Жүрек кітабы
Бауыржан Қарағызұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Интеллектуалды қазақ поэзиясының танымал өкілі – әдебиет әлеміне өз дауысымен, өзгеше қолтаңбасымен, ерекшелігімен келген талантты ақын. Оның жүрегінен шыққан жыр жауһарлары «Жүрек кітабы» арқылы кез келген адамның жүрегіне жол тауып, бей-жай қалдырмасы анық. Жинақ әдебиеттанушылар мен талғамы жо...
Құрметтім
Құрметтім,
Рухым Жерге тасталған сәттен,
Өмірім сәтті басталған сәттен,
Өлім сағатын сарылып күткен,
Жүрегімді тыңда...
Жан болып аңқылдап сөйлеген,
Ар болып саңқылдап сөйлеген,
Дәл сендей күйінген, сүйінген,
аңғалдау,
адасқақ
Жүрегіме үңіл,
Жүрегімді парақта.
Сезіммен табысқан шақтарда,
Махаббат танысқан шақтарда...
Шынайы толқыған шақтарда,
Дүние Сәлемі шалқыған шақтарда...
Құдайға құшақ жая жүгіріп,
Жүрегіңді оқы,
Жүрегімді парақта.
Тағдыр мұңайтып...
...өзіңе өзің жұбанған кезде,
Жападан-жалғыз қуанған кезде...
ЖолДостарың жоғалған кезде,
Тоналған кезде көңілің...
Гүлсіз қолыңа қарап,
Үнсіз жалғыздық жылаған кезде,
Құлаған кезде сенімнен...
Жүрегіңмен егілген
Жүрегімді парақта.
Құрметтім,
Аспан сағыныш әуенін сөз еткен,
Құстар асығып оралған мезетте...
Не
Жусан иісіне сіңген бала шағыңды аңсап,
Болашағыңнан шаршап,
Екі дүния арасында сенделген мезетте,
Жүрегіңді ойла,
Жүрегімді парақта.
Гүл мұңайған кезде,
Түн күрсінген кезде,
Жасыл Сөздер жарқ еткенде ғайыптан,
Жұмбақ дерттен айыққан...
Тамшы мөлт еткенде,
Ойын гүл еткен,
Гүлдей дір еткен,
Жаралған аңсардан, тілектен,
Құрметтім, қош келдің Жүрекке!
Топырақ
Топырақ,
Мен жасанды мұңнан қорқамын...
Түннен қорқамын дұғасыз.
Соқыр сөздерден...
Қабірге айналған қараңғы-ы-ы көздерден,
кінәлі кірпікті жуған күнәсіз жастан...
тәубесіз бастан қорқамын,
Топырақ!
Алланың «Ойы» жауып тұр аспаннан,
Мейірім жауып мөп-мөлдір.
Иә, рас,
біз – жетімбіз жерге тасталған,
мастанған Жоққа, не
Рахым Нұрына мас болған,
ұмытшақ нүктеміз – адасқақ...
Топырақ,
Мен өзімнен қорқамын...
Төзімнен қорқамын кектенген.
көпірік дауысқа көмілген,
өтірік сезімнен
қорқамын, топыра-а-ақ...
Қарашы,
жаңбыр кетіп барады...
қайда кетіп барады?
тағдыр кетіп барады...
қайда кетіп барады?
Әне,
Тамшы мөлт ете түсті...
шолп ете түсті бір өмір.
Топырақ...
ЖОҒАЛҒАН СӨЗ. 17.10.2082 ЖЫЛ
Қайран Тағдыр сурет салып күрсінген,
Рухымның халін кімнен сұраймын?!
Ой ағады екі дүние демінде
Антыменен Құдайдың.
Сіз де, Мен де жанарынан жалғанның
Түнге ұшып барамыз...
Баяғыда бәрін көріп алғанмын,
Қараңыз...
Қараңызшы жүрегімнің көзіне,
Жүрегімнің көзі – менің Өлеңім.
Қараңызшы көзден аққан сөзіме,
Сөздің жасын жалғыз кешіп келемін.
Өмір деген Түс те емес, Өң де емес,
Сенбесеңіз қойыңыз.
Өлім деген шындығында ол да – Елес,
Өлім деген – Ойымыз.
Өмір деген өткеніңді қайталау,
«сүйіну мен күйіну...»
Сізге бәрін түсіндіріп бере ме?!
Тыйылу мен сыйыну?!
ЖЕТІ НҮКТЕ
A. НҮКТЕСІ
– «Бармын...» деп ойымды ойға сендіремін...
– ...Дүния-ай, неге сонша мөлдіредің?!
– Жасаурап қос жанарым, Жаным ұлып,
Бейуақыт күнбатысқа телміремін...
– «Күнбатысқа күдіксіз қарасаңыз...»
– Батыстан Күн шыққанша адасамыз...
– Уақыт баяулайды, Жын асығып,
Жарассақ жүрекпенен жарасамыз.
– Өзімнен өзім қорқам, сенесіз бе?!
– Тағдырдың салғанына көнесіз де...
– Ол Бізді мойындайды, (кесірді айтам)
Өшікті неге маған, неге Сізге?!
– Расында, ол да көркем, мен де көркем,
Құдайға сен бе бөтен, мен бе бөтен?!
– Жал-құйрықсыз жалғаннан оқтай зулап,
Жарқ етіп, Сіз сияқты мен де кетем.
X. нүктесіне...
B. НҮКТЕСІ
– Жер ауырлап барады...
– Ауырласын.
– Ой да ауыр...
– Иманың ауырмасын.
Жүрегін ауыртпашы адамдардың,
Әр адам – тағдырласың, бауырласың.
– Мен талай айғай салдым «сүйемін» деп,
...алдайды... содан кейін күйемін кеп...
– Айғай мен ақыл қатар жүре ме екен?
– Білмедім... Сабырымды тірек етем...
– Сені сөзбен сипаған алдамшылар
Өзінің алданғанын біле ме екен?!
– Біздегі уақыттың өлшемінде,
Зіл басып көтертпейді еңсем мүлде...
– Ой таза да – Жан таза, Өлім сұлу,
Шер толқыр көңіліңнің кемсеңінде!
– Жер ауырлап барады, ұрыспағын...
– Айттым ғой, барлық адам – туыстарың.
– Нені іздеймін білмеймін, нені аңсаймын???
– Көздеріңнен сүйейін, дұрыс бәрі...
С. НҮКТЕСІ
– Мына Жолды...
– Еріктен тыс тағдырменен жазғасын,
Нені ойласын тәуекелшіл әз басың.
– Уақыт пен кеңістікке тәуелді
Ой деген не?!
– Менің қоңыр күрсінісім – көз жасым.
– Ақ дұғадан жаралдым,
Бәлкім, мәңгі дұға болып қалармын...
– Құпиясы, кілті мына ғаламның
Күлкісінде, жүрегінде анаңның...
– Күлкі???
– және Көз жасы ғой...
– Кім үшін?
– Ана деген – жүрек үшін... Нұр үшін.
Оқылады мейірімен анаңның,
Жүрек деген – Кітап қой ол, дұрысы.
– Ештеңені түсінбедім, құрысын!
– О дүние мен Бұ дүнияның арасы –
Сабырыңның тобасы.
– Мына Жолды...
– F. Нүктесін қарашы...
D. НҮКТЕСІ
– Құдай Қалам сілтегенде жаралдың...
– Уақыт пен кеңістікте жоғалдым.
– Ұмытшақсың...
– Сен есіңе түсірші.
– Сөзге айналған жүректегі жанардың
мөлдірімін...
– Қайдан келдің, қайда кетіп барасың?!
– Тағдырыммен таба алмадым жарасым.
– Рухыңмен жалғамақшы боласың
Екі дүние арасын.
– Ғұмырыммен ғарыш жаққа ұмтылдым...
– Бекер бәрі...
– Жан ішінде жұлқындым.
– Таңдау еркің қақ маңдайдан үсіген,
Қоршауында құмар менен құлқынның.
– Дүниені өзгертпекші болғанмын,
– О, ендеше тағы, тағы алдандың.
– Мен – ғарышпын...
– Ия, оған дауым жоқ...
Неге сонша жалғыз қалсаң қорландың?!
– Әуел бастан Аңсар едім – себебі...
– Ой ішінде ойлар сөніп, өледі.
– Парақташы жүрегіңнің кітабын,
Ғайып өзі Сәлем алып келеді.
Е. НҮКТЕСІ
– Күбірлеп өз-өзіне бұлданатын,
Адам емес, есімім – мұң болатын.
– Терезеңнің алдында жылап тұрған
Сен емессің, сезімтал түн болатын...
– Қалайша, қалай енді жай табамын,
Жалғыз қалсам Ол болды айтар әнім..
– Жек көресің өзіңді, іштей үгіп,
«Сүймеймін» деп неше рет қайталадың?!
– Дәл бұлайша сүйгем жоқ жан баласын,
Күлесің ғой, білемін, таңданасың.
– «Досым» дейсің, сездірмей ештеңені,
Өз сөзіңе өтірік алданасың...
– Тағдыр-ай, кірпіктерде бұлдыраған,
Жан әлемі... Жалғыздық тұнжыраған.
– Бүгін айдың нешесі?
– Жүрек күні,
Мен емес, терезеде түн жылаған...
F. НҮКТЕСІ
– Қасиетті Рухпен қуаттанған,
Ар іздедім сөзінен шуақ тамған.
Не табамын өмірді күлдіргеннен?!
– Не табасың өмірді жылатқаннан?!
Қойшы, өмірді... Дәл қазір жан жылаған,
Жолын іздеп кімдер бар қаңғымаған?!
– Күбір-сыбыр, күңкілдек, айғай-шудан,
жазғы түн-ай, жалыққан, қалжыраған...
– Тым белсенді, тіл тапқыш, ұшып-қонған,
Шаршап жүрген шығарсың пысықтардан?!
– Балаларды аяймын суық сөздің
жалынына меселі үсіп қалған...
– Жол іздеймін бір ғажап...
– Не қыласың?!
– Жалғыздықтан бір күні жарыласың...
– Топыраққа жүрегің оралады,
Жаратқанның алдынан табыласың...
Ораласың...
X. НҮКТЕСІ
– Өмірдің босағасын аттағанда,
Жатырқап жылап кірдім жат ғаламға.
Өлімге секунд сайын жақындаймын,
Білмеймін, сор табам ба, бақ табам ба?!
Мәңгілік жарығыма ұмтыламын...
Жалықтым тыңдай-тыңдай құлқын әнін.
Торында қутыңдаған қу тірліктің
Балықтай жанұшырып бұлқынамын.
Рухым асқақ еді, білгір еді,
Құтқарса сол құтқарар, кім біледі?
Ішімде Құдайды аңсап Жан жылайды,
Сыртымда сайтанға еріп Жын күледі.
Ғажабын ғақылымның ұғынғанша,
Япыр-ай, қалды екен ғұмыр қанша?!
Шіркін-ай, жүрегімнің құпиясын
Сезем бе қос жанарым жұмылғанша?!
Ғайыпқа жетелесе ой торабы,
Көкейім жалғыз Сөзді қайталады.
Тағдырым түнгі аспанға телміргенде,
Неліктен қайран көңіл жай табады?!
Өлімнің босағасын аттағанда,
Білмеймін, сор табам ба, бақ табам ба?!
Білерім, боз жусандай көктеп шығам
Біздегі жасыл уақыт тоқтағанда...
ӘЛДИ
Мына Түн талыққан Үміттің дауысы секілді,
Кеңістік еркесі Ол – торсық бет кекілді.
Ол бізді бір жаққа шақырған сыңайлы,
Естісем дауысын еске алып Құдайды,
Жүрегім жылқыдай жылайды!
Мына Түн – о, мүмкін бағыты жоғалған
Жолдарым.
(Жолдарда жанымды жұбаттым, алдадым...)
Өлімді сағынған, аңсаған –
қартайған Арманның
шаршаған елесі емес пе
мына Түн??!
Ұйықтамай отырмын неге осы??!
Мына Түн –
мәңгілік әуенге билейтін Сөздердің мекені –
Анты бар төзімдей, сезімдей некелі.
Жарықты сүйеді,
Жарықта өледі...
Жарықтан келеді,
Жарыққа кетеді...
Әлди, әлди,
әлди, әлди, Қара Түн...
ЖӘННАТ ГҮЛІ
Жанымның уілі,
Рухымның ғашығы –
Сен едің.
Сен едің аспанның үнінде оқылған жырым.
Мен Сенің сүйкімді, сүйкімді мұңыңды
сезімнің көзімен көремін...
Гүлім...
Жаратқан Ие,
Біздегі шаттықтың шүкірі – осы күн,
Аңқитын жәннаттай ойлары жасырын,
Рахым нұрына шалқитын жасырын...
Мәңгілік Көктемнің лебінде
Көгінде көңілдің ән болып естілген,
Мәні де, сәні де осы ғой Өмірдің.
Гүлім,
Мендегі арманның демінде
Сендегі іңкәрлік жапырақ секілді дірілдеп,
Аңсарым Періште секілді,
Періште секілді...
Тылсыммен сүйісіп ұша-а-ады тілектен
тілекке...
Гүлім,
әуелгі жоғалған Уақыт,
дыбыстар ішінде құпия сыбырлап...
Жалған мен Ақиқат вальсін билейді жүректе...
Оһо!
Былт-былт үзіліп жұлдыздың есінен,
Ақ Өлең дүр-р-р етіп қонады ақ Айдың төсіне,
Еркетай, олар да «бұзық»,
Түн іші ұйқымды бұзып,
Еркелеп сөйлейді Көктемнің тілінде,
Қызық...
Мен сені сағындым...
Сағындым, сағындым, Гүлім.
Жылама,
О, неге сағындым, білмеймін, сұрама.
Гүлім, мендегі сағыныш –
Ауаның әдемі, әдемі әуені.
Былдыр-былдыр...
Әдемі... әдемі... әдемі...
БЕЙУАҚЫТ
Батыста күрсініп күрең Күн,
Бақшада торықты торы күз.
Аспаным, о, неге түнердің???
Жай ғана елеспіз бәріміз.
Айтылмай қалды ма жан сырың?!
Мұнарлы, мұңлы мекенім.
Мен бүгін қоңыр көз тамшымын,
Иә, ертең буланып кетемін.
Аялда, аяулым, өтінем...
Жаныңды жаныммен сезініп,
Ойыңды ойыммен көрейін.
Болмаса, бүлкілдеп көмейім,
Тізерлеп отырып түнімен,
Дұға оқып берейін...
Сөйлеші жаңбырдың тілімен.
Сен жаққа қарайлап жүреді,
Құдайға сыйынып жүрегім.
Кәусарға зарыққан үнемі,
Түз мінез, таулардың ұлы едім...
...Күллі әлем және сен. Күрең Күн.
Бақшада торыққан торы күз...
Уақытқа жұтылған жұлдыздай
Қайда ағып барамыз бәріміз???
МӨЛТ
Махаббат,
түсін мені,
Мені Олар түсінбеді.
Мөлт етсе жасыл тамшы
Ойымның ішіндегі...
Дәл солай...
Сарғайған қайғы едің де,
Сағыныш үніндегі.
Уілдеп Ай демінде,
Арманы күлімдеген.
Мен Қара Өлең едім,
Сен Қоңыр Әуен едің.
Мен күйге бөленемін,
Сен сөзге әуеледің.
Мен күйден тылсым аулап,
Сен сөзбен бал ашасың.
Қасірет құрысын, аулақ,
Түн, неткен тамашасың?!
Махаббат?!
Мен неге үндемедім?!
Сен неге үндемедің?!
Осылай болатынын
Сезгенмін, білген едім.
Бұл, бәлкім, Тағдыр шығар?
Бақұл бол, ей, елес-Түн.
Жылаған жаңбыр шығар,
Жылаған мен емеспін!
Енді сен өтінемін,
«Уақыт – алтын» деме.
Сол үшін өкінемін...
...Түн бүгін салқын неге?!
КЕЙ
Мейірім күзеткен жүрекпен
Қайырым іздеген ізеттен –
Мен де бір адасқақ Жан едім, ағайын,
Жоғалған Ой едім, ағайын...
Ой, Алла-ай, неліктен ызғарлы сөздерің?!
Жылылық сезбедім...
Сұлулық көрмедім...
О-о-оо, бүгін бір көрсе, көрмесін көздерім!
Түү! Неге көмескі шығады үндерің???
...Білмедім...
Далада күңіреніп аруақтар арманы...
Қалаға қып-қызыл құмарлық орнады...
Ағайын, ал, енді той жаса!
Ол да бір мақтаныш.
Мақтаныш – егестің сұңқылы ойдағы...
Ал, сөйле...
Езуден ессіз сөз сорғалап,
Есіңде есінеп қайдағы...
Күндер-ай, күндер-ай... дерексіз –
өтірік мақтаулар керексіз.
Сіз неге үндемей қалдыңыз...
...Ағасы?!
Демек, сіз... Шамасы...
...Жә, болды, кешірім беріңіз,
Ешкімге айтпаймын, сеніңіз.
СОЛАЙ...
Астана. Есілдің сол жағы.
Жаңа алаң – әдемі жас қала.
Ондағы жүректің арманы
айналған ақшаға.
Иманның иісі бұрқырап жан-жағы,
Тек қана мешіттер киелі арманнан.
Ондағы ойлардың салмағы
Аллаға арналған.
Астана. Есілдің оң жағы. Ескі алаң.
Ескілік естіні ақылға бастаған.
Ескі алаң – жерасты жолында
жылаған саксафон
үміті зарығып ауырған ақшадан.
Күн үшін жалданған әз басы,
маңдайың мәз болар уақытқа созылған.
Кәдімгі ақшаңыз – момынның көз жасы,
төрт бұрыш қағазға жазылған.
Екіге бөлінген болмыстай сезілген,
Бұл қала елесі секілді түсімнің.
Мен саған таңырқап ойымның көзімен,
Тамсандым. Жиіркендім. Түсіндім... ***
Өмір – өмір... Бәрі көркем... Әдемі...
Өмір – өмір... Бәрі көркем... Әдемі...
Жүзеге асқан ойларыңның әлегі...
Шартараптан сөздің исі бұрқырап,
Құбыладан есіп Құдай Сәлемі...
Жазмыш Жолдың елесіне ереді,
О, қайран бас, барлығына көнеді.
Кейде бар ғой, қызық өзі, сенсеңіз,
«Жақсылығына» шайтанның,
Біртүрлі...
Жылап алғың келеді...
Ол да көркем, түсінгенге, білгенге,
Өмір деген тотықұстай түрленген,
Жамандығы жақсылық боп соңында,
Күрсінісіңде гүлденген...
Өмір – өмір... Бәрі көркем... Әдемі...
Жүрегің мен жан-дүниең жарасып
Жүрегің мен жан-дүниең жарасып,
Өміріңе, кәне, күліп қарашы.
Сені мұңға, мені түнге сүйреткен
Уайымшыл ой мен сөздің арасы...
Мынау Жолда әрі көктем, әрі күз,
Жанымызға жылынады жанымыз.
Құдай жақтан жарлық келіп, амалсыз,
Екі жаққа айрылғанша жолымыз...
Кетсе кетсін біреулерге есеміз,
Жан түйінін қанағатпен шешеміз.
Мейірімді махаббаттың нұрымен
Ұзааақ ғұмыр кешеміз.
Уақытша бұлаңдаған сынаққа,
Жаным, енді сабырыңды жылатпа.
Сендік көңіл – жүрегімнің жалауы,
Көңіліңді құлатпа.
Мұңлы оймен мөлдіреген жанары,
Білесің ғой, барлық тағдыр жаралы...
Жылайсың ба? Жылап алшы ағылып,
Бәрі жақсы болады...
НЕГЕ?!
Мен Сізге неге бардым, неге кеттім?!
Асығып әр нәрсені себеп еттім...
«Уақыт – түн жылатқан гүл» дедіңіз,
Сағынып қалыпсыз ғой, елемеппін.
Қазір түн. Ұйқыңыз да елемеген,
Далада қара жаңбыр себелеген...
Есікке есім кетіп елеңдеймін,
Есікке елеңдеймін неге, неден?!
О, неге ұйықтамадым түніменен?
Ой, тоба, түк шықпайды түбі менен.
О, неге, неге Сізді ойлай бердім?
Қалдым ба ғашық болып шыныменен?!
Жан толқып сөйлесеңіз сөзіңізде,
Өмірім мөлдірейді көзіңізде.
Жүректің тіліменен Сәлем айттым
Кездескен қасиетті кезімізге...
...Мен Сізге неге бардым, неге кеттім?! ***
Өмірімнің мөлт-мөлт етіп жанары
Өмірімнің мөлт-мөлт етіп жанары,
Уақытпен бірге ағып барады.
Білсең ғой сен... көңілімнің көз жасы
Тырс-тырс етіп түн төсіне тамады.
Өмір Ары — Сауап және Обалдан,
Нұрлы үміт, сағынышқа оралған.
Ал мендегі махаббаттың жүрегі
Сенің іңкәр дауысыңнан жаралған.
Мұңын айтып мезгілдердің көшіне,
Естеліктер оралады есіме.
Саған жауап бермесімді білсең де,
Хабарластың несіне??!
…Түнгі қала. Сол саябақ көнерген,
Ол да өзінше тыныштыққа бөленген.
Сенің мұнда келмесіңді білсем де,
Неге күнде келем мен?..
...менің нәзік Жаным үшін ерексіз...
...менің нәзік Жаным үшін ерексіз...
бөлексіз...
Жанның мұңын аспан ғана ұғады...
Жүректерді жолықтырған себепсіз
Жолдар шығар кінәлі.
Дәрігер – уақыт, Сізді, Түнді емдейді,
Ұмытыңыз барлығын.
Жүрек жайлы сөз қозғағым келмейді,
Дәл бүгін.
Түңілмеңіз, түсінікті жайымыз,
оған куә мынау қаңтар жөтелген.
Көңілімді ауламай-ақ қойыңыз,
Жалғыз Сіз бе Жанның мұңын көтерген?!
Мен өзімді өтірікке сендірдім,
Біліңіз.
Көзіңізден домаласа мөлдір мұң,
Қимастық деп ұғыңыз... ***
Өз-өзімді танымайды екенмін
Өз-өзімді танымайды екенмін,
Өз-өзіме бөтенмін...
Түкке тұрмас дүниені сөз қылып,
Саған тағы дауысымды көтердім...
Саған деген махаббаттың көлемі
Еш өлшеммен өлшенбейді себебі.
Ағыл-тегіл жылап алам ішімнен,
Саған, саған бәрін айтқым келеді...
Сен...
Сен – әдемі әлемсің ғой, ақылдым,
Мен...
Мені қойшы, мен – ақымақ ақынмын.
Енді, міне, жүрегіңді ауыртып,
түн ішінде мұңға оранып отырмын...
...Үстелде сурет жатыр күлімдеген
...Үстелде сурет жатыр күлімдеген,
Күлімдеген, ешқайда ілінбеген...
Бір сөз бар сағынатын жүрегіңіз,
Бір мұң бар жаныңызды тілімдеген.
Сағынып бұрынғыдай келмегені,
бәлкім, ол... өзіне-өзі сенбегені?
Сіз неге түн ішінде жыладыңыз?!
Гүл неге өліп қалды бөлмедегі?!
Сіз неге жыладыңыз түн ішінде?
Ымм... мүмкін өліп қалған гүл үшін бе?!
Сағынып күту керек махаббатты,
Гүлді де күту керек тірісінде...
Сені ғана іздедім, таба алмадым
Сені ғана іздедім, таба алмадым,
Қайда жүрсің, қайдасың, алаңдадым...
Көздеріңнен сүйейін көзім жұмып,
Түсіндіріп айтайын саған бәрін...
Қайда жүрсің, қайдасың, көзім менің?!
Өзіңді ойлап түнімен көз ілмедім.
Сарқылған ба сабырым сағыныштан,
Таусылған ба шынымен төзім-демім?!
Ашуымды ақылға бақылатпай,
Сөйтем кейде кертартпа ақымақтай.
Қара күздей құлазып көңіл, өмір,
Қалтырайды жүрегім жапырақтай.
Қайда екенсің, қайдасың, құсым менің?
Қадіріңді білмедім, түсінбедім.
Қазір, міне, жалғызбын, неткен ауыр,
Бұлдыр-бұлдыр ойлардың ішіндемін.
«Жоғалдың» деп жазғырып, сынамаймын,
Келші, келші, ештеңе сұрмаймын.
Қатты-қатты қысайын құшағыма...
Үндемеймін, содан соң... жыламаймын...
ГҮЛ МҰҢЫ
Менің жаным жалғыздықпен тілдесіп,
Түн ішінде күтеді Оны талығып...
...Мен Біреуді сағынамын мұң кешіп,
Сағынамын көзімде жас қамығып...
Гүлдің талай мұңайғанын көргенмін,
Ол да мендей адасқақ қой қайғылы.
Оны да сол дұғасымен емдер түн.
Құбыладан естілгенде Ай үні.
Гүлдің кеше күрсінгенін естідім,
Сондай нәзік, сондай жалғыз жұпарым!
Жұбата алмай жылап қайттым кешқұрым,
Түнге тоңып, мұңға тоңып құшағым.
Түн ішінде жан уілдеп шынайы,
Түн ішінде мен де басқа күйге енем,
Түн ішінде, о, ғашығым – Тәңірім,
Түн ішінде гүлді Сіздей сүйген ем...
Тереземде ақ тамшылар билейді,
Менің жаным әрбір күннен үмітті.
Мүмкін, мені сүйе алмады, сүймейді,
Бәлкім, мені мәңгілікке ұмытты..
МАҢДАЙЫҢДА МӨЛДІР ТАҒДЫР...
Маңдайыңды мөлдір тағдыр оқысын,
Түн жұтады сөздің тегін хақысын...
Жүрегімнің нұры, көрдім үніңді,
Мейір тұнған жақын түгіл жат үшін...
Таңдайыңнан қанат қаққан самалға
Періштелер оранған.
Мен не деймін, не айтамын бұл түнге,
Үміттері жоғалған...
Жан сертіне қауышу –
Сағынасың қара өлеңнің дауысын.
Өмір деген – бір мөлт еткен көз жасы,
күлгін жастан ақ ғайыпқа ауысу...
Маңдайыңда мөлдір тағдыр, ақын-мұң,
Түк те сезбей теріс қарап жатыр түн...
Қарындасым, не айтамын, не деймін,
Мен де сендей жүрек тыңдап отырмын.
ЖАН БАУЫРЫМ...
Туғандай бір мөлдіреген тұмадан,
Жан бауырым, қал-жайымды сұраған.
Кітаптардан «үй» салар ем, бес бұрыш,
Өлең жазу ұйқас болса құраған...
...Көз алдымда ағып жатыр Сағатым,
Есінейді ала түн.
Жан бауырым, таусылғанша дәм-тұзым,
Таусылмасын төзім, сезім, тағатым.
Ала түнде құл «көсемдер» сөйлейді,
Теледидар... Кіл «шешендер» сөйлейді,
жөткірініп кербезденіп сөйлейді,
күйсей берсін, ей, мейлі...
Үміт-үйі құлаған,
Обал ғана бір бұрышта жылаған.
Өлім жайлы түс көреді, шошынып,
Ой, бір адам – құл адам...
«Жасай берсін жарық күн»,
Ол да өзінің өтірігінен жалықты.
Неге, неге айқайлайды аналар
Дауысымен халықтың...
Аппақ ойы қағып-қағып қанатын,
Тағдырының сыбырына қонатын,
Қайтқан құстың көздерінде мөлт еткен,
Ақын едім тілінен күз таматын...
Жан бауырым – мөлдіреген жанарым,
Жүрегіңе ой көзімен қарадым...
...О дүниеден бұ дүниеге келгенмін,
Енді қайда барамын?!
Енді қайда барамыз?!
АУА БИЛЕГЕН ТҮН
Құралай Омарға
Құралайжан,
Жан қаламын мұңға малып түн іші,
Қою-қою ой ұрттаймыз кім үшін?!
…«Өмір өтіп бара жатыр» дейді жұрт,
Біз өмірден өтеміз ғой – дұрысы.
Жасыл ауа қос өкпеден тұншығып,
Уақытқа шыққан кезде құлшынып,
Үнсіз ғана сөйлесеміз екеуміз,
Қоңыр-қоңыр күрсініп...
Құралайжан, мен де гүлдей таң қалам,
Кісілерге бірін-бірі алдаған.
Көзбен ішіп, сөзбен сабап тағдырын,
Өз жүрегін өзі білмей қорлаған,
«Өлеңшінің» жанарында күнімен
Өкініштің жылайтынын біліп ем...
Ұшықтап бер жұлдыздардың иісімен,
Ұшықтап бер ақ тамшының үнімен...
Міне, тағы көктем келді
Міне, тағы көктем келді,
Ашып Күннің қас-қабағын...
Еске аламын өткендерді...
Неменеге еске аламын???
Кімге керек менің ойым?!
Ойлар... ойлар... бекер бәрі.
Тағы да осы көктем келер...
Тағы да сол... өтер бәрі...
Саған тағы не айтамын,
Мұңайтамын жолыққанда.
Хабарласпа енді маған,
Еске аларсың жалыққанда.
Бәлкім, ойым бұзық шығар,
Ойлар, ойлар – ұзы-ы-ын елес.
Біреулерге қызық шығар,
Маған түк те қызық емес.
ЕСКЕ АЛУ. 16 ЖЕЛТОҚСАН
Бәрі, бәрі, бос сөз екен жаңа ұқтым.
«Бостандық» деп бос айқайға салыппын.
Мәртебелі Өмір мырза,
Мен сіздің
Ұрандарыңыздан жалықтым...
Қазір мені Ділдің мұңы азаптап,
Желтоқсанда жел күледі мазақтап.
Уақыт отыр тойып алған, тоңмойын,
Былқ етпейді-ей, таза – аппақ...
Солай, солай, Өмір мырза, қарағым,
Мына сұп-сұр қаланың
Қызыл мұзға қатып қалған қабағын
жүрегіммен, жүрегіммен, жүрегіммен...
жылытпақшы боламын,
Жылап тұрған Түннің сүртіп жанарын...
* * *
Дәулеткерей Кәпұлына
Сен үрленген Рух едің ақ құрсақта гүлдеген,
Қайырымсың, қиянаттың қызыл ойын білмеген.
Қоңыр таулар қоңыр-қоңыр күй шерткенде исімен,
өткінші өмір өзін-өзі түрме екенін түйсінген,
уақыттан тыс әлемде өлім демі бұрқырап,
әлденеге кісінейді жылқы-көңіл шұрқырап,
ей, немесе «балбал тастың бүлк еткенде жүрегі»,
Ана Алтайдың аян болып бүр жарғанда тілегі,
таңдайыңа Кие тамып, маңдайыңа жыр түнеп,
Туған Жердің,
о-о-оу, Туған Жердің топырағы тамырыңда күркіреп,
Туған Елдің ақ батасы тағдырыңда уілдеп,
Періштелер ойнатқанда қанаттары гуілдеп,
Ер Түріктің аруағы кезген ұлы далада
Тәңір өзі жүрегіңді Қара Өлеңмен ораған...
ТІЛЕК
Қошақандарым, кішкентай тентектерім,
Еркеліктеріңе елжіреп, елпектедім.
Жанымның нұры – Сендерсіңдер ғой,
Сендерсіңдер ғой – алтын Сөз, Арман-Әнім,
Тұнықтарым сол...
Иә...
Мен де сендердей бәріне сеніп алданамын.
Жарайды, алдай берсінші...
бірақ,
өздерін алдамаса екен...
Сосын, біздің аппақ ниетімізді,
сенгіш көңілімізді қорламаса екен...
СҰРАҚ
«Кімді ойладың?» дейсің бе?..
Нені ойладым?
Туған жерді ойладым, қарайладым...
Қара көзі жәудіреп мені ойлаған,
Қарындастар...
Бауырлар...
Соны ойладым...
Арғы жағы-ай Алтайдың, бергі жағы,
Арғы жақта ағайын... Қалды бәрі.
Екі жаққа бөлінген жүректер-ай,
Бергі жақта күн сайын Жан жылады.
«Кімді ойладың?» дейсің бе?..
Кімді ойладым?
Мөлдіреген момақан мұңды ойладым.
Боз жусандай аңқыған боз белесте
Даналығы дауалы ділді ойладым.
Елеңдеген ес көріп елді ойладым,
Жері қалды Қазақтың, жерді ойладым...
Қызыл қырат, күрең тау, қоңыр адыр,
Қайдасыңдар, Құдай-ау, мен қайдамын?!
Интернетте шот маңдайы қызарған
Интернетте шот маңдайы қызарған,
«Ұлтшыл» ұзын сөздері ұзарған,
Ұрандардан жалыққанда, шаршағанда,
Аппақ жүректерді,
Аяулы тілектерді аңсағанда,
Көктем, сенің келгеніңе қуандым.
Көктем,
Өзін мақтағандарды,
Елін даттағандарды
көргенде, шерменде көңілім қамығып,
арын сатпағандарды,
досын жақтағандарды
сағынып,
Сені күткенмін, Көктем.
Келдің ғой, іңкәрім!
Мен саған қарап:
Құдайдың кереметтерін көремін,
Ниетімнің алдамайтынына сенемін.
Қандай рахат!
Енді, міне, жасыл самалыңа жуынып келемін,
Сенің сәби жапырағыңның күлкісін,
шіркін,
Маңдайыма жазып алсам деп едім,
Көктем!
ГИПЕРБОРЕЯЛЫҚТАРДЫҢ САҒЫНЫШЫ
Күн батыстан шыққанша...
..............................................
Күншығыстың Назары Өлім сазын ойнайды.
Өлім сазы – топырақ гүл биінде жайнайды.
Шөп батасын оқыған көктем сайын талығып,
Мен Біреуді сағынам көзімде жас зарығып.
Көктем, Көктем – Сағыныш, сағынышымның ынтығы,
Мұң кеулеген Жанымның жамалар ма жыртығы?!
Өмірімнің мазмұны – Оның сұлу жанары,
Мәңгіліктің қадамы – менің халал амалым.
Жұлдыздардай жылаймын, естігенде Есімін,
Бұлдыр-бұлдыр сөзімді жұбатады Кешірім.
Тағдырымен ойнаған, Мен – адасқақ Сөз едім,
Әр Сәуленің демінен мейірімін сеземін.
Жел күбірін тыңдадым, әр Дыбыста үні бар,
Әр Дыбысқа шын сенсем, күллі өкініш жылынар.
Көктем, Көктем, иманды, аппақ дұғам сен едің,
Сағындым ғой, сағындым, қашан жүзін көремін?!
Аспан намаз оқыған Жер бетінен іздедім,
Ой мұжыған мүміннің келбетінен іздедім.
Жүрегімнен іздедім, ізін көрдім үміттің,
Ізін көрдім үміттің, өзімді-өзім ұмыттым.
Бұл ұмытшақ сананың бурыл-бурыл жолдары,
Мені тағы жоғалтты, Мені тағы алдады.
Көктем, Көктем – Сағыныш, сағынышымның мұңдағы,
Ой байлаған Жанымның шешіле ме жұмбағы?!
Таң тәспиғын тартады, ақшам сипап сақалын,
Ал, мен Оны күтемін – Өмір сөйлеп жатамын.
Солай, әнім – Көктемім, Өлім сазы – тым мұңлы,
Қарашы, әне-е-е-е, Шығыстан кешегідей Күн күлді...
...............................................
Күн батыстан шыққанша...
ЖҰБАТУ
Өмір деген – өлу ғана, өлу ғана шындығы...
P.S.
Аспан даусын естимін мен көздеріңнің ішінен,
Жаным, жаным, жыламашы, түсінгенмін, түсінем.
Қуаныштың әр нұрында мұң бар десем сене ме ел?!
Күрсіністің әр сәтінде шаттық гүлге бөленер.
Діл үйіріп, тіл ұшынан ой желітіп, есіліп,
Саған және өзіме өзім наз әуенін көшіріп,
Жаратқанға көктемдегі жапырақтай жалынып,
Өн бойымда қан жылайды, өкінішімнен Зар ығып.
О-о-о, түн іші дұға оқысам тағдырыма бұйырған,
Су ыңырсып, түн жөтеліп, жел шыңғырған миымда.
Бейуақытта шын сөйлемей өзін-өзі алдаған,
Менің құсам,
Жұлдыз екеш жұлдыз құрлы болмаған.
Өксігіне айналдым да сол құсаны таныдым,
Жыламашы, жыламашы, жыламашы, жарығым.
Көзіңдегі қоңыр мұңды тек мен ғана көрейін,
Жыламашы Ар сертімен Өлең жазып берейін.
Үзілгенді үнсіз өзім Жан демімен жалғайын,
Жыламашы, жыламашы, ақ сөйлесін маңдайың.
Шын махаббат, шын махаббат, Құдай үшін, қайдасың?!
Сезім бізді тағы алдасын, ақыл тағы ойлансын.
Шын махаббат,
мөлт-мөлт етіп мөлдір жас боп келе ме?!
Кірпігіңде бір періште жылап отыр, о, неге?!
КӨЗҚАРАС
Теңдессіз Тәңіріні ұмытып,
Аяулы Адамын алдаған.
Заманның қап-қара күсінде
Бұйығып жүрегі,
Құбылып түр-өңі,
Күңіреніп...
Арманы айналып
аранға,
Санасы сорлаған
өсекшіл ерін мен төсекшіл нәпсіден,
Жасанды айқай мен күлкілі «зар-мұңнан»,
Қып-қызыл марапат мүңкіген дәптерден
Жиіркеніп,
Тап-таза кәусарға зарыққан маңдаймен
Уақыттың өтінде қалтырап жүргенде...
Мен Сіздің аппақ жүрегіңізді көрдім де,
Көзіне мөп-мөлдір шық тұнған
Сөзімнің самалы қызғалдақ өсіріп,
Өзімді өзіме ұқтырған.
...Мендегі бозбала көзқарас өзгерді.
Өзгермес дүние таяғын таянған қария секілді,
ойының үстінде қалғыған.
(Е, мейлі, қалғысын,
оятып алғанша ең ұлы Соңғы Күн).
Өзгердім,
өзгердім қуанып,
жанардан жұлдыз – мұң сорғалап,
буырыл адырдан мың қоян тапқандай,
қалқайып,
сәбидей шалқайып шалықтап,
Мәз болып,
отырдым қиялдың ішінде.
Міне, енді,
Жанымды ауыртқан сап-сары сөздердің
сұлбасын миымнан өшірдім.
Мен Сіздің аппақ жүрегіңізді көрдім де,
Еліктеп (өзімше),
Аңқаудың еңбегі жұтылған өңеш һәм
тың тыңдап күбірлі іңірден үңілген
зиянды құлақтың кесірін;
содан соң...
Көңілімнің көгіне қара бұлт үйірген
күлімсі пиғылдың иісін сіңірген
өтірік күлкінің кешірмес кінәсін кешірдім.
О, Сіздің аппақ жүрегіңіз,
тағдырдың тәп-тәтті сәттерін өрнектеп,
Аңқылдап сөйлеген сәттері кетпейді есімнен.
Себебі,
Аспанда балқыған ақ Айдай нұрланып,
Көңілімнің төрінде көсілген.
МЕН
...Ол қайтыс болды. Бірақ, өлген жоқ...
Р.S.
Құран самалы Құбыладан есіп тұр...
Оны тек
соқырлар көріп,
мылқаулар оқып,
кереңдер ғана естіген,
шығып алып өсегінен бес күннің.
Есін алмай ешкімнің.
Ақиқаты – Ол, Ол емес – адасқақ.
Ол – Жан мен Тәннің сүйісінен жалығып,
Сөзге айналған махаббаты Біреудің???
Сол Біреуге ғашық еді өлердей,
ұмытты.
Ұмытты ма, жоқ, әлде уақыттан тыс жерде
Өз хаятын өзгеше бір кітаптан
өзі оқып,
өкінішінде уатылып отыр ма?!
........................................................
Гүл көзінен домалаған тамшыдан;
Көктемдегі жас қайыңның
жапырағындағы күлкіден;
Маусымдағы көк шөптің былдыр-былдыр үнінен;
Күрең күзде билеген жапырақтың әнінен;
Өксігінен мұхиттың;
Уілінен ғарыштың
Өткен шағы мен келер шағы қосылып,
Жылайды да күледі,
Күледі де жылайды.
Көз жасында – бұ дүнияның
қуаныштары күлімдеп,
Күлкісінде – о дүнияның
қорқыныштары дірілдеп тұрғандай...
Қызық өзі.
Не жетпейді?
Кімді іздейді?
Қайтеді?
Сосын тағы сағынады Біреуді?..
Мүмкін Оның сағынышы өтірік...
өтірік...
өтірік...
Ол кейде ойларынан қашып шығып,
бурыл қабақ таң туғанда шығыстан,
Жер бүйірін Күн сүйгенде елжіреп,
не
Жел ысқырса қызыл кештің өтінде, не
Қап-қара Түн күрсінгенде солқ етіп,
Сыйынады тағы Соған,
Бәлкім, Оның құлшылығы жаттанды?!
Бісмилла...
Өмір мәнін түсініп,
Ұмытқанын түсірсе егер есіне,
Содан соң, Ол
Өлімді
Өлең қылып үнсіз ғана оқыса,
Періштелер аспан жақтан түсіп кеп,
Сүйер еді ернінен...
Әтте-е-ең!!!
ҚЫС
Бұл қаланың аспанында қасиетті сөздер билеп жүреді.
Олар қыста Хақтың аппақ-аппақ үлпілдек құпия таңбалы
сәби қарымен бірге билеп жүреді. Олардың тағдыры бір.
Қасиетті сөздер – қасиетті ойлардың буы. Аппақ қар –
күзде қайтыс болған гүлдердің буланған көз жасы…
Шіркін деймін тамсанып, таңдайыма нұр тұнып,
Ой ұшады демімнен, Сөз ұшады құлпырып…
Бабалардың дұғасы қарға айналып,
ғажабы,
Көкшетауға жауып тұр Жаратқанның Назары.
...Аппақ-аппақ қарменен ойын қуып мәз бала,
Хақ Назарын сезініп, түсінгендер аз ғана…
Аспандағы ақиқат бұл қаланы жылытқан,
Ал жердегі адамдар өзін-өзі ұмытқан.
Сезінбейді, білмейді, естімейді құлақтар,
Тек жүректе жылайды аянышты сұрақтар.
Шошаңдайды иектер қасиеттен тоналған,
Жаралы Рух ақсаңдап қадамында жоғалған.
Жүйелі сөз – киелі, өз иесін табады,
Жараланған Рухты аспан емдеп алады.
...Сәлемінен гүл аңқып түн кірпігін ашқанда,
Қасиетті, дұғалы Сөз билейді аспанда...
КӨКТЕМ
Көктем, көктем, қош келдің, шұғылалы дауалы,
Енді бізге әуеден мөлдір кие жауады.
Жердің балқып сүйегі, нәресте гүл туады,
Сәби гүлді Күн көзі шуағымен жуады.
Көктем, көктем, қош келдің, иман толқып деміңнен,
Жаратқанның мейірі жанарыңнан төгілген.
Сені жаным сағынды гүл бүр жарған сезіммен,
Сені жаным сағынды жусан аңқып сөзімнен.
Көктем, көктем – жыл басы тағдырыма бұйырған,
Жан анамның құшағы самалыңда жымиған.
Өмірімнің мазмұнын жапырағыңмен жазыпсың,
Жан әкемнің жұмбақтау жүрегіндей нәзіксің.
Сүйіктімнің бір тамшы жасындағы аңсарсың,
Саған күллі періште уілдесін, тамсансын.
Мен жұмақта оқитын құпиялы Өлеңсің,
Жұпарыңа Жасыл Нұр, өркениет бөленсін.
Су қуанып, шөп күлсін, ауа билеп әніңе,
Тау елжіреп, шөл балқып, аспан сөйлеп сәніңе.
Көктем, көктем – бақытым, шаттық шалқыр үніме,
Өлсем, шіркін, арман жоқ еліктеумен гүліңе.
Көктем, көктем, құлпырған тылсымыңа құштармын,
Сендегі ырыс оқылар дұғасында құстардың.
Мен дәл сендей сыйынсам Жаратқанға жалынып,
Пайғамбар боп кетермін аппақ нұрға малынып...
НЕКЕ
Аллам өзі артық көріп, анамыздан біздерді
Махаббатпен жаратты.
Жүрекпенен сүйгізіп, жанарменен сөйлетіп,
Жанның жалғыз күбіріне сыйғызып,
Жарық дүниенің сәулесіне бөледі.
Ақылымыз сезімге, сезіміміз ақылға
айналғанда,
маңдайдағы жазумен
Қара түннің қойнауынан қалықтап,
Таң маңдайын көрсеткенде шығыстан
Тағдырымыз бір дыбыста түйісті.
Біз уілдедік сәбидей,
Біз балқыдық,
Біз басқаша күй кештік.
Жүрегімен жымиып,
Біздің жаққа сапар шекті жас үміт...
Күтудеміз асығып,
Күтудеміз.
Тәубә, тәубә,
Күллі әлем ән салып,
Періштелер тамсанып,
Аруақтар қол соғып,
Қанымызда қуаныш күлді мөп-мөлдір.
Аспан астында,
Жер үстінде құбылған,
Әр сәуледен нәр алған жапырақтың демімен,
Сан дыбыстың ішінде санадан тыс ой кешіп,
Қара тәннің қауызында билеген
Жасыл Жанның аппақ-аппақ арманын –
Ақсақалдың тілек аққан тілімен,
Ақжаулықтың мейірім тұнған үнімен
Өрнектеп,
Күлдіреуішін күн көмкерген киелі
Шаңыраққа уық қадап баталы,
Алла жаққа көтердік!!!
ҒАШЫҚТЫҚ
Ринаға
Сен – өмірімнің өзегісің.
Жанарында жан толқыған
Саған деген сағынышым
дауысымның дірілінде,
Сеземісің?!
Төзімімнің әр қадамы күрсініспен саналған
Мезетте,
Елесіңе құр алданып есіме алсам өткенді,
Қаперімде қабағыңның нұры ойнап,
Кәусар күлкің көңілімді гүлдетіп,
Құлағымнан кетпеді!
Шүкір деймін,
шүкір деймін, көкірегіме күй тұнып,
...Сосын, анау аспан жаққа шаттығымды шашқылап,
Әуенімен Құранның әлдилетіп жүректі,
«жарасым бер, Жаратқан!» деп жыладым,
Жалғандағы жарығым!
Маңдайдағы тағдырымыз – Жаратқанның жазуы –
Жазмышта жұп жүректің жаннан тәтті мұңы бар.
Мен – Сен деген махаббаттың жырымын.
Сұлуым!
Сенің Жаның... Сенің Жаның...
Сенің Жаның аққу ма екен?!
Аққу болмыс сыңарыңмын,
Ақ қанатын аймалаған дұғалы түн.
Дұғалы түн бұтағында бүрлегенде арманым,
Үмітімнің лүпілімен жапырақ – жаным тыныстап,
Саған ғазал арнадым!
ЖАР
Жүрегіңде сезім бүршік жарғанда...
Арманыңнан аппақ-аппақ ой ұшып,
танымайтын,
білмейтін
Мені күттің жолдардан...
Сен – Үміт едің ерінінде шөл өлген,
Мен – Назар едім сұлулықты аңсаған,
жо-жоқ, Аңсар едім құшағында Ай күлген.
Міне, осылай екі бөлек әлемде
сағынышымызды жүдеттік.
...Уыз тамған омырауында уақыттың
Мені Саған таңдау еркім жетелеп,
Сені Маған таңдау еркің ерітіп,
Тағдырымыз гүлдеді.
Гүл-гүл тағдыр,
Көркем сөздер...
Менің күллі ғұмырым
Әлдиіңнің әуеніне айналды.
Әлдиіңнің әуені – арманымның патшасы!
Тфә, тфә, тілім таста майырылсын!
Жарығым...
Менің мұхит мұңымнан
көңілімнің көз моншағын ауладың.
Ашуымды ақылыңа құштырдың...
Мен...
Сосын тағы...
Көздерінен мың өтірік бықсытып,
Сөздерімен сүйіскендер
жылатқанда жанымды,
тек Сен ғана сабырыңмен аялап,
тек Сен ғана жүрегіңмен жұбаттың.
...Білесің бе?!
Сенің қанағатты қабағыңда
Менің жұлдызды тәубелерім бар,
Ниетіңде ырыс-құтым бар баталы.
О-о-о, ендеше,
осы Өлеңді қаперіңе арнадым...
Ал, тыңдашы...
шаңыраққа қарашы...
Біздің ғұмыр – Періштенің күбірі...
УГАЙ
Угай, угай, әй-угай....
.....................................
Көш айрылып салтынан,
Жер айрылып халқынан,
Түнге сіңіп кеткен соң көп тағдырлар жамырап,
Ермен иісі аңқыған күрең сайда аңырап,
Ыңылдайды балбал тас арқар – мұңы маңырап...
Угай, угай, әй-угай....
.....................................
«Угай әні» көшеді – көшу оған жазғасын,
Бала мұңын сол сайда... (зар жұбатқан әз басын)
Сыйынады Құдайға – тасқа тамған көз жасы.
Ал, балбал тас – Тамырым, Топырағымның Киесі,
Қозғалмады, көшпеді, көкірегінде күй есіп,
Ол себебі ай маңдай Сағыныштың Иесі.
Угай, угай, әй-угай....
.....................................
Ер түріктің мекені Қасиетінің түсі аппақ,
Туған Жерім қалды артта балбалдарын құшақтап.
Күн астында күңіреніп, күрсінеді Дала, Аспан,
Көздерімнен сор ағып, қаңсып, талып өзегім,
Туған Жердің тау-тасын тек түсімде кеземін.
Угай, угай, әй-угай....
.....................................
Қара шалдың суретін қолына алып кешқұрым,
Кемсеңдейді қарт апам тежеп ішкі өксігін.
Менің жаным жылайды зарлығына тағдырдың,
Әжімдерін қуалап кермек, шерлі мөлдір мұң,
Апам ылғи айтады Балбалдардың ерлігін...
Угай, угай, әй-угай....
.....................................
Ойғыр таудың ойында қалды ма екен ойыны?!
Баян таудың сайында қалды ма екен қайыңы?!
Қобда өзеннің бойында жастық шағы қалды ма?!
Әлде, мендей түсінде
Қара шалдың бейітіне қайғы кешіп барды ма?!
Угай, угай, әй-угай....
.....................................
Көш айрылып салтынан,
Жер айрылып халқынан,
Түнге сіңіп кеткен соң көп тағдырлар жамырап,
Ермен исі аңқыған күрең сайда аңырап,
Ыңылдайды балбал тас арқар – мұңы маңырап...
ЖОҒАЛУ
Бісмилла...
Бісмилла...
шынында...
Үйлеспестен ешқандай бір ұғымға,
Ең алғашқы топырақтай иленген,
Және сазды сырнайдай,
Ең алғашқы жапырақтай билеген,
Есімде сол уәденің уілі...
Иә... иә... мына жалған – Бес Күнге,
Жағынбай-ақ, жалынбай-ақ ешкімге,
Мен Сол жақтан өзімді іздеп келгенмін,
...Біреулерге ілестім де,
Жетегінде желік қуған арманның
Жоғалдым «Мен», саудагердей сандалдым...
...Қаңғырдым,
Тарам-тарам жолдарында тағдырдың,
жан-дүниемнен жараланған жас парлап,
сай-сүйегім сырқырап,
езуімнен жынмен қоса у ағып,
әлем-жәлем көшелерде мәңгірдім.
Күрсінісі ызғарлы және өте ырымшыл –
Өкінішке Обалымды тоңдырдым.
Талай рет үсіткенмін ақыл қонған шекені!
Ұят өлген өлкенің ең сүйікті мекені –
Өмір дейтін мәдениетті құлдықтан
Бейберекет бір бейтарап сырды ұққам.
Миллиард-миллиард дүние қуған балшық ми,
Түк таппайды құрлықтан!
Түсін, күнім,
Менің сәби ойларымды жұбатқан,
Үні мұңлы, тылсымды бір музыка бар қанымда.
Білесің бе?!
Кеше тағы жыладым.
Жалғыздықты жаутаңдатып жанымда.
Түсін, күнім,
Үміттімін, іздегенім табылар,
Сосын жаным ауыр ойдан арылар...
................................................................
...Жанарымда жалғаннан тыс арман бар,
Маңдайымда машақаттың табы бар...
..................................................................
Кешір, кешір, енді оларға ермеймін,
Ниетімді жұтып қойды, сенбеймін...
Бісмилла...
Бісмилла...
сенбеймін.
Алақаныма дем салып періштелерге үрлеймін....
Сау болыңдар,
...Қайда кетіп барамын?!
...Білмеймін.
ЖОЛ ҺӘМ ЗАРЫҒУ
Ғайыптан – Құрсаққа,
Құрсақтан – Құрлыққа,
Құрлықтан – Ғайыпқа
белгісіз белгімен жазылған
Арманым –
Апамның әжімі секілді Жолдарым.
Иә, Мен, Уақыт желіне сүрленген сүрдектің
сүрінде сөзімді өзімше гүлдеттім!
Маңдайым топырақ сүйгенше сүйемін
Сендерді, Жолдарым – Құрметтім!
Жолдар-ау,
түсіндім,
түсіндім,
Жолдастар алдамшы екен ғой,
Білмеппін!
Бір досым бар еді…
Дүние күйіне елігіп,
Билейді-ей, бай болғыр!
Бір досым жақсы еді...
Әйелі екеуі желігіп,
Жанымның дертімен ойнап жүр…
Жолдар-ау, айтпай-ақ ұғатын жан мұңын
Дос іздеп қаңғыдым…
Дос керек, шын доссыз
Өмір де, Өлім де далбаса!
Жанымен жылайтын, жүрекпен күлетін,
Қуаныш қадірін білетін
Ит керек, ит керек болмаса!!!
«ҚИЯЛ»
Бұл Өмір – тым қатал, иә, талай жылатты...
Бұл Өмір – Ертегі... Ертегі емес пе мұратты?!
Бұл Өмір – Сағыныш, жоқ, бәлкім, зарығу?!
Бұл Өмір – құнығу, әйтпесе, жалығу?!
Бұл Өмір – Махаббат немесе жоғалған Махаббат?!
Бұл Өмір – Құдайға құлшыну, Сенімге құлдану?!
Бұл Өмір – о, мүмкін, алдану, арбалу, талығу?!
Білмеймін...
Бір нәрсе іздеймін. Таппаймын...
Сен-дағы таппайсың, жарығым...
Бұл Өмір – ойыңда ой кезу, сөзіңде қаңғыру, сабылу?!
Бұл Өмір – ??!
Жә, қойшы...
...Мына бір сабырсыз сағыныш сені іздеп,
Телміріп аспанға құстарға елігіп...
Сапарға аттансам ойланбай желігіп,
Сапарға аттансам күндерді жылатып,
Сапарда отырсам түндерді жұбатып...
Сапардан сапарға Өлеңім созылып,
Өлеңім – тағдырым, тағдырым – азығым.
Иә, сосын...
Орманда сенделіп, тауларда талығып,
шөлдерде шалдығып, жолдарда жалығып,
ерінім кеберсіп, сақалым селдіреп,
тамағым қырылдап, шаштарым желбіреп,
өн бойым ауырлап, қабағым қан жылап...
Алыстан-алыстан келгенде қалжырап,
Сен тұрсаң алдымда көйлегің көлбіреп,
Үндемей жұмбақтап жымисаң елжіреп;
Мендегі қаталдық қояндай дірілдеп,
Сендегі нәзіктік құпия күбірлеп,
Іңірде... Орманда... Оңаша қалғанда...
Екеуміз – Жалғызбыз. Жалғызбыз – біреуміз...
Мен саған ынтығып, Сен маған қымсынып,
Көзімнен анайы сезімім «Гүлім...» деп,
Көзіңнен ұялшақ қуаныш күлімдеп;
Мендегі жүрекке іңкәр бір ән бітіп,
Сендегі аңсарды армансыз шалқытып...
Лә-лә-лей, шіркін-ай!
Құлындай дауысыңды аңқытып,
Құшсам ғой мен сені бауырымда балқытып...
..................................................
Бұл Өмір – ??!
ЖҰМБАҚТАС
...Өлім аузында жатқан жігіт: «Күн ба-
тыстан шыққанша... Күт, мен қайтып
келемін...» – деді де дүниеден өтті. Қасірет
жасына тұншыққан жас ару күнбатысқа
қарап, Құдайдан өзін қайығымен қоса тасқа
айналдыруын сұрап дұға қылды. Дұғасы
қабыл болды...
І
Уақыттың демінде үндемей мұңданып,
Мың ғасыр Аспанның тағдырын оқыдым.
Билегім келіп тұр кәдімгі Гүл болып,
Сөйлегім келіп тұр, ақыным...
Бәріне өкініп, әлі де қиналам,
Алғашқы өлімдей өксиді жүрегім.
Әлемнің жұпарын өзіне жинаған,
Мен бұрын тас емес, Гүл едім.
Гүлдердің әдемі-әдемі сөздерін
Тамсанып тыңдайтын Біреу бар жалғанда.
Қараңдар,
көре ме, көрмей ме көздерің?!
Құлағы еститін жан бар ма?!
Мәңгілік махаббат мекенін іздеген,
Сезімнің өзі едік,
мейірім нәріне шөлдеген;
дірілдеп, мөлт еткен тамшы едік біз деген.
Ал қазір – зарығу, қамығу, талығу,
мұңдасу жылаған желменен.
Қара тас тілінде Құдайға жалынып,
Дұғамды оқимын сопыдай құлшынып.
Әйтеуір Біреуді күтемін, күтемін талығып,
Үміттің көзінен сағыныш күрсініп...
Мен оны күтемін, күтемін, келеді.
Келеді Анты үшін Арым мен Жанымның.
Ол мені сүйеді, сүйеді – себебі,
Сағындым,
сағындым,
сағындым...
ІІ
Қайдасың, ақ шаттық, қайдасың, әз бақыт?!
Қайдасың, ғашығым жылуын билеткен жаныма?!
...Күндегі бітпейтін мұңымды боздатып,
Түн келді тағы да.
Сен жоқсың, түн келді.
Не деген ұзақ түн бітпейтін?!
Мені емес, тоңдырды-ау гүлдерді
Ешкімді күтпейтін.
Батыстан Күн қашан күлімдеп шығады?
Мүмкін, сен білерсің, жаңадан туған Ай?!
...Тағы да бір жұлдыз жылады... құлады,
Көрдің бе, Бурабай?!
Бурабай, Тәңірдің Нұры бар жүзіңде,
Сол бір Нұр үнемі сабырлық сыйлайды.
Тек, әттең,
өкініш ыңырсып өткен күн ізінде,
Жанымды қинайды.
Қой-көңіл маңырап, қайтадан оттығар,
Көңілге бақташы болудан жалықтым.
Бурабай,
Сендегі сұлулық әлемде жоқ шығар,
Әлемде мендегі жалғыздық жоқ шығар.
Жалғыздық,
сен айтшы, айтшы сен жасырмай,
Күн қашан батыстан шығады күлімдеп?!
Мен үшін әр бір түн – бітпейтін ғасырдай...
...Уһ, тағы түн келді күбірлеп...
ІІІ
Тағы да күз жауып тұр...
Билейді жапырақтар,
Несіне билейді екен, «аңқаулар, ақымақтар...»
Қарашы, Өлім биі не деген көркем еді,
Өлмедім неге мен де??? (өзегім өртенеді).
Кәдімгі күз жауып тұр...
Бұлттарды қайтсем екен күніне мың құбылған,
Аңқиды мұңның исі аққудың сұңқылынан.
О, менің неге, неге көңілім гүлдемейді?!
Оқжетпес үндемейді, ол неге үндемейді?!
Жұрт мені «жұмбақ» дейді, «тас» дейді түсіне алмай,
Істеген күнәларын есіне түсіре алмай.
Бір-бірін қу тірлікте көре алмай ағаларым,
Сендер де жүрегімді сан мәрте жараладың.
Көкшетау – қасиетім, не деймін мыналарға,
Үндемей қоя салсам сырымды ұға алар ма?!
Иә, әлі... күз жауып тұр... Билейді жапырақтар,
Ертең сол... қыс келеді... баяғы «ақымақ» қар...
Көктем де келер сосын көзінен Аспан күліп,
Құстарын Бурабайдың көркіне мас болдырып.
Көктем-ау, Көктем, Көктем,
Сен – құстың тілегісің ,
Мен деген – Сағыныштың зарымын, білемісің?!
...Тағы да күз жауып тұр...
Билейді жапырақтар,
Несіне билейді екен, «аңқаулар, ақымақтар...»
ІV
Шарқ ұрады шағала...
Шарқ ұрады ойларым,
Ақ дұғамда – тағдырым, ақ сертіммен байладым.
Ақырғы таң атқанша қозғалмаймын, тұрамын,
Айналайын қырт өмір, оны несін сұрадың?!
Бурабайдың жұпары – қарағайлар әлі үнсіз...
Шақырып тұр жағаға сол бір Елес – жағымсыз.
Сол бір Елес қап-қара – үрейімнің секемі,
Күнде кешке көлбеңдеп көз алдымнан өтеді.
Тысссссс... бүгін көлдің толқыны тәтті-тәтті ұйқыда,
Көл бетінде зорайған қорқынышты сиқыма
қарап тұрмын үңіліп,
қарап тұрмын дұрыстап...
Қарап тұрмын тағы да үнсіздікпен тыныстап...
Шарқ ұрады шағала,
Шарқ ұрады жүрегім,
Күліп тұрып жылаймын, жылап тұрып күлемін.
Жалғыздық-ай, жалғыздық, сені бүгін таныдым,
Күрсінеді көңілім, күрсінеді... Жарығым!
Ештеңені ұға алмай шашым жайып ойланам,
Сосын... сосын... түнерген кейуанаға айналам.
Он сегіз мың ғаламның сипатына енемін,
Маңдай солай сөйлейді – көрерімді көремін.
Сезіміңді қорлама, мөлт-мөлт еткен сіңілім,
Махаббатпен оқылсын кешегің һәм бүгінің.
Сен де мендей Ар үшін Жан алдында биік тұр...
...Кеше қысқа түс көрдім:
жалғыз аққу ернімнен қанатымен сүйіп тұр...
V
Қазір маған ештеңе қызық емес,
Сол баяғы шолақ – түс, ұзын – елес.
Жаз жамалын сағынып (ол да мендей),
Жел жылайды Күз келсе – қызыл өңеш.
– Жел, сен неге жылайсың, бұла жаным?!
Мен де ешкімнен жұбаныш сұрамадым.
Кел...
Бірімізді біріміз жұбатайық,
Түсінбейтін секілді мыналарың.
...Желік қуып жел кетті, тыңдамады,
Кетсе кетсін, о, неге бұлданады?!
Қарағайлар ыңылдап ырғалады,
Жапырағын жерлеген нәзік қайың,
Жерге қарап күрсініп, мұңданады...
Құбылада қу тірлік құбылады,
Орман тілін, су тілін кім ұғады?!
Қараңызшы, үміті шұғылалы,
Айнакөлдің нәресте толқындары
Жағалауға шалынып жығылады...
Күз жауып тұр...
Қашан менің атады құла таңым?!
(Өзімді өзім жек көріп жылатамын),
Аққуы жоқ, қазы жоқ, гүлдері өлген,
Осы күзді мен неге ұнатамын?!
Ал сен айтшы, Бурабай...
БОЙДАҚТЫҢ МҰҢЫ
Суреттегі әдемі келбетіңе
Қарай-қарай сыймаймын жер бетіне.
Үйленбей-ақ өтер ем...
Әттең, бірақ...
Төрт қабырға. Бір төсек. Бөлме – түрме.
Мың құбылдым бір саған ұнай алмай,
Жынды қылдың,
сен мені жынды қылдың.
Күле де алмай, бөлмеден жылай да алмай,
кеттім шығып, Құдай-ай, шыдай алмай.
Кезіп келем көшені, кезіп келем,
Ауыр оймен еңсемді езіп келем.
Өмір – мылқау мендегі,
Көңіл – соқыр,
Үміт – нұрлы.
Сабыр жоқ.
Сезік – керең.
Таусылса егер мен деген төзім, әлім,
Талшық етем сен деген сезім әрін.
Көңілімнің күйігі көзден ағар,
Үндеме...
Үндемеші, айтатын сөзің мәлім...
Жазирасын жанымның торласа мұң,
Ойланбай-ақ әдейі ор басамын.
Көкжиегін қыңырлық шимайлаған,
өтті талай өлі түн, далбаса күн.
Есіңде ме?!
Бал сырға қанбаушы едік,
арман қуып зау көкке самғаушы едік.
Мына әлемге екеуміз күліп қарап,
бірімізді біріміз... алдаушы едік.
...Жүрегімнің жанарын құм басқан ба?!
Жоқ, әлде мұң басқан ба?!
Жоқ, әлде, Жын басқан ба?!
Сол кездегі көл-көсір уақытқа
Жұлдыздарын тамызған түнгі аспанға
қарап тұрмын...
Бәрі де шектемелі.
Мұңға малды қара күз текке мені.
Көктем еді көңілім, көктем еді,
Уай, қадірсіз Уақыт, сөкпе мені,
арман алыс, жетем деп жетпегенім...
Түнгі қала – илеуі құмырсқаның,
Түнгі қала, мен сені жек көремін!
ҚОҢЫР КҮЗ. САЯБАҚ. ҚЫЗ МҰҢЫ
Неге, неге???
Неліктен сол күбірге құлақ түрдім?!
Айтсаңшы, керең тағдыр, сұрап тұрмын?!!
…………………………………………
…Ол сыйлаған заттарды, көйлектерді
өртедім, жырттым – бәрін лақтырдым!
Қоңыр Күз,
тек сен қана түсінесің,
Мен тағы...
тағы, міне...
жылап тұрмын…
Осыған кім кінәлі?!
Түн… Түн кінәлі!
Неменеге мына Жел жұлқынады???
«Сүйеді… Жо-жоқ... мені сүймейді ол...»
Ұмытты…
…Сағынады мүмкін әлі???
Есімде тымық түнде, тұнық таңда…
Жанымды жалғыз сөзі жылытқанда…
Ол және Мен, күллі әлем талықсыған,
Ол шомылып мендегі қылықтарға…
Мен…
Құрып қалғыр!!!
«…Қайда асығып барады мына адамдар?!»
«Обал» деген ұғымды ұмытқан ба??!
О, Тәңір-ай!
Жас емес!..
Жас емес, қан жылайды қас-қабақта,
Қисық жол кесірлікке бастамақ па?!
Білмейтін, ешкім мені танымайтын
Қаңғып кетсем қайтеді басқа жаққа?!
Қоңыр күз-ау,
Қоңыр күз…
Мұңымды, сорымды да аймалаған,
Сөйлеші, қайтем енді, қайда барам??!
Мен – сары жапырақпын…
Мен қызбын, ақымақпын, кешіре сал,
Жалғыздық жылатарын ойламаған!
Келер күз…
Келер күз нені маған бұйыртады??
Былтырғым қайталанды биыл тағы…
Шынында, бұл Уақыт өтірікші,
Алдайды, құр қиялға сыйынтады!
Неліктен селт етпейді бұл адамдар??!
Құдай-ау, Ұят өліп, жылағанда Ар.
…Қоңыр Күз, мұңлы аспан, жапырақтар,
Ол жайлы менен енді сұрамаңдар!
SMS ХАТТАР
(қыз күнделігінен)
Алғашқы SMS хат
Өткен іске өкініп, өлесің бе?!
Басқа салса, бәріне көнесің де.
Басқа бір жан, жат өзек бақытым ба,
Бақытсызбын, осыған сенесің бе?!
Түсін, жаным,
Мен бәрін түсінемін,
Түсінуге жаралған кісің едім.
Соңғы сөзім ұласып күрсініске,
Соңғы рет бір қолыңа түсіп едім...
(Түуф! Сол кезді несіне еске түсіремін?!)
Көзден ақса мөп-мөлдір бұлақ-қайғым,
Сабырыма бас ұрып тұрақтаймын.
Сені ойлаймын, білмеймін, неге ойлаймын,
Сенен басқа ешкімді ұнатпаймын!
Сенсіз өткен тілдеймін түндерімді,
Сенсіз өткен күндеймін күндерімді.
Сезім суып, ой ұлып, көңіл өксіп,
Өзімді емес, сүйретіп сүлдерімді,
Кеше тағы базарды араладым,
Қара базар – ұясы бал араның.
Қарсы алдымнан қырсығып қарсы шықтың,
Қасарысып әдейі қарамадым.
Қа-ра-ма-дым!!!
Содан кейін түтіп жеп қалың күдік,
Бағым жылап тағы да, сорым күліп,
Арымдағы мұңайтып Періштемді,
Қанымдағы Ібіліс қағындырып.
«Сүймеймін», – деп,
«Сүй-мей-мін», – деп бір кезде көкіп едім,
Толып кетті құсаға көкірегім.
...Телефоннан бұл хатты өшірсең де,
Жүрегіңнен өшірме, өтінемін...
ҮШІНШІ SMS ХАТ
Жалықтым, бәрінен жерідім,
Сендей боп түсінсін мені кім?!
Әзірге жаныма жұбаныш
ұялы телефон – серігім.
…Альбомды ақтардым түнімен,
Өзімді тағы да алдадым.
Жас сіңген жастықты құшақтап,
Ұйықтай алмадым.
Шырмауық ойыма шырмалып,
Не таптым түнеріп түн бағып?!
Сұп-суық таң атып келеді,
Сұп-суық төсектей сұрланып.
Сұп-суық тағдырға мөлдіреп,
Жанымнан ып-ыстық жас тамған.
Сен деген сенделген ғұмырды
Ми емес, жүрегім басқарған.
Өтінем, хат жазшы аспанға,
Хаттарың аспанмен келеді.
Сағыныш тілімен оқиын,
Жоқ менде басқа арман… Себебі…
ЖЕТІНШІ SMS ХАТ
Жеті қараңғы күмәннің ішінде...
Үмітім үнсіз жылады,
Жаным...
(Кім бізді түсініп, ұғады??!)
Жүрек,
Айтшы!
Жолықтым...
Күмілжіп алдыңда
есімнен адастым...
Содан соң... ағылып сезіммен сөйледім
Сағынып...
Мен сені
өзіме шақырдым,
өзімді іздедім көзіңнен.
Таппадым.
Келмедің...
Уәде – кімнің сөзі?!
Жігіт,
Жалғыздық суытып сезімді,
Жалғыздық жұтты ма сөзіңді?!
Мен
Тағы да жоғалттым өзімді.
Сен
Ештеңе сезбедің, білмедің...
Күлдің...
...Білдім.
Жеті рет әдейі жолықтым,
Жеті рет...
Ырқыңа жығылдым...
Ымыңа жүгірдім...
Ұқпадың...
Жеті түн түсімнен шықпадың,
Жеті күн есімнен кетпедің...
Түсімде
қолыңды созасың жымиып...
Қиналдым...
Жетпедім...
Таусылды төзімім,
Таусылған төзімнің
Ып-ыстық жасына жуылдым...
Өңімде
Өзіңсіз – бәрі бос.
Сезіндім. Қорықтым...
О, Тәңір, Мен неткен дәрменсіз өмірмін?!!
Ұғындым...
Үгілдім...
Түңілдім.
Міне, енді...
Қара түн қанатын жайғанда қалаға,
Кеземін қаңғыбас қиялдың арасын,
жол таппай баратын
Саған.
Түн... арманның көгінде жұлдыздар бүрлеген,
Түн... жастыққа шерімді тарқаттым көзіммен.
Түн... Түс көрдім тағы да...
Түсімде
Жетем деп жетпедім жаныңа.
Түүф, тағы да жүрегім дауыстап жылады...
Осылай ғұмыр кеш деп пе едің?!.
А...?!
ОН ҮШІНШІ SMS ХАТ
Түнімен ауырып жүрегім,
Құдайдан біз жайлы тіледім.
Бүгін мен...
Бүгін мен бәрінен кеш қалып әдейі,
Сен жүрген көшемен жүремін...
Жақындап бара алмай қасыңа,
Тұншықтым, тұншықтым тағы да жасыма.
Құдай-ау, ойымнан кетпейсің,
Махаббат дегенің осы ма?!
Мен саған...
Мен саған сөзіммен, көзіммен, өзіммен
Ұнағым келеді, ұнағым...
Жылайтын сәттерде жымиып,
Күлетін кездерде жыладым...
Мен де бір көктемнің жаңбырлы әнімін,
Тағдыры жауратқан жаны – мұң...
Бәрі де... Барлығы өткінші, білемін...
Сен ғана өткінші емессің, жарығым...
Сен ғана...
ҚЫРЫҚ БІРІНШІ SMS ХАТ
Өзгені ұнатпай,
Өзімді жек көрдім.
Тілдедім тасбауыр тағдырды.
Мына түн не деген сұп-суық?!
Жанымды тоңдырды.
Өзіңсіз қыбырлап құр босқа,
Күн өтті, апта өтті иіріліп жыландай,
беліне оралып бұл айдың.
Мен неге үніңді естісем қуанбай,
Неге Мен жылаймын?!
Ботадай боздайды
Жас жетім жүрегім.
Бағынбай ешқандай ақылға.
Сен мені жұбатып,
хат жазшы өтірік,
Қуанып қалайын...
Мақұл ма?!
СОҢҒЫ SMS ХАТ
Өткенді несіне қозғаймын,
Мен енді күнделік жазбаймын.
Үніңді сағынып, үнемі
телефон шалмаймын.
Сен жүрген көшемен жүрмеймін,
сен барған тойға да бармаймын.
Нәресте-сезімім жыласа,
өбектеп алдаймын...
Жүрегім жыласа қайтемін,
Жаным-ау, соңғы рет айт емін?!
Күдіктен сейілсін көкейім,
Тәңірім қоспаса не етейін?!
Қайтарып тасташы бетімді,
Өмірден өкінбей өтейін.
Ақкөңіл асылым, арманым,
Кім екен ғашығың, жан жарың?!
Қабағым қай жаққа тартып тұр,
Көтеріп мұңымның салмағын?!
Осылай үмітті ырыммен
Көңілім көлдей боп шалқыған.
Кешірші, ең соңғы хатым бұл,
демінен сағыныш аңқыған...
ҰМЫТ МЕНІ...
Ұмыт мені...
ойлама,
өшір мені есіңнен,
Өлсін ойлар,
өлсін сөз,
өлсін Өмір есірген.
Менің досым – «Өкініш» – Сенің ессіз ғашығың,
Енді Мен де мыңдаған ғасырлардың жасымын.
Қан аралас жаспын Мен, өтінемін жолама,
Менің сорлы сезімім қаңғып өлсін далада!
Өлсін дала қамығып,
Өлсін қала қағынып,
Мен де өлейін дұғамда.
Өлсін қазір Уақыт, ұмыт, ұмыт барлығын,
Өлсін түндер көміліп, өлсін шөлдеп зарлы күн!
Аңсар сөзін ұқпадың, Мен адастым, жоқ шара,
Кінә тақпа Тағдырға, сосын, Мені ақтама.
Өткен ғұмыр – хақ Тағдыр, келер күндер Еркіңде,
Мен Еркіңде өртендім, Сен айныма сертіңде,
Өлді!
Бітті!
Жоғалды!
Сөнді үміт – қайғылы ой,
Ұмыт мені, ұйықта!..
Әлди,
әлди,
әлди-ай,
Кекіліңнің әр талын гүлмен тарап берейін,
Кірпігіңді, жан сөзім, жырмен санап берейін,
Қайырындай Сәлемнің, мейіріндей Тілектің,
Көздеріңнен сүйейін ерінімен жүректің...
Ұмыт мені, болды енді, мүлде, мүлде ойлама,
Бірге өткізген тәтті түн – Сенің Түсің жай ғана...
Ғұмырымды өрнектеп ақ махаббат билеген,
Бірге өткізген сәтті күн – Менің Түсім жай ғана...
ЖОЛДАНБАҒАН SMS ХАТ
Қос дүниенің гүл күрсінген тағдыры-ай...
Түсінемін...
Сезіміңнің уіліне сенемін – періштедей Өлеңім.
Міне, тағы хатың келді...
Сенің хатың – көкірегімді күйдірген ең улы жас сұп-суық,
Ең улы жас – өкініштің өксігі.
Қазір демім – көк түтін, күрсінісім – ақ жалын,
Быт-шыт қылып жүйеленген өмір сүру заңдарын.
Қан-қан құса қаңғып кетсін көше бойлай еркіндеп,
Жүрсін солай бағыт таппай баратын.
Ал мен үйде отырайын түк сезбей,
ішімде өліп қара түн.
Түсін, сәулем, дәл қазір біздің үйдің аурасы
күлгін түсті үнсіздікпен боялған...
Жарым – мұңды, жаным – сұлық, ой – ойран,
...Айналайын, сұрамашы, сұрамашы себебін,
Хаттарыңа не деп жауап беремін??!
Жан әлемі – жұмақ гүлі – көктем – қыз,
Біз ер-те-де-е-е...
О дүниеде қосыла алмай кеткенбіз.
Болды, бітті, ұмыт мені, сағынба, табынба..
Мың жылдан соң келем... өлем сенің жаныңда...
ОНЛАЙНДАҒЫ СЕЗІМ УІЛІ
Кірпігіңе Күн шомылып, сезім күлген, арайлым,
Ғаламтордағы ғажайып суретіңе қараймын...
Қарай-қарай қабағымда бүршік атып аппақ мұң,
Ғашықтықпен ақыры маңдайыңа тоқтаппын.
Сонсо-оң... ой-бо-ой... армандау....
қайдағыны ойға алу...
Қиялдану... Қиялдау...
Мендік Қиял – Жазмышыңа айналу!
Солай, еркем, түсінші...
Ойың – сұлу, пәк – басың,
Сөз оғынан Жаныңды көз сұғынан сақтасын.
Монитордан мөлдіреп жүрегімді гүлдеттің,
Махаббаттың самалын сезінбеппін, білмеппін!
Бақыт деген осы ма?!
Мүмкін, сорым шығарсың?
Ойхой, мына мүсінмен...
Мың ақынды ғашық қып, миллион жанға ұнарсың!
Сенің әзіз алдыңда барлық еркек некелі,
Құмарлықтың демімен құмға сіңіп кетеді.
Жан әлемін билетіп, армандарға гүл қадап,
Сені сұлу жаратқан Жаратқанға мың мадақ!
Міне, осылай сөзімнен нұр саулаттым – жасыл нұр,
Ғашық еттің, қайтейін... Бақыт гүлің ашылғыр!
Сені ойлау – Сағыныш және тәтті қайғыру...
Жауап жазсаң поштама – bauke82@maіl.ru ***
Өзіңді өзің іштей мүжіп, түнеріп
Өзіңді өзің іштей мүжіп, түнеріп,
түн ішінде жыларыңды білемін...
Жер бетінде жалғыз қалған адамдай
Күрсінерсің, күрсінісіңде күн өліп...
Менің енді хал-жайымды сұрама,
Маңдайынан махаббаты құлаған,
біреумін...
у-у-фф... ұмыт дейсің...
ұмыт дейсің, селт етпей,
енді мені мазалама, сұранам...
Жүрегімде мұң мертігіп бір күнде,
жалғыз сөзден жараланып күлкім де...
Ерініңде тербетіліп тағдырым,
Ұмыт дейсің,
ұмытуым мүмкін бе?!
Біздің ғұмыр – періштелер күбірі.
Қарасаңшы жанарыма үңіліп...
Ұмытармын,
сағынармын үгіліп,
Тас жүрек боп кетем сосын түңіліп!
Бүгінгі түн – ең сорақы, азалы,
Ақын тағдыр қатыгез жыр жазады.
...Біреу маған хат жазыпты «сүйем...» деп –
телефонның мазағы!
Жүрегімде бауыздадым бұл түнді,
(Өкінішім бос кеудемде бұлқынды).
...Жаратқанның мейіріндей көрінген
Қалай сенің ұмытамын күлкіңді?!
КІМСІҢ?!
...Өміріме еніп келдің кенеттен...
... дауысыңда дұғасы бар әлемнің,
Сәлемі бар ғайыптың,
Көңілімнің сілекейін шұбыртқан,
Құдірет бар гүл билеген күлкіңде.
Қайдан келдің ерініңнен нұр бүрлеп?
...жұлдыз ағып қанымда,
жан-дүнием жарқ етті ғой, нәзігім.
Таңдайымда Тәңірінің бұйрығы,
Тамырымда тағдырымның тынысы.
Жарығым-ау,
қабағымда қатыгездік мерт болып,
қызыл тілде сөз мөлтілдеп еріксіз,
сөйлеп кеттім....
Сөйлеп кеттім ақылыма бағынбай,
Кешіре гөр,
Кешіре гөр, махаббаты Тәңірдің...
Жарығыңмен қақ жарып жалғанымның түнегін,
О, қош келдің,
Қайдан келдің?
Кімсің өзі?
Кірпігінен періштелерді ұшырған...
Алақанымдағы шимай-шимай сызықтың,
Маңдайымдағы күре жолдың күрмеуін
Жымиысыңның лебімен шеш өзің...
Сені көріп ойларымнан ұялдым,
Сені көріп Жаратқанды таныдым,
Сені көріп Рухымды аластадым
уақыттың емімен.
Аялдашы..,
аялдашы...,
аялдашы..,
Жүрегімнің көзін сүртіп алайын
Таңданысымның дәмімен...
Атақ, билік, байлық, мақтау – дүрмектен
Атақ, билік, байлық, мақтау – дүрмектен
шаршағанда ойларымды гүлдеткен,
нәзік, іңкәр жапырағын аңқытып,
Сені еріксіз ойлатады бұл Көктем.
Осы Көктем қасиетті, қарағым,
«Сен» деп қана басылады қадамым.
Менің шексіз құпия, нұрлы тылсымым –
Жанарың-ай, жанарың-ай, жанарың...
КӨКШЕТАУ ТҮНІ
Көкшетау түні – ұйқышыл қыздай,
Көшелер көне – сөздердей өлі.
Ып-ыстық жасым, көңілім мұздай,
Күтемін кімді, ойлаймын нені?
Көкшетау түні, Көкшетау түні,
Тас жүрек болып кетіппін мүлдем...
Жаншылды тағы жанымның гүлі,
Осылай бәрі боларын білгем.
Күнәһар көзім, көрместі көрдің,
Көр болсаң – көр бол, жыласаң – жыла.
Көкшетау, саған не үшін келдім,
Не үшін сүрдім өмірді мына?!
Өртеніп өзек, жылайды арым,
О, қайда, қайда тәкаппар шағың?!
Жүрегіме басып сөндірші, жаным,
Саусағыңдағы шылымның шоғын.
Кешірші мені, жаңа ұқтым деме,
Жалғыздығымнан жалықтым деме,
Мен сүйген асқақ қыз емес пе едің,
Түн іші жалғыз жолықтың неге?!
Көкшетау түні, жылайды жаңбыр,
Ұмытқым келді өмірдің сәнін.
Алдайды уақыт, сынайды тағдыр,
Жолықпашы енді, ұмытшы бәрін!
Көкшетау түні – ұйқышыл қыздай,
Көшелер көне – сөздердей өлі.
Ып-ыстық жасым, көңілім мұздай,
Күтемін кімді, ойлаймын нені???
КерІс
Екеуміз де алдандық...
Екеуміз де өзімізге алдандық...
Кірпіктерден үзілі-і-іліп тамған шық –
Зәресіндей қарғыстың, уытты.
Тіліп өтті-ау жүректі,
жүректі суытты.
Бойымызда алаңы бар күдіктің,
наласы бар үміттің.
Сені, мені
Жалықтырды көзқарастар керексіз,
жалықтырды.
Неге, неге?
Неге гүлдер солып қалды себепсіз?
Қара суық неге ұлиды себепсіз?!
Сен көзіңді арыңменен жуыпсың,
Мен көзімді кәрімменен жуыппын,
далбаса...
Ал былайша бәрі дұрыс,
тек,
Ресторанда ән қорланып күйінгені болмаса.
Үнсіздік,
Раушан гүлі табаныңда тапталды,
Тапталды төзімің,
Тапталды сезімім.
Кірпіктерден тырс етіп тамған шық –
Зәресіндей қарғыстың, уытты.
Ойымызды қалтыратты суық түн.
Солай... Сөйлемеймін,
Сөйлемеші, сұрап тұрмын өтініп,
Сөйлемесін асабалар лепіріп...
Сөз сәулесі, ой буына сенгенбіз,
алдады,
екеуміз де алдандық,
екеуміз де өзімізге алдандық,
көндік сосын...
бәріне де баяғыдан көнгенбіз,
жаным,
енді,
түн жыласын.
Түн жыласын бұдан былай,
түсіңе енсе өлген Күз...
КЕНТАУЛЫҚ ЖІГІТТІҢ МОНОЛОГІ
(Астана. Сағыныш. Кентау)
І
Қара Күз. Мен және Жел (дараланып),
Отырмыз жалғыз сөзге жараланып.
Өмірім теріс қарап күрсінеді-ей,
Көңілім аңырайды дала болып....
Қаланың толған көлік төңірегі,
Адамдар сөйлеуге де ерінеді.
Қара Күз үндемейді, мұңаяды,
Жел байғұс ыңылдайды, не біледі?!
Аспаны қарс жауып қас-қабағын,
Бұлттары жылап отыр Астананың.
Мен Сені ойлай-ойлай мұңға батып,
Қайтадан Сағыныш боп басталамын.
Өз ойым өз-өзімді табалады,
Жанымды, арманымды жаралады...
Кентаудың қоңыр бұйра адырлары
Көзіме сағыныш боп оралады.
Махаббат,
соңғы хаттың басы – бүлік,
Жазыпсың...
...................................................
Кірпігіңе жүректің жасын іліп...
...Біздегі ақ сезімнің куәгері –
Бардың ба Хантағына жасырынып?!1
Сауыс-сауыс сеңгірлер мекендеген,
Кентауда қарызым көп өтелмеген...
Тағдыр-ай, иір-қиыр бұрылысты,
Мен Сені Арқаға алып кетем деп ем...
Аһ, менің Ары – Иман көбелегім,
Соңғы рет қоштасқанда не деп едің?!
Тәжісі Қаратаудың – Кентау болса,
Сен менің өмірімнің өлеңі едің!
Сол Кентау, мөлдіреген сезімді ойлап,
Көшпелі Тағдырды ойлап, өзімді ойлап.
(отырмын жалғыз сөзге жараланып,)
Уақыт көкіректің көзін байлап:
«Жә, жә, жә, бәрі жақсы болады», – деп,
Үгіттеп түніменен қоймай қойған,
Сенбеймін, сенбеймін мен, алдайды арман!
...Хантағы, жасыл Кентау түсіме енді...
...Мендегі бар Сағыныш – шалға айналған!
1Хантағы – өзеннің аты
ІІ
Түсіме кіріп едің күнде менің,
Осылай болатынын білген едім...
Бүгінгі «Сағыныш» деп аталатын,
Менің тұңғыш һәм соңғы махаббатым.
...О, ол кезде, біз – «Бақытпыз» бір жүретін,
Кентаудың келбетінен нұр күлетін,
Ащысай да аялап күнде өзімен,
Қарт Қаратау қарайтын түн көзімен...
Сол Көктем... Оны мәңгі ұмытпаспын,
Енді ешкімді, иә, мен де жылытпаспын.
Бір самал келетұғын Хантағынан,
Мен әңгіме айтушы ем жалпағынан...
Есіңде ме?!
Сол Көктем... ескі бақта...
Есіңде ме?! ...Адырда... басқы жақта,
Сен де маған... Мен саған... Гүл теріп ек,
Ымырттың ырғағына бүркеніп ек...
Шіркін-ай, сол бір кезең оралар ма?!
Тағдыр ғой, оған енді шара бар ма?!
.............................................................
Махаббат,
Түсіме кіріп едің күнде менің,
Осылай болатынын білген едім...
АҚЫН
Бауырым,
Санамды қалтыратқан құрысын мұң,
Бес күндік тірлігімнің тынысы мың.
Жемісін жұмақ жақта көрем, бәлкім,
Жұпарлы Өлең деген ұлы ісімнің.
Жаным – сау, Есім – есен, Салтым – аман,
Маңдайда бақ-жұлдызым жарқыраған.
Оңғарып оң жолымды жалқы Құдай,
Таңданып дұға қылсын жалпы ғалам!
Сыр тартып Жаратқанға жақындардан,
Мұсылманның ұлы боп мақұлданғам.
Жылатып сабырыммен сайтаныңды,
Алланың әмірімен Ақын болғам!
Сезінсе ақылдысы, ақымағы,
Сабырын сасқалақтап шақырады.
Сөйлесем ми нұрланып жүрекпенен,
Жанардан жан-дүнием оқылады!
Көгінде көңіліңнің биік сенім,
Аллаға мен де сендей сүйікті едім.
Ойларым мұхиттан да терең болса,
Арманым аспаннан да биік менің!
Дос етем ерегескен ел мен елді,
Ей, неге бірін-бірі кем көреді?!
Жырымның нұрыменен жусам деп ем
Жүрегі кірлеп кеткен пенделерді!
Солай, бауыр...
ШЫН
...Оған кеше мың басы емес, Жын басы
Жалынды-ай кеп, жырлашы деп, жырлашы.
Содан кейін өлең ұрлап жазыпты,
Тыңдашы:
«Жұмақ жаққа не бетіммен барамын?!
Қара түннің қабағында қара мұң.
Қалай ғана тастап кетем үндемей,
Жаспен жуып жәудіреген жанарын…
Неге бәрі бірін-бірі күндейді?!
Біз секілді неге тату жүрмейді?
Қара түнім көлгірсімес ешкімге,
Қара түнім менсінбеуді білмейді.
Бір бұрышқа барып алып оңаша,
Ойнаушы едік баяғыда балаша.
Сен білмейсің оның ерке мінезін,
Қара түнім – тамаша!
Меңіреу дүние, менменсімей құлақ түр,
Түйсігімді солқылдатқан сұрақ бұл.
Оның жаны нәзік еді, апыр-ай,
Қара түнім неге бүгін жылап тұр?!
Жұмақ жаққа қай бетіммен барамын?!
Қара түннің жүрегінде қара мұң.
Қара күз де түсінбеді біздерді,
Қасарысып қарс жауып қабағын.
Қара күз де, түсінбеді біздерді…»
...Оған бүгін Жын басы емес, мың басы
Жалыныпты жырлашы деп, жырлашы.
Содан кейін жоғалыпты үн-түнсіз...
...Аспан жақтан күбірлейді,
Тыңдашы:
..............................................
АЛЛА!
ТҮС
Түс көрдім – түсім емес, өңім менің,
Туған жер – Түркілердің еліндемін.
Баян тау бұлдырайды бұлтқа айналып,
Бірге өскен бұрымды қыз, көрінбедің.
Бала қыз, көрінбедің көзіме сен,
Атыңды тасқа басқан кезім екен...
Әлгі бұлт аяқ асты қала болып...
Жанымда біреу отыр –
Өзім екем...
Жанымда біреу отыр...
Қаладамын,
Мен оған үндемедім, қарамадым...
Сорамын темекімді өліп-өшіп,
Көзде жас,
Жүректе шер,
Санада мұң...
Түкке де түсіне алмай дал боламын,
Беймәлім елестерге арбаламын.
«Бұл қала, сорлы қала – үлкен түрме», –
дейді де, айқайлайды әлгі адамым...
Не болған деймін сосын бұл кісіге,
Дәтім жоқ қарауға да түр-түсіне.
Күледі жылап тұрып, шын күледі,
Күледі, қорқынышты күлкісі де...
Осылай бірді көріп, бірге кетіп...
Келемін Баян таудан түнделетіп.
Адырдан ермен иісі бұрқырайды,
Ақыры келген екем үйге жетіп...
Жалғызбын, қайда деймін жанымдағы,
Жан-жағымнан қараймын – табылмады.
...Өзімнің қабірімді іздеп жүрмін,
Түнерген құлпытастар, қорымдамын.
Көзіме елестейді қай-қайдағы,
(Бұл, бәлкім, өңімдегі сайқал қайғы).
Аспанда ақ пен қара таласып тұр,
Қорымнан зарлы дауыс айқайлайды.
Ояндым дауысымнан, шара бар ма?!
Мұңымды көтере алмас қара нар да.
...Бармаймын бүгін енді жұмыс жаққа,
Балконнан қарап тұрмын балаларға...
ЖАНДАРЫМ СОЛ...
Рамазан айында шұғылалы
Ақиқатты ақ әлем ұғынады.
Таң атқанда... балбырап күн батқанда,
Мейірімге бұ қала жылынады.
Мейірімді сағынған тілектерде,
Қайырымды жүректер дір еткенде,
Аппақ ойлар ағылып ғарыш жаққа,
Иман аңқып сезімді гүл өпкенде,
Жапырақтар күбірлеп дұғаларын,
Періштенің Аспанда тұнады әні.
Таң атқанда Жаратқан шаттанады,
Күн батқанда адамдар қуанады.
Бұ не деген керемет, керемет күн,
Әрбір сәтті келеді өлең еткім.
Рухымда гүлдейді армандарым,
Қос көзімнен жасымды себелеткім
Келеді...
Жылап алғым келеді, жылап алғым,
Көңілімді нәп-нәзік ұға алар кім?!
Барлық адам – жандарым мөлдіреген,
Қамықпаңдар, сендерден сұранамын.
Айхай, шіркін, Ай күліп арманыңда,
Сәлем сөйлеп тұрса екен қолдарыңда.
Мәртебелі, құрметті, о, адамдар,
Құрбан болып кетейін жолдарыңда!
ДОС
Мейірбан Жалғыз Досым жалғандағы,
Өмірім неге саған арналмады?!
Рухым сора-сора жасқа айналды,
Өзіме өзім күнде алданғалы...
Астамсып айтқаныңа, бағынбадым,
Кешірші, не істесең де қолыңдамын.
Арымды ауыртады адасқаным,
Қырсығып қисық жолда қағынғаным...
Кешірші, міне, алдыңа келіп тұрмын,
Әр сәттен мейіріңді көріп тұрмын.
Не деген ақылсызбын, ақымақпын,
Менменсіп өзгелерге нені ұқтырдым?!
Сен ғана сенерім де, сүйенішім,
Өкініп бос күніме күйеді ішім.
Өзімшіл, өркөкірек мендей жанды
Кешіріп, қамқорыңмен сүйемісің?!
Жалғыз Дос, ерекшесің, ең ізгі едің,
Сол үшін сені аңсадым, сені іздедім.
Өткізіп тектен-текке уақытты,
Сенделіп бостан-босқа нені іздедім?!
Жан Досым, Жалғыз Досым, жаныңдамын,
Жалғыз Сен құлдық ұрып жалынғаным.
Мен Сенің айтқаныңды ұмытсам да,
Сен менің тілегімді орындадың.
Нұр саулап періштелер қанатынан,
Әлемге ұлылығың таратылған.
Ал менің ойдан бұрын ниетімде
Тағдырым секунд сайын жаратылған.
Кешірші, кешір, Досым, ақыныңды,
Ақынның, өзіңе аян, заты мұңды.
Құдірет, күшейте гөр иманымды,
Кемел қыл саған ғашық ақылымды.
Ия, қазір шүкірімнің ішіндемін,
Егіліп, еңірейді ішімде мұң.
Жазылған жүректегі кітабыңды
Неліктен түсінбедім, түсінбедім?!
ДҰШПАН
Білмеймін, Жан үшін бе, Жын үшін бе?!
Сұлулық, сатқындық бар жүрісінде.
Тағы да бауыздады ойларымды,
Тағы да қан жылатты түн ішінде…
Арымды албастыдай азаптады,
Жанымды жәдігөйдей мазақтады.
Мен, мүмкін, қасиетпін Жұмақтағы,
Кім білсін?! Қасіретпін Тозақтағы.
Күнәнің ең ауыры – сөзімізден,
Кінәнің ең сорлысы – өзімізден.
Мархабат, сабыр сақтап, кешіріңіз,
Мен оны көрдім кеше көзіңізден.
Ол кеше көзіңізде күліп тұрды,
Күлкімен құмарымды құнықтырды.
Бір сәтте мың құбылған қылығымен
Күнәні, күдікті де ұмыттырды…
Сыртымнан есіп айтып кесір кесім,
Е, мейлі, есті дерсің, есір дерсің.
Тәубесі тамырында күркіреген –
Өмірім – иманымның көшірмесі.
Иманым – жүректегі арман әнім,
ғайыпта ғапыл болса, бар ма амалым?!
…Осылай, ойларымнан ойым шошып,
Өзімнен өзім қашып сандаламын…
ПЕССИМИЗМ
Ауылға кетейікші, жүр, қарағым,
Ындыны кеткен екен бұл қаланың.
Кеспірін көрген сайын көшелердің,
Кемсеңдеп кемтар шалдай мұңданамын.
Көсегем бұл қаладан көгере ме?!
Өлімді ойлай берем неге, неге?!
Көшеде шашын жұлып жын жылайды,
Мына түн тұнжырайды неменеге?!
Кедейдің наласы бар көшелерде,
Байлардың жаласы бар көшелерде.
Әділет күрсінеді, жарығым-ау,
Не деймін мынау бетбақ есер «ерге»?!
Өлімді ойлай берем...
Әй, осы әдетімді тастамадым,
Өмірін сүргендей бір басқа адамның...
Мүмкін, Мен...
Тәубеме жиі-жиі түсу үшін
Өлімді жиі-жиі еске аламын?..
Шынында, бәрі бекер, ұғар ма адам?
Ұқпайды-ау, кінәлама, күмәнданам.
«Барлығы қалады» деп айтыңдаршы,
Жолдар-ау сұр жыландай бұраңдаған...
БАЛА
Қарағыз атамның
рухына арнаймын!
Ертең атам келеді…
...Бұдан бұрын дәл бұлай желікпеп ем,
Есіледі есімнен ерікті өлең.
Маған арнап әкелген сыйлықтарды
Ренжітпей бәріңе бөліп берем.
Ертең атам келеді…
Е-е-хе-һе-ей!!!
Төгіледі төскейден жыр-ән әлі,
Жабырқаған жаным да жұбанады.
Өр рухты өлеңім оқылғанда,
Маңдайымнан иіскеп, қуанады.
Маған қарап, мәз болып қауымына,
Таңырқайды, тамсанып тау ұлына.
«Менің ұлым – сендердің ұлдарың», – деп,
Құшақтайды… Қысады бауырына…
…Білесіз бе, мендегі қайғы бөтен,
Жүрген жері атамның жайлы ма екен?!
Он жыл болды, сағындым, келмей кетті,
Әлде, әкесі жібермей қойды ма екен?!
Қара түнге бәрібір… бұрынғыдай,
Мендік мұңды ұғатын бұлыңғыр Ай.
Сағыныштан сарғайды жапырақ – жан,
Кездескенше өте ме күнім бұлай…
...Атам келмей қойды.
15.07.2004
ШӘМШІ АҒА
Әдемі әніңнің ішінде
Әлемнің дұғасы толқыған.
Қазақтың жүрегін түсінген
Жаныңнан жаннәт-гүл аңқыған.
Әуені әулие, Шәмші Аға,
Әніңді әр Қазақ аңсаған –
Сезімнің обалын сезінген,
Көңілдің сауабы қаншама.
Бір әнің – әкемнің жүрегі,
Бір әнің – анамның тілегі.
Бір әнің жұбатқан жанымды,
Бір әнің жылатқан үнемі...
Әр әнің – киелі сағыныш,
Қайырлы қадірлі мейірім.
Жүректен жүрекке алып ұш
Қазақтың даладай пейілін.
Әлемнің дұғасы – әуені,
Бұл неткен даналық мәуелі?!
Шәмші Аға, әр әнің әдемі –
Әндерің – Алланың Сәлемі!
ЕКЕУ
Ішімде бір «Бауыржан» бар,
Ес білгелі таныс маған...
Әңгімеміз жауыр болған,
Арамыз да алыстаған.
Мен жалықтым...
Ол жалықты...
Кесірінен өтіріктің,
Ол өтірік таңданыпты,
Мен өтірік көпіріппін.
«Шындық бізді бөлді» деді,
Жолым бөлек енді менің.
Мен жыласам, Ол күледі,
Ол жыласа, Мен күлемін.
Мен қырсықпын, Ол да қырсық,
Қасарысып жүр ме деймін.
Не табамын ұрсып-ұрсып?!
Сол... Әдейі үндемеймін.
Ол – егізім, бақталасым,
Жақсы досым һәм дұшпаным.
Жә, білгіштер оттамасын,
Есім дұрыс, алжаспадым!
Солай, жаным, шындығында –
Өңім – екеу, Түсім – жалқы.
Қоса-қоса мұңды мұңға,
«Ішім – түтін, сыртым – бүтін».
Мен Құдайға жалынамын,
Ол өзіне табынады.
Мен Өлімді сағынамын,
Ол біреуді сағынады.
Кімді, нені сағынады?!
Ит біле ме?!
Жалған сөз бе?!
Мүмкін, Мені сағынады
Өзі жалғыз қалған кезде.
Марапаттан азап тұнып,
Өзі жалғыз тапталады.
Уақытты мазақ қылып,
Бір-ақ күнде жоқ боламын.
Сосын, Оған бас қаланың –
ортасынан Астананың
Бұ Дүниені сыйға тартып,
О Дүниеге аттанамын.
...Сол кезде қызық болады-е-е-е...
ҚОШТАСУ
Қош енді, қош болшы, Көктем,
Қимаймын, қайтейін, жаным.
Уақыт қатыгез неткен,
Ұқпайды,
Ұқпайды-ай гүлдердің зарын.
Жүректі езгілеп шермен,
Ізіңде аңырап қалам.
Қоштасу күтпеген жерден
Оп-оңай дейсің бе маған?!
Бара ғой, қамықпа, Көктем,
Бұл жақтың патшасы – қарын.
Ақшалы дауыстар өктем
Көрге алып кетердей бәрін.
Қу сөзбен жаныған жағын,
Шалдары не деген көлгір?!
Көктемім – балалық шағым,
Бақытым сен едің мөлдір.
Бақытым сен едің көркем,
Тыйылмас сағыныш жасы.
Жылама, жылама, еркем,
Жазмыш дегенің – осы.
Көктемім – балалық шағым,
Көктемім – даналық шағым.
Мінекей, жоғалтып бәрін,
Өксиді жетімдей жаным.
Кешегі мертіккен сенім –
Бүгінгі ындынсыз жебір.
Қайдасың,
Қайдасың ал енді, Өлім?!
Ей, қойшы-ей, еріккен Өмір!!!
ЫММ...
Жылағым келеді...
Жылағым келеді егіліп,
Ойыма бәрі оралып,
Көзіме бәрі көрініп,
Сабырым мүлде тоналып,
Жылағым келеді...
Сорымды әнмен боятып,
жүрейін енді той тойлап.
Жиналыстарды оятып,
Күтпеген жерден айқайлап,
Жылағым келеді...
Құлағын керіп халықтың,
Уақыт отыр көпіріп.
Сөйлеуден әбден жалықтым,
Сөйлемеңдерші өтірік!
Сөз деген – ақ қар бораған,
Көктемде ол да жоғалар.
Мұң деген – ит қой, қабаған,
Жүрегім мұңға таланар,
Сонда да Менің
Жылағым келеді...
Жылайды бастық «басым» деп,
Елінің есті Басы жоқ.
Жылайды ылғи досым кеп,
Көзінде неге жасы жоқ??!
Бауырым, ал сен жылама,
Менің
Жылағым келеді...
Неліктен, неге екенін
сұрама, жаным, сұрама,
Айтпаймын оны себебі.
Жылағым келеді...
06.06.2010
ПӘЛЕ
Жан жаурап,
бүгін жайлы...
Жан,
құр сөзге жылынбайды...
О, неге Жаңа Жылда
Аузында бөтелкенің
Жел ылғи ыңылдайды?!
Жел мас па, шала мас па?
Жоқ, Ұят жалаңаш па?
Шешімін кім біледі?
Жай сөз бе алақашпа?
Шешімін кім біледі?
Кесімін кім біледі?
Сұрадым барлығынан,
Барлығы «жынды» деді.
Мүмкін, Жын сесі ме еді?
Ол неге өшігеді?!
Ескі үйде есі шығып,
Шал неге есіреді?!
Содан соң...
– Не?!
– Оттама!
Содан соң,
Көшеге кеш құлайды,
Кірпікте жас жылайды...
Жаңа Жыл, несі жаңа?!
Ескі мұң, ескі қайғы.
Жан жаурап,
бүгін жайлы...
Жан,
құр сөзге жылынбайды...
Түн іші мұртын жұлып,
Шал неге ыңылдайды?!
...Шал жатыр... құр сүлдері,
түсінбей білсін нені?
Булығып жылай алмай,
Сорлы ана күрсінеді...
«КВАРТИРАНТ»
Отыз күндік ғұмырым –
Қызыл-сары қағаз ғана, құлыным.
Ақ жүректің көз жасымен сызылып,
Ақымақтың қалтасында мыжылған
Сол қағазда алақан бар аялы,
Алақанға барлығы алақанын жаяды.
Ал мен оның орамал қып жартысын
Маңдайымды сүртемін.
Жартысына байқатпастан басқаға,
Жалдап алам баспана.
Баспанада қу тіршілік паңданып,
Мендегі ұлы сарынның өшірмекші жалынын.
Қа-ай-дан білсін ол қасқа
Оқыларын мөлдіреп жанарынан Жарымның.
Жанарында Жарымның
Алға жылжып бақыт күн,
Мұз кәмпиттей ериді таңдайында Уақыттың.
Өкінішті сол ғана!
Уау, бүгінгі бұлдыр-бұлдыр аспаным,
Саған қарап жасымадым, саспадым.
«...Ақынмын!» деп айқайлаймын ішімнен,
Босағасын сүйіп тұрып басқаның...
09.09.2006
КӨҢІЛ
Әй, Рина, бұл қу тірлік тоқсан тоғыз құмарлы,
Мүйіз табан төзімім жетерліктей сыналды.
Сақ-сақ еткен күлкісін-ай кәпірдің,
Енді менің жүйкеммен ойнайтынды шығарды.
Өткен күнде белгі жоқ, тағдыр ғой сол иманды,
Дүниеге сыймаған жүрегіме сыйған-ды.
Бәрін жақсы көруші ем, бекер екен өмір-ай!
Жағымпаздың ісіне жаным әбден қиналды...
Дос іздедім – таппадым, жолдастар көп «ақылды»,
Әр қадамы көк есеп, әр сәлемі сатулы.
Жалған күлкі, жалған сөз,
жалған қайғы, жалған мұң,
Жалған бәрі, жалған-ай, талай рет алдандым.
Бәрін аппақ көретін күндерімді аңсадым,
Қайран менің бақытым, қайда қалдың, бал шағым?!
...Балаларды шақыршы,
құлындарым қайда жүр?!
Шай қайнатшы...
Шаршадым!
Рина...
ГИТАРА
(Гарсиа Лоркадан)
Гитара жылай бастады...
Таң кесесі шағылып...
Гитара жылай бастады,
о, сорлы тағы да, тағы да ағылып
жылайды,
жылайды,
жылайды гитара,
жүрекке мұң болып құлаған –
жанынан,
арынан,
зарынан,
Сен енді үнсіздік күтпеші,
Сен енді үнсіздік сұрама!
Гитара тағы да жылай бастады...
Каналға қамалған Су секілді жылайды,
Аппақ қарға оранған Жел секілді жылайды.
Сезе ме, жүрегің біле ме?
Сен оны жұбатпа,
Сен одан үнсіздік тілеме,
Жыласын гитара!
Гитара жылайды,
жылайды, жылайды...
белгісіз соқпақтан,
Осылай белгісіз Жанды аңсап,
дәл осы таңды аңсап,
кәдімгі бейуақыт жылайды...
Тағы да жылайды гитара...
Бағытсыз жебедей,
Бағытсыз жолдар да жылайды...
Күн жалап күйдірген,
Жарықтық құмдар да жылайды...
Камелия гүлдерін аңсаған жүрекпен,
Сағыныш маңдайын жүдеткен көңілмен,
Құстар да қоштасар көзінен мұң тамып,
Оу, мынау ессіздеу өмірден...
Тағдырдың күзінде,
Жылан мен ажалдың ізінде,
О, гитара!
Байғұс сен де құрбансың
Бес пысық қанжардың жүзінде...
СҮЙЕМ СЕНІ! ӘЙЕЛІҢЕ АЙТЫП БАР!
(Қырғыз ақыны Айсулуу Көкөевадан)
Жалғыз тамшы жастан тағдыр жаралды,
Саған қарап таныдым ба ғаламды?!
Сүйем сені! Әйеліңе айтып бар!
Кім сүймесін ділі таза адамды.
Жүрегімнен мөлт ете ме лағыл жас?!
Ақиқаттан артық дауа табылмас.
Махаббатым, сеннен қайрат сұрамас,
«Жалғыз қалдым, кел маған...» деп жалынбас...
Махаббатым Рухыммен некелі,
Сеніменен саудаласпай өтеді...
Күнә артпай, күкілдемей, күйінбей,
Өз-өзіммен кетеді...
Сүйем сені! Әйеліңе айтып бар!
WHATSAPP. ӘҢГІМЕ.
(Шоқан ЖолДосыма)
Аурасы шалқыған жүзіңнен
Аспан сөйлесін,
ЖолДосым...
Сауап аңқыған ізіңнен
Сәлем сөйлесін,
ЖолДосым...
Жазмыштың демі – ойыңнан
Момын Жер күбірлесін,1
ЖолДосым...
Иман көзінен лағыл-мұң
Төгілмесін,
ЖолДосым...
Әлемді тағы да, тағы да, тағы да...
Құдайдың анты аяласыншы,
ЖолДосым...
Біздің аппақ ниетті
Періште нұры саяласыншы,
ЖолДосым...
Бұл дүния сезінсін тағы
Обал мен Дұғаның салмағын,
ЖолДосым...
Гүлденсін нұр сүйген Жан бағы,
Оянсын жан-жағың,
ЖолДосым...
Жүрек – Құдайдың үй ғой,
Киені ауыртып алмайық,
ЖолДосым...
Өлең – өмірдің Биі ғой,
Сөйлейік аппақ Ар тілінде,
ЖолДосым...
1 Момын – мұсылман.
АДАСУ. ҚАЛА. ДЕПРЕССИЯ
І
Бұ дүниеден жалығып, о дүниені аңсаған,
Жан мұңынан қорқам да, мен де өтірік ән салам.
Өзін-өзі алдаған, Маңдайым-ай, не дейін –
Бадырақ көз үрейім,
Ессіз езу мерейім.
Қан мен тердің кенжесі – тым жылтырақ қаланың
Көшесінде мерт болған күндерімді санадым.
Санадым да өкіндім...
Өкінішім ол менің – жорылмаған түстерім –
жорылмаған түстерім – келешегім бұлыңғыр.
«Ол да өкініш», – дедім де ерінімді тістедім...
Мына өмір, о, тоба, өңім бе әлде, түсім бе?!
Жан жылайды түн туса жанарымның ішінде.
Жалған достың күлкісі түкпірінде санамның,
Өлі көзбен қарайды-ай қабағына ғаламның.
Өзін өзі жұтады өсекшіл қан күбірлеп,
Олар кімге табынып, кімдер оған жүгінбек?!
Дал боламын осылай қара шерге байланып,
Ей-һей, шіркін, кетсем ғой Жасыл Сөзге айналып.
Өткен күллі ғұмырым – жалғыз сәттік қиялым,
Кешіре гөр, келешек – таңдау еркім – зиялым.
Таңдай алмай Жолдарды кезіп келем көшені,
Бас қатырып қайтемін, Жазмышым шешеді.
О, көшелер, көшелер – жалғыздықтар мекені.
Мен секілді адасқақ сенен талай өтеді.
Олар мендей арманшыл ыңылында «Мен» өлген,
Олар сендей сұп-суық сезімдері көнерген.
Олар менің аяулы жүрегім ғой – сенгішім,
Олар мендей бақытты және сорлы қайғылы
іздей-іздей шаршаған белгісіздің белгісін.
Иә, солай... көшелер, ем тауып бер Жаныма,
Жә, жә, болды, бар болғыр!
Міне, әлгі.. Тағы да...
Сөздер гулеп шекемде, сенім өліп ішімде,
Қаңғып кеттім қан жылап еркіндіктің түсінде...
ІІ
Лас сөздің салқыны ауырлатып жер шарын,
Аспан ылғи жылайды – менің мұңлы аңсарым.
Аруақтың анты бар ауа да сол мүгедек,
Топырақтың қайғысы сауда үстінде үдемек...
Уай, Уақыт, қайт дейсің?!
Солай, Уақыт, талай түн қиялында қаңғыған,
Қасарысқан қырсықпын сөз бұйдасын аңдыған.
Айналайын, гүл – Уақыт, жанарыңа жаз қонсын!
Маңдайымнан сипай сал – мысық көңіл мәз болсын!
Көк түтінге көміліп көкірегінде кек өлген,
Ғасыр жатыр жарықтық бет-ауызы көгерген.
Иә, біздегі сор тірлік – ит тұмсықты, өгіз көз,
Ал мінбеде неге осы ыңқылдайды семіз сөз??!
Семіз сөздің буына аш құлқындар уланбақ,
Кешір,
кешір,
Уақыт, өсе берсін қу мандат...
Ақыл айтып кеттім бе ақымақ тіл сумаңдап...
...Қар жауып тұр далада, көбелектей көлбеңдеп,
Сықырлайды табаным: «Әділет жоқ, өлген», – деп...
Ақыл суық,
сөз суық,
ой да суық – дірілдек...
«Мүмкін...», – дедім, мырс етіп, саусағыммен
күбірлеп....
ІІІ
Тағы шықтым көшеге...
Неге шықтым?!
Білмеймін...
Домалайды қаңбақ күн,
басып бойды
зілдей мұң.
Зымырайды уақыт – тоқтап қалған ойларым.
Қайдан келдім бұл жаққа, қайда барам, беймәлім...
О, Тәңір-ай, шынымен ақыл-есім дұрыс па?!
Аяз билеп ауада, қар жылайды бұрышта.
Еш нәрсені ұқпадым... Түсінерсің, қарағым,
(Құшырланып, өлердей темекімді сорамын...)
Кімді күттім, ал енді, нені іздедім құлшынып,
Жолдар жатыр алдымда қайыршыдай күрсініп...
Момындарды мұқатқан күлкісіндей заманның,
Қарап тұрып қарадай неменеге ызаландым?!
Интернетте қаңғыған сөйлемдердей жалаңаш,
Жаурап қалған сезімнің демі – дертті, араны – аш.
Жүн қып түтті-ау жүйкені тым жүйесіз дыбыстар,
Қайда кеткен достарым, қайда әлгі туыстар?!
Езіліп тұр жүрегім...
Қырау-қырау айнала...
Күбірлеймін: «ӨМІР», – деп, көңіл үшін жай ғана.
Қарқылдайды ауада жүз марапат, мың мадақ,
Қар күреп жүр көк сақал жел жөтелін жұлмалап...
Жылтыр тілдің сөзіндей суық екен күн бүгін,
Түске айналып кетсе ғой түсініксіз тірлігім....
ІV
Сөйлемеймін мен енді!
Сөзім – жетім, себебі!
Қарашы, әне-е-е-е, Аспаннан ымырт түсіп келеді...
Бұл қалаға адасып, түскендеймін Ғарыштан,
Бәрі әйтеуір ақылды, бәрі бір-бір данышпан.
– Автобустың ішінде қайтыс болды адалдық...
– Оны қойшы, бір халық интернетте жоғалды...
– Қазір бәрі қатыгез, не қылады Обалды,
Өміріңіз байқамай мейірімнен тоналды...
– Даурықпаңдар, егестер үшеуіңде еліріп, –
деп төртінші көк езу есінейді керіліп...
«Нұрлы-нұрлы» сөздерден қала әбден жалығып,
Ымырт отыр бұрышта жезөкшедей торығып...
V
Қыс өлді, көктем туып, күн санап санамағын,
Өзімнен өзім қашып, өзіме ораламын.
Ойымда ойым тұнып, сөзімде сөзім ойнап,
Үйімде табыламын, көшеде жоғаламын.
Дай-дай-дай, көше, көше, о, неге құбылады?!
Езуден таңданысым көліктей шұбырады.
Адамның күнәсінен күс жұққан кешкі көше
Азанның дауысына өкіріп жуынады.
Әлемді аялаған әдемі Әмірлері,
Кешірші, Жалғыз, Шексіз, Мейірімді Тәңір, мені.
Сіз жайлы күнде айтады, Сөзінен Иман гүлдеп,
Арқамнан қағып тұрып Арқаның Қоңыр Желі.
Ол – менің ең сүйкімді өзгеше әнім еді,
(Әй, шіркін, түсінсе ғой, Жел болып, бәрі мені).
Иә, кеше, өткенімнен мұң жалап келе жатқам,
Қарсы алды қарсы алдымнан тоқтатып тағы мені,
Арқаның Қоңыр Желі АР жайлы сұрай берді,
Көзімнен күйінішім ауаға құлай берді.
Ол мені аяды ма, бетімнен сүйіп тұрып,
Күрсініп, қайта-қайта сендерге былай деді:
«Бұл қала – кеңседегі халықтың өтініші.
Бұл қала – саудалаған сәбидің жетім іші.
Бұл қала – жиған қорап – патшаның ойыншығы.
Бұл қала – алаяқтың өксіген өкініші...»
Бұл – Оның аманаты, ойым жоқ жан жылатпақ,
Жүректің тілегіне бола алман мәңгі қақпақ.
...Өңімді жалықтырған мақтаншақ иегімен,
Түсімнен шықпай қойды сары шал сандырақтап...
KÖLN. OL. GUL.
(Шоқанға)
Ол бүгін үміттің суретін
Тағы да назымен бояды...
Сезімсіз сөздерді аяды,
Жауапсыз сұрақты аяды...
Аяды үркектеу үмітін,
Үміттің жанары қаяулы...
Үнсіздік.
Сағыныш аяулы.
Күрсінткен кінәсіз Өмірді,
һәм
аңғал Көңілді күйрету...
немесе
кірпікте мөлдір мұң билету...
Ол бүгін тағы да түсінен шошынып оянды...
Ол бүгін тағы да ойлады, ойлайды, ойлады...
Шал шаһар сұлуын сөйлетпей,
жүректің көзімен ойнады.
Ол бүгін тағы да қуанды...
Ол бүгін тағы да күрсінді...
Түн неге ынтықты?
Гүл неге ұмсынды?
Көзінен күлімдеп басқа жан,
Кельнде1 неліктен жалғыздық қымсынды.
Шалқиды жүректе сағыныш,
Аспанда тәтті сөз балқиды,
тәтті сөз,
ащы ой,
қышқыл үн...
Тағдыры сәт сайын күбірлеп,
Ол отыр саусағы дірілдеп...
түн жұтса жұлдыздың жарығын,
Гүл ғана түйсінер Жан үнін...
Ымм... қазір
Көкшетау жымиып дұғасын оқиды,
жүрегін оқиды Көкшетау.
Ол бүгін тағы да
сөзінде, ойында қаңғырды,
Ол бүгін тағы да
иісін сағынды жаңбырдың...
Ол тағы
жоғалды,
табылды,
өкінді...
Тағы да
аппақ қар жауып тұр –
Алланың таңбасы жауып тұр,
аппақ қар – ақ сезім,
ынтыққан махаббат секілді...
1 Кельнде – Батыс Германиядағы Кельн қаласы
«САЯСАТ»
Микрофон:
«Тысссссс...
Тыныш, тыныш... Өтініш...
Келе жатыр...
Келе жатыр... Ол тағы,
Одан күбір, сыбыстар да қорқады.
Ол – патшалардың санасында оянып,
Кедейлердің көз жасына боялған,
Ноқталанған еркіндіктің әншісі,
Шідерленген идеяның қамшысы...
Тысссссс...
Күрсінбеңдерші, Аспан құлап кетеді,
Күбірлемендерші, Жер жарылып кетеді.
Тысссссс...
Қазір, міне,
қазір көресіздер,
сенесіздер, шыдаңыз...
Ешқандай бір ұрансыз, ересіздер артынан,
күмәнсіз....
Ол – бақташысы біз секілді аңғалдың,
Қас дұшпаны іңкәртекті арманның.
Тысссссс... Ақырын сөйлеңізші.
Халық.
Халық, сізден тағы да бір өтінем,
Менің момын мерейім,
өтінемін, көз жасымды берейін,
үндемеңіз, қайтесіз,
қыжыл болса, кетсін, кейін айтасыз.
Бас иіңіз, ұзақ өмір сүресіз...
Неменеге күлесіз?!
Тысссссс...
Өкпелетіп алмайық...
Келер біреу ақылы бар, сесі бар,
Шерімізді, мұңымызды өлтірейік ал қазір,
Несі бар?..
Халық,
Түуиии....
Тысссссс... тыныш, тыныш...
О, не болған сендерге?...
................................................
Талай-талай өткір сөйлем майырылған,
айырылған есінен...
Сұрғылт-сұрғылт шешіммен,
Талай бастар кесілген... ...кесілген... ...кесілген...
Тысссссс... Келе жатыр...»
ӨҢ
Бұл менің өмірім – бұл менің таңдауым!
Бұл менің әр жырым – бұл менің жан мұңым!
Бұл менің тағдырым – бұл менің арманым!
Бұл менің қадамым – бұл менің жолдарым!
Жолымды түсі жоқ бояумен саламын,
Болам ба, жоқ, әлде тозам ба түтіліп,
Шаруаң болмасын, қарағым!
Досым жоқ,
Сондықтан құшағым дұшпанға – айқара.
Мәселен,
Мен үшін Түн – сары, Ай – қара.
Ауамен сөйлесем Құдайдың тілінде,
Сұрағым – жауаппен, жауабым – сұрақпен..,
Бірақ, мен..,
Өзімді өзімнің көзіммен естимін,
Ал сенің мұңыңды көремін құлақпен!
Бұл жерде «Мен» жоқпын,
Жаным мен Тәнім бар.
Өңім ұйықта...
Оян! Сәлем!
ЕРКІНДІК ЖАЙЛЫ ЖАЙ БІР ЖЫР
Жолдарым...
Ойың күліп ымдағы кекесінге,
Үндемейсің, үндемей өтесің бе?!
Тыр жалаңаш дірдектеп Еркіндігім,
Астананың билеп жүр шекесінде.
Көшесінде қыс ұлып Астананың,
«Зар заманның» сөзінен жас тамады.
Сұп-сұр үйлер – мендегі суық көңіл –
Көше кезу.., жоқ енді басқа амалым.
Таусылғанда амалым, жаным – Жарым,
Мен де сендей ажалды сағынамын.
Айналайын, Еркіндік, ойлашы өзің,
Қай «құдайға» «күрке» деп жалынамын?!
Қанаты жоқ Еркіндік – жетім құсым,
Сені ойлап, қан өксіп, өкінді ішім.
Қайғысы мен шаттығы сүйісетін,
Бәдеуидің күлкісі секілдісің.
Құдай қайда, Еркіндік, сен қайдасың?!
Түсіне алмай қаңғыды қайран басым.
Бүгін сен де дәрменсіз Дәруішсің,
Ақ сайтаның ал енді сайрандасын.
Езуіне еліктеп басқалардың,
Өз Тілімді өзім шайнап тастағанмын!
Сақау мұң бүгін аштан қайтыс болды,
Қалтасында мыжылып қасқалардың.
Кең сарайда нән «Арман» қалықтаған,
(Қайтсін енді...) сеніп жүр халық та Оған.
Қайда, әлгі... Еркіндік, Тазша бала,
Өтірікпен шындықты анықтаған?!
Жолдарым...
Болмаған соң саф зерде, тұнық ақыл,
Бұл уақыт әзірше сырыма – құл...
...Сарыарқаның қаңғыған аш бөрісі –
Астанада қыс тағы ұлып отыр...
16.12.2009
ИСЛАМ
І
Көкірегімнің көзінде
Бес уақыт ғұмыр күліп кәдімгі,
Ойларымның әуеніне айналып,
Әуелетсем өзіме шақ әнімді.
Сөздерімнен аппақ гүлдер бүр жарып,
Ниетімде нұрланып,
Арамдықтан арылтсын деп жанымды,
Мәңгілікке тазалыққа асыққан –
Мына мүмін – фәнидей,
Пенделердің мейірімін өрнектеп,
Періштеге шалықтаған сәбидей –
Аңқ-аңқ етіп жүрегім,
Алақанымда дұға болып көктедім...
Жан Алланың махаббатын сезгелі,
Жан-жағыма жұпар шашып сөздері,
Маңдайыммен сүйдім нұрлы сәждені!
Тәубә. Тәубә. Тәубә...
ІІ
Ең шебер, ең Дана, ең Көркем – бір Алла,
Ең сұлу Есімің естілсін дұғамда.
Ең соңғы пайғамбар – Мұхаммед таратқан
Ең тұнық ақиқат құлпырған Құранда.
Жаратып әдемі ғаламды,
Жаратқан әкемді, анамды.
Кешірші, кешірші, жан Алла...
Сөзімен адасқан адамды.
Бір Саған сыйынып көңілге гүл ектім,
Жаныма саулаған нұрыңды жыр еттім.
Саф Ислам – мерейім, пәк Иман – шаттығым,
Хақ Алла, қабыл ет тілегін жүректің.
Жаратып Өмірді, Өлімді,
Жаратқан Жерімді, Көгімді.
Рахымды – әлемнің Иесі,
Ақылдан айырма елімді.
Бес күндік өмірім – бес уақыт намазым,
Үмітім – Жұмағың, Арманым – Назарың.
Қанағат, Шүкірлік, Сабырлық, Иман бер,
Таусылып дәм-тұзым, жеткенше ажалым.
Жаратып Ғарышты, Нұрыңды,
Жаратқан Күнімді, Түнімді.
Бір саған мақтауын арнаған
Жәннәттен нәсіп ет мүмінді
ІІІ
Лә Илаһа Ил Аллаһ, Мухаммадан Расул Аллаһ!
Кірпігінен үнемі жеті сәуле саулаған,
Құсжолында Күн көзі зікір салып лаулаған;
Көмейінен үнемі жеті дыбыс бұлқынған,
Ауа демі аңсаған Сөзіңізді нұр тұнған;
Жымың қағып жұлдыздар, Ай толқуын жасырып,
Өмір, Өлім, Өң мен Түс Ақиқатқа асығып;
Жер дұғасын күбірлеп, Аспан бұлтпен гүлденіп,
Аң, Құс, Жәндік, Жануар, Табиғат гүл түрленіп;
Күллі мүмін Әлемдер Жаратқанға жалынып,
Өз ойына адасқан Жын мен Адам зарығып,
О, Рақымы Аллаһтың, о, Мейірі Аллаһтың,
Сегіз қиыр шартарап Сізді күтті сағынып!
Ардақтысы Аллаһтың – Ақиқаттың Ақ Нұры,
Адамзаттың Шаттығы – Мейірімнің Пәк Жыры.
Ғаламзаттың Мырзасы – Әділеттің Егізі,
Пайғамбарлар Сұлтаны – Даналықтың Теңізі.
Бір Аллаһты таныдық, жұпарлатып ақылды,
Сізге ердік, Сіздің Жол – Аллаһ Жолы Рақымды.
Ақын болсақ иманды хақ Құраннан нәр алдық,
Күллі әлемдей біз-дағы тек Сіз үшін жаралдық!
Тек Сіз үшін жаралдық, адал Құлы Аллаһтың,
Тура Жолды көрсеттің, ғаділетті орнаттың.
Мақтаулысы Әл-Хақтың – Сағынышым, Ырысым,
Сізді сұлу жаратты Құлшылықтың Нұры үшін!
Әл-Ғазиздің Елшісі, Шапағаттым, Құрметтім,
Сізге арнап жанымның махаббатын гүлдеттім!
Азғырмасын ібіліс жүректерге мұң қамап,
Иман көзі нұрлансын көңілдерге гүл қадап,
Хақ Аллаһқа мың Мадақ,
Расуллаһқа Салауат,
Лә Илаһа Ил Аллаһ!
Мұхаммадан Расул Аллаһ
ІV
Көрші...
Біздегі бұл сапар –
Ұмытшақ сананың дұғасы.
Алладан сұрашы...
Екеуміз қосылып сұрайық,
Рақымына лайық болайық,
Көрші...
Көрші...
Көзіңнен сүйейін, келші.
Сауаптың бәрі де сенікі болсыншы,
Сөзіңнен бақыт құс айналып ұшып жүр,
Ұшып жүр басымда... Ортамыз толсыншы, келші...
Көрші,
Анамның мейірлі көзісің.
Келші...
Әкемнің жүрегі сезілсін...
Жоғалған балалық шағым да – Өзіңсің...
Көрші...
V
Балалар...
Мына Жол – Ұлы Жол –
оянған жүректің жанары.
Құрметті Өмірдің сабыры,
Аяулы Өлімнің самалы.
Мына Жол – Ұлы жол –
мыңдаған Пайғамбар Үміті.
Маңдайы жарқырап,
бұл Жолға ақылмен
ұмтылған
Адамның
Қуанса – тілінде Күн күліп,
Жыласа – көзінде Гүл тұнған.
Мына Жол – Ұлы Жол...
Қасиет керуені, абайла, абайла.
Ұлдарым, ақылға салыңдар...
Адасып қалмаңдар, жарай ма?!
VІ
Тәңірім,
Бұл да сенің әмірің.
Мұсылманның дұғасынан жаралдым,
Мұхаммедтің үмметі боп саналдым.
Жаратқан,
Мақтау саған ғана-ақ тән.
Күллі әлемге сәуле шашқан Құраным,
Нұр-Мұхаммед таратқан.
Лә Илаһа Ил Аллаһ!
Мұхаммадан Расул Аллаһ!
Мойында…
Рақымы мол Рамазан жайында.
Жаппар ием, рақымыңа лайық қыл,
Сенімімнен айырма.
Ақылымнан айырма.
Ақиқатқа ұмтылған,
Исі ислам жүрегіне нұр тұнған.
Қадір түні ақтарылып ақ тілек,
Құдіретіңді жыр қылған.
Тек өзіңе табындыр,
Жұмағыңды сағындыр, сағындыр.
Тілеймін, осылай тілеймін,
Үмітім дірілдеп ұшында үрейдің.
Қағынғыр – Ібілістен, арбауынан арылдыр.
Тәңірім.
ИМАН
І
Жалғыз Сөзден жаратылып менің еркін «болмысым»,
Санадан тыс Жалқы Нұрға жаудырады алғысын.
Көкіректің көзі соқыр. Керең, мылқау – Өзегім,
Тек қана оны түсініксіз «болмысыммен» сеземін.
Жалқы, Жалғыз, Дара, Шексіз, Туылмаған, Тумаған –
Ием, сені сүйдім мүмін жүрегіммен тулаған.
Ал, Мендегі «Мендік» арбап бұлаңдаған себеппен,
Нәпсі көзін бақырайтса қайтер едім кенеттен?!
Қайтер едім???
Жарығым-ау,
Жалғыз Ием, шынында,
Мәңгі өртеніп тұрар едім өзім жаққан мұңымда.
Ар жыласа бәйек болып жұбатады өлеңім,
Ием, Саған серік қоспас сеніміме сенемін!
ІІ
Олар куә сендердегі менмендіктің дертіне,
Олар куә зар жылаған әз шындықтың сертіне.
Бар ақылың бауыздалып кетпесе егер ақшамен,
Жүрегіңнен есіліп тұр аппақ әлем – Ақ Сәлем!
Тыңдап көрші...
Олар куә біздің мына үмітке,
Қой, бұлданба, жараспайды сен секілді жігітке.
Айтып едім, Аспаннан да биік менің Арманым,
Арманыма жалғандағы ғұмырымды арнадым.
Иә, Сәт!
Талай рет қашып шықтым ғайбаттардың ішінен,
(«Достарым» ғой, қайтсын енді... оларды да түсінем).
Қызық өзі, көкірегім көзін жылап ашқанда,
Алақаннан шұғылалы Сөз ұшырып Аспанға,
Құлшылыққа айналдырып бұл қаланың у-шуын,
Сезем Оның қанатының музыкалы сусылын.
Сенесің бе?!
Сенесің ғой, сен бір көркем – Өлеңсің,
Жарқыным-ау, ақ ниетің Махаббатқа бөленсін!
Әумин!
Мына бір Жол – ең Ұлы Жол, әділетті, таңдадым,
Періштелер – әдемі нұр, адал құлы Алланың.
ІІІ
«...Тауға арнап түсірсек егер Біз бұл Құранды,
Хақ Алладан тау қорқып, тас-талқаны шығар-ды.
Бұл мысалды адамдар ойлансын деп береміз...»1
Ойланайық, бауырым, жетер ме екен өреміз??
«Мынауыңыз ғажайып аңыз екен» демеңіз...
Ойланайық дұрыстап, кіммен, немен санастық?!
Жетер енді шынында, миллион жыл адастық.
Мың Кітапты өртедік, жүз Кітапты таптадық,
Соқыр сөзді жаттадық, сосын оны мақтадық.
Жасырамыз несіне, ішімізде түн өліп,
Құлқын үшін өзгерттік Кітаптарды түнеріп.
Талай рет жоғалдық, талай рет табылдық,
Дана Алла өлшеусіз дұғамызды қабыл қып.
Жаратқанын іздейді Жан жабырқап кейде шын,
Ойланыңыз кідірмей, жүрегіңіз сөйлесін.
Керегі жоқ ондайда сәлде тағу.., бояну..,
Қажет бізге ойлану.., рухани ояну..,
Сен де Арманға жетесің, Мен де Арманға жетемін,
(Кешір, кейде осылай ақыл айтып кетемін).
...Әр әріпі – Хақ Ғылым жұпары бар Жұмақтың –
Сәлем Хаты Алланың көңілдерді жұбатсын.
1 Хашыр сүресі, 59/21
ІV
Не сеземін күнәсі көп қадамымның исінен,
Тек Өлімнің әділетін Рухыммен түйсінем.
Жаратқанға жалынамын түн жамылып, мұң ішіп,
отырамын жүрегімнің бұрышында бүрісіп.
Жылай-жылай ой көзінен кіл құсалы жас ағып,
Сумаң-сумаң сұмпайы ойдан машайықтай қашамын.
Әй, шіркін-ай!
Аң тілінде, Құс тілінде, Шөп тілінде саңқылдап,
Мінәжатпен сөйлеп кетсем Пайғамбарша жарқылдап,
Керең қоғам бір сәт менің құлақ түріп сөзіме,
Соқыр ниет бақырайып қарар ма еді өзіне?!
Қарашы, сен, Ұятпын – Мен, Мен емеспін «Мен» деген,
Менмен үшін ұяламын Пайғамбарға сенбеген!
Ұяламын Аспаннан да, Таулардан да, Жерден де,
Ұяламын Ормандардан, Өзендерден, Көлден де.
Ұяламын Жаратқаннан, Періште, Жын, сайтаннан,
Ұяламын, ұяламын... Болды. Ештеңе айта алман!
Ойсыздарға жаным күйіп, сөз таба алмай өтімді,
Ақ Өлеңге айналғанмын Сұлу Өлім секілді.
V
«Өмір мәні – Өлім», – дейді Уақыт,
У ұлыған уайымды уатып.
Бұ дүние – «өлілердің» мекені,
Күн сөнгенше құр алданып өтеді.
О дүние – Тірілердің аралы,
Әрбір адам өз орнына барады.
Менмен «Мендер» – «өлілер» қасіретте қаңғырып,
Ойларында өлім мұңы жаңғырып,
Өлшенеді таразының сотына,
Өртенеді күнәсінің отына.
Қорқыныштан қорқынышты шоқ тамып,
Тек Тірілер ақталады шаттанып.
Тірілерді Тірілер жылатады уатып,
сосын тағы уатады жылатып.
Мұсылманның жанарында Жан күліп,
О дүниеде басталады Мәңгілік...
«...Өмір мәні – Өлім», – дейді Уақыт,
У ұлыған уайымды уатып.
Шүкір.
VІ
Ақ пен қара сүйіскенде сәулелерден тығылып,
Көш аққанда жұлдыздардың жарығына жылынып,
Тылсым уіл – бір тәп-тәтті дұға тұнып ерінге,
Әлхамдулиллаһ, Иман орнап жүректегі Cенімге,
Таңдау Еркім тым белсенді ынтығады Өмірге...
Мені бірақ Ол аңдиды...
(Миллиард жыл аңдыған,
Жанымда жүр, қарғыс атқыр, қарғыс атқыр қаңғыған!)
Маған дұшпан, саған дұшпан, дұшпан сұлу Өлімге,
Құмарымның саусағымен сурет салып көңілге,
Көкейіме күбірімен күдік дәнін тастайды...
Менің мұңым түсініксіз ыңылдауын бастайды.
Менің мұңым – өкініштің өксігіне қамалған,
Сол малғұнның арбауымен сауабынан тоналған –
Мөп-мөлдір жас,
Мөп-мөлдір жас уақыттың жанарында сүрінген,
Екі жүзді сөйлемдердің сұлбасынан түңілген,
Қоңыр Өмір.
Сенбейсің бе?!
Сенбеу сенің еркіңде,
Талай рет қаза болды өтініштер сертімде.
Бұған қоса...
Күпірліктің ызғарына көзін ашпай ұрынған,
Бұл қалада өтіріктер орнап алған бұрыннан.
Тағдырына өшіккендер Ақыл мәнін айырмас,
«Жазмыш» деп Жаратқанды жазғырудан тайынбас.
Көріп жүрмін: «Жердің беті – уақытша мекенім,
Аз ғұмырда асыр салып, күліп-ойнап өтемін,
Тірі жүрсем атақ, мансап, абыройға бөленем,
Ішіп-жеймін, өлгеннен соң көрге барып не көрем?!», –
деп, танымы араласып пиғылының деміне,
кете берер адасқақ жан бір мырс етіп жөніне.
Өткен ғұмыр, өтті, кетті – әділетті Тағдырым,
Келер күндер өз еркімде, зар жыласа,
жыласыншы Жан бүгін.
Міне, қазір, осы шақта иман көзін уқалап,
Жол іздеймін жүрегіммен маңайымды сипалап.
Жол іздеймін жан сенделтіп, тән сабылтып, табам ба?!
Жар бола гөр, Ақыл, Ерік, Сабыр берген Жан Алла!
ҰЛДАРЫМА
Ұлдарым, бұл Өмір – Сабыр мен Кешірім,
Мейірім Самалы – Періште мақтаған ең ұлы Есімін.
Ақылдың көзімен қарасаң Ақиқат көзіне,
Жүрегің ашады Бақыттың есігін.
Бақыттың есігі – ол сенің тағы да Сабырың,
Тағы да Кешірім.
Әр ісің – Әлемнің қайырымды сәлемі.
Қарашы, дүние не деген керемет үйлесім,
не деген әдемі?!
Әр ойың ақ болса – Әулиенің дұғасы,
Әр адам – бауырың, әр адам – жолдасың,
Оларға жалғанның шаттығын сұрашы,
Жаратқан Сәлемін жолдасын!
Бұл сенің Отаның – Қазақтың иманды даласы,
Иә, шүкір, қарашы...
Әр адал қадамың – таусылмас ырысың,
Санашы...
Бісмилла, бір, екі, үш... Бұл – Сенің Білімің,
Білімің – Еліңді сүюің.
Ұлдарым, Ақылың – Сабыр мен Кешірім,
Әділет Иесі – күллі әлем мақтаған Есімін.
Құрметтеп Өмірді, құрметпен қарасаң өзіңе,
Жүрегің тербетер махаббат бесігін,
Махаббат бесігі – ол сенің тағы да Сабырың,
Тағы да Кешірім.
ҚАЗАҚ
Алпыс екі тамырымда ой балқып,
Өлең аңқып өзегім.
Кешегімнің күлгін сәулелі іздерін
Бүгінгімнің күрсінісінен іздедім.
Көкірегімде ақ раушан бүр жарып,
Бір Аллаға жүгіндім.
Сайтан билеген санаға іштей дұға оқып,
Күнәлі ісіне үгілдім.
Тұманнан тұнған тамшыдай мөлдір болса да,
Кірпікке ауыр мұң ілдім.
Кеше…
Кеудемде Күн тұтылып;
Жанарымда Ай қорғалап;
Көмейімде үнім тұншығып;
Самайымнан сорым сорғалап;
Таңдайымда Тілім бұралып;
Жылт-жылт еткен жылтыр сөзбен мақталып;
Ішімнен шыққан сасықтың сыбырымен сотталып;
Арсыз саясат арлы жанымды шайнаған;
Әдет-ғұрпым әміріне тапталып,
Аңғалдығымды айласына байлаған;
Түйсігімді түрмесіне қамаған;
Күліп тұрып, күңірентіп,
Қасиетімді қанаған –
Ей, тәубесіз тоталитарлық тор – қоғам,
Имансыз идеологияңа түкірдім!
Иманды жұртты арбаған!
Қызғаныштың жирен демінен жаралып,
Менің Ұлттық Ар-намысымды қорлаған;
Сенің сайқал саясатыңның шатасы –
Қызыл жағалы итақайын айтақтап,
Обалымның бет-ауызын қанатқан,
Боздақтарымды талатқан.
Көз алдымда көзін уқалап жетім мұң,
Өткенімде өшім кетіп,
Өкіндім!
…Бақ тілеп мына нұрлы да нұрлы ғаламға,
Баталы байтақ даламда
Құдаймен ғана дос болып,
Сабырым тұнған санамда –
Мен – Қазақ деген ақынмын –
Сегіз қырлы өткір сөзіммен
Адырнасын тартып ақылдың,
Адыра қалғыр арам пиғылға ақ жебе болып атылдым!
«…Азаттық!!!» – деп аппақ тілекпен,
Ұлы далалық жүрекпен;
Абақтыдан айқайлаған арыммен;
желтоқсанның қар-мұзындай ызғарлы –
қан сасыған мың ғасырдың табымен;
көкшіл түнде көкке ұмсынған Тәңірлі –
Көк бөрінің зарымен;
жан дүниемнің жасынды жаңбырын селдетіп…
Соқыр заман мен Ақырзаманның арасын
Өлеңімнің музыкасымен тербетіп,
Жалап жазып жүрегімнің жарасын,
Елім деген есті үмітке елжіреп,
Көк байрағым желге қарсы желбіреп,
Ауызымда аласұрып қызыл тіл,
Тәуелсіздігіме сүйініп,
Таңдайыммен таңданып,
Маңдайыммен иіліп,
Қан майданда қаным сіңген топырағымда тебіреніп,
Уай, Әділет, алдыңда
Теңіздей толқып,
теңіздей толқып, сөйледім!!!
МӘҢГІЛІК ЕЛ
Уа, Мәңгіліктің Иесі,
Ұлы Мұраттың жолында:
Рух сертін кертіп жаздым көк тасқа,
Жұлдыз ағып қанымда.
Жан жырымды кертіп жаздым көк тасқа,
Ай нұрланып арымда.
Тағдырымды кертіп жаздым көк тасқа,
Уақыттан тысқары.
Арманымды кертіп жаздым көк тасқа,
Жүрегімнің құштары.
Дала даңқын кертіп жаздым көк тасқа,
Дүм дүние жаңғырып...
Бірлігімді кертіп жаздым көк тасқа,
Аспанымды ән қылып,
Мұратымды кертіп жаздым көк тасқа,
Мәңгілік ел – мәңгілік!
БІРТУАР
Оралхан Бөкейге
Ақ бас Алтайдың ақ бұрқақ Ақыны –
Кербұғы секілді Қазақтың кербезі!
Оғлан Ойлары тұңғиық тебіреніп,
Арудай Сезімі тәкаппар еміреніп,
Өзендей буырқанып тасыған арнасы;
Бұрынғы Әулие,
Кешегі Жыраулар жалғасы –
Сұңқардай шүйіліп,
Лашындай түйіліп,
Тұйғындай толғанған;
Тілегі Алашқа,
Жүрегі Алтайға айналған,
Қаламы ғарышпен сүйісіп,
Кіндігі Еліне байланған –
Оралхан!
Шоқпардай маңдайдан шексіздік шашырап,
Болмысы жаралған бір тентек Арманнан.
Тылсымнан тылсымға тылсым боп жалғанған –
Көкірек көзінен аққудай ақиқат сұңқылдап,
Еркіндік қырандай қомданған!
Әттең-ай!
Дүния-ай, не деген шолақсың?!
Найзағай отындай жарқ етіп Бес Күннен,
Жан Аға, о, неге тым ерте көштің сен?!
Сендегі әр Сөзде – Қос Әлем шалықтап,
Құдайдың «дауысы» құпия естілген!
Жанардан сорғалап жалғанға жаңбыр – мұң,
Өкіндік өртеніп, өксік жеп опындық...
Қайтейік,
сұп-суық сызығы сызылса Тағдырдың...
Жан Аға!
Өлімнен қорқатын мынау бір әлемге
Өлмейтін Сөзіңді қалдырдың!
Ал, қазір біздің Жақ –
Биліктің қан-жынын ұртына тыққылап,
Қалғанын мұртымен сүрткілеп жарысқан,
Ар өліп, тұншығып ұяттар,
сатқындар сатқынмен табысқан.
Сен айтқан: «Сейітқұлдар» – «құрметті әкімдер»,1
Сен айтқан: «Анаулар» – «атақты данышпан».2
Ақылын қорлаған, иманын таптаған,
Атасын, күшігін, айғырын мақтаған.
Не деген көөөп еді жазу-шы-сымақтар,
Шыбындай қаптаған!
Біздің Жақ осындай,
Ішімнен жылаймын, ызамен күлемін,
Сен айтқан: «Бархандай» қан құсып жүрегім,3
Сен айтқан: «Ақтандай» ашынып жүремін.4
Жан Аға!
Біздің Жақ мәз-мейрам рухани тұралап,
Жанымды кім келіп жұбатар?!
Хәлімді қай адам сұрамақ?!
Қайтадан оралшы біздерге, Оралхан,
ҰЯТТЫҢ отына өртенсін мына Жақ!!!
1«Сейітқұлдар» – Сейітқұл, О. Бөкейдің «Құм мінезі» повесіндегі
кейіпкер.
2 «Анаулар» – АНАУЛАР, О. Бөкейдің «Сайтан көпір» повесіндегі
кейіпкер.
3 «Бархандай» – Бархан, О. Бөкейдің «Құм мінезі» повесіндегі
кейіпкер.
4«Ақтандай» – Ақтан, О. Бөкейдің «Мұзтау» повесіндегі кейіпкер
ЖАЛҒАН
Ассалаумағалейкум,
Бұ дүниенің қонағы һәм қайырсыз қоғамы!
Қан жылатып сананы,
Саудалаңыз біріңізді біріңіз,
Жалықтыңыз құр жылауық ақылдан.
Жерің – көрің, құндақтаулы сәбиің…
Барлығы да өз қолыңмен сатылған.
Ақша – патша.
Қалтаңызда – патшаңыз,
Қолқаңызда Жан әлемі ластанды.
…Мен өзімді сізге тегін берейін,
Өтінемін, сатпаңызшы Аспанды...
…Бұлт ішінде бұлқынған,
Келбетінде күн күліп,
Маңдайында ырыс-құты шылқыған,
Жанарында қызыл сары Ай қалқып,
Қабағында қара жасыл түн тұнған –
Мен кәдімгі жап-жасыл көктен келген көктеммін!
Тек сіздерді көз жасыммен сүйдім де,
Көкейімнен көкөрім ой бұлаттым.
Бурыл таудың былдырлаған тұңғышы
Сөзін сөйлеп мөлдіреген бұлақтың,
Сыбдырлаған сан жапырақ жүректі
Самалыммен жұбаттым!
Ай айдарлы, ақ баталы бауырым,
Түн мінезді салмақтым,
Шұғылалы Күн тектім.
Келте көктем – ғұмырда саған арнап құлпыртып,
Ауызымнан будақ-будақ гүл төктім!
Бір әлемде бүр жарып, бір әлемге жалғанған,
Жан құсалы өткінші дүниеге алданған.
Өтінемін, саудалама Аспанды!
Ол бір күні бұйрығымен Алламның
Бәрімізді құтқарады жалғаннан.
…Сосын біздің саудамыз да бітеді.
ЖАН
Ол мүлде жоқ еді.
Жаратты.
(Жаратушы – шексіз, мұңсыз, мәңгілік,
Барлық мақтау Оған ғана лайық!!!)
Өзін өзі танымаған мәңгіріп,
Өзі тапқан өз ойының тұтқыны –
Бұ дүние – әңгүдік.
Жан... тамшыдай тұнық еді басында,
Періштедей мөлдір еді расында.
Қайдан келді мына жаққа қаңғырып?!
Арманы не,
Аңсары не, Тәңірім?!
Қара тәнін қартайту ма мақсаты?!
Құлқын үшін ақыл-есін ақсатып,
Сенделу ме құр сүлдені сүйретіп,
қатпар-қатпар қиялының ішінде?!
Мына жалған –– ниетінде пенденің.
Ал, Ақиқат сан дыбыстық пішінде,
Азан болып қалықтайды ауада,
Хақ Алланың құдіретті күшінде.
Түн баласы көлеңкеде туғанда,
Күбірлейді Ол етегінде фәнидің.
Санасында бақи күлсе келесі,
Көз алдында көлбеңдесе елесі,
Асып-тасып сезімі,
Ақыретке ақылымен тамсанып,
«Жалған дүние, қонақпын!», –деп жар салып,
Жалғыз қалса, жылайды екен түсінде.
Уа-а-ай... жасып кеткен жүректер,
ісіп кеткен кеуделер,
көлкілдеген көңілдер –– уақытша өмірлер!
Ол... Алланы сүйеді.
Ол... Алланы сүйеді.
Ей.., еркіндік беріңдерші бір сәтке,
Болашақты ойласаңдар елжіреп.
Жан сөйлесін жанарлардан мөлдіреп...
УАҚЫТ
«Заманаға серт...»
Ғасыр сүресі (103-1)
«Уақыт – Өлең».
Автор
Ең соңғы дәуірдің сауырын таңбалап,
Төбелі жылдардың үстімен жорғалап,
Керқұла ғұмырым кісінеп келеді…
Иә, сәт!
Жұлдыздай жарқ еткен ақ арман,
Нүктеден басталып нүктеде жоғалған,
Сәре мен Мәренің арасы – қас-қағым –
Қас-қағым Әділет деп еді...
Себебі, хұсни Қаламның ұшында бүр жарып,
әу баста гүлдеген бұл Өлең – Құдайдың Өлеңі!
Бүгінім, о, менің сүйкімді бүгінім,
Келмеске кетсе де кекілді ғайып күн,
көзімде қалықтап қайық – мұң,
сағыныш дірілдеп сөзімде,
сезімнің ішінде мас болып,
ойымның үстінде айықтым.
Бүгінім,
біздерді күтуде ең соңғы Ұлы Күн.
О, сонда мақтаншақ құл тағдыр
Несімен өлшенбек?!
Тірліктің тісінен қылтиып,
құрлықтың қызығын көрсем деп,
маңырап жүргенде,
Қадірсіз жалғанның қадірін кеш біліп,
Бір күні іңірде аңырап,
шал болып қалады кемсеңдеп.
Ертеңім, о, менің арманшыл ертеңім,
Кешегі санаулы сағатым,
бүгінгі ертегім.
Сені де, мені де бір күні
ән қылып айтады аяулы атырап,
би қылып билейді күнәсіз жапырақ...
Ендеше,
Ажалым есінеп келгенше,
Ғаламнан бір сәтте жаралған Уақыт,
көзіңнен сүйейін қадірлеп өлгенше,
Табылса көңілдің ең гөзел тұрағы,
шешілсе өмірдің ең суық сұрағы,
шіркін-ай!
Ақиқат жүректе бұрқырап көктесе
Ақылым дұғалы!
СОҚПАҚ
Таң тамылжып туғанда тау басынан бұлт ығып,
Жасыл жамал әлемнің жанарына жыр тұнып,
Мың бедерлі бесіктен мұңсыз сәби бұлқынып....
.........................................................................
Оқылғанда Жаратқанның кітабы....
Кеңселерде екі езуі көпіріп,
Қарқ-қарқ етіп паңданып,
қарс айырылып, жыртылып,
Мақтанына малданып, құлқынына жалданып...
Тоғышарлар тағы да бір-біріне табынды,
Тәубесінен бүгін тағы жаңылды.
...Қағынды.
Бұ қалай?!
Астағфиралла!
Астағфиралла!!
Астағфиралла!!!
Тән құлына айналған Жан жабырқап жалғаннан.
Күн астында қорланған, түн төсінде алданған,
Болмысымның мұңымен ауыр-ауыр ойлардан
шөміш-шөміш у жұтып, Аллаһ, сені сағындым!
Қу тірлікке күйлейді төзім жылап сөзімнен,
Өп-өтірік билейді өмір күліп көзімнен.
Ғұмырымның Обалын ырс-ырс етіп көтеріп,
Өзімді іздеп өзімнен.
Мен біреуге ергенмін,
Ал, артымнан еріп күллі кекілдім.
Иманымдай сенгенмін,
Тфу!
Қарғыс атқыр сақалды сайтан екен,
Өк-ін-дім!!!
Ә-ә-н-е-е... Жолым жатыр бұралып,
Белін басып белес-белес даланың,
Қашан? Қашан?! Енді қашан?!!
Құбыламды табамын?!
Кіл есепшіл ерінді,
Бұл өсекшіл өмірден,
Уа, Жан Алла, Жан Алла,
Саған тартып барамын!!!
ЖАЗМЫШ
Ауған соғысында қан кешкен
Ерлерге арнаймын.
…Дауыл сөзі Дүнияны тербеген,
Жан әлемі ақиқатқа шөлдеген.
Әділетін жоғалтқан соң қан жұтып,
Қасіретін кеудесіне жерлеген,
Самайында сор ұйыған ғасырдың
Жанарынан сорғалатып жасыл мұң.
Жаратқанға «Жалғызым!!!» деп жалынған
Жалғыздықты жұбата алмай ашындым!
...Жырым-жырым жүрегінен жас тамған,
Ақ үміті қызыл қанмен ластанған.
Қас маңдайын қарсы қойған ажалға,
Қас батырдың жас қабірін жастанған,
Бүйіріндегі бұйрығынан сөз алып,
Қан сасыған Ауған тауын аза қып,
Қу тізесін құшақтатып жесірдің...
Уақыт өтті...
Сазарып.
...Көк сұр түнде Көк бөрі ой ұлытып,
Көкірегімді ыстық жаспен жылытып...
Жұлдыз болып ағып түскен сан игім
Көкке қарап налимын.
Сүт аңқыған күлкісі үшін сәбидің
Бұ дүнияны тәрк етіп...
О дүнияны олжалап,
Қанмен салып тағдырының келбетін,
Қаһарымен қалтыратқан жер бетін,
Шаһиттерге басын исін күллі Адам,
Дұға қылсын иігендей Жерге Күн!
Ел мен елді қарсы қойған Қара Сұм,
Адами заттың сиқырлаған санасын,
Қан қақсатқан данасын,
Қан сасытқан даласын,
Құтын құлқын билеген,
Мен жезөкше саясаттан жиренем!
Басын сұққан байлық деген балшықты,
Бұқараның көз жасымен илеген!
Содан кейін сасық кеуде көтерген,
Ел алдында еңбегі жоқ өтелген,
Көбік сөзді «көсемдерді» аяймын,
Беттерінің еті өлген!
ДАУА
Өзін Құдай санаған пенделерден түңіліп,
Дала жатыр күңіреніп қайғысына үгіліп.
Сайтан сақ-сақ күледі санасында патшаның,
Қанның иісі мүңкиді сықырынан ақшаның.
Дала, дала күнәсіз көкірегіне зар тұнған,
Тұнған зардың демінде аруақтар алқынған.
Әй, пенделер, пенделер бір-біріне табынған,
Ойыңда ойнап Ібіліс, сөзіңде Жын қағынған.
Жын билеген ғылымның жаңалығы – сандырақ,
Сандырақтың дертінен Жер жанары қан жылап,
Жер домалап барады, қасіретті, қаралы,
Күрсінеді кеңістік күн жүрегі жаралы.
Хақ нұрынан нәр алған, ақ дұғадан жаралған –
Иман кетсе адамнан, Кие қашар ғаламнан.
Иман сұра Алладан, Иман сұра Алладан,
Өз ойына байланып, азаптанған сорлы Адам.
Жан көзінен тамған жас – шын Дұғаның Сәлемі,
Аппақ сәуле – Ақ Тілек – Періштедей әдемі.
Тілегіңе Хақ тұнса, жүрегіңе құт қонар,
Зұлымдықтың зәрінен жалғыз Алла құтқарар!
КӨП КҮТКЕН КӨКТЕМ
Ең соңғы Көктем – Мақшар Көктемі!
Алланың әр жылғы арнайы сыйлығы,
Бұтақтың бүрінен бүр жарған бұйрығы
Өте пәк ойлардың анасы –
Тым терең тылсым күш жап-жасыл күбірлеп,
Нұр құйып мейірлі өзекке,
Қатыгез кеудені жылатқан.
Қос жанар түйіскен мезетте
Махаббат дәнінен
Жүректе жамырап гүлдеген сезімдей,
Жанымның аңсары,
Жарымның мөп-мөлдір көзіндей,
Жапырақ тілінде ағылып сөйлеген,
Осы бір Көктемді көп күттім сарылып!
Көп күттім осы бір көктемді!
Бабамның қанымен көктеген,
Даламның бар мұңын айтсам деп;
Ділімнің діңгегі –
Табанда тапталған
Тілімнің тағдырын айтсам деп;
Басқаға еліктеп-жалтақтап саспаған,
Біржола жат болған ұлымды,
Бетімді беріш қып тастаған,
Етегі сатылған қызымды айтсам деп;
Дүдәмал досыммен ластап арымды,
Саудалап бағымды,
Өзімді тірідей өлтіріп, өзгеге сыйынып,
Сезімсіз мұртымнан жымиып…
Есімді есектің аузындай қисайтып,
Дұшпанға мақталған түрімді айтсам деп;
Маңдайдың көк тері сорғалап күн көрген,
Момынды мінбеден жүндеген,
Сайқалдай құбылып сөйлеген,
Сайтандай қиылып санамды сасытқан,
Жалпақ бет жандайшап әкімді айтсам деп;
Ұлыққа жағынып, ылығып,
Бір-бірін күндеген, былығып,
Сөзімнің қадірін кетірген,
Құлқынның құлына айналып пұл үшін сайраған,
ақымақ «ақынды» айтсам деп...
Қап-қара қан ағып көзімнен,
Ойымның ішінде булығып өксідім,
Күп-күрең күрсіндім құсалы,
Мысалы,
Көпірдім несін мен,
Бұл ғасыр – есірген ессіз бір есірмен!
Шындығы –
Бір ғана тамшыдан түлетіп,
Жатырдан жалғанға көшірген,
Сөзіме сыйғызып барлығын,
Басымды кішкентай ғарыш қып жаратқан,
Теңдессіз, пәк, Бағым —
Алладан басқа Дос таппадым!
Досыма жүрекпен жүгіріп, жалынып,
Осы бір көктемді көп күттім, көп күттім сарылып!!!
КІМ??!
Ауырады жүрегім...
Рухыңа рақымдылық тіледім.
Жалғыз қалып ниетіңе үңілші,
Кеше кім ең?! Кеше ғана кім едің?!
Күйіп, жанып күдігіңе өртендің,
Өз ісіңнен өзің тағы жеркендің.
Аянышты, бордай тозған болмысың,
Кеше аға, бүгін дұшпан, ертең кім?!
Жерде жүрген «жұлдыздардың» жарығы
Ойларымның отты көзін қарыды.
Жалбаң-жалбаң жүрісің-ай, күлкілі,
Желігіңе су бүркіген тағы кім?!
Күлтесіне у тамызып гүлдердің,
Тағдырларды қан жылатып үлгердің.
Обалдарды ойыншық қып ойнаған
Сөзін үрлеп жүрсің қазір кімдердің?!
Көңіліңе күнә жағып түндерден,
Күлдібадам күс-күс қара күндермен,
Ойхой, жаса, жасандылық – күшеншек,
Қайда кетіп бара жатсың, кімдермен?!
Ауырады жүрегім де, жаным да,
Сені ойлап, ойым мұңға малынған.
Рухыңа рақымдылық тілеймін
Өміріммен Жаратқанға жалынған...
ИМАНЖҮСІП ҚҰТПАНҰЛЫНЫҢ РУХЫНА
Жаратқанның Қаламынан құйылған,
Сөз маңызы маңдайыңа бұйырған,
Ән самалы таңдайыңа бұйырған!
Мейірім нұры тарағанда миыңнан,
Әр деміңе мың періште жиылған!
Әр Өлеңің қиысқанда қиыннан,
Мынау Елің нәпсісінен тиылған!
Әлемдерді хикметіне құмартқан,
Әл-Илаһқа жүрегімен сыйынған –
Иманжүсіп,
Иманжүсіп – Қайран Қазақ Рухы,
Мен сендей дүние-мүлік, бұйымнан,
Қашып шығып сыңғырлаған тиыннан,
Жан мен тәнді тастап шығып жалғаннан,
Кәпірлерге Рухымды арланған,
Нұрмен жуып арманымды қорланған,
Алып шығып шайтан жетпес зау көкке,
Саған айтсам мұнарланған мұңымды,
Саған айтсам шідерленген шерімді,
Уаһ, арман-ай,
мұнарланған мұңым күндей ашылып,
шідерленген шерім менің шешілер ме,
жалған-ай?!
...Уа, жатырында жатқан кезден анамның,
шүкір, тәубе, Мүмін болып жаралдым!
Мүмін болып жаралдым да Қазаққа,
Мен де сендей Рух болып оралдым!
Тәңір құты – түн жауғанда төбемнен,
Әр бір сөзім хақиқатқа бөленген.
Қайран Қазақ – қасіретіңді көрем мен,
Қасіретіңді ұшықтаймын Өлеңмен!
Ұшық,
ұшық,
ұшық...
Отар-отар қойдай саған ен салып,
Отар қылып үйірген,
Отарынан шығармай,
Мұрнын көкке шүйірген –
Қорс-қорс еткен қорс еткен,
Доңыздардың ұшындың ба демінен?!
Бақыт көрген мына бір боқ дүниені
Қоңыздардың жиіркендің бе көңінен?!
Уа, тұншықтырған үніңді,
Сөйлетпеген Тіліңді,
Көк көздерді көкірегіңе сарытқан,
Ей, бақырайған түріңді...
Үрейің,
үрейің де ұлттық емес, қайтейін!
Жас өскенше жанарымды жасытпан!
Мынау бір кезеңнен
ұшық,
ұшық,
ұшық...
Бүлініп жатқан Тегіңді,
Таланып жатқан Жеріңді
Қан сесімен шешейін,
Ар жасымен жуайын!..
Жараланған Діліңді,
Иманыммен жуайын,
Қараланған күніңді
Ожданыммен жуайын!..
Қайсар жанды Қазағым-ай – киелім,
Сені ойласам сырқырайды сүйегім.
Қара жүрегім қақ айырылып, мен сені,
Жанарымнан жасын ағып сүйемін!
Алқымына алқа тағып арманның,
Көкшіл түнде көк тұйғындай толғандым.
Тағдырыңа тамырыммен жалғандым,
Көкжал мінез Иманжүсіп секілді,
Азуымды Ай жалаған Мен бармын!
Уа, Иманжүсіп батырым,
Орыстарға жағынған болыстарды еңіретіп,
Болыстардың сасық сесін өлтірген!
Ай, Алланың асқақ ақыны,
Көкірегінен кернеп ұшқан жасын сөз,
Тексіздердің тентіретіп тағдырын,
Тәубесіне келтірген!
Мен де сендей шерлімін,
Мен де сендей шерлімін!
Өресіне екі дүние деміккен,
Рухында Раббымның әділеті бар өрелім!
Ата салтын сүрмеген,
Ана тілін білмеген,
Мына бір бүгінгі атшабарын әкімнің
Мен де сойсам деп едім!
Ұлт қадірін білмеген
Ұлдан нені көремін?!
Жат қойнында түнеген
Қыздан нені көремін?!
Осыларды дәл сендей бауыздасам деп едім!
Уау, жүрегі Сарыарқадай кең Ерім,
Тілегі – Көкшетаудай көрікті
Кемеңгерім, не дейін?!
Қарлығады-ай құсаланып көмейім!
Иманжүсіп, жараланған жан бүгін,
Бұлдыр-бұлдыр сол қалпында тағдырым.
Рухыңа Рухыммен күңіреніп,
Мұңым шақтым, саған айттым барлығын.
Мына жақта құлақ өлген, сөз өлген,
Ұлттық Рух шөлдеп, семіп, кезерген.
Үмітімнің қос көзінен май ағып,
Болашақтан бір бақытты сезем мен!
Қадіріңе жетпедік қой барыңда.
Қазақ үшін шаһит кешкен жолыңда,
Өлең қалды, Рух қалды...
Ал қазір...
Үндемейсің, дұрыс шығар оның да...
Жан жұбатып жасыл шөптің үнімен,
Оңашада ойға айналып түнімен,
Жылатарсың, уатарсың далаңды,
Жаңбыр жуған боз жусанның тілімен!
ТОПЫРАҚ
Қара тәнім – қара топырақ кәдімгі,
Қаһарман қазақи Рухыма оранған...
...Ғаламның Раббысы – Рахымды Алланың
«БОЛ!» деген жалғыз-ақ Сөзінен жаралған...
Ғарыштың...
Ғарыштың көзінде жұлдыздай нұрланып,
Көк Аспан, мен саған Рухыммен беттедім.
Қара Жер төсінде қақ жарып жартасты
қарағай сияқты көктедім!
Топырақтан жаралдым,
топырақтан нәр алдым,
Топырақ – обалым,
Топырақ – тылсымды тамырым,
Топырақ – о дүние демінде жылынар Тағдырым!
Қара тәнім – қара топырақ кәдімгі,
Қаһарман қазақи Рухыма оранған...
...Әлдилеп даламның дұғалы құшағы,
Аңызға айналып бір күні,
топырақты сағынып құшамын,
содан соң,
толғатып қара жер құрсағын,
қайтадан ғарышқа ұшамын!
Туған жер топырағы – бабамның сүйегі,
Мен сені өзіңе айналып кетсем де сүйемін, Топырақ!
Бір уыс топырақ, бір уыс топырақ –
Жүрегім, жанарым, Намысым, Ожданым,
Отандай ардақты,
Елімдей киелім!
Бір уыс топырақ қадірін біле ме бауырым,
Бір уыс топырақ қадірін ұға ма қарындас?!
Бір уыс топырағын саудалап байыған тексізге,
Жапырақ жаным қас, қайнаған қаным қас!
Бір уыс топырақ – киелі мекенің,
Сен соны ұмытпа,
баталы бауырым – жетелім.
Дүниеге тоймаған көздері топыраққа тояры
Миына кіре ме көргенсіз «көкенің»?!
Оу, мынау жалғанда
Әр елдің басына Азаттық оп-оңай қонған ба?!
Бір уыс топырақты қызғыштай қорғаштап,
Қаншама боздақтар қан кешті арманда.
Қан сіңген топырақ, жас сіңген топырақ –
Қазақтың топырағы
тек қана қазақша сөйлейді,
Осыны түйсініп ұғатын жан бар ма?!
Қазақтың топырағы – Қазақтың Отаны,
Топырағымды ластады кіл шата жат әні!
Өз ұлтын сүймеген,
өз топырағын сүймеген немені
Топырақтың киесі атады!
Мен оны білемін,
Құлагердей кісінеп, уа, мынау жүрегім!
Көкшетау көгінде көкірегімде күн жанып,
Бәріңе топырақтың Рухын тіледім!
Қара тәнім – қара топырақ әлемі,
Қаһарман қазақи Рухыма оранған...
«Бол!» деген жалғыз-ақ Хақ Алла Сәлемі,
Қара тәнім қара топырақтан жаралған,
Расында,
Иітіп көзіңді иектің кемсеңі,
Ұғарсың ми болса шоқшиған басыңда,
Шындығы –
Өмірдің өлшемі – бір уыс топырақтың өлшемі,
Сондықтан,
Шарт бүгіп тіземді,
Иілтіп иілмес басымды, сүйемін, топырақ, Мен сені!
АРЫС
Жанайдар Сәдуақасұлының рухына
Екі дүниенің әділеті бар зарыңда,
Енді, Қазақ, құл мен күңге табынба.
Шым-шым етіп Ар өксиді қаныңда,
Солқ-солқ етіп Дәт күрсінген Жаныңда.
Кеудеңдегі жүрек емес, Күн еді,
Күн бетіне өткінші бұлт түнеді.
Кешірімшіл сабырыңда төзім жүр,
Бәрі өлшеулі, Хақ Тәңірі біледі!
Алас! Алас!
Қарғыс атқыр, кері кеткен, кеңкелес –
Опасыздар һәм отаршыл КОМ Кеңес.
Ей, сендерге бас имейді ұлы елім,
(Періштелер аймалаған Тілегін).
У-у-у-и-и-иии!
Сатқындар-ай, тірісіңдер, білемін,
Мен сендерді күнде көріп жүремін.
Ақ сөйлеген әр антымда жалын бар,
Сол жалыннан Рух жарқылын таныңдар,
Жағымсыған, жалтақтаған көп ымдар,
Е-еһ, сендерде қайтпай қалған кегім бар!
Ұжданымды ойыншық қып бұ күнде,
Мазақ жұтып Обалым жүр түріңде.
Сегіз қырлы тылсым тұнған тілімде,
Шындық күлер күндердің бір күнінде,
Жала жауып, Елін сатқан тексізден
Нақақсыз қан жауап алар түбінде!
Алаш үшін қаперіне серт байлап,
Көкірегінен сөздің құсы самғаған.
Хақ сыйлаған қайратында Бақ жайнап,
Үзілгенді жұлынымен жалғаған.
Қобыз сынды күңіреніп жалғаннан,
Әр демінде елім деген арман ән
шалықтап;
Қазақ үшін қатерлі жол таңдаған –
Қайран Арыс, кешір бізді, Ер Данам,
Ұлт жағасын ұлтарақ қып жат халық,
Қызыл-қызыл ұрандарды жаттадық.
Сіздер сынды сәулемізден айрылып,
Қанатымыз қақырады қайрылып,
Найза – намыс тоқырады майрылып,
Шын Азаттық таба алмадық, таппадық.
Кешір, кешір, ақыл көзі, зиялым,
Біз өзіңді тым кешігіп жоқтадық.
Қызыл сөздің аптабынан қуарған,
Діл өзегін көз жасымен суарған,
Нар сеніммен көтерген бар азабын,
Сүйсе сендей сүйсін қазақ қазағын!
Тіл тағдыры қалтыратқан санасын,
Сүйсе адамзат сүйсін сендей даласын!
Ұлт жолында Сессіз езді сүймеген,
Маңдайында мәңгілік нұр билеген
тағдырымен,
Мынау сәби Еліңді,
Мынау байтақ Жеріңді
Әлпештедің жан сөйлеген тілекпен,
Әлдиледің Қазақ деген жүрекпен,
Қайран Арыс,
Ар мен намыс іңкәр тауып жарасым,
Аппақ дұға – Есіміңмен жалғап тұр
Бұ дүние мен о дүниенің арасын!
РУХ МОНОЛОГІ
Ғасырлар демінде ентігіп Арманым,
Үзілген күдерді үмітпен жалғадым.
Қылыштың жүзінде боялып іңірлер,
Найзаның ұшында оянған жан-жағым!
Аспаннан естіліп дауысы Арымның,
Сағынсам Тәңірінің жанарын сағындым!
Жалынсам тек қана Тәңіріге жалындым!
Табынсам тек қана Тәңіріге табындым!
Ал бүгін басына Бақыт кеп орнаған,
Сендерге ұрпағым, Жанымды арнағам!
Сендерге ұрпағым барымды арнағам!
Жылатып Түнімді, жұбатып Күнімді,
Мен, айхай, мынау қаныммен қорғаған,
Қасиет аңқыған Жерімді ойлағам,
Қамыққан қара орман Елімді ойлағам,
Ажалды өңіне сесімен жүгірген –
Қаныңда бұлқынған Тегімді ойлағам!
Иә, кеше, сөзіңе әр ісің сай болмай,
Жігерің атылды, маңдайың ойланбай
Құл құтан құтырды құтыңды қашырып,
Намысың тот басты қайратпен қайралмай.
Бақытын сүрініп, сорыңа айналып,
Қан жылап қабағың, шеріңе байланып,
Тарыдай шашылып тоз-тоз боп кеткенсің,
Тағдырдың ызғарлы желіне айдалып!
Дәрменсіз өксікке өзегің тұншығып,
Кеудеңде көк сұр кек сусылдап, қайралып,
Қу көңіл моладай азынап, аңырап,
Қу жалған құбылған құлазып, қаңырап,
Күн асты – қобыздай күңіреніп отырдың,
Түн төсі – домбырадай күмбірлеп,
еміреніп, еңіреп отырдың,
Зар ағып жағыңнан, у тұнып таңдайға,
Ашындың,
Туладың,
Басылдың...
Қайтадан ашындың,
Ақылың көк мүйіз адырнадай тартылып,
Дұшпанға күркіреп барыстай атылдың!
Жасыңа суғарған Кегіңе сенгенмін!
Кегінде құдірет бұлқынған Еріңе сенгенмін!
Әуелі, Әділет Иесі – Тәңірге сенгенмін!
Бір күні жұлқынып Азаттық алатын,
Тегіме сенгенмін!
Жер жүзі жамырап ісіңе қарасты,
Жер жүзі сабырлы сөзіңмен санасты.
Көк аспан көгінде Көк Туың желбіреп,
Алтай мен Атырау арасы – бірлігің жарасты!
Ей, шіркін, Дүния!
Достарым сүйініп қарасын!
Дұшпаным күйініп қарасын!
Еркіндік тербетсін Қазақтың даласын!
Тәуелсіз еліңе тәуелді ұлың бар!
Тәуелсіз еліңе тәуелді қызың бар!
Көзіңнің қарасы, діліңнің жұлыны –
Азаттық – аманат, аманат сендерге – Алашым!
АҚЫН РУХЫМЕН СЕРТТЕСУ
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты –
Мен жастарға сенемін!»
Мағжан БЕКЕНҰЛЫ
Кере қарыс маңдайынан ғарышқа жол салып,
Шаһиттік Ер ғұмыр шалқыған!
Сұңғыла сертінде бодандық булығып,
Дұғалы сөзінде Азаттық аңқыған!
Арыстан жүректі, абадан мінезді асылым!
Ажалды жылатып, айбынды от жырың,
Жалғанды жұбатты періште пәктігің.
Жан мұңын сөйлетіп,
Ар құнын құлпыртып,
Алаштың демінен Жұмақтың суретін билетіп,
Кешегі керауыз сатқынды састырып,
Бүгінгі сорауыз жалтаққа қастығып,
Көңілдің көгінде қырандай сусылдап,
Жүректің қобызын күңірентіп,
Қош келдің біздерге, Ақ Сәуле – Ақтық Үн!
Тәңірі тірілтіп, Тәңірі қолдаған,
Бес күндік өмірдің өзегін жалғаған,
Ер Баба тілінен өр, дана Рухың нәр алып,
Сегіз қыр Сөзіңнен сегіз нұр таралып,
Күншығыс көзінен күрең нұр қара өлең лаулатып,
Күнбатыс көгіне Күн болып жаралып,
Алашқа Алланың Самалын естіріп,
Қош келдің бұл жерге, қаһарман хас Ақын!
Қош келдің, Жанарым!
Туған жер топырағын толғатып,
жібектей желімен сырласып,
шөбімен, аңымен, құсымен мұңдасып,
Түбі бір Түркі үшін
Алтайдай құлазып,
Арқадай аңырап,
Тұранның төсіне жұлдызды ойлары жамырап...
Қаламның ұшынан Әлемнің сезімін түрленткен
Ұлы Ақын!
Қош келдің Тәуелсіз Түркіге!
Қош келдің Тәуелсіз Қазаққа!
Даланың көшпелі Обалын ойлаған –
Сананың мәңгілік Шырағы.
Ойының киелі тұмары,
Рухы сусаса сусындар қасиет бұлағы –
Сендегі Аңсардың зарымен,
Үміттің қанымен көктеген жазбалар,
Қазақтың Есінде Дес болып жайқалып,
Жусандай бұрқырап тұр әлі!
Сен сендің Жастарға,
Сен сенген мына Мен –
Сөзіммен шайтанды шошыттым!
Өзіммен кәпірді жасыттым!
Желтоқсан желінде Қайрат боп қаһарым жұлқынып,
Ажалға жүгірдім кегіммен ұмтылып!
Содан соң…
Кірпікте марқасқа қуаныш мөлдіреп,
Көзімнің ішінде Көк Туым желбіреп,
Арқаның төсіне айбарлы Астана орнатып,
Алаштың мерейін тасыттым!
Сен сенген мына – Мен,
Е-е-хе-һе-ей!!!
Қарашы,
Адамның аспантек баласы!
Иманым жүзімнен жыр болып шашырап,
Күн болып шаттанып шалқақтап күлемін!
Білемін,
Көмейден күй сынды сұңқылдап тілегім,
Ел үшін жұлыным жұлынса, өкінбен!
Хас Ақын,
Мен саған Ант етем!
Әлемге сүйгізем Қазақтың хұсни Жүрегін!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру