Өжет
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Өжет» шығармасы.
Көзім жатқа қарамас,
Жат та маған жарамас.
Тар төсекте төсіңді
Иіскер ме едім жалаңаш?
Иығымда сіздің шаш,
Айқайласып тай-талас,
Ліззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас?
Абай
Әңгіме
Ауылға бардым. Балзияны көрдім. Жүрегім солқ ете қалды: кекілі желбіреген қыз байсалды бәйбішеге айналған. Сәуле шашқан қара көздің айналасында шашыранды әжім сызығы көрінеді. Қалың қас сол тұрысы: қоп-қою, ұшы қарлығаш қанаттанып серпіле көтеріліп тұр. Батыл: тіп-тіке қарайды, әлі де отты жанар ұшқын шашыратады. Алғаш абыржыдым: қипақтап, қасымдағы жігітке жалтақкөздене қарадым. Ол бейғам тұр екен -жаным жай тапты. Балзияға еркін қадала көз салдым: қарашығы мөлдірей жасаурап, ботакөздің аңғалағы мөлт-мөлт кенерінен асып төгілгелі-төгілгелі шақ қалыпты. Кем-кемнен жақындадым: мұрныма әйелдің жағымды жұмсақ иісі соғылды. Жүрегім дір-дір қалтырады: көзінен жанарымды ала алмаған халде құшағымды аша бердім. Балзия тартынбады: баяғы өзіме белгілі батылдықпен келе бауырыма қойып кетті. Орамалы кейін сырғыған екен: жырта қарыс маңдайы жарқырап шыға келді - иіскедім де суйдім. Шаң ба, тер ме - қышқыл дәм тіліме орала кетті. Есімді тез жиып алдым да Балзияның қолынан ұстадым. Қазақбайға тіл қаттым.
- Шәкіртім, Балзия! - Қазақбай жалт қарады. Қолын ұсынды. - Қазақбаймын. Хамит ағаның өзбек інісі.
Балзия қайқы кірпіктерін көтеріп, маңғаздана Қазақбайға керсолқы назар салды. Жанары жарқ ете көз қиығымен сипай өтті. Көңілінде бір туйіткілдің барын сезе қойдым. Бір сәткі унсіздікті ыдыраттым.
— Саған арнайы келдім: көптен бері соқпағам, тіршіліқ, қызмет - жағаны босатпады. Сырттан тағдырыңа қанықпын: есімдесің. Жуастық па, кең етек керсолқылық па - батыл қимылға қырым жоқ. - Сөзімнің әсерін бағамдау ниетінде Балзияға қарадым. Зейін сала тыңдап тұр екен. Ойымды жалғастырдым. - Дидарласу ниетім бар еді. Міне, сәтімен іске асты...
Балзия сөзімді бөлді: аяқүсті сәлем-сауқаттан соң жүріп кететін шығар деп күдіктенді ме іле тіл қатты.
— "Ұстаз елге келіпті" деген хабар таралды. Күткем: кеттік.
Балзия біздерді билей жөнелді: алға түсті де бастай берді. Балзияның үйі ауылдың орталық көшесінде: бес бөлмелі жай Ызмұхширдың саз балшығынан білікті шебер қолмен салынған, жалпақ кепшенің іздері пышақпен кескендей сайрап тұр; бір уыс топанды ылай жапсырылмаған. Әр жер - әр жеріндегі жарықтары да еске алынып, бітелмеген - шымшық құстар қыстырған шөп-шалам, жүн-жұрқа салбырап, желге шайқалады. Үй айналасы мұндаздай: кесе жатқан шөп жоқ, тілмен жалағандай айна тақыр. Салма бойына егілген қара талдарды адам бойы биіктікте шапқан екен: бір жылғы бұтақтары кірпі шаштанып селдірей өсіп шығыпты, сұйық көлеңке төгіп тұр. Жеміс ағаштары көзге шалынбайды. Үйге Балзия бастады. Кең бөлме төсеулі екен: сәлем беріп кірдік. Балзия алға озды да үстіне сый төсеніштерін жайып шықты. Бөлме қоңыр салқын екен: өзімнен жоғарыға Қазақбайды оздырдым. Балзия маған қарады - сезе қойдым: жасын есепке алғаны ғой.
— Қазақбай - анамның кіндік баласы, жолы үлкен; ұлты басқа, тілегі бір туыс.
Есікке беттей түскен Балзия кідірді де маған тігіле қарады.
— Бүгін ерусің: баяғы өзің оқытқан 27 оқушының 24-сі жоғары білім алды. Біреуі менмін: дені ауылда. Жұмыста. Көшкені де, өскені де, жалғаншыдан өткені де бар: қазір бас қосады...
Балзия шайы лезде дайындалды: шағын газошақтың үстінен аққұман орын тапты. Дастарқан нан, бауырсақ, шағын тостақтармен қолда шайқалған сарымайға толықтырылды. Шай жүргізілді: Қазақбай көк шай сұраған жоқ, көпке қосылып үнділік қара шайды тарта берді. Шайды Балзия өзі құйды: ауыл жаңалықтарын да жеткізіп жатты. Шай шамаласқан кезде:
— Жермен де айналысасың ба? - деп сұрадым. Балзия мөлдірей қарады да миығынан күліп алды. Аққұманды газды ошақтан түсірді. Тетігін бұрап өшірді.
— Жер алып едім - игере алмадым: Есжан ішіп кетті де қолым кесіліп қалды. Ұл мен қыз жас: қолға ілінген жоқ, 7 мен 5 жаста. Ене және бар: зағип. Кеңсе мен үй арасында желіп жүріп-ақ күнімді өтіремін. - Балзия кідірістеп отырды да: - Үлкен кісімен дидарласың. Әрі бір-ер шыныаяқ шай ішсін, - деп маған қарады. Балзия ұсынысына қосылдым.
— Е-е, айтарың бар ма. Келсін. Барып көріскеніміз орынды еді. Ескертпедің?
— Құс ұйқылы кісі ғой. Тыныстап жатқан соң қимағам: Қазір оянды. - Балзия ақ кемпірді демей жетектеп кірді. Өре тұрдық.
Осы аралықта екі жігіт келіп амандасты. Балзияның ұлы Қараш пен қызы Сайра да шомылып оралған-ды: көзмоншақтай мөлдіреп тұр. Көзіңді ала алмайсың. Қазақбайға қарадым.
— Балзия, балаларыма жәмше әкеліп ем: кіргізіп ал, - дедім. Екі баланың көздері жайнап кетті - атып тұрып, есікке ұмтылды. Қазақбай мәшиненің артқы орындығы мен жүксалғышын ашып тастады: айналаны сап-сары, қара ала жәмшелердің иісі иелеп алды. Көп ауыздың сілекейі шұбырды.
Бағлан қозының қуырдағына тойып алған соң Қазақбай егістіктің басына кеткісі келді. Тікаяқтан қызмет жасап, желіп-жортып жүрген Балзияны шақырдым.
— Қазақбайға рұқсат жаса: қауынның басына барсын. Мен қарауыңдамын, - дедім. Келіншек күлді. Айналасына көз жүгіртті.
— Ағасы ұйғарса еш уақытта құлақ қаққан жан емеспін. Қаридары көп егін ғой - барсын. Өзің қалсаң... - деді.
Ойланып қалдым. "Әлі баяғы бірбеткей өжеттігі: билеп-төстеп барады. Білек арта сөйлеуін - өзімсінеді-ау." Ызмұхширда қонақасыға арнайы шақырмайды: қонақпен дидарласуға өздері келеді. "Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт барып амандасады" - сол дәстүр әлі күшінде: келу де, кету де еркін. Балзия көңілді: күліп күтіп алса, күліп те шығарып салады. Басқосқандар кеш тарады. Шілденің күшіне мінген кезі: күні де, түні де жанып тұр. Жұлдызды көгілдір аспанда толысқан Ай дөңгелене жүзіп барады; айнала уыздай ұйып қалғып тұр. Ұсақ жәндіктер шыр-шыр әндетеді. Қадау-қадау әр жерде құрбақа бақылдап қояды. Кіндік қаным тамған топырақтан жұпар иіс аңқиды: түркмен коньягі ме, тілекшілердің қалтқысыз ықыластары ма - көңілге ұялаған желік бас көтеріп, шалқи қанат қағып, денеге қуат жия түсті. Ақтарылғысы кеп барады. Асфальт жағасындағы аяқжолдың көгілдір тасына көз тігіп келе жатып Балзия үйіне тақалып қалғанымды бір-ақ сездім. Қалт тоқтадым. Есік алдында Балзия алдымды кес-кестеді: қасыма тақала келді. Балбұл жанған жүзі Ай жарығында анық көрінді: көңілді. Шылауыма орала кетті.
— Аяқ создың ба? Түн көңілді-ә?... - Балзия еркелей келіп сүйкенді: денесі ып-ыстық екен, жұқа көйлектен көктей өткен келіншек қызуы бірден миыма шапты. Жауырнынан қаусыра құшақтап, бауырыма тарттым. Балзия былқ-сылқ майыса төсіме қарай құлай берді: ернін көтере тосты... Бір дене болып тұрып қалыппыз: Ай жарығындағы көзіне қадала түстім.
— Сыртқа төсек салдым. - Балзия құлағымның түбінен сыбырлады: ыстық демі денемді қарып барады. Жүрегім атқи жөнелді. Балзия жып беріп үйге кіріп кетті. Үй артына бұрылдым. Масақана құрылған. Отырдым. Шешініп, ақ сейсепті сілкіп, дірілдетіп-дірілдетіп жібердім де (жабысып, қосақтаса кіргелі тұрған масаларды үркіткенім ғой) ішке ендім: қос төсек тұр. Жүрегім шым ете қалды. "Қасиетті ақ төсек иелеріңді күтіп тұрсың ба?! - деп ойладым. - Шикі сүт емген адамбыз, Алла, бендеңді кешіре гөр: тіршілік қой..." Төсектің шетіне отырып, қос жастықты биіктеттім. Коньяк жұғынымен араласа тіл ұшында қалған келіншек тілінің дәмін сілекейіме араластыра жұттым. Тамсана түсіп, төбеге қарадым: сыртқы дүние шыттан көрінбейді екен - аппақ ақ әлем жанарыма ілді. Миым солқ-солқ бүлкіл қақты: көпшікке қисая кеттім. Ойыма Балзия оралды.
Мектепте бала оқытқанымыздан мақтада жүргеніміз көп: оқушылар жаппай терімге шығарылды. Оқу қыркүйектің басында-ақ аптаға жетер жетпестен тоқтап қалған. Мақталық ауылдан 5-6 шақырым жерде - жаяу-жалпы қатынаймыз. Бекітілген орындарынан бір мұғалім де тырп ете алмайды: сәл қылт етсең бригадір басқарма мен аупартком өкіліне жеткізеді. Соң терім штабында төбеңде найзағай ойнайды: терідей сілкиді. Велосипедпен бозала таңда барып, қас қарая үйге ораламын. Оқушылармен қоянқолтық жүреміз. Мектепте аяғыма оралып жүрген Балзия терімде де көз қырынан таса қылмады: көбіне бірге кейіндеу қайтады. Алдыма мініп алады. Шашынан бұрқырай тараған жұпар иіс жан-жүйемді иітіп жібереді. Бір рет... иә, бір рет... кештеу қайттық. Зырлап келе жатқанымда рөль кілт бұрылды да ұшып түстік. Ұмар-жұмар түйдектеле құладық. Іңір еді. Балзияның үстіне түскен екенмін - сұлқ жатыр. Зәрем ұшты. Жалма-жан "Тұр, тұр. Не боп қалды" деп шыжа-пыжа болдым. Ұшып тұрып, көтеруге ыңғайландым. Балзияның етегі көтеріліп кетті. Көзім тұнды. Тұла бойымды қуалап ыстық қан ағысы зыр қақты. Одан кейінгі оқиға қас қағым сәтте өте шықты. Балзия сұлқ қалды: құлашын жайып жіберді де қимылсыз жата берді... Ертеңіне терімге шықпады. Күні бойы жолына қарай-қарай қой көзім көгерді. Кештете үйінің қасына бардым. Велосипедке сүйеніп, есім ауып тұр едім, Балзия іштен шықты. Қасыма келді. Қолымды создым.
— Өкпелеп қалдың ба?! - дедім де әсте көз салдым.
— Ешқашан. Өзім ғой... - Балзия тіл қатпастан аз тұрды. Көзі жарқ ете: - Саған... өзім... -деді де үйіне бұрылып жүре берді.
Аяқ дыбысынан ойым үзілді. Құлаққа айналдым. Масақананың шалғайы әсте көтерілді -Балзия. Көзімді жұмып, ұйықтаған болып жата бердім. Шоқиып отырды. Халатын шешіп тастады: аппақ дене жарқ ете қалды. Жүрек тулай жөнелді. Жалын шашқан дене құшағыма құлай кеткенде бүкіл жүйем наурыздың ақша қарындай еріп жүре берді. Таныс иіс танауыма соғылуы мұң көз алдым қызыл нұрға толып, дөңгелене жөнелді... Сезім одан әрі игерткен жоқ - өз тұңғиығына тартып кетті. Оянсам Балзия шашын жинақтап отыр екен: қолтығына көз салдым да төсін сипадым. Балзия миығынан күлді. Тас қып құшақтап, тамағынан иіскеп, тыныс тарттым. Келіншек ақ төсекке құлай берді... Артықтау кетіп қалғанымды соң сездім: атылған оқ кері қайтпайды. Оқыс кездескен бақытты шақ, қолпаштау сөздер, Балзияның қалтқысыз ықыласы, ішкілік, тамылжыған түн мойныма қыл шылбыр тастап, тұзаққа ілдірген екен. Ой кешіп, енді еңсем түсе бергенде Балзияға назарым түсті - қара көзі мөлдірей қарап отыр: естияр жүрек дір ете қалды. Жанарлар арбасып біршама уақыт тұрып қалдық. Балзия жүзінен сүйкімді қызғыш нұр, ойнақы қуаныш сезімін көргендей болдым. Тамсана қарадым. Балзия көзін алып қашты. Соңғы 5-6 жыл төңірегінде үйдегі бәйбіше кем-кемнен алыстап, суысып бара жатқан-ды: ет байлап, марғау тартып жүрген. Көбіне балаларына ықылас аударатын: немерелерін де қасына жақындата бермей оқшау жан сақтағанды ұнататын. Сол кісінің қабағына қарап, күтім жасаймыз: ерік дәнін жейді, пельменді ұнатады; сәбіздің сығылған сөлін ішеді, жиі-жиі жас ет жеткізіп тұрамыз. Түйе ұстадық. Ағарғанға көбірек ықылас аударады. Ата жұртта Қарақожа бойынан жер алып, егісті түр-түрінен ектік: ықыласқа бола тұра қалды. Қазақбай - атайы диқан: ертелі кеш басында. Қия баспайды. Керегін жеткіземіз: үстінен құс ұшырмаймын.
— Ағасы, кесең суып кетті! - Балзия даусына жалт қарадым: күлімдеп көз тігіп отыр.
— Ә-ә. Қазір. - Өзімді қолға алдым да кесеге иелік жасадым. Сасқаным ба, әлде сөз таппаған соң айта салғаным ба: Қараш, Сайра қайда? - дедім сасқалақтап. — Айтпақшы, ерте-ау. Әлі ұйықтап жатқан шығар.
— Ойнап сілелері қатады. Дәуденнең шықпайды. Қауын еге алмадым, буйірлері шықты.
— Елде болса, ерніңе тиеді - неге тойынбасын. Әлі жетісіп кетесің, Балекесі,- дедім. Балзия ойланып қалды. Жалт қарады.
— Қайдам. Үміт сәулесі жоқ: Есжан Байрамалы диспансерінде тұрақтап қалды.Енді қатарға қосылары жоқ. — Мұңайып, төмен қарады. Аққуманның қақпақ бауын сипалады. - Күйіп кетемін. Кейде өлгім де келеді.Ұл-қыз да көзге көрінбей кетеді. Сонда... есіме сен түсесің. - Және үнсіз қалды. Қылт етпей тыңдай бердім. - Саған қосыла алмайтынымды білгем: түс көрдім. Жүрекке әмір ете алмадым: тек сенің аңқаулығыңнан пайдаланып, велосипедтің рөлін бір рет бұрып жіберу сәті түсті. Пәктігімді көрсеткім келді... - Балзия үнсіз қалды. Көз қиығын салды. Жанарым ұштасты: езуінен кулкі көрдім. - Есжан да өтін алдырып ерте қатардан қалды. Салынып ішті. Қаңқаға айналды. Ем қонбайды...
Балзияның кермек тағдырына жете таныспын: Есжан -өкшелес жігіт, кем сөзді, жұқақол жалғызілікті-ді. Шайпау мінезді анасымен тұратын. Бір өзара бәсекеде Балзия жеңіліс тауып, өжет қыз сөзін жұта алмай тұрмыс құрған: терім кезінде Есжан трактор тіркемесінің биік астауынан асыра толы қапшықты ытқытпақшы болған.
— Шамаңа қара! — депті Балзия тегіне тұрмай. Терімшілер ала көтерді.
— Қорапқа қапты түсірсе, Есжанға тиесең бе?!
— Шарттасың!
— Қол алысың!
— Уәде уәде болсын. Кім уәдеден тайса, нәмәрт...
Есжан қапшықты биік тор астаудан асыра зыңады. Өжет қыз сөзінен танған жоқ. Одақтың кезі ғой: салып ұрып, ауылға келемін. Есжанға маңдай тіреймін. Ол ішеді. Балзияны көремін. Жүрегім бұрады да тұрады. Кеденді кезең туып, мәшине іркілді де қатынас сұйықтады. Осынау кезеңде Балзияның қуанған да, қиналған да сәттеріне куә болдым. Бір рет... ауылға салып жетіп келдім. Ана қабіріне тағзым жасадым да Балзияның үйіне маңдай тіредім. Шаң-шұң керістің үстінен шығыпын: Балзия да, енесі Ағлен де қызып алған, жұлысып жатыр. Ағлен өзге адамның келгенін сезді де қарғана бастады.
— Мен пейілімнен тауып отырған соқырмын. Алла мені жазалады: қос жанарымды алды. Уақытында төбеңде найзағай ойнаттым, орынсыз азап бердім. Келінді қорлап не таптым — пейілімнен таптым. Жазасын тартып отырмын. Маған не дейсің: жалғыз бала да анау — ауру. Алла берсе, қазинасында көп — кедейлік ар емес...
Балзия үндемеді. Көзін бір сығып алды да маған қарап күлген болды. Бұрылып кетті. Мәшиненің қасына келіп, жан-жағына қарады.
— Шаңын қақтым, — деді Балзия сыбырлай сөйлеп. — Арқам қозып кетті. Қанымды қыздырды өзі. Ескі жарамның аузын тырнады: жаңа түскен кезім. "Сиыр сау" деді. Бардым. Жатырқап, қара сан келгір теуіп жіберді. Ұшып тустім. Есіркеудің орнына "Кет! Сендей сиыр сауа алмайтын албасты керек емес" деп тұр. Жыным аттанды. "Е-ә, неге кетеді екенмін. Махаббатым бар. Күресемін. Тапқан екенсің..." дедім. Сиырды жұлқып, қысқа байладым да қақтап сауып алдым. Әне, қарғанып жатыр...
— Қой, тентек болма. Шайтаның шылауына еріп... — Бауырсақ мұрнынан түрттім. Бір бума қызыл ондықты қолына ұстаттым. — Қайтамын. Соң... — дедім де жүріп кеттім. Балзияның қылт етпей қарап тұрғаның алдымдағы айнадан көріп бара жаттым: жыл өте Қараш туылды. Соң Сайра...
Ойымды жиып алдым. Балзия да қадағалап отыр екен.
— Шөлдеген шығарсың, ішсейші. Сақтаған шайым еді, - деп мөлдірей қарады. Кесені жаңалап құйып, ұсынып жатыр. Қол создым. Саусағы ып-ыстық екен, сәл кідірістеп қалды. Бетіне тіке қарадым: жүзі алаулап қызғыш тартып тұр. Жөпелдемеде аузыма сөз де түспеді. Кібіртіктеп барып:
— Қиналып қалыпсың-ау, - дедім. Балзия зейін аударды. Сөзімді жалғадым. — Сырт көзден айбынып, хабарласа алмадым. Егін жинала бастаған соң арнайы келдім: орын дайындап қой - 20 қапшық ақ бидай үлесің бар. Қазақбай жинап берер. Елің жақсы ғой: жарығың, газың, су мен тұзың тегін; малға, жерге салық та жоқ - нағыз жер жаннаты осы емес пе?!
— Әрине, - деді Балзия. - Ұзағынан бергей тек.
— Баспанаң да жөндеу күтіп тұр екен, балалар бір-ер күнде сыбап, бояп береді. Жіберемін. Біздің үйдегі апаң Қарақұмға ықылас етіп отыр. "Сәл ыстық баяулаған соң бар" дегем: келеді. Бірге құмға түс. Қастарыңызда боламын. - Тұруға ыңғай білдірдім. Ауа телефонымды алдым. Тетігін бастым.
— Қазақбай! Қайтайын...
Түргелдік. Балзия тақалды. Ішкі қалтамнан күмәжнигімді алдым. Көк қағаздардан суырдым. - 300 доллар. Дашоғұзда алмастырып аласың. Керек-жарағыңа жұмсай бер, -дедім. Балзия ере сыртқа шықты. Есік көзінде іркілген Балзия бір сәт те есімнен шығар емес: боталаған қара көз жәудіреп, жұқа еріндері дір-дір ете тіл қатуға икемделе береді... Айтары тіл ұшында тұр: бұл рет не айтпақшы екен?!
Түркменстан.
Ызмұхшир ауылы
2000 ұлу жылы, маусым - шілде
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру