Мазмұнға өту
Home

Әзіл-оспақтар

Балғабек Қыдырбекұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әзіл-оспақтар

Балғабек Қыдырбекұлы — «Әзіл-оспақтар» (Көркем әңгіме). БАСТЫҚТЫҢ АШУЫ

БАСТЫҚТЫҢ АШУЫ

«Қарасаз» колхозының председателі Жортақбай кеңсеге қатты ашуланып кірді. Қабағы түксиіп, өңі түтігіп, қарауытып кетіпті. Тіпті қатты ашуланғандықтан есік алдында тұрған бірсыпыра колхозшылармен амандаспай, өз кабинетіне де бармай бірден бухгалтерлер бөлмесіне беттеді.

Ашушаң бастықты бәріміз де сөгеміз. Бірақ бүгін ашуландың деп Жортақбайды сөгуге болмайтын еді. Ашуланбағанда қайтсін, егін судан қалып барады, отырғызылып болмаған темекі анау. Көк бригадасының жұмысы мүлдем бастаусыз жатыр. Аудан ақпарды бұрын бес күнде бір сұраушы еді, колхозда телефон орнағалы бері құлаққа тыныштық жоқ, ауаткомдегі әне бір бадырақ көз қара қыз тақылдап тынышыңды алады.

Тіпті күндегісін былай қойғанда балалар яслиінде істейтін бес әйелдің бесеуі де жұмысқа шықпай қалыпты. Яслидің есігі ашылмағандықтан бес бригададағы жиырма шақты балалы әйел үйінде баласынан шыға алмай шырмалып қалыпты. Яслиде істейтіндердің бірді-екілісі болмаса көбі белсенділердің әйелдері еді. Жеңілдеу жұмыс, маңдай күнге тимесін, шыжыған ыстықта бір-бір уақыт көлеңкеде отырғанның өзі де бір ғанибет қой дескен. Енді міне, бұлардың кесірі бригадаға тиіп бақандай жиырма адам жұмысқа шықпаған.

Жортақбай даладан қатты келген күйі бас бухгалтерше жеки түйіле сөйледі:

— Сенің әйелін неге жұмысқа, яслиге бармай қалды?

Бухгалтер сасқан жоқ, жай әдемі сыбызғы дауыспен жымысқып қана:

— Бүгін сіздің үйдегі Жауһар жеңгейге болысатын еді,— деп лыпың ете түсті. Председатель не айтарын білмей бар ашуынан айрылып, сылқиды да қалды. Ал бухгалтер тісін көрсетіп ыржиып күлген болды.

КӨШКЕН ЖҰЛДЫЗ

Жаз күнінде түнде далада отырған адамның аспанға қарай беретін әдеті. Жазық даладағы қырман басындағы қарауыл Бекбай қарт таңды болжап, үркер қарап, одан жеті қарақшыны түгендейді. Сөйтіп далада өскен қазақтың алысты болжайтын жіті көзі аспан әлемін тегіс шолып отырып, түстіктен туып келе жатқан бір жарық жұлдызды байқайды.

— Япырмау, бұрын жұлдыздар да. шығыстан туушы еді, енді түстіктен туатын болған ба,— дей беріп—«өзім шатасып отырмайын» деп үркерге қарайды. Үркер шығыс жақта, темірқазық төбеде, бәрі орнында. Сөйткенше болмай әпсәтте әлгі жұлдыз арқан бойы көтеріліп, одан заулап түстіктен шығысқа қарай төбеге келіп қалады. Әлгі жұлдыздың зымырап бара жатқаны көріне көзге байқалып тұр. Сонда әлгі Бекбай қарт отырып:

— Ой, сұмдық-ай, заман өзгергенде аспан да өзгереді екен ғой, бұрынғы жұлдыздар жымың-жымың етіп, бір жерде тұрып алушы еді, ендігі жұлдыздар қас қаққанша аспанды кезіп шығатын болыпты-ау деп ойлайды.

ГАЗЕТТІҢ МАКЕТІ

Үлкен аудиторияда сабақ өткізіп тұрған журналистика пәнінің оқытушысы тізіліп отырған студенттерге бір сұрақ қойды:

— Айтып жіберші, Айтан, осы қазіргі газеттердің бұрынғы газет макеттерінен қандай айырмасы бар?

Орнынан ширақ тұрған Айтан жан-жағына қоразданып қарап алып былай деді:

— Оны кім білмейді. Бұрын подвалдық мақала газеттердің аяғында болушы еді, енді беттің басына шықты.

ТӨТЕ ЖАУАП

Он күн облыста командировкада болып қайтқан бір журналист қызмет соңында машина бюросына кіріпті,.

— Сәруар, аман-есенбісің?

Сонда Сәруар әй-шай жоқ төте жауап берді:

— Қызмет уақтысы бітті, сағат алты болды.

— Жоқ мен амандасып тұрмын ғой,

— Бүгін болмайды, ертең келерсің.

СӘТІ КЕЛМЕГЕН МАҚАЛА

Журналист жауапты секретарьға кеш алдында шағын ғана мақала ұсынды.

— Мына мақаланы номерге салсаңыз екен.

— Ойпырмау, болмайды шығаратынымыз төрт бет қой.

Әлгі журналист ертесіне кеш алдында тағы да жауапты секретарьға келіп 25 беттік мақала ұсынып былай деді:

— Тақа, мына мақаланы номерге салып жіберсеңіз екен.

— Болмайды, ыңғайы келмейді.

Сонда журналист таңданып тұрып сөйледі:

— Апырау, шығаратынымыз төрт бет қой...

— Секретарь жолдас, менің мақаламды салып жіберсеңіз.

— Дайын ба, терілген бе еді?

— Дайын, басымда. Бір-екі күнде жазып беремін ғой,

ОСЫ БАСТАН ҮЙРЕНЕМІН

Тойбай деген бір қызметкер күнде кызметтен ерте кете беретін болыпты. Соңғы күндері оның мұнысы әдетке айналыпты. Тіпті күндегіден күнде жұмыс орнынан ерте жинала бастады. Бұл тәртіпсіздікті күнде байқап отыратын бөлім бастығы оған ескертпе жасап:

Тойбай, сен неге қызмет уақыты аяқталмай, ерте кете бересің, мұның ұят қой, шырағым,— дейді. Сонда ол қысылмастан тұрып:

— Кейін жұмыс сағаты қысқарады ғой. Соған осы бастан әзірленіп жүрмін. Әйтпесе үйрене алмауым мүмкін деп,— жауап беріпті.

ҮЙДІҢ АУАСЫ

«Көмек» артелінің кеңсесі қамыстан салынған ескі үйге орналасқан еді. Бір күні күн кенет суытып, кеңсеге адам отыруға мүмкін болмай кетті. Бұл бөлмеде отыратындардың барлығы да стол дар да сырт киімдерімен жұмыс істеді. Төрт-бес күннен кейін күн жылып, ноль градусқа түсті де, әлгі бөлменің іші күйіп ыстық бола бастады. Сонда есіктен кіріп келген сол бөлмеде отыратын бір қызметкер:

— Ту, осы үйдің-ақ қорлығы өтті-ау, суықта суып кетеді де, күн жылына берсе ысып сала береді. Отыруға мүмкін емес,— деді. Сонда отырғандардың біреуі:

— Біздің бөлме бастық күле сөйлесе аты жоқ, жөні жоқ ыржия бастайтын, қатулана сөйлесе қабағын шығатын жағымпаз адамдар сияқты,— деді. Сол кезде есіктен кірген қызметкер құлағына дейін қызарып кетті.

«ШАРМЕҢ»

Қазақтың бір оқыған жігіті Жұрымбай ауылға өкіл болып келді. Ол әр күні жатарда үйықтай алмай әр нәрсені бір ойлап, бірден бірге түйіліп, ойға сүңги беретін әдеті еді. Сонан соң әлдебір нәрсені шығарып келсе де, келмесе де өзім тапқан жаңалығым деп айтып мақтанып жүретін. Нақ осындай бір күні ой түбіне жете алмай жатқанда ертең колхоздың шаруашылық меңгерушісінде жұмысы бары есіне түсіп, оған қаладан әлдебір науқанға жетіспей жатқан бөлшекті алып келуі керектігін ұсынбақ болды.

— Әй, осы завхоздың өзі бір салақтау адам екен, — деп ойлады. Шынында да Жұрымбайдың ойлағанындай ол әрі салақтау, әрі сауаты шамалы қара төкпек адам болатын. Жұрымбай дамылсыз ойлай берді.

— Я, я, завхоз, завхоз! Завхозы несі осылардың?— деп ойлады ол,— Завхоз. «Заведущий хозяйством» деген сөз той орысша. Оны неге қазақшалауға болмайды? Немене бәріне жеткен қазақ тілі осыған жетпей, осыны аудара алмай қалып па!? Заведующий — меңгерушісі, ал хозяйством — шаруашылығын, сонда тура аударма «меңгерушісі шаруашылығын» болып шығады. Жоқ-жоқ. Орыстар заведующий хозяйством деп тұтас айтса көзі көрмеп пе! Сондықтан завхоз дегендей оны да қысқарту керек қой. Таптым, таптым. Алғашқы буындарды аламын. «Меңшар!» Жо-жоқ. Бұл да теріс. Алдымен анық қазақшылап алу керек. «Меңгерушісі шаруашылығын» деген болмайды. «Шаруашылық меңгерушісі!» Міне нағыз қазақша, қатып кетті. Енді қысқартуым керек. Сонда бұл алғашқы айтқанымдай «меңшар» емес, «шармең» болады. Ой пәле! Әй, Жүкеңнің басы жұмыс істейді-ау! Жарайсың, Жүке, жарайсың. Шынында, осы түбінде қазақтың Қарамзині мен болып кетіп жүрмейін.

Таңертең өкіл қырман басына келді. Ол қолындағы жүгенін колхоздың шаруашылық меңгерушісіне берді. Сөйтіп:

— Шармең! Ат әкел,—деді. Анау жүгенді алғанымен жақтырмағандай бір қарап қойды. Ол бір нәрсеге күйбеңдеп әлі де кете қоймады. Сондықтан өкіл екінші біреуді жұмсады. Оның «жүгеніңіз қайда» деген сұрағына Жұрымбай:

— Шармеңге бердім,— деді: Анау түсіне алмай аңырып тұрып қалды. Жұрымбай қайта айтты: Шармеңге бердім, шармеңге.

— Кімге?

— Шармеңге!

Осы кезде колхоздың шаруашылық меңгерушісі түтеп «ә, әкеңнің аузын... өзің шармен,»..— деп жүгенмен Жұрымбайды салып кетті.

КЕҢСІРІК ҚАЛАЙ КӨРІНДІ

Бүлкібай майданнан бір қолынан айрылып қайтты. Оның шынтағынан жоқ қолына протез жасалды. Ал екінші қолының да екі саусағы оққа ұшқан еді. Қолынан айырылып қайтқан ері Салихаға бұрынғыдай сүйкімді көрінбеді. Бүлкібайдың қолының сықырын естігенде Салиханың шекесіне біреу бізді сұғып, қайта суырып алып, дамылсыз осыны қайталап тұрғандай көрінетін болды. Оның үстіне он шақты күннен бері тұрмай, төсек тартып жатып алғаны да етіп кетті.

Еркегі жоқта жол алып, жаман үйренген Салиха Бүлкібай төсек тартып жатқалы бері шолақ күйеуді менсінуді қойды. Тіпті ол кей күндері жарым түнде қайтып жүрді. Қасып-қасып ақырындап айтқан Бүлкібайдың coсын ол құлағына ілмеді. Бір күпі тіпті ері қанша жалынғанмен Салиха буынып-түйініп біржола кетпек болды. Киімін тегіс қаттап, қол сандығына салып, есікке қарай енді беттей бергенде, күйеуі Салихаға тұра тұршы дегендей ишара білдірді.

Әйел жалт бұрылып Бүлкібайдың бетіне тура қарады. Салиханың жарқ еткен нұрлы жүзі қызарыңқырап, қаны сыртына теуіп, долылықтан қызарса да әдейілеп бояп қойғандай көрінді. Оның жүзінін. сұлулығы сонша — бетінен ашу ізі білінбей, қайта сыртқа тепкен қан оны сұлуландыра түсіпті. Оның әдемі қыр мұрыны, кескінді кейпіне айрықша көрік беріп тұрғандай. Екі танауынан күн көрінеді деген сұлу да осы Салиха шығар. Қандай көркем келіншек! Қарақат көз, жайнаған жүз, тотыша құбылып тұр. Енді осындай келісті бетті біреу аймалап, шиқандай ерінді, оймақтай ауызды біреу сүйеді-ау!

Мүгедектің іші қазандай қайнады. Тіпті у ішіп өле кеткісі де келді. Оның ішін қызғаныш оты жегідей жеп, әлеп-жалап жіберді. Не істеу керек? Асыл ерке алыс сапарға аттанып барады, осындай ай десе аузы, күн десе көзі бар перизатты қандай ғана көздер қияды.

— Бір сәт тура тұршы,— деді ол әйеліне,— шын кетемісің? Мен өз басым сені қимаймын. Мынау тату күндердің айғағы — екі баланы кімге тірі жетім етіп қоямыз. Ойлансаң етті.

Әйел қатты кетті.

— Жоқ мен жарым адаммен тура алмаймын, мен періштенің баласындай көркіммен қасқырдың асығындай мүжиып тұрған сені қайтем. Бала болса, қалады да әкесін сағалап.

Күйеуінің қызғаныш оты ішін жалап барады. Өле кету оңай емес, өз жанын қия алмайды. Әйелінің әбден бұзылып алғанына, кететініне Бүлкібайдың көзі жетіп күйіп кетті.

— Анық кетер болсаң— деді ері,— он жыл бірге тұрдық қой, ең болмаса бетіңнен бір сүйгізе кетші!

Әйел бұрылып күйеуінің жанына келді.

— Еңкейсеңші бері таман, бір құшып сүйейін.

Мүгедек жалғыз қолымен әйелін қапсыра қатты құшақтады. Әйел де еңкейіп, отырған күйеуіне бетін тоса берді. Осы кезде Бүлкібай сүйе беремін деп әдемі қыр мұрынның ұшын қыршып, жұлып алды. Келісті беттің сәнін келтіріп тұрған мұрын екен, кеңірейіп кеңсірігі көрініп қалды. Көкиген танау бұдан кейін қанша көтерілмек болса да, түбін су орып кеткен ескі дуалдай мұжиып, жырымданып қала берді. »

ОРАҚ МҰРЫННЫҢ АЛМАСЫ

Алматыдан келген өкіл Н. облысының бір түкпіріндегі «Авангард» колхозының магазинінің алдына келгенде басында қаракөлден тігілген кавказдық бөркі бар, үңірейген ұзын бойлы, орақ мұрын біреуді көрді. Оның айналасында аузы буулы бірнеше қап жатыр да, аузы ашылған екі үлкен қаптан алма көрініп тұр. Келушілер көп.

Анадай жерде бүйрек бет қара бала шешесінің етегіне оралып дамылсыз ызыңдап тұр:—Aпa, е-е-е, апа, алма-а-а! Әке-шешесіне тілін алғызған балалар алманы құшырлана шайнап барады. Олар алма жемей тұрғандарға, «е-е-ей» деп «сенде жоқ, менде бар» дегендей жылтылдатып алмасын домалаң-домалаң еткізіп көрсетеді. Балалардың «апалаған» қыңқылы одан сайын көбейе, үдей түседі.

«Құртты көрсе күр ауыздан су ағар» дегендей өкілдің де алма жегісі келіп, сілекейі шұбырып жүріп берді. Оның көз алдынан осыдан он шақты күн бұрын ғана Алматыда тұтынушылар одағында отырып, күртілдете алма шайнаған кезі елестеп кетті. Шіркін, сол алма осындай алыс ауданда командировкада шөлдеп жүргенде кездесер ме еді! Ол алма жанында отырған орақ мұрынның жанына жақындады. Баласы маза бермеген біреу оның сөзін аузынан қағып әкетті.

— Алмаңыз қаншадан?

— Екі сом.

— Килосы ма?

— Жоқ, біреуі.

— Ойбай-ау, мынауың қырады ғой.

— Қымбатқа сататыныңыз, ашуланатыныңыз бар метр жол жүріп, екі тонна алманы Алатаудан, алыстағы жырақ «Авангард» колхозына азабын тартып алып келгенде бекер бергелі отыр деп пе едің.— Орақ мұрын бұл сөзді шамданып, зікінеп, зіркілдеп айтты. Тұтынушылар одағының Н. облысына келген өкілі саудаға тікелей қатысы барын аңғартты:

— Қымбатқа сататыныңыз, ашуланатыныңыз бар мұнда неге келдіңіз?— деді? Орақ мұрын да тартынған жоқ:

— Егер біз болмасақ алыстағы ағайындарды алмамен кім қамтамасыз етеді?— деп шімірікпестен айтып салды. Өкіл не айтарын білмей аңырып тұрып қалды.

ҰЛЫҢ КІШІК БОЛДЫ

Облатком председателі Орынбетов кеш алдында аудан орталығындағы мейманханаға келіп тоқтады. Бұл аудан орталығы үлкен поезд жолының торабы Жандыағаш деген станция еді. Сондықтан мұнда үнемі бір поездан түскен адам екінші поезға мініп, үнемі сапырылыс, болып жататын. Сондықтан осындағы кішкентай мейманхана адамға лық толып, бос орын болмайтын. Орынбетов кішкентай мейманхананың аяқтай ауыз үйіне кіріп, дем алып отырды.

Әлден уақытта осы мейманхананың әрі қожасы, әрі әкімгері екі қолы иығына дейін ашық, көйлегінің ойынтасы анарына жетіп тұрған жұқа жібек көйлек киген Рәбила келді. Ол кірген бетте-ақ жан-жағына қарап:

Оқиға желісі мен шешім

— Отырмай-ақ қойыңыз, мейманханада орын жоқ — деп жауапты келте қайырды. Орынбетов жай ғана:

— Ең болмаса, осында отырып шығуға руқсат етіңіз,— деді. Рәбила мұны әңгімеге айналып естімеген болды. Тіпті аздан кейін ол сыртқа шығып кетті. Рәбила қайта кіргенде Орынбетов мейманханаға қонып жатқан біреумен әңгімелесіп отыр еді. Рәбила әңгімеден оның қаладан келгенін аңғарып қалды.

— Сіз қайдан келдіңіз?— деп сұрады ол Орынбетовтан.

— Облыстан.

— Сіздің фамилияңыз кім?

— Орынбетов.

Рәбила сәл үндеңкіремей қалды да:

— Сізге орын бар, жүріңіз,— деді.

Ол түкпірдегі бөлмеге Орынбетовты ертіп келіп алдымен кіріп осында бұрын орналасқан адамға адуын сөздер айта бастады:

— Сіз жөніңізді табыңыз, мынау орынға ұятты адамды орналастырамын. '

Төсекте жатқан адам басын көтеріп алды. Жас жігіт екен. Ол:

— Өзім студентпін, мұнда танысым жоқ, кеш батқанда қайда бармақпын.

Рәбила айғай шығарып, милиция шақырамын деген соң студент амалсыз орынды босатпақ болды. Орынды босаттырған Рәбила:

— Ал осында орналасыңыз, мен сізге төсек-орын әкеліп беремін, — дей беріп аңырып тұрып қалды. Өйткені Орынбетов студент «танысым жоқ еді» дегенде-ақ бұрылып шығып кетіп еді.

СЫБЫРДЫҢ СИҚЫ

6-класс оқушысы Сақберген сабақ оқымай, ылғи көшеде ойнайды да жүреді. Қай жерде балалар ойнаған, адам көбірек жиналған жер болса Сақбергенді нақ сол жерден табасын. Бірақ сабақты ойын сияқты жақсы білмейді. Мұғалім сабақ сұрағанда ол сұрақтың басқы екі сөзін айтады да, бедірейіп тұрып алады. Не бүгін қолым тимей оқи алмап едім демейді, не білмеймін демейді. Ойлаған болып аузын жыбырлата береді. Кейде жан-жағындағы балалардың өзара сөйлескен сыбырына құлақ салады.

Мұғалім жаңа сабақ түсіндіргенде ол қалтасынан шолақ бәкісін шығарып алады да, Сақберген деген атын партаға ойып жаза бастайды. Бұрын оның «Сақ» дегені біткен, енді «бергені» қалған. Кейде қалтасынан нанын алып, үзіп жеп, малжаңдап отырады.

Балалар оны қабырға газетіне де жазып қойды:

Сақберген,

Тамақ десе тап берген,

Оқу десе жалт берген...

Физика сабағынан бұрын Сақбергеннің «қанағаттанарлық» деген ғана бағасы бар еді. Оның өзін де кітаптан көзі түскен жерін оқып беріп алған болатын. Енді бүгін кезек келіп қала ма деп қыпылдап келеді. Ол партада қасында, артында отыратын балаларға кейде жалынып, кейде қодыраңдып өзіне сыбырлап жіберуді, не кітаптан көрсетіп отыруды сұрайтын. Бүгін ол жанында отыратын Мергенге қыр көрсетіп келіп еді.

Міне, физика мұғалімі кіріп келді. Жыл басынан бергі сабақты қайталау жүріп жатқан кез. Балаларды түгендеп болған соң мұғалім Сақбергенді орнынан тұрғызып:

— Физика деген не?—деп сұрақ қойды. Ол ішінен бағана Мергенге қыр көрсеткенше жалынбаған екем деп ойлады.

Сақберген бағанадан бері физиканы өзі-ақ ашып қоятын еді, сұрақтың қай жерінен келетінін білмеді. Оның қасындағы Мерген дереу алдындағы кітапты алды да, ашқан болып партаның астына тастай салды, сөйтіп геометрияны алып, ашып Бақбергеннің алдына қойды және қолымен нұсқап бір сөзді көрсетті. Сақберген оқи берді:

— «Гео деген гректің жер деген сөзі, метрия деген өлшеу деген, жер өлшеу деген сөз...»

Балалардың көбі сықылықтап күліп либерді де, біразы тымырайып қалды, ал Мерген өзінің жолдасына істегеніне ұялғандай қызарып кетті.

Нақ осы кезде артқы партадан бір сыбыр шықты да, Сақберген құлағын соған тосты. Мұғалім шыдамдылықпен тыңдап отыр: «доғал бұрыш тоқсан градусқа тең болады». Сақберген қағып алды:

— Доғал бұрыш тоқсан градусқа тең болады.

Балалар бір сөзден айта бастады:

— Физикада.

Сақберген: — физикада

Балалар:— доғал

Сақберген: — доғал.

Балалар: — бұрыш.

Сақберген: — бұрыш.

Балалар:—бола ма?

Сақберген: — бола ма?

Мұғалім де, балалар да шыдай алмады, бәрі ду күлкіні қойып берді.

М ұ ғ а л і м :

— Оны өзің айтшы. Физикада доғал бұрыш бола ма?—деді. Сақберген не айтқанын енді ұғынғандай мойыны салбырап кетті. Балалар жаппай қолын көтерді. Сақберген сыбырдың өзін қайда әкеткенін енді ғана сезді. Балалардың жаппай көтерген қолын көріп, Сақберген партаның астына тығылып қалғысы келді...

ТОҒЫЗЫНШЫ СОТ

Сәулет өнерінің бір маманы Сапақ айыпкер орындығында осымен тоғызыншы рет отыр. Ол біреудің басын жарып, көзін шығарып шектен шыққан қылмыспен немесе мемлекетке қандай болсын бір зиян келтіргендіктен отырған жоқ. Ол сот алдына үнемі әйел мәселесімен келуші еді.

Алғашқы әйелінде оның бір баласы кетті. Сапақ әйелінен ажырасқалы бері оның кызмет орны төрт рет өзгерді. Сол төрт ретте де ол барлық уақытта әйелімен соттаспай баласына алимент төлемеді. Тұңғыш рет әйелі оны сотқа бергенде оның жалақысы жүз сом еді. Әйелі жүздің төрттен бірін кестіріп алды. Сәлден кейін-ақ, оның қызмет орны өзгеріп, сол мекемеде жоғарырақ столға жылжып отырған болатын. Бұл кезде оның жалақысына тағы бір елу сом қосылып еді. Алғашқы әйел екінші соттан жиырма бес процентті алғаннан кейін, іле үшінші сотқа шақырылды. Өйткені Сапақ екінші әйелімен де ажырасып, онда бір баласы кетіп, үшінші сот болды. Мұның өзі қиындау еді. Бір әйелде екі баласы кетсе, оған отыз үш процент алимент беруші еді. Ал жеке-жеке әйелдегі екі балаға не істерін білмей соттың өзі қатты састы. Сонан соң ойлап отырып, екі әйелдегі екі балаға отыз үш процентті бөліп қайта билік шығарды. Іле-шала Сапақ қайта кызмет орнын өзгертті.

Сапақтың кызмет орнының өзгергенін білген алғашқы әйелі қайта сотқа беріп алиментті бұрынғыдан сәл көбейтіп алып көңілі құрғырды тыныштандырып еді. Оның артынан екінші әйел де соттасып ол да өз сыбағасын алды. Бұл екеуі енді жанымыз тынды деп отырғанда үшінші әйел Сапақпен ажырап, соттасып, барлық істің астан-кестенін шығарды. Өйткені бұрын екі'әйел табыстың отыз үш процентін алса, енді үш әйелге елу проценті бөлінетін болды. Бұдан алғашқы екі әйелге қаражат жағынан келер-кетер болмағанымен сот орындаушысы қайта-қайта шақырып мазасын алды. Оның үстіне бұрын мұрагер екеуіміздегі екі бала ғана ғой деп, алғаш соттасқанда алакөз болғанымен кейін үшінші әйелге қарсы бір майдан құрған екеуінің зәре құты қалмады. Амал не, сот Сапақтың соттасу ісін тағы жетінші рет қарап, жетінші рет көзіне шұқып, Сапақты соттай, соттай әбден қажығанын айта отырып билік шығарды. Тіпті халық соты шын тілек білдіріп «енді осы байыпты болғай» деп салды.

Арада аз күн өткен соң Сапақ үйленіпті деген сөз дүңк ете түсті. Одан көп ұзамай-ақ қызмет орны жоғарылап, оның үстіне бір институтқа сабақ беретін болып барлық жалақысы үш жүз сомға көтерілді. Осы кезде бұрынғы үш әйел сотқа беріп, бірақ сот Сапақ ісіне маманданып, тәжірибесі молайып бәріне бір-ақ сот — сегізінші сот құрды. Сөйтіп Сапақ үш жүздің жартысын беpіп үйіне қайтты.

Бір күні Сапақтың төртінші әйелінен бала туды. Тоғызыншы сотты өзі жасатты. Әйелі әйелдер босанатын үйден келген күні-ақ Сапақ әңгімені бастады:

— Күләйхан,— деді ол, әйеліне қарап,— сен екеуміздің бір баламыз бар. Енді мен сенен де ажыраймын.

Әйел бұған қатты шошып кетті.

— Неге?

— Негесі сол, анау үшеуі жүз елу сомды бекер бөліп жеп жатыр. Мен оларға оны түгел жегізгім келмейді.

— Е, сол үшін менімен ажырамақпысың?

Сапақ сәл ойланып отырды да:

— Сен осы үйде қал. Мен сенен ажыраған боламын. Әзірге мейманханаға кетем.

Аз күннен кейін Сапақ төртінші әйелімен сот алдында ажырасты. Бұрынғы үш әйелге бөлінетін жүз елу сом енді төрт әйелге бөлінді. Ертеніне-ақ Сапақ Күләйханға қайта жетіп келді. Некесіз тұрса да қырық сомның үйге артық келгеніне әйелі де қатты қуанды. Ал көршілері:— Арың қайда, олар да балан емес пе?— деп еді, оған Сапақ:

— Арың не, арыңнан ақшам қымбат, ар деген маған ақша бола ала ма? —деп жауапты келте қайырды.

ҚАРТТЫҢ ОЙЫ

Еркін үлкен төрт қабат үйде тұратын. Бір күні оның үйіне ауылдағы ағасының қолында тұратын қарт шешесі келді. Арада бірер күн еткен соң қарт ішім пысты кетемін деп әлек салды. Сонда шешесін көптен көрмей, әбден сағынған Еркін оны жібергісі келмей:

— Сіз мына балконға шығыңыз да көшедегі елге қарап отырыңыз,— дейді. Баласының жібергісі келмей тұрғанын білген шеше: «жарайды шырағым» дейді. Сол күні-ақ қарт биік үйдің балконына шығып, көшедегілерге қарап отырады. Көшеде әйелдердің неше түрлі киіміне қарап әрқайсысына өзінше баға береді, сынай қарайды. Бір кезде соңғы сәнмен уыққаптай қылып тіккен, тап-тар белдемше киген бір әйел кетіп барады. Ол етегінің тарлығы соншалық адымы қысқарып, мимырттап жүре алмай бара жатқанын байқайды. Екі аяғы жыбырлап, қолтаулаған жылқыдай бүгежектеген әйелді көрген қарт ана: «ой сұмдық-ай, ауылда атты тұсаушы еді, қалада әйелдерді тұсайды екен ғой»,— деп күліп жіберіпті.

«БОЛДЫ, ШЫРАҒЫМ, БОЛДЫ»

Шаған бойының бір қазағы Омбы айналып, Көкшетауға келеді. Көкшетауда бір үйге түсіп қонады. Бір кезде қарас керегеде қолдан шапқан қаз мойын қоңыр домбыра ілулі тұр екен.

— Мына домбыраны тартып көруге бола ма?—деп сұрайды әлгі кісі үй иесінен.

— Е, неге болмасын, иесіндей тартсаң беріп те жіберер едім,— депті.

Әлгі жігіт домбыраны шалқытып тартып отырып, бір кезде Біржанның «Айтбайына» басып кетеді. Оны бола беріп «Жамбас сипарды» үзілтеді. Үй иесі қарт ұйып тыңдап қалыпты. Мұны байқаған әлгі жігіт:

— Біздің ауылдың Біржан деген қазағы осылай шырқаған екен,— дейді.

— Сенің асылын қай ауыл, қарағым?— деп сұрайды қарт.

— Біз Шаған бойынікіміз.

Бағанадан бері ұйып отырған қарт, балқып отырған бойын жинап:

— Болды шырағым, болды, енді айтпай-ақ қой,— деп орнынан тұрып кетіпті. Сөйтсе түпсіз мақтаншақ бөсіп отырып, өзінің Біржанның ағайындарының ауылында отырғанын, қолындағы қоңыр домбыра Біржан баласы Асылдан қалғанын сезбеген екен...

ЕРКЕ ТОҚАН

Тоқан таңертең қорада тұрған велосипедін көріп келді де, екі көзінен сорасы ағып жылап жіберді: он үштен он төртке шығатын баланың дауыс шығарып жылағаны жаман болады екен, барылдап, үйді басына көтерді:

— Балалардың бәрі кетіп барады, ал менің велосипедімнің шині әлі айырбасталмапты.

Мұны көрген шешесі жан ұшырып барып әкесін оятты.

— Әнеугі күні-ақ айтып едім, осы баланың дүниесін жөндеп қой, аяқ астынан керек етер деп. Жалғыз ұлдың айтқанын істемейсің.

— Тағы не болып қалды?—деді әкесі.

— Не болғанын тұрып көрмеймісің жалғыз баланы жылатып... Велосипедтің шині айырбасталмапты. Барсаңшы енді, жаны бар кісіше.

Сөйтіп әкесі тұрып, әп-сәтте велосипедтің шинін айырбастап, майлап берді де, баласының көңілін қош етті. Тоқан әзір велосипедке мініп алып, зырғыта жөнелді.

Балалар бұл күні ауылдан екі-үш километр жердегі көлге барып түске таман қайтамыз, қайтар жолда жарысамыз, сөре ауылдың ортасындағы Мұраттың үйі десті.

Көп жүріп қалып, күн кешке таянған кезде көлден шыққан он шақты бала тегіс қатар тұрып, ауылға қарай жарысып кеп кетті. Тоқан тыз етпе, шығымды атша ә дегенде алға шықты да, біртіндеп мимырттап, бәрінен артта, көз ұшынды қалып қойды. Нақ осы кезде «жығылған үстіне жұдырық» дегендей артқы доңғалақ парс етті. Өзі ызаға булығып келе. жатқан ерке еңіреп жылап жіберді. Ол еңіремек түгіл бақырса да, дауысын көл жағасындағы қызғыш пен шағаладан басқа ешкім естіген жоқ. Олар оны келеке еткендей ілесе шиқылдап қояды.

— Е, е, е, енді қайттім? Әк-е-е...

Сәлден кейін ол орнынан атып тұрды да, жығылып жатқан велосипедінің жанына жетіп келіп, бірден кісеге жармасты. Кісені ашқанмен не пайда, кілт көп, жөндейтін әке жоқ. Кілттің бірін доңғалақтың ортасына апарды да, қай болтты бұрарын білмей ақырып қалды. Велосипедтің ауруы қай жерінде? Кілт біреу, болт әлде нешеу! «Долы зәрін көзінен төгеді» дегендей көзінен жас, басынан тер бірдей ағып жүріп берді. Доңғалақтан жұққан топырақпен жас, тер араласып, ақсары бала қарақожалақтанып шыға келді. Ол велосипедтің о жер, бұ жерін түрткіледі де, ештеңесін білмейді, бәйек болар әке-шеше жоқ, мықшыңдап тұрғызып сүйреледі. Тер қарабақайына дейін ақты. Көтермек болды, болмады, Ол қатты састы. Ол «далада қалдым-ау» деп қайта жылай бергенде қос ат жеккен арбамен көршісі Кәдір келе қалды. Тоқан қуанып кетті:

— Сал арбаға,— деді Кәдір оны көріп,— жылап отырғанша жөндеп алмайсың ба?

Тоқан тіс жарып үндеген жоқ. Велосипед салынған арбаға өзі де отырып, қалғып кетті.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙