TELEGEI

Home

Абай жолы. II том

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Абай жолы. II том

«Абай жолы» роман-эпопеясының 2-томы. Абайдың қажылыққа аттануы, Айгерімді кездестіруі, Біржан салдың ауылға келуі, болыстық сайлау тартыстары және ақындық өнер жолына түсуі бейнеленеді.

РОМАН-ЭПОПЕЯ

ТАЙҒАҚТА

1

Таң алдында бір ғана сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді. Бірақ әлі талған жоқ. Әлі де кітап бетіне үңілуде. Әр алуан тілдерде туған бұл кітаптар бүгін осы жерге оқыс келіп, қызық бас қосқан. Абай жақсы ұғынатын – шағатай, түркі кітаптарымен қатар, тілін Абай қиналып түсінетін араб, парсы және олардан көрі де әлі ауырырақ тиетін орыс тіліндегі кітаптар. Абайдың жайшылықтағы оқуынан бүгінгі оқуының мақсаты да басқа. Кітаптан алатын білім нұсқаның бүгін тіршіліктің қолма-қол керегі үшін асығыс қажет болған бір шағы еді. Абай соңғы күндерде, әсіресе осы соңғы түнде, өзіне бұрын дағдылы болмаған бір халде. Ол бір ескі "ғалымдар" ма, "рауаилар" ма, солардай бір күйде отыр. Осы жайына өзі таңырқай түсіп, қызығып та қарайды. Парсы, түркі кітаптары бұны біресе Шираздың гүлзарына әкетеді. Самарқанның мазар ғымараттарына қадалтады. Мәру, Мешhедтің миуалы, бұлбұлды бақтарына, салқын, самал хауыздарына үңілтеді. Ұлы ақындар мекен еткен Ғырат, Ғазна, Бағдаттың сарайларына, медреселеріне, кітапханаларына тартады. Осылардан бір ауық орысша кітапқа түскенде Орта-азия, Иран Араб жер-суы, шөл-құмы, қала-сауда тірлігін айқын тани түскендей болады. Абайды бүгін өзіне үңілдірген – жаңағы елдер мен уәлаяттардың дәл бүгінгі көрінісі. Оқи отырып, кей жайларды анық айқын етіп хатқа жазып келеді. Керуен көшетін сауда жолдары, үлкен базарлар, атақты қалалар, су жолдары – барлығы да бүгін айрықша керек болған. Бұл кітаптардан алған хабардың бәрі қазір аттанатын жолаушы үшін керек. Абай оқи отырып, кей кездерде, бала шақтан көп естіген сонау алыс мұнар ішіндегі шаhар, уәлаяттарға беттеп, "осы сапарға өзім жүрер ме едім" деп, қызығып та қояды. Көрмек, білмекке қызығады. Ашық терезеден оқыс соққан салқын жел келді. Үлкен, жеңіл ақ пердені жел үйірді. Шалқыта толқытып кеп, жақын тұрған биік үстелдің үстіндегі кітаптарға төндірді. Перде біресе ойнаған баладай боп, Абай оқып отырған кітап бетін жасыра бүркеп қалады, біресе желпи қағып, кітаптың, жазуларын сыпырып ұшыруға тырысқандай болады. Абай жаңа байқады, артындағы үлкен есік кең ашылып, ар жағында келе жатқан бір сый адамды күткендей екен. Таң атқалы бұл бөлменің есігі ашылып, кісі кіргені осы еді. Абай бұрылып қарай бере, келе жатқандардың кім екенін білді. Жай басып, ауыр тыныс алып, демігіп келе жатқан өзінің шешесі. Бұл күнде денесі ауырлап, жүріс қозғалысы үлкен қиындыққа айналған Ұлжан есіктен кеп көрінгенде, оның екі жағынан екі әйел қолтықтап, сүйеп келеді екен. Абай орнынан шапшаң тұрып шешесіне көрпе салды. Түсі Абайға ұқсаған, сәнмен киінген ақсұр сұлу келіншек жастықтар әкеп қойды. Барлық тұлғасы Құнанбай тектес бұл жас әйел – осы үйдің келіні, Абайдың апасы – Мәкіш. Екінші әйел – Ұлжанның ауылдан ере жүрген жолдасы – Қалиқа. Ол бәйбішенің алдына жалтыраған жез шылапшын мен қашқардың әсем, сопақ құманын әкеп, су құйды. Мәкіш кең бөлменің ортасындағы топсалы үстелді қайырып жазды да, ашық есікке қарай дыбыс беріп:

– Ал, әкел жасай бер! – деді.

Үйге Мәкіштің өзі құрбылас ақ қызыл жүзді, сұңғақ бойлы келіншек кірді. Оқа жақ салған, қара мақпал кемзалы бар, самай шашы майланып, жылтырай таралған, келісті келіншек дастарқан жайып, қонақтарға арналған таңертеңгі асты жасауға кірісті. Шешесі жуынғаннан кейін кезек алып, бешпетін тастап, беті-қолын жуына бастаған Абай ұйқысыз түнде басының азырақ ауырлап, зеңіп қалғанын енді сезіп еді. Мәкіш бұны қонақ тұтып сыйлап, қолына су құйып тұрғанда:

– Мәкіш, суың жайлы тиіп барады, сергіп алайын. Басыма да құйып жібер! – деп, бас-мойнын түгел жуып алды. Сүртініп демігін жаңа ғана басқан Ұлжан Абай отырған биік үстелге көз салып, баласының жайын түсінді де:

– Абайжан, осы сен түн бойы ұйықтамағанбысың? – деп баласының бетіне қарады. Абайдың өңі ақшыл тартып сұрланып, екі көзі қызарып тұр еді.

– Жоқ, түн ортасында көз шырымын алдым ғой! – деді.

– Соншалық сарылғанда кісінің ойы шатаспай ма? Қойға қасқыр шапқанын неғып байқамай қалдың, ұйықтадың-ау, дегенімде біздің Қодыға айтып еді:" ұйықтағам жоқ, бірақ таң алдында көзіме, тіпті, түйенің өркеші төртеу болып көрініп отырған шақ еді. Дәл қасымнан өтіп, сүмеңдеп кетіп бара жатқан қасқырды ит екен деп қораға жіберіп алдым" дейтін. Сол айтқандай түйенің өркеші төртеу болған шақта, мең-зең болған басқа білім қона қоя ма екен, балам-ау? – деді.

Шешесінің қалжыңына Абай да, Мәкіш те күлді. Абай:

– Қодығанікі рас, апа. Бірақ уақыт тығыз. Бүгін жүргіншілер аттанады ғой! – деді. Ұлжан "кітаптан жүргіншілердің қай жолмен жүретінін анық білуге бола ма екен?" деп сұрастырып еді. Абай "айқын қара жолдай болмаса да, сол атаған жерге жеткізетін көш соқпағын" аңғарғанын айтты. Және осы күндерде кітап жүзінен аса жақсы қанып, танысып алған бір жай туралы шешесіне:

– Ал, анау үлкен жеріңіз туралы, бармасам да барғанға жуық қанық болдым.! – деді. Бұл бір жаңа тапқан олжасы тәрізді. Ұлжан жолдың ұзақ болатынын әбден білетін. Енді шай үстінде Абайдан осы жолдың бейнеті, қауіп-қатері, ауыртпалығы қандай екенін сұрастырды. Үйде бөтен кісі жоқ. Абай өзі білген шындықты шешесінен жасыруды еш уақытта қажет, мүмкін деп білмейтін. Мәкіш те Абайдан осы жөннен жауап естімекке ынтық сияқты. Ол шешесінің сұрауымен қатар:

– Бәсе, соны айтшы, қалқам Абай! – деп қабағын түйіп, қызара түсіп, өз көңілінің ауыр бір уайымын сездірді. Абай апасының түсіне қарап аз бөгеліп, ойланап қалды. Оның ішін түсінеді. Қалада үлкен үйдің ерке келіні болғанмен Мәкіш туған жұрағатын, ауыл-аймағын ойлағанда өзгеше бір қимас ыстық жүрекпен, соншалық тілеулестікпен тебіренеді. Бұның дәл бұл халдегі көңіл күйін жете ұғыну үшін, жастай жат елге ұзатылған қыз болып, дүниеге соның көзімен қарау керек. Ол бір мұңы да, назы да көп, күрсін арманы да көп, нәзік сыр. Уақыт қана емдейтін, ұзап барып айығатын, әзірше үзілмес шер. Абай Мәкіш күйін танып, шешесіне айтпақ болған ашық ойларын бұның көзінше айтпай-ақ қояйын деп еді, Мәкіш ол еркіне қойған жоқ:

– Қазақ баласы емес, тіпті осы жақтан бірде-бір жан бармаған жол дейді. Қайта оралып, аман-есен келе ме, жоқ па? – деді. Іркер жайды Мәкіш өзі айтып отыр. Абай бірер шыны шай ішті де, тоқтап қалды. Астыңғы үйдегі бапты аспазшы пісірген ыстық самсаны да жеген жоқ. Түн бойы кітаптан жазып шыққан қағазын қайта алып, соған қарап отырып, шешесі мен Мәкіштің сұраған сөзіне енді жауап айтты. Мәкішке қарап отырып айтты.

– Мәкіш, әкең оңай сапарға бара жатқан жоқ. Бірақ тәуекелді, үмітті серік ет! – деді. Апасының қатты қиналғанын көріп, Абай үндемей, тоқтап қалды.

Ұлжан Мәкішке:

– Әкең балам жасық екен деп аттанбасын! – деді. Абай үндемей тұра беріп еді, есік ашылды да, Тәкежан мен Ғабитхан есікке жіті басып келе беріп, Құнанбайдың келе жатқанын білдірді. Ұлжаннан басқа жанның бәрі де орындарынан тұрып, көрпені, жастықты үлкен үстел айналасына баптап салып, әзірленіп қалды. Құнанбай мен Ызғұтты алда келеді екен. Артынан шұбырып, қоршап келе жатқан кісі көп. Бірақ, қалың жұрт алдыңғы бөлмеде қалды. Ол да жасаулы, үлкен бөлме еді. Онда да ас әзірленіп жатқан. Мынау үйге Құнанбаймен ілесе, осы үйдің иесі Тінібек кірді. Құнанбайдың көп уақыттан бергі сыйлас құдасы да, досы да өзі. Қала байы, сыпайы, таза киінген. Отырыста да жайылып отырмайды. Ұлжанға ерсі көрінген бір әдетпен бала шәкіртше жүгініп отырды. Жоғары шық дегенге шықпай, Мәкіштің ғана жоғарғы жағынан кеп жайғасқан. Онда да Құнанбайдың шынысын өзі әперіп, қызмет қып отыру үшін әдейі осы араны алған екен. Имам, хазреттерді күтіп алатын, өздерінше дағдылы, тәрбиелі отырыс, кішілік отырысы. Ишан пірдің алдындағы мүриттер бейнесіндей. Құнанбай Ұлжан жанына отырды да, Мәкіш пен Абайдың жүздеріне қарады. Үй ішінің қабағын әрқашан сергек, танығыш көзбен болжай қарайтын әдеті еді. Бұл жолы балаларын әсіресе барлағандай. Құнанбайдың өз түсі бұл кезде кәріліктің алғашқы ызғарына анық ілінгендей. Кешеңдеп кеп ағара бастаған сақал-шашы, жетпіске ілініп болғанша, бурыл ғана боп келіп еді. Қазір ағы деңдепті. Бет, маңдайында ажымы тереңдеген. Бірақ бойы әлі сұңғақ, әлі етінен арылған жоқ. Жүрісте, отырыста Құнанбай әлі тіп-тік. Қазіргі бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын өзі қинап, алаң еткен кісі емес. Мәкіштің екі көзі қызарып, өңі қуқыл тартқанын көрді де, жылағанын білді. Алдыңғы бөлмеден жаңа кіріп, біріндеп келіп үстел жанына отырып жатқан жақындар ішінде Тәкежан, Оспан, Жақып, Майбасар, Ғабитхан бар еді. Бұл жолға Құнанбай бір жыл бұрын бекінген болатын. Бекінумен бірге былтырғы көктемнен бері қарай, жаз бойы, күз, соғым кездері босын, бәрінде қайта-қайта мал сатқызып, ақша жиып әзірленіп келген. Сүйтіп, пұл – уайым емес. Қиын сапар уайым болса, ол – кәріліктің тақаулығы, қайрат қайтқандығы. Соны әсіресе көп ойлап, Құнанбай осы жолға өзі баратын ниетті Ызғұттыға да ниет етіп, оны қасына жолдас еткен. Ол көптен бергі сенімді серігі болатын. Жол киімін осы қалада Мәкішке су жаңа қып тіккізіп киінген Ызғұтты, қазір де Құнанбайдың дәл өз қасында отырғаны сол. Жасы қырықты жартылап асып бара жатқан Ызғұтты әлі күнге жиырма бестегі жігіт күйіндей ширақ, қайратты, сергек болатын. Тыстан келген соң Құнанбай аз уақыт үндемей отырып, шай ішіп, ыстық самса жеп, тоңазыған ет жеп тойып алды. Дастарқан басына отырмаса да, бұл үйге кіріп Құнанбайдың жүрер алдында қасында отырып қалғысы келген жақындар біртіндеп кіре түсі, көбейіп келе жатыр. Жүрер шақта үй-іші, бала-шағаға оңашарақ айтпақ бір сөзін Құнанбай осы бөлмеде, осы үстел басында айтармын деп еді. Енді аз бөгелсе, жұрт тағы кернеп кететін сияқты. Мәкішке тағы бір рет көз тастап, ойлана түсті де Құнанбай үн қатты:

– Ей, менің балаларым, дос-жарым, іні-туғаным! – деп, ойлы, салқын көзбен айнала жұртты шолып өтті. Үй-іші жым-жырт, шай да құйылмай тоқтап қалған еді. Құнанбай кеудесін көтеріңкіреп, қарсы алдына жалғыз көзін салмақпен қадай отырып, сөйлеп кетті: – Сендер мені осы сапарға қимайтын сияқтанасыңдар. "Қартайған шағында қайда шырқап барады, қайта оралып көрмейміз-ау, кеткені-ау" деп, есіркеп қарайсыңдар! Осыларың мынау жолға мені қимау емес, маған осы жолды қимау болады. От басында немереге, ас басында келінге, мал басында малшыға "әй, өй" деп отырып өлетін бай-бай шал боп өтсем, не мұратқа жетер ем!? Бұл сапар менің ендігі қалған тірлігімнің мұраты. Бәріңе айтар бір өтінішім, осы жолда ақ бұйрықты ажал сағатым жетіп, қаза тапқаным естілер болса, сол шақта да бірде-бірің мені аяп, мүсіркеп: "әттең өкініп өлді-ау, арманда кетті-ау" деп еске алма. Оларың маған достық емес. Сендер ұзақ жасар жастықты мен де армансыз жалын құшып, жасап өткем. Әлі сендер алда татар балды да, зәрді де татып өткем. Аз ба, көп пе, бұйрықты күндерді туыс боп, бауырлас боп, бірге кештік. Сол маған қанағат. Үбірлі-шүбірлі боп, тіршілік кешіп жүргенмен, әрқайсымыздың өлім қазамыз өз бетімен, оқшау келеді. Тобыңнан, шоғырыңнан айыра келеді. Ол келген соң, қай жерде келгенінде, қай сәтте келгенінде не таңдау бар? Қуыс шатты ең соңғы мекені еткен кәрі арқардың келте соқпағындай.аз тірлігім қалды. Менің ендігі қысқа жолыма сендер де енді кешірім етіңдер. Жыламастан-сықтамастан аттандырыңдар! Айтпағым осы. Ал енді, бізді аттандырудың қамына кірісіңдер! – деді. Ызғұттыға қарап, қамыңа кіріс дегендей белгі етті. Ол орнынан тұра бергенде Тәкежан, Ғабитхан, Оспан сияқты жастың бәрі ілесе тұрды. Абай да әке қасынан тұруға ыңғайланып еді, Құнанбай бұны тізесінен алақанымен ақырын басты да:

– Жә, тапқаның мен танығаныңды сен мәлім етші, балам! – деді.

Абай қалтасынан сиямен жазылған бірталай мол қағазды шығарып, Ызғұттыға көз салып:

– Менің тапқаным бәрі осы қағазда. Ызғұтты аға, осыны жаныңда сақтағайсың! – деді. Абай Ызғұттыға осы қағазын беріп жатқанда, Құнанбай жолдағы үлкен шаhарлардың атын тағы бір рет қайта сұрады. Абай қазақ даласындағы құм, шөлді Қарқаралыдан қосылатын Өндірбай қалпенің өзі біледі деп, жолдың бер жағын сөз қылған жоқ. Тәшкенге шейін қазақ ішімен барысады. Одан арғы қалалардан анықтап атап, көп қайырып айтып бергені – Самарқан, Мәру, Мешhед, Асфаhан, Абадан еді. Осыдан ары жол не Арабстанның сахарасымен өтпек. Болмаса тіпті жайлысы, кемемен айналып жүріп отырып, Мекенің өз тұсынан апарып түсірмек. Қысқасы, бұл жерден ең төтесін атағанда, көп кітаптан Абай байлаған жол сорабы осы еді. Әкесіне күнбе-күн оқып білген дерегін бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтқан-ды. Жолдағы елдердің өзге тірліктерін, географиялық жағдайларын, кәсіп, шаруа салттарын көп-көп әңгімелеген болатын. Қарқаралыдан Құнанбайдың осы сапарына бірге ермекке серт еткен Өндірбай қалпе қосылмақ еді. Қазір жүргіншілер Ертістен шалқайып, қазақ сахарасының қалың ортасына қарай тартпақшы. Кейінгі жолда бұлар мінетін көлік неше алуан боп ауыса берер, бірақ дәл Семейден Қарқаралыға шейін арбамен жайлырақ боп жүріп баруды Тінібек әсіресе қатты мәслихат еткен. Құнанбай мен Ызғұтты мінетін кең күйме Тінібектің үлкен қорасында жегулі тұр. Қыстан сұлымен шыққан, қазір ішін тартып, тоқ жараған қалың сауырлы, қан жирен аттың тройкасы доғаны сілкітіп, үні мөлдір жез қоңырауды шылдырата түсіп, ауыздығын шайнап, жиі-жиі пысқырынып қояды. Азықтар, көрпе-жастықтар, әлденеше қабат жазғы, қысқы киімдер болсын, барлығы да күймеге түгел салынып болған-ды. Қарқаралыға шейін Құнанбайды осы күймемен шығарып салатын Мырзахан көшір орнына отырғалы бірталай уақыт болды. Сонымен көктем күнінің түске жақындаған шағында, екі қабат үйдің барлық астыңғы, үстіңгі бөлмелерінен қалың жұрт ақтарылып шыға бастады. Көпшілігі қыр киімін киген ел адамдары. Бірақ солармен қатар, қаланың саудагер, шәкірттері, қалпе-хазреттер сияқты қонақтары да көп. Бұларға Құнанбай Тінібектің қолымен садақа бергізіп, бәрінің тегіс фатиқасын алған .. Бұл реңді қонақтар асқа тойып, қалтасына да ырза болып жымия күлісіп, көңілдене шығып еді. Енді осы топтың алдында Құнанбай өзі боп арбаға қарай келе жатқанда, бұл мінетін күйменің көлеңкесінде отырған бір екі адам орнынан тұрып, Құнанбайға қарсы жүрді. Алыстан сәлем беріп, Құнанбайдың алдына тақап келген бұл екеудің біреуі – сақалына бурыл кірген Дәркембай. Қасындағысы – жыртық шапанды, жүдеу жүзді, жалаң аяқ, аяғын қалың күс басқан, 10-11 жасар бала еді. Дәркембай тақап келіп, Құнанбайға "жол босын" айтып, соған ілес жылдам сөйлеп кетті:

– Құнеке, алыс сапарға бет алып, құдай жолына кетіп барады екесіз. О да мүсәпірлік сапар дейді ғой. Кетеріңде бұндағы бір шын мүсәпірдің арызын тыңдап кетсең деп тосып отыр ек. Мына баланың арызы бар, "құдай үшін айтып бер" деп мені ертіп әкелді! – деді. Құнанбай қабағын түйіп, тіксіне қарады да, жүрісінен бөгеліп қалды.

– Мен дүние сөзінен аулақ кетіп бара жатқан жанмын. Арызың болса, менен өзгеге айтпаушымең? – деген еді.

– Өзгеге емес, өзіңе айтылатын арыз еді, Құнеке.

– Менің басымда сөзі бар, неғылған бала бұл?

– Сөзі өз басыңда болған соң келіп тұрмыз.

Құнанбай айналадағы топтан, әсіресе, қаланың саудагерлері, молдасы, қалпесінен қымсынып қалды. Көзін бір рет қырын тастап еді, жұрт тегіс аңырып, дағдарып қалыпты. Майбасар Дәркембайды енді танып, оны Құнанбайдың жолынан қақпалап әкетпек болды.

– Дәркембаймысың?! "Арызым" деп, аттанғалы тұрған кісіге не деп оралып тұрсың сен? Тұрсаңшы былай! – деді. Соңғы сөздерін күбірлеп айтса да, зілмен тастады. Бірақ Дәркембай одан ығысқан жоқ. Енді үнін қатайтыңқырап, мына топтан Құнанбай мен Майбасардың қысылып тұрғанын байқап, әдейі даурыға сөйледі.

– Бұл баланың арызы – мың да бір қарып-қасердің арасында өзің құлақ салатын сөз. Құдай жолына барарда, әдейі құлақ салатын сөз.

– Бұл не қылған бала? Арызы не? Айтшы шапшаң! – деп Құнанбай әлі де түйілген қабақпен енді ызалы үн қатты.

– Бала баяғы Борсақ Қодардың немере інісі. Бұл Көгадайдың баласы. Сонада Қодар өлгенде, жалғыз інісі Көгадай Сыбанда жалда жүріп, жырақта қалған. Өзі өмір бойы шала жансар, ауру адам еді. Алты жыл болды. Көгадай да өлді. Сонымен Қодардан жалғыз қалған ұрпақ осы мынау жетім бала Дәрмен! – деп Дәркембай баланы танытты. Бетіне бозғылданып түгі шыққан, жүзі жүдеу шекесінде көк тамыры білінген, сүйектері адырайған бала тұр. Бір көзін кір шүберекпен таңып апты. Дәрмен көзінің жасын зорға тыйып, иегі дірілдей түсіп, Құнанбайдың жүзіне жаңа қарады. Құнанбай бұны да оқтай атып тұр екен.

– Несі бар еді бұл баланың менде?

– Несі жоқ еді, Құнеке? – деп, Дәркембай Құнанбай көзіне өткір көзін қадап, сыншыдай бақты.

– Айт ендеше, бұның мендегі сөзін. Жүр былай деді Құнанбай. Ол Дәркембайдың сөзінің арты ауыр болатынын тез болжады. Топ алдында сол сөзді түгел айтқызса, өзіне өзі соққы тигізгендей болатынын сезіп, Дәркембай мен баланы ықсыра, қалың топтан шет бөлініп шықты. Қораның ішінде Құнанбайды қоршаған кәрі-жас. Ырғызбайлардың киім сәні бөлек-ті және қаладағы саудагер, имам, қалпелердің сәлделі, шапанды, құндыз бөрікті, байлық, барлық көріністері де басқа. Олар өз орталарынан Дәркембай мен Дәрменді аластап шығарғандай. Бұл қорада, Құнанбай қоршауында, ол екеуі қажып, талған түрлерімен, ашаң жүдеу жүздерімен өзгеше сұп-сұр. Көнетоз, жыртық киімдерімен ерекше бір азап дүниесінен келгендей. Жоқшылық, ауыр мұқтаждық тұтқындары. Құнанбайлар топтан бөлініп шыға бергенде, Майбасар, Тәкежан арттарынан ерді. Абай да бұларға ілесе алдыңғы топқа тақады. Дәркембай сөйлеп отыр екен.

– Қодардың жазығы жоқ.болса да, құн деген үн болмады. Үн шығырмады заманыңның талқысы! – деді. "Заманыңның" деген сөз Құнанбайдың дәл өзіне қадалып тұр. Содан ширыққан Құнанбай енді зеки сөйлеп, ашу шақырды:

– Не деп тантып отырсың, Дәркембай? Қодардың құнын сұра деп сені маған жіберген қандай ғана Бөкенші мен Борсақ? Аташы солардың аттарын! – деп кәрленгенде, Құнанбайдың бағана таңертеңнен бергі мүләйім сопы, момын жүзі мүлде жоғалып кетті. Бұрынғы жаулық, шабуылдар үстінде көгеріп, түйілетін қатты ашуын қайта тапты. Бұл кезде ол, жыртқыш тағылардың тісті, тырнақтылары болса, солардың гүрілдеп шапқалы тұрған, іреп сойғалы тұрған қатал тағылық кескініне келді. Дәркембай ол пішіннен де сескенген жоқ.

– Құн сұра деп жіберген Борсақ жоқ, Борсақта ондай күн де жоқ. Құнын айтпаймын. Бірақ Қарашоқыны қайтесің?! Ол мына баланың сыбағасы емес пе еді? Сол Қарашоқыда бүгін үлкен ауылың, Күнкенің аулы маңғыстап мал өсіріп, мыңғырып жатқан жоқ па? Құдай үйіне барасың... Осындай жалғыз жетімнің ақысын мойныңа арқалап кетесің бе?

Құнанбай ақырып жіберді:

– Тоқтат, Дәркембай!

– Мен айтарымды айтып болдым.

– Өмірде менен аяған қастығы болмаған қырсық жауым, қызыл көз.пәлем сен бе едің, соңымда сұғын қадап жүрген?

– Құнеке! Мен пәле басы болған емен. Пәледен бас қорғаушы ғана болғанмын.

– Баяғыда маған мылтық кезеген де сен емес пе ең?

– Мен кезесем де атқан жоқ ем. Жазықсыз мойныма арқан салып дарға асқан да тірі жүр ғой! – деп, Дәркембай қатты демігіп ап, Құнанбайдан әлі де өткір көзін тайдырған жоқ. Құнанбай қанша кәрлі, зәрлі болса да мынадай кінәдан қатты сасып, құп-қу болып, дірілдеп кетті.

– Онда атпасаң, бүгін аттың ғой. Мынау менің көріме атып отырған оғың ғой. Алды ғой мынау менің жағамнан! – деп, өзінің амалсыздығын шаққандай боп, Майбасарға жалт қарады. "Не ғып шыдап тірі отырсың?" дегендей. Майбасар осы кезде Құнанбай мен Дәркембайдың арасына қатты алқынып кеп, зығыры қайнап.киліге берді. Топтан тасалана отырып, Дәркембайды қатты боқтап жіберіп кеудеден жұдырықпен нұқып қалды.

– Жап аузыңды! – деп, сыбыр аралас тыйым салып, – енді үніңді шағарсаң, сақалыңнан алып тұрып лақша бауыздаймын! – деді. Құнанбай орнынан тұра берді. Тәкежан мен Майбасар Дәркембайды екі етегінен басып отырып қалды. Дәрмен үн салып жылап.жіберді.

– Қарызым кетті мойныңда... Қарызым! – деп жылап еді.

Дәркембай екі мықты мырзаның сығымында отырса да, Құнанбайдың сыртынан соңғы сөзін қатты айтып қалды.

– Кеше құдіретіңді аға-сұлтан боп жүргізіп ең. Енді, Құнанбай, қажы боп алып, жүргізем деп барады екесің. Білдім, құдай жолы емес... Тағы да Құнанбайлық жолыңды жоқтап барады екенсің ғой. Өлтірт, талат мына бөлтіріктеріңе! – деді. Майбасар мен Тәкежан Дәркембайдың екі жағынан алқына сыбырлап:

– Өшір үніңді, қақбас! – деп, сол арада бүріп, түтіп жібергендей болып еді. Осы сәтте Абай жонын жұртқа беріп отыра берді де, Майбасар мен Тәкежанның Дәркембайдың жағасына жабысып отырған қолдарын қатты жұлып-жұлып алып, серпіп жіберді.

– Құдай атқыр, арсыздар! Тарт былай! – деп қалды. Дәркембайдың көзі Абайға түскенде, оның жүзі боп-боз боп, екі көзі қанталап, Майбасар мен Тәкежанды жарып өткендей от шашып тұр екен.

– Килікпеңдер, арсыздар! Бұның сөзі әкемнің құдай алдында жауап беретін сөзі. Нені ұғып, нені ойлаушеңдер сендер! Көр кеуде.арсыздар! Мекеге бара жатқанда да әкем осындай күнәм бар деп бара жатқан жоқ па? – деп, Майбасар мен Тәкежанға ауыз аштырмады. Сол сәтте Дәркембайға бетін бұрып:

– Дәркембай! Айтпасыңа болмаған шығар. Орайлы арызың болған соң, қысылшаң жерде айтсаң да айыптай алмаймын. Мен қарыздармын әкем үшін. Қарғамай, сілемей қайта бер, жарқыным. Сөзің жетті маған. Етім түгіл сүйегімнен өтті. Бар қазір, жүре беріңдер! – деді. Дәркембайды сүйеп тұрғызды да, Дәрменге қалтасынан жүз сом шығарып беріп, ол екеуін жөнелтіп салды. Құнанбай көпке шейін үн қата алмай, ішінен күбірлеп, тәубе қылған кісідей.сілейіп тұрып қапты. Енді қасына Ызғұтты мен Ұлжан келіп, жүрудің мезгілі болғанын айтты. Қорадағы қала адамдарына Құнанбай енді ғана асығып, тез-тез қоштасты да, арбаға мінді. Күймеге Құнанбай қасына Ызғұттыдан басқа Ұлжан кеп отырды. Барлық ағайын тобымен бірге о да күйеуін бірталай жерге шығарып салмақ. Үш жирен атты сәнді күйме, бай үйдің кең қақпасынан дүрілдей шылдырап, ағындап шыққанда, арба мен салт атқа мініп, шығарып салуға ілескен жұрт саны қалың еді. Құнанбай күймесінің артынан тағы екі күйме шықты. Оның біріне – Мәкіш пен Абай мінген. Екіншіде – Тінібек пен бәйбішесі. Осындай мол жүргінші бар көшені өздері алып, даурыға сөйлеп, шаңдата тартып бара жатқанда, кішкене қаланың еркек-әйелі, бала-шағасы түгелімен қақпа алдына, терезе түбіне жүгіре анталап, қадала қарап қалысқан. Салқар ұзақ топтың ең алдында қатты кетіп бара жатқан Құнанбай күймесі аз уақытта қаладан шеттеп шығып, батысқа қарай еңісе тартатын қара жолға түсті. Салт аттының бәрі де желе жортып, бір топталып, бір шұбырып, ілесіп келеді. Құнанбай артына айналып қараған жоқ. Кем қойса, бір бекеттей жерге бар ағайынның шығарып салып қайтатынын біледі. Дәркембайдан айрылған соң Құнанбай көпке шейін үн қата алмай, томырыла, түйіліп қалған-ды. "Тұнығымды ылайлады", "тұнығымды лайлады-ау әлгі!" деген бір сөздері өз ішінен неше қайырып айтты. Кейде көз алдына тып-тыныш тұрған апан суға кесек атып толқытқан әрекет елестейді. Жүрерін ерте ойлап әзірлеген мінездері, сөздері бағанағы таңертеңгі еді. Артындағы жұртты өзінің жолына тілеу тілетіп қалдырмақ болған сопияна сөздер, мінездер болатын. Дәркембай болса, соның бәрін құйынша ұшырып кеткендей. Сонымен қатар Құнанбайды бұл өмірден тықсыра серпіп, шетке қағып тастағандай. Осыдан зығыры қайнаған.қалпында, көп үндемей отырып, зорға бойын жиды. Енді тым құрыса Ұлжанмен арыздасып, көңіл жазып кетпек. Мырзаханға аттарды осындай қатаң жүрістен баяулатпай жүргізіп отыруды тапсырды да, өзі Ұлжанға бұрылды. Қабақ танығыш, сезімтал Ызғұтты осы кезде көшірге қарай сырғи беріп, Құнанбай мен Ұлжанды соңғы айтысар сөздеріне бетпе-бет, оңашарақ қалдырды. Өзі Мырзаханмен тіл қатыса беріп, жолдың барысын, бұрылыстарын болжай отыр. Көктемнің ерте кезі еді. Әлі бұл өңірде көктің шабан тебіндеп келе жатқанын, қыс ызғарының әлі түгел айығып болғанын әңгіме қылады. Құнанбай Ұлжанға қарай бар денесімен бұрыла түсіп, бет беріп сөйледі:

– Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел – өзің едің. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейлің үшін балаларыңның бағы ашылсын, – деді. Ұлжанның нұрлы біткен ақшыл-қызғылт жүзі ішін тоңазытқан сезімнен көкшіл тартып, қатты өзгерді. Бірақ көпке шейін үндемей отырып, жүрек тоқтатты:

– Мырза, мынадай сапарыңа кінә түгіл наз ертсем, оным білместік болар еді! – деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады. Бұл уақытта оның өңі қайтадан өз ажарын тауып, бір түрлі нұрға балқып тұр еді. Кесек біткен сұлу, кең, дана пішін. Сөзін дамыта берді. Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағына.бейімдеген сайын дүние кеңейе береді екен. Өзің босаң, кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босата бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екесің. Осы көңіл мені жеңгеніне көп болған! – деп біраз толас етті. Құнанбай аса қатты ден қойып, ұйып тыңдап қалған еді. Ұлжанның жүзіне телміре қадалып қапты. Ұлжан қабаған көтеріңкіреп, екі көзін қысыңқырап, тағы да толғанумен нұрлана түсті.

– Әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Мінім болсын, өзгем болсын, бір жағы өзіңнен еді. Ұзақ дәурен кешіп келіп бүгін сен ырзалық айтып аттансаң болады. Мен сенімен енді кеп кінәласам ба, мырза! – деді. Ұзақ өмірде күйеуінен кешкен көп реніші есінде тұрса да, ашпады. Оны іркіп қалды. Осы сөзден соң Құнанбай өзге жеңілірек, жайлырақ тиетін әңгімеге түсті. Бұл сөзге екеуі Ызғұттыны да қосқан еді. Құнанбаймен осы жолы Мекеге бірге баратын Өндірбай қалпе. Ол бұның көп заманнан қадірлейтін адамы екен. Қазір енді бар туыстан жақын боп, бір сапар кешпек. Осы Өндірбайдың Құнанбайға айтқан тілегі бар. "Не қыз алып, не қыз беріп құда болсам" дегенді арман ете беруші еді. Құнанбай осы жолы сол сөз қайта шықса, келісіп аттанбақ. Мырзаханнан хат жазады. Өндірбайдың жас қызы бар. Соны Ұлжан өз қолына келін етіп алса, лайық болады. Құнанбайдың кенжесі әлі де тау соғар, сотқар Оспан үйленгелі 2-3 жыл болды. Бірақ оның өзі ойламағанмен, әке-шешенің кенжесінен немере сүйе алмай келе жатқаны мұңға айналып барады. Сүйтіп, осы жолы Оспанға тағы бір қыз айттыру орайы бар. Ұлжан соған әзір болсын. Ендігі жол бойынша бұл күйменің ішінде кетіп бара жатқан әңгіме осы еді. Үш құла жеккен екінші күймедегі Абай мен Мәкіш. Бұл екеуі көпке шейін үнсіз келе жатты. Оңаша шыққан соң, Мәкіш жиі жылап отырды. Абай оған бір-екі рет:" қойсаңшы, Мәкіш!" деп тоқтау айтып еді, апасы тыңдаған жоқ. Сонан соң Абай үнсіз, жалғыз өз ойына кетті. Қазірде Абай ойынан да үлкен орын алып, отырған жаңағы Дәркембай сөздері, соның мінезі. Ол, Абай ұғымынша, Құнанбайдың енді алдына қойып ішейін деп отырған дәмді асын теуіп, төңкеріп төгіп кеткен тәрізденді. Қодар... Қодар... Одан қалған сорлы жетім, панасыз бала Дәрмен. Абайдың көз алдынан жүдеу бала кетпейді. Оның басындағы кір шүберек ғаріптіктің сор құрсауындай сезіледі. Бала бар тірлігімен, бишаралығымен және Дәркембайдың айтқан әділ дауларымен Құнанбайға айтылған өмір өкімі сияқты. Бұл – дұға, намаз, ораза қажы жеңе алмайтын өкім. "Сондай күнә сұмдығым бар еді" деп өкініп бара жатқан Құнанбай болса да, бір сәрі.еді. Жоқ, әкесінің шын өкінген жүзін Абай көрмеді. Оның баяғы қатал ызасын ғана көрді. Екі арасы бітімсіз. Жыртқыштық пен жазықсыздық арасындай кереғар. Ендеше... Әкесінің бұл сапары, бұл барысы не? Тағы Дәркембайдікі рас болғаны ғой! Құдайшылық емес, Құнанбайшылықты жақтап бара жатқан болғаны да! Абай аса бір ащы мысқыл, ызамен қабақ түйіп жымиды да, Құнанбай жайын ойлаудан, оның сапарынан көңілін бір-ақ кесіп тыйып, басқа күйге ауысып кетті. Бұл шақта қатты жүрген күйме жаңа ғана қылтанақтап келе жатқан, жол жағалаған тықыр көктің арасымен келе жатыр еді. Көптен қаладан шықпаған Абайға жаңа көктем енді ғана өзінің келе жатқанын баян етті. Сол жақта, алыс көк жиекте, көкшіл мұнар ішінде Семейтау көрінді. Қардан о да арылыпты. Кесек, жұмыр бір ғана қатты толқын бүктетіліп, түйіліп кеп, мәңгіге мелшиіп, қатып тұрып қалғанға ұқсайды. Айнала сар дала ортасында оқшау бітіп, оқыс тұрып қалған бір үзік тау. Мәңгі-бақи жым-жырт боп, жай созылған сахараның бір заманда әлденеден булығып, лықсып шыққан ереуіл толқыны ма? Ашу қажыры ма? Сол бейнелі бөлек тау. Абай тау ажарынан осындай оқшау бір бітім көріп, қадала қарап отырып, тымағын алды. Пысынаған басына, бетіне Семейтаудан асқан қоңыр жел леп-леп тиеді. Денесі серги бір, сүйсіне бір күрсінгенде, сергек, сезімтал көңіл де өрби түскендей болды. Абай жер көркін, өз көңілін еркін өлең етіп кетті... Мынау салқын лебі айықпай ескен күн шуақты көктем күніне Абай жүрегі өзгеше бір еміреніп келеді. Кеудеде талай ыстық толқын сезімдер сыя алмай сығылысқандай... Өлең әнге оралып, еркеленіп келеді... Үзіле алмай ырғалады. Абай байқамапты. Бұның бар өлеңін Мәкіш тыңдап отыр екен. Бөтен біреудің өлеңі емес, інісінің өз өлеңі екенін де біліп отырыпты.

– Абай, осы сен ақынсың-ау! – деді де күліп жіберді.

Абай Мәкішті ұмытып кеткен екен. Әуелі үркіп қалғандай, қысылып:

– Е, оны қайдан білдің? – деді.

– Естіп келем ғой... Жасырайын деп пе ең? – деп, Мәкіш күлді де, – және Ербол бар, барлық жас құрбың да көп айтады ғой. " жарысқа түспегені болмаса, анық ақын " дейді, рас па сол? – деді. Абай енді күліп жіберді.

– Сонысы рас! Ақынмын!

– Қандай өлең айтасың?

Әй, Мәкіш-ай, өлеңім менің желге кетіп жүр ғой.

– О қалай?

– Мен сүйген мен күйгенді айтам. Сүйгенім оралмастай алыста. Ал айнымастан қасымда, жадымда қалар – жалғыз күйігім ғана, соны айтқан соң желге кеткенмен бір емей немене?

– Күйігің не? О не деген сөзің? Сенде қандай күйік болушы еді? – деп, Мәкіш Абайға кінәлай да, сынай да қарады. Інісінің қабағы шытынды да, өңі тағы қуаң тартты. Толықша біткен дөңгелек жүзінде әлі бірде-бір ажым жоқ. Кесек сұлу бітіміне бұл күнде ұзаңқырап шыққан қиық мұрты да жақсы жарасады. Селдір қара сақалы да бетінің көлемін бұзбай, сәл ұзарып қана барып тоқтапты. Қазір Мәкіш барлап қараған шақта Абайдың мұрын мен бетінде азырақ жылтырап білінген, майда жұмсақ бір нұр білінеді. Жаңа ғана толып жеткен жігіттіктің анық сұлу ажары. Отты, саналы көздерінің ақ, қарасы айқын. Ажары таза, көздері әрі көрікті, әрі ыстық тиеді. Бір қараған кісіні қайта тартып, еріксіз қаратқандай, алмасы бардай, әсерлі көз. Жіп-жіңішке боп, ұзын сызылған қап-қара қасы да жігіт жүзінің жақсы ажарын аша түскендей. Мәкіш өз туысына, інісіне іштей мақтаныш ете қарады. "Күйгенім бар" дегеніне сенген жоқ. Сонда да айтқыза түсіп, танығысы келді.

– Ал, күйігіңді не деп айттың, соныңды айтшы деп сұрады.

Абай көңілінде ерте күннің айықпас сағымдай сұлу қиял естегісі отыр еді. Сол күнде жүрек толқынын осы бір әнмен айтқан. Бұл да жаңылмас серігі содан бері. Естегісі – Жәнібекте өткен жайлау түні болатын. Сүйіндік аулындағы алтыбақан. Әлпеншекті Тоғжанмен бірге теуіп тұрып, осы әнге сыр бөлеп еді екеуі. Жұрт көзінше бір әнде, бір жүрекпен табысқан-ды. Сол "Топайкөк" әнін бастады. Мынау көктем күні Тоғжанды тағы да аса бір сағындырып, қатты көксетіп келе жатыр. Апасының айт дегені бұның өзінің де жүрек, қиял тілегі болатын. "Топайкөкті" бұл жолы шырқау үнмен айтпай, қоңыр, баяу ырғақпен бастағанда, өзгеше бір нәзік шердің сөзі кетті. Мәкіш өлең сөзін әсіресе құлақ қойып тыңдап қапты. Мұңға толған жас жігіт айтып келеді.

Жарық етпес қара көңілім не қылса да,– деп барып,
Аспандай ай менен күн шағылса да,
Дүниеде,сірә, сендей маған жар жоқ
Саған жар менен артық табылса да…
…Сорлы асық сағынса да, сарғайса да,
Жар тайып жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды ырза болып жар ісіне
Қорлық пен мазағына табынса да…–

деп қатты сұрланып кеп тоқтады. Өзін де, оны да айтқаны. Екі ынтық. Екеуін де жалын өртейді. Бірақ шарасыздық – қатал тағдырдай. Соның соңғы кездерде көңілге көп оралып жүрген бір тынысы осы тәрізді. Бірақ Мәкіш бұны ұққан жоқ. Ол бұрын өзі естіп көрмеген, жаңағыдай тосын сөздерден бір ғана "жар" дегенді аңғарып, тоқтап қалды да, Абайдан сұрады:

– Ұқпадым. Бұндағы жар дегенің кімің өзі?

Абай апасына оншалық шешілмек емес.

– Жар дегенім күйік салған бір жан да! Жар дегенді білмеушімең?

– Білсем, жар деп кісі үй жолдасын айтат та!

Абай селт етіп, жалт қарады.

– Ділдә демексің бе?

– Ия! Ділдә болса қайтушы еді?

Жас жігіт бұл жерге жеткенде айтқанына өкінгендей боп, шұғыл айналып бұрылып қалды. Күйіп, қиналып кетіп:

– Ойбай, жаратқан, Мәкіш-ай, Ділдәң не? Не деп кеттің.

Мәкіш өзінің Абайға қатты батқан сөзінен қысылып қалды. Ыңғайсызданып күлді де:

– Япырай, сөзім саған түрпідей тиді-ау, Абай. Ділдә байғұстың не жазығы бар еді?

– Рас, Ділдәның жазығы жоқ. Бірақ оған ынтыққан арман өлеңін айтар менің де жазығым жоқ. Төрт бала тапқан Ділдәны айтқаның не?

– Е, бала тауып бергеніне жазықты ма саған?

– Жазығы жоқ. Қайта балалары жақсы. Ол – балаларымның анасы. Ата мен ана қосқан жолдасым. Бар болғаны сол ғана. Ал жүрек жалын, ынтық, достық десең ондай оттың бәрі де ол кеудеде өшкен. Болған шағында да, соншалық маздаған шырақ жоқ еді. Көңілі ертерек бітеу тартып, ерте суынған жан ғой ол! – деді де, Абай енді бұдан ары сөйлегісі келмей, тоқтап қалды. Осыдан кейін бұл күйме алғаш қаладан шыққандағы қалпына қайтып, әңгімесіз кетіп бара жатты. Ұзақ, салқар қалың көштей боп, шаңдата шұбалған салт аттылар арбаларға таяу келе жатқан. Үштен, төрттен, бес-алтыдан шоғырланған ел кісілері, қала халқы. Осы аттылар тобының орта тұсында Тәкежан да келеді. Оның қасындағы төрт кісі: Ғабитхан молда, Жұмағұл Ербол және Дарқан деген қосшы жігіттің бірі. Тәкежан әке жайын қалада да, жол бойында да іштей бірталай уайым етіп келсе де, енді тыныштық тапқан. Абай айтқан жол қиындығын Тәкежан оншалық тесіле ойлаған жоқ-ты. Қаладан шыққан соң, Ғабитханнан біраз күдік етіп сұрағанда, өмірге көбінше сенгіштікпен қарайтын, ақ көңіл Ғабитхан ешбір уайым ойлатқан жоқ. Бұл кезде толықша тартып, семіре бастаған, жігіт ағасы боп қалған Тәкежан қалжыңқой, күлегеш болатын. Әсіресе біреуді қолға алып, қағытып, мысқыл ажуа қып отырмаса, бойына ас батпайтын. Кездесіп бірге жүре қалған шақ болса, үнемі күлкі ететіні, ойнайтыны осы Ғабитхан молданың өзі. Тілі қызық, аңқаулығы Қожанасырдай Ғабитхан туралы Тәкежан ел ортасына талай күлкі әңгімелер таратқан. Ол әңгімелері көбінше Ғабитханның қазақ тілін өз тіліне қосып, теріс, оғаш қолданатын өрескелдігіне де арналады. Кейде Тәкежан молданың аңқаулығын өзінің болымсыз ұсақ керегіне де жаратып жүреді. Осыдан екі күн бұрын Тінібектің қонақ үйінде жатқан қалың елдің арасында Тәкежанның қамшысы жоғалып кетті. Содан кейін Дарқан мен Жұмағұлға үй оңашада тағы бір рет қамшысын қаратып-қаратып, табылмаған соң, ақырында Тәкежан бар қонақтың қамшысын жиғызып, алдына салып қойып қарап отырса, бір тамаша сұлу, сары ала қамшы бар екен. Сұрастырса, бұл Ғабитхандікі боп шығады. Тегінде Ғабитхан қамшы, белдік, қын, пышақ деген сияқты ұсақ бұйымдарға аса ұқыпты және қайдағы бір көрікті сұлуына қызыққыш болатын. Қайдан да болса сондайды таппай қоймайды. Тәкежан өзге қамшыларды іргеге лақтырып тастап сары ала қамшыны қолына алып, мырс беріп күлді де:

– Менің қамшым мынау болат! – деді.

Жұмағұл күдік етіп:

– Ойбай, Тәкежан, Ғабитхан бермейді. Қызарғанға қыздай құмар, әсте берсін бе! – деді. Тәкежан оған қараған жоқ.

– Үндеме, сұрап алам деп отыр деймісің! Ұрлап алам! – деді. Үшеуі бірдей ұғысты да, күлісіп қалды. Сол арада Жұмағұл Тәкежанның бұйрығы бойынша Ғабитхан қамшысының бүлдіргесін өзгертіп, жылтыр қайыс бүлдірге тақты да, қамшыны басқа үйге апарып тығып қойды. Ұзақ жолға жүретін күндерде Тәкежан бір-ақ ұстап шықпақ. Ғабитхан содан бері екі күндей қамшысын жоқтап, бар қонақтың мазасын алып, әбден сарп ұрса да, дерек таппай, сілесі құрып, қойған-ды. Бұл мазасызданып, қамшысын іздеп тыпырлап, қапаланып жүргенде Тәкежан мізбақпай, үн қатпай отыра беретін. Сол қамшыны Тәкежанның ең алғаш ұстап шыққаны бүгін. Жол бойында көпке шейін Тәкежан Ғабитханмен бірге келе жатқанмен, әдейі молданын оң жағынан жүріп отырып, қамшысын байқатпай келген. Бір уақытта Тәкежанның қамшысын көзі шалып қап, Ғабитхан атының басын оқыс іркіп, тоқырай беріп:

– Өй, Тәкежан, минім қамшымны син алғансын ба? Бұл не хыянат!? – деп, сұмдық көргендей қарады.

Тәкежан түк шіміріккен жоқ:

– Қойыңыз, молда. Қамшы өзімдікі, байқап айтыңыз! – деп, әдейі сыпайы сөйлеп, таң қалған кісідей қарап тұр. Қамшыны енді көрнекке шығарып, атының жалында көлденең ұстап тұр. Ғабитхан біресе Тәкежанға аңыра қарап, біресе қамшыға қарайды. Өрімі, сабы, сарбасы. Сапқа ораған жезі – бәрі де өз қамшысы. Күмән жоқ. Енді Тәкежанға ызаланып, ұрсып жібермек болды. Бұның жасы үлкен. Және қылжақбас Тәкежанға бұл кейде қатты сөйлейтін.

– Үй, ахмақ! Қара, минім қамшымны ұрлап тұрғанын! – деп қамшыға қол соза берді. Тәкежан қарсыласқан жоқ. Қамшыны молдаға өзі де созып қолына беріп жатып:

– Молда, ашуланбай тұрып, әуелі аңғарып алыңыз. Қамшы міні, анықтап қарап шығыңыз. Бар белгісі өз қамшыңыздай болса, "көзім жетті, иманым кәміл" деңіз де, алыңыз. Ал өзіңіздікі болмаса, онда кісіні мына қауым алдында янаттамаңыз! – деді. Ғабитхан қамшыға жабысып, бар жерін иіскелегендей ұстап қарап кеп, ақырында бүлдіргеге қарады. Қарады да, қабағын түйіп жіберді. Бір жақындап үңіліп, бір алыстап қарап ақырында таңдайын қағып, басын шайқады. Жұмағұл, Дарқан, Тәкежан – үшеуі де көз алмай молданың бар қимылын бағып тұр. Ғабитхан қамшыдан түңілген екен:

– Айхай, болмас, болмас... Hәммәсі менің қамшым. Бәлки, шу, хайуан бүлдіргесі минікі түгіл. Ұхшауын ұхшайды, бірақ қамшы минікі емес. Мә, Тәкежан, хафа болма! – деп қайырып берді. Тәкежан бастапқы мізбақпаған салмақты пішінмен қамшыны алып жатып:

– Е, молдеке, бәсе! – деді де, Жұмағұлға қарап көз қысып, бір жақ танауын тыржитып қойды. Ғабитханды кейде ілгері жіберіп, Дарқан, Жұмағұл үшеуі күліп-күліп алады. Бұлар осымен Құнанбайға қош айтысатын бір бекет жерге қалай жеткендерін байқамай да қалып еді. Алдағы күймелер тоқтаған екен. Арбалардан жүргіншілер, үлкендер тегіс түсіпті. Ілгерілеп барып жетіп қалған салт аттылар да түсіп жатыр. Тінібек күймесінің артында емізіктеген қара саба келе жатыр еді. Барлық ұзатушылар жиылып болған соң, сол қымыз әкелінді. Жұрт жағалай Құнанбай мен Ызғұттыны ортаға алып отырып, соңғы рет дәм татысты. Құнанбай енді бөгелмей, жүріп кетуге асыққан. Ызғұтты соны сездіріп, қымызды шапшаң ішуге жұртты асықтырып отырды. Ақыры Құнанбай орнынан тұрды. Барлық жиын да дүрк тұрған еді. Бұл жерде Құнанбай көп сөйлеп созған жоқ.

– Ал, жарандар, шығарып салу үшін осы келістерің де жетерлік. Еліме, жеріме сәлем жеткізіңдер. Қош, ағайын! Дәм, ырзық бұйырса, амандық шаттықпен қайта көрісуге жазсын! – деді.

Тінібек бастап барлық үлкендер:

– Еншалла, еншалла, әмин, әмин! – десті.

Содан кейін, Құнанбай Ұлжан бастап барлық жұртпен құшақтасып амандасып шықты. Абай мен Құнанбай ең соңғы сәтте үнсіз қоштасты. Азғантай жіпсігені болмаса, әлі тер шықпаған, сұлымен жараған үш жирен ат, үнді қоңырауды шылдырата түсіп, тартып кетті. Қатты кеткен күйменің шұбыра бұралған шаңы ішінен шылдыраған қоңырау көпке шейін ойнай, сөйлей бара жатыр. Бірақ, барған сайын тұншыға берді. Үнсіз қатып, қадалып тұрып қалған бар жиынға ең соңғы рет, бірақ баяу шыңғыр етті де, қоңырау өшіп кетті. Күйме алыстап барып, сар көделі белден аса берді. Енді бір сәтте ұзақ сапар жолаушылары ұзатушы көздерден таса болды. Әлі де үнсіз тұрған жұрт, енді ғана қайтуды ойға алды. Ұлжанды Абай мен Мәкіш сүйеп кеп, өз күймелеріне мінгізді. Ол мінген соң, күймеде орын тар еді. Абай арбаға мінбей, шешесін ілгері жөнелтіп, өзі салт атқа мінді. Қасына Ерболды ғана алып, топтан оқшау қалып, асықпай, аяңмен ғана қайтты.

2

Тінібек үйін көптен басқан қалың қонақ Құнанбай жүргеннен кейін тез тарады. Бірақ Ұлжан, күйеуін ұзатқан соң да, елге тез қайтқан жоқ. Қалаға көптен бері келгені осы еді. Және елін, аулын үнемі сағынумен жүретін Мәкіш те шешесін жібермейді. Тінібек құдасы да Ұлжанға "қайтпаңыз, асықпаңыз, мына Мәкіш балам жүдеп кететін сыңайы бар. Күйеуі болса саудамен алыс сапарда жүр. Осының өксігі басылған соң қайтарсыз деп тілек еткен. Тінібек үйінің ендігі аз қонағы, бірақ аса сыйлап, баппен күткен қонағы Ұлжан мен Абай, Тәкежан және солар қасында қалған үш-төрт қана жігіттер. Бұл уақытта Тінібектің асты-үстілі үлкен ағаш үйінің бар бөлмесі қайтадан көп жасаумен құлпырғандай. Кілем, алаша, оюлы сырмақ, тұс киіздер тегіс қайта тазартылып, қайта жайылған. Ел біразда жайлауға шығады. Қаладан ұзап кетеді. Бала-шағаның, келін-кепшіктің жаз киетін киімі бар, ауылға керек, қонақ-қопсыға керек қант, шай сияқты алатын зат мол. Көп үйлі, көп ауыл-аймақтың анасы есепті болған Ұлжаннан базарлық дәмететін жандар да аз емес. Қалада ендігі жатқан күндерінде Ұлжан Абай мен Тәкежанға, Ғабитхан, Ерболға күн сайын есіне түскен нәрселерін тапсырып, базардан алғызып отырады. Абай шешесі қайтар шақ таянған сайын әр күн кешке өзге заттармен қабат топ-топ кітаптар да әкеліп қосады. Осы өткен қыста, алты ай бойында, әкесін жөнелту қамымен қаладан қайтпай жатып, Абай орысша тілге тағы да көп зер салды. Бірнеше жылдан бері тұтас беріліп, ұзақ отырмаса да, тілді білу жөнінде, сол тілдегі өнер-білім бұлағынан нәр алу жөнінде талпыну, тырбануын үзбеген. Бірақ жете білуге қиын тіл екенін Абай басқан сайын байқай түсіп, үнемі ойлайды. "Әттең, бала шағымда уысымнан шығарып алыппын. Сонда қуатын жоғым едің!" деп талай айтып еді. Қалада осы күндерде, әсіресе осы соңғы қыстың ұзақ түндеріндегі оңаша тімтінудің соңында Абай орысша жазылған, жеңіл тілді кітап, әңгіменің көп жерлерін өздігімен ұғатын боп алған. Әзірше ауыр ұғатыны – орыстың ақындары. Бірақ енді не де болса., орыс кітабы досы болды. Осы күндерде шешесімен бірге елге жібермек боп жинап жүргені де сондықтан. Енді бұрынғыдай емес, елдегі уақытын да кітапқа бермек. Ұлжан асықпай жатса да, ақыры елге қайтатын мезгіл жетті. Қасына Тәкежан, Ғабитхан, Дарқан, Жұмағұл ерді. Күймеге мінетін Ұлжан мен Қалиқа ғана. Көшір – жас жігіт, асау үйреткіш Масақбай. Абайға шешесі бірге қайтайық деп еді. Бірақ баласының әлі бітпейтін, бөгейтін шаруалары бар екен. Құнанбай тапсырып кеткен алыс-беріс сияқты істер. Елді жайлауға шыға берер кезде қуып жетпек боп, Ербол екеуі қалып қоятын болды. Күйменің артына ұзынша бір сандықты лық толтырған кітаптарын тиеп беріп, Абай шешесін өз қолымен қолтықтап арбаға мінгізген жерде, Ұлжан баласының қолын ұстап отырып, соңғы бір ақылын айтты:

– Алты ай қыс ауылды көрмей, ұзақ жолаушыдай шырқап кеттің. Үйде жар жолдасың сарғаяды, балам. Кішкентай балапанша былдыр қағып, шұнаңдаған балаларың тосады. "Ағам, ағам келеді" деп олар күткелі қашан. Әбішім мен Мағашым қандай десеңші менің, егіз қозыдай! Соларды ойлап сағынғанда менің де ұйқым шайдай ашылады. Сенің қайтып дәтің шыдайды?

– Оларды мен де ойлаймын... Мен де сағынамын ғой апа. Жаңағы айтқан екі немерең өзімнің де ыстық көретін балаларым. Әкелікке мені мойындатқан да солар ғой. Бірақ бөгетімді көріп отырсыз ғой.

– Білмеймін. Сылтауға сылтау қосыла бергенге көндігіп ап, осы қаланың шаңын жұта бергенге дағдыланып кеткенбісің деймін. Бүйте берсең үй де бір, түз де бір боп, жатағынан түңілген жас құландай боп кетерсің. Тез қайт, балам, Абайжан! – деді. Соңғы сөздерінде, Абай көңілінің бір жарықшағын сезгендей күдік, қобалжу да байқалды. Шешесінің сезімтал, жүйрік көңілі қыс бойы елге қайтпаған баласының қабағын аңғарып, қалаға келгеннен бері ақырын бағып жүр еді. Үй ішін сағынып сұраған ашық жарқын ажарын көре алмаған. Бұдан бірнеше жыл бұрынғы Абай бұлай болмаушы еді. Әлде Мәкішпен оңаша сөйлескен кездерінде баласының Ділдә туралы түңілгендей, суықтау сөйлейтінін есітті ме? Ұлжанның сөздері қабақ болжасқандай боп сыпайы, майда айтылған болса да, ар жағында сыр, салмақ жатқан сөз. Бірақ бұл орын, бұл кез оны ашысып айтысқан шақ емес. Шеше ойында күдік қалдырғанын білсе де Абай үндемеді. Тек қана:

– Құдай бұйырса, ел жайлауға көшіп, өздеріңіз Шыңғыс аса берген шақта, біз де жетеміз. Бала-шағаға сәлем айтыңыз. Ал енді, жолыңыз болсын! Шаршамай-шалдықпай, жайлы жүріп, жақсы жетіңіз! – деп тілек айтты да, анасының жүріп кеткенін мақұл көрді. Тәкежандар аттарына мініп, Мәкішпен, Тінібектермен қоштасып болып, ашық, кең қақпаның алдына барып топтанып тұр еді. Масақбай да ат айдады. Үш ат жеккен кең күйме, сықырлай, шылдырай түсіп қозғалып алып, дүрілдей тартып жүріп кетті. Осыдан он бес-жиырма күн кейін Абай мен Ербол да елге қарай келе жатты. Қаладан күн шыға атқа мінген жүргіншілер, көктемнің ұзақ күнінде жолды өндіріп жіберді. Абай мен Ербол екеуі де қатты жүріске шыдамды, берік болатын. Қыс пен жаздың қандай ұзақ, қиын жолы болса да, біріне бірі "шаршадым, қажыдым" дегенді айта қоймайтын. Қайта, нелер жүрісі қатты аттармен күн ұзын дамыл алмай суыт жүрісіп кеп, кешкі қоналқаға жеткен жерде, дененің ауырғанын, қиналғанын айтыспауға тырысатын. Іштей екеуінің шыдамдылыққа байласқан серті, бәсекесі бардай. Дәл бүгінгі жүрістері ерекше бір айта қалғандай жүріс болды. Бұлардың өздері ғана емес, тіпті ат суыт жүріске өмір бойғы кәсіп арқылы біржолата пісіп қатып кеткен Қарабас, Жұмағұлдай атшабарлар да, елеусіз, Бесбесбайлардай Олжай ішінің барымташы, жортуылшылары да некен-саяқ жүретін жол еді. Екі жігіт Семейден шығып, күн ата бергенде, Орда тауының Шілікті кезең деген тұмсығына кеп ілінді. Ел атаулы жайлауға қарай тартып, жолда қонатын ауылдар сиреп қалған. Бір қоналқа жер болса, Орданың осы тұсында болмақ. Дәл Шілікті кезең Орданы қыстайтын Мамай руының кедейлеу, Байшора деген атасы бар. Бұлар сыртқа кешеңдеп шығушы еді. Жүргіншілер сол ауылдардың біріне жете қонамыз деп өктеген. Абайдың өз қыстауларының үстімен жүрмей, Орданы басқаны – Ұлжан аулы биыл да Бөкенші жайлайтын Көлденеңді басып, Бақанас өзенін жайламақ-ты. Соған қарай тартатын төте жол – Орданың үсті. Қала мен Орданың осы кезеңінің екі арасы жүз отыз шақырымдай жер. Абайдың астындағы күрең төбел ат – ұзақ жортуылдың аса сенімді аты. Бұрын мінген Ызғұтты бұл аттың жүріске берік, үнемсозарлығын тұлпармен теңейтін. Ерболдың жетек аты бар-ды. Өз аты жоқ, жарау қара шұбар, күрең төбелдің тізесіне шыдамады. Намаздыгер шағында қамшы салдырып белі босаңси берген. Сонан кейін Абай оған, жетектегі бесті айғыр Теңбілкөкті мін, – деді. Бұны Абай, мүсініне, теңбіліне қызығып, "үйірге салам" деп, осы аз күн ішінде базардан сатып алған-ды. Ербол ауыстырып мінсе де, күрең төбелдің екпіні әлі басым. Күн еңкейіп келген кезде Ордадан бұлт шықты. Жолаушылар алдынан қатқыл жел соғып, күн күркіреп, недәуір қалың жауын келе жатыр еді. Осыны аңғарған соң Абай, "көз байланбай елге жетіп көрейік" деп, жүрісті тағы қатайта түсті. Күрең төбелдің сар желісі еді. Омыраудан соққан салқын жел күреңнің белін көтеріп, желігін арттыра түсті. Шалдыққаны білінер ме екен деген күдік кезде, күрең тіпті егесе түскендей. Ауыздығын шайнай беріп, басты да шұлғып, пысқыра жер сүзіп те қояды. Абай басын қатты тартып тежеп отырмаса, өршелене түсіп, шаба жөнелгісі кеп, оттай жанып келеді. Ербол күреңді көптен бағып келе жатыр еді. Абайдың жүрісі қатайып кеткен соң, Теңбілкөкпен кейіндеп қалып қойып, бір кезде шауып отырып, қуып жетті. Аздап қиыстап, күреңнен оза беріп, қырындай қарап алды да:

– Түу, мына сарамасқа дауа болмас, Абай! Омырауының терін құрғатып апты әуелі. Япырмай, бұ қаншаға шыдамақ? – деді. Абай да күреңді аса бір сенімді, берік дос танып, сүйсініп келе жатыр еді.

– Тіпті білмеймін, Ербол. Хайран боп келем. Белінің беріктігі сонау Тінібек қақпасынан шыққандағы қаз-қалпы. Тегі адам шыдаса, ат жүретін жерде түп жоқ екен-ау! – деді. Қатты жел, тездеткен жауын Абайлар Шілікті кезеңге тақай бергенде, жауып та кетті. Жылы жауын. Жел басылған. Орданың ет-бөктері, ал күрең бетеге жусанмен құлпырып тұр екен. Жас көктің жауын ішінде құлпыра түскен шат селін, жүргіншілер тақыр жолмен жарып өтіп келе жатқанда, айналасынан жас жусан исі үзілмей толқып келіп отырды. Бірақ жауын қатайып, бұлт тұтасты. Күн қай мезгілге жеткенін біліп болмайды. Батыс жақты жауын құрсап, күн көзін толық жасырған. Енді ымырт тақау сияқты. Сам жамырай бастағаны ма, жоқ батар күннің жауын бұлты арқылы себездегені ме, әйтеуір батыс жақта, көк-жиек үстінде сарғыш мұнар сәуле бар. Сенер үміт үзілер тіріліктей жүдеп, талмаурап бара жатқан соңғы сәуле. Аздан соң ол да сүлдері азайып барып, бәсеңдей берді. Сарғыш сәуле сұрғылт тартты. Тағы бір сәттен соң күңгірттене барып, қарақошқыл қызғылт реңге кірді. Көгілдірленіп барып, мұңды, қоңыр аспанның түн мұнарына жол берді. Көз байланып қалған еді. Осы шақта ғана Абайлар тасырлата басқан қатты жүріспен кішкене тастақ төбеге шыға бергенде, алдарынан ит үрді. Жауынды, бейуақ ішінде елп еткен үміттей боп, кешкі оттар жылт-жылт көрінді. Жақын жерде, жолдың сол жағында, көгалды бұлақ басында жеті-сегіз үйлі қоңырқай ауыл отыр екен. Кедейлеу ауылдың аз ғана қойы қоралапты. Саны аз ғана сиыр, түйе де жауыннан ықтай-ықтай, тыным алыпты. Ешкі атаулы үйді-үйлердің ығына жабысып, жауын жаққа артын беріп, үнсіз сілейіп тұрып қалысыпты. Ауыл сыртында арқанда жүрген, тұсаумен жайылған бес-алты ат бар. Абайлар қатты жүрісті ауыл іргесіне тақай бере бәсеңдетіп, енді түсер үйді болжасып келе жатыр. Алдарынан әлдеқашан үріп шыққан көп иттер ауыл үстін беймаза қып, тау жаңғырта шабаланып келеді. Ауылға аттылар тақалған сайын, сандары молайып өршелене шулайды. Өлі жүні түспеген қайқы құйрық қаншықтар. Арты қушық, құлағы салпаң, бойы шардақ төбеттер. Үні жаман бітімсіз, туыссыз, қатпалау, сүмелек ала күшіктер. "Аулақ! Қонбайсың! Е, тентіреген жүргіншіні асырайық деп отырмыз ба? Сендерге бере берсек, шаш та жетпес. Жауын боса қайтейін. Бар! Бар! Тарта бер. Атыңның бауырына тығыл жауыннан. Маған десе, тоқымыңды жамыл. О несі, өл де маған! Бар... Бар... Бар!" деп қуып жатқандай. Ербол түсетін үйді сырт нобайынан барлап келеді екен. Осы сегіз үй ішіндегі ең бүтіні және үлкендеуі ортада тұрған жалпақтау, бес қанат үй екен. Соған қарай Абайдан озыңқырап барып бет бұрды. Абай тақап келгенде, үй иесі шыққан еді. Иығына шекпен жамылған сақалды біреу. Бір аяғын сылти басатын сияқты. Ербол бұрын сөйлесіп, "қонақпыз" деп, өздерінің кім екенін айтып еді. Үй иесі:

– Е, жігіттер, түсіңдер. Дәм айдап келген екенсіңдер! Барымыз әзір! Кәні! – деп кеп, Абайдың атын өзі байлады. Ербол бұл кісімен түс таныс екен. Абайға тыста келе жатып ақырын күбірлеп:

– Бекей-шекей дейтін екі ағайынды Байшора бар еді ғой осы Ордада. Соның Бекейі осы, – деген. Жігіттер бұл ауылда бұрын болып көрмеген-ді. Үйде от маздап жанып тұр. Қонақтар кіріп, амандасып, болжап отыр. Үй іші көп жан емес екен. Оң жақта, жер төсектің үстінде төрт-бес жасар немересін құшақтап, сары қызыл кемпір отыр. Ұзын бойлы, ашаң жүзді, аққұба әйел бар. Қырық шамасына жаңа ілінген қара көз әйел. Кезінде сұңғақ, сұлу болғанға ұқсайды. Бекейдің өзінен басқа әзірге көзге ілінген жандар осы. Үй иесін Абай жаңа анықтап көрді. Бұйралау, ұзын, сары сақалы бар, қызыл жүзді, көк көзді, кесек мұрынды, сұлу адам екен. Ол жігіттерден жөн сұрады. Барыс-келіс жайы еді. Үні қатқыл, даусы зор екен. Абайлар кіргеннен бері маздап жанып тұрған құрғақ тезектің оты әлі де көңілді қызу сәуле беріп, үй ішін мейірлі қонағуар, жайлы ұядай етеді. От үстінде, ұзын аяқ мосыда үлкен қара шәугім асулы тұр. Бекей шешесі жақтан отырып еді. Абайлардың жай-жапсарын біліп алған соң, шешесіне бұрылып, ақырын күңкілге кірісті. Бұлардың оңаша кеңесі ұзаққа созылған жоқ. Бекей түрегеліп, тысқа шығуға қамдана беріп әйеліне:

–Тезегіңді шақтап жақ. Құрғақ отының жетпей қалар. Қазан көтеруге суың жетуші ме еді? Мен әлгі бір баланы алып, мал қамдап келейін. Қазан суыңды қамдай бер жылдам, – деп бұйрық берді. Әйелі үндеген жоқ, бар айтқанын қабылдап, мақұлдаған сияқты. Аздан соң тыстағы Бекейдің қатқыл зор даусы шықты.

– Наймантай!

– Уай, Наймантай!

– Уа, бер келші, балам! – деп, біреуді шақырып жүр.

Шапшаң қайнаған шай Абайлардың алдына жасалған кезде, киіз есік шалқасынан ашылып еді. Ашып тұрған Бекейдің өзі екен. Кіргізбек болғаны – соятын мал. Үй ішіндегі лапылдаған оттан үркіп, тыпырлай тырысқан қызыл кебені көлденеңдетіп итеріп, бала жігіт Наймантай кірді. Қыс ортасына жетпестен арамза боп туған қызыл кебе семіз көрінді. Абайлар шай ішіп жатыр. Қызыл шыт көйлегін ышқырына қыстыра, түріңкіреп алған ақ қатын, бұл уақытта от үстіне ошақ құрып, қазан асып, суын ысыта бастаған. Бекей енді үйдің екінші жағына шығып, қонақтардың шайын өзі құйып отыр. Кебені Наймантай тез сойды. Бас үйтіле бастады. Абайлар шайға қанып болып еді.

– Әлгі Шүкіман қайда? Саған келіп болыспайды-ау! – деп Бекей, мал сойыла бастағанда бір-екі рет біреуді атап еді.

– Қайтесің, Шүкіманды? Ана үйде күйеу балалардың қасында отыр. Өзіміз де жайлаймыз ғой! Ойнай берсін! – деп, әйелі ол аталған кісіні шақыртпады. Ербол Шүкіман деген атты естігелі" бұл, қыздың аты-ау! Әлде осы үйдің бой жетіп қалған қызы да бар болар ма екен? – деп ойлана түсіп, айналаға анықтай қараған еді. Сол жақтағы Бекейдің ағаш төсегінің бас жағында тағы бір жер төсек бар екен. Көрпе-жастығы қызыл-жасылды, жаңа төсек тәрізді. Егер бұл үйдің қызы болса, ол сол Шүкіман да, мынау соның төсегі болмаққа керек. Үй ішіне үндемей көз тастап отырған Ербол осындай жайларды топшылаумен болды. Бекей әйелі ет сала бастағанда "сал, оны да сал!" дей түседі. "Болды ғой, ірікпеймісің" дегендей боп, бетіне қараған әйеліне:

– Әлі күйеулер де ас татқан жоқ қой бұл үйден. Шүкіман соны айтып, қыңқылдап жүр еді. Қонақ аз және өздерінің құрбылары ғой. Бүгін асты осынан ішер олар да кеп. Шекейдікіндегі келінге хабар айтып қой, қатын! – деді.

– Ендеше ас піскенде, Шүкіман қонақтарын осында ертіп келсін. Сен барып соны айтып қой! – деп, ақ құба әйел Наймантайға тапсырды. Қазан асылған соң, тезек мол жағылып, от қызуы үй ішін ысыта бастады. Күннің жауыны да басылыпты. Далада жел жоқ жылы түн еді. Тынысы ауыр, қапырық, қараңғы түн. Үнсіз отырған Абайдың басы зеңіп, пысынай түсіп, ұйқысы келді. Сонымен ас піскенше мызғып алмақ болып, жантайып, жатып қалды. Ербол да ұйқыға кеткен еді. Абай өзінің қанша ұйқтағанын білмейді. Бірақ селт етіп оянып, басын жастықтан жұлып алғанда, анық аңғарғаны – сөйлеп, ұйқысырап оянса керек. Ең соңғы сөзі әлі көкейінде, әлі түгел айтылып та жетпегендей:

– Кел! Келші бір, сәулем! – дегенді анық айтқан тәрізді.

Дауыстап айтты ма? Үй іші естіді ме? Оны біле алмады.. Бұл оянғанда Ербол да басын көтеріп алып еді. Абайдың екі көзі қып-қызыл екен, ісініңкіреп тұр. Бастығырылып ұйықтаған ба? Бірақ әңгіме онда емес. Абай көтеріліп, отыра бере, елең етіп, сыртқа құлағын салып, қадала тыңдап қапты. Ербол енді аңғарды. Көрші үйден, жалғыз әйел айтқан аса бір әдемі нәзік ән келіп тұр. Соны тыңдай отыра Абай бар денесімен қозғалақтап, дірілдей түсіп, сабыры кеткендей болды. Ербол байқаса, жолдасы ұйқысыраған адамдай атқып тұрып, жүріп кететін тәрізді. Өңіне қарап еді, құп-қу боп, реңі қашыпты. Екі көзі жасаурап, демі дірілдеп, қол иығы да қалтырай түседі. Ерекше құбылып, бұзылғандай. Екі көзі қанталаған қалпында жоғарылап, шалқалай қарайды. Ғажап сырлы сәуле көргендей, бұ дүниені ұмытып кеткен тәрізді. Ерболды асыға қозғап, қатты түртіп:

– Тұр, тұр! Тұршы, Ербол! – дей берді.

Ербол:

– О не, немене, Абай? – деп сескене қарады.

Үркіп қалды. Ойында: "Бір нәрсе шалып кетер ме екен, өңі қалай жат еді. Ауырып тұрды ма!?" деген неше алуан қорқыныш күдік бар. Абай бұның ойын ұғынып, аңғарар емес. Тымағын киіп, шапанын жамылды да, Ерболға:

– Тысқа шығайық, жүр! – деді.

Үй іші бұлардың оқыс жайларын байқаған жоқ екен. Кемпір ұйықтап қапты. Бекей қонақтарға сыртын беріп, от басында қалғып отыр. Олардың сезбегені жақсы болды. Қатты өзгеріп, жат толқынға түскен Абай әлі оңалған жоқ. Құлағы мен ынта-бейілі тыста. Жалғыз бір үнде. Әнде ме, әлде? Алғаш шапшаң түрегелген жерде буын-буыны қалтырап, жығылып қала жаздады. Ербол ғана сүйеп қалып, зорға дегенде буынын бекітті. Бірақ сонда да өзін аңғарып жүрген жоқ. Бір тұман, түс ішінде, алдағы бір ғана сәулеге асығып, қалтырап, ұмтылып бара жатқандай. Оқшау, сұлу ән үзілген жоқ. Содан құлағын алмайды. Көңіл-дені соған ауып, ұйып қапты. Есікті қалай тауып, үйден қалай шыққанын да білмейді. Тысқа шыға сала, Абай тымағын жұлып алып, ән шыққан жаққа бар сүлдерімен ұмсына түсіп, қатып, жабысып, тыңдап қалды. Ән – "Топайкөк". Енді ғана ырғақ соншалық бір сұлу сәнмен, еркеленіп, толқып кеп, баяулай басылды. Ән бітті. Абай Ерболға қарай ұмтылып қап:

– Тоғжан! Япырау, мынау Тоғжан, Тоғжаным ғой мынау! Дәл өзінің үні. Айнымаған өз ырғағы. Өз нақысы ғой. Ербол-ау, мен қайда тұрмын осы? Мынау үйде мені шақырып отырған Тоғжаным ғой! – деп, бар сабырдан айрылып, тағы да өзгеше бұзылып кетті. Абайдың құбылысы орасан болғанмен, енді Ербол бұны түсіне бастады. Шынында өзі де қайран боп тұр. Жаңағы үн бұған да алғаш үйде естілген кезінде-ақ бір таныс дауыстай тиген. "Осы кімнің даусы" деген ой бұған да келіп еді. Бірақ Абай дегбірі қашып, ес тоқтатпаған жас баладай боп, аласұрып, ұмтылып барады. Ерболды сүйрей жетектеп, әлгі ән шыққан үйге қарай ентелеп, есі-дерті ауып кетіпті. Тоғжанға деген Абайдың ынтықтығы, ауыр арманы, ұзақ жылдар бойында айықпаған қалың шер екенін жолдасы жақсы білетін. Бірақ, сонда да, дәл осы қазіргідей боп Абайдың тақаты кетіп, жан ұшырған.кезін Ербол көрген емес. Мына түрінде көлденең, жат жұрттың көзіне өрескел болатын бір істер істеп, оғаш сөздер сөйлеп жіберетін сияқты. Соны ойлаған дос жігіт Абайды қатты тартып, тоқтатып ап:

– Өй, Абай, тоқта! Бұ не? Отқа түсеміз бе? Әуелі ес жияйық. Мәніңді айтшы өзің! – деп еріксіз кейін бұрып алды.

– Жоқ, осы үйде Тоғжанның өзі отыр. Өзі емес пе? Тым құрыса соны ғана біліп берші! – деп Абай әлі де ырыққа көнбей жүр еді.

– Жарайды, Абай, азғантай сабыр етші әуелі. Екеуміз бірдей бармаймыз ол үйге. Мен барам да біліп шығам.

– Бар, бар ендеше. Басың сұқ та, қайта шық. Дәл осында Тоғжан отыр.

– Ойбай, Абай, ұйқысырап тұрсың. Қайдағы Тоғжан. Ол жоқ.

Абай сөйлетпей, тыю салды.

– Қой, Ербол. Айтпа оны. Жаңа ғана өзі келіп аян берді! – деді.

Ерболға мынау сөз әсіресе жат сезілді, шалық сөздей. Бірақ Абайды жамандыққа қимаған дос көңілі аяп кетті. Оны кіші інісіндей етіп, еркелеткендей боп, шын кешіріммен күліп жіберді. Оң қолымен қапсыра құшақтап алды да, Бекей үйінің сыртына қарай алып жүрді.

– Ол әннің айтушысы қазір қасымызға келеді. Азғантай тақат қылайық та, үйден тосып алайық. Бірақ, "аян берді" дегенің не? Өзіңнің осынша, балаша қатты әбігерге түскенің не? Соның маған мәнін айт! – деді. Бұйыра сөйледі. Абай өз мінезінің Ерболға соншалық өрескел, оқшау тигенін енді аңғарды.

– Мен мәнімді түгел айтайын. Қазір "бала" де, "есалаң" де, "шалық" де. Өзім де білмейм. Бірақ өмірде басымнан кешпеген ғажап жұмбақ бір халде тұрмын. Тек осыны айтпас бұрын, сенен серт алам. Кім келеді, қашан келеді, жұмысым жоқ, тосар тақатым жоқ. Қазір менің мәнімді естисің де, мынау үйге барып, барлық жанын анықтап көріп келіп, маған хабар етесің. Осыған уәде бермесең, жөнімді айтпаймын, – деді. Ерболдың екі иығына қос қолын артып бір құшақтай түсіп, бір сілкіп қойып, асықтырып жауап күтіп тұр еді. Ербол бөгелген жоқ, барайын деп уәде берді. Содан кейін Абай бөгелместен, демі дірілдеп, асығып сөйлеп, өз басынан жаңа ғана кешкен, сыры жат бір жайды жолдасына баян етті:

– Бұл түс емес! Дәл анық, айқын өңім. Өңім болмаса таңғажайып бір хал, Ербол. Басында сол кәмшат бөркі. Шолпысы, қара мақпал кемзалы да баяғыша. Сонау Жәнібек өзеніндегі түн екен. Өмірде, аз көрген сағаттарымда еш уақытта бұндай ұмтыла жақындап, бұндай еркін, ашық келіп көрген жоқ еді. Бір сыпайы ұяңдық тарта беруші еді ғой! Мынада соншалық жалын атып кеп, ынтызардың үнімен:" Аңсадым ғой, зарықтым ғой!"– деді. "Өзің үйреткен" Топайкөгің" бар еді. Соны мен күндіз де, түнде де айтам. Тыңда мені" деп тұрып, әсем үнмен бір ауыз айтты да," енді кел, келші жақын. Мен міні қасыңдамын, бөгер жоқ, қасыңда жалғыз тұрмын ғой!"– деді. Мен де құшағым жая ұмтылып: "Кел, келші, сәулем!"– деп барып, оянып кеттім.

– Рас, сен сүйдедің. Соны айтып ояндың! – дей берді Ербол.

– Тұра тұр. Ғажап. Көзімді ашып алсам түс екен. Бірақ ән "Топайкөк", дәл Тоғжанның өзі, соның алдында ғана айтқан қалпында, дәл Тоғжанның өз үнімен айтылып, үзілмей шырқап тұр. Өзге түс болсын, осы не? Түсімде анау! Ал өңімде, ешбір басқа кісінің үні емес, шын жарымның өз үні, қақ қасымнан шығып тұрғаны несі? – деп тағы да таң болған күйде тақатынан айрылды. Қозғалақтап жүріп кетіп, Шекей үйіне қарай тағы да жалт етіп, шұғыл бұрылды. Абай осы кеште болған өз халін түнде де, ертеңінде де түсіне алмай кетті. Анығында Ербол екеуі ойлағандай "ғажайып" еш нәрсе жоқ еді. Оның көргенінің басы түс болатын. Тоғжанды түсінде көріп жатып, тынышсыз ұйқыдан шала ояна бергенде, анау үйдегі ән естіліп, ол түсіне араласып кеткен. Сондай, ұйқы мен ояудың, түс пен өңінің арасында әсіресе шаршаған күнгі ұйқыда болатын қызық бір, аралық хал еді. Ерболдың жаңа берген уәдесі бар. Ол Абайға енді екі айтқызбай, өзі жөнелді. Кетерінде жолдасына:

– Жә, тұра тұр енді, мен барып шығайын. Сен мені тыстан тос, тез шығам! – деп кетті. Айтқанындай аздан соң, Ербол Абайға қарай асыға басып, тез оралып келді. Бірақ қазіргі Ербол, өзі де, жаңағы Абайдан да бетер аң-таң. Келе бере, жағасын ұстап, даусы қатты шығып, аптыға сөйледі.

– Құдай-ау, сенің көргенің түс емес, Абай. Өзі, дәл өзі отыр.

– Не дейсің, жаным-ау! Тоғжан ба, өзі ме? Бәсе! Бәсе! – деп, Абай үйге қарай жұлқына берді.

– Тоқта! – деп Ербол қатты бұйырды. Тоғжан емес. Өзі емес!

Абай оқыс бұрылып, қинала түңіліп:

– Өй, не деп тұрсың? Не деп кеттің? – деді. Ерболға ыза бола бастады.

– Өзі емес. Бірақ дәл өзінің егізінің сыңары. Айналайын құдай-ау, айнымаған Тоғжан және сол Жәнібекте көрген қалпы. Уылжыған жас күні. Тоғжаннан айырса танығысыз бір қыз отыр.

– Рас па, өй! Бұ не ғажап? Ән салған да сол ма екен?

– Әнді кім салғанын білгем жоқ. Аты-жөнін де сұрамадым. Тек көрдім де, есім шығып қалды.

– Ұқсағаны шын болса, ән де сонікі. Басқанікі болу мүмкін емес.

– Сонікі, мен де солай ойлаймын. Түсін көріп тұрып, тіпті сұрауды да керек емес деп білдім. Ал енді бұл не сиқыр, Абай-ау? Шырт ұйқыда жатып, сен қалай сездің? Тегі бір көріпкелің бар ма, жаным-ау? Түс демеймін, бұл сәуегейлік қой бір. Әлде тіпті екеуміз де бірігіп ұйқыдан шатасып тұрмыз ба? – деп Ербол, өзі де шалық шалған кісідей бола бастады. "Айнымаған Тоғжан" дегеннен бері, Абай осы ғана бір сөзді қайта-қайта күбірлеп айтып тұр. Жүрегі аттай тулайды. Көңілінде қуаныш та бар. Бірақ, ұқсамай шығып, осының бәрі түс. Сандырақ қана болып, айыққан сағымдай жоқ боп кете ме деген қорқыныш та бар. Енді не де болса бір сәулеге асыға ұмтылып, ұсынып тұр. Өртеп кетері от болса да, сол ұсынған бойында, талпынбақ та құламақ. Екеуі де үйге қарай басты. Сол кезде Шекей үйінің есігі ашылып, далаға қызғылт сәуле түсті. Күле сөйлесіп, тысқа шығып келе жатқан әйел дауыстары білінді.

– Әне, солар да шықты. Қазір ас ішуге бәрі тегіс бекей үйіне кіреді! – деп, Ербол Абайды өз үйлеріне қарай тартты. Олардан бұрын кірмек. Екі жігіт үйге келіп, бұрынғы орындарына, төрге отырысты. Ербол отқа жақындай түсіп, тезектің отын көсеп, қағыстырып жатып:

– Жарығырақ босын, осы отқа кішкене қол тигізейінші! – деп жатыр. Абай асығып күтіп отыр. Жастар онша тез кірген жоқ. Тыста да әзіл-сыңқыл дауыстары шығып, біраз бөгеліп қалды. Үйдегі Бекей мен Наймантай су, шылапшын қамдай бастады. Ақ құба әйел енесін оятып, тұтқыш алып, қазанға жақындап келіп еді. Осы кезде киіз есік шалқасынан ашылып, келуші қонақтарға жол берді. Әуелі үйге екі жігіт кірді. Тымақ, шапандары жұпыны. Саптама етіктері бар, жүздері төменшік, ұяңдау. Сәлем беріп, иба қып кірген күйеулер екен. Соларға ілесе ұсақ қыздар кіріп жатыр. Бір-екі келіншек кірді. Жиыны жеті-сегіз кісі. Абай көзін алмай, сабыры қалмай қадалып отыр. Енді аз бөгелістен соң, басына сұрғылт шапан жамылған, бетінің жарымын бүркеңкірей түскен, орта бойлы бір қыз кірді. Мұрны қоңқақтау, қара торы көрінеді. Шекей қызы – қалыңдық осы болу керек. Дәл осының артынан шолпысы ақырын сылдырап, ақ жүзіне жұқалау қызылы нұрдай жарасқан анық Тоғжан өзі келеді екен. Сыпайы жымиып, күліңкіреп кірді. Мінсіз аппақ тістер қолмен қойғандай. Екі бетіндегі нәзік жарастық қызылы, асығып күткен қызыл арай таң сәріндей. Әлі де айықпаған ұяң сыпайылықпен қонақтарға қарап ақырын амандасқанда, реңіне шұғыл толқын кірді. Бет ұшындағы жұқалаң қызыл тұтасып, бар жүзіне ду етіп тарады. Үлбіреген, бала жастықтың аса қатты қысылған, қымсынған белгісі білінді. Оны ұялтқан Абай еді. Орта бойлы, дәл Тоғжанның өз бойындай. Бар мүсіні келіп тұр. Бет бітімі, ақ қызылы жаңа Ербол айтқандай, айнымаған Тоғжан. Бұның да жібек талды, қолаң қара шашы бар. Мұрын, аузы да, бір қарағанға ма, дәл сол сағынышты ғашығының Абайға ерекше ыстық көрінетін аса сұлу, сүйкімді ауыз, мұрнындай. Аз көтеріңкі қырлы мұрны ұш жағына келгенде жұмырланыңқырап, өзгеше келісті біткен. Жұқалаң қызыл еріндерінде балалық, кінәсіздік лебіндей, ыстық әсер демі бар. Айналасын қуантып, сүйсіндіргендей, жазықсыз нәзік күлкі қуаныш бар. Анық Тоғжан жары осы. Бірақ, жаңа түсінде көрген сияқты, ертерек күндегі үлбіреп тұрған жас Тоғжан. Ең алғаш сәт сағатта Сүйіндік үйінде, көктем кешінде, Түйеөркеште көрген сол сұлуы. Қайран, ғажап хал үстінде жаңа туған ай көрді. Бұрынғы сүйікті айдың, қайта жаңғырып, айнымаған тұлғасымен қайта айналып келіп, тірлік аспанынан, өзіне сай оқшау орнын алғанындай. Ақыл, сезім осы сәтте, қыз келіп орнына отырып болғанша, жұмбақ тұман мұнарға батты. Абай өзін де, айнала жұртты да тегіс ұмытыпты. Тек қана түс артынан болған жүрек құйынын аңғарады. Енді соған қосылған, бар сыры жат көрініс келіс мынау. "Қасыңдамын. Міні келдім!" деп еді ғой. Дегені рас, жалғаны, жаңсағы жоқ. Өзі, өзі келді. Уыздай таза боп, үлбіреген сезімтал күйде, нәзік жүрек толқынымен, дірілімен келді. Жас қыз кірген кезде қатып қарап қалған Абайдың реңі тіпті жат еді. Екі көзі шарасынан шығып тесіле қадалып қапты. Қаны қашқан жүзінде аспаннан тағдыр жұлдызын.күткендей жат ажар бар. Аңырған, аң-таң дағдарыс бар да, ерні күбірлеп түскен, үнсіз сыйыну бар. Үйге кірген жұрт амандасып жатыр еді. Абай оны сезген жоқ. Ешкімді көрмей отыр. Жалғыз ғана бір жанға ынта, бейлі ауған да құлаған. Сезімтал сұлу өзіне қадалған көзді кіргеннен-ақ аңғарып еді. Қысылып тұрып, амандасқан да болатын. Бірақ көз айырмай, есі ауғандай қадалған жігіт қыздың амандасқанына жауап та қатпады. Құр болымсыз ғана ерні жыбыр етті. Сұлу жас осыдан қымсынып, қып-қызыл боп кеткен. Ербол Абайдың сөлекет мінезінің бәрін бағып, танып отырып, үй ішімен, жаңа қонақтармен ашық, жарқын сөйлесіп жатыр. Күйеулер осы Мамай руының ішіндегі Еламан екен. Олардың аулын, ақсақалдарын Ербол біледі. Қазір енді бұлардың ауылдары қайда? Сыртқа, жайлауға көшті ме? Шыңғыс асты ма? Сондай дағдылы хабарларды сұрап отыр. Қыз жөнінде Абайдың жалғыз абайлағаны – ол осы үйдің баласы екен.

Қонақтар жайғасып отырған соң, Бекей оған қарап:

– Шүкіман қарағым, ана жақтан апаңа болысып, орамал әпер, дастарқан жауып жіберсеңші! – деген. Сонымен Шүкіман отырған жұрттың алдына жалғыз жүріп, бір-екі сыпайы жай қозғалыс жасап, бой көрсетті. Кемзалы, ақ көйлегі бұның да барлық бой тұлғасына жарасып тұр. Тек басындағы бөркі ғана келмейді. Көнелеу, сарғыш құндыз екен. Абай ішінен "алып тастар ма еді" деп, іштегі қиял – көрік реңін бұзғандай көріп отырды. "Шүкіман" деген атын да жақтырмады. Ас үстінде күйеу жолдасы – шоқша сақал қара жігіт пен Ербол әңгімесі үзілген жоқ. Шүкіман Абайды сыртынан білетін. Үйткені осыдан бірер жыл бұрын осы елдің Қоңыркөкше деген болысына Құнанбай баласы жас жігіт Абай болыс болды дегенді естіген болатын. Осы қыста сол болыстықтан өз ықтиярымен түскенін де естіген. Бірақ, оның бәріне Шүкіман баға беріп, ой тоқтатқан емес-ті. Абай туралы жақсы сөзді де, жаман сөзді де көп естіп білген жоқ. Алыс, биік сықылды, қатқыл, суық ызғары сезілетін Құнанбай деген мырза бар. Соның болыс болып жүрген баласында бұл кішкене, момын ауылдың не ақысы бар? Мырза атансын, болыс атансын – бұндағы жұрттың жұмысы жоқ. Соның ішінде әнге жаны құмар, тірліктен бала қызығын еркелеп еркін жүрген Шүкіманның, әсіресе, жұмысы жоқ. Бағана Шекей үйінде де Абай келгенін естіп еді. Бірақ көруге асықпаған. Жаңа келіп, өзі амандасқанда, Абайдың үн қатпай, жауап бермей қалғанын ол жаманға жорыды. Асқақ, жуан ауылдың мырзасы амандықты да қимайтын шығар деп, ыза бола, реніш ала, бой тежеген. Абайға енді айналып көз салған жоқ. Ас артынан үлкен қара шәугім қайта асылды. Тағы да маздап, жайнап, көңілді от жанды. Наймантай анау үйден қоңыр домбыраны алып кеп, күйеу жолдасына берді.

Бекей бұл жігітке қарап:

– Балалар, ана үйде ән салып, даурығып отыр еңдер ғой. Бұнда да қымсынатын жер емес. Ойнап, ермек етіп отырыңдар, шырақтарым! – деді. Бекей Абайға бұрын да жағып отыр еді. Мынасы тіпті тапқан ақыл болды. Оның сөзін қостап, енді ғана тіл қатып, шырай беріп бұл да:

– Рас құрбылар. Мұнда келіп, бізге қосылып ойындарың шырқы бұзылмасын. Жаңа бір әсем ән де естіліп еді. Тосырқап, жатырқамаңыздар! – деді. Ербол да "сол бір ән" деп қадай сөйлеп, тілек етіп отыр. "Айтушысы өзіңсің ғой" дегендей, Шүкіманға қарап сөйлейді. Шүкіман қысылып, қызғылт тартып жымиса да, жауабынан тартынған жоқ. Мөлдір, нәзік үнмен ақырын күлді де:

– Ән бізге ғана ма екен? Көп естіп, көпке қанып жүрсіздер. Өздеріңізде ғой. Қонақ кәдесі тағы бар ғой! – деп, Абайдың өзіне қарап, тағы күлді. Күлкісінің үні соншалық сыңғыраған, сонша бір мөлдір, нәзік еді. Бұның күлген үні Тоғжан даусынан да әсерлірек. Құлақтан кетпестей ән тәрізді күлкі екен. Абай іркілген жоқ.

– Жол жора мені тапса, мен жаман да болса бір ән тауып көрейін! – деп, үй ішін ырза қып күлдірді де, домбырасын ширақ тартып, күйлеп алды. Сезімге толы қоңыр әнде Шүкіман естіп білмеген мұңды сұлу сөз бар еді.

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде сірә,сендей маған жар жоқ
Саған жар менен артық табылса да!

Бүгін бұл сөздерде дағдылы арман емес, жалын сенім тәрізді, жарық сәуле елесі бар. Иесін тауып, соған ғана арналғандай. Үн толғауы, ән ырғағы сондайлық үміт жағасына қарай ұмсына созылып бой ұрды. Абай үй ішінің сүйсініп тыңдағанын байқап осы әнін үш қайырып айтты.

Содан кейін Шүкіманға қарап өзі тілек етіп:

– Шүкіман, еруліге қарулы бар еді ғой. Жаңа ана үйде айтылған "Топайкөкті" мына Ербол екеуміз ұмытқамыз жоқ. Оны кім айтып еді деп сұрамаймыз да. Айтушы сіз дегенде күмәнымыз жоқ. Соны тек бір қайырып айтсаңыз екен! – деді.

Шүкіман кішкене әзіл қатып, тағы да сәнмен күліп:

– Қап, ол әнді айтқан, ана үйде қалған біздің бір кәрі жеңгеміз еді ғой, шақыратын екен! – деп жігіттің өз өзіне сенімділігін азырақ ажуа қып отырды. Қасындағы ұсақ қыздар мен қалыңдық та күліп, алдаусыратпақ болып еді, Абай мен Ербол көнген жоқ, иланбады. "Өзіңсің", "өзің айт" деп ынтыға сұрады. Осыдан соң Шүкіман "Топайкөкке" шырқап кетті. Көркем үні еріксіз ұйытып барады. Жібек талдай жіңішке бұралған, бөлек саз тапты. Абайға ән жер үні емес, өмірде сірә естілмеген, сымбат пен сыр лебізіндей. Жігіттердің өзіне таныс болғанмен, "Топайкөк" бұрын мұндай үнде, дәл осындай жан бітіп, ішін ашқан емес-ті. Абай табынып, ұйып тыңдады. Бір ғана сәтте Шүкіман жүзіне көзі түсіп еді. Сұлу жас қыз енді қымсынбайды. Барлық сезімтал жүрек, тал бойы мен күй ырғағына берілген екен. Жіңішке қасы кейде аз шытынап, кейде көтеріле керіліп, іш толқынынан леп-леп елес береді. Қазіргі Шүкіман нәзік ырғақ, мөлдір саздың тұсында бар қасиетін аша түсті. Өзгеше өнер нұрымен балқыған, ерекше сұлу еді. Әнінде, ашық айқын бір келісті сарыннан басқа, үзілмей ілескен, майда, рақат саз, бір күміс лебіз толқын бар. Жігіт жүрегіне, әсіресе, сол ілес үн өзгеше ыстық әсер етеді. Көз алдынан нелер сұлу көріністер өтіп жатыр. Ай сәулесі сылдырап аққан жіңішке бұлақ жүзіне түсіп, жарқырай қуана ма? Түн үніне сүйсініп кеп, нұр сәулесін төккендей бола ма! Сондай бір сурет, әсіресе, көп елестейді. Шүкіман тағы да баяу толқытып, салмақпен еркеленіп кеп, ақырындатып барып тоқтады. Жұрт тегіс жым-жырт сүйсініп, бағына тыңдап қалған екен. Абай демін ішіне тартып, үздігіп қалыпты. Қуаныш, бақыт араласқан жарқын жүзбен қатты күрсінді. Шүкіманға қарап, үндемей басын иді.

– Айтушысына кездеспей жүр екен ғой, сорлы! Мынандай боп айтылған "Топайкөкте" арман жоқ! – деп, Ербол тамашалап отыр. Бұл Абайдың да ойы еді. Бірақ ол іштегі рақат күйін бұл арада сөзбен айтып жеткізе алар емес. Көңіл толы нұр сәуле тұр, кернеп толқытқандай. Тіл қатып, сөйлеп көрсе, сол шексіз рақатын өзі бұзып қуғандай болар еді. Жалғыз ұғып білгені, ішінде күн туғандай. Анық бақыт сезеді. Күдер үздірген, жоғалтқан бақыт, қайта оралып өзі келіп, еркелеп аяп, қайта тапқандай. Осы сәтте Абай ойында қайтпас берік байлау туды. Бір кезде жастық, амалсыздық, әлсіздікпен айрылып еді. Кешірместей кінәлы еді өзі сол үшін. Енді мынау жұлдызынан көз жазбақ емес, айрылмақ емес. Дүние ойран болсын. Ата-ана, ағайын-туған жат көрсін. Барлық әлем оғат десін, безсін бұнан. Сонда да мынау көріктен Абай безбек емес, айрылмақ емес. Айрылар болса тірлік те керек емес. Бар мұрат арманы енді қайтып бұрылмастай боп, осы қиял, осы байлауға бекіп отыр. Жастар жиыны тарқағанда, Абай Шүкіманға қайта-қайта бір сөзбен алғыс айта берді. Демі дірілдеп, жүзі өзгеріп жігіттің аузына басқа сөз түспей тұр. Шүкіманның көңілі жүйрік, сезімтал еді. Ол сыпайы сызылып, қызара күліп тұрып, Абайға соңғы рет көзін салды. Қазір ол бағанағы жігіт емес. Алғаш көргендей паң, суық танылған Абай емес. Жүзі жылы, мінезі майда жан секілді. Барын ірікпей жабыса тартар, жақсы адамдай сезілді. Шүкіманның көрмеген, күтпеген жақсысы сияқты. Қыз оны туысындай көрді. Жақын шырай беріп, ұзақ қарап, қоштасты. Жатарманға келгенде, Шүкіман бір жақын жеңгесінің үйіне кетті. Әуелі күйеу қонақтарын ертіп шықты да, содан өз үйіне оралған жоқ. Ертеңінде Абай мен Ербол Шілікті кезеңнен аттанып шығысымен, Шүкіман жайын ауызға алысты.

– Керім... Керім... Несін айтасың! – деді Абай.

– Әй, керім! Әй, керім! – деп, Ербол да сұқтанып, тамсанудың үстінде еді. "Абай" қалай айттың, қалай айттың?" деп жолдасының жаңағы айтысын қайта-қайта қайыртты да:

– Ал мен бір нәрсе айтайын ба? Бұның Шүкіман деген аты сұлу емес. Сай емес. Жаңа ат қоямыз. Оны дәл осы арада сен таптың. Шүкіман аты қалсын, шын аты Әйгерім! Әйгерім болады! – деді. Бұлар әңгімесі тағы да түндегі түстен басталып ғажап, қайран шындықпен аяқтаған, таң-тамаша сырға оралып кеп еді. Екеуі де ұзақ сөйлегенмен, не сыр барын, нендей халден осының бәрі туғанын біле, ұға алмайды. Дағдара береді. Ең аяғында Абай өзі бір тұспал, болжал жасады.

– Ербол, ақылға симаса да, мен бір сөз айтайын ба? Дәл осындай боп, түсінде алдын көру, – не соған салынған сәуегейдің, көріпкел, бақсы-балшының ісі. Немесе кітаптар айтатын әулие, пірдің ісі. Мен мұның бірі де емен. Қалайша көрдім? Мерзім алып, болжал етіп жүрген жайым емес. Бірақ ақыл-санамен жүретін көптен басқа, осындай сезімтал сергектік тағы бір жандарда болады. Ол – ақындар. Осы мен тегі ақын болсам керек! – деді. Ербол Абайдың ақындығына ден қоюшы еді. Бірақ мынау жөнді түгел ұғынған жоқ, үндемеді. Жат жұмбақ деп санаған күйде қала берді. Абай да, ол да түндегі түс жайын дұрыс түсіне алмай, тек бал ашқандай боп, бұлдыр болжал жасады. Бірақ " ақын болсам керек " деген сөзді Абай қазірде бір айқын сезіліп келе жатқан шын шабыт үстінде айтқан еді. Жол Шілікті кезеңнен асып ап, тура тартып, Орданың теріскей төсіне қарай сұлады. Жүргіншілердің қарсы алдынан Шыңғыстың желі есті. Алыста, сахараның ғажайып ертегісіндей боп, сұлу сағым толқынданады. Неше алуан бейнелер, елестер шығып, бадырая түсіп ереуілдеп қояды. Кейде олар көк мұнар ішінде қалқып, көтеріліп, жерден үзіліп, аспандап кетеді. Кейде тау, кейде қыстау, мола, кейде тоғай сүйтеді. Осы сағым ар жағында, көкшіл мұнар арасында. Шыңғыстың қалың қатпар, қара көк биіктері көрінеді. Айнала, бар дүниені ал қара көк бетеге мен шашақтанған ал күрең көде басыпты. Анда-санда жол жағасында түп-түп ши кездеседі. Теңселіп, ырғалып, тобыменен бір ғана нәзік, ызың үн салады. Өз хорымен өзі боп, бар тобы бір ынтымақ күйін тартып шайқала ма? Балапан көгін бауырына алып, о да жаңа жастық, жаңа көктемді мәдіктай ма?

Қуаныш,бақыт сездік тұрған ымдап…
Сырымды сөйлеп келем сөзбен сындап,
Ессе бір суыл қағып, жел сырласып,
Изейді шилер басын шын-шын шыңдап…-

деп, Абай бір құлақ күй іздегендей болды. Бұл күнге дейін арылмай келген көңіл кірбеңі, түннен бері, дәл осы сәтте, өз-өзінен – көзеліп, жадырап кеткендей. Қиял шабыт жолы да сол кеудеде саңғырап ашылғандай. Өлең асығып, қыстығып шыққандай, неше алуан бұралып, тез-тез оралып келеді. Жүректе ұйтқып асыққан қуаныш бар. Орныққан, тұрақтаған ой жоқ. Қызу жастық, кейде тентек, шәлкес сотқарлық тілегендей де боп кетеді. Қазіргі термелеп келе жатқан өлеңдері де дәл осы жүрек күйіне сай, үзік-үзік шығады. Дірілдеген шолақ тыныстай боп, жиі-жиі ауысып, сан бұралады. Сан рет ырғағынан жаңылып, құбыла түсіп, лықсып-лықсып шығады. Әншейінде өз өлеңі жөнінде, Абай өзі іздейтін бір қалыпты айнымас ырғақ, аумас "уәзін" жоқ. Бір кезде ол:

Сенсің жан ләззәті,
Сенсің тән шәрбәті…–

деп шығыс ақындарынша, сүлдер тауса термелейді. Оған орай өзінше ән-әуен ілестірмек болады. Күй тілін өзінен таппақ. Кісі айтқанды айтса, өз сезімі емес, оған сай емес, жалған жыр айтып қоятындай көрінеді. Тағы бір толқыған сәтте Тоғжан, Әйгерім екеуінің де қастарын көз алдына келтіріп, мінсіз ыстық, сұлу көрікті тамашалап кетіп:

…Жіңішке қара қасы сызып қойған
Бір жаңа ұқсатамын туған айды…–

дейді. Сол айы бұрынғыдай аспанда емес, алыс емес, бұны таңдап, танып келіп, енді қасына жақындап төнгендей. Осыны сезген сайын Абай тоқтаусыз жыр тереді. Жүректе, бала күні, жас бозбала күні қайтадан қуанып оянып, қайтадан сабырсыз шаттықпен ойнақшығандай. Қазір қарсы алдында бұлыңдаған сағымдай боп, ендігі тіршілік те ертегі қиял рақатына қарай дулатып тартады. Жастығын, шексіз шат жастығын қайта тапты. Сағынып, сүйсініп тапты. Соны табумен бірге өзінің ішінде қыстығып, бұйығы тартып, бой тежеп жүрген ақындықтың да ентелей тулап қанат қаққанын көрді. Өлеңінде ұшы-қиыр жоқ. Бақыт тапқан, азаттық алған тор құсындай, елбіреп, ойнақ салып келе жатқан, еркелеген сөз бар. Оңай ойнап құралған ырғақтар мен ұйқастар бар. Кезек-кезек ауысқан, шапшаң ауысқан жеңілдігіне қарай, соған үйлесе кететін әндер де ойына әлдеқайдан түсе-түсе кетеді. "Осы мен ақын болармын!" деген Ерболға айтқан сөзі қазір ұзақ, сұлу, елсіз тыныштық жол бойында өз ішінен үздіксіз күй тауып келеді. Абай Ордадан шығып, дәл Қарауылға жеткенше, түстік жерге барғанша, айықпай, айнымай жыр шертті, өлең тебірентті. Қай жерде, қалай келе жатқанын мүлде ұмытып кеткендей. Тек Қарауыл суының бойына ілінген кезде ғана түс-қиялдан аз оянып, селт еткендей болды. Бұл ояну да рақат еді. Елді, жерді қыс бойы қатты сағынып қалған екен. Әсіресе өзінің ең ыстық көрген өзені – Қарауыл. Көз алдынан тізбек-тізбек елес суреттер өтіп келеді. Ең алғаш Тоғжанды көргенде осы өзеннің бас жағындағы, анау алыста көкшіл тартқан – Түйеөркеште көрген. Осы Қарауыл суы тасып жатқан. Ашулы ағыс тулап өтіп жтқан шақта, Абай Тоғжанды ең алғаш рет жазықсыз бала тазалығымен ынтық, ыстық құшағына алған. Сол Тоғжан, күйдірген, арманды еткен Тоғжан бүгін, міні, жылдар, зарлар, мұңдар бәрін сағым етіп ұшырды. "Ол жоқ, ол бекер. Мен әлі сол ғана уыз жас қалпымдамын. Сондай ақ, кіршіксіз көңілмен сені қайта таба алам. Сүйіп, сүйсіндіріп, бақытты ете алам" деп келіп тұр. Өлең қиял серпіні енді анық ойға әкеп соқты. Абай ендігі сырына Ерболды ерекше сеніммен тартты. Түннен бері көңіліне келген байлауын айтты. Бұнысы кешеден бергі алай-түлей құйын сезімнің, сыбыр білмес, шолақ, берік байлауы. Сырын ірікпес досына түннен бастап, бүгін таңертеңнен бергі және жол бойындағы қиял сезім құйынын айтып кеп, ең аяғында:

– Ербол, кінәлама, ұқ мені! – деп алды.

Әр кезде оқыс іске бекінсе, Ерболға алдымен түсінікті болғысы кеп, осылай бастайтын. Ербол әлденені сезгендей сықсия қарап, жымиып күле түсті. Досын ұғып та, танып та келе жатқан сияқты. Абай оның пішінін баққан жоқ еді. Айта берді:

– Mені ендігі тіршілік бұрын баспаған бір жағаға тартты. Мен татпаған, маған бұйырмаған бір дәуренге мезгеп кетті. Барам, тілегім осыған ауды. Мен Айгерімді жар етемін, аламын! – деді. Жолдасының Әйгерімге құмар болып аттанғаны Ерболға айқын еді. Дәл, бірақ " аламын " дегенін күтпегенді. Аңырып қарап, тез жауап бермей, ойланып қалды. Екеуінің ендігі жолдағы әңгімесі осы болған. Шыңғыс асып, күн бата Шалқарда отырған Ұлжан аулына жеткенде екі жігіт Абайдың осы байлауына біржолата тұрақтап, келіскен еді. Шалқар деген кең төскей, мол жайлау құлпырып тұр екен. Өзені тұнық, бұлағы тастай суық, көгалы ұшан-теңіз, ұзыны мен көлденеңі бірдей құнан шаптырымдай. Шалқар десе Шалқар еді. Күндіз-түн айықпай, самал боп есетін арқаның майда қоңыр желі Шалқарда, әсіресе рақат лебіндей майысып, желпитін. Төсінде бетегелі белестері бар – жасыл жібек толқынындай. Осы Шалқарға биыл қонған ауылдар көп екен. Абайлар өз аулын тапқанша талай қалың ауылдарды аралап өткен. Бұнда осы қоныстың иелері Бөкенші, Борсақ руларынан басқа, биыл көңіл жарастығымен кеп қонған Жігітек ауылдары да бар. Ұлжан аулын қоршай көшкен Ырғызбай, Жуантаяқ, Қарабатырлар бар. Бірен-саран Көкше де келіп қоныпты. Сыбаға әкелген қадірлес абысын-ажын бәйбіше-келін Ұлжан аулын басып жатқан болу керек. Абайлар тақай бергенде, бірнеше арбаларға тиелген бір топ қатындар шығыс жақтағы Сүйіндік қонысына қарай тартты. Тағы бір қалың топ – салт атты әйелдер батысқа қарай тартып барады. Сарыкөл жақтан, Жігітек ауылдарынан келген қонақтар сияқты. Абай мен Ербол осы топтардың айығар кезіне жеткендерін теріс көріскен жоқ. Қонақтарын өзі тысқа шығып аттандыртқан Ұлжан әлі үйге кірген жоқ екен. Абайларды үлкен үйдің сыртында көп қатындар, жас жігіттер, балалар тобымен қарсы алысты. Жұрт жаңа. Майысқан, балауса көк әлі жапырылмаған. Ауыл-үй маңы тап-таза. Сол сияқты Ұлжанның өзінен бастап, айналасында тұрған келін, абысындар мен балалардың үсті-басы да тап-таза, өңшең жаңа киімдер киінген. Жаулықтар аппақ, қос етек шұбалаң көйлектер, қынай бел кемзалдар, неше алуан бояумен ақ үйдің сыртын, көгал дүниесін өзінше шұбарта сәндендіріп, нақыстап тұр. Шеткі үйлердегі киімі жыртық, өңі жадау сауыншы, тезекші, қойшы-қолаң әйелдері, балалары бұл топқа жолай алмай, жырақтан қарап, шеттеп жүр. Күндізден, ерулікші қонақ әйелдер келгеннен бастап, Айғыз бен Қалиқа оларды бұл үйлер жаққа бастырмаған. Осындайдағы әдеттері бойынша, екеуі мысқылдап "ұсқының құрғыр, түге, жұртты шошытып, түсіне кірейін деп көрінемісің? Ана жаққа кет!" деп, қара лашықтарға қарай, сауындарға қарай айдап салатын. Туыстары Абайды жарқын жүзбен, қуанып қарсы алды. Ол бейілді алдымен білдіріп, баласының бетінен иіскеп, күліп қарсы алған Ұлжан өзі. Абайдың алдына ең кіші немересі, екі-үш жасар Мағашты көлденең тартты. Сүйегі ұсақ, беті жұқалаң, аппақ сұр, қасы, көзі сонша сұлу қиылған Мағаш аса бір сүйкімді, биязы қозғалыс жасап, Абайға қарай жақындады да, еңкейе берген әкесінің мойнынан құшақтап, бетіне бетін басты. Абай мейірленіп, көтеріп алып, "Мағашым" деп сүйгенде ол ұялып қысылған жоқ. Көптен көрмесе де, жатырқамапты. Үлкен шшесіне қарап, маржандай ұсақ аппақ тістерін ақситып күліп қойды. Әкесінің бетін оң қолымен аймалай беріп, құлдырай жабысып, қулана күліп:

– Аға, сен мені Мағаш деймісің? Бәлі ұмытып қапсың ғой. Мен Мағаш емес, Әбішпін ғой! – деді. Кім үйреткені белгісіз. Бірақ мөлдіреген моншақтай, соншалық таза, сондай сүйкімді және ең ыстық, ең сүйікті баласының аузынан шыққан мына сияқты анық кекесін Абайға аса ауыр тиді. Барлық ауыл жұртымен көңілдене амандасып тұрып, Абай жаңағы Мағаш сөзіне қайта оралды. Бұны үйреткен Ұлжан емес, оған Абайдың көңілі кәміл. Мағаш жаңағыны айтқан жерде Ұлжан Абайдың сәтте шытына қалған қабағын байқады. Мағашты арқаға қағып, байсалды, әсерлі үнмен сөйлеп:

– Өй, ақылсыз балам.

О не дегенің? Кісі алыстан сағынып келген ағасын сүйдеп қарсы ала ма екен? – деген. Бірақ шешесі солай десе де, Абай тыныштана алған жоқ. Ойдағысын ірікпей, шешесіне әлдекімді шағып сөйледі:

– Апа-ай, мына балаң не деді? Кім де болса осы сөзді үйреткен кісіде ес жоқ-ау! – деп, қынжыла сөйлеп, үйге кірді. Қалың шұбар топ күлкі-күбірі, әзілі аралас үлкен үйге тегіс беттеді. Елдің сұрасқаны Құнанбай жайы. "Дерек бар ма?", "хабар келді ме", "дені сау бар ма екен?!" дескен сұраулар болатын. Абай алған хабар да шолақ еді. Тек Қарқаралыға, Өндірбай қалпеге аман-есен жеттік деген азғана сәлем болатын. Соны жеткізді. Абайды тыста тұрып қарсы алған топтың ішінде Ділдә да бар-ды. Үлкен үйге де бірге кірген. Мағашға жаңағы сөзді үйреткен өзі. Абайдың қиналғанын Ділдә сезді, бірақ түк өкінген жоқ. Қайта ішінен "шоқ" дегендей боп, кекесінмен күлген-ді. Алты ай қыс бойында ауылға бір күн қайтпай жүрген күйеуін Ділдә осы қыста талай ызаланып жамандап, қарғаған да болатын. "Сол жақта біреумен ілігі бар ғой. Жады болған ғой. Бар баласын, үйін ұмытқанда тапқаны кім екен? Жолың болмас, Абай, татарсың содан. Келмесең одан арман!" деп, кейде аса бір қыңыр жуандыққа басып, Ұлжанға да естіріп, тулап сөйлейтін. Ер жетіп, оннан асып қалған Ақылбай деген баласы Нұрғаным қолында өседі. Одан кейінгі сегіз жасар қызы Күлбадан және алты жасар сүйкімді ұлы Әбдірахман, ең ыстық, ең тәтті кенжесі Мағаш – бәрі де Ділдәның өз бауырында өсетін. Ауыл-аймақ пен Ұлжан, Айғыздай енелер болсын, бәрі де Ділдәны күтіп тұрады. Балалары – барлық үлкен аға, жеңге мен қайын, абысынның шын сүйетін ыстық ермегі. Ондайлық көп ұл тапқан және елге ыстық, жақсы балалар тапқан жуан ауылдың қызы ерке болмай тұрмайды. Тілге де, ашу-әзілге де тоқтамсыз, томырық келеді. Ділдә Абайға ыза болу арқылы осындай қатқыл, паң, суық боп бара жатыр еді. Абайдың мынау қайтқан сапарында Ділдә екеуін, әсіресе, ұғыстырмайтын осындай бір салқын жатқан. Ол көптен жіңішкелеп біліне жүріп кеп, енді айқындап, сыртқа шығып келе жатқан шалғайлық. Бүгінгі кеш бойында, үй іші көп жұрттан арылған кезде де Абай мен Ділдә оншалық жылы ұшырасқан жоқ. Бірақ әйеліне не құрым елеусіз салқын қараса, сол құрым Абай балаларына аса мейірімді, сағынышы күшті әке боп келді. Өмірінде ең алғаш рет Ұлжан алдында Күлбадан, Әбіш, Мағаш үшеуін де алдына алып құшағынан шығармай, жабыса сүйгені осы. Абай өз ішінде, бүгін жол бойы ойлаған ойларынан қайтпаса да, балаларына осы бүгінгі бейіл шыраймен әрдайым мейірбан, қамқор әке болуға серт етіп отырғандай. Сол кеште Ұлжан мен Айғызды таң қалдырып, ерекше бір байлауын айтты. Кеңессіз, даусыз, өзі ойлап, өзі шешкен іс екен. Онысы: Күлбадан, Әбіш екеуін кейін қалаға апарып, орыс оқуына беру жайы. Ұлжан Әбіштің әлі кішкенелігін айтып және денсаулығы мықты емес, жұқалаңдығын ескертіп – бұл немересін, әзірше ауылда, өз қолында ұстауды мақұл көріп еді. Абай уақытына таласқан жоқ. Бірақ апа, осы екі балаңды адам етем. Білім тәрбиені ерте беріп, жақсы адам етем. Екеуіне де әлі ертерек екені рас. Тек, әйтеуір қала тәрбиесін, заман тәрбиесін беретінім анық. Осы – берік байлауым! – деген. Әкелерін қатты сағынып, еркелеп отырған балалары Абайдың сөздерін қостап:

– Барамыз, оқимыз. Қалаға апар! – десіп, асыға қызыға уәде берісті. Ордада туған байлауын Абай көпке шейін үй ішіне білдірмек емес еді. Әуелі ол ниеттің іс болуы оңай ма, мүмкін бе? Қалай бастап, қайтіп кіріседі? Әйгерімді айттырып отырған жер бар деген, ол кім? Қыз өзі қалай қарайды? Ауыл аймағы не дейді? Білмек керек, аңдап баспаса, асығып-аптығып килігуге болмайды. Ерболмен екеуі жұрттан жасырған сырын оңаша ақылға салғанда, бұл іске көлденең, дос адамның бірін көмекке алу керек десті. Осы жөнінде екеуінің де таңдаған, тоқтағаны Жиренше болды. Абаймен бірнеше жылдан бері дос боп келген Жиренше бұл уақыттарда пысық, шешен атанып, елеулі кісі боп қалған-ды, қалың Көтібақтың ішінде Байсалға анық сенімді серік болған, білікті жігіттің өзі. Абай Қоңыр, Көкшеге болыс болған кезінде, Жиреншені сол елдің бір биі етіп, қасына серік қып жүрген болатын. Өткен қыста әкесін жол жүргізем деген сылтаумен Абай өз еркімен болыстықтан түскенде, Жиренше өз еркімен биліктен түспей, әлі де Қоңыр Көкшенің, сол Мамайдың бір биі боп келе жатқан. Әуелі Абай Ерболды жіберіп, сол Жиреншені шақыртып алды. Ұлжан аулында қона, түстене жатып, Жиренше жас досының бар мұңына қанған-ды. Әр жағына салмақтап, ойлап-ойлап келіп, ақырында қарсы болған жоқ. Және өзі араға жүрмек те болды. Абай бұның дұрыс бейілін білген соң: – бұлай болса, мен бар билікті өзіңе берейін. Жиренше. Қыз жақсы ма, әуелі оның өзін сынап, танып шық. Ең алдымен өз көңілін біл. Содан соң әке-шеше, ауыл-аймағының ау-жайын түй. Бір нәрседен қатты сақ бол. Бар-барынша көп айтатыным сол. Қайсысы көнсе де, Құнанбай баласы еді, елге істейтін тізесі көп, жуан ауыл еді. Бермесем зілі бола ма, кесірі тие ме деген ойды ойлай көрмесін. Құдай куә, не қыз жүрегіне, не жақындар көңіліне өзім жақпас болсам, қолқа жоқ. Ата айдынымен, ауыл атағымен алар болсам, онда қыз алған, жар алған болмаспын, қорлық алған болармын. Осыны сенен өзгеше қолқа етем. Не де болса, бар сезгеніңді маған ашық айтып кел! – деген. Жиренше жүрерде осы сөздерін әдейі қадағалап бақтыру үшін. Абай Ерболды да бірге аттандырды. Мамайға жөнелткен достары Абайды көп зарықтырып, сарғайтқан жоқ. Үш күн жүріп, тез оралды. Жиренше Әйгеріммен ауыздай сөйлесіпті. Қыз көркі оған да аса жаққан екен. Әсіресе ақылы, мінезі қатты ырза қыпты. Абайға енді ғана мәлім болды. Әйгерімді айттырған жер Мамайдың өз руының бірі екен. Бірақ алғаш атастырған күйеуі жастай өліпті де, кейін қайынағаға ұйғарған екен. Ол мосқал адам және бұрын қыздай алған әйелі бар. Ертеде мал берілген жесірі жетіп келе жатқандықтан, сол қайынаға Әйгерім басына рұхсат бермей, өзім алам депті. Сонымен Бекей қызы жіпсіз тұсаулы көрінеді. Қыз жақындары құдасынан Әйгерім басына азаттық тілеген бір кезі де болған екен. Оған қайынаға көнбепті. "Кеңшілігім жоқ. Құдай қосған жесірім, өзім алам" депті. Бірақ осылай деп қыздың бағын байлап отырғаны болмаса, қалыңмалын да түгендемей, ұрын да келе алмай, өз әйелінен аса да алмай, шырмалып жүр екен. Жиренше сол жайдың бәріне Бекей, Шекеймен жақсы әңгімелесіп қанды да, Әйгерімнің өз көңілін де өз аузынан әбден білді. Айгерімнің көңілі – ерік тиер болса, ол күйеуге бармақ емес. Бірақ Абайдың да әлі артта жатқан көп-көп ауыр түйіндері бар. Ағайын-ауқым, шеше-туысқан болса, бұл ниетті білмейді. Алшынбай қызы Ділдә бар. Ол қайтеді? Мәлім емес. Осы жайларды өзі іштей нық ескерген епті Жиренше Бекей мен Әйгерімге сөйлескен сөзде, әзірше үлкен бір құпиялық сақтауды сездірген. Тіс жарып, сыртқа шығармай, бүркей тұруды кеңес етті. Бұнысы Абай қамы ғана емес, әсіресе қыз қамы. Түбі ойда жоқ кедергі шығып, осы сөз бос сөз боп қалатын болса – ол Әйгерімнің бағын байлауға.мүмкін. Және анау қайын жұрт білсе, ағайын алалығы туып кетуге де болады. Осындай мән-жайды, ел таразысын баққан қырағы Жиренше бұл ауылға жақсы байыптатты. Мамайдың жесірін аздырып, Құнанбай баласына әпермек боп, ел ішіне алалық салды деген сөз шығатын болса және Абай алмай, іс шықпай құр жаман лақап қалатын болса, ол Жиреншенің өзіне де мін болар еді. Осымен бір жағынан, Абайдың Әйгерімді алуын іштей анық мақұлдап қайтса, екінші жағынан, сыр ұшығын шетке шықпайтын етіп, шеберлікпен тұйықтап та келген. Абайдың әңгімелері қысқа болды. Байлау бұл үш жігіт арасында берік боп бекінді. Сөз соған сайған соң, Абай Жиреншеге сүйсіне отырып:

– Ал енді, іс еткен соң түгел ет. Өзгеге салар ісім емес болса да, менің шешем – сөзін тастар кісім емес. Әке болса, түзде жүр. Енді анамның рұқсатын да өзің сөйлесіп, өзің алып бер! – деді. Ұлжан Абайдың бұл ісін мақұл көрген жоқ. Жиреншенің ұзақ сөзін аса бір ренішті, күйзеу қабақпен тыңдап шығып:

– Шырағым, Абай бұны істемек боса, ол құпияның ісі емес, әшкеренің ісі ғой. Маған несіне кісі салып жіңішкелеп сөйлесіп отыр? Одан да, өзін шақыр, өзін де алып кел, үшеулеп отырып сөйлесейік, – деді. Абай келгенде Ұлжан іркілген жоқ. Үлкен ойлы, мұңды пішінмен сөйлей жөнелді. Абайжан, балам, ниетіңді ұғындым. Қызыққан кісің кім? Оны да мына Жиренше танытты. Маған ақыл салыпсың. Жақсы ма осыным дейсің ғой? Жақсы демеймін, сөзім қысқа. Мен айтардың көбін өзің көзіңмен де көріп өсіп ең, көп қатынның бірі мен болғанда, сол көп қатынның бірінен туған көп баланың бірі сен боп, өсіп ең? Сырлас, шерлес ек қой. Тәтті ме еді маған да? Жеңіл ме еді саған да? Біз басқан ізді баспаса дегенде, мында бір ойлайтыным осы бір жер еді. Өкінесің деп қорқамын. Алды қызық көрінгенмен, оңай түйілгенмен, арты зәр еді мұның. Опық жейсің, жақсы балам. Міне, айтарымды айттым. Бірақ көрер қызық та сенің өзіңдікі, татар зәр де өзіңнің ғана сыбағаң. Мына Жиренше де, мен де былай қаламыз. Қинаған қаупімді айтып шықтым. Ендігіңді өзің біл! Өзің ойлап, өзің шеш! – деді. Абай жауап айтқан жоқ. Үндемей кетті. Шешесімен ең алғаш ұғыспай, шалғай кетіскен бір кезі осы еді. Айтар еді, көп нәрселер айтар еді. Бірақ бұның қазіргі көңілін ұғу керек емес, сезіну керек. Сол сезімін Абай бұндай салқын кеңесте жеткізе алмайды. Ақыл сынына салып сөйлессе, ісінің теріс шығатынын жігіт өзі де түсінеді. Шешесі де соны айтты. Ал жүректе жатқан не? Оны түгел ақтарып сырласуға Абай шешесін аяйды. Оның ең үлкен түйіні осы әке-шешенің бұдан ықтияр, таңдау сұрамай, қақпалап апарып Ділдәға қосқаны еді. Тоғжандай ғашығы туралы бір ауыз хал сұрамай, бұның жастығын аямай айырғаны еді. Бірақ бүгін қайтіп ол туралы анасымен айтысады? Және, әсіресе өзін "титтей де кінәлымын" деп толғанып көрмеген, өз түсінігінше "қамқорлықпен ғана өттім" деген, қателігі барлығын аңдап көрмеген, мейірбан шешесіне не деп айтады? Осы күйлерді сезгендіктен, Абай әдейі үндемей кеткен. Бірақ іс байлауы бөгелген жоқ. Жиренше Мамай ішіне тағы кетті. Бұл жолы он бес күндей жүріп, бар сөзді өзі жайлап, бітіріп келді. Әйгерімнің қайын жағын да тоқтатып, ырзалайтын бопты. Үлкен қиын түйін осымен шешілген еді. Абай Бекейге де, ана Мамайға да көп мал беретін болды. Құнанбайдың үлкен шаңырағында, Ұлжан қолында малға ие боп қалған Оспан еді. Ол Абайдан түк аямайтын. Әйгерім үшін шығатын малды оп-оңай тізіп, топырлатып бір-ақ жөнелтті. Жақып, Жиренше, Оспан, Ғабитхандар болып, Бекей аулына барып, құда түсіп, кит киісіп қайтқан. Соның артынан жаңағы Оспан малы әрі қарғы бау, әрі қалың есебінде, шоқ беріліп еді. Осымен аз күндік аял болды да, ақыры, Абай қайындайтын күн жетті. Тағы да Жиреншені бастық етіп, Ербол, Оспан, Ғабитхандарды алып, Абай күйеушілеп атанды.

ЖАЙЛАУДА

1

Кең көгалға жайыла қонған үлкен ауылдың оң жақ шеті өңшең үлкен ақ үйлер. Бұлар мал жататын қотаннан, иіс-қоңыстан, мазасыздықтан әдейі қашаңдап, шалқая қонған. Ауылдың екінші шеті мен мал иірілетін орта тұсында отырған өңшең қоңыр үй. Бұл шетте жыртық, шоқпыт лашықтар, құрым қара қостар, кішкене күркелер де бар. "Қоңсы-қолаң" атты көп жанның баспанасы осы жақ. Қойшы шал, қозышы бала, түйеші, сауыншы, жылқышы да осы жақтан шығады. Қазір үлкен ауылдың бұл шетіндегі қолы бос жас-желең де, шүйке есіп, ұршық иірген кексе қатын, кәрі кемпір де түгелімен ауылдың екінші жағына құлақ салады. Тегіс алаңдап, солай жүргілері де келеді. Олардың бәрін еліктіріп, аса қыздырған – жалғыз бір шырқаған асқақ үн; ол – ән. Ауыл үстінде шаңқай түсте, бұлтсыз көк аспанға шаншылып шырқаған өктем, әсем жалғыз үн. Шеткі үйлердің барлық жаны бұл әншіні бұрын алыстан болса да естіп, дәндегендей. Ән ұқпайтын кішкентай немересін арқалаған бір қарт шеше, белі бүкшие түсіп, ән тыңдауға асыға басады. Мүкіс тартқан кәрі құлағының үстіндегі кимешегін кейін жиырып қойып, басын жоғары көтере бере, құлағын төсей түседі: жалтыр күннен ұялған жасты көзін сығырайтып, қарт жүзіне сансыз көп ажымын тереңдете, иреңдете жиып келеді.

– Уа, өркенің өссін, әншібегім! Біздің көңілімізді көтерсең, сенің көңіліңді құдай көтерсін! – деп, тіссіз иегін шошаңдата сөйледі. Қотан ортасында бұны жақтырмай, қыжырта мазақтап, Қалиқа тұр.

– Е, кәрі жел өкпе, сен қалма! Саған айтып жатыр ғой, адыра қалғыр! Өл де маған, о несі! – дейді. Кәрі кемпір иіс кекесінді есітсе де тоқтамайды, қасына тағы бір кексе қатынды ертіп алып:

– Е, кекетпесең, Қалиқа боламысың шедірем қал! – деп, кетіп барады. Ауылдың үлкендері отырған шеткі ақ үйлерден де қиыс өтті. Беттегені анадайға оқшау тігілген төрт үй. Бұл ауылдың атақты әнші қонағы соңғы бірнеше күн ел қыдырып кетіп, кешелер мұнда қайтқан. Және ертең еліне қайтады, кетеді деген хабарды да ауылдың бар адамы естіген. Енді соңғы әндерді естіп қалуға ауылдың көп жаны бүгін әсіресе құмартатын. Бірақ құмартқанмен, шеткі қоңыр үй, малшы, малшы-жалшылар үйлерінен сол әнді тыңдауға талпынған талай жан бара алмай, өкінішпен күйікте қалған. Айғыз үйінің жанындағы қара үйде іркіт піскен екі қатын реніш айтады. Бұның бірі – қатқан қара келіншек Баян, екіншісі – орақ тұмсықты, ақ сұр әйел Есбике. Екеуінің де жүзінде ерте түскен қалың ажымдары бар. Беттері ашаң, үстеріндегі көйлектері бірдей тозған, жыртық. Және талайдан жуылмаған кір. Баян, осы ауылдың ұзақ жылдан бергі қойшысы Қашкенің әйелі. Есбикемен жасы құрбы, мұңдас еді. Қара үйдің ортасында үлкен тай қазанды толтырып, Есбике құрт қайнатса, Баян құлқын сәріден бері демалмастан, үлкен күбіде іркіт пісіп тұр. Баян өздерінің ән тыңдауға бара алмаған өкінішін үлкен бір армандай айтады.

– Ойын, сауық сен екеуміздің теңіміз бе! Айғыз бәйбіше жаңа Қалиқадан соны айтып жіберген ғой. Екеуі тырп етпей, іркіт пісіп, құрт қайнатсын депті, – дейді. Есбике ажымды сұрғылт жүзі мен кейісті қабағын жыбырлата түсіп, ауыр бейнеттен жүдеп жүрген екеуінің күйін айтып кетті:

– Бізге ән тыңдататын Қалиқа ма? Айғыз ба? Сиыр сауатын, қой сауатын, іркіт пісетін, құрт қайнататын, ірімшік қайнататын, одан босай берсең, жыртық иығыңа қап салып тезек теретін – біз.

– Өлмей жүрміз-ау әйтеуір. Ел жатқан соң үйге барып, күні бойы көрмеген үйімді жинап беруге де мұршам жоқ. Табалдырықтан аттай бере, мұрттай ұшып.жығылып, сілем қатып.

Есбике де Баянды тыңдай түсіп шерін ағытады:

– Біресе "арқан ес", біресе "ноқта ес" деп, тағы басыңа әңгір таяқ ойнатады. "Сорлы күң, саған да шалжиып отыру керек пе" деп ғана жер-жебіріме жетті. "Шаңырақ түйеге мініп келген күң сен емес пе ең? Құлақ кесті құлым – сенің байың Бәшібек емес пе еді?" дегенде, басыма таяқпен салып кеткендей болды. Мені бүйтіп күң етіп, ол сорлыны, Бәшібекті құл етіп қойған соң, атар таң, көрер күн жоқ болған соң, не дейін! – деп, қазан астындағы ыстық жалынды көсей түсіп, Есбике кемсеңдеп жылап қояды. Табанымнан таусылып.жүрсем де шыр бітерім жоқ. "Ән тыңдайын, мен де барайыншы, апатай!" деп, қызым Сақыш жаңа сонша оралып еді. "Барсаң бара қойшы, күнтайым" деп, қарасам, бой жетіп қалған қыз ғой, босағадан аттатып, жан жүзіне көрсете алатын емеспін. Үсті-басы менің үстімнен де жаман, ит талағандай, шоқпыт-шоқпыт, – деп, Есбике әлі көзінің жасын тыя алмай отыр. Баян іркітті пісе түсіп, Есбикеге қарай иіле күбірлеп сөйлейді. Қалиқа, Айғыздар естіп қоймасын деп, жалтаңдай айтып, тағы да екеуінің ауыр мұңдарын созады.

– Қылаңдап атқан таңменен, бозторғай шырылдамастан тұрып, бәйбішелер жатқанша, ақ үйлер түндігі жабылғанша, бір сәтке тізе бүгіп отырмай, елдің бәрінің соңынан жатамыз. "Ел жатса да енекем жатпайды"– біз ғой. Жаз да, қыс та сарп ұрып жүргенде, Айғыздың маған қойған аты – сарала етек күң. Ән дейміз, ән біздің не теңіміз бопты? – деп, екі мұңды өз бастарындағы ауыр еңбек, өнімсіз бейнет күйін күңірентеді. Құнанбайдың үлкен аулында малшы қатындарды, ас пен сауынды басқаратын қатал тоқал Айғыздың бұлар басына салған әлек бейнеттерін шағады. Осы қара үйге жалғас үш қанат жыртық лашықта дәл осы кезде алыстан шырқаған әнді ести түсіп, Есбикенің қызы Сақыш жыртық жабу үстінде қырық құрау болған ескі көйлегінің тізесін жамап отырып, үн сала алмай, қыстығып жылайды. Бұйра шашты қайғылы басын қос тізесіне басып, өзінің сорын шағып жылайды. Көп тілегі де жоқ. Тым құрса анау кетіп бара жатқан кәрі кемпір Иістей ғана әншілер үйіне барып, босағада отырып-ақ, сығалап-ақ, жабықтан баспалап-ақ, үй ішін көріп тұрып тыңдаса болар еді. Бірақ, кеше Айғыз айтты деп, Қалиқа келіп, қатты тыйым салып кетті.

– Есбике күңнің, Бәшібек құлдың сіңірі шыққан қызы жаман түйенің жабуындай, жалбыраған қайыршы киімімен ақ үйлер жаққа келмесін. Ән не теңі, шықпасын үйінен! – деп кетіпті. Ән ауыл үстінде самғап тұр. Бірақ оны тақап тыңдай алмай, алыстан шөліркеп, арманды боп жүрген тек Есбике, Баяндар ғана емес. Желі басында ертеден қара кешке бие сауған Бүркітбай да қасындағы көмекшісі бала жігіт Баймағамбетке әр биені саууға отыра бере ауыр-ауыр кейістер, мұңдар айтады. Ақырын ғана қоңыр үнмен, бөгде біреулер естіп қоймасын дегендей, жалтаң көзденіп айтады. Түксиген сары қасы бар, өткір көк көзді бала жігіт Баймағамбет, қарт Бүркітбайдың мұңын соншалық ден қойып тыңдайды.

– Ән салады! Күндіз-түні ән салады. Сол жаз бойы қонақ болған әншінің жүзін Бүркітбай әлі көрді ме десеңші! Жоқ, жоқ, жоқ! Көруге мұршам кәні! Құлқын сәріден әкеліп байланған елу биені күніне он сауамын. Желі басына байлаулы құлынмен бірге байланып, арқандаулы аттай күнім өтіп келеді. "Ұлжан үйі қымызсыз болмасын, Айғыз үйінің сабасы толы тұрсын, қонақ үйде екі саба емізіктеп тұрсын, Қалиқанікі қымызсыз болмасын" деп-ақ құртты. Ымырт жабылғанша, өзің көріп жүрсің, бұл ауылдың биесі ағытылмайды. Биені ағыта сала шешінуге мұршам жоқ, үйге бара жығылам! – дейді. Алыстан ән шырқай түскенде, Бүркітбай шала-шарпы естіп тоқтап қалады да, шелегін көтеріп келесі биеге қарай жүреді. Баймағамбет, ноқталы құлындардың бірін апарып байлап, бірін шешіп әкеліп, енесіне жағыздырғанда, алыстан ән елесін тыңдай түседі. Келесі сәтте, биенің бауырына тағы кіре отырып, екі қолы жыпылдап, қос емшекті тартып жатып, тағы да өзінің ауыр мұңын айтып жатқан ашаң жүзді, қартаң Бүркітбайдың шерін тыңдайды. Жиырма жыл, табандаған жиырма жыл Бүркітбай бие сауыпты. Шыр біткен Бүркітбай болсайшы. Айғыз бенен Қалиқа бір тостаған қымыз жұтқызса, "құлқының құрғыр" деп, сұғын қадап тұрып, зәрін қоса жұтқызады. "Атау кереңді ішкір, саумал ішсең жетпей ме, сауғаныңнан бұрын қымызды өзің құртасың"– деп қақылдап тұрғаны. Мен босам, екі тізем сары су, шор боп барады. Екі қолым, осы сауыннан, сарып болған қойдың аяғындай, әбден желге толып болды. Түнде жатқанда, аяқ-қолым қақсағанда таңды таңға ұрамын. Баймағамбет Бүркітбайдың күндегі сауыншы көмекшісі болмаса да, оның, қол-аяғының аурулығын білуші еді. Өзі адамға жаны ашығыш, бауырмал қалпымен Бүркітбайға кейде ақыл айтып көмек еткісі келеді. Қойсаңшы, тастасаңшы осы сауыны құрғырды. Басқа бірдемесін істесең болмай ма, Бүке! – дейді. Бүркітбай күлейін десе де, кейісті жүзі жадырай алмай, тек ащы мысқылмен жымия түседі. Ой, байғұс бала-ай! Тастамаймын деймін бе, бірақ қайда барып, не кәсіп ете аламын. Балаларым, Бейсембай мен Ағай боса әлі жас. Өзім басқа еңбекке, мынау тобан аяқ болған күйімде, шор болған дімкәс күйімде неге жараймын? – дейді. Ауылдан әлі де ән, әсем шырқау ән самғап келеді. Кейде үзіле жаздап, әлсіз баяулап бір кетіп, кейде қайтадан қара үйлер жақ шетке, желі басына, бұлақ жағасына тағы шырқай жетіп, талай жанды әр алуан толқынға салады. Бірден мұң, бірден көздің жасын, бірден ауыр арман "аh ұруын" тудырады. Өзен жағасында қолау тайға мінген қоңқақ мұрын, арық бала Байсүгір тайының шоқтығына еңкейе жабысып, ауылдың сыртына тақап кеп, ән тыңдап тұрып қапты. О да бай аулдың сонау шетіндегі төрт қанат, тозған, құрым үйдің қозышы баласы. Осы ауылдың баяғыдан бергі кедей көршісі, қазір құяң болып, жер төсекте сарғайып, инеліктей қатып жатқан қартаң ғарып Байторының баласы. Қозыға елең-алаңда кеткен бала, аузына ас та тимей, аш жүрсе де, ән тыңдауда аштығын ұмытып, тайының үстіне жабысып, ұзақ тұрып қапты. Ауылға келіп, тайдан түсіп, үйге тақап тыңдай алмайды. Ауылда қой жатыр. Қосақты қойдың арасында шелегін көтеріп, ыстық күнге маңдайы шыжып сауын сауып, бүкшеңдеп жүрген қартаң шешесінің бойын Байсүгір анда-санда бір көреді. Ауылға келсе қозы жамырап кетеді. Олай болса, мұның кішкентай басына одан ауыр пәле жоқ. Биыл жазда екі рет байқамай қозыны жамыратып алып, Майбасардан естіген сөгісі, жеген таяғы да есінде болатын. Қазір қалың қозы Барлыбай суының жағасында тыныш жатқандай еді. Жамырамас деп сенген бала тайымен желі басына тақап кеп, әнді тыңдап тұр. Мөлиген күйде ұзақ тұрып қалды. Шаршау мен жалғыздықтан қажудың салдарынан, жас бала өзін-өзі ұмытқандай. Түс пен ояудың арасында белгісіз, ұзақ тұрыпты. Ән үнінен басқа үндерді есінен шығарып жібергендей. Осы халде тұрғанда артына ақырып келе жатқан, ашулы, қатал үн шықты. Жүйрік, семіз атпенен екпіндетіп, ақырып, айдын атып келе жатқан – тағы Майбасар екен. Әкеңңің... Әнде басың қалғыр, сен сүмелекке де ән керек пе! Көзіңді ағызайын! – деп ұзын жабық қамшысын иіре көтеріп келеді. Есі шығып, шошыған бала, оқыс қорыққаннан, ауытқып түсіп қала жаздаған еді. Жалт қарай бере, Майбасардың ашуының себебін де көрді. Әлгі бір әзірде өзен жағасында жайғасып жатқан қалың қозы, енді өзендей ағып, көп үнмен маңырап ағып, ауылға тақап қапты. Ауылда қосақтағы қойлар да маңырап жатыр екен. Сол қозыны қарамадың, жамыраттың деп, зәрін шашып келген Майбасар, Байсүгірді қамшымен тартып-тартып жіберді. Аямай ұрған қамшы арқасын қылышпен тілгендей тызылдатып өткенде, жүдеу баланың шошыған айғайы да, көзінің жасы да бірге шықты. Ағатай-ай! Ағатай, өлтіремісің! – деп, тайынан домалап түсті. Майбасар балаға ақырып, ұрысып, тұқым-тұяғынан түк қалдырмай боқтап, аттың бауырынан алып сабап жүр. Құнанбай қажыға кеткелі бұл ауылдың үй іші билігі қатал, тәкаппар Айғызға ауысса, сыртқа ат үсті – "бас-көзі" Майбасар болатын. Ол, Құнанбай жоқта, малшы, құсшы бейбітсіп, аяқсып кетпесін деп, соңғы жылдар осы ауылдың жылқышы, қойшы, түйеші, биеші, қозышыларына шейін, қоныс сайын бір-бір сабап шошытып, ығыртып жүретін. Байсүгір, сондай Майбасардың қырына биыл жазда міне осымен үшінші рет ілініп еді. Қозы жамырап кетті. Баланы шыңғыртып сабап, атын борбайлап Майбасар әлі ақырып жүр. Ауылда қой сауып отырған Байсүгірдің кәрі шешесі, сабалып жатқан баласына жаны ашып, қолындағы шелегімен, жан ұшырып жүгіріп келеді. Баласын Майбасар тағы сабап жүргенін үйде жатқан Байторы да естіп, тұра алмай дөңбекшиді.

– Тілеуің құрғыр-ай! Қаршадай баламды тағы шырылдаттың-ау қан ішер Майбасар! – дейді. Қозының жамырағанын Байторының сақ құлағы бағана сезген. Жас баласы "ұйқысы қанбай ерте кетіп, далада ұйқтап қалып жамыратты ма, не тайдан жығылып қалды ма" деп жатыр еді. Жаңа қатынының: "тағы сабады-ау ананы. Аттың бауырына алып жүргенін қарашы Майбасардың қаршадай баламды, сорлыны, соры қалың бейбақты" деп, жүгіріп кеткенін де Байторы үйде жатып естіген-ді. Қой қотан ортасында қосақталмай, ауылдың осы қара үйлер жақ шетінде, сыртында Байторы үйіне жақын жерде сауылып жатқан-ды. Ақ үйлер жағынан у-шу алыс босын деп, Айғыз, Қалиқалар қойды осы қара үйлер жақта сауғызатын. Сартөсек боп, жайдақ жердегі құрым шоқпытқа желімдеп жапсырғандай боп жатқан Байторы өзінің ауруын бір қарғайды.

– Осы қу ауруды сенің жылқыңның соңында, қар төсеніп, мұз жастанып жүріп алмап па ем, Өскембай баласы! Шық түскен, боз қырау түскен күздің қара суық түнінде қораңның шетінде, қойыңды күзетем деп алмап па ем! Қуарған Майбасар, енді өзімнен өтіп, қаршадай жас балама жетті ме зәрің? Менің тұқымымнан тұқымыма жетті-ау сенің тозағың. Құдай – құдай емес, сен болдың ғой мені қырына алған қу құдай, шұнақ құдай! Тозақ отында күйдірген, жолың болмағыр, Майбасар! – деп, иегі кемсеңдеп, қабағын тыржита, көзін жұмып, бүктүсіп, өз басын, қос жұдырығына соғып, үнсіз жылап жатты Байторы. Айғыз бен Қалиқаның кәріне қарамай, ән тыңдауға кеткен Иіс кемпір қонақ үйлерге жеткен-ді. Бұл үйлер бар ауылдан бөлек. Ерекше сый қонақ күткен үйлерге ұқсайды. Төрт үйдің арасында да кермелер тартылған. Алты қанат, кестелі үйді ортаға ала жайғасқан бір топ үйдің бәрінің жанында үюлі ер-тоқым көп. Дағдылы еркек ер-тоқымдарынан көрі әйел мінетін қоқан ерлер молырақ. Кермедегі аттар жоғына қарағанда, бұл үйлердің қонақтары қазір емес, бұрын келгенге ұқсайды. Дәл осы үйлер тұсында тыста жүрген адам аз. Тек көп жерошақтың басында ғана әлденеше қазан асқан және үлкен сары самауырларды түтіндете қайнатқан үнсіз әйелдер көрінеді. Жыртық киімді екі-үш тезекші, қазаншылар жүр. Қонақшыл төрт үйдің қазіргі сәтте үшеуі бос тұр. Барлық жұрт ортадағы үйде екен. Қалың елді қасына жиған ән әлі шырқай түсіп, ырғала толқиды. Жерошақ басындағы асшыларға тақап қалған. Иіс самауырға тобылғы салып тұрған қызыл келіншектен:

– Жаңа келін, жас келін ән салды ма? – деп сұрады. Келіншек:

– Е, ән салды. Қорғанар деп пе ең? Айтқызбай да қоймас! – деді.

Иіс тамсана таңданып сөйледі.

– Ана бәйбішелер жақтырмай жатыр еді ғой. Ауылға келін боп түспей жатып ән шырқамасын, тәйтік болмасын!" деп, тыйып тастапты деп еді ғой.

– Олар айтпа десе, мұндағылар айт дейді. Еркіне қоймайды.

– Айтса екен, айналайын.

– Тағы бір соның лебізін естісек екен! Өзі де жібектей есілген кішіпейіл ғой! – деп, екінші кемпір де қостады.

– Бәрінен де көрші-қолаңшыға қандай? "сіз, біз" деп бауырыңа кіріп, жылы ұшырап тұрады! – десіп, кексе әйелдер жаңа келінге жақсы бейіл білдірді. Сол жас келіннің күтушісі, жаңағы қызыл келіншек Злиха өзі де сүйсіне түсіп:

– Мінезі сондай кішіпейіл, сондай жақсы. Бірақ анау үйлер "аспасын, шаңыраққа қарасын!" деп жазғырып жатыр! – деп, сыр айтқандай сыбырлап сөйлегенде, өзге әйелдер таңдай қағып:

– Келмей жатып па?

– Алда, күндес-ай!

– Айтар, Айғыз бен Қалиқалар!

– Есіл әсем келін-ай! – десті.

– Бірақ оларына пысқырған кісі көрінбейді мұнда. "Айт, шырқа! Артықсығандар шеніңе ілесіп көрсін! Іркілме!" деп, күндіз де, түнде де айтқызады, қайта! – деп, Злиха сүйсініп, сықылықтап күліп жіберді. Келген әйелдер үй жақтан тағы шырқаған әнге оралып, солай басты. Бұл көршілер әңгіме еткен "жас келін", "әнші келін" – Әйгерім болатын. Қалың қонақ жиылған отау да соның үйі. Абай Әйгерімді осыдан үш ай бұрын ұзатып әкелген еді. Қазір басында желегі бар келіншек қалың қонақ ортасында, Абай қасында отыр. Бұл екеуінің осы жолғы қонағы да өзгеше. Ол – өңшең қыз-келіншек пен бозбала. Жиын бастығы Абай болып қазіргі сәтте мына ауылдың өзге тірлігінен оқшау бөлінген бір топ тәрізді. Ызғарлы, қатал, жуан ауылдың шырқын әнмен, өнермен бұзып отырған топ. Сол үшін бұл үйлерді сыртынан Майбасар, Айғыз, Қалиқалар шиқандай көреді. Алыстан жазғырып, аулақта кекетіп жүр. Осы үйлерге келем деген ауыл адамдарына зекіп, ұрсып, жолатпайды. Өз үйлері сондай жиреніш, жаттық қоршауында тұрса да, кішкентай ғана өнер аралындай болса да, оны елеген Абай жоқ. Жайлаудағы ең әнші, өнерлі жастарды жиып әкеп, соларға бар бейілін беріп отыр. Осындай ойын-сауық жиынның ортасында ең қадірлі бір топ қонақ бар. Шет елден келген қонақ. Бұлар – қазір төрдің тап ортасында, жағалай көрпе үстінде, үлкен ақ жастықтарды шынтақтаған сал серілер. Солардың ішіндегі ең көрнектісі және бар жиынға қадірлі, сүйіктісі – мынау қос ішекті домбыраны безілдетіп отырған орта бойлы, қызғылт жүзді, кең ақ маңдайлы, нұрлы жігіт. Ол – Арқаға аты шыққан, бүкіл орта жүзді асыл саз, әсем әнімен ұйытқан Біржан-сал. Тобықты ішіне сонау алыс Көкшетаудан келген, сирек, сый қонақ. Өзі ақын, өзі әнші, өзі сері Біржан. Үстінде қара мақпал, кең, жеңіл шапаны бар. Омырауы ағытылған, "сері жаға", ақ көйлектің сыртынан киген сарғылт түсті, қытайы жібек кемзалы бар. Оқалы тақиясының жібек шоғы ырғала түседі. Құйқылжыған әніне қалың жиын қыбыр етпей ұйып, мүлгіп отырғанда, кербез әнші де, жүзіне бір жылтыр майда рең бітіп, нұрлана құбылады

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,

Жұртыма зияным жоқ жүрген жанмын.

Кісіге өзім қатар бас ұрмаймын,
Өзім ақын, өзім сал, кімге зармын... –

деп бір кетеді.

Әншінің "Біржан-сал" атты осы бір әні өзінің майда қоңыр, сырлы қоңыр сазымен бастала жөнелгенде, өзге көп жұрт ішінде демін тартып, қатып тыңдаған кісінің бірі – Абай. Қадірлі ақын, құрметті қонағына Абай қадалып қарап қапты. Ақ-қарасы әлі де айқын, таза, ұзынша көздері өзгеше боп телміре түсіп, шарасынан асып үлкейіп қарайды. Бірақ қазіргі сәтте, кірпік қақпай қарағанмен, бұл көз, әнші жүзін көріп отырған көз емес. Ән мен өлең сөзді, өнерлінің өзін түгел қосып, бір бітім, бір тұтас тұлғадай қиял суретімен елестетіп, көріп отырған көз. Ерекше әсері бар күй менен аса ұнаған ән тыңдаған уақытта Абай сол сарын сөзбен қатар, өзге бір дүниені жарыса ойлап кететін. Өмір қиял суреттерін, уақиға тасқындарын, жаратылыс, құбылыс толқындарын көріп, соған шомып кетеді. Қазірде, міні, белгілі өр қиялы бар ән, ірі туысты әншіні мынау ортадан бөліп, жырып, аулаққа әкетті. Шырқау алыс қияға әкетті. Тұлғасы ерен, кең кеуделі асқақ үнді әнші, сахараның ғажайып бір алыбы боп апты. Сол алып, өнер алыбы, Сарыарқаның ең заңғар биігі Көкшенің басына шығып тұрып, бар ұлан ұзақ Сарыарқаға, сахараның салқын бел, самал көліне қонған елі-жұртына көз тастайды. Жуансып күштісі, артықсып асқағы, күңіреніп көбі жүрген жон-жотаға көз тастап қоймай, үн қатады. Ән тіл қатады. Ескек, асқақ атойдай қып, зор кеуденің алып күйін азынатып төгеді. "Мен келемін! Өнер әкелемін! Танымай көрші, аңдамай бақшы! Сай-сүйегің босамай, алпыс екі тамырың иімей көрші!" деп, бас идіре ән төккенде, ән емес, нұр төккендей. Әлемнің жүзінен жауыздық зұлымдығын қуып әкетіп, қиялда болса да дүние бетін, Арқа жүзін сан сұмдықтан тазартып бара жатқандай. Ол ән асқақ есіп соққанда, Көкшенің қалың сыпсың қарағайы – мынау әнші басындағы оқалы тақияның жібек шоғындай болып, теңселіп барып, төгіле жапырылып, жол береді, бас иеді. Арқаның қара түні де мынау ақын үстіндегі қара мақпалдың бетіндей майда, мейір түні болады. Сонда ел жүзі де осы ақын жүзіндегі жылтырап көрінген нұрға толғандай болады. Ел жүзінде, қазіргі ақын түсіндегі, ән үстінде езу тартқан жарастық күлкідей боп, шат қуаныш күлкі көрінеді Абай көзіне. Сүйткенде, үй ішінің ілесе сөйлеген, алғыс айтқан үндері шығып жатыр екен. Ән үзіліпті. Абай қиялы ғана үзіле алмай, аяқтап келген қалпы екен. Ол шарасынан шыққандай болған отты, ойлы көзімен, әнші жүзіне әлі аңыра қадалып, қарап қапты. Абайдың тал бойы ұйып қалғандай, осы халін елден бұрын сезген Әйгерім, қасында отырып, күйеуінің тізесіне сүйеген боп, шынтағымен Абайды сәл түрте қозғап қалып, ақырын ғана күліп оятты. Абай ең алдымен селт етіп, Әйгерімге қарап, ес жия бергенде, өзі де күліп жіберді. Бірақ өңі құп-қу болған, күлген демі де дірілдеп шығады. Бұның өзін жақсы бағып, жақсы ұғып отырғаны үшін, сезімтал Әйгерімге сүйсіне қарап қалды да, енді Біржанға бұрылды: – өзге өзгеңді не қылайын, Біржан аға, – деп бастап, қонағына жаңа бір қуаныш жүзімен қарады. Ел ақтаған бір ақын болушы еді. Тілін безеп, жанын жалдап, тіленшілікпен байды сауып, сөз қадірін сол кетіруші еді. Үн түзеген бір әнші болушы еді. Кім көрінгеннің қосшысы. Әр кез, әр мырзаның қосалқысы. Ән қадірін түсіріп, бір атым насыбайдай, арзан етіп еді. Сен әнді босағадан өрлетіп, төрге шығардың, соныңа ғана қуанам. Осының-ақ қадір-қасиетіңді тануға жетіп тұр! – деді.

Біржан құп тыңдап, өзі де сүйсіне көтеріліп:

– Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушым сен болсайшы, Абай! – деді. Әйгерім де, өзге жиын да екеуін дәл ұғынғандай, түгел қостап күлісті. Таңертеңнен бері ортадағы кең дастарқан бойында үш жерден сапырылып отырған қымыз, аздан бері ішілмей, іркіліп қалған-ды, қазір Ербол, Мырзағұл, Оспан үшеуі үш жерден құлаштай сапырып, сырлы тостағандарды қонақтарға қыдырта бастады. Ән толасы болғалы, үй іші жапырлап, әр тұстан сөйлесіп, күбірлесіп, күлісіп жатыр.

Абай жаңағы өз ойын аяқтатып тоқтатпақ боп:

– Бай, бағлан боп, қадірлі болмайды жігіт! Өнерлі боп, сол өнерін ұстай біліп, қадірлі болады. "Өнерпаз болсаң – өр бол" дейді, Біржан аға. Жалқы бол, жарлы бол, ол кемшілік емес. Өнерлі ақын, асқақ әнші болсаң – ел көңіліндегі мұңды айтып, көзіндегі жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадірлі болмасқа тиісті! – деп, Абай өз қасында отырған Әйгерім мен інісі Әмірге қарап, бір түйін тастағандай болды. Тобықты жасының бұл жиынындағы үлкені, жігіт ағасы боп қалған Базаралы күле сөйлеп, жауап қатты. Ол төрдегі сый қонақтардың қатарында отыр еді. Абайға қалжыңдап:

– Осының бәрі рас, Абай. Жігіт қадірі өнерімен өлшенсін! – деді, әдейі ойнақыланып, серпе сөйлеп. Пәлей! Мақұл-ақ! Ал ендеше мен нені айттым?! Менің айтқаным да, істегенім де, түгел Тобықты бәріне танытам дегенім де, осы ғана емес пе еді, сығыр-ау! Кедейшілігіме қарама, кісілігіме қара демеп пе ем? Өй, тәйір-ай, іші терең жігіт десем, сен де осындай үстірт пе ең, Абай? Саған осыны, ұғындыру үшін сонау Көкшетаудан, исі Арқадан тек Біржан ғана келу керек пе еді? – деп назбенен, ойын пішінмен сақ-сақ күлді. Базаралының ашық қалжыңы Біржан бастаған бар қонақты да, өзге жиын жасты да күлдірді. Абай да күле отырып, іле жауап қатты:

– Рас-ау оның, Базеке, бәрі рас! "кедейлігіне қарама, кісілігіне қара" десе, түгел Тобықтыдан сені атау дұрыс. Бірақ біз өнерді айтып отырмыз. Бір тайпа Тобықты деген елдің жігіті екеніңіз рас. Жігітіміз – сіз бен біз, бірақ біз өнерлі жігітпіз бе? Сол өнерге келгенде сіз екеуміз – ел есінде қалар не көрсеттік, нендей үлгі шаштық? Қандай еңбек еттік ортамызға?! – деп, Абай қатты үнмен шыншыл жүзімен бір сұрақ қойды да, аз үндемей жағалай қарап шықты. Ешкім "мен өнер көрсеттім", "еңбек еттім" дей алмайтын сияқты. Сонан соң Абай Базаралыға көз тоқтатты да, баяу, әсерлі ғана үнменен:

– Базеке! Сіз бен бізден "жас буыным", "жаңа төлімнің басы" деп, ел үміт қылатыны рас. Сіз екеуміздің бір өнер тастайтын кісідей, дәмелендіретініміз де рас. Ал шынды, сырды айтайық! – дей бергенде, Базаралы көтеріле түсіп, күле отырып, көңілденіп:

– Бәсе, шын босын, сыр босын. Барыңды, шыныңды айт! – деп, ентелей түсті. Абай жауабы біткен жоқ еді. Ол да қымызды көтеріп қойып, қыза түсіп:

– Базеке! – деп қатаң үнмен тоқтата сөйледі. Базаралы сынай күлді де, Абайға қадалып отырып, тосып қалды.

– Сіз бен біз дәметтірдік те, соның ар жағында берерді бергеміз жоқ қой. Тоны сұлу тұғырмыз ба? Жоқ ағызып жүрген жүрісі бар, бірақ өзінен туар құлыны жоқ тұл бедеуміз бе? Сын мен есеп сонда емес пе? – деді. Базаралы таңдайын қағып, басын шайқады.

– Ондай сынды серт еткен Базаралы жоқ болатын. Бұл ойында мен жоқпын. Менде жоқты іздепсің, оныңды Базаралы қайдан тапсын!? – деп, мойнын бұра күлді де, жастығына жантая кетті. Абай сұрағына жауап жоғын барлық жас ұғынған еді. Базаралы әнші де, ақын да емес-ті. Жұрт күліп қана жайды ұқты. Абайдың сөзі Біржан өнерін сонша зор көтеріп, өз елінің бар жасына "бізден бұл артық!" деп отыр. Осыны жалғыз намыс ойламай, соншалық кең, жақсы көңілмен айтып отырғаны Біржанға жаңа бір ой салғандай болды. Ол тағы да домбырасын біраз бебеулетіп, желдіртіп алып кеп, "Жанботаны" шырқап кетті. Жастар бұл әннің неден туғанын Біржанның қай жарасын ашатынын білуші еді. Ол, Біржанды жаңа Абай айтқан "бай, бағлан" дегендердің бірі сабап күйдіргенін ашық айтқан ән болатын Жанбота, өзің - болыс, әкең - Қарпық. Ішінде сегіз болыс шенің артық.

Өзіңдей Азнабайдың поштабайы,

Қолымнан домбырамды алды тартып.

Тартса да, домбырамды бергенім жоқ,

Есерді поштабайдай көргенім жоқ.

Қамшымен топ ішінде ұрып еді,

Намыстан, уа, дариға, өлгенім жоқ.

Жанбота, осы ме еді өлген жерім,
Көкшетау боқтығына көмген жерің?
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьяда көрген жерің?

деп қайырды.

Мұң айтып, күйік шағу, "сен мені елден асқан десең менің кеудемді осындай ыза, намыс дерті басқан. Жуан содырдың қамшы соққысы басқан!" дегендей. Бұл саналы көңілдің шер шемені еді. "Жетіскендей көресің қарық боп жүрген Біржан қайсы екен?" дегендей. Абай Біржанға жаны ашып, жұбату сөйлемек боп:

– Сонау Жанбота, әне біреу Азнабай ма әмірлі, кәрлі дегендері. Бай, бағлан дегені? Солардың сол айуандықты тоңмойындықпен етіп отырса да, дәл жаңағы Біржан ағамның " Жанбота "әнінен соң" бота "түгіл," бұта "құрым болмай, жапырылып, тапталып қалған жоқ па? – деп, тағы бір түкпірлі алыс ойға кеткендей сөйледі. Азнабайлар мынау жерде бүгін ғана азнайтын шығар. "Мен жер құдайымын" дейтін шығар. Бірақ ертең олардан із де, тозаң да қалмайды, қалмасы хақ! Сонда тек Сарыарқаның атрабынан, Атығай, Қарауыл, Керей, Уақтың шежіресінен өзіңнің ғана атың қалады. Және сол Азнабай жауыздың, Жанбота жуанның бетіне соққан соққың қалады. Кейінгі нәсілді олардан жирентетін ұят таңба, шақпақ таңба боп қалады. Қалады сол, не қыласың, Біржан аға! – деді. Бұл сөздерді жиынның бәрі ұқпаса да, естияр жағы түгел қостағандай болды. Әсіресе, төрде отырған аға жастар – Базаралы, Жиреншелер құптай жөнелді.

– Аты қалған деген сол емес пе, осы мына отырған өңшең әнші болам деген жалынды жас екі айдан бері еріп жүріп, Біржан әнін үйренген екен. Енді сол алғанын әсте ұмытар емес. Әнді ұмытпаса, айтушысы, үлгісі Біржанды ұмытар ма? – деп Жиренше, осындайда көрінетін зерек ұғымталдығымен жаңағы Абай сөзін іліп алып, дұрыс өрістетті. Сонымен ілес, өз сөзіне дәлел болсын дегендей, Әмірге қарап:

– Міне, мынау Әмірдің Біржаннан артық дейтін өнерлісі бар ма екен? – деді. Жұрт көзі тегіс Әмірге қараған еді. Ол ақырын тыңқылдатып, өз домбырасына Біржан үйреткен "Жиырма-бес" дейтін әнді салып отырған. Біржан жас жігіттің жүзінен жақсы бір шабыт көргендей боп:

– Басып жіберші, кәне, осыған! – деп, аға бұйрық етті.

Әмір іркілген жоқ. Ақ сұр жүзі тек біраз толқына түсіп, шырқап кетті. Үні жіңішке, таза, сәнді екен. Біржанның өзі үйреткен нақыстарын зор ықласпен, дәл шығармақ боп, ынта салып айтады. Сөзін де әнімен бірге, қызыға сүйсініп, Біржаннан ұққан. Жаңа замандарда Зілқара шығарған әсем "Жиырма-бес" Тобықты елі естімеген толқыны, сәні бар, нағыз тамыр бойлар ән еді. Сөзі де жас жиынға жалын тастағандай болатын:

Беріп кет сақинаңды, мыс та болса,

Жүрейік күліп-ойнап, қыс та болса.

Шеш дағы етігіңді, байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан, ұстап алса... –

деп еркелене ырғалып кеткенде Базаралы жастықтан басын жұлып алды. Сұлу жүзіне ыстық бір тасқын қан ойнап:

– Алда, айналайын осы қыз-ай! Жаудыраған қара көз қалқатайым, көрермін бе сені, кермеспін бе мен бейбақ! – деп, үйдің ішін ду күлдірді. Біржан Базаралының жүзіне тілеулес, дос ажарымен қарап:

– Базеке, о не дегенің! Көрермінбең не? Қасында-ақ отыр ғой Балбала боп, сол қара көз! – деді. Базаралының өз қасында отырған, сұлу бойжеткен – Балбала атты көршісі бар-ды. Біржан сөзінің тұсында Базаралы оқыс жарқ беріп:

– А, астапралда, солай ма еді? – деп, әдейі ойнақыланып, құбыла беріп, Балбалаға қарай қалды. Бұл қарасы томағаның астындағы саңлауынан сығалап, дәл қасынан, тұғырының түбінен өтіп бара жатқан мысыққа қараған қыран шегірдің қарасындай еді. Жұрт онысына да күліп, сүйсініп қалғанда, қырындау отырған Балбала да жалт етіп, Базаралыға бір қарап қалды. Ажарлы сұлу қара көздерін қырын отырып, төңкере қарады. Үлкен көздерге жарасатын бір қиғаш қарас болатын. Өңіне де ұяла қысылған әдемі жұқа қызғылт қан соқты. Тартымды назы бар жандай боп, кішкентай ғана қабақ шытып, үнсіз ғана езу тартты. Аппақ сұлу тістері көріне түсіп, қайта жасырынды, Базаралы Балбаланың көзімен көзі кездескенде, жазығын мойнына алып, тәубеге келгендей болып, бірақ сол халін, соншалық бір талантты артисше, әдемі қып баппен ойнап берді.

– Тәубе! Тәубе! Күпірлік екен айтқаным... Түф, түф, түф, – деп түкірген белгі етті. Балбала жаққа бас ие берді де, тез жалт етіп, жұртқа қарап: – Отыр екен, бар екен қалқаларым! – деп, әр жердегі, әр сұлу қыз-келіншекке жағалай қарап өтті. Біржан да Балбала қысылып қалмасын деп және өзгелерінің көңіліне келмесін деп, Базаралыны қостап, іле жөнелді.

– Ән де біледі, айтса тілі орамды, шырқаса үні балдай. Тәрбие-тәлімімен жібек талдай, отыр ғой міне жақсы шәкірт, жақсы інілерім! Біржан "қыздар", "қарындастар" деген сөздерді әдейі айтпады. Ол сөздерді әдепсіздеу, тұрпайылау көрді. Және әдейі аға боп, бауыр тартып сөйледі. Осында отырған бірнеше өнерлі, көрікті жас әйелдерге жағалай көз тастап өтті. Аттары аталмаса да зор құрметпен еске алғандары – өзі мен Абайды, Базаралыны айнала қоршап отырған – Балбала, Керімбала, Үмітей, Әйгерімдер болатын. Мағыналы сөз қатып, одан да мағыналы жүзбен Біржан көз салғанда, барлық жаңағы жас әйелдердің шыншыл, сезгіш жүздеріне жағалай дауылдап, шапшаң толқын, жеңіл қызғылт нұр жүгірді. Бейне бір таң сәскеде түңлікті ашып жібергенде, шаңырақтан күн сәулесі түскендей. Сол кезде батсайы шымылдық, дүрия көрпе, манат мақпал тұскиізді күн сәулесі қуанта бір ал гүл қаққызып, жағалай сәулелендіріп, жайнатқан тәрізді. Жас әйелдердің Біржандай әз ағадан, әсем өнерпаздан естіген мақтаулары да сондай әсер етті. Үй ішінде сыңқыл-сылтың да, мәз қошемет те қатар қаулап, әзіл мен жарастық көп естілді. Сыпайы сыйластық ажарлары, өнерлі жастар мәжілісі реңдене түскендей. Абай мен Әйгерімнің бұл жолғы қонақтары шынында Тобықты жастарының ең бір өнерлі, нәрлісі болатын. Осыдан екі күн бұрын осы Құнанбай аулы отырған Барлыбай өзеніне Ырғызбайдан, Торғай-көтібақтан және Жігітектен, одан арғы Бөкеншіден көп қыз-келіншек, жас жігіттер әдейі шақырылып, арнаулы қонаққа келген-ді. Абайдың қасында отырған – інісі, жас бозбала Әмір Құдайбердінің баласы. Ол өз нөкерімен келгенде, Үмітей сұлуды ерте келген. Базаралы қасында отырған Балбала – Әнет қызы. Ол да бір топ қыз нөкерімен әдейі шақырылған. Бөкеншіден Сүгір баласы Әкімқожа мынау. Ол өз қарындасы Керімбаланы ертіп, Жігітектен Базаралының әнші, сері інісі Оралбайды ала келген. Сол жастың бәрі де өнерқұмар және тегіс жақсы әнші. Олар Біржанды бұл жолы ғана көрген емес. Осы күндерден екі айдай, бұрын Тобықтының шетіне келген Біржанның хабарын Абай естіп, алдынан Әмірді жіберген-ді. Абайдың ең бір қадірлес ағасы Құдайберді жастай өлгенде, содан жетім қалған бес баланың ортаншысы Әмір болатын. Құдайберді өлерде, Абай оған: "балаларыңды әке орнына бағу қарызым болар" деп, "жетімдік көрсетпеспін" деп ант еткендей болатын. Айтқанындай, Абай содан бері Құдайберді балаларын өзімен туысқан Оспаннан да, өз балаларынан да қатты еркелететін. Ал Әмір болса, сол балалар ішіндегі әнші, өнерлісі боп келеді. Ерке, серілігі де бар. Өзінде шалқып, серпіп шығарлықтай бір шығым бар, дәмелі жас. Аса тілеулес ағасы Абай оның алдынан шықпайды.және ешкімге бетін де қақтырмайды .. Сол Әмірді Біржанға құр шақырушы етіп жібермеген-ді. "Бар, көр. Шын өнерлі, қызықты болса, елге әкел. Еркімен көсілтіп, ойын-сауық ет. Жас буын өнер үйренсін, үлгі алсын. Мен көмекші болармын деген. Әмір Біржанмен ел шетінде кездесіп, екі-үш күн бірге болып, өз ортасына шақырып қойып, өзі үй тіктірмек боп және сал жөнімен, баппен қарсы алмақ боп, алдымен келген. Аялдамастан Абайға кеп, өзгеше бір қызғын жайын көңіл мен жүзден танытқан. Абай содан соң-ақ Біржанды әуелі Әмірдің қонағы етіп, Құнанбайдың осы үлкен аулына әдейі келтірткен-ді. Содан бері екі ай өтті. Біржан Әмірге ғана емес, Абайға да ерекше ұнады. Екеуі ескі мұңдас достай кездесіп, тез табысып кетті. Абай осы бүгінгідей етіп өз аулына Тобықтының әнші, күйші жасынан жігіт-желең, қыз-келіншегінен талайын, талай рет жинаған. Біржанға оларды танытып, оларға ақын әншінің қасиет қадірін танытып, көп қызық мәжілістер құрған. Өздері әнін үйреніп, сыйластық, құрметтестікке жеткен соң, көп ауылдардың жастары Біржан мен Абайды өз ауылдарына шақырып, үзілмеген ұзақ сауық күн-түндерін өткізген. Біржандар Әмірдің, Үмітейдің де қонағы болған. Сүгірдің әнші қызы, сәнді бойжеткен Керімбала мен Әкімқожаның қонағы боп, ол меймандос ауылда да көп сый көрген. Одан қайтыс жолда Базаралы, Оралбайлар Жігітек ішінде көп күндер қыдыртып, қонақ еткен-ді. Бөкенші, Жігітек жастары үнемі бірге араласып, айрылыспай күтіскен. Сонымен, қазір Біржандар қайтатын шақ жеткен соң, Абай осы тұрған төрт үйді әдейі қонақтарды шығарып салу тойына арнап тіккізген. Енді бүгінгі түстіктен кейін, кешке қарсы көп қонақ атқа қонбақшы боп отыр. Үйткені ертең Біржандар еліне қарай аттанбақ. Соның алдында "сый қонақтар бір кеш көпшіліксіз болып, тынығып аттансын" деп, Абайға Базаралы, Ербол, Жиреншелер айтқан-ды. Абай да соны мақұл көрген. Сүйтіп, бұл мәжіліс жаздай асыл аға, үлкен ұстаз болған Біржан мен Тобықты жасының айрылар мәжілісі еді. Сол себепті жаңағы Әмірді "Жиырма-бестен" сынап тыңдағандай, өзге әнші жастардың бәрі де бір-бір жаңа әнмен өз өнерін көрсетпек керек. Әмір айтқаннан кейін, әлгі қалжың әзілдер басылған соң, домбыраны Оралбай біраз күйлеп кеп, қасында отырған Керімбаланың әніне жетекші болды. Керімбала Абай үшін ыстық, ескі көздей болатын. Жас қыз кезінде Абай мен Тоғжан арасындағы жалынды сырдың азды-көпті куәсіндей болған. Содан бері ер жетіп, бойжетті. Және белгілі қонақшыл ауылдың ерке, еркін қызы, Бөкенші, Жігітек ортасының жалғыз аяулы қызығы есепті, боп, көпке шейін ұзатылмай келеді. Аулының сауығын, жастығын сақтаған, сәнді, мінезді қыз ағайын аялаған жас болғандықтан, Сүгірдің өзі де, әсіресе мына Әкімқожадай серілік, сауық сүйген балалары да мұны Қаракесектегі қайнына әлі бере қоймай, сақтап келе жатқан. Керімбала бұл күнде осы үйдегі Тобықты қызының ішінде, оң жақта ең көп отырғаны. Бірақ ауылдың, ата-ананың, өзінің де қадір-қасиетін кетірер жаманаты шықпаған. Сүгірдің ұзатпай сақтауына мұның осы ерекше мінезділігі де себеп болған. Шошақтау боп біткен үлкен қой көзді, ақ қызыл жүзді, қалың шашты Керімбалада саналы қайрат бар, ұстамды, сырлы салмақ бар. Сонысымен ол әрі сәнді, әрі өзгеше біткен сұлу. Керімбала да Біржаннан өзі сүйіп ұққан әнін айтты. Ол да Тобықты ішіне Біржан әкеп үйреткен бұрынғы бір ән. Біржандай көп әнші, ақынның айтуынан өтіп, сырланып жеткен, атсыз бір әнші шығарған – "Қарға" деп сөзі кетті. Бүгінгі әнші, өнерлі жастардың біріне бірі көрсетіп жатқан құрмет, ғиззат, сый-сұхбат арасындағы нәзік жарастық күйі болды. Біржан мен Абай үлкен ілтипатпен тыңдасып еді. Керімбаланың осы әніне орай қып, Оралбай да бір кербез әнге шырқай жөнелді. Оның әні – "Гауhартас". Ән зор дауысты, сұлу пішінді, ақ құба жігіт айтқанда, жаңа сыр тапқандай. Әсіресе Оралбайдың айтуында сол өзі суреттеп отырған "шолпылы" сұлуды нағыз ынтығындай сезіну бар. Жан тартып, демін, лебін сезіп отырған ыстық жалын білінеді. Жұрт Оралбай әніне қатты сүйсініп, аласұрып, тоя алмай қапты. Біржаннан бұрын Керімбала бұрыла қарап, сүйсіне күлді. Көп сақиналы, үлкен білезікті аппақ қолын сәл көтере түсіп, жігітке сыпайы тілек етті. Тағы бір ауыз! – деп еді. Оралбайға: – тағы! Тағы! – деп Біржан да ықласпен айтты. Әнші алғашқы қайырмасының аяғын үзбестен ілгері өрлеп, тағы да сәнді үнмен шабыттанып, толқытып кетті. Жігіт ерке тілек айтады. Дос жүрегіне сенеді. Ынтыға тұрып еркелейді. Күн көзінде керіліп еркеленген жас тағыдай өз отына, оның отына да қуанып сенеді. Онсыз жас жігіттің қуанышы қуаныш па? Еркелет те еркеле. Жалынмен жалын ойнап, жарасып қосылсын. Бар жиын, әсіресе Базаралы, Жиренше, Абайдай аға жастар шіміркене түседі. Ақ қызғылт рең Керімбаланың да жүзіне бір толқын соғады. Ақырын ғана көркем сыңқыл әсем үнмен Әйгерім күліп, қызарады. Аппақ, кесек ақ тістерін сұлу қызыл еріндері аша түсіп, қайта жасарып, Балбала езу тартады. Өз қасында отырған шабытты әнші, көрікті құрбысы – Әмір жасқа көз алмай Үмітей қарайды. "Осы жас-ау! Сондай еркелікті батыл айтатын, жарастыра айтатын жас, осы Әмір-ау!" дейді ішінен. Тоңазыта діріл қақтырған бір толқынға бой бергендей. Ақша маңдайлы, кең сұлу жүзді Үмітей, ашық үнмен сыңқ-сыңқ етіп, үй ішіне естірте күледі. Ән, домбыра кезегі қыдыра жағалап осы Үмітейдің өзіне келгенде, о да іркілмей "Баян-аулыны" бастады. Әмірдің домбырасы қостай ереді. Қоңыр ғана, ақырын ғана тартса да, шынында, бүліне бебеулеген, тілеулес, үндес бір күй бұралады. Үмітей бұл әннің сөзін арманды күдікпен, аса бір құпия сыр етіп айтады. Сондықтан осынау сөз, саз бұрын емес, дәл осы арада ең алғаш айтылғандай болады. Бір туған айдай, қылдай нәзік, бірақ емеуріндей анық сыры бар. Дәл көңілдің өз үні боп шықты. Соны кәмшат бөрік, алтын сырғалы, ең сәнді киімді сұлу қыз айтты да, жүзіндегі әншейіндегі жұқалау қызылынан айрылып аппақ тартты. Оң жақ бетіндегі әдемі қап-қара меңі айқындап барып тоқтады. Мұны да үй жиыны үнсіз мейірленіп тыңдап еді. Үмітей үзіліп, ақырындап, бәсеңдетіп кеп, "енді осымен тоқтадым" дегендей етіп, бетін жарқ еткізді. Есіктен төрге дейін ентелеп отырған, тұрған жиынға қарап, тағы да ашық үнмен сыпайы күліп жіберді. Ол осылай өзі айтып тоқтасымен, дәл қасында оң жағында отырған жас келін Әйгерімге бұрылып:

– Ән жағалап әншісіне де кеп қалыпты-ау! Сонымен, кәні, енді өзің айт! – деді. Үй іші осы әзілмен ілес тегіс Әйгерімге қарады. Есік жаққа бағана кеп орналасқан шеткі үйлердің қартаң әйелдері де ентелей түсті:

– Келін, келін айтады! – десіп, күбірлесіп үн қатысты, Әйгерім әніне де Әмір домбырасы жетекші боп, төменгі пернелерден безек қағып, "жүр-жүрлеп" тұр. Әйгерім Үмітейге қарап, қысыла қызарып:

– Қой қалқам. Қой, лайығы жоқ – деп, тартынып қана ақырын күліп еді. Сенің де кезегіңнен қалатын жөнің жоқ. Тым құрыса ауылдың алты ауызы болсын! – деп Абай емеурін жасады. Өзі де ықласпен тыңдайтын шырай көрсетті. Біржан, Базаралылар да, Балбала, Үмітейлер де Әйгерімнің аса нұрлы жүзінен көз алмай қарап қапты. Бұның жас сәулелі жүзінде кішілеу қара көзі әсіресе, естен кетпестей. Аса сыпайы қарайтын ойлы, нұрлы көзінде бөлек бір шұғла бар. Жаңа жеткен жастық, тазалық шағында, ақ жүзді, сұр жүзді қара көз әйелдерде оқта-текте кездесетін осы шұғла, кейде қоңырқай көлеңке реңденіп, көзінің астына ұялап тұрады. Кірсіз, мінсіз тазалықтың, нәзік жастықтың шақ қана бір дәурені сақталып тұрып, кейін ұшып кеткендей – өшіп кететін бір нышаны еді ол. Қара көз сұлу көп болса да, бұл бітім, қасиет анда-санда біреуде ғана болатын. Абай Әйгерім жүзіндегі осы бір, өзгенің бәрінен бөлек нысанаға әр кезде көп қадалып, қызығып қарайтын. "Ұялы қара көз", "нәркес көз" деп осыны айтса керек" деп, ішінен ойлаушы еді. Сондайлық нұрлы, шұғлалы көзі төрдегі Балбалаға қарап, Әйгерім ән шырқады. Мұның айтуында ең алғашқы ұзақ "ахаудың" өзі де нақысты ырғақтай. Жас жарына көлденең қарап отырған Абай тағы да Біржан ән салғандағы сияқты, өзгеше сезіммен толқып, тағы бір жақсы созылған өмір-сурет дүниесіне шомып кетті. Ал, бидай, саған айтам гигайымды... Арғы сөзі Абайдың құлағына кірген жоқ. Барды айтып жатқан сөз емес, әуен мен үн. Көп күміс қоңырау сән түзеп, бір үн сала ма? Әлде нендей ғайып текті ақ қанатты асыл зат көк жүзінде күнге шағылыса ма! Күміс сыбдыр нұр шашып, сырлы аспанға, мәлімсіз сапарға серікке шақыра ма? " берші сараң, сырдаң бойыңды! Түйіліп қалған жүрегің, тартынып қалған, ашылмай тығылған жан сырың бар. Ашшы соныңды! Өрге, өнерге шақырайын бар үніммен. Иықтан басқан зілден мынау дел-сал күйден өтші! Сонда... Сонда осы толқынды торғын желек астындағы жас сұлудай, жанындағы жарындай, осының нәркес көз, бұлбұл нақыс үніндей, ақ тамақ ал гүл жүзіндей жас жарастық, жарқын өнер төгілер еді өзіңнен! Шықшы іркілмей, бұқпашы баяу! Мені де еліктір, өзің де өрлеп желікші, желпінші! Мынау нәзік қоңыр сәулелі көлеңке сияқты қорғалақ асыл өнеріңді ашшы!" дейді. Жұртқа қарап шырқаса да, Абайға арнап наз тілек тастап отыр. Ән үзіліпті... Абай Әйгерімнің жүзіне: "ақ жұмыр иегің неге қозғалмай қалды? Жұқалаң, сұлу, қып-қызыл еріндерің неге жаңағы назыңды қайталамайды? Кіршіксіз, аппақ, мінсіз сұлу тістерің неге іш қайнатқан қатарын жасайды дегендей, ұзақ сұрақпен қадалып қалған екен. Әні тоқтаған Әйгерім күліп қана қымыз ұсынып, Абайды тағы өзі оятты. Абай қымыздан қолын тартып, тостағанды алмай тұрып, қабақ шытып барып, қалпына келді де, ұзақ созып:

– Япыр-а-а-ай! – деп, күліп жіберді.

Ұсынған қымызды алмаған күйеуінен Әйгерім қысылып, қызарып, ұяң күліп отыр еді. Абай соны енді тез аңғарып барып, оның қолындағы тостағанды да бассалды. Және екінші қолымен келіншегін құшақтай қошеметтеп, торғын шәлісінің сыртынан құрметтей сипады. Есік жақтағы бағанағы Иіс кемпірден бастап, барлық қартаң әйелдер:

– Айналайын келінжан, өркенің өссін!

– Құдай көңіліңді өсірсін.

– Осы әніңмен, осы сәніңмен өт жалғаннан! – десті. Соңғы алғысты Иіс айтып еді. Абай елең етіп, Иіске қарады да:

– Апырмай, мына Иіс шешем алғысы қандай жақсы еді! Әмин деші, Әйгерім, осыған! – деді. Әйгерім аса бір сыпайы алғыс жүзімен Иіске қарап:

– Әмин, әже! – деп, өзі кейінірек қағылды да, Иіс кемпірді қасына шақырып ап, қымыз ұсынды. Әйгерім әні Біржанды да ұйтқандай. Ол қошемет болар деп, сыртына сыр шығарған жоқ.

Тек Жиренше шыдай алмай, қозғалақтап:

– Жаным-ау, Әйгерімнің үні осы қызыл көмейінің үні ме, жоқ бейіс үні ме? – деп үй ішін күлдіргенде, Біржан ақырын ғана Базаралы жаққа үн қатып:

– Ән салса, Әйгерім ғана салсын да! – деді. Шыншыл өнерпаз өзге жастармен қатар, өзін де аяған жоқ. Үй иесінің әні ас алдындағы тойтарқар үні есепті болды. Ас піскен еді. Жиын серпіліп, есік жақ астан хабар алып, шығыса бастады. Қонақтар да осы орайда желпініп келмек боп, есікке беттеді. Әйгерім тұрып, қымыз ыдыстарын жиғызуға белгі берді. Дәл осы кезде, есіктен шығып жатқан қонақтарға қарсы жүріп, сығылыса кірген Қалиқа, Абайға жақындап кеп: – Телғара! Қалқам, сені апаң шақырады! – деді. Абай Әмір мен Оспанға, Әйгерімге қарап:

– Мен бөгеліп қалсам, тоспаңдар! Қонақтарға ас бере беріңдер! – деп, шығып кетті.

2

Үлкен үйде Ұлжан, Айғыз, Ділдә үшеуі ғана отыр екен. Шақыртқан осылар көрінеді. Жаулық астынан көрінген самай шашы бұл күнде аппақ болған Ұлжан, бұрынғысынша етті болса да, қазір кәрілікке жеңгізгендей. Жүзі сарғыш тартқан. Маңдайының ажымдары қалыңдағаннан басқа, тереңдеп созыла түсіпті. Абай шешесінің өмірден қажып бара жатқанын, әсіресе, оның екі ұртына соңғы жылдар түскен екі қатар қалың ажымнан аңғарып, бағып жүруші еді. Осы екі терең сызық – анық уайым сызығы, шер табы. Сол ажым сызықтары қазір, әсіресе, айқындай түсіпті. Ойлы-мұңды ана жүзін, анау жас отаудағы ән сауықтан келген Абайға, суық етіп танытқандай. Анасының үнсіз жүзінің өзі-ақ Абайға әлде не үшін "кінәлісің, кінәлаймын" деп тұрғандай. Абай көңіліне қорқыныш аралас реніш кірді де, өзіне арналған үкім күтті. Бірақ анасының дағдылы мейрім жүзі сыртында болмаса да, ішінен өз қалпын ауыстырмаған екен. Ол алғаш бастаған сөзінен бой берді.

– Абайжан, – деп, ақырын ғана сөз бастап, Ұлжан баласының бетіне жүз бұрды да, – ой да көп, уайым да көп ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең! – деп еді. Сен соған бақтың ба, балам? – деді. Абай мұның артында не зіл барын аңғарып, соны тез айтсын дегендей боп:

– Сол болғаны да, апа! – деп, бар денесімен шешесіне бұрылды да, ар жағын сұрағандай, үнсіз аңырып қадалды.

– Кәрі әкең сапар шеккелі талай болды. Хабар-ошар жоқ. Күн жым-жырт. Көңіл күпті. Ол қалай, бұл қалай? – деп, біраз үндемей қап еді. Айғыз әңгіменің бұлай басталғанына сабырсыздық етіп, ырза болмай:

– Біз айтпай саған кім айтады. Бір жол емес, бір күн емес, осы ала жаздай масайрап кеткенің қалай? Сүйтетін күн бе еді? Не ойың бар осы? – деді. Абай бар сөз түгел айтылып болсын дегендей, үндеген жоқ. Екі ененің зілді сөздерін арқаланып, енді Ділдә сөйледі. Үні қатқыл. Кесек томырылатын ашулы қалпында екен. Кекетіп, қағытып:

– Не ойы болушы еді? Ой ойлағандай боп жүр ме, жары болған соң. Асық жары, сиқыршысы әнші болған соң, жанын салып жүрген де жағынам деп! – деді. Көзінде ашу жасы тұр екен. Ұлжан бұл сияқты қатты сөздерді тыйған жоқ. Тағы да бір кінә қосып: – ауылдағы қонақ жалғыз сал-сері, қыз-қырқын емес. Мына Ділдә келіннің шешесі де келіп жатыр. Ол сенің анаң еді ғой, балам. Оған да берген бейіл, шырайың жоқ. Сырлас құдағиын күтетін әкең болса бір сәрі еді. Мен емес еді ғой оның іздеп келгені. Көріп қайтайын, өлім бар да қаза бар, батамды беріп қайтайын дегені сен едің. Оны да ойламайсың. Бас сұқпайсың. Кімнен жатырқап, қайда тартып барасың? – деді. Ділдә осы тұста ызалы жасын ыршытып отырып, долданып кетіп:

– Сіңірі шыққан кедейдің қызы босағамды көруге тең бе еді! Енді міне желек астында желігін жасыра алмай, күнде-күнде әнін шырқап, төбеме ойнап отыр. Қу кедейдің қызын құтыртып отырған... – дей бергенде Абай тамағын кенеп, қатты өзгеріп, Ділдәға ренішпен қарады. Анау үй күн шуақты, сәулелі өмірдің мамыр айы еді. Мынау үй жұт болар жылдың күзіндей. Сұр бұлтты, қара желді қарашадай. Абай Ділдә сөзін бітірткен жоқ:

– Қой, Ділдә. Тіленшідей атадан сені керең құлақ қып туғызған мен емес. Шүленнен шөл туғызған мен деп пе едің? – деп, кейіспен бір кекетті. Содан соң әрі оған, әрі аналрына жауап етіп: – Қонағым – Біржан. Ол – Тобықты көрмеген өнер иесі. Ел жасын ұйытып тыңдатып, оған жан тартқызған жалғыз мен емес. Біржанды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Одан да естіп қалсын, ана Ақылбай, Әбіш, Мағаш сияқты балалардың бәрін жіберіп, тыңдатып қалсаңшы, сен ақыл білсең! – деді. Ділдә бұрынғыдан да булығып: – бармайды балаларым. Ендігі қалғаны жәдігөй қатынның босағасынан сығалау ма еді. Әкесі тіріде жетім боп! – деп, еңіреп жіберіп, үйден ата жөнелді. Абай Ділдә кеткен соң да шешелерімен ұғыса алған жоқ. Бірталай кінә айтысып отырып, екі шешесінің аңғартқаны – тым құрмаса, сауығын Ділдәның үйіне құрғанда орынды болмас па еді дейді екен.

Айғыз тіпті анық қып айтып берді:

– Әйгерім аспасын, сені паналаса қайтейін. Қайда отырғанын, кім аулына Байшора қызы басымен келін боп отырғанын біле ме? Шаңыраққа қарасын. Ән салғаны кеудемізді басқандай тиеді. Үн шықпасын бұдан былай! – деді. Бұл – бұйрық, қатал тыйым. Абай Әйгерімге жаны ашып, оны жаңағыдай әділетсіз, аянышты зорлықтарға қимаса да, үн қатқан жоқ. Шешелер бұйрығы айтылды. Айтқызып отырған Ділдә. Соның қыңыр, томырық қаттылығы. Абай осыны аңғарған сайын Ділдәға үлкен реніш жиып, ішінен қатты араз боп, түйіліп қалды. Шешелерінің бұдан кейінгі сөздерін жауап қатпай тыңдады да, шығып кетті. Отауларға қарап жаңа беттеп бара жатқан Абайды арт жағынан, Айғыз үйінен шығып келе жатқан Майбасар дауыстап шақырған еді. Сақалына бурыл кіргені болмаса, Майбасар баяғысынша қызыл күрең жүзді. Бұл күнде етейіп, сыртқы тоңы салмақты, сызды тартқан. Майбасар Абайды үлкен үй сыртына оқшауырақ апарып отырғызды да:

– Абай, мені анау Түсіптің бәйбішесі – қонақ енең жұмсап отыр. Әдейі, "сен айт" деді. Маған айтқызып отыр, ұқтың ба? – деп інісіне салқын қабақпен, "кіммен сөйлесіп отырғаныңды аңғар" дегендей, қадала қарады. Абай Майбасардың доң айбатын мысқыл еткендей боп, шаншыла қарады да, кекетіп күліп жіберді. Майбасар оны елемеген боп, қабағын түйіп алды.

– Енең болса тілек етеді, мен болсам бұйрық айтам. Мына Түсіптің бәйбішесі қайтқанша Ділдәның үйінде бол. Жалғыз Әйгерімнің отауынан айналып шықпай, өзің айналшық жегенбісің? Жоға, қос қатын алған жалғыз сен бе ең? Әкең, атаң, бәрі алған. Алған екенсің, кезегін сақтамас па? Жаты боп кеттім деп жүрмісің Ділдәның? – деді. Абай жаңағы мысқыл реңін өзгерткен жоқ. Майбасардың сөзін аяғына шейін зорға шыдап тыңдағандай еді! Майеке, осы... – деп баппен бастап, – өмір озады, ажар тозады. Кей сақалға, "қойсаңшы" дегендей боп, бурыл да бітеді. Бірақ бақсам, сонда да тозбайтын бір тіл, тозбайтын бір тілек деген де болады-ау! – деп, ызамен күлді. Жігіттің күлкісі сондай өтімді болғаннан ба, Майбасар тез түсініп, санын бір салды да:

– Өй, қу заманның баласы-ай, жүйкемді мүлде құрттың-ау! Ұмытты ма деп ем баяғыны. Әлі тосып жүр ме ең? – деп, қарқ-қарқ күлді. Абайдың ызасын да, мысқылын да бойына осы қалжыңмен дарытпады. Өз сөзін тағы қайталады.

– Ділдә сенің жарың емес пе? Мен теріс айтты деп отырмысың? Әлде орыс кітабын көп оқығанға, орыс боп кеттім деп жүрмісің, екі қатын алмайтын?

– Бұл жолда сол орыс болсам дұрыс болады, не қыласың?

– Ей, не оттап отырсың өзің? Топты баласымен

– Ділдә не болады сонда?

– Ділдәға менің керегім жоқ. Ол маған кек пен ызадан басқа көңілден ажыраған.

– Е, сонда тастағаның ба?

– Ол балаларымның анасы. Жақсы анасы болса, жақын досым. Оған қанағат қылмаса, бетінен жарылғасын. Жолы болсын! Сөз осы-ақ! – деп, Майбасардың қалған сөзін сөйлетпей, түсін суытып, томырылып қалды да, орнынан тұрды. Майбасар не дерін білмей, сұмдық естігендей, бір нәрсе дейін деп еді.

– Қойыңыз, болады осымен. Бұл менің өз басымның жайы. Аяқ баспас жерге араласпа, ағайын! – деп қатал қайырды. Майбасардың аузын ашырмай, тұжырып тастады. Соған ілес Майбасарға айтпақ бір сөзін бастап кетті. Ол Майбасардың ойында жоқ, бөгде сөз еді. Абай жаңа шешелер үйіне келе жатқанда, жылап жүрген бала Байсүгірді көрген. Оны уатып, қасына ертіп келе жатқан Баймағамбет Абайға Майбасар қылығын қатты шаққан болатын.

Қазір Абай соны есіне ала бере:

– Онан соң сізге айтатын менің де бір сөзім бар. Бұны ренжіп, тіпті күйініп айтамын. Байсүгірді неге ұрдыңыз? Өлі мен тірінің арасында ғарып болып әкесі жатыр. Неге ұрасыз осы ауылдың малшыларын?! – деді. Өңі қатуланып Абай қазір анық ашуланып алған екен. Бірақ Майбасар бұл жайға сасқан жоқ:

– Уа, қойшы! Малшы, қосшы басынып кетеді. Тәубесі есіне түсіп.жүрсін. Түк етпейді! – деп, елеусіз қалдыруға айналып еді.

Абай енді намыстанып, қатты сөйлеп кетті:

– Жо, бекер айтасыз, басынбайды малшылар. Неменеге жетісіп басынушы еді? Көздеріне көк шыбын үймелеп.жүрген сорлыларда не қауқар бар еді? Осы ауылдың үстіне бір емес, екі емес, қамшы үйіре бермеңіз! – деді. Майбасардың биылғы жазда бірнеше рет малшыларды сабағанын еске алып еді. Анау болса бұған да тоқтамағандай. Дау айтайын деп келе жатқанда, Абай таласа сөйлеп, бастырмалатып кетті:

– Немене! Жетім-жесірдің ауылы ма бұл, сіз әкімдік жүргізетін. Бала емеспіз, бармыз өзіміз де. Бұдан былай тек жүріңіз! Ұрмақ түгіл, зекімеңіз көршілерімізді. Ендігәрі бірде-бірін шертпеңіз. Әйтпесе, араз боламыз. Қатты араз боламыз, онда маған өкпелеуші болмаңыз. Бүгін Байсүгірді ұрғаның өзімізді ұрғаннан кем болған жоқ. Білдіңіз бе? Сол! – деді де, жүріп кетті. Абай қонақ үйлерге қарай кетті. Майбасар бұл жерде үндемей қалғанмен, осы ауылдағы ән-сауықты тыюға сырттан кіріскен еді. Абайды шешелер үйіне шақыртқанда, кей қонақтарға да кісі салған болатын. Сүгір баласы Әкімқожаға Майбасар сәлем айтып: "ауылда мырза жоқ. Көп жанның көңілі күпті. Әкімқожа өзі біледі ғой. Бұл ауылды қыз-қырқынның топыры етпей, енді өзі таратсын!" деп, тәсілдеп айтыпты. Үмітей сұлу Айғыздың сіңлісі есепті. Қара-батыр Есқожа деген кісінің қызы еді. Оған Айғыз өзі апалық әмір етіп, "ауылға қайтсын, енді жетті" депті. Бүйтіп Абай қонағының шырқын бұзып жатқандарын Майбасар мен Айғыз Абайдың өзіне сездірген жоқ-ты. Қонақтары да тек қайтуға қам қылғандары болмаса, неге асыққандарын біріне бірі білдірмеген. Ауылдағы көрші, малшы, бала-шағаны Абайдың үйіне жібермей ығырып жүрген Айғыздар Абай сыртынан осылай әрекет еткен-ді. Сонымен, Абай қайта қайтқанда, отаудағы қонақтардың аттары ерттеліп, кермелердің бәріне байланыпты. Абай құрбыларының асығысына таңданса да: "ертең жүретін Біржан оңашада тынығып алсын дескен шығар" деп, өзге мән бермеді. Ол үйге келісімен соңғы қымыздарын ішісіп болған қонақтар ырза-қоштарын айтысып, Абай, Біржанға соңғы алғыстарын да білдіріп, қимас жүзбен жүрмекке беттеді. Жан-жаққа топ-топ боп тарап кетіп жатқан жиынды Абай, Біржан, Ербол, Әйгерімдер тысқа шығып тұрып, аттандырып жатыр. Ең алдымен бір топ болып Саркөл, Қопа жаққа беттеп, Әкімқожа, Керімбала кетті. Бұлар қасында Оралбай бірге барады. Үмітейді ертіп, қасына қылжақ сері Мырзағұлды алып, бір топ боп, Пұшантайға қарай Әмір тартты. Ол дәл жүрерде Біржан мен Абайды өз ауылдарына қонаққа шақырып кетті. Ертең жүретін Біржандардың шыға қонуына сол ауылдар жол еді. Абай ол шақырысты мақұл тапты. Өздерінің тағы бір аулына соңғы рет қондырып, қонақ аттандыруды аса орынды көрген. Ендігі бір топ – Балбаланың тобы еді. Бұл уақытқа шейін атын ерттесе де, қалай беттерін шешпей отырған Базаралы Балбаланы Әйгерім кеп аттандырған жерде, қия алмай қарап тұрды.

– О, дәурен, Ләйлісінен қалған Мәжнүннің тірлігі құрсын! Тарт менің де атымды! – деп бұйрық еткен. Ербол оны да аттандырды. Базаралы Балбаланың қасына қатарласып еріп бара жатқанда, осы Абай үйінің жанындағы жаңағы соңғы сөзді естіп, қарап тұрып қалған бір қызғанышты суық көз бар еді. Ол Құлыншақтың "бес қасқасының" бірі – Манас болатын. Соңғы топ жөнеле салысымен, сол Манас, Айғыз үйінде отырған Майбасарды тысқа ертіп шығып, намыс пен кекке толы бір сөз сөйледі.

– Базаралы Балбаламен әуейі бопты дегенді сырттан естіп, біздің Торғай іш құста боп.жүр еді. Сөзіне де, ісіне де бүгін көзім жеткендей боп тұр, Майеке... Қосағын жаза алмай, ана кетіп барады Әнетке. Жесірімді бұзып барады әніки. "Ерде намыс" деген болса, мен де тек тұра алмаспын. Қыздың күйеуі біздің Бесбесбай ініміз, өзі батыр, өзі сотқар. О да кеудесін кісіге бастырайын деп жүрген жоқ. Білдіргенім осы. Жә, не қылсам рауа мынау Қауменнің қан шелегіне? – дедт. Өңі сұп-сұр, дырау қамшысын қымтып ұстап алған салалы саусақтарында сабырсыз діріл бар. Майбасар Базаралының Нұрғаным турасындағы сыбысын осы биыл естіп, тісін басып жүруші еді. Көзі күлімдеп, танауы делие түсіп, ызаланып алды да, бір-ақ түйіп, қысқа байлау айтты. Құпия қып айтты:

– Қазір соқтықпа. Тек түнде тос. Оралады ғой Балбаланың босағасынан. Ант амансыз, жан күмәнсыз, құдай қол-аяғын байлап бергені сол емес пе, қанды мойын айыпкер етіп? Содан ары Бесбесбайың бар, Бесқасқаң бар, жасқанып қалсаң жер жұтсын дермін сендерді. Одан да құрып кет, білдің бе? – деп Манасты кеудеден түртті де, – бар! – деді. Сол кеште Барлыбай жазығындағы Құнанбай аулынан жан-жаққа шашырай тараған жастар топтары, осы атрапта иін тіресіп отырған, талай жүздеген ауылдар үстінен, "шимандай" ел арасымен өтіп бара жатып, еркін, әсем ән шырқады. Біресе бұлбұл нақысты, көп ырғақты "Жиырма-бесті" созады. Бірде, назды қоңыр, кең тынысты "Жанбота" шығады. Тағы бірде, екпінді өршіл сегіз сырлы "Жамбас-сипар" кетеді. Ырғала қалқып, дария толқынындай атрапқа тарап кетіп жатқан, асыл Біржан өнегесі мен өнері. Сол әкелген қазынасы, кейде шырқап өрлеген Әмір, Оралбай үндерімен шығады. Кейде сызылта, жіңішкерте бұралтқан, бірақ соншалық күшті және сонша алысқа тарап естіліп жатқан бойжеткен Балбала, сері сұлу Үмітей, сыпайы сынды Керімбала үндерімен сыр баяндайды. Барлық ерке, еркін әндері: "өмір, өмір, сені сүйем! Әнші өнерпаз, бойыңды кер, қанат қақ. Сазды кеште назды көңіл сыр ашады. Азат, асыл шын жүрек шер шағады". Кейде: "қайдасың, таны, тап мені қадірлі жар, қалқатай, қасиетің асқан қара көзім!" дейді. Көрейін өз сорымнан, ұстап алса...

Осыны айтып жатқан қыз құрбандығы қандай!
Түскенде сен есіме, ей, қарағым,
Жортайын аш бөрідей тау жебелеп, -
дейтін жалынды жігіт ше? немесе:
Ақбоз үйдің сыртынан аттандырып,
«Қош қалқатай» дегенің естен кетпес, –
дейтін опалы жігіт қандайлық? Не болмаса:
Ақ дидарың көргенде балқыдым-ай! –

дейтін жүрек тыныстары толқынады! Қайырмалар болса, "қаракөз", "айым", "сәулетайым", "қалқатайым", "сабырым қалмас" деп үздігіп барады. Жан бергендей ұсынып, тірлік барлығымен, соңғы тынысын ашық жарға арнап, жан мінәжатын, жас дұғасын айтып жатады. Тіл көмейден бал беріскен, балбұл жанған жастық оттары, Тобықты жайлауларының қоңыр, бейуақ кештерін, жай отындай сара тіліп өтіп жатыр. Біржанның бұл ел жасының бір алуанына әкеліп берген жүрек тілі, сезім нұры осы еді. Сол кеште, Әнетке қарай беттеген Базаралы, ат үстінде ән салып келе жатқан Балбаланың сымбатты сұңғақ бойына, қыпша беліне тамашалай қарайды. Сол кеште, Керімбала мен Оралбай қосылып ән сәндейді. Өзі әнші болмаса да, әнді барынша сүйетін, Керімбаланың ағасы Әкімқожа, қатар келе жатып, қос әншіге жол бойы ән салғызады. Сол кеште, жарық айлы, сырқұмар кеште, көп жолдастың қоршауында келе жатып, Әмір мен Үмітей саз қосады. Сол кеште, үлкен өнер, әсерлі әнмен қоштасар кеште, отауда қалған Біржан мен Абай мәжілісінде тағы Әйгерім ән шырқап отыр. Ол әуелде:

– Мен айттым ғой. Маған жетті ғой. Мені қойыңызшы, Абай! Біржан ағаның өзін естіп қалайық та! – деп, бірнеше рет өтініп, тартынып көріп еді. Әйгерім әнді соншалық ықыласты, ынталы тыңдаудан басқа өзі айтуды да жақсы көретін. Құлақ қойып тыңдайтын, ұғарлық саналы жиын арасында әдейі қанаттанып, сүйсіне құмартып жырлайтын. Соңғы айлар ішінде, қасында Абай тыңдап отырса, ән салуы сол Абайдан алған жарастық, рақат, шаттық жалыны сияқты болатын. Біржан мен Абай қоса тыңдаған уақыттарда екеуіне ғана арнап, әр нақысына бар ынтасын, бар құрмет, қызметін бағыстап айтқандай болады. Таңсәріде өз бұтағын тауып қонған, өзі туып өскен ұясының жанында өскен гүлдерге арнап отырып, шіміркене жырлаған ән құмары – құмар бұлбұлдай болатын-ды. Бірақ, дәл осы бүгінгі кеште, әуелі ән айтқысы келмей іркілгені шын еді. Үйткені күндіз Абайға үлкен үйде айтылған наразылық, кейіс, кешке жақын бұған да айтылған. Абай Әйгерімге күндізгі сөздерді айтпай, аяп, жасырып қойса да мұның өзін Айғыз бен Ділдә шақырып ап, қатты, суық, ауыр сөздер айтқан. "Абайға айтқан сөз дарымаса да, саған айтылған ақыл сөз, үлкен сөзі далада қала алмайды" деп отырып, Байшораның, кедейдің қызы екені де, қолы жеткені де айтылған. "Кеудеңді керме, аяғыңды аңдап бас... Көзіңді ашып қара, кімнің иығына шығам деп жүрсің!" дескен. Әйгерімнің өмірде ойына келіп көрмеген жат мінез, тәкаппарлық сияқтының бәрін жала қып айтқан. Әйгерім көзіне жас келіп, жүдеп, аппақ боп, жанып сөнгендей, отқа түсіп шыққандай болған. Бойындағы әдеп пенен тәрбие, Абай достығына арналған адал жар жүрегі және өзінің әнді сондай сүйетіндігі – бұған ешбір ақталу сөз айтуға рұқсат бермегендей еді. Әйгерім бір ауыз тіл қатпаған. Ән жазықсыз. Әсіресе бұның Абай бұйрығымен айтқан әндері, ең таза көңілмен, тек сүю мен сүйсінуге арнап айтқан әні кіршіксіз де жазықсыз. Бұны бала күнінен өз аулында, кедей ата-ана үйінде айтқанда, ешбір жан кінә қып көрген емес-ті: жуан ауыл әнге де жуандық, зорлық етеді екен. Осыны өз ішінде өзі ұғынып, үндемей кетті. "Айтқызған Абай ғой!" деп, ақталғысы да келген жоқ. Бірақ ең ауыр тиген бір соққы, есінен кетпестей қорлау салған бір дерт: "Біз – бай аулымыз, сен – күңге лайық кеде йсің. Бұл аталы, ордалы ауыл. Сен оның малшысы мен құл аулынан шыққан қоңсы-қолаңсың. Жолың жіңішке болып, жүрісің жалынышты болсын. Басыңды төмен салып жүр. Үнің шықпасын. Ол саған асқандық болады. Сен ие болатын теңдік емес!" дегендері. Соншалық әділетсіз, тоңмойын, қыңыр зорлықтың күшін сезіп қайтты. Содырлы ауылдың, қиянатшыл ауылдың Әйгерімді үркіте ренжітке н, құбыжық түсі осы. Бірақ Абай мен Біржан да, бұл кеште, осы отауда отырған Оспан қайнысы да, Ербол да Әйгерімнің іркілгеніне ерік берген жоқ. Әсіресе, ожар, кесек сөзді Оспан, жеңгесінің қасына жантая сүйеніп кеп:

– Әй, Әйгерім, желегі басынан түспеген келін тілазар болғанын неше атаңнан көріп ең? Бұйырамыз! Айт, жаның барында! – деп, өзінің бар жеңгені аямай, қатты бұйырып, тілін алғызатын әдетіне басқан. Әйгерім тамағын кенеп, еріксіз көнгенін білдіріп, ән шырқаған. Бірнеше ауыз ән салды. Біржан мен Абай әдейі арнап, шәкірт әншінің сынды жырын тыңдағандай боп отырды. Олар өздері атап отырып, Әйгерімнің осы жаз бойы Біржаннан үйренген бар әндерін кезек-кезек айтқызды. Бірақ Әйгерімнің қазіргі көңіл-күйі, өзінің сында отырған әншілігін қысылып сезінуде емес. Жаңа кешке есіткен намыс соққысын жарадай сезген қалыпта. Ол жуан содыр күштің әділетсіз зорлығын, қазірде, барлық жазықсыз пәк көңілімен намыстанып, қорланып сезеді. Бірақ соны ұққан сайын, Абайға, әсіресе, жан тартады. Қуантқан қызығы мол, қызу оты мол ыстық жарын жан-тәнімен жабысып сүйеді. Бұрынғы өмірінде бұндай қып сезбеген, алғысы аралас сүю жалынын, өз ішінен бүгіп, әсіресе, айқын табады. Сонысына орай, Абайдың да бұған қазіргі сәтте анық асық мастай қарсы жалын атып, қызығып, сүйіп отырғанын аңғарды. Соны өзінің әні үстінде екі жақты қысым, қызудай таныған сайын, өзі де көркем сезім рақатымен өсе түскендей. Бір жағында у жатса, мұны кішірейтіп, жер қып табанға басып, жүн қылғысы келген зіл жатса, екінші жақтан, сол ренішті күйігін Абайдан әрі жасырып, әрі оған өзі де сүйгендігін танытып, арнап жырлайды. Әйгерімнің осы әндері алғаш күміс қоңырау үнімен шырқап барып, үлкен үйлер жаққа жетісімен, сол үйлерден отауға қарай Қалиқа жіберіліп еді. Айлалы, жырынды және осы ауылдың бар жасырын сырын, ішкі қыбыр-жыбырын, у мен зәрін жақсы бағатын кексе абысын Әйгерімнің отауына кіргенде, үнсіз ғана келген. Ол өзінің келісімен-ақ "Әйгерім аңғарар, қояр" деп еді. Әйгерім ән арасында тек орнынан тұрып, өзінен жоғарғы жерден орын берді де, Оспанның жаңа бұйрығы бойынша, тағы да әніне кіріскен. Қалиқа өз көзінше Әйгерім айтқан бір ауыз әнді шала тыңдап бола бере, төмен отырған келіннің санын қатты шымшып, мытып отырды. Әйгерім әнді үзген жоқ. Бірақ мына қысым жанын тілгендей. "Жамбас-сипардың" соңғы ырғағын қып-қызыл боп, от жалын жүзбен бітіре берді де, көзінен моншақ-моншақ ыстық жасын төгіп жіберіп тоқтады. Қалиқаның ығында, қаға берісте отырып қалғандықтан, оның бұл жасын көрген кісі болған жоқ. Қалиқа ғана сезген болса, ол шіміріккен жоқ, қайта ысқырғандай боп, шапшаң ғана сыбыр етіп:

– Жетті желікпе! – деп, бұйрық берді.

Әйгерім әні осымен тоқталған еді. Содан әрі Біржанның өз домбырасы гуіл қақты. Аға әншінің саңлақ, даңғыл, зор сұлу әуені өзі самғап шығып еді. Жайлау түнінің жұлдызды жарық аспанына шырқап, шаншылып ән кетіп жатты. Осы түнде, Әнет ішінде, сол Біржан әндерінің салдарынан туған бір оқшау уақиға болды. Ол күй Базаралы басында болған еді. Ымырт кезінде, Балбаланың белінен құмар құшағын жазбаған Базаралы, бойжеткен қыздың аулына бірге келіп түскен. Балбала Базаралыны шын сыйлаған, сүйген көңілімен өз қасынан жібергісі келмей:

– Базеке, бүгін менің қонағым бол! – деп, ертіп келген-ді.

Балбаланың әкесі өлген. Аулының бас-көзі болған үлкен ағасы үйде жоқ екен. Базаралы ере келіп, үйге кіргеннен кейін, Балбаланың өзі реңдес, байсал мінезді, кең жүзді, қызыл сары бәйбіше біраз қысылып қалған. Шай қайнаттыруға бұйрық берумен бірге, төсектің аяқ жағына қызын шақырып алып, ақырын сыбырлап сөйлеп:

– Қалқам-ау, не білгенің бар? Қайның Торғай болса, үрген итінің даусы естіліп, мына жерде отыр. Үйіне әлдекімді неге әкеледі" десе, не дейім? Мен қара жер болмаймын ба? – деп еді. Сабырлы, салмақты жүзді Балбала, әуелі аппақ тістерін тегіс көрсетіп, құпиялай күлді де:

– Апа, "аз күндік қонағымсың" деуші ең ғой! Қанша сайран сала берер дейсің. Торғайыңа да басыбайлы боп барармыз, жаны шықпас, Базекемді қайтып қиып, аулақ жүр дей аламын. Саспа! Күтіп, сыйлап қонақ етіп жібер! – деген. Содан соң бір бағлан сойылып, үй іші жаңа көтерілген қазанмен жадырап, масайраған шақта, Балбала әдемі бір балқып, тұнған тыныш рақат көңілге кеп, Базаралыға арнап, өзінің әдемі әндерін созып айтып отырды. Ашық, қалжыңқой, еркін мінезі Базаралыны бұрынғыдан да ұйытты. Жігіт Балбаладан бар бейілімен айналып отырған. Сұлу қыздың шешесі мен бөлек отаудағы жеңгесі көп өтінген соң, қонақ жігіт Базаралының өзі де көп ән айтты. Әңгіме, қалжың, әзілге де үй іші қарық болғандай. Аса бір кең жарастық құрмет кеші боп еді. Дәл жатар кезде шеше Балбаланың абырой-атағын, қадірін қорғап, қызын жеңгесінің үйіне жатуға жіберді де, Базаралыны өзінің үлкен үйіне жатқызды. Өйтуінің, әсіресе бір себебі, кешкі отырыста осы үйге әншейінде келе қоймайтын бір-екі ересек балалар келіп кетті. Олар Торғай, Құлыншақ аулының балалары екен. Өгізге мінгесіп елеусіз боп келген. Киімдері жұпыны, қозышы балалар сияқты. Келген себептері де орынды. Күндіз қосылып кетпеді ме деп, қозысын іздеп жүрген, "жоқ қараушылар" болды. Бірақ, олар үйдің ішіндегі " қонаққа, үй жандарының шырайына, қалжың-әзілге "қозыдан" көрі көп көңіл бөлген. Қулау балалар екенін бәйбіше сезіп, өздеріне ас ішкізіп жөнелткен-ді. Осы балалар қойдың ішін аралаған боп, күзетшімен сөйлесіп, бөгеліп, түн ортасына дейін шұбалып жүріп алды. Тек Балбала оларды байқамаған, елемеген қалпында, үлкен үйге қонағын жатқызып, түңлікті жауып, өзі отауға қарай барып жатқан соң ғана, "қозышы" балалар кеткен-ді. Шала шешініп жатқан Базаралы түн ортасы ауа бергенде, үлкен үйден ептеп шығып, Балбала жатқан отауға тура беттеді. Ай әлі батпаған, дала самаладай екен. Бозғыл отаудың түңлігі жабық. Ауылда күзетші де, ит атаулы да жым-жырт болған соң, жігіт айналаны елең қылмай, отау үйдің есігін көтеріп аша берді. Сүйткенде, отаудың көлеңке жағымен жасырынып келген еңгезердей үлкен бойлы, қара кісі Базаралыны иығынан ұстай алды:

– Тоқта! Былай жүр! – деп, бұйрық етті.

Ол Манас екен. Базаралы түк саспаған салқын жүзбен, жалт қарап, таныды да:

– Уәй, Манаспысың? – деп еді.

– Манаспын ба, таласпын ба біліп не қыласын, бері жүр! – деп, Манас тағы да ақырын дауыспен, бірақ зілді, ызалы үнмен бұйрық етті.

– Өй, тәйір алсын. Жөніңе кет! – деп, Базаралы елемей босанайын деп еді, Манас көнген жоқ.

– Балбаланың жаман атын қан жайлау білмесін десең қайт былай! Жігіт болсаң, тым құрса, қыздың абыройын төкпе! Болмаса, мен дәл осы босағада жанжал салам! Бол! – деді. Базаралы басын шайқады да кейін қозғалды. Отау жанынан екеуі де жырақтап, үйдің сыртына қарай басып еді. Сол кезде осы отаудың сыртындағы бірер түп тал жанынан үш жігіт шыға келді. Сол төрт жігіт Базаралыны ортаға алып, кимелей отырып, ауылдан ұзатып апара жатыр. Бір жігіт үлкен үйдің белдеуінде әлі ер-тоқымы алынбай, таң асып тұрған Базаралының семіз көк атын шешіп алып келді. Содан әрі қолға түскен жігітті өз атына мінгізіп, өздері де аттарын тегіс мініп, барлық шоғырымен Торғай ауылдарына қарай кеткен.

Былай шыққан соң Базаралы:

– Босат, жібер, сендер де жетіп отырған жесіріңнің абыройын төкпе! Ертең жұртқа жаман аты жайылады – деп, қатты салмақпен айтып көріп еді, Манастың қасындағы Көшпесбай және өзге екі жігіт ырық берген жоқ, Көшпесбай Балбаланың туған қайнысы. Өзінің ағасы Бесбесбай сияқты, Манас тәрізді, о да алпамсадай зор денелі және балуан, сойылға да мықты, ер атанатын. Ауылдан ұзап шыққанша Манас та, бұл да Базаралымен қысқа-қысқа болса да, тілге келгендей.еді. Ауылдан әбден ұзап алған соң, төрт жігіт бірден ым қағысып кеп, Базаралыға қамшы басып, жабылып кетті. Атының да шылбыр тізгінін білектеріне шапшаң орап, қымтып апты. Содан соң Базаралы соққы да көрді. Осы түнде атынан, шапанынан да айрылды. Таңертең ел тұрған кезде, Абайды Айғыздың үйіне Майбасар шақыртқан екен. Абай сонда келгенде, бұл үйде Майбасардан басқа Базаралы, Ербол, Айғыз, Нұрғаным отыр еді. Майбасардың да мұнда кіргені жаңа болу керек. Абай үйге кірместен бұрын, тыста жүрген Оспаннан Базаралының сабалғанын естіп, қынжылып келген. Базаралы екеуі бір-бір қарастан-ақ көңіл күйлерін ұғысқандай болды. Қабақ танысты. Себепті айту да керек емес. Жалғыз-ақ, Базаралының оң жақ бетінде қамшы табы, қан қызыл дақ болып, жаман көрініп тұр екен. Сұлу жұзді, өр көңілді, нар жігітті осыншалық бағы көшкендей қорлық түсте көру Абайға аяныш та, намыс та болды. Майбасар мұндай көңілде емес, ағы ақ, қызылы қызыл. Тіпті сүйсінгенін жасырмағандай, жайнаңдап сөйлейді. "Қалай ұрды, қанша ұрды?" дегенді де нашаланып сұрап, түгел білгісі келеді. Базаралы томсарған жүзбен ызаланып қалып отыр. Майбасарға көп ашылып жауап айтпады. Соған жыны қоза түскен Майбасар, мынау жұрт алдында, әсіресе өзі білетін сыбысы, сыры бар Нұрғаным алдында, жігітті жер қылмақ боп, бір сұм қулық ойлады. Базаралыға сықсия қарап отырып, бір танауынан мырс беріп күліп, табалауым дегендей қып:

– Базым, қамшы өзіңнің бетіңе де тиген ғой түрі! Құтырыпты-ау бұл Торғай, ә? Басыңа мініп, қырғи боп, қайткелі жүр бұл, – деді. Осы шаққа шейін тартынып, жүдегендей боп отырған Базаралы енді аппақ болған жүзіне, дуылдап ыза намыс шығып, екі көзі Майбасарға қадала қарап, жалт етті.

– Е, Торғайдың, торғай болмай, қырғи шыққанын жаңа біліп пе ең сығыр! Әуелі артыңа шойқайтып дәндеткен өзің емес пе ең? Менің басыма, сенің артыңа мінген соң, қырғи болмай, кім болушы еді? – деп салды. Бар жараны оп-оңай сілкіп тастап, кегі қайтқандай рақаттанып, сақ-сақ күлді. Үй іші де тегіс қостап күліп еді. Майбасар аузын аша алмай, қақ басқа бір салғандай болды. Мойнын оқыс теріс бұрып салып:

– Өй, тіліңе шоқ түссін, қан шелек! – деп, ұялғаннан күліп жіберді.

Абай соншалық рақаттанып, сүйсініп күліп кеп:

– Есіл Базеке-ай, осындай найза тілің барда, сенен қазақтың қамшысы түгіл, мылтығының оғы да өтпес-ау! – деді. Біржан сияқты шет қонақтарға Базаралының мына жайын бұл ауыл білдірмеуге тырысты. Сондықтан, Абай Базаралыға тез ғана ер-тоқымымен ат мінгізіп жөнелтуді өз міндетіне алды, Айғыз бен Нұрғанымға қарап:

– Базекеңнің үстіне шапан, кемзал, басына тымақ кигізіңдер, – деді. Кейін Базаралы жөнелерде, Абай айтқан ат-тұрманға қосымша етіп. Нұрғаным өз қолымен әдемі жаңа шапан әкеп, тыста Базаралының иығына жауып жатып, жұрт көзінен бір ғана қақас тауып:

– Қадіріңді қимаймын, Базекем, тек өз басыңды неге кішірейттің? Ішіме от салдың ғой! – деп қалды. Осы күн түс ауғам соң, Біржан Құнанбайдың үлкен аулынан аттанған еді. Кеше Әмір қонаққа шақырып кеткен. Бүгін бұл қонақтар сонда болмақ. Біржанға дәл жүрер кезінде, Ұлжан өз үйінен, өз алдынан дәм татқызып отырып, бата берді де, оң сапар тіледі. Сонымен қатар Айғыз, Нұрғанымдарға әкелгізіп тоғыз-тоғыз сый ұсынды. Біржанның өзіне өз қолынан үлкен күміс тайтұяқ сыйлады. Қасындағы жолдасына қоржын тола манат, мақпал сәлем-сауқат берілді.

– Аулыма келіп, мұндағы үлкен аға, кіші ініні өнеріңе қарық қылып барасың, қайда жүрсең жолың болсын. Өнерің, қадірің ассын, шырағым, біздің апа, жеңге боп саған ұсынған жол-жорамыз осы, ырзалықпен аттан! – деді.

Бұл үйге Біржан үлкен алғыс айтып:

– Ұлы-қызыңның игілігін көр, жақсы ана. Аулыңда, еліңде көрген сый-құрметім қайда жүрсем де есте болар. Құдай ырза, мен ырза! – деп Ұлжан, Айғыздардың қолдарын қос қолымен кішілік құрметпен тұтып, қош айтысып шықты. Абайдың сыйы – Біржанның өзіне тартқан сары жорға ат, сонан соңғы бар жолдасына жетектеткен және бірнеше жуан тұғыр екен. Сондайлық қос-қосармен Біржандар, Пұшантайға, Әмірдің қонағына жөнелгенде, Абай, Ербол, Әйгерім де бірге аттанды. Әйгерімді қалдырмай, бірге ала кел деп, Абайға көп тапсырған Үмітей мен Әмірдің тілегі бар-ды. Соны ескеріп, Абай Әйгерімнің тартынғанына, ұялғанына болмай, ертіп алған. Осы топ сол күні кешке Құнанбайдың үлкен әйелі Күнкенің аулында, Әмір тіккізген үйде болды. Бұл соңғы түнде де ән мол айтылып еді. Бірақ еттен кейін таңға шейін созылған Біржан, Абай мәжілісі де ұзақ болды. Жаз бойы Біржанды тыңдап, ән қадірін, әннің қасиетін азамат өнерінің бар зор биігі деп бағалаған Абай, күйден толқынған көңілінен естілмеген бір сыр жырын шығарған еді:

Құлақтан кіріп, бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй!...–

деп басталған өлеңін Біржанға осы мәжілісте оқып берді. Біржан Абайды өз ішінен ойшыл, кемел жас көретін. Мынау өлең оның саналы ақын өнерін де шын өзгеше етіп танытты.

– Абайжан, менің әнім саған жақсы қозғау салды деуші ең. Сен болсаң, әндегі біздің өзіміз байқамай, елемей жүрген түкпірді ашасың. Ендігі өміріме борыш арттың ғой! – деді.

– Ендеше, мүддеміз бір жерден шыққан екен, Біржан аға!

– Мүдде жолында біріміз ары, біріміз бері шыға жатармыз. Бір ғана саған айтып кетсем дегенім – өзіңнің әнді көтеріп қадірлегеніңдей өлең-сөзді мен де ең алғаш бағалағаным осы десем не дейсің? Саған менің бергенім көп десең, маған сенің бергенің, жол азығың қанша екенін өзің де бір аңғарсаңшы! – деді. Жаз бойы Біржаннан Абай барлық Орта-жүз, Арғын Найман, Керей, Уақтағы күйші, әншіні, ақын, ақылгөйді көп естіп, көп ұғынып еді. Соның бірі қазір есіне түсіп:

– Біржан аға, тек өнер қадірін білгеніміз анық болса, өмір тірлікте басқа шауып, төске өрлеген өнерді ғана қадір тұтайық. Рас, онда сіздің аз болып, жалғыздық көруіңіз де хақ. Бірақ сол жақсылық жолы жаманшылықпен жарғыласу екенін ұмытпай сақтайық! – деді. Бұл, екеуінің де табысып, түйіскен жеріндей болатын. Жанботаның, Азнабайдың апшысын әнмен қуырған Біржан, осы жолда өзінің бір қимылын көрсеткен де кісідей. Әңгіме сырлары сондайға көп сарқып, екі шабытты көңіл ұғысты да, сәл тыным тапты. Кеш жатқан қонақтар түске жақын тұрып, шай ішіп болған соң, тез жүруді талап етті. Аттар ерттелгелі де бірталай уақыт болған еді. Ақыры, Абай бастаған барлық Біржан достары, еркек-әйел боп тысқа шығып, сал-серілерді қолтықтап тұрып аттандырған кезде, Біржан ең соңғы бір ағалық тілекті жас әншілерге жолдады.

– Әмір, өзің бастап, Әйгерім, Үмітей қосылып тұрып, "Жиырма-бесті" бір шырқаңдаршы! Менімен сендердің айтқан қош-қошың сол болсын, асыл інілерім! – деді. Оқшау тілек. Бірақ Біржанның бойына сиятын – серілік, ерке тілек. Абай мақұл көріп, түсініп тұр. Жастар да іркілген жоқ, әсем қосылып шырқап кетті. Осылар бір ауыз айтып шыққанша көзін жұмыңқырап, азғана езу тартып, ұйып тыңдаған Біржан, атының үстінде тұрып, "енді бір сәт тоқтаңдаршы" дегендей белгі етті. Құндыз жиекті, жасыл барқыт, пұшпақ бөркін маңдайынан кейінірек шалқайтып тұрып, жаңағы жастарға еңкейіп бас иіп, енді өзі бір ән шырқады. Бұрын, бұл жаз бойы айтпаған ән болатын. Арманды, мұңды, кербез әннің қайырмасы шынды ашты.

Ей, бозбала-ай,
Өтті-ау заман-ай,
Қош бол, аман!..–

деп күлді де, өңі ағарып, қобалжыған Біржан, атының басын алыс сапарға қарай бұра берді. Артынан қарап, қатып таңырқап тұрып қалған Абайларға әнін әлі тыймай, арнап шырқап барады. Өзгеден бұрын бұл жөнді ұққан Абай еді.

– Мынасы жаңа ән! Дәл осы арада туған, бізбен қоштасып айтқан ән ғой! Шын шабыттың өзі ғой! – деп қызығып, тыңдап қалды. Абайдың осы сөзінен, жаңа ән туып кетіп бара жатқанын аңғарған Әмір, ата жүгіріп кермеге барып, ерттеулі тұрған ала атқа қарғып мініп алды.

– Үйреніп қалам! Есте қалмай кеткені обал да?! – деп шаба жөнелді. Ол сонымен қонақтарын қуып жетіп, бірге жанасып кете барды. Біржан осы әнін тыймастан шырқап, қалқытып айтып бара жатты. Абай тобы талмай тыңдап, әлі тұр. Ұзақ тұрды, ән бір сәт үзілген жоқ.

Ей, бозбала-ай,
Өтті-ау заман-ай,
Қош бол, аман!..–

Жолаушылар ұзап барады. Әйгерім, Үмітейлердің құлағына соңғы қайырма әлі де анық естіліп тұр. Алыстағы көк жотаға қонақтар өрлеп барады.

– Қозы көш жерге кетті. Әлі естіліп тұр, неткен үн! – деп, Ербол тамаша сүйсініп тұр. Енді бір азда, қонақтар әнін үзбестен, белден асты. Әмір сол жотаның бер жағында қоштасып, қайта жортып келе жатыр. Абайлар оның оралып келгенінше үй сыртынан қозғалған жоқ. Әмір үйреніп келді, тақай бере: "Ей, бозбала-ай деп, жаңағы қайырманы айнытпай, дәл әкелді.

– Әннің аты не екен? – деп Үмітей сұрап еді, Әмір оқыс сұраудан аңырып қалып:

– Япырмау, әттеген-ай, атын сұрамаппын ғой! – деді.

– Оның атын жаңа Ербол айтқан жоқ па? Қозы көш жерге шейін естіліп барады деді ғой. Атын Біржан да қоймаған шығар. Бұл – "Қозы-көш" болсын да! – деп, Абай енді үйге қарай беттей берді. Дәл осы кезде бұлардың қасына сырлы қызыл таяғын ұстап, Күнке бәйбіше жетіпті. Бар жас, бастығы Абай боп, ол кісіге бет бұрып, кішілік амандық айтты. Әйгерім үлкен құрмет білдіріп, қатты иіліп тәжім етті. Бірақ Күнке өзге жасқа қарамай, Абайға ғана көзін салды.

– Абай-ау, шырағым-ау, мұның не? Кімге өнеге беріп тұрсың? Біздің ауылдан қонақ осылай аттанғанды қашан көріп ең? Кімді асырып, асқақтатып тұрсың, осынша басындырып? Тым құрса пәруайсыздықты мына ала құйын Әмірге берсең етті. Сені естияр деген дәмем қайда, жарықтығым?! – деді.

Абай ызалана жаздап барып, өзін іркіп қалды да:

– Ап-ай, ойлағаныңыз – ауылдың, елдің жым-жырты ғой. Сәнім сол дейсіз ғой. Бірақ ондай-ондай сән табылар, ән табылмайды ғой! – деп шімірікпей күлді де, жастарға қарай бұрылды. Ербол мен Әмір қостай күліп:

– Сән табылар, ән табылмас... – деп жарыса қайталасты.

Күнке ызамен түйіліп, Абай жаққа жиреніш көзін бір тастап, айналып кетті. Әмір енді еркін күліп:

– Абай аға, тілеуің берсін! Қашанғыдан бұрын үлкен әжемді бір жамбасқа алып, соғып бердіңіз ғой! – деді. Әйгерім, Үмітейлер бұл сияқты кесек қалжаққа өте қысылып тұрып, қатты күлді де, ұялғандарынан отауды айналып, тез қашып кетісті. Еркін, ерке Әмір, әжесінің артынан әлі көз алмай қарап:

– Өл де маған... О несі екен, ән салса, Әмір діннен шыға ма екен? – деп, қыңыр тентектігіне басып, сылқ-сылқ күле берді.

3

Сол Біржан аттанып кеткен жазда, Олжай ортасына бір үлкен лаң кірді. Бұның басы жайлаудың бір жым-жырт түнінде, жарық айлы аспанға мұңды жүдеу шер шыққан, нәзік ырғақ әнмен басталды. Ел бауырға түсіп келе жатқан кез болған еді. Жайлаудан екі жаққа айрылыса көшкен жапсарлас Тобықты мен Керейдің барымташы мен жортуылшылары осы кезде түн шабуылын жиілете береді. Әр түнде: "алып кетті", "тиіп кетті" деп, ел іші даурығып жүр. Осындай тынышсыз күндерде сақтық ойлаған Жігітек, жылқысының түнгі өрісін қалың елдің ортасына, ішке қарай беттетуші еді. Сол жылқы Қараша, Қаумен ауылдары отырған Суық-бұлақтан кешкі су ішіп өргенде, Сыбайлас – Қаршығалы өлкесін бетке алып жайылған. Алды-салды көп болатын кезде, дәмелі ер-азамат түн баласында жылқыны барлап, ат үстінде болады. Өз әкесінің жылқысы жоққа тән, ап-аз болса да, жылқы бағуды сылтау етіп, бүгін жылқышыларға еріп Оралбай да шыққан. Жылқыда Қараша балаларынан өзі мықты, өзі жау түсіргіш Абылғазы бар. Ол семізден жараған аяңшыл қара ала атқа мініп, қатқан қара сойылын ерінің алдына көлденең салыпты. Жеңіл сұр шекпеннің омырауын жарық айға қарсы ашып тастап, кішкене тымақтың бір құлағын ішіне жымыра киіп, Оралбайға әңгіме айтқызып, өзі анда-санда бір шырт түкіріп тастап, көп жылқыдан ұзаңқырап шығып, жер шалып келеді. Жылқының жайылысымен, жер шалумен түк жұмысы жоқ, тек қана түс тұманында жүргендей жүдеу Оралбай, Абылғазыдай жақын ағайын, жасы үлкен ағаға іштегі шерін айтып келе жатыр. Үйде осы бүгін атқа мініп шыққанда да қайда барарын, қайтерін білмеген дел-сал дерттен шыққан. Ұйқы, күлкісіз күн кешкелі де көп болды. Ағып сөнген жұлдыздай, мұның қиял жұлдызы сонша жарқырап ақты да, енді міне өшіп барады. Өшкен емей немене! Қызығын, ыстық жалынын бұған дәл осы жылы бір ғана кеште ашқан Керімбала, аз күнде бұның көзінен ғайып болмақ. "Қаракесектен күйеуі келеді. Осы жолы алғалы келеді, әкетеді" дейді. Енді Оралбай тек дерт құшып, айрылу зарын зарлап қана қалғалы тұр. Істер шара деген бар ма дүниеде, жоқ па? Өмір-жастықтан осыдан басқа тілегі жоқ. Ілгері тілеудің бәрі де орындалмай-ақ қойсын. Қысқа тілеу, бір-ақ тілеу тілесін жас! Сонысы осы жол – тек Керімбала! Соның жолында өлу. Бірақ білегінен ұстап өлу. Ұзын өрім, қолаң қара шашын Оралбай өз мойнынан асып тастап, қыпша белінен бұралта құшып тұратын, айрылмайтын күн болса, одан арғы дүние өртеніп кеп, мұны жұтсын! Арманы да, қыңқ етіп қынжылуы да болмас еді. Оралбайдың Абылғазыға шаққан зары сол. Осы жылы көктемде, Біржан келместен бір ай бұрын, екі жас біріне бірі сыр ашқан екен де, содан бері жан жүзіне білдірмей, іштен тынып жүреді екен. Жігіт мұңын үн қатпай, сыр бермей тыңдаған Абылғазы, Оралбай әңгімесінің аяғында азғана сөз салды. Абылғазы емендей, шақпақ сүйек, зіл салмақты адам еді. Оралбайға әуелі "оң, теріс" деп түк айтпай, тек қана бір жайды білмек болды.

– Қыз қалай? О да сендей ынтық па?

– Қыз "жаным сенімен бірге шықсашы!" деп еді.

– Ендеше, серттен тайғанды әруақ атсын! Тәуекел қыл да, тас жұт! – деп бір-ақ түйді. Оралбайдың үлкендер ішінде ақыл салғаны осы болатын. Тіл көмегі болса да мынандай мырза көмекке қуанып кетті. Ендігі бір ғана күдігі Базаралы екен.

– Базекем не дейді? Тәуекел етсем, сол қайтеді? – деді.

Абылғазы оған да іркілген жоқ.

– Қызың Керімбала болса, ондай жақсы сұлудан "жан ая" дейтін Базаралы ма екен!? Өзінің кеше ғана қол-аяғын байлатқан Балбаласын қайтеді? Істеріңді істеп ал. Одан ары Базаралы түгіл, бар Жігітек саған болысады. Болыспай қайда барушы еді? – деді. Оралбай мынау ақылды естігенде, астындағы күміс құйрық, ақ көк атын қамшылай жалақтатып, дүр сілкінгендей болды. Дәл осы уақытта, екі шалғыншы Қаршығалы жақтағы соңғы бір ұзын белге шығып қалған екен. Аттарын тоқтатып, аз аял қып, тың тыңдай бергенде-ақ, Оралбайдың құлағына Қаршығалы жақтан жіп-жіңішке боп, сызыла созылып келіп тұрған ән естілді. Еркіне қоймай "қайдасың?" деп, іздеп шарлайды. Үзіліп, талып жетіп, еміс естіліп тұрса да, әлде бір сабырсыз жүрек шырқырап шақырады. Оралбайдың тақаты қалмады.

– Ағатай-ау, мынау ән мені шақырып тұр ғой! Өзі дәл Бөкенші жайлауынан, Қаршығалыдан, тіпті Сүгір аулының үстінен шығып тұр ғой! – деді. Аты да тыным ала алмай, ай астында жарқ беріп көлбеңдеп, шырқ айналады.

– Рас, Сүгір аулынан шығып тұр. Алда сорлы-ай, тілеуің қабыл екен ғой! – деп, Абылғазы кеңкілдеп күліп қойды. Қатерден қашатын Абылғазы емес. Бағанадан Оралбайға айтқаны: оның қиналып, ойланып айтқан кеңесі емес-ті. Жым-жырт тыныштықтан да ат үсті әбігер қақтығысты тілеп жүретін әдеті болатын. Сол себепті жігіт қызуына шоқ тастап қоздыра түсу бұған бір ермек көрінген. Рас, лаң шықса одан жасқанып, бой тасалап қашатын да Абылғазы емес. Мына қара ала ат, мына кепкен қара сойылды осы Оралбай үшін сілтеуден іркілмейді. Оралбайдай жалын билеген жастың, шынымен өз бетіне қарай ақыл берерлік кісі іздегенде, ақылдасары да осы Абылғазы екен. Жас жігіт енді тақат қыла алмай.

– Айтқаның шын болса, енді жүрші, бірге жүрші, Аба аға! Бағым ба, сорым ба, осының шақырғаны мен ғой! Сонымен екеуі: "Жүр! Жүр!" десіп ап, тебініп жіберіп, ойдан төмен ағыза жөнелісті. Оралбай осыдан аз бұрын, ойындағы тілек байлауы не екенін өзі де атап айта алмайтын еді. Қазір, ақ боз аттың екпінді желімен бірге соққан, құйындай сабырсыз, бір ғана арманы бар. Мұның тақатсыз жүрегіне, жаңағы ән, Керімбаланың өз әні боп, даусыз сол ғана боп танылады, кім айтқанын білмесе де, "сол!" дейді. Шауып келе жатып, көз алдында, әнмен толқыған ынтығының әсем бұғақты ақ тамағын, жұп-жұмыр аппақ мойнын көріп келе жатқандай. Қазіргі байлауын, дәл осы кештегі әмірі күшті, құдірет әні болмаса, ол әлі талай күн тебірентіп, толғанып барып шешер ме еді. Ал, бүгін ән шықты да, жүрек отын найзағай ойнатты. Мөлдір сулы өзені бар, шалқия төстиген кең көк өзек – Қаршығалы, қазір ай астында сұлу сәулеге оранып, ақшыл тартады. Түс мекеніндей боп аппақ буға ораныпты. Өзеннен, шалғыннан шыққан түн буы, кей ауылдарды орай қымтап, көзден тасалайды. Өлкені өрлей қонған он шақты ауылдың көбі жатқан. Оттар сөніп, түңліктер жабылған. Тек қана, оқта-текте әр тұстан ұйқылы үнмен күзетші айтақтап қояды. Иттер де көп үрмейді. Сол қалғыған өлкеде, барған сайын айқындап, ән өктейді. Жігіттер шауып келе жатып, танып келеді, әйел әні. Сүгір аулы – ортадағы көп үйлі ауыл еді, ән соның үстіне қарай шақырғандай. Бірақ екі жігіт дәл Сүгір аулының өзіне тақап келгенде, ән мұнда емес, қақ қасындағы ауылда екені білінді. Оралбай, Сүгір аулынан басқа ауылдың әні боп шыққанына түңілген жоқ. Үйткені жақындап тыңдаған сайын, ол әр ырғағынан, әсем зор қалпынан Керімбаланың әнін әбден таныған. Алыстан шақырып әкелген, еркін алған ән, мұның жүрегін адастырмай, сүйгенінің әні боп шыққанына, сабырсыз жігіт тәубе еткендей. Ішінен: "қандай жақсы ырым еді", "жүрегімді жүрегің қан жайлаудың қалың елінің арасынан, қараңғы кеште адаспай танып, шақырып алғаны қалай еді" деп, Керімбалаға алғыс бейілін бағыстап келеді. Мезгілсіз дүсірлетіп келген екі атты ән шыққан ауылдың көп итін шулата үргізді. Ән, бірақ сонда да үзіліп, баяулаған жоқ. Көп иттің, көп үнмен өшігіп үрісі қалыңдай беріп, ауылдың өзге үндерін жасыруға тырысса да, Оралбай құлағы енді Керімбаланың "Жиырма-бесті" айтып тұрғанын аңғарды. Иттердің арсылдап үрген мазасыз даңғазылығы, дәл осы күндегі, Оралбай, Керімбала айналасындағы суық дүние бітімсіздігі сияқты. Керімбала мен жеңгесі Қапаны мынау көрші ауылдың бір бойжеткені бастаңғыға шақырып, алтыбақан құрған екен. Бағанадан бері, жас жиын қайта-қайта алтыбақанға Керімбаланы мінгізіп, әнін тыңдап тұр еді. "Жақында ұзатылады-ау. Жат елдің адамы боп кете барады-ау. Есіл қыршын, жақсы бойжеткен!" деп, ішінен Керімбаланы қимай, бірақ сыртқа шығарып тіл қатпай, қапаланып тұрған құрбы қыздар, әсіресе, жеңгелер көп. Қапа сияқты аса тату, есті жеңге бүгін Керімбаладан басқаның көбіне ән кезегін бермей, тек өзінің қайын сіңлісіне ғана мұң шағуға ерік беріпті. Өз қолымен арқанды ырғап, оқта-текте үнсіз жасын Керімбаладан жасырып, сығып тастап тұр. Оралбай осы бір сәтке келді. Ақ атты, ақ сойылды, жіп-жіңішке сұңғақ бойлы жас жігіт алтыбақанға жолдасынан бұрын жетті. Тықыршып шырқ айналған атынан Оралбай сарт етіп түскенде, Керімбаланың үні үзіліп қалды. Айдың әлсіз ақ сәулесінен туғандай, бу мен нұрдың тып-тыныш шағынан пайда болғандай жігіт келді. Ғайыптан пайда болған қиял жасы – түн жігіті, әнмен таласып, өз де әндей боп келген сияқты. Оралбай асыға басып алтыбақанға келгенде, тіл септігі аз, тек көңіл, қабақ, әр қимыл ғана: "Келдің бе? Көрдім бе?" дегендей. Керімбала ешкімнен қаймықпастан кеп, жігіттің қолынан ұстап, саусақтарын қысты да, алтыбақанға тартты.

Жиын жұрт екі әншіге қуанып, қызыға тұрып, кезек берді
«Ақ дидарың көргенде балқыдым-ай...» –

деп, Оралбай бастап, Керімбала нақыстап, еріп кетті. Екеуінің сағынысып келген жүздері, ай астында аппақ боп толқына қобалжиды. Аға әнші, ұмытпас Біржан қастарына кеп, "қосағыңмен ағар" деп, жігіт батасын беріп, бар қиынға батыл бастап тұрғандай. Керімбала мен Оралбай көп ән салды. Сағынысып, зарығып қалған жүректер сөзбен айтыса алмас шер, сырларын әнмен үзбей айтады. Біресе кезектеп, бірін-бірі тыңдап алып, біресе, айрылыса алмай, қызық шаққа қана алмай, қосылып айтады. Сол әндер екеуін елтітіп, ақыл мен еркін де алды. Барлық алдағы өмір байлауын да жасатты. Абылғазы мына екі жастың ажарына көп қарап, үйлес үндерін көп тыңдап тұрып: "мына екеуін өлім ғана айырар" деген ойға кеп еді. Өзі Әкімқожаның келіншегі Қапамен құрдасша ойнайтын. Шынында, Әкімқожа екеуінің жас шамалары да жақын. Және ағайын ішінде үнемі тату, сыйлас болатын. Аз сөзбен, бір аға, бір жеңге тез ұғысты да, барлық жасты өздері меңгеріп, билеп алып, Керімбала мен Оралбайды өзге топтан бөліп жіберді. Оралбай Керімбаланың қыпша белінен құшып, қысып тұрып, өзінің бүгінгі түнде немен келгенін айта бастап еді. Керімбала көп сөйлескен жоқ.

– Жаным, жарығым! – деп, жігіттің бетіне ып-ыстық бетін басты. Көзі толы жас бар. Аздан соң жасын жұтқандай боп, тамағын бір кенеп, бар дүниеге кейісті шағымын білдірді.

– Құдайдың құртар күні, қу күні келіп қалды ғой сені мен менің басыма! Бірақ ойым онға, санам санға бөлінсе.де, сенен айрылар мұршам жоқ. Немен келгеніңді түсіндім. Әнеу күні бір айтқаныңда сұмдық көріп ем. Енді ерік өзіңде. Баста! Біз де ұрпағы едік қой. Әруақтар жар болсын, жарым! – деді. Оралбай өзінің осындай ынтығынан, "жарым" деген сөзді есіткенде, жанып кеткендей боп, жабыса сүйіп, үнсіз қатып қалды. "Жаным, жарым" деп, Керімбаланың өзі айтқан анық құштар үнін сыбырмен, қатты құмарлық сыбырмен айтты. Осыдан соң бір-ақ күн өтті. Келесі түнде Оралбай қасына құрбылас үш жігітті ертіп алып кеп, Керімбаланы алып қашты. Екі жастың есін алған жалыны бұларды осындай шаққа жеткізді. Олжай іші болса, үстіндегі аспан жарылып, жай оты төгілгендей өрекпіп бүлінді. Керімбала Сүгірдей көп "көк аласы" бар, мыңды айдаған байдың қызы. Берген жері Қаракесек, Қамбардың мықты, малды жері. Содан сан рет айғыр үйірімен, қыруар жылқы алған Сүгір енді қызының отауын көтеріп, "ырғап, жырғап" ұзатқалы отырған. Бөжей, Сүйіндік заманынан бері бұл күнге шейін Жігітек, Бөкенші арасында араздық салқыны түсіп көрмеген еді. Бірақ мына жастардың мынау қылығы енді Бөкеншіні тұтас тулатып, өртке салғандай болды. Жай Бөкеншінің бірі де емес, өзі Сүгір. Бұл күнде Сүйіндік өлген, ендігі тізгін көбі осы Сүгірде болатын. Көп жылқысының арасында "біреуге ат мойын", "біреуге ат сауырын" дегенді бергіштей жүріп, Сүгір салмағы күшті бай боп алған. Ол содан асып, жуансып та, паңданып та жүретін. Соңғы жылдар Бөкенші ішінде бір қалжың лақап барды. Сүгір бай қылаң жылқыға мінген кісіні көрсе: – "Мынаның мінгені менікі емес пе?" деп айтады дейтін. Енді сол Сүгірге қараған Бөкеншінің Байгөбек, Жангөбектей үлкен аталары, Борсақ, Дәлекеңдей қоңсы туысы түгел дүрлікті. Сүгірдің Әкімқожа, Балқожа, Нұрқожа деген балаларымен өзі боп тулағанда, "әуелі Жігітектің жылқысын тиіп аламыз" деп бір жасанды. Қауменді шауып аламыз деп бір лоқыды. Исі Жігітекке: "Тұрысар жерін айтсын, болмаса бір күн, бір түн ішінде қыз бен жігітті алдыма қол-аяғын байлап әкеп салсын!" деп, бір айбат шекті. Осындай өрттей шалқыған жиын ашуы, әр жаққа бір лап беріп кеп, аяғында, Бөжей аулына кісі салды. Бұл күнде Жігітектің бұрынғы басшылары – Бөжей ғана емес, Байдалы, Түсіп те қайтыс болған. Енді ел сөзіне ие болып, біркелкі жас буын шығып еді. Олар Бөжейдің балалары: Жабай, Әділ. Сонан соң жаңа пері боп атанған табанды, қырыс Бейсембі. Және "қу бастан қуырдақтық ет алады" дейтін, қансүлік Әбділда болатын. Таңертең жаманат біліне салысымен, Бөкеншінің шапқылай жиналысып, әбігерге түскенін, сыбайлас Жігітек күні бойы естіп, біліп отырған-ды. Әсіресе, бір ғана белдің астында отырған Қарашаның аулы, дамыл алмай хабарланып тұрды. Жансыздар жіберіп, Бөкеншінің әр саққа толқыған, іштей сөйлескен ашу кеңесінің де бәрін білді. Өздері біле тұра, өзге Жігітекке де қайта-қайта кісі шаптырып, хабарлап тұрған. "Жылқы аламыз!", "шауып аламыз!" деген сөздер Жігітекті Бөкеншіге сол күні-ақ жауықтырып қойып еді. Өзінің саны көп, өзі өмірде соғыс-шабуылдан қорқып, үркіп көрмеген Жігітек, сол күні түстен кейін-ақ, сойыл-шоқпарын белдеуіне қыстырып, жарау аттың бәрін ерттеп мініп, суыта бастады. Бөкенші болса, Жігітекке кісі салумен қатар, ес жия бере, көлденең, ара ағайынға да кісі шаптырған, Жігітекте Бөкенші дақпыртын ести сала, сол ара ағайынға қос-қос аттап кісі жөнелтті. Екі елдің де бұл жөнде: "араға кірісіп, жөн айтсын, арандатпасын" деп сөз салғаны – Айдос. Олжай үшке бөлінгенде – сол Айдос, Қайдос, Жігітек боп тарайды. Қайдосы бүгінгі Бөкенші. Айдос болса, осы маңдағы Тобықты ішіне күші мәлім, ісі мәлім – Ырғызбай және Көтібақ, Топай, Торғай – төрт ата болады. «Айдос» деп сөз салатын екі ағайын, сол Ырғызбай, Көтібақтарға тегіс жағалай хабар айтқызды. Арнаулы кісіні Құнанбай аулына, Құлыншақ аулына жіберген. Көтібақта Байсалдың орнына бұл күнде ел сөзін ұстайтын. – Жиренше бар. Соған да екі жақтың шапқыншылары кезек келген. "Айдос" деп тобына сәлем жолдап жатқандықтан, Жиренше де, Топай, Торғай адамдары да өз беттерімен жауап айтысқан жоқ. Ырғызбай ішіне бас қосып, Құнанбай аулына келіскен Барлыбай өзеніндегі Ұлжан аулына жиылып жатты. Ырғызбайды алса, бүгін Құнанбайдың өзі жоқ. Ендігі қалған ауылдарының бұндайда сөз ұстайтын үлкені мен пысығы – Майбасар, Тәкежан. Ол екеуі алғашқы дақпырт шығысымен, өздерін "іздегендер сол жерден тапсын" деп, Ұлжан үйіне – Өскенбайдың қара шаңырағына орнап жатыр. Осыншалық көп әбігердің себепшісі екі жас, бүгін таң атқалы әлі күнге орын тауып, байыздай алмай жүр. Әуелі, Қаумен, Қараша ауылдарында қалуға болмайтын болды. Бөкеншіге қонысы жақын. Сүгірдің ашу сөзі шыққан сайын, тілеулес жеңге-құрбылар, жастарды бұл арадан жалтартуды қажет десті. Қанды мойын айыпкер.деп, алдымен көздейтіні осы ауылдар болған соң, шынында, бұнда болуға жол қалмады. Одан сырғыған соң исі Жігітектің қарқарадай көрінетін атасы, көп Тобықтының ескі шаңырағы – Кеңгірбайдың аулын паналатпақ болысып, сонда әкеліп жасырып еді. Кейін Бөкенші елшісі тура осы ауылға кеп түсе бастаған соң: "біреу болмаса, біреу сыбыр беріп қояр, Бөжейдің орнына ел пәлесі орнап қалар" деп, бұл ауылдан да сырғытты. Содан кейін, бір кезек, қазіргі жастың абыройлысы және өзі табанды мықтысы деп, Бейсембінің аулына жылжытып еді. Бейсембінікі бір ғана шай ішкізуге жарады. Содан ары Бейсембі:" ертең мен Бөкеншімен тартысқа түсем. Сонда сөзге сынық боламын. Бұл жерден тайғыза тұрыңдар!" деп, ол да сырғытып жіберді. Кешке шейін осындай түртпекпен жүрген Оралбайдың намысы қайнап:" Базаралының өзі келсін. Бауырым бар еді десе, осы бүгінгі күн көзіме бір көрінсін!" деген. Ызалы қысымда тұрып айтқан соншалық қысқа, сондайлық қатты, суық сөз еді. Осы сәлемді ести сала Базаралы атқа мінген. Ол ең әуелі бұл істі естігенде, ғажап халге ауысып, бір ауыз үн қатпаған. Оң дегені де, теріс дегені де мәлім емес. Не бір қатты ашу ма? Не болмаса тістеніп алып "өле көрсем де, шыдадым" деген жігер-қайрат бекінісі ме? Әйтеуір, қатты сезім бұны буып-түйді де, әлі күнге үнсіз жүрген. Бірақ соның орайына, күні бойы, тек айналадағы жұрттың үнін қас қақпай тыңдаумен болған. Ол Бөкеншінің шарасынан асып, бұрқ-сарқ етіп жатқан хабарын да есітті. Жат хабарды Жігітек алғаш естіген жерде, бірталай ақсақал, қарасақал боп, Оралбайды қатты кінәлағанын да білді. Ол ғана емес, кейбір топтың әуелде: "Бөкеншімен кетіспейміз. Ағайын бетін не деп көреміз? Екі тентек ісі болса, елге ылаң болмасын. Жігітке айып тартқызып, қызды қайырту керек" дегендерін де естіген. Осыны да үнсіз, жауапсыз тыңдап шыққан-ды. Тек түстен соң ғана Бөкеншінің "жылқы алам", "ауыл шабам", "Жігітекпен жасасып, соғысам" деген асқақ сөзі келе бастаған соң, Жігітек жиындарының беті өзгере бастады. Өзгерткен бір себеп – хабар болса, екінші себеп – бір топ жастар мінезі. Бұлардың басы – Қарашаның Абылғазысы. Ол Оралбай ісі Бөкеншіге мәлім болысымен-ақ, ат үстінен түскен жоқ. Тіпті елден бұрын кеп, Керімбалаға өзі амандасып: "қадамың құтты болсын!" деп көңіл білдірген. Аға жақынның ең алды өзі еді. Содан соң күні бойы не қойшы-қозышыны, немесе бие қайтарған бала жігіттерді, не ел қыдырған қатындарды жансыз етіп, Бөкеншіге құлағын түріп.отырған. Бұл адамдары, тек сыртқа қимыл-қозғалысты бағатын "сырт көз" болса, содан соңғы ең бір шебер ісі – өз аулындағы Бөкенші қызы, бір келіншекті дәл Сүгір аулының өзіне ерте жіберіп қойған. Сол келіншек барысымен Қапаға жетіп, күні бойы Әкімқожа мен Қапаның отауында болды. Қасында тайға мінген Ержан деген бала бар еді – қайнысы болатын. Соны Қапамен екеуі Абылғазыға кезек сәлем айтып, күн ұзын талай жіберіп алды. Баланы бір белдің астында Абылғазының қойшылары тосып, қайта жіберіп отыратын. Керімбаланы өзі аттандырып салып, Қапа таңертең Әкімқожадан қатты таяқ жеген-ді. "Сенен жасырын сыры жоқ. Ауылға қастық еттің!" деп, күйеуі сабаса да, Қапа қайын сіңлісінің тілеуінен бетін бұрмаған. Үндемей, сыр бермей таяқты көтерген де, енді шамасы келгенше Оралбай мен Керімбаланың керегіне жарамақ еді. Бар Жігітекке, Бөкенші туралы ең деректі сөзді алып келген Абылғазы, үлкен ептілік жасады. Ол әуелі Оралбайды ақтайтын кісі боп келген жоқ. Дел салда отырған жиын, Оралбайды ұстап беруді де, Бөкеншіге қарсы тұруды да шеше алмай жатқанда, Абылғазы Бөжей үйіне келді. Ақсақал, қарасақалдың тап ортасына батыл басып кіріп, үй ортасына бір тізелеп, жүгініп отырды. Тымағын алғанда, сұлу біткен кесек жүзі салқын еді. Үлкен басын, соғысармандай боп, ақ шытпен қатты байлап апты. Бөкенші сөзі шыдамнан асып бара жатқанын, әсіресе, айта келді. "Ауыл шаппақ, жылқыға тимек, тұрысатын жер айтысып, өліспек. Бұған енді қызды қайтарғаның да шара болатын емес. Қанды мойын айыпкер боп, түгел Жігітек тізе бүгетін боп тұр. Одан басқаға Бөкенші ашуы қайтатын емес. Ендеше соған білгеніңді қыл, әкетай, елдіктен кетіппіз. Қор болыппыз, ашуыңды тарқат, саба мені ашуыңды бас, малымды ал! Мені қатын ет, үйткені, менде азамат жоқ. Менде қауқар жоқ, қормын" дейік. "Сүйтіп, алдына түсейік!" деп, Жігітек намысын қатты соққыға алған. Содан қайта қатулана түсіп, суық, құбылып алып:

– Сонша жер табанға түсіп жалпыетек болар не дүниені бүлдіріппін?! Екі ғана, ес тоқтатпаған жастың албырттығы ма? Сол үшін елдіктен, әруақтан, ежелгі достықтан кетер болса, Бөкеншінің сені қимағаны қайсы? Ол сені қиып қорлап кетсе, сен неңді аяп іркілесің? Нең қалып еді? – деп, аса өткір сөйлеп, батыл келген. Осы сөзден соң Жігітек берік байлау жасамаса да, бірақ таңертеңнен бергі екі ұдайлықтан, былқ-сылқтан арылып, сөзді бір араға түйген-ді. Сол түйіні бойынша, істің бәрін Бөкеншінің өз мінезіне қарай істейтін болады. Жігітек қазір жауапкер ел, сондықтан өзгенің аңысын аңдау.ең үлкен тәсіл болмаққа керек. Әзірше Бөкеншінің алдына түсіп, айыпкер боп беталды бойсұнбайды. "Бөкенші жақсы сөйлесе, жақсы ағайынның көңілін дауалаймыз. Жаман сөйлесе, кінә өз мойнында – жығыла кете алмаймыз!" деп, сөзді осыған сарыққан. Базаралы бұл кеңесті де өз құлағымен естіп, үн қатпай кеткен еді. Қоналқалық орын таба алмай жүрген айыпкер інісі мен жаңа келініне келе жатқанда, осындай көп хабарға қанып келген-ді. Оралбай мен Керімбаланы кешке жақын, бір үш-төрт үйлі кішкене кедей ауылға әкелісіп еді. Жүдеу үйдің иесі – жас жігіт Бөкембай бұлардан үркіп қорықпады.

– Сенен жаным аяулы емес. Осында бол! – деп, аз лағының бірін сойып жатыр. Базаралы осы үйге келсе де, Оралбаймен көп сөйлескен жоқ. Оның өзін тіпті сөйлеткен де жоқ. Тек, Керімбаламен екеуіне қатар ескертіп:

– Ел көзіне тентек болсаңдар да, иесіз, панасыз емессіңдер. Кінәласса да, қайда кетуші еді жұртың? Көтермейім десе де, көтереді ауыртпалығыңды. Болар іс болды, тек өкінбеңдер. Берілмейсіңдер, бергізбейміз! Бермеймін, қасыңдамын. Өзім хабарласып тұрам! – деген. Осының алдында дәл осы соңғы айтқан байлауына өзі бекінген соң, түс ауа, Абайға хат жазып, кісі жіберіп еді. Салмақ салып, ағалық, базыналық бәрін қосып, "болды бір іс. Аралас, тартынба, қорған бол. Тіпті болмасқа кетер болса, билігін өзің айт" деп тапсырған. Абай осы сәлемді естіген жерде, оның қасында Ербол мен Әмір бар-ды. Сол екеуіне ақылдасқандай боп:

– Жә, біз бұған не дейді екеміз? – деп, бір қойып еді. Әсіресе барлағаны Ербол болатын. Соған қарап:

– Бөкенші – өзің болсаң, Жігітек бауырың. Оның ішінде Оралбай, Керімбала болса – тілеуің бір құрбың, тату жас, достарың. Әуре-сарсаң осы болушы ма еді, бұл қалай болды, Ербол!? – деді. Ербол өзі де осындай толқында болатын.

– Мұның бәрінен жаманы, ара ағайынның мінезі болады. Сол деген жерден шықпайды ғой, Абай. Осындайдың тұсында пәлені басам демей, түлкі бұлтаққа салатындар.көп шығады. Мынау екі жас қапыда сондай пәленің сылтауы болғалы тұр. Қолдан келсе, пәлені өрбітпе. Жаны ашығанның ісі сол! Менің ақылым осы-ақ -деді. Абай өз досына аса бір ырзалықпен қарады. "Бөкеншімін" деп ұранға қызып отырған жоқ. Абайға: "Сен өз басың адам боп, азаматтық биіктен табыл!" деп отыр. Сөзі шын, тереңдеп ойлайтын кісінің түкпірлі сөзі. Ербол туралы ішінен қорытқаны: "бұның – адал адамның да, еркектің де сөзі ғой. Түбінде Ербол осы елдің сүбе адамының бірі болады-ау, бара-бара!" деп білді. Әмір өзіне арналған сөз болмаса да, Ербол тоқтай салысымен, іле сөйлеп жатыр, Абай Ербол туралы ойланып қалып, оның сөзінің басын аңғармап еді. Енді тыңдаса, жас, таза бейіл, қызу жігіт:

– Оралбай мен Керімбаладан аянып қалғанымыз ұят. Бар көмегіне жарау керек. Қаракесек азар болса мал алар, айыбын алар. Болыспай қала алмаспыз. Мен, мінеріне ат, ішіп-жеміне сойыс жіберу керек деймін! – деді.

Абай ақырын күліп, бас изеді де:

– Бұның да бір алуан дұрыс байлау. Сенің қолыңнан бүгінде одан зордың өзі келейін деп те тұрған жоқ. Тым құрыса дос замандастарың бейіліңді көрсін, Әмір. Бөтен жұртқа, көп көзіне дабырайтпа! Бірақ жаңағы атаған көмегіңді, өз атыңнан сәлем айтып, Оралбай мен Керімбалаға жөнелте бер! – деді. Осындай үй ішіндегі ішкі кеңестеп соң, Абай Ұлжан үйіндегі жиынға келген. Онда бұл уақытта бар Айдостың әр атасынан келген атқамінерлер қымыз ішіп, қызынып отыр екен. Қазір төр де, сөз де Майбасар мен Жақыпта. Солар қасында қызара, бөртіп, оқта-текте күле түсіп, қоздана сөйлеп қойып, Тәкежан отыр. Көтібақтан келген Жиренше, бұлардай емес, тартынып отырған сияқты. Топай кісісі Базар да онша көп шешілмейді. Бірақ Майбасар, Тәкежанша жеңіл жортып, әр саққа кетіп, әлденеге сүйсінгендей көтеріңкі отырған – Торғайдың адамы Даданбай көрінді. Абай басында үндемей барлап, жұрттың қабағын бақты. Төрт ата Айдостың екеуі бір мінезде, екеуі бір мінезде отырғандай. Енді біраз байқастап барып, Майбасар мен Жақыпқа қарап, Абай:

– Ал мына екі ағайын лаңына не дескелі отыр бұл жиын, ара ағайын? Сөз ұстатып, Айдос атынан Бөкенші, Жігітекке кісі жөнелттіңіздер ме, жоқ па? – деді.

Әуелі Жақып қысқа жауап қайырды:

– Жоқ, жібергеніміз жоқ! – дегенде, Майбасар бұдан ары ашыла түсті.

– Не деп жібереміз кісіні? Бітім айт деп отырған ағайын болса бір сәрі. Бірімізді "құпта" деп отырған жоқ па? Қайсысына болысайық!

– Сонымен ара қарындас, әншейін үндемей, түк білмегендей боп, қарап қалмақ па?

– Түбі қарап қалмас. Неге үйтсін?

– Ендеше, екі елдің араздық өштігі өрши түссін деп отырмыз ба?

Абай сұрақтары тергеудей боп, үй жиынын еріксіз мойын бұрғызып барады. Жұрттың бәрі басқа сөзді қойып, мына қағысуды тыңдауға кірісті.

Майбасар Абайдан әзірге сөзге ығыспағандай:

– Бұл пәле қозданғалы тұрған бір өрт емес пе? Оған қазір айтқан басу сөз ем болмайды, сол отты үрлеу ғана болады.

– Е, олай болғанда, әйтеуір шығатын өрт екен, сол шығып болсын деп отырмыз ғой.

– Ашу алды, ақыл соңы. Әуелі Бөкенші өрекпіп барып, өзінің ашуына ие болатын шаққа жетсін. Өрт шықса, оны алдынан шығып өшірмейді, қуа өшіретінді білесің ғой! деді.

– Осыны да "ел тыныштығын, татулығын ойлау" дейміз-ау! "мен кірісем, емші, жамаушы болам. Бірақ, мені солай араластыру үшін, әуелі өзің пәлеге бата түс өртене түс" дейді екенсіз, ә? – деді. Енді Абай ашулы еді. Жиренше мен Базар, Абайға: "анық, осы сөзің мақұл" дегендей боп, ентелесе тыңдады.

– Бәсе, осы жым-жырт отырыстың бабын мен де таппай отырмын. Жаны ашыр болмайды ғой, бұндай! – деп, Жиренше тіпті күйініп отырғандай болды. Ол тегінде Жігітек пен Көтібақ достығын қимайтын-ды. Бөжей, Байсал тұсынан қалған достық болса, оны жаңа басшы – Жиренше өзінің сақтауына, бағуына қарыз деп білетін, Топай болса, тегі осындай ағайын ішінің араздық салқындығына, қулық тәсіліне көп ермей, тура, әділ мінезді болғанды артық санайтын. Осы екі ата сонымен Майбасарлардың іркіліп, тартынуын бағанадан босаңсыта алмай және дәл сырларын ашып сала алмай отыр еді. Абай сөзі ашылысуға қамшы болды. Сол жайларды аңғарып отырған Тәкежан Абайдың бағанадан бергі тергеуіне ырза емес болатын. Абай жаңағы соңғы сын сөзін айтып, "ағайын ішінің тыныштығын тілемей, өртін іздеген мінез бар" дегенде, ол іле қағытты:

– Өрт, өрт дейсің! Соның рас, өрт. Бірақ біз бастап, біз тілеген өрт демекпісің өзің? Тіпті, түкпірді қазыссақ, өрт енді шығайын деп отырған жоқ, бұрын шығып қойған жоқ па? Оралбайың мен Керімбалаң салған жоқ па? Соны көрмей отырмысың? Жоқ, әлде "ән" деп, "сән" деп, осы жаз бойы өзің серімастанып ең, сондағы серіктеріңді әдейі бүркеп отырмысың!? – деп қатты кекетіп, мазақтай күлді. Абай күлген жоқ, бірақ қысылған да жоқ.

– Е–е, айыпкер табылды де! Ол – ән екен! Әнді сүйген мен екем ғой! Менің аулымда Оралбай мен Керімбала ән салыпты, содан екен ғой! Олай болғанда, тыныштық, татулық күнде, Кішекең, Бөбең жасының, сенің аулыңнан ішкен қымызын, жеген қойын тағы айыпкер деп қосамыз ғой! Тіз, тізе түс! – деп біраз қадала берді де, артынан қайта ызаланып, батыл үнмен ашына сөйледі.

– Сеп болуға жарамай отырып, немесе, әдейі сеп болғысы келмей бұқпантай ойнап отырып, айыпкер таппақ! Сеп болмай, еп көздеп, сылтау қуып отырсың ғой, түге! – деп, Ырғызбайдың жиынын жерлеп тоқтады. Соңғы жылдарда ағайын-ауқымында Абайдың анық ірілеп келе жатқанының бір белгісі осындайда көрінетін. Нені болса көзге шұқып, басқа сабап айтатын. Және соны ашулы қазы, әділ би түсінде қатты зекіп, зілмен айтады. Қазір ырғаса кеп, соған басқанда, Майбасарлар тоқтап қалды. Абайдың алғырлығы, бет беделі және әділдігі таразыны басып кетіп бара жатқандай. Сөз бен жолда Майбасарлар жеңілді. Бірақ сонда да бұл отырыста Абайдың дегені болған жоқ. Өзге Ырғызбай бір бөлек, Абай жалғыз өзі бөлек боп шықты. Мұны қостаған Айдос, Жиренше мен Базар еді. Ал ел емес, екі үлкен атаның сөзі Абайға ерді. Қалған екі ата қарсы болды. Оның ішінде, Торғайдың, Абайға көнбей Майбасарды ұстанып қалғаны кек-қыжалдан болатын. Жігітек ішінде осы пәлеге қанды мойын айыпкер Базаралы болатынын сезген Даданбай, ішінен "шоқ бәлем" дегендей боп, әнеугі Балбаланың ызасын есте тұтқан. Сөйтіп екі ұдай болғандықтан, Айдос тұтас сөз айтып, анау екі елге кісі жібере алмады. Бірақ "пәле өрбіп кете ме, ел арандаса ма" деп қинауға түскен Абай өздігінен Сүгір аулына кісі шаптырды. Ол жібергені – Ербол еді. Ара ағайын сәлемі мен өтінішін Абай Сүгірдің өзіне, Әкімқожаға жолдаған. Тілегі – "қол қимылы болмасын, істі насырға шаптырып ап, ежелгі дос Кішекеңмен кетісіп қала көрмесін. Ем табайық, тек жараны ұлғайтпайық. Осыны Айдостың көбі өтінеді!" деп жіберді. Бірақ Абайлар білмепті, Айдос ішінен Бөкеншіге кеткен алғашқы сәлем бұл емес екен. Майбасар жұрт көзінше, Бөкенші кісісіне, Айдос сөзін нақтылы қып ұстатпай, екі ұдай еткенмен, оңаша сөйлескен жерде, Сүгірге құпия сәлем айтыпты. "Жігітекке бата қимыл етсін, салмағын мықтап салсын, тайқымасын. Айдос түбінде тентекпен болмайды. Бүгін алдырып отырған Бөкеншінің қасынан табылады" деп жіберіпті. Майбасар мен Тәкежан мұндай құпия сәлемді текке айтқан жоқ. Оңаша сөзде Сүгір кісісі бұл екеуіне бір айғыр үйір жылқы беруді уәде еткен. Соны екеуі қабылдап отырып, бір жақтан Айдосты сатып, жаңағы уәде сәлемді айтты. Осындай қолтыққа бүріккен дем өзі ызамен томырылып отырған Сүгірге, анық қамшы болды. Үйткені ашу үстінде аңғармаған Сүгір өзге сөздің ішінен осы сөзді ғана ұқты. Және мұны түгел Айдостың түбегейлеп ұстатқан сөзі деп қалды. Абай сәлемі бұдан сонақұрым кеш келді. Күндіз Жігітекке жіберген елшілері Бөжей аулында боп, бар салмағын салып, " қыз бен жігітті қазір әкеп алдыма сал, қолыма бер, болмаса тұрысатын жеріңді айт!" деп отырып алған-ды. Оған Абылғазы кіріскеннен бергі Жігітек байлауы көне алмады. "Бұл – ағайынды ел емес, жауласқан араз елдің сөзі. Ел сағын сындырмай, келісетін сөзді ұстап.кел. Өзімізді ақылыңа ала отырып, бірге ем іздеудің сөзін әкел. Сол – ынтымақ сөзі болады. Мыналарың қара күш, зорлық. Кішекеңді қорлағаның. Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар, бұ не қылғандарың? Бір ғана осы жол болмаса, бұрын Жігітек, Бөкеншіден қатал мінез көретін не жаманшылық істеп еді! Екі арамыздан тату ағайын арасы бар ма еді? Қыл өтпестей тәттілікті бір ашуға сатпайық. Кеше осы ұрпақ қамын ойлап, үнемі достық, татулықты бізге мұра қып кеткен Бөжей, Сүйіндік, Байдалыны ойлайық. Бөкең сөзін, сәлемін ойланып айтсын!" деп, кешке жақын осындай бір жауаппен Бөкенші елшісін қайырмақ еді. Бұл жолы Бөкенші сәлемін әкелген, сол Бөкеншінің бүгіндер шыққан, жаңа буын атқамінерінің басы, зор денелі, бітімді жігіт Күнту болатын. Сол кетер кезінде Жігітектің өзі тұрғылас жаңа басшылары Жабай, Бейсембі, Әбділда үшеуіне оңашалап тұрып:

– Мына жауабыңа Сүгірді тоқтатам деп айта алмаймын. Ол бүлініп отыр. Пәле шақырдың, ағайын, айтпадың деме! – деген. Жабай осы соңғы сөзге қайыса жаздап: "Өй тоқташы, бұл қай айтқаның?" дей беріп еді. Күнту суық жүзін жібітпей, отты қара көздерін салмақпен, салқын қадап отырып:

– Айтқаным сол! – деген-ді.

Жабай сыр берсе де, бұндай қауіптен әлі күнге бет бұрып, жалтарып көрмеген, өзі сөзуар, өзі орамды, алғыр Әбділда ығысқан жоқ.

– Уай, Күнту, таразыға сенімен мен түспек боп тұрғам жоқ. Әруақ пен ел түсіп тұр. Содан үлкен болдым деп, содан аттап кетем десе, Сүгірді де құдай табар! – деп шапшаң да, қатты да айтып, бір-ақ тұжырған. Майбасар сәлемі бір келсе, соған ілес Жігітектің бұл жауабы және келді. Қыз бен жігіт те жоқ. Алдына түсіп кінәсын мойындаған Жігітек те жоқ. Жаңағы сөздің бәрі – "тіл емізу, қашыртқы салу." деп бағаланды. Содан соң-ақ Сүгір айғайды салып, от басын сабап, Бөкенші әруағын шақырып, тұлан тұтып кетті. "Мың көк аланы салдым намыс жолына. Шаштым, бердім қолыңа барымды! Тек, кегімді әпер мынадан!" деп жуан бай бүлікке кетті. Асып-тасқан содырлыққа басты. Ат-сойылы дайын отырған Бөкенші тобынан жүз жігітті жүз боз атқа мінгізіп жіберіп, дәл сам батарда Жігітекке аттандырды. Жаулыққа аттандырды. Тапсырғаны:

– Жігітек кісімді әкетті. Малмен ашу баспаймын. Кісі барымтасының орайы кісі барымтасы. Жігітектің жанына бататын жерінен маған да бір адамын, бір жесірін тартып әкеп беріңдер! – деп жөнелткен. Абай сәлемі осындай өрескел барымташылар аттанып кеткеннен кейін келіп еді. Сүгір Ербол сөзін үнсіз тыңдап шығып, жауап айтпай, қатып, сілейіп қалған. Бөкеншіден аттанған жігіттер бүлікке кеткен соң, дегеніне жетіп, бүлдіріп қайтты. Жігітек ішінде Жапа дегеннің жаңа түскен мөлдіреген сұлу келіншегі бар-ды. Соны, басындағы желегімен, есін шығарып, шошытып тартып алды. Ауылды басып, жаншып келген жүз жігіт бірде-бір кісіні тыпыр еткізбей, келіншекті зорлықпен киіндіріп тұрып алып кетті. Сол түн ішінде Бөжей аулында қонып отырып, мына хабарды естіген соң, Бейсембі, Әбділдалар да сәтте ашу байлауын жасады.

– Жақын деп қапыда жүр екеміз, жат екеміз ғой! Шабысуға кеткен осы болғаны ғой. Жебір-жесір етіседі екеміз. Тұр, аттан сен де! – деп, Әбділда Абылғазыға бұйрық берген. "Күш жию, ес жию" деген бөгет, аяң болған жоқ. Жігітек ызасы енді келген екен. Ол айғайсыз, байбайсыз бір-ақ ышқынып, сазара көгеріп алғандай. Сөз қатқан кісі аз. Асығып, әзірленген қимыл бар. Аздан соң бұдан да жүз жігіт шығып, Абылғазыға бастатып, түн ортасы болмай-ақ, Бөкеншіге қарай ат қойды. Сол топ, таң атар-атпаста қайта қайтқанда, жылқыға тиіп мал алып қайтқан жоқ. Бұ да кісі барымталап келді. Бөкеншінің елеулі жігіті Солтабай дегеннің де биыл түскен, о да желек астында жүрген жас келіншегі бар еді. Соны тартып алыпты. Бұл түнді Бөкенші-жігітек ішінде ұйқысыз өткерген күзетші мен жылқышы ғана емес, тегіс ел болатын. Солтабайдың келіншегі барымтаға түскенін ести сала, Бөкеншінің бар жайлауында түнгі жайылыста жүрген жылқы атаулы ауылға қуылып келіп, күн шықпастан аттар ұсталды. Еркек кіндікті Бөкенші тегіс сойыл, найза, айбалта ұстап, атқа қонып, Сүгір аулының үстіне үйілді. Дәл осы сәтте Жігітек те осындай, шоқтай боп, жорық-жортуыл, соғыс-қақтығысқа бет түзеп алыпты. Сонымен күн найза бойы көтеріле бергенде, Жігітек қонысы – Сар-көл мен Бөкенші қонысы – Шалқар арасы, Суық-бұлақ пен Қаршығалы арасы – қайнап сірескен қолға толып алды. Аз уақыт ішінде жасыл бел, кең жазық көк төскейдің бәрі шылқымай майданға айналды. Жасы алпыстың жуан ішіне кіріп, жетпіске тақап қалған Сүгір өзі де найза ұстап соғысқа шығыпты. Қарсыласқан ұрыста бір кезекте мұның бет алдынан Жабай мен Бейсембі кеп қалып еді. Шал найзасын соларға қадап, үңіле шапты. Жабай қасындағыларына бұйрық беріп:

– Мына кәрі өлгелі жүр ғой, қанына қарайып .. Қол тигізбеңдер! – деп қалды. Бірақ Сүгір тақап кеп найза саларман болған соң Жабайларды қорғап, Жігітектің бір жігіті көлденеңдей түсіп еді. Сүгір найзаны әлгі жігітке салып жіберіп, ұшырып түсірді де, ілгері ұмтылды. Бірақ артына жалтақтап, "жаңағына өлтіріп алып, құныкер боп қалам ба?" дегендей қауіп ойлап келе жатыр. Қарсы алдына Бейсембі кеп қапты, найзасын енді соған оқтала берді. Бейсембі төбелескен жоқ, тек найзаны қармап алмақ еді. Сүгір соны аңғарғандай боп, өз найзасын бос қана соза беріп, Бейсембіге ұстата салып, кейін жалт берді. Бейсембі саспайтын. Есінен ешуақытта айрылмайтын, тапжылмастың өзі екен. Сақ-сақ күліп жіберіп:

– Көрдің бе мынаның қылығын, көрдің бе?! – деп найзаны шошайтып, Жабайға көрсетіп: – Ана жігіт өлер болса, түпкі дауға барысқанда: "мен салғам жоқ, найзамды Бейсембі жұлып алған" дегелі, маған ұстатып кетіп барады! – деді. Бұл соғыстың бір тұсы. Өзге тұстарында талай жан қан құшып жарадар боп, аттан құлап, мерт боп жатты. Жігітек пен Бөкеншінің нелер ер, балуан жігіттері де кезігіп, шайқасып алды. Әсіресе бүгін қайратпен, ерлікпен көзге түскендер: Жігітекте – Абылғазы, Бөкеншіде – Марқабай. Кеудесі бір құшақ, балтыры бесіктей, жасы отызға жаңа ілінген жалпақ бет, ала көз, қара Марқабай – шын алып қайратты. Өзі Тобықтыға белгілі түйе балуан, әрі даңқты мешкей болатын. Бүгін қайта-қайта ат ауыстырып мініп, сол Марқабай талай Жігітекті аттан ұшырды. Өзі де сойылды көп жепті. Басы бітеу жара болса да, оны елең қылған жоқ. Бұл соғыс түске шейін созылып, енді одан ары да кете баратын еді. Жаралы болған, мертіккен кісілерін екі жақ та жауға бермей, ауыл-аулына әкетіп жатқан. Ағайын қанға батысып жатыр. Осыны білген Айдос, қалың қол боп түске тақау майдан үстіне жетті де, екі жаққа да тыйым салды. Әмір етіп, ақыра сөйлеп, Айдос атынан Жақып шыққан.

– Тоқтамағаның тентексің! Енді тыйылмағаның – өзіңе қарсы бізді жау етесің! – деп, еріксіз тоқтатты. Жауласқан екі жақ осыдан соң амалсыз басылып, өзді-өз еліне қарай қайта берді. Айдос тобы тап ортада тұрып ап, екі жақтың түгел тарап болғанын күтіп еді. Олар әбден арылып алған соң, қалың жиынымен Жігітекке бармай, Бөкеншіге тартты. Бұл Жігітектер үшін жаман белгі болатын. Не екі жаққа бөлінбей, не арада өзге бір атаға тартпай, түгел Айдос боп Бөкеншіге бұрылғаны: "күйінді сол, соның қасында болайын" дегені ме? Жоқ: "жазықсыз сол, соған болыстым!! дегені ме? Әйтеуір көп Жігітекті күпті етті. Айдос тобы Сүгір аулына түсетін болған соң, Бөкеншінің өз жасағы осы маңдағы Бөкеншінің өзге ауыл-аулына тарап түскен. Соғыс, әлек, қан қырғын боп жүрсе де, сонымен қатар бұл елдер ішінде әрқашан бір гу-гу мақтан әңгіме де, күлкі, мысқыл, қылжақ та жүруші еді. Бүгін соның бірін Жігітек, Сүгір туралы айтып, аңыз қып кетсе, екінші бірін Марқабайдың бір өрескел мінезі туғызды. Ол өзін қоршап, сүйсіне. Қошеметтеген бір топ жігітпен Дәлекен ішіне кеп түскен. Сонда бір ауылда мұның осы жаз бойы құмартып жүрген қызы – Құндыз бар-ды. Бірақ қыз көңілі де мұнда болғанмен, шешесі қатты аңду салып, алты ай жаз Марқабайды бір маңайлатпай қойған. Бүгін Марқабай мына әбігерді сол бір тілегіне сылтау етіп пайдаланбақ боп, көрші үйге жігіттерімен түсті де, қасындағы бір-екі құрбысына: "сендер Құндыздың шешесін ортаға алып, әңгімеге бөгей беріңдер" деген. Келіп жайланып, қымызға қанып, күпілдек әңгімеге кіріскенде, Құндыздың шешесі – қатқан қара кемпір де осы үйге келіп еді. Жігіттер оны әңгімесімен бөгеуге кірісті. Марқабай дәл осы сөздің қызу кезінде сусып шығып, тура Құндыздың үйіне асыға кеп кірді. Есік түрулі тұр. Үй ортасында, үлкен қазанда ірімшік қайнап жатыр. Құндыз жалғыз, кесте тігіп отыр екен. Қыз әңгіме айтқызайын деп, соғысты сұрай беріп еді, Марқабай оған жөнді жауап қатқан жоқ. Бастың бітеу жарасын да ұмытты. Тек қызға жалынып, құшақтай алды. Анау сескеніп, атып тұрды. Марқабай Құндызды еркіне қоймай, құшақтай түрегеліп, тамағына жабысып, сүйіп, тұрып қалды. Қыз бұлқынып босанайын десе де жібермей, қатты құшақтап тұр. Дәл осы кезде тақыс кемпір, бұның анау үйден кетісіне сенбей, атқып шығып, өз үйіне келген еді, қызын құшақтап, сүйіп тұрған Марқабайға:

– Уай, төбеңнен жортқыр! – деп, ақыра жүгірді. Марқабайда үн жоқ, қызды әлі құшақтап сүйіп тұр. Кемпір, қаны қайнап, тағы ақырып, қазанда тұрған ыстық шөмішті жұлып алып кеп, Марқабайдың жалаң бас, бақырдай басына шүйде тұсынан періп кетті де:

– Ойбай! Көнің адыра қалғырдың, көні кеуіп қалған ба! – деді.

Марқабай осы кезде ғана қызды құшағынан босатып жіберіп, қаша жөнелді. Ол осы "шөміш жеген" жайын жолдастарына өзі айтып берген. Сол күні дүйім елге, мынау лаң үстінде, осындай бір күлкі де тарап еді. Бөкеншіге түскен Айдос тек түспепті, Жігітекті тентек деп айыптап, Бөкеншінің дегенін істетпекке түсіпті. Және бір Абайдан басқа, түгел Ырғызбай, Торғай осында. Қазірде Көтібақ, Топай адамы да бұнда келген. Жиренше мен Базар кеше түнге дейін Абаймен бір еді. Таңертең, Жігітек жаулыққа шығып, Солтабайдың қатынын алып қашып алды деген соң, бұлар ара ағайынды елемеймін деген екен. Бөкенші ет ашумен, Оралбайдың тентектігіне орай, бір оғат іс істепті. Бірақ қайда кете қалушы еді? Сабыр қайда? Аз шыдаса, ара ағайын алдында жеңер ақылға мықты болмас па еді? Енді өзі бүлдірді. Тіпті Оралбай мен Керімбалаға құтылар жер қоймады. Олардың да сорын өздері қайнатты. Енді сол жесір қайтпай тыным жоқ!" деп байласқан да, Бөкеншіге барған. Сөз осыған жеткен соң, Жиренше мен Базар Абайдан бөлініп, Майбасарға еріп кетті. Абай жапа-жалғыз болып, қапаланып, үйде отырып қалды. Ол ел бүлігі үшін Керімбала мен Оралбайдан ұялды. Қол-аяғын қалың елдің лаңы, қатал жолдың зорлығы буғалы тұр. Бірақ Абай енді бір іске тез қамданып, жол жүрмекке әзірленді. Бөкеншіге орнаған Айдос, Жігітекке шапқыншы жіберіп, осы сөзді ұстайтын басты адамына, Сүгір аулына тез келуге бұйырған екен. Бұл хабарды алысымен Жабай, Бейсембі, Әбділдалар жиырмадан аса кісі ертіп, атқа мінді. Дәл жүрерде іс аңғарып жақтырмаған Бейсембі Абылғазы арқылы, Базаралыға хабар айтты:

– Іс райы жаман боп барады. Оралбай мен Керімбаланы алып, басқа бір далаға тая тұра ма, қайтеді депті. Базаралы бұны естігенде қатты күйіп, намыстан өртенгендей болды.

– Беделсіз би, қайрымсыз қара бауырлар, өңшең. Сендерге сенем деп бөксе басты болармын ба? Сүгір – бай, мен – кедеймін. Оның сөзін мың көк аласы сөйлейді, кісінеп тұрып. Айдостың сатымсақ бітімшілерінің жетегінде, астында жүріп сөйлейді. Менің, керек десе, қашып кетер, бұт артарым.да жоқ. Жігітектің сөз қуған жемқорларына сойып берер малым да жоқ. Өзім барам, сол тартысына! – деп, бір бекініп еді. Абылғазы бұл байлауын қабылдамай, тыйым салды. "Бүлініп отырған жұрттың арасына сен барсаң, жанжалды ұлғайтып аласың. Өшігіп, өршеленіп кетеді" деген. Осыдан соң, Базаралы амалсыздан Оралбай мен Керімбаланы өз қасына алып, Шыңғыстың елсіз тасына қарай тартты. Күшігін арқалап жортқан жаралы арлан тағыдай боп долданып, ыза кернеп, жортып жөнелді. Дәл жүрерде, көңіліне бір жұбаныш боп, Абайдан хабаршы кеп еді. Ол Әмір мен Мырзағұл болатын. Екеуі қос-қосардан төрт жарау ат жетектеп кепті және сойысқа бір тай әкелген екен.

– Осыны керегіне жаратсын. Ағайын ниеті бұзылды. Жерге кіргендей боп отырмын. Бір ақылымды алар болса, Базекең бұл өлкенің елінен қайыр күтпесін. Ертең Жігітек те қуғыншы боп, соңына түседі. Сонда жалғыздық көреді. Енді не де болса екі жасты алып, қалаға, ұлыққа қарай беттесін. Осыған көніп, Семей баратын болса, тек маған лезде хабар етсін. Мен өзім де қалаға аттанамын, қазір жүргелі әзір отырмын. Сол жерде керегіне, көмегіне жараймын. Осыныма сенсін де көнсін. Тез жүрсін. Болмаса, мынау ел ішінде жапа-жалғыз қалып, әл-қуаттан айрылып отырмын, – депті. Базаралы Абайдың қиын күнде ат сауырын бергеніне. Қуанып тұрып, ырза болды. "Елім безсе де, сен безбепсің. Бүгінгі Тобықтыда кісі болса, ол сенсің ғой, Абай. Қалаға түссем, керегіме жарайтының да рас. Бірақ, қалаға елден безген, қуғын жеген боп не деп барам? Ондайды істеген бұл өңірдің адамы да жоқ. Оның өзін де бір сұмдық деседі ғой артымнан. Одан да осы елдің өрісіне жетем. Елдігі бар ма, жоқ па, бар сырына көзім жеткізем. Егер азғындыққа басса, жағаласып өлем. Жарғыласпай, қан төгіспей көнбеймін. Бірақ қалаға да бармаймын. Ендігі жаным осы екі жастың жолында шықсын! – деген. Сонымен Базаралы жас қашқындарды апарып, Шыңғыстағы Қараша-қойтасы деген қиын құздардың арасына жасырды да, оларға Абай жіберген қысырдың тайын сойып берді. Өзі, беліне сапы асынып, тақымына шоқпар қыстырып, қолына емен қара найзаны ұстады. Жымда тосқан жолбарыстай боп, қой тасқа кірер ауызда көлденең жортып, күзетіп жүріп алды. Зор, балғын денесі бұл кезде қатайып, ширап алған, сондай шапшаң. Жүзінің қызыл нұры өшіпті де, долданғанда пайда болатын кескін бітіпті. Көгере сұрланып, суық томсарып, сазарып алған. Сүгір аулындағы жиын, Жігітек кісілері барған соң бір күн, бір түн керіске түсіп, ақыры, Бейсембі, Жабайларды жасытып, жеңді де, байлау жасады. Жігітектен айып кесіп, мал әперетін болды. Жер есесі Бөкеншіден асып жүр деп, Қарауыл бойынан Сүгір пайдасына үш қыстау айыпты тағы кесті. Оның үстіне Оралбайдан Керімбаланы айырып, Қаракесекке жөнелтетін болды. Жігітек оларға пана болудан бас тартты. Осы байлаумен қашқындарды іздеп таппаққа жендеттер шауып еді. Бұлардың алғашқы бір тобы, он жігіт боп кеп, Базаралыға килікті. Базаралы жалғыз тұрып, олармен қатты шайқасты. Өлімге бекінгені айқын еді. Бір ет асым жалғыз алысқанда он жігіттің бесеуін найзалап, қалған бесеуін жаралы, ызалы жолбарыстан қашқан қорқақ иттей қып, қуып, айдап тастады. Бірақ осы бесеуі Шыңғыстың бар биігінде андыздап жүрген көп Бөкенші мен Айдосты тағы әкеп қаптатты. Екінші кезек, отыз кісі боп кеп жабылды да, Базаралыны тықсырып Қараша-тасынан шеттетіп әкетті. Жеңіп, жығып қолға түсіре алған жоқ. Өлермен ердің бүгінгі ажарынан маңайласқан Тобықты жігітінің бәрі сескенді. Осы кезде қалған көп аттылар Оралбай мен Керімбаланы тауып алған еді. Жігітті арпалысқанына қарамай байлап тастап, қызды ат алдына өңгеріп алысты. Дәл айрылар кезде, байлаулы Оралбай айғай салып:

– Керімбала сәулем, қайта іздеп барып тағы алып қашпасам, әкем Қауменнен тумай кетейін! – деп қалды.

Керімбала да өр ашумен қызарып жанып:

– Жетер болсаң, жолыңа жаным құрбан! – деп кетті. Зорлық дегенін етті. Осы күн кешке Базаралы шауып отырып, Бөжей аулына кеп, қораның ортасында тұрып, өлі әруақ, көремісің мына қорлықты? Қарға! Сіле, мына елдіктен кеткен өздеріңді!" деп қарғыс атап, азан салып еді. Ауылда отырған Бейсембі, Жабай, Әбділда ұмтылысып кеп, ортаға алды, Базаралы Бөкеншіге шауып, "қан төгісіп өлісем!" деп тұр екен. Аналар: "мынау пәле шығарады" деп кеп, шылбырына орала кетті. Екі жағынан жалынып оралған Бейсембі мен Әбділда болатын. Долылық буған Базаралы екеуіне де:

– Жанын жалдаған екі қор. Елдің сорына шықтың ғой! Әлі талай сұмдықты етерсің екеуің. Кет жолымнан! – деп, бастарынан қамшымен тартып-тартып жіберді. Бейсембі мен Әбділда сонда да шылбыр-тізгінге оралып, қатып қалды. Жабай осы ауылдағы бар жігітті жауып жіберіп, Базаралыны аттан түсіріп, еріксіз үйге кіргізіп, тапжылтпай басып отырып алды. Қаруларын да ұрлатып, тыққызып қойды. Түн бойы, жиырма-отыз Жігітек Базаралыны осылай қамап, тұтқын етті. Бөкеншіге Керімбала келісімен, бағана Оралбай екеуі айтысқан серті естілді. Бұрын да байлау бекіген екен. Сүгір: "аулыма бұл шіріген жұмыртқаны сақтап отырмаймын!" деген болатын. Оның үстіне Базаралы мен Оралбайдың тоқтамасын көрген және Керімбаланың да райдан қайтпасын сезген Бөкенші, осы кештің өзінде, қасына бес жігіт ертіп, Керімбаланы Қаракесекке жөнелтті. Мұның алдында Сүгір құдасына хабар салған еді. Енді, "үй жасауын бөлек кеп алсын, әзір мына бұзылған жесірін, көзі тіріде, қолына табыс етемін. Өзі ие болсын, тыншымас болса, өлтірсін мейлі, жоқтарым жоқ. Құдай алдында қарызсыз, құнсыз" деп жөнелтті. Олжай лаңы осымен бітті. Арада екі күн өтісімен байлаудан босаған Оралбай, тақат, тыным алмай, құштарының артынан шауып, Қаракесекке келді. Неге келгенін, несіне сенгенін өзі де білмейді. Тек, шер жүректің қанды жарасын арқалап бір келгені. Өз жөнін жасырған болатын. Бірақ Керімбала жүдеп, жасып қалған екен. Айнала анталаған қайын, абысын көзі де бар. Қайғылы, қара қабақ жігіт отыр. Қос қанаты қайырылған, сары аурудан тұрғандай, салбырап, жүдеген Керімбала бар. Екеуі де үнсіз, бейшара бопты. Отау үйдің отының басында бір ұзын бойлы, кең жауырынды қара жігіт, кеш бойы пышақ қайрап отыр. Бір кезекте күңк етіп, Керімбалаға тіл қатты.

– Бүгін, не сен өлесің, не жігітің өледі. Райдан қайтпаған болсаң, байлауым сол-ақ! – деді. Ол жігіт Керімбаланың қайнағасы екен. Дәл ет піскен кезде жас келін етті түсіріп, жасап болды да, табақтан тілді алып, бір шетінен ұстап тұрып, Оралбайға қарап:

– Өріс таусылды, Оралбай. Ақсақ кемпірдің соңғы сәлемі осы болсын. Мына тілді келіп менің аузымнан алып же де, сонымен тоқтай біл, тыйыл, жарқыным! – деді. Сөйтті де тілдің бір ұшын аузына алып, Оралбайға қарады. Жігіт те жасқанған жоқ, атып тұрып барды да, Керімбаланы соңғы рет құшып, соңғы рет сүйіп тұрып, тілдің жартысын тісімен үзіп алды, өлердей жалынман өксіп, күрсініп тұрып, кейін қайтты. Осы түн қонбастан, атына мініп, жүріп кетті. Содан қайда кеткені белгісіз, қан жаралы жас жігіт жоқ боп кетті. Бірталай күн өткен еді. Сол Оралбайдың өлі-тірісі мәлімсіз боп, құстамен кеткеніне қамығып отырып Абай өз отауындағы Ербол, Әмір, Әйгерім үшеуіне бір сөз қатты. Есіне алған Біржан екен.

– Есіл Біржан, қадірің қандай еді! Елімнің асыл күшін арқалап жүр екенсің ғой! Сенің әніңнің лебі ғой осы жастарды осылай тартқан. Өнер болса, осылай боп, толқынсыз апан суға кесек тас түскендай, ұйқы-тұйқы етсін де. Өмір соны тілейді ғой. Осылай, құйындай соғар күштер болмаса, шіріп бүксіп күндер өтеді ғой, – деді. Ербол Оралбайды әлі аяушы еді.

– Бірақ соққыны дәмелі жасың, қыршын жасың көріп қалды ғой. Қанаты қайрылды ғой! – деді. Абай ойы басқа екен.

– Бұл сахарадағы қу өмірге осылай тізе көрсетер соққы болсын. Ер қайғысын бара-бара сол емдер! – деп, біраз отырып, үлкен бір ой түйді. – "Арыстан айға шауып мерт болғанмен, артында жортқан баласы арыстандық етпей қоймас. Ақ сұңқар ауға шырмалғанмен, ұясынан ұшқан балапаны сұңқарлық етпей қоймас!"– деген қазақ неткен дана. Тобықтының зорлығы мен қараңғылығы Оралбайды жеңгенімен, өмірді, тауарықты жеңе алмас, бұра алмас... Бұра алмас! – деді.

ЕҢІСТЕ

1

Есігі түрулі түңлігі шалқая ашылған кең үйге көктем сәскесінің бар тынысы, бар үні мол кіріп тұр. Биік сүйек төсек жанында дөңгелек үстелге шынтақтап оңаша ғана отырған Абайға есіктен кірген самал да жайлы. Таласа, жарыса білінген изен, жусан, жас бетеге иістері де күн шуақ ты салқын сәскенің хош лебіндей. Шырылдап ұшқан бозторғай үні бір кезек үй үстіндегі аспанға ілініп, қадалып тұрып қалып, қырық құбылады. Ақшоқының жақын сайларынан анда-санда үн қатып, көкек шақырады. Үнемі жауапсыз сұрағын қайталай қадалтып, сұңқ-сұңқ етеді. Дүниенің ең бір жазықсыз, аңқау үнпазы өз жұбайын шақырам деп, кішкене сырын кең тау-тасқа да паш етеді. Кейде жақын жердегі кең жайылым – "Қорықтан" адырға қарай шеттей ұшқан топ үйректердің сыпсың қанат қағыстары естіледі. Ұяны сай тастан, інді моладан салып ап, жұп-жұбайлы күндерге жаңа ауысқан саралақаз, италақаздар үн салып өтеді. Абай кітап оқып отырса да, көктемнің осы сияқты көп алуан жаңа тірлігін үнемі қатар сезеді. Ойлай сезеді. Үй жанынан кішкене, шымыр тұяқтарымен шапшаң дүбірлеп, топыр салып, жас қозы-лақтар жүгіріп өтті. Бір болымсыз себептен үркіп, ұйтқып безгендей. Әлі өмір танымайтын жас буын өз тірлігін үрке сүйеді. Көрші үйден осы қозылардай оқушы балалардың да жамыраған үні Абай құлағына оқтын-оқтын естіліп қалады. О да адам көктемінің жас төлді, балапанды тірлік үні. Абай кітабын оқи отыра, даланың кей дыбыс, иістерін үстірт қана сезінсе, кейде оңай оралған қатар ойды жаңағыдай ойлай да отыр. Еңсесі биік отаудың оң жақтағы тұскиіз, шымылдығына шаңырақтан түскен күн сәулесінде көктемдік, жаңа ашық рең бар. Таза сыпырылып, таза жиылған оңаша үй Абай көңілін көтеріңкі етеді. Өзіне өзі тиген еркін шақта, жас жасаулы, жарастықты жаңа көктемді үйден, тыстан бірдей сезіп, өзінше бір қуанышпен тын алады. Кітабына тағы да ерекше сүйсінген ынтамен үңіледі. Бұл кітапқа қазірдегі Абай ықыласы тіпті бөлек. Ол ықылас – кітап пен оқушы Абай арасында туған жақсы бір ұғынысудан. Орыс тілінде жазылған ұзақ әңгімені Абайдың ең алғаш рет еркін ұғып, тіл бөтендігін жеңген кезі осы. Ұғымды болған кітап бірінші өткел болды. Таза, сара, ашық өткелдей. Абайдың көп жылдан бері жетсем деп, тырмысып созылған, арманды жағасына шығаратын өткел. Биылғы өткен қыс бойы Абай неше алуан "тәпсірлерді" серік етіп, жалғыз табандап қадалғаны – орыс кітабы еді. Аяғында осы көктемде, жаңа дүние саңылауы шын жарқырап ашыла бастағандай болған соң, Пушкинге ауысқан. Қара сөзінен бастаған. Қазірдегі өздігінен оқып, ұғып келе жатқаны – Пушкиннің ұзақ әңгімесі "Дубровский". Тілін берген "Дубровский" хиқаясы өзегін де берді. Осы таңертеңгі оңаша отырыста Абайдың бар дүниені, үй-мекенді, кең тынысты көктемді өзгеше шат, жарқын көңілмен сезуінің себебі де, сол жаңа тыныс, жақын дос болған, қызық кітаптан ауысқан әсер еді. Көптен бұндай қуанған да емес сияқты. Былтырғы жаз бен өткен қыс бойында барлық істен, сөзден безер боп, қашып жатып алып, үйден шықпай қойғанының да, енді міні, орайы қайтты. Майбасар, Тәкежан, Жиреншелер бұны сырттан қалжың, әзіл етіп: "Әйгерімді алды да, дидарынан көз ала алмай қалды ғой. Аспандап жүрген жігітің жылан арбаған торғайдай топ етіп түсті ғой Байшора қызының қасына!" десетін. Абай соны ести түсіп, күле жүріп, бұрынғы медреседе ынта берген ұқыпты шәкірт қалпынан танбаған. Ешкімге ішін ашып ақыл салмаса да, енді өмір өрісінің өзін де қалаға қарай жақын беттету керек деген. Сонымен, қар кетісімен әлі елдің бәрі қыстауда отырғанда, осы Ақшоқыға көшті. Әйгерімнің ғана отауын алып, осы арадан өзіне бөлек қыстау салғызып алмақ боп келген. Жидебайда шешенің үйі, Оспан, Ділдәлар қалған-ды. Абай қора салатын ұсталарымен, жұмысшыларымен және төрт-бес үй көршісімен келіп, сол жұмысын жүргіздіріп жатыр. Қораны салушылар өз жұмысын істеп жүр. Ол жақта көбінше Ербол мен Әйгерім болады. Абай бұл жолы әке-шеше аулынан біраз ұсақ балаларды, Кішкене-молда деген тәрбиеші молдасымен, бөлек үй көтеріп, бірге көшіртіп әкелген. Қазір көрші үйде үн салып жатқан сол шәкірттер ішінде Абайдың Ділдәдан туған балалары – Ақылбай, Әбіш, Күлбадан және кішкентай Мағаш бар. Абай кітапқа үңіліп отырғанда, тыстан сөйлесіп, дабыр салып Әйгерім, Ербол, Кішкене-молда кірді, Кішкене-молда өзінің қайран болған бір жайын үйге кірерде, даурыға айтып келеді екен.

– Хұдауәндә! Бүгін жаңа қораның іргесі көтеріліп жатқанда, Абай неге бармады? Мен соған хайранмын. Өзі сау ма екен? Әлде сырқат па, – деп үйге кірген еді. Әйгерім еркектердің соңынан табалдырықтан аттай бере, күйлі үнімен ақырын күле түсіп:

– Сырқаттан сау, бірақ біздің қора салғанымыздан көрі бұл кісінің бұндағы машақаты қиын ба деймін. Содан қолы тимей жатса керек! – деп, Абайға қарады. Абай Ербол мен Әйгерімнен қораның іргесі көтерілгені туралы бірер сөз сұрап қайырлы болсын айтты. Соның артынан Әйгерімнің жаңағы әзіліне бұ да күле жауап беріп:

– Менің машақатым кірпіш қалаушы, үй-дүкен салушы төренің машақатынан ауыр десем, Ербол екеуің күлесің ғой. Бірақ төренің еңбегінің арты – үй болса, мені де солай, дәл бүгін таңда қуантып отырған – бір күй бар! – деді.

Ербол Кішкене-молдаға қарап күлді де:

– Оңаша, салқын үйде, төрт қабат көрпенің үстінде қыбыр етпей отырған кісінің машақатынан зор машақат бар дейсіз бе! – деді. Кішкене-молда әлі де Абайға таңданғандай және наразы да болатын:

– Үй-жай сіздің тұрашақ мекеніңіз. Бүгін сәт күні достарыңыз, халал жар жүфтіңіз жақсы бір тілекпен жаңа жайдың іргесін көтерді. Аса жақсы шат тілекпен көтерді. Сіздің сол сағатта үй-ішіңіздің жақсы тілегіне қатынаспағаныңыз мені шын қайран етеді, – деді. Әйгерім Абайды кінәламаса да, ақтамақшы емес.

– Біз молданы да бүгін шақырып алып, бата қылдырып жақсы тілекке арнап, бір бозқасқа шалдық. Молда әруақтарға сыйынып, құран оқып, бата берді! – деді. Абай бұл жайдың бәрін шын мақұлдағандай, ықылас білдіріп, Әйгерімнің өзін де, бала-шаға, дос-жаранына да осы жаңа үйде жаңа бақыт, тіршілік тілегенін тағы айтты. Содан Кішкене-молдаға қарап, көзі күлімдеп, аз мысқыл әзіл тастады.

– Молдеке, Әйгерім Ақшоқыдан қора салғанда оқылсын деген де фатиха бар ма еді? Қандай құран оқыдыңыз?

Кішкене-молда сарғыш жүзі ду етіп ызамен қызарып:

– Сіз фатиха жоқ деп білесіз бе? Күллі мұсылман білсе лазымдұр, hәрбір жақсы ниетке, жақсы фатиха бірге ере жүрсін. Мен "яразиқұл ғибади" фатихасын оқыдым. Ғайып па екен сол!? – деді.

Абай бұрынғы сабырлы қалпынша:

– Молдеке, ол қырман көтергенде айтылатын фатиха болса керек еді ғой, "ләухынамадан" солай көрсем керек! – деп еді. Кішкене-молда Абайдың фатиха жөніндегі қалжыңын орынсыз көріп, қабағын ренішпен бір шытынды да, үлкен көк көздерін дәукес Абайға қарай жалт еткізіп, үндемей тынып қалды. Мінезі шадыр, тез ашуланғыш, бірақ ықыласы таза молданың көңілін Ербол ренжіткісі келген жоқ:

– Абай-ай, жақсы ниеттің бәрі жақсы емес пе, тәйір! "Ақ қойдың келдесі, қара қойдың келдесі, мен құдайдың бендесі" дегенді де намаз деп жүрміз ғой. Оның қасында молданың жақсы үнмен, мақамдап айтқан батасы, қырман түгіл, қорықтың пішені туралы айтса да Әйгерім екеумізге батаның төресі көрінді! – деп үй-ішінің бәрін күлдірді. Жаңағы, алғаш кездесудегі аз кірбеңді жазып жіберді. Әйгерім бұл уақытта Абай алдында тұрған дөңгелек үстелге шашақты, жаңа дастарқан жайды. Тыстан, үнсіз ымменен жас келіншек Злиханы шақырып келтіріп, шұбат сапыртып еркектерге ұсынды. Абай өзінің кітап оқыған, шаттанған халін қайта тапқандай боп, енді Кішкене-молдаға, Ерболға жаңағы айтқан машақатының рахатын білдірмек болды. Салқын, қою ақ шұбатты сырлы аяқтан сабырмен жұта отырып, өз алдында жаюлы жатқан орысша кітаптың беттерін аудара түсті.

– Қора салған да машақат. Қырман шапқан, былжыр басқан ол да машақат. Бірақ талай жылдар ізденіп жүрген тілегіне ұғымды тілменен жауап қатпай жүрген мұсаннифлер кітабын өзіңмен ұғысатын етіп алу, ол да аз машақат емес. Мынау Әйгерім, Ербол куә. Молда, өзіңіз де сезерсіз, мен былтырғы жаз, биылғы қыс бойы бір ғана талап соңында едім. Қазір міне сол талабымның салынып біткен қорасын бірінші рет көргендей боп отырмын! – деп, біраз тоқтап қалды. Әйгерім мен Ерболдарға "осы айтып отырғаным түсініксіз-ау" деген күдікпен тоқтаған еді. Енді тағы бір жаңа ой келгенде Ерболға қарап сөйледі.

– Мына кісі, Кішкене-молда, жақсы біледі. Ықыласты шәкірт көп оқыған жылдар соңында, бір уақыт жайшылықтағы оқып жүрген жылдарынан, айлар, күндерінен бөлек бір жаңалық табады. Дүние есігі жүре бара өзінен-өзі, оның ақыл көзіне, кең ашылып кеткендей болады. Оқушы, талапкер тірлігінде ол ең бір бақытты шақ. Бұны мына кісілер, молдалар, "мұталағасы ашылғаны" дейді. Мен, өздеріңе мәлім, көп ізденген, ұстазсыз шәкірт халімде, орыыстың тілінен сол мұталағам ашылған шаққа жеткендеймін. Соған, Әйгерім, Ербол, сендер Ақшоқыдағы қораның іргесін көтерген кезде жеттім десем болғандай. Менің машақаттарымның да осындай сыры бар еді, достар, – деді. Бұл сөзді айтып тоқтағанда, Абайдың жүзінде ақшыл сұрғылт тартқан бір қобалжу білінді. Тегін сөз айтпаған сияқты. Сирек шығатын шыншыл, қуаныш толқыны. Жарының түсінен шынын жақсы танып, бағып өскен Әйгерім Абайдың осы халіне қоса қуанғандай. Әлденеден көзі жасаурап, қызара сүйсінді. Абайға мейірлене қарады да, сыпайы күліп:

– Ендеше шаттық молы сізде екен. Қайырлы болсынның үлкенін сізге айттық біз! – деп, Абайға жаңадан шұбат құйып, оң қолымен ұсынды. Ербол жауап қатқан жоқ. Бірақ іштей табысқан көңілмен, ақырын ғана күліп қойды. Бұл екеуінен Кішкене-молданың көңілі басқа шықты. Ол әлі де Абайды мақұлдаған жоқ.

– "Мұталаға ашылды" демек, Мантих, Ғақайыдты оқып жүріп, "Қафия", "Шарх-ғабдолланы" өз талабымен халфесіз, хазретсіз, дәріссіз фәhімлейтін болса, соған айтса ләзім. Болмаса, орыстың әллә нинди "шитри-мытриын" фәhімләдім деп, "мұталағаны" бұл жерде сөз қылу мүмкін емес. Оныңыз hәм хата, Абай! – деді. Абай әуелі қабақ түйіп, бір сәт қатты ашуланып, "тоқта, молда!" деп, зілмен тыйып тастады. Артынан біраз үндемей отырып, шұбаттан бір жұтты да, салмақпен сөйледі.

– Біздің бүгінгі хәлфә, хәзрет, көп ғұламаларымыздың осындай бір соры бар еді. Кішкене-молда, сіз де содан арылмаған жансыз ғой!

Кішкене-молда қазір тоқтайтындай емес екен:

– Абай, сіз исламият, ғарабият жолында сөйлесеңіз, мен ешнәрсе айтпас едім. Сіз кімнің кітабын, нені айтып отырсыз? Дүнияуи ғылым мәжүси, насранилерде қаддимнен бар болатын, бәлки ешбір мұсылман ғалимі оны өзіне қанағат қыларлық, шүкірана етерлік білім санамағаны қайда? – деді. Абай, жаңа бір бахас, ұзақ бахас боларын аңғарса да, Кішкене-молдамен сөзді ұзартқысы келмеді. Ойында көп дәлелдер бола тұрып, молданы тоқтататын бірер-ақ сөзді айтуды қажет деп білді.

– "Ешбір ғұлама" дейсіз, "айтпаған" дедіңіз. Өзгені қойғанда пайғамбардың хәдисінде, ғұламаның жазу жазған қара сиясы -шәhидтің қанынан қымбат" деген сөзді қайтесіз? Екінші – ғалемнің, инсі жанның жаралмыш тарихын, тек "Қыссасүл-әнбиеден " білген білімнің аты да білім бе? Адам қауымының, бар нәсілінің мінез-құлқын тек қана "Қырық-хәдис", "Лаухынама", "Фихқкәйдәни" тұрғысынан танып білген де жұбаныш па? – деп еді. Кішкене-молда бұған да жауап қатты.

– Ол аз болса, оқыңыз! Бар ғұмырыңызды сарф етіп оқып көріңіз. Бәлки, мұсылман ғұламаларын оқыңыз. Сізді бір ғұмырыңызға жетерлік білім содан да табылар! Абай ендігі сөзді кең өсиетке салды.

– Мен сізге хайранмын да, молда! Мұсылманшылық қағидасы" ғылым қайда болса, кімде болса, сонан ал " десе болар еді. Сіз айтқан өріс менің де біраз шарлаған жерлерім. Мен ғылымның, яғни фәннің, көп ғасырлар бойы адам баласы жиған қазынасына қол артамын деп, сапар шектім. Сіз оқымаған адам болсаңыз бір сәрі. Өзіңіз ұстаз саналасыз. Бірақ, ғылымды бір-ақ жолдан, бір-ақ тар асудан ізде дейсіз. Ғылым демек, шексіз кең дүние демек емес пе еді. Мұсылман ғұламаларының даналары Сократ хәкимнен, Афлатоннан, Аристотельден оқымап па? Солар мұсылман ба еді! Айлар, жылдар бойы іздеп отырған бір талибұлғылымды көресіз де, ізденбе, алысқа ұмтылма " деп етектен тартасыз! – деп, біраз отырды. – Қысқасы, бұл жолда сіз бенен біз ұғыспаспыз. Тек әрбір өмір, әрбір талаптың өзінің жететін бір бәйге төбесі, қарақшысы болады ғой! Сол жерде сөйлесерміз! Менің талабым – талап, өрісім алдымда. Сөз тәмам! – деді де, сырлы қара шақшаны тырнағымен сырт-сырт қаға түсіп, насыбайын атты. Өңі тағы да қобалжып барып тоқтады. Ербол бағанадан үндемей тыңдап отыр еді. Ол оқымаған болса да, байымдағыш, жүйрік көкірегімен өзінің досын мақұл көрген-ді. Енді қалжыңға салып, сылқ-сылқ күліп алды.

– Мен өзім қарапайым кісімін. "Дүмше молда дін бұзар" дегеннің қандай болғанын да көп аңғармаймын. Бірақ бір түйгенім бар. Оны да Абай арқылы аңғарып жүрмін. Осы біздің молдаларымыз кейде мұсылман емес елдің өнеріне келгенде, кәдімгі осы өзіміз көріп жүрген Тобықты ішіндегі Ырғызбай, Жігітек мінезін істеп кетеді. Әділ де болса Қарабатырдың, Әнеттің, Бәкең мен Борсақтың сөзін өре бастырғысы келе ме, біздің мына Майбасар, Тәкежан, Бейсембілердің?! – дегенде, Абай қатты күліп, сүйсініп кетті. Ербол өз сөзін аяқтай түсті. Біздің молданың орыс кітабы мен өнеріне істеп отырған зорлығы дәл Майбасардың Құлыншақ балаларына істеймін деген зорлығы секілді деп білемін, – деді. Ерболды Абай, Әйгерім ғана емес, шұбат құйып отырған нұрлы жүзді, сұлу келіншек Злиха да қостаған. Абай Ерболға сүйсінгеннен қатты күлді, көп күлді. Кішкене-молда бұл мінездердің бәрін тәрбиесіздік, тұрпайылық сияқты танып, қабағын қатты шытынды да, үйден шығып кетті. Көрші үйдегі шәкірттер ортасына ызғарлы, ашулы жүзбен жеткен сияқты. Молда барған мезгілде балалар үйі, кешкі қозылардың үйшіктегі маңырағанындай, тегіс шулап жөнелді. Жамырай үн қатты. Осы кезде Әйгерім тұрып, есіктен аттап, тысқа шыға бере, келе жатқан бір аттыларды көріп, үй ішіне хабар берді. Үлкен ауылдың көші келе ме екен? Бір екі атты келеді ғой. Бұлар кім өзі? – деп еді. Ербол үйде отырып:

– Кім тәрізді? Көш болса болар! – деп тысқа шығуға айналды. Әйгерім келе жатқандарды әлі де аңғара алмай қадала қарап тұрып:

– Біреуі еңгезердей бір үлкен кісі! – деді де, артынан тез күліп жіберді. Жаным-ау, алпамсадай болған кім десем, мынау Кенжем ғой. Сол емес пе? – деп үйден жаңа шыққан Ерболға бұрылды. Әйгерімнің Кенжем дейтіні Оспан болатын. Оның хабарын естігенде, үйден Абай да шықты. Үлкен ауылдан, қалың елден айдан артық уақыт бөлек көшіп кеткен аз үйлі топ, қазірде көп елді, көп туысты сағынып қалған сияқты. Көк жетіліп, жаз жадырап шыққанша қыстаудан ұзамай, Жидебай мен Шыңғыста қалған Құнанбай ауылдары енді көшіп келіп, көктем кезін осы Ақшоқының алдындағы кең шалғынды, мол сулы Қорық бойында, Ащысу өлкесінде өткізбекші. Сол арттағы елдің көшіп келетін мезгілі жеткен еді. Абай ауылға тақап қалған Оспанды көріп, жаңағы Әйгерімше о да таңғалды. Оспан шұбалаң құйрық, семіз торы атқа мінген. Үстінен қыс киімінің бірі, қалың күпіні тастамаған. Аяғында саптама етігі бар. Басына киген тымағы да қыс тымағы сияқты, қалың, ұзын жүн елтірі екен. Атын сипай қамшылап, сумаңдатып, қатты аяңдатып келеді. Денесі еңгезердей болғанда, қалың киім онан сайын зорайтып, молайта түскен. Бұл көріністегі Оспан Тобықтының бүгінгі ортасында ешкімге ұқсамаған, алып батырдай. Соқталы, зор торы аттың тізесіне шейін ұзын сирағы созыла түскен. Етігінің басы атының қолтығынан аса салбырап келеді. Абай өзінің інісін, осындай көп көріспей жүріп кеп бір қараған кезде, жаңағы Әйгерімше ұдайы таңданып барып танитын. Бірақ бұл жолы сол таңданғанын сыртына шығарған жоқ. Елді сағынған ауыл адамдары, Оспан мен оның қасындағы жолдасы Дарқанды көңілді, жадыраңқы жүзбен қарсы алды. Әйгерім Оспанның алдынан шығып, сыпайы жүзбен атын ұстады да, қысқа ғана амандық айтып кішкене әзіл қатты:

– Кенжем! Түн қатып шыққансың ба? Алыстан келген жолаушыдайсың ғой! – деді.

Абай Оспанның сәлемін алар-алмастан:

– Көш қайда? Әке-шешең аман ба? – деп бастырмалатып, жөн сұрай бастады. Оспан ауылдың бүгін жақын жерден, мынау Орта-ақшоқының арғы жамбасындағы Есіргемістен көшіп, Қорыққа қарай кеткенін айтты да, үйге кірді. Денесі кесек, алыптай болумен қатар, осы кезде жиырманың ішіне кірген Оспанның ерте шыққан сақал-мұрты да ұзарып, өсіп қалған екен. Бірақ жат денелі жас жігіттің сақал-мұрты селдір, сұйық күйінде сояулап шыққан. Жылқының қыл түбіндей боп, әрбір түгі үдірейіп, шанжаулап, қыңыр біткен. Үлкен отты көзінде шала ұйқы қанталатқандай, салқын қызғылт бар. Өңі Абай реңдес болғанмен, одан гөрі суықтау, қалың, қара сұр келген. Қырыс қабақ, қою қастың астында көз еті де қалыңдау, томпақтау. Әйгерім шай әзірлетіп, түстік қамдату ісіне кірісіп Злихаға ақырын бұйрықтар бере бастап еді. Оспан ол қимылдарды мезгілімен сезді де, Әйгерімге ас қамын қамдамауды бұйырды. Белін шешкен де жоқ. Әңгіме-кеңеске сараң, Абай сұраған әр сөзге қысқа, келте, күңгірт жауап береді. Ақшоқыға бұлар әкелген жаңа хабардың бір ауыр, суығы да бар еді. Құнанбайдың Тәкежан мен Қаражаннан туған ең үлкен немересі, сүйікті немересі 12 жасар бала Мақұлбай, көктемнен бері науқас еді. Кеше сол қайтыс болыпты. Сөйтіп көшіп келе жатқан ауылдар қаралы, жылаулы екен. Осы хабарды естіген соң, Абай Оспанның жабырқау жайын содан деп білді. Інісінің үйленгеніне жеті жыл болса да, өзінде бала жоқ еді. Тәкежан мен бұл екі туысқан көп достық татулықта болмағанмен, Оспанның мынау жадаулығын, мұңдылығын Абай жақсы көрді. Інісінде суық жүз, қатал қабақтың ар жағында жатқан бауырмалдық, мейірбандық барын танығандай боп, сондықтан ырза еді. Енді көп сұраулармен Оспанды қажаған жоқ. Шұбат ішіп, сусын қандырған соң, Абай үнсіз отырып қалғанда, Оспан мен Дарқан қыстау салғыза кеткен ауылдан сол істің барысын сұрастыра бастады. Бірақ ол жөнде Абай жауабы да сараң болған. Оспан енді Ербол мен Әйгерімнен сол шаруа жөнінен көбірек қанғысы келді. Ол өзі мал бағуға, шаруа меңгеруге, мал-жан иесі болуға да Абайдан сонағұрлым икемді, орамды болатын. Оспан өз ағасы Абайдың шаруа шебері емес екенін білетін-ді. Қар кетісімен Абай Ақшоқыға көшкенде оған керек ұста-шеберлерді, қайратты жұмысшыларды, аспап-жабдықты, ең аяғы ұн-шай, азық-түлікті де түгел қамдап, өз қолымен сайлап жөнелткен Оспанның өзі болатын. Бірақ Абайлар көшіп кеткеннің артынан, үй ішіне, шешелеріне қалжың етіп:

– Біздің Абай бір жоқ ырымды бастап, жылпос жігіт болыпты. Шаруаның қара қыртысын айналдырар сол. "Осы сен сөз айда, мен мал айдайын десем, биыл өнер тауып, қора салам деген бопты. Жетістіргенін көрерміз! – деп, күліп қалған-ды. Қазірде шаруа жайын сөйлескенде, Абай үлкен емес, Оспан сонағұрлым үлкен, тәжірибелі кісі сияқты көрінді. Салған жерден Абайдан:

– Неше ұя қырман шаптыңдар? Неше мың кірпіш құйдың? Қалыбың қандай? Жігітіңнің алды күніне қанша құяды? Қораның іргесін немен көтердің! – деп, қадай-қадай сұрай бастап еді, Абай көбіне жауап бере алмай, Ербол мен Әйгерімге қарай жалтақтай берді. Оспан көңілсіз еді, сондықтан күлкі еткен жоқ. Бірақ Абайдың қора салу жөнінде бел ауыртып қимыл қып, бас қатырып ой бөлмегенін салған жерден аңғарды. Ақырын ғана езу тартып күліп, Әйгерім мен Ерболды қолға алды. Әйгерім Мақұлбайдың өлгенін естігеннен бері, үнсіз жылауда еді. Оспан аздан соң оның жылағанына қараған жоқ. Мына шаруа жөнінен жауап қатып, сөйлесіп отыруын талап етті де, соған еріксіз көндірді. Аз әңгіменің артынан, Оспан жұмыс басына бармақшы боп, Әйгерім мен Ерболды ертіп, үйден шығуға айналды. Дәл есіктен шығарда, өзге жұрттың бәрін жөнелтіп жіберіп, үйде жалғыз қалған Абайға бұрылып, біраз үнсіз тұрып:

– Абай, атыңды ерттетіп менімен бірге Қорық жаққа жүрерсің. Үлкен үйге, әкеңе сәлем бересің ғой! Тәкежандікіне де құран оқырсың. Және осының бәрінен басқа, менің өзіңмен ақылдаса келген бір үлкен жұмысым тағы бар. Бір сөзім боп тұр! – деді. Абай інісінің жүзіне барлай қарап отырып, бағанадан бергі түйілгенінің шын салмағы осы соңғы сөзінде екенін аңғарды.

– Немене, ел пәлесі ме? – деп еді. Оспан әзірше томаға-тұйық қана жауап қайырды.

– Ел пәлесі ме, ағайын ызасы ма, несі екенін өзің аңғарарсың. Әйтеуір бүгін саған білдірмек сөзім бар, атыңды алғыз! – деді де, шығып кетті. Абай мен Оспан Ақшоқыдан Қорыққа қарай аттанғанда, қастарына Кішкене-молда, Дарқан екеуі бірге ерді. Кішкене-молданы Тәкежанның баласына құран аударуға Ұлжан шақыртқан екен. Қастарында көлденең кісілер болғандықтан, Оспан Абайға айтам деген оқшау сөзін бастаған жоқ. Көбінше жол бойы қораны қалай тез салдырудың қамдарын айтумен болды. Пішен шауып, қыстың мал азығын молырақ қамдап алу жөнінде айтты. Шыңғыс пен Жидебайдай емес, бұнда қар қалың, қыс қатты болады. Бұл өлкені қыстаған ауылдар бір жағынан пішенге сүйеніп шықпаса, жақжұтынан арыла алмайды. Әсіресе, Абай қыстауына жақын болатын Тесіпшыққан өлкесінен мол қылып пішен шапқызу қажет. Осы жайды еске алумен қатар, Оспан қазір мынау Қорыққа келіп қонған көп ауыл, бай ауылдың қысқы Абай шаруасына залалы тиетінін ескерді.

– Жылдағы көктемдегі дағды бойынша, қалың ауылдар көп малымен осында орнап қалды. Анау баланың өлімінен әурешілікте болып, мен де мезгілімен ойламай қалыппын. Болмаса, биыл іргені алысырақ салар едік! – дейді. Бұл да Абайдың ойламаған жайы еді. Інісінің алдағыны болжаған қамқорлық сөздеріне ырза болды.

– Бұның да ақыл екен. Осы маңда отырған Әнет, Көтібақша: "малыңды әрі қайыр, қорығыма түстің көгімді жедің" деп, мен қайсысына сөз қатайын. Шешеңмен, туысқандарыңмен сөйлесіп, біздің қысқы қамды өзің ескерерсің! – деді. Оспан Абайсыз да ескерген екен.

– Мынау баланың жетісін беріп, алғашқы бата оқушыларды атқарып алсын. Бір он күн шамасында, осы қонып жатқан ауылдың бәрін де көшіріп, қыстау мен Қорығыңның маңынан алып кетемін. Биыл Ащысудың тасқыны мол, жайылымы кең көрінеді. Тесіпшыққанның пішендік көгі содан кейін де тез жетіліп кетеді. Пішенсіз болмайсыңдар! – деген. Жолаушылар Ақшоқыдан шыққанда, Қорық бойында тек шұбартқан нөпір, қалың мал көрінгені болмаса, тігілген үй, жайғасқан ауыл жоқ еді. Абай енді байқап келеді. Ұзындығы тай шаптырымдай өлке бойына кем қойса он бестей ауыл қоныпты. Араларын жиі салып, өрлей, құлдай үйлер тіккелі орнап жатыр. Әр ауылдың тұсында қой-қозысы, сиыр-түйесі, мол жылқылары шұбартады. Ен сулы көк шалғында, әдемі көктемдік соныда мал атаулы тыныш рақат тапқандай. Дағдыда өріс, жайылыста жүрген малдай көп қозғалып, бытырап, шашырамайды. Қалың көктің арасында, тұмсығы тиген жерде, көкмайса жас шалғында қадалып, жабысып қалғандай. Мал тұяғы тимеген шүйгін қонысқа келгенде, алғашқы күн, бар түліктің істейтін мінезі осы. Оспан мен Дарқан қазірдегі Қорық бойындағы мал жайын, көктемнен бері күнде бағып жүрген тәжірибелері бойынша тез таныды.

– Мал жарықтық жер қадірін адамнан артық біледі-ау. Қорықтың сонысына кенедей қадалып, жабысып қапты. Қыбыр етпейді ғой! – деп, Дарқан өз байқауын топшылағанда, Оспан да мал ажарына сүйсіне түсті.

– Жылда көктем сайын келетін мекен ғой. Тіпті сиырға шейін де Қорықты сағынғанын білдіріп жатыр! – деді. Сондай қыбырсыз қалың шұбар мал тобының арасынан, ойдым-ойдым алаңынан тігіліп жатқан үйлердің бейнесі көрінді. Абай сол үйлердің, жап-жазық, тап-таза көк далада бірсін-бірсін туып, өлкені толтырып бара жатқан шарасын байқап келе жатыр. Ауылдар қалың шоғыр көштерімен қатар көшіп, қатар жеткен болу керек. Барлық ауылда да керегелер бір шамаға жайылып, шаңырақтар бір уақыттарда көтеріліп, уықтар қатар шаншылады. Қызыл жосамен боялған ағаш үйлердің сүйегін жиілеп шаншылған уықтар айқындап көрсетеді. Тағы біраздан соң қызыл шілтер ағаш сүйектерді құлаш жайып, кең созылған туырлық, үзіктер басып, шаңырақтарына төрткүлді түңліктер қонады. Енді теп-тегіс көк жазықта, жасыл дария жүзінде даяр үйлер орнап жатыр. Әне тамам қалың ауыл ортасында Ұлжан отыратын үлкен үй тігілді. Бұл ауылда сол үй тігіліп болған шақта қатардағы өзге ауылдардың бәрінде де сондай үлкен үйлер ең алдымен тігіліп жатыр. Ақшоқыдан осы ауылдар қонып жатқан қоныс құнан шаптырымдай жер еді. Жолаушылар шыққан жақ биік төскей болатын. Содан Қорыққа жеткенше, ауылдардың қонысын, үй тігісін біртіндеп санағандай, түгел көріп келген жолаушылар, Ұлжан аулына келіп жеткенше, барлық үйлер тігіліп болды. Он бес ауыл елсіз өлкеге, көшпелі жәрменкедей жанды қызу тірлік орнатты. Әр ауылдың бір шеті байлық, бір шеті жоқшылық, қайыршылық боп орнады. Шеткі қара лашықтар, қос, күркелер де, ең соңынан болса да – енді бас қалқитқан еді. Абайлар үлкен үйге түскен жоқ. Ұлжан аулының жанына іргесін тіреп, аса жақын кеп қонған қаралы ауыл – Тәкежан аулына келді. Болыс болғаннан бері қарай малданып, байып алған үлкен отау қыс пен жаздың бәрінде де өз көршілерімен бөлек ауыл қонып жүретін. Тек Мақұлбай бала өлгеннен соң соңғы күнгі қоныстарда, үдере көшкен сапарда, Ұлжан Тәкежан аулын өз аулына жақын қондырып келе жатқан-ды. Ұлжан болсын, басқа үлкендер болсын, қазір көбінесе өз үйлерінен көрі сол Тәкежан үйінде, ертеңді-кеш мезгілдерін өткізетін. Ер жеткен тұңғыш баласы өлген Тәкежан мен Қаражанға бұл ауылдың үлкендерінің қазіргі күндердегі тілеулес мейірі басқа болатын. Жыласуда, жұбатуда, жас әруақтың артын күтуде бір Ұлжан емес, Құнанбайдың өзі де әншейіндегі дағдысынан бөлек, баласы мен келінінің айналасына көп үйіріліп жүрген-ді. Абай Тәкежан үйіне ат қойып келген жоқ. Жас балаға ат қою жақсы ырым емес. Және жанкүйерлер сыналатын қаза бұл емес, Мақұлбай үшін Абай да әрі аға, әрі әке шендес. Тыста тұрған Тәкежанмен Абай құшақтасып көрісті де, үйде дауыс айта бастаған Қаражанға, басқа әйелдерге, дағды бойынша: "құлыным, құлыншағым" деп, үн салып, жылап кірді. Үй ішінде әйел-еркек те көп, жұрттың бәрі жылаулы. Абаймен Кішкене-молда Қаражаннан бастап, Айғыз Ұлжан сияқты үлкен әйелдердің барлығына көрісті. Төрде отырған әкесі Құнанбайға, Қаратайларға ғана көріспей, солардың қатарынан төменірек жерден орын алып, үндемей жыласты. Аздан соң көп жылаулар басылып, Қаражан жалғыз өзі аналық зарын шығарып, азырақ жоқтау айтты. Қайғы үсті болса да, Абай Қаражанды сынамай қала алмады. Айғай салып жылаған жеңгесін алғаш көргені осы еді. Оның даусы ұнамсыз, жарықшағы бар, еркек үнді, беймаза екен. Сөзін де Қаражан жанын қинап, қиылып, толғап шығармаған, Мақұлбай жақсы бала, қимас бауыр болса да Абайдың оны аяған жүрегіне Қаражан үні кесек тиді. Сол себепті, Абай жылаудан тез тыйылып қалды. Жыласу арты Кішкене-молданың зор, сұңғақ үнмен, бұхар мақамымен бастап кеткен құранына сайды. Құран оқу басталысымен Құнанбай басын төмен салып, мүлгіп, жалғыз көзін жұма түсті. Әлі жылауын тоқтатып болмаған келіні жаққа сол қолымен ишарат жасап, "тоқтат" дегендей етті. Қаражаннан жоғары отырған Айғыз, Қалиқалар Құнанбайдың қимылын көре сала, келінге!

– Тоқта, құранмен таласпа! – десті.

Осы үйде шайға, түстікке қарап, Абай мен Оспан ұзақ отырды. Ас үсті болмаса, өзге уақытта отауда адам сирек болған еді. Күні бойы тапжылмай о тырып қалғандар Құнанбай, Қаратай, Ұлжан. Және, үлкен ақ жастыққа құран бетін ашып салып, соны аударып отырған Ғабитхан молда бар. Басында сәлдесі, көзіне көзілдірік киген. Жирен сақалы бұл күнде молайып, ұзарған Ғабитхан молда аса бір ықыласты, минажат үстінде сияқты. Құран жүзіне сүзіле қараған көздері кей уақыттар жұмыла түсіп, сыбырлай күбірлейді. Жатқа білген сүрелер тұсын жұмулы көзбен оқып өтеді. Бұлардан соң үйде қалған Абай мен Оспан және Кішкене-молда еді. Кішкене-молда Құнанбайдың ақырын сыбыр еткен әмірінен соң, дәретін алып, өзімен бірге ала келген құранын ұстап, Ғабитхан молданың төмен жағынан жастық қойып, шарафатты кітабын жайып салды. Жылдам суырыла сыбырлап, құран аударуға кірісті. Үй іші ұзақ жым-жырт болды. Оспан Абайдың ығына таман шалқия отырып, иығы мен басын жүкке сүйеп, қалғып кетті. Абай мен әкесі арасында бұл отырыста бірер ғана амандық сөзден басқа мәслихат шырай болған жоқ. Құнанбай осы өткен қыс аяғында, төрт жылға тақау үрдіс, ұзақ жол жүріп, Меке сапарынан қайтқан еді. Бұл күнде ол қатты ағарып, үлкен кәрілікке жеткен. Сүйекті денесі әлі де қапсағай, зор болғанмен, бет ажымы мол. Қуаң тартып тозған ажары, бір кездегі үлкен, қатал, қуатты адамның әл-шамасы азайғанын танытады. Басында хаж сапарынан киіп қайтқан шошақ төбе ақ тақиясы бар. Иығында сырма жаға, Тобықты елі кимейтін, жұқа жібек, ақ шапан. Даусы қай сөзді, қай жайды сөйлесе де бұл күнде бұрынғыдай қатқыл, қою үнмен білінбейді. Ақырын, баяу ғана сөйлейді. Қасындағы Қаратайға, Ұлжандарға қарағанда, қазіргі Құнанбай бөлекше ортадан, өзгеше ұстаз көріп өскен жан тәрізді. Сыртқы ажарымен софыяна, мүләйім, пұшайман жан болған тәрізді. Ол Мекеден келгелі Нұрғанымның үйінде шымылдықты түсіртіп, өз мекенін өзінше намаз орнына айналдырған-ды. Барлық жұрттан жасырынғандай аулақ жататын. Қазірде тек мынау баланың өлімі осы жұрттың арасына оны ықтиярсыз келтіргендей. Құнанбайды күңгірт, үнсіз сағаттарынан, оқта-текте аз мәжіліске тартатын адам – өз тұрғыласы, қарт Қаратай. Абай әкесінің бұнымен сөйлесер сөзі жоқ екенін білгендіктен, күн бойы үнсіз отырды. Сөз қозғалса, ол тек Құнанбай мен Қаратай арасында. Мекеден алғаш келген күндерінде Құнанбайдан Қаратай көп нәрселер сұраған еді. Ондағы Құнанбайдың айтқаны барыс-қайтыс жол жайы болатын. Өзі тілесе, кімді болса да сөйлете білетін орамды, епті Қаратай, Құнанбайды қазір де сөйлете бастады. Дәл осы халге орынды болған, діндар адамдар әрқашан ықыласпен айтуға парыз саналатын бір жайларды сұрайды. Онысы Мәдине мен Мекедегі Құнанбай хажы зиярат қылған әруақтардың қабірлері туралы болатын. Құнанбай қолына тәсбихын алып, соны тарта отырып, "Мәдинеде кімдер қабірі бар?" дегенге жауап айтты.

– Мәдинеде Рәсулалланың, хәзрәті Әбубәкір, Ғұмардың және хәзрәті Фатиманың жатқан жайларын зиярат қылдым! Кейін тағы бір күндерде – хәзрәті Ғаббас, хәзрәті Хәмзә, хәзреті Ғұсман қабірлерін зиярат қылдым! – деді.

Қаратай ынталы, діндар мұсылман жүзіне еніп:

– Ол жерде бұл аталған әруақтардан басқа, сахабалардан жан бар ма екен? – деді.

Құнанбай бұл сөзіне де ынталы бейілмен жауап қатты:

– Сағды бин Уақас, Ғабдырахман бин Ғафу және хәзрәті Ғайша да сонда жай тапқан екен. Бұларды пайғамбарымыздың дос-жарандарының жайлары дейді, – дегенде, Ғабитхан молда, құраннан бетін бұрмай отырып:

– Ғашрай мұбашшара десе лазым! – деді де, құранын аудара берді.

Құнанбай молдаға тағзым еткендей бас иіп: "дұрыс айтасыз, молда, мен өзіміздің тілімізде айтып жатырмын", – деді. Осыдан кейінгі әңгімеде Құнанбай Мәдине мен Меке арасындағы сапарын баян етіп, Шамнан шыққан керуенге ілесіп, 13 күн бойынша түйемен Арабстан шөлін кезгенін айтты. Қаратайдың сұрауымен: Мекеге кірер алдында қай орында ихрам байлағанын, Ғарафаға қалай шыққанын бәйтолланың ішінде, қағбада неше ракағат намаз оқығанын, бәрін де баян етті. Мекеден аттанғанда, әуелі жаяу жүріп шыққанын, содан қайтыс сапарына шейін тағы бір еске алып өткен еді. Асықпай ішкен шай кезінде де, түс ауа келген түстік кезінде де Құнанбай Қаратайға зор құрмет көрсетіп отырды. Абайлар аттанар кезде Қаратай тысқа шығып кеткен-ді. Құнанбай күн ұзынғы мәжілісінің артын қорытқандай боп, Ұлжанға қарап:

– Оқымаған қазақта Қаратай көкірегіндей жүйрік көкірек аз-ау. Сұрап отырса да, сол мен көрген көп жайды өз көзімен көргендей, көкейіне қондырған! – деді. Ұлжан Қаратайдың сөз бастап, бүгін Хажыға көп жайларды айтқызғанына іштей алғыс айтып отырған. Қазір ерінің сөзін қостады.

– Тілеуің бергір, жүйіріктігінің пайдасын жаңа көрдім. Сіздің бізге көп шешіліп айтпайтын әңгімелеріңізді айтқызды. Соншаны көріп, біліп келіп, ішке тығып тастағандай едіңіз. Қоймадағы теңдей, көңілде жүргеніңізді айтқызып, сізді де жадыратты ғой! – деді. Сирек сөйлесе де тегін сөйлемейтін Ұлжанның сөзінде, Қаратайды мақтауымен қатар, өзінің ері Құнанбайды сәл бір әзілмен, сыпайы ғана шанышқаны бар еді. Ол жайды Құнанбай мен Абай екеуі де сезді. Абай ақырын езу тартып шешесіне қарап күлгенде, Құнанбай Ұлжан мінезінен, нәпсілік бір жеңілдік аңғарғандай боп, қабағын шытына түсті. "Әйел заты әйелдігіне бағады. Бұлар көзінше мінәжатты да ішкі сырдай, шашпау қажет" дегендей болды. Тәсбиғын жиі тарта түсіп, өңін Ұлжан жүзінен шұғыл бұрып алып, тәhлил айтып, сыбырлап кетіп, дұғамен бет сипады. Абай әкесінің Қаратайға айтқан жаңағы әңгімелерін еске алып, одан шешесінің шебер әзілін ойлап және әкесінің ендігі мына мінезін бағып отырып, іштей мысқылмен қарады. Қажыған кәрілікті күлкі етейін деген ойы жоқ еді. Бірақ ажуа боларлық хал өзінен-өзі амалсыз оралғандай. Құнанбай туралы қазіргі ойы – күлкі ғана емес, күйкі, жұтаңдықты да танып отыр. Төрт жыл кәрі сүйегін сүйретіп, шығанға барып келгенде, адамның әкелетіні: "Ана жерде бір мола, мына жерде бір мола деу болса, не деген аз табыс? Оның үстіне, үй ішінен, жар-жаранынан, бала-бауырынан бет бұрып, бұғып жату тағы болса, ол қаншалық ұтылыс?" деп, әкесінің ендігі қалпына, әсіресе, қарны ашқандай қарады. Аздан соң Оспанды ертіп Тәкежанның үйінен Абай аттанғанда күн кешкіріп, екіндіге тақап қалған екен. Екі туысқан кешкі қоналқада қайда боларын шешпесе де, атқа мінісіп, өлкені, өзенді бойлады. Кешкі суға келіп жатқан қалың жылқыларды шеттей жағалай түсіп, ешбір ауылға соқпай, белгісіз бір сейілге шыққандай. Осылайша атқа мініп, оралып қайтуын Оспан тілеген соң, бағанағы сөзін айтар деп, Абай үндемей ерген-ді. Бірақ бұл жүрісте де Оспан сөзін бастағанша көлденең бір жай олардың келелі сөзінің арасына түсіп кетті. Ол күйдің себепшісі – бұл екеуінің аңшы інісі, әдемі көк қаршығаны қолына ұстаған, сұлу, жарау, ақ-сұр байтал мінген Шәке болатын. Абай мен Оспан өзенге қарай беттегенде, арттарынан Шәке бозбала ағызып кеп қуып жетіп, қастарына орала кеткен. Үстінде жеңіл шапан, басында сарғыш торғынмен тыстаған жұқа қара елтірі тымағы бар. Көңілді, көрікті ақ сұр жүзді Шәке, желқайықтай ескен жылпос сұр бедеуімен лып етіп жетті де сәлем берді. Екі ағасына ақсиып, күле сөйлеп:

– Қаршығамның өнерін екеуіңізге көрсетейін деп келдім, Абай аға, маған еріп азғантай өзен бойлаңыздаршы. Қанжығалараңызға бірер үйрек байлап жіберейін! – деді. Абай қызарып, еңкейіп бара жатқан күн астында, топшысы мен омырауы қызыл алтын буын жалатқандай, жылт-жылт етіп тұрған көк қаршығаның реңіне қызыға қарады. Алтындай сап-сары көздері күн шұғыласына қарсы, қанқұмар қызыл от төгеді. Жалт етіп күнге шағылыса түсіп, қомағай қарайды. Абай қызыққаннан Шәкенің қаршығасын өз жеңіне қондырып алды. Құс бабын білетін ыңғайлы қимылмен басы-жонын сипады. Ойнақшып отырған құстың айналаға қапысыз, сергек қарасынан шабытты бабын түйді. Құстың санын да ұстап көрді.

– Кезіккеннің қолында өлгелі тұр екен. Түлегі де жақсы екен ғой. Мұны кім баптап берді? – деді. Шәке:

– Баптаған өзім, қаршыға-лашын бабын үйрендім ғой! – деді.

Абай інісінің өнеріне сүйсіне түсіп:

– Рас, ол – өнер. Кісі қызығарлық өнер – саятшылық. Бұл талмайтын табандылықты керек етеді. Азамат болғаныңның белгісі де, енді бізге өнеріңді көрсет. Ердік кәні! – деп, астындағы жарау жирен атты тебіне жорғалатты. Өзі де аңды қызық көргенін білдірді. Шәкенің ақ сұр бедеуі тізгін ұшымен сумаң қағып, лыпылдап, алға түсе берді. Бұлар өзен жағасына тақап қалып еді. Өзеннің аңшылар көп киліккен тұсы жайылым екен. Бағана атқа мінгеннен бері осы өңірде жоғары-төмен сыпылдап ұшып, топ шүрегейлер жүрген. Суыл қанат сұқсұрлар, қос-қостан ұшқан көкмойындар, қоңырлар байқалып жүр еді. Бірақ қазір Абай мен Оспан дәл жақын жерден құс көре алмады. Шәкенің өзі де әлі жақын жердегі құс бейнесін аңғармаған еді. Ол бір қалыпты сар желіспен бара жатқанда, алатын жемін көрген мерзімді белгіні көк қаршыға өзі жасады. Аңшы жігіттің қолына төсін ұрып қалып, "жібер" дегендей. Ытқи ұшуға дайын әзірлігін жасап қалды. Шәке атының басын тез ірке бере, алдыңғы жағын шапшаң шолып өтті. Бірақ жақын жерден ұшқан, не су бетінде отырған құсты шала алмай, бөгеле берді. Абай осы кезде қатты жүріп кеп, қаршыға аңғарын байқады да:

– Жібер, өзі көрді ғой! – деді.

Сол сөз әмір бұйрықтай болды. Көк қаршыға лып етіп, аңшы қолынан жерге қарай құлай түсті. Сұр биенің тамағының астын ала, қанатымен жер сызып, жасырына жөнелгендей болды. Қаршыға сол аққан бойында өзеннің арғы бетіне шығып ап, көк шөп арасында біраз жыбырлап, иреңдей барып, аңшылар көзінен жоғалыңқырап кетті. Бұның аңдысын аңдап, үндемей сілейіп тұрып қалған аңшылардың айтысқан бір-бір-ақ сөздері: "тұрғыға кетті, тұрғыға кетті" деу болды. Сол сәтте көк қаршыға өзеннен ағызып қайта бері қарай өте бере, қызыл шапақ астында төсін жарқ еткізіп, шаншыла бір көтеріліп қалды да, оқыс төмен қарай лақтырған тастай, шаншыла түйілді. Бұл құлап түскен тұстан лезде үркіп, әбігермен шуласып, сатырлап, ұшқан көп қанаттар дыбысы білінді. Шашырай ұшып, жан-жаққа безіп бара жатқан үлкенді-кішілі үйрек, қаздар да көрінді. Аңшылар аттың басын ірікпестен ағыза шапты. Қаршыға түскен жерге ең алдымен жеткен Шәкенің өзі еді. Абайлар да көріп келеді. Екі сарала қаз арасында көк қаршыға ұйқы-тұйқы, сарт-сұрт майданда екен. Көгалға жайылған саяз судың ортасында, төбеден кеп оқыста басқан қанды тырнақ жауына қарсы, екі сарала қаз жан себілдікпен, қатты қимыл етіп жатыр. Бір сарала қаз қаршығаның астында тулап, үн салып, қос қанатымен су сабалап, қаршығаны шоршыта сүйреп жүр. Екінші сарала қаз қаршығаның үстінде. Дәл өзі құс алып жүрген қырандай, соншалық өлермен батырлықпен, қайта-қайта соққылай төнеді. Көк қаршыға, кесек көк болаттай. Қаздар болса жүнінің ақ-қарасы, қызғылт сарымен күн сәулесінің астында соншалық шапшаң жарқ-жұрқ етеді. Лаулаған жалындай. Аласұрған қарбалас құбылыстары жанталастың ең бір отты шағын танытады. Өмір үшін жанталастың соншалық шапшаңдықпен ұшқын атып, сәт сайын жүз құбылған шағы. Бір кесек көк болатты үлкен дүкеннің қызу көрігінің астына тастағандай. Абай сүйсінгеннен қарқ-қарқ күліп, тақап келе бере, аттан секіріп түсті. Шалшық суды жалдай жүгірді. Үйткені, атынан әлдеқашан түскен Шәке, екі сарала қаздың арасында алысқан қаршығасына әлі қолын жеткізе алмай жүр. Бұл екеуі қатты адымдап, құстар майданының арасына енді тақады. Көк құс, үстегі бос сарала қаздың бағанадан бергі соққысын енді кешірместей долданыпты. Өз үстіне соңғы рет түйіліп, тағы соға берген қазға оң аяғымен сарт етті. Мойнынан ұстай алып, қасындағы суға шолп еткізіп, шалқасынан келтіріп, тымақша ұрды. Шәке қуанғаннан:– "Я, әру-ақ!" деп, даурыға бақырып жіберген еді. Енді бір сәт болса, астындағы сарала қаз аяғынан құтылғандай. Жон жүнін жұлдыра, көк құстың сол аяғынан сыпырылып барады екен. Шәке айғайлаған бойында кеп, сол қазды қамшыменен бастан бір тартты да, баса қалды. Көк құс өлермен екі сарала қазды бірдей алды. Бұл – аңшылар тәжірибесінде болмастық бір олжа еді. Ырымшыл аңшы болса: "құсыма көз тиеді" деп, сұқтан сақтанып, өзгеден жасырып қоярлық нәрсе. Екі сарала қазды екі ағасының қанжығасына байлап беріп, Шәке Оспан жанындағы қаздың басын кесіп алды. Жүнінен шапшаң арылтып, мыйын ойып, қалтасынан ұсақ қант алып септі. Әлі тулап, қаны қайнап отырған болат қанат қыранын азғантай қызылдатып алды да, сұр бедеуге қайта қарғып мінді. Жаңағы ұшқан құстар тегіс ұзап кеткен жоқ екен. Шапшаң желіп жөнеле беріп алдында отырған бір топ үлкен үйректерді көрді. Құсы тағы бұның қолына етпетінен түскенде, бедеуін тебініп, қатты шабыспен ағыза жөнелді. Қаршығасын атының сауырына қарай, құлаш жазып кейіндетіп барып, үйректер ұша бергенде, тақау тұстан, құлаштай сермеп, лақтырып жіберді. Көк құс сол ытқыту ретінде, топшысын үшкірлеп, мойнын ішіне тығыңқырап алып еді. Бір сәт қалқып барды да, содан ары қос қанатын жай отындай жарқылдатып, лып-лып қағып, атылып берді. Абай тағы сүйсініп, қуанып, айғайлап:

– Әдемі тастады, шебер тастады! – деп, шауып келеді.

Шәке құсты лақтырысымен, қамшысын қос бүктеп алып, ерінің қасына байлаған дабылды шауып келе жатқан бойында қатты даңғыратып, соғып-соғып жіберді. Аттыдан үріккен үйректер басында қарбаласып ұшып еді. Енді дабылдың шұғыл даурығы шыққанда, бұрынғысынан да сасқалақтап, көк аспанға тік атылды. Қаршыға бұл кезде сол құстардың астына көсіліп барып, еркін жетіпті. Енді өзге үйректің бәрінен биікке қарай озғындай шыққан сары аяқ, көк мойынға дәл астынан найзадай атылып, сатыр-сұтыр бір айқас жасады. Көз ілескендей болған жоқ. Бар ынтасы аңға кетіп, әлде не деп айғайлап, екі етегі жалпылдап шапқан Абайға, қаршыға өзі ұмтылған сияқты емес. Қайта үйрек өздігінен құлап, қыран тырнағына әлдеқалай арбалып кеп, өздігінен жұмарланып ілінгендей көрінді. Көк мойынды шалқасынан ұстап, жемсауынан бүрген көк құс созыла көлбеді. Шәкенің дәл алдындағы құрғақ көгалға топ еткізіп түсірді. Бұл үйректі алысы жаңағы қос қазды алудан да сұлу еді. Абай тамашаға рақаттанғанын айтып бітіре алмайды.

– Қайран қыран! Не деген бап! Қарық қылды ғой! – деп құсты бір мақтап, – аңшының, саятшының шебері өзің екенсің! Жігіт болса, сендей болсын. Ер жеткеніңді бүгін білдім ғой! – деп, Шәкені екі мақтады. Оспан бағанадан бергі қызықтың бәрін үндемей ғана, баяу салмақпен тамашалап келген-ді. Тек соңғы кезде ғана ол артта қалып, ат сауырына шалқайып, сақылдап күледі. Қаршыға қызығы үшін емес, Абайдың жеңілдігін, балаша қуанғанын мазақ етіп, мысқылдап келе жатыр. Бұл үшеуінің арасында, аңшылық тәжірибесіне жақсы ысылып, өзін билеп үйренгеннен бе, болмаса жаратылыс мінезінде сондайлық сабырлы, ұстамды біртоғалық болғаннан ба – әйтеуір Шәке басқарақ. Абай Шәкенің сол байыпты салмақтылығын қымбат бағалады. Жаңағы өнеріне қызығуының бір жағында ағалық, әкелік, адал бауыр ындыны бар еді. Оспан мен Абай аттарына мініп, енді Шәкеден айрылысар уақытқа келгенде, қастарына жақын ауылдан үкілі қара құнанға мініп, Ақылбай шауып келді. Бұл ересек тартқан бала түсінің ақшылдығы болмаса, Абайға қатты ұқсаған. Ділдә мен Абайдың ерте ер жетіп қалған тұңғышы болатын. Ақылбай қатты келіп, Оспанға сәлем берді де, Шәке мен Абайға қарап: "Олжа, олжа" деп, күле түсті.

– Мені Әни апам жіберді. Жаңағы алған құстарын түгелімен біздің ауылға жөнелтсін! – деді. Соларыңызды алғалы келдім. Шәке аға, бәрін де менің қанжығама байлап беріңіз! – деп, үкілі, жарау қара құнанын көлденеңдетіп тұра қалды. Шәке өз қолындағы үйректі Ақылбайға қарай алып қозғала беріп еді. Оспан осы кезде ғана үн қатып:

– Тоқтат! Көп үйрек түгіл сыңар үйректің сынық қанатын да сипатпаймын Әниіңе – Нұрғанымыңа! – деді. Абай мен Шәке Оспанның қатты томырылған үнінде үлкен бір зіл барын байқады. Құстарды балаға беріскен жоқ. Ақылбай қабағын қатты шытынып, қып-қызыл боп, екі көзі жасаурап, Оспанға жалт берді де:

– Оспан аға, түу, не деген сараң едіңіз! – деп атын бұрып алып, шаба жөнелмекші еді. Абай оны аз тоқтатып: "Ақшоқыдан қашан келдің?"– деп сұрады. Бала әлі күнге өкпелі, ызалы үнмен:

– Бүгін түсте Әни апам ат-арба жіберіп, Әбіш, Мағаш бәріміз тұтас келдік! – деді де, аулына қарай шапқылап жөнелді. Ақылбайдың ер-тұрманы қалың күміс. Басында құндыз бөркі бар, үстінде көк мауыты бешпет, омыраулары толған күміс түйме. Белінде алтын жалатқан, қымбат тасты, кәмәр белдік. Шапқылап бара жатқан баланың киім, тұрман сәні аса бір ардақты, жалғыз қыз сәніндей. Бұны бұлай киіндірген, осылайша күтетін, бүгінгі анасы, өз бауырына салып асырап алған анасы – Нұрғаным. Жаңағы Ақылбай өзі айтқан Әни апасы болатын. Ақылбай Нұрғаным мен Құнанбай қолындағы кенжедей. Өзі Абайдың 16 жасында туып ерте ересек боп қалған соң және ата қолында оңаша үйде жалғыз өскен кенже есепті болған соң. Абайды әке деп танымайтын. Абайдың да оған бейіл, мейірі – аға, туыстай ғана, әкедай емес. Қазір сол Ақылбай шауып кеткенде, бұл ағаларымен өкпелесіп, ұстасып кеткендей. Сол бала ажарын жақтырмағаннан ба, болмаса Оспан мінезіне таң қалды ма, әйтеуір Абай осының алдында жаңа ғана саятшылыққа жас баладай тамашалап, қызыққан қалпынан тез суынды. Шәкеге қош айтып, атының басын өз аулы Ақшоқыға қарай шұғыл бұрып алып, жөнеле берді. Шәке қаршығасын тағы да шапшаң қызылдатып алып, өзенді құлдап, жосыта жөнелді. Жалғыз кетіп бара жатқан Абайдың артынан Оспан желе жортып жеткенде, Абай інісіне суық жүзбен қатуланып, зеки сөйледі:

– Сенің ішіңе қандай от түскен? Балалар көзінше талағыңды соншалық тарс айырғаның не? Әлі де қу күндестік жыны буып жүр ме? Айт шапшаң! – деді. Бүгін таңертеңнен бергі жүрісте, әр сөзде Абайдан үстемірек болмаса, өзін кіші танытпай, дардайсып келген Оспан қазір бір сәтте өзгерді. Абайдың ажарына көз қиығын тастап, әлгідей ұрыс үнін естумен ілес, енді сескене түсіп, бой бақты. Үнін ақырын ғана шығарып:

– Ашуым орынсыз болса, болар Абай. Балаға білдіргенім орынсыз. Бірақ соным тегін емес. Таңертеңнен сені оңаша алып шыққанымның мәні де осында. Кешелі-бүгіндер мен біреудің қолында өлгендей боп, қаныма қарайып жүрмін. Құнанбай баласы біз бүгін бір қорлықта тұрмыз! – деді.

– Не қорлық? Не айтасың? – деп, Абай атын оқыс бұрып алды. – Айт! – деп Оспанның көзіне көзін қадады. Дірілдей түсіп, жаманат хабарды тосты. Оспан Абайға енді сызды қабақпен тура қарады. Күнге қарсы, өткір көздеріне қызғылт ашу отын жиып тұр.

– Қорлықты Нұрғанымнан көріп тұрмын. Үш күннен бері әкеңнің үйінде, сол тоқалдың қимас қонағы боп Базаралы жатыр. Әкемнің әулиедей ақ төсегін арамдап жатыр! Бар дертім осы. Көптен білсем де, бүгін сенен ірке алмадым. Білдірдім міні! Сенен басқа сөз саларым, сыр шашарым жоқ. Дәл сол үйдің шаңырағына, әкем анау қаралы үйде отырғанда, мынау қос қара бетті осы түнде асып өлтірсем деп тұрмын! – деді. Абай кеудесінен оқ тигендей, демі үзілердей сілейіп бір тұрып қалғанда, ат үстіндегі денесі дір-дір етіп, үзеңгілері табанына тұрмай, ойнақшып кеткендей болды. Бірақ қатты ашу үстінде, булыққан тамағына тас тығылғандай. Оның да көздері оқыс қанталап, Оспанға ақырып қалды:

– Қысқарт! Оттама! Намыс емес, арсыздық! Тоң мойын, топас, надандық! Не бетіңмен сөйлейсің?! Осыдан қимыл етіп бүлік салсаң, сол шаңыраққа өзіңді мен астырамын. Тіліңе тыйым, қолыңа тұсау салдым! Төрінен көрі жуық әкеңді қабіріне тонап кіргізбекпісің? Масқарасын әлемге шашып, итжемі қып өлтірмек өшің бар ғой, сірә?! – деді. Қалған сөзді бір-ақ тыйып, атын борбайға бір салып, қатты жорғалатып, Ақшоқыға қарай жалғыз тартты. Бұл кезде күн ұясына жаңа кіре бастап еді. Өлке, дала бұлтсыз кеште қатты қызарып батқалы бара жатқан күн реңінен қызыл шапақтап, сәулеленіп тұр. Жылмаң жиренді жіті жорғалатып келе жатқан Абайдың көңілі астан-кестен. Ол Нұрғанымға да өлердей ызалы. Әкесінің қорлық сырын айтуға аузы барып тұрған Оспанның жалған намысына да ызалана қорланады. Базаралы! Қазақта жалғыз қимас, бел арыстай көрген, бұл өңірдегі ең қымбат жан еді. Ол да бір сәтте танымастай жат. Көптен бері Абай бұндайлық, намыс пен ыза, алдану мен қиянат, қимастық пен арлану, ұялып арланудың неше қырлы қысымын көрмегендей. Әр қыры ұстара жүзіндей. Ет-жүректі тіліп түсетін аямас құбылыстарға, құйындай ұйтқыға түсіп келеді. Не істерін, не дерін аңғара алмай, әуре-сарсаң. Тек қана, бір кезек, осы ұйтқу ішінде, Базаралыны есіне ала бере, шұғылдан, бүгін таңертең оқып шыққан "Дубровский" тағдырын еске алды. Соны сәт қана ескеру мұң екен, Құнанбай мен Бөжей, Тәкежан мен Балағаз, Оралбай мен Керімбала – қысқасы нәсіл қуған ызаны ойлады. Буын, буын сайын Құнанбай ұрпағынан намыс соққысын үздіксіз көріп келе жатқан Базаралы жақындарын еске алды. Осымен қатар тағы ілесе Троекуров зорлығынан Андрей Дубровский өлгенін ойлады. От ішінен ем гүлін тапқан, жан жарын тапқан Владимир Дубровский мен Машаның арманды сырлары еріксіз кеп, ерекше салмақ салды. Әділет тілеп, шыншыл жүрекке ар әмірін бергендей. Сумаңдаған жиренді қатты қамшылап, екпіндетіп соқтырта түседі. Сол ағынды жүріспен қатар өз ойын да қамшылай тебінгендей. Бірақ, "Жол тап! Жөн тап!" дегендей болса да, жаңағы естіген сұмдық хабардың тең таразысы туып алды да, көкейден кетпей қойды. Ол тарызының бір басында Құнанбай, Нұрғаным, Базаралы да, екінші басында – Троекуров, Владимир Дубровский, Маша болып тең басып отырып алды. Кітап шындығы, өмір уымен тең сыбаға боп, Абай үшін анық бетпе-бет кеп ең алғаш қақтыққаны осы. Абай өз аулына ымырт жабылып, қас қарая бергенде келді. Тыста жүрген адам аз екен. Әншейінде бір жақтан Абай қайтқанда, алдынан топырлап шығатын балалар да жоқ. Бүгін Қорыққа көп ауыл келіп қонысымен, молдасы сонда кеткен соң, балалар да тегіс кеткен. Қора салып жатқан жұмысшының көбі де сол арттан келген туғандарына барып, амандасып қайтуға кетіскен сияқты. Абай өз отауының сыртына жирен атты ақырын бастырып кеп түскен еді. Атын өзі байлап, үйді айналып жүре берді. Сол шақта отау ішінен ақырын ғана, жібек талдай сызылып, әсемдеп айтқан ән естіді. Осы үнді естіді де, Абай ән желісін үзгісі келмегендей боп, отаудың босаға тұсына келіп, үй сыртында отырып қалды. Бұның келгенін үйдегі жандар білген жоқ. Ән өз ырғағын бұзған жоқ. Абайды ас үй жақта жүріп аңғарған кісі жалғыз Зылиха еді. Ол жылдам басып келіп, Абайға тақап, есік ашып үйге кіргізгісі келгендей. Бірақ жас келіншек тақай бергенде, Абай оған ақырын белгі етіп, үнсіз ымдап, қасына шақырды.

– Зылиха! Әуре болма, үйге кірме. Әйгерім бір жақсы ән айтып жатыр екен, соны бұзбай тыңдай түсейік!

– Үйде шам жағылған жоқ, жарық жағайын! – деген Зылихаға:

– Оның да керегі жоқ. Әннің шырқы бұзылып кетеді! – деді.

Зылиха үнсіз езу тартып күліп, әдемі кесек ақ тістерін ақсита көрсетті де, Абай көңілін жақсы ұғып, аяғын ақырын ғана басып, кейін шегінді. Жерошақ басына қарай кетті. Абай тымағын алып, шапанының жеңін шешіп, қара желет, ақ көйлектің омырауын кең ашты да, мұңды қоңыр әнге бар бойын, бар ықыласын беріп, ұйып, тыңдап қалды. Оңаша үйде, ала көлеңке қоңыр кеш. Өзіне еркін тиген жалғыздықты ырзалық рақатпен қабыл көрген Әйгерім, сонша жақсы бір ән айтып жатыр. Әнінің сылтауы бауырындағы кішкене баласы болу керек. Соны әлдилеп тербете түсіп айтқан ән сияқты. Абай құлағы шалғанда, кішкене бала, алғаш кезде бір-екі қыңқылдап еді. Артынан ұйықтады ма, болмаса ән уатты ма, қазір үн қатпайды. Әйгерімнің айтқаны "Қарагөз" әні. Былтырғы жазда Біржан әкеліп, оны да осы елге жайған. Сырлы, тыныш бейуақта соншалық сезімталдықпен мұңды сазын нәзік бұралтқан ән. Әйгерім бар даусымен шырқамай баяу сызылтқанда, бұл ән бұрынғысынан да гөрі көп сырды шешкендей болады.

Қаракөз айым!
Қалдың кейін,
Кеткенде аулың алыс
Мен не дейін –

деген қайырманы соншалық байыпты айтады. Әйгерім осы әнді үнімен ғана созып жатқан жоқ, жүрегімен де баян еткендей. Ән арасында, қайырма ішіндегі көп сөздерін, "кеткенде көңілің алыс" деген сияқты тұстарын осы кеште, осы айту тұсында өздігімен өзгертіп айтады. Сыршыл әнге, шыншыл ақын, әнші, дәл қазіргі сәттегі өз ішінің бір күдігін, әлемнен жасырған құпия назын қосқандай. Осы бейуақтай тілек кешінде асыл жар өз сырын да, Абайдың мұңын да қоса шерткендей. Әйгерім көптен ән салудан тоқталған-ды. Біржан кеткеннен бері оның әнші аты Ырғызбай ішіне түгел жайылумен қатар, дәл Құнанбай аулының өзі, бұндай аталы жуан ауылға "әнші келін" атағын мін санаған. Құнанбай Мекеден қайтқан соң, әсіресе, оның құлағына әлдебір келіні әншілік, серілік білдірмесін. Еркін, бұлғақ, сауық-сайранды сездірмеу керек. Оның үстіне Ділдәның күндестігі мен ашу кейістерін қостаушы абысын-ажын болса, қайнаға, енелер болса – бәрі де Абайды Әйгерім үшін кінәлайтын. Әзіл етіп мысқылдағанда, сырттан сынап шенегенде, осы Әйгерімнің әнімен айыптайтын. Сонымен оқта-текте, ел аулақта екеуден-екеу оңаша отырған кезде, Абайдың көп қолқалауымен Әйгерімнің шанда бір айтқан әні болса да, сол күні Құнанбай аулына тағы бір тыйымсыз жаманаттай тарайтын болған. Ән рақат болмай Әйгерімді жазалаудың, өсектеп кінәлаудың себебі болғандықтан, Абайдың есті жары енді ән айтқызуды тоқтатуды сұраған. Әйгерімнің көз жасымен айтқан тілектерін Абайдың өзі де таныған. Шынын, сырын аңғарып кеп, амалсыздан жар өнерін жасыруға көнген-ді. Бірақ әр кезде, шабытты көңілмен домбыра тартып, өзі ақырын ыңырсып ән салғанда, не бір ырғақты құлақ күйлер, ұзақ күйлер шерткенде, Әйгерімнің реңі бұзылатын. Қызғылт жүзі ағарып, көлеңкелі сұлу қара көздері бір тұнжырап тұңғиықтап, біресе қабақ шытып жасаурап қалатын. Абай соны әрдайым сыртына шығармай, көңілмен танып жүретін. Кейде ешбір тұспал сөз, тілек, сылтау Әйгерім жағынан тумаса да, Абай үншіл жүйрік домбыраны әдейі Әйгерім үшін тартатын. Бебеулетіп келіп жұбату айтқандай болады. Шабытты ақын жүрегін аз да болса алдандырып, емдегендей боп тоқтайтын. Соңғы жылдар Абай домбыраға аса ықылас беріп екеуден-екеу отырған оңаша шақтарда, көріктеп күй тартады. Сондағы өнерінің барлығын, өзінің ынтығып сүйген ақын жары Әйгерімге арнайтын. Осы өткен қыста дәл бүгіндей бір ала көлеңке қоңыр кеште, там үйде, үлкендер бөлмелеріне жақын үйде, Абай домбыра тартып, Әйгерім тыңдап отырған ұзақ шақтың ақырында, жас келіншек "аh" ұрғандай қатты бір күрсініп қалып еді, Абай домбырасын тастай беріп:

– Саған не болды, Әйгерім? – деп келіншегінің мойнынан құшақтағанда, қолының үстіне қат-қат тамған ыстық жастарын сезген. Сол кеште Абай амалсыз арманды бір сыр шешкен:

– Сен бұлбұл едің! Азат аспанда, көк бұтаққа қонып, бұлбұл үніңді әлемге жарласаң еді. Жаныңның сыры тыңдаушыны әніңмен ұйытып өтетін туысың бар еді. Мен сол бұлбұлды ұстап ап, әдемі торға бөлеген аушыдай болдым ғой. Қапас бұлбұлы сен бопсың. Үніңді өшіріп, сезімтал жаныңды тұншықтырып, елден ерек хасиетіңді бүркеуші, осы ауылмен қоса, мен болыппын! – деген. Міне, қазірде сол қапас бұлбұлы шырқай алмай, үн сала алмай күңіренумен ғана ықтиярсыздық шерін қозғайды. "Қарагөз" әнін Әйгерім әлденеше құбылтып, жіп-жіңішке нәзік орамдылықпен, көп толқытып айтты. Әр түрлі өмір сыны мен сыры жатқандай. Бұнда аппақ кіршіксіз ана мейірімі бауырындағы перзентіне алдағы өмірден бақыт тілейді. Бұнда әлі ақау түспеген ыстық достық бейілімен Абайға да шын тілек арнайды. Бұнда – өзінің де түйіні, түйткілі көп жүрегінің өзіне өзі тыйым салған ноқтасы бар. Бұнда және анау Қорық бойында бүгін жылап отырған ана Қаражан шерінің қайғылы жоқтаудай ауыр ырғағы да бар. Абай ұзақ тыңдады. Дүниені ұмытқан, өзіне тиген тар орында, мезетсіз шақта, рұхсатсыз ерік алған сыршыл әнші де көп жырлап барып, қалың түнге кіре, әрең тоқтаған еді. Әйгерім әнін үзгенше Абай қыбыр етпестен мүлгіп тыңдады. Тек, Әйгерім тоқтағаннан соң үйге кірді. Оның есіктен кіргенін аңғарған шақта Әйгерім, "кенеттен келер" деп ойламағандай, қысылып қалып орнынан ұшып тұрып:

– Сіз қашан келген едіңіз? – деді.

Абай ақырын ғана күлді де:

– Мен балаң ұйықтамас бұрын, "Қарагөз" алғаш басталған кезде келгемін! – деді. Ере кірген Злиха шам шақты. Осы түнде Абай өзі жасаған бір байлауын Әйгерімге айтты.

– Сен ертең Тәкежан үйіне бата оқи барасың. Ауылдың бар үлкені сол үйде болады. Бүгін тыңдап шықтым, Қаражан шешесі болса да Мақұлбайдай асыл баланы жоқтай алмай отыр. Менің көңілімде сенің жаңағы әніңнен әсер алған жоқтау күйі тұр. Сөзін жазайын. Сен жаттап ал. Әнін өзің табасың! Мен білсем, жаңағы өзің айтқан "Қарагөздің" көп ырғағын жасты мұңға айналдыруға болады. Сол әнге қосып, жоқтау айт! – деді. Осы сөз екеуінің де байлауы. Сол түнде Абай өз қасында ұйықтамай отырған Әйгерімнің жүзіне қарай түсіп, Мақұлбайдың жоқтауын шығарып отырды. Бағанағы бір шақта Әйгерімнің көмейінен ән туғанын Абай аңыстаған. Оның анық илануы бойынша, Әйгерім сол кезде әнші ғана емес, ән шығарғыш шеберлігін де танытып еді. Енді Әйгерім Абайдың қағаз үстінде жортқан қолынан сыры бөлек өлең туып жатқанына сүйсінеді. Сыпайы күліп, қуаныш ете қарап отыр. Кеш екеуіне де қайырлы болған. Өнер үшін игілікті сәт кеші, шабыт кеші екен. Абай да өз міндетіне алған жоқтау жырын жылдам жазып шықты. Жазғанын аяқтай сала, Әйгерімге дауыстап, оқи жөнелді.

Қызыл балақ, қыранның

Балапанын дерт алды.

Жеміс ағаш бәйтерек

Балдырғанын өрт алды.

Артына белгі тастамай,

Жал құйрығын келте алды.

Ағайынды тойғызбай,

Аз күн қоймай, ерте алды.

Көп жасамай, көк орған,
Жарасы үлкен жас өлім!
Күн шалған жерді тез орған,

Күншіл дүние қас өлім.

Артына белгі қалдырмай,

Бауыры қатты тас өлім.

Жыламайын десе де,
Шыдарлық па осы өлім?
Орамды тілді ауыздым,
Ақылға жүйрік маңыздым,
Көп жасамай тез кетіп,
Көзімнің жасын ағыздың!

Аналық мейірі өз жүрегіне көптен орнаған және Мақұлбайды өлімге қимаған Әйгерім күйеуі жаңағы өлеңді оқып отырғанда, жылап жіберді. Ұғымтал, зерек, көңілі жүйрік әйел Абай төрт-бес қайыра оқығанда, бұл сөздерді жаттап алып, бірге ілесіп, айтып шықты. Ертеңінде Әйгерім Абайдың қасына еріп, бата оқырдың асын алып, Злиханы өзіне қосшы етті. Тәкежан үйіне тақай бергеннен бастап, жіңішке, нәзік үнімен өлеңдете, жылап келді. Қаралы үй тағы да кешегідей жылаулы жандарға толы еді. Тағы да әуелі үй ішіндегі әйелдің бәрі жылап тоқтаған соң, Қаражан өз жоқтауын айта бастағанда, соның төменгі жағында отырған Әйгерім, үлкендерге жүзін толық көрсетпей, қырындау отырып, екі мықынын таянып ап, нәзік, зарлы үн созды. Бұның үні шығысымен, Құнанбай бастаған үлкендер аса бір ден қойып, зор ілтипатпен тыңдады. Мақұлбайдың артына белгі тастамай, көк балдырғандай арманда кеткен жайларын Әйгерімнің ендігі қосып алған қаралы әні егілте сездіреді. Сай-сүйекті шымырлатып, барлық көзден жас ағыза тебірентіп еді. Үй іші алғашқы жылаудан тоқырап қалса, Әйгерімнің ақын мұңынан қайтадан тегіс босап, жылап кетті. Ұлжанның өзі де үн салып қоя берді.

– Қалқам-ай, құлыным-ай, арманда кеткен қошақаным-ай! – деп, еңіреп жіберді. Еркектің де көбі үнсіз жастарын ірке алмай, еміреніп отыр. Әйгерімнің зарынан бір Мақұлбай дерті емес, тағы да Әйгерім мен өзіне мәлім сансыз өмір шерлерін еске алып, Абай да жылап жіберді. Арманда өткен жас ұланды, анық орынды жоқтаған ата-аналық зар осы. Тек Әйгерім араласқан соң ғана жоқтау өзінің үнін тапқандай. Үй іші ұзақ жылаумен барып әрең дегенде сабыр тауып, құранға кезек берді. Кейін, жұрт сейілген уақытта, Құнанбай Ұлжанға:

– Балаңның жоқтауын мына келініңе айтқыз. Қырқы өткенше, бата оқушылар арылғанша осы үйде болып, кішкене Мақұлбайымның артын осы мұңдасын! – деді. Бұл сөз Ұлжанның көкейіне қонатын. Осыдан кейінгі күндерге сол әмір бұйрық есепті болды. Әйгерім осы келгеннен Ақшоқыға, Абай қасына қайтпай, Қаражанның қасында тізерлесіп отырып, аналық зар күңірентуде қалды.

2

Мақұлбайдың жетісі өткенше, Құнанбай Тәкежан үйінен Нұрғаным аулына қайтқан жоқ. Жас тоқалдың үйіне қайтпауы – осы аз күн ішінде Нұрғаным айналасында көп пәле туғызып жатыр. Даурығы аз, бірақ зілі мен түйіні қиын пәле. Бұл ауылдарға жат болған аса бір ауыр тартыс болып тұр. Ол тартыс әзір Оспан мен Нұрғаным арасында. Екеуінің бір-біріне қазіргі күндегі өштігі, амалсыз ішке тығып жарияланбай жүргендіктен, әсіресе ширығып қатаяды. Оспанның кеше Абайға айтқан хабарындағы хал бүгінде де өзгерген жоқ. Базаралы Құнанбайға сәлем бере келген-ді. Оны Тобықты жігіті ішінен, Құнанбай әр кезде бөлек, ерек көретін. Өз бала, інілеріне жасамайтын ілтипат жасайды. Жас жігітті сөйлетіп, әңгімелерін тыңдайтын. Мекеден қайтқалы Базаралымен алғаш кездескені осы жол болғандықтан, оның шаруа қамын да көп сұрастырған. Үй ішінің, әке-шешесінің күнге жоқшылықтан арылмай жүргенін естіген. Осы кезде тіпті жүдеп, шөгіп кеткен ауыр мұқтаждық халін білген. Өзіне біткен азаматтық, зор көкіректік бойынша Базаралы жоқ-жітік жайын көпшілікке айтпайтын. Бірақ Құнанбайдан ешбір сырын іріккен жоқ. Айдауға кеткен Балағаз үйінің жетім-жесір болған бала-шағасы торғайдай тозып жүргенін де жасырмаған. Оның ересек тартқан балалары айран-шалап үшін әлді ағайынға жалшыға да кетіпті. Жастары болса, ішерлік сусыны да жоқ. Күйеуі бейіл көрсеткен азамат ағайынға Нұрғаным да жаттық етер жөні жоқ. Ол Базаралыға арнап, әртүрлі киім тіккізе жүрді. Әлі күнге Базаралының нұрлы жүзіне, жолбарыстай келбетті тұлғасына Нұрғаным айнымас ыстық достықпен қарайтын. Дүниеде бұл кешкен тіршілікте қызығы басылмас шын қадірлес ардақтысы – осы қонақ. Нұрғаным бұл ауылдардың өзге адамы не ойлайтынын елеген жоқ. Оспанның бұны сырттан қыжыртып жүрген қабағын сан есітсе де, түк қымсынбай, ернін шүйіріп, "есуас" деп қана қоятын. "Базарылыға киім тіккізгені де масқара! Әдейі сыр ашқаны ма? Бұдан асқан айғақ бола ма?" деген Оспан сөздері Нұрғанымға жеткенде, онан да қымсынған жоқ. Құнанбай бұйрығымен істетіп жатқанын айтуға да ерінген. "Ойласа ойлай берсін бар сұмдығын" деп, ерегісе түскен-ді. Кеше кешке Ақылбайды өзен жағасына жібергенде, Нұрғаным Оспанды әдейі бір кежірлік, қиястықпен әзілдеп сынамақ еді. Оспанның тұрпайы мінезін Ақылбай дәл жеткізіпті. Бірақ, оған өр көкірек, кесек бітімді Нұрғаным ызаланған да, қайысқан да жоқ. Бұрынғы күй, бұрынғы қалпы өзгермеді. Абай көзінше Оспанның бұны қатты қыжыртқанын Нұрғаным алғаш естігені осы болса, одан да қысылған жоқ. Өз ішінен "Абай Оспанның жетегінде кетсе, оны да көрермін!" дегендей болды. Осымен тағы бір-екі күн өтті. Оспан әлі де томырылған күйде жүр. Бүгін, таңертең келген малға су құйғызғалы өтіп бара жатып, Нұрғаным мен Базаралының үй ішінде қатты күліп, әзілдесіп отырғанын естіді. Содан құдық басында тұрғанда Нұрғаным үйінен шығып, су ала келген жас келіншекке ақырып жіберіп:

– Қайт шапшаң! Нұрғанымға бұл құдықтан су тимейді. Алғызбаймын, арамдатпаймын құдығымды. Айта бар! Бұдан былай бұл құдыққа қарай Нұрғаным үшін аяғын қия басатын кісі болса, желкесін қырқамын! – деді. Және сол келіншек кеткенше малға су құйып тұрған Масақбай, Дарқан сияқты бірнеше еркектерге: "күндіз-түн осы құдықтың басын күзетіңдер де, Нұрғанымға бір ауыз су таттырмаңдар!"– деген. Осы бұйрығын Оспан күні бойы талмастан өзі бағып, шынымен орындатты. Нұрғаным аулы бір тамшы су ала алмай қойды. Қолына дырау қамшы алып, біресе құдық басында отырып, бір кезек ұзын торы атына мініп, Нұрғаным аулынан суға қарай шыққан кісі болса, ақыра қуады. Кейбіреуін қамшылап, айдап тастайды. Кешке жақын ауылдан қашаң жердегі өзенге түйемен барып, бөшкелеп су әкеле жатқан екі кексе қатынды көргенде, Оспан өзі алдарынан шығып, суларын түйе үстінен ақтарып төккізді де:

– Нұрғанымға айт, Базаралыны кетірмесе, нәр татқызбай, шөлден қатырамын. Жаны барында қазір жөнелтсін! Үлкен пәле іздемесе, тыйылсын қазір! – деді. Түн бойында да су алдырған жоқ. Ертең таңертең тағы сол күй басталды. Бүгін Оспан қап-қара боп түтіккен. Отырарға орын таппай дірілдей түсіп, сабыр-тақаттан біржола айрылған еді. Нұрғанымның үйі мен аулы енді судан шын зарықты. Оның үстіне мынау мінез анық ашық жаулыққа бастады. Кесір өсек кімнің де болсын жаманатын шығарып, абыройын төккендей. Екі жағы да қатерге басып барады. Қайратты Нұрғаным бүгін Оспаннан кем ызалы емес еді. Базаралыны аттандырған жоқ, ол түгіл қонағына кешеден бергі қырсық қастықтың елесін де сездірген жоқ. Тыста қабағын түйіп, ызалы жүрсе, үйге кіргенде, түк көрмегендей болатын. Нұрлы қызыл жүзі іш қуанышымен, шын рақатымен жадырағандай, жайнай түседі. Базаралыға бұрынғыдан да бетер құрмет көрсетіп, үнемі әзіл қатады. Базаралы болса, сыртта боп жатқан қияс тартыстың бәрін күтуші әйелден ерте білген. Бірақ ол да өзінің майталмандық табандылығына басып, "қайтер екен?" дегендей Нұрғанымға сүйсіне түсіп, ажарын бағады да, өздігінен үн қатпайды. Осындай іштей-тыстай арбасу арасында күн түске тақаған шақта, Нұрғаным әйел атаулының бұндайда көбінің қолынан келмейтін батыл байлау жасады. Ауыл қонып отырған жер сазды көгал. Қай жерін қазса да құдық болады. Осыны ойлап, өзінің көршісінен үш бала жігітті қасына ертіп, ас үйіне кірді. Сондағы келіншекке от орнын босаттырып жіберіп, келген жігіттеріне:

– Дәл осы үйдің ішінен құдық қазыңдар! – деп, бір-ақ бұйырды.

Жігіттер Нұрғанымның екі айтқызбас нық әмірін орындап, жер қазуға кірісті. Нұрғаным саспады. Шошақ қара көздері жалт етіп, нұр шаша күледі. Кәр өтпес шұғылалы жүзіне егесшіл бір мысқыл толып:

– Қодар құлдай қара күшіне сенген Оспан масқара болғанын тез білсін. Құдықты шапшаң қазып, самауырды тез қойып жіберіңдер! – деді. Толық көркем кеудесін ерекше паңдықпен кере түсіп, салмақпен шалқия басып, ас үйден өз үйіне қарай көрнек беріп кете барды. Үлкен, ауыр шолпысы Оспанды сықақ еткендей саспай ғана сылдыр-сылдыр етеді. Нұрғанымның бұл ісі осы өңірдің барлық әйеліне кейін аңыз болған еді. Үлкен қайраттың жан қиысар достықтың айнымас айғағындай болған. Осы күндерде Қорықтағы ауылдардан он бес шақырымдай жерде, дәл осы Қорық сияқты мидай жазық, салқын қоныс Ералыда бір әбігер хал болып жатыр. Ащысу өзенінің ең суы мол тұсы – Ералы. Биылғы көктемде өз бойына қалың елді, жүзден аса ауылды тартқан сол Ералы болатын. Ол тұста отырған Ырғызбай, Бөкенші, Жігітек, Көтібақ рулары. Және осы тұсқа жақын, сонау биік тау – Орданы қыстайтын Мамай да көп. Қазір осы Ералыдағы ел үстіне сайлау келді. Бұл болыс сайлауы. Көп ауылдардан оқшау барып, жиырма-отыздай үлкен ақ үйлер тізіле тігілген. Үйлердің орналасып отырған қалпы да, мал иесі ауыл емес, не ас пен тойға, не болмаса дәл осы жолғыдай оқшау келген ұлыққа тігілген үйлер екенін көрсетеді. Ол үйлерге келетін бұл жолғы ұлық, жай сайлаушы крестьян начальнигі емес, Семейдің Ояз начальнигі. Қасында топ стражник, урядниктері бар, екі крестьян начальнигі бар. Бұл Ояз көп пәуескемен, қалың қоңырауларды шылдыратып кепті. Алды-артына орыс-қазактан жасауылдар шаптырып, үлкен бір айбар шегіп келген. Алғаш тақай берген күндерінен-ақ, алдынан шыққан Қызыл-адыр мен Шыңғыстың екі старшынына қолма-қол дүре соққызыпты. Сондай жұртты сескендірген дақпырты ере келді. Қазірде Ералы бойында отырған екі болыстың қалың еліне, қыруар ауылдарына бұл келген Ояздың аты " Тентек-ояз " деген лақаппен дабырайып тұр. Абай Ақшоқыдан келе жатқан бетінде, Ералы бойында, ұлықтар үйіне жақындау отырған бір кедей ауылдың қасына кеп тоқтады. Бұл ауыл – малды ауылдардан қалпы, сұрқы бөлек. Көп үйлі ауыл. Және үйлерінің барлығы да шетінен құрым киізді, жүдеу, жыртық, қара үйлер, қоңыр үйлер. Азғана аяға үйіле, жиыла қонған малсыз ел екені оңай танылады. Жақын өңірде үй саны ең көп ауыл да осы, отыз-қырықтай. Маңында байланған құлын жоқ. Қотан ортасындағы қой жататын қорасы аз. Ауыл айналасында ірі қара да сирек. Анық ауыр жоқтықтың, кем тар кедейліктің кейпін танытады. Абай мынау ауылдың көп жатақ атанған, көп рудан құралған ауыл екенін білуші еді. Ақшоқыға қыстау салғалы ерте көктемде Абай көшіп келгенде, қыстан қысылып шыққан сол жатақтардың: Дәндібай, Еренай деген шалдары Абайға келген. Ас-азықтай азды-көпті көмектер алып кеткен-ді. Сол Дәндібайлар Абайға жайларын айтқан.

– Жатақ деген бір тайпа елміз. Бір шетіміз – қысты күні Байғабыл, Мыялыны қыстайды. Бір тобымыз – мынау өзіңе жақын Кіндікті Шолпанды паналайды. Бұл жатақтың ішінде қырық рудан құрылған ел бар. Ордадағы Мамайдан, Шыңғыстағы Көкшеден де, жоқтық қанатын қырқып, шабан-шардақ болған талайлар бар. Қысты күні жаман-жәутік, арық-тұрағымызбен әрбір сайға бұқпалап, паналап тіршілік етеміз. Күн көзі жылтырап, көктем келе барымызды салып, үш үй, төрт үйден бірігіп, жер тырмалаймыз. Жер емшегін емген, еңбегі жанса, тым құрмаса талшығын алар деп, егінді кәсіп етеміз. Маңымызға келіп қыстау салғаныңа елдік қып күш-көмек етсек жарар еді. Іске жарайтын жігіт-желеңіміз болса, қырман шабу, былжыр басу сияқты жұмысыңа жібереміз. Керегі боса, бізге оныңды айт! – дескен-ді. Абай Дәндібай сөзінен жақсы бейілді аңғарса да, ол кезде көмектерін алмаған.

– Жатақ болған соң талшығың егін екен. Көктем сендердің ауыр бейнет кезің ғой, егіндеріңді егіп ал. Аз күштеріңді алаң қылмайын, бейілдеріңе тойдым. Қораны осында өзгелер-ақ салар. Бірақ тобыңа бөтендігім жоқ. Жер аяғы кеңіген соң барам, аралап қайтам. Амандық боса, тату көрші болармыз. Ағайын, туғанға сәлем айтыңдар! – деген-ді. Сол әңгімеден соң жатақ ішіне Абайдың алғаш келгені осы. Сайлау басына бармай әуелі осы жатақтарға Абай әдейі бұрылған. Ербол екеуі әуелі қиыс өте беріп, бірінен-бірі: "мұншалық көп кім екен" десіп сұрасты.

– Осы жатақтар болар. Япырай, жоқшылық қалай жүдеткен мынау елді! Сонау шетіндегі, әне біреу, шашылған, жапырылған неменелер? – деп Абай атының басын тартып тұрып, Ерболды да тоқтатқан. Абайдың көзі түскен шетте үйлер орнына, өңшең қоқсық қордадай, ерекше бір панасыз жүдеулік орнапты. Аса кішкентай қара лашық күркелер көрінді. Кей жерде ескі кебеже, ағаш мосы, ыңыршақ, ашамайлар, жаман сынық ағаш төсектер тұр. Сондай қоқсық арасында бастары қылқиып қана көрініп отырған жас балалар бар. Жыртық-шоқпыт тон-шекпенге оранған, дімкәс кемпір-шалдар байқалады. Ербол бұл көріністің мәнін өзінше жорыды.

– Ералыда дауыл қатты бола беруші еді. Осы ауылдың бір топ үйлері жығылып қалған ба деймін! Әне біреу жағы өңшең баспанасыз қалғанға ұқсайды ғой! – деген.

– Бұрылайық, бұларға не болған, білейікші! – деп, Абай көп үйлі ауылдың жаңағы күркелер жағына бұрылып келді. Бұлардың алдынан ұзын таяғын ұстап, сақалы ақшыл тартқан біреу шықты. Жалаңаш етке киген шекпенінің өңірі жыртылған. Жүдеу жүзінде ажымы мол Дәркембай екен. Жігіттер бұны көргенде аттарынан түсіп амандасып, тақау күркенің жанына келісті. Бұл жатақта Дәркембай да барын Абай білмейтін.

– Жатақтың ішінде сен де бар ма едің, Дәркембай? Бұндай жайыңды мен неғып білмедім? – деді. Дәркембай басында үндемей отырып барып сөз қатты. Сенің білмегенің, мен жаңа кеп қосылып отырмын.

– Ендігі қалған тірлікте мекенім, жұртым осы ел! – деп бастап, бірталай ұзақ сөйлеп кетті. Осында отырған қырық үйлі жоқ-жітікті сұрасаң, менің теңтұсым екен. Сүйіндік пен Сүгірдің малы бар деп, көшіне ілесем деп, көп өмірім текке өтіпті. Шыр біткен мен жоқ. "Әлің барда сойыл соғарым едің. Қыс боса, қара малымның қарақшысы едің. Қартайғанда, әл кеткенде сенің де еңбегің жансыншы. Кәрілігің кәріптікте өтпесінші" деген кісі жоқ. Таңым айрылды. Енді ыңыршағымды арқалап, кезбені қойып, мынандай ел арасына байыздауға келдім. Осылар еткен тірлікті тірлік етпек боп келдім! – деп, өз күйін жабырқау, жадау қабақпен баян еткен еді. Ербол:

– Бұл ел ішінде жақын ағайының, туысың бар ма, жоқ па? "У жесең руыңмен" деуші еді. Тобыңнан жырылғанда, мұнда кімді пана тұтып кеп жүрсің? – деді. Өзінің Бөкеншілік, ағайындық сөзін қосып, Дәркембайды сәл кінәлағандай сөйлеген еді. Дәркембай іркілген жоқ. Ол Ерболмен дауласпай, Абайға қарап сөйледі.

– Бөкенші, Борсақтан шыққан жанкүйер жақыным жоқ. Жақынды мұнда ғана емес, қалың Бөкеншінің қайнаған ортасында тұрғанда да көргем жоқ қой. Бұндағы туысым дейтінім – осы отырған қырық үйлінің бәрі. Атасы туыс емес, тірлігі туыс. Көрген көресі, кешкен соры менімен туысқандар өңшең.

Ербол Дәркембай жүзіне жалт қарап:

– О қалай? – деп еді.

Дәркембай әлі де Абайға қарап:

– Оным сол, дәл солай, Абай! – деді.

Тағы біраз үндемей отырып, жуан таяғын көп лашықтарға жағалай нұсқап шықты. Дәркембайдың ендігі сөздеріне кейде ызалы мысқыл араласады. Бірақ сонысын да бір қалыпты, салқын сабырмен айтады.

– Осында исі Ырғызбайдың бүгінгі байыған Ақбердісіне, Мырзатайына, Құнекең аулы – өзіңе қысы-жазы малшылықпен құлшылық еткен бір топ Әнет, Қарабатыр да бар. Бөжей, Байдалы, Түсіптерге бір күндер малшы, жалшы болған бірталай жандар тағы бар. Бәрі менің өзімдей, талтиған таздар. Бұл елдің ішінде кім бар десең, шал Дәркембай, қатқан шал Дәндібай, дімкәс шал Еренайлар бар. Өңшең шабан-шардақ. Азаматы бай малының соңында жүріп, ауру, мертік болған бір алуан да бар. Өмір бойғы бар қайратын ақ қар, көк мұзда, ақ түтек боранда, жан аямастыққа салғандар. Осы үйлердің көбіне кіріп қарасаң: – Бірі қартайып шөгіп қалған, бірі жастай семіп, солып қалған. Біреуінің науқасы жел, бірінікі құяң, суық сорған. Біреуі көзден айрылған, тағы бірін сынық-мертік шоңқитып кеткен. Қысқасы – мынау жыртық-тесік үйлердің өзіндей жағалай жүдеген бір өмір. Жаңағы Құнанбай, Бөжей, Байсал, Сүйіндік, Сүгір, Қаратайлардың көшіне ере алмай, керегіне жарамай қапты. Солардың жұртына тастап кететін ескі ыңыршақ, тозған қауға, жыртық жабулары болмаушы ма еді! – деп, үлкен ажуа жасап күлді. – Ал, менің нем өзгеше? "У жесең руыңмен" дедің ғой сен, Ербол. Менің тап бүгінгі күйім де, туысым да осы жер. Руым, ұраным да осылармен! – деді. Абай Дәркембайдың сөзінен аса қатты ойға қалып, біресе қабақ шытып, сұрланып, біресе күрсініп, тымағын қолына алады. Тынымсыз, қиналып отырған орнында қозғалақ қағады. Дәркембайға еңкейіңкіреп, тақай түсті.

– Дәркембай-ай! Жоқшылық пен жаманшылық ел ішін кеулеген ғой. Сенің көзіңді, қыран көзіндей қырағы етіп, сол ашқан екен. Қазақтың сусылдаған ділмары, су төгілмес жорғасы, қызыл тілден май тамызғаны неме керек! Шешендік күші шындық қой. Сенің шоқтай күйдіріп түсер жаңағы шыныңа қай Құнанбай, қай Сүйіндік жауап айта алар еді. Жетесінде азаматтық асылы бар жан болса, "бәрін үйіп-төгіп, бір Дәркембай жеңді" демес пе еді! Мойын бұрғызбай, бұрап соқты дер еді! Өз көзің ашылумен бірге, менің де көзімді қоса ашып отырсың десем керек қой! – деді. Бұлардың қасына осы кезде бір топ кісі тақап келді. Әр үйден шығып, бас құрасып, кейбіреулері жүк арасынан, қоқсық, шоқпыт, құрым арасынан шығыпты. Солар келген соң Абай бұл ауылдың бағанадан ерсі көрінген бір жайын сұрады.

– Ал мынау әр жерде баспанасыз, қаусап қалған кімдер? Өзі бір үй емес, көп үйдің сілемі көрінеді ғой. Бұл үйлер дауылдан жығылған ба? Жөнін айтыңдаршы! – деп, жаңа келген жатақтардан сұрап еді. Келгендер арасында Абай бұрыннан білетін Дәндібай, Еренай сияқты қарттар бар және түстері жүдеу, ашаң тартып, сұрланған, киімдері жыртық, екі-үш орта жасты адам бар. Ерніне насыбайын жымырып, томсарған, қабақ түйген сарғыш бетті жігіттер де бар еді. Бұл топты Абайлар қасына бастап келген жатақ емес, осында қонақ боп жатқан Қарашаның Абылғазысы екен. Ол Абайлармен амандасқан соң, қастарына келіп, ең алдымен отырған-ды. Жаңағы Абай сұрағына жауапты Дәндібай шал берді:

– Дауыл соққан ба дедің ғой, Абай шырағым! – деп, кекесінмен бір езуін тартып, шала күлді. Дауыл соққаны рас, дауылға ұшырамаса мынандай толып жатқан үйлер осындай боп жайрап қала ма? Дауыл соқты, бірақ құдайдың дауылы емес. Ұлықтың, болыстың дауылы. Анау Оязға тігілген ақ үйлердің мына жағында бөлек тұрған он шақты қараша үйді көресің бе? – деп, алдағы ұлықтар аулының сол жағын нұсқады. Абай мен Ербол енді аңғарды. Оқшау тігілген ақ үйлердің маңынан аулағырақ жерде бір топ қара үй, бас түйістіріп кеңескендей, аз ғана аяға бүрісе қоныпты. Абайлар сол үйлерді көріп алғаннан кейін, Дәндібай ұлықты бір боқтап алды:

– Жатуына ақ үй керек. Мазағы мен масқарасына біздің лашықтарымыз керек болыпты ғой.

Ербол түсіне алмай:

– Қандай мазақ? Не масқара? – деп еді.

Бастығы Еренай боп, жиылып тұрған кедейлер жапырлап сөйлей бастады:

– Мазақ емей немене, жазалаған кісісін салатын абақты қылам деп бір үйлерімізді алды.

– Ас пісіретін үй деп біреулерін алды.

– Ол ол ма, Ералының кең жазығы жетпегендей, ұлықтар дәретке отыратын үй деп, тағы бір үйлерімізді алды.

– Алғызып отырған болыс пен шабарман, өңшең қу старшын.

– Бұл қу топыры қашан бітетінін ит білсін. Ауру кемпір-сампырымыз бар еді, кем-кетік, ақсақ-тоқсақ, әке-балаларымыз бар еді. Отырған түрлері анау, шоқпытына оранып. Бәрінің баспанасын сыпырды да әкетті! – десті. Абылғазы Абайға бұндағы жұрт кейісін жеткізе түсті.

– Тап осы көп жатақтан ендігі болыс пен биді сайлайтын кісімсіп, салмағын бұларға салыпты. Тіпті ырзалығын да сұраған бенде жоқ. Майбасар бұйырыпты да шабармандар кеп, жұлып-жұлып, ұйқы-тұйқы қып әкетіпті.

Абай айналасындағы жиынға қарады:

– Тауқыметін өздері көтерсін, сендер неге бердіңдер?

Осы кезде бұлар отырған кебеже, жүктің арғы бауырында жатқан, жыртық шекпенге ораған, шеке тамырлары көгерген екі кішкене бала қыңқылдап үн қатты. Ауру балалар екен. Үрпиген қоңырқай шашының астынан бозарып, күстеніп, науқас ажарлы терісі көрінген төрт-бес жасар балаға Абайдың көзі түсті. Бала қыңқылдап, қайта тынышталғанда, оның көзіне, езулеріне, құлағының ішіне жапырлап қонған қалың қара шыбын көрінді. Соған қарап отырып, Абай:

– Көзіне көк шыбын үймелетіп. Онсыз да тұралап жатқан аш-арыққа осынша қаталдық қылатын не қысасы бар екен, өңшең оңбағанның? Дәркембай, сенің баяғы ашуың қайда кеткен? Шабарманын қақ басқа бір салып, айдап тастамайсың ба? – деген еді. Жатақтар:

– Ойбай-ау, о не дегенің!?

– Оған болайын деп тұр ма?

– Қақап тұрған жоқ па?

– Шабарман емес, сабарман ғой! – десті.

Жатақтардың жаңағы соңғы жайды жапырлап сөйлеп Абайға түгел жабыла айтуы тегін емес еді. Соның мәнін Дәркембай таңданып қалған Абай мен Ерболға жайлап отырып баян етті. Осыдан он күн бұрын жатақтар ортасына, мынау Абылғазыны қасына ертіп, Базаралы келіпті. Ол тегі Құнанбай аулына, Қорыққа, осы Ералыдан барған болар. Сол Базаралы мен Дәркембай көп мұңдасып, Ералыда отырған көп жатақтың жайын танытқан екен. Базаралы мен Дәркембай, бірі үлкен, бірі жас болғанмен, екеуі бірдей ер, өр және көңілі жүйрік адамдар болғандықтан, кездессе, шұрқырасып табысады екен. Дәркембай айтуынша: "айдалада көк қасқыр соқақ-соқақ!" дегендей, ол бір жігіттің бөрісі.болған соң, мен өзім де шүйіркелеп, соған барымды жеткізгім кеп, исініп тұрам!" дейді. Базаралы үш күндей осында боп, Жігітектің, Бөкеншінің, Көтібақ, Мамайдың, Көкшенің жатақ үйлерінің бәріне кіріп, жай-күйлерін біліп шығыпты. Ауруының көңілін сұрап, сауына ақыл-көмек, кеңесін айтыпты. Бір үйінен шалап, бірінен ірімшіктің сары суын, шалабын ішсе де тоқмейіл бопты. Барын місе қып, көп мұңдар шертісіпті. Қалың жатақтың көңіл ін көтеріп, ән салып, әңгіме де айтып беріп, қоңыр лашық, жыртық үйлердің жақын досы боп кеткен екен. Базаралы ат үстінде көп жүретін болғандықтан, Дәркембайға осылардай жатақтың Тобықты ішінде әлденеше жерде барын баян етіпті. Доғалаң бауырында Сақ-тоғалақ, Тасболат жатағы бар. Білде, Кіндіктіде – Әнет, Бәкең, Көтібақтардан шыққан жатақ, Ордада – Мамай жатағы, Мыялы Байғабылда қырық рудан құралған жатақ барын айтқан. Оның үстіне Базаралы Шыңғыс сыртында, Бақанас бойында орналасқан Керей жатағын да біледі екен. Көкендегі – Уақ ішінен шыққан "қырық үйлі" деп аталатын және Семейге бір бекет жерде Жалпақта, Балторақта сан-сан үйлі жатақтар барын да айтқан. Онысы және қысыр кеңес емес, Керей-уақтың, Бура-матайдың, Ертіс бойлаған елдердің бәрінің жатағы. Базаралы айтуынша солар шетінен егінші. Дихан боп, қысқы, жазғы үзілмес еңбекпен күн кешеді екен. Осындағы бар жатаққа Базаралы ақыл айтыпты.

– Жер емшегін ем. Екі үйің, үш үйің біріксең де, бір жер, екі жер салсаң да, жер тырналап, күш қауқарыңды соған сал. Ен тұрған қалың күзектер, бұлақ, бастау, қоныстар осы бауырда көп қой. Жаздай, жалғыз орақпен болса да, пішен шабыңдар. Шыңғыстан кетіп, Семейге жақындап кеп отырғаныңның өзі үлкен ақыл. Базарың жақын, артық ауысыңды, пішен-саламыңды сол базарға тасып, шай-пүйіңді алып отырасың. "Ел іші алтын бесік, алтын бесік" деп, дәмелене-дәмелене, дәрменіңді тауысып болмадың ба? Ол барға бесік. Жуан мен зорға бесік. Бос үмітпен бой алдырғаның аз ба? "Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ" дей-дей болмадың ба? Енді біріңе-бірің сүйеніс те, осы арада өлмес күніңді көр, түге! Осы отырған бір-біріңнен өздеріңе жақын ешкім жоқ. Күйі бірдің күні бір, діні бір болсын, берекеңнен айрылма! – деп өсиет айтыпты Базаралы. Бұл сөздер көңіліне сонша жаққандықтан Дәркембай Абайға бұлжытпай баян етті. Ербол мен Абай да осыншалық үлкен сыншылықпен және ащылықпен айтылған шындыққа барынша ден қойып отыр. Абай іщінен: "Шіркін, Базаралы оқыған болса, бір Тобықты емес, бар қазақтың осындай мұң-мұқтажына алтын бергек, асыл діңгек болар еді-ау!" деп ойлады. Бұл айтылған жайлар Дәркембай әңгімесінің басы екен. Осыны баяндап кеп, Дәркембай енді жаңағы көп жатақтың "шабарман – сабарман" деген сөзіне келді. Базаралы үш күн қонып аттанғалы отырғанда жатақтар үстіне шапқылап, шабармандар кепті. Жан-жақтан салқар-салқар көш қылып, ақ үйлер артып келген екен. Сойыс малын да қуып келіпті. "Ояз шығады, үй тігеді, қырғын болады" деп, Тәкежан мен Майбасар жіберіпті. Таңертең шай үстінде Базаралы Абылғазы үшеуі отырса, шабармандардың бір үшеуі келіп, осы жатаққа жаудай тиіпті. Ауыл шетінде шу шығып жатқанын Дәркембай естісе де, Базаралыға айтпай отыр екен. Сүйтсе Базаралы да іштей, болыс әлегі келіп жатқанын біліп отырыпты.

– Ақсақал, осы аулыңа бөрі шапты ма деп отырмын. Немене, ана жағың азан-қазан боп кетті? Тағы ұлық пен болыс. Әлегі ме, – деп сұрапты. Дәл сол кезде, Дәркембай танымайтын үш жас атшабар тасырлатып үй сыртына шауып келіп, "Дәркембай, қайдасың, шық?" – деп айғайлапты. Дәркембай шықпай бөгелген екен, екі иінінен дем алып, алқынған жынды жігіттер: "шық ойбай, құдайсымай! Болыс пен стражник қысып жатса, сен қу кедей де салмақтанамысың?"– деп боқтап, ақыра бастады. Базаралы томсарып ап, Абылғазыға иек қағып қойып, Дәркембайға: «Шықпай, жауап та бермеші, қайтер екен» деп өзі ана жігіттерге дауыстапты.– "Уә, жігіттер! Кімсіңдер тегі? Мұнда түсіп- ақ сөйлессеңдерші!" деп, сыпайы сөз қатқан екен. Атшабарлар асау аттарының омырауымен Дәркембайдың кішкене үйін соғып, құлатарман боп: – "Шық та шық!" деп, боқтаудың астына алады. Соның үстіне, дырау қамшыларымен үйді сабап, шықырлатып уығын сындыра жаздайды. Соған жеткен соң Дәркембай шыдай алмай, үйден атқып шыға берсе, әкесіндей кісіні, құтырған атшабардың екеуі екі жақтан қамшымен тартып-тартып жібереді. Осы шақта ашуы әбден қайнап жеткен Базаралы мен Абылғазы, жымнан ытқыған жолбарыстай боп тысқа атқып, ақыра қоя берген. Екі атшабарды Базаралы бір өзі жағаларынан алып, екі қолымен жалғыз-ақ жұлғанда, табанының астына бір-ақ салыпты. Тағы бір атшабарды Абылғазы да бүктеп қалған екен. Екеуі үш атшабардың басына мініп отырып, құйрықтарын түріп қойып, "ал саба!"– деп Дәркембай көзін сығырайта күледі. Талайдан бір айызы қанғандай, құшырлана түсіп әңгімесін айтады.

– Несін айтасың! Баласы мен қыз-қырқынын шулатқан жатақ атаулы жиылып кеп, иін тіресіп қарап, сондай бір мәз болмасын ба? Бірде-бір жан үшеуіне болысып, жалғыз ауыз үн қатып, арашашы болған жоқ. Тобылғы сапты қамшы сынғанша сабады, Базаралы бағланым! Әй, жігіттің ардагерісің-ау! Ерім! – деп, Дәркембай сөзін бітірді. Сонымен біраз үндемей отырып қап еді.

– Ал бірақ үйіңнен айрылғаның не қылғаның? Баспанасыз отырсың ғой, түге, – деп Ербол сабырсызданып, кейінгі жайды сұрады. Ол туралы Дәркембай қысқа айтты. Базаралы тағы екі күн болыпты. Атшабарлар кетіп, жатақ тыныш тұрған екен. Содан Базаралы аттанып, Қорыққа кетіпті. Ал болыстар, ертеңінде старшын, елубасыларын бастық етіп, отыз кісі боп келіпті де, жатақтың мынау қазір жалаңаш қалған, баспанасыз қалған үйлерінің бәрін де, бір-ақ сәтте тік көтеріп, көшіріп әкетіпті. Дәркембай осыдан кейінгі сөзін Абайға бұрды.

– Болысқа, ұлыққа ерген сұмдар, "айт" десе әкесінің көрін ақтаратын иттер емес пе? Дәркембай, сен неге көндің дедің жаңа. Дәркембайда дәрмен қалды ма, Абай-ау? Шырағым, азаматым-ау! Одан да қолыңнан келсе, өзің айтып, үйімізді өзің қайтарып бер. Көп жатақтың үйі болмаса, ас іше алмай, дәретке отыра алмай жүр ме екен, бұл өңшең содыр-сойқандар! – деді.

– Үйлерімізді қайтартып бер. Қорлық-мазағынан құтқар тым болмаса! – дескен сөздерді тілек етіп, шағым етіп, Абайға осы арада тұрған топтың бәрі айтты. Ендігі сөз қысқа, кеңеске салатын дәнеңе жоқ. Абай етегін қағып, қамшысын мықынына екі бүктеп алды да, Дәркембай бастаған топқа қарап:

– Жүр, жүріңдер, бәрің де жүр! Абылғазы, сен де жүр! – деп, жатақтың көп жиынын қасына ілестіріп алды. Ербол екеуі де аттарына мінбеді, тек жетекке алысты. Ұлықтардың үйіне қарай, жатақтармен бірге жаяу әңгімелесіп кетті. Бұл топ саны көп қара үйлер арасымен жүріп, қотан шетіне қарай бөлініп шыққанда, әрбір жүктің арасынан, кейбір қара лашықтардан шығып, осы ауылдың тағы да көп еркектері қосылды. Абайлар тобының артынан жедел басып, ағылып кеп, көбейіп барады. Арттан жетіп, амандасып жатқан кісілердің ішінде қазір қапсағай, биік бойлы, ажарында қайраты бар, орта жасты кісілер көрінеді. Бастарына шыт орамалдар байлап алған, жалаңтөс, күнге күйген, бұлшық етті жігіттер де байқалады. Үнсіз түйілген қабақтарына ашу мен кекесін жиылған, буырыл сақал, ақ сақалды, жадау жүзді қарттар да бар. Абайлар келіс қарсаңында, сайлауға кеткен үйлерде болсын, атраптағы елде болсын, үлкен бір әбігер білінеді. Ояз тек қана сайлаушы боп келмеген. Бұл жолы бір асығыс тергеуді де өз міндетіне ала кепті. Тәкежан осы сайлау әбігерімен баласының жаназасын шығара сала, аулында қала алмай, Ералы жақта жүр еді. Қысылып қорқа жүрген-ді. Шыңғыс елінің беделді адамдары: Оразбай, Жиренше, Асылбектер де қазір қысылуда. Кеше Абайға хат жазып шақыртқан Тәкежан емес, Асылбек болатын. Оның Абайға атап айтқаны – Базаралы сәлемі, соның жайы екен. Базаралы ұсталып, қамалып отыр. "Ұстатып отырған Тәкежан, осыны Абай білсін!"– деп, Базаралы Абылғазы арқылы Асылбекке айтқызыпты. Базаралының ұсталғаны кешегі күн. Асылбек Абайға хабар айтқызғанмен, Абылғазыға:" зге елге білдірме пәледен пәле туып, ұлғайып кетер" деген. Сондықтан, Абылғазы Базаралы жайын жатақтарға да айта қоймаған-ды. Базаралыны бұл тұста, өздерінің бір есебімен, Оразбай, Жиренше де жақтағандай болды. Олар Тәкежанмен осы жиын тұсында араздыққа тақап тұр. Өйткені, Тәкежан бұларды да Базаралы жөнінде ұлыққа атап беріпті. Сонымен олар қазір амалсыз Базаралыны жоқтаушылардың тобынан табылғалы тұр. Абайды тосқан осындай топ. Бұлар Абай келісімен, оны оңаша алып шығып, жайды баян етті. Бәрінің кезектеп айтқан әңгімесінен Абайдың аңғарғаны мынау болды. Тентек-ояздың қасына ерген, өр Найманнан шыққан бір топ жоқшылар, үлкен сөз ұстап келіпті. Осы өткен қыста сол Найманның Құдайсүгір деген жуан бір аулынан Тобықтының барымташысы, бастығы Оралбай болып жылқы алыпты, – дейді. Оралбай былтыр Керімбала дертінен соң елге қайтпай жоғалып кеткен еді. Ішінде ыза кеткен жас жігіт қасына қол жиып ап, мылтық-құрал ұстап, сол бір жылдан бері, Тобықтыдан, Керей, Сыбаннан және сол өр Найманнан да талайды алыпты. Жуан мықты ауылдарды іріктеп жүріп, мал айдатып алып, теңіз жақ шеттегі Керейдің бір аш-арық, қалың ауылдарына орнаған екен. Құдайсүгірдің арызы Оралбайды:" ұлыққа қарсы, елдің жуан, жақсыларына қарсы бүлік басы адам " етіп көрсетіпті. Сол арыз к өршілес Жетісу мен Семейдің екі жандаралының да кеңсесін көп аралаған екен. Екі болыстың жапсарында мойны қашықта әрекет етіп жүрген өжет, кекшіл, өр жігіт патшаның әскерінен де қаймықпапты. Осы қыс пен көктемде Аягөз бен Семейден қуа шыққан бір отрядты мазақ еткен. Ұзатып әкетіп, ен далада ас ішуге отырған бір кездерін бағып келіп, барлық аттарын тиіп әкетіпті. Талай күндер жиырма-отыз кісіні жаяу қаңғыртып, аштық пен шөлден иттей қатырыпты. Екінші бір жаманат хабары тағы бар. Оны Оразбай, Жиренше күліп айтса да, Асылбек сотқарлықты сүймейтін мінезімен сескеніп айтқан. Ол іс Аягөз бен Шұбарағаш арасында, бекет жолында болған. Семейден Қапалға кетіп бара жатқан қасында екі стражнигі бар крестьян начальнигін біреу жолбасарлық қып, шабуыл жасап, тонап жіберіпті дейді. Осындай үлкен пәлеге де Оралбай жазалы деп, Найман көрсетіпті. Сүйтіп, бар жаманатты сол жігіт басына үйіп-төккен Ояз тергеуге кеп отыр. Найман өзінің малын бір қуса, крестьян начальнигінің кегін және қуыпты. Әрі куә, әрі пәле басы боп келіп отыр. Олар бес кісі, Ояздың қасынан шықпайды. Өздерімен тілдесіп, қазақ жолымен келісуге ыңғай көрсетпей отыр. Ұлық болса, "еліңнен сол Оралбайдай сотқар шықты. Ол патша өкіметіне қарсы, сен, соны көрсетпедің", – дейді. "Болыс, би, старшын бәрің де бастарың сотқа кетеді, қылмыстысың", – дейді. Арызының ішінде Базаралының аты бірге жүрген қағаздар да болса керек. Кеше Тентек-ояз келісімен Тәкежанмен бірге, осы отырған үшеуімізді шақырып алып: "Оралбайды тап, Базаралыны алдыма келтір!" деп, қатты ығырып, қатал әмір етті. Бұларды солайша қыспаққа ал деп көрсеткен Тәкежан көрінеді. Оралбай қолда жоқ. Ал, Базаралының ішіне тығып шүпірекке түйгендей бізден жасырғаны болса, өзі біледі. Тек атасы бір дегені болмаса, анау Балағаздың ісіндей, бұл жолы да, Оралбайдың көп пәлесінен оқшау, аман еді! – дейді. Жиренше бұдан былайғы жайды әлденеден күрмеліп, бөгеле беріп, тұспалдай сөйледі.

– Тәкежан болыстың ойы елден бөлек. Біздің жауабымыз – Оралбайды білмейміз. Ол бұл елден шығып кеткен бір шығай. Елдің де, Базаралының да оған құрығы жетпей қалған. Не істеп, не қойып жүргенінде біздің ортағымыз жоқ. Өзің ұстап ал да, білгеніңді қыла бер. Алғашқы сөзіміз, Тәкежанмен, Майбасармен қосыла ақылдасқанда, соған сарқып еді. Бірақ кеше кешке Оспаннан Тәкежанға хат алып Дарқан келген екен. Базаралы мен ағайын іші бас араздық боп қалған ба? Не қылсаң өз басыңды ақта, Базаралы қолымда отыр, осыны жау деп ұстап бер! – деп, хабар етіпті. Содан бері Тәкежан өз аулына Жұмағұл шабарманды бастатып, төрт стражникті жібертіп, Базаралыны алғызып кеп, жаңа сәскеде ұлық қолына табыс етті. Ал, Тәкежан Базаралыны айдатқалы жамандап жатыр ма, не десіп жатқанын білмей, сені шақыртып отырмыз. Осыған ақылыңды айт! Абай бұл арада үлкен түйін түйілгенін сезді. Оспан жағынан жүрген астыртын сырдан, мынау сыртқы пәленің екеуі де зор. Өте өрескел жұмыстар түйісіп тұрғанын, Абай Асылбектерден көрі толығырақ аңғарды да, қабағын шытып, қинала күрсінді. Сайлауға арналған үйлердің орта тұсында өңшең алты қанат үш үй біріне-бірі тіркестіріліп, қосыла тігілген екен. Сол үй жаққа көз тастап, зәрлі жасауылдар мен лыпыл қаққан жылпос атшабарларды көрді. Аяқ ұшымен басып, жүгіре түсіп, қатты қимыл етіп жүрген ынталары байқалады. Арғы үйлерде отырған қатал ұлықтың ызғарын сездіріседі. Әлі жауап қатпаған Абайды Асылбектің сөйлеткісі келді.

– Сайлауға келген ұлық, әуелі сол сайлау жағынан бастаса керек еді. Мынауың тамам елді жиып, қамап қойыпты. Болыс жамандаған кісіні бас салып қыспаққа алады. Солардың мықтап көрсеткеніне дүре соғады. Ұлығыңның аңғары бізден де Базаралыны иянаттаған арыз түсір дейтін көрінеді. Соны құшақтай түсейін деп отыр! – деді. Абай әлі үндеген жоқ. Соңғы біраз сөзді Оразбай айтты. Қысқасы, барды білдің. "Былай баспа – былай бас. Олай істеме – былай істе " дегеніңді бізге өз аузыңнан осы арада өзің айтшы! – деді. Абай бұл адамдарға көп сөз таратып айтуға үлгермеді. Ұлық үйлері жақтан. "Шоқа баласы! Шоқа баласы!" деп, Жиреншені шақырып, "Сүйіндік баласы!"– деп, Асылбекті, "Аққұлы" деп, Оразбайды шақырып, бір стражник пен бір атшабар қамшы былғап келе жатты.

– Әні, ұлық бізді керек етіп жатыр! – деп, Жиренше Абайды асықтырғандай. Тез жауап күтеді. Абай оған да асықпай, үшеуіне қарай түсті. Қатты бір бекініспен жұдырығын түйе сөйледі.

– Ұлық бетінен ықпаңдар, домбытбасы болса сескеңбендер. Базаралыны Оралбай үшін Тәкежан күйдіртем десе де, сендер бермеңдер. Оралбайды құрығы ұзын ұлық қой, өзі ұстап алсын. Бұл пәлеге Базаралыны батырмаңдар! – деді. Осы кезде бұлар қасына жеткен стражникке жаңағы аты аталған үш кісі ерді де, ұлықтың үйлеріне кетті. Абай кейіндеп бара жатқан атшабарды өзі отырған орнына шақырып алды. Ұлықтың мыналарға ызғары қандай болады. Маған соны сен білдіріп тұр. Осыны тек саған ғана міндет етем, білдің бе? Бар! – деді. Атшабар Абайды білетін. Осы елдің өзінен шыққан жігіт болғандықтан, ұлықтың қасына ерген болса да, мынау айтылғанды тез аңғарды. Өз басына сын сияқты түсінді. Уәде беріп кетті. Абай Ербол мен Абылғазыға да іс тапсырды.

– Жақын ауылдарға тегіс, шапшаң кісі шаптырыңдар. Ер-азамат, атты-жаяулы түгел, ұлық үйлеріне жетсін! Ал, мына сайлау басындағы еркек-әйелдің үлкен-кішінің бәрін қалдырмай, лезде осы мынау үйлер тұсына жинап келе беріңдер! – деді. Жиреншелермен алғаш сөйлескен жерінде Абай бір сағатқа жуық отырған кезінде, сайлау үйлерінің айналасына топталған ел анық мол жиынға айналды. Стражник-атшабарлар қалың елді дәл ұлық үйлерінің өз қасына жақындатпай, алысырақ ұстауға тырысады. Айғайлап, айбар шегіп, қамшы, қылыштарын көтере түсіп, доң айбат жасайды. Жұртты жасқап, іркіп жүр. Бірақ қалың елдің бүгінгі әлдеқандай бір оқшау күйді тосқан түйілгендік байқалады. Базаралының жазықсыз ұсталып келгенін бұл ел білген. Оны аяп, Тәкежанға жирене қараған салқын ызғар бар. Жұрттың көпшілігі сұрғылт жұпыны киімді, шаруаның елі. Бағанағы Абаймен келген жатақтар да тегіс осында жүр. Базаралы хабарын естігеннен бері олар әсіресе ширығып қатулана түскен. Абылғазы солардың арасында. Өзінің осында келуі Базаралы үшін екенін енді айтып жүрген. Аздан соң қалың жұрттың Дәркембай, Абылғазы, Ерболдар жүрген бір шоғырының ішіне Абай тақап келді.

– Мен қазір мынау ұлық үйіне кіремін. Базаралыға қамшы жұмсаса, қарап қалуға болмайды. Жазықсыз азамат басына қорлық таңба соқтыра алмаспыз. Осы жерден тарамаңдар! Ербол, Абылғазы екеуің менімен бірге кіріңдер! – деді де, екі жолдасын ертіп, ұлықтың үйіне кірді. Абай араларынан кетісімен, анталап тұрған қалың жиын арасына, ауыздан-ауызға көшкен сыбыр бұйрық жайылды. Сыпсыңдап, жылдам тарап жатты. Дәркембай сияқты қартаң адамдардың жүзінде және жатақтың көп жастарының пішінінде қабақ түйген бекініс бар. Ширақтықпен сәт күткендік білінеді. Іркес-тіркес тігілген үш үйдің алдыңғысында ел қазағы жоқ. Тек қылышты, құралды стражник-урядниктер мен орта шенді төрелер тұр екен. Тергеу орталық үйде көрінеді. Есікке қарсы тап ортада, жасыл жібек жапқызған кеңсе үстелінің жанында ұлықтар. Ширатылған ұзын қоңыр мұрты бар, биік бойлы суық қабақты қара-сұр Ояз Кошкин ақыра тергеу жасап отыр. Бұның сөзін қазақшылап тұрған қысық көз, шолақ мұрын, семізше тілмаш екі аяғынан тік тұр. Мойнын қисаңдата түседі. Қазір жауап беріп отырған Оразбайға о да зіркілдеп, аяғымен жер теуіп қойып, кәрленіп сөйлейді. Абай жолдастарымен ауыз үйге кіргенде, жауапта отырған Оразбайдың жалғыз көзі мұны шалып қалды. Ояз тергеуінің ожар, озбыр сөздері ызасын келтіріп, зығырын қайнатып болған ба? Немесе Абайдың келісін арқаланып, әншейіндегі намысқор ерлігіне, томырық мінезіне басты ма, әйтеуір Оразбай жерде жүгініп отырған қалпынан көтеріле беріп, бір тізелеп алып, өзінің қатты үнімен тілмашқа сөйледі.

– Жеткіз ендеше! Мен Оралбай емеспін. Елдің жазықсыз, қылмыссыз адамымын. Мына Жиренше, Асылбек айтқаны рас. Сол сөз менің де сөзім. Оралбай үшін күйетін ел жоқ мұнда. Базаралының да түк жазасы жоқ. Ақырып-шақырмасын мына ұлығың! Жеткіз қазір осынымды! – деді. Тілмаш осы сөздерді аударып жатқанда Оразбайдың жауабына сүйсінген Абай Ербол мен Абылғазыға ақырын күбір етіп:

– Еркек мынау екен, бәсе! – деп, төргі үйдің есігіне қарай, " тілмаш қалай аударар екен " деп, ұмтыла берді. Сол кезде екі жақта тұрған сақшылар Абайға қатты зекіп:

– Тұр тоқта! – деп қалып еді.

Абай орысша сөйлеп, салмақпен үн қатып:

– Сабыр! Мен уездный начальник мырзаға өтуім қажет! – деді.

Бірақ есік пен Абай арасына екі стражник тұрып қалған еді. Дәл осы уақытта оң жақта тұрған сыпайы, сұлу пішінді бір чиновник ілгері қозғалды. Абайдың орысша сөйлегеніне таңырқап, қызыққандай. Стражниктердің алдынан жанаса келді де, күлімсіреген пішінмен:

– Сіз кім едіңіз? Білуге рұхсат етіңіз! – деді.

Абай бұл кісінің сыпайы жүзіне өз тарапынан лайықты тағзым көрсетіп, тымағын алды. Өз қадірін жоймайтындай, тең тәрбиелі сыпайылықпен бас иіп:

– Мен Ибрагим Құнанбаевпын. Халықтан шыққан жұпыны кісімін, деді. Төреге күлімсіреп, барлай қарап, тоқтап тұр. Абаймен сөйлескен төре бұрынғысынан да жадырап, жақындай сөйледі.

– А, сіз Ибрагим Құнанбаевсыз ба? Мен сізді білемін. Жақсы білемін. Маған сіздің досыңыз адвокат Андреев көп айтқан. Таныс болайық, мен Лосовскиймін! – деді.

Абай бұл кісімен таныса сала, алдыңғы үйді көрсетіп:

– Мұнда не хал болып жатыр? Бұның бәрі бізге – халыққа ренішті... – дей берді. Абайдың алдынан шыққан стражниктер, бұл кезде Лосовскийдің қабағын байқап, орындарына қайтып кеткен еді. Советник Абайға бетін шұғыл тақады да, аузын алақанымен далдалай беріп:

– Сіздікі дұрыс. Сіздер ғана емес, ретті әкімшілік үшін де ренжірлік, топастық бар. Самодурство! – деді. Соңғы сөзін қып-қызыл боп, ашумен айтты. Бірақ кейін шынға жетерміз! – деп шегіне берді. Барлық ауыз бөлмеде тұрған ұсақ төрешіктерге әдейі бір қыр көрсеткендей боп, Абайдың алдына алақанын көлденең созып, орталық үйді нұсқады. "Кіріңіз, рахым етіңіз!" – дегендей. Бірақ Абайдың орталық үйге бас сұға беруі-ақ сол еді. Оразбайдың жаңағы жауабын түгел естіпболған Ояз ақырып, әмір етті. Базаралыны нұсқап, бұйрық беріп тұр. Екі стражник Базаралыны иығынан жұлқып жіберіп, шалқасынан бір түсіріп, сәтте етпетінен салып, қамшымен тартып-тартып жіберді. Абай осыны көре сала, ақырып, айғай салып:

– Постой! Не смей! – деп қалып еді. Үйдің іші апыр-топыр. Орнынан жыландай ысқырып, атып тұрған Ояз, Абайға тақай бере:

– Сен кім? Сені кім шақырды? – деп қалды.

Ұзын мұрты қалтырап, көзі жиреніш отын шашып, Абайға тақап кеп, тік қарап тұр. Абай бойы Ояз бойынан биік еді. Қаны қашқан, ызалы жүзі бар, екі көзі қанталап, ұлыққа жоғарыдан төмен шаншыла қарайды. Айыптап кінәлағандай боп, қатты жауап берді.

– Ақырмаңыз! Мені жиылып тұрған халық жіберді! Тоқтатыңыз қазір мынау бассыздықты! Ояз ызадан қайнап кетіп, жаңа Абай араласқанда қамшыларын көтеріп тоқтап қалған стражниктерге "соқ!" деп, қайта бұйрық етті де, Абайға саусағымен көзге шұқығандай нұсқады. Асқақ, ашулы ұлық оған да ақырып:

– Сені абақтыға жапқызамын! – деді.

Абайдың "Ұрма! Тиме, тарт қолыңды!" деген қарсы айғайын елеген де, ұққан да жоқ. Базаралы үстіне қамшы жауып қалды. Енді ұлық Жиренше, Асылбектерге де, оқшау отырған Оразбайға да дүре соқпақ. Қолын қайта нұсқап, қасына жиылып қалған төрт-бес стражникке:

– Жиырма бес қамшы, отыз қамшы! Елу қамшы! – деп, ең соңғыны Базаралыға кесті. Абай дәл осы шақта жанып тұрған отқа түскендей. Көз жұмған, өжет ерлікке басып еді. Енді ашу емес, ызасы күшті, тартыс қаны қайнағандай. Ұлыққа қарап:

– Енді бар нәрсеге сен жауап бересің! Помни, сам виноват! – деп есікке қарай ұмтыла берді. Ербол мен Абылғазыға айғай салып, қатал әмір етті:

– Ұмтыл, қаптат елді! Ойран ет! – деп, есіктен өзі де жүгіре шықты. Тыстағы Дәркембайлар, әлдеқайдан, қысқа шоқпар, дырау қамшылар тауып ап сақадай сайланып та қалған екен. Абай шыға бере:

– Құлат! Ойран ет! Талқанда, мынау үйлерін! – деуі-ақ мұң екен. Айналада сіресіп тұрған ел Дәркембайдың: "қыр, жой!" деген жалғыз айғайымен, үш үйдің үшеуіне де қамшы, шоқпар ұрып, тозаңын аспанға шығарды. Төрелер өз бастарына тиіп жатқан ызғарлы жаза соққысын көргендей. Ояз Жиренше, Асылбектерді ұр дегенмен, стражниктер оларға ұмтылған шақта, ауыз үйдегі чиновник Лосовский ақыра жүгіріп келген. Ояздың бетіне бетін тақап, түгін атып, түкірігін шаша, қатты сөйлеген. Үй ортасындағы столды кең алақанымен сарт еткізіп ұрып қап:

– Жетті бассыздық! Доғарыңыз дереу! Сіз енді қайтып түзелместей қата еттіңіз! Тыйыңыз дүрені, шапшаң! – деп еді. Чиновник Абайдың қандай ызамен қайнап кеткенін, қандай өрт қимылға бекінгенін жаңағы шыққан айғайлы жүзінен анық танып кеп, осыны істеген-ді. Лосовскийдің әмірінен соң, үй іші аз уақыт жым-жырт еді. Көтерілген қамшылар да Жиренше, Асылбек, Базаралыға соғылудан тыйылып, бата алмаған қалпында, асылып, тұрып қалған. Тек алғашқы қамшы тиген Базаралы ғана. О да қазір жұлқынып, ұшып түрегелді. Ояздың қасында, аппақ қудай боп, неғыларын білмей тұрған Тәкежанға қарап:

– Жауым сенсің, Тәкежан! Тірі болсам, кегім сенімен кетер! – деп қалған. Бұндағы сөз осы-ақ болды. Барлық үйге сатырлап тиген қамшы-шоқпар уық-керегені шатырлата сындырып барады. Ұлықтар басындағы жұқа баспананы, ышқына соққан халық ашуы жапырып, қиратып келе жатыр. Есі енді кіре бастаған урядник ең алдымен мылтығын суырып ап, шаңыраққа атты. Осының жолымен тағы бірнеше стражник мылтығын атып қалып еді. Ояз оларға енді өзі ақырып:! Тоқтат!", "Атпа!" деп әмір берді. Сырттағы жұрттың ішінде, мылтық үнінен серпіліп, секіре кейін шыққан бірер шалдар болса да, көпшілік үш үйді, сығымдаған шеңгелінен шығармай тұрған. Ұлықтың үй ішінен ақырып: "Мылтық атпа! Тоқтат!" деген әмірін сыртта анық аңғарған Абай, бар елге қатты айғаймен белгі берді:

– Сескенбеңдер! Енді ата алмайды! – деп, жар салды.

Сол арада Ербол, Абылғазы, Дәркембайлардың үндері саналы ызамен екіленіп, бірлесе шықты:

– Құлат мынау үйлерді! Жық! Домалат! Ал жұлып, баспанасын! – десті. Ауыздағы үйдің сол жақ қанатына барлық ел қаптап кеп, иін тіресе, жабыла тұра қалды. Бұл қимылдың алдында жүрген көбінше жатақтар. Солар тобы қалың күшпен еңсере қайрат еткенде, ауыз үйдің уық-керегесі шықырлай сынды, сығылысып, ішке қарай жапырылды. Қабысып-қабысып барды да, ақыры шарт етіп құлап кетті. Орталық үй мен ауыз үйдің арасы есік емес, бір қанат керегенің орны жоқ, кең өткел-ді. Төргі екі үйде үрпиісіп қалған ұлықтар, ел ашуынан қорқып тығылғандай. Біріне-бірі сығылысып тұр екен. Абай Оязға, нұсқап тұрып:

– Өзің кінәлысың. Сен елді түзетуші емес, бұзушысың! – деп ақырды да, адымдап барып Базаралыны қолынан жұлқа тартып: "шық былай!" деді. Базаралы Абайдың сыртына ытқып шықты. Осындай шақты пайдаланып Асылбек, Оразбай, Жиренше де шапшаң ытқып, Абайдың сыртына қарай, ел ішіне араласып кетті. Бұл уақытта Дәркембай, Абылғазы, Ерболдар және осыларға ұқсаған толып жатқан көпшілік үлкен ызада. Олар – би-старшын емес, бай-бағлан емес, бірақ сын кезеңдерде ел салмағын тәуекелшіл сом иықпен берік көтеретін өжет жандар. Қазір солар Оязға, Тәкежанға ақыра үн қатып, жан-жақтан қамшы жаудырғандай бұйрықтар сілтеп тұр. Абай ендігі сөзде, сол жұртқа кезек берді. Ербол, Абылғазылардың Ояз бен Тәкежанға анық жеткізіп айтқан талабы:

– Сайлау бермейміз! Сен сайлаушы емес, елді ойрандаушы. Жөніңе кет, қайт шапшаң! Енді сенің бұйрығыңа көнетін ел жоқ! – деп ұлықтарға бір айғай салды. Сонымен қатар қалың елге:

– Таратып апкетіңдер анау үйлеріңді!

– Тарасын ел бұл арадан! Қу томардай сорайып, жалғыз ұлықтың өзі қалсын!

– Немесе, соның бауырына тығылған азғын, сұмдар қалсын!

– Үйлеріңді ал, жатақтар! Көнбе зорлыққа. Алып кете бер тегіс үйіңді!

– Тараңдар! Тастаңдар жалғыз ұлықты!

– Қалсын адыра! – десіп, бірі артынан бірі айғайлады.

Осы әмірді көпке жеткізісті де, Дәркембай, Абылғазы, Ерболдар жұртты басып, серпіле жөнелді. Тарағанда құр бақыра, шақыра тараған жоқ. Кімнің ақылы басқарғаны белгісіз, әйтеуір ең алдымен ұлықтар маңындағы барлық атты қуып кетті. Содан кейін ел ұлықтарды қадірлеп тіккен үйдің барлығын лезде жықты. Үйлерді ең алдымен жыққан жатақтар. Олар үйлерін шапшаң әкетті. Аз уақыттың ішінде біріне-бірі дауыл үйіріп кеп қосып, өрескел күйді тоқырайтып, мінгестіріп кеткендей екі ғана үй қалды. Жарымы құлаған ұлықтар үйі. Маңайы тып-типыл. Жаңа осыдан бір-ақ сағат бұрын ұлық мекені бүкіл Ералы атырабына айбар шегіп, "мен мұндалап" тұр еді. Қазір көл бетіндегі көбіктей боп жоғалып кеткен. Халықтың кәрі ұрғандай жалп етіп, құлап түсті. Ел ынтымағы бұнымен біткен жоқ. Ералыда отырған барлық ауыл ұлықтардың үйін қу далаға жалғыз қалдырып, сол күні, дәл түс кезінде бір-ақ көтеріліп, тегіс көшіп те жөнелді. Өз маңынан елді үркітіп, айдалада жалғыз қалғанда, ұлық тобы қас масқара боп қалды. Айнала елсіз жат. Көз ұшында бір бұдыр көрінбейді. Тысқа шығып осы жайды болжап жүргенде, салмақты Лосовский, екі алақанын жайып, өз өзінен күлді де:

– Ең аяғы бұралқы ит те қалмапты, – деп басын шайқады. Өзінің өрескел ісін енді аңғарған, үнсіз ашумен тек қана басын шайқай түсіп, сенделіп жүрген Тентек-оязға қарады.

– Киргиз даласын көп жылдан бері біліп жүріп, мұндай ұйымдасқан ел көрген жоқ едім. Осы керек бізге! Кешпестік қата жасадық. Елдің жазықсыз адамдарын орынсыз жабайылықпен жазалау арқылы мынадай соққыны көріп отырмыз. Менің адал арым сізге бар шынымды айтуды талап етеді. Қалаға барғанда, осы жолсыз сапар үшін сізбен жоғарғы ұлықтар алдында есеп айырысатын боламыз! – деді. Тентек-ояз жауап қатқан жоқ. Қолын бір сілтеп, бұрылып жүріп кетті. Ұлықтар қасында өзінің екі атшабар, екі старшынымен қалған Тәкежан ғана. Әмір құдіреттің бұл сәтте қадірі кетіп, қауқары біткені соншалық – енді бір жұтым сусын, бір қайнатым шай, бір түйір бауырсақ, ірімшік табудың өзі күш болды. Ұлықтар сайлау жасай алмайтыны айдан айқын еді. Енді бөгелместен табан тайдырып, Семейге қарай жөнелу қажет. Тентек-ояздың соңғы Ояздық ықтияры сол ғана болды. Тәкеженға өздерін кешіктірмей, тез ат тауып жөнелтуге әмір етті. Болыс өзі мен маңындағы атшабар, старшындарының аттарынан құрап, төрт пәуескені екінді кезінде зорға жүргізді. Тентек-ояз дәл жүрерде, бүгін болған ғаламат уақиғаны қорытып келіп, өзіне бағынышты чиновниктерге соңғы байлауын мәлім етті. Тілмаш арқылы Тәкежанды, старшындарды да қағыстырып, сұрастырып, өзінің ұлықтық ақылымен де қорытып алғаны осы. Қалаға, жоғарғы ұлықтарға апаратын акт, мәлімдемесі есепті. Сол қортындысының бір үлкен "бабы" – бұл Ояздың өз айыбын ақтайды. "Оралбай үлкен қарақшы. Базаралы ел ішіндегі соның сүйеніші, айлакер, ақылды басшысы. Ал Оразбай, Жиреншедей кісілердің бәрі Базаралыны жақтаушылар. Солардың ішінде, осы Шыңғыс елінің болысы Тәкежан Құнанбаевтың туған інісі Абай да бар. Сайлау бермей, жоқты сылтау етіп, пәле шығарушы – Базаралы мен Абайдың әзірлеп қойған кедей, малай қара бұқарасы. Бұл елдің болысы Тәкежан да жаман. Ол Оралбай мен Базаралыға бас араздық арқылы өш болғанмен, ұлыққа қарсы наразылық ашуды тоқтата алмады. Ұлықтарды далаға тастап кеткен қалың елдің, тым құрса, бір ауылын да ұстап қалуға жарамады. Базаралыны қашырып жіберген елге түк қуғын жасай алмады. Елді сайлауға әзірлей алмағаны үшін, Тәкежан Құнанбаев болыстық орнынан түсіріледі. Оның орнына уақытша кандидаты Жабай Бөжейұлы болыс болады!"– деп қорытынды етті. Осыны пәуескеге мінерде, тілмаш арқылы жариялады. Өз масқарасының біраз жарасын өз тілімен жалап, қағазбен сылап, емдей түсті. Тәкежанды орнынан алған бұйрығын, осы ел ішінде құпия тапсырмамен қалып бара жатқан тілмашқа берді де, жүріп кетті.

3

Он шақты күннен бері Абай Семейде каталашкада отыр. Үлкен абақтының өзі емес. Бірақ уақытша жаза орны болса да, каталашка өз тұтқынын әрбір жаза орнына лайықты, қысымда ұстайды. Темір торлы терезе, құлыптаулы есік бар. Сол есіктің орта тұсындағы тар тесік тұтқын адамның сырт дүниемен қатынасына тар өткел болады. Жасауыл әр шақырғанға келмейді. Сарала қылыш асынған ұйқылы жүзді, орта жасты, көп ажымды күзетшілер. Бұның кейбірі Тентек-оязбен елге ере шыққан стражниктер сияқты. Тұтқын орны сол Тентек-ояздың кеңсесінің жанында. Абайдың бүгінгі халіне дағдылы тұрмысы ұқсап көрмеген. Бірақ сонда да ол өз күйіне бір қыдыру үйренісіп қалған сияқты. Айналасын көп кітапқа толтырып алыпты. Көбінше, сол кітаптарына үңілуде. Күндері қалай өтіп кеткенін байқамай да қалады. Абайға осы кездерде аса бір ықыласты достық көрсеткен бірнеше шаhар адамы бар. Олардың ішінде Ақбас атанған Андреев ерекше. Ол Абай қасына алғаш каталашкаға түскен күннің ертеңінде келген. Содан бері әрбір екі, үш күнде Абайға кітап әкеп береді. Абайды тар бөлмеден шығартып, ауыздағы шыбыны көп, терезесі аласа, өзі де бір қапастай болған күзетшілер бөлмесіне келтіреді. Ісімен таныса келген кісі боп, көп әңгімелеседі. Кітап соңынан кітап әкеп беріп, "тұтқын жалғыздығына серіктер әкелдім" деп, Абайдың көңілін көтеріп кетеді. Алғаш Абайға келіп ауылда болған халді білген сағатында Андреев:

– Құтырып барған ұлықты соншалық масқаралап, абыройсыз етуіңіз осал іс емес. Ол – әділ ашудың ісі. Бірақ бұл сіздің азаматтық бағаңызды ұлғайтқанмен, заң алдында әкімдердің ызасын келтіретін іс. Рұхсат етілмеген тентек, сотқар ашу! – деген. Андреев осы жөнінде Абайға сөйлесуден бұрын, өзінің жақын таныс адамы Лосовскиймен де көп әңгімелесіп, барлық жайды біліп келген. Лосовский Андреевке Тентек-ояз істерін мазақтап, күлкі етіп айтатын. Ол Абайдың мінездерін намыскерлік деп бағалаған. Андреев үйінде осы жай тағы бір әңгіме болғанда, үшінші бөгде бір адам бар еді. Ол жасы отыздың ішіне толық кірген, кең жайылған қара сақалды, зор ашық маңдайлы, қасқа бастау келген, қайратты, дана пішінді Михайлов болатын. Бұл адамның түр-сыпаты, киген киім үлгісі жергілікті адамдарға ұқсамайды. Ол чиновниктің жылтыр түйме, оқа белгісін тақпайды. Өзі патша өкіметінің теріс көзіне көптен ілінген, қылмысты жан болып, осы жаққа айдаумен келген адам. Осы Михайлов бұл күнде облыстық үлкен кеңседе қызметте саналады. Ақырайған ұлық басынан кешкен масқаралық, күлкі жайды алғаш тыңдағанда Михайлов еш нәрсені сұрамады. Бірақ өзінің кесек, оқшау күлкісімен қатты күліп, қызара түсіп, сүйсінгенін білдіріп отырды. Ол кейінгі бір күндерде Андреевтен, сол ұлықты масқара еткен сахара жігітін көрсетіп, таныс етуді сұраған. Абай ісі Лосовскийдің куәлігіне байланысты екенін Андреев айта беруші еді. Бұл іс жөнінде, Лосовский өз сөзін әділімен айтуға бейім болған. Андреевтен досы істеп жүрген жаңағы сияқты қам-қаракетті білген соң, Абай алаңсыз болды. Оның бұл күндерде каталашка стражасынан жалғыз талап ететін жағдайы болса, ол тек түннің шамы ғана. Абай тіпті аз ұйықтайды. Бірінен бірі қызық романдарды күндіз оқуға тоймай, түн жарығымен де оқығысы келеді. Каталашканың қалқан құлақ жаман фонары жерге қойылмайды. Биікке, жоғарыға асылады. Соның дәл түбіне кеп, кітап жолдарын әрең көріп отырса да қажымай оқи беретін Абай, көзі талған шақтарда каталашка есігін жұдырықтайды. Қорылы күшті, бықсық ұйқыда жатқан бар стражникті бөрідей үркітіп оятады. Ұйқыны бұзғанға гүжілдеп, ашуланып келген қартаң стражниктер кейде Абайға кекесін атып:

– Қарашы, киргизин оқымысты боп алған! Бабаң мен әкең үшін де осы каталашкада оқып алайын деп жатырсың ба? Күндіз саған жетпей ме! – деп қыжыртады. Абай бұларды беймазалап оятқаны болмаса, ұрысып қажаспайды. Қайта, кейбір жаңағыдай өткір қалжыңдарына сүйсіне күлетін. Бірін Сергей, бірін Николай деп, өз аттарымен атайды. Жай ғана беделді, сыпайы жүзбен сөйлейді. Сахараның өзінше тәрбиелі, сыпайылығымен үн қатады.

– Сергей, өзің ойласаңшы, каталашкаң толған қандала. Ұйқы-тыным бермейді. Тек осы кітаптан басқа тыныштығым да, серігім де жоқ. Каталашкаңнан тамақ та ішпеймін. Бір шамнан басқа шығарар шығыным да жоқ, түсінсеңші! – дейді. Бұған жиі кезігетін қарт Сергей әр кешті тыртысқан ерегіспен бастайды. Бірақ кейін екінші шамды әкеп, өзі жағып береді де:

– Дұрыс адамдар школдан оқиды. Школдан. Ә, сенің әкең оқуды түрмеде оқы деп үйреткен бе? Тапқан школың осы жер ғой, мә! – дейді. Абайдың каталашкаға келтіретін шығыны аз. Оның қымызы, еті, ыстық сорпасы тыстан келеді. Ербол әкеледі. Немесе осы жолы Абай мен Ерболдың атының басын ұстап, көшір боп келген жас жылпос жігіт Баймағамбет әкеледі. Қазір де Абай камерасында қамыс тегене орталай толған салқын қымыз тұр. Піскен ет, шай азығы да дастарқан ішінде аз емес. Уайым ойламаса да, қаланың ыстық шағында, тұншығып булыққандай боп жатқандықтан, Абай тамақ іше алмайды. Сондықтан ба, болмаса күн көзіне шықпай көп күндер отырып қалғаннан ба қазір, қара сұр реңнен, ақ сұр түске ауысқан. Бүгін, өткен түнде де аз ұйықтаған Абай, ертеңгі оразасын түнемел қымызбен ашып, қызық роман уақиғасына шомды. Абай биылғы көктемде Ақшоқыда "Дубровскийді" оқып отырғанда есіне алған бір ойын бүгін қайта тапты. Владимир үйімен қоса, парақор төрелерді өртеп жібергенде, Абай сондай намысты ашуға қатты сүйсініп еді. "Анық еркек ашуы осы екен!" деп қабылдаған. Кейінгі күндерде сол кітап уақиғасын есіне көп алатын. Қабақ қаққандай бір оқыс әрекет ішінде, сол уақиғаны өзі де көргендей болды. Тентек-ояздың үйін жапырып, құлатып жібергенде, түкпірдегі үйдің аузына үркіп барып, сығылыса ұйлыққан Тентек-ояз бен бес-алты стражник, урядниктер көзге елестейді. Рақымсыз ыза, от ұшқынындай елес беріп өтеді. Бірінен бірі алыс қауымдар, адамзаттар бар. Солар кей шақтарда өктем зорлық, озбыр қиянат ішінде аға мен інідей ұқсас мінез атады. Ноқталы жолбарыстар, ызада жолбарысша мінез атқандай. Томағалы тұтқын қырандар, ызада қыранша мінез танытқандай. Кей намыс кей жандарды ұқсас түрде ыршытады. "Ондайда, адамды, қауымды – жыныс, ұлыс билемейді. Ұқсас күйі билейді-ау!" деп бір ойға кетеді. Қазір дәл осы ой созыла түсіп, тізесіне салып қойған кітап ашулы бетімен елеусіз қалған бір кезекте камераның есігі шапшаң ашыла бастады. Каталашканың надзирателі Хомутов өзі кепті. Ол бұл жерге, Абайды керек еткен адвокат келсе, не тергеуші начальник келсе ғана кіретін. Абай "әлде босану кезі болды ма?" деп, оқыс бір үмітпен Хомутовқа қарай шапшаң тұрып, қадам баса беріп еді. Хомутов есікте тұрды да, қатқыл, суық үнмен хабар етті:

– Құнанбаев, дежуркаға жүр. Саған ауылдан әке келген! – деді.

Абай бұл хабарға бір жағынан таңданумен бірге, екіншіден намыстана түсіп, жылдам басып, полицейге ерді. Дежуркада шынында елден келген бірнеше кісі бар еді. Бес-алты кісілік тобын бастап келген Ербол мен жас Баймағамбет көрінеді. Абай оларға асығыс амандаса бере, ар жағынан Құнанбайды іздеді. "Осы араға кәрі сүйегін сүйреп, ол несіне келген" деді ішінен. Жақтырмай келеді. Осындай оқыс ой себебінен, Абай бұнда тосып тұрған кісілер арасына қабағын түйіп келді. Топ ішінде Құнанбай жоқ боп шықты.

– Әкем келді деп еді, ол қайда? – деп Абай асыға сұрады. Ербол оны бүйірінен ақырын ғана түртіп қойды. Баймағамбетке қарап тұрып, соған айтқан кісі боп, стражниктердің көзін алдап:

– Әкең мына тұрған Дәркембай емес пе, кіргізіп сөйлестірмейтін болған соң айтылған ғой! – деді. Абай бұл хабарға қуанып, бас ие берді. Сақалы ақ боса да, әлі қапсағай денесі, қайратты жүзі кәрілікке мойымаған Дәркембай Абайға кең құлаш жайды. Дос бейілін шын бере түсіп:

– Айналайын жалғызым, арысым! – деп, қапсыра қысып, бетінен сүйді. Бұл жолы Ербол Хомутовты паралап келген сияқты. Дәркембайдың тұтқын жігіт әкесі екеніне әбден сенген надзиратель жаңағыдай шын сағынышты, аталық құшақты көрген соң, "сөйлессін" деп тайып кетті. Абай Дәркембайдың құшағынан шығысымен, өзге екеуді енді ғана таныды. Әуелі қараңғы үйде беттеріне көлеңке түсіп тұрғандықтан аңғара алмаған еді. Таныды да, таң болды. Бірақ, сол таңырқау үстінде қатты сүйінді. Әлі күнге үнсіз тұрған ұзын бойлы, сом денелі екі жігітті де қатты қысып, кезек құшақтады. Абайды таң еткен сол екі жігіт. Дәл осы күндерде, Семей түгіл, абақты түгіл, Құнанбай ауылдарының көзіне де көрінбестей боп, ел ішіне сыймай жүрген жігіттер. Ералы жанжалының артынан осы пәле Тәкежанды орнынан түсірді. Абайды қалаға жауапқа шақыртып барып, абақтыға салғызды. Онан соң барлық Ырғызбай өрен-жарандары болып, "сол жанжалдың пәле басы, бұзықтары"– деп, Жігітек адамдарын таңбалап алған. Түп пәлені Оралбайдан, сонан соң Базаралыдан көретін. Одан соң сайлау басында омырау жасап, ұлыққа қарсылық көрсетіп, көп жатақты қоздырған және үйді құлатып, елді түгел біріктірген осы тұрған жігіттер дескен. Олар туралы Тәкежан мен өзге шағымшыл атқамінердің көбі, Тентек-ояз кеңсесіне де піргауарлар түсірген. Абай ұлыққа беріп шыққан бірнеше жауабында, дәл осы бір-екі жігітке көп қадалып, қатты өшігіп сұраған тергеуші ұлықтың аңғарын таныған-ды. Өз тергеуі ұзай түсетін болса да, Абай бұл екі жігіт жөнінде ұлық қолына дерек боларлық сөз бермеген. Енді міні сол ұлықтар қас көріп, кәрін тігіп отырған екі жігіт қалаға кіріп, қақап тұрған ұлықтың абақтысына өздері кепті. Абай Дәркембай шалдың да келісін қатер көріп еді. Оның да қағазы жаман болатын. Бірақ Дәркембайдың бұл үшін неге болса да іркілмей басатыны Абайдың өзіне мәлім. Таң қылған мынау екі жігіт. Қазір олар Абайға күлімсіреген дос жүзбен қарайды. Шын тілеулес бейілімен, айрылмас бауырлық білдіріседі. Бұлар Жігітектің екі серке азаматы – Базаралы мен Абылғазы. Абай соларға қарап:

– Жандарым-ау, арандай ашылып тұрған арыстанның аузына, сен екеуіңді кім әкеп тықты? Әлде біздің ауылдар, мен үшін сендердің ішкеніңді зәр, жегеніңді желім етті ме? Сонымен келдіңдер ме? Жөндеріңді айтшы! – деді. Базаралы Абайдың қазір жаңылғанын айтып берді.

– Сол айтқаның бір біз емес, бар Жігітекті сенің артыңнан шұбыртқандай себеп екені рас. Бірақ бұл жолы бізді ол әкеліп қайтсын. Осы абақтыда отырған сен болмай, Тәкежан болса да, сол сөз айтылар еді ғой. Бірақ Базаралы мен Абылғазы онда келмек түгіл, "қыңқ" дер ме еді. Ешкімнің сызы да, зілі де жоқ. Мына Дәркембай шалың мен қара сойыл, содыр Абылғазың "сен отырған абақтыда кең сарайдай, өкінбей отырамын!"– дейді, "қасынан қалмаймын" деп келді, – деді. Дәркембай мен Абылғазы бұл сөзді екі жақтан, қатқыл салмақпен қостап кетті.

– Біз үшін сен отырма! Біз жоқшы болуға жарамаймыз. Наданбыз да, дүлейміз ғой! – деп, Дәркембай бастаған. Ар жағын Абылғазы жұлып алып кетті:

– Сен үшін отырамыз. Бізден не өнеді? Сен тым құрмаса елдің жылағанын уатарсың. Жоқшы боламын десең еркекше ар-намысты жоқтай білерсің. Бәріміздің келгеніміз сол. Сен шық, біз жатамыз! Түнеугі Қорықта Оспан айтқан жат хабардан соң Абай Базаралыны дұрыстап көрген жоқ-ты. Тек Ералыда, Ояз үйінде, ашу жалын арасында бір ғана сәт көзі шалып қалғаны бар. Іші біліп тұр мынау ағайын тобын өзі бастап, өлімге бекіндіріп әкелген Базаралы. Ол Абай алдына өзінің тамам айыбын "кеш" деп, кішілік етіп келгендей! Бұл үшін өзін құрбан еткелі, кешірім өтініп кеп тұр. Абай ішпен, қабақпен табысатын күйді біраз ойлап барып түйді. Байлауына жете сала мынау үшеуіне, соншалық бір жадыраған жүзбен қарады. Жақсы кейіпте тұрып, көбінше күле сөйледі.

– Ер егесте, нар кешуде. Жаңағы сөздерің төбемді көкке жеткізгендей. Мен шын қатерде болсам жолымда өлгелі, айтқан тоқтым болғалы, ақ сақалымен Дәркембай кепті. Асау бойыңмен сен екеуің де осыған бекініп кеп тұрсың. Қандай оттан сендер таярсың, қандай ажалдан мен тайсанармын? – деп күліп жіберді. Бірақ, жұрт үркетін түк те жоқ. Құр дәрілеп атқан Тентек-ояз бопсасына өле кетейін деп тұрған мен жоқпын. Маған шыбын шаққан құрым батқан жаза да, ыза да жоқ! Бұрын да көп алғыс айтатын жақсы орыс досым бар еді. Сол адам өзіне қоса бірнеше үлкен, мығым достарды тауып беріп тұр. Соның бірі, Ояз иттігін өз көзімен көрген байыпты адам – чиновник. Міне жай осындай. Осы аз күн ішінде Оязбен менің жауаптасуым мүмкін. Ал онымен дауласуға мына Дәркемді салмай-ақ қояйын! – деп қалжыңдады. Содан соң әзілқой жүзін Базаралыға бұрды да:

– Қазаққа қызыл тілге дес бермегеніңмен, Базеке, сен де бұ жолғы дауды маған бер. Кісі көбейсе, еселеген тергеу мен дау көбейеді. Пәле, жала қат-қабаттай береді. Тергеу, тексеру де созылып кетеді. Сендердің бүгінгі күндер, бұл тұста керектерің жоқ. Тез ғана елге қайтыңдар! – деді де бүгінгі сөзді тамам етті. Қуғыншы боп келген Жігітек кісілерін, тұтқын үйінен қайтарып жіберіп, Абай өзі, бұрынғысынша, сол орнында тағы біраз отырып қалды. Дәркембай, Базаралылар болса, Ерболменен ақылдасып, өздеріне қатер дегенге қарамай Семейден кетпейтін болды "Абай үшін керек бола қалсақ, осыдан табыламыз" деп, Семейдің ноғай жақ шетіндегі қыр қазағы көп қатынамайтын, бір оқшау көшесінен пәтер алды. Ерболмен анда-санда, түн кездерінде астыртын хабарласып тұрады. Абайдың тергеуі қиындап, жаза кесік сияқты қысталаң шақ болса, Ералы шатағын да Базаралы өз мойнына алмақшы. Абайдан жан аяғанша, өлген артық деп байлаған. Нұрғанымды ерекше сүйген көңілден өзі қайта алмады. Соншалық жалынмен бұған бой ұрған әйел де қызуын ірке алмады. Бірақ сүйтіп жүріп Базаралы өзгеден сескенбесе де "Абай білген күні жерге кіремін-ау" деуші еді. Ішкі-тысқы жарадай боп, бұ да қат-қабаттап келді. Әсіресе азаматқа сын, елге салмақ боп келген сергелдең, қым-қуыт батады. Абай Базаралының өз алдындағы айыбын білсе де, оны әзірше, ер елемейтін жарадай бүркеп кетті. Абақты ішінен Абайды көріп шыққан соң, бұл жөнінде Базаралы: "жалған намыс қасиет емес, ар сақтаған қасиет деді-ау Абай, ақылыңнан айналайын!"– деді. Өз ішінде тас-томардай түйіліп жүрген бір күдікті осылай жадыратып, сыртқа шығарды.

– Жолдасын таппаған ер азады, басшысын таппаған ел азады, десе болады. Жолдасты да басшыны да тауып мерейім асып тұрған күнім осы! Байлау біреу-ақ. Не Абайды аман шығарып ап, күле жайнап бәріміз елге қайтамыз. Немесе Базаралы бас қияды да, осыдан ел бетін көрмей айдауға кетеді. Қиянға кетеді. Тек, өкінбей кетеді бұл жолы! – деген. Дәркембай да Абай турасындағы Базаралы сөзіне өзінше бір ойлы шешу айтты.

– Жауға жалынба, досқа тарылма деп жатыр ғой? Бәрекелді! – деді.

Абақтыдағы жалғыздық Абай сыбағасы болды. Бірақ оның досы бір Базаралы, Дәркембайлар емес соларға ұқсаған тілеулестер саны молайып тұр. Абай өзі осы соңғы күндерде жаңадан тапқан тағы бір оқшау досы барын Ерболдан еміс қана естіді. Ол досы Ертіс бойлаған "тоғай бойының елі" дейтін қалың Бура ішінен келген. Тінібектің үйіне семізден жараған үш сәйгүлікті пәуескеге жегіп келіп түскен сері қыз – Салтанат болатын. Тінібек пен қыз әкесі – ылди бойының саудагер байы Әлдеке – құдандалы, дос еді. Оның ауылдары сахара еліндей емес. Ертіс бойында, қалаға жуық жерде егін, сауда кәсіптеріне көп салынатын. Үй-жайды ағаштан шатырлап, көрікті қып салатын. Шаhар, базар, жәрменке дегендерге үлкенді-кішілі, әйел-еркегі қатынасып жүретін. Үлгі алуаны Тобықтыдан мүлде бөлек. Сондай ауылдың ұзатылуға жақын жүрген, бойжеткен, ерке қызы осы жолы қасына тоқал шешесін ертіп, қаладан ол-пұл керегін алуға келген. Салтанат бойжеткеннің Тінібек үйіне алғаш келгені бұл емес. Ол үйдегі Абайдың апасы Мәкішпен ерекше тату еді. Осы өткен қыста, тағы бір келген сапарында Мәкішпен ұзақ сырласқан-ды. Мәкіштен Абай жайын айрықша сұрастырып еді. Сол кеште Мәкіш Салтанаттың өтінуі бойынша, Абайдың бір өлеңін әнге салып айтып берген. Салтанат әннен көрі Абайдың сөзіне құлағын қойған.

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да!–

деген жүрек зары шыққанда, Салтанат күрсінген еді. Ала көлеңке кеште Мәкіштің иығына екі қолын ақырын асып тыңдаған. Кәмшат бөркі басында, қызғылт жүзін бір сәтке Мәкіштің иығына басқан. Артынан өз ісінен ұялғандай боп, екі беті ду етіп, ыстық қаны қайнап бойын тез жиып еді. Бірақ өлең сөзі бұған өмірінде естіп көрмеген асыл сырдай көрінген.

– Әттең дариға-ай! Мынандай арманды айтқызған қыздың мұңы бар дейсіз бе? – деп қана, ол кештегі сөзін тамам еткен. Осы қонақ таңертеңгі шай үстінде Тінібектің бәйбішесімен, Мәкішпен, тоқал шешесімен ғана оңаша отыр еді. Асығыстау жұмысы бар кісідей боп Ербол кірді. Мәкіш пен Тінібек бәйбішесі Ерболдан "Абайдың ісі қалай? Босайтын аңғары бар ма? Адвокат не дейді?"– десіп, екі жағынан ентелеп сұраса бастады. Ербол қонақ әйелдерді білмеуші еді. Аз бөгелеңдеп, Салтанатқа таңдана қарағандай, үнсіз отырып қалған. Қыздың реңі себепсіз бір қызара түсті. Үлкен, нұрлы қой көздері Ерболға әуелі төменшіктеп қарады. Сәттен соң жігіт жүзіне шыншыл ажармен тіктеп қарап, "жасырма" дегендей болды. Мәкіш те:

– Айта бер, бөтен кісі жоқ! – деп қалып еді.

Ерболдың қысқа ғана айтқаны.

– Адвокат пен Абай іс аяғы алыс болмас деп үміт айтады. Бірақ ештеңе мәлім емес. Одан бері де адвокат: "мұндай тергеу арты көлденең біреудің кепілдікке алуымен аяқтайтыны да болады. Сағатында әзір тұру керек. Қала ұлығы білетін беделді адамнан, мың сомдай "залог" салып, Абайды кепілге алатын кісі әзірлеп "қой" деді. "Іс жақсылыққа сайғанда, осымен бітуге болады" дейді. Кепілге алатын кісі, үй-мекені бар, сауда иесі адам болса, мақұл деседі. Сонымен келдім! – деді. Бұндағы жұрттың бәрі анық аңғарды. Ерболдың көңіліндегісі Тінібектің не өзі, не баласының бірі болу керек. Бәйбіше бұндай істердің бұрын да неше рет болғанын білуші еді. Енді отырып өкініш айтты.

– Ойбай қарағым-ай! Енді бұның сәті қалай болды? Үйде өзің білесің, бай да жоқ, екі бала сапарда. Қолда ақша да жоқ. Үй иесі болар, кепілге шығарар, бақыр басты еркек жоқ қой! – деді. Бұл хал Ербол мен Мәкішті де тығырыққа қамады. Ербол Абай үшін ең сәтсіз бір кез осы болғанын аңғарып, қысылып отыр.

– Япыр-ай! Шын қысталаң осы болмасигеді! Мал әкелдіруге ел алыс, жайлауға шығып кетті. Кепілге аларлық жанашыр болса үйде жоқ. Әбігер үстінде ел жақтан да қамсыз келіп едік. Кепіл дәл осы күндерде керек боп қалса қайттік? Бәйбіше, тым құрса осында көңіл жетер, өздеріңе ұқсас, үй мекені бар қазақ саудагерінің біреуіне сәлем жолдаңыз. Сөзіңізді өзім апарайын! – деді. Ендігі ақыл анығында осы ғана. Бәйбіше мен Мәкіш қаладағы көңіл жетер дос-жар саудагерлердің екеу-үшеуін кезек-кезек атады. Бірақ олардың да тегіс сауда сапарында екенін естеріне алды. Мәкіш қатты кейіспен қабақ шытып:

– Жаз болса арбасын шықырлатып, бірі "ел" деп, бірі "ылди" деп, өріп кетеді ғой бұлар. Тынымы болушы ма еді?! – деді. Үй ішінің дағдарысы ауыр. Осыны бірталайдан сабырмен байыптап, бағып отырған Салтанат енді барлық бұндағы жандарды таң қылғандай, тез бір байлау айтты. Ерболға қарай сөйледі:

– Абай мырзаның досы тек сапардағы кісілер ғана болмас. Достыққа достық қарыз дейді ғой. Әкем әкесінің де Абайдың өзінің де дос бейілін көп көрдім деуші еді. Біздің мына анамыз екеуімізден Абайға сәлем жеткізіңіз. Бұл жолғы не хажеті болса да біз атқарамыз. Кепілге Әлдекеновті салсын! – деді. Бұл соншалық сенімді айтылған байлау үй ішіне мақұл көрінді. Ербол аса ырза болып:

– Қарағым, қарындасым, бұның ер азамат айтпайтын асыл жауап болды. Ер басына азаттық әперетін достықтан озған не болады! Алғыс деген аз сөз! Оны мен айтып қайтейін. Құдай бұйырса, Абай аман-есен шықса, өз аузымен өзі айтсын. Мына хабарыңа мен тек қуанып қана қайтқалы отырмын! – деді. Салтанаттың жұқалаң қызғылт нұрлы, ақша маңдайы мен ұзынша қырлы мұрнында, ақ бұғақты, жұп-жұмыр иегінде толқын білінді. Уыз жастық ажар бар. Жүзі қызыл шапақтап, күлімсірей реңденеді. Жылтырай таралған қалың шашы, қызғылт реңді. Сәнді салмақпен баяу төңкеріле қарайтын үлкен қой көздерінде, назды, нәзік сүйкімділік бар. Аппақ жұмыр саусақты, үлпілдеген ақ білекті сұлудың алтынды білезіктері, көп жүзіктері де әсем. Құлақтағы шілтерлі, алтын сырғалары тынымсыз жалтырайды. Күтімді таза сұлу шұғласын ол да сәндей түседі. Қыз аты Салтанат екенін білгенде, Ербол ішінен: "Салтанат десе Салтанат екен. Сырт сыпаты да, қасиеті де шын Салтанат қой" деп аса хұрметтеп кетті. Абай ісінің артында жүрген достарының соңғы бір қам-қарекеті осы болған. Бір жағынан адвокат қарекеті, екіншіден қуғыншы Ерболдар арызы, оның үстіне Абайдың өз жауабы – баршасы қосылды да, ақыры, областное правление дейтін жандарал кеңсесінде тергеу өтпек болды. Ай жарымдай жатып қалған Абай ісінің сот арқылы емес, әмір иесі орындар арқылы жүретін тергеуі. Абайды екі стражник жандарал кеңсесіне әкеліп, үстіңгі үлкен үйге кіргізді. Бөлменің төрінде көлденең созылған ұзын стол бар. Абайды соған жақын тұрған ең шеткі орындыққа отырғызды. Аздан соң стол қасына шенді, сарала түймелі, ресми ұзын киімді үш-төрт адам келді. Жастары әр шамалы. Абай байқаған жоқ, бұның сырт жағын ала осы бөлмеге оның дауын қуып жүрген адвокат Андреев те келген еді. Бөлменің Андреевке қарсы жақ бір шетіндегі орындыққа чиновник Лосовский кеп отырды. Оның қасына ерген қасқа маңдай, қаба қара сақалды, кең жауырынды біреу бар. Келбетті келген қайратты ойлы адам. Ол осы кеңсе қызметкері Михайлов. Өзінен кейінірек отырғандықтан Абай оларды да байқаған жоқ. Стол басына келген ұлықтардың үлкен бурыл сақал, қартаң кісі ақшыл шашын шалқасынан қайырған. Сол өткір, көкшіл көзді чиновник, бұл мәжілісті өзі басқара келе, Кошкинді шақыртты. Ералыға барған шенді төре ажарымен сондағы суық, қыңыр түсінде Тентек-ояз кірді. Үнсіз үйдің ішінде аяғын қатты басады, тәкаппар жүзді. Абай қатарындағы орындықтарға отырған жоқ. Стол жанына отырды. Ел кісісі кірген жоқ. Шұнақ құлақтау, тік шашты, тайқы маңдай, жыпық көз, селдір сары мұртты бір тілмаш, ұлықтар столының маңына таман отыр. Бұл тергеу Абай ісін айрықша бір қолға алған, арнаулы "отырыс" сияқты. Абайдың осы күнге шейін жеке жауабында айтылған сөздерді қайта сұрау басталып еді. Жауапкер Ералыда болған халді түгелімен шолды. Тентек=ояздың елді қорлаған, заңға қарсы қаракетін айтты. Дүре соғып, қамшы жұмсағанын да іріккен жоқ. Тек іштей ойлаған тәсілмен, Абай енді Базаралыға болысқанын айтқан жоқ. Оны әдейі ірікті де, өзін Оразбайлар үшін, қызмет адамдары үшін намыстанған кісі қып көрсетті. Үкіметтің өзі елмен бірге сайлап бекіткен "халық билерін" Оразбайларды Кошкиннің ел көзінше дүрелеп сабағанын баса айтты. Барлық әлек содан болды деп баян етті. "Ондай Оязды ел қадірлеуге міндетті емес еді. Сонда да ел бұл кісіге түк істеген жоқ. Үкіметтің қадірін түсіргенге ренжіді де, тек сайлауға қалмай тарап кетті. Сол халық ішінде болып, халықтың тапсыруы бойынша, айт деген сөзін айтқан менің тарапымнан бұл кісіге істелген ешбір жаманшылық, қиянат бар ма екен?"- деді. Абай бірталай сөздерін адвокат жазып берген арызы бойынша айтты. Сондағы жазылған сөйлемдердің есінде қалғанын орысша қайталап айтты. Арызынан көлденең шығып, қазір осы арада жанынан қосып айтам деген дәлелдеріне келгенде, кейде бөгеліп, қиналып қалады. Сондай орысша тіл орамы жетпеген тұс болса, оң жақта отырған тілмашқа салмақты талап етеді. Өтінішсіз тапсырма бергендей боп: "осы тұсын ғана жеткізіп жібер" дейді. Бірер сөйлемін аудартады да, ар жағын тағы өзі алып кетеді. Ұлықпен ең алғаш рет, ұзақ тергеу сөзде, сол ұлықтың өз тілінде сөйлесіп тұрғанына Абай іштей ырза сияқты. Ол тілдің "мәт тәштиті" келмей қалады екен деп қымсынбайды. Жадында тұтқаны, тек дауының дәлелі мен желісі. Көңілдегі кейбір қазақша шешен сөзді сол арада аударып айтады. Онысы кейде тыңдаушыларға қызық, сүйкімді көрінеді. Бұл мәжіліс ағасы – кәрі советник, заңшыл адамға ұқсайды. Сол төренің бүгінгі мінезінде екі түрлі өзгешелік білініп тұр. Ең әуелі – сахаралық киргизді патшалық чиновникпен көзбе-көз кездестіріп, істерін қоса тергеу әдеттен тыс еді. Екінші – сол кездестіруде кәрі төренің осы екі адам жұмысына әдейілеп шұқшиған өз басының есебі де бардай. Абайдың алғашқы жауабын бөгемей қақпай, ұзақ айтқызу осы соңғы жайды анық аңғартқандай. Шынында, сырты әділет сияқты болған мінездің қызық астары бар-ды. Бұл кәрі төре, бүгінгі жандаралға жақын адам, бажа болатын. Осының балдызына үйленген жандарал төрені сүйетін де сүйейтін. Ал, төренің өзі аса парақор кісі болатын-ды. Тентек ояз өзге барлық кеңсе чиновниктеріндей советниктің ол сырын жақсы білетін. Крыловтың мысалындағы тауықты жаңа талап жеген түлкіше, "тұмсығында тауықтың жүні тұр" десіп, сырттан ажуа етісіп жүретін және Кошкин өзі де тек сүйеніші жоқ, жеке басты кісі емес-ті. Ол осы облыстағы ең үлкен сот орны, окружной суд бастығының күйеуі. Ал, округ сотының бастығы мен жандарал екеуі тату, ымы-жымы бір адамдар. Әуелде жандарал мен сот бастығы, киргиздер арасында болған істің бір жағын Кошкинді ақтау ретінде басып, жауып тастау керек деген. Бұл жай екі ұлықтың тыжырынып отырып, жүре шешкен сөзі еді. Бірақ сонымен қатар Абайдың абақтыда жатуы, Ақбастың оған қуғыншы болғаны араласты. Ол адвокат бұндайда салмақпен қадалатын кісі екенін облыс кеңселерінің бәрі біледі. Қуғыншы арызын ол тіпті корпус кеңсесіне жөнеп қоюға да мүмкін. Оның үстіне сол корпус кеңсесінен жаңада келген жастау чиновник – Лосовский, жандарал атына Кошкиннің теріс, заңсыз істері туралы көлденең куәлік мәлім етті. Оны да басып тастау ыңғайсыз. Осындай түйіннің бәрінен әрі Кошкин аман болатын, әрі лайықты дағдылы сыпайылық сақталатын боп іс жүргізілмекке керек. Дабыраймай тек әкімшілік түрінде ғана аз айналыспен бітіру керек. Жандарал кеңсесінің де қалыпты абыройы сақталмақ керек. Сол істі ойдағыдай етіп, еппен орындай білетін кісі деп, осы кәрі советник белгіленген. Бірақ советник ұлықтардың беделді сенімін міндетіне алумен қатар, өз құлқынын да ұмыта алмады. Ол мұндай жайға тіпті де ұмытшақ емес-ті. Және тергей келе, Ақбаспен сөйлесе келе, абақтыда отырған Абай жөнін тиянақтап шеше кетпесе, іс аяқталмайтынын аңғарды. Осы күйлерді ескеріп, өзі қорытқан байлауы болды. Тентек-оязды ақтау үшін ол Абайды кінәлы тауып, кесім айтады. Бірақ, оны абақтыда ұзақ отырғызатын, ұлаңғайыр істей, үкім айтпайды. Түбі кесік алса да Абай құтылады. Осыны Ақбас пен Абай аңғарсын да, өздерінше түсініп, емін тапсын дегендей емеурін аңғартқан. Ақбас абақтыдағы Абайға бір келгенінде, әрі жиреніп, ызаланып, әрі мысқылдап күле отырып, "советникке ем керек. Шамасы 500 сом рецепт болар, емдеуге жарар" деген. Ербол осы ақшаны, қырдан әкелген бар қаражатты жұмсап, көптен өткізген-ді. Соның артынан тергеуші төре істі қалай жүргізіп, қалай аяқтайтынын оңашада білдірмек, ұғыспақ болып, Кошкинді шақырғанда, күтпеген қиястық килікті. Кошкин өзін тергеу дегенге – бірден ашу шақырды. Киргиз ісімен қосақтала қаралатынына, әсіресе намыс етті. "Сахараның жабайы малы мен мені қатар отырғызып тергеуден ауыр соққы жоқ" деп бой бермеді. Бұл жөнде екі кездесу болса да, советник Кошкинді өз ырқына көндіре алмады. Оны ойландырып, тоқтату үшін, Кошкин қолданған дүренің жолсыз екенін соңғы дәлел етіп айтып еді. Сөз осыған жеткенде, Кошкин советниктің өзіне ауыз салды. "Ар таза болса, тұмсық жемге былғанбаса, қол істеген бір іс түк емес. Ол және кімге қолданған іс екенін ұмытпау керек. Сіз оны ұмытып отырған көрінесіз. Ендеше өз бойыңыздың ласынан арылып сөйлеңіз. Мен сіз емеспін", – деген. Ақсақ содыр, жас төре, Ералыдағы халыққа көрсеткен қатал мінезін қайта тапқан. Сөз осыған жеткен соң кәрі советник ауыздығын тістеп ап, қияс, қыңыр ашуға кеткен. Жандаралға бұл жөніндегі өкпелі ашуын айтып, мәлімдеп ап, енді өз абыройын өзінше жоқтайтынын білдірген. Осындай астыртын егеспен басталған іс, бүгін жоғарыда айтылған өзгеше мінездерге сайған-ды. Кошкин болса: "тергеуде әлдеқандай киргиз қасына мені отырта алмайсың" деген егеспен шыққан. Жауапкер орнына отырмаймын деп, тасырлата басып кеп, стол басында отырғаны да сол. Сахараны билеуші тоғышар чиновниктер кикілжіңі бүгінгі жүгініске жетті. Кәрі советник өзінің ысылған дағдысы бойынша, сырт сыпайылық сақтағанмен, Абайға бүгін басқаша қарағандай. Өзі берген сұрақтарының аңғары Абайды " айыптының өзі емес, шын айыпты адамдарды қорғаушы" дегендей. Өз бойымен тасалаушы есепті. Сондай сұрауының бірінде:

– Сіз қызмет адамы емессіз. Уезд начальнигі Қауменовтен де және Шоқа баласы, Сүйіндік баласы сияқты қызмет адамынан да жауап алуға ықтиярлы. Сіз неге килігесіз? Сізді араластырған себеп не? Соны айтыңыз! – деп еді. Абай шапшаң жауап берді.

– Мені араластырған халық, Кошкин мырзаның жұртқа дүре соға бастағанын көрген халық, маған "аралас" деп бұйырды! Бағанадан Абайға беріліп тұрған еркіндікке ызасы келіп отырған Тентек-ояз зекіп қоя берді:

– Сіз халықтың кімі едіңіз? Халық атынан сөйлеуге сізге кім право берді? Ол күшті сіз қайдан алдыңыз? Абай бұның зекігенінен қымсынған жоқ. Оған қарап мысқылдап күліп жіберді де, қарт советникке бұрылды.

– Бұл кісі күш дейді. Рас, бұның қасындағы стражниктеріндегі күш менде жоқ еді. Халық қолында да құрал жоқты. Бірақ ол құралдан мықты қуат бар ғой. Тентек-ояз әмірінен астамырақ – әділет, ар әмірі де бар. Біздің халқымыз ол туралы... – деп, ендігі сөзін тілмашқа айтты. Осынымды жақсы жеткізіңіз, – деді де қазақша: – Біздің халқымыз күшіңе сенбе, адал ісіңе сен қиянатқа көнбе, әділдікке атса да көн!" дейді, – деді бүгінгі жауабының салмағын, сырын осы деп танытты. Бұл сөз аударылған кезде Абайдың сыртында отырған Андреев, Лосовский, Михайловтар бір-біріне қарасты. Ендігі тергеу қысқара бастады. Тентек-ояз бен Абай екеуі бұл уақытта беттесіп кінәласқандай еді. Екі-үш рет шапшаң жауаптасып қалды. Ояз:

– Құнанбаев, сен Қауменовке болысып жүрсің. Оның інісі – қарақшы! – деп еді. Абай:

– Мен ең әуелі, сіз сабағалы жатқан достарыма болыстым! – деді.

– Жоқ, сенбеймін, олар ғана емес. Саған Қауменовті де құтқару керек болды. Шатақты сол үшін шығардың.

– Мен шынымды айттым. Бірақ Қауменовті сөз қылсаңыз мен оны да ақтаймын.

– Ә! Солай деңіз. Енді біразда, сіз оның қашып кеткен разбойник інісін де ақтарсыз! – деп Ояз тергеуші советникке қарап, – Құнанбаевтың мынау жауабын айрықша ескерулеріңізді сұраймын, – деді. Абай да енді советникке қарады.

– Қауменовтің інісі қашқын болып кеткелі жылдан асты. Бұрын елде жүргенде ол бұзықтықты білмейтін. Момын жігіт болатын. Жоқ болып кетті де, қылмыс етті. Ел үшін де, туғаны үшін де жоғалды. Өздеріңізге жүгінейін. Орыстың бір селенінен, мысалы, Семипалат облысынан шыққан крестьян жігіт, айтайық, анау Орынборға барып, бұзықтық етіп жүрсін. Ал сол үшін, жігіттің туған селеніне барған Тентек-ояз сондағы старостаға, волостнойға, писарьға дүре соғып жатса, рұхсат етер ме едіңіздер? "Соныңыз мақұл болды!" деп Ояз орнында, шен дәрежесін ұлғайта түсіп, ұстар ма едіңіздер? – деді. Бұдан кейін соңғы сөз Тентек-ояздың: ел адамдарына дүре соққаным жоқ деген танған, жалған жауабына соғып еді. Абай оған келгенде, Тентек-оязға аса бір жиреніш зілімен қарады.

– Сіз зорлықшы ғана емес, өтірікші де болғыңыз келе ме? Қара адам жалған айтса, ұятсыздық дейміз. Ұлық жалған айтса, қылмыс демей не дейміз? Қылмысты болсаңыз, сіз менің тергеушім сияқты осы арада отыратын не орныңыз бар? Мен хайран қаламын! Жауабымды тоқтатамын. Бірақ Кошкин мырзаның дүре соқтырғаны рас. Соның шындығына куәлік берсін. Чиновник Лосовский мырзадан осы туралы жауап алынуды өтінемін! – деді. Абай сөзі сонымен бітті де, енді қарт Лосовскийден қысқа ғана куәлік сұрап еді. Ол Оязды жалтартпастан, жығып берді.

– Дүре соғылғаны рас, Кошкин мырза заңға қарсы іс етті. Бірнеше кісіні менің өз көзімше дүрелетті! – деді. Бұған қарсы Кошкин Лосовскийдің өзіне жала жапқандай боп:

– Ар таза болса, қолмен істеген теріс әрекет ауыр қылмыс емес. Мен арды сатқан, пара алған Ояз емеспін! Қылмысқа қарсы ашуланып алысқаным рас! – деді.

Лосовский бұл жауапқа қатты күліп жіберді де:

"Енді айтысатын не қалды?" дегендей екі алақанын жазып, ұлықтарға қарап, иығын көтерді. Сахара қазағы әкімшілік адамы емес, қарапайым кісі Абай алдында ұлықтардың бұдан ары сөз созуы лайықсыз. Абайдың ісі де осымен бітіп болған. Каталашкада осы тексеруден соң, Абай бір-ақ күн түнеді. Ертеңінде таңертең тұтқын есігі ашылды. Бірақ Абай жазықсыз боп, ағарып шыққан жоқ. " қызмет бабында іс жүргізген уезд начальнигі Кошкинге сол қызмет үстінде тәртіпсіздікпен бөгет жасағаны үшін алты ай абақты жазасына барабар, мың сом штраф кесілсін " деген үкім бопты. Бұл үкім патшалық орындарының абырой-айдынын сақтап және чиновник Кошкиннің сахара халқы көзіндегі беделі сақтап қалмақ болған. Сол себепті оның жұмысын киргиз Құнанбаев ісінен бөлек қарауға ұйғарыпты. Сонымен халық көзіне озбыр, содыр көрінген, сотқар ұлықтың кінәсы көрсетілмей, оның бүкіл елге еткен зорлығына қарсы әділ ашу білдірген адам жазаға ілініпті. Бұл жайды Ақбаспен өзара сөз қылғанда, Михайлов ызалы жиреніш білдірген.

– Қандайлық зорлық! Бұндағы халықтың үнсіздік, момындығын бұдан былай тағы талай Кошкиндер, әлі де келтекпен басқа соғып, қорлай берсін деген қылмысты әрекет қой! – деп еді. Өзінің абақтыдан босануы болмаса, бұндайлық ішкі лас сырдың ештеңесін білмеген Абай, тек құтылғанына ғана ырза болатын. Абай ісін жаңағы үкіммен аяқтатса да, ұлықтар екінші бір істі бөліп шығарыпты. Ол – Оралбай мен Базаралы, Қауменовтер жұмысы деп аталып, бұдан былай ерекше тергеуде қалды. Сонымен Базаралы өзі қашқын болмаса да, енді елдегі болыстар арқылы "надзор" астындағы адам болған. Не Оралбай ұсталса, немесе өшіккен болыстың бірі жамандап нұсқаса, ол жардан құлағалы тұрған кісі. Абай босанып далаға шыққанда, көшеде үш әсем жирен ат жеккен жаңа қара күйме тосып тұр еді. Ішінде отырған Мәкіш, Салтанат, Ербол үшеуі – Абайға қарсы қуана ұмтылысты. Мәкіш, Ербол екеуі Абаймен құшақтасып амандасты. Салтанатты Абай танымаушы еді. Сыпайы ғана амандық айтысып, қос қолдарын созысып, кезек қысысып қойды. Ербол бұл күнге шейін Абайға Салтанат жайын айтпаған. "Әлде не ойлайды. Намыс етіп, қыздың пұлын, кепілдігін алмай қоя ма?" деп жасырып келген еді. Сонысын ол Мәкішке айтып қойған. Енді біраз дағдарыспен үнсіз тұрған Абайға, Мәкіш күліп, иіліп жанасты да:

– Бұл бойжеткен – Салтанат. Атын бұрын естіп пе едің? – деп сұрағанда, Абай естігендігін білдіріп бас иді. Мәкіш содан әрі:

– Ендеше алыстағы атағынан, жақындағы достығы асып тұрған замандасың осы! Сенің жоқтаушыңның бірі және ұлық алдында залог салып, алып шыққан кепілің де өзі! – деді. Абай таңданғаннан үн қата алмады. Сүйсінер ме, намыс етіп ыза болар ма, мәлім емес. Бірдемені сұрай бастаса, сол екі мінездің бірі оқшау шығып кететінін сезді де, үнсіз отырып қалды. Тек қана Салтанаттың қолын қатты қысып, өз қолын кеудесіне қойды да, ешбір сөз қатпай, тағзым етті. Салтанат қып-қызыл боп, ұяң нұрлы көзін төмен салып тұр еді. Ол бір жауап күткен тәрізді. Мәкіш шапшаң болатын. Абайдың үн қатпағанын құптаған жоқ.

– Абайжан!Ақылың бар еді ғой. Бір ауыз жылы жауап қатпағаның ба? Не қылғаның? – деді. Абай осы кезде, "арбаға отырайық" деп, екі әйелге қолымен белгі етті. Оларды сүйемелдеп отырғыза келді де, кейін өзі қастарына отырып:

– Ақыл менде ғана емес, Салтанатта одан да көп болар. Бірақ, бұрынғылар айтыпты ғой "ақыл адам көрігі, ақылдың сабыр серігі" деп. Одан бөтен мен әзір не айтайын. Сол мақұл емес пе, Салтанат! – деді.

– Қуанышта шашылмаған лайық қой. Айтқаныңыз орынды ғой! – деп қыз күліп қойды. Енді біраз уақытта шеткі аттардың мойнын қала сәнімен тұқырта қайырып тастаған жеңіл күйме Абайды ар жақтағы Тінібек үйіне қарай шапқылатып, қоңыраулатып алып жөнелді. Абай бұл жолы өзінің тергеуі біткенмен, қаладан қайтпай, көп жатты. Тек өзі шығысымен, елге амандық хабарын білдіру үшін, Базаралы бастаған Жігітек кісілерін шапшаң қайтарды. Өзі Ербол мен Баймағамбетті алып қалды. Бүгінгі жатағы Тінібек үйі емес. Ар жақтағы өзі мен Ерболдың үйреншікті, момын, меймандос пәтері – Кәрімнің үйі. Абай кейінірек білді, Салтанаттың бұл үшін еткен еңбегі көп екен. Әлдеке қызы болғанмен, Салтанаттың өзіне Абайды кепілге бермейтін бопты. Сонда қыз қаладағы үй мекені бар белгілі бай "киізші Дүйсеке" дегенмен өзі барып сөйлесіп, Абайға кепіл болуға өзі көндіріпті. Киізші Дүйсеке Салтанатқа нағашы есепті келуші еді. Әке достығынан басқа сондай туыс жақындығын қоса айтыпты. Ол бай жерқорқақ, бойсағаттағыш саудагер еді. Және Тобықтының елімен достығы жоқ. Сырттан жат көретін. Қаланың сондай бітеу байын еріксіз осы қолға көмекке қыз өзі ойыстырған. Залогқа салатын ақшаны Салтанат өз жанынан қолма-қол бергізген. Міне Абайды шығарып алған еркін, ер мінезді зор намыскер азамат сыпатты қыз осындай еді. Салтанаттың қамқор достық еңбегін біртіндеп білген сайын Абай қатты қысылған. Бұндай достық орайы оңай емес, жеңілмен тынбайды. Абай нені болса да Салтанатпен шын сөйлеспек. Іштегі ең шынайы расын айтып, сыр ашысып көрмек-ті. Жаза орнынан Абай шыққан күннің ертеңінде, Салтанаттың тоқал шешесі мен Мәкіш пәуеске жеккізіп, Ерболды қосар етіп, ар жақтың базарына, магазиндеріне кетті. Бұл күнде үлкендері аз болған оңаша бөлмелері көп, Тінібек үйінде, Абай Салтанатпен оқшау қалды. Мәкіш отауының терезелерінен ыстық күн сәулесі түспейді. Қонырқай қалың жібек пердемен қоршалыпты. Көкшіл көлеңке басып тұрған жасаулы, сәнді отау әрі салқын, әрі оңаша. Қалың дүрия көрпе, шағи тысты жастықтарға, дөңгелек үстел жанында отырып, қыз бен жігіт сыпайы бір сұхбат құрды. Абай ең алғашқы сөзді естен кетпес алғысынан бастап еді. Осы оңашалықтан қатты қымсынған сыпайы Салтанат әуелде жөнді жауап айта алған жоқ. Бірақ сәл бір қарсылықтай, "айтпаңыз, қойыңыз!" дегендей қимыл білдірді. Абайға қабақ шытына қарап қалып, қырымен бұрыла, жалт еткен көзқарас білдірген. Және азғантай қорғанғандай боп, аппақ саусақтарын елбірете көтерді. Абай жақтағы бетін қорғап тасалай түскен, майда, жай қозғалыс еді. Салтанат жауап айтқан жоқ. Қыз өзі істеген ісі туралы өзіне-өзі есеп беруден имене ме? Болмаса Абай алдында "саған жақсылық еткен, құтқарған мен едім" деуді жігіт басына ойда жоқ бір ноқта кигізу болар деп аяй ма? Әлде тіпті, "мен сөзімді айтып та, атқарып та болдым. Енді мен сені ғана тыңдаймын. Сенің ғана аңысыңды аңдаймын" дей ме? Абай болса Салтанаттың бар шынын айтқызбай тына алмайды. Көңіл мен көмейде жарты сөз айтылмай кетсе, өзін қылмысты санағандай. Екеуінің алдына Баймағамбет күміс тегешпен салқын қымыз келтірді. Абай қымызды аз ғана толғап, сырлы аяққа құйып қыз қолына өзі ұсынып отырып:

– Салтанат! – деді. Сәнді бойжеткеннің ұяң нұрлы көздері Абайға осы отырыста ең алғаш рет дәл қарады. Үнсіз, жауап күтті. - Ер-азаматтық тірлікте жігітке жігіт қарызы көп болар. Бірақ мынау шақта, әйел жынысынан мен үшін осынша батыл достық, ететін жақыным, құрбым болар деп ойламап едім. Тура сөзде айып жоқ. Шыныңызды айтыңыз. Ол шыныңыз маған да сізге шынмен жауап беруге қарыз болсын. Осы мені не оймен, қандай көңілмен құтқармаққа бекіндіңіз? Бұл сөз Салтанаттың да тосқан сөзі сияқты. Бірақ жауабы әзір болса да, лебізі тез шыға алмады. Ақ сарғыш реңі, кейде ыстық толқыған қанменен, маңдайынан бастап бет ұшы, иегіне шейін қызара түседі. Бұл сәтте, ауыр сырғамен созыла түскен, соншалық сұлу біткен құлағы да қызарады. Ұзындау келген сүйкімді мұрнының үсті де, аз қызғылттанып барып, қайтадан ағарады. Қаны толық оймақтана біткен қып-қызыл еріндері аз дірілмен қобалжып, езу тартады. Абайдың қолынан қымызды жай баяу ғана алған Салтанат жауап сөзін ойлай отыра бір жұтты. Сырлы тостағанды сәнді саусақтарымен сыпайы ұстап, жігітке қарады.

– Сіздің рұхсатыңызсыз, ешкімнің жетегінсіз осы бір ісіңізге өздігімнен араластым. Бір-ақ қана айтарым бар. Мұны парыз-қарызсыз, жас тілеулестік істеткен іс десеңіз болды, екінші айтарым. "Тілеместен неге килікті" деп, "менің өзге жоқшым жоқ па еді" деп ренжімесеңіз болады! – деді. Бұған шейін істеген мінезіне осы қыздың өзі басшы, өзі ие екенін Абай енді аңғарды. Салтанаттың мінезі мен парасат, қайраты сай туған сияқты. Абай сүйсінгенін жасыра алмады.

– Жақсы айттыңыз-ау, Салтанат! Бұл сөзіңіз, сірә де, естен кетпес! – деп бастай бергенде, отаудың есігі ашылды. Қыр жолаушысы сияқтанған, саптамасы бар, тобылғы сапты қамшысы бар, қара елтірі тымағы Тобықты үлгісінде тігілген біреу кеп кірді. Денесі еңгезердей. Алакөлеңке үйде оның көзі әлі ешкімді көрмей, қарауытып тұр. Абай бұны танып сәлем берді де:

– Бер қарай бас! – деді.

Келген адам аяғын ептеп басып, Абай қасына жер сипалап отырды да, үй ішіндегі бір қыз, бір жігітті енді ғана аңғарды. Сол аңғаруымен бірге, өзінен-өзі қатты қысылып, Абай берген қымызды да іше алмады. Бұл келген Құлыншақ баласы, белгілі Бесқасқаның бірі – Манас болатын. Ол Абайға әдейі елден Ұлжан бәйбішенің жіберуімен келгенін айтты. Ел жайлауға қарай ұзап кетіпті. Қаладан Абай хабарын көптен ала алмаған шешенің ішкен асы тамағынан өтпейтін бопты. Жол болса елсіз. Жалғыз-жарым жүргіншіге қатер көп. Тәуекелі мен қайраты бар еді деп, осы батыр жігіт Манасты әдейі Абай хабарын әкелуге жұмсапты. Манас бала-шағаның, ата-ене, ағайын-қауымның Абайды көп ойлайтынын айтты. "Сарғайып қалды ма? Қапаста құста боп жатыр ма?" – деп түн ұйқысын төрт бөледі! – деді. Ақырында, енді біраз ес жиып, күле түсіп:

– Шүкірлік, шырақ. Жаңа келіп, осы қақпаға кіре бере аманыңды естіп, "жолым болған екен деп" қуана кеп ем. Баймағамбет бір кісімен сөзі бар еді деп бөгесе де, сағынып келген қалпыммен үстіңе баса кірдім. Айып етпеңдер. Әке-шешең қиналып жатқанмен, бұнда сен қымсынатын емессің ғой. Әмісе шаттыққа жазсын! – деп күлді де, қымыз ішуге кірісті. Батыр бітімді Манастың бұл сөзі Салтанат пен Абайға тұрпайылау тисе де, оның бар сыпайылап айтқаны осы еді. Болмаса ол бұл қақпаға қазір ғана емес, үш жирен атты пәуеске базарға шығып бара жатқанда келген. Мәкішті сәл тоқтатып, астындағы қара терге түскен қос аттарын көрсетіп, Абай үшін келгенін айтқан. Мәкіштен Абайдың ісі ағарып, осы үйде жатқанын білген-ді. Кейін Баймағамбеттен жирен атты жаңа күйме Салтанаттай қыздың күймесі екенін білген соң, Абайды тез көруге асығып еді. Бірақ Баймағамбет бұны сөзге көп алдандырып, көпке шейін кіргізбеген. Соған бір уақыт ызаланған Манас:

– Елде ас батпай, жұрт күйзеледі. Ат сабылтып, күн-түн қатып мен келемін. Ол сонда қыз қойнында шалжиып түске шейін жата бермек пе? – деп, өзінің сахаралық ожарлығына басқан. Бұндай да орынды шығатын омырауына салып, Абай отырған үйді қараңғыда сипалап іздей бастаған. Көп бөлменің әрбір есігін ашып, басын сұғып жүріп кеп, осы бөлмені зорға тапқан-ды. Абай Манасты ұзақ сөйлеткен жоқ. Алғашқы сөзінің аяқ кезінде, оның санына шынтағының салмағын қатты бір салып қойып:

– Абақтыдан шыққаным кеше. Ел-жұрттың бетін көріп, жай-жапсарды ең әуелі білісіп отырғаным осы. Кінәны елге барған соң кең байтақта айтысармыз, қайтесің! – деп бір тоқтады. Артынан Баймағамбетке дауыстап шақырып алып, жас жігіт кіргенде:

– Манас ағаңды қонақ үйге апарып, оңашада жайлап күткіз. Ұйықтайтын болса, төсек-орнын баптап бер. Ертіп апар солай! – деді. Манасты Баймағамбет ертіп кеткен соң, Абай желісі үзілген сөзді қайта қозғады.

– Сіз менің ренжімеуімді айттыңыз. Мен азаттық алып, жетеріме жеткен соң не ренішім бар! Оны ойлар орайым да қалмады ғой. Менің ендігі ойлайтыным – сіздің де сондай ойға алған мұратты арманыңыз болса, соған жетуіңізге бар мәзіріммен жәрдемші болу ғой. Ал керегіңізге жарай алмай ренжітіп алсам, маған бұл таңда одан үлкен қам-қапа жоқ тәрізді! – деді. Бұл отырыста Абайдың мұншалық ықыласына ырза болғаны білінсе де,, қыздың осыдан ары сөз бетін ашқысы келмегендей.

– Хұб айттыңыз, Абай. Ендеше бұл таңда менің сізге басқа тілегім айтылмай-ақ қойсын. Жарастық көркі сабыр дегендей бір сөзді кеше алғаш көрген жерде айтып едіңіз. Мен сіздің ауызба-ауыз сөзіңізді бұл шаққа қадар естімеп ем. Бірақ сіз айтты деген жақсы лебіздің бірталайын сырттан Мәкіштен естігем. Адам көңіліне медеу болар сөзді айтса, осы кісі айтсын дейтұғым. Өзім үшін жаңағы сөздеріңіз де ырза қылып, тоқтатарлық. Мағынасы көп сөздер. Ал тек үй оңаша, кең болғанмен менің жолым тар ғой! – деп күлді де, – осымен қазір айрылысайық, маған рұхсат етіңіз! – деді. Абай сызылып тұра берген қызды, жұмыр білегінен сәл ғана сүйеп, көтеріп тұрғызды да:

– Дос көңіл, перде тасасында достық болып ашыла ала ма осы, Салтанат? – деп күліп бір тұспал айтып еді. Салтанаттың алтынды шолпысы бірде жіңішке шыңғыр салып, бірде сылдырай түседі. Қыз есікке қарай Абаймен қатар аяңдап келе жатып, әсем үнмен сыңқ етіп күліп қойды.

– Болур бір фәрдәдән юз фәрдә би жай! – деп пе еді софы аллаяр? Бәрінен де, сол фәрде жыртпас сабырды айтайын да, Абай! – деді. Жігіт ашқан есіктен сыртымен шығып бара жатты. Ұзақ қараған жігітке нұрлы көзбен күле қоштасып, кете барды. Абай қызды шығарып салған бойында, есік алдында аңырып тұрып қалып: "болур бір фәрдәдән юз фәрдә би жай!"... Деп, қайта қайырып айтты. "Жақсы айтты-ау. Мінезі де, ақыл-парасаты да сирек жан тәрізді. Өмірімде оқшау кездескен, қадірлі жан болар ма?" деп, ойланумен бірге, өзінің жаңа қыз қасында отырғанда сөйлеген кейбір сөзіне ырза болмады. "Бұның мен үшін еткен қарекеті, бүгінгі қазақ қызында болмайтын мінез еді. Жеңілдігінен емес, адамгершілігінен екен. Жаңа оңашада өзін сондайлық байыпты, сыпайылықпен ұстады. Тартымды тәрбие көрсетті. Бұны көптің бірі дегізе алмайды!" деп, біраз қыз қадірін айрықша құрметпен таныды. Абай өзіне-өзі сын боларлықтай, тыйым салуды қажет деп білді. "Бұл адамға жалған айту жол емес. Шын көңілмен айтар тілегі болса, шындықпен ғана жауап беру қарыз. Өмірде қадір тұтар замандасымның бірі боларсың!" деп байлады. Енді қайтып Тінібек үйіне аялдамай, ар жаққа кетіп қалуға бекінді. Ар жақта, Кәрімнің үйінде Ербол, Баймағамбет үшеуі жатқалы бірнеше күн болды. Бұл уақыттарда Абай күндізгі, кешкі уақытының көбінде кітап оқиды. Күнде таңертең Баймағамбетті ертіп салт атпен қаланың орта тұсына кетеді. Ертіс жағасына тақау, тар көшеде тығырықтау жерде тұрған екі қабат, тасболат ақ үйге келеді. Өзі аттан түсіп, Баймағамбетті қайырып жібереді. Немесе қайта шыққанша далада тосқызып қояды. Жаңағы тас үйдегі кітапханаға кіреді. Бүгін бірер керек кітабын алып шықпақ боп, Баймағамбетті тосқызып қойып, өзі жалғыз кіріп еді. Кітапхананың ұзынша оқу бөлмесінде жұрт отыр екен. Абай бұл үйге кіргенде, әр үстелдің айналасында екіден, үштен отырып кітапқа үңілген жандарды байқады. Әр жастағы, әр алуан киімді еркек, әйелдер, жас оқушы шәкіртттер мен қыздар да көрінеді. "Осы – шаhардағы ең бір қадірлі орын-ау!" деп ойлана қарап, жақсы бейілімен кіріп еді. Абай танитын ажымды жүзді, шоқша бурыл сақалды, жұпыны киімді қарт кітапханашы жымия күлді. Сирек бір қонағы келгендей, сыпайы пішінмен қарсы алды. Залдың бергі шетінде, мұртын сәнмен ширатқан, бұйра шашты, жылтыр жүзді чиновник отыр еді. Ол қатарындағы биік прическасы бар, сәнді киінген жас әйелге, күлімдеген көзбен, жиі иіледі. Бұл жерде де бозбастық дағдысын ұмытпағандай. Сол жігіт кітапханаға Абай кіргенде, қасында отырған паң жүзді көрші әйеліне Абайдың келе жатқанын көрсетті. Залдың ішіндегі оқушының біразына естіртіп, даурыға түсіп, тұрпайы бір әзіл айтты. Ол әзілі, кең шапан киіп, бұнда отырған жұрт үлгісінен басқаша көрініспен келген, сахара қазағы Абайды қағытқан сөз еді.

– Бұл не ғажап! Гоголь кітапханасына қашаннан бері түйелер жіберілетін болған? – деді. Абай бұл кезде кітапханашы қартқа қол беріп амандасып, өзіне керек кітабын енді атағалы тұр еді. Жаңағы тұрпайы әзілді құлағы шалысымен, чиновник жаққа салқын ызамен, жалт етіп бір қарады. Чиновникке жақын отырған бірер жас оқушы оны қостап, ойсыз күліп қалған екен. Бірақ жігіттің қасындағы тәрбиелі, көрікті әйел күлген жоқ. Чиновникке тұңғиық қара көк көздерін кейіспен бұрды. Қабағын аз шытынып, жігіттің әдепсіздігі үшін қызарып кетті. Абайдың алғашқы ашуы бір-ақ сәтке білінгендей еді. Енді күлкілі мысқыл жүзбен жігітке бұрылды да, лезде жауап қатты:

– Чиновник мырза, түйе кірсе несі бар, бұнда ол түгіл есек те отырыпты ғой! – деді. Чиновник бір қуарып, бір қызарды да, үні өшті. Оның қасындағы әйел шалқия түсіп, қатты күліп жіберді. Абайға соншалық мейірлі жүзбен, көз қиығымен бір қарап, бетін басып, төмен иілді. Абайдың сөзін естіген оқушының бәрі де қатты күлісті. Таныс қартына Абай бүгінгі керегі – "Русский-вестник" журналының белгілі саны екенін айтты. Кітапханашы ол журналдың кісі қолында екенін білдіріп үлгіргенше, бұл екеуінің қасына орта бойлы, кең маңдайлы, қаба қара сақалды бір адам тақап келді. Ол бағанадан бері Абай кіргелі бұл кітапхананың сахарадан келген сирек оқушысына қадала қарап, аңысын аңдып отыр еді. Жаңағы Абай мен жеңілтек чиновник арасында болған өткір қағысуды да түгел естіген болатын. Қазір сол кісі Абайдың алдына келді де:

– "Русский-вестник" менде. Мен қарап болдым. Сізге бере аламын. Тек сұрайтыным, сізге ол не үшін керек еді? Қай жерін оқымақсыз? – деді.

– Ол журналда Толстойдың жаңа романы басылыпты, соны оқымақ едім! – деді.

– Сіз Толстоймен таныс па едіңіз? Неге оны ғана керек еттіңіз? – деді. Абай бұл кісіге енді бұрылды. Жүзінен, барлық келбет-қабілетінен өзін сынап барлап тұрған, маңызды адам екенін байқады. Сыпайы жымиып, ілтипат білдірді.

– Мен Толстойды бұрын аз оқыған едім. Бірақ орыс халқының шын дана, ақылды адамы деп естимін. Сол ақылды адам қандайлық өсиет айтады екен, ұққым келеді!

Абайдың жаңа танысы журналды Абайға беріп тұрып:

– Білмек талабыңыз жақсы екен. Мен сізді бұдан бұрын, басқа бір жағдайда көріп едім. Областное правлениеде. Рас, ол кездесу қызықты жағдай емес болатын. Сізді мен сыртыңыздан, бұрын да білуші ем. Бүгін мынау орында сізді көруім, шынды айтсам, артық әсер етті! – деді. Өзінің жөнін айтып, Абайға қолын созып, – танысайық, Михайлов Евгений Петрович! – деді.

Абай оның қолын шапшаң алып, қатты қыса түсіп:

– Ибрагим Кунанбаев! Мен сізді жақсы білемін. Достарыңыз маған сіздің жайыңызды көп айтқан. Танысқаныма қуаныштымын! – деді. Осыдан соң екеуі де кітапханадан шығып, Ертіс жағалаған көшемен ылдилап жүріп кетті. Шапанын желбегей салған Абай, қамшысы мен тымағын артына ұстаған. Екеуі де баяу басып, әңгімелесіп келеді. Бұлардың арт жағында, Абайдың "бір орыспен сөйлесем деп, көше бойы жаяулап бара жатқанын" лайықсыз көрген Баймағамбет салт еріп келеді. Олар осы бетте, су жағасындағы ақ тиірменнің қасында тұрған ұзынша тасболат ақ үйге жетті. Михайлов парадный есікті Абайдың алдынан ашты да:

– Біздің үйге кіріңіз. Менің әлі сізбен біраз сөйлескім келеді! – деді. Баймағамбет Абайдың бұл үйде отыра түсетінін аңғарды да екі атты алып, Ертіс жағасына кетті. Михайлов көп бөлмелі үйдің сырттан кіретін, есікке жақын кең, жарық бір бөлмесінде жалғыз тұрады екен. Бұл кездесуде, осы күн кешке шейін Абай Михайловтың қасынан кете алмады. Мәжілісіне соншалық ырза болғандай ұзақ отырды. Михайловқа Абайдың ықыласын ерекше аударатын себеп көп-ті. Абайдың бұл күнгі жиі сөйлесіп, ақыл алып сырласатын досы адвокат Андреев осы адамды мол баяндаған. Өз өмірін халық, қоғам игілігіне еңбек етуге жұмсаған. Сол жолда патшалық, ұлық тарапынан айыпты жан саналып, жастайынан жазаға тартылған. Қамау-айдауды көрген кісі. Бірақ сол тартыс жолынан "қуғын көрдім!" деп азбаған да аумаған. Қайта, айдау, тұтқын сапарын асыл адамдардың ортасында өткізіп, бұрынғысынан да ірі білім, өнер тауып, данышпандыққа жетіп қалған кісі. Заманы келіссе, бір халықтың маңдайына біткен ырысы дерлік. Ел қасиетін бойына жайған қадырдан азамат деген-ді. Андреевтің осылайша таныстырған Михайловын Абайдың жүз көргені әлгі. Михайлов Абайдың бұл күнге шейін не кітаптар оқығанын сұрастырып білумен қатар, өздігімен оқудың жақсылығын да айтты, қиыншылығын да білдірді. Көп сөздері Абайдың көкейіне шәкірт жайын жақсы білетін ұстаздың тіліндей қонады. Бір кез, Михайловқа әзіл етіп:

– Менің жолымдағы қиыншылықтарды айтқаныңыз сонша тура. Мысалы, көңілі жүйрік, қолы шебер сынықшы болады. Соның мертігіңді тауып, сипап отырған майда қолындай. Менің бірталай мұңымды өзіме өзім айтып көрмеген тілмен жеткізіп отырсыз! – деді. Михайловқа Абай бұл сөздерін орысшылап айтқанда, көп тоқтап, көп ойланып, мүдіре отырып жеткізген. Ол тоқтағанда, бұның орысша теріс сөйлеп отырған сөздерінің ар жағындағы мағынасын тез байымдап, қызығып аңғарған Михайлов күліп жіберді.

– Сіздің ұқсатуыңыз дұрыс, тапқыр сөз. Менің аңғаруым дұрыс болса, сіз көбінше бір нәрсеге бір нәрсені теңеп айтқанда, оқыс, қызық мысалдар табасыз. Оны мен сіздің, Кошкинмен дауласқан жауабыңыздан жақсы аңғарған едім! – деді. Абай өзіңің тергеуінде Михайловтың болғанын енді білді. Кошкин сияқты ұлықтардың қазақ халқына ететін омырау ожар мінездерін шағым еткендей болып еді. Михайлов Абайдың, чиновниктер мінезін білмейтін аңқаулығын айтып берді.

– Сіз чиновниктердің Россия халқының тіршілігіндегі зиянды, сорақы топ екенін білмейсіз ғой. Ол қауым сонау Петербургтен бастап, сіздің Семипалат уезіне шейін тегіс, бір қалыпқа соққандай! – деп қолын бір сілтеді. Сіз оларды өздерінің ісінен ғана түгел танып болмайсыз. Қайта-қайта Кошкинмен ұстасып кеп, әр жолда бір жарым айдан абақтыда отырып, олар мінезін біліп үлгіру аса қиын, ұзақ михнат жолы болады. Мен сізге оларды барлық тұқым-тұяғымен оңай танудың емін айтайын. Бұларды өлтіре сынап, бәріне қатал үкім айтқан Салтыков-щедрин сияқты жазушы бар. Соны оқыңыз. Барлық өзіңіз көрген чиновниктер сырын, шынын сонда ұғынасыз! – деді. Абай төренің бәрі жаман деген сөзді ойлап отыр. Өзі болса, бұл жөнде басқа түсінікпен жүретін. "Адам баласының бәрі бір емес. Бес саусақ бірдей ме? Чиновниктер де сондай болар" деп білетін. Михайловқа өз ойын осылай білдіріп көріп еді. Ол кісі басын шайқады. Абайға кешіріммен қарап күліп жіберді.

– Сіз аңқаусыз, Құнанбаев досым. Чиновниктің жоғарғысы мен төменгісі, кәрісі мен жасы, тегіс бірдей. Абайдың әлі де түгел көне алмай, түсіне алмай отырғанын тез аңғарған Михайлов бір мысалмен тұспалдады.

– Бірдей болатын себебі, олар бір түсті топыраққа себілген бір сорт тұқым сияқты. Өздерін егіп, өсіріп отырған қол да біреу-ақ. Ол бүгінгі патшалық атты тәртіп! – деді де, бұдан арғы сөзге тереңдегісі келмей, іркіліп қалды. Абай Михайловтың ойын енді аңғара бастағандай. Бірақ өзі білген жұрттың бәрінен мүлде басқаша сөйлеп отырған ойшыл-сыншыл жаңа танысын, тағы да сөйлете түскісі кеп, әлі де қиялай сөйледі.

– Соңғы сөзіңіз көңілге қонады. Бірақ сол чиновниктер ішінде Лосовский сияқтылар да бар ғой. Ол кешегі істе әділетін айтқан жоқ па?! – деген еді. Михайлов бұл тұста да Абай күтпеген жерден шықты.

– Иә, Кошкин жаман болғанмен Лосовский жақсы дейсіз. Кошкиндер аз боп, ұлықтар тек Лосовскийлердей болса – барлық іс әділетпен жүрер еді дейсіз, ә!?

– Рас, солай дер ем.

– Лосовский көрінеу пайда келтірді. Оның сондай куәлігі болмаса, іс жаман болар еді, ол чиновниктің жақсысы емес пе дейсіз, солай ма?

– Иә, пайдасын көзбен көріп отырсыз ғой.

– Рас, ол бұл тұста пайда келтірді. Әлі де келтірер, ондай сәл пайданы. Онысы халыққа, дұрыстыққа үйлескен кезде, бұдан былай да пайдалану керек. Мен сізге Лосовский сияқты кісінің ондай әдетін, жұрт жұмысы үшін пайдаланбаңыз демеймін. Пайдаланыңыз да, бірақ оның анық шынын біліп те жүріңіз деймін.

– Оның ісінен артық қандай шыны бар?

– Шыны бар. Ол шынын білгіңіз келсе айтайын. Лосовский көп чиновник ішіндегі ақ қарға, – деп Абайға қарады. Абай бұл сөзді жете түсіне алмап еді. Михайлов түсіндіре сөйлеп кетті. – Біздің орыс халқында осындай нақыл айтылады. Көп қара қарғаның ішінде ақ қарға деген болады деп мысалдайды. Түсінің ақтығына қарап, оны, қарға емес, қасиетті құс деп ойламаңыз. Сыртымен көзді алдағанымен, о да қарға. О да қарғалықты кәсіп етеді, талшық етеді деп біледі, – деді. Абай Михайловтың ойына өзінің ұғына бастағандығын сездіріп, қазақтың да мәтелін айтты.

– Біздің халықта "қарға – қарғаның көзін шоқымайды" деуші еді! – деді. Михайлов қатты сүйсініп, қарқылдап күліп жіберді. Енді бұрынғысынан шешіле түсіп, келелі кеңес айтып кетті.

– Шынға келсеңіз мен айтайын. Заты қарға болған соң, оның көзді алдамай, қара қарғаның өзі болғаны артық. Қарғалар қолымен халық ісі оңғарылмайды. Олай болса, Лосовский "ақ қарға" деп, сізді жаңағы айтқаныңыздай адастырмасын. "Бар чиновник осындай болса, іс оңар еді" дегізбесін. Жалған алданыш тудырғанша, өз шынымен келгені артық. Халық олардың сол жиренішті түсін, бар жиренішті қалпында тез айқын танып жүреді. Лосовский болса, өзінің жартылаған, күдікті жақсылық болмысымен, керексіз алданыш туғызады. Патшалық атты, қарғалар тобының анық түсі мен сыры халыққа тез танылуға кедергі жасайды, – деді. Абай бұл сөздерді толық түсінді. Бұрын естіп көрмеген қамқорлық ойды, таңдана отырып, сүйсіне тыңдады. Өзіне осындай сенім көрсетіп, ішін ашып отырған Михайловқа алғыс та бар еді.

– Сіз маған бұрын мен баспаған дүниенің шетін аштыңыз. Соншалық сенім көрсетіп аштыңыз. Мен мына мәжілісіңізден сабақ алғандай болдым ғой! – деді. Михайлов Абайдың иығынан қағып, аса сенгіш, таза көңіл достығын сездірді.

– Менен ғана оқымаңыз, менен ойлы, менен сыншы орыс ойшылары бар. Солардан оқыңыз. Мен сондай адамдардың кітаптарын сізге беріп отырайын. Рұхсат етсеңіз, бұдан былай өз бетіңізбен оқуда, сізге мен көмекші болайын. Оқу талабыңыз жақсы екен. Сіздің халықтан әлі оқыған жандар аз. Сізге көп білу керек. Көп шындықтарды тану шарт. Бұл жөнінде орыс кітабы үлкен достық етеді. Сенімді серігіңіз болады! – деді. Абай Михайловтың бұған көрсеткен бейіл, ықыласына әке мейірімінен артық ырза болды.

– Мен өзімді сізге кездестірген тағдырыма соншалық ырзамын. Басшылық етем деген уәдеңіз, мен үшін достық, зор достық! – деді. Осы күннен соң әрбір үш күнде, Абай Михайловтың үйінен табылатын болды. Ендігі екеуінің мәжілісі, сахара тіршілігінің қамы мен мұңынан да қозғалады. Бір отырыста Михайлов, Абайдан биылғы Ералыда болған жанжалдың түп себебін білмек болды. Қашқын болып жүрген Оралбай жайын да сұрастырды. Абай оның халін Михайловқа жақсы әңгіме етіп берді. Оралбай мен Керімбала арасындағы ғашықтық сыр, ел зорлығы, екі жас көрген жәбір-жапа бәрін де үлкен өкінішпен әнгіме етті. Сол рахымсыз жаза, ауыр соққы салдарынан Керімбаланың өлгенін айтты. Оралбайдың не дәулеті, не жанашыры болмай, жапа-жалғыз боп, қаңғып кеткенін баяндады. Екі жастың тобынан озық өнері, әншілігі де айтылған. Жар жарасы Оралбайды ерекше бір ызаға, кекке айдағанын Абай өзі әр кезде үлкен өкінішпен еске алатын. Сол сезімдерін іште жатқан түйіндей, өзгеге айтпай іркіп жүрсе, бүгін Михайловқа шебер әңгімелеп берді. Сөзінің аяғында кеп, Оралбайды көпке үлгі болатын, үлкен намыс оты бар, қайрат иесі азамат деп бағалады.

– Бүгін оның аты талаушы, жолбасар болды. Шынында ол ұлық үшін ұры, қарақшы болғанмен, халық үшін – әділ кек жолындағы өжет жігіт. Осындай ызадан, разбойник болып кеткен кісілер, менің аңғаруымша орыс елінің тарихында да бар көрінеді. Бұлар ұлықтардың зұлымдығымен алысушы, мақтаулы азаматтар емес пе? Мен қолымнан келсе, оларды ақтаушы, жақтаушының да бірі болар едім. Осыған сіз не дейсіз? – деді. Михайлов бұл әңгіменің бәрін, Абайдан көз алмай отырып, қобалжи түсіп тыңдап шықты да, үндемей аз ойланып қалды.

– Сіз бір сұлу хикая сөйлеп шықтыңыз. Жазушы адам болса, осы айтқаныңыздың өзі бір кітап. Ал, өмір үшін алсақ, әсіресе қауым, әлеуметтік тірлік үшін алсақ, бұл көпке жол болатын кең майдан емес. Бұл әңгімеде Михайлов Абайдың ойынан сонағұрлым ары соғады. Түкпірлі, алыс аңғарды танытады. Абай өзінің әкесі Құнанбайдан бастап қара қазақ ішінде кімнен де болса олқы түсемін деп ойламайтын. Андреевтей адвокат бұдан кітаптық білімге озық. Бірақ өмір, болмыс жөніндегі толғаулы ойларға, дәлелді шебер дауға, Абайдың өзінен соншалық ұзақ көрінбейтін. Ендігі жасында Абайдың анық білгір, ойшыл ұстаздай, кең шалымды кісі көргені, осы Михайлов сияқты. Оралбай әңгімесінің артынан, Ералы шатағына сарыққан өз мінезіне де Михайловтың сынын білгісі келді. Ел бұқарасын бастап кеп, өзінің Тентек-оязбен қатты шайқасып алысқанын еске ала кеп, досының осы туралы қандай ойда болғанын сұрады. Михайлов бұл жайға шапшаң жауап берді.

– Сіз Кошкинді жақсылап оқытқансыз. Әсіресе көпшілікті ертіп кеп, айғақ дәлелді қолыңызға жиып отырып, мезгілімен жазалағансыз. Ысылған адамның шебер өткізген тартысы деп білемін. Оралбай ісінен сіздің ісіңіз жеңіл ме екен? Бұны сіз үшін зор қылмысқа айналдыру оңай еді. Бірақ, сіздің жағыңыздағы айғақ пен дәлел күшті болды. Және халқыңызда ұйымшылдық күшті екен деп ойладым! – деді. Осымен бірге, дәл осы күнгі мәжілісте Михайлов Абайға облыс пен уезд кеңселерінің арасындағы соңғы бір жаңалықты білдірді. Бұл күнде Кошкин Семей Оязының орнынан алынып, Өскеменге Ояз боп сайланыпты. Оның орнына Семейдің Оязы боп советник Лосовский тағайындалыпты. Ол, Абайға оң қарайтын, әділеті бар чиновниктің бірі. Облыстық правление Лосовскийге енді біраз уақытта, уезд ішіне шығып, Кошкин өткізе алмаған болыстық сайлауды қайтадан өткізуді тапсырып отыр. Абайдың болысы Шыңғыста және көршілес Қоңыр Көкшеде, Қызылмолада жаңа сайлау болады. Бұл хабарларды Абайға білдірумен бірге, Михайлов енді Абайдың Лосовскиймен елге ере шығуын лайық тапты. Көпке зарарсыз болатын жайлы жақсы адамдарды сайлатуын кеңес еткен. Михайловтың Абайға берген бұл кеңесі іштесіп келген достықтың айғағы. Абайдың жаны ашып, қамын көп айтып жүрген еліне енді Михайлов бірге қамқорлық ете бастағандай. Осы кештен соң Абай Андреевпен сөйлесіп, ол арқылы Лосовскийге жалғасты. Ояз сайлауға шыққанда, бірге ере шықпаққа бекінді. Андреев арқылы Лосовскийдің өзі де Абайға соны мәслихат етіпті. Осымен енді тағы да кітапхана мен Михайлов арасында айға жуық жүрді. Әңгіме бұған ауысқан соң Ербол мен Баймағамбет өздерінің ел сағынғанын аз айтатын болды. Қаланың ыстығы мен шаңын да бұрынғыдан көрі азырақ қарғап-сілейді. Көп күндер ар жақта, Кәрімнің үйінде, оқу-іздену үстінде өтсе де, Абайды Ербол мен Баймағамбет кейде еліктіріп, бер жаққа. Тінібек үйіне алып шығып қояды. Онда Салтанат шешесімен әлі жатыр. Бойжеткен қызбен Абайдың екінші рет оңаша кездесуі тағы сол Мәкіштің отауында болды. Қыз шешесі мен Мәкішті көрші үйлері қонаққа шақырып кеткен, үй оңаша қалған бір кеш еді. Ербол Абайды сәт уақытқа әдейілеп әкелген бе, болмаса кезі солай болды ма, әйтеуір отау үйде, жалғыз қалған Салтанатпен тағы да бір емін-еркін сөйлесерліктей шағы болды. Терезе алдындағы биік сандық үстіне салынған кілем мен қалың көрпе үстінде екеуі қатар отырып, ұзақ сөйлесті. Ербол мен Баймағамбет бұларды сыртынан қорғаштап, үй қызметкерлерін өздері алаң етіп, ілгергі бөлмелерде алдандырып жүрді. Абай мен осы қыздың оңашалығын Ербол шынайы тілеулестікпен құптайды. Бірақ құрбы жігіт ниеті мәлім болғанмен, Абай әнеугі алғашқы оңашалықтан соң өзіне өзі тоқтау салған көңілінен ауған жоқ еді. Үй ішінде көлеңке қоюланып, қоңыр кештің майда лебінен терезе шілтері ақырын ғана сілкініп қояды. Жастар үй ішіне шам жағуын тілемегендей. Тыстағы жүргінші терезе алдында отырған бұл екеуін аңғара алмайтындай боп, көз байланды, Абай енді терезенің перде шілтерін қайырып, қастарындағы биік төсектің басына арта салды. Ерте туған сарғыш жүзді, толық айдың сәулесі үйге түсіп, қыздың қызғылт жүзін таза, ашық ақ нұрмен сәулелендіріп тұр. Абай өзі қыз қарсысында. Бұның да қырлы мұрнына, ажары ашық үлкен көзіне, жіңішке, ұзын қастарына ай сәулесі түседі. Күнге күймеген әлі ажымсыз жазық, ақшыл маңдайына ай сәулесі тұнжыраған майда нұр беріп тұр. Қыз бүгін жігітті көптен бергі жақынындай жан тартып, ашық сөзді өзі бастады. Ол Абайдың үй-ішін, бас-тұрмысын, елдегі жарын сұрастырды. Сөз арасында Абайдың ұзақ уақыт шаhарда бөгеліп, ондағы жандарын сағындырғанын, өзінің де сағынуына орайлы екенін әдеппен ескертіп еді. Абай өзінің жар көңілімен, Әйгерімді ойлайтынын жасырған жоқ. Бұл жайды қысқа ғана әңгіме етіп, балаларын да тегіс айтты. Әйгерімді алу, өз тіршілігіндегі қиын түйін болғанын да сездіріп өтті. Салтанаттан оның өмірінің де бүгінгі халі, келешек күткені туралы сұраған еді. Қыздың бүгін Абайдан сыр іріккісі келмеді. Шашбауындағы жібек шоқты, ұзынша, қайқы біткен, аппақ саусақтарымен бір ширатып, бір өріп отырып, Абайға бас назын айтты. Үлкендеу келген қой көзі қазір тұңғиықтанып, баяу сөне түскендей. Кейде көзін аз қысыңқырай қарап, шыншыл салқын тартымдылықтың сәл білінер сәулесін ғана сыртқа паш етеді. Тік қараған көздерін Абайдан алмай сөйлейді. Бұл көріп жүрген ел жігітінен өзгеше сезілетін досына, өзіндей сеніммен қарайды. Салтанат сыры әлі күнге жазылмай, жадырамай тұрған күптілік, мұңдылықпен айтылды.

– Мен ықтиярлы, ықтиярсыз бір қапаста, қапада жүрген жанмын. Атым Салтанат, жүрісім еркін, көп жанға ұғымсыз. Шалқып жүрген еркенің еркесі тәріздімін. Ықтиярлы қапас дейтінім сол. Бірақ біздің елде тұйғын, лашын ұстаушы аңшылар асау құсқа сенбегенде, ұзын шыжыммен ұшырады ғой, сол тәрізді. Ертең біреудің басыбайлы меншіктісі болар күйім бар. Биыл күзде ұрын келмекші. Кім екенін, қаншалық хасиет нәрі бар екенін жақсы білмеймін. Көп естіген боларсыз, қазақта мұңды қыз аз ба? "Сүймеймін, басқа кімге бұйырса да көнейін, осы жаннан маған азаттық әперсін" деп әкеме өз анамды да, мынау кіші анамды да екі рет салып едім, ырзалық ала алмадым. Қыз ішінде жалғызы едім. Туғанымнан алақанына салып, аялап өсірген атам, анам – ұям еді. Әлі де өзге күнде, алдымнан шығары жоқ. Бірақ күйім жадау болған соң өз үйім өзіме қапас болды. Ал келер күнді ойласам біржола түңілем. Тіпті тірлік, тілек дегеннен де көп түңілетін шақтарым болады. "Құдай-ау, осы мені, бір қорлық, ездік ноқтасына басымды ілдіргенше – өкінбейін, зарламайын, алсаңшы!" деп көп жылайтын да түндерім болады, – деп қыз маңдайын нәзік саусақтарымен сүйеп, ыстық бетіне, жасты көзіне орамалын басты. Біраз үнсіз отырып, қайтадан басын көтеріңкіреп, Абайға қарап енді сөйлегенде, үнінде тамағын шалған қатқыл тұтқырлық бар-ды. Аз қатайыңқыраған берік үнмен бастады.

– Жаныңыз құрбы, жас көңілін білесіз, Абай. Менің орнымда қазақтың өзге қызы болса: "алдыңғы күнді көрермін. Оң жақтың, осы дәуренімнің қызығын көрем, өзімді ештеңеден тыймаймын" деп, бір ызамен ашылып, жеңіл-жеңсік жүрісті талшық ететіні де болады. Менің сорыма, өз қолымнан, өзіме со да келмейді. Бұл бір ішімдегі, қатты құлып астындағы, өзіме-өзім жасаған қапасым. Алдағы күннен түңілу мен қорқуым сондай күшті ме деймін. Ешбір қызық, желік дегенге, бір сәл шыныммен бой жазып, беріле алмаймын. Ар жағымда, бір бес күнде мені жұтқалы не бір зындан, не бір меңіреу дүние тұрған сияқты болады. Жылан арбаған торғайдай, қанат қағып тұрып, сол азынаған зынданның қараңғы аузына құлап түсетіндеймін. Көңіл селт етіп, бір тәуір жасқа, өзімді өзім қызықтырғандай жақындап келемін де, қайтадан қалт тұрып, тұсалып, тыйылып қаламын! – деді. Қыз сөзінің бір кезі осымен тоқтап еді. Екі жас сәл уақыт үнсіз отырып қалды. Абай өзі естіп жүрген жас назының ішінде, мұндайлық жүйрік, орамды тілмен жеткізе айтылған сырды естімеген еді. Тек орысша бір кітапта, шыншыл бір жанның өз өмірінің құпия, шер сырын таратып келіп:" осы менің исповедім " дегенін оқығаны бар еді. Көпке айтылмайтын, тек өлім халәтіндей бір кезде ғана айтылатын және сол бір-ақ айтумен бітетін де өшетін жүрек кітабының тілі осылай болса керек. Абай аз иіліп, қыздың екі бірдей қолын алды. Ып-ыстық, ұлпадай жұмсақ, сәл ғана тершіген қолдарын аз қысып тұрды да, бетіне басып, саусағының ұшынан сүйді. Қыз ақырындап сусытып, қолын тартып алды. Жігіт көңілі, шын мұңдас мейірмандыққа толы еді.

– Асыл Салтанат! Бұл күнге шейін кешкен тірлігімде, сіздің мұндай мұңды, естен кетпестей етіп айтқанды естіген жоқ едім. Шыныңызға, шыннан басқа жауаптың бірде-бір орайы жоқ. Жарым ауыз сөзбен шынымды айтпай, жалған айтсам, күнәның зорын еткен болар едім. Менен де жүрек жарған барым айтылып, сізге мәлім етілуі шарт деп біліп отырмын! – деді. Қыз қозғала түсті. Бойымен де, бетімен де жігітке жақындап иілді. Осы бір қимылмен, бүгінгі отырыста, Абайдың шын сырын талап ететінін білдірді. Енді бір ұзақ әңгіме – Абай әңгімесі еді.

– Сіз сүймегеннің ғазабын шектіңіз, Салтанат. Мен өз өмірімнің, қабірге кіргенімше ұмытылмас шағын айтсам, ол – сүюден кешкен зарым еді. Әлі күнге жадымнан бірде-бір сәті көмескі тартып, ұмытылмайтын, жүрек таңым бар еді. Ол азғантай ғана дәурен сүрген қос ынтызар тірлігі болатын. Ай батқандай жоғалған, маған бұйырмастан кеткен ынтығым! Шын ғашығым – Тоғжан еді. Айрылғаныма көп заман болды, бірақ осы күнге шейін кішкентай бір езу тартқан күлкісіне шейін көз алдымда. Барлық көрісу-кездесудегі, ұзынды-қысқалы, қуанышты-зарлы барша сөзі жүрегімде, өз қаныммен жазылған өсиет хаттай. Сол Тоғжаннан айрылып, жырмен, зармен күңіреніп жүрген шағымда, бір айтқан мұңды сазым сізге естіліпті. Мәкіш айтып еді, сіз ұнатып тыңдады деп! Абай бір уақыт Салтанат тілегімен Мәкіш айтып берген:" жарқ етпес қара көңілімді " еске алып өтті. Қыз бұл тұста басын жиі шұлғып, көздерін сәл жұма түсіп, әнді есіне алып қалғандай болды. Құлағындағы ұсақ шілтерлі, алтын сырғасының әрбір нәзік әшекейі:" біз білеміз, куәміз, естігеміз " дегендей. Қыздың бас июімен бірге бой изесіп, көп ырғалып, көп құптады. Абай әлі де әңгімесін айта түсті.

– Жүрегім үйлеспеген бір жанға тағдыр қосты, бірнеше сүйікті баланың атасы болдым. Бірақ зарым, шерім басылмады. Тоғжанды ойлап, түсімде көріп жатқан бір шағым еді. Дәл Тоғжанға ұқсаған бір жан, барлық пен жоқтық арасында, жаным елтіген шақта, сол Тоғжан салатын әнмен келіп оятты. Оятты да, сол жан мені уатты. Сәнім де, әнім де, ендігі тірлік тірегім, барым да сол адам өзі болды. Қазірде көлденең көзге себепсіз сияқты, осы шаhарда жүріп қалсам да, мен Әйгерімді ыстық сағынышпен сағынамын! – деді. Осыны айтты да Абай тоқтап қалды. Салтанат салқындап, ақшыл тартқан жүзбен көзін төмен салды да, Абайға тағзыммен бас иді. Айтқан алғысындай. Екеуі екі ұзақ әңгіме айтқанда, сырға сыр орай шыққан еді. Бұдан артық айтысу, ашысудың қажеті жоқ. Қызға, бірдің өзі болып емін-еркін тимесе, қанағат табар аужал жоқ. Абай болса, жеңіл желікпен, қызығумен Әйгерімге жалған айтар, бұған жарым серт берер ықтияры жоқ, тілегі жоқ. Абақты есігін өз қолымен ашып, бүгінгі қазақ қауымынан тыс адамгершілігін Абайға алып келген Салтанат болатын. Сол халдер бүгінде ел жігітінен көрі өзгеріп, ойымен жаңғырып келген Абайға әмір-құдірет тыйымын салды. Екеуі енді көңіл сырынан тоқталған. Өз бойын даналық сабырмен жеңіп, билеп алған Салтанат, енді Абайға құрбылық, назды үнменен екінші тілек айтты. Қастарында тұрған сырлы домбыраны ұсынып:

– Сол бір әніңізді енді өз аузыңызбен ақырын ғана, өзіме айтып беріңізші! – деді. Абай іркілген жоқ: жарқ етпес қара көңілімді бұрын Тоғжанға арналған сөздермен біраз айтып беріп еді. Соның артынан, ән ырғағын өзгертпестен, осы бір қоңыр кештің өзіне көшті. Сыпайы тұспалменен бастап, шыншыл бір тың сөздермен мұң төкті. Нұрлы жүз, жарық айдың астында, сеніскен досқа құпиясын ашты. Сол жас назы естен кетпес. Ақын сазы оны ұзақ шертер. Қарыздар дос жүрегі ұмытпас, айнымас та, көп сақтар. Белгісізге шырқатып әкеткен айрылысу күндерінде де жігіттің өмірбойы жадында сақтар қадірлісі, армандысы боларсың. Сырың сыртқа паш етілмес. Жүрек ішіндегі бір түйір жауhар боп жатар. Ашылмағаны үшін, өзінің қасиетін ешбір заманда жоймас... дегендей жаңа өлең. Осы арада, жаңа туған аса шыншыл, ырғақты толқындар еді. Ауызғы үйде бұл жақтың белгісіндей тықыр білдірмей сергектікпен тосып отырған Ербол, Абай әні шыққанда, Баймағамбетке шам жақтырды. Алдағы бөлмеге әкелдірген еді. Енді Абай әнін аяқтай бергенде, сол шамын ұстап отауға кірді. Абай мен қыздың бағана Ербол шығып кеткенде, терезе алдында отырып қалған қалыптары түк өзгермеген. Оның үстіне Абай жай, баяу ән айтады. Жүзінде Ербол аңғарғандай өзгеріс нышаны да жоқ. Есіктен кіре бере, екі жасқа жаңа көрген адамша барлай қараған Ербол, бұлардың отырысын да, қабақ шырайларын да оншалық жаратқан жоқ. Ол қанағаттанбады. Үйге шам келумен бірге Баймағамбет те кірді. Күтуші келіншек шай жасай бастады. Аздан соң Мәкіш те қайтқан еді. Бұдан кейінгі отырыста, Абай мен Ербол кейде кезектесіп, кейде қосылып көп ән салды, қонақ әйелдердің, әсіресе Тінібек бәйбішесінің тілегімен әйелдер мәжілісінің көңілін көтеріп, қызмет етті. Бұл кештің ендігі кездерінде Салтанат көп сөйлеген жоқ. Тек қана Тобықты жігіттерінің Тоғай бойынан басқарақ айтатын әндерін айрықша ықыласпен тыңдайды. Аса бір тартымды сыпайылықпен отырды. Дәл айрылысар кезде ғана, үй бір оңашалана берген шақта Ербол мен Баймағамбеттің көзінше Абайға:

– Осы бір кештің қалай шапшаң өткенін сезбей де қалыппын. Көңілімде бір алғыстан басқа ешбір ақау жоқ. Әлдекімнің бірі болмассыз деп сырттан топшылаушы едім. Жетпегенге өкінерім жоқ. Бар өмірде әмісе бақытты болыңыз! – деді. Абай қыз көңілінің жүйріктігін тағы көрді. Кеудесіне қолын қойып, тек үндемей ғана бас иді. Сөзбен жауап берген жоқ. Көңілмен барды танысып отырғандарын қабақпен білгізді. Ендігі халді жігіттің сөзбен таратпағанын Салтанат та орынды көрген екен. Қазір жасқа толған, нұрлы көздері көп уақыт кірпік қақпай, жігітке ұзақ тұнжырап, қарап қалды. Абайдың жүрерлік кезі тақаған еді. Михайловқа бұл кездерде ол күн сайын қатынасып, жиі көрісетін. Бер жақтан қайтып, досының пәтеріне Абай енді бір келгенде, есікті Михайлов өзі ашты. Ақ кенептен, жаздық кең, жұпыны киім киіпті. Жүндес кеудесін ашыңқырап қойыпты. Үлкен алақанына шалқасынан ашып салған бір кітапты оқи жүр екен. Шала амандаса сала, Михайлов Абайды қолтықтап алды. Өз бөлмесіне қарай әкеле жатып:

– Құнанбаев, мен сізге орыс жазушыларынан басқа, соңғы мәжілістерімізде айтқан, әр алуан білімдер саласынан да біраз кітаптар әзірледім! – деді.

– Қай білімдер саласын айтасыз, Евгений Петрович?

– Жалпы тарихтан! Европаның есею тарихынан және географиядан да, осы жыл ішінде сіз оқып, біліп шығатын кітаптар бар. Жарымын мен өзім таптым, тағы біразын Гоголь кітапханасынан, Кузьмичтен аласыз. Сіз үшін тапқызып, елге кетер жолыңызға, уақытша беріп жіберуге бөлгізіп қойдым. Соны барып аласыз! – деді. Аздан соң тағы да өзі сөйледі.

– Менің аңғаруымша, сіз тарихқа көп ат салыспаған сияқтысыз. Ол – ғылымдардың анасы ғой.

Абай:

– Тарихтан біз ислам тарихын, медресе дәрісі түрінде емес, жай өздігімізбен, түртініп оқығанымыз бар. Бірақ, Евгений Петрович, сізге кездескелі менің бұрынғы білім деп жиғанымның көбі өзінің салмағынан айрылды. Я түтін, я будай боп кеткендей. Сол оқыған тарихымды тұрақты білімге санар сенімім болмай тұр, – деді. Михайлов бұл сөзге күлді де:

– Ендеше, мен сізге айтайын, ислам тарихы – білім, ол үлкен білім! Тек қандай тарихшы жазғанын талдау керек... – деп Михайлов бүгін исламға байланысты шығыс туралы, Абайды хайран еткен, қызықты жаңалықтар айтып кетті. Ислам, араб өнері, жалпы дүние жүзінің ғылым, сана табысына көп ғасырлар бойында аса зор жемістер берген. Ескі антик өнері мен Европаның беріде келіп шыққан ояну дәуірінің арасында жатқан бірнеше жүз жылдар меңіреулігі бар. Сондағы көп ғасырдың қараңғылық заманына сәуле беретін, тек араб мәдениеті екенін айтып өтті. Арыдағы Сократ, Платон, Аристотель мирастарын бүгінгі өнерлі халықтар қауымына өзінше өсіріп кеп жеткізушілер шығыстан шыққан данышпандар болғанын ескертті. Бұлардың бүгінгі әңгімесі осы жайға ауысқанда Абай өз ішінен сүйсіндіргендей жаңалық тапты. Бұл ойын Михайловтан ірікпестен айтқан еді.

– Евгений Петрович! Шынымды айтайын, мен адам баласының білім қазынасында мұсылманшылық ғаламы өзі бір бөлек жатқан, жалғасы жоқ дүние деп ұғушы едім. Сіз менің бытырап, бөлініп кеткен, біріне бірі қарсы, ерсі көрінетін дүниелерімді тұтастырып беретін сияқтысыз. Шынында, ғаделет, хақиқат, ахлақ мәселелерінде қауымның игілігін ойлаушылар аз ба? Нәсілдер ырысын ойлайтын әр заманның, әр халықтардың ғұлама ұстаздары бар ғой, – деген. Михайлов Абай қозғаған бұл мәселенің артынан, ұзақ бір келелі, кең өрісті ойларға кетті. Бүгінгі сыпатында, кең маңдайлы, ойлы көзді Михайлов, қоңыр сақалын күтіп тараған келбетімен зор бір ғұламаға, даналарға ұқсайды. Бүгін ол Абайға философ ұстаз болып танылғандай. Ұзақ әңгімемен, ұғымды етіп, оның бұл күнге шейін ислам дүниесінен білген білімін бағалады. Сонымен жалғастыра, әсіресе Абайды хайран еткен бұның өзі халқының жайы. Қазақ тарихының да әлі ғылым білмеген, мүмкін Абай өзі де бағалап жетпеген қазынасы болар еді. Дүниелік өнер-білім мүлкіне, қазақтың да жер астында жатқан саф алтындай қадірлі сақтағаны болуы шексіз деп айтты. Абай Михайловтың бүгінгі мәжілісінен кейін, оны өзіне бұрынғыдан да жақын көрді. Екеуін туыс ететін ағалық ойдың өрісін аңғарды. Айрылысар шақта Михайловқа:

– Бүгін сіз маған, ерекше бір қадірлі сыпатта танылдыңыз, Евгений Петрович! Мен сізді тек орыс халқындағы өнердің ойы мен тілі деп біліп едім. Өзімді бөлек өлкенің сізден алыс жатқан, сахара келгіні деп біліп ем. Ал қазір сіз, бейнебір мені қолымнан жетелеп, биік бел үстіне шығарып тұрсыз. Бар замандардың, бар халықтардың қоныс-қонысын, өріс-жайылысын көрсеттіңіз. Алыстан болса да бар адам баласын тұтас бір тайпадай аңғарттыңыз. Енді бақсам, дүниелік білімнен сырт жатқан халық жоқ сияқты ғой. Өзімізді қазақ баласы ғана емес деп сезінгендей бір қуанышта тұрмын. Осы менің үлкен олжам болса керек! – деді. Михайлов қатты күліп келіп, Абайды иығынан құшақтап, бір қысып қойды.

– Құнанбаев! Біздің достығымыз екеуімізге де жақсы нәтиже берер деп үміт етемін. Тек кітапханадан, Кузьмичтен қол үзбеймін деген уәдеңізге берік болыңыз! – деді. Осы жолы Семейден бір арба қып алып қайтқан Абай олжасының қақ жарымы – Михайлов көрсеткен, я өздігімен тауып берген кітаптар еді. Лосовский сайлауға, сахараға шығар алдында, Михайловтың сол Лосовскиймен, Андреев үйінде кездескен бір уақыты болып еді. Сонда Михайлов өзін ырзалықпен таң қалдыратын сахара жігіті жөнінде сөйлеп отырып:

– Құнанбаевтың білімге ұмтылу талабы аса зор. Жас елдің кейде білім-жарығына бар еңсесін салып, шынымен, барымен келетінін байқатады. Сусағандық құмарлығын білдіреді! – деп еді. Лосовский бұл жайға Михайловша қарамаған сияқты.

– Евгений Петрович! Ол халық сипаты емес шығар. Халқын айтсақ, бұл ел әлі орыс мәдениетіне "сонша қажетім бар" деп ұғынып, оянған ел емес. Ал, Құнанбаевтың жеке өз басын айтсаңыз бір басқа. Бірақ оның құмарлығында, ғылымға ер жетіп кеп ұмтылған адамның бәрінде болатын дағдылы ғана қомағайлық бар шығар! – деді. Михайлов пен Андреев Лосовскийге осы жолы Абайды жақсы ұғындырып жібермек ниетте болатын. Сол мақсатымен және өзінің сыншыл, турашыл ойын жарыққа шығара отырып, Михайлов бір сарқынды сөз айтты.

– Құнанбаевта мені қызықтыратын бір қасиет бар. Көп мәжілістес болдым. Жақын таныстым. Сонда мұның аузынан: "Әділет, халық, халыққа адал қызмет" деген сөз көп қайталап шығады. Онысы және тұрақты ой боп, көңіліне бекіген. Мені осы адамның бойындағы гуманизм қызықтырады. Келешегіннен не шығатынын қатты білгім келед! – деген. Абайдың өзіне айтпаса да, Михайловтың ол турасындағы бұл кезеңдегі үлкен бір қорытындысы осы, Андреев Михайловтың сөзімен жалғастыра, Лосовскийге:

– Сіз киргиз управительдерін олақ, шикі, тазалығы аз, түсінігі төмен адамдар деп білесіз. Сол орынға лайығы бар адамдарды, өзі білген сахара тұрғындарының ішінен Құнанбаев тауып берсе. Сіз бір жолға соларды сайлап, сынап келсеңіз қайтер еді? – деген. Лосовский бұл пікірге қарсылық білдірген жоқ. Қайта есінде тұтатынын сездіріп, ақырын бас шұлғыды. Тек сонымен ілес:

– Киргиздің ру басылары біздің кеңселер үшін ғана емес, Құнанбаевтың өзі үшін де қиын жұмбақ болатын. Мен алдыңғыдан артқылар мүлде басқа болып, сахара қоғамына жаңалық ой, дұрыс жол тауып береді деген сенімнен әзірше аулақпын. Жалғыз-ақ бір тәжірибе етіп көреміз. Нәтижесін Құнанбаев пен сіздер, бір-екі жылдан соң шат көңілмен қорытуларыңызға тілеулестік айтайын, – деді. Салмақты мысқылмен күлді де, бұл жөніндегі сөзді паң ұлық пішінімен аяқтатты. Осыдан аз күн өткен соң Лосовский сайлауға шықты. Абай Ербол мен Баймағамбетті жайлаудағы ауылға, Шыңғысқа хабарға жіберіп, өздері Лосовскиймен бірге Қызылмолаға тартты. Лосовский Андреевтің үйінде берген уәдесін бұл жолы шын орындады. Қызылмола, Қоңыркөкше, Шыңғыс болысы сияқты, үш болыстың сайлауына Абайды қасынан қалдырмай ертіп жүрді. Барлық жерде бұларды үлкен әбігермен, салтанатпен, көп үйлер тігіп, қөл-көсір сойыстар, қонақасылармен бейілденіп қарсы алыс-ты. Сол елдерге Лосовский Абайды қадірлі адам етіп танытып отырды. Абай үш болыстың сайлауға жиылған еліне осы жолы, үлкен бір бедел, абырой тауып қайтқан адамдай көрінді. Жұрт оны, бейнебір, советник сияқты білді. Абай кіріскендіктен, бірде-бір болыста болыстық, билік, кандидаттық үшін қыңқ еткен талас болған жоқ. Бар болыста, Абай сол елдердің естияр, адал деген адамдарымен алдын ала ақылдасады да, Лосовскийге өзінің "пәленді сайлауға лайық" деген ұсынысын айтады. Соны беделмен өткізіп отырады. Қалада жүргенде, бұрынғы тәжірибесі бойынша, сахара адамдарына шала сеніммен қараған Лосовский осы жолы бір айлық сапарда Абайды өзіне жақын тартып, жақсы білді. Қадірлеп қалғандай, сайлау күндерінде Абайға кейде қалжың айтып:

– Ибрагим Кунанбаевич! Мен сіздің мәслихаттарыңызды аламын да, атағандарыңызды бекітемін. Бірақ осы сайлаған кісілеріңіз бұрынғы болыстардай, парақор, зорлықшыл, жалған приговор бергіш, ел жанжалына басшы болғыш қиянаты көп болса, жауапты сіз бересіз. Господин Михайлов пен Андреев алдында бересіз, – деп күлетұғын. Осы сөздердің Абай басына қарыз екенін және соның бір жағы ұлық алды емес, өзі айтып жүрген халық алдындағы қарыз екенін ойлағандықтан, Абай бұл жолы мынау үш болысқа ешкімнің ойында жоқ үш жасты сайлатты. Олар болыстыққа талабы жоқ кісілер еді. Шыңғысқа атағаны Абайдың өз құрбыласы, балалық шақтан мінезі мен адамшылығын Абай қатты қадірлейтін адам, Тоғжанның ағасы, Абайдың досы Асылбек. Бар Құнанбай ұрпағын, Ырғызбай ортасын наразы етіп, Абай өз болысының ұлықтығын сол Асылбекке бергізді. Қоңыр-көкшеге болыс боламын деп, мал шығарып, жұлысып келе жатқан өзі бай, өзі ожар омырау, жас бөрі – Әбенді сайлатпай, оның орнына "момын, есті жігіт" деп Шымырбай дегенді сайлатты. Қызылмолаға болыстыққа тілемесе де Абайға "ендігі өмірде тілеуі бір жақын іні болам" деген Ысқақты сайлатты. Бұл Құнанбай баласы, Абаймен бір шешеден туған-ды. Бірақ жастайынан Құнанбай оны Құдайбердіге іні етіп, Күнкенің қолында өсірген. Бертін уақыттарда Ысқақ көбінше Тәкежанның ығында келген. Дәл осы соңғы жыл ғана Абайды анық адал аға деп, шынайы дос тұтып тапқан еді. Абай сол Ысқақты ұстады. Бұл күнге шейін таныстығы аз болған – Матай ішіне Ысқақты аулымен көшіріп, осы елдің болыстығын атқаруды тапсырды. Ералыда биылғы көктемде ойда жоқ лаңнан басталған "Абай мен ұлық тартысы" әзірше осылай аяқталды. Абай жеңгендей боп, ел ішіндегі оның атағы қатты дабырайды.

ОҚАПТА

1

– Ә-ә-й Абай-ай! Жолың болмас-ау сенің! Қу дала, қу мекенде, жалғыз ауыл қалдырып, бір сарғайттың. Не ағайын-туған ел жоқ. Немесе ауыл иесі, үй иесі, қатынға бай, балаға әке дерлік өзің жоқ! Өшің бардай, осының ба? Көзімізге көк шыбынды үймелеттің.ғой! Құдайдың ыстығы мынау – әуе айналып жерге түскен. Күнде шыжып тұрған не қылған қуарған қоныс бұнысы. Бәрі – сенен, Абай! Әй, сірә да жолың болмас-ау сенің. Не жазығым бар еді? – деп, үйді айналып кесек үнмен Абайды жерлеп келе жатқан Ділдә болатын. Ол осылай ұрсып келіп, Әйгерімнің отауына кірді. Үйде жалғыз отырған Әйгерімнің төр жағынан кеп отыра берді. Әйгерім жасы үлкен Ділдә келгенде, орнынан тұрып қарсы алған-ды. Ділдәның бұл кезде ажымы көбейіп, сүйек-сүйегі біліне бастаған. Қазіргі келісінде оның Абайды жерлеп Әйгерімге естірте айтқан ұрысы, күндегі дағдысынан басқарақ. Бүгінгі ұрыстың себебі зор болатын. Түнде қаладан келіп, Ділдәның үйіне қонып, бүгін түске жуық жайлауға қарай аттанып кеткен Манас әкелген хабар бар. Абайды Әлдеке қызының жанында көріп, жай-жапсарды өзінше аңғарып қайтқан Манас, бұл ауылға жайлы хабар әкелген жоқ. Ділдә мен көрші қатындардың, малшылардың көзінше Абайды кінәлап сөйлеген.

– Қиыр жайлаудан, ит арқасы қияннан, күн-түн қатып "бар, балам абақтыда сарғайып жатыр, аман-жаманын біліп кеп бер!" деп, кәрі шешесі мені жұмсады. "Қорлық көріп жатыр-ау!" деп тыным алмай қалаға жетсем, ол боса, қағанағы қарық, сағанағы сарық.! – деп кеп, көргенінен артық та сөздер сөйлеген. Манас "Ділдә қызғаныш ойлап күйінер" деп әңгімесінің басын тұспалдап, тартына айтып еді. Кейін Ділдәның өзі әлденеден Абайдың бозбалалығын айтқан хабарға құшырлана түсіп, сүйсіне тыңдағандай болды. Қайта-қайта тақымдап:" қайнаға, көрген-білгеніңнің бәрін жасырма! Бірдемені іркіп кетсең, құдай алдында мойныңа қарыз!" деп отырып, Манасты көп көйткізген. Манас әйел мен еркек арасының кінә-наз, кейіс-күйініш дейтін биязы мінездеріне ден қоймайтын. Ол кесек, топас мінезді, доғал адам. Қалада Абай мен Салтанатты терезесі қоршалған, оңаша отауда, ала көлеңке жерде көргенде өзінше еркін, батыл жорамал жасаған-ды. Түнде Ділдәның жетегімен көп артық сөздерді сөйлеп келіп, ең ақырында өтірік те айтқан.

– Мен Абайға кінә қойдым. Ыза болғанымнан қыз көзінше ұрсып та тастадым. Келін, сенің есеңді жібергем жоқ. Е-е ұрыспай тұрайын ба? Ит ұяласынан қорықпайды, мен айтпай, кім айтады оған! "Елде қатын-бала сені уайымдап, түн ұйқысын төрт бөліп, құдайына ақсарбасын айтады. Ішкен асы зәр болып.отырғаны анау. Сен болсаң, Әлдеке қызының қойнында шалжиып жатқаның мынау!" дедім. Ашуым кеп кетті! – деген. Енді міне, Ділдә сол Манасты жөнелтіп болған соң, Әйгерімге барды ағытып отыр. Әйгерім ұға алмайды, аңғару қиын. Ділдә Абай туралы айтып отырған жаманаттың бәрін кейде күле түсіп, күндегіден Әйгерімге жақындап, жанасып айтады. Неге екені белгісіз, құшырланып, сүйсініп сөйлейді. Манас ұлғайтқан өсекті, бұл енді одан да әрі өсіріп алыпты. Шыжып тұрған ыстық күнде пысынап отырған Әйгерім, Ділдәның қатал өсегі басталғанда, аппақ боп өзгеріп барады. Өнебойы тоңазып кетті. Жүрегінің дәл ұшынан шыбық қамшымен осып, ұрып кеткендей болды. Саусақтары суынып, Ділдәның қолын ұстай алып, діріл қағып:

– Не дейсіз? Нені айттыңыз? – деді. Өнебойымен Ділдәға қарай ұмтыла түсіп қадалғанда, екі көзінен жас ыршып кетіп барып, тез іркілген. Сол екі тамшы, кесек тамшы жас енді сұп-суық тас түйіндей боп тұр. Шарасынан шығып ұлғайған көздерінде жұмарланып тұрып қапты. Алғашқы бір сұрауынан соң, Әйгерімде үн жоқ еді. Күдікті боп, шошына қобалжыған жүзіне бір қызыл, бір көкшіл қан ойнап шығып, біресе талықсығандай, сұп-сұр болып кетеді. Даусы еркек үндес боп, гүжілдеңкіреп шығатын, жарықшақ үнді Ділдә Әйгерімнің жүзінен көз алмайды. Өшіккендей өршелене сөйледі. Әйгерімнің тізесіне тізесін сүйеп, еңкейіп, үйіле қарап ап:

– Әйгерім, тыңдап ал, әлі одан да сорақысы бар. Сол үш бірдей жирен арғымақ жегіп, байды өзі іздеп келген қаланың салдақысы, әлгі Салтанат сиқыр Аьайға: "енді мені ал!" депті. "Кіммен қарайсаң, сонымен ағар!" деген. "Сені абақтыдан құтқарам деп, менің ел-жұртқа қарар бетім қалған жоқ. Енді мені айттырған күйеуім де алмайды. Жер ортасы көк төбеде.ұлытып тастайтын кісің мен емес. Мені сен аласың!"– депті. Абай:"қырда қатын-балам бар ғой" деген екен. "оның маған жүк емес, қырдың сарала етек қызы менің теңім бе еді? Ондағың суыммен кіріп, күліммен шығады. Нақ сүйерің өзіммін, жердің үстімен кеп, астымен қайтпаймын, аласың мені. Алғаныңның басы осы, ала жаздай қайтпай, осы қалада жатасың, ендігі қызығыңды көретін мен ғана!" депті. Ал, Әйгерім! Мен байдан баяғыда күдер үзген кісімін. Опасыз Абай екеумізге қора салғызып жапан түзге жатақ қып тастап, қарасын үзіп кеткені анау. "Ала жаздай қалада тегін жатқан жоқ шығарсың!" деп ойлаушы едім, аяғы міні осы болды. Жолың болмағырдың: "үйіме жетсін" деген хабары осы! – деп тоқтаған. Абай үш болыс елдің сайлауын бітіріп, жайлаудағы үлкен ауылға келіп, екі жұмадай шешесінің үйінде тұрып қалған еді. Бұл уақыттарда ол абақтыдан шығып келгендіктен, аға-іні, шеше-жеңге, жанкүйер жақын – барлығына ыстық болған. Тез кете алмады. Сонымен, ел бауырға түсуге бет алған уақытта ғана көптен зарықтырып күттірген өз аулына қарай енді тартқан-ды. Бұл жолға Абай тек Баймағамбетті ғана алды. Ербол жайлаудағы өз үйінде қалды. Күзекке, Ойқұдық тұсына ел көшіп барғанша, Абаймен айрылыса тұратын боп, жолдасынан рұхсат алып қалған. Өз аулына баруға бел байлаған.соң, Абай екі-үш күннен бері көп асығып, көп дегбірсізденген. Сырт көзден жасырса да, Әйгерімді аса қатты сағынып, көп қобалжушы еді. Енді Ойқұдықтағы Әйгерімге қарай түн қатып аттаныс-ты. Осы түнде Абай мен Баймағамбет елсіз, жым-жырт есіз таудан, қалың Шыңғыстан асты. Келесі күн бауырдың шыжыған ыстығына қарамастан, түске шейін тартты. Бұлар Әйгерім салғызған Ақшоқыдағы қыстауға күн түске тақай бергенде келіп жеткен еді. Абай бұл қыстаудың іргесі көтерілгенде кеткен болатын. Енді келсе, Ақшоқының қалың ұсақ адырларының Қорыққа қарай салбырап келген тұмсығында, үсті жазаңдау келген боз төбеде, үлкен қора – дүкен салыныпты. Абай мен Баймағамбет есік алдына келіп түсіп, қораның жаяу кісі кіретін есігінен кірісті. Баймағамбет ұзын далаңға кірісімен, қораның биік салынған, төбесі жақсы жабылғанын тамаша етіп, мақтай бастап еді. Абай әуелі үн қатпай, асықпай, сол далаңды қарады. Оң жақта қысқы ас тұратын екі кілетті және төбесін шатырша биіктеп жапқан шошаланы қарап шықты. Қораны салғызушы – Әйгерім мен Оспан. Салушы – осы атырапқа белгілі қорашы ұста Төре деген кісі болатын. Қора-жай мен там үйлердің салыс үлгісін берген Абай өзі еді. Әр бөлменің ұзыны-көлденеңін, ішкі қатынас есіктерін – бәрін де Абай өзі қағазға, сызып, Әйгерімнің қолына табыс етіп кеткен. Сабырсыз, шапшаң Баймағамбет, Абайдың жай жүрісіне шыдай алмай, алдын орап, бір кетіп, бір қайтып кеп, қолды-аяққа тұрмай жүр. Абай, әр қуыстың қалауын, сылауын, биігін, енін өзі берген үлгісін еске түсіре, салыстыра сынап келеді. Баймағамбет бұрын барып қайтқылап, қайта-қайта:

– Абай аға, мұнда келіңіз! Тамаша мұнда екен! Дәл қаланың үйі! Асты-үсті тақтай. Пеші қандай – деп, тақаты қалмай, мақтап жүрген бөлмелерге келді. Келді де Абай асықпай жақсылап қарап шығып, қатты ырза болды. Ең жақсы бөлмесі – орталық үй, үлкен үй екен. Ол кең, биік, жарық. Бұның алдында таза, ұзынша ауыз үй бар. Арт жағында бүйірдегі есіктен кіретін түкпір үй бар. Әр бөлме – әр алуандас. Ең үлкен бөлмесі төрткүл болса, түкпір үй кең, ұзын. Бұл бөлмелерде Абай мен Әйгерімнің арнауы бойынша, көп баламен, молдасымен, қонағымен Ділдә тұрмақ. Ендігі бір сәтте Абай өзі мен Әйгерім үшін арналған, кіші үй жағына шықты. Әйгерім үйінің есігін Абай жаңағы көрген ауыз үйге шығаруға бұйырған еді. Әйгерім ол үлгіні өзгертіп, өз отауының есігін бұл жаққа қаратпай, ар жағындағы үйдің төрінен шығарыпты да, сол жақтан өзіне жақсы ауыз үй жасатыпты. Абай Әйгерім кіргізген өзгерісті мінемей, оң түсінді. Ділдәның көзіне сәт сайын түсе бергісі келмей, аз да болса, аулағырақ тасада болайын деген ғой. Оның бөлмелері де, ойдағыдай кең, жайлы боп салыныпты. Абай Әйгерімнің төргі бөлмесінде ұзақ тұрды. Өзіне сағынышты, ыстық жар төсегін, көңілімен осы бөлменің пештен жоғары ұзынша қалтарысына қондырып қояды. Қызыл көк шымылдығын түсіріп, жібек пердемен өз көзінен өзі тасалап, ойша қоршап қойып, ұзақ еске алып тұрды. Әлі де лыпыл қағып, жүйткіп жүрген Баймағамбет қора жақты да тегіс шарлап келді. Өз үйі, басқа көршілер тұратын бөлмелерді – бәрін де тегіс аралап, тегіс мақтап келді. Абай енді оған еріп қора жақты тағы да асықпай жүріп, тегіс қарап шықты. Шаршаған дене, салқын көлеңкелі, жаңа, таза қоралар ішінде тынығып қалды. Мал кіретін қораның қақпасы басқа. Алды түйе қора, одан бөлек созылған сиыр қора. Солармен жалғас салынған екі үлкен, аса кең қора бар. Діңгегі көп, төбесінің әр тұсына дөңгелек тесік қалдырған қой қоралар екен. Кірер есігі өзіне бөлек салынған ұзын, биік ат қора да бар. Жаздыгүні қойма қойып, шана-сайман сақтайтын, төбесі шатырлы, биік зәуезнай – там үйлерге жалғаса салынған. Түс ауғанша, қора жайды Абай мен Баймағамбет асықпай қарап шыққан еді. Бағана келісімен құдық басындағы астаудан суарып, ер-тоқымдарын алып, өрелеп жіберген аттар ұзақ жайылысқа кетіпті. Абай Баймағамбетті сол аттарға жіберіп жатып:

– Қайырлы болсын! Сен екеуіміз бұл жайдың қанша бейнет, сергелдеңмен салынғанын білгеміз жоқ. Баймағамбет, осыны, бізді жоқтатпай, қажымай салғызып шыққан Әйгерім ер десеңші – деді. Соны айтып, қораның көлеңкесіне паналап отырған жерінен асығып, ұшып тұрды.

– Атты әкел, тез үйге жетейік! – деді. Әйгерім мен балаларын көп сағынған асығыстық қалпын тағы тапты. Баймағамбет атты көпке шейін әкелмеді. Өресін кең салған екен. Екі ат адырға кіріп, ұзап кетіпті. Сабырсызданған Абай жолдасын ұзақ күтті. Ызаланып күтеді. Бұл уақыттарда Абай Әйгерімді дамылсыз ойлайды. Оңаша ауыл. Жайлауға бармай, елсіз жайқын Ералы мен Ойқұдықта қалған. Бұл күнде сарғайған, жым-жырт құлазыған далада ұмыт қалған бір үзік – бір шоғыр ғана тірліктей. Өмір – барлықтың азғантай белгісіндей. Айнала қыбыр етпес, мәңгі үн қатпас иен дала, сар дала. Ол үнсіз даланың ертегісіндей боп, шыны емес, бұлдыр мұнар ертегісіндей боп, ашық ыстық күнде, бұлың-бұлың етіп, буалдыр ойнап тұратын көк сағым бар. Қазірде Абай өзінің аулы отырған тұсы осы-ау деп, Ойқұдық даласына қараса, сол көк сағым неше түрлі құбылып, көзбен ойнайды. Сар даланы, меңіреу, есіз жапан түз, құла түз дегізбей, тірлікке, ғажайып заттарға толтырады. Жұмбақ – жан иелеріне толы деп танытқандай. Сағым алдайды. Сағым – қиялдай. Жоқтан жұбаныш, алданыш тудырады. Біресе Ералы, Ойқұдықтар, ұшы-қиыры жоқ көк күмбезді шаhарға толғандай. Бейне көк сарайлар орнағандай. Біресе кейбір қара шоғыр жерден үзіліп, жұмырланып, көк аспанда мұғаллақ тіршілік еткендей. Мал ма, әлде қараған, шеңгел ме? Аса бір көп шашыранды шоғырлар, сол алыс көк тұманды, көкжиек ішінде ерсілі-қарсылы ұйтқи жүреді. Бұлан салып, қараушыны өзіне тартып, "мұнда-мұндалап" шақырғандай. Қадалып, қоймастан шақырғандай. "Қиял деген, үміт сағым осы-ау! Дәл соның көзге көрінген ойнамалы, айнымалы кескіні осы-ау!" дейді Абай. Елсіз жапанда жалғыз қалған жанның, сол жалғыздығымен ойнаған алданышты тамашалайды. Бірақ бұл жолы осынау жалған дүние ішінде, елсіз дала арасында, жалғыз ауыл қалған – өзінің кішкене аулы. Ондағы кішкене балаларын, жалғыз жас жарын, аяулы, көрікті жарын, Абай үлкен бір жанашырмен сағынып, аяп, еске алады. Ұзарып өскен сар селеу, оңнан соққан баяу жел астында тынымсыз қозғалады. Күміс толқын бетіндей боп, кейде жылтырай түсіп, сәл сыбырдай ғана, болымсыз жыбыр қағады. Көзге ілінер-ілінбес жиі толқын. Жаңа жібек жүзіндей, үнемі тынымсыз құбылған, ақ теңіздің жүзі жатыр. Күз тақау болғандықтан бетеге – бурыл, көде – сарғыш. Көктемде жасыл желек, көк шашақ атқан сасыр, қурай да қазір қызара сарғайған. Семіп солған реңімен өтіп жатқан дәуренді, семіп қалған өмір-тілек дәрменсіздігін дәлелдейді. Алыста қоңыр көкшіл тартып, бүктүсіп жатқан бір адыр Шолақ-терек көрінеді. Ойқұдықтың қала жақ алдындағы, қара жол асатын ұзын жота, ақ қайқаң – Қасқабұлақ, Шолпан адырлары көрінеді. Бәрінде де елсіздік. Өлі дүниедей үнсіздік, сарылғандық бар. Абай өзінен-өзі жетімсіреп, жүдеулік сезеді. Иен дүние, тұл дүние сырына бой ұрсаң, шынайы жалғыздықты қатты ойлатады. Ол жалғыздықты Абай осы орыннан аса бір терең, өткір түрде таныды. Жүрегін шанышқандай, қатты сезінді. Алдағы аулын, ондағы барлық жандарын тағы да аяп, асығып кетті. Осы отырыста Абай бірталай ыстық сезімдерін қорытады. "Осындай иен елсіз сахараны отан, мекен еткен қазақ халқының көрнегі жүдеу ғой! Үлкен есіз дүние ішінде анадай аз ауыл, шарасыз жалғыз-жалғыз ауыл болып отырғаны мынау. Қазіргі қазақ жайлаған жердің бәрі осы. Бәрінде ел аз, иесіздік мол. Іргелі мекен, өнерлі шаhар жоқ. Алты айлық құла түз, құм сахарада, сараң қатынның кең дастарқанға шашып тастаған бір-екі уыс бауырсағындай шашылған, панасыз ел ғой", – дейді. Ойқұдықтағы аулына Абай салқын түсе, күн батардан аз бұрын ғана жетті. Ауылға тақай бергенде, бұларды танып, қуана жүгіріп, балалар шықты. Үлкендер далада, үй сыртында тосып, қарсы алды. Тыста тосқан, қарсы алған жандардың ішінде Абай көзі қайта-қайта Әйгерімге түсуші еді. Абайдың атын өзі ұстаған жерде, Әйгерімнің пішіні күйеуіне науқас адамдай көрінді. Ағарып, қатты жүдеп кеткен сияқтанды. Әншейінде оның жүзіне ерекше үлбіреген көрік беріп тұратын қызыл арай, уыз жастық реңі қазір оңып, өшіп кеткендей. Алдынан ойнап шыққан Әбіш, Күлбаданды беттерінен сүйіп, Абай Мағашты көтеріп алды. Ауыл-аймақ амандығын Ділдәға қарап, содан сұрап, біліп келіп, Абайдың ең соңғы амандасқаны – Әйгерім еді. Өз көңілін ұдайы сағынышпен тартатын нәзік реңді Абай Әйгерімнің жүзінен әлі көре алмайды. Қобалжыған жүдеулікпен қатар, Әйгерім үлкен реніш, кейісі бар жандай, езу тартпайды. Үйге қоса кірген Кішкене-молда, Дарқан, Бәшей сияқты көршілерімен және Ділдәмен қысқа жауаптасып отырып, Абай Әйгерім жүзіне қайта-қайта жалтақтайды. Енді байқаса, оның жүзі бір ағарып, біресе көкшіл тартады. Кей уақыт қызғылт нұры, жас сұлу жүзіне сәл ғана леп беріп, бір толқып шығады да, лезде қайта сөнеді. Абай кейін сұрауға тақат қыла алмады. Әйгерім тоңазығандай дірілдеп, бір тоқтап қалғанда, күйеуі оның көзіне іркілген шарасы толы жасты байқап қалды.

– Әйгерім, сен бері қарашы! – деді.

Үндемесе де, екеуі ішпенен қабақ танысып, жүрекпен сыр оқысып отыр. Күйеуінің сезімталдығын лезде аңғарған Әйгерім бір сәтте сүйген жардың бұрынғы үйреншікті ынтызар көңілін тапты. "Сезгеніңе болса да қуандым ғой!" дегендей боп, жылы ұшырап, күле жымиды.

– Не дейсіз, Абай? – деп жалт қарады.

Іркіліп тұрған жас жалт етіп, бұрыла берген көзінен гауhар моншақтай боп, ытқып түсті. Абай оны да көріп, бар бойымен селт етіп қалды. Төңкеріле бұрылып, келіншегінің жүзіне шошына қарады. Ажырайып қадала қалып:

– Әйгерім! Жаным-ау, сен науқассың ғой! Не болған өзіңе? Жүзіңде бір тамшы қан жоқ. Не күйге түскенсің? – деді. Екеуінің аралығында отырған Ділдә қырылдаңқыраған еркекше үнімен, бұрын жауап берді.

– Аурумысың дегені несі? – деп кекете күліп жіберіп, – аурудан сау мұндағы жұрт. Бірақ уайымнан сау емес. Естірсің, сылтауы өзіңсің ғой, ұғарсың. Абай! – деп тағы бір күлді. Абайға кейісті болған, наразы көңілін әр кезде ірікпестен ығы-жөні демей, турасынан ақтара тастап отыратын Ділдә бұл жерде де кеп-кесек қып айта салды. Үй іші Абайға елеулі кінә артып отыр. Сабырмен, үнсіз ғана бойын тежеп, Абай енді әйелдер жүзіне қараған жоқ. Аңғары, Семей сапарында ұзақ жүрген күндері бұны айыпты еткен сияқты. Әйгерім мен Абай арасында бұл шаққа шейін бірде-бір қабақ шытынысқан кінә реніш болып көрген жоқ-ты. Айнымас, аумас деген жар жүрегіне бұл жолғы тікен қалай қадалды, қанша қинады, оны Абай көп көзінде ортаға салмақшы емес. Барлық балаларымен, көрші-қолаңдарымен ас піскенше сараң әңгімелесіп отырғандағы ендігі сөзі қыстау жайы болатын. Осы түнде таң атқанша Абай мен Әйгерім ұйқы көрген жоқ, қапалы болған азап түнін, дерт түнін кешірді. Әйгерім жүрегіне қызғаныш пен реніш қатты, терең ұялаған еді. Абаймен оңаша қалған сәттен-ақ, қысқа ғана сөзбенен, Манас әкелген жүрек жарасын тура айтты. Өз жанын қинап, еңіреп жіберген. Кеудесін жандырған өксік арасында:

– Айныдыңыз! Аздыңыз, Абай! Алтын сарай ырысым деушең бұл үйді. Өзегімді өртедіңіз. Енді дауа табар көңілім жоқ. Мен жылаулармын. Үйіңнің шырағы сөнді, шыпасыз дерт жеңді менің бойымды. Көңілімді дауалар, шыпа болар сөзіңіз жоқ. Түк айтпаңыз! Бітті менің күнім! – деді. Түн бойы төсек үстінде, Абайдың аяқ жағында отырып алып, егіліп жылаумен болды.

Абай:

– "Манастың сөзі жорамал, жалған!" деп өзін ақтайтын сөзді көп қиналып айтты. Әйгерімді әлденеше рет ұмтыла жабысып, құшағына алып, қысып отырып, ағыл-тегіл аққан көзінің жасын сүйе жұтып отырса да, асық досын уата алмады. Әйгерімнің өкпеге, ренішке мұншалық қатты екенін ол бұрын сезбеген екен. Қанша қиналса да жұбата алмайтынын білді. Ендігі өмірден әлденеше шошынып, тірегінен айрылғандай. Діңгегі құлап, күйреп бүлініп бара жатқан тұрмысын көргендей болды. Сол ойына үркек жүрекпен .бойлап кетіп, бірталай уақыт үнсіз мелшиіп қалып еді. Таң аппақ атып, отау үстінде бозторғай шырыл қағып, жүз бұралған үндермен шырқай бастады. Бітімі жоқ, өкпелі жүректің аса қатал бір үкімін Әйгерім аямай айтып салды. Әуелі жылау үстінде үн салып, қатты бір ауру жандай "ууhh" деп жалын атып, күрсініп алды.

– Қатын сорлының күні құрысын. Құрысын да, күл боп өшкен күні! Жылағаннан басқа не дәрмені бар? Бірақ осы жасым, көзімнің осы түні бойында ағыл-тегіл аққан жасы, тегін болмас деп шошимын. Бұл жаспен, осы түнде "жүрегімдегі сізге деген асылымды, барымды жуып-шайдым, жуып, жойдым ба" деп шошынамын. Өзіме де, сізге де түк аянышым да, өкінішім де қалмағандай. Айтпасыма шарам жоқ. Сізден іркіп, бүркіп көрген, қалт етер шыным, сырым жоқ еді. Айтайын... Кеудемде жүрек те жоқ, жалын да жоқ. Осы күндер бәрі сөнді де, бір қуыс қана өлі дүние қалды. Барды әкетті мына жасым! – деп еді. Абайға Әйгерімнің бұл түн бойында ең ұзақ ашылған сөзі, сыры осы болатын. Жалын жұтып отырып айтқан өз дертін, ол ендігі амалсыз тағдыры етіп алған. Сұлу, қайратты жас жарын, Абай бүгін бұрынғыдан басқаша таныды. Жаңағы айтылған сөзі үкім байлау. Өздерінің бұл күнге шейін кешкен, кіршіксіз бақыт күндеріне айтылған жоқтау есепті. Жантайып жатқан орнынан Абай үркіп, ытқып тұрып, Әйгерімге төне қарады.

– Не дедің, сен? Қайт мына сөзіңнен! Қайт мына көңіліңнен! Өткенім жазықсыз болатын, оны ая. Алдымыз жарық деп сенемін. Оны құрбан етпе. Бақытымызды кеспе, мына тіліңмен. Қайт, қазір қайт! – деп жабысып, көп жалынып еді. Әйгерім ағарып атқан таңның, түңлігі жабулы үйге сәл ғана көкшіл тартып кірген сәулесімен ақшылданып, сазара түсті. Абайдың жалынған сөздеріне жауап берген жоқ. Үнсіз қатал бір байлау жасағандай. Сол жауапсыз қалдырған күйінде Абайды төсегінде тастап, өзі түні бойы бір сәт жантаймастан, тік отырған қалпынан сырғып түсті де, жұқа жібек қара шапанды басына бүркеп, салқын атқан таңға қарай жүз берді. Көңілде қамрығы көп жар, қара жамылған бойымен, ақ үйден шығып кетті. Арада көп күндер өтті. Әйгерім сол түннен соң бір қалыпта. Қатты күйінді де, салқындаған халінен көңіл жазбай, қалып қойды. Оның бұл ренішін Абай тарқата алмады. Екеуінің арасында ең алғаш түскен осы аяз айықпады. Абай үшін Әйгерім шын қимас, ыстық жар еді. Арада енді бітпестей әлек түсті. Не арылмас дерт, жойылмас жара шығудай. Осының бәрінің астарында тағы біреудің қиянаты, жалған өсегі, өшіктіруі жатыр. Ол Ділдәның әрекеті. Абай өмірінде ең алғаш рет, іштей қатты ширығып өкінді. Өзінің қатесі, оңалмас қатесі есіне енді түсті. "Ділдәны жөнелтпей, мүлде айырып, көшіріп жібермей, неге алдым, неге ғана Әйгерімді алдым..." Өзге көп қатын алған, надан, топас, қиянаткер ерлер мінезінен нем артық болды! Шек енді жазаны! Тарт енді улы өмірдің, өз қолыңмен ашытқан улы өмірдің жазасын!" деп сенделді. Осындай көңіл қазасы мегдеген сайын, Абай оймен сырласар серік іздейді, саналы серік іздейді. Күндізі мен түнін қосып, үнсіз жым-жырт сарылумен кітапқа үңілді. Әйгерімнің отауында кітаптан соң кітапты ендігі дем тынысындай сіміре жұта берді. Қаладан әкелген көп кітаптың талайын дендеп, оқып шыққан еді. Екі рет Баймағамбетті қалаға жіберіп, Кузьмичтен қоржын толтыра кітаптар алғызды. Бұл шақ Абай үшін көңіл күзі болса, табиғаттың да сұрқыл, баяу тартқан өз күзі болып еді. Ералы, Ойқұдық үстінде жауынды бүркеу сұр аспан жиі түнереді. Арқаның салқын желі, ұзақ түндерді шықты түнге айналдырады. Шыңғыстың барлық бөктерімен ішінде қыстап, жаз күндерін жайлауда өткізетін қалың ел, көп ауылдар бұл күнде осы Абай отырған Күзек өлкесіне келген. Құнанбай ауылдары да Ойқұдық, Қасқабұлақ, Ақшоқы өңіріндегі ақ отты, мол сулы құдық, бастаулар басына жиі-жиі қонысыпты. Қоңыр салқын күзде мал тойынту қамында болатын. Жаздай жалғыз ауыл болған Абай аулын, бұл уақытта үстеріне көшіп келіп, іргелес қонған қалың ауылдар қоршаған. Ерулік жесу, қыдырысу дағды болып алған. Тек Абай мен Әйгерім ғана ешқайда қыдырмайды. Үйден де шыққан жоқ. Кітаптан бас алмай, үнсіз бір сопыдай сарылып отырып қалған Абай үй мен тыстан бірдей, беймезгіл күз салқынын сезеді. Кей шақтарда, кешкі уақытта жапа-жалғыз жұмыссыз атқа мініп, мал аралағанды сылтау етеді. Жалғыздықта жабырқап, сенделіп жүріп қайтады. Осы жалғыздығын өзіне лайықты сыбағасындай көрді. Ауыр да болса, үйреншікті дертіндей. Өзге жұрттың қыдырысына, қысыр кеңесіне айырбастағысы келмейді. Тек қана кейбір кештерде, ымырт жабылғанша тыста тұрып, "әлдебіреу келсе екен!" деп тілегендей болады. Бір ойда, сондай бір халде тұрып, өзіне өзі:

– Осы менің ұдайы күткен бір адамым бар секілді. Қасыма сол келіп, қабақ жадыратып, әлдебір үмітті күндерге жетелеп алып кететін сияқты. Сол кім? Кімді күтем мен? Ондай жан жалғыз Әйгерім болса керек еді. Әлде соның көңілі орала ма? Қайта қуанып, қайта күліп өзімді таба ма? – дейді.– Әй, ол мен көксеген бұл күйді іздеместей боп барады ғой! Енді кім? Кімім келмей жүр осы менің? – деп бір тұрады. Тым құрса Ербол келсе екен. Осындай хафа күнімде тым құрса со да болмады-ау қасымда! – дейді. Үнемі үйреншікті досын күздің жабырқау бір кешінде сағынғанын сезді. Осымен қатар бұл үшін Ерболдың қаншалық қымбат екенін енді түгел көріп, қадір тұтқандай. Бақса, Ербол менен екеуі көп өмір жолын айлар бойында тізе айырмай, дақ түсірмей, тәтті кешкен екен. Талай ыстық, суықты да, азаматтық сын асуларды да бірге асыпты. Бұл күнге шейінгі өмір екеуінің үлеспеген еншісіндей, ортақ өмір. Жалғыз-ақ соңғы жылдар, осы бүгінгі күндей бұл екі досты кейде қыс, кейде жаз да бірталай уақыттарға айыра береді. Абай Әйгерімді алған жылдарда, Ербол да өзінің Дәмелісіне үйленген болатын. Оның да Ысмағұлдай жас жеткіншек балапаны бар. Абай Ербол үйінің қамын досының өзінен кем ойламайды. Бір кезде Сүйіндік аулында шеткі үй боп қонып, мінер көлік, сауар сауын туралы ағайынға көз сүзіп жүрген Ерболдың кедей үйі осы шақта жап-жақсы малданып қалған. Бұл күнде Ербол Сүйіндік аулының жанында емес. Ағайын ортасына білікті болып қалған Абайдың осы досы, өзінің кедей ағайындарынан жеті үйдің басын қосып, солардың ортасында бес қанат бозғыл үйде Ерболдың өз үй іші тұрады. Сауыны да, мінер көлігі де өзіне жеткілікті. Оның үстіне, Абай қасында айлар жүріп, кішкене аулына қайтқанда, аздап ірі-қара, тұяқтап қой-ешкі айдап кеп қосып отырады. Қазіргі күнде Абайды сағындырған Ербол Қарашоқыдағы қыстауында, қысқы малдың пішенін қамдатып, жиғызып, қыстауын қысқа әзірлеп, көп елдің көшіне ермей, тауда қалған-ды. Абай досын сағынса да, оның тірлік қамын, шаруа мұңын ұғады да, сабыр етіп шыдай береді. Жұмысы бітсе, артық күн аял етпей, Ерболдың өзі де асығып келетінін мұндағы досы анық біледі. Абайдың соңғы күндер оны жиі ойлап шын тез келуін тілегенін Ербол да, Шыңғыстың алыс бөктерінен, жаза баспай танып ұққандай екен. Жым-жырт үйде, күндегі дағды бойынша, шам жағылып, Абай кітабына енді үңіле бастағанда, отаудың киіз есігі серпіліп, шапшаң ашылды да:

– Кеш жарық! – деп Ербол кіріп келді. Абай орнынан қалай атқып тұрғанын өзі де байқамай қалды. Қарсы ұмтылып барып Ерболды құшақтаған бойында, төрге әкеле жатып:

– Бәсе, келші! Сен болмай тынысым тарылғандай, жабы боп кетіп ем. Отыр, шешін. Әйгерім, көрпе сал! – деп қатты әбігерленіп, балаша қуанды. Ерболдың келгеніне Абайдың соншалық аласұрғанына Әйгерім күліп жіберді. Бір сәтке шын тамашалап қалды. Өзімен жақсы күндердегі Абай мінездерін еске алды. Анық бір күн көрмесе, осылай ашыла ұмтылысып, қуанышпен аймаласып көрісетін. Сол отты шағын ойлаумен, Абайды қызғанып та қалды. Жүректің ойда жоқ алай-түлейіне түскен еді. Бұл сезімнің ішінде Ербол мен Абайдың тәттілігін қызғану жоқ. Оған Әйгерім бұрынғы бақыт шағында, қуанышының бір қосалқысы, көркі есебінде қарайтын. Жаңа ойлап қалған қызғанышы, бұнымен салқындасқан Абайдың Ербол арқылы жалғасатын өзге сырын ойлағаннан туған. "Менің сорым, ылдидың қызы – Салтанат" деп жүрген Әйгерімге, хасіреттің бір ұшығы осы Ерболда тұрған сияқтанды. Қызғанышқа жеңгізген жас жүрек кінәшыл да әделетсіз. Кейде, жанына қымбат асылын, арзанға да қия салады ғой. Сол өкпелі көңіл буған Әйгерім қазір Ербол мен Абайдың, шұрқырап табысқаны Салтанат үшін деді. Сыры бірліктен, ымы-жымы қосылғандықтан деп қалған-ды. Бірақ Ербол бүгінгі кеш сол Әйгерімнің өзіне де, Абай мен бұлардың айналасындағы күтуші әйел, ауыл жандары бәріне де тегіс қабақ жадыратқан қызық әкелді. Әйгерімнің үйінен қымыз ауыз тие сала, ашық жарқын әзілдер айтты.

– Шайың мен етіңді баптай бер, Әйгерім! Құлан иекте, Қарашоқыда ішіп шыққан Дәмелінің шайынан соң, күн ұзын нәр татқам жоқ. Мен Ділдәға көрініп, балалардың бетінен иіскеп қайтпасам, Алшынбай қызы ертең-ақ гүжілдеп, өкпесін ала жүгіреді. Амандасып келем. Сен дандайсып шікірейме маған! – деп Әйгерім мен Абайды қоса күлдірді. Өз аулындай, Абай аулының бар үйін жағалай аралап, үлкендеріне сәлем беріп, бірталайдан соң қайта оралып келді. Орнына отыра бере, бұл үйдің ішіне оқшау бір хабар айтты. Хабарының басы – ертең Есқожа аулында болатын той туралы. Ол күйеу келетін той екен. Бұл ортадағы бойжеткен қыз атаулының ең бір еркесі, сәнді сұлу Үмітей ұзатылмақшы. Бұрыннан қайындап жүрген күйеуі – Көкше Қаратайдың туысы, Алатай баласы – Дүтбай. Исі Олжай ортасына әншілігі, көркі, әсемдігімен даңқы шыққан Үмітейдің күйеуге ұзатылатын шағы жетіпті. Абай аулындағы жеңге құрбының бәрі де Ербол әкелген хабарды қуанысып тыңдасты. Осы түн ішінде бұл ауылдарға, тойға шақырған хабар да жетті. Ертеңінде Әйгерім бастаған көп әйелдер бірнеше топ боп, Есқожа аулына аттанды. Түске жақын сол ауылда Ербол мен Баймағамбетті ертіп, Абай да келді. Абайлар әуелі той қылып жатқан ауылдың үлкен үйіне кіріп, Есқожаға сәлем беріп, "қайырлы болсын" айтты. Асты да осы үйден ішкен. Қонаққа тігілген үйлер мол, ауыл сәні зор екен. Есқожаның үйінде отырып, Ербол мен Абай күйеулер үйінде әсем шырқап, ән салып жатқан қыз-келіншек, жас-желең қызығын естіп отырған. Бір уақыт осы үйге сырттан жеткен бір дабыр жұрттың бәрін алаң етті. Тыста ерекше уақиға болғандай. Есік алдынан жүгірісіп өтіп жатқан жастар білінеді. Балалар шулайды. Кейбір ересек, кексе әйелдер, еркектер де сол уақиғаға қызыға көңіл бөліпті. Даурығып сөйлеп, асығып, алқынысып айтып тұрған хабарлары естілді.

– Уа! Салдар келеді!

– Мынау не деген сән?

– Жаным-ау, өздері қалай киінген?

– Ана біреу, сал ағасы. Бәрінің қолында үкілі домбыра. Мынау бір елден ерек жүріс екен.

– Жүрсең осылай жүр! Сал-сері деген ерке топ осы да!

Арада балалар да қызығып тамаша қып, күле айғайлайды:

– Бөріктері сәукеледей!

– Шалбарын қара, шалбарын!

– Балағы қатынның көйлегіндей шұбатылып жүр.

– Бұзаулаған сиырдың шуындай шұбатылады және біреусінікі.

– Иттерді қосар ма еді өздеріне. Қандай дал-дал қылар еді, шалбарынан алып! – деп күліседі. Даладағы жұрттың бәрі: "салдар, серілер келді" десіп, түгел әбігерге түсті. Есқожа үйінде отырған үлкендер арасында Ызғұтты бар-ды. Ол "ауылды басынып келіп жүрген бейбастақтар кім?" дегендей, "сал" деген атты ұнатпай:

– О кімдер өзі? Қайдан жүрген немелер? – деп еді. Есқожа бұлардың келер хабарын естіген сияқты.

– Бөтен емес, бәрін бастап жүрген өзіміздің Әмір көрінеді! – деді. Әмір бастап, үлкен сауыққа салынып жүрген бір топ жігіттердің хабары Абай мен Ерболға бұрын да мәлім болатын. Бірақ "сал", "сері" деген атақтары шықпаған-ды. Енді сол топ тойлы ауылға, Үмітей тойына келеді дегенде, бұл екеуі де Әмірдің бүгінгі қылығын көзбен көрмек болып, үйден шығысқан еді. Далада бұлар көзіне түскен көрінісі екеуін де таң қалдырды. Салдар күйеуге тігілген үш отауға қарай тақап қалыпты. Ол отаулардың ортадағысы сегіз қанат. Сырты қызыл-жасыл манатпен оюланыпты. Дөдегелерге қалың қызыл жиек бастырылған. Есік алдында кәмшат бөрікті, үкілі, үлкен шолпылы өңшең әсем, сәнді бойжеткендер тұр. Кейде қатарланып, кейде топтанып, өзгеше қонақтарын тосады. Осы қыздар ортасында, үлгісімен, киім сәні ерекше бөлінген, қара кәмшат бөркін шекесіне таман киген бір қыз бар. Ол топ жұлдыз ортасында шолпанындай, той иесі – қалыңдық, Үмітей болатын. Қонақтарын қарсы алуға әдейі шыққан. Салдар отау үйге тура тартып, жақындап қалғанда, Үмітей қасындағы қыздарын бастады. Қанат жайған сәнді, сылдырлы, әзіл сыңқылды майысқан қатар салдарға қарсы басты. Жаяу салдардың қастарында өңшең ірікті сұлу келіншектер келеді екен. Баймағамбет Абай мен Ерболға жалтақтап, дегбірсізденіп, таңдана сөйлейді.

– Еркек салдар емес, арасында қатын салдар да бар ғой! Бұлары кімдер? – деп еді. Ербол олардың кім екенін аңғарған екен.

– Сал қатындар болса, бірі өзіміздің "Әйгерім сал" боп шықты ғой. Келіншектер, әдейі алдынан шығып, тосып алған күтушілер емес пе? – деп күліп тұр. Бұл кезде салдар әні шырқай түсті. Еркін, ерке топтың тойлы ауылға "біз келемізін" айтады. Баймағамбет енді аңғарды. Келе жатқан топ екі-екіден, бір сал, бір келіншектен, мойындарына білектерін артысып, құшақтаса әндетеді. Ортада Сал-ағасы өзге топтан оқшауырақ алда келеді. Екі жағынан екі келіншек, иығына қол асып, құрмет етеді. Сал-ағасы өзге жігіттерден жасы үлкен, бойы, бітімі де келбетті келген, Байтас екен. Домбырасы да үлкен, үкілі сылдырмақты, моншақты. Ол да "мен сал домбырамын" дегендей. Ән арасында сол домбырасын Байтас аспанға көтеріп, бұлғақ қақтырады, Сал-ағаның осы белгісімен арттағы өңшең әнші, ойнақты топ, өздерінің шұбарала домбыраларын аспанға көтереді. Бар тобымен айтып келе жатқан "Жиырма-бестің" толқынды ырғақтарын шырқай сілтеп, құбылта бұралтады. Абай мен Ерболға аса қатты ұнап, қайран қалдырғаны: бар әнші жиылып, бір-ақ ән айтады. Әдетте, ойын-сауықта, үй тола жиналған әнші болса да бір әнге екі кісіден артық қосылып салатындар болмайтын.

Жиырма бес қайта айналып келмес саған!–

дейді. Өздерінің осы жүрістерін соншалық ақтап тұрған қайырманы жастық ұраны қып, ту етіп, шалқытып келе жатқандай. Біріне-бірі қарсы келе жатқан екі топ, жақындай бере, үндері молая түсіп, қосылып кетті. "Жиырма-бестің" қайырмасына, өз тобын бастап Үмітей қосылған. Сол қайырманы бітіре бере, екі топ біріне-бірі жетті де құшақтасты. Жігіттер арасындағы келіншектің көбі, ақ жаулықтары іріктеліп, кейінгі сапқа шықты. Алдыңғы қатарда, Байтас жанында қос қыз. Өзге салдардың да қолтығында бір-бір бұралған, әзілкеш қыздар келе жатыр. Салдар ауылға тақай бергенде, алдарынан шапқыншы боп келген, мойындарына сапы асынған жасауылдары болатын. Олар ауылды көптен әбігер етіп жүрген. Күйеу үйіндегі барлық әсем келіншектерді салдар алдынан алып шыққан да солар болатын. Келіншектер алдарынан шыққанда, бар сал аттан түсіп, жаңағыдай жаяу сал, жаяу сәнмен келген. Саны қырыққа жететін салдардың жасауылы онға жуық. Ала киімді, дырау қамшылы атарман, шабармандар екен. Қазір ортадағы оюлы отауға қарай барлық шұбар топ беттегенде, жасауылдар қонақтардың алдындағы жолды ашады. Екі жақтан ысқырта қамшы сілтеп, бала-шаға, бөгде топты жағалай, ығыстыра қуып жүр. Отаулар алдына бұл кезде тойшының да көп жұрты тамашаға жиылған. Абайлар да осы арада болатын. Күйеубасшы құдалар, қонақтар да тегіс қамалап келіпті. Бірақ жасауылдар үшін қазір өз салдарынан қадірлі ұлық та, қонақ та жоқ.

– Тәйт!

– Тұр былай!

– Қағыл!

– Аулақ! – десіп, қалың топты отаудың екі жақ босағасына қақ жарып, екі сап қып қойды. Қатардан шығып, рет бұзғандар болса, жасауылдардың түстері бұзылып, көздері ашумен алара қарайды. Өңшең балуан денелі, әдейі іріктеп алынған содыр жігіттер, кейбіреулерді сирақтан, жоннан осып-осып, сатыр-сұтыр ұрады. Бірақ бұлардың соншалық айбар шеккен қаталдығын ел жиыны кінәламағандай. Қамшы жегендер де көбінше күле қашып, еркелікті ұрыспай көтереді. Топтың алды – сұңғақ бойлы, шоқша жирен сақалды, орақ тұмсықтау келген қызыл сары жігіт – Байтас. Ол бұндағы елдің біреуіне көз тастап, ілтипат қылмайды. Екі қызға екі жағынан, мойнынан құшақтатып қойып, үйге кірер алдында домбырасын тағы бір құдірет белгідей аспандата сермеді. Барлық әнші тобы жаңағы "Жиырма-бестің" бұл күнге шейін көп домбырада ақырын ғана қырлана толқып, сырлы сыбырлай жеңіл лепіп келе жатқан ырғағын қатты шырқау үнменен көтерді. Ендігі әнді барлық салдармен қоса, қыздар, келіншектер де қостады. Салдың тобын ең артынан қоршап келе жатқан, қара сақалды, аға салдар бар еді. Қазір олар да қосылған. Әсем қайырманы үнемі қайталап отырып, жиын ілбіп қана басады. Екі жарылып тұрған қалың ел тобы, бұл күнде жаяулар ғана емес. Шапқылап кеп, тамашалай тұрысып қалған, сансыз көп аттылар да мол. Бар үлгілері басқа салдар өзге халық арасында, бейнебір бөтен уәләят, бөгде халық тобындай. Байтастың артына өзгелерден сытылыңқырап, алғарақ шығып, Әмір мен Үмітей түсіпті. Екеуінің әні барлық әншілер үнінен өзгеше келеді. "Жиырма-бес" ырғағын бастайтын да, қалқыта созып, қайталайтын да Әмір мен Үмітей. Барлық сал Байтасқа жүрісін бастатқанмен, ән-сәнін Әмір мен Үмітейге бағынтады. Екеуінің де сұлулығы мен сүйкімділігі соншалық сай боп жарасқан. Салдар айтуынша: "Құдай қосқандай". Қыз бен жігіт дәл осы халінде, жай тату құрбы сияқты емес. Көкірегі қарс айрылып "аh ұрып" табысқан, бақытына жаңа жеткен шерменделер тәрізді. Кәмшат бөркінің үкісі мен қозасынан, маржаны мен шоғынан бастап, кішкентай аяғындағы тұмсығы үп-үшкір, жылтырауық әміркен кебісіне шейін, бөлек сәнді Үмітей келеді. Оның жүзінде шапақ атқан, ақ-қызыл қуаныш ажары бар. Маңдайы жарқырап, бақыт босағасын, шын теңімен жаңа ғана, осы сәтте ғана аттағалы келе жатқандай. Әмір де бар салдан басқаша. Бұның сұңғақ бойына, аппақ сұр жүзіне, ерекше жарасқан атлас, батсайы, тоты реңді киімі бар. Қысқа ғана қою қара мұртының арасында жіпсіген тер көрінеді. Нұрлы жүзі, үлкен көзі, ұялы аясымен Үмітей жүзіне табына қарап қапты. Жан біткенге бұрылмай қадалып қалған. Әнін бір Үмітейдің өзіне бағыстайды. Қыз аппақ тісін аша түскен. Қуана күлген күлкілі еріндері қып-қызыл қалпында, сәл діріл қағады. Қасы мен көзін Әмірдің жүзіне қиғаштай бұрып, ол да жүз аудармай, балқып келеді. Екеуінің біріне-бірі жан бергендей, ден қойған қазіргі сәтінде енді бар қозғалысқа мұршалары болса, ол үнсіз қатып сүйісіп қалу болғандай. Ең алғашқы асықтық құшағының, ес дәрменді ап кетер, ең бірінші ыстық сүйісі ғана боларлықтай. Ербол бұл екеуін сырттарынан көзбен бағып, ұзатып тұр. Абай да осы Ербол сезгенді шолып қалса керек. Басында қызыға қарап тұрған қалпынан тез жалт бұрылып, салдар тобына сырт берді. Ерболды, Баймағамбетті тастап, анталаған тығыз топтың арасымен сығылысып кейін жүріп кетті. Бірақ жаяу тұрған топ пен ат үстінде тұрғандардың қабағын танып келеді. Бәрінің аузында таңдану сөздер бар. Сол сөздер Абай құлағына қайта-қайта ұрып тұрғандай шолақ-шолақ, үзік-үзік естіледі.

– Әмір мен Үмітей қайтеді? – деп бір қартаң әйел қасындағы еріне сөз тастады.

– Мынау Көкшенің тойы емес, Әмір мен Үмітей тойы ма? Бұл не өзі!? – деп бір бурыл сақал жігітек сөйлеп тұр.

– Арманды асықтардай ғой! – деген бір үнді сыртынан естіді.

– Ынтық болсаң осындай боларсың!

– Тыйыла алмай-ақ қойған екен!

– Қайтсін жасыруға болмаған соң? Жалын деген содағы! Күні өтіп барады ғой бақырлардың! – деп арттағы, ат үстіндегі бір Әнет сыбырлайды. Әлдебір сыр айтып тұр. Абай Әмір мен Үмітей үшін мына жұрт өсегінен қысылып кетті. Үмітейдің күйеуін ойлап қысылды. Ол осылармен құрбы, өзі беделді, Абайға да қадірлі жігіт. Сол бір жаманат естісе, мыналарға да, өзіне де ауыр болады-ау деп қысылу үстіне ұялып та барады. Абай осы бетінде тойды да, қызықты да, қалың елдің күйеулер үйін қамалаған топтарын да тастады. Ас ішіп болған тойшылар ту көтеріп, тегіс атқа мініп, енді дағдылы ат үсті қызуға беттеді. Жосыла шабысып, айқыш-ұйқыш жорта бастаған. Абай елеусіз кеп, атын тауып мінді де, жапа-жалғыз, жортып жүріп кетті. Көз алдына шын ашық, ынтызар жүздері. Сан кітаптан өзі оқыған, әмір-құдірет, тағдырдан да астам, сиқырлы қуат отын көреді. Жаңағы асқақ сұлу, сері қыз, сал жігіт жүзінде сәулеленіп тұрған ынтызар нұрын ойлайды. Көз жұмулы, көңіл мастай. Абай қай ауылға, қай бетке келе жатқанын аңғармайды. Бір ырғақ тауып, күйге шомып кетеді. Бұны ақылына көнбейтін жас жүректің, соншалық шыншыл, өзімшіл ырғағы келеді. Шыншыл сөз ақырын күңіренген әнге өз-өзінен оралып кетті

...Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл... –

деген қыңыр туған бір шумақты қоя алмайды. Өзін-өзі тыя алмай, қайталап үн салып, ұзақ күнге жұрттан аулақ кетіп қалды. Есқожа аулының, тойы алғашқы күн той болғанмен, келесі күндер той иесі Есқожаға да, көп Көкшеге де, қала берсе, оқшау жатқан Құнанбайға да сауық емес, сергелдең болып тиді. Әмір келіп, Үмітейдің құшағында кестелі отауға кіргеннен бастап, той Дүтбай мен Үмітей тойы болмай қалды. Асқақ сері, әнші Әмірдің қызығы боп кетті. "Мені өзің ұзат, әніңмен ұзат, қасымда бол деп, оны шақырып алған Үмітей өзі екен" деген сыбыс шықты. Одан бері, салдар келе бергенде Абай құлағы шалған, жұрт аузындағы жорамал сол сәтте барлық қан жайлауды, жел күнгі өрт жалынындай сумаңдап аралады. Бұл тойға тек Ырғызбай, Олжай ғана емес, көп ру ел жиылған-ды. Ел бауырға түсіп, күзекке қонысқанда мынау Ойқұдықта: Ырғызбай, Қарабатыр, Әнет отырса; Ералыда: қалың Жігітек, Мамай, Бөкенші бар-ды. Тойға олар ғана емес, қонысы жақын болғандықтан Үмітейдің қайыны Көкшеден де ат қосуға, балуан күрестіруге, көкпар тартысуға көп ел келген. Ойқұдықтан төбесі көрініп тұрған Шолақтерек, Бозамбай-құдығы, Аққұдық – Көкше қоныстары. Осы елдің барлығы Үмітей мен Әмір сыбысын көп аузындағы көп күндік жаманатқа айналдырып әкетті. Ырғызбайдан ыза көріп жүрген кей жандар: "Әмірдің ісі арқылы, Ырғызбай Көкшеге айыпты болса екен" деп те бағып жүр. Үш күн өтті. Күндіз-түн күйеу үйлерінде ән-думан бәсеңсіген жоқ, айықпады. Бұл күндер Үмітей мен Әмір бір сәтке айрылысқан жоқ. Осылардың қасында талайдан түйіліп қалған әнімен, үш күн, үш түн бойы Әйгерім әндетті. Қапастан құтылған құмыр бұлбұлдай сайрады. Қыз күйеуі Дүтбай, Көкшенің намыскер, есті, сөзді жасының бірі еді. Ел ісінде ірілеп келе жатқан жас жігіт, мынау күндерде өз басына түскен шарасыздықты ауыр азаптай аңғарды. Ең алғаш жорамал жасаған күйеу жолдастарын өзі тоқтатып, тыйып көріп еді. Сүйтіп тұрып, Үмітейге: "Салдардан сейіліп, өзіміз болсақ қайтеді!" деген тілегін салмақты жүзбен айтып көріп еді. Өзі Үмітейді ішінен қатты қуанышпен ұнататын. "Тобықты қызының ақ маралын, ең артығын алдым" деп мақтан ететін, Үмітейді кінәлай алмай, құштар боп, қатты сүюден өзі де бір сәт қайтып көрген емес-ті. Бірақ жаңағы мәслихатын Үмітей қабыл алмады. "Менің ел-жұртыммен арыздасып айрылар, соңғы бір хош-хошым ғой. Қиналсаң да, арызым болсын, осы сәл дәуренді маған қи!" деген. Үмітей айтса, әсіресе осылай қиылып айтса, көндірмей қоймайды. Дүтбай жас та болса, адам мінезін жете танығыш, көңілі жүйрік жігіт. Және өз бойын ұстап, бір соққы пәлені қайсарлықпен көтеріп кетер қайраты бар жігіт. Ол осы кездерде Көкшедегі Қаратай бауырынан шыққан жас атқамінердің ең елеулісі боп қалған-ды. Тәкежан, Асылбектер қатарлы, Көкшенің бір қыдыру сөзін осы ұстайтын болған. Үмітей айтқан соң салдарды Дүтбай сүймесе де, шыдап қалды. Бірақ ол шыдам үш күннен арыға бара алмады. Бару мүмкін де емес еді. Көп аузында жүрген жыбыр өсек күйеу жолдастарын түгел тулатып болған-ды. Сол Үмітей мен Әмірдің құпия деген сыры Дүтбайдың өз көзіне де шалынды. Бұл үшінші күннің таң алдында болған сәтсіз, қиракезік бір шақ еді. Боз үйлер арасында Үмітейдің қара шапанын бастарына жамылып, Әмір мен Үмітей құшақтасып тұр екен. Көздерінен жас төгіп жылап сүйісіп тұрғанда, шапанды өз қолымен екеуінің басынан сыпырып алып, Дүтбай көздеріндегі жасты көрді. Күйеу сол арада барлық жолдастарына әмір етіп, далада өрісте жүрген жылқыдан аттарын тегіс алдырды. Тіпті бас құда, кәрі құдағиға да түгел әмір етті. "Қазір аттан. Қара су ауыз тиместен тегіс аттан!" деген. Томырылып отырып, қайтпас бұйрық етті. Күйеулер бар жолдастарымен сол күні, күн шыға Есқожа аулын тастап атқа қонды. Бұл ауыл үшін де ұзатылғалы отырған қыз үшін де өлім еді. Алғалы отырған қызды күйеу талақ еткендей, тастап кеткен сияқты. Есқожа өз аулындағы бар үлкендермен келіп, құданың үлкені Жанатайға жабысты:

– Пәлені ұлғайтпа! Келін келердің алдында өзіміз бұрын аттандық деп бара көріңдер. Ел болмай кетісеміз бе? Келіндеріңді ел тұра сала отауын жығып, мұндағы ата-енесі боп өзіміз көшіріп жеткіземіз, – деді. Айтқандай, Көкшелер кетісімен, осы күні сәскеде, отауы жығылып, Үмітей ұзатылды. Қызығы мен бақытының туы құлап, оты сөніп, әлдеқайдағы бір зарлы жоқтаумен күңіреніп Әмір кетті. Әйгерім ауылға сол жанжал болатын күннен сәл бұрын кешке жақын қайтқан-ды. Үш күн бойы, көптен көрмеген сауығына қайтқан, әнін тапқан жас өнерпаз әйел осы күндерін талайдан сағынған арманды күндей рахаттаған екен. Кеш бата, өз үйінің сыртына кеп, пар ат жеккен жеңіл арбадан түскенде, Абай мен Ербол тыста тұр еді. Әйгерімнің ағы ақ, қызылы қызыл боп, өзгеше құлпырғандай. Бұрынғы бір Абаймен ыстық шағындағы, сауық-сайран салған, шексіз ән сызылтқан күндеріндей көрікті екен. Қасындағы Злиханы киім-кешектерімен үйге жіберіп, өзі әдеттегі сыпайы, биязы қозғалысымен Абайлар қасына кеп, ауыл амандығын сұрады. Абай Әйгерімнің жүзіне таңдана, қызығып қарағандай. Келіншегін оқшау әзілмен қарсы алды:

– Ербол, Әйгерімнің жүзіне қарашы, талайдан сағынған әндерін еркін шырқап, құлпырып қалған ба, немене?!

Ербол қоса сүйсініп:

– Бәсе, алғашқы ақша қарға аунап жортқан қызыл түлкідей, жүні құлпырып қапты ғой өзінің! – деп, Әйгерімнің өзін де күлдірді.

– Әнімен өзі болсын дегендеріңіз ғой. Тастап кетіп, әдейі алдымнан сынайын деп тосып тұр екенсіздер ғой! – деді. Абай кінәламақшы емес.

– Мін тағайық деп тұрғамыз жоқ, жарықтығым, сүйсіне қарап тұрмыз! Ән сілтеп, бой көтеріп қайтыпсың. Ажарың көз қуантады. Желді күні құсқа салған бабындағы қаршыға аспандап ұзап ұшып, көк жүзінде ойнақ салып қайтқанда, қандай болушы еді? Аспан азаттығын көп сағынып сәл уақытқа бір татқанын ұмыта алмай, жалтақ тартушы еді. Әйгерім сол әлпетте болды ма? Өз жынысын жаңа тауып қайтқандай көрінеді көзіме. Шыны сол емес пе? Өзің айтшы, Әйгерім! – деді. Үшеуі де, бұл сияқты ойда жоқтан айтылған оқшау бір теңеуге күлісіп тұрса да, Әйгерім қысылыңқырап қалды. Қызарған жүзінен сыпайы күлкісін тыймай тұрып, Абай сөздеріне наразылықтай, қарсылық айтты.

– Сізден іріккен әнім бар ма еді? Нені аяп ек? Біреуің "түлкі" деп, біреуің "қаршыға" деп әзілдеп кеттіңіз, азат құс па? Сыннан шықпаған, міні бітпес, мұңды ма? Кім білсін! – деді де, өңі өзгере барып, қабағына кейіс алған бойынша, үйіне кетті. Үмітей ұзатылатын күні Есқожа аулында болған ұятты уақиға оңай айықпады. Қалыңдық Көкшелер кетісімен ұзатылып, Ойқұдықтағы ауылдан кеткенде, бұлардан бөлек жаққа, жоқтау әнін күңірентіп кеткен Әмірдің тобы Үмітей сұлудан күдер үзе алмады. Елдің сөзін елейтін Әмір емес, оның бүгінгі зары, айрылу зары әсіресе елетер емес. Есқожа аулынан былай шығып алып, бар салдар иіріліп тұрысқанда, ортасында атының жалын құшып бүгіліп егілген Әмірді көріп, Үмітейді жалғыз жібермеске байлаған.

– Оны Көкшеге құдалық қосса, мені құдай құдіреті қосқан. Жастығым, желігім емес. Тағдырдың өзі жазған жалыным. Үмітейсіз күнім жоқ, тірлігім жоқ. Тарт аттың басын Көкшеге қарай! Қуып жет Үмітейдің көшін, – деп Әмір өзі бар досына бұйрық еткен. Әмірдің достарының ішінде жас әнші, ақын серінің бірі, қызыл шырайлы, қой көзді сұлу жігіт Мұхаметжан болатын. Сол Мұхаметжан Әмір мен Үмітейдің айрылу зарын өзге жігіттердің бәрінен артық мұң етіп жүр еді. Енді Әмір жаңағыдай шұғыл қайратпен өзгерген шақта, ол сүйсініп, күліп шалқып кетті.

– Уай, ендеше осы сәттің бір әнін былай соқшы, жігіттер! Тыңдашы бермен! – деп мөлдір үнмен ән шырқап жіберді. Бұның әніндегі ең әсерлі жаңалық – сөзі. Осы арада туған. Әмір атынан айтылған сөз:

Серінің серменуге көңілі аянды,

Ойладым бастайын деп бір соянды.

Кетті ғой сәулем алыс, жолдастарым,
Айдашы қамыс құлақ боз қоянды! –

деген еді.

Бар салдар бастығы Әмір болып, осы өлеңді айта жөнелді.

Өңшең аппақ қылаң мінген, қызыл-жасыл киім киген ойнақы топ бет бұрды. Күншығыс жақта, қарауыта көкшілденіп, ұзақ сар жазықтың шексіз шетін көмкере түсіп жатқан жұмыр жотаға қарай тартып барады. Үмітей көші жасаулы, сәнді отаудың көші, он шақты түйеге жүк артқан және көп аттылы еркек-әйел қоршаған көш. Сары жазықта асыға шапқан салдар Шолақтеректі бетке алып бара жатқан қалың шоғырды лезде көрді. Жарыс салып отырып, ат басын ірікпестен кеп, Көкше қонысына тақай бере көшті қуып жетті. Үмітей күйеудің бүлініп аттанып кеткенін білсе де, ығысқан жоқ-ты. Өз аулында ешкімнен қымсынбастан Әмірмен ұзақ құшақтасып, жылап көрісіп айырылғанмен, әлі де ат үстінде жасын тыймай егіліп келе жатыр еді. Жаны қимас ынтызары, Әмірі қалған жағына ұзақ жастан қызарған, нұрлы мұңды көзін қайта-қайта тастап келе жатқан-ды. Арттарынан шапқындарды үлкендер алыстан аңғара алмады. Ескожа мен Ызғұтты біріне бірі:

– Бұ не қылған шабыс?

– Қайдан шыққан топ? – десті. Үмітей сонда, өзінің сұлу жараған, жібек жалды қара жорға атын бұрып, тұрып қалған. Келе жатқан топ Әмір тобы екенін жүрегі бұлжытпай таныған-ды. Әмір қара жал, қара құйрық, құрым сары ат мінген. Өзге ақбоз атты тобының алдында оқ бойы келді. Үмітейдің қасына жетті де, оны жылап құшақтап, ат үстінде бауырына қысып, жасты көзінен кезек сүйіп, еңіреп тұрып алды. Артқы топ, осылар қасына кеп, орала қоршады. Екі ғашыққа аттылы сәндерімен отау тіккендей болды. Орталарына алып, кең қоршап тұрып қалып, сонада Біржан қалдырған қоштасу, арыздасу әні – "Қозыкөшті" бастады. Қоңырлатып, қосыла айтып, ойда жоқ бір мұңды сән туғызды

Е-е-й! Боз бала-ай!
Өтті-ау, заман-ай,
Қош бол, аман! –

деп қайырады.

Әмір мен Үмітей онан сайын егіле түсіп, қоштасқандай. Айрылыса алмай, біріне бірі жабыса түсіп, қатты құшақтасады. Осы кезде бұлар қасына, көштен ілгерілеп кеткен Есқожа мен Ызғұтты қатты жортып, екпіндеп келді. Екі жастың сыртқы қоршауы болған, аттылы салдар қатарын кие жарып, ортаға кірді де, екеуі де ақырып жіберді.

– Болды! Жетті! Жеттің түге жетеріңе!

– Тоқта, тыйыл енді, Әмір! Қайт қазір, қоштасып болдың! – десті. Соңғы бұйрықты аса бір ашулы жүзбен Ызғұтты айтты да, қара жорға атты сулығынан алып, жетелеп тарта берді.

Әмірдің қасынан амалсыз сытыла берген Үмітей:

– Қалма, жаным Әмір! Апарып сал! Өз қолыңнан апарып сал мені, алдымнан тосқан азап отына! Елім-жұртым салған отыма! Жүр түге бәрің де! – деді. Көзінің жасын тыйып жіберіп, өңі көкшіл тартып, ашулы қайрат жиып, бар салдарға жағалай қарап, бұйрық тастады.

– Көрермін әуеселесін. Көлденеңдеп көрсін сенің алдыңнан! – деді. Артын ала келе жатқан сары аттың сулығынан өзі жетектеп жіберді. Сол-ақ екен, Әмір тебініп кеп қатарына жетіп, қынай белінен құшақтай қысып маңдайынан сүйді.

– Айналайын, толған айым! Сен айым батқанша менің демім бітсін. Алдыңда алсын мен бейбақты. Ердім, тартыңдар! – деді. Есқожа мен Ызғұттының ызғарын, зекулерін елемеді. Шолақтеректі өрлей, құлдай қонған қалың ауылдар – Алатай, Қаратай ауылдары еді, соған тартты. Үмітейді барлық сәнді сал тобы боп, қоршап, әлем жүзінің ең қадірлі гауhарындай етіп, алып келді. Үлкендер, бас құдалар алдын ала, бөлек кетті. Салдар Үмітейге ерген қыз-келіншектердің тобын толтырып, қасынан бір елі айрылысқан жоқ. Алатайдың үлкен үйінің жанына бұрын барып тігілген Үмітейдің сегіз қанат отауына жас келін жетті. Алдынан созылған шымылдық бар. Соның артында келін жаяулап келгенде, қасында Әмір, Байтас, екі жағынан сүйемелеп отырып бірге кеп кірді. Бұрынғы еркін сәндерімен, өз әдеттерінен жаңылмай, өзгермей кеп кірді. Шолақтеректегі ел бұл келіске сұмдықтай қарады. Осы ауылдардың аталық, елдік абыройын таптағандай көрді. Түршігіп қарсы алып еді. Бірақ, сырттағы ел наразылығы Үмітей отауына белгі беріп, босағасынан аттап кіре алмады. Көкшенің қызық күткен қыз-қырқыны, жас-желеңі, ауыл иесі бәйбішелері, Үмітейдің сәукелелі бойына шашуларын шашып, игілік тілекпен қабыл етіп жатты. Үмітейді елге масқара еткізбей, осылай қып қабыл алғызып отырған Көкшенің үлкендері емес. Ауыл иесі, келін атасы Алатай да емес. Енді кісіге ақыл салмай, өздігімен қатты байлау еткен, шыдап бекінген, қайратты күйеу Дүтбайдың өзі болатын. Бірақ дәл осы кештің өзінде Дүтбай қонақтардың күтімін есті, қайратты анасына тапсырып, өзі атқа мінген. Сол кеште, Көкшенің қарт қариясы және Дүтбайдың жақын ағасы, Қаратайдікіне келген. Үйді оңашалап, кәрі ағасын жалғыз отырып, Дүтбай Әмірден көрген өз қорлығын түгел айтқан.

– Құнанбайға барып, мынау бар пәле мен дерттің бәрін өз аузыңмен жеткіз. Тыйғыз мынау бүлігін. Болмаса, ойран болды, талқан боп бүлінді десін, Көкше мен Ырғызбай арасы! – деген-ді. Қаратай өзі Көкше болғалы өз өмірінде Тобықтының жуан Олжайға дәл мына жастай, қарсы қайрат атып, ұмтылып тұрған Көкше жасын көрген жоқ еді. Ақ жүзді, кең маңдай, сарғыш көзді, зор денелі, келбетті жас Дүтбай қазірде Қаратай көзіне жалынға түсер сұңқардай. Ру, ұран намысы, кәрі атқамінердің ойын неше саққа жүгіртті. Ол мына жігіттің күйік үстіндегі сабырын көріп, сабыр мен ақылы қосылған қайратты ызасын көріп, үлкен сүйініш етті. Ішінен:" ендігі Көкшенің менен соңғы артына ие болар ұл туса, сен боларсың!" дегендей болды. Ыза сұмдық көрген жиреніш Қаратайдың да кәрі көңіліне қатты орнаған болатын. Дүтбайды тыңдап болып, оның жүзіне ажырая қарап аз ойланып отырды да:

– Әпкел, атымды әкпелгіз! Тұр! Қасыма бес кісі ерт! Қазір жетем Құнанбайға! – деді. Осы түнде, ел жатар шақта, Ойқұдықтағы Ырғызбайдың көп аулынан бөлініп кетіп, қорықта жалғыз ауыл отырған Нұрғаным аулына Қаратайлар жетті. Қорықтық бұл тұсында Нұрғаным мен өзі үшін Құнанбай да қора салғызып жатқан. Көктемде Оспанның су алғызбаған, озбыр сотқарлығын бір көрген Нұрғаным жаз бойы Құнанбайға өтініш еткен. Осы қорықта екеуіне арнап оңаша, оқшау қора салғызып алып, өзге күндестерден және олардың ер жеткен, содыр ұлдарынан осылайша аулақта болуды тілек еткен еді. Құнанбай өзінің кәрілік оңашалығында осындай бір орынды өзі де көксейтін. Сонымен ел бауырға түсерде жиі көшіп, Қорыққа ерте жетіп, көп жігіттің күшімен аз уақыттың ішінде Нұрғанымға арналған кішілеу жаңа қыстау, қора-жай салғызып алған-ды. Қазір сол қорасының жанында, жылы орынға ықтай түсіп, кәрі қажы өзінің өлімдей жым-жырт тыныштығында болатын. Көпшілігі жатып қалған ауылдың иттерін шулатып келген аттылы топты, әлі шамын өшірмей отырған Құнанбай мен Нұрғаным "шет ел адамы!" екен деп қалды. Болмаса, бұл өңірдегі ағайын ортасы түн түгіл күндіз де Құнанбайдың шымылдық түсіріп, сары аурудай сарылған оқшау мекеніне келмейтұғын. Ол келген адамды құса қылардай іш пыстыратын. Үйге Қаратай бастаған Көкшелер кіргенде, Құнанбайдың аяқ жағында шымылдықтан денесінің жарымын сыртқа шығарып отырған Нұрғаным шымылдық ішіне салмақпен бет бұрды. Құнанбайға ақырын дауыспен:

– Келген Қаратай! – деді.

Биік салынған көп жастыққа арқасын сүйеп, басын төмен салып, тәсбих тартып отырған Құнанбай бұрылып қалды. Қасын серпе көтеріп, басын шалқайтып, тік қарап жіберді. Осының алдында, сәт бұрын қалың тәубеге, мінажатқа кіріп отырған жүзін бір-ақ сілкіп тастағандай. Қонақтар төрге кеп отырар-отырмаста, күні бойы түсірулі тұрған шымылдықты өз қолымен жұлқа серпіп, шалқитып ашып жіберді. Сәлем-аманға келген жоқ. Көптен оты өшкен, реңі де өзгеріп, қоңыр сұр тартқан жалғыз көзін бір шоқ оттай жалт еткізіп, Қаратайдың жүзіне оқтай қадап қалды. Тұрғыласының жүзіне уайымды, сызды көз тастаған Қаратай соңғы он жылдар бойында оның бұндай қатуланғанын білген емес. Ұйықтап жатқан қарт жыртқыштың үстіне Қаратай өзі құлап түсіп, дүр сілкінтіп оятқандай. Көп жылдар ұйықтап қалған ашуын, зәрін өзі тұтатып алғандай сезді. Төсектен төменірек жерде жанған тас шамның сәулесі шарасынан шатынап шығып тұрған жалғыз көзге түскенде, қызғылт елес құбыла жанып тұр. Бұл көзде үрку жоқ. Пәлені білген, алысуды тосқан, қорғануға әзір, түгін сыртына атқан, қайсар ашу тұр. Құнанбай мына мезгілсіз келістің себебін де сезіп, іштей өрекпіп отыр. Кеше Есқожаның тойынан қайтқан Айғыз осында келіп, күйеуіне бір шағым арыз айтып кеткен. Есқожа Қарабатыр ішінде Айғызға төркін еді. Үмітей болса, бұған сіңлі есепті. Айғыз сол өз төркінінің тойынан ашуланып аттанды. Кетерінде Есқожаға ызаланып: – Салдарды неге тыймадың, жын ойнағын неге жасаттың деп кінәлаған. Есқожа сонда Құнанбайға Айғыздың айтып баруын сұрап, солар туралы көп қатты сөз айтқан және Құнанбай баласы болғандықтан, Әмірді өзінің қуа алмай, тыя алмай отырғанын шаққан.

– Әнің мен сәнің құрғыр өңшең. Сал емес, бұл маған келген ажал! – деген. Өмірінде әнге, өлеңге бірде-бір сүйсініп көрмеген бітеу кеуде, надан бай жастар өнерінің бәрін елге келген пәле деп айтқан. Айғыз осы сөздерді осы қалпынан бұлжытпай айтып, Құнанбайға өзі де қатты жамандап келген. "Тыйым салатын кісі жоқ деп жүр бұлар. Өзің жоқта да өстіп аулымызды таптап, төбемізге ойнап болған түге. Жын ойнағына айналды ғой бұл ел, сенің көзің жұмылмай-ақ!"– деп сызданып отырып, көп кейіс тастап кеткен еді. Сол Айғыздың сөздерін қажы енді есіне алған. Құнанбайдың жалғыз көзі Қаратайға қадалды. Келер сәтте, ар жағындағы Дүтбайдың әкесі Алатайды, одан әрі отырған Көкшенің үлкен байы Бозанбайды жағалап, шолып, барлап өтті. Бұлардан арғы үшеу мынау үш басты Көкшенің қосар жігіттері тәрізді. Оларға көз жіберген жоқ. Исі Көкше боп Құнанбаймен тілдесуге келген. Түнделетіп, түс шайысып, қабақ қатып. Келген келістері Тобықты ортасына түскен шектен асқан пәленің жүрісі. Ажал мен қазаның келісі. Өзі серпіп ашқан шымылдықты үлкен шеңгелмен уыстай бүріп отырып, Құнанбай Қаратайға алғаш үн қатты.

– Қандай дауыл қуып келді сені? Қай қазаны әкелдің? Айт шапшаң! – деді. Үлкен ыза бойын буып келген Қаратай, Құнанбайға аса бір салқын зілмен сөйледі. Қимыл еткен қабақтан жер танысып, жай ұғысатын екеуі, бұл түнде, мынадай зауал түнде, аясатындай боп кездесіп отырған жоқ. Құнанбай көзі жаңағыдай от шашып бұған қадалғанда: – "Қаратай аямас бір пәлемен келді" деп ұғынды. "Аяйтын кісі бүйтіп жүрмес болар". Қажының осы ойын Қаратай да лезде шолған. Бағана ымыртта, өзін ыршытқан зіл қара тас салмағын Құнанбайға да суық ызғармен, бар күшімен тастай салды. Үмітей, Әмір, Дүтбай үшеуінің арасында жүрген ортақ әлекті Қаратай ірікпей айтып шықты.

– Арада, "салдық" деген "әуейілік, ыбылыс, жын" шықты, – деп айтты. Оны азған заман әзәзілдігіндей, сұмдық нышанындай етіп, айрықша бір түйіп өтті. – Бәле осы өңірдегі барлық елге мәлім болып отыр, – деп айтты. Бадырайып тұрған масқаралық, өз атын ән депті, өнер депті. Бар жасты қызықтырып, еліктіріп барады. Қызыл-жасыл киініпті. Бұлаңдап, үкі тағынып, бұралып ән шырқап, төрімде тайтаңдап жүр, – дейді. Зәрлі, қысқа хабарымен, дауын аяқтата кеп:

– Өз төбемде ойнақтаса көтерер ем, әуруағымның көрінде, соның төбесіне кеп тайтаңдап ойнақ салды. Сені мен менің өлер күнімізде, бетке таңба түсті. Сені аяғанмен, айтпай тына алмадым. Өзгенің кіміне айтушем мұны! Қай итіне шағушем? Құбылған заманның, қай қу шолағын қуат-медеу көрермін! Сал мынау желіккендерге тыйымыңды. Өзіме де, оған да кесігіңді өзің айт! – деді. Сөйлер сөз жоқ. Аздан соң, Құнанбай бұйрығы бойынша, Нұрғаным қонақтарды ұранқайға алып кетті. Сонда сыйлады. Құнанбай өзі аулындағы көп жігіттің ішінен Нұрғаным бауыры Кенжеқанды шақыртып алып, тығыз бұйрық етті.

– Қос атқа мініп, қазір шапқылап отырып, Шолақтеректе Алатай аулында жатқан Ызғұттыға бұйрық жеткіз! Әмірді алсын да, жетектеп отырып, күн шықпай алдыма әкеп жеткізсін! Келмес болса, қол-аяғын байлап тұрып, дүрелеп отырып жеткізсін! – деген. Бет пішіні Нұрғанымша нұрлы, қызғылт, дөңгелек келген балғын денелі Кенжеқан әрі балуан, әрі жау түсіргіш ер болатын. Ол Құнанбай ашуын өз ішіне бар ынта, бейілімен сіңіріп тұрғандай. Серпулі шымылдықты алғаш бүрген қалпында уыстап ұстап отырып қалған Құнанбай бұл түнді кірпік ілместен, қыбыр етіп қозғалмастан өткізді. Жаны жоқ, тас мүсін тәрізді. Бұл күнде қалың терең көлеңке түскен ажымдары кәрі зәрді, қайнар ашуды тас қабаққа түйіп апты. Таң аппақ атқан еді. Күздің күні, ұзақ сұр дала мен құла тартқан, адырлардың үстіне, қып-қызыл шапақ атты. Қанды сәуле шашқандай. Осы шақта, кәрлі шалдың үйіне Ызғұтты мен Әмір кеп кірді. Жас жігіттің өңі құп-қу боп ағарған, жағы солып, екі ұрты көлеңкеленіп тұр екен. Құнанбай өз немересін көптен көрген жоқ еді. Үнсіз түйіліп, қос қолын Әмірге қарай созып: – Алдыма кел! – дегендей қатты белгі етті. Әмір үлкен әкесінің алдына тымағы мен қамшысын тастап, жүгіне кеп отыра бергенде, түн бойы шымылдықты бүріп отырған салалы суық, сіңірлі саусақтар жас жігіттің алқымынан, жаланаш мойнынан сығымдап қысып алды. Қарт қолы әлі де кәрі жыртқыш тегеурініндей күшті екен. Темір құрсаудай сығымдап ап кеп, буындырып, өзіне қарай сілке қысып, қинағанда, босатар емес, аз уақытта жігіт тынысы бітіп, көгеріп талықсып кетті. Сонда да құрсау шеңгел жұмсар емес. Енді буынғаннан үзіліп бара жатқан жігіт қырылдап барып, талып кетті. Қарт алдына шалқасынан сұлқ жығылды. Құнанбай тізерлеп алып, әлі қылғындырып, енді сәт болса, үнін өшіріп, өлтіріп тындырғандай.

– Не болды? Өз нәсілің еді ғой, ит те болса! – деп Ызғұтты ұмтылып келіп қалып еді. Құнанбайдың жалғыз көзін қан жауып алыпты. Отты жиренішпен жалт етіп қарағанда, Ызғұтты шошынып барып кейін шегінді. Оның жасқанып қалғанын көрген және Әмірдің қарт шеңгелінде енді бір сәт болса өлетінін аңғарған Нұрғаным, жан ұшырып кеп, Әмірдің қасына құлап, Құнанбайдың екі қолынан шап етіп ұстай алды.

– Қажы, жарықтық, сізге не болды? Кеш, кешші, айналайын жарықтығым! – деп өзінің қайратты жотасымен, Құнанбайдың қос қолын Әмірдің тамағынан қатты итеріп, үзіп, айырып жіберіп еді. Құнанбай жүгініп отырған сол аяғын жаза беріп, Нұрғанымды кеудеге теуіп жіберді. Жүректен тиген қатты тепкіден Нұрғаным талықсып барып, сылқ құлап түсті. Дәл осы кезде киіз есікті жұлқып ашып, Абай кіріп келген еді. Нұрғанымның Әмірге болысып жаза шеккенін көрді. Құнанбай жас жігітті шеңгелінен босатпаған күйде тағы қатты буындыра жөнеліп еді. Абай есіктен төрге қарай бір-ақ аттап ырғып түсе бере:

– Тоқтат! – деп, саңқ етті.

Әкесінің қан басқан көзі бұған жалт бұрылғанша, қатты серпінмен Құнанбай қолын қағып жіберіп, Әмірді өлім шеңгелінен бір-ақ жұлып, сүйреп алды.

– Арам! – деп, Құнанбай ақырды.

– Өлтіртпеймін! – деп Абай да қарсы, қатты ақырып жіберді.

Енді екі долы көздер бір-біріне тіп-тік қадалыпты. Жұлқысардай қарасып қапты. Абай көзі тайған да, жібіген де жоқ. Әкеге түк кешірім, кішілік жоқ. Жиренішті ызасын оқтай қып, суық атып тұр. Қанжар сермегендей сөз қатты. Айғайлап, шапшаң сөйлеп, суырыла жөнелді.

– Аузыңда алла, шеңгеліңде қан! Тағы қан! Бұларды шариғат та қосады. Бір кезек сол шариғат жолы деп, бір нахақ қан төгіп ең... Абайдың он үш жасында жүрегіне оқ боп тиген Қодар өлімі қазір ғана болған әке қылмысындай, көз алдына сап етіп кеп еді.

– Енді шариғатқа қарсы тағы да өлім жұмсадың ба? Үнсіз, сопысып жатқаның құлшылық емес, сұмдық үшін, осындай сұмдық жыртқыштық үшін бе еді? – деп қайнап тұр. Бір жағынан жазаны тоқтатам десе, тағы бірден өкім, қатал өкім айтып тұр. Құнанбайға жаңа ғана тіл бітті.

– Шық! Жоғал көзімнен, азғын!

– Шықпаймын!

– Аздырарсың, сен бе! Аздырарсың! Сенен, бәрі сенен!

– Болсын солай! Менен! Неге өлмейсің тынышыңмен сен! Заман сенікі емес, менікі! Нең бар?

– Ә-ә, солай дедің бе... Жеттің бе соған?! – деп Құнанбай Әмір мен Абай екеуіне қатар бір ғана шұғыл, қатал кек ойлады да, Абаймен ұрысты сәтте тыйып, сол ниетіне тез ауды. Талып жатқан күйінен есін жаңа жиып, екі көзін алартып ашып атасына жаңа қараған Әмірге, Құнанбай қос қолын созып, алақанын сырт қаратып тұр. Намаздағыдай мінажат қимылын, суық тілек қимылын жасады.а-әмір мен Абайға қатар созды. Бұл – теріс батаның, қарғыс батаның белгісі. Нұрғаным мен Ызғұтты екеуі екі жақтан ұлардай шулады.

– Иә, құдай қабыл етпе!

– Жаратқан, елең алма! Не сұмдық! Қарғыс айтқалы жатыр ғой, өз балаларына! – десіп үркіп үн салды. Бірақ Құнанбай енді оларды пәруәйіне де ілген жоқ .. Жүгініп алып, көлденең жатқан немересінің кеудесінің үстіне теріс батаның алақанын жайып тұр. Абайға да қатал қолдарын жиі нұсқайды.

– Қызарып атқан таңда, мынау зауал таңда... Айттым аталық қарғысымды. Менен туған арам қан, бедбәхіт нәсілдерім мынау екеуі. Жаратқан ием, я кәрім алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Бендең болған бар тілегім, ақ тілегім со болсын. Ал мынау екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерін, жоғалғырлардың! – деп қолының сыртымен теріс батасын етіп салды. Есін енді жиған немересі мен Абайға: – шық! Жоғал, жойыл көзімнен! Ұрпағым екенің шын болса, құрбан еттім екеуіңді. Садаға еттім сен екі шіріген жұмыртқаны, бар да өл! Тез өл! Жөнел! – деді. Абай міз бақпай, әкеге жирене қарап тұр еді.

– Мейлің, кеттім, біржола кеттім сенен! – деп бір-ақ кесті.

Құнанбай қарғысын айтты да, шымылдықты сілке түсіріп, бүктүсіп бауырына жастықты басты. Ерні жыбырлай күбірлеп, тәсбихіне, тәубесіне ауысып кетті. Әмір жатқан қалпынан қазір ғана бас көтеріп тымағын, қамшысын қолына ұстап, жүгініп алды. Аз отырып, қыбырсыз тұрған шымылдыққа:

– Көпсінгенің тірлік болса, өзі берген құдай өзі алар. Бұйырар өліміңе бұйырдың ғой, бірақ өкінбеймін. Отқа өртенсем де өкінбеймін! – деді. Абай бұны сүйеп тұрғызды да, ертіп алып кетті. Көкшеден Әмірді Ызғұтты алып жөнелгенде, Байтас Абайға кісі шаптырған. Ол Әмірдің жолдасы Мырзағұл еді. Сол Абайды таң ата үркітіп оятқан. Әке қаталдығын білетін Абай, ауылда ат жоқ болған соң, Мырзағұлдың атын міне сала, жалғыз шауып отырып, жеткені жаңағы еді.

2

Боқырау өтіп, күзектегі ел күземін де алып болды. Қыстауға қайта көшетін күндер жақын. Бірақ күз суық болмай, күзек оты әлі де мол болғандықтан, жұрт іркіліп отыр. Ойқұдықта, Абай аулының айналасына жиі қонысқан ауылдар бұл қоныстың әншейіндегі киіздей қалың бетегесін, жасыл шалғынын сар жұрт қылған. Бірақ ауыл маңы бар өлкеде тегіс тықырланса да, айналасындағы кең жайылыс оты, өріс оты тозған жоқ. Қоңыр күзде малдың тойыны күннен күнге асқындап барады. Шаруа мұңын ойлаған ауылдар сол күйге сүйсіне түседі. Күздің жауыны мен қара суық желінен мазасы кеткеніне қарамай, шыдасып отырған. Көп ауылдың күзгі әдеті бойынша, Абай аулы да жаз тігетін үйлерін жығып, жиып қойып, оның орнына қоңырқай, кішілеу үйлер тіккен. Әйгерім отауы да қазір басқаша. Кішілеу, шағын үйдің ішіне айнала текемет, тұскиіз, түкті кілем ұсталған. Биік төсек орнына, қалың салынған көрпесі, құс төсегі, жастық, бөстегі көп жер төсек орнаған. Абай мен Әйгерім отырған төсек алды, қалың жүнді арқар терісімен жабылған. Төрде отырған қонақ болса, олардың астына, ұзын қара сеңсеңнен мол етіп құрап тіккен кең бөстек жайылған. Шағын үйдің ортасын қазан-ошақ алғандықтан, бұл күнде Абай кітабын дөңгелек үстел үстіне салып оқымайды. Көбінше жер төсек үстіне үйіле жиылған көрпе-жастыққа арқасын сүйеп, қолға ұстап отырып оқиды. Алдағы қысқа арнап тіккен мол саптамасы бар. Үстіне бешпет, шалбар, сыртынан ұнамды күрең шұғамен тыстатып, жеңіл, жылы, кең күпі киген. Қасында төменірек отырған Әйгерім де пұшпақ ішікті бешпетше қып, жұқа, жеңіл етіп тіккізіп апты. Омырау етегіне жағалай жаңа құндыз ұстатқан. Екі өңірдегі ілгек түймелеріне үлкен қызыл коралл орнатқан. Қазақ зергері әдейілеп соққан, бұрама күміс түймелер. Әйгерім көбінше кесте тігеді. Төрде Ербол мен Баймағамбет күзгі ақ қымызды асықпай, ұзақ ішіп отырып, тоғызқұмалақ ойнайды. Әйгерім асқызып отырған жаңада сойылған семіз құлынның еті пісіп қалып еді. Қол жуып, асқа отыруларын Әйгерім өтінгенде, Абай таңертеңнен бас алмай, бір қыбыр етпей, үздіксіз оқып отырған кітабын жауып, шетке қойды. Қазан түсіргенде шалқып, бықсып қалған оттың ащы көк түтіні көзді жеп, қолқаны атып беймазалық етіп еді. Абай: "Түңлікті ашса" деп шаңыраққа қарады. Еңкейте ашқан тесіктен күздің үнсіз, ұсақ жауыны жиі бүркіп тұр екен. Ол тыжырынып қабақ шытты да:

– Пай-пай! Түңлік ашайын десең жауын. Ашпайын десең түтін, беймаза күннің бірі екен-ау тағы! – деді. Үй іші ас ішуге бейімдеп иіріліп отырыса бергенде, осы үйдің сыртына дүбірлетіп кеп тоқтаған аттылар байқалды. Келген екі кісі екен. Үстері жауыннан су болып үйге кірісті. Шәке мен мерген Бәшей боп шықты. Шәкенің Абайға келген бөгде жұмысы бар сияқты. Ағасымен бірге ас ішіп болған соң, Шәке Абай айналасында отырған дос-жарандарынан өзінің сөзін іріккен жоқ. Қабағы жүдеулеп, жабырқау жүзбен Абайға қарап:

– Абай аға! Мен сізбен ақылдаса кеп отырмын! – деп, өзінің айта келген әңгімесін бастады. – Сөзім Әмірдің жайы. Тірі аруақтай көз алдымызда қабағы түсіп, өзінен-өзі өшіп бара жатқандай еді. Білмеймін, қиястық қарсылығы ма? Жоқ бой жасап жүргені ме, кім білсін! Мынау күздің осындай жауынды, дауылды аласапранында, бұрынғы мінезіне қайтадан тағы басқалы отыр. Түнеугі салдарының бәрін кешеден бері отауына түгел шақырып алып, әлем-жәлемдерін тағы да киініп, тағынып алып және бір қыр бастап отыр! – деп, бір тоқтады. Абай мен Әйгерімдер Әмірге лағнат айтқан адамдар сияқты емес, қайта күйін ұғып, қамын ойлағандай.

– Өзінің дені сау ма? – деп Әйгерім сұрады. – Қайран шырақ-ай! Әлдекімдей елден қуылғандай болдың-ау! – деді.

Абай Шәкеден:

– Қам-қайғы ойлаған кісідей ме! Көңілі қалай? – деп сұрады.

Шәке екі ойлы жауап берді.

– Іші қандай екенін білдірмейді. Қыңқ еткен ауруы да бар сияқты емес. Үнемі үндемейді, өзімен өзі. Домбырасымен оңаша мұңдас боп апты. Отауының сыртында тұрып, бір күн тыңдап ем, осы күнде дәл осы өңірде теңі жоқ, дәулескер домбырашы боп кетіпті. Сырты сау, бірақ іші алай-түлей ме деймін. Содан болу керек, құсталанған кісідей сарғайып, жүдеп барады. Әлде осыдан ба, серпілгісі келе ме! Сырласып жатқан ауыл, ағайын жоқ, ешкімге жөнін айтпай, жаңағыдай салдарын жиып алып отыр. Бүгін таңертең естісем: Көкшеге аттанамыз деп айтады дейді. Онысы енді көрінеу ел-жұртпен ұстасып, жауығу тәрізді. Өзгені қойғанда кеше анадай өз қарғысымен байлап берген қажы не дейді?! Намыс, кекпен уланып алған Көкше қайтеді!? Қазасына бара ма деп отырмын. Осыған қайтіп тоқтау саласыз, не ақыл айтасыз? – деді. Абай үндемей көп ойлады. Шәкенің көзіне қарап отырып, Әмір туралы ол әкелген жанашыр уайымының бәрін де өз жүрегіне түгел аударып алғандай. Ербол мен Шәкені ойда жоқ байлаумен таң қылды.

– Әкесі қарғысынан қайтпады. Бірақ қазаға қиятын қыршын жас Әмір ме еді?! Ортасы өзге, заманы басқа болса Әмір әлде сол қарғап отырған бабаның бар нәсілінен, бәрімізден сонағұрлым өнері асқан, ғазиз адамның бірі болар ма еді. Қайғысына қамығамын. Бір балаға бір қаскөй тілек те, көр аузынан айтылған тілек те жетерлік жаза ғой. Өзі білсін, алдынан шықпа, Шәке. Барам десе, Көкшесіне де барсын. Күңірене жүріп, көңілі оянар. Бұл күнде көзіне қамшы тигендей, бір орында шырқ айналып қалды ғой. Тым құрса, "аттысы атты, жаяуы жаяудай жабылып қуалады " демесін! – деді. Осы сөз байлау болды. Ербол мен Шәке оңай ұғынды. Тек Әйгерім ғана Абайды құптамады.

– Осындайда бауырға тартпаған, панасына алмаған бауырлықтың тәтті тілі көңілге қанша медеу? – деп жүзін есікке қарай бұрды. Абай үндеген жоқ. Семейден қайтқаннан бері Абай бұрынғы Әйгерімнен адасып қалғандай болатын. Ол осы күнде оқта-текте, осындай бір кездерде, Абайға айтқан бірер ауыз қысқа-қияс сөзімен көпті білдіретін. Бұрын қалтқысыз сүйіскен шақта Абайдың сөзінен сөзі, ойынан ойы, демінен демі үзіліп, айрылмаушы еді. Ендігі Әйгерім Абай жайын жарым лепестен.білуден жаңылып, танып кеткен. Мынау сөзі де – іштегі жатырқаудың, салқындықтың ызғары. Абай Әмір үшін қапалы еді. Әйгерім үй ішіндегі тірлігінде тығырыққа қамады .. Бақыт, шаттық үйіне мұң кірді. Күн шуақты райыс, ыстық мекенінен кәдімгі көпшіліктің ерлі-байлы тірлігі келді. Кейісі, кірбеңі көп, кінәсы мен міні көп өмірдің күңгірт жүзді күзі жетті. Бәрінің себебі – Салтанат. Жазықсыз Салтанат. Оның ойының жазықсыздығы мен Абай басының кінасыздығын Әйгерім ескермеді. Қайта ойланып, бір сәт болса да ұғынайын демеді. Әйгерімнің бұны Әмір жөнінде орынсыз кінәлағанын дауласпай тыңдады. Бірақ өзінің сол Әмір үшің ең алғашқы рет әкесі Құнанбаймен жағадан алып жұлқысардай алысқанын еске алды. Одан алған қатты қарғысты да ойлай отырып, өз-өзіне ащы бір мысқылмен күлгендей болды. Бір жақтан әке дұспан – бұның қазасын тілеп, қарғыс айтты. Екінші жақтан жалғыз, жарқын – "сүйікті жақын жан" деген Әйгерім мынау. Ол да көңілін Абайдан жат етті. Неліктен жат етті? Абай істеген қылмыстан ба, кешірмес кінә-сұмдық, қиянаттан ба? Дос жүректен Абай азғандықтан ба? Әйгерімді Салтанатқа айырбастағандықтан ба? Жоқ, олай емес – бұның бәрі де жоқ еді. Әйгерім ойлағандай емес еді. Салтанат басын, жас қасиетін ойлағанда. Абай оны ерекше бір тамашалап, алғыспен еске алудан тыйыла алмайтыны рас. Сол кездегі өзін ойласа, Салтанат тазалығына сай, бой тежеп, өзін жақсы ұстағанына қайран да қалады. Бірақ сонымен қатар, өзін өзі күдіктенбей құптаған мақтаныш сезеді. Салтанаттай жан бұның өмірінде сондайлық боп тағы кездессе, Абай өзін және де сондай ұстармын, ұстауды серт етермін деп нықтай түседі. Өзінің осы жөндегі мінезін қызығып, сүйсініп құптайды. Себебі Абай ұғымынша – бұнысы оның жаңа сыпаты. Қазақ жастарында, бұл жүрген қауымда кездеспейтін жаңа мінез, жаңа тәрбие айғағы. Абайдың кітап жүзінен алған білім нәрі. Адамгершілікті, адалдық қасиетті бұған жақсы иландырып, көңіліне терең тамырлы дән етіп еккен орыс кітабының тәрбиесі. Абай жалғыздық сезсе де, бір жағынан зор шүкірлік етеді. " білім ғана өсірмей, тағлым-тәрбие алып та келеді екемін-ау! Салтанатпен арамызда, қазақ жігіті иланбайтын мінез табуым, сол тәрбиемнен екен-ау!" деп ойлады. Осыны Әйгерім де түсінбеді. Ол жігіт пен қыз арасында кіршіксіз адамгершілік достығы болуы мүмкін екенін ойламады. Ойлауға санасы жетпеді-ау. Бұл сөзбен иландыратын, сездіретін жай емес. Іштей тәрбие, білімді тәрбиеде Абайдан өзге, оқшау, жырақ тұр. Абай оның дертін жазар ем таппай қойды. Талай рет Салтанат жайындағы сөзге Әйгерімді ойландырып көрмек болып еді. Бірақ оның бар сөзден тыйылып, қабағы ызамен түйіліп, тартынып қалатынын көреді. Екеуі әзірше өткелсіз екі жағада. Қазір дәл мына шақта, Абай осы күйді ерекше терең сезінді. Өзін өзі құлазыған жалғыздық ішінде көріп, тағы да ауыр күрсініп алды. Әйгерім өзінің жаңағы сөзі Абайға ауыр тигенін анық аңғарып, бұрыла қарап еді. Ерінің жүзіне: "Ренжітіп алдым ба?" дегендей қарады. Абай бұның көзіне үлкен уайыммен қадала қарап отырып, айтар сөзін Ерболға арнады.

– Ербол-ай! Дүние қапа боп кетті ғой. Ақыл тапшы, қайда жоғалсақ екен? Құла түзге кетсек те, бір жаққа маңып, сілкініп қайтайықшы! – деді. Осыдан соң Ербол ғана емес, Шәкені де Баймағамбет пен Бәшейді де мәслихатына алып отырып, бір байлау жасасты. Шәке енді бір азда Шыңғыс сыртындағы елсіз, есіз боп қалған жайлауға бүркіт алып, мерген ертіп, аң сапарына шықпақшы екен. Бұл өңірдің аңшылары күздің осы шағында, сондай аңшылық жолына, " салбуырынға " аттанушы еді. Бұрын ондай аңшылыққа арнап шықпайтын болса да, Абай биыл осы отырған дос-жарандарын ертіп, сол салбурынға шығатын болды. Осыдан жиырма күн өткен шамада, Абайлар салбурында аң соңында болатын. Қазір аңшылардың үш қосы елсіз сыртта. Иесіз үлкен тау – Бақанас тауларында. Соның Қырғыз-шаты деген тоғайлы, өзен сулы, үлкен жақпар қия тасты бір терең сайына қатар тігілген. Қырғыз-шатының дәл осы тұсын – "Кіші-әулие" дейді. Олай дейтін себебі – осы жартасты биіктің төбесіне жақындаған иық тұсында, тау ішіне тереңдеп кіретін үлкен үңгір, қара қуыс бар. Шыңғыс тауында осындай үңгір екеу. Біреуі бұл арадан күндік жерде, Тасболат деген елдің қыстайтын мекеніндегі үлкен үңгір. Оны кейде "Әулие-тас, кейде "Қоңыр-әулие" дейді. Мынау Қырғыз-шатындағы үңгір кішілеу болғандықтан "Кіші-әулие " деп атанатын. Қостар сол Кіші-әулиенің дәл етегінде. Алдын өзен мен қалың қайың, мойыл, терек өскен сайға беріпті. Арты биік жартастың тамағының асты. Соған кіре қоныпты. Бұл күнде сыртта бірнеше рет қар жауған, түн асса сонар болады. Әлі қалыңдап қар түскен жоқ, бірақ келте сонар боп таңға жақын жауатын, не жұқалаң қырбақ қар, не қылау күн сайын болады. Аңшылар он күннен бері бүркітпен, тазымен көп түлкі алды. Бәшейдей, Шәкедей мергендер сирақты шитілерімен арқар атып, қос-қостың ішін аң терісіне, арқар етіне толтырып тастаған. Аңшылардың бұл күндегі тұрмысы сол аң аулау ыңғайына қарай бейімделген. Бұлар ымырт жабыла ерте жатып, таң қылаңдай бере, ерте тұрып, өзгеше ынталы қарекет соңында. Ширақ, сергек тіршілік кешеді. Қазір міні, таң жаңа ғана қылаңдап атқан еді. Қос ыстық істейтін қамына енді ғана кірісер шақ болған. Әлі аттар да әкелінбепті. Киізі қос-қабаттап жабылған кеңдеу, жылы қоста Абай қатты ұйқыда жатыр еді. Қатарында жатқан Ербол оны иығынан қозғап, түртіп оятты. Абай селт етіп, басын жастықтан көтере беріп, жалт қарады. Ербол:

– Абай, мына қызықты қара! Бұл не қылғалы тұр? Аңғардың ба? – деп иегімен қостың ортасына қарай нұсқады. Абай енді бұрылып, солай қараса, мерген Бәшей аласа қостың азғантай ашылған түндігінен мылтығының ұшын аспанға беттетіп, бірдеңені көздеп тұр. Қос ішінен аң атқан мергендікті әлі бұл аңшылар көрген де, естіген де жоқ еді.

– О не?

– Не көрдің? – десіп, екеуі де бастарын жастықтан жұлып-жұлып алысты. Сол кезде Бәшейдің ұзын қара шитісі күрс етіп, қос ішіне бір будақ көк түтін таратты. Бәшей, мылтығының түтіні айықпастан:

– Құлады! " тақыр қолтықтан!"- дей сала, тысқа қарай атқи берді.

Абай мен Ербол Бәшейді етегінен тартып қалып:

– Уа, жөніңді айтшы, кімді аттың?

– Нені құлаттың? – десіп тұра берісті. Бәшей бұлардың барын енді ғана аңғарып, тағы да ұмтыла беріп:

– Арқар! Үйдей құлжа... Құлап келеді, жүгіріңдер тысқа! – деді де, өзі төрден есікке дейін бір-ақ қарғып, лып етіп шығып кетті. Осы кезде жаңа оянып тысқа енді шығып, от жаққалы жүрген Баймағамбет, бақыршы Масақбай тысқа даурыға қоя берісті.

– Кім атты?

– Мылтық қайдан атылды, ойбай-ау!?

– Домалап, үстімізге келеді. Қостың үстіне құлар ма екен? – деп қатты әбігерленіп, тарпылдап жүгірісіп жүр. Дәл осы кезде ауыр салмақты бір нәрсе қостың іргесіне, сырт жағынан кеп былқ етіп, дүбірлей құлады. Өлеусірей тыныс алып, пысылдап жан таласқан аң белгісі білінді. Ербол мен Абай кең етіктерін аяқтарына сұға-сұға салып, бастарына күпі, тондарын көтеріп, жамыла бере, тысқа атқып шығысқан еді. Бәшей арқарды бауыздап жатыр.

– Өгіздей құлжа! Аурудан сау ма өзі?

– Қайдан қаңғып келді бұл? Іздесең таппайтын қу мүйіз, сақа құлжа қайдан ғана кеп, Бәшейді іздеп тапты? – десіп тысқа шыққандар сақ арқардың бұлайша кеп қаза тапқанын әлі де түсіне алмай, аң-таң болысып жүр. Абай үндемей, арқарды айнала қарап шығып:

– Бұны не қара басып жүр? Соқырдан сау ма өзі? Әлде можа боп, алжыған арқар ма? – деп еді. Атқан аңын бауыздап алып, енді мүйізіне дене тұлғасына көреген көзімен бір шолып қарап өткен Бәшей Абайдың жаңағы сөзіне кекесінмен күліп қойды. Ол өз өнеріне аса сенімді. Және мысқылшыл қалпында, кімді болса да аямай іле беретін.

– Соқыр болса, Ербол екеуің атсын деп күндіз келер еді. Жаясының майы тап бір елі шықпаса, мұрнымды кесіп берейін. Сондай арқар алжи ма екен? Одан да, Бәшейдің қанды аузы жатса да, тұрса да бір арқар болғанын қимағаннан айтып тұрмын десеңші! – деді. Жұрттың бұл арқар турасындағы: – "Ауру ма, алжыған ба?" деген күдігінің бәрін жойды. Және күле түскен мысқылының ішінде, мақтанып та қойды. Үш қостың бар адамы, бүгін мынау арқардың өзі келіп өлгенін соншалық жақсы ырым көрісті.

– Бүгін қанжыға майланайын деп тұр екен!

– Үйіріңмен үш тоғыз!

– Атты тез әкеліп, шай-пәйді шапшаң қамдап жіберіңдер. Атқа тез қонайық! – деп, бұл үш қостың ең үлкен бүркітші, саятшысы – Тұрғанбай асығыс бұйрық айтты. Бүркітін сылап, санын ұстап, бабын болжап отырған Шәке де: "Енді құстар өнерін көреміз, ат қамдаңдар" деп асықтырып еді. Абай мен Ербол аңшы саналса да, дәл шын аңшылардай ширақ шапшаң емес. Жүрдек-сергек аңшыларға қарсылық айтпай, көбінше бағынып жүрсе де, әрқашан атқа кешеңдеп мінетін осы екеуі болатын. Олар ақтармалап, сойылып қалған арқардың қасынан ұзай алмай тұр. Біріне бірі еріншектеу жайларын ұғысып, қарасады. Ербол Тұрғанбайға арқарды нұсқап:

– Тықақтамай тұра тұршы! Мынаның жас қуырдағын жеп аттанайық, тым құрса! – деп еді. Аңшылықтың өзінше мінез машығы бар. Ағалық, үлкендік, басшылық бұнда бүркіт ұстаған, құс бабын билеген кісіде, Тұрғанбай сол реттен бұл қостардың анық әміршісі боп алған. Өзі аң үстінде ызақор, ашуланғыш та. Ерболдың жаңағы керенау бейқамдығын қатты ұнатпады. Ол Ербол мен Абай екеуіне тұтас қарап:

– Малтығып бір болмайсыңдар! Аңда жүрсіңдер ме? Әлде сыбаға әкелген қыдырма қатындарға еріп жүрсіңдер ме? Екеуіңді көтеріп атқа мінгізу күнде көтеремді тұрғызғандай. Қуырдақты қуыра берсін. Мынау елең-алаңда Әулиені қағып, Шаттың жақын қорым тастарын бір орап қайтамыз. Мін аттарыңа! – деді. Өзі ерттеліп қалған атына қарай, бүркітін алып, сырт айналды. Аңшылар "Әулиенің" басына шыққанда, қыстың күні ақ қарлы, қалың қатпар жоталарда қызыл иектеп, сәуле шашты. Жаңа ғана алыстағы Сыбан қонысы – Ақ-иректің белінен жартылай шығып келеді екен. Әулиенің бір биігінде Тұрғанбай томаға тартты. Ар жағындағы бір жотаға барып, Шәке томаға тартты. Үшінші жотада томаға тартқан, Абайдың, Айғыздан туған інісі, осы сапардағы аңшы жолдасы – Смағұл болатын. Абай мен Ербол әдетте қағушы қасында емес, Тұрғанбай маңында жүреді. Бұлардың қағушысы, ат үстінде ұршықша иіріліп, қаңбақ ойнайтын, жылпос, пысық Баймағамбет. Тұрғанбайдың қолындағы бүркіт бар аңшының аса бір ыстық көретін қапысыз қыраны – Тулақтың Қарашолағы атанады. Бұл құсты осы өткен жазда Абай Сыбандағы Тулақ деген бүркітшіден оншақты қара беріп, сатып алған. Олай алуының себебі, бір есептен, ерегістен туған. Келер қыста құс салам деп Абай Тобықты ішінен, қыран бүркіт кімде барын сұрастырғанда, осы Тұрғанбай: бүркіттің жақсысы Қарашегір деп еді. Соны сұрап алуды Абайдан қатты өтінген. Қарашегір Бөжейдің баласы Жабайдың құсы болатын. Абай сұратқанда, Жабай сол құсын бермеді. Содан соң Шәке мен Тұрғанбай: "Осы өңірдегі бар құстың төресі – Түкі Сыбан ішіндегі Тулақтың Қарашолағы. Енді ерегіскен соң қыздың құнын берсе де соны алғызу керек" деген. Қарашолақтың, жазды күні түлегін өзі басқарып, күз бойы өз аулында ұстап, қайырып, өз қолынан армансыз, қапысыз баптадым деген Тұрғанбай болатын. Қарашолақ атағына сай қайрат етіп келеді. Аңшылар кезетін жердің бір шеті – Ақшатау, аралығы Қырғызшаты, Жәнібек, Тезектің Қарашоқысы, Қазбала. Екінші шеті – Байқошқар болады. Осы өңірдің бәрін, өткен он күн ішінде қар қалыңдамай тұрып, көлденең жортып, бұл аңшылар талай кезіп, сүзіп шыққан. Сол күндер ішінде Қарашолақтың бір өзі алған түлкі саны жиырмадан асты. Күні құр емес, кей күндер екіні де алып жібереді. Екі рет үш түлкіні, бірі артынан бірін, бүлк еткізбей, алыстыруға келтірмей, бір күнде жаныштағаны да болды. Қазірде томағасы тартыла сала, қызыл көзін қағушының алдына шаншылта қадап отырған Қарашолақ, бір сәтте Тұрғанбайдың қолынан лып етіп, ытқып кетті. Аңшы ештеңені көріп, аңғарған жоқ еді. Құс ытқи бере, ойда жүрген Баймағамбеттің, "кеу!" деп қалған айғайы естілді. Түлкі көргендегі мерзімді белгісі сол болатын. Аң жақыннан қашқан тәрізді. Үш аңшының көзі Қарашолақтың қазіргі ұшуында. Тұрғанбай әр күні Қарашолақтың бабын, ең алғаш ұшып аспанға шыққандағы қанат қағысынан көз айырмай тұрып, тамыршыдай бағатын. Сонда кейде, қанат-құйрық шапшаң лыпып, сілкіне бір ұшатыны болады, жұлқынып сермегендей. Бұндайда Тұрғанбай қуанып, мырс беріп күле түседі. Осындай шақта айтатын бір ғана сөзін қайталайды.

– Жанбауыр бүгін зар күйінде! – деп қана қояды. Сондай ұшуын көрсе, көңілі көнши береді. Құстың түлкіні алып, бұл барғанша жұмарлап, өлтіріп қоятынына мейлінше сенеді. Бүркіттен босаған қолымен қонышындағы ұзын сары шақшасын алып, насыбайын танауына шекіп атады. Өзінше ыңырсып, жалғыз бір өлеңін айтып, ақырын қиялап, құсына қарай сабырлы салмақпен тарта береді. Қарашолақты ол Жанбауыр Шөгелдің тұқымы деп, әлдеқашан осы ойына бекінген-ді. Өзгелер – қыранды Тулақтың Қарашолағы десе, бұл – Жанбауыр дейді, өзі сүйген жалғыз әнін ыңырсып айтқанда

Жанбауырдан жан кетпес,
Тебінгіден тер кетпес,

Қанжығадан қан кетпес.

Жанбауырым жанаса,
Тірліктен түлкі дәметпес... –

дейтұғын.

Дәл бүгінгі мынау сәскеде сол Жанбауыр-қарашолақ күндегідей емес, бәскіл ұшқан сияқты. Тұрғанбай дағдылы, сүйсіну сөзін айта алмады. Насыбайын да ұмытты. Тебініп, құстың алдына қарай желе шоқырақтап, жөнеле бере;

– Е, мынаған не болды? – деді. Лекітіп асыға бере, Әулие-тастың тегіс жотасын өтіп келіп, тік жартасқа тіреліп, ат үстінен ұмтыла үңіліп, үзеңгіге аяғының ұшын тіреп, қадалып тұрып қалды. Ысылған қырқылжың, бапшыл аңшы ұшуы жақпаған қарашолақтың "енді түлкіге түсуі қалай болар екен" деп, бағып тұр екен. Сол кезде бұның қасынан Абай мен Ербол, сабырсыз қызумен, тасырлата шапқылап өтті. Бүркіттің түлкі алғанын күнде көріп жүрсе де, екеуінде қызу қуаныш, дегбірсіз асығыстық, бірде-бір кемімейтін. Тастақ бетте аттары тайғанап, бірі артынан бірі сүріне жығылып жатса да, ол екеуі бүркіт құдиып кеткен шатқа қарай, жұмарлана жылжып, ат-маттарымен сырғанай тайғанап кетіп барады. Бірақ олар тәжірибесіз олақтықпен, теріс шауыпты. Тұрғанбай екеуіне айғайлап, қатты ызаланды:

– Тоқта былай, қос тырқу! Апырай, қырсығын қарашы мынау екеуінің! Өңшең есалаң! – деп зығыры қайнап, бақырып тұр. Абайлар Қарашолаққа, шынында, залал келтірді. Бұлар алдынан бармаса, түлкі таудың жазаң жерінен шығатындай боп, өрлеп бара жатыр еді. Алдынан мыналар тасырлатып шапқанда, жалт беріп, Абай мен Тұрғанбайдың аралығындағы қия жартасқа салды. Бүркіт Абайлардың ар жағын орап кеткен еді. Ол түлкіні сол арадан тосқан екен. Енді қайта ойдан өрге қарай өрлеп келіп, қияда тұрған түлкіге түсу керек. Қарашолақ сол қимылды істеп келді. Бірақ түлкі қартаң тартқан, сырқынды ақшулан екен. Тұрғанбай айғай салып үркіте шауып, қия тастан тайдырып түсірем десе де, адамнан гөрі найзалы аспан тағысынан көп жаулық тосқан ақшулан қашпай тұрып алды. Бүгінгі ұшуы Тұрғанбай көңіліне қонбаған бүркіт кемдігін енді анық көрсетті қиядағы түлкіге екпіндеп ұшып, іліп түсудің орнына, төменнен жер бауырлап келеді. Қос қанатымен тас соға жаздап, ауыр салмақпен салпылдап ұшып, сабаланып келе жатыр. Бұл ұшуда, ол ж-жанбауыр емес, күйі қайтқан көп сабалақ қыранның біріндей. Үш аңының арасында арқан бойындай-ақ жерде әлі қашпай, қия таста бүркіттің тақағанын тосып тұрған ақшулан, енді әлсіреп, жаяулап, тақап қалған бүркітті артына тастап, шәрші өрге қарай иреңдеп, ытқып жөнелді. Бұл уақытқа шейін титықтап, жаяулап келген Қарашолақ, енді түлкіні қуа алмады. Жаңа түлкі қашқан тасқа зорға жетіп, жалп етіп қона кетті. Түлкі құтылып кетті. Тұрғанбайдың Қарашолақтан алғаш опық жегені осы еді. Аттан түсе қала, ери жауып тұрған күпсек қарды қолымен сығымдап, бір кесек құрттай көк соқта жасады. Соны Қарашолақтың көмейіне еріксіз жұтқызып жіберді. Қыранның жемсауынан ұзақ сығымдап, жаңағы көк соқтаны сыртынан мытығандай боп отырып, түгел езіп сіңіртті де Абай мен Ерболға үн қатпай, жөн айтпай, атына мініп алып жүріп кетті. Қолдарында бүркіті жоқ екі қызылшы, Тұрғанбайды өздерінің ашуландырып алғанын үндемей білісіп, кінәларын мойындарына алды. Жортып келе жатқан аңшының артынан қоса сөлектеп келеді.. Бір тұрғыдан Тұрғанбай келіп тағы томаға тартты. Етектегі Баймағамбетке сол қолымен көлбей сілтеп, "алдағы қорым тасты қақ!" деген белгі жасап еді. Бұл жолы арт жағынан тақап қалған Абай мен Ерболға, сол қолын сілкіп, ұрсып тұр.

– Тоқта! Тапжылма! Сөлектеп, алдымды орап, екеуің бір болмайсың. Осы түлкіні алатын бүркіт пе, сен екеуің бе? Немене өңмендеп қоймайсың!? Қал солай! – деді. Абай мен Ербол біріне бірі жымия қарасты да, молдасы ұрысқан шәкірттей, жым болысты. Тұрғанбай бұйырған жерде қыбыр ете алмай, қатып тұрысып қалды. Сәл уақытта тағы да Баймағамбеттің "кеу!" деген жиңішке, қысқа белгісі, тас арасында жаңғыра шықты. Қарашолақ ытқи жөнелді. Бұл жолы ызалы ынтамен, қос қанатын ширақ сермеді. Шапшаң оралып, аз аяда ширақ айналып қос қанатын қыса сермеп, екі- үш дөңгеленіп, биіктеп алды. Енді Тұрғанбайдың алдындағы құздың бауырына қарай, қос қанатты аспанда бір қайшыландырып жіберіп, топшысын үшкірлеп лезде құдия жөнелді. Тұрғанбай үн қатқан жоқ еді. Алда не болғанын көрмесе де, Ербол мен Абай артта тұрып: "Түсті, түсті, түсті!", "не болса да бір жұмыс болды!", "Я, сәт!" десті. Тағы да сабыр тақат таба алмай, Тұрғанбай айдың қасынан аттарын борбайлап, ағызып өтті. Құс түскен тұстан, олар да асыға тебініп, ыра төмен кетіп барады. Бұл жолы Қарашолақ тайқыған жоқ. Абай астындағы құла жирен аттың ері мойнына кетіп, шоқтығынан асып, құларман болған қалпына қарамады. Әлі де етпеттеп, асығып келе жатқанда, дәл көз алдында, оқ бойындай-ақ жерде Қарашолақ, бағана құтылып кеткен ақшуланмен жұлысып жатыр екен. Абай енді бір басса, ермерімен аттың мойнынан асып құлайтындай. Сол кезде қатты шегініп, аттың қыр арқасына жайдақ міне сала, тағы тебініп құс пен түлкінің қасына келді. Аппақ қар үстінде қызыл түлкі, қара бүркіт, құйқылжыған алыс қимылдарымен Абай көзіне ерекше бір, ойда жоқ, оқшау суретті елестетті. Аузында: "Я, Сәт! Бәсе! Сорлы Жанбауыр! Байқұның Қарашолақ!" деген неше түрлі, ойсыз туған, сүйсіну айғай бар. Және сол кезде, мынау көз алдындағы көріністі, лезде көңіліне келген бір көркем суретпен теңейді. Аппақ етті, қызыл жүзді, қара шашты, қаса сұлу шомылып жатқан сәт пе? Абай аузында бір жол өлең орала кеткендей:

«...Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға», –

дейді.

Алды-арты жоқ бір ғана жол өлең, көңіліне толқып келіп, іркіле берді. Бұл жеткен шақта Қарашолақ түлкіні әбден мегдетіп, жұмарлап басып алған еді. Жуынған сұлудың қос шынтағы шашын көтеріп бүлкілдегендей. Арқасын жапқан қалың қара шаштай боп, Қарашолақтың топшылары бүлкілдейді. Бұл түлкіні алып ап, төрт аңшы Қырғыз-шатының Жәнібекке қараған бұталы қара биіктеріне қарай қапталдап шықты. Тұрғанбайдың осы биікте тағы бір томаға тартып, қосқа қарай содан соң оралып қайтпақ ниеті бар сияқты. Атқа мініп, аңға шыққан соң Тұрғанбайдан "қайда барымызды" Абайлар сұрамайтын. Шынға келгенде сұрауға бата алмайтын да. Қарабиікке Тұрғанбай тақай бере, Баймағамбетті етекке қарай, тағы бөліп жіберді. Қағілез, пысық Баймағамбет, Тұрғанбайға Ербол мен Абайдан сонағұрлым артық ұнайды. Ол мыналардан әлдеқайда жырынды, білгір. Тау басына бүркітін алып Тұрғанбай жеткенше, Баймағамбет қорым тасты қағуға кіріспей, бір орында жым-жырт шыдап, Қарашолақтың томағасы тартылғанын тосып тұр екен. Тұрғанбай биікке жетіп, томағаны тартты да, Баймағамбетке қол көтеріп белгі етті. Сонда ғана жырынды қағушы алғаш қозғалған еді. Тұрғанбай Абайға қарап:

– Е, міні, аңға шықса, Баймағамбет шықсын, тілеуің бергір! – деді. Баймағамбет ақырын ілбіп, сай бойын қағып келе жатып, кейбір тоқтаған кезінде ерінің қасын ақырын тықылдатып, қағып қояды. Тау мен сай жым-жырт. Үп еткен жел лебі де жоқ. Дүние демін ішіне тартып, Қарашолақтың тағы бір қимылын тынып күтіп тұрғандай. Тұрғанбай биік жотадан, өзге екі бүркітші кеткен Қырғыз-шатының бас жағына көз тастап еді. Алыс бір жотаның басында, боз атты бүркітші – Шәкенің томаға тартып тұрғанын болжады. Одан арғы бір тұрғыда көрінер-көрінбес боп, кішкентай бір қара боп, Смағұл тұрғыда тұрған сияқты. Осы кезде Баймағамбет тағы да, Қарашолақтың құлағына сіңген өткір жіңішке үнімен, қысқа ғана "қеу!" деп қалды. Қарашолақ тағы кетті. Бұл жолғы ұшуы жаңағыдай емес. Қайтадан таңертеңгі, алғашқы кетісі сияқты. Салқындау қанатпен жай қағынып, сылбыр ұшқандай. Бірақ, түлкі иек асты жақыннан, төменнен қашқан еді. Құс, аттылар үстінде аз көтеріліп, жай қалқи түсті де, ыра төмен құлдап кетті. Дәл осы кезде оң жақта қоңыр биіктен құлдай ұшып, тағы бір бүркіт көрінді. Аяғында балақ бауы бар бөгде бүркіт, қақпақтай қалқып, Баймағамбет алдындағы түлкіге қарай бет түзеп, құлдап келе жатыр. Тау басынддағы аңшылар, сөзбен айтпаса да, "екі бүркіт ұстасып қалады-ау!" деп іштерінен үндемей қауіп илесіп, қатып тұр. Бөгде бүркіт түлкіге Қарашолақтан гөрі ұрымтал жерден шықты. Тура беттеп, мынадан бұрын барып қалды. Енді түлкіге сол бұрын түсетін орай бар еді. Бірақ ол құстың жолы жақын болғанмен, түлкіге ұшуы сондайлық ынталы болмады. Баяу, шабан кетіп барады. Қарашолақ болса, мынау бәсекелі жауын көре сала, ыра төмен, қос қанатты қыса қағып-қағып жіберіп, алғаш ұшқандағы керенаулықты ұмытты. Қатты асығып, ағып барып тас басында тұрған түлкіні бөтен бүркіттің алдынан қағып ілді. Бүріп ала жөнеліп, қалықтаған бойында, алдынан шауып келе жатқан Баймағамбеттің атының алдына әкеліп, жұмарлай түсті. Бөтен бүркіт Қарашолақтың үстіне түсіп жазым қыла ма деп Баймағамбет атынан домалай түсіп үстерінде жайқап жүрген жат бүркітті қамшысымен жасқап жүр. Қарашолақ пен оның бауырындағы түлкісін өзінің бойымен де қорғаштайды. Бұл кезде ыра төмен Тұрғанбай, Абай, Ербол да асыға тебініп келе жатқан. Тау басынан ұсақ қар, ұсақ тасты төгілте домалатып сырғанап келеді. Тұрғанбай, бөгде бүркіт белден асып, құлай берген жерде-ақ:

– О, мынау Қарашегір ғой! – деген-ді.

Абай, Ербол, Баймағамбеттер бұл құстардың мінезін, сырын білмейтін тәжірибесіздіктері бойынша, қатты әбігерде жүр. Олар көңілінше Қарашегір жерде отырған Қарашолақты бүріп тастап, жазым қып кететіндей. Тұрғанбай бұлармен бірге асығады. Бірақ ол мыналар ойлағанды ойлап асықпайды. Білгір құсбегі Қарашегірдің қолбала құс емес, түз құсы екенін жақсы білгендіктен оның бөтен құсқа түспейтініне мейлінше сенеді. Бірақ аңшылық бәсекесі – өзі бәйге. Атақты Қарашегірдің алдынан, қатар жарастырғандай етіп жібергенде, өзі баптаған Қарашолақтың бұрын барып түлкіні тартып алғаны бұны қуанта мақтантады. Және "Қарашегір қайтер екен?" деп соның ендігі ұшу, қону, қабақ-қимылын жақыннан танып көрмек. Соған асығып келеді. Қарашегір Қарашолаққа түскен жоқ. Бірақ аулақ кетіп, тасқа да қонбады. "Тағы түлкі болса" дегендей осы сайды өзі қағып, айнала ұшып жүр. Ол қызғаншақ аңшы – Тұрғанбайдың көреген көзіне:– "Мені де танып ал!" дегендей боп, ұзақ ұшты. Тұрғанбайдың ішін әсіресе қайнатып келе жатқан – Қарашегірдің жат бір өнері. Сай бойына төмендеп бір кетеді де, қайта қайырыла өрлеп ұшқанда қолдағы құс сияқты емес. Анық түздің құсындай қатты екпіндеп, үлкен күшпен, ағындай ұшады. Бұл бірден бүркіт өнері болса, екіншіден жақсы қып баптаған аңшы өнерін де көрсетеді. Құсты шау қылмай, бұлай етіп, ойы-қыры бірдей, қапысыз ұшатын етіп баулу алғаш көрінісінен Тұрғанбайға оңай танылған сол бөлектігі болатын. Арғы өрден жаңағы биіктің басына қанат қақпай, қалқумен шықты. Тұрғанбай соны байқап қалған. Құсқұмар Тұрғанбай биыл жазда Абайға кеп, "осы Қарашегірді иесінен сұрап ал" деп, мәслихат бергенде, оның сол елден ерек өнерін білетін. Қарашегір Тобықты ішіне келгенде, бұл атыраптың барлық аңшысына даңқы жайылған ең ірі құсбегілер қолынан шығып келген. Сыбайлас отырған Тобықты, Керей, Сыбан: "Бұл жүрген қазақта құсбегі кім?"– десе, – "баяғы Жалайыр Шордан соңғы құс сыншысы, бапшысы Керей – Құл" дейтін. Сол Құлдың балалары тірнегінен, түзден түсіріп, қолында он жылдай түлетіп, өсірген құсы Қарашегір еді. Сондықтан да, Абай бұны иесінен көп қолқалаған, бірақ сұрап ала алмаған. Баймағамбет, Ербол, Абай үшеуі Қарашолақтың алған түлкісін, қуанып жүріп, бүркіт тұяғынан ажыратып алды. Ербол Қарашолақты түлкіден айырған бойында, жеңіне қондырып алып, сылап-сипап тұрып:

– Жарайсың, Шолағым! Атақты Қарашегірді де қанжығаға ұрып байладың ба! Тіпті тұяғынан тартып алдың ғой! – деп, қызу қуаныш үстінде қатты мақтанып тұр. Тұрғанбайдың бұл жақта жұмысы жоқ. Екі көзі әлі Қарашегірде еді. Ол мынау топтың үстінен соңғы рет төмендеп кеп, бір жайқап өтті. Содан шәрші өрге қарай екпіндей ұшып, өзі асып келген биіктің дәл иығына шейін, талмай сермеп барып, сондағы серек тастың біреуінің басына қонды. Тек, құс қонғанда ғана одан көзін алған Тұрғанбай:

– Түлкіні алмағаны не керек! Тасқа қонғанда да қырғи, қаршығаша, жеп-жеңіл барып қонды ғой! – деді. Өз қолындағы "Қарашолақтан Қарашегір өнерін асырып кетті" дегенге аузы бармаса да, ішінен соны қатты шаншудай ойлап қалды. Бұл аңшылар түлкісін байлап ап, жаңағы сайды қайта өрлей бергенде, бағанағы Қарашегір келген биіктен, бұларға қарай асып, бес аңшы келеді. Екі топ біріне бірі кездескен жерде Абылғазы, Тұрғанбай амандаспай тұрып:

– Уай, Тұрғанбай, шыныңды айтшы, Қарашегір мынау белден қалай ұшып асты? Сенің түлкіңе ұмтылғандағы ынтасы көңіліңе қалай көрінді? Қарашолақ бұдан бұрын түсіп қойып па еді? Мынау түлкіге қалай ұшты? Соны айтшы! – деді. Мұның қасындағы төртеудің ортадағысы Қарашегірдің иесі – Бөжей баласы Жабай. Ол түлкі тымақ, ақ елтірі ішік киген, паң, кең жүзді, келбетті, сұлу адам, жасы осы Абай, Абылғазылар құрбы болғанмен, ұзынша келген, жайыла біткен сұлу қара сақалы мыналардан оның жасын үлкенірек көрсетеді. Жабай да Тұрғанбайдан:

– Мына Абылғазы қумен егесім боп келеді. Құсыңның үстіне, түлкіңе Қарашегірдің қалай келгенін анықтап, шынын айтып берші! – деді. Бұл топтың тағы бір аңшысы Жиренше екен. Ол Абылғазы мен Жабайдың құсбегілік егесіне битарап кісі сияқты. Аңшылыққа оншалық есі кетіп, құштар болған да түрі жоқ. Анау екеуі Абайлармен амандасуға мұршасы келмей, Тұрғанбайды қоршап жүргенде, Жиренше Абайға тақап кеп, аналарды нұсқап, көзін қысып, ақсия күлді. Ербол мен Абайға жақсы амандасып тұр. Қарашегір Жабайдың қолында екен. Тұрғанбай бұл қыранның түлкіге Қарашолақтан гөрі ұрымтал жерден шығып, бұрын барып басуына жөні болғанын айтты.

– Бірақ, ұшуы керенау болды. Бүгінгі бабында айну бар ма, қалай! Қарашолақ кейін ұшса да бұрын жетіп, қиядан түлкіні іліп әпкетіп, қарсы бетке, Қарашегірдің алдын кес-кестеп өтіп барып қонды! – деді. Өзімшіл аңшы әңгімесін шын бастап, аяғында: "Аналар күйе түссін" дегендей, мақтаныш, өтірік қосып жіберіп еді. Бұнысын Абылғазы түйе қойды да, бетін тыржитып, үнсіз күлді. Абайға қарап ым қақты. Абылғазының көңілі жүйріктігіне сүйсініп кеткен Абай, сықылдап күліп жіберді. Ендігі әңгіме Тұрғанбай мен Жабайда. Қарашегірдің бүгінгі мінезін Жабай әңгіме қып, Тұрғанбайға айтып тұр.

– Жаңа Жәнібекте бір түлкіні алып соғып еді. Соны, қақ қасында тұрған мынау Әділ қоя берген! – деді. Өзінің тоқал шешесінен туған інісі Бөжей бітімдес, үнсіз тұрған Әділді нұсқады.

– Көн етіктің ұртындай, көнтиген ұртыңды ұрайын. Аттан түсе қалып ұмтылудың орнына керенеуланып кергіп тұрып алғаны. Түлкіге түскен тұсы қалың түбір шеңгелді жер еді. Алысып жүргенде қанатына тікен кірді ме деймін. Қарашегірдің қоя бергені! – деп Жабай бүркітінің түлкіден айрылғанын бір жағы Әділден көреді. Және жерді де сылтау етіп тұр. Абылғазымен екеуінің дауы осында екен. Жабайдың жаңағы сөздерін Абылғазы мазақ қыла күледі.

– Айтасың ғой, қапы Қарашегірде емес, шеңгел мен Әділде деп тұрсың ғой. Құсты бабынан жаңылдырған кінә өзімде деп әсте мойындармысың. Айтсам, тілімді алмайсың. "құстың бабы саған – Абылғазы мен Әділ емес, ертеден қара кешке боқтай берсең, көтере беретін" дегенім қайда? Сенің, Бөжейдің баласы, жуандығың Қарашегірге не керек! Қап-сапы жоқ. Құсты бұздың. Ол алмай айнығандықтан қоя берді. Мына Тұрғанбайдың сөзін түйсеңші. Қарашолақтың алдында келе жатып, түлкіге өзі түспей оған тастап кеткені тегін ғой деппең? Өзге-өзгесін неғылайын. Қап, Қарашолақпен алғаш тоғысқан жерде, тайталаста, біздің қостың абыройын айрандай төкті-ау! – деп, тағы күлді. Өзінің егесі бойынша, Жабайды аямай жазалап тұр. Абаймен ата күндес, бәсекесі ішінде жүретін Жабай өз туысының мынадай мінезін намыссыздық, қыршаңқылық көріп, қатты күйіп кетті.

– Оттап тұрғанын, бұралқыланып. Құстың бабын сен білесің, бірақ менен артық білмейсің. Қайдан менен артық білушең? Күнде өзіме билетпей, жағаласам деп бұзса, бұзып жүрген сенсің. Былжырамай, қосыңды ал да, аулақ кетші өзің қасымнан! – деді. Жұрттың бәрі Жабайдың үлкендікке сүйенген артық ашуына тегіс күліп, жауап қайырмай, үнсіз ұғысып қойды. Енді Абай Жабай қасына тақап кеп, бұдан бұрын өзі көрмеген Қарашегірге үңіліп қарады да, Жабайға:

– Томағасын алшы! – деді.

Бірталай қадалып қарап тұрып, қалтасынан жаңа былғары портсигарға салған папиросын алып. Баймағабетке сіреңке тұтаттырып, асықпай тартып тұрды.

– Қарашегір дегені жай ғана шегір екен ғой! – деді. Жаңағы Жабайдың бәсеке күйігін әдейі тырнай түскендей, қыжыртты. Содан Жабайлардың әлі күнге түлкі санын онға жеткізе алмағанын сұрап білді.

– Біздің үш қостың үшеуі толған түлкі терісі. Арқар мен бұғыны Бәшейлер де үйіп тастады. Түлкі таста жүрсе, Қарашолақ қоймайды. Талға кірсе, шырылдатып, қара тазы алып шығады! – деп атын бұрды да, жүре берді. Жабайдың қасындағы қағушы, аңшы жолдасы Бибала болатын. Абай тобы ұзай бергенде, сол:

– Мынау тіпті мақтанып, жотасын көрсетіп кетті-ау! – деп қалды.

Абайлар осы беттен қосқа қайтып, бағанағы арқардың қуырдағын жеуге бейімдеп еді. Тұрғанбай ол ырқына жіберген жоқ.

– Бүгін Қарашегір емес, Қарашолаққа да көңілім көншімей тұр. Осыны тағы бір сынайық. Күн болса – түс қиып барады. Қосқа барып қайта шыққанша, кеш батып кетеді. Жарым күн текке өледі. Қырғызшатына тағы бір оралып, ағып қайтайық. Былай тартыңдар! – деді. Баймағамбетке алдағы бетті нұсқап, "алға түс!" дегендей қолын сілтеп, бұра тартты. Осы бетпен кеткен аңшылар қосқа ымырт жабыла қайтты. Түлкіні ала алмады. Баймағамбет қапысыз айдап әкеп берген түлкіге екі рет жібергенде де, Қарашолақ бейілсіз ұшты. Арлы-берлі орағытып кетіп, түлкіден көз жазып қап отырды. Ұзақ ұшқан бүркіттен інге кіріп, тас үңгірге тығылып, екі түлкі де құтылып кетті. Сонымен, қосқа келерде, бұл аңшылар Қарашолақтың бүгінгі мінезін жұмбақ көріп келді. Бұрын күніне үшті еркін алатын. Тіпті екі рет төрттен алғаны да болып еді. "Бабынан тайды ма, әлсірей бастады ма? Үшеу әлде бұған көп болды ма?"– деседі. Қарашолақтың қанат жүні қопсыңқырап отырған тұнжыраған бейнесіне төрт аңшы кезек-кезек барлай қарап қайтқан-ды. Қарашолақ десе, дегендей. Бұл құс кеудесі бір құшақ болған қалпында, мынадай жүнін қопсытып отырған кезінде көлденеңінен ұзыны, тұрқы қысқа көрініп, үлкен қара тоқпақтай байқалатын. Аңшылар қостарына келсе, Абай қосында қонақ бар екен. Ол Жиренше мен Абылғазы. Бұл екеуінің Жабайдан бөлініп, мұнда келуінде Жиренше ойлап тапқан бір мән бар еді. Бағана Абай тобына кездесіп айрыла кеткенде, Жабай Бибаланың айтып қалған бір сөзінен бе, болмаса өздігінен соған келді ме? Әйтеуір Абайдың мінезіне қорланып, күйік шегіп қалды. Қасындағы жолдастарына қарап тамсанып, басын шайқап, қабақ түйіп:

– Жаңағы маған артықтық айтып кетті-ау! Оның әкесі Құнанбай болса, менің әкем Бөжей. Ол Абай болса, мен Жабай! Сол қалайша қорлайды мені? Қарашегір, сенің бабыңнан көріп тұрмын-ау осыны! – деп, шындап налыс, кейіс айтқан. Жиренше мен Абылғазы Жабайдың бұл сөзін қостаған да, серіпкен де жоқ. Бірақ Жиреншеге құста жүргендегі сөз, мінездің бәрі шын емес, әншейін есепті түйіледі. Ол аз ойланып келе жатып, ақырын сылқылдап күлді де, Абылғазыны қамшымен бүйірден түртіп, Жабайдан кейін іркіп қалды. Енді бір қулық, әзіл, ойнақы мінезге түскен екен. Түлкі мен бүркіт ойнағандай. Айла мен еп ойласа, қолынан Жабай да, Абай да оңай келетін Жиреншеге ол екеуі үлкен қызық аңдай көрінді. Бұл күнде ел ішіндегі тілді, беделді Жиренше, қалың Көтібақ ортасынан шыққан жалғыз шоқысы боп алған-ды. Ол бір Шыңғыс болысы емес, көршілес Көкше, Мамайға да, Керей, Уаққа да билікті жігіт болған. Өзінің абыройы мен атағы, беделі жүрген жерге Абай да бұл жолдасын қоса ілестіріп, бірге беделді етіп жүретін. Сол Жиренше Тобықты арасында кейде ел ішінің дау-шары, алыс-тартысында көпке қырын-сырын сездірмей, нелер ойнақы қиын мінездер жасап қоятын. Мысқылшыл, әзіл күлкісі бірде-бір тыйылмайтын Жиренше түлкімен ойнаған бүркіт тәрізді боп шығады. Қазір сол әдетіне басуға айналды. Абылғазыны оңаша алып, ақырын ғана сыбырға жақын үніменен ақыл-айла айтып келеді. Арасында көзін сығырайта күліп, ат сауырына шалқая керіліп қойып, жас күніндегі қылжақпастығына басады. Айтып келе жатқан ендігі ақылы бөтен.

– Жабайдың жаңағы сөзі өзінің күйігі ғой. Абай бұны табалап кетті. Артықпын деп мақтаныш етіп кетті. Бұ қайтып шыдасын? Ал, сен екеуміз енді Абайдан осының кегін әпереміз. Бұл жалғыз менің қолымнан келмейді. Менің құсбегілігім – сенің молдалығың сықылды. Маған Абай сенбейді. Ол Жабайдай емес, қуырақ. Сен қосылсаң екеуміз Абайды алдаймыз да, Жабайдың кегін әпереміз! – деді. Абылғазы әуелі Абайды өзінің шын жақсы көретін достығы бойынша:

– Қой, өкпелетіп алармыз! Көңілі қалады маған! – деп еді. Жиренше онан сайын күлді.

– Тәйірі құс деген намыс болушы ма еді. Жабай доғалдығымен томырылып келеді. Тым құрса, қыз емес. Нені намыс етіп өкпе қылады дейсің? Біз оны алдағанда құс арқылы алдаймыз! – деді. Абылғазы бұны оңай көре алмады.

– Ойбай! Тұрғанбай алдата ма? Көзің шыққыр, құстың ішегінде қалған қырындыға шейін көреді. Ол өлсе алдата ма? – деп еді. Жиренше оны да бұйым көрген жоқ.

– Ой, ол құсты білгенмен, ақылы жоқ, мінезі жаман неме емес пе? Сен өзің тек маған осының қолындағы Қарашолақ жөніндегі бап пен күтім жайын айтып, ақылыңды беріп отыршы. Тұрғанбайына қосып, Абайды да, бәрін де мойнын астынан келтіріп соққан асаудай, қаңбақтай ұшырайын! – деді. Бүгін Абай қосына қонаққа келіп отырған достарының осындай сыры бар. Жиреншеге қылжақ керек. Ол Қарашолақ қосқа кірісімен, Абылғазыны ақырын түртіп қойып, құсқа қарай ымдаған. Абылғазы: "Қарашолақтың мүсінін көрейінші? Деп құсты қолына қондырып алып, сылап-сынап көп ұстап отырды. Сөйлесе, тек құстың түлегін, сүйек бітімін, тұқым тегін ғана айтады. Тұрғанбайдың ызасына тиетін жайға соқпау керек. Бабы туралы, бүгінгі күйі туралы бір ауыз сөз сөйлеген жоқ. Жайлы, жылы қостың ішіне отты маздатып жаққызып қойып, Абай қонақтарын қағаз шаймен сыйлатты. Шын бейілмен бапты қып күтіп отыр. Абылғазыға "бүркітті тағы көр, тағы көр!" деп, екі-үш рет өзі өтініп ұстатты. Бірақ әр жолында Абылғазы бұның күткенін айтпайды. Құс жайынан ылғи жаңағыдай, бүгінгі аңға керексіз, орағытқан сөзді сөйледі. Біраздан соң Абай Абылғазы досының тартынып отырғанын жақтырмады.

– Тегін айта беріп қайтесің! Одан да бүгінгі бабын айтсаңшы. Осының дәл осы кештегі күйін қалай дейсің? Сенің ойыңша бүгінгі тамағы қалай болу керек? Жемін атап берші, – деп еді. Абылғазы сонда да, ол жағына баспады.

– Е, Тұрғекең біледі ғой! Тұрғекең өзі таныды ғой! – деп ашылмады. Тұрғанбай болса, Абайдың Абылғазыдан құстың жемі жөнін сұрап отырғанын жақтырмады. Орнынан атып тұрып барып, бүгін алған түлкінің жас етінен бір қолды суырып алып, сырт қарап, босағада отырып, жем әзірлеп жатыр. Абылғазы бұған қарсы босағада отыр. "Тұрғекең біледі!" деумен қатар, оның құсқа берейін деп жатқан жеміне қайта-қайта көз тастайды. Тұрғанбай анық қан сорғалаған қызылдың өзін бергелі жатыр. Ол бабы төмендеп, күйі қайта бастаған, еті Ояздаған құсқа берілетін жем. Ендеше, Тұрғанбай "Қарашолақтың еті төмендеді" деп біледі екен. Абылғазы құстың санын, төсін, саңғуырын көп ұстап, бақылап шыққан. Бұл тұстарында қара еттен басқа май жоқ екені рас. Бірақ, Тұрғанбай байқамаған болу керек, Абылғазының салалы, аппақ жұмсақ қолдары құстың қапталынан болымсыз бөлінген майды аса бір сезімталдықпен айырды. Бұны Тұрғанбайдың көндеу болып кеткен қолы қауырсынның түбі деп ойлауға да болушы еді. Абылғазы құсты ұстай отырып, бүгін қалай ұшқанын, Тұрғанбайға жақпағанын білді. Және әсіресе үшінші, төртінші түлкіге кешкі шабыттың өзінде де, ынталы боп ұшпағанын аңғарып алған. Сонымен Абылғазы Жиреншенің ойынына құрық берем. Десе, Қарашолаққа зиян келтірем десе, қазір бар дерегі қолында. Әсіресе Тырғанбайдың құсқа түлкі етін қызылдай бергелі отырғаны дұрыс емес. Қыранын бұрынғыдан да бұза түседі. Осыны құсқа жаны ашып, айтып қала жаздап та отыр. Жиренше Абылғазының барды болжап, білгенін енді әбден түйді. Бұдан әрі Абылғазы ойынды бұзып жібере ме дегендей қып, орнынан тұрып кеп, Абылғазының бүйірін шымшып қойды.

– Бері әпкеші, осы құсты мен көрейін! – деді. Сонымен ол да, Қарашолақты көп сылап отырып, кейін барып, тұғырына қондырды.

– Құс жақсы екен, бірақ дәл күйін таппай жүр екенсіңдер! – деп, нығыз үнмен бір сөз қатып қойды. Тұрғанбай бұған жалт етіп бір қарап, мойнын қайта қырыс бұрып кетті, Абай құсбегісін ыза қылған Жиреншені мазақ етті.

– "Жиренше, Жиренше" дегенге, құстың да тілін білдім деп пе едің? Сен білгенді Тұрғанбай түгіл, өзім де білемін. Шорамсымай артыңды қысып, қонақасыңды же де, жайыңа отыр! – деді. Жиренше қалжаққа мойыған емес, сықылықтап күлді де:

– Е, біз қайдан білейік. Анау орыс кітабында "Тулақтың Қарашолағын Абай солай салсын!" деп жазып қойған болар. Өзің айта беретін Пошкін жазды ма екен? Толстой айтып берді ме екен? Сен білесің! Ал біз қойдық. Жүр, Абылғазы, атты отқа қойғызып келейік! – деп, Абылғазыны иығынан түртіп, тысқа алып шығып кетті. Далада Абылғазыдан құстың бар жайын біліп қайтты. Енді үйге кіргенде, Тұрғанбай жем бергелі жатыр екен. Абай одан:" бүгін не бергелі жатырсың?" деп сұрап еді. Тұрғанбай ақырын ғана, керенау жауап берді.

– "Ойтамақ" деген тамақ берем бүгін! – деді. Онысы бұл аңшылар естімеген сөз болатын. Абай анықтап сұрағанда, түлкінің бір қолын қызылдай беріп жатыр екен. Абай мен Тұрғанбайдың құс қасында отырған әңгіме алаңының тұсында Жиренше Абылғазыға бұрылып, ақырын сыбырлап:

– Ертең бұ құс қайтеді, соны айта қойшы, – деп сұрады. Абылғазы сыбырмен жауап қайырып:

– Ертең бұл түлкіні алып соғады да, қоя береді! – деді.

Жиренше осыдан соң артына екі үлкен жастық қойып, төр алдында шіреніп, шалқалай жатып алды. Ұзын қалың күрең сақалын сәнмен талдап жатыр. Абай мен Тұрғанбай жаққа көзін сығырайта қарайды. Бір мезгіл, "көріп кел" сәуегей балгерше бір-ақ түйіп, кесек байлау айтты.

– "Ойтамақ" берілсін! Бірақ айтқаным келмесе, көрерсің. Ертең бұл құс түлкіні алып соғады да, қоя береді! – деді. Сөйтті де, ас піскенше тынығатын кісі боп, теріс айналып бүктүсіп көзін жұмды. Бірақ жұмарын жұмса да, бір танауынан күле түсіп, көзінің астымен Тұрғанбайды бағуда болатын. Жемді түгел беріп шыға ма, соны бағып жатыр. Тұрғанбай бұнымен жауаптаспаса да, ішінен әбден ұстасып, ызамен ерегісіп алған. Жиреншенің есебі де, Тұрғанбайдың сондай ызақор тырысқақтығын шапқа түртіп, қоздыра түсу болатын. Аңшылар әдетінде болмайтын тұрпайылық жасап, жаңа әдейі мінезсіздік еткені сол, Тұрғанбайды ашумен адастыру есебі болатын. Әйтпесе, жол білетін аңшының барлығы да құсты күнде қолында ұстап жүрген тәжірибелі құсбегіне: "Жемді олай берме, бұнымен адастың!" деген сөзді айтыспайтын. Тұрғанбай Жиреншеге ыза болғандықтан, Абылғазымен ақылдасайын деп отырған жерінен тыйылып қалды. Ерегісті де "ойтамағын" түгел жегізіп қойды. Құс жемсауы шығып, әбден сылқия тойып алған соң, Жиренше қара сеңсең ішігін басына көтеріп, қымтанып алды да, қатарында жатқан Абылғазыны шымшып қойып, үнсіз, ұзақ күліп жатты. Ертеңінде Абайлар аңға шыққанда, Жиренше мен Абылғазы ере шықты. Бұлар кешегідей емес, бүгін көп жүрсе де түлкі оралмады. Тек түс ауа бергенде ғана Бақанастың күнгей жақ бұталы беттерінің бірінде екі қағушы – Баймағамбет пен Жиреншенің жігіті бір түлкіні шаттан айдап шықты. Абылғазының қолындағы Жиреншенің құсы тіленіп талпынса да, Жиренше оны жіберткен жоқ. Кезекті әдейі Қарашолаққа бергізді. Түлкі көрсе тынымы жоқ Қарашолақ, Тұрғанбай қолынан жұтынып-ақ ұшты. Түлкіге екпіндеп барып көңілдегідей-ақ түскен сияқтанып еді. Жиренше, Абылғазы, Абай үшеуі қатар тұрған. Абай қалжыңдап, құстың түлкіге құлшынып кеткен ажарын Жиреншеге нұсқап, көрсетіп тұрып:

– Бәлем, Жиренше, сәуегейлігіңді енді көрермін! – деді.

– Бәсе, көрсек көрерміз! Әлі түлкі қанжығаңда тұрған жоқ. Асығып-аптықпа! – деп, Жиренше құсқа күле қарап тұр. Қарашолақты түлкі бір шоқ талдың түбінде тосып тұр екен. Құс ағындаған бойында түлкіге жарқ етіп, қатты түсті. Тегеуріні, салмағы ауыр тигендіктен түлкі, белі қайысып, сылқ жата кетті. Бірақ бұл алғашқы сәттегі әрекет еді. "Алды, бүктеді" десіп, Абай мен Ербол құсқа қарай шаба жөнелді. Сол уақытта бүркіттің шеңгеліндегі түлкі жан дәрмен жұлқына тыпырлап, бүркітті үстінен аунатып жіберіп, қасындағы тал, бұталарға қарай тырмыса арпалысты. Шеңгел ішіне ұмтылып, тығыла берді. Абайдың соңынан Тұрғанбай, Жиреншелер де ылдилап шауып келе жатқан. Аңшылар тақай берген кезде Қарашолақ шеңгел алдында қияңшы тағыны ұстап қала алмай, қос аяғын шығарып алып, айрылып қала берді. Бүркіт тұяғынан ауырсынып қалған жон-жотасын иреңдетіп, түлкі шеңгелдің ар жағына өтті де, ақырын қашып, сытылып жүре берді. Абай мен Ербол бұл көрініске өкінгеннен сандарын бір-бір салып, аттарын бұрып алып, аңырып тұрып қалды. Жиренше түк сөз айтпай, тек екі көзін қысып, ат үстінде ілгері-кейін құлай түсіп, тамаша сүйсініп күліп тұр. Тұрғанбай өзінің қапысы болғанын әлі мойнына алатын емес. Кешегі Жабай құсап, бұ да шеңгелден болды деп тұр.

– Қарашолақ Жанбауыр Шөгелдің тұқымы. Жанбауырдың тұқымын Уәли төреден артық білетін кім бар еді? Сол айтпап па еді:"Жанбауырдың тұяғынан түлкі кетпейді, бірақ бұталы жерде түспейді!"– деді. Құсбегінің бұл сөзі өзін қанша жұбатқанын кім білсін, бірақ Абай мен Жиреншені иландыра алған жоқ, үйткені, Жиренше бүгін бұларды мықтап жеңіп, табалап тұр. Бұл күн осымен өтті. Түлкі кезікпей, аңшылар жолы болмай ., қосқа кеш қайтты. Енді бүгінгі түннің жемін Тұрғанбай қалай береді. Жиренше мен Абылғазы соны баққан. Абылғазы құстың кешегі қапталынан бөлінген майды бүгін тағы тауып, кешегіден гөрі де айқынырақ білініп тұрғанын айырды. Тұрғанбай болса, бүркіттің бабын екі-үш күнге шейін бір жағына шығарып, анықтамақ болды. Егер еті көтеріңкі болса, осы бетпен жемдесе, екі-үш күннен соң анық айқын болады. Онда бұдан әрі не істеуді, қалай төмендетуді оңай табады. Қазіргі екі аралықтағы дүдамал жаман. Бұнымен бір жұмадай, он күндей созып кетсе, құс тіпті айнып кетуі мүмкін. Сол есеппен, ол бүгін тағы да кешегі ойтамағын беріп жатыр. Абылғазыдан алда не болатынды тағы да сұрап алған Жиренше Тұрғанбай құсты әбден жемдеп болған соң, тағы да кешегідей балгерлігін жасап, болжалын айтты. Бүгін тіпті сенімді айтты.

– Е, ертең Қарашолақ алып та соқпайды, тек түлкіні жайқап өтеді де, кете барады! – деді. Абай бұны боқтап, қалжақ етті.

– Ақ сөйле, құлағына ақмартуың сыбырлап кетті ғой, ақ сөйле! Қырғыз-шатында жын қаққан, жаңа бақсы! Көрермін әуселеңді ертең! – деді. Жиренше тағы да кешегісіндей Абайларға жотасын беріп, бүктүсіп ішігін бүркеніп жата берді.

– Ендеше бұ құс жеті күнге шейін түлкіге түспейді! – деді.

Осының ертеңінде әншейіндегіден ерте аттанған аңшылар қатты егес, бәсекемен шығып еді. Бірақ бүгін де кешегідей күні бойы түлкі кездеспей, кешке жақын ғана көрінді. Көрінгені болмаса, Қарашолаққа түлкі тағы да алғызбады. Жиреншенің айтқаны кешегіден де бетер, дәл келді. Айтқанындай Қарашолақ қатты ұшып, түлкінің үстіне екпіндеп барды да, бірақ жайқап өте шығып, ар жағындағы биік тастың басына барып қонды. Енді күлкі жоқ. Абай мен Тұрғанбай Жиреншеге тіл қата алмай, қатты жеңілді. Жиреншенің іздегені сол еді. Кеш батарда өзінің қағушы жігітін қасына алып, бетін Қазбаладағы өз қосына қарай бұрды да, борт-борт желіп, Абайларға қоштаспай-ақ тартып кетті. Ол Абылғазыны бірге әкетпек еді. Бірақ оның бүгінге шейін Абайларды қылжақ еткен мінезін бұдан әрі қостағысы келмеген Абылғазы, енді Жиреншеге ермей, Абай қасында қалды. Тұрғанбайға:

– Қарашолақты қапыға салдың. Үш күнге өзіме бер, түзеп беремін. Намыс-мамысты не қыласың! – деді. Абай да Тұрғанбайдың жаңылғанын бүгін анық аңғарған еді.

– Мынаның айтқанын істе. Енді қыңырайғанды тоқтат, Тұрғанбай, – деді. Осымен құсты үш-төрт күндей қайта бабына келтірумен жүргенде, Абай аңшыларға ермей, қоста қалып отырды. Жиреншенің бұларды мазақ қып, қалжақ етіп кеткенін анық аңғарған Абай оған кектеніп ызаланған жоқ. Бірақ қатты ойыннан ұтылғанына ұялды. Бұл күндер күн бойы салбуырынға ала шыққан бір қоржын кітаптарын алдына жайып салыпты. Қостың ішіне күні бойы от үзгізбей, жылы жаққызып, арқардың жас етінен майлы қуырдақ қуыртып, оңашада кітап оқумен болды. Осымен үш-төрт күн өткен еді. Бұл күндерде Тұрғанбай мен Абылғазы: "Қарашолақтың бабын қайта таптық. Зар күйіне қайта келтірдік" десе де, қосқа көп түлкі келген жоқ. Үш-төрт күн ішінде екі құспен жүріп, алғандары екі-ақ түлкі болды. Сонымен ендігі бір кеңесте Тұрғанбай мен Абылғазы Абайға: "Бұл өңірден көшейік, бұнда түлкі арылды. Енді көшкен соң ұзақсынбай, тура Машанға көшейік!" деді. Қысқы күнде Бақанас пен Машан арасы күндік жер. Жолсыз, қарлы, қалың адырлармен Машанға жету оңай емес. Бірақ, әлі – әзір қыстың басы. Қар оншалық қалыңдай қойған жоқ. Аңшылар құстардың бабы күшті дейді. Арқар, бұғы ататын Бәшей де болса, "бұл маңнан арқар ауып кетті. Сол, қысқы тұрақты мекені Бұғылы, Машан тауларына кетті" дей беретін. Машан Шыңғыс елінің жері емес. Ол Тобықтының Қаракесек жақтағы шеткі руының бірі жайлайтын қоныс. Абай осы жасына шейін ол тауды аралап көрген де жоқ еді. Қысты күні ел бар ма, аңшы бар ма, кімдер мекен етеді, оларынан да хабарсыз болатын. Тек ол жақты сұрастыра отырып, Тобықтының ойда-қырдағы бар мекенін білетін зерек Абылғазыдан азғантай дерек алған. Машанның кейбір қуыстарында Ескене және Мотыштың бірен-саран ауылдары болады екен. Жолы алыс, елі бөтен, белгісіз сапар Абайды онша қызықтырып, тартпады. Қайта жолдастары осыны айтқалы көңіліне амалсыздықтың бір жадаулығы да келіп еді. Бір ойдан: "Осы жайлаулардың аңы азайса, елге қайтып кетсе нетер еді!" деп қобалжыған-ды. Бірақ онысы мынау өңшең аңшы, қажымас қажырлы жігіттер қасында еріншектік, табансыздық боп көрінуге мүмкін. Сондықтан "бір сапарға неге болса да шыдайын, Машаннан ары аңды тоқтатып, Шыңғыстың сол тұсынан асып түсіп, бөктермен Қыдырды басып, Жидебайдағы ауылға оралармын!" деп ойлады. Абай көнген соң, үш қос ертең ерте жығылып, Бұғылы, Машанға қарай беттейтін болды, Абылғазы Абайдың Машанға жүруін өзі мәслихат еткендіктен, енді Жиренше мен өзінің қосын да солай көшіретін болып, түн ортасынан аттанып кетті. Ерте елең-алаңда Қырғыз-шатынан қос жөнелді. Аңшы, бүркітшінің көбін сол көшке ертіп, көшке басшы етіп Тұрғанбай мен Смағұлды сайлап, Абайлар төте жолмен, төрт кісі бөлек тартты. Бұлар Абайдан басқа, Ербол, Шәке, Баймағамбет болатын. Көштен айрылысарда, Абай мен Смағұл байласқан уәде бойынша, бүгін бұлар Бұғылыға жете қонбайды. Бұғылының бергі деңгейіндегі "Есболаттың Қара-суы" дейтін, Оразбай қонысында түйіспек болған. Түндегі уәде бойынша, бүгін сол жерге Жиренше мен Абылғазының қосы жетіп қонбақшы. "Содан ары ертең Бұғылыны аралап, Машанға еркін жетіп, ерте, түсте барамыз. Күн ашықта жайласамыз. Бүгін жетеміз деп өктемейік. Асықпай, ара қонып-ақ барайық" дескен-ді. Осымен Абай бастаған төрт аңшы Қарғыз-шатынан шығып, Жәнібекті желкелеп, Қазбаладан өтіп, күн түске тақаған кезде Ботақан-ошағынан аса берді. Бұл жолда да қар қалыңдай қоймапты. Жүргіншілер келе жатқан әзіргі жерлер – Абай ауылдарының, ағайындарының жылдағы, жазғы таныс қоныстары. Аттар семіз, күйлі. Тегіс тағаланған, жүріске қажитын емес. Бір қалыпты бұлаң құйрықпен жіті жортып келеді. Тынық күндерде жауған ақша қар әлі сырттың аязы мен қатты желін көрмегендіктен, үлпілдеп, мамықтай боп, күпсек жатыр. Ат аяғына бөгеттігі азғана. Бірақ аттың шашасынан асқан, жолсыздың қары болғандықтан, жолаушылар қатар жүрмей, шұбыра жортып келеді. Жолды бастап келе жатқан Шәке. Ол жас та болса, жүріске берік және салқылығы жоқ, бойы жинақы жігіт. Оның үстіне аңшылықпен бұдан бұрын да екі қыс салбуырында болған, жол көрген, ысылған сияқты. Абай мен Ербол одан жастары үлкен болса да, бұл өңірде қыс жүріп көрмегендіктен, жол бастауды Шәкеге тапсырған. Күн таңертең аз тұмантып, бұлыңғырлау боп басталып еді. Бақанас, Қазбаланың қатпарлы қалың тау, биік белдерінен жол өткен соң, азырақ ашыла түскендей болды, бірақ күн көзі көрінбейді. Күңгірт, сұрғылт қыс аспанында көшпе бұлттар өркеш-өркеш боп, терістікке қарай маңып, ауып барады. Алғашқы шыққанда биік таудың басын шалған, төмен шұбалған тұман қазір жоқ. Соның айыққаны күннің нобайын, кей бұлттың тұсынан ақшыл, сұрғылт сәуледен болжай отыруға сеп болды. Әзір дене тоңазытар, бет шымшыр аяз да жоқ. Тек еміс қана шытқыл бар. Жол бағытын сенімді жігітке тапсырған Абай айналадағы дүниеге жадау көңілмен, салқын қарап келеді. Мынау Ботақан-ошағында бала шағынан талай жазды бастан кешірген неше алуан қуаныш, шаттық, күйініш, кейіс кездері ойына үзік-үзік түсіп өтеді. Сол естегінің бірі әжесі мен өз анасы Ұлжанды аса бір жақсы алғыспен еске алғызды. Ботақан-ошағынан қиыс өте беріп, Абай сонау бір жылдағы үлкен үйдің қонып отырған қонысын көзбенен тапты. Бұны ес кірген азаматтық мінезге ең алғашқы жеткізген бір орын, мекен – осы қар басып, елсіз, суық түйіліп жатқан қоныс еді. Ол Бөжейдің асынан Абай, Ербол қатты қажып, ұйқыдан өлердей талып кеп жығылған сәске болатын. Бұлар оянғанда сол екі бірдей алтын ана Абайға, бала Абайға, өмірінде бірінші рет бас тартқан. Жолына айтып сойған ақсарбастың басын тартып, ең бірінші рет жас ұланын "ер азамат болдың" деп, ғазиз батасын беріп еді. Абай кәрі әжесін қазірде көз алдынан кетіре алмай келеді. Көз жұмып, қолын созса, анасының кішкене, бүріскен саусақтарына тиетін сықылды. Сол саусақтардың үйіріліп айналып, бұны арқасынан қағып, маңдайынан сипап отырғанын сезіп келе жатқандай. Тамақ кебірсіп, көзіне бір түйін жас келе бере, Абай әулиедей анасының әруағына арнап, ақырын күбірлеп құран оқып, бата қылды. Діндар жұрт құранды зиярат басында, дастарқан үстінде, арнаулы сәтте айт сияқты күндерде оқитын болса, Абай өз әжесін осы күнге шейін, осындай бір айқын есіне түсіп, қатты сағынып, жоқтап кеткен кездерінде, осылайша, әр кезде оқып жүретін. Құран оқып, бет сипады. Артында қалып бара жатқан Қазбаланың Қарашоқысына, "қысқы көрінісін есте тұтып кетейін" дегендей боп, айналып ұзақ қарап алып еді. Жаңағы Ботақанда өткен естен кетпес сәске шақ, енді соған тіркес, сол күндердің әсте ұмытылмас, тағы бір жақын шағын еске түсірді. Бұлтты аспан арасынан қуаныш, сәулелі, күлкілі жүзі бар Абайдың жалғыз ғашығы – Тоғжан жүзі туды. Осы Ботақанның анау бір төбесінің басына, Ербол айтып келген, Абайға әкелген, сүйінші хабар бар еді. Сол түннің барып қайтыс сапары. Тоғжанды Жәнібектің тоғайының арасында, ай астында, сағынышпен құштырған сәт, бар тыныс, сыбыр-сыбдырымен Абай жүрегінде түгел оянды. Бұл суретті, сағынышты сағымды еске алумен Абай өзінің қазіргі тірлігін, қайда екенін біржолата ұмытып кеткендей. Ұзақ уақыт ұмытумен мүлгуде. Жүрек қанымен жазылған ғашықтық арман кітабын, көз жұмып, көңілмен оқуға кеткендей. Күрсіне түсіп, Тоғжанды жылаулар жүрекпен жоқтайды. ...Қанша уақыт өткені мәлім емес. Тек жүрегі сағыныш, налыс сазын шерте тыңдап, өзі шертіп, өзі тыңдап келе жатқанда, қатты соққан тірлік әмірі ұйқы-тұйқы бұзып жіберді. Сағынышты жарды құшып жатқан түстен түртіп оятқандай бір хал еді. Абай селт етіп, есін жиып, енді аңғарды. Аты тоқтап тұр, жолдастары иіріліп қоса тұрып қапты. Бұл уақытта қатайып жел шығып, ұшқындап қар жауып, айнала түгел қарлы мұнармен қоршалып апты. Абай күн райы қатты бұзылғанын енді ғана көрді. Жолдастарының іркілуі де сол бораннан екен. Қатаң соққан қыстың желі аттылар айналасындағы аспан мен жерді ұйтқытып, араластырып, ұзақ ызың салып тұр. Ықтай тұра қалып ақылдасқан жүргіншілердің айналасы – ұйтқи соққан ұсақ қар. Абай Шәкеден:

– Жаяу боран ба? Күпсек қарды жел ұйтқытып тұр ма? – деп сұрап еді.

– Білмеймін. Бір алай-түлей! Жауа борап тұр ма деймін. Астымыз да, үстіміз де бірдей ұйтқып тұр! – деді.

– Ал, енді адаспасты ойлайық. Бала, өзіңнің көңілің берік пе? Бетіңнен жаңылған жоқсың ба осы? – деп Ербол Шәкеге ширақ үнмен сөз қатты. Шәке көңілі екі ұдай. Ендігі бетті айналада түк көрінбейтін болған соң, ақылдасып алып, түзеуге тоқтаған екен.

– Борандағы жетекші жел ғой. Есболаттың қарасуын желдің аңғарымен ат маңдайына туралап алмақ едім. Бірақ мынау өңшең өзіміздің таныс қоныстың арасында келе жатып және жаңа бір ойға түсіп кетіп, желдің қай жағымнан шыға қалғанын аңғармай қаппын! – деді. Өзінен естияр болғандықтан, Абай аңғарған шығар деп, соған үміттеніп қарап еді. Абай жолдастарын қайран қылып:

– Желдің өзі қашан шықты? Мен осы тоқтағанда ғана жел барын байқадым! – деді. Ұйқыдан оянған кісідей сөйлейді. Екі көзі көкпеңбек, беті-мұрны қызарған, сағал сары Баймағамбет Абайдың мінезіне күліп жіберді. Бұл төртеуінің ішінде желді алғаш аңғарған сол Баймағамбет екен. Ол:

– Дәл осы желді бетіңе қырын соқтыратын етіп ұстасаң, алғашқы аңғардан адаспаймыз! – деп еді. Шәке бұған иланбады.

– Саған қырыннан соққан көрінсе, маған тура аттың маңдайынан, қарсы алдымнан шыққандай болғанды! – деп екеуі дауласып кетті. Ақырында Шәке Баймағамбетті тоқтатып, Абай мен Ерболға қарап:

– Ал, бір орында ұйлыққанмен ақыл табылмайды. Тұра берсек, қалай барардан да жаңылармыз. Не екеуіңіз бастаңыз. Болмаса маған тапсырсаңыз, Абай аға, мен тәуекел деп, тура осы қатты желге қарсы жүремін! Бірақ, күн суытып барады. Қатты боран бола ма, қайтеді. Желдің өзі де шыға сала, шапшаң қатайып кетті. Енді тымақты баса киіп, қымтанып алыңыздар. Не де болса қатты жортып көрейік! – деді. Абайға өзінен де, өзге жолдастардың екеуінен де, Шәкенің ажары мен қажыры бекемірек көрінді. Соған сүйсініп:

– Ал, қарағым! Ішіміздегі ширағымыз, сергегіміз де өзің болдың. Не де болса, саған ердік, бастай бер! – деді.

– Ендеше тәуекел, міні! – деді де, Шәке қара жал, ақ табан қоңырдың бетін желге қасқайта, қарсы бұрып алды. Тізгінді қысып ұстап, қатты желден ығысып шырайнала берген зор қоңыр атты қамшымен шарт еткізіп, қатты тартып жіберіп, жортып кетті. Бұның артына Абай түсіп еді. Ақтабан қоңырдың сауыры қалың, "төңкерген тегенедей" дейтін кең, сұлу екен. Тымағын көзіне киіп, қоңыр аттың сауырына қадала қарап алды да, ілесе жортты. Тобынан бөлінген төрт жолаушы елсіз жонда, ысқырып соққан алай-түлей ақ боранның құшағына, жіті жортумен кірді де, бата берді. Шәке осы бетпен іркілместен, ұзақ жортты. Алдарынан қатты жел әлі күнге ысқырып шулап, бората соғады. Суық қатайғаннан болса керек,, енді бір шақта аспаннан түскен қар алғашқыдай ұсақ емес, жабысқан үгінді қар емес, жұмарланған ұсақ қатты қиыршық болып жиілеп ұра бастады. Маңдайды желге қарсы тура беріп жүру әсіресе қиындады. Артында желіп келе жатқан аттарға Шәкенің қоңыр аты жалтақтап, ық іздегендей сығылыса береді. Кішкентай тізгін босаса, басын жалт еткізіп бұрып алады. Дәл маңдайына қадалып, шашылған қатты жел қоңыр аттың қалың кекілін кейін шалқытып, дөңес маңдайын ашып алып, тықыр жүнін түбінен жұлғандай болады. Қоңырдың жел өтіне қасқарып жортуы жеңіл емес екенін білген Шәке аты сәл бұлғақтаса, "теріске жалтарып, адастырып кетер" деп ойлады. Әншейінде аса жүрдек, жылпос қоңырды бұрын қамшыламай жүргізетін болса, қазір жиі-жиі шарт-шарт ұрып келеді. Абай өз астындағы құла жиреннің бір тәсілін аңғарды. Ол қоңырдан кейін қалса, маңдайына жел қатты ұратынын сезіп, алдыңғы аттың ығына паналап, бір елі қалмай, лыпып жүріп келеді. Бірақ құла жиреннің жалына, Абайдың да өне бойына алдыңғы аттыдан аса соққан қарлы боран ұйтқып төгіліп, қалыңдай түседі. Азғана уақыт ішінде аттың құлағына шейін, Абайдың селдір сақал мұрты мен кірпігіне шейін қырау басып алды. Соңғы уақытта алдағы қоңыр ат пен жас жігітті қатты қинаған қиыршық боран Абайдың да бетіне шыпылдатып ұрады. Жол еркін Шәке мен өзінің атына беріп, Абай ерінің қасына еңкейіп ап, ықтап жортады. Бірақ, сонда да бар жүргіншіні дала бораны шыдатпай әлсіретіп барады. Абайдың түлкі тымағының екі самайынан қадалып ұрған жел шекесін шаныштыра бастады. Еңкейіп келе жатып, бетін бұрып, ықтап шабайын десе желкелігінен ұрып, мойнына қарды тықпалай береді. Қайта бұрылғанда бетін, мұрнын жалап, аязды боран ығын кетіре бастады. Енді қолымен бетін жиі-жиі уқалап, үсінуден сақтанса, қос қолы қатты тоңып, саусақтарының ұштары шаншып, тізгін мен қамшы ұстауға ебін кетіріп, қарып, мұздатып барады. Сол күйдің үстінде әсіресе екі самайынан тымақ ішін кеулей үрген жел шыдатарлық емес. Ығы кетіп, ер үстінде аз жүрісте оңға, солға да бұрылып, еңкейіп, ат жалына да бүгіле түсіп шапқан Абайдың мазасы қатты кетті. Құр мазасыздық емес, енді беті-қолдың үсіну қаупі бар. Самайдан өткен жел одан да қатер. Тоңу ығын кетіре, күшейген сайын енді Абай етегіне де ие бола алмады. Қайта-қайта қымтаған етегін сәл қозғалса жел ақтармалап, жұлып ашып, қайырып жібереді. Басында өзге жолдастарынан бұрын суыққа сыр бермеспін десе де, енді шыдап болмады. Абай алдындағы Шәкеге белгі етіп, айғай салды. Жүріс тоқталып, барлық аттылар ыққа қарай қоралай тұра қалып, жай білісті. Бір Абай емес, бар жүргіншінің де күйі сол Абай күйіндей екен. Бұлар тоқтап қалғанда, аттары өздігінен шыр айналып, ақ боранға арттарын беріп, қыбыр етпей ықтай-ықтай тұрысып қалған. Үстіндегі жүргіншілер секіре түсісіп, қоса ықтай тұрып, боранның аса суық пішінін сөз қылысты.

– Ойпыр-ай! Қақап кетті ғой! – деп Ербол бастады.

– Тез айықса жарады, болмаса мынау қатер ғой! Бет қаратпай барады ғой! – деп Абай айналаны ақ түтек қып, тығыз қоршап тұрған боранға қарады.

– Айығар! Шыдап көрейік!

– Шыдамағанда, елсіз қу далада жүрмегенмен жан қала ма? – деп Шәке мен Баймағамбет жастық етіп, қайрат беріп сөйлеп тұр. Бұл уақытта төртеуі де іштегі қалталарынан орамалдарын алып, тымақ ішінен, маңдайларын қатты тартып, таңып байлап алысты. Екі беті қып-қызыл боп аязға шынығып алған Шәке, әлі ширақ, берік еді.

– Бетіміз теріс болса, онда адастық. Адасқанда, шырқап адасып кетуге де болады. Ал егер адаспасақ, онда осы жіті жүріспен кеш батқанша Есболат Қарасуын сипалап қаламыз. Боран ықтиярға қоятын емес. Аяңдап бүлкектегенмен бәрібір суық жеңілмейді. Адаспасқа оның себі де жоқ. Аяңдап, маңайды шола жүрем дейтін емес. Енді не де болса, тағы бір ұзақ жортуға белді бекем буып алыңыз, Абай аға! – деп қоңыр аттың айылдарын қатты тартып ап, тағы да ырғып, атына мінді. Абайлар үн қатпастан, бұрынғы қалпынша Шәкенің соңынан ерді. ...Қанша екені белгісіз, ұзақ бір шыдамға тістеніп бекініп алғандай болған жолаушылар көп заман толассыз, тынымсыз қатты жүрістен аумай келеді. Көптен құлаққа беймаза боп ысқыра шулап соққан жел кейде ерекше бір ызамен ышқынып кетіп, екпіндетеді. Күні бойы үзілместен, шу-шу еткен жалғыз үн құлақ талдырғандай. Сарылған суық сазынан жаңылған жоқ. Кейде ақ боран, қатты аяз ұлып та кетеді. Көп бөрінің боранды далада, құтырған дауыл ішінде, баспана іздеп, жас қан іздеп, қосылып ұлығанындай, азан салады. Сондай ұлыған қарлы дауыл астында елсіз меңіреу дала Абайдың өзі туып-өскен сахарасы болса да, қазірде соншалық мейірсіз, қатал, өгей анадай. Кеше ғана балалығы мен жігіттік жастығының жасыл шөбі сарғаймас алтын бесігіндей болса, сол қызықты қан жайлау қазір суық қабыр ызғарындай аяздап, қырауытып тұрған тас табытындай. Осы сәтте, бұл ұзақ бейнетті ауыр шақтарда, дүние деген бір-ақ уыс. Ұйтқыған қарлы боран ішінде тек бір-ақ ауылдың қотанындай ғана. Дүние сонша бүрісіп, алай-түлей ішінде кішірейіп, тарылған, астан-кестенге түскен. Бұл дүниеде аспан деген, жер деген, тау-су деген, өлке-жота деген айырма да, бітім, жаратылыс та жоқ сияқты. Бұның Абай ұққан аты қазақша емес, орысша кітаптардан ұғынған екі сөзге дәл келеді. Бірі – хаос, бірі – стихия. Әлдеқандай кітаптардың айтуында дүние пайда болғанда, ең алғаш осындай алай-түлейден туса керек. Ыстық судың қайнап ойнағанындай. Не тулаған теңізде тау толқынының көбігін аспан атып, шапшып құлағанындай. Сол толқын ішінде ажал жүзін сәт сайын күтіп келе жатқан кісіге де дүние осындай бір-ақ уыс болса керек. Жорту аяқталған жоқ, бұл уақытта тоңу үстіне шаршау да қосылды. Сонымен қатар: "Ойпыр-ау! Айығары бар ма!? Аяқтай ма бұл жүріс? Енді қашан?"– деген күйгелек шыдамсыздық кеудеден жалын шығарады. Бір уақыт жел ақырын бәсеңдей беріп, шұғылынан үзіліп тоқтады. Абай ішінен:"Япырай, тілек қабыл болғандай ма? Жаңағы налыған зар сияқты шолақ тілектің орайы, өтесіні ме?" дегендей боп, лезде үмітке ауысты. Осы уақытта Шәке аттың басын тартып, бәрі де іркіле тоқтап жабырлай сөйлесті.

– Басылды білем! Күн жарықтық бізге болысайын деді ме? – деп тоқтаған Шәке, енді ақылдасып алмақ еді. Бұл уақытта қар жауып тұр, қазір бағанағыдай қиыршықтап жаумай, енді жай, баяу жапырақ қар түсіп тұр еді. Күн тынғанмен, айнала тұман және жауып тұрған қары қалың. Жүргіншілер аяңдап, атқа тыным беріп, өздері де толас алып, ендігі бетті ақылдасып аңғаруға кірісті. Бұл шақта, қыстың қысқа күні батуға таянған еді. Күннің бұлыңғырынан ба, жоқ ымырт таяу ма, әйтеуір айнала боран басылғанмен, болжап болмастай қою сұр мұнар қоршауында тұр. Үмітшіл көздер ойда жоқ жерден қарауытқан қыстау көргендей болады. Немесе жақында шашырап жайылған ірі қара мал сияқты бір нәрселер қарауытып, бадырая қалады. Бірақ осыны әрқайсысы жеке-жеке байқаса да, жолаушылар біріне-бірі анық сенген үнмен айта алмайды.

– Әне біреу не?

– Мынау қарауытқан немене?

– Мына жағымызда бірдеңе қалып бара ма? – десіп, бірін-бірі алаң етісіп, әр жаққа аласұрып келеді. Бұларды кеш мұнары, күн тұманы алдап қана жұбатқандай болады. Елді көксеп, дауылды даладан қажыған көңілдерге адам мекені соншалық ыстық болса да, амал жоқ. Қора-қыстау, мал-жан сияқты боп көрінгеннің бәрі де басқа нәрселер болып шығады. Кейде жақын төбенің аппақ боп аспанмен тұтасып тұрған ұлы бейнесінде қарауытып көрінген болымсыз жақпар тас қора сияқтанады екен. Қалың қар ішінен қылтанақ бойы зорға асып көрінген тал басы, шеңгел, қарағай, тобылғы бастары бұлардың көзін алдайды екен. Жел тынып, бағанағы қатты суық саябырлағанмен айналаны болжай алмаған жүргіншілер көңілге үміт ала алмай келеді. Үйткені әлі күнге жүріп келе жатқан жерлері қай тұс екенін дәлді білген, анық көңілі сенген ешқайсысы жоқ. Шәкенің долбарынша, бұлар қазір Пұшантайдың батыс жағынан кесіп өтіп, Айдарлы-қойтастың оңтүстігінде, жамбас тұсында келе жатқан сияқтанады. Енді мықтап бір жортса, ұзақ сары жоннан асып, Есболат Қарасуының үстінен түспек керек. Шәке осы бетте дұрыс келе жатырмын деп ойлайды. Тек жалғыз күдігі Ботақаннан шыға бере, бұлар бастаған қатты жорту, тура беттегенде, жүргіншілерді Қарасуға әлдеқашан жеткізсе керек еді. Соған күдіктенеді. Бағана ең алғаш желге қарап бет белгілегенде, Шәкемен дауласқан Баймағамбет енді мынау тұста өзінің күдігіне нығая түседі. Әрбір жыра, шұқанақ, немесе өзенсымақ өңірлермен жол жүрген сайын, сол күдігін айтады.

– Жердің қыртысы, Есболат Қарасуының атрабына ұқсамайды. Оның күнгейі мен күншығыс жағында келе жатсақ біз, ақ отты адырмен, тасты төбелермен, я болмаса тегіс сары жотамен жүрсек керек еді. Мынаның бәрі қайта-қайта бұлақ, өзен, өлке боп, шалғынды, томашалы балқаш боп кетті. Осы біз адастық. Ал адассақ қатты теріс кеттік! – дейді. Осындай аз топ екі ұдай болған енжар көңілмен ақырындап келе жатқанда, күн анық батып, ымырт әбден жабылды. Енді белгісіз сапар ықтиярсыз жүргіншілерді түн жолаушысына айналдырды. Күні бойы жортқан аттар азғана толас алсын деп,, жүргіншілер енді бір суаттың басына келіп түсіп, қырау басқан жарау семіз аттарын бірталай уақыт оттатып алды. Аттан зорға түсіп, кез келген орынға жантая құлаған Абай, үнсіз жатып, көзін жұмып, Шәке мен Баймағамбеттің жол жөніндегі дауын ойлады. Бірақ қанша ойласа да, бір ғана ыза аралас қападан басқа еш нәрсе таба алмады. Ақылдасып көріп еді, Ербол да тыңнан еш нәрсе тапқан жоқ. Бірақ әр кезде сабырлы Ербол қазіргі талып, қажудың үстінде де Абайға бір қалжың айтты.

– Сен екеуміз атқа жүруге мықты болушек. Бірақ даңғыл қара жол болса, бетті түзеп қойып, әйтеуір "құдай салды, мен көндім" деген ұзақ сонар, қара жортуылға тәуір едік. Болмаса күздің айсыз қараңғы түнінде адаспай жол тауып көрген өнеріміз жоқ еді-ау, ә! Енді қысқы ақ боранда, жолсызда, шүйкедей жалғыз қосты табатын біз бе? Мен шынға келсем, мынау құдайдың қу даласында сол қосты табу қалың шөптің арасына түсіп кеткен инені табудан оңай деп тұрғаным жоқ. Сенің одан озған өнерің болса, өзің білесің! – деді. Абай өнерім бар деп айта алған жоқ. Үндемей күрсініп қойды. Ерболдың айтқаны мұның да көңілінде, дәл осындай боп ұялаған күдік еді. Осымен жолаушылар тағы да Шәкеге бастатып, атқа мінбек болғанда, бағана тынған жел тағы да қайтадан лезде көтеріліп, зуылдап, шулап, ызың салды. Сол ызың осал белгі емес, үлкен, зәрлі суықтың кәрлі белгісі екен. Жігіттер атқа мініп ап, тағы жортып жөнелгенде, күндізгі ажалдай ақырған қатты боран, алақаншықтап ышқына соғып, қайта құтырды. Суық күндізгіден әлдеқайда қатты еді. Азғана уақыттың ішінде жүргіншілердің ығын кетіріп жіберді. Біразда алды-арты айғайласып, тоқтап тұрып:

– Ойпыр-ай! Енді қайттік!?

– Шын сор енді болмасигеді.

– Бұл түн боранында жүрген жақсы ма, әлде бір жерді паналап жатқан жақсы ма, қайсысын етеміз?

– Жел бетінен адасқан жоқпысыңдар? Енді не ойларың бар? – деп, соңғы сөзді Ербол айтып барып, даурыға тоқтасқан. Шәкенің ақылы жүрісті тоқтату емес, бірақ қатты жүрмей, баяу жүріп, ілгері жылжи беру болды. Үйткені, тоқтаса, ықтайтын қара-жай жоқ. Мынау желді аяз қозғалмай отырған кісіні тоңдырып ұшырып жіберуі мүмкін. Алда не де болса үміт бар. Сондықтан әлі де бірінен бірі қара үзіп қалмай, жылжи беру шарт. Өздігінен ақыл таппас болған жолдастары Шәкенің сөзін ақырын үнмен қостап көнді де, артынан тағы ерді. Тағы да ұзақ сарылған шексіз, баянсыз жүріс болды. Бұл жүріс бәрін де тоңдырумен, шаршатумен қатар, енді ұйқымен де жүдетті. Күні бойы ас іщпеген өзек те талды. Киімдері жылы болғанмен, қатты қажыған дене тоңуға айналды. Абай бойы қалтырап, өне бойы тұтас тоңазығанын, артында келе жатқандарға айғайлап айтты:

– Менің аяғым қатып барады. Ат үстінде аяқ тоңғанды көргенім осы. Сен қалайсың, Баймағамбет? – деп артындағы жас жігітке айғайлап еді. О да тоңғанын айтып:

– Енді бір жерге түсіп тынығып, мызғып көрсек қайтеді? – деп еді. Барлығы да иіріле тоқтап, ақыл қосты. Айнала дүние бұл күнде төрт-ақ аттың басы қосылған аясындай, азғантай. Үй орнындай ғана боп бүрісіп, суық түйілген. Аттылар бастарына анық қысталаң азап төніп, ғаріптікке түскен жүдеу бейнеде.

– Жататын болсақ, бір тастың панасын іздейік! – деп еді Шәке. Жүрістен түңіліп болған Ербол:

– Енді бізге табылайын деп тұрған тас та жоқ. Не де болса құдай деп, аттың бауырына тығылып, осы арада тыным алайық! – деді. Осы сөз байлау еді. Бәрі де аттарынан түсіп, төрт аттың жонын боранға бұрып, солардың қосылған тамағының астына біріне бірі айқасып, жантайысып, үнсіз, жым-жырт жатысып қалды. Бұл шақта суыл қаққан, кейде шырқап, шулаған аяз үні, боранды дауыл үні құлаққа тынымсыз ұрады. Осы аттылардан өшін алмай тынбайтын, соншалық беймаза ың-шың, у-шу долы дүние. Ерболдың тізесіне басын салып жантайған Абай көз жұмғанда, денесі айналып үйірілгендей. Бұларды ат-матымен осы жатқан алақандай қарлы жерімен де түгел үйіріп, құйындағы қаңбақтай шырқ айналдырған сияқты. Жүрек қобалжып, бас айналады. Құлақта ың-шың шыңылдаған, толассыз бір шуыл тұр. Осы күйінде, барлық пен жоқтық арасындай бір халетте, азғантай уақыт жатты да, Абай ойы өшіп, сөніп, жоққа батты. ...Қанша ұйықтағандарын білмейді. Бір мезгілде үстеріне түскен қалың қарды аяқ қолдарымен серпе сілкіп барлығы оянып тұрғанда, әлі қалың түн екен. Төртеуі де бір ауыздан, аса қатты тоңғандарын айтып, секіре тұрысты. Алдымен сөйлеген Ербол еді.

– Өй, жігіттер! Ұйқыдан кісі өлмейді. Мына қызыл шұнақ аязда, ұйқы жау. Есті жи, қайрат қыл! – деді.

– Білмеймін, әсте бүйтіп тоңып көрмесем керек еді. Суық тура етімнен өтіп, сүйегіме жеткендей! – деп, Абай арлы-берлі адымдап, аяғымен тебініп, қозғалақтап жүр. Жас жігіттер де тоңған еді. Бірақ олар тез қимылдап, төрт аттың үстіне ақ жабағыдай түсіп қалған күпсек қарды жеңдерімен, қамшыларымен сыпырып қағып, жылдам айналып, өз бойларын жылыта бастады. Атқа мінісіп алып, жолаушылар тағы тартты. Дәл жөнелерде Абай:

– Әйтеуір адастық. Енді тым құрмаса, жылынып, қауқар жиып алайық, не де болса бір сағаттай қатты жортып жүріңдер! – деді. Долы далада, қатуланған суық жүзді өгей далада, бұлар тағы да ұзақ жортты. Бет пен қол болмаса, жүргіншілердің аяғы, денесі қатты желістен жылынып алған еді. Енді бір азда, жай ғана сызылып, сараң сәулемен зорға дегенде, елең-алаңдап, боранды түннің таңы атты. Жүргіншілер сөзден қалған-ды. Бірақ бәрінің ішінде де таң атумен, "дауыл басылар, боран тынар" деген жалғыз медеу үміт бар-ды. Аттарды аяп, жүрісті ақырын бүлкекке салған Шәке желдің бәсеңдегенін, шуылының азайып, әлсірегенін күтіп еді. Тағы да шексіз ұзақ күтті. Дауылды, меңіреу даланың ұзақ жол үстіндегі өкініш азап күні туды. Мезгіл ұлы сәскеге жетті. Боранды күннің бар жарығы – осы сұр мұнар, бұдан әрі ашылар күн, айығар боран білінбеді. ...Бұл күні тағы да күн ұзын айықпастан боран соқты. Жолаушылар күн бойы бір сағат жүріп, бір сағаттай аттарына тыным беріп, шалдырып отырып, әлі бір белгісіз сай-салаларды, адыр мен жоталарды кезумен келеді. Тоқтаған сайын, бастарын соншалық қатырған жалғыз ғана ойды тегіс ойласады. Бүгін таңертеңнен Шәкенің өзі боп және Абай, Ербол бірге қосылып: "Кешегі Баймағамбеттің сөзі дұрыс еді, жел бізді теріске ап кетті" деген ойға бекіген-ді. Бүгін бір тоқтап, бір жүргенде, желге қарсы жүрген бағытты тастап, сол кешегі Ботақан-ошағында, Баймағамбет "қырын соқты" деген желді естеріне түсірмек болды. Ол айтқан сөз дұрыс болса, бұлар желді бетке алып кеткенде, Есболат Қарасуының оңтүстігіне қарай кеткен болу керек. Ендеше, не Тобықты жайлауының шеті – Үлкен-көксеңгірге тартты. Немесе, тіпті құлан елсіз, оңтүстіктегі Керей жеріне түсіп кетті. Қажыған ой, ашығандай боп талған мый өзіне осыдан әрі тағы да бір үлкен жұмбақ табады. Теріске кеткен болса, кешегідей жүріспен және түнгі жүріспен бұлар қанша жерге кеткен болу керек? Енді Баймағамбет айтқан бағытқа бетті түзегенде, қаншалық ұзақ жүріспен Есболат Қарасуына, не болмаса соның деңгейіндегі Бұғылы, Машан тауларына ілінуге болады? Міне бүгін ашыққан, талыққан жүргіншілердің дамыл алмай ойлайтыны осы. Ендігі сапарды Шәке емес, Баймағамбет бастаған. Түнде тоңған, ауырықсыған бой, кейде жылынса да, іштей бір қалтыраудан күн ұзын босамады. Абай енді бір жылы мекенге жетсе, өзінің ауру халде зорға жететін жайын аңғарғандай. Тағы да күні бойы жортудың аяғы кешке жақын бір толас жасатты. Аттан құлағандай боп, ауыр салмақпен зорға түскен Абай шылбырды Баймағамбетке беріп, кішкене тастың ығына кеп жантайды. Араларында сөз, кеңес жоқ. Әркім өз күйін өз дертіндей оқшау ойлап кеткен сияқты. Абай болса қазір өзін анық аурудай сезеді. Денеде езіліп қалған сал сүйек, еріксіздік бар. Бар бойын жер тартқандай. Тоңу онан сайын бойын ағаштай сірестіріп, қатырып барады. Ішкі жүрек, қолқа да аяздан қалтырағандай ма? Өмірден анықтап күдер үзу сағаты алыс емес сияқты. Бірақ әлденеден жүрегінде сол өлу-өшу халінен үркіп, қорқу жоқ. Қайта, "жетсе жетсін, келсе келсін" дегендей ұсыну бар. Өзінің осы сезімін аңғарумен ілес Абай кеше ғана көңілінен өткен, боран қуып ап кеткен екі бір ыстық, сағыныш шағын соңғы рет еске алды. Бірі – күндей мейірлі, ғазиз анасының тірлігін ойлаған шағы. Екіншісі – өмірде өлім сағатына шейін ұмытылмай, сана-сезім өшерде ең соңғы рет жалт етіп, бірдің өзі боп, көз алдына ай жүзімен күліп келетін Тоғжанын ойлаған шағы еді. Енді сол өлген, өшкен ғазиздері тағы ойға түскені Абай жанымен соңғы рет қоштасқаны болар ма? "Өлім тақау ма" деп ойлаған Абай ұйқы-тынымынан тыйылып, ауыр мұңда жүдеп, күрсініп отыр. Дәл осы шақта қас қарайып бара жатқан кез еді. Абай құлағына бір жалғыз айғай естіліп қалды. Ол елең етті де: "Ойымның шатасқаны болар!" деп үндемеді. Жолдастары бүктүсіп қасында ұйықтап жатыр екен. Аздаң соң жаңағы айғай тағы естілді. Анық адам даусы. Кім де болса, адамзат болса, бұл жолаушылар қазір жылап көріскендей болатын. Соңғы айғаймен ілес Абай орнынан секіріп, атқып тұрғанда, өзін "ауру шығармын" дегенін орынсыз екен деп білді. Тұра сала, қатты қайырып, шырқап, айғай салды. Әлсіреп қалған аттар бұның айғайына қос құлақтарын қайшыланта қадап, бастарын жерден жұлып-жұлып алысқан еді. Ербол мен екі жігіт те оқыс айғайдан үрке шошып, атқып тұрысыпты. Ербол Абай қасына ұмтылып кеп:

– Не болды, Абай? Кімге айғайладың? – деп Абайдың, жүзіне таңдана қарап қапты. "Ұйқысыраған ба" дегендей. Жоқ, Абай жүзі сергек екен. Жолдастарына бұрылып:

– Айғайлаңдар! Жаңа бір кісінің қатты шырқаған үні естілді, айғайлаңдар! – деді. Желдің шуы әлі де түк басылған жоқ екен. Бірақ төртеуі үн қосып тұрып, ұзақ-ұзақ қатты айғайлады. Дәл сол кезде ақ боран ішінен, жел жақтан, бұлардың көз алдына, бұлыңғыр үлкен қара көріне берді. Келер сәтте, аппақ дүниенің ішінен айқындап, бадырайып, қастарына ағыза шауып, бір атты кеп қалды. Зор денелі үсті аппақ қар болған ақ боз атты. Жанында семіз баран жылқы қосары бар. Бұл адам қуана айғайлап:

– Уа, бармысың? Тірімісің, жандарым-ау! – деген сергек сөзіменен жетіп келіп, аттан түсе берді. Келген кісінің үнін алдымен таныған Абай еді. Айғайлап қуанып:

– Абылғазы! Айналайын Абылғазы-ай! Қайдан кеп едің? – деп жүгіріп барып, құшақтай алды. Ол анық Абылғазы еді.

– Қайдан келушем? Сендерді іздеп келем! Я құдай, әмісе жолды қыла көр! Мынау ақ түтектің ішінде сендерді табам деген үміт бар ма еді?! Әйтеуір жан дәрмен, үйде тыным таба алмай шыққан бір далбасалық. Үсігеннен амансыңдар ма? Ұшып қалғандарың жоқ па? Аттарың тың ба? Тез атқа мінеміз. Түн болмай жылынатын жай табайық! – деп бәрін өзі билеп кетті. Шәке мен Баймағамбет қуана жүгірісіп, біраз тыңайып қалған аттарды жетектеп алып келді. Бар жүргінші аттарына тез мініп, Абылғазының артынан еріп, желе жортып, тартып берді. Жүргіншілердің бұл кезде келіп тірелген жері – Машан тауының желке тұсы екен. Алда Абылғазы бастап жортып келеді. Оның қасында, қатарына ілесіп, әңгімелесіп келе жатқан Ербол. Әлі күнге тың, ширақ басып келе жатқан құла жирен атын Абай алдыңғы екеуінің артына тақау бастырып, ілестіріп, қатты бір мең-зеңде келеді. Өзінің ауру-сауын да айыра алмайды. Өне бойы соққы жеген кісідей мылжа-мылжа. Айналадағы дүние де бұған таңғажайып халде. Кейде Абай жүріп келе жатқан сияқты емес. Жолдың екі жағы тау сияқты да, сол таулар, жартастар бұған қарай өздері сырғып, жылжып, қиыс өтіп келе жатқан сияқты. Сондайлық ойды, миды пәңгірткен сүлдер ғана келе жатқан күйде, кейде Абай ұйқы мен ояудың, "барлық пен жоқтықтың" арасына шомғандай. Өзіне өзі қатты таңданады. Сәл уақыт санасы оянса: "Ұйқы мен шаршау жеңді ме? Болмаса аурумын ба?" деп, мұнар ішінде шала бір ойлар ойлайды. Оқта-текте бұған алдында келе жатқан екі аттының үзік-үзік сөздері естіледі.

Абылғазыға жанасалап жүріп келе жатқан Ербол:

– Жаным-ау, қалай таптың бізді? Көріпкелің бар ма? Осындай ақшұнақ боранда адасқан адамды табамын деп, есі бар кісі іздеп шығар ма? – дейді.

– Атама! Мені бүгін кісі демей, осы жонның қасқыры десеңші!

– Қасқыр да боранда іздегенін таппай, кезіккенін алады ғой!

– Мені жан ұшырған шығар. Абайды кешелер Жиреншеге алдатып жүргенде, қиянат қылдым-ау деп, ішімнен сол жаманшылығымның өтесінін бір қайырармын деп ем. Содан кеше түске жақын боран басталарда мен сендердің адасатыныңды білгемін. Ботақан-басында, жел алғаш қатайып басталғанда, сендер әуелі бір үйіліп тұрып қалдыңдар. Сонда мен Шақпақтың-жотасынан биікте тұрып қараларыңды көргемін. Егер сендер адаспасаңдар, жолымыз Жыландының сыртында түйіссе керек еді. Түйіспедік. Соның арты боран болды да, дүниені ақ шымылдықпен жауып алды. Сендердің адасқандарыңды білдім. "Желді аңғармай, Көксеңгірге, Керей жеріне, қу далаға тартып кетті" деп ойладым. Біз болсақ кеше, дер кезінде, Есболат Қарасуына жетіп қондық. Түн бойы айғай салып, атой беріп, белгі де жасадық. Бүгін сол жерде қалуға болмады. Отыны, бұдыры жоқ, қу тақыр екен. Содан қосты көшіріп:"Жетсеңдер Машанға қон, болмаса жолда Бұғылыға түне" дедім де, өзім таң атқалы, күні бойы қос ат алып, сендерді іздеуде болдым.

– Ал сонда қайдан кездестірем деп іздедің?

– Кездестірем деу қиын еді. Тек бір жорамал. Ойлағаным, сендер естен айрылып адассаңдар, онда дауа жоқ. Ал, бір бетпен тартып адассаңдар, онда барып-барып бір шақта ес кіреді де, кешегі желді аңғарып, бетті дұрыс белгілеп, қайта тартасыңдар дедім. Сонда не Бұғылының, не Машанның сыртынан шығу керек деп долбарладым да, күні бойы осы сырттықта арлы-берлі үш рет жортып шықтым. Айғайлағаным, жаңа сол Машан желкесіне соңғы рет іліне бергенде, көз байланып бара жатса да, іздеріңді кестім. Кесе сала, сонымен жортайын деп ем. Боран тақыр жерде ізді көміп тастап отырыпты. Содан шапқылап отырып, беттеріңді аңғарлап, бір шай қайнатым бойы, үзбей айғайлап келе жатыр едім! – деді.

– Сонда өзің адасам деген ой бар ма, жоқ па? Абылғазы, сен тегін адам емессің. Кем қойса, бақсы боларсың. Абылғазы күлген жоқ. Бұл өзінің құмалақшы, болжағыш күшіне; "бабамнан қалған" деп, сенетіні де болатын. Бірақ күздің айсыз қараңғы түнінде, дауылды, жауынды түнде, керек болса жалғыз түп тобылғыны, жалғыз шоғыр қарайғанды таба алатын. Қыста ат құлағы көрінбейтін ақ боран бір жұма үзілмей соқса, сол бір жұма бойында тоқтамастан жол тартып отырып, атқан оқтай жаза баспай, барам деген жеріне ат тұмсығын аумай кеп тіреп дәл шығатын. Бұл қасиетін ол сәуегейлік демейді. Ерболға сырын айтып келеді.

– Менің адаспауым бақсылық емес. Бір соқырдан, аса бір есті қартаң соқыр көршіміз Тоқпайдан оқыған сабағым еді. Сол кісі екі ауылдың арасында, кейде қиын асудан асып, жауын-шашынға да қарамай, жалғыз өзі жүре беретін. Соқыр болғанда саңылауы жоқ, су қараңғының өзі еді. Құданың құдіреті, таныс жер ғана емес, кейде көрмеген жеріне де, қозы көш жерге шейін адаспастан, аумастан тура баратын. "Тоқа-ау, қалай жүресің?" дегенімде, со кісі: "сені бастайтын жол болса, мен бастайтын жел" дейтін. Жел жетектейтіні рас, бірақ, әсіресе, кеудесі жетектейтінде й көрінуші еді. Қара түнді жауында, ақ боранды қыс дауылында, біз де сол соқыр Тоқпаймен тең боламыз. Бірден желге аса қатты ден қою керек. Одан әрі көзім бар демеу керек. Көңілдің көзіне бастату керек. Міні, менің бар сыр-сиқырым осы-ақ! – деді. Ендігі барыста Ербол Абылғазының бұларды қай жерге апаратыны, қандай ниеті барын сұрап еді. Абылғазы барлық топты тосып, біраз иіріп тұрды да:

– Жігіттер! Сендердің суықтан қатты жаураған жайларың бар көрінеді. Өзіміздің қосты іздеп, табайын деп келе жатқаным жоқ. Жаман-жақсы болса да, осы Машанның салаларын қыстайтын Жуантаяқ, Мотыштың бірлі-жарым аулы болатын. Соның біріне жеткізіп, үйі-күйі жаман болса да, жылы қазан аспаның жанында, жан шақыратын жайға жеткізейін деп келем. Қайда, кімнің ауылы бар екенін білмеймін. Осы тұста, дәл осы біз келе жатқан өзекке, соңғы жылдар Мотыштың бір әлді ауылдары да қыстау салды деп еді. Соның біріне кездесеміз бе? Әйтеуір, бүгін түн, жылы жерге жеткізіп, өздеріңе жан шақыртам! – деген. Жолаушылар қатты тоңып, жаураған ажармен, әлсіреген үнменен:

– Баста! Бастай бер!

– Тек дегенің болсын!

– Тек бір баспанаға жеткізсең, арманымыз жоқ. Ендігі жүріске шыдадық! – десіп еріктерін Абылғазының өзіне берген. Осымен тағы да бірқатар уақыт үнсіз желе жортып, қалың қара адыр ішіндегі терең шатты, тоғайлы өзекті құлдап келе жатқанда бұлардың алдынан "шәу" етіп үрген ит даусы естіліп қалды. Жүргіншілердің қуанғаны ала бөтен еді. Арасында біреулері.

– Иә, тәңір, бере гөр!

– Иә, құдай, ақсарбас!

– Қалдық па ажалдан! – десті.

Қар қалың басып алған бір шоғыр қайыңды жүргіншілер орап айналып, кең қойнауға шыға бергенде, алдарынан жаңағы иттер үні көбейіп шықты. Араларында зор үнді, үлкен төбеттердің барпылдап үрген, тау жаңғырықтырған зілі де естілді. Абылғазы атын борбайлап, шаба жортты. Өзгелерден ұзап барып, тасты, тақыр қара тұмсыққа іліне берді де, көлденеңдеп тұра қалды. Абай мен Ербол қатты желіп, қатар келіп, Абылғазының қасына тақай бере, төменде жап-жақын жерде, қызарып тұрған терезенің отын көрді.

– Ел! ел!

– Қайран ауыл! Айналайынның елі! Тіпті әлі жатқан да жоқ! – деп, Ербол Шәке мен Баймағамбетке даурығып хабар етіп жатыр.

– Терезесі көп! Өзі үлкен қыстау, мынау бір ауқатты ауыл ғой! Жолымыз болған екен, жігіттер! – деп Абылғазы да қатты қуана сүйсінді. Бар жүргіншіден өзі бұрын келді. Есік алдына аттан түсе бере, жаяу кісі кіретін жабық есікті дүбірлетіп, асыға қағып тұр. Абай аттан қалай түскенін білмейді. Шылбыры қолынан түсе бергенде, Баймағамбет алып кете берді. Денесі ағаштай боп қатып, сіресіп қалған сияқты. Қозғала алмай, сілейіп тұрған халінде, Шәке тақап кеп, қолынан ұстап, сүйеп қана қозғалтты. Жер дүние, қорасымен, аттарымен Абайдың көз алдында шыр айналып бара жатқандай. Екі құлағы шыңылдап, сөзді де естіртпейді. Тек үзік-үзік аңғарғаны үйден шыққан бір екеумен Абылғазы, Ербол сөйлеседі: "Мотыш! Доғал! Найман!" деген ұғымсыз бір аттар ғана құлағына келеді. Абылғазы алға түсіп, ауыл кісілері соны бастап, ұзын, қараңғы даланмен жолаушылар шұбырып келе жатқанда, түкпірде, қараңғыда, қызыл сәуле беріп, бір кең есік ашылды. Ар жағынан қарсы жүрген бір әйел даусы:

– Отауға кіргіз. Үлкен үй ұйықтап қалды! Отауға кіргізсін дейді! – деген бұйрық білінді. Қараңғы даланда зорға қозғалған Абайды Шәке мен Баймағамбет екі жағынан сүйеп келіп, далан түкпіріндегі кең ауыз үйге кіргізді. Қазан аспасында әлі сөнбеген жалындап жанған от бар. Тыныштықта кешкен жылы мекен, адам жайы, өзінің ыстық лебін атты. Қазанда асылған жылқы етінің исімен, сары қидың ащылау түтін қоңысымен қарсы алды. Ауыз үй болса да кең, таза. Төрінде үлкен қос терезе көрінеді. Сырмақ, алаша, таза төсеніштері де бар. Қонақтарды қазан аспа жанында тұрған қартаң қызметші әйел мен аспазшы еркек тосып тұр. Тыстан бастап келген еркектің біреуі желбегей шапаны бар, жүрісіне қарағанда, жылпос, жас сияқты. Сол жаңағы ауыз үйдің ішіне түгел кіріп болған қонақтарға оң жақтағы төргі үйдің есігін ашты. Ол бөлмеде табалдырығынан бастап, жап-жаңа қызыл-жасыл тақыр алаша төселген. Ар жағы түкті кілем. Манатпен оюланған, әдемі сырмақ та жайылыпты. Кең, жарық, аса бір көрікті жай екен. Алда келе жатқан Абылғазы, Ерболдар бұрын кірді. Олар оң жақта, биік сүйек төсектің жанында тұрған үй иесіне амандасып, төрге қарай өте берді. Енді есіктен аттап Абай кіріп еді. Артынан оны сүйей, Шәке қоса кірген-ді. Абай әуелі оң жақтағы шашақты қызыл шымылдықты көрді. Қалың құс төсек, құс жастық пен кісі бойындай боп жиылған сәнді сүйек төсекті де көз қырымен шолып өтті. Енді үй иесіне көзі түсе бергенде, қатты аңырып:

– Аh! Жаным-ау! Өзі ме? – деп шалқалап, құлай бергендей болды. Төсектің аяқ жағы мен қырлы пештің аралығында бір әйел тұр. Ақшыл көйлекті, қара кемзалды, кимешек шаршылы сұлу келіншек Абайға жан ұшырғандай ұмтыла берді. Арқасында қалың шолпы шылдыр-шылдыр етті.

– Жасаған-ау! Абаймысыз? Құдай-ау, сізді де көретін күн бар ма еді? Бауырым-ау! – деп кеп, Абайды құшақтай алды. Шолпысы қатты сылдырай, шалдырап кеп, Абай құшағында үні өшті. Сол шолпы сылдыры шығысымен көзін жұмып тыңдап, есі ауғандай құп-қу боп Абай тұр. Босағаға сүйеніп қапты. Бұның мойнынан құшақтап, өксіп жылаған келіншектің алдына құлап түскендей. Буыны қалтырап, бар сүлдері кетіп тұр. Келіншекті икемсіз қолымен құшақтайын десе дәрмені жоқ, тек аймалайды. Сөз қатуға тамағын бунаған, жағын қарыстырған бір тас түйін тұншықтырып барады. Төрге жетпей, келіншек құшағынан босамай, сол есік алдына Абай бүгіліп құлай берді. Төрге шығып отыра берген Ербол, Абылғазылар:

– Ұшып, жаурап кеп еді!

– Талықсып, ауырып кеп еді! Есі ауып кетті-ау! – десті. Абайды бар жолдастары боп төрге алып кеп, төсекке сүйеп отырғыза берді. Шәке белін шешіндіріп жатқанда, сырт киімін Баймағамбет тартып шешіп, кеудесін аша берді. Келіншек:

– Иә, құдай-ау, не дейді? Дертпен келіп пе еді? – деп биік төсегінен үлкен кестелі ақ жастықтарды алып, Абайдың артына құлатты. Сыртқы қалың күпіден, күзен ішіктен Абайдың бойын арылтып, ішкі бешпетінің омырауын бұрынғыдан да аша түсті. Қасына құрақ ұшып, отыра қалып, көп білезікті ақ саусағымен Абайдың маңдайын басты. Бір қолымен алдынан, омырауынан құшақтап, аймалап жүр, Абай ақырын ғана көзін ашып, өз омырауындағы келіншектің қолын ұстап, соны көзіне басты. Жып-жылы алақанын аузына әкеліп, үнсіз жабысып сүйгенде, келіншектің жұп-жұмсақ қолының сыртына жігіт көзінен аққан кесек ыстық тамшылар қат-қат түсті. Тіл сөзі емес, жан сөзіндей құпия сыбыр Абай кеудесінен шыққанда:

– Тоғжаным! Арманым жоқ, алдыңда алсын! – деп қана бір тыныс атып, үні өшіп тоқтап қалды. Абайдың қасында отырған Ерболдың Тоғжанды танығаны осы еді.

– Қалқам-ау! Қуатым-ау, не дейді? Тоғжанбысың сен? – деп ұмтылып кеп, Тоғжанмен көрісе берді.

– Мен Ерболың ғой, алтыным! – деп, о да жылағандай босаңсып құшақтады. Абайдың қасында иығы дірілдеп, өңі аппақ боп, екі көзіне жасы мөлдіреп толған Тоғжан Ерболды қатты құшақтап ап, еңіреп жылап жіберді. Бұл – Абайды құшып жылайтын өксігі мен жасы еді. Абайларды тыстан кіргізген екі еркек осы үйде. Олар таңырқап, салқын томсарып тұр еді. Ербол мен Тоғжанның көріскенін көрген жерде көңілдері жай тапқандай болды. Келгендер Тоғжанның бауыры, төркіні екеніне көздері жетіп, тынышталған. Бұл жігіттер – Тоғжанның күйеуі де, қайнысы да емес. Біреуі – сыпайы сызылған, сары мұртты, ақ сұр келген молда екен. Екіншісі – ерніне томпита насыбайын салған, ала көздеу, қою қасты, шоқша сақалды, арықша жігіт. Киімі орта қолды. Осы ауылдың қонақ күтуші ағайындарының бірі – Дүйсен болатын. Ендігі үй ішінде қайта-қайта тіл қатып жатқан сол Дүйсен мен молда. Екеуі біресе күліп, біресе таңырқап:

– Япырм-ай, Тоғжанның бауыры боп шықты ғой!

– Мынау ақ боранда, жеті түнде әлдекім десек, өзіміздің Тоғжанның ағалары болды ғой!

– Тоғжанның ел-жұртын сағынғанын қарасаңшы!

– Ботадай боздады ғой! Қайран алтын бесік, оң жақ десеңші! Іркіп шыдап жүр екен-ау өзі! Не жаны жүрген десеңші! – десіп қылжақ, әзілді де айтысқылары келеді. Алғашқы көрісу, үнсіз жалын, ыстық жаспен басталды. Абай мен Тоғжан содан ары біріне-бірі құр телміріп қарасқаннан басқа, ұзақ уақыт сөз қатыса алмады. Күтуші аспазшы қартаң әйел мен бір келіншек Тоғжанға келіп, ақырын сыбырмен берген бұйрықтарын естіп кетіп жатыр. Екі жігіт жасаулы кең үйдің ортасына топсалы, дөңгелек үстелді әкеп, жазып қойып шамды осы араға орнатты. Саптама етігін тастап, мәсішең отырған Абайдың шынтағында үлкен құс жастықтар. Қымбат қалың драптан тіккізген, ноғайша пішілген, тік иық сұр бешпет Абайдың омырауы ашылып, көлденең созылыңқырап жатқан бойына жарасып тұр. Ақ көйлектің сыртынан киген қара желеткенің төсінде алтын баулы сағат көрінеді. Басында тымақ жоқ. Базар қолды, тікше келген, ұнамды қара катифа тақиясы бар. Абайдың маңдайы жазық, кең. Тымақ астында күн мен желге тимей жүргендіктен, аппақ екен. Бірақ мұрны, бет-аузы аса қатты тотыққан. Жылтырап, ісінгендей, қарауытып тұр. Көзі көп жылаған кісінің көзіндей. Еттері ісініп, қызара жасаурап қалыпты. Қазірде Абай қатты бір дірілмен тыныс алып, өксік атады. Күрсіну мен өксік, көп жылаудың артынан бүлінген іш толқыны сияқты. Бірақ осымен қатар кейде денесі ерекше қатты тоңазып, діріл қақтырады. Біразда беті дуылдап, аса бір қатты қызу бунап кеткендей болады. Көпке шейін Абай өзінің бойындағы осы өзгерісін елемей, тек Тоғжанның жүзіне, мүсініне, әрбір қимыл, қозғалысына көз алмай телміре қараумен болатын. Тоғжан бұрынғысынан да сұлуланып, сүйкімділігі аса түскендей. Жүзі ірілеп, әрі бітімді кесек сұлу кескінге айналып, айқындала түскен. Бұл – толған сұлу. Сондықтан бұрынғы кішілеу келген қырлы мұрны қазір аз көтеріле түсіп, ажарлы жарастықты кескін тапқандай. Көздерінің ақ-қарасы айқындап, бар шарасы да ұялы, салмақты бопты. Ұстамды, салқын сұлу болған Тоғжан. Ой ма, арман мен өмір ме, әйтеуір бірі табын салған. Қазіргі Тоғжан жүзінде, Абайдың қиялынан бірде-бір шақ кетпейтін, елбіреп, толқып, лезде келіп, сәтте қайтып тұратын қызыл арай реңі жоқ. Үй іші бұл уақытта жапырлаған әңгімеде болатын. Абай мен Тоғжан біріне-бірі бар жанымен, ықыласымен беріліп, құлай ұмтылғандықтан, айналадағы жұрттың сөздерін естімейді, ұқпайды. Ербол мен Шәке, кейде Баймағамбет те қосылып, күтуші екі жігітке өздерінің екі күннен бергі сор азабын әр алуан қып, әңгіме етіп жатқан. Аңшылықта жүріп, бұл жақтан кеп шыққан оқыс келістерін де айтқан-ды. Адасқан адамның боранды күнде миы ашып, бағыттан қалай айрылатынын да еселеп-еселеп айтады. Абылғазының бұларды адам айтса нанғысыз зеректікпен тапқанын бір сәтте Тоғжанға да тыңдатып, айтысып шықты. Аздан соң шай келді. Тоғжан баяғы шолпысы сылдырай жүріп, баяғы Абай алғаш көргендегі сыпайы қозғалыстарымен, күтуші келіншекке шай жасатып, өзі үстел қасына отырды. Абайдан бастап жағалатып қою шайды ұсына бастады. Осы кезде басын жастықтан зорға көтерген Абай, екі шекесі қатты шаншып ауырғаннан көзі қарауытып барып, шалқалап кетіп, желкесін биік төсекке сарт еткізіп соғып алды. Бойын әрең жиып маңдайын қолымен басып, төмен қарап, зорға отыр. Дірілдеп, қалтыратқан денесі, кейде, сәтке дуылдаған ыстық отқа шарпылғандай болады. "Шай ішіңіз деген Тоғжан үнін тұман ішінде әрең естігендей боп, бар күшін жиып, бір шыны аяқ шайды ішіп көріп еді. Шайдың ыстық суығын да айыра алмады. Тамсанып көргенде темір татып, аузының дәмі бұзылыпты. Осы шайдың үстінде Абай өзінің анық науқас екенін білді. Бір кеседен артық іше алмай, маңдайын басып, үнсіз сұлық отырып қалды. Бағанадан Абайды бағып отырған Тоғжанның қабағына қатты кейіс ілінді. Үріккендей боп:

– Абай, суықтан ба, сіз сырқатсыз ғой. Қиналып отырсыз ғой! – деді. Ербол да, Абайдың бас көтеріп, Тоғжанға қараған жүзінен, оның анық науқас екенін айырды.

– Жүзің балбырап, екі көзің жасаурап, реңің қатты бұзылып отыр ғой. Суық өтті-ау, Абай саған! Киімді қалың жамылып тымақ киіп, мына ыстық шайдан бір-екі шыны аяқ ішіп, бүркеніп жата қал! – деп, мәслихат берді. Абай сол ақылды алғысы кеп еді. Бұның қабағын байқаған Тоғжан, орнынан жылдам тұрып. Абайдың тымағын басына кигізіп, күпісін иығына жауып, тізесін қымтап, ыстық шайды қайта құйғызды. Бір қасық сары майды өз қолымен салып, алдына қант та қойып еді. Абай бір кесе шайды тағы да зорға ішті.

– Білмеймін, басым алып түсіп барады! Өне бойымда сау тамтық жоқ. Сүйек-сүйегім сынып сырқырайды. Аузымда дәм де жоқ. Ыстығым қатты ма деп тұрмын! – дей, тағы да шекесін басты. Жүрек айнып, қобалжығандықтан, бұдан әрі аузына дәм ала алмады. Тек:"Есім барда, әлім барда айтып қалайын" дегендей, үйде отырған кісілерден жасыра алмай, көпке ұғымсыз, күрсін аралас, бір арман айтады.

– Құдай-ау, бұл не жаза!? Қандай ғазап? Өмірлік жалғыз арман алдында қандай ғазап! – дейді. Өзінің ауруынан ауыр налысын сыбырлап, үзіп-үзіп айтып кетеді. Тоғжан бұл зар тілектің айтылу себебі өзі екенін салған жерден ұқты. Көзінің жасын жұртқа білдірмей үнсіз ғана сығып тастап отырды. Шай жиыла бере, Абай жастыққа құлай түсті. Зорға шыдап отырғанын үй іші жаңа білді. Басындағы тымағы мен күпісін алмастан, соның сыртынан көрпе жауып, қымтаған Тоғжанның қамқор қимылдарына сүйсініп, Абай тіл қатады.

– Жаным! Асылым... Барым – бір өзің! – дейді. Үстіне төніп, қымтап жүрген Тоғжанға ғашығы сыбырлап жатыр. Ас піскенше Абай үнсіз жатты. Ұйқы мен шатасу арасындағы бір шым-шытырық күйден миы талғандай. Кейде ой өшіп, дүние жоққа батқандай.сөніп бір кетеді. Кей уақыт өзін Әйгерім жанында көреді. Бір шақ үш жирен атты пәуескемен Семей көшесінде келе жатқандай бір аңғарып қалады. Бір уақыт қап-қараңғы түнде қолына Қарашолақты қондырып ап, Қырғыз-шатындағы Кіші-әулиенің қия жақпар тасынан меңіреу терең қара үңгірге қарай атпен түсіп келе жатады. Астындағы Құла-жирен сүрініп кетіп, бүркітімен өзі құздан төмен құлап ұшып бара жатқандай көрінеді. Абай селт етіп шошып оянып, басын жұлып алып, айналаны шала танып жастыққа қайта сұлық құлайды. Тағы бір талып барып, көз ілінгендей болғанда, дүние – дүние емес, аспаны, жері тұтасқан бір қызыл, жалқын, теп-тегіс құла түз созылып кетеді. Соның ішінде өзі ұшқан сияқты. Болмаса, ағын, толқын ішінде жүзіп келе жатқан сияқты. Әлденедей перідей, жындай бір әлеметтер елестейді. Адам кескінінен бұзылған, аса құбыжық бейнелі мақлұқтар көрінеді. Ғажайып тұрпатсыздығымен бұны түршіктіргендей болады. "Жолдас болайық, жүрейік, бізге ересің" деп, солар қайда барса да қасына оралып, еліктіре береді. Солармен енді кетіп, өзіне қымбат жағасынан енді үзіліп бара жатса, ұмтылып кеп қолына Тоғжан жабысады. "Тастама, жаным, ала кет мені!" деп, ыстық жүзін Абайдың бетіне басады. Жасыменен бұның жүзін жуғандай болады. Абай сандырақтап, күбірлеп, сөйлеп кетіп:

– Тастамаймын, жаным! Кетпеймін, қасыңда болам! – деп сөйлеп оянып кетеді. Бұның сандырақтағанын аңғарған Ербол, қатты кейіс айтып:

– Япыр-ай! Абай аурып қалды-ау! Қатты қызуы бар ғой. Екі күн, бір түн боран не жанды қойсын! Суыққа ұшып кетті ме? Түзде жүріп, бейнет шегіп қалды-ау! – деп қынжылып отыр. Енді біразда үстіндегі көрпені, күпіні жұлқып тастап, "күйіп барам, өртеп барады, алшы, алшы!"– деп Абай тағы да ұйқысырап оянды. Осындай аласұрумен Абай науқасының басы басталды. Жұрт тамақ ішерде оны мойнынан құшақтап сипап отырып оятқан Тоғжан етінің лаулап, қызып тұрғанын Ерболға білдірді.

– Ыстығы қолымды өртеп барады! Абай-ай! Сонша жылдан көз алдыма бір келгенде, осындай кіріптарлық, ғаріптікте келермісің? Бір сен емес, мен де маңдайымнан соры айрылмаған ғарып екем. "Бір көрсем" деп аңсаушы ем. Көрсеткеніңді қайтейін. Күйікке күйік, арманға арман жамалсын дегенің бе? – деді. Кей сөзін үй ішіне естірте айтады. Кейде жаңағы Абайша сыбырлап, жылап, аурудың құлағына төне отырып айтады. Жылай тербетіп отырып, Абайды өзі оятқан еді. Бірақ ас ішу емес, Абай енді біржолата төсек тартып жататын науқастың, күйінде екен. Ысынған демі алқындыра деміктіріп, екі иығынан зорға алынады. Төр алдына өзге қонақтан бөлек етіп төсек салып, соған Ербол, Шәке, Тоғжан үшеуі шешіндіріп, тұрғызып апарып жатқызарда, буыны қалтыраған Абай аяғын екі-ақ басып барып, құлап қалды. Науқасы шұғыл басталды. Қатты меңдетіп әкеткен ауыр науқас боп басталды.

Абайдың қасына төсек салғызып жатып жатқан Ербол:

– Осы науқас бүгін емес, кешегі өткен түнде басталды. Содан кейін де бір түн, бір күн ақ боранның астында, ат үстінде жүрген соң, не қалсын. Ауырған күйде жүріпті. Мұнда жетісімен қалпақтай түскеннен соны аңғарып тұрмын. Тек ақыры қайырлы болсын. Қатты жығылғаннан жүрегім сескеніп тұр! – деп Ербол Тоғжанға, үй оңашалығында іштегі қаупін білдірді. Өзі қатты талып шаршап келсе де, Ербол Абай жайын бағып, жөнді ұйқы ұйқтамады. Үйдің шамын өшірмей, тек басып қана әлсіретіп шығып кеткен Тоғжан, ата-енесінің үйіне кетсе де, тыным ала алмады. Түн ортасы ауа берген кезде Абай тағы да қатты қызу үстінде, ұйқысырау мен сандырақ арасында уhлеп, тынышсыздана бастап еді. Тоғжан бұның дертті тынысын алыста жатқан орнынан сәтте сезгендей бопты. Есікті ақырын ашып, шолпысын қолымен қысып, сыбдырын білдірмей, Абайдың аяқ жағына жай ғана қозғалып кеп, жүзіне телміре қарап тұр екен. Науқастың ыңқылы күшейіп қиналғандай, қасына жақын жанасып кеп отырып, тағы да Абайдың маңдайына қолын басып, қызуын байқады. Ел жатқаннан бері қарай, Абайдың шатысып, мұнартқан ойында, көз алдында ылғи айықпаған ақ боран ұйтқиды. Дүние айнала аппақ суық, бір ағын сияқты. Қар ма, қоршап орап алам деген ақсуық кебін бе? Өзінде және тоқтау жоқ, тыным жоқ. Үнемі жылжып, сырғып ағып отырған тұтас бір ылай, ылайсаң. Ағызып бара жатып, біресе көтеріп,, аспандатып ұшырғандай. Біресе толқытып кеп, құлата сырғытып әкетіп бара жатқандай, сондай жабысқақ. Денені сыбастырып, суық желімінен жирентіп, баттастырғандай. Абай санасында бұл кейде ақ қар, майда боран болса, біресе оптың ішіндегі ащылы сор, түпсіз терең мидай. Сол кезде өз бойына сіміре тартқанда, жұтып кететіндей. Арашалап алар, құтқарар жан жоқ. Панасыз, әлсіз өзі, қол-аяғы байлаулы жандай, жұтылып бара жатқан сияқты. Қарманып: "Әп кетті, ұста... Құтқар!" деген сияқты болады. Сонда тағы да бұған ұмтылып кеп, пәруәнә боп Тоғжан оралады. Ұшып келгендей. Бірақ енді Тоғжан қолын бермей бөгеліп тұр. "Әніңді айт, маған арнаған әніңді айт!" дейді. Шатасқан ойымен пәле құшағында жұтылып, батып бара жатып, Абай асығады. Тоғжанға деген өз өлеңін, оған қарай аласұрып, айтқысы келеді. Қолын созып, шапшаң айтқысы келеді. Бірақ өлеңі есіне түспейді. "Қайсы еді! Қалай еді!" деп, Абай шатаса сөйлеп оянады. Ояна бере, көз алдында, дәл қасында бұған жабысып, бетіне төніп, бірдеме деп қабағын түйіп, қиналып сөйлеп отырған Тоғжанды көреді. "Тағы да жаңағы шатасқан қалпым екен " деп, сол шатасқан күйіне қайтадан ауысып кетеді. ...Тоғжан бұдан жауап тілеп отырғандай. Айтпаса, одан айрылып, Абай өмірден де қол үзетін сияқты. Қарманып тағы ойлайды. Өлеңі... Тоғжаны қолқа еткен өлеңі есіне түспей, тағы қинайды, "қайда кетті? Жоғалттым, айрылдым сенен " деп аласұрып, тағы сандырақтап, тағы да іздейді. Өзіне өзі "не болды маған?" деп, қынжылып, наразыланып, тағы да даусын шығарады. Соным қайда, саған... Саған еді ғой, таппадым ғой!" деп кетіп, тағы да өлеңін іздейді. Қанша уақыт өткені белгісіз, Тоғжан ұзақ отырған уақытының бәрінде Абай осылай аласұрып, жан дәрмен қарманып, ылғи бірдемесін жоқтап жатыр, іздеп жатыр. Әйел көңілі Абайдың бұл шатасуының өзімен байланысты екенін аңғарады. Жаны ашып бетінен аймалап бір құшып, бауырына басып, азапқа оны қия алмай елжіреп кетеді.

...Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да... –

Аяғын жаңа өзі айтты. Сөнер күн сәлеміндей! Соңғы қызыл арай шұғыласындай, ең соңғы үзілер демімен айтты.

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да!

Тоғжан Абайдың қолын бауырына басып бүктүсіп білегінен сүйіп, жылап жатыр.

– Сәулем! Бұл сенің сөзің емес, менің сөзім ғой. Менің жүрегімді айтқаның ғой. Сорлы тағдыр, тірі кетіргенше, мені сенің алдыңда, сол елде алса нетті. Сол күнде алсаң нетті! – деп ұзақ егілді. Соншалық ауыр құстамен күңіреніп, зар илеп кетті. Абай бір сәт тағы да алқына, қинала аунап, "сусап барам!" дегенде, жылаудан басын көтеріп алған Тоғжан оның не айтқанын аңғара алмай, өксіп отырып аңыра қарап еді. Теріс қарап жатса да сергек жатқан Ербол орнынан атқып барып, Абайға пештің қырында тұрған сусынды әкеп берді. Сусынды азғана ұрттап, таңдай жібітті де, Абай тағы құлап кетті.

– Бұ не боп кетті? Қатты науқасқа айналдым ғой. Беті қалай еді, өне бойымды өртеп барады! – деп күрсінді де, тағы көз жұмды. Ауыр ыңқылдап, енді ыңырана дем алу басталды. Қатты ыңқылдап ыңыранады. Ыстық жел кеудесінен дірілдеп, лықып шығады. Бұл түнді Абай қинау, қызу, ауыр сандырақ күйінде өткізді. Тоғжан мен Ербол да бір сәтке көз іліп, тыным алған жоқ. Тоғжан жаңағы бір қатты шерлендірген зар артынан таң аппақ атқанша, жылау, налудан өз бойын тыя алмай қойды. Тек таң атып, үй іші оянып, анау жақтағы ата-енесі тұрды деген хабар келген уақытта, Абай азғантай ұйқымен көз ілгендей болған соң, зорға тұрып, ақырын басып, шығып кетті. Өзгеден ерте оянған Баймағамбет Тоғжанның жүзі аппақ болып қуарып, қаны қашқан бойында, сүлдері құрып бара жатқанын аңғарды. Саналы сұлудың салмақты, есті келбетінде, жары өлгендей, қаралылық таңба бар. Екі көзі қып-қызыл, қабағы сазарып, ісініп кетіпті. Абай осы ауылда төсек тартып, науқас боп, он күн жатып қалды. Алғашқы бір жұма бойында бұның қиналуы, қысылуы қасындағы жолдастарына, әсіресе Тоғжанға және осы ауылдың барлығына да қатты қауіп ойлатып еді. Ауыл иесі Найман деген қартаң бай болатын. Ол Абайлар кеп түскен жайларын, кім екендерін сырттан біліп еді. Ертеңінде Абайдан басқа жолаушының барлығы Найманның үлкен үйіне барып, ауыл иесіне сәлем беріп, өздерінің жүріс жөндерін жайбағыстап айтқан-ды. Найман бәйбішесімен екеуі отауға кеп, Абайдың көңілін сұрап, "дертке шипа" тілек айтысып шыққан-ды. Бірақ ауыл Абайдың науқасына қайысқанмен, осы күннің түс шағында Тоғжан туралы ұнамсыз сыбыр естіп, келін мінезін сыпсыңдап сөз қып қалды. Түндегі екі жігіт Тоғжан мен Абай арасындағы қас-қабақты жақсыға жорыған жоқ. Олардың келер күн таңертең қайта-қайта сұрасқаны – Абай мен Тоғжанның ағалық, бауырлық туыс жақындығы қандай екенін білу еді. Бұлар алыстан қосылатын аталастар ғана екен. Ендеше, "түндегідей біріне-бірі үйіріліп, оралу – тегін емес" дескен-ді. Найманның қолында еншілесі боп, сіңісіп кеткен қартаң малшысы Садыр Тоғжанның ауыз үйінде жататын. Сол Садыр өткен түнде Тоғжанның таң атқанша Абай қасынан шықпағанын және таңертең қайтқанда көзін жасқа бұлап шыққанын екі жігітке де, Тоғжанның енесіне де жасырмай айтып берген. Осыдан соң Абайды күтуге Тоғжан жіберілмей, бұл отауға Найманның кемпірінің өзі кеп отырған.

– Құнекеңнің баласын өз қолымнан күтемін. Мен де сенің анаңмын, балам, бөтенің емеспін. Жазылғанша басыңа жастық, аузыңа сусын болатын жанашыр ағайынбыз, тек сырқатыңнан жазыл, шипа берсін! – деді. Салқын жүзді, биік бойлы, қара кемпір Абайдың күтушісі боп бір жағынан өзі отырса, қасына көмекші етіп, түндегі молданы алды. Науқас келесі үш күн бойында ұдайы ессіз жатты. Тоғжан болса, оқта-текте аз уақытқа кіріп шықпаса, енді бұнда бөгеле алмайды. Енесі: "сен атаңды күт, үлкен үйде бол, бөгелме, шырағым"– деп ұдайы сырғытып жіберіп отырды. Осы халдің үстіне енді тағы бір-екі күн өткенде, бұл ауылдың жолаушы кеткен мырзасы – Аққозы қайтып келді. Тоғжанның күйеуі осы еді. Аққозы Мотыштың көп семізінің бірі екен. Тобықты ішінде Мотыш бөлек бітімді ру болады. Бұлар шетінен зор, семіз денелі, ақ сары, қой көзді, кесек, келбетті тұқым. Араларында сары мұрт, сары шашты, мөлдіреген көк көзді кәрі-жасы да көп кездеседі. Аққозы дәл осы тегіне тартқан. Ұзын бойлы, сақал-шашы жиренге бейім, сап-сары, көзі мөлдіреген қара көк. Көтеріңкі биік мұрны, дәл ұшында шолақтау боп, таңқия біткен. Басы, жақ маңдайы молынан пішілген, бітімді келген жігіт. Жасы Абай құрбы екен. Ол көп сөйлемейтін, мінезі тұйық, салмақты адам тәрізді. Аққозының келуі Абайдың күтім қалпын өзгерткен жоқ. Бірақ Тоғжанның бұл үйге келуі енді мүлде тыйылғандай. Бір жұма қатты аурудың соңынан Абай салдырап, аса жүдеп, өте әлсіз күйде ес жия бастады. Аз-аздап ұйқы тыныштанып, асқа қарап келеді. Осы кезде Абайдың жолдастарымен біржолата үн қатпай, салқын сызданып алған Аққозының ажары Ербол мен Абылғазыға жақпады. Абай басын көтере салысымен кемпір де Баймағамбетке, Шәкеге:

– Абай тәуір болды. Енді бұнда көп сарылып жатпассыңдар, шырақтарым. Аулың да, елің де алыс емес. Туыс пен жақынды жағалап, қонақтап жүріп кетсеңдер, еліңе барып қаласың ғой. Абайды енді шешесінің қолына апарып, бақтырсаңдар да болады ғой! – деді. Қонақты аттандырғысы келгендей сыр білдірген. Осымен тағы да бір үш күн өткен соң, Абай аттанатын болды. Бұлар жүрерден бір күн бұрын, қалың түн ортасында, Абайдың қасына Тоғжан өзі келіп, оятып алып, түрегеп отырып шолақ қана қоштасу айтты. Оянып ұмтыла тұрған Абай Тоғжанды құшақтап алғанда, ол бойын іркіп, Абайдың құшағынан сусып шықты да:

– Абай! Мен аз ғана тіл қатып, сенімен арыздасып кеткелі келдім! – деді. Абай бұл сөзге өздерін қия алмай, Тоғжанға шұғыл иіліп:

– Сәулешім! Не дейсің? Сен не айтқалы кеп тұрсың? – деп еді.

Тоғжан Абайдың қолын іркіп тоқтатты.

- Тағдыр бізді қоспады. Тым құрса осы жолы сау келсең, уаз кешкен.болар ем. Өміріміздегі бар ұзақ арман, ауыр зар бұл жолы да сені маған ауыртып әкеп, тоқтамын салды. Енді сүйген көңіл қайтары жоқ. Бірақ серігім сабыр болсын дедім. Осы күйде, өзімізге тыйым салған күйде өмір бойы жеткізбеген арман еріп кетсін. Көрге бірге, имандай таза арманым боп кетсін. Асығыңмын, сол асық күйде көзімнің жасын жұтам да кетемін, жаным! – деді. Абай бар ынталы жүрегімен түйсінгендей болды.

– Барды айттың. Өзіңнің де, менің де барымды айттың. Бүйтпесең сен Тоғжан болармең. Бұдан ары қажасам, азғандығым болар еді. Айналдым арызыңнан. Ғашық жанмен айтылған арызыңнан! – деді де, Тоғжанның маңдайынан сүйді. Үнсіз ғана бетін басып, екі қолына маңдайын таяп, сүйеніп, отырып қалды. Тоғжан ақырын ғана жылжып, жүріп кетті. Артында үнсіз, тықырсыз тыныш қана жабылған есік қозғалысы білінді. Абай осы отырғаннан таң атқанша тапжылған жоқ. Көзінен оқта-текте үнсіз ыстық жастар шығып, сорағытып жылып ағады. Кейде өксіп, дем тартқанда екі иіні, кең кеудесі, толқын ұрған талдай дір-дір етеді. Шарасыз дерттің зілдей ауыр мол толқыны, шер толқыны. ...Қыстың қалың ортасы болған шақта, Абай Ақшоқыдағы жаңа қыстауында, үнемі кітап соңында болатын. Аңнан Абай қайтып келгеннен бері Баймағамбет қалаға үш рет барып қоржын толтыра кітап апарып, толтыра ала қайтып, Абайдың ендігі ой азығын жиі-жиі ауыстырумен жүр. Абай Әйгерім үйінде отырып, оңашарақ орында кітапқа алаңсыз үңіледі. Бүгінгі күндерде бұрынғы бір кездей Әйгерім де Абайды алаң етпейді. Аңнан Абайлар қайтқан орайда күйеуінің Тоғжан қолында он күн жатқанын естігелі, Әйгерім Абайға ол жайдан түк сөз қатқан жоқ. Бірақ білмеген кісі сияқты боп, ендігі барлық қызғанышы мен өкпесін мықтап тұрып ішіне жиып алған. Жібіместей ауыр өкпе бунаған Әйгерім, Абайдан қазір қатты салқындап, жырақтап алған сияқты. Салтанат дертінің үстіне жамалған Тоғжан жайы бұның өз көңілінде, Абайды енді бұған анық жат етті. Сырласып ішті ашпаса да, Абай Әйгерімнің қандай оймен қатуланғанын ұққан еді. Бірақ оның тымырсық, тұйықтығын бұ да кешіре алмай, кінә ғып ұстады. Тоғжан жайын Әйгеріммен сырласып, жүрек жарасын ортаға салып, мұңдасқысы келмеді. Бұл қыста Абай сыры үздіксіз қатты тыйымға, тұйықтыққа кетті. Ендігі сырласы, досы, шын ұзақ айнымас серігі – тағы да кітап, кітап қана.

АСУДА

1

Апрельдің бас кезі еді. Қыс ерте шыққандықтан жердің көктеуі биыл қауырт. Мал балалап жатыр. Кешке, енелерімен бірге ауыл маңындағы жақын төбелерге жайылып шыққан қозы-лақ шұбартып жүр. Ақшоқыдағы ауылдың көпшілік үйлері әзір тамда. Қыстау жанына, тықыр көгалда, ерте тігілген – тек Әйгерімнің отауы мен көрші қызметшісі – Бәшей, Злиханың ғана қоңырқай үйі. Күндегі дағдысы бойынша, Абай қасына Баймағамбетті алып, қыстаудың желке жағындағы көк бетегелі, кішкене төбешіктің басында отыр. Бұлардың қасына кешкі жайылысқа шыққан қой-қозыны көздеп жүрген көршілер. Байторы, Байқадам, Дарқан және Кішкене-молда жана келіп отырысқан еді. Бұл көршілер осы көктемнен бері Абай мен Баймағамбет дөң басына шықса, қызық әңгімелер айтысып отыратынын біледі. Үндемей келіп, әңгімелерін тыңдасып отыратын әдеттері бар. Байторы бұрын Құнанбайдың үлкен аулында құяң боп, ауыр жоқшылық шегіп, жүдеулікте күн кешуші еді. Кейін Абай оны өз қасына көшіріп, ауруын емдетіп, адам қатарына қосып алды. Осы сияқты, Бүркітбайдай бұрын шыр бітпеген науқасты кедейді де Абай өз көршісі етіп қасына алған. Мынау отырған Байқадам да, жаңағылардай Құнанбайдың өзге аулынан қайыр көрмей, Абайдың қасына өзі сұранып келіп, жақсы жайғасқан-ды. Баймағамбет те сондай боп, көп інісімен, кедей-кепшік халімен кеп, Абайдың достығын тауып, сонымен қазір ауыр жоқшылықтан біраз құтылған, еңсесі көтерілген.көршінің бірі боп алған-ды. Абайдың өз аулы осылайша көршілеріне дос-жар, көмегі бар ауыл боп алғандай. Осының бір белгісі Абайдың көршілермен әңгімелескіш, татулығынан да байқалатын. Қазірде әңгімені Абай айтып отырған жоқ. Баймағамбет сөйлеп отыр. Мұның ұзақ, қызық бір хикаясы жаңа ғана басталып еді. Абайға қарсы қарап отырып алып Баймағамбет:

– Недерлан деген жұртта, Лейдін деген шаhарда инквизиция деген сот бопты! – деп кірісті. Осы өткен қыс бойында, кітап соңында көп отырған Абай үй ішіне, Ербол мен Баймағамбетке, Кішкене-молдаға және әңгіме тыңдауға жараған балалары: Әбдірахман, Күлбадан, Мағаштарға өзі оқыған кейбір романдарын да қызықты хикая етіп, айтып беріп отыратын. Осыдан оншақты күн бұрын әңгімені үлкен ықыласпен тыңдап, жақсы ұғынатын Баймағамбетке Абай бір қызық роман уақиғасын сөйлеп берген-ді. Ол роман – жаңағы Баймағамбет бастаған Европаның орта ғасырында болған үлкен бір ауыр хикая болатын. Баймағамбет нелер шытырман, қиын уақиғалы әңгімелерді айтуға қызығады. Адамдары көп, олар арасындағы шатасқан қым-қуыт тартысы көп уақиғаларды Абайдың бір айтып бергенінен жақсы ұғынады. Естіп алған әңгімесін сол күндерден бастап-ақ көрші үйлерде әйелдер, малшылар, қонақтар арасында бір мүдірмей, әдемі тілмен қызықты етіп, әңгімелеп отырады. Осы қыс Баймағамбеттің ертекші, әңгімеші деген атағы Ақшоқы, Қорық қана емес, Шыңғыстан Семейге шейін білінді. Баймағамбеттің әңгімесі жаңа басталғанда, бұл екеуінің қастарына келіп отыра берген Кішкене-молда, Байторылар ырза болыс-ты. Үйткені, Абайға оңаша тыңдатып, өзін сынатып отырған шақтарында, Баймағамбет көлденең кісінің ешқайсысына көңіл бөлмейтін. Тың адам келді екен деп, айтып отырған әңгімесінің желісін өзгертпейді. Қайталамайды. Бүгінгі кеште, үлкен көршілерден басқа Баймағамбет пен Абай қасына балалардан да келіп отырғандар болды. Бұл күнде ер жетіп, бозбала боп қалған Ақылбай Қорықтағы Нұрғаным аулына бармай, бүгін осы ауылда Баймағамбет әңгімесін тыңдауға әдейі қонып қап еді. Мұсылманша жақсы оқып алған Әбіш те сол әңгімені тыңдайды. Зейінді, ықыласты шәкірттің бірі боп, ауылдың барлық үлкеніне сүйікті көрінетін қырлы мұрын Мағаш та бүгін осында. Ол Баймағамбеттің әңгімесіне қатты ден қойып тыңдап отыр. Күн ұясына кіріп бара жатыр. Көктемнің кешкі салқыны дөң басында ызғырықтау жел болып, беймазалау білінеді. Бірақ қызық роман тыңдаған топ Баймағамбеттің аузына түгел аңыра қарауда еді. Бұлар байқамай қапты. Қастарына бір салт атты тастақ төбені дүбірлете басып, қатты аяңмен жетіп келгенде ғана, жиын елең етіп көңіл бөлісті. Жолаушы алыс жолдан келген. Астындағы жирен биесін қатты терлетіп жеткен Асылбай екен. Бұл Жидебайдағы үлкен ауылдың көршісі. Қаладан келеді. Отырғандарға сәлем беріп, ел-жұрт, ауыл-аймақ амандығын сұрап алып, қаланың хабарын айтуға көшті. Бөгде жолаушы келген соң, Баймағамбет әңгімесі үзіліп қалып еді. Абай Асылбайдан:

– Қалада не хабар бар? – деп сұрағанда, Асылбай аса бір оқыс хабар айтты.

– Естідіңдер ме, жоқ па? Қаланың ең бір оқшау хабары патша туралы, осы күнгі өзімізді билеп тұрған ақ патша өліпті дейді. Және өлгенде өз ажалы емес, біреу атып өлтіріпті! – деді. Кішкене-молда осы хабарды естумен қатар, ерні жыбырлап, дұға оқып, бет сипады. Не дұғаны оқитынын білмесе де, қартаң Байторы да молдаға еліктеп, бетін сипады.

Абай қатты елең етіп:

– Не дейсің? Бұны кім айтты? Қашан өлтіріпті? – деп қадағалап сұрай бастады. Асылбай жарытып, көп әңгіме айта алған жоқ. Тек, долбарлап айтқаны:

– Өлгеніне айдан асыпты. Айтып жүрген – Семейдің бар қаласы. Өлтірген кісілер де ұсталыпты. Өлген патшаның орнына баласы таққа мініпті. Халықтан ант алып, қойшы, әйтеуір, қала дүңк-дүңк етеді. Ар жағын білгенім жоқ! – деді. Абайдың көңіліне "патша өліпті" деген хабармен бірге, өзінің досы Михайлов келіп еді. Іштей:" бәсе, Евгений Петрович сияқты адамдардың әрекеті осал болмаса керек еді. Қолдарынан үлкен іс келетін, басы нда ми, кеудеде қайрат зор, сондай адамдар үнемі айдалып, сүргін жеп.жүре берумен тоқтамас. Ресейді тітіреткендей бір қимыл ататын жөндері бар еді. Осылай болғаны-ақ!" деп ойлады. Патшаны өлтіргендердің жай адамдар емес екенін, бұл хабардың тегін емес екенін салған жерден аңғарды. Ол өз бетімен осылайша ойланып, үндемей қап еді. Бұл уақытта аңқау қарт Байторы, Дарқан және солардай бос көңіл Кішкене--молда, патшаның өлімін аса қатты сұмдық көріпті. Бұлар неше алуан түрде сұқтанып сөйлеп жатыр.

– Ау, бұл қалай, патшаның әмірімен қарашыны өлтіруші еді. Патшаны да өлтіреді екен-ау!

– Бұны өлтіргеннің жүрегі мүйіз бе? Кімнің қолы батып барды екен?

– Жай қарашы емес шығар сол өлтіргенің! О да патша болмаса да, сондай ірінің бірі болар. Нәнсіген біреу ғой, " сенен мен кем бе " дейтін. Болмаса жай кісіге патшамен ұстаспаса да, өзге алысатын аз ба?

– Кім де болса, көзі жоқ ердің бірі болды! – деседі.

Отырғандар патшаны өлімге қимаған ажар білдірмейді. Тек қалай өлтірді, кім өлтірдіге аса сұқтанып, тамашалайды. Кішкене-молда бұл топқа өзінің ұстаздық басуын айтпақ болды.

– Шариғатта өзіңді, отаныңды билеп тұрған әміршіңді күт дейді. Діні кім болса да – ол патша ағзам. Бұл – хафа болар уақиға. Жаман ғаламат! Адамзаттың хұлқы бұзылған емес пе!? Ешбір заманда патшасын фұқарасы өлтірді дегенді ешбір кітаптан оқып көрмеген едім. Мынау, тахқиқ, ахырзаман нишаны. Ғажайып бұзылған заман ғаламаты болар! – деді. Абай өз ойымен отырып, Кішкене-молда сөзінің аяғын ғана естіді де, күліп жіберіп, орнынан тұрды.

– Кішкене молда! Зор әмір – құдірет бар жерде, зор қиянат та болады. Сіз оның қай сырын біліпсіз? Сол мылтықты атқызған қолды қаншалық ыза, кек, налу билеп атқызғанын бұл жерде отырып болжап бола ма? – деп, ауылға қарай аяңдады.

Жолшыбай келе жатып, Баймағамбетке:

– Бақа, сен ертең Семейге жүресің. Мына хабарды құр естіп қойғанымыз болмас. Менен хат алып қалаға барып, бар хабарды біліп кел! – деді. Айтқанындай ертеңінде Абайдан хат алып, Семейге жүріп кеткен Баймағамбет үш күн жүріп, қайта оралып келді. Баймағамбет Абайдан Михайловқа хат апарған еді. Қоржын толы жаңа кітаптардан басқа Семейдің жандарал кеңсесі шығаратын "Облыстық-мәлімдеме" атты газетті және Михайловтың Абайға жазған хатын берді. Михайлов қысқа жазыпты. Бірақ болған жайды әзірше мәлім болған ресми хабарлар бойынша түгел айтыпты. "Бірінші март күні Петербургте, күндізгі сағат бір мен екінің арасында, өзінің Қысқы-сарайына сейілден қайтып келе жатқан патшаны әдейі тосып жүрген адамдар атқан да, сол күні Қысқы-сарайға келісімен, түс ауа бергенде, патша ауыр жарадан қайтыс болған. Атушының біразы ұсталған дейді. Бұл хабар жалған емес, үйткені барлық Россия халқына, сол бірінші март күні түнде телеграммен мәлім еткен – ішкі іс министрі, генерал адьютант граф Лорис-меликов. Екінші сондай хабарды өзге патшалықтарға, циркуляр хатпен сыртқы істер министрі стац-секретарь Гриц мәлім еткен". Евгений Петрович одан арғы хабарды да айтыпты. Бұнысы – Степной генерал-губернатор жіберген бұйрық бойынша Семей шаhарында болған істер жайы. Семей губернаторы екінші март күні шаhар гарнизонын жинап, барлық кеңселердің қызмет иесі адамдарын жинап, ең әуелі қаза болған патшаға панихида өткіздіріпті. Содан соң барлық солдаттан, лауазым иесі адамдардан бастап, жұрттың барлығына жаңа патшаға, үшінші Александрға адал қызмет ету үшін ант бергізген. Осындай ресми жайларды айтумен қатар, хатының аяғында Евгений Петрович, жасырын жарлық бойынша өзінің қызметтен босатылғанын айтқан. Және Абайға аз әзіл тастап:" міні, Ибрагим Кунанбаевич, дүниеде осындай уақиғалар болып жатыр. Сізге ол жайды тек Баймағамбет арқылы хабарланып қою жеткілікті болар ма екен? Ақшоқыда қанша қызық болса да, шаhарға келіп, мынау жайларды өз құлағыңызбен естіп қайту теріс болмас!" деп қойыпты. Семейдің бірден-бір газеті "Облыстық-мәлімдеме" патшаның өлімі туралы Михайловтың хатынан артық еш нәрсе жаза алмапты. Абайдың хайран болғаны – бұндайда қошеметші құлдар нелер иянаттау, балағаттау сөздерді төксе.керек еді. Әлдекімдердің тұмсығы тасқа тиіп, көзге қамшы тигендей, есі ауып қап тұр ма? Бұншалық сөзге сараң болуы, бір үріккен дағдарысты көрсеткендей ме, қалай? – деп ойлаған-ды. Осының ертеңінде пар атты трашпеңкеге Абай мен Баймағамбет қатар отырып алып, Семейге тартты. Жер кеуіп, жол дегдіген. Бөгет болар шалшық та, батпақ та жоқ. Ыстық пен шаң да ертең көктемде жасарған дүниенің көркін бұзып араласпаған. Жол бойы: тықыр бетеге, жас жауылша, жаңа бүрлеген тобылғы, ерте шыққан қызғалдақ, тықыр жусан. Бәрі де Ақшоқы мен Семей арасындағы қырат жоталарды, ұзақ өлкелерді, бұлақ, бастауы, көлшіктерді түгел жағалап, көк торғынмен қоршаған. Жолаушылардың алдынан жұмсақ қана қоңыр салқын соғады. Баймағамбет әр жүрісте шапшаң болатын. Ол аяң мен бүлкек дегенді білмейді. Қыстан жем жеп шыққан пар құланы осындай жүрістер болса деп, өзі суытып, жаратып жүретін. Қазір сол қара жал қос құла тершіместен ұзақ жортады. Жүргіншілерді қажытпай, көңілдендіріп жүреді. Көк жайқын, ал күрең бетеге арасында тыпырлай тықыр салып, жол үстінің қиыршық тасты, қызғылт керішіне ширақ басады. Бүгінгі ұзақ жол бойында, Абайдың қасында қатар отырып, атты ұзын бишікпен үйіре айдап қойып Баймағамбет бірнеше күн бұрын айтылмай қалған "Черный-век-марта" романын хикая етіп, сөйлеп келеді. Бұл романның шытырман уақиғасы, патшалық дінінен өз діні басқа болған аса бір ғазиз асыл жігіт Дик жайында. Соның діндесі таза жүрек, өр көкірек, алып батыр – Қызыл-сақал жайында. Инквизиция сотының аса бір аяр тыңшы жас осы, әйелден шыққан қатал хиянаткер Черный-век турасында. Оның өмір бойғы бәсекелі тайталас дұшпаны әйелден шыққан қайсар, айлакер Марта турасында. Черный-векке жауыққан Марта – Дикті құтқаратын көмекшінің бірі болады. Дик пен Қызыл-сақалды қуғынға ұшыратып, соңына түскен. Лейдін шаhарының қанды қол, қатал соты бар. Соқыр ғұламалар, жауыз сопылар билеген – инквизиция соты. Бұл әңгімеде, азаматтық үлкен саналы қасиет те бар. Құдай атын ауызға алып отырып, күніне талай жанның қанын төгіп, тозақ азабын тудырып отырған зор дін басы, рақымсыздар бар. Толқынсыз су жүзіне жарқырап, күліп түскен ай сәулесіндей, аппақ кіршіксіз, жас жүрек махаббаты, арманы да бар. Қараңғы терең зындан түбіндей, аянышты білмес, әділетті танымас, қиянат кеуделі Черный-век бар. Баймағамбет осыларды әңгіме еткенде, қазір соның бәрінің талабынан, ішкі сырларынан жоғары тұрып, әділ сыншысы боп, әңгіме етеді. Әрқайсысын өзінің орын дәрежесіне оқымыс, тәрбие, біліміне қарай өз тілімен сөйлетеді. Шытырман уақиғалы, жүз түйіннен түйілген қиын әңгіме. Сол қызық романның кітапқа жазылған құрылысын Баймағамбет бұзбастан, жаңылмастан, жайлап өргізеді. Осындай романдарды айтуға ауысқаннан бері Баймағамбет бұрын өзі айтып жүрген Мың-бір-түнді , қазақ ертегілерін, парсының "Қырық-тотысын", түркінің "Бақтажырын" бұрын өткен сабағы деп біледі. Қазір, соңғы жылда, оларды айтқыш емес. Оқымысты әңгімеші боп, тыңдаушыға: "Естісең мынаны есті! Баймағамбетті қадірлей білсең, осымен қадірле!" дегендей болатын. Шығыс пен қазақ ертегілерінен ол бұл күнде тек Рүстемді, Жәмшитті, Шәркен, Үш-соқырды, Сейітбатталды және қазақтағы Еділ-жайық, Жұпар-қорығы, Ертөстікті ғана айтады. Олар Баймағамбеттің сұрыпталған, зейініне жазылған аумас, ұмытылмас кітабындай. Әрқайсысын кешкі отырыстан ет піскенше, содан кейін ұзақ таңда көп отырып, тағы ішетін шайға дейін айтып барып, бес-алты сағат әңгімелеп бітіретін. Ертекші Баймағамбеттің жаңағы іріктеп алған әңгімелеріне Абай мен екеуі қосқан Европа романдары, орыс романдары бар. Соның қадірлі бірі Баймағамбет айтуында "Петр-великий " аталады. Сохатый, Дубровскийлер жүреді. Ақ жұрттан барып жабайылар өлкесін жайлаған "Валентин-луй" немесе "Чистое-сердце" айтылады. Және "Ягуар-медленец, "Ақсақ-француз", содан міне "Черный-век-марта" боп көбейіп келе жатқан. Баймағамбет өзі орысша оқымаған, мұсылманша оқуы да жоқ. Бірақ Абайдың оқыған қызық кітабының бәрі бұған тегіс айтылады. Осындай көп кітаппен танысу Баймағамбеттің мінезіне, пішін-құбылысына әсер еткен. Белгілі мінездерде, өзін ұстауда ол жай қазақ сияқты емес. Абайдың байқауынша ол, бойына көп жұғын жұқтырғандай. Өз ортасынан өзгерек боп қалыптанған оқымысты, хат танымайтын оқымысты, бір алуан, бөлек жан боп барады. Бұл кезде қалыңдап, жайылып, шығып келе жатқан сары сақалы, үлкен өткір көк көзі, түксиген қабақтары және имектеу келген, кесек мұрны – бәрі де Баймағамбетті Абайдың өзіне де, кейде, өзге қазақтың бәрінен өзгеше көрсетеді. Қазірде Абайға Баймағамбет қазақ жігіті сияқты емес, өзге бір тұқымнан келген серік дос сияқтанады. Қызыл-сақалдың Дикті құтқарудағы жан аямас от қайратын айтқанда, Абай Баймағамбетке аң-таң болып, сүйсініп қарайды. Достық үшін жан беретін тұтас бітімділік, кесек адамгершілік Қызыл-сақалда бар екені рас болса, Абайға кей сәттерде, сондайлық тауанды достық осы Баймағамбеттің өзінен де табылатын сияқты көрінеді. Абай Баймағамбетке сүйсініп, таңданып қарауын қоя алмайды. Тобықтының, Ырғызбайдың бүгінгі ортасына мынау Баймағамбет бұрын бітпеген адам. Абай арқылы жеткен көп кітап оны, анық басқаша, жаңа адам етіп тәрбиелеген. Баймағамбет аса тура мінезді. Басы кетсе де шынын жаңылып, жалған айтуды білмейді. Және Абай үшін ең қадірлі бір мінезі – еш уақытта Баймағамбет адам мен адам арасына сөз тасып, біреуге біреуді ренжітерлік сыбыс айтып көрген емес. Сырға беріктігі Абайдың ең жақын інісі мен жарынан да мықты. Биыл қыста Әйгерім бұл туралы бір сын айтып еді.

– Бақаңның Абай сырын жасырғыштығы сонша – "Мағашқа бүгін таңертең Абай не деді?" деп сұрасам:" е, мен қайдан білейін, өзінен сұра" деп, соны да айтпайды. Абайдың сөзін шетке шығармаймын деп қымтанғаны сонша – тіпті " баласы туралы әке сөзін шешеге жеткізсем де қиянат болар " деп ойлайды деген. Кісі мінезіне көңілі жүйрік Әйгерім өзінше оқшау сын жасаған. Қазір Абайдың есіне Әйгерімнің Баймағамбет туралы айтқан басқа бір сөзі де түсіп келеді.

– Бақаң сіз арқылы орыстар жайын көп естіп, көңілге көп тоқып алған. Тіпті осы күнде өзі де орыс мінезді боп барады. Қазақша қалтарысыңды білмейді. Тисін, күйсін – турасынан бір-ақ тартады. Және тегі жақсы орыс, адал көңіл, таза орыс осылай болса керек! – деген-ді. Қазір Абай, Баймағамбеттің осындай өзгеше қалыптанып келе жатқан жайын ойлаумен қатар, іштей бір нәрсеге өзінше ырзалық етті. Онысы орыс кітабынан өзі алып жүрген тәрбие жөнінде ең алғаш желілеп, жия ойлаған ойы тәрізді. ...Баймағамбет екеуміз құр оқып қана, әңгімелеп қана жүргеміз жоқ. Аңдасам, бақсам, тәрбиеленіп те келеді екеміз-ау! Бірақ менен көрі Баймағамбет жасырақ та, бір біткей бітімді, шыншыл ма екен!? Сондықтан бұдан кітап ізі айқынырақ көрінуге мүмкін бе! Ендеше Баймағамбетте менің қазіргі қалпымның жартылаған тұлғасы тұрған жоқ па? Бір есептен бұл менің айнам, ел ортасында жүріп өзгеріп келе жатқан адамдығымның айнасы болар!.. Деп топшылады Абай. Бірақ ол бұл ойын жолдасына ренішті бола ма деп, айтпай, іркіп қалды. Оның орайына Баймағамбет әңгімесін күн бойы ұзақ жол үстінде көп айтқызып келе жатты. Ол әңгімесін бітірген соң бұрынғы дағды бойынша, уақиға ішіндегі Дик, Қызыл-сақалдардың кейбір сырлы, нәрлі сөздерін Абай өңдеп, көріктей түсіп, қайта айтып берді. Бұлар жол бойы Күшікбайда түс ауа ат шалдырды. Сонда жол азықтарынан өздері де тамақтанып алып, күні бойы толассыз жүрген. Осы күні ел жатар кезде кешігіп жүрген жолаушылар Тінібек қақпасын кеп қағып еді. Дәл осы қақпаның түбіне жеткенше Баймағамбет романдары бірінен соң бірі айтылып, аяқталмай созыла кеп, еріксіз тоқтаған-ды. Бұл жолы Михайлов пен Абайдың кездесулері бұрынғы уақыттардан жиілеп, әңгімелері де әр кезде ұзақ-ұзақ болыс-ты. Евгений Петрович Абайды көптен керек еткен досындай қуанып қарсы алған. Өзі соңғы айларда, патша өлгелі қызметтен шығарылып, бос жүрген. Екеуінің кездесуі күндіз-түні талғаусыз, еркін болды. Хатқа жазбаған көп жаңалықты Михайлов Абайға алғашқы кездескенде-ақ айтқан еді. Апрельдің бас кезі болғандықтан Питерде болған зор уақиғаның арты қандай халдерге соғып жатқанын Михайлов естіп, біліп отыр екен. Патшаны өлтіруші ерлер тобының қандай ортадан шыққанын айтты. Өз қайраттарымен Россияның тағын тітіреткен және халық жолында өздерінің жас өмірлерін құрбан еткен бес ұлы азамат жөнінде үшінші апрельде болған үкімді айтты. Сол күні Петербургте Семеновский плацда дарға асылған Желябов туралы және орыс қызынан шыққан қаhарманы Софья Перовская туралы әзірше естіген хабарын білдірді. Патша өкіметінің бірінші март уақиғасынан қатты қорқып отырған ажарын да Михайлов сезген екен. Төртінші март күні патша сарайынан жарияланған депешада, бұрын патшалықтың аузына түспейтін, жаңа сарын барын әзіл етіп айтты. Сол қағазда "шаруашылық, әлеуметтік, халықтық қамдарды ойламасқа болмайды" деген сөздер жазылыпты. Михайлов осы мәлімдемені Абайға оқып отырып:

– Бұның ішінде "социальный" деген бір де болса бұрын ауызға алынбайтын сөз бар. Патша өлген күннің ертеңінде ұлық қағазының ішіне бұның кіріп отырғаны Россиядағы тақтың босаң күйін көрсетеді. Революция бірталай қалтыратып, қорқытқанға ұқсайды! – деп, біраз әзіл мысқылмен күле сөйлеп еді. Абай бар хабарды ерекше ынтамен, қызығумен сұрайтын. Бұрын Михайловпен кездесіп жүргенде, бұндай жайлардан тереңдеген әңгіме болмаушы еді. Патшаның өліміне шейін жеткен зор қимыл, Абайға: "Революция жолындағы орыс қауымының қуаты мен жігері, ызасы мен талабы – соншалық ерен, зор" дегізген. Осы қатарда Михайловтың өзі де енді Абайға бөлек туыс, ерек бітімді жан болып, аса қадірлі бола түскен. Өзінің ынтыға сұраған сөздерінің кейбірі аңқау жанның сұраулары болғанына қарамай, Абай Михайловтан ойына келгенінің бәрін білгісі келеді.

– Патшалықтың қорыққаны рас болса, айдауда, қинауда жүрген, Евгений Петрович, өзіңіз сияқты көп азаматқа жеңілдік қайда? Сізді Семей ұлығы да енді басқаша білу керек қой! Оның орнына, губернатор сізді кеңсесінен де шығарып отыр. Бұл қалай? – деді. Михайлов Абайдың сұрағанына күліп қана, екі алақанын жайып, жауап бермей қалды. Тек біраз отырып барып:

– Ибрагим Кунанбаевич! Қауым тартысы бұндай өріске жеткен соң, оның ішінде толып жатқан сырлар, шатасқан түйіндер болады! – деп, біраз жымиып отырды. Біраз сөзбен Абайдың соңғы сұрағына жауап берді.

– Мен мұнда қызметке өзге чиновниктермен тең правода түскен кісі емеспін ғой. Айдалған кісі есебінде әрдайым полицияның надзоры астындағы кісі болатұғым. Қызметке алғанда, қалап алған кісісі емеспін. Амалсыздан алынғанмын. Сіздің облысыңыз оқыған білікті адамға бай облыс емес қой. Бұндағы жандарал Петрбордан статистика комитетін ашуға бұйрық алған. Ал статистика, санақ деген не? Ол ғылым жолымен істелетін іс болғанда, қалай бастап, қалай ретке қойылу керек. Қысқасы, біздің орыс тілімен айтқанда, "ол аңды немен қосып, қалайша жеуді" білетін бұл шаhардың чиновнигі жоқ болатын. Менің студент боп, білім зерттеп жүрген кезімде осы салаға да көп көңіл бөлгенім, шұғылданып көргенім бар еді. Бұл шаhарда ол тың істі бастап кететін сенімді кісі шықпаған соң, мені амалсыздан сондай бір әкімшілігі аз, еңбегі көп іске шақырған еді. Тек жүрмес үшін, мен соны алған едім. Ал менің бір дертім бар, Ибрагим Кунанбаевич, ол менің өскен ортамның маған сіңірген, еккен ұрығы болу керек. Тұрмыстың, шаруаның, ғылымның қай жағына ықтиярлы, ықтиярсыз көңіл аударып, беріле бастасам, соны қадағалап, тереңдеп ұққым келеді. Мен сол санақ комитетін іске бастыру жөнінде қызығып істей бастап ем. Сіздің облыстың шаруа санын, қуатын, халықтар санын, көп сырларын дәл деректер жиып, ғылым жолымен тани бастап едім. Бүгін мынау хал туды да бұрыннан сенімсіз Михайловты шетке қақты. Бірақ мен қазір сыртта болсам да, осында бастаған ісімді тастамаспын. Сіздің халқыңыз мекен еткен өлке туралы, бәлки мен де бір керекке жарарлық еңбек етермін! – деген. Бұл сөзді осымен доғарып, аздан соң алғашқы әңгімеге, өзіне ең қымбатты, ыстық әңгімеге ауысты. Кейін бір нәрсені есіне алып, сүйсінгендей, жайнап кетті.

– Мен революционердің ішіндегі үлкені емеспін. Мені көктей орды. Жастай алып кетті. Университеттің үшінші курсында жүрген жиырма-ақ жастағы жаңа революционерде қаншалық зор қайрат болсын. Мен сияқтылармен патша өкіметі көп есептеспейді. Ал, міні оның орайына, бір нәрсеге соңғы күндерде шын сүйсініп отырмын. Біздің бәріміздің ой тәрбияда басшымыз бар. Анау патшаны өлтірген бізде бөлек өжет топтың да, бәріміздің де басшымыз бар. Ол Чернышевский болатын. Рас, революционердің бәрі де бірыңғай емес. Бірақ, неше алуан болсақ та осы он бес-жиырма жыл бұрын қалыптанған қауымшыл жас буынның бәрі сол Чернышевскийден оқыған еді. Бүгіндер Сібірдің ең алыс шетінде Якутский-крайда, Вилюйск деген құдай қарғаған жерде айдау күнін ада қып жүрген сол Чернышевскийді қазір патша өлтірілген соң, айдауынан қайырыпты деп естіп отырмын. Сіз жақсы сәтте келдіңіз. Мен Чернышевскийдің Россияға, Астраханьға қайтарылғаны туралы бүгін ғана хат алып, отыр едім. Рас, мен сияқты көпшілік бұл күндер жеңілдік алмайды. Қайта қинау мен қысым бұрынғыдан аса түсетіні даусыз. Бірақ мынаны не дейсіз? Россиядағы азат ойдың ең үлкен жаршысы дәл осы қысым күндерде аз да болса, кеңшілік алып отыр. Патшалықтың тағы, Рысаков бомбасының үнінен қорыққан сырын дәл осы жерден танытып отыр! – деді.

Абай Михайлов үшін үміттенгендей:

– Евгений Петрович! Егер басшыға, алдыңғы адамға сондай жеңілдік етсе, онда бірсін-бірсін сол жеңілдік бәлки, сіздерге де жетпес пе екен? – деп еді. Михайлов бұл жөнде үлкен тәжрибелі, сыншы көңілмен басқаша қарайды екен.

– Мен тек Чернышевскийдің өзі үшін ғана қуанамын. Болмаса, бұл шын кеңшілік емес. Халықшыл ой, Россияның көп қауымына жайылған ой. Соны біліп отырған патшалықтың уақытша жасап отырған бір тәсілі ғана. Бұны шыны деп білмеңіз, қыры деңіз. Ол – жұртпенен шырға тастап, алдасып ойнау, ойнау ғана! – деді. Осы бір әңгіме тұсында Чернышевский жөнінде Абайды тағы да таңырқатып, ол туралы бұның түсінігіне тың көрінген бір жайды баян етті. Абай патшаны өлтірушілердің түп басшысы, қарсылық ойдың түп иесі болған Чернышевский деп ойлаушы еді. Қазір Михайлов: "Патшаны өлтіру ісіне Чернышевскийдің қатынасы жоқ, – деді.

Абай бұл жөнінде қадағалай сұрады:

– Оның қолма-қол қатынасы болмаса да, ойы мен сөзі себепші болмады ма? – деген еді. Михайлов бұл жөнде кең түсінік айтты.

– Мәселенің үлкені сол – патшаны өлтіру ісіне Чернышевскийдің сіз айтқан ойы да, сөзі де қатынасқан жоқ. Ол қатынаспайды да. Бұны істеп отырғандар Чернышевский бастаған революциялық ойды өнімді түрде, кең түсінген топ емес. Өзінше, қыңыр, шолақ түсінген топ. Бұлар ісіне Чернышевскийдің ниет-бағыты қосылмайды! – деді. Жеке адамды өлтіру патшаны өлтіру болса да, Чернышевский жолы емес екенін ұғындырды. Бір патшаны өлтіргенмен, орнына екінші патша отырады. Патшалық тәртіпті жоятын алыстың жолы бұл емес. Чернышевский ұғындыруынша, патшалыққа қарсы күреске қалың бұқара, қара шаруа, миллиондаған халық қатысу керек. Орыстың қара шаруасына арнап, Чернышевский шығарған прокламация жайын да Михайлов аз мәлім етті. "Құл, крестьяндарға олардың достарынан сәлем" деп үгіт таратыпты. Сонда Чернышевский крестьянды патшалық құрылысына қарсы қолға балта алып алысуға үгіттеген. Крестьян басына құлдықты орнатып отырған Ресейдің ақсүйек алпауыттары. Патша 1861 жылы бостандық бердім деп алдады. Өйткені патша халықтың патшасы емес, алпауыттар патшасы. Солардың ғана қамын ойлайды. Қалың ел, қара халық, сені ол алдады" депті. Чернышевский прокламациясын Михайлов студент күнінде жаттап алып еді. Сондағы ойына сіңген талай сөздерін айтты. "Ол сіздерді алдады, азғыруға тырысты. Оның өзі алпауыт емей, кім еді? Сіздер алпауыттардың құлысыз. Ал, алпауыттар патшаның малайлары. Патшаның өзі де соларға сүйеніп отырған үлкен алпауыттың дәл өзі. Сондықтан патша, әрине, алпауыттар жағын ұстайды " депті. Тағы бір жерінде " анық еркіндік болатын болса, бар істің басында халық отырсын. Ал, толып жатқан әкімдер халыққа бағынсын. Мұжықты ешкім қорлауға бата алмайтын болсын " деп үгіттейді екен. Алпауыттар мен патшалық тәртібіне қарсы қайраулы қара балтаны ашумен сілтесе ғана, көптің көзі ашылатынын айтқан екен. Ол болмаса, мынадай төрт адам, бес адам боп, бір жерде патшаны, бір жерде министрді өлтірсе де ол тек ұшық-ұшық, көптен жырақ, өнімсіз ғана бір талап болады дейді. Чернышевский ойы – "қайратты халықтан күту керек" дегені, Абай көңіліне анық әділ сөз көрінді. Халық санасын оятып, жауыздық, зорлық ордасымен алысу дәрежесіне жеткізу керек. "Шын ел қамқоры болған азамат қарызы осы екен-ау!" деп Абай өз ішіне үлкен бір түйін түйгендей болды. Сонымен бірге, ол қызығына қанып болмаған хикая бар. Михайловтан патшалықпен алысқан орыс ұлдарының тартыс, тағдырларын қайтадан сұрайды. Михайлов көп жылдан бергі айдауда алыс қияда жүрсе де, анық бір кәрі шежіре, қарт білгіштей. Бүкіл Ресейде патшалыққа қарсы алысып жүрген күштердің, адамдардың бәрінің жайын бастан-аяқ жақсы біледі екен. Абайға көп адамдар жайын, іс-тартысын ерінбестен ұзақ-ұзақ баян етті. Бүгінгі мәжілісте Абайдың өз досы туралы да жақсы аңғарған бір жайы бар. Патшалықпен тартысушылар тобы әр алуан болса да, Михайлов олардың бәрін бірдей құптамайды. Өзі жалғыз кетіп, жырақ жүріп, титығы құрып, алысқа қатынаса алмай отырса да, бұның барлық ынта-бейілі, тірлік, тірек үміті, өмір сәулесі тек қана сол жақта сияқты. Және сол жақ, сол топ болғанда, бар иманы – дені Чернышевский жолында. Солай болса да, Абайдың өтініші бойынша, патшалықпен алысқандардың хикаяларын айтады. Осы кездесулерде Абай Михайловтан, патшаға қарсылық ойдың Ресейде қашан туғанын сұрайтын. Досымен кездесуге оңай болсын деп, Абай бұл уақыттар ар жаққа шығып, Баймағамбет екеуі Кәрімнің үйінде жатушы еді. Арал тоғайларын жас жапырақпен безендіріп келе жатқан көктем шағында, кейде екі дос пәтерден шығып, су жағалайды. Тағы бір күндер жел қайыққа мініп, Михайлов пәтерінің тұсындағы "полковник аралына" шығып, ұзақ әңгіме-дүкен құрып қайтады. Михайловтың ендігі әр кездесуде Абайға білдіретін жаңалықтары бірінен бірі қызық. Бірінен бірі астам. Абайдан төрт-ақ жас үлкен болса да, Михайловтың дәл өзі араласып, өзі жақын жерден көріп, естіп шыққан уақиғаларының барлығы Абай үшін шың мен шытырман ғаламаттар еді. Бұл – жазылмаған және Абай ойынша, жазылып бітпестей, ғажайып дастан. " дастан деген сөз де – аз сөз. Үйткені қай дастан болса да, бір ердің жайын мәлім етеді. Мынада ер аса көп. Жапа жасаушы жауыз болса, о да мың жасаған сиқырлы сайқал зұлым. Әмір-құдірет, алтынды тон, сарала шен киген, безеніп тақта отырған жер құдайы патшалық". Михайлов Абайдың сұрауымен патшалыққа қарсы күрестің арғы түбін айтады. Пушкин заманынан бері қарай келіп, Белинский, Герценге соғады. Чернышевский арқылы тағы көтерілгенін айтады. Патшаны жою жолындағы Каракозов оғын да айтты. Дарға асылып, Каракозов өлгенін, одан да жаман тағдыр кешіп, серіктері өлгенін айтады. Қаракозовтың тобына басшылық еткен Ишютин тағы осы Сібірде қатты азап, жаза астында, сұмдық тағдыр кешіп кеп, жынданып өліпті. Сібірдің құдай ұрған бір түкпірінде Ишютиннің өлгеніне екі-ақ жыл болыпты. Патша күймеден түсе бергенде, дәл қасына келіп, атып тұрып тигізе алмаған Қаракозовты Абай: "Неткен жолсыз сорлы еді" деген. Ол сегізінші апрельде дарға асылды. Ал артынан ұсталған немере ағасы, басшысы жаңағы Ишютин ерекше кәрге ұшыраған. Патшалықтың Петербургте, Сібірде қандайлық кәрлі қара зындандары барын да Абай осы жолы білді. Шлиссельбург зынданы, Алексеевский Равелин, Үркітте – Александровский централ, бәрі де адамнан қан шығармай жан алатын, тұншықтырмай тынысын буатын.сұмдық тозақ орындары екенін білген еді. Өлтірудің ырымын жасап ойнау деген, Абай ойынша, адамға істер зұлымдықтың, рақымсыздықтың ең бір айуандық түрі. Жыртқыштық сыпаты сияқты. Абайдың таңдануы Михайловтың екінші әңгімесін естігенде, әсіресе шектен асты. Мазақ жаза өзгені қойып, қатардағы адам емес қауым ағасы, халық мақтаны болатын Чернышевскийдің өзіне де істелгенін Михайлов баян етіп берді. 1863 жылы 31 майда, Петербургте Мытнинский алаңында Чернышевскийді халық алдында өрескел шарт жазаға салыпты. Михайлов осы жайды айтумен қатар, өзінің сол кездерде айдауға ең алғаш ілінгенін білдірген еді. Бұл уақиға Михайлов ұсталған соң, екі жылдан соң болған екен. Кейін Абай Андреевке кездесіп, Михайловтың ерекше жан екендігін өзінің сүйсінген көңілімен айтып келгенінде, Андреев бұған Михайлов туралы тағы да бір ерекше сырды айтқан.

– "Михайлов саналы ер. Азамат ары ерте оянған жан. Ол жиырма жасында-ақ өзінің мықты революционер екенін танытып үлгірген. Бұның үй-іші, жақындары да тегіс сол жолда бастарын сарп еткен кісілер екен". Мытнинский алаңында Михайлов айтқан уақиғаның бір ерекше жайы Абайға жеткізілмепті. Оны Михайлов сыпайылық ретінде Абайдан әдейі іріккен сияқты. Екеу ара әңгімесі сол уақиғаға соққанда, Андреев Абайдан:

– Чернышевскийдің жазасы күні Евгений Петрович өзінің апасы не істегенін айтты ма? – деп сұраған еді. Абай ол туралы еш нәрсе естімеген еді. Андреев ішінен "бәсе" дегендей, Михайловтың ұстамдылық тәрбиесіне сүйсіне түсіп, күліп қойды.

– Ендеше, Чернышевскийдің жазасы жарияланарда, айнала тұрған қалың топтың ішінен жалғыз жас қыз шығып, бір буда гүлді Чернышевскийдің аяғының астына лақтырып тастайды. "Қош, дос!" деп айғайлап тұрып, халық көңілін білдіреді. Айналада қақап тұрған патшалық әкімдері, жендеттері, әскер жасақтары көзінше, "мені көр" дегендей, батыл барып, бадырайып тұрып тастайды. "Сендер өлімге бұйырсаң, халықтың барлық жас қауымы бұның басқан топырағын құрметтейді" деген қимыл еді. Сөзсіз, мағынасы терең әрекет. Міне, сол гүлді Чернышевскийге тастаған қыз Мария Михайловна, дәл осы өзіңнің Евгений Петровичыңның бірге туған апасы болатын! Абайдың бұл хабарды естігенде, таңдануы өзгеше болды. Сол бүкіл Ресейге жалғыз дара боп шыққан жас қыз, бүгінгі Абай досы Михайловтың туған апасы болып шыққаны хайран етті. Абай енді есіне алып аңғарса, Михайлов өзінің іс қарекетінен де " мен сүйтіп едім!" деп бір жайды ашып айтпаған екен. Ол халық үшін алысқан қайрат-жігерді айтса, соның бәрін істеуші бұның өзі емес, өзгелер болады. Өзі тек көптің ғана бірі сияқты. Оны да болымсыз ғана, елеусіз ғана бір жай етіп айтады. Ақбастан бөлініп, өз үйіне қарай кеткенде, Абайдың бұл күнгі ойын көп қадалтқан Михайловтың өз басы болатын. Досының аңғаруы бойынша, Михайлов бар қабілеті қалпымен өзі де бір буынның толық кемел басшысы, аға азаматы болуға даусыз татитын сияқты. Ол құрметпен баян етіп берген: Каракозов, Желябов, Перовскаялар істеген әрекеттер, Абай ұғымынша, Михайловтың өз қолынан да келердей. "Тірлік тағдыры, тартыс тағдыры талап етсе, Желябов та бола алар еді" деп ойлайды. "Егер көбінің бірі, атсыз, елеусізінің бірі Михайлов сияқты болғанда, бұл қауым қандай жетіскен қауым! Мынау халықтың бұл буыны қандайлық күші мол, зілі мол, қабырғалы, қайратты буын! Піл сауырлы, мол сабырлы ерен қайрат жиып жатқан игілік күші ғой", деп ойлады. Абай ендігі, келесі кездесуінде Михайловтың өз сырын, өз істерін, неден айдалғанын анықтап сұрамаққа арнамақшы еді. Келесі күні ашық, жайлы сәскеде өзі үшін дәріс үйіндей болған, Ертіс жағасындағы аласа үйге Абай келіп, есік қақты. Бұған есік ашқан күтуші әйел, сөйлеуік Домна шешей біреуге ұрсып келеді екен. Есік ашып, Абай екенін танығанда қартаң әйел, үй иесі Михайловтың өзінше, көңілденіп қарсы алды.

– Абраим, бұл сен екенсің ғой! Кел, кел! Досың сені тосып отыр! – деді де, соның артынан біреуге тағы ұрсып жөнелді.

– ...Мен тағы әлгі кәрі төбет қой деп едім. Соңымнан қалмайды. Біресе өзі айналдырады, басымды қатырады. "Сенің мырзаң сицилист" дейді. Үйіне кім келеді? Өзі қайда барады? Немене ішіп, не жейді?" деп бәрін-бәрін сұрайды, кәрі төбет. Ол ғана емес, соңымнан өзі қалмағанына қарамай, базарға барсам, қасапшы семіз қатын Коновалихаға тапсырып қойыпты. Ол да менен сұрау салады. Дәл әлгі кәрі төбеттің сұйрайтынын сұрайды. " Әкеміз патшаны өлтірген сицилисің тағы кімді өлтірем дейді? Саған сырын айта ма? Сен қайтіп оның қолында қорықпай тұрасың?" деп сұрайды. Менен жасырын сыр біліп алмақ болады. Бәрін істеп жүрген әлгі кәрі төбет, көк төбет! – дейді. Домна өзінің ашулы әңгімесін Абайды ауыз бөлмеде тоқтатып ап, айтып тұр. Абай сыртқы жеңіл шапанын сол бөлмеде шешіп, Домнаның әңгімесін күле түсіп, қызығып тыңдайды. Адал көңілді, аңқау әйел үлкен қиын сырды айтып тұр. Ол ұрсып тұрған "кәрі төбетті" де Абай біледі. Онысы, осы околотканың қарт жандармы – Селантий. Оған құпия тапсырылған, Михайловты аңду, тыңшылық ету ісін олақ полицей, сөлекеттікпен жүргізеді. Домнадан сыр тартам десе, қырық күннен бері осы пәтерді бақса, Михайлов та оның әрбір қыбыр-қимылына шейін, сыбыр-өсегіне шейін біліп отыратын. Қарт жандармның Домнаны не деп айналдырғанын, бұның оған берген жауабын Михайлов әрдайым қызығып тыңдап, тек қана күле беретін. Осы, оқ өтпестей, кәр жетпес, еркін күлкісінің өзі Домнаға Михайловты өзге жаннан артық көрсетеді. Қазір де Домна Селантийді жамандап тұрғанда, Михайлов қонақ үйдің есігінің алдына кеп, Абайға үнсіз бас иіп, Домнаның әңгімесін қоса тыңдап тұр. Абай ақ көңіл кемпірге үлкен ілтипатпен қарап:

– Домнушка, бүгін Селантий сізді күндегіден де ашуландырған тәрізді. Әлде, жаңада тағы кездесіп пе едіңіз? – деп еді.

– Енді не?

– Өзін көрдің бе?

– Өзін емес, жаңа мынау көрші қатын Сидориханы көрдім. Ертіске кір шайқауға барсам, о да шелегімен судың жағасына келіп ап, менен тағы да сол Селантий сұратқан жаман сөздерін сұрайды. Өңшең қуарған, ұятсыз, өсекші суайттар! – деп алып, Домна енді Михайлов пен Абайдың екеуіне бірдей тың әңгімесін қозғап тұр. Абайға қарап, мықынын таянып апты.

– Евгений Петрович емес, олар тіпті сені де сұрайды. Анау киргизің сендерге неге келе береді? Сенің сицилисің енді киргиздарға да өзінің антихристық өсиетін таратқалы жүр ме? – дейді. Түнде көп отырады. Хатты көп жаза ма? Әлде тағы бір жерді талқандайтын бомбы жасап жата ма? Деп те оттайды. Кірді алып келе жатсам, жолда көк төбеттің өзі тұр. "Саған ақшаны көп береді ғой, сырын айтпа деп алдайды ғой. Сен құдайға сенетін, құдай үйіне барып жүретін момын кемпірсің. Саған обал емес пе? Дінге, құдайға, әкеміз патшаға қарсы жаман адамды қорғайсың сен. Оның сырын жасырасың. Бұның орнына, түнде не істейтінін есіктен сығалап көрсеңші. Ондай кісі ұйықтап жатқанда, түсінде де жаманшылықты көріп, патшаға қарсы тағы әлдебір, жаман сөз сөйлеп жататын болар. Сондағы сөзін ұғып алсаңшы, маған айтсаңшы" дейді. Мен: Қатының бар, балаң бар, өзің қартайып қалдың. Өсекші қатынша жаман сөз жиғанша, құдайға тәубе қылсаңшы! Тек жүрген адамға жаманшылық ойлағанша өлсеңші! Адал еңбекпен күн көрмей, аңшының итіндей иіскелеп, тіміскілеп жүресің! Сені де балаларың "әкем бар" дей ме, қатының "байым бар" дей ме? Тьфу, ұят, масқара! Сендей байым болғанша байсыз өлгенім артық, – деймін. Соған қарсы маған жаңа тағы бір қайла тауыпты, қуарған маскүнем. "Ертең пасхада шеркеуде" духқа барасың ғой. Сонда сенің жаман адамға жәрдемші боп жасырып жүргеніңді, отец Киприян да сұрайды. Айтпағаныңды көрермін. Онда жасырсаң, сенің бетіңе бүкіл християн қауымы түкіретін болады. Сенің жүрген жерің жаман. Кәрі жаныңды қоятын жер таппайтын кемпірсің сен. Өзің де бұзық кемпірсің. Сицилистке не керек? Ол өзінің үйренген катргісіне сені тастайды да кете барады. Сонда қалаға сыймай, қаңғып қалатын сен боласың!"– дейді. Көрдің бе ол кәрі итті! – деп әлі күнге бұның сөзін үнсіз тыңдап тұрған Михайловқа қарай түседі. Домна Фадеевна кәрі аяқтарын асықпай ырғала басып, ішкі үйлер жаққа кетті. Михайлов Домнаның соңғы хабарына аз қынжылғандай, тамағын кеней түсті. Қою қастары жыбырлап қозғалып, біраз үнсіз, арлы-берлі жүрді де, артынан тез өзгерді. Өзінің дағдылы көңілді күйіне ауысып, Абайдың қасына, диванға кеп отырды. Бұның қазіргі кейпіне, Абайдың бүгінгі мәжілісте сұраймын деп келген сөзі керек сияқты. Абай сол сөзін бастады.

– Осы күнге шейін мен сізден анықтап сұрап білмеппін, Евгений Петрович. Өзіңіздің патшалық жазасына кіріптар болған жайыңызды менің білуіме бола ма? – деп сұрағанда, Михайлов өз басынан кешкен бір халді айтты. Ол Петербург университетінің студенті боп жүріп, өзінің жездесі Шелгунов пен Черныщевский үгітінде болады екен. Жас студенттерді бастап үлкен бір ереуілге қатысыпты. Сол үшін ұсталып жабылғанын қысқа айтып келіп, ақыры бір жолдасымен Петрозаводск шаhаріне ең алғаш тайдырылғанын айтты. Сонда бір жыл тұрған соң, Петербургтегі басшы адамдармен жолдастарының кеңесі бойынша, патшаның атына екі студент арыз жазады екен. Сол арыздың арты не болғанын Сібірге айдалып келген соң, кейіндеп қана барып Михайлов естіпті. Патша Петергофта, жазғы сарайға барып тынығып жатқанда, белгілі бір генералдың көзінше, осы екі студенттің арызын оқыпты. Сол генерал айтуынша, патша бұлар арызының бірінші бетін оқып аяқтап келе жатқанда: "Әлі жас, әлі түгел бұзылып болмаған адамдар болар. Жылдан артық жаза шегіпті. Қайтарса да болар ма еді, өкінер де түзелер!" деп, бұлар халіне кешірім шырайын көрсете бастағандай екен. Бірақ арыздың екінші бетін аударып қалса, дәл аяқтай берген жерде, жазудың аяғында, қағазға тамып кеткен сия бар екен. Соны арызшының біреуі тілімен жалап, қағаз бетін былғап қойыпты. Патша соған көзі түскенде ашуланып кетіп, арызды лақтырып тастап: "Бұларға қайтуға болмайды. Ары қарай қуа түсу керек, кете барсын!" депті. Сүйтіп қалам ұшынан оқыс тамып кеткен сия ұлы дегдар мырзаның көзіне үлкен бір қарсылық ереуілдей көрініпті. Михайловтардың басына бұрынғыдан қатты кәр жұмсапты. Михайлов Абайға өз өмірінің сырынан, істерінен бөліп алып, осындай бір күлкі, сәтсіз халін айтты. Оны да кең сабырмен, өткір бір ажуа мысқыл жүзімен мәлім етті. Осымен қатар, көптен бері ешкімге айтылмаған арман тәрізді бір күйін де Михайлов Абайға ең алғаш ашқан еді.

– Міні, Ибрагим Кунанбаевич, мені мұндағы жандарм чиновниктері екінші патшаны тағы да өлтіргелі жатқан немесе осындағы губернатор үйінің астынан ор қазып жатқан кісідей көреді. Мүмкін, көктей ормағанда менен де бір өзгеше әрекет шығар еді. Бұдан жиырма жыл бұрын менімен буындас болған орыс жастарының тәрбиесі мен талабы өр еді. Ол өрт шығарарлықтай қайсар күш болатын. Біз соған қарай ұрынғалы келе жатыр едік. Сол бетімде тым құрса тағы бір бес жылдай Петербургте боп, университет бітіріп үлгірсем, кешегі Желябовтар өлтірген патшаны арызыммен ғана үркітпес едім. Одан гөрі ел есінде қалатын бір қимылмен күйіндірсем керек еді. Тобымызды талқан етті. Өзім босам, дауыл қуған қаңбақ есепті боп, жалғыз кеттім. Бәріміз де шашырап, шашылып кеттік. Рас, біз кеткенмен қарсылық қуаты азаймаған екен. Оның өсе түсіп, патшалыққа өшіге түскенін кешегі бірінші март шет жағалап көрсетіп отыр. Бірақ мен босам – сол кекшіл топтың ортасында бола алмадым. Көп наразының алыста жатқан бірі болдым. Бұлай болмасам керек еді. Сіз мені әлдеқандай дейсіз. Россиядағы қоғамдық ойдың, революциялық тартыстың бас азаматындай көресіз. Ол достық, жақсы достық ойыңыздан ғой. Ал мен, шынында, қатардағының ғана бірімін! – деді. Абайдың бұл тұстағы өз ойы өзгерек еді. Ол Михайлов үшін оқшауырақ бір жайдан бастады.

– Орыстың қауымы, бұл заманғы қауымы, ырысты екен. Рас, ғазабы аз демеймін. Сор бейнеті де мол. Бірақ сонымен қатар, туып келе жатқан таңы жақын, түні серпіліп бара жатқан ел көргендей боламын! – деді.

– Неліктен бұлай дедіңіз? Қандай себептерден бұлай жорамал жасап отырсыз?

– Жылатушы көп болса, уатушысы, жұбатушысы да мол болған ел сорлы бола ма? Мол дейтінім, жаңағы сіздің "көптің бірімін" деген сөзіңізден туып отыр. Егер ел үшін қамығатын, қарысатын күштің қатардағы ғана бірі сіз болғанда, Евгений Петрович, бұл жақтың тұтасқан күші қандай болмақ? Ол күштің бірі патшаны өлтіріп отырғанын қомсынып сөйлейсіз. Қанат жайған күні, тұтасқан қимылға басқан күні істер ісі не болмақ! Жылаған елдің анық жарық, жаңа дәурені болмақ та. Орыс елі ырысты дегенім сол еді! – деді. Осы әңгімесін аяқтай келе, аз бөгеле отырып:

– Ырысы жоқ сорлы ел, орыс емес біз-дағы. Менің елім. Қалың көрпе астында, қалың қараңғылық ішінде жатқан қазақ елі! – деп тоқтады. Бұл жай Абай мен оның досының екі арасында әрдайым ұзақ созылатын кеңестің үлкен бір түйіні болатын. Бүгін де әңгіме осыған ауысқанда, Михайлов өзін өлкенің келешегі үшін терең ойлар ойлайтын, ұзақ ойланатын адам етіп көрсетті. Оның ойынша "қазақ елінің алдында тұрған бір жақсылық, бір жаманшылық бар. Жаманшылығынан құтылу қиын. Жақсылығына жету қиын. Жаманшылық – бұл өлкелердегі ұлық, чиновниктер жемнен, шеннен басқаны аңғармайтын керең, меңіреулер. Жақсылық – орыстың өнері. Бірақ оның қазіргі қазақ қауымына бар сыры, бар түрі жұмбақ. Бүгінгі қазақ, орыс дегенде – Селантий, Сергейлердей, Тентек-ояздай өгей күшті ғана біледі. Бірақ Абай танып, біліп келе жатыр ғой. Орыстың елдігінде, оның ар жағында жатқан мүлде бөлек сыр бар. Ол ғажайып, қадірлі дүние. Орыста, бұл күнде, дүние есептесетін ғылым бар. Орыста дүние жұрты оқитын кітап бар. Халықтың шын қасиетін, шын елдігін танытқан, дүниеге танытқан асқар ойлы, даналар бар. Соның бәрі бүгінгі қазақ қауымына бөтен, алыс, жат болып жатыр. Екі-ақ түрлі шара бар. Қараңғы елдің Абайдай ерте оянған жалғыздары, өзіне серікті, сол орыстың қазынасынан таппақ, алмақ керек". Михайлов Чернышевский жайын айтқанда, Абай бір сөзді көп сұраушы еді. Онысы:

– Біздің қазақ сияқты елге, сол елдің ояна бастаған азаматына, Чернышевский осы арада болса, не мәслихат айтар еді? Қандай бет нұсқап, жол көрсетер еді? Осы туралы не ойлайсыз? – деп сұрайтын. Бүгін Михайлов осы жөнді де өзінше ойлап, шешкендей екен. Абайға қарап айтпаса да, ол осындай елдің оянушысына, ойлы азаматына жалғыз жол не екенін атап сөйледі. Талай мәжілістің соңында бүгін нақтылы, дәл мәслихат айтты.

– Ибрагим Кунанбаеч? Бар өмірге бір-ақ сауда жоқ. Алдағының бәрін өзің үшін де, қаруым үшін де түгел шешіп, кесіп қою мүмкін емес. Сіз маған қазақтың жақсы бір мақалын айтқансыз. "Жол анасы із" деп едіңіз. Әрдайым біреу бастайды, көп қостайды. Бір ұрықтан жүздеген дән өрбиді. Осыны ойлап, біздің қауымның бір тобы осы күнде жақсы бір нақыл айтады. " ұшқыннан жалын қаулайды " дейді. Осыны жадыңызда тұту керек. Дәл сіз үшін қазір мен екі нәрсе айтар едім: бірінші – қазақтың жас буыны үшін, мысалға алғанда дәл сіздің өз балаңыздан бастасақ, "оқу, оқу, оқу!" дер едім. Орысша оқу! Екінші – оқыған мен білгенді халыққа жаю. Қараңғы сахараға бір шам болса да, жалғыз қолда жалғыз ғана бір шырақ болса да, өз білгеніңізді апаруға, танытуға керек. Сол таныту үстінде бүгінгі қоғам бойындағы неше алуан дертті әшкерелеп, шенеп, масқаралап алып отыру керек. Сыншы ой керек! Сіздің халық менің аңғаруымша – ақын халық. Қай жолмен екенін білмеймін, мен солардың домбырасына, өлең-жырына, халықтың жоғын жоқтатар ем. Халық басындағы ауыртпалықты масқаралайтын және өнерлі оқуды мадақтайтын жаңа күйлер кіргізер ем. Сіздің халық шешен сөзді сүйеді. Мына Семипалаттың мешіттеріндегі имамдар оқитын үгіт-өсиет сөздерден, жаңағы жырларды әлдеқашан бұрын ұғып, бұрын сүйер еді. Аңғарсаңыз керек, орыс халқына, осы біздің бәрімізді, қауым қайғысын ойлауға үгіттеп өсірген – орыстың ақындары болатын. Рас, олар кітаппен сөзін жайды. Сіздерде бұл күнде кітап та жоқ. Бірақ мен ол үшін қысылмас едім. Қалай айтылса да, халық құлағына оның қамын жеген сөз жетсін. Соның өзі аңғартады. Соның өзі оятады. Әрине! – деп, әңгімесінің аяғында Михайлов күле түсіп, Абайды санынан қағып, қалжың айтқандай ажар көрсетті.

– Чернышевскийдің өзіне тілдессеңіз, сіз оның менен гөрі көбірек мәслихат айтқанын естір едіңіз. Мен: сіз қанағаттанарлық жауап айттым, жол таптым демеймін. Қайта Чернышевский көзімен қарағанда, жай басатын шабан жолды айтып отыруым да мүмкін. Сіздің елдің тарихы, өзге өнерлі елдер тарихынан кейін қалғандықтан, соны айтып отырған болармын, – деді. Абай бұның ойын өзінше ұғынды.

– Мен түсіндім, Евгений Петрович. Қыстың мұзы еріп, тоңы жібімеген жерге еккен дән өспейді. Чернышевскийдің кейбір ойларын мұнда ұрық етіп көмуге болмайды дейсіз ғой. Михайлов Абай ойының сергек сезімталдығына қатты сүйсінді.

– "Қайраулы қара балтаны шығар" деген Чернышевский жол табуға жәрдемші. Осы үгітті мен сізге айтып ем ғой. Бірақ, көресіз бе мінеки, Ибрагим Кунанбаевич, мен қазір жаңағы сіздің тура қойған сұрауыңызға жауап та айта алмай отырмын. Сіздің халық алысу жолында не әрекет ету керек екенін жете білмегендіктен, жеткізіп айта алмадым. Тек әзіргі заманда, жаңағы екі-үш түрлі шаралар, ең бірінші қадам екенін Чернышевскийдің өзі де теріс демес. Абай көңіліне Михайловтың бұл әңгімесі дәл өз ішінен шыққан сөздердей боп сезілді. Аса иландырып, бас идірді. Осы әңгіменің аяғында Михайлов Абайдың ауылда оқып жүрген балалары турасында көп сұрасқан еді. Мұсылманша оқуы жеткен Әбіш, Мағаштай ұлдары барын, Күлбадандай қызы барын айта кеп, Абай соларды орысша оқуға беру туралы өзі ойланып жүрген ойларын айтты. Енді біраз отырыста, Абай Михайловтан сол балаларды қайда беру, қалай бастап оқыту туралы ақыл сұрады.

Михайлов:

– Аз жылдар ішінде балаларыңыз орыстың тілін, орыс үйінде тұрып оқып, жақсы біліп кетеді. Халық пен халықты, адам мен адамды теңдік дәрежесіне жеткізетін қасиет – білім. Тек чиновник болам, ұлық болам дееп оқымасын. "Халқым жіберген алғашқы баршымын" деп, "өзім үшін оқимын, елім үшін өсемін" деп оқысын! – деді. Абай өзінің Әбіштей, Мағаштай аса талапты шәкірт балаларын көз алдына келтірді. Солардың дәл осы Михайловтай жаңа сапалы адам болғанын көріп отырғандай. Олардың да үстіндегі киімі қазақы, тобықты үлгісі емес, шаhар үлгісінде. Көздерінде көзілдірік, биік үстелінде үйілген кітап. Қалың томдарға үңілген оқымыстыны, халық қамқорын, жаңа төлдің басшысын көреді. Қазақтың жаңғырған қауымының жоғын қуған, сағымды келешегі бар балаларын көргендей болады. "Сол өмірді көрсем-ау! Мен жолды сендерге бердім, бірақ өкінбей кеттім өмірден, дей аларлық болсам, армансыз әке мен болар едім-ау!" деп, бірталай жерге қиялдап кетті. Михайловтың Абай қиялына үлкен нәр берген мәжілісін, жаңа келген қонақ еріксіз бұзды. Ол Абай мен Михайловтың күнде көрісіп жүретін белгілі досы – Андреев болатын. Андреев бұл жолы Михайловтың көңілін көлденең әңгімемен алаң етпек. Және Абайға да білдіру қажет деп Ояз кеңсесінен естіп шыққан Тобықты елінің хабарларын айтып келді. Бұл күнде Ояз кеңсесі, мировой судья кеңсесі, одан қала берсе, жандарал кеңсесі де, Тобықты ішінен түсіп жатқан сансыз көп піргауар, арыз, шағым, акт дегендерге толы екен. Жүздеген кісілердің, таңбаларын қойғызып, немесе бармақтарын басқызып, біреулерді "жер өртеді" деп, біреулерді "ауыл шапты" дейді. Тағы біреулерді "кісі өлтірді", "буаз қатынның баласын тастатты" деп, үнемі жалалап жатыр екен. Андреев осы хабарды білдіре отырып, Абайға сөз қатты.

– Ибрагим, сіз бұл күндегі Тобықты болыстарының істерін білмейтін боларсыз. Түсіп жатқан арыздар, мен білген киргиз болыстары болса, сіздің жақта жаңада басталған қатты бір араздықты білдіреді. Әлде, биыл сайлау болмақшы ғой, соның алдында управительдікке таласу басталды ма? Қалай да ел іші қатты ойран болып бүлініп жатқанға ұқсайды! – деді. Михайлов соңғы жылдарда жандарал кеңсесінде істеу үстінде, қазақ болыстарынан түсетін кейбір арыздардың өрескел жалақор, қатты шағым болатынын білетін-ді. Бір әңгімелерде Абайға:

– Патшалық заңы киргиз сахарасын қатты аздырып барады екен. Бір жағы – пара. Екінші жағынан – Россия заңының киргиз салтына, әдет-заңына үйлеспейтіні бар. Үшінші жағынан – халық пен ұлық арасында бітімсіз, сенімсіз, үнсіз қастық бар. Бірінен бірі жиреніп жатырқау бар. Осының бәрінің себебінен киргиз халқы заң алдында, қағаз жүзінде өтірік айтуға оңай барады. Біреуді жалғанмен жалалауды ұят та, теріс те көрмейтін боп кеткен. Олақ әкім, өрескел әкімшіліктің бұзып үлгіргені! – дейтін. Осындай оймен халықты аяйтын да, әкімшілікті үнемі масқара қып, мазақтап отыратын. Жаңағы Андреев айтқан хабарды естумен қатар:

– Шағым болыс туралы ма, жоқ болыс атынан жазылған жай адамдар турасында ма? – деп сұрады.

– Шағымның барлығы болыстардың үстінен! – деп Андреев мысқылдап жымиды да, – ұмытпасам, осы болыстардың барлығын Лосовскиймен бірге еріп шығып: "Халыққа жайлы, дос адамдар болады" деп, Ибрагим, сіз сайлатып едіңіз ғой! – деп күліп қойды. Приговор берушілердің тағы бір тобы бар. Олар – шын қорлық көрушілер. Ылғи жатақ, кедейлер. Солардың біраз жоқшылары маған келіп:"ісімізді ал, болыстар істеген зорлық, қиянаттар туралы сөзімді жеткіз, есемізді әпер" деп, істерін де бергелі жүр! – деді. Абай болыстар жағынан түскен де піргауар бар екенін біліп, олардың кімді қалайтынын сұрап еді. Андреев кісі аттарын жадында тұтпаған екен, айта алмады. Бірақ, өздерінің үстінен арыз берген жатақтарды: "ұры деп ұстатып, абақтыға жапқызу керек" деп, піргауар түсіріп жатқан бірнеше істер барын білдірді. Михайлов ендігі әңгімені өзінше қорытты.

– Бұлай болғанда, Ибрагим Кунанбаевич сайлаған, "халыққа жақсы қызмет етеді" деген управительдер қызмет етіп жатыр. Бірақ халық үшін емес, өздерінің тағы управитель боп қалуы үшін сайлаушылардың даусын алудың қызметін етіп жатыр ғой.

– Рас, бұл управительдеріңіз ақымақ емес, олар сізді бір алдап болыс болып алған да, сізбенен есебі біткен. Енді болса, сізбен тату болғаннан да губернатор, Оязға жақсы көріну артығырақ, қымбаттырақ екенін де ұғынған. Қамқоры мұндай болғанда, әрине халықтың көрер күні қуаныш болмас. Және бұндай болыстар көп те жасайды. Сырларын білетін сізді сондай алдап отырғанда, халықты қалай алдамасын. Аз ұлық болса, ол өтірік білмегенсіп отырады, оған осындай болыстар керек. Осы істер керек. Ол алдана ма, алданбай әдейі істей ме, бәрі-бір, ұлықтан шығып жатқан шығын жоқ! – деді.

Андреев күле түсіп:

– Ұлықтан неге шығын шығады? Ол қиналған боп отырып, ашуланған боп отырып, асай түседі параны. Тыныш елден тиын да түспейді. Тынышы кеткен елден сыйын да алады. Оның бүлігін басып, түзеген боп, чинін де алады! – деді. Абай ана бір жыл "ел қамқоры болар" деп, "ұятты, арлы болар" деп, өзі сайлатқан бірнеше болыстар үшін қазір намыстанып та, қысылып қалды. Осы болыстардың ішінде бір болыс, Абайдың өзімен бір туысқан Ысқақ еді. Ол жаманшылықты Абайдың дәл өзінің қойны мен қонышынан шығарып отырғандай көрінді. Ендігі мәжіліске Абай бой жазып араласа алмады. Өз ұятымен қатты түйіліп қап, толғанып отырып, күрсінді де, қоштасып шығып кетті.

2

Ералыдағы жатақтарға қаладан қайтып келе жатқан Абай мен Баймағамбет кеше кешке келген еді. Көп үйлі жиі қонған, кедей ауылдың орта тұсында тұрған қоңыр үй сыртында Абай мен Баймағамбет мініп келген трашпенкенің дертесі қайырулы тұр. Қоңыр үйде жұрт таңертеңгі шайды жаңа ішіп болған. Үй иесі бурыл сақал Дәркембай, омырауы ашық көне көйлектің сыртынан жұпыны шекпенін жамылып, жалаң аяқ малдасын құрып, Абаймен әңгімелесіп отыр. Сиыр мүйіз сары шақшадан алақанына салып алған насыбайын танауына оқта-текте шекіп атады. Қонағына, қазіргі отырған мәжілісіне көңілі жай. Кейістен қабағы жадырап, өзіне сүйікті адамға дәм татқызып, қонақжай болғанына үлкен шүкірана, ырзалығы бар сияқты. Шай ыдыстарын шайып, сүртіп, жинастырып жүрген ашаң жүзді қартаң әйел Сарқыт та өз үйіне Абайдың қонғанын ырзалықпен қабылдаған сияқты. Күйеуі мен Абайдың әңгіме арасында әзіл қатысқан күліскен сөздері болса, ұдайы құлақ түріп, ажымды қабағы ашыла түсіп, жақсы тыңдайды. Өзі де күле қостайды. Төрден есікке дейін шашылып жатқан кәмпит қағаздары көрінеді. Дәркембайдың он жасар кенже баласын да осы үйдің өз базаршысы келгендей, мәз-мәйрам етіпті. Дәркембай Абайдан қала әңгімесіне түн бойы қанған сияқты.

– Елдің осындағы атқа мінген ақсақал, қарасақалын тыңдағаннан басқа біз не көрдік. Қазақтың жақсы дегені сөз сөйлесе, біреуге өткізген әмір-құдіретін, күшін айтады. Біреу, сұм-сұрқия қулығын, айласын айтады. Біздей кедей-кепшікті тыңдасаң, жоқ-жітігін, мұңын айтады. Сенің кешеден бергі, анау патшаны өлтірген, ел үшін жанын отқа салған азаматтар туралы айтқан сөзің менің көңіліме әсіресе қонады-ау, Абай. "Тұзы сор, еңбегі еш қара халықты ойлайтындар бар. Солардың мұңын мұң етіп, жанын отқа салып, көпке келер жақсылықты ойлайтын азамат бар. Ел оянса, ырысқа жетсе, солардың жолы болған.күні жетеді" дейсің. Бұл айтқаның, осы мынау тірсегі қиылған бөлтіріктей боп Ералыда шоңқайып отырып қалған көп жатақтың да сойыл соғары ғой. Жоқшысы ғой! – деп, біраз насыбайын шекіп, ойланып отыр. Кешеден бергі Абайдан ұққан сөзінің бәрін жиып кеп, жүйрік тілмен түйді.

– Е-е-е! Күштілер нені айтады? Күшсізге еткен зорлығын айтады. Күшсіз нені айтады? Күштіден көрген қорлығын айтады! – деп топшылағанда, Абай Дәркембай ойының сергектігіне таңдана қарады.

– Бәрекелде! Кешеден бергі кеңесіміз өзіңе сондай бір жақсы түйін түйгізді- ау. Мынауың бір мақал болатын сөз ғой. Ақыл – малға бөккен бай-бағланда емес, азаппен сор кешкен жаралы, жарлы ойлыда десеңші! – деді. Дәркембай өзін мақтаған Абай сөзіне сабырмен ғана күлді де:

– Мені ақылды етіп, халықтың ағасы етесің бе? Кедейдің шешені болса, "судан шыққан судырақмет" дейді. Қу таңдай тақылдады да бітті дейді. Ақылсыз болса, "жарлының жарым есі" дейді. Тілі болса "бұның сөз не теңі?" деп және мысқыл етеді. Сөз әперген есені көрген жоқпын ғой, Абай! – деп, Дәркембай өзінің ендігі айтайын деген мұңына қарай басты. Кешеден бері Абайдың келгеніне сүйсініп отырғанда Дәркембайдың бұған шақпақ үлкен мұңдары болатын. Оның кейбірі өзінікі болса, тағы бір алуандары осы арадағы көрші-қолаң, кем-кетіктердің мұңы. Қаладан шаршап келді деп, түн бойы Абайға өздерінің шаруаларын, шағымдарын әдейі айтпай іркілген Дәркембай әңгімені Абайдың аттанар кезіне әдейі қалдырған болатын. Қазір бұл үйге бірен-саран көршілер де кірген еді. Ол Абайға белгілі: Дәндібай, Еренай және осылар құралпас, Көтібақ ішінен жатақ қалған Қареке болатын. Қазір Абай қасына қырық-елу үйлі жатақтың төрт-бес шалы әдейілеп іріктеліп келіп отыр екен. Жаңа келген қарттардың барлығынан, Абай егінді қалай салғанын, қазіргі ішіп-жемі, күй-жайлары қалай екенін жеке-жеке сұрастырды.

– Миялы-байғабыл жатағы, егіндік жерлерің тәуір еді. Өндіріп егін салғаның кім болды? – деп әуелі Дәндібайдан сұрады. Дәндібай, "өндіріп" деген Абай сөзін қайталап, күлді де:

– Шырағым, Абай-ау! Өндіретін біз бе едік? Бұ енеңді... Итке мініп, ирекпен қамшылаған.қырсық шалған күнде, құдайдың берейін деп тұрғанын да ала алмайтын мешеулік бар емес пе? Сол Миялы-байғабылында отырған ұзын саны жиырма үйдің жиыны жиырма жер егін салмаған соң, несін мақтан етейін.

– Салғаның шығатын ба? Егін тарпы биыл қалай болатын? Азының да береке сі бар ғой! – деп Абай сұрағанда, Дәндібай, Дәркембай, Еренай үшеуі қатар үн қатысты.

– Береке деймісің.

– Берекені бұйыртса жарайды ғой

– Береке іздеп әрекеге соғамыз ба!? – десіп үшеуі қатар, күдікпен мұңдарын сездірді.

– О не дегендерің? – деп, Абай Дәркембайға қарағанда, үй иесі бағанадан айтпақ болған мұңының біреуін бастады.

– Былтыр "берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле" деген бір сөзің есімде қапты. Тіледік те еңбек еттік. Еңбегімізге орай, былтыр бәріміздің де астығымыз Шолпанға, Кіндіктіге, Миялы-Байғабылға да жақсы шығып еді. Соның арты не болды. Дәл былтыр осы Ералы да болған, өзің көрген жанжал сайлаудың артынан біз тұралап қалған жоқ па едік...

– Балтамтаптың аяғы Бүрлібайдан тарқамады ма?

– "Жаман, жыртық лашығыңа жоқшы болам деп, Оязбен шатақты шығарып қырсық жасаған сендерсің"– деп Тәкежан, Майбасарлар, қырсығын әкеп біздің былтырғы егінімізге тигізбеді ме? Береке деген со ма? Жайқалып тұрған егініміз енді пісіп, енді орақ саламыз дегенде, бір түнде, бес ауылдың жылқысы қаптап, тып-типыл қып кетті ғой! – деді Еренай. Ол Дәркембайдың сөзін бөлген бойында, былтырдан Абайға мәлім болған аса бір арманды арызын айтып кетті. Абай бұл сөздің төркінін білуші еді. Былтыр болыстықтан түсіп қалған Тәкежан және осы жатақтар егін салған қоныс-өрістерді күзек ететін Ырғызбай, Көтібақтар бұл елдің егінін әдейі қырсық жасап, жегізіп қойған. Мезгілінде Абай, осылардың егінін жеген ауылдардың бәрімен қатты ұстасып, көп айтысып дауласқан болатын. Бір топ бай ауылдардан Асылбек болыс арқылы осы Еренай, Дәндібай, Қарекелерге мал кескізіп берген-ді. Бірақ қазіргі ақсақалдардың жиылып кеп Абайға айтып отырғаны, тағы сондағы мұң болатын. Себебі мал кесілгенмен, жуан ауылдар бұлардың ақысын бермей кеткен. Осылардың адал ақысын әлі күнге бермеген зорлықтың жөнін Абай енді білді. Дәркембай осы күйді айта отырып, жақында, Арқатта, Сыбан мен Тобықты, Уақ арасында болғалы жатқан сиязды айтты. Абайға бұлардың ақылдасқаны – "көп елдің арасынан күш құрап, көлік қамдап, адал ақыларын жоқтап баратын кісі шығарса, сол барып арыз айтар іс болар ма еді?" Осыны сұрайды. Абай бұл сөзге жауап бермей тұрып, тағы қандай көрген көресі, мұңдары барын сұрастырды.

– Биылғы көктемдегі егістеріңе тигізген залалдары болды ма? Немесе егін салып, бейнет кешіп жатқан шақтарыңда көлік беріп, ат майы дегенді беріп, қарайласқан ағайын болды ма? – деп сұрап еді. Қарттар Абайдың бұл сөзіне де күлді. Қареке кеңкілдеп, кекеткендей, кесек үн қатып:

– Ойбай, сығыр-ай, не деп отыр? Бергенге береді. Берер түгі жоқ өңшең ыңыршаққа қандай орайы қайтады деп береді! – деді.

– Бергенді айтасың, тап осы Қарекенің егініне, жаңа көктеп келе жатқанда, тағы жылқысын түнде жайып кеткен жоқ па, ол ағайын болмысың!

– Онысы ол ма, ат бермек түгіл, өзіміздің бір-бір шолағымызды тағы қағып кеткенін айтпайсыңдар ма! – деп, Еренай мен Дәркембай жаңада көрген тың бір өктемдік зорлықтың бетін аша бастады. Бұл соңғы сөздің жайын қалада ұзақ жүрген Абай естіген жоқ еді. Соны сұрай бастағанда Дәркембай тағы бір ауыр қиянаттың бетін ашты. Бұның ұзақ әңгімесінде, Абайды қатты қысылтып ұялтатын да сыр бар. ...Жатақтар былтырғы ала алмаған ақысын биыл қайта сөз қылғанда, көктемде осы өңірлерге көшіп келген Тәкежан, Майбасар, Күнту, Байсал аулы, Қаратай аулы сияқты жуан ауылдар ашу шақырып, зіл көрсетіпті. Соның салдары болу керек, – егін жаңа қылтанақ беріп келе жатқанда, жаңағы ауылдар өздерінің тұс-тұсындағы осы отырған жатақтардың көбінің егіндерін жылқысына таптатып, қатты зияндап кетіпті. Еңбегі үшін жаны күйген жатақтар арлы-берлі аласұрып шабуылдап, әркімге шағып көрген екен. Түк шығара алмапты. "Обал ғой, адал ақысы ғой, табан ақы-маңдай тері ғой, бұларды жылатпау керек қой" деген сөзді айтқан бірен-сарандар болса да жуан ауылдардың өкпе, наразылығынан өздері жасқанып болыспапты. Жанашыр сөздері өз үйлерінде, еріннің емеурінімен ғана айтылыпты да, сол күйде қалыпты. Тіпті жаны күйген соң Байғабылдағы Дәркембай, Дәндібай бастаған Бөкенші, Жігітек жатақтары Қашамадан қайтып келе жатқан Тәкежан жылқысынан күнде егінге түсе беретін болған соң, бір-екі жылқыны ұстап, түнгі жылқышысымен төбелесіп те қалған екен. Ертеңінде қайдан жиылғаны белгісіз, иықтарына сойыл салып, осы жатақтың құрымын шауып алатындай боп, жүздеген қара шоқпар келіпті. Ат ойнатып, Дәркембайдың өзін сабарман болып, ұстап алған жылқыларын қуып алып кеткен. "Егінімді жедің ғой" деп зарлап барғанда, аяғының ұшына отырғызбай, әке бабасынан боқтап, Тәкежан мен Майбасар қуып тастапты. "Елдің сұрқын кетіріп, қайдағы сұмдықты бастағандар. Жер тырмалап, қоныс-өрісімнің құтын қашырған сұмырайсыңдар" деген. "Ел ішінен аластайтын өңшең жітікке, саяқсың" депті. "Былтыр басымнан дәрежеңді алғызған сен қыршаңқылардың кесірлерің. Баяғыда атаң бір туса да, ағайыным сен емессің. Сені Тобықты санынан садаға ғып шығардым. Жатақ болғыш болсаң, егін еккіш болсаң, кет ана Белағашқа, мұжыққа кет. Сонда барып орыс бол! Неге тірі жүрсің. Неге сен құрымайсың" деп, айтпаған сұмдығы, етпеген қорлығы жоқ екен.

– Ол, ол да емес екен. Соқадан бір-бір шолағымыздың жаңа босағаны сол еді. Айға жуық уақыт болып қалды. Осындағы жеті үйдің жеті бірдей атын бір түнде ұры алып кетті.

– Тәңір-ай, айналаң өрттей жаулық болғанда, ортада қап отырған бір түп шидей, қалт-құлт күйіміз бар еді. Тілеуің құрғырлар, тым құрса осы отырған елу үйдің кім екенін ойласа етті. Бірі болмаса, бірінің босағасында шірігендер еді ғой. Ата-бабасымен отымен кіріп, күлімен шыққандар.еді. "Бишаралар, тырбанған екенсің, сендердің де шыр бітіп, бүйірің шығып.жүретін күнің бір болсыншы!" деп жаны ашымас болар ма! Ендігі кеп отырған қыстығы, мүлде қасқырдай! – деп Дәркембай тағы мұңға кетті.

– Жаңағы жоғалған жеті атты бұл арада жоқ-жітік тапсырған соң, осы төртеуміз жоқшы боп, іздеп шығып ек. Алыстың ұрысы емес екен. Қызыл-моладан шығардық. Алған – Ақымбеттің ұрылары. Шығырып берген қу мен сұм және табылды. Қолда барымызды, айтушыға, "жүрек жардыға" беріп, енді малымызды қайтарамыз деп жүргенімізде, тағы бір пәле сап етті. Қызыл-моланың болысы өзіңнің інің Ысқақ емес пе! Ұрыдан малымыз шыққанда: "Болыс өзімнің Ысқағым, әпермей қоймайды, көзіңді ашып қара"– деп Ақымбеттың ұрыларын жан алқымға алып.көріп ек. Ол ойысарман да болып еді. Қиялап айтқан дауы: бұл ұрлығым емес, өз еліңнің адамы Серікбайда кеткен еселі малым бар-ды. Сол. "осыны ал деп шығарып берді. Серікбай мен сен жатақтың дауың бар көрінеді. Әуелі сол жақтан арылып кел. Бізге бұл малды ұстатқан Серікбайды алып кел " демесін бе. Қайта оралып мұнда келсек, ағайынға шағайық десек, былтырдан бері ол Серікбай қу Қашаманы қыстайды екен. Қашама Тәкежанның жері екен. Сүйтіп келсек, Серікбайды Тәкежан біздің көзімізге көрсететін емес. Шаң тигізетін емес. "Жатақ тантырамасын, Серікбай да өздеріңдей жоқ-жітіктің бірі. Оған мен болысамын. Жатағым, кем-кетігім деп болысамын" деген боп, жарлының жасақшысы бола қалыпты. Серікбай деген иті, сүйтсек, Тәкежанның өзі сүйеп, өзі құрық беріп.жүрген ұрысы деседі. Ұры болмаса, түк кәсібі жоқ ел ортасына сыймай отырған малы жоқ, қуарған жалғыз үй, қудала, қу медиен, елсізді қыстау ете ме? Қойшы, қысқасы Серікбай қолға түспеді. Жылыстап тайып ол кетті. Ал Ақымбетке сенделгеннен сенделіп, мына төртеуіміз тағы барсақ, енді ол жақты да құдай ұрып.қапты. Тәкежан Ысқақ болысқа, өзіңнің ініңе, хат жазып, кісі шаптырыпты. "Жатақ менің жауым, бұлардың малына жоқшы болма, болыспа. Қайта, тірсекке бір салып қуып таста!" депті. Енді бізге қарсы дем берген сөзді Ақымбет Ысқақ болыстан естіпті. Жеті іріңдей ат түгіл, жеті тулақ та ала алмай, ұлып қайттық. Міне, жаңағы айтқан сияз болса, былтырғы егін, биылғы егінді айтып және мынау бар кедейдің бұт артқан жеті шолағын, күн көргішін іздеп соған барсақ деп ек. Осыған ақылыңды өзің айтшы! Сенімен сөйлесіп отырған – тек осы қасыңдағы төрт шал деме. Исі елу үйлі жылаулар, жатақ! – деп бітірді. Абай бұл әңгімелер уағында әлденеше рет қабақ түйіп, кейде ашумен, жағын тістенді. Әңгімесін қатқыл үнмен, шешен тілмен сөйлеген Дәркембайға қарап, көз алмай отырып, бірнеше рет күрсініп те қойды. Ішінен өз ағасы Тәкежан ісі мен өз інісі Ысқақтың қылықтарына қинала, ызаланып отыр. Намыс, ұят, жиреніш бәрі де у толқынданып, саналы кеудеде, күз тұманындай шұбалады. Жазықсыз жүйрік қарттың сөзін тыңдап отырғанда, қатар жарысқан бір жол өлең оралады. Ырғақты бір сөйлемді осы жерде тауып, ішінен көп қайталайды. …Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек. Ар уялар іс қой. Керең сана, бітеу кеуде, жеміт қарын бар. Оларға ар не, жанашыр не, әділет не! Дәркембай әңгімесін бітіріп, үй іші біраз уақытта жым-жырт тынып қалған кезде, Абай жаңағы өз ойын сөйлей аяқтады:

– Осынша жауыздықты істеп отырған меніменен бір әке, бір шешеден туған – бірі аға, бірі іні болмыс. Сендерге солар үшін мен де қылмыстымын. "Арсыз қолым істеді, арлы бетім ұялды" дегенім кімді жұбатады? Сендерді не деп уатады! – деп, Абай қарт достарына басында бөгде көрінген, бірақ кейін сыры танылған бір әңгіме айтып кетті. Ол, қалада Михайловпен сөйлескен көп мәжілістен туған жай еді. Соны баяндай отырып, өз басына халық турасында енді келген бір күрделі ойға кетті. Бұл ойын осы арада тауып, дәл осы арада айтып та кетті.

– Сона бір кезде, жатаққа кеп қосылғаныңды айтқанда, менің осы күнге шейін, көкейімнен кетпестей бір шын сөзді сөйлеп ең, Дәркембай. "Күйі бірдің – күні бір. Туысым – аталасым емес, өзіммен мұңы бір, бейнеті бір жатақтар" деп ең. Соныңды мен халық қамын ойлайтын бір ойшыл орыс азаматымен әңгімелескенде, тағы да жақсы ұғына түстім. Бейнет иесі болған бұқараның мұңдасы, тек қазақ ішінде емес, өзіңдей қорлық пен зорлыққа шіріген қалың миллион қара халық – орыста да бар екен. О да руым орыс деп, аталасым деп, патшасы мен шенеунігіне, төресі мен ұлығына ден қойып отырған жоқ. Қайта "қан сорғышым, обырым осы" дейді екен. Дәл жаңағы өзіңдей. Ойласам, Көкше-мамай руынан ашыққан кедей жатақтардың ғана мұңы бір емес. Олардың Сібір мен Ресейдегі бар орыс жатақтарымен де ұраны, мұңы бір екен! – деді. Өз ойының бұл өріске жеткеніне Абай өзі де сүйсініп күлді. Оның сөзінің шындығына әлі түгел ойы жетіп болмаған Дәркембайлар күдіктеніп күледі, Абай тағы сөйлеп кетті:

– Тағы ойласам, Тобықты-керей, Қаракесек-найман ішіндегі болыс атаулы Семей мен Омбы, Орынбор-мәскеу атаулыдағы барлық төрелер тобымен ұрандас екен. Бұны ұрсаң оған, оны соқсаң бұған тиетіндей сыры бар екен, қарт достарым. Жаңағы айтқан орыс ойшылы бұқара мұңын жоқтайтын асыл азамат. Сол айтыпты: "Қалың ел, өзін сорлатқан ұлық зорлығынан арылу үшін, басқаға жалынбасын, өзінің қайраулы қара балтасына жалынсын" депті! Кейде сендердің мұңыңды тыңдап отырып, "шіркін, сол қара балтаны осы қазақ сахарасындағы талай дерт, мерездің тамырына қарш еткізіп қадап, ұрар ма еді!" деп те ойлаймын. Қатты толқимын! – деді. Бірақ бұл сөздер, сыртқа айтылғаны болмаса, Абайдың біреуге ақыл қосқан сөзі емес. Ішкі терең түйін ойындай. Мына отырған қарттарға Абайдың ой көмегінен бұрын, қазір іс көмегі әсіресе керек. Соны аңғарды да, тез өзгерді. Бұған қадала қарап отырған төрт қарттың жүздерін жағалай барлап өтті де, енді шұғыл берік байлау айтты. Шалдар күтпегендей, дос көмектің байлауы еді.

– Сияз Арқатта емес, сыртта, Балқыбекте болады. Осы кез басталып қалған да болар, қалада естігем-ді. Пәле-жала жиынына бармаймын деп байлаған едім. Бірақ сендер үшін, дәл осы үйде бүгін естіген жауыздық зұлымдықпен бір шайқасу үшін, әдейі барамын. Үш күннен соң осы арадан сол Балқыбекке қарай сендер де аттаныңдар. Былтырғы егінің, биылғың, жоғалған аттарың – бәрінің дауын Тәкежан, Ысқақ, Майбасарлардан тұтас даулаймыз. Тек қырық үйліден, "сәлемші боп, мен келдім" деңдер де, бір екеуің сол сияздың басында бол. Дәркембай, өзің жүр. Қасыңа мына Дәндібайды ерт. Өзіңе тартқан бұ да бір қатты томар, ер кедейің ғой. Байлау сол. Өзге сөз кейін сияз басында. Тек үш күннен соң аттаныңдар. Біз жүреміз! Баймағамбет, атты жек! – деп, Абай орнынан ширығып тұрды. Асығып қозғалып, дүр сілкінгендей болды. Баймағамбет Абайдың асығып шираған көңіліне өзінің шапшаң, жылпос қозғалысын жауап етіп, үйден ытқи жөнелді. Абай тез қамданып, киіне бастап еді. Түрегеліп, желетін, жазғы жеңіл ұзын бешпетін киді. Сағатына қарап, енді шалдар жүзін аңғарса, олар бірдеңеден іркіліп, дағдарып отырған сияқты. Дәндібай Еренайға сәл бұрылып, күбірлеп, шала сөйлейді. Ақыл сұрап отырған тәрізі бардай, Абай түрегеп тұрған бойында Дәндібайға қарай иіле түсіп:

– Немене, Дәндеке? Сен бірдемеден күрмеліп отырсың ғой. Айтшы маған, не күдік, не бөгеттерің бар – деп Дәндібайдан бет бұрып Дәркембайға да қарап еді. Дәркембай салқын жүзін бұзбастан Абайға бар денесімен бұрылды.

– Айтқан ақылың да, байлауың да бәрі жақсы, топ алдына бармай есе тимесін көріп отырмыз. Бұл жұртыңды бөгеп отырған, тағы жоқшылық боп отыр. Ол Балқыбекке кем боса, екі кісі бару керек. Дәндібай екеуімізді жүр дегенің де мақұл. Бірақ мыналардың күмілжіп отырғаны – "қалай жетеміз?"– дейді. Жеті бірдей аты кеткен жатақ ауылда, қай жетісіп тұрған ат пен тон бар? – деді. Бұның сөзін қостаған Еренай:

– Бұт артар жоқ қой, Абайжан-ау! – деп еді. Дәндібай да ілес, кекесінді үн қосты.

– Ене, қызыңды... Кедейлік қыр соңымнан қала ма тақымдап. Қолым жетер жерге де жібермейді. Шабан-шардақ қып, мешел болған баладай. Осы Ералының бойынан қозы көш жерге шығар көлігім жоқ. Ит арқасы қиян.г-балқыбекке немен жетейін?! – деді. Абай бұл тұста да өзінің ісшіл байлауынан жаңылған жоқ. Тағы да тез жауап айтты.

– Біреуіңнің атың бар көрінеді ғой. Енді біреуіңе ана мен жегіп келе жатқан шеткі ат, кіші құла ат тисін. Дәндібай, жаз бойы осыны сен жайла. Жылқы отарға шығарда қосарсың. Ал, Дәркембай, жаңа сен атпен қоса, тонды да айтып қалдың ғой! – деді. Кеше кештен бері осы үйдің ішіне кіргізіліп қойған ұзынша, жаңа ақ сандықты Абай өзі барып ашты. Содан екі бөлек кездеме алып шықты.

– Мынау, асты-үстімен бір шапан. Бұны, Дәркембай, сен өзің істетіп ки! – дегенде қарттардың бәрі, қатарынан үн қосып, сүйсіне күлді.

– Бәрекелде!

– Көп жаса!

– Қарық қылдың ғой, қарағым!

– Азаматым аман бол! – деседі. Дабырласып, жамыраған сөздер арасында, Дәркембай Абайдың қолынан кездемені алып жатыр.

– Бұның қалай, Абайжан-ау? Зорлықты Тәкежан істеп, айыпты сен тартып жатырмысың немене? – деді. Өзі де қатты күліп, өзге шалдар мен Абайды да күлдірді.

– Би алдына бармай-ақ бір ат шапан айыпты алып алды, бұл жатақ. Есе береді деймісің енді! – деп, тағы күлді. Абай өзі де қос қартының көңілін сергіткеніне көңілдене түсті.

– Үндеме, Дәркембай, бұның айып екені рас. Бірақ атаңа атам еткен істердің айыбы болсын. Тәкежан, Ысқақпен сөзіміз алда. Олардың айыптысы болмаспын, айыптаушысы болармын. Серт со болсын. Тек соқтыққанда тайып түспей, шаншылып түс. Тоқпамбет төбелесінің алдында Байдалы айтты деп еді ғой: Сүйіндік, ақылды Сүгірден сұрамай, мына ер кедейден, Дәркембайдан сұрасаңшы деп Дәндібай екеуіңе жүр деп отырғаным сол. Қапсырған жерлеріңнен қан алмасаңдар, күз ел бауырға түскенде, мына жиын жатақ алдында, екеуіңді "жасық шықты" деп сынға, сарапқа саламын! – деді. Үй ішін күлдіріп алып, Еренай мен Қарекеге:

– Мұнда қалатын екі қарт, осы уәдеге екеуіңді куә қылам. Бұларменен сын сертті күзге қоямын! – деді. Осы кезде: "Ат даяр" деп Баймағамбет келгенде, үйдегілер тегіс сыртқа шығуға қамданып еді. Абайдың жаңағы сөзіне жауап етіп, қатты сөйлеп, күліп келе жатқан Еренай:

– Сертің серт. Онда бұл екеуінің билігін де өзіңе айтқызамын! – деп еді. Қареке Дәндібай мен Дәркембай туралы үлкен сенім айтты.

– Тәңір деген, тіл мен жаққа тұсау түспесе, қасында сен отырғанда бұл екі тарланың, болыс түгіл, жандаралдан да жалтармас. Өзің осы екеуін текке атаған жоқсың, тауып ұстадың ғой, бала шырақ. Шешінген судан тайынбас дейтін, жалаңаш батырың осылар болмаса, жатақтың мүлде сорлағаны да! – деп далаға шыға бере, бұл жөніндегі сөзді тұжырды. Тройка орнына парлап жегілген дүп құла мен жирен прәшкені Баймағамбет сәл қозғап, Дәркембай үйінің жанынан сыздырып жүргізе берді. Жатақтың қоңыр лашықтарынан шыққан көп ұсақ балалар арба жанында үйіліп тұр еді. Енді жүргіншілерге жол беріп, жарыла берді. Көлеңкеде жатқан өлі жүні түспеген арық қаншық жүдеу күшіктер, шардақ-шадыр ұсақ төбеттер шәуілдей үрді. Өздерінің шұбар тобымен арбаның артынан шулап ілесті. Еренайлар қасында, Абайды ұзатып салуға жиылған қартаң әйелдер, кәрі-жас ерлер, балалар бар еді. Солардың ортасында тұрып, Абай жаққа қарап, Еренай жақсы бір ой қорытты.

– Құданың құдіреті, осы баланың жас күнінен-ақ ағайын үміті көп еді. Сол үміт, әлі үміт. Зая болмай келе жатқандай. Өзімен істес, сөздес боп жақын білгенім осы еді. Жолың болғыр, шынайы жақсылық дәме қылғызатын жас екен! – деді. Жаңағы сөзін салқын қабақпен тыңдап тұрған көп кедейге қарады. Жоғалған жеті атыңды әперемін деді. Айып-анжысымен дәл жуандардан әперемін деп кетті. Былтырғы, биылғы егіндеріңнің төлеуін әперемін деп кетті. Соны айтып тұрмын мен! – деп, сөзін бітірді. Топ ортасында көп ауызбен сенер-сенбестей қайталап, соншалық мұңдық бір сөздер айтылады.

– Жеті ат!

– Қайта әпермек!

– Есемізді әпермек!

– Егіннің шығынын төлетпек!

– Былтырғы егін, биылғы егін!

– Биылғы егін!

– Орайын әпермек!

– Дегені болсын!

– Айтқаны шын болса, жолы болсын! – дескен жапыр-жұпыр сөздер естілді. Көп жатақтардың көздері шаң ішінде шала көрініп бара жатқан арбаға қарайды. Шала үміті сол арбаға ере кетіп бара жатқандай. Барлық кедей ауыл болып, ұзақ қарап тұрысып қалды. Абай бұл жолғы сапарында көп жүріп кешігіп келген. Михайловпен, Андреевпен ерте көктемде басталған биылғы мәжілістері Абайдың өміріндегі көп кездесулерден бөлек. Көп дүниенің сырын ашқан, санап бітіргісіз нәрлі, қызық дәрістердей болып еді. Қалада сондықтан кешіккен-ді. Қазір жас ортасы болып қалған шақта ел жайлаудың ең шеткі қоныстарында екен. Абай мен Баймағамбет Ералыдан шыққан соң ара қонып, қатты жүріп, екінші күні кеш батар шақта ғана Құнанбай ауылдарының шетіне ілінген еді. Жанынан жүргіншілер қиыс өтіп бара жатқан үлкен ақ ауыл, Ботақан-ошағында отырған Тәкежан аулы екен. Бұл мол жылқылы, қалың қойлы, оншақты үй қоңсысы бар, лықыған бай ауыл болып кетіпті.

Абай Баймағамбетке:

– Бұл ауылға түспей-ақ өтеміз, – деді.

Ұлжан аулы және соның қасындағы Абай аулы Байқошқарда. Осыдан қозы көш жерде болатын. Ел жатпай, балалар ұйықтамай тұрып, көптен көрмеген жақындарына Абай енді тез жеткісі кеп келеді. Жол Тәкежан аулының шеткі қара лашықтарының жанына тақау келгенде, Абайдың есіне Қаражан ең алдымен түсті. Баймағамбетке бұрылды да:

– Мынаны қарашы, Баймағамбет. Осы, дәуде болса, не қойшы, не сауыншы, күзетші, малшысының үйінің бірі ғой. Осынша құрым шоқпыт қып қойыпты. Бір үзік, бір туырлықтық киіз берсе, Қаражан құдай ұрғанның, несі кетеді екен! Қалай ойлайсың!? – деді. Баймағамбет қатар отырған қалпында, Абайға түкті қабағын бұрып, үлкен көк көздері жалт қарап жымия күлді:

– Қаражаннан қайырым аз шығады ғой, Абай аға! Жұмыс ететін көрші болмаса, жай қаріп-қасерді жиып отырған жоқ. Қызметін істесе де қарайласқысы келмегені ғой! – деді. Бұл кезде жүргіншілер, ауылдан қиыс өтіп бара жатып, Ботақанның мол сулы ұзын бұлағына өрістен шаңдатып, шауып келіп қаптаған мол жылқыны көрді. Абай бұл жылқының көлеміне көз салды:

– Осының бәрі Тәкежан жылқысы ма? Қай уақытта, қалай қалыңдап кеткен, Баймағамбет-ау? – деді. Сол кезде қатты шауып келіп ілескен бір аттың дүбірі естілді. Абай мен Баймағамбет қатар бұрылып қарасты. Арғымақтай биік қара қасқа, семіз құнанға күміс ер-тоқым ерттеп мінген ересек бала, Әзімбай шауып келген екен.

– Ассалаумағалейкүм, Абай аға! – деп жанаса кетті.

Абай баланың сәлемін алып, аулының, әке-шешесінің амандығын сұрады. Бұл Тәкежан мен Қаражанның ер жетіп қалған жалғыз ұлы болатын. Жалпақ бет, қара күрең, қысық көз келген, қалың қабағы қызара сызданып тұрған, салқын түсті бала. Амандық айта салысымен Әзімбай, шешесінің бұны әдейілеп жіберген сәлемін, жортып келе жатып, Абайға айтып келеді.

– Абай аға, сізге апам жіберді. "Біздің ауылға түспей, бзарлығын қимай өткені несі! Кәмпиті мен қағаз шайын, қант-мейізін таңертең кісі жіберіп, бәрібір алғызамын! Келіндер өздері талап жемесін!" деп айт, – деді. Мені әдейі сізге сәлем бер, соны айт деп жіберді! – деді. Бала осы сөзді айтып болып, шешесінің зілімен Абайларды мұқатқандай кекесін жүзбен енді ғана күлді де, атының басын ірке беріп еді. Қазір қайта бұрылмақ тәрізді. Абай оған: "тоқта, бері жүр!" деп арбаның өзі отырған жағына қарай нұсқады. Қатарласып келген Әзімбайға ол ағалық жылы жүзбен сөз қатты.

– Қарағым, қолқаң базарлық болса, осы арбадағы тәттінің бәрі сенікі болсын. Өзің бізбен ере жүріп, біздің ауылға қон да, таңертең бәрін алып қайт. Әкең мен шешеңе бүгін амандаспай бара жатқаным – күн кешкіріп кетті. Алдымызда бәріміздің де үлкеніміз – үлкен шеше мен әке бар. Ауыл жатпай тұрып, ең алдымен соларға сәлем бермекке асығып келем. Ол бір бөлек сөз! – деп Баймағамбетке атты біраз ақырын жүргізді. Арбаның салдыры бәсеңдеген кезде, балаға тағы біраз сөз айтты.

– Өзің үлкейіп, жігіт боп қапсың. Шешеңнің айтқанының бәрі бірдей ақыл бола бермейді. Алыстан келе жатқан ағамен амандық айтар-айтпастан, "аламын, беріп кет" деген жөн бе? Ойлашы! Ол шешең болса, мен ағаң. Бұндайды да ойлап жүргейсің, ұқтың ба? – деп, баланың жүзіне барлай қарап еді, Әзімбай түсіне қоймағандай. Қызыл жүзі көкшілденіп, күрең тартып, сазара түсті. Салқын қабағы жыбыр етіп, жиреніп қалды. Абайға жауап қатқан жоқ.

Енді Абай бұдан әңгіме сұрап:

– Мынау жылқы тегіс өз ауылдарыңдікі ме? – деді.

– Е, өзіміздікі, енді кімдікі болсын!

– Саны қанша өзінің?

Бала үндемей, тартынып қалды. Ішінен жақсы біліп тұрған жылқы санын айтуды жаман ырым көрді. Әкесі Тәкежен, күнде түгендеп жүрген жылқының санын бала үйге айтып келгенде: "Дабырайтпа, кісіге малыңның санын айтпа!"– дейтін. Бала айтпаған соң, Баймағамбет Абай сөзінің жауапсыз қалғанына ырза болмай өз білгенін айтып жіберді:

– Биыл ұсағымен бес жүзге жетті деп естіп едім. Мынау жылқының қарасы содан көп болмаса, аз емес қой, – деді. Бала сонда да сыр берген жоқ. Абай аз томсарып, өсіп келе жатқан бір жамандықты көргендей, күрсіне түсті. Үні өзгеріп, өзіне өзі айтқандай боп сөйледі:

– Осыдан он бес жыл бұрын екеуміз қатар енші алғанда, сексен жылқыдан тиіп еді. Тәкежан болыстықты, тойғандай-ақ емген ғой. Өткен сайлауда түспегенде, бұдан да басқа болар ма еді, әлде қайтер еді! – деді. Қырыс қабақ бала бұл ағасын анық ұнатпай, ішінен ашу жиып, ызаланып қалғандай. Енді мына сөзден соң қулықты, арамдықты біліп қалған көңіліне ерегес пен жуандық кеп кетті.

– Болыстықтан түспесе дейсіз. Өзіңіз естімеген екенсіз ғой. Жаңада болған сайлауды білдіңіз бе ағам тағы болыс болды. Айтпақшы, шүйінші, осы бір жұмадан бері біздің ауылдардың барлығы, жағалай той жасап, құнан шаптырып, қуаныш етіп жатыр... – деді. Абай балаға бар денесімен шұғыл бұрыла қарады. Бұл өңірде болған ең үлкен жаңалық – болыс сайлауының хабарын сұрады. Қалада жүргенде Казанцев деген крестьян начальнигінің осы маңдағы үш-төрт болысқа, өзі билейтін учаскеге, сайлауға шығып кеткенін білуші еді. Бірақ кімнің сайланған хабарын Абайлар әлі білген жоқ-ты.

– Ағаңды кім сайлады? Қай болысқа сайланды?

– Начандик Казансып сайлады. Менің ағам Қызыладырға болыс болды.

– Қызыладырға?! Шыңғысқа кім болды?

– Шыңғысқа, өзіміздің елге, Шұбар ағам сайланды. Қызылмолаға тағы да, қайтадан болыс болып, Ысқақ ағам сайланды. Сүйтіп Қажының үш баласы үш елге болыс болды деп, сонау ш-шақпақ, Жыланды, Кең-қоныс. Дөңгелек-қоныс, Байқошқарға шейін, барлық Ырғызбай іші мәрә-сәрә. Білмеген екенсіз. Ендеше дәл бір аттай шүйінші алады екем, Абай аға, сізден! – деп, сөзін бітірді. Болыс болған әкесі мен ағаларының хабарын айтқанда баланың жүзі қызарып, нұрлана жанды. Өзінің ішінде жүрген үлкен бір қуанышын ірке алмай, жасыра алмай, жарқырап білдірді. Бұл бала әкімдіктің, әмірдің қызығын көріп, дәмін татып, құмартып қалған бала сияқты. Жаңағы хабарды сөйлеген тілі мен түрінен Абай іштей: "Мынау өзі ер жетіп қапты ғой. Талай сабақты құлағына құйғаннан, іске, сөзге ерте кірісейін деп тұрған бала ғой!" деп ойлады. Сонымен қаатар, ішіндегі Әзімбай түсін жақтырмаған қатал сынын да ірке алған жоқ. "Қабаған ит қастанған, әлдеқандай жан шығар екен сенен? Болсаң Тәкежаннан зілді болармекесің! Кесірді ұстасаң келістіріп ұстап жүрмесең нағысын!" деп өзіне-өзі түңіле ойланып, үндемей қалған еді. Шүйінші сұрағанға Абайдың жауап бермей, бір ауыз да болса үн қатпай қалғанына бала тағы ыза болды. Әуелде шешесінен жиі еститін бір сөзді ойға алды. "Қызғанады, бізден малды да, абыройды да Абай қызғанады" десетұғын. Сол шеше иландырған өсиет бойынша, Абайды сырттан ұнатпайтын Әзімбай қазір бұның қызғанышын өз көзімен көріп тұрғандай. Ішінен қыңыр қатал үкім жасады. "Қызғанасың ғой, үнің өшіп қалғаны сол ғой. Ендеше тағы бір естімеген сұмдығымды айтайын" деген ойға бекінді. Абай баладан естіген хабарға оқыс ойланып қалғандықтан, Әзімбай жайын ұмытып кеткен еді. Ұясына кіріп бара жатқан қызыл күнге бір рет көзі шағылысып, жалт қарады да Баймағамбетке:

– Айда, жүре түс! – деген-ді.

Тер басса да, кешкі жүрістен қызына түскен пар ат пысқыра беріп, тағы жорта жөнелді. Шымы тұтас, тегіс жазық Ботақанның тықыр шалғынында арба сықырламай, тарсылдамай, ағыза жортты. Бұлардан Әзімбай енді қалып қоятын жөн бар еді. Қазір ауыл да алыстап барады. Күн кешкіргендіктен жылқы суға қанып ап, түнгі жайылысқа қарай шұбыра бастағандай. Малсақ бала Әзімбай қара қасқа құнанның қамын ойлап, ауылға тез қайтып, жылқыға жіберіп үлгіру керек. Қас қарайып кетсе қалың жылқыны таба алмай, адасып та кетуі мүмкін. Оның үстіне, қазір бөтен, ел Кереймен жақын кеп іргелес отырғандықтан, жылқыға жау тигіш боп, алды-салды көбейген кез. "Құнаным жазым боп кете ме!" деген ойды да қатар ойлап үлгірді. Бірақ сонда да бала Абайлардан қалысқан жоқ. Жаңағы Абай турасында ойлаған ызалы кекесінді, енді оған батыра айтып қалатын бір сөзбен аяқтауы керек сияқты. Содыр, қатал бала Абайды күйдіретін хабардың не екенін білетін. Ол да – осы соңғы күндердің жаңалығы. Қалың жайлау, айнала ел Құнанбай балаларының тегіс болыс болуын таң-тамаша сөйлеумен қатар, жаңағы жайды да үнемі айтатын. Көпшілік күйініп, болыстарды қарғап, ызамен құсталанып айтатын жаманат хабар еді. "Бұны естігенде Абай жарылып кетер. Болысам деп жағаласып бір болмаушы еді. Енді құдіреті күшті болса, арашашы боп айырып алып көрсін. Осы ісім Абайды да жеңген бетім. Дегеніме еріксіз көндірген, бағындырған жерім" деп, дәл бүгін түстегі қымызда, өз әкесі Тәкежан сөйлеген-ді. Ырғызбайдың ақсақал, қарасақалына осылай айтып отырғанын Әзімбай көкейіне жақсы тоқып, нық аңғарған болатын. Бала, енді сол жаңалықты, Абайдың қасында жанаса шауып отырып, еңкейіп ап, анықтап жеткізді.

– Айтпақшы, сізге айтуға ұмытып кетіппін. Ағамдарды болыс сайлаған Қазансып "Базаралыны ұстап беріңдер" деп тапсырыпты. Сол бұйрықпен үш-төрт болыстың басы қосылып, піргауарлап Базаралыны ұстатып, кешегі күн қалаға айдатыпты. Өңшең көк сауыт жасауылдар жолда қашып кетеді деп, түйеге мінгізіп апты. Түнде қолына, аяғына кісен салып ұстайтын боп, айдап әкетіпті! – деді. Осы хабарын айтып болған бала, енді іңір қараңғысы түсе берген көлеңкелі кеште аппақ сұлу тістерін ақсита күлді де, атының басын ірке берді. Абай баланың жүзіне ашумен, ажырая қарады. Арбаның үстінде дөңбекшігендей, жұлқына бұрылды.

– Өй, өңшең құдай ұрған! Болмай жатып тағы баяғы иттікті бастады десеңші! Өңшең бөрі кеуде, бөрі ауыз, жыртқыштар! – деді. Бөрінің аузы Абай есіне Әзімбайдың жаңағы күлген аузын көргеннен түсті. Содан алған ұнамсыз бір сезіммен әлде қалай жалғас еді. Осыдан біраз бұрын "қабаған ит қастанған" жүзді көрсе, енді еріндері қып-қызыл, үлкен ауызды, жәйін ауыз Әзімбай қасқырлық бір бітімді және елестеткендей болатын. Абайдың ұрыс сөзінің артын баланың естігісі келген жоқ. Ол құнанын шұғыл тартып, тоқтап қалды. Бірақ кетіп бара жатқан арбаның артынан даурыға сөйлеп:" бар сонымен!" деп, тағы да ызалана, ақсия жымиды да, қайта бұрылды. Алыста, үлкен ақ үйлі аулының жерошақтарында жалпылдай жанған кешкі қызыл оты, ішер асқа қарай мұндалап, "кел-келдеп" шақырғандай, тамақсау баланың кешкі етке еңсесі кетіпті.қара қасқа құнанның тізгінін жинаңқырап, жамбасқа сарала қамшыменен осып ұрып, ауылға қарай құйықтыра жөнелді. Жалғыз өзі қуана көтеріледі. Алысқанын жеңгендей, шабытты көңіл тауып, сол қараңғы ымыртта жапа-жалғыз өзі: "Ырғызбай – Ырғызбай" деп айғайлап, ұран салып, құтырына шапты. Байқошқарға Абайлар келгенде, ауыл жатқан жоқ еді. Әсіресе Абайдың қуанғаны – бұның үш-төрт баласы Ақылбай, Әбіш, Мағаш және күлегеш қызы Күлбадандар да ұйқтаған жоқ екен. Олар арбаның салдырын естіп, өз ауылдарынан айғайлап жүгірген. Абай отырған арбаға кеп, жапыр-жұпыр қамалаған. Біреулері козлоға, тағы біреулері арбаның артына мініпті. Мағаш, Әбіш сияқты кішкенелері Абайдың екі тізесіне отырған. Мойнынан құшақтап, сағына жабысып, даурыға күлісіп, шексіз қуанышпен қарсы алысты. Баймағамбет ат тұмсығын, Абайдың әрқашан ең алдымен амандасатын жаны – Ұлжан үйінің сыртына кеп тіреді. Семіз бәйбіше Ұлжан бір шоғыр балаларының қамау-қоршауында келе жатқан Абайды өзінің үлкен төсегінің жанында, орнынан тұрып қарсы алды. Құшақтап, сүйіп амандасты. Әйгерім, Айғыздар да Абайға осы үйге кеп амандасқан. Алпамсадай зор иық, кең жауырын, батыр тұлғалы Оспан да келді. Омырауы ашық ақ көйлектің сыртынан барқыт жаға, жұқа шапан жамылыпты. Бұның қасында жас келіншегі, сұңғақ, сұлу бойлы Еркежан келін қатар кірді. Оспан Абаймен жайраңдасып амандасады. Дамылсыз келіп, кесек үнмен үй ішіндегі дабырды баса сөйлейді. Құнанбай аулының жағалай болыс болып жатқан қуанышын тағы да Абайға қайталап айтты. Шүйінші сұрады. Абай оның шүйіншісіне тек ақырын ғана жауап қатып, Ұлжанға қарады. "Қайырлы болсын, шат-шадыман екенсіздер, қайырлы болсын!"- деді. Ұлжан да Абайдың оншалық қуанбаған қабағын түсінгендей, ақырын сөйледі. "Қайыры бірге болсын, қарағым!" деп қана қоя салды. Оспан әлі де ақсия күліп, болыс болған аға-інілері үшін мақтана тасқындайды. Жылқының қыл түбіндей қысқа қара мұрты сояулап түксиген. Шоқша сақалы шанжау-шанжау боп, тырағайлап шыққан, қап-қара көмірдей. Оспан өмірдің қай қызық, қай шаттығы болсын, бәрін де үлкен қызумен сезінеді.

– Тек қайыры ұзақ болсын. Қуаныш үстіне қуаныш қат-қабат! – деді. Абайдың Әзімбайдан естіген соңғы суық хабарын қазір Оспан "қат-қабат қуаныштың" бірі есепті ұсынып отыр. Абай біледі, Базаралыға өштікте, ожар томырық Оспан, Тәкежаннан кем түспеген болу керек. Анау арамдығы болмаса да, өр кеуделікте бұның да зілі көп. "Ұстаған жерде қолы, тістеген жерде тісі кетеді" деп, қақпайлап, теріске әкететін Майбасарлар аз емес. Ол қазір өзінің аға бауырларының бақ-дәреже қуанышын, сол аңқылдақтық бойынша, Абайдан аулақ демейді.

– Бұндағылар болыс болып жатыр. "Ұлыққа өз қылығымыз жақты. Өзімізді білгеннен, абыройымызды ұққаннан Қазансып өзі сайлады" дегісі келеді. Мен оларға: "Құдайыңды ұмытпа, асып таспа. Ұлық сенің неңді білуші еді? Көктемде барып жаз ортасына шейін қалада құм таптап, ыстыққа шыжып жатқанда, Абай тек жатыр деппең? Осы бәріңе кеп жатқан мол абырой, мынау батпан құйрық неден? Қаланың үлкен ұлығымен күнде көрісіп, келісіп істетіп отырған Абай ісі" деп, бұларды өре бастырмай жүрмін! – деп қарқылдап күлді. Абай Оспанның бұған ең жақын іні бола тұра, соншалық, қаңғып адасқанына, аса бір қатты мысқылмен күлді.

– Қақ қасымда жүрсең де, кейде мен туралы адасқанда, айсыз қараңғыда жүргендей, қаңғып шығасың-ау, Оспан! Бір болыс болғанда сексен жылқысын бес жүзге жеткізіп алған Тәкежанды мүсіркеймін бе!? Қызыл-моланың болысы боп Тобықтының ұрысын сүйейтін Ысқақ үшін жанымды салам ба!? Мені жақсы көргеннен, өзіңше маған да шен бермек болғаның ба? Бұл сайлауыңа тұяқ қыбырлатқан қатынасым жоқ. Адасып, бал ашпай, жайыңа отыр! – деп тағы күлді. Оспан ол айтқанына да тоқтаған жоқ.

– Жарайды, қой, шырағым. Оныңа иланатын Тобықты жоқ. Осы қан жайлаудағы қалың елдің қатқан шал, балдырлаған баласына шейін сұрашы! Үш бірдей Құнанбаев қатар болыс болады. Қалада қадалып, сарылып жатқан Абай, оған ат салыспайды.дегенге итім илана ма! Қайта бұл сөзіңді жап та, мына болыс болған аға-інілеріңнің алғысын ала бер. Қайтесің, жаңағы сөзіңе иланатын, жат түгіл, мен де жоқ. Неге иланам? Осы абыройды, тәңір берген абыройды өзіңе өзің қимай қасың бар ма?! – деді қыңырайып, мойнын бұрған бетінен қайтар емес. Бұның ауыздығын тістеп алғандай бетімен кететінін біліп, Абай балалары мен шешелер көзінше енді ырғасып-қаржасқысы келген жоқ. Сөзді шұғылынан Әбішке бұрып, соның оқуы жайын сұрай бастады.

– Аға, мен осы күнде орысша да оқып жүрмін. Оны сен білдің бе? Қыстаудан бері оқи бастадым! – деді. Әбіш Абайға, үй ішінің сақтап жүрген жақсы бір жаңалығын, өзіне сөз тие салысымен, ең алдымен айтты.

– О, кімнен? Кім оқытып жүр орысшаны, қарағым?

Ағы ақ, қызылы қызыл боп жұтынып отырған аса сұлу, биязы баласы Әбішті Абай өзіне қарай құшақтап тартты. Маңдайынан сүйді. Бұны кім орысша оқытып жүргенін Ұлжан айтып берді.

– Жазғытұры сен қалаға кетісімен, біздің Жидебайдағы ауылға бір бала орыс келген еді. Бұрын бір жыл тілмаш та болған екен. Өзін осы ел "бала тілмаш" дейді. Сол, "қалаға тұруға ауруым бар, қымызға көкке шығайын деп келіп ем, балаларың бар ғой, бәйбіше, оларды да оқытып тұрайын" деген соң, Абайдың балаларын оқытсын, кішкенелерін орысша оқытам деп жүрген. Сол отауда болсын деп, Ақшоқыға жөнелткем-ді. Міні содан бері жалғыз Әбіш емес, Мағашың, Күлбаданыңа шейін, сол бала тілмаш Байып дегеннен оқып жыр! – деді. Абай өзінен жасырын сақтап келген бұл сияқты жақсылық, жаңалыққа аса қуанды. Әйгерімге енді туралап жауап қатып:

– Қалай, балалар Кішкене-молдадан оқығандай, бұдан да үздіксіз оқи ма? Өзі күтімді ме? – деп сұрастырады.

Әйгерім Абайды сағындырған сұлу үнімен жауап қатып:

– Балалар бар ынтасымен, жанын салып оқиды. Қызығып оқиды. Жайлауға қарай көшіп келе жатқанымызда, тіпті жаппалап қонған күндердің өзінде де Әбіш Мағаштар бір күн қалет қылған жоқ. Тілмаштың өзі де қазақуар, – деді аз биязы мысқылмен сыпайы күліп, Абай жүзіне соншалық бір жылы шыраймен қарап: – орыс молдасы қызық болады екен ғой өзі. Сыздану, салмақтану жоқ. Баланы тіпті еліктіріп, ойнатып оқытатын сияқты! – деді. Абай Әйгерімнің зейінді, зерек көңілін танып отыр. Бас изеп, зор ықласпен күле тыңдап мақұлдады. Оспан жеңгесін қағыта, қалжың етті:

– Жә, жә! Құдай жолымен шариғатты үйреткен әкеңдей молданы былай қойып, жаман-жәутік тілмашты мақтағаның неменең? Әйтеуір Абай орыс оқуын ұнатушы еді деп, сен екеуміз де қара таяғымси.береміз-ау осы! Тамағымызды кенеп! – деп, Әйгерімнің даусына салып, мазақтап, – үніміз сылдырай-шылдырай түсіп әбден! – деді. Үй ду күлген еді. Сүйтіп, Әйгерімді ене көзінше қызартып, үнін өшіріп қойды да, қарқылдай күлді. Абай Әбіштен, Мағаштан, Күлбаданнан кей сөздердің орысша атын сұрап, сынап көрді. Таласа жауап берген балаларынан "оқу, білім", деп аңсап тұрған үлкен бір талап, ықылас таныды. Еттен кейін, Әбіш, Мағаш, Күлбадан үшеуін кең шапанының екі жақ етегімен жамылшылап, құшақтай ертіп, Әйгерімнің үйіне қарай жүргенде Абай ішінен үлкен шүкір етті. Бағана кешке, бұған кездескен Тәкежан баласы Әзімбайды есіне алды. Оның жаманшылықты біліп қалған бітімінен мынау өз балалары мүлде басқа. Шын бала, әлі аппақ сүттей таза бала. Тәлім, тәрбие күткен бала екенін ойлап, аталық ырзалық сезгендей боп еді. Әбішті қыса түсіп, тыста келе жатып:

– Қалқам, Әбішім, орысша оқи бастағаның сондай жақсы болған. Мұсылманша оқуың жетерліктей болды. Мен биыл сені орысшаға оқуға, ұзақ оқұға берем. Құдай бұйырса, үлкен ғалым адам болып өсесің. Бұл менің сен тураңдағы үлкен бір аталық тілегім, балам! Менен бұрын өзің оқи бастағаның, мені қатты қуантты, айналайын! – деді. Маңдайға кеп қалған толық айға, кең аспанға көз салып тұрды. Іштей бір дұға тілек айтқандай болды. "Осынымның өмір-жасын зая қылма, дегеніме жеткіз. Мен таппаған зор білімді, адамгерлік қасиетті, тым құрса осы перзентім тапсын. Бағын аш, жасаған, жолын қыла көр!"– деді. Осы түнде сүйікті ұлын бауырына қысып тұрып, соншалық бір құпия, ыстық дұға еткендей болып еді. Әбіш үндеген жоқ. Бірақ ата мейіріне соншалық бойсұнып, құлай ұйығандай. Өңі аппақ боп қобалжып апты.

– Құп, аға, құп! – деп қана қойды.

Әкесі мен ағасының арасындағы осы шартты, бойы кішкене болса да, іші соншалық сезімтал бала Мағаш та аңғарған еді. Әбішті құшақтап тұрған ағасын кіндік тұсынан қапсыра аймалап алып:

– Иә, аға! – деп наразы бір үн қатты да, – жалғыз Әбіш емес, мен де барам. Қалаға барып, мен де орысша оқимын! – деді. Бұлардың қастарында тұрған Күлбадан да кішкене Мағаштан қалыса алмай:

– Аға, аға деймін, мен де, мен де барам!Мені де оқыт орысшаға. Байыптан сұрашы. Ол, орысшаны бәрінен бұрын сен үйренесің дейді. Ал! Мен де барам! – деді. Абай тыста әлі де үйге кірмей, балаларының қоршауында тұрып, шаттана күлді. Күлбаданды басынан сипады. Мағаш пен екеуінің беттерінен сүйіп тұрып, уәде берді:

– Ендеше екеуіңді де Әбішке қосып, осы күзде оқуға бірге апарам. Бәріңді бір-ақ апарам, уәдем осы болсын! – деді. Балаларын ертіп үйге тақағанда, Әйгерім үнсіз ғана күліп, үй жанында тұр еді. Енді есіктің киізін оң қолымен шалқайта көтеріп, Абайдың алдынан өз отауына есік ашты.

ТАРАУДА

1

Балқыбектегі сиязға Абай бір топ кісімен барды. Байырғы жолдастарынан қазір қасындағы адамдары: Ербол, Баймағамбет, Шәке бар. Жәнібекке келіп, Ерболдікінде қонақ болып, сияз басына қарай жүргенде, екі-үш кісі жолдасымен Асылбек те ере жүрді. Ол осы өткен сайлауда болыстықтан түскен болатын. Абай қасында бұл жолы, бала жігіттен ерген өзінің үлкен баласы Ақылбай да бар. Абайдың баласы аталғанымен, Ақылбай оның тәрбиесінде емес, Нұрғаным қолында, Құнанбайдың кенжесі есебінде өскен. Ақылбай барлық Ырғызбай ішіндегі бұла-болпаш жастың бірі болатын. Өзі Абайға ағайын ішінде ең тоңторыс, алыс есепті. Жай қалыс ағайынның біріндей. Бұның өз қасында екі жігіт бар. Бірі – Қазақбай. Зор денелі, үлкен қошқар тұмсықты, шүңірек көк көзді кісі. Тұқымы Шеркес. Ендігі аты Қазақбай атанған, Құнанбай аулының көршісі. Ол жас жағынан Ақылбайдан көп үлкен, Абай құралпас. Естияр кісі бірге болсын деп, Нұрғаным Ақылбайға бұны әдейі қосқан. Екінші кісісі – Мамайдан шыққан, Ақылбайдың өзімен түйдей құрдас, бала жігіт Мамырқаз. Ол ақ сұр жүзді, үлкен көзді, денелі, балуан болуға тақап жүрген жігіт. Әрі күлдіргі, мысқылшыл тілі бар. Өзі Ақылбайды шын достық бейілмен жақсы көреді. Ақылбай қайда жүрсе де Мамырқазды қасынан тастамайды. Абай тобымен келе жатқанда Ақылбай, көбінесе, үлкен кісілермен бір жүруден тартынып, аулақтай береді. Мамырқаз екеуінің оңашадағы еркін, қалжың-қылжаңы ма, әйтеуір сөздері бітпейді. Абай олардың анда-санда елсіз далада ұзақ, оқшауланып қалғанын байқайды. Кейде ағыза жарысып, үлкендерді басып озып, ілгері ұзап кетеді. Әлсін-әлсін бір тоқтап, бір шауып жүрген, балаша жүрістері бар. Осыны Абай көптен аңғарып, қасындағы Шәке мен Ерболға әзіл айтып қояды.

– Ақылбайдың мына Мамырқаз шыны-ақ жақсы, тату досы ма екен? Тату болған достан кісі осылай, ұялас күшіктердей, шұбала шырмалып ажыраса алмай жүретін бір шағы болады! – деп Ерболға қарады. Ербол күле түсіп, үлкен қоңыр көздері жалт етіп, Абайға қарады. Бұлардың өз арасындағы жас күндеріндегі қызықтас күйді Абай айтып келе жатқанын оңай таныды. Ақылбай мен Мамырқазда Абай мен Ерболдың достығындай "достық бар шығар-ау" дегенге, Ерболдың көңілі көнбейді.

– Достық деймісің, Абай. Жастық бозбастық, сыбыр-сылтың шығар. Сондайды ойлап, жер танып қалған қулар болу керек, дәу де болса осыларың! – деп топты түгел күлдірді. Ербол Ақылбайлар жаққа қарады. Абай да солардың бөгеліп, ұйлығып тұрған күйлерін бақты да:

– Кім білсін. Байдың аяңкес, болпаш мырзасы өзімшіл, қызғаншақ болады. Өзгенің білімді, ақылды дегенінің бәрінен бойды аулаққа салады. "Бәрінен өзің жақсысың!" дейтін қошеметшіні сүйеді. Сол ма екен, қудай білсін! Әйтеуір, Ақылбайыңыз біз сырын білген жігітіміз емес! – деді. Шәке, Баймағамбет. Ерболдарды бұл сөз де күлдірді. Ербол әзілін Абайға қадады.

– Тегі, кісінің он алты жасында біткен баласы болудан сақ болу керек қолдан келсе! Бозбала кезінде, "сен әкесің" дегізген баланы ондай кісі жігіт ағасы болған күнде де жақтырмас. Қырына ала бере ме, әлде қалай! – деді. Бұнысы – Абайға Ерболдың ғана достығы айтқызатын батыл қалжың. Абайға аға достық қалпынан бірде-бір заман аумаған Асылбек, Ерболдың қалжыңын қызығып тыңдады. Ақырын, сыпайы күлкісімен езу тартты.

– Сүйтіп, Ербол Ақылбайды ақтау жағына шықты деңіз!

– Құрық берді!

– Бергенде, ұзын құрық берді!

– Өзі ерке Ақылбайды бұдан былай ауыздықсыз, жүгенсіз тарта бер деген сөз болды! – десіп, Шәке, Баймағамбеттер күле сөйлеп, бір шетте күңкілдесіп келе жатыр. Бұл топ Балқыбекке ерте жетті. Әрі өзені, әрі ұзын қалың қырқасы да Балқыбек атанатын осы қоныс – сиязға әдейі бір жақсы ойлап табылған. Сияз – көршілес үш-төрт рудың бас қосқан сиязы. Сол елдердің дауласып, ақылдасып, көп жарғыласатын орны. Ондай жиын мекені алыс-тартысқа түсетін рулардың ешқайсысының ортасында болмай, аулақ жерде болғаны дұрыс. Ірге жуандық, көптік ету деген – бұл рулардың атқамінерінен әрдайым қалмайтын қырсық мінез. Балқыбек болса, бір жағы Тобықты, бір жағы Сыбан-найман, бір жағы Керей жайлауының, үш жақтан кеп түйіскен орталығында. Үш ру жерінің бөлігі. Кең шалғыны мен мөлдір суы бар шұрайлы қоныстың бірі болса да, жыл сайын бос тұрады. Үш ел бірінен бірі қызғанатын жер. Біреу қонып қойса: "Іргеңді тарт. Сенің меншіктің емес. Бұл ара қоныс" деп, өзге екі ел сөз қыла түрегеледі. Биылғы жылда, мынау үш-төрт елдің кезігуіне керек болған уақытта, Балқыбектен артық жер іздесе табылмайды. Бұл жолғы Балқыбек сиязына Семей уезіндегі крестьянский начальник Казанцевтің учаскесіне қарайтын тоғыз болыс ел жиналмақ. Тобықты төрт болыс, екі болыс Сыбан, екі болыс Уақ, Бура. Дуаны бұл болыстардан бөлек болса да, жері көршілес Керей де бар. Балқыбекке ең жақын елдің бірі – сол Керей. Олар да мына сиязға әкеліп, үйлерін тігіп, ділмар, жүйрік билерін іріктеп дауға шығарып, қамданып жүр. Казанцев учаскесінің бар болысында, Құнанбай балаларының ықпалы қатты жүріп тұрған кездің бірі осы. Соңғы өткізген сайлаудан бері Тобықты іші ғана емес, көршілес Керей, Сыбан, Уақ, Бура – бәрі де Құнанбайдың үш бірдей баласы үш елге болыс болғанын дамылсыз сөз қылатын. Сұқтанып, таңданып та, қызғанып, күйіп те сөйлегендер осылардың өздері сияқтылар. Әр ру елдің болыстыққа, билікке қол артып жүрген аталы жуан ауылдары болатын.

– Ырғызбай жетісті. Кеше аға-сұлтан болып Құнанбай тұрғанда, алапаты асты деп жұрт бір таңданып еді. Енді Құнанбай ел сөзіне араласпай, үйінде жатыр. Күлге шөккен кәрі бурадай, тыным алып жатып еді. Керегі не бірақ, ұлық пен бақ әлі осының соңында екен. Үш бірдей бөлтірігі үш елді билеп-төстейді. Сүйтіп, бар Тобықты тағы да Ырғызбайдың жұмса жұдырығында, жазса алақанында.боп шықты. Бір Тобықты емес, Қызыл-молаға болыс болып отырған Ысқақ Уақ, Бураны. Сыбанды да қанатымен қармай отыр. Еңкейсе Ертісі, шалқайса Шыңғысы деген, асып тұрған бір шағы екен ғой бұл Ырғызбайдың! – деп, көп жұрт сөйлеп жүр. Ербол Балқыбектегі сиязға бұдан бұрын бір барып, аз күн жұрт аңғарын көріп қайтқан-ды. "Ел" деп, бұндайда қалың жиын халықты айтпайды. Атқа мінген, сөз сөйлеген, әмір-құдірет жүргізген болыс, биді және солардың айналасындағы қоршау-қамауды айтады. Балқыбекке қарай келе жатқан жолдың соңғы кезінде Абай мен Ербол өзге топтан кейіндеп, оңашалап қалып, екеуі ғана әңгімелесіп келе жатыр еді. Жаңағы Құнанбай балалары турасындағы жұрт аузындағы аңызды солай қып айтқан Ербол болатын. "Ел мінезін, жұрт сұрқын жақтыртпадым" деп, атқамінер атаулыны сынап, шенеген де Ербол еді.

– Бәрінен жексұрыны – осы күнде не көп, пара мен жем көп. Не деген көмейлер, жемсаулар екенін білмеймін! "түйені түгімен жұтады" деген, о бір сыпайы обырлық екен. Айғыр үйірлеп жылқы, жүздеп қой, матауымен түйе әкеліп жатқан дауларды да естідім. Онан соң қаланың ұлығы, начальнигі де құдай ұрып.бадырайтып тұрып жейді екен. Осы жолғы Тәкежан мен Шұбардың болыстығын Қызыл-молаға Казанцев келісімен Ысқақ әзірлеген тәрізді. Жиырма жылқының ұзын-ырғасын Казанцевке бір өзі өткізіпті дейді. Соның салдары болу керек, Казанцев Тобықты шетіне ілінер-ілінбестен Тәкежанды аузынан тастамапты. Сүйтіп, начальникке берген параның орайын, осы күнде болыстарың оң мен солдан қатар сыпалап, борсықтай сорып жатыр. Қызара бөртіп, жонданып алған.

– Билер ше?

– Билердің де бәрі жемтіктес пе? Бидің көбін барлай алмадым. Бірақ олардың да жеп жатқанында шәк-шұба жоқ. Өзің ойласаңшы, Керей-тобықтының, Сыбан-тобықтының, Бура-тобықтының дауы болса, оны әуелі болыстар арқылы айтысады. Биге болыс айдап беретін болса, сол болыс алдын ала ым-жымды өзі жайлайды. Биге бергенде жең ұшынан жалғасып, "анаған кессең аламыз", "мынаның кінә сұмдығын кешсең аламыз" демей отыр ма! Сүйтіп, болыстың да парасы биліктен келеді. Содан түседі. Ал, билік би аузымен айтылады. Аузымен адалдықты айтам деп, ас жемей, әулиелік істеп отыратын біздің Жиренше, Әбділда, Оразбайлар ма?

– Өй, шыныңды айтшы, Жиренше мен Оразбай да жей ме?

– Бәлі, о не дегенің?

– Бір кезде ел сөзіне сол екеуінің араласуына менің өзім себепші болып едім. Кісілік абыройды ерте алып екеуі де қатты малданды деп естимін. Тым құрса арам жемесе несі кетер еді! Әлде сенікі үстірт болар. Әлі де соларды адал дегім келеді. Ал оларың және жеміт болса, онда кімің қалды? – деп, Абай үлкен бір дағдарыс ойға тірелгендей. Өзінен өзі сұрағандай бір сөзді айтты да, ары қарай әңгімелеспеді. Ербол Абайдың жаңағы екеуіне үміт артқанын еске алды. Оларды әйгілейтін жаманшылықтарын әдейі айтпай, іркіліп қалды. Жолдасының "досым" деген адамы туралы жайсыз айтса, шағым айтқандай болады. Шағым айтса, Абайдың өзі айтып жүретін бір сөзі бар еді. "Жақынды араз, татуды жат қылатын – өсек, сыбыр-сыпсың" дейтін. Өзін бұндайдан қатты тыйып ұстайтын Ербол, дағдылы мінезділігіне басып, әдейі үндемеді. Абайлар Балқыбектегі сияз басына келгенде, көпке шейін өздері түсетін жайды таба алмады. Қалың үйлер, мол жиындар арасын көп жағалап аралады. Өзеннің екі жағасындағы кең қолатқа жарысқан қатарымен тігілген үйлерде шек жоқ. Кей тұстарда үйлер көше болып бірі артынан бірі қос қатарланып созылған. Оқта-текте болмаса, жеті-сегіз қанатты үлкен үйлер аз ұшырайды. Көбінше бұнда келген бес-алты қанатты, ықшамды жаңа отаулар. Кейбірінің дөдегесін, уық-қарын оюлап, бояулап, әшекей жүргізген. Оюларына манат, борлат бастырған. Кей жерлерде, ақ үйлерден сыртырақта, өз бетіне бірқатар боп, қоңыр үйлер орналасқан. Бұлар ас үйлер және атшы, аспазшы, күтушілер жататын үйлерге ұқсайды. Осы ұзақ қатар үйлер бойында, аулағырақта желі-желі құлындар көрінеді. Әр үй өзінің сауынын, мінер көлік, жүйрік саңлағын да ала келіскен. Желі бойындағы жылқылардың биелерінен гөрі жарау, семіз, саяқ аттары көп. Өзгеше жылқы шоғыры. Осындай топ-топ жылқылар әр ауылдың, әр елдің бөлекше таңбаларын танытады. Өзеннің екі жағында біріне бірі жалғаса, жиі тартылған желілер сиязға тіккен үйлердің бір шеті мен бір шетінен де алысыраққа созылған. Тай шаптырымнан артық жерде ықтиярсыздық күйіне амалсыз бағынып тұрған неше жүздеген құлындар қатары бүгін ерекше көз тартады. Абайлар ұлықтарға тігілген бір оқшау үйлерді көрді. Осы үйлердің тап ортасында, ылғи сегіз қанатты үш үйлерден құралған, үлкен бір орда бар. Соның қасында, екі жағында, кішілеу ақ үйлердің екеуін бір қосқан, үшеуін бір қосқан қатар үйлер және бар. Бұл үйлер айналасында әбігерде жүрген болыс, би, әсіресе старшын, шабармандар аса көп. Күтуші жігіт-желең дамыл алмай танау қағады .. Мырзаларынан бастап, қосшыларына шейін киім үлгілері бірінен бірі бөлек рулар байқалады. Бұнда төрт сай, аласа төбелі Тобықты тымағы, жіңішке, ұзын төбелі Керей тымағы, сырмалаған алты сай Найман тымағы, сегіз сай Уақ тымағы бар. Бірінен бірі бөлек, шапан-кемзал үлгілері, ер-тоқым, басқалықтары да Абай көзіне бадырайып, айқын байқалады. Сыбан, Тобықты, Керей, Уақ болыстары, кандилаттары, долынжы билері қастарына тілмаштарын алыпты. Абайлар өте бергенде, солар ұлық үйлерінің алдына шығып, тегіс қатарланып қалды. Ақ китель, ақ картуз киген сарала түймелі начальниктер, урядниктер, стражниктер де шықты. Ербол бұлардың ажарына қарап, мысқылдап күледі:

– Мынаның бәрі сапқа тұрып қапты. Кімнің жаназасын шығарғалы тұр!

– Қой ішінен іріктеліп бөлінген теке, серкелердей, бұл не көріністері екен? – деп, Асылбек те таңданып еді. Артына бұрылып қараған Шәке ұлықтардың бұл тұрысының мәні-жөнін бұрынырақ аңғарды.

– Ояз келеді деген. Мына біреу көп күйме шапқылатып келеді ғой. Бұларыңыз Оязды тосып тұрғандар болды! – деді. Аттарының басын аз іркіп, артқа қарай Абай Асылбектер де бұрылысты. Тегіс, шалғынды, көк өлкеде, қалың нөпір құйықтыра шауып келе жатыр екен. Бір күйме емес, өңшең тройка жеккен алты-жеті күйме. Қоңырауларын бүліндіре шалдырлатып тақап келеді. Бұл күймелердің алдына жалбақтап, есі шыға шапқан көк атшабар, старшындар, күтуші атшылар сияқты қалың топ бар. Балқыбек бойын қалың бәйгенің дүбіріндей мол дүбір – даурыққа салып келеді. Абай:

– Мынау жалғыз Ояз емес. Көп төренің тобы ғой! – деп, бұл шоғырды молырақ көрді. Кешелер осы жиын басынан қайтқан Шәке өзінің болыс інісі Шұбардан естіген жайын жаңа мәлім етті.

– Айтқаныңыз рас. Бұл бір Ояз емес. Мына Керейдің Сыбан, Тобықтымен арасындағы дау-шары осы сиязда қаралсын деп, облыстың екі Оязы бас қосады деген. Осы келген біздің Семейдің ғана Оязы емес, Қарқаралының да Оязы болар! – деді. Сол мөлшер дұрыс екен. Екі үлкен күйме арттағыларынан бөлініп, қатар келіп түсті. Өздеріне бағынатын болыс, тілмаштарымен екі бөлініп, екі топ боп тарасып жатты. Абайлар бұдан арғыға аялдамай, Балқыбекті құлдап, түсетін үйлерді әлі де іздей түсіп, ілгері жылжыды. Ұлықтарды түсіре салып, жан-жаққа асыға, аптыға шапқылаған старшын, шабарман, күтушілер көрінді. Бұндайлар әулекіленіп, құтырына шауып жүрген жолында, бөгде кісілерді боқтап кететіні де болады.

– Құтырғаннан құтылғанның өзі ақыл. Қой, мына ұлықмасылардан аулақ кетейік! – деп Ербол өз тобын ілгері бастады. Бұлар әлі де бірталай уақыт ат үстінде болып, түсетін үйін іздесуде жүр. Баймағамбет, Мамырқаз, Қазақбайлар желе жортып, Құнанбай балаларының тіккізген үйін сұрастырады. Бұларға ең алдымен Қызыл-адыр болысы – Тәкежан тіккізіп отырған бір топ үлкен ақ үйлер кезігіп еді.

– Тәкежан үйін таптық! – деп келген Баймағамбетке, Абай қысқа жауап беріп:

– Онда түспейміз! – деді.

Енді ілгері келе жатып, тағы бір ауылға кезіккенде, Қазақбай жортып барып, хабар алып келді.

– Һа, бұ Исхақның аулы болып шықты. Түшсәк болмас па, Абай? – деп, өзінің қазақ ортасында қанша жүрсе де, түзелмейтін шала, шүлдір тілімен хабар етіп еді. Абай:"оған да түспейміз!"– деді.

– Қызылмоланың болысы Ысқақ туысымыз болғанмен, еліне бөгде шығын жасап неміз бар? – деді Ербол да. Ағайынды болыстар өз үйлерін қанаттастыра тіккізген екен. Келесі бір көп үйлер Шыңғыстың жаңа болысы, Құнанбай немересі Шұбардың тіккізген үйлері екен. Абайлар осы үйлер қатарына келгенде, бұларды біреу қуып жетті. Жирен жорғасын қатты тайпалтып, жорғалатып келген Шұбардың өзі екен. Даурыға сәлем беріп, аттылар тобының ортасын жарып кірді. Сыртынан танып келген. Абайға қатарласа беріп:

– Абай аға, мынау біздің үйлер. Қайда кетіп барасыздар? Тобыңызбен осында түсіңіздер! – деді. Ақ сұр жүзінде сәл білінер қорасан дағы бар, кең жауырынды, ұзын бойлы, атқа тіп-тік отыратын Шұбар болыс осы. Абай онымен жай амандасты. Үлкен лауазым алғанына қайырлы болсын айтты. Соған жалғастырып:

– Бізді үйіңе түс деп қолқалама. Істес боп кеп жатқан арызшы, жоқшы, алыс-жақын ағайындарың бар. Соның бәрі болыс үйінің қара құрық, әбігерін көбейтеді. Біз мынау Асыл ағаң, Ербол бәріміз кеш жатып, жай тұрып, кең жайылып өскен қазақпыз. Осында Оспан да үй тіктірдім деп еді. Біздің жатып түсуімізге сонікі қолайлы, – деді. Абайдың түспегенін Шұбар онша құптаған жоқ. Бірақ енді қайталап, жабыспады.

– Ендеше, Абай аға, бір-ақ ауыз бір сөзім бар еді! – деп өзгелерді ілгері жіберіп, Абаймен екеуленіп, кейін деп қалды.

– Артыңыздан асығып, қуа келгенімнің мәні бар. Жаңа Ояз кеп түсті де, қонақ үйге жеті-сегіз болыс бірге кіргенімізде, шала-шарпы амандаса салып сияз басында Ибрагим Кунанбаеч бар ма? деп, сізді сұрады. Соның өзі өзімізді қуантып тастады. Мен: бар, сізге келіп амандасады деп, өзге болыстар ішінен бұрын жауаптастым! – деп, Шұбар өзінің Абай арқылы біраз шоқтығы шығып, көтеріңкі келгенін білдірді.

– Барып сөйлескеніңіз мақұл болар. Әр алуан дау-шармен, тайталаспен, іштей арбасып кеп жатқан жұрт бар ғой. Ұлыққа барып, тек амандасып елден бұрын жүз көрісіп шықсаңыз, бізге соның өзі де әлдеқандай! Абырой болғалы тұр! – деп, тағы бір тілегін білдірген-ді. Абай шешіліп жауап қатқан жоқ, тек:

– Ояз кім, Лосовскийдің өзі ме, басқа ма? – деп еді.

Келген Лосовскийдің көмекшісі емес, өзі боп шықты. Шұбар айтқан есеп үшін емес, өзінің таныстығы, сыйластығы бойынша, Михайлов пен Андреев тәуір адам деп санайтын Лосовскиймен жүз көрісуден Абай қашпайды. Қысқа қайырып:

– Барамын! Барып амандасып шығамын. Оны сен тіпті қолқа қылмай-ақ қой! – деді де, Шұбардан айрылып алдыңғы жолдастары барған Оспан үйлеріне келді. Аздан соң бұл арада Тобықтының атқамінер, ұлық, болыстарының көбі жиылған еді. Құнанбайдың үлкен үйіне, Ұлжан үйінің бар мүлкіне ие болып отырған Оспан, өзі болыс болмаса да, бұл араға бес үлкен үй әкеліп тіккізіпті. Бүгін осы үйлерге бір көкқасқа сойғызып, "Ояздардан босайтын әредікте келіп, ас ішіп кетсін" деп, Балқыбек сиязына шоғылып кеп бас қосқан екі дуан болыстарын қонаққа шақыртып отыр екен. Түс ауа, Абай отырған сегіз қанат үйге тамам болыс жиылды. Сыбаннан келген болыстардың ортасында арғы Найманның белді-басты бір жуаны – Қисықтың Жұмақаны бар. Керей ішінен – Тойсары сияқты пысық болатын. Тобықтының Шағанынан шыққан қолшыл, жуан бел Молдабай болыс бар. Шетінен іркілдеген семіз, зор келетін Мотыш руының ішінде денесі де жуан, ісі де жуан, қырыс-қыңыр бір болыс осы. Бұл жиын көп сөзді емес, бірін-бірі баққандар. Іштей бәрі де: "ұлық алдында кімнің беделі, абыройы артық шығар екен" дескендер. Сырты қырбай, іштері арбасқан бақталас. Дәсталастар. Сөздері жадырап, жазылып шықпайды. Бүгін болмаса ертең болыс-болыстың шекара, қоныс-өрістері туралы дауласайын деп отырған Сыбан мен Қызыл-адыр дауы бар – ол Тәкежан мен Жұмақандар дауы болмақшы. Мотыш пен Керей дауы бар – ол Молдабай мен Тойсары дауы. Арада көп жылдан бері сияз болмағандықтан қалың пәлеге ұшырасып барымталасқан, ел шабысқан, жесір үшін сілкісіп жүрген Тобықты мен Керей, Керей мен Сыбан арасында, Сыбан мен Уақ, Тобықты арасында қым-қуыт, нелер үлкен даулар бар. Ертең сол істер жөнінде өздерінің шешен билерін тіл безеп, сайысқа салғалы отыр. Мынау үнсіз, жабық болыстардың бәрі іштерінен сондай күйлерін жақсы біліседі. Олардың дауынан, пәлесінен бойы да аулақ, іші де еркін Абай, бұл жиында әлдеқайда көтеріңкі, еркін отыр. Ол Жұмақан мен Тойсарыдан Керей-сыбан арасындағы бір даудың жөнін сұрады. Көптен бері осы өлкеге естіліп тыным таппай жүрген сөз. Екі ел сол жөнде жылқы алысып, шабысып та қалған. Ол Салиқа қыздың дауы деген дау болатын. Абай осы істің жөнін сұрап еді. Жауаптан іркіліп отырған Тойсарының жүзіне Жұмақан қырын қарап, суық көз тастады да:

– Тыным тапқан ел көргем жоқ, шығын тапқан ел болмаса! Абай шырақ, бұндайда тыным таптырам десе, табылады ғой. Қыз екеш, қыз тыным-тыйым білмесе, елге не сорым! – деп әлдекімдерді қызымен қоса кінәлап, тыжыртып қойды. Бұ жолғы сиязда Керей-сыбанның қатты бір қақтығысатын түйінді дауы осы екені білініп қалды. Қонақтардан осы алуандас сөзді сұрау, шырай бұзатын тәрізді. Абай енді ондай сөзді тез доғарды. Аздан соң қымыз ішіп, терісі жадырап, жүздері шырайлана бастаған қонақтардың ішінде ән мен өлең басталғанын мақұл тапты. Ақырын таңқылдатып Шәке тартып отырған домбыраны Абай сұрап алды да, Байкөкшеге ұсынды. Ақын Байкөкше басында Қызыл-адырдан Тәкежанға ілесіп келсе де, Балқыбек басына келгеннен бері, Оспан үйінде болатын. Ол үндемей, жай жағалап, атшабар, старшындар жағына құлақ түріп әр алуан сөз ести беретін. Оспанға өз естігендерін оқта-текте келіп, айтып қоятын.

– Болыс атаулың, би-старшының жемге бөгіп жүр, не керек. Қолыңдағың аз көрінсе, әлің жетсе тек болыс бол. Ақ деп те жейсің, қара деп те жейсің. Саған сын жоқ екен! – деп, сыр айтады. Оспан ондай әңгімені сұрағыш, қызығып тыңдағыш. "Сен болыс, билер сырын қайдан біле бересің? Олар дегенде бармақ басты, көз қысты.деп, жең ұшынан жалғасады. Сыбырмен келісіп, түн қараңғысында беріседі. Сенің "көріпкелің" бар ма? – деп сұрағанда, Байкөкше өзінің хабар алғышын Оспанға ірікпей айтатын. Сыр қып айтады.

– Сен ешкімге айтпа. Мен бар болыстың атшабарларымен сырласпын. Алған мен бергеннің бәрі сол қулардың қолымен әкелініп, әкетіліп жатпай ма? Олар менен өздерінің сырын да жасырмайды. Өзге атшабарлармен сырласып жүріп, олардың болысы еткенді де ірікпей айтып береді! – деді. Бағана Абай келіп, қонақтардан бұрын Байкөкшемен әңгімелескенде: "не көрдің, не білдің, сияздан не сездің, Байеке?"– деп сұраған. Сонда Оспан мен Байкөкше жаңағы екеуінің оңаша сөйлескен сөздерін Абайға екеулеп отырып күле түсіп жеткізген-ді. Бүгінгі болыстар қонағында, Абай домбыра берген соң Байкөкше әуелі жанынан шығарып, жиынға амандасып, сыпайы сөздерді бір жырлап өтті. Қымыздың қызуымен желпініп отырған болыстар: "бәрекелде!", "өй, жез таңдай", "сайра, бұлбұл!", "ендігі ақынның алды ғой бұл!", баяғы кәрі жел аяқтардың сарқыты ғой!", "сөйле, соқ!" десіп даурыға мақтасып еді. Байкөкше ұрты солыңқыраған, қабағы көп ашылмайтын, шоқша сақалды, тұйық жүзді кісі. Мақтауға семірмек түгіл, селт еткен де жоқ. Алғашқы амандасу сияқты сөз еді. Екінші бір термеге түсіп, текіректеп кеткенде, сөзінің беті ауысып сала берді. "Ұлық болдың, қолың жетті, жақсы деп аталасың. Соның бәрі рас болса, жарлыны жылатпа. Арамға болысып, адал момынды аунатып жеме, береке деген боп, әрекенің қылығын қылма. Алғаныңды аз көріп, елді өзің саралап көптің құтын шайқама. Көпке масылын артқан көбеген болма!" деп бір жортып өтті. Мынасы біреуді атап айтпаса да, осы отырған болыстың көбіне жағалай нұсқаған, жайсыз сөздің ащысы. Алғашқыдай емес, болыстар бұл тұста Байкөкшені қостамады. Молдабай өзінің турашыл, қырыс мінезімен томырыла бастап:

– Байкөкше дегеніңмен, жай Көкше екен деп жүр ме, бұ қу таңдайды! Жата-жата жамбасқа деп, әр-берден соң тұнығыңды лайлап кететін қу болар бұл! – деді. Асылбек Байкөкше турасындағы Молдабай сөзін ауыр көріп:

– Ақын айтса, ашып айтады. Тыңдаушы құлақ сабырлы болса нетер! – деп күліп қана қойды. Байкөкшенің жырын ұнатпаған кей атқамінерлер, сөзді басқаға бұрғысы келіп, өзара қалжың әзілдерін айтыса бастап еді. Абай Байкөкшені жұртқа елеулі етпек боп, сөзге қатысты:

– Байкөкше сөзінің қасиеті – алғанның мақтауы емес. Тіленші боп – ел ақтаушының сөзі емес. Бұл ел көргенді бірге көріп, ел айтқанды бұрын айтатын сыншы да болар! – деді.

Тәкежан Абаймен бұл жөнде келіскен жоқ:

– Ел айтқан деп, қай ел осыған "удай ащы сөзді айт" деп тапсырды дейсің! Өзіне құдай берген қыршаң-қылығы десеңші! – деді. Ысқақ та, Тойсары да осы сөзді қостап:

– Қотыр атша сүйкене жүрмей нетеді?

– Елден аулақ! Бұның пәлесін елге жұқтырып неғыласың? – деді.

Абай бұл жауаптарға күлді де:

– Тура айтқан сөз, тура қабыл алына ма тегі. Бұларың да сол "тулап кетеміз, айтпа" дегеннің ишарасы ғой. Бір Байкөкшенің айтқанын көтере алмаймыз, елдің сынын қайтып көтереміз! – деп, қатты күлді.

– Ел Байкөкше емес! – деп Тәкежан дауласты. Осы кезде Байкөкше жүгіне түсіп, домбырасын безілдете тартып отырып:

– Уа, ел Байкөкше, болысым! Тыңдамайтын болған соң, не керек, болмаса Байкөкше тап ел айтқанды айтады! – деді.

– Кәні, олай болса, елдің айтқанын маған бір-ақ ауыз сөзбен айтып берші осы! – деп Тәкежан күле көтеріліп, Байкөкшені мысқылдай бастап еді. Өзге болыстар да Тәкежанмен қоса жауланып, Абай мен Байкөкшені мысқыл етуге айналды. Абай осы уақытта күле түсті. Қызына жауланып ап, Байкөкшеге қарады да:

– Өй, Байеке, ендеше іркілме. Шұбыртпа да, шұбылтпа және. Мен бір ауыз өлеңнің басын бастайын, соның аяғына болыстар туралы елдің не айтатынын сен қосып жіберші, кәні! – деді. Өзі де бөгелместен. Қатты дауыстап өлеңдетіп кетті деп қалып еді.

Ойпаң жерге қауындап шөп бітеді,
Кей жігітке мал ме бас көп бітеді, –

деп қалып еді.

Жүгініп отырған Байкөкше көтеріле беріп, қуана жадырағандай болды, қабағын керіп жіберіп, лезде іле жөнелді:

Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,

Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді...

– Міні ел сөзі! – деп, Тәкежанға қарап, сақылдап күліп жіберді. Үйдің ішіндегі барлық жұрт ду күліп, неше алуан тілмен, таң-тамаша қалғанын білдірісті. Тәкежан қып-қызыл боп кетіп, мойнын сырт бұра беріп:

– Өй, тіліңе шоқ түссін, зар жақ неме! – деді.

Абай Байкөкшеге сүйсінген бойында, барынша нашаланып, сылқылдап күледі. Қасында отырған Ерболға:

– Байкөкше емес, болыстарыңа көктен түскен "жай көкше" болмады ма! – деді де, осы күлген бетінде, тысқа шығып кетті. Ербол Абаймен ере кетті. Болыстар алғашқы кезде күлсе де кейін ес жия, үндеспей сазарып, топталып қалды. Тобына тұйғын араласқан үлкен дуадақ, қоңыр қаздардай. Семіз, жуан бойларымен қысылып, қорғалап қалған сияқты. Қонақ болыстардың Байкөкше сөзін жақтырмағанын Оспан да байқады. Ол Байкөкшені ұнатпай:

– Жә, ендігіңді жауып қой! – деп, қонақтарға қымыз құйып, өз қолымен тостағандар ұзата бастады. Бұл болыстар ішінде өлеңге бейімі бар тілді-сөзді кісінің бірі Шұбар болатын. Өзгелердің бәрінен жасы кіші болса да, оқу-білімге де озығы осы. Биыл болыс сайлауға жасы толмайтын болған соң бұны, жиырма алтыда деп әдейі жасын ілгерілетіп жазып, Ырғызбай ортасы болыстыққа шығарған. Кезінде Ғабитхан молдадан он жылдар шамасы оқып, мұсылманша молдалық дәрежесіне жеткен. Шұбар онымен қоймай, Абай үлгісіне де өз бетімен ілесіп жүр. Өздігінен, тілмаштардан түртініп оқып, орысша тілді де білгісі кеп жүрген. Бұндай жиындарда кейде алға түсіп, бұрын сөйлеп жібереді. Өзге жастың қатарынан озғындап келе жатқан омырауы да бар. Тәкежан, Ысқақ сияқты ағалары кешегі өткен сайлауда крестьян начальнигі Казанцев алдында, бағана келген Ояз Лосовский алдында алғаш сөйлесіп, тілдесуді осыған артқан. Бірер қайырым сөзді ұлықпен жауаптасып, осы Шұбар ада қып келген болатын. Жаңа Байкөкше сөзін ұнатпай, қыжыртқан қабақты Оспан білдіргенде, ар жағын Шұбар іліп әкетті. Байкөкшеге қарап:

– Өй, Байкөкше болмай құрып қал. Біреуге күліп, біреуді іліп қақтығып, сөйлегеніңді "тура тілдігім" дейсің ғой. Әдептен озып, "тамағын жеп, табағын теп" дегенді саған кім үйретті? – деді. Оспан Шұбардың сөзіне бұрынғыдан да қытықтанып, ширай түскен екен. Үлкен, келбетті жүзі сұрланып, шошақтау біткен өткір ала көздері ызамен қанталай түсіп, Байкөкшеге суық қадалды.

– Мен болыс та, ұлыққосшы да емеспін. Көп елдің тобын бастаған жақсылары осы өңірге жиылған соң, ағайындық ықылас білдіріп отырмын. Өң шырайлары келісіп, күлісіп отырсын деп, әдейі үйіме, дәмге шақырып отырған қалыс адаммын. Ағайынның аласын да, таласын да қостамайтын, осы отырғанның бәріне береке тілеген аралық доспын! – деді. Бұл сөзін жас болыс Дүтбай құптап жөнелді.

– Бәрекелде, сөз осы, Құнекеңнің кенжесі, исі Ырғызбайдың қара шаңырағы сенің басыңда тұрғанда, сенің аузыңнан шыққан сөз осы болғаны өзі бір мәртебе! – деді. Бұның сөзін Сыбан мырзасы – Жұмақан, Керей болысы – Тойсары, Шағанның Молдабайы – бәрі де құптап:

– Құп айтады, дөп сөз!

– Бір Тобықты емес, бұл шаңырақ – бәрімізге ортақ шаңырақ.

– Арғын, Найман, Керей, Уақ төрт арыс бас қосыппыз. Текке қосып отырғамыз жоқ бұ жерде. Оспан мырза, бейіліңе де, сөзіңе де біз ырзамыз! – деп, соңғы сөзді Тойсары түйді. Оспан қонақтарының өзіне арналған ықыласты қабақтарын аңғарып алған соң, Байкөкшеге бір рет көз тастап:

– Міні, білгір болсаң, сенің неңе ділгір екенін осылай аңғарсаң етті. Жақсы лепес, жарым ырыс деп, жақсылар алдына жақсы сөз айтады десем, неғылғаның тәңір алғыр! – деп, Байкөкшеге мүлде зіл қабақ білдірді. Бұл шырайдың артынан мынау үйде көп отырмай Байкөкше, Шәке, Баймағамбеттер біртіндеп сусып, Абайды іздесіп, шығып кетті. Осы күн кешке, ұлықтар үйлеріне көп шамдар жағылып, кешкі шайдың мол дастарқандары жайылып жатқан шақта, Лосовскийге амандасқалы Абай келген еді. Қызыл жүзіне, ақшыл кең маңдайына сахара күні тиіп, аз күрең тартқан Лосовский, Абай кіргенде орнынан тұрып, ескі көз таныстай, ықылас білдіріп, қарсы жүріп амандасты. Екеуі ұзақ қол сілкісіп, амандық білісіп болған соң, Лосовский жалғыз келген қонағын қасына отырғызды. Үй ішінде өзі айналысып отырған бір жұмысты Абайға білдіре сөйледі. Биік үстелдің шетінде бұл қарап отырған бір топ қалың қағаз бар екен. Көп ел атынан берілген дағдылы арыз. Кеңсе тілінде "приговор" аталатын қағаз тәрізді. Бұл "приговор" туралы Лосовский бүгін өз аузымен тергеу жүргізіпті. Мынау қағазға қойылған қолдар, басылған мөрлер, барлығы жалған, өтірік қағаз "подлог" екенін Абайға айтты. Абай "бұл кімнен түскен? Не жөніндегі қағаз екен?" деп сұрап еді.

– Сіз жақсы келдіңіз, Ибрагим Кунанбаеч. Бұл арызды жазған Мұқыр болысының адамы, жас киргиз. Күндіз оны бір көрдім. Ісінің жалған екенін, осы араға жиылған Тобықты болыстарынан, Дағанды, Қандығатай, Еңірекей болыстарынан да арыз беруші жігіттің өз көзінше анықтап алып отырмын. "Приговор "осы сьезд боп жатқан қоныс, Балқыбек туралы. Арыз беруші жігіт бұл "приговорды" Семипалатта"его превосходительство губернатор" кеңсесіне түсіріпті. Балқыбек ертеде Мұқыр болысындағы Жанатай баласының жері еді. Сыбан, Тобықты, Керейдің бар болыстары: "ырзамыз, енді Балқыбек арызшыға қайтарылып берілсе екен. Жанатайұлы Көкбайдың қонысы болып бұдан былай соған тиісті болса керек" деп жазыпты. Бүгін келгелі тексерсем, өзге болыстар былай тұрсын, ең алдымен Мұқырдың өз болысы Дүтбай Алатаев та: "мен мұндай приговорға мөр басқан емеспін" дейді. Қазір мен сол өтірікші арызшыны шақырып отырмын. Біздің кеңселер сахараның жайын білмегендіктен, көп терістік жасайтыны рас. Қаталдықтары, кейде ақмақтыққа да жетеді. Бірақ солардың адасуларына себеп – осындай істер мен мінездер. Өтірік үшін ант береді. Жалған айтып, жала жабады. Көпке қиянат жасап бұзықтық етеді. Сондайдың бәрінде, үнемі осындай "приговор" жүреді. Қараңызшы міні! – деп, Ояз қалың приговордың қағаздарын Абай алдына әкеп, аударыстырып отырып, бірнеше жерден басылған мөрлерді көрсетті.

– Мынау печатьтар жаңағы аталған бес-алты волостной управительдердің печатьтары, – дейді арызшы. Ал, шынын анықтасаң, бәрі бір ғана өзінің старшынының печаты. Соны ылғи танытпайтын етіп, қалың бояулап, әдейі былғап басқан. Үлкен жаманшылық! Жиренішті жаманшылық! Және осыны істеп отырған жап-жас жігіт! – деді. Лосовский өзі түйіп отырған ауыр бір істің сырын ашты. Сонымен қатар алдында даяшы боп тұрған бурыл мұрт, имек бойлы стражникке:

– Шай әкелгіз. Ибрагим Кунанбаеч менің қонағым. Менімен бірге шай ішсін! – деді. Ояз үйінде Абайдан басқа кірген ел қазағы жоқ болатын. Бағана, күндіз Оспан үйінде қонақта болған барлық болыстар қазір мына тізіліп тігілген үш үйдің есігінің алдында. Босаға тұстарында қамалап, анталап жүрген кейбіреулері оқта-текте ашылған есіктен, не босағадан сығалап, Абайдың дәл төрде, Ояз қасында арыз қағаздарды бірге ақтарысып отырғанын көреді. Сыртта біреулері сүйсініп, біреулері сұқтанып, тағы біреулері қызғанышпен күңкілдесіп, сыбыр-жыбырдан тыным ала алмай жүр. Стражник шығып: "шай, шай келтір!" деп әмір еткенде, болыстар тағы да таңданысып қалды.

– Шайды Абайға алғызып жатыр!

– Абайды қонақ етіп жатыр Оязың!

– Бұл сияз Тобықтының дегені болатын сияз болды! – деп қойысады.

Соның ар жағында ертең өздері болыс-болыс болып айтысатын, тартысатын дау-керістер жайын да ойласып қояды.

– Ояздың аузын Абай алып қойған соң, Құнанбай балалары дес бере ме? – десіп, түңіле сөйлейтіндері де бар. Бүгін түс ауа Оспан үйінен көкқасқаны жеп, баталасып, татулық, достық айтысып аттанғанда, Сыбанның жуаны Жұмақан, Керейдің болысы – Тойсары және Шағанның Молдабайы да Байкөкше ақынның сөзін ұмыта алмаған. Жолай сөз қылыса кеткен-ді. Жұмақан өз қасындағы кісілеріне:

– Ол ақынның сөзі емес, айтқызып отырған Абайдың сөзі. Сонысы несі! Көк қасқасын айтып, қонағына шақырып ап, тәйтек ауыз біреуін тантытқаны несі? – деп қайтқан. Тойсары мен Молдабай бірге қайтып келе жатып, осы жай туралы күңкілдескенде, Тойсары:

– Е, Молдабай, бұ Абайыңның бұнысы қай мінезі! Ақынына бетімізден алғыза сөйлетіп, дегеніне жетті де, өзі және отырмай кетіп қалды. Бұнысының не мәні бар бұл? – деген-ді.

Молдабай:

– Қай сыры екенін қайдан білейін. Құнанбай баласы асып тұр ғой бұ күнде! Сыры ма, қыры ма? Болыс жаман болса, үш бірдей Құнанбайдың бөлтірігі неге болыс бопты? Қыс бойы қалада жатып, жаз бойы сарылып ұлықпен ауыз жаласып жүріп, Абай өзі неге аға-інілерін тегіс болыс қойғызыпты? Жай бір әддін білмеген асқандық қой! – деп топшылаған. Осылайша Абайды жазғырып қайтқан болыстар, қазір Ояз үйінің айналасында шұбырып жүріп, біресе Абайдан ұлық алдындағы абыройды қызғанады. Екінші жақтан, іштерінен: "Абайдың аузын алу керек екен, татулықпен шығыссаң осы Абаймен шығысу керек екен" дескен ойды бірінен-бірі бұқпалап, ойласып та қояды. Абай мен Лосовский шай үстіндегі әңгімеде мынау сьезд жөнін сөйлескен жоқ. Үйткені алғашқы әңгімеден-ақ Абай Оязға өз жайын ашық танытқан:

– Ваше высокоблагородие, мен бұл жиынға тек көріп қайтуға келген адаммын. Тіпті қалыс кісімін. Тек бір бишара, жатақ ауылдардың кейбір күшті ауылдардан көрген қиянат, зорлығы бар екен. Солардың ісіне ғана біраз көмек етермін деп келіп ем. Егер сол арызшылардың қолы есеге жетпейтін болса, бәрінің атынан өтінуші боп өзіңізге айтармын. Қазір оны да айтпаймын. Тек сізбен амандасып, шаhардың соңғы хабарын білмекпін. Және ортақ таныстарымыз, қадірлі достарымыз Евгений Петровичтің, адвокат Андреевтің жаңалықтарын, амандықтарын естіп кетпек боп келдім! – деген.

– Оныңыз жақсы, бәрінен осыңыз жақсы. Ибрагим Кунанбаеч! Сіз сахарада менің де кең әңгімелесетін, жалғыз бір мәжілістесім есебінде қажетсіз, қадірлісіз! – деп Лосовский Абайменен көп бөгде жайларды сөйлесіп кетті. Бұның оқып жүрген кітаптары жөнінде, Петербург журналдарының газеттерінің хабарлары жөнінде өзі айтқандай кең әңгімелесіп отырды. Екеуінің қазіргі мәжілісін бұзған урядник. Бойына қылыш асынған, қып-қызыл дөңгелек жүзді, семіз урядник есіктен кіре:

– Ваше высокоблагородие! Жанатаев келді, кіргізуге рұхсат етесіз бе? – деген.

– Кіргіз! – деп, Лосовский әмір берді. Екінші үйде тұрған ұзын бойлы, кең иық, қошқар тұмсық, қара сұрлау жас жігітті семіз урядник үйге алып кірді. Даусы үнді келген үлкен көз, кең маңдайлы жігіт әуелі Оязға:

– Здрасти, ваше благородие! – деп, орысша үн қатты. Сол сәтте көзін жалт еткізіп, Абайға бұрып:

– Әссәламүғалайкүм, Абай аға! – деп, оң қолын төсіне қойып, мұсылманша тағзым білдірді. Абай бұның түсін көрген соң, бағанағы жалған арыз иесі Көкбай Жанатайұлы осы екенін енді аңғарды. Үйге ере келген тілмаш Көкбайдың қасында тұр еді. Лосовский сол тілмаш арқылы Көкбайдан жауап ала бастады. Оның жасы жиырмада екенін, өзінің Семей шаhарында Камали хhзрет медресесінде көп жылдар оқып жүрген шәкірт екенін білді. Руы Көкше және Мұқырдың болысы Дүтбаймен аталас, жақын боп шықты.

– Жанатаев, сенің берген мынау приговорың жалған, подлог екенін бүгін маған бес болыс елдің управительдері мәлім етті. Өзіңңің туысың, өз болысың Дүтбай Алатаев та "бұл өтірік арыз, подлог" деп куәлік берді. Сен өзің мұсылман медресесінде, үлкен инабатты ұстаздан тәрбие алып жүрген адамсың. Жап-жас жігітсің. Бұл күніңнен мынандай алдамшылық, қиянаткерлік, зұлымдыққа барған соң ілгеріде кім боласың! Мен саған қатты ызалымын. Сен әлдебір надан емессің. Білмей істеген жауыздықтың жартылай кешірімі болса,, біліп істеген жауыздықтың екі есе артық жазасы болуы дұрыс. Не айтасың? – деді. Көкбай сөйлемес бұрын, кең көмейін кенеп, әншілердей үнді дыбыс шығарды. Абайдың есіне жаңа түсті. Бұл Көкбай медресе шәкірті болумен бірге осыдан төрт-бес жыл бұрын ел ішінде жақсы әнші еді. Абай енді мұны толық таныды. Ішінен ол істеген қаталық туралы ызаланса да, жазаға қимай отыр. Көкбай тамағын кенеп алған бойында, Абай мен Оязға кезек көз тастап тұр. Басында жүзі ұялғандай күреңітті де, артынан жүдеңдеп, қуарыңқырап, ақсұрланып ап сөйлеп кетті.

– Тақсыр! Қылғаным жаманшылық. Бас тартпаймын. Бірақ неліктен істедім? Сонымды ғана білсеңіз, ар жағындағы жазаңызды жапа көрмейін. Қайта ісіме рауа, сазайым дермін.

– Неліктен еттің?

– Еткенім, кемшілік-таршылықтан, ваше благородие. Мен Көкше деген атаның ұлымын. Бір жағымда Мамай, қалың жер онікі. Бір жағымда Олжай, мына жайлаудағы бар жер шұрайы сонікі. Біз болсақ, тілдей ғана жалғыз өзен – Бақанастың бойында, жүз үйлі ауылдарымыз ине шанышқандай отырады. Балқыбек болса, алыстағы Сыбаннан да, Керейден де, өзге Тобықтыдан да біздің жерімізге жақын тиіп тұр. Қозы өрісіндей ғана жерде үлкен бір өзен, кең өлке ұдайы бос тұрады. Ешкімнің меншігі жоқ жер. Сол кем-тар күйім және Балқыбектің бостығы мені осы арызға айдап әкелді. Піргауарім – өтірік. Мөрлерін беретін болыстар жоқ, олар алса береді, құданда, дос-жарым болса береді. Бұның екеуі де менен табылмайды. Ырзалықтарын ала алмаймын. Сонымен сырттан, өз қолымнан жалған піргауар жасап жібергенім рас. Шынымды, барымды айттым. Осы жаңағы айтқан жайымның растығын, дәл мына қасыңызда отырған Абай ағам, иншалла, жалған демес, куәлікті осы кісіден-ақ сұрап көріңіз. Содан кейін не әмір, не жазаңыз болса, мен айыптымын, хұп аламын. Алсаң міні бас, алмасаң алдияр бас! – деді. Саңқылдаған зор дауыспен, арызын тамам етті. Абай бұл уақытта тілмаш жеткізген сөздердің дәл айтылуын қатты бағумен қатар, Көкбайдың түсін, өжет оттылығын ұнатып отыр еді. Енді бұны жазаға тіпті қиятын емес. Ұлық беті шынымен кәр қылуға бұрылса, Абай Көкбай үшін ара түсуді өзіне борыш санап, бекініп қалған. Лосовский көп арызқормен істес болған. Және қазақ мінезі мен түсін көптен бағып, аңдағыш боп ысылған кісі. Өзі оқымысты, ойлы, тәжірибелі әкім болғандықтан, Абайдың Көкбай турасында, не сезініп отырғанын жақсы аңғарды. Өткір қырағылықпен аңдады. Жаңағы турашыл жауап үшін, бойында тәкаппарлығы бар қылмысты жігітті өзі де күндізгідей емес, қазір әлденеден ұнатыңқырап қалғандай. Енді бұл жұмсақ сөйледі, бірақ Көкбайға сөйлемей, Абайға айтты.

– Ибрагим Кунанбаеч! Жанатаев подлог жасай ғана білмейді. Өз ісіне өзі ақтаушы, адвокат боп сөйлей де біледі! Бұның соңғы айтқандары, ісінің шын себебі болуға мүмкін бе, сіз қалай деп ойлайсыз? – деп, Абайдың куәлігін сұрады. Әңгіме беті бұлай бұрылғаны, Абайға аса ұнады. Болмаса, заңды тергеу үстінде өзінің әңгімеге қалай килігерін біле алмай отыр еді. Енді жаңағы сөзді пайдаланып, ұлықтың түсіне қарап, жуас сабырмен, күле түсті.

– Жанатаевтың приговоры өтірік болса да, соңғы себеп, дәлелдерінің бәрі анық шындық. Бұған менің де көзім жетеді. Толық сеніммен куәлік бере аламын, ваше благородие! – деді.

– Бірақ Жанатаевтың сол шындығын айтпай, қылмыс жасауы жол ма?

– Әлбетте, ваше благородие, жол емес!

– Осындай жап-жас адам, осы күннен жаманшылық етсе, қылмысқа үйренсе, бұның келешегі кім болады?

– Әрине, келешегі аянышты. Білім алып, тәрбие көріп шығып, тапқанының бәрін жаман жолға салса, ол надан жауыздан, халыққа әлдеқайда зиянды жауыз болады.

– Дұрыс айтасыз, аса дұрыс айтасыз, Ибрагим Кунанбаеч. Сіздің сахарада осы күнде кім зарарлы десеңіз, шала сауатты, шала законщик арызқор, жалақор, жалғаншылар ең зиянды әлементтер.

– Рас, бұған біздің көзіміз күнде жетумен келеді.

– Иә, олай, болса, бұл жігіттің зарарынан халықты қорғау үшін, бұны жазалау керек те!

– Жазалау керек. Және сол жазасын бұл жігіт осы арада, сіздің алдыңызда тартып тұр ма деп ойлаймын. Жаза тек абақты емес қой. Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза. Бұл біздің елімізде оқып жүрген талапкер жастардың аз кезінде шыққан, жалғыз адамның бірі. Өзіне тиісті жазасын сіз, ұрлық еткен қолынан ұстап алған уақытта, сезбейді деп ойламаймын. Ашып көрсеңіз, ұяттан өртеніп тұрған іші бар шығар деп ойлаймын. Лосовский бұл сөзге күлді де, Көкбайдың жүзіне кешіріммен, жылы қарады. Абайға бұрылып:

– Ибрагим Кунанбаеч! Сіз Жанатаевтың сондай ұялғанына аса сенімді баға бердіңіз. Менің аңғаруымша сіз сонымен бұл жігітке өз аузыңызбен кепілдік еткендей болдыңыз. Мен сізді дұрыс түсіндім бе, тура айтыңызшы! – деп, күліп жіберді. Абай шырайынан үлкен үміт етіп, енді қуана қарап тұрған Көкбай да қатты қызарып, сүйсініп күлді. Қазақшылап, Абайға жанап:

– Абай аға! Өмірлік серт деген ер аузынан сирек шығатын сөз еді. Шала долбарлап жаңағы сөзіңізді аңғарып тұрмын. Осы ұятымнан арашалап алсаңыз, өртенуім жетіп тұр, – деді. Абай Көкбай жүзіне қадалып, жаны ашыды. Шешен тіліне қызығып, қарап қалып еді. Енді Көкбайдың сөзі бітісімен, жалт етіп, Лосовскийге бұрылды да:

– Ваше высокоблагородие, жігіт маған антын, сертін беріп тұр. Мені кепіл дедіңіз ғой. Сол кепілдікке мен тәуекел еттім. Жанатаевтың бұл жолғы қылмысын кешіріңіз де, маған кепілге беріңіз! – деді. Лосовский ендігі сөзді берік бекініп, салқын жүзбен түймекші боп, Көкбайға қарады.

– Жанатаев! Сен жақсылыққа, дұрыс жолға беттесең қолыңнан жақсы іс келетін адам боларсың. Енді сен бұзылмайтың бол. Еліңе пайдалы азамат бол. Мына Ибрагим Кунанбаечтың ақылымен, айтқанымен жүр. Мен сені кепілге бердім. Ұятты, арлы адамның кепіліне бердім. Намысың болса, бұдан былай менің алдыма сенің үстіңнен мынау сияқты айыптар түсетін болмасын! – деді. Бұл күнге шейін қолында тұрған Көкбайға қарсы болған қалың қағаз, үлкен айғақты ортасынан екі бүктеп, қақ айырды да, үстел жанында тұрған аласа карзинкеге лақтырып тастады. Абай бұл түнде Лосовскиймен бірге отырып, ұзақ әңгіменің соңынан қоштасып, тысқа шыққанда, бағанағы, көп болыстар әлі тарамапты. Көкбай да солардың ішінде екен. "Абай оттан суырып алды", – деп жүр екен. Көкбайды қасына ертіп, Абай Оспан үйіне қарай бірге кетті. Артта қалған болыстар Абайдың ұлық алдындағы қадір-салмағы шексіз екенін тағы да сөз қып қалды. "Абақтыдан, айдалатын жерден ұлықтың ең алдымен кәр түйіп келген кісісін жұлып алған деген осы да! Бұған енді дауа жоқ!" десті. Абай мен ұлық достығы туралы тағы да көлеңкеге қарап тон пішеді. Түн бойы неше алуан аңыздар айтысты. Балқыбектің жүздеген үйлерінің барлығына толып жатқан лақаптар таратысты.

2

Келесі күн, сиязға жиылған көп елдің болыс-билері үшін аса бір күдігі мол, жанталасы, сыбыр-сыпсыңы мол күн еді.

– Екі дуан бас қосты. Екі Оязың келіп отыр. Кім болады?

– Төбе би кім болады?

– Кім сайлайды бұны?

– Ояздар ел кеңесіне беріп отыр дейді.

– Жақсылар ынтымағы кімді ұйғарар екен?

– Төбе би қай жақтан болса, жіліктің майлы басы.сол елде ғой!

– Тобықты бола ма? Сыбан, Керей, Уақ бола ма? Кімнің маңдайы жарылып тұр екен?

– Төрт арыс бас қосқанда, Арғын аға емес пе? Жолжүлді Тобықтыдан бөтенге кетпес, – дескендер де бар. Ру талас, бақ таластың демі, үні сияз басына келген, сөз қуған – атқамінер, старшын елубасылар, атшыбар қосшылар, қошеметшілер арасында осылайша лау-лау етеді. Абайлар Оспан үйінде кеш тұрып, асықпай атқа мініп, түске жақын ғана ұлықтар үйлеріне тақап келіскен еді. Бұлар сияздағы ұлықтар да емес. Даугер, арызқор да емес. Жай, "жиын қайтер екен!" деген қалыс тыңдаушылар. Өздері қазір оннан аса кісі, қалың бір шоғыр салт атты. Бұл топтың ортасындағылар Абай мен Асылбек. Қасында Ербол, Шәке, Байкөкше бар. Түнде Абайға оқшау жағдай ішінде кездесіп қосылған Көкбай бар. Және соның құрбысы Ақылбай тәрізді жастар да қастарында келе жатқан. Абай жиын ортасында Байкөкше, Ербол, Асылбектерге, анау ұлық үйлерінің айналасында сабылып, сапырылып жүрген болыс, тілмаштарды көрсетіп, әзіл өлең айтып келеді. Кеше кештен бері Лосовскийдің босағасынан сығалап, есігінің алдында анталап жүрген өз туысқандары мен өзге елдерден шыққан болыстарды Абай түні бойы есінен кетіре алмаған. Әлдекімнің аузынан "Тәкежан болыс", "Молдабай болыс", "Ысқақ болыс" деген сөздер шыға қалса, Абай ылғи сылқылдап күле беретін. Қазір ұлық үйлерінің маңында топталып жүрген әбігер жандарды көргенде, Абай өзгеріп кетті. Кеше кештен оралып жүрген бір ащы сайқымазақ қазір күліп айтқан өлең жолдарына айналды:

Атшабар келді лепілдеп,
«Ояз шықты, сияз бар»,
«Ылау!» деп, «Үй!» деп дікілдеп,
Сасып қалдым, күн тығыз,
Жүрек кетті лүпілдеп...–

деп, қамшысын ілгері созып, Ояз үйлері жаққа нұсқағанда, Байкөкше, Көкпай, Ерболдар қарқылдап күлісіп жіберді.

– Тағы, тағы! Ар жағын, ар жағын айт. Келіп тұр ғой! – деп, Байкөкше қоңыр төбел атын тебіне түсіп, Абайға қарай сығылыса берді

... Қайраттанып халқыма
Сөз айтып жүрмін күпілдеп,
«Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін» деп,
Қайраттысып, қамқорсып,

Сайманымды бүтіндеп.

Оңашада оязға

Мақтамаймын елімді.

Өз еліме айтамын:
«Бергенім жоқ, - деп белімді», –

деді. Абай кешеден бергі сөзсіз күлкісінің, бүгін мынандай оқыс өлеңмен жадырай бастағанына өзі де сүйсініп, топ ішінде қатты күлді. Көкбай Абайдың ақын екенін бұрын естіген жоқ еді. Ол өзі де өлеңді артық сүйетін. Жеңіл жортпа, шаншу өлеңдерді айта жүретін. Абайдың жаңағы өткір мазағына ол қызыға қосылып кетті. Әсем, зор үнмен бір-екі жолды о да лезде қосып жіберді

Қойма қойып әр жерге,

Тығып жүрмін сырымды.

Жауығатын жатымнан
Аямаймын қырымды! –

деп қалды.

Абай Көкбайға күле қарады. Бар денесімен шұғыл бұрылып:

– Өй, Көкбай, сен әнші ғана емес, ақын да екесің ғой. Мұның жақсы! – деп еді. Көкбай қалжыңмен, күле жауап береді.

– Абай аға, сіздің ақын екеніңізді мен де жаңа танып, қостағаным ғой! – дегенде, қатар келе жатқан жастар Абай мен Көкбай екеуіне де қызыға қарасты. Тағы да айта түссе екен " дегендей біріне-бірі сығылысып, құлақтарын қатты түріп келе жатыр. Бірақ бұлардың тобы дәл осы кезде ұлық үйлерінің шетіне тақап қалған екен. Бәрлерінің бүйір жағынан қатаң үнмен дауыстап, Абайларды шақырған бір дауыс естіліп қалды. Аттылар жалт-жұлт қарасқанда, жақын жерде дөңгелене отырған көп адамның жиыны көрінді. Солардың орта тұсынан түрегеліп, жеңіл қара тымағын қолына алып, Абайларға былғап, шақырып тұрған Тәкежан екен. Аттылар бұрылып келіп, дөңгелене отырған жиынға жапыр-жұпыр сәлем берісіп, амандасып қалды. Тәкежан тұрған қалпында:

– Абай, Асылбек екеуің аттарыңды анау жігіттерге беріп, өздерің мұнда қалыңдаршы. Мына Тобықтының ағайын келесі, сендерге бір сөзді сынатқалы отырмыз! – деді.

Абай үндемей, біраз іркіліп қалып:

– Асыл аға! – деп Асылбекке қарай беріп еді. Ол бөгелмей атынан түсіп жатыр екен. Абай да түсті. Бұлардың аттарын алған жолдастары жиын маңынан шеттеп кетті. Дөңгелек жиынның қатарына Асылбекпен тізелесе отыра беріп Абай жағалай көз салып, бірталай адамдармен арнап-арнап амандасып алды. Бұл түгел Тобықты жиыны сияқты. Болыстардан: Молдабай, Дүтбай және Құнанбай балалары да тегіс. Ата ұлдарының атқамінерлерін айтсаң, бұнда бес старшын Сақ-тоғалақтан осы жиынның үлкені – Байғұлақ отыр. Ел келесінен қалыспайтын пысық, сөзуар, өзі мысқылшыл Абралы отыр. Ол Абайдың құрдасы. Көтібақтан, Жиренше, Бөкеншіден – Күнту. Есболаттан – жалғыз көзді, ұзын селдір қара сақалды, жал тұмсық, жар қабақ, ер жүзді Оразбай отыр. Молдабай қоршаған – Бурақан, Әділ сияқты бірнеше семіз, қызыл сары, қой көзді Мотыштар бар. Мамайдан – Асаубай, Мырза, Бөдейден – барымташы, жортуылшылар бастығы – Дүйсен бар. Тағы осы жиын ішінде, өздерінің бұл жерде болуымен Абайды таң қалдырған Жігітектің екі атқамінері – Бейсембі, Әбділда отыр. Олар жиынның шетінде. Ешкімнің аман-жаманымен, әзіргі сөзімен ісі жоқ. Суық қабақпен, иықты төмен салып, көпке қырын отыр. Бұл жиын оларға қазіргі әңгімесімен керек емес. Тек өзге бір әлдеқандай сыр үшін керек болғандықтан, амалсыздан келген. Базаралы айдалып кеткелі өзге Тобықтыдан іргесін аулақ сала отырған адамдар тәрізді. Сол Базаралы туралы, сырын ішіне сақтап жүрген Абай бүгіндер Оязбен кездескенде анықтап сөйлеспек еді. Қасына Жігітек кісілерінен Базаралыны қоса жоқтайтын жоқшылар ертіп алармын дейтін. Сондағы ойындағы кісінің бірі, осы отырған Бейсембі. Оны бұл күнде "Жігітектің ең бір белді, табанды басшысы" деп, жұрт аңыз ететін. Жауырыны жерге тимейтін, аяр сұр, ақпа жүйрік Әбділда болса, оны да Абай өзінің қосарына алмақ. "Кеше арысын айдауға жіберіп отырған аямас арызының тобына, бұлар неғып тентіп келіп, мүлгіп отыр!"– деп Абай оларға ұнамсыз бір көз тастады да, енді қайтып бұрылған жоқ. Байғұлақ сөйлеп отыр екен.

– Ағайын! Күн сынайды, күдері бел шыдайды. Күйсіз белге кезігіп отырған күнім жоқ. Күйлі, келелі Тобықтының тобы боп отырмын. Іргеңе кеп төрт арыстың жиыны қонды. Төбедегі айға ұмтылсаң, арманды, шерменді кезім деп отырған жоқсың. Осы отырған ортаңа үлкен бір сыбаға тасталып отыр. "Төбе би" дейді. Арғын аға деп, өзге үш арыс сол сыбағаны ырғаса келсе де, бізге берді. "Атадан ұл туса игі" деген. Мына Тәкежан Ысқақ, Шұбарға алғысымды айтамын. Үшеуі өзге болыстар жиынынан "ол жүлдіге таласпа" деп, өзіміздің ортамызға әкеп тастап отыр, мінеки. Алыс пенен жақынның, қиядағы қиынның түйіні мен шешуі келеді ертең сол төбе бидің алдына. Аузының дуасы, алдының абыройы бар бір жақсыңды, келісіп отырып, "е" деген ынтымақпен атамақ керек. Атап тұрып, соны мына екі Ояздың алдынан құптатып, беркітіп өткізу керек. Елдің сағы, ердің сыны мұқамасын. Кәні бір жақсыңды "әмин" де де атап бер. Ал онан соң тобымызға сені шақырғанымыз, Абай шырақ, ұлық сенің ақылыңды алады. Осы жиынның атағанын қостап, құптап, өз атыңнан да анау тамыр ұлығыңа атап бер! – деді. Жұрт бірталайға шейін үн қатпай, іркіліп қалды. Абай қазіргі үнсіз сәтте бұл жиынның ішінде, жүз түрлі түйін жатқанын аңғарды. Осы топтың неше саққа құбылып, арбаса аңдысып, құйқылжып отырғанын байқайды. Мырс беріп, күліп жіберіп, қатты батыл үнменен еркін сөйлеп кетті:

– Е, ағайын! Ортаңа сондай дәреже келсе, өздерің соған ынтымақпен қуанғаның шын болса, енді немеңе күмілжіп, тұнжырасып қалдың? Атап-атап неге тастамайсыңдар кісілеріңді! Жоқ әлде – күнім арай, шыным шырай, бірлігім бекем дегенді тілің ғана айта ма? Ернің емеурінге зорға келіп, әлі көмейіңде күлкүл бар ма? Неге атаспайсыңдар? – деді. Тымағын алып, мықынын тымағымен қоса таянып, басын шалқита көтеріп, айнала жұртқа қабақ түйе бір қарап шықты. Көпшілікке Абайдың қазіргі түсі бұл жиыннан сонағұрлым жоғары тәрізденді. Тілінде де тұтқыры жоқ, ағып сөйлеп кеткендей. Басым, астам сезілді. Бұндағы жиынның көпшілігі, ендігі Тобықтының жас буын, орта буынынан шыққан жас перілер – Оразбай, Жиренше, Күнту, Абралы, Молдабайлардай болатын. Бұлар Абайды қара сөзге, білім заңға, өздерінен оқ бойы озық көреді. Сол күйді қызғана жүрсе де, дайым сезіне отыратын адамдар. Абай жаңағыдай, бір жағынан кекесін аралас, сыншы сияқты сөйлегенде, жаңағы бір құрбы атқамінердің бәрі де ұйлығып, тығылып қалғыш болатын. Өздері әлі ішін көрінекке салғыш емес. Үнемі "қулық қайда? Еп, айла қайда? Арамдық жоқ па? Не сыр, не қыр бар?" деп бұқпантайлық етеді. Солар қазірде жазылмай, жиырылып отыр. Абай олардың іркілгенін, енді ойына келген шұғыл бір байлаумен кесіп, жарып кетпек. Өз ойына, өз байлауына тез пайдаланбақ болды.

– Жарайды, жақсылар. Бұрын айтқан – бүгіп айтқан болмас. Шыдатпаған шынын айтқан болсын. Төбе билік сыйға келмейді, сынға келеді ер басына. "Тобықтының абыройы" деп жатырсыңдар ғой. Ол осы отырған тобыңның тілегің. Бірақ артыңнан ерген көбіңнің тілегі онда ғана емес. Төбе бидің алдында өз бастарың ақылдасып, дауласып жағаласпайсыңдар. Оларың мәлім. Бұл би алдына келетіні көптің ісі. Зорлық, қорлық көрген, есе теңдік білмеген көптің ісі көлдей көлкіп келеді. Жарлы мен жалқының, жылаулар мен жем болғанның, жетім мен жесірдің ақы адал пұлы, табан ақы, маңдай тері, көз жасы, көңіл күйігі келеді. Ал ел мен ел арасын алсаңдар, Сыбан – Тобықты, Тобықты – Керей, Тобықты – Уақ арасын алсаң, сөз аз боп жатыр ма! Осы бір Тобықты бір атаның ұлымын дегенмен, өз ішінде күйкі-күйлер, күнәй-сұмдықтар аз ба? Мен, төбе билікте, осындай сыр мен сын жатқанын ең алдымен ұққанды кісі дер ем! Осы айтқанды қарыз білген кісі қайда? Халқым деген кісі, "ақтық, азаматтық – шын біткен қалпым" деген кісі төбе би болады. Сендер атамадыңдар ғой. Ендеше ашып айтқанның айыбы жоқ. Мынау отырған иісі Тобықты ішінде бақ-дәрежесінің басы боп Ырғызбай, қала берсе Құнанбай нәсілі шығып отыр ғой. "Осының бірі лайық қой" деген қошеметші де, бұл жиыныңда жоқ емес. Мен сол Ырғызбайдың бірі болсам, төбе билікке бұлардың ішінен біреуін де атамаймын. Бірақ атайтын кісі – бұл жиыныңнан табылмайды деп те айтпаймын. Әділ көңіл, ақ бейлі бар, ағайынға алғыс, абырой әпермесе, лағнат айтқызбайтын, жаманат келтірмейтін бір кісіні атаймын. Және қостасам, ұлық алдында соны ғана қостаймын! Сүйтіп, тап осы ортаңнан Асыл ағаңды атаймын. Болыс та емес, би де емес. Боламын деп өктеген де емес. Мынау тобыңа да қалыс адам. Халыққа әділет, жаны ашырымен жағатын адам. Айтқан ақылды алсаң, ұстар болсаң, осы Асыл ағаңның етегінен ұста! – деді. Абай сөзін бітіре берген кезде, бастығы Бөкеншінің пысығы Күнту боп, Жиренше, Оразбай, Абралы – бәрі де көп үнмен дабырлап қалып еді. Құптаған үндер:

– Бәрекелде!

– Тапсаң тап!

– Бәсе!

– Құп айттың, сөз сол-ақ!

– Әділетіңе ризамын, Абай! – деседі.

Қалған сөздің шешуін, осы дауыстар жетектеп, оңайлатып жіберді. Енді бірер айналысқа келмей-ақ өзгелер сөзі тек Абай айтқанды құптау болды, Ырғызбайдан Абай сөзін мақұлдап жауап қатқан бірде-бір кісі болған жоқ. Бірақ олар қарсылық үн де қата алмады. Сүйтіп, Балқыбек сиязының төбе биі Асылбек болатынын, Абай осы сәттің өзінде Лосовскийге білдірді. Асылбекті халық атынан өзі де қостайтынын айтты да, бекіттіріп шығарды. Осы келісінде Абай Лосовскийге айтпаққа әзірлеп келген, бір жағы арыз, бір жағы сыр сөзін, Базаралы жайын қозғап көріп еді. Базаралы басына Абай әр кез ақтаушы боп, бар болыстан бөлек қарайтынын Лосовский білуші еді. Ол қазіргі әңгімені аса қысқа қайырып, өзінен тез тайдырып жіберді.

– Базаралы Қауменов жұмысы туралы сіздің маған сөйлесетініңізді біліп едім де, тосып едім. Андреев қалада сіздің атыңызды да атап кеп, менен Қауменов ісінің жөнін сұраған-ды. Бірақ мен ол істен сыртқары қалдым. Қауменов жұмысы Семипалатинский уезінің қарамағынан шықты. Семиреченский, Семипалатинский облыстар арасындағы бүлік болған Оралбай қашқынның ісіне тіркелді. Қарқаралы уезінен де ауыр іс боп, қылмыстар қосылды. Анығын, шынын Андреев досыңыз менен де толықтап айтып берер. Бұл жұмыстың кесімі, байлауы ертеде әзірленіп, даяр тұрған-ды. Тек қашқын боп жүрген Қауменовтердің қолға түсуін күтіп жүрген өкім болатын. Ол турасындағы бірінші кесімді губернатор кеңсесі бекітті. Екінші, Омскіде корпус кеңсесі тағы бекітіпті деп естідім. Сондықтан, Қауменов Семипалатинскийге жетісімен, біз шығарда, әтаппен Омскіге кетті. Он бес жыл каторга ол адамның ендігі тағдыры боп, шешіліп қойды, – деді. Абай Базаралы ісінің мұншалық тұңғиыққа кеткенін қатты жабыққан жүзбен естіді. Бұл жолы, өңі бұзылған қалпында, Лосовскийдің үйінен қоштаспай шығып кетті. Базаралыны ұстап беріп, рақымсыз піргауар жаламен матап берген Тәкежан, Ысқақтарға Абайдың іші мұздай суып, зығыры қайнап.шықты. Далада қайда барарын, кімді іздерін білмегендей. Тек Базаралының отты, нұрлы жүзін еске алады. Қолында шылдыраған кісен-колеткі. Аяғын қоса буған темір тұсау көз алдына келеді. Ол жөнін білмес, тілін ұқпас, қасиетін танымас жат жендеттер арасында. Арестант шекпенін қайғылы денесіне лыпа қып кетіп бара жатқан жалғыз азамат Абай көзінен қимас жас шығарды. Соққы жегендей сенделген денемен көзін төмен салып, жұрттың дырду шуынан оқшау кетіп бара жатыр еді. Артынан ілесе шұбырған дабыр естіп, енді ғана есін жиса, бағанағы топ атынан Абайдың хабарын біле келген Жиренше, Күнтулар екен. Абай басын көтеріп, бойын шыратып алып, Күнтуға қарады.

– Асыл ағаң төбе би болды, қайырлы болсын! Өзіне де, халыққа да хабар айт! – деді.

– Әділетіңе ризамын, әмісе жолың болсын! Ата ұлы ғана болмадың. Өзің айтқандай. Соны бір айта беруші ең ғой! – деп, көзін қысып, мәздене күліп Жиренше: – өзің айтқандай, адам ұлы болдың, Абай. Тәуекел, бірақ өзің төбе би болмасаң да, төрт арыстың төбе биін сен сайлап бердің. Ой мен қырға сенің өз айдын, абыройың да аз жайылмас. Ырғызбайдың өзге көп тоғышары саған өкпелемесе, ома қапсын .. Сен, сен болмасаң, осылай өзінің кім боларын, қайдан білер еді! Асылбек үшін Күнту қуанса, мен тап сенің өзің үшін қуандым! – деп, Абайды еріксіз күлдіріп тұрып, қолын сілікті. Абай күлгенмен, өз қабағының кейісін әлі түгел жадырата алмай тұр еді.

– Әй, Жиренше-ай, оның бәрін қайтейін. Тірлікте ерікті жүрген адам:" бір күн мал, бір күн бақ, абырой, атақ! деп сандала береді ғой. Мен осы Ояздың үйінен кеудеме оқ тигендей боп шығып тұрмын. Базаралы, қайран Базаралы қайда десеңші! Лосовский арқылы бір үміт бола ма деп келіп ем. Қорлық хабарды естіп шықтым ғой. Ояз қолынан кетіп қапты. Тіпті Семей жандаралынан да іс өтіп корпусқа кетіпті. Өзін әтаппен Омбыға, одан ары каторгіге қаарай алып кетіпті" деп, діңкені құртып тұрған жоқ па? – деді. Жиренше үнсіз жүдеп тұрып қалды. Ол да Базаралыны қимайды екен. Абай екеуі, біріне-бірі жасаураған көз тастасты да, екі айрылысып кетті. Дәл осындай жүдеу көңіл күйінде келе жатқан Абайға, бүйір жағынан дабдырлап сөйлеп:

– Абай ғой!

– Осы Абайдың өзі ғой!

– Е, бәсе, кешеден осында деп іздемеппеек?

– Қарағым Абай, қайдасың бұ?! – десіп үн қатқандарға Абай енді бұрылған. Қараса, Абайдың жатақ достары Дәркембай мен Дәндібай қалбалақтап, ентелеп келіп қапты. Көп бөтен жұрт арасында іздеген Абайларын жаңа тапқан екі қарт шын қуанышты сияқты. Абай шал достарымен ұзақ амандасып болған соң, бұл екеуін ертіп ап, істерін қолма-қол жайлау үшін сөзге кіріспек еді. Қатар жүріп келе жатып, Дәркембайға қарады. Оның аңсағай бойына жарасқан шапанын, қонымды тымағын ұнатты. Ералыдаға жатақтың амандығын, қазіргі күйін, бұлардың қанша жүргенін сұрастырып келеді. Абайдың іздеп келе жатқан адамдары бар. Ояз үйлерінің сыртын ала оқшауырақ бір топ отыр екен. Өзіне керек кісілері сонда екенін алыстан аңғарды да, Абай осы топқа қарай беттеді. Дәндібай Дәркембайдан қартаңырақ, ашаңдау. Белі де бүгіліңкі болатын. Ол Абай мен Дәркембайдың жүрісінен кейіндеңкіреп, қамшысын арқасына ұстап, соның ұзын сабына екі қолын артып, белінің кірбеңі барын білдіріп, жорғалай басады. Бұның түйе жүн шекпені, ескі сеңсең тымағы бар. Ажымды мойын, иегі, селдір сақалынан білініп тұрған. Солған ұрты, барлық кескіні қазіргі келе жатқан түрінде оны Дәркембайдың атшы шалы сияқты аңғартады. Абайлар беттеп келе жатқан топ Ырғызбай адамдарының оқшауланып, оңашарақ отырған тобы екен. Бұл дөңгеленген жиынның орта тұсында қызыл күрең жүзді, бурыл сақалды Майбасар отыр. Қасындағылар Тәкежан, Ысқақ, Шұбар, Ақберді, Ырсай сияқты Ырғызбайдың кәрі-жастары екен. Олардың Абай көрінбестен бұрынғы әңгімесі осы Абай жайы еді. Бағана, төбе биді сайларда Абайдың сөйлеген сөзі билікті Ырғызбай баласына бермей, Бөкеншіге, Асылбекке әпергені бұл топ арасында аса бір мінді, кінәлы жұмыс боп сөйленіп отыр. Болыстар Ырғызбайдан сайланғандықтан, "ұлық шырайы Құнанбай баласына ауды" деген лақаптардан, Майбасар көңілінде соңғы күндерде үлкен тоқмейілдік болатын. Ол ішінен: "болыс жастар болса, төрт арыстың жиыны төбе билікті Тобықтыға ұйғарса, енді оны Өскембай баласы алмай, кім алады? Бұл ортаға ондай дәреже келсе, төбе би ендігі Ырғызбайдың үлкені – мен болмай, кім болады?" деген жасырын, бірақ – құмар ойы болатын. Өз есебінен көбінде ұшқары, үстірт, қыңыр жайылып жүретін Майбасар: "осы Балқыбек сиязы менің ырысым болар. Төбе би болғанның жолы – жөні бөлек. Нелер қиын, қалың даулар бар. Оған билік айтушының жол-жүлдесі өзгеше. Төреліктің түсімі нағып, олқы болсын. Құдай қосса, бұл жолы үйірлеп жылқы, қоралап қой айдап, тізіп қайтса, одан асыл не болсын!"– дегендей ойларды ойлайтын. Енді білсе, жаңа осы топты жиып алған Тәкежан, Ысқақтар:" бір үлкен бақ өзі оралып келіп еді. Өзіміздің кесірімізден Ырғызбайға бұйырмай, бөтен атаға кетті. Кетірген Абай, Абай кетірді!"– дескен. Майбасар бұл хабарды естігенде, ызаланып, танауы қусырылып кетті.

– Осы өзі келіп тұрған бақты басқа теуіп қай асқаны Абайдың? Асылбекті сыйласа асын берсін, өз алдындағы малын берсін. Ата ұлына, қажының абыройына төрт арыс ұйғарып тұрған билікті бізге қимай далаға қуғаны, қалай адасқаны бұ? Ағайын кеңесіне салып, ақылдасу да жоқ. Бергенде, тым құрмаса татымды қып танытып, бұлдап та берсе екен-ау! Шайқы-бұрқы дуанадай, шаша салған несі! Желге шашқаны ма, атамның абыройын! – деп кекетіп, ұрсып тоқтады. Тәкежандар өздері жақтырмаған хабарды қысқа қайырып айтқаны болмаса, көп үндеген жоқ. Майбасар сөзін қостап, Ырсай, Ақберділер де Абайды қыжыртып, мінеп өтісті.

Тәкежан Шұбарға қарап, мысқылдап сөйледі:

– Осы төбе биді сайлағанда Абай: "жарлы-жақыбайға, жетім-жесірге, қаріп-қасерге жақсылық ететін кісі керек" деп, со бір сөзді соншалық қазбалағаны несі? Кісі өліп, ысқат байлап дәуір жүргізгенде "қаріп-қасер, жетім-жесір" дегіш болушы еді жұрт. "Садақа, құшыр-пітірді қаріп-қасерге бер " деуші еді. Біздің бұл жігітіміз Балқыбектің сиязын біреудің жаназасы деп білді ме осы? Төрт арыстың басын қосып отырып, жаңағы Маекең айтқан шайқы-дуана болғанына намысым иттей келді! – деді. Шұбар Абайды жүз көргенде" өзге аға, туысытан жолы бөлек" деп, артық бағалайтын. Бірақ сыртта жүргенде, әсіресе Тәкежан, Майбасар сияқты Ырғызбайдың қыңыр-содырларына, бітеу кеуделеріне кездескенде, сол Абайды ақырындап, сыртынан мысқылдап жүруді өзіне енді машық қылып келе жатқан. Оның қырлы келген ұзын мұрны дәл ұшында анда-санда жыбырлап тұратын әдеті бар. Қазір сол мұрнының ұшы тағы жиі жыбырлай түсіп, мырс беріп күліп, сұрша жігіт әзіл айтты. Тәкежан аға, шайқы-дуана дейсіз. Абай ағам айтқанда: құдайшылық пен мұсылманшылық жолын айтып жатқан жоқ па? О кісі айтқанды дуана емес, ешен-пірің, имам-ғұламаң, қожа-молдаң да күнде айтып, көкейіңізге сіңірмей ме? Ендеше Балқыбек сиязында тәңір жолын тани түссек теріс бола ма? – деп, күліп тоқтады. Соңғы сөздері анық ащы мысқылдың шеберлеп айтқан нақысын танытты. Бұл отырған Ырғызбай жиыны Абайды тегіс кекетіп, тұтас күлісті. Дәл осы кездеріне қарсы, екі шал мен Абай келе жатқанын көріс-ті. Көп Ырғызбай Абайды жүз көргенде тайлығып, ығысатын әдеттерімен күлкілерінен тез тыйылып, үндемей қалысты. Жалғыз Тәкежан Абай қасындағы кісілердің жабайы ел адамы екенін шолып өтті. Жүдеу киім, бүкшең жүрісі бар кедей шал Дәндібайды алдымен болжады. Тағы да лекіте күліп:

– Ал, ол аз болса, үлықтың қасын тастап, Абайың қаріп-қасерін жетелеп, әне тағы келеді! – деді. Жұрттың көбі енді сөз қатпай, Абайдың жақындағанын тосып отыр. Тәкежан даусын ақырындатып, тағы да мысқылдады.

– Құданың құдіреті, біздің Абай осы жазғытұрдан бері біртүрлі тақуа боп кетіпті. Әлде, патшаны анау бүліктер өлтіргеннен кейін бұл тәубаға келдімекен. Бүйте берсе, құлшылығын қуып, қажыға да кетер. Басына сәлде орап, зікір салып, бір күнде "әпенді" боп келген Байды көріп жүрмейік! – деді. Сықылықтап, қызарып, қыстығып күлген күлкі Шұбардан, Майбасардан да байқалып еді. Осы кезде, Абайлар жиынның қасына келді. Екі шал Ырғызбай тобына сәлем беріп, ауыл-аймақ, мал-жанның амандығын сұрады. Бірақ олармен түс жылытып амандасқан Ырғызбайлар болған жоқ. Үйткені бұлардың жатақ екені және егінін даулап, қыңқылдап жүретіні отырғандардың көбіне мәлім. Қазір біріне-бірі еш нәрсе айтпаса да, Ырғызбайлар бұл шалдардың Абайға өздерін жетектетіп жүргені тегін емес деп біліскен. Жиын ішінде бүгін көрмеген үлкендері болса да, Абай сәлем берген жоқ. Аузында папиросы. Екі қолын жеңіл сұр шапанының сыртынан, арқасына қайырып ұстапты. Суық, сыншы жүзбен, әуелі біраз үнсіз сызданып тұрды. Ырғызбай тобының үлкен-кішісін жағалай барлап, қадала қарап, шолып шықты. Тек, сондай үнсіз тұрыстың соңынан ғана папиросын қолына алып тұрып:

– Тәкежан, Ысқақ, Шұбар! – деп, қатаң үнмен қатарлап санағандай, іріктеп атады да, – үш болыс, үшеуің былай оңаша шығып кетші! Менің сендермен сөзім бар! – деді. Осыны айтты да, өзі шалдарға папиросты қолымен ілгері қарай нұсқап, шетке қарай оқшаулана берісті. Тәкежан мен Ысқақ семіз денелері жай ырғалып, шабандап тұрды. Шұбар болса, ең алдымен лып етіп, сұңғақ бойымен тік басып, Абайдың артынан шапшаң ерді. Аз кісі боп, дөңгеленіп отырысқан жерден-ақ Абай сөз бастады.

– Мынау Дәркембай мен Дәндібай осы сиязға дау даулап келіп отыр. Бұлардың былтырдан бері есе ала алмай жүрген жылаулар екенін мен жақсы білемін. Осылардың көргенін өздеріңе айтқызбай, мен айтып берсем де, ақыларын жеген кісілер жалтара алмайды. Бұл екеуі өз бастарының жоғын қуып кеп отырған жоқ. Исі жатақтың қырық үйінің сөзін әкеп отыр. Қаладан келе жатып" "Балқыбек сиязына ортаңнан кісі жібер. Осы екеуін жібер. Сияз басында сөздеріңді мен сендермен бірге сөйлеймін!" деп, осында шақырып келген менмін. Ал бұлардың ісін бітіретін сендерсің. Осы үш болыс, үшеуің! Қай жерге барып дау айтса да, бұлардың "есеміз соларда!" дейтін адамы да сендер! – деп Абай, үш болысқа барлап қарап қалды. Тәкежан Абайды жақтырмай, қыжыртып отыр екен.

– Е, "сөзі сендерде" деп, бұларыңның аулын шауып, кісісін өлтірген Тәкежан, Ысқақ бармекен? Немене, бұл екі қу көк шолақты қылқитып әкеп, маған зәулі қып отырсың? Түсінен шошысын деп отырсың ба, сұмитып әкеп бұларыңды! – деп ұрса сөйледі. Абай қатты сызданып қабақ түйді. Тәкежанға үлкен ашумен, ақыра сөйлеп жіберді.

– Өй, Тәкежан, аспай сөйле. Аяғыңды аңдап бас! Бұл кәрілердің сыртын сұм көрсең де, ішінен, ісінен сұмдық таппайсың. Сұмдық бұлармен бірге туған жоқ. Болыстық сенімен де бірге туған жоқ.

– Құдай құртқан қуларыңды жоқ-жітік еткен мен деп пе ең ендеше!

– Сенсің!

– Тапқан екесің жабар жаланы!

– Сенсің! Өзің болмасаң атаң Өскембай, Құнанбай, Мырзатайлар! Бұлар баяғыдан суыңмен кіріп, күліңмен шыққандар. Сенің тұқымыңның есігінде ата-анасымен малайлық, құлдықта күн кешкендер. Күшін алып, түсін алып, бүгінде қартайғанда керексіз деп қағып-қуып тастаған күн қақтыларың! Жарлылық, жарым-жандығынан басқа түк жазығы жоқ. Жылаулар ағайын осылар! – деп қабағын түйді. Бұл арада Абайдың ызалы долылықпен құшырланған ойына қайраулы қара балта, кек балтасы келді. Ең әділ өкімдей, тағы да бір еске алынып, бұның зығырын қайната түсті, тағы да қатты үнге басты.

– Қыңыратқымай, түзу сөйлес. Дәл осы Балқыбек жиынының үстінде ақы адал малын түп-түгел алдарына салыңдар! Саласыңдар және! Осы отырған Құнанбай баласы, үш болыс, мынау төрт арыс жиынында масқара болмаймын десең қазір кірісіңдер! Бұлардың ақысы өздеріңде де бар. Қол астарыңа қараған өзгелерде де бар. Тапжылмай отырып, осыны орындайсыңдар. Болмаса, дәл осы орыннан тұра бере, іске кірісем! Бер қазір жауабыңды! – деді. Абайдың ендігі сөзі Тәкежанға еріксіз ой салатындай боп, тоқыратып тастады. "Орыннан тұра бере, іске кірісем" дегені – "ұлыққа, Оязға барып айтамын" дегені. Бұл Тәкежанның жүрегін су еткізді. Ол үндемей қалған еді. Ысқақ та әлі үн қатпай, Абайға тіктеп қарай алмай отыр. Жатақтан алынып, Ақымбет аулына барған жеті аттың дауы, бағана Дәркембай көрген жерде-ақ Ысқақтың көңілінен кетпей отырған. Ол туыс ішінде Тәкежанмен үнемі ыңғайлас жүргенмен, Абайды сыйласа да, қорықса да, өз қасында әрдайым үлкен ұлықтай көретін. Бұған қарағанда, Абайға әр кезде оңай жауаптасып, сөзі өтімді келетін – Шұбар. Ысқақ ендігі дәмені содан күтіп, Шұбарға қарады. Абай мен Тәкежан түс шайысып қалғанда, Шұбар өзі қатыспай қалуды қисынды таппады. Бірақ сөзін Абайға қарап айтпай, Дәркембайға бет бұрып сөйледі.

– Жә, ағайын, сендердің, өз ауыздарыңмен айтатын арыздарың бар ма? Не тілеп, не даулап келдің? Сөз алды басталды ғой, ендігісін өздерің айтып көрші, кәні! – деді. Жәй, сабырлы, бейбіт адам үні. Дәркембай сөзі тізбегімен көмейінде тұрғандай, сай екен. Қатқыл, батыл үнмен сапылдап сөйлеп кетті.

– Біз пәле қуып, дау қуайын деген жандар емеспіз, шырақтарым. Оны қуар дәмем кәні, дәрменім кәні? Байды арқаланып, кісінің артығын сұрап алайын деп те жүргенім жоқ. Ақы адал малымды іздеп келдім. Өзім ғана емес, көбімнің көлдей тілегін әкеп отырмын. Екі түрлі дауым бар. Қырық үйлінің екі есе боп кеткен есесі бар. Әуелгі сөзім: былтыр пісіп тұрған бес жер егінімді мынау Тәкежан, Майбасар және шырағым Шұбар, өз аулыңның, анау Сүгір аулының жылқылары күзді күні жеп кетті. Ақ-еспе, Сар-жырық, Тақыр-тұма, Қашамада ауылдарың отырғанда, кезегімен төрт түндей түсіп, тып-типыл құртып кетті. Соны былтыр жоқтап ем, биыл жығылған үстіне жұдырық деп, көктемде жаңа қылтанақтап келе жатқан тағы бес жер егінімді, сол жаңағы ауылдар тағы таптап, қара топырағын шығарып кетті. Бізге дән орнына, шаң қаптырып кетісті. Көкке ұлытып кеттің, ағайын! Сол бір сөзім. Екіншім мынау: – Ысқақ шырағым, сенің Қызыл-мола болысына қараған, қан құйлы ұрының аулы – Ақымбет аулы бар. Жеті бірдей атымды алып барып, көрінеу көзін жоғалтты. Осы екі шал қуа бардық. Сорғалаған қан, сойқақтаған із дегендей, ант амансыз, жан күмәнсыз, жалтартпай отырып, ұрылардың мойнына салдық, бірақ араға хат жүрді. Сыбыр-сыпсың, сәлем-сұмдық жүрді. Шығарып берген ұры қасымнан табылды. Соны қимады ма, жә болмаса, Ысқақ өзің, қол астына қараған Ақымбет аулының сөзіне бұрын сендің бе? Жеті бірдей атымнан жеті лақ алмастан, ұлардай шулап, тағы қалдым. Абайға айтпай, кімге айтам? Есемді әперер жиын болса, мұңымды шақпай, жоғымды қумай, қайтіп қалам? Менің сөзім осы-ақ болыстарым! – деп, Дәркембай сөзін аяқтады. Тәкежанның ішінде Дәркембай сөзінің тұсында, неше рет толқып келген ыза мен томырық ашу бар еді. Бірнеше рет қозғала түсіп, Дәркембайға қабақ түйе қарады. Ақырып, ұрыспақ болған адамдай, оңтайланып та көріп еді. Бірақ алғашқы қақтығыста Абайдан тайлығып қапты. Қайнаған ашуын сыртқа шығара алмады. Дәркембай дауынан соң, жиын біраз үнсіз отырып еді. Аз уақытта Шұбар ептілікке салды. Ол бұл сөз ұлыққа жетсе де, билер алдына барса да, осы отырған Құнанбайдың үш болыс баласына абырой әпермей, жаманат келтіретінін тез аңғарды. Әсіресе, Абайды тыйып тоқтату қолдан келместей. Шұбардың ептілігі енді үлкен сөзді жайлап бітіру, зәрсіз тарқату жөнінен байқалды. Ол Дәркембай, Дәндібайға көптен бергі сырлас, мұңдас кісіше жабыса сөйлеп, жылы жүзбен жан тартты. Сөзіне күлкі аралас, жылылық кіргізді.

– Сүйтіп, екі кәрі, жайларыңды аңғарсам, бүгін есе берер түрің жоқ. Өздерің менің болысымның қазағысың. Сыртпен даулассаң, сөзіңді өзім қуатын қарашым екесің, бүгінде, бірақ, қарашы десем де, жуандап тұрсың, – деп күліп алды. Бір жағында жүйрік жоқшың Абай ағам отыр. Оның ар жағында, былай тартса Оязы, былай тартса төбе биі. Сонымен, сен екеуің қырық үйлінің ішінде, "ең жолы болғыш, ақжолтай шалдар болдың ба!" деп отырмын. Түбінде құдайға қараған мақұл! – деп, Тәкежан мен Ысқаққа көз тастады. Бұлардың ақысын өзіміз де жемейік, өзгеге де жегізбейік, туысқандар! Сөз аяғы сол болсын. Тек қазір осы арада Абай ағам кесігін айтсын да, тыным, тыныштығын тапқызайық бұл сөздің! – деді. Мынау сөз, мына билікті неше қырға төңкеріп және туралап алып шыққан Шұбар, Абайға жүйрік көрінді. Ішінен: "Тәкежан, Ысқақтан мынау сонағұрлым зерек екен. Мынаның алды бар-ау! Тек қайда барар екен!"– деген болжалын шеше алмай, ойланып қалған. Дәндібай өзі дауға араласпаса да, Шұбардың жаңағы сөзі Тәкежанды көндіріп, бұларды ырзалап Абайды тоқтатып және Құнанбай баласының абыройын арашалап жатқан епшіл сөз екенін әбден аңғарды. Енді тоқтамастан басын изеп, әлденені құптағандай боп отыр еді. Біраз ыңырана түсіп:

– Е-е! Сөз жүйесін тапса, мал иесін табады-дағы. Олай болса, соқырдың тілегені екі көзі, төреңе құлдық, шырағым. Дегенің болсын! – деді.

– Айтсын, айтсын! Шұбар барды айтты, кесікті Абай ағам айтсын! Тұрдық, болдық сонымен! – деп Ысқақ та тез көне кетті. Екі інісі, екі болыс ұйғарған соң, Тәкежан да енді жалтарып, дауласуды құп көрген жоқ. О да, сазарған бойында үндемей отырып, Абайдың кесігін тосты. Ақыры, бар жиын Абайдың өз аузына қараған еді. Ол сөзді қысқа қайырып, тура кесікті айтты. Абай билігі бойынша жатақ былтырғы мен биылғы егіні үшін бір жер егінге екі қарадан, жиырма қара алатын болды. Биылғы жеті жылқы үшін, басына қосақ, соңына тіркеумен он "тоқ" алатын болды. "Тоқ" бұл елдің кесіктерінде не жақсы ат, не құлынды бие, не бұзаулы сиыр болады. Егіннің жиырма қарасын да, әуелде жиырма қара деп, бір атаса, кейін Абай анықтап жиырма "бесті" деп, "қақ" деп кесті. Абай кесігіне екі шал қуанғаннан үн қата алмай, тек іштерінен ғана сыйынғандай. "Я сәт, әумин! Айтқаның ақ болсын!"– десіп отырған. Үш болысқа бұл кесік өрескел тәрізденгенмен, олар амалсыз, титығы құрып, үнсіз қалды. Бір берген соң билікке дауласу, келісімді қайта бұзу болады. Оған Абай енді қайтып ырық береді деп, Тәкежан да, Шұбар да үміт қыла алмайды. Абай бұлардың кесікті ауырлап отырғанын аңғарса да, елеген жоқ. Тағы да ешқайсысына шырай бермей, түйіліп отырып, соңғы сөзін айтты.

– Бұл билік айтылды. Ол бір кезең. Ал іс болуы, мына екі өлермен шалдың қолына мал тиюі тағы бір кезең. Билікті іштеріңнен ауырлап, сырттарыңнан шала дүмбілез көнгенсіп отырсыңдар. "Күн ілгері көрерміз!" деп отырғандарың болар. Кесігім кесік болатын болса, сол жаңағы отыз қара, дәл үш күн ішінде, мынау екі шалдың алдына, "тоғы – тоқтай", "қағы – қақтай", төрт аяғынан басқан мал болып, айнымай түсетін болсын. Үшеуің де болыссың. Ақымбет аулы – біріңнен, Сүгір, Майбасар – біріңнен, ал өз малдарың – өздеріңнен жалтарып кететін қиын мүлік емес. Қазір атшабарларыңды менің көзімше жан-жаққа шаптырыңдар. Дәл үш күн ішінде малын түгелдеп тұрып, тізіп тұрып беріңдер! Соны беріп тұрған жерлеріңде, істің басы-қасында мен өзім болам. Оған шекті мынау екеуі осы арадан тапжылмайды. Сөз бітсе, міні осымен бітеді. Ұқтың ба тегіс? – деп, тағы да байлауын берік түйіп тоқтады.

– Ұқтық, ұқтық! – деген сөздерді болыстар аузынан Абай қадала тосып отырып, ықтиярсыз тартып алғандай болды. Содан соң папиросын тартып, шалдарын ертіп ап, жүріп кетті. Осыдан үш күн өткен соң, Абайдың айтқанындай он "тоқ", пәлен "қақ" деп өлшенетін бестіге барабар мал бастары тегіс түгелденді. Дәркембай мен Дәндібайдың алдына анық отыз қара түсті. Екі шал қуаныштарын қойындарына сыйғыза алмай, қайта-қайта тамсанып, тамашалай береді.

– Жатақ сорлы қандай қуанар екен.

– Мал төлеуі емес. Мынау қалыңмал да емес! Тіпті ердің құны болмады ма?

– Жатақ жатақ болғалы қолы есеге бүйтіп жетіп көріп пе еді? Жетем деп ойлап па еді?

– Айналайын, Абай-ай!

– Тек алдыңнан бағың ашылсын! – деседі.

Мал түгелденіп болғанын Абай келіп көрді. Бұларды енді жөнелткелі тұрған жерде тағы бір күдік туды. Оны сездірген сақ, қырағы Дәндібай. Кішкене жыпылық көздерін жиі қағып, сықсия күле тұрып, Дәндібай сөйледі:

– Абайжан! Әперуін әпердің. Қыруар малды алдыма салдың. "Жатақтың бір қызы емес, бес қызының қалың малы " десем обал емес. Бірақ көкейімде бір күдігім, уайымым тағы тұр. Сонау бауырға қарай екі шал, мына қыруар малмен бара жатқанымызда Тобықтының ба, Найман-керейдің бе ұрысы екеумізді екі жерге қылжитып, тағы тартып әкете ме деп тұрмын! – деген. Дәндібайдан гөрі тәуекелі мол, әлі де көкірегі зор Дәркембай:

– Е, қойшы, су жүректене бермей! Кім аңдып тұр дейсің? Ел іші емес пе! Жүргіншілер болар, ілесіп кетеміз! – деп еді. Абай осы малдың жатаққа түгел жетуіне бұл күндерде өзі де іштей асығып, үлкен жұбаныш етіп қарайтын.

– Жоқ, Дәркембай, осы Дәндекең дұрыс айтады. Ел арасы қашық. Сырт пен бауыр аралығы елсіз. Мен Дәндібайдың қаупін дұрыс көрем. Қой, олай болса, қастарыңда тым құрса бір сергек жас жігіт болсын! – деп, өзінің маңында жүрген Баймағамбетті шақырып алды.

– Баймағамбет! Сені мен жол жүргізгелі тұрмын. Қазір, мынау екі кәріңмен бірге, осылардың малын айдасып, Байқошқардағы біздің ауылға бар. Содан кейін астыңа атыңды мықтап сайлап ал да, осы малдарын айдасып отырып, Ералыға, жатаққа өз көзіңмен амандап апарып, түгел табыс етіп қайт. Әйгерімге сәлем айт, мынау екі ақсақалды күтіп, сыйлап жөнелтсін. Және сандықта жатқан алтыатар бар, саған соны берсін. Ал, қарттар! Ел-жұртыңа сәлем айт! – деді. Кәрі достарын осымен аттадырды. Дәл осы кезде, сонадай бір шетте Тәкежан бөгде бір кеңесте болатын. Оның қазір қасында отырған адамдары, Бауыр еліне мәлім, атақты екі ұры – Серікбай мен Тұрсын. Бұл екеуінің жастары құрбылас, денелері де кескен теректей, тұтас балғын – бір бітімдес. Өздері әрі жас, әрі тынымсыз жатпас, анық сойқанды ұрылар болатын. Сондай болуына, бір жағынан осы Тәкежанның өзі де себеп еді. Екі ұрыны да алыстан шыжымдап, өзі сақтайтын. Бауырдан қыстау беріп, сол жаққа орнықтырған да өзі. Енді осы екеуін оңаша алып, Тәкежан жаңа ғана малын әкетіп бара жатқан Дәркембайларды нұсқаған.

Екі ұрысын сілейте боқтап алып:

– Екі ит, мынау сұм жатақта кегім кетіп барады. Сол кегімді сен екеуің жоқтап әпермесең, жау қуғанда жалғыз қазық ұрсын, екі сүмелек! – деген. Тұрсын сөзін салмақтап, тілін шайнап сөйлейтін және тәйтік сөзді, қылжақпас.

– Уай! Тәк-к-к-е-жанай, қолым-д-ды ғана босатшы. Әк-к-еңнің... Жатақты ма? – деп, қазір-ақ бір керді бастағысы келді. Серікбай бұл жатақпен осы жолда даулы болған. Мойнында айыбы да бар. Сондықтан асыққысы келмеді. Ол арам ойлайтын, тақыс еді. Әзір емес, қыстың бір бес бораны жалынсын деп тақыс есеп сездірді. Тәкежан осыны құптады. Екі сойқан ұрымен ұғысып тарасқан-ды. Балқыбек сиязында болыс, би болмаса да, Абайдың қызу араласқан ісі жатақ ісі болды. Енді өз міндеті жоқ. Ел мен ел арасының даулары, тартыс арбасулары, бақталас, бәсекелері қандай екенін көрмек. Бір жағы ұлық, бір жағы төбе би алдында сол күйлер қалай жүріп, қалай бітіп-тынып жатқанын білмекке Абай біраз күн аялдап қалды. Осы орайда, көлденең ағайынның ендігі бір үлкен жұмысы басталды. Бұл – сияздағы аса бір даулы жұмыс. Ол қалың Керей мен Найман арасындағы, биылғы өткен қыстан бері ұлы дүбір, үлкен тартыс боп келген "Салиқа-қыз-дауы". Қожагелді Керейдің жетіп отырған қызы Салиқа Түкі Сыбанның жесірі еді. Былтырғы жыл соның атастырған күйеуі, тең тұсы өлгенде, енді қызды жесір деп, Сыбан қайнағаға қаратқан. Ол қайнаға жасы алпысқа келген, қос қатыны бар адам. Қалыңмал түгел беріліп қойған. Отауын тігіп, жасауын жасап отырған қызды, қарт күйеуі үшінші қатын етіп алмаққа тақайды. Сонда өжет, өр көкірек қыз елінің барлық Қожагелді, Шақантай ішіндегі үлкендеріне хатпен, сәлеммен арыз етеді. "Сүйегіңді қорлама, басында ырқыңа көндім, елім. Жас басымнан бағымды байлама. Әкемнен де жасы үлкен шалға көп қатынның бірі қып берме!" дейді. Қыздың зары халыққа жетеді. Керейдің ер азаматы, жас-желеңі: "қыз қорлыққа түспесін" деп, көп қызынады. Кәрі ақын қобыз бен домбыраға қосып:"Салиқа қыздың туған еліне айтқан арызы" деп, аса бір мұңды жырмен арман ағытады. Аз күн ішінде сол Салиқа шері Керейдің кәрі-жасы түгел айтатын ән боп тарайды. Қой шетінде күзетші, ат үстінде жылқышы, ойын-сауықта, той-топырда қыз-келін, жігіт-желең, балаға шейін айтатын болады. Мұңды қыз Керейдің ішіндегі Шақантайдан өзінің тең тұсын, құштарын табады. Сүйтіп, Керей" қызды жылатпаймыз" деп, бұрынғы құдалықты енді амалсыз бұзбаққа бекінеді. Бірақ осы хабар қыздың қайнына жетісімен, неше саққа құбылады. "Жуандық, елемеушілік, әруақ аттау, Сыбан-найманды қор етіп, жермен-жексен ету!"– деген неше түрлі намысты шабақтаған, зәрлі кекшіл тілге ауысады. Аяғы ұзаққа бармайды. Бірер-ақ жол елші ауысады да, үлкен жаулық жон көрсетеді. Содан бері қар кетіп, көк шығысымен Сыбан мен Керей бірінен бірі кезек барымта алысады. Неше рет қалың қол боп аттанысып, енді шабысарман боп отыр. Соққыға жығылған, өлімші жаралы болған, қалжа жеп жатқан екі жақтың азаматы бұл күнде елуге тарта бар деседі. Қазір де осы сияз болып жатқан күннің өзінде Қожагелді мен Шақантай ішінде тыным жоқ. Түкі-сыбан, арғы Найман болса, оның да жылқысына күнде қиқу араласқан. Гулетіп найза қағып, шаба тартып, Керей барымташылары да тыным тапқызып тұрған жоқ. Балқыбек сиязы шақырылғанда Қарқаралы, Семейдің екі Оязы өздері келіп, бас қосқанда үлкен, тығыз ұланғайыр, пәлелі іс, осы Салиқа қыз дауы болған. Пәлеге батқан жұрттың саны көп. Қазір сияз басына келген Найман-сыбан кісілері, Керей адамдары бұнда да дүрдараз. Екі жағы өзді-өз Ояздарына Балқыбек басында да арыз тоғытады. Жалған куәлік беріп, жан-иманын, ант-аманын айтысып жатқан. Төрт арыс жиынында Найман-керей араздығы қатты болу себебінен арадағы Тобықтыға абыройдың оралуы оңай болған. Абай Асылбекке әперетін төбе биліктің төркінінде, арғы астарында осындай көп қатпарлар жатыр еді. Екі арыстың біріне бірі қимай қызғанып, қырқысар дәрежесін Тобықты өз өнерімен алмаған. Оны Майбасар, Тәкежандар:"Арғын аға болғандықтан емін-еркін, дау-дамайсыз сыбағамызға алдық" десе, "би Өскенбай, қажы Құнанбай атына, абыройына жығылғаннан ел келесі өзі сыйлады" десе оның бәрі бос мақтан. Ырғызбай ішінің дағдылы ұр-көппелігі болатын. Екі жақтың арбасып, қабақ торысқан болыстары "бұл билікті кім айтады?" дегенге келгенде, нені тілерін біле алмай жүрген-ді. Ояздарға "өздерің айтып, шешіп бер" деген де арыз болған. Бірақ ұлықтар бұдан бас тартқан. Ал, төбе биге, Асылбекке беруге, Керей қарсы. Бұны "Сыбанның күйеуі!" деп, "қанды мойын, дұшпан аулымның бірі – Ақтайлақтың күйеуі деп, Керей "тіретей" билер алдынан қашып отыр. Ояздармен ақылдасқанда Асылбек өзі де "ағайынның жаласына қалам" деп, момындықпен бас тартқан. Бұл жөнінде Асылбекке Күнтудай туысы, Дүтбайдай тілеулес жақындары үлкен кінә тағып, сын айтқан. "Билігін айтып, білем деп олжа алатын кісі едің. Алдыңа өзі кеп тұрған мол дәулет. Бекерге тартыншақтық еттің!"– десетін. Дәл осы кезде, Сыбан мен Керей ортасында Абайдың әділдігі, турашылдығы жөнінде айтылған лақап, қошемет сөздер көп тарады. Екі нәрсе, Абай істеген екі жұмыс бұған айғақ есепті, тірек болды. Бір сөзде жұрт: "Құнанбай балалары төбе билікті өзімізге бер деп қанша жабысса да Абай қарамапты. Ағайын тіліне азбапты. Жұртқа адалдығымен пайда келтірсін деп, алыс ата баласына төбе билікті өз туыстарынан тартып алып беріпті" деседі. Екінші лақап, дәл соңғы бірер күн ішінде тарады: "жатаққа өзі жоқшы бопты. Өзі би де боп кесік айтыпты. Отыз қара малды, өзінің болыс болып отырған жуан ағайындарынан бақыртып отырып, тағы тартып әперіпті. Тегінде, алдына арызбен, даумен барған кісі осы жігіттен әділет табатын сияқты. Жақынға бұрмайды. Қайта жүгініске келген екеудің бірі өзінің жақыны болса, билігінің салмағын соның үстіне қатты қып, ауыр қып салады. Бүкіл қазақ халқының қамы дегенді көп айтатын жігіт осы. Қамқорлық етіп, қамқорлық жеп айтады" деседі. Осымен қатар, Найман-сыбанға, Керей-уақтың болыс, билеріне бекем жетіп жатқан сөз тағы бар. "Абайды Семейдің бар ұлығы біледі. Елге шыққаны сыйлас, тілін алады", дейді. "Сүйтіп, бұл күнде Құнанбай Құнанбай емес. Кешегі бір күнде Құнанбай деген айбынды ат болғанмен, қазір ол тек тірі әруақ. Болыс болып жүрген өрен-жарандары болса, оның көбі де ел алдына түскен, көптен бойы өскен, озық адамдар емес. Тәкежан, Ысқақ дегендері бұрынғы ата абыройын бүгін кертіп жеп жүрген, тоны сұлу тұғырлар. Енді кісілік бар Тобықты ішінде біреуде болса, осы Абайда. Болыс болған өзгелерінен, жай бетімен бейбіт жүрген Абай – адам да, азамат та!" деседі. Осылай басталған сөздер Керей мен Найман тіккен үйлерде, дөңгелек жиындарда бірер күн қайта-қайта еселеп көп сөйленді. Сол сөздердің бір ұшығын ұстап, Жұмақан Лосовскийге де кіріп шыққан. Тойсары Қарқаралының Оязына да ақыл салып, айта барған. Ойында дәнеңе жоқ, тек Асылбектің төбе билігін тамашалап, Жиренше, Оразбайлардың Керей-найман билерімен тізелесіп, қағысқанын тыңдап жүрген Абай бір күн түсте Ояздан шақырту алды. Барса, төбе би Асылбек те сонда. Қарқаралының Оязы да Лосовскийдің қасында екен. Осы бір жолғы қысқа кездесуде ұлықтар мен Асылбек Абайға Керей-найманның тілегін, талабын айтты. "Ара ағайын елдің ара биі боп, мынау үлкен пәлені тоқтатуға себепші бол!" деді. Абай, бұл тілек ұлықтардың өзінен шыққан сөз емес, Керей мен Найманның көбінен шыққан сөз екенін білмекші еді. Асылбек: осыны өтініп отырған бұл орын емес. Бір жағы Жұмақан, бір жағы Тойсары екеуі де маған келді. Сені осыған көндіріп бер, ағайын жарасын емдеуге шақырамыз. Қандай билік айтса да тоқыраймыз деп кетті, – деді. Осы хабарды естіген соң Абай көпке созбай, өзінің Керей-найман арасына билік айтуға көнгенін, әзірлігін білдірді. Ояздар билікті Абай айтатын болғанына дұрыс қарасты. Бұны билікке белгілеумен қатар Қарқаралының Оязы Синицын, қыз атынан түскен екі арызды көрсетті. Абай арабша жазылған арызды ұлық үйінде отырып оқыды. Бірақ, Оязға да, Асылбекке де қыз арызы турасындағы өз көңілін аңғартқан жоқ. Сол күні Абай, екі жақтан үш-үштен, алты ғана кісі шақырып алды. Біраз әңгімеде аужай түйісті. Абаймен бұл жолы кездескен Найман кісілері Жұмақан, Барақ төре, Тәңірберді болатын. Керейден – Тойсары мен Бегеш, Тышқанбай. Осы аз адамдардың сөзіне Абай Жиренше мен Оразбайды ерте келді. Керей-найман адамдарына Абайдың бұл жолғы сөзі бір жайдан өтілу.

– Жә, екі туысқан, сөзім ем болып, ел тыныштығы табылатын болса одан аянар, іркер күшім де, ниетім де болмас. Білімім жетпей қалса, бабыңды таппасам, қолымнан келмеген болса, оны кешірім етерсің. Бірақ аңғарып, түйіп байқасам, бұл сөз жесір дауынан басталғанмен, ұланғайыр іс боп, қат-қабаттап кетіпті. Екі ел арасында көптен жүрген барымта, ұрыс-қағыс бар. Шабуыл-шандуылға жеткен үлкен түйіндер бар. Бұл күнде талай ердің құнына тақау ақы, мүлік сөзі бар. Осының бәріне билік айтатын адам көп отырып, көп тергеп, қалың сөзге қапысыз кіру керек. Бұған бір кісінің уақыты да, шама-шарқы да жететін емес. Бір кітаптан оқыған нақылым бар еді: "жалғыз ақыл жақсы, бірақ екеу болса бекем болар " деген! – деп, Абай біраз тоқталып қалды. Келтірген мысалы орыс халқының мақалы еді. Тоқтағаны – даулы елдердің аңысын аңдымақ болатын. Суық қабақ Жұмақан сыр бермейді. Тойсары да Абай сөзінің артын тосып отыр.

– Сіздерден өтіліп алайын деп отырмын. Жаңағыдай көп іске, көп көзге адамның мұршасы жетпейтін болған соң, көмекке кісі алайын деп ем. Осы дауды тексерісуге өз қасыма көмекші би етіп мынау Жиренше мен Оразбайды алғалы отырмын. Соған жауабыңды білсем деймін, туысқандар! – деп, сөзін бітірді. Керей-Найман бұл отырыста Абай тілеген жауаптарын тез айтып, келте қайырысты. Жұмақан да, Тойсары да қасындағы кісілеріне сөз салмай-ақ:

– Дегенің болсын!

– Ал! Көмегіңе кімді аламын десең өз еркің! – десті.

Тек алғашқы сөзге тоқырасып, тарасар жерде ғана Сыбанның төресі – алып денелі үлкен қызыл күрең жүзді, бурыл тартқан қаба сақалы бар Барақ төре, Абайға үлкен отты көзін қырындай тастап отырып, соңғы бір тілек айтты.

– Абай шырақ! Екі ағайының сенің алдыңа сөз тастады. Сөз ғана емес, сенің басыңа да сын тастады. Тобықтыны ара ағайыным деді. Бүлінгенді тілемес, бірлігімді тілер деп бір таңдаса, әділеті, ақтығы бар деп, дәл сенің қара басыңды тағы тіледі. Түптің түбінде тергеу көмегіңе екеуді аларсың, немесе тағы әлденешеуді аларсың. Бірақ, "түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би" депті ғой баяғыда. Түбінде қыл мойынның келеге түсер, кесер сөзін бір өз аузыңнан, өзіңнен ғана күтеміз! – деді. Жұмақан үндемей, құптағанын білдіріп, сәл бас изеп еді. Тойсары басқарақ айтты:

– Барақ мырза өз мүддесін айтты ғой. Көлденеңдер кебім жоқ. Бергенім берген. Шыжыммен ұш, шырғамен қон.деп неғылам! Түйін-төрелікті тек сонау төбеден тосар ғана жайым бар! – деді. Қырбай елдердің қырқылжың билері әзір үн қоса алмайтынын сәл сездіргенмен, бұл арада жарыла кетіп жатқан шалғайлық жоқ. Абай үндемей ғана, екі жағына салқын жүзбен бір рет бас изеді де, бұл кездесуді осымен аяқтатты. Ара би әуелде аз сөзді, көп сабырлы болмақ жөн. Сыр ұшығын сөз шығарады. Жарым сөзден жай түйем деп жорамалға, тұспалға көп түсетін сөзқуарлар, пәлеқорлар екі елде де аз емес. Абай соны ойлаған сайын, дәл өзінің билігіне шейін тергеу сөздің барлығын аңдап жүргізбек. Өзгелерді көп сөйлетіп, өзі аз сөйлеуді ниет еткен. Сол оймен жаңағы аз жарықшағы бар екі сөздің екеуіне де: " біріңдікін алдым, біріңдікін қойдым" дегенді білдірген жоқ. Оразбай мен Жиреншені енді іске қосатын боп оңашалағанда, Жиренше өзінің байқағыш, шалымпаз ойымен жаңағы сөздер туралы бір болжау айтып қалды.

– Аужайды әзір түюге алыс қой. Бірақ Керей сөзін мырзалықпен бергенде, Барақ бағып беретін тәрізді-ау деген еді. Абай бұл жайды өзі де осылай топшылағанмен, Жиреншелерге де ішін ашқан жоқ. Оның орайына екеуіне де, дәл осы жерде, тезінен іске кірісудің жөнін айтты. Біреуін Керейге, біреуін Найманға қазірден тергеуге қосатын болды. Абай бұл екеуіне де жаңа өзі ойлаған тәсілді айтты.

– Сұрамақ пен білмек бар. Әр барымта, шабуылда алынған мүлік, соққыға жығылған жігіт көп. Талай нәрсені тергеп, талайды біліп келулерің керек. Бірақ болған бар да, бұлдыр бар. Шынға өтірік қосып, аламыштап айтатын, араздық мінезі бар. Осындайдың бірінде өздерің "мынау жақсы, мынау жаман, мынау шын, мынау жалған" дегенді жарыққа салып айтпаңдар. Ішке түйіңдер. Әсіресе шырай беріп, уәде берме. Оның арты мойныңа алған қарыз есепті. Сендерге қарыз болған – маған да міндет артады. Онан соңғы бір қолқам бар. Екеуіңе анық серттесіп айтар сөзім: жең үшінен жалғасып, дүниеге сатылып жүрмеңдер. Екеуіңді дос білейін және шын тілейін, қанатым болыңдар. Бірақ әділ-ақтық жолына бастап ұшатын қанатым болыңдар! – деген. Қыз дауының сыртындағы көп пәленің барлығын Кожагелді, Шақантай ішінен толық білуді және бар білгенін Абайға түгел хабарлап тұруды Оразбайға тапсырды. Түкі-сыбан ішін ақтара қарап, аудара тексеруді Жиреншеге берді. Олар ең әуелі осы Балқыбек-сиязына келген Керей-найман адамдарын түгел адақтап шықпақ, даугерді, куәны де осы жиыннан тауып, көп тексеруді осында аяқтауға болатынын айтысты. Бірақ үшеуінің тағы бір ақыл қосып байласқаны: "екі жақ өз бетімен шалқайысып, тек бірін-бірі жалалап, шынға ойыспайтын болса, онда Оразбай мен Жиренше Керей мен Сыбанның кей жерлеріне өздері суыт жүріп, барып қайтыспақ болды. Осымен Салиқа қыз дауының бір жұмаға созылған күндіз-түнгі тергеуі басталып кетті. Тергеу үш жерде жүріп жатты. Оқта-текте ғана, көбінше түн жарымында, күні бойғы білгендері, тапқан-тергендері туралы Абай Жиреншелермен қысқа уақытқа бас қосып айрылысады. Абайдың өзі қолына алып тергегені қыз аулының сөз иесі – қарт Қалдыбай мен қыздың әмеңгері – шал Сабатар. Бұлар арасында болған ескідегі құдалық, киіт ілу, қалыңмал жөніндегі ауыс-күйістерді Абай асықпай отырып, анықтап білген. Қалыңмалдың орайына жасап отырған жабдық-жасауды Қалдыбайға түгел санатып, хатқа түсіріп алды. Абайдың әзірге аңғаруынша, Салиқаның қалыңмалы бұл өңірдегі ең мол қалыңмалдың бірі екен. Қыздың алғашқы атастырған күйеуі Бәйгөбек ішінде ескі шаңырақта отырған жалғыз бала болады. Оның жесірі үшін қалың көп беріледі. Кейін, атастырған күйеуі өліп, қыз шалға қарайтын болған соң, бата бұзылмасын деп, Сабатардың тілегіне емексінген Қалдыбай: "қызым теңіне бармай, кемдікке кететін болды", депті. Сабатардың өзінен тағы да жарым қыздың қалыңмалын алыпты. Абай дәл осы жайға айрықша қадалып, кейінгі кезде не алғанын түгел білді. Рас, алған малға орай, көп ұлдың ортасындағы жалғыз қыз және жасы жетіп отырған ерке қызды әкесі ырзалап жөнелтем деп, басына көтерген сегіз қанат ақ үйден басқа жабдықты да мол қамдапты. Қыз жасауы жиырма бестен екен. Бас жақсысы Қоқан керуенінен алған жүз қойлық жібек кілемнен басталса, содан ары, ішік жиырма бес, сырмақ сандық жиырма бестен. Ең аяғы көйлек-көншек, дастарқан-тостағанға шейін соншалық. Биік сүйек төсектегі шағи дүриялаған көмкерулер де сол дөңгелек бір санмен жиырма бестен жасалыпты. Бірақ бұл мүлік қазір Керей қолында. Малы болса алып қойылған. Қызы және айниды. Сыбан-найманды әсіресе ашындыратын – бұл қызға берілген малдың молдығы. Пәле басы осындай көп мүлік дауы болғандықтан, кейін содан туған барымта шабуылдың айдап қуған жылқысы да аз болыспайды. Қай жағы болса да, есем кетпесін деген егеспен егер қыла тиіскен. Қарулы жігіт, жырынды жортуылшы, "ер-батыр" атанған найзагер ұры барымташылар тыным таппай ды. Қара сойыл мықтысы, қарапайым жігіттерден де бұл пәлеге құлшына кіріскендер аз болмаған. Даудың бір түйіні осы құдалық айналасында болғандықтан, Абай алғашқы тергеуінде Керей-сыбанды кезекпен алдына алғызып отырды. Барлық аңыстарын түгел аңдап бір шықты. Соның артынан, енді даудың тап ортасында тұрған қыздың басында не бар? Екінші кезекте Абайдың білмегі соның жайы. Салиқа қыз арызын өз қолымен әкеліп, Қарқаралының Оязына кіргеннен бері, осы Балқыбек басында болатын. Енді Абай, Ербол мен Көкпайды аттандырып, өзі жатқан Оспан үйіне сол Салиқа қызды жақындарымен бірге алғызды. Басында кәмшат бөркі бар, құлағында үлкен күміс сырғалары ырғалған, шағи шапан киген, ұзын бойлы қыз келді. Қара сұр бойжеткен Абайдың үстіне батыл басып, салмақпен кірді. Әкесі Қалдыбай да ере кепті. Әуелде Салиқа қызды көруге анталап келген кәрі-жас үй ішін кернеді. Керейдің өзінен де қыз айналасында жүрген қамау-қоршау көп екен. Келгендерге жағалай қымыз ішкізіп, Оспан сыйлап болған кезде, Абай ең алдымен Тобықтыларды таратты. Содан, өздерінің де отырысын артық көріп, көп Керейді Қалдыбай бастап, ертіп кетті. Абай мен Салиқа оңаша қалған еді. Салиқаның жүзін Абай енді анықтап аңғарды. Меңсіз, ақаусыз, тап-таза қара сұр жүзінде Салиқаның үлкен тұңғиық қара көздері өзгеше екен. Ойлы оты бар, нұрлы көз. Ұзын, жиі кірпіктері көзінің онсыз да үлкен қарашығын қоңыр көлеңкелендіріп, әсіресе, тереңдетіп көрсеткендей. Қырлы, көтеріңкі мұрнының аз дөңкілі бар. Жұқа еріндерінің екі шетінде сәл ғана көлеңкеленіп, төмен созылған бір кірбең бар. Бұл ренжігіш, немесе көп мұң мұңдап қалған жас жүздің ішкі шерін танытады. Бірақ Салиқаның үнсіз жүзі мұңшыл сияқтанса, сөйлегенде аппақ, мінсіз, кесек тістері көп ашылып, ақсия көрініп отырады екен. Бұл ажар қыздың пішінін ашық шыншыл көрсетеді. Жарқын жүзді, күлкі қызуы, қызығы мол жандай танытады. Әр сөйлеген кезінде Салиқаның жүзі күлермен тәрізденеді. Сауықшыл көңілі тақауда тұрған сияқты. Осы іске кіріскеннен бастап, өзі аз сөйлеп, өзгелерді көп тыңдауға бейімделген Абай, бұл жерде де сол әдетін бұзған жоқ. Салиқаға біраз, үнсіз салмақпен қарап отырып, өзінің білмек жайларын айтты.

– Салиқа шырақ! Жүз көріскеніміз жаңа болғанмен, мен сізді қазір бала күніңізден бері біліп келе жатқан жақын ағайындаймын. Жайыңды көп есіткеннен ғой! – дегенде, Салиқа әуелі күрең тартып, қызара түсті де, ұяла күлді. Арызыңды оқыдым. Сондағы сөзің сөз бе? Әуелі осыныма жауап бер! – деді. Салиқа бұл сөзге, аз қабақ шытып, тез шымырағандай боп қалды.

– Абай мырза! – деп, үлкен тұңғиық көзіне намыскер ашу білініп, – менің сөзім сөз, дегенімнен айнығам жоқ! – деді. Кесек ақ тістері ашыла көрініп, жүзінде тағы да күреңіткен қан ойнады, Абайға аңыра қарап қалды.

– Тағы бір сөзім – "бармаймын, тимеймін" дегенде, тең көрмегенің тек шал Сабатар ма, жоқ исі Сыбанды құп көрмейсің бе? Сыбанның тең жігіті болса, не дер ең?

– Ауыздарына әуелі шалын алмай, азаматын алса, тең тұсымды атаса, бүлік бастар мен бе едім? Онда менің аулым, елім еркіме қояр ма еді?!

– Теңімді атасын деген сөзіңді сәлем қып, қайын жұртыңа айттың ба?

– Айтқызып ем, тыңдар құлақ болған жоқ. Құлақ кесті – жесірім. Сабатар – құдай қосқан әмеңгері. Елде жоқ сұмдықты бастамасын!" депті.

– Тағы бір сөздің жөнін айт, шырақ. Қайын жұртың сені " өздігінен азбас еді, аламын деп азғырып, аздырып отырған Керейдің екінші атасы, анау Шақантай жігіті " деген сөз түсіп отыр. Сен Шақантай жігітін Сыбаннан күдер үзген соң таптың ба? Жоқ, бұрын көңіл қосыппең? Қыз бұл сұрауға іркілген жоқ. Тек ұялғаннан, лез қызарып, қысылғандай. Құлағындағы ұсақ шашақтары көп үлкен сырғасы діріл қақты.

– Имандай сырым болсын, Абай мырза. Сыбан: "шалдан басқа ешкімді атамаймын" дегенде, мен: Шақантай жігіті түгіл "ит екеші иттің" құйрығынан ұстасам да, бұл өңірден кетейін, қарамды батырып, басымды алып қашып жоғалайын дегем. Шақантай жігіті сонан соң табылды. Бұрын аздырған, бұрын суық сөз салған Керей ұлы түгіл, тірі пенде болған емес, – деді. Сөзін бітіре берді де, қыз шашақты орамалды көзіне басып, үнсіз жас төкті. Абайға қырынан тастаған үлкен қара көздері намыс күйіктен, ауыр жастан қанталай түсіпті. Сөз біткендей. Енді Абайдың сұрайтыны жоқ екенін аңғарған Салиқа тұрарманға жақын еді.

– Менің сөзім бітті! – деп Абай, қыз жүзіне әлі қарап отыр.

Салиқа тұрмады. Жаңағы көз жасының артынан енді бір ызалы намыс келгендей. Сөздің қысқа болып, бұрынғы ағайын талқысынан жеңіл біткеніне таң қалды. Абайдың алды бұған жанашыр адам алдындай, кең сияқты. Соның бәрі қосылып кеп, Салиқаның соңғы бір сөзін айтқызды. Түйіліңкіреп жазылған қабағында мұң да, ашу да бар.

– Мені бұзған Керей де жоқ. Бұрын бұзық ой менде де жоқ еді. Жалғыз ой, удай ащы ой, кейін пайда болды. Ол: "Сабатардың, кеуіп қалған шалдың, үш қатынының бірі боп бармаймын" деген ойым. Ол ойымнан, қайғымнан қиналғаным сонша, бүгінде мен тірі жүрмін деп жүргем жоқ. Осы аз күн ішінде өлім мен тірліктің дәл ернеуінде тұрмын. Шал сипаған етімді құрт жесін деулімін. Шынымды сұрадың ғой, ағайын. Мынау Балқыбек пен Бақанастың тұңғиық қара суларына күнде қараймын. Мекенім, көрім сендердің түбіңнен табылар! – деп қараймын. Сабатарға кеткенше, осы екі судың бір тұңғиығы бұйырсын! Барым осы-ақ! – деді. Абай басын шалқита көтеріп, үлкен толқынмен өзгеріп қалды. Қыз тұрып жүруге айналғанда, ол өз ойымен қатып қалғандай. Тек үнсіз ғана бас изеді. Қазір Абайдың көз алдында жаңағыдай сымбатты, сұңғақ бойлы, асыл жастың терең суға батып бара жатқан суреті айықпай елестеп тұр. Үнсіз тұңғиық, терең қара су қатты шалп еткен тәрізді. Соның түбіне қыз денесі кетіп барады. Қабағы лағнет айтып түйілген. Кішкене қолдары өлімді уыстап, қарғыстай жұмылыпты. Суық меңіреулік ішінде жан беріп, жай тапқандай. Көңілде ыстық бір ағым, қиял мен ойдан бас құрады. Ырғақты сөзге ауысады. Уәзінді өлең жолына өз өзінен құйылғандай болады.

Етімді шал сипаған құрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға...

Қыздың Абай үйінен тез кеткенін Ербол, Көкпай, Шәкелер қабыл көрмепті. Ербол үйге кіре бере, оңаша отырған Абайға өз ойын айта келді.

– Абай, ұлықтың кеңсесіне жауапқа кіргізгендей, тез жөнелткенің не қылғаның? – деді.

– Тым құрса, түстендіріп жөнелтсеңіз болмас па еді, Абай аға! – деп Шәке де қостады.

– Жоқ, жетті! Бара берсін! – деп, Абай қағаз бен қарындаш алып, бірдемені жазып жатыр. Жолдастарымен сөйлескісі келмеді. "Қызды ұзақ ұстап, көп сөйлесіпті" десе,, әр нәрседен секем алып отырған Сыбан, оны да бір сідет етуі мүмкін. "Ұлыққа арыз қып айтар сөздерді Абай құлағына құйып жіберіпті" деуден де тайынбайтындар болады. Бірақ бұл ойын да Абай өз ішінде тұтты. Осыдан кейін тағы үш күндей Салиқа дауының, Керей-найман ылаңының тынымсыз тергеуі өтті. Бұл үш күн ішінде бірталай сөздердің басын қайырып болған Жиренше мен Оразбай қастарына бес-бестен кісі ертіп, жақын отырған Керей мен Сыбанды екі жақтан аралап қайтты. Талай айғақты жиып. Сүзіп келісті. Енді билік күні жеткен еді. Бар дау, бар шығын, шытырманның көп түйіні жан-жақтан ағылып кеп, қазір Абай қолына түгел тигендей. Ұлықтар үйінің жанына Абай Керей-найманның осы іске қатысы бар кәрі-жасының барлығын жиғызды. "Салиқа қыз дауы", "Керей-Найман пәлесі бүгін шешіледі, бүгін кесік айтылады" деген хабарды бүкіл Балқыбек бойына шапқылап жүріп таратқан атшабар, старшындар болатын. Билік айтар жерге сияз басындағы ұлықтар да келмекші. Қазір жалтыр түймелі, ақ кительдерін киініп, сарала қылыш асынған урядник, стражниктерін, тілмаштарын қастарына ертіп, көрнекті, оқшау шұбар топ болысып келді. Бүгінгі жиынның айдыны бар. Түсі суық тәрізді. Дәл осы жиын алдында, Жиренше мен Оразбай, Абайды оңаша шығарып ап, өзгеше бір сөз салды. Бұны бастаған Жиренше.

– Абай, екі тізгін, бір шылбыр сенің қолыңда. Сыналатын сағаға ел де жетті, сен де жеттің. Қалай айтар сырыңды әлі керек десе, мына Оразбай екеумізге де сездірмей, ішіңе бүгіп кеп отырсың. Уа, жөніңді айт, жарықтығым! Кімді жығып, кімді үстем етпексің? Абай, бұл екеуін барлағандай, көзін сәл қысыңқырап, күліп қойды.

– Өздерің айтшы, кімге бұр дегелі отырсың? Көмейіңе тақап тұрған бір күлкүлің бар ғой. Айтшы екеуің, неге ұйғардың? – деп Жиреншеге қадалды. Жиренше де бұның жүзінен көзін алмады. Барынша салқын, берік үнмен қазіргі отырыстың сұмдық бір сырын ашты.

– Абай, "алтын көрсе періште жолдан таяды". Ата жолы, ел жөрелгісі. Соны ұғынған ел – анау Сыбан. Басы Барақ болып, Байгөбек, Салпы, мына Оразбай екеуміз арқылы билік алдында, саған сәлем жолдап отыр. "Керей қызын Сабатарға бұйырып берсін. Тобымнан таңдап, түкі Сыбанның қыл құйрықты адалынан дәл қырық ат таңдап беремін!" деп жатыр. Міні алдыңды алғаным, айтқаным осы 1 – деді. Абайға Жиреншенің аузы нәжіс төгіп отырғандай жиренішті көрініп кетті. "Тоқтат, үніңді өшір!" дегендей қолын қатты сілкіп, үнсіз түйіліп қарап еді. Артынан шұғыл бір қырға мініп, бойын билеп алды. Бұның сәт ішінде жалт берген өзгерісі адам жүзін аңдығыш, жүйрік Жиреншенің көзінен қақас қалған жоқ. Басында секем алып, кейін үміттене бастады, Абай енді Оразбай мен Жиреншеге қарап, сылқылдап күліп отыр. Сәл уақытта сол күлкісін тыймастан:

– Е – е, Оразбай! Сен де осыны айтасың ғой! "Алған мақұл, Керейді жығып берген мақұл" дейсің ғой? – деп, екеуін тағы арбады. Өз ойларына қыңыр бекіген Оразбай мен Жиренше Абайдың бұлардан тәсілқой қыры биік екенін сезе отырса да дегендерінен танған жоқ.

– Солай деймін, Жиреншені мен де құптаймын. Бұлтақ-сұлтақ неме керек? Алмай жатқан әкім, жемей жатқан би жоқ осында. Сенімен басталып, сенімен тынар деппең! Мекеге келіп отырғам жоқ. Балқыбектің-сиязына келіп отырмын, сірә! – деді Оразбай.

– Сөз сол-ақ қой, – деп, енді жай ғана шыншыл жүзбен, сабырлы үнмен сөйлегендей болды. Жиреншелер бұрынғыдан да дәмелене түсті.

– Сол, байлауы сол!

– Дегенін ет Сыбанның! – десті.

Абай осы арада ғана қатты құбылып, шұғыл ақырып қалды.

– Оттапсың, екі төбет! – деп боқтап жіберді.

Екеуінің жасы өзінен аз үлкен болса да, Абай кейде қалжың, кейде ашу аралас, бұларды сөге беретін. Екеуінің енелерін шірене сыбап алып, жылдам сөйлеп, қайнаған ашумен қаптап кетті.

– Өзім деп, сенерім деп, қанат тұтып, қатарыма алғаным сенбісің? Айналып, жүріп-жүріп кеп, айтар ақылың "арам жейік" болды ма, екеуіңнің!? Бұған бет бұрар болсам, екеуіңді ертпей-ақ, Тәкежанды таңдасам болмас па еді? Сендер "Керей-найман әділет таппай, әрекет тапса, өлмесе ома қапсын" десең, мен оларды елім деймін. Үш жүздің баласының алдында қалың қазақ қауымына мені әкеліп, құлқының үшін құрбан еткелі отырсың ба? Өлтіріп кеп отырмын десеңші! Жеткен жерлерің осы ғой! Бар аулақ! – деді де, тұрып жүре берді. Бұл кезде:" ұлықтар, ұлықтар келді, сені күтіп қалды ғой, Абай!" деп, Тәкежан, Ысқақ Абай алдына аптығып келісіп еді. Абай саспай жүріп барып, жиын ішіне кірді. Шалғынды кішкене дөңестің дәл төбесіне шықты. Екі Оязбен амандасып, екі жақтағы Керей-найманның Барақ пен Тойсарыдай екі даугеріне де сәлем берді. Жиренше арқылы Абайға пара ұсынған Барақ, қазір көтеріңкі отыр. Ол осы іс жөніндегі арам ойды ерте ойлаған. Осыдан бірнеше күн бұрын, Абай "Жиреншелерді көмекке алам" деп өтілген жерде ойлаған-ды. Сонда Абайға "билікті бір өзің айт" деген сөзді қырмен, әдейі айтты. "Керей Абайға пара жөнінен сөз салып, жексұрын көріне берсін" деген. "Ал, Жиреншеге параны атап, аузын өзім оңай аламын" деп, оны елеусіз еткен боп, әдейі тасаға тастаған. Бұдан бұрынғы бір жүгіністе де Жиреншені паралап, сырмінез боп қойған-ды. Ендігі отырыста Абай тек қысқа ғана емеуірін жасап, сөзді өзі бастамай, әуелі даугер би Бараққа сөйлетті. Бұрын сөйлеген Барақ та, артынан сөйлеген Тойсары да бұл күндерге шейін екі жақтың айтып келген, қиғаш қия дауларын айтып тоқтасты. Екі жағы да: "құдайға бердік, өзіңе бердік, әділіңді айт, ара ағайын, ақтық сөзіңді әруағына тапсырдық!" десіп тоқтаған. Абай осыдан ары өзі сөйлеп кетті. Көңілде қобалжу, қысылу болғандықтан, оның түсі қазір ақшыл тартқан. Басындағы тымағын алып, малдас құрған күйде, тымағымен қоса мықынын таянып отыр. Кең ақшыл маңдайында және қырлана түскен ұзынша мұрнының ұшында жіпсіген суық тер білінеді. Бірақ үні зор, лебі екпінді, батыл. Қатты сөйлегендіктен әр сөзін жай айтса да ойы мен тілі тұтқырланбайды. Еркін ағылғандай.

– Уай, жағалай жұртым! Керей-найман елім! Ортаңа мені қойыпсың. "Тетігімді тап, танымымды бер" деп қойыпсың. "Сынға салдым, жарықшағыма жамау бол, сына бол" деп сеніпсің. Арылып өтер жөнім бар. Бір айтарым: Тобықтыдан туғаныммен екі бауыр, екеуіңнің ісіңе Тобықтының тұғысынан қарар деме. Тағы бір айтарым бар: қазақта жесір дауы – жеті ықылымнан келе жатқан дау. Заман азып, заң тозатыны рас па? Содан ба? Болмаса дау біреу болғанмен, дауа көп болғандықтан ба! Әйтеуір біздің тұсымызда, дәл осы заманымызда бұл дау халыққа сын болғандай. Келеге сын, нәсілге сын болғандай деп түсінемін. Міне, ағайын, сенің алдыңда өзіме осында асу қып атаған екі тұрғым бар. Айтар билігімнің қыбласын осыдан ұқ дер ем. Бұдан басқа, баспалап бағар, өзге есебім жоқ. Барлап барар, сендер қамыңнан өзге бағытым да жоқ. Әуелгі түйін – Салиқа қыз басы. Жақсы жол – елге жора. Мен, баяғың нені желеу, нені жамау тапқанын білемін. Жаңа ұрпақ жаңа тілекпен келеді. Жас боп туып, жетпестен күңіреніп өтем деп келмейді. Жаңа күн өзінің жаңа жорасын, жаңа тілегін жас көңілімен айтады. Жас ұрпақтың талабымен айтады. Оған құлақ ілмеген елдіктің дауасын таппай, аласын табады. Бұл қыз болса: тағдыры бір жазалаған қыз. Теңінен айрылып, тілегінен кесілген қыз. Ата-анасы, қайын-жұрты бір атаған орнынан жас көңілін тапжылтпай табылған-ды. Бірақ бір өмірге екі өлім бұйырған тәңір тағдыры да жоқ. Сабатар тілегі сол қыз басына екінші өлімді қанды ноқта қып ұсынып отыр. Бұл ақ ноқта емес, қайта айтамын – қан ноқта. Қыз өлімге бар, бұл өмірге жоқ. Жиын отырған жұрт, бәріңде де – апа-қарындас, қыз-қыршын бар. Төрт арыстың жиыны, жора болсын деймін кейінгіге. Бір жанға екі күймек – әделет емес. Бір қыздың екі сатылмағы жол емес. Алғашқыда саған берген еркін, халық, енді қыздың өзіне бересің. Қыз басы Сыбаннан азат. Бұл – менің бірінші байлауым! – деп, Абай соңғы сөздер тұсында үнін қатайтып, зілмен құлшына түйді. Тоқталмастан екінші сөзіне ауысты. Сыбанда да жазық жоқ. Өлім – ел жазасы емес ер қазасы, дауа жоқ. Мал бергені ақ тілекпен қызығын күткені анық еді. Бірақ өлім орнын өз олқысымен толтыру керек. Салиқа қыздың қалың малы жеткен, ақы адал мал болатын. Керей, оны алдың. Бір алмадың екі алдың. Басында алғаш алған қалыңмалың да аз емес еді. Елу түйенің пұлы. Кейін қызыңды ықтиярына қарамай, "қартаң кісіге барады, қатын үстіне барады" деп сылтауратып тағы алдың, тағы да көп алдың. Бұл тұста Сыбан жазықты емес, араныңды ашқан, Керей, сен жазықтысың. Ендеше, адал бата, ақ малдың орайына қыз иесі Керей Сабатарға екі қыздың қалың малын берсін. Алғаш алғаны елу түйе, кейін еселеп алғаны жиырма бес түйе екен. Мен әрі Сыбан алдындағы, әрі өзінің қызының алдындағы жазығы үшін Керейге тағы жиырма бес түйе айып кестім. Сүйтіп, Керей екі қыз қалыңмалың жүз түйе қып қайырады. Қожагелді мен Шақантай Сыбан алдында айыпты екі ата тең тартады. Бұл екінші түйін. Мен бес күн бойында, осы қыз дауынан туған шығын-шабуылдың екі жағын да шолып танып, қолыма жиып отырмын. Барымта, қуғын үстінде Керейден екі жүз жылқының ақысы Сыбанға ауысқан. Жүз жетпіс жылқының тобы Керейге ауысқан. Сол барымта малы, көзі барының көзі боп, көзі жоғы әр жылқының тұяғы бір бесті боп, екі жаққа ерсілі-қарсылы қайта ауыссын. Міне, ағайын, ел бірлігінің тілегінен туған, менің талабым, тоқтау сөзім де осы! Мен болдым! – деді. Жиын билікті үнсіз қарсы алды. Абайдың байлауын тілмаштар арқылы енді түгел түсініп болған екі Ояз, күлісіп, бір-бірімен келісе жарасқандай. Екеуі де Абайға:" дұрыс айттыңыз, осыныңыз мақұл!" дегендей, бас шұлғысқаны, күлісе жауап қатысқаны байқалды. Керей-Найманның екі жақтан жарыла отырған қалың жиынына Ояздардың көрсеткен ажары – "бұл билік бітті, тынды" дегендей. "Ырзамын!", "наразымын!", "бұл қалай болды, жол емес" деген сияқты бұндайда кейде дабырлап, жамырап шығатын үндер қазір болған жоқ. Екі елдің жиынына келіп, "қайтер екен?" дескендей, қалыс тыңдап отырған Тобықты да қазір түк сыр бермейді. Абайдың билігіне ырза болған қалың жұрт бірте-бірте тарай бастады. Жиренше Сыбанның бір қапсағай бойлы, зор келбетті ақсақалының жанында тұр еді. Қазір Жиреншенің әлдеқандай бір күбір-жыбыры соны қамшылап жібергендей болды. Қатты, добал үнменен сол шал Абайға қарап, айғай салып ұран тастады:

– Уа, Кеңгірбай! Кеңгірбай! Әуруағыңа не боп еді сенің? Осымеді кешегі азған қызға айтқан сенің жолың? Кеңгірбай, шақырдым әруағыңды! – деп, сырт айналып жүре берді. Кеңгірбайдың Еңлік пен Кебекті осындай жесір дауы үстінде өлімге бұйырғанын айтып еді ол шал. Бірақ бұл кезде көпшілік әр түрлі жай сөздермен жамырасып, тарап кеткен.а-абай жаңағы шал үніне, жүзіне қатты ойланып, аңыра қарап тұрды да, аздан соң қарқылдап күліп жіберді. Билік бітіп, ел тараған кезде, Жиренше мен Оразбай Абайға тағы бір келіп, тіл қатты. Бастаған және Жиренше.

– Абай, өзгеңді өзге дейін. Тап жаңағы Сыбан шал әкең Кеңгірбайдың әруағын шақырғанда, шіміріктің бе тым құрса? Қабырғаң сонда да қайыспады ма? Ата жолынан өзің де азып, елді де аздырып тұрғаныңда, тым құрса соны да аңғармадың ба? Дәліңді айтшы? – деп қадала сөйледі. Абай әлі де бағанағы бұған көрсеткен суық зілінен қайтқан жоқ.

– Кеңгірбайдың халық қойған аты "Қабан" болатын. Жем үшін, осындайда қарындастың қанын ішкендіктен "Қабан" атанған. Ұқтың ба? Мен Кеңгірбайдың ұлы емеспін. Адамның ұлымын! – деді. Абайдың осы сөзінен соң қақ басқа таяқпен бір салғандай болған Жиренше мен Оразбай үн қатпай, сілейіп тұрысып қалды. Абай кете барды. Екеуі оңаша қалып, бір біріне ажырайысып қарасқанда, түстерінде үлкен ыза бар еді. Жиренше жалғыз-ақ сөз айтты.

– Асқан екен мынау! Көрермін!

Оразбайдың да ойындағы сөзі осы екен.

– Кеше Құнанбай бір асып-тасып төгіліп еді. Бұ да тіленген екен! Тәуекел, Жиренше, тарт бері! – деп екеуі бірге кетті. Кейін Балқыбек-сиязы біткен соң, Абай бір топ жастармен бірге аттанып, Байқошқарға қарай жүрді. Осы кезде Оразбай, Жиреншелер де аттанған екен. Абай тобының алдында, Жиренше мен Оразбай оқ бойы жерде екеуленіп, оқшау кетіп барады. Оларды танып, Абай дауыстап тоқтатайын деп еді. Екеуі артына бұрылып қарасты да, бұны танып алған соң тоқтамай, ілгері бүлкілдеп, жүре берісті. Абай оларға өзінің айтқан қатты сөздерін еске алып, енді кеңіректе жай сөйлесіп, кінәласпақ еді. Сонымен көңілінде зілі жоқ, астындағы құла атын тебініп қап, желіп отырып, алдыңғыларды қуып кетті. Өз топтарынан оқшау сытылып, жалғыз озып келген. Бірақ Абай дәл қастарына тақап қалғанда, Жиреншелер мұны көріп алып, бір-біріне қарасып, үндемей "е" дескендей боп, аттарына қамшыны басып-басып жіберіп, жарысып жөнеле берді. Абай бұлардың істеп бара жатқан мінезін лезде аңғарып, айғайлап:

– А , солай ма еді? Білдім! – деп еді.

Екеуі естіп қалған екен. Сәл аттарын ірке берді де, қатар бұрылып, тұра қалысып бір ауыздан:

– Білсең сол!

– Сол-ақ! – десіп, ашулы жүзбен ақыра үн қатысты да, қайтадан жарысып жөнелді. Осы жарыс үстінде олар Абайға қарсы үлкен ызалы ашу, қатты араздық жиып бара жатты. Балқыбек-сиязынан қайтқан Тәкежан, Майбасарлар да Абайды жамандап, өсек етіп қайтқан. Жиренше арқылы Барақ ұсынған қырық жылқы жайы бұларға да мәлім болған.

– Әрі абырой алып, әрі мал алып, жұрт істегенді істеп қайтудың орнына, Абай абырой да, мал да таппай, бос қайтты. Орыстың ұлығы айтатын заңды айтып, ел шырқын бұзып қойды. Атаның абыройына келген бақты қор қылғанда, осындай жігерсіздік, намыссыздықпен қор қыламыз ғой! – деп, Тәкежан өз сөзін Майбасарға мақұлдатты. Бірақ Тобықты атқамінерлері осылай дегенмен, Керей-найман Абайды олай мінеген жоқ. Сөзіне тоқтап, екі ұлық кетер алдында: "біттім, тындым" десті. Найманнан Жұмақан мен Барақ, Керейден Тойсары мен Бегеш боп келісім жасап, хат мөрлеген "тындым" қағаздарын беріп аттанысты. Абайды олар: "бұрынғы қара қазақ жолынан жолы басқа, үні басқа лебінде елге ем болайын деп тұрған жақсы ырым бар, сөзі дуалы, беті алмасты, бұл өңірдің абыройлы адамының бірі болғалы тұрған жан екен!" деп бағалаған.

3

Үш ат жеккен кең күйме, Ақшоқыдағы қыстаудың тұсынан – Қорықтан шығып, қалаға қарай тартып келеді. Ат ұстаған – козлодағы Баймағамбет. Үш торыны күз күнінің таңертеңгі қоңыр салқынында тықсырып айдап, сар желдіреді. Шалқасынан ашылған, қызыл сафиян іші бар күймеде – Абай мен үш баласы отыр. Бұл – Әбіш, Мағаш және Күлбадан. Кең ақ маңдайлы, жіңішке ұзынша қара қасты, жұқалаң қызғылт жүзді Әбіш Абаймен әңгімесін үзбей келеді.

– Аға, біз қалада қайда тұрамыз? Үшеуміз бір үйде тұрамыз ба? Қазақ үйінде тұрамыз ба, орыс үйінде тұрсақ жақсы бола ма? Жоқ, әлде мен мына екеуінен бөлек оқып, бөлек тұрам ба? – деп алдағы жұмбақ күндерін әкесінен тынымсыз сұрайды.

– Иә, мен қызы бар орыс үйінде, өзімдей қызы бар үйде жалғыз тұрам! Сен екеуіңнен мен өзім бөлек тұрам! – деп, екі туысынан көрі еркін, ерке сөйлейтін Күлбадан күліп қояды. Ол әкесінің алдынан Мағашты да ысырып жіберіп, шалқия түсіп, Абайға өзін құшақтатып, жатып алған. Күлбаданның омыраулығы және шеше қасынан ең алғаш рет кетіп бара жатқанда, мойымайтыны әкесіне өте ұнайды. Алдында жатқан ерке қызын иегінен қытықтап, күліп отыр.

– Пәруәйсізім, алтын сарым! Осы жұрттың бәрінен сен ермісің, қарағым! Сені айтқаныңдай бөлек қоям. Өзіңе шеше болатын, ақылды, оқымысты орыс әйелінің қолына тапсырып берем. Бәріңді де жайлы үйлерге қоям! Маған үшеуіңнің оқып адам болғаныңнан үлкен қызық та, мақсат та жоқ! – деді. Үлкен құшағымен үш баласын кейде бірдей қысып, құшақтап қояды. Абай бір ауық үндемей отырған жұқалаң ойшыл баласы Мағашқа иіле түсті. Оң жақ қолтығына соны көтеріп тартып алды. Күйме ішіндегі қалың көрпе, үлкен жастықтардан оның астын биіктеп, орнықты қып салып беріп: "ән сал, сен ән басташы, Мағаш!"– деді. Үйден шыққанын өзгелерден көрі ауырлап келе жатқан Мағаштың көңілін сейілтпек болды. Күлбадандай емес, әкесінің қабағын бұлжытпай білетін Мағаш қазір өзіне арналған бейілге шын ырза болды.

– Аға, қай әнді айтайын? – деп, әкесінің мойнынан құшақтай алды.

Бір сәтте қабағынан кейісін жойды. Жұқа еріндері шыншыл балалық күлкісімен созылып, ақ тістерін көрсетті.

– Бірақ мен бастамаймын. Жаңылып қалам ғой. Төселіп алғанша әуелі өзің баста, аға! – деп тіленді. Абай бұның өтінішін орынды көріп, тамағын кеней беріп еді. Күлбадан інісін мазақ етті.

– Иә, ән сал десе болды, Мағаш ылғи кісіге:

– "Өзің баста, дейтін әдеті!"– деп, сықылдап күле отырып, – көткеншегі бар тайдай, үй қасынан шыға алмайды бұл! – деп еді. Абай мен Баймағамбет қосыла, барлық күйме ұзақ күлісті. Мағаш ұялып, айналып түсіп, бетін басып жатып, өзі де күлді. Әбіш кішкене інісін Күлбаданның аямай қылжақ, мазақ қылғанына дау айтты. Ол Күлбаданды сынады.

– Сен, көткеншек болса, тай жаман болады деп ойлайтын шығарсың. Өзің тайға мінбейсің, қайдан білесің? – деді.

Мағаш осы кезде басын жастықтан жұлып алып:

– Тай қайда? Қойға да міне алмайды. Ал, менің жаздыгүнгі көткеншек сар тайым бес рет бәйгеден келді. Со ма? – деді. Енді жадырап күліп: – Ал, аға, ән баста! – деген. Абай балаларын тегіс өз айтқанына ертіп қосылдырып, "Қозыкөш" әнін айтып отырды. Екі күн үрдіс жол жүргенде, кейде әндетіп, кейде балаларына өзі әңгіме айтып береді. Немесе Әбішке, Күлбаданға олар білген ертектерді айтқызады. Ұйқы келер шақ болса, Баймағамбетке шейін қосылып, түгел қосылып, тегіс ән шырқайды. Сонымен ақыры қалаға жетісті. Абай Күлбадан мен Мағашты Михайловтың ақылымен "уездная школаға" берді. Бірі еркек, бірі әйел балалар оқитын школдарға бөлініп түскенмен, бұл екі баланы Андреев тауып берген орыс үйіне бір бөлек қойды. Әбіш туралы Михайловтың мәслихаты басқа болды. Оның мұсылманша жақсы оқуы бар. Ұғымтал, өз талабы зор, ынтасы ашылған бала. Және орысша да тілмаштан бірталай оқып, бірге сөйлесіп, қасынан қалыспай жүріп, тілге жақсы боп қапты. Алғашқы кластарға түсіруге жасы да ересегірек боп қалған. Оны Абай мен Михайлов ана екі баладан бөліп алды. Тіл тәжірибесіне, бар тәрбиесіне үлкен септігі тиетін, оқымысты адамдар үйіне, жалғыз қойды. Және школда оқытпай, өзін жалғыз, үйде оқытатын байыпты, ысылған, жақсы учительді жеке жалдап берісті. Әбіштің ажарына, мінез, тәрбиесіне ең алғаш танысқаннан Михайловтың ықласы басқаша болды. Оны оқу мен пәтерге орналастырып болғаннан кейін, Михайлов Абайға тағы бір ақыл айтты.

– Ибрагим Кунанбаевич! Мынау бала, Әбдірахман, көп оқуға жарайтын бала сияқты. Аз ересек болғаннан күдіктенбеңіз. Мүмкін, тіпті, өзінің ана тілінде оқып, ашылып, ысылып келгені, жақсы да болар. Бірақ осы туралы менің бір ақылымды алыңыз. Биыл қыс бойы Әбдірахмен төтенше жолмен, бір ғана оқытушыдан, жақсы әзірленсін. Келесі жыл школға түскенде, Семейде оқымасын. Түменде оқу орындары бұдан артығырақ. Және менің жақсы дос, таныстарым бар. Бұл бала жаз сахарасына қайтып тұрар. Бірақ қысқы оқуда таза орыс ортасында болып, шаhарлық орыс тәрбиесін толық алатын болсын. Дені сау болса, ар жағындағы болашағын Түменнен де ары, Питер деп үміт етейік! – деген. Абай өзінің жас балалары туралы, қырдағы жақынының бәрінен де сонағұрлым тілеулес, аға дос боп отырған Михайловтың мәслихатына үлкен алғыс айтты. Сол арада іркілместен, оның ақылын құп алды. Бұл сөздер Михайловтың жұмыс істеп отыратын үлкен бөлмесінде болған еді. Бір кезде осы бөлмеге ішкі үйлер жақтан бір жас әйел кірді. Михайлов үйінде бұл әйелді Абайдың алғаш көргені осы. Әдетте екі дос үйде кездескенде, өз жұмысын үлкен тынымдылықпен, момын қабақпен атқарып жүретін бір-ақ бөгде адам бар-ды. Ол кәрі полицеймен көп ұрсысатын Домнушка. Мынау әйел ала көлеңке тартқан қоңырқай үйге үлкен жарық лампы алып кірді. Қызғылт, кең жүзді, қою қоңыр шашы бар, тұнжыраған үлкен қара көк көзді әйел. Ол үй ішіне амандаса кірген еді. Сол кірісімен, Михайлов Абай қасынан атып тұрып, жас әйелдің қолынан лампыны рахмет айтып алды. Бір қолымен әйелді Абайға қарай тартып кеп:

– Мынау, Ибрагим Кунанбаевич, менің досым! Таныс бол, Лизанька! – деді. Абайдың қатты аңырған жүзіне қарап, өзі де қызарыңқырап, қысыла тұрып күлді де:

– Ибрагим Кунанбаеч, таныс болыңыз, Елизавета Алексеевна, менің әйелім! – деді. Абай ыңғайсызданып қалды. Бұндайда орыс тілімен "қайырлы босынды" қалай айтатынды білмей, ығысып еді.

– Мен білгем жоқ, Евгений Петрович, сіз неге жасырғансыз? Бақытты болыңыздар! – деп, аз қарбалас көрсетті. Бұл әйел Абай көзіне бұрын ұлық үйлерінде, я Андреевтің қауымында көретін Петербург, Москвада өскен адам сияқты емес. Осы Семейдің өзінде көп көрініп жүретін, жай момын ортаның адамы тәрізді. Жүзінде ұялу, имену көбірек. Күйеуі мен қонағының алдында әр қозғалысында қысылу, имену бар. Бұйығылау адамдай. Елизавета Алексеевна отырмай аз тұрып, ақырын басып шығып кеткенде, Михайлов Абайға қарап, өзінің үйленуінің қысқа ғана бір жайын айтты.

– Мен осында, жақында үйлендім. Бұрыннан ойлап жүрген қалыңдығым емес. Тіпті ойда жоқтан, оқыс үйлендім десем де болады. Бұл осындағы халықтың момын қызы. Оқу тәрбиесі де жоқ. Сіз Әбішті оқытсаңыз, мен қазір бұл адамды үйден, сол Әбішше, төтенше оқытып жүрмін. Оқытып, өсіріп, жар етуді қарыз білдім! – деді. Өзі де қысыла отырып, бұрынғы сыбай-салтаң өміріне кірген үлкен жаңалығын осылайша, жай ғана айтқан. Абай одан арғыны қазған жоқ. Келесі сәтте Михайлов өзінің облыстық кеңсеге қайта кіріп, енді жаңадан қызмет иесі адам боп жүрген жайын баяндап берді. Бір кезек Абай бер жаққа өтіп, көптен бармаған Тінібек үйіне келіп, Мәкіштің отауында қонған еді. Сол бір кеште Мәкіш Абайға бұл үйге көп келмейтінін кінә қып сөйледі. Бірауық ана бір жылда осы үйде Салтанат болғанда Абайдың көңілді сәттер өткізгенін жеңіл әзіл етіп, Мәкіш еске алған. Абай Салтанат аты аталған жерде, оны аса дос көңілмен атады. Ойлана созып сөйледі:

– Салта-н-а-ат! Шіркін Салтанат жақсы еді-ау! Өзім көрген қазақ жасының қасиетті бірі еді-ау! – дей түсті.

Мәкішке шұғыл бұрылды да:

– Айтшы, Мәкіш, Салтанат бүгінде қандай екен? Өмірі, күйі-жайы не халетте екен? Білгенің бар ма? – деді. Мәкіш Салтанат туралы Абайға таға бір қадірлі әңгіме айтып өтті. Баяғы айттырған күйеуіне Салтанат тиген. Бұл күнде еріксіз өмір тұтқыны болыпты. Сонау жылдардан соң қалаға ең алғаш келгені осы биыл өткен жаз екен. Қасына бір еркек, бір әйел баласы ере кепті. Солармен Салтанаттың өзін Мәкіш бұл шаhар халқының жазды күнгі сейіл-сауығы ретінде, қайыққа мінгізіп үлкен Ертістен өткізіп, полковник аралына апарыпты. Сабамен қымыз алғызып, сойысқа қой алып шығып, бір күн бойы аралда, тоғайда екі дос әйел ұзақ бір мұңдар айтысыпты. Мәкіш Абайдың күтпеген, ойламаған жайын осы арада білдірді. Ол соңғы жылдарда Абай шығарған өлеңдердің көбін жатқа біледі екен. Салтанаттың өтініші бойынша аралда, кейде әнге салып, кейде жаттай оқып, бәрін айтып беріпті. Салтанат үнсіз сабырмен көп уақыт, қызыға тыңдапты. Ең аяғында,, қасына еркек баласын шақырып алып, өзгеше бір сөздер айтыпты.

– Менің өмірім өз басымды ойдағы арманымнан жыраққа әкетті ғой. Үмітсіз де болса, бір арман құшқан жан едім. Жастық тірлігімде Абайды көрген күндерім, осы аралдай бопты. Көлеңкелі, саялы боп, мынадай гүл атып тұрған көрікті шағымның бірі екен. Мәкіш, бүгін сені көргенім, Абай сөзін естігенім тағы баяғы сағынышымды тапқандай табысым болды. Енді бір сертім болар – Абай қадірін өзім ғана біліп сақтамаспын. Мынау балаларымды да Абайға дос етіп өсіру, ендігі аналық қарызым шығар. Абай алдындағы соңғы достық міндетім болар! – депті. Абай Салтанатты қадірлеген көңілімен өз апасы Мәкішке де іштей алғысқа толы, ырзалық білдірді. Оны өзінің сырласы, сенісер досы есебінде ұғынып, аз сөзбен ішін ашты.

– Солай, солай айтар Салтанат! Өз қарызын ғана айтпаған. Менің де міндет қарызымды айтқан да. Оның баласындай жас ұрпақ жанына азық етер, жақсы көрер қазына болар сөзбен өлең туғызуды маған міндет етіпті ғой. "Алты қырдың астында жүрсем де, маған тым құрса, сондай сарының жетіп жатсын" дегені де. Ұқтым, түсіндім, арманды дос! – деп, салмақты сыр айтты да көңіл шабытына, толқын ойға шомды. Абай осы жолы қалада көп жатты. Оқуға балаларын орналастырған алғашқы жылында, оларды қимай жүргені де болды. Күз бойы, қыстың ортасына шейін, Гоголь атындағы кітапханада күнұзын отырады. Ғылым зерттеуші, оқымысты тәрізді боп алған өзінің дағдысына да аса қызығулы. Кітап бетінен кете алмайтындай. Жақсы, таза сарылғандық бойын мегдеп алған. Кей кештерде, үй оңашада өзі оқыған романдарының қызықтыларын Баймағамбетке әңгіме етеді. Оның айтуы арқылы, Баймағамбет те көп әңгіме жиып жүр. Сенбі күн кештерде, Баймағамбет ат-шанамен жалғыз кетіп, бір пәтерден Әбішті, тағы бір пәтерден Мағаш пен Күлбаданды алып келеді. Олар екі түн, бір күн әкесінің қасында аунап-қунап, тынығып, қуанысып қалады. Абай балаларының қонаққа келетін кештерін ел қазағына бермеуге, бөлмеуге тырысады. Балаларға өзі әңгіме айтады. Немесе Баймағамбетке ертегі айтқызып береді. Тағы бір кез топ болып, ән салысып, аса бір көңілді, рахат кештер өткізеді. Абай жұмасына немесе он күнде бір Әбіштің пәтеріне барады. Ондағы үлкен тәрбиелі, сұлу жүзді, бурыл шаш Анна Николаевна атты Әбіштің "хозяйкасымен" ұзақ әңгімелесіп қайтады. Тағы бір кез Мағаш пен Күлбадандай екі еркек, екі әйел баласы бар Екатерина Петровнаның үйіне барады. Өлген офицердің тұл қатыны, көп баланың тәрбиесін өзінің жалғыз ғана оқытушылық, ұзақ еңбегімен атқарып келе жатқан. Бұл үйге Абай анда-санда балаларының пәтер ақысынан басқа, Баймағамбетке шанаға салдырып, тұтас қойдың етін, қаптаған ұн, кейде отын сияқтыларды есептен тыс апарғызып тастайды. Осы жолы өз балаларының ғана оқуы емес, тағы бірнеше жетім жастарды Абай өз талабымен оқуға бергізді. Бұл балаларды көршілес жатақтарынан арнаулы кісілермен алғызған. Соның бірі – Ералы жатағындағы Әнет, Молдабай баласы Дәнияр деген жетім бала. Бұның оқуға түсуі – өзі бір өрескел күйден туған. Соңғы екі жыл бойында корпус пен Семей жандаралы тарапынан шыққан бір бұйрықта қазақтан болыс басы бір бала орысша оқуға берілсін делінген. Сол бұйрық Тобықты болыстарына барса, әкесі бар баланы ешбір ауыл қимаған да, бермеген. Берсе жетім берілсін деп, ол жетімдерге және де иелер табылып, құнын төлемесе берместей болған. Қысқасы қас надандық. Түйсіксіз тоң мойындық етіп жүрген-ді. Осы жайды бір күн Абайға Михайлов сөз қып еді. Күйінішпен күліп отырып, "бар Семипалат уезі жиылып, бір баласын оқуға беруге қимайды. Осының не шарасы бар?" деп сұраған. Сол хабарды білісімен Абай Тобықтының өзі білген, тілін алады дейтін адамдардың барлығына қалада жатып хат жазған. Шыңғыс болысының есебіне деп, жатақ баласы Дәниярды қалаға алғызып кеп, интернатқа бергізді. Молдабайға сәлем айтып, Шағаннан тапқаны – сол ел ішінде отырған аз үйлі қырғыздың жетім баласы Омарбек. Оны да орысша оқуға бергізді. Тәкежанға хат жазып, Қызыл-адырдан және бір жетім баланы, Құрманбай дегенді алғызды. Ералы жатағына бұдан тыс және бір-екі баланы оқуға бергізді. Олар Абайдың өзінің аталас елі емес, Мамайдан шыққан, жатақ балалары. Екі жетім, Садуақас, Қасен деген балалар болатын. Бұл екеуін Абай мұсылманша оқуға бергізді. Жатақ жөнінде "тым құрса олардың жас буынынан азды-көпті саңылау болсын. Әлде сордан көзі ашылар ма. Көбіне көмегі тиер ме!" деп, Абай осы күз айрықша бір шұғылданып ойланған. Жатақ жайы қалада жүрген Абайға да уайым салған. Анау жылы Балқыбек-сиязында Абай әперген мал жатаққа түгел тимепті. Сияз басынан Ералыға шейін аман жеткізгенмен, отыз қараның он жуан тұғырын сол күзде бірден, екіден тасымалдап, белгісіз бір ұрылар тағы тоздырып әкетіпті. Жатақ жайын қалада жатып естіп жүрген Абай, тым құрса тозбас дәулет – ғылымға бұлардың тобынан да, біреулер қол артсын" деп, жаңағы балаларды бар Тобықты ішінен, әдейі осы ортадан іріктеп алғызған. Қыстың ортасы ауып, енді қаладан елге қайтар кез жеткенде, тағы бір сенбінің кешінде, Абай Баймағамбетті жарым күндей жүргізді. Қаланың әр жерінде тұрған жаңағы оқушы балалардың барлығын өз пәтеріне шақырып алды. Соларға өз алдында еркіндетіп ән салдырды. Асық ойнатып, жаңылтпаш, жұмбақ айтқыздырып, емін-еркін бой жаздырды. Сонымен, кешкі ет алдында азғана бір толаста "балалар!" деді. Жас қонақтарын, өз балаларын салмақты үнмен өзіне қаратып алды. Бүгін күндіз жазып қойған бір табақ қағазды алып отырып, үнсіз аңырған балаларға бір өлең оқып берді.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім…–

Бұл жиында бір өзінен басқа ешкімге мәлім емес, осы бүгін туған өлеңін оқыды. Арасында:

Адамның бір қызығы бала деген,

Баланы оқытуды жек өрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім…–

деген жолдарын қайталап оқып беріп, балаларға қысқа ғана тіл қатты.

– Міне, балаларым, інішектерім. Біз сияқты аға, әкелерің мезгілінде өсе алмай, қылтанақ жарып, сарғайып қалған шөптейміз. "Ғылымнан махрұм қалдық" деп, енді өкінеміз, опық жейміз .. Сол біздің мұң. Ал, сендер үшін тілегім, айтарым жаңағы. Бұл – аға батасы! Сендерден дәрмен күткен далаңның, еліңнің тілегі! Адам болам деп оқыңдар. Аймағыма жақсылығым жетеді. Адал азамат болам деп, халықтың қамқоры болам деп оқыңдар! – деді. "Осы отырған балалардан жаңа төл өсірсем, жаңа буынның жаңа азаматын шығарар болсам, менің ендігі жұбанышым, көмектесім де, үміт етер қанатым да солар болмас па еді? Ендігі етер еңбегім мен көмегім, айтар өсиет, ақылым болса – бәрі де қазақтың мешеу, қараңғы жұртынан жаңа қауым, көзі ашық, оқыған жаңа қауым туғызуға арналсын. Ел ішін көгертетін кез жетті ғой" деп ойлады Абай. Биылғы қыс кітаппен қатар Абай қағаз-қарындашты жиі ұстап, өзі де көп өлеңдерді, құлақ күйдей, жан сазындай, күйлей толқып жүрген-ді. Сол өлеңдердегі ой өсиетін арнайтыны, жаңағы – "жас төл". Бірақ бұл сөздің иесінің өзінде де, әлі өзіне-өзі сенген ақын ат жоқ. Сыншыл жанның көмескілеу айтылатын лақап аты бар-ды.

БИІКТЕ

Татьянаның сахарадағы әні

Бірнеше жылдар өтті. Абай үшін бұл еңбек мезгілі, өнер іздеу дәурені болған. Оқу менен жазу оның ендігі тірлік тынысы тәрізді. Бұл күндегі Абай, ақын атын анық алған. Сол ақындық еңбегін енді халыққа етер азамат қарызы деп біледі. Өмірден, көп кітаптан тапқан сан-салалы күйлер, ойлар ендігі шақта өз өлшеуін тауып, ақынның уәзінді, соны жырларына араласқан-ды. Қыс пен жазды кітап соңында, не жазу үстінде өткізген шақтарын Абай ең бір бақытты кезіндей санайды. Бұл жылдарда ол ел бүлігі атқамінерді, жеміт болыс, ұлықсымақты сан рет, әділ ашумен жазалаған-ды. "Ел мінездері" деген өлеңдері сахара ішіндегі сотқар мен бұзардың талайын таңбалаған. Жазықсыз, момын көптің жоқшысы болған арлы ақын бейнет елінің ауыр шерін де шіміркене шерткен-ді. Талай саналы жасқа ой саларлық шыншыл сезімді көркем сөздер сан рет осы Ақшоқыда туып, тарап кететін. Соның орайына қазіргі заманда Абай айналасына жиылған жас өнерпаздар да көп. Абай ендігі шығарған жырларын әрдайым жазып айтады. Сол жазғандарын жаттаушы, әнге салып айтушы, жұртқа таратушы іні-достары жаңағы жас серіктерінің арасынан шыға бастаған. Осымен қатар Абай өзі тілемесе де, ауыр көріп бойын алып қашамын десе де, еркіне қоймай, бұған масыл болып, асыла жүретін тағы бір міндет, бейнет бар. Ол ел ішінің дау-шары. Бірақ бүгін Абай өзінің сүйіп, сүйсініп берілетін еңбегінің соңында. Таңертеңгі шайдан соң үй-іші де, қонақ атаулы да тысқа шығып кеткен. Қыстың бір ашық күні екен. Абай үлкен бөлмеде оңаша отырып қапты. Алдында кең дөңгелек, аласа үстел тұр. Абай біресе сол үстелге шынтақтап, біресе алақанымен мықынын таянып үнсіз отыр. Ішінде ой шырағы жанғандай боп, салмақпен қараған көздері анда-санда қарсыдағы терезеге қадалады. Күн түсіп тұрған қарлы адырға ұзақ-ұзақ қарай түседі. Өзінше бір мығым күщпен, ұғымсыз бір мұңмен жұмырлана бүгілген төбе-төбелер. Биылғы қыс ел сөзінен, тынышсыз жүрістерден Абай өзін босатып алып, үйде көбірек орнығып отырған қысы. Көп өлең жазылған жылдың бірі де осы болатын. Сондай өзімен өзі боп толғана ойланған уақыттарында, көз алдына көптен көп оралатын – осы адырлар. Бұлар күн райына қарай әр түрлі ажар көрсетеді. Ақындық шабыт кейде осы адырмен көп сырласқандай болады. Бұлтты сұрғылт күні, ол адыр күн шуағын сағына мұңданады. Ашық күні жылы, жарқын, жазын көксегендей көрінеді. Жеткізбес арман жеңсігі жеңген адыр. Қазір Абай сол адырдың жадыраңқы бір қабағын көргендей болды. Қоралы қойдың алды солай қарай өріп барады екен. Сарылып, сазарған үнсіз адыр енді тас басында жүріп, шырқаған қойшы әнінен сергіген сияқты. Абайдың осындай боп үндемей ойланып қалған кездерін қабағынан танитын жолдасы бар. Ол – мұндай шақтарда үндемей, көп қозғалмай отыратын Баймағамбет. Қазір, тіпті, қарап отырмас үшін ол Абайдың тобылғы сапты сарбас қамшысына бүлдірге тағып отыр. Анда-санда Абайға қарай түсіп, өз жұмысын істейді. Бір кезде Баймағамбет Абайға көз тастап еді, оның ерні күбірлеп, қолы да әлдекіммен сөйлескендей қозғала түседі. Бұрын мұндай әдеті болмаушы еді. Биылғы қыс жалғыз отырған шақта, анда-санда Абай осылай ететін бір машық тапты. Баймағамбет біледі, бұндай күйдің артынан Абай көбінесе, қағаз қарындаш алғызады. Сондай бір нәрсені бұйырар деп күтіп отырғанда, Абай Баймағамбетке шұғыл бұрылып, жалт етіп салқын қарады да, үйдің сол жақ бұрышына қарай қол созып, үн қатпастан, бір нәрсені "әкел" дегендей белгі етті. Баймағамбет оның нені керек қылғанын түсінді де, шапшаң тұрып барып үстелдің үстіне екі үлкен кітапты әкеп қойды. Абай бір кітаптың бетін ашып, өзіне керек жерін тапты да, сол беттерге қарап, шалқайыңқырап, біраз бөгеліп отырып қалды. Көзі екінші кітапқа да түсе береді. Бұл екі кітап – осы ауыл, өлкенің Абайдан басқа көп жанына әлі тілімен де, сырымен де ұғымсыз кітаптар. Тек Абай көңіліне ғана, құрметті боп алған екі ақынның кітаптары. Ол жатқан Пушкин мен Лермонтов. Осылармен Абай анық терең танысып, табысқалы әр алуан "хикметтер", "шейх", "хафиздер", "рауайлар" да сыртта қалған. Кейбір намазқой діндәр кәрілер мен шала сопы молдалар Абай үйіне қонып отырып, бұл кітаптарды үй иесі күндегі машығы бойынша қасына алғызғанда іштерінен:" шариғат жайын оқып отырады екен-ау мына кісі" деседі.

Кейде біріне бірі:

– Әлде аруақтарға құран хатым қып жатыр ма екен?! Молдаға аудартпай өзі оқиды. Оның сауабы мол ғой, – десетін. Бірақ кітап теріс жағынан ашылып, суретті беттері көрінгенде және әр харпі кесте бетіндей жиі-жиі шұбартып тұратын арап жазуынан басқарақ, біркелкі боп жылып аққандай орыс жазуын көргенде, әлгі адамдар іштерінен сұқтанып, жымдай тынатын. Абаймен арбаса жүрген кейбір ел жуандары болса, сырттай қыжыртады.

– Бұл теріс оқуды неге сонша қадалып оқиды екен, ә? – деп кеп, – Е, бұл да бір асқандық қой. Қазаққа істеген қыры да. Мен ұлыққа сендерден жақынмын деп отырғанын көрмеймісің! – деп кекетісетін. Абай өзімен үнсіз тілмен ұзақ-ұзақ сырласатын достарын, сырт адамның көпшілігі жат жұмбақша бағалайтынын біледі. Бірақ оны елеп ескерген емес. ...Өткен жандар. Тек мұндай өлім, өлім бе? Мәңгі бақи өлместей боп, кейінгі дүниеге өз аттарын ұмытпауды бұйырып кеткендер. Өзгеден жер үстінде қалатын белгі – томпайған мола. Сол белгі жер бетінде орнаған бос топырақ мезгіл сайын шөге барып, ақырында мүлдем жермен жер боп тапталады, бітеді. Шамасы, осы мола жер болумен қатар, адам аты да өшеді. Мәңгілікке жұтылады. Ол да бітеді. Мыналар болса, сол өзінен қалған жер үстіндегі белгіні тау етіп, мәңгі мықты беріктікке бекітіп кеткендер. Олар, анау көрініп тұрған екі Ақшоқы биігіндей. Абай күрсініп ойланады.

– Туған еліңде өнер-білім болуы қандай сый! Әлденеше үлгілі буындардан қалып келе жатқан қазыналар болып, соны сақтаған " өнер-білім " атты асыл сандығы болса, арман бар ма? – дейді. Мынау екі ақын Абайға көп кезде, бірге туысқан аға, інідей көрініп қалады. Сол теңеу, бұл екі атты, Абайға осы өз ортасы, өз айналасындағы адамның арасындай жақындата көрсетеді. ...Басында, ақылы мен ашуы шарпысып, кезек жеңісіп барып, ақырында сыншы – кемел ой жеңсе де, шерлі көргіш боп алып, тына жанған аға бар. Сол ағаның дертін көріп "тынғаннан не тауып ек?" деп ызасы мен қызуына бой ұрып, жұлысып өлген іні бар. Сол аға – Пушкин. Сол іні – Лермонтов. Кейінгі ұрпаққа, барлық ел, барлық заман, бар қауымдағы ойлыларға атой салып, өмірлері шырақша жанып өткен аға, іні. Абай ойлана отырып, Татьяна-хатына үңілді.

– Неткен айтқыш тіл! Тіл емес, жүректің лебі. Лүпілдеп соққан ырғағы. Қандай нәзік тереңдік! – деп отырып, кітап бетінен көзі тайқи бере:

Ғашықтың тілі тілсіз тіл
Көзбен көр де, іштен біл…–

деді.

Татьяна-хатының ырғағы мен нәзік үніне өз жанынан үн қосқан бір жолдарды еске алды. Қыз бен жігіт шеріне қызыққаннан шыққан сарынның басы еді. Абайдың өзінен өтіп бара жатқан дәурен. "Бірақ сол күнде де осындай боп айтылған тілді естіп пе едім?" деп біраз ойланып қалды. Осы сәтте көз алдына екі сәулетті жүз келді. Өз өмірінде, әдейі бұған арнап, ағып түскен жұлдыздай боп елес берді. Бірі – жас жалынды Тоғжан жүзі, екіншісі – жалынын мұңды жаны жеңген – Салтанат. Татьяна сөздерін кешелер аударып отырғанда, Абайдың көз алдына осы екі жан кезек келгендей еді. Жалындап сүйсе де, өмір ырқына сабырлы ақылмен амалсыз көнгендер. Осы Татьянадай боп, ғазиз бастарын тағдыр ноқтасына күйзеле жүріп көндірген жастар елестеген. Татьяна-хатының ұзақ бойында, Абай ойынша, олар шері де қорғалап, ұялап, орын тауып тұр. Естірлік, мүлгітерлік күй. "Ұғарлық, сергек жүрек болса, осыған шомып көрсеші. Осы үлгі болар! Сезінетін жас табылар. Үлгі етіп көрсем нетер!" дейтін. Сондықтан да соңғы бір екі күн бойында Татьянаны ақын өз елінің тілімен сөйлете бастап еді. Сөйлеткен сайын Татьяна майда қоңыр үн тауып, бұл тілде де, нәзік көркем күй толғап ділмар жас, шебер-шерлі боп барады. Қазір ұяң майда қызға Пушкин жазғызған хат пен өзі жаздырған хатты салыстырады. Кей жерлері Пушкинше емес, қатаңдау. Бірақ ол оқушының шалалығына амалсыздан берілген баж. Сонда да ұғынар ма! Абайдың көз алдына Көкбай, Мұқалар келеді. "Әй, мынандай сөзбен мұңданған Татьянаны олар да ұғар ма екен!" деп күдіктенеді. "Евгений-Онегиннің" осы беттерінің арасына салып қойған хат бар. Бір нәрсеге ойы ауғандай боп, насыбайын атты да, Абай сол хатты алды. Семей кітапханасына барып, оншақты кітап әкелген Баймағамбет осы хатты бірге әкелген. Білімді досы Михайлов, Абайдың "Евгений-онегинге" сүйсініп жазған сәлеміне жауап айтыпты. Өзінің мынау хатында: "соңғы жылдарда " Евгений-онегин" әңгімесі күйге де түсіпті. Пушкиннің Татьяна, Ленскийлеріне сай күй дейді. Петербург, Москвадағы саналы қауымның бір тынысы сол болғандай деседі. Бірақ керегі не, бізге оны естуге тағдыр жоқ!" деген екен. Хаттың осы жерін қайта оқып отырып, Абай Ақылбай, Мұқаны тағы да еске алды. "Әдемі әнімен" әриайдай, бойдай талайды" да бұлдап өткізіп жүрген жазғандар еді деп күлімсіреп отырып, бас жақта тұрған домбыраны ұстады. "Сол бишара бақалшылардың қолына бөз орнына торқа беріп көрейінші осы!" дейді. Сенімді шабыт келгендей. Көзі жасаурай, ерні жыбырлай отырып, Ақшоқының қос биіктеріне анда-санда көз тастайды. Бірақ қараған нәрсесін бұл халде көріп отырған көз емес. Ол қазір ойдың көзі. Тербеле толқыған ақын толғауының көзі. Қолы ішек пернені термелеп, жебелей береді. Кешке жатарда да, осы бір сарынды алыс бір ызыңдай, зейіні шалып қап еді. Қазір сол саз есіне де, домбырасының шегіне де тап түсіп, орала кетті. Тағы да тарта отырып, ақырын үн салып, күңіреніп көріп еді, келген екен:

Амал жоқ, қайттім білдірмей,
Япырм-ау, қайтіп айтамын? –

деген екі жол, Татьяна сырының басы іркіліп тұрып, шешіле бастаған сияқты. Тағы да, тағы да. Біресе шынтақтап жантайып, біресе тез қозғалып, құшырлана, малдасын құрып ап, арлы-берлі тебіренеді. Қос ішек бірде баяу басса, біресе шұғыл, қатаң үндерге ауысып, асып қайтып отыр. Соңғы екі жол қымбатқа түсті. Бірақ о да оралды. Татьяна хатының үш аузын мүдіртпей айтып өтті. Қуанып отырып, насыбайын алып тастап, лезде тағы атты. Енді бірде қатты, бірде баяу тартады, ұмытылмайтын сияқты. Бір сәтте артына қарай, барлық мол денесімен шұғыл айналып бұрылып қалды. Жүзі әзіл мысқыл ажарымен жарқ етіп барып, жылы қарап,а-баймағамбетке:

– Өй, сен неғып отырсың, не білдің? – деді.

Баймағамбет Абайдың шұғыл өзгерісінен біраз дағдарып қап, бүлдіргесі тағылып болған тобылғы сапты сарбас қамшыны алақанына салып отырып:

– Мынау еді, Абай аға! – деді.

– Мен не ғып отырмын, оны сездің бе?

– Сіздің ойыңызға бір орыс күйі түсті ме деп отырмын.

– Ә, олай болса, о да білгенің екен. Бар ендеше! Кішкене-молданы шақырып кел! – деді де, өзі тағы да жаңағы ырғағын тарта жөнелді. Баймағамбет тұрып есікті ашқанда, ар жағында тыстан қайтып келе жатқан Әйгерім көрінді. Оның артында бөгде кісілер сияқтанған бірнеше адамның басы байқалды. Қолдарында қамшылары, белдері буулы, беттері біраз аяздаған адамдар. Өңшең тон, шекпен кигендер екен. Алдыңғы бір-екеуі Тобықты үлгісінен бөлек, шошақ төбелі, алты сай Уақ тымағын киген адамдар. Соны Абай көзі шалып болғанша Әйгерім де, бұл кісілер де үйге кірді. Абай домбырасының үнінен ойын үзген жоқ еді.

– Түу, аяз келді-ау! – деді.

Әйгерім тіксініп қап:

– Аяз жоқ қой, Абай-ау! Тіпті бүгінгі күн май тоңғысыз! – деп таңдана қарады.

Абай:

– Ә, рас аяз екен десем, сендер екесің! – деді де, шет елдің кісілерімен амандасты. Әйгерім Абайдың талай жұмбақ сөзінің бірі екенін аңғарды да, күлімсіреп тұрып, түкпір үйге қарай кетті. Сөйткенше, қарсы үйде бала оқытып отырған Кішкене-молда да келген еді. Абай соған қарап, елең етті.

– Татьянаның хаты көшіріппең? Енді ол ән салатын болды ғой, білдің бе? – деді.

– Онысы афзал болған екен, көшіріп қойып ем.

– Ендеше, Мұқа мен Мағашқа хат жазып жібер. Екеуіне "Татьяна сәлем айтыпты, бізбен де таныс болсын" депті де! Мына Мұхаметжан қалаға бара жатқан шығар, сол сәлемін ала барсын! – деді. Үй ішінде тымақ, белдігін шешпей отырған бөгде қонақтар бұл сөздер не сөз кімнің жайындағы сөз екенін ұққан да жоқ, ұғайын деп елең етіп, селт еткен де жоқ. Жалғыз-ақ, осылармен бірге кіріп, Абайдың төменгі жағынан кеп отырған Мұхаметжан бар еді. Кішкене-молдамен қатар, Абайдың жаңағы сөздеріне құлағын түре тыңдаған сол ғана. Сұлу қызыл жүзді, қой көзді Мұхаметжан расында да қалаға бара жатқан. Ол өзінің жөнін сұрамай сезген Абайға біраз таңданумен бірге, жаңағы хат пен өлең жайын шын білгісі кеп отыр. Мұхаметжан да Мұқа сияқты жақсы әншімін деген жігіт. Оның үстіне, бұның өзінің де анда-санда өлең шығаратыны бар. Соңғы жылдар Абайдан тараған өлеңнің бәрін көшіріп алып жаттап айтып жүретін. Абай айналасындағы жас достың бірі. Ол қазір сыртқы киімін шешіп жатып:

– Абай аға, бұл ән салып жатқан кім болды? – деді.

Абай домбырасын қайта ұстап, "Татьяна-хатының" алғашқы үш аузын әндетіп берді де, енді қайтып бұл жайдан сөйлеспеді. Әлі күнге үнсіз отырған қонақтардың шаруасын сұрады. Жаңағы бір айтқаннан Абайдың әнін үйрене алмай қалған Мұхаметжан, ән ішіндегі сөздің төркінін жақсы сезген. Бұл күнге шейін Абай шығарған өлең мен әннің барлығын білем деп жүрген Мұхаметжан мына сөзді бұрын естімеген болатын. Абайдың жаңағы аңғарына қарағанда бұны өзге жастар да білмейді екен. "Маған жаттап біліп алып, соларға айтып бар дегені екен ғой" деді де, енді өлеңін де, әнін де әбден білмек болды. Мұхаметжан – Абайдың туысқандарының бірі. Жасы кіші болғандықтан, Абай өзі бермесе, "тағы айтып беріңізші" деп сұрай алмайды. Қазбалап тақымдай бергенді Абайдың жақтырмайтынын да біледі. Сондықтан, "бүгін Абай ағамның түстігіне қалайын да, осыны біліп кетейін!" деп, қарсы үйге кеткен Кішкене-молданың артынан жөнелді. Абай болса, қазір ана қонақтардың сөзін тыңдауға кіріскен-ді. Бұларға Абай: "шаруаларың не? Неғып жүрсіңдер?" дей отырып, бір нәрсеге аса қатты таң қалды. Осыдан бұрын, әйтеуір осы қыстың ішінде, дәл осы қазір қарсы алдында отырған үш кісі – екі Уақ, бір Көкше мынау киімдері, осынау түстері, осындай отырыстарымен Абайдың алдында тағы бір болып өткен сияқты. Мал дауымен келіскен. Сонда да ана Көкшенің ұрысы – Тұрсын осылайша мөлиіп отырған. Қалғығандай боп, төмен тұқырып, жым боп отыратын. Сонда да мынау жоқшы Уақ – Сәрсеке мықиып, жұп-жуан боп жалпия жайғасқан. Дәл қазіргі сияқты. Тұрсыннан Сәрсеке мал даулайтын. "Бірақ ол жолы малын алып, бітіп тынып кетіп еді ғой!" Өмірдің ұдайы айнығыш суреттерінің ішінде, айнымас бір қалыпты ұстанып, әр елден шықса да, бір күйден жазбай жүретін осылар ма? Немесе сол екі жерде көрген бір халдің өзінің бірі шын, бірі түс пе? Бұ неткен айнымаған ұқсастық? Мыналардың анадағы көрінісі мен қазіргі қалпын алғанда, тіпті ешбір мезгіл өтпеген, уақыт қатып тұрып қалған сияқты ғой. Абай Сәрсекені тыңдай бастағанда, әуелде ішінде осылайша жарысып отырған екінші ой да бар-ды. Бірақ бұл ой, Сәрсеке сөзінің бір кезеңіне жеткенде, шешуі табылып барып, үзіліп қалды. Ағаш келі-келсаптай тоңқылдақ үні бар Сәрсеке:

– "Әнеугі алған малымды бойыма сіңіртпедің. Абайдың алдына апарып қайта құстырдың. Ендеше міне, саған қылғаным қылған, қайтесің, тағы да алайын. Көріп алайын сен Уақтың күшіңді", – деп әдейі істеп отыр. Егесіп істеген ісі мұның. Ана жолда алғаны үш жылқы еді. Мынада бір кілем, бір тонын арттырып, бес жылқы қып алып отыр. Егестің ісі емей немене бұл, Абайжан – деп аяқтады. Абай бар жайды енді аңғарды. Түрінен шынын біліп көрейінші деп ұрыға қарап еді. Ол қызыл сеңсең тымақтың құлағын шарт байлап алған күйінде, төмен қарап тұқырып қапты. Жуан тұмсығының ұшымен шоқша қара сақалының жарымынан артық жерін көрсетпейді. Абайдың қозғалысына көзінің астымен ғана қарап, мелшиіп тастай боп, түйіліп алған. Сәрсеке айтып отырған дауға әлі жалғыз үнмен болса да, жауап қатқан Тұрсын жоқ. Оның сөздерін өзіне жанасы жоқ бөгде сөздей санап, сырттай қарайды. Сәрсеке сөйледі екен деп қыңқ етер емес. Абайды үлкен би тұтып, тәртіп сақтағаны ма, болмаса, жоқшыға ұрының ірге бермеймін деген қыры ма? Абай бұның бетін көрмек боп, ызғарлы үн қатты. Ұрының көзін өзіне қаратпақ еді.

– Әй, сен не дейсің? – дегенде ұрының қызыл сеңсең тымағы жай ғана қозғалып, қырыс жүзі Абайға енді қарады. Дөңгелек келген, мығым денелі сары ұрының кішкене сұр көздері Абайға бір-ақ рет жалт етіп қалды да, қайта сөнді. Тағы төмен тұқырды. Қабағының еті қалың, ұрты да біраз салбыраған. Пішіні мен сырты кескен терек сияқты бітеу, тұтас безбүйрек келген. Ол сәл отырып, бір ырғалып қойып:

– Аб-бай аға, ән-неугүні ғана, – деп тілін шайнап, әр сөзін салмақтап, – та-қ о-с-с-ы Сәр-секе өз алдыңа әп-п-келіп ба-а-рр-ымды үй-ұ-п-п-ап бір алды. Ол жолы т-т-өле дедің, бұйыр-р-дың, бердім. Ал ен-д-ді ос-со Уақ малы ұрланс-са, ақ-қай жоқ, ноқ-қай жоқ, әмісе мен төлейін де от-тырайын ба ос-ы? – деп бір тоқтады. Тағы ұзақ сүре дау, шыны қайсы, жалғаны қайсы? Осындай даулардың, осылар сияқты даугерлердің таусылары, тынары бар ма, жоқ па? Тағы қағу керек. Сіресіп ұстасқан екі араздың шынына жетем дегеніңше, өзіңнің де шыныңа жетіп боласың. Тағы бөліп кетті. Жаңағы Пушкин қайда? Анандай боп, жібек талдай ширатылған Татьяна сезімі қайда қалды? Мөлдір шындығымен, шыншыл жүрегімен жаудырап тыныс алып тұрған Татьяна. Малын қуған даугер, кісі малын жем қылған қияс ұры. Былыққан өмірдің бітпес лаңы. Қажытып талдырасың-ау! Есіліп, майысқан үнің қайда, Пушкин сазы? Есімде ме екен? – деп, алаң көңілмен домбыраны алып, Абай бағанағы күйді қайта іздеді. Қос ішекті домбыра, ол сәтте шешен, тапқыр еді. Енді тұсаулы аттай, күрмеліп қапты. Үні тырым-тырақай. Әлгінде ғана табылған ән, қазір жоқ, ұмытылған. Сәрсекенің жаңағы Тұрсын сөзіне қарсы айтқан дауын тыңдай отырып, бірталай іздеп қарманса да, ән қайта оралар емес. Жылжып кеткен, ұстатпады. Домбыраны қайта тастады. Сәрсеке болса, күйіп сөйлейді.

– Малымды тағы да алдың. Ұрым тағы сенсің, Тұрсын, әдейі егесіп істедің. " мал қуатын, төлеу алатын немесің ғой!" деп істедің де.

– Соқыр к-к-көргенінен жаз-бас. Сен-нен басқа ел, сенік-кінен басқа мал құрыған ғой, тегі. Түп-пті сол бейсенбі түгіл бүк-кіл бір ай атқа мініппе екен Тұр-рсын әуелі. Екеуі енді ашылып, шапшаң сөйлесіп, қағысып барады. Бір кезек Сәрсекеден Абай: "айтушың бар ма? Із, тоз айғағың бар ма" деп сұрап еді. Ондай дерек Сәрсекеде жоқ екен. Шынына жету соншалық қиын дау. Абай күрсініп, қабағын шытты да:

– Япырай, ағайын, осы басқа біреудің алдына барып тергетсеңдер қайтеді? Дауларыңда дерек жоқ. Бірін алдың десең, бірің алмадымнан басқаны айтпайсың. Қағу – тергеу керек. Менің боса мұршам жоқ, уақытым жоқ. Көршілерің ғой, дау қапысыз боп, шыны қазыла түсер еді. Ана Ақылбайға барып, тергетсеңдер қайтеді? – деп өтінді. Бұған Сәрсеке де, Тұрсын да шалқалап болмады, " бар болсын, жоқ болсын, ақ болайық, қара болайық не де болса, дәл осы арада, өз байлауыңыз байлау болсын" десті.

Абай осыдан соң ұрыға ажарлана қарап қатайып ап:

– Ендеше айт шыныңды, өліп кетсең де айтшы! Алыппең мынаның малын, алмаппең? – деп, ашулы көзбен қадала қарап отыр. Тұрсын сасқан жоқ, іле жауап қатты. Әдетінше аузын керіп, сөзін салмақтап айтты.

– Аб-бай аға! Сенің алдыңда,өлсем шын-ыммен өл-лем деген сертім бар. Міні құд-дай, міні құр-ран.

– Қайта, айтшы, әй! – деген Абайға, ұры жалт беріп көзіне көзін қадап, тайсалмай сөйледі.

– Айтқ-қаным айт-тқан, Абай аға, ұр-ры болсам да сер-ртіммен өлем деген ұр-рымын. Міне бар-рым шыным. Бұл жолғы мал-лынан с-сүт-тей ақпын! – деп тоқтады. Сеңсең тымағының маңдайын шапшаң қозғап, қайқайта қайырып ап, бетін ашып салып, Абайға әлі де тік қарап қапты. Сөз осы. Ұрының бұл ажарын көрген соң, Абай одан көз аудармай бірталай уақыт тесіле қарап отырды. Ұры да кірпік қақпай, көзін Абай көзінен тайдырған жоқ. Абай енді өз ішінен: "ұры болса да, мына пішін – шынның пішіні ғой" деп илана бастады. Бұл көзін аударғанша, Тұрсын да сол міз бақпастан, тастай боп, қыбыр етпей шаншылып отыр. Мұнысы да Абайға әсер етті. Ендігі кесікті Абай, әдеттен тыс шапшаң айтты.

– Бәсе, бұл ұры болса да, сондай қаныпезер, шыны жоқ ұры емес. Адастырсаң адастым, Тұрсын. Бірақ алда да көрісер күн бар. Өтірік айтсаң кейін өз обалың өзіңе.айтпадың деме, білдің бе?! Бұл жолы сені шынын айтты деп иландым! – деді де, Сәрсекеге бұрылып байлау айтты. Мынада сенің малың жоқ, Сәрсеке, басқадан ізде! – деп Сәрсекеге көз қырын бір тастады да, сөзін бітірді. Тұрсын тымағын енді ғана қайтадан оңдап киді. Басқа ләм деген жоқ. Сәрсеке де үн қатпады. Тек енді ол төмен қарап тұнжырап қалды. Абай бұлардың сөзін бітіре беріп домбырасын қайта алып мыналарға:

– Ал сөздерің бітті. Енді ас-суларыңды ана қонақ үйге барып ішіңдер! – деп, өзі домбыра ұстаған бойында кітаптағы Татьяна-хатына қайта үңілді. Сәрсеке мен Тұрсын орындарынан тұрды. Басында үйге келгенде Сәрсекені жоғары отырғызып, өзі босаға жақта отырған Тұрсын қазірде де шет ел адамы деп, жоқшыларды алдымен шығарып, өзі артынан кетті. Бірақ қонақ үйге қарай беттегенде, бұлар бір ұзынша қараңғы даланмен жүріп өту керек еді. Сонда келе жатқанда Тұрсын, үн шығармастан аузын керіп тұрып, сылқ-сылқ күліп алды. Үндемей, ұзақ күле білетін әдеті бар-ды. Өзіне өзі қатты сүйсінген кезінің бірі болды. Шынында ол бұл жолы үлкен артистік істеп шықты. Күздігүні алысқа аттануға ерініп, көрші отырған Қанайдан үш жылқыны әкеп сойып алғанда, осы Сәрсекелер қуып жүріп, Абайдың алдына алып келген. Сонда қағу үстінде бұл бір байлау жасап еді. Абай: "алдың ба, шыныңды айт, өлдім!" деген. Талайдағы ұрыдан Абайдың, оп-оңай шынын айтқан ұры көргені осы болатын. Сол арада:

– Ұрыдан менің алатын парам – шындығы, – деген.

Тұрсын ішіне бір нәрсені түйіп келіпті. Екі ай уақыт өткізіп жіберіп Сәрсекеден бір-ақ күн ішінде барып, бес жылқы әкеп жайластырып алған болатын. Бұл жолғы ұрлығын маңайдағы жанға сездірмеген. Және әдейі бір қатты боран боп тұрған түнде барып із-тоз қалдырмайтын кезде қағып кеткен. Сәрсекенің ендігісі, құр сезік болмаса, ізі де, айғағы да жоқ дау болған. Осындай жайларды ойлап, Тұрсын Абай алдына бұл жолы келерде: "енді өлсем де танып өлем!" деп тас түйін бекініп келген. Сол есебі дегеніне жетіп. Сәрсекені де Абайды да қабат алдап шыққанына күлді Тұрсын. Бұл қонақтар кетісімен, Абай Татьяна әнін қайта іздеді: Амал жоқ, қайттім білдірмей... Домбыраға ыңырана қосып көріп еді, бағанағы ән әлі де жоқ, мүлде ұмытылған. Сөйткенше қарсы үйден шыққан бірталай кісі тағы үстіне кірді. Бұлар Кішкене-молда, бағанағы Мұхаметжан екен. Және осылардың алдында тоғызқұмалақтың ағашын бір қолына ұстап, тері дорбашадағы тастарын бір қолына алған Көрпебай кіріп келе жатты. Келгеніне үш-төрт күн болса да, Көрпебай Абайға тоғыз-құмалақтан әлі жөндеп ұтқызған жоқ. Соңғы күндердің бір қатты бәсекесі боп алған ойын бар. Кейде таңертеңгі шайдан түстікке шейін ойнағанда, бір ойынды тауыса алмай айрылысатын. Кеше кеш бойы Абай кітап пен жазу үстінде болды да, ойын үзіліп қалған. Енді Көрпебай "тоғызқұмалақ" ағашын алып кіргенде, Абай: "тағы алаң кірді, қоя тұрайын" деп, Пушкин томының беттерін жауып қойды. Көрпебайға:

– Құр, кешегіңнің есесі енді қайтпаса, сен ағалап тұрсың! – деді. Сары сүйектен істелген жылтыр, жұмыр "құмалақтар" ұядан ұяға тоғыз-тоғыздан сырт-сырт түсіп жатты. Абайдың ұяларын да Көрпебай толтырып жатыр. Мұның қолы, ағаш үстінен жүргенде, лыпыл қағып, қалқып жүрген сияқтанады. Ұяларға санап түсіріп жатқан тастарды қандай қозғалыспен бөгелместен, дәл түсіріп жатқанын байқау қиын. Абайдың кейбір қыстарда, үйде отырып қалғанда, әдейі шақыртып алып, жиырма күн, бір айдай табан аудармай ойнап қалатын кісілерінің бірі Мақыштың Смағұлы, не Марқабай болса, тағы бірі осы Көрпебай. Ішінде Абай бар, осы үш-төрт ойыншы бұл атраптағы басқа ойыншылардан озып, ағалап шыққан және өзара бәсекесі күшті ойыншылар. Абай мен Көрпебай ойынға кірісті. Басында үш-төрт кезекте машықты бастаулар бойынша екі жағы да тез-тез жүріп барып, екі-екі ұядан тас алысты. Әлі тұздық алысып, беріскендері болған жоқ. Қазірде бұл ойынға Мұхаметжан, Кішкене-молда, Баймағамбет те қадала қарап отыр. Мұхаметжан бағана қарсы үйге барған бетінде, Абайдың өзі жазған қағаздан Татьяна хатын түгел көшіріп бір алып, артынан Кішкене-молдамен салыстырып, бірге оқып шыққан-ды. Молда бұл өлеңді көшірумен бірге, жаттап та алған екен. Татьянаның сөзіне құмартқан Мұхаметжанның қазіргі есі-дерті – жаңағы әнді қайта есту. Бірақ Абай құмалаққа қадалған бетінде, ойын аңғары ашылғанша, басқа нәрсені ойға алатын емес. Сонымен жас әнші қалтасындағы қағазды алып, аузы күбірлеп қайта оқып, басқа жолдарын іштен жаттап отырды. Жат үн, жат тілді Татьяна бұрын бұлардың Абайдан да естіп көрмеген зарымен шерленеді.

– Соны сөз деген осындай-ақ болат та! – деп қалады. Абай әлі де үн қатпай, Татьянасын ұмытқандай боп, Көрпебаймен аңдысуда отыр. Мұхаметжан алғашқы екі ауыз өлеңді жаттап та алды. Енді құмалаққа қарай түсіп, домбыраны қолға алып, ақырындап тартып ішінен "Амал-жоқ-қайттымды" өзі білген әнге қосып көріп еді. Әзірге ол әндерге қосылмай жатыр. Өзінің атақты әні "Ақ-қайыңға" салып көрді, "Топай-көкпен де жағалатты. Созылмайды, көнбейді. Баймағамбет мұның нені іздеп отырғанын ана үйде-ақ естіп келген. Енді Абайды осылай аударып көрем бе деп жағалатып, Мұхаметжанға:

– Немене, Татьяна "Ақ-қайыңды" білгісі келмей ме, қалай? – деді.

– "Ақ-қайың" ғана емес, тіпті біз білген әнге жуысайын деп тұрған Татьяна көрген емен.

– Бәйіт, терме сияқты келте, шолақ әнге тез келе ме дейім! – деп, Баймағамбет Абайға тағы қарап қойды.

Абай бұлар сөзіне енді ғана көңіл бөле бастап:

– Солай деймісіңдер! Татьяна болса, ол "Ақбала да болмас: Бағдат, Мысырдан, бәйіт те тілемес! – деп бір қойды да, көңілденіп, көтеріліңкіреп алып, бір рет көшіп кеткенде соңғы тасы тарс беріп Көрпебайдың орта ұясының біріне түсе қалды. Сүйткенде Абай мәз болып, мол денесі селкілдеп қатты күле жөнелді. Көрпебай сасып, қабағын түйіп, томсарып қалды.

Құмалаққа қарап, отырған Кішкене-молда:

– Хәйір, тұздық бихисап жақсы тұзлық болды... – деп, Абаймен қоса күлді. Көп есептің соңында дәл осы жерде Абай кеп "бел басардан" тұздық алған. Алғашқыдай емес, қасында отырған жігіттердің нені тілеп отырғанын Абай енді аңғара түсіп:

– Баймағамбет-ау, Татьянаның бағанағы салған әнін енді қайта айтпай отырғанын көрдің бе, – деп Мұхаметжанның домбырасына қол созды. Мұхаметжан домбыраны ұсынып, тізесінде жатқан қағазына үңілді. Абай бұл жолы тартып жөнелгенде, таңертеңгі ән қаз қалпында қайтадан шапшаң ғана орала кетті.

– Жоқ, енді айтқысы келген екен! – деп, сүйсіне күле түсіп, – былай депті ғой! – деді де, үн қосты. Өз аудармасының екі аузын айтып өтті. Сол екінші өлеңі біте бергенде, түкпір үйден келе жатқан Әйгерім көрінді. Ол Абайды таңдана тыңдай кеп, қасына отыра берді. Мұхаметжан екінші ауыздың тұсында ішінен Абайға қосылып байқады. Дәл осы кезде, өзінің бір мол байын жағалай көшіп келе жатқан Көрпебай, Абайдың артқы ұяларын жағалап, сытырлата тас тастап кеп, дәл "көкмойыннан" тұздық алып қона түскені.

Абай:

– Өй, мынау неғып кетті!? – деп домбыраны Мұхаметжанға бере сап, қайтадан құмалаққа үңіліп қалды. Мұхаметжан Әйгерімге қарай жамбастай беріп, сыбырлаңқырап:

– Қап, мына біреу, бір жапырақ болған неменің қылып кеткенін-ай! – деп, Көрпебайға қатты наразы бола қарады. Әйгерім:

– О не, шырақ? Не істеді өзі? – деп құмалаққа үңілді.

– Абай ағамның мына бір жаңа әнін үйреніп кетейін деп, әдейі жолымнан бөгеліп отыр ем! "Көкмойыннан" тұздық алдырған кісі енді бізге неғып оралсын! – деп, күбірлей сөйлеп, күйзеліп отыр. Баймағамбет те өкініп, басын шайқады. Әйгерім Мұхаметжанға бұрыла қарады да:

– Кәні ол қандай ән екен? Талайдан үніңді естігеміз жоқ, түстік жеп аттанарсың, өз ұққаныңды айтып берші! – деді.

– Ойбай-ау! Өзім де бір-ақ естіп ұстай алмай, "дәт" деп қап отырғам жоқ па, жеңеше-ау, – деп Мұхаметжан домбыраға жаңағы әннің бас қайырмасын тыңқылдатып көрді. Келмей жатыр. Абай бұл кезде өз кезегін жүріп, сәл босап отыр еді.

– Жоқ, теріс тартып отырсың, – деп, домбыраны қайта алды. Жаңағы әнін үш-төрт қайырып тартып өтті. Мұхаметжан енді домбыраны қайта алғанда, іркілместен қатесіз тарта жөнелді. Сол арада жаттап алған алғашқы екі ауыз өлеңді әнге де салып жіберді.

– Айта түс! – деді Абай.

Рұхсат алып алған Мұхаметжан өзінің зор таза үнімен енді шырқап айта жөнелді. Тізесінде жатқан жазуына көз қиығын тастап отырып, барлық Татьяна-хатын іркілмей айта берді. Тоғызқумалақ тоқталып қапты. Абай міз бақпай, кірпік қақпай тыңдайды. Ол қазір Ақшоқы биіктеріне көз жіберіп, Татьянаның наз-налысына ұйығандай. Өңі өзгеріп апты. Өзі сөйлеткен сөз, өзі жырлатқан әуен, ең алғашқы рет әрі жас, сұлу әрі әсем нақысты әншінің көлденең үнімен айтылғанда, енді Абайдың өзін де қатты толқытады. Тағы да Татьяна мұңын соңғы күндер өзінің жадынан шықпай жүрген Тоғжан, Салтанат мұңдарымен қоса, бір өрімдей сезінеді. Қазір олар ғана емес, Әйгерім де бұның есінде отыр. Кеше бір күндегі ақын жары, дүниедегі ең жақын жары да, бұл терең наздан өз тілін тапқандай. Абай өзі аударған көрікті жырдың кең шындығын, қазір мынау әнді тыңдап отырып, ең алғаш рет қадалып тамашалайды. "Орыс қызы Татьяна қазақ қыздарынан да өз мұңдасын, өзімен тағдыры бір тұрғыластарын тауыпты. Тілі, тәрбиесі, тарихтары бөтен болса да, адам нәсілі көп тұста, ойымен, күй-халімен, сезім жалындарымен, тағдырымен бір-біріне соншалық жақын-ау! Бауырлас, туыс-ау! Мынау әнші, ақын, қазақ жасына соны баян еткелі тұр!" деген ой Абайдың ішін қуанышты бір сеніммен де жарқыратқандай. Айналадағы жұртты ұмытып, Абай әсем әнмен ілесіп, ой сезіміне бар ынтасымен берілген еді. Бұның ажарын байқап, үйдегінің бәрі де қыбыр етпей, Мұхаметжанның жүзіне ғана қарап қалыпты. Қазақ әні емес. Бірақ сондай бір мұңлы шермен, ұғымды күймен ырғалған майда қоңыр, назды қоңыр толқып кетті. Мұхаметжан: "енді айрылып қалмайын, жадыма тоқып алайын" дегендей боп, тоқтамай айтады. Өз көңілі де елжірей сүйінгендік танытады. Татьянадай жасты көз алдында көргендей боп, терең сезініп ұғынған сияқты. Осы әнінің үстінде ұғынды. Әнін тоқтата бере:

– Тал бойыңды ұйытқандай, сорлы шерменде екен, ә? Мұны осыншалық күңіренте күйзелткен қандай ғана жан екен, Абай аға?! – деп, Абайға қарады. Тыңдаушы өзгелер де бұл сұрауды аса орынды көргендей. Бәрі де Абайдың жауабын күтті. Өзгеден жеңілдеу, шапшаң сөйлейтін Кішкене-молда:

– Е, оны айтқызып отырған Фошкин ғой! – деді.

Мұхаметжан бұның қазіргі киліккенін жаратпай қалды.

– Қоя тұрыңызшы, молдеке, Фошкин демей. Тіпті сол ақынның аты да сіз айтқандай емес!

Кішкене-молда тағы да шапшаңдап:

– Е, енді қалай екен! Мен бек дұрыс айтам, солай!

– Жоқ, Абай ағам Пушкин дейтін сияқты еді! – деді де, Мұхаметжан Абайға қарады. Абай Пушкиннің өмірін, өлімін қысқа баян етіп беріп, "Татьяна-хатына" қайта оралды. Мұхаметжанның жазбасын қарап, ойланып кей жерін түзей отырды.

– Осы да жүрек мұңын жеткізе білген тіл-ау! Шыны керек те, Пушкиндей ақынды қазақ баласы сен де, тіпті исі мұсылман ғаламы сен де, әлі көрген жоқсың. Не десең үй де! – деп, ойлана сөйлеп отыр.

– Иә, әйтеуір, қыз байғұс шер-шеменін айта білген-ақ! – деп Баймағамбет құптайды. Көрпебай осы кезде құмалаққа таман тағы үңіле беріп еді. Мұхаметжан байқамаған боп, тізесімен құмалақ ағашты шетке таман ысырып жіберіп, Абайға қарап:

– Бірақ енді сол Татьянаның осындай үні жауапсыз қалғаны әділет пе, Абай аға?! Жігіт те бір орай сөзді айтса мақұл болмас па, кеудесінде жаны бар болса еміренбей тұра алар ма? – деді.

– Бек дұрыс айтады Мұхаметжан. Гүмәнсіз дұрыс сөз осы, Абай! – деп, Кішкене-молда да Абайдан тілек еткен тәрізді. Абай аз ойланып отырып:

– Ол да дұрыс екен. Онегинді сөйлету керек болар! – деп біраз отырды да, – әй, бірақ ол өзі опасыз еді-ау, ә, – деп үндемей қалды. Пушкинді қайта оқуға кірісті. Сол күні Абайдың үйінде түстеніп алып, Мұхаметжан Семейге жүріп кетті. Абай бүгінгі кеш бойы Пушкинді тағы да қайта оқумен болған. Бүгінгі күн анда-санда алаң еткен уақ жайлар болса да, Абайдың Пушкинге оқушы ғана емес, ақынша жақындасқан күні. Туысын тапқандай боп, шабытты үн қосып, толғана бой ұрған күннің бірі. Түнде кеш піскен еттің алдында, Пушкин томын жауып жатып, Абай үй-ішіне естіртіп бір сыр айтты.

– Дүниеге көзімді аштың-ау, Михайлов, қандай қазыналарға мені жетектеп әкелген едің! Енді менің қағбам орнынан көшіп, күншығысым – күнбатыс, күнбатысым – күншығыс боп барады! Солай болса, болсыншы! – деді. Ас ішіп болған соң, үйдің іші жатпай, күндегі әдет бойынша, "Абайдан тағы бір әңгіме шығар ма екен" дегендей боп ұзақ отырды. Алдында, шам жаққаннан асқа шейін кітап оқыған Абай енді үйдегі жиын көңілін ескеріп, әсіресе бұның әңгімелерін телміре күтетін, бүгінде атақты ертекші боп алған Баймағамбетті ойлап және Әйгерімнің де үнемі құрметпен ден қоятын күйін еске алып, енді бір тың әңгіме айтып бермек болды. Сонымен, түн ортасына шейін міз бақпай.қадала қарап бұны тыңдаған мәжіліске осы кеште Абай француз жазушы Александр Дюманың атақты романы "Үш- мүшкетерді" қызық әңгіме етіп, ұзақ баяндап отырды.

2

Бүгінгі кеште Семей қаласының күнбатыс жақ шетіндегі Таңжарық деген ұсақ саудагердің үйінде, бірталай жастың басы қосылды. Таңжарық үйі – Абайдың тағы бір туысқаны Қысатай деген жас жігіттің пәтері. Қысатай қырдағы дағдысымен қалада да қонақшыл, көпшіл болатын. Өзі аз сөйлейтін, момын жас болумен бірге, ол маңайына көп адамды жинап, көңілді мәжіліс құруға әрқашан құштар. Бұның бүгінгі қонақтары Абайдың жақын туыстары мен ақын, әнші жастар. Сол жиындағы дағдылы қонақтың бірі – қазірде қалың қара сақалды болған Шұбар. Көкбай мұсылманшаға жетік болса, бұл бір жағынан орысшаны да біле бастаған. Абайша өздігінен ізденіп, орыс кітаптарын да қарай жүретін. Абайдан жастары кіші Көкбай да, Шұбар да оның алдында көп жазылып сөйлемейді. Бірақ ол жоқ жерде өздерін "өзге қазақтың білгіш, ділмар дегенінен кем емеспіз", деп ойлайтын. Шұбар – сәнді киінетін, сыланған, кербез. Жаңада сатып алған алтын сағатының алтын бауы қара желетінің омырауында жарқырай салбырайды. Ол тартына сөйлейді, бірақ сөйлесе ірге бермей, іле сөйлегіш, мысқылшыл. Бұлардан басқа қонақтың бірі – ең жас қонақ, Абайдың аса жақсы көретін баласы Мағауия. Ол – арықша біткен, аппақ сұр, сүйкімді жас. Биік, кең ақ маңдайы да, жоталы келген қырлы сұлу мұрны бар, өзге жиын ішінде бұны бір оқу біліммен ағарған жан сияқты көрсететін. Жасының өзгелерден кішілігіне қарамай, ол мынандай мәжіліс ішінде қай сөзге болса да батыл кірісіп, тең боп араласып отырды. Бұлардан басқа алты-жеті кісінің ішінде атақты әнші – Мұқа бар. Боздай шығатын зор үнді Мұқа – биік денелі, ақшыл жүзді, келбетті жігіт. Оны осыдан екі жыл бұрын, әрі әнші, әрі домбырашы, скрипкашы болғандықтан, Абай Уақ ішінен көшіріп, өз қолына алған, Мағауияға жолдас етіп берген болатын. Бұған тақау отырған – Ырсайдың Ысқағы. Оның да өз өнері бар. Көкбай, Мұқалар қазақ өлеңі мен әнін, қазақ шежіресін айналдыратын болса, Ысқақ бір жағы Абай арқылы, бір жағы өз бетімен ізденіп, оқып-тоқуы арқылы ұдай араб, парсы хиқаяларын "жадына жиған" жас. Ол білмеген "Жәмшит", "Қаhарман-қатран", "Рүстем-дастан", "Бақтажар", "Мың-бір-түн", "Көрұғлы – Сұлтан" әңгімелері жоқ деуге болады. Осы жиын жаңа ғана бастары қосылып, қона жатпақ боп, атшыларын пәтер-пәтерлеріне қайтарысып жіберген. Енді әзіл әңгімеге кірісе бергенде, ауыз үйдің есігі шалқасынан ашылды. Таңжарық үйінің үлкен сары самауырыны екі иінінен буы бұрқырай төргі үйге кіріп келеді екен. Саудагердің толық, ақ денелі кербез келіншегі самауырды бір бөлмеде есіктен төрге шейін жайылған жұмсақ көрпелер, көп жастықтар бар. Солардың үстінде көсіле, шынтақтай отырған қонақтар енді көтеріліп, малдастарын құра отырып, дөңгелек үстел мен самауырға орын берісті. Үстел үсті жасалумен қатар Қысатайдың жігіті шкафтан бір бөтелке коньяк пен тағы бір бөтелке зубровканы әкеп қойды. Ауылдан соғым терісімен келіп, қалада бір ай, екі ай жатып қайтатын бұл жастар, кейбір кештерде осындай жиын үстінде, арақты мәжіліс, ән-сауық кешін өткізетін. Шайға арналған тәтті дәмдімен қатар, тоңазып тұрған қазы-қарта, жал-жая да тураулы күйде үстел үстіне орнай бастады. Ысқақ мынау көрініске көңілденіп, бір ырғалып қойды.

– Е, бәсе! Мынауың ақыл болды ғой, Қысатай, – дегенде, біраз жұрт қошеметтей күлді. Шұбар Ысқақты әзіл етіп, ол айта беретін бір сөзді іліп, қағытып:

– Осының өзі де "бәзмі Жәмшиден" болып бара ма деймін, Ысқақ! – дегенде, Мағауия, Көкбайлар күлісіп қойды. Ысқақ айтатын ертегі хиқаялардың ішінде осы отырған жұрттың бәрінің құлағына әбден қанықты болған сөздің бірін айтқан еді Шұбар. Үлкен дөңгелек үстелдің айналасына қоралай, жиылған қонақтар ішіп-жей отырып, әр алуан көңілді, желікті әңгімелерге кетіп отырысты. Бірін-бірі әзілдей, іле сөйлеген күлкі де бар. Ысқақ бір кезде Абайдың осындай жас мәжілісті тәуір көретінін еске алып:

– Абай ағам осы жолы қалаға бекер келмей қалды-ау! – деп еді.

– Жоқ, үйінде отырса отырсын. Осы биыл кітап оқумен өлең жазуға бет берген жылы боп тұр! – деді Қысатай.

Шұбар қиястана сөйлеп, Мағауияға қарап:

– Әй, білмеймін, сол шынарың өсе берсе, өзіміз ығында қап, өлең жазуға батылымыз бармай қалатын болмасақ, – деген еді. Мұнысы бірталай жастың, жаңа жазған өлеңдерін Абай сынына беруге қорғанып тартынып жүретінін білдіргендей. Оның арғы түкпірінде Шұбар көңілінде жатқан қызғаныш та жоқ емес-ті. Шұбар соңғы сайлауда болыстықтан түсіп қалған. Іштей дәрежеқұмар, менменшіл болғандықтан бұл жігіт Абайдың күнде өсіп келе жатқан ақын-атағын да қызғанатын. Осы күнде Абайдың іні достарының арасына кіріп әрі ақын, әрі әнші атанбаққа барын салып жүр. Бұның жаңағы сөзіне Мағауия күлді де:

– Ендеше тәуір өлең шыққанша, көрсетпей тұра тұрамыз да! – деді.

Шұбар мұң шаққандай болды.

– Тәуір, жаманын қайдан білейін, әйтеуір биыл жаңа өлшеу, жаңа уәзін ізденіп, бір өлең жазып апарып көрсетіп ем: "бұл өлең бұлай жазылмайды. Осы өлшеумен мен жазамын" деп, сол жаңалығымды алып та қойды-ау, өзі! – деп қыжалдана күлді. Енді бір азда ауыз үйдің есігі ашылып, қолына қамшы ұстаған, бет-аузын қырау басқан, табанының қары шақыр-шұқыр еткен, аяздаған бір жолаушы кіріп келеді екен. Ол кіре бере:

– Ассалаумағалейкүм! – деп, мәжіліске даурыға сәлем берді. Отырған жұрт бұның сәлемін тосырқай, жақтырмай, ақырын алды. "Кім екен?" десіп, үңіле қарасты. Жолаушыны алдымен таныған Ысқақ болды. Ол жадырай күліп жіберіп: "Е, Мұхаметжанбысың!" дегенде, үйдегінің бәрінің шырайы шапшаң өзгерді. Абай аулынан кеткен бетінен қалаға бүгін жетіп, Мұхаметжан жаңа кеп, ат тұмсығын тіреген жері осы. Ол ел-жұрттың амандығын жапырлай сұрап жатқан жиынға жауап бере тұрып, саптамасын тастады. Белін шешіп, сыртқы киімін шешіп болып, шоқша сақалы мен қысқалау мұртына қатқан мұзды арылтып, біраз тоқталып тұрды. Енді отырғандар әр жерден қағылып, "былай шық, былай шық!" дескенге келіп еді. Мұхаметжан саспастан сүртініп, ықшамданып алып, төр жаққа қарады.

– Дәл бүгін осы Мұқа мен Көкбайдың тап ортасынан отыруға рұхсат па, қауым! – деді. Мұқа төмен қағыла берді. Мұхаметжан келіп қасына отырғанда, Көкбайдың ойына бір сезік кіріп қалды. Әнде де, ақындықта да осы, отырған жастардың ешқайсысына жол бермеймін дейтін кеуде Мұхаметжанда анық бар екені күмәнсыз. Бүгін өзінде бір қыжал бар сияқты. Мұхаметжан жайланып болмастан, Көкбай соқтыға сөйледі.

– Сақал-мұртына мұз қатып, шақыр-шұқыр басып келген кім десем, ауыл екен ғой!

Мұхаметжан:

– Ауыл жаман болса, медресені тастап, құдайдың үйінен қашып, өзің неғып ауылға барып жүрсің? Бұрын Көкбайдың молдалық оқуын оқығанын еске алып, жұртты күлдіре кеп, Мұхаметжан:

– Үндеме, береке сол ауылда, неғыласың! – деді.

– Қай берекені айтасың? – деген Көкбайға:

– Қай берекені айтсаң да тауып беруге мен кепіл болайын. Тек шайымды ішкізші, жаным! – деп паңдана қарады. Осыдан соң Мұхаметжан үндеген жоқ, шайға кірісті. Өзгелер ішіп, жеп болған. Кейін-кейін шегініп, бұрынғыша әңгіме, әзілдеріне ауысты. Шұбардың тілегі бойынша енді жұрт ән-күйге ауды. Бұл кездердің бәрінде Мұхаметжан ашығып, тоңазып келген бетінде үн қатпай, қызы-қартаны жеп, шайды мейлінше көсіліп, терлей ішіп отыр еді. Жұрттың өлеңін де, әнін де тіпті тыңдамаған тәрізді. "Өзегімді жылытып алайын" деп қойып, Қысатай ұсынған коньяктан да бір-екі рюмка ішіп алған. Әредікте бір ретте Ысқақ бұған: "Абай аулына соқтың ба, дені сау ма екен?" деп сұрағанда, құр ғана: "соқтым, сау, сәлем айтты" деп қана шегініп шықты. Дастарқан жиылды. Осы кезде боздай шыққан, басым үнді Мұқа "Топай-көкке "сермеп отыр еді. Кейін жұрттың тілеуі бойынша тағы да басқа бір-екі әнді айтып шықты. Соңғысы – бір қоңыр ескі ән. Сөзі де "аулым көшіп барады көк қауланға" екен. Осы әні біте бергенде, Мұхаметжан жұрттың сұрағанын күтпестен, тамағын кенеп ап, Мұқаның домбырасына қол созды. Анау да әнін бітіріп,

– Осынша ақын жиылып ап, "жабағы арық, тай семіз көп сауғанға" деп отырармысың әлі күнге! Тыңдасаң өлеңнің өлеңін тыңда. Сөз олай емес, былай! – деді де, бөгелместен ән соза жөнелді. Бұл кеткен Татьянаның нәзік назы: "Амал-жоқ-қайттым-білдірмей". Жұрт қалт етпей, тына қап тыңдады. Мұхаметжан әнінің бұларға мәлім бір ерекшелігі – ешбір сөзі шала болмай, анық естілетін, алғашқы бір ауызды естігенде, тыңдаушылар " бәйіт пе, орыс әні ме?" деп, нені тыңдап отырғанын айыра алмады. Аздан соң бұл әннің өзгеше бір қоңыр мұңы бар, шер толқытып шығарған, салмақты, терең ән екені байқалды. Осымен қатар, әсіресе жұртты ұйыта бастаған – өлеңі мен тілі еді. Барлық жас ақындар мұңды ғашық лебізін ұққан сияқты болады. Бірақ сонымен қатар, "осылай болса керек еді ғой" деумен бірге, өзіміз естіп көрмеген сыр мен шер екен-ау деп, құлай тыңдайды. Екі-үш ауыздан соң Мұхаметжанның аузына барлық елдің көзі қадалып қапты. Таң-тамаша қалдырған ғажап саз. Және соншалық нәзік бұралып ырғалған таза сезімімен сондайлық бір ыстық жүрек тіл қатып, үн салғандай. Көзінің жасын іркіп тұрып айтқан, көз алдыңда дірілдеп, тыныс алып тұрған шыншыл көңіл. Мұхаметжанның қызара нұрланған жүзін көріп, жаңағыдай әсем жырына елтіп отырып, ақкөңіл Ысқақ бір әредікте тіл қатып қалды.

– Ой, көмейіңнен айналайын! – дейді. Әншейінде күлерлік те жай. Бірақ мынау халде ешкім де тыныштықты бұзған жоқ. Әнші іркілмей отырып, барлық "Татьяна-хатын" ақырына шейін жырлап шықты да, күрсініп ап, маңдайының терін сүрте бастады. Үй іші сілтідей тынып қапты. Көкбай да, Шұбар да үн қатпайды. Бұлар сұрлана томсарғандай боп, Мұхаметжанның түсіне де қарамайды. Оның бетінен ыққан тәрізді. Көкбай Мұхаметжанның келісінен-ақ осындай бірдеме шығарын сезгендей болатын. Ішінен: "астам сөйлеп келіп еді, тегін емес екен" деп, мынау өлең мен әннің жөн-жосығын да сұрауға батпады. Өзге ақын-әншілер де осы сияқты халде отыр. Жұрттың үндемеген жым-жырттық күйін Мағауия ғана бұзды. Ол Мұхаметжанға әлі сүйсіне қараған жүзбен:

– Ал, Мұқа, енді бұл әннің, бұл өлеңнің жөн-жосығын айтпайсыз ба? – деді. Шұбар мен Көкбай Мұхаметжанға енді қарасты. Бірақ, екеуі де қатты күдіктен қараған тәрізді. Мұхаметжан бөгелген жоқ. Кішкене-молда жазған хатты Көкбайға беріп жатып:

– Бұл Пушкиннің сөзі емес пе, жігіттер! Соны жақында қазақшаға аударып және мынадай ән шығарып, "осымен айтыңдар" деген Абай ағам. Бәріңе жіберген, менен жіберген сәлемдемесі осы! – деді. Шұбар енді ғана жадырап, күліп жіберді.

– Уh! Жаным жаңа кірді ғой, Мұхаметжан "өзім шығардым" деп сала ма деп зәрем жоқ еді! – деді.

Көкбай да сүйсіне күлді:

– Бәсе, мынандай жыр шығарған, Мұхаметжан-ау, сен болсаң сенімен не деп тайталасар едім? Жолды беріп, енді өлеңді жалғыз сен айт, мен қойдым дегеннен басқа нем қалар еді? Түу, бағымды алып қоя жаздағандай боп шұқшиып ең, рахмет саған, рахмет, Мұхаметжан, – деді. Осы кезде Мұхаметжан сыртта қалған атын есіне алып, тысқа шығып кетті. Күні бойы терлеп кеп, енді далада аязда тоңазып, дірілдеп тұрған атын жылы қораға өз көзімен кіргіздіріп, жайластырып болып, Мұхаметжан қайта үйге кірген уақытта қараса, үйдің ішіндегі жай біртүрлі жат боп, өзгеріп қапты. Енді үлкен үстелдің ортасына пеш қырында тұрған лампаны әкеп қойысыпты. Бастығы Ысқақ боп, бес-алты кісі қағаз, қарындаш алып, үстелге жабысып қапты. Шетінен көшіріп жатқаны – Кішкене-молда жіберген "Татьяна-хаты". Мұхаметжан үндемей кіріп, есік алдында біраз тұрып, мырс етті.

– Е, мынаның бәрі менің бұйрығымды көшіріп жатқан песірім бопты ғой. Бәрекелде, Пушкин, тіпті әруағыңнан айналайын! – деді. Ақындардың құр күлгені болмаса, бұл сөзге жауап қайырар мұршасы да жоқ. Олар тегіс көшіріп болған соң, кеш бойында біреу домбырамен, біреу үнмен ылғи "Татьяна-хатын" айтуда болды. Тек үйрене алмағандар Мұхаметжанға бастатып, өздері екіден-үштен қосылып отырып айтты. Сонымен түн ортасы ауғанша, барлығының ден қойғаны – Мұхаметжан әкелген жаңалық сый еді. Көп-көп мезгіл өтіп, жатарманға тақағанда, бұл үйдің ішінде домбыра тартып, ән сала білетін адамның барлығы да Татьяна әнін, мұңын жаттап алды. Осы кештен екі күн өткен соң, қаладағы бір Уақтың қыз ұзататын тойына Мұқаны шақырысқан еді. Сондағы қыз-келіншек, күйеу-жолдастар, қайын-жұрт, жас-кәрінің ортасында " Татьяна-хаты " Пушкин үшін өзгеше жаңа бір қауым ортасында тұңғыш рет топ алдына шықты. Атақты әншінің үнімен орыс ақыны сазын шертті. Бұнда да барлық мәжілісті шын сезім, шыншыл наз ұйыта мүлгітті. Мұқа соңғы сөздерін ырғап, қайырып болғанда, әннің басынан-ақ құлай тыңдап отырған бір қарт сөз қатты:

– Қарағым, көп жаса, бойды балқытып-ақ ән айттың. Ал енді осыны айтқан кім? Соны бір шешіп берсеңші! – деп еді. Әнші жігіт:

– Орыстың баяғыда өткен ақыны Пушкин деген кісі болған екен соның сөзі. Қазақшаға аударған Абай – деді. Осы күндерде қалада, өзі кездескен мәжілісте Ысқақ та, Мұхаметжанның өзі де үнемі "Татьяна-әнін" айтумен болып еді. Қаладан қайтар алдында Мағаш Михайловқа соңғы рет кірді. Абайға досы жазған хатты алып отырып, бұндағы жас арасында қызығы басылмаған, жаңа әннің де жайын айтып еді. Абайдың Пушкинді аударғанын, әсіресе Татьяна хатын аударғанын естігенде Михайлов Мағашқа ентелеп, жақындай түсті. Бұл хабарға қызығып сұрастыра бастады.

– Қалай? Ибрагим Кунанбаевич "Татьянаны" қазақ тілінде сөйлеткен бе? Қандай боп шыққан? Маған қазақша болса да айтып шығыңыз. Асықпаңыз! – деді. Мағаштың жүруге ыңғайланып қолына ұстап отырған тымағы мен қамшысын Михайлов қос қолымен алды да, үстел үстіне қойды.

– Кәні, Мағаш, айтыңыз, маған айтып беріңіз! Абай аударған сөздерді менің білгім келеді! – деді. Мағаш Михайловқа тағы бір жаңалық айтты.

– Сөз ғана емес, әні де бар. Біз "Татьяна-әні" деп, қазір осы барлық Семей шаhарына күнде-күнде айтып, жайып жүрміз!

– Әні! Музыкасы ма?

– Оны кім шығарған? Оны да әкем шығарған.

– Айтыңыз ендеше, әнімен айтыңыз.

Мағаш осыдан соң, "Татьяна-хатын" Михайловтың жүзіне тура қарап отырып, түгел айтып шықты. Михайлов бұл кездерде қазақтың тілін көп түсінетін боп қалған-ды. Өзі жарытылысында ән-күйге де аса бейім адам болатын. Балалық тәрбиесінде музыка сабағын бірнеше жыл оқығаны да бар-ды. Мағаш әні соңғы кезіне жеткенде, ол ыңылдап отырып, бірге қостап, қосыла айтып шықты. Абай әнін о да жадында тез тұтып қалды. Айтумен қатар, әннің уәзінімен өлең жолдың өлшеулерін де санай отырып, жігіт әнін бітірген кезде, ол орнынан атып тұрды. Мағашты екі иығынан қысып, аз сілкіте түсіп:" рахмет, көп рахмет!" деді де сол арада тез сөйлеп кетті.

– Ибрагим Кунанбаевичке сәлем айтыңыз, мен оны құттықтаймын! Бұнысы жақсы, аса жақсы. Пушкинді оның халқы білмек керек. Білмек түгіл, сүймек керек! – деп, қызына сөйлеп алды. Соның артынан ән үстінде өзі байқаған бір жайын айтты.

– Бірақ менің ойымша, аударғанда Пушкиннің кей жерін дәл аудармаған екен. Әсіресе барлық жолдардың өлшеулері Пушкинмен үнемі бірдей шықпаған. Сіз айтқан әнге қарағанда, солай байқалды. Тек мен мұны кемшілік демеймін. Қазақшаны шала аңғардым. Түгел ұққам жоқ. Сондықтан өлеңнің бар жақсылығын біліп алмай, кемшілігін айтып сынау, әділетсіздік болар еді. Өзіңізше, өз білуіңізше, қазақша өлеңі жақсы ма, қалай? Пушкин осы Татьяна-хатына" қарағанда, сізше, өнерлі ақын ба? – деді. Соңғы сұрауына айрықша мағына беріп айтты. "Татьяна-хатын" қазақша оқығаннан бері Пушкин турасындағы Мағаштың ойы тіпті бөлек, аса қадірлеген ой еді.

– О, Евгений Петрович, Пушкин әр өлеңінде осы "Татьяна-хатындай" болса, біз қазақ баласы ондайлық қуатты көрген емеспіз. Пушкиннің біз білген ортада теңдесі жоқ па деп ойлаймын. "Татьяна-хаты" бізге әкем аударып берген көркінде Пушкинді соншалық қасиетпен, сәулетпен танытты! – деді. Михайлов бұл сөзден аударманың анық ақын аудармасы екенін аңғарып, Абайға тағы да алғысқа толы, қалтқысыз достыққа толы сәлемдерін жолдап жатты.

3

Бүгін Ақшоқыдағы ауылда қалың думан бар, ауыл әбігерде. Кешкі шайдан соң Абай отырған үлкен бөлмеге, қонақтардан басқа, барлық ауыл адамдары да бірі артынан бірі кеп, лық толған еді. Бөлмеге сыймағандарды Әйгерім, Ербол, Баймағамбет және Абайдың жас інісі Кәкітай төртеуі меймандос жүзбен түкпір үйге орналастырды. Ауыз үйге жайғасқан жастар да бар. Абайдың тату, сыйлас көршілері – шал Байторы, қартаң, Бүркітбай, Байқадам сияқтылар қастарына кемпірлерін ертіп кеп, Абайдың өз жанына отырысқан. Даусы жіңішке болса да, аса қатты шығатын Кәкітай Әйгерімге көмектесіп үш үйдегі жиынның бәріне өзі шай жасатып бергізген. Қай үйге барса да, ашық жарқын жүзімен жиынды ырзалап, үлкеннің бәріне әдепті іні болады. Жеңге құрбыларға әзілқой, ақкөйлек, ашық қайын боп, Абай мәжілісін бұл ауылдың барлық жанына еркін, қызық мәжіліс еткісі келеді. Кәкітай – Абайдың Ысқақ деген інісінің баласы. Жасы Мағауиямен құрдас. Ол екеуі достық пен туысқандығы, құрбылығы қосылып, жан жүзінде ең бір тәтті, ыстық жақындар болатын. Кәкітай Мағауиядан қысы-жазы айрылыспайды. Соңғы екі жыл бойында ұдайы Абай аулында, соның өз тәрбиесінде жүретін. Кең, ашық жүзді шошақтау келген сұлу, өткір көзді Кәкітайдың мұрны шолақтау болса да, бетінде бала-бозбалалық, уыз жастық бар. Жұқалау, қып-қызыл еріндері мінсіз, кінәсыз, тазалықпен тыныс алады. Қандай сұлу қызға бітсе де, мінді дегізерлік емес. Оның осындай айнадай ашық таза мөлдір жүзбен шіңкілдеп, қатты сөйлейтін және бар шынымен үнемі ашық сөйлейтін мінездерін Абай ерекше сүйеді. Өз балаларынан, тек Мағаш пен Әбіш болмаса, Кәкітайды сонағұрлым артық көреді. Оның әке-шешелеріне жібермейді.

– Ысқақ пен Тектіден, Мәнікеден не тәлім алушең? Сенің ата-анаң осында – өзім боламын. Менің бауырымда, қасымда өс, – дейді. Аса мейірленіп, Кәкітайды көңілдендіріп отырады. Қалаға барып оқи алмаса да, соңғы екі жыл бойында. Кәкітай Абайдың қасында отырып, орысша тіл үйренуге, жеңіл кітаптар оқуға бар ынтасын салып жүр. Жазды күні елге келген Әбіштен сол жаз бойы оқып қалған еді. Қалада, школда болған Мағауияның білгенінен де көп пайдаланатын. Өзі Абайдың қасынан екі елі айрылмайды. Ат үсті жүрісте, жай отырған мәжілісте, ас үстінде, қысқасы, Абайдың қалт еткен бос кезінде орыс тілі жөнінен, оқыған кітаптар мәндерінен үнемі сұранып, талмастан тімтініп, түртінумен болатын. Сол Кәкітай бүгінгі Абай аулының қонақтарына да үлкен қызу, қызық желік бітіргендей. Қонақтардың жастары Абайдан кіші болғанмен, қазір Абай алдында Кәкітайдың еркіндігін, ерке иелігін көріп, сезіп отырып, өздері де бүгін Абайға бір үйдің ішіндей, жанаса, жақындай түскен сияқты. Бұл қонақтар бөтен емес. Абайдың іні, достары, ақын, әнші, жас қауымы болатын. Олар барлық тобымен бірнеше ай Семейде жүріп, жаңа қайтып келген. Бүгін күн батар алдында Абай аулына көп шана, көп салт атпен асығып, сағынысып жеткен. Мұқа, Мағауия, Ырсай, Қысатай, Мұхаметжандар болатын. Жастар келіп, шайға отырмастан бұрын-ақ Абай мен Әйгерімнен, Ерболдан бүгінгі кешті өздерінше кең сауықпен өткізуге рұхсат өтінген. Топ атынан бұл жайды білдірген Ысқақ.

– Абай аға, біздің осы тобымыз биылғы қыста Семей қаласында шетімізден әнші ақын боп атақ алып қайтпадық па!Атақты әнші мына Мұқа былай тұрсын. Қалада қыз ұзатылса, келін түссе, сүндет тойы болса, ар жақ, бер жақтың барлық үйлері осы біздің бірде-бірімізді қолға түсіріп, өз мәжілістерінің шырайын ашуға сонша құштар болды! Тіпті қанымыз жерге тиген жоқ. Қалаңыздың алақанынан түскеміз жоқ деуге болады. Соның көптен-көп себебі – сіздің әндеріңіз, әнмен айтқызған өлеңдеріңіз болды. Әсіресе, мына Мұхаметжан апарған "Татьяна-әніне" тал бойы ұйымаған жиын көрмедік. Сүйтіп міне, аулыңызға осы кеп отырған іні-бауырларың ән-өнердің үлкен бір думаны боп, тың өнер тауып кеп отыр. Бүгін сол тобымызбен алдыңыздан өтейік. Біздің сауығымызды көріңіз! – деген-ді. Абай Ысқақ сөздерін күле отырып, сүйсіне тыңдады.

– Біреуіңнің өзің бір үйдің думаны болсаң, бүгін қауымың боп келгенде, Ақшоқыға қан базарды көшіріп келдік десеңші! Сал! Салыңдар әнің мен сауығыңды! – деді. Содан кейінгі сөзін шай бастала берген кезде, үй іші достарына қаратып айтқан.

– Әйгерім, Кәкітай, Ербол, Баймағамбет! Сен төртеуің, ендеше, ауылдағы анау көрші-малшылар қорасындағы барлық үйлердің шал-кемпірлерін, жас-желеңін түгел жиып әкеліп, бұлардың ән-сауығын бірге тыңдаңдар. Олардың көңілі сергіп қалсын. Мына қонақтарың болса, Семейдің қалың қала, мол жиындарында бәйгеге түсіп, төселіп келгендер, маңдайы ашылғандар көрінеді. Алқыны зор емес пе! Біздің төртеу ғана боп тыңдағанымызды азсынар, місе тұтпас. Осылар олқысынып, ұртын шайнап алмасын, үйренген қауымын, халқын қастарына жиып беріңдер. Бар үйлерге жайғастырып отырғызып, оларды да жақсылап қонақ етіңдер! – деген. Ымырт жабылғаннан бері қарай, Кәкітай, Баймағамбет екеуінің тыным алмай, сарп ұрып жүріп, жұртты жиғандары, көңілдене күткендері сонан соң басталған-ды. Думан-сауық басталғанша Мағаш Абайға қаладағы көп жаңалықтарды айтып отырған. Бір уақыт, әкесінің сұрауымен Михайлов жайына көшті. Өзінің Михайлов үйінде бірнеше рет болғанын айтты. Бұған да кітаптар беріп, көмек еткенін сөйледі. Сонымен бірге ең соңғы кездесуді есіне алды. "Татьяна-әніне "байланысты Михайлов мінездерін, Абайға айтқан жақсы сәлемдерін жеткізді. және де "Пушкин өлшеуі мен Абай уәзіні дәл бірдей емес пе?" деген күдікті ойы болғанын да жеткізіп берген еді. Абай Михайловтың танығыштығына таңырқап, сүйсініп сөйледі.

– Михайловтың айтқаны рас, жігіттер. Менің тәржімам Пушкин өлшеуімен үнемі бірдей түсіп отырған жоқ. Дәл тапқан. Одан басқа Татьянаның жүрек тілін қазақ тілімен айтқызуда, менің өзімше, өзімдік бір себептермен, кейде дәл шығармағаным да бар! – деді. "Өзімдік бір себеппен" дегенінде, өз қаны мен жанынан туған кейбір шындықтар барын тұспалдаған. Бірақ бұл жайды бұл отырыста осыдан әрі шешіліп, таратып айтқысы келген жоқ. Михайловқа сүйсінген ойына қайта оралды.

– Япыр-ай, қаншалық қайран қаларлық сергектік, сезгіштік бар Михайловта! Қазақ тілін жете білмейді, бірақ сонда да менің күдікті жерлерімді дәл басып айтқан. Бұ ғылым адамның бойына сіңіп, бар жаратылысын ағартқан шақта, қандайлық қырағы қасиет бітіреді. Қасымдағы қазақтан да алыста отырған Михайлов менің барымды біліп, болжап отыр ғой! – деді. Бұл кеш түн ортасына шейін созылған ән мен өлең, әсем өнер жарысының қызу еркін сауығы болды. Түнгі астан соң көршілерден келген қонақтар жатар мезгілін ойлап, тарасқан еді. Енді қала қонақтары мен Абайдың ең жақын айналасы ғана үлкен үйде кеңірек тыныш жайғасып отырысты. Бұл кезге шейін қонақтар мен ауыл адамдарының ішінде ән айтпағандар аз-ақ. Ол тек Абай мен Әйгерім ғана. Екеуінен басқаның барлығы біресе жеке айтқан Мұқа, Мұхаметжан болса, бірде екеулеп айтқан Мағауия мен Кәкітай болды. Кейде Ысқақ, Ербол, Баймағамбетке шейін қосылып, тобымен, өзінше хор болып та айтысқан. Ендігі отырыста Абай мен Әйгерімнің қалауы бойынша жеке, шебер әншілер ғана ескілі-жаңа әндерді айтып отыр еді. Бір кезекте Ысқақ пен Мұхаметжан Әйгерімнің өзі айтуын өтінді.

– Талайдан жеңешемнің әнін естімей кеттік қой!

– Неліктен айтпай кетті! Бір тыңдайтын шағымыз болмады ма, Абай аға! – дескен. Абай да Әйгерімнің нұрлана балқыған, ақ-қызылы шапақ атып көріктенген жүзіне аса ынтыққандай қарап қалған екен.

– Айтпай кетті ғой Әйгерім! Айтады деймісің! – деді.

Үнінде өкініш тәрізді, бір қимас қиналу салқыны да бардай. Шынында, соңғы бірнеше жыл бойында, Абай мен Әйгерім арасы тек бір сыйластық қана сақтасқандай. Көңілдің тоңы жібіп, бұрынғысындай еміреніскен күйді қайта таба алмаған. Сырт сүйіспендікпен ғана, бір орында тұрып қалғандай еді. Араларында алғашқы бақыт жылдарындай ұзақ сыр шешіп, шер айтатын сағаттар үзілген. Ыстық толқын күндері тоқталып, әлденеден тыйылып қалған болатын. Әйгерім жаңағы Абай назын көріп, сол бұрынғы күндердің ерекше нәзік сезімталдығымен, жүрегі дүр сілкінгендей болды. Жалт бұрылып, Абайға қараған нәркес қара көздерінде тұңғиықтанып тұрған көркем ажармен қатар, бір сұрау да бар сияқты. Күйлі, нәзік үнімен, ән ырғағын ақырын айтқан сәнді саздай етіп, сөз қатты:

– Мен бе едім, Абай-ау! Айтқызбай кеткен өздеріңіз, өзіңіз емеспедіңіз, – деп, сыпайы ғана күліп қойған.

– Ендеше айтшы, Әйгерім! Шертші барыңды. Білгенің, ұққаның бар ма, жаңа әніңді айтам! Бармеді сондайың? – деп, Абай өзге емес, енді тек Әйгерімнің айтқанын күтті. Осы кезде Әйгерім Ерболға сәл ғана қабақ қағып, белгі еткендей еді. Сыр мінез дос домбыраны Мұқаның қолынан алып, Әйгерімнің қасына отырып, Татьяна әнін тартып жөнелді. Сол сәтте бұл мәжілісте Абай өзі де көптен естімеген және естімегеніне енді өкінерліктей ететін, жіңішке күміс толқын, нәзік, сыңғыр үн кетті. Абай тыңдай отырып, таңдана түседі. Бұл білмесе де, өзі " үйрен " деп айтпаса да, Әйгерім Татьяна-әнін және Татьяна-хатын тегіс жақсы біледі екен. Ерболға жаңа белгі еткені – Әйгерімнің соңғы кездегі сырын сол білетін. Оған домбыра тартқызып, соның баяу үнімен айтуынан Татьянаның әнін де, барлық хатының ұзақ сөзін де Әйгерім өздігінен жаттап, біліп алған екен. Бұның әні шыққанда, Татьяна сазын осы күнге шейін айтып жүрген жігіт әншінің бәрі "шын Татьяна осы! Ал гүл жанған ақ жүзді, өзгеше нұрлы Әйгерім", деп, "дәл өзі" деп таныды. Таныды да, қыбыр етпей сілтідей тынды. Абай да алғаш әнді шығарған күні Мұхаметжан айтқанда, бір тамашалап тыңдаса, сонан соңғы анық бойы еріп тыңдағаны осы. Ауылда, Абай қасында, әнші жастан ешкім қалмағандықтан, Татьяна әні тек домбырада болмаса, әзірше көп айтылған жоқ-ты. Әйгерім қазіргі сәтінде Абай үшін жаңа бір тыныс, туыс тапқандай. Сонау жылдарда ері Әйгерімнен көз ала алмай, демі үзіле қыбыр етпей, ұйып тыңдайтын күйін тапты. Қазір Әйгерім өзі де әндегі сөзді бір дыбысын бұлжытпастан анық етіп, әрбір азғантай нақысын да бар жанын салып, жеткізе айтады. Ән емес, бұл сәтте ол, арманын, назды мұңын шертеді. Татьяна назы емес, өз жүрегінің қайнай шыққан ыстық жалын шынын айтады. Жан-иманын, жас мінажатын, құпия дұғасындай етіп, жалғыз қадірлесіне арнайды. Абайға айтады ...

...Өзге ешбір дүниеден

Еркімен тимес бұл жүрек.

Әуелде тағдыр иеден

Қожам сенсің, не керек.

...Әуелде кірдің түсіме,

Ортақтасып өміріме.

Толғау салып ішіме,

Сол күнде-ақ жақтың көңіліме...

Құдайдан болғай деп емі,

Құдайыны мол бердім.

Көрген жерде-ақ мен сені,

«Осы екен ғой, сол!» дедім...

Тағы да толқынып, назды, мұңды жар шері ширатылады. Қазір Әйгерім жүзі аппақ бопты, қызыл арай жоғалғандай. Шын шабытты ақын, ыстық толқынына беріліпті. Даусына, сөзіне бар жаны да өзінің шыншыл тынысымен тұтас еріп қосылғандай. Айтқан сайын нәзіктеніп, нұрлы сырын аша түскендей. Жиынды ұмытып, бір Абаймен наздана, кінәласқандай. "Жазығым бар ма еді? Болса, кешпесің жол ма! Өзіме өзің ғана болып, барыңменен келмесең жол ма! Тапшы қайта бұрынғы жарқын, ыстық күніңді. Тапшы өзімді!" дегендей.

...Жатқан сайын ұйқыға,

Дұға оқушы ем шошынып.

Ұнатып мені халқыңа

Жүруші едің қосылып...

Шеше көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыш,
Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс.

Осыдан соңғы жолдардың жібек талдай нәзік ширатылған сөзі мен ырғағы Әйгерімнің бар қуатын, ендігі шыдамын, ықтиярдан тыс әлсіретіп, үздіктіріп апара жатқандай.

...Не болса да, өзімді

Тапсырдым сізге налынып.

Толтырып жасқа көзімді,
Есірке деймін жалынып...–

деп келді де, Әйгерім тоқтап болмастан өксіп жылап жіберді, тына қалды. Үй іші де жым-жырт. Абай құп-қу боп, екі көзі шарасынан шығып үлкейіп, бар денесі тоңази дірілдегендей, қабақ шытып қалды. Қатарында отырған Әйгерімді қатты қысып құшақтай алып, жасты көзінен ұзақ сүйіп алды.

– Әйгерім! Асылым! Әніңмен, жасыңмен қайта таптың ба! Татьянаның әні, наз-мұңы сенің де жүрегіңнің шыны боп шықты-ау көңіліңнен! – деген еді. Екеуінің айналасындағы жас достар қауымы да бұлардың күйін соншалық жақсы ұғынды.

– Қайран Татьяна, қазақ қызынан да мұңласыңды таптың ба! Талай шыншыл жасқа тіл бітірерсің-ау! – деген еді Ысқақ. Өзге жұрт үн қатқан жоқ. Бірақ " анық рас, шын солай " дескендей, ым қаққандай болысты. Жастар Абай мен Әйгерімді енді қайта сөйлете алған жоқ. Ол екеуінің жүрегі қазір сөзді қажет етер еместей. Үнсіз халдеріне шыншыл көңілдері қазір-ақ сырласып отырғандай. Қайта оянған қатты ғашықтық енді көлденең бір сөзді де, көлденең бірде-бір көзді де керек етер еместей. Осыны анық аңғарған Мұқа мын Ысқақтар ақырын тұрысып, тараса берді. Аз уақытта Абай мен Әйгерім екеуі ғана қалғанда, біріне-бірі соншалық ыстық жалынмен құшақ жайып, ұзақ сүйісіп қалған еді. Бірталай жыл ұғыса алмай, тығылып қалған іштегі түйіндерін ән таратты. Шабытты, тең ақынша табыстырды. Бұл өмірде енді қайтып қажымастай, айнымас, азбас махаббат табыстырды. Татьянаның мұңды сазы мен шерлі назы қайта қуантып, өшкендерін жандыра табыстырды. Осылайша 1887 жылдың қысында, орыстың данасы Пушкин өзінің сүйікті Татьянасын қолынан жетектеп кеп, кең қазақ сахарасына ең алғаш рет қадам басты. Өзі тыңдаушысын ұйытқан қадірлі ақын болды. Татьянасы қазақ жасының жүрек сезіміне бұрын қазақ сөзімен айтылып көрмеген көркем, шебер тіл бітіріп, жандай жақын туысы бола келіп еді.

ЭПИЛОГ

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан салалы жырлар көшіріліп жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады. Бұл атырап, бұл сахара бұрын естімеген сарын есті. Ғасырлар бойы жұмбақтай үнсіз сұрақпен мелшиіп, мүлгіп тұрған далаға жел қанатымен жырдай жауап есті. Игі желдей. Жыл жетерін білдіретін көктем желіндей есті. Ол – тарихтың жаңа бір төлінің үні. Арттағы қыстан тумай, алдағы жаз үшін, жаздың жаңа өсім-өнімі үшін, гүл атар тірлігі үшін туған төлдің үн-лебізі. Оның жыры – жаңа дүние көксеуші, жаңа өрісті іздеуші жыр. Барлық сергек ой, сезімтал жүректер үшін, тынымсыз ойлар үшін, алысар жігер үшін туған жырлар еді ол. Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, көшіріліп, әуендеп толқып Ералыға жетті. Абай қалаға апарып оқытқан жатақтың жетім балалары Хасен мен Садуақас кеш сайын өздері көшіріп алған өлеңдерді оқиды. Құдық басында, кешкі ауыл сыртында, от басында әр кезде Абай сөздерін бұларға оқытып отырып тыңдайтын Дәркембай бастаған көп кәрі-жас бар. Абайдың аға досы Дәркембай насыбайын иіскеп, шіміркене түсіп, хат оқыған жасқа жабыла тақап, ұзақ тыңдайды

...Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузына түсті мұртың...–

деп, ел мұңдары боп кеткен Абайды көз алдына елестетеді. Оның айтқанына сенеді Дәркембай. Ақын мұңына қарт көңілінің мұңын қосып бас изейді. Дәндібай, Еренай боп, бір кезек "Күзді" оқытады. Бір емес, қайта оқытады–

Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы...–

дегенде, барлық кәрілер құшырлана күледі. Бұны бекер еді деп ешбір Тәкежан, Майбасар, Оразбайлар да айта алмас. Осы қарттар үй іштерімен бай ауылдардың шетінде талай кешірген күйлер, күндер ғой. Сондайлық өз күйлеріне дөп тиетін өлеңдерді бұл жиын әсіресе көп оқытады. Оқытқанды місе қылмай.кейде "мақамдап айт", "әндетіп оқы" деп, жастарға әнге қосқызып айтқызады. Бір кезек бар жастар қосылып, жырлап та кетеді. Қоңыр кеште көп жастың үнімен толқыған шындық жыры тыңдаушы қарттарды қатты таңырқатады. Сүйсінген үндер шығады...

– Сөзі қандай!

– Неткен сөз!

– Алпыс екі тамырды шымырлатқан сөз.

– Айтарсың. Осылай айтарсың. Қазақ баласы айтпағанды сен айтарсың, Абай! Асылым! Шөлімдегі жалғыз алтын терегім. Шөлден шүлен боп туған сергегім! – дейді Дәркембай. Көп үнсіз тыңдаушының сүйсінген жалынын атады. Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән көшіріліп, жатталып Мұхаметжан әуенімен Ұлжан аулына жеткен еді. Кеше кеш бойы Оспан отауында Мұхаметжан Абай сөздерін әрі оқып, әрі жырлап берген. Ауылдың жас-желеңі, көп көршісі Еркежан мен Оспан отауын іштен кернеп, тыстан да жапырлай басып, анталап тыңдаған. Ұлжан Абайды көптен, қыстан бері көрмеген. Ана көңілі сағынышты еді. Таңертең Мұхаметжанды өз алдына шақыртып, Абай сөздерін көп оқытты. Кірген мен шыққанға, ат үсті жолаушының келгеніне де қараған, мойын бұрған Ұлжан жоқ.

Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Келейін сендерге де енді аяңдап..–

депті баласы. Анасына да ескерткені де! Бұрынғы кейбір надан ақынды. Сатымсақ сөзді, мәнсап мәзді шенепті баласы

Ел бүлігі Тобықты,
Көп пысыққа молықты!..–

депті бір кезек.

Ұлжанның Абай сөздеріне әрі таңырқап ырза болып, әрі тереңдеп ойланып ұйып қалған қалпын Оспанның қатты күлкісі бұзды. Шешесінен төмен отырған Оспан да кешеден бергі әдеті бойынша үндемей, қыбыр етпей тыңдап еді. Әлі күнге "жақсы, жаман" деп бір ауыз сөз қатқан жоқ-ты. Қазір сол үнсіз Оспан шұғыл құбылып, қатты өзгерді. Қарқылдап күліп, құшырлана мәз болады. Анадай жерде қиыс отырып, қымыз ішіп жатқан Тәкежандарға қарап, иек қағып, соларды мазақтап күліп отыр.

– Әні... Ана отыр! Ойбай-ау, тап мыналар ғой сол айтқаны!

Ел бүлігі Тобықты,
Көп пысыққа молықты!..–

дей түсіп тағы күледі.

Тәкежанның қасында Оразбай мен Жиренше бар-ды. Солардың өлеңді де қазіргі Оспанды да жақтырмаған қабағын тани түсіп, бұл енді әсіресе мәз болды. Қазір айқын мазақ ете күледі. Жиреншеге баяғы тентек, сотқар бала Оспан, бүгін қайта балалық қаз-қалпымен келіп күліп отырғандай көрінді.

– Немене, Оспан, балаша ыржақтап, саған не болды!? – деді.

Оспан оның сөзін елеген жоқ, екілене түсіп, қатты дауыстап:

– Осы үшеуіңнен бүлік атқамінерді ендігі Тобықтыдан іздесе табар ма кісі, деген. Төбелеріңнен түйіп түскен жоқ па Абай, құдайшылығыңды айтшы өзің, ей, Жиренше! – деп, әзілдей берді. Оспанға Абай өлеңінің анық сыры енді танылған. Ұлжан Оспанды қостап ақырын мырс беріп күлді де, қайтадан ойланып қалды. Көп өлең оқып берген Мұхаметжанды енді біраз тоқтатып отырып, барлық үйдегілерге анық естіртіп, салмақты бір сөз қатты.

– Туғанынан... Тіпті титтейінен Абайым бір төбе, өзге қалған өрен-жаран бәрі бір төбе еді. Аналық бүйірімді тоқ етіп жатқан бір алтын жамбымдай көрушем. Өзімен бірге туған аналық тілегім, үмітім екен. Бүгін сол тілек пен үмітім мынадай бәйтерегім бопты. Енді мен өлсем де арманым жоқ ана екемін-ау! Шүкірлік еттім, тәңірі. Зор тәңрім! – деді. Үй іші жым-жырт боп тыңдаған екен. Аналық шын мінажат, дұға естігендей еді. Бірақ аз аялдан соң Тәкежан жаңағы Оспанға ыза болған қалпына қайта келді. Шешесінің сөзін де жақтырмапты.

– Әй, апа-ай! – деп, Ұлжанға бұрылды да: – Әйтеуір бар бейліңді бергенің сол болған соң айтасың ғой. Болмаса сенің балаңнан басқа да талай текті, тілді қазақ боп еді ғой. Солар айтпап па еді: "құдайға шүкір, тұқымымыздан бақсы мен ақын шыққан жоқ" деп. Сен балаң бақсы-құшнаш болды деп несіне мәз болдың!? – деді. Жиренше кейдегі сайқал әдетінше, үнсіз сылқылдап күліп, Оразбайдың санын шымшып, Ұлжанды бағып қарап қапты. Ұлжан Тәкежанның сөзінен жиреніп кетті.

– Е-е, ұялас итпін деп отырсың ғой. Ұяластың да бірі құмай болғанда, бірі сендей бөрі ала болады екен-ау, хұдауәнда! Десең, де! Бірақ сені Абайдың бір сынық қара тырнағына алам ба екем мен! – деді. Түсі ашулы екен. Ажымы қалың, кең жүзі аппақ боп, екі көзі жасқа толыңқырап, қанталай қызара түсіп, Тәкежанды қатты атып қарады. Тәкежан тымағы мен қамшысын бір қолына шапшаң қымтып алды да:

– Жүр! Жүріңдер түге! – деп, Жиренше мен Оразбайды өзімен қоса тұрғызды.

– Алжыған шешенің айтарын естіп болдық қой! Жүр! – деп адымдап шығып кетті. Ақшоқыда туған ән жатталып, сол күндердің бір кешінде ұйқысыз жатқан Құнанбайдың құлағына жетті. Бір ызың ән түн ішінен үзілмей соғады. Төсекте көп аунап, тыныштығы қашқан кәрі сол бір ызың сарыннан құтыла алмайды. Қайта-қайта бір сөз келеді. Ол күзетші жас жігіт Кәрібжан айтқан ән. Сөзі де Құнанбай құлағына еріксіз қақтығады. Кәрібжан жаңада ұққан, бірақ шала ұғынған ән – "тәңір қосқан жар едің сен..." болатын. Күзетші жас жігіт осы өлеңнің алғашқы бір-ақ аузын айтады. Қызыққан сөздерін қайталай береді. Құнанбай құлағына жат сөз, алыстан әсіресе өзгеріп, бұзылып ұғылады. "Тәңір соққан", "тәңір соққан" боп басталатын сияқты. Өлең сарыны мен шала-шарпы сөзінен құтыла алмаған Құнанбай бір кезде даурығып Нұрғанымды оятты.

– Қалмақ! О, Қалмақ! – дейді. Тоқалын ол Қалмақ деп айтайтын. Осы анау күзетші "тәңір соққан", "тәңір соққан, дей ме, не дейді? Кімді қарғап, сілеп жүр сол зар жақтанып? Білші! – деді. Нұрғаным күзетші әнін білуші еді.

– "Тәңір қосқан жар едің сен", – дейді ол. Абай шығарған ән деп, жұрт айтып жүрген жоқ па! – деді.

Құнанбай аh ұра күрсінді де, іргеге қарай аунап түсті:

– Айтпасын! Зарламасын! Тый барып! Мазамды алды! – деп, үні өшті...

...Тәңірі қосқан жар едің сен,

Жар ете алмай кетіп ең...

Нұрғаным Татьяна зарын түгел естіп, алғаш ұққан шағында қатты мұңмен кеткен. Бұл сөзде оның өзінің де шері жүр. Есіне Базаралы кеп еді. Ән басталғаннан, а дегеннен сол сағынышты, өкінішті дос есіне түсіп, іштен тынып, тұнжырап қалған-ды. Күзетшіні қасына шақырып ап, Нұрғаным оған:" айтпа, тоқтал" деген жоқ.

– Әніңді ана жақ шетке барып, алыстан айт! Бұл жаққа келгенде ақырын айтпасаң, кәрінің ішін өртейді. Ыстық өлең. Өлеңің оттан да ыстық боп тұрған жоқ па! Жақпайды бұнда! – деп, сәл ғана күрсінді де, үйге қайтты. Күзетшіге емес, өзіне өзі айтқан іштің, жанның сөзі еді. Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, әуенге қосылып, кең атырапқа тарап жатты. Даланың қоңыр желіндей, жай соққан самалындай лүпіп-толқып, Тобықты жайлауларын түгел шарпып өтті. Сырттағы Керейге, ойдағы Уаққа, Арқадағы Қаракесек, Қуандыққа да кетті. Аягөз, Тарбағатай, Алтай Наймандарына да жетіп жатты. Сол кезде Машандағы Найман атты шал аулына да жеткен еді. Ойда жоқ бір шақта ауылдың шеткі үйіне қалыңдық ойнап жүрген күйеулер кепті: жұпыны киімді екі жігіт өздеріндей кедей үйінен қыз айттырған күйеу екен. Сол күйеу Молдабек әнші болып шықты. Көрші шеткі үй Тоғжанды аса сыйлаушы еді. Енді күйеу келген кішкене сауығына момын көрші шақырған соң, Тоғжан әдейі келіп еді. Сонда ойда жоқта "Татьяна-хаты", "Онегин-жауабы", "Татьянаның-екінші-сөзі" толқып кетті. Оңаша тыныштықта, қоңыр кеште, бұрын естілмеген нәзік терең мұң қалқып тұр. Тоғжан жүрегі ән басталған жерден: "Абай!" деп, "бұны айтқан тек Абай!" деп, нық байлады. Өлеңнің тегін, мәнін сұраған да жоқ. Тоғжан тақатынан айрылғандай болды. Көптен бері сезінбеген бір жалын жүзін де, жүрегін де лезде шарпып, жан әбігеріне салды. "Өз сөзім емес пе мынау!?", басқа өмірге ырза болмасам да, көндім" деп тұр. "Сүюден, сағынудан жаңылмасам да енді екеумізге қайта бақыт жоқ" деп тұр ғой. "Осы еді-ау!". Жасын жұтып отырып айтса да, ауру досына, арманды досына Тоғжан өзі айтқан сөз еді-ау. Ұмытылмапты. Өшіп, жоғалмапты сондағы шын жалын. Енді әнге түсіп, мұңды шер мұншалық көрікті сәнге ауысыпты. Ойда жоқта бұған жеткен жан сәлемі сабырын алмай қояр ма! Тоғжан ыстық жастық шағын тауып қобалжиды. Ұзақ кеш бойында бір жанып, бір тоңазыды. Үзілместей үнсіз жастарын қат-қат тамшылатты. Ішімен Татьяна әнін соншалық нақыштап, көп қайырып, құпия қайырып айтып кетті. Жаздың бір тыныш кезінде Қасқабұлақта, биікше тастақ төбенің басында, кешкі ауылдың тірлік тынысын тыңдап Абай отырды. Бұның оқшау аулы сыртқа шықпай, бауырда қалып, Ойқұдық, Ералыны жатақтармен көрші жайлаған. Қалың ел дырдуынан әдейі жырылып, қалыс қалған еді. Бүгін таңертең сырт жайлаудан көп жолаушы жас қонақтар, ақын, әнші достар келген еді. Абайға солар жаңа қуаныш хабарлар жеткізген. Абай сөзі халыққа жағып, кең жайылып кетіпті. Қарқаралы-қоянды жәрмеңкесіне жиналған төрт арыстың бар кәрі-жасы Абай атына қанық бопты. " Абай деген жақсы шығыпты". "Сөзі, өсиеті бөлек, білгіш шығыпты", "халыққа қамқор, мұңдыға дос, жуан-содырға қас жан дейді", "Тобықтыда туса да, бір Тобықты емес игі ел жақсысы, ел ұлы боп туыпты", "сөзін тыңдаймыз. Өсиетін ұғамыз" деседі екен жұрт. Мұқа, Мұхаметжан, Мағаш, Кәкітайлар осы хабарларды Абайға қуанышпен әкеліп, аға ақын, дос ұстаз жанында масаттанады. Абайды өздеріне мақтан тұтып, мәз болысады. Абай мен Әйгерім бұларды үнсіз ырзалықпен, ұзақ тыңдап болған еді. Енді Абай сол топтан жалғыз бөлініп, өз ойымен оңаша шығыпты. Қазір ол кешкі дүние көркіне сыр қосады. Шексіз жайқын боп Ералы, Ойқұдық, Қорық далалары созылады. Кең әлемнің бұдырсыз жазық жүзі жадырап тыныс алғандай. Батар күннің қиыс түскен шұғыласы даланы қызғылт жарқын нұрға бөлепті. Тегіс, шексіз рахат нұр. Шабытты ақын көңілі қазір көз алдында дала емес – теңіз, кең тыныш теңіз жүзін көргендей. Сол теңізге, өмір тарих мол мұхитына бір кеме жалғыз жалауын көтеріп, жол тартты. Алға басты, белгісіз болса да ғажайып шұғылалы бір жағаға, ұзақ сапарға басты ол кеме. Жалауында "Тартыс", "Үміт" деген ұран бар. Халық үмітін үстіне арқалаған сол кеме "келешек" деген жағаға қарай тартты. Бұл "Абай-кемесі", кең жайқын әлемде сенімді, түзу жол сызып, маңып барады. Алға барады, ұзап барады. Биіктен қиян, алыс көкжиекке қадалып қараған Абай көзі, ой көзі, сол кемені оң сапарға ұзатып, талмастан телміре қарап қалыпты. Бар жазықтан үстін биік төбеде, шабыты мен өзі боп отырып қалған Абай қуанышты бір мақтаныш сезді. Оның сол мақтанышқа хақы да бар еді. Осы күйі, бір ғана сәт жалт еткен сәл қуаныш жүзі екен. Енді сонымен ілес тағы бір толқын ойлар кеп, көңіл жарына қатты соқты. Көшкен бұлттай, қарауытып ауып келген ауыр ойлар шындық кескінін танытады. Жаңағы жалтыраған күн шуақты қуаныш сәулесін енді күдік пен дерттей, соңғы ойлар бұлттары бүркеп басып барады. Алда – өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз. Шынға келсе, жапа-жалғыз. Рас, оның бір қуаты, бір үміті бар екені рас. Қуаты – ақындық, үміті – халық. Бірақ бірі оянбаған күш болса, бірі танылмай, ұғылмай кетер ме! Жетер ме сабыр, жетер ме қайрат. Жалғыздықтан жасымас қайрат жетер ме! Өмірдің беліне шығыпты. Сол арттағы жолда жоғалтқаны көп пе, тапқаны көп пе? Рас, жоқалтқанының көбіне өкінбейді. Жақыннан әке, Құнанбай кетті жат болып. Туыстан Тәкежан, Тәкежандар кетті жауығып. Оразбайлар, Жиреншелер де бірі артынан бірі шұбалып кетіп жатыр. Үзілсін бұдан. Кетер кете берсін. Әлі де кетер табылар. "Бірақ халық қалса, халыққа жолымды, жанымды қосар қолымдағы жарық қалса, жеткені!" деп, өзіне-өзі осы отырыста құпия бір ант-серт айтқандай бекінеді.

Жаңағы мұхит қайда?!

Абай кең далаға тағы қарап еді. Мұхит емес, күндегі құлазыған дала боп көрінді. Ол әлсіз, жүдеу Ералы жазығы. Сол жазықта енді шаң шығады. Будақ-будақ бүлік шаң. Бұ не? Абайдың қасына дүсірлетіп шауып отырып, асығыс жүрісті бір салт атты жетті. Сырт жағынан келген аттыны Абай енді ғана аңғарды. Жүргіншінің астындағы аты қан сорпа. Жатақтан, Ералы жатағынан, Дәркембайлар тапсыруымен асығып жеткен шапқыншы екен. Жас жігіт Абай оқытып жүрген шәкірт – Садуақас боп шықты.

– Анау шаңды көрші, Абай аға! Сол жау! Жатақтың азғантай жылқысына тиген жау. Айдап, қуып әкетіп барады, әні. Тағы тиіп әкетіп барады сойқандар! – деп, жігіт жылап жібергендей болды. Теңіз де, қиял да жоқ. Аз алданыш, қуаныш та сөне берді. Тағы өмір шындығы. Тағы тірлік тартысы Абай алдына еселі сыбаға тартты.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙