өлшеулі өлі ұйқыға кетті. Аузы-мұрны жоқ аңшы қосы көр сияқты. Көрдей қараңғылық жатқан жанды құшағына қысып‚ судай сімірген. Басын өрге салған аңшының аппақ қосының үстінен ұшар басын ай сәулесі жанаған сұлу шырша қарға көміле қалғиды. Оның қабығы арасынан жуан‚ жұмыр тәнін аяз қариды. Оқтатекте тітіреген сәтте ұлпа инедей жапырақтары арасынан сау ете қалады. Ол да ұзаққа созылмайды‚ тез басылады. Ай ауған сайын тәкаппар тау ішін алмастай өткір сәулесімен тінткілегенін қоймайды. Арыс кеудесі кең тыныстаған аңшы мұның бірін де сезбейді. Сәбидей пәк ұйқыға берілген. Ол түс көріп жатыр. Қиялы — қиянда. ...Ат бауырынан келер қара нөсер құйып тұр. Толастар түрі жоқ. Алтайдың жан-жануар‚ хайуандары пана іздеп аласұрып жүр. Сай-сала аузы-мұрнынан асып‚ атқы жүріп‚ өткел бермес өзен пайда болған. Ұлар өзі жападан жалғыз бір тұрғыда тұр. Су шалмас биік екен. Көзіне қап-қара лай өзен үстінде батып-шығып жанталасқан қан қызыл бөлтірік оқыс шалынды. Сол-ақ екен жанын қоярға жер таппады. Жараланған барыстай бұлқынды. Ар жағы өртеніп қоя берді. Бөлтірік батқан сайын жаны қасым болды. Тұра жөнелейін десе‚ табаны тұрғы үстіндегі жалпақ тасқа жабысып қалғандай қозғалмайды.

Қызыл бөлтірік лай-батпақ суға тұншыққан сайын иманы ұшады. Кенет көктен бір демеу күш келді. Көктен бітті... Сол-ақ екен лат-лай өркештенген өзенге қойды да кетті. Итше малтап‚ бөріше жүзді жалдап. Жал-жал толқындар тосқауыл бола алмады. Қызыл бөлтірікті құтқарды. «Ух!» деп демін алды... Арт жағына қайрыла қарады. Қараса — ажал шақыра арқыраған топан су — қанды өзеннің ар жағында күле қарап бір жан тұр. Сөйтсе‚ Бұлабике... Қолаң шашы алдына түсіріле өрілген. Өрім ұшында шолпымен қоса Алтайдың алқызыл модағайы қадалыпты. Төңірегі толы гүл: қызғалдақ‚ сарғалдақ‚ қарғалдақ. Арғы бөктерде түйенің табанындай ашылған алқызыл модағайлар қаулайды‚ батар күндей лаулайды. Бұлабике қол бұлғайды. Жаныма кел дейді. Барайын десе өткелсіз өзен кескестейді. Бұл амалсыз көнеді. Бұлабике бұртияды‚ мұңданады. Қырын қарайды‚ тіпті... қимай қайта қайырылады. Ұлар болса‚ оның өтінішін өтей алмайды. Ажалды өзенмен ойнауға батылы бармайды. Ұлардың осы дәрменсіздігін‚ жігерсіздігін сезгендей жаңа ғана өзі судан шығарған Қызыл бөлтірік бір-ақ қарғиды. Ол ағыспен бағанағыдай қарсыласпай еркін жүзіп барады. Аткөпір ашулы өзен де сабасына түскен сыңайлы. Баяу толқиды. Әлде‚ сай ішін жайлы арна қылып алды ма екен? Аңшыға түсініксіз. Су бірақ сол мол қалпы. Шамырқаныссыз тек. Қызыл бөлтірік тымық толқын үстінде тербетіліп барады. Жүзетін де емес. Толқындардың өзі толқи көтеріп алыпты. Ол да бұлдырап барып жоғалып кетті. Бұлабике мен Ұлар ғана екі жағалауда жете алмай қалып қойған. Күл-қоқысынан арылған‚ өз-өзінен тұнған асау өзен де тынық күйге түскен. Бұлабике өңін сырт салыпты... Ұлар оң қолын Бұлабикеге бұлғайын десе — көтерілмейді. Айғайлайын десе — үні шықпайды. Бастырылып қалған аңшы аударылып түсті. Түс тарқап кеткен... Тоңазығаннан тері жақысын тартып қойды. Қос ішіндегі түн тастай қараңғы.

VІІІ Бұланбай шатының бел ортасынан‚ теріскейдің түп етегінен көтеріліп қос тіккен аңшы бұл маңда асықпай аң қағуға бекінді. Бұланбайдың бұғы мойын аюын алу үшін екі-үш күн құр мен шіл‚ қоян мен кекілікке тұзақ құрып‚ күңгей беттегі құс ойнағынан азығын да қамдап алды. Іле қазан басының ашық күні ауды. Аяз сорса да шуақты еді. Күршімнің қара тасты Әудие тауының төбесі мұнартқан аспаны сақар суындай шаңдақтанып‚ түске жетпей Сарытаудан күн салсаң жететін жалпақ өңір — Ертістен Алтай– Сауырға дейін созылған сары дала‚ қарлы тау‚ мұзды шың үсті — түп-түгел іркіттей іріді. Жазық жерде желмен аралас‚ тау ішінде тымық күйде қар тасқыны қаптады. Көз байланды. Аппақ ағын жер-жаһанды жайлады. Ұлар аңшы күндіз қарағай бауырында отқа ет қақтап‚ түн баласында қос ішінде құндақталды. Ыстық су қайнатып‚ ет асып‚ аң-құс етінің жас сорпасын іше алмағанына‚ өткенде қыран қарағай астындағы табиғи қосқа қол басындай құман мен сары саңырқұлақтың қалпағындай кішкене қазанын қалдырып кеткеніне өкінді. Күндіз-түні ұдайы жауып тұрып алған алақаншық күнге де ренжіген. Төпелеп жауып жатқанымен қоймай‚ жаяу борасын түнделетіп жүгіретінін қайтерсің. Түбі тесіліп кеткендей төрт күнге созылған қалың қар ұйтқыма борасынмен тау ішін тұншықтырып-ақ тастады. Ақ қар аузы-мұрнынан шыққан Алтай есеңгіреп қалғандай. Сұп-сұр аспан астында қалжыраған қарттай сұлық жатыр. Көкек келгенше ақшағи көрпесін біржолата жамылған. Енді үсті-үстіне сіреуке сеңдей сығып‚ қабат-қабат көтеріле береді. Аңшының көз алдында кеудесін бастырса да‚ такаппар басы мен иығын бермейтін биік Құзғындының шыңдары‚ Салқын Шоқы‚ Тымбай‚ Бұланбайдай тұлғалы тұрғылары ғана еңселенеді. Олар да мұңлы. Таудың арса-арса тәнінің көркін ендіретін көкбұйра шыршалар да ұлы тыныштыққа шым батқан. Олар да құсалы. Белуарына дейін қар көміп‚ ұшарына шейін қар басқан. Жас келіндей мүләйім мүлгиді. Кісі бойы қар басып қалған қосты тышқанқорықтай тесіп шыққан Ұлар еңіске қарай қасатты ыра жол салды. Тау боп түскен қар түйін тастайтын бұта біткеннің бетінен жүріп кетіпті. Нығыз-ақ . Адамды омбылатпай еркін көтереді. Шаңғыға бап. Қос та білінбей қалған. Адам шыққан аузы ғана індей үңірейеді. Мына түскен мол дүние қорбаңбайларды да қуып тыққаны белгілі. Енді із кесудің де керегі жоқ. Бұл өңірде аюдың жаздан арық қалмайтыны және анық. Енді оларды індету де оңай емес. Қаңтарға дейін қозғалмай қояды. Бірақ... алты ай қыс ұзақ. Қолын талай әлі қандар‚ селебесін‚ талай әлі қайрар кекті Ұлар. Тек‚ тәңірі тілектес болсын! Бұл бетінен қайтпас. Сарытаудың сауырынан Қалжыр мен Қойтастың бойына дейін сүзіп шығар. Мамалағынан басқасының көзін құртар. Сол жолда қапыда кетсе де армансыз. Қайта жыртқыштың бірі айласын асырып‚ жанын алса — жапанда құны сұраусыз. Жалғанда жалтақтар не қалды? Кімі бар? Сумылтық пен Бұлабике ме? Сумылтық тарпаң боп кетер‚

болмаса — бір тақымға бұйырар. Бұлабике енді бұған жолықпас‚ жолықса — жат жұртта жолығар... ахиретте арыздасар. Бұл — қоңыр күзден көгілдір көктемге дейін иеннің иесі әрі қардың тұтқыны. Тырп ете алмас. Тіршілік белгісі танылмас маң дүниенің ырқында екен. Одан қашып құтылар жол да жоқ. Еріксіз көнеді-дағы. Көктен құлаған жұлдыздай аққан күйі сөнеді-дағы... Енді тек сол салқын күн жылдамырақ жетсе ғой. Бұл да барып қойып кетер еді. Құлаған көшкіндей өтер еді. Көшкін ойына түскенде ғана селт еткен Ұлар қысаң шатты құлдай бірталай жерге шаңғымен жетіп қалғанын аңдады. Самарқау күйде күңгей мен теріскейдің төнген тік қабырғаларына көз салды. Айнала аппақ қар сиырдың тілімен жалағандай жылмағайлана сылап тастапты. Балапан шыршалардың да бойы шөгіп қалыпты. Дәл қазір бесатарды бұрқ еткізсе ғой‚ мына құс тұмсық теріскей салмасының астында жай табар едім деген суық ой сумаң ете түсті: «Суық дүние суынтар еді...» Аңшы бірақ ол ойға бой алдырмады білем‚ шатқа сұғына еңкейген тұмсықты айналуға әр жерден омырая қуыстанған қар қасатынан аулақтай жылжыған. Тал мен шілік сидиып‚ кей тұста үйіріле‚ кей тұста сирей ұшырысады. Қар жамылған қара тұмсықты айнала бере ұлы шатқа терістік жақтан бүйірлей қосылған үлкен аңғарға тап келді. Бұланбайдың ұлы шатын құлдауды‚ әлде алып аңғарды өрлеуді білмей әрі-сәрі болды. Көп толғанбастан жоғары өрлемекке ниет қылды. Кең-мол аңғар сайдың ішімен де өзен түсіп жатыр. Ал шатқалмен түйісер аузында шілікпен қоса қалың нар қамыс өскен екен. Аумағы да баршылық. Басындағы үкілері малынып тұр. Қалың қардан нар бойлары кісі бойы теңескен. Қиыстап кете берген Ұлар қамыс жақтан оқыс үн естіді. Іле аюдың қоңқылдаған үні құлағына жетті. Ұлар сенер-сенбесін білмеді. Аю атаулы ендігі жатып қалуға тиіс еді... Әлде‚ қабан ба екен? Әлгі дауыс тағы шықты. Анық аю үні. Аңшының сенбеске шарасы қалмаған. Қарайған қалдырмай буып тастаған бұла табиғаттың қысасына қаны қарайып жүрген, кісі етін жейтін жыртқыш па‚ әлде жата алмай жүрген... қаңғыбас. Кержақ-орыстар айтатын атышулы «шатақ»*. Бәлкім‚ тәңірі жолықтырған шығар. Ендеше‚ бұл дайын! Ұлар құрағы қарға көміліп‚ нар қамысы ғана қоқиған қалыңға қойып кетті. Ашу-ыза кернеген ол жүзін қамыс қияғы тілгеніне де қараған жоқ. Бетінің кей жерінен алқызыл қан айғыздай шыққан. Ұлардың қамысты жапыра‚ сындыра сырғанаған дыбысын естіген болу керек‚ аюдың әлгіндегі қоңқылдаған жайлы үні гүр-гүр еткен зор дауысқа айналды. Сонда ғана Ұлар өзінің тектен-тек арандап қалуға асығып келе жатқанын аңдады. Баяулай сырғыды. Қамыс іші қорыс-қопа қопарылып қалған екен. Жабайы шошқа тұмсығының істіктеген тірлігі екенін аңшы жігіт бірден-ақ таныды. Шамасы‚ өздері бір үйір болса керек. Астын үстіне келтіріп‚ бойлай ойып қопарыпты. Қалың қар кебеже қарындарына қауіп төндірсе керек. Ұлар асыға түсті. Аңшы ойлағандай-ақ қамыс шетіне жақын түйенің жарты етіндей теңкиіп‚ талана жарылып жатқан қара бұйра қабанның үстінен шықты . Өзі де ірі-ақ екен. Қорбаңбай болмаса‚ басқа бұл маңда қабан жыға қояр жыртқыш жоқ екені де бесенеден белгілі ғой. Бірақ аңшыны аңтарылта аю жоқ болып шықты. Әзірде ғана күркіреген гүрілі де естілмейді. Өзі де жым-жылас. Желге ұшып‚ яки жерге сіңіп кеткендей. Қорбаңбайдың аса залым‚ қу екендігінен хабардар аңшы секемдене қалды. Ұйқыға жатпай‚ әлі күнге жемтік жинап жүрген аю оңайлықпен өлексесінен айырылмасын сезеді. Сондықтан да сақ. Шаңғысын да шешіп тастаған. Қан мен жынға шыланған қар үстінде жатқан қарабұйра қабан терісінің сау-тамтығы қалмапты. Аю жемтігінің тері астындағы ақсары майын ақтара осып-осып тастапты. Осылған жерден теріні тырсылдата керген қалың май қазыдай аударыла беріпті. Аюдың тығылып қалғанына‚ әлде қашып кеткеніне көзі жетпегендіктен, жан-жағына ұрлана қараған аңшы дал-дұлы шыққан қабанға құмартып‚ қос қарыстай ақсиып жатқан екі елідей жалпақ, сойдақ тістеріне еңкейіп‚ өткірлігін бармағымен басып көрді. Ұстарадай қылпып тұр екен. Аңшының еңкейе бергенін күткендей сатыр-күтір дауыс шықты. Жүрегі шым ете түсті. Қамыс арасынан өзіне қарай құмайша заулап келе жатқан‚ кей жерінде ғана жалба-жұлба жүні қалған‚ басынан бармағына шейін қызыл шақа жатаған аюды көргенде‚ Ұлар да қауіпқатерді ұмыта таң қалған. Іле аю, әлде басқа мақұлық па деген суық ой жарқ етіп‚ селебесін суыра берді. Қып-қызыл терісі жылмағайлана жүгірген аю жақындай бере өгіздей өкіріп‚ жебеше атылды. Төрт аяқтап атылған хайуан тік тұрған аңшыға міне түскенде‚ Ұлар күтпеген де еді. Аю екпінімен ол шалқалай жығылған. Бұл бір аса қатерлі‚ жай түскендей күтпеген сәт еді... Жас та болса‚ аю алып әдістенген Ұлар мұндай шабуылды кездестірмеген. Аю атаулы жауына екі аяқпен тік тұрып‚ екі қолымен ұра жығады деп қана ойлайтын. Басқаша болған да

емес... Тек солай алатын Ұлар. Өзін ақылсыз хайуанға алдай құшақтата беріп‚ иығынан жамылған бос ілгешекті тері жамылғыны қолына уыстата‚ құшағына тастай беріп‚ аса бір шапшаң де ептілікпен тізерлей еңкейіп‚ бір бүйірден қандалған селебемен жып етіп шығып кететін. Бұл — алтайлықтар қолданып келе жатқан кәнігі әдіс. Қауіпсіз де сенімді. Жамылғыны құшақтаған жыртқыш еңсеріліп қала беретін. ...Бұл жолы бірақ бәрі де басқаша шықты. Жас аңшы қапы қалды. Оған аюдың тап қара күзде жүнінің жоқтығы— тұттай жалаңаштығы да себепші болды. Өзінің аңқау‚ әсершілдігі де қапы қалдырған. Ал мылтық атса‚ көшкін құлайды. Екпіндей келіп‚ кеуделей мінген жыртқыштың қызарған көзді, жалаңаш басты азуларына

*Шатақ – жергілікті қазақтар қысқы ұйқыға жатпай қоятын қаңғыбас аюды шатақ деп атайды. Орыстардың «шатун» деген сөзі осы сөзден шықса керек.

алдырмауға тырысқан Ұлар сол қолымен ұстаған шешулі қос биялайын аюдың ақсиған аузына тосқылап‚ оң қолымен селебені келсін-келмесін сұққылады. Бүйірден батқан жараға жаны қысылған қорбаңбайдың қос қолы ессіз күйде аңшының қос қапталындағы қарды қопарды. Алғашқы жығылған сәтте сасқандағыдай емес‚ есін жиған аңшы селебені аюдың жұқа қолтығы астынан бойлата екі ұрып жіберді. Санды сыйпайтын ұзын селебе серелеп, бойлайбойлай енген. Аю ақыра ышқынды. Аузынан ақтарылған қанды көбік аралас сілекейі аңшы жүзіне шашырады. Селебе өкпені оңдырмай жараласа керек. Сонда да жаны сірі хайуан жағаласқанын қояр емес. Салмағымен салдырата езе түскен аюды аударып тастауға әрекеттенсе де‚ тым салмақты екен. Селебені аңшы қайта жұмсады. Бұл жолы қуаты әлсірей бастаған аюдың бүйірінен қапталдата тіле тартқан. Іле күлімсі иіс мүңкіді. Бұдан әрі әбден жараланған аю да ұзаққа бармады. Тырнақтарын тарбайта қар осып‚ жантәсілім етті. Ұлар үстін бұлғай бауырынан әрең шықты. Өзінің де сілікпесі шығыпты. Бас-көз демейтін жанкешті аю — кәдімгі қоңыр аю болмады. Алтайдың сирек ұшырасатын алып қара аюы да емес. Олардан гөрі кішірек. Әкесі айтатын Алтайдың аламойнағына келіңкірейді... Адамнан қорықпастан шапқаны да‚ кезі келсе тасадан тап беретіні де тұп-тура. Мойны мен желкесін ала түспей қалған ақ жағал жүні де аламойнақ екенін айғақтайтындай... Әкесі Баршынбектен естуінше‚ Алтайдың аламойнағы — аса сирек аю. Екі-үш жылда бір-ақ рет мамалақтайды екен. Мамалағы да әлжуаз туатын көрінеді‚ сондықтан көбіне-көп бауырында өліп қалады. Ал тірі қалғаны аса шапшаң‚ долы‚ жүректі болып өссе керек-ті. Түбі бір‚ тегі жат қандастарымен қақтығысып қалса‚ шақар хайуан оларды да алып қоятын көрінеді... Ешқашан жат жатырлымен жақындаспайды екен. Ол да тұқымының азаюына әсер етсе керек. Аламойнақтың адам көзіне түсе қоймайтыны да тағылығынан дейтін Баршынбек көкесі. Аң қаққан аңшы‚ жоқ іздеген малшы ғана пенде аяғы баса бермес иеннен‚ терең шат-шатқал түбінен ғана ұшыратады екен. Өзі өсіп-өнген маңайдан алысқа ұзамайтыны да жатбауырлығынан тұғын-ды. Әлде қандай жұмбақ жаймен жылы жерін суытса‚ кез-келген аң-құсқа шауып‚ аяғы жеткен жерге күн-түн демей кезбеленіп‚ жолында кездескен жанды атаулыға‚ әсіресе адамға қатер төндіретін мақұлық. Жай тасындай жылдам хайуанды баяғыда Баршынбек әкесі бір атып алыпты. Ол жолы аламойнақ орта жайлаудағы Тайшын шатынан өрлеп шығып‚ бас жағында отырған Бақай мен Бөріктал‚ Шұбарағаш пен Қырықошақта отырған өтей мен сарыжомарттардың малын қырып‚ жанын да шығындаған. Ел Қаражалда отырған әкесіне хабар салады. Хабар тиісімен Баршынбек ат белін суытпастан аламойнақты алуға аттанады. Түнде ауыл маңына от жағып‚ аластап‚ күндіз еркек атаулы шиті мылтық атып‚ балтапышақ алып‚ жұртты адам жегіш аю үрейі билеп алған. Баршынбек ел шетіне ілінісімен ауыл-ауылдан індете сұрап‚ аңыз бен үрейге‚ алыпқашпа әңгімеге себепкер болған аламойнақтың артынан түседі. Ізінен аңшы түскенін сезгендей, аю да ел көшкен аулаққа тартады. Маңдай алды —Маңтөбет. Әлде Тайшын шатынан бір шығып кеткендіктен қаңғи бергені ме‚ кім білсін‚ әйтеуір басы ауған жаққа жүргендей Сарыбайдың жонына жеткен. Маңтөбет бұлағының басындағы қалың тал ішіне тұмсық тірейді. Баршынбек көкесі де түс ауа жеткен бойы бұлақ басына тартады. Астындағы аты бұлақ басына жолағысы келмей жалтақтап‚ осқырына берсе де, қамшылап-қамшылап жіберіп жақындайды. Аңшы әкесі қанша батыл болса да, ат үстінен түскісі келмепті. Аты да ойқастай беріпті. Сөйткенше бұлақ суын бойлай өскен қаратал арасынан аламойнақ та көрінеді. Салған жерден жүгірген жыртқышқа қолында оқтаулы қорама бесатар оқ бүркеді. Аты да үркектей береді. Қатарынан атылған үш бірдей оқ аламойнақты омақастыра жығыпты.

Сол бір аламойнақтың терісінен қаудырмалата иленген қатырма жамылғысы да өзімен бірге кетті... Таз басты‚ тақыр терілі аламойнаққа қарап тұрып ойға кеткен Ұлар тәні түршіге жиіркенді. Селебесін қармен ысқылап‚ аюдың жыны тиген тері жақысымен‚ аю жамылғысын да қарға аунатып алды. Сонан кейін ғана жүні жоққа тән құбыжық неменің басына бір‚ аяғына бір шықты. Бауыры мен иығы тұттай. Сауыры да‚ арқасы да жүні жидіп түскендей ойдым– ойдым. Шоқпардай басы да бауырындай қызыл шақа. Кей жерінде қаны шыққан жапырақтай жара‚ тырнақ қотыр. Сау-тамтығы жоқ тәнді еркек аю екен. Осы жара-жара жалаңаш тәні хайуанды ұйықтатпағаны ақиқат. Зер сап қараған аңшы аюдың үсті шиқандай бөрткен шығу екенін де аңдады. Ішкі өңірінен қозған дерт тері астын қыздырып‚ түгін түсіріп‚ жанын қоярға жер тапқызбай жалындап‚ ұйқы бермеген-ау‚ сірә! Қайта қар түскені қышыма қотыры мен қызыл шығуына дауа болса керек. Ауыр дерттен күйі де төмен. Жаны ашыған аңшы Ұлар аламойнаққа деген кек-қысасы да тарқағандай күйге енді. Ол қабанның қоңынан кесіп‚ жапырақ-жапырақ сүбе май алып‚ қарға бір-екі аунатып‚ мұздаған күйі кесегімен жұтып-жұтып жіберді... Артынан шеткерек шығып қар асады. Таңнан бергі түлкі құрсағын аңшы осылай түстендірген. Күн бұлыңғыр қалпы. Айығар түрі байқалмайды. Бір бүккен сыры бар. Кіші бесін байырқалаған. Ұларды бір көңілсіздік биледі. Жан дүниесі қараңғыланғандай жабырқау тартты. Әлде шаршағандікі‚ әлде аламойнақтың әлегі... Әйтеуір‚ әлде қандай томырықтық торлады. Екі иығы да зіл-батпан. Аяғы да ауыр тартқан. Ол шатқа аузын арандай ашып жатқан үлкен аңғарды өрлеуге кеш екенін де іштей сылтау қылып‚ аламойнақтай ауру‚ ашулы аюды алғанына шүкірлік жасап‚ кері бұрылды. Әлде ауру‚ әлде сау аюдан да іш тартып‚ сескеніп қалған... Сезіктеніп те қалды. Қосқа дейін қашық.

ІХ Қосқа жетпей көз алды қарауытты. Басы зеңді. Зорға дегенде жалама қабырғаға көтеріліп‚ еңбектеген күйі қос ішіне кірді. Үңгірдің аузындай дөңгелене бүйірден ашылған қостың екі жағына қарай сыйырылған қарақат‚ ұшқат бұтақтарын жақындата торкөздеп‚ төбе тұсындағы қарды астынан түрткілеп еді‚ мол түскен қардың шеті опырылып‚ қос аузын жапты да салды. Қараңғылық қорыды. Аңшыны албасты сезім торыды... Салдырап жеткен аңшы аю жамылғының бір шетін төсеніш‚ бір шетін жамылғыш қылып жатып қалды. Жылдам ұйықтап кетуге тырысқан ол көзін жұмды. Бірақ қасарысқан қара кірпіктері қамасар емес. Қоңыр көздеріне ұйқы тығылар емес. Есесіне қызуы көтеріліп келеді. Әлгінде ғана дел-сал денесі күйіп жана бастады. Қоламтаның табындай ішкі жақтан қызу шарпыған тән тері киім ішінде өз-өзін қарыған. Астарсыз тері астында алау қаққан жаны аузына тығылды. Тер шығатын емес. Қамалып тұр. Ыстық буған сайын қорғансыз тәні салқын тілейді. Ақыры шыдай алмаған Ұлар жақыны шешіп тастады. Сонда да тері жейде‚ жеңсіз тері камзол ішінде қызынған тәні ыстық темірдей суынар емес. Жамылғыны да серпіп тастады. Тымақ та шешілген. Шешесінен айырылғалы алынбаған қайратты қара шаштары да тік тұрып‚ басы да жалын жалап тұрғандай. Тараққұйрықтың жазғы жұқа терісінің жонынан қиюластыра тігілген шүберектей жейденің көкірегін шешті. Тынысы тарылып‚ аузын жалын жалаған еді. Суыр терілі камзол да тасталған. Бірақ тұлабойды ен жайлаған от қан тамырларын қуалай өршіп алды. Қайтар емес. Ұлардың есі ауды... Санасы серги сандырақтай бастады. Қып-қызыл жалын ішінде жанып жатыр. От ішінде оранған бар әлем қып-қызыл. Бүкіл дүние бүлінген. Таулар да‚ көк аспан да күйіп жатыр. Жанартаудай жалындап‚ көріктей нарттанған. Аспанда ай‚ көкте күн жоқ. Олар да баяғыда балқып‚ алып әлемнің жанған құшағына еніп кеткен сыңайлы. Жәудіреген жұлдыздар да қызыл шоққа айналыпты. Тірі жан атаулы өрт ішінде жанып жүр. Ұлардың өзі де‚ әке-шешесі де өртенулі. Бәрі де бір-бір жанып жатқан төбенің басында бір-біріне қызара шоқтанып қарайды. Бірақ шақырыспайды. Жолығыспайды... От ішінде өртене қарасады. — Көке! Көке! — Үні құмыға шығады. — Апа‚ апа! — Үні үздіге шығады.

— Неге үндемейсіздер? Неге тастап кеттіңдер мені? Мен өздеріңсіз қалай күн көрем? Қалай? Айтсаңыздаршы‚ көке‚ апа?! — Олар бірақ тіл қатпайды. Қып-қызыл шоқтанған күйі қалқияды. Әлгі қарақшы бейнелер бірте-бірте сөніп барады. Олармен бірге дүние қарауыта түскен. Төбе басындағы қос қызыл сұлба да қап-қара қарақшыға айналыпты. Ұлар енді қарақшыға айналған қос қара сұлбадан қорқады. Қорыққанынан қалшылдап қоя береді. ... Ол көзін ашып алды. Қалшылдап тоңып жатыр екен. Жалма-жан зордың күшімен камзолы мен жақысын киіп‚ жамылғысын жамылды. Тісі-тісіне тимей барады. Салқын қос ішінде тітіреген тәні қол-аяғын бір уыс қылып‚ жақтары жаңғақ шаққан тиіндей сақылдайды. Түнек қос ішінен түн келгенін сезді. Бағанағы болмашы ақшыл сызат сөніпті. Ақ қар қара түннің бояуын бойына сіңіріпті. Тымағын баса киді. Тоңып жатса да құрғаған тамағын жібіткісі келіп‚ іргеден шымшып қар асады. Бойы бұрынғысынан да безгек тигендей қалтырады. Бүкіл ішкі жан сарайы жаурады. Жаураған жанымен бірге қалтыраған көңілі құлазыды. Көзі жұмылып‚ кірпігі ғана қимылдап‚ санасы суып‚ есі ауып кетті... Аппақ қар басқан әлем ішінде жүр. Ақсіреуке тұтып қалған. Айсыз аспан‚ күнсіз көк бозамық. Бозамық биікке ақ шаңқан жұлдыздар ілініпті. Бар дүние бозамық түске бөгіп қалыпты. Аяздан қорынған‚ суық сорған тау арасы ақ атандай шөккен бойы шырт етпейді. Бордай шыңылтыр әлем тып-тымық. Осынау бозамық әлем бауырында бұдан бірсыпыра қашық бір адам көрінеді. Құдай-ау‚ Бұлабике ғой?! Ұлардың буын-буыны босап қоя берген. Жүрегі бордай үгілген. Сезімі ежігейдей еріген. Тұра ұмтылған. Қол-аяғы батпаққа батқандай былқылдап жете алар емес. — Бұлабике‚ Бұлабике!.. — деп дауыстайды. Даусы бірақ шықпайды. Көмекейі ғана көлбақадай бүлкілдейді. Үстіне аппақ көйлек киген Бұлабике етегі көлеңдеп‚ барған сайын алыстап барады. Ақ тиіннің жүніндей ақша жүзін де көре алмайды. Көзі жетпейді. Ұлар ұмсынған сайын‚ ұмтылған сайын алыстап барады. Боз дүниеге бордай сіңіп барады. Бірақ... аңшы да аң көргендей өкшелейді кеп. Қалар емес‚ даусы жетпесе де жалына береді: «Бұлабике! Тоқташы! Сен қайда барасың? Қайда? Тым құрыса жүзіңді бұршы! Көз қиығыңды салшы‚ қалқам?!» Бұлабике бұрылмады. Қасын керіп қайырылмады... Соңынан емпеңдей ерген Ұлардың жүрегі жанды. Ыстықтан көмейі күйді. Мұздай суық дүниеде жүрсе де, маңдайы жіпсіп қоя берді. Бұлабике елесіне ерген сайын тер құйылды. Қол-аяғы жеңілдеп‚ тұлабойы ақтер-көктерден бусанып қоя берді. Алты айрығынан ақты дейсің. Тынысы да кеңіген. ...Ұлар өз-өзіне келгендей. Алқына тер жауып жатыр. Өнбойы малмандай малшыныпты. Тұралап жатқан тәні де демалып қалғандай. Бойы бірақ күйіп-жанғанын қоймапты. Қызулы қалпы. Жамылғы астына тығыла түсті. Ұлар ержеткелі бұлай есеңгіреп ауырып көрмеген. Жаздағы Бұлабикенің үш ағасының соққысынан кейін де мұндай күйге түспеген. Анасы да көңілін аулап‚ басына сүйеу болған еді. Шаған шешесіне еркелей‚ салмақ сала сал боп жатып алған. Қайран шеше асты-үстіне түсіп‚ жас баладай бәйек болып еді-ау! Аңшы тағы да талықсып кетті... Көк мұнарға енді. Түпсіз мұнар тартып әкеткен. Тау да жоқ‚ адам да жоқ. Мұңлы мұнар ғана кілкиді. Ұлар өзі жалғыз. Қалқып тұрған секілді. Тағы да бозаң реңмен Бұлабике келді. Бұ жолы жақын арадан шыққан. Өзі жақын келгендей. Бірақ... үнсіз. Жүзі боп–боз. Қуарып кетіпті. Таралып қалғанға ұқсайды. Арық. Сүйрік саусақтары да ашаң. Жігіттің тамағы тобық жұтып қойғандай түйнектеулі. Көзінен бұршақ-бұршақ жас ыршыған. Өзінің дәрменсіздігіне күйінгеннен үнсіз егіліп тұрғандай. Көз жасы да тыйылар емес. Бұл бар күшін жинап қозғала берген еді‚ Бұлабике үріккен еліктей алыстай жөнелді. Енді айырылса кеш қаларын түйсінген Ұлар бұла бір күш-қуатпен жүгіре жөнелді. Жүгіріп емес‚ көкмұнар кілкіген дүниеде жүзіп келеді‚ жүзіп келеді. Тек жылқышы қыз жеткізер емес... Жас жігіт те жете алар емес. Көкмұнар әлемнің бұлар бет алған тұсы қызғылт түске боялды. Кенет күн байып бататын көкжиекке айналды. Күн де баяғыда батып кетсе керек. Бұл Алтайдың алқызыл түсті модағайындай, алау айқара тұнған көкжиекке қарай бұлдырықша ағып бара жатқан Бұлабикені қимаса да, Ұлар арт жағына көз қиығын тастады. Ту сыртында тұманытқан көкмұнар арылмапты. Торғындай жұмсақ өңір жанына соншама жақын... Бұл енді екі ойлы: бауырдай күреңдене бастаған‚ бірақ Бұлабике бет алған қызылжиек немесе өзіне етене таныс мұңлы мұнар кілкіген көкжиек. Таңдай алар емес. Тынысы тарылып‚ тұншыға берді.

...Аңшы тағы да танымына қайта оралды. Бұл жолы әжептәуір тыңайып қалыпты. Тек шөлден қаталап барады. Қаны кеуіп жатыр екен. Қолын созып қар асады. Суық қар сарайын қымыздық сорғандай ашып жіберді. Санасы да сауығып, суынған тәні де сергіп сала берді. Тітіреген жұдырығын жамылғы астына тықты. Ойына кісесінде жүретін бір түйір күшәла оралды. Оның ертерек есіне келмегеніне өзі де қайран қалды. Шешесі берген еді. «Құлыным‚ бір жерде жаның қысылғанда тіліңнің астына саларсың» дейтін. Беліндегі селебелі кісені шешіп‚ айылбас түбіне жақын қуысқа тығылған тырнақтай ғана тамырды алып‚ аузына салды. Кісені бас жағына тастады. Дірдектей бастаған денесін жылытқысы келгендей жиырыла түсті. Сүт пісірімге жетпей сілекейі шұбырған Ұлар балбырап ұйқыға кетті. Күшті күшәладан тәні балбырап, жаны да рахаттанған.

X Аурудан қу жаны өліп-тірілген‚ балғын тәні сөніп-жанған аңшы күңгейге көтеріліп‚ ызғырық ұрып тұрған Бұланбайдың басына шыққты. Аспанда үш күн пайда болыпты – күн құлақтанып қарсы алды. Құлақтанған сыңайынан қыс ашық та аязды‚ әрі ұзақ боларын болжады. Орнынан қыран қарағай бауырындағы қосқа тоқтамастан бір-ақ тартуға қозғала беріп‚ қалт тұра қалды. Жуан қызыл қарағайдың төмен салбыраған иір бұтағына аппақ шыт байланыпты. Ызғырықтан ұшы желпінеді. Күнге шағылған ақ қардан әрі әлсіреткен науқас әсерінен алғашқыда байқамағанға ұқсайды. Ұлар екі оралып‚ бір байланған ақ матаның бір жақ ұшы түйінделгенін көріп‚ кеңсірігі кермектене ашыды. Ақ шыт — ақтық... Оның бір ұшының түйінделгені — не әкеден‚ не шешеден айырылдық дегені.Ортасы аман — бала-шаға‚ әйел сау. Ал ағашты екі орап барып‚ бір рет буғаны — белімді екі қайтара орадым‚ қараорман шаңырақ маған қарады‚ бір өзім бел будым дегені. Демек‚ шеше емес‚ әке өлген. Әкесінің орнына да өз белін орағаны ғой. Қалмақ нағашыларынан келген хабар болды. Қалмақ болса да Шаған шешесі ағасының әрекеті болды. Қазақша ақтықпен ырымдап‚ тілсіз түсіндіріпті. Қайтыс болғанына да екі-үш айдың жүзі болса керек. Ақтық белді үш қайтара буарлық ұзын екен. Кімнен хабар жіберді екен? Әлде өзі келді ме? Осы арасы жұмбақ. Дөйдалада жүрген бұған хабар тигізгенмен‚ Ұлар әкесі мен шешесі жөнінде жаманатты жеткізе алмады-ау... Жалғызіліктен де жапа шекті. Бірақ не деп хабарлайды? Жым-жылас жұтып қойдым дей ме? Не дейді? Қарайған қабірлері де қалған жоқ... Әлі күнге өз басын күйіттеумен жүр. Біреудің әлпештеп отырған Бұлабикедей бойжеткенінде несі бар еді? Бәлкім‚ Бұлабике деп бұлғақтамағанда жолына жүз қарап‚ күніне мың тілеу тілеп отырған‚ жалғыздықтан құса кешкен қайран шешесі қандай болар еді?! Несіне ғана жалғыз дүниеге келді екен! Жал-құйрықсыз еді‚ енді мәңгілікке тұл жетім боп қалды... Шаған шешесінің туған ағасы Шаданның өзі келген болса‚ көзіне бұл қалай көрінеді? Жиен болмай жерге кіргені жақсы еді... Шадан — ер жігіт. Баршынбек әкесімен де құла түзде теңбіл тағы* қуып жүріп жолығыпты. Құмыл мен Қобының құмында төс пен төс түйістіріп достасқан. Достыққа дәнекер болсын деп‚ Шағандай сұлу қарындасын қалың малы төленіп қойған Делуін Салбұрты жақтағы қалмақ құдасына да бермей‚ әкесіне де білдірмей, Алтай асырып жіберген екен. Ақ шүберек қар жаумай‚ боран жүрмей байланса керек. Өйткені із көзге шалынбайды. Мүмкін кетіп қалған шығар. Алыстан келген адам көп күте де алмас. Онда абзал болар еді. Солай–ақ тілегін тәңірі‚ қалауын құдай оңынан келтірсе екен?! Алтайдан ізі ауып кетсе‚ ар мен ұяттың ауыр салмағынан сәтке болса да арылар ма еді... Әй, бірақ иен де түзқұмар жанын жұбата алмас. Іштен тынған жанның жұлын-жүйкесін кекті, қасіретті ой жегідей жегенін қоймас. Бір неше күн бойын билей алмай‚ тәнін көтере алмай, жанын жалдай алмай дерттенген Ұлардың көз алды күн нұры еркін құйылған қарағайсыз алаңқайда қарауытып кетеді. Аңшы еріксіз шаңғы таяғына сүйеніп тұрып қалады. Жамбастай жатқызған ауру алып та кетпеген екен. Бұл дүниенің бар базарынан‚ бар азабынан оп-оңай құтылар еді. Тынымсыз қу жаны құлазығанын да қояр еді. Тәңірі өзі көк құшағына қысар еді. Әке-шешесі кеткен жұмбақ тәңірі тұңғиығына бұл да біржолата батар еді... Олардың өлі аруақтарының суық құшағына енер еді. Жалғыздықтан да құтылар еді. Болмаса‚ Алтай — жалғыз‚ бұл — жалғыз... Жалғыздық енді бұған жараспас. Табиғатпен бір туып‚ біте қайнаса да‚ ол да өңін сырт салды емес пе. Алдымен аюдай әкесін алды. Соңынан сұғын салып анасын жұтты. Ендігі кезек... Тек‚ тезірек орайын келтірсе екен. Тәңіріге разы бұл! Аурудан әлсірей тұрған тоңғақ тәні қос Қаражалдың қимасына қарай қозғалған сайын қызынып‚ тері киімі астында бусанған. Қаншалықты ширақ қимылға салса да‚ неше күн

тұралатқан ауру аңшы Ұлардың бұла қуатын қайырып тастапты. Өкпесі өшпесе де, алқынысы басым. Ол да таза ауаның арқасы‚ әйтпесе әудем жер аял адымын аштырмас еді. Қарлы бораннан кейін қарағай-шырша‚ жартас-жалама жамылған ұлпадан арылып‚ андағайлай қалыпты. Жер иіскеген мешел арша мен бой тіктеген быртық бүрген күртік жүріп‚ қасат астында қамсауланып қалған. Күңгейлерде ғана бұта-қараған бой алдыра қоймаған. Сумылтық жануар Қаражалдың күңгейін теуіп жайылып‚ жалғыздықтан кісінеп жүрген де шығар... Ұлардың өңі қуқыл тартты. Ол көк тіреген қыран қарағай қанатының астындағы қосына жетіп‚ қоста қалған мосықосы секілді дүниелерін тері дорбасына салып‚ арқасына таңып‚ Қаражалдағы қараша үйіне қарай аттанған уақта күз күні кешкірген еді. Аяз да еселенген. Тау іші тортасын қайырған майдай шыртылдап тұр. Көз байлана буаз ай көтерілген. Ол да түстіктен. Кешікпей қайта батпақ. Жеделдеткен жөн. Ай жарығымен қос Қаражалдың арасындағы аяқ қағарсыз алаң-ашық астаудай, кең-мол аңғарға жету қажет. Ары қарай түн тастай қараңғы болса да, қара шаңырағына дейін жалтаң жазық. Қарағай арасындағыдай сүрініп-қабынбас. Қалың түскен қарашаның қары жалтаң жүзін де сиыр таңдай күртікпен серелеп тастаған екен. Қалың қарағай арасындағы қамсау күртіктей босаң емес‚ атты адамды көтерер сере-сере қар. Қараша күнінің түс әлетіндегі әлсіз жылымығынан беті жылан қабыршақтанып‚ көзсіз түнде аңшының бұғы терісі шапталған шаңғысы да сыр беріп‚ кейде қырындай тайғанақтайды. Құтты қара балық қабыршағын басқандай әрі қашырлап‚ әрі сырғанақтап қояды. Түн қараңғы болса да‚ қардың боз сұлбасы анық. Белдеуден жоғары көміп тастаған оқшау шаңырағына жеткенде‚ есігі алдын ойып отырып тазалап тастағанын қар көрпесінен білді. Ұлар қос жабықты көтере‚ маңдайша үстінен қолын сала тиекті ағытып үйге енгенде‚ төрдегі аю бөстекті жамбастай жатқан‚ құс жастықты шынтақтаған нағашысын шам жарығында бірден таныды. Сол-ақ екен‚ ортадағы мосы асылған ошақтың қоламтасындай белгісіз бір қызулы толқын бұла бойын қарып өтті... Көңілі де ойпыл-тойпыл боп‚ босап қоя берді. Тамағына өксік тірелді. Нағашысы Шадан да үнсіз. Жер жылыса да қозғалмастай жамбастаулы күйі. Ол да күтулі. Ұлар бірдеңе дейін десе‚ көз жасы‚ көкірек шері ақтарылып кеткелі тұрғандай. Ол да үнсіз. Үстіндегі боз қырау да‚ өсіп кеткен сақал-мұртындағы мұздақ та еріп кеткен. Екіталай уақыт өткен... Баяғы бір уақтай Шаған анасының алақаны салқын бет-әлпетін сыйпағандай болған. Шадан да жиенінің жайын айтпай-ақ ұқса керек‚ сыр берместен салқын қарсы алды. Ұлар жамылғысын жерге жеткізе кереге басына ілгеннен соң ғана екеуі төс қағысқан. Екеуі де көп тіл қатыспаған. Бәрі де белгілі еді... Шадан қаңырап жалғыз қалған қараша үйден‚ Ұлар үш орам қаралы байлау — ақтықтан ұққан. Себеп-салдарын сұраспады. Кейінгі күндерге қалдырысты. Семіз ор қоянның етінен жеңіл ауқаттанысымен‚ төсек салып‚ қатар қисая кетісті. Тыстан тап жатарда Сумылтық жануардың күмбірлей кісінеген үні естілген. Ұлар көпке дейін көз іліндіре алмай‚ ту сыртын нағашысына қаратқан күйі жатты да қойды. Сумылтық та қайтіп кісінемеді. Күңгейдегі ызғырық шыдатпаған-ау жануарды... Белуардан қар құрсап‚ қос қабат киіз тұтып тастаған қараша үй құрқылтайдың ұясындай жып-жылы. XІ Жан тартпайды‚ қан тартады екен... Шаданның бұған көзі әбден жетті. Ұлардай жиені әкесінен айнымай қалыпты. Сыртқы түр-тұлғасы ғана емес‚ тұйық мінезі мен тұйғын ілезі* де тартқан. Сүтпен сіңген‚ сүйекпен келген қағылез қимыл‚ қайтпас жүрек соның айғағындай. Алам дегенін алмай қоймайтын албырт тілек те тыным таптырмайтындай. Бірақ осы бір ойранды ой мен салқын сезімнің түп-тамырында жас аңшының өз басына қатерлі кектің жатқанын Шадан күн өткен сайын айқын сезінді. Басында Ұлардың ұйықтап жатқан аюды апанынан ағашпен түртіп шығарып‚ ашулы хайуанды селебемен сойып салып‚ соғып алғанын көргенде сүйсінсе‚ келер жолғы аңшылықта көзі қанталай ұмтылып‚ ажалға сескенбестен қарсы келуінен мұның өзі шошиын деді... Кіші Қаражалдың салмасының бұғағынан жазбай тапқан екеуі балапан самырсынды сыптап алып‚ қар басып жатқан үңгірдің апандай аузындағы оймақтай ғана ойыққа жүгіртті. Үңгірдің тап төбе тұсы тақиядай ойыла үңірейіп‚ ыстық дем үрген бу шығып жатқан. Осы аю лебі көтерілген ойылма жылымнан** үңги кірген самырсын сырғауыл аюдың тақ үстінен түссе керек. Терісін тесе ырғай айналдырғанынан шыдамаған мақұлық үңгір ішінде өкіріп– бақырып‚ іле қар қымтай сылап тастаған ауызды қолдарымен қопара‚ аласұра атып шықты.

Кәдімгі қоңыр аюдың өзі. Түбіттенген қалың түгі көз жауын ала құбылады. Ұйқыдан тұрса да бар әл-қуатын‚ күш-қимылын қолма-қол бойына жиып алған хайуан күмістей қарға көздері шағыла шырадай жанды. Ышқына кеп өкірді. Ашық күн көзімен тік тұрған толқындай қозғалып‚ жанды сәуле жүгірткен. Шадан да қанша жүректімін дегенмен‚ атқалақтай кеп аузына тығылды. Бір сәт бойы мұздады. Ұлар болса, ақыра ұмтылды... Сол сәт Шаданның тәні шымырлап‚ жаны кеудесінде қояндай тыпырлаған. Бұл бір көп жылдан бері көрмеген сұмдық үрейлі көрініс еді. Баяғыда Баршынбек досы жаздың қоңыр кешінде осылай бір ұмтылғантын. Енді... ұлы.

*Ілезі – жылдам, шапшаң деген мағынада. **Жылым – үңгір аузын қар басқанда аю демімен тесілген, жылы леп шығып жататын ойық.

Қия беттің еңіс жағында нық басып‚ екі аяқтан тік тұрған семіз аюға секіре келіп‚ қарсы алдынан дік еткен аңшыны айлакер аң да шапалақпен салып қалды. Бірақ әккі аңшы тік түскен жерінде тізерлей отырып қалса керек‚ аюдың қолы ауаны қармады. Аңшы сол еңкейе тізелеген күйі бауырды жанай‚ бүктетіле бір бүйірге сырғып кеткен. Қорбаңбай да жауына келгенде жай отындай жылдам қимылын танытты. Ұлардың арқасындағы аю жамылғыны жауырын тұстан ілді. Алқымнан іле салған жеңіл тиек ағытылып‚ тері жамылғы он саусақтың тырнағында жұмарланып қала берді. Осының бәрі қас пен көздің арасында өте шықты. Шадан шамырқанып та үлгермеді. Қыс көзі қырауда аю алған аңшы жалғыз Ұлар ғана емес‚ Шаданның өзі де Алтайдың арғы бетінде алып көрген. Бірақ бұлай емес‚ жалғыз да емес... Үш-төрт жан боп жүріп‚ жарақтанып алып тиісетін. Қалмақтар білегі мен қарына‚ денесіне жеңіл жібек арқанды орап алып‚ сосын ғана қарымды пышақпен қарсы тұратын. Аюмен ұстаса тұрып‚ жұқа қолтық астынан бойлата ұратын. Ұларша басты өлімге тіге бауыр мен шапқа еңкеймейді. Ал қыста тіпті басқаша... Келер жолы да жиенінің кесімді қимылы айнымай қайталанды. Тағы бір тағы мезгілсіз өлім құшқан. Осы жолы жиенінің жүзінен аңшылықты қанды кек қайыруға‚ жүректегі шерді қанмен жууға айналдырып‚ қатерлі жолға айықпастай түсіп алғанын таныды. Қой көздері қоңырды көргенде момақан күйінен арылып‚ шыныдай шатынап шыға келеді. Қоңырқай өңі аршаның күліндей қуарып‚ еріндері кек өңезденіп кеткенінен-ақ шошисың!.. Анасы Шағанның ізтүзсіз үйден жоғалғаны‚ әкесі Баршынбектің түзден оралмағаны — жалын жүрек жігіттің бойындағы бар зұлым сезімдерін сілкіп‚ бар бүлкілдеген тамырындағы қызыл қанын қайырымсыздыққа суғарып‚ сабырлы санасын суынтқан секілді... Ажалмен аяусыз ойнауға көшкен. Жүрек жібімес‚ сезім селт етпес күйге еніп алыпты. Оған дүние қызуы қайтқандай‚ қызығы тарқағандай қазір. Бәрі де тәрк! Өлімнен қорықпайды‚ қайта ажалдың өзі аңшыны айналып өтетіндей. Айналып өтіп те жүр. Ажал әлде сескенеді‚ әлде ажал да адам таңдайды... Әйтпесе панасы – салқын тау‚ серігі — сері аң боп жүрген иендегі сұраусыз жанды‚ сауғасыз пендені ала салар еді ғой. Әлі күнге дәм-тұзын тауысқан жоқ. Еркіне қойған. Қуатын құйған. Бірақ ажалдың айналсоқтағаны — қатер. Жанға қатер. Ол да ебін келтіреді. Аңшыны алыстатқан абзал. Оған дәп қазір көне қояр ол емес. Қауіп пенен қатерді сезіндіру қажет. Сонда ғана жаралы жыртқыштай жанталас жан күйінен арылады. Шадан‚ әрине‚ Долай бақсы емес‚ сезіміне үрей ұялатып‚ көзіне қос көрсететін. Десе де аңшылық құрудың өзімен сескенткен жөн. Сол ғана оның мазасыз бұлқынған жаралы жанына әсер ете алады. Қанды кекті қайрай отырып қайырған абзал. Ол да алмас тектес: қара тасқа қайрылмас‚ жұмсақ былғарыға жанылмас. Қарпуын шар қайрақ қана қайырар. Аластап айырар. Нағашысы Шадан аңшы өзін осындай ойларға сендірді. Аю аулаудың көне әдісіне көшкенді жөн көрген. Қалмақтардың өзі Алтай мен Сауырда‚ Тарбығатай мен Ерен Қабырғада ілуде бір қолданатын ежелгі аңшылық... Қауіпсіз де емес. Екінің бірі бара бермейтін тағы тәсіл. Көпшілікке қол емес бірақ. Кіші Қаражалдың құлаған салмасына қонып‚ аюдың тіске қатты майлы етін жеп‚ күнмен бірге көтерілген қос аңшы Үлкен Қаражалдың теріскейіне түсіп‚ түре көтерілген. Кеудеден көмген қар үстінде жыныс жылғалардың қарағайы селдір жондарын жебелей жүрген. Кезіккен аң-құстың ізін шалмаған. Жыммен жүгірген қояндардай қуалай қозғалған. Күн шағырмақ. Қар қалың. Түн ғана тым мұздақ. Бірақ аю терісімен сыртын қымтап‚ бес-алты сырықтың басын қосып тіккен қалмақы қос от жаққаннан‚ қар қымтағаннан екеуін де қыж-қыж қайнатып шыққан. Қазір де бусанып келеді. Екі қоңыр аюдың да терілері жүк болды. Ұлар тастамақ еді‚ нағашысы болмай алдырды. Сегіз бүктеліп‚ аяздан серейіп қатып қалған терілер иықты қажап‚ жауырынды жаниды.

Күр-күр ете күркіреген Күршім өзені Үлкен Қаражалдың ұзына бойын ала теріскей етегімен екпіндеп жатыр. Еміс-еміс тау өзенінің сарылы естіледі. Желтоқсан келмей мұз қатпайтын қатулы өзен үні құмыға қоймас. Көк сауырланған Жайдақ пен асқақтаған Құзғынды құздары да сіліңгір аспан астында алыстан ай мүйіздене қалыпты. Құзғындының барыс пен таутеке ғана мекендейтін қос қыртыс шың-құздары Ұларға бала күнінен таныс. Маралды мен Жайдақтың жауырындай жазық‚ шыбынсыз салқын жондары да етене жақын. «Өтей жәйлауы» атанатын Жайдақтың сала-саласында марал мен бұғы төрт түлік малмен өріп жүреді. Ол өңірде де аю атаулы молшылық. Аңшылар да баршылық. Қайран Алтай – Ана Алтай – Хан Алтай алыптығына сай ғой. Бай ғой. Бағзы замандардан бабалары өрбіген абат ана ғой... Ұлардың да ендігі жалғыз анасы — Алтай. Алтайда туды‚ Алтайда өледі. Лайым‚ Ана Алтайдың топырағы тартсын тәнін! Әкесі айтушы еді‚ қазір қойнау-қолтығын кең жайлап жатқан қазақ атаулы Ана Алтайынан түп қотарыла талай ауса керек. Бірақ бәрібір қыл шашақты байрақ тіккен‚ шабақты қара шаңырақ көтерген киелі мекені – Хан Алтайына оралып отырыпты. Тіпті киіз туырлықты қалың қалмақпен де Қаба мен Құба* бойында қатар көшіп-қонып‚ қалың берісіп‚ құдандалы өмір сүріпті. Кейін келе туыс екі елдің арасына су жүгіріп‚ ірге іріп‚ туырлық туралып‚ жебе ұшып‚ берен сөгіліпті. Жаугершіл құба қалмақ қара қазақты Алтайдың арғы-бергі беті мен Сауыр-Сайқаннан‚ Тарбығатай мен Ерен Қабырғадан түріп шығыпты. Ұлы босқын заман туыпты... Екі ел бүлініп‚ ер өліп‚ ез егіліпті. Таудан түскен тасқындай‚ қиядан түскен көшкіндей қиын кезең келіпті. Ақыры Арқаға азынай ауған қазақ қайта күш алыпты. Қалмақтың қазаққа жасаған қаралы күнін өз басына келтіріпті. Қайран қалмақ — жаужүрек жұрт жер болыпты... Қазақтан қашқан ер елді ар жағынан қарақұртша қаптаған қара қытай қоянша қырыпты. Құба қыр мен құла түзді сағымдай жортқан жұрт біржола харап болыпты. Қазақтай киіз туырлықпен көшіп жүрген соншама мол жұрттың опат болғаны қасіретті. Көзге жас‚ көңілге шер құяды. Несіне ғана жауласты екен? Жер жететін еді ғой... Алтайдың ой-қырының өзі-ақ тақияларына тар келмес еді. Ол уақта бұл алып өлкеде қалмақ пен қазақтан басқа жұрт та болмапты. Енді ғой кержақ пен қытай дегендер Алтайдың түстігі мен терістігінен өрлеп келе жатқаны... Қалмақ атаулы жоққа тән‚ қазақ атаулы бар болса да бұғыңқы. Мойын ішіне алған момын. Сол бір сұм заманнан қалған белгі — қашағасы сүйекті‚ қызыл долана ағашы иіле‚ жүрекшелене құрастырылған кісі бойы құранды жақ қана. Жебесіз жақ... Ол да енді қуарып‚ қурап‚ бұланның тарамысынан тартқан адырнасы да босап‚ әжетке жарамай қалған. Мұның Аршалы атасының алдындағы бабаларынан жеткен сый. Аршалы атасы ғана тиін тартса керек‚ Баршынбей әкесі ұстаған емес. Босаға жақта сүйеулі тұрады... Мерген тегінен хабар берерлік дүниедей. Шаппасы шынтақпалы бесатар кержақ-орыстардан келгелі жақ жайына қалған ғой. Шабан‚ шардақ қаруды қайтсін! Бүктемесіз бесатар Жайсаң көлдің маңындағы татырлар мен тақырларда үйір-үйірімен жүретін ақтангер құландарды да жусатып салды ғой. Осы өңірге кержақтардың қаруы кезенгелі қайран құлан құрыды. Ертіс бойлаған‚ балық көздеген кержақтар иен-тегін құлан етіне қарық болған. Жазықсыз жануарларға Боранның боз шиі де‚ Тақырдың қалың қамысы да қорған бола алмапты. Әкесі ел мен жер таныстыра ертіп жүргенде, жетесіне жетсін дегендей әңгіме қылатын... Олар — нағашылы-жиенді екеуі теріскейді тінткілей тәуір жүріп қалды. Аю апанын кезіктіре қоймады білем‚ терең жылғаны күңгейлей берді. Аязды күн де өрлеген. Шадан мен Ұлар қалталарындағы құртты талғажу көріп‚ түстенбестен жол тартты. Шағаладай аппақ құрт та қалмақтың қара бас қойының іркітінен алынған еді. Шаданмен келген тұғын. Майымен алынып қайнатылған құрт қарын аштырар‚ жүрек саздырар емес. Майқапшағайдағы Мықия кемпірдің құртындай қышқыл да дәмді. Қабырғаға қиялай өскен жіптіктей бал қарағайларды бойлай көтеріліп келе жатқан Шадан мен Ұлар қар қанша көмсе де‚ бойын ала алмаған атан ұшқаттың бір бүйірінен селдірей ұшқан жылы лепті байқап қалды. Алдын ала келісіммен аюды бұл жолы Шадан алуға тиіс... Ұлар араласпайды. Қалың көк ұшқат көмкерген аюдың үңгірі аузының қары аз да болса отырыпты. Ауыздың төбе тұсындағы аңның демі шығып жатқан жылым айналасы мұздана қатып‚ жылы леп бусана көтеріледі. Нағашысы екеуі әжептәуір әуре-сарсаңға түсті. Алдымен жуан сандай бал қарағай мен қызыл қарағайлардың үшеуін нағашысының белінен түспейтін шағын‚ өткір балтасымен құлатты. Олардың етегін сымбалдап‚ кесілген түбін қададай үшкірлеп тастады. Нағашысының нұсқауымен екеулеп жүріп әлгі алып қадаларды апан аузына кескестей қадады. Үш бірдей бастары берік бұтақты сырғауылдар айқұш-ұйқыш күртік қарға кіре сұлай жатқан.

Бұл да аз дегендей‚ жіңішке балапандар мен кесілген бұтақтарды да үңгір аузын торлай‚ қара жерге жеткенше омбы қарды бойлата қадап-қадап тастады. Аюды дәл қазіргідей қара күз — қазанда бұлай аулау қатерлі-тін. Өйткені күртік әлі бос‚ қар жұқа. Ал жұқа қар қасаты апан аузын торлап жапқан дөңбектер мен бұтақтарды аю атып шықпақ болып қозғағанда‚ төтеп берсе — жақсы‚ қамсау бола алмай қақырап түспесе... Онда мылтық кезенуге, яки басқа айлаға дайын тұрмақ керек. Қайта биыл қар қалың. Қасат та бар. Шадан соған сенген. Бұлардың абың-күбің ісінің дүрсіліне маймақ ояна қойған жоқ. Ұйқысы қатты хайуан бар дүниені ұмытып‚ тұмсығы ғана шуылдап жатса керек. Аюдың лебі шығып жатқан жылымның маңын да балапан шыршалардың бұтақтан тазаланған сырғауылдарымен шегендеп тастады. Жылымның аядай аузы ғана қарлығаштың ұясындай ашық қалдырылды. Құрықтай ұзын‚ солқылдақ самырсын сырғауылмен сол жылымнан жүгіртіп‚ аюдың мазасын ала бастады. Маймақ та ұзаққа шыдамады‚ өкірген үні шықты. Алакөлеңкеде үңгір ішінде аласұрған хайуан апанның аузындағы қасат қарды қопармақ болған сияқты. Қысқа қолдары шабақтай салған жуанды-жіңішкелі сырғауыл арасынан сумаңдай көрінсе де‚ ашулы мақұлық басып жатқан мол ағашқа тисе қоймады. Тақ төбе жағынан жарық түсіріп тұрған жылымға ұмтылса керек. Алғашында қолы көрініп‚ тесік аузын кеңіткісі келген. Онысынан бірақ түк шықпады. Шегендеп тастаған жылым аузы былқ етпеді. Аю амалсыз жұмыр басын жарқ дүниеге шығарды. Оның ақырған қып-қызыл аузы мен ызғарлы қоңырқай көздері аңшылардың жанарымен түйіскен. Сол-ақ екен өз дәрменсіздігіне күйінген қоңыр аю ащы үн шығарған. Қып-қызыл көмейі үрлеген шоқтай боп көрінген. Ұлардың төбе-құйқасы шымырлады... Тоң жүріп үлгермей, қалың қар астында қалған қара жерді — апанның аузындағы желке тұсын тырнақтарымен астынан ызалана тырналап жатқанын сезген Шадан енді күтсе кеш боларын біліп‚ беліндегі селебесін суыра жеткен. Сай-сала‚ тау-тасты‚ қарлы орманды мүлгіген ұйқысынан оята ышқынған аюдың жылымнан шыққан жалғыз-жарым басына Шадан қона кетті... Әрі қарай қалмақ аңшысының қимылы шалт болды. Ақша қардың бетін қанға бояй бауыздап жіберді. Ұлардың бойына суық су құйып жібергендей мұздап кетті. Іле қарқылдаған үн естіледі... Шадан нағашысы қанын сорғалата басты кесіп алып‚ қолына көтере күліп тұр. Ұлардың тұла бойы түршігіп‚ шіміркеніп кетті. Ол сырт айналды. Құлағынан қарқылдаған масат үн кетпей қойды. Көз алдында бусанған бас... Атқақтаған қызыл қан... Қар беті қорқ-қорқ жұтып жатыр... Ұлар қарадай лоқсыды, бірақ құса алмады. Шадан болса — мұның ту сыртында әлі шаттанулы. Шыңылдаған құлағы оның даусын айыра алар емес. Шың-шың. Дың-дың. Даң-дұң. Ұлардың сансыраған санасын әлде аяныш‚ әлде жиреніш сезімі аралап өтті. Жиенінің көзі атыздай болып теріс айналғанынан өзінің өшікті ісінің соншалықты тұрпайы әсер еткенін сезді. Оған іштей разы да болды. Аюдың жүрегін қалмақ ыстықтай суырып алмады. Шикідей дәм татпады... Ұлар қарсы болды. Ұлы дене қол тимеген күйі апан ішінде қалды. Күн сары бесінге іліге аңшылар Үлкен Қаражалдың қараша үй тігілген тұсына да жеткен. Тік өрлеп жал үстіне шықса‚ күңгей бауырдағы киіз үй төбесінен түседі. Күңгейде Сумылтық та күтіп жүрген шығар... Ұлардың көңілі нағашысының аңшылығынан қатты суынған. Ештеңеге зауқы жоқ. Тезірек қайтқысы бар. Күн де кешкіріп қалды. Күн шыққалы тау кезген сапар да сабылтып‚ нағашысының аңшылық құруы да жүйкесін шаршатқан сыңайлы. Қас қылғандай бұлар тағы бір аюдың апанына кез болды. Шаданның аулау тәсіліне салса, күн кешкіріп‚ көз байланып кететін еді. Ал Ұлардың ұрымтал аңшылығына Шадан рұқсат етпеді. Ұлар да екі ойлытын: бағанағы көзі бақырайған‚ көмейі шоқтай қарынған қан-қан бастан ет жүрегі‚ ес-сезімі шайлығып қалғандай... Бүгінге дейін бұлқынған бұла жүрек те май ішкендей кілки қалған. Әйтеуір бір белгісіз сезім көңіл түкпірінен көтеріліп‚ алағызи береді. Әккі аңшы Шадан жас жиенінің кек қатқан жүрегіне үрей көлеңкесін түсіргенін түсінді. Енді Алтайда жалғыз қалдырмай‚ жаз шығып‚ ел келгенше күңгейге алып кетуге көндіре алатынына көзі жетті. Көзі жеткендіктен де қолтықтай жылым басынан бұрылды. Бастаудың көзіндей бусанған жылым қала берді. Ар жағынан аюдың қорқынышты қорылы да естіліп тұрды. Аңшылар сол қорылдан маймақтың аса зорларының бірі екендігін де шамалаған. Бұл кең шеңберлі жылым — Айқоңырдың жылымы еді...

XІІ Алақандарын ақжемдете жалап‚ саусақтарын сорып жатқан Айқоңыр баладай бұйыққан қалпы. Үңгір ішін алып кеткен аппақ бу арылмас күйге еніпті. Айқоңыр да ұлы қорылға басқан. Аузын күртік қымтап‚ ыстық дем тұмшалаған кең мекен. Үңгір аузының көк желкесін ала мұржадай дем үрлеген, көк сүңгі салбыраған жылым төңірегі ғана қоңыр салқын. Қара жердің көк иісімен бірге жамбасына жұмсақ тиген аршаның жұпары қосылып‚ оған аңның табиғи иісі араласып‚ бозборан бу ішінде күлімсі қоңыс жылым аузына қарай тарайды. Буға сіңген күйі сырттағы саф ауаға селдірей тарайды. Майға бөккен Айқоңыр қорылдаған күйі жабайы алмадай албырай түскен. Ішкі жан-дүниесі де жұмбақ та жұмақ жайда балбырап жатыр. Қабағын ұйқы басып‚ табиғи танымын түс шайған. Ол түс көруде... Түсі де өңі тектес. Ұлы ұйқыға дендеген сайын сырлы елеске елти берген. Беймарал күйге енген. Жер қара‚ күн жылыдағы тынымсыз тірліктен тәтті ұйқы құшағы құтқарған. Шала өлген тәні шамырқаныссыз шуаққа бөленген. Жаңа түскен күздей шыбын жаны сары шуаққа шомылып‚ жүргені әлде тұрғаны белгісіз күйде қорғалжындай қалқиды. Қорғасындай балқиды. Тұманытқан түс те өз ұйығына ұйыта тартқан. Қараңғы үңгір түбінде бұлаңытқан-қылаңытқан әлемге батқан. Сары кірекейдің бауырында жалғыз өзі аунап-қунап жатқан сияқты. Таңдайына балдай қою‚ балдырдай уыз дәм келеді. Өзегі майланып‚ жүрегі кілкиді. Жаны жәннатқа енгендей райыс күй кешеді. Ақ бу жайлаған үңгір табанында ыстық бауырға жанаса береді. Баяғы бір мамалақ күндері екен. Ол да ақпанның ақырған күндері еді... Айқоңыр өткен-кеткен күндерге елти түскен. Май табанын білеулей сорған. ...Анасынан айырылып‚ жалғыздықпен жансауғалаған аш-арық уақыт та сынаптай сырғиды. Аппақ түтіні ақ шаңқан отаулар алдындағы қазан-ошақтан көтерілген әсем ауыл. Тамыз орталаған‚ қарақат ағып жатқан уақ ұйқылы-ояу санасын саумалайды. Қонжық Айқоңыр домалана күйленіп‚ жамбастаған жеріне үйеленіп‚ мол жемістен жүрегі қарайған. Қарақат пен қызылқат қалыңынан шығып‚ жал-жал тау сағаларын жортып‚ ащы өзегін басар жем іздеген. Өрісте жүрген өңкиген сиырларға бата алмады. Шұнақ құлақ суырларды баспалады. Олар да бірақ алдырмады. Ыңқиттаған үнімен үрке қашып‚ қарыс-қадам жердегі індеріне қойып кетіскен. Ерте көктем емес‚ ін маңынан ұзамайды. Күйленіп қалған күшіктері де сақ. Амалсыз ауыл маңына‚ түтін иісі аңқыған жұртқа жақындаған. Жақындай келе шикіліпісілі ет иісін де айырды. Қалың қарағай саясын паналағаны бар болсын‚ әлде қандай төрт аяқтылар орман шетінен көрінген қонжықты байқап қалып, арсылдап қоя берді. Ит атаулыны сонда ғана көріп‚ төрт аяқтылардың екі аяқтылармен бірге тұрып жатқанына таң қалған. Тұла бойы жылан шағып алғандай шымырлады. Сол бір сұр бөрілерге ұқсайтын мына төрт аяқтылар да қарап тұрмады. Бұған қарай бес-алтауы арпылдай салды. Сары кірекейдей енесінің сұр бөрілерге көз алдында қасап болғанын бір мезгіл бағамдаған естияр қонжық қарағай ішіне зытқан. Дөңге қарай шиыр-шатпақ жалғыз аяқпен тоңқаңдай жүгірді. Ол барымен безілдей дөң төсіне ілінгенде‚ салпаң құлақ сары төбет те жетті. Тайыншадай төбеттен қорыққан қонжық тіп-тіке жуан қарағайға шығып кетті. Осы кезде құлақтары тік тұрмаған‚ салпаң-салпаң қаққан иттер де келіп үлгерді. Бәрі де қарағай басына шығып кеткен Айқоңырға тістерін қайрап‚ жалпылдай кеп үрген. Кей біреуі тамырлары шорланған жуан қарағай түбін тырналады. Одан да түк шықпасын сезді ме‚ арсылдапарпылдап қана доңайбат танытты. Айқоңыр төмендегі төрт аяқтылардың іс-әрекетін бақылап‚ мазақтай үн шығарды... Иттер өршелене үрген. Кешікпей екі аяқтылардың бала-шағалары да келді. Олар ат қып мініп келген ұзын шыбық-талдарымен төменде отырған мұны шықпырта бастады. Айқоңыр өрмелей жоғары қашқан. Ересектеулері оған да қойғысы келмеді. Олар да өрлей көтеріліп‚ бұтақтарға қуа отырып‚ айғайлай сабап түсіргісі келген. Айқоңыр да қулыққа көшті. Шыбыртқыларды шап беріп ұстап‚ тартып алып‚ жерге қарай лақтырды. Мұндайды күтпеген балалар да аңырыса қалып‚ қайта шуласты. Ит пен бала үнінен қарағайлы төбе азан-қазан шуға толды. Сол екі ортада екі аяқтылардың үлкендері де аттылы-жаяулы жеткен... Олар да бірбірімен мұны нұсқай ырғаса шуласып‚ ақыры бала-шағаларын‚ иттерін қуалай ертіп әкетті. Бұған тиген жоқ. Бәлкім‚ жазықсыз хайуанды аяды‚ бәлкім кірекейі бар деп сескенді... Өз демінің буалдыр буына бөккен Айқоңырды үзік-үзік үмітті-үмітсіз елестер иектей береді.

...Айнала сүттей шуаққа тұнған. Айқоңырдың қоңыр көздері алдында аппақ әлем толқып тұр. Сейілер емес. Алып Айқоңыр да өнбойын еріткен жұмбақ сезімнен сергір емес... Қайта сол бір жайлы сезім жанын баурап алған. Аюдың да бойы балқи берген. Тұла бойы тарамыстай таралып‚ тамыр-тамыры бүлкілдей соғып‚ қуат құйылған бір күй кернеді. Мамырда осындай қуат ғайыптан кеп құйылушы еді... Кірекей қуалайтын‚ оны сарыла іздейтін еді сол шақта. Талмастан құмардан шығушы еді-ау! Мына ақ шуақ та ағзаларындағы ашына сезімдерін оятып алған. Бой–бойы булыға бұлқынды. Тамыр-тамырын қуалаған қуат та ләззатшыл сезімдерін шабақтайды-ай кеп! Аппақ дүние арасынан әлде бір сұрғылт сұлба ерекше көзге шалынды. Суық сұлба... Ақ шуақ жанға рахат‚ тәнге қуат. Ал жансыз сұлба мұздай. Айқоңыр алақандарымен сыйпайды. Сап–салқын. Наурыздың қарындай жұқа табанын ызғар қариды. Ерте көктемде наурыз қары осылай зар қақсатушы еді. Тұла бойы шіміркене тоңып‚ іле-шала қайта қызынушы еді. Бұл жолы да солай болды. Әлгіндегі суық сұлба қарып алысымен‚ ысынған тәні салқындап‚ сұлбаны саралады. Сұлба — сұлба емес — адам тәні. Әйел тәні екен. Марқакөлдің шағаласындай аппақ‚ құс жұмыртқасындай сүйкімді. Алқынған жүректі басар‚ лыпылдаған қан тамырын тітіретер тән... Айқоңыр бәрін де бағамдаған. Баяғы Атқыбұлақ басында жолығысқан жан ғой... Сол бір сұлу тән. Аю алдында аяқ астынан әспет әлем пайда болған. Тек‚ тым ызғарлы. Айқоңыр өз-өзіне енді келген. Әйел тәні әлі де өзіне тарта түседі. Ақ шуақ та сейілгендей. Ақ тән айқындана түскен. Баяғы қара шаш жоқ. Күмістей аппақ жібек шаш желпиді. Айқоңырдың жүзін жанап-жалап өтеді. Аюдың қояншық сезімдері қайта селт ете қалады. Қызуы көтеріліп‚ жынды жаны қозады. Әйел тәнін жылытқысы келгендей бауырына тартады. Ол бірақ кеудесінен кері итеріп‚ қашқақтай құтылғысы келеді. Мұздай қолдарынан ұстап алған Айқоңыр айырылар емес. Кенет әйел сұлбасы сытылып‚ сусып жүре берді. Аппақ ақша әлем қайта басты... Ақ сұлба буға айналғандай ауаға сіңді. Айқоңыр айырылып қалды. Сұлба сусып кетті... Кең танауынан будақтаған бу жылытқан үңгірде‚ қамсыз өлі төсегінде жатқан Айқоңыр қозғалар емес. Быртық саусақтарын көмейіне қарай жіберіп‚ талмай сорады. Ақжем алақан да қызыл тіліне майша жағады. Қысқы ұйқы көк желкесінен басады. Жылым түбі — жылымық.

XІІІ Қазанның ақыры‚ өліараның басында Шадан жиенін ертіп‚ Өр Алтайдың арғы беті — күнгейіне қарай ат басын бұрған. Сумылтыққа мінгескен екеу Тымбайдың биігімен тартты. Қырқа жал-жондарда қар жұқа‚ ат тізесінен‚ кейде тұсардан ғана түскен. Ебінің желі де алып кетіп‚ күңгейлерді қарайтып тастапты. Сумылтыққа да жеңіл. Қос Қаражалдың арасындағы алқымды арнада жетімсіреп қараша үй қалды. Қар тұтқындаған тау арасында түңлігі жабылып‚ есігі жабуланып жығусыз қалды... Қаражалдың қарағайлы жалы көз ұшынан жасырынған сәтте Ұлардың көзіне жас келді. Ер үстінде жауырынын беріп отырған, бұлғын терісінен тігілген үшкіл тымақты қалмақ нағашысы мұның көз жасын көре алмайтынына қуанған. Өткенде әкесінің нағашысы қаратайлар мекені — Қатон Қарағайдың тұсынан шаңғымен тура асып келіпті. Құзғынды мен Жайдақтың қимасынан қиялай түсіп‚ Күршімнің басын кесіп өтіпті. Ендігі салт атты жол Алқабек арқылы түскелі тұр. Алтайдың асулары жабық. Салт атқа жол жоқ. Қалың омбы мен қатерлі көшкін кескестеулі. Жаужүрек жалғыз жиенін кеше түнде ежелгі қалмақ аңшылық ғұрпымен жүрген ауыр жолдан оралысымен‚ өзімен бірге кетуге әрең көндірген... Көнбес те еді‚ Қобының құмынан түйекиік‚ кісікиік‚ теңбіл тағы аулаймыз деп еліктіріп‚ көк шыға қайта ораласың деп сенімін орнықтырды. Алтайдың Сарықұмға әукелейтін сілемі — Қобда арқылы құлан аулауға‚ Қобының күңгейінен де теңбіл тағы мен ақтангер құлан‚ Сайырдың сиыр бүйректі сұр жоталарынан жылқыға шабар алалы тарпаңға да тор құратынын айтты. Осы астарындағы Сумылтық та сол Сайыр тарпаңы мен жылқының арасынан шыққан будан. Тарпаңдай тұрқы ұзын‚ тұяғы сом‚ бойы зор. Қыста қар теуіп‚ жазда шөл кезіп күн кешетін жануар ғой. Бөріге алдырмас тарпаң тұқымы‚ тобығы теріс біткен дейтіннің өзі... Тазы шалыс жүйріктей тынысы кең‚ сіңірі сірлеу. Шауып-шауып келіп, шөл қандыра су ішсе де құлан‚ тағы‚ тарпаң тегіндей тышқаншық* болмайтын жабайы‚ далалық сой. Ұлар жиенінің он төрт-он бес жасында‚ Баршынбек құрдасымен еріп келгенде Шаданның өзі бәсіре етіп еді. Құбақан құлынды аз-ақ күнде бастықтырып еді Ұлар. Тарпаңның тұқымы Алтайдың басында жалғыз жүрсе де, жалғызсырай қоятын емес. Жабайы

жылқының қаны ғой‚ тек... шабысар байталының жоқтығы ғана жануарға бататындай. Жаз жәйлауға ел шыққанда үйірге түсіп‚ түгі түлеп қалар. Қан қызуын‚ сезім шарпуын сол уақта қайырар. Таудың тапал жылқылары мен даланың тұрықты тарпаңдары қосылса‚ қандай будандар дүниеге келер еді‚ шіркін! Баяғы көшпелі қазақ-қалмақ бабалары сахараны сары сағымдай сапырып‚ бөрте бөрідей жортқанда, Сумылтықтай тарпаң тұқымдарымен күн түбіне озып‚ ай бетіне шыққан-ақ шығар. Сарықұмдай еспелі‚ сағымдай көшпелі ұлы қыр‚ ұлан далада жылқы атаулының түбі саналатын құлан‚ тағы‚ тарпаң да бұл күнде сиреген. Мұңғылдың қыр жоны мен Жоңғардың даласын‚ Жайсаң көлінің маңы мен Арқаның сары даласын мекендеген ақтангер, құбақан құлан‚ Сарықұм мен Қобыны‚ Тағылы Мекен* мен Ақ құмды кезген теңбіл-шұбар жирен тағы‚ Тарбығатайдың тақыр төбелері мен Сауыр-Сайырдың тасты‚ селеулі сұр тауларын үйірлеген торы тарпаң жоққа тән... Олар да күн ауған сайын сұйылып барады. Баяғы бір бабалары билеген бұла заманындай желдей жайылып‚ жондай желіп‚ үйірге таласып‚ тұяқпен шабысып-тебісіп‚ тіспен қағысып-қасысып қатар жусап жүрмейді. Жабайы жылқылар ішіндегі үйірсегі — тарпаңды да адамдар күздік соғымға қырып салудан селдіреп қалды. Кейінгі кезде жылқыға жоламайды. Үйірлері де таудағы малшыжалшының мылтығы үнінен шошып‚ саяқсып кеткен. Бұл күнде аңшылар іздеп жүріп атып алады. Оқта-текте ғана тарпаңның саяқ айғырлары қаңғып келетіні бар... Өрістегі жылқыға қасқыр тигендей шырқ үйіруші еді. Ал құландар мен тағылар мүлде жақындауды қойған. Адамды көрген жерден көлденеңдей шауып жөнеледі. Қырда құлан‚ татырда тағы тұрақтамайтын күн туған уақ қой бұл... Шадан шоқтықты Сумылтыққа қарап өзінше осындай бір ой топшылаған. Бүгін кеш Бөкенбайдың басындағы қожамбет ауылдарына қонаға жетуге бел буған аңшылар Алтайды етектеген жондарды көбелей жортып келеді. Күн де қызыл шұнақ ызғырығын үріп‚ қар жамылған жер бетін суық сәулесімен жалап тұр. Аңшылардың қасқабағы‚ мұрттарына мұз қатып, тымақтарының да түсірген құлағының түгін қырау борлап тастаған. Сумылтық та суырылып келеді.

*Тышқаншық – жылқының ауруы.
** Тағылы Мекен – Такламакан шөлі.

*** Ақ қабақ күн аспан төріне ілінді. Өліара өшіп‚ қараша келді. Қазан құлаған. Шығыс бет шұғылаға шомылып‚ түстік түнемелге тарынып‚ теріскей түгі жығылып‚ батыс бұлыңғыр тартқан қара күз еді. Буаз күн астында қар қымтанған Алтай мен Сауыр‚ Сайқан мен Сайыр‚ Тарбағатай мен Ерен Қабырға‚ Алай мен Қобда аппақ шудадай айрандана сұлайды. Ұлы Алтайдың түстігін ала іркес-тіркес созылған жоталы дала мен Қобының өң-түссіз сұп-сұр құмы қылаңытады. Қара жел көтергеннен бұта басына ілініп қалған ешкінің түбітіндей шұп-шұбар. Ұлы Жоңғар жазығы да теміреткедей тарғыл-тарғыл. Қазан мен қараша алмасып‚ кәрі қатындай қабақ шытысып тұрған Шығыс Түркістан күзі. Қара күзі. Қыс қыр астында‚ тау басында... Бірақ қырдың күзі мен қысы бірдей. Күз келді — қыс түсті. Жазы ащы‚ қысы қатты. Қара күзден гөрі қысы жайлы. Мал-жан қыстауында‚ аң-құс қыстағында. Күзекте қарға ұрынып‚ қопаңдап отырмайды адамдар да... Ойпаңдағы қалың шилеуітті‚ құм ішіндегі күрлеуітті паналап‚ былқ етпей қыстайды. Жалама-жалтаң жүзі иен. Қызыл ызғырық пен құйынды боран ғана билейді. Еркін иелейді. Сақарада сайранын ел-сел жел ғана салады. Суырып кеп соғады. Шыңдары шұғыла жұтқан биік құздар алқымы астындағы құла түзге куәгер таулар да тұманытып қалатыны бар. Сол шақта олар да ой-қырды шола алмай қор болады. Асқақ Алтай да іштен тынады. Шығысы мұңғылмен тұтасқан‚ терістігі кержақ-орыс‚ алтайлықтармен ұштасқан‚ түстігі қазақ‚ қалмақ‚ қытаймен ұстасқан‚ батысы қалың қазақпен қоныстасқан ұлы тау көк тұманның басуынан сескенетіндей. Қалың түскен тұманнан төңірегін шола алмай‚ алысқа шынарлы шың-құзын сала алмай қалатыны айдан анық. Тұман ішінде иіні түсіп‚ иығы басылып‚ алып тұлғасының әр жері ғана андағайлайды. Демі үзіліп таусылған ұлы мәйіттей қимыл-қозғалыссыз жатады да қояды. Тұман сейіле аруақтай арыс тұлғасы меңіреу күйде мелшиеді. Тыныс-тіршілігі таусылған тәндей көгере мұнартып жатқаны. Салқын күн ғана тақ төбесінен төне суық жымияды. Салқын сәулесі тән қариды. Қарлы таулар да‚ құлазыған қу медиен қырлар да суық күннің бауырында демін ішіне тартып‚ бейбіт кепте безереді. Әсілі‚ ақ қарын алақаншықты жел айдаған жаһан дала‚ ұлы қыр‚ ұлан жазық алабажақ күйде кепкен мүйіздей семеді. Ұлы Қобы мен Кіші Қобы құмы‚ Тарым мен Тағылы Мекен шегедей қатып‚ қиыршық атаулысы шегенделіп қалады. Жазда қоламтадай қызар‚ қыста темірдей ызғар шашар шөлдер де тәндері талықсып тынады.

Жер-Ананың осынадай талмаусыраған тәніне жан кіргізетін де‚ тазартып жуатын да көктемдегі қар суы... Көктен себездейтін ұлы шуақ. Оған бірақ ерте. Тым-тым ұзақ. Талқының төбесіндегі сұлу Сайрам көлі де‚ Алтайдың аясындағы алқадай Марқакөлі де‚ Қобда Алтайының көз жасындай Буыршын көлі де, Сауырдың салқам Үліңгір көлі де‚ Тұзкөл мен Баркөл де‚ Көккөл мен Нұркөл де көкқаяз мұз астында булығып‚ бауырынан жарап‚ ішінен тынып жатыр. Басқа амалы да жоқ. Аяз қарыған ақ сәуле сүймен сынар жүзін сыйпайды. Ол да өлді деуге қимайды. Күршім мен Қалжыр‚ Қыран мен Қаба‚ Бал Ертіс пен Буыршын өзендері де өлекшіндей ішін тартқан шақ. Тау мен дала‚ қыр мен ой шуламайтын‚ шөл мен көл туламайтын‚ шулықпайтын қыс қой. Олар өлген. Қыс та кебінімен көмген. Ақ қабақ күн де салқын көктен сынық жүз салады.

ҮШІНШІ БӨЛІМ ТҮЛЕЙДЕГІ ТҮЛЕУ І Алқабек-Білезікке ара түнеп Сайырдағы күзеуге жеткенде‚ қар қылтадан жауып тастапты. Шадан нағашысының ауылы да бүгін-ертең келіп қалар деген үмітпен екі көздері төрт болып‚ құм арасындағы қыстауға көшуге жиынып-терініп‚ буынып-түйініп отырған күйде қарсы алды. Ауыл іргесіне тақар-тақамаста аң пұшпақ тымақты‚ қозы тері шапанды алты бірдей қара домалақ бала бұларға қарай иттермен жарыса жүгірді дейсің. Бәрі де қиғаш қас‚ қысық көз‚ қоңыр жүз. Қайсысының ұл‚ қайсысының қыз бала екені айырғысыз көрінген Ұларға. Алды он екі-он үшке келіп қалған‚ арты бес-алты жас шамасында. Жаяу келе жатқан әкесіне жарыса жеткен тентектер қаумалап-қоршап мойындарына асылды. Он шақты киіз үйдің шет жағын ала‚ кең қолтықтың күңгей бетіндегі дөңеске тігілген алты қанат ала үйдің жел жағынан жақындай бере жеткен баланы нағашысы құшырлана иіскеп‚ мауқын баса алмай айналсоқтай тоқтап‚ ақыры Ұлардың алдына отырғызды. «Кішкентай Шаған» деп таныстырды. Қамкөңіл Ұлардың жүрегі шымыр ете түсті... Кішкентай Шаған — Шадан нағашысының жалғыз қызы — жиен ағасын жатырқамады да. Сумылтықтың тізгініне таласты... Ұлар тымағының төбесінде үкісі бар Шағанның қолын қақпады. Бес-алтыға жетер-жетпес қалмақ қызының аяздан домбыққан жалаңаш қолдары қайыс тізгінімен ат басын қақпайлаған. Бір қолымен қалмақы ердің қасынан ұстаған. Бұлар алдымен әкесінің ала отауындағы немерелерін бауырына басып отырған Шадан шешесі Сауанның алдына келген. Алпысты алқымдаған қараторы‚ қайратты ана есік алдынан қарсылап‚ жиенінің маңдайынан сүйген. Қолма-қол ауыл азаматының бірінен тыстан қалмақтың атақты қара бас қойын алдырып‚ Сауан кемпір көкке қолын жая «Көк Теңгір!..»* деп отқа май құйды‚ қазақ жиеніне мал шалдырды. Ауыл-аймақ жиылғанша Шадан Ұларды жеңгесі Жағат отауына кіргізіп‚ дәм татырып шығарды. Қонақасыға кештетіп келді. Бұрғы Марғалдай әкесінен қалған дәстүрше‚ ағайын-туыс алдылары‚ ауыл үлкендері жыйылып‚ бұларды күтіп отыр екен. Ұларды ақсақалдар ортасына — төрге оздырды. Қара бас ісектің басынан ауыз тигізді. Бұл қалмақша білмейтіндіктен‚ қазақпен аралас-құралас отырған ауыл ғой‚ қазақша тіл қатысып‚ көңіл айтты... Сауан ана көзіне жас алды. Қайың астаудағы мол етті тауыса, қоңыр салқын шаңырақтан түн ортасы ауа тарқасты. Ұлар осы үлкен үйде қонды. Бес бірдей Шадан қара домалақтарының бір шетінде Сауан кемпір‚ бір шетінде Ұлар жатты. Кішкентай Шаған ғана әкесі мен шешесінің қойнында қалған. Таң сыз бере ауыл тегіс оянды. Халха** жақтағы Қобда үстінен сары жалқын күн шашырай көтерілген сәтте ауыл тегіс күлікке қонды. Жиырма шақты түйеге жүк артқан көш қозғалып кетті. Көш қозғалмай жатып алдын ала айдалған ұсақ мал жорғалап-ақ жер өндіріп тастапты. Жылқыны да жондата салған. Сирақты жануар сілтеп алға озды. Бұл маңдағы қазақ ауылдары баяғыда-ақ із суытыпты. Олар да Көктоғай‚ Сарытоғай маңындағы ықтасынды жазаңдарға‚ Қобы құмының шетіне көшіп кеткен. Қобының тастай қатқан қалың құмы ішіне ішкерлей енетін‚ емін-еркін жайлай қыстайтын тек Шадан сияқты қалмақ ауылдары. Жасырын су көздерін де‚ сусыз жерде қалай күн кешуді де қалмақтардан артық бұл өңірде ешкім де білмейді. Ал қалмақтардың жөні бөлек... Қырбақ қармен құм ішін қосаяқша кезе көшіп-қонып жүргені. Ақтылы қой‚ алалы жылқы түздің теңбіл тағысы мен құба түйекиігімен қоңсы қыстап шығады.

Тағы мен түйекиік аулайтын Шадандай аңшылары адам тектес кісікиікпен де жолығысып қалады екен. Бағзы бір жылдарда Баршынбек әкесі жыр қып айтқан. Кісікиік туралы қилы әңгіме сонарын да сонда естіген... Есейе келе алып барамын деп жүріп‚ өзі де ізтүзсіз ғайып болды. Осы Қобының құмында дүниеге келген Шаған шешесі де әкесіне ерге шыққалы Алтайдың күңгейіне бір келе алмай дүниеден өтіпті. Отандай әке-шешесіне қайырылып бір соға алмай кетіпті. Үшеуі де тау басында тағы тірлік кешіпті. Қобы құмының кісікиігінен бұлардың айырмасы болмапты. Сумылтық үстіндегі Ұларды жабырқау сезім билеген. Шадан оны жайбарақат қозғалған көштен жалығып кетті деді ме‚ қырдағы шымқай құлақасқа‚ торы-төбел жылқы үйіріне қарай алып жөнелді. Жарау торы атқа мінген нағашысы соңынан тостағандай-тостағандай қатқақ мұз ұшыра шапты. Сумылтық жануар да қолтық жазғысы‚ сіңір созғысы келіп тықыршулы еді. Алтайдың теріскей бетіндегі Ақжалдың жазығында қасқыр қуғандай аршындай салды. Оқ бойы озып кеткен ұшпа торыны адыр асырмай тақымдай жеткен. Қырықтың бел ортасындағы қалмақ нағашысының да қаны қызып кетсе керек‚ ұшқыр торыға қамшыны көміп-көміп қалды. Бейшара жануар қара үзгісі келгендей ытырыла жөнелді. Нағашысының үшкіл қалмақы құндыз тымағының құлағы қалбаң қақты. Ұшарындағы бір уыс үкі қауырсыны да жантая бұлғаңдады.

*Көк Теңгір – Көк Тәңірісі.
**Халха – Монғолия бет.

Тарпаң шатыс Сумылтық та сағымдай сырғанай жөнелді. Қамшы салдырмайтын жануардың соңында күпсек бораған. Ұлар басындағы төрт сайлы найман түлкі тымағының құлағы күлапарасына жымқырылып‚ үстіндегі қасқыр ішігінің етегі қанаттай көтеріліп‚ иесі еңкейе жалға жатты. Елсіз-күнсіз Сайырдың селеулі қырлары қиялай қалып жатыр. Еті қызған жануарлар аққан жұлдыздай төрт тұяқты сермеген. Иелерін де елікпе сезім кернеген. Қандас нағашылыжиенді қазақ-қалмақ жарыса шапқан. Жасы да‚ жасамысы да‚ астарындағы күліктері де елігіп‚ еліріп алған. Тұяқ астында қу сүйектей тоң жер құйындай жүйткиді. Сұйқылтым құйрықты қуа борасын ұйтқиды. Қиналмай қуып жеткен Сумылтықтың тізгінін тартып‚ қарлыға бастаған торы атпен қатар шапқан Ұларға нағашысы басын жібер дегендей айғайлап-айғайлап қойды. Бірақ иесі жібере қоймады. Сөйткенше жіңішке өзекті бойлай қазылған терең жарға кеп қалған. Қызды-қызды қуғын шабыспен нағашысы да ұмытса керек. Екі жануар да ағынын баса алмаған күйде есте жоқ ескі замандарда аңшы бабалары құлан мен тағы‚ тарпаңға құрған ұлы аран — құрғақ арнаға қарғыды. Аран-арна салт сыпайларды ат-матымен опқан. Көк Тәңірісі мен Көк Теңгір Ұлар мен Шаданды қатерден қаққанда‚ алып аран түбі таза екен. Сумылтық төрт тағандай тасбақаша дік ете түскенде‚ тым созыла шапқан торы екпіндеген беті алдыңғы қос аяғы бүгіле‚ мойны астынан келе құлады. Қалмақ Шадан ер үстінен тымақша ұшып кетті. Енінің өзі он бес-жиырма құлаштан кем емес‚ биіктігі түйе бойлы ескі аран қаншама уақтан бері жаңбыр‚ қар суы шайып‚ жел құм-топырақ толтырса да, алып арна қауіп-қатерлі сұлбасынан арыла қоймаған екен... Бауырлата жел үрген мол күртік жазатайым бейнет пен қатерден аман алып қалды. Екі аунаған нағашысы да‚ омақасқан торы да дырдай боп атып тұрды. Тек‚ торы аяғын сылтып қалды. Шадан атып тұрысымен атына ұмтылған. Ол қарадай шошынып қалқиған жиеніне қараған да жоқ. Торының жығылған жерінен жентектелген қарды алып‚ үркектей шошынған атының басынан сауырына дейін‚ омырауынан бауырына дейін ұшықтады. Қамшылар-мінер жағынан‚ алды-артынан шығып‚ Көк Теңгірін айта жүріп‚ қара жерге қолын тигізе медет етті. Қисайған ерін түзеп‚ айылдарын тартып‚ құйысқан-өмілдірігінің үзілген-үзілмегенін көрді. Сумылтық құлағын қайшылай оқыранған. Сонда ғана жиені еске түскендей нағашысы қадала қарап‚ ізінше қарқылдап кеп күлді... Ұлар бірақ түкке де түсінген жоқ. Ол да риясыз күліп алды. Олар бүйендей бүйірлей созылған алып аранды қуалай өрледі. Ішектей шұбалған шақырымдық арнаның су орып құлаған қабағынан қарсы бетке көтерілді. Бұл жолы екеуі де бүйрек қозғар бүлкекке басты. Белеңнен қаптай өрген жылқылар қарасы да көрінген.

ІІ Шемендей шермиген құм жондары шегедей қатып жатқан иенге дендеген сайын жылымық білінді. Көш те күн құрғатпай аял құрған. Қалың қоянсүйек пен итсигек‚ жыңғыл мен жамбыл‚ тораңғыл мен түбішек емініп-ақ тұр. Қуаң даланың жүзіндей жалтаң‚

ықтасынсыз ызғырықты емес‚ қобы-қобы құм арасы ойпаң‚ кебір. Жатаған жыңғыл‚ бойшаң тораңғыл түбіттей тұтасып‚ шоқ-шоқ өскен зор жиде мен түйенің сіңіріндей тарбиған алапат жуан сексеуіл алып жатыр. Бауырында қоңыр күздің жылы жаңбырымен қаулаған сары құрақ. Құм құрағы. Тіс айырмай‚ тіл үйірмей жатып жайылатын малдың нәрлі азығы. Төбе-төбе құм төскейлерінен жер шолсаң — алашабырлана еріген құмның ашылған күңгейлері күнге иіп‚ теріскей жал бауырлары мен жазаң жазықтарына қара дүзген мен боз қараған ұйысқан‚ кей тұста бірен-саран мәжүн тал бой көтерген керімсал өлке көлбейді. Ұшы-қиырсыз созылған шұбар. Күршім мен Бөкенбайдың қабат-қабат қарағанды шұбарларына да келіңкірейді. Айырмасы — қыр емес‚ құм. Тау емес — төбе. Аспан да ашық‚ кең‚ биік. Ауа да суық‚ тымық. Көкірек қаппайды. Бой сергітеді. Тау төсіндегідей тән тітіретпейді. Ұлы құм ішінде жанға жайлы бір кеңдік бар. Ұлар мұндай сезімді бұрын-соңды басынан өткерген емес. Қайта Алтайдай тау басында кеңдіктен гөрі өрлік басым екен... Тауда туып‚ тау паналаған жанға бұйрат-бұйрат бұйырғынды құм тудырған сезім бұрыннан жат емес-ті‚ сондықтан таңырқаса да баяғы бір бабаларындай сабырлы ой‚ салқам сезімге бой алдырып ғана тұрды. Мұның бағзы дүмді аталары‚ текті аналары да құмды қыстап‚ қырды қоныстап күні өткен. Тау басын шіліңгір жазда жайлапты. Өз анасы Шаған да осы Қобының құмында туған. Қарашаның айлы жарық түнінде дүниеге келіпті. Жасынан бархан-барханның арасында күнмен тұрып‚ аймен жатқан қалмақ қызы. Қырда да‚ құмда да жусаған жылқымен түнеп‚ өрген қоймен бел тындырған. Ер көңілді‚ өр мінезді. Жаны мәрт‚ сөзге серт Баршынбек әкесімен де бауыр басысқаны‚ бой түзескені содан болар. Бұның ата жұрты да‚ ана жұрты да қойындасқан киіз туырлықтылар... Бұған біткен бар білік әкесінен де‚ шешесінен де дарыған ғой. Бірақ сол тек-тағайы мәңгілікке ұрпақтан-ұрпаққа‚ сүйектен-сүйекке жалғасса — азаматы арқалы‚ әйел заты арналы бола берер ме еді... Қу Ертіс пен Қара Ертістей‚ Бал Ертіс пен Ақ Ертістей салалана сарқырап‚ Ұлы Ертістей еміне еркін жүзер ме еді... Қайтер еді?! Баршынбек әкесі бұл он жеті-он сегізге тола қазақ пен қалмақ туралы талай рет тақымдай қозғаған. Таудай өр‚ даладай кең екі ержүрек ел бір замандарда құрбан шала, қан ішіскен бауыр болысқанын‚ кейін келе қылыш суыра, қан кешіскен жау болысқанын бажайлай түсіндірген. Неден ала балта суырысқанын да аңдатқан. Қырғын-қасапты бастаған қалмақ жағы ақыры опат болыпты. Бірен-саран тау сағалаған‚ құм паналаған тұқым тірі қалыпты. Күн шығыстан келген қысқа бойлы‚ қысық көзді жау қайсар қалмақтың өзінен де қатыгездігі асып түскен. Жейдесін қанға шылаған‚ қаруын қанға суарған. Қазақпен де қағысып байқасса керек... қарақұрттай қытай. Тәңірі тоқтатса керек! Қалмақпен тоқтапты... Қазақ кейін қалмағын жоқтапты! Нағашы жұрты — сол тағдыры талайсыз қарындастан қалған жұрнақ – торғауыт қалмақ. Алтайдан Алайға дейін табиғи қорғандай созылған, құланның жалындай қарағайлы тау сілемдірінің күңгейін алып жатқан қалың қорғын қалмақ бұл күнде найзаға қадаған бір-бір уыс үкідей‚ құм мен қырлы құла далада қадау-қадау қалды. Ойрат орнында қаптай қонып қазақ отыр. Қара қытай атаулының аяғы жетсе де қайраты жетпегендей... Тарбағатай төңірегі мен Талқы маңында ғана халдайлары* бар көрінеді. Жонды жұрты жал көрсете қоймапты. Әкесінің айтуында — мұның сәби күнінде‚ алты ай жаздың басында қыр көбелей‚ тау сүбелей кержақ орыстар мен қужақ қытайлар келіпті. Ел жайлауда. Мал өрісте. Жай-жадағай‚ шат-шадағай жатқан жұрт. Қонақтарды ауыл-ауыл күтіп қарсы алыпты. Жол басшылары Шәуешектің қазақтары екен: қызайлар. Ат қосшылары қытай тектестер екен: сібесолаңдар.** Ел үсті шаруалары — Алтайды көктей шекара шебін тарту... Мұны естігенде ен жайлаудағы жұрт қозғалып‚ азамат атқа қоныпты. Қалың қауым бүлініп кете жаздапты. Әсіресе‚ қыстауы мен көктеуінің үстінен көктей өткелі тұрғанын‚ екі айырылғалы жатқанын сезген қожамбет пен қаратайлар, ақнайман мен буралар көтеріліп кетіпті. Ішінде мұның әкесі де бар. Жайсаң мен Бұқтырма жағынан орыс әскері шықса керек. Алтайдың күңгей бетіндегі Сарысүмбе қаласынан да қытай әскері аттаныпты деген дүңк-дүңк қаусет-хабар тисе керек. Әйтеуір‚ ел ағалары мен ақсақалдар жұртқа басу айтып‚ азамат атаулыны әрең ауыздықтапты. Шөптің сонысын жеген‚ судың тұнығын ішкен Төр Алтайдағы Нар Найман мен Өр Керей байсал тауыпты. Айрандай ұйып отырған халық топалаң тигендей аласапыран болмас үшін‚ екі жағы да мәмілеге келіпті. Уәделі сөзге тоқтасыпты. Сол сұм уәде сөзінің тұрақтауын көздепті... Ел мен ел ішіне келгендер сөзге тұрысыпты. Сөз сонары — шекара шебі қағазға түссе де‚ қара жерге түспейді. Қазық-қада қағылмайды. Хатпен ғана қатталады. Сөзбен ғана шектеледі. Жайлауы бір‚ қыстауы күңгей

мен теріскейде қалған жұрт бәз-баяғысындай отыра береді. Көшіп-қонам десе — еркінде. Арғы бет те‚ бергі бет те қазаққа ортақ. Өрісте малы‚ қоныста жаны бір. Ерен Қабырға мен Тарбағатай сауырын жондай шекара сүлбесін қағазға сызғандар Алтайды қақ жүректің басынан бойлай жүріп өтіпті. Алтай арсалана бөлініпті. Уәделі сөз осыған тіреліпті... Ол күндерден бері де қаншама уақыт судай ағып‚ қардай көшкен. Тәңіріге аян: ел іргесі бөліне‚ ер-азамат сүбесі сөгіле қойған жоқ. Аңшы Ұлардың өзі де Алтайдан алай-бұлай ауа жайлап жүр. Орыс орған жағына да‚ қытай қырған жағына да жағалай қонады. Жайлана жатады. Алтайдың Ақтауы мен Сарытауы сара жұртқа ортақ иін. Жебелей көтеріліп‚ желдей көшіп қалың қазақ Алтайдың ұлы қос иінінде ерулесіп‚ құба жонында құдандаласып жатқаны. Әзірге Алтайда құбыладан көтерілген кержақ-орыс аз‚ шығыстан шыққан қытай жоқ. Қарағайдай тұтасқан тұлымды қазақ қана. Айдарлы қалмақ атаулы қасап-қырғында кеткен. Өсіп-өнбеген. Мұның ұлы бабалары шалқайған шаңырағын ортасына түсіріпті... Ар жағынан жаужүрек халықтың қирағанын көрген қара қытай тас ошағын өшіріпті... Көшпелі қарындас қауым жаһаннамға жүз бұрыпты. Бұл туралы Шадан нағашысы да кеңінен қозғаған. Даусы дірілдеп‚ көкірегі өксікті құсаға кептеліп отырып әңгіме еткен... Шаданның ұлы шешелері осы Кіші Қобы құмы ішіне қашқан екен. Ер-азамат соғыста шейіт кетіпті. Ауылда бала-шаға‚ кемпір-шал‚ қыз-қатын ғана қалған.

*Халдай – қытай билеушілері.
**Сібе-солаң – қытай текті жұрт.

Қытай қаптап келіп қалды дегенде‚ азаматы селдіреген ауылдар бет-бетіне безіпті. Қарсылық құрып құрық сермесуге де‚ ажал құшып қылыш сілтесуге де шамалары келмесе керек... Қазақпен арадағы алапат соғыстан тайлы-таяғына дейін үркіп‚ үдере көшкен‚ үрей билеген көшпелі жұрт қарақұрттай балалаған қытайдай жауға қарулы қарымта қайыруға дәті де келмегенге ұқсайды. Бастарын да‚ бала-шағаларын да қорғай алмапты. Алма мойынды ғана тосса керек. Қырға қашқандар да‚ тауға қашқандар да қара қытайдан құтылмапты. Аранға құлаған құландай харап болыпты. Кей жерде ғана құз-қия‚ құм-жыра паналаған жетім-жесір шаңырақ аман қалыпты. Шаданның ұлы шешелері де сондай сорлылардың сарқыты... Көк Теңгірдің көктен түскен киесі‚ Қобының сұр құмы пана болыпты. Әйтпесе Шадан тұқым-тектері де қай қалмақ шаңырағынан артық еді. Найзаның ұшы‚ қылыштың жүзінде кетер еді. ...Қобының қабарған құм төбесінде ой қуған Ұлар күртік қарды күтірлете басып, жалпақ жазаңда‚ көк жиде мен жел тораңғының ығында шаңырақ көтеріп‚ ірге көмген киіз үйлерге қарай аяңдады. Ауыл да екі-үш күн ерулеп‚ етек-жеңін жиған. Құм ішіндегі қызыл құмырсқа илеуінің маңынан құдық та қазып қойыпты. Қазан-ошаққа ет салысып‚ отқа май құйысып‚ қоныстың құтты‚ босағаның берекелі болуын тілескен. Жақын күндерде Шадан Ұларды ертіп шықпақ. Тек‚ торғауыт текті жұрт жайлансын! Оған дейін қырғауыл мен қоян‚ түлкі мен қарсаққа қол қандасады. Алдыда — ұзақ қыс.

ІІІ Құм іші — жылы‚ құмсақ үсті — қатты. Желтоқсаның түнгі суығы болмаса‚ күндізгі жылымық күртік бетін еріте май жаққандай сылап-сыйпап тастайды. Он шақты шаңырақ құм ішіндегі құйқалы қонысқа байырқаласымен‚ Шадан бастаған Ұлар мен кәрі шал Долай жауырыншы — Долай бақсы аңшылыққа аттанды. Долайдың астында шудалы шұнақ бура. Шадан мен Ұлар үйреншікті ат үстінде. Тіздесіп жатқан құм төбелерді сауырлай салған олар тоқтаусыз қозғалған. Осыдан күн бұрын ғана жауған көбік қардың қыбы да қырқылмаған. Темірдей тұяқ астында көпсіп жатыр. Шашаны да сулар емес. Мұрын шымшыған аяз бар. Бұлыңғыр аспан астында бұлың-бұлың қаққан бүйрек бұйраттарды бетке алған үшеу. Жол түзуші — Шадан. Шал мен Ұлар — еруші. Жетпіске ілінген жауырыншы Долайды Шадан әдейі ерткен сияқты. Нағашысы Шаданнан естуінше‚ кәрі торғауыт Долайдың көрмегені жоқ‚ естімегені аз. Қобының түйекиігін аулаған‚ кісікиігін торлаған. Жауырынға салып бал ашады. Даңғыра қағып бақсыбалгерлігін істейді. Бұл жолы да шұнақ құлақ бураның ашамайында даңғырасы ілулі. Қара қынапты қайқы қылышы белінде асулы. Ол да ат сауырын‚ жел бауырын жабардай қалың қара тұлыптың астында қалыпты.

Күн төбеде қайырлаған. Өңі бірақ бозаң. Қар да көбең. Қабат-қабат қалың құмның арасы да реңсіз. Жолаушылардың қай-қайсысы да табиғат райын қабағынан танып‚ күннің құбыла қалғанын үнсіз жорып келе жатқаны анық. Шиырлаған жабайы аң-құстан басқа із тимеген сүбе қардың ақ сауырын жапқан қызыл изен мен қызыл тікен тұнып тұр. Шіл мен кекілік‚ қырғауыл мен құр‚ қоян мен қарсақ қалыңның арасын жымдап‚ бүр мен бүршік теріп‚ атам заманнан өрт алмаған‚ балта тимеген жыңғыл‚ тораңғыл‚ жиде‚ сексеуіл қалыңының бауырына тығылысып қалған. Сұрша құмның іші – сыңсыған ұсақ аң-құс. Қалың-қалыңды айнала далаңқайлармен желе жортқан жолаушылар қанша өндіре жүрсе де, діттеген меже алыс сияқты. Жеткізер емес. Атын оқыс тебінген Шадан нағашысы сыңар езулей бұрылған күйі сол қапталдағы жиде мен жыңғыл ұйыса өскен мол қалыңға қойып кетті. Жуан сіңір‚ тоқпақ жал торы да мұндай жайды күтпесе керек‚ қиыстай барып‚ кекжеңдей кірді. Аяқтан шалып‚ тобықтан қағып‚ төскейден тебіндей итерген қалыңға атты адам батпады білем‚ бірақ әлде қандай жалғыз қырғауыл қанаттары жиде бұтақтарына жалпылдай ілініп‚ май басқан бауырын еркін жаза алмай, патырлай көтерілді. Жүні жығылмаған қызыл қораз қиялай бере нағашысының қарауылына ілікті. Долай мен Ұлар еріксіз ауыздық ірікті. Шұнақ құлақ атан шаптырып‚ Сумылтық жануар шиыршық ата сулығын шайнады. Шаданның қос ауыз қайырмасының оң жақ ұңғысы ысынған. Ұсақ бытыра тиіп, тыпырлап жатқан қызыл қоразды Ұлар шоқытып барып ат үстінен іліп алған. Сол-ақ екен бәрі де көтерілісіп қалды... Кірбің көңілдері де өзгеше жеңіл күйге еніп‚ қатарласа қозғалды. Тек бұйыққан барқан құм іші булыққан қалпы. Оны бірақ аңшылыққа сапарлаған үшеу елемейтіндей‚ дуылдаса-шуылдаса жүріп кеткен. Бөктергілері берік. Қомдары да қомақты. Қомдалған қос қабат киіз туырлықпен үш аша қосты жауып‚ қардан аршылған құм төсіне аң терілі тулақтарды қалыңдата төсеп‚ қос тұлыпты жамылғыға бос тастап‚ жастануға ерлер мен ашамайды қойды. Долай шал мен Ұлар қалмақы қосты үшкілдете тіккенше‚ Шадан да қалың кезіп‚ қоян-қырғауыл атып келді. Қос аузына сексеуіл жағылып‚ мосы көтерілді. Сексеуілдің қызуы қос ішіне шарпылып‚ әп-сәтте қазандай қайнатып жіберген. Олар ас ішісімен ерте жатып қалды. Долай шал ғана тыста қарды шықырлата басып жүріп алған. Желтоқсан орталап‚ ай жаңалап туған. Сәулесі әлсіз. Ал құбыла беттің бауырдай күреңіткен іңірдегі табы әлі толық тарқай қоймаған. ...Таң талаурай даңғыра даусы оятты. Ұлар мен Шадан жылы‚ жабық қос ішіндегі шырт ұйқыларынан шошына атып тұрды. Шадан қалмақша боқтап та жіберді. Екеуі апыл-құпыл тері шалбар‚ кеудешелерін кие тысқа ұмтылды. Ауа шыңылтыр аязды екен. Шығыс көкжиек керіскедей керіле қызара бөртіпті. Алаңқайда мол үйілген сексеуіл жалыны шалқи‚ қызуы қари жанып жатыр. Ақ қарды айранасыр еріткен от маңында ала ешкінің терісінен тігілген‚ тізеден түскен тонын иініне іліп‚ басына дулығадай былғары бөрік киіп алған Долай шетіне шылдырмақ орнатылған, толған айдай даңғырасын басынан асыра көтеріп‚ кейде кеудесіне баса саусақтарымен сабалап‚ аузынан ақ көбік шаша зікір салып жүр. Еріп жатқан қар үстінде жалаңаяқ‚ жалаң сирақ зыр қағады. Ұлар аңырып қалған. Нағашысы болса бұрыннан таныспын дегендей, бұрылып жөніне кетті. Бақсы болса — албастысын ауыздықтап алыпты... Қайраты қабындап алған ол бұла бір күш-қуатқа ие болған. Бет-жүзі қызыл термен шыланып‚ нарттай қызара албыраған. Жалаңаштанған білегі де от көсегендей көстеңдеп‚ тамырлары білеулене бұдырайып‚ қызылша шыққандай бөртіп кетті. Басындағы былғары бөріктің ұшарына бес тал үкі қадаған да‚ маңдайы мен қос шеке тұсына ақ күмістен әшекейлі салпыншақ ілінген. Былғары бөріктің өзі де өрнектеле оюланып‚ ай мүйіз оюлардың жүрекшелеріне жалт-жұлт қаққан аса қымбат жаһұт тастарын тізіпті. Қол тоқпақтай ғана қара шал қаһарына мініпті. Үстіндегі қылшығы салалы бөрте ешкінің терісінен арнайы тігілген қысқа тоны да ол арсы-күрсі арқырап‚ зыр қаға жүгіріп‚ селкілдей секірген сайын желп-желп қағады. Дабыл тектес даңғырасы дүрсілдеп‚ айнала жезтемірлі сылдырмағы шылдырлап‚ ерекше бір үнге бөленген. Оған зіркіл қаққан өз үні қосылып‚ ұйып тұрған төңіректі сұмдық бір сүрең әуез әлдилеген. Бар дүниені ұмытқан‚ кісі кейіпті шашты сайтандары мен жүн басқан жалды жындары ортаға алған бақсы бұлан-талан. Бүлікшіл жындарын желкелеп‚ ақ сайтан-көк сайтандарын сілкілеп‚ сіркіреп күшейген ол бұрқы-шарқы. Шалдуар шайқы. Жалаңаяқ жар жағалап‚ қызылаяқ қыр кешетін бағзы бақсылардай, Долай да дүр сілкініп‚ қызыл сирақ‚ қара табан күйде билеп жүр. Бақсының даңғыраға ілескен ұлы биі күйлеп әкетіп барады. Қара жер де дүңк-дүңк даңғыра даусынан солқ-солқ қағады. Сылдыр-

сылдыр сыңғыр‚ шылдыр-шылдыр шыңыл әуен көңіл тербеп‚ арс-күрс‚ дүрс-дүрс үн жүрек жарады. Жыны буған‚ жаны кірген бұла бақсы көздері сексеуілдің шоғындай от шашып‚ перілерін шақыруға кірісті. Қызыл аяқ қар кешкен ол даңғырасын көтере аспанға қарап, қалмақша сарнады дейсің. Оның бірақ бақсылық сарынын Ұлар ұға қойған жоқ... Бұрын мұндай бақсылықты естігені болмаса‚ көзімен көрмеген аңшы жігіт аңырайған қалпы. Көз алдында аш бураша шабынған‚ арда толқынша тулаған бұла бақсы. Басын шайқап‚ күндей күркіреп‚ селдей зіркіреп әкетіп барады... Жуан белден үйілген шыны сексеуіл жылуы жан шыдатпай шалқып жатса да‚ өз-өзін ұмыта өлермен күйге енген Долай бақсы тоқтар емес‚ қайта — сәт сайын жараған жүйріктей бусанып‚ шеке тамырлары шодырая шорланып‚ үкідей үні зарланып‚ жын-сайтандарын шақырып‚ пері-періштелеріне жалбарынып‚ жұлын-жүйесі шиыршық атып‚ от маңын жынойнаққа айналдырып алғандай. Ұлардың қарап тұрып жанары мұнартты... Басындағы бес тал үкісі бұлаңдаған бақсы сарнауын зорайтып‚ даңғыра соғуын күшейтіп әкеткен. Оның алау-далау маңына әлде пері‚ әлде періште ұялап‚ адам тектестер асыр сала билеп жүр. Өздері шу-шу‚ ду-ду... Ұлардың құлағы шуға‚ көзі суға толып кеткендей ме‚ қалай? Ұлан-асыр ұлы тойға еніп‚ ес-түсін‚ ерік-жігерін жын-пері иелеп алған сыңайлы. Сезім-сауанын суырып әкетіп барады. Бойы да балбырап ий түскен. От маңында ойран-асыр салған кісі кейіпті сарыала-қызылала түстілер ала түсті бақсыны ортаға алыпты. Жан-жағынан жын буған бақсы да бағынышты күйге құлапты. Қары еріп сіңіп кеткен құрғақ құмсақ үстінде жалаңаш сирағы сидаңдаған қара шал күреңденіп алып‚ даңғыра даусы‚ шылдырмақ үні‚ бақсы сарыны сазына күйлеп‚ қолтығынан демеген‚ қыржонынан жебеген жын-перілері арасында алып ұшады. Бірін сүйіп‚ бірін құшады... Шаршайтын‚ шалдығатын емес. Қуат қанаты біткендей, өрттей қызарған табандары жерге тимейді. Өзін буған‚ жанын қуған жындары жұдырықтай шалды кісі бойы лаулаған от үстінен олай бір‚ бұлай бір орғытады-ай кеп!.. Қарғытады-ай кеп!.. От-ойнақ та орала шалқиды. Айдаладағы жас Ұлар да қорғасындай балқиды... Қолындағы қуат берген даңғыра дөңгелеп далада қалды. Қып-қызыл от шоқ шаша‚ шала шаша маздады. Қолына қара қынабынан суырған қайқы қылышын алған бақсы көзі қанға толып‚ жаны ышқына жындармен жер сабалап‚ шоқ баса‚ от айнала алас ұрды. Қайқы алмас қылыш жарқ-жұрқ қағып ауа тілді. Аспан шатырлай, найзағайдай сәуле оңды-солды осты. Қылыш көк аспанның саф ауасына суғарылды. Сол бойда сексеуілдің отына сүңгіді дерсің... Ұлар да қара терге малшынды... Долай бақсы қылыш жанын жалата жүзін жалынға жаныпжанып алып‚ аспанда әуелете сермеді. Тағы жай ұшқыны ойнады. Бақсының сонда да жаны жай таппады. От ішіне қойып кетіп‚ келесі беттен сумаң етіп атып шықты. Шырқыраған жаны, шырылдаған пері-періште‚ жын-жұндары маңайына жуи алар емес... Қайқы қылыш от жалаған сайын алаулай қызарған. Буырқанған бақсының аузынан ақ көбік жын емес‚ енді қып-қызыл жалын шалқып‚ дүйім демі от құшқан. Сексеуілдің қайтпастай қызара жанатын шоғындай, балқыған қайқы қылышты жер тепкілеп‚ зікір салып жүрген Долай бақсы аузын арандай ашып‚ өрлі-қырлы жалады-ай келіп! Алмас жүзін қынай екі езуінен қан сорғалата қайрады-ай келіп! Ұлардың жаны ышқынып‚ тәні түршікті... Өзін қоярға жер таппай сенделді. Енді бір сәт ышқынған бақсы қызған құм үстіне жүрелеп отыра кетті де‚ әлі табы қайта қоймаған күрең қылышты қақ бүйірдің тұсынан білемдей ендіре бастады... Жанған от та жалындай түскен. Жын-перілер де безілдеп қоя берген. Қайқы қылыш ұшы еніп кеткен. Бақсының күрең жүзінен тер моншақтаған. Ұлардың жаны жауырынын қыдырып‚ өзі өлі аруақтай‚ көзі атыздай болып сілейіп қалды. Сала құлаш қайқы қылыш інге кірген оқ жыландай еніп барады... еніп барады. Бақсының жүзі де жанып барады. Оң бүйірден сүліктей қадалған қылыш ұшы сол жақ жауырыны астын ала‚ бөрте ешкінің терісін тесе шықты... Ұлар үн-түнсіз тығылып қалды. Тамағы құрғап‚ демі тұншыға шығады... Қылыш ұшы от ұшқынына шағылады. Бақсының бүлікшіл шашты сайтан‚ жалды жындары да Долайдан қорыққандай сескене шоршып‚ аулақ жүр. От қана шатырлай‚ лаулай жанады. Ілгерінді-кейінді кеткен бақсының көзі жұмылып‚ түсі бұзылып ыңылдап отыр. Бақсы сарынының беті қайтып қалғандай‚ бір қалыпты уіл... Қайқы қылыш қара жонды қапталдай жарып шыққан. Кез бойы. Алтын жалаған жұмыр балдақты қос қол қыса түскен. Ол да оң бүйірде бір кез бойы біздей қадаулы қалпы. Алмас қылыш ұлы денені туған айдай іштен турап‚ қапысыз қадаулы.

Жын-перілер от айнала жортақтап‚ өзді-өзі шуыл-шұрқанға басқан. Олардың мынау иен құм ішінде аза бойлары — қаза болғандай бақсыға төнуге батпайды. Бақсы болса, булыққан күйі бебеулей уілдейді. Әлден уақта балдақ басы қозғалды. Қайқы қылыш ұшы кешікпей-ақ ала тері астына жасырынды. Бебеу қаққан үн күшейіп‚ баяғы бақсының ащы зарына ұласты. Барған сайын ұлы сарын күшейе берді. Ұлардың қара төбесінен қара тырнағының ұшына дейін шымырлап қоя берді. Көз алдында қайқы қылыш жыландай сусып, бүйір тұстан сопаң етіп шыға келді... Сол сәт қызған құрғақ құм үстіне түйедей төсін баса бақсы да құлай кетті. Ұзынынан сұлай кетті. Аңшы Ұлардың да булыққан бойын зіл‚ шулыққан ойын мұнар басып‚ су тиген қайыстай шираққан жұлын-жүйкесі босап отыра кетті... Шадан нағашысы мен күліктердің қарасы да көрінген жоқ. Долай бақсының жаққан қорамал сексеуілі ғана жанғанын қояр емес. Қызуы өрттей шарпып‚ жалыны жалп-жалп қағады. Жын-перілер де жер жұтқандай‚ жалын тұтқандай зым-зия. Қарасы батқан. Күн де көтерілген.

ІV Сылдырмақты даңғырасын қаққан Долайдың иелі жын-перілері‚ киелі аруақтары қолдады... Күрең күннің райы ашылып‚ ақшулан аспан зеңгір тартып‚ жұлдыз біткен жаз күніндей жерге жақындап‚ Кіші Қобы құмының сауыры жібіп‚ тоқты күн туған. Шалқалай туған ай да шарасыз күйге түскен-ді... Салмауыр құм сауырлары арасындағы аң-құс та аңылжыған аптап қысқандай қуат құяр суат-суатқа құлады. Күндізгі жібу түнгі қатқақта қылыштай тұяқ кесіп‚ жан-жануар мен аң атаулыны ақтабан қылды. Аңшылардың да күткені осы ақтабан еді. Қатқақ кешті тағылар үйір-үйірімен алысқа ұзай алмай‚ өрістері тарылып‚ тарлауды талғам еткен. Қарақұйрық пен елік те тұяқкешті тірліктен қажығандай, қызыл табандап сылтып қалды. Жабайы шошқалар ғана көлшімекті қалың ішін қопарып‚ торай-торапайларын ертіп жосып жүр. Оларға төнер қауіп жоқ. Құм іші жылы. Көлшік маңы қорыс. Астынан тепкен қызу бар. Ол да тоң жүгізер емес. Бақсы қос басында қалды да‚ қос аңшы ай жарығымен аттанды. Боз аспан мен бозаң құм қылаңыта қалған. Қылаң ішінен қараң-құраң көзге оңай шалынды. Аяз әлсіз. Жан-жануарға‚ аң-құсқа қолайлы. Жайылса да‚ терсе де жайлы іңір. Ай аунамай алдын алған жөн... Екі аңшы да тілсіз ұғысқан. Тағы да тарпаңдай секемшіл. Сезік алды дегенше‚ шұрқырай шұбап‚ желдей жүйткіп қоя бергені. Көзді ашып-жұмып та үлгертпейді теңбілдер. Бұлар әлде бір оқшау‚ жетім төбенің биігінен қарауыл қараған. Әлгі төбенің түстік бетін ала өскен аласа қызыл жиденің арасы далаңқай екен. Бүрген баршылық. Бүрген басын үзген теңбіл көк тағылар да бейуаз. Терістік бет — құмайт төбе. Түстік қана панасыз ашық. Батысшығыс – қос қаптал — қорғандала қоршалған жыңғыл‚ қызыл жиде. Шадан мен Ұлар екіге айырылып‚ қылаң дүниеге қылаңыта сіңді. Төбеде жүдеу жүз ай ғана келер уақыт пен болар жайдың куәгеріндей бозара үңіледі. Ол да тура қарай алмай, жүзін сырт береді. Сумылтық жануардың тағалы тұяқтары күн сәулесі жаныған өткір қабыршақ мұздың қатқақ жүзіне қашаудай қадалып‚ емшектері шеге құмды шұңқырайта шоқытады. Иесі де демін ішіне тартқан күйі құдия түседі. Межелеген түстікке орақтай иіле орағытып келеді. Астындағы құбақан Сумылтық сыр беріп‚ кісінеп қоймаса болды. Онда теңбіл тағы атаулы шолақ‚ сұйық қыл құйрығын бір-ақ шанышқаны. Жаз бетінде жаңбыр суы кеуіп‚ қыс көзінде жылбысқы қар еріп кететін айтақыр, тұзды сортаңға іліге бере дүсірлеген мол тұяқтың дүңкілі естілді. Ауыздық тартқанша атойлап келіп қалған өңшең қылаң қыл құйрықтың бір бүйірін ала тұрған Ұлар жүдемелете басыпбасып жіберді. Бір үйірдей сом тұяқты шұрқырай сыныпша ағып өтті. Бірақ... үш бірдей жануар омақаса құлап‚ қара тұяқтары құм оя‚ қара сандары үй жыға серпіп жатты. Кісіней шырқыраған үні құлақ жарды. Аңшы құлағы шуға тұнды. Өзіне деген қауіпті сезінгендей оқыс ет жүрегі дір етіп‚ тағылар жөңкіген айтақыр жаққа жалт қарады. Көзінің оты лап еткен. Қылаңытқан дүниеде қарауытқан жануар бұған қарай жұлдызша ағып келе жатқанын аңдады. Сонда ғана Шадан нағашысының «Тағының айғыры тарпаңның айғырындай адамға шабады» дегені отпен қарып алғандай оралып өтті. Бесатар даусы түнгі тымық ауаны бишіктей осты... Сумылтық та ытырылып кетті. Ағынын баса алмаған күйі азбан тағы оқ бойы оза шауып жығылды. Бармақтай дар оқ бұла тағыны мезгілсіз жықты. Қос аяқтай тарпыған‚ тебіне серпіген жабайы жануардың қасіретті күйі Ұлардың төбе құйқасын шымырлатты. Көзіне жас

үйірілді. Даланың жазықсыз жануары өзіне қарсы қаймықпай шамырқана шапқанына‚ текті біткен кекшілдігіне сүйіне ет жүрегі елжіреді. Кешікпей шоқырақтап Шадан да жетті. Жиеніне кедергі келтіргісі келмеді ме‚ әлде сынағысы келді ме‚ әйтеуір асықпай жеткен сыңайлы. Қылаңытқан құла құм да ішін тарта қалған. Кебеже қарын‚ құлақты ай ғана сол сұп-сұр қалпы. Жамбастай жылжып барады. Селебелерін суырысқан аңшылар ай жарығымен ылдым-жылдым қимылдап, жануарды тақыр тамақ астынан ора бауыздамай, өндіршек астынан тесе тамақтады. Қорқырай шыққан ыстық қанға алақандарын тосып, уыстарын толтыра жұтып-жұтып жіберді. Сүйсіне тамсанған таңдайлары темір татып, еріндері қызыл-қошқыл қанға шыланып шыға келді... Екеулеп жүріп екі тағының терісін сыпырғанша‚ ай да аунап кетті. Құмның қараңғы түні басты. Түн ортасынан ауған. Аңшылар лаулата сексеуіл жақты. Әлден уақта атан мінген Долай бақсы да жеттіі. Енді үшеулеп іске кірісті. Қол көбейіп‚ іс мандыды. От алауы төңіректі түрленткен. Күн шыға‚ от сөне аңшылар да аяқ-қолдарын жиды. Түнде қарын ішіне тыққын өкпебауыр‚ бір қол‚ қарға аунатылған ішек-қарын да қоламта астанда бітеу піскен. Аш қасқырдай жалақтаған аңшылар тағының бұзбай піскен қол етінен балбырата жесіп‚ өкпе-бауыр‚ майлы қарын-қартасын шайнамай жұтты. Нағыз қара маңыз* мұз үстінде піскен еді. Қол-аяғын сұрпы еттей кесек-кесек бұзған төрт теңбіл тағының семіз денесін атанның артына ұзын салма жасап‚ қос басына сүйретпемен зузалап алып келді. Бір түнде мұншама мол олжаға қарық болған аңшылар қуанысып та қалды. Төрт теріні екі-екіден беттестіре тігіп‚ екі үлкен тері қанарға тағылардың тәнін толтырып‚ жиденің көлеңкесіне қойды. Қол-аяқтары салдыраған аңшылар жылы қос ішінде талықси ұйқыға кеткен. Ұлар түс көрген... Түсіне тағы кірген.

Маңыз – қар үстінде от жағып, өз қарнына өз етін тығып, қоламтаға көміп пісіретін аңшылықтағы ас. Үйде пісірсе «сірне» дейді.

...Теңбіл көк тағыларды төңіректеп жүр екен. Жаяу. Табан астында тентек құм. Кәдімгі сынаптай аға жөнелетін шағыл тектес. Еспе емес — егілме. Құм төбеге көтеріле алмайды. Биікте емес — бауырда. Биіктен баға алмайды‚ бауырдан баспалайды. Алысты шола алмайды. Мұнар торлаған төңірек жым-жырт. Жүдеу. Тағылар үзген қоянсүйек қана сырт-сырт. Бұта шайнаған азу үні бырт-бырт. Жануарлар жалтақ. Бөріше баспалаған бұл шоқ жиденің арасынан шет жақта бейқам жусап тұрған шоқтықты жануарды көздеместен басып салды. Оқпаннан оқ‚ ұңғыдан дәрі иісі шықса да тағы жығылмады... Үйірін осқырына үйіріп алып‚ тұп-тура мұның өзіне қарай желді. Күтпеген жәй болса да, Ұлар жүдемелете атты. Бірақ бір де біреуі дарымады. Тексіз тағылар құтырынып сала берді. Будан көк тағы айғыры тұяқтары жер солқылдата келіп қалды. Бес оғын бірдей шығындап алған аңшы бұрыла қашты. Өзі баспалаған бауыр-бауырмен безіп келеді. Құтқармасын сезіп келеді... Кенет мұның алдында қос қара қоса ағып келеді. Арт жағында баяғы бір дүбір. Ал әлгі қос қара ел айтатын Жошы хан мен Ақсақ құлан екен. Бұлар қырға шығып кетіпті. Жошы хан да жалғыз. Ақсақ құлан да жалғыз. Құла қырда бетпе-бет кездескен хан мен құлан күш сынасқысы келгендей жекпе-жек шығыпты... Жекпе-жек‚ жекпе-жек. Адам мен жануар. Ұлар да ұмсына көз тігеді. Ақсақ құлан Жошы ханды ат үстінен алып түскен. Қайырыла шапқан қаһарлы жануар аңшы ханның бір қолын иығына қайыра тістеп‚ қызыл қанын атқылата жұлып алды. Жұлып алған күйі жаралы жанды тастай, жапан кезіп кетті. Жекпе-жекте хас жануар жас ханды жеңіп кетті... Хан жебесі тиіп жарадар болған Ақсақ құланның тәңірісі қолдаған. Жылына бір жекпе-жекке аттанатын ханның күш-қуаты кеміпті. Ұлысты жұртын ұйыстырған ұлы ханның аруағы қашқан екен. Күш сынасқан қырда адал шаһит кешкен екен. Даланы дүбір биледі. Құлан емес‚ тарпаң емес‚ тағы дүбірі... Әлгінде ғана өзі куәгер болған хан мен құлан ғайып болып‚ Ұлар Кіші Қобының ішінде жүр. Баяғы жаяу-жалпы қалпы. Егілген құмнан басқа ес қылар жан жоқ. Шаршаған. Шалдыққан. Тағылар да тайып кетіпті. Ұлардың да құмға еті өліпті. Жатырқамайды‚ жатсынбайды. Тәні тартып‚ жаны қалайды. Оқыс құм сусыды. Егілген құм етегінен басты. Жарғақ құлағына қиыршық құм суылы келді... Құм сарыны... Ұлар бұлқынса да босай алмай қалды. Етектен басқан құм жағаға жеткен. Кеңірдектен алған. Ұлар тұншыққан. Тұншығып барып оянып кетті... Бастырылып қапты. Шөлдеп жатыр екен. Қараңғы қос ішінде есеңгіреп біраз отырды. Еңбектей жылжып бастырма жақтағы жез құманды іздеп‚ салқын тартқан қайнақ су жұтты. Қайта орнына жатты.

Қасындағылар да қалжыраған. Қорылға басқан. Саңлаусыз қымтанған қос ішіне сырттан сәуле де түсер емес. Қобы құмы да құмыққан. Қалың құм сауырында құм сарыны да тыншыққан.

V Аспан асты‚ жер үсті – ұлы жаһан. Жаһанды ақ түтек алған. Қобының құмына жан бітіп‚ желге қамалып‚ құдіреттің көмейіне жұтылды. Жан-жануар атаулы бас сауғамен пана іздей шарқ ұрды. Шыбын жаны сұрапыл суық пен азынаған жел‚ көтерілген күпсек пен жауған қиыршық қардан қорғалаған мақұлық атаулы мұңға батты. Даланың көкжал бөрісі мен тарпаң тағысы ғана қарлы боранға қарыса желдеген. Жұпаркиік қалыңды жағаттаса‚ түйекиік күні-түні түнемелге дес беріп‚ шөккен күйі күйіс қайырды. Мал атаулы ықтасынға тығылады. Құтырына көтерілген иен басылар емес. Аламан-тасыр мінезі күйлеп-ақ тұр. Бар дүниені билеп-ақ тұр. Тамшы тамбас жаз заһары келмеске кеткен‚ жүгенсіз желі қар үйірген қыс қаһары кәріне мінген қаңтар ғой. Қаңтар да орталаған. Алдаспан ақпан да алыс емес. Ақпанда ғой түйекиік бурасы — қаптағайының тепсінетін тұсы... Буыршыны бүлінетін‚ іңгені қайыйтын мезгілде қаптағайға жолау — басыңды қатерге байлау. Өліара өшісімен‚ ай аунасымен‚ ақпан туысымен табанын шемен құмға жанып‚ жантақ жемей‚ нәр сызбай жарайтын жануар зар күйіне келеді. Тағы тегіне тартады. Жын қуғандай жараған қаптағай ұрынарға қара қара таппай‚ қарайған атаулыға шауып‚ қасасы қақшиып, ағзасы асып‚ қаны тасып‚ басы ауып‚ балтыры сыздап‚ аузынан ақ көбігін шашып көтеріледі. Жын буады. Көтерілген көбікті жануарға жалғыз-жарым көкжал да жоламайды. Құйрығын бұтына қысқан күйі құла түзге жылыстайды. Шадан нағашысы түйекиіктің түлен түртетін уақыты— аңсарлы ақпанға жетпей, аңшылық машығын танытуға ертерек шыққан тұғын. Желтоқсан бойы өткендегі төрт тағыдан кейін қылқұйрықтыларға оқ атпады. Жиені Ұлар қарсы келді. Қыстаудан арнайы келген ауыл жігіттері тағылардың етін алып кетіскен. Сондықтан да Долай бақсы үшеуі жұпаркиік* қана аулап‚ оның текесінің шыбығын ен-жұмалағымен қоса жинаған еді. Жұпаркиік шыбығының жөні бөлек: жүз жылда да арылмайтын жұпар шаша бұрқыраған иісі ғана емес‚ жанға дәру қасиетін айтсаңшы!.. Долай бақсының айтуынша‚ тоқсан тоғыз ауруға шыбығы шипа болады екен. Әйтеуір тері дорбаны толтырып алды. Жұпаркиікті жығу да оңай болмай шықты. Олар ақ бөккендей топ-тобымен‚ табынтабынымен өрмей‚ жалғыз-жарым күн кешетін жануар боп шықты. Қыста болмаса‚ жаз бетінде құм ішін кесіп‚ Тарым жағындағы миуалы мекендерге тартып отырады екен. Еншыбығы үшін шыбындай қырғаннан жұпаркиік те сирепті. Тарым жағында қалмақтар мен тараншылар** жаздай қақпан салып‚ тұзақ құрып, тыныштық таппайтын көрінеді... Ал бұлар болса‚ жарау ат‚ қорғасын оқпен тіпті де құтқармады. Жусатып салды. Сыңсыған қоян мен құрдың‚ қырғауыл мен шілдің шиырын кезбек‚ тағы мен жұпаркиіктің соңынан жан сала түскендеріне әдепкіде таңырқаса да‚ келе-келе жұпаркиіктің тостағандай жәудір көзі мен ит жемі боп қалған еті көңілін шайқап‚ жанына шаншудай бататынды шығарды. Жүрегі май ішкендей лоблып‚ жазықсыз жануарларды қынадай қыра беруге жүзі шыдамай‚ бақсы мен нағашысына қарсы да келіп қалған-ды. Қанішті жүрегі де қайтып қалғандай... Өткендегі тағы аулаған өңірден қостарын жығып‚ құм арасына арандай дендеген бұлар түйекиік жайылымына жақын келіп, қоныс тепкен. Еркек қостарын кеңірек тігіп‚ үшкіл басынан ошақтай етіп үрме қалдырған. Кешелі бергі бурыл боранда үрменің бақан тіреген үзігі жел қағып‚ түтін атаулыны көмейлете сорып тұр. Сексеуілдің бықсыма түтінсіз шөмшегі де жанға жылу құяды. Қысқы қос іші көріктей. От үстіндегі жез ыдыста қоян мен жұпаркиік еті былқиды. Иісі мұрын жарады. Долай бақсы бір керенау әңгімеге көшкен. Әңгіме сорабы — сонау бір жылдары аңшы жігіт пен кісікиік арасындағы оқиға сілемі... Нағашысы Шадан тыңдап та жатқан жоқ. Ұзақты күн қарыс қадам шығармаған боранның қысасынан ғана көзін бір ашып‚ бір жұмады. Ұлардың ғана қос құлағы түрік. Долай бақсылық әдетіне басып, әңгіме үстінде қаршығадай қомданып-қомданып қояды. Үсті-басын жүн басқан жабайы адам — кісікиік туралы әкесі Баршынбектен де естіген. Бірақ мынандай таңғажайып жайды құлағы шалған емес... Әлқисса... Әлқисса‚ қорғын қалмақтың қыран қабақты‚ үкі тымақы аңшы жігіті Қобда мен Өлгейдің жонында құлан қуып‚ Тағылы Мекен мен Қобының құмында тағы үркітіп жүрді. Кезбе аяқты‚ тағы тағдырлы бір жан. Ел-жұрттан жырақ күн кешкен жырынды айлаға құмбыл‚ аң мен құстың тілін білетін сұңғыла екен.

Аңшылықпен күнелткен арда азамат бір жолы тұла бойын түк басқан Кісікиікке кез болады. Тым жақыннан ұшырасып қалады... Екеуі де таяқ тастам жерден жолығысып қалғаннан ба — әрі қорқа‚ әрі таңдана‚ әрі арбаса барласса керек. Көздері ұшқын ата шарпысып‚ кірпік қақпай қадалысады. Жалт бұрылып кетуге бір– бірінен қауіп көріп тұрысып қалса керек... Бірте-бірте жанарларына жылы нұр құйылып‚ бойлары үйренісе келе қызыға қарасады. Қорқыныш пен қауіп сейіліп‚ секемшіл сенім пайда болады. Тағы жігіт түкті адам тектеске түсін берсе‚ Кісікиік те қасын кере бой тартпаған. Енді екеуі де бір аттап-екі аттап жақын келіседі. Әуелі алақандарымен бір-бірін сыйпасады. Сол– ақ екен аптыққан жүректері орнына түсісіп‚ түсінікті-түсініксіз тіл қатысады. Үн шығарысады. Тән мен жан үйретіседі. Табиғатта осындай да ғажап жайлар болады екен. Бой-бітімі зор Кісікиік пен зорға жетеқабыл қалмақ жігітін құпия бір сезім үйіріп алса керек. Кісікиік пен Аңшы үйренісе келе бір-біріне бауыр басысады. Кісікиік ұрғашы екен. Табиғат та уақыт өте өз құпиясын ашады... Кісікиік пен Аңшы араларында аңсар сезім күш алады. Екеуі ерлі-байлы жандардай күй кешеді. Арада ай ауып‚ күн жылыстайды. Кісікиіктен жарық дүниеге жүндес ұрпақ келеді. Бірақ осы бір жай адамдар жанарынан қалыс қалмаған. Кісікиікке еріп кеткен қандастарын тауып қолға түсіреді. Қораланған көпшілікке тік келіп бата алмаған Кісікиік зор үнімен ат шаптырым жерден зарлана күркірейді. Босатыңдар дегендей ащы даусымен айқайлап‚ қолына ұстап алған жүндес баласын шырылдатады-ай кеп! Оған бірақ мойын бұрған жан бар ма‚ аңшыны тақымға тартқан лақтай ала жөнеліседі. Қайырылмасына көзі жеткен Кісікиік төбе құйқаны шымырлатқан үрейлі үн шығарады сол бір сәт.

*Жұпаркиік – құм ішін мекендейтін қарақұйрық текті киіктің еркше бір түрі. Қазір Шығыс Түркістанның Кіші Қобы құмында ғана сақталып қалған. Еркегінің енінен жұпар исі аңқығаннан жұпаркиік атанған, әрі енін емдікке пайдаланған. **Тараншы –қазіргі ұйғырлардың байырғы аты.

Салт атты‚ сабау қамшылылар қалт тоқтасқан. Жаны ышқынған Кісікиік-қатын жүндес сәбиін қолын қол‚ бұтын бұт қып айырып‚ қанқан күйі құм ішіне лақтырып жіберіп‚ дөйдалаға безе жөнеліпті. Аңшы жігіт болса‚ ат жалын уыстап зар құшқан екен. Ұлар сенер-сенбесін білмей отырып қалған. Долай бақсы болса‚ Көк Тәңірі аян бергендей тілене сөйлеп‚ риза көңілімен кәміл сенулі. Жас аңшының тәні шымырлап‚ жаны булықты. Маңдайы жіпсіп қоя берді. Қолының сыртымен сүртіп еді‚ салқын тер екен. Тыста боран ызғындап тұр. Кәдуелгі қаңтар бораны.

VІ Балқарағайдың бармақтай жаңғағы жарылар қаңтар аязы қысқан мезгіл. Алтайдың өрінде, Қаражал қиясының төрінде қыстаған алып Айқоңырдың түйсік-тауанында‚ сезім– сауанында сызат бар... Он саусағын сәбидей сорған‚ күре алақанын сиырдай жалаған жыртқыш арсалана түсіпті. Қарашадағы қалжалы күйі жоқ. Жұнттай жұтынған жыртқыштың түгі жылтырап‚ маймен сылай тарап қойғандай еді‚ қазір сауыс-сауыс. Көктем туғанша терісі тулақтай шалбарланып‚ қу сүйегіне ілініп қалары аян. Тек сыр бермейтін сезім-сауанына мықтап ұялаған сол бір сызат қана. Шала ұйқылы аңның шыбын жанын қыдырта ерулеген елес соқыр сезіміне сызат салған. Сол жұмбақ елес бір сәт арылған‚ ажыраған емес. Емін-еркін билеп алған. Емін-еркін елес салқын да дымқыл апан ішін бірге мекендеген. Айқоңырдың ағзасын айнала тұтқан. Үкідей елес-мүсін хайуанды елтіте түседі... Елеске елтісе де, жүрегі қарайып жатыр. Көкірегі сазған сайын ыңырана қозғалады. Әйтеуір‚ әзірге ояна қоймаған. Дем салғандай көтерілген ақшыл елес ырқында ұйқылы-ояу сансырайды. Будай жеңіл тартқан бой-бойы балдырдай балбырайды. Саңылаулы қауашығына қорғасындай құйылған‚ араншыл ағзасына тұмандай шөккен‚ сызатты сезіміне дәндей бөккен. Әйел затының елесі Айқоңырдың сансыраған қиялында қайықтай жүзеді. Көкпеңбек әлем құшағында ақшыл елес бояуы қанық. Сағымдай сусыған сұлу мүсін сиқырлай тартады. Қолаң шашы аппақ арқасын жаба елітеді. Ес кетіреді. Ақша бұлттай ашық реңі де жүзін анық байқатпайды. Жамалын жасырады. Аюдың алып үңгірін иелеген сырлы елес Айқоңыр көзі қысқы тәтті‚ ұзақ ұйқыға ілінгелі іңірлей еніп‚ екеуі де бір-біріне бауыр басып алған. Дөңкиіп жатқан маймақтың демімен ғана

жылынған апан ішінде елес те кейде қалтырайды. Шыбын жаны шырқырайды. Түнекте тоңған елес қырау қатқан қабырғаларға жанасып‚ Айқоңырдың баяу соққан қан тамырларына қайтып оралады. Оралған бойда оның қалғыған сезім-сауанына ғайыптан сырлы сызат салады. Айқоңыр елестен айыға алмай еріксіз елтиді... Кейінгі күндері әйел-елес қашқақтап‚ асқазанының ашымалы көбейген аю діңкелей берді. Ақыры жеріне жеткен. Айқоңыр ашулана оянып кеткен. Қытымыр қаңтармен сілкіне оянатын мезгілі де жеткен. Гүрілдей оянған Айқоңырдың түйсік-тауанынан сынаптай сырғыған жұмбақ елес көз алдында будай ұшып‚ апанның шығар аузындағы жұдырықтай ғана дем жылытып тұрған жылымға жетіп‚ жылым аузынан түскен жарыққа сіңді. Тәңірі дарытқан тұнық сезім‚ тұмса түйсік Айқоңырға ақшыл елестің баяғы сарқырама басында жолыққан жан екенін сезінтті... Кенет дүр сілкінген алып аю жылымнан түскен жарыққа ұмтылды. Өн–бойын ара шағып жатқандай аласапыран асау сезім аралаған. Көзі от шашқан хайуан тік тұра көтеріліп‚ қысқа да әлуетті қолдарын жарық себездеген жылымға тығып, қасат қарды қопара бастады. Өкірген үні тысқа құмыға жеткен. Ол жоғарыдан төмен қарай қабат-қабат білеулене‚ белдеулене басқан күртікті ішке қарай қопара аршып‚ сыртқа қарай кесек-кесегімен күрей итеріп‚ кісі бойы басып тастаған қалың қардан еті қайтпаған зор кеудесін көтерді. Қараңғыға үйренген жанары бір сәтке жарық дүниеден қарығып‚ жүрегі лықси көтеріліп‚ миы зеңді. Еріксіз өкіре көзін жұмды. Дәл қазіргі кейпі — құтты кесілген жұмыр молақ. Оның оңашада ашына айғайлаған даусынан тыныштыққа бөккен тау арасы жаңғырып‚ жартастар жарыса қайталай‚ қойнаулар қуалай тіл қатысқан. Апан маңындағы биік шыршалар мен қиядағы төмпешік бауырындағы үңгірді қимай өскендей‚ жападан жалғыз алсайлана көк тіреген жуан қызыл қарағай да сілкініп‚ сансыз ине жапырағынан күн көзіне шағылтып ұлпа төкті. Күн иықтаған мезгіл еді... Жасаураған жанарын ашып-жұмған Айқоңыр қоңыр салқын апанынан шығысымен тұла бойы тітіреп‚ күртік үстінде табанын жанып-жанып алды да, ойға қарай өңкеңдей қозғалды. Арсалана бастаған алып тәнін Алтайдың суығынан қорғағысы келді ме‚ әлде қыздырынғысы келді ме — еңіске қарай аунай жөнелді. Көк иісі мүңкіген апаннан шыққан аюдың көкірегі де шықтай мөлдір‚ көгі зеңгір суық дүниеде ашылып сала берген. Қаражалдың қайсы бір ұры қолтығындағы қайнарлы дөңгелек сазға ашыға‚ ащына жеткен ол қызба саздың ызалы қызуынан қалың қар еріп кеткен былқылдақ бойын тіміскелей бастады. Кешікпей көң тастаған жеріндей, әлде бір тұсты сояудай тырнақтарымен қопара жөнелді. Шынтақ бойы тереңнен‚ ошақтай қара күзде қара сазға көмген өлексені суырып алды. Бұл — екі бүктелген адамның жалаңаш тәні Шағандікі еді... Бассыз тән. Саз сорған қансөлсіз ақжем мәйіт. Қара күзде Қаражалдағы қоңыр үйден көтеріп кеткен кемпірдің сүйегі. Өлексе шағырмақ күн көзін өзіне тарта сусоқты саз шөбі үстіне сұлай кеткен. Айқоңыр да әлде бір сойқанды іс көз алдына соғып өткендей‚ қос қолын көкке көтере үрейлі үн шығарды... Тым-тырыс төңірек те азалы үнмен жауап қатты. Қара күзден бері саз сорып тастаған шүйкедей аппақ тән қуырылған еттей бір-ақ уыс болып қалыпты. Ашқарақ апан ауыз Айқоңыр әп–сәтте тауыс-тәмам етті. Азынаған көмейінен кей ірі сүйектері ғана өтпеген. Оларды да кеміре мүжіп‚ қырым етсіз қалдырған. Қан-сөлінен сылынған ақжем жыртқыштың аш жұмырына жұқ болмаса да жеңіл тиген. Ол енді саз жиегіне таман ерте көктемде көктей көмген бегін іздеді. Тоң жүрмеген шымды оп-оңай аршып‚ жапырағымен қоса көмген бір құшақтай бекті талғамай шайнады. Бой-бойы бусана қызынып‚ қаңтардың аязды күнін елеген де жоқ. Жаны жай тапқандай масайрап‚ қысқа қолдарын көтере құйрық басып‚ апайтөс көкірегін толтыра‚ сарайын аша саф ауа жұтты. Майлы бек те жүрегін қарайтып‚ қарасу төгілген ар жағын кілкітті. Жамбасынан саз жиегіндегі жұқа қатқақтың сызы өтсе де, шыңылтыр шуаққа бой алдырып‚ ұзақ отырды. Әлден уақта бүйректене созылған дөңгелек саздың суағарына еңкейіп‚ балдыр мен балдырған ілуге беттеді. Күн кешкірмей қамданып қалғысы келгендей‚ түнгі үскірікке ұрынғысы келмегендей Айқоңыр жарлауытты жиектеді. Шала-шарпы қар көмген қабақ астынан піскен балдыр‚ балдырған асады. Қаңтардың қысқа күні шатқал аса‚ көлеңке түсе қарны тойып‚ көңілі жайланған Айқоңыр қолат қабырғасын қиялады. Апанына асыққан. Көзіне ұйқы тығылып тұрмаса да, ұлы денесі дел-сал тартқан... Ақжем жемтік пен дәмді шөп‚ сал тарттырған мол майлы‚ күйлі денесі ме — қалай да қан тасытпас‚ тыныштық тілеген бір сезім өз ырқына алған. Айқоңыр ашусыз көнген. Айлы алқара көкте жұлдыздар шашыла аю да апанына көтерілді. Асықпай тыныс алды.

Айқоңыр көкмұнар түнге немқұрайдылау ғана көз жүгіртіп‚ қуынған аптығын басып‚ тоңазыған тәнін дүр сілкіп‚ қалың қасат күргейлеген кең апаны аузының жоғарғы жағындағы үңірейген жылымға бой салып қарады. Жылым түбі жылы әрі қараңғы екенін сезгендей бірден беттей де қоймады... Әлде нені күткендей тоңазыған тәні тосырқап тұр. Қарауытқан мол денесін қозғап-қозғап қойды. Қар заһары қарыған алақанын көтеріп алды. Мұздай әлеммен қоштасқысы келгендей зор даусымен ақыра айғай салды. Сол-ақ екен түнгі тау арасы азан-қазан болды. Мүлгіген мұңлы орман күңірене күрсінді. Өз даусына разы-қош болған хайуан шапшаң қозғалып‚ қара күздегі күбідей емес‚ майы қайта бастаған босаң‚ арсалау денесін қарабауырша созып‚ таңертең өзі бұзған жылымға жылп ете түсті. Түнгі тұңғиық дүние тына қалды. Қара жердің көк иісі мен бауырына төсеген боз арша иісі қосыла күлімсілеу аңқыған апанына енген Айқоңыр гүр-гүр етіп, жатағын сыйпап-сыйпап қойды. Оң жамбасына қарай бүйірлей жатты. Қарға қызынған ыстық алақандарын аузына алды. Әлден уақта көзі ілініп кетті. Тағы да ақ түсті әйел-елес кеп түйсік-тауанына қонақтады... Айқоңыр да өз қоңын өзі сорып‚ елеске елітіп‚ сәбидей балбыраған күйі байырқа тапты. Алып апан ішін көрдей қараңғылық құшағына алып‚ жылы демнен желіндеген бу басты. Аю танауының ысқырықты шуылы шықты.

VІІ Көз аштырмас‚ құлақ естімес боран басылысымен‚ қаңтар ортасындағы өліара өтісімен‚ аш құрсақ ай туысымен түйекиікке аттанған үшеу Қобы құмының шилеуітті‚ шиырлы өңіріне табан тіреді. Қара қостарын тігіп‚ мосы көтерген. Ақпан туа ғана кәрлі қаптағайы* нәр сызбастан қанжырдай қатып жарар‚ ши сақалын ғана шалар түйекиіктей киелі жануардың беймарал кезін қаңтарда пайдаланып қалғысы келген аңшылар асығыс та еді. Өйткені тағы түйекиік бурасын ақпанда алу қиын. Қаңтарда ғана қолай... Ақпанда жараған жабайы бурасы дес бермей кетеді.

*Қаптағай – түйекиіктің бурасы.

Шадан нағашысы мен Долай бақсы ескерткелі Ұлардың бойын жабайы түйеге деген құштар бір сезім билеп алды. Түйекиікті көргісі-ақ келді. Қалай аулайтындарын‚ қандай әдіс қолданатындарын ойлап‚ қиялы жетпей-ақ қойды. Нағашысы мен бақсы да аңшылық машық туралы әңгіме қозғай қоймады. Уақытында бір-ақ көрсін деді ме‚ құпиядан сыр ашпады. Баяғы бір беу замандарда бұлардың бабалары ел болып шығып‚ аң-құсы‚ жан-жануары жын атқан медиен мекендерді ерулеп жатып‚ құрсаулай қысып‚ шар шеңбер ішінде ұлы қасап жасайды екен. Ол күндер санадан өшкен‚ келмеске көшкен... Тайлы-таяғы қалмай түп көтерілетін жұрт қайда қазір? Жылқы ғана мініп‚ желдей есіп жүретін жаугершіл жұрт жоқ. Қару ұстағаннан гөрі көшіп-қонуға ғана бейім бейтарап ел ғана бар. Алдына салып баққаны да‚ жиғаны да мал болып‚ момақан қоңыр күй кешкен. Қырдағы қамсау қазағы да‚ құла түздегі жамсау қалмағы да тыныш... Қиырға көз тікпейді‚ шиырды місе тұтады. Барға — қанағат‚ жоққа — салауат сыңайлы. Ұлардың да жападан жалғыз аңшылық құратыны содан. Салбурын десе қорлана көтерілетін кешегі қансоқта жұрт жоқ. Бары – байсал. Жан сақтаған — жансақ‚ мал сақтаған — малсақ ел ғана қалған екен. Ереуіл мен ерлік‚ салбурын мен серілік үркіп кеткен-ді... Тыныш тірілік түбіне де жеткен-ді. Аңшы жігіттің жігерін құм қыла осындай бір ойлар орағытып өтті. Дамылсыз соққан бораннан қобы-қобы қойнауы тығылып‚ төбе–төбесі аршылып қалған құмды түз қаңтар күншуағына шомыла қапты. Күрлеуітті ши-шилеуіт ішін күртік қамап тастапты. Күртік астына құба құм жантағын жастапты. Бораннан кейінгі бұла өңір түс әлетіндегі шуаққа манаурап‚ көңілге жылы нұр құяды. Тәнің талмаусырай босайды. Алдамшы сезім жаныңды арбайды. Қуаң құмның осындай бір жұмбақ мінезі бар. Ғажайып бір күш барыңды балбырата еміп‚ тәніңді талмайтындай‚ жаныңды жалмайтындай сұм да сырлы сезімде қаласың... Егер өзөзіңді билей алмасаң — құмға сіңген судай жұмбақ күйде жоғаларың хақ. Осы бір алмағайып күйді сезгендей Шадан мен Долай жас жігітті қамшымен қиялай тартып-тартып өтті. Ұлар тұғырдан тайған қырандай дүр сілкініп‚ қос шырағы шырадай жанды. Олар іле көлік алмасты. Долай бақсы шұнақ бураның ашамайын алып‚ бұйдасын шала күрмеп қойды. Ашамайды Шаданға беріп‚ өзі Сумылтыққа мінгесті. Даңғыра-дабылын қосқа тастап кеткен. Екі қолы бос. Қарына құрық ілген.

Шұнақ бураны бос бұйдалап ерткендеріне Ұлар түсіне алмады. Ақырын іштен күтті... Нағашысы мінген торы алдыңғы аяғын тебіндей алады. Қамап тастаған қар жіліншектей жеміріледі. Әйтеуір‚ тоқпақ жал торы мен Сумылтық тың. Барлығатын емес. Шала құрсақ. Құмсаққа қи тастаған. Бұрқақтан кейінгі күн де тымық. Суық. Аязды жел айдап кеткен де, қаңтар ызғарын ғана қайырып‚ зәрін сындыра алмаған. Атан бойы ши үкісінің шынары шайқалып‚ шуақты шұғылаға құбылады. Сумылтық пен торы кейде ши сақалын шалып қалады. Шұнақ бура да жетектеле еріп‚ бұйдасын үзе жентектете ши шалады. Ұлардың бойын белгісіз бір торығу сезімі билеп алды. Торыққан көңіл нағашысы мен бақсы қамшы салып өткенен кейін де тарқай қоймады. Көңілі күншуаққа керім тартса да‚ иінге түскен зіл арылар емес. Десе де түйекиікке деген елегізу де бар. Жеті-сегіз жасар жарау шұнақ бура оқыс елең ете қалды. Аңшылар астындағы аттар да құлақтарын қайшылаған. Долай бақсы да: «Көс-көс‚ көс!..» деп шақырып қалды. Сол-ақ екен жардай шұнақ бура бақсының даусына шамырқанғандай бақ-бақ етіп‚ қарадай жел бітіп‚ желік буып жөнеле берді. Ауырлай қозғалатын шұнақ бура жын көтергендей ытырылған. Шала байланған бұйда шешіліп кетті. Долай бақсы да бурасына дем бергендей ат үстінен қарғып түскен бойы бұрқ-сарқ қайнап‚ қарымды құрығын көтере «көс-көстей» жүгірді. Бура безіп жөнелді. Нағашысы Сумылтық сулығынан ұстап‚ жиенін тежеп қалды да‚ бақсы бура соңынан құйындай ұшып көрінбей кетті. Қалың ши тұтты. Оқыс жағдай Ұлардың көңіл-күйін ойпыл-тойпыл қылды. Нағашысы екеуі үнсіз қозғалды. Осы бір шақта ақырысқан бура мен қаптағайдың даусы да естіліп қалды. Ұлар шыдай алмады‚ ауыздығын шайнаған Сумылтықты тебініп қалды. Тарпаң араласқан түздік тегіне тартты ма‚ жануар кісіней ұмтылды. Олар қалың ши арасын қылыштай кесе шапқылай шыққанда‚ шоқтық пен шонданайдан алысып жатқан шұнақ бура мен түйекиік қаптағайының төбесінен түсті. Анадай жерден төбе көрсеткен үш-төрт іңген бұларды байқасымен жалт бұрылысқан. Долай да осында екен. Түйекиік қаптағайы жатаған әрі сидаң. Шудалары да сұйық. Екі жануар да ашына ақырысып қалып‚ кеуек бастарын шөміштей иілген мойынға ала жүгіріседі. Жуан мойындар бірақ былқ етер емес. Пышақтай өткір азулар өтер емес. Қапысын тауып қарпи да алар емес. Отаудай жер ойран-асыр. Кеуде қағысқан ойындары аламан-тасыр. Жалпақ табан астында қар борап‚ қара ши түбішегі орылады. Асау да астам жануарлар жанарында көк аспан мен қара жер аунап‚ бір жұтым ауадан тыныс тарылады. Көздері шатынап‚ жандары ышқынады. Түйекиік сидаң болса да шандоз екен. Шұнақ түйе бойымен ғана басып жүр. Екеуі де күйлі‚ қос өркештері тіп-тік. Бура мен бураның шайнасқаны қанын қоздырған тарпаң тұқымды Сумылтық тықыршыпақ тұр. Иесі де еліріп алған. Долай бақсы болса‚ құрықпен жер сабалайды. «Көс-көс!» деп шұнақ бурасын қайрайды. Жақын баруға батпайды. Алтайдың ақ қар‚ көк мұз өңірінде өскен шұнақ бура түйекиік шандозына тіс батырған сайын шамырқана түседі. Қайырыла қашар жолын кеседі. Көбік шашып‚ шудаларын жеседі. Әу баста келесін қорғай түскен қаптағайға бірте-бірте өз жаны қайғыға айналды. Үйдей шұнақ бура шідер ашытар түрі жоқ‚ төніп алған. Шұнақ та құлағын шұнтита талай қаптағайға түскенін аңдатқысы келгендей, күш алып барады. Қаптағай да бұл жайды бағамдаған сыңайлы‚ ол да құтыла алмасын сезгендей бар қайратын бойына жиып‚ беті қайтпай шайнасуға көшті. Қос өркеші баладай екі бура да үй жығардай екпінмен ұмтылысқан. Құм түстес құбақан қаптағай бураны тақыр кеудесінен алды. Мұндайды күтпеген шұнақ бура шегіншектей берген. Бірақ бұрыннан қаптағаймен қағысудан әдіс-айлаға құмбыл шұнақ тап көк желкеден қарпып‚ ал тағы түйекиік басын серпіп тастап‚ қайта ұмтылған сәтте бура ашық аузынан қапты. Қарсы келген апан ауыз азулар қаржаса кеп түсті... Қызыққа сырттай батқан адамдар да аңырып қалған. Шұнақ бура қаптағайдың тілі мен астыңғы ернін қабат тістеп‚ түйекиік болса шұнақтың кеңсірігі үстінен алған. Қасара қаржасқан азулы жақтар жандарына батса да, қайтпас қияңқы мінез танытқан. Екеуі де бірінің түбіне бірі жетпей тынбайтын кепке бас қойған. Ұлардың шыбын жаны шіміркеніп‚ тәні түршікті... Езулерінен жылымшылай аққан қызыл-қошқыл қан құмсоқта-қарсоқта жерді бояй тамшылаған. Мойындарын ие‚ бастарын шұлғи жұлқысқан. Қос жануар да қаржасқан жақтарын қарысып қалғандай ашыспаған. Қоңыр қарашықтар шақшиып‚ ақ шел қаптай ақиып‚ жас толы жанарлар жарқыл қақты.

Шұнақ бура шыдай алмады ма‚ әлде кеңсірігін қарпығаннан тынысы тарылды ма‚ жоқ қаһарына мінді ме — кенет молақ басын жұлқа тартты. Алапат күшпен ырғай көтеріп‚ дырдай шайнасқанда қаптағайдың етектей ерні мен алақандай тіл-көмейі жұлынып аузында кетті. Бірақ өз кеңсірігі үстінен қаптағай қапсыра ауыз салғаннан шұнақ бураның да терісі жалбырай‚ жалаңаш сүйегі ырсиып қалды. Саптаяқтай астыңғы ерні салақтап‚ тіл-көмейі жапырақтала жыртылып‚ суырылып алынған бейшара жануар шұнақ бураға да қарауға шамасы келмей‚ көмейі қырқырай шыркөбелек айналды. Табан астын қан жуды‚ кең кеудесін қан шайды. Шұнақ бура ашына барқыраған күйі тайраңдап жөнелді. Шадан мына сұмдық көрініске шыдай алмады білем‚ шүріппені басып жіберді. Оқ бастан тиген қаптағай қапсағай денесі теңселген күйі төрт аяғы шатқаяқтап‚ тәлтіректей басып барып шөке түсті. Сол қалпында қимылсыз шөкті. Иір мойны қайырылып қалды. Долай бақсы білеудей селебені тамақтың астын ала салып-салып алып‚ бітеу қасап жасады. Қара қан лақ ете түсіп‚ қар мен құм жалпақ табанмен шыланған жерге жайыла‚ күреңіте жұтыла берді. Аңшы Ұлардың ауа жетпей алқымы ісінді. Қыран қабағы кіржиді.

VІІІ Ақпан туа ауылға оралған аңшылар тым-тырыс жатып алды. Құла құм арасынан серпіле қоныс аударған ауыл ұлы қырға қарай бет қойған. Қобда мен Бәйтік беті ұзынсары келе шешек ата бастайды. Ал ақпан ішке түсісімен, Қобының қармен шарбыланған шұбар жүзі еріп‚ шымқай сұрғылт күйге еніп‚ сұрқай тарта қалатыны бар. Көк жиде басы бүрлемей‚ тораңғыл атаулы түрлемей‚ өлең шөбі тепсінбей‚ шеге құм да көпсімей қоятын кез. Буралы түйе ғана келеге түсіп‚ келімсек атаулыға түре тиіп тұратын мезгіл. Ұзынсары жете алмай‚ қыс қаһары қара үзіп кете алмай құбылатын ақпан ашулы келетіні де содан. Жан–жануар жұбына жетіп‚ кетеуі кетіп тұратын осындай өліара шақта түйе бурасы мен түйекиік қаптағайы ғана бұла қуатпен бүлінеді. Табанын қар мен мұзға жани жалдап жортады. Аш құрсағын қайрап‚ қанжырдай қатып‚ қарнын тартып‚ құланды қара желіспен қуып жетердей жарайды. Ши басын ғана шалып‚қу құмалақ тастар зар айы туады. Ауыл бірақ тыныш. Үзігіне мұз қатқан күйі қыбырсыз жатыр. Мал аулақта‚ жан ұяда дегендей ыңшыңсыз. Ақпан да борансыз. Күн де құлатөбел. Қыр бетте құлатөбел күн ызғарлы. Ауыл адамдары ызбарлы. Қалмақ ауылының көші-қонға ұстайтын аз ғана түйесі құм ішінде ендеп жүр. Атанды да қаны қызып‚ жаны жанықсын деп қоя беріскен. Шұнақ бура ғана шабынып тұр. Өткендегі қаптағаймен бетпе-беттен бері келеге қосылмаған. Долай бақсы қостырмаған. Бота кезінде бақсының өзі кесіп тастаған құлағы аздай‚ үстіңгі еріннің бір жағын қоса кеңсірікті құйқасымен жалаңаштай сыпырып кеткені сор болды. Шұнақтың кеңсірігін жабатан жабу тігіп‚ бақсы оны ырсыйған ақ сүйек үстінен басып‚ тіс арасынан өткізе байлап тастады. Ақпаны туып‚ бауыры қызып бүлінген бура жуан мама ағашқа темірбен шынжырланып‚ ақ көбік жынын құсады. Ұлы кеудесіне сауыс-сауыс сарыала мұз қатыпты. Шудалары да шиыршық-шиыршық болып ұйысып қалыпты. Бұрнағы жылдарын сағынғандай сарнап–сарнап қояды. Өткен ақпан аяздарында армансыз келеге түсуші еді... Түйекиік келесіне де тақым артатын. Түйекиік қаптағайлары да буырқанып-бурсанып келуші еді. Екі жағы да іңген қуып‚ қан қызуын қайырып‚ жан жылуын шарпысатын. Қайысудан қайтпайтын. Жабайы қаптағай жағы түздің төлі болғандықтан ба — аса айлакер де епті. Қолдан қаюға бейім түйелерге түре тиіп‚ ыңыршағын айналдырып жіберуші еді-ау!. Бұл да бірақ бұлаң қағып‚ ай мен күннің астында аунап-қунап қалушы еді. Тәні талмай‚ құмары қанбай құтырынатын. Көбіне қулықтарға соқтығатын. Қоясын құсқан құстай түлейтін. Бозамық бауырында күреңіткен бураның тән жылуы‚ қан қызуы лапылдап‚ көріктей кеудесі бір көтеріліп‚ бір басылып бұлықсиды. Қылша мойыннан ілінген қыл сағақ темір шынжырмен жалғасып‚ қолтықтай қара ағаш — мама ағаш түбіне бекітіліп‚ еңсесін баса есесін алып-ақ тұр. Түн ортасы ауа желінген‚ өткендегі түйекиік сүбесі мен өркешіне лықа тоя шыққан Шадан мен Ұлар шұнақ бура жаққа қарай қозғалды. Жынын шашып‚ жыны қозып тұрған жануар да бақ-бақ етіп‚ қиылған айдың бозамық сәулесі астындағы ақсұр елеске елең ете қалды. Бірақ олар қиыс кетті. Боз белең асты. Аяқ астындағы ақпанда жауған соны қар ғана сықырлады. Кешікпей жұлдыз төнген белеңнен түсіп‚ екеуі екі айырылды. Шұнақ бура өзіне қарай жүрген Ұларға ішіп-жей мөлиеді. Үн шығармаған. Шадан ақбоз шаңыраққа шым батқан. Үміттенген шұнақ та кіділігін қоя қойды.

Жақындай берген Ұлар кілт тоқтады да барлай бақылады. Шұнақ бура да түгі ақшулан тартып аңырайған. Жарадар танауы моншақты мұздақпен саңырайған. Киіз жабу дым тартыпты. Қаптағай жарадар қылған кеңсірікті жабулағаннан будақ-будақ бу да сейіле көтеріледі. Екеуі аңдысқан жаудай аңыс аңдаған. Бозамық түн боздатқан аяз болса да, бура да‚ аңшы да қорынған емес. Бураның қорынбасы бесенеден белгілі: қандай аязда да сау желіп келіп‚ мұз үстіне байланатын жануар ғой. Табаны мен төсін қыста қар мен мұзға‚ жазда салқын қара жерге төсейді емес пе. Әйтпесе жылы көң үстіне байласа‚ кеудесі қолдырап‚ табаны күлдіреп қалады. Өз қызуына өзі күйіп қалатын киелі жануар ғой. Әсіресе‚ мал үсініп өлер қыста... Қыс ішінде бусанып жол жүріп келген жануарды қой құмалақ тастаған қызба көңге‚ ызғырықсыз ықтасынға байламайды. Ал бір қызыл табан болса, қайтіп мал болмайды. Пышаққа ілінеді қолма-қол. Шұнақтың сыбдырға құлақ түріп тұрғаны мынау. Өткір көзін үмітпен де‚ күдікпен де‚ қаһарлы ашумен де сататынын қайтерсің. Ұлар да сыр бермей, сырықтай қатты. Күні бойы құсаға қамалып‚ қарайғанға булығып тұрған бура әлден соң қайта қырын қарады. Әйкелдей тәлтиген сұлбаны ұмытқаны‚ әлде соған соқтығарға жынын шақырғаны белгісіз‚ тілін шайнай барқырады. Түн тыныштығы бұзылды. Қаны қарая ышқынды-ай кеп. Қараша үйіндегі Долай да қармен іргесін көмген жылы отауынан бас шығармай қойды. Шабынған бура шарқ ұрды. Оқыс шатақ мінезге көшті. Шынжыр шірене тартылғанша екі адым шегіншектеп‚ кеудемен қолтықтай жуан мамағашты соқты. Ағаш та шықыр ете түскен. Шықыр үні шаншудай қадалғандай қайыра кеуде салды. Жағаны ұрған жайын толқындай екінші қайтара соққанда, қу ағаш тақ түбінен морт сынды. Мұндайды Ұлар да күтпеген. Ол шегіншектей беріп‚ қарманар қада‚ құрық іздеді. Көзіне ештеңе ілінбеді‚ қолына ештеңе түспеді. Кеш екенін де түсінді. Аралық тым жақынтын. Бірақ бура бұған қайырылмады да‚ қасат құмға бет қойды. Темір шынжыр тірсегін қағып ол кетті. Жас аңшының жон арқасынан мұздай тер бұрқ етті. Әйтеуір‚ шұнақ бура жөнін тапты. Алыста қалған келесін іздеп‚ тасыған қанына тартты. «Қолтығына күлше пісіретін киелі жануар ғой» деген ой аңшыға оралып өтті. Долай бақсының білуінше‚ бұл жай ел үстінде күндіз күн‚ түнде ай тұтылған жорық жылдары‚ ат кекілін түйген‚ қыл құйрығын кескен қиямет күндері қолға алынады екен. Баяғы қалмақ бабалары Бөрте Шонаны*‚ қазақ аталары Көк Бөріні ие — ене-ана — кие

*Бөрте Шона – Бөрте Бөрі, қалмақтар Көк бөріні осылай атайды. Шона – бөрі деген сөз.

тұтқан заманнан бері бар екен... Ақбоз атты құрбанға шалып‚ ақ қамырды аш бураның қолтығына пісіріп‚ күн көтерілер шұғылаға да‚ батар құбылаға да‚ ай туар түстікке де‚ аунар терістікке де қорамсақты жақ‚ қыл шашақты найза‚ қалқанды қылыш‚ қамшылы шоқпармен аттанар алдында қалың қолға төс табақпен тартады екен. Бәрі де шөгерілген түйенің қолтығының қызуына піскен қамырдан дәм ауыз тиеді екен. Құрбанға шалынған киелі ақбоз жануардың қанына бармақтарын батырып‚ қан татиды екен. Қыс-жаз демейтін қиян да ұзақ жаугершіл жорықта қайран бабаларын ақбоз аттың қаны‚ ақ қамырдың дәмі қолдаса керек... Адамға шыр жұқтырмас құба қыр‚ құла шөлде астындағы атының адырайған тамырын тіліп жіберіп қан ішетін‚ жүгірген аң‚ ұшқан құстың етін шикілі-пісілі отқа қақтап жейтін‚ жорық жүгін артып жүрер қара нарлардың қолтығында шала піскен қамырды езе жұтатын жауынгер жұртты тоқтататын күш болмапты. Сағымдай көшпелі‚ самалдай еспелі ел жер шегіне жеткен‚ күн түбіне озған. Қыл шашақты, жібек жалаулы жұрт бет қаратпаған екен. Бүлікшіл батысы да ... күдікшіл шығысы да... бас иіпті! Бәс тікпепті! Бөрі байрақты жонның жұрты жортып жүріп күн кешіпті. Солардың бұлар бүгінгі ұрпақтары екен. Киіз-туырлықты‚ уық-шаңырақты Қазақ-Қалмақ — түп-тағайы жақын жұрт болыпты... Қайран қалың қарындас құс қанаты талар қырға да сыймағандай атысыпшабысып‚ келе-келе ірге бөлісіп‚ қанжар қағысып өтіпті. Бөліне-жарыла жауларына жем бопты... Бірінің түбіне бірі жетіпті. Қос қарындас қауым жыртылып айырылысыпты‚ қасарысқан күйі қайта қайырылыспапты. Жаһан дүниеде жүректей жарылып‚ бүйректей бөлініп жалғыз-жарым қалыпты. Ай-хай‚ алағай да бұлағай дүние-ай!.. Осынау өзегі талған‚ өкпесі қабынған жалпақ жұрт та жондай ма екен?! Қатар жортқан қос көкжал бөрідей бірге қайрат көрсетісіп‚ қызыл қан ішісіп‚ қанжығасын қандап‚ қабырғасын майлай ма екен?! Ұлардың ұлы бойы мұздады... Табан астында шелдей жұқа қар шықырлады.

Адыра ақпан ауып‚ науша наурыз туған. Ауыл арқа қырға көшкен. Жұрт арқа-жарқа болғанмен‚ құба қыр құлазыңқы. Теңгедей шұбартқан қыр жоны сұрқай. Әлі жамбыдай жасана қоймаған. Жусан иісі ғана мұрын жарады. Ақпан бойы ауылдан ұзамаған Ұларды бір көңілсіз күй билеп алды. Белгісіз ауыр сезім бой көтертпей-ақ қойды. Күздің сілбі жаңбырындай жанды сергітпей‚ тәнді сілкінтпей басты да тұрды. Ауыл адамдары да жалғыздыққа үйренген үндемес жиенін мазаламауға тырысқан. Шадан нағашысы да жел-құзсыз, шақылдаған аязды ақпанда жамбастап жатып алды. Ақпан бойы шұнақ бура да ауылға жолаған жоқ... Ұлар Ұлы Алтайын сағынған. Бұлабике де еріксіз еске түсе берген... Сағыныш көңілін қозғап‚ санасын сартап қылды. Шадан өзі түсінер деп Ұлар да тықыршымады. Уайымсыз сарғайған. Бірақ нағашысы да іштен тынды. Долай бақсы да былқ етпеген. Шаданның шын ойына бойлай алмай‚ түктің байыбына бара алмай Ұлар шыдап-ақ бақты. Кешікпей мал төлдемек. Ойламаған жерден Шадан қыстай құр жіберген құла қасқа атты алдырып‚ ер салды. Долай бақсы ерген жоқ. Мал-жанды күйіттеп қалғандай. Құла қасқа ат та кермеде жусар‚ көмбеде бусар жануардың өзі екен. Сумылтық екеуі ұзын жолға бап қосылған. Халха-мұңғылдың жеріне желкелей асар Қаптық-Бәйтіктің ақтаңдай сор даласынан жіпселеп сапар шегу керек. Ол өлке де өңез. Жол білмейтін жан ұшып өледі. ... Сапар — сандал‚ жол — жөргем. Қанын ішіне тартқан түз түсін сырт салып жатыр. Қобы құмының ішіндей жаймашуақ емес‚ қыр арқасы — қарасуық. Қобда Алтайы жыл жаңалар қарсаңда түйедей тарпып тұрған жайы бар. Жаз да жайсыз болар сыңайлы. Ұлар көңіліне күдік түйіп қойды. Бұлар суыт жүрді. Наурыз басы нұрсыз болса да‚ азулы бөрі ашығар қыстың зәрі сынған еді. Шадан мінген құла қасқадай құр ат пен Ұлар мінген Сумылтықтай азбан айғыр терісінен соққан ызғарсонарды елер емес. Қансонар күндер артта қалған. Құлан қуып аулауға емес‚ нағашысы әлде нені аңлауға — бұған аңдатуға жол шеккенін түсінді... Өр Алтайдан етектей Қобда Алтайына ұласып жатқан жапан жонның ақи-тақи тұмсығы – қара Қытайға құлдилап сұғынар ұлы шөл — Сарықұм — Ұлы Қобы* құмының бастау алар тұсы‚ яғни Алтайдың Аққұмы төскейіндегі қазақ ауылына түнеп шығысымен‚ теріскей түстікке қарай сар желген. Үстірт үсті үскірікті. Халханың қара жоны қара желмен ашылып қалса да‚ сақау сайжыралары қыс бойғы боранмен қақалып‚ қамасып‚ үстірт үскірігінен мүйіздене мызғымай

*Сарықұм – Ұлы Қобы – Гоби шөлі.

жатыр. Сусыз сырдаң‚ көксіз қуаң күйі. Күн де ашық емес: батыс бет — бұлыңғыр‚ шығыс бет — шаңыт. Астарындағы күліктері де мазаң. Қарадай пысқырынып келеді. Бірін-бірі қара тұтып‚ бұрын тұяқтары тимеген төңіректі көзбен шолып‚ иелері тізгін қаққан терістікке қарай тая соғады. Жануарлар әлде нені сезгендей жалтаң қағады. Жылқы мінезін жазбайтын екеу де елемеген қабақ танытады. Бірақ бойларында бір алабұртқан сезім бар. Оны да бір-біріне сездіргісі жоқ. Жер қыртысы өзгерген. Құлан мен түйекиік тебіндейтін сайын даланың сұйқылтым шөбі — селеу мен изен‚ жусан мен бетеге тұнып‚ түбішегінен жел қағып‚ жас өскіні қылаң қаға бастапты. Ұлы Қобыны пана тұтқан үйір-үйір құлан мен келе-келе түйекиік көктем келе осы құла қырға көтеріледі екен. Қырдың күзден қалған суықұрды‚ түссіздене қатқан қуарыңқы шөбіне сүйсіне бас қойысатын. Қарасуықты ұлан қырда төлдеп‚ бидайықты қиыс қолтықтарындағы тұнық тұмаларынан шөл қандырып‚ киікпен қатар өріп жүреді. Қырда құлан жосылып‚ киік жөңкіліп‚ түйекиік теңкиіп жататын қадым кезеңде кім қадірін біліпті? Бұл күнде бәрі де азайған. Даланың жыртылып-айырылатын жабайы жылқысы мен жабайы түйесінің күні өткен... Азуын айға білеген қасқырдан бетер қарымын қарына білеген адамдар топ-тобымен топалаң тигендей қылған. Ұлы Қобының иығын ала жатқан Қара Қыр сырын шыжымдай шерткен Шадан нағашысы қалмақ жұртынан аса сыйлы қонағына құлан құлынының етін жегізетінін шетін әңгіме сыңайымен сөз арасына қыстыра кеткен... Сонда ғана Ұлар қыр құпиясын‚ көктемгі қатқақты жүріс жайын ұққан. Ұққан да қайран қалған! Неше ме күншілік жолға аттанған жұмбақ нағашысына не айтарын да білмеген‚ ел көрсін‚ жер танысын дегені шығар... Ит арқасы — қиян қырға жол түсер деп Ұлар ойлаған емес-ті. Қиян қыр да түсін салып‚ түгін тартып тұр. Атақты Арқаңғай түзінің бастау алар беті ғой бұл өңір. Өлі өңір. Түс ауа шаңыт жоғалып‚ көз жетер көкжиекке дейін бұлыңғыр бүркеді. Жалтаң Қара Қырдың құбылғаны қос салт аттыға ұнамады білем‚ қара желіспен асыға түсті. Діттеген жерге қонаға жетуге ұйғарысқан. Биыл қыс қатаң‚ көктем созаң болғасын ба‚ Қара Қырға

керей ауылдары да‚ қалмақ ауылдары да көшпегенге ұқсайды. Әлі де күн қызуын күтіп, Ұлы Қобы мен Қобда Алтайы‚ Боғда маңынан ұзай қоймаса керек... Қайнарлы қолтықтар мен тұмалы төскейлер басы қырда бос. Ызғырық күшейіп‚ жел көтерілді. Қыламықтап басталған қар қапалақтап жөнелді. Жаяу борасын бұрқаққа‚ бұрқақ соңы бет қаратпас боранға ұласты. Әп-сәтте бұлыңғыр дүние бүлініп сала берді. Темірдей қарыған қиыршық бөктергіден тұлыпты шештірген. Құла қасқа мен Сумылтықтың да кірпіктеріне мұз қатып‚ танауларына жел толып, қиыстай берген. Ат құлағын жасырар ақ түтек сәт салып бел алған. Наурыз емес‚ қаңтардың қысы келгендей. Қара Қырдың анда-санда асыр салатын соқпа дертті жыны қозған. Жер жадысы жат өңірде тізгін тартқан жаққа елпілдей желе жортқан жануарлар иелеріне ғана сенетіндей. Иелерінің де Ебінің желінше үдей түскен Қара Қырдың «Құланды желіне» күдікпен көз тігіп келе жатқаны айқын. Халха-мұңғылдың мұнар мен сағым көтерген Арқаңғайдай ұлы даласынан күш алып‚ Қара Қырды құландай жосып өтіп‚ Ұлы Қобы шөліне дендей еніп‚ құм қотаратын Құлан жел — Құланды желі ғой... Бір соқса — үш күндеп‚ бес күндеп‚ жеті күндеп — қыс-жаз демей демігетін әдеті. Құланды желінен кейін қыр да‚ құм да бір жасарып‚ терең тынысы кеңіп қалатыны және бар. Жылына бір-екі рет қана‚ кей жылдары тіпті үнсіз қыстығатын ұлы жел қашанғыдай ұрын келетін. Сондықтан да жолаушыға қауіптітін. Жаз жүзінде құмда қалсаң, кенезең кеуіп сасып қалатының‚ қыс бетінде боранда үсініп қатып қалатының аян. Шадан қауіп еткен... Жер жағдайымен таныс емес астарындағы күліктері көздеген жерге жеткізе алмасы анық-ты. Аспан мен жер жанасқан‚ құрық тастам қашықтық қана сұлбаланған суық дүниеде жылымдай жылыстаған ұры жылғаға төте алып шыға алары неғайбыл. Бар сенері — Көк Теңгірі‚ адастырмас дейтін көкірек көзі. Қылаң дүние барқын тартты. Қыр кеудесі күңгірттенбей межелеген тұсқа түсу үшін, азбан мен атты терісінен түтей соққан боранға қарамастан сар желіске салған. Тері байпақ‚ тері шалбар‚ тері жақы‚ тері тұлып‚ тері тымақ‚ тері қолғап — бәрісі де тек теріден тігілген киімді жолаушылар тәні әзірге түршіге қойған жоқ. Тек мінген күліктері барлықпаса болды. Бірақ жануарлар — тоқжарау. Май жұтпасы ‚ өкпесі қысып болдырмасы мәлім. Барқын тартқан боранды әлем біртін-біртін қарайған бауыр түсті күңгірт күйге ауысты. Боранның масағы буып‚ алас-қапас түн басып‚ Шадан Ұлардың шылбырын өз ерінің алдыңғы қасына шалып алды. Кеш қараңғылығы іліге бір-бірінен қара үзіп қалмастың қамы еді... Тап құлағыңның түбінен тымағыңның құлағын көтеріп айғайламасаң — естімейсің. Құланды желі барған сайын демін тартып‚ құлақ естірмес‚ көз аштырмас дүлейлігіне елтіген. Жалтаң қыр. Ұра-жыра толтырулы. Сай-жылға да сырғақ. Жаяуға пана‚ аттыға ық болар жер жоқ. Оза ұмтылып келе жатқан Сумылтық оқыс оңға қарай қырындап‚ құла қасқаны бүйірлей итеріп‚ кісіней тоқтады. Екеуі де ат басын ірікті. Қараңғы болса да жануарлардың тегін қиыстамағанын‚ текке кісіней тоқтамағанын жолаушылар сезді. Ит-құс үйірімен қоршап алмады ма деген күдік те оралып қалған... Бірақ мынандай аласапыранда олар қайдан келсін? Дегенмен дала көкжалына дауа да жоқ. Қос күлік тізгін жұлқа оңға тартты. Иелері де сезе қойысқан‚ еркіне жығылған. Жылқылардың әлде неге қара тартқаны айқын болған. «Япыр-ай‚ жетіп қалғанымыз ба?» деп ойлады Шадан. Ұлар тіпті сенімдітін. Бірақ олай болмады‚ әлде қандай шөгіп жақтан түйелердің үстінен шыққан. Мүмкін ауылдың шеті болар... Ат үстінен түсіп‚ екеуі қатар-қатар шөккен түйелерді сырт айналып шығысты. Иен далада шөккен түйекиіктер емес екені алғашында-ақ белгілі болған. Олар жылқылар жақындай бере-ақ көтеріліп кетер еді. Түйелер үшеу екен. Үшеуі де бір-біріне бұйдаланыпты. Қомдары жоқ секілді. Түсірілген болу керек. Шадан Ұлардың құлағына айғайлап‚ осында аял құратындарын білдірді. Жел дауысты жұлып әкете береді. Ұлар жақын маңда қос немесе киіз үй бар деп топшылаған. Нағашысы ортада жатқан түйенің түйістірілген бұйдасына Сумылтық пен құланның да шылбырын күрмелей‚ қысқарта байлады. Тастай түнекте ортаңғы түйенің басында‚ нағашысының қасында бәрін де көңілмен сезіп тұрған Ұлардың жүрегін жауырынынан салып-салып қалған алақан зырқ еткізді! Алтайдағы аюға деген аңшылықтан қалған секем сыр беріп қойған... Ешкімді көре алмаса да жалт бұрылған. Әйтеу біреу қараңғыда даусын желден асырмақ боп айғайлап жатқанын еміс-еміс естіді. Сонда ғана жүрегі орнына түскендей болды. Қыстағы Долай бақсы айтқан кісікиік келіп, жауырынан салып-салып қалғандай сезінгеніне өзі де таң қалған. Еңкейе құлағын тосқан. Әйел затының жіңішке даусы. Қазақ екен. Ортаңғы түйенің қамшылар жағы бос екенін‚ сол жаққа түнеуге болатынын білдірді. Өзі мінер жағында‚ қос түйе ортасында екенін сездіре кеткен. Нағашысымен де бір-екі ауыз тіл қатысты. Әлгі

әйелдің тап қазіргідей сұмдық суықта түйе қасына түнеңдер дегеніне Ұлар түсінген жоқ. Төбеден ұрғандай танымы жетпеді. Нағашысы тас қараңғыда биялайлы қолынан ұстап жетектеп‚ қатар-қатар жатқан түйелердің екі адам қысылысып жатардай ғана қысаңға бөктеріншектен шешіп алған аю терісін салып‚ тұлыптарын қымтана жатты. Сол-ақ екен жұлқынған жел де‚ сабалаған мұздай қар да саябыр тауып‚ қос түйенің арасы қалқан болды. Суық қармай бастаған бой да жылу сезінді. Екеуіне Тәңірінің көзі тура екен. Әлден уақта денелері қызып‚ тұлып астында құшақтасып қатар жатқан қос аңшы қалғып та кетті. Аяқтарына дейін жауып қалған бұйра-бұйра салалы жүнді сең-сең тұлып үстін боран үрген қар жапты. Ал жауырындарын түйелердің сүбе қабырғаларына тіреген екеуінің ұлы жондары сексеуілдің жалыны шарпығандай қызып жатты. Төсінен тоң жібитін‚ бауырынан шоқ қаритын‚ қолтығынан қоламта шарпитын жарықтық жануар – ойсыл қара жолаушы атаулыға қысы-жазы қамқор болған ғой... Жалтаң жонда ықтасын. Жолсоқты жолаушыларды жерге жарық жайылып‚ боран беті айқындалған ертеңгілік уақта түндегі бейтаныс әйел оятқан. Оянған бойда жайбарақат күйде боран мен суықты елемей жатқан түйелердің арасында ауқаттанған болды. Түні бойы қаңтарулы тұрған жылқылардың үстіндегі қоржын бастарынан суық ет алысып‚ қазы мен құрт жескен. Кешеден бергі жүректі жалғасты. Таңғы дәмнен соң бұлар әйелге рахметін айтысып‚ ол бұл екеуінің сәл бұрыс кеткенін аңғартып‚ ал өзінің Алтайдағы Қыран өзені бойында отырған абақ керейдің қарақас‚ молқы ауылына бара жатқанын білдіріп‚ ұзын жолдың үстінде оң тілекпен қоштасты. Құландының желімен Қара Қырды жебелей жөнеген. Боран да басылмасын сездіргендей бөрідей ышқына ұлиды. Ұларға құпиясын бүккен ұлы дала ғана желге сауын айттырған күйде ұйықтаған аюдай қозғалмай жата берді.

X Аю биыл да ерте оянып алды. Наурыз орталамай жатып сезім-сауанындағы аппақ елесті серпіп‚ алып апанындағы жылым аузын ұрадай қылып қопарып шыққан. Баяғы бір қонжық кезінде сүтке тоймаған тәні қанша күйлі болса да ерте көктемде сыр беріп қояды... Айқоңыр ашыға қоймаса да оянып кетеді. Қайтіп қоналқа күйге келе алмайды. Екі көзі қырандікіндей қанталап‚ Алтайды ашумен аралайды-ай келіп. Кеудеден түскен қарды кеңірдектей кешіп‚ кезіп жүргені. Күн Құзғындының найзадай шаншылған шыңдары үстінен көтеріліп‚ сылаң сәулесі Айқоңыр оянған Үлкен Қаражалдың теріскейін тінте төгіліп тұр. Қараңғыдан асығып атып шыққан аюдың жанары тік шаншылған күн көзіне қарығып‚ түрлі түсті ағылған шеңберлер шыркөбелек айналып‚ басы зеңіп қалды. Салалы кірпіктері қамасып‚ ұйпа-тұйпа жүнді басын сілкіп-сілкіп қойды. Аздан кейін ғана өз-өзіне келді. Маңай – мөлдір‚ төңірек – тымық. Айнала — аппақ қар‚ бұйра орман. Қия қорымнан көшкін құлар күре қар қасат. Жадағай жерді жапқан сере-сере күртік. Күршім өзені ағып жатқан терең құз жақтағы жапырақсыз тал-қайыңды орман үсті ғана сұп-сұр. Алыстағы Құзғынды мен Жайдақ көл бетіндей көгілдір. Қарлы болса да мұнар. Жалғыз-ақ түстікке қарай орын тепкен Сарытау піл сауырындай зор күйі қасат қымтанып‚ айыз қандырардай аппақ сағым ауған. Сәби жүзіндей кіршіксіз алып ақ таудан күн де қысылатындай‚ жанары таятындай. Тау болса — сол балбырай қалғыған момақан беті. Айқоңырдың арқасына жабысқан аш қарыны сыр берді. Өзегі талмаса да, өңеші жыбырлады. Сол-ақ екен қарды уыстай қарбытып-қарбытып алды. Жүрегі сазып қоя берді. Іле ішегін соза‚ асқазанын қыра ащы запыран ақтарылды. Сары жалқын жын ақ қардың бетін ластады. Қайта лоқсыды. Лоқсық соңынан қыс бойғы толған өті асып‚ өзегін өртей көк жалқын сұйық тағы төгілді. Удай өт күйдірген‚ ішегі тарамыстай тартылған Айқоңырдың азабы асқаннан ақырып жіберді. Тұнық ауа‚ байсал тау оқыс үннен дір етіп‚ меңіреу маң дүр етті. Аяз арылмаған Алтайды жаңғырық жапты. Жаңғырыққа қаныққан‚ жаны жаныққан бейшара бар даусымен барқырап‚ ұйпалақ-тұйпалақ күйі қар үстіне аунай кетті. Азан-қазан болған тау іші Айқоңырмен қоса оянған. Биттеп‚ бүргелеп кеткен бейшара сауыс-сауыс түгін қарып тұрған қарға үйкелеп‚ тұла бойының қышуы қанғанша ыңырана‚ ышқына ұзақ аунақшыды. Өткен күздегі жүгіре алмай‚ жылжып қана қалған қалың майдан керілген күбі терісі шала иленген тулақтай олпы-солпы қатпарланып‚ башпайының басына түсе салбырап қалыпты. Қысқы ұйқыдан ояна келгенде, қара күзде жарылардай тырсылдаған терінің сөлекет салбырап қалатыны қиын. Бір жетіге дейін су тиіп созылған қайыстай, салақтап жүріп-жүріп барып қалпына келетінін қайтерсің.

Үстіндегі өлі жүні түлей бастағаннан-ақ жатырдай жиырылып сала береді. Арық денесіне құйып қойғандай қона кетеді. Қарға аунағаннан су-су болып‚ жіліншік майы жұқарған хайуан қалтырап тоңа бастады. Жыртқыш тістері сақылдаған. Наурыз нұры құйылса да Алтай аяздытын. Сонда да дуылдаған денесін жақын өскен баяғы жуан қарағайға үйкеледі. Жауырынын да‚ құшақтап тұрып төсін де аямай сүйкеп‚ қыс бойғы аузына салып сорғаннан ақжем болған алақаны мен ақ сүйектене жұмсарған‚ мұқалған тырнақтарын да қызыл қарағай қабығына жаныды. Оты шыққанша жаныған қос алақанын жалап-жалап қойып жаны кірді. Есін жиды. Малшынған қар суынан денесі қызып‚ ыстығы көтерілді. Арса-арса тәнін сүйрете төменге қарай қозғалды. Күн тал түс болған. Айқоңыр бұлақ бауырындағы сазға бұрылды. Иіс-қоңысынан арыла қоймаған аю қары үнемі еріп кететін‚ тақиядай дөңгеленіп жатқан жылы сазға жетісімен, өткен жылдың мамыр айында бір құшақтай қылып ерінбей-жалықпай жинап‚ сусоқты сазға көміп тастаған майлы да дәмді бекті дәл тапты. Бусанып жатқан сулы шымды қос қолдай қопарғанда жып-жылы саздауыт қызуы миынан бір-ақ шықты. Бойына да ерекше бір қуат біткендей құшырланып‚ қызына кірісті. Саздағы бармақ басындай сусарымсақ дәмі сіңді майлы бек тіл үйірген. Аш құрсағы да азынай тіленген. Саусақтай сүйрік екі-ақ тал, жапырақты бек ауызға бұрала тығылған сайын‚ жыртқыш жүрегі кілкіп‚ көкекте май жұтқандай ықылық атты. Аш құрсағы әп-сәтте тояттап қалды. Саз сорды жұмсақ бектің бетін қайыра қымтап‚ бұлақ басына бет қойды. Ас аш өзегіне түскен аюдың буын-буыны босап‚ дел-сал тартқан. Шоқтана өскен ақ қайыңдардың түп-тамыры астынан жылап шаққан бұлақтың тұнығынан сусындаған ол қарға малшынды терісін сілкіген‚ арық-тұрық тәнімен сілкінген болды. Қыс бойғы балбырай піскен көк мүк пен балғын балдырды қимай уыстай жинап, тоғытып-тоғытып салды да шетке шыға берді. Бірақ көп ұзаған жоқ. Қабырғалай өскен қалың ұшқаттың бауырын бар күшімен қопара қуыстап‚ жатақ жасауға кірісті. Әлі аз аң оп-оңай қалжырап қалды. Әйтеуір күртіктен тазартып‚ астындағы қыс бойғы бұғалықтан түскен қар астында тоң жүрмей, жібу жатқан қара топырақтың да бетін сыдырған болды. Болдырған бойын жинай алмастан жата кеткен Айқоңыр алқынып‚ көз алды қарауыта берді. Жатақ та жамбасына жеңіл тиген. Қызынған тәні де шыңылтыр аязды сезінбеген. Қиялай түскен күн қызуы да маужырата түскен. Көзі ілінген. Айқоңыр енді екі-үш күн осы жатақ маңынан ұзай алмайды. Бойын жиғанша‚ бектен қуат алғанша бұлақ басында табандайды. Ішіне кір тұра‚ ішігіне қырынды іліге ғана сапарлап кетеді. Қазір талмаусыраған тәні жай тауып‚ жаны тынып жатыр. Қыс бойғы сезім-сауанын тербеген ақшыл елес— адами елес тағы келген. Тағы да үлбіріген нәзік‚ аппақ елес еңсеріп‚ тәтті бір сезім күйі биледі. Адам-елес. Әйел-елес... Айқоңыр аң да болса бағамдайды. Адам екенін‚ баяғы бір бұлақ басындағы Бұлабике екенін тәңірлік тылсым бір күш түйсінтеді. Әдемі әйел-елес аюдың соқыр санасына саңылау тапты. Бейшараны шарасыз күйде емексіте соңынан ертіп алған. Елес мүсін еркін алған. Жыртқыш жаны қапысыз жауланды... Көктем жанға жылу‚ қанға қызу беріп‚ дәтке қуат‚ тәнге шуақ құйды.

XІ Құралайдың салқынынан соң көктем шуағы өңірдің өңін енгізген. Нәрестенің деміндей жеңіл бір леп түстік беттегі Бөкенбай жағынан күн ұзақ есетінді шығарды. Жан біткен жадырап‚ төл біткен жамырап жатқаны. Арқа-бас кеңіп‚ қырқа-жон көгеріп қалған. Қырға қараторғай мен бозторғай келді. Бұлабикенің қыс бойы бұлыңғыр ой бүркеген‚ бұла сезім тербеген‚ сарғайған санадан жүдеген жаны да түлеген. Көкек күні‚ көктем лебі түлеткен. Сызылтып ән салады...

Алтайдың шулап тұрар қалың нуы‚
Атқы боп асып-тасар қардың суы‚
Қорғасын қара сазын қыстап қалған
Үйірінен бөлінген мен бір қуы...

Қанаты қысқа аққудай‚

Қу көңілім жылады-ай!..

Алтайдың басын шалар қалың тұман‚
Күз түссе сап тиылар сері-думан‚
Жапанда желіп жүрген жал-құйрықсыз
Қағынан жеріген сен бір құлан...

Құла түз кешкен құланға-ай‚

Кер көңілім құлады-ай!..

Оның сағыныш пен шерге толы лебізін жұмсақ леп іліп әкетіп‚ Қызылағаш қырқасынан асыра Қарасеңгір қайдасың дегендей‚ Сімтік пен Мажыраның маужыраған бөктеріне қарай қуа жөнелді. Көктем лебіне үн қосқан Бұлабике қыстақ шетіндегі қожыр-қортық жартасқа жанаса өскен ескі теректің қурап қалған томары үстінде сыңси берді. Мұнымен бірге көкке шырқай көтерілген бозторғай нәзік қанаттарын алаша арқауын қаққан қылыштай бір орнында сымпылдатып‚ талмас үнмен шырылдады-ай келіп. Бір қауым ел ішінде еркешора өскен Қызыр байдың жалғыз қызы еді. Үш аға мен үш жеңгенің арасында‚ бай бәйбішесі — Май апасының алдында бұлғақтап-ақ бойжетіп еді. Бір– ақ күнде тілегі кесулі‚ жүзі шіркеулі болды... Өкініші жоқ бірақ. Жас жүрегінде ащы наза мен ауыр нала ғана қалған. Мынау көктемгі шарбы сағымдай сағыныш пен айлы түнгі ақ қарда шағылған сәуледей емескі үміт Ұлар аңшыны көрем деген сенімге дәс қойғызған. Кенет ат құрсақ қарны бүлк етті. Құрсағындағы сегіз айлық шарана қозғалып қалды. Балықтай бұлқынып қалғанда қос өкшесі яки шынтағы төс етегінің астынан көтере тиіп‚ жанына батып кетті. Қамкөңіл Бұлабикенің көзінен жас ыршып кетті. Төбе құйқасынан жұлын тұтасын бойлай ыстық бір толқын шымырлап өтіп‚ жас ананың іштегі нәрестеге деген аналық нәзік сезімін қытықтап‚ көмейіне жалынды түйнек тірелді. Бұлабикені аузынан «ботам–ау!» деген мейірімге толы сөз де шығып‚ қолы қоңыр барқыт шапан жапқан құрсағын сипай берді. Мұң шалған отты жанарынан ағыл-тегіл жас сорғалады дейсің! Алты айлығынан бері шалқайтып қойған шарана үшін бұл не көрмеді дейсің? Бір жапырақ қызыл ет үшін бәріне де көніп келеді. Құрсағы білінгелі бетінен қақпай келе жатқан әкесі де теріс бұрылып‚ еркелетіп қана келе жатқан апасы да жек көріп алды. Анасының орнына ана болған Май апасының «Жүзіқара!..» деп жүзін сырт салғаны бәрінен ауыр тиді. Өз анасын бұл жерге табаны тимей жатып‚ кіндігі ішекпен байланбай жатып жұтып алыпты... Май апасының маңында‚ үш ағасының ығында‚ бай әкесінің алдында «жетімдік» дегенді ұқпай-ақ өскен еді-ау! Кенже ағасының келіншегі — «Тетелес» деп бұған ат қойған жеңгесі ғана жанұшырды. Жеңгесі ағасының соққысына жығылып‚ Май апасының тілі мен таяғы да тиді. Абысынажын мен аға-ағайындардың содыр-сойқанын әкесі ғана тиды. Болған істі насырға шаптыртпады‚ сырын ішіне бүкті... Қарашаның қара суығында Өтей елі жағынан келген құдалар мен күйеуді абзал әкесі ақылға жеңдіріп‚ ат шапан айыбын күліктеріне теңдеп‚ беріліп қойған қалыңын кері қайтарды. Олар да жердің үстімен келіп‚ амалсыз астымен қайтты... Қайырсыз құдалар келіп кетісімен‚ Қызыр бай кенже ұлын осы Қызылағашқа көшіртті. Бұлабикені де қосып жіберді. Бойжеткен қыз жасауы үлкен үйде қалды. Бір қабат киімкешекпен ғана аттанды. Жаңа қоныста ғана аға-жеңгесі жас ананың жерігін қандырды. Жігіттермен аттанған кенже ағасы Қызыл кезең асып‚ Көш жолын басып Қызыл қасқыр шыңына тартқан. Екі күн дегенде иен таудың басынан ақ танау бұғының сұрпы еті мен өкпебауыр‚ бүйрек-бүйенін теңдей суыт жеткен. Жүрегі мен бүйрегі‚ бауыры мен іш майы араластырыла шала шыжғырылған қуырдағынан қарбыта асап‚ сүбесі мен төстігі‚ басы мен жалының сорпасынан сіміре жұтып‚ айғыз–айғыз терге шыланған Бұлабике өмірінде бұлай сүйсініп ас ішпегендей еді... Көкек қыздырған бүгінгідей күнге болашақ бөбегін қызғыштай қорып жеткізді ғой. Үш айлығында бетіне ноқта түсіп‚ жүзінің нұрын жатырдағы жылбысқа ұрлағанда да, Май апасының ішірткі ішкізіп‚ түсіріп тастамақ ісіне де қабағат қарсы келген. Бөлтірігін алдырған бөрідей маңына жуытпаған. Арын Аллаға тапсырған! Май апасына да‚ бай әкесіне де: «Бүйткенше өлімге қиыңдар! Мен өлсем өлейін‚ бірақ құрсағымдағы шарананың кінәсі жоқ. Күнәһар мен ғой‚ ал ол Алланың алдында да таза. Періште... Әке‚ кінәсіз‚ күнәсіз періштені өлімге қидырмаңыз! Кім қиса, сол – күнәһар. Екі дүниеде жақсылық көрмесін! Қисаңдар мені қиыңдар‚ құдай да оны кешіреді. Тек‚ сәбиіме тиісе көрмеңдер! Болмаса — дәп қазір ат құйрығына байлаңдар. Оған жарық дүниені қимасаңдар‚ өзіммен көрге бірге кетсін!..» деп қайғы-шерін қатумен түйген. Қартайғанда құдай жолын ұстап‚ құран ашып‚ намазға жығылып жүрген әкесі де жібіген. Бір кезде сүйікті тоқалы болған‚ сол үшін бәйбішесімен қырғи қабақ болысқан Бұлабикенің жас анасын еске алды ма — бәрін де тиып тастаған-ды. Бүлікті ойын жан баласына ашпай бүккен-ді. Әлде бір ауыраяқ келіншектердей кебеже қарын‚ кең құрсақ емес‚ Бұлабике жылқы қайырып жүргендей-ақ ат құрсақ күйінде қалған. Бала белінде жатқан. Бүйірі тағы бүлк етті. Анда-санда ғана қозғалып қоятын сабырлы шаранаға анасы тағы да еміреніп қойды. Мейірін оятқан сиқырлы аналық сезім шарпып‚ ұлы тәнін шымырлатып жіберді. Алаң көңіл ана тағы да сызылта жөнелді. Ол ән салған сәтте осы маңдағы бозторғай да тыным тапты.

...Алтайды мекендеген қу мен құлан

Ел мен жер біздер үшін тұтқан тұлан‚

Қосылмас даусымыз тау басында‚

Өртенер өзің үшін жұлын-тұтам.

Өткен бір күндер бұлағай‚

Көзімнің жасы бұлады-ай!..

XІІ Қара Қырдың құп-қу өңі Құланды желінен кейін-ақ құбылып сала берді. Бетеге мен жусан дүр көтеріліп‚ қара суықтан арылған алып өлке жүзі жіпсіп қоя берді. Жеті күн ұдайы соққан сұрапыл сап тиылды. Қар ызғындаған‚ жел ызыңдаған дауыл кезінде шалқасынан қаңбақтай аударылып‚ үйелеп қалған дала тасбақалары әр жерде теңкиіп-теңкиіп жатыр. Суық ұрып‚ жел үріп үйелеп өлген мақұлықтарды Ұлардың тұңғыш көруі... Өлі денелері тас сауыттан құтылғысы келгендей ісініп‚ құйрық-басы‚ төрт аяғы барбиып‚ тысқа теуіп жатыр. Үстірттегі ұры жылғада отырған бес-алты шаңырақ қалмақ ауылынан ұзасымен өлген тасбақалардың аузын ашып‚ тілін тартып‚ таңдайын тексерген нағашысы Шаданға да таңданған. Нағашысы күні бойы қанша сарылып іздегенімен, жоғын таба алмады. Тас қабығынан қабынған мақұлықтар таптырмады. Тек сарғыш күн қыр төсін иіткен. Бозторғай үні құлаққа жетті. Қара Қырға Құланды желінің соңын ала жеткен екен‚ жарықтық! Көктем емес‚ жаз хабаршысындай жыл құсы ғой. Құланды желінің қасиеті де. Құландар да қырды көбеледі ғой ендігі... Ұлы Қобы — Сарықұмның сартап қиыршығынан үркіп шыққаны да. Кіші Қобыдағы өздері аулаған теңбіл көк тағылар да Тағылы Мекенге тартқан шығар... Оның миуалы жерлері жанға дауа болар. Нағашысының соңынан ерген Ұлар бір мезгіл мұңға батты. ...Мамық білек Бұлабике де қырға шығып елеңдеп жүр ме екен? Келіп жатқан жыл құсына қараңдап‚ құсаға батқан болар. Ақ жаулықты Алтай-Анаға медет етіп‚ мұны күтіп жүрген шығар. Ерке Бұлабике... Еркін Бұлабике... Бұла Бұлабике! Бозторғай үні де құлаққа жағып барады. Бұлабике даусы да келетіндей. Қуаң қыр бозаң тартқан. Бозаң қыр бетін буалдыр сағым жапқан. Жұқа сағым. Жаздағыдай қойқаңдамайды. Қарынның шарбысындай үлбір. Сары емес‚ боз сағым. Шыңылтыр аязды қысты күні шаңыта қалып‚ кешікпей мидай жазықта күміс қылаулата аял құратын ақ сағымнан да сұлу наурыздың қарашық қарықтырмас буалдыр сағымы. Жібек сағымы. Жанға жылы‚ жүрекке жеңіл. Тасбақа тінткен Шадан нағашысы ақыры тапты. Іздегені — жусанға ұқсас сарғайған шөп екен. Иір деген шөп болып шықты. Тасбақаның шөбі дейді жұрт... Оның өзі тасбақа тілінің астында илектеніп қалыпты. Жарты қарыстай ғана сарғыш шөп мың да бір ем көрінеді. «Мейір» аталады екен. Ертеңнен сарсылып сабылғаннан кеш оза зорға табылған өлі шөп өлі тасбақаның аузынан шыққаны қайран қалдырды! Аңшылар қоналқаға қыр төсін қалады. Күн ұзаққа қыр қуалаған екеуі кешкіре Үңгірлі сайға еруледі. Сай іші салқын болса да тұмасы тұнық‚ теріскей беткейін үрген күртігі қалың‚ тұмаға ат арқан алыс‚ күңгейді ала беткейлей орналасқан үңгірі жылы екен. Қара Қырдың қойнындағы Үңгірлі сайын жылан жалағандай жүйткіген Құланды желі тас күркені көме алмапты. Аузы адам еңкейіп кірерліктей‚ ар жағы кішігірім отаудай дөңгелене‚ қабырғалары арсалана біткен тас үңгір көңілге таныс‚ көзге жылы ұшырады. От жағып‚ су қайнатып‚ мосыға асылған шұңғыл ыдысқа ет салған. От жаққан соң қараңғы тартқан үңгір ішінде де ерекше жылылық пайда болды. Ежелгі тас күрке табаны қабыршық тастақ екен. Ортадағы от жаққан жер ғана ошақтай ойыңқы әрі күл-көмеш. Іргеге қарай әр жері дөңкиіп кеткен қабырға тас салмалары. Ал тақ төр жақта еңкейе жер бауырлап жатқан жалпақ тас қана көзге оқшау шалынып‚ еріксіз көңіл қойғызады. Беті жалпақ‚ бірақ ойылған ойық-ойық‚ айғыз-айғыз бедерлі. Шадан жалпақ тастың жай тас емес‚ ою ойылған сырмақтас екенін ұғындырды. Күн көтеріле күңгей жақтағы жапсардан жарық сәуле тұп-тура осы сырмақтасқа түседі екен. Оюлары да қошқар мүйізденіп шалынатын көрінеді... Әзірге жарық түсер жапсардан қу бұтаның түтіні тысқа шығып жатыр. Оттың жарығымен ас-суларын ішкен екеуі тері тұлып жамыла‚ тері тулақ төсене қисая кетіскен. Адам үнімен күңгірлеп‚ алаулы от қызуымен жан кірген көне заманғы тас үңгір де үнсіз тына қалған. Қу бұта шоғы ғана қоздайды. Ал тыстағы жұлдыз жамыраған аспан астында бір-бірін оқырана қара тұтып‚ Сумылтық пен құла қасқа жайылып жүр.

Түн баласында тастай қатқан Ұлар таң бозында тұра қоймады. Құлқын сәріден қам қылған нағашысы күн қырқадан асып‚ сай ішіндегі салқын көлеңкені сая таптырмай үркіткен сәтте ғана жиенін тыстан дауыстап шақырған тұғын. Жақпар тасты үңгірдің жарықшақты жапсарынан жайылған күн нұры кеше кешкіліктегі алакөлеңке жайдың ішін самаладай қылып жіберіпті. Тұрған бойда алқам-салқам алып жартастардың жүзіндегі шимай-шатпақ кескіндер көзге ұрған. Ұлар алғашқыда көңіл аудармаса да‚ көз тоқтата келе бұрындары Алтай өңірінен де ұшыратпаған ғажап тас таңбаларына‚ құпия сыр бүккен суреттерге еріксіз ден қойды. Сырмақтас бетіндегі бедер — кәдімгі жүрекшелене біткен қошқар мүйіз оюлар. Қазақ та‚ қалмақ та ақ‚ қара‚ қызыл‚ қоңыр етіп, қарағай қабығы мен түрлі шөптердің ніліне қандыра қайнатып‚ қиюластыра оятын киіз сырмақ тектес. Сұр түсі ғана суықтау. Сырмақтастың тақ желкесінен төнген қабырға жартас жүзінде түрлі таңбалар мен тап қатарына орналасқан аңқұстың сұлбалары мен мұндалайды. Қиялай түскен күн сәулесі де қабырғаларға шаншыла қалыпты. Қатар тартылған қос мүйіз (ІІ) белгінің жанында жүгіріп бара жатқан киіктің кескіні қашалса‚ айыр бақан (V) таңбаның қатарына қос құлағы тік тұрған көкжал бөрінің бейнесі бәдізделіпті. Бұл екеуінің тұсына деңгейлес ілме мүйіз () таңба мен арқар сұлбасы төрден төбе көрсеткен екен. Ал айырым осы үш ірі таңба мен кескіннен төмен қарай сырмақ тасқа жеткенше тайға басқандай тізілген ұсақ таңбалар мен сұлбалар орын теуіпті. Бәрі де бірақ рет-ретімен. Алып кереге жартастың ен бойын ала шүпірлеген бедер-белгі қай заманнан қалғанын бір тәңірі білсін... Кей таңба мен сұлбаны ажырту да қиын. Әсіресе‚ сұлбалар. Бір-біріне ұқсайтын да сияқты. Айқасқан аша (X) мен мүйізі айқасқан таутекенің сұлбасы‚ керілген қанат () таңбасы мен ұшқан қыран бедері‚ иілген мүйіз () бен салмалана біткен қарағай мүйіз бұғының кескіні еркін ажыратылса‚ ал үш аша тарақ ()‚ жалғыз қада ()‚ толқындай ирек-ирек жылан таңба ()‚ жусаған жылқыға ұқсас құлан таңба ()‚ доңыз таңба () тектестерді айыру оңай емес‚ тіпті түсініксіз таңбалар мен сұлбалар сырын шашпас күйі бедірейеді. Асқа шақырған Шаданның даусы тағы шықты. Ұлар үндеген жоқ. Екі көзі ішіп-жеп меңіреу тас қабырғаларға қадалған. Қолына алған шапанымен жел-құз үріп‚ су шаймаған бедер бетін ыс пен шаң-тозаңнан тазартқысы келгендей қағып-қағып өтті. Бірақ оған шаң–тозаң көтерілмеді‚ ыс жұқпады. Тас беті таза екен. Жақпарлардағы жарық түскен жарықшақты жапсарлардан-ақ үңгір ішіндегі артық-ауыс иіс-қоңыс‚ ыс-күс арылып тұрса керек. Ал таңба-сұлбалардың кей көмескі тартқан тұсы тым қадым заманнан қалғанның белгісіндей. Ең ғажабы — таңба тұстарына орын тепкен аң-құс‚ жан-жануардың кескіндері — қырдікі. Кескін ішінен көңілі қыдырып әлде нені іздеді. Ол не нәрсе екенін о баста өзі де түсіне қоймады. Көзі ойлы-қырлы қыдырды. Кенет ойына орала кетті. Тасбақа... Тарбиған тасбақа сұлбасы. Ондай кескін жоқ боп шықты. Әкесі Баршынбек айтушы еді‚ мәңгі ештеме жасамайды‚ қарға-құзғын да санаулы өмір сүреді‚ санаусыз ұзақ ғұмыр кешетін тасбақа ғана деп... Өйткені оның жауы жоқ. Жау ала алмайды дейтін. Тасбақаның тас сауытты тәні мен көндей жиырылған терісіне жылан менен шаянның‚ бүйі менен қарақұрттың да уытты тісі менен инесі дарымаса керек. Тас қабырғаны ала қашалған таңба-сұлбалар табан тіреген дөңестеу келген өңді сұр сырмақтасқа көзі қайырыла түсуі мұң екен‚ әлгінде іздеген тасбақаның жонын жазбай таныды. Іші алай-түлей боп кетті... Өз көзіне сенбей құм аралас қара қиыршық тас жерге тізерлей кетіп‚ кіндіктен келген ұзыны – құлаш жарым‚ ені аршын төс жалпақ тастың оюлы жүзін сипай берді. Таңырқаған күйі зер салды. Сырмақтас дегені — тасбақатастың жалпақ жоны... Жүрелеп отырғанда кіндіктен кеп тұрған тасбақатастың мүсіні дөң-дөңесімен білініп тұр. Құйрық жағын қабырға тасқа тіреп тастаған тасбақатастың алған беті күншығысқа қарапты. Бірақ күн сәулесі құйылған еңкіш үңгір аузына қараған тас мүсіннің қос жұдырықтай басы жоқ. Сынып қалыпты... Ұлы тас денесімен тұтасатын мойын жігінің орны бұжыр-бұжыр. Тас сауыттың ернеуі астаудай дөңгелене кертіліпті. Тарбиған аяқ-қолы бауырынан шыға қиыршық тасты қара жерге діңгектей көміле сіңіпті. Шұбартқан тасбақатастың ақсұр түсі де үңгір ішіндегі қара тасқа ұқсамайды. Бәлкім‚ әдейілеп алып келген болар. Табиғаттың өз төлінен айрықша айырмашылығы — шақпақ-шақпақ бөлінген мүйіз сауыттай емес‚ оюланған тас сауыт. Оюлы тас сауыт сауырымен таңбалар мен кескіндер өрнектелген кереге тас қабырғаны көтеріп тұрған секілді... Неге дәл осы жерге орын тепкені де‚ құпия өрнек толы кереге жартасты көтеріп тұрғаны да түсініксіз. Ұлар үшін жұмбақ‚ тым тұңғиық. Танымтүсінігі‚ зиын-зердесі жетпейді.

Үңгірге еңкейіп нағашысы кірді. Шадан нағашысынан сұрап еді‚ сырлы үңгір туралы мардымды ештеңе айта алмады. Үңгірдің теріскей жағындағы жүзін қайрақпен жанығандай, жылтыр қара жартасқа салынған сұлбалар тіпті беймағлұм Жапсардан түскен сәулемен ақшыл тартқан кескін көзге қанық. Шаңырақтай мүйізді бір неше бұғы кескіні ең жоғарыда екен. Олардан төмен жылқы мінген қос салт аттының сұлбасы. Бір таңқаларлығы — жылқының бастарына бұғы мүйізді тұлып кигізілген іспеттес. Әйтеуір‚ бұғы мүйізді жылқылар. Қос салт аттының қатарында қосанжарласқан екі ит пен құлын еріп келеді. Иттер мен жалғыз құлын жол бойы асыр сала қуаласып келе жатқандай көрінеді... Аңшы Ұларға солай әсер етті. Балалық шағы құйындай соғып өтті. Тайға мініп‚ құлын қуалап‚ тараққұйрыққа тұзақ құрып жүрген Алтайдағы күндері‚ қыран қарағайлардың өртенген діңінің қуысына әке-шешесінен жасырынған‚ тас үңгір ішін аралаған сәттері сынаптай сырғыды. Бірақ Алтайдың басындағы үңгір ішін мүк басып‚ тор қаптап тұратын. Мына Қара Қырдың қойнындағы үңгір құрғақ. Ылғалсыз сайын даланың қасиеті ғой. Жел қаққан қырға не жетсін‚ шіркін! Қазақ‚ қалмақ жылжи қонып‚ жыла көшкен Қара Қырды да нағашы жұрты аралатты ғой.. Түске тарта төңіректі шолуға шықты. Сай ішіндегі саздауытта қаулай түскен раңдай емес‚ қыр жоны жұқалтаң. Жусан иісі ғана жұпардай аңқиды. Өлі тасбақалар да жолықпады. Тасбақалар туралы нағашысынан сұрап еді‚ ол кеше тасбақалар көшінің үстінен оқыс түсіп қалғандарын айтты. Құланды желіне жолыққан бейшаралардың көбісі қырылып қалған екен. Жазда Қара Қырды‚ қыста Қобы құмын жайлайтын мақұлықтар ерте көктемде құланнан да бұрын қозғалып‚ топтана шұбайды екен. Міне‚ осы уақта қырдың қойнын аша Құланды желі ұйытқыса — тасбақалардың ажалының жеткені... Бұдырсыз жазықта бауырынан көтере аунатып‚ ішін желге толтыра үріп‚ ойпаңға үйелеткен қойдай шалқасынан төңкеріп‚ оп-оңай түбіне жетеді. Қас жауы — Құланды желі екен. Ол да ерте көктемде кей жылдары ғана соғады. Бұл жолы кешегі көп тасбақа соған тура кез болған ғой. Ал «иір» шөпті Қобының қалың құмынан аузына тістеп‚ тіліне басып шығады екен. Ұзақ жол шаршатпас‚ күш-қуат берер қасиетті‚ киелі өсімдік құпиясы да тылсым... Ол шөпті де ілуде бір адам тасбақа аузынан кездестірсе керек. Көбіне тасбақалар да талмап қояды. «Иір» шөпті менмін деген жанның өзі құм ішінен тани алмайды‚ таныса — таба алмайды екен. Қыр сауырын сипаған самал бар. Күн қызуын жайған. Жанға жайлылық‚ тәнге тыныс ұялаған. Жеті күн желіккен Құланды желі кезінде наурыз ортасы болып‚ толған ай түлепп еді. Қара Қыр да аспандағы ай жаңаруын ұзақ күткендей көбеңси қалыпты. Үңгірлі сайдан ұзай ақ бөкендер жолықты. Тұмсығымен желдей жайылған жүз қаралы жануар бұлардан сескене қоймады. Табынымен кес-кестей қиып‚ өре жөнелді. Қалжыр өзені қиып түсер‚ қысы-жазы қар тоқтамай еріп‚ қара жататын Бөкенбайдың бөкендерінен аумайды. Ол жақтың бөкендері де Қара Ертісті бойлай кержақ-орыстар келгелі сиреп қалды ғой... Алдымен семіз құлжалары қарауылға ілікті. Құлжасы азая құралайлары оққа байланды. Мынау Қара Қырдағыдай табынымен өрер бөкен қалған жоқ. Табын емес‚ бірен-саран еркек кіндікті құлжасы ерткен саяқ топтар ғана оқта-текте ұшырасып қалады. Құлжасыз қалған бедеу бөкен атаулы өз-өзінен-ақ құрып біткен. Қорғасын оқ келгелі түздің аң-құсын ажал айналдырып алды ғой... Түздің тірі мақұлығы былай тұрсын‚ көшіп-қонып жүрген түздіктердің өзі тарс еткен үннен тағыдай шошымалды болып‚ ойдан қырға құландай жосып жүрген жоқ па... Қиыр құм‚ қиян қыр‚ құзар тау тұрақты мекенге айналды ғой. Баяғыдай Марқаның ойына‚ Ертістің бойына‚ Қалжырдың қойнына тұтаса түсіп‚ тақаса қонып‚ үйрек-қаздай мамырлап жата алмайды. Өзен-көл емес‚ бұлақ басын ғана иелеп қалған жайы бар. Балық аулай келген кержақтар өлексе баққан күшігенше шүйгінді жер‚ мол суды қорып отыр. Алтайдың ол бетіндегі құрысқан қарындай қысылған елге қарағанда‚ бұл өңір жұмақ төріндей екен... Иен-тегін жер‚ кең-мол қоныстанған қазақ-қалмақ. Қобда Алтайы мен Қобы құмдары — Ұлы‚ Кіші Қобы көз жеткізбей көсіліп жатыр-ау! Бөтен-бастақ жұртсыз... Оған да шүкір! Бөкендердің табындары тағы кездесті. Өз беттерімен үстіртті жайлай жайылады. Қара бас қаптағайлы түйекиік келесі жолықты. Қаптағайының жыны басылып‚ көтерілген қан қызуы қайтқан уақ қой‚ маң-маң басқан күйі сәп салған жоқ. Бұлар да жақын жолаған жоқ. Алыстан ғана арқа танытты. Тек‚ құландар ғана ұшырысқан жоқ. Жер жұтқандай ұшты-күйлі... Кешкі салқын түсе‚ іңірдегі ай көтеріле‚ ымырт жабыла Үңгірлі сайға оралды. Ас-су қамдап‚ өзек жалғағанша түн ортасы да жақындаған. Қарасуық жел өтінен қорған тас үңгір бауырына енген. Таң қылаң бере дүсірлеткен тұяқ пен кісінескен дауыстан оянып кетті. Нағашысы екеуі де суатқа құландар құлағанын білді. Қырық шақты қаралы бір үйір екен. Теріскейде жайылып жүрген тұсамысты құла мен бос Сумылтық та шұрқыраса ойға құлаған. Сумылтық тарпаң тегіне тартқан. Салған бойда мойнын қаздай иіп‚ жал көрсетіп‚ оқырана келіп үйірге түскен. Үйірге түскен бойда түре тиген.

Суатқа енді ғана жағалай бас қойған жануарлар тарпаң шатыс‚ құбақан түс айғырға елеңдесіп те қалған. Шымқай торы құландардай құйрық-жалы сұйық болса да, тұрқы биік зор айғыр сағынысып қалғандай бие-байталдарын оқырана иіскеп‚ шоқтықтан тістеп‚ құлағын жымып доқ көрсеткен. Құла ат бір шетте жайына қалып‚ иелері құбақан мен құландарға қызыға көз салысқан. Құлан атаулыны Ұлардың тұңғыш көруі. Құлан да кәдімгі жылқы екен. Құйрық-жалы төгілген қол малындай емес‚ сұйқылтым келген далалық жануар қыста өзі атқан теңбіл көк тағы ман тарпаңнан айырмасы шамалы боп шықта. Түсі бөлек‚ тегі бір жануар деуші еді әкесі... Тарпаң шатыссыз қазақ-қалмақ мінген жатаған жылқылардай, бойлары да қалыңқы екен. Тау жайлаған тарпаң мен қол жылқысының ортасынан туған Сумылтық айғырдай будандар ғана бойшаң‚ тұрықты болса керек. Буданнан туған тұқым да тұғырлы болса керек. Сумылтық пен құлан айғыры шабысып қалды. Қос аяқтай қағысып‚ кеуделей шарпысып‚ қамыс құлақтарын жымысып‚ жер соғарлары тие тарпысып‚ бір-біріне дес беріспей дүм көрсетісті. Зор Сумылтық қос аяқпен шығандай секірем деп‚ айлалы құлан айғырының сом тұяқтарына кеудесін алдыртып алды. Құлан айғыры Сумылтықтың азуларына көк желкесін қарпытты. Су ішіскен үйір бөліне берді де‚ әлде бір сәурік шайнаса шабысқан айғырларға қарай мойнын иіп‚ құлағын түріп жақындай түсті. Кісінесе‚ осқырыса шарпысқан қос жануардың сыртынан секеммен жер тарпи айналған әлгі сәурік кенет бұрыла қалып, бүйірлей тепті. Тебісі қате кетпеді. Сумылтықтың бауырын ала тиді. Тепкіні оңдырмаса керек‚ шоқтықтан құлан айғырын тұқырта басқан Сумылтықтың жағы ашылып кетті. Құлан айғыры да ойнап шыға берді. Бұл кезде Үңгірлі сайдың тастақты тақыр күңгей бетіне қарай құлан үйірін тағы бір айғыр құлағын жымита‚ басын жерге сала айдап бара жатыр еді... Сәурікке қарай тұра ұмтылған Сумылтықты тастай берген құланның үйір басы күңгейге құйрығын тікті. Тіктеп шабысуға шайлыққан шалдуар әрі айлакер жас сәурік те шаба жөнелді. Сумылтық та соңынан қуған. Ұларға бұрыла қараған нағашысы Сумылтықтан іш тартып қалған–ды. Бірақ өз күлігіне сенімді жас жиені жымиды да қойды... Құландар қыр асып кеткен соң ғана құлағын қыр жонынан қайшылап‚ сай табанындағы құла мен иесін қарауылдап арлы-берлі жүрген Сумылтық қайта оралды. Нағашысы құландардың Құланды желін сезіп, Қара Қырға көтерілмегенін айтты. Енді қырға қарай қылқұйрықтар ағыла бермек... Таң бозынан суатқа соққандар — сол жол-жөнекей желген үйірлердің бірі. Қыстан шықты дейтін емес‚ Ұлы Қобыны мекендеген жануарлар жоны жұнттай— құм ішінің қасиеті ғой. Сусамыр Сарықұм да көшпелі екен. Шіркін‚ су аңсап сусап‚ жел аңсап сусып көшкен сол егілме құмның сарынын естір ме еді! Лақпа желдің суылы... Ағылма құмның сырылы... Бірақ оған сары сағым буған‚ сартап күн қиыршық балқытқан‚ ессіз мақұлық — құм тышқаны мен құм кесірткесіне дейін тереңге тартып ұйықтап қалатын жазды күту қажет. Ұлар енді күте алмайды. Алтай-Анасы мен Бұлабике — ... күткізбейді. Наурыз нұры үстіртті жібітті.

XІІІ Көкекте күй жинаған аю мамырда молығып‚ толығып қалды. Айқоңыр башпайының басына түскен бос терісін жинап‚ жиырып алғалы қашан. Көкке тойып‚ кіндігіне кір, табанына бүр тұрғалы да тоқмейіл. Мамыр туа жуадай қаулаған бек тамыры мен көкек кіре іннен ұзай жайылғам деп, азулы аюға олжа болған ашарық суыр еті де тез тойындырып жіберген. Түлеген түгі тік тұрып‚ май жаққандай жылтырап шыға келді. Аз уақытта-ақ жыртқыштық күш-қуаты қаз-қалпына орнығып‚ аса шапшаң қимылды аңға айналды. Қара күздің бір түнінде арық кемпірді көтеріп алып кеткен Кіші Қаражалдың қимасындағы қараша үйге де соғып өтті. Тұл қалған күйі тұр екен... Екі аяқты адамның иісі білінбеді. Сондықтан да Айқоңыр жақын келген. Кереге-уықтарын сықырлатты. Бірақ бұзбады. Өз жөніне кетті. Ұйқыдан ерте оянып кеткен қуаты кемшін‚ қарны аш‚ көзі қарауытыңқы күндерінде де сезім-сауанына өткен жаздан жайлы қоныс тепкен Әйел-елес еркін алып‚ біржолата билегенді. Қарны тойып‚ күш-қуаты тасыса да сол бір елес сәулесі жанары алдынан жазбайақ қойды. Әсіресе күн көзі қиялай түсіп‚ орман ішін себезгілей сәулелендірген тұста мол нұрға малынған аппақ елес — әйел мүсіні еріксіз ерте жөнеледі... Айқоңыр да көне береді. Айлы түнде де көк мұнар ішінен елес пайда бола кетеді. Алып Айқоңыр оған да мойынұсынады. Қарағай араласа да‚ жар жағаласа да қалмайды. Күндіз — елес‚ түнде — түс — құпия бір жай... Айқоңырдың жанына жай таптырмастан жанасып алған.

Елес ерткен ол Атқыбұлақ басына да соқты. Құлай аққан сарқырамаға жазды күнгідей шомыла алмаса да, су сарылын естіп‚ сарқырама сарынына бой алдырған. Тып-тыныш тұйық ішінде бірқалыпты сарқырай құлаған су сарыны аюдың елес сәулесі сызат салып‚ бекіп алған түйсік-тауанына айырықша әсер етті. Биіктен атқылай құлаған су пердесі жүзінен де шілтердей нәзік елес күн шұғыласымен шағыла пайда бола кетті... Шілдеде бұлақ басында жолығысып қалып‚ кейін ауылының желкесінен қарауылдаған сол бір сұлу мүсінді әйел тәні оқыс жарқ етіп өтті. Қарадай қара тұмсығы тыз еткен. Қолымен баяғы бір селебе ырсита сойып түскен ақ жолақ жүнді танауын сипап өтті... Атқыбұлақ басындағы өткен оқиғалар көз алдына оп-оңай оралып‚ тәнін шымырлата‚ жанын жанықтыра қозғау салды. Осындай бір сыры жұмбақ сезімге бой алдырған күйі Атқыбұлақтан шығып‚ өткен жылғы жұмсақ тамызда қыз қарауылдаған ескі жұртқа бұрылған еді. Кіші Қаражал қимасынан асып‚ қалың қарағайлы кезеңге көтеріле өз көзіне өзі сенбей қалды. Қарағайлы орман иықтай қоршаған ойпаңда баяғы ақ шаңқан ауыл отыр... Қайдан‚ қашан көшіп келгені белгісіз? Жылдың бұл мезгілінде орта жәйлау болмаса‚ төр жәйлауға ел көшіп-қона қоймайтын. Қарағай арасында қар шұбартып‚ тау түнемеліктерінде қасат кертіліп қана жатыр. Қыс айылын жимаған‚ ақ көрпесін сырмаған Өр Алтайдың қатқыл кезі ғой. Танауына түтін иісі келді. Қарағай түтіні. Ең бір жақтырмайтын от иісі. Орманды өрт шалғанда зәреқұтты алатын иіс. Жылқы мен адамның‚ төрт аяқты қасқыр текті иттер мен оны-мұнының да иістерін айырып тұрды. Орман жамылып‚ атан ұшқат арасынан сыналай қараған Айқоңырдың іздегені басқа. Өзін елес боп ертіп‚ еркін алып жүрген жан. Атқыбұлақта кездескен қыз бейнесін‚ сырт кескінін аңдық бір тылсым құдіретпен айнытпай‚ адаспай айыра алатын Айқоңыр Бұлабикенің бойын бір көруге құмар болды. Құмартқан сайын қыз құрғыр көрінбей зар қылды... Ал беттеп баруға жуан жіліншік шыдамайды‚ жақын келуге жүрек дауаламайды. Үлкен Қаражалдың теріскейінде қарын тойдырып жүргенде келіп орнықса керек бұл ауыл. Басқа емес‚ малы да‚ жаны да тамыздан етене таныс ауыл. Сұңғыла сезімі алдамақ емес. Алтай да иен. Қайысқан қалың ел көшіп келе қоймаған мамыр іші ғой. Арада ай мен күн аунады. Айқоңыр бірақ ауыл маңынан аулаққа ұзай алмады. Бұлабикені де көре алмады... Елеске ғана елтіді. Осындай күндердің бір кешінде тыныш ауыл үстінен шығып қалып‚ құтпандар қуалаған ақ марал бұл баспалаған кезеңге қарай бет қойды. Бұғысы әлде адасып қалған‚ әлде маралдың өзі бұғысынан айырылып қалған жетім жануар бұған қарай жұлдызша ақты. Соңынан абалай үрген иттер тілерсектеп қалар емес. Оларға ақ марал да шалдырар емес. Мойнын ие орғи шабады. Айқоңырдың бір неше күн ауыл маңын күзетем деп қоңылтақ жүрген қарны сыр берген. Жыртқыштығы да ұстап кеткен. Оңтайлы тұстан басып қалуға даярлана бұрылған. Бірден-ақ бұлшық еттеріне құмай қуат жүгіріп‚ босаңсыған бойын жиып ала қойған. Қалың ұшқатты қиыстай маралға бүйірден тиюге қам жасаған. Жүйрік маралға ілесе алмасын байқаған ауыл барақтары да тілдері салақтап жайына қалған. Олардан құтылысымен шабысын бәсеңдетіп‚ ойқастай орғыған шошымал марал Айқоңыр бойын баққан тұстан өте берген еді. Бірақ ойда-жоқта оң бүйірінен оқша атылған аюға қам қыла алмай қалды. Шошына жарқ еткен қара-қоңыр жанарында төніп кеп қалған жыртқыштың алып денесін ғана шалып үлгерді. Сосын қара жерге қырындай қатты соғылғанын ғана сезді. Қол-аяғы жеңіл‚ әлі май басып тойына қоймаған ақ маралды тасадан жығып салу түкке де тұрмады. Машықты әдіс қапы қалдырмады. Жайратып салды. Оқыс көтеріле жебеше атылған жыртқыштың алақан соққысы екі-ақ адым аттар жерден тым ауыр тиген. Бейшара ақ маралға дүниені аңдатып та үлгертпеді. Жылы-жұмсақ өкпе-бауырға қолының сояудай тырнақтарын қандай бергенде‚ әлі де маралдан үміткер әлде бір барақ үстіне жүгіріп кеп қап‚ гүр ете түскен аюды көргенде, құйрығын қыса қыңсылай қашты. Айқоңыр асығыс аузын майлап‚ ақ маралды лақтай қолтығына қыса талтаңдай ала жөнелді. Ақ марал — баяғы Бұлабике мен Ұлар ұшырасатын бұғы мен маралдың сыңарытын... Бұлабикенің сыртынан сүйінетін, сыртынан иемденетін ақ маралы еді. ...Күн мен түн өткізіп‚ тағы да тоят тілеген күймен қарағайлы кезеңге қайта оралған Айқоңыр ауыл үсті әбігер екенін байқады. Жылау-сықтау үнге құлақ түрді. Әлде бір жайсыздықты сезді... Ет жүрегі жұмбақ күйде дүрсілдеп‚ елес сәулесі жанарын жаулап‚ мұңлы сыңсу талып естілген ауылды қиып кете алмады. Бір орнынан күндегісінше баспалай алмай‚ айналсоқтап жүріп алды. Әлден уақта ауыл үсті азан-қазан болып кетті. Айқоңыр да елең етті... Он екі қанат боз үйдің қасындағы алты қанат ақ шаңқан отаудың алдында топтанған мол жиын әлде нені аппақ күйде құбыла жаққа қойып‚ тым-тырыс тына қалды. Жіңішкелеп сызылған құранның қоңыр әуезі Айқоңырға талмастан анық естілді... Аюдың тұла бойы шымырлады. Көзін де қадаған күйі алмады.

Сүт пісірім мезгілден кейін тағы да шу көтерілді. Топты жиын екіге жарылып‚ тымақтылар жағы әлгі ақ жамылған нәрсені зуза ағашпен көтере қозғалып кетті де‚ қара жаулықтылар жағы отау алдында дауыс салып қала берді. Айқоңыр да тағат таппады. Белгісіз бір күш ала жөнелді. Айқоңыр табиғат берген сезімталдықпен жаяулап орман ішіне сіңіп бара жатқандардың көтеріп алғаны адам денесі екенін бағамдады... Бәрінен де табиғи тылсым құдірет сол сүйектің қыз тәні екенін кәміл сезінткен. Өз тәні де шоқтай күйіп‚ мұздай қарыған. Баяғы бір құмарлық сезім салқын тартып‚ сезімталдық сенімділікке бой ұрған. Күлтелене көтерілген көкті тез табаны‚ көн алақаны нық басқан. Ақтықты сүйекті дөң асырып‚ қарағай арасына алып жөнелген жұртты сырт айналған сидаңдау алып аю әлден уақта қалың балапан шырша жамылған беткейден бой салып‚ қозы қайырым жерден көз сатып тұрды. Адамдар болса — қарада бойын көре алмай‚ қарда ізін шала алмай шалдыққан аңсарын оята, ай мен күн сәулесі астында айнымай‚ айықпай сұлбаланып мұны қарадай қинайтын сиқырлы, жұмбақ елес-адамын алдын ала ағаш бөренелерден қиып‚ қабырғасын қалқайтып қойған бейіт ішіне алып кіріп кетті...Айқоңырдың бойы мұздап қоя берді. Күн күңгейден ауған мезгілде ғана құбылаға қарап жер тізерлегендер төрт құлақты‚ төрт бірдей ай орнатылған жалғыз бейіт басынан иектерін сипай күбірлеп‚ етектерін қаға түрегеліп‚ селдір-селдір жуан қарағайлар қоныс тепкен дөңестен ауылға қарай қайтты. Қозы көш жерде ай құлақ бейіт жетімсіреп жалғыз қалды. Жоқ жерден бой қарайтқан бейітке Айқоңыр да күдікпен көз тіккен. Бірақ өзі сол бір елес сәулелі қыз деп бағамдаған, ақ оранған жанның осы жерде қалғанына шәгі жоқ еді... Күндіз беткейде шуақтап жатқан күйі түнді күтті. Айлы түн түсерін сезген ол жақтырмаған күй таныта ақ жолақ танауын жиырып қойды. Кеше кешкілікте баяғыда жай түсіп жығылған жуан‚ шірік қарағайдың өзегін кеулей ұялаған бал араларының қоймасын үптегеннен бе‚ қоңылтақсыған кеудесі қыжылдады. Кермек бал дәмі аузына келді.

XІV Айқоңырды тәңірі текті табиғат жаратқан, баба тегінен бері жалғасып келе жатқан аң сезімі‚ табиғи түйсігі алдамады. Адамдар көтеріп әкеліп қойған ақ сүйек — Бұлабике мәйіті еді... Мамыр мамырлай келе Сарыбай өңірінен түп көтерілген Қызыр байдың ауылы Маңтөбетті баса‚ Шұбарағашты аса Тоғызбастау мен Қырықошақ басынан бір-ақ шыққан. Бөліне қонған бай ауыл осы орта жәйлауға жылдағысынша ошағын қоңырсытты. Ақ киізбен ойыстырған текеметтің түріндей ерімеген ойдым-ойдым жабағы қар теріскей беттерде әлі де жатқан. Ұсақ мал мен сирақты жылқы сонысы көктеген‚ қызғалдағы ырғалған өңірге тістей қатқан. Міне‚ былқып жатқан мол ауылдан он шақты түтінмен Қызыр байдың үлкен шаңырағы бас болып‚ тағы бөліне-жарыла суыт қозғалды. Тұяқты мал мен аяқты пендені аз ерткен ауыл ара түнеместен Кіші Қаражалдың қимасына жақын жердегі жазғы жұртқа жеткен. Бір Бұлабике үшін елден безе төр жәйлауға ұрлана көшкен. Бай әкесі болашақ ісін жасырғысы келген. Буаз қызын маусым тумай, ел келе қоймайтын төрде бауырын жинатып‚ белін бекіттіріп жіберуге бекінген сыңайлы. Қызылағаштан Қаражалға дейін созылған көш бойы тең-тең жүкті қом ішінде сарыжамбас күй кешкен Бұлабике көңілі алабұртқалы қашан? Жүкті әйел затының жаны мұрнының ұшында болса да, теңселе‚ тербеле табан басқан түйенің жолсоқты сапарына шыдап баққан. Жеңгелерінің мезгілсіз толғақ қысып жүрер ме деген күдік-күмәнін де жоққа шығарып‚ бүйірін таянса да қыңқ деп қиналысын сездірмеді. Құдайдан Қаражалға құрсақты күйде жеткізуін іштей жалбарына тілеген. Тәңірі де тілегін шет көрмеді. Қаражалды көргенде Бұлабикенің ойына қай-қайдағы орала берді. Сылдыраған бұлақтай сиқырлы сезімдер жан сарайын жаулады. Сағымдай сәулеленген ішкі жан дүниесі жарқырай, қыстайғы қыстыққан тұмса‚ құса көңіл көктемгі көктей көтеріліп кетті. Әлде бір алаң бел алды. Ол алаң — Ұлар аңшыға деген анайы да шынайы аңсар еді... Аңшыны бір көрсем деген арманды аңсар Бұлабикені бұл маңға сыйдырмады. Кенже жеңгесі де қайын сіңілісінің күйікті халін түсінді. Ауыл үй тіккен күннің ертесінде — қоңыр салқын кеште «Тетелесімен» қол ұстаса дөң асқан жеңгесі алдын ала селдір қарағай арасына жасыра байлап қойған қос атқа жеткен. Жұмсақ аяңмен Кіші Қаражал қимасына қарай бет түзеген. Ұлардың қайда жүргенінен бейхабар болса да, былтыр жазда бас қосысып‚ тілек жарастырған жерге барып‚ сағынышын бассын деп әдейі атқа қонған еді жеңгесі. Жолжорға аяңмен-ақ ай көтеріле қимаға көтерілген. Жерошақта оты жылтылдаған ауыл да алыста

қалды. Айлы түн нұрын төккен. Бір уыс қана үкінің қауырсынындай беткейде топтана өскен балапан шыршалар Бұлабикенің көзіне оттай басылды... Жүрегі асаудай бұлқынды. Сопақ астаудай алып қолаттың теріскейі сауысқанның қанатындай алашабыр. Көгілдірленген кең сайдың ішінде қарайған әлде не шошая шалынады. Бұлабикенің бұлдыр көңілінде белгісіз бір үміт оянып‚ жас жүрегі де бұлқынып қалды... Ол астындағы ақжал атты тебініп қап тұра жөнелді. Жеңгесі де жетегіне ерген жабағы тайдай желе берді. Түңлігі жабық төрт қанат шошақ шаңырақ іңірлеткен екеуді тым-тырыс қарсы алды. Төңірегін су кірместей терең морлап‚ мор шымымен іргені айналдыра қомдап‚ кендір арқанмен тігулі уық үстінен бастыра тартып‚ қос қарағай қазыққа шалып‚ белдеу арқанмен есікті жапқан маңдайша киізді қоса буа орап‚ айналдыра шандып тастаған киіз үй қыстай иесіз тұрғанынан нышан берген. Тау басында жалғыз-жарым тігіліп қалған шаңырақтың иесі кім екеніне көзі жетпесе де, көңілі «сол аңшынікі» деп тоқтаған Бұлабике жанарына жас үйірілді. Өзінің өткен күзде үйде қамалып‚ үш ағасының Ұлармен жүзбе-жүз жолығысқанынан хабардар басы мына айлы түнде де шыркөбелек айналды. Соққыға жыққан содыр ағаларының қолынан мерт болмады ма деген күдік те қылаң берді... Жоқ. Шаған шешесін алып қалмақ нағашыларына кеткен ғой‚ кенже ағасы «аман– есен тастап кеттік...» деп еді ғой‚ деген жүйрік ойлар соғып өткен. «Ол аман-есен‚ әлі-ақ іздеп келеді! Оған қайраты да‚ батылы да жетеді. Әттең‚ тізгін тартары барын білмейді-ау!..» Әлде бір сенімді ой оқыс бас көтерді. Қараңғыда аққан жасы ай сәулесіне әнтек шағылып‚ жеңгесі байқап қалды. Шерін шығарып алсын деп ол да үн қатпады. Желкеге қарай ұйлыға өскен балапан шыршалар да сезімін шайқай берді. Тоңазыған тәні дір-дір етті. Кенет теңбіл барыс терісі тәнін сыйпағандай болды... Аңшымен айқаласқан сол бір ләзатты түндер саумал санасын соқты. Тітіреген тұла бойын ызғарлы толқын шалды. Бұлабике бойын жиып‚ ақжалдың басын ауылға қарай шорт бұрды. Жылқы қайырып жүргендей баяғы бір бұлаң жүріске салды. Күні таяп қалған құрсағының да ауырғанына қарамады. ...Арада апта өтпей Бұлабикеге толғақ келді. Осы өткен апта бойы ол талғақ тигендей жатып алды. Қарадай мұңға беріліп‚ құсаға қамалды. Жан баласынан жерініп кетті. Жақсы көретін кенже жеңгесімен де сырласпай қойды. Күні бүгінге дейін жолдан көтерген жылбысқаның ар-ұятынан өртеніп келсе де, белгісіз бір үміт сәулесі өшкен емес еді... Өткендегі айлы кеште Қаражал қойнындағы қаңырап қалған шошақ шаңырақ санасындағы ойын сарқып‚ жанын қапаға ұрындырып‚ болашаққа деген бар тілегін кесіп қойды. Тәні дел-сал‚ жаны жөн-сал тартып‚ сұлық түсіп кетті. Тіпті құрсағында қыбырлаған жазықсыз жан иесіне де баяғыдай аналық махаббаты сөніп бара жатты. Аяушылық болса да бір түрлі бөтенсу‚ өгейсіну сияқты сұмдық сезім бүр жарып‚ жатырын жатсыну пайда болды. Күні кеше сыпсың сөзді үлкен қос жеңгесінен байқаусызда естіп қалған «ойнас баласы» деген бір ауыз ләм де миына шақ-шақ тиген. Енді өзі де оңаша тіккен жасаулы отауында «О‚ бейшара! Сорлы жетім!.. Кімге сен керексің? Әкең де марғау асып‚ біз бейбақты баяғыда-ақ ұмытып кетті!» деп тістене жылап алатын болған. Дойыр ағалары мен мұның түңілдіре айтқан сөздерінен біржолата безініп‚ шешесін ертіп Алтайдың арғы бетіндегі қалмақ нағашыларына бір-ақ кеткен ғой. Әкесі қазақ болса да, қалмақ зытына тартқан ғой... Намысына тиген қатыгездіктен қайырылмастай болған ғой. Ақзудай ананы апта бойы ой қажап‚ жауқазындай жасанған алты қанат ақ отаудан шығармады. Сүйкімді де сүйікті жеңгесі ғана көңілін аулады. Бұлабике отауын Май апасы әдейі тіктірген. Ұзатылып кетпесе де, ұзатылғандай боп құрсақ көтеріп қалған оң жақтағы қыздың басына отауын көтерткен. Қызының жарымжан көңілін тіктеткен... Қызыр бай да бәйбішенің байлауын жасырын қолдады. Шымылдығы құрулы‚ қашағасы түрулі сол отаудың ортасына қоянсүйек қу бұтақтан от жағып‚ желбауды түсірген. Күн себездеп жауып тұрғандықтан түңлікті бақанмен күргейлей ашып‚ желбауды бақанға шалып байлаған еді. Отаудың оң жағына салынған сүйекті ағаш төсек пен құрулы шымылдыққа қарсы қос қабат ақ киіздің үстіне тізерлей отырғызылған Бұлабике ыңқылы күшейіп келеді. Сол жақ іргеге тақау отырған оның төбесінен жалпақ та жетім құр салбырайды. Есіктің маңдайшасынан ала төрлете‚ салбырата тартқан жалпақ құр кереге басына байланыпты. Ал ортадағы отқа бір қырын дөңгеленген есік жақтағы керегеге қарсы отырған ол керегенің ортан беліндегі тор көзінен бір ұшы ілінген, құлаш жарым қайыс арқанды өзіне қарай шіренте тартып алыпты. Жүзінен бұршақ-бұршақ тер құйыла бастапты. Әзірге іргесі шыммен көмілген‚ кереге мен ши арасынан жұқа текемет тұтылған‚ жабық атаулыны ашылмастай етіп қайыспен көктеп тастаған алты қанат ақбоз үйде толғатқан тұмса анадан өзге жан жоқ. Ол да үнін шығарғысы жоқ. Астыңғы ернін тістеп алған. Таң біліне басталған жеңіл толғақ та жилей түскен-ді. Балапанын қорыған құрдай Май апасы да тірі пендені жуытпай қойды. Тіл мен көзден сақтанса керек. Әлде‚ әлде нені ойлағаны бар... Етженді апасы не ойласа да айдынын салған‚ келіндері де батып айта алмады. «Толғақ теңселтсін‚ сол кезде көмектерің қажет» деп қайырып тастаған. Өзі ғана кіріп шыққан.

Сілбі жаңбыр бүріккен ақ отаудың түңлігі ғана бүркемелей ашылған, іші қу сөңкенің қызуынан қапырық болып кеткен еді. Шілде тері қатып қалады деп, соқыр саңылау қалдырмай тұмшалап тастаған сусіңді туырлық қымтаған киіз үй тынысты тарылтқан. Бастапқыда анда-санда ғана бір ұстап қап бастаған бұла толғақ қара толғаққа ауысты. Тамшы тырсылдай тамған бұлыңғыр аспан ақшыл тартып‚ қалың бұлттың ар жағындағы күн көзі жарығын күшейткен сайын жас ананың толғағы да толқындай тербете түсті. Қайыс арқаннан ұстай шалқалап тартып‚ кейде іштей кіжіне‚ сырттай күшене жалпақ құрға асыла көтеріліп‚ ышқынған жан даусы да шығып қалады. Бұлабикенің қиналған сәтін күткендей маңдайша киіз бір жағына қарай етегін ала ысырылып‚ тобылғы шабақты самырсын есік ашылып‚ үйге үш бірдей жеңгесі мен Май апасы‚ ауылда балгерлік жасап жүретін бүкір қара кемпір кірді. Келе үлкен жеңгелері бебеу қаққан бейшара ананың қос қолтығынан сүйей қатар отырды. Балгер бүкір кемпір: «Қолтығынан көтеріңдер‚ демеңдер! Еңкейіп кетпесін‚ бала жүгініп кетеді» деп қояды. Тізерлей отырған Бұлабике де ышқынып-ышқынып қалады. Тұңғыш тұмса туыт ұзаққа созылған сайын қанша қайратты болса да, қуаты сарқылып-ақ қалғандай. Толғақ шираған. Сәби шатқа түскен. Талмаусыраған тән де‚ қиналған жан да шиыршық атты. Жас ананың аты жас қой‚ әлі де бұла күш-қуаты қайта қоймаған. Жұқа шыт көйлекпен ғана қалған балғын тән қара терге малшынды. Шыт көйлек тер құйылған тәнге жылан қабығындай жабысып қалды. Толғақ та жиілеген. Бұлшық еттері балдай еріп‚ кемікті сүйектері балбырай жібіп‚ бел-омыртқа буын-буынының жік-жігі ажырап‚ қасаба кеңіп, сәбидің жарық дүниеге келер жолы ашылған. Қалыңдау астыңғы ернін қанын шығара тістенген ана ыңыранып ышқынса да, дауыс салып байбайламады. Түңілмеуге де‚ жүгінбеуге де тырысып бақты. Тәннің шиыршық атар‚ толғақтың ширар сәтін күткендей, Май апасы мен балгер кемпір де іске кірісті. Май апасы Бұлабикенің ту сыртынан қапсыра құшақтап‚ құрсақ үстін ала қолмен басып‚ қысып тарта бастады. Онымен қоймай оң тізесін жас ананың тап сегізкөзінен тіреп қойды. Сөйткен Май апасы құрсақты саумалай сауа түсті. Енді көріктей қызған үй ішінде‚ қатты қимыл үстінде оны да тер жауып кетті. Балгер бүкір кемпір болса — жас ананы «марту» басып тұр деп‚ состиып тұрған жас жеңгесіне отқа май құйғызды да‚ өзі сарыала қамшыны кереге басынан жұлып алып‚ от айнала күл сабалап‚ жез шылапшынның түбін қамшы сабымен соққылап‚ даңғыр-дұңғыр‚ шаңғыр-шұңғыр дауыспен мартуды қуалай бастады. Әлде не деп айғайлап: «Кет‚ бәлекет‚ кет!..» деп ақырып та қойды. Шашын жая жалбырап‚ көзін төңкере бүкшеңдеп бүкең-бүкең қақты. Ортада жанған от жалынымен жарықтанған киіз үйдің ішінде қызғылт сәуле кезіп‚ қызыл қанды көтере түсті. Кереге қуалай қозғалған бүкір кемпірдің көлеңкесі қараң-құраң сұлбаланады. Бұлабикенің албыраған нарттай жүзі нұрланады. Марту үркіткен балгер кемпірдің өңі сұрлананды. Қызыл оттың алауынан қызыл мұнар шарбыланады. Отқа қақтанған жан мен тән де жалын атады. Қапырық дем тарылтқан‚ қызғылт мұнар көз байлаған сиқырлы да сырлы отау ішінде зікір салған‚ аруақ шақырған балгер кешікпей үсті-басы қан аралас шараналы‚ шырышты сәбиді өзі күтіп алды. Кіндігін Бұлабикенің кенже жеңгесіне кестірді. Шарана шыр ете түскенде көзсіз туытқа шыдап баққан жас ана да «ух!..» деп‚ ұлы тәнін сұлқ тастап‚ талықси қалғып кеткен. Май апа да ана белін босатып жіберді. Үш бірдей жеңгесі қайын сіңілісінің қол-аяғын созып‚ белін байлап‚ киімін ауыстырып жатқанда‚ Май апасы мен балгер кемпір жылағанын қойып‚ тыныс тартқан нәрестені құрғата сүртіп алып‚ жалаңаш күйде көк бөрінің көк қылшық түкті жұмсақ иленген терісіне орап тастады. Шымылдықты төсек үстіне жатқызғанда ғана қайыра ес жиып үлгерген Бұлабике: «Балам! Балам‚ кім болы?» деді бәсең үнмен. «Ұл! Ұл!..» деген кенже жеңгесінің даусын көк желкеден түйіп қалған енесінің қолы үзіп жіберді. Адуын ене: «Жап! Жап аузыңды! Жағың қарысқыр!» деп те үлгерді. Әлсіреп жатқан Бұлабике де көзін жұмған күйі үндей алмады... «Қайдағы бала? Ауыздарың қалай үшкір ет? Тілдеріңді тый!» — Кемпір зекіп тастады. Балгер кемпір мен Май апа алдын ала дайындап қойған тостаған толы қысырдың қымызын әкеліп‚ жеңгелері қайын сіңілісінің басын сүйеп‚ алмас пен шөптің тамырынан қосылған улы асты шөлдеп жатқан жанға ішкізіп жіберді. Бой-бойынан тер‚ буын-буынан әл кеткен Бұлабикенің қысырдың салқын қымызы маңдайынан бір-ақ шыққан. Көзі де ілініп кетті. Бет әлпеті бал-бұл жанған күйі жаны жай таба ұйқыға дендеді. Бөрінің терісіне жалаңаш ораған сәбиді шапанымен қаусыра тысқа беттеген Май апаның соңынан бәрі де бірге шыққан. Тыста бұлыңғыр аспан бүркіп тұрған кебінен өзгере қоймапты. Сәби жүзін салқын шалды ма‚ ол қыңқылдай бастады. Ал ұйқыға дендеген жас ана болса қайтіп көзін ашпады. Тынысы тарылып қиналмады да‚ ұлы ұйқыға беріліп кетті. Нәрестесінің дидарын көрмеген күйі бой-бойы бусана терлеп‚ балбырай ұйып жүріп кетті...

Құлан құлынынан дәм татуға Қара Қырға келген Ұлар нағашысына аңшылық құрғызбады. Жатырдан жаңа шыққан жылбысқаны қасапқа қидырмады... Есесіне қоңды қысырақты қорғасын оққа өзі шалынтты. Қара маңыз көкөзек кезде қарайған көңілдерін жалғады. Нағашысы иір шөпті қайнатып берді. Тасбақа таңдайына татқан дәру шөптің қышқыл дәмі Қобда Алтайын басып‚ Сайырдың саумал суатты сайында отырған нағашысы ауылына оралғанша тілінің ұшынан кетпеді. Киелі өсімдік қуаты қозған кермек дәм тәніне тарап кетті. Мамыр туа‚ төл аяқтана Алтайға қарай қозғалған қалмақ ауылымен ұзақ ерулес бола алмады. Алтайды сағынғаны соншалық‚ етегіне іліне ерте шыққан модағайы албырап алдынан қарсы алғанда‚ көкірегін қуанышты өксік қысып‚ көзінен жас ыршып кеткен. Сумылтық үстінен сыпырылып түсіп‚ модағайды тізе бүге иіскеп‚ қыс бойғы бойын баураған мауқын басқан... Долай бақсы мен Шадан нағашысы да азаматтың арналы‚ аңсарлы сезім сырын түсінді. Жас адамның албырт мінезіне таңдана сүйсінген. Долай бақсы жыны жон бергендей‚ бір жайдан хабардармын дегендей, сүйсіне тұрып тіксінген... Жас жігіттің ісі мен қан қызыл гүлдің түсі әлде қандай сезімін қозғай сескентті. ... Алтайлық торғауыт қалмақ ауылымен Ұлар атүсті қоштасып‚ жалғыз аттанды. Асығыс аттанды. Әлде неге асыққан... Сондай бір сыңаймен сапар түзген-ді. Жаз ортасына қарай ғана қары лайлана тасып‚ жолындағы сандықтай тасты домалатып‚ қызыл қарағайлардың өзін түп орнымен қопарып алып‚ төмендегі Сарысүмбе* қаласының қияға салынған үйлеріне дейін түйе жалдатпастай көтеріле ағып‚ көзі қанталай шолған Алтайдың ақиығындай жер дүниені қызыл суға алдырып‚ жуып-шайып кететін атышулы Қыран өзенінің басынан тіке асуға бел буды. Ұлар ұлы тауды сауырлай сапар кешті. Өрмегейтінің өлең шөпті‚ жал-жал біткен қалың қарағайлы қар басып жатқан асуы арқылы Қатон Қарағайға иек артуды көздеді. Нағашысы Шадан ұйғарған жол сандалы осытын. Бұл төтені Баршынбек әкесімен еріп жүргенде де көрмеген. Бесбоғданың биік сілемімен Ақтаудың мұзартына ілінсе‚ арғы жағы Құзғындының найза ұшты шыңдары ғой. Сарытауды да алабөтен аңсай сағынды. Өр Алтай қазір иен. Жоғарыда дең* ғана бар. Оларда деңшілер отырса — жақсы‚ отырмаса — қаңырап қарсы алар. Тау басына кеуделей көтерілген сайын көкірек ашқан кәусар ауа‚ тән тотықтырар көктемгі күннің көк нұры Ұлардың көңілін тербеген. Дүр ете қалған көктің сусоқты иісі бал қарағай мен қайың‚ терек бүрінің жасаң жұпарымен қосылып‚ кеудеңнен жаныңды ұшырардай көтеріп‚ бойың бу кернегендей жеңілейіп‚ желең-желең бір сезім қан тасытады. Жабыққан көңіл жасымастай жадырап сала берген. Жанарда жарқыл‚ көңілде желік тудырған сырлы сезім бойды билеген. Жасарған табиғат та қыс бойғы қыстыққан демін демдеп‚ тіршілік атаулы мамыр қызуынан қуат алған... Ұлар мен Сумылтық қанына да табиғи тылсым күш құйылған... Сумылтық жануар жолды-жолсыз жонда болдырар да‚ барлығар да емес. Қайтқан құстың қуатындай ерекше бір қайратты құлшыныс ауыздығын қарш-қарш шайната‚ тұяқтарын дүрс-дүрс бастырта‚ басын өрге қарсы шілденің шыбыны шыққандай шұлғыта аяңдатады. Көктем шығып‚ құстар келіп‚ орман іші сыңси шулаған үнге толып‚ теріскейлерде түріле бастаған қасат қар еріп‚ дулы бір кезең келіп қалғаны еркін сезіледі. Жаның жеңілейгендей‚ жүрегің езілгендей жұмбақ бір сезім жүйе-жүйеңді босата аралайды. Санаң сарқылғандай

*Сарысүмбе – Шығыс Түркістанның Алтай аймағындағы қазіргі Алтай қаласының ескі атауы. Тибет ламаларының қойған атауы.

**Дең – Алтайда тау басына, орман арасына салынатын қоналқалық бекет.

сезім ырқына бой алдырасың. Жұлын-тұтаңды жібіткен көктем шуағына алданасың. Ақ нұрға арбаласың. Қоңыр кештете Құндызды биігінің бауырындағы қарағай қиюшы шөркешілердің үйіне жеткен. Жаз шыға ғана оралатын шөркешілер қонысы кең екен. Қысқа бөренемен мықтап бастырып кеткен есігін ашып‚ саңғырап аяз сорып тұрған үйдің пешін жағып‚ шөркешілер үйде күзде арнайы жолүсті жолаушыға қалдырған қатқан дәмнен ауыз тиіп‚ ас-су қайнатып ішіп‚ түн ортасына дейін Сумылтықты суытып‚ таң бозынан тұруға бекінді. Қоржындағы түтінге қақталған сүр мен құрт-ірімшіктен жырымдай бөліп алып‚ қабырғаға орнатылған бұғының арбиған мүйізіне іле салды. Өзі секілді әлде бір жолаушыға деп бұл да аңшылардай дәм қалдырды... Ерге басы‚ жерге жамбасы тие ұйықтап кетті. Тыста қыс бойы қылқұйрықтылармен бауыр басысып қалған азбан ғана Құзғынды шыңдары сияқты Құндызды биігінің ай сәулесінен қиғаштай түскен қара көлеңкесі қойнында жалғызсырай жайылып жүрді. Жұлдыз аққан алқара көк күмбезі ашық еді. Түйе өркеш шоқыларды белдеулей‚ жылқы жон биіктерді сауырлай суыт жүрген Ұлар таңды таңға ұруға сайланып шыққан. Таң асып‚ тебін жұлған жануар да ертеңгісін жылып

салған. Жер мойны — қашық‚ жол мұраты — асық болып келе жатқан екеуіне де оңай соқпасы анық. Бірақ аңшы қажымасы‚ жылқы қалжырамасы тағы хақ-ты. Ол арқар соқпақтармен ай көтеріле ақ мойын Ақтау— атақты Мұзтауға да іліккен. Бұл бірақ қаратай жәйлауына да аялдамады. Бұқтырманың басы мен Рахман бұлағы арасынан дәм татып қана өтей‚ ақнайман‚ бура жәйлауына қарай ат басын бұрды. Ел мен елді қосып жатқан ұлы тау басы малсыз-жансыз болса да, аңсыз-құссыз емес-ті. Түс қашыртып‚ түн қатып келе жатса да, иен түнгі тау іші шақырған үкісімен‚ ақырған аң үнімен екеуге ес-ті. Иректің иір-қиыр келетін ирек соқпағына қарай ат тұяғын жусатпастан аттанды... Түнгі салқын таң қараңғысында сулыққа сүңгі тұрғызған қарасуыққа айналған. Сумылтық жануар тастай қараңғыда да соқпақ сорабын айырып‚ Құзғынды мен Жайдақтың жалама жалына қиялап‚ түбі тарпаң тегіне тартқан қасиетін танытқандай алқынбай‚ аптықпай тұяқ тірейді. Иесі де астындағы тарпаң тектісіне сенеді! Құлын күнінен қоңырау таққан бәсіресі. Бұл он төрт-он беске кеп қалғанда нағашы жұртынан мінгізген бәсірені жетектеп келген әкесі де жоқ. Із-түзсіз кетті... Жалғыз ұлын сынағысы келгендей ғайып болды. Қайран анасын аю көтеріп кетті. Екеуінен де ізім-қайым айырылды. Жалғыз ұрпағының қолынан топырақ та бұйырмады... Тәңірі ие бұйыртпады! Таң қараңғысында бөріше көзін сүзген аңшы жігітті осындай бір ойлар қамалады. Көңілі қамығып‚ жаны жабықты. Қамшы басқысы келді. Бірақ құрымдай салбыраған қара түннен қорынды. Сумылтықты мертіктіріп алудан қорықты.

ЖЕКПЕ-ЖЕК Жайдақ жайлауындағы мұзарт Құзғындының кесек тұмсығы астындағы құс қауырсынын жұлған‚ аң жүнін жеген ну жынысты Аюшаттың иінімен күн көтеріле Сумылтықпен еңкейген Ұлар түске тарта Күршім өзенінің басындағы деңнен бірақ шықты. Биік қабақ үстіне қызыл қарағайдан қиып салынған кержақ мешті*‚ тақтай шатырлы үш бөлмелі үйдің мұржасынан түтін түп-түзу ұшып жатыр екен. Аңшы қуанып кетті. Сөткелеп жүрген ол бір бел суытып‚ ат шалдырып, тынығып қалатынын ойлады. Бұл дең осы жерге баяғыда салынса керек. Мұның бала кезінен бар. Түстігіндегі Бөкенбай‚ Марқакөл‚ Қарасеңгір‚ Сарыбайды‚ Қалжыр өзені мен Зайсанға құяр Қара Ертістің қалың қараталды сағасын‚ Бүйрек пен арғы беттегі Алқабек‚ Білезікті мекен еткен қалың қожамбет‚ сырымбет, ақнайман мен Құйған‚ Құмаш‚ Қойтас‚ Әудие‚ Бурабай‚ Топтеректі қыстап‚ Күршімді өрлей-құлдай көшкен өтей‚ бура‚ сарыжомарт‚ Мұзтау‚ Өрел‚ Берел‚ Бұқтырма‚ Рахман‚ Боғданы жайлаған қаратай‚ самай текті қаракерей елінің қыс қатынар‚ жаз тоғысар тұсындағы қоналқалық дең. Үй маңынан ит үріп шықпады‚ адам қарасы көрінбеді. Мамағашқа шылбыр шалып‚ шап айылы мен төс айылын босатты. Төсіне айыл батыпты. Сумылтық күні-түні тоқтаусыз жүрістен сыр бергендей, сулығын сылдырата шайнады. Иесі құлағы түбінен қасыды. Жануар да сүйсіне басын ие берді. Қаси тұрып қабақ астында маусым келмей‚ таси алмай жатқан асау Күршімге‚ ар жақ бетінде жылқы жал қарағай‚ самырсынды Үлкен Қаражалдың өзенді бойлай созылған сұлу сілеміне көңілі тола‚ көзі қана қадалды. Қарағайдан қиып салынған қора іші бос көрінді. Тек селдір өскен қарағайлы жазықта жайылып жүрген бірді-екілі жылқы көзге шалынған. Дең үйінен қарадомалақтар да қарсы алмады. Ұлар үйге кіргенде, ерсілі-қарсылы салынған қоржын бас қос бөлме есіктеріне шыт перде ұсталған екен. Кержақ меште қарағай шатырлай жанып жатыр. Алтайдың ақ балшығымен ақталған үйдің іші бозалаң. Тым-тырыс үй ішінде состиып тұрып қалды да, жөткірініп дыбыс берді. Бірақ еш пенде тіл қатқан жоқ. Ол амалсыз саптамасын босаға жаққа тастап‚ жүн байпағымен оюлы киіз төселген тақтай

*Меш – жергілікті қазақтар пешті осылай атайды.

еден үстімен кержақ мештің құдығы қараған оң жақ бөлмеге өтті. Бөлменің түстік бетінде қос қашағалы шымылдық құрылыпты. Төрде – атлас көрпе жиылған сандық‚ қабырғада – қол тоқылған үлкен-үлкен қызыл гүлді кілем. Еденде сырмақ пен терме алаша жайылыпты. Шағын терезеден мамыр шуағы төгіледі. Жабық шымылдық алдында бел ағашының жартысына дейін ғана бүркелген бесік тұр. Бесік ішінде – бейуаз ұйқыға бас қойған жас сәби. Аңшы жігіттің жүрегі шымыр ете қалды. Ыстық бір толқын бойын буды... Ол бесіктегі бейбіт нәрестеге еңкейе жақын келді. Сәбидің пыс-пыс еткен әлсіз ұлпа демі‚ ірімшік иісі келді. Тәні шіміркене сүйсініп‚ жүзін жақындата құшырланып иіскеді. Құмары бірақ қанбады... Бесік басына ілген бес тал үкі қауырсыны мен аюдың қыранның тұмсығындай имиген тырнағы қозғалды. Есік ашылып‚ әлде кім кіріп‚ меш аузына сатырлата отын қойғаны білінді.

Ұлар төргі бөлмеден шыға келгенде, қарсы алдында марқа қозыдай сүйкімді‚ түрінген ақ білекті жап-жас келіншек тұрды. Екеуі де сасып қалысты. Амандасқан болысты. Тағы да есік сықырлай ашылып‚ түбіт мұрт бозбала көрінді. Ол аяғын шешер-шешпестен жақын келіп‚ «Ассалаумағалейкүм!» деп оң қолын кеудесіне қоя мезірет жасады. Ұлар екеуі төс қағысты. Бойшаң бозбала бауырына еніп кетті... Сонда ғана қысылғаннан жүзінен шып-шып тер білінген аңшының арқасы кеңіді. Бозбала аңшының үстіндегі аң терісінен ғана тігілген киімдерге таңырқап қарағыштай берді. Түннен қалған суық сүр мен айранды дәс қойған Ұларға бозбаланың жеңгесі төсек салып берді. Сумылтықты бозбала жігіт отқа жіберетінін білді. Ері Қаражалдың арғы бетіне әлде бір ауыл ерте көшіп келгенін Жүндіқарағайды жондаған жылқыдан біліп‚ қыс бойы деңде жан баласымен көріспей‚ ел-жұрт ішінің аман-саулығынан хабарсыз қалып‚ ішқұса боп жүргеннен шыдай алмай‚ кеше күн көтеріле солай кетіпті. Бүгін бір қарасы көрінер деп күтіп отыр екен. Ұлар ойына да Бұлабике ауылы емес пе екен деген ұшықсыз ой оралды... Дастарқан үстіндегі қысқа қайырым әңгіме барысында‚ деңге жас отау ауыл ақсақалдары ұйғаруымен өткен күзде ғана Құмаш жағынан келгенін‚ қыс бойы кеңірдектен түскен омбы қардан жан баласы қатынамай, жалғыздықты серік еткенін ұққан. Жастыққа басы тие өзі де қор ете қалды. Жол соққан жан-тәні жайбарақат күй кешті. Ол тынығып оянды. Тез оянып кеткендей сезінді. Бірақ қараңғы түскен екен. Көп ұйықтап қалғанын сонда ғана білді. Қол-аяғы қунақ тартыпты. Қоржын бас деңнің келімді-кетімді адам қонар бөлмесінен ортадағы мешті бөлмеге шыққанында‚ дөңгелек үстел басында күбір-күбір сөйлесіп отырған үй иелері бұған бұрыла қарасты. Отағасы өзі құралпылас екен. Амандық-саулық‚ таныстық-білістіктен кейін үш еркек қотарыла тысқа шықты. Ай көтерілмеген‚ жұлдыз жасаураған түн түскен екен. Құрымның түтініндей емес‚ тезек түтініндей бозаң түн. Тымық түн екен. Күндізгі мамыр күнінің қызуы қайта қоймай‚ түн де қоңыр салқын күймен мамырлап қалыпты. Қыстан шығып‚ көк жасаңға аузы жеткен ұсақ мал мен сиыр-таналар манаурай күйіс қайырады. Отағасы Омарбек пен інісі Қалыбек мамыр туа күн мен түннің тез жылынғанын жақсылыққа жорыды. Басы — құз‚ құзы — мұз боп жататын Алтайдың кенет жылынып салғанынан Ұлар қауіп көрді. Етектегі елді тасқын алуы мүмкін. «Тау басы — қатқақ» деп отырған жұрт бейқам ғой. Тап бүгінгідей күн қызып‚ жер жылыса таудан топан ақтарылып салары оп-оңай. Бәрінен де түнде жетіп барса‚ мал ғана емес‚ адам да атқының ақпасында қалары анық жай. Олар үйге кірген. Былқып піскен бағлан еті түскен. Қолдарын жуып‚ дастарқан басына отырғанда‚ бесіктегі балдырған Құмаш та қолға келген. Қамария әлі қырқынан шықпаған сәбиіне алдымен ағаш тостағанда қайнаған суға малулы бөрі жонының қылшығын алып‚ үштөрт тал қайратты қылды сорғызды. Қайнысы Қалыбек қыста соққан арланның қылшығы еді... Жас ана бас тураған бұған бір қырын отырып‚ Құмашқа омырау берді. Дастарқан басында әңгіме ауаны Қаражалға ерте көшіп келген ауылға қарай бұрылды. ... — Қазалы ауыл үстінен түстім‚ — деді Омарбек. — Қызыр байдың ауылы екен. Жалғыз қызы қайтыс болыпты. Ұлардың қолындағы мүйіз сапты сапысы сылқ етіп түсіп кетті... Бозбала Қалыбектің өткір көзі шалып қалды. Ұлар да сыр бүрмеуге тырысты. — Ауырып қайтыс болыпты‚ — деп‚ Омарбек ешкімге де көңіл аударған жоқ. Ұлар: — Қайда қойды? — деп қалды еркінен тыс. — А‚ осында‚ жәйлауға қойды. — Аға‚ төрге сүйек қоймаушы еді ғой‚ — деп Қалыбек те таңданысын жасыра алмады. — Жалғыз өзін қалай қойды екен? — Қояйын деп қоймапты. Қызы тоқалдан туған екен. Шешесі ертеректе қайтыс болса керек. Қыз оң жақта отырып жүкті болып‚ «жолдыбай» көтеріп қойыпты. Ұзатылар жағы біліп қалып‚ — бесік құда ма‚ бел құда ма — әйтеуір‚ барар жағы қалыңдықтан ат тонын алып қашса керек... Ел-жұртта кездеспейтін жаманат іс қой... — Өлімге қиып па? — деп дегбірсізденді бозбала. — Отағасы–ау‚ — деп Қамария шыдай алмай сөзге араласты‚ — өзімен кетсін! Қозғамай-ақ қойсаңыз етті... — О‚ не дегеніңіз? Айтылар сөз — айтылды ғой‚ ар жағы не болды?! — Ұлар зіл сала әрең сөйледі‚ көмейі кеуіп қапты‚ зорға жұтынды. — Иә‚ аға‚ — деп інісі де қосанжарласты. Қамария кішкене Құмашын көтере төргі бөлмеге қарай кетті. Табақтағы ет те орта түскен. Ұлар қайтып қол соза алмай қалды...

— Арғы ата-бабаларымыз да ауызға алдырмаған ант атқан ауыр іс қой. Асқа жиналғандардың жеңіл ауыздыларынан естідім‚ қыз әкесі мен ағалары елге жайылмасын деп, қырдан жәйлауға елден бұрын көшіпті. Төр жәйлауға жалғыз қойғандары да содан... — Баласын қайтіпті? Әлде өзімен бірге кетіп пе? — деп, бозбала жігіт Қалыбек Ұлар сұрай алмай отырған тұмса сөзді айтып салды. Омарбек те еш күдіксіз қозғады. Аңшы Ұлардың сұрланған өңінен де сыр ұқпады. Тіпті көңіл аудармаған еді... Бірақ бозбала байқап отырған. Көңіліне де күдік кірген. — Сәби аман. Оның жазығы жоқ қой. Оның үстіне ұл екен... ұрпақ қой. Жеңгелері бауырына салып алады. Анасы туыт үстінде кетіпті. Қан кетіп қайтыс болса керек. Аңшының зор денесі басылып‚ дөңгелек жер үстелге басы салбырай еңкіш тартып‚ кең иығы қоянның бұғанасындай қусырылып кетті. Еңсесін көтере алмай қалды. — Ұлар‚ — деген қатқыл дауыстан бойын жиып алды. Көзі алаң етіп‚ тіктеліп отырды. — Ұнжырғаң түсіп кетті ғой‚ бауырым! Сен тау кезіп‚ тас басып жүрген жансың. Ел ішінде мұндай жағдай ілуде бір кездеседі. Біздің халық қатал ғой‚ ондайларды ат құйрығына байлап та‚ үстінен табын қой айдап та жазаға кескен. Өлімге қиған! Кейінгіге тию қылған емес пе... Қайта, қызы құдай ажалымен кеткен екен. — Әй‚ қайдам аға? — деп қалды Қалыбек. — Тәйт‚ әрі! — деді Омарбек ағасы зеки. — Араласпай отыр‚ келсін-келмесін.

Ұлар шыдай алмады. — Өлімге қиғаны ғой... — Булығып қалды. — Кім білсін? «У беріпті» деген қаңқу сөзді де сүйекті қойып келісімен құлағым шалды. Бір ауыл болса да, сүйрең ауыз табылады ғой‚ — деп Омарбек те екіұштылау сөйледі. — Алмас‚ болмаса — Сарытаудың күшәласы мен уқорғасынның тамырынан дәрі жасап берген шығар... — деп Қалыбек тағы да балалық білгірлігіне басты. — Болды енді! — деп ағасы бір-ақ қайырды. — Ертең елге, әкеңе аттанасың! Қыстай еркелеп алдың... Қалыбек жым болды. Қамария төр бөлмеден көрінді. Білте шам жарығымен күреңітіп отырған үшеуі де орындарынан көтерілді. Тысқа беттеді. Ай Құзғындының айыр азу шыңдары үстіне көтеріліпті. Алтынның буы шалғандай жүзі жалқындана толқиды. Шыңның ұшарындағы көк мұз жарқырай шағылады. Аңшы терең тыныс алды. «Ух!..» деп ауыр күрсініп те салды. Мынау айлы түнде аялдай алмасын сезді. Таңды сарғайтпай тап қазір аттануға жарық түн де шақырғандай болып‚ Бұлабикенің бейіті басына түн қатып жетуге бір булыққан сезім итермелей берді. Қайғышерін кімге шағарын білмеген жанның жас жүрегі жаншылды. Қалыбекке Сумылтықты алдыртып, Омарбек құрдасынан қыз бейітінің қай жерде құлақ көтергенін біліп‚ мөңки ағып жатқан Күршімнің өткеліне қарай асығыс аттанды. Үйге қайтып кіре де алмады. Әлде не айдап тұрғандай ай астында қоштасты... Атқы жүргендей астаңкестең жаны аузына тығыла қыстықты. Жағасын кеміріп‚ тасты төңкеріп таси алмай жатқан Күршімнің «Өгіз өткеліне» қарай ағараңдай аттанған түнгі жолаушының соңынан көз жіберген екеу де үнсіз. Омарбек отағасы бармағын шайнап‚ тілін тістеп тұр. Бәрін де кеш түсінген. Бірақ бұл қайдан білсін‚ жалғыз атты жолаушының жүрегінде не байланып жатқанын... Енді лаж жоқ. Айлы түн жұмсақ. Түнгі салқын түспеген. Күндізгі қызған тау-тас‚ орман-су табы қайтпаған. Сүмбіледегідей тез суынбаған. Шық тұрса да төңіректі бұлдыратар мұнар көтерілмеген. Жылы‚ жұмсақ түн ауасы көтертпеген. Айнала ақ түн. Аппақ жайнамаздай Сарытау бауырындағы жүйрік көсілер Шаңқан жазығы шаңқан тартқан. Тек алқына аққан тау өзені Күршімнің терең аңғарында ғана көгілжім мұнар толқиды. Мұздай су бауырынан көтерілген бу әзірге мұнарланып‚ таңға тарта аңғарды толтырған тұманға айнала суынып‚ күн шыға Сарытаудың Шаңқан жазығын сабадан ақтарылған ақтай басып‚ күн төбеге көтеріле Құзғынды мен Сарытаудың жықпыл-жықпыл шатқалдарын өрлей, биік басын шалады. Түске тарта ала бұлт боп айнала қалқиды. Түс ауа Алтайдың арғы бетіне ауып кетеді. Шаңқан жазық шегіндегі өткелге қарай келе жатып‚ Ұлар Бұлабике туралы ойдан аулақтағысы келіп‚ айлы түнгі тау сырын талғажу етті. Шілде шықпай‚ шамырқана алмай жатқан тау өзенінің өгіз өткелінен Сумылтықты кеуделетіп оңай өтті. Балалық шағынан таныс өлкеде түн қатқан аңшы мен азбан айғыр Жүндіқарағайдың биік тұғырына қиялай тартты. Ежелден таныс бұғы соқпақпен бауыздай көтерілді. Түлкінің сімтік тұмсығы ғана батар жыныс қарағайы қос қанаттан иін тіресе тұтқан боз соқпақ бұраңдап‚ бауырлай сіңіп жоғалған. Салт аттылы‚ сабау қамшылы да қалыңға кірген. Сылаң соқпақ бойы да тыныш. Қоршаған зәулім қарағайлардан қарауытыңқы. Түн тыныштығын үкі үні мен оқыс шыққан бұғы шақырғаны бұзады. Ай жарығымен кеуек қуалай

жаңғақ терген тиін мен қалың ішінен жапырақ жеген қоян сытыр-сыбдыры ғана жақыннан естіліп қалады. Сумылтық шабы өрге қарсы сабындай көпіріп‚ мысықтабандай басады. Аңшы Ұлар былтыр тамызда Бұлабикеге осы Қаражалды салмалап баратын соқпақпен емес‚ Жүндіқарағайдың тар қылтасымен Тымбай шатының бастау алар тұсындағы қозыжон төбеге орын тепкен бейітке тура тартты. Қызыр бай ауылы қиыс қалды. Анасыз жетім қалған жат нәресте де қиыс қапты... Жанына жат болғанмен‚ қанына жат емес. Түбі — тегіне тартар. Тек-тағайына тартса да, бұл секілді безінбес. Жатырынан жалғыз болса да, жалғыздық көрмес. Ол белден кеткен баланы ойға алмауға тырысты... Толған ай да көк төбесінен төмен түсіп‚ шідерлене жүзген. Асыққан аңшы селдір қарағайлы дөң үстіне Сумылтықты желдіртіп шыға келгенде‚ қарсы алдынан салқын есіп қоя берді. Тығылған тынысы ашылып‚ төменде жатқан жазылған жаядай ойпаңның бір шетіне қарай тақиядай төңкерілген төбе мен төбе үстінде қарауыта қалқиған зират оттай басылды. Көзінен жас бұршақтады. Салқын тартқан жүзін тарамдай тамшы жүгірді. Оның ыстық табын аңшы тәні сезбеді де... Қысылған көкірегі көтеріле берді. Қарауытқан бейітке көзі жете тұрып‚ жаратқанның салғанына көне берді. Әлден уақта Сумылтықты аяңдата ойға түсті. Ойдағы жазаңда да жарық ай жұқа мұнарды серпіп тастапты. Аяқ бассаң алдыңнан қарсы алар Алтай модағайы — шұғынық атаулы шымылдығын жауып‚ мүлгіп қалыпты. Түн де ауыр тартқан сыңайлы. Тақия төбеге жақын келген Ұлар аттан түсіп‚ ерін алып‚ жүгенін сыпырып бос жіберді. Мылтығын да жерге тастады. Әлде қайғыдан‚ әлде жол соққаннан қалжырап қалыпты. Жерде жатқан ер үстіне тізе бүкті. Біраз уақыт өткен өмірін ойлап‚ Бұлабикемен бірге болған қысқа ғана қуанышты күндерін, ләзатты түндерін еске түсірді. Жанарына жас алды... Бағанағыдай күйікті өксік‚ қыстыққан сезім жоқ‚ көкірегі ашылған‚ көңілі босап қалған. Салқын сана орныққан. Сүйретіле орнынан тұрып‚ төбе төсінде көрінбей тұрған зиратқа беттеді. Үстіндегі аю жамылғыны да ауыр сезініп‚ иығынан сыпырып тастады. Төңірек тым-тырыс. Үп еткен желсіз. Бір буалдыр түс шайған. Аңшы таң қараңғысы торлар шақтың жақын екенін аңдаған. Терістіктен табақтай боп шыққан толық ай түстікке әуке артса да, шідерлеулі жүрісінен жаңылмаған. Шыдаммен жылжыған. Бір қора қойдың көң салған орнындай ғана күреңше көкті төбе басында жетімсіреген кісі бойы бейіт суық қарсы алды. Ұлардың көкірегінен сипай салқын леп есті. Күн батыстан ықтасындай көтерілген оның көз алдында аузы қарауытқан‚ биік төрт құлағында ағаштан қиылған төрт ай сұлбасы шалынған оба жүрегін мұздата кесе көлденең тартылды... Көзіне жас оралмады. Бойына діріл жүгірмеді. Бір түрлі салқын сезім биледі. Бейіт беттен соққан таңғы ызғарлы салқын ғана тән тоңазытты. Түстіктен тінткен ай нұры құбылаға қараған бейіттің қабырғасын қиялапты. Бейіттің шығыс жақ ту сыртынан атам заманнан жалғыз өскен кәрі қарағай түнере төніпті. Ол қарағайдың да шырқау шынары құп-қу тартқаны ай сәулесімен анық шалынып‚ бел ортасынан төмен ғана бүрлі жуан бұтақтары төгіледі. Таяқ тастам жерді тартынбай басқан Ұлар төбесі ашық бейітке аттай «аһ-аһ!..» деп‚ төбеден ұрғандай оқыс дауыстап‚ босағада тұрып қалды. «Астапыралла! Астапыралла!..» деп, бір сөзін қайталай қолын кеудесіне қойды. «О‚ тәңірім‚ өзің кеше гөр! Бұ не қылғаның? Жаратқан ием‚ жар бола гөр!.. — деген аңшының үрейлі үні қатты шығып кетті. — Көрсетпегің көп пе еді‚ құдайым?! Не жазып еді? Қайран‚ Бұлабике! Қор болған Бикем! О‚ дүние-ай!.. Кім сені қорлаған? Кім? Оһ‚ шұнақ дүние!» Ол өз-өзін ұмыта күңіренген күйі ашылып қалған көрге еңкейді. Қаракөлеңке ұйыған зират ішінде қап-қара боп үңірейген қабір түбі көзге көрінбесе де‚ не істерін білмей абдыраған аңшы жартылай ашылған көрдің жиегіне жүрелей кетіп‚ «Бісмілла! Бісмілла!..» деп көз тіккен. Есі кеткен... Ахирет те‚ ақым да жас жуып бұлдыраған жанарға ілікпеген. Ай сәулесі асып түскен зират ішінде қабір бетін жапқан жуан-жуан бөренелер жұлыпжұлып алынып‚ кейбіреуі ірге жаққа тасталып‚ кейбіреуі қабырғаға сүйеліпті. Алғашқы сәтте ойрандалған қабір сұмдығынан санасы ауған Ұлар өз-өзіне келе‚ бұл іс адамның емес‚ аңның әрекеті екенін аңдады. Аң болғанда да адамша қимылдайтын аюдың іс-әрекеті екенін түйсінген. «Ай‚ лағнат атқыр-ай!» деп иен бейіт ішінде опық жей айғайлаған. Ұлардың осы даусын күтіп тұрғандай ту сыртынан гүр ете қалған күшті үн шықты. Сүйекті көтеріп алып кеткен ғой деп күйікті хал кешіп‚ жүрелеп отырған аңшының жүрегі тоқтап қала жаздады. Үстін суық тер жауып кетті. Орнынан қозғала алмай қалды. Өзінің қаны қарая кектенгенін де‚ қолдары дірілдей қорыққанын да түсінбеді. Отырды да қойды. Босағадан бас сұға гүрілдеген Айқоңыр еді... Ол да Бұлабике бейіті басына ай көтеріле келіп‚ қарауытқан зиратқа жүрексінбей еніп‚ топырағы тобарсымаған қабірдің томпиған жалын іргеге қарай сыйырып‚ бет бөренелерін қопара көтеріп жиып‚ түстік түбін ала науадай оя қазылған ақымда аппақ ахиретпен құбылаға басын бере жатқан мәйітке түсіп‚ көр жиегіне сүйекті қос қолдай көтеріп шығарғантын. Сол

бойы түзге алып шығып‚ бейіт сыртындағы кәрі қарағайға сүйеп қойып‚ ақ кебінін жырта шешіп алып‚ анадан тумай жалаңаш тәнді құшағына басқан. Қардай аппақ‚ мұздай суық тән қарымаған... Қайта буалдыр елес билеген қоңыр көзі тұманыта түсіп‚ ыстық қаны тұла бойын қыздырып‚ шыбын жаны жаныға ләззат тапқан. Жалбыз бен күшәла‚ қытай иісмайы аңқыған жас дене елтіте берген. Ақ жолақ танауын жүгіртіп иіскелеп‚ қызыл тілімен тастай тәнді сүйреңдете жалаған. Көзі жұмулы арыстай тәннің иілмей де бүгілмей қатып‚ қаны кеуіп‚ жаны кетіп қалған суық сүлдерін бауырына басып‚ анаша аялап‚ адамша аймалаған. Аймалаған сайын ағзасы асып‚ аталығы тіленіп‚ жансыз мұздай мәйітті қорлай берген... Кәрі қарағайға арқасын сүйей тұрып‚ сұмдық сезімге бой алдырып‚ буын-буыны босай рахат күй кешкен. Борықтай денені жылытқысы келгендей алып құшағына құмарта қысқан. Тірсектен түсе тарқатылған шашқа ақ жолақ тұмсығы көмілген сайын аң сезімі күш ала билеген. Ішкі жағында жасырынған жұмбақ қайрат-қуаты тысқа тепкен. Талдырмаш келген жансыз сүйекті күтірлете қысып‚ сықырлата сындырған. Тырнақтары да қаусыра құшақтағанда, қыр арқа мен қара санға батқан. Қолы батқан сайын‚ көзі қанталаған сайын құшырланған... Ағзасы асып‚ сезімі тасып‚ анайы құмарлыққа бой алдырған. Сондай бір жан шошырлық‚ тән ширығарлық сұм жайға күйі түскен. Сезім-сауаны піскен. Осындай алаңсыз‚ аяусыз бір сәтте тосаң үн естілді. Құлағы түрік аң елең еткен. Құшағындағы мәйіттен де сескеніп қалды... Бірақ Бұлабике даусы болмай шықты. Қорқынышты дауыс көрден шыққандай бейіт ішінен енді анық жеткен‚ Айқоңыр сүйекті қарағайға сүйей сала ызалы күймен қарауытқан бейітке қарай бұрылған тұғын. ...Айқоңыр қайтара күркіреді. Сонда ғана Ұлар ұлы қауіпті түйсінген. Орнынан қалай тұрғанын білмейді. Қарсы қабырғаға қарабауырша қарғып, қалт тұра қалғанын бір-ақ сезді. Екі ортада — қазылған көр. Айқоңыр да табалдырықтан аттапты. Екеуі де Бұлабике бейітінің ішінде. Екеуі де жүрек жұтқан. Аңшы селебеге қол салды. Аю тұмсығын ала жүгірді. Ұлардың ойына өткен жаздағы Атқыбұлақ оқиғасы жасындай соғып өтті... Ақ жолақ тұмсықты да сол селебе сойғаннан қалған белгі деп түйсінді. Айқоңыр да аңға тән айнымас табиғат дарытқан сезіммен аңшының сол адам екенін бағамдады... Ай сәулесіне шағылған селебе де сезік салып‚ тақыр танауын тыжырынтты. Адамды да‚ аңды да аса бір зәрлі сезім биледі. Аңшы да‚ аю да аса бір залым айлакерлікке баруға дайындалды. Бір сәт дәуітше барласа‚ жыланша арбаса қалды. Белгісіз бір еріктен тыс, сұмдық сұңғыла сезім екеуінде де оянып‚ екеуі де бір-бірін тани кетті. Енді аң да‚ аңшы да аянбасқа бекінді. Тымбай биігінің төбесінен төне нұрын төккен ай жарығы Айқоңырдың сауырын жалап‚ қарсы қабырғаға алпамсадай көлеңкесін түсірген. Ұлар қаракөлеңке қабырғаға арқасын жапсыра түсті. Бетпе-бет келіп‚ жекпе-жек қалған екеуге көр қазулы қара жер қапияда тар келді... Гүрілдеген Айқоңыр тұмсығы жолақ‚ басы молақ екенін аңғарғандай тартып ала қойды. Тершіген тақыр тұмсығын тыжырынды. Аңшының қолындағы суық селебе ызғары келгендей оқыс шегінді. Көр жиегі босады. Ажалды жиек опыраяды. Ай да батар алдындағы бар нұрын тақиядай төбеге Тымбай биігінің белеңінен асыра аста-төк септі. Таң қараңғысы алдында желкем желемік те тынып‚ торғын мұнар серпіліп‚ тыныштық ұйыды. Айқоңырдың ақырған үнін естіді ме‚ осы бір тыныштықты бұза жылқы кісінеді. Сонда ғана жауырынын қарағай салмаға жапсырған Ұлар әлі де ыза буып‚ толқындай үркініш қуып тұрған ұлы бойын сілкіне жиып алды. Оң қолы селебе сабын қысты. Сүйек сап былқ етпеді. Сумылтық жануар шұрқырай тағы кісінеді. Иесіз қалғанын сезгендей‚ жануар! Ұлардың ет жүрегі ойран болды. Жақ еті жыбырлап‚ тоңазыған тәні тор еттей тартты. Киік мүйізінен қындалған сүйек сапқа тырнағы батты. Айқоңыр да терең көр аузынан шегіне гүрілдеді. Әлде аңшыдан‚ әлде ақымды қабірден сескенгендей... Бірақ мұның бәрі аңның тар жерде жасап тұрған айласы екенін аңшы да түсінген. Аңшы да хайуанға амал таппай ширықты. Екеуі де қысаң қабір үстінде‚ шынашақ айналмас бейіт ішінде бір-біріне қысас қылды. Таң қараңғысы түсіп‚ ай батып кетсе өз халінің мүшкіл боларын Ұлар да ойлады. Ал Айқоңыр шығар ауызды алып‚ әдейілеп қараңғылықты күткендей айбат көрсетіп‚ сес танытып қана тұрғандай. Бұлабикенің балғын қабырғасын уматып‚ берік жіліншігін уатып келген-ау... сыңайы. «О‚ жыртқыш-ай‚ жыртқыш! Жем жетпеді ме саған? Көрдегі аруақты қорлайтындай‚ қабірді қопаратындай не құның бар еді!? Алтайды емін-еркін иеленгенің аз ба еді!? Аң мен құсын қойып‚ адамына ауыз салғаның ба‚ қорқау неме?! О‚ Тәңірім‚ қорқауға жол беріп қойғаның ба!? Не жазып ек?..» Ұлардың қаны қарайып‚ тынысы тарылды. Бойын тер жуды. Суық тер. Шаған шешесін де қара күзде көтеріп кеткен осы кісіжегіш кәпір шығар... Дәніккеннен құныққан ғой деген дерексіз ой да тез оралып өтті. Ол қалай жылдам қозғалғанын өзі де аңғармай қалды. Айқоңыр да күтпесе керек.

Босағаға арт жағымен тіреліп қалған аю да қос аяқтай тұрып кетті. Қос қолын көтере гүрілдеді. Ақтөс кеудесі ағараң қақты. Аңшы да ақырып қалып‚ алып аңның бауырына қарай балықтай жылп етіп өтіп кетуге әрекет жасады. Бірақ айлалы да епті Айқоңыр оған жеткізбеді білем‚ сол жақ жауырыннан жалпақ алақанды тырнақтарын тарбайта салып қалды. Хайуанға аңдатпай оқыс өтіп‚ қапы қалдыруға тырысқан аңшының әккі қимылын сезіп үлгерді ме‚ Ұлардың өзі жараланып қалды. Қу жауырыннан тиген гүрзідей соққы аңшыны жер тізерлетіп‚ жойдасыз жалпақ табан басқан жұмсақ топыраққа қос жұдырық тірентті. Жауырын мен бұғананы сындыра батқан тырнақ Ұлардың жанын мұрнының ұшына келтірді. Қиналғаннан даусы шығып кетті. Бәрі де тері жамылғысы жоқтығының кесірі ғой... Бүктісе жүрелеп қалған бейшараны сынған жауырынан бір қолмен-ақ көтере берген Айқоңыр кенет қарын тұсы тыз етіп ашып‚ тұла бойы шіміркеніп кетті. Ол енді жемін иығынан ала жұлқа көтерді. Саусақтай сояу тырнақ жанына батқан жан айғайлап жіберді. Айқоңыр да бірақ қапы кетті... Ұлар селебесін тап кіндіктің тұсынан жер тізерлеп қалғанда тереңдете салып алып еді‚ Айқоңыр жұлқи көтергенде селебе көкірекке шейін ақтара тіліп түсті. Сонда да жемінен айырылмаған жуан жыртқыш қос аяқтап қозғалмай тұрған күйі аңшыны кеудесіне басып‚ енді қос қолдай алақандарымен уыстай қысты. Жезтырнақтары жаралы жанның қабырғаларынан‚ қара жонынан жебеше қадалып‚ қаусата енді. Ұлар аңшы ештеңені де ойлаған жоқ. Өз өмірінің осылай бір аяқталарын туғаннан сезетіндей‚ тұман кешкеннен білетіндей байсалды қарсы алды. Тек машықты қимылмен селебесін аюдың сол жақ қолтығы астынан‚ жүрек тұсынан бойлата ендіріп үлгерді. Жыртқыштың аса қарулы қимылына‚ зор күшіне бой ұсынғандай даусын ғана шығармауға тырысты. Көз алды тым қараңғы тартып кетті. «Ұл... ұлым!» деген бір күңгірт ой жылт етті... Бейіт ішін аюдың ақтарылған жын иісі алып кеткен. Бірақ Айқоңыр да оны сезбеді. Мылжа-мылжасы шыққан шалажансар жемін алдындағы көрге итере салып‚ бағанадан мызғымаған аяқтары дірілдей бүгіліп‚ теңселе түсіп‚ сол жақ бүйіріне қарай серейе құлады. Қолтығынан тірелген сом селебе сұғына енген. Тік тұрғанда-ақ демі біткен Айқоңыр тырнағын да қимылдатпай тыныш тапты. Туғалы жанталасқан жырынды жыртқыш үн шығармастан сұлады. Жарылған қарыннан ақтарылған қан-жыны ғана жамбасын қуалай ашық қалған көр ішіне құйылып жатты. Қайыңтоз күйесіндей қап-қара көр түбінде ышқыныссыз‚ ыңқылсыз‚ жайлы жан тапсырған Ұлар ғана ыңғайсыздау бүктісіп қалды. Тымбайдың биігінен ай бағана асып‚ батып кеткен. Көкте жұлдыздар алыстапты. Таңғы салқын суыра соқты. Орман ішінде суыл тұрды. Таң хабаршысындай сыпыра тиген жел төбе маңының шалғынын сауырынан сипай толқындатып өткен де‚ қызыл іңірде-ақ алақандай шымылдығын жапқан модағай гүлдері ұзын мойнын иген. Жыландай жылжып салқын таң қараңғысы түсті.

*** Жан шыға‚ тән суына таң атқан. Талайсыз таң талаурап атты. Түске таман Тымбай шаты жағынан шыққан салт атты біреу төбе басындағы жаңа бейітке бұрыла‚ жас қабірге құран оқыта кеткісі келді білем‚ күлігінен түспей көтеріле беріп‚ әудем жер сілейіп тұрып қалды. Астындағы аты да бейіт басындағы жарым-жартылай қу‚ жуан қарағайға сүйеніп тұрған тыржалаңаш әйел тәніне құлағын қайшылады. Әлгі жолаушы оқыс бұрылып‚ астындағы жарау атын қамшымен төпеп‚ төбеден шауып түскен беті Қызыр байдың ауылына қарай құйындата жөнелді. Кешікпей атқа шапқан еркек кіндіктілер төбе төңірегіне жиналды. Ақ сәлделі‚ қоңыр барқыт шапанды ақсақал соңынан еріп‚ әудем жерде сүйеніп тұрған тарқатулы шашты сұлу мәйітке бәрі бір қырын отырып‚ ұзақ құран оқысты. Бесін ауа бейіт басындағы қарбалас та тоқтады. Көрден шығып қалған Бұлабике қабірге қайыра қойылды. Ұлар қарағай түбіне көмілді. Айқоңыр болса, қос атпен тақымдай сүйреткен бойы орман ішіне апарылып‚ үстіне таудай қу бұтақ үйіліп‚ өртеліп жіберілді. Жалғыз жайылып жүрген Сумылтықты ауылға алып кетті. Тарпаң тұқымды асыл тек иесі жетімсіреп жалғыз қалды. Сол күні түнде үйірге қосылды. Қалың жылқыға қосылысымен өзі үйір бөліп алуға атан жілік айғырлармен тебісіп‚ шайнасып кете барды. Иесін де тез ұмытты... Бірақ жылқышылар жылқы жонын барлап келгенде‚ әлде біреуінің ысқырып қалатын әдетіне ием бе деп елеңдеп‚ оқыранып қоятыны бар. Уақыт өте келе оған да еті үйреніп‚ елемейтін күйге енді. Өзі үйір салып алды... Бұлабикенің бейіті қалқиған бұл өңір келе-келе Қызбейіт атанып кетті. Бұл күнде қалқайып тұрған мола да жоқ‚ орны — жермен-жексен. Қарағай-шыршасы селдіреген‚ оты қашқан жалаңаштау жон ғана жантайып жатыр. Осы жонда Алтайдың алқызыл модағайлары

көктем келе өрттей лапылдап, ат тұяғындай ауыр бастарын шұлғып‚ жылқыдай жусап тұрғаны.

1993-1994, мамыр. 95‚ қаңтар.

1995, қазан-желтоқсан.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙