TELEGEI

Home

Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өлеңдері

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өлеңдері

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы – поэзияға мысал өлеңмен қадам жасаған ақын. Келеңсіздікті өткір әшкерелеп, адамгершілік қасиетін дәріптейтін шығармалары өз алдына. Сатиралық бояуды күшейту мақсатында туындыларында теңеулерді жиі пайдаланған.

ӨЛЕҢДЕР

І

(1900-1939)

Дүниеден өмірім бітіп, өтсем де өзім,

Аралап жердің жүзін жүрер сөзім!

"Көре алмай кейінгіні кеттім - ау!"- деп,

Арманда болмай-ақ қой, екі көзім!

НАЗЫМ

Жасымнан назым 1сөзге шебер едім,
Өзімнен шебер кім? — деп кебер едім.
Әр түрлі хикая мен дастандардың
Ширатқан шым жібектен көгені едім.

Тай түгіл, түйе етіне толмайтұғын,
Шаһналық 2шаммен қайнар шөген3 едім.
Ат - есімім - Тұрмағамбет, асылым - Алшын,
Баласы Байсарының Шөмен едім.

Байтақтан басып озып бәйге алуға,
Көңілдің кер бедеуін төбеледім.
Қас тұтып қатарыма келгендерді,
Асаудай ұсталмаған тебер едім.

Түбінен дарияның дүрлер4 теріп,
Алдына аға-інінің төгер едім.
Жай қылған жабықтырмай жанның көңілін
Өзімді Атымтайға теңер едім.

Мәз болып марапатқа мас бурадай
Күркілдеп көрінгенге шөгер едім.
"Қылдың, - деп, - шыдамсыздық", - шытса қабақ,
Сөзбенен олпы-солпы сөгер едім.

Кеудемді көк пәуеске күйме қылып
Ат қылып көңілімді жегер едім.
Ұятқа тым орасан ұшырасам,
Қасірет соң жағынан шегер едім.

Балалық бәріңе де дегізеді:
"Жайқұнды 5жалғыз өзім бөгер едім!"
Бұрынғы бұл уақытта бу басылып
"Отыр" деп өзімді-өзім шегеледім.

Жоқтан — бар жұмыла жанды қылып қойған
Есіме енді түсті Егелі6 едім.
Қаһарынан қорықпайтын Қожайынның
Бос жүрген салдыр қағып вагон едім.

Көңілдің, шама келсе, шаңғытына
Суынан сабыр, тағат себер едім.
Сынығы сирағымның бітсе дұрыс,
Аяқты аңдап басып, демер едім.

Ұятты енді ойларлық ес кірмесе,
Наданға нан танымас немере едім.
Сөзіне ешбір жанның салмай құлақ,
Балаша бармағымды емер едім.

Орасан өткен күнгі істерімді
Тексерсе біреу келіп, не дер едім?
Тентекке түстен кейін ес кіргендей,
Бас изеп айтқанына: "е" дер едім.

Кірмесе көңіліме Хақтың ісі,
Өлімді ойламайтын емен едім.
Есіркеп, Егем таупық бере қойса,
Құрмасын құлшылықтың егер едім.

Келтірсем кемалатқа7 күн-түн күтіп,
Шайтан мен нәпсібадты 8жеңер едім.
Олжаны ойыма алған арқаланып,
Жаһанның жаппасынан зеңер едім.

Тарттырып таразыға тапқанымды,
Құсша ұшып, қыл көпірден жөнер едім.
Һұр ертіп, күллә9 киіп, пырақ мініп,
Ұжмақтың үйлеріне енер едім.

Құдайым: "Қош келдің!" деп қуандырса,
Сестеніп сонда өзіме сенер едім.
Данаға диянатты10 дәркары11 жоқ,
Демектің: "Онан бұрын мен ер едім".

Көңлімді бұл құллия бірлеген соң,
Бойымды билеп, тұрқымды шенер едім.
Сәруарға сәлем беріп Сәйділ анам,
Қолынан құмарланып өбер едім.

Оңынан "Үмбетім" деп, орын берсе,
Ұялтып көп дұшпанды көмер едім.
Шаһарияр Әлі Асқапқа12 араласып,
Кәусардың көлайтына13 келер едім.

Суынан, сүттен де ақ, қанып ішіп,
Одақтап, ор текедей желер едім.
Көрмекке жамал қақын Жаппар Ақтың,
Көз тігіп көңілімді бөлер едім.

"Мияссар 14маған дидар болама",- деп,
Шайқалып, ағзаларымды елер едім.
Көрінсе көзге нұры Тәбәрәктің ,
Қызықтың бәрін босқа берер едім.

"Жеттім, - деп, - арманыма!" - ойлап шүкір,
Көпке бой "Көріңдер!" деп керер едім.
Мәртебе сол сияқты сыйлау қылса,
Ерлерге Хақ еркесі ерер едім.

Олардың айтуымен Алла қосса,
Жүдеген жар, жуықты жебер едім.
Еш болмас, иншалла, осы үмітім,
Арқарлы асқар таудың кемері едім.

Әһлі Ислам 15әулетінен танып ғылым,
Өткізер өзеннен ел кемелі едім.
Сөзімнің оғашына "уай!" демеңдер,
Құр жүрген көптен бері көбең16 едім.

1907ж.

БОЛҒАНМЕН БАЙТАҚҚА БАС ҚОЙМАС ӨЛІМ

Болғанмен байтаққа бас, қоймас өлім,
Наһан боп, шараң нешік, сарқылса өрің?
Шаукатың17 шамадан тыс болғанменен,
Үңірейген, өмір бітсе, ордан — көрің.

Ер болсаң, пенделікті барында қыл —
Баста — тәж, астында — тақ, қолда — мөрің.
Андасаң, аларыңнан айбынбайды,
Аты — ажал, алқымыңнан, алса бөрің.

Көңіліңмен кеңесіп кер, қалар қайда —
Көрген сый, тірілікте шыққан төрін.?
Жаралған Мұстафаның үрметі үшін —
Күллісі — бейіш, дозақ, аспан, жерің.

Жаһанның жеңген жауын жеке жүріп,
Кенжесі Шаһариярдың — Әлі шерің .
Үкімінде Сүлейменнің болған тегіс,
Ұшқан құс, жүгірген аң, дәу мен перің.

Алардан, абайлашы, қай біріңнің
Қанша артық қадір, қайрат, тұтқан шенің.
Алладан әмір болған уақытында,
Жұмды көз ол сияқты өңшең ерің.

Солардан сен ғибрат алсаңшы енді:
"Жүруім жарамас, - деп, - бұлай менің".
Тәуба етіп, Тәңірі әмірін тұтын мақам,
Мекке бар малың сатып, көрсің елің.

Айналып Алла үйін, айлап тауап,
Сарып айла сауап үшін алтын, зерің.
Шүкірін ішіп-жеген нығайтуға,
Өтесең, ойла босқа, кетпес терің, —

Жай беріп жаннатынан және де тұр,
Арзанды тыңдар Тәңірім айтқан сенің.
Бұларды жай қылғанмен, жатып алмай
Жан шығар, жылауменен бітпес кемің.

Қамаулы қасқыр, аю, қабыланды,
Жан барда жарағың тап, жарар белің.
Иман — ат, тастихың — ер, қайырың — қылыш,
Тіл - келсап, тасбих — тары, кеуілің — келің.

Олардан өзіңді аман өткеретін,
Көп болсын бедеуіңе берген жемің.
Үгітімді менің айтқан, малғұн бірақ,
Дегізер: "Алдауға елді айтқан ебің".

Ондайды ақымақ айтар, ақылды "аһ!" дер,
Мұнда кім "Алла" десе, онда - бегің.
Мұстажан етер Мәулен, мен дұғада,
Бәріңнің пенделікпен бітсін демің.

1900ж.

ӨНЕРДЕН ӨНЕДІ НЕ ӨЛІМ БАРДА

Өнерден өнеді не өлім барда,
Үй түзеу ұнамайды көрің барда.
Қаңғуың, қойың бақпай — қолайсыз іс,
Аңдыған жан-жағыңнан бөрің барда.

Қысқа өмір қанша айтқанмен ұзамайды,
Түскенмен тоқсан түрлі форымдарға.18
Нәтбесін19 нағып жүрсің, қайтар інім,
Опасыз ой жіберіп орындарға.

Алладан, асылында, ал сыйлауды,
Құрмасын құлшылықтың құрыңдар да.
Аңдыған жауларыңның желкесін қи,
Күтініп күні-түні тұрындар да.

Алып бақ азығын жан, алдынды ойлап,
Сағымға сұм дүниені жорыңдар да.

1900ж.

ҰСТАЗ ҰСЫНЫСЫ

(Қарақалпақ, қазақ балаларына)
Шәкірттер, бір - біріңмен ұрыспаңдар,
Мінездің мінін алып, дұрыстаңдар!
Жолына жамандықтың жақын бармай,

Күтініп күн ілгері жылыстаңдар!
Күшіктей күжірейіп бір - біріңмен,
Ұстасып, от басында жұлыспаңдар!
Себепсіз сотанақтық қылғандарды

Тезге сап қызыл тілмен, "қылыштаңдар
Жасыңнан оқу оқып, үлгі үйрен де,
Ел билеп, ұлғайған соң, тыныстаңдар!
"Болайын жақсы жігіт!" дегендерің

Ұстаздың осы айтқанын шын ұстаңдар!

ТУЫМДЫ ЕР ТУРАЛЫҚПЕН БИЛЕЙДІ ҰЛТЫН

Туымды ер туралықпен билейді ұлтын,
Жібермес жаман жолға пірлер мұртын.
Бұл күнде Әлһісламнан ықпал тайып,
Бақ, дәулет қашуға тұр беріп сыртын.

Уайым оның үшін ешкімде жоқ,
Келеді күннен-күнге бұзып құлқын.
Алладан алайда да үміткерміз,
Қоймас деп қараплықта20 діннің мүлкін.

Қылымсып, қолын былғап дүния тұр,
Сұлудай сұңқар мойын өрген зұлпын.
Нәпсібад жүр деп оған жетектесе,
Бар болса баста миың, барма, жұлқын.

Сен түгіл, сұлтан болып билеген ел,
Бұл бетпақ нешеулердің басқан сұлқын.
Көңіліңмен кеңесіп көр, күшің қайда,
Ерлердің иеленуге көшкен жұртын.

Олардан асып туған адамдай-ақ,
Ақымақ көп кептіретін көпке ұртын.
Қаптады халықтың үстін қараңғылық,
Жақат қыл, жарыққа шық, жатпай, түртін.

Қызметін қалыс қылып Қадыр Хақтың,
Ғысиянның21 лайынан бетті сүртін.
Қаншама қата, айып қылғанменен,
Тәубенің пендесіне берген кілтін.

Шүкірлік шыныменен қылғандарға,
Беруге берген уағда ақу мінтін. 22
Қамың қыл қалайда да, жолын, ұзақ,
Ғапылаттың23 жаппасында жатпай күн-түн.

Бойыңа бұзықтықты үйір қылмай,
Күтініп күні бұрын, бектер, қымтын.

1903ж.

ШӘКІРТТЕРГЕ

Балалар, бос болмасын сабақтарың,
Жарқырар, жаттасаңдар қабақтарың.
Жастықта жатпай-тұрмай жаһат етіп,
Жыртықтың жаңартыңдар жамап бәрін.

Аударып дариядан дүр, кеннен гауһар,
Көңілдің толтырыңдар қанаттарын.
Олжаға ортадағы қол ұсынбай,
Құр қою ұят болады шанақтарын.

Өнерден өмір серік болса қалған,
Біле алмас кімге қарай алақтарын.
Ерте-кеш біз сендердің сейістерің ,
Жазатын жондарыңның жалақтарын.

Ұстазың үгіт айтып отыр осылай,
Кетсе де тарс айырылып талақтарың.
Аларсың төрден орын төмендікпен,
Кішіктік — көлеңкелі дарақтарың .

Шырын тіл шарбат суын бұрын ішер
Секілді әдеп — сақал тарақтарың.
Жат түгіл, жақының да жаратпайды,
Жау жоқта жүрсе асулы жарақтарың.

Ешкім де абыройлы көрінбейді
Ізіне ертсе иттің барақтарын .
Мұнымды менің мақұл көрмегенің,
Жөндей ғой жұрт біткеннің сабап бәрін.

Ілімге ықыласты шын қойсаңдар,
Аз болсын ұйқы менен тамақтарың.
Ілімнің құлпын қолға ұстасаңдар —
Басқаның байқарсыңдар бар ақпарын.

Ата-анаң бәріңнің де мәз боп отыр:
"Қалды, - деп, - молда болып қарақтарым".
Сандалып сабақ білмей сендер жүрсің,
Ішкендей сарттың боза - арақтарын.

Шықсаңдар ана - ананың ойларынан,
Тартылар тойда толған табақтарың.
Сөз таппай отырсаңдар, ұстазыңа
Кітаптың құр аударып парақтарын —

Күндердей көпке күлкі боларсыңдар
Суықта салмайтұғын балақтарын.
Жинақты мұнан былай болмасаңдар,
Сал бөксе толып жатыр салақтарың.

Ақылмен аңдасаңдар: ілім - ікімат —
Секілді сауыт-сайман, садақтарың.
Бақ қонып, бастарыңа ықпал орнап,
Әркімнен ауыр болар қадақтарың.

Көркейтіп күңгірт тартқан көңіліңді,
Ойлатар жаратылыс жанаптарын 24.
Иншалла, өздеріңе ертерсіңдер
Халықтың не бір маңғаз манаптарын!

Опа жоқ қой, түйеде, құдық қазып,
"Қу-һай" деп көбейткенмен "сораптарын".
Демеңдер: "Жиған малым жүдә көп боп,
Айдынның алып жатса алаптарын!"

Ілімнің келуіне Алла гүлін ексе,
Байлардан боларсыңдар толық танаптарың.
Сүбі - шам, бәлки - дауам дұғадамын,
Бәріңнің болғай да, - деп, талаптарың.

Мінажат мұстажан боп осы қылған,
Дариядай тассын пазылы шараптарың

1905.

БАЛАЛАРЫМ

Болсаңдар, балаларым, хатқа ұста,
Төрден жай аларсыңдар, тұрмай тыста.
Тер түгіл, төменнен де тимейді орын
Жүрсеңдер жалқаулықпен жазы - қыста.

Бақ қонып бастарыңа, орнар ықпал
Ілімнің бола қойса кені ыдыста.
Қай жерде қазынасы болса ілімнің,
Қабынды қолыңа ал да, қыдырыста.

Көнертіп алып жүрме зейініңді
Қор қылып қара түтін қойып ысқа.
Бұл күнде бүркітсіңдер жаңа түлек,
Алыңдар алтайыны25 парлап ұш та.

Өнерді осы кезде үйреніңдер,
Көңілді жарыстырмай ұшқан құсқа.
Жаңылыс қалайда да бола берер,
Жас жетіп ұлғайғанда алған нұсқа.

Жастағы алған үлгі жойылмайды
Таңбадай таптап ұрып салған мысқа.
Ексимін26: "Ескерер, - деп, - айтқанымды",
Болмаса ойларында ақыл қысқа.

Осы айтқан үгітімді тыңдасаңдар,
Сүтіндік27 етерсіңдер үш Құлысқа.28
Қусырып қолдарыңды отырмаңдар
Айналған адамдардай құр құнысқа.

Сауалын Сүлейменнің берген шешіп
Білімге бай болған соң бір құмырсқа.
Талабы қайбіреудің оңғарылса,
Иелік ете кетер бақ - ырысқа.

Ақылдың көкірегінде көзі барлар
Шығармас бұл сөзімді надұрысқа.
1906.

БАЛАЛАРҒА

Балалар, баяу тартқан бақ кәріңді,
Бақсаңдар, орнатар Ақ бақтарыңды.
Олардың бәріңе де беріп жасын,
Кетірер көңілдегі дақтарыңды.

Тигізіп жұртқа кеткен несиеңді,
Көбейтер неше есе ғып нақтарыңды.
Олардан үлгі, үгіт үйренуге,
Үндемей, бағып отыр жақтарыңды.

Келісті кеңес тауып бере қойса,
Суықта соларға жап мақталынды.
Олардан алғыс алып отырсаңдар,
Астыңнан ала алмас жау тақтарыңды.

Өрлетіп ықпалдарыңды күннен-күнге,
Арнадай етер дәйім қақтарыңды.
Жұмсақ деп тістеріне талқан беріп,
Отырма өздерің жеп ақ тарыңды.

Кәрісін күтпегендер көп ұялсын,
Есітіп ондайынша ақпарыңды.
Ақысын ата-ананың өте, балалар,
Қой - дағы әйкол ағаш, сақпаныңды. 29

Осы айтқан үгітімді, өтінемін,
Жаңылмай, жаттарыңда сақтарыңды.

1906.

ҰЛДАРЫМ

Ұлдарым, қолыңа ал қаламыңды,
Хат үйрен, ойынға қой алаңыңды.
Хатқа ұста қатарыңнан бола қойсаң,
Білерсің жолдас, жора, жараныңды.

Көп оқып, көңіл көзін ашып алсаң,
Жүргізер жұртқа сенің араныңды.
Үгіт сөз осылайша біз — ағаңнан,
Сен түгіл, алты алашқа таралыңды.

"Айтатын маған ақыл сен бе?" - демей,
Білімге жастай жұмса бар әліңді.

ЕҢБЕГІҢ ЕССІЗГЕ ЕТКЕН ЕШ БОЛАДЫ

Жаманға жақсы адам ақыл айтар,
Жақсыға жаман көзін ақырайтар.
"Тудым, - деп, - өзің туған мен де атадан"
Недәуір аузын керіп нақыл айтар.

Аңсызда алқымынан алса бері,
Көздерін "Қайтесің?" деп бақырайтар.
"Еңбегің ессізге еткен еш болад" - деп,
Дамолла30 Тұрмағамбет ақын айтар.

1905

ЖІГІТ ЖАРАСТЫҒЫ

Жігіттің жарастығы жан барында,
Дос сыйлау, дастарханда нан барында.
Тұтынып үлкенді — аға, кішіні — іні,
Отыру қатарының қамдарында.

Есітіп үгіт - уағыз ұлықтардан,
Мекендеу медресенің маңдарында.
Өмірін бұл тәртіппен бітіргендер
Қайғының қала қоймас шандарында.

Ойына осыларды түсірер ер
Бақ, дәулет, ықпал, ырыс аңдарында.

"БАР" МЕН "ЖОҚ", "АЛ" МЕН "БЕР"

"Бар" мен "Жоқ", "Ал" менен "Бер" бірге туған,
"Ал" мен "Бар" ажал жетіп өлген удан.
"Жоқ" пен "Бер" жұрт біткенді жүр аралап
Жанына жолдас ертіп ылғи қудан.

"Жоқ-жоқ" деп жұрттан асқан байлар - дағы
Құтылар қолға түспей қалың дудан.
"Бер - бер" деп бір пара қу бойыңды ертіп,
Май алар ас қатықтық ұрттам судан.

Көзіңе кейпім күйкі көрінгенмен,
Құтқармас қуған аңын мен бір бұдан!
Дамолла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Әулеті Кіші жүздің Кете рудан.

1906.

АДАМДЫҚ ІС

Күн шықса, нұр қашады айдан - дағы,
Жарлы артық қайыры жоқ байдан - дағы.
Бұрынғы қариялардан қалған нақыл,
"Бұл сөзді таптың, - деме, - қайдан тағы?!"

Тұлпардың тұқымының туымы бар,
Белгілі ат болуы тайдан - дағы.
Алда — аға, артта — іні болып тұрса,
Жігітке ол бір құрал, сайман - дағы.

Деген бар: "Төртеу түгел — төрге шығар!
"Төрің сол — бақыт құстың айналғаны.
Алтау боп — аузың ала бола қойса,
Дұшпанға құл боп анық байланбағы.

Кейбіреу сәл бақытқа мас болады
Шабақтай шалпылдаған қайрандағы.
Адамдық иісіңді жұрт аңсап тұрсың,
Не керек қарныңның құр майланғаны?!

Көңіліне: "Мен де адаммын!" деп жүрген көп
Кілегей майға ұқсаған айрандағы.
Ер болсаң, елің үшін ет қызмет,
Сыбанып білегіңді сайлан - дағы.

ҚАЙРАМА ХАЛЫҚҚА ТІСІҢДІ

Жаз болғаннан жадыңа ал,
Алдындағы қысыңды!
Бақ құсы қонса басыңа,
Қадыр тұт келген кісіңді!

Үйретіп үлгі, өнеге,
Таза бақ жасы кішіңді!
Ақылың астам болғанмен,
Ойласпай етпе ісінді!

Кескен тоның кеңеспен,
Көрінер көзге пішімді!
Кемісі болар кімнің де,
Дегенмен "Анық түсіңді!"

Қайратың қау болғанмен,
Орнына жұмса күшіңді!
Қанаты қалар қайырылып,
Қалыңға салсаң құсыңды.

Көптің көңілі қожырар,
Көрсетсең күшпен мұшынды.
Үкіміне Ақтың ренжіп,
Бұзбаңдар, бектер, түсіңді.

Түлетіп, түгін төктіріп,
Қайтадан қылар ұшымды!
Шүкірлік етіп шыдасаң,
Қыла бермес қысымды!

Қамын ойлап қарныңның,
Қайрама халыққа тісіңді!
Ел ізіңе ермейді,
Тазартып алмай ішіңді!

Қойдырып алып, қор болма,
Ойдың үйін түземей,
Не қажет бағу жісімді?!
Дұшпаның түгіл досың да,

"Құрт, - деп айтар, - бұ сұмды!"
Ниетінен — нешеулер
Жемінен жейтін ұшынды!
Қашырды халықты қасынан,

Етіне шығып қышынды!
Кеуліңе батпан болғанмен,
Көп білер алтын, мысыңды!
Қисықты қолға кім ұстар

Көре тұра мүсінді?!
Жарамас жабы алысқа,
Дегенмен: "Тойып, ісінді!"
Ағайын болсаң — араға

Жолатпа сыпсың - пысыңды.
Алауыз анық кетірер,
Айбат пенен сұсыңды!
Олжалар онсоң әркім-ақ,

Екеу түгіл, үшіңді.
Кеуліңнен кетір: күпірлік,
Сын мен сықақ, нұсыңды!
Сонда мақтар сені сырт:

"Әулие жоқ,- деп,- бұ сынды!"
"Қалай, - деп, - сөзім осы айтқан?"
Тұрекең көпке ұсынды!
Түсінсеңдер, кетірер,

Көкіректегі ысынды!

1907.

ҚАМЫН ОЙЛА ХАЛҚЫҢНЫҢ

Қайратты туған ер болсаң
Қамын ойла халқыңның!
Жетім менен жесірге
Өзі бол жүзі жарқынның.

Сықылында болып бақ
Жаз күнгі қоңыр салқынның.
Туысқанды тонама,
Толуын ойлап алқымның.

Уағданды екі етпе
Әріне қарай әркімнің.
Айтқаның алжас болынса,
Кемиді бәрі нарқыңның.

Шамасынша қайыр қыл
Ат – ауаза, дәрпіңнің.
Көжеңді көптен ірікпесең
Күшейер көркі әлпіңнің.

Бұл сөзім үгіт, өзі емен
Тілі ащы, шалпыңның.
Тұқымымын тұлпардың
Талайын көрген талқыңның.

Жатырмын айтып жақсы үгіт
Тазасындай алтынның.
Өле қойсам, айтыңдар,
Жұрт жиналған жер болса

"Сөзі, - деп, - Түрекең марқұмның!"

ҚАЙТСЕҢ ДЕ ӨЗ ХАЛҚЫҢА ҚЫЗМЕГ ҚЫЛ

Қабанға қарсы ұмтылма "ер" дегенге,
Сортапқа31 тұқым шашпа"жер" дегенге!
Отырып өрт алдында, өртенбеңдер,
"Сабырлы, саспайтұғын кер" дегенге.

Болса егер кісі ақысы, көңіл бөлме
"Мазасын мынау майдың көр" дегенге.
Орныңды о бастағы таппай қалма,
Төменнен тұра ұмтылып, "тер" дегенге.

Талқанды "тәтті емес" деп теппе аяқпен,
Қарныңды қазы-қарта кернегенге.
Масығып мал-мүлікке кездескен кеп
Үй-іші үнем таппай еңірегенге.

Артықша ықыласың ауғанменен,
Сыр айтпа, сынап бұрын көрмегенге!
Бермендер "ер екен" деп ел билігін,
Құлашын құр далаға сермегенге.

Жүрмейді жүз айтқанмен ықпал еріп,
Жұртына жәрдем - көмек бермегенге.
Бағанды білген ерге басынды бер!
Дүр шашпа шашпандатып термегенге!

Болғанмен бірге туған бауырласың,
Сөз айтпа ақылыңа ермегенге!
Қайғырма, "қалайынша күнелтем?" - деп,
Қораңнан қой мен түйе ермегенге.

Тандағы тамағыңа кімдер кепіл?
"Ұшырар өлі балық өлмегенге".
"Емес, - деп, - ата-тегі бізден артық!"
Таласпа, талабы асып өрлегенге!

Бақ қонып бастарыңа, бітсе дәулет,
Көзің сал көкірегі шерлегенге!
Қолайлы өз халқыңа қызмет қыл
Белгілі бедеу сыры ерлегенге.

Күйінбе көп пұл беріп кейінінен,
Сұлулап, сыртын жауып зерлегенге.
Осы айтқан үгітімде ғибрат көп,
Отырып ой көзімен серлегенге.

Барады бойым балқып, көңілім шалқып
Сөз толғап топ ішінде терлегенге.

ТОЛЫМДЫ ЖІГІТ

Қас масаты қағылса,
Күннен-күнге құлпырар.
Шыны жүйрік наз бедеу
Шапқан сайын жұлқылар!

Толымды жігіт тор бұзған
Жолбарыстай бұлқынар!
Қаңтарда қатқан дариядай
Бетінен буы бұрқырар!

Ел ісін дайын етуге
Атқан оқтай зырқырар!
Кім де болса қадірлеп,
Үйірсек аттай шұрқырар!

Жұмысына жаманның,
Сай-сүйегің сырқырар!
Атын атап шақырсаң,
Даусы шықпай қырқырар.

"Мұның не?" деп ойнасаң,
Жас баладай шырқырар.
"Келмесін, - деп, - кісі үйге"
Есігіне құлып ұрар.

Онысын мін ғып мазақтап,
Қатары қорлап жұлқылар.
Сағасыз су қайткенмен,
Сарқырай алмас, тырқырар.

АРҚАҢНЫҢ АУРУЫ НЕ ҚОЗБАЙТҰҒЫН

Ақыл — тон, андағанға тозбайтұғын,
Ғылым — кен, күнде өніп қоздайтұғын.
Иелік екеуіне еткендердің
Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын.

Адамды әрлі-берлі үйірілдіріп
Сияқты тұрмыс - толқын қозғайтұғын.
Өнер мен кен — ғылымға уақытың барда,
Себеп не сыбанып қол созбайтұғын.

Қатарың қалмай шауып бара жатса,
Арқаңның ауруы не қозбайтұғын?!
Көшке ермей, өз бетінше қаңғалаған,
Ботадай боз тақырда боздайтұғын.

АБАЙДЫ ОҚЫҒАНДА

Артында атақты ердің қалса сөзі,
"Өлді" деп ойламаймын оның өзі.
Қисынсыз кедергінің керегі не,
"Базарлап" болғаннан соң қайтар кезі.

Ерлердің ертедегі өтіп кеткен
Әлі жүр халық аузында алтын тезі.
Абайдың айтқандарын оқығанда
Болады: "Бәрінің де бар, - деп, - көзі".

Өлген соң оған біз де "қауышармыз",
"Ұйықтасын" торқа болып киген бөзі.
Ойланып осы сөзге түсінгендер
Сүйінер сойдырғандай бағлан қозы.

Татауы қайбір кәптің32 тарқамайды,
Нәрсенің болмағандай қойған тозы.
Алғанмен, көрінбейді қолға бірақ
Асылдың қараңғыда ақ пен бозы.

1910.

ОЙ

Ой терең ойнар нәқән теңізден де,
Тың тұрған тіл сүзеген өгізден де.
Нәқәннан нар жұтатын нәпсің жаман,
Қанағат қылмайтын аз жегізгенге.

Игеріп осыларды ала алмасаң,
Ерлерім, ауруыңа ем ізденбе.
Дос тұтып, дүниенің ерме ізіне,
Кемді күн "дәулетін - ай!" дегізгенге.

Сағымнан — су табылмас, мұнан — опа,
Кергенмен кеулің жақын егізден де.
Онан да оны қойып туралық қыл,
Нық тұтып ниетіңді негізден де!

Пайда не патша болып тақ мінгеннен,
Жай таппай жалтақтасаң сегізден де.

1910.

ӨНЕР БӘЙГЕСІ

Ақылсыз нені аңғарар көз болғанмен,
Кім тыңдар өтірікті сөз болғанмен.
Қалғансың жалыны өшіп, шоғы сеніп,
Қазанды қайната алмас, қоз болғанмен.

Гауһар тас екен деп тастап кетер,
Жаманға жол үстінде кез болғанмен.
Басатын бабын тауып, болмаса ұста,
Қисықты кім түзетер тез болғанмен?!

Шын шебер ділдә орнына өткереді
Өнерлеп өте порас33 жез болғанмен.
Шаңғытта шамаң келсе қала бермей,
"Ой" атты ойнақтатып өз жорғаңмен!

1910.

ҰЯДАН ҰШҚАНДА

Пайда көп өмір сүрсең, өнерінде,
Нәрсе жоқ өнетұғын өлерінде.
Ойыңа тіпті өлмейтін сияқтысың,
Әр жаққа ақылыңды бөлерінде.

Тіріңде тіршілік қып тырбанасың,
Жаһанға жаратылып келерінде.
Ұшқанда алар аңың сол болады:
Ұяңнан нені көрсең, өрерінде.

Пайда жоқ ойға түскен өкініштен,
Әр істі алдындағы көрерінде.
Кетпейсің қолыңа алып еш нәрсені
Күні ертең көз жұмылып жөнерінде.

Түйедей тиын көзге көрінеді,
Қарызыңды қиындықта төлерінде.
Сөз қалдыр соңғыларға, сынап көрсін
Сарқылып, шамдай, Төке, сөнерінде.

1910.

АДАМ

Қимаймын "адам" — "далын" надандарға
Надан көп осы жүрген адамдарда.
Далаға "далдың" әрпін жібермеңдер,
Ғылымға ойдың көзін қадаңдар да!

Кей ақымақ "көкке тіреу боламын" дер,
Кешқұрым көлеңкесін қадамдар да.
"Мен сенен кем бе едім?" деп, айтсаң ақыл,
Қалшиып тұрып алар табандар да.

Ғылымға олай болмай, бой ұрыңдар,
Сөзімнің сыңайына қараңдар да!
Жинаңдар өнер жағын өте көп қып,
Тұс-тұсқа талап етіп тарандар да!

Тұрыңдар желге қарап жер тепсініп,
Бәрің де бедеу аттай жарандар да!
Олжаны ортадағы ала қашсаң,
Қуа алмай қалар бәрі аландар да.

Осындай ақылымды айтып жүрмін,
Әр жерде - ақ жақыным мен жарандарға.
Ырзамын орындалса осы айтқаным,
Қайтейін, тыңдалмаса амал бар ма?

1910.

ТАУСЫЛМАС КЕН

"Болады тыныштыққа — не нәрсе тең?" —
Деп әр кез ойлана сен беретін ең.
Түзейтін тұрмысыңды түпкілікті,
Тұтынар сол емес пе — керегің ең?!

Басқаның, байқағанда, бәрі бекер,
Татулық қолға түссе — таусылмас кен!
Дос-жарың татулығын тасалатып,
Берсе де ырза болма сыйлау мен шен.

Жабыдай жемге тойған желіктіріп
Ойынды ойнақтатпай, осыған сен!
"Жоқ қой, — деп, — жүз айтқанмен мұнда қате",
Қолымды қалайда да қоямын Мен!

НЕ КӨП?

Кей доста келісуден керісу көп,
Өсек пен өтірікке ерісу кәп.
Көзге — дос, сыртыңнан — қас, іштен — араз,
Сылтау қып сәл нәрседен жерісу көп.

Есептеп бірін — онға, онын — жүзге,
Тірнектеп дау-жанжалды терісу көп.
Айналып бас жағы — өкпе, арт жағы — өртке,
Дұшпан боп, досын ұстап берісу көп.

Ұшқыннан өрт қашқандай ақырында,
Артында әлектенер елі шу боп.
Тентектей түстен кейін ес кіретін
Пайда не, өшіккенсің, жеңісу боп?!

1911.

ОТЫРМА УАЙЫМСЫЗ АЖАЛ БАРДА

Отырма уайымсыз ажал барда,
Бойында, пенделік қыл, мажал барда.
Дариясы дін - исламның ағып жатыр,
Шомылып кір-қоңыңнан тазар, бар да.

Әкел деп азығыңды Алла айдаған,
Пенденің барлығында базар бар да.
Ұрлатып көптер пұлын құр қол қайтар,
Аңқиып әр нәрсені назарларда.

Сұлудай сұңқар мойын сені де алдар,
Қар дүние өзін-өзі ажарлар да.
Сақ болып, сайманыңды ал түгендеп,
Көп сені көмбей тұрып мазарларға.

Азсынбай, аға-інім, аңғарсаңдар,
Бұл айтқан бар ғибрат ғазалдарда.

1912.

ӨНЕР ӨТКЕЛДЕРІ

Атаның, әуелінде, белінде еттің,
Екінші, ана қарны теңінде еттің.
Тоғыз ай, тоғыз сағат, тоғыз күнде
Қадірлеп құдіретіңмен шегіндеттің.

Бұрыннан қамқоршылық қылып бізге
Ананы, ақ сүт беріп, желінді еттің.
Тудырып сау-саламат, талпындырып,
Емшекті іңгәлатып тебіндеттің.

Алты айда от басына отырғызып,
Жан-жаққа күл шаштырып, төгінді еттің.
Жүргізіп, жыл толған соң, апыл-тапыл,
Бойымды бұрынғыдан жеңілдеттің.

Сөйлетіп екі жаста оны - мұны
Тірліктің, тілім, түрлі кебінде еттің.
Жеткенше жеті жасқа жазы-қысы
Қойны мен ата-ананың жеңінде еттің.

Секіртіп, сегіз жасқа келгеннен соң
Айтақыр, ойнамақтың жерінде еттің.
Асқан соң оннан бері, ақыл беріп,
Дүниенің айласы мен ебінде еттің.

Жиырмаға жеткеннен соң, желіктіріп,
Қатар мен қыз-қырқынның шенінде еттің.
Затыңды — бір білдіріп, достыңды — шын,
Өзімді Әһлі Исламның елінде еттің.

Отызда өз алдыма от жақтырып,
Кейпімді жұрт көруге келімді еттің.
Ұл-қызға көп ұзамай ата қылып,
Қой, түйе, сиыр, жылқы желімде еттің.

Бойыма ақындықты үйір қылып,
Атымды алты алашқа мәлімді еттің.
Басыма бақыт құсын баяндатып,
Алашқа айтқан сөзімді сенімді еттің.

Тоқталмай топ ішінде жыр толғауға,
Ой көзін өз теңімнен өнімді еттің.
Мың шүкір, осы еткен мәртебеңе,
Енді тап ойнақшыған емін дерттің!

Өйтпесең, О Тәбәрәк өз пазылыңмен,
Бәрі де өтелген жоқ не міндеттің.
Қақар айлап құлдарыңның бағзысына,
Тамұқта құрт, құзғынға телімді еттің.

Айыбын анау айлап бағзысының,
Ұжмақтың өлгеннен соң төрінде еттің.
Еркің бар не етсең де, өзің біл, Хақ,
Мүкміңе34 рахмәтіңді толымды еттің.

"Үмітсіз рахмәтімнен35 болма" деген,
Аятың Әһлісламның қолында еттің.
Қалдырсаң құдіретіңе қиын емес,
Қураған қамысты да жолында өрттің.

Күшіңнің артықтығы айдан анық,
Ізіне жұмла жанның өлімді ерттің.
Байқайтын болса бектер сөздің парқын,
Демеймін: "Құр далаға терім кеттің!"

1912.

ӘР ЕЛДІҢ БАР БҰЛБҰЛЫ

(Сырдың саңлақ шайырлары — өрен жүйрік он тоғызға)
Кем ойлыдан — кеп тыңдар
Сөз шықпайды үлгілі.
Бәріміз де бисымақ,

От басынын "білгірі".
Іздеген зорға тапқандай,
Шамшырақтай шығанда,
Әр елдің бар бұлбұлы.

Ақырланған айдай боп,
Бәрі де жоқ боп, жайынан
Білінбей қалды бұл күні.
Өрен жүйрік солар еді,

Шаршыдан шапса, суырылып,
Шұбатылмайтын шылбыры.
Аты бар да, заты жоқ,
Есіл, марқұм ерлердің,

Деп айтуға: "Бұл — бірі!".
Сонда - дағы сипаттап,
Аттарын айтып берейін,
Дер екен: "Бекер" кім мұны?

Аяған қожа, мысалы,
Қорабалы сабадай,
Сәһәр36 тұрып піскенде,
Көп жерге кететін гүмбірі!

Қыпшақтан шыққан Бұдабай –
Хан ұрдырған қоңыраудай,
Оятқан көпті гүлдірі!
Сарыбай Сәдір, Әзілкеш,

Және - дағы би Бекіш —
Айлықты алатын бір күнде
Шер құданың дүлдүлі.
Ешнияз бен Толыбай —

Кемені тартар күндіктен,
Әр түрлі нәқан жай қылған,
Құрдымың қара шүңгілі !
О, дарих, бұлар пәниден

Бақиға рақлат айлады, 37
Таусылған тағдыр сағатта
Солмайды дейсің кім гүлі?!
Қаратамыр — ол Оңғар,

Ақмарал, бұғы һәм арқар
Қоныстаған қысы - жаз
Асқар таудың үңгірі!
Сүйіндік пен Сүйкімбай —

Сүйекті суша білмейтін
Өткір найза секілді
Ағылский38 ұңғылы.
Балқы Базар — білгенге,

Атақты әйдік астана.
Жұмыла жұртты жиып ап
Жырласа бітпес түн - күні!
Қарасақал Ерімбет —

Құтқармас құсты бедеудей,
Шабысына шаң ермес,
Ат шаптыратын бүлкілі!
Нұрымбет сары Шегебай —

Шайырлықтың бабында,
Жан жүре алмас жынысынан
Сай секілді түлкілі.
Абахан Кете Аманжол –

Кәделі аста күн бұрын
Арнап сауын айттырар,
Белгілі бай - дүр жылқылы.
Есенжол, Жүсіп, Жиенбай —

Жүйріктері заманның;
Отарбадай әр жерден
Көрінетін бір-ақ бұрқылы.
Омар мен Нұржан — шабандоз,

Кететұғын құтылып
Өтіп кеткен ертеде
Қамаса да қырық ұры.
Озат айтқыр — осылар,

Сөздері шипа сырқауға.
Жеңіл-желпі жерлерде
Кім таппайды күлкіні.
Өлең жазып, сөз теріп

Солардың болсақ біз бірі.

ЖОҚ ДЕМЕ МАЗА ӨЛЕҢДЕ

(Үзінді)

Інгенің қысыр қалады,
Болмаса бура келенде.
Біршілігің бұзылар,
Болмаса білім көненде.

Ойдағы ісің он, болып,
Орынына келмейді,
Болмаса қайрат дененде.
Алғыр құсың болмаса,

Алтайынан не пайда,
Былғақтап жүрген беленде.
Өте ойсыз болмасаң,
Үйренуге үлгі үгіт,

Арғымақаттай елеңде.
Баяу тартпай баптанып,
Бәйге алып беруге,
Өзіңді-өзің желенде.

Бақ орнамай қалмайды,
Бір қасиет бар болса,
Ата менен ененде.
Ат баласы түзелер,

Бермегенмен бәйге алып,
Құнаны мен дөненде.
Өз басыңа бітпесе,
"Мал мүлік көп" деп мәз болма,

Нағашы, қайын, бөлен де.
Құлақ қойып, құп тыңдап,
Қолайлысын қолыңа ал,
"Жоқ, - демей, - маза өленде".

Азаяр қоңсы қасыңнан,
Ірімшік, құртың болмаса,
Жаюлы тұрған өренде.
Жаңсалы жайын болмаса,

Ау-жылым алып әуре боп,
Несі бар жұрттың тереңде.
Қалса құрғап құдығың,
Қой менен түйе тұрар ма,

Ақ пана, ақыр деренде.
Сөздері — шырын шешеннің,
Құюлы тұрған қымыздай
Сапырулы зереңде.

Құмартып халқым келгенде,
Қолыма алып ожауды,
Отырам құйып берем де.
"Айтпа" деп көрген жоқ еді -

Сөздерімді сау түгіл —
Құлағы жоқ керең де.
Сол себепті ерте-кеш
Хикая мен дастанды

Отырамын терем де.
Береке, ырыс бірлікте
Аз күнгі баққа мастанба,
Мастанған қайда төрең де?

Халық деген — қазына
Қадірлей біл еңбегін
Көрініп, көзге елен де.
Осы айтылған үгітті,

Ескерер деп ұрпақтар
Жатсам да, тұрсам, сенем де.
Есіткенің еске алып,
Жоқтарсыңдар дұғадан,

Жетсе өмір өлімге,
Кетем той мен де ерем де.
Еңбегім лаулап жанбаса
Ат - жөнімді кім білер

Қалам ғой оттай сөнем де.
Ерлерім, сөнбей, еңбек ет,
Бір кеткен соң дүниеден
Демендер: "Қайтып келем де!"

Тұрмағамбет — айтушы
Доғарды сөзді осымен
Жетер деп осы көлем де.

ЖЫРЫҢДЫ ЖАЗ ЖӨРМЕЛЕП

Барады өмір арбадай,
Төмен қарай дөңгелеп.
Шығу жоқ енді қайтадан,
Өр үстіне өрмелеп.

Балалық қалды қалайда,
Қатуланып: "Көрме!"деп.
Кәрілік келіп, қоғамдап,
Алып тұр аудай көңгелеп.

Қылатын мұның түрі бар,
Бір басымды он бөлек.
Аз қалды адам, аңғарсам,
Айтатын "аға-жеңге" деп.

Сондағы жүрміз жазы, қыс,
Жортақтап, иттей шөңгелеп.
Ақылым үгіт айтады:
"Дүнияға көңіл берме",- деп.

Нәпсім айтады: "Әлі де
Құлашыңды серме", - деп.
Қайтерімді біле алмай,
Ойымды жүрмін бөлмелеп.

Сағым сынды сағым боп,
Барған жерім "келме" деп.
Жаратқан жоқ Жаппар Хақ,
Ешбір жанды "өлме" деп.

Көремін небір төзелді,
Жатқанын жұрттың көмбелеп.
Осыған қарап ойланам,
"Ақылдікі жөн бе?" - деп.

Нақ олай көрем нәпсімді —
Жүрмейтін жөнге жөң бедеп.
Өз - өзімді нығайтам:
"Туралықтан төнбе!" деп.

Жаратқанға жалынам,
Ниетімді жөнде деп.
Көңілімді көркейтіп,
Ажарлап әбден өңде деп.

Азайып ақыл, алайда,
Барады нәпсім өнбелеп.
"Айтқанын ет, - деп, - осының"
Шайтан да тұр теңбелеп.

Қосылып дүния оларға,
"Жүргіземін жөнге" деп.
Жұлқынып жүрмін шамамша,
"Шығамын қашан дөңге?" - деп.

Жаққай да Тәңірім көңіліме,
Иманның шамын "сөнбе" деп.
Келеді бір күн өлім де,
"Іздегенім сен бе?" деп.

Біткен соң тағдыр, табытқа
Тұрады - ау: "Таңып,теңде!"деп.
Жер ошақтай жер қазып,
"Жат, - дейді жұртым, - сен де кеп".

Оны ойлап өкінем:
" Ақыл жоқ-ау менде",- деп.
Ауысқанмен ақыл-ес,
Барармын кімге "емде" деп,

Соңырағы күн Саттар Хақ,
Айтқай - дағы: "пәндә"деп.
Өлмей тұрып он саусақ,
Жырынды жаз жөрмелеп.

Көрін көптің көзіне,
Кигендей көйлек бүрмелеп,
Сұңқар мойын, сұлу бол,
Көздерін қойған сүрмелеп.

Тұрпатыңа таңырқап,
Қарасын бәрі "құр ме?" деп.
Тұлпарын ойдың ұстап ал,
Қайткенменен кермелеп.

Баладай баптап бағыңдар,
Біресе шешіп, бір бөлеп.
Түсіндіріп түбінде,
Айту артық термелеп.

Ерінбе, елің келген соң,
"Сөзге шешен ер ме?" деп.
Келтір әбден сазына,
Домбыраңды пернелеп.

Сөздің парқын байқайтын,
Білімді, бірақ, ер керек.
Білмегендер бұлғақтар,
Ілгендей мойнына ергенек.

Бірнеше бар еді мамандар,
Сөздері сұлу бір келеп.
Жатып алды олар бұл күнде
Әр төбені іргелеп.

Көрінемін көңіліме,
Жат адамдай бір бөлек.
Азайып қатар қалған соң,
Болыппын қорқақ, үргедек.

Халқым мені көреді,
Биедей – ақ бір көнек.
Ұнамаса айтқаным,
Етер мені кім керек.

Отырғандай ойым бар,
Жар басына мінбелеп,
Сүрінемін әр жерге,
Келе жатқандай түнделеп.

Күлкі қыла көрмеңдер,
"Мылжың екен мүлде" деп.
Көремін көптің алғысын,
Һұр бергендей үлделеп.

Тілектес тегіс болыңдар,
"Ұрпақ шашып, гүлде!" деп.
Қазандай ішім қайнайды,
Тұрмаса шығып күнде леп.

Сондықтан сөгіс бермеңдер,
Сөйлей берген "бұл не?" деп.

КӨҢІЛ ГҮЖІМ ДАРАҚТАЙ

Көңіл гүжім дарақтай,
Миуалары сулаған.
Иман — бұлбұл басында,
Көркейіп күнде қунаған.

Шайтандар — қарға сияқты,
Төбесінде шулаған.
Нажас39 атыолардың,
Жапырағына жайылып,

Болса егер иман улаған.
Бағаң болып бір тиын,
Жанарлық жайтың қалады
Қара ағаштай қураған.

Демесе: "Құлым", - Қадыр Хақ,
Осыларды ойланып,
Дүнияны қай жан қумаған?
Көз жіберсең кеуліңе,

Санаулы өмірің сапасыз,
Таусылар еттей тураған.
Адамзат — киік секілді,
Күз кезінде кездесіп,

Қыран күс қағар зулаған.
Ел басқарған ерлердің,
Салғанда шеңгел, Сырдағы
Нәқанша көбі тулаған.

Абылай ханның әулеті,
Кенесары, Наурызбай,
Сіміріп қанды қатықша,
Тазартып аузын жумаған.

Жазулы жасы жеткен соң,
Жөнеліп жақан үйінен,
Болды адамдай тумаған.
Ерлерден өткен сөйлейін,

Халқым құлақ салсаңдар,
Жаң - жұнды қойып дулаған.
Хан көтерді Кіші жүз,
Қасым ұлы Елкейді,

Көлеңкелі гүжімдей,
Орасан өсіп үлкейді,
Бақ құсы қонып басына,
Ел тегіс оған еңкейді.

Таланты жүрді талайға,
Кім оған күш қып кеңкейді?
Туралықпенен ту ұстап,
Қамқоршылық қылған соң,

Көптердің кеулі көркейді.
О, дарих, өлім өртіне,
Ұшырасып ол - дағы,
Қошқардай үйіткен теңкейді.

Ғибрат алып олардан,
Жолдас білмей жақанды,
Түзелу керек ер пейілі.
Шектіден шыққан Жанқожа,

Сияқты еді жолбарыс.
Иманы болсын ымыра,
Емес еді дінге алыс.
Өрбіген орыс алатын,

Аттатпады бір қарыс,
Неше жыл қамап келгенін,
Сауыттың шешпей ілгегін,
Білімсіз, белсіз қазаққа,

Алып берген ар-намыс.
Енді олардай ер қайда
Қорқытқан сырт дұшпанын
Болғанынша қартамыс.

Олар да көшті керуендей,
Адамның әлін аңғарсаң,
Баста — шабыс, соң - налыс.
Қайраты қанша болғанмен,

Қала алмас пенде қалбиып,
Ажал — өрт те, жан — қамыс.
Қорғаны болған Есетбай,
Шөмекей менен Кетенің.

Бәрі бір болған оларға,
Қисық пенен төтенің.
Қашқан жауы қан жұтып,
Баса алмаған жөтелін.

Жалыңдай жайпап жоқ қылған,
Үш алаштан бөтенін.
Туысы бүтін болғасын,
Орындамай қоймаған,

Деген ісін етемін.
Көрінгенге күлкі боп,
Жолда қалып жоқ болған,
Дегендер оған жетемін.

Қонысқа қонған нардай-ақ,
Жас жеткен соң жөнеді,
Мұндағы тастап мекенін.
Өтетілеу, Талқанбай,

Дана еді жұртты жөндеген.
Желмаядай жүйткуші еді,
Олар мінсе, жөң деген.
Туралық туын тұтқан соң,

От, көмір болды сөнбеген.
Олар — сүтін сияқты
Сыр суына ендеген.
Есітпеді жан сөзін,

Міндет қылып менменсіп,
"Сондайша едім мен!" - деген.
Тағдыры тамам болған соң,
Оларды да бұл өлім,

Табытқа тартып теңдеген.
Қалпынша қалар қай нәсте,
Қаратұзды қашаннан,
Ашады кебір кендеген.

Басы озған батыр Сарманның,
Үш жүз түгіл, Алаштан.
Теңіз суын теңселткен,
Нақанды бір-ақ шайнады

Ұстап алып қалаштан'.
"Бұл барда бәйге қайда?" - деп,
Халық басқарған хандар да,
Бастарын тартты таластан. –

Көрінсек көрге кірдік, - деп,
Күндіз түгіл, түн қорқып,
Жүрмеді жаулар жанастан.
Жатты жердің астына,

Жас жеткен соң, жұмып көз.
"Жұмсақ" деп мамық паластан.
Бабаның ісін бала етер,
Қайғы не, қалған бұл жақан.

Атамыз әзіреті Анастан.
Жолдас біліп дүнияны,
Ойламай өлім қайғысын,
Біздер — ақымақ адасқан. Қайраты қара Қисықтың,

Болып еді өрттей қаптаған.
Қап тауындай ерлерді,
"Табаным құрышы қансын",- деп,
Қырманша жаншып, таптаған.

Қаһарлы ханның қасында,
"Осатын өкпеңді осы", - деп,
Отырып найза саптаған.
Асылыңда озат ер еді,

Ойдан су өрге ағызып,
Асқарды атыз - жаптаған.
Ажал — оқ, жақан — жабыдай,
Келбетті кетіп мойнына,

Өмір — ер тартып, шаптаған.
Қаражабай — гөзел40 еді,
Көрсеткен көпке жөн жосақ.41
Ақылы — отын, бақыты — от,

Татулық — тағам, халық — қазан,
Сияқты еді ол — ошақ –
Білімі барға — ілім бар,
Деушілік делбе әдеті:

"Бар ма алған онан бір пұшақ42?"
Ұмытпас едік өлімді,
Өтіп кеткен ерлердің,
Әліне егер аң болсақ.

Олар да дәлел таппаған,
Жендетіне Жаппардың,
Айрылар уақыт жан қосақ.
Күллият Кете алатын,

Бекмырза, Бекет бастаған.
Бүгежектесе басқалар,
Бұл екеуі бас шұлғып,
Бөкенше аяқ тастаған.

Өзі түгіл, орнына,
Баруға ерлер батпаған,
"Сені ме!" деп сырттан қастаған.
Би Жұбанбай, Ешнияз,

Жүйрігі еді олардың,
Сылап, сипап наштаған.
"Шамаң біл, шалықтама" деп,
Тартып ажал етектен,

Оларды әм жерге жастаған.
Табыннан шықты екі ер,
Бұқарбай, Сейіл атанып.
Оққа ашып омырау,

Бумаған белді қатарып!
Жау қанымен тазартқан,
Қылышы қалса дат алып.
Көп жандар көпке бас болған,

Ол ерлерден бата алып.
Болғанмен нақан, бір Ақтың,
Өлім атты ауына,
Олар да қалған шаталып.

Батыр Қалдан, би Бақа —
Көнеден қалған гүжімдей!
Айтқандары елге үлгі,
Аузынан шықса, таңырқап,

Тәбәрік етер жүзімдей.
Басы артықтың — бәсі артық,
Сәлемі - дағы сыртқа айтқан,
Сайланып шыққан жүзіндей!

Өмірі есіл ерлердің,
Жазы өтіп, жапырақ қураған,
Болып тұр анық күзіндей.
Бұлар да бір күн болар мерт,

Опасыз жақан ойласаң,
Ұстараның жүзіндей.
Телеудің халқы тік тұрған,
Кең ойлы туған — Көшекке!

Туралық туын қолға алып,
Ілінбей кетті есекке.
Қамқоры болып байтақтың,
Түн ұйқысын төрт бөліп,

Жатпайтын еді төсекте.
Жаулардың оғын жаудырған,
"Өлемін" деп ойламай,
Балайтын еді кесекке.

Менменсіген ерлердің,
Ат пенен тонын олжалап,
Міндірген еді есекке.
Жендеті келіп Жаппардың,

Атпай, шотпай жоққылды,
Қайраты сонша десек те.
Тамадан шыққан сөйлейін —
Өмірбай менен Есетті.

"Екеуінің де алдынан, —
Демейді, - ешкім кесе өтті".
Өлемін деп ойламай,
Отқа түсіп ұлт үшін,

Орасан қайрат көрсетті.
Мүсәпір, мүскін, мұңлының,
Мұқтаждарын түгендеп,
Астына қамқап төсетті.

Болғанмен сондай шара не,
Тағдырдың тиіп тоқпағы,
Оларды да мес етті.
Сарыбай Сәдір, Мәженнің —

Сөзіне халық қайыды.
Құрметтеп қатты сыйлады,
Қаракесек, Байұлы.
Алыстан келіп анайы,

Үлгі, өнеге үйреніп,
Білімге әркім байыды.
Тұлғасы - тұлпар сияқты еді,
Кебеже қарын, кең құрсақ,

Жетпейтін тартса айылы.
Тіктіріп отау оңаша,
Оларды да жатқызды,
Шақыртқандай қайыны.

Балқы Досан — ер еді,
Жүргізген жұртқа билікті.
Қайраты сыймай қанаға,
Әр жұмысқа килікті.

Қасқыр тиген қойдай боп,
Қарасын көрсе қалтырап,
Дұшпаны қорқып, ұйлықты.
Туысы бүтін болған соң,

Қай орынға барса да,
Алып шықты сыйлықты.
Біткен соң өмір ол - дағы,
Халық біткенмен қоштасып,

Жайына қайтты бұйрықты.
Дос күтіп, дұшпан сыйлаған,
Бәшеке, Жаңай, Меңейді.
Жұрт тегіс желдей тынушы еді,

Қозғаса олар көмейді.
Уақытында олардың,
Күннен-күнге күшейіп,
Өрісі елдің кеңейді.

Қалайынша айтқанмен,
Қайратты туған қанды көз,
Азды көпке теңейді.
Оқ, дарих, өтті олар да,

Бауыры суық қара жер,
Қай біріңді жемейді?!
Керейіт Манақ болып еді,
Мың Ғираттың беліндей.

Болған ерге оп-оңай,
Өрді оймен тең қылды,
Ысырапылдың желіндей.
Болады ойдан — күй артық,

Ер — арғымақ, ел — сіңір,
Қайраты оның — шеліндей!
Қалайда болса, қадірлеп,
Көргендер көкірек көтермей,

Иілетін еді келіндей!
Болғанмен биік басқадан,
Басып кетіп, жоқ қылды,
Сұм елім Сырдың селіндей!

Алтыннан шықты ыңырана,
Сәлтеке сынды арыстан.
Қалатын еді қан болып,
Шамасын білмей шіреніп,

Олармен қас боп қарысқан.
Бүгін емес, бұрында:
"Өзімдей ғой,- деп, осы да",
Тұлпар мен шобыр жарысқан.

Сол сияқты сабаздар,
Санаулы өмірі сарқылып,
Жақаннан жәннат барысқан.
Осыларды ойланып,

Өзін-өзі үгіттер,
Ақылы артық данышпан!Қамқоры болған халықтың,
Қожакелді Қашқынбай,
Бөтен жерде бүтін ер,

Бермейтін белді болған соң,
Жүрмеді жұрты бәс қылмай.
Алты қарыс азуы,
Алысқанменен арыстан,

Кетпеді көнді пәс қылмай.
Оны да өлім олжа етті,
Бас-аяғын байлатып,
Әліңді біл деп асқынбай.

Тіріңде тура болыңдар,
Дәреже менен дәулетке,
Өзіңді-өзің мас қылмай.
Би — Пірен, молда — Малқара,

Топқа барса төрге өткен.
Ағар, "тап ағыс етті" деп,
Ықты қойып, өрге өткен.
Қайырлы болған қалқалар,

Жетімді жылы қойнына алып,
Теңсіздерді тербеткен.
Жұқпайтын қылған Жайқұннан,
Жабы өте алмас жайына,

Мойынына ер кеткен.
Болғанменен ондайша,
Қатын-бала, үй-ішін,
Олардың да өлім еңіреткен.

Тоқымтыққан Қыстаубай,
Қайрат пен күшке кен еді.
Орасан ойлы, өте әділ,
Мұңлы мен мұқтаж, міскінге,

Етек жеңі кең еді.
Сықақ қылып, сын тағып,
Аңдысып жүрген жауы да,
Дей алмады: "Кем еді".

Атынан түспей әрқашан,
Қарнына іліп ақ алмас,
Азды көпке теңеді.
Өмір бітіп, ол да өтті,

Қайткенменен кімді де,
Алысса ажал жеңеді.
Кенжалы би болып еді,
Білім мен ақыл қордасы.

Күні бұрын күтініп,
Һай - хауастан 43бас тартты:
"Пәни, - деп, - жақан ордасы!"
Таптап озған тұлпардай,

Тәубені талап еткен ер,
Басынан кетпес дорбасы.
"Білегім — жуан беліңнен"
Дейтұғын дұшпандарының,

Болатын еді қор басы.
Қазан соққан сағатта,
Жапырақ қурап, түп құлап,
Жоқ болып кетті шорнасы.

Ауазасы Алматтың,
Жайылған жұртқа теп-тегіс.
Күркіреген күндей еді,
Дер дейсің оны кім "кеміс"?

Ар жағы да атақты ер,
Алашқа болып астана,
Жегізген жұртқа май, жеміс.
Шынжыр қатар шын ер еді,

Шексіз ғып беріп шенді Алла:
"Сенікі, - деген, - бар кеңіс".
Ордасы бар да, өзі жоқ,
Өлім — орақ, жан — егін,

Сияқты - ау, сірә, кеуде — егіс.
Құлбарақтың даңқына —
Халық құлағы қанықты.
Әлімнің болды айындай,

Басқанменен бола ма,
Алақандай анықты?!
Қаптағанмен қалың өрт,
Қашу түгіл, қайбыртып,

Демейді оны жан: "Ықты!".
Қыран құстай Қырымда,
Көздеуге көкті гөлайттап,
Бермейтін еді шарықты.

Тартқансың ажал - аждақа,
Оқ тигендей былғақтап,
Астына жердің сарықты.
Таңатар — тәмам қазақтың,

Сияқты еді анық туындай!
Болып еді оның ақылы,
Ат бұратын ағысы,
Сыр - Дарияның суындай!

Болмасты — бор бастай ғып,
Бітірген еді біліммен,
Бектердің берген уындай.
Айыпқа беріп ат-тонын,

Жаулары кеткен жаяулап,
Босатқан соң буындай.
Ер бұларда — тау сияқты,
Бойды сылау бау — сияқты,

Олар да өлім өртіне,
Шағылды шақпақ қуындай.
Озат өскен бәйтерек —
Қаратамыр Күнтуар.

Уақытында оқа, зердей боп,
Халық ажарын келтірді,
Енді олардай кім туар?!
Орнаған ықпал ер екен,

Тұқымы топқа тудай боп,
Артының әлі бұлты бар.
Білер де өзім — осы мен, —
Ұрпағында Өтетілеудің,

Қайткенмен білім кілті бар!
Болғанмен биік басқадан,
Кеуленіп керек-жараққа,
Жұмсалды да, жоқ болды,

Текке енді орны, ұлты бар.
Бір қатар шықты бой түзеп,
Самырза, Тәмпіш, би Бостан.
"Сен" деген сөзді олардың,

Есітпеді құлағы,
Яки дұшпан, я достан.
Шыдамай олар сұсына,
"Мен" деген ерлер мұрт кетті,

Еріген мұздай ағыстан.
Шапқанменен ұзаққа,
Озат жүйрік олар еді,
Созылмас сіңірі шабыстан.

Бақтан бұлбұл ұшқан соң,
Қаратып бетті құбылаға,
Бауырына жердің жабысқан.
Тоғанас туып Бәйтіктен,

Байланып қылыш, ту алған.
Кезіндегі көп дұшпан,
Қалтырап қолы қорыққаннан,
Жоқ еді белін буа алған.

Би Пірәлі, Қожеке —
Қаршығасы еді ол ердің,
"Қазға" деп салса, қу алған.
Басшы зор болса, пасық аз,

Уақытында олардың,
Жоқ еді жұртта дуа алған.
Саға бар да сапа жоқ,
Оның дағы арт жағы,

Сияқты болды су алған.
Дәуімшар мен Тұңғышбай,
Секілді ер еді лашын!
"Құр қайтты" деп халық айтпас,

Жайса да қайда құлашын.
Қамқор болып қалайда,
Басқарар басшың болмаса,
Кім қорғар байтақ даласын?

Жұбатар екен кім келіп,
Көзіңді салшы, жас бала
Тепкілеп жерді жыласын?
Ата-ана келіп қойдырар,

"Қарағым" деп құшақтап,
Көзінің сүртіп ыласын.
Солардың сондай екенін,
Жатқаннан соң жұрт білді,

Жайланып жердің жырасын.
Көнелерді кел енді,
Кемді күнге бағалық,
Ұстамай ажал мұрасын!

Бүтін туған біреу жоқ,
Етпесең сондай, сап түзеп,
Состиысып тұрасың.
Бақтасыз малдай быт-быт боп,

Бет алдыңа адасып,
Әңгіме-дүкен құрасың.
Олжа болып әркімге,
Өкініш жеп, ен, соңы —

Сандарыңды ұрасың!
"Елге иелік етем!" деп,
Ыждағат еткен ер болса,
Осы ерлерді еске алып,

Олардан үлгі сұрасын.

НЕ КӨЗЕЛДЕР ҚОР БОЛҒАН

Не көзелдер қор болар,
"Жақанды жолдас білем" деп.
Жиырма - отызды өткізер,
"Жүйрік пен жорға мінем" деп.

Өзінен-өзі ұялар,
Орынсыз "ойнап - күлем" деп.
Қырық - елуде қой бағар,
Ойлап, қарап "бұл нем?" деп.

Ойланар оңай пайданы,
"Қай орыннан ілем?" деп.
Ел шаңына ермесең,
Қорқады, "құрыр сілем" деп.

Алпыс пен жетпіс барған соң,
Ішеді асын үнемдеп.
От басына төсетпес,
Алашасын "кілем" деп.

Айтқан тіліңді алмайды,
"Білгірдің баста бірі ем" деп.
Ақыл айтқан болады,
"Бәріңнен үлкен ірі ем" деп.

Сексен мен тоқсан барған соң,
Мал қайтарар симеңдеп.
Өз баласын танымай,
Сықсиып қарар: "Кім ең?" - деп.

Қазғанаққа құлайды,
Қалтаң қағып, "жүрем" деп.
Иттер біткен жүгірер,
Тұс-тұсынан "үрем" деп.

Тырнағы тегіс сынады,
Көрінгенді "бүрем" деп.
Көпке күлкі болады,
"Бай болып дәурен сүрем" деп.

Ойламайды онда да,
"Таусылды өмірім, өлем" деп.
Баласын дұшпан тұтынар,
"Өзіме енші бөлем" деп.

Қатынын қуар қасынан,
"Сен құрттың, баста гүл ем!" деп.
Құмартып сонша дүнияға,
Ойлама "қайтып келем" деп.

Мақтанғанмен не пайда,
"Мал-мүлікке кен ем", - деп.
Оғы тисе өлімнің,
Аяғың қалар тереңдеп.

Тұрмаған соң, көп көмер,
"Таусылды жейтін керен",- деп.
"Жемесін, - деп, - ит, құзғын",
Бет жағын қояр бөрендеп.

Құран оқып, қол жайып,
Қайтысар "Қандай ер ең!" деп.
Мұндайша макар44 дүнияға,
Несіне жүрміз елеңдеп?

Ерлердің әлін аңғардың,
Осыған жүрген "ерем" деп.
Кигізгенмен кем қапты,
Жіберер алып желеңдеп.

Гауһарды тұтпа шақналық,
"Шаң тимейтұғын шен ең", - деп.
Ажалдан алып қалмайды,
"Тұтынған мені сен ең",- деп.

Қамыстан жаман қирайды,
Асылғанмен емен деп.
Бумай-ақ қой беліңді,
"Сен үшін жапа шегем", - деп.

Қолыңа түссе қайыр қыл,
"Қызығың сенің жеген", - деп.
Желке шашынды ағартпа,
"Жазы - қыс буған жел ем", - деп.

Дәреже менен дәулетке,
Талтаңдама "тел ем" деп.
Көкірегіңді көтерме,
"Асқар биік бел ем", - деп.

Шуылдап шөлде қалмайық,
Сағымға су деп, сенем деп.
Қамыңды қыл қалайда,
Күш-қайрат кетпей төмендеп.

Ағарып шаш пен сақалың,
Қаларсың демде шемеңдеп.
Қызмет қылған құлға Алла,
Уәде еткен "иман берем" деп.

Иман берсе пейішке,
Кірерсің "миуа терем" деп.
Аузы кәусар суынан,
Қанарсың ішіп зерен деп.

Хор қыздары алдында,
Қызмет етер көлеңдеп.
Қалмайық құр қол қалайда,
"Соңырағысын көрем" деп.

Зияпат бермес Зүлжалал,
Патша едің, яки төре ең деп.
Жаннан және қорықпайды,
Қайратты ең, ия көп өңдеп.

Көптердің арты ашылған,
Ретсіз ісіп, кебем деп.
Жатырмын айтып жақсы үгіт,
"Бәрің - дағы бек ең" деп.

Қазан соқса, соларсың,
Көркеймеңдер "көк ем" деп.
Қарық болар, шығып бір тесік,
Қуанба "бүтін кемем" деп.

Сақтап жүрген жентім бұл, "
Алдарыңа төгем" деп.
Кешіріңдер кемісін,
Ойламаңдар "сөгем" деп.

Отырмын маңырап ортаңда,
Қозыдай қойған көгендеп.
Бөгелектеген бедеудей,
Ойламаңдар "тебем" деп.

Бүтін жүктік бәрің нар,
Қорқытпаңдар "шөгем" деп.
Сендер үшін шыңырауды,
Мен жатырмын шегендеп.

Қызмет қылдым осындай, "
Аяқтарың — төбем" деп.
Қанағат бұған қылыңдар,
Бермеді демей вагон деп.

Тоқтамайтын тіл — тұлпар,
Тартпаса басын жүгеңдеп.
Болғайсыңдар дұғада,
Жөнесек жақан үйінен,

Жас өмірді түгендеп.

ЗАМАН КЕЛБЕТІ

Жүкті алды "Жүдеусің", - деп пілден піше,
Жабы озып арғымақтан, алды мүше.
Бектердің, белдерінен қалды түсіп,
Күмбезді күміс кемер, алтын кісе.

Жылы орын, жайлы төсек табылмаса,
Суыққа су тоңдырар келдік үсе.
Қарттардай қарны ашқан қалжырадық,
Келмесе керсенімен палау нісе.

"Кейіні кеніш — реніштің" деген сөз бар,
Үзбе үміт өз-өзіңнен, көңілім, күсе.
Атаға — ұл, анаға — қыз, ерге — әйел
Аюдай ақырады алқымы іce.

Кейіпсіз кенеден де көрініп тұр,
Өрнегі дін үйінің түсе-түсе.
Кең ойлы кемеңгерлерден кетті ақыл,
Қайғының қанды суын іше - іше.

Қауіпім бар бола ма деп бір Хадиса,
Бермесе бұзықтарға Тәңірім місе.
Жағарлық жарыққа май түсер - ау деп,
Құр суды қиналмаңдар пісе - пісе.

Тәуба етіп, Тәңірі әмірін тұтып бекем,
Ертерек ыждағаттың тісін тісе.
Көркейіп көңіл - бақшаң көрінер еді,
Кешікпей, кендік бұлты күркіресе.

Қадір Хақ қалайда да берер еді-ау,
Мұқтажын мұсылманның шын тілесе.
Қарғаға қаршығалар болды қоңсы,
Жез жүріп, сары алтындар болды пұлшы.

Талайлар тақтан түсіп, тастақ та жүр,
Дірдектеп тізесіне жетпей қонышы.
Тақ мініп, тамам жұртты меңгеріп тұр,
Базардан тері жинап болған тоншы.

Байлардың бір қатары тіленіп жүр,
Үй - орман өртке кетіп жиған кеніші.
Қой сыймай қорасына қорексіздің,
Шүленас беріп жатыр жұртқа енші.

Бұл күнде бақ - дәулетте бар ма қарар,
Бектерім, біраз ғана ойлап көрші.
Ол үшін өкінудің керегі жоқ,
Бұл жақан болар дейсің кімге қорсы. –

Барлығы мәртебенің менікі,- деп,
Қамауда жүргендер көп, жинап оршы.
Бөктеріп бәрін де оның алып барар,
Қаратпай алды-артына ажал — торшы.

Асылында, алаңдықты қойып енді,
Алланың, өте, өзінде болса борышы.
Ахирет асылы — отын, дүние — базар,
Қайтесің, Қожайының десе:

"Болшы!" Сақ болып, сайманыңды түгендеп тұр,
Жүрмекке жоқ лажың сен — бір жолшы.

Ер болсаң алдынды ойлан ақыраймай,
Сұлтан бол, биле, ықылым ақыры — ойбай.
Тигенмен төбең көкке, бітсе күнің,
Көзіңді қоймайды өлім ақыры оймай.

"Хақ риза, Хабибі шат болсын" десең,
Сен өткер өміріңді ақыл ойлай.
Етпейді еңбегіңді еш Егең, асылы,
Шығарсың шын бедеудей ақыры ойнай.

Қысқасы, қол қусырып, құлшылық қыл,
Жан болсаң, жатар жерің ақыры ойдай.
Қолына қуған аңын кім түсірер,
Тепсініп, тұлпар мініп, тақым оймай.

Бектерім, ойласаңдар үшбу жаһан,
Жалмаған жан біткенді нағыз наһан.
Отырып қарсы алдында қашар жер жоқ,
Әр түрлі ой ойлаймыз біз — бейбәһам45.

Жетіп тұр жұтарға аузы, жындымыз ба,
Дейтұғын: "Дәу жүрекпін, мұнан не қам?"
Адамнан бері қарай болды айтшы,
Жер үсті, көктің асты кімге мәкән. 46

Күнбе-күн кетіп жатыр азаматтар,
Оранып үш-ақ қары бөзден кәфан. 47
Кимейсің кетерінде ішік түгіл,
Жарарлық жиып тойға жақсы шапан.

Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Жан шықса, жатар жерің - қазулы апан.
Мақтанып: "Мен мұндаймын", - дегеніңмен,
Ей, ақымақ, ақырында сол ғой баһаң.48

Кішік бол, күшік - нәпсіңді көп семіртпе,
Төбеңе тағдыр бітсе, тиер бақан.
Сағаттай көңіліңе көрінбейді,
Мың жылғы мініп таққа сүрген сапаң.

Жазы - қыс жатпай-тұрмай жанды қинап,
Бұл үшін босқа кетер шеккен жапаң.
Бәрін де осылардың біле тұрып,
Тарқайды қалайынша қайғы - қапаң?

Жол ұзақ, алдында асу асқарлар көп,
Қағылса қиналарлық қисық тақаң.
Өкінбе ұйықтап қалып, ұрылар көп,
Жойылса жан қалтаңнан иман — сақаң.

Асылында, алаң болмай ешнәрсеге,
Ертерек ет пенделік, тұтып мақам.
Тапжылтпай тура құрық түскен күні,
Жайыңыз — жан бармайтын елсіз жапан.

ЖІГІТКЕ ЖАРАМАЙДЫ АЛАҢ БОЛҒАН

Жігітке жарамайды алаң болған,
Абырой аландарға арам болған.
Өмірін өкінішпен өткереді,
Адамдай айналасы аран болған.

Сұраңдар, сенбесеңдер, сенімді ерден,
Жасынан жақсылармен жаран болған.
Емеспін білгенімді бүркеп қойып,
Айтудан ақыл, үгіт сараң болған.

Тілегім, тірілікте түбі терең,
Құтқару қатарымды қараңғы ордан.
Әр істің басын бастап, артын тастап,
Кісіні көрдіңдер ме адам болған?

Алаңсыз ойдағысын орындаған,
Өсектен өмірінше аман болған.
Атымын әр жұмыстың аңғаруға,
Үйір бол ойлы ерлермен маман болған.

Жұмысын жазушының бітірген соң,
Қадірлер қамысты да қалам болған.
Өзіме өз ақылым болады деп,
Жүргеннің барлығы да надан болған.

Қырық түрлі қысқа күнде құбылғанның,
Өртеніп үй, орманы талан болған.
Әр қойды қортық қошқар бір қуалап,
Айырылып арқа майдан жалаң болған.

Жан-жаққа жайылам деп жөніне ақпай,
Көл суы күңгірт тартып шалаң болған.
Отырмын осылайша үгіт айтып, -
Көтер, - деп, көкірегіңді санаң болған!

Бедеу ат, білімді әйел, алмас қылыш,
Басыңа орнатады ықпал, ырыс.
Қуалап қырсығыңды, қыр асырып,
Жегізер ет пенен май, палау, күріш.

Кеуліңнен қалайда да қайғы тарқап,
Талабың бола берер еткен дұрыс.
Сөзіңе сөйтіп жүріп дуа қонып,
Дей алмас айтқаныңды ешкім бұрыс.

Болады ең соңында етер ісің,
Жеп, ішу, жату, тұру, малдас құрыс.
Үшеуі ойдағыдай жолықпаса,
Боласың бір тиынға өтпес мырыш.

Кеуілің күннен-күнге күңгірт тартып,
Бойыңнан тарқамайды татау, тырыс.
Қысқасы, қалған ісің оңға баспай,
Көбейер от басында айқай, ұрыс.

Ит артық өз ойыма еселеңнен,
Жасынан жамандықты пешеленген.
Адамды ата болған алып ұрып,
Кемпірді күң тұтынар шешеленген.

Ит өмір есігінде өткізеді,
Бір тойып көз алдында жесе неңнен.
Күзетіп кеші - күндіз шарбағыңды,
Келтірмес кісі үйіңе кеселеңнен.

Деп молда Тұрмағамбет қолым қойдым,
Аз демей ал ғибрат осы өлеңнен.

БАҚ ТАЙСА МАЛ МЕН МҮЛКІҢ ҚОСА КЕТЕР

Бақ тайса, мал мен мүлкін қоса кетер,
Жар, досың жәрдем берер боса кетер.
Айрылып ақылыңнан аң-таң болып,
Әл қалмай аяқ, қол да, ошаң етер.

Басыңа бақыт құсы қонса қайтып,
Бәрі де қол қусырып шошаң етер.
Күжімдей көлеңкелі болғаныңмен,
Уайым түбіңді үңгіп, осал етер.

Ақылды ер асылында алдын ойлап,
Сағымға сұм дүниені мысал етер.
Масықпай, мемлекетті билегенмен,
Жабықпай, жарты нанға нысап етер.

Дегендей азаларлық сыйса пұлы,
Саттар ақ соңырағы күн қасап етер.
Ұятқа ол уақытта қалам ба? - деп,
Ойлы ерлер өзін-өзі қышап өтер.

Бермесе Тәңірі таупық, оларды ойлап,
Ер қайда өзін-өзі тұсап өтер?
Бәрің де бас көтеріп, пенделік қыл,
Бір күні "бол" деп өлім қыса кетер.

Болғанмен бұлт шөгетін биік асқар,
Төбе емес, төмпешіктен де ұсақ етер.
"Ишарат — ақылы барға" болатұғын,
Сөзім жоқ созып онша құшақ етер.

Қатаң кеп қатаң сынып айтарсыңдар,
Етпесем елжіретіп, пышақ өтер.

ТІРІҢДЕ ТУРА БОЛСАҢ ТУ ҰСТАРСЫҢ

Тіріңде тура болсаң ту ұстарсың,
Боғыңды бұзық болсаң, уыстарсың.
Жамандық жақын түгіл, жатқа ойлама,
Өзіңмен о басында туысқансың.

Жатсаң да жардай құлап, жаны ашымас,
Көңілі көптің сенен суысқансың.
Болыңдар бір-біріңнің тілегінде,
Бірлікке белдеріңді буысқансың.

Алынбай алдарыңнан аң кетпейді,
Топтанып тұс-тұсынан қуысқансың.
Сөздерің сөйлейтұғын осы болсын,
Таңертең тұрып бет, қол жуысқансың.

Десеңдер, бақ басыма баяндасын,
Қоңсы үшін қарындарың қуыс қалсын.

ДАНАСЫҢ ДӘУЛЕТІҢЕ МАСЫҚПАСАҢ

Данасың, дәулетіңе масықпасаң,
Жарымсың жар, досыңнан қашықтасаң.
"Сары алтын — сабыр түбі" сақтап таза,
Жетерсің мақсұдыңа асықпасаң.

Тұрады туысың анық тілегінде,
Басынды бұзықтықтан ашықтасаң.
Қасында астананың аш болмайсың,
Алмай-ақ ожау, шөміш қасықтасаң.

Басыңнан бақытың ұшып, бағаң кемір,
Өзіңді өзің бұзып, пасықтасаң.
Болады ауазана әркім ашық,
Жазып ап, жақсы сөзді машықтасаң.

ЖІГІТКЕ ЖҰРТТЫ ЖЕГЕН КҮЙ БОЛМАЙДЫ

Жігітте жұртты жеген күй болмайды,
Шортанда шабақ жеген ми болмайды.
Ащыны тұщыменен тату керек,
Теріде тоқпақ жемей, ін болмайды.

Бір "шыж-быж" мың "сіз - бізден" болады артық,
Қолды қу қусырғанмен, сый болмайды.
Болмаса алдында — аға, артында — іні,
Болғанмен ер туымды, би болмайды.

Дүниеде әр нәрсеге себеп керек,
Ағаштан бұтағы жоқ үй болмайды.
Қой, түйе қаптап қанша шарлағанмен,
Құба доң Құдай үйген қи болмайды.

АЛЫСҚА АҢЛАУЫМДА АҚЫЛ СЕРІК

Алысқа, аңлауымда, ақыл серік,
Болмайды тапсаң серік, жолың керік.
Үстінен қазынаның құлатады,
Ізіне ер де отыр, беріп ерік.

Әрқашан айтқанынан бас бұрмасаң,
Бітеді айдай ажар, күндей көрік.
Басыңа бақыт қонып, ықпал орнар,
Сияқты болар сөзің піскен өрік.

Көпек ит — нәпсің күн-түн баққаныңмен,
Қан-жынға халық шошынар, болған жерік.
Басынды байқаусызда боққа былғар,
Бетіне қоя берме, байла берік!

Сөзімнің мағынасына зейілің жетсе,
Кигендей көркейерсің кәмшат бөрік.

ШАМДАЙ БОЛ ТҮН ПЕРДЕСІН АШАТҰҒЫН

Шамдай бол, түн пердесін ашатұғын,
Жердей бол, бар мақұлық басатұғын.
Басыңа бақыт қонып, дәулет бітсе,
Жан-жаққа дариядай бол тасатұғын.

Халыққа қай уақытта қамқор болып,
Тудай бол, тұра дұшпан қашатұғын.
Үйреніп өнер, ғылым бол адамдай,
Айнала әтір суын шашатұғын.

Күтініп кеуіліңе болып отыр,
Керуендей күні ертең асатұғын.

ЕР ДЕМЕ АРТЫНДА АТЫ ҚАЛМАҒАНДЫ

Ер деме артында аты қалмағанды,
"Асыл" деп айтпа, адам алмағанды.
"Халық қамын ойлайды" деп ойламаңдар,
Нәпсі үшін ұят, арды жалмағанды.

"Берер" деп қонақасы қона көрме,
Тоя жеп, майға қолды малмағанды.
"Қыран" деп қиып түсер қолыңа алма,
Алыстан анды көзі шалмағанды.

"Жолдас" деп жанашыр боп, жаныңа ертпе,
Тапқанын алдыңа әкеп салмағанды.
"Жүйрік" де өрге салса өршеленіп,
Буыны босап, белі талмағанды.

"Ақын" де ойға ұнап, ұрған сайын
Айтқаны аса берсе әр қаламды.
Сөз сөйлеп, бір қатарлар шықтың деп жүр,
Сияқты сабан - сілімтік арқаланды.

БОЛҒАНМЕН БІЛІМСІЗГЕ БАҚЫТ СЕРІК

Болғанмен білімсізге бақыт серік,
Жүрмейді жүз айтқанмен, дәулет еріп.
Ұрынып өз-өзінен от пен суға,
Жоқ қылар жошағыдай жинап, теріп.

Осыдан үлкен, кішің алып ғибрат,
Кететін етпе жұмыс жұртың жеріп.
Миуалы дәулет бітсе, дарақтай боп,
Үйіп бас, құшағыңды отыр керіп.

Алғысын аш-арықтың ал қалайда,
Қайырыңды қай кезде де қолдан беріп.
Өзіңе, ойлағанда, қанша абырой,
Тойынып, қасыңнан халық тұрса өріп?

"Қол деген — көп дұғасы" қата емес,
Боларсың өркен жайып онан да өнік.
Жүресің жұрт аузында жана - дағы,
Күн бітіп, көз жұмылып, кетсең де өліп.

Жәһанның жоқ қарары, тұтынба дос,
Бұл сөзді бекер десең, қаларсың бос.
Басыңның қайрат барда қамын ойлап,
Өзіңді есі бүтін ерлерге қос.

Олардың айтуымен ойлап амал,
Пазылына Падишаңның қолыңды тос.
Жолына жамандықтың жетектейтін,
Найзалап нәпсібаттың өкпесін ос.

Тағдырың тамам болған уақытында,
Тақ қылып сайманыңды, саламат көш.
Алдыңнан Алла досы — шығып Сәруар,
Көркейтер кеуіліңді "келдің, - деп, - қош

Жыландай іннен шыққан иреңдемей,
Ей, тілім, енді үгіттеп, жөніңе жос!
Болса егер көзің көкте, көңілің биік,
Тартарсың құлар орға, бір зор күйік.

Дарақтай миуалы миың болса,
Байқап бас аяғыңды, басынды иіп.
Көтермей көрлер аяқ, көздер алдын, -
Жығылсам жатармын, - деп, жұртты жиып.

Солардай сен де күтін болып жүрсең,
Ер білер, еркінсімес ешкім тиіп.
Деп молда Тұрмағамбет қолым қойдым,
Айтыңдар бұл сөзімнен тапсаң қиып.

Сабырлы салтанатқа болар ие,
Сабырсыз үсті-басын етер күйе.
Ісіне еткен әрне аблықпасаң,
Берер Ақ бақ-дәулеттің бәрін үйе.

"Сары алтын - сабыр түбі" сақтап таза,
Пазылына Бирубардың49 басты сүйе.
"Арбамен асықпаған қоян алар"
Деген сөз қариялардан қалған жүйе.

Әлбетте, асығуды әдет айлап,
Жібіңді, жеме өкініш, байлап шие.
Үйреніп осы түрлі үгіт - уағыз,
Білімге бәрің - дағы ішті тие.

Құмарын халық біткеннің тарқататын,
Секілден сымбаты артық сүтті бие.
Жақсы өзін жан біткеннен кем көреді,
Айтқанын аға-інінің ем көреді.

Үлгі, үгіт ойлы ерлерден үйренуге,
Арланбай, әр күнінде он келеді.
Бақ қонып, білімге бай болғаннан соң,
Бәрін де байтақ жұрттың меңгереді.

Ел тегіс ізіне оның ергеннен соң,
Талабы ойына алған оң келеді.
Түбінен теңіздердің тұңғиықты,
Нәқанды алдына алып өңгереді.

Көңіліңе көкті тіреп отырғандай,
Басқаға бөркін жаман кең көреді.
Қылғанын қожайындыққа тыңдарға,
Едәуір өзіне-өзі шен көреді.

Базарда бәрі - дағы даналардың,
Бас білмес бақырауық жөң көреді.
Жал бітсе жабы - дағы жан оздырмас,
Құлағын текауармен теңгереді.

Жаратып, жиынды күн жарыстырсаң,
Сүмеңдеп сүт пісірім соң келеді.
Асқақтап әркімдер де әлін білмей,
Шалығып, шаршап, жүдеп, шөңгеледі.

Жайқалып жасыл шөппен тұрғанда сай,
Құрлықты қайда биік доң көреді.
Қырықтың қыратынан түсіп төмен,
Арбадай азғана өмір дөңгеледі.

Елуде елеңдемей өлімді ойлап,
Ойлы ерлер кәрілікке көнген еді.
Ақылдың көкірегінде көзі барлар,
Қайткенмен көп дұшпанын жеңген еді.

Саулықта сайра, тілім, сандуғаштай,
Сарқылып небір шамдар сөнген еді.
Сұхбаты сырластың сыр сабатындай,
Досыңның тұзы — сарттың набатындай.

Ойлы ерлер руыменен жеген уын,
Көреді өзге жердің абатындай.
Кем ойлы көптен шығып, лағады,
Алтын мен күміс кенін табатындай.

Тентекке туысқанның керегі кем,
Жапырып жауды жалғыз шабатыңдай.
Ақымаққа әлдеқалай ақыл айтсаң,
Ұмтылар аузын аша қабатындай.

Беретін жолыңды алып жолдас ізде,
Айыбыңды анық қымтап жабатындай.
Арнайы аға-інің келіп отыр,
Тап сенің тіліңнен бал таматындай.

Көркейтсең көптің көңілін, болар оның,
Түн тұрып, Тәңірге еткен тағатындай.
Қай уақытта келісті бір дастан сөйле,
Халқыңның құлағына жағатындай.

Сазына домбыраңда келіп отыр,
Бектердің қоңыраулы сағатыңдай.
Аузың жұм, аш қолыңды, болса есің,
Дарақ бол миуалы, жұртың жесін.

Пайдалы бұқараға бола қойсаң,
Жайылып жұртқа ауазаң, артар сесің.
Бақ құсын басыңа онда баяндатып,
Орасан өркендетіп берер өсім.

Жайып қол, жұртқа аузыңды ашсаң тұрып,
"Толтыр!" деп түбі тесік қарын, месің.
Басыңнан бақытың ұшып, бағаң кеміп,
Келмейді көлеңкеңе көршілесің.

Жазасын жақсы, жаман жұмысыңның,
Асылында, асықпасаң бір көрерсің.
Саулықта сайра, тілім, сандуғашша,
Бір күні бітсе уақытың, бүркенерсің.

Қаздырып қар бойындай шұқанақты,
Жатып ап, жан - жағыңды көр кірерсің.

ШЫРЫН ТІЛ, ШЫРАЙЛЫ ЖҮЗ БОЛСАҢ БАЛДАЙ

Шырын тіл, шырайлы жүз болсаң балдай,
Боларсың бұлт шөгетін биік жалдай.
Басыңа бақ бүркіті балапандап,
Ер жетіп аңға ұмтылар андай - андай.

Көңіліңді күннен күнге көркейтеді,
Әперіп алтайыңды айтқан қандай.
Бақташы бақ құсына болғаннан соң,
Ықпалдың өзі-ақ келер ыққан салдай.

Өтерсің ойнап-күліп, есен-аман,
Тірліктің теңізінен аумай - талмай,
Көпірден қияметте қылдан нәзік,
Өтерсің етегіңді ертең шалмай.

Дәулеттен бұл сияқты бос қалмаңдар,
Үгітке осы айтылған құлақ салмай.
Атар да ащы тілді, ақкөз болсаң,
Қасыңнан қашар халқың бірі қалмай.

Атаусыз ақырында қалынарсың,
Ауызына аға, інің атынды алмай.
Қалғансың халықтың көңілі, көзін салмас,
Көкіректі көтергенмен құр ұялмай.

"Кішік бол, ұлық болсаң" деген нақыл,
Халқыңа құшақ жайып, иіл талдай,
Ағаңның осы айтқанын алсаң жаттай,
Тоқсанда тұмақ болар, жаз күн далбай.

ШЫРЫН ТІЛ, ШЫРАЙЛЫ ЖҮЗ БОЛСАҢ КІШІК

Шырын тіл, шырайлы жүз, болсаң кішік,
Құрметтер қатар, құрбың аттан түсіп.
Көрікті көп көзіне көрінерсің,
Дарақтай миуалы тұрған пісіп.

Күжім боп, күннен күнге көгерерсің,
Алғыстың әләт дауам 50суын ішіп.
Үстіңе ұя салып орнығуға,
Бақ құсы бағбаннан барар ұшып.

Саянда салып төсек, жатар жұртың,
Тамыздың тұрғанында күні ысып.
Қыс күні қалыңыңа қорғалаған,
Отырмас "от қайда?" деп, суыққа үсіп.

Сөзімнің осы айтқан оғашын тап,
Көзіңнің бірін ашып, бірін қысып.
Отырмын үлестіріп ортаңда олжа,
Сыбанып, сыбағанды ал тырмысып.

БАЗ БЕРЕУ МАЛ-МҮЛІККЕ МАСЫҒАДЫ

Баз біреу мал-мүлікке масығады,
Сабыр етпей, сасқалақтап, асығады.
Тегешін толып тұрған төгіп алып,
Отырып өз-өзінен ашығады.

Кендіктің кібіті51 оған кілттеніп,
Бейнеттің бар есігі ашылады.
"Бір зауал әр қамалға болады" деген,
Қарқыны қайтқан судай басылады.

Даналар дәреже мен дәулет бітсе,
Шүкір етіп, фазылына Хақтың асылады.
Жеті ықылым жетегінде жүргенменен,
Жетсе ажал, жиған мүлік шашылады.

Оқ тиіп өкпесінен не гөзелдің,
Қан-жыны қанша жерге шашырады.
Болған соң ақыры осы, ақылы барлар
Несіне бұл дүниенің дәс ұрады.

Жазы - қыс жаңды қинап жүргеніңмен,
Бітсе өмір, тас төбеңнен тас ұрады.
Тұз, дәмің тататұғын түгесілсе,
Міндіріп ағаш атқа асырады.

Көзіңді қарға, құзғын шұқымасқа,
Туғаның топырақпен жасырады.
Соны ойлап Саттар Хаққа сана айтып,
Ойлы ерлер күніне бес бас ұрады.

"Өлімнен есен-аман қаламын" деп,
Тар тоқып, кім жан-жағын қашылады?
Ер болсаң ерте ойла өлеріңді,
Кәрілік бастан миыңды қашырады.

Жұмысын медет кеткен соң, меңгере алмай,
Мәңгілер пұт, борбайын қасынады.

ЖАРЫЛҒАН ЖАЛҒАН ДҮНИЕ ЖАР БАСЫНДАЙ

Жарылған жалған дүние жар басындай,
Сырқылдақ сарттың, өмір — арбасындай.
Кететін құлағанды құдыққа алып,
Ағысты, ажал — дария арнасындай.

Зар қағып, жар жағалап жүгіргенмен,
Нәрсе жоқ қайтып келер жарнасындай.
Құлайсың қорыққаныңнан күн-түн жылап,
Көз жасың болғанмен Ніл дариясындай.

"Жаныңа жамандық жоқ" деген сөзі —
Жар достың жұбауратқан армасындай.
Қаласың құс ұшпайтын құла түзде,
Бітсе өмір, бүтін жүктік нар басындай.

У-шу боп орыныңа үймелейтін,
Қаңтардың, қатын, балаң қарғасындай.
Жиған мал, жинаған мүлік жаның қинап,
Біреудің берген бес күн далғасындай. 52

Төбеңнен төмен қарай тойтаратын,
Ұстаның, өлім — қос қол балғасындай.
Екі елу — елді жинап үйетұғын,
Диханның темір тісті тырмасындай.

Татқан түз, тірілікте тартқан меқнат —
Қылтанақ шабақ, шортан қармасындай.
Шапшаңдап, шала шайнап, жеп жатырсың,
Білгендей қатарыңнан қалмасыңды - ай!

Қамың қыл, қалайда да, қалам деме,
Аңсызда алқымыңнан дарға асылмай.
Сайманын сапарыңның сайла, бектер,
Жазы - қыс жан қалады деп жарға асылмай.

Шайтанға шатып басынды беретұғын,
Нәпсің — жау, көргеніңмен жалғасындай.
Еткен еп, қылған күнә, бұзық қиял,
Жағаңның жағаласқандағы жалбасындай.

Халыққа қамқоршылық қылған қайырың,
Жар, достан жатып жеген жамбасындай.
Көрікті көп көзіне көрінбейсің,
Көңіліңнен кетіп тозаң, шаң басылмай.

Өзіңді өзің түзеп, үгітші бол,
Жан жаққа жарық бермейді шам да ашылмай.
Білгенге білмегендер сын тағады,
Сонда да сондай қылып кім табады?

Татаусыз тал жібекті тарқаттырсаң,
Сықсиып, соқыр қатын жөн табады.
Өнерлеп өтірікті айтқанменен,
Төтесін түрлі істің шын табады.

Болады әркімдер де өз ойына,
Бедеудей шыны жүйрік, шын тағалы.
Басыңа бақ пен ықпал орнамаса,
Таппайсың айыбыңды дос қымтағалы.

Ерлерім, өзгені қой, өзіңді онда,
Ондасаң халық қоймайды сені сонда!
Ізіңе ел біткенді ертіп алсаң,
Дұшпаның үндей алмас, болса онда.

Жар, досың, жау мен қасың, жат, жақының,
Жүйріктей жүзден озған көрсін жонда.
Көңіліңе Көһеқаптай53 бола берсең,
Қалады басың боқта, төсің — тонда.

Болмаса көкіректе көзі ақылдың,
Адамзат, асылында, бұған шом да.
Тойғанмен тумысына көзі көптің,
Қырсыққан қыран бүркіт — қара зоң да!

Бақ-дәулет, ұл менен қыз берсе Тәңірім,
Тұғырды тура басып отыр, қон да!
Отбасың ұлы жиын тойдай болып,
Құрметтер қатын-балаң сені сонда!

Отырсың уайымсыз, көңілім, нешік,
Күмән не кетуіңе бір күн көшіп?
Қатерден хабарың жоқ алдындағы,
Қуумен қу дүниені өкпең өшіп.

Сағымнан су табылмас, мұнан — опа,
Несіне зерттейсің ерегесіп?
Бұлт шөгер белегірге 54елу деген
Жас шіркін жетіп қалды-ау, желдей есіп!

Аблықпай, алды-артыңа назарың сал,
Сабырдың саясына белді шешіп,
Демалып дінісламның дариясына,
Кірінді көптен жүрген кетір, кешіп.

Шайылып шаң-тозаңы, шат боларсың
Иманның көкіректегі гүлі өсіп!
Артуға азық, ләнжәм55, сайманыңды,
Бас үйрет, нәпсі баттың мұрнын тесіп.

Қара үзіп қатарыңнан, қалмай кейін,
Пейіштің базарына бар, ілесіп.
Кетіріп көңіліңнен қайғыны онда,
Саттар Хақ сауға айлар сансыз несіп.

Алқымнан ажал — бөрі алмай, қоймас,
Қашсаң да қай тарапқа дүркіресіп.
Әлбетте, ақиреттің айла қамын,
Жақанның опасынан үміт кесіп.

Тимейді тағдыр бітсе, титтей жәрдем
Жүретін жар - досыңнан қамын жесіп.

Алуға азық, әнжам жаһан келдік,
Беліне бес күн өмірдің салып белдік.
Керуге көшелерін, келісімен,
Жазы - қыс жатпай-тұрмай жортып, желдік.

Көңілден келген жұмыс кетті ұмыт боп,
Тапқандай таршылықтан толық кендік.
Біздердей бейбақамды бұзатұғын,
Ішіне қай - қауастың келіп ендік.

Ақуалын ақыреттің аңғаруға,
Етпейді есі барға дүние дөндік.
Өз қамын есті ерлер етіп жатыр,
Жау жарақ, жамылар тон, жинап жемдік.

Қатардан қарғаға ұқсап, қалу кейін,
Болады, байқауымда, бойға кемдік!
Бәрі де бітіп күні, көшіп жатыр,
Дүниені дейін десем: "Болар мендік!"

Қайғының қапасында қалып жатыр,
Дегеннің барлығы да "Бұған сендік".
Нәпсімнің өзімменен еріп келген,
Ойы жоқ осы уақытта етуге елдік.

Қосылып Қаннас - малғұн, һай - һауаспен,
Кетуге, көңілі бар, бермей теңдік.
Өлімді ойлатпайтын сияқтанады,
Бұларға беріп ерік, десек: "Көндік!"

Бермесең, О Тәбәрәк, өзің таупық,
Қиялды, қысылғанда, неше бөлдік!
Нашармын, не қылсаң да, сақтамасаң,
Көтермес, гүл сияқты сағат шөлдік.

Дүнияны досқа санап, жисаң - дағы,
Ажалға ара тұрмас жалғыз демдік.
Жеңгенмен жеті ықылымның жұртын тегіс,
Бітсе өмір байқа, бектер, бір күн өлдік!

ӨМІР ӨЛШЕМДЕРІ

Әлпештеп, алды-артыңнан анаң шығып,
Қасыңнан кетпес қиғаш қадам шығып.
Ана - ана пәруана боп перзенті үшін,
Күн кешер көрсетпе деп жаманшылық.

Ардақтап ата-анаңды сол секілді
Қынжылмай, қызмет көрсет адалшылық.
Баянсыз баста тұрмас бақ-дәреже,
Айналған"шарқып әлек56" заманшьшық.

Саулықта сайра, тілім, сандуғаштай,
Бағында аз өмірдің аманшылық.
Адамзат бірде - бесік, бірде — есік,
Бес жаста болар тілің әзер шығып.

Он жасты өткізерсің ойынменен,
Алдыңнан күнде қызық базар шығып.
Он бесте ойға алғаны болмаса да,
Жүгіртіп жан-жағына салар шыбық.

Жиырмада жирен бесті сәуріктей боп,
Үйіріне етер толық жарамшылық.
Жиренбей жиырма бесте еш нәрседен,
Болмайды қорқынышты санар күдік.

Отызда онша желің басылмайды,
Дегенмен балалықтан барам шығып.
Болмасаң өте жаман отыз бесте
Кеңеске кірер басың адамшылық.

Қырық жаста қырымдай-ақ қызылдаған,
Ақылдың қайнап көзі ағар шығып.
Асқанша қырық бес жастан "қырқылжыңдар"
Көрінсе қызыл-жасыл, қарар шығып.

Елуде ем іздеуді етіп сылтау,
Көбейер, көзге түспес "жараң" шығып,
Ер жасы - елу бестен асқаннан соң
Түн қатқан түртінектен қалар шығып.

Алпыста ақылы барлар әуреленбес
Аққан соң бұлақтан көз сараң шығып.
Аса алмай алпыс бестің асуынан
Алдынан әркім тоқтар "аран" шығын.

Жетпісте желсіз көрік секілденіп
Бейне бір керген күнің қараншылық.
Сексеннің сергелдеңі селт еткізбей,
Бойыңнан бар шырынды алар сығып.

Тоқсанда ада-жұда айырыларсың,
Талаптан тырп етпестей алаңшылық.
Жеткенмен жүзге жасың, не болмақшы,
Одан соң берекең жоқ табаршылық.

Арман не, ақтық сапарға аттанған күн,
Жөнелтсе құрметтеп дос, жаран шығып.

ШӨЛМЕК

Сөйлеген сөзім ыңғайлы,
Құмартып халқым тыңдайды.
Шайырдан шатақ сөз шықса,
Күлістік етіп көбісі,

Бір-біріне ымдайды.
Сөз өлшеуін білмеген,
Шағалаша шулайды.
Кәнігі зергер кәтекі,57

Орынсыз дүкен құрмайды.
Кездік соқса, кемсінбей,
Өткізіп сыннан шындайды.
Қалуатсыз қас сыпа,

Орынсыз мәжіліс құрмайды.
Мұзды балақ, қанды көз,
Аң көрмей, мойнын бұрмайды.
Тал жібектей таза сөз

Еш жерінді жырмайды.
Жағдайсыз сөздің мысалы —
Шеңгелше етек тырнайды.
Жақындатпа жаныңа,

Ниеті бұзық сұмырайды.
Парасатсыз көп надан,
Қобыз қылған қурайды.
"Жолға маман болдым" деп,

Айтып, сөзді былғайды.
Жазған сөзім қыдырды
Орал менен Торғайды,
Хорезм жұрты хабарлы,

Шорахан, Төрткүл, Шымбайды.
Киіз үйлі қазақтың адам.
Есіткен жері сөзімді
Аяқасты қылмайды.

Бұл мәурітпен жүргенде,
Жас деген, шіркін, ұлғайды.
Бақардағы58 кеп ылғал,
Шілде түссе құрғайды.

Үйреніп қалған он саусақ,
"Ұста, - деп, - қалам" тынбайды.
Жан барда, тілім, жайтаңда,
Себепсіз шөлмек сынбайды!

1924.

ҚУ ЗАМАН

Құбылып тұрған қу заман,
Әлі - ақ бастан өтесің.
Ажалдан аман қалудың,
Тапқан жоқ ешкім төтесін.

Қазаң жетсе қай күні,
Туған жер, туысқаныңның
Бәрін де тастап кетесің!
Ақырың осы болған соң,

Ақырайып әркімге,
Биіктік неге етесің?
Шамаңша шаршап, шалықпай,
Қайыр қылсаң ғаріпке,

Мұратыңа жетесің.
Аз өмірдің ішінде,
Иманыңнан басқаны,

Жұмыстап, жаным, не етесің.

Осы айтқан үгітімді ескеріңдер,
Емес едім өзім де ескерімді ер.
Сонда да сұм дүниенің соңына ермей,
Қақарынан қорқып Хақтың, сескеніңдер.

Шартынан шариғаттың сөйлемесек,
Халық саған "қанарыңды шешпедің" дер.
Керегін беріп көптің, көңіл алмасақ,
Ұялтып: "Өте сараң, пәс пе едің", - дер.

Кемемен кең теңізді кездірейін,
Қолыма енді, ерлерім, ескегім бер!
Болмаңдар дихандардай көпке күлкі,
Егініне ішпеген су "өспедің!" дер.

Ұйқыда ұзағынан жата бермей,
Тұр-тұрлап, бір - біріңе сес беріңдер.
Бақ қонып бастарыңа, бітсе дәулет,
Таратып тұс-тұсыңа, қос беріңдер.

Ата-ана, ұл менен қыз, қатын үшін,
Жартысын пайдасының бес бөліңдер.
Өкініш уақыты өткен соң орынға аспас,
Қолайлы қол босында қош көріңдер.

Бағатын бағландарыңды "иман" атты,
Ақылды өздеріңе "ес" көріңдер.
Қалмасын қапияда қатаң шөлдеп,
Қолына құйын қатық мес беріңдер.

Базарда бағасы артық болсын десең,
Семіртіп, соны жайғап, кеш келіңдер.
Сырттан көз салып жүрген шайтан — бәрі,
Сақ болып, сағатында бес көріңдер.

Аманын алдындағы бағланыңның,
Толық шен, таптырмайтын пеш көріңдер.
Адаспай айдалада, айқай жетпес,
Күтініп, күні бұрын көшке еріңдер.

Жабықпай жол үстінде, жарқын жүзбен,
Қонысқа қонатұғын қош келіңдер.
Дерегі жақын жерден жауға алдырар
Нәпсіні өздеріңе өш көріңдер.

Айтатын өздеріңе өкпесі онда,
Алайын ғысиянның "кешпедің" дер.
Қаншама нәпсің үшін қинасаң жан
Демейді дағдарғанда: "Дос, қолың бер!"

Кеудеңнен күні ертең кетер жоқ боп,
Жанның да жақындығын бос көріңдер.
Тағдырың тәмам болған уақытында,
Күш қайда: "Кейін қалып, көшпедім", - дер.

Қайтпайтын қара тастан ажал - алмас,
"Желкесін жан біткеннің кеспедім", - дер.
Аңдыған адамзатты ажал — қарға,
"Үңірейтіп екі көзіңді теспедім", - дер.

Кем ақыл көңіл деген — кербез қатын,
"Үзілмес ұзын арқан еспедім", - дер.
"Алла" деп, алаңдықты қойып енді,
Дін қамын ден сауында дос көріңдер.

Тартымсыз тірілікке талтаңдамай,
Асылында, алдын ойлар ескерімді ер.
Түреке, тоғармасаң сөзіңді енді,
Ренжіп, есіткендер: "Ескі едің!" - дер.

Қой, көңілім, тоғар, тілім, әңгімеңді
Сөзімді, тыңдаушылар, тексеріңдер!

ҰШҚЫН

Ұшқын ұшып,
Көкті құшып,
Тұтанбас па жарық боп?!
От жарқылдап,

Шок шартылдап,
Жылынбас па халық көп?!
Қараңғы түн,
Сезілмес үн,

Сол мезгілде жол бастап.
Түнде жарық,
Шыққан анық,
Жоғарыдан өрт таптап.

Ұшқын ұшқан,
Көкті құшқан,
Мәңгі жарық болмас па?!
Қарып - қасар,

Арық, нашар,
Айналасы толмас па?!
Ақылдасып,
Тақымдасып,

Жұртшылыққа жолданып.
Жақындасып,
Мақұлдасып,
Ісі кетпек оңданып.

Әй, өмір, анық білдім тозарыңды,
Ұшыққан жарақаттай қозарыңды.
Түрің жоқтындайтұғын айтқан сөзді,
Нәпсідей ертіп алып ожарыңды.

Қазанның қара түнек дауылыңдай,
Барасың будақтатып тозаңыңды.
Кер кетіп күннен-күнге келе жатқанмен,
Алуға бар әлі ойың өз аңыңды.

Жағында жалғыз тісің қалмады ғой,
Жеймін деп ала бұта, бозаңыңды.
Жыртылған жерлеріңді жамасайшы,
Тәуба атты тауып алып созаныңды.59

Қамың қыл қалайда да, қой тілді алсаң,
Мойныңды олай-бұлай созарыңды.
Болған соң бір тілектес, айттым үгіт,
Неколай60 керіп сенің назарыңды.

Үгітке осы айтылған құлақ салмай,
Желкеңнен жүрме алдырып ажалыңды.
Жиқанның жұртын жеке жеңгеніңмен,
Қоймайды қозғалуға мажалыңды.

Татаусыз туралықпен таусылса өмірің,
Халық сенің құрметтейді мазарыңды.
Еш қылмай, еңбегіңді еткен, Алла —
Ақырда айдай қылар ажарыңды.

ЕКІ ЕГІЗ

"Бар" мен "жоқ", "ал" мен "бер",
О басында егіз еді.
"Ал" менен "бар" барында,
Дүние шалқар теңіз еді.

"Бер" менен "жоқ" бірігіп,
"Ал" мен "барды" апарып,
Арыстанға жегізіп,
Бас қосып алып бай - байлап,

Өлді деп осы екеуін,
Халыққа "қай-қай!" дегізеді.
Не береке қалды енді,
"Бер" менен "жоқ" белгілі,

Жүрмейтін жөнге өгіз еді.
Өркені өссін қалайша,
Өздерің бер,- деп жарлыға,
Жалақтау — байлар негізі еді.

Алып жеуге асылында,
Төртеу де емес көздері,
Санағанда сегіз еді.
Тұрады, - деп, - қорып қорамды,

Аштарға қимай айранын,
Итке олар қойын емізеді.
Жасырып қойып жанына,
"Сорпа да жоқ" деуші еді,

Жеп отырып семіз ет.
Қайыр беріп, қарасып,
"Жетім, жесір, жүдеулер, -
Дейтін еді, - біздің неміз еді?".

Сол ниеті сойылдай,
Байлардың тиді басына.
Арашалап алуға,
Адам жоқ барар қасына.

Түскен тұман бұлардың,
Басынан қоймас ашыла.
Быж - шыж боп кетті бәрі де,
Қызғыштап қорып жинаған,

Мал менен мүлкі шашыла.
Сол сияқты сұмдықтан,
Күні бұрын күтініп,
Жан - жағыңды қашыла.

Күнің туды кедейлер,
Аяғына бұлардың,
Жүргеніңде басыла.
Бас қосып енді, бірігіп,

Күн көрудің қамын қыл,
Бір - біріңе асыла.
Дүниеде опа жоқ,
Алу үшін алғысын,

Аштарыңды асыра.
Кісі келсе кіржиіп,
Сөйлей көрме, сірә да,
Пейіліңді қашыра.

Миуалы дарақтай,
Алдына әкеп төге сал,
Байлардай қумай тас ұра.

Ажал — оқ, Алла — мерген, аспан — садақ,
Жер үйген омақаға ұқсас тұрмақ.
Қойылған басына оның біз — нысана,
Қалайша қиратылмай, қаламыз сақ?

Билеген жеті ықылымның жұртын тегіс,
Болды ерлер күлдей майда биттен де уақ,-
Болмайды ақылы барға, асылында,
Қылам деп қиял ету мұнда тұрақ.

Қақарынан Қадыр Хақтың қорыққаннан,
Ойлы ерлер ішкен асын құсады лақ.
Ғысиянның тозаңына тұрып қалса,
Біз — күмірә көздеріне түсірген ақ.

Шалжиып, шалқаңнан құр жата бермей,
Бектерім, пенделік қыл әліне шақ.
Алдында аңғаруға ненің барын,
Иманның көкірекке шырағын жақ.

Сайманын сапарыңның ал түгендеп,
Қайғысын үй-ішіңнің ойланбай-ақ
Көз жетпес көл сияқты көрінгенмен,
Бұл дүние, байқасаңдар, бес күндік - ақ.

Қаншама қайратың мол болғанменен,
Таусылса, таппай лаж, тартарсың дақ.
Баруға базарына ақыреттің,
Божырамай, буып белді, болып тұр тақ.

Қарарсыз қар қатындай дүнияға,
Құр қалма абыройдан құрып дұзақ.
Өзің қыл, өз қамыңды өзің ойлап,
Сенсіз - ақ күнін көрер қалған ұрпақ.

Айтқанын Құран атты қыл кітаптың,
Бәндәсін, басында бол бұл талаптың.
Жат қылып Жаббар Хақты жатсаң, тұрсаң,
Иманмен ішін көркейт көңіл — қаптың.

Міскін мен мұқтаждардың мұңын тыңдап,
Бажай қыл пәрмияшы пәк Рабтың.
Мекерге дүния атты мойын бұрмай,
Тұра түс тарихына тағатбаптың.

Бәндәлік бостанының миуасын жеп,
Жал байлап, жарағын қыл ол жанаптың.
Қайғы көп, қуаныш аз күн көбейсе,
Пайда не кеші - күндіз желіп, шаптың.

Қалайда құлдығыңды қалыс сақта,
Қолына түспей тұрып мірғазаптың.
Адамсың асылында абайласаң,
Жамғынан жәсәт болған тіл мен аптың.

Жатарсың, жан кеудеңнен жүдә болса,
Ішінде қабыр атты бір харабтың.
Атылары Мүңкір-Нәңкүр екі Мәләк,
Жайынан сауал айлар Нұн мен Кәптің.

Қиындық сол сағатта түсер басқа,
Көшесін тілімді алсаң, көп азаптың.
Тахаттан алжасып даң болар әркім,
Пазылынан болмаса үміт ол оқаптың.

Жаппар Хақ жердің жүзін қылса бостан,
Бұйрығын бітірсе жұрт оның қосқан.
Жайына қайтып келіп, халықты жинап,
Қуанып, қылса тойды бұрын босқан.

Бұзықтың бас аман ғып бәрі қашса,
Ысламның елатының алдын тосқан.
Сұлтан боп, шариғаттың шамын жақса,
Секілді ер Әубәкір, Омар, Оспан.

Атақты Арысландай ерлер шығып,
Өкпесін өңшең жаудың болса осқан.
Айтылып Алла ұраны, шат болар ек,
Тыйылып көздің жасы көлдей жосқан.

Болмаса бұл залымның қорлығынан,
Қорқып жан қорғалақтап жүрек шошыған.
Қабыл қыл қалайда да бұл тілекті,
Халқың — біз, пазылыңа қолын тосқан!

Он бесте оқа, зерлі алтындайсың,
Жиырмада шамшырақтай жарқылдайсың!
Жаннаттың жемісіңдей — жиырма бесте,
Қазыңдай қарашаның қаңқылдайсың!

Болсаң да өзің жарлы, көңілің - бай,
Жүйріктей жүзден озған қарқындайсың!
Сол күйде ауыр салмақ артылса жүк –
Қоңыраулы құба нардай тартынбайсың!

Бірде — бай, бірде - жарлы, бірде — орта,
Бай болып өне бойы артылмайсың.
Ойда жоқ одан кейін отыз келсе, -
Мал-дүние жинамауға артылмайсың.

Оһ, дарих, одан кейін - отыз бесте,
Тісеген тайында емген айғырдайсың!
Қисайып бір жағынан қырық келсе, -
Теңізде келіп қайтқан толқындайсың.

Ми толып, мерекеге басты қоссаң,
Сарайдың ашып - жапқан құлпындайсың.
Еңсеңе сөйтіп жүріп елу мінсе, -
Түнерген бес қонақтың бұлтындайсың.

Қолайлап қатарыңа наз қылмасаң,
Қыздарға қол жетпейтін ұмытылмайсың.
Еңбектеп еркелеген елу бесте,
Тең орта ұзақ жолдың жарпылдайсың.

Төбеңнен түнерген бұлт ауғаннан соң,
Киіздей шала басқан қарпылмайсың.
Алпыста ақ жүзіңнен ажар кетіп,
Сор ашып, суы қашқан шұңқырдайсың.

Алған соң жеңіп жетпіс ердің күшін,
Құрт жеген азу тістей былқылдайсың.
Сергелдең сөйтіп жүріп сексен келсе,
Төсекте күн-түн жатып ыңқылдайсың.

Еріншек, емсіз науқас болғаннан соң,
Емдесе емші қанша, құлпырмайсың!
Тоқсанға я келесің, я келмейсің,
Бір күні шаңың шығып бұрқылдайсың!

Жаһаннан болды жоян жолбарыстар,
Жойылды нышанасыз небір асқар!
Пәниден бәқадүрлер бас бұрған соң,
Етіп жүр елге иелік өңшең настар.

Қалмады үлгілі сөз өрен жүйрік,
Жойылды осы күнде әр жөн, жоспар.
Мазқәбі Ақзамның азиз 61тартты,
Болынып статья халыққа ашкар. 62

Ғажайып мақар хаттың кітабында,
Тәпсирі ошал мәшқұрдің бір хәдис бар.
Ақырда алады депті жердің жүзін,
Дейтұғын бір халық шығып бәни асқар.

Қарасақ жарық қылған мізамінә,
Мысалы ошал арыс соған ұқсар.
Қашаннан дін Қаразым, Бұхар Шарип,
Самарханд, Алматия, Бағдат, Қашқар.

Мәкәні Қожахметтің Түркістанды,
Бәрін де басқарып тұр пұт парасаттар
Бұл залым өз қылышын ұрғызып тұр,
Елінен естек, ноғай алып әскер.

Бізге де бұл мұсалдат бола ма деп,
Артықша уайымда артқы жастар.
Мүбада , ондай ақпар шашылғанда,
Үкіміне көнбейтұғын кімде күш бар?!

Әр нешік әмірінен мойын бұрмай,
Жұмыла жұрт бұл найсаптың сөзін қоштар.
Дәдәлап Сүқібі63 ошал шақырғанмен,
Қайырылып келу қайда кеткен қошқар.

Орыстан осы күнде ойлап тұрсақ,
Стамбул, ауған екен ашық жапсар.
Хабарын екі шақінің есітеміз,
Ғазаттың64 майданында жиған лашкар65.

Ақ білер біздің әлдің не боларын,
Көрмесе сонан тоқтау бұл мәгастар.
Мазқапқа66 мақар Алла медет берсе,
Қолынан бұл дұшпанның келмес әшкәр67.

Үмбетін қараплықта68 қалдырмағай,
Сәруәрі69 шапағатшы таңда мәшһар.70
* * *
Ессіздер өз-өзінен есіреді,

Аяғын адам келсе, көсіледі.
Дегенге мәз-мәйрам боп, марқаяды:
"Қанды көз, қайтпайтұғын кесір еді!"
"Жаманның күнде бір үйі кемиді" деген,

Қоңсысын қасындағы көшіреді.
Басына байқаусызда бақан тиіп,
Бақадай бақ деп үнін өшіреді.
Көмпиіп үрген местей іce берген,

Тең шығып, бір жерінен тесіледі.
Сарайға түзу ағаш сүтін болып,
Қырық бөлек қисық ағаш кесіледі.
Түсініп осы айтқан үгітіме,

Ақылды азаматтар есінеді.
Жақсының жиын болып күн-түн алды,
Татаусыз тал жібектей есіледі.
Қамқорлық қатарына қылғаннан соң,

Алла оның күнде бойын өсіреді.
Басына бақыт қонып, ықпал орнап,
Алдынан іс түйіні шешіледі.
Күжімдей көлеңкелі болғаннан соң,

Әркімдер келіп белін шешінеді.
Алдыңа ақыл айтар ағаң болса,
Болдым деп қуана бер несібелі.
Дегендей: "Басшысыз халық — байсыз қатын",

Қариясыз халық, қалай да, жесір еді.
Жан-жаққа жазып сөзді тарататын,
Қол тілдің қызметкер пешірі 71еді.

Аш болам деп аблықпа,
Алланың өзі асырар!
Аблықпаған бенденің,
Басынан тұман ашылар!

"Сабыр түбі — сары алтын" –
Сақтамай неге асығар?!
Шүкірлік қылып, шыдасаң,
Қарының сәл-ақ ашығар.

Жалғыз сен емес, жұмыла жан,
Пазылына Оның асылар.
Ойына алған әр не жүк,
Бітіріп мұңын бәрінің,

Қатесін қылған жасырар.
Сол сияқты, Сұлтанға,
Ретін жоқ па, ерлерім,
Күніне бес бас ұрар?!

Бұйрығын оның бітірмей,
Бей опаға бес күндік,
Жөніміз жоқ-ау масығар.
Өлшейтін еткен ісінді,

Тандағы күні Тәңірінің,
Таразы сынды тасы бар.
Еткенің — егін сияқты,
Айдалған соң, орылып,

Орныңа барар тасылар.
Тәңірі өзі таупық бермесе,
Әурелейтін әркімнің,
"Қаннас" атты қасы бар.

Сендіріп оның сөзіне,
Саудаға басын салатын,
"Нәпсі" деген масы бар.
Қашайын десе астында,

"Дүние" деген күрелі,
Жүрмейтін, жаман мәші бар.
Осыларға алданбай,
Өткендердің ол күнде,

Көретін небір нашы 72бар.
Аузы кәусар, күрлер мен
Күллә мен пырақ, ішіп-жер
Неше алуан асы бар.

Саған да солар сақтаулы,
Құдайдың үйі, кеуілді
Қылмасаң қара, я шұбар.
Сайманыңды сайлап ал,

Базарыңның, баратын,
Небір ұзақ дәші73 бар.
Баз біреудің басына,
Дәреже, дәулет, бақ қонса,

Өзінен-өзі дәс ұрар.
Қолайсыз құлық қолданып,
Қызған темір қағындай,
Тұс-тұсына шашырар.

Ондайша болған ақымақтар,
Алып берер әр түрлі,
Қолынан құсын қашырар.
Қашқан соң құсы, қор тұтып,

Жан аяспас жар, досы,
Жабыла оған тас ұрар.
Тайған соң бақыт басынан,
Қатын, қалаш, бала да,

Бейшараны басынар.
"Қайда жаным қалады", - деп,
Үйден үйге имеңдеп,
Құмырсқадай тасынар.

Кеткен соң күйі, күйбеңдеп,
Көрінгенді "кеке" деп,
Мал мен мүлкін шашынар.
Сор болып тұзы сонда да,

"Сүйер - ау" деген достары,
Дұшпан боп оған, ашынар.
Қашқанменен қай жаққа,
Қары сынып қалжырап,

Мойнына қолын асынар.
Жар түбіне жатып ап,
Бір қолымен биттеген,
Борбайын тыр-тыр қасынар.

Күжімге кеулін балаған,
Астында қалып ауырдың,
Я қисаяр, я сынар.
Тасып қайтқан судай-ақ,

Шүкірлік етіп шынымен,
Өзінен өзі басылар.
Қай жақтан қарқын алады деп,
Шекпен киіп, шым тасып,

Айналасын қашылар.
Қатесін кешсе Қадыр Хақ,
Қайтып түсер қалпына,
Сол сияқты асылар.

Үзбесеңдер үмітті,
"Ал құлым!" деп, әп-сәтте,
Жұмылған көзіңді ашырар.
Шапағатына оның шама жоқ,

Болсадағы кешірер,
Кеуілдің нендей насы бар.
Тойындырып тойлатар,
Болғанменен қаншама,

Халықтың ғаріп, ашы бар.
Теріп алып тереңнен,
Жинап жүрген дүрім бұл,
Үстеріңе шашылар!

Ал таласып, тармасып,
Көздеріңнің, көрмейтін,
Болмаса егер жасы бар.
Жазулы жасы жеткен соң,

Жөнелер әркім жақаннан,
Екі аяқ, бір басы бар.
Біткенсің демі, әркімдер,
Ұстасаң тұрмай, ышқынып,

Тигендей қамшы, ашынар.
Ұшыраса маған ол нәубет,
"Жоқта", - деп жұртқа өтінем,
Кәрісі бар, жасы бар.

Дуасы көптің дауа боп,
Сау алса соңыра, қиын емес,
Біздейін дімкәсі бар.

Кереге, уық тапқанмен,
Басын қосар шаңырақ жоқ.
Түйе, тайлақ жиғанмен,
Аунап жатар шаңлақ жоқ

Сайрайтын кейбір бұлбұл бар,
Бау мен бақша шарбақ жоқ.
Үй басына бір есек,
Суырылып озар саңлақ жоқ.

Тамағын таппай, ақтап жүр,
Дейтұғын небір маңғалдар,
Маңдайға тиер таңлақ жоқ.
Құрт ішін кеулеп қойған соң,

Көлеңкелі гүжімде,
Сабандай-ақ заңлы салмақ жоқ.
Талабың оңға айналса,
Егізіңдей емпеңдеп,

Ел ізіңнен қалмақ жоқ.
Бақыт тайса басыңнан,
Халық түгіл қатын, балаң да,
Айтқан тілінді алмақ жоқ

Опасызын дүниенің,
Ойлайтұғын көңілде,
Ақылмен зерек аңлақ жоқ.
Батпаққа батып жатқанмен,

Нәпсі деген найсапта,
Оңалу бар да, арымақ жоқ.
Жаманның сөзі сойылдай,
Солқылдатар миыңды,

Басынды текке жармақ жоқ.
Жар басында отырып,
Жайын алып жемекпіз,
Ау-жылым, яки қармақ жоқ.

Білімге бай болмақпыз,
Үйренуге үлгі, үгіт,
Жақсы алдына бармақ жоқ.
Жылатқан жұртты залымның,

Өркен жайып, ұлғайып,
Басына дуа дарымақ жоқ.
Құрдымына қарттықтың,
Қадамың тайса бір күні,

Шығарып алар тармақ жоқ.
Кең ойлы туған гөзелдер
Көргенменен тарлықты
Ақылынан танбақ жоқ.

Қысқа ойлы, қысық шекелер,
Қамқоршылық қылғанмен,
Айтқаныңа нанбақ жоқ.
От қойғанмен құр пілте,

Шам сияқты созылып,
Жарқырап жайнап, жанбақ жоқ,
Аты мағлұм әр жерде,
Ақындардың сөзіне,

Құлақтың құрышы қанбақ жоқ.
Алла айдаса әрқайда,
Баратұғын домалап,
Адамнан жеңіл қаңбақ жоқ.

Ар-намыс, азаматтар, қайда қалған,
Адам кім ар-намыстан пайдаланған.
Кем болып бөрі қойдан, өрлер ойдан,
Тау мен тас теп-тегіс боп майдаланған.

Нәқандар нарау тартып, болып қалды,
Соқырдай созып қолын қармаланған.
Күніңді өтіп кеткен өксігенмен,
Нәрсе жоқ табылатын айналаңнан.

Ақырын Алла өзі оңғармаса,
Жау қамап, жан-жағыңды жайлап алған.
Барар жер, басар тауың көрінбейді,
Соқпасаң сабыр атты шайла74 маңнан.

"Кейіні кеніш — реніштің" бола қойса,
Су ағып, сайрар бұлбұл сай, даланнан.
Шешіліп шідерлерің көз ашқанша,
Жетерсің жерлеріңе айда барған.

Аяғы аузын анық басқанменен,
Адам көп аман кеткен айдақардан.
Өкінсе өңшең бұзық ғажап емес,
Қынышын қиға шауып қайрап алған.

Сырыңды сыртқа, бектер, білдірмесең,
Қиянат қылып, халықты бүлдірмесең;
Жауыңа жаныңа ерген жолдасыңнан,
Еш нәрсе, егескенде, ілдірмесең;

Қолыңа түссе олжадан бүтін күндіз,
Жартысын менікі деп тілдірмесең, -
Жарасар жал үстіне жалау тігіп,
Қоңыраудай хан ұрдырған күлдірлесең!

Ете алмай осы айтқанның біреуін де,
Баладай, болады ұят, шүлдірлесең!
Халқыңның қамын ойлап, жалбар Хаққа,
"Өлгенше ұрпағымды күлдір!" - десең.

Сұм нәпсің сумаң қағар қуанғаннан,
"Дін менен дүниямды бүлдір!" - десең.

Өмірді өткіздік құр балалықта,
Ескеріп, енді ғибрат алалық та!
Ізіне ит дүниенің ере бермей,
Қамында құлшылықтың қалалықта!

Тәубаның тірілікте туын тұтып,
Күнәдан аулаққа бой салалық та.
Шақырып шын көңілмен Алла ұранын,
Жауларды жатпай, тұрмай талалық та!

Жаратқан Жаббар Хаққа жалбарынып,
Құрбан ғып, қу нәпсіні шалалықта!
Жайына құлшылықтың қанығалық,
Шекерін шәкид аттың жалалық та!

Қара бол, хан бол, мейлің, қамыңды қыл,
Мекенің, мың дегенмен, молалықта!

Ия, дүния, етер бізге опаң бар ма,
Құмармыз сені қуып, қопаңдарға.
Кеттің - ау нешеулерді тағы тастап,
Түздегі терең құдық апандарға.

Біздерге етер ісің — сонау - дағы,
Жұмысың - жолдасыңды тонау - дағы.
Сұм дүние, соларыңды ойлағанда,
Болмайды, сірә, саған жолау тағы!

Амал жоқ, аз күніме сен керексің,
Сырғанап, тұрмайтұғын дөңгелексің.
Қолыңа, қалайда да, қалдым түсіп,
Күн бұрын айналамды дөңгелепсің!

Өзің біл, маған азар берме артық,
Табына жақпа отыңның мені тартып.
Кетемін дүнияға сені тастап,
Қайткенмен жүре алмайтын үстіңе артып.

Қаласың құр алақан ақыр босқа,
Кесірлі көргенім жоқ сендей шошқа.
Жалт беріп желмаядай аунатасың,
Жүргенмен жақын көріп, балап досқа.

Қозғадың қонысынан қанша елді,
Суалттың шалқар айдын небір көлді.
"Соларым ұят болған екен-ау", - деп,
Қайтеді үкіміңді қойсаң енді.

Сенің де шамаң мәлім қоймағанмен,
Олжалап, осыншаны тоймағанмен.
Ішінен сені ешкім жақсы көрмейді.
Қутыңдап қу кемпірдей ойнағанмен.

Қайткенмен күнің батып, өшер үнің,
"Қайда, - деп өкінерсің, - өткен күнім?"
Сұмдыққа, соны ойламай, үйір болған
Қар дүние, қарары жоқ құрсын түрің!

Айтқанын тыңда әрқашан,
Алдындағы ағаның!
Болады олар, ойласаң,
Бұрыннан қалған бағаның!

Білімге бай көнелер -
Ұқпасын да сағаның!
Қайткенмен, сендер жүрсіңдер,
Үстінде жар мен жағаның!

Соң тусам да; "Төбеңнен, -
Демеңдер, - жерге қағамын!"
Емессің, бірің, байқасам,
Білімсіз бала-шағаның!

Үлгі, өнеге үйренбей,
Қиялды қиын табарың!
Осы еді сөзі өткеннің,
Бар ма онан хабарың?!

Түсінбесең осыған,
Тұр ғой бізді сабарың!
Қайткенмен көзге көрініп,
Жоқ ұзаққа шабарың.

Түсінсең жаттап аларсың,
Мазмұнын осы наманың.
"Біріңді бірің сүйе" деп,
Сөйлеп те тұр ғой заманың.

Жабырқатпа жан көңілін,
Болғанменен жаманың.
Өсиетін осылай
Берік ұстан бабаның!

Солардың салған жолынан,
Аумасын, асылы, табаның.
Үлкеннен үлгі үйренсең,
Мысалында боларсың,

Қорабалы сабаның!
Шал десең де, шырағым,
Шалығып, шаршап қалатын
Емеспін ондай шабанның!

Кетсем қызып, қалайда,
Сен секілді жастардан,
Ұзаңқырап шабамын!
Көптің көзі қызығар,

Қымбат баға дүрлердің,
Талайларын табамын!
Білмейтін қадірін олардың,
Ойлары тайыз үркектен,

Ұрлаңқырап жабамын.

Не өнер мүсибатқа мұңайғаннан,
Шүкір етер, шытпас қабақ мұны ойланған.
Сабыр етіп Саттар Хақтың бәлесіне,
Артықша Аюп, Нәби шырайланған.

Үкіміне ренжімей көнгендердің,
Көркейтер кеуілдерін ылайланған.
Таңы бар түннің - дағы, түртсе көрмес,
Болмаңдар бекер босап, жылайманнан.

Отырсаң тәуекел деп Тәңірі ісіне,
Боларсың бітіп дәулет тыңайғаннан.
Өзінің уағдасы бар, үзбе үміт:
"Берем деп қажетіңді сұрай қалған!"

Бітсе өмір, бұл дүниеден кім өтпейді,
Болса өмір, кім амалдап күнелтпейді?!
Өлем деп өмір бітпей, етпе уайым,
Өзінен өзгеге Алла түнертпейді!

Жегізбей баста жазған несібеңді,
Уақытсыз у-шу қылып, үдертпейді.
"Қайғырар ертеңі үшін есек" деген,
Келтірер көкірегіңді көнертпейді.

Осыны ойлы ерлер өте тыңдап,
Құлағын "қой оны" деп елертпейді.
Үкіміне мойынсынып, сабыр еткен
Құлдарын құр қол тіпті жөнелтпейді.

Білмеген бар деп оны бұзықтар да,
Оларға "иман" атты төл ертпейді.

Жақсы адам жатық мінез, кішік болар,
Кигені кілең торқа, ішік болар.
Халықтар қай жердегі құрмет етіп,
Таласып сарқытынан ішіп болар.

Бақаумай бастарынан өлгенінше,
Жүзімдей өздері де пісіп болар.
Түбінен қопарылып қалғанынша,
Алдына аш-арықтың түсіп болар.

"Жесек, - деп, - жемісінен біз де барып",
Табаны талайлардың қышып болар.
Сияқты ел —Зылиха ертеде өткен,
Өздері — Жақыпұлы Жүсіп болар.

Жаманның өзі — жерде, көзі — көкте,
Көңілі үрген местей ісік болар.
Сырты — адам, сиқы адамдай болмаған соң,
Сұп-суық, көп көзіне үсік болар.

"Тесіліп кетемін, - деп, - нәрсе тисе",
Зәресі өзінің де ұшып болар.
Сондықтан, маңайына барғандардың
Үстіне түйедей-ақ құсып болар.

Айырылып, ақырында, абыройдан,
Саңқиып, сап-сау мұрны пұшық болар.
Болғанмен өз ойына өзі батпан,
Тарыдай су ішпеген ұшық болар.

АСТЫҢДА АҢ ҚҰТҚАРМАС АТЫҢ БОЛСА

Астында аң құтқармас атын болса,
Хошрой75 қойынында қатын болса,
Әр түрлі дерт, сырқаудан денің сау боп,
Күлкі, ойын күнде көңіл шатың болса.

Көрініп көп ішінде көзге толық,
Сескентер сырт дұшпанды пәтің болса.
Пайдасын өз басыңның ойлай бермей,
Халыққа қылар қайратың болса.

Көргендер көзін салып отыратын,
Ұнамды үй ішінде затың болса.
Кететін ішкен, жеген елге жайып,
Асында артық шырын татым болса.

Адалдың арамменен парқын біліп,
Жазатын жақсы норма хатың болса.
Түймедей түйінді істің турасында,
Айтқаның ағайынға атым болса.

Тоқталмай топ ішінде сөйлейтұғын,
Білімді, балаларың батым болса.
Жар мен дос, жаңа - дағы жатың болса,
Аттанып алпыс үште дүниеден,

Оқылып аят, құран хатым болса.
Тазартса Тәңірі өзі, қиын емес,
Қаншама қара күйе, татың болса.
Көңілге — көкті тіреп отырғанмен,

Көз жұмып, көмілерсің, сәтің болса.
Сонда да сұм нәпсіңе ерік бермей,
Дініңнің дегенін қыл дәтің болса.
Араптың әрпіменен жаздым, балдар,

Ондап ал, оқығаның латын болса.

1936.

Дос үшін шеккен меқнат, тартқан қайғы,
Қайғыңды қылар ұмыт бір талайғы.
Қан жұтып, қатарыңды қуандырсаң —
Арман жоқ, атың озып алдың бәйгі.

Көңілі үшін көрмей рахат бір-бірінің,
Ертеде өтіп кетті Мәжнүн-Ләйлі.
Кейінгі кең ойлылар қалдырды атын,
Жұрт үшін жаннан кешіп басыбайлы.

Шамаңша шамдай жанып, шашып қайыр,
Сен - дағы, серігіңе бол ыңғайлы.
Жұртыңа жүзден озып бәйгі алып бер,
Атыңның берік кезінде артқы айылы.

Жегізбей, жолдасыңнан жұлып алма,
Екен деп бұл жіліктің басы майлы.
Сыртынан көрмесе де көп дауамат,
Тілектес болады ерге, жұртқа жайлы.

Ағаны ағысы зор арна деп біл,
Ой тауып беретұғын өте сайлы.
Білгенге бұл сөзімнің мазасы артық,
Келісті кер биедей болған тайлы.

Адалын әйелден без өсектеген,
Ерден без "елді ептеп жесек" деген.
Жаманнан жақсылықты үміт етпе,
Жолдасын жау тұтынып, кесектеген.

Тақымы тек ауарға үйренгендер,
Жабыны "жатып тышар есек" деген.
Айтпасаң уақытында ұлы тойға,
Сөзді қой "пәлен - пәстен десек" деген.

Болып жүр құба төбел, құлпырмай-ақ,
Қыздардай өзін-өзі шешектеген.

Не жақсы бұл дүниеде, байлық жақсы,
"Жарлылық жақсы", - деген жанды тапшы.
Жайына, жанға тимей, жай жүргенмен,
Малсызды миы ашыған дейді "бақсы".

Бермесе барғанында бағлан сойып,
Досты да, дұшпанды да қарғар нәпсі.
Досыңнан дүние үшін айыратын,
Шіркіннің, шамаң келсе, басын шапшы!

Ізіне ит нәпсінің ере берген,
Жаманның жұрт көрмесін, жүзін жапшы.

МАЗА ЖОҚ МАЙЫҢДА ДА ТҰ3 БОЛМАСА

Маза жоқ майыңда да, тұз болмаса,
Көркеймес көңілің ұл мен қыз болмаса.
Алысқа, арып-ашпай, бара алмайсың,
Көнеден келе жатқан із болмаса.

Болмайды бас-аяғың тіпте бүтін,
Үйінде ине - созан76, біз болмаса.
Еккенің өнбей қалып, өкіренсің,
Жерінде жаңбыр мен су, сыз болмаса.

Мұқтажың туысқаннан түгелденер,
Өкпелеп өкпе, бауырың мұз болмаса.
Туымды ер тоқсанда да толқымайды,
Жұттай-ақ жұртты құртқан жүз болмаса.

Қадірін қонған бақтың білмейді ешкім,
Тарығып, тартып мінажат, мыж болмаса.

ОЙ ТАБУ ОҢАЙ ЕМЕС ЕРІКПЕСЕ

Ой табу оңай емес ерікпесе,
Ақсұңқар аңға ұшпайды елікпесе!
Адамды ой пікірі оянбаған,
Болады байқауымда өлік десе!

Болады досқа күлкі, дұшпанға — мат,
Кімде-кім ілгергіні еліктесе.
Болады жұртқа басшы, жолға - маман,
Сабыр етіп, сасқалақтап, желікпесе.

Болып тұр бұл уақытта қойдан қоңыр,
Бұзықтар бас алатын бөрік десе.
Шамамша, шабуға енді шақ боп тұрмын,
Атыңның артқы айылы берік десе.

БАРАДЫ A3 ҒАНА ӨМІР ЖЕЛДЕЙ ЗАУЛАП

Барады аз ғана өмір желдей заулап,
Әр жерге әуреледі жығып, аунап.
Бәрін де мал-мүліктің "Менікі!" деп,
Кеседен кісідейміз келген даулап.

Кеп арман көңілге алған бітер емес,
Орынсыз ұмтылғанмен омыраулап.
Жәқәннің жалғаншысын жаңа біліп,
Нарлардай нарау тартқан қалдық шаулап.

Сұм нәпсі сонда - дағы шыңға шыққан,
Шеңгелдей шынлап өскен барады қаулап.
Бір ұшқын бір жағынан тие қойса,
Түрі бар кететұғын жанып, лаулап.

Бітсе уақытың "Өкпе тұсың осы ғой!" - деп,
Өлім тұр оғын кезеп, сырттан аулап.
Ойланып осыларды, өрге шаппай,
Өзіңді күні бұрын қой тұсаулап.

Кетерсің, қайткеніңмен, күнің бітсе,
Ұзатқан қыз сияқты қос отаулап.
Хан, қара, қатын, еркек жатқан жоқ па,
Пішендей қатарласа жиған баулап?!

Баянды басыңа, Алла, беріп бақты,
Кетірді кеуіліңнен қайғы, дақты.
Шыршықтан шыққан Сырдың саласындай,
Байлықтың тап алдыңнан арнасы ақты.

Теңселткен теңіз суын тап нақансың.
Сағатта сап қылатын көл мен қақты.
Кеңшілік кен сияқты көрсеткен соң,
Етті ел ерлігіңе ілтипатты.

Таласқан талантыңа талайлардың,
Көргісіз болғанға ұқсайды көркі әпті1.
Олардың еткен ісін елестірмей,
Ағысты, ағартсын бет, жүргіз жапты.

Масығып мәстекілер:"Мен де атпын!" - деп,
Бедеумен бәйгі бермес бірге шапты.
Шалығып, шаршап - жүдеп, шалғаяқтап,
Қор болып құр әншейін құртты тапты.

"Ісі артық — бәсі артықтың екен-ау" деп,
Ескеріп, екіншілей қойды кәпті.
Жақанда төрт сүтіңнің бірі — ғалым,
Ілімнің әр түрінен көрген бапты.

Біреуі — берекелі болады бай,
Халқы үшін қатарлаған қанар қапты.
Ерте-кеш ел жұмысын реттеген,
Біреуі — болар әкім шын ынсапты.

Төртінші — дианаттар дәруіш - дүр,
Тербеткен тасбих айтып әруақты.
Төртеуі осы реттен болар бастас,
Аямас бір-бірінен болса нақты.

Табылмас сағымнан су, малдан — опа,
Бектерім, болса ақылың ойла ұзақты.
Әр түрлі бұзықтыққа бұрмалайтын,
Мойнына нәпсі - иттің сал бұғақты.

Айрылма бұл ниеттен біз тілектес,
Жұмысың жұрт ішінде жүзге жақты.
Бәндені халық қалаған — Хақ қалайды,
Мінерсің меқшарда нұрдан тақты.

Мұхамбет тұла бойың, қолың — Алла,
Құлшылық қол қусырып, қыл не шақты.
Беремін бұл сөзімнің шарқын шешіп,
Кімде кім "Мұны айтқан, - десе, - лақты!".

Несіне Алла айтқан соң, түйткілдейін,
Көзінен кеуілімнің бер бұлақты.
Айтпаспын, асылында, алжас сөзді,
Аға-інім айтқаныма сал құлақты.

Төгілер тәннен күнә Тәңірі оңғарса,
Қаққандай қазан желі жапырақты.
Олжамыз екеуміздің осы болар,
Көркейтсек кеуілдегі гүл - шырақты.

Ат, азық, қару - жарақ қамданайық,
Дүниеде қалар дейсің кім тұрақты?!
Егелік мал-мүлкіңе ететұғын,
Берді Алла бекзада ойлап ер тұяқты.

Жалп етіп жер астына жығылармыз,
Ажал — оқ қиып кетсе жан қияқты.
Кетерміз күні ертең көз жұмылса,
Жүргенмен қорғап, қуып құр бұяқты.

"Ишарат — ақылы барға" деген нақыл,
Кел, доғар, таусылмас сөз бұл сияқты.

Жігіттің токтар жері — жетпіс - тағы,
Жетсе, жат, жетпіске жас жеп, тыш - тағы.
Жиырманың отызбенен арасында,
Адамзат андағанда көк құс - тағы.

Жүдейтін уақытың, бектер, сексен - дағы,
Ешнәрсе өнбейді онда ексең - дағы.
Өрмелеп өр басына шыға алмайсың,
Қос өгіз арбаңды әкеп, жексең - дағы.

Құрысын көрер күнің тоқсандағы,
Шаңырақсың қаусап қалған тек шандағы.
Ортада омаладай отырғанмен,
Жұрт санар сені адамға жоқ сандағы.

Қартайсаң, қара шашың қардай болар,
Өмірің омырылған жардай болар.
Қуатың күннен күнге кішірейіп,
Күшейіп күшік – нәпсің дардай болар.

Жеті ықылым жетегінде жүргенменен,
Ойында әр түрлі арман бардай болар.
Өкініп өткен іске, елімді ойлап,
Тәубаны талап ету ардай болар.

Аз ғана ақылыңнан алжастырып,
Қосылып дүние оған пардай болар.
Екеуін қыл қаптырып қоятұғын,
Құрулы қаннас малғұн шардай болар.

Оларға өмірінше ерік бермеген,
Бір туған бүтін жүктік нардай болар.

АРТҚЫ ӨМІР АҢЛАУЫМДА ТҮС СИЯҚТЫ

Артқы өмір, аңлауымда, түс сияқты,
Алғы өмір қолға қонған құс сияқты.
Тілләға тірілікті балағанмен,
Болады бара-бара мыс сияқты.

Жігіттік жазды күнгі жайнаған гүл,
Қартаңдық - қатырған су қыс сияқты.
Қаратпай алды, артына әкететін,
Сұм өлім сумаңдаған күш сияқты.

Қалады қаметінде77 қаупі өлімнің,
Құрт түбін кеулеп қойған тіс сияқты.
Дүниенің опасызын ойлағанда,
Керексіз көрген дәуір іс сияқты.

Көп аса көзді жұмып кеуіп, іспей,
Күн бұрын болу керек "пыш" сияқты.

ЖАС ЖЕТІП ЖАҚ ТАМЫРЫҢ БІЛЕУЛЕНДІ

Жас жетіп, жақ тамырың білеуленді,
Күннен күн көз гауһарың кіреуленді.
Теріңнен көрің жуық болғанменен,
Қоймайсың үзеңгіңді шіреуді енді.

Қайткенмен, кәріліктің ең апаты,
Қардай-ақ қалың жауған сіреуленді.
Ой шіркін олай-былай толқығанмен,
Күш кеміс жан - жағыңды күреуге енді.

Бай - байлап балаларға, болмай күлкі,
Қойсайшы, қу дүниені тілеуді енді.
Онан да от басында отыр тыныш,
Бүлінбей: "Бай қылам, - деп, - біреуді", енді.

Кетіріп қадіріңді қазымыр болсаң,
Үй-ішің ой қылады іреуге енді.

Дүниенің опасызын көрдім көзбен,
Нанбаушы ем "опасыз" деп айтқан сөзбен.
Қаншама халық басқарған хан болғанмен,
Шат болып шалқақтауың — жиырма - отызбен.

Уақытында осы өмірдің өрге ұмтылып,
Хабарың болынбайды басқан көзбен.
Қырық жас қыңырлығыңды қойдыратын,
Бара - бар бағындағы алтын тезбен.

Ісінді өткенде еткен ұят көріп,
Болуға бел буарсың бір мінезбен.
Елу жас салмағыңды сәл кемітіп,
Табанда тайқақтатар, басып бежбен.

Әлсіреп алпысыңда қалмасаң да,
Көшке ерген кісідейсің кәрі өгізбен.
Жетпіске жеткеннен соң жынсыз жұртты,
Алдаған адамдайсың құр қобызбен.

Сексенге барғаннан соң, сілең құрып,
Ұрысып отырасың екі безбен.
Тоқсанда тұрмастай ғып томар үйіп,
Басыңнан туысқанның бәрі безген.

Жүз жастың жарты пұлға керегі жоқ,
Балшықтай бала ойнап, қолмен езген.
Аңландар ақылы толық азаматтар,
Мысалым менің осы біліп, сезген.

1937.

МІНӘЖАТ ЖЫРЛАР

Ей, Карим, көңілін көркейт мұсылманның!

Қуандыр қайбірін де қысылғанның!

Таупық бер біреуі емес, бәріне де —

Көңілінен иман нұрын ұшырғанның!..

СЕРІГІҢ ЖОҚ БІР АЛЛА

Серігің жоқ бір Алла!
Өлмейтін тіпті, тірі Алла!
Осыншаны халық еткен,
Құдіреті күшті, ірі Алла!

Қалайда да құлыңның,
Өзіңе мағлұм сыры, Алла!
Тәубә - таупық бермесең,
Көңілімді басты кір, Алла!

Сол кірлерді кетіріп,
Ойыма орнат нұр, Алла!
Адаса қойсам, әрқашан
Жолыңа жақсы бүр, Алла!

Қастық қылған қаннастың,
Тұмсығына ұр, Алла!
Иманымды жолдас ет,
"Дүниеден, - десең, - жүр", - Алла!

"Қабыл қыл, - деп, - мұнымды"
Алдында құлың тұр, Алла!
Үмбетіне досыңның,
Бермейсің қайтіп, бір Алла!

Үмітін бар ұялтып:
"Демес - ау, - деген, - бұранда".
"Үмітіңді үзбе!" деп,
Айтқансың әзің Құранда!

1929.

Бақ қондыр басыма, Алла, ұшпайтұғын!
Етіме асыл кидір ыспайтұғын!
Кең қылып көңілімді іліміңе,
Сабыр бер, сірә, ішім пыспайтұғын!

Тілімді тірілікте, тіпті, ұшты қыл,
Сұлулап сөз сабағын ұштайтұғын.
Қаннастың қармағына іліндірмей,
Таупық бер тура жолды нұсқайтұғын!

Атымды алты алашқа жайылдырып,
Ұл-қыз бер орынымды ұстайтұғын.
Кең пейіл, кетпейтұғын көп дәулет бер,
Көңілін келгендердің қоштайтұғын.

Денемнен дем шыққанша денсаулық бер,
Ергізде ішкен асымды құспайтұғын.
Қайрат бер қорғайтұғын қатарымды,
Қайбір жан қабырғамды қыспайтұғын.

Өлгенде иманымды жолдас қылып,
Өмір бер орыныма тышпайтұғын.
Құлпырып киген сайын көз тартатын,
Торқа бер ішігімді тыстайтұғын.

1900.

Я, Алла, Әһлісламға орнат ықпал,
Жүргізіп достың дінін Шакі Мұхтар.
Басына бақ қондырып талиплардың,
Таудай қыл дәрежесін ел, жұрт ақтар.

Тұрғансың заман айнып, заң бұзылып,
Ақылынан алжасып тұр әруақтар.
Бұл күнде бұзықтарға беріп тізгін,
Нараусып, нардай шөкті небір нықтар.

"Әй!" деуге аса қарап алар да әл жоқ,
Жай қалды жалынып тек жылап, сықтар.
Шарбағын шариғаттың шаң қылмаққа,
Ойлап тұр осы күнгі мүнапықтар78.

Олардың сақтап өзің пітнәсінан,79
Кеңдік қыл кетсін ойдан түскен дықтар.
Бұл қылған мүнажатты Мұстажап қып,
Бұлтынан рәкматыңнын түсір шықтар.

1900.

Қызығын қияметтің Құдай берсе,
Һүрлерден саны бес жүз жұбай берсе.
Кәусардың гөлайтына барғанымда,
Соңымнан сылдыр қағып шұбай берсе.

Көрсетіп неше түрлі наз бен қылық,
Уқалап үсті-басымды сылай берсе.
Жайысып құшақтарын, қасын керіп,
Бәрі де бағынан су сұрай берсе.

Басуға бәрінің де ішдақасын,80
Көбейтіп қуатымды құрай берсе.
Міндіріп пырақтардың неше түрін,
Өзіме озат лайық шырай берсе.

Бұлардың барлығы да болар еді-ау,
Құлағын қу нәпсінің бұрай берсе.
Нараусып, нәпсі - нақан нардай шөгер,
Абырой, азаматқа рай берсе.

Жазылып мертігіңнен мәз боларсың,
Тәңірі өзі таупық атты мұнай берсе.
Бар қызығы пейіштің өзіңдікі,
Мұндағы құлшылығың ұнай берсе.

Тартады қияметте қатты өкініш,
Ер басы ел бетте емес, ылайда өлсе!
Тереңге тұңғиықсыз кетті дей бер,
Айырылып иманынан былай да өлсе!

1901.

TІЛEK

Оңғарса талабымды Тәңірім менің,
Шаң, кірбің, көңілімнен кетер желім.
Жарқырап жанған шамдай болып тұрсам,
Сөзімді нендей айтқан тыңдар елім.

Бақ қонып бастарына балаларымның,
Алым боп ілім - ікмат табар кенін.
Сайраған сандуғаштай сақардағы,
Отырар шарқын шешіп, сорса ненің.

Қой, түйе, жылқы, сиыр саннан асып,
Шандатып Сыр, Қуаңның жатса жерін.
Қайыр айлап ғаріп, мүскін, мүсіпірге,
Тарқатсам тойындырып іштің шерін.

Той қылып айында бір, ат шаптырып,
Дүниенің шашып тұрсам алтын, зерін.
Мал беріп өз жанымнан жүдеулерге,
Сұлуды алып берсем ақық ерін.

Қабыл боп қайриятым қылған ондай,
Нұрланса күндізгідей кірген көрім.
Язданнан 81яуміл бағыс хабар келсе,
Бәндәлік бажай қылған тұр деп ерім.

Шамдардай шұғылаланып екі бетім,
Қуанып басылар еді бойдан терім.
Болмаса марқаматың мұндайша, Алла,
Әл бермей бара жатыр нәпсі - бөрім.

Таупықтың тәкауарын міндірмесең,
Неше асу алдымда бар, асқар белім.
Қайткенмен қарарыңнан көп үмітім,
Бәршеге болған соң Шақ берген телім.

Ой шіркін олай-бұлай бұлқынғанмен,
Жалғанға жақан атты жоқ қой сенім.
Айыбын анау айлап құлдарыңның,
Кеуілге кіргіз тәубә келмей өлім.

Жәннаты миуадан жай нәсіп қыл,
Сарқылған сағатында өмір гүлім.
Соңына Сәруәрдің жіберер ертіп,
Жұмыла жан болған күні екі бөлім.

Берер деп бұндайынша мүддіғамды,
Жаюлы жанабыңа күн-түн қолым.

1910.

Тұта алмай Тәңірі әмірін талықсыдым,
Жиғаным жемі болды жорықшының.
Бетіне баярының қарай алмас,
Тарысын торғай жесе қорықшының.

Менде жоқ мал мен мүлік жайымды айтып,
Қолынан қойма деуге торықпының.
Бермейсің, Қадір Құда, қалай таупық,
Бәндеңнің біле тұра толық сырын.

Үзбеймін рахматыңнан үмітімді,
Кеудемнен кеткенше ұшып толық шыбын.
Ойға алған армандарым бітер еді,
Қабырдан тұрсам таңда толып сыным.

1915.

Ей, Алла, ата айлап таупық - тәубә,
Бендеңді бұлт шөгетін шығар тауға.
Кеуліңнен кетірем деп иман нұрын,
Қылып жүр қаннас малғұн қатаң қауға.

Қосылып нәпсім оған нарау тартып,
Түрі бар беретұғын ұстап жауға.
Шошынып сұм нәпсімнің сыңайынан,
Ақылға келіп едім қорғалауға.

Оның да осы күңде күйті қашты,
Қалғандай бітейтұғын үлкен дауға.
Нәпсімнің қаннас пенен қылған серті,
Отқа өртеу мен байғұсты түсірсе ауға.

Күшейіп күннен-күнге кер бұқадай,
Әл бермей алып барады осы рауға.
Құтқар деп осылардың пітнасынан,
Мен келдім қылып саған басым сауға.

1930.

Жұбатар күнің бар ма, Алла,
Жылаған жұртты осынша?
Мұсылман мүлкі болып тұр,
Не бүлініп, не сынса.

Бәрінде сауап пазылыңмен,
Жемінен жейтін ұшынса.
Айыбын анау қылушы ең,
Қай бір жан мойын ұсынса.

Төрт болды көзі талайдың,
Торға түскен құсыңша.
Бұзықтарға бақ бердің,
Өзіңнің анық досыңша.

Берекесін алды елдің,
Қысқа күңде қырық шауып,
Қаптай келген қосынша.
Жағдай айтып жалынсақ,

Жалынға жақын тұр дейді,
Тұтынған темір, мысыңша.
Досыңның дінін жоқ қылып,
Ататпай тұр атын да,

Жөн-жоба, жол сап тосынша.
Бірлігіңді білмейтін,
Белсенді кедей бадырақ,
Болып тұр бұған қосымша.

Айтқандары болғасын,
Ән салып жүр әр түрлі,
Кеулінің недей қошынша.
Өзіңді ойлар ерлердің,

Осы уақта есі ауып,
Болып тұр жердің босынша.
Теңселді тегіс жер жүзі,
Қазанның қара дауылындай,

Теңіздің толқын жосынша.
Түрлі уәлаят тыншайып,
Мәз болар еді, мүбада,
Қақарыңнан қорқып шошынса.

Бермесең зауал қалайда,
Қатаң соқты қоқаннан,
Алатын ор қой осырса.

Абат ет Алла, менің ду сарамды,
Жүзімді жарқыратып, жу қарамды.
Әр түрлі бұзықтыққа бұрмалайтын,
Көңілімнен қаннас атты қу арамды.

Қолында қатын менен балалардың,
Қағазы құраныңның ұқаланды.
Ашпасаң Әқлі Исламның өзін, көзін,
Бәрі де болып қалды су қараңғы.

1931.

Әй, Кәрим, көптің көңілін басты қайғы,
Кешіріп кеңшілік қыл, болса да айыбы.
Жоюға жақат қылып жауыздар жүр,
Дініңді Ислам атты бір талайғы.

Адасып ақылыңнан оның үшін,
Мүміндер мұңайып тұр бұл маңайға,
Мұңайып мұнша құлың тұрғанында,
Шат қылу елді Шақының еді лайығы.

Шүкір етіп, шамадан тыс шабар еді,
Қуантып қолдарына берсең бәйгі!
Атымды айтар еді ұран қылып,
Талапкер диянаттар Достың найбы.82

Үмітте осы ойлаған орындар деп,
Қол жайып әқлі алам 83отыр дәймі.

1931.

Я, Алла, рақым ойла мұсылманға!
Сахисың сауға берер ұсынғанға!
Кеңшілік кешіктірмей көрсетуші ең,
Өрт қаптап жан-жағынан қысылғанға.

Қылғандай Қалиліңе отты бостан,
Бізге де бер береке, құшырлан да.
Кәлима — қой, күні қарап, күңіреніп тұр,
Ойынан иман нұрын ұшырғанға.

Мал, мүлкін талайлардың талап жатыр,
Жасырып, қояр емес пысырғанға.
Жігері жан біткеннің жаңқаланды,
Отарлап, отанынан ысырғанға.

Олардың көз жасына "Кәрим - айлап",
Кездестір кешірімді ысылғанға.
"Кейіні кеніш - реніштің" болатұғын,
Көп торығып, қай бірің де қышылданба!

1932.

Құлынды қайғы, қамнан құтқар, Алла!
Қолына ұстат дауам тұтқаны, Алла!
Қиянат қылам деген дұшпандарға,
Нақанды дайындап қой жұтқалы, Алла!

Қосылып қаннас пенен нәпсі — найсап,
Мені жүр осы уақытта ұтқалы, Алла!
Иттей-ақ ебін тапса, екеуінің,
Ойы бар ойсыратып жыртқалы, Алла!

Миымды, мазамды алып ашытасың,
Ете көр шығындырып сыртқары, Алла!
Міндіріп тәубә - таупық тәкабарын,
Жақаннан жақсы жаста атқар Алла!

Бәрін де айыбымның анау айла,
Қайткенмен "Кәрім" деген ат бар Алла!
Бермесең бәндем ғой деп өзін ашып,
Көңілде көптен жүрген дат бар, Алла!

Ойымнан уайымды етіп қашық,
Ет, Алла, ажарымды айдан да ашық!
Қатемді қылып ғапу, қылған нендей,
Атақтан аман сақта деген "пасық".

Болып жүр Достың діні аяқ асты,
Бәрінен Әкді иманның болған нәсіп.
Халық біткен қолын алып отыр иіскеп,
Гүлдей-ақ ғапүрлікте өте сасық.

Болған соң замананың заңы осылай,
Жүріппіз жас балдардай ойнап асық
Онда да үміт, қауіп тұратұғын,
"Кеулі" атты кеуде ішінде бар лашық.

Аятың: "Үмітіңді үзбе!" деген,
Болған соң, о басында ойда машық.
Қалайда қатаң түрде қуанамын,
Орнына орнығар, — деп, — дінім, тасып.

Көрсетіп қайткенменен кеңдігіңді,
Елатын Әқлі Исламның етпе жасық.
Мейірін мүміндердің қандыратын,
Қадді84 жоқ рахматыңның қапты дасық

1934.

Ей, Кәрим, көңілін көркейт мұсылманның,
Қуандыр қайбірін де қысылғанның.
Таупық бер біреуі емес, бәріне де,
Көңілінен иман нұрын ұшырғанның.

Қырық түрлі қысқа күнде құбылған соң,
Келеді қу дүнияға құшырланғым.
Дін, жоба, ұятыңды қолдан беріп,
Ойлансаң, ойлы ерлерім, үш ұрландың!

Болып тұр не пайдасы бай, құлақтың,
Қорқытып қонысынан ысырғанның.
Қатынша құлағыңа қойған салып,
Түрі жоқ тіп те ұнайтын бұл сырғаңның.

Бұл қылған қабыл ойлап халық тілегін,
Ұшқынын ойымдағы ұшыр ғамның.

1935.

* * *
Әй, Кәрим, көңілін көркейт жұмла жұрттың!
Ішінен айдай қышып шыққан бұлттың!
Бұл күнде байқап тұрсаң, бара жатыр

Үлгісі ұмыт болып өткен ұлттың!
Аюпке85 беріп едің бақ, дәреже,
Сауалтып сырқауынан жеген құрттың.
Сондайша "Соңын абат айлар - ау!" - деп,

Отырмыз ортасында зор үміттің!
Дүкені жақсылықтың жабулы тұр,
Жоғынан "жарылқану" деген кілттің.
Сұбқы - шам сұрап сенен сол кілтіңді,

Отырмыз ауызында бұл кібіттің.

1935.

Ей, Алла, өрлет енді ықпалымды!
Асқарға көрсін алаш шыққанымды!
Дос күліп, дұшпандарым тітіренсін,
Алысқан көріп жауды жыққанымды!

Түсірме енді ойыма өткен уақты,
Қояндай қорғалақтап бұққанымды!
Күлкі-ойын, кеңшілікте күнім кешір,
Кетіріп кеулімдегі дықтарымды.

Қайылмын қалайда да бірлігіңе,
Дос тұтып Сайд Ахмет Мұхтарынды.
Өлгенде иманымды жолдас қылып,
Сыйлау қыл соңыра ұжмақ ықтарыңды.

Мен емес, мақұлық біткен марқаяды,
Түсірсең рахмет атлы шықтарыңды.
Болмаңдар бәрің де әуре асылында,
Біле алмай кімге жылап - сықтарыңды.

"Екен, - деп ешкім, - теріс", - айта алмайды,
Күтсеңдер ойдағы иман — нықтарыңды.
Қауіп, үміт ортасында өле қойсаң,
Кешірер ол-пұл ұрлап тыққаныңды.

1936.

Оңғарып, Алла, осы сапарымды,
Қуандыр мен сияқты қапалыңды!
Ой көзін осы кезде кірбің басып,
Жас шіркін, елу үшке тақалыңды.

"Осыған қадір, құрмет қайда?" - дейді,
Көнерген, көріп дұшпан, шапанымды.
"Не пайда, кеңес мұнан көреді?" - дейді,
Ағарған көріп мұрт пен сақалымды.

Сөзіне сондайша айтқан олжа қылмай,
Тыңдаушы еді айтқан қиял, мақалымды.
Ұнамсыз айтқандарым бола қойса,
Ұрыспаңдар "тап,- деп, - ата, мақаныңды".

Түсініп тап жолына алғанымша,

Жүріңдер сүйеп біздей нәкәрінді.86

1936.

Аман қыл қатын-бала, үй-ішімді,
Күннен - күн күшейт күй мен күлісімді.
Алатын әр орыннан абырой бер,
Сыйлау мен сыбағалы тиісімді.

Халық пен ғаріптерге қамқор қылып,
Тап тасқын дариядай қыл құйысымды.
Өсекке өмірінше іліндірмей,
Жайылдыр жұртқа әтірдей иісімді.

Денемнен дем шыққанша денсаулық бер,
Алдырмай дерт - сырқауға тынышымды.
Өзім мен үй-ішімнен ауыстырып,
Жар - досқа жететін қыл жиысымды.

Көбіңкі көңілімді қыла көрме,
Бай, болыс, баяғының биі сынды.
Сөзімді сондайынша мазалы қыл,
Сайраған сандуғаштың күйі сынды.

Өлгенде иманымды жолдас қылып,
Ұжмақтың моламды ет үйі сынды.
Сарайын сегіз пейіштің сайрандатып,
Сұраймын сенің тағы сүйісіңді.

Тартамын деп таңда агап87 ойламаймын,
Демесең: "Тастихыңның88 жігі сынды!".
Қатамды қалайда да кешіресің,
Шек - шек пен шегірткенің қиы сынды.

Бір біліп - өзіңді, Алла, достыңды — шын,
Көңілде кірлетпесең мүйішіңді.89
Бересің бізге бермей кімге, сірә,
Тағы да рахмат атты үйісіңді?!

1936.

КӨҢІЛ ҚОСТАР, ЖОҚТАУ

ЖЫРЛАРЫ

Аспан — садақ, ажал — оқ,

Мысалы Алла — мергенді.

Жер — омақа, біз — қоян,

Етуге әл жоқ ербенді...

Ер — дарақ ойлағанда, ұл, қыз — бұтақ,
Бұтағын Бау Иесі алса бұтап.
Түзеліп тақыстары, татаусыз боп,
Тағы да тамыр жайып, қаулар тұтап.

Кең ойлы кемеңгерлерге керегі кем,
Қалам деп қайғылану қатаң жұтап.
Талайлар тартып мінжат тартқанменен,
Тәңіріден "Таң атты" деп келген қытап1.

Бәндәсін, бірлігіне болған қайыл,
Қылғанмен, қуандырған, қақар қытап.
Солайша адабы Алла — болса жары,
Сабыр айлап, соңын сұрап, қылма шытап.

"Қуант, - деп, - құлдарымды сабыр қылған!"
Сөйлеп тұр Сәруәрға енген Кітап

1900.

ТӨРЕЖАНОВ КӨБЖАН ӨЛГЕНДЕ ӘЙЕЛІНЕ ЖАЗЫП БЕРГЕН ЖОҚТАУ ЖЫР

Құлақ қойып тыңдаңдар,
Көңіл айта келген ағайын.
Тозып қалған тозаң боп,
Көңілдің шаңын қағайын.

Құдайға шүкір, байқасам,
Қамықпаған халық жоқ,
Қайнаға болып, я қайын.
Ауру жанға батқан соң,

Күні бұрын күтініп,
Шақырып алды маңайын.
Сахан, қабір салдырды,
Санаулы өмір сарқылса,

Деп маған өлім тағайын.
Сол айтқаны шын болып,
Ақыретке аттанды,
Енді іздеп қайдан табайын?

Алдырған көзін сонадай,
Шуылдатып кемді күн,
Деген да Тәңірім: "Қамайын!".
Қамыға бермей, қалайда,

Ақырын тілеп Алладан,
Ой жыртығын жамайын.
Көзіндей көріп марқұмның,
Бір қыз бенен екі ұлды,

Өмірімше бағайын.
Тілектес тегіс болыңдар,
Әруағына сыйынып,
Шамамша шырақ жағайын!

Марқұмды кешегі өткен жоқталық та,
Шығарып іштен жалын тоқталық та.
Көп сәлем көшерінде айтып еді,
Жар мен дос жақындағы жоқ халыққа.

Риза бол, орынына келген халық,
Барады бауырым күйіп, ішім жанып.
Отырған отын жағып үш балаға,
Жүріңдер азаматтар көзді салып.

Қадірсіз қай жерге де емес еді,
Халықтың мініп өтер кемесі еді,
Сыбанған сырттан білек дұшпандары,
Көргенде пәлен - пәштен демес еді.

Тәңірі үйген төбедей еді тірілікте,
Онда да ойы жоқ еді ірілікте.
Атпенен өте алмайтын Сыр суы да,
Тұрушы еді тобығы мен сірілікте.

Аттанды алты ай жатып, елу жаста,
Біз қалдық, болғаннан соң шыбын басқа.
Келетін, қайткенменен, көрінбейді,
Ойбайлап, ұрғанменен басты тасқа.

Сонда да жылап-сықтап, шағынамын,
Дидарын жақсылардың сағынамын.
Адасқан ақылынан мен бір ғаріп,
Айтыңдар, ақылдарыңды неғыламын?

Қылмаңдар мені айыпты "Жылады", - деп,
Өлгенге қалайынша қылады деп.
Ақырын оңғармаса, ойланамын,
Гүжімім көлеңкелі құлады деп.

Алған соң отбасының Алла құтын,
Сыртым сау болғанменен, ішім түтін.
Тілектес тегіс халқым болғайсыңдар,
Алғай деп ұжмақтан үй, нұрдан — сүтін.

Арман жоқ ақыретте қосса Құдай,
Кім жүреді дүнияда өлмей ұдай?
Сұрайын сабыр етіп енді ақырын,
Баспаған көкірегін кімнің лай?

Қояйын енді Құран оқы, халқым,
Құл болмайды, үкіміне Хақтың көнбесе әркім.
Қол жайып, үлкен-кіші дұға етіңдер,
Болғай деп рақматта осы марқұм.

КҮЙІГІҢ КЕТТІ, БАЛАМ, ӨРТЕП ІШТІ

(Әбділғазиз есімді ортаншы баласы өлгенде)

Күйігің кетті, балам, өртеп ішті,
Қаусата қабырғамды қатаң қысты!
Сабыр етіп соңын мұның сұрамасақ,
Шара не Саттар Хаққа үкімі күшті?!

Қой, кеулім, қапаланба, қалпыңа түс,
Көрмеген кім бар дейсің өкінішті?
Біткен соң бітулі өмір, бір сен емес,
Не бекзат тұйғын мысал торға түсті.

Болған соң әзәл тағдыр, әмір еслай,
Жанға жай болған емес жердің үсті.
Болар да Алла артынды абат етсе,
Еңдігі өркендетіп қалған үшті.

Артыңнан ата-анаң да барып қалар,
Бітірген мезгіліңде мұндағы істі.
Ұжмақтан өзіңе онда орын беріп,
Ойнатқай үрлерменен гауһар тісті.

Күнінде қияметтің қарсы шығып,
Қуантып, қолдағайсың жақын қышты.
Жылқы жыл, жиырма бесте, айт айының
Ақырында ажал жетіп, алмақ пісті.

Қайғырып халқың, қалқам, қалды тегіс,
Ұшырып өзіңе ұқшас қыран құсты.
Болған соң ақыры осы әркімнің де,
Бұзудың керегі жоқ бұған түсті.

Қарағым, қалқам, Азизжан,
Жолдас болсын иманың!
Қонбады бірі, қайтейін,
Еткен ем, дәрі илаждың1 .

Өмірің ұзақ болғанда,
Біз едік — сенің мейманың!
Бағатын түрің бар еді,
Ата-ананың, қалайда,

Маңдайына сыймадың.
Жиырма бес жасқа жеткенше,
Шаруаңа шақ тұрып,
Қол қусырып, сыйладың.

Айт айының ақырында
Ақыретке аттанып,
Шылбырдың ұшын жинадың!
Бағыңнан ұшып беймезгіл,

Тарттырып қайғы, қапанды,
Еңіретіп бізді қинадың!
Шақналық шамдай ең,
Оғы тиіп өлімнің,

Қапияда қирадың!
Арасаттың күнінде,
Алдымнан шықсаң, арман не —
Андай болып дидарың!

Ұжмақтағы орныңа,
"Бері жүр!" - деп, бастасаң,
Ұшынан ұстап бұйданың.
Шамадан тыс шат болып,

Ашуы сонда тарқар еді,
Өкшеге кірген сиданың!

1930.

МЕН ҚАЛДЫМ ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТ ҚАПАСЫНДА

(Әбділхамит есімді үлкен баласы өлгенде)

Аталық ақымды мен кештім, балам!
Өкшелес өзімменен өстің, балам!
Халқыңа хабарыңмен қамқор болып,
Сәуірдің самалындай естің, балам.

Жасыңнан жақсылармен жолдас болып,
Татауын талай істің шештің, балам.
Азуы алты қарыс арыстанмен,
Айбынбай, сыбағанды жестің, балам.

Қызметке қандай киын бұйырсам да,
Бел буып, "Болады!" - деп жостың, балам.
Шаңнан - шаң шал әкеңе кездескен соң,
Теңізін уайымның кештің, балам!

Еңбегің ондай еткен ойға түссе,
Білмеймін қайда екенін естің, балам.
Жылында мың тоғыз жүз тап отыз үш,
Жасында отыз екі көштің, балам.

Тілеймін талауат қып Кәләм Алла,
"Болғай, - деп, - Мүңкір-Нәңкүр — достың, балам".
Шара не, санаулы дем сарқылған соң?
Мезгілсіз бұл дүниеден бостың, балам.

Ініңе — Әбілғазиз, Әбділхаймен
Көз жұмып, өзіңді-өзің қостың, балам.
Үшеуің ойға түссең, ендігі күн,
Көрінеді мысалында кештің, балам.

Көрсетпей дидарыңды ең болмаса,
Орасан оң бүйірімді тестің, балам.
Бұзылмас бөгет болып, бұл шамада,
Арнадай ақылымды кестің, балам.

Етпеттеп ертелі-кеш жата - жата,
Қанады қабажағы төстің, балам.
Амал жоқ, тәнті болып төзбесіме,
Уақытсыз өкпе, бауырымды остың, балам.

Қалдырып қайғы-қасірет қапасында,
Шамдай-ақ самал тиген ештің, балам.
Атаңа анаң менен орын сайла,
Ол жақта болса уақыты қоштың, балам.

Біздерге күн ілгері көш басшы боп,
Жиналып жетеуің де тостың, балам.
Үкіміне Саттар Хақтың сабыр айлап,
Пұшпағын бекітейін местің, балам.

1933.

МАХАҢА

Кісі еді күткен дінін Махаң таза,
Тазалық тұрмысында тапты қаза.
Ұжмақтан, иншалла, орын алып,
Ісінен тіріде еткен табар маза.

Жәрдемі жар мен досқа және тиер,
Күнінде көп жиылған яуміл жаза.90
Жеңге, енді тайларыңды таза асырап,
Белің бу божырамай, болып маза.

Артынан арнап келіп, кеуіл айту,
Салынған санды ерлерге бізден аза.
Лайық әулие деп ақ ту тігу,
Әйелге ердің ақын еткен бажа.

1932

Аспан — садақ, ажал — оқ,
Мысалы, Алла — мерген - ді.
Жер — омақа, біз — қоян,
Етуге әл жоқ ербенді.

Сұм нәпсі үшін сонда да,
Қоймаймыз құлаш кергенді.
Кетіреміз кеуілден,
Күні кеше көргенді.

Бұл жақанды билеуге,
Неше мың сан ер келді.
Біткен соң тағдыр, бәрі де,
Аманат жанды берген-ді.

Ажалдан аман қалған жоқ,
Бергенмен жинап, тергенді.
Қамықпаңдар, қалайда,
Оларға Махаң ерген-ді.

Арман жоқ сегіз бейішке,
Ете қойса серуенді.
Көшіп жатқан ерте-кеш,
Асылында адам — керуен-ді

ҚОШБАНОВ ҒАЙЫПҚА

Қайырлы қазаларың болсын, Ғайып,
Жалындық Жаппар Хаққа қолды жайып.
Дұғасы досқа достың қабыл болып,
Жарылқар барлығын да болса да айып.

Сайран ғып сегіз пейіш сарайларын,
Әр түрлі тамашаға қалар байып.
Пендеге өлім мирас болғаннан соң,
Пайда жоқ өкінуден құр мұңайып.

Кеткен соң, Қошекеңде не арман бар,
Өзіндей орынына қойып найып?
Уа, дариха сөзі — шүшік, өзі — кішік,
Кісі еді кеп айтпайтын адырайып.

Қатаң боп қапияда қалма тайып,
"Кең болсаң кем болмайсың, кен боласың",
Жүре берсе елі-жұртың аузың шайып.
Ерлерді туралықтың туын тұтқан,

Еркінсіп ете алмаған ешкім майып.
Асылдың аз болса да, бағасы көп,
Кеткен соң келіспейді кеп ұзайып.

1934.

ЖЕТПІСБАЙҒА

Туымды ту сияқты елге тайпы,
Тұтынған, төзім беріп, алар бәйгі,
Үкіміне Ақтың нендей қол қусырған,
Ерлердің өтеледі барлық айыбы.

Мұңаймай мүсибатқа мойынсұнған,
Мұрсалдың Мұхат атты анық найыбы.
Болса ондай, болған іске болат болып,
Отыру өңін бұзбай — ер лайығы.

"Кейіні кеніш — реніштің" болуы анық,
Дәуірді өксу ұят өткен айғы.
Ойласаң ойын-күлкі, өткендегі,
Шекердей бірер түйір таңғы шайғы.

Шеккенмен мың жыл өмір, маза мұндай,
Онан да қамыңды қыл барар жайғы.
Қуаныш қайғыменен — екі бедеу,
Мінесің екеуін де, келсе қайымы.

Кеңшілік, я кемшілік кездескенмен,
Басында бақ өмірің тұрмас дәйімі.
Кеуіл қос Жетпісбайға Түрекеңнен,
Әқілі әулет Алла қосқан өткен зайыбы.

Жайларын жұмласының жәннәт айлап,
Етпегей еңбектерін Тәңірім зайғы.
Орнатып өз басына бақыт құсын,
Көркейткей гүл сияқты айын майғы.

1932.

ЕСІРКЕПКЕ

Қадырдан хат жолдадым Есіркепке,
Білдіріп іш күйерлік жөнін текке.
Қалыпты жарық көңілің жабық болып,
Көз көрмес кездескендей бір түнекке.

Қар дүния қарары жоқ қылмайды опа,
Пайғамбар, патша, уәзір, би мен бекке.
Хан болсын, қара болсын қалайда да,
Түбінде тартпай қалмас сол сүрекке1.

Қылар деп бізге опа, қойып ықылас,
Қарайлау — қата жұмыс, қалып шекке.
Одан да уақыт барда бел буалық,
Міндетті мойындағы бітірмекке.

Көдегің кешегі өткен көздің нұры,
Ұқсас еді құмда ойнаған құба жекке.
"Орныңа ұжмақтағы бар!" - деп қуды,
Сұм ажал сумаң қағып, алды да иекке.

Жар - досын жаннан шырын көретұғын,
Аңласаң, алып қалды кім тілекке?
Шақырып қолындағы қаршығанды,
Қалдық-ау қапияда қарап көкке.

Қайткенмен айтып болмас, қайтып келмес,
Көзіңнің, көп қамығып, жасын төкпе.
Сол балаң соңырағы күн Саттар Хаққа,
Былайша қол қусырып айтар өкпе:

"Менімен қатар туған ұл мен қыздар,
Дүнияда күліп, ойнап жүрді көпке.
Көшіріп көзімді ашпай дұшпан,
Ұқсаттың өрт кездескен мені шөпке.

Отына дозағыңның ата-анамды,
Түрің бар тартатұғын тағы шепке.
Отыңнан осыларды азат қылып,
Қуантсаң кеңшілігің маған көп пе?".

"Ал, - дейді, - ата - анаңды десең олай,
Қосып ал ағайыныңды көрген қолай.
Өкпеңді осы айтқан өте тыңдап,
Күнәсін бәрінің де кештім талай!".

Берген соң бұлайынша Алла рұқсат,
Шығарып жетпіс жанды оттан жолай.
Болмайды өкінуге ойлағанда,
Шапағат сондай күйде етсе солай.

Отына жұмсамасаң, шаян болып,
Болады мал, мүлкіңнің бәрі долай.
Өтпесе өте Бәрәк өз пазылымен,
Бәндада біз сияқты айып мол - ай.

Ұл, қызда артта қалған не пайда бар,
Сияқты сасық күзен, яки торай?
Алдыңнан ондағы күн шығатұғын,
Шынында бала осылар өзіңе орай.

Боларсың қалайда да қуанышты,
Қаз келіп, қар артынан жауған борай.
Сен - дағы, қарындасым, сүйсінерсің,
Шүкірлік сұлтаныңа етсең оңай.

"Жақсы сөз - жарым ырыс" деген нақыл,
Әр жұмыс, асылында, Аллаға оңай!

1934

Беймезгіл бекзадаңа жетті өлім,
Деп қалдың оқ тигендей: "Оқ, белім!"
Батпаққа кім де болса, бір аунатар,
Дұшпанға дүниядай бар ма сенім?!

Сағымнан су табылмас, мұнан — опа,
Демендер мынау бақытым, мынау шенім!
Қайғысыз қалайда да жан табылмас,
Бұл емес бір өзіңе болған керім.

Дертіңе жүйрігіңді жүйткітетін,
Саттар Хақ саға қылғай сабыр емін.
Ұжмақтан орын алса өкініш не,
Шеккендер солай сапар сарқып демін?

Арты — кеніш, алды — пейіш болуына,
Тілектес түбі бірге жұмыла елің.
Ер — дарақ, бала — бұтақ, сынғанменен,
Жаппар Хақ жетістірген және көгін.

Болғанмен туыс бірге, қоныс басқа,
Ұл, қыздан біле алмадым барын ненің?
Қадір Хақ қалғандарын қуандырып,
Бергей да бақ орнатып өмір кенін.

Мұңаймай, мұнан былай марқай қайта,
Әрқалай аға-жеңге, іні - келін!
Кемтігін кеуілдеріңнің бітіргей да,
Ендігі тұрақты етіп туған төлін.

"Кейіні кеніш — реніштің" болатұғын,
Иншалла, ердің абат етер шөлін.
Бәндәсін ойдағыға ұшыратар,
Кеудеден кетірмесе жаның сөлін.

Үміткер үлкен, кіші әрқалай да,
"Аққусыз қоймағай, - деп, - айдын көлін!".
Білдіріп іш күйерлік ретімен,
Кеп айттым көтергендей аттың белін.

"Әмин!" - деп айтқан осы әпсанама,
Шығарып шын, я нақты іштің желін.
Дұғасы досқа достың қабыл болып,
Кетіріп көркейтер Хақ кеулің шерін.

Шат болып шамадан тыс шалқақтарсың,
Тағы да тәтті өрікке тиіп ерін.
Тойыңа тамашалы шашу қылып,
Ағайын алып барар алтын, зерін!

Ит дүния, біле алмадым тұрағыңды,
Жойылттым із жоқ, түз жоқ қарағымды.
Боз жүнді бостан жүрген ақбөкенше,
Алдырдым аш бөріге лағымды.

Тауықша таң сахарда шақырамын,
Салып жат сарыныма құлағыңды.
Сәскеде, жұма күні сәтті сапар,
Жөнелттім Сахи атты шырағымды!

Ғаріпке сенен өзге қамқоршы жоқ,
Жаратқан, жат қыламын жанабыңды!
Бақарда бәршелерге бердің рұқсат,
Көктемде көгерте кер дарағымды!

1936.

ЕШНИЯЗДЫҢ БАЛАСЫ МҮСІЛІМГЕ АЙТҚАНЫ

Бала еді мұрынға исі Мүсілім гүлдей,
Гүл ұшып, кеуілің, аға, болды түндей.
Жарылқар жақсы көрген құлың Алла,
Жапаға жақын айлап түткен жүндей.

Көркейтер кеуіліңді, күйінбе көп,
Мысалы түн артынан туған күндей!
Сабырдың сүтініне сүйеп басты,
Кеулетпе көп қиялға кеуіліңді індеп.

Бәндәлік бажай қылсаң, берер сабын,
Бұл жұмыс — бөз жейдеге жұққан кірдей.
Кеуліңнен кетіп қайғы, шаттық орнар,
Шатырға шақналық салған түрдей.

Шығарар шүкір айла, соңыра алдыңнан,
Сауабын сабырыңның, сақтап сүрдей.
Демейді диянатты данышпандар,
Тірілік — тарту мысал, өлім — міндей.

Үкіміне Ақтың мойын қоймаған құл,
Құдыққа қайтып шықпас кетер күмбей.
Шартынша шариғаттың іс қылыңдар,
Артықша Һай қауастың ізіне ермей.

Кетті інің көлайтына сегіз пейіш,
Аз күнгі айшы-ашыратты көзіне ілмей.
Қуаныш қайғыменен — екі арғымақ,
Болмайды бірінен соң бірін мінбей.

Бас аман, баста бақыт тұра берсе,
Бірлігін кетер Ақтың бәндә білмей.
Өлерін өмір бітіп, біле алмас жан,
Халықтың бірі жылап, бірі күлмей.

Ол жақтың, уақытың барда, ойла қамын,
Жан кетіп, жер астында іріп, шірімей.
Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Қарарсыз қалмас жақан бір күн жүрмей.

Бір байдан алып ақша көп жыл жүгірт,
Ғысабын қаларсың ба бір күн бермей?
Марқұмның жайы жәннат болуына,
Тілектес туысқанның бәрі бірдей.

Керегін келді де алып кегті онда,
Етсін Хақ айыбын анау, нарқын зілдей.
Ақылы артық атақты ердің аула ыдысын,
Көзіңнің тиіп жасын, аққан Нілдей.

Ауыр жүк арқаладың, ал абырой,
Сыр бермей, сырқаулардай, болған сілдей.
Жасыңнан жұртқа басшы болғаннан соң,
Көп сені күші артық керер пілдей.

Жер үсті — жеті болған жиын мысал,
Олардың қайсысы бар жүрген тірілей?
Болған соң өлім мирас өкініш не,
Ініңнің өткеніне өмір сүрмей?

Жол тұтқау жолаушыға жан қылар ма,
"Кеттің, - деп, кек тұтынып, - мұнда жүрмей".
Ордадай, ойлағанға, өшбу жақан,
Тұрмайтын біреу шығып, біреу кірмей.

Арман жоқ егер иман жолдас болса,
Ер ұлдан болар онда әйел үрдей.
Дос кеуілін дос көтерер осындайда,
Демеймін: "Өзім — дария, сөзім—дүрдей".

Қор - дағы, көпке сынат, күлсе мейлі,
Отырма, үйдім отын, отты үрмей!
Артынан айтқаннан соң, аят оқып,
Алақан Аллаға жай, қолды бүрмей.

Мұстажап мінажаттың болуына,
Дауамат дұғадамын өзім перуей.
Дамолла Тұрмағамбет мұны айтқан,
Ұғылына Ешнияздың Жүсіп мердей.

ҚАРАЖАННЫҢ БАЛАСЫ ДӘРМЕНГЕ АЙТҚАН КӨҢІЛ ҚОСЫ

Ер едің өшбу жақан тапқан бағын,
Күжім ең, көтерілмес, келсе де ағын!
Нарлардың нарқы қымбат, нәсілі таза,
Болғанын жұрт ұнатпас, жүгі шағын.

Жабықпа, жарасарлық болды жұмыс,
Жар қылсын Жаппар ерлер әруағын.
Ақылдың көкірегінде көзі толық,
Дана едің ойлайтұғын жол ұзағын.

Жан жолдас жәқан түгел бола алмайды,
Енді ондат ақыреттің атыз, жабын.
Ерте-кеш егіп егін, бол басында,
Етпесін еңбегіңді еш шайтан малғұн.

Сәруәры жұмла жанның ақ Мұстафа,
Көргенмен бұл дүнияның барша дағын,
Бас иіп бәндәлікке, буып белін,
Шам шақар сұлтанының айтқан намын.

Қояр ма бізді босқа, бүйтпей Тәңірім,
Жақанның ол жұтқан соң қайғы қамын?!
Дәрменнің бұл дүниеден көшкендігі,
Сындырды бір сіз емес, жұрттың сағын.

Келмейді ол, кел тілейік, қайтып мұнда,
Бейіштің үрін құшып, мінсін тағын!
Қош басшың күн ілгері кеткен онда,
Тарттағы бедеуіңнің бел мен шабын.

Бар жөнеп, бас шайқама бітсе уақытың,
Толтырып, теңдеп мініп кеулің қабын.
Нан, шүрек, мейіз, өрік көп апарып,
Басарсың, сүйіп мауқыңды, бет пен жағын.

Қам — мұнда, қызық — онда, қанша айтқанмен,
Иесі берсе ерге иман шамын.
Қылсам деп Құдайды ырза құрбан қылған,
Ыбрақим қой мен түйе, ешкі, лағын.

Қайры ихсан 91қалынды жинап, қылған қанша,
Жанға өлшеу және беріп жау жарағын.
Еш бірі қабыл болмай, қатты қорқып,
Көл қылған күн-түн жылап көздің қағын.

Мінажат Маулаға еткен, ақырында:
"Табам, - деп, - бәндәліктің қайтсем бабын?"
Деді Хақ: "Дүниені қой, дос тұтайын,
Мауыздап Ысмайылды десең әмин!".

Қуанып, қайыл Алла айлап бұған,
Тауып ап өткір пышақ, жақсы кәбин.92
Ойласқан Ажар менен Ысмайылға,
"Тәңіріме қылмаңдар деп мені замин93!".

"Тартпа бас, Тәңірі ісіне біз даяр!" - деп,
Болыпты бірі — сілті, бірі — сабын.
Кетіріп көйлегіне жұққан кірді,
"Болсын, - деп екеуі де, - ісің нағын, —

Зор қуат қайылға олар бер!" десіпті,
Кетірмес кең ойлылар ердің табын.
Қазірет Ысмайылдың өзі жатқан,
Байлатпай қол, аяғын қиып жанын.

Семсерін салған сағат тамағына,
Бұрынғы бұрқыраған басып шаңын.
Жіберіп жаннатынан бір көк қошқар,
Сол заман айлады азат өшбу аңын.

"Қошқарды ал, қой ұғлыңды, - деп, - ей, достым!"
Атырған ай батпай-ақ Алла таңын.
"Құлдық!" деп, қошқарды алып, құрбан қылып,
Жеуге етін жар шақырып, жиған маңын.

Шын қызмет қылғандарға шын берер Хақ,
Құс қайда құрғандарға жемсіз жаңын.
Олардың, асылында, артынан жүр,
Құлдықтың сіз де айлап зор талабын.

Кез қылар кеңшілікке сол сияқты,
Ойлама орынға аспас халықтың заңын.
Қызметім еткен осы Қарекеңе,
Назым ойлап, таппасам да сөздің паңын.

Атымды айтпасам да, аңғарар халық,
Тоғар, тіл, әпсанаңның енді аяғын!

ҮБІСҰЛТАН АЯПҰЛЫНЫҢ БАЛАСЫНА АЙТҚАН КӨҢІЛ ҚОСЫ

Қолыңнан жібек баулы қашты тұйғын,
Күллият келмеуші еді жанға қиғың.
Түрі жоқ таптыратын тұс-тұсынан,
Жоқтас деп келгенменен жұртты жиғың.

Аңыңды ойындағы алып берер,
Алдында ұшырасып ондағы үйдің.
Шүкір ет, шаруаңа шық, шырағым,
Екі, үш жыл ермек етіп, иіскеп - сүйдің.

Кемді күн күйінішін көрсеткенмен,
Табағын таңда меқшар тартар сыйдың.
Барамыз бәріміз де бітсе өмір,
Тірілік тәрізін де тұтқан шидің.

Тәңірінің тағдырына тәнді байлап,
Толқымас төрелері толық мидың.
Арналған ауыр жүкке өзің - дағы,
Нардай ең, нарау тартпа, түсіп иінің.

Қамықпай қайбірі де кеткен емес,
Пайғамбар, патша мен хан, датқа, бидің.
"Құлдық!" деп, қусырғансын қолын олар,
Кемтігін кен қылған Хақ кеткен күйдің.

Солардай сабыр етіп сен де сұра,
Пазылыңмен бас өзің де іштің күйігін.
Ұмытпай, уайымы өркендеген,
Талайы таянғанның екі бүйірін.

Дүнияң екі бірдей абат болар,
Алла әгар: "Ал, құлым!" деп, етсе мейірім.
Бағыңа бұлбұл қонып, бітер гүлдер,
Тап келіп талайыңа тасқан иірім.

Қалайда, халық сыйлаған, қали қалмайды,
Жұртыңа жігіт едің жаққан пейілің.
"Көл деген — көп дұғасы" қата емес,
Түсерсің қалыбыңа, қанып мейірің.

Есітіп, елің тегіс тілеп жатыр,
"Қайырлы қылғай да, - деп, - мұның кейінін
Қадыр Хақ халық тілегін қабыл қылып,
Жақанның қуанарсың құрып сейілін.

Уа, дарих, өмір бітіп өтіп кетті,
Айтатын ағаларың сөздің сейілін!
Су сепкен қанатымен қарлығашша,
Білдіріп, бітті әпсана, ағаң зейілін.

Дамолла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Мұны да тастамассың, тартса мейілің!

ТҮЙЕБАЙ ӨЛГЕНДЕ ӘЙЕЛІНЕ АЙТҚАН КӨҢІЛ ҚОСЫ

Құлақ қой, қайғы ішінде қалған жеңге,
Бар ма лаж, өкінгенмен, біткен демге?!
Қайғысы қайтыс болған марқұм ердің,
Сен түгіл, сырт ағайын, батты елге!

Ой тауып Өмекеңе беретұғын,
Ұқсас еді бұлт шөгетін биік белге.
Қалпы осы қалайда да болғаннан соң,
Ұқшалған дүния — сағым, өмір - желге.

Көшетін күні ертең керуенбіз,
Қос тігіп қонақтауға құба шөлге.
Жақанға жаратылып келгеннен соң,
Қан жұтып қамықпаған қай бір пенде?

Ата-ана, аға-іні, ұл менен қыз,
Алланың аманаты болса пенде.
Болат бол болған іске, босаң тартпай,
Орнында отын жағып отыр, көн де.

"Бұл нәубет бізге - дағы болады - ау", - деп,
Бәндәлік бажай қылып, кеуліңді өн де.
Ақ досы — Қабибулла сәруарды,
Үлгі ету — өте керек осы жөнде.

Қалмаған қыздан басқа онан да ұрпақ,
Дүниядан өмір бітіп өтерінде.
Келеді әлі ұрпағы қыздан болған,
Замана найыбы боп неше пенде.

Ғибрат ақылың болса алып мұнан,
Демей-ақ: "Кемшіліктің бәрі менде!"
Тілегін тілеп қалған екі жастың,
Ерте, кеш ет шүкірлік, болмай делбе.

Шат қылар майданында мәқшардың,
Қыдыр Хақ қауыштырып кәусар көлде!

ӘБДІХАЛЫҚ ДЕГЕН ЖИЕНІ ӨЛГЕНДЕ АЙТҚАН КӨҢІЛ ҚОСЫ

Тиген соң, апа, бізге жазған хатың,
Болды ұмыт бала-шаға, үй мен қатын.
Кеуілдің көрпесіне от тигендей,
Өксідім отыра алмай, шыдап дәтім.

Ақылымнан алжаспасқа амал бар ма,
Аға, іні еді өздеріндей әл, қуатым.
Қалайда "көппен көрген ұлы той" деп,
Жүр едім қалайда да қайтпай пәтім.

Бүйірімнен оқ тигендей бүктетіліп,
Битап боп, болмай қалды көңіл шатым.
Асаудай ұсталмаған бұлқынғанмен,
Алуға барып хабар жоқ пұрсатым.

Барармын түн түнемей, тілектес бол,
Босатса мұнан Алла беріп сәтін.
Сабыр етіп болған іске, болаттай бол,
Беретін бұл туралы мәслихатым.

Көзіңе осы күйде көрінуге,
Ойланып таппаған соң ешбір атым.
Назым мен жанабыңа жазып дастан,
Ырза бол аңлатты інің әқуалатын.

Жатырмын жалбарынып жан - діліммен,
"Ия, Алла, етпе, - деп, - шөл ер абатын!"
Шаттыққа шамадан тыс ұшырарсың,
Қиса егер қуаныштың бір сағатын.

Алашқа аты мәлім ата-бабаң,
Атырапқа арнадай еді су ағатын.
Су тасып, қалыбына келе қойса,
Ел тегіс түзеп алар ырабатын.

Аюп та қастасынан қалас ойлап,
Кетіріп көңілінің қайғы дағын.
Арттырып дәражасын бұрынғыдан,
Қалдырды Қадір Алла артқа атын.

Қайғысы Әбдіхалықтың әбден батты,
Ел ісін ойдағыдай атқаратын.
Сынықтың сырқауынан сауалтпаса,
Қылды Алла қайырғандай халық қанатын.

Бірақ та, есіткендер тілеп жатыр,
Сауалт деп сондайша ел азаматын.
Қата деп қариялардың ойламаймын,
"Қол, - деген, көп дұғасы" нақылиятын.

Оңалса аяғынан, өкініш жоқ,
Адамға ақыл керек, асқа — татым.
Болғанмен аяғы ақсақ Әмір Темір
Билеген жеті ықылым мемлекетін.

Басына бақыт қонып, орнаса ықпал,
Үлгерер, иншалла, жақын - жатын.
Қазағы Қармақшының оныншы ауыл,
Дамолла Тұрмағамбет сөз жазатын!

ЖҮРСІН, КҮЛӘН, ШОНЫМҒА

Сөз тыңда, Жүрсін менен Күлән, Шоным,
Қысқа емес, аңлауымда, ақыл - тоның.
Жақанға жаратылып келгеннен соң,
Оймаған өлім шіркін кімнің қоңын.

Опасыз осы найсап әркімнің де,
Оймен тең етіп жатыр асқар дөңін.
Бұл күнде тар заманның тақсымында,
Жібермейді жүзден әрі өмір жөнін.

Керуенге, байқағанға, бұл жүрген жай,
Байлардың ашып қонған көшкен көңін.
Күні ертең көшетұғын болғаннан соң,
Өкініп ойлы ерлер бұзбайды өңін.

Анаңның Алла иманын жолдас қылып,
Қайырлы өздеріңе етсін соңын.
Қондырып бақтарыңа бұлбұл құсын,
Кетірсін гүл жайнатып, қайғы - тоңын.

Рахмет, қыс күнінде базар барып,
Атқардың жұмысыңды жақсы форум.
Әруағы Алтынайдың ырза болар,
Қайткенмен, боларсыңдар белгілі орын.

Бір Алла бастарыңа бақ орнатып,
Дәулетің даража мен берер зорын.
"Қыз артық қияметте, - дейді, - ұлдан",
Алымдар ілім - ікмат жайған торын.

Мазмұнын айтқан сөздің аңғаратын,
Білімнің боласыңдар ішкен қорын.
Айбынбай "Асылымыз әйел ғой", - деп,
Уақытында үшеуің де көзге көрін!

Жаман ат жап пен сайды ізденеді,
Жүйрік ат жақсы көреді жердің орын.

ҚАСЫМОВ ЫБЫРАЙ ТӨРЕГЕ (АДВОКАТ)

Ыбырайға ықыласан сәлем бізден,
Ер едің ел билеген озық жүзден.
Мысалы дәрежең мен дәулетіңнің,
Таудай еді көрінетін құла түзден.

Ұқсайды ат иесіне дегендей - ақ,
Жібекке жұптың анық дүр еді тізген.
Болып тұр байқауымда байтақ елге,
Анадай ұғыланына сүт емізген.

Салғанда сан жүйріктің сынағына,
Татау жоқ табынатын екіңізден.
Мақтайды досың түгіл, дұшпаның да,
Аумайтын азада еді деп бір мінезден.

Қалыпсың қапа болып әзіріне,
Тайынды Тәңірім алып ерген ізден.
Дүния қарары жоқ қар қатындай,
Хан болсын, қара болсын қай дегізген.

Кеуліңнің күл шығарар шаңын басып,
Саушы әгәр көтеріп су, бұлт теңізден.
Кейіні кеніш болады деп көп тілеп тұр,
Сабыр ет сұрайтұғын қолқам сізден.

Мұңаю мүсибатқа ерлерге ұят,
Өзіңе ұнайтұғын істі көзден!
Талайлар талабына тегіс жетті,
Қайғының қара лайын кешкен тізден.

Ай туар ай артынан таусылғанмен,
Кем ақыл кеңшіліктен күдер үзген.
Шөлстан шоп шықпайтын мырға болып,
Күжімдей көлеңкелі болар дүзген.

Иншалла, осы айтқаным анық болар,
Ел біткен орын едің көзін сүзген.
Хабарын Қанибайдың есіткенде,
Қойныма қол тыққандай болды мұзбен.

Айтуға барып кеуіл болып тұрмын,
Ұқсасты ұшан теңіз суға жүзген.
Болмаса жан аяспас жар досымсың,
Қосылған махаббатың анық, бізбен.

Әпсана әнің үшін ырсал еттім,
Кірер деп майдың - дағы дәмі тұзбен.
Деп ағаң Тұрмағамбет тоғарды сөз,
Шалдардай пышақ алып басты мүжіген.

1936.

КӘРІМГЕ АЙТҚАНЫ

Сөз тыңда салып құлақ інім Кәрім,
Бір туған бүтін жүктік едің нарым.
Шау тартқан сонда - дағы сықылың бар,
Жойылып ертелі-кеш иіскер дәрің.

Денің сау, дерт, сырқаудан болып тұрса,
Болмасын бұл туралы көңілің жарым.
"Ер - дарақ, бала - бұтақ" деген нақыл,
Бұрынғы қариялардан қалған сарын.

"Кейіні кеніш реніштің болады" деп,
Айтады және - дағы біздей кәрің.
Ойыңа осыларды етіп медеу,
Қуала уайымның іштен бәрін.

Ұл-қызды ұзақ жасты тағы туар,
Аман-сау болып тұрса алған жарың.
Жар - достың жабыққанда айтқан сөзі,
Адамның әр қалайда ашар пәрін.

Осындай бірер аңыз айттым үгіт,
Келін де тарқатсын деп тартқан зарын.
Соққан жел жазғытұрғы жоқ қылмай ма,
Тоқсанның түйе бойы жауған қарын.

Сондай-ақ сүйініштен соғып шамал,
Келінім, көп кешікпей кірер әрің.
Тілектес Ғайып ана болып жатыр,
Қалайда қатар-құрбы, ағаларың.

"Қол деген — көп дұғасы" қате емес,
Орасан ойдағыдай өнер тарың.
Ер сөзін енді сынап көрейік деп,
Секілді сақта таза бойтұмарың.

1937.

БАЙБОСЫН МЕН ЖӘЛЕЛГЕ

Ғайып ана хат жаздым,
Байбосын, Жәлел бөлеге.
Ықпал орнап, бақ қонып,
Болыпсыңдар бурадай,

Қаңтарда түскен келеге.
Отырсам да осында,
Марқайып қалдым қалай да,
Шыһқандай биік төбеге.

Алматыға барамын,
"Шақнаманы" сөз қылып,
Жаюға жұртқа өнеге.
Сендер де бол тілектес,

Абырой Алла берсін деп,
Ол сияқты көнеге.
Өлең менен қиялға,
Болмады уақыт, бөлелер,

Толтыруға кенеге.
Апамның жайы жәннат боп,
Өздеріңе құт болсын,
Өздерің тіккен кереге!

ҰСТАБАЙ БАЛАСЫ ЖҮНІСКЕ

Уақытсыз ұшты бұлбұл бақтарыңнан,
Түскендей боп қалдыңдар тақтарыңнан.
Қонбайды қолдарыңа қайта айналып,
Сабыр қыл, соңын сұрап Ақтарыңнан!

Осындай опасыздық еткені үшін,
Еш кезде емес дүние мақталынған.
Апама айтуға сөз барған шығар,
Тіршілік етіп жатқан ақпарыңнан.

Жайы сол жұмыла жанның баратұғын,
Уақытта өмір бітіп тақталынған.
Хан болсын, қара болсын, бай менен бек,
Қайғының қанжарымен қақталынған.

Дәулеті дариядай тасқан қайтып,
Басынан бәрінің де бақыты арылған.
Шүкірлік шытпай қабақ қылғаны үшін,
Анау боп айыптары ақталынған.

Әр алуан бақтарыңа бітіп жеміс,
Дүр, гауһар алдарына ақтарылған.
Иншалла, ұзақ жасты ұлдар берер,
Ұзатпай ұстарадай тапталынған.

Баяндап бастарыңа бақ пен ырыс,
Озарсың әрқашанда таптарыңнан.
Қол деген көп дұғасы қате емес,
Бар шығар бір қуаныш сақталынған.

Көркейіп көңілдерің көп кешікпей,
Арна ағар ат жүзетін қапталыңнан.
Жайылып алты алашқа ат, ауазаң,
Жұртың жер жайын аулап жаптарыңнан.

Әр түрлі әпсаналар айтушы едім,
Бедеудей боп жүргенде бапталынған.
Кетуші еді керегінше әркім алып,
Дастан мен ікаяны қапталынған.

Бұл күнде көңіл шіркін кірбің басып,
Ой, қиял өте азайып шақталынған.
Сонда да шыдай алмай жаздым мұны,
Қол шоттай қолайсыздау сапталынған.

"Сөзі еді, - деп, - Тұрекеңнің біздерге айтқан",
Жоғалтпай жүр Жүнісжан дәптарыңнан.

ТҮРМЕДЕ ЖАЗЫЛҒАН ЖЫРЛАРЫ

Қасқырда қуат қалмаса —

"Ала " дейді ешкіні.

Тоңға — торқа көреді

Қырық құраулы ескіні.

Бұзылса да, үміт үзбе

Ісіңнің, ерлер, кескіні!

Ұмытарсың, күн шықса,

Айсыз түнгі кешкіні.

Бірде тұман, бірде ашық,

Бұл дүниенің бес күні!

КІРІПТАР

Іс түсті биыл маған үсті-үстіне,
Түспесін мүшкіл жұмыс еш кісіге.
Кітаптан оқығанмын жазған онда:
"Сауап, - деп, - еткен қайыр үш кісіге".

Бірінші - байдан жарлы болса адам,
Екінші — дәрежеден тайса қадам.
Үшінші — өзі ғалым кіріптар боп,
Азапқа арылмастай қалса дауам.

Осының үшеуі де бар басымда,
Айтар мәрт бүкпей сырын жолдасына.
Бірге өскен, қатар туып қадірданға,
Болар ма сырды баян қылмасыңда?

БОЛЫҢДАР САУ САЛАМАТ ҮЙ МЕН ІШІМ

Болыңдар сау-саламат үй мен ішім,
Туысқан тілектес бол үлкен - кішің.
"Болды, - деп, - бұл қалайша", — қапаланып,
Оңбасын ешбіріңнің бұған түсің.

Ашпастан ақиқатын аудандық сот,
"Қылды, - деп, - қалайда да қатаң қысым".
Өтініп, облсотқа арыз бердім,
"Жөнде, - деп, - жолдасыңның осы ісін".

Сол сөзім қабылданып қала қойса,
Ұстармын қуаныштың қолға құсын.
Бәрі де осылардың ұмытылып,
Жан болмас жарқын жүзді мендей мүсін.

Ақыры айналып кеп сондай болса,
Сөз қылып не қыламыз ендігісін.

ТАР ЗАМАНА

(Тұтқында отырып Мақан Шынәлиевке жазғаны)

Ей, Мақа, сау ма денің, уақытың хош па?
Арзумын жолығуға сіздей досқа!
Уәләкін үстімізден қарайтындар,
Жібермейді жалынғанмен бір дем босқа.

Сол себеп жанабыңа жазып сәлем,
Қадірдан Қошекеңді еттім почта.
Ініңнің ықыласына ырза болып,
Сөзіне осы барған көңіл қоста.

Асықпай, апта жатып үйіңізде
Кетер ем кеңшілікпен, қолым боста.
Тағдырдың тақсымына кездескендей,
Болып тұр әзірінше бір жол тоспа.

Таланға тар замана ұшырасып,
Зерттеп ізімде жүр ит пен шошқа.

1930.

ТҮРМЕДЕ

Абазға шығарасың мені қашан,
Өзіндей тұрғанда аға, неден сасам?
"Қадырдан Құдекеңдей ағам бар", - деп,
Бұлақтай өз-өзімнен қайнап, тасам.

Өзіндей жар менен дос жәрдем берсе,
Иншалла, ықпал орнай алға басам.
"Досыңды қиындықта сына" деген,
Қолымды "Қолтықта", - деп мойныңа асам.

Таусылып тиын, тамақ түгелінен,
Қарын ашып, болмай қалды артық нашам.
Шамалы тиын - пиын берер еді,
Тағама осындайда ұшырасам.

Осы айтқан өтінішті тыңдамасаң,
Басыңа балалардай күлді шашам.
Рахмет әрқашанда айтар едім,
Сөзімді сылтауратпай орындасаң.

Нәшәндік айтқаныңды анық қылады,
Қол соғып, қоңсы үшін қорынбасаң.

ТҮРМЕДЕ

Құлнияз, Ырыс, Тілеу, Нұралы, Өте,
Бектерсің бір - біріңе туған тете.
"Жасарсын жанымдағы" дегендей - ақ,
Тұрсындар тәрбиелеп құрмет ете.

Қабыл боп қайырларың бізге қылған,
Кешікпей кетерсіңдер жолмен төте.
Асығып, асылында, мұқамаңдар,
Мұратқа қоймадым деп бүгін жете.

Түрі бар тоң еритін, тоқсан шығып,
Тәнәні тондырғанмен тітірете.
Кеңестің кеңшілігі болар сондай,
Ел-жұртты үркіткенмен өте-мөте.

Деп молла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Баласы мен де Әлімнің, асылым Кете!

Қазалы, 1930.

ТҮРМЕДЕГІЛЕРГЕ АЙТҚАН СӨЗІ

Қайнатқан суларыңнан қарасыңдар,
Бірлесіп бір - біріңмен жарасыңдар.
"Қалай, - деп, әр уақытта, - аға уақытың
Өтініш ойнап, күліп нәр ашыңдар.

Қуанып күні ертең айырылармыз,
Тұтқыннан десе басшың тарасыңдар.
Самаурын өте үлкен көрінеді,
Қалайда, қарақтарым, қанасыңдар.

Тұрмыс пен туыстарың тәуір болса,
Жүдеуге ата менен анасыңдар.
Қамқоры ғаріптердің болғандарың,
Шақналық шамдай болып жанасыңдар.

Алтыннан алғыс артық деген сөзге,
Бәрің де беріп көңіл нанасыңдар.
"Сыртынан май ыдысы мәлім" деген,
Міскінге мәрқәматты панасыңдар.

Қоңсы үшін отқа қолды ұратұғын,
Кең ойлы гөзел, бұған данасыңдар.
Жігітке қара айналған бақ айналатын,
Қайткенмен, озып бәйгі аласыңдар.

Болатын рулы елге үлкен қоныс,
Сағасы Сырдан шыққан саласыңдар.
Жауыны жақсылықтың жауған күні,
Көк орай, көз жетпейтін даласыңдар.

Болмаса Халилулла бір жасы үлкен,
Бәрің де бізден кіші боласыңдар.
"Кейіні кеніш — реніштің" болуы анық,
Мәз болып майға қолыңды маласыңдар.

Бүлінбей ер білінбейді қалайда да,
Бәйгіге баса шауып таласыңдар!
Мініп ап, тәуекелдің тұлпарына,
Ту ұстап қолдарыңа жанасыңдар.

Үлгі, үгіт ойлы ерлерден үйренбесең,
Қатардан қалайда да қаласыңдар.
Жаратсаң өзіңді - өзің бәйгі атындай,
Алыстан аяқты орап шаласыңдар.

Жаманнан бойларыңды былай салып,
Жақсымен жұрт билеген жанасыңдар.
Күні ертең кеңшіліктің күні туып,
Асқар тау, әрқайсысың дарасыңдар.

Тай түгіл, түйе етіне толмайтұғын,
Сырлаулы, сұлу шұңқыр, шарасыңдар.
Меккеден мезгілінде келген қаздай,
Қонысқа қалмай бәрің барасыңдар.

Дегендей "Дәурен — кезек" тендік алып,
Бастарын бай, құлақтың жарасыңдар.
Жан аман, жағаларың бос боп тұрса,
Күжімді кесіп түсер арасыңдар.

Қонысым Шөмекеймен бір болғанмен,
Сендермен туыс жөнде таласым бар.
Ортаңда әрі қонақ болған үшін,
Қайткенмен бір шәйнек су аласым бар!

Қазалы,1930.

Жанабына жаздым сөз,
Шығанбай, Мұрат, Мәліктің.
Біздерге барды бір шеті,
Сіздерден шыққан дәріптің.

Ақжігіт, Бекен, Бекмұрат,
Қамқоры деп халық айтады,
Міскін мен мұқтаж, ғаріптің.
Әшірбай, Нұрман, Әуез де,

Жағдайын жақсы біледі дейді,
Жалаңаш, жүдеу, арықтың.
Осы күнде Өмірбай,
Еркек, әйел, жас, кәрі,

Қазынасы дейді халықтың.
Себеппен сендей ерлерді,
Кергеннен кейін, айтайын,
Шамасын шама, шарықтың.

Түрмеде жатып сегіз ай,
Тауысып тиын, тамақты,
Өте жүдеп тарықтым.
Жаратқан Алла жар болып,

Қараңғыдан шығарды,
Ортасына жарықтың.
Шыққанмен шамам шақ болды,
Кездескенсің кемдікпен,

Қымбатына нарықтың.
Сол себептен жүріппін,
Көлден көлге көлайттап,
Ұқшасында балықтың.

Ат пенен ата - жөнімді,
Айтпағанмен анықтап,
Барлығың да қанықтың.
"Ақылы барға - ишарат",

Болады деген нақыл бар,
Қысқартып сөзді сарықтым!

Қазалы,1930

ӘБЖАППАР, НҰРМАҒАМБЕТКЕ АЙТҚАНЫ

Әбжаппар, Нұрмағамбет - екі інім,
Үйреткен ерлер едің елге білім.
Сендерді осындай деп есіткенде,
Жадырап, жайылып еді жаны - ділім.

Мұңайып мұндай күйде тұрғанда ағаң,
Отыру лайық па тартып шылым?
Шыдамай, қолға қалам ұстаттырды,
Ұйқаспен өкпе айтуға қызыл тілім.

Қол мен тіл қос өгіздей қосылған соң,
Қорғалап шықпай қалды "қой" деуге үнім.
Келгелі Қазалыға екі ай болды,
Қайғылы көкірегім, көзім — ірің.

Қамауы қашық емес қастарында,
Төбеме түсетұғын атқан күлің.
Қалай, - деп, әл - жағдайың, сәлем беріп,
Себеп не, кетпедіңдер көріп түрім.

Кек тұтып келмеді деп жек көрмеймін,
Тапқай деп тілектеспін ұзақ жүрім.
Қошемет қай біріңнен болмаған соң,
Жабығып, жапырылып, қалды жүнім.

Жар, достың жан ашырлық өздері едің,
Арнайы бергізетін сақтар сүрін.
Қаламыз көп қуанып, мәз - мейрам боп,
Жудырып берсеңдер де көйлек, кірін.

Жар Басқаның байқауымда бірін-бірін.
Боп тұрмын әлсіз арық, жалсыз жауыр,
Таусылып тамақ, талқан, тиын, мірім.
Сөткеге сұлы наны ржанайдың,

Кетірді кеуде күшін, іштің бүрін.
Ақылдан алжастырып, азайтты аштық,
Алмадай бет ажарым, көздің нұрын.
Қамыстай қара күйе өртең шалған,

Қауқиып құлақ пенен қалды мұрын.
Еткен наз есі барға, айтқан өкпе,
Мазалы болады майдан, балдан - шырын.
Сендерге сол себептен сәлем жаздым,

Теріңдер Тұрекеңнің шашқан дүрін.
Екеуің оқып бірдей осы сөзді,
Етіңдер ойнап-күліп күрің - күрің.

ЕДӘУІР ЕКІ КІТАП ЕРМЕК ЕДІ

Едәуір екі кітап ермек еді,
Отырып, ойым оқып көрмек еді.
Ішіңде елге айтарлық еш үгіт жоқ,
Өткеннен қалған текке өрнек еді.

Тұрмайтын бір тиынға бұл уақытта,
Сордай-ақ, сөзі дәмсіз кермек еді.
Өтініш "өзің біл" деп айтқан күнде,
Қажетін бір - біреудің бермек еді.

Үстімнен материал менің түсіп,
Қанша ашу кеуіліңді, інім, кернеп еді.
Кеңеске кедергілік қылған болсам,
Сұрап көр сырымды көп серлеп еді.

Болмаса мұның қалай өзіңді әркім,
Есі бүтін ескерімді ер, - деп еді?
Тыңдамай ағаң сөзін алып кеттің,
Балдардың бір қатары "бер!" деп еді.

Өкпені өзіңе айтпай кімге айтайын,
Ел билеп, ықпал құсың өрлеп еді.
Бересің екеуін де енді қайтып,
Дей қойсаң көкірегің шерлеп еді.

Қонақтың қоңсы менен құрметі үшін,
Көп ерлер күнге күйіп, терлеп еді.
Тілектес тұрмысына болып оның,
Өлгенше атын әркім ерлеп еді.

Тұс-тұсқа түрмедегі тарап жатыр,
Тататын тұзыңды Алла "тер" деп еді.
Босатып, бүйткеніңше, бізді жібер,
Бәрімен басшылардың "мер" деп еді.

Ойлы ерлер ертедегі өтіп кеткен,
Жақсыға жағдай айтып көр, - деп еді.

"Алдың,- деп, - төрт жүгері!" - салдың түрме,
Маржаны босаттырдың келген бірге.
Қашаннан Қармақшының ауданында,
Халық едік қазақ пен сарт, қоныс бірге.

Маржаға махаббатың ауғаннан соң,
Бізден ол ауыр шықты, түсіп кірге.
Қолыңа қалағаныңды алған болсаң,
Шайқай бер сал да, інім, неше түрге.

АЛҒАНЫМ ТӨРТ ЖҮГЕРІ ТОЛЫҚ АЙЫП

Алғаным төрт жүгері толық айып,
Айыбымды өзім де айттым жұртқа жайып.
Тең көрмей төртеуін де айыптының,
Маржаның шұқырына қалдың тайып.

Көңілді күліп-ойнап көтермесек,
Не бітеді отырғанмен құр мұңайып?
Болғанмен жасың кіші, жұртты жөндеп,
Әкімге әділетті болдың найып.

Шамалы сол себептен сөз айттым, інім,
Қалсын деп тамашаға ел-жұрт байып.
Жақтырмай жазып жауап назымменен,
Тастадың жүрегімді жүдә шайып.

"Бай болады к...н қысқан" дегендей - ақ,
Сен жықтың осы ретте, мен болдым майып.
Келтірме кеуіліңе інім оны-мұны,
Көңіліңе: "Кеттің - ау, - деп, - адырайып!".

Аяғын осы араға тоғарайын,
Кейірсің, кетсе сөзім тағы ұзайып.

ТҰРАМЫН ТҮН БОЛҒАН СОҢ ҚАРАУЫЛДА

Тұрамын тұн болған соң қарауылда,
Күзетіп жатқан жандарды қарауымда.
Тыш десем әрі қарай, бері тышар,
Шатақ боп өскен шалдар әр ауылда.

Тұрады исі кетпей, лаж бар ма,
Сағаттың шамасындай танауыннда.
Беретін бәйгіңді алып бедеуің ем,
Не пайда жолықпадың жарауымда.

Себеппен осылайша ұшырастым,
Өзіңнің не қылсаң да қалауында!

ТҮРМЕДЕ

Үш қатын қашты абаздан таң алдында,
Қашқан мен қашырған тең заң алдында.
Жан шашау шықпаған соң сіменімде,
Деп жүр ем "пісентті боп, жаңардым ба?".

Пісенті ердің кепке кете қойса,
Білім, күш керегі жоқ, жамалдың да.
Тұрғанда олар қашпай уақытым бітіп,
Ұйқыда жатыр ем кеп жаңа алдында.

Сонда да жас көзімді басты тозаң,
Жүгірген жас баладай шаң алдында.
Қашса да сменімнен бес сағат соң,
Қалдым мен қашырғанға саналдым да.

Ұялдым өзге емес, өз-өзімнен,
Айырылып абыройдан, қаналдым да.
Айтқаны өткендердің осы екен,
"Болады, - деп, - зауалы әр қамалдың да".

Сөзіме сендіре алмай соншама айтқан,
Жазықсыз жатып алдым, қамалдым да.
Қамауда қанша уақыт қойғанменен,
Қарларды қашып кеткен таба алдым ба?

Айыптар азаматқа болар едім,
"Қашты, - деп, - тапқан куә тап алдында".
Құстай-ақ қолға түскен болып тұрмын,
Ұстаған аң терісін жаң алдында.

Дом ұзақ, дуа кеткен ордасында,
Болып тұр жақсы менен жаманың да.
Ойыма уайымнан түк келмейді,
Қалпы осы болғаннан соң заманның да.

Жиылған жұрттың сонша дайын боп тұр,
Ішіп, жер сорпасы мен наны алдында.
Есебін елдің тауып баға алмас деп,
Сөзі жоқ сөйлейтұғын наданның да.

Қайткенмен "Көппен көрген ұлы той" деп,
Ақылға айтқаны бар маманның да.
Көрінбейді еш жері артық мұндағыдан,
Үй - мүлкі, мал мен басы аманыңда.

Кеңкимей кел бәрің де, бәрі осында,
Қадырдан қатар іні, ағаңның да.
Үкімет асырайды, аш қоймайды,
Бәрін де қатын, бала-шағаңның да.

Қатардан қалайда да қалу ұят,
Болған соң түзеу үйі тамамның да.
Кеулімді кеуіп, іскен бастым, шүкір,
Аңғарып аз, көбін өз шамамның да.

Төседім төсегімді төр алдына,
Келісіп, көппен бірге там алдым да!
Жаламен жатқаныма жабырқаймын,
Сағынып соққан желін самалдың да.

Келе жатыр кезі болып босайтұғын,
Түгінің түлкі менен сағалдың да.
Болмаса өкінерлік еш нәрсе жоқ,
Электрдің жарқыраған шамы алдында.

Нансаңдар, надан едім білмейтұғын,
Жағдайын жалған сөздің, амалдың да.
Ескертіп оның үшін өтінемін,
"Ойлар, - деп, - парқын пайда, обалдың да".

Білдіріп атым менен фамилиямды,
Қол қойдым тап бұл жерге тоғардым да!

ТҮРМЕДЕ

Кір болып көйлек, ыстан қышындырды,
Бит талап, бүрге менен қысым қылды.
Көнбеске Ақ үкіміне не күшің бар,
Бәнде деп баста саған ісім қылды.

Әуелде уайымның ылайынан,
Жаратып жан кіргізіп, жісім қылды.
Көрсетіп көпке дейін кеңшілікті,
Қадірлі халық ішінде мүсін қылды.

Ойласпай ақылменен аласұрып,
Көкірек көкке өрлеп, ұшым қылды.
Сондықтан Саттар Алла қақар ойлап,
Білдіріп патшалығын, күшін қылды.

Кеңеске өкпелеудің керегі жоқ,
О баста оның жазған ісін қылды.
"Қаталық қалайда да болды" демей,
Бәрі де налып Хаққа "пысың" қылды.

Алды — он жыл, арты — бес жыл азаматтың,
Бәріне прокурор сот пішім қылды.
Азуы алты қарыс арыстанды,
Замана миуалатып мішім қылды.

Түсіріп мұндай күйге көндің басып,
Елді Алла есіркемек үшін қылды.

Біздерге болдың жиен анық, Махат,
Қай іске қылу керек сабыр, тахат.
Басыңа бақыт қонып, орнап ықпал,
Болғайсың байтаққа бас, денің сахат.

Өнері нағашыңның назым еді,
Отырса уақыты қош боп, келіп шахат.
Тұлпардай топтан озып, бәйгі алған,
Тұралар тұяғымнан болдым тоқат.

Болмаса бектен белгі болатұғын,
Өлеңнен берер едім үйіп шоқат.
Қалайда торт азамат қарасып тұр,
Қойылған аттарыңа он бес ноқат.

Ондайша ол төртеуі етпегенде,
Болуға айналып еді әлім хадат.
Құтқарып қайғы, уайым қапасынан,
Бостандық бәріне де берсін Ахад94.

Есенжол, Шегебай мен Омар, Жүсіп,
Сарқылып, санаулы өмір болды опат.
Соңында мен солардың қалғанменен,
Қалмай жүр қыр соңымнан қырсық, апат.

Жалтақтап жан-жағыма қаранамын,
Бетіне жас баладай тиген шапат.
Жарылқап, Жаппар өзі жібермесе,
Біздерде бұлқынуға болсын не қат?

"Кейіні кеніш — реніштің" бола кетіп,
Ел көрер, Иншалла, енді рахат!

Алаңсыз ағаң, Махат, қалды жатып,
Жар, досқа өздеріндей көзді сатып.
Тұрмыстың нашарлығын ойлай-ойлай,
Отырмын есім ауып, басым қатып.

Болмаса бел буулы, жең сұғулы,
Жатқан жоқ "жазаң көп" деп ешкімді атып.
Құтылсам қуанышты болар едім,
Кемді күн "түзеу үйдің" дәмін татып.

Құдайым қоянды да құтқарады,
Аузынан арыстанның ажыратып.
Нақақтан түрме үйіне тығып жатыр,
Үй-ішін нешеулердің зар жылатып.

" Алдында ашулының тұрма" деген,
Біреуді біреу жатыр босқа шатып.
Хабардар қалайда да боларсыңдар,
Батпаққа қала қойсам белден батып.

"Досыңды қиындықта сына" деген,
Біздерді тәрбиелеп тұр жұбатып.
Сөзімді осы айтқан оқып көр де,
Нұрқожа ағамызға көр сынатып.

"Ишарат ақылы барға болады" деген,
Нақыл бар, не қылайын сөзді ұзатып.

ТҮРМЕДЕ

Хат жаздым халық басқарған балаларға,
Тұс-тұсқа тұрған соң көп бара аларға.
" Алысқа ауып табан кете ме?" - деп,
Қауіп кірді бұл жиылған қараларға.

Өрбігіп, өз ойымда өрттигендей,
Айналдым жан-жағыма қаранарға.
Бақ қонып бастарыңа, ықпал орнап,
Ем боп тұр еткендерің жараларға.

"Алмаспай абаз үйін күтіп тұр!" - деп,
Кеңшілік қылыпсың бір параларға.
Солардың санар - ау деп қатарына,
Келді ағаң бақтарыңды араларға.

Алар деп ойларына үміттармын,
Кірісіп сондайынша шараларға.
Гүжімдей көлеңкелі көріп сендерді,
Қайткенмен келіп тұрмын паналарға.

Жәлеке, Жүсіп пенен Тәңкешеев,
Нұрмұрат Самарковтай даналарға.
Ескертіп екі-үш ауыз әпсанамен,
Тұрекең тоғарды осы араларға

АШТАРДЫҢ ӘБЕНҰҒЛЫ ТЫҢДА АРЫЗЫН

Аштардың, Әбен ұғлы, тыңда арызын,
Тыңдайтын азамат ең сөз тәрізін.
Жатқалы тұтқын үйде жеті ай болды,
Тауысып тамақтарын, пұл мен қаржың.

Қарасып, қамқоршылық қылып тұрса,
Бойымыз өсіп тұрады күнде саржын.
Жағдайын жүдеулердің қарастыру,
Міндетті мойнындағы болған парызың.

Аштықтан әл азайып, ақыл кетіп,
Қалып тұр ойын-күлкі етер қалжың.

АЙДАРХАН, ҚАЛАҚАЙ МЕН НАҚЫП, ТАРБАҚ

Айдархан, Қалақай мен Нақып, Тарбақ,
Тұрсындар таптан озып, өте парлап.
Біз - дағы көк тұқылдың біреуі едік,
Сыналған ерте бастан елді шарлап.

Болатын байқауымда түрлерің бар,
Арнадай ат түзетін аққан сарлап.
Иншалла, өмірлерің ұзақ болар,
Адамзат білмегенмен алдын барлап.

Сендермен кездескелі болды түрме,
Ақ отау алты қанат, алтын шарбақ.
Риза боп еткен құрмет сыйларыңа,
Батаны беріп тұрмыз тігіп бармақ.

Қашаннан халықты баққан азаматтың,
Басына бақыт қонып, дәулет дарымақ.
Көгерер жаңбырмен жер, дұғамен — ер,
Жоқ, сірә, жақсылығы жерде қалмақ.

Білдіріп бектіктеріңді мұндай күнде,
Күттіңдер, көп жасаңдар неше арнап.
Ақырын Алла өзі оңғармаса,
Жылап жүр жұрт біткеннің бәрі зарлап.

Болғандар байтаққа бас, бақыты ұшып,
Таба алмай тамсанып жүр арпа, жармақ.
Бірі — өзім сол айтқанның, сұрым кетіп,
Қырсықты құрған қақпан, салған қармақ.

Уақытта өтіп кеткен кәмпескілеп,
Кетіп еді белсенділер неше қарнап.
Болған соң тағдыр бұлай, тәбдір нешік,
Түрмеге тықты әкеліп, тағы қармап.

Тұр едім өте сасып осы күнде,
Таусылып тиын, тамақ келген қамдап.
Қарасып, қалайда да қарын тойды,
Азамат өздеріндей әлді аңлап.

"Басар, - деп, - оңға ісім", - үмиттармын,
Тұтқанмен түп етектен мені тандап.
Бәрің де кеңшілікке кездесерсің,
Қосылған қонысына қойша маңырап.

Атамыз Адам менен Хауа ана да,
Үш жүз жыл үй жоқ, күй жоқ жылады аңырап.
Ақ досты - Хабибулла Мұхтардың да,
Қалып еді қақырасы неше қаңырап.

Есіркеп ең соңында оларды Алла,
Оздырды елатынан, етіп сандақ.
Опасыз өшпу жақан болғаннан соң,
Өткенді ұнатпаймын тимей таңлақ.

Тұрмайды тұла бойын тозаң болмай,
Дүние — көптен қалған көне шандақ
Әруағы атақты ерлердің жәрдем болып,
Бір Құдай бәрінді де етсін андақ.

Шығатын қарғығандар қар бойыңдай,
Уайым ойлауымда ескі қандақ.
Қайғы етпе қалайда да, қаба алмайды,
Қолында тәуекелден тұрса балдақ.

Жайына жас біткенді қоя беріп,
Осылар әурелесейші біздей шалды - ақ!
* * *
Өкімет, құтты болсын он торт жылың,

Қылғанға қассың анық халыққа зұлым.
Кедейдің көзі ашылып, көңілі тасып,
Болып жүр бай-құлақтар ұлым - жұлым.
Риза боп еңбекшілер еңбегіңе,

Тапқай деп тілеп отыр ұзақ жүрім.
Қолға алып Қызыл туынды, қуана бер,
Жарады шабуға атты туған ұлың.
Арманың, андауымда, анық бітті,

Бағыңа бұлбұл қонып, пісіп гүлің.
Бұйырған қызметіңді бітіріп тұр,
Бай, құлақ, атқамінер болып құлың!
Дегендей "Құдай бергенге құлай берер",

Қашқындар келіп жатыр бірін-бірін.
Қорқақтың арты қопақ болып, жанып,
Бүлінді, білдіріп ап текке сырын.
Басылды бәрінің де тасқан көңілі,

Боларға бар ма уақыты ешкім қырын.
Таласып талайлармен, талқан болды,
Әркімдер әлін білмей мұнан бұрын.
Тентекке түстен кейін ақыл еніп,

Шама жоқ тұруға енді тартып мұрын.
Айрылып қатын, бала, мал-мүліктен,
Сақтаулы саясаттың жеді сүрін.
"Бостандық бізге де енді бар ма екен?" деп,

Кемпір де кеңеседі гүрің - гүрің.
Келе жатыр күннен-күнге көз жіберсек,
Көркейтіп кен дүниені күндей нұрың.
Торт жылда түгелінен бітіріңдер,

Жобаны жасап кеткен Ленин дүрің.
Басшыңның бағдарымен етіп істі,
Алатын абыройды болды түрің.
Үгітті ол турада айтылынған,

Көрді көп көңіліне балдан шірін.
Кемпір, ақсақ, шолақ, жарым жандар,
Қайғылы көкірегі, көзі — ірің.
Сонда да соның бәрі жұмысыңда,

Жууға жоқ пұрсаты беттің кірін.
Дегендей "Қырсыққан құс қырын ұшар"
Тыңдайтын тіпте жан жоқ олар жырын.
Мұндайша құтты болсын айтушыға,

Беретін "Бетін сүрт!" деп бар ма ырым?
Ел жинап үш ай, он күн "Қызылқұмнан"
Қонысқа құлатып ем жазғытұрым.
Ол еткен еңбегім де ескерілмей,

Ақыры болып кетті дырың - дырың.
Кедей ем киім, тамақ зорға тапқан,
Жамаулы, үйім жыртық қара құрым.
Ет, азық қатарымен қабат түсіп,

Бар ма лаж бұлайынша болды күнім.
Отырмыз осы тойда үмиттар боп,
Ел тегіс есітер деп қаздың үнін!

Көреді көзі жоқтар алдын парлап,
"Құдыққа қалам ба, - деп, - түсіп зарлап".
"Соқыр көп көреді" деген көне нақыл,
Айтқан сөз анығыңда соған арнап.

Сен - дағы сау болсаң да соқырдан да,
Сақ болып, сайманыңды түзе парлап.
Ұрынсаң көзім бар деп көрінгенге,
Кетуге імкәні бар біреу қарнап.

Аблықпай, асылында, өзіңді - өзің,
Қырық рет қысқа күнде қой нығарлап.
Түсетін таршылыққа түрің болса,
Кешікпей, кеңшілікке көш отарлап.

Сақтықта қорлық болмайды қалайда да,
Бақ, ықпал, абыройды ал қатарлап.

СОТТАЛҒАН АДАМҒА АЙТҚАНЫ

Ер болсаң, елатыңның көтер назын,
Таппайсың тусаң бүтін, онан жазым.
Ортаға өңшең мерген алғанменен,
Айдынның Алла сақтар қу мен қазын.

Қас бекзат қайбір іске қас қақпайды,
Қипақтап қарлар қылар бас ылажын.
Үкімет ойына алар, өкінбе артық,
Жастардың өздеріндей өнерпазын.

Басына балалардың бақыт қонып,
Бетіне үлкендердің енді әжім.
"Ереді жақсыға сөз, жаманға — шөп",
Өкпелеп, көрме ешкімнен заман сазын.

"Нақақтан солар мені соттатты", - деп,
Жалынып жаздырма, інім, маған назым.
Едәуір, андауымда, ұят болар,
Баспасам балалардың мен базынасын.

Жаралған біреу ойлы, біреу бойлы,
Бой ойсыз болмас, бірақ, абыройлы.
Ой, білім, бақ, ықпалмен байланысып,
Бос қалған сұңғақ бойлы, ұзын сойлы.

Бой ойдың бұйрығына мәз болады,
Қырық жылда бір келгендей есек ойыны.
Сынаңдар, сырттан сықақ қылмай, тыңдап,
Аралас арасында болса шойыны.

Қай кезде кім таршылық көрген емес,
Гауһарға қымбат баға толған қойны.
Деп ақын Тұрмағамбет қолын қойдым,
Болмайды қатадан құр ердің мойны.

Кетерміз күні ертең бұл жиқаннан,
Ажалдың арқамыздан тисе дойыры.

1930.

ЖОҒАЛҒАН ОРМАН ТУРАЛЫ

Айырылып отыр ағаң орамалдан,
Орамал ойыма артық қора малдан.
Желпініп жаз уақытында отырмаса,
Шошынбайды шыбын, маса қона қалған.

"Досыңды қиындықта сына" деген,
Қарттардан бұрынғы өткен жоба қалған.
Сондықтан саған, інім, сөз жолдадым,
Атақты азамат деп бола қалған.

Ағаңның айтқан сөзі аз да болса,
Арнадай айналаңды орап алған.

ЖОҒАЛҒАН ҚОЛҒАБЫНА АЙТҚАНЫ

Жоғалды, азаматтар, біздің қолғап,
Суықтан жүруші еді қолды қорғап.
Қолымды тоңғаннан соң, жеңге тығып,
Отырмын бұзып түсті, бұлттай торлап.

Азамат тауып алған әкеп берсе,
"Бай бол" деп бата берем бақыт арнап.
Бұл жаққа барлығыңдай бол сұраудар,
Көтермей көкке тұмсық, сөзім қорлап.

"Тіл алғыш, тілі епті інім ең" деп,
Қызметке қосып тұрмын сені зорлап.
Болып тұр бұл күнде ағаң бедеу аттай,
Қан түсіп аяғына, қалған шорлап.

Бермесе Алла ақырын алты алаштың,
Қайткенмен айналамды алды торлап.
Аттауға, аңлауымда, адым қысқа,
Қалайда қақ ортада қалдың сорлап.

Барар жер, басар тауың болмағансың,
Ұйлықпай үріккен қойдай құр топырлап

1931.

БІР ТҮЙІР БЕР ТЕЛЕКЕШ ТАУЫП ШЕКЕР

Бір түйір бер, Телекеш, тауып шекер,
Шекерсіз шайды, асылы, ішу бекер.
Қатынас қалайда да қылу керек,
Кең ойлы кездескен соң біздей екі ер.

Қазанда қалайда да хан сияқты,
Біз саған әрі қонақ, әрі нөкер.
Болмаса үкіметтің берген наны,
Жоқ боп тұр ылаждайтын тіпте ілекер.

Тоқбике тапсырды осы жазған хатты,
Жабықпа жүргізіп тұр арба, атты.
Кеңестің кендігінен көп үмітім,
Етер деп, Иншалла, марқабатты.

Екеуміз бір төсекке бас қойғалы,
Болып ек бір - біреуге балдан тәтті.
Сондықтан, сасқалақтап қалғандығың,
Қалайда қабырғама қатаң батты.

Отырса ұл менен қыз оң, солында,
Жатар ем күйінбей-ақ керіп шатлы.

1930.

Туысқан бізден ақпар жар мен досқа,
Аман-сау барсыңдар ма, уақыт қош па?
Қамалып Қармақшының түрмесіне,
Отырмын "Бұл қалай?" деп бостан-босқа.

Ой шіркін олай, бұлай ойқастайды,
Балықтай басы айналып болған жоспа.
Сендерге сол себептен сәлем жазып,
Жібердім Тоқбикені етіп пошта.

Беріңдер қалай - дағы ақыл тауып,
Бірігіп бір - біріңмен басты қос та.

Қармақшы, 1930

Саламат отырмысың, жаным кемпір,
Арада аса алмас бұлт, биік бел тұр.
Онда да уайымдап үміт үзбей,
Өзіңді өте бағып бапқа келтір.

Кеңестің кеңшілігін күтіп күн-түн,
Тұтқынның тілегінде талай ер тұр.
Қауышып қалайда да қуанармыз,
Дей қойса: "Үй-ішіңмен енді тең тұр!".

1930.

Осыдан ел-жұртыма барсам аман,
Қуанып, күлсе бәрі көрген заман.
Кеулімнен кетер еді-ау ұмытылып,
Осындай өткен күндер ете жаман.

Қалайда Қадір Алла қылып ең ғой,
Талайын тарыққанның баққан маман.
Менің де мақсатымды беріп тегіс,
Атақты асқар тау қыл, аумас табан.

Тас тиіп тұмсығына, тұра қашсын,
Қорқылдап келгенменен небір қабан.
Көбіне қазынаңның көз жеткен соң,
Қол қоймай, тұрайын ба тартып шабан?

Гауһар, дүр кедергісіз кетпей алып,
Қайтуым қатты ұят қой қаптап сабан.
Ұзамай осындайша болуыма,
Жалпы өткен жар бола бер, ата-бабам!

Құтқарып қиындықтың тұзағынан,
Бақ, дәулет беріп енді ұзағынан.
Көркейтіп күннен-күнге көндімді, Алла,
Кендіктің көрсет айын бұл жағынан.

Халық біткен қағып таңдай таңырқасын,
Кеткендей бір жолбарыс бұзамынан.
Қайылмын қалайда да бірлігіңе,
Шықсам да шариғаттың нызамынан

Үміт бар өтеп айыбымды дереу деген,
Күжімдей тола өсіп озамынан.

Болыңдар, балаларым, сау-саламат,
Тоқылып, тайды, атаңа бір мәләмәт.
Кешігіп, кеткенімнен, қала қойсам,
Сендерге тапсыратын бұл аманат!

Анаңның алғысын ал, күтіп таза,
Етпеңдер едірең деп, асылы, наза.95
Жағдайы, жүз айтқанмен, жоқ қой менсіз,
Ас, суда болмағандай тұзсыз маза.

Қалмасам бұл қатардан кетіп қашық,
Тұрындар қатынасып, хабарласып.
Өздерің есен-аман боп тұрсаңдар,
Несіне мұңаяйын мұның сасып.

Етсеңдер осыны, жоқ сендерге өкпем,
Ұлы той — қайғы, уайым көрген көппен.
Қалармыз қалайда да ұшырасып,
Теріп жеп тұз бен дәмді Тәңірім сепкен.

Өтіндің өлең бер деп маған, інім,
Тілінді неге алмасын ағаң, інім?
Ағысы тасты аударып кететұғын,
Бұрында болғанменен саған, інім.

Бұл күнде қамшы кесті кер бедеудей,
Баяулап, болып жүрмін шабан, інім.
Болғанмен аң құтқармас анық тұлпар,
Жегені жемсіз ылғи сабан, інім.

Қаптаған қалың топтан қыра оза,
Қалайша қағып тізгін шабады, інім.
Ойланып онда - дағы осы ретте,
Көп емес, берейін сөз шамалы, інім.

Жаңылмай жақсы түрде жаттап алып,
Етерсің аз да болса амал, інім.
Үйренсең үлгі, өнеге үлкендерден,
Бұзарсың қақармандай қамал, інім.

Өзіме өз ақылым болады деп,
Жүргендер тапқан емес қамал, інім.
Тасқындай тауды, тасты тыңдамайтын,
Жетерсің талабыңа тамам інім.

Зейілімнің жетіспеген жері болса,
Дей көрме: "бұл айтқаның жаман", - інім
Өзіме оны әкеліп оқыттырсаң,
Дәлелін неше түрлі табам, інім.

Қалайда халық құмарын қандырайын,
Кеулінде бар ағаңның, сабан білім!

Уаштың Бабай ұлы білдім сырын,
Жүретін жігіт екен жүдә қырын.
Көтеріп кеуілінді, күле қарап,
Отыру оған арам сөйлеп шырын.

Жылатып бір жас қызды, басып, шөгіп,
Етіпті іш киімін жырым-жырым.
Қайратым қатын, қызға сондайша деп,
Мақтанып көтереді көкке мұрын.

Бәрі де есіткеннің ішін тартып,
Бүрсійтті 96"Бұл несі?" - деп, беттің нұрын.
Көсемнің Лениндей арқасында,
Емес пе еді ұмытылған ондай ырым?

"Осы ісің өте ұят болды", - десем,
Суытып, сұстанады маған түрін.
Ақымаққа асы құрлы болмайды ғой,
Қайткенмен көз қызығар гауһар, дүрің.

Ұрысып оныменен жатайын ба,
Жалбақтап, жалынам да күні бұрын.
Отырам үндеместен төмен қарай,
Қайныңа күйеулердей келген ұрын.

Қойындар көтертпей-ақ тастарыңды,
"Болады", - деп, изесіңдер бастарыңды.
Келгелі кеші - күндіз күліп, ойнап,
Ішіп, жеп отырған соң астарыңды,

Келмейді, келсе шама, өкпелеткім,
Үрпитіп, үріккен қойдай шаштарыңды.
Тигендей тебем көкке болып қалады,
Қойсаңдар қағып қыздай қастарыңды.

ЖҮСІПБАЙҒА

Қадірден хат жолдадым Жүсіпбайға,
Ер едің ойы терең, тілі майда.
Сонда да себебі не, сөйлеші өзің,
Қинадың: "Қиял жаз!" - деп қысаң жайда?

Тұтылып түтін менен тозаң, шаңға,
Көрмей тұр кірбің тартып кеуіл айла.
Қарғаша қалаңда да қарқылдамай,
Бағыңа, бұлбұл болсаң, қонып сайра.

Болып тұр би мен болыс, бай мен құлақ,
Қояндай құстан қорқып жатқан сайда.
Қара нан қарны ашқан соң қанттай болды,
Жандарға жақпайтұғын ет пен шай да.

"Кейіні кеніш - реніштің" деген сөз бар,
Қайбірің қапаланбай, шүкір ойла.
Айтылған өтінішің орындалар,
Болатын бола қойсақ бұл маңайда.

"Бостандық тұтқындарға тиер - ау " деп,
Үмиттар үлкен-кіші осы айда.
Жаратқан жоқтан бар ғып жұмла жайды,
Қайткенмен іс тетігі бір Құдайда!

Көрсетер кеңшілігін кешікпей - ақ,
Жат - жұртым сабыр етіп, соғып шайла.
Қарасақ қалыбында, қайбір халық,
Болғанмен бүліншілік бұл қайда.

Дегенге дәуір келіп, ұшырармыз,
Бұзылған құралыңды қайта сайла.
Ойға алған арманыңның бітуіне,
Тілектес жар - досыңбыз жүрсең қайда.

Көркейтсе кеуіліңді Алла, ғажап емес,
Бағыңа бір топ шынар етіп пайда.
Болмайды игіліктің ерте-кеші,
Беліңді, босаңсымай, берік байла.

Дұғасы досқа достың қабыл болып,
Боларсың қуанышта әр қалайда.
Деп молла Тұрмағамбет қолын қойды,
Ала бер аттай көріп берсем тай да.

ҚАЙЫРЫЛЫ ЖҰМАШ ТҰРСЫНҒА

Қайрылла, Үмбет пенен Жұмаш, Тұрсын,
Ойға өрен, ойлауымда, көзге нұрсың.
Біз көрген үй-іш түгел, отбасы аман,
Жақсы ма жағдайларың, неғып жүрсің?

Жаным сау, жағам бүтін уақытында,
Айтылып отыратын маған жырсың.
Хатпенен қалайда да хабар білдір,
Қуантып, қандырғандай құлақ құрышын.

Есітіп үндеріңді отырмасам,
Болушы еді таңылғандай бойға бір сын.
Қатармен ойнап-күліп отырмаған,
Қызықтың біреуі емес, бәрі құрсын.

Іш күйер өздеріндей енді қайда,
Күндіз - түн кезгенменен дүние бұрышын.
Ақырын Алла өзі оңғармаса,
Боп тұрмын торға түскен тап көгершін.

Мұңымды мұндайынша сөз қылайын,
Есіткен дұшпаным күл, досым күрсін.
Тұратын төртеуің де пәрімді ашып,
Иісті бағымдағы піскен гүлсің.

Жүруге аға-інімен араласып,
Басым шақ, байқауымда бетім кірсін.
Орында екіталай өре тұрып,
Жақ болған жас кезімнен жаны ділсің.

Өтініш, осы күйде көрініңдер,
Өкініш ойдан тегіс ұмытылсын.
Жөнінен қатын, бала қам қылмаймын,
Ауыр жүк артылатын бәрің пілсің.

Ортаңда өздеріңнің отырғанда,
Ісі жоқ, бала-шаға нені білсін?
Тұрғанда халық орныңда, хан — тағында,
Ұратын ер едіңдер елдің қылышын.

Сондықтан саулықтарыңды сұрап ақтан,
"Қаулат, - деп, - халық тілеп тұр өмір ырысын".
Тартылып таланыма қалмасаңдар,
Көктемде төртеуің де тасқан Сырсың.

Аз ғана заман сазын сөз қылайын,
Десеңдер халық қызыққан сен бір сүрсін.
Тұз-дәмін домызақтың татып жатыр,
Кемпір, шал, ақсақ, шолақ, небір қыршын!

Көрсеткен кеп керемет аталары,
Атақты әулетте бар дейтін "пірсің!"
Басынан бәрінің де бақ тайған соң,
"Болды, - деп, - бұларға обал!" - кім қол ұрсын.

Болсаң да жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,
Тайса бақ, танаға өтпес бір тұғырсың.
Қалғанмен қақ айырылып құрғап, кеуіп,
Шық түссе, шығатын гүл, сен бір бүрсің.

Жетісті Жаппар Ақтан жұртқа жарлық,
Дегендей: "Азып-тозып, жан қыдырсын!"
Қалайда қайғысы кәп қуаныштан,
Болатын барлығың да бас жұмырсың.

Ерте, кеш ырза болып үкіміне оның,
Күйінбей күліп, ойнап көнсең құлсың.
Бәлеге басқа келген сабыр етсең,
Сәруарға Сәйділанам сәуіклі ұлсың!

Кепкенмен көз ажарың, күнің жауса,
Гүлдей-ақ көктемдегі қып - қызылсың.
"Сапа жоқ—жапа шекпей" асылында,
Иленіп, иіп басынды бол ымырсын.

Көрікті көп көзіне көрінесің,
Кетірсең кеуіліңнің мыс пен мырышын.
Сөзімде осы айтқан оғаш бар ма,
Белгілі білімге бай бәрің дүрсің.

1933.

ҚАЗАЛЫ ТҮРМЕСІНДЕ ЖАҚЫПҚА АЙТҚАНЫ

Жақыпжан, жудырып бер көйлек, ыстан,
Әйелді тіліңді алар тауып тұстан.
Жылы су жуынарға болған емес,
Бет, қолды бері қарай осы қыстан.

Сондықтан сатпағынан саусақ, қолдың,
Жиіркеніп жегендерін әркім құсқан.
Көрсетпей көше жүзін конвоймен де,
Кеңес тұр кейю менен, қайтпай сұстан.

Әр түрге әр берем деп, салып жатыр,
Қайратқа қатты мініп Қазақстан.
Бұл жағдай бәріне де болынып тұр,
Қарасақ хабар алып қайбір тұстан.

Ентігіп, елеңдеуді енді қойды,
Көкірек көкке қарап алып ұшқан.
Жүдетіп уайымның жүгі жұртты,
Қаусатып қабырғаны қатаң қысқан.

Үстіне жығылғанның жұдырық боп,
Арқанды жоқшылықтың арқаны ысқан.
"Сақтар, - деп, - сонда да Алла" үміткер ел,
Түлетіп томағасын тартқан құстан.

Кірмейді өңің түгіл, түсіңе де,
Сұлулар сұңқар мойын небір құшқан.
Ізіне ертелі-кеш ергеніңмен,
Опасыз, ойлауымда, дүние — дұшпан.

Сотталып алды оннан өңшең маңғал,
Бүк түсіп, түрмеде отыр болып пүшман1.
"Қамауда қапияда қалам ғой", - деп,
Қаптап жүр құмырсқадай қашып, пысқан.

Бақыт құс бастарынан көтеріліп,
Арыстан азып-тозып, болды тышқан.
Қошқардай мекіреніп, мыңы жатыр,
Зал үйде жан-жағы тор салған қыштан.

Бермесе Алла ақырын айналып тұр,
Бай, құлақ, бадырақтың бәрі арыстан.
Берекет бас болған соң болмай қалды,
Табы жат, негізі кедей нақұрыстан.

Шарт түйіп шықса елге ат құйрығын,
"Қайда,- деп, - қышылды су ?" - қыдырысқан.
Қамы үшін қатын бала, қарындастың,
Қауіп қылып, қонысынан халық жылысқан.

Жете алмай жерлеріне еңіреуде олар,
Түрткі жеп түбі бөтен жат жыныстан.
Қояннан қас мергенге қорлық жетті,
Балтасы бес атардың бұзбай пыстан.

Ерлерден ел қорғаған ерік кетті,
Сағадан сынып семсер, найза ұштан.
Жігітке жапа шекпей, сапа болмас,
Асылында, азаматтар, жеме еш қам!

"Болсын, - деп, - бектен белгі", - назым қылып,
Бұл болды бәріңе де берген нұсқам!

ТҮРМЕДЕГІЛЕРГЕ

Бектерім, божырамай белдерің бу,
Қар шөгер қайрат — асқар, тәуекел — ту.
Сабыр етіп, саясында отырсаңдар,
Құритын өз-өзінен уайым — су.

Бұлбұлдай сақардағы сайрарсыңдар,
Бақ, бостан болып бір күн айналаң ну.
Қасыңнан қуаныштың дариясы ағып,
Қаңқылдап қонар оған қаз бенен қу.

Дегендей "Жан қинамай, нәпақа жоқ",
Таң атып, тамашамен тартарсың ду.
Сабыны Саттар Хақтың — шеккен бейнет,
Деп берген: "Кемді күнгі беттерің жу!"

Үмітті, ойлы ерлерім, үзе көрме,
Кеңшілік көтеріліп кетті деп ту.
Шығарар саулыққа Алла шыбыныңды,
Оқ өтіп жатқанменен үстіңнен зу.

Тағдырға тән байламай, тыпыршылап,
Етудің керегі жоқ қой - қой тігу.
Достының Мұхамбеттей үмбетіміз,
Есіркер, қоймас халықты ішкізіп у!

Міндіріп бәріңе де бақ бедеуің,
Ұстатып қолға тізгін дегіз, ер: "Шүу!"
Үмітті осы еткен еш айламай,
Жарықтан қолдарында жарылқану.

1933.

ТҮРМЕДЕ, ЖАТЫП ТҮРМЕДЕГІЛЕРГЕ АЙТҚАНЫ

Пірмахан, болдың маған жар мен достай,
Көңілімді тұрған сайын, тұрдың қоштай.
Көркейіп көрсем сені, қалады көңілім,
Халқы үшін қазынадан шыққан қостай.

Жегілмей жеңіл, қиын қызметке,
Арқанда әрқалайда жүрдім бостай.
Жудырып кір, қоңымды бергеннен соң,
Бит, бүрге кіре алмады мені тоспай.

Ойыма бергеніндей болды оның,
Астыма - ат, белге — кемер, басқа — досбай.
Есікте ер сыйлаған отырмайды,
Туынан тіршіліктің тұрса боспай.

Кешікпей кеңшіліктің күні туып,
Кетерсің бетіңе анық болып жоспай.
Сонан соң соңындағы сауысқанның,
Қоясың өкпе-бауырын қалай оспай?

Жарылқап Жаббар Алла, жадыратып,
Халық тегіс қалмас деймін қуаныспай.
Қырық шілтен Қаусыл Қияс, Қыдыр Ілияс,
Көп жүрді көптің бауын суарыспай.

Көз жасын көптің Алла көрсе енді,
Тұра алмас суаруға шұбалыспай.
"Кейіні кеніш — реніштің" болып, халық,
Қолына қайтер дейсің ту ал ыспай ?!

1933.

ӘМИТ ҚОЖАҒА

Інім ең, атың Әмит, асылың — Қожа,
Ер едің елатыңнан шыққан оза.
Түрің бар тебе үстіне шығаратын,
Қолдаған адамыңды арқаң қоза.

Қадірі қариялардың қалды болмай,
Тондай-ақ қой терісі киген тоза.
Өзіндей ойлы ерлерден үміттар боп,
Мұқадым мойынымды соза - соза.

Бір хабар қуанарлық болмаған соң,
Адамдай ауысты ақыл ішкен боза.
"Сары алтын — сабыр түбі" деген болса,
Болудың керегі не бұған наза.

Әулеті алты алаштың араласып,
Боп жатыр бірі бөле, бірі бажа.
"Жеткер, - деп, - Жаппар өзің!" жайып қолын,
Бәрі отыр қара жерге құрып қаза.

Қалайда халық тілегі қабыл болар,
Болса да біреуінің көңілі таза.
Күніңді өтіп кеткен ойыңа алып,
Отырма түйіп қабақ, тұтып аза.

Ай мен күн орынынан туып тұрса,
Басылмай қайтер дейсің бұл даңғаза?
"Кейіні кеніш — реніштің" болып анық,
Түбінде тыным алармыз, тауып маза.

Ой, шіркін, олай-бұлай толқыған соң,
Бір сөзді бұлайынша қойдым жаза!

1935.

АЛТЫҒА

Жақсы ма жағдайларың, жаным Алты,
Арман не ер жігіттің бітсе қарты?!
Қалайда, Қадір Хақтың өзі сақтар,
Болғанмен бұлайынша заман салты.

Құтылып, қуанышты болуыңа,
Тілектес елатыңның жас пен қарты.
Тілегін Тәңірі олардың қабыл қылса,
Айналар абаттыққа істің арты.

Жана да қуанарлық хабарлар бар,
Кеуілді көтеретін болған жарты.
Қашаннан қариялардың нақылы бар,
Қай сөздің халық сүйген болмайды қалпы?

Иншалла, ікаяты болып Ақтың,
Шығарар бостандыққа жұртты жалпы.
Аттарың әр орында айтылып жүр,
Жойғансың басын иттің болған шалпы.

Айнасын кеуілімнің кір шалғасың,
Сұлу боп шыға алмады сөздің әлпі.
Деп менен осылайша айтылды кеп,
Ерлерге ел тілектес шыққан дәрпі.

ӘДІЛДІК ЖАЙЛЫ АРЫЗ

(Ахметжан Қойшығұлов жолдасқа)

Жасаңыз жолдас! Келгелі,
Болғаным жоқ жағдайсыз.
"Жақсы ма, - деп, - жай, күйің?"
Әрқашан сұрап, андайсыз.

Жарқын жүзді, жаз күнгі,
Жарқырап атқан таңдайсыз!
Кездескен соң сізге кеп,
Боламын қайтіп маңдайсыз?

Ақ, қараны ашатын,
Ақылға дихан шамдайсыз.
Жазығым жоқ жатырмын,
Қандай шара қамдайсыз?

Өтірікті айтпаймын,
Сөзіме сеніп, нанғайсыз!
Көптен бері боп жүрмін,
Бүріскен тондай, шалғайсыз.

Қор қыла бермей, қалай да,
Қатарға қосып алғайсыз.
Қыран құстай қияға,
Қайырып, баптап салғайсыз.

Жетіспеген жерімді,
Беріп жәрдем, жалғайсыз.
Мен түгіл, мұнша жұрт сыйған,
Кең салынған залдайсыз.

Қарағанда алыстан —
Асқар биік жалдайсыз!
Таңдайдан талқы кетпейтін,
Тамылжыған балдайсыз.

Әдетіңіз — әр істің,
Татауын тауып, талдайсыз.
Дейсіз де, жақтырмасаңыз:
"Негізі надан малдайсыз!"

Жақтырсаңыз, Жайқұннан,
Өткізіп салар салдайсыз!

Шымкент, 1937 ж.

Кеттің бе, ата-бабам, азып жынша,
Балаңа бір қарамай жатқан мұнша?!
Сырттағы ғайбат сөзге сенді - дағы
Енкібі етті мені борша-борша.

Болып тұр барлығы да, байқауымда,
Жүністі жалақтап кеп жұтқан нанша.
Отырмыз онда - дағы үміттар боп,
"Кеңшілік көрсетер, - деп, - мойынсұнса".

Болмады онда - дағы еш ішарат,
Көрсеткен кереңдерге иекпен ымша.
Көзден жас қиналғанда шығады екен,
Тамылжып таң алдында түскен дымша.

Орнына ой ойнақтамай, орнығар еді,
Сендерді сана көріп, көңіл тынса.
Адамның бәрі осындай бола ма екен,
Санаулы сарқылып дем, көзді жұмса?

Қозғалып қол беріңдер қалайда да,
Қаржалтты қайғы-қасірет батпақ, құмша.

1937.

- Ей, Алла, болғаннан соң рақматың мол,

Жалбарып, жанабыңа созамын қол.
Жадырап, жазығымды жарқыраған,
Ете гөр, көлеміне көз жетпес көл.
"Тілеңдер, тілектеріңді берем!" - деген,

Неше рет оқыған соң аятынды ол.
Ойымнан уайымды қуаладым,
Береді деп бостандықтан біздерге жол.
Қалайда, бел буулы, жең сұғулы,

Шынына сенгеннен соң сөзіңнің сол!

Қайбір іс, Қадір Алла, өзіңе асан1,
Қамаудан құтқарасың мені қашан?!
Орынсыз өкінішке ұшырасып,
Отырмын жүдеп-жадап, болмай нашам.

Ерте-кеш еріктіріп қойғаныңмен,
Еттім бұл: "Тентектік қып неңді шашам!"
Қайыл боп қалайда да бірлігіне,
Өзіңді ойыма алып орындасам.

Қылатын қысымшылық бар ма ертең,
Қолыма қисайғанмен алған асам.
Шек - шүбә, қайткенменен, көрінбейді,
Кеші - күн кеуіл бағын араласам!

Айыбымды өзге түрлі өтпеуіңе,
Менің көп таңырқарлық таң-тамашам.
Болғансын анық құлың азсам, тозсам,
Өзіңе қорғаламай, қайда қашам?

Табына таршылықтың төзе алмай,
Тарылып табиғатым, бітті шыдам.
Сонда да сақилығыңды Сенің ойлап,
Сияқты қайнар бұлақ қайнап, тасам.

Артықтау айтқаннан да берер - ау деп,
Қуанып қолым жайып, қойнымды ашам.
Алдыма: "Ал, онда!" - деп, үйе салсаң,
"Құлдық!" - деп, бауырыма бәрін басам!

Атыңа Кәрим деген лайық қой,
Бір емес, минутінде мың сұрасам!

1937.

БҰЗЫҚТАРҒА

Дәулетін Сталиннің шайқап, түзіп,
Жүргенмен жауыз ниет, өңшең бұзық.
Қиянат қыламын деп қолға түсіп,
Өртеніп, оттарына өлді - ау шыжып.

Қайткенмен көрінеді - ау көзіне иттің,
Боқтары бұғып жейтін майлы шұжық.
Жоқ қылған жүз мың рахмет сотқа ондай,
Ұясын жамандықтың жатқан быжып.

Татаулы ой тауып тағы бұзықтарды,
Болар еді боршаласа өте қызық.
Сондықтан: "Соңғыларға сөз болсын", - деп,
Газетке жабыла жұрт жатыр сызып.

Олардың осындайша оқтастарын,
Қолайлы іс қата қылмай қою тізіп.
Бар шығар байқағанға бірлі-жарым,
Арланып, арқалары жүрген қызып.

"Сақтықта қорлық болмайды" дегендей - ақ,
Әлі де аңлау артық сарқып, сүзіп.
Табылса тап осындай таптап, езіп,
Жоқ қылу жүдә жақсы мойнын үзіп.

Олардың ойлары ұрлау заңымызды,
Сияқты шұғылалы жауқар жүзік.

СҰЛТАНҒА

Бастырып жібер Сұлтан "батыр Самды",
Екенін аңладың ғой оның мәңгі.
Қосылып ашығымен ойнап, күліп,
Күні - түн сипалатып жатсын санды...

...Сөз жазып сол себептен, шағынамын,
Кепілге босатуға бар ма емла.
Қалайда, халық қамқоры — мамандарсың,
Пайдасы минутында тиген мыңға.

Сотталып бай, құлақтың қатарында,
Ақталып келіп едім, түсіп сынға.
Кіріп еді шаттық ойға шамадан тыс,
Шамасы, шықтым - ау деп биік шыңға.

Сонда да сона қуған инеліктей,
Жолығып, жүдеу тарттым жыңнан - жыңға!
Кез-келген көреді - тағы, лақтырады,
Қылыштай қалған тат боп, сыймай қынға.

Өткен жыл Октябрьді өткердіңдер,
Той қылып, толғанына он бес жылға!
Бақ қонып бастарыңа байтақ билеп,
Жасаңдар, боп тұрсыңдар жұртқа тұлға.

Қалайда әйел, еркек халық тілектес,
Ойлы боп өздеріндей туған ұлға.
Өзіңдей ұлт үлгерген ұл туғызған,
Рахмет Әліпыллам мим нұмға.

"Құлағын қояр - ау, - деп, үміткермін, -
Мұқият", - қалайда да бізің мұңға.

1937

ӨТІНІШ ӘЛІПІЛАМ «КЕП» ПЕН «РЕ»

Өтініш, "Әліпілам" "кеп" пен "ре",
Салдырған сардардайсың көпке кіре.
Халықтарға қамаудағы қараударсың,
Жоқтығын жағдайының жүрсін біле.

Сондықтан қатарымнан қалдым соңға,
Нардай-ақ нарау тартқан тауып іле.
Таусылып тамақ, тиын түгелінен,
Құр кеуде қалды тіпте құрып сіле.

Бір жайлы жұмыс жөні болғанынша,
Босат деп прокурордан бізді тіле.
"Жасарсын жанымдағы" деген нақыл,
Қасыңнан қанша абырой, шықсақ күле?

"Ишарат - ақылы барға" ету керек,
Қылудың қажеті жоқ ұзақ сүре.

Қалады шешеннен — тіл, шеберден — мін,
Бақ тайса ер көңіліне орнайды жын.
Сүйекке шіріп қалған шер бітеді,
Татаусыз, таршылықта сөйлесең шын.

Жалғанға жақан атты көңіл бермей,
Әрқашан абыроймен іздесең дін.
Өтпейтін қылышыңнан халық қорықпайды,
Сұлулап соқтырғанмен алтыннан қын.

"Болам, - деп, - көппен бірдей", - божырама,
Көп суыр қанша айтқанмен қаза алмас ін.
Жалғыздың жары — Құдай, жаның — сауда,
Жұмысты жұрт таңырқар ет - тағы тың.

Ұшады ер — үш қатпен, құс — қанатпен,
Таға алмас туымды ерге дос-дұшпан сын.

ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕННЕН СОҢ МИРАС ӨЛМЕК

Дүниеге келгеннен соң, мирас — өлмек,
Өлген соң, қайта айнал ып жоқ қой келмек!
Соны ойлап өз-өзімнен қайнап, тасып,
Қиялым көкірегімді кетті кернеп.

"Кейінге нені тастап кетемін?" - деп,
Ішкенім у сияқты болды кермек!
Жиырма мен жиырма бестің арасында,
Сұлулап секілді адам салған өрнек.

Отызда еш нәрсені ойламайсың,
Теңіздің толқынындай тасқан, өрлеп!
Қырықта ердің миы толығады,
Данышпан ақылдылар елді билеп.

Елу жас ердің мінсе еңсесіне,
Күннен күн кемиді екен күй мен кернек.
Өз жасым бұдан - дағы асыңқырап,
Алпысты алдымдағы қалдым серлеп.

"Қалайда қапыда өтіп кетем бе?" деп,
Кітабын "Шаһ - наманың" еттім ермек.
Өлеңмен он бір буын он ай жазып,
Бітірдім басым сипап, шаршап, терлеп.

Тексеріп тәртіппенен торт том етіп,
Казиздат баспақ болған, оқа зерлеп.
Талайлар таға алмай сын тарқап кетті,
Қолына бергенмен де: "Оқып көр!" - деп.

Тоғардым тартуым деп партияға,
Аттай-ақ аң құтқармас қойған ерлеп.
Үкімет ескеріп бұл еңбегімді,
"Пенсия бұйырып еді бұған бер", - деп.

" Айына, он да үш жүз, аласың", - деп,
Қолыма берді қағаз жазып, мөрлеп.
Бұларым ойынындай боп балалардың.
Отырмын түзеу үйде босқа шерлеп!

Он айда "Шаһ-наманы" бердім жазып,
Төрт бөліп түн ұйқымды арып, азып.
Ішінде байқағанда бар сөздері,
Шығарған сары алтындай кеннен қазып.

Бәрін де ана тілмен еттім өлең,
Келтірмей тілінен түк арап, тәжік.
Басылып тегісінен тарай қойса,
Етер еді есіткендер көп тақажжүп1.

Жатырмын әзіріне аң-таң болып,
Жүйріктей жазатайым ұрған қазық.
Кеңесіп кеулімменен көргенімде,
Осы рет өзімде жоқ ешбір жазық.

Отырмын онда - дағы көплен бірге,
Табылып таза орын, түрлі азық.
Айтамыз сағатына сансыз рахмет,
Келгелі көрмеген соң жүрек сазып,

Сонда да жас ұлғайып жасыған соң,
Тартылып табиғатым тартты нәзік.
Қалайда бір марқамат болынбаса
Түрім бар қалатұғын тіпті қажып.

1937.

ТҮРМЕДЕ

О, баста оқығансың парсы, арап,
Жазушы ем романдар оған қарап.
Ұнатып оларымды оқығандар,
Ішкендей өшіруші еді шарап.

Ондайша өнерімді есіткен соң,
Жүргенов шақырып ап, шашын тарап,
Бұйырды "Шаһнаманы" сөз қылуға,
Ойласып Мирзоянмен — ойға сарап.

Бедеудей: "Болады!"—деп басым шұлғып,
Күйіме күннен күнге түстім жарап.
Аңғарсам екен оның мазмұнының,
Әуелі — Адам ата, арты — Дарап.

Қолға алып қаламымды құрастырдым,
Ойласып ойымменен өлшеп—танап.
Әр түрлі әңгімелер бар ішінде,
Бұлттай бара жатқан көкті жанап.

Қалайша халық таңырқар болмасын іс,
Ерлердің, уақытында ондай, өңшең манап?
Фердоуси оны отыз жыл жазған екен,
Алтыннан алмақ болып неше қанап.

Өлеңмен он бір буын он ай жазып,
Бітіріп мінекей деп бердік санап.
Таба алмай татулы кеп тағысы бар,
Көргенмен әркімдер де аудармалап.

Өмірлік оның үшін пенсияң деп,
Айына берді үш жүз сом бәрі қалап.
Құлдық деп құрметіңе отырғанда,
Бұзықтың біреуіне мені балап,

Інкіба етегімнен ұстап алды,
Болды деп бұйыратын бізден шалап.
Зәредей жазығым жоқ болғаннан соң,
Айрылдым ақылымнан, ернім жалап.

Болады да бас шайқауда, бармақ тісте.
Оңына оралмаса осы талап.
Кеңестен көптің бірі - ақ барушы еді,
Гүлденген көрсетер деп келісті алап.

Жатырмыз жабық үйде жаза алмай бой,
Жылайтын жас баладай ата - аналап.
Ойлаймын осынша еткен еңбегімді,
Көрер деп көзін салып, кім бағалап?

Қайткенмен кеуілде жоқ шөлдің қаупі,
Кісідей келе жатқан көл жағалап.
Күні ертең көктемінде гүлдей жайнап,
Тарқармыз тұлпар мініп, тон жаңалап.

Себебі, сөйлеп шынын, сұнып мойнын,
Талайлар тарығумен тұр ағалап.
Есіркеп, енді ерлік етеді ғой,
Кетпесе кірген найза тым сағалап.

Шымкент, 1938 жыл.

САЛАМАТ ЖАТЫРСЫҢ БА ЖОЛДАС АБАТ

Саламат жатырсың ба, жолдас Абат,
Салынған түрме ішінде неше қабат.
Жүйрікке жүзден озған сейістер де,
Суытып, сылап-сипап жабу жабады.

Келтіріп күйіне анық алғаннан соң,
Бәйгіге, таң айырта, тағы шабады.
Ақ көңіл, ашық жүзді әр қалайда,
Сыпайы ең сияқтанған сөзі набат.

Сондықтан тілектеспіз "болғай да, - деп,
Бостандай бұлбұл сайрар салқын сабат".
Кемді күн кемшілікті көргенмен ер,
Кендіктің кешікпей-ақ кенін табады.

ТҮРМЕДЕ АЙТҚАНЫ

Ұйтқыма, ойым, енді олай, былай,
Арылар сабыр қылсаң, бастан лай.
"Кейіні кеніш — реніштің" болатұғын,
Тітіреп тұрса-дағы жұртың жылай.

Шаттықтың шыдасаңдар атар таңы,
Болады деп жабықпаңдар жаман сылай.
Сабыр етіп шыдау бұған өте керек,
Адамға әділдікке қойған қолай.

Қырығын қарық қалған соң, келсе елу,
Елеуреп, ұнамайды ойды бөлу.
Мәпелеп, баққаныңмен өзіңді-өзің,
Қалпыңа киын сауда — қайтып келу!

Ойланып ой көзімен қарағанда,
Елудің алтауын да тұр-ау өлу.
Көзден нұр, кеудеден күш кеміген соң,
Қайткенмен келмес қолдан жортып, желу.

Жомарт бар білмейтұғын барды, жоқты,
Ерлер бар ескермейтін атқан оқты.
Су сұрап іше алмайтын сүмерлер бар,
Сатпақты саусақтары, мұрны боқты.

Сабырсыз саннан да көп шамаласақ,
Шыдамай басатұғын көз бен шоқты.
Кең ойлы кемеңгерлер кем көрінеді,
Сияқты салқын сабат бір кең қоқты.

Артында азаматтың аты қалсын,
Болса да тірілікте ашты, тоқты.
"Аты жоқ, заты жоқтың", аңлауымда,
Бұл сөзім, байқаңдаршы, қалай соқты.

Сабырдың түбі — сары алтын,
Шыдаған жеткен мұратқа.
Бұл — өткендердің мақалы,
Жаттарында тұрады та.

Бейнет пен егіз рахат,
Кезекпен басқа туады да.
Қайсысы қонса бағыңа,
Қайғырмай қарсы ал, қуатта!

Бұл күнде бейнет — жолдасың
Болып тұр деп күйінбе!
Уақытша ол — қонақ,
Қалпымен тұрмас күйінде.

Қосылатын күн туар,
Туысқан, думан, үйірге.
Шат болар қатын, балдарың,
Басынды қоссаң үйіңде.

Шаттыққа мұндай кездессең,
Қайғыдан қалмас түйін де.
Қайғының арты — қуаныш,
Қапастың арты — бостандық.

Бейнеттің арты — рахат,
Шыдаңдар соған сүйін де!

Көбейіп бара жатыр тамашалар,
Біреуге біреу бәле таңа салар.
" Айтқаны әрқалайда анық қой",- деп,
Асаудай ұстап, матап таңа салар.

Ісінің ақ, қарасы ашылғанша,
Қамауда қанша уақыт қала салар.
"Жүрме, - деп, — серуендеп сен де сыртта",
Өзін де үйге әкеліп, жана салар.

Ойлаған оқ боп тиіп қиянаты,
Етіне ойсыратып жара салар.
"К...нді қисаңдамай, қысып жүр", - деп,
Кеуліне көптің кеңес — сана салар.

Қалғанмен қалың өрттің ортасында,
Су сеуіп, сені адамдар арашалар.
Онан да өзінді-өзің қыздай бағып,
Болма ақымақ әр нәрсеге бара салар.

Шымкент, 1938.

Жоқ еді пол жууға, жүдә, ебім,
Жұмысқа болмағансын бұрын жегін.
Отырмын оның үшін өтінуге,
Көрген соң әр ауданның өңшең бегін.

"Болса олай қиналмай-ақ қоя ғой", - деп,
Қылсаңдар қошеметті менен көбің.
Мақтанып мәз-мейрам боп қалар едім,
Бергендей белді бедеу сыйлап тегін.

Баянды бастарыңа бақыт қонып,
Болыңдар ұшан теңіз, ұзақ шенің.
Болынып бостаншылық, босаныңдар,
Ұмыт боп ойларыңнан өткен не күн.

Ашылар әлі-ақ, есік бостандықтан,
Күлімдеп, көсеміміз көтерсе иегін.
Қайткенмен кедей көңілін көркейтті ғой,
Капитал елдерінен алып кегін.

Қалайда халықтың қарап жағдайына,
Есіркеп етер ақыр ағын - төгін.
"Жаса!" деп ұзағынан отырармыз,
Шаттықтың шайын ішіп, шайнап сөгін.

Торт, бес ай түрме үйінде отырғанға,
"Қайда, - деп, - қамықпаңдар бізге ол күн?"
Аузынан әрбір сөзі оның шыққан,
Жайнатар жаз жауыны жердің көгін.

Шымкент, 1938.

Епсіз ем ете алмайтын істі онды,
Елудің алтауына жас та толды.
Шалдық пен шалағайлық қосылған соң,
Дұрыстап бере алмаспын жуып полды.

Ортаңа онан - дағы отырғызып,
Алыңдар алғысымды онды-солды.
Болыңдар бақытқа бай, білімге ие,
Десеңдер бұл айтқаным "болды, болды".

Көріңдер сау-саламат сәуіклі жар,
Ұл мен қыз — өздеріңнен өнген төлді.
Шат болып, шамадан тыс шалықтаңдар,
Аққудай қоныстаған айдын көлді.

Тапқандай қайнар бұлақ қуаныңдар,
Кезеріп келе жатып, кезіп шөлді.
Етіңдер ертеңгі күн ел жұртты аң-таң,
Келгендей өгіз мініп деген өлді.

Өзгеге үйрететін түрлерің бар,
Ұнамды үлгі-өнеге, жоба - жолды.
Сөз жазып сол себепті былайынша,
Анықтап аяғына қойдым қолды.

Осындай уайымға ұшыраспай,
Адамзат аңғармайды тарды, молды.
"Кейіні кеніш — реніштің" болар, бірақ,
Табиғат тарқатпаса тәннен сөлді.

Құмалақ, қорқытады, дұрыс түспей,
Ұйқыда ой түршігер керген түстей.
Қойындар онда - дағы "ол-пұл" сөзді,
Үрлеген мес сияқты кеуіп, іспей.

Күңіреніп қайткенменен кете алмас көп,
Қымызын қуаныштың қанып ішпей.
Үкімет қылар - ау деп қауіп қылма,
Киімін кеңшіліктің бізге пішпей.

Жемісі жақсылықтың тұрған шығар,
Тамылжып, тамыз түсіп, тегіс піспей.
Ашылар алақ есік бостандықтан,
Өкініп, отырғанмен бармақ тістей.

Көсемнің Сталиндей арқасында,
Баратқан болар мирас өрлеп, өспей.
Жасасын ұзағынан осындайша,
Кедейдің көзін ашты күштей, күштей,

Қадірін қалайда да біліп енді,
Бұйрығын бітірейік тынбай істей!

1938 ж. Шымкент

Дос емес, бірін-бірі мақтамаса,
Ойына айтқан сөзін сақтамаса!
Бүгін тату болса да, ертең араз,
Достығы кейбіреудің тап-тамаша!

Емеспін ойлағанда оның қолы,
Себебім "Сыртым мықты, миым толы",
Жолдастар, маған бірақ білдіріңдер.
"Мынау, - деп, - жұмысыңның жоба - жолы

Қан тұмсық қасқырларды қатырамын,
Қарасын қара жерге батырамын.
Алдымнан айқыш-ұйқыш ор келсе де,
Одақтап, ор текедей атыламын.

Ойлайтын жұрт жағдайын жолдастарға,
Бір емес неше жола "сатыламын".
Көсемнің Лениндей арқасында,
Демеймін енді өсекке шатыламын.

Үстіне ұлы шыңның шығып алып,
Ұранын Октябрьдің шақырамын!

Болыңдар сау-саламат, екі қалқам,
Сияқты ең бірің — кенже, бірің - марқам.
Бағуға бағлан қылып, күн тигізбей,
Жүруші ем жайып құшақ, болып қалқан.

Басында болғаннан соң тағдыр бұлай,
Тар тұсау тартса үзілмес, тағылды арқан.
Сонда да көремін деп үмітім бар,
Татар тұз, таусылмаса, жейтін талқан.

Үстіме ортекедей ойнарсыңдар,
Есіркеп, егер Кеңес етсе дарқан.
"Жағдайы соған дейін не болады" деп,
Ақылдың арнасының суын сарқам.

Бәйбішем, тайларыңды таза асырап,
Де де тұр ертелі-кеш: "Шүкір, алқам!".

Шымкент, 1938.

Күңіренген көз жасын көр көптің, Алла,
Босатып бәрін де ет, бағулы арда.
Өзіңді ойға алатын көрінеді,
"Осындай ой табады, - деп, - уақыттарда!"

Ойлаймын ойың үшін ортақ қой деп,
Атына Әлһісламның осылар да.
Айыптар әркімдер де болатын еді,
Бақ құсы бастарынан аумасарда.

Білген соң қаталарын, қалтыраушы еді,
Түн бойы түнегендей тоңлы қарда.
Оларды ұзатпай-ақ есіркеуші ең,
Араға апуатты тұтып пәрдә.

Мәһрүм мыңайтқан мен қалмаушы еді,
Көрсеткен кепке зиян кәждум мәрдә.
Достыңа дәулет құсын қондырып ен,
Жаулардан жасырынып кеп жауған қарда.

Қылып ең қалайда да қуанышты,
Халық қорған қызуынан қалған парда.
Қарыннан қырық күнде сау шығарып ең,
Жұтқанмен Жүністі де жайын жарда.

Солардың біздерге де беріп жолын,
Қадірлі қалайда да қыл сәркәрдә.
Кешікпей кеңшілігін көрсетпесең,
Қаптаған қалың өрттей қалдым шарда.

Ете гөр үй-ішімнің уақытын қош,
Отыртпай ұдайына ақы, зарда.
Өзімді өз теңімнен оздыр озат,
Пазылыңмен бей нәкя екі дарда.

Айыпты ал, әуезім бұл, азашы едім,
Қайткенмен Кәрим деген атың барда!

1938.

Болса аман бағындағы екі гүлің,
Божырап, бұзылмасын бұған түрің.
Иіскелеп екеуін де ертелі-кеш,
"Шүкір!" - деп, көтерде отыр көкке мұрын.

Тигені төбең көкке, тұрса ойнап
Бірі тай сияқтанып, бірі — құлын.
"Сары алтын сабыр түбі болады" деп,
Ерлердің айтқаны бар өткен бұрын.

Олардың ол айтқанын орындасаң,
Ұлғаяр он төртінші айдай нұрың.
Кідіртпей, керектерін тауып беріп,
Ойларын өсіріп тұр, сөйлеп шырын.

Болармыз сын тағылып толық жұртқа,
Боп жүрсе бойлары бит, көздері — ірің.
Келгенше сапарымнан сау-саламат,
Сол болсын мен дегенде жиған сүрің.

Қарсы алып қуанышпен қол шапаттап,
Үстіме осы болсын шашар дүрің.
Қалармыз ұзамай-ақ ұшырасып,
Кеткендей қапаланба Қытай, Үрім.

Болып тұр сау-саламат, біздің ғашық,
Күйініп "Кетер - ау, - деп, - ұзақ қашық!"
Бар шығар барар жерде баста жазған,
Кемді күн тататұғын тұз бен нәсіп.

Солардың себебімен саулығында,
Келейін көптерменен ұшырасып.
Олардың, байқағанда, бар ішінде,
Сайрайтын сандуғаштар пәріңді ашып.

Кеңесіп кеулімменен көргенімде,
Айыбым жоқ аблығатын асып-сасып.
Жоқ деген аққа зауал анық болса,
Жоқ болар қайғы, уайым ойдан қашып.

Өзің де оған дейін отың жағып,
Көз жетпес көл секілді отыр тасып.
Күндеген дәулетіңді дұшпаныңның,
Бәрі де басын сипап қалсын жасып.

Аман-сау ішіндегіні туа қойсаң,
Той жасат ойын ойнатып, шашу шашып.
Осындай оншақты ауыз өлең жаздым,
Әрқашан оқысын деп көңілін ашып.

Талайды тәрбиелеп Сәбет күтті
Кейбіреу төкті білмей "су" деп сүтті.
Кетіріп біршіліктің берекесін
Ақырында алды өзіне тілеп жұтты.

Есіткен ерлер бұған таң қалысып
Жауыздан ада-жұда үзді үмітті.
От басып ойнақтаған жас ботадай
Жайына тек жүре алмай, түлен түртті.

Кеңеске күндеушілік етемін деп
Тайдырды басынан бақ—қонған құтты.
Жауласқан ішпен, сырттан дұшпандарың,
Суырып көкке күлін, көбін құртты.

Солардың жағып кеткен оттары әлі
Жылытып жатыр шоғы сөнбей жұртты.
Данышпан көсеміміз — ұлы Ленин
Басқарған уытын тауып, қаншама ұлтты.

Көрсетіп жанға рақат жарық дүние
Серпілткен басқан тұман, қара бұлтты.
"Босат, - деп, - бейкүнәні" берер тәртіп —
"Қапаста қамалмасын, аш, - деп, - кілтті!"

Сот маған екі жылды етіп меже,
"Тат, - деп тұр, - тұз - дәміңді жүріп, кезе".
Этаппен ертеңгі күн кете қойсам,
Бәйбішем, қапаланбай отыр төзе.

Ойым бар кешікпей-ақ келем деген,
Сендерден, бара жатқан жоқпын безе!
Ойымда уайым жоқ, он айтқанмен,
Болса сау қасындағы қалған шөже.

Болат боп, болған іске божырама,
Беріп тұр тәуір киім, тауып көже.
Кеңестен бір кеңшілік болатынын,
Ел біткен осы күні отыр сезе!

Сәтті күні, сәскеде
Қауыша қалдық жанаса.
Өздерің де, бізсіз - ақ
Аз емессіңдер, санаса!

Жарық екен жайларың —
Терезесі аласа.
Тар болғанмен, тығылып
Жайласыңдар балаша.

Төңбекшітер түнімен
Қандала, бүрге таласа.
Дабыр-дүбір, ду-дуың
Той секілді тамаша.

Жайларын, жатқан берік екен
Кетпестей ешкім қамаса.
Шығарсыңдар, шыдаңдар,
Қай күні Құдай қаласа.

Қосыларсыңдар қозыдай
Анасын тапқан адаса.
Бастарыңа бақ қонып
Боларсыңдар әрқайсың

Ат түзер арна — салаша.
Азғанасынбай, алқалап
Алдарыңа алыңдар
Құйылған қымыз - шараша.

КӨП ЕКЕН КӨРГЕНІҢНЕН КӨРМЕГЕНІҢ

Көп екен көргеніңнен кермегенің,
Жақсы екен бәрінен де өлмегенің!
Болғасын атың — Адам, асылың — лай,
Бола ма басқылауға көнбегенің.

Еркі бар егіншінің тегістеуге,
Жерінің шұқыр – шоқат, доң дегенін.
Шаршатып шаруа да бас білдірер,
Аты мен атанының "жөң" дегенін.

Өзіне ұсталар да міндет көрер,
Көздігін келістіріп өңдегенің.
Болса олай, "болған іске болат болып",
Ұнайды ой-қиялды бөлмегенің.

Ақ отын ақымақ қанша үрлесе де,
Әркім де айтқан шығар сөнбегенін.
Өзің де екі бастан байқадың ғой,
Еш нәрсе уайымнан өнбегенін.

Түбінде түкті жүрек, туымды ерсің,
Табынан тайып төмен, төнбегенің.
Онан да өңің бұзбай отыр да ғой,
Бірдей боп ұзының мен көлденеңің.

Неше рет есің болса есіттің ғой,
"Шамасыз шапағаты оның мол" дегенін.
Кісінің көңіліне келіспейді,
Сырқаудай сылтауратып көнбегенің.

"Сары алтын — сабыр түбі" деген болып,
Көрерсің ісінді Хақ жөндегенін.
Осылар онда ойыңнан ұмытылар,
Толайым тілладай боп теңдегенің.

Көрсет деп кеңшілікті кешіктірмей,
Қоюлы көкіректе қол дегенің.
Ойыңа өтірік деп ала көрме,
Өткеннің: "Көп тілегі — қол" дегенін.

Қанығып қымызына қуаныштың,
Шат болып, шалықтарсың шөлдегенің.
Кешікпей кеңесте де есітерміз,
Бәрің де бұрынғыдай бол дегенін.

Қосылып Құдай қосқан қосағыңа,
Көрерсің ұл-қыз тауып төлдегенін.
Айырып, атын атап алып қалар,
"Осында, обалың жоқ, өл" дегенін.

Шыдайық, әзіріне ете берсін,
Өзінің заң мен жоба, жол дегенін.
Оларды осынша елдің сілесі ұрсын,
Күндесе Үкіметтің өрлегенін.

Қалмастан Қазақстан қолқалайды,
Сұмдарды сол сияқты серлегенің.
Себебі, қанша азамат қамауда отыр,
Аттың да ұнатпайтын терлегенін.

Көреміз күмәні жоқ, ол иттерден,
Солардың сондайынша шерлегенін!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙