Деканыңа сәлем айт
Бейбіт Сарыбай
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қай тақырыпта жазса да, адамның қоғамдағы орнын, қоғаммен қатынасын ашып, оны көркем тілмен, ұтымды да шебер жеткізе білетін жазушы Бейбіт Сарыбайдың бұл шығармасына ауылда қалған әкесі мен қалада оқып жатқан баласының арасындағы диалог арқау болған. Ауыл өмірін аңсаған, «бес тиынға құл қылған қа...
«Деканыңа сәлем айт»
Кейде бес тиынға құл қылған қала тіршілігінен, қаланың мансап қуып, бақ іздеп, тез арада байып кеткісі келетін және сол үшін ешкімді де аямайтын әртүрлі адамдарынан шаршағанда мамыражай ауылға тартып кеткім келетіні бар. Елге барып ен далада қой баққым келеді. Шіркін, керемет өмір ғой. Кешкісін өрістен мал келіп жатқандағы шудың өзі жанымның жалғыз емшісіндей көрінетін кездері де жоқ емес. Сол қозы, лақтың маңырағанының өзі құдды дала музыкасы. Шындығында, біз, қалада жүргендер қанша керемет көрінгіміз келгенімен ауылдағы адамдар бақытты ғой. Қалада жүріп әр ортаға түсіп, әр түрлі пішіндерге еніп әртістеніп жүріп, табиғи қалпымызды жоғалтып алдық па, қайдам… Ал ауыл адамдары о баста Құдай қалай жаратса өле-өлгенше солай ғұмыр кешеді. Біз құсап өтірік күлуді, өтірік қайғыруды олар мүлде меңгермеген. Мен ауылдың сонысына қызығамын. Қоңыр тіршілігін сағынамын. Содан болар, қолым босай қалса, ауылға тартып кеткім келеді де тұрады. Алайда, қаладағы өмірге ыңғайланып киіп алған қамытыңды шешіп тастай алмай қиналасың. Бастап қойған істеріңді аяқтауың керек. Армандарың бар дегендей. Кете алмайсың. Ауылға жете алмайсың. Осылай қаладан шаршап, ауылды аңсап әбігерге түсіп жүргенде елге жете алмасымды білем де, телефонды қолыма аламын. Бірінші әдеттегідей 8-ді теремін. Сосын ұзақ гудок кетеді. Одан кейін барып өзіміздің ауданның коды мен өзіміздің үйдің нөмірін теремін. Арғы жақтан “сіз терген нөмір ақысы төленбегендіктен уақытша ажыратылған” деген хабар аламын. Ылғи осы, әкем мен шешемнің орнына осы бір даусы жұмсақ келіншек жауап береді. Шешеме неше рет “ақшасын төлеп қостырсаңдаршы” деп Құдайдың зарын қылдым. Шешем де саспайды. Айтатыны бір жауап. “Оны қостырғаннан пайда жоқ. Сенен басқа ешкім ызбандап қарық қылмайды. Сенің өзің айында бір хабарласасың”, дейді. Өзіміздің үйдің телефоны алмағасын талай жылдардан бері қоңсы тұратын көршіміздің үйіне хабарласамын. Олар да бір қызық кісілер. Күнің түсе қалса кергіп шыға келеді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін біздің үйден біреуді шақырып беріңіздерші десең, “ой, сиыр сауып жатыр едім, сүті тарап кететін болды, жәрайды енді бір жолға ештеңе етпес, күте тұр” деп кетеді. Кейде шақырып береді. Ал кейде әр жақта отырып-отырып сәлден кейін: “үйлеріңде ешкім жоқ қой деймін. Айғайлап шығара алмай қойдым. Кірейін десем иттеріңнен қорықтым” дей салады. Әшейінде өзі қант сұрай келгенде итті таяқпен ұрып, ұясына тығып тастап, беймарал кіре беретін Әсемханның аяқ асты өстіп қорқа қалатыны бар. Әйтеуір екі-үш қайтара телефон соғып жатып әкемді шақыртып аламын. Ауылға деген сағынышымды әкемнің дауысымен басамын. Ол кісінің айтқан әңгімелерінен бүкіл ауылдың өмірі көрініп тұрады. Мен әкеммен сөйлескен сайын ауылға барып қайтқандай, ауылды аралап қайтқандай сезімде боламын. Содан болар ауылды сағынған сайын өстіп мазасын алатын әдетім бар. Әкемнің де іші толып қалатын болса керек, мен хабарлассам болды, қалбалақтап әрнәрсені сөз қылып кететіні бар. Онша көп сөйлемейтін адамның әңгіме айтқаны да бір қызық қой. Бүгін тағы телефон шалдым. Әкем көршінің үйіне аяғын шешпестен кіріп кеткен көрінеді. Телефон тұтқасының арғы жағынан “аға, аяғыңызды шешіп кірсеңіз неңіз кетеді, еденді қазір ғана жарқыратып жуып қойып едім. Үйіңізге де осылай аяғыңызды шешпей кіресіз бе?” деген көршінің келінінің ренішті үні естілді. Әкем трубканы ала салып:
— Әләу, – дейді. Ары қарайғы әңгіме төмендегідей жалғасады.
— Алло, папа, мен ғой. Қалдарың қалай?
— Жақсы. Аман-есенбіз. Қойлар туып бітейін деп қалды. Анау сен жақсы көретін сарыбас қой биыл тағы да егіз қозы туды. Сенің жаздық демалысыңа дейін семіз марқа болады. Кеше итті босатуды ұмытып кеткен екенбіз, төрт тауықты ұрлап кетіпті. Содан анау арақ сататын Тәпіштің үйіне бардым. Ойлағаным-дай сол үйден таптым. Анау әлгі өзіміздің Сәрсек екі бөтелке араққа сатыпты. Өздеріңнің қалдарың қалай? Анау нағашы әпкеңдердің қалы қалай? Барып, араласып тұратын шығарсың. Не үшін хабарласып едің?
— Жәй, сол, амандықтарыңызды білейін дегем. Басқа не жаңалықтарыңыз бар?
— Ой ненің жаңалығы бар дейсің. Жаңалықтың бәрі сендерде ғой. Кеше телебізірден естіп қалдым, Иранда теракт болып тағы да он адам өліпті дей ме? Обал болған екен, ә. Анау әкеңнің аузын ұрайын террористер обал-сауап дегенді ұмытқан-ау деймін.
— Әке-ау, оны қайтесің, жүзі қырылса да сізге бәрібір емес пе? Ауылың аман ба?
— Тек-ей, өйтіп айтпа. Олар да Құдайдың жаратқан пендесі. Ауылың аман. Көпберген мәшине аламын деп төрт сиырын сатқан. Соны сойысуға барғанда Ақтанбаймен сөзге келісіп қалдым. Малдың басын қыбылаға қаратып бауызда десем, сатылатын мал ғой, бәрібір емес пе деп көнбей қойды. Соның да әкесін молда деп құран оқытып жүрген бізден не сұрайсың.
Айтпақшы, сенің оқуыңның ақшасын төлейтін уақыт келіп қалыпты ғой. Биыл екі мәшинедей шөп артылатын сияқты. Қазір ауылда шөп қымбат болып жатыр. Сол екі мәшине шөпті сатсам отыз мың теңге болайын деп тұр. Ар жағында бір он бес мың теңгедей ғана жетпейді ғой. Анау екі қошқардың біреуін сатсам ба деп отырмын. Қайымдікі құда шақырайын деп жатыр екен. Сол семіз қой іздеп жүрген деп Гүлбүбіден естігем. Соған сататын шығармын.
— Қайымдікі не құда шақырайын деп жатыр екен?
— Сенен екі клас төмен оқыған қызы бар еді ғой. Сонысы Егіндібұлақ ауылының бір жігітіне байға шығыпты. Құдасы ауылдың әкімі екен дейді. Үкісін жақсы әкеліпті деп шешең әңгіме қылып отырған. Қайым сол қызының үкісіне келген ақшамен дүкендердегі қарызын толық өтепті деп әзілдеп жүр ауылдың адамдары.
— Анау күні хабарласқанымда Дүйсеннің қаладағы баласы мәшине алыпты, соны жудық деп едіңіздер ғой. Қандай мәшине алыпты?
— Ой, ол иттің баласы мәшине алмай қалсын. Бәсе, ол қалайша ала қойды дейсің деп сеніңкіремеп едім. Сөйтсем сол қаладағы бір таныс досының мәшинесін екі күнге сұрап алып келіпті де өзім сатып алдым деп бүкіл ауылдан сүйінші жинап кетіпті… Мәшине әкелдім дегенге бәріміз қуанып, бір-бір қойдан берсек, өтірік алдапты. Сол сүйінші жинау үшін-ақ досының мәшинесін сұрап әкелген ғой. Өзі бір иненің көзінен өткендей әдемі мәшине екен. Бәріміздің қуаныштан есіміз шығып жүріп дәукіметін де сұрамаптық қой. Ей, мейлі-ей, әкесінің, қайда кетпей жатқан бір қой. Сен мәшине алғанда да берді ғой солар бір-бір қойын. Ренжіме оған. Мал табылады, жан аман болса.
— Айтпақшы әпкем ауылдың автобусынан сәлемдеме беріп жібердім деп еді, алған шығарсыздар.
— Алдық қой. Рахмет айт. Шопыр Мұрат бір банкы варениесі сынып қапты деп қалғандарын әкеп берді ғой. Құдай біледі сол сынған жоқ-ей. Өтірік сынды деп өзі алып қалды-ау деймін. Е, бопты әкелген еңбегі бар ғой, ала берсін. Шешең варениесі құрсын, нан шақ келмейтін болды деп жүр ғой.
— Әке, жақсы, кейін асықпай сөйлесе жатармыз. Менің ақшам бітіп бара жатыр.
— Жарайды, жақсы онда. Ей, ештеңкеге арандап қалмай байқап жүр… Алматың да қорқынышты болып кетті ғой. Алаңдамай сабағыңды жақсы оқы. Енді қартайғанда сен оқудан шығып кетіпті деген жаман атқа қалып жүрмейік. Мен сенің Нарқозда оқитыныңды айтып, жүрген жерімде мақтанып жүремін ғой. Осыдан бітіріп келсең, Қайыптың ызасына сені ауылға әкім қыламын. Көп сөйлеп кеттім бе, бопты енді сау бол. Айтпақшы деканыңа менен сәлем айт.
— Декан сізді танымайды ғой, не деп айтамын.
— Өй, танымаса танымасын. Ел үшін жүрген азаматтар ғой, әкем сәлем айтты дей салсаң болмай ма. Деканыңа айт, жазда ауылға келіп бірер күн демалып қайтсын. Қой сойып, күтіп жіберейін.
— Жарайды айтайын.
Әкем таза көңілімен “деканыңа сәлем айт” деді. Мен айта алмаймын. Не деп айтамын. Ол да, мен де қалалық-пыз ғой. Ал әкем ауылдікі. Келер жолы хабарласқанда “сәлемімді жеткіздің бе?” дейді. Мен “иә, айттым, сізге де сәлем айтып жатыр” деп құтыламын. Әкем соған бола мәз болып, “әй, ұлық болсаң кішік бол деген, иә, маған да сәлем айтты дейсің бе-ей” деп шын таң қалады. Одан кейін, көрші шалдарға маған анау Нарқоздың деканы сәлем айтты деп мақтанып жүреді. Әкем ауылдың өзіндей аңғал. Ал, мен… Қала адамдарымыз ғой…
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру