Мазмұнға өту
Home

"Тұңғыш кітап" жинағынан

Қанипа Бұғыбаева

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

"Тұңғыш кітап" жинағынан

Қанипа Бұғыбаева — «"Тұңғыш кітап" жинағынан». «ТҰҢҒЫШ КІТАП» ЖИНАҒЫНАН * * * Мазалап арман жанымды,

/uploads/9dc3a8a7-90b5-5ed4-ac9c-6f57791a49ec/cover.png

«ТҰҢҒЫШ КІТАП» ЖИНАҒЫНАН
* * *
Мазалап арман жанымды,

Алады жырмен уатып.

Бола алмаймын сабырлы, –

Сабырлы емес уақыт.

БАСПАЛДАҚ

Алтыда табаныма от бастым да,

Шыр еттім алғашқы ауыр соққы астында.

Тал қармап тағдырыма қарсы ұмтылдым,

Көміліп дөңбекшіген көк тасқынға.

Құлашты биікке еркін жая алмадым,

Келмеді, ілбісем де, аялдағым.

Тебініп темір үзер албырт шақта,

Қолыма күрек ұстар таяқ алдым.

О баста налысам да күйіп-жанып,

Қалмадым қасіреттің үйін бағып.

Дүлейге кеуде тостым, абзал жанды

Анамның жыр желісін жиып алып.

Жойқында салынды боп құйылмадым,

Тағдырдың таптап өттім қиын жарын.

Сый етіп алдарыңа т арттым, достар,

Жемісін алғашқы бір жиырманың.

Кешірім, кейде баяу жол аттасам,

Әзірге мүмкін, әсте, олақ басам.

Арман не, шыңға шығар сапарымда

Орнымды өз ортаңнан жоғалтпасам.

Ортақ сыр. Сендерден жоқ басқа арманым,

Өмірден жетіммін деп жасқанбадым.

Жырымның жолдарында жатыр менің,

Күреспен көтерілер

баспалдағым.

ГОСПИТАЛЬДА

Жатырмын үнсіз, кең бөлме,

Ерекше бойға күш тарап.

Тағдырға адам көнген бе,

Өмірге бәрі құштар-ақ!

Мұңы бір осынау достармен,

Атуда үміт таңдарым.

Әнеки, біреу қос қолмен,

Тірейді жерге балдағын.

Сәуленің көзі терезем,

Сәулеге тосам бетімді.

Арманнан ағып көл, өзен,

Қанаты ойдың жетілді.

Аңсаймын кімді, білмеймін,

Қараймын сыртқа тағатсыз.

Кірпікті кейде ілмеймін,

Ұшайын қайда, қанатсыз...

Өмірдің жанға күйін ап,

Серпілтіп ойды, денені.

Балдақтың бәрін жиып ап,

Отқа өртегім келеді.

САҒЫНЫШ

Туған жер, көрікті жер, ата мекен,

Нұр таңың қалай менсіз атады екен.

Өзіңді шын жүрекпен, қайда жүрсем,

Аяулы Ақсуым деп атап өтем.

Талыңның сабағы күй, жапырағы ән,

Мен содан өмірімнің отын алам.

Осынау дүниеге мені әкелген,

Жеріңде қасиетті жатыр анам.

Өзіңде төгіліп ән-өлең сырым,

Арманның келем асып нелер шыңын.

Шалқысам айыбы не, өз көгіңнен,

Мен де бір самғап ұшқан көгершінің.

Көңілден ізі қалмай ала бұлттың,

Мөп-мөлдір көгіңнен мен жаралыппын.

Ауылдан аттанған ем біржолата,

Қоштасып базарымен балалықтың.

Көгімнен шуақ төгіп тұршы күнім,

Сезімнің ашылмаған бүршігімін.

Қолдағы мынау таяқ мен сүйенген, –

Туған жер, өзіңде өскен бір шыбығың...

ЖҮРЕК

Кезі жоқ бір шабыстан болдыратын,

Байқасаң жүрек деген ол бір ақын.

Емес пе осы жүрек қасиетті,

Бойыңды қыздыратын, тоңдыратын.

Әнеки, жатыр қанша артта белес,

Ол бізді есіне алып жоқтар емес.

Келмейді күшім әсте паршалауға,

Өйткені жүрек маған көкпар емес.

Бұл жүрек осы өмірмен егіз мәңгі,

Жол біреу,

жол үстінде көп із қалды.

Адам бар,
сол адамда жүректер бар,
Көбі отты

болғанымен, көбі ызғарлы.

Бұл уақыт жас жаныма от қаласын,

Басқаның бақытына жоқ таласым.

Осы бір жүрегіммен сырт-сырт соғып,

Сағаты өмірімнің тоқтамасын.

КҮЛКІ СЕЗІМ

Күндер, күндер, күлкің бар ғой бір әсем,

Естіртпедің сол күлкіңді, сірә, сен.

Тіршіліктің тынысына ұқсаған,

Кеудем толған қуаныштың ұясы ем.

Қарашы, әне, күлкі ойнаған су бетін,

Көз алдыма жүз келтірем суретін.

Шын күлкіге сиынамын, бас иіп,

Күлкі төкпей өткен өмір, күн – жетім.

БІР ҒАШЫҚҚА

Ежелден бір жігіттің сөзі қанық,

Жазады-ау ақ қағазды өрнектеп-ақ.

Шалғайда шала-жансар өзі қалып,

Жүрегін жібереді конвертке орап.

Сөздерін баяндап мен тізе алмаймын,

Тым құрса көрсетпеді түрін бір кеп.

Күніне сол жігітті жүз ойлаймын,

Қалайша жүрексіз ол тірі жүр деп...

Сүйем деп айғай салып сүйме мені,

Оны айтсаң, жаным жаман күйге енеді.

Айтпашы, ғашық жарым, өтінемін,

Сол сөзді басқа біреу үйренеді...

Көңілге жыр ғып құйып дала сырды,

Қиялды қай-қайдаға жол асырды.

Шаттықтың дауылымен үйіріліп,

Кеудемнің теңіз күйі аласұрды.

Алдымда жатыр әне, түрлі асулар,

Күлкішіл күміс бұрым, жылға-сулар.

Жатқандай далам маған сырын шертіп,

Па, шіркін, қандай жақсы сырласулар!

Сонадан көз тартады көл де терең,

Көл болсам мен көбіңді шөлдетер ем.

Сыйса кеп бір кеудеме бар табиғат,

Бесік қып қыз жанымды тербетер ем.

Жанымнан жарып шыққан ыстық лептей,

Егін гүл жатыр әні құшып беткей.

Сабырды қайдан алдың, тентек жүрек,

Кеудемнен аққу болып ұшып кетпей!

ОТАН

Адаммын, тірімін бұл күнде,

Қуаныш сазы бар күлкімде.

Жанымда жазы бар дәуірдің,

Келмейді тәңірге табынғым,

Отан!

Жүретін кең даңғыл жолым бар,

Отырсам өзіндік орын бар.

Қайда да мен саған табылам,

Өзгеге мен неге табынам,

Отан!

Адаммын, тірімін әр сапта,

Бас имен атаққа, мансапқа.

Келмейді күлкіден арылғым,

Көркісің жанымның, арымның,

Отан!

ТУҒАН АУЫЛҒА

Үрлей ескен жел ме мынау, самал ма,

Толқын өрген жасыл шалғын даламда.

Күніне мен жүз сүйемін ауылымды,

Көңілімнің құндағына алам да.

Сымбатына қараймын да сыр алам,

Жас балаша жылап, кейде қуанам.

Топырағыңды уыстасам еңкейіп,

Көз алдыма елестейді ұлы анам.

Тек өзіңде бүршік жарар гүлім де,

Тек өзіңде жарық болар түнім де.

Саусағыммен шертілмеген күй болып,

Жыр боп тұрдың көкірегімде, тілімде.

Жан емеспін ілби басып, көшке ерген,

Кеудеңдегі бір отыңмын өшпеген.

Туған өлкем, топырағыңнан нәр алар,

Жап-жас қана шыбығыңмын өскелең.

ЖЕР

Мен алғаш келгенде өмірге,

Жер-ана алыпты көтеріп.

Қалықтап бір бұлт көгімде,

Өтіпті күрсіне жөтеліп.

Өсіппін бұлт сүйіп мен содан,

Жер-ана керек қып емшегін.

Сусындап шырынға ой-санам,

Сезімнің алғамын бөлшегін.

Сәби боп еңбектеп,

қаз тұрып,

Жерге мен тірегем қолымды.

Қанатты осы жер жаздырып,

Мезгеген осы жер жолымды.

Өмірден өскемін от алып,

Ойымды құндақтап мол үміт.

Ісімнен тапса бір қаталық,

Қара жер кетсінші ойылып.

БАҚЫТ

Бақыт, бақыт, білмеймін мен не екенін,

Білмесем де толқып-толқып кетемін.

Жинамаймын оңай жолмен дүние,

Болмас дейсің дайын асқа кім ие.

Бақыт, бақыт уысында кімдердің,

Мүмкін одан қызғанармын, күндермін.

Жоқ, жоқ, бақыт – көңілінің бүтіні,

Бақыт менің жүрегімнің үкімі.

Бақыт деген шектелмейді байлыққа,

О, достарым, бақыт сөзін жәй құпа!

Естімеші, желдің жоба өсегін,

Бақыт, бақыт еңбегің ғой ол сенің!

Қайда екенін шын бақыттың ұясы,

Өзім емес, өмірімнен сұрашы.

Бақытты мен маңдай термен суарғам,

Сондықтан ол көктеп тұрған ұлы орман!

Бақыт, бақыт, әлде қымбат асыл ма,

Ондай бақыт келген емес басыма.

Шын бақыттың шыңын іздеп келемін,

Жас жаныма серік болып өлеңім!

ЖАН АПА
Ләзиза Серғазинаға
Тұтатып сағыныштың нұр шырағын,

Көрсем деп түні бойы тыншымадым.

Жан апа, мәңгі солмас гүліңмін мен,

Көңіліңнің саялаған күн шуағын.

Мен бір жан толасы жоқ, мазаланған,

Қарашы, сағат сайын озады арман.

Сүрінсем, сүйеп, демер қолтығымнан,

Жан апа, аумайсың-ау өз анамнан.

Жан апа, көңілімді өсір менің,

Тілегім бір өзіңнен осы менің.

Жүзіңнен жарты ғасыр сырын оқып,

Жыр етіп ақ қағазға көшіремін.

Қанат боп қанатыңа жалғанайын,

Өзіңше ойланайын, толғанайын.

Өзгеге көрінгенмен қара қыз боп,

Жан апа, мен өзіңнің толған айың.

Ақтарып ақ көңілден тасқынымды,

Көзіме мол шаттықтан жас тығылды.

Жетсе егер құдіретім, берсем деймін,

Қайтарып осы өлеңмен жастығыңды.

ҚИЯҚТАР

Сусылдап, сыбырлап, қияқтар,

Жаныма сыр ақтар, күй ақтар.

Әлемнің тылсымын ұғатын

Менде де жүрек бар, құлақ бар.

Желменен майысып, солқылда,

Өзіңмен құшағым толсын да.

Алыстан қарасам, өрілген

Ұқсайсың бір жойқын толқынға.

Көгімді қиялдың жолы ғып,

Қалдым ғой арманға жолығып.

Қойныңды аш, көк шалғын қияқтар,

Кетейін бір ғана шомылып.

Өзім адам, адамсыз күн жоқ маған,

Өмірімнің жүрегі онсыз соқпаған.

Сырты көктем, ішіне қыс орнатып,

Адам атын жамылғаннан сақтанам.

Өміріме жүрегімнен от бөлем,

Осы қолмен не керемет өткерем.

Жақсылықты жас жаныма бөлеп ап,

«Жамандыққа менде орын жоқ!» – дер ем.

«Адамға адам бауыр, жолдас, дос,» – дәйім,

Адам үшін жаңа бір сыр бастайын.

Сол адамның саясында көктеген,

Секілдімін,

солқылдаған жас қайың.

Күн сайын жыртылады,

Сан қағаз шимайланған.

Жаныма бір жыр тұнады,

Бәріне де симай қалған.

Осынау өмірге тіл қатам,

Тізгіндеп қиялдың бір ұшын.

Жүректі сезіммен жырлатам,

Сол менің байлығым, ырысым.

КЕШКІ БИДЕ

Вальс әні, кетті бірден тартылып,

Кеңейгендей күй сазымен тар клуб.

Шыр айналып дөңгелеп жүр құрбылар,

Жүздерінде нұр арайлы таң күліп.

Отырмын мен көңіліммен биге еніп,

Өзгеше бір тәтті қиял, күйге еніп.

Бір жігітпен кетер едім дөңгелеп,

Аяғымнан тұрмын шеттеп, именіп.

Сынағандай сен де маған шық дедің,

Ал мен сонда бар сырымды бүкпедім.

Дедім сонда бар ма сенен аярым,

Келмейді ғой, билер едім, аяғым!....

Үнсіз қалдың, әлсіз артқа шегіндің,

Келіп еді көз жасы боп төгілгім.

Бірақ, кенет бекіндім де, бойыма

Құдіретін құйдым болат темірдің.

Вальс әні кетті тағы ырғалып,

Көздер, көздер қадалады-ау ұрланып.

«Билер едім, әттең, менің аяғым»,

деймін-дағы бір өшемін, бір жанып.

ОПЕРАЦИЯ СТОЛЫНДА
профессор Эдельштейнге
Столға келдім жай басып,

Жарама епті қол тиді.

Қуаныш, күдік алмасып,

Толқиды, жүрек толқиды.

Жанарға жас боп ескі үміт,

Өмірдің жандым отымен.

Жыр жазуға бес минут,

Уақыт бер, дәрігер өтінем!

Үлгірмей халім сұрап та,

Кемсеңдеп достар тұр әні.

Жасама дәрігер, бірақ та,

Жырыма операцияны...

Сөзімнен неге жаңылдым,

Қайдасың, дәрігер, жан сақтар.

Жарасын жабық жанымның,

Ақтарып кетті саусақтар...

Өмір-ай, өмір,

сен маған,

Қымбатсың да жұмбақсың.

Бір сағат қазір «дем алам»

Кеудемде тулап жыр жатсын!

Жанарға жас боп ескі үміт,

Арманның жандым отымен.

Жыр жазуға бес минут,

Уақыт бер, дәрігер, өтінем!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙