TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы 1936-1940

Қалижан Бекхожин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы 1936-1940

Қалижан Бекхожин табиғатты суреттеу арқылы адам көңіл-күйін, қимыл-әрекетін бейнелейді. Оқырманға жеткізер лирикалық толғаныстары да жетерлік. Шығармаларында тілдік көркемдік-эстетикалық талғам деңгейін биікке шығарды.

ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ

(1936-1940)

ӨЛЕҢМЕН ӨТКЕН ӨРЛЕРІМ

І

Менің туған қалам Кереку, яғни Павлодар атырабында, Баянауыл, Ертіс бойларында халқымызға аттары әйгілі тамаша енер иелері, бірнеше ақындар, әншілер болды. Әріректен бастасақ атақты Бұхар жырау, Жаяу Мұса, Мәшһүр - Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Иса, Естай, Майра сынды кемеңгер ақындар мен өнерпаздардың келелі сөздерін. әндерін мен бала кезімнен есітіп өстім. Бұхар жыраудың дана толғауларын жиырмасыншы жылдары шыққан журналдардан оқып танысқан едім, ал менің айналадағы жасы үлкен туыстарым Бұхар жырау, Жаяу Мұса, Мәшһүр - Жүсіп өлең сөздерін бас қоса қалған жиындарда тағлым етіп айтып отыратын... Сол ізгі лебіздер менің жас зердеме ерте тоқылды. Ал атақты ақын Иса Байзақовты 1921 жылы біздің Тәттімбеттегі ауылымызда көрген едім. Орынбордан ба, әлде қай жақтан келген Иса (өзі негізінде біздің Ертістің тумасы ғой) бір үлкен құдалық тойда, одан кейін Қазақстанның автономиясына жыл толу мерекесінде тамаша өнер көрсетті. Ол домбырасын қаршығаның қанатындай жан-жағына құлаштай сермеп, өлеңін құйқылжыта әнмен шырқағанда, көз алдындағы құбылыстарға арнап, қапелімде мәнді, күлкілі елең шығарғанда, қалың жиын мәз болып, Ертіс тасығандай ду ете түскенде, кенет бір керемет рух сілкігендей менің дір ете қалғаным әлі есімде. Сол бір сәтте халықты осыншама тербеткен өлең өнерінің керемет қасиет екенін бала жүрегіммен біршама сезінген секілдімін. Иса Байзақов ағамен кейін есейіп, әдебиетке қадам басқан кезден бастап, сабаз ақын қайтыс болған шағына дейін біріміз — аға, біріміз — іні жағдайында дос болып кеттік. Бала күнгі менің ұстаздарымның ең ықпалдысы өз әкем Нұрғожа болды. Шешен, білімді әке айтқан аңыз әңгімелер, бұрынғы билер мен жыраулар сездері, тіпті діни қисса ғибрат хикаяттар уыз бала кезімнен менің ой-қиялымда берік ұялаған еді. Баянауылдағы балташының баласы Нұрғожаның жасынан білімге, өлеңге ынтасы болса керек, дәулетті ағайындар ескіше хатқа жүйрік Нұрғожаны сонау Троицкий қаласындағы Зейнолла Ишанның медресесіне оқуға жіберіпті. Сол медреседен діни терең білім алған Нұрғожа кейін өзінің бір өлеңінде: «Ұстаздан оқыдым мен семинария»,— деп мақтанады. Бұл кісі діндәрлігімен қоса кезінде ақындықты да мадақ еткен еді. Нұрғожа сол сөз өнерімен бүкіл Арқаны аралап, сонау Жетісуға, Маман - Тұрысбек аулына дейін барғанын кейін жұртқа жыр ғып айтатын. Қазанда өз кітабын шығарған Мәшһүр - Жүсіптей күрделі ақын болмаса да, Нұрғожаның атақты Ақан есімен, сол Мәшһүр - Жүсіптің езімен, орақ тілді Исамен қақтығысуына қарағанда, кейбір топас болыстарды шенеуіне қарағанда, бұл кісіге өлең өнері дарымаған деуге болмас. 1932 жылы Сәкен Сейфуллин Ақан серінің өлеңдерін кітап етіп шығарды. Сол жинақта Ақан сері мен Сүйіндік Нұрғожаның айтысы келтірілген. Ақан серіні Нұрғожа сәлем беріп танысу үшін Көкшетауға әдейі іздеп барыпты. Бұрын есімі белгісіз, өзінен жиырма бес жас кіші, әлдеқайдан пайда болған Нұрғожаны тәкаппар Ақан қабылдамайды, сол маңдағы Ашықауыз дегенмен жолығып айтысып кер,— деп Нұрғожаның өтініш хатына Ақан сері кіді жауап қайырады. Сонда Нұрғожа Ақан серіге:

Мен өзім тот баспаған асылдаймын,
Ешкімге жалынып мен бас ұрмаймын.
Ашықауыз молдамен айтыс депсің,
Мен оған көктен түскен жасындаймын,—

деп батылдық сөздерді айтады да, айтысқа Ақанның өзін шақырады. Сірә, біздің әкейде (бала шағымда байқағаным да бар) албырт ақынға тән мақтаншақтық болса керек. Сондай лепірме сөзін аңдыған Ақан бір сәтте:

Атығай — Қарауылдың тобын жардым,
Түрленіп топта сайрап үлгі салдым.
Қаңғып кеп Сүйіндікті көп мақтайсың
Мен іздеп Сүйіндікке қашан бардым?—

деп Нұрекеңді тұқыртып тастайды. Сөз қадірін білетін Нұрғожа ақыры кемеңгер серіге «жеңілдім» деп ізет білдіреді. Кейініректе, менің бала шағымда, әкем жер-жерде жиналған топ алдында Ақанды айрықша дәріптеп, оның серілік өмірі жайында еліктіре айтқан қызықты әңгімелерін талай естіген едім. Әкемнің сол әңгімелері жадымда сақталып, бертінде мен Ақан сері жайында «Соңғы сайран» атты шағын дастан жаздым. Сірә, мен алты жасымда хат таныған шығармын. Мені әкем сол алты жасар кезімнен ескіше хат тануға баулыды да, жалдамалы молда сымақ кісілер діни оқуға берді. Ал менен үш жас үлкен (мен 1913 жылы дүниеге келіппін) Қайыржанды араб әліппесін үйреніп, хат білгеннен кейін жастайынан орыс мектебіне оқытты. Әкем Қайыржанды өзінің жанынан артық көріп:

Нұрғожа бас жігіттің болған бірі,
Тарқаған қалам алса көңіл кірі.
Құдайға қазір алса ризамын,
Артымда Қайыржаным қалса тірі,—

деп өлең де арнады. Мен жас кезімде осы бір жылы сөзді Қайыржаннан іштей қызғанатын да едім. Баласына білім, өнер табуды мұрат еткен әке Қайыржанға былай деп өсиет етеді:

Кел балам, ғылым оқы, өнер серік,
Хақ жолға болсын берік.
Ізденіп, талпынып бак көзім барда,
Мақсұтың ден сау болса тапсын ерік.

Әкенің бұл өсиетін Қайыржан ақтады. Оқып, білім алғанының арқасында кейін тарих ғылымының докторы, ҚазГУ-дың профессоры болды. Ал әкем мені дін оқуына қаршадайымнан шырмап қойды. Араб әліппесінің әріптерін атаудың өзі бір қиямет. «Бисін бе. Бә-би-бо» — деген бірдемелерді ежелеп бірнеше күн жаттап қақсайтынбыз. Алайда, сол бала шағымда араб әліппесін жете білгендігімнен қаншама таңғажайып қиссалар, аңыз - хикаялар, ертегі - дастандарды кәніге оқып шықтым. Әкемнің қос әбдіресі кітаптарға толы болатын. Және қаладағы татар дүкендерінде Бұхарада, Қазанда, Ташкентте басылып шыққан кітаптар көп сатылатын. Бала кезімде сол Қазан, Ташкент шаһарларында басылып шыққан қисса, дастандарды, батырлар жырларын түгел оқысам керек. Солардың ішінен бала кезімде оқығаным татардың ұлы Ғабдолла Тоқайдың 1913 жылы шыққан «Көңіл иесі» атты өлеңдер жинағы. Әкем Абай, Сұлтанмахмұт, Мұрат өлеңдерін, Біржан — Сара айтысын, тегі сүйсіне оқыса керек. Мен 1924 жылға дейін жеке молдалардан дін оқуын оқыдым. Совет мектебіне 1924 жылдың сентябрь айында түссем керек. Онда он екіде едім, дін оқуында бес жыл шырмалып жүргендік кесірінен қазақ совет мектебінің 3 класында оқуға әрең жарадым. 1929 жылы Павлодарда орта мектептің алтыншы класын аяқтар шақта мен комсомол жолдамасы бойынша сонау Қостанай жаққа тартып отырдым. Әлі ақыл тоқтатпаған, өз қабілетіңді өзің білмеген албырт шақ қой, оқу іздеп келген жерім Қостанайдың қаласы емес, Федоров ауданындағы Өтеп оқу-тәжірибе совхозы болып шықты. Ақыры, 16 жастағы мен трактор жүргізуді үш айда үйреніп шықтым. Сонау Шаңдақ совхозының егінді белестерінде күзде комбайнды тракторға тіркеп, (ол кезде өзі жүретін комбайн жоқ) астық орған кездерім әлі есімде. Әсіресе, жауын-шашынды күндерде брезент шатыр ішінде отырып, жігіттерге Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасын оқып бергенімде, сол дастанды өзім жазғандай мақтаныш еттім. Расында да, бұл жылдары мен сол тұста басылып шыққан қазақ совет ақын-жазушыларының кітаптарын түгелдей оқысам керек. Қысқа таман сүзек ауруымен қатты науқастандым да, дәрігердің ұйғаруымен ол оқудан босанып, Керекуге қайтып оралдым. Комсомолдың жолдамасы бойынша 1930 жылдың басында Ертіс бойындағы Ақсу аулында мұғалім болып істедім. Өзімде жөнді жеті жылдық білім де жоқ, есепке тіпті шорқақ едім, ондай қиын пәнге жоламадым, әйтеуір тіл сабағын жүргізіп, білгенімді жас балаларға үйреттім білем. Мектеппен көктемде қоштастым да, қалама қайтып келдім. Әліме қарамай аудандық тұтынушылар одағында нұсқаушы болып та істедім. Бұл 1932 жылдың көктемі еді. Аудандық «Колхоз» атты газетте 8 март — әйелдер күніне арналған тырнақ алды өлеңім басылып шықты. Сол бір қуанышым — үлкейген шақта алған наградтарымнан да, сыйлықтарымнан да аса артық, бақытты қуанышым еді. Содан кейін жүре - тұра өлеңмен айналыса бастадым. Бұдан бұрын да аздап өлең шығарғаным бар — «Бөрікті қызға», «Абақтыдағы нағашыма» деген секілділер. Кешікпей газеттің редакторы Әлімбек Жаңғабылов (менен бір-ақ жас үлкенді) мені газет қызметіне шақырды. Әлімбек сыпайы, шамасынша газет жұмысын білетін іскер жігіт. Мен бұрыннан білетін редакцияда кілең жастар қызмет атқардық, Редакторымыз Әлімбек 20-да, жауапты хатшы мен—19-да, әдеби қызметкерлер Әнуар Аукепов пен Телеутай Ақшолақовтың жастары 17—18-де і апа еді. (Телеутай Ақшолақов м,енің жақын туысым, қазір ғалым, орта мектептерге арналған әдебиет оқулығының авторы).

ІІ

Алғаш менің қаламымды ұштаған Павлодардың газеті менің келешегіме кең жол ашты — аудандық газет беттерінде жарияланған төрт-бес елеңімнің шарапатымен 1934 жылы май айында Алматыға, Қазақстан жазушыларының І съезіне Павлодардан делегат болып аттандым. Съезд өтіп жатқан күндерде шығармаларын өзім бұрып ынтыға оқыған көптеген ақын-жазушыларды көріп, мерейім өсіп қалды. Солардың ішінен атақты, майталман жазушылар Сәкенді, Мұхтарды, Сәбитті, Бейімбетті, Ілиясты көргенім, олардың съезде сөйлеген ұлағат сөздерін естігенім маған жана бір әлем есігі ашылғандай әсер етіп, жас қиялымды, өлеңшіл рухымды ерекше серпілтті. Менің көкірегімдегі ұмытылмас бақытты бір сәт — Сәкен Сейфуллинмен сәлемдесуім. Съезде, үзіліс арасында ардақты Сәкен аға съезд өтіп жатқан театрдың алдында бір топ жастарды жайдарман сөзімен мәз етіп, кең маңдайы жарқырап сөйлеп тұр екен. Семей облысының жас талаптарын съезге бастап келген, сол бір тұста есімі белгілі бола бастаған әдебиетші Рахим Уәлиахметов мені Сәкен ағайға таныстырып: «Өзіңізге белгілі, Ақан серімен айтысқан Сүйіндік Нұрғожаның баласы Қалижан деген жігіт»— деді. Мен өте абыржыған күйде Сәкенге ізетпен қолымды ұсындым. Нұрлы көзін ілтипатпен маған аударған кемеңгер аға сәлемімді алғаннан кейін: «Әкең қайтыс болды ғой, қалған қолжазба, өлең сөздері бар ма?»—деп сұрады. Мен бұлай деп сұрағанына қуанып кеттім де: «Бар, алып келдім, ертең съезге алып келейін»— деп жедел жауап бердім. Сәкен ағай маған үңіле қарады да:

— Өзіңнің әкеңе тартқан бірдемең бар ма? Әкең атақты Ақан серімен сайысқан ақын ғой,— деп менен жауап күтті. Ардагер ақынның бұл шұғыл, сындарлы сұрағынан қысылғаннан тұла бойым шымырлап, құлақ шекеме дейін қызарып кетті.

— Аздап өлең жазамын,— деп күмілжідім.

— Қысылма, жігітім, өлеңді батыл жаз. Егер білімің шамалы болса, оқығаның жөн. ҚазПИ - ге түс, күзде кел, өзім көмектесем, ал Нұрғожаның барша жазбаларын, ескі кітаптар болса бәрін де ертең алып келерсің,— деп маған ақыл-кеңесін айтты абзал аға. Мен шексіз қуанып кеттім. Мәжіліс залында отырғанда Семейден бірге келген жас ақындардың қасында Сәкенмен тілдескен мен кейін өз мәртебемді биік санап, күжірейгенім әлі есімде. Ертеңінде әкемнің кептеген қолжазбаларын және бірнеше сирек кездесетін ескі кітаптарды алып келдім. Ұстаз аға Сәкеннен бір ауыз болса да сөз естіп қайтқан мен Павлодарға қайтып келісімен «ақынсынып», өлең жазуға құмарта түстім. Сондағы жазған бір өлеңімнен Сәкенге еліктегенім сезіліп тұр:

Бүгін майда,
Жұмысшы тап,
Ұрандасып
Болып сап-сап,

Капиталмен егеседі,— осылай кедір-бұдыр сөздермен шұбырта беріппін. Мейлі өлеңім кедір-бұдыр болса да атақты Сәкенге еліктегеніме әлі күнге дейін ризамын. Расында, менің өлең өнеріне шындап берілген шағым, жас ақындық санатқа қосылар баспалдағым ҚазПИ - ден басталады. Бұл қазақтың тұңғыш білім ордасында ол кезде республикаға аты әйгілі білікті ақын-жазушылар, ірі оқымыстылар ұстаздық еткен еді. Солардың қатарынан маған өз білімдерімен айрықша әсер еткендер Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбанов, Молдағали Жолдыбаев, Сәрсен Аманжолов, М. С. Сильченко, Мұқаметжан Қаратаев. Бұлар менің ой-санамның, білімімнің жетілуіне зор ықпал жасады. ҚазПИ-де оқып жүрген кезеңде өлеңді ара-тұра жаза жүріп, білімді молықтыруға беріле ден қойдым. ҚазПИ-де оқыған жылдарымда орыс, батыс, шығыс классиктерінің белгілі, күрделі шығармаларын түгелдей дерлік оқыған шығармын. Пушкин, Лермонтов туындыларын жаттай оқып, сол жылдары олардың кейбір өлеңдерін аудара бастадым. Ағылшынның атақты ақыны Байронның —«Чайльд Гарольді» поэмасының бірнеше тарауларын аударып, қазақ әдебиетінің 8 класына арналған хрестоматияда, 1937 жылы жарияладым. Съезд тұсында Сәбен дидарын көріп сәлемдескенім бар. Жылы жүзді аға Сәбит Мұқанов өлеңге бейім: оқуда сабақтас өзге студенттерден білімі озық, мені бауырына тез бейімдеді. Сәбең бізге XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті туралы лекция оқыды. ҚазПИ-де мен қазақтың бұрынғы-соңғы әдебиетін, оның тарихын оқып, біліп келіп түскен едім. Сондай қабілетімді аңғарған Сәбит аға 1937 жылы, мені өзі дайындап жүретін хрестоматияға автор етіп қосты. Студенттер арасында бұл мен үшін зор мәртебе болды. Сол шақтан, өзінің қайтыс болар кезіне дейін ұстазым ретінде Сәбең менің біліммен, елеңмен өсіп өрлеуіме ұмытылмастай ағалық, достық қамқорлығын жасап келді. 1980 жылы июнь айында Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толған мерекесі тұсында мен Сәбең туралы «Жұлдыз» журналының бесінші санында естелік жазып жарияладым. Сол естелікте Сәбең туралы сыр шерткенмін. Әйтседе орайы келген соң тағы да айта кетейін. Менің көлемді де күрделі шығармаларымның көбі-ақ Сәбеңнің елегінен етті. Ол кісі шығармаларындағы кемшіліктер мен міндерді маған батыл айтатын да, ал сәтті шыққан туындыларыма ұстаздық, ағалық шын пейілімен қуанатын. Менің 1950 жылы жазылған «Мариям Жагорқызы» поэмамның жарыққа шығуына кедергі жасағандар аз болған жоқ. Сонда осы поэманы қорғап ара түскен және бұл шығарманы әділ бағалаған Сәбит Мұқанов болды. Тайталас жиында поэманы бақастықпен даттаушыларға тойтарыс беріп:— «Бұл поэма қазіргі қазақ поэзиясының да, Қалижанның өзінің де үлкен табысы. Бұл шығармадан Қалижанның қаламы төселген мәдениетті ақын болғанын жақсы аңғарамыз»,—деген ізгі бағасы менің жас қанатымды өрге қарай сермеле түсті. Баршамызды өнерге, сөзге баулыған ардақты Мұхтар ағайдан да көп тағлым алған едім. Бұл кісінің ҚазПИ - де оқыған лекциялары бір академия тәрізді болды маған. Ынтамды аңғарып, оқуымды зер сала қадағалап отыратын Мұхаң ҚазПИ-ді бітірерде маған «Қобыланды батыр» эпосы туралы дипломдық жұмыс тапсырды. Сол бір жасаңдау кезде «Қобыланды» туралы жазғанымды ерекше бағалап, жұрт көзінше мақтағанда менің шексіз қуанышқа бөленгенім әлі есімде. 1938 жылы май айында Жазушылар одағына мүшелікке өтуіме ұсыныс пікір айтқан да менің осы екі ұстазым — Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов еді. Менің қаламгерлік қабілетімді ескерген Мұхтар аға 1940 жылы. Қазақ ССР - ның 20 жылдық мерекесі тұсында өзіне тапсырылған «Мәдениетті Қазақстан» атты мақалаға мені көмекші етіп алды. Ұзақ очерк - мақаланы мен түгел жазын шықтым, Мұхаң ұнатты да, бас жағына бір-екі бет жазып қосып, мақаланы сол тұста шыққан «Мұғалім» журналына ұсынды және мерекеге арналған үлкен жинақта да жариялатты. Менің, әсіресе, дастан жазу машығыма, поэзиялық тәсіліме мейлінше әсерін тигізген, қазірге дейін теңдесі жоқ ардагер ақын Ілияс Жансүгіров болды. Біз секілді жас талаптар сонау студент шағымызда Ілияс поэзиясын құмарта оқушы едік. Ілияс жазған «Күй», «Күйші» атты сұлу, ғажап дастандар бізге поэзияның асыл гауһары болып көрінді. Біз Ілияс ағайдың қыр мұрынды, өр тұлғасын көргенде, жиындарда сөйлеген парасатты мысқылға толы сөздерін естігенде серпіліп, мәз болып қалушы едік. Газет, журнал беттеріне өлеңдерім мен мақалаларым жариялана бастағаннан кейін баспасөз бен Жазушылар одағында қызмет істейтін бірқатар ақын-жазушылармен үйір болып кеттім. Тайыр, Ғали - сынды үлкендері аға ретінде құрметті болса, өзіме тұстас Жұмағали, Дихан, Қасым, Әлжаппар, Ғабдол, Әли, Қапан секілді ақын-жазушылар сырлас достарым болды. Бізден гөрі ойы ересектеу сыншы Есмағамбеттің үйіне көбірек жиналып, жалпы әдебиет мәселелері жайында, өз жазғандарымыз жайында пікір алысып, өзара таласып та қалушы едік. Аға ақын, ақ жарқын Тайыр менің ең сүйікті жанашыр досым еді. Қадірлі, аяулы Тәкең менің өлең-жырларымның да шын қамқоры болды. 1938 жыл июнь айында ҚазПИ-ді бітіріп шықтым. Оқуымды бітірмей-ақ Қазақстан Орталық Комсомол Комитеті мені Комсомол баспасына аға редактор етіп тағайындаған. Біраз қызмет істегеннен кейін бұл баспада бас редактордың да, директордың да міндетін атқардым. 1939 жылы біраз уақыт Қазақстан Жазушылар басқармасының жауапты секретары болып та қызмет істедім. Бір ғажабы — сол жылы Жазушылар одағының басшылығына ылғи жастар барып қалыппыз. Президиумның председателі Дихан Әбілев, жауапты секретары мен, жастар шығармаларына жетекші Қапан Сатыбалдин, литфондының директоры Қасым Аманжолов болды. Ішіміздегі партия мүшесі, бізден бұрын ертерек байсалды болып қалған жалғыз ғана Дихан еді. Сол шақта мен ұсақ өлеңдерден гөрі дастан жазуға бейім едім. 1938—39 жылдары «Балтабай», «Кек», «Орман қызы», «Ақсақ Құлан» атты үш дастан жаздым. Үшеуі де жарияланды. «Орман қызы» Қазақстан Орталық Комсомол Комитеті жариялаған бәйгіде жүлде алды. 1942 жылы партия қатарына ендім. Мені партия орындары сол жылы Алматы облысының Жамбыл ауданына көктемгі егіс жайындағы командировкаға жұмсады. Әйгілі Жамбыл жыраудың үйінен атақты революционер Әлібиді кездестірдім. Бұдан бұрын соғыс басталған кезде Азамат соғысының айбынды комиссарымен бір әңгімелесіп, радиоға репортаж ұйымдастырғаным бар. Жамбыл қарттың сарайында кішіпейіл Әлекең мені жылы жүзбен қабылдады. Әліби мен Жамбылдың кеңестері өзінше бір хикая. Әлекең мені қасына ертіп, ел аралады. Кез келген адамдарға өзінің өткендегі ерлік өмірінен әңгіме айтуды артық көретін Әлекең бірге жүріп үйреніскеннен кейін маған өткен шақтарынан көп сырлар шерткен еді. 1960 жылы жазған «Дала комиссары» атты дастанымда революция ерінің өз аузынан естіген бірқатар хикаялар негіз болды. Ұлы Отан соғысының әскери қызметін 1942 жылдың жазынан 1946 жылдың февраліне дейін атқардым. Артиллерия мектебінде—курсант, саяси состав курсында — тыңдаушы. Ташкенттегі әскери газетте — журналист, бөлімдерде саяси қызметкер болып түрліше міндет орындадым. Ақырында азаткер Армияның қатарында Польша, Чехословакия жерлерін араладым. Сол сапарда жүргенімде 1945 жылы Польша жерінде ақын Сағынғали Сейтовты және Жұбан Молдағалиевты кездестірдім. Сағынғалимен бұрыннан сырлас болатынмын. Ал Жұбан еленді жаңа жаза бастаған жас ақын еді онымен тез достасып кеттім. 1944 жылы «Шеру» атты өлеңдер жинағым шықты. Соғыстан оралысымен әуелі. Тіл - әдебиет институтында, кейін Жазушылар одағында біраз уақыт қызмет істедім. 1949 жылдан бастап осы уақытқа дейін бірыңғай творчестволық жұмысқа беріліп келемін. Соғыстан кейінгі дәуірде өз қадарым қаламымды белсендірек етуге талаптандым. 1948 жылы «Көктем» атты өлеңдер жинағым шықты. Сол тұстағы бір қуанышым — совет әдебиетіне ақылман болған Александр Фадеев бір пленумда жасаған баяндамасында менің «Сырдария көкпары», «Келтемасат» деген баллада пішіндес екі шығармамды жаңа тақырыпқа жазылған тәуір туындылар қатарында бағалап атап кетті. Сөйтіп бұл хабарды «Правда» газетінен оқығаннан кейін Москваға тартып отырып, тура Фадеевтың өзіне жеттім. Жылы жүзбен қабылдап, менімен жақсы сөйлескен Фадеев жаңа өлеңдерімді орыс тілінде шығартуға ұсынды. 1949 жылғы Қазақ совет әдебиетінің онкүндігі тұсында Москвада «Под звездами Москвы» атты тұнғыш жинағым шықты. 1949—50 жылдары «Мариям Жагорқызы» атты поэма жаздым. Бұл шығарманың тууына себепкер болған сол тұстағы жауапты партия қызметкері Ілияс Омаров еді. Менің ығыр сыннан кейіс көріп жүрген шағымда Ілияс Омаров қабылдады да, біраз кеңескеннен кейін: Сіз атақты Мариям Жагорқызы жайында дастан жазсаңыз жақсы болар еді» деп ақыл берді. Мен содан Мариям туралы толғана бастадым. Менің бақытыма қарай, сол жылы Мариям Жагорқызы Алматыға, композиторлар съезіне келді. Драма саласында да тәжірибе жасап жүрмін. Астаналық театрларда «Егер жүрек шын берілсе», «Ұлан асу» пьесаларым сахнада көрінсе, кейбір облыстық театрларда «Нөсерден кейін», «Гималай сарыны» пьесаларым көрініс тапты. Жуықта «Әзірейілдік әлегі» атты пьеса жазып бітірдім. Аталған пьесаларымның арасынан «Ұлан асу» атты пьесамды айрықша атамақпын. Бұл халқымыздың жоңғар қалмақтарына қарсы жасалған тарихи күресіне арналған шығарма. Қазіргі тұста естелік - мемуар әңгімелер жазуда. Мұнда өзім - көріп білген ардагер адамдар жайында, сол қатарда — Сәкен, Сәбит, Мұхтар, Иса, Қажымұқан, Әбділда, Майра, Тайыр, Қасым, Жұмағали, тағы басқалар туралы естеліктерім бар. Менің ақындық өнерімді, халқымның аз да болса кәдесіне жараған жырларымды партия мен үкіметіміздің тиісінше бағалағанына езімді өте бақыттымын деп санаймын. Мен екі мәртебе Енбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен және бірнеше медальдармен наградталдым. 1979 жылы жарық көрген «Менің замандастарым» атты өлеңдер жинағыма Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген атақ берілді. Бұл құрметтің салмағын ойлағанда, талғамы биік оқырман халқымның кәдесіне сай жаңа туындылар жасау, заман сырларын құлшына жырлай беру үзілмес парызым деп тебіренемін.

ҚАЛИЖАН БЕКХОЖИН

Ө3ІҢЕ СЕН, ЖАС ОЙШЫЛ

(Лермонтовқа еліктеп)
Өзіңе сен, жас ойшыл,
Тіл өнерің отпен тең.
Жаз күніндей жастық жыр

Жалын атсын жүректен.
Қанат қағып тез ұмтыл,
Шарықтайтын туды кез.
Жарысқа түс, безеп тіл,

Ұмтыл алға, ұмтыл тез.
Жалындаған жүректен
Жарқылдаған от керем.
Қанатымен өлеңнің

Көтеріл көкке мен!
Жүректе жалын болса егер,
Жайнап шығар аспанға.
Өмір, өзің қуат бер,

Жалындаған жас жанға!

ЖАС АЛҒЫСЫ

Ерке өскен еркін елде мен бір жаспын,
Туғаннан тың ғасырмен мен сырласпын.
Ер жеттім толқынды өмір арасында —
Сондықтан менің жырым — өрен тасқын.

Еркінмін бұлтты жарып, көкке ұшамын,
Бұзамын мұхиттың да мұз құрсауын.
Еркінмін ерлікке де, білімге де,
Әлемде қызық менің, жастық шағым...

Гүл, орман Отанымда шаттық өмір,
Теңіздей көтерілген шалқып көңіл.
Сайраған бұлбұлдары сол орманның,
Жан-жақтан жастық жыры толқындап тұр.

Шырқаймын мен де бірге шаттық сырын,
Жырыммен жаңғыртамын таудың шыңын.
Иесі бұл шаттықтың партияға —
Арнаймын жалындаған жанның жырын!

КЕЛЕМІН МЕН АУЫЛҒА

Келемін мен ауылға
Қайтқан құстай сонырқап,
Келемін жас бауырға
Әуелетіп, ән шырқап.

Жатыр шалқып Ертісім,
Көк толқынын алқалап,
Сапырып су күмісін,
Жүздім талай шалқалап.

Астымдағы кемем де,
Күй тартқандай тербеліп,—
Толқын билеп кемерде
Тереңнен тұр ән келіп.

Бауырым білім алсын деп,
Алып келем әр томды.
Шаттық жырын салсын деп,
Ертіп келем Байронды.

Ертіс бойы орман, сай,
Келемін мен жағалап,
Көңіл құсы тұра алмай
Кетті қырын аралап.

Бас изесіп келемін,
Жаста сырлас жерменен.
Шалқыды оған өлеңім,
Кешкі самал желменен.

Ән салды Ертіс шуылдап,
Толқын шауып жағалай.
Туған жерден ән тыңдап,
Қуандым жас баладай!..

ТЕҢІЗ ЖЫРЫ

Ертісте тудым мен өзім,
Туған күні мені анам —
Шомылдырған өзеннің,
Толқынына тулаған.

Содан бері толқынның
Қуаты енген жаныма
Желді күні жармасқам
Көкала толқын жалына

Дауылды күні жас қыран
Аспанын аңсап ұшатын.
Сондай-ақ артық басқадан
Досым толқын құшатын.

Арқырап аққан ақ өзек,
Жүрегіме дауыл сап,
Өрге шауып жөнеген
Жалындаған жастық шақ.

Балалық шақ осы еді
Сонау Ертіс өзені.
Жетті міне жігіттік,
Теңізде ойнар кезеңім!

Жел жүгірсе жете алмас.
Білем теңіз айдыны.
Мейлі теңіз бұрқаса,
Білмеймін мен қайғыны.

Мүмкін мұхит жасырар,
Жағалауы жер - бетін.
Қорқыта алмас бірақта,
Толқынның ол перзентін.

Асыққандай көруге
Өскен бірге бауырын.
Құшақтауға құмармын
Теңіздің өр дауылын.

Жау жүрек жігіт аттанар
Жорықтан күтіп майданды.
Теңіз майдан дүниесі,
Толқытпайды қай жанды?!

Жан толқыны туласа,
Теңізге де барамын.
Аспанға атқан толқынның
Ашуын тартып алармын.

Толқын бейне арыстан
Ашуынан айрылар.
Көкала жалын қолға орап
Тартсам, менен қаймығар.

Сонда маған көрінер
Шабақтай боп жайыны,
Сүңгіп қашқан қасқалдақ,
Сүңгуір жау қайығы.

Қорқытпас құйын дауылы
Күркіреп шықса теңізден.
Мен толқынның бауыры,
Мені дария емізген.

Толқында мені өсірген,
Теңізден күшті өз елім,
Соның сұлу жері үшін
Теңізді мен кеземін.

ЖЕЛ ЖАМЫЛЫП, ТҮН ҚАТҚАН

Жел жамылып, түн қатқан
Жылқышымын жау жүрек.
Алдаспаным — ақ сойыл,
Астымда — атым қара көк.

Ат үстінде ас ішіп,
Күндіз ұйықтап, түн кешкен.
Менің досым — тай-құлын
Күмбір-күмбір кісінескен.

Желсіз түнде жабырқап,
Жаңбыр болса көңілім жай
Аспан бұлты жел бұрқап,
Шартылдасын нажағай!

Жел мен түннің ұлымын
Білмейтін қорқуды.
Дауылды түн жүйрікпен
Сүюші едім жортуды.

Қап-қара түн далада
Алалы жылқы айдадым.
Желге қарсы құйғытып,
Желкілдетіп айдарын.

Енесіне шұрқырап
Жабысқанда жас құлын,
Ақ сойылмен соғамын
Арсылдаған қасқырын.

Таң алдында топ жылқы
Тау бөктерлеп жайылып,
Қия шауып жүрсем мен,
Қашағанды қайырып!

Қандай қызық тамаша,
Сонда менің көңілім шат!
Осылай өткен зымырап
Асау тайдай жастық шақ...

Бірақ сонда баққаным
Жылқысы еді бір байдың.
Түн болмаса, күн қарап,
Рақаты жоқ құдайдың.

Неге жүрек жалындап
Білмедім мен қызғанын.
Кейде аңдып жортушы ем
Шеткі ауылдың қыздарын.

Кетті ол заман дауылдай
Түннің ашып ұйқысын.
Айдап келдім колхозға
Даланың көп жылқысын.

Алалы жылқы алдымда,
Қуанышым ол менің
Түнде жарық болғандай
Кеудемдегі орденім.

Жаста сүйгем, бұл жылқы
Өзімдікі, білемін.
Аң мен адам қасқыры
Алқымдамас біреуін...

ДОМБЫРА

Тиер жылы жүрекке үнің сенін,
Туған күні дауысыңды естігенмін.
Атам, анам өсіпті сеніменен,
Саған айтып кетіпті ескі кегін.

Мені де маужыраған — сол бір күйің
Үніндей сонау сырлы дүниенің.
Ұйқы орнына жас жүрек дүрсіл қағып,
Жалындатқан жанымды сол әлдиің.

Ой-қиял сырласқанда сеніменен,
Жорғалап сазбен талай шыққан елең.
Барармын сені шертіп майданға да,
Өлсем егер, мен сені шертіп өлем.

ИСПАН ҚЫЗЫНА

Қиялдың қия кезген сапарында
Шарықтап шықтым талай құзар шыңға.
Көрінді гүл шоқылар арасынан
Арулар ай сымбатты, әсем тұлға.

Солардың бәрінен сен күндей астың,
Алыстан күлімдеген қиғаш қассың.
Сездім мен жүрегіңнің жанған отын,
Қоңырқай жалын жүзді қарындассың.

Көрдім көп сұлуларды үлбіреген,—
Ыстық қан дидарынан білінбеген.
Сүйемін испан қызын отты жүзді
Майданда ерлік даңқы дүбірлеген.

Жайнаған Европаның таң жұлдызы —
Па, шіркін, сүйкімді ғой испан қызы.
Қадалса оқты көзі өштескенге,
Қаймығар айбатынан дұшпан жүзі.

Тамаша көркің жайнап, тұман кештің,
Ішінде дүлей өрттің желдей естің.
Естілді құлағыма ерлік үнің,
Айбынды ұранындай өрістің.

Әсілі сұлулыққа құштар жаным,
Ару ғой құшағына құшқан жалын,
Еркіндік әлемінен сәуле серпіп,
Жырлаймын өр сипатын испанканың!

ҚУАНЫШТЫҢ ҚҰЙЫНЫ

Қуаныштың құйыны,
Соқты ойнақтап Отанда,
Жанның бәрін шалқытып,
Желпу салды маған да!

Қуанды да жас жаным,
Шаттық әнін шырқадым.
Құшты үнімді қыр мен сай
Құлпырды да көк орай.

Толықсыды тау, дала,
Күлімдеді күн мен ай.
Шалқып шыққан жырыма,
Шертті гитар қыз Нина.

Әуелетіп ән салды,—
Қазақ қызы Рақима.
Қуанышпен құлпырып
Ән шырқаймыз әлемге.

Қуаныштың құйыны,
Шаттық әнмен құйғытып,
Бар жиһанда сәлемде!
Құйында, құйында,

Құйындату қиын ба!
Елестейді көзіме,
Сонау күнгірт күн шығыс,
Күрсінеді қайғымен —

Сонда сұлу сорлы қыз,
Күрсінеді майданда,
Шаттық жырын сағынып,
Испан қызы Лина да.

Ұқсаймын деп Нинаға!
Батысқа мен қарасам,
Көрінеді қара бұлт.
Жауыз, жебір жауына

Қарсы аттанған қалың жұрт.
Фашизмнің ылаңы,
Аза салған адамға,
Естіп соны қиядан,

Ыза түсті маған да!..
Қуаныштың құйыны,
Намыс жырын көтеріп,
Борат бар жиһанға!

Қара бұлтты қуалап,
Көрсет күнді адамға,
Құйындашы, құйында,—
Құйындату қиын ба!

Сенсің таза бір сәби...
Сені сүйіп қуансын,
Қытай қызы Ли Цзы.
Қуаныштың құйыны,

Құйындашы қиырға!
Шаттық әнім шалқыған,
Сен де бірге құйында!

ТАҢ СӘРІДЕ

Романс
Таңның желі тұрғызды
Гүлді тербеп гуілдеп.
Сал ұйқымды кім бұзды,

Желмен бірге күбірлеп?
Күбір емес нәзік ән,
Сыңсыған кім бұл маңда?
Әлде қыз ба сызылған,

Бұлбұлдай бір орманда?
Тербеп бейбіт әлемді,
Тау мұнары сырылды.
Әнмен берді сәлемді

Күнге орман сұлуы.
Тау бөленіп сәулеге,
Жарқырады ақ шынар.
Көрдім жасыл әуеде,

Дөңгеледі алтын шар.
Қатар шықса күн мен ән,
Түн ұйқыңды бұзбай ма?
Күн туарда толқыған,

Япыр-ау, сол қыз қайда?

ТҮНДЕ ҰШҚАН БҰЛБҰЛ

(Пушкинге)
Гүлсіз орман,
Қараңғы түн...
Ұшты бұдан жүз жыл бұрын,

Желдей есіп мұңлы бұлбұл,
Алқара көк әлем жүзін,
Тебірентіп ән шырқаған.
Жарқ-жұрқ етіп меруерт сөзі

Көк дарияда жалтыраған.
Өмір сыры Салған жыры
Жан балқытқан құйып мұңын,
Қия кезіп кеткен әні,

Азаттықтың аңсап күнін.
Сонда сұп-сұр күнді тербеп,
Зарлы әнімен күңіреніп,
Алыс күнге қанат сермеп,

Аңсап бұлбұл, айтқан сеніп:
«Байтақ елім, сөзіме нан,—
Елестейді алыста таң,
Бұлт қуылар — Күн туар!

Алғыс айтып кейін халық
Мен күмбезде ардақталып,
Қасіретімді нұр жауар!»
Түн жамылып, бұлбұл кетті,

Заман зулап жүз жыл өтті,
Халық өзі Күн туғызып,
Жаңа шуақ нұр құйғызып
Ескі орманды күлімдетті...

Біздер бүгін, Бұлбұл мұңын,
Әлдилейміз нұрға бөлеп,
Толқындаған тәтті жырын,
Шырқатамыз шаттыққа елеп!

ОРАМАЛЫН КЕСТЕЛЕП...

Романс
Таң алдында тәтті ұйықтап
Тынықты жас келіншек,
Отырған ол түн ұзақ,

Орамалын кестелеп.
Алыста жүр сүйгені
Шекараны күзетіп.
Кеше ғана хат келді

Қайтамын деп жыл өтіп.
Қуанышты жарының
Айтқан сөзі еске кеп,
Отырды түн ұзақта,

Орамалын кестелеп...

БІЛІМ ТУРАЛЫ СӨЗ

...Сүйемін мен, білім, досым,
Ол — сөнбейтін идеалым.
Ол — шаттығым, көңіл қошым,
Ол — өршіген жас қиялым.

Баласы едім ұйқылы ояу
Жатқан сұлап сары даланың.
Мен ауылдан келдім жаяу,
Аңсап көркін өр қаланың.

Онда білім бар екен.
Айбыныңа балқыдым мен.
Білемін деп сырын жаһан,
Кеттім жүзіп толқынымен.

Океаннан тердім маржан,
Ақылдастым талай томмен.
Тердім жеміс ғасырлардан,
Сөйлестім де Платонмен.

Оймен шолып, көрдім көзбен,
Көлеңкесін жер жаһанның.
Қария білім айтқан сөзден
Білдім сырын шаттық таңның.

Жас өмірім — шаттық таңым
Мені әлдилеп аймалаған.
Қуанышқа толы жаным,
Ол бақытты берді маған.

Білім бейне қиын қамал,
Бұзар оны ерінбеген.
Айтқан көсем:—
Қамалды ал,

Жас ұрпағым, ұмтыл!—деген.
Міне біздер, жас жүректер,
Сол қамалға атой салдық.
Қилы-қилы білім тауып,

Ой - жігермен қамап алдық...
Өнер-білім гүліменен
Масайрайды жастық әлем.
Миллиондардың жүрегінен

Отаныма берем сәлем:
Құшағына еркін еніп,
Жүрегімді тербеткенмін.
Қуанышқа мен бөленіп,

«Сүтіңді еміп ер жеткенмін».
Шұғылаңнан енген сәуле
Өр кеудемде жалындаған.
Ой - жігерін сол кеудемнің

Отан, бәрін берем саған!

ҚАП ТАУЫНЫҢ БҰЛБҰЛЫ

Өткен ғасыр, өткен заман,
Көне дүние, күңгірт шақ.
Қайғы күйін шерткен адам.
Тіл тұтығып, дерт құсап.

Ақын дария алшақтамай,
Дауыл соққан толқынын.
Өрлік даусын шайқап талай,
Сөндіріпті ерт үнін.

Сарнап өткен ойдың жаны
Сонау сұрғылт заманда.
Көрінбейтін аңсағаны,
Кездескенде тұманға.

Өткен Данте,
Фирдоуси де,
Өткен солай Шекспир.
Ол кезде атақ жоқ гениге,

Ашылмайтын тұйық сыр.
Қайғы шелі бетін жапқан.
Онда гүлді қорғамай,
Серпіле алмай, шерге батқан.

Сонда біздің сорлы Абай.
Онда айдаһар шашқан уды,
Сұмырай сорған адамды.
Онда Кавказ тау сұлуы

Қап тауы деп атанды.
Құз басында қара құзғын
Бұлбұл құсты талапты.
Дариядан борап ызғып,

Қазыбектен қан ақты.
Жер төсіне төніп түнек,
Ер жүрегін қозғапты.
Толқын шашып долы

Терек, Адырапты боздапты,
Сонда жортқан бір жас сері
Барыс тонын жамылып,
Махаббаттың қозғап шерін,

Жортқан екен қамығып.
Жеті ғасыр шыңырауында
Жатқан екен бір бұлбұл,
Жорық жырын сол жырлапты,

Көрмесе де қызыл гүл.
Қаһарлы күз, бұлт астынан
Толғаныпты сол бұлбұл,
Таудың асқар қиясынан

Толқындапты сонда жыр.
Түннің терең түкпіріне
Нендей сұлу сәуле енген?
Дала балқып тәтті үніне,

Тауда ақырын тербелген.
Африка мен Азияның
Шөлін жыры шарлапты,
Махаббаттың нәзік әнін

Тыңдап дүние таң қапты.
Еркін, шаттық махаббатты
Ақсаған ғой ол сері.
Аңсаған ол шын рақатты

Грузия Гомері.
Ақындыққа ұста гени,
Ойы дария, сөзі алтын.
Сонау бұлбұл Руставели

Жарқыратқан сөз даңқын!
Жеті ғасыр шыңырауында
Жатқан бейне ол бұлбұл.
Түннің түтек шырмауында

Шешек шашқан жыры — гүл.
Жатса түнде, асыл жайнап,
Күн туар да, жарқ етер.
Сонда көкте сәулесі ойнап,

Әлемге сыр әкетер.
Туды күн де, туды бақыт,
Туды жырдың заманы.
Алтын жырды тапты уақыт,

Тапты Совет адамы.
Қап тауы жоқ, сұлу
Кавказ, Қайта туды, түрленді.
Дарияға орнады жаз,

Сай-саласы гүлденді.
Ұлы Кавказ шың басында,
Толқып, тасып жыр жатыр,
Таудың тарғыл қырқасында

Көлдей көлкіп нұр жатыр.
Грузия бақтарында,
Гүлді райхан атқан жыр.
Шаттық сырын ақтаруға

Кетті сонда қарт Жамбыл.

КЕЗДЕССЕ ЕКЕН КӨШЕДЕ

Романс
Кездессе екен көшеде.
Жүргенімде бір жалғыз,
Награды бар кеудеде

Жұрт мақтаған сол бір қыз
Көз жіберіп төсіне,
Көрсем күміс наградын,
Күлім қағып көзіме,

Айтса маған қыз да, атын.
Айтса сыры» қыз маған
Төсіндегі наградтың,
Ағытар ем жырды оған

Әніменен рақаттық.

СЫҚЫРЛАЙДЫ КӨШКЕН СОҢ

(Папаниншілерге)
Сықырлайды көшкен сең,
Соғып долы бораны.
Бұл дүлеймен белдескен —

Біздің Совет адамы.
Сеңді соғып көк жайын,
Арқырайды аюлар.
Соққан ылғи сең сайын,

Кемеде күш, айыбым бар.
Үсті — боран, асты — мұз,
Бұрқан - Сарқан толы үрей.
Шамырқанбас шаттық жүз,

Отыр күліп сол герой.
«Мейлі шықсын тулап сең,—
Жанда жалын сәуле бар.
Отанымнан ол түскен,

Бар дүлейге сол қаһар.
Мұхит сырын білем деп,
Сеңді суыт кешемін.
Еткен мені ер жүрек —

Компартия — көсемім...
Қызыл жалау жалтылдап
Жүр мұхиттың белінде,
Дүлей мұзды алқымдап,

Өрлік беріп еліме.

ЕСІМДЕ

(Ж-ға)
Қалды есімде сол шағың
Тұрдың - ау сен күлімдеп,
Жалындады құшағың,

От жүрегің дүбірлеп.
Есіңде ме, ерідім
Сол бір сәби сүйістен.
Балдай еді-ау ерінің

Ерініме тиіскен.
Сен биязы қалпыңмен
Маған сұлу көріндің.
Жан сырымды айтып ем

Наз жырындай өмірдің.
Мені тастап, жоғалдың
Самал соққан бір кешпен.
Жат құшаққа оралдың,

Шығардың ба мені естен?
Өкінішпен өтті шақ,
Мен де бөтен жар таптым.
Жырлап талай, сені аңсап,

Арманымды тарқаттым.
Бұл дүниенің жүзінде
Көп қой ғашық шерменде.
Телміремін жүзіңе

Әлі сені көргенде..

БАЛАЛЫҚ

(Төкенге)
Есіме алдым бүгін мен
Балалық шақ күнімді.
Алаңсыз кеп жүгірген

Білмей бір күн тынымды.
Іздегенім сол кезде
Көз жетпейтін жер ме екен?
Я ойнақтап желсіз

Қаңбақ қуған жел ме екен?
Балалық шақ бір от қой
Құшақ жайған дауылға.
Жалаң аяқ жүгіріп,

Шомылушы ем жауынға.
Суланар деп сақтанар
Әсем киім бойда жоқ.
Келешектен жоқ хабар,

Дүние деген ойда жоқ.
Айдалада асыр сап.
Ойнақтаған құлыншақ.
Алыстағы сағымдай

Бұлдырайды сол бір шақ.
Енді міне ол күн жоқ,
Жігіт болдым, ер жеттім.
Көңілімде алаң көп

Отын үрген жүректің.
Асығамыз үмітпен,
Еліктіріп от қызық.
Жүйткігендей жүйрікпен,

Уақытты тез өткізіп.
Есіңде ме сол бір шақ,
Онда балғын Төкенім?
Сол тәтті кез жел құсап

Білдік пе тез өтерін...?

ТҮНГІ КӨШЕДЕ

Түнгі самал еседі
Тереземнің алдынан.
Кезіп түнгі көшені,
Шаттық шулар шалқыған.

Томсарады тау тұйық,
Тұр қаладан сыр ұрлап.
Дүрліккендей жау тиіп,
Қашқан өзен шырылдап.

Меңіреу емес, қызық түн,
Сырнайлы бақ, сыры көп.
Сірә, езім қызықпын
Үйде отырған күбірлеп.

Ойға баттым, ұмыттым
Қызық кешін қаланың.
Қайда өлең — үмітім,
Қозғал, жүйрік қаламым.

Жылжымады қаламым,
Арбады ма ай, жұлдыз?
Күлді біреу, қарадым,
Қолын маған жайды қыз.

«Қамалғанда үйге сен,
Өлең өзі есе ме?
Табамын жыр, күй десең,
Ескен бәрі көшеде.

Жастың жаны, жар әні,
Махаббаттық наз үні,
Масайратып қаланы,
Жұпар атқан жаз гүлі.

Жүр, ақыным, жыр ізде
Жүрегінен құрбыңның.
Ыстық назды сыр ізде,
Керек отты жыр бүгін!»

Жыр ма өзі іздеген?
Қыз қарады күлімдеп.
Кеттім бірге қызбенен,
Сыр алысып, күбірлеп.

Неткен сұлу ғажайып
Кешкі кезген жас дәурен.
Жүрегіме сыр жайып,
Көтерілді жас кеудем...

СҰЛТАНМАХМҰТҚА

Жалғыз мола, жол үсті,
Жолаушы өтер көз салып.
Өте беріп ой түсті,
Тұра қалдым томсарып.

Қурай басқан қу қабыр,
Жел ескендей дүбірлеп,
Күңіренгендей сонда бір,
Өлген адам күбірлеп.

Келдім жетіп басына,
Ызыңдайды қу ағаш.
Тіл қатпайды мелшиіп,
Басындағы меңіреу тас.

Жүрегімді өртеді,
Қайғы - ызасы аралас.
Қабырына домалап,
Ағып кетті көзден жас.

Түнгі боздақ, жұлдыздай,
Жарқ етті де, ол сөнді.
Азалы болған Арқаны,
Жыры кезіп жөнелді.

Па десеңші, сол жырдың,
Үнін дала алыпты.
Ескен желі ой-қырдың,
Еске сақтап қалыпты.

Естілді маған сол күні,
Шаттық үні Арқаның.
Қуаныштың құйыны,
Алып жатыр алқабын.

Арқадан ескен сол жырдың,
Ішінде сенің жүрегің.
Жүрегің сенің менікі —
Жүрегім деп жүремін.

МАЯКОВСКИЙ

Тықсырып
Әшекейшіл
Ескі жырды,
Келдің сен

Революция дауылында.
Сыпырып салып жатқан
Сырлы гүлді,
Сом сөзді.

Құйдың нөсер жауынында.
Өттің сен тар кезеңнен
Бір талмастан,
Бейне танк.

Оқ сөзді атып жауға,
Шығарып даңқ, Отанға
Зор дауыспен
Беріп жүректен ант!

Алып сөзді жетелеп
Сом - сом рифмаң.
Коммунизмге
Төтелеп —

Бар үніңмен
Шақырдың
Ақып - титан!

ЖАС КОММУНАР

(Париж коммунасы оқиғасынан)
Мен бүгін сонау мұңды сырға баттым,
Өткеннің түнегіне шырақ жақтым.
Елестеп қиялыма толқын тарих,

Бұлттары бұлдырады тұман жақтың.
Ол күні азаттықтың гүлі жанып,
Жауыздық өршеленген буырқанып.
Жаралы коммунарлар тебіренген,

Сыртында баррикадтың ыңыранып.
Сол күні Париж үстін тұман жапты,
Капитал оқ жыландай сумаң қақты.
Қарысқан қайран ерлер — ер жұмысшы

Атылған ажал оқтан құлап жатты.
Коммуна жалындатып от намысты,
Кешеден жарқылдаған оттар ұшты.
Сол күні қанды майдан толқынында

Коммунар, бір жас ұлан торға түсті.
Ол тұрды сұм ажалдың есігінде,
Тістенді, сұрамады кешірім де.
Ақырып жендет зұлым келген шақта,

Бір арман билеп кетті есін мүлде.
Тіл қатты офицерге қарап бала:

— Үйімде қалып еді зарлап ана,

Сорлының сүтін еміп қоштасайын,
Жіберші, барып келем қазір ғана.

— Жетімек, алдамақсың,— деді офицер,

— Ант, етем,— деді бала,— тілегім бер.

— Қайда үйің?

— Фонтан жаны.

— Тез барып кел!

Сорлайсың, сәл кешігіп келсең егер!
Біткендей қанат енді ұшарына,
Зымырады анасының құшағына.
...Еңіреп ана байғұс сүтін иді,

Кеудесі толған еді құса - мұңға.
Аптығып айтты жылдам бала кекті,
Еңкілдеп көздің жасын ана төкті.
Жас ұлан құшағында күйіп-жанып,

Күйдіріп елжіретті жан жүректі.
Жалынды қамқор ана бөбегіне,
Жап ұлым, саған серттің керегі не?
Офицер тітіренді, сондай мың - ұл

Кектеніп ұмтылғандай басқа жақтан.
Офицер көздемеді жас ұланды,
Аспанға алты атарын басып қалды.
Қалың бұлт арасына оқ жоғалып,

Дүние сақтап қалды қасық қанды...

МОНТЕССА

(Баллада)
Түнерген аспандағы бұлт кетсе,
Күлімдеп сұлу қыздай күн жарқ етсе,
Жайраңдап жұрт шығады Хенилде үйден,

Табиғат мұңлы жанға нұрын төксе.
Жарқын күн жан шіркінге қандай жақсы!
Әлемге күн сәулеңді шамдай жақ!
«Бұлт — ала, жер— шола» қып бөлектемей,

Құмарын күллі жанның бірдей тапшы!
Хенилде, құлпырған бір гүлбақшада,
Толғанып бір қыз жүрді оңашада.
Неге жүр?— Ол ойынан бермеді сыр,

Әлде одан жас жүрегі жай тапса да.
Әлде ол ғашық болып күйіктеніп,
Жүзінен қасіретін байқатса да,
Бір шошып, бір қуанар жүрек соғып,

Мүләйім бір жас сұлу жігіт тосса.
Жоқ, шырақ, іздегені жігіт емес,
Бұл жүрген оймен өзге қыз Монтесса!
Қара көк ашылыпты кенет қалай?

Жынды жел кете қапты бұлт қуалай.
Есімнен кетпес мәңгі ойран етіп,
Қаламды қалың тобыр қоршаған күн.
Ананың жарып алды баласын да,

Талқандап, өртеп кетті қаласын да.
Бүлдірді самолеттер бомба тастап
Бишара Дон - Кихоттың моласын да
Қайран ел жауыз фашист қысымында

Жаншылып осылайша қаласың ба?!
Азат күн, аңсап сені жүдедім де,
Осылай жапа шегіп, жүремін бе?
Еліме отты дауыл соққан шақта,

Жалыны енсе екен жүрегіме!
Қам көңілім, құмарыңды енді тапшы,
Бақытты саған әкеп береді не?»—
Осылай Монтесса қыз сырға батқан:

Толқын күш келсе шіркін бір аулақтан?
Деп, жүзі жарқырады күнге қарап,
Ұмытып өткендерін тұман жапқан.
Бар қала күйге бір көз тына қалды,

Монтесса естіп соны тұра қалды.
Тербелген күйдің көркем үнін сүйіп,
Бақшаға лек-лек қаптап, жұрт ағылды.
Көз салды, бақша ішінде — биік баған,

Үстінде радио тұр сыңғыраған.
Баурында қаптаған жұрт дуылдасып,
Жүгіріп Монтесса да барды оған.
Тәтті күй, ащы күйді кезек-кезек,

Шалқытып, музыкасы қақты безек.
Бір кезде жалынды сөз желдей есті,
Сол сезден сусындады талған өзек: —
Ашулы, мұңлы жүрек Испан елі,

Жау шығып жақыныңнан қысқан сені.
Ел үшін, ерік үшін аттаныңдар,
Жойылсын фашист деген дұшпан тегі!
Өр елдің биігінен сәлем келді,

Көріңдер бауырыңдай өрен елді.
СССР жәрдем берді жанымызға,
Күр,еске көтеріңдер өрендерді!
Бірінен осы сөзді алғаш ұғып,

Монтесса сөйлеп кетті алға шығып.
* * *
Па, шіркін, қандай жақсы испан биі
Шымырлап жүрек сүйер асқан күйі.

Тек бақыт елестейді онда алыстан,
Болады ғашық жанға қашан сыйы?
Есіркеп жыр арнадым, қалқам, саған,
Алғысың бар ма сенің айтар, маған?

Жоқ, сәулем, алғыс гүлін тілемеймін,
Майданда жеңсе жауды, рақат табам
Мәз болып, бақыт тапсаң сен де, қалқам,
Өмірде сен де мендей болсаң дарқан,

Сен жасап бостандықтың ұлы тойын,
Шашуын қуаныштың мен де тартам!
Дариға, бар жаһанға бақыт туса!
Сыпырып жауыздықты уақыт қуса!

Тазарып жер менен көк жауыздықтан,
Нұрымен коммунизм бетін жуса!

КАВКАЗ СЫРЫ

(Саяхат)

І

Жастықтың жүйрік ойы судай тасып,
Кеткендей кейде шалқып шыңнан асып.
Жасымнан құмар едім серуенге,
Көруге соны жерді.сырлар ашып.

Серпіліп сұлу жазда сергідім мен,
Айдын көл, асқар - асқар таудан асып.
Өсем ғой Отанымның кең байтағы,
Құлпырған ұрпағына нұрын шашып.

ІІ

Гүл іздеп, күлім қағып көктем айда,
Бардым мен жыр қайнары Бурабайға.
Саялап көк күмбездей Көкшетауды
Көлбедім көлеңкелі қарағайда.

Ертістің толқынымен сүңгіп ойнап,
Гүл тердім балаусалы балғын сайда.
Сайраншыл бала көңілім ауды енді,
Кавказға, құзар басын созған айға.

ІІІ

Ежелден даңқы шыққан Кавказ жері,
Өр кеуде жердің биік асқар белі.
Дейтұғын: асқар таулы, асау көлді,
Ытқытқан кеудесінен майды кені.

Ер жүрек от екпінді, ер намысты,
Жауынгер батыр дейтін қайсар елі.
Осындай айбынды аты, зор лақабы
Көруге қызықтырып тартты мені.

ІV

Сонда мен самал тауды сайрандадым,
Көрдім кеп ұлы құздың қайнарларын.
Жұттым да шешек атқан гүл жұпарын,
Кавказдың жігітінде жайраңдадым.

Жапқандай жасыл шапан аймалады,
Шыңына, бәйтеректер жайған жалын.

V

Сарқырап таудан құлап тасып өзен,
Сыпырып шөккен тасты ап жөнеген;
Күлімдеп оң жағынан күн жарқ етсе,
Нажағай батысынан күркіреген.

Қазбектің қақ басынан қар бораса,
Баурында балауса гүл үлбіреген.

VІ

Саңғырап тау, тас, орман, шыңырау сай,
Саңқылдап аққу мен қаз, шырқап торғай.
Сылдырап сиқырлы су сылан қағып,
Күн күліп, жымыңдасқан жұлдыз бен ай.

Ән шырқап шер кес қызы тау жаңғыртып,
Сайрайды бейне бақта сандуғаштай.
Билеген грузиннің жас жігіті
Жарқылдап ақ қанжары түндегі оттай.

VІІ

Сергіді тау сырымен сонда жаным,
Көру бір көптен бергі аңсағаным.
Ежелден аты шыққан алып құздың
Естіп ем өткендегі арман, зарын.

Сыр шертті кәрі Кавказ қария ғой,
Күмбездер, көне тастар көрген бәрін.
Түбінен тұңғиықтың сыр толғады,
Осы жыр естігенім, аңғарғаным.

БІРІНШІ ЖЫР

І

Сан заман, мен жасаған — ақсақал шал.
Денем — тас, түгім — ағаш, киімім —қар.
Дем алсам жалын шығып, мұнай атқан,
Ішімде асыл буым — қазынам бар.

Денеме қаптап өскен қалың орман,
Ішінде өрік, мейіз көп алмалар.
Бауырымда — сарқыраған күміс бұлақ,
Сыртымда — Қара теңіз, Каспий шалқар.

Адамнан жасым артық, айбыным зор,
Айтайын ал сырымды құлағың сал.

ІІ

Атақты мен айбынды болсам да жер,
Сан заман қапа болып тартқанмын шер.
Дерт шалып көкірегімді көксау болып,
Қысылып тас денемнен жосыған тер.

Қара бұлт қаптап басып, басымды езіп
Бусанып, буырқанып ағызғам сел.
Боратып алай-түлей тас боранды,
Ашу мен бұлқынғанда шойырылған бел.

ІІІ

Ертеде Қап тауы деп мені атаған,
Жын-пері үймелеген деген оған:
«Адамзат аяқ басқан зымиян жер,
Астында дозағы бар тағы орнаған.

Мертіккен жүгірген аң жол таба алмай,
Ұшқан құс құлаш ұрса жете алмаған.
Жалғыз-ақ самұрық құс саңқ-саңқ етіп,
Басынан Эльбрустың кете алмаған;

Ысқырып айдаһарлар аузын ашып,
Баласын самұрықтың жеп жалмаған».

ІV

Дейтұғын: жалпы әлемді түнек басқан,
Тұтылып күн көрінбей, түн боп аспан,
Қап-қара, меңіреу түнде әлем шулап,
Сенделіп сең соққандай бәрі адасқан.

Күн көрмей қапастағы адам ұлы,
Көруге жарықты бір жанталасқан.

V

Дейтұғын: кәрі Зевс қаһар сапты,
Адамға жарық бермей тартып апты.
От алса айласы асып кетеді деп,
Жеті қат көк үстіне күнді жапты.

Сол кезде Прометей адамды аяп,
Ыза мен дауылдатып күнге шапты.

VІ

«От алып ол аспаннан жерге түсті,
Жарқылдап нажағайдан оттар ұшты.
Жайраңдап жан-жануар қарық болып,
Жарқырап күлімдеді жердің үсті.

Бірақ та қатал Зевс көріп мұны:
«Кім берді отымды» деп ашу қысты.
Адамшыл Прометейді тауып алып,
Қатымыр қаһарланып салды күшті.

Кавказдың астына әкеп бекіткенде,
Күзетші шұбар жылан басты тісті...»

VІІ

Осылай өткен еді талай заман,
Паналап бір кезде өсті баурында адам,
Тығылып үңгір, сайға топ-топ болып,
Меңіреу тар қуысты қоныстаған.

Күн шықса аласұрып сайды кезіп,
У-шу боп ұран салған азан-қазан.

VІІІ

Баурында ер грузин өршіп өсіп,
Топырлап сай-саламда жүрген көшіп,
Алайда көп ұзамай сарай салып,
Тілімдеп атырабымды алған кесіп.

Ыдырап ынтымағы көз алартып,
Бірі—бек, бірі—құл боп тұрды егесіп.

ІX

Көгеріп анау тұрған Дарьял сай,
Қоршаған бетегесін көк қарағай.
Басында көкше бұлт мұнарланып,
Астынан долы Терек аққан тулай.

Үстіне биік шыңның көз жіберсең,
Көрінеді қарауытқан жалғыз сарай.
Қаһармен, сиқырымен сәулет құрып,
Тамара — сайқал ханым тұрған солай...

X

«Тамара періштедей сұлу бопты,
Сайтандай бірақ жанның сұмы бопты».
Зарлатып, елді тонап, еткен ісі
Сарайда сайран етіп түру бопты.

Сүйкімді бозбаланы түнде әкеліп,
Мәз-мейрам ойын-сауық құру бопты.

XІ

Руставели жырымен тебіренді...
Патшадан момын жұрты зәбір көрді.
Түн сайын бір жігітті таңдап алып,
Тамар атаң атқанша мейірленді.

Нәпсіге аран ашқан әп - жыландай,
Жігітке түні бойы жанын берді.

XІІ

Сәріде сол боздақты құлатыпты,
Қағып ап даяшысы суға атыпты.
Күн сайын күлім қағып Тамара хан,
Жүрегін нәпсісіне улатыпты...

Сарайдың сырын біліп асау Терек,
Долданып күміс суын шулатыпты.
Лақтыр, деп қайта сыртқа жас жігітті,
Толқынды толқын теуіп тулатыпты.

ЕКІНШІ ЖЫР

І

Бір кезде аласапыран заман болды,
Қиқулап жау қамады, оңды-солды.
Атой сап жан-жағымнан қамап алып,
Қызығып байлығыма сұқты қолды.

Кавказдың көне тасын қақыратып,
Сайлары өзендей боп қанға толды.

ІІ

Төсіме күн түскендей жарқылдап от,
Ұшатын зеңбіректен аспанға шоқ.
Тілімдеп, тас бетіме әжім салып,
Шұқырлап тескен менің денемді оқ.

Ескендір Зұлқарнайын таптап өтті,
Басынан Эльбрустың шұбатып топ.

ІІІ

Көп заман елім жеке тұрып бақты,
Кавказға қасақана жуытпапты.
Қаһарлы Қазыбекпен қасқидым мен,
Соққанда терістіктен суық қатты.

Россия падишасы қадап көзін,
Шырағын шыңдарымда жарқыратты.

ІV

Айбынды ел құдіреті таудан күшті,
Жұртыммен кескілеспей тіл табысты.
Бауырымда орыс ұлы өлеңдетіп,
Тауымның жаңғырығы үдей түсті.

Шоқыда шоқшиған көп кәрі қыран,
Ашылған аспанымда самғап ұшты.

ҮШІНШІ ЖЫР

І

Бір кезде бауырыма келді бір жан,
Тарығып, түсі қашып, тұнжыраған.
Серпінді, екпіні мол, даусы сақ-сақ,
Көзінен жалт-жұлт етіп от жайнаған.

Тартқандай менен бір сыр терең ойлап,
Тесіліп біраз қарап тұрды маған.

ІІ

Иіліп сонда маған сәлем берді,
Іркіліп мөлдір көзге жасы келді.
Есіркеп тас денемді құшып-сүйіп,
Нәзік үн, тәтті жыр мен күңіренді,

Тау ұйықтап, орман қалғып ойға кетті...
Теңселтті тұман басқан қара жерді.
Тулағам асау Терек шуын қойып,
Бөленіп күй сазына сәл тербелді.

ІІІ

Алған ба әлде менен қайғылы сыр,
Несіне күңгірт тауда күңіреніп жүр?
Жұмсақ жан, жүдеу тартып жабырқаған,
Әйтеуір қасіреті бар көңілінде бір.

Балқиды денем жібіп, бойым жадырап,
Назданып, нәзік толғап, шырқаса жыр.

ІV

Ол шықты баяу басып тау басына,
Отырды қиюланған жартасыма.
Тұңғиық түбі терең ойға кетіп,
Көз салды жаны сүйген сырласына.

Шырқады жанның жырын күйге бөлеп,
Ағытты ішкі сырын мұңдасына.

V

«Уа, қария, құлағын сал мен бір ақын,
Көркіңді көрейін деп келдім жақын;
Елімнен шерге батып шетке шықтым,
Құшаққа ал, саған келдім — Пушкин атым.

Табиғат! Еркіндіктің ұлы анасы —
Руссо мен Байрон сені жыр қылатын.
Қамыққан көңілімді ашам десем,
Сен неге тұман басып, тұнжырадың?

VІ

«Адырын Грузияның түнек басқан,
Араға шу-шу етіп неге сасқан?
Ішімде дертім қалың — айқын да еді,
Алам ба сенен қайғы, тағы ұласқан,

Бірақ та менің шерім қозғалмайды,
Жүрегім махаббатпен мауқын басқан!
Мейлі мен шер көрейін, көр көрейін,—
Махаббат көңілімді мәңгі басқан!

Сен күңірен, мен жырлайын жан балқытып
Айығып кетер мүмкін қаралы аспан.

VІІ

«Қара бұлт қатар-қатар тізіліп түр,
Көрінер күңгірт сағым бұлдыр-бұлдыр.
Бауырыңнан водопадтар шапшып атып,
Сарқырап саулай ағып жатыр күр-күр.

Саңқылдап бүркіт ұшып түлкі қуып,
Бақтағы қой-ешкіні үркітіп жүр.

VІІІ

Қара үңгір, тар қуыста жүр салт атты,
Бишара зәресі ұшқан, қорқып қатты.
Толқындап асау Терек аңша атып,
Жартасты домалатып Каспийге атты.

Сен неге үндемейсің қария тау
Зұлымдар сорлыларды аңыратты?!»

ІX

Сонда мен өр ақынды құшып сүйгем,
Жырына тебіреніп, сүтімді игем.
Толғанып тас жүрегім жырға балқып
Шертілді сыр-сипатым шерлі күймем.

Парнастай маған асқақ даңқ беріп
Іздері тұр жарқырап тасқа тиген.

ТӨРТІНШІ ЖЫР

І

Көп мезгіл осылайша өтіп жатты:
Күн сайын көкейіме қайғы батты.
Кеудеме кеулеп еніп аждаһалар,
Төсіме тұмсығы кеп тиді қатты,

Бұрғы сап бүйіріме от жіберіп,
У түтін жүрегімді жалындатты.
Емшегін Бақ уымның гүр-гүр сауып,
Денемнен қара терді бұрқыратты.

ІІ

Жалынның ұшқындаған уы тиіп,
Табиғат бауырымда тартты күйік.
Ел жылап еңіреді еңбек үшін,
Елжіреп тұла бойым қызып, күйіп.

Мұңайып мақлұқтар мең-зең болып,
Секірді сасқалақтап сорлы киік.

ІІІ

Аспанның түсі суып тұнжырады,
Мұңайып түнек басып, түн жылады;
Оралып түн сырына толқынды өзен,
Ақырын сықси ән сап, сылдырады.

Қуарып қызғалдақтың гүлі солып,
Бұлақ та қасына оның бір жуымады.

ІV

Сай-салам ішін тартып уһіледі,
Азаптың күйін шертіп жел гуледі.
Бәрінің шерге батып күйзелгенін,
Қиналып еңбекші адам қайғы жеді.

Ушықты күннен-күнге ежелгі егес,—
Топ болып мыңдаған жан құрды кеңес.

V

Даусынан қалың елдің күңірендім,
Тебіреніп, жерді оятып, дыбыс бердім.
Тасытып бауырымнан фонтан атып,
Аспанға бұрқыраттым шаңын жердің.

Сілкініп Эльбрусым бұрқ-сарқ етіп,
Қазыбегім дауылдатты гуіл желдің.
Долданып тағы Терек айғай салып,
Көтерді күшті шуын қалың елдің!

VІ

Толқындап Қара теңіз тауды ұрып,
Оятты Бақ уымды жаңғырықтырып;
Топталып Тбилисиден қалың қайрат,
Қозғалды құрыш болат штаб құрып.

Аттанып сай-саламнан айбынды күш,
Аспанға екпіні ұшты бұрқ-бұрқ.
Даурығып алабымнан дабыл шығып,
Екі жау бір-біріне салды құрық.

VІІ

Алысып, арпалысып жүрді айқасып,
Ашынып ашу шығып судай тасып,
Саңқылдап Дауылпазым толқынды айдап,
Түйілді қара жарға тауды басып.

Ал сонда толқынына толқын қосып,
Зор дауыс Қазбекті шықты жарып.
«Соқ! Сок!»—деп Дауылпазға бұйрық берді,
Лап қойды қалың халық ұрандасып!!!

VІІІ

Елімнің жауымен жұрт майдандасты.
От екпін, өр қайраты күшке басты,
Шалықтап қыран құстай қанат қағып,
Қажымай қас жауымен қарсыласты.

Зуылдап зеңбіректен шыққан оты,
Жарқылдап нажағайдай бұлттан асты.
Қазбектен қайраттанып толғағанда,
Сібірден Колчак кейін жытып қашты.

Ресейге дабыл қағып жөнелгенде,
Берлинде капиталдар қорқып састы!

ІX

Шыңымнан шамырқанды қандай ерлер,—
Батырлар, большевиктер, кемеңгерлер.
Талқан ғып бай - патшаның торын бұзын,
Ежелгі құрсауынан құтылады ел.

Айығып үстіме аспан нұрын құйды,
Көк майса, кек орай боп түрленді жер.
Құлпырып масатыдай қызғалдақтар,
Менің де сүр тасымнан тарқады шер.

БЕСІНШІ ЖЫР

І

Тарқаған осылайша көңіл мұңым,
Ежелден тілек қылған өмір мұным.
Бауырымда шаттық тұрмыс өршіп тасып,
Шалқыған нұрлы аспанға биік шыңым!

Босанып Прометей енді астымнан,
Зевстің мәңгі алғамыз тартып күнін.
Пушкинді шаттық жырға бөлеп қойдық.
Естисің тербеткенде тәтті үнін!

ІІ

Салынды сай-салама тастан сарай,
Орнықты ешбір жауға бұлжымас,
Жанынан сылдыр қағып бұлақ атқан,
Жылтырап күміс суы гауһар тастай;

Сайраған сандуғаштар нулы орманда,
Кеудеме нұр орнаған жылжымастай!

ІІІ

Елімнің бақ дәулеті асып күн-түн,
Қайнаған қызып еңбек дүркін-дүркін;
Бақ уым бойы балқып емшегі иіп;
Мұнайдан фонтан атқан емін-еркін;

Каспий мен Қара теңіз құшақ ұрып,
Ұлы істің екпініне қосып тұр үн.

ІV

Балқиды осы күйге бойым менің,
Жіберген қатқан денем, шыққан демім.
Жасарып қайта жасап тарихын,
Өмірдің жаңа таптым жақсы кенін.

Өршідім қат-қат болып мен аспанға,
Өте алмас сырттан боран — берік шебім.
Одақтың Оңтүстікте қорғанымын,—
Бастырма қарсы жауға елдің шебін!

V

Көгерген көк күмбездей кербез тауым,
Алқаға толы қазір омырауым.
Кеудемде әшекейлі айшық бұлт,
Бәйшешек балбыраған — шыңырауым.

Сыңсыған аққу мен қаз сиқырлармен,
Мәз болған тау сырына — қалың қауым.
Күн күліп, ай сәулесін төгілдірді,
Көрмейсің енді елімнің тұнжырауын!

VІ

Толқытып төктім саған тарихтан сыр,
Осылай жөнге түскен біздің өмір.
Сыйымды алғыс айтып ал да қабыл,
Әйгілеп атағымды шырқа бір!

Қайғысын миллион жылдың енді жушы,
Тамызып көмейіңнен көңілді жыр.
Саңқылдап сандуғаштай сайра - дағы,—
Бағынға шат өмірдің гүлдей құлпыр!

ЖОЛ ҮСТІНЕН

І

Жүйрік поезд келеді ағып,
Түптен тартып тау тамырын.
Суреттеуге сөз шыққанша,
Кетеді ағып сан шақырым...

Көк жалынды будақтатып,
Шықты поезд өрден - өрге.
Сұлу сурет жатты қалып,
Жел жүгірген жасыл белде.

Тербетіп сан - сан дөңгелек,
Тартты қызып поезд күйін.
Көлеңкесі жерге еркелеп,
Жел мен ойнап соқты биін.

Ұшқандай бон бейне көкке,
Көтеріліп келемін мен.
Көңілім тасып төңірекке,
Қарадым мен терезеден.

Көз жеткісіз айдын дала,
Төсеніпті қызыл кілем.
Кейде шешек, кейде жаңа
Алтын жеміс тізбектелген.

Неткен дала қиыры кең,
Сағымы ойнап жатыр шалқып.
Қай держава келеді тең,
Айбыны зор, көлемі артық.

Көрдім шаттық желдер ескен,
Еркелеген еңбекші адам.
Көрдім қызыл гүлдер өскен,
Масайраған еркін далам.

Күн күлімдеп өрлерінен,
Шыққан шаттық құйындатып.
Шалқытады жүрегімді
Қиялымды қияға атып...

Түсті есіме түнек басқан,
Сонау сұрғылт неміс жері.
Онда жұрттың өңі қашқан,
Озбырлықтың басып селі.

Онда ақылшы, сорлы Фауст,
Сөйлемейді, онда - жоқ тіл.
Онда Гитлер — бір жалмауыз;
Адамға қас — Мефистофель.

Естілді елдің күңіренгені,
Күрсінгендей теңіз бейне.
Ағытылған жырмен шері
Онда қазір үнсіз Гейне.

Тоқта! Гейне, Гете мұнда,
Жыр шертеді бізбен бірге.
Пушкин, Абай — ортамызда,
Сырласамыз кең өмірде.

Сырласамыз Гейнелермен,
Онда Гете, Гейне де бар.
«Фауст» сырын оқысам мен,
Тыңдар жігіт болып құмар.

Неткен дала, ұлан байтақ,
Көлбеп жатыр жасыл белдер.
Уа, құрдасым, жас инженер,
Бар даланың асылын тер!

ІІ

Жүйрік поезд ұшты құстай,
Жатты жолдан белдер көшіп.
Асулардан өтті талай,
Қалды талай көк төбешік.

Түрксібтің түйіншегі,
Жатқан мынау Айна - Бұлақ.
Иігендей тау емшегі,
Күміс суы аққан шулап.

Басын иген жас қарағай,
Жасыл сулар көлбеңдеген.
Көңілім тасып жас баладай,
Әнге салып келемін мен...

Көрдім кербез құрыш құстың,
Аққудай боп тауда ұшқанын.
Көрдім соққан шаттық ұшқын,
Тасы балқып, тау құшқанын.

Толқынданып жасыл нуы,
Қою орман тартқан сырнай.
Аққан тастан кәусар суы,
Ол да шаттық әнін шырқай.

Қуанышқа қойны толып,
Құшақ жайған Алатауым.
Жапырақтарын жел тербетіп,
Шайқалады бақша-бауым.

Оранғандай көк торғынға,
Тау еркесі — сұлу қала,
Жатыр жайнап бауырында,
Сүтін емген бейне бала.

Жарқырайды жұлдыздай боп,
Көк ішінен көркем сарай,
Көрінеді тау төсінде,
Зырқыраған көп трамвай.

Естимін мен ән шырқаған,
Қазақ, орыс, ұйғыр, дұнған.
Көшесінде көлі көлкіп,
Еркін шаттық, құрған думан.

Толған алма орман іші,
Тау фонтаны аспанға атқан.
Сайрайды әне бұлбұл құсы,
Гүлмен ойнап, нұрға батқан.

Қазір енем құшағына,
Екпін қатты, емес баяу.
Әзір сырттан сырласайық,
Жетуге де қалдық таяу.

Сенсің тауым, тұлғаң алып,
Далаң, қалаң — көркі көркем.
Сүтіңді ішкен мейірі қанып,
Болған сенің сүйікті еркең.

Алдың қайдан қуанышты,
Шықты ма әлде тасты жарып
Әлде көктен нажағайлар,
Ағызды ма от шығарып?

Әлде аспан күлімдеген,
Жіберді ме сәуле саған.
Сөйлейді де жырлайды әлем,
Даңқы күшті ағындаған...

Елестейді қиялыма:
Сүреңі жоқ сонау Берлин.
Ел жүрегін қайғы кернеп,
Фашизммен түнерген Рим.

Уа! Алатау, сен алыпсың,
Отанымның бейнесіндей.
...Асқақтаса толғанып шың,
Тұрамын ба мен сүйсінбей!

Сен беріксің бұзылмастай,
Сенде күннен күшті күн бар,
Нұры шалқар океандай,
Қуаты оттай, өзі асқар.

Қуаныштың жібек желі,
Есті ойнақтап Алатаудан.
Күлімдеген көрінді елі,
Көк торғынды Алматыдан.

Ұлы адамның сәулесінде,
Толықсыған тау түлегі,
Алматыны көрем күндей,
Қазақстан — ол жүрегі.

Анасынан кетсе шетке,
Сағынады сәби бала.
Жас баламын мен де бейне,
Ана болған маған қала!

Жанның тәтті махаббатын,
Болмас жұрттың күндеуіне.
Сағындым ғой, ақиқатым
Кеттім сол бір түнде неге?

Жарқырайды генийлықпен,
Жұлдыздай боп қалаларым.
Таба алмассың керікті тең,
Мағрыптың1 кезсең бәрін!

Әлдеқайда шыққан даңқы,
Сұлулықпен Венеция.
Кәрілік жеткен, кеткен қалпы,
Жын ойнаққа болған ұя.

Көрем, қалам, алтын жүзді,
Сипатың бар, күнменен тең.
Алабыңа құйып шаттық,
Сырласасың Мәскеуіңмен.

Жүрегімнің лебін тартып,
Қуанышпен аламын дем.
...Жыр шырқаймын терең шалқып,
Арыстандай кеудесі кең.

...Сырларым көп сақтап тығып,
Сандыққа сап алып келген.
Қуаныштан кесте тігіп,
Жас келіншек маған берген.

Бітсін енді жол ермегі,
Сырды ашуға тез жетейін.
Сүйсін колхоз келіншегі,
Дастан жазып көрсетейін!

ҚОШТАСУ

(Ақмола - Қарталы темір жолын салуға баратындарға арнаймын)
Жазғы кеш паркте,
Мәз-мәйрам тамаша.
Көз қысып жігітке,

Қыздар жүр жанаса.
Жан-жағы қызыл гүл,
Қызық қой тау тұсы.
Қанатын жайып жүр,

Махаббат тотысы.
Соғады самал жел,
Жүректі күй кеулеп.
Билейді қыз, жігіт,

Ұршықтай дөңгелеп.
Құмарлы жас дене,
Құшақ пен қиысып.
От түссе кеудеге,

Ұрланып сүйісіп.
Қыз таппай көп жігіт,
Жаутаңдап тұр сонда.
Тамсанып көз тігіп.

Қасым мен Абдолла.
Қайтейін соларды,
Махаббат ұрысы:
Болса да құмарлы,

Жақпайды тұрысы.
Сөзбенен міндерін,
Айтпайын өзгенің.
Махаббат түндерін

Өзім де кезігемін.
Күндесең ал мейлің,
Қайтейін көнемін.
Жас қызын еврейдің,

Құшақтап келемін.
Қыз, жігіт жан-жақта,
Жүр екен сыбырлап.
Келуші ем кей уақта,

Кетуге сыр ұрлап.
Қыздардың сырларын,
Білуге құмармын.
Қыз сырын айтсам көп,

Жігітке ұнар тым.
Тыңдайды ол құмартып,
Махаббат сырбазын.
Мойнына қол артып,

Айтады қыз назын:
«Қоштасу түні ғой,
Айтайын сырымды.
Бір сезім билеп бой,

Ашқандай шынымды.
Жүрек те лүпілдеп,
Соғады қаттырақ.
Жеңілтек адам деп,

Ойлама сен бірақ.
Көп жүрдік, қыдырдық,
Немене бос жүріс?
Құр сөзді ығыр ғып,

Алар ма жан тыныс?
Жүректе жалындап,
Жанып тұр махаббат.
Ойыңды айт анықтап,

Болмаса маған жат.
Жүремін мен ертең,
Алысқа тартам жол.
Путевка берді дем,

Бар,— деді комсомол.
Ол міндет артса егер,
Орындау борышым.
Игілік ісі ғой,

Қуанам сол үшін.
Қызығып кеше мен
Қарадым картаны.
Жел жетпес жер екен,

Ақмола — Қарталы.
Сол жердің тамырын,
Тартуға барамыз.
Төсек қып ой-қырын,

Темір жол саламыз!
Қиырсыз ол бір жөн,
Жетпеген жел ұйтқып.
Жетерміз салсақ жол,

Поезбен біз жүйткіп.
Сүйіктім, кетемін,
Сол жолға таңертең.
Білейін сенен мен,

Қандай сыр әкетем?
Сүйкімді мінезің,
Жаныма от салып.
Айтар деп сен өзің,

Жүруші ем тоқталып.
Жарың сен илан,
Айтпаймын сырлы наз.
Ұнадың сен маған.

Сүйемін, сезім аз.
Соны айтып жас жігіт
Құшақтап жан - жарын,
Сүйді кеп, ынтығып,

Тапқандай құмарын...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙