TELEGEI

Home

Тарихи өлеңдер

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тарихи өлеңдер

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

Ел ескілігінің бір алуаны – тарихи өлеңдер. Бұл уақытқа шейін біз қарастырған әдебиет жұрнақтарынан тарихи өлеңдердің бөлінетін бір үлкен айырмасы бар: бұдан бұрынғы ескілік кейде әңгімелі өлең туғызса, кейде ел салты мен ел сезімінің әртүрлі ауыр-жеңіл күйлерін шығарса, барлығында белгілі мезгілге, белгілі орынға байланбаған еркіндік бар. Даланың желіндей, кезіне қарай шалқып есіп, кейде ілгері, кейде кейін кететін, ел өмірінің арнаулы мезгілімен нық байланудың орнына тарихтың ұлы шеңбер, көмескі дәуірінен болымсыз ғана белгі беретін. Ол өлеңдерді меңгеріп, билейтін көңіл күйі, ақындық қиялы болатын. Оларға қарағанда, тарихи өлең ел әдебиетінің жаңа бір ағымы, жаңа түрі сияқты. Тарих өлеңдері ең алдымен ел тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады. Пәлен жыл мен пәлен жылдың арасында болған тарихи дәуірдің жыры. Сол дәуірде арнаулы оқиғаның қақ ортасында болған атақты адамдардың басынан кешкен өмір, қолымен істелген істің жыры болады. Тарихи өлеңдердің ішіндегі адамдар жалпақ елге аты белгілі, жалпақ елге қадірлі, сүйікті адамдар. Сол адамдардың істеген ісі, беттеген мақсаты, көптің өміріне қозғау салған әсері, көптің аузында неше алуан әңгіме болып қалады. Бұл әңгімелердің көбі сол оқиғалардың ішінде болған, көзі көргеннің әңгімесі. Сондықтан сөзі мен суреттерінің шындығы көбінесе даусыз. Сондайлық тарихи оқиғалар өз тұсында көпке жайылған жанды әңгіме болып жүрсе, кейде ақындардың қолына жетіп, өлең өлшеуіне түседі. Тарихта болған оқиға.

Оқиға өлеңге айналған соң, өзі ескінің тарихы болып жоғалмайтын болады. Бұл күнгі қазақ ескілігінен бізге қалып отырған тарихи өлеңдердің барлығы да осы жолмен туып, өскен. Бірақ қазірде тарихи өлеңдерді қарастырудан бұрын айтатын бір сөз: бізде бұл күнге шейін барлық тарихи өлең жиналып болған жоқ. Нағыз тарихи өлеңдерінің басталған кезі Абылай заманынан бері қарай деп санасақ, қазірде Абылайдың өз жорығын баяндаған өлеңдер, онан соң Сырым қозғалысын айтатын өлеңдер1 біздің қолымызға тиген жоқ. Баспаға шыққан өлеңдері жоқ шығар деймін. Жалпы тарих өлеңдері, өз санына қарағанда, ескі батырлар өлеңінен аз болмауға керек. Бірақ бұл күнде қолдағысы – Кенесары, Исатай, Бекет өлеңдері болғандықтан2, тарихи өлеңдері турасындағы жалпы сөзді осы айтылған екі-үш өлеңге қарай топшылаймыз. Әуелі бұл өлеңдерді бас-басына қарастырудан бұрын, осыларды туғызған тарих, дәуір туралы біраз айтып кетпей болмайды. Себебі бұл өлеңдерді туғызған ел тіршілігінің тарихы, тарихта орын алған ұлы оқиғалар. Сол себепті тарих өлеңдерін толық ұғу үшін алдымен солардың мезгілін, сол заманның шартын білу керек. Қазақ әдебиетінің тағдыры тарихи өлеңдерге шейін қазақтың қалың елінің тағдыры сияқты болып келген. Онда әлеуметтік бағыты, әлеуметтік мақсаты жоқ. Не туса да қиял мен сезімінен, таза ақындық қуатынан туған. Барлық әдебиет бір арнаулы жолға түсіп, барар жерін белгілеп, "көпті түзеп, көпті бастаймын" деген талапты ойламаған кезі. Ол әдебиеттің заманындағы елде: "Қайда барамын, не тілеймін, кім боламын?" деген сұрауларды өзіне қоймаған ел болатын. Сарыарқаның желіндей еркін ел, жайын даланың киігі мен құланы сияқты ықтиярлы ерке болатын. Ол заманның тарихы да көмескі, күңгірт. Тарихи өлеңдердің тұсында сол қазақтың өмірі көлеңкелі күңгірттен күнес күнгейге шыққан сияқты. Бұрынғыдай емес, ендігі қадалып қараған көзге бадырайып анық көрінетін сияқты болады. Бұрынғы заманда құмды, шөлді даланың жайын қуаты сияқты болып жүрер қазақ елі, сол шаң мен желдің ішінде, көптен шырғалап тартып, күтіп жүрген тосқауылға ілінеді. Артқы өмірі асусыз тау, өткелсіз су сияқты белгісіздік кезеңнің астында жатса, мына заманда тарихтың асу кезеңіне шығып, бергі бетке қарай құлаған сияқты болады. Тарихта бұл екі дәуірдің жапсары Әбілқайыр, Тәуке, Қайып, Абылай хандардың3 заманына келеді. Бұл дәуірдің басы – 1723 жылғы ақтабан шұбырынды. Екінші сатысы: орыс сияқты шет жұртқа бағынуға айналып, елдің алдында "темір ноқта мен қайыс ноқтаның" таңдауы шыққан заман4. Ақыры: орысқа бағынып, ноқтаға бас иіп, асаудың жуасып, алыптың басылған уақыты болады. Қазақ елін орысқа бағындыруға зорлаған себептер көп. Бір жағынан қалмақ сияқты елдің тізесі батқан жаулығы болса, екінші: Орта Азия хандықтарының қысымшылығы, үшінші: орыс үкіметінің қазақты бағындыруды мақсат қылғандығы, осымен бірге тағы бір зор себеп, қазақтың өз хандарының алалығы. Өзара жаулық пен араздық, өштік күшейіп, бірін-бірі жауламақ үшін әрқайсы кез келген жұрттан көмек іздеп, елін әр айғырдың үйіріне сіңіруге айналғандығы. Осындай көп себептер тұтасып, ел тіршілігі, бір шым-шытырық мезгілге жеткенде, орыс үкіметінің шеңгелі қомағайлықпен созылып, қазақ даласын уысына кіргізіп әкетіп бара жатты. Орысқа бағыну, елдің алдына ұсынған сыбағалы табақтай болып, еріксіз бой ұсындыруға айналды. Ел өмірі мен әдебиеті тарихында осы дәуірден қалған белгілер көп. Бұл дәуірдің әдебиеті сол кездегі жұмбақ күнге жеткен елдің алдында тұрған құздан, алдында тұрған қайғылы күннен қорқып, қобалжып тұрып, ыңыранып, күрсінген күйін білдіреді. Не болса да артқа қайтар күн жоқ. Өлімге кетсе де алға кететін болған соң, артқы бостандық, бірлік күніне қоштасқан мезгілі. Әдебиетте қалың елдің бұл қайғысы Абылай айналасынан шығады. Абылай маңына жиналады. Себебі сол аласапыран дәуірде қалың елдің "қайраңдап жан қала ма" деген "Қазықұрттай" үміті, жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын5. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін, ту көтеріп бір араға жиған Абылай болатын. Бұлай болса, кейінгі заманда туатын үлкен тарихи оқиғалар мен сол оқиғалардың тарихи жырлары түгелімен Абылай заманынан суат алады. Қазақтың жат елге бағынбай өз елдігін сақтап қалып, іргесін бөлек салуы, Абылай заманынан бері қарай XІX ғасырдың ортасынан ауғанға шейін, жаңа саяси бет сияқты болады. Бірақ ол кезде қазақ елі бала еді. Орыс үкіметі әрі қу, әрі мықты еді. Сондықтан Абылай тілегі іске аспады. Ел бағынды. Бұрын орысты құбыжық көріп, сене алмай, бағынбаймын деп жүрген ел бағынған соң не көрді. Көргені көп. Бұл дәуірдің барлық оқиғаларын жылдан-жылға бөліп қарау біздің міндетімізге кірмейді. Тарихтың дәл суретімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұхамбетұлының6 "Исатай – Махамбет" жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгерұлының "Қазақ тарихынан" деген еңбектерін қарап өтсін дейміз7. Біздің міндетіміз сол дәуірдің әдебиетіне түскен ізін қарастыру болғандықтан, тарихи дәуірдің ұлы суретін ғана қысқаша айтып өтеміз. Абылай заманынан бастап жоғарыда саналған екі-үш тарихи өлеңдерді туғызған оқиғаларға шейін өткен мезгілді алсақ, бұл дәуір жүз жылдай уақытқа созылады. Осы жүз жылдық дәуір қазақ өмірінің барлық суретін өзгертіп, бар өмірін екінші салаға түсіріп жіберді. Бұл уақытта елдің ескі өмірінде болған өзгерістер бірінші: бұрын жаман, жақсы болса да, өзінің ханы билеп, өз бетімен өмір сүрген ел, бері келгенде әуелі ханнан айырылды. Бұрынғы хан елдің өзгеден бөлек бір тіршілігінің белгісі сияқты болса, бері келген уақытта орыс үкіметінің көз, құлағы сияқты болымсыз ғана төрешігі болып қалды. Соңғы уақыттың хандары қазақтың қасы, патша үкіметінің тыңшысы болды. Шенге, шекпенге сатылған сатымсақ ханның маңайынан өлекседен тараған сасық иістей, толып жатқан ұсақ төре, ұсақ би, ру жуандары шықты. Мұның бәрі патша үкіметінің жорға құлы болды. Ел тіршілігінің өзгеріп, азуға айналғанының бір белгісі осы еді. Бұдан соңғы өзгеріс елдің шаруа тіршілігіне келеді. Қазақтың өз әкімдері жоғалып, өз билігі кетіп, үкімет қолымен сайлаған ұлықтар отырған соң, патша үкіметі қазақ даласын уысынан шықпайтын қылып, бағындырудың саясатын бұрыннан ойлап, дайындап жүрген жол бойынша жылдамдатып жүргізе бастады. Талай жылдай қазақтың аңысын аңдып, тамырын ұстап келген соң, мезгіл жетті деген уақытта қазақ даласының таңдама жерін ала бастады. Қазақтың көптен күткен сұмдығының бірі осы еді, осы да іске асуға айналды. Жерлері алынумен қатар, әуелі қазақ даласын айнала сызып, шеткі қалаларды салды. Содан біраз заман өткен соң қалың қазақтың ортасын жарып, тағы бір рет қалалар салды. Барлығына да үкіметін, әскерін, саудагерін орнатты. Артық жерге Ресейдің қара шекпен мұжықтарын әкеп қондырды. Бұрынғы хан, бұрынғы би, бұрынғы елдің қамын ойлайтын түзу адамның бәрі шетке қағылып қалып, қыбыр еткен ісі болса барлығы да орыс қуатымен, орыс қолымен істейтін болды. Бір "законінен" соң екінші "закон" шығып, ел тіршілігінің шеңбері тарыла бастады. Бұрын қайыс ноқта болып созылудың орнына көндей кеуіп, темір құрсаудай болып қысып, қинай бастады. Сайлау, билік, жүріс-тұрыс, көші-қон түгелімен ел ықтиярында емес, елдің үстінде қара бұлттай түйіліп тұрған жаттың ықтиярында болды. Абылай хандардың тұсында орысқа бағынуды сөз қылғанда, осы хал болады-ау деп қайғырып, қаралы сөз қылған ел басшылары көп еді. Сол заманның ханы мен биі, кәриясы мен жырауы, ылғи жақсысы түгелімен келесі заманның күйін айтып, жырлап өткен сияқты еді. Солардың сөзін есіткен кейінгілер өз тұсында алдыңғының айтқан сөзі келіп, соларды шошытқан тозақ орнаған сияқты болған соң, бұрынғы жақсыларын ғайыпты болжаған әулиедей көрді, кейінгі заманда көріп тұрған күннің ауырлығын айтып күңіренген ел, алдыңғы өткен жақсыларының аруағынан айналып, басқан ізін торқадай көрді. Қазақ әдебиетінде осы айтылған жүз жылдық дәуірден қалған ізбен келген белгі өлгенше көп, сол белгілердің бір алуаны Кенесары, Исатай өлеңдері сияқты болса, екінші бір алуаны – елдің ақыны мен жыраулары айтқан толғау, тақпақ өлеңдері болады. Бірақ біз әдебиет тарихында ескілік жұрнағының барлығын ең алдымен әдебиет жолымен жіктеп келе жатқандықтан, қазіргі тарихи өлеңдердің бөліміне жаңағы айтқан екі алуан өлеңнің соңғы түрін кіргізбейміз. Ол өлеңдерді осы кітаптың ішінде зар заман ақындары деген бөлек жікке кіргіздік. Сондықтан жаңағы айтылған тарихи дәуірдің өлең түріндегі үлгі мысалының барлығын сол бөлімде толығырақ көрсетпекшіміз. Қазірде тарихи өлеңдердің өзіне көшуден бұрын жаңағы айтылған қайғылы, күңгірт дәуірге қазақ елі не деп жауап береді? Сол кездегі ел наразылығы сыртқа шықты ма? Қандай жолмен, қандай іспен сыртқа шықты? Сол сұрақтарға жауап беріп өту керек. Қалың ел ауыр заманынан қысылып, қиналған уақытта түгел ғана соз наразылығын айтып, жылауға зорлап қойған жоқ. Ел халіне ауыртпалық келтіріп тұрған істің барлығына да іспен қарсылық көрсетті. Патша үкіметі қазақ елін меңгеріп, ауыздықтап алуға айналған кезде, әуелгі уақытта елдің өзінен шыққан сатымсақ "жақсыларға" билетті дедік, ол адамдардың барлығы да төре тұқымынан шыққан хандар болатын; бұлардың жалғыз мақсаты: бір жағынан елді мыңқ еткізбей басып, жаншып отырып, екінші жағынан орыс үкіметінен үнемі мақтау, үнемі шен, дәреже алып отыру болатын. Бірақ осылардың тұсында қалың ел жалғыз хан зорлығы емес, сонымен бірге күннен-күнге суық қолын сұғып, обырдай обып бара жатқан үкімет сұмдықтарын көрген соң, көңіліндегі барлық наразылығын жаңағы хандарына қарай беттетті, елдің өз ішінен шыққан "арам ет" сияқты ала көңіл жақсыларды, ең алдыңғы жауы деп есептеді. Әрине, ел кегі жалғыз бұлармен бітпекші емес еді. Жүректің түбінде жатқан дерт орыс билігі екенін бесіктегі бала да біледі. Бірақ іс басталу үшін әуелі көзге көрініп, көпке бірдей сезіліп тұрған жақын жердегі жаудан бастау керек болады. Сондықтан, қазақтың бір қарсылығы өз ортасының ханымен жау болудан басталады. Осы мезгілдер қазақ қауымының ішінен ел мұңын, ел тілегін жоқтайтын екі алуан адамды шығарды. Біреулері: заман халін қайғырып, елдің мұң, зарын жалынды сөзбен шығаратын жоғарыдағы айтылған кемеңгер ақылшы кәрия, толғаушыл жырау, сезімді ақындар, екіншісі: жаңағыдай ілгері-соңғы жақсылардың ақыл-өсиетінен, өлең-жырынан, саяси ой мен бағытты, салт-сананы іске асырамын деген қол батырлары. Сонымен ел тіршілігінің ауыр күндері туғызған екі алуан адамның бірі – ой батыры болса, екіншісі – қол батыры деу керек. Бұлардың ішінде тарихи өлеңге кіретін соңғылардың істері дегенбіз. Қалың қазақтың наразылығын қолына ту қылып ұстап, көптің жоқшысы болған ел қаһармандары қазақ даласының қай бұрышынан болса да шығып бой көрсетті. ХІX ғасырда, 60 жыл бойында қазақ даласының бір жері болмаса, екінші жерінде іспен қарсылық көрсету деген мақсат өшпестен келді. Бірақ қазақ даласы жайылған ұшан-теңіз үлкен. Сондықтан бірі мен бірінің желісі қосыла алмай шыққан өрт сияқты болып, өз бетімен шығып, өз бетімен басылып отырды. Осы қалыпты болған көтерілістің басы: Кіші жүз Сырым батырдың Нұралы ханға қарсы шыққан қозғалысы. Онан соң Жәңгір ханға қарсы жасаған Исатай, Махамбет қозғалысы. Осымен заманы бір болған оқиға Орта жүзден шыққан Кенесары, Наурызбай қозғалысы. Бұлардан соң тарих пен әдебиетте орын алған бір көтеріліс – Есет пен Бекеттің көтерілісі8. Міне, осы саналған оқиғаларға қарасақ, Орал, Бөкей ауданын жайлаған – Кіші жүз, Ақмола, Семей облыстарын жайлаған Арқа қазағы, онан соң Сыр бойының қазағы, барлығы да орыс үкіметіне қарсы шыққан қозғалысқа бір-бір рет араласып өткен. Бүл саналған ірі оқиғалардан басқа, осылардың бетімен ұшқындап шыққан ұсақ көтеріліс, ұсақ қарсылықтар әлде неше жерде талай рет болған. Бір жерде ел сайлауға шыққан "Майырды" өлтіріп9, екіншіде жерін алған казак орыспен, мұжықпен төбелесіп өлгендер болса, барлығы да жаңағыдай қарсылық ағымының бетімен болған оқиғалар болатын, сондықтан елдің батырлар жорығын жыр қылған тарихи өлеңдерінің арты мұжықпен төбелесіп өлген Сәтбекті де өз заманының геройына қосады10. Осы сияқты тарихи жалпы мағлұматтан кейін қазіргі қарастырғалы отырған тарихи өлеңдерге әдебиет тарихының өлшеуімен келсек, осы оқиғаларды елдің өлең қылған түріне тағы біраз тоқтау керек. Түр жағынан қарағанда, тарихи өлеңдер, бұрынғы батырлар өлеңдерімен туысады. Мұнда да сондай елден асып туған ерлердің ел қамы үшін аттанып, ел тілегін артынан ертіп қастасқан дұшпанға шабуыл жасаған жорықтары жырланады. Осы белгіні алып, одан соң, елдің өз бағалауынша Кенесары, Исатайлар кім екенін еске алсақ, тарихи өлеңдерді ұлы батырлар әңгімесіне қоспасақ та, кейінгі кіші батырлардың ретінде Қамбар, Алпамыстан кейін тіркеуімізге керек. Тарихи өлеңдердің қаһармандарына елдің өзі "Батыр" деп ат қойған. Бұларды шын тарихи мезгілдің тарихи оқиғасы деп бағалаудан да баяғының батырларының ісі деп баға беруді лайық көрген. Себебі ел ұғымынша, баяғы батырлардың ісі де осы Кенесарылардың ісі болатын. Ел сынына баға беріп, ел ұғымынша жіктесек, Кенесарылар кіші батырлардың ретіне де даусыз қосылады. Бұларды сол жікке қосқызатын бір себеп: кейбір тарихи өлеңдер жырлану ретінде де баяғы батырлар өлеңінше құралған. Мысалға Бекет өлеңін алсақ, мұның ішінде аталатын "Орынбор", "Петрбор" деген қаласы бар, Арыстан деген хан баяғы батыр өлеңінің "Қазанынан" кәрірек болмаса, жас көрінбейді. Мұнда тарихи шындықтан гөрі, ертегінің көмескілігін тәуір көрген ескі сарын бар. Ел жыры Бекеттің туысына да заманына қарай бір ерекшелікті жапсырғысы келгендей болады. Бұл жерде де ескі батыр өлеңінің иісі бар. Шынында, ел қиялы Кенесарыларды батыр қылып жырлағысы келгені рас. Бірақ батырлар өлеңі бергі заманға жақындаған сайын жаңа өзгеріске түсіп, өмірге жақындап, түр жағынан әлсіреп бара жатқанын байқаймыз. Бұл өзгеріс пен айырмысты, ұлы батыр мен кіші батырларды салыстырғанда айтқанбыз. Сондықтан Кенесарыларды баяғының батыры қылып қалай жырлайын десе де, олар көбінесе бүгінгінің адамы болып тұрып алып, кейін қарай шегінбей қойған. Олай болатын себебі, барлық тарихи өлеңдердің екі түрлі ерекшелігі бар. Біреуі қаншалық көмескі қылып жасырамын дегенмен, бұл оқиғалардың кеше ғана болғаны анық. Сондықтан барлық оқиғалардың бетінде тарих басып өткен жер, сорғалаған қан, сойқақтаған із болып ашық жатыр. Жасыруға, жалтартуға келмейтін шындығы кепке бірдей мәлім. Бұдан соңғы екінші себебі: тарихи өлеңдердің көпшілігін сол оқиғаның ішінде болып, сол заманды көзі көргендер жыр қылған. Сондықтан, өзгені елемесе де, дәл мыналардың басынан аттап кету ел қиялына қиынырақ болған. Осы себептерге қарап, тарихи өлеңдерді түр жағынан кіші батырларға қосуға мүмкін десек те, екінші жақтан тарихтың пәлен жыл мен түген жылының арасында болған анық оқиғаның ізі болғандықтан, айырықша бір жікке бөліп шығардық. Тарихи өлеңдерден біздің қолымыздағысы – "Кенесары", "Исатай – Махамбет", "Бекет". Енді осы үшеуін жеке-жеке қарастырып шығамыз.

"Кенесары – Наурызбайдың" қысқаша әңгімесі

Нысамбай жырында Кенесарының Қырғызға аттанған жорығы ғана жырланады. Қырғызбен соғысуға себеп болған болымсыз нәрсе: ханның төр төбел ат дейтін аты ұрланады. Соны қырғыз алды деп алғашқы рет қол жібереді. Бұл жолда Кененің қолы жеңіліп қайтады. Оның үстіне Кененің айтқан бұйрықтарын қырғыздар тыңдамайды. Соған кекті болып Қанайдың сырлаған тамын құлаттырады.

Осыдан кейін қазақ пен қырғыздың арасы шиеленісіп, қатты жаулық басталады. Кене өз қолындағы әскерін азсынып, маңындағы қазақ руларынан көмек алмақ болады. Алғашқы сөз салған ел ор Дулат еді, ол ермейді. Содан көңілі қайтып тұрғанда Қоқаннан ауған көп Дулат келеді11. Бастығы Үрістем, Толыбай, Орақ датқа, Белқожа, Медеу деген билер болады. Сол елмен бірігіп, қалың қол болып, қамаудан аттанып, Алатауға келіп, қосшы деген руды шабады. Елін жесір-жебір қылып, Қалша деген биді байлап алады. Қырғыз бітім сұрап Жаманқараны елшіге жібергенде, Наурызбай елшіні өлтіріп тастайды. Содан кейін қырғыздың барлық руы басын қосып, Алатаудың беліне әскер төгіп, қалың қолмен жауды тосады. Бірнеше күн қазақ қолы қырғыздың шебіне шабуыл жасайды. Абылай аспас асудан асамын деп ниет қылады. Бірақ таудың сала-саласын кезіп кеткен қол ханның әскерін ілгері қарай бастырмайды. Ойда тұрып атқан зеңбірек қырғызға дарымайды. Ақырында Наурызбай мен Бұғыбай батыр ақылдасып, 30 жігіт серік алып, тау басына жол салмақ болып аттанып кетеді. Бұл уақытта Кене хан қалған қолдың ортасында сөз сөйлеп, қырғыздың асуын алмай қоймаймыз деп сөз байласады. Қолдың бастығы Байызақ датқа болып, бастарына тас көтеріп, ант етеді. Сол мақсатпен Кене бастық болып, барлық қол таудың басына қарай жол тартады. Осы Кене, Наурызбай бастатқан 30 жігіт таудың басына шығып алып, қырғызбен соғыс салып жүр екен:

Болжал-болжал көрінер,
Жау жоғары, біз төмен
Жеткен екен қамалға,
Наурызбай атты сұр берен.

Қарқарадай астында
Байызақ берген көк дөнен.
Күн шығыс жаудың шетінен
Қамалға кірді көлденең.

30 жігіт тау басына шыққан соң, қалған қол да ілгері жетеді. Ойдағы зеңбіректі 40 арқан жалғап жоғары көтеріп алады. Зеңбіректі құрып алып атқан соң, қырғыздың шебі жарылып, толқуға айналады. Наурызбай мен Бұғыбай артынан жеткен ханды көрген соң бұрынғыдан артық жанын салып, қимыл қылады. Қазақтың батырлары неше түлік мал менен тұтқындарды топ-тобымен әкеліп жатады. Бірақ бұл соғыста қырғыздың тайлы-таяғы қалмай жиналған еді. Барлық еркек кіндікті азаматы қырылып болғанша, Кенесарыға бағынып, бойсынбақшы емес еді. Сондықтан тау тасының арасынан шеп жасап алып, соғысып жүреді. Осы үлкен соғыстың үстінде Наурызбайға қырғыздың Кәрібоз деген басты кісісі кездесіп, Кенемен дау айтысады.

Кәрібоз сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
"Ей, Наурызбай, ер төрем,
Қарайып жүрмін қаныма,

Ызақорлық көрсетіп
Қатты батты жаныма.
Не жазығым бар еді,
Кенесары ханыңа.

Бітті деп, көңіл тынбады
Қырғызда қалған арына.
Алмаған ары қалды ма,
Қырғызда оның тайы да.

Қосшыны шапты шулатып,
Қара ағаштай шүңгірден,
Қалшаны ұстап байлады
Хан болып халқын меңгерген.

Абылайдың тұсында
Қылған ісің жөн келген
Қырғыздың жолы бар ма еді
Қалыңсыз саған қыз берген.

Аса барып ел шаптың
Туыңды тігіп Құмбелден.
Бұрыннан - соңнан бар ма еді.
Елшіге бейнет өлімді.

Жаманқарамды өлтіріп,
Бір сындырдың белімді,
Тіріме қылсаң болмай ма,
Өлгенім саған не қылды.

Атаңның ақы бар ма еді
Есқожа, Қанай көрінде".

Осы сияқты сөздермен Кәрібоз кінәмен дау айтқанда Наурызбайдың қарсы айтатын кінәсі көп емес. Ол: "Арағың мен бозаңды қой"12, – дейді. Соғыс бұл айтыспен тоқтамайды. Басында қазақ қолы олжа алады. Жеңуге ыңғайланады. Бірақ тауды кернеп алған қалың қол біржолата жеңгізбейді. Жапатармағай соғыс болып жүрген уақытта Кененің туысқаны Ержан қолға түседі. Қырғыздарға қайрат біте бастайды. Сарысудың кемеріне барлық қол жиылып, қазақты қоршап алуға айналады. Сол уақытта қырғыз тобынан жекпе-жек тілеп Шынының ұлы Бедері деген батыр шығады. Көпке шейін қазақ ішінен мұның жекпе-жегіне шығатын кісі табылмайды. Байызақ датқа ашуланып, көптің намысын қыздырып сөз сөйлейді. Ақырында өзге жан шықпаған соң, Наурызбай шығады. Наурызбай жауға қарсы шығарда көпке қарап, сөз сөйлейді:

Наурызбай сөйлеп жөнелді:
Батырлар, құлақ салыңыз.
Қара ағаштай көп қазақ
Бақты болсын ханымыз.

Жау қарасын көргенде,
Қайтпасын бастан бағымыз.
Ержан түсіп қырғызға,
Дұшпанға кетті арымыз.

Онан біздің артық па
Майданға кірмей жанымыз.
Ержан үшін жарассын
Ақ боз атқа ханымыз, –

деп Бедеріге қарсы жүріп кетеді. Наурызбай жекпе-жекте қырғыздың екі, үш батырын өлтіреді. Содан кейін жалпақ соғыс болады. Қазақ зеңбірек атады, бірақ екі атқан соң зеңбірек ортасынан үзіліп, керекке жарамай қалады. Бірақ бұл соғыста да Наурызбай мен өзге батырлар үлкен қайрат көрсетіп, қырғызды тағы еңсеруге айналады. Қайта-қайта топ-топ қылып олжа әкеледі. Бірақ осы соғыстың орта кезінде өзге қолдан оқшау соғысып жүрген Наурызбайдың атына оқ тиіп, жығылып қалады. Қырғыз қолы батырды баспақшы болып, жабыла ұмтылады. Наурызбайды Бұқарбай мінгестіріп алып қашады. Қырғыздар жау қаштылап қуып соғыс салады. Наурызбайды көп батырлар арашалап алып қашады. Аман-есен құтылады. Бірақ, бір рет беті қайтып қашқан соң қырғыздың қолы жетпей тоқтамайтын болып, тобын жиып қазақты қамап алады. Қырғызбен көп соғысып, жеңе алмаған соң қазақтың көңілі шайыла бастайды. Қол ішіне жік кіреді. Астыртын азғырушылар болады. Оның үстіне қырғыздың саны сағат сайын көбейіп, шығар жол тастамай қоршап алады. Сол күні кешке арасына іріткі кірген әскер тоз-тоз болып қаша бастайды. Соғысарлық күш қалмайды. Қазақ қолының барлық басшылары, бастығы Кене хан, Наурызбай болып қолға түседі. Содан арғы жері жырда айтылмайды. Осы барған сапарда ерлер елге қайтпады. Қатын-бала, елі-жұртын көруге жазбады деп сөз аяғын жоқтаумен бітіреді. Жоқтауы:

Қоғамы күшті ер еді,
Киімді бала тудырған.
Ықпалы жүрген ер еді
Алтынды қылыш будырған.

Абылайлатып ат қойып,
Дұшпанды көрсе қудырған.
Көп сарғайтып келместей
Кенехан, саған не болды?!

Тұлпардан сайлап ат мініп,
Дорбадан жемін жегізген.
Жем орнына бал беріп,
Қысырдың сүтін емізген.

Басқын қалың жау жетсе
Әлі де шығар дегізген.
Кенекемді қалдырып,
Көк бурыл саған не болды?!

Патшада бар алтын тақ,
Жасынан жаппар берген бақ,
Безбелді қара бүркіттей
Шабытты туған сұғанақ.

Қанаты жоқ, құйрық жоқ,
Бір анадан жалғыз тақ.
Көп сарғайтып келместей,
Наурызбай, саған не болды?!

"Кенесары" жырының мәнісі

Тарихи өлеңдердің ішінде баспаға шыққан ірі өлеңнің бірі – "Кенесары – Наурызбай" жыры. Бұл да барлық тарихи жырлар сияқты белгілі дәуірдің туғызған әңгімесі. Кенесарының қайғы, өкінішімен біткен жорығы, қазақ баласының барлығына да қадірлі, қасиетті әңгімедей болып көп жайылған. Бұл жырдың көп жайылуына екінші бір себеп болған нәрсе – Кенесары ісінің өзге батырлардың ісінен әлдеқайда ірі, әлдеқайда көлемді оқиға болғандықтан туады. Кенесары қазақ елінің ескіден қадірлеген Абылай ханның тұқымынан шыққан, өзі де орыс құлдығына елдің бағынып алып, қиын-қыстау заманға келіп қысылған кезінде ескі еркін күннің ескерткіші сияқты, жоғалған ұжмақ жоқшысы болып шыққан. Артынан көп елді ертіп, қалың көптің тілеуіне сүйенгендігінен көп жылдай күшті үкіметтің қолына түспей, қарсылық істеп өткен. Сол елден ерекше еңбегі үшін үш жүздің баласы сол қысылшаң аласапыран заманда да хан сайлаған. Кенесары жорығына қазақ баласының әрбір руы да араласқан. Іспен араласпаса, сөз қосып, тілеу қосқан. Үш жүздің игі жақсысының ауызында Кенесары істері көп жылдарға шейін қан қыздыратын әңгіме болып жүрген. Сондықтан Кенесарының өз жорығы ғана әңгіме болмай, сол Кенесары қолында бірге жүрген батырлардың да жеке-жеке әңгімелері туған. Кенесары тұсындағы батырлардың ішінде, әсіресе, Наурызбай өмірі көп жыр туғызған қызықты әңгіме болған. Қазіргі біз қарастыратын Нысамбай жыры сол ірі оқиғалардың дәл ішінде болған "Кенесары – Наурызбай" болады13. Бұл жырдың бұрынғылардан бір ерекше жері: кешегі қалың қазақтың көз алдында болған көпке мәлім әңгіменің дәл өзі айтылса, оның үстіне сол бусанған қан, бұрқылдаған шаңның ішінде сол ел қаһармандарымен бірге жүріп, қиындық көрген Нысамбайдың жырлауы әңгімеге екінші бір ерекшелік береді. Нысамбайдың жыры бұл уақытқа шейін әңгімелі өлеңдерінің тұсында болмаған бір жаңалық, өзгешелікті білдіреді. Бұл жырдың айтушысы – қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының қалың ортасында болған, қан майданның ішінен шыққан жортуылшы ақын, қалың қолдың жыршысы. Шеру тартқан жүрістің, бақытты, қызық жорықтың жыршысы. Қазақтың ханы мен батырының қасында қалың қолының ішінде жүретін желікті топтың қызығы, думаны, сырнай мен кернейі сияқты ермегі болған жыршысы. Мұның өзі де аламан. Қалың қолдың қызығы бұған да қызық, қайғысы бұған да қайғы. Оның үстіне бұл соғысудағы қол мен елдің арасындағы тілшісі, біріне-бірінің тілеуін, ниетін қосып отыратын жамаушысы. Нысамбайдай жорықтағы қолдың жыршысы бұрынғы хандардың тұсында да болған. Мысалы: Абылайдың қолындағы толғаушыл Бұқар жырау да осы Нысамбай реттес болған. Бірақ жырау көбінесе кісілігі мол, ойшыл болған. Өрттей өлеңді сөзімен Абылайдың ақылшысы болып кеткен. Сондықтан ол әңгімелі өлеңді бойына лайық көрмей, көбінесе өсиет есебінде толғау айтып, соны дағды қылған. Бұл жағына келгенде өз міндетін әбден түсініп, кейінгіге қызықты белгі тастаған Нысамбай. Кенесары – Наурызбай жорығы туралы кейінгі талай ақын талай түрлі өлең шығарса да, дәл Нысамбай жеткен өріске жеткен емес. Нысамбай жырында оқушының көз алдында ағып отырған қандай қызулы, жанды шындық бар. Бұл өлең ақын қиялының еріккендегі ермегі емес. Барлық сөзінде сол жорықтың қуанышы мен қайғысын кеше ғана көз алдынан өткізген, көзі көргеннің жаңалығы бар. Көп қолмен бірге кешегі тарыққан қайғы, мұң, арманы бар. Өзі сол оқиғаның адамы. Сондықтан әңгіме тізуінде жаңылмайтын сенімділік бар. Сонымен бірге Нысамбай ел ақындығының дағдысынан да жаңылмайды. Әңгімелі өлеңге өзінің ақындық пішінін кіргізбейді. Өзі көлденең отырып айтқан айтушыдай бойын аулақ ұстап, шын істі жасырмай дәл айтады. Анда-санда аузынан шығып кететін өртті арман, жалын болмаса, әңгіменің көп жерінде қырғыз бен қазаққа тең ақын болып сөйлейді. Нысамбай жырында қырғыз үнемі жазықты болмайды. Қайта Кәрібоздың кінәласқан сөзінде Наурызбайды жеңуі ақынның ерекше әділдігін білдіреді. Қырғызда кінә аз. Жазығы: "Ежелгі жау ел болмас" деп Абылай тұқымына бағынғысы келмегендік14. Жалғыз сол кінәсі үшін қырғыз, қазақ қолынан көп зорлық, көп қиянат көреді. Соның бәрін бадырайтып айтпаса да, Нысамбай бүркемей, жасырмай сездіреді. Қырғыздың кінәсіздігі Кенесары қолындағы көп жұртқа мәлім. Сол кінәсіздігін ақын да сезеді. Сондықтан Кәрібоздың сөзінде өз басшысының орынсыз қиянатын, орынсыз жуандығын түгел санайды. Кенесары қолында алалық туады. "Қызыл тұмсық" болсын деп барымталаумен олжаны берген Дулат бір қалыпты тұрмайды, бұзылып, айниды. Қазақ елінен ұзаққа баратын бірлік шықпайды. Нысамбай осыны да қалдырмайды, бұл сияқты сөздер Нысамбайдың өзге ақындардан бөлек мінезін көрсетеді. Бұл сыншыл жыршы. Қырғыздың сөзін жөндеп, кінәсін күшті қылып айтып, жазықсыздығын білдіріп отырып, өзінің Кенесары тілеуінде екендігін де өлеңінде жасырмайды. Кезекті кезінде екі жаққа да тең сөзін орамды жырмен жақсы жеткізеді. Кенесары – қалың қазақтың үміті. Бір қырғызға аттанған жорығы емес, одан көп арғы жерден Кенесары арқылы қалың қазақ жақсылық күтетін, Кенесарының түп мақсатымен беттеген беті жалғыз Нысамбай емес, кейінгі жалпақ елдің үмітін артқан беті еді. Кенесары ірі іске ұзақ күнге белгіленген үміті еді. Сондықтан жақын жерде шұғылынан қаза тапқаны алыстан тоят іздеп ұшқан ақ сұңқарды қанатынан қайырғандай, ақынның қабырғасын сындырғандай болады. Бұл Нысамбай жүрегінің түкпірінде жатқан зіл қара тастай қайғы болады. Соны ойлағанда Нысамбай жырмен тақылдап, қайғылы сапарды баяндап отыра алмайды. Оны шын қайғы жеңіп, шын зар басады. Қайғымен іші егіліп жылап, өртенген жүрек өлеңдетіп, шырақтық қылуға жарамайды. Жарық жұлдыздай ағып өткен қырандары Нысамбайды таусылмастай арманға батырады. Сондықтан оқиғаның қайғымен, жылаумен бітетін жерін айтып біте алмай, әлсіреп, жылап тоқтайды. Дәл қайғылы хабардың үстіне келгенде әңгімесін үзіп, жоқтау, жылаумен қалған халды баян етеді. Бұл жоқтау Кенесарының бар қызығын бірге көріп, соның жорығы мен жүрісін өмір қылып кеткен Нысамбайға мінсіз жарасады. Нысамбайға осылай айтудан басқа жол жоқ сияқты. Аламаншыл ақыннан бұдан арғыны тілеуге болмайды15. Сондықтан сағынып-сарғайған қайғылы, қаралы көңілімен "Көп сарғайып келместей, Кене хан саған не болды..." деп, "Кенекемді қалдырып, көкбурыл саған не болды..." деп тоқтайды. "Кенесары" жырындағы өлең тілі ерекше сұлу кестелі тіл, оқушыға ұғымды, артынан лепілдетіп ертіп отыратын құрыш қайратты қызу бар. Ақынның жанын салған қызумен шын сезімін білдірген, міні жоқ ұзақ қайғы өлеңі болып шығады. Өлең тілі құр ғана ұйқасы мен қызуын қуған сөз емес, сол заманның кестелі сұлу, шешен түрлерінен құралған сом алтындай жұмыр келетін кесек тіл. Өлеңдері ерекше отты келетін соғыс суреттері мен айтыс, талас сөздер. Соғыста еске алатын үлкен оқиғаның бірі қалмай тізілген, ақынның ірі суретшілдігін білдіретін өзгеше шеберліктер бір емес, әлденеше жерде келеді. Кенесарының Нысамбай айтқан жыры жалғыз ғана қырғызға аттанған жорықты баяндайды. Бұл жорықтың алдында он жыл бойы созылған ұлы оқиғалар мына жырда көрінбейді. Сол себепті Кененің орысқа қарсы шыққан соғысы, өзбекпен жасаған соғысы болсын, яки кейбір қазақ руларымен кездескен ұрыстары болсын – барлығының жайын айтып, солар турасындағы соғысқа айдаған себеп пен мақсатты жыр шеңберінен шығып алып, баяндауды қисынсыз көрдік.

"Исатай – Махамбет" жырының қысқаша әңгімесі

Жырда Исатай – Махамбеттің барлық жыры айтылмайды. Көтерілістің алғашқы басталған оқиғалары ғана суреттеледі. Исатай Бөкейден соң хан болған Жәңгірдің тұстасы болады. Хан қол астына 30 мың үй қарайды екен. Сексен мың жаны бар екен. Исатай ол ханның қол астына қарайтын Беріш руының ел бастаған әділ биі, абыройлы жақсысы болады16. Хан елін билегенде орыстың үкіметіне сүйеніп, маңайына әр жерден шыққан шығайларын жиып алып қожа, молдаға билетеді. Елге көп шығын салады. Ел ішінен уәзір есебіне он екі би алады. Бірақ билер өзі сүйіп, сайлаған би емес. Ханның жетегінде болып, үнемі соның шашбауын көтеретін, әділеті жоқ, жемқор билер болады. Қалың елдің ортасында ханның әділетсіз ауыр билігі үшін үлкен наразылық болады. Алым-салықтың ауыртпалығы басқа ел қамын ұқпайтын жат пен жаманның билігі жалғыз ғана қара халық емес, ел-елдің басты адамдарын да наразылыққа салады. Көп елдің кеңесі ханға қарсылық жасап, ауыртпалығынан құтылуды қажет деп біледі. Қалың елдің өз тілегін орындап, өз билігін жүргізуді тілек етеді. Осы көптің ішінде Жәңгір ханға Исатай да ырза емес болады. Оның үстіне Беріштен би сайлау керек болғанда, қалаған кісісін көрсету елдің өзіне тапсырылып еді. Беріштің ішінен шыққан Жақсымбет, Шомбал, Балқы деген билер ел қамын жейтін Исатайға билікті беруді қимады. Сонымен талас болуға айналған соң, барлығы ортасынан Балқы деген кісіге билікті береді. Балқы елдің қамын бүктемеге тастап, ылғи Жәңгір ханның сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, соған жағынуды мақсат қылды. Беріш атаулы бұған бұрынғыдан да жаман наразы болды. Осымен жүргенде Исатай хан ордасына келіп отырып, бір биліктің үстінде Жәңгірдің мінін айтады. Хан алдына бір мырза мен бір жарлы дауласып келген уақытта мырзаға бұрылып үкім айтылып еді. Осыдан шығып Исатай, ханда әуелден адалдық жоқтығын бетіне айтады. Хан бұл сөзге намыстанып, қарсы сөйлейді. Исатайға тілін тигізеді. Исатай да ерегісіп жуан сөйлейді. Жәңгір мұндай қарсылыққа шыдай алмай, Исатайды тұтқын қылып, күреспен ұстап отырып, жанындағы он екі биге билік айтқызады. Билер ханға тіл тигізгені үшін Исатайға алпыс атан айып кеседі. Исатай ықтиярсыз айып төлеп, еліне қайтады. Әділетті жоқтадың деп жазаға ұшыратқан соң, намысына шыдамай қол жиып, ханмен соғысуға қамданады. Исатайша наразы болған елдің тобы осы тудың астына жиналады. Бір мыңдай қол болады. Бастығы Исатай-Махамбет болып қол хан ордасына қарай бет қояды. Келе жатқан қолдың хабары ханға естілген соң, о да әскер жинайды. Орысы бар, қазағы бар екі мыңдай кісі болады. Әскеріне бастық қылып Қарауыл деген қожаны сайлайды. Екі әскер далада айтқан жерге жиналып, соғыс салады. Басында алыстан атысып, қашықтан ұрысады. Артынан Исатайдың қолына Махамбет келеді. Бұл басында кейіндеп қалған екен. Келісімен Махамбет қолды бастап, жауына қарай тура беттеп, шабуыл жасайды. Ханның әскері бұлармен қарсыласуға шыдамай, тоз-тоз болып қашады. Бұл жолы хан жеңілген болады. Исатайдың қайраты мен ерлігіне көп ел сүйініп, жеккөрінішті ханнан құтылу үстіне батырдың тобын көбейтпек болып, бұрынғыдан жаман ағыла бастайды. Көп елдің тілеуі де артынан еріп, өрісіне сенімі артқан соң Исатай келесі жылы алты мың қолмен хан ордасының өзін алмақ болып тағы аттанады. Бұл жолғы мақсаты ханның ордасын талқандап, өзін тұтқын қылып, орнынан түсірмек болатын. Ойда жоқта Исатай әскері келіп қалған соң, хан есінен танып қорқады. Сасқан жерде ойына келген шараның бәрін қолданады. Бір жағынан жақын маңдағы орыс қалаларының барлығына тілші шаптырып: "Ордамды Исатай қамап жатыр, ақыл менен көмек бер, Исатай патшаға қарсы көтеріліс жасап отыр", – дейді. Екінші жағынан қасындағы ел кісілерін де Исатайға салып, айтқанын орындамақ болып, бітім тілейді. Үшіншіден, өз басының аман, жаман болатынына сене алмай, ордасын тастап, қашпақшы болады. Бірақ сол жұмыстан маңындағы ақылшылары, ханымы болып, "тақсыр..." деп тоқтатады. Бітімшілер Исатай қолына келіп, айып-анжы төлеп, табыспақ болып, сөз сөйлейді. Бұлардың сөзіне Махамбеттің тоқтағысы келмейді, "Алдап жүр, орысты тосып жүр, біз қайда қаламыз, одан да елшілерін қырып, орданы алайық" дейді. Бұл ақылды Исатай орынсыз көреді. Бері қарай ойыса бастайды. Көп қол наразы болады. Бірнеше күн бітім жайындағы сөз созылып, аяғы жерге тимеуге айналады. Бұл уақытта Исатайдың ісіне ырза болмағандар шығып, ыдырап, тарай бастайды. Оның үстіне ханға көмек бермек болып, орыс әскерлері келіп қалады. Исатай дегеніне жете алмай, қапыда қалып, шегініп кетеді. Жаудан қашығырақ жердегі құмды мекен қылып жатып, Жайықтың суы қатқанын тосады17. Бұл кезде қасындағы барлық көп қолы бытырап, тоз-тоз болып кетеді. Құмда жүргенде орыстан қуғын келеді. Исатай соғысып аман құтылады. Саны аз ғана болса да алдырмайды. Сол ұрыстан кейін Жайықтан өтіп, бұрынғы шыққан еліне келеді. Махамбет екеуі бірталай заман қашқын болады.

"Исатай – Махамбет" жырының мәнісі

Баспаға шыққан тарихи өлеңнің бірі – "Исатай – Махамбет". Исатайдың жорығын жыр қылған Ығылман ақын18. Ақынның жыры тарихта ізі қалған жыр, анық оқиғаның дәл өзінен туған шындық тазалықпен айтылады. Мұнда көмескілеген жасырын жоқ. Болған оқиғаны өлең өлшеуіне түсіру жыршының алдыңғы мақсаты болған сияқты. Ығылман Исатай жырын тізуіне қарағанда, кейде Кенесары қолындағы Нысамбайға ұқсайды. Бұда батыр сапарына тілеулес, соның ісінен жеміс күтіп, үміт етеді. Бұл жағынан қарағанда ел мұңын жоқтап шыққан қолдың ақыны сияқты. Ығылман анығында Исатай қолында болмаса да, сол оқиғаның артынан ел есінде қалған жанды әңгіменің қызуын өз басынан атқарған ақын. Мұның да жайылған өрісі мен тыныс алған әуесі – Исатай оқиғасын тудырған әуе, Исатай қолының шаңы басылмай, дүбірі мен даңқы ел аузында ескірмей тұрған уақытта шыққан. Ол оқиға көпке шейін ескіруге мүмкін де емес. Себебі – Исатайды шығарған себептер, сол оқиғаны тудырған тарихи халдер Ығылман заманында да кеміген жоқ-ты, көп істе патша үкіметі бұрынғыдан да жауызырақ, бұрынғыдан да қаталырақ болып алған. Сондықтан Исатайлар заманында Абылай, Бұқар жыраудың атақ, даңқы қандай болса, Ығылман заманында Исатай – Махамбеттер де сондайлық қадірлі аруақ болған. Исатай өз заманында зор іс істеп өтті. Ол құр ғана сөз сөйлеуді қанағат қылған жоқ. Барлық ақыл мен қайратын іске жұмсады. Сол іс пен мақсаттың жолына басын құрбан қылды. Сондықтан кейінгі ұрпақ оның басын бағалап, оның қадірін ұққан болса, ең алдымен сол жақсысын ұмытпау керек. Соның аруағы қалың елдің аузында үнемі аталып, үнемі еске алынып жүруі керек. Олай болса, Исатайдан соңғы бір алуан жақсысының міндеті сол батырдың аруағын тірілту. Бұл міндетті атқаратын кім? Немен тірілтеді? Атқаратын сол тарихи дәуір туғызған екі алуан жақсының бірі деп саналған кемеңгер қария мен ойшыл жырау. Исатайлар қол қызметін атқарып өткенде, бұлар сол оқиғалардың бетіне қарай, ел ойы мен ел сезімін тәрбиелеуге міндетті. Бірақ елге арналған жақсы сөз өлеңмен жақсы ұғылады, өлеңмен айтылса ұмытылмайды. Сондықтан Исатайдың жорығын жыр қылуды екінші түрлі батырлық міндеті деп санаған ақын шығады. Исатайды қадірлеген ел соның жүрісін өлең қылуды ақынға әлеумет міндеті сияқты қылын артады. Осы сияқты ел ортасына ертеден орнаған салт бойынша қазақтың өлең өлшеуіне түскен тарихы жасалады. "Исатай" жырының тарихи өлең болатын зор себебінің бірі – осы. Осы хал Ығылман жырында өзге өлеңдерден анығырақ, ашығырақ көрінеді. Бұрынғы батырлар жырының барлығын туғызған себептер қандай екенін ашып бергендей болады. Оларды туғызған да осы ұғым, осы салт. Кенесары жорығын Нысамбайға жырлатқан себеп те сол, сондықтан Ығылман Исатайдың жырын бастап келе жатып:

Үйренген бастан бір мінез
Шабан едім бой күйез.
Ұйқымнан жатқан оятып,
Тұрғызды сөз жетектеп,

Даусын естіп халқымның,
Ұйқымнан жатқан тұрғанмын.
Ел қамын жеген ер үшін,
Шыбын жанын фидә еткен –

Мен бір даяр құрбанмын, – дейді.

Халқының дауысын есітіп, бой күйез мінезін тастап, ұйқысынан оятып, батыр жолына басын фидә қылатын тілеулестігін білдіріп, ақын жыр жырлап, жер күңірентеді. Ақынды бұл міндетке айдап салған ел басшысы болған батырдың артында күңірентіп қалған қарашы арманда кеткен жақсысына белгі қойып, ескерткіш жасауға міндетті. Әйтпесе, ер еңбегі зая кеткендей арман болар еді. Сондықтан:

Тәржіма халін ерлердің
Жырлап жазсаң не етер деп,
Ел үшін еткен еңбегі
Жарыққа шықпай кетер деп.

Ел айтқан соң, Ығылман Исатайдың ісіне өлеңнен күмбез орнатуға кіріскен. Батырдың басына зират салған ісмер сияқты өз қолынан келетін ескерткіш жасаған. Жырдағы әңгімені алсақ: тарихи оқиғаның жылы ізі суымай тұрған уақытта, сол оқиғаның өкшесін басып шыққандықтан үлкен шыншылдықпен жазылған. Өмірде анық болған оқиға көмескісіз, күңгіртсіз, айнаға түскендей ашық түскен. Бұрынғы батырлар жырының жасырынды сүйетін тұманды сарыны Исатай жырында суалып, жоғалған сияқты да, оның орнына ел тіршілігі мен ел салты көлемдірек болып көрінуге айналған. Бұл жағынан қарағанда Кенесары, Исатай жырлары сияқты тарихи өлеңдер әдебиетте жаңа бағыт туғызып, өмірге жанасуды мақсат қылған сияқтанады. Ел әдебиетіндегі өміршілдік, нағызшылдық толық пішінде ең алғашқы рет осы өлеңдерден шығады. Исатайдың Жәңгір ханға астамдық сөз айтып, айып тартып, алпыс атан төлеуі, ел билерінің кесім айтуы, онан соң жырдың ішіне шай мен жылы үй, құс төсектің кіруі барлығы да әдебиетке ел өмірі көлемді суретпен кіре бастағанының белгісі. Бұлардан басқа орыс әскері, зеңбірек, қазақша соғыстың суреттері болсын, бәрі де бүгінгі заман адамдарына Исатай оқиғасы кеше ғана болған іс екенін анық білдіреді. "Исатай" жырында "Кенесарыда" кез келетін жекпе-жек жоқ. О да ескі өмірдің ескі салты еді. Оның аржағында баяғы ескі батырлар жекпе-жегі кезең астында ғана тұрған сияқты еді. Мына заман ол салт пен ол дағдыны жоғалтқан. Бұл көріксіз, көңілсіз болса да өмір. Күндегі тәжірибенің анық ұғындырған даусыз ақиқаты. Сондықтан Ығылман өзі көрген суретті ғана жырлайды. Исатай жорығын ертегілі батырлар ісіндей қылып бұлдырата алмайды. Солай болмасқа ақынның шарасы да жоқ еді. Өйткені, зеңбірек пен әскер қазақ өмірінің төрінен өзіне деген орынды ойып алған. Баяғы заманда бұлар ертегі болса, Ығылман заманында асау басқа киілген ноқта тым-ақ анық, ақиқат болған. Зеңбіректен тізе көрген жалғыз Исатай мен соған ерген ел емес, ақынның қиялы да сол қазаны көрген. Бұрын ертегілі, сағымды тұманмен тіршілік еткен ақындық қиялы алғашқы рет қазақ даласында зеңбірек даусын естіп, ел ішіне жат ниетпен келіп, жат тілмен сөйлеп жүрген шен мен шекпенді көргенде бұрынғы ұйқылы-ояу түстен еріксіз оянған. Ел етіне "құба құстың суық тұмсығы тиіп" шошынып мұздатқан заманда ақын қиялы да, бала шағынан шығып, қызылды-жасылды күндеріне қош айтып, ақыл мен ойға бой ұра бастаған. Сол ақылға бой ұру барлық тарихи өлеңдердің бояуын бұзып, бағытын өзгертіп, жоғарыда айтқан өміршілдік сарынын күшейткен. Бірақ, Исатай жырын жалғыз осы белгісіне қарай сынап кетсек, тексеруіміз бір беткей, солақай болар еді. Сондықтан осы жырды ескі батырлар жырымен жалғастыратын үлгі қандай, соған біраз тоқтау керек. Ығылманға "Исатай" жырын айтқызған себеп, ескі жырларды туғызған себеппен бір болғандықтан, әрине бұған да ескі үлгінің көшкені бар, ол үлгісі – Исатайдың өмірін баяндауда, рас Ығылман ең алдымен, Исатай басының жоқшысы. Сондықтан әуелгі сөздерді жоқтау үлгісімен бастайды, Нысамбай Кенесарыны жырдың аяғында жоқтаса, Ығылман басында жоқтайды. Ағайынның арына, Қарындастың қамына, Қысқа күнде қырық шапқан. Қысылғанның панасы – Асыл едің Исатай Ер Тайманның баласы, –деген сөздер Исатайға арнаған сөз екенінде дау жоқ. Жырдың бұл жері бергі өмірдің табысы болса, осыдан кейін келетін өлеңдерінің көбі: Исатайды тудырған ата-ана, тудырған орта, туып-өскен жерге арналады. Содан кейін бала күнінен жігіт болып, жетілген шағына шейін кім болғанын айтады.

Он жасына келгенде,
Бұлбұлдай тілі сайрады.
Жасы он беске келгенде
Жұрт пайдасын ойлады.

Жиырмаға келгенде,
Жиылған дуды көргенде,
Оза шауып бәйге алды.
Жиырма беске келгенде,

Астананың қамы үшін
Түн ұйқысын бөлгенде,
Түгесілмес қайғы алды.
Отыз жасқа келгенде

Өлімді жауды көргенде,
Жасақпенен сайланды, –
дейді.

Міне, мұның бәрі батыр шынын толық қылып суреттеп "нағыз батыр" дегізу үшін ескі батырлар әңгімесінен алған үлгі. Ақынның түсінуінше, Исатай орыс заманы ғана туғызған батыр емес. Туысы баяғы батырдың туысы. Сол батырдың бел баласы. Бірақ мұның сорына бұзылған кер заманға кез болып, кедергіге ілінген, заманы бұрынғы болса, бұ дағы "қоңыраулы найза қолға алып, қоңыр салқын төске алып, жауды көрсе шүйіліп, жеңсіз берен киетін" ұлы батыр болар еді. Қазірде мұның басын тағдыр қуатындай болып, басып тұрған ауырлық бар. Ол ауырлық, ол кезең: "Батыр бір оқтық, бай бір жұттық" болып қалғаны. Бірақ заман халі өз бетіне. Сондай сұм заман болса да, баяғыдай батыр туа алған, сол батыр – Исатай. Сондықтан жаңағы туып-өскен өмірін айтқан жыр Ақжүністің Қожаққа айтқан:

Бес жасында, қарт Қожақ,
Жас шыбықтан жай тарттың,
Жалғыз шиден оқ аттың,
Атқан оғың жоғалттың,

Қане шыққан мүйізің?!
Жиырма беске келгенде,
Ақ балтырын түрініп
Оймақтай аузың бүріліп,

Қарт бурадай шамданып,
Қас батырдай қамданып,
Бір дұшпаның сөз айтса,
Шыныңменен арланып,

Қызды бактың бір кезде,
Қане шыққан мүйізің?! –

деген сөздеріне даусыз ұқсастығын білдіреді. Бұл үлгіні ел әдебиетінің бір түрінен екінші түріне еркін көшіп жүретін үлгі деп есептесек, ол уақытында Исатай, Махамбеттің жыры өзге халіне қарағанда, жоғарыға айтқан жаңа заманның жаңа түрлі жыры болады. Заманның толық суреті сияқты болып түскен әңгімелі өлеңі – тарихи өлең болады.

"Бекет батырдың" қысқаша әңгімесі

Алшын, Жаппас деген елдің ішінде19 ер Көтібар деген бай болады. Оның жеті баласы болады. Үлкені Серкебай екен. Соның жалғыз баласы – Бекет батыр болады. Бұның тұсында Арыстан деген хан болып Орынбор, Петербор деген қалалар болады. Арыстан хан сол Орынбор, Мәскеу, Томск деген қалалардан лек-лек болып шыққан орыс әскерлерін бастап келіп, қазақ елінің шырқын бұзып, қастық істейді. Елді жылатып, зарлатады. Соған Бекет батыр шыдамай, Арыстан ханды өлтіреді. Ханды өлтірген соң, орыстың ұлықтары Бекеттің соңына түседі. Патшаға айыпты болып, қылмысты кісі атанады. Орыс атаулының бәрі жау болып, қуғынға ұшыратқан соң Бекет қолға түспей қашқын болып жүреді. Сол уақытта дуандардың әкімдері батырды қалай ұстауды білмей айланың бәрін тауысып келіп, аяғында Бекеттің жолдасы Шерниязды айналдырады. Көп пұл беріп, сатып алып, жолдасын ұстап беруге уәде алады. Шернияз Бекетті алдау үшін орыстан пәлен жүз теңге ақша алып, соны саған сыйға жіберді, өзіңмен татуласпақшы дейді. Бекет осының тіліне нанып дуанға келгенде, дайындалып тұрған әскер ұстап алып, қол-аяғына колоткі салып, көк арбаға таңып, Сібір айдап жібереді. Бекеттің тұтқын болғанын естіген соң амандасып қалмақ болып, артынан қуып шешесі келеді. Жылап, зарлап жыр айтады, Бекет те сүйегі босап жылайды. Артта қалған елі мен әкесіне, үй ішіне, ағайын-туысқанына сәлем айтады. Сонымен Бекет Сібірге кетеді. Шешесі үйіне жылап қайтқан соң, Бекеттің қатыны байын іздеп, жүрмекші болады. Ата-енесінен бата алып, сегіз мың теңге ақша алып, ноғайдың саудагері болып киініп, алыс сапарға жүріп кетеді. Жолда талай күн жол жүріп, күйеуі тұрған жерге жетеді. Тұтқын болып жұмыста жүрген күйеуін көреді. Бірін-бірі таниды. Қатыны күйеуінің жолына бірнеше рет ат айтып сояды. Абақтыдағы Бекетке асын пісіріп бергенде, ішіне батырдың алмас пышағын тығып беріп жібереді. Жолығатын жерін айтып хат салады. Бекет түн болған соң, алмас пышақпен қол-аяғының шынжырын қиып, абақтыдан қашып шығады. Мұнымен бірге жатқан Жаппар төре бар екен, ол Кенесарының баласы. Бекетке бұ да қосылып алып, барлығы бірдей қашады. Артынан солдаттар біліп, қуғын жасайды. Батыр барлығын қырып, қуғыннан құтылып шығады. Содан кейін аман-есен еліне келіп, Шерниязды өлтіріп, баяғыдай дәурен сүріп, мұратына жетеді.

"Бекет батыр" жырының мәнісі

Тарихи өлеңнің ақырғы бірі – "Бекет батыр" өлеңі. Бекеттің оқиғасы Кенесары мен Исатай оқиғаларының кезінен 20-25 жылдан кейін болған. Мұны туғызған тарихи хал де Кенесары, Исатай оқиғалары туғызған халмен желілес. Сондағы сияқты қалың елдің наразылығы. Қазақтан сайланған ханның арамдық, зұлымдығы. Елге келтірген ауыртпалығы, сондай күйлердің салдарынан Бекет Арыстан деген ханға қарсы шығып, ел кегін алып, өлтіреді. Бірақ жырда Бекет оқиғасының қалай туып, ұлғайып өскені айтылмайды. Жыр Бекет оқиғасының арты немен біткенін ғана айтады. Сондықтан, тарихта Бекетпен бірге үлкен іс істеген Есет, Көтібар батырлардың істері жырдың ішінде айтылмайды. Бекеттің өз ісі де қалың елмен, қолмен жүріп істеген іс емес, жалғыз ердің жалғыз аттанған жорығы сияқтанып келеді. Бұдан бұрынғы тарихи өлеңдерде ел қаһарманының артынан ерген қалың елдің қозғалысы көрінсе, мына өлеңде ол әлдеқайда бой көрсетпей, бұғып қалған сияқты. Сондықтан Бекет жал-құйрығы жоқ жалғыз жігіт болып, басына келген ауыртпалықты жалғыз атқарып, қазаны да жалғыз көреді. Бекеттің жыршысы өмірде болған үлкен оқиғаның соңғы әңгімелерін ғана алып жырлаған дедік. Осылай болудың себебі не? Бізше, мұның көп себебі бар. Ең әуелгі себебі – Бекет бастаған істі ел басында сүйеп, сүйсініп, соңынан ерсе де артынан іс ұлғайып кетіп, Арыстандай хан өліп, орыс үкіметі соның кегі үшін қуғын жасап, тізе қылған соң, баяғыдай емес, жасқаншақ болып қалған ел Бекет басына тілеулестігін білдіре алмай, жарым жолда басылып қалған болу керек. Көп ел басылып қалған бетінде жау да емес, жолдас та емес болып, орта жерде қалғанда орыс қысымшылығын көп көрген адамдардың кейбірі Бекетті тентек деп санай бастаған болуға да мүмкін. Сондықтан аяздай қысып тұрған орысқа бет қарай алмай, ықтап кетіп, Бекетті ұстап беруге де көнгендер болуға керек. Бекет батырды Шернияздай досына ұстату көп елдің соңғы уақытқа шейін Бекеттің артынан еруге жарамағандығын сездіргендей болады. Соның белгісі жырдың ішінде талай жерде көрінетін сияқты. Бекетті ұлықтар көк арбаға таңып, айдап кеткенде артынан амандасқалы жалғыз шешесінің баратыны, одан кейін артынан іздеуші есебінде өзінің қатыны кетті. Барлығы да Бекеттің бұрынғылар сияқты қалың қолдың ортасындағы хан көрген басшы емес, салт атты, сабау қамшылы ер жігіт қана болып қалғандығын білдіреді. Содан басқа бұрынғы тарихи өлеңдерден "Бекет" жырының тағы бір көзге түсетін ерекше жері: осы оқиғаны жыр қылған ақынның жайы."Бекет" жырын шығарған ақын бұрынғы Нысамбай, Ығылман емес, оларға қарағанда, бұл Бекет оқиғасынан алыста тұрған көлденең әңгімеші сияқты. Сондықтан аналардың сөзі жоқтаумен, жалынмен, шындықпен келсе, мынау денесі сергек ертегіші сияқты, Бекет оқиғасын қиялына ерік берген еркіндікпен әңгімелейді. Әңгімесінің басы, қайдан шыққаны белгісіз Арыстан деген ханнан, Орынбор, Петербор деген қаладан басталса, аяғы "мұратқа жету" болған амандықпен бітеді. Тарихи өлеңге шын тарих пішінін беру өлеңшінің ықтиярында, ол тарихи оқиғаның әлін білсе, өлеңі тарихи дәуірдің айнасы сияқты болады. Әлін білмей шала есітіп, көмескі түсінсе, әңгімесі ескі сарынға тартып, ескі үлгіні жағалап, ертегішелеу болып кетеді. "Бекет" жыры "Кенесары" жырынан сона құрым кейін шықса да, әлде қандай себеппен жаңағы айтқан соңғы үлгімен кеткен. Жырға қарасақ, "Бекет" тарихи өлеңнен де баяғының кіші батырларына көбірек ұқсайды. Өлең мен әңгіме үлгісі Бекетті еріксіз кіші батырдың азғыны сияқты қылып көрсетеді. Әңгіме бойынша, ханды өлтірсе – жалғыз өлтіріп, қаза көрсе – жалғыз көретін себептен баяғының жалғыз аттанатын батырына ұқсатпақ болған мақсаттан тууға мүмкін, өлең үлгісі бір емес, әлде неше жерде ескі батыр жырының кәрі үлгісін көзге елестетеді. Кейде мұны тастап, қисса дағдысына салып "әлқисса" деп те кетеді. Ескі батыр жырының үлгісі – Бекет айдалып кетіп бара жатқанда шешесінің қоштасып айтқаны:

Арба салып, ат мініп,
Сапар етіп жол шектік,
Құтты болсын тұғырың.
Мінген атың аласың

Өлгенде көрген баласың.
Адал бала тастай ма
Атасы менен анасын?
Мен келгенде тоқтамай,

Жалғыз қайда барасың.
Кетер болсаң, қарағым,
Еме кет, анаң мамасын, –

деген сөздерінен көрінеді. Бұл жері Қобыланды Қазанға кетіп бара жатқанда Аналық айтқан сөздің азғыны. Кейінгі ақынға ескінің үлгісі қызықты көрінген. Сол себепті ескінің үлгісін тілеген жерге жапсыра берген. Әйтпесе, қол-аяғы кісенделіп, ықтиярсыз айдалып бара жатқан Бекетке қоштасып жатқан шешесінің әлгі айтқан сөзі лайық емес. Бұл арадағы сөздің ықтиярымен ізденіп бара жатқан Қобыландыға айтқан сөзге ұқсайтын жөні жоқ. Бірақ үлгі қуған олақ ақын Бекетті ескі батыр қылып жырлаймын деп, өзі білген "қошқар мүйізін" салған. Осы сияқты үлгі Бекеттің:

Сіздер қалдың, мен кеттім
Мен сіздерден садаға, –

деген жауабында да көрініп тұрған сияқты. "Бекет" жырын тексере қараған кісіге жаңағы айтылғандарға ұқсайтын ескі батырлар жырының сарыны басқа жерлерден де көрінуі оңай. Жалғыз осы белгілерге қарасақ, Бекетті де кіші батырлар ретінде қосуға керек. Бірақ бұл жерде де Исатай жырының тұсында айтқан бір сөзді оқушының есіне саламыз. Ол сөз: тарихи өлеңдердің тұсында ақындық қиялы қаншалық шарықтаймын дегенмен, өмір кісенімен тұсалып қалғандығы туралы болатын. Сондықтан жаңағы сияқты ескілік бояуын алып тастасақ, "Бекет" өлеңі де батырдың нағыз әңгімесіне келгенде өміршілдік соқпағына түседі. Әңгіменің ішінде көп аталатын Орынбор, Петербор сияқты қазақ елінің тағдырын шешетін қалалар, үйездік әкім, батырды айдаған солдат, қолға салған қолөткі, көк арба – барлығы да өмір. Өмір болғанда сол дәуірдегі тіршіліктің нағыз ауыр, нағыз жүдеу суреттері. Сол суреттің у сияқты ащы дерті батырдың да қайратын буып, еңсесін түсірген. Жүректе жалын басылып, алдыңғы күннің сенімінен айырылған. Сол себепті шешесінен айырылар жерде:

Есен барып, сау келіп,
Көремін де демеймін,
Көрмеймін де демеймін,
Кер шабақ пен күреңді

Мінемін де демеймін,
Мінбеймін де демеймін.
Есен барып, сау келіп,
Сүйемін де демеймін,

Сүймеймін де демеймін, –
дейді.

Батырдың иығына қайғы шығып, көңілін күдік басқандығын осы сөздер білдіреді. Бекеттің қоштасқан сөзінің ішінде елі мен әкесіне, қатынына айтқан сәлемі түгелімен өзіміз көрген өмірдің анық қалпы. Оның ішінде қиялмен қоспа қосып, көтеріп айтқан сөздер жоқ. Барлығы да айдалып бара жатқан жігіттің артқыға айтқан зар-мұңы. Жырдың ішінде "Бекетті" тарихи өлеңнің нағыз батыры қылып көрсететін жалғыз-ақ жер бар. Ол Арыстан ханның өлімі туралы:

Арыстан жатқан орданы,
Дулап жанған қорданы,
Тайсалмай барып енгенмін.
Арыстан мінген көк қасқа,

Астынан алып мінгенмін.
Жібек баулы қолшы тон,
Үстінен алып кигенмін.
Бүгін өліп кетсем де,

Арманым жоқ алдаға.
Талтаңдаған төрені,
Сақалынан ұстап ап,
Қонаққа сойған қозыдай,

Қолымнан өлім бергенмін, – деген сөздері. Бекеттің тарихи ісі осы. Батыр атын әперген ұлы дүбір жорығы да осы. Заманында Исатай істеген ерлікті істеп, қалың елдің қамын ойлап, көптің тілеуіне сүйеніп, өз басын құрбандыққа шалған. Қылышынан қан тамған ұлықты өлтіріп, патша үкіметіне қазақ елінің жүрегінде жатқан қарсылықты ақырғы рет осындай үлкен іспен көрсеткен. Сондықтан Бекеттің даңқы қазақ даласына көп жайылып, жоғарыда айтқандай ертегіге ұқсас әңгіме болған. Бекетті тарихи өлеңнің қаһарманына қосатын себеп осы.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙