Жоқ, ұмытуға болмайды!
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
Жұмекен Нәжімеденов Жоқ, ұмытуға болмайды! Жазушы баспасы
КЕЛІН
Сонау жылдар еді бұл... Күзетті аспан күңіренген ел үнін. Ел күзетті әкесі жоқ баланы, Шал күзетті жесір қалған келінін. Күзетті ана нәрестесіз бесігін, Жар күзетті күйеуінің есімін. Түн ішінде түндей қара шал қақты Кей жесірдің іштен ілген есігін. Ар күзетті туған жердің картасын, Көлін, тауын, жесірлерін, жартасын. Күзетті іні ер-тоқымын ағаның, Ай күзетті кәрі аспанның қабағын. Жатты солай талай қыс пен күз өтіп, Бұл дүние бірін-бірі күзетіп... “Сонау жыл” деп аталады ол енді! Жазсақ-тағы шаттық жайлы өлеңді; Елестетсем қара жылды, көз жасын, Әлі күнге шыдамаймын өз басым. Соғыс күлі көміп кеткен денені Көктем гүлі қайта көктеп түледі... Қасиетіңді білу үшін аяулы ел, Қасіретіңді есіме алғым келеді. Сонау жылдар еді бұл... Келін сонда дәл жиырма бес жаста еді, Ойламаушы ең қартаяр деп әсте оны. Кісі жоқта айна алдына келетін, киіп алып қызыл мақпал жилетін. Түйме орынын жаңғыртумен күнбе-күн Он саусақ та атқаратын міндетін. Қайта-қайта тарқатылып қара шаш қара бұлттай жабатұғын күн-бетін. Белгісіз бір ұят буып кейде оны, “Толысқаным – семіргенім ғой” – деді. Бірден-бірге ауырлады ол, қалды әне Бір ай бұрын киіп жүрген көйлегі. Бір қуаныш, бір қорқыныш бойды алып, Қалатұғын кейде оңаша ойланып. Күн-күн сайын үдей өсіп молайған Арылғысы келетұғын сол ойдан. Кейде алуға қызығатын ана атын, – Мұндай сезім өзіне де жаңа тым. Бірақ шалдар “қызым” десе – нұрланып, “Келін” десе – қоңырайып қалатын.
Солқ етті жер бір түні... Түтін жұтты көкжиектің құлқыны.
Сол бір сәтте жинай алмай түрды аспан Миығында қалып қойған күлкіні. Күлкі–дағы – күннен қалған бір белгі, – Күн соңында қызыл шапақ тұрды енді... Соғыс деген жалғыз ауыз сөз ғана Сұп-суық бір шеңгелімен бүрді елді. Бірінші рет жиырылды ақ маңдай, Бірінші рет елегізді ел, батқанда Ай, Жер тозаңы кетті бірден жайылып, бүкіл дүние келі түйіп жатқандай. Зірк еткізіп тепті жүрек кеудені, ышқынған жан бірінші рет “Мен!” деді. Жас келіннің жайнап тұрған жүзіне күлкі-дағы бірінші рет келмеді. Ойларынан ажырады ол жай күнгі, бірінші рет мойындады қайғыңды. Бірінші рет сүйіп еді бір жігіт, одан-дағы бірінші рет айрылды. Тұңғыш шыққан гүл секілді ырғала – тұңғыш рет жарық көрді бір бала. сол күн бұған сезім берді жаңа тым, сол күн бұған алып берді ана атын. Тез арықтап семіз өмір, тойлы өмір Қайта киді сыймай қалған көйлегін.
Бұл үй сонда – көп үйлердің бірі еді, бірі от жақса – күл алатын біреуі. Қашан көрсең – қыстырулы тұратын белдеуінде құрығы мен күрегі. Сұлтан атай әңгіме етсе нені ұйып, Ұлпа шешей тыңдайтұғын кемиіп. Айдар деген жалғыз ұлы бар еді, Жігіт еді ол да өзінше әдемі: Қошқар тұмсық, қысқа мойын, кең кеуде, бел жұп-жұмыр, сала құлаш белбеу де! Қақпақ жауырын, шалқақ біткен басы да, тек маңдайы жараспайтын жасына. Құдықшы еді колхозда ол сол жылы Ғажап еді күштілігі, молдығы. Құдық қазса қарайтын жүрт қызығып Топырағы ұшады деп тізіліп. Сөзге, сөзге шорқақ дейтін кейде ол, бірақ кезін көрмепті ешкім сөйлеген.
Бұл семья – төрт-ақ адам делінді, қоссақ егер жаңа түскен келінді. Иә, бұлар төртеу еді, төртеуі секілді еді төрт керемет ертегі. Сұлтан атай ерттей қалса сары атын, Ұлпа шешей айыл алып баратын. Келін үйден көпшік алып шығатын, Сүйтіп, бәрі бір ат ерттеп тұратын. Бір түбірлі бәйтеректей саялы – Бәрі қосып бір көлеңке жаяды. Дастарханның төрт бұрышы – төртеуі, Бұларға өмір бесеу болуды аяды. Айдар кетті... келіп еді бір адам, Ол да мұнда келе-сала жылаған. Сонымен, шал, кемпір, келін... өседі ұл – Төртеу болды тағы менің есебім.
Шағын ғана қоңырқай үй тұр дөңде, Иесі емен, бата алмаймын кір деуге. Жапа-жалғыз томсырайып тұр сол үй, секілденіп ойы сөнген бір кеуде. Түнгі ошақта бықсып қана жанады шала кебу салған тезек жаңағы. Жалын тілі жалт етсе бір... төңірек бұрынғыдан көрінер сәл кеңірек. Тым-тырыс түн қымтап алған маңайды, әлгі ошақты айнала кеп қамайды. От лау етсе – күйдіріп ап қанатын, ыршып түсіп, қайта ұмтылар қара түн. Әйтсе-дағы осы бір от жылытты ой, қарайсың кеп жан жадырап, жібіп бой, Болса да әлсіз, қалың қайғы ішінде Жылтыраған бір кішкене үміттей...
Келін отыр, бейне ашыққан адамдай Осынау бір оттан көзін ала алмай. Отқа дем-дем жақындайды ол... кенеттен өзі бірге жанатындай сол отпен. Алау сүйіп албыраған бетінен Бір қуаныш көрмегеніме өкінем! Қуаныштың бір мінезі бар тағы: ол – осындай сұлулардан қорқады. Сұлуға да тақты мезгіл сын, айып, Жүрсе де ол желпініп бір тыңайып: Көзі, бейне, шаттанудан гөрі де, Шаттықты аңсап, мұңаюға лайық... Сұлулығы секілді еді жыр ғажап, Ашқарақ көз тоя алмастай мың қарап. Ол күлсе тек – жүзіне әлгі арайлы кемпір күндеп, шал күрсініп қарайды. Оның шашын сыйпайтын тек жел ғана Сондықтан ол болды жесір, болды ана.
Көкіректің белгісіз бір дірілін қағып алып жұтып жатты кең дала. Мұның демі күйдірмеді ешкімді – Әлде бұл да салқын тартты, ескірді? Кейде еріксіз ұйып тыңдап қалған-ды Бұлтаңы көп әзілдерін шалдардың. Әзіл әсері сол сағатта-ақ кетсе өліп – Уы ойда қалар еді от болып. Неге екенін ұқпаса да, жүрді бұл Сұлтекеңнен өзге шалды жек көріп. Осы бір сәт тұнып кетіп құлағы, Жылағысы келді кенет... жылады... – Келін шырақ, асың түсір! Қи жапқан қапты ұмытпа! – Дауыстады үй жақтан. Селк етті әйел тамағында құрғады үн, жалт қарады түн жанышқан қырға бір. От сөніпті. Өкінішпен аңғарды Көз жасының күлге тамып тұрғанын.
Ұлпа шешей немересін әлдилеп, Ірге жаққа сүйенетін қалғи кеп. Ыңырсыған кеудесінен кәрінің Шығар сонда бір әдемі ән билеп: “Қоңыр қозым, мерейім, Әуедегі жалғыз Ай, Айды да алып берейін, – әлди-әлди, әлди-ай. Әжесінің тентегі, Көңілдегі ән-күйім. Тыңдайсың ба ертегі, Әлди-әлди, әлдиім. Әжең әннен жаңылды, Әлди-әлди, әппағым. Тыңдағаның әнімді – Түк түсінбей жатқаның!” “...Қалғи қойшы, бөбегім, Мен де енді қалғиын. Ағаң қашан келеді, Әлди-әлди, әлдиім. Жылқыдағы құлыным, Құраулайын, келе ғой. Әлди-әлди, шыбыным, Жұбана ғой, көне ғой. Әлди-әлди бала ғой, Ұйықта, ұйықта бөпешім. Бүгін ұйықтап ала ғой, Ертең өсіп кетесің.
Бесік тербетейін мен, Алсын сені арқалап жауға деген кегіңмен досқа деген мархабат. Шаңыраққа қарама, Кешкірсе – күн кешкірсін. Әкең туған далаға Әлди-әнім естілсін. Ұмытарсың сен мені, Ұмытқанша қалғи ғой. Бүгін де ағаң келмеді, Әлди-әлди, әлди ғой. Қой ішінде – қоңырым, Базар бардым – қалды өтпей. Жәй таппаса көңілім Неғыламын әндетпей! Ұйықтай қойшы әдемім, Әйнәләйін әушіңнан. Сенің байғұс әжеңнің Әні қашан таусылған!” – Менше, осылай жұбатады әже ұлын, Тереңдетіп маңдайдағы әжімін – Күрсіне кеп мұңдылау бір айтады ән, Бірақ, кенет... күлімдейді қайтадан.
Әже осылай әндетумен өтеді, Әже болса – ән дегендер жетеді. Ұйықтатады ұлын солай, ал өзі Кейде ұлынан бұрын ұйықтап кетеді. Қарағанын көрген емен шал налып, Қарамайтын ештемеге таң қалып – Бәрі, бәрі Алладан деп, жүрді ол Ылғи-дағы әлденеге қамданып. Бір жоқшылық шал ойында қозғап үн, Ойлатуға тырысады өз қамын. Жаны бірақ жап-жаңа боп тұрған соң Көрмеді ешкім шапанының тозғанын. Шал жүреді: “Солай ғой – деп, – бұ тірлік’ Келін жүрді: “тары бітті, бітірдік”, Сәби отыр тостағанын босатып, Кемпір отыр: “бір құдайға шүкір” ғып...
Бір нәпсінің күйі ойнайтын кеудеңде Қызыл ала тары нанын көргенде. Табақшада қамыр болып қалған ұн Сезсең іште қандай от боп жанғанын! Ұмытқаның есіңе оңай түсетін көрген кезде диірменнің жарғағын. Күзгі дала, ұмыта алман бетіңді, Суға бөккен қара талқан секілді. Қара талқан, қара талқан бір кезде қара нұр боп ойнап еді-ау бұл көзде. Қара талқан! Қасиетіңді кеш маған, Енді сені “сонау жыл” деп еске алам... Сол тірлікті – кемпір, келін, шал бағып, Аспан құсап қарайтұғын паңданып. Алдап-сулап жөнелтетін мезгілді, Және өздері қалатұғын алданып.
Сол бір жылы... жүдеп, тозып болды алап, Үзім нанды қолдар жүрді қолдан ап. Көкірегін күрсінумен күйдірді ел, ақ жүректі қара қайғы бомбалап. Көңіл алаң, нені күтсе – соны ойлап, Қонып жатты бетке әжім, самайға ақ. Қиын болды жұбандырар сөз табу, Жылататын хабар айту оңайлап. Ер өлімі сынады елдің қуатын, ел болмаса шығара алар кім атын! екі-үш адам басын қосып көрінсе Кемпір-шалдар үрпиісіп тұратын. Ышқына кеп ана зары, жар мұңы Бір жүректен бір жүрекке қарғыды. Жаралы ел бір таяққа сүйенді, Бір көзбенен жылап тұрды барлығы – қандай ғана жан қарайды жай бұған! Қайғылыдан әлі күнге қаймығам! Адамдарды теңгеруге, қосуға
Құдіретті не бар екен қайғыдан?! Көңіл айту... көңіл айту қинады Өз сұмдығын күтті әрбір үй дағы... “Қара қағаз” қара жерді тепкілеп Сұлтекеңнің үйіне де жетті кеп. Жетті ақыры бұл үйге де сұмдық күн, Жүректерге найзасындай шындықтың Қадалды кеп, Әке–шеше байғұсың Тірі жүр ме ед осындай бір қайғы үшін! Бірінші рет жасыды шал сол күні, Құмға сіңді соңғы үміттің толқыны. Көптен күтіп жүрсе-дағы бұл күнді, Жүрек байғұс сене алмады бір түрлі. Бірінші рет шалың қалды жетім боп, Бірінші рет келін қалды жесір боп. Көкейлерді бір у қарып шоқ болып Көмейлерге қалды сол у кептеліп... ...Содан кейін шәйін ішіп, бел буып әркімдер өз шаруасына кетті өріп.
О, сезімнің тамшылары, Жаралдыңдар сендер неден. Көкірегім жаншылады Көздің жасын көргенде мен. Жасқа толы ел тостағаны, Жесір ана, жан жеңеше. Жас тамшысын... қосса бәрін Көл шығар ед әлденеше... Шал мен кемпір суып қалып, Сәби алға ұмтылады. Келін жүзін ымырт шалып, Қара көзге түн тұнады. Түндей өшкен көкіректе сорлы жүрек бұлқынады. “Қара қағаз” күнде кешке қайта-қайта оқылады. Шал бекініп үндемеске, Кемпір жылап отырады. “Ерлікпенен өлді” – дейді? Мұны өлген соң кім айтпады. Көздің жасы мөлдірейді, Көздің жасы тыңайтпады. Көз жасына малшынды аспан, Жасқа бөкті сортаң далам. Мен – жазықсыз тамшы жастан, Һөм бомбыдан қорқам жаман!..
Бір көкжиек ашылады әлі алдан, Үміт сын-ды қашады ол да адамнан. Дөңгелейді, дөңгелейді дүние Қорғау менен бүлдіруге жаралған. Бір аспан тұр төбесінде даланың, Көкжиектер туады әлі жаңа күн. Бірден-бірге биіктеген сайын мен Аспанды да биіктетіп барамын! Бір жер жатыр табанында әркімнің Бір сөз тұрды қуаты боп бар тілдің. Шілдедегі шөлмен аққан бұлақтай? Өзім-дағы бірте-бірте тартылдым. Көз жасы да кебе келді қайғының, Үнсіз ғана мүжіп жатты Айды Күн... Жабыла кеп көңіл айтып жүрді жұрт Осынау бір қалған үйге бұлығып. Кемпір мен шал сәл көтерсе қабағын Келін қалар, тым құрыса, бір күліп. Күлкісі оның – кейде жанға батады, Күлкіні де ел қасірет деп атады. Жұбату сөз айта келген әр адам Бір-бір мысқал қайғы әкетіп жатады... Қалдырмаса қайғы адамды жеке ғып, Оған-дағы кетеді екен ет өліп. Әкетті енді бұл үйдің де қайғысын, Қасіретін көпшілік боп көтеріп. Жаңа күндер – әкеледі жаңа үміт, Жаңа үмітті жүрді үйдегі әр жан ұғып. Шал әзілдеп күлдіре алса кемпірін, Келін жылап жібереді “жаңылып”. Кей үйлерден көтеріліп той әні – Өмір солай өзін-өзі бояды. Сыртта сылдыр қағып аққан бұлақтар Мұңға кейде ерік бермей қояды. Өмір сүру ынтасына іштегі Қайғыны да жеңіп шығу – күш пе еді! Күн сәулесі түсті тағы бұл үйге Тірлік тағы өз дегенін істеді: Шал отырды кеудесі аппақ, басы аппақ, Немеренің қыл шылбырын шашақтап. Кемпір байғұс тұсау есіп түйеді; Келін, әне, сауып жатыр биені, – Кейде ұрланып тұңғыш ұлын өзінің Әжесінің баласы деп сүйеді. Ал, бала ше? Мұнда оның ісі жоқ, Айтады “ақыл” келінге ол да кісі боп. Ойынына жөнеледі содан соң Көк шыбықты мініп алып кісінеп. Әрқайсысы аймалайды сол ұлды
Бір көтеріп алу үшін көңілді. Келер күннің – жаңа адамның күшінен Қайғы ескіріп бірте-бірте жеңілді. Сәби солай тұр осы үйге сенім боп, Кәдімгідей жұбаныш боп, көңіл боп, Кемпір мен шал келін десе, шешесін Ол да атайды келін деп...
Оң жақта тек ақ шымылдық баяғы, Баяғыдай ақ құшағын жаяды. Келін жатыр баяғыша, түн-дағы Шымылдықтан өзгені одан аяды. Батқан жоқ қой, батқан жоқ қой Ай әлі, Ай сәулесі шымылдыққа таяды. Ай қалықтап шыққанда боз аспанға, Бар маңайды бал-тыныштық басқанда. Ұғынбады, ұғынбады еш пенде Қандай сезім оянғанын жас жанда. Көп ой оның – жүрегіне батады, Ал, бір тілек әрі қауып, жат әрі, Өңінде – осы, ұйықтап кетсе түсінде Күндізгіше егін орып жатады... Ағып барып екіндіге іркілді Ай, қалың сезім әлі жатыр жыртылмай. Құлазиды, құлазиды көкірек, Бір қызықтың көшіп кеткен жұртындай.
Үйдің іші қоңырайып тұр үнсіз, жүрек қана лүпілдейді тынымсыз. Ертең-ертең бола ала ма “бүгінсіз”, Бүгін, бүгін – неткен қатал, шығымсыз?! Бір күн ойнап денесінде, жанында, Бір от жатты дайын болып жануға. Сиқыр үнге бөгіп алған жаны оның Ашқандай ед бір музыка әлемін. Көңілі оның үн береді не түрлі. Паганини скрипкасы секілді. Осынау үнді кейде үзіп өтеді, Сұлтан қарттың күрк-күрк еткен жөтелі. Қызыл қанды осылайша қайнатып, бара жатты боп-боз болып Ай батып. Дәл осылай талай түндер өтті одан
Жоқ қой бірақ біреуі де тоқтаған? Көп түндерден бұған қалған белгі боп Ақ шымылдық тұрады тек желбіреп. Тек қана оның... жатқан анау жастанып Жастығына қалатұғын жас тамып. Өзіне-өзі дей ме екен бұл: “бір...шыда!” Бір сезімнің толқынына тұншыға, Түні бойы жесір болып ойлап ол, Келін болып оянатын күн шыға.
Анау ірге... ескі бесік... шаң кілкіп. Келін көрсе – көздің жасын алды іркіп. Керегіне жаратып ап кезінде Бесікті де кетті ме өмір қаңғыртып? Жатыр ұмыт, талай күнді тербеген бірге тозып аяқ киімдерменен. Бесіктің де беделі ұқсас өшкенге – бұл үй оны еске алар тек көшкенде. Ағаш бесік! Ұмыт болды о да енді, Бесік құны – ұмытылумен төленді. Келін байғұс ұстар оны тек, кейде Нәрестенің исін аңсап кеткенде... Бір ер-тоқым ілулі тұр төрде әне, Мықты болсаң соны ұмытып көр, кәне! бір күн тігіп, бір күн майлап, бір өңдеп, Шал жүреді сол ерді ылғи түгендеп – Бір тасадан шыға келіп қайдағы, Ер-тұрманын сұрайтындай Айдары. Кемпір жүрді, Ай ұнаса сынына Амандыққа жорып қойып мұны да. Жұма күндер “құран оқу” орнына Қарынға сап май сақтайды ұлына.
Кештіғұрым, қырға шығып ең биік, Әлдеқайда қарайтын ол ербиіп. Сол бір сәтте... табанында ананың Дөңбекшіген шығар бәлкім Жер күйіп?.. Сәби ғана күтпеді тек ешкімді, Әне, тағы күлген даусы естілді.
Күйіп-жанып тағы талай күн өтті, Бұл күн-дағы бермеді еш тілекті. Жылытпады ол кәрілерді, келінді Төсегіне тағы жалғыз түнетті. Күндерге әлгі шаттық беріп, қайғы алған Мүгедектер қайтып жатты майданнан. Үміттенгіш, ерке қыздар алдында Шынар болып жапырағын жайды арман. Әр жараның орынын бір жуады Күлкі менен көктеменің шуағы. Азап шексе бір кеуденің жүрегі, Шын бақытын жаңа тапты біреуі... Жас жігіттер мүгедек боп қалған кіл Қатарына қосылды енді шалдардың.
Өздері ерте қартайған соң “селкілдеп”, Келіншегін шақырады кемпір деп. Ең аманы бір-бір қолын, шетінен Беріпті олар көп болғандай екі жең. Сол майданда қалған қолдар бір нендей Жауларымен әлі айқасып жүргендей! Бір аяқтан айырылған жұрт қандай? “Екі аяғын бір етікке тыққандай”. Және сол кез Советтердің Одағы – Көп батырдың елі десе болады... Келді бірі жайдақ шамдай сөнгелі, Өз денесін өз жеріне көмгелі. Амал қанша, Сұлтан қарттың баласы Осылардың бірі боп та келмеді.
Көктем келді гүлін алып мың түрлі – Әй, құлпырды-ау, дүние байғұс құлпырды. Көп сұлуды көрер, әттең, көз болмай, Көп суреттер қалды қатып қозғалмай. Сұлу жар бар – сүйетұғын жігіт жоқ, Кеудесі бар – жанып тұрған үміт жоқ. Күлкісі бар – төгілмейді сылдырап, Айтары бар – қозғалмайды тіл бірақ. Қолаң шаш бар – тарайтұғын жоқ тарақ, Тек мұң жұтып бүлкілдейді ақ тамақ. Күні-түні лүпілдеген бір көңіл, Қайда барып, қайда барып тоқтамақ?! Қайда мұның тәтті күні жан қияр, Дат, тіршілік, патша-ғұмыр алдияр! Даласында түрлі түсті гүлі бар, арасы жоқ бірақ одан бал жияр... Сұлтан-ата дән ырза еді дәл бұған: Келін ғұмыры өткен емес алдынан. Бір күні қарт рұқсат айтты келінге, Қолын жайды Ұлпа шешей қалғыған. Келін сонда қарады-ай бір тарығып, Бір-ақ өшкен құсап сенім, бар үміт. Ыза шеккен жастық жалын лап етті, Кеткендей бір күкірт-қорап жарылып. Бар айтқаны: “ауырсындың ба, ата-анам?” (Шал еңіреп, кемсеңдеді кемпір құр) Төгілді-ай кеп. Ыстық тартып кетті бір Бірінші рет келін деген ат оған... Ел бір жола сол қасірет-кеселден Сенбейсің-ау, ада болды десем мен?! * Содан бері талай-талай өтті жыл, Әрбір көктем өз ауласына екті гүл. Әрбір өлік өз моласын тапты бір, ал, тірілер бөлісіп жүр шаттығын.
Сұлтан жатыр бір төбенің басында, Сол баяғы өлген жылғы жасында. Діншіл болсаң – бір сипап қой бетіңді. Кемпір-дағы сол төбеге кетулі. Жатыр екеу – оқып біткен екі том, естен шыққан екі ертегі секілді. Ал, бала ше? Бала сонау Мәскеуде, Батпайды ешкім оны әлі де жас деуге – Оқып шығып... тауды зерттеп мүлгіген, еліне аздап пайда жасап жүр білем, Сол қоңыр үй. Сұлтекеңнің тұмағы Керегеде әлі ілулі тұрады. Сөнбепті оты – келін байғұс баяғы Сол есіктен кіріп-шығып жүр әлі. Келін жақсы тұрып жатыр деседі, көп жоқшылық жоғалыпты кешегі. Өмір ғажап – көйлек те көк, көңіл көк, Көңіл болса – кетер бәрі жеңілдеп. Ешкім оның атын әлі білмейді, Атайды тек келін деп. Бүгініне дән риза деді оны, Атар таңға өзімізше сенеді. Тек кей кезде... келінім деп біреуді Оның-дағы атағысы келеді.
Келін десең – әлі алдыңнан шығады, Жүзінде ойнап жиырма бестің шуағы. Келін десең – келін емес баяғы, бір опырық кемпір қарап тұрады.
КӨЗСІЗ БАТЫР
Поэма І ...Тұр осы бір салқын жан Тесе қарап бір түрлі: бір нүктеге шаншылған прожектор сықылды. Кеңістікте ғалам бұл бір нүкте боп заулайды. Ал, жер осы адамның Бір табанында аунайды. Өтпейді ызғар табанға, – Неғыламыз ерте аяп. Жер басатын адамға Жетер еді-ақ екі аяқ. Бірақ осы солдатта Жалғыз аяқ – болғаны! Екіншісін сыйлапты Туған жердің орманы. Елу шығар жас шама, Қате бұлай түйген ой, Көз орнында... Масқара! – Әйнек тұр көк түймедей. Қарады алыс ол, әне, Қарағанмен төбеге, аспан – әйнек, көз – әйнек, Әйнекті әйнек көре ме!
Бар екенін көкте күн Жылуынан сезеді. Бұл мезгілдің көктемін Кермесе де – өз елі! Өз үйінде, Жар барын Дауысынан сезеді. Сол бір көздің жанарын Көрмеуге де төзеді?! Қарайды солай қасқайып, Кейде босап елжіреп. Әйнек-көзге жас тайып, Дөңгелейді көкжиек. Көрмесе де аспанның Бар екенін біле ме? Баяғы жар елі де Жар екенін біле ме? Келеді ол солай, біздермен Біраз жүріп қалғалы. Бір аяғын кескенмен Азайған жоқ қой салмағы?! Күн төгеді жарығын, Қайтем ақсақты аяп мен. Бәрібір... Жерге бәрібір Жүрсең де неше аяқпен... Бара бер, айлар, бара бер. Өте бер, күндер, өте бер. Аман-сау болса қара жер Бәрімізді де көтерер!
Сонау... кез... Көктем... Батыс... Жер... Күн ғана көкте түр бүтін. Алқынып жүріп атысты Ер, Таза ауа үшін бір жұтым. Іздерге қалды қан ұйып, Бұталар бірақ елгезек. Жататын дүние далиып, Бір уыс болды сол мезет, Қорғап жатыр қарысып, Денелер мұздап... ар қызып. Бір сүйем жерде секілді Дүниедегі бар қызық. О, қайран да қара жер, Тіреді ер саған табанды. Өзің де сенің жаралы ер, Таңбайсың ба жараңды?! Қара жер бірақ не білді? Қара жер қайран – қара нар. Қайыстырды-ау, беліңді! Мүгедектер мен молалар... Бұтағын мынау теректің Жанайдар отыр пана ғып. Кеудесі – үлкен бір кектің
Ұясы құсап қарайып. Көздейді ол жауды бір керім, Жылай бер, жаулар о, жыла! – Сенің сеніп жүргенің
Мылтықтың соқыр оғы ма? Кекпен-ақ атсақ болмай ма? Қан шығаруға жиіркендік... Түседі еске сондайда Құмдағы сері мергендік. Онда адам қауіп сезбейтін – белгісіз: ер кім, өжет кім. Қасқайып тұрып көздейтін Далаға шіркін, не жетсін! Ататын еді ол онда, Атуды оған үйретпе. Ататын тағы қабанды, Жабайы қаз бен үйректі. Ешқайсы бірақ олардың Бұған қарсы оқ атпады. Қарсылық бәлкім болар бұл – Түк үнсіз өліп жатқаны?! *
Бірақ... бірақ оларды Аяушы еді мерген де, тыпырлап жатқан қоянды Бауыздар жерге келгенде. Ал, мұнда ше? Жеңеді Аяудың заңы басқаша: Қиналып өлер денені Қинамай атып тастаса, Аяудың нағыз шегі осы – Оны да қияр жан қайда. Кирзі етіктің шегесі қағылды талай маңдайға. Қып-қызыл тудың күн жағын, Жел тербетіп – от өрді. ...Қасиетті соғыс туларын Қасиетті қолдар көтерді. * Бұтағын сол бір теректің Әлі отыр жігіт пана ғып. Кеудесі – үлкен бір кектің Ұясы құсап қарайып. Түтінсіз жанып тұр беті, Ашынып қатер, азаппен. Алдында тұрған міндеті – көп өлтіру аз оқпен.
Мергендер ойы – жұрт қамы, мүлт кетпеу – жалғыз тілегі. Қаншасын жаудың құртқанын Патронын санап біледі. Кектенсең шыдап жатпа сен, Отанның ұлы еңселі; Сен жауды да атпас ең, Атады бірақ ол сені. Демейсің қазір: сау қаппын, Сау қалу басқа атымен, Мергені де жау жақтың Санайтын шығар патронын? ...Есіне түсті дала. Түн! – Минуттар мұндай тым ұзын. ...Сарғайтып барып алатын Жарының тосқан қымызын. Көзге-көз біраз телміріп, – Көлге-көл әрең сыятын. Бір көзге бір көз жеңдіріп, Қымсына қымыз құятын – Ол жылдар – сонау іңірде Сол көзге батып кетті ме? Елжіреуші еді ет-жүрек... Ет-жүрек бүгін кектірек.
Ол жылдар, қалды ол жылдар, Аң атып, қымыз ішетін. О, қымыз, қандай орның бар Осында еске түсетін! Жау жатты алда, қиялдың Қымызы да емес, жар емес. Мырс етті ол... ұялды, сейіле берді бар елес. Сол күндердің жүз әнін Бір күндік соғыс жасытып Отырды ол уын ызаның Стволда ашытып. Кенет... мылтық атылды, Сілкініп қалды шөптер де, Тәтті ойды ілез жасырды Ащы түтін – көк перде. Тағы да атты, бұ да атты, Бұталар үнсіз сынады. Біреуін бұл дақұлатты, Екінші – өзі құлады...
Төсекте жатыр Жанайдар Қызарды аппақ мақта да. Көкірегі – бұрын қарайған, Көз алды – бүгін қап-қара. Байланған мықтап көзіне Түнектей мылқау бір ымырт. Көршінің айтқан сөзіне Қарайды бірақ бұрылып. Көршісі: Дидар ауылын Алады еске сағына. –Солай де енді... бауырым. Хат жазам деші тағы да. Тіл қатты солай күрсініп Жанайдар біздің – Дидарға. –Осындай ғой тіршілік, Дейді Дидар, – қиналма. Қиналмау қайда; мұны ұдай Бәрі де іштей жүр аяп. Бір соғыстың құны ғой Екі көз бен бір аяқ.
“Екі аяқ бар деп жүруші ең, Сүрінсе бірі, бірі ұстап. Енді... енді сүрінсең, Сүрінесің дұрыстап!” – Жиналды ауру басқа мұң, Мұң үшін бас та – мекен ғой. “...Сол даланың аспанын Соңғы рет көрген екем ғой, Қызыл сары – ала гүл – Терген екем соңғы рет. Қарап еді-ау, мөлдіреп Көк аспаны даланың Өкініш, үміт, арманым – Ауырсынбай-ақ көтергем. Сол даланың аңдарын Атқан екем бекер мен. Жар жүзіне саналы Аз телмірдім мен неге? Мөлдір-тұнық жанары Құйылғанша еріп кеудеме Қарай беру екен де, Бәріне де ол баста. Туған ауыл – мекенге, Жаны бірге жолдасқа. Жазғы бұлттың түсі де Ұқсаушы ед ақ мақтаға. Енді... соқыр кісіге Бүкіл дүние қап-қара! Жарқырап атқан таң нұры Түнек боп мені батырды – Сол көргенім барлығы Көру екен ақырғы...”
Шықты ол ауруханадан Өңінде емес, түсінде Келеді қайтып, жан аман Жұмсақ вагон ішінде... Міне, ол енді елінде... Үйіне кірді жігерлі: Баласы шошып шегінді, Жар шыңғырып жіберді... Оянып кетті ол. Жан-жағын Сипалап көрді тұспалдап. Содан соң ыстық маңдайын Ұстай алды қос қолдап... Тағы да біраз күн өлді Күлдерін тастап көңілге. Жазылып шықты бұл енді Түсінде емес, өңінде. “Ғұмыр шіркін жас әлі!” – ”Ғұмыр шіркін, жас әлі!” – Келмеді оған ой бөтен. Жерді ептеп басады – Ойылып кетер дей ме екен!..
Ол бата алмай тұр мұнда, Бойда қауіп не түрлі: Енді аттаса, құрдымға Құлап кетер секілді... Басты ақыры паңдана Бір мүгедек бұл жерді. Ағаш аяқ, жап-жаңа Ізін тастап үлгерді. Тұңғыш тамшы жас ақты Оның соқыр көзінен... Ол – өмірін жасапты биік етіп өзінен. * Біразға келді ол, міне, Қарт қайғысы, жас үні... Ермегі мен ендігі Өзгерді тірлік-кәсібі. Бір жүрекпен бір өкпе Шыныға берді күнбе-күн. Жүктеді темір күрекке Физзарядка міндетін. ...Шалғы берсең қолына Жайпайды көк қияқты Атыраудың толқынын Есіп жүрген сияқты... Сол жылғы еккен талы, әне – Қолындағы таяғы. Басына оның бір орман Жапырағын жаяды... Өмірді еңбек тұр ұстап, Еңбек етпеу – мол қайғы: “Күніне бір дұрыстап Терлемесе болмайды!”
Содан бері бұл жерге Жиырма қыс келіп жолықты. Жиырма рет көктеп гүлдер де, Жиырма рет қурап солыпты... Жас шағын қайтып қия ма, Жыл шіркін оның басына. Қарайсың кейде ұяла Көбіктей аппақ шашына. Көз-жанар қатып тас болды, Көңілді жуып тазартты ән. Ал, мына қалған шаштарды Мен емес пе екем ағартқан? Осындай бір ой кінәлі Бұрғызбай әнтек бетіңді, Алдыңнан ылғи шығады Қорқыттың көрі секілді... Ағарады екен шаш неге, Қара болса қайғы егер. Мына бір аппақ сәскеге Бәлкім, ақ шаш сай келер?..
Қап-қара түнде адасқан Жолаушы қонса молаға, Бір отын, мынау кең дала Жақпады деуге бола ма!.. Көрмейді ол, бірақ – сене бер, Болмасқа сену емес тек, Жылытқың келсе оны егер Өткен күнін елестет. Болса егер содан нәр табар – Азаптан басқа немене! Сол күннің жүгін арқалар Бүгінгі кемтар дене де. Орнады ма екен еске нық Қан майдан. Түтін-жабағы; Сарғыш тартқан естелік Сарғайтып уы сананы – Егіліп кейде тұрады Әйнек көзбен бұл әлі Ақпайды бірақ тамшы жас – Боласың тағы кінәлі.
“Төкпейді нұрын күн неге?.. Жатады кейде осы адам, Домаланып іргеде Бөтелкедей босаған. Кейде ызғып өтеді Кешегі жолды жаны оның. Аралап кеп кетеді Түстің сиқырлы әлемін: Құбылған сурет сан түрлі Құбылып барып кетті ұшып... Пулемет бірде алқынды Қызыл ала от құсып... Енді бірде қамады Тарғыл шаян – қаш әрі. Танктердің табаны Омыртқаңды басады... Қышырлатып құм өріп,
Жатыр, әне, бір өлік. Бейне күлдей түнеріп біреуге ажал жүр еріп... кенет... анау іргеден Екі ғажап шар тулап, Жанып ұшты бірден ол Найзағайдай жарқылдап. Келеді ағып жайымен Екі нән шар іркілдек. Жақындаған сайын ол Үлкейеді біртіндеп. Бір от жалын шарпыды. Жердің бетін жеті кез. Сол екі шар ақыры Болып шықты екі көз... Қатып қалды ол қылғынып – Жо, жоқ түсі ғой әлгі. Сонсоң бәрі ғайып боп, Ышқына кеп оянды. Енді бір күні көрсең ол Рақаттанып шынайы, Жапырақтың жел теңсеген Сыбдырын тыңдап тұрады. Тұрады кейде ол кейіп, Тұрады қатып ұзақ күн, Сонсоң қарар еңкейіп Арнасына бұлақтың. Кейде барып құрылысқа Қарап тұрып бұрқанар. Қиыршық құм ап бір мысқал Ұнтағанша уқалар... Өтуде солай күні оның, Тындырар ісі – жаңағы. Аяй көрме біреуің, Аясаң – налып қалады.
Үміті ердің сол еді, Өсіріп еді қастерлеп – Сол жылғы туған бөбегін Шығарды бүгін әскерге. Денеге мұндай, жан асыл Біте қалса сор бұ да... Өскен дейді осы баласы Жоқ аяғының орнына – Көтерді ол әке салмағын, Бір жерге түсіп кетед деп, Сонда оны бүкіл ел қалың Жүргендей еді жетектеп... Аттандырды ол өз ұлын, – Аттандырды дәл бүгін: Ап қалды бірақ төзімін – Ескі жараның ауруын.
Тыныш қой бүгін... аңдыған Құпия қауіп бар әлі: “Солдат!” – десе, алдына Мүгедектер тұра қалады. Шыдады ол жылдар сынына, Ондағы төзім-ерікті айт! Қоштасарда ұлына: “Көріп барып, көріп қайт” – Айырып мүлде болмады, Батасы, әлде, тілегі? Бір дір етіп қолдары, Бір аунап түсті жүрегі. Бұрылып ауыр денемен Кіші ұлына, жарына, Қайталады екен неге ол Жаңағы сөзді тағы да? * Шығып тұр бүрі жас талдың Адамда да осы үміт. Бейнесін мөлдір аспанның Көл алыпты көшіріп. Жастығын маңай тұр сақтап, Жанайдар ғана тұр тынып: Аға алмаған бұршақтап Көз жасындай іркіліп. Өлмеудің өзі – өрлік–ті, Өрлікті мәңгі сақта, аға, Жиырма жыл бойы көріпті Тек түнді ғана қап-қара. Ал, күні қайда?‘ Күндері Өзге аспанмен өтеді. Алмаса да жарығын, Жылуын алса – жетеді. Көзі оның, расында Тек қара түс береді. Ағарып кеткен шашын да Қап-қара ғылып көреді. Сол жылғы бір олақтық Түзелмеген секілді. Аспандағы сол ақ бұлт Әлі тұрған секілді. Ұясы ой, қызудың – Екі көз бен бір маңдай, Сонда көрген қызыл күн Әлі батпай тұрғандай. Көз шіркіннің барында Қараушы еді-ау сүйіне: Көреді ол жарын да Сол келіншек күйінде...
Жақсылықты қолдағы Көріңдерші тағы да: Көзі барға ол-дағы Бермейді ғой табыла. Тез өтеді бар ғұмыр, Тез өтпесін, тез өтсін, Жамандықтың барлығын Көрмегенге не жетсін... Келеді ол, келеді, Бұл өлкеге аты әйгі, Соқыр демей, ел оны Көзсіз батыр атайды. Жерді иіскесе таяғы, Дүр-дүр ұшып, “иманы”. Келе ме іздеп баяғы Жарылмай қалған минаны? Атталған сайын сол адым Таяқтың ұшы сұғына, Шаншылғандай болады Адамның жұмсақ миына. Басы бейне орман бір Ойлары да не түрлі. Сол соғыстан қалған бұл Тірі ескерткіш секілді. Қара, дүние, қара алға, Өзің сұлу, өзің жас! Қара мынау адамға, Ей, дүние, көзіңді аш!
СОҢҒЫ МАХАББАТ
Поэма Кәдімгі осы Алматының тау жағы, шеткерірек болушы еді аула бір, сол аулада – арасында бақшаның қос бөлмелі бір үй бар-ды шап-шағын. Бір бөлмеде – сексен жасар ана асыл Мәпелейтін елу асқан баласын. Жалғап тұрды шаштай мықты бір өмір Елу жас пен сексен жастың арасын. Тіршілігі елудегі “баланың” Табатұғын екі адамның тамағын. Бір өзгеріс әкелер деп жүрді олар Тау астынан шыққан әрбір жаңа күн, Күндер үшін өзгеріс те сөз бе еді! Бірақ оны бұл екі жан сезбеді. “Жаңалық та табады ғой жаңаны, Өзгеріс те іздейді екен өзгені” – Осынау ой орнағанша сенім боп,
Жүрек байғұс талай ойға желінбек. Сол шаштарға қырау қонды, аулада Тұр жастықты сақтап жасыл бау ғана... Сене алмас ең, сене алмас ең сен емге, Сол “баланы” тастай керең дегенге. Оның өзі бұл өлкеге гүл жапқан Келген адам секілді ғой бір жақтан? Қайдан келсе, одан келсін – бәрібір, Біздің аспан аямайды жарығын. Көзі де оның аспан түстес көк еді, Сондықтан ол көкті жақсы көреді. Бар дүние жап-жасыл боп жанғасын, Бәрі алғашта көрінді оған жап-жасыл.
Ал, екінші бос бөлмеге бір күні Жас қыз келді, көк сүңгідей кірпігі. Сыңғыр етіп төгілді кеп алғашқы үн, Содан кейін... төледі қыз жамбас пұл. Осы қыздың өзгертуі мекенін, Кім біледі, нешінші рет екенін. Осы үйге тек бірінші рет келді бұл; Көшу дегенді ұмытса да ел бүгін көшетін ол пәтерлерден пәтерге, Ғажап көріп Алматының кеңдігін. Бұл аулада басылды алғаш ізі оның, Бұл аулада бір әдемі жүзеді үн. Үй иесі алғаш рет көргендей Дәл осынау көктем елін, қыз елін. Алғаш рет бұрқылдады әтір-май, Қайтер екен, қайтер екен апырмай: Қыздың жұмыр иығынан күн-дағы Ептеп-ептеп шымшып қойды батырмай. Тағы жерге әдемі аяқ бір басты із, Әр жерге бір із тастаумен жүр жас қыз. Ауладағы жиырма жасар алма ағаш Тілі болса, дер еді оған: құрдаспыз. Амал қанша, тіл жоқ болса – құр мүлгі, Тілсіздік те ғажап еді бұл күнгі. Су алуға шыққан қыз, сол бұтаға Етегінен алғаш рет ілдірді – Сараң ғана жымиды қыз, күлгенін Жасырады – ұқпағаным бұл менің. Кім біледі, осы ағаштың бұтағы Етектерден нешінші рет ілгенін?
...Қыз бен кемпір екі есіктен жүр шығып, Бірі күлсе, бірі ортайып, күрсініп. Өтіп жатты, мынау екі бөлменің
Екеуінде екі түрлі тіршілік: біреуі айтса бұл күніне жорта сын, біреуі айтар көңлінің ортасын. Осынау бір сексен менен жиырманы Қатар қойып ойлатуға қорқасың! Бал-үмітпен өмір сүріп біреуі, Тәтті кәмпит сорғандай боп жүреді. “Ертең кімді көрер екем?!” – дейді ол Сұлулардың әуесқойлық бейілімен. Жұмысынан кейде кеш кеп осы қыз Бал-бұл жанса – жақсылыққа қосыңыз. Ал, кейде бір... қайтар жасып ол жүдеп, Ондайда оған керегі жоқ елжіреп. Қателескің келмесе егер тағы да Көп үңілме жас сұлудың жанына! Кемпір деген ұқсамаған жан бұған Жүзінде оның көлеңке бар қалғыған, Кейде оянып, қуаныштың шуағы Көлеңкені – әжімдерге қуады. Күндер жайлы ойласа егер тым жеңіл Қанағатты қайдан табар бұл көңіл! Ал, ертеңін ойлай қалса, жүрегі Тек өзінің өлетінін біледі. Біз аңсайтын ертеңді емес, кемпір бұл Өткен күнін есіне алып елтіп жүр. Есіне алса қыз болғанын бір кезде, Нұр толады осынау бір сұр көзге. Еске алады алғаш ана болғанын Жағасында жарқыраған Волганың. Еске алады талай тірі гүлді үзіп, Қыдыртқанын алақанға мінгізіп. Еркелетіп жүруші еді жүректі Ала қашып бір қызықтан бір қызық. Бірінші рет жесір бопты бұл-дағы Сонау... сонау жиырмасыншы жылдары. Жар бейнесі айналыпты өшуге Басқан іздей сусымалы құмдағы. Мезгіл – көктем, кім сүйсінбес, о, бұған! Алма ағаштар құлпырады төгіп ән. Бір шоқынып Христостан тілейді Сақта деп тек мылтықтардың оғынан. Алғы күннен бір тілегі осы оның, Бір тілегі – қалыңдату төсегін. Кейде осы тілегі де жай қалып, Кетер бәрі естелікке айналып. Күйеуі оның “ақ бандамен” болып қан, Ажалына ақырып кеп жолыққан... Ал, кешегі соғыстан да бір белгі – Көз алдына керең болған ұл келді. Кенет... қайран ана-көңіл ерсіген Қараң қалып, маңдайы тек тершіген. Соғыс еккен “жеміс” міне тұр шығып –
Тұла бойы кетті тағы түршігіп. Шыға берді ана ойынан екшеліп, Қайда барса, соғыс жайлы естелік. Соның бәрін жеңген кәрі денеде Тек естелік өмір сүріп келе ме?!
Ал үшінші! Үшінші адам – мына адам, Таза ұстағың келсе өзіңді кінәдан Бұл туралы айтпа ештеңе әзірге; Ішің пысса – көрші қызды әзілде. Болса кезің талай жанды сынаған, Көп сыныңды көтермейді бұл адам. Сырт көзге бұл дөңкиіп кеп жатады, Емен құсап дауыл күні құлаған... Бір бөлмеде кәрі анамен екеуі, Ойланса екеу – екі жаққа кетеді. Тек естелік тұрады ойда көлденең Май шам құсап жылдар бойы сөнбеген. Бірақ бұлар сонау өткен күндерге Оралады екі түрлі жолменен. Бірі оралса жесірлікпен – желекпен, Бірі оралды қанды жолмен ел өткен: ...Көрді ол өзін сол жас жігіт күйінде, Волгоград. Жазғы кештің бірінде. Бір мөлдір көз жанған мұның алдында, Бірақ оны бата алмады сүюге. Көз алдында әлі сол от тұр жанып, Бүгін де оған қарайды тек ұрланып. Сүюге әбден барған жүрек батылы, Сүйем деуге бата алмады ақыры. Ұшқын түссе – сезім деген жанар май, Әлі де ол бір лап етіп қалардай. Сана шіркін сол күндерді – суретті Жылдан жылға сүйрей-сүйрей кірлетті. Сол бір қызға аша алмаған бұл сырын Көлденеңдеп ұят деген қырсығың. Махаббатқа кіріс берсе екі көз, ал, жүректің төлейтіні бір шығын... Тағы, тағы... елес келді сан қилы: Өртенді орман... түтін исі аңқиды. Көк аспанда күміс шыбық жүр көлбеп... Мылтық оқтап жатыр біреу күйбеңдеп... Көрді өзін құлаған үй орнында, Өлді досы... тірі жүр ғой ол мұнда? Өмір, енді дәл осындай жандарды Естелікке қор қылма! Көрді өзін... аянышты-ау ендігі Ол үшін бұл дүниенің кеңдігі.
Ажылдап кеп жарылған жау бомбасы – Бұл үн оның естіген ең соңғы үні. Тына қалды асау дүние сол кенет, Дала жатты моп-момақан дөңгелеп. Атпайды ешкім – құлады анау шалқалап, Ернін қозғап болады өзі сөйлемек? Бір ақ тымық дүниеде тұрды бұл Біліп қана мынау дел-сал тірлігін... Алғашқы ажал алмай кетті, алайда Алғашқы ақ шаш түсті сонда самайға. Көрді өзін осы мылқау күйінде Ақ шатырдай аурухана үйінде. Дәрігердің қимылдаған ернінен Бір күш тауып алғашқыда сергіген. Ал, кейін ше? Кейін серги алмады, Сергітпеді сұмдық шындық салмағы – Дәнеңе емес, дәнеңе емес қалғаны. Көрді өзін Алматыда – көктемде, Қалт сүйеніп қалған күйі кетпенге. Көрді өзін ішінде осы ауланың, Аптап болып асылғанда тауға күн. Ақырында бәрі болып түс мүлде, Көрді ол өзін төсегінің үстінде. Тірі отыр ғой – тындырмасын, тындырсын, Құлақ керең – аясаң тек бір күрсін. Осынау жан өткен күнін өзінің Нешінші рет еске алғанын кім білсін?!
Ал, жас қыздың көңілінің тоқтығы – Мұның ондай еске алатын жоқ түгі. Сондықтан да күледі ол әдемі... Тек күлуге жаратылған жан еді. Көз жасымен күлкісі ылғи аралас, Ой дегенің тегінде оған “арам ас”. Осы ауланың болды ол Айдай жалғызы, Ай секілді қара қасты ақ жүзі. Бұдан әрі айтып кетсек жарамас Толып біткен ақ балтырын жалаңаш. Күлсе – тұрар көкірегі алқынып, Қос балапан ауық-ауық талпынып, Қырық бұрап құйқылжыған денені, Әне, бақта – гүлге жүзіп келеді. Кешкі самал-жел тербеген ақырын Гүл саусағы қытықтайды тақымын. Бірін тістеп, бірін жұлып гүлдердің, Сүлулығын тонайды ол да бұл жердің. Гүлге түссе – құлпырады көзі мың Жасыра алмай жастық шақтың сезімін. Туған жердің гүлімен де ол дәйім
Сұлулығын толтырады өзінің. Сұлу болу қайткенде де арманы, Арман-дағы бұдан әрі бармады. Осы ғажап сұлулығын жас көңіл Кімге ғана арнады! – Қарайсың кеп терезедей тесіле, Қарамасаң – көз беріпті несіне. Қарайсың кеп... кейде айтасың жорта сын Ал, мақтауға әйеліңнен қорқасың...
Бұл қыздың да соғыс жұтқан әкесін, Әке қазір бұл қыз үшін жат есім. Әкесінің болғаны үшін, кейінгі Кешірмейді шешесінің “қатесін” – ...Таршылықтың күндерінде кешегі, Бір шал алып сол бейшара шешені, Әлі күнге әлдекімнен қызғанып, Ауық-ауық таяқтайды деседі. Төрт жыл болды қыз кеткелі сол үйден, Ойласа – ой бар, ойланса тек кемиді ол. Төрт жыл болды сол бір сорлы ананың Көрмегелі байғұс жүзін мөлиген. Мұның бәрі ой болар еді – ойласа, Тек сұлу ғып бермесе өмір бойды аса. Сұлулық та болады ойға көп кесел, Жанмен емес, көйлегіңмен көктесең. Мұның бәрі бітсе әсіре әйелге, Бұдан асқан ақымақ жоқ әлемде. (Кінәламан, кінәламан, жап–жасыл Сұлулардың бақыты мен бақшасын. Күлгеніңді көрейін тек, қарағым, “Құдай” мені ашуыңнан сақтасын!) Тым құрыса, ойлар еді-ау бір түні ол, Ырық берсе жүрек шіркін кілкіген. Кейде бірақ жылайды ол, артынша Сол көз жасын кептіреді күлкімен.. Бір аулада тұрды осындай үш адам, Бір қолдың үш саусағына ұсаған. Үшеуі оның – үш дәуірдің куәсі. Кемпір – кәрі, оған сірә сын бар ма, Бір күн қосып үш дәуірдің арасын, Келеді әлі сонау өткен жылдарда. Бір күн өлшеп тұрды үшеудің санасын Бірақ олар өзінше ойлап, жұтады, Әрқайсысы өз кезінің ауасын. Соғыс қана сау қоймапты ешбірін, Бәрінің де төлегені – тек шығын. (Соғыс, соғыс! Ана – жесір, әке – өлді, Өртенді үйлер – жеңдік бірақ жат елді. Соғыс, соғыс! Ұлы жердің үстіне
Қанша қырсық, қанша бақыт әкелді) Бұл үш адам бір аулада болса да, Бір-бірінен алыс еді соншама. Үшеуіне бірдей қарап тұрды күн, Сол күн үшін сыйлады олар бір-бірін. Бір Алматы – үшеуінің мекені, Үшеуіне жалғыз көктем жетеді. Тек үшеуі – үш өңешпен жұтады Жеміс берсе алма ағаштың бұтағы. Сонысымен асырды олар қадірін. Сонысымен... ұтады. Балауса – қыз келе жатса су алып, Кемпір байғұс қарайтұғын қуанып. Қарайды кеп... Осы қызды әр күні Сүйсінудің қызуымен шарпыды. Ал, кейде бір мынау кәрі жүзде, алыс Оянатын болар-болмас қызғаныш. Қарайды ана, қарайды оған тағы да, Өтіп кеткен өз дәуренін сағына. Осы қызға әр қараған сайын ол Бір саяхат жасайды жас шағына. Ойы қандай мынау керең адамның? Әзірінше жұмбақ нәрсе маған бұл. Сонда-дағы... біле алмаған әлі ешкім Адамдардың құпиясына әуеспін. Құпиясын өзі айтса егер ол маған, Ұстамаған болар еді қол қалам... Нені ойласа – оны ойласын, мен мұны Көшіремін өлеңіме ендігі.
Кетпен жатыр сол есіктің алдында Керең отыр терезеде, ал мында Сол қыз жүрді бұлт-бұлт етіп кір жайып Секілденіп толқындағы бір қайық. Кетпен тұрды бұрылыста сүйеніп, Керең тұрды ойға тола тиеліп. Кетпен жатыр үй алдында шалқалап, Керең отыр қорғасын-ой арқалап. Жас сұлу жүр тағы да сол кір қағып, Ту сыртында қос көкшіл көз тұр жанып... Керең кенет күбір етті – не деді? Оқыс бұрып оңтайсыздау денені Жылдам басып үйге кіріп келеді. Кірін жайып, қыз да кетті үйге еніп, Бір үнсіздік шалқып тұрды күй болып.
Қызыл көйлек... сонда қызыл тамшы ағып Бүкіл аула тұрды сол сәт тамсанып. Көйлек-тағы ойлар ойлап не түрлі Егіліп кеп жылап тұрған секілді. Енді... енді қызыл көйлекте жаңағы Қос көкшіл көз бір-бір шоқ боп жанады. Қос ұшқын-көз қойып кетер секілді. Қойып кетсе – ойып кетер секілді. Келесі сәт ойша пішіп тұл-көңіл, Бос көйлектің ағытты ойша ілгегін. Әлденені үлкен қолдар шеңгелдеп, Әлденеге жетті көңіл телмеңдеп. Қызғылт көйлек құлпырады сәулемен, Мен дайынмын, кел-кел деп. Қай биікке шығып кетті бұл көңіл?! – Қайта салды ол ағытқан көп ілгегін. Естіді ол кенет... көкті жаңғыртып Әлдекімнің сақылдап кеп күлгенін. Жо-жоқ керең... естімейді ол тіпті, Бір шараптың қуатымен елтіпті. Ой адасып тұманында нәпсінің, Бір сезімнің ыстығымен ентікті. Сонсоң... сонсоң қалжыраған көзбен жай, Бір қарады: айтылмайтын сөз қандай! Өртеп кетті, өз-өзінен жаншылып, Сезім уын гүлге септі тамшы ғып. Енді бір сәт... өлі-сыйқыр көйлекті Алдына әкеп, “тірілтіп” ап сөйлетті. Тағы, тағы... кетіп еді бой балқып, Басқа бір жай тастады оны ойлантып...
Кейде керең күнге күйіп түнеріп, Жүруші еді сол аулаға гүл егіп. Түрлі түсті гүл егеді қол мына Әрбір күрек топырақтың орнына. Кейде ыза боп, шабыттанар не көңіл Оқығандай соңғы жазған өлеңін. Гүл ұстаса ол – ұстағандай болатын Әлгі қыздың күрең-қызыл көйлегін. Гүл егеді, ексе-дағы кім үшін, Тамшы тері-мен қосады тынысын! Жерге – ертеңгі өмір үшін белсенді Егеді ол махаббатын ең соңғы... Тап сол сағат... көрші бөлме... айнада Миығынан күледі қыз жай ғана.
“Әнеу күні-ақ бұйралатқан шаш қара” Тап осыған ұсап туған бір оймен Алақанын ақ бұғаққа тірейді ол. Содан кейін тез ұмытып бұл жәйді, Бір ән салып – оны өзі тыңдайды. Әрі қойып, бері қойып айнаны, Шашын ақыр қызған сыммен байлады. Атып тұрып, бұлтыңдатып бөксесін Бір қимылға салып көрді қайдағы – Еш уақытта күтпеп еді тап мұны: “Мына жұртқа сұлулықтың жоқ құны!” Бұртитты аузын, кейітті ме кім білсін Денесінде өзгерістің жоқтығы. Түк таппады – жұрт не десе о десін, – Қазып көріп тырнақтың да көбесін. Бір жымиды алдындағы айнаға Түгел тінтіп болғаннан соң денесін.
Ей, сұлулық! Қазынамен сендегі Толтырар ем мынау шағын бөлмені. Амал қанша: өзгеге бай табиғат Маған оның жұрқасын да бермеді. Бұлтартпайды бұл жүректі матап ап Бір салқындау Сұлулық пен махаббат. Сұлулық пен достық егіз – екі есім, Бұл дүниенің бар қарымын өтесін. Кейбір кезде жылылықтың жердегі Бәрін қосып махаббат деп кетесің. Гүл өскенде төсін жарып тастардың, Мен сонда бір өмір болып басталдым. Жыр іздедім жүрегінен темірдің, Миығынан күлкі көрсем аспанның. Еркін ағып кетпей жатыр жыр әлі Секілденіп Алатаудың бұлағы. Көктемдер мен махаббаттың тұрағы – Жасыл дала жанарыма тұнады... Сұлулықты көрген сайын, өз елім, Саған деген махаббатым сеземін!
Ей, сұлулық! Сенің атың сүйкімді Құйылады музыка боп бір түрлі. Маған біткен екі көз бен құлақ та Сұлулықтың ыдыстары сияқты. Сұлулық та өтеді ғой – қиын-ақ, Құлақтарда бір ғажайып күйі қап. Сұлу көрсем – байып қалам, ажарын Қос жанарға сыйғанынша құйып ап. Құлағымда мың құбылып толқыды үн. Теңіз-үннің: жағасында мен тұрмын. Селт етіп бір қарағанға не жетсін. Сыңғыр еткен үнін естіп шолпының. Ал, құлағы жоқ адамдар кеш білді Құлақ емес, екі көзбен естуді. Көзі олардың нені көрсе үлгеріп, Сезім оған үлгереді үн беріп... Сондықтан ол естіп жүрді, бұл керім
Көрші қыздың сыңқылдап кеп күлгенін. Ақ шашты ана – ескі жолдың тармағы, Тармақ әкеп жаңа жолға жалғады. Аштық, азап, күйік, қаза, таршылық, Таршылықпен көктеп еді әр шыбық. Осы жолмен шұбырыпты қайғы да, – Әлі жатыр қоңырайып сай мына. Жетіпті әрең бұл күнге жол жіптей боп, Тармақтардан айырыла-айырыла. Бүгін – баймыз, айтпасақ та жетеді, Сол жол бүгін – ана болып кетеді. Сол күндердің анаға еткен, “еңбегі” – Қиық шытты қалдырмайды жердегі, Қиқым-нанның обалынан қорқады, Жамау тікпей отырмайды қол тағы. Ал, ұлы ше? – Бұл-дағы бір тармақ жол, Сол жолға түс, біраз жүріп барған бол. Ер атағын жер-әлемге жайған бұл Окобына көз тастасаң майданның. Баяғыда-ақ өліп кеткен жоқшылық, Басына оның тұр бір уыс шөп шығып... Одан бері өткен күн де бұл көрген Сарғыш бетті естелік боп үлгерген! Бірақ жылып үлгерген жоқ іш әлі, – Сонда өзі де тас мүсінге ұсады. Бұл жалғыз ед, екеу болып жүрсе де, Бұл жалғыз ед, нешеу болып жүрсе де. Сөйледі ол айдалаға, бірақ та Қайтқан жауап естілмейді құлаққа. Кімде-кімнің естімесе құлағы Бұл әлемде ол жапа-жалғыз тұрады! – Жо-жоқ бізде болмақ емес тіпті олай, Жалғыз болар кейде бұлттан шыққан Ай. Адам жалғыз бола ала ма мына елде –
Жыр іздедім жүрегінен темірдің, Миығынан күлкі көрсем аспанның. Еркін ағып кетпей жатыр жыр әлі Секілденіп Алатаудың бұлағы. Көктемдер мен махаббаттың тұрағы – Жасыл дала жанарыма тұнады... Сұлулықты көрген сайын, өз елім, Саған деген махаббатым сеземін! Ей, сұлулық! Сенің атың сүйкімді Құйылады музыка боп бір түрлі. Маған біткен екі көз бен құлақ та Сұлулықтың ыдыстары сияқты. Сұлулық та өтеді ғой – қиын-ақ, Құлақтарда бір ғажайып күйі қап. Сұлу көрсем – байып қалам, ажарын
Қос жанарға сыйғанынша құйып ап. Құлағымда мың құбылып толқыды үн. Теңіз-үннің: жағасында мен тұрмын. Селт етіп бір қарағанға не жетсін. Сыңғыр еткен үнін естіп шолпының. Ал, құлағы жоқ адамдар кеш білді Құлақ емес, екі көзбен естуді. Көзі олардың нені көрсе үлгеріп, Сезім оған үлгереді үн беріп... Сондықтан ол естіп жүрді, бұл керім Көрші қыздың сыңқылдап кеп күлгенін.
Ақ шашты ана – ескі жолдың тармағы, Тармақ әкеп жаңа жолға жалғады. Аштық, азап, күйік, қаза, таршылық, Таршылықпен көктеп еді әр шыбық. Осы жолмен шұбырыпты қайғы да, – Әлі жатыр қоңырайып сай мына. Жетіпті әрең бұл күнге жол жіптей боп, Тармақтардан айырыла-айырыла. Бүгін – баймыз, айтпасақ та жетеді, Сол жол бүгін – ана болып кетеді. Сол күндердің анаға еткен, “еңбегі” – Қиық шытты қалдырмайды жердегі, Қиқым-нанның обалынан қорқады, Жамау тікпей отырмайды қол тағы. Ал, ұлы ше? – Бұл-дағы бір тармақ жол, Сол жолға түс, біраз жүріп барған бол. Ер атағын жер-әлемге жайған бұл Окобына көз тастасаң майданның. Баяғыда-ақ өліп кеткен жоқшылық, Басына оның тұр бір уыс шөп шығып... Одан бері өткен күн де бұл көрген Сарғыш бетті естелік боп үлгерген! Бірақ жылып үлгерген жоқ іш әлі, – Сонда өзі де тас мүсінге ұсады. Бұл жалғыз ед, екеу болып жүрсе де, Бұл жалғыз ед, нешеу болып жүрсе де. Сөйледі ол айдалаға, бірақ та Қайтқан жауап естілмейді құлаққа. Кімде-кімнің естімесе құлағы Бұл әлемде ол жапа-жалғыз тұрады! – Жо-жоқ бізде болмақ емес тіпті олай, Жалғыз болар кейде бұлттан шыққан Ай. Адам жалғыз бола ала ма мына елде – Қабағыңды аш, Қайсар досым, түнерме.
Керең жалғыз болар еді,
көзі оның көрмесе егер өз ортасын, өз елін. Соқыр жалғыз болар еді, бір елі Ажыраса өз елінен жүрегі. Сене қалсаң жалғыздық бар дегенге Ол жалғыздық – ұйқасы жоқ өлеңде...
- *
Қыз да өзінше жол секілді бір тармақ, Сұлу дейді қыз көңілін жұрт алдап. Үйренсе егер әйелдердің қулығын Қыз да өзінше жол секілді бұлтармақ. Бұл да өзінше әзіл ғой бір, солай ма? Жүзіңді көр, сыйлап тұрмын қол-айна. Сүйкімділік... сүйкімділік жасасын, Бұ заманда сұлу болу – оңай ма!!!
Кетем деді бір күні қыз үйге кеп, Содан кейін ол-пұлдарын сүйрелеп, кетем деді, қайда деген сұрақты ешкім оған бермеген де сияқты. Кемпір бір сәт омырайып тұрды да Үй алдына шөге кетті бұрлыға. Керең тұрды – шошынып өз-өзінен Әлденені күтіп үрей көзімен. Дүниеге болса да қыз жарлы бұл Сыймай кетті жиған кезде барлығын. Осы кезде иті кіріп көршінің Жалап жатты табақтағы ас қалдығын. Аттанды қыз, шықты, әне, ауладан, Бірге шықты әйнек-күлкі, қайран ән. Үй алдындағы алма ағашы манағы, Ауық-ауық басын изеп қалады... ...Үш жол еді, бірі кетті алға асып, Ал, екеуі қалды үзіліп, шаң басып. Үш әңгіме – ескірсе де екеуі, Біреуі енді... бұзып-жарып өтеді... Керең тұрды алға екі-үш аттап, Алдындағы бос ауаны құшақтап. Ол – тірлікте тағы да бір жеңілді, Тұрды сол сәт тас-мүсінге ұсап қап.
Жүзіне оның үңілді ана – не білді? Кенет... кенет қатты шошып шегінді... Табылар ма осыны ұғар жан емге, Осынау бір көңілді, кең әлемде, Керең тұрды қыз басқан ізді аймалап, – Өй, тағдыр-ай, мұның сенің қай мазақ?! Ал көшеде шал қутыңдап, жас ойнап Алматының жазы жатты масайрап. Гүлдер жүзін сыйпап өтсе күй желі, Шуақ ерні ұмсынады сүйгелі – Кім сүйдірер? Алғашқы ма, соңғы ма Бұл сұрақты қалдырамын орнына. Өлеңнің де осы шығар біткені, Бұл бітпесе – басқасынан күт мені. Қоям енді жұдырықтай нүктені.
ҚАНДЫ СҮТ
Айта алмаймын қай қалада болғанын, Әйтеуір бір Ана болды – сол мәлім. Әйтеуір бір жер мен аспан арасын Мекен еткен – өзің тауып аласың. Сезер болсаң түтін иісін, дәрі иісін, Мезгілді де, Ананы да танисың. Құлағыңа естілсе егер бомба үні – бұл оқиға болған еді сол жылы. Жүрегімді тағы... тағы тырнады Қасірет пен қайсарлықтың жырлары.
Екі сәби, жас Ана. Жылжып барып Күн де түсті тасаға. Селдір-ымырт үйдің ішін тұр сүзіп Тұр мелшиіп екі жетім босаға. Бір бұрышта ұлы Тарас, ұлы Абай Қарайтындай әлдекімді кінәлай. Сәбилер де осы ымырттай тым-тырыс, отыр үнсіз нан сұрамай, жыламай. Жаяды Ана су шұлғау мен етігін, Жылынады – сүйіп, құшып екі ұлын. Кеткен еді күйеуі алыс орманға, Бүгін, міне, жеті күн. Бір бұрышта темір төсек, қос адам қажетінен біржолата босаған, Сол төсекке жатпағалы бел шешіп, түсті Ананың еңсесі. Шар-айна бар – көрері ылғи күлкі еді, Оның-дағы жүзіне енді мұң толды. Иіс майдың қорабына шаң басқан қарайды Ана – көздің жасын іркеді.
Қарайды Ана ілулі анау қамшыға. Жас тамшысы, тамшылайды – Мұндай сәтте даласына Қазақтың Ойша оралу да – азап бір: Ері – жаңсақ естімесем тегі мен Келген екен Қазақстан жерінен. (Оған-дағы болыпты енді талай жыл,– “Талай” дегеннен басқа, Бір санды дәл айта алуың – неғайбіл. Ала кепті ол төрт өрмелі қамшыны, Және мынау сүгіретін Абайдың). Содан бері украиналық Катяны Өзінше өңдеп Қарашаш деп атады. Сол жас жігіт – әлгі Ананың жары еді, Әкесі еді қос сәбидің әдемі. Еркек кіндік атаулыны жау атып, Кеткен кезде ыза-кекті оятып, бір топ адам сол бір кекті қорғауға ‘ қара түн боп сіңген еді орманға. Күнде олар жас Анадан жаңағы ыстық дәм мен суық хабар алады...
Жамырады үн көше жақтан шу шығып – Отырды Ана әр тал шашын тыңшы ғып, Терезеге, төсегіне қарайды, Қорқыныш пен ыза-кекке тұншығып. – Ауық-ауық күрсінсе Ана үзіле, Екі сәби жалт қарайды жүзіне. Бір-бірінің іреңіне өзгерген Қарады олар үрей толы көздермен. Дабыр-дүбыр болып кетті үй маңы. Атып тұрып Ана үй-ішін жинады. Қос сәбидің жұмбақ толы көңілін Жұмбақ Ана үнсіздікпен қинады, – Қалай ғана тез жинады ол үй-ішін, Әрең-әрең алып жүріп тынысын? Шам жақты әне. Айна алдына барды өзі... Бұл сәндену – керек бопты кім үшін? Тек темірдей жүзі ғана сазарған, Бір сұмдықты көргендейін көзі алдан. Тосын пенде ойлар еді, әйтпесе, Жары келе жатыр ма деп базардан. Міне ғажап: тұрды бір сәт таранып, Қасын аздап бояп қойды қара ғып. Содан кейін күлген болды жай ғана Қос сәби мен бұрыштағы айнаға – Екі сәби көңілденіп боп қалды, Енді бірде “мама” деуге де оқталды.
Амал қанша, бітті осымен бар шаттық Барлығы да бір жымиып тоқталды. Ана тұрды жасайтындай бір айып, Айна тұрды өз орнында мұңайып. Ана жүзін арпалыс-ой талқандап, Екі сәби қарады енді аң-таң ғап. Осы сәтте қақпа алдына толды бір Жат адамдар, темір тақа, мол дүбір Көтеріп ап жат сөздерді, жат желді Мұздай ауа әппақ боп лап берді...
Бір офицер қалайы үнмен шаңқ етті, Жаңғырықты оған да өз кеудесі. Содан кейін күліп тұрды жылтырап, Маған сенсең – сол күлкіге сенбеші! ...Қарсы келді кек пен кек, Найзалар да, еріндер де, көкпеңбек. Қан көгеріп кеткен бе – Нұр-жарық та кетеді екен көгеріп Қарсы келсе кек пен кек! Әрең-әрең шыдады Ана көрмеуге Үрейленген екі ұлды. Тісін ашса Украина – құпия аузынан түсіп кетер секілді. Шыдады Ана – соның бәрі кек пе еді! Тек бір тамшы көздің жасы жосылды...
Ол да бірақ далаға ағып кетпеді – Ақ Жайық пен Днепрге қосылды... Қасарды Ана тергеді көп жау қамап, Мылтықпен де, айламен де аймалап, Бір басылып, кекті жау бір өрленді, Біреуі кеп әзілдеп те көрді енді: Айтсаң – дейді, – партизандар мекенін, Аман-есен Берлинге алып кетемін. Ол жаққа да керек боп тұр әдемі ұл, Сүйеміз біз коммунистің әйелін. Мамық жастық, жібек кілем – бар бәрі, Бәрі, бәрі – әйелдердің арманы. Ақ төсіңді жылытқан соң бұяқты Ұмытасың жылы пеште ұйықтаған Ерке-құйрық бала мысық сияқты. Мұндағыдай кенеп көйлек кимейсің, Ақ арақ пен азиатты сүймейсің. Атар таң мен батар күнің – мен болам, Сені алдаймын, саған өзім де алданам...
“А, солай ма? Жем екем-ау тегін мен, Топас дүние бұған шейін не білген?
Ыстық еді жарымның да құшағы, Бірақ, бірақ ол-дағы Ыстық емес жауға деген кегімнен! Әрі тартшы, сасық екен тұмсығың, Әйтпесе азды, Көлеңкелер аласарып барады Ал, адамдар маңдай терін дегдітіп Тыныстайды кек жұтып. Су-ызғарды сезбес болып кетті жұрт, Әрбір аяқ өз шұлғауын кептіріп. Өмір тұрды көлеңкенің үстінде, Көлеңке ме, әлде бәрі түс мүлде?! Мен ол түннен көрген емен ешкімді, Тек бір ауыр алған демдер естілді... Жауларға да пана керек болғанда, Жалын болып ұмтылып ед орманға – Ала алмады, жаға алмады бәрі бір Ормандардың қоңыр ала ағынын. Орман, орман! Өртенді де, оталды, Орман бірақ қорғап қалды Отанды. Батырлары, жақындары, ен елдің Тамырындай тереңдеді еменнің. Орман тұрды тыныштыққа тиеліп, Жау ұстаса – алды қолын күйе ғып.
Жаралы орыс құламады сол күндер Орманына сүйеніп! Орман-аңқау, орман-қайсар: ол әрі Партизандар моласы да болады, Панасы да, анасы да болады. Көтер, орман, рухыңды жоғары! Жел де шалқып орман жақтан соғады! Әрбір бұтаң тұрса бір–бір күй іліп, әрбір көңіл қарады оған сүйініп. Орман тұрды, жауға деген бұл елдің, Қабағындай түйіліп. Түтін-дағы орман жақтан шығады Іздесең сен сол күндерге куәні, Ол да – орманда. Орман, орман ұлы орман, Орман жақта бір жаңғырық жүр әлі... Қалай айтсам болар екен дәл мұны, – Көзім менің қос сәбиді аңдыды. Түс көрсе олар – сияр ма екен ақылға,– Сыйса егер... мынаны айтып жатыр ма?! “Тоңдырды ғой таңы күздің,
Күздің таңы – сары ала. Кірледі ғой жанымыз бұл, Кірледі ғой жаға да”. “Көр, көр, балам, көр тағы да Тірі жанға немене! Мола болып жорта мына Жатқаным жоқ төбеде. Қайырымсызбын, маған бүгін Түспейді күн шуағы. Көрші-қолаң жағаңды, ұлым, Бір күрсінсе – жуады”. “Ашпыз қазір – кінәміз не, Қор болдық-ау, әй, тегі. Сол күнгідей мына бізге Бір қарасаң қайтеді?” “Бір түгілі, жүз қарар ем, Көтере алман денемді. Сол бір түні мұздаған ем, Жылынбаспын мен енді. Бәрін әлі таниды ішім, Мола деген – құр атақ. Байтақ жер мен арың үшін Өлген де бір – рахат!” “Болса рахат аяшы, ана Бізді-дағы ала жат. Атымызды бір атасаң, Біздер үшін – қанағат”.
“Қинамашы жанды, балам, Бәлкім сөзің шын шығар. Күн-күн сайын саудыраған Сүйегім құр сырқырар”. “Аударайық тасты үстіңнен, Бір емізші, жан–анам”. “Емізер ем, ақ сүтіме Араласты қара қан”. “Таста әйтпесе қырды мына, Ауламызға барайық. Біздің үйдің орнында Күл қалыпты қарайып”. “Бара алмаймын, енді өзіме Қарап қалған молам бар. Мейірімді ел көзіне Тамшы жас боп тараңдар. Бүкіл дүние өзге күнмен Сендерді де еншілер. Жәутеңдеген көздеріңнен Кім аяса – сол сүйер...” Жарқ-жұрқ етті бір найзағай – жанды бұлт, Лау етті де артынша ол да болды ұмыт. Туған дала қарқылдап кеп күлді бір, Көкжиекке соқты толқып жаңғырық.
Тағы қайта кетті мүлгіп әлем құр, Бірте-бірте ымырт түсті санаға. Дәл осы сәт сәбилері әр елдің Үнін қосты қасиетті Анаға... Немен ғана жұбатар ем көңілді, Жаудың оғы анаңды атса қолдағы? ...Адам деген қойса егер өлуді, Қайғыруды қояр едім мен-дағы! Таң көтерді боз торғайын жыршы ғып, Күн қарыны қара жерді тұр сызып, Әлдеқайда бомба түсіп, тараса үн, Біреу жатыр ызылдатып арасын Тақтай тіліп, қағып-қағып қалды әне Көтеріп ап біреу ауыр балғаны – Өсірсе Отан бір перзентін күш біліп, Бір перзенті шылым орайды ысқырып, Біреуі әне, табақ алып жүр шығып... О, атыңнан айналайын тіршілік!
...Екі сәби қалды солай пана ғып Көрші көше, қайырымды шал, аула ішін. Қалай ғана көтерді екен балалық Сол күндердің шын қасірет, қайғысын! Көк аспанға тұнған түтін жабағы Секілденді қара орманның қабағы. Екі жетім түк түсінбей қалады Жасқа толса әлдекімнің жанары. Бір жылы жүз еркелете қараса, Бүкіл дүние көрінеді тамаша. Шын күлкімен күлсе шіркін адамдар, Күлкі бұзбас қандай ғана қамал бар! Күншуақпен жадырай бер жер өңі, Жан шуағы тек күлкімен келеді. Болса адамда титтей ғана жылылық,
Оны өзгеден сәби бұрын көреді. Көрінсе егер жадыраңқы бір маңдай, Күллі дүние күлім қағып тұрғандай. Шын бейілін берсе біреу балаға, Сол бала үшін көңілденер бар ана. Көзі барлар! Бұл тірліктің жүзіне Одан әрі кеп тесіліп қарама... Екі сәби көрші аулада жүр солай, Күтті екеуін ақшыл тартқан бір самай. Жүрді үш өмір бір аулада күнұзын, Үшке бөліп қара нанды бір үзім. Үшке бөлді төсекті де зар илеп Үш бөлінді бір адамның жүрегі. Үшке бөлді, үшке бөлді бәрін де, Тек қайғыны арқалады біреуі. Сол бір адам, бурыл самай шал адам Талай рет бір ерлікті қалаған. Талай рет жіберсе де намысын, Тірі жүр ол мынау екі бала үшін. Күзетеді жау қоймасын күн-түні, Көз жанарын күзеткендей кірпігі. Мынау екі сәби үшін күледі, Әйтпесе ол да ұмытар ед күлкіні. ...Қалғып кетсе күндіз аула ішінде, Жау қоймасын өртеп жүрді түсінде. Сенбес еді... сенді бірақ ел оған, Екі титтей жетім бала үшін де. Сенді адамдар, Украина сенді оған, Екі жетім үшін түнде тоңбаған.
Сенді оған болмас еді сенбеуге Үш бөлінген үзім нанды көргенде... Сол үш адам бірге жатып жүрді ұдай, Қосты үшеуін бір үзім нан, бір құдай. Мұржасынан шыққан түтін кешқұрым Күңгірт көкте бұралады бұрғыдай. Бір бөлмелі кішкене үйді сол тұрған Үш тіршілік үш үмітпен толтырған. Бұдан өзге мүлік тапсаң ол үйден Алты көз бар; бір-біріне мөлиген. Адамды өмір тек қайғымен сынай ма, Қайғыра алса – қайысар ед құдай да. Ер Ана мен бұзылған үй мұрасы – Екі жетім, екі сурет, бір айна... Айна тұрды бәз қалпында баяғы, Көріп тұр ол қос сәбидің жанарын; Көріп тұр ол қабырғаға сүйеніп, Өлсе-дағы құламаған Ананы. Көріп тұр ол, көрмеуге онда жоқ шыдам,
Қан мен сүтті араласып шапшыған. Көріп тұр ол сол бір іңір мезгілін, Сөніп бара жатқан Ана көз нұрын. Көріп тұр ол, жасыра алар ол несін Тағдыр оған тек көруді бергесін. Көріп тұр ол сол бір ымырт қабағын, Кекті Ананың қайсар біткен кеудесін... Көріп тұр ол, өшпейді одан бәрі де – Шашын тарап қарайды Ана әлі де – Осы сурет қатып қапты айнаға, Енді соны... Жуар екен тағы не?!... Көз жас па әлде, күлкі ме әлде, кім білер, Келер күнге қарайыншы – дүрбі бер, Күліп тұрып жақсыншы Ана бояуын – Мен айнамды жарқыратып қоямын!.. Бір бұрышта Абай, Тарас, тұр ойлы: Тиеп алып батырлық пен үрейді, Сол ымыртта құламаған Ананы Әлі де олар сүйейді. Ашпайды олар, ашпайды тек қабағын, Тұлданса да тудырмайды жаңа әнін. Ілулі тұр қақ төрде сол қамшы да, Қайратындай қасиетті даланың...
Байтақ Отан, бақытты аймақ, кең мекен, Сені осынау жырларыммен тербетем. Жетім жапырақ, кепкен бұта, жесірің, Еске келсе ескі күнің – несі мін! Таңғы сәуле: таудан аққан ақ бұлақ, Тынып қалсам – толқыта гөр қаттырақ. Кешегі күн болат киген сұр елді Тыныштық пен Жарық қорғап тұр енді! Мылтық бомба... ұмыттым мен дәл оны, Сен де ұмыт, адамзаттың әлемі. Бірақ еске салар оны, там-тұмдап Жүрген жандар таяқ ұстап, қалтылдап, Жеңдік қой біз, сақтадық қой елді аман, Сол кез қазір секілді әсте болмаған. Дала жасыл, қып-қызыл боп жатыр бақ, Жеңген елдің рухындай лапылдап. Анда-санда ойшыл ана құр қалып Қояды тек жасын төгіп, ұрланып. Басқа дақтың бәрін жуды сәуле-өзен Сәбилердің күлкісімен бірге ағып...
КЕЛІН
Сонау жылдар еді бұл... Күзетті аспан күңіренген ел үнін. Ел күзетті әкесі жоқ баланы, Шал күзетті жесір қалған келінін. Күзетті ана нәрестесіз бесігін, Жар күзетті күйеуінің есімін. Түн ішінде түндей қара шал қақты Кей жесірдің іштен ілген есігін. Ар күзетті туған жердің картасын, Көлін, тауын, жесірлерін, жартасын. Күзетті іні ер-тоқымын ағаның, Ай күзетті кәрі аспанның қабағын. Жатты солай талай қыс пен күз өтіп, Бұл дүние бірін-бірі күзетіп... “Сонау жыл” деп аталады ол енді! Жазсақ-тағы шаттық жайлы өлеңді; Елестетсем қара жылды, көз жасын, Әлі күнге шыдамаймын өз басым. Соғыс күлі көміп кеткен денені Көктем гүлі қайта көктеп түледі... Қасиетіңді білу үшін аяулы ел, Қасіретіңді есіме алғым келеді. Сонау жылдар еді бұл... Келін сонда дәл жиырма бес жаста еді, Ойламаушы ең қартаяр деп әсте оны. Кісі жоқта айна алдына келетін, киіп алып қызыл мақпал жилетін. Түйме орынын жаңғыртумен күнбе-күн Он саусақ та атқаратын міндетін. Қайта-қайта тарқатылып қара шаш қара бұлттай жабатұғын күн-бетін. Белгісіз бір ұят буып кейде оны, “Толысқаным – семіргенім ғой” – деді. Бірден-бірге ауырлады ол, қалды әне Бір ай бұрын киіп жүрген көйлегі. Бір қуаныш, бір қорқыныш бойды алып, Қалатұғын кейде оңаша ойланып. Күн-күн сайын үдей өсіп молайған Арылғысы келетұғын сол ойдан. Кейде алуға қызығатын ана атын, – Мұндай сезім өзіне де жаңа тым. Бірақ шалдар “қызым” десе – нұрланып, “Келін” десе – қоңырайып қалатын.
Солқ етті жер бір түні... Түтін жұтты көкжиектің құлқыны.
Сол бір сәтте жинай алмай түрды аспан Миығында қалып қойған күлкіні. Күлкі–дағы – күннен қалған бір белгі, – Күн соңында қызыл шапақ тұрды енді... Соғыс деген жалғыз ауыз сөз ғана Сұп-суық бір шеңгелімен бүрді елді. Бірінші рет жиырылды ақ маңдай, Бірінші рет елегізді ел, батқанда Ай, Жер тозаңы кетті бірден жайылып, бүкіл дүние келі түйіп жатқандай. Зірк еткізіп тепті жүрек кеудені, ышқынған жан бірінші рет “Мен!” деді. Жас келіннің жайнап тұрған жүзіне күлкі-дағы бірінші рет келмеді. Ойларынан ажырады ол жай күнгі, бірінші рет мойындады қайғыңды. Бірінші рет сүйіп еді бір жігіт, одан-дағы бірінші рет айрылды. Тұңғыш шыққан гүл секілді ырғала – тұңғыш рет жарық көрді бір бала. сол күн бұған сезім берді жаңа тым, сол күн бұған алып берді ана атын. Тез арықтап семіз өмір, тойлы өмір Қайта киді сыймай қалған көйлегін.
Бұл үй сонда – көп үйлердің бірі еді, бірі от жақса – күл алатын біреуі. Қашан көрсең – қыстырулы тұратын белдеуінде құрығы мен күрегі. Сұлтан атай әңгіме етсе нені ұйып, Ұлпа шешей тыңдайтұғын кемиіп. Айдар деген жалғыз ұлы бар еді, Жігіт еді ол да өзінше әдемі: Қошқар тұмсық, қысқа мойын, кең кеуде, бел жұп-жұмыр, сала құлаш белбеу де! Қақпақ жауырын, шалқақ біткен басы да, тек маңдайы жараспайтын жасына. Құдықшы еді колхозда ол сол жылы Ғажап еді күштілігі, молдығы. Құдық қазса қарайтын жүрт қызығып Топырағы ұшады деп тізіліп. Сөзге, сөзге шорқақ дейтін кейде ол, бірақ кезін көрмепті ешкім сөйлеген.
Бұл семья – төрт-ақ адам делінді, қоссақ егер жаңа түскен келінді. Иә, бұлар төртеу еді, төртеуі секілді еді төрт керемет ертегі. Сұлтан атай ерттей қалса сары атын, Ұлпа шешей айыл алып баратын. Келін үйден көпшік алып шығатын, Сүйтіп, бәрі бір ат ерттеп тұратын. Бір түбірлі бәйтеректей саялы – Бәрі қосып бір көлеңке жаяды. Дастарханның төрт бұрышы – төртеуі, Бұларға өмір бесеу болуды аяды. Айдар кетті... келіп еді бір адам, Ол да мұнда келе-сала жылаған. Сонымен, шал, кемпір, келін... өседі ұл – Төртеу болды тағы менің есебім.
Шағын ғана қоңырқай үй тұр дөңде, Иесі емен, бата алмаймын кір деуге. Жапа-жалғыз томсырайып тұр сол үй, секілденіп ойы сөнген бір кеуде. Түнгі ошақта бықсып қана жанады шала кебу салған тезек жаңағы. Жалын тілі жалт етсе бір... төңірек бұрынғыдан көрінер сәл кеңірек. Тым-тырыс түн қымтап алған маңайды, әлгі ошақты айнала кеп қамайды. От лау етсе – күйдіріп ап қанатын, ыршып түсіп, қайта ұмтылар қара түн. Әйтсе-дағы осы бір от жылытты ой, қарайсың кеп жан жадырап, жібіп бой, Болса да әлсіз, қалың қайғы ішінде Жылтыраған бір кішкене үміттей... Келін отыр, бейне ашыққан адамдай Осынау бір оттан көзін ала алмай. Отқа дем-дем жақындайды ол... кенеттен өзі бірге жанатындай сол отпен. Алау сүйіп албыраған бетінен бір қуаныш көрмегеніме өкінем! Қуаныштың бір мінезі бар тағы: ол – осындай сұлулардан қорқады. Сұлуға да тақты мезгіл сын, айып, Жүрсе де ол желпініп бір тыңайып: Көзі, бейне, шаттанудан гөрі де, Шаттықты аңсап, мұңаюға лайық... Сұлулығы секілді еді жыр ғажап, Ашқарақ көз тоя алмастай мың қарап. Ол күлсе тек – жүзіне әлгі арайлы кемпір күндеп, шал күрсініп қарайды. Оның шашын сыйпайтын тек жел ғана Сондықтан ол болды жесір, болды ана. Көкіректің белгісіз бір дірілін қағып алып жұтып жатты кең дала. Мұның демі күйдірмеді ешкімді – Әлде бұл да салқын тартты, ескірді?
Кейде еріксіз ұйып тыңдап қалған-ды Бұлтаңы көп әзілдерін шалдардың. Әзіл әсері сол сағатта-ақ кетсе өліп – Уы ойда қалар еді от болып. Неге екенін ұқпаса да, жүрді бұл Сұлтекеңнен өзге шалды жек көріп. Осы бір сәт тұнып кетіп құлағы, Жылағысы келді кенет... жылады... – Келін шырақ, асың түсір! Қи жапқан қапты ұмытпа! – Дауыстады үй жақтан. Селк етті әйел тамағында құрғады үн, жалт қарады түн жанышқан қырға бір. От сөніпті. Өкінішпен аңғарды Көз жасының күлге тамып тұрғанын. Ұлпа шешей немересін әлдилеп, Ірге жаққа сүйенетін қалғи кеп. Ыңырсыған кеудесінен кәрінің Шығар сонда бір әдемі ән билеп:
“Қоңыр қозым, мерейім, Әуедегі жалғыз Ай, Айды да алып берейін, – әлди-әлди, әлди-ай. Әжесінің тентегі, Көңілдегі ән-күйім. Тыңдайсың ба ертегі, Әлди-әлди, әлдиім. Әжең әннен жаңылды, Әлди-әлди, әппағым. Тыңдағаның әнімді – Түк түсінбей жатқаның!” “...Қалғи қойшы, бөбегім, Мен де енді қалғиын. Ағаң қашан келеді, Әлди-әлди, әлдиім. Жылқыдағы құлыным, Құраулайын, келе ғой. Әлди-әлди, шыбыным, Жұбана ғой, көне ғой. Әлди-әлди бала ғой, Ұйықта, ұйықта бөпешім. Бүгін ұйықтап ала ғой, Ертең өсіп кетесің. Бесік тербетейін мен, Алсын сені арқалап жауға деген кегіңмен досқа деген мархабат.
Шаңыраққа қарама, Кешкірсе – күн кешкірсін. Әкең туған далаға Әлди-әнім естілсін. Ұмытарсың сен мені, Ұмытқанша қалғи ғой. Бүгін де ағаң келмеді, Әлди-әлди, әлди ғой. Қой ішінде – қоңырым, Базар бардым – қалды өтпей. Жәй таппаса көңілім Неғыламын әндетпей! Ұйықтай қойшы әдемім, Әйнәләйін әушіңнан. Сенің байғұс әжеңнің Әні қашан таусылған!” – Менше, осылай жұбатады әже ұлын, Тереңдетіп маңдайдағы әжімін – Күрсіне кеп мұңдылау бір айтады ән, Бірақ, кенет... күлімдейді қайтадан. Әже осылай әндетумен өтеді, Әже болса – ән дегендер жетеді. Ұйықтатады ұлын солай, ал өзі Кейде ұлынан бұрын ұйықтап кетеді.
Қарағанын көрген емен шал налып, Қарамайтын ештемеге таң қалып – Бәрі, бәрі Алладан деп, жүрді ол Ылғи-дағы әлденеге қамданып. Бір жоқшылық шал ойында қозғап үн, Ойлатуға тырысады өз қамын. Жаны бірақ жап-жаңа боп тұрған соң Көрмеді ешкім шапанының тозғанын. Шал жүреді: “Солай ғой – деп, – бұ тірлік’ Келін жүрді: “тары бітті, бітірдік”, Сәби отыр тостағанын босатып, Кемпір отыр: “бір құдайға шүкір” ғып...
Бір нәпсінің күйі ойнайтын кеудеңде Қызыл ала тары нанын көргенде. Табақшада қамыр болып қалған ұн Сезсең іште қандай от боп жанғанын! Ұмытқаның есіңе оңай түсетін көрген кезде диірменнің жарғағын. Күзгі дала, ұмыта алман бетіңді, Суға бөккен қара талқан секілді. Қара талқан, қара талқан бір кезде қара нұр боп ойнап еді-ау бұл көзде. Қара талқан! Қасиетіңді кеш маған, Енді сені “сонау жыл” деп еске алам... Сол тірлікті – кемпір, келін, шал бағып, Аспан құсап қарайтұғын паңданып. Алдап-сулап жөнелтетін мезгілді, Және өздері қалатұғын алданып.
Сол бір жылы... жүдеп, тозып болды алап, Үзім нанды қолдар жүрді қолдан ап. Көкірегін күрсінумен күйдірді ел, ақ жүректі қара қайғы бомбалап. Көңіл алаң, нені күтсе – соны ойлап, Қонып жатты бетке әжім, самайға ақ. Қиын болды жұбандырар сөз табу, Жылататын хабар айту оңайлап. Ер өлімі сынады елдің қуатын, ел болмаса шығара алар кім атын! екі-үш адам басын қосып көрінсе Кемпір-шалдар үрпиісіп тұратын. Ышқына кеп ана зары, жар мұңы Бір жүректен бір жүрекке қарғыды. Жаралы ел бір таяққа сүйенді, Бір көзбенен жылап тұрды барлығы – қандай ғана жан қарайды жай бұған! Қайғылыдан әлі күнге қаймығам! Адамдарды теңгеруге, қосуға Құдіретті не бар екен қайғыдан?! Көңіл айту... көңіл айту қинады Өз сұмдығын күтті әрбір үй дағы... “Қара қағаз” қара жерді тепкілеп Сұлтекеңнің үйіне де жетті кеп. Жетті ақыры бұл үйге де сұмдық күн, Жүректерге найзасындай шындықтың Қадалды кеп, Әке–шеше байғұсың Тірі жүр ме ед осындай бір қайғы үшін! Бірінші рет жасыды шал сол күні, Құмға сіңді соңғы үміттің толқыны. Көптен күтіп жүрсе-дағы бұл күнді, Жүрек байғұс сене алмады бір түрлі.
Бірінші рет шалың қалды жетім боп, Бірінші рет келін қалды жесір боп. Көкейлерді бір у қарып шоқ болып Көмейлерге қалды сол у кептеліп... ...Содан кейін шәйін ішіп, бел буып әркімдер өз шаруасына кетті өріп.
О, сезімнің тамшылары, Жаралдыңдар сендер неден. Көкірегім жаншылады Көздің жасын көргенде мен. Жасқа толы ел тостағаны, Жесір ана, жан жеңеше. Жас тамшысын... қосса бәрін Көл шығар ед әлденеше... Шал мен кемпір суып қалып, Сәби алға ұмтылады. Келін жүзін ымырт шалып, Қара көзге түн тұнады. Түндей өшкен көкіректе сорлы жүрек бұлқынады. “Қара қағаз” күнде кешке қайта-қайта оқылады. Шал бекініп үндемеске, Кемпір жылап отырады. “Ерлікпенен өлді” – дейді? Мұны өлген соң кім айтпады. Көздің жасы мөлдірейді, Көздің жасы тыңайтпады. Көз жасына малшынды аспан, Жасқа бөкті сортаң далам. Мен – жазықсыз тамшы жастан, Һөм бомбыдан қорқам жаман!..
Бір көкжиек ашылады әлі алдан, Үміт сын-ды қашады ол да адамнан. Дөңгелейді, дөңгелейді дүние Қорғау менен бүлдіруге жаралған. Бір аспан тұр төбесінде даланың, Көкжиектер туады әлі жаңа күн. Бірден-бірге биіктеген сайын мен Аспанды да биіктетіп барамын! Бір жер жатыр табанында әркімнің Бір сөз тұрды қуаты боп бар тілдің. Шілдедегі шөлмен аққан бұлақтай? Өзім-дағы бірте-бірте тартылдым. Көз жасы да кебе келді қайғының,
Үнсіз ғана мүжіп жатты Айды Күн... Жабыла кеп көңіл айтып жүрді жұрт Осынау бір қалған үйге бұлығып. Кемпір мен шал сәл көтерсе қабағын Келін қалар, тым құрыса, бір күліп. Күлкісі оның – кейде жанға батады, Күлкіні де ел қасірет деп атады. Жұбату сөз айта келген әр адам Бір-бір мысқал қайғы әкетіп жатады... Қалдырмаса қайғы адамды жеке ғып, Оған-дағы кетеді екен ет өліп. Әкетті енді бұл үйдің де қайғысын, Қасіретін көпшілік боп көтеріп. Жаңа күндер – әкеледі жаңа үміт, Жаңа үмітті жүрді үйдегі әр жан ұғып. Шал әзілдеп күлдіре алса кемпірін, Келін жылап жібереді “жаңылып”. Кей үйлерден көтеріліп той әні – Өмір солай өзін-өзі бояды. Сыртта сылдыр қағып аққан бұлақтар Мұңға кейде ерік бермей қояды. Өмір сүру ынтасына іштегі Қайғыны да жеңіп шығу – күш пе еді! Күн сәулесі түсті тағы бұл үйге Тірлік тағы өз дегенін істеді: Шал отырды кеудесі аппақ, басы аппақ, Немеренің қыл шылбырын шашақтап. Кемпір байғұс тұсау есіп түйеді; Келін, әне, сауып жатыр биені, – Кейде ұрланып тұңғыш ұлын өзінің Әжесінің баласы деп сүйеді. Ал, бала ше? Мұнда оның ісі жоқ, Айтады “ақыл” келінге ол да кісі боп. Ойынына жөнеледі содан соң Көк шыбықты мініп алып кісінеп. Әрқайсысы аймалайды сол ұлды Бір көтеріп алу үшін көңілді. Келер күннің – жаңа адамның күшінен Қайғы ескіріп бірте-бірте жеңілді. Сәби солай тұр осы үйге сенім боп, Кәдімгідей жұбаныш боп, көңіл боп, Кемпір мен шал келін десе, шешесін Ол да атайды келін деп...
Оң жақта тек ақ шымылдық баяғы, Баяғыдай ақ құшағын жаяды. Келін жатыр баяғыша, түн-дағы Шымылдықтан өзгені одан аяды. Батқан жоқ қой, батқан жоқ қой Ай әлі, Ай сәулесі шымылдыққа таяды. Ай қалықтап шыққанда боз аспанға, Бар маңайды бал-тыныштық басқанда. Ұғынбады, ұғынбады еш пенде Қандай сезім оянғанын жас жанда. Көп ой оның – жүрегіне батады, Ал, бір тілек әрі қауып, жат әрі, Өңінде – осы, ұйықтап кетсе түсінде Күндізгіше егін орып жатады... Ағып барып екіндіге іркілді Ай, қалың сезім әлі жатыр жыртылмай. Құлазиды, құлазиды көкірек, Бір қызықтың көшіп кеткен жұртындай.
Үйдің іші қоңырайып тұр үнсіз, жүрек қана лүпілдейді тынымсыз. Ертең-ертең бола ала ма “бүгінсіз”, Бүгін, бүгін – неткен қатал, шығымсыз?! Бір күн ойнап денесінде, жанында, Бір от жатты дайын болып жануға. Сиқыр үнге бөгіп алған жаны оның Ашқандай ед бір музыка әлемін. Көңілі оның үн береді не түрлі. Паганини скрипкасы секілді. Осынау үнді кейде үзіп өтеді, Сұлтан қарттың күрк-күрк еткен жөтелі. Қызыл қанды осылайша қайнатып, бара жатты боп-боз болып Ай батып. Дәл осылай талай түндер өтті одан Жоқ қой бірақ біреуі де тоқтаған? Көп түндерден бұған қалған белгі боп Ақ шымылдық тұрады тек желбіреп. Тек қана оның... жатқан анау жастанып Жастығына қалатұғын жас тамып. Өзіне-өзі дей ме екен бұл: “бір...шыда!” Бір сезімнің толқынына тұншыға, Түні бойы жесір болып ойлап ол, Келін болып оянатын күн шыға.
Анау ірге... ескі бесік... шаң кілкіп. Келін көрсе – көздің жасын алды іркіп. Керегіне жаратып ап кезінде Бесікті де кетті ме өмір қаңғыртып? Жатыр ұмыт, талай күнді тербеген бірге тозып аяқ киімдерменен. Бесіктің де беделі ұқсас өшкенге – бұл үй оны еске алар тек көшкенде. Ағаш бесік! Ұмыт болды о да енді, Бесік құны – ұмытылумен төленді. Келін байғұс ұстар оны тек, кейде Нәрестенің исін аңсап кеткенде...
Бір ер-тоқым ілулі тұр төрде әне, Мықты болсаң соны ұмытып көр, кәне! бір күн тігіп, бір күн майлап, бір өңдеп, Шал жүреді сол ерді ылғи түгендеп – Бір тасадан шыға келіп қайдағы, Ер-тұрманын сұрайтындай Айдары. Кемпір жүрді, Ай ұнаса сынына Амандыққа жорып қойып мұны да. Жұма күндер “құран оқу” орнына Қарынға сап май сақтайды ұлына. Кештіғұрым, қырға шығып ең биік, Әлдеқайда қарайтын ол ербиіп. Сол бір сәтте... табанында ананың Дөңбекшіген шығар бәлкім Жер күйіп?.. Сәби ғана күтпеді тек ешкімді, Әне, тағы күлген даусы естілді.
Күйіп-жанып тағы талай күн өтті, Бұл күн-дағы бермеді еш тілекті. Жылытпады ол кәрілерді, келінді Төсегіне тағы жалғыз түнетті. Күндерге әлгі шаттық беріп, қайғы алған Мүгедектер қайтып жатты майданнан. Үміттенгіш, ерке қыздар алдында Шынар болып жапырағын жайды арман. Әр жараның орынын бір жуады Күлкі менен көктеменің шуағы. Азап шексе бір кеуденің жүрегі, Шын бақытын жаңа тапты біреуі... Жас жігіттер мүгедек боп қалған кіл Қатарына қосылды енді шалдардың. Өздері ерте қартайған соң “селкілдеп”, Келіншегін шақырады кемпір деп. Ең аманы бір-бір қолын, шетінен Беріпті олар көп болғандай екі жең. Сол майданда қалған қолдар бір нендей Жауларымен әлі айқасып жүргендей! Бір аяқтан айырылған жұрт қандай? “Екі аяғын бір етікке тыққандай”. Және сол кез Советтердің Одағы – Көп батырдың елі десе болады... Келді бірі жайдақ шамдай сөнгелі, Өз денесін өз жеріне көмгелі. Амал қанша, Сұлтан қарттың баласы Осылардың бірі боп та келмеді.
Көктем келді гүлін алып мың түрлі –
Әй, құлпырды-ау, дүние байғұс құлпырды. Көп сұлуды көрер, әттең, көз болмай, Көп суреттер қалды қатып қозғалмай. Сұлу жар бар – сүйетұғын жігіт жоқ, Кеудесі бар – жанып тұрған үміт жоқ. Күлкісі бар – төгілмейді сылдырап, Айтары бар – қозғалмайды тіл бірақ. Қолаң шаш бар – тарайтұғын жоқ тарақ, Тек мұң жұтып бүлкілдейді ақ тамақ. Күні-түні лүпілдеген бір көңіл, Қайда барып, қайда барып тоқтамақ?! Қайда мұның тәтті күні жан қияр, Дат, тіршілік, патша-ғұмыр алдияр! Даласында түрлі түсті гүлі бар, арасы жоқ бірақ одан бал жияр... Сұлтан-ата дән ырза еді дәл бұған: Келін ғұмыры өткен емес алдынан. Бір күні қарт рұқсат айтты келінге, Қолын жайды Ұлпа шешей қалғыған. Келін сонда қарады-ай бір тарығып, Бір-ақ өшкен құсап сенім, бар үміт. Ыза шеккен жастық жалын лап етті, Кеткендей бір күкірт-қорап жарылып. Бар айтқаны: “ауырсындың ба, ата-анам?” (Шал еңіреп, кемсеңдеді кемпір құр) Төгілді-ай кеп. Ыстық тартып кетті бір Бірінші рет келін деген ат оған...
Ел бір жола сол қасірет-кеселден Сенбейсің-ау, ада болды десем мен?!
- * Содан бері талай-талай өтті жыл, Әрбір көктем өз ауласына екті гүл. Әрбір өлік өз моласын тапты бір, ал, тірілер бөлісіп жүр шаттығын. Сұлтан жатыр бір төбенің басында, Сол баяғы өлген жылғы жасында. Діншіл болсаң – бір сипап қой бетіңді. Кемпір-дағы сол төбеге кетулі. Жатыр екеу – оқып біткен екі том, естен шыққан екі ертегі секілді. Ал, бала ше? Бала сонау Мәскеуде, Батпайды ешкім оны әлі де жас деуге – Оқып шығып... тауды зерттеп мүлгіген, еліне аздап пайда жасап жүр білем, Сол қоңыр үй. Сұлтекеңнің тұмағы Керегеде әлі ілулі тұрады. Сөнбепті оты – келін байғұс баяғы Сол есіктен кіріп-шығып жүр әлі. Келін жақсы тұрып жатыр деседі,
көп жоқшылық жоғалыпты кешегі. Өмір ғажап – көйлек те көк, көңіл көк, Көңіл болса – кетер бәрі жеңілдеп. Ешкім оның атын әлі білмейді, Атайды тек келін деп. Бүгініне дән риза деді оны, Атар таңға өзімізше сенеді. Тек кей кезде... келінім деп біреуді Оның-дағы атағысы келеді. Келін десең – әлі алдыңнан шығады, Жүзінде ойнап жиырма бестің шуағы. Келін десең – келін емес баяғы, бір опырық кемпір қарап тұрады.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру