Шәкәрім аудармалары
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы өте күрделі құбылысқа толы. Оның өлеңдері қоғамның түрлі саласын қамти алуымен, философиялық мәнімен, көркемдігімен құнды. Ақынның туындыларында азаматтық сарын да айқын байқалады. «Қазағым», «Қазақ», «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты»...
Алты әңгіме
Алты әңгіме оқуға жайың бар ма?
Ұсындым жаңа өспірім ғалымдарға.
Әншейін бос сөз демей ғибрат ал,
Ой жібер ішкі сырын пайымдарға.
Алдыңғы біз ел жедік обал демей,
Зарлады талай момын, талай кедей.
Нәпсі, мақтанға алданба, қарақтарым,
Үміті кім бұл елдің сендер емей.
Орыс, қазақ — адамның бәрі бірдей,
Ешкімді алалама оны білмей.
Кем-кетікке болысу — ар міндеті,
Халқыңа пайда тигіз босқа жүрмей.
Жаныңды аяй көрме жардамынан
Сүйткенде арың шығар арманынан.
Әйтпесе бұл өмірің артық емес,
Тәніңді топырақ басып қалғанынан.
Боран
Мың сегіз жүз он бір жыл шамасында,
Он екінші жылменен арасында,
Саврило Саврилович дейтұғын бай
Отырған Нинандырып қаласында.
Оншалық зор қала емес, отар екен,
Зор салты ғой ондайды қала деген.
Қарыз бергіш, ашық жүз, қонақшыл бай
Сол жерді иемденіп қылған мекен.
Прасковья Петровна — бәйбішесі,
Оның да түгел еді әр немесі.
Сонда келіп карта ойнап, сауық салып,
Қызық күндер өткізген көршілесі.
Қызы Мария бек сұлу һәм әдепті,
Сол жылы он жетіге жасы кепті.
Оны көрген бозбала ынтық болып,
«Дариға-ай, осы қызды алсақ» депті.
Қонақтың келуіне мынау себеп:
«Ойнайым, қарыз алам, қыз көрем» деп.
Ең болмаса, маңдағы көрші ауылдың
Кедейлері тояды нанынан жеп.
Марияға болса-дағы әркім құмар,
Байға батып айта алмай жүрген шығар.
Сол кезде отпеске алып қайтқан екен,
Владимир дейтұғын жас офицер.
Ол-дағы осы баймен араласып,
Мариямен бір-біріне болған асық.
Қүндіз-түні сол үйге келе берді,
Кете алмай қыз қасынан онша қашық.
Бұл сырды бәйбіше мен бай да білді,
Екеуін жолықтырмас айла қылды.
Владимир келгенде кекеп-мұқап,
Мысқылдап айта берді қайдағыны.
«Жарқыным, сирек келіп әңгімелес,
Бұл қора солдаттардың лагері емес!
Ертеңді-кеш есікті босатпайсың,
Сандалғанды еш адам мақұл демес.
Бейуақытта қақпаны тарсылдатып,
Эполетін, медалін жылтылдатып,
Осындайлар тыныштық бермеді ғой,
Етегінен қылышын қылтылдатып.
Қалтасының бостығын мұтып кетіп,
Әскерімсіп төбесі көкке жетіп,
Мұны неге соғысқа жібермеген,
Әр қақпада қойғанша тентіретіп?!»
Жас ерге қатты батты бұл екеуі,
Менсінбей байлық айтып кедей деуі.
Не бұзылған шіркеуде, не тоғайда
Жасырынып жолығып жүрді екеуі.
Шын махаббат жетелеп екі жасты
Күн сайын асықтықтың қызуы асты
Ата-анасы ұнамай жүрсе-дағы
Некесін қиғызуға сөз байласты.
Қосылыспай жалынды жасырғанша,
Көнбейтін сабырлығы бас ұрғанша,
Тасалап өзге орында тұрмақ болды,
Әкесінің ашуы басылғанша.
Шадрин деген қышлақта он шақырым
Білуші еді бір кәрі поптың барын.
Соған неке қиғызбақ болды екеуі,
Жалынып, берсе-дағы біраз ырым.
Владимир Шадринге кетпек болды,
Көшір түнде қызды алып жетпек болды,
Табыспақ емен ағаш ел жатқанда,
Пар ат жегіп Марияны күтпек болды.
Түн болған соң Мария дайындалды,
Бірге өскен малай қызын қасына алды.
Шкаф, айна, столға амандасып,
Шамаданға киімін түгел салды.
Хат жазды ата-анадан кешу сұрап,
Асықтық әкеткенін айтты жылап.
Конвертке екі жүрек сурет салды,
Сыртынан тұрғандай ғып от шашырап.
Хат тастап, иесіз үйге амандасып,
Жөнелді бақша жақтан есік ашып.
Қараса, алай-түлей қатты боран,
Қалың қар жердің бәрін қалған басып.
Малтығып жүре алмады қарға батып,
Ысқырған бір дыбысқа келе жатып.
Шанаға екі қызды отырғызып,
Көшір де жүріп кетті сырылдатып.
Күшейді соққан боран барған сайын,
Сүйтсе де көшір білді жүру жайын.
Бұл қыздар сол бетімен бара тұрсын,
Владимир қайткенін баяндайын:
Шадринге Владимир күндіз барған,
Попы да, куәсі да дайындалған.
Пар атын Марияға жіберген соң,
Өзінің жегуіне бір ат алған.
Шадринге түн болған соң тағы жүрді,
Шанасы қарға кіріп аударылды.
Жөндеп алып тағы да айдаса да,
Тұңғиық түпсіз боран адастырды.
Адасып, ат болдырып, басы қатып,
Кез болды бір қышлаққа келе жатып.
«Шадрин қайда, ат бар ма?» — деп сұрады,
Шеткі үйдің терезесін тықылдатып.
— Шадрин,— деді, – он шақырым шамасында,
Атым жоқ, басшы жалдап аласың, да.
Жатсаң үйім, басшы алсаң, кісім бар, —деп,
Шам жағып, ала шықты баласын да.
Бала бастап жөнелді таяқ алып,
Таяқпен жол қарайды қарға салып.
— Сағат қанша болды?— деп сұрап еді,
Бала айтты:— Қалды ғой,— деп таң тақалып
Шадринге таң біліне азар жетті,
Балаға ақша беріп рұхсат етті.
Шіркеудің шамы сөніп қалған екен,
Сондықтан поп үйіне тура кетті.
Ол барып біле тұрсын поптың жайын,
Бұл сөзді осыменен тоқтатайын.
Екеуі оянған соң не қылды екен,
Айталық бәйбіше мен байдың жайын **
Саврила бәйбішемен ерте тұрды,
Малайы дайындады самауырды.
«Шай іш» деп ата-анасы шақырған соң,
Қалтырап қаны қашып Мария кірді.
Әкесі айтты: «Қарағым, өңің жаман,
Иіс тиіп қалған ба бүгін саған?»
Мария бір стакан азар ішіп:
«Науқастанып, кетіп тұр, — деді, — шамам».
Ауруы сағат сайын болды жаман,
Суық өтіп дірілдеп қалшылдаған.
Шатасып жүрген-тұрған сырын айтып,
Сандырақтап сөйледі кешке таман.
Айтады асықтығы асқандығын,
Бір үмітке аяқты басқандығын.
Некесін қиятұғын бір поп іздеп,
Боранды боран демей қашқандығын.
Махаббат тұла бойды жеңгендігін,
Ұрлық неке қиюға көнгендігін.
Владимир кез болмай, жат кез болып,
Жарына жолыға алмай келгендігін.
Өз асығы адасып қалғандығын,
Жат біреу қапылыста алғандығын.
Владимир екен деп некеленіп,
Көрген соң ол емес деп талғандығын.
Сандырақтап ашқан соң әбден сырын,
Ата-анасы науқастың білді түрін.
Жазылса, офицерге бермек болды,
Тіпті көнбей қойса да онан бұрын.
Марияны емдеп еді доктор келіп,
«Суық тиген екен» деп дәрі беріп.
Бір жұмада науқасы бері қарап,
Он күнде әбден жазылды жеңілденіп.
Бай, бәйбіше хат жазды офицерге,
Кешу сұрап жақындық іс қыларға.
«Өлсем кегім кетеді ішімде» деп,
Жөнді жауап бермеді ол бұларға.
Онысы Саврилаға жаман батты,
Қызына білдірмеді, жауап қатты.
Сол кезде француз бен орыс жау боп,
Бородиннің соғысы болды қатты.
Қырылды француз да, орыс-тағы
Тарихта бір белгілі іс — сол іс-тағы.
Күн сайын жазып тұрды газетаға,
Өлгенін, аты-жөнін соғыстағы.
Бұл соғыс — тамам жанға мәлім соғыс,
Көп адам қырғын тапқан заңғар соғыс.
Басында француздар Мәскеуді алып,
Аяғында қашырып, жеңген орыс.
Бір күні Мария бір газет алды,
«Не хабар бар екен» деп көзін салды.
Владимир соғыста өлгендігін
Оқыды да, шыдамай талып қалды.
Аздан соң кірсе-дағы ақыл-есі,
Өртенгендей болып тұр бар денесі.
«Жығылғанға жұдырық» дегендейін
Азғана ауырды да өлді әкесі.
Өзі жетім, шешесі жесір болды,
Жүрегіне ұмытпас қайғы толды.
Басқа облыста бар еді бір отары,
Бұл жерден көшіп барып сонда қонды.
Ондағы тұрғын елдің жастары көп,
Марияға сөз салады әркім ептеп.
Шешесі «уақыт өтпей ти» десе де,
Қызы басын шайқайды «тимеймін» деп.
Қанды соғыс созылып көпке шейін,
Француздар шегініп қашты кейін.
Орыста қуанбаған жан қалмады,
Шал-кемпір, бала-шаға дегендейін.
Соғыстан қайтқаннан соң әскерлері,
Алдынан әсемменен шықты елдері.
...........................................................
...........................................................
Құшақтап бауырларын, баласын да,
Амандар жамандарға қарасын ба?
Марияның сүйген жары — Владимир
Сүйек боп қалды Мәскеу даласында.
Әскерде Бермин деген бір жігіт бар
Көп болса жиырма бес жаста шығар.
Ерлік қылып полковник шенін алған,
Марияны көріп о да болды құмар.
Ішінен Мария да оны ұнатады,
Күлімдеп ашық жүзбен сөз қатады.
Асықтығын айта алмай батыр Бермин,
Әртүрлі әңгіме айтып жұбатады.
Күн сайын жақындасып болды сырлас,
Асықтық жүректегі жанбай тұрмас.
Шыдай алмай мақсатын бастаса да,
Аяғын айта алмайды әдепті жас.
Мария айтты: «Бастаған соң сөз түгенде,
Ұғайын айтқаныңды түгел мен де.
«Бірақ, бірақ...» дейсің де тоқталасың,
Не қылса, бір қысталаң бар ғой сенде».
Бермин айтты: «Мен Сізге болдым асық,
Сіз де менен емессіз онша қашық.
Бірақ... менің бір үлкен бөгетім тұр,
Амалсыздан айтамын сырымды ашық:
Бойымда қатты қайғы, арманым бар,
Адасып бір қышлаққа барғаным бар.
Танымайтын бір қызбен некеленіп,
Байғұстың обалына қалғаным бар.
Мен білмеймін сол қыздың кім екенін,
Аты, жөні ауылы һәм мекенін.
Некесіз-ақ жүрмесек жолдас болып,
Үстіне ала алам ба сол некенің?
Ей, жаным, алдайды деп ашуланба,
Екі неке сыймайды біздің заңға!
Асықтығым шыдатпай айтсам-дағы,
Ар көнбеді некемді жасырғанға!»
Мария айтты: «Мен мұныңды ұға алмадым,
Сырыңның үдесіне шыға алмадым.
Танымасаң қалайша некелендің,
Сүймей тастап кеттің бе, неге алмадың?»
Бермин айтты: «Жүруші ем жанға айтпай-ақ,
Сырласыма болмаса некен-саяқ.
Менің көрген ісімді жан көрген жоқ,
Жайымды ұқтырайын бастан-аяқ:
Мың сегіз жүз он екі жыл кіргенде,
Гусарский полкте едім мен де.
Вильно деген қалада тұрушы едік,
Жүрмек болып мейрамды бітіргенде.
Жыл мейрамын бітіріп жүріп кеттім,
Күн бата бір бекетке келіп жеттім.
Тамақтанып, жайланып болғаннан соң,
Түн ішінде «ат жек» деп әмір еттім.
Жәмшік арыз қылса да қасыма кеп,
«Боран қатты жүруге болмайды» деп.
«Қызмет тығыз, жылдам жек — деп —
Адасып азап көрсем өзіме есеп».
Соқса да жүріп едім ақырзаман,
Тіл алмаған жастығым болды жаман.
«Мұндайда өзен тәуір болады» деп,
Жәмшігім мұз үстімен атты айдаған.
Аздан кейін шанамыз қарға толды,
Адасып, біле алмадық жүрер жолды.
Кейде қарға кіреміз, кейде орманға
Бекет түгіл ел табу қиын болды.
Бір кезде от көрінді жылтылдаған,
Қуанып атты айдадық соған таман.
Қышлақтың бәрінің де оты сөніп,
Жалғыз-ақ шіркеудегі поп жатпаған.
Шанамыз соған таяу келіп еді,
Екеу келіп шіркеуге жүр-жүрледі.
Үсті-басым қырау боп кіріп едім,
Кәрі поп: «Бастайық па, балам?» — деді.
Адасып келгеніме опық жедім,
Өзім де есім шығып тоңып едім.
Поптың не деп тұрғанын ұқпасам да,
«Мейліңіз, бастасаңыз, баста», — дедім.
Біреу тұрып: «Таң таяу болды», —деді,
«Тез баста, міне, күйеу келді», — деді.
Поп некенің дұғасын бітірген соң,
«Қыз бен күйеу сүйіссін енді», —деді.
Бір қыз отыр бетіне перде салып,
Поп келді бізге жақын шамын алып.
Бетіме қыз үңіліп қарады да,
«Ойбай-ау, бұл емес», —деп қалды талып.
Шын масқара болдым деп жаман састым,
Ой ойламай шіркеуден тұра қаштым.
Жәмшігіме «атыңды тез айда» деп,
Бағанағы ізіммен қайта бастым.
Соққан боран ашылып оңды-солды,
Күн шыға азар іздеп таптық жолды.
Сол қыздан көрсем кешу алар едім,
Аты-жөнін білмеуім қиын болды.
Өмірінде ол өтеді байға тимей,
Мен де өтемін некелеп бір жар сүймей.
Кешілмес бір обалға қалғам жоқ па,
Ойласам, тұра алмаймын ішім күймей?!»
Бүл сөзге Мария құлақ салады да,
Мәнісін әбден ұғып алады да,
«Тағдыр сені кез қылған екен», — деді,
Берминге бір анықтап қарады да.
Сөзінен о да танып Марияны,
Елжіреп шықпай қалды әзер жаны.
...Көңілімнің көзіне елестейді,
Берминнің кешу сұрап жылағаны.
Дубровский әңгімесі
Жер айналмай тұрмайды дүние жай,
Келер, кетер адамзат із қалдырмай.
Сол өткен көп заманның бір кезінде,
Болыпты Троекуров деген бір бай.
Осы бай Русияның шетінде екен,
Күнбатыс заграница бетінде екен.
Өлшеусіз жер, санаусыз ақшасы көп,
Сүйтсе де тағы жұтпақ ниетінде екен.
Бұл кезден ол заманның заңы қызық,
Бар еді бір әдеті тіпті бұзық.
Кәдірлі, қолы жеткен мықтылардың
Құлы боп жүруші еді тамам мұжық.
Дейтұғын «Покровский» қышлағы бар,
Жазылған құлы болып көп мұжықтар.
Тамам бастық соңынан итше ереді,
Ұлығы ол заманның ақшақұмар.
Аңға құмар жан екен жасынан бай,
Қалың орман, шың тау бар, аңы да сай.
Бес жүз иті бар екен әр тұқымнан,
Аңқұмарлар қоя ма ит асырамай.
Сол көп ит бір қаладай сарайда екен,
Ит дәрігері — Тимошка қарайды екен.
Әр иттің жағатұғын үйі бөлек.
Тамақ жеп орны-орнына тарайды екен.
Бай өзіне тең көрмес жердің жүзін,
Итінен-ақ білдің қой байлық ізін.
Әкеліп француздан бір молда қыз,
Оқытты Мария деген жалғыз қызын.
Бай өзі оқымаған надан екен,
Тәкаббар, мақтау сүйгіш адам екен.
«Малы көпке пәле жоқ» деп ойлайтын,
Зорлықшыл, өр мінезді, жаман екен.
Андрей Дубровский деген бір бай
Дәулеті емес оның тым анадай.
Мінезі Троекуров сықылды емес,
Жаралған бір-біріне тіпті ұқсамай.
Кистеневка қышлағы — мұның жері,
Шын мирас, атасының еңбек тері.
Мінезі араз, екі бай тату екен,
Аңға шықса айрылмай жүргендері.
Дубровский мал сүймей, адам сүйгіш,
Қиянат, залымдықты көрсе күйгіш.
«Мал сақтама, ар сақта» деп ойлайды,
Адамдық, әділетті ерте түйгіш.
Арынан аямайды дәулет-бұлын,
Аяғыш қызметкерін: күң мен құлын.
Жіберді Петрбордан оқытуға
Дейтұғын Владимир жалғыз ұлын.
Көп қуған Троекуров аңның жайын,
Мылтығы, иті, құсы — бәрі дайын.
«Дубровский келмесе, разы емен» деп,
Аңға шықса шақыртар көрші байын.
Надандау Троекуров ғылымға олақ,
Сүйтсе-дағы қадірі елге мол-ақ,
«Сүйек қайда көп болса, ит сонда» — деп,
Үйінен үзілмейді мың-сан қонақ.
Мал не қылсын ақылдың жоқ пен барын,
Мақтандырмай қоя ма тойған қарын.
Аңға шықпақ болды да Троекуров,
Ит көрсете апарды қонақтарын.
Тимошка шықты алдынан бөркін алып,
Қонақтар ит мақтасты қайран қалып.
Итке берген тамағын айтып болмас,
Астына мамық төсек қойған салып.
Қонақ итін мақтаса — көңіл хошы,
Троекуров байдың да тілегі осы.
Сөз сөйлемей тұр еді Дубровский,
«Сен неге сөйлемейсің» — деді досы.
«Маған міндет емес қой ит мақтамақ,
Жаңа көрген қонақтар алсын сабақ.
Ит түгіл қызметшіңе табылар ма,
Мұндай орын, мұндай үй, мұндай тамақ?!»
Бұл сөзге бір қызметкер ашуланды: :
— Иттен кейін көрдің бе сен адамды?
Біз түгіл сен сықылды бір алпауыт
Мұнда тұрса қуанар, — деп-ақ салды.
Троекуров қуанып қарқ-қарқ күлді,
«Сөз таптың» деп арқаға қақты құлды.
Мақтаншақтың малайы тасыр болып,
Ұқпағанын Андрей іші білді.
«Ас пісті» деп хабарға біреу жетті,
Ішті, жеді, мас болды, өлеңдетті.
Андрей Дубровский ішінде жоқ,
Бағана өз үйіне қайтып кетті.
Жіберді Троекуров бір малайын:
— Тез келсін, арақ пенен тамақ дайын.
Шақырғанда келмесе Дубровский,
Табармын деп айт, – деді, – оның жайын.
Андрей өзі бармай бір хат берді,
Сол хатты малай алып қайтып келді.
Конвертті қолына алып Троекуров
Хатшысына оқытып, сөзін көрді:
«Бір итшің жұрт көзінше сөкті мені,
Қарсы айтып былшылдады әлденені.
Соны әкеліп жықпасаң аяғыма,
Өмірімде көрмеймін енді сені.
Кұптадың оның сөзін өзің тағы,
Надандықтың белгісі ол баяғы.
Итшің түгіл көтермен өз сөзіңді,
Мен біреудің құлы емес байлаудағы».
Есітіп ашуланды дарақы бай,
«Япырай, мынаның, — деп, — ызасын-ай!
Апарып аяғына жықсам керек,
Жарлығын ол «тақсырдың» қате қылмай.
Қарашы, бұйрық беріп отырғанын,
Жүргенге еркелетіп құтырғанын.
Кіммен дұспан болғанын байқамайды-ау,
Білмей қалар түбімен жұтылғанын.
Жандарал, заседатель — бәрі менде,
Маған қарсы келеді қандай пенде.
Малым барда бетіме кім шыдайды,
Борышқор ондай кедей маған тең бе?
Қап, бәлем, бір қылармын саған»— депті,
Тақтайды ашуланып және тепті.
Ол келмесе суалып қалмаймын деп,
Қонағын ертіп алып аңға кетті.
Аң алмай, жолы болмай, қырсық шалып,
Күні бойы бір көжек азар алып,
Андрейдің егінін таптап-таптап,
Кешке келді үйіне қайта салып.
Сүйтіп жүріп бір талай мезгіл өтті
Күннен-күнге суысып байлар кетті.
Сыртынан Троекуров қиянаттап,
Ол хабар Андрейге күнде жетті.
Аңдысып, іштен жау боп ерегісті,
Әркім-ақ «бұл екі бай араз» десті.
Троекуров құлданған көп мұжықтар
Ағашын Андрейдің ұрлап кесті.
Андрей бір күн тоғай аралапты,
Мұжықтың бірін ұстап жаралапты.
Атын алып, өзіне дүре салып,
Троекуров бай бар деп қарамапты.
Мұны естіп Троекуров ашуланып,
Мұжықтың баршасына хабар салып,
«Андрейдің қышлағын шабамын» деп,
Отырды атын ерттеп, дайындалып.
Сол кезде арба келді үш ат жеккен,
Ішінен біреу түсті шенді шекпен.
Шабашкин дейтұғын бір заседатель,
«Келдің, – деп бай сұрады, – не себептен?»
Бас ұрып, бөркін алып тұрды байға,
Үлкенсіп, ұлықсымақ қалды жайға.
Иттейін еркелеген жылмаң қақты,
Бай көрсе парақорлар қандай майда:
«Қызметтен шығып едім бүгін тысқа,
Қуандым сізбен үйде жолығысқа.
Жанымды жолыңыздан аямас ем,
Жұмсасаң біз құлыңды бір жұмысқа».
«Жұмыс көп олай болса саған,— деді,
Бітірсең, асар сенің бағаң — деді.
Андрей Дубровский — көрші байдың
Бар жерін алып берші маған», — деді.
Шабашкин жылмаңдады онан да әрі:
«Бар ма екен жер бекіткен қағаздары.
Не қылсаң қолға түсір документін,
Онан соң болсын міндет маған бәрі».
«Ақшаны қөп беремін, жетсең сертке,
Айла тап не қылсаң да осы дертке.
Андрей өз аузынан айтып еді,
Жанды деп документім қалың өртке»
«Олай болса, жұмыс оңай маған,
Түп-түгел әперейін жерін саған.
Закон — түйе, бұйдалап жетелерміз,
Несі адам осындайға жол таппаған».
Задатка деп аузына аз май жағып,
Алған сайын тым шешен судай ағып,
«Екі жұма бұл істі күтіңіз» — деп,
Амандасып жөнелді құйтың қағып.
Жүреді Дубровский өз жайына,
Бармайды бұрынғыдай дос байына.
«Сізді ертең махкемеге шақырды» деп,
Біреу бір хат тастады маңайына.
Ашып көріп, оқыса әлгі хатты,
Үлықтар мөрін басқан инабатты.
«Кистеневка – өзіңнің мүлкің емес,
Отырсың, – деп жазыпты, – не себепті?»
Андрей оқыды да қалам алды,
Почтаға жауап жазып бір хат салды:
«Жерімде еш адамның ақысы жоқ,
Өзіме неше атамнан мирас қалды.»
Мұны оқып заседатель қуанды кеп,
Законге шорқақ екен Андрей деп.
Қағазбен анда-санда бір шақыртып,
Қылады келмегенін үлкен себеп.
«Іс қой» деп Дубровский ескермеді,
Сүйеніп ақтығына сескенбеді.
Айналып әрнемеге, кетті ұмытып,
«Арты қалай болар» деп тексермеді.
Февральдің тоғызында біреу келді,
Қолына павеске деп қағаз берді.
«Конвоймен алғызамын, – деп жазыпты, –
Мұнан соң келмесіңе болмайды енді».
Андрей атын жегіп жүріп кетті,
Артынан Троекуров қуып жетті.
Көзіне көзі түсіп кетіп еді,
Мысқылдап, күлімсіреп, мазақ етті.
Келді де Троекуров сотқа кірді,
Секретарь үстел іздеп зыр жүгірді.
Төрдегі члендер мен заседатель
Қалпағын қолына алып шұлғып түрды.
Ескерген Андрейді бір адам жоқ,
Не қылсын, ұлықтардың қалтасы тоқ.
Сүйеніп стенаға тұрып қалды,
Бейне бір, қағып қойған қазықтай боп.
Секретарь сот билігін оқыды әкеп,
«Еш даусыз, Кистеневка — байдікі, – деп, –
«Андрей Дубровский жерден шықсын,
Тұрмасын қулықпенен пайдасын жеп».
Қол қойған талай байлар мұны растап,—
«Андрей кәзір кетсін жерді тастап.»
Қағазды Троекуров байға әкеліп,
«Қол қойыңыз, тақсыр, – деп,— әуел бастап.»
Кердеңдеп, кекірейіп жетіп барды,
Сияға малып қойған қаламды алды.
Оқымаған надан бай нені жазсын,
Иректеп кіреш таңба азар салды.
Андрейге қол қой деп келгендерге
Жауап бермей, аз тұрды қарап жерге.
Ақ ісін қара жеңіп кеткендігі,
Оңалтпас оқтай тиді қайран ерге.
Қайраттанды көзінен оты шығып,
Бір қағып секретарьды кетті жығып.
Оқ тиген арыстандай аласұрды,
Әр ұлықты әр жерге қуып тығып.
Жан шыдамай көзінің қарасына,
Қашып кірді үстелдің арасына.
Қарауылшы солдаттар жиылып кеп,
Азар алып барыпты шанасына.
Кімнің жаны ашымас бүл күйіне,
Қарғыс айтпай қала ма сот биіне?
«Махкемеде тұрғанда жын соқты» деп,
Андрейді апарды өз үйіне.
Сонымен күндер өтті, жұма да өтті,
Бүл істің болғанына айға жетті.
Адасып ақылынан Дубровский,
Ас ішу мен ұйықтауды ұмытып кетті
Кейде төгіп жіберіп көздің жасын,
Кейде қатты қысады қолмен басын.
Егоровна дейтұғын бір кемпір бар,
Сол ойына салады ішпек асын.
Уақытымен жатқызар төсек салып,
Стақанмен шай берер қолына алып.
«Тамақ ішер мезгілің болды ғой» деп,
Нан салады аузына майға малып.
Ерте өлген Андрейдің бәйбішесі,
Қатын жоқ, бала оқуда – қалды несі?
Әлгі айтқан Егоровна деген әйел —
Асыраған жалғыз ұлдың сүт енесі.
Дубровский ешкімге сөз қатпайды.
Кемпірден басқа жанды жолатпайды.
Жынды шалды күзетіп тынымы жоқ,
Байғұсқа күн батса да, таң атпайды.
Петрбор — патша түрған үлкен қала
Ғылым, өнер оқитын үй бар жаңа.
Университет деген медреседе
Оқып жүр Владимир деген бала.
Оқыған, өнер білген, өр көкірек,
Жайнаған жаңа өспірім отты жүрек.
Өрттен қашып ойланбас, қайта айналмас,
Оқығанын бойына көрген тірек.
Сабақтас құрбысымен салып сауық,
Ойнайды қонақ қылып, уақтын тауып.
Алдынан алтынды өмір сәуле беріп,
Жүр еді еш нәрседеи қылмай қауіп.
Бір күні біреу бір хат ұсыныпты,
Сөзіне оқыған соң түсініпті.
Қонақ боп отыр екен құрбылары,
Айта алмай өңі қашып қысылыпты.
Білген соң қысылғанын қонақтары,
Бар ғой деп бір оңаша іс қылары,
Бірі ол деп, бірі бұл деп сылтау айтып,
Әдеппен рұхсат алып кетті бәрі.
Бір тұрды Владимир, бір отырды,
Ешкімге білдіре алмай ішкі сырды.
Киініп, чемоданын қолына алып,
Отарба вокзалына қарай жүрді.
Мінді де отарбаға жүріп кетті,
Бірталай бұл ортада уақыт өтті.
Біраз күн темір жолмен жүрді-дағы,
Дейтұғын Құмдыбекет жерге жетті.
Кез болды отарбадан қалатұғын,
Ат керек енді жалдап алатұғын.
Почтовой станцадан ат сұрады,
Кистеневка қышлаққа баратұғын.
Қарады староста бұл балаға:
«Жүрмісің ақша шашып құр далаға?
Бес күндей ат әкеліп, тосып жатыр,
Сені алып барамыз деп сол қалаға».
Сол кезде Антон жемшік кіріп келді,
Екенін Владимир біліп келді.
Арбаға Владимирді отырғызып,
Ысқырып атын айдап, жүріп берді.
Шал Антон бишік бұлғап, божы қақты,
Сар желді күймедегі ат, шеткі ат шапты.
Өткенін қанша уақыт пайым етпей,
Владимир тым терең ой ойлапты.
Ат пыр-пыр, арба күр-күр, қоңырау шылдыр,
Тау, ағаш кейін қалып, қақты бұлдыр.
Бұлардан Владимир түк сезбейді,
Әкетпес әлдеқайда көңіл құрғыр.
Түпсіз ой, түссіз қиял неше мыңдап,
Бірі бүйт, бірі сүйт деп тұрады ымдап.
Тұңғиық, тұманданған алдыңғы өмір,
Тұрғанын біліп болмас не дайындап.
Қайрайды кейде ыза боп, жауға тісін,
Ойлайды, кейде реттеп, қылмақ ісін.
Ашқан көзі жұмулы есепті боп,
Көрсе де көрмегендей түктің түсін.
Осындай ұйқылы-ояу бір ой басты,
Қайғы, үміт, қайрат, ыза араласты.
«Әнеки, Покровский қышлақ» деген,
Антонның дауысымен көзін ашты.
Қараса, тау ішінде біраз қала,
Бақшалы, көк шатырлы үй бар жаңа.
Жасында ойнағаны түсті есіне,
Бір қызбен Мария деген жап-жас қана.
Әдепті, махаббатты һәм құрбылас,
Күлгенде нұрлы жүзі қылады мас,
«Сөзі — бал, әр мінезі майда еді-ау» деп,
Көзінен шығып кетті еріксіз жас.
Елжіреп күйгендей боп тұрды іші,
Антоннан келді жайын сұрағысы.
Тоқтатты өзін-өзі қайта ойланып,
«Кетер, – деп, – теріс ойлап, мына кісі».
Бұл бақша Мариянікі емес пе еді,
Мені білсе, «аман ба?» демес пе еді.
Бақшада бар ма, жоқ па деп тұрғанда,
Етегі ақ көйлектің елестеді.
Қадалып ақ етекке көзі талды,
Сол ма, сол емес пе деп көп қадалды.
Антон жәмшік ысқырып жібергенде,
Әлдеқайда ап кетті, бақша қалды.
Келген соң Кистеневка қышлағына,
Көрісті үйге кірмей тыстағыға.
Жасында асыраған Егоровна
Жылады, келіп қолын ұстады да.
«Тиді ме жазған хатым, қарағым, — деп,
Почташы айтып еді саламын, — деп.
Қайғыдан дертті болды Дубровский,
Бар жерін Троекуров аламын деп.
Жазып ем білгенімше жайдың бәрін,
Андрей нашарланды, көрсең халін.
Тұруға Троекуров қол астында,
Разы емес көрші мұжық, көп құлдарың».
Сол кезде біреу шықты есікті ашып,
Өлген кісі сықылды қаны қашып.
Белі имиген, көзінің оты сөнген,
Бір тұрып, бір жығылып азар басып.
Құшақтап Владимир Андрейді,
«Аман ба, халің қалай, әке?» — дейді.
Қадалып екі көзі баласына,
Басымен құр ымдайды, үндемейді.
Осындай Дубровский болған ғарып,
Сұраса, айта алмайды сөз қайтарып,
Көзінен қанды жасын сорғалатып,
Жатқызды төсегіне алып барып.
Бір күні Троекуров іші пысып,
Үйінде отыр еді арақ ішіп,
Шабашкин жылмаң қағып кіріп келді,
Тағзыммен қолтығына бөркін қысып:
«Ей, тақсыр, жұмысыңыз әбден бітті,
Сот законын кесімді қүнін күтті.
Андрей апелляция бере алмады,
Сол үшін жерді сізге сот бекітті.
Жаңа алған жеріңізге бармайсыз ба,
Есептеп, көріп, біліп алмайсыз ба.
Егін салып, пішенін орып алып,
Не болмаса, біреуге жалдайсыз ба?!»
Не демейді мас болған қызу кісі,
Ашуланып шықырлап кетті тісі, —
Жоғал, көзге көрінбе, — деп ақырды, –
Онда жоқ сен сықылды иттің ісі».
Білген соң мас екенін кетіп қалды,
Байға мастық тағы да бір ой салды.
Жалынса, жерін қайтып берейін деп,
Ат жегіп Андрейге жетіп барды.
Андрей терезеден оны көрді,
Көзі оттанып, қөңілін ашу керді.
Айтуға тіл, тұруға қуаты жоқ,
Қолымен құр есікке ымдай берді.
Сұп-сұр болып, көзінің оты жайнап,
Жұдырығы түюлі, тісін қайрап,
Ұмтылғанда орнынан ұшып тұрып,
Жын қаққандай жығылды, бір ойбайлап.
Владимир жүгірді, көзі шалып,
Өкпесіне қарады қолын салып.
Байқаса, дем алыстан дәнеме жоқ,
Ақырды «келе гөр, – деп, — доктор алып!»
Қақпаға кім келгенін білмейді бұл,
Бар сөзі: «Доктор әкел, тез хабар қыл!»
«Троекуров бай сізді шақырып тұр» —
Деді де хабар айта кірді бір құл.
«Жоғалтсын жылдам көзін менен аулақ,
Бір іс көріп кетейін демесе нақ.
Қоймаспын өшімді алмай, Құдай қосса,
Тұрармыз бұл ортада біреуміз-ақ».
Мұны естіп Троекуров қалды кетіп,
Балаға Егоровна келді жетіп:
— Мінезін антұрғанның білмейсің бе,
Шырағым, қатты айттың ғой өкпелетіп.
Қожа Хафиз сөзінен
Көрініске шоқынған,
Сопы бізді не білсін.
Не десе де сыртымнан,
Ренжімеймін, неғылсын.
Ақ көңілдің кезіне,
Не келсе де - жақсылық.
Тура жолдың тезіне,
Түскен көрмес тапшылық.
Бір жаяуды жүремін,
Ойын болар порым жоқ.
Бұл шатырашта, білемін,
Мерзімдерге орын жоқ.
Мұнша биік шып-шыбар,
Неткен үйдің төбесі?
Ешкім емес хабардар,
Жан білмейді, о несі.
Неткен мұңсыз, неткен күш,
Неткен білгіш құдайым?
Сансыз жара - қорқыныш,
«Аh» деуге де жоқ жайым.
Есеп, теңдік білмейді
Біздің тақтың иесі.
Құдай үшін демейді
Жалғыз сағат, о несі?
Ол патшаға жол ашық,
Не сұрайды, не дейді.
Даяшы жоқ, бостандық,
Ешкім «Әрі жүр» демейді.
Не жарамсыз мініміз,
Біздің бойдан табылмақ.
Алла берген тонымыз,
Болмай қоймас бойға шақ.
Қымыз ішер араға,
Барар кісі бір бөлек.
Оны сатқан қалаға,
Өзін сатқан, не керек.
Сынықшының қолымен,
Сынған көңіл жамаған.
Алман сопы қылығын,
Екіұшты қып қалаған.
Босағада отырсам,
Ар-намысым көптігі.
Қымызшыға емес шам,
Мал, мансаптың жоқтығы.
* * *
Кел, аяқшы, қымыз құй,
Көпке бер де, маған бер.
Махаббат салды ауыр күй,
Жан қысылып, ақты тер.
Жаз таңының нұр желі,
Жар кекілін шайқалтып.
Көңілге толып қан селі,
Жүректі тұр шайқалтып.
Жардың қонақ үйінде
Тыныштық қайда, тың қайда?
Қоңыраулатып күн, түнде,
Деп тұр: «Әйда, жүк байла!»
Қараңғы толқын, қанды ұшқын,
Қорқыныш қатты, жүк ауыр.
Біздің жайды не білсін,
Жағада жүксіз жат бауыр.
Пайда, мақтан, айла, күш
Жаман атқа ұшыратты.
Сауық, думан, көрнеу іс
Жасырын қашан тек жатты?
«Жайнамазды арақпен
Боя», - десе мұғaн пір,
Таза жүрек жол білген,
Болса айтқанын істе, жүр!
Рахат, сұхбат іздесең,
Ақ жолыңнан айрылма.
Ақ жүрекке кез келсең,
Өзге түкке қайрылма.
* * *
Ей, Жарымыз, ай нұры -
Сіздің нұрдан шыққан бу.
Сұлулардың бет суы -
Иегіңнен тамған су.
Бар ма арнаулы күн маған
Мақсұтыма қол жетер,
Жиюлы ойым тарқаған
Шашыңменен теңесер.
Міне, ерінге жан келді,
Сіздің жүзді көpyгe.
Әміріңді айт ал енді,
Не қайту, не өлуге.
Жақын өтсең, аулақ қыл
Етегіңді қанымнан.
Бұл соқпақта, анық біл,
Жолыңда өлген көп құрбан.
Көңілім өлді, көңіл алған
Досқа хабар қылыңыз.
Ей, шын достар, біздің жан
Сіздің жан ғой, біліңіз.
Нұрлы жүзің барда ешкім
Көз жұма алмас саулықтан.
Айла, арамдық сатпасын
Сіздің басқа ешбір жан.
Қанды ұйқыға боялған
Бақытымыз оянды.
Себебі сол нұрыңнан
Көзімізге су тамды.
Таң желімен жіберші
Бір тұтам гүл нұрыңнан.
Бақшаңыздың иісі
Аңқыр әлде мұрыннан.
Өмірлі бол, бақты бол,
Бақ іздеуші десеңіз.
Толмаса да сонша мол,
Кезіңізде кесеміз.
* * *
Кел, аяқшы, қымыз құй,
Кесемізді нұрландыр.
Домбырашы, тартшы күй,
Бізге уақыт берді қыр.
Жарқыраған кеседен
Жар суретін көрдік біз.
Хабары жоқ еседен
Не біледі сезіңіз.
Асыққа ажал келмейді,
Қандай қаза көрсе де.
Көңілі жанды өлмейді,
Тәні жанды өлсе де.
Сырт көрініс қылған еп
Бұза ма деп қорқамын,
Арақпен тең болар деп
Жалған сопы тұз-нанын.
Ей, жел, егер жолықсаң,
Бақшасына достардың:
«Атар бізге бар ма таң?» -
Сәлемін айт біз зардың.
* * *
Тұр, аяқшы, бер қымыз,
Қайғыларға топырақ ат.
Шын сұлуды көр мінcіз,
Неге керек өзге жат.
Пәлесіне дүниенің
Күні-түні сабыр қыл.
Таза болса мақсатың,
Ақыры қолың жетер, біл.
* * *
Көңіл жібі қолымнан
Шықты, көңілі тазалар.
Талай сырым жасырған
Болды, міне, елге жар.
Шыр айналған он күн, біл:
Айла, сиқыр, жалын, шоқ.
Достым, досқа достық қыл,
Өмір өтсе, уақыт жоқ.
Қымыз құйған кеселер -
Ескендірдің айнасы.
Дара мүлкін білгізер,
Тағы да көп пайдасы.
Бұл өмірде шын рахат
Екі-ақ сөздің мәнісі:
Досыңа қыл махаббат,
Жауға достық әдісі.
Жақсы атанар қалаға
Берілмеді бізге жол.
Қазаны өзгерт қара да,
Ұнамаса саған ол.
«Ащы сусын‚ - сопы айтқан‚ -
Жамандықтың басы», - деп.
Сұлу қызды құшқаннан,
Бізге тұрар тәтті кеп.
Қол тарлығы кезінде
Қымыз іш, ән сал, мас бол,
Қару малы өзінде,
Кедейді бай қылар сол.
Балауыз қылса тасты ұстап,
Ондай достан шегінбе.
Тұла бойды билеп ап,
Шамша жағар тегінде.
Жылы сөз бен тәтті тіл
Өмір берер өлгенге.
Аяқшы, оны хабар қыл
Пір-сопылар келгенде.
Кигеміз жоқ жорта біз
Арақ құйған шекпенді.
Таза етекті сопымыз,
Ғұзырлы біл бізді енді.
* * *
Анық ерге жолдас бол,
Нұқ кемесін ол білсе.
Бір тамшыдай көрмес ол,
Топан суы кез келсе.
Жатар жері әркімнің
Топырақ болса бір уыс,
Не қылады үйлерін
Көкке жеткен көп қуыс.
Шық, отырма бұл үйде,
Разы болма нанына.
Бұл қара ыдыс түбінде,
Тас қонақтың жанына.
Қанғамдағы айымсың,
Міндің Мысыр тағына.
Енді отырмақ саған мін,
Шық зынданнан бағыма.
Жұпар шашқан тұлымың
Бір-біріне өрілген.
Жете алмады білімім,
Неге нұрлы көрінген.
Қуаныш қыл рахатта,
Қайғысыз бол, іш шарап.
Құранды оқып, ел аулап,
Тұзақ құрма сен бірақ.
* * *
Егер сүйікті ол бала
Көңілімді алса мен үшін,
Самарқан мен Бұқара,
Бердім қара мең үшін.
Қалған қымызды әкел сен,
Бер, аяқшы, кесемен.
Гүлді жеміс, талды өзен
Табылмайды бейістен.
Шала асықпыз жағалап,
Жар көңілі бір бөлек.
Қастауыш, иіс, мең, далап
Нұрлы жүзге не керек.
Мастық, қымыз әм сөйлес,
Дүние сырын сөз қылма.
Ол тұңғиық жан білмес,
Сыр да ашылмас мың жылда.
Жүсіптегі сұлу жүз,
Күндей нұрын жайғызған.
Зылиқаны білеміз,
Ар-ұяттан тайғызған.
Мінімді айттың, разы, біл,
Мен сондайды ұнайым.
Тәтті ерінге ащы тіл
Жарасады әрдайым.
Насихатты, кел, есіт,
Кәрі ғалым айтса зар.
Есті, бақты жас жігіт
Оны жаннан дос тұтар.
Меруерт тіздің жыр сөзін,
Жақсы оқышы жақын кеп.
Аспан шашсын жұлдызын:
«Бәрекелді, батыр», - деп.
* * *
Мәжілісінде досыңның
Қиын аман қалмағың.
Әр не қылып отырсың,
Жел өлшейді салмағын.
Тәтті мінез, жылы сөз -
Онан ешкім құтылмас.
Зерек құсты, ашық көз
Бұғалықпен тұтылмас.
Не себептен, білмедім,
Дос иісі оның жоқ.
Қара көзді, бойы сым,
Ай жүздіге сенім жоқ.
Сұлу-ақсың нұры мол
Мін қоятын кісі жоқ.
Бірақ бетің міні сол -
Уағда, мейірім түсі жоқ.
Көп мал, бағың, досың тұр.
Арың үшін бір ойлан.
Не күн көріп, неғып жүр,
Бақытсыз, доссыз ғарып жан.
Таңда шолпан ән салып,
Сөзіме қобыз күйлесе.
Көкте Ғайса қозғалып,
Әніммен қоса билесе.
* * *
Кешегі басшы піріміз
Мешіттен кетті кабакқа.
Мүридтер, қалай жүреміз,
Түсеміз қандай сабаққа.
Пірдің беті қарайды
Есек қора жағына.
Біздікі неге жарайды,
Құбылаға бақсақ тағы да.
Жар шашына байланып,
Рахатымды білсе ақыл,
Дуана болып айналып,
Кетер еді-ау көп мақұл.
Көптің аңын тор құрып,
Түсіріп едім тұзаққа,
Шашыңды жайып, мас қылып,
Айрылдым аңнан ұзаққа.
Нұрлы жүзің есіркеп,
Ашты бізге анық сыр.
Жазылмайды сол себеп,
Жазуымда - басқа жыр.
Тас көңілге берер ме,
Әсер атқан оғымыз.
Ұйықтатпаған сөнер ме,
Жүректегі ыстық шоғымыз.
Кекіліңді жел қозғап,
Жарық күнім болды түн.
Зарлағанда сені ойлап,
Бар пайдам сол, сөзім шын.
Біздің улы оқ, біліңіз,
Көкті көктеп өтпесін.
Жаныңа рахым қылыңыз.
Сізге тиіп кетпесін.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру