TELEGEI

Home

Боранбай барон - теріс ағаш

Нұрғали Ораз

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Боранбай барон - теріс ағаш

Нұрғали Ораз шығармалары әр алуан тақырыбымен, жоғары талғамымен ерекшеленеді. Әңгімелерінде артық дүние жоқ. Себебі, шынайылыққа құрылған шығармада өмір құбылыстары суреттелген. Ақ көңіл қасиет, парасаттылық – әңгімелерінің басты өзегі.

әңгіме Біз әңгіме етіп отырған Боранбай барон өзінің бұл пәнидегі ең алғашқы алыс сапарын ауылдағы сегіз жылдық мектепті өлдім-талдым деп жүріп бітіріп шыққан жылы бастаған екен. Иә, айтпақшы, оның өлдім-талдым дейтін себебі, бесінші сыныпқа дейін өзге балалар секілді бірсыдырғы тәп-тәуір оқып келе жатқан да, алтыншыға жете бере аяқ астынан нілдей бұзылған. Ал енді, нілдей бұзылғандығының себебі – сонау бір кездің өзінде-ақ бұйра шаш, бадырақ көз қара бала Боранбайдың бойынан басқаларда жоқ бір қызық қасиеттер байқала бастаған. Сонан кейін-ақ оның оқуы оңбапты. Өйткені мектеп деген нәрсені мүлде ұмытып, апталап-айлап ат ізін салмай кететін болған. Қазығұрт тауындағы жылқышыларға, Құмсайдағы қойшыларға, Шошқабұлақтағы тауықшыларға кетіп қала беретін әдет тапқан. Қысқасы, Боранбай бала қып-қызыл қаңғыбас болды да шықты. Әрине, таудағы жылқышыға да, шөлдегі қойшыға да, сасық бұлақтың басында отыратын тауықшыларға да қай кезде болмасын көмекші ауадай қажет-ақ. Әсіресе шаш-етек шаруа жағадан алып, мойын бұруға шамаң келмей қарбаласып жатқан шақта, құдайдың өзі жәрдемге жібере салғандай қыр жақтан салпақтап келе қалатын қолқанат балаға олар қуанбаса, ренжи қоймайды. Шала-шарпы шай демдеп беріп, ауыл-аймақтың жаңалығын асығып-аптығып жүріп сұрап алғаннан кейін оның шамасына шақтап шаруа тапсыра салады. Бұл жаққа неғып келдің, мектептерің жабылып қалған жоқ па, сабағыңнан қалып қоймайсың ба деп оны ешкім де тергеп жатпайды. Жол-жөнекей кезіккен көлікке жармасып, ара-арасында біраз жер жаяу жүріп, әжептәуір машақат көріп жеткен Боранбайға да керегі сол – сұрамағаны ғой. Тіпті одан біреу соның бәрін тәптіштеп сұрай қалған күннің өзінде де табан астынан бере қояр жауабы да жоқ. Өйткені бұл жаққа неғып келгенін, қандай құдірет айдап әкелгенін біз түгілі, оның өзі де білмейді. Әйтеуір, осылай қарай көңілі тартты да тұрды, бар болғаны сол ғана... Оның есесіне Боранбай қонақ екенмін ғой деп күй таңдап жататын кісі емес, қолды-аяққа тұрмай кез келген істің бір ұшына жармаса кететін елгезек бала. Ал ауылда апасы: “Жүгірмектің әкесі де тап осындай жұрттан өткен қаңғыбас еді. Мен алғаш келін боп түскен жылы аяқ астынан екі ай жоғалып кетіп, әзер тауып алғанбыз. Бұл да қанына тартайын деген екен!” – деп күйіп-пісіп отырады. Кейінгі бір жылдары астық тасымалдау пунктіне есепшілік жұмысқа ауысып кеткен сынып жетекшісі Бағысбай ағай да: “Әй, осы көресіні Әлтаевтан-ақ көрдім-ау!” деп жүреді шыж-быж болып. Әрине, мектептегілердің сабақтан көп қалған баланың басынан сипай қоймайтыны бесенеден белгілі емес пе. Боранбай Әлтаев та алтыншы класта бір жыл, жетінші класта екі жыл қалып қойып, қайта-қайта оқып сегізіншіге әрең өтті. Ал соңғы жылы одан мұғалімдердің өздері-ақ құтылуға асыққан болар, әйтеуір көп бөгеуге тырыспапты. Дегенмен, пікір плюрализмі дегеніңіз мектепте де жоқ емес, құдайға шүкір, баршылық. Сондықтан олардың ішінде де: “Жалпы, Әлтаев жаман бала емес. Мысалы, әдебиетке бейімі бар...” деушілер табылған көрінеді. Бірақ Боранбайдың өзі де бұдан ары қарай бас қатырып оқып жатуды мүлде қажетсіз, қол арбаға қосымша доңғалақ орнатқандай артық тәш-піш деп есептеді. Несі бар! Сегіз жылдық білім де қадіріне жете білген кісіге аз дүние емес. Және оған кластан-класқа көше алмай қалып қойып, қайта-қайта қайталап оқыған қосымша оқуды қосыңыз!.. Жалпы, осы да жетеді. Сегіз жылдық біліммен-ақ әлі талай-талай сергелдеңі мол серілік дәуренді бастан өткізуге шама келеді. Боранбай бала сегізінші сыныпты бітірген жылы жазда біздің ауылдың шетіне цыгандар таборы келіп қонды. Үстіне шатыр тіккен ат-арбаларын Кіші Келес өзенінің жағасына қаз-қатар тізіп қойып, түнімен от жағып, ән салып, би биледі. Бергі беттегі қазақ аулының ұйқысы бұзылып, таң атқанша оқтын-оқтын жастықтан бастарын көтеріп қарап, әр түрлі ойға шомып жатты. Көп етекті қызыл-жасыл көйлек киген цыган қыздары қандай сұлу, қандай ерке, қандай еркін десеңізші... Таборды көрген бойда қаңғыбас Боранбай, өз үйірін тапқан құс сияқты, бергі жағада тыпыршып отыра алмады. Тұп-тұнық суы тобықтан ғана келіп, сылдырай күліп ағып жатқан Кіші Келес өзенін ит сияқты шалпылдатып кешіп өтті де, цыгандардың жанына жетіп барды. Тіміскіленіп жүріп олармен не деп түсініскенін кім білсін, әйтеуір, қас пен көздің арасында тез-ақ тіл табысып кетті. Ал сол күннің ертеңіне біздің ауылда бір қой, екі-үш күрке тауық, бес-алты жай тауық және Боранбай бала ұшты-күйлі жоқ болып шықты. Кеше кешкілік Кіші Келестің жағасына келіп қонған цыган таборының орнында бүгін арбалардың айқыш-ұйқыш ізі мен әлі толық сөніп бітпеген қоламта ғана бықсып жатты...

Сол кеткеннен Боранбай бала мол кетті.
* * *

Келесі жылы біздің бейғам ауылды шырт ұйқыда жатқан жерінен түн жамылып келіп тонап кететін қай-қайдағы бір ұры-қарылар пайда бола бастады. Алғашқы кезде олар Қазығұрттағы жылқышыларды, Құмсайдағы қойшыларды қан қақсатты. Сонан соңғы кезек біздің ауылға жетті. Ұрлықтың “бісмілләсі” Байқазақтың ертең Шора-базарға апарып сатайын деп отырған қызыл тайыншасынан басталды. Шіркін, былқ-былқ еткен семіз күйінде базарға аман-есен жеткенінде, бес жүз мың теңгені ойланбай-ақ санап алуға болатын бітімі бөлек мал еді. Бұйырмаған екен. Байқазақтың іші удай ашып, бармағын тістеп қала берді. Бір-екі аптаға дейін бала-шағасына айқайлап, әйелімен шаңқылдасып ұрсып, үй-ішінің берекесін алып жүрді. Қызыл тайыншаның қолды болғанына күмән жоқ еді. Өйткені бас жібін біреу мұқият орап, маңдайшаға іліп кетіпті. Соған қарағанда, тіпті нағашысына жиендік жасағандай, асықпай-аптықпай жүріп алғанға ұқсайды. Содан кейін де ауылдың әр тұсынан қорамызға түнде ұры түсті деген әңгімелер жиі-жиі естіліп қалып жатты. Тіпті біреудің далада ілулі тұрған көйлек-дамбалына шейін сыпырып алып кеткен көрінеді. Бұдан соң біздің ауыл да қашанғы бейғам жата берсін, түнде жатарда қораларына құлып салып, есігінің алдына иттерін байлап қоятын болды. Бірақ сонда да ұрлық тоқталмады. Ең қызығы, әлгі ұрылардың әбден әккіленіп алғаны сонша, ауылда оларды көріп қалдым, біліп қалдым, тым құрыса сезіп қалдым деушілер де жуық арада табыла қоймады. Тіпті олар қораға түсетін түні ауыл иттерінің үрмей қоятынын қайтерсіз... Бір күні ауылда мынандай бір қызық оқиға болды. Боранбайдың үйімен көрші тұратын Балымша жеңгей кешкі апақ-сапақта мал жайғап жүріп, қораның түкпірінен әлдеқандай бір тықырды естиді. Бұл не болды екен деп үңіліп қараса, біраздан бері бордақылап семіртіп отырған қара тұсақты біреу артқы аяғынан ұстап алып, дырылдатып сүйреп шығып келе жатыр екен.

– Кімсің-әй? – депті сасып қалған Балымша.

– Есенсіз бе, жеңеше! – дейді бір таныс дауыс жайбарақат.

– Құдайға шүкір...

– Үйдегі інішектер қалай, шауып-шапқылап жүр ме?

– Рахмет, қайным... Жүр ғой...

– Әбдіәкім көкем үйде ме?

– Көкең моншаға кеткен...

– Ә-ә, келіп қалар. Былай тұрыңызшы, өтіп кетейін.

Әлгі жерде аңқау Балымша семіз тұсақты дырылдатып сүйреп бара жатқан жігіттің бет-жүзін апақ-сапақта жөнді байқай да алмай, есік аузында ығысып жол беріп қала беріпті.

Ол әбден ұзап кеткен соң ғана іші бірдеңені сезіп:

– Әй, сен өзі кімсің?! – деп дауыстайды.

Бірақ оған енді ешкім жауап қатпайды. Сәлден соң терлеп-тепшіп моншадан келген күйеуіне шай құйып беріп отырып Балымша әлгі оқиғаны бастан-аяқ жайып салмай ма, сол кезде Әбдіәкім көкеміздің көзі алайып, түрі өзгеріп бара жатады... Әне, ұрлық деп осыны айт! Кейін Балымша жеңгей қанша ойланса да, әлгі таныс дауыстың иесі кім екенін есіне түсіре алмай-ақ қойды. Япыр-ай, қандай таныс, қандай жақын дауыс дейді. Бірақ... әрі ойлайды, бері ойлайды, бәрібір есіне түспейді.

* * * Осы оқиғадан кейін бе екен әлде одан ертерек пе, біздің Боранбай қалада Мухниса деген бір әдемі цыган қызымен көңіл қосыпты. Егер, оның өзі айтқандай, бұл хикая анау-мынау емес, нағыз ақиық ақындардың құлағына тие қалса, ұрпақтан ұрпаққа мұра боп қалатын ғашықтық жайлы бір тамаша қисса болғалы-ақ тұр! Теміржол бойын жағалап біраз жүрсеңіз, үлкен станцияның маңындағы қосымша жолдарда қаңтарылып тұрған есік-терезесі аңғал-саңғал ескі вагондардың талайын байқайсыз. Олар сізге әуелде көңілсіз әрі суық көрінуі мүмкін. Мүлде іске жарамсыз болып қалған ескі нәрселерді иін тірестіріп неге қояды екен осы? Кісі көзіне түспейтін аулаққа апарып тастамай ма. Не болмаса ескі металл сынықтарымен қосып заводқа қайта балқытуға өткізіп жібермей ме деп ойлауыңыз да мүмкін. Оған асықпай-ақ қойыңыз. Әйтеуір, түбінде бір сол жаққа баратыны, тіпті болмаса, осы тұрған орындарында-ақ тозып, тот басып шіріп бітетіні анық қой. Ондай-ондай ұсақ-түйек шаруаны біздің замандастарымыз болмаса, келер ұрпақ атқара салуы әбден мүмкін. Біздің ауылдың Боранбайы мен цыган қызы Мухниса сондай ескі вагондардың бірінің ішінде оңаша кездесіпті. Аңғал-саңғал терезелерден ескен жазғы түннің қоңыр салқын самалына жалаңаш кеуделерін тосып, теміржол бойының қара май аңқыған таныс иісін екеуі қатар жұтып жатыпты. Олар біреуге қысқа, біреуге ұзақ болып көрінетін өмір жайлы, біреуге баянды, біреуге баянсыз болып жолығатын махаббат туралы, жалпы жарық дүниедегі тіршілік хақында бір-біріне ұзақ сыр шертіпті. Таңғы сағат тоғыздан қалмауға тырысып, асығып-аптығып жұмысқа барып, күні бойы кеңседе отырып өзінің де, өзгенің де жүйкесін қажап, кешкі сағат алтыны әрең болдырып, автобусқа қысылып-қымтырылып мініп үйіне қайтатын, сонан жеті-сегіз сағат ұйқтап алып, тағы да таңғы тоғыздан қалып қоймауға тырысып, будильниктің шырылынан оұнып жататын адамдар жайлы да толғаныпты. Оларды өздерімен салыстырып күліпті, оларды өздерімен салыстырып жылапты да...

Соның бәрін-бәрін тауысқан соң Мухниса:

– Сен біздің баронға күннен-күнге ұнап келесің, – депті қасында жатқан Боранбайға.

– Егер екеуміз үйленеміз десек, олар енді қарсы болмайды. Көк жасыл орманның арасында, күн сәулесі құйылып тұратын ашық алаңқайда тойымыз өтеді. Түнімен от жағамыз, ән саламыз, би билейміз...

– Жоқ, – дейді Боранбай. – Тойды біздің ауылда өткіземіз.

– Ауылы несі?.. Ол қай ауыл еді? Әлгі өзің тонап жүрген бе?

– Ия, сол ауыл. Бірақ мен...

– Құдай сақтай гөр! Олар бізді тірідей түтіп жейтін шығар.

– Жоқ. Бізге ешкім де тиіспейді...

– Қалайша?! Ха-ха-ха! Сен оларды тонайсың, ал олар сол үшін той жасай ма? Қызық халықсыңдар қазақтар! Ха-ха-ха! Оның бола қоймас, болашақ барон! Той орман ішіндегі алаңқайда өтеді.

Мухнисаның қазақтар жайында айтып жатып қарқылдап күлгені Боранбайдың ызасын келтіреді.

– Той ауылда өтетін болады,– дейді үзілді-кесілді.

– Біз еркіндікті сүйеміз. Асқар таудың биігін, көк жасыл орманның қалыңын ұнатамыз.

– Біз де еркіндікті сүйеміз, – дейді Боранбай. – Бірақ той ауылда өтетін болады!

– Ендеше, әкіреңдемей өз жөніңді тап! – деп тез-тез киіне бастайды цыган қыз қараңғыда ақ тәні жарқырап.

– Тапсаң тап! – деп атып тұрыпты Боранбай да.

Сол ашуланған күйі азанғы автобусқа мініпті де, ауыл қайдасың деп тартып отырыпты. Ол екеуінің арасындағы бұл әңгімені бүге-шігесіне дейін қайдан білесің деуіңіз мүмкін. Сәл сабыр етіңіз. Күмән кетіруге асықпаңыз. Басқа емес, Боранбай баронның өз аузынан талай рет тыңдадық. Жалпы, жетпісінші жылдардың орта шенінде жас шыбықты ат қылып мініп ойнап жүрген кез келген баланы көшеде тоқтатып сұрасаңыз, көзін жұмып, таңдайын қағып тұрып айтып берер еді. Өйткені Боранбай барон өзінің осындай қызық әңгімелерімен біздің бала қиялымызды ерте байытып кеткен болатын.

* * * Біздің ауыл қаншама бейғам, қаншама аңғал болғанымен, анау айтқандай ақымақ емес. Қаңғыбас Боранбай қайтып келген күннің ертеңіне-ақ барлық бәленің содан болып жүргенін әркімнің-ақ іші сезді. Бірақ өз қолдарында бұлтартпайтын дәлелдәрі болмағандықтан, құр әншейін іштей ойлап қана жүре берді. Ең әуелі оны Балымша жеңгей білді. Ол Боранбайды көре сала:

– Өлә, біздің семіз тұсақты ұрлаған осы екен ғой! – деді жоғалған қойы қайта табылғандай қуанып. – Бәсе, бұл кім еді деп жүрсем басым қатып. Даусы жүдә таныс-тұғын. Әй, қаңғыбас қайным, семіз тұсақ қайда?!

– Қайдағы тұсақ? – дейді Боранбай түкке түсінбегендей кейіп танытып. – Жеңеше-ау, не айтып тұрсыз өзі?! Мен сіздерді көптен бері көрмей, сағынып келсем...

– О жүгәрмек! Сөзін қара мұның. Сағындым дейді... Семіз тұсақты бізді сағынған соң әкетіп пе едің?! Со күнгі даусыңды айнытпай танып тұрмын.

– Иә, біздің қатын сенің даусыңды танып тұр! – дейді есігінің алдында кетпен шыңдап отырған Әбдіәкім көкеміз де басын көтеріп. – Давай, енді семіз тұсақты қайтар, әйтпесе сорыңды сорпадай қайнатып сотқа беремін, білдің бе?

– Не деп бересіз сотқа?

– Семіз тұсақты сығандарға қосылып жүріп ұрлағаның үшін!

– Оған дәлеліңіз бар ма?

– Бар. Біздің қатын сенің даусыңды танып тұр ғой.

– Көке, есіңізде болсын, дауыс доказательство емес!

– Не-ме-не?! – дейді мұндай күтпеген жауапқа қарсы дәлелді сөз таба алмай қалған Әбдіәкім көкеміздің көзі шекесіне шыға жаздап? – О сыған... Сыған-н..

– Көке, мен жай цыган емеспін, білдіңіз бе? Баронмын!!! – дейді Боранбай оны одан әрман таң қалдыра түсіп. Сосын көңілі күрт жабырқап, даусы бәсейіп: – Әй, осы сіздер де... – дейді тұнжырап. – Алыстан аңсап, ауылда менің Әбдіәкім көкем, Балымша жеңгем бар ғой деп сағынып келгенде... Сондағы маған айтқан сөздеріңіз осы ма?! Ау, көке-ау, осы ма еді менің сіздерден күткенім... Мен байғұс, әкемнен қалған жалғыз тұяқ болғандықтан, қайда жүрсем де мына сіздерді арқа тұтамын ғой. Әй, жеңеше, көңілімді босаттыңыз-ау. Ішім күйіп барады тіпті. Салқын айран құйып әкеп беріңізші... Уһ!

Табан астында өзгере қалған Боранбайдың бұл қылығына түсіне алмай, Балымша жеңгей балпиып тұра береді.

– Әй, қатын, айран әкеп бер мына балаға,– дейді Әбдіәкім көкеміз кетпенінің сабымен кімге екенін нұсқап көрсетіп. – Айран сұрап тұр ғой. Қысталақ, неғып сыртта тұрсың, ішке кірсейші. Әй, Балымша, үйде әлгі ұзын мойын шишадан қалып па еді? Боранбай бала ауылға келіп қалған екен, соның құрметіне деп, көп емес, жүз-жүзден ғана... Жүрсейші, ұялма. Онысы несі, қыз құсап сызылып...

Осы оқиғадан кейін ол Боранбай барон атанып кетті. Тап бір нағашы жұртында жүргендей, әр үйге еркелеп кіріп, біраз күн алшаңдай басып қыдырды. Ал содан кейін оны ауылға үсті жабық машинамен іздеп келген екі милиционер аудан орталығына алып кетті. Кейін білдік, әскери борышын өтеуден қашқаны үшін Боранбай барон екі жылға бас бостандығынан айырылып, алыс Сібірге ағаш кесуге жіберіліпті...

* * * Қарашаның жаңбырлы күндері басталды. Ауыл арасындағы қара жол аяқ алып жүре алмастай, ми батпағы шығып езіліп жатыр. Күн де суытып кетті. Аспаннан жаңбыр бір тамса, жапырағын жел тонаған сидам теректердің бұтағынан екі тамшылайды. Айналаның бәрі де көңілсіз. Күз аспаны қанын ішіне тартып, сұрлана жылайды. Көк күмбезі енді қайтып жадырап ашылмайтындай, бұдан былай күн де жарқырап ешқашан шықпайтындай көрінеді. Күз айының осындай көңілсіз күндерінде әлі от жағыла қоймаған қоңыр салқын үйде бұйығып отырып; байғұс цыгандардың күні не болды екен? Қайда барып пана тапты? Жалпы, олар күз бен қыста қалай тіршілік етеді деп ойлауыңыз да мүмкін. Әрине, біз бен сіз сияқты қарапайым қазақтарға оны білу де оңай шаруа емес. Ал егер Боранбай барон болса ғой, бәрін де тәптіштеп айтып, түсіндіріп берер еді. Бірақ ол қазір ауылда жоқ. Алыс Сібірде ағаш кесіп жүр... Ауданнан күніне бір рет қатынайтын пұшық автобустың екі бүйірі сатпақ-сатпақ, миы шығып езіліп жатқан қара жолмен қиқалаңдап әрең жетті. Бүгін азанда базарға кеткен азын-аулақ адам сөмкелерін, қапшықтарын көтеріп түсіп жатыр. Олардың соңынан шоферге әлденелерді асығыс айтып, қызыл қоңыр плащ киген қыз көрінді. Аұқ алысы біздің ауылдың артынып-тартынып сөмке көтерген адамдарындай емес, тіпті ширақ басады. Төбесіне қызыл ала қол шатыр көтеріп алған. Ол миы шығып жатқан лайсаң жолдан секектеп тез-тез секіріп өтті де, Боранбай баронның үйіне қарай жүрді. Басына тартқан жұқа ақ гүлді орамалынан қою бұйра шашы толқындана шығып тұр. Қол шатыр көтерген қолының жіңішке білегі толған білезік. Қасы-көзі қаламмен сызғандай әдемі цыган қызы еді. Бұл біздің Боранбай-баронды қаладан әдейі іздеп келген Мухниса болатын. Үстіне күйеуінен қалған ескі күпәйкені киіп алып, мал жайғап жүрген Малдықыз шешей оған таңырқай қарап біраз тұрды. Алғашында көршінің қалада оқитын қызы екен деп ойлап қалған болуы керек:

– Әй, Әнәфиясың ба? Қашан келдің? – деп сұрады.

– Здраствуйте!

– А-а?

– Добрый день, апа!

– Көтек!

– Как поживаете?

– Үйбай, қазақ па деп тұрсам, орыс па өзі, немене?

– Буранбай дома?

– А-а, бұрынғыдай ма дей ме?..

– Апа, Буранбай бар? Жок?

– Ә-ә, Боранбай ма? Менің балам ба сұрап тұрғаның. Ол жоқ. Ол ана жақта! Дәлеке, түрме папал!

– В тюрьме?! Как же так?! – деп шошып кетті Мухниса. – Ох, бедненький! Все-таки какой же вы жестокий народ! Из-за каких-то барашек своего человека посадили да...

– Иә, иә, – деді Малдықыз шешей басын изеп, белгісіз бағытқа қарай қолын сермеп. – Сол жақта. Сонда... кетті...

Мухниса екі қолымен бетін басып кері бұрылды да, аяғындағы жеп-жеңіл әдемі туфлиімен қара жолдың ми батпағын тобықтан кешіп жаяу кетті. Бәлкім, күз аспаны секілді егіліп жылаған болар цыган қыз...

* * * Боранбай барон екі жылдан соң ауылға мүлде басқа адам болып оралды. Бұрынғы серілігін Сібірде ағаш кесіп жүргенде ұмытып қалдырып кеткендей, можантомпай, қарапайым қазаққа айналды. Ауылдан ұзап ешқайда шықпай, ауласындағы ағаштарды жас баладай мәпелеп, күтіп-баптап өсірумен болды. Неге екені, Сібірден келгеннен кейін оның ағаштарға деген ықылас-пейілі өзгеше еді. Ауласында жайқалтып бау өсірді. Малдықыз шешей енді күзде самсап піскен алмаларын Жаңабазарға апарып сататын болды. Ел қатарлы келін жұмсап, қолымды жылы суға малып отырсам-ау деген арман да көкейіне ұялай бастады. Үй тірлігіне шындап араласқан соң, өзіне бір ақ жаулықты серік керек екенін Боранбай баронның өзі де түсінген болуы керек. Сөйтіп, құдай бір сәтін салған күні ол Созақ жақтан майға піскен тоқаштай топ-томпақ сары қызды алып қашып келді. Кәдімгі осы замандық отырықшы қазақтардың салты бойынша “П” әрпі секілді үстел жасап, қалыңдық пен күйеу жігіттің тұсына қолкілем іліп, оған ақ мақтамен “Боранбай–Балағыз” деп жазып, арақ-шарапты үйіп-төгіп, таң атқанша дүрілдетіп той өткізді. Келін түсірген Малдықыз шешейдің төбесі көкке жеткендей қуанды. Той үстінде абысын-ажындарының арасында шалқып отырып: “Құдай-ау, өзім жастай жесір қалып, өлдім-талдым деп жүріп әрең дегенде әдібұлаққа жеткізген жалғыз ұлым қаңғыбас болып кете ме деп қорқушы ем. Оның да ел қатарлы отау тігетін күні бар екен. Аллаға мың да бір шүкір, ол күнге де жеттім, енді өліп кетсем арманым жоқ” деп айтып салыпты. Кейде осындай көл-көсір қуаныш үстінде оқыста ауыздан шығып кеткен мұндай тілектердің нысанаға дөп тиіп, артынша-ақ орындалып жататыны бар емес пе. Малдықыз шешей де той өткен соң, бір аптадан кейін дүние салды. Күн батарда келіні демдеп берген қою шайдан бір-екі ұрттапты да: “Бүгін басымның сақинасы ұстап отыр. Сәл жатып, мызғып алайыншы” деп жастыққа бас қойған екен, содан қайтып оянбапты. Осылайша ойда-жоқта, ауырмай-сырқамай, өзі де қиналмай, өзге жұртты да қинамай, мәңгілік сапарына үн-түнсіз аттанып кете беріпті жазған. Ол кісі қайтыс болған күн жұма еді. Молдалардың айтуына қарағанда, жұма күні жаратқан иеміз тек өзінің сүйген құлдарын ғана алып кетеді екен... Міне, сіздерге айтқан әңгімеміз осымен тәмам болса жарар еді. Бірақ оған қазақ болып өмір сүрудің өзі де басқалар ойлағандай оп-оңай шаруа емес... Майға піскен тоқаштай былқылдап жүретін Балағыз жеңгеміз бен Боранбай баронның дәм-тұзы жарасып кете қоймады. Басқасын былай қойғанда, түн жарымы секілді беймезгіл уақытта да олардың үй жағынан ұрыс-керіс, шаңқылдасқан дауыстар естіліп қалып жататын. Оның ақыры немен біткені біздің ауылға тегіс аян.

Бір күні Боранбай барон ерте оянып:

– Тұр, бәйбіше, киін жылдам! – дейді ұйықтап жатқан әйеліне дауыстап.

– Құлқын шәріден қылқылдап не көрінді, шорлы-ау, – дейді Балағыз жеңгей жылы төсекті қимай теріс қарап аунап түсіп. Ол кісі үнемі “с”-ның орнына “ш” деп сөйлейтін-ді.

– Маза берші кішіге...

– Бол жылдам, қайын жұртқа барамыз!

– Қай-да?..

– Созаққа.

– Не-ме-не? Шожаққа ма?

– Әй, ыңырсымай тұр деймін! Сенің төркініңе барамыз.

– Түш көрдің бе, шорлы-ау?!

– Әй, “шорлы-шорлы” деп шалжиып жата бересің бе?! Болсайшы, азанғы аптауыздан қалатын болдық қой!

Сөйтіп, Боранбай барон, қоярда-қоймай жүріп, сол күні Балағыз жеңгейді ертіп, таңертеңгі автобусқа отырады. Олар Шымкентке келген соң қырғы базарға соғады. Оны-мұны сауда-саттық жасап, жеңгейдің қолындағы қара сөмкенің қос бүйірін қампайтып толтырады. Базардан шыға берісте тоқтап, үш тиындық газды су ішеді. Автостанцияға келіп, Созаққа дейін екі билет сатып алады. Төркініне қара сөмкенің қос бүйірін қампайтып бара жатқан Балағыз жеңгейдің көңілі тоқ болса керек:

– Балмұздақ алып жейікші, – дейді күйеуіне еркелеп.

Әншейінде бұрқылдап ұрыса жөнелетін Боранбай жүгіріп барып балмұздақ сатып әкеледі. Сосын екеуі газет сататын киоскінің жанында тұрып жейді. Балағыз жеңгейдің қолындағы балмұздағы еріп кетіп, үстіндегі жасыл барқыт көйлегін былғап алады.

– Сиыр сияқты жалайды екенсің, – дейді оған барон.

– Ой, шорлы, қаңғыбаш! – дейді тілі ащы жеңгей ақысын жібермей.

Сол кезде Созаққа баратын автобус та келе қалады. Балағыз жеңгейді орнына апарып жайғастырған соң:

– Мен қазір су ішіп келе қояйын, – дейді Боранбай барон. – Барам да, келем!

– Мен де шөлдеп отырған шияқтымын, – дейді жеңгей.

– Екеуміз қосылып су іздеп жүргенде, қара сөмкеден айырылып қалармыз. Отыр орныңда шошаңдамай!

– Ойбай, қойдым. Құрышын ішпеймін!

– Сөйтіп, Боранбай барон автостанцияда өз әйелін өзі алдап соғып, белгісіз бір жаққа қарай тайып отырады. Артына қарай-қарай қашады. “Уһ, құтылдым ба, құтылмадым ба?!” деп ойлайды. Шамасы, құтылғаны осы болар. Соңынан қуып келе жатқан ешкім көрінбейді.

Созаққа қарай жүретін автобусқа мініп алған Балағыз жеңгей күйеуін ары күтіп, бері күтіп, ақыры келмеген соң бұрқылдап ұрсып, қарғап-сілеп кете береді.

Сосын екеуі қайтып қосылған жоқ...
* * *

Міне, содан бері де талай жыл зымырап өте шықты. Жетпісінші жылдардың орта шенінде жас шыбықты ат қып мініп жүрген балалар – біз де ер жеттік. Бірде қамшының сабындай қысқа, ал енді бірде таусылмастай ұзақ көрінетін мынау өмірде әрқайсымыз қал-қадеріміз жеткенше өз орнымызды тауып, тіршілік көшін алға қарай сүйреп келеміз. Баұғы біздің балалық қиұлымызды байытқан қаңғыбас Боранбай барон бұл жарық дүниеде елу тоғыз жыл жасап, өткен күзде кенеттен дүние салды. Ол да жұма күні, аяқ астынан ауырмай-сырқамай жүріп-ақ мәңгілік сапарға аттанып кетті. Молдалардың айтуынша, жұма күні... Иә айтпақшы, оны өздеріңіз де біледі екенсіздер ғой. Соңынан із қалмады баронның. Өмірден ұрпақсыз өтті. Одан туған бала, әрине, басқаларға қарағанда өзгешелеу болар еді. Еркіндікті ес-түссіз құлай сүйетін есіл ер болар еді... Өкінішті-ақ. Боранбай баронның ізін жалғастыратын ондай баланың өз кіндігінен дүниеге келмей өткені өкінішті-ақ. Бүтіндей бір шаңырақтың түтіні сөнді, белгісі қалмады... Иә, айтқандай, Боранбай бароннан қалған бір белгі бар секілді. Ол біздің ауылдың шетіндегі тоғайда өсіп тұрған Теріс ағаш. Жұрт оны көптен бері солай атайды. Сырттай қарағанда айналасындағы басқа ағаштан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бірақ сіз оның тарихын біліп алған соң барып бажайлап қарасаңыз, біраз өзгешелігі барын байқар едіңіз. Ол оқиға, қысқаша айтқанда, былай болып еді. Бір күні Еркебай көкемнің бізден бір-екі жас кіші баласы – үрпек сары Әнтай солқылдақ жас шыбықты ат қып мініп, тоғайға қарай “құйындатып” келе жатып Боранбай баронға қарсы кездесіп қалады. Барон оны саусағымен ымдап өзіне қарай шақырады да, тапырақтап жетіп барған “батырдың” бұтының арасындағы “атын” жұлып алады.

– Әй, ақымақ, – дейді Әнтайға қарап. – Обал емес пе?! Бұл да өзіңдей бала ғой...

Сосын ол саздау жерге әлгі шыбықты тік шаншып қоя салады. Әнтай қу оның шыбықты ұш жағынан теріс қадағанын байқап қалып:

– Барон көке, бұл бәрібір өспейді, – дейді. – Өйткені сіз оны дұрыс шаншыған жоқсыз!

Боранбай барон артына бұрылып қараса, шынында да, жас шыбықты теріс қадап қойған екен. Бірақ ол өзін мазақ еткісі келіп көздері ұшқын атып тұрған үрпек сары балаға қарап:

– Өсе-ді! – дейді даусын созып. – Барон қадаған шыбық өспеуі мүмкін емес!

Расында да, сол шыбық кейін жетіліп, өсіп кетті. Басқа ағаштарға қарағанда бас жағы жуандау, биік қара ағаш болды. Сол қара ағаш қазір жапырақ жайған кезде тоғай жақтан келе жатқан Боранбай баронның бұйра шашындай дөңгеленіп көрініп тұрады. Жол жиегінде өскендіктен, отын кесуге барғандар оған атын, есегін байлап кетеді. Балалар да оның бұтағына өрмелеп шығып жүреді. Өйткені сол бір қара ағашқа құстар көп ұя салады.

Мүмкін, Боранбай бароннан қалған бір белгі сол шығар...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙