TELEGEI

Home

Балуан Шолақ

Сәбит Мұқанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Балуан Шолақ

Қазақтың даңқты сазгері, ақыны әрі атақты күш атасы Балуан Шолақтың (Нұрмағамбет Баймырзаұлының) ерлікке, серілікке толы ғибратты өмірі баяндалған хикаят.

БАЛУАН – ШОЛАҚ

(Аңыз)
Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым,
Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын:
Кешегі сентябрьдің базарында11

Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.

Жиылып орыс - қазақ таң қалысты,

Болды деп Қаһарманнан22 мынау басым.

Залок33 сап жетпіс бес сом күрескенде,

Сындырдым Карон балуан қабырғасын.

(Балуан-Шолақтың өз өлеңінен)

«АЛЫП — АНАДАН ТУАДЫ»

Ол ауылдың қыстауы Қайрақты көлінің жағасында, қалың орманның арасында еді. Қабағына қайғының бұлты оралып, кеудесін кернеген шерді, күркіреген күндей уһлеумен жеңілткісі кеп, көз жасы бұлақтай саулаған ауылды еліктегендей, я, қайғысына ортақтасқандай, сол күні күздің қара сұрғылт бұлты нөсерлей жауды, жел ышқына соқты.

— Болыңдар! Жөнеңдер, тез! Жоғалыңдар! — деп ат үстінен айдаһардай ысқырған полицейский урядниктің сілтеген қамшысы бұлттан жарқыраған найзағайдай ирелеңдеп, талайдың арқасын тіліп түсті. Қасқыр талаған қойдай қызыл жон болған ауыл адамдары, басқа паналар жер жоқтай, полицейский сабап айдап шыққан қораларына ығысып қайта - қайта тығыла берді.

— Өрт! — деді урядник ауылды қоныстан қуып шығара алмаған соң, лезде ауылдың әр жерінен қою қара түтінге бөленген қара күрең жалын жарқ етті. Өрт еріксіз айдап шыққан ауылдың аузындағы жалыннан да ыстық жалғыз сөз:

— Қайран қоныс, хош бол!

Бұл бейқам отырған ауыл еді. Өткен жазда болған болыс сайлауында, сол ауылдың біреуі, болыстыққа таласқан Тоқсанбайдың Сыздығы деген байға қарсы шыққан. Бірақ Сыздық выборнайларды11 ақшамен сатып алып, сайлаушыға да пара беріп, болыстыққа сайланған. Қолына мөр тиіп, әкімшілік тізгінін ұстағаннан кейін, ол, өзіне қарсы ауылдардың берекесін кетіруді ең бірінші міндетім деп санаған. Сол жылы переселен управлениясы22 ішкі Ресейдің қалаларынан көшірілетін переселендерге жер сұрағанда, Сыздық болыс кектенген ауылдарының ішіне қосып, осы ауылдың да жерін ұсынған. Кешікпей землемер кеп жерді өлшеген. Бірақ, ауылдың адамдары ол өлшеудің не өлшеу екенін түсінбей, қыстың жабдығын қамдап, бұрынғыша отыра берген. Күз, ауыл шапқан шөбін қорасына үйіп, қар ұшқындап қысқы үйіне кеп қонғанда, ызғарлы хабар кенеттен сап ете түсті:

— Көшесіңдер!

— Неге? — деп сұрады ауыл.

— Үш - төрт жүз үй крестьяндар көшіп келеді, алды келіп те қалды. Бұл жерде енді солар отырады.

— Біз қайтеміз?

— Онда біздің жұмыс жоқ. Қайда барсаң — онда бар.

— «Қой, олай болмас» деп ауыл бейқам отырғанда, арбалы, жаяуы аралас шұбырған крестьяндар кеп қалады. Сол күні урядник те келді, ауылды өртеп көшірді. Міне, бар оқиға осы!.. Күз көшке әзірленбеген ауыл, урядниктің жыландай ысылдаған ызғарымен, мылқау өрттің лебіне шыдамай қонысынан қозғалғанмен, тез жиналып кете алмады, бес - алты шақырым ғана жерге жылжып, бас-аяғы жиналып ақылдасты.

— Ал, қайда барамыз?

— Қайдан білейік, қайда барарымызды!

— Патшаға дейін іздену керек, — деді біреу.

— Мынау анық былшылдап жоқты айтқаны несі? — деді екінші біреу ашуланып, — Пәлен мың шақырым Кетрампорға барып патшаға арыз берем деп жүргенде, мына еңкейген кәрі мен еңбектеген жас қырылып қалмай ма? Әуелі осыларға баспана табайық та. Қайда арыз беруді содан кейін ойланармыз.

— Ол дұрыс, — деді біреулер,— бірақ бос тұрған қоныс ешқайда жоқ. Жиырма шақты үйміз. Қайда сиямыз?

— Маңай ел ғой. Жұбымызды жазбаймыз деуге болмас, атқа мініп ауылдарды аралап, биыл қысша баспана іздеп бытырап орналасайық.

— Осыдан басқа амал жоқ.

Қатын - қалаш, бала - шаға қалың қарағайдың арасына тіккен күркелерде қалды да, еркек атаулы атқа мініп, маңайдағы ауылдарды аралап кетті. Еркек кіндіктен ауылда қалған жалғыз Баймырза.

— Е, сен неге жүрмейсің? — деген сөзге оның берген жауабы:

— Балам жоқ, соны іздеймін.

— Қай балаң?

— Нұрмағамбет.

— Е, ол қайда еді?

— Тай үйретем деп таңертең кетіп еді, содан тайы да, өзі де жоқ. Астындағы асау тай бір жерде өлтіріп кетпесе не қылсын!

— Ертерек неге айтпадың, ел боп іздесетін?

— Оған урядник болды ма! Есті жаңа жинап отырған жоқпыз ба?

Баймырзада жалғыз тайдан басқа жылқы болмайтын еді. Одан басқа көлігі — жалғыз қоңыр шолақ өгіз.

— Қатын? — деді ол, әйелі Қалампырға жұрт кеткен соң, — әлгі өгіз қайда екен, мініп баланы байқайын? Тай жығып өлтіріп кетті ме, әлде? Аман болса жарар еді!..

— Күні бойы мінген өгіз, әлгінде ағытқаннан кейін отқа кетіп еді, ұзаса керек, маңайда көзге шалынбайды. Баймырза өгізді тауып алып келді.

— Суарған жоқ па ең, бар болғыр!—деді Қалампыр өгізді көріп, — бүйірі ішіне кіріп кетіпті ғой? Бар, суар!

— Жаңбырда өгіз су іздей ме?

— Со да сөз бе? Бар, суарып кел!

Ауылдың көлік ағытқан жері, өткен жыл, мекенін переселенге өлшеп, үйлерін көктемде көшірген ауылдың жұрты еді. Сол жұрттағы қалың бұйра талдың арасында құдық барын Баймырза біледі. Ол қарына шелек іліп, өгізін жетектеп жөнелді. Бұл кезде жаңбыр толастап, бұлт бытырай бастады. Бірақ желдің екпіні әрі күшті, әрі суық. Күннің батып бара жатқан белгісін батыстың жиегіндегі қызыл күрең бұлт білдіріп тұр. Тал арасындағы құдықтың жиегі опырылған, айналасы дөңес сары балшық екен. Баймырза шелекке таққан жібін қолынан сусыта бергенде, тереңдегі сасықтау сары судың иісін сезіп, шөлдеген өгіз де мұрнын шүйіріп, төмен еңкейді. Су толған шелекті Баймырза жоғары көтеріп еді, иығына біреу қаққан сияқтанды, қараса саз балшықтан сырғанап, өгізі құдыққа құлап барады... Сасып қалған Баймырза, шелектің жібін табанымен баса қойып, өгізді мүйізінен ұстай алды. Сырғанаған өгізді ол қайдан тоқтата алсын. Өгіз күп беріп құдыққа түсті де кетті; өгіздің екпіні Баймырзаның өзін де алып кете жаздады. Сонда да тірі жан, өгізі құдыққа құлай бергенде, ол жанталасты. Құдық белуардан шүпілдеген су. Басы төмен түскен өгіз табан аузында тұншығады. Жалғыз өгіз! Ол өлсе қайтпек? Жан - дәрмен Баймырза, өгіздің мүйізіне байланған кендір жіптен мықшия тартып, тұмсығымен құлаған судан жоғары шығарды. Дес бергенде, жуан қара тал құдықтың жарына төне біткен екен. Өгіздің әрі суланып, әрі сазданып сусыған мүйіз жібін Баймырза жанталасып жүріп талға іліктірді де, сірестіріп байлады, өгіздің басы судан шығып тұрды. Одан жоғары тартуға күші жоқ. Айла - амалы құрыған Баймырза: «Қа-лам-пыр!.. Қалампыр!..» деп бақыра берді. Бұл дауыс құлағына шалынған Қалампырдың жүрегі дірілдей қалды. «Нұржаным11 жамандыққа ұшыраған болар ма?» деп сескенді ол. Осы ой тұла бойын түршіктірген Қалампыр дауысқа қарай жүгірді. Оған ере, ауылдан бірнеше әйелдер, балалар жүгірді.

— Қалампырдың Баймырзаға ең қатты айтатын сөзі: «бар болғыр!» еді.

— Бар бол, сен, бар болғыр! — деді ол айқайдың мәнісін есітіп, — зәремді алдың ғой! Былай тұр! «Былай тұрдың!» мәнісіне түсінбей, шоқша сақалын шошайтып, кішірек көзін сығырайтып Баймырза Қалампырға қараған кезде, Қалампырдың қолы өгіздің мүйіз жібіне тиді. Құдыққа еңкейіңкіреп, жіпті қолын соза ұстаған Қалампыр «һәуіп!» деп денесін жаза тартты. Сол кезде, өгіздің мүйізі қолға ілігер жерге кеп қалды.

— Ора жіптің ұшын, аяғыма! — деді Қалампыр Баймырзаға .

— Неге?

— Нең бар, «неге» деп! Ора, деймін тез!

Түсінбеген Баймырза, шұбалған жіптің артығын Қалампырдың жіліншігіне орағанда, сусымасын дегендей, ұшын Қалампыр табанына басты. Содан кейін, жіптен қолын босатты да, тағы еңкейе түсіп өгіздің екі мүйізінен ұстап, құдықтан суырып алды... «Қарулы қатын» деген сөз, Қалампыр туралы халыққа алдақашан тараған еді. Баймырзаның ағаш үй қиятын қол өнері болатын. Сонда жәрдемдескен Қалампыр, қолы жететін жерге жуан бөренелерді көтеріп әпере беретін. Оған да жұрт сүйсініп қайран қалатын еді, ал, мына құнан өгізді құдықтан шығаруы жұртты тіпті тамаша қалдырды, әрі таңдана, әрі разы боп, құдықты қоршаған жұртқа, Қалампыр масаттанғандай айнала қарап еді, көптің арасында Нұрмағамбеттің де басы көрінді.

— Қалқам, — деді қуанып кеткен Қалампыр — қайда болдың, сәулем? Келші бері! Зәрем кетті ғой, сені жоғалтып!.. Сары сұр, қыр мұрын, өткір қара көзді бала қолын созған Қалампырға келе қоймай, сазарып тұрып алды. «Бар, бар!» деп қоршаған қатындар итермелеп еді, бала тұнжырап кейін шегінді.

— Қаршадай боп мықтысын қарашы! — деді қатындар, жап - жас басынан зілдей ғой, мынау! Қаққан қазықтай орнынан қозғалмайды!..

— «Алып — анадан туады, ат — биеден туады», деген қайда, — деді бір қартаң әйел, — «Су мұрынға»11 тартса қаймыжықтай біреу болар еді. Кескін - кейпін, денесін көрмеймісің! Аумаған келін! Тек тіл - аузымыз тасқа!.. Қалампыр көтерген он төрт құрсақтан тірі қалғаны: ұзатқан екі қыз, Төлебай дейтін ұл және осы Нұрмағамбет еді. Нұрмағамбет Қалампырдың сүт кенжесі. Сондықтан ба, әлде балалары өліп - өліп өлім сарқытындай болғандықтан ба, — әйтеуір, Қалампырдың жан -тәні Нұрмағамбеттің үстінде. Бес жасына шейін емген Нұрмағамбет, міне, биыл он бір жасқа шыққанмен әлі күнге шейін кешкі төсекке жатарда бір, таңертең төсектен тұрарда бір, мамасын иіскемесе мауқы басылмайды. Нұрмағамбет көзінен екі елі тайса, Қалампыр аңсайды да тұрады. Нұрмағамбеттің екі бетінен құшырлана сүймей, Қалампырдың аңсауы ешуақытта басылмайды. Бүгін де солай аңсаған Қалампыр, құдық басында шақырғанына келе қоймаған Нұрмағамбетке «бұл несі?!» дегендей жақындап еді, бұрынғыдай апалап бассалудың орнына, ол, тағы да шегіне түсіп:

— Көк күшік қайда? — деді.

Қалампыр үндемеді.

— Тұрымтай қайда? — деді.

Қалампыр үндемеді.

— Күйді ме? — деп сұрады бала, дауысы қалтырап.

— Қап, құдай - ай! — деді Баймырза, Қалампыр тағы да үндемеген соң, мана у - шуда есімнен шығып кеткенін көрдің бе? Шошалада қамаулы тұрған көк күшік пен тұрымтай қала беріпті. Күйіп кетті - ау бейшаралар!.. Нұрмағамбет еңіреп қоя берді де, алақанымен бетін басып жүгіре жөнелді. Жарылғалы тұрған жарадай жұрттың қайғысының аузын Нұрмағамбеттің жылауы тырнап ашқандай болды. «Қайран қоныс, қайран жер!»—деп үн қосып жылаған жұрттың дауысына күңіренген дала да дауысын қосты. Балалар осы дағдымен аттарына, тайларына мініп шықты, аты, тайы жоқ балалардың ішінде Нұрмағамбет қалды. Өзге жаяу қалған балалар, атты, тайлы балалардың жарысқанын қызық көріп, соңдарынан шуласып жүгіргенде, Нұрмағамбет жыртық кигіз үйіне кірді де, жер бауырлап жатып алды. Босағада ұршық иірген Қалампыр баласының неге жата қалған себебін сезді де, балаға білдірмей көзіне іркілген жасты теріс қарап жаулығымен сүртті. Сырттан Баймырза келді. Ол еркегімсіп Қалампырға ұрысты:

— Неге жылайсың, жамандық шақырып? Пайғамбардың сүндеті емес пе, бұл? Тек құдайтағала қожаның қолын жеңіл қылсын деп тілесейші! Атсыз баланы сүндетке отырғызу — балаға «өміріңде атсыз өт» дегенмен бірдей. Осы оймен ішке қайғысы симай жарылғалы отырған Қалампыр Баймырзаға шап ете түсті:

— Әне, көр, балаңды! — деді ол жасқа булыға сөйлеп, — Тоқсанбайдың сарайын қиғанда, тоңып өлетіндей тон алдың. «Алдағы жазда Нұржан сүндетке отырады, тон алма, тай ал» деп ем, тыңдамадың. Балаңның тілеуін кескендей болдың, бар болғыр!.. Жасқа булыққан Қалампыр аржағын айта алмады. Оның Баймырзаға арнаған ызалы сөздері көзінен жас боп төгілді. Баймырза Нұрмағамбетті зорлықпен сүндетке отыртты. Бірақ, ол өзіне ішінен ант етті: «Алдағы жаз қолым қырқылып қалмаса, қосымша берсем де, ақыма бір тай алармын!» Ол осы сертіне жетіп, еңбегінің үстіне, байға ақысына қосымша балтасын беріп, жоғарыда аталған жирен қасқа тайды алып келді.

— Міне, сүндет атың, қалқам!—деді ол алдынан шыққан баласын бетінен сүйіп, — былтыр жоқ болса, биыл бар, тек аллатағала өміріңді ұзақ қып, игілігіңе мінгізсін!.. Баймырзаның әкесі батырлау болыпты - мыс дейді. Сол әкесінен қалған жалпақ бас, тұрманын күмістеткен қалмақы ерді үйіне көптен жылқы бітпегенмен Баймырза тоздырмай сақтап, қасиеттеп, төріне іліп қоятын еді. «Киесі бар, аруақ соғады», деп ол ерге қатын - қалаштың, қолын тигізбей, өзі ғана ұстайтын еді. Жирен қасқа тай босағасына кеп байланған соң, қуанышы қойнына симаған Нұрмағамбет ілулі ерді үйден алып шықты. Баймырза:

— Қоя тұрсайшы, қалқам! Тай ешқайда кетпес, қолқасы аман болса, бойы өсіңкіресін! — деп еді, Қалампыр Баймырзаға зекіп тастады:

— Тиыш отыр әрі, мыңқылдамай! Ол тай жоқта өліп пе ек? Бала аман болсын! Міне бер, қалқам! Әуелі үлкенірек баланың біреуіне мінгізіп бастықтырып ал, өзің мінем деп құлап қап жүрме! Сыртта ұлылы - кішілі біраз бала тайды қоршап тұр екен. Ересектеу екі балаға құлағынан тұқырта бастырып қойып, тайға ерді Нұрмағамбеттің өзі салды.

— Әу, әткемнің аруағы, қолдай гөр! Қалқамның жасын ұзақ қыла гөр, жасаған! — деп Қалампыр босағадан қарап жылап тұрды. Баймырза да ішінен сол тілеуді тілегенмен, сыртқа дыбыс шығармай, тайды балаларға ерттесті.

— Кәне, біреуін, мініп, бастықтырып беріңдерші? — деді ол.

Ерттеулі тайды құлағынан ұстап Баймырза балаларға айнала қарағанда, Нұрмағамбет қарғып мініп кеп алды.

— Қалқам, құларсың түс! — деді Қалампыр тысқа шығып.

— Өзің не айтып тұрсың, aпa! — деді бала кейіп, — тілеулі тайымды біреуге мінгізетін мен жынды ма? Жібер, әке! Нұрмағамбет тебініп қалғанда, тай атып кеп кетті. Баймырза тайдың құлағынан айрылып қалды.

Құлағы қолдан босаған тай аспанға қарғығанда:

— Ал, ұшты, бала! Жасаған - ай, сақтай гөр! — деді Қалампыр үрейленіп. Қарғыған тай секіріп жерге түсті, бала құламады, тайдың тізгінін қысқарақ ұстап, қамшымен бауырынан тартып - тартып қалды. Қамшыдан ышқынды ма, я баланы жыға алмайтынын білді ме, — тай енді аспанға секірмей, тура шаба жөнелді. Шапқан тай лезде қалың орманды айналып, көзден ғайып болды. «Құлап қалар, не бірдемеге соқтығар» деп қорыққан Баймырзаға көрші біреу ат беріп, тай кеткен жөнге шықса, бала ашық далада шоқытып жүр екен. Тай манағыдай емес, бастығып қапты.

— Кешікпей қайт, балам, көп шапсаң тайың ақсап қалар, — деп Баймырза үйіне жөнелді. Ол ауылға келсе, урядник көшірмек боп жатыр екен. Әлекке кездескен Баймырза, «байтал түгіл бас қайғы» дегендей, баланы іздеу түгіл, басымен қайғы боп өртенген ауылдан көше қашты... Әкесі қайт дегенмен, Нұрмағамбет үйіне тез қайта қоймады. Тайды ол біраздан кейін билеп алды. Әкесінің «тайың ақсамасын» деген сөзін есіне тұтқан ол, тай еркіне көнген соң шабуды доғарып, тайын кейде аяңдатты, кейде желді... Күн кешкіре болдырып терлеген тайын аяңдатып ауылға келе жатқанда оған, өзі дүниедегі ең, бақытты адам сияқты көрініп кетті. Оның жеті - сегіз жасынан бергі ермегі — тұрымтай мен қырғиды баулып бөдене мен торғай алдыру еді. Бұл кәсіппен шұғылданып жаяу жүргенде, «әттең, бір, тай - ай?!»—деп арман ететін еді ол. Сол тай, міне енді астында!.. Жақын ауылдағы бір бай күз қойын қырыққанда, Нұрмағамбет бірнеше күн жәрдемдесіп, ақысына қасқыр алатын көкшолақ тазысының бауырын көтерген күшігін алған еді. Күшікті үйіне жаяу көтеріп әкеле жатып «бұл аман болса, бес айда қоянға қосуға жарайды, келесі жылы үйінен шығады, содан кейін қасқырға да қосылады, сонда жаяу қалай қосам!»—деп өкінетін еді ол, міне, енді сол тай астында!..

— «Ат бар, құс бар, ит бар, менен бақытты кім бар?»—деп қорытты ойын Нұрмағамбет. Жел оның алдынан еді. Мұрнына өрт иісі келген ол, қалың қарағайдың арасынан жоғары қарап еді, қою қара түтін аспанға будақтала көтеріліп, бұлтқа ұштасып тұр екен. Өрт шығады деген күдігі жоқ ол, «күлін сабынға алуға жаққан алабота болар» деп ойлады ішінен. Сол кезде жел қатайып, алдынан жаңбыр келе жатқанын көрген бала, ауылға тез жетейін деп тайын тебінді. Шаршаған тай жорытып кете қоймай, тақымында бұлтыңдай берді. Жаңбыр да жетті, жылдам жүрмеуіне ренжігенмен, әлі қылауы түспеген, қызығы басылмаған тайды ол сабамады... Өртенген ауылды көргенде баланың зәресі ұшып кетті. Теп - тегіс жанып жатқан ауыл!.. Бірақ, жан да, мал да жоқ!.. Ауыл тып - типыл!.. Күйген қоралардың, үйлердің қабырғалары, төбелері опырыла құлап жатыр!.. Әлгіде қатты құйған жаңбыр, қазір бәсеңдеу, бірақ өрт сөнер емес, қайта май құйғандай өршелене береді.

— Бұл не?!..

Қорқудан ба, қою қара түтіннен бе, — баланың тынысы тарылып, өкпесі алқымына тығылды. Алқынған ол, тайы өрттен үрке берген соң, от бармайды - ау деген бір ағашқа байлады да, өзі жаяу жүгіріп үйіне барды. Онда да адам жоқ!-.. Ол әкесі мен шешесін шақырып айқай салды — ешкім дыбыс бермейді!.. Бұлар қайда?!.. Тілдері жалақтаған жалынға қарап, Нұрмағамбет аңырып тұрғанда, шошаланың күйіп жатқан төбесі жалп етіп ішіне құлады. Баланың, есіне көк күшік пен көк тұрымтай түсті. Күшігі мен тұрымтайына жаны ашыған оның отқа түсе қалғысы келді. Ұмтыла түсті де тоқтай қалды. Ондағы ойы: «ауыл да, үй де өрттен қашқан шығар. Апам мен әкем күшік пен тұрымтайды неғып тастап кетті екен? Қой тастамас!» Осы оймен, тез ауылын табуға тайына қарай жүгіріп келе жатыр еді, алдынан шоқытып салт адам шыға келді де, бұны көріп тоқтай қалды, — қазақ тілін білетін таныс орыс фельдшері — «Бәске». Бала еңіреп қоя берді. Фельдшер баланы уата алмады.

— Әй, залым патша - ай, иттің ғана баласы - ай, халықты осылай зарлатып қойған! — деді фельдшер баланы құшақтап тұрып.

— Кім дедің, ағатай, күйдірген?—деп сұрады бала жылап.

— Патша!

— Қайдағы патша?

— Барлық елді билейтін патша.

— Е, біз оның несін алдық, күйдіретін?

— Ер жетіп, есіңді білгенде айтармын оны, балам! Әзір жассың ғой, нені ұғасың. Ауылың да, үйің де «Қайыңшоқта» түнеп жатыр. Тез бар. Үйің жоқтап отырған. Жүр, тайыңа мінгізіп жіберейін! Буынын әрең басқан баланы фельдшер қолтықтап әкеп, тайына мінгізіп, тайын жетектеп жолға салып, өзі жөніне кетті. «Күшігім мен тұрымтайымды сұрамаған екем Бәскеден! — деп өкінді бала. Күшік пен тұрымтайдан кейін баланың басын әурелеген ой, — патша. Патшаға ауылдың не жазығы барын ол ойлап-ойлап таба алмады... Ол патша деген сөзді еститін еді де, бірақ, елді билейді деген жалпы лақап болмаса, оның қайда тұратынын, не істейтінін білмейтіи еді. Міне енді сол патшаны, әлгі фельдшер «өрт салушы» деп кетті. «Соған қарағанда — деп ойлады бала — патша осы маңайда болу керек қой. Егер, — деп кіжінді бала, — күйдіруі рас болса, күшігім мен тұрымтайым күйсе, сол патшаны күшік пен тұрымтайдай үйітпесем, жер үстінде топырақ басып жүрмейін, Нұрмағамбет атым құрысын!»

КҮЙІК

«Патша» деген сөз Нұрмағамбеттің, жүрегіне инедей шаншылды да жүрді. Таныс фельдшер тағы бір келгенде Нұрмағамбет патшаның қолға түспейтіндігін, оның әмірін бұл арада орындаушы урядник екенін ұғындырды. Фельдшер кетті. «Патшаның әмірін орындайтын урядник» деген сөзді ол есіне мықты ұстады. Ендігі оның арманы урядниктен кек алу болды. Бірақ урядникті өлтіруге шамасы келмейтінін біледі.

— Енді не істеу керек?—деп өзінен өзі сұраған бала, өзіне өзі «күйдіру» деп жауап берді. Осыған ойын тоқыратқан ол, күйген ауылының жұртына орнаған Қайрақты селосына барып, урядник тұратын үйді анықтап алды. Енді ол қолайлы жағдайды күтті, онысы — жаздың құрғақ кезі. Жаз болды... Нұрмағамбет тағы бір тұрымтайды ұстап баулып торғай, бөдене, шіл сияқты құстарға салды. Осы ермекпен кейде жаяу, кейде құнан шыққан тайын мініп, үйіне екі-үш күнде бір - ақ келетін болды. Жылдар өтіп жатты. Кек баяғыдай. Ол он төрт жасқа шықты. Бір күні бесті шыққан тайын әкесінен сұрап мінді де, тұрымтайын алып аттанды. Бірақ оның бұл жолғы ойы аңшылық емес, урядниктің үйін күйдіру еді. Сол ниетпен қалтасына бір қорап сіреңке салды. Ол Қайрақтыны төңіректеп келді де, іргесіне жақын жердегі қалың, қарағайдың арасында атын байлап отырды, ынтасы — урядниктің үйін күйдіру!.. Қала ұйықтады - ау деген кезде ол тұрымтайын қарағайдың бұтағына қондырды да Қайрақтының көшесіне кірді. Бұл — шілденің ыстық шағы еді. Көптен жаңбыр жаумағандықтан — құрғақшылық. Оның үстіне, кешке қарай тұрған жел, түнге қарай қатайып кетті. Ойында «күйдіру»ден басқа сөз жоқ бала, селоның сыртын айналып урядниктің үйіне келді. Оның үйі жел жақ шетте, төбесін қамыспен жапқан қарағай үй еді. Бала үйдің жабығына өрлеп шығып, төбедегі қамысына сіреңке тигізіп еді, жел үрлеген от лап ете түсті. «Ұрдым ба, бәлем? Кегім қайтты ма?» деген бала жүгіре қашып атына жеткенше, лаулаған жалын үйдің төбесіне барып қалды. Бекінген жері берік ол, үйден үйге ұшқан жалынға қарады да тұрды... Лезде селоны жалын тасқыны көміп кетті... Құлағына мал - жанның азан - қазан шулаған дауысы естілді, айналадағы ауа қоңырсып, күйген ет пен май сасып кетті, бұл иістен жүрегі айныды, басы айналды... Аздан кейін есін жинаған ол, күйіп жатқан селоның, өртін сөндірер күші жоғын көрген соң, атына міне қашты... Өрттен бойын қашырғанмен ойын қашыра алмады ол. Селодан алыстаған сайын, мана — өртке қарап тұрғанда тұтанған аянышты ойы, енді, басында сол өрттен кем лаулаған жоқ... Фельдшер Бәскенің «бұл селодағы орыстарды патша еріксіз айдап әкелді» дейтіні есінде. «Рас болу керек ол сөз, — дейтін еді Нұрмағамбет есейіңкіреген кезде, — қандай халде келгенін көзімізбен көрдім, — жаяу - жалпы, аш - жалаңаш келді...» Сондай халде келген орыстың кедей крестьяндары тұрмыс жасауға қаншалық азаптанғанын, үйді қалай салғанын, егінді қалай сеуіп, астықты қалай жинағанын Нұрмағамбет көзімен көрді. Алғашқы кезде оларға одырая қараған қазақ ауылдары, іле аралас - қоралас боп, кейде қолма - қол ақыға, кейде несиеге жалданып үйлерін, қора -қопсыларын салысты, көлік беріп, кісі беріп егіндерін де егісіп жинасты, осы бірлескен еңбектің үстінде, көпшілігі достасып, тамыр болып, бірінің жоғына бірі қарасып кетті, сондайлардың ішінде, Нұрмағамбеттің өз әкесі — Баймырзамен, өз ағасы Төлебай да жүрді, қолы епсекті шешесі — Қалампыр орыстардың тондарын, киімдерін тігісті. Сөйтіп, көрші қонған орыс селосымен еңбекте қоян - қолтық келісу арқылы, ауылдың кедейлеріне жақын жерден кәсіп табылып, бұрын алыстан іздейтін нанды енді жақыннан және арзан бағамен алды. Бұрын өзі жыл тәулігіне балта шауып қазақ байларына қызмет қылғанмен, ағасы Төлебай да ауыл байларына жалшылыққа тұрғанмен, тапқандары тамағына жетпейтін бұл семья, орыстың жұмысына араласа, өзгеге тоймағанмен, нанға тоятын болды, бұрын шешесінен собалақ сұрап жылайтын ерке Нұрмағамбет, әкесі, шешесі, ағасы орыс жұмысына араласқан соң - ақ нанды аузын толтыра асайтын болды... Өзге орыстардың да жұмысына араласқанмен, Баймырза семьясының көбірек қолғабыс тигізген шаруасы — Бәскенікі еді. Бүкіл ауыл боп «Бәске» атап кеткен фельдшердің аты — Василий Петрович Курганов. Әлдеқайдағы адам дәрігерінің фельдшерлік курсын бітіріп, бұл араға жас шағында келген ол, қайда туғанын ауыл адамдарына айтқанмен, географиядан хабары жоқ ауыл түсінген, білген емес. Олардың түсінген, білгені — алғаш келгенде қазақша бір ауыз сөз білмейтін ол, ауыл арасында тұра келе, қазақ тіліне судай болып алды. Оның үстіне мінезі және ісі жақсы болғандықтан ауылдың өз баласы сияқтанды да кетті. Сөйтіп жүріп, жақын жердегі селоның бір қызына үйленді де, балалы, шағалы болып кетті. Үлкен баласы — Антон жиырмаға таянып қалды, одан кішісі — Андрей — Нұрмағамбетпен жасты, одан кейін тағы да екі - үш ұсақ баласы бар... Урядникке сол Кургановтың сөзімен өшіккен Нұрмағамбет, үйін күйдіруге жиналғанда, түнде ұрланып барып қамысты төбесіне сіреңке тұтатқанда, өзге крестьяндардың үйлері де, Кургановтың үйі де бірге кетеді деп ешуақытта ойлаған жоқ еді... Енді, міне, жаппай күйген селоның арасында, Кургановтың үйі де кетуіне Нұрмағамбеттің ешбір күдігі болған жоқ... «Үйі ғана күйсе бірсәрі ғой, — деген ой кеп кетті оған, өрттен атына міне қашқанда, — жандары күйсе қайттым?!..» Бұл ойдан кейін, оның басындағы ой өрті лаулап, есінен тіпті тандырып жіберді... Жалын құшқан атының үстінде ол әрең отырды... Кейін естісе өртке күйіп өлген адам жоқ екен, жараланған адам көп екен, солардың бірі — Курганов. Өзі ауыр жараланған оның өзге жандары аман қалыпты да, мал - мүлкі түгелге жақын кетіпті. Түгелімен арса болып қалғандар да аз емес дейді, күйдірген мәлімсіз адамды, азапқа, шығынға ұшырағандар қарғайды дейді. Бұл сөздерді естіген шақта, қылмысына өзін өзі қатты кінәлай, қарғай отыра, «обалың патшаға! Сендерді де, бізді де осылай күйікке ұшыратқан патша!», — деді Нұрмағамбет.

ҚАМБАДАҒЫ ҚАСҚЫР

Күн батып барады... Күндіз қардың бұрқасыны басылып, жел тынды. Ақшыл бұлттан аспан аршылып, қыстың қызыл шұнақ аязы бүркеусіз бетті шымшылай бастады. Малдарын қораға жайғастырған ауылды да аяз қорғалатып, үйді - үйіне қуып тықты. Қалың қарағайлы орманның ашық алаңына қыстаған аз ауылдың адамында қарақшыдай қалтиып далада тұрған жалғыз Баймырза. Оның кішірек қой көзі, орманның арасына қараған сайын қадала түседі.

— Неғып тұрсың әй, үйге кірмей!—деді ұшқыны шашыраған күлді төгуге далаға шыққан Қалампыр.

— Баланы қарап тұрмын!

— Қай бала?

— Нұрмағамбет ше?

— Бетім - ау, мен ауылда ойнап жүр екен десем, сол бала таңертең кеткеннен әлі жоқ па?!

— Төлебайды жіберіп іздетіп ем, барлық үйді қарап келді, балалары үйлерінде дейді. Нұрмағамбет жоқ дейді.

— Бар болғыр, сол бала ма?! Ылғи осылай іздетеді де жүреді. Сол бар болғыр, қамбаға түсіп кетіп жүрмесін! «Қой!» десем қоймайды, бар болғыр! Қоян аулай ма? Құр аулай ма? Үйде отыруы жоқ!

— Мен қарап келейін, сен асыңды істе. Бала тоңған шығар. Үйге келе ыстық ішсін. Жолына жөргем ілікпесе, үйге келмейтін әдеті емес пе оның? Қалампыр үйге кірді. Баймырза қамбаға жөнелді... Оқиға былай еді: сол жылы боран көп боп, қарағайлы орманның жел жақ бетіне ағаш бойына жақын күртік үйіледі. Сол күртіктің қоян жүретін жымынан Нұрмағамбет, кісі бойынан биік қамба қазды. Қамбаның аузын тар, түбін кең қазып, ішіне сабан тастап өртеді, қары еріп, мұздақ боп қатты. Содан кейін бетін шырпымен жауып, үстіне шөп тастады. Жыммен жүрген қояндардың талайы бұл қамбаға құлады. Нұрмағамбет қайыңнан ұзынша құрық істеп, оның басына бау тақты да, қамбаға құлаған қоянды құрық сап ұстады. Бүгін таңертең дағдылы қалыппен Нұрмағамбет құрықшасын ап қамбасына барса, шөп те, жапқан бұтақ та жоқ, «Қанды басың, бері тарт!»—дейтін еді ол, қамбаға қоян түскенін сезсе. Сол сөзін айтып қамбаның жиегіне келсе, ішінде құлағы ербиген үп - үлкен бірдеме отыр!.. «Мынау не?» деп төне түсіп еді: желкесінің қара қылшық жүні жылқының жалындай желкілдеген, тұмсығы жарты кез, үлкендігі тайыншадай, қара құлақ қасқыр!.. Төнген Нұрмағамбетті қорқытқысы келгендей, қасқыр азу тісін сақылдатып, ырсиып ырылдады.

Не істеу керек?

Ол ауыл арасында «балуан бала» атанған еді. Маңайдағы елде онымен күресетін бір де бала жоқ. Бәрін де ол жығып бітірген. Ол «Батыл бала» да атанған. Сол маңайдағы елдің баласы — тай, құнан үйретер болса, алғашқы қарқынын басуды Нұрмағамбеттен күтетін. Қаршадайынан ол асау тайдың, құлағына жармаса кетіп, тырмысып айрылмайтын, үстіне мінген соң тай, құнан түгіл, ат туласа да түспейтін. «Балуан бала», «Батыл бала» деген сөздер оны масаттандырып, күштілігін көрсете түсуге тырысатын. Қамбаның қасында қасқырға қарап тұрып Нұрмағамбеттің менмендігі қозып кетті. «Өзім өлтірмей, біреуге өлтіртсем — менің мықтылығым қайда? — деп ойлады ол,— ертең басқа балалар мені мазақтамай ма? Қой, тәуекелге бел байлап, өзім - ақ жәукемдеп көрейін!» Түбі шоқпарлы қайың құрықшамен ыржиып шоқиып отырған қасқырды Нұрмағамбет түртіп кеп қап еді, арс етіп құрықты тістей алды. Нұрмағамбет құрықшасын бері тартып суыра алмаған соң, көмекейіне тығайын деп әрі итеріп еді, құрықша ортасынан имиіп сынуға айналды. Ызаланып кеткен ол, «һауп!» деп жұлқып кеп қалып еді, екпінімен шалқасынан түсті. Құлап жатып құрығына қараса, сынған жоқ екен. Жалма - жан түрегеліп, қамбаға қайта төнді. Бұл жолы, баланың жұлқынған қайратынан сескенгендей, қасқыр манағыдай шоқиып отырып, бедірейіп қарамады, жансауға іздегендей қамбаны шыр көбелек айналды да, жоғары қарғыды. Жан ұшырды ма немене, қарғыған қасқырды алдыңғы екі табаны қамбаның ернеуіне жақындап қалды. Сол кезде, нақ қара тұмсықтан бала құрықшаның түбімен салып кеп жіберді. Қамбаның мұзын алдыңғы аяғымен тырнап із салған қасқырдың артқы аяғы тайды ма, денесінің екпіні ме, әлде тұмсығына соққы қатты тиді ме — шалқасынан жығылды. Бала қасқырды жұқа шаптан құрықтың түбімен шанша қойып еді, ытып тұрған ол құрыққа ұмтыла бергенде, бала тістетпей жұлып алды. Қасқыр енді қарғымады. Бөксесін қамбаның қуысына тығып, балаға көзін тесірейте қарап, жоғарғы ернін шүйіріп, бірақ дыбыс бермей тым - тырыс жатты. Тек бала түрткенде ғана арсылдап, құрыққа жармасты.

— Не істеу керек?

Қасқыр дем алған кезде, баланың көзі тыржитқан мұрнынан тамшылап аққан қанға түсті.

— Әп бәлем, жара салдым ба! — деді ол,— Құтылмассың енді менен!.. Әлде, жаздыгүні жалғыз бұзауымызды жеген антұрғанның өзі сенбісің? «Мен болғанда не қыласың?» дегендей қасқыр тыржыңдап қойды. Баланың белбеуіндегі қында мүйіз сапты кездігі болушы еді. Кездік үнемі шаш алғандай қылпылдап тұратын. Ауылдағы ұста осы кездікті оған: «Тіл алғышсың» деп, көрігін басқандығы үшін, шым болаттан суарып, сыйға соғып берген. Кездігі есіне түскен бала, қынынан суырып алды да, қалтасынан тастамайтын, жалпақтығы алақандай, ұзындығы кездей қайыстан таспа тіліп, кездікті құрықшаның ұшына тас қып байлады.

— Енді тістесең тісте! — деп ол қасқырға құрықшасының түбін ұсынып еді, ызалы аң шап етіп тістей алды да, тартқанда бөгеусіз босатты. «Тіліңді ме, таңдайыңды ма, әлде ұртыңды ма, — әйтеуір бір жеріңді кескен шығар, — деп ойлады бала, — әйтпесе неғып тез босаттың?» Сынайын деп құрығын тағы ұсынып көріп еді, қасқыр ұмтылды да тістемеді. Қасқырдың аузынан қан шұбырды.

— Ә, солай ма, батырым?—деді бала масаттанып, — жараландың ба?

Құрығын суырған бала, «бүлкілдегінің тұсы осы шығар!» — деп қасқырдың бүйірінен найзасын сұғып кеп қалды. Қасқыр ышқынып, ыршып түсті де, құрық тиген бүйіріне қарай дөңгеленді. Қасқырдың қалың түбітін тесіп шыққан қан, қу шөпке тұтанған оттай қызараңдап жарқ етті де, сұрғылт жүнге жіңішке қызыл жолақ салып, бауырын орап төмен тамшылады. Бала піскілеуді жиілетті. Қасқыр бірде құрыққа ұмтылып, бірде жоғары шапшып жанталасты. Сондай арпалыстың біреуінде қалжырағандай болған қасқыр, секіре беріп шалқасынан тағы құлап еді, нақ кіндіктің түбінен бала пышақты қадай қойды. Қасқыр жандәрменде аунап түсіп, созылып тұра беріп, сүйретіле құлады да, оң жағына жантая кетті.

— Жұмысың біткен шығар, — деді бала, — енді шанышқылап теріңді бүлдірмейін! Бала үңіліп қарап тұр. Қасқырдың денесі дірілдеп, құйрығы шошаңдап, арандай ашқан аузын малжаңдата берді. Сөйтіп аз жатты да, қасқыр сұп - сұлық бола қалды. «Өлді ме, жоқ па?» — деген оймен, бала, енді құрықшасының басындағы пышақты шешіп алып, мұқылымен ғана түрткілеп еді, денесі былқ - сылқ еткен қасқырда қимыл жоқ. Қасқырдың өлгенін көрген баланың ойы, оның терісін үйіне сойып апаруға кетті. Осы оймен күні бойы әуреленіп, құрықшасының бауына қасқырдың мойнын іліктірді, содан кейін тартып көріп еді, зілдей бірдеме!

— Мынау қайтеді! — деп күш алғалы еңкейе бергенде, кеудесін тіреген ернеудің қары опырылып кетіп, бала қамбаға тоңқая құлады. Құлаудан гөрі қасқырдан сескенген бала, жалма - жан денесін оңалтып, пышағына жармаса, түрегеп еді, қасқырда қимыл жоқ! Аяғымен түртіп еді, қозғалмайды! «Өлген екенсің, бәлем!»—деп аударып көрсе, — бұл жалғанның арланы!.. Тіпті құнан өгіздей десе де сиятын!.. Бала қасқырдың сирақтарын ірей бастады. Қанша уақыт алданғанын ол шамалаған да жоқ. Біраз мықшыңдап терісін сыпырып, енді шығайын десе, айнала көк мұз. Пышақпен мұзды тесіп, қарды опырып еді, онда да малтығып тез шыға қоятын емес. Баланың киімі жамаулы болғанмен жылы еді, оның үстіне қимылдаған дене тоңази қойған жоқ. Бірақ, мана қасқырды өлтіру қызығында жүргенде, биялайын шешіп тастап еді, қамбаға құлағанда сол биялай сыртта қалыпты. Құрықпен де, қолмен де қарды опырған оппа қармен біртіндей жоғарылаған бала, сыртқа шыққан кезде екі қолының басы ашуға айналды. Бала қолына қараса, қанданған саусақтары бозарып кеткен екен, «Үсіген екен!» деген оймен ол жалма - жан қасқырдың терісін тастай беріп, саусақтарын қармен ысқылады. Һауаның райы үскірік аяз екені сол кезде білінді, қолына ұстаған қар ерімей, құм сияқты сықыр - сықыр етті. Сондай қармен уқалаған оң жақ қолы ерекше дуылдады. «Үсіген осы қолым екен» деп ойлады бала. Сол кезде баланың құлағына атын атаған дауыс сап ете түсті, ол жалт қараса — әкесі! Көңілі көтеріңкі бала, қолым үсіді деуге арланып, әкесіне қылығын айтып мақтанды. Екеуі үйіне келді. Қалампырдың қуанышы қасқыр емес, баласы. Ол ұлын «тоңды - ау, қалқам!»—деп жалма - жан шешіндіріп, аязда гүлдей жайнап қызарған ыстық бетін сүйіп: «Қолың да тоңған шығар» деп ұстап еді, оң жақ қолының саусақтары қансыз - сөлсіз сұп - сұр, әрі мұздай сұп - суық!

— Ойбай - ау!.. Енді қайтейін!—деді Қалампыр сасқалақтап, — үсіген екен ғой, мынау қолың?!. Жансыз саусақтарды уқалап не қыларын білмеген Қалампыр, «Құлыным - ай, енді қайтейін!» деп, еңіреп қоя берді...

ЖАҒЫМДЫ ЖАЛШЫ

біз кешіп келе жатқан азап жолына Төлебай да түсті. Есін білгелі киген нәлет қамыт ол бейшараның да мойнынан түскен жоқ. Ол да осы бейнетпен өтеді енді, дүниядан!.. Нұрмағамбет жайына келгенде, олар әуелі өзара ырағай - тырағай боп жүрісті. Баймырза да оны балам деп жақсы көре тұра, «әжетке жарады - ау» деген шақта жұмысқа түсуін тіледі.

— Әу, қатын!—деді ол бір күні Қалампырға — күн көрістері нашарлап кеткен бір шақта.

— Әу!—деді әйелі.

— Қысқа жіп күрмеуге келмей қойды ғой бұл!..

— Оны не қыл дейсің?—деді Қалампыр, талай естіп құлағы үйренген сөзге, әдеттенген жауабын беріп. — Ұзартатын ретін тапсаң, мен саған қой деп жүрмін бе?

— Тағы да бір түйін жалғап көрсек қайтеді ол жіпке?

— Қалай?

— Төлебайды ғой, біз кісі есігіне сегіз жасынан бердік?—деді Баймырза, айтар сөзіне алыстан орып жеткісі кеп...

— Иә? — деді Қалампыр, оның нысаналы сөзін сезе қалғандай боп.

— Арқа еті арса, борбай еті борша боп жүр байғұстың. Жасы жиырмадан асып кетті. Жұрттың ондайлары үйленіп те қалды...

— Қалыңмалын тап та сен де үйлендір!..

— Несін кекетесің қатын!—деді Баймырза демін ауыр алып, — таппайын деп жүрмін бе мен, қалыңмалын!.. Ашпа - шалаптың орны емес пе бұл үй, қолға түскенді ауызға қағып сап, тағы да жалақтап отыратын?..

— Өзің не айтқалы отырсың? — деді Қалампыр кейіп, — соныңды айтсайшы, былай да асқынған кедейліктің жарасына шыбынды үймелете түспей.

— Айтайын дегенім, — үй - ішімізбен түгел бейнеттеніп тамақ асырап отырған жан емеспіз бе? Ауыр тұрмысқа аз да болса себі тиер ме еді, қайтер еді, Нұржанды да біреуге қолқабысқа берсек қайтеді?

— Кімге?—деді Қалампыр тікілене қап.

— «Он үште — отау иесі» демей ме, аталарымыз? — деді Баймырза, қорқатын әйелінің жуандай шыққан даусымен, тесіле қараған көз жанарынан қаймығып — амандық болса, Нұржан енді он үшке шығады. Тіл - аузым тасқа, соқтауылдай жігіт боп қалды...

— Кімге бергің кеп еді, жалшылыққа?—деді Қалампыр кимелеп.

Баймырза үндемеді.

— Кімге деп отырмын ғой?—деді Қалампыр екіленіп — несін жасырасың айт, кімге уәде бергеніңді!.. Айтқанмен де ұсынысы өтпеуіне көзі жеткен Баймырза, еркін билеп алған әйелінен сырын жасыра алмады.

— Тоқсанбайдікіне... — деді ол күмілжіп.

— Мә, апарып бер, мынаны! — деп Қалампыр еріне қолын да шығарды, ернін де шығарды. Тұнжыраған Баймырза орнынан тұрды да үн - түнсіз далаға шығып кетті. Ол кете ағыл - тегіл жылаған Қалампыр, біраздан кейін үйіне оралған Баймырзаға, кей кездегі дағдысымен, енді жылы шырай беріп, жұмсақ сөз айта бастады.

— Несіне ренжисің байғұс - ау? — деді ол. — Сенін, айтқаның - ақ болсын дейік. Сонда не шықты? Сен тесік өкпе боп өмір бойы жалшылықта келесің одан не шықты?.. Мен де саған шамамнан келгенше қолқабыс тигізіп келем, одан не шықты?.. Төлебай да тесік өкпе боп бізге қосылды, одан не шықты? Күн тырбанайық, түн тырбанайық, бәрібір — баяғы жоқшылық!.. Нұржанды да осы батпаққа батырғанмен не шығады деп ойлайсың?

— Бірдеме шығады деп жүрген жоқпын, — деді Баймырза,—«суға кеткен тал қармайды» дегендей, менікі амалсыздықтан айтқан сөз. Олай деуіме және бір себеп, — «сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» депті ғой, бұрынғылар. Жұрттың қаңқуы да өлтіріп барады бір жағынан...

— Не деген?

— Өлеңге, домбыраға әуестеніп жүрген жоқ па, біздің Нұржан кішкене шағынан? Бала да болса санатқа кіре бастап жүрген жоқ па, сол өнерімен, жастардың арасында?.. Күншіл жұрт соны да көре алмай ма, немене, — «ата - бабаңда сері мен сал жоқ еді, сенен де шықты бір сері; енді оның сәнді ер - тұрманын, атын, киім - кешегін әзірлеп бер» деп мазамды алатын болды күншіл, күлеген жұрт!..

— Оттай берсін!—деді Қалампыр кесіп айтқан үнмен, — кісіден тіленген күніміз жоқ. Қазанымызға ас салып берген адам жоқ. Ашты - тоқты болайық, өз еңбегімізбен күн көріп жатырмыз. Нұржанның да жалшылыққа тұрар күні қашпас. Бойы өсіп, бұғанасы қатсын. Жасынан жалшылыққа берсең, ез - ез боп жаншылып қалар. Есін біліп, етегін жапқан соң өзі де қарап отырмас, ақылы бар бала... Қалампыр мен Баймырза бұл сөзге қайтып оралмады, Нұрмағамбеттің ер жеткен, жұмысқа барам деген сөз өз аузынан шыққан күнін күтті. Бірақ, олар ұзақ күтпеді. Қайрақты қаласы күйгеннен кейін, жан - жақтағы ауыл адамдары боп, оларға Баймырза да еріп, үйлерін, қора-қопсыларын салысуға аттанарда:

— Мен де барам, әке! — деді Нұрмағамбет.

— Қайда?

— Қалаға.

— Неге?

— Жұмысқа!..

Баймырзаның апарғысы, Қалампырдың жібергісі келмеп еді, Нұрмағамбет «барам!» деген сөзінен танбады. Несіне тансын, — жазықсыз күйдірген селоның қарғысы атқандай, жалғыз аты, өрттен кейін көп кешікпей жамандатып өлді. Тігерге тұяқта, жалғыз сиырдан басқа мал жоқ. Оның сүмесі шайды шылаудан артыққа жетпейді. Сәті түскен кәсіпке ғана кездесетін әкесімен, Тоқсанбай үйінде жалшылықта жүрген ағасы, — Төлебайдың тапқаны, тақыл - тұқыл тамаққа ғана жарайды. «Тәуір ғып өсірем» деген талаппен, бүтін киім - кешекті шешесі бұның ғана үстіне жапсырады да, өзгесі жамау - жасқаумен жүреді. Төсек - орын да тозған, кигіз үй де тозған. Қысқы үйі үй емес, — үйшік... Осындай жағдайда тұрудың несі қызық!.. Бала шағында байқамағанмен, есейе келе бұл тұрмыстың кермек дәмін үй ішімен бөле татқан Нұрмағамбет, ауыр тұрмысты жеңілдетуге көмегін қалай тигізуді білмей жүр еді, әкесіне күйген қаладан жұмыс табылған соң ерді де кетті... Баймырзаның мамандығы — балташылық екені бізге мәлім. Қалың орманның арасына мекендеген Қайрақтыда, күйіктен кейін де балташыға жұмыс көп табылды. Сол жұмысқа білегін түре кіріскен әкесіне, Нұрмағамбет іздесе табылмайтын көмекші болды. Ағашты мыжғалау жұмысына Нұрмағамбет тіпті кішкене күнінен үйір болатын: бәкімен, пышақпен, шаппа - шотпен, балтамен... дегендей, қолына не құрал түссе сонымен ойыншықтар жасайтын. Бірақ ол, көңіліне алған ойыншықтың долбарлап жобасын ғана келтіре алатын да, басқа шебер балалардай әдемі жасай алмайтын. Ал, домбыра шертуге, өлең айтуға кішкене күнінен - ақ шеберлене бастады. Мінезі ойнақы, қалжыңшыл ол, әлдекімдерді сықақтап, бірер ауыз өлеңді жанынан да шығарып жібереді. Оның үстіне, денесі өзі құралыпты баладан сом да, биік те боп өсіп, күрессе жасы қатарлас балаларды қолына да алмады, ересек балалармен де тайталас, итжығыс түсіп жүрді... Осы жайларына қарап, «бұл түбінде кім болады?» деген сұрауға, әркімдер әр түрлі жауап берді. Ағаш жонуға үйірлігіне қарап:

— Әкесіндей балташы болады, — десті біреулер.

— Болса болар, — десті екіншілер,—«тауда туған құлынның, екі көзі таста болады» дегендей, көзін аша көргені балташылық болған соң, бұл да өскенде балташы болмай қайтер дейсің. Бірақ, түріне қарағанда, әкесінен ұзап ешқайда бара қоймас, әкесіндей бұның да ісмерлігі ағаш үй қыюдан аспас. Домбырашы, өлеңшілігіне қарап, біреулер,—«сері болады» десе, енді біреулер:

— «Талтаңдасаң талтаңда, ақшаң болса қалтаңда» дегендей, серілікке де дәулет керек шығар. Тақыр кедей несімен сері болады?—дейтін. Денесіне, күшіне қарап, біреулер:

— Осы асқан балуан болады, — десе, енді біреулер:

— Олай болғанда не бітіреді? Үнемі айт - той кездесе бере ме оған, күреске шығатын? Кездескен жерде жығудан не пайда оған? «Айт — аттыға, той — тондыға» жараспай ма? Аты қайда оның айт пен тойға мініп баратын? Тоны қайда киіп баратын? Біреудің атын мініп, біреудің тонын киіп барудың несі сән?

— Осы бала, осы жайларды ойлай ма екен, жоқ па екен?—десетін әркімдер.

— Әй, ойламайды ғой деймін, — десетін біреулер,— мал түлігі болып қалды, ойласа, мал табуға тырысар еді ғой. Ойында ол жоқ. Баққаны,—«аһа - һау» да, «еһе - һеу!»

— Оны ойлауға әлі жас қой, — десе:

— Несі жас? «Он үште — отау иесі» емес пе? Он үштен асып бара жатқан жоқ па осы? Денесі он бес - он алтыдағы бала дай емес пе? Осы кезде кірмеген сана оған қашан кіреді, — дейтін.

— Бала да емес, бұған кінәлі, әкесі де емес, — дейтін, білем деген біреулер, — айыпты — шешесі. Әкесі жалшылыққа берейін десе, шешесі «бұла ғып өсірем» деп көнбейді. «Байдың малы, жалшының жаны ардақты» деген осы...

— Шешесі ақылсыз адам емес, — дейтін біреулер, — оның да бір білгені бар шығар. «Бойы өсіп, бұғанасы қатсын» деп жүрген шығар баласының... Солай күңкілдесетін жұрт, Нұрмағамбет әкесіне еріп, Қайрақтыға жұмысқа аттанғанда, «е, бәсе!» деп сүйсінді де, «қайтер екен?» деп күтті. Үміт жүктейтін адамдардың ойын Нұрмағамбет ақтады: әкесіне тізе қоса балта шапқан ол, іскерлікте кем түспеді; ал, күшке келгенде, жасы жетіп қалған әкесінің қайраты қайта бастауынан ба, әлде, бала Нұрмағамбет, жас мөлшерінен әлдеқайда қуатты ма, — шапқан ағашына балтаның жүзі нығырақ қадалды, ағаштың қолдаса көтерген жағын еңсеріңкіреп кетті...

— Міне, енді, жігіт болды бұл, — деп сүйсінді, көрген дос адамдар, — әке - шешесін асырай бастауының алды осы!.. Балтаны көп жыл шапқан Баймырзаның, үздіксіз ауыр жұмыстан тапқан бір зақымы — беліне түскен шойырылма еді. Орта жаста пайда болған бұл зақым, жасаңқыраған кезде үдеп, ара - тұра ұстағанда, белін баса алмай, қозғала алмай, сіресіп жататын да қалатын. Кейде ол шойырылма жұмаларға, айларға созылып, қимылдауға халы келмей, төсекте шалқасынан жататын да қоятын... Бұл пәле оны көбінесе көктем, я күз айларында көбірек айналдыратын. Биыл Нұрмағамбетін ертіп Қайрақтыға жұмысқа барған жылдың күзінде осы пәле тағы да сап ете қап, белін қақырайта тас қып буды да тастады. Қимылдауға қалы келмеген оны, достас бір адамы тарантасына көтеріп сап үйіне алып қайтқанда, Нұрмағамбет жұмыста қалып қойды, әкесінің «бірге қайтайық» деген тілін алмады... Сол қалғаннан Нұрмағамбет ұзақ қалды. Қалмауына болмады, — әкесі бұл жолы ұзақ ауырып, қыс бойы сартөсек боп жатып алды. Төлебайдың, тапқаны, әке - шешесін асырауға жетпейтін болды, оған Нұрмағамбеттің табысы қосылса, онда да тоқ - жараулық қана күнелткенмен, «аштан өлмейтін, көштен қалмайтын» халге жетті. «Басқа түссе баспақшыл». Басына әке - шешесін асырау күні туған Нұрмағамбет бұрын әкесіне жәрдемші болса, енді әкесі ауырғаннан кейін өзіне ғана сенді де, балташылық жұмысын жеке атқарып кетті. Табысы көп болмағанмен, оның балтасына жұмыс табылмай қойған жоқ... Басында бейнет сияқтанған балташылық, үйрене келе, құмарта атқаратын ісі боп кетті. Құмартпағанда қайда барады? Бұдан кеткенде де барар жері жалшылық. Өз ойында ауыл мен селоның жалшылығын салыстырса, бастапқысынан соңғысынікі әлдеқайда жақсы сияқтанады. Ауыл жалшысының қандай болатынын, ол өз ағасы — Төлебайдан байқайды. Оны жұмысқа күні - түні айдайтын бай не асқа, не киімге жарытпайды, еңбекақысын кезінде бермейді, кейде жеп кетеді; орыс байының да жұмысы ауыр болғанмен, тым мезгілсіз салпақтатпайды, тамағын тоқ, киімін бүтін қып ұстайды, уәделі ақысын мезгілінде құлақ қақпай беріп тұрады, жұмасына бір күн демалыс береді, моншасына түсіреді, таза орынға жатқызады... Нұрмағамбет тұрған байларына жағымды болды. Өйтпеуіне мүмкін емес еді: мінезі ойнақылығының, тіл алғыштығының үстіне, ол аса қарулы болды. Не жұмысқа болса да бар ынтасымен кіріседі де, қолы тиген жұмысын опырып жібереді. Мысалы, жап - жас қалпымен ол көтерген жүкті, ересек жігіттердің жігіттен жігіті - ақ көтереді; егін - шөп шапқанда, жолды өзгеден бір жарым есе кең, бір жарым есе шапшаң тартады. Жұмысты соншалық қарқынмен істеген ол жалқаулануды, шаршауды білмейді, ерте тұрады, кеш жатады... Осындай жайын көрген оны, Қайрақтының байлары, ақыны біріне бірі артық беріп, таласып жалдайтын болды. Селода ол «жағымды жалшы» атанды. Әкесі мен шешесі Нұрмағамбеттің бұл тілін алды да, қолдарынан келген қайраттарын үй тұрмысын түзеуге жұмсай бастады; сырттан табыс кіру, үй ішінен бүтінші табылу, Баймырзаның бұрынғы іші де, сырты да сиықсыз үйіне ажар беріп, жыл өткен сайын, жақсы үйлердің қатарына жақындай түсті. Бұл үй, бұдан да тез әлуеттенер ме еді, қайтер еді, — егер, Қалампыр аздап бөгеттік жасамаса.

— Сенің ақылыңды біз де алайық, құлыншағым, — деді ол Нұрмағамбет тағы да бір келіп, үйінің түзеле бастауына сүйсіне отыра, одан да түзелуіне тағы да бір ақыл айта бастағанда, — бірақ, сен менің ақылымды да ал.

— Айт, апа!..

— Аруағыңнан садаға кетейін, әткем марқұм айтушы еді,—«бай болып ешкім жаппас жердің жүзін, сұлу боп ешкім жаппас күннің көзін» деп. Әулиенің сөзіндей ғой, осы сөз. Талай байды көрдім. Ешқайсысы да байлықпен жердің бетін жапқан жоқ. Қолдың кірі сияқты нәрсе көрінеді, «байлық» дегенің, бір жуғаннан қалмайтын көрінеді. Аталарыңның «бай — бір жұттық, батыр — бір оқтық» дейтіні де сондықтан...

— Сонда, байымау керек пе, апа? — деді Нұрмағамбет күліп.

— Тәңірі беретін байлық болса қашпассың балам, бермейтін байлық болса қумассың қуғаныңмен жеткізбейді...

— Мен жетсем ше?..

— Асылық сөз айтпа, шырағым!.. Аталарың айтқан, — «ұл таппас қатын болмас, тұрарын айт, мал таппас жігіт болмас, құрарын айт!» деп. Кімнің бай болғысы келмейді дейсің күнішегім, кім еңбектенбейді дейсің баюға?.. Тапқаны құрамайды да!.. Тәңірі, тек, сол көзіне ұшыратпасын деп тіле!.. Еркелеп қана болмаса, шешесімен басқа жайда сөз таластырып көрмеген Нұрмағамбет, баю жайынан да бұдан әрі сөз таластырғысы келмей:

— «Ақыл айтам» деп ең ғой, апа, осы ма айтар ақылың, басқа ма?—деді.

— Айтайын деген ақылым, — деді Қалампыр кескінін салмақтандырып, — аталарыңның мақалы бар,—«етігі жаман төрге шыға алмайды, жеңі жаман ас іше алмайды» деген. «Тоны жаманды ит қабады, ниеті жаманды тәңірі табады» деген аталарың. «Таныған жерге бой сыйлы, танымаған жерге тон сыйлы» деген...

— Неге мақалдатып кеттің, апа, осынша? — деді Нұрмағамбет күліп.

— Мақалдатып отырғаным, — деді Қалампыр, салмақты бейнесін өзгертпей,—«тіл -аузым тасқа», — табысың жақсы, баюды қоя тұрып, ең алдымен үстіңді бүтінде!.. Жай ғана бүтіндеп қоймай, жақсы киін!.. Тағы да «тіл - аузым тасқа», — туысың ешкімнен кем емес, тұрмысыңды да ешкімнен кем ғып ұстама, «мына» деген байдың баласындай сықырлап жүр!..

— Олай жүру жарасса, aпa! — деді Нұрмағамбет демін соза алып.

— Неге жараспайды?..

— Жақсы киім жарасар еді, мінер жақсы атың болса, тұрар жақсы үйің болса!.. Ондайларың болмай, құр ғана сықырлап киінгенше, «несіне жетісіп киінеді?» деп біреулер күліп жүрмесе!.. Баласының бұл сөзіне тоқталып қалған Қалампыр, іштей,—«солай екен - ау, әлі!» деп қалды да, сыртына ол өкінішін шығарғысы келмей:

— Үміт дүниясы емес пе, балам? «Көң шыққан жерге — шөп те шығады» деген аталарың. Жас емессің бе, әлі? Неден күдер үздің? Алдын берген тәңірі артын да берер. Бақ пен дәулет жауын емес, бір күнде үстіңе құя салатын. Ол көздің жасы сияқты тамшыдан құралады. «Тай — атқа, ат — мұратқа жеткізеді». Әуеле, дұшпан көзі ғып киім - кешегіңді түзе. Одан кейінгісін тағы да көре жатарсың!.. Шешесінің тілін алды ма, әлде, былай да жасынан әдемілікті жақсы көруінен бе — табысынан үйіне де қараса отыра, Нұрмағамбет, жылдан жыл тәуір киіне бастады. Және ол, ауылша емес, орысша киінді. Ол кезде орысша киім ауылға тараған жоқ еді де, бірен -саран орысша киінем дейтін жігіттер болса, ауылдың діншіл ақсақалдары «шоқынасың» деп тыйым салатын еді. Орысша киінген Нұрмағамбет, сол киіммен алғаш үйіне барғанда, ауылдың өзгесінен емес, өзінің шешесінен қорыққан еді. «Ұрсар» деп ойлаған еді ол. Шешесі өйтудің орнына, орысша әдемі киініп, орыс жігіттеріндей шашын өсіріп барған баласын, әуелі:

— Көтек - ай, бұл кім еді?!—деп таңырқап танымай қалды да, баласы екенін таныған соң, бассалып сүйіп:

— Бұл киімдерім жараса ма, апа?—деген баласына:

— Өте жарасады, күнім, игілігіңе кигізсін! — деп қайта құшақтап, қайта сүйді. Көрші -қолаңнан келіп отырған біреулер:

— Жарасуы жарасады - ау, бірақ, орысша киінгені ұнамайды! — деп еді:

— Бәрібір емес пе? — деді Қалампыр жекіп, — таза болса, тәуір болса болады, — деді ол баласына, — кие бер, күнішегім!.. Тек, шашыңды алдырып жүрсең болды!.. Шешесінің ол тілегін орындаған Нұрмағамбет, село жастарының арасында әдемі киімдерімен ғана көзге түскен жоқ, өнерімен де көзге түсті. Жексенбі күндері, әсіресе, қауырт жұмыстар азайған кездің жексенбі күндері, немесе мейрам күндері қала жастары сауық жасаса, ойынның гүлі екі жігіт болады, бірі — Андрей Курганов, екіншісі — Нұрмағамбет. Әуелі, қысқаша, Курганов туралы: Фельдшер Василий Кургановтың Антон және Андрей деген екі ұлы болғаны бізге мәлім. Ана жылғы Нұрмағамбет тұтатқан өртте Василий күйген үйінің жалынына ауыр түрде шарпылды да, біраз уақыт больницада жатып, әрең дегенде тәуір болды. Бірақ, денесіне өрттен түскен тыртықтардан ба, өрт ішінде шошып оянғандықтан жүрегі қатты шайлығудан ба, немесе, бұрын да болып жүретін ымшық -шымшығының өрт күйігінен кейін қозуынан ба, — күйіктен тұрғаннан кейін бірер жыл сүлеленіп жүрді де, дүниеден көзін жұмды. Артында, жоғарыда аталған екі бала мен қартаң және сырқат әйелі қалды. Андрей Нұрмағамбетпен жасты еді. Антон — төрт - бес жас үлкен. Бұл екеуі де бастауыштан артық мектепті бітіре алмады: селолықтан арғы мектепке, жасынан тентек боп өскен және оқуға ықылассыз Антон бармады; Андрей зиректеу және ықыласты болғанмен, үйі күйген Василийдің оны ілгергі оқуға жіберуге орқаны келмеді. Сөйтіп, ол екеуінің де маңдайына, өмірлерін крестьяндықпен өткізу «бақыты» жазылды. Бірақ, қандай крестьяндық ол? Малы жоқ, соқасы, сайманы жоқ крестьянда жалшылыққа тұрудан басқа не амал бар? Ағайынды Кургановтар да сөйтті: Антон әкесі ауруға шалдығып табыстан қалған соң - ақ өз селосының байларына жалшылыққа тұрды, Андрей ол қамытты әкесі өлгеннен кейін киді... Бірақ, Антон селосының жалшылығында ұзақ тұрмай, әлдеқайдағы қалаға кетті де, үйіне жыл тәулігінде аз уақытқа ғана келіп жүрді және жақсы киініп келді, сонда айтары — «мата тоқитын фабрикаға жұмысқа кірдім». Оның ойына салса, Андрейді де, Нұрмағамбетті де өзі қызмет атқаратын фабрикаға жұмысқа әкету еді, екеуін де шешелері жібермеді. Андрей мен Нұрмағамбет аса тату - тәтті боп, бірге туған адамдай болып өсті. Бірін - бірі есін білер шақтан танитын олар, сол шақтан бірге ойнайтын дос та болып кеткен еді. Қазақ арасында өскендіктен, қазақ тілін судай білетін, әрі мінезі жақсы Андрейді Нұрмағамбет бөтенсудің орнына жанындай жақсы көреді. Өрттен кейін, әсіресе, селоға келіп жалшылыққа тұрғаннан кейін, Нұрмағамбет Андреймен тіпті жақын болып алды. Сондағы бір себебі — бұрынғы татулық болса, екінші себебі — үйін өртегендіктен, өзін оның алдында аса қылмысты адам көріп, ол қылмысын жууға, достығын күшейте түсуден басқа құралым жоқ деп ұғуда... Осы мақсатпен тым жақын боп, жұмыстан қолы босаған уақытын Андреймен бірге өткізетін Нұрмағамбет, әкесі өлгеннен кейін жалшылыққа тұруға бел байлаған Андрейді өз қасына алды. Ақыл фарасатына жүйрік Андрей, дене күшіне әлсіздеу еді. Нұрмағамбет оны сонысын білгендіктен де өзі жүрген байдың жұмысына шақырды.

— Бірге болайық, — деді ол Андрейге, — жұмыста бірге жүрейік. Ауырына мен ие болармын, жеңіліне сен ие боларсың. Жұмысқа бірігіп кіріскенде мысалы, — соқа айдаса — Андрей тұтқасын ұстады, шөп үйсе — төбесіне шықты, бидай соқса — веялканың құлағын айналдырды, қапшық көтерсе — түбін ұстатты... Күш жұмысына сондай солқылдақтау Андрейдің, аса жетік бір нәрсесі — сырнай. Қайрақтыда одан сырнайшы кісі жоқ. Сырнайсыз ойын - той болмайды, Андрей сырнай тартпаған ойын - тойдың сәні болмайды, қай үйде ойын - той болса, алдымен Андрей шақырылады... Нұрмағамбет те сырнайға аса құмар. Бірақ, оның бақытсыздығы, ана жылы, қамбадағы қасқырды өлтіріп, терісін сойып алам деп жүргенде үсіген оң жақ қолының басы бүлініп, фельдшер Василий төрт саусағының жоғарғы екі буындарын кесіп тастап әрең жазылған. Содан мұқыл боп қалған саусақтар, сырнайдың пернесін жылдамдата басуға жетпейді, ақырын басып азын - аулақ ойнауына айызы қанбайды, оңтайы оң жағына біткен Нұрмағамбет, сырнайды сол жақ қолымен үйренейін десе, саусақтары ырқына көнбейді... Сырнайды еркін билеп кетуге мұқыл саусақтары көнбеген Нұрмағамбет, шала - шарпы дарылдатуға риза болмады да, бар өнерін сырнайға қоса ысқыру мен әндетуге жұмсады. Жоғарғы ернін жымқыра, төменгі ернін салбыратыңқырай, сиректеу, жалпақтау, ұзындау тістерінің арасынан ысқырық шығарғанда, дыбысын ол жер - өмірге жеткізетін болды. Бірақ ол, босқа ысқырмай, сырнайға ойналған әнге қосыла ысқырды. Ысқырыққа келгенде, село жастарынан алдына жан салмайтын Нұрмағамбет, орыстың әнін жақсы үйренгенмен, сөзіне жетіле қойған жоқ, сондықтан, біліп тұрған орыс әнінің сөзін шалағай айтуға ұялып, орыс әндерін айтуға әуестене қойған жоқ. Қазақ әндерін ол да жақсы біледі, Андрей де жақсы ойнайды, сондықтан, сырнай тартса - ақ қосыла кетеді... Өстіп, Андрей мен Нұрмағамбет Қайрақты жастарының ойын гүлі боп жүрген күндердің біреуінде, екеуіне де күтпеген кесір кездесе қалды. Бұл кесірге себепші Антон болды. Алыстағы қаладан туған селосына аз күнге қонаққа келіп жүретін ол, осы селоның ең байы — Егор Пропадконың бой жеткен сұлу қызы — Наташамен көңіл қосып қалды. Нұрмағамбет пен Андрей бұл кезде Егордың жалшылығында жүр еді. Наташаның әкесі бұл жайды тез сезді де, мінезі қаһарлы ол, қызына тыйым салып, босағасынан аттатып шығармай қойды. Егордың есігі біржола жабылуына көзі жеткен Антон, кілтін қолына Нұрмағамбет арқылы түсіріп, түн жамыла жолығып жүр еді, Егор аңдытқан күзетші оны да сезіп қойды. Қызын Көкшетау қаласындағы аса бай саудагердің баласына бермек боп, қалыңмалының көбін ақшадай қылғып қойған Егор, не істеуге білмей састы. Саспас еді, — қызына «мұның не?» деп ұрысқанда, «сүйетінім сол, бармай қоймаймын» деп қарсыласа кетті. «Атастырған күйеуіңе еріксіз беріп жіберем!» деп қорқытып еді — «бәрібір, оған пенде болмаймын, — деді қызы, — күшім жетпесе өлем, күшім жетсе, бәрібір, сүйгенімді табам!» Амалы құрыған Егор, «енді не істеу керек?» деген сұрауға — «Антонды өлтіру» ден басқа жауап таба алған жоқ. Егор жанды - жақты: ержеткен балалары да, еншісі бөлек інілері де, олардың балалары да көп адам еді. Жасырын түрде солардың басын қосып, Антонға деген үкімін ол айтқан еді, ұяластары «дұрыс!» деп мақұлдай кетті.

— Бірақ, қандай жағдайда?—деген сұрауға:

— Мынандай жағдайда, — деп жауап берді Егор, — осындағы жалшы қазақтың жәрдемімен, түнде, біз ұйықтап қалған шақта қақпаны ашып кіретін көрінеді. Сол кезде қапысын тауып өлтіріп жіберу керек!..

— Қазақты қайтеміз?

— Қарсыласса, — оны да!..

— Туыстары іздейді ғой!

— «Ауылына кеткен, қайтып келген жоқ» дейміз. Надан қазақтар бізге не істейді? Сот арқылы ізденгілері келсе, ебін тағы да табамыз! Ақшаға сатылмайтын сот жоқ!.. Сөз осыған байланды. Мезгіл жаздың ортасы еді. Айдың қараңғы кезі. Түнде қақпа дағдылы қалпымен жабылды да, ауыр құлыппен бекілді. Бүгін де Антонның келетіні өзіне мәлім Нұрмағамбет, Наташа арқылы, ол кілтті іңірде ұрлатып алды... Нұрмағамбеттің, әдеті — Антон келер түні, сенекке әдейі ерте жататын еді де, жабдығына олар ұйықтаған кезде кірісетін еді. Бүгін де сөйтті. Іңірде сенекке жата қалған ол, жау жағының әзірлігін сезген жоқ. Аңдушысы арқылы хабар алған Егор, Антонды өлтіруге әзірлеген адамдарын, ол жүретін жолдың қараңғы қуысына жасырды да, қолдарына балға, балта, тұтқасына қайыстан бау таққан кір сияқты қаруларды берді. Олар қолдарына түкіріп даяр тұрғанда, сенек жақтан сыбдыр естілді. «Бұл, әрине, жалшы қазақ!» Сенектен шыққан адам, еппен басып барып қақпаның кілтін сыбдырсыз ашты. Түнге көздері үйренген өлтірушілер, қақпа сыртынан ішіне әлдекімнің кіргенін де көрді, «бұл, әрине, Антон!» Өлтірушілер дірілдеген денемен, қаруларын қолдарына оңтайлай бастады... Қаннен - қаперсіз қора ішіне кіре берген Нұрмағамбет пен Антонға аңдушылар дүрсе қоя берді!.. Олардың дәлдеп сілтеген қарулары Антонның басына қабаттаса тиді де ұшып түсті. Не болғанын білмей сасып қалған Нұрмағамбет, құлаған Антонды құшақтай алам дегенде, көп адам оған жабыла кетті... Жанталаса ұшып түрегелген Нұрмағамбет, жабылған адамдарды жан - жағына шашырата қалай лақтырып жібергенін білмей де қалды. Жаулар тағы да ұмтыла бергенде, бұрынырақ жеткен біреуінің шауып жіберуге сілтеген балтасын Нұрмағамбет қолынан шап беріп жұлып алды да, сол балтаның ұңғы жағымен кеудеден тапсырып кеп жіберді. Талып я өліп құлағанын білмеді — ол шалқасынан ұшып түсті... Өзгелерін әлгінде дүрсе қоя берген үңгіріне қуып тыққан Нұрмағамбет, жалт беріп жылдам адыммен Антонның қасына келді де, қимылсыз жатқан оны жерден құшақтай көтеріп ап, далаға ала қашты... Артына алақтай қашқан оның көзіне, жаулардың қараңдап қуған елесі шалынды, бірақ, қатты жүгірген Нұрмағамбетке жете алмады ма, немесе, жетерін біле тұра бата алмады ма — жаулар оған қолдарындағы қаруларын ғана лақтырды да, қуып кеп ұстай алмады, лақтырған қарулар денесіне дарымады... Қуғыншылар қақпадан шықпай, қора ішінде қалып қойды... Нұрмағамбет сол жүгірген қалпымен, Кургановтардың үйіне келді. Андрей ол күні кешке «моншаға түсем де, үйде қонам» деп кеткен еді. Қатты қағылған есіктің дүрсілінен шошып оянған ол, есікті аша тіпті шошып кетті: әлдекім, әлдекімді көтеріп кеп тұр!..

— Кім?!—деген үрейлі дауысы қатты шығып кетті оның.

Кімдер не халде келіп тұрғанын білген ол, есінен танып қала жаздады. Ол есінен танбағанмен, шешесі танды. Андрейдің «мама, шам жақ!» деген үрейлі дауысын естіп, бір жамандықтың барын, бірақ, не екенін білмеген шеше, дірілдеген дене, қалтыраған қолмен, қараңғы бөлмеде кәрәсін лампысын әрең жақса, ағаш кроваттың үстінде әлдекім сұлап жатыр... Қасында Нұрмағамбет пен Андрей түрегеп тұр!.. «Бұл кім?!» деп сұрастырса — Антон!.. Аузы - мұрнынан, құлақтарынан қан сорғалап жатыр... «Құдай - ау, бұған не болды?!» деп, бақыра жылап бассалса... өліп қалған!.. Шеше талып кетті... Сол талғаннан есін жинамаған, бұрын да ауыр сырқат бейшара, таңға жақын жан тапсырды... Бұл кезде жиналған көрші - қолаң үйге лық толып отыр еді. Болған оқиға жайын естіген Кургановтың жақындары:—«жиналып барамыз, қанды қанмен жуамыз» деп желігісіп еді, жамағайындар тоқтау айтып бөгеді.

— Нұрмағамбеттің айтуынша, — десті олар, — босқа арандамайық. Шортандағы атаманға кісі шаптырайық. Жауларың да аман емес қой, тегі. Олардан да шығын болған адам бар сияқты ғой. Атаман келсін де, екі жақты да тексерсін. Заң адалын шешер. Атаманға шапқын кеткенде, Андрей жақындарына өз ұсынысын айтты:

— Өлер ағам өлді, — деді ол,— Пропадкоға жуыма деп ем, тіл алмады. Ақыры, — басына жетті. Енді оның өліміне нақақ біреуді күйдірмеу керек...

— Кімді?..

— Мына, Нұрмағамбетті!.. Бұның жазығы — Антонға болысу. Ол үшін жаза тартуы әділетсіздік болар еді.

— Өзінің, жорамалы расқа шығып, жау жағынан біреуі өлсе, жазаны амалсыз тартады да!..

— Ол тартпайды, мен тартам!..

— Неге?

— Қалай?!..

— Туыс менікі. Оның ісіне өзге емес, мен күюге тиіспін.

— Жаудан кісі өлсе, «өлтірген менмін» деп мойныма алам...

Ертеңіне станицалық атаман және тағы біраз чиновниктер келді де, қылмысты істерді тексерді. Нұрмағамбет балтамен соққан адам да өліп кеткен екен, ол Егордың інісі Фарфирий екен... Екі жақтан да көп кісі тұтқынға алынды... Егор Көкшетаудағы саудагер құдасының жәрдемімен тергеу және сот орындарын сатып алды да, үкімде жазаға Курганов ілекті, ол бес жыл каторгіге айдалатын болды. Бірақ, ол жауаптарында да, сот процесында да айыпты мойнына алып, абақтыға өзімен бірге жабылған Нұрмағамбетті ақтап, босаттырып жіберді... Бұлай босанғысы келмеген Нұрмағамбетті, ол достық қолқасын салып әрең көндірді...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙