TELEGEI

Home

Мақалалар, зерттеулер. IV

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мақалалар, зерттеулер. IV

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті. Иә, өзі өмір кешкен және өлең жазған ғасыр үшін Абай жұмбақ болды. Ал ол біз үшін жұмбақ па? Біз Абайды қазір қараңғы жұмбақ ретінде емес, қазақ әдебиетінің шамшырағы ретінде қабылдаймыз. Социалистік ұлы Отанның өзара ортақ идеяларымен, күресімен, жеңістерімен туысып кеткен халықтары Абайды қастерлеп еске алады. Ақынның қайтыс болғанына елу жыл өтті. Бірақ біз үшін Абай өткен күннің ғана ақыны емес, халықтың алға қарай қажырлы ұмтылуында ақын онымен бірге болды — ал мұндай ақын өлмек емес, өйткені оның шығармаларына уақыт шек қоя алмайды. Қазақ халқы бір кезде адамның өмірін мүшелмен санаған. Ал поэзияның аңыз болған қайнары Әбілхаяттан мәңгі суын татқан жыршы үшін мүшел ғасырлармен өлшенеді. Өзінің еңбегін жете бағаламаған және аз түсінген замандастарын артқа тастап, Абай дәл бүгінгідей, біздің қасымызда тұр. Халқының күресі мен азабын, тағдырын өз үлесіне алған ақынның есімін біздің әділетті совет халқы аса қастерлейді. Абайдың қайтыс болғанына елу жыл толғанын атап өте отырып, біз ақынның уақыт сынынан мүдірмей өткен ұмытылмас, қымбатты және ұлы мұрасын еске аламыз. Өзінің көптеген тұстастарының айтуына қарағанда, Абай өлеңді өте ерте, он екі жасынан бастап шығарған. Оның бұл кезеңде шығарғандарының көпшілігі бізге жеткен жоқ. Абайдың жас кезіндегі өлеңдерінің кейбіреулері және бірқатары ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен, шығармаларының аттары ғана сақталған. Мысалы, сүйікті қызы Тоғжанға арналған өлеңдерінің тек бастапқы жолдары ғана белгілі, жас Абайдың ақын қыз Қуандықпен айтысуының ауызша мазмұны ғана сақталған. Қазақстанда ол кезде жазу-сызу нашар дамыған болғандықтан, бізде Абайдың жас кездегі өлеңдерін сақтаған, оның өмір тарихын баяндайтын, тұстастары жазған мемуарлар, хаттар, жазбалар жоқ. Үстем тап өкілдерінің ақынға деген қатынасының да салқыны бұған аз тиген жоқ. Егер халық поэзияны терең қастерлеп, ақын атын жоғары бағаласа, ру байлары: "Құдайға шүкір, біздің рудан бір де ақын, бір де бақсы шыққан жоқ" деп күпінетін. Поэзияға осындай көзқарастың әсерімен Абай өзінің көптеген өлеңдерін жас достарының атынан таратқан. Ру таластарының қым-қуыт дау-жанжалына амалсыз араластырылған Абай әкесінің әділетсіздігімен, қаталдығымен келісе алмады және көп істерге, әкесінің ырқына көнбей, әділ үкім шығарып отырды. Абайдың халық арасынан шыққан адал, ақылгөй адамдармен дос болуы және жас кезінен бастап орыс мәдениетіне бой ұруы Құнанбайға ұнамады. Қатал, айлалы әке мен әділетті, қайсар баланың арасында елеулі тартыстар жиі-жиі болып тұрды. Жиырма сегіз жасқа келгенде Абай әкесімен біржола ажырасады. Ол енді тағдырын өзі белгілей алатын болады. Абай, ең алдымен, орыс тілін үйренуге қайтадан бет бұрады. Оның жаңа достары, негізінен, кедей рулардан шыққан талантты жастар, ақындар, жыршылар және орыс интеллигенциясының таңдаулы өкілдері болады. Есейген, мәдениеті өскен Абай орыстың классикалық әдебиеті мен Шығыстың халық творчествосын оқи бастайды. Отыз бес жасқа келгенде ғана Абай творчествоға қайта оралады. Бірақ бұл кезеңде де Абай өз өлеңдерін жас достарының атынан таратады. Тек 1886 жылы, қырық жастан асқан соң, "Жаз" деген атақты өлеңін жазғаннан кейін ғана Абай шығармаларына өз атын қояды. Отыз жастарға келгенде Абай феодалдық-рулық ортадан біржола түңіледі. Ол патша үкіметі тұтандырып отырған рулық тартыстың халық үшін өте ауырға соғатынын анық көреді. Нағыз ақын әрі патриот Абай халыққа оның неге қасірет шегетінін түсіндіруге тырысты. Өзінің өлеңдерінде ол феодалдық-рулық билеп-төстеушілерді аяусыз әшкерелейді және халықты өнер-білімге шақырады. Абай орыстың жер ауып келген жетпісінші-сексенінші жылдардағы революционерлерімен танысады. Олар революцияшыл интеллигенциясының өкілдері, Чернышевскийдің жолын қуушылар еді. Солардың бірі Е.П. Михаэлис — Щелгуновтың жақын досы, белсенді қызметтесі болған. Михаэлис те, сондай-ақ Семейге кейінірек жер ауып келген оның пікірлестері де жас адамдар болатын. Абайдың олармен таныстығы кешікпей үлкен достыққа айналады. Орыс достары Абайдың өз бетімен білім алуына ерекше назар аударып, зор көмек көрсетеді. Олар Абайдан қазақ халқының тарихы, поэзиясы, әдет-ғұрпы және искусствосы жайында көп мәлімет алады, өздеріне бейтаныс өлкенің табиғи-географиялық, экономикалық жағдайларын, тұрмысын зерттейді. Мешеу қалған қиырдағы өлкеге орыс мәдениетін тұңғыш таратушылар да, халықтың өмірі мен тұрмысын өзгертудің, оны ағартудың жақтаушылары да солар болды. Біз Михаэлистің көптеген еңбектерін және Леонтьевтің "Обычное право у киргизов" деген көлемді зерттеуін білеміз. Орыстың демократиялық интеллигенциясының бұл өкілдері халықты ағартуды царизмге қарсы күрестің маңызды құралы деп санады. Абай сияқты адамдарды орыс әдебиеті классиктерінің және орыс мәдениетінің басқа да алдыңғы қатарлы өкілдерінің мұрасымен таныстыруы — олар үшін, әрине, маңызды міндет болды. Абайдың бұл достары орыстың ұлы жазушылары мен алдыңғы қатарлы саяси-әлеуметтік қайраткерлерінің еңбектері мен ойларында бейнеленген орыс халқы туралы шындықты қазақ өлкесінің қалың еңбекші бұқарасына жеткізуге тырысты. XІX ғасырдағы азаттық идеяларға толы орыстың классикалық әдебиетінің асқан гуманизмі мен терең революцияшылдығы, оның царизмге қарсы өшпенділігі, оның езілген бұқараны қорғап көтерген өшпес даусы Сибирьде де, Қазақстанда да қоғамдық ойды өмірге оятты, тәрбиеледі. Ал Абай болса, қазақ халқының ғасырлар бойғы қараңғылықтан құтылатын бірден-бір дұрыс жолы — орыс және қазақ мәдениетінің жақындасуында деп білді. Ұлы ақын-ағартушы халықтардың туысқандығы мен достығы идеяларын жақтаушы болды. Өзінің өлеңдерінде ол қазақ халқына орыс халқын патша отаршылдарынан айыра білуді көрсетуге тырысты.

Тура тілді кісіні дейміз орыс,
Жиреніп, жылмаңдықты демес бұрыс.
Жылпылдақтап айрылып, сенісе алмай,
Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс.

Сенімі жоқ серменде сырды бұзды,
Анық таза көрмейміз — досымызды.
Қылт етпеген көңілдің кешуі жоқ,
Жүрегінде жатады өкпе сызы.

Дос асықтың болмайды бөтендігі,
Қосылған босаспайды жүрек жігі.

Орыс халқының рухани мәдениетінің нағыз бағалылықтарын тауып, таныған шақта Абайдың ой-өрісі мейлінше кеңейеді. Абай Пушкин мен Лермонтовтың, Крыловтың, Салтыков-Щедрин мен Лев Толстойдың құштар ардақтаушысы болады. 1886 жылдан бастап ол Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне аударады. Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге музыкант, қазақтың халық музыкасын терең білген, жете бағалаған адам болды. Ол бірқатар мелодиялар шығарды. Ақынның мелодиялары, негізінен, оның қазақ поэзиясына жаңалық енгізген өлеңдеріне ("Сегіз аяқ", "Алты аяқ", т.б.) арналған еді. Ол өзінің "Евгений Онегиннен" жасаған үзінді аудармаларына да осындай мелодиялар шығарған. 1887-89 жылдарда Пушкин есімі және оның геройлары Онегин мен Татьянаның есімдері сол әндермен бірге бүкіл далаға кең таралды, қазақ халқы үшін қазақ ақындары мен қазақтың эпикалық поэмаларының геройларындай сүйікті, жақын болып кетті. Сексенінші жылдардың аяқ кезінде ақын, ойшыл, музыкант Абай халық жақсы білетін әрі аса қадір тұтатын кісі болады. Оған тіпті алыс жерлерден ақындар, музыканттар, жыршылар келеді. Даңқты Біржан, соқыр ақын Ажар, Қуандық, Сара және басқалар оның өлеңдерін бүкіл кең далаға таратады. Мұқа, Ақылбай, Кәкітай, Мағауия сияқты жас таланттар, ақындар, жыршылар Абайдың төңірегіне топталады. Олардың кейбіреулері Абайдан үлгі алып, өздігінен білімін көтереді, орыс әдебиетін оқып үйренеді, тарихи, романтикалық және салт поэмаларын жазады. Абайдың маңына тек қазақтар ғана емес, шығыс халықтарының қуғынға ұшыраған (көбіне татар жастары), азат ойлы адамдары да келеді. Сибирьдегі ссылкадан өз еліне қашып бара жатқан кавказдықтар Абай аулында айлап жатып қонақ болады. Абайдың аулы бірте-бірте Шығыстың прогресшіл ойдағы, алдыңғы қатарлы адамдары келетін орталыққа айналады. Абайдың талантын бағалаушылардың саны жыл сайын молая береді. Тек Абайдың өз өлеңдерін ғана емес, сонымен бірге оның достарының да шығармаларын ел ішінде көшіріп алып, жаттап, әнге қосып айтады. Батыс және орыс жазушыларының Абай оқыған романдарының мазмұнын тыңдаушы-ертекшілер ауызша түрде бүкіл далаға таратады. Орыс халқының Ұлы Петр туралы ертегісі, Лермонтовтың поэмалары, Лессаждың "Хромой бес", тіпті Дюманың "Үш мушкетер", "Генрих Наварский" сияқты шығармалары (соңғыларын Абай орысша аудармасынан оқыған), шығыстың "Шаһнама", "Ләйлі — Мәжнүн", "Көроғлы" сияқты поэмалары далаға осылайша келген. Абай өзінің балаларын орыс мектебінде оқытады. Әбдірахман деген баласы Петербургтегі Михайлов артиллерия училищесін бітірген. Ал Ақылбай, Мағауия сияқты балалары әкесінің жолын қуып, ақын болады. Ақылбай "Дағыстан" атты сюжеттік романтикалық поэма жазады. Мағауия шығармаларының ішіндегі ең тәуірі — Абайдың ақыл-кеңесімен жазылған, құлдың қожасы плантатормен күресін суреттейтін "Медғат — Қасым" поэмасы (поэманың оқиғасы Нілдің жағасында болған). Абайдың және оның достарының ақындық, ағартушылық және әлеуметтік қызметі феодалдық ауылдың ескілігіне, рушыл даугерлерге, халықты қанаушыларға және соларға сүйенген царизмге қарсы бағытталады. Абайдың еңбектері, оның әлеуметтік қызметі және үстем тапқа өшпенділігі царизмнің сенімді жалдаптары — дала феодалдарының ызасын келтірді. Олар білімді, қайсар ақын ту еткен идеяларға және ақынның өзіне қарсы лас, зұлымдық тартыс жүргізді. Абайдың бұл жаулары чиновниктермен, билеуші таптың интеллигенциясымен бірлесе отырып қимылдады. Абай царизм үшін қауіпті адам қатарына, Далалық өлкенің генерал-губернаторына дейін жетеді. Шындықтың батыл жаршысы, әлеуметтік тәртіптің әшкерелеушісі болған ақынды приставтар, урядниктер, болыстар үнемі аңдуға алады. Бірақ ақынның жаулары халықтың Абайға деген сүйіспеншілігінен қаймықты, сондықтан да олар ақынға қарсы ашық қимыл жасай алмады. Олар тартыстың небір опасыз түрлерін пайдаланды. Рубасыларының бірі, Абайдың қас жауы — Оразбай өз маңында даланың Абайға қарсы азулыларының барлығын топтайды. Олар ақынның достарын қудалады, ал Абайдың үстінен губернаторға, уезд бастықтарына, патша соттарына айыптау арыздар, домалақ хаттар жолдады, ақынның өз басын "ақ патшаның жауы", "бүлікшіл", "әкелер мен ата-бабалардың әдет-ғұрпын, салт-жоралғысын бұзушы" деп кінәлады. Осындай арыздардың салдарынан бірде Абайдың аулына Семей қаласы полицмейстрінің өзі жанына жандармдар отрядын ертіп келіп, тінту жасайды. Ал 1897 жылы билеушілердің көрінеу-көзге демеуімен феодалдар Абайға қарсы опасыз қастандық жасайды. Семейдің губернаторы да Абайға талай рет кәрін тікті. Бірақ ақынның өз халқы арасындағы беделінен қаймығып, ол Абайды жер ауып келген достарынан айырумен, олардың тығыз байланысын үзумен ғана шектелді. Бірақ Абайды халықтан бөліп алуға болмайтын еді. Тіпті алыстағы уездерден көптеген адамдар Абайды іздеп келіп, ақыл-кеңес сұрайтын. Ру арасындағы үлкен-үлкен дау-тартыстарда ел ең әділ би Абайдың үкіміне, соның төрелігіне құлақ асатын. Мысалы, Көктұма, Қарамола, Балқыбек съездерінде Абай әділетті үкім айтып, қалың халық бұқарасының мүддесін қорғайды. Абайдың әлеуметтік қызметі мен ақындық шығармалары дала жастарының арасында әсіресе белгілі болды. Көптеген жиындарда, ойын-тойда, қыз ұзатып, келін түсіргенде жыршылар мен ақындар Абай өлеңін айтатын. Абайдың өз аулының қыздары ұзатылғанда өздерінің жасауларының ішінде Абайдың өлеңдері мен поэмаларының, нақыл сөздерінің қолжазба жинақтарын ала кететін болған. Мысалы, Әсия, Уәсила, Рахила сияқты және басқа да қыздардың сондай қолжазба жинақтары осы күнге дейін сақталған. Даланың атқамінерлері мен байлары Абайдың даңқы халық арасына кең тарағанын көре алмай, ақыңды және оның достарын қуғынға ұшыратқанын жоғарыда айттық. Олар Абайдың жақындарын, тіпті туған ағасы Тәкежанды да ақынға қарсы жауықтырады, өсек-аяң, өтірік-жаламен достарын Абайдан алыстатады, сөйтіп ақын жүрегін терең жаралайды. Өшпенділік пен қастандықтың осындай түнек ауырлығында жүрген Абайға орыстың алдыңғы қатарлы қоғамдық, халықтық-демократиялық ой-пікірінің тандаулы дәстүрлерінде тәрбиеленген, өз ісінің болашақ мұрагері, талантты баласы Әбдірахманның өлімі аса ауыр қайғы болып тиеді. Петербургте оқып жүрген кезінде-ақ туберкулезге шалдыққан Әбдірахман Верный қаласында Дала артиллериясының поручигі болып, аз уақыт қана қызмет істейді. Ол 1895 жылы, 27 жасында қайтыс болады. Оның өліміне арнап Абай көптеген әсерлі өлеңдер шығарады. Бұл өлеңдерде ол өзінің баласынан ғана емес, сонымен бірге үміткер досынан, мұрагерінен айрылған әкенің, халық бақыты үшін күрескердің қайғысын білдіреді. Топас, дөрекі жауларының қуғынына ұшыраған, ауыр тартыс қалжыратқан Абай ауыр өлімнің қайғысынан серпіліп болмай-ақ, тағдыр оны тағы да қатты соққылайды: Абайдың екінші баласы, талантты ақын Мағауия қайтыс болады. Осындай бақытсыздық қатты жаншып, еңсесі түскен Абай өзінің қайғы-қасіретінен бой жаза алмайды, Мағауия өлгеннен кейін қырық күн өткен соң, алпыс жасқа қарағанда, өзінің туған даласында ақын қайтыс болады. Абайдың сүйегі Шыңғыс тауының бауырындағы өзінің Жидебай деген қыстағының жанына қойылады. Абайдың өлеңдер мен поэмалардан, аудармалар мен ғақлиялардан тұратын әдеби мұрасы соңғы жолы үлкен-үлкен екі том болып басылды. Ақынның көп жылдар бойындағы ойлары мен толғаныстарының, ізгі жаны тебіренуінің аса бір қымбатты нәтижесіндей бұл еңбектері енді, тарихи тұрғыдан қарағанда, қазақ халқының рухани мәдениетінің жиынтығы сияқты болып көрініп отыр. Туған халқының өткендегі ауызша, жазбаша ескерткіштерде сақталған ақындық мұрасына терең бойлаған Абай сол мөлдір бұлақтан құнарлы нәр алып, өз поэзиясын молықтыра білді. Қазақ халқына ол кезде жете таныс бола қоймаған тәжік, әзербайжан, өзбек сияқты шығыс халықтарының классикалық поэзиясы да Абай поэзиясына прогресшіл ықпал жасады. Бірақ қазақ мәдениетінің келешекте өркендеуінің кепілі, оның тарихи дамуы жолында сенімді жолбасшысы болған орыс мәдениетіне (ол арқылы бүкіл европалық мәдениетке), ең алдымен, оған дейін қазақ халқына мүлде белгісіз орыстың ұлы классиктері қалдырған мұраға Абайдың үміт артуы орасан маңызы бар факті еді. Ерекше дарынды, кемел ойлы Абай жаңа мәдениетті ақыл сарабынан өткізе, өз бойына сіңіре білді. Осындай асыл қазынаны қабылдаудан суретші Абайдың өзіндік айқын ерекшелігі өсіп, көркейе берді. Абай қазақ халқы әлі меңгеріп жетпеген мәдениеттерге бой ұрғанда, жаңа көркемдік суреттеу құралдарымен ғана молыққан жоқ, рухани дүниесін жаңа идеялармен де байытты. Өзінің идеялық жаңа творчестволық байлығының асылына келгенде, Пушкин сияқты, Абай да қалың жұртқа ортақ, сонымен бірге анық ұлттық, халықтық ақын. Абайдың сексенінші жылдардағы өлеңдерінің көпшілігі қазақ қоғамының тағдырына арналды. Сонымен қатар, ақын халқының бүкіл рухани қатынасын терең көркемдік-сыншылдықпен қайта қарап, өзінің ақындық жаңа программасын ұсынды. Бұл шығармаларында Абай қалың бұқараға жақын келеді. Алайда оның поэзиясының халық творчествосынан зор айырмасы барын дәл осы тұста айқын көреміз. Абай бірде-бір өлең жолында халық творчествосының қалыптасқан дәстүрлі сөз жүйесі мен ақындық ой бітімін қаз қалпында ала салмайды. Абай ауыз әдебиетіндегі сөздерді де, образ жүйесін де, стиль тәсілдерін тереңдетіп, жаңа ой, сезімдермен толықтырады, оның өлеңдерінде өзгеше бір идеялар мен жан сезімдері жүреді. Ең алдымен, бұл шығармалардан ақынның ескілік әдет, билеуші феодалдардың азғындық мінездері, қараңғылық, дау-жанжал жайлаған, еңбекші бұқара мұқтаждық пен жоқшылықта өмір сүрген сол кездегі қазақ аулының қоғамдық қалпына бітіспес көзқарасы айқын көрінеді. Абайдың көптеген өлеңдерінде ("Қартайдық, қайғы ойладық", "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", "Күлембайға", "Көжекбайға" және т.б.) надандық, дәукестік, парақорлық, арамтамақтық, қазақ халқын билеп-төстеушілердің рухани бейшаралығы өлтіре сыналады. Семьяға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама моральдық тереңдікпен айтылады. Шығыс әйелдерінің халық поэмалары мен тұрмыс-салт жырларында суреттелетін қайғылы, бақытсыз халі Абай творчествосында жаңа мағынаға ие болады. Өз поэзиясында Абай әйелдің жан-жүйесін көрсетеді, ал бұл жөнінде бұрынғы поэмалар мен жырларда аз айтылатын да, әйелдің қасіретті тағдырына сырттай ғана баса көңіл бөлінетін. Абай сүйген адамын өзі қалаған әйелдің махаббаты қаншалықты жан тебірентерлік, кіршіксіз таза, терең болатынын, оның қиыншылықпен қолы жеткен бақыты үшін күресте қажырлы, берік екенін көрсетеді. Абай қазақ әйелін, ананы семьяның тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, оның адал, тамаша жанының тұтастығын мадақтайды. Қалыңмалға, көп қатын алушылыққа, әйелді күндікте ұстаушылыққа жан-тәнімен қарсы шыға отырып, ақын өлеңдерінде әйелдің қоғамда тең праволы болуы үшін күреседі. Абай бұрынғы ауылдың ғасырлар бойғы ескіліктерін, енжарлық пен жалқаулықты қатты түйреумен бірге, ақылы бар, бойында күші бар адамға қажетті қасиет ретінде еңбекті сүюшілікті жырлайды. Ол өзіне дейінгі дидактикалық, уағыз поэзиясының канондарын бұзды. "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін", "Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы", "Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол" атты өлеңдеріндегі өзінің ақындық программасында Бұхар жырау, Шортанбай, Дулаттарды қатал сынап, олардың поэзиясын "құрау-жамау" деп атайды. Абай оларды жас ұрпаққа рухани азық бермей, халықтың қоғамды қайта құру күресіне зиянын тигізгені үшін, өткен, құлдық заманды жырлап, дәріптегені үшін айыптайды. Абай жаңа поэзияның биік мақсаты, міндеті — халыққа қызмет ету, адамды қайта тәрбиелейтін және қоғамды қайта құруға көмегі тиетін жаңалыққа шақыру деп біледі. Халықтың еңбек етіп, өз правосы үшін күресуі ғана дала кедейіне тәуелсіздік әпереді, білімге, аянбай оқуға ұмтылу ғана жас ұрпақтың қолын жақсы өмірге жеткізеді. Оқуға шақыруды Абай жалаң уағызбен айтпады. Абайдың бүкіл поэзиясы, оның жаңа лебізді, орамды өлеңінің, өмірлік қуатқа толы образдарының күші қазақ қоғамын ескірген идеялар мен сезімдер шеңберінен шығарды, ауыл еңбекшілерінің ортасынан шыққан адамдардың басын қатырған мұсылман медреселерінің схоластикасы мен балдыр-батпақтарын аяусыз шенеді. Абай шығыс поэзиясына, Таяу Шығыстың бұрынғы және сол тұстағы мәдениетіне келгенде де өзіндік бетін сақтай білді. Ол түпнұсқа арқылы (ішінара шағатай тіліндегі аудармасы арқылы) араб-иранның бүкіл батырлық-діни эпосын, Шығыстың Фирдоуси, Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули сияқты классиктерін білді. Жас шағында ол қазақ өлеңіне "ғаруз" өлшемін тұңғыш рет енгізіп және сол классиктердің ақындық лексикасынан алынған көптеген араб-парсы сөздерін енгізіп, әлгі ақындарға өзі де еліктеген еді. Кейін, халық творчествосынан искусствоның анағұрлым өмірлік берік негіздерін тауып, Абай шығыс әдебиетінен халық шығармалары — "Мың бір түнді", парсы мен түріктің халық ертегілерін, халық эпосын жоғары бағалады. Ол әңгімелеген "Шаһнама", "Ләйлі — Мәжнүн", "Көроғлы" поэмалары ел арасына кең таралды. Таяу Шығыс мәдениетін, тарихын зерттей жүріп, Абай Табари, Рабғузи, Рашид ад-Дин, Бабыр, Абулғазы Баһадур хан және басқаларының еңбектерімен танысты, сондай-ақ шығыстың діни ғалымдарының пайымдауындағы логика мен мұсылман правосы негіздерін де білді. Абай Таяу Шығыстың ежелгі мәдениеті ғана емес, сонымен бірге өз заманындағы мәдениетімен де жақсы таныс болатын. Ол татардың тұңғыш ағартушыларының да еңбектерін білетін. Жаңа туып келе жатқан ең бір кертартпа діни-саяси ағым — панисламизм мен пантүркизмге Абай сол жылдардың өзінде-ақ дұрыс баға бере білген еді, бұл ағымды қазақ молдалары, қожалары, дала феодалдары жанын сала қолдайтын. Бұл бағытқа қарсы, Абай өз халқы мәдени прогреске орыс халқының ұлы мәдениетінен үйрену арқылы жететінін насихаттап, өзі де соны жүзеге асырды — бұл ретте ол өмірінің ақырына дейін дәйекті, табанды болды. Ол панисламизм мен пантүркизмді шығыс халықтарының ғасырлар бойғы оқшаулығы мен мешеулігін тапжылтпай, нығайта түсетін топас фанатизм деп есептеді. Ұлтының және діни нанымдарының өзгешелігіне қарамастан, барлық халықтардың бейбіт, тату тұруына негізделген ағарту үшін нағыз жалынды күрескер Абайдың көзқарастары мейлінше кең әрі батыл, еркін болды. Әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық мәселелерін езілген бұқараның тұрғысынан қараған ойлы, дана художник Абай — қазіргі күнде өзінің "ғажайып" жамылғысынан айрылып, халықаралық империализмге жалданған, буржуазияшыл-кертартпалық ұлтшылдық мәнін әшкере еткен панисламистік және пантүркистік идеялардың залалды өсерін сол кездің өзінде-ақ алдын ала көре білді. Өзінің творчествосында Абай осы жалған "Шығыстың оянумен" бірге бір қадам да басқан жоқ. Абайдың ақындық мұрасында, әсіресе махаббат жайындағы өлеңдерінде, лирикалық толғануларында, "Масғұт" атты философиялық-моралистік поэмасында шығыс классиктерінің әсері шүбәсіз екенін кереміз. Бірақ ол шығыс поэзиясы классиктерінің кезінде болашаққа бет бұрған, дамып, жаңа бір нәрсеге айналуға мүмкіндігі бар табыстарына ғана мұрагерлік етті. Абай шығармаларындағы идеялық-көркемдік мазмұнның реализмі, сезім шынайылығы, өмірді терең бойлап сезіну, адам қатынастары мен дүниені нақтылы түрде қабылдау — дәстүрлі шығыс поэзиясының жаңа өмір мен жаңа ұмтылуларды бойына сыйғыза алмай, әлдеқашан тозған сипаттарына мүлдем қарама-қарсы, өзгеше. Тіпті Абайдың өз діни нанымдары мен ішкі сенімдерін бейнелейтін өлеңдері де мұсылман дінінің кітаби догмаларынан мүлдем басқа. Айқын сыншыл ойды жақтаған Абай, көбіне исламның ресми түрде уағыздалған догмаларын тікелей жоққа шығарып отырады. Ол үшін дін — тек адамның жеке басының моральдық жетілуінің құралы ғана. Молдалар мен фанатиктерге, ислам мен схоластиканы таратушыларға, құраншыларға арналған өлеңдерінде ақын оларды "мал құмар көңілі бек соқыр, бүркіттен кем бе жем жесі?" деп аяусыз ажуа етеді.Алайда Абайдың үнемі дәйекті бола бермегенін атап өткен жөн. Молдалар мен ишандардың діни фанатизмін, екіжүзділігін, пайдакүнемділігін сынай отырып, Абай бірсыпыра өлеңдерінде, әсіресе қара сөздерінде дінді жақтады. Дидактикалық өлеңдеріндегі насихатының бірқатарын Абай ислам заңдарымен дәлелдеді. Ол діннің негіздерінің өзін мақұлдамайтын саналы, дәйекті философиялық материализм дәрежесіне көтеріле алмады. Оның көзқарасындағы осындай әлсіздіктің бір себебі сол — феодалдардың халық бұқарасын адам айтқысыз қанап отырғанын әшкерелей, жек көре тұра, Абай сол қанаудың таптық сипатын әбден түсініп жетпеді. Оның бүкіл өмірі өткен кішкене өңірдің көшпелі тұрмыс жағдайы мәдени-экономикалық факторлардың тарихи маңызын жете бағалауға мүмкіндік бермеді. Бұл мәселелерге орыстың ұлы революцияшыл-демократтары сияқты ықылас қоюшылықты және экономикалық укладты өзгерту күресін түсінушілікті оның творчествосынан таба алмаймыз. Оның ағартушылық сипаты басым еді де, келешекке деген үмітін қазақ халқының сол замандағы оқу-білімге тезірек жуықтауына, гуманистік идеяларды кең тарату идеяларына артты, ол мұның қайнар көзі орыс мәдениетінде деп білді. Абай өздігінен білім алудың ұзақ жолын өтті. Пушкин, Лермонтов, Крыловтардан бастаған ол алпысыншы, жетпісінші жылдар әдебиетімен де танысты, тек ақындарды ғана құрметтемей, Лев Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты ұлы прозаиктерді де түсінді. Орысша аудармалар арқылы Абай Гете мен Байронды, Батыс Европаның басқа да классиктерін білді. Орысша аудармалар арқылы ол ежелгі замандардағы әдебиетпен де танысты. Ақынның достарының айтуы бойынша, Абай Батыс философиясымен де қызықсынған керім еді (мысалы, Спиноза мен Спенсерді оқығаны, Дарвин жайын сұрастырғаны мәлім). Алайда оның философиядан алған білімі белгілі бір жүйеге түспеген еді. Маркс және оның ғылымы туралы ол білмеген болса керек. Абайдың орыс классиктеріне гворчестволық жолмен келуі ақын қызметінің әрбір жаңа кезеңінде жаңаша болып отырады. Крыловты аударғанда, Абай оның мысал моралін қазақ ұғымы мен түсінігіне сәйкестендіре, кейде өзгертіп, өзгеше бір нақыл сөз түріне келтірді. Бірақ "Қанжар", "Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз", "Теректің сыйы", "Жалау", "Демон" үзінділерін алсақ, Лермонтовтан аударылған өлеңдерінің ішінде өзінің дәлдігі мен шеберлігі жағынан күні бүгінге дейін бұлардан асқан аударма жоқ. Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар. "Евгений Онегин" үзінділері аудармадан гөрі, Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұқсайды. Бұл ретте Абай шығыс поэзиясында ертеден қалыптасқан "нәзира" үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды. Мысалы, "Ләйлі мен Мәжнүн", "Фархад пен Шырын" және "Александр Македонский" (Ескендір) туралы поэмалардың сюжеттерін ертедегі тәжік, әзербайжан, өзбек классигі Науаиге ұқсап, Александр (Ескендір) мен Аристотельді осы қайталау планында жырлайды. Ұлы мұраны еркін ақындық баяндаудың осы мәнерін Абай "Евгений Онегинге" де қолданған. Татьяна мен Онегин образдарының биік поэтикалығына, шынайылығына ғажап қалған Абай олардың тарихын баяндайды, олардың ұлы қастерлі сүйіспеншілігінің бағалылығын баса көрсетеді және оны қазақ жастарының ұғымына жақындатады. Абай версиясында "Евгений Онегин" эпистолярлық роман түріне ие болған. Татьяна мен Онегиннің сүйіспеншілік хаттарына мелодиялар шығарып, оларды ақындардың репертуарына енгізген, сөйтіп бұл есімдердің ел арасында кеңінен белглі болғаны соншалық — дала жастарының сүйіспеншілік хаттары солардың сөздерінен басталып отырған.Қазақ әдебиетінің өркендеуі үшін Абайдың аудармашылық жұмысының зор маңызы болды, бірақ оның орыс әдебиетімен байланысы мұнымен ғана тамамдалмайды. Бұл мәдениет пен көркемдік дәстүрлердің аса күшті ықпалын Абайдың өз творчествосынан іздеу керек. Мысалы, Пушкинді Абай басқа орыс классиктерінен гөрі сиректеу аударған. Солай бола тұрса да, оның орыс ақынымен байланысы өз творчествосында әрі терең, әрі айқын көрінді. Оның лирикалық ойға шомуларында, табиғат суретін реалистікпен беруінде, махаббат иесі әйелдің жүрегін терең түсінуінде, әлеуметтік сарындардың адамгершілік үнінде Пушкиннің көптеген сипат белгілері бар. Пушкиннің және дүние жүзінің ақындық мәдениетімен іштей терең байланысу ғана Абайдың жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдерін, лирикалық өлеңдері мен ақындық толғаныстарын, ақын қызметі жайындағы өлеңдерін, Александр Македонский мен Аристотель туралы поэманы жазуына мүмкіндік берді. Ақынға арналған өлеңінде Абай ақынды қоршаған ұятсыз-арсыз, енжар ортаға оның тәуелсіздігін, шыншылдығын, ер тұлғасын, шабытты ойының шиыршық атып шарқ ұруын қарама-қарсы қояды. Абай өзінің поэзиялық көзқарастарында Пушкинмен осылайша туысып жатады. Абай көркем проза жазбаған, бірақ болыстарды, чиновниктерді, билерді, атқамінерлерді өлтіре сынап, мысқылдаған сатиралық өлеңдерінде ол Салтыков-Щедринге көркемдік жағынан да, саяси жағынан да жақын. Шәкірттерге арнаған бір өлеңінде Абай Салтыков-Шедринді халыққа зорлық-зомбылық көрсетушілердің дәлме-дәл суреттерін берген жазушы ретінде атайды. Өкінішке қарай, Абайдың Герценді, Белинскийді, Чернышевскийді және Добролюбовты қаншалықты білгендігі және қалай қабылдағаны туралы мәселе осы уақытқа дейін өте аз зерттелген. Тек жоғарыда аталған революцияшыл-демократтардың жолын қуушылар Абайдың жақын достары болғаны және оның өз халқының азат, өнер-білімді болуын мақсат еткен арманына ортақтасқаны ғана белгілі. Бұл проблемамен тек Қазақстанның ғалымдары ғана шұғылданып қоймауы керек, өйткені орыстың демократиялық интеллигенциясының күресі ұлт аймақтарында, патша колониясының ұлттық ақындарының ой-пікіріне қалай әсер еткенін түсіну үшін мұның үлкен мәні бар. Крыловты, Пушкин мен Лермонтовты аударғанда Абай алдына тек көркемдік қана мақсат қойды ма? Бұл алпысыншы жылдағылар программасының ішінара жүзеге асуы, Чернышевскийдің халық бұқарасын тарихи жемісті, нағыз азат етуші білімдермен ағарту туралы ойларының жүзеге асуы емес ме? Біздің заманымызда ұлы ақын мұрасы қалай меңгерілуде, Абай өмірі мен творчествосын зерттей отырып, советтік ғылым өзінің алдына қандай проблемалар қояды деген мәселеге тоқтап өту қажет. Қай халықтың болса да дүниежүзілік мәдениетке берген озат нәрсесінің бәріне үлкен ықыласпен қарайтын біздің советтік әдебиеттану ғылымымыздың социалистік мәні Абайдың ақындық мұрасын жан-жақты зерттеу, оның творчествосын, өзін Қазақстан мен Совет Одағында ғана емес, сонымен бірге шетелдерге де кең насихаттау фактісінен айқын көрінеді. 1909 жылы Кәкітай Ысқақов Абайдың таңдамалы шығармаларын тұңғыш рет басып шығарады. Бұл кітапқа ақын өлеңдерінің үштен екісі ғана енді және онда ғылыми түсініктер берілмеді. Кәкітай жазған шағын алғы сөзде Абайдың өмірбаяны жәйлі қысқа мәлімет және оның творчествосы мен көзқарасы туралы тым жалпылама ғана пікір болды. Бұдан кейін ақын шығармаларының Ташкент пен Қазандағы екі баспасы Кәкітай баспасын қайталады. Октябрьге дейін Абайды зерттеудің нәтижесі осындай болды.

Ал қазір ше?

Абай жайында жазылған еңбектердің библиографиялық көрсеткішінің өзінде-ақ қалың кітап боларлық жұмыстардың аттары аталады; мұнда стиль мен тілдің проблемаларын, Абай творчествосының идеялық мазмұны, оның өмірбаяны туралы проблемаларды, көптеген басқа мәселелерді қозғайтын ғылыми еңбектер де, мақалалар да бар. Алайда бұл көрсеткіш те Абай жайындағы еңбектерді, әсіресе соңғы жылдарда қазақ, орыс жазушылары мен ғалымдары, тарихшылар, педагогтер, журналистер жазған мақалаларды толық қамти алмайды. Абай есімі оқу программаларына енгізілген, оған оқулықтан орын берілген, шығармаларының бірқатар нұсқалары хрестоматияларға кіргізілген. Ол туралы пьеса, кинофильмдер жасалды. Осындай ортақ зор еңбектің арқасында Абай бүкіл совет халқына тіпті жақын болып алды. Ол туралы Москваның, басқа қалалардың көптеген оқушылар конференцияларында айтылады, мектеп оқушылары жазбаша шығарма жазады. Қазақстан ғана емес, Москвада, Ленинградта, Бакуде және басқа қалаларда студенттер диплом жұмыстарын жазады, оның творчествосының әр саласынан диссертациялар жазылуда. Бұл салада көп істер істелді. Сондықтан да ақынның мұрасын, оның әмірі мен дәуірін онан әрі зерттеудің проблемаларын еске түсірудің маңызы зор. Бұл проблемалардың ішінен ең алдымен ақынның өмірбаянын терең зерттеу проблемасын айтуға болады. Абай өмірбаянын "биографизмнің" тар шеңберінен шығару керек. Оның творчестволық және өмірлік жолын реформадан кейінгі дәуір шындығының нақтылы жағдайлары белгіледі. Бұл жағдай жазушының жаңа типін туғызды. Алтынсарин де, Абай да осындай жазушылар болды, олар феодализмнің кертартпа негіздеріне қарсы шаруалар наразылығын білдірушілерге айналды. Абай творчествосының халықтығын зерттеу — айрықша маңызды міндеттердің бірі. Өткендегі еңбектерде бұл проблеманы дұрыс шешуге қазақ әдебиеті "бірыңғай ағынмен" дамыды деген аса қате түсінік кедергі жасады. "Бірыңғай ағын теориясы" рухында жазылған зерттеулерде Абай өзінің тағдыры мен творчествосын байланыстырған ортадан — қазақтың реформадан кейінгі дәуірдегі шаруалардан оқшау алынды. Мақалалардың көпшілігінде Абайдың халықтығы ақынның қайдағы бір мұрат-мақсатқа ұмтылуы ретінде көрсетіледі, ол мұрат-мақсаттың өзі нақты тарихи сипаттарсыз, қайшылықтарсыз көрсетілді, асылына келгенде, марксизмнің "еңбекшілер бұқарасының тарихын, халықтар тарихын" ескеру керек деген қағидасы еленілмеді. Жазушы өз дәуірімен байланысты, оның халықтығы — тарихи әрі дамып отыратын категория. Лениннің Чернышевскийге, Герцен мен Толстойға, Горькийге берген бағасында бұл мейлінше терең әрі тамаша ашылған. Абайдың тікелей халықтығы — халықты езушілерді қаналушы бұқараның тұрғысынан әшкерелеуінде. Бұл ретте ол халықтың ауыз әдебиетіндегі нақыл сөздерді, мәтелдерді, тілдегі метафораларды, халық юморының тәсілдері мен құралдарын пайдаланады. Ол ауыл кедейін, батырағын, қазақ әйелін, қарапайым адамдардың бейбіт еңбегін жақтайды, надан әкелердің содырлы мінез-құлықтарының кесірі тиетін жас ұрпақты жақтайды. Бұл — тікелей халықтық белгілер. Шығармаларын өз халқының тілінде жаза отырып, ақын халық ойы мен арманын неғұрлым өткір, терең түрде жеткізу үшін бұл тілді байытып, дамытады. Абай халық жыршылары айта алмаған, бірақ халық бұқарасының санасында жүрген ойларды айтты. Осыдан келіп Абай халықтығының екінші бір сапасы басталады. Халықтың саналы түрде түсініп болмаған, стихиялы тілектерін саналы түрде айтып, бұл үшін өз бойына жинаған нәрді пайдаланып, сол кездегі орыс мәдениетінің шыңына құлаш ұра, ақын жалпы мәдениеттік, жалпы тарихтық маңызы бар бүкіл ұлттық қазына жасайды. Оның творчествосында көрінген Белинскийдің, Чернышевскийдің эстетикалық принциптері, оның өлмес, өшпес лирикалық туындылары, Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты аударушы және насихаттаушы ретіндегі ағартушылық қызметі, адамгершілік қасиеті жоғары адамның маңызы мен ұлылығы туралы поэмалары — айрықша бағалы қазына. Бұл шығармаларда Абай халық тағдыры, халықты езушіліктен құтқару амалдары туралы тікелей айтпайды, бірақ та Абай мұрасының бұл саласы да терең халықтық болып табылады. Бүкіл дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ақындық мәдениетінің маңызды элементтерін қамтыған Абай шығармалары қазақ әдебиетін, оның бүкіл мәдениетін ғасырлық оқшаулану, мешеулік қалпынан шығарып, жоғары тарихи сатыға көтерді. Абайдың халықтығы мынада: ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезіне жүріп, оның тарихи келешегін көрсетіп берді. Абай реформадан кейінгі дәуірдегі қазақ шаруаларының тарихи тәжірибесін дұрыс бейнелеп, түйіндеп көрсетті. Бұл жәйт оның творчествосын "еңбекші бұқара тарихының", озат қоғамдық ой тарихының фактісі етті. Зерттеушілер Абай творчествосы мен орыс әдебиетінің байланысы туралы аса маңызды бір проблема жөнінде аса көп жұмыс жүргізуге тиіс. Біздегі жұмыстардың бәріне ортақ кемшілік — бұл мәселенің тар көлемде қойылуында. Зерттеушілердің назары ең алдымен Абайдың Крыловтан, Пушкин мен Лермонтовтан аударған аудармаларына ауды; Абайдың Белинскийге, Герценге, Чернышевскийге, Некрасовқа, Салтыков-Щедринге қатынас жайыңдағы мәселе күні бүгінге дейін қаралған да емес. Бұлардың үстіне, Абайдың орыс әдебиетіне қатынасы жайындағы мәселе Абайдың бүкіл орыс мәдениеті мен философиясына, эстетикасы мен публицистикасына қатынасы жайындағы мәселеден бөлек қаралып жүр. Бірсыпыра еңбектерде Абайдың орыс мәдениетіне келген жолы туралы мәселе оның достарымен тікелей байланыс жасауы шеңберінде ғана айтылады, мұның өзінде, әлгі дос дегендері — 80—90-жылдардың халықшылдары дәріптеледі де, олардың Абайға еткен әсері асыра бағаланады. Ақыр аяғында, Абай творчествосының орыс әдебиетіне қатынасы, әдетте, идеялық жағынан анықталады да, Абайдың орыс әдебиетімен байланыс жасауы арқасында туған жаңа көркемдік форма мен жанр мәселесі ауызға да алынбай қалады.

Біздің алдымызда қандай міндеттер тұр?

Методологиялық маңызды міндеттің біріншісі — Абайдың орыс әдебиетіне қатынасы жайындағы мәселе даму үстінде зерттелуі керек. Абай жиырма жыл бойы орыс әдебиетінің таңдаулы дәстүрлерін творчестволық жолмен қабылдап отырды. Бұл дәстүрді игеруде оның өз жолы бар. Татьяна мен Онегин туралы нәзира жасаудан, Пушкин мен Лермонтовтан аударудан Абай Некрасов пен Салтыков-Щедринді зерттеп үйренуге келді. Біз осынау жолдың кезеңдерін, бірінен-бірінің сапалық ерекшелігін, араларындағы байланыс-жалғастарын анықтауға міндеттіміз, біз мұның бәрін әр дәуірдің сипатын белгілеген саяси оқиғалармен, соның ішінде орыс және қазақ халықтарының қарым-қатынасымен тығыз байланыстырып зерттеуіміз керек. Абайдың орыс әдебиетіне қатынасы оның творчествосынан айқын көрінеді, әдебиетті қоғамдық сапаның өзге түрлерінен бөліп алмай, орыстың демократияшыл озат мәдениетінен Абай алған бүкіл байлықты сырдаң тартқызбай, бұл қатынасты барлық шын, объективті байланыстармен зерттеу қажет. Абай творчествосының Шығысқа қатынасы жайындағы проблемамен де тереңірек, сын көзімен қараңқырай шұғылдану керек, мұның өзі — өте аз зерттелген мәселелердің бірі. Бұрынғы зерттеулерде Абайдың иран әдебиетімен байланысы деп айтып жүргеніміз, шынында, тәжік, өзбек, әзербайжан классиктерімен байланысы, былайша айтқанда, бүкіл совет елі таныған жазушылармен — советтік шығыс әдебиетінің қарт классиктерімен байланысы еді. Абайдың Науаиге, Низамиге, Физулиге қатынасын және оның Қожа Ахмет Йассауидің "Хикматы" сияқты мистикалық әдебиетке қатынасын қадағалай отырып айыру қажет. Алғашқылары Абайды өздерінің биік шеберлігімен, гуманистік ойларымен, ішінара эстетикалық көзқарастарымен тартты. Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір сияқты, өзінен бұрын болған немесе өзімен тұстас кертартпа, консервативтік ақындардай емес, Абай бүкіл жердегі өмірді, оның ішінде қоғамдық өмірді қайта құру жолындағы күресті жоққа шығарған суфизмге мейлінше қарсы. Абайдың Шығысқа қатынасы ақын творчествосының әр кезеңінде әрқилы болғанын есте ұстау қажет. Егер жас кезінде (1860—1865) жай еліктеуден бастаса, есейіп, ержеткен шағында (1886—1904) Науаи мен Низамиге сырттай еліктемей. олардың дәстүрлерін творчестволық жолмен, сын көзімен қабылдады. Бұл ретте "Ескендір" поэмасында Низамидегі Қызыр пайғамбардың орнына Аристотель образын енгізгенін, Ескендірді қандықол басқыншы етіп көрсеткенін айтсақ та жеткілікті. Бұрын араб аңыздарының шартты түрде ғана белгіленген геройлары болған Тариэль, Нестан, Дареджан, Автандилдің образдарында өзінің көзқарасын және өз кезіндегі грузин қоғамының этикалық нормаларын білдірген Шота Руставели сияқты, Абай да шығыс классикасының сюжеттері мен образдарын пайдалана отырып, белгілі дәрежеде, Масғұт образы арқылы сол тұстағы әрі өзі ортақ болған ойлар мен толғауларды бейнеледі. Онан соң, Абайдың шығыс классиктеріне қатынасын зерттегенде, бұл байланыстың ұтымды жақтарымен қатар (форманы жетілдіру мүмкіншілігі, Абайға тән адамгершілік қасиеттің кеңірек ашылуы), классикалық шығыс әдебиетінің: орта ғасырлық жағдайлардың әдеби стильді тежеуі, діни сарындар, фантастикалық сенуден шыққан құр қиял, бірқатар көркемдік форманың енжарлығы сияқты теріс жақтарын да естен шығармау керек. Абайдың ислам дініне қатынасын зерттегенде, бір жағынан, оның көзқарасы мен творчествосында феодалдық идеологиялық қалдықтар бар екендігін ескерсек, екінші жағынан, Абай жақтаған шаруалардың идеологиясында діни ескі ұғымға сенушілік бар екенін де ұмытпау керек. Абайдың көзқарасындағы діни элементтер, сөз жоқ, оның творчествосының әлсіз жағы болды, өйткені Абайдың 90-жылдардағы, осы ғасырдың бас кезіндегі революцияшыл жұмысшы қозғалысымен байланысы болмады, ол діни элементтер ақын, ойшыл Абайдың негізгі бағытына қайшы келді. Біздің зерттеулерімізде Абайды төңіректеген ақындар творчествосының әлеуметтік сипаты ұзақ уақыт бойы даралап ашылмай келеді... Абай мұрасын зерттеушілердің алдында тұрған маңызды тақырып — қазақтың демократиялық әдебиетінің бұдан былайғы дамуындағы Абай дәстүрін тексеру. Бұл саладағы басты міндет — XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократияшыл ақындары Дөнентаевтың, Торайғыровтың Абай дәстүрін қалай жалғастырып әкеткенін анықтау, әсіресе бұл ақындардың орыс мәдениеті мен әдебиетіне көзқарастарындағы сабақтас жайларды анықтау болып табылады. Жаңа тарихи жағдайда, ең бір ұлы революцияны дайындау дәуірінде олардың Абай нәр алған орыстың революцияшыл демократтарының озат идеясын, орыс классиктерінің реализмін қандай дәрежеде қабылдап, онан әрі қалай дамытқанын айқындау қажет. Олар Абай ізімен жүргенде өз дәуірінің озат идеяларымен қаншалықты рухтана білгенін, сол дәуірді толық көрсету үшін қандайлық жаңа әдеби формалар тапқанын ашу керек. Ақырында, қазақ совет әдебиетіндегі Абай дәстүрлерінің проблемасын жан-жақты көтерудің, қазақ совет әдебиетінің таңдаулы шығармалары негізделіп жазылған соцалистік реализм әдісі мен Абай реализмі арасындағы ішкі байланысты анықтаудың терең мәні бар. Абайдан біздің ақындарымыз бен жазушыларымыз қабылдаған демократиялық элементтерді айқындаумен бірге, Абайдың көркемдік формаларына, оның ақындық тіліне қазақ совет әдебиетінің қандай қатынасы бар екендігіне айрықша назар аудару керек. Абайдың шығармаларындағы саяси-әлеуметтік идеялар соларды туғызған экономикалық базиспен бірге құрыды. Бірақ Абайдың сол шығармалары мен көркем образдары онда суреттелген дәуірмен бірге өліп қалған жоқ. Олардың әсер етушілік қуаты — өз тұсындағы халық өмірін Абайдың мейлінше кемелденген көркем формада бейнелеуінде. Абайдың нақтылы саяси-әлеуметтік, этикалық, эстетикалық идеяларын совет жазушыларының творчествосынан іздеп жатудың қажеті жоқ, бұл жеміссіз жұмыс. Бірақ совет жазушылары социалистік қоғамның талап-тілектеріне жауап бере отырып, Абайға тән дәстүрді — Отанды, өнер-білімді сүю, өктемділікті жек көру дәстүрін дамытады. Социалистік рухани мәдениеттің негізінде Абайдың таңдаулы мұраттары гүлдене түсті, қазіргі дәуірге лайық ой-сезімге айналды. Қорыта келе айтарымыз, Абайдың өмірі мен творчествосын зерттеу проблемасы неғұрлым кең, принципиалды, жан-жақты талқыланса, оның мұрасын зерттеу нәтижелері соғұрлым жемісті, елеулі бола бермек. Поэзияда, музыкада, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының тарихында тау шынарындай биік тұр. Ол қазақ халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алды және бұл қазынаны орыстың және Батыс Европа мәдениетінің игі әсерімен молықтырды. Абай өз халқының және Таяу Шығыстың қоғамдық ойының Октябрьге дейінгі тарихындағы ең прогресшіл қозғалысты басқарды. Қазақ халқының тұңғыш ағартушы қайраткерлерінің бірі болған ол, қазақ коғамының орыстың озық мәдениетіне жақындасуына бөгет жасаған кедергілерді дәйекті түрде күйретіп отырды, сөйтіп кертартпалық құрылысқа қарсы, сәулелі болашақ үшін ортақ күресте орыс және қазақ халықтарының қосылуына жәрдемін тигізді. Абай есімі бізге сондықтан да қымбат. Ұлы Отан соғысы жылдарында Ұлы Одақтың барлық халықтарымен туысқандық ынтымағын өзінің күресімен, жеңісімен нығайта түскен, Отанымызды қорғаған қазақ жауынгерлері мен офицерлерінің арасында ақын өлеңінің дәл бүгінгідей, соны үнмен естілгені де осыдан. Барлық рухани қазыналарды жауынгерлік сынға салған жылдардан өз Отанының таңдаулы ұл-қыздарымен бірге өтіп, Абай біздің социалистік бақытты бүгінгімізге бұрынғыдан да жақын, бұрынғыдан да қымбат бола түсті. Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін салушы, қазақтың классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы — Абайдың мәңгі өшпес даңқының ең асқақ айғағы, міне, осында.

РЕАЛИСТІК ДРАМА ЖОЛЫНДА

Советтік драматургия — әдебиеттің мол, күрделі арнасының бірі. Сондықтан жалпы қазақ совет әдебиетінің алдында тұрған міндеттер жайында айтылған сөздер, аталған шарттар біздің драматургиямызға да мейлінше ортақ шарт — міндеттер болады. Оларды айрықша, нақтылап еске алып өтсек, ең алдымен қазақ совет драматургиясын біз социалистік реализм драматургиясы дейміз. Бұның ең іргелі негіздері: советтік патриотизм, биік идея, партиялық зор сана, халықтық мол сипат және мейлінше өмірлік шындығы терең драматургия болу керек. Осындай сапалы драмалық шығармалар ғана еңбекші жұртшылығымызды коммунистік тәрбиеге баулитын үлкен себепкер бола алады. Аталғандай талап, мүдделерге сай боларлық шығармалар үлгісін біздің жұртшылығымыз орыс совет драматургиясынан ең алдымен көріп, нәр алып келеді. Қазақ совет драматургтері де өздерінің іздену, өсу жолында идеялық-көркемдік тәрбиені, үлгі, өнегені сол алдыңғы, озғын сапалы орыс совет драматургиясынан алады. Үлгі ала отырып, соның табысына табыс қоса білген өскендігіміз қандай? Болмаса кемшін соғып, олқы түсіп жатқан шикілік, шалағайлық жағдайларымыз қайсы? Осы жайларды ұлы әдебиеттің биік өресіне шендестіре, салыстыра отырып талдауымыз: арналы талдау, ой туғызарлық талдау болса керек. Орыс совет драматургиясының бірнеше өзгеше, оқшау тұрған қасиеттерін еске алып өтейік. Мысалы, социалистік реализмді ең биік көркемдік сапада баурай білген Горький шығармалары бар. Орыс совет драматургиясы 20-шы, 30-шы жылдардың өзінде ірі өріс, өрнек тапты. Ұлы Отан соғысы дәуірінде орыс совет драматургиясы және де бірнеше биік өрге шықты. Өмір шындығына сай етіп, халықтың патриоттық сезімін бейнеледі. Оның басқыншы жауға деген жиренішін өзгеше өктем сана дәрежесінде көрсете білді. Бірақ Одақ көлеміндегі драматургиялық табыстар жақсы болумен қатар, бірнеше жайдан недәуір елеулі олқылықтарға, кемшілік, қателіктерге де ұшыраған болатын. Бұндай кезде Орталық партия Комитетінің 1946—1948 жылдардағы идеология мәселелеріндегі қаулылары ұлы ұстаздық, басшылық жасады. Сол қаулылар мен партия көрсетіп отырған негізгі даналық нұсқаулар орыс совет драматургиясын және соған ілес қазақ совет драматургиясы сияқты салалардың барлығын тарихтық жаңа зор өріске қарай бастады. Осы қатарда, Отан соғысынан кейінгі жылдарда совет драматургиясының ірілеп өсуіне бөгет жасаған жалған жүйесымақтарға соққы берілді. "Конфликтсіздік жүйесі" деген жаңсақ, жалған жүйесымақтардың залалды сырлары әшкере болып, қатал сынға ұшырады. Орталық партия Комитетінің 1946 жылғы 26 августегі "Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы" деген атақты тарихи қаулысында қазақ драматургі Әбділда Тәжібаевтың "Біз де қазақпыз" деген залалды пьесасы аталғаны мәлім. Кейін біз толығырақ тоқтайтын бір саламыз сатиралық комедиялар болса, соңғы жылдарда қазақ драматургиясында бұл ретте де теріс, татымсыз, нашар шығармалар туып жатқанын білеміз. Сонымен, қазақ совет драматургиясының ІІ съезд бен ІІІ съезд арасында жүріп өткен жолын шолуға кірісер алдында түйіп айта кететін айрықша бір-екі тезисіміз бар. Бірінші — социалистік реализмді драматургияда барлау жолында озған орыс совет драматургиясының жақсы үлгісінен жақсы түрде оқып өсуіміз қандай болды? Бүкілодақтық совет драматургиясының ортақ қазынасына сапалы қазына қоса алдық па? Бұл жөндегі барлық сын мен таразы талабымыз реалистік пьеса туғызу жөніндегі табысымыз бойынша өлшену шарт. Қазақ совет прозасы тәуір табысқа жеткенде реалистік роман тудырғанын ең зор тарихтық критерий етіп айтысады. Сол өлшеумен драматургияға келгенде, "реалистік драма үлгісін туғыза алдық па, жоқ па?" деген талғауды, менің білуімше, осы ІІІ съезд үстінде ең бір үлкен өлшеуіш, мерзім етіп еске ала сөйлеуіміз керек. Бұл — бірінші жай. Екінші, драматургия жолында қазақ совет әдебиетінің өсуіне залал келтірген олқылықтар, әр түрлі натурализм, формализм, нигилизм тәрізді теріс бағыттардың қазақ совет драматургиясына келтірген залалы қаншалық екенін ашып айту да съезд баяндамасының міндеті деп білеміз. Сонымен, біз екі тұрғы тақырып алдық. Ең күрделі мәселе — социалистік реализм көлемінде қалыптанған қазақ советтік реалистік пьесаның жайы. Барлық сын ойлардың, ізденгіш ойлардың таразысы, тиянағы сол жөнде. Еске ала кетейік, тегінде, реализм — әрбір анық бағалы көркем шығарманың ең сенімді іргесі. Сондықтан оның жайындағы проблема жеке бір стильдің ғана мәселесі емес, одан әлдеқайда кең проблема. Ал сол реализмнің не үлкен шарт, өлшеуі — шындық. Шындықты көркемөнер критерийі, жапа-жалғыз және өзгеше терең, ғылымдық критерий деп білу керек. Осындай реализм таразысын ең үлкен өлшеуішіміз етіп атап отырып, қазақ совет драматургиясының қалпына келейік. Сонда "Орыс драматургиясының классикалық үлгілеріндегі реализмнен үйренуіміз қалай?", "Советтік орыс драматургиясының жаңғырып дами түскен реалистік трагедиясынан үйрене өсуіміз қалай?" деп барлап көрейік. Мысалы, Гоголь үлгісінде, немесе Островский аңғарында, әлде Чехов стилінде, болмаса М. Горький пьесаларының сарынында туған шыны, толық мәнді, реалистік қазақ пьесасы "пәлен шығарма" деп айта аламыз ба? Одан бері келе, Октябрьден бері орыс совет драматургиясы советтік дәуірдің өз болмысынан тудырып, 20-жылдардың өзінде советтік классика деп аталып отырған қадірлі бір топ пьесаны туғызды. 30-жылдардың оларға қосқан бағалы үлгілері тағы бар. Ұлы Отан соғысы күндерінде туған, кейінгі ұзақ замандарда қадірлі қазына боп қаларлық бірнеше орыс советтік пьесалары және мәлім. Осы 37 жыл бойында, атап өтсек: "Күйреу", "Бронепоезд 14-69", "Дауыл", "Любовь Яровая", "Мылтықты адам", "Эскадраның апаты", "Қорқыныш", "Майдан", "Орыс адамдары", "Шапқыншылық" сияқты пьесалар туды. Ал қазақ совет драматургиясында осы аталған пьесалардың тым құрыса бірде-біріне шендес келетін, совет тақырыбындағы анық, толық тұрақты қасиеті бар шынайы көркем пьеса туғыза алдық па? Туғыза алғамыз жоқ! Бізде тәуір пьесалар бар, тіпті көркемдік сапасы жоғары дәрежеге жеткен, шеберлікпен жазылған бірен-саран пьеса да бар. Бірақ олар совет тақырыбына жазылған пьесалар емес және мен кейін толығырақ дәлелдеймін, олар анық мәніндегі реалистік пьесалар да емес. Біз драматургияда әлі творчестволық методтың ең үлкен қадірлі, арналы жолын толықтанып, түгел баурап ала алмай отырмыз. Нақтылап айтқанда, біз драматургиялық творчествода реалистік әдісті, көркем реализмді бар көлемінде шын мәні, нәрімен бағалай алмай келдік. Осы жай біздің олқылығымыздың зоры. Қиын жанр, ең жауапты жанр және сәті келген шағында ең бір көптік жанр — драма жанры. Осы жанр біздің жас қазақ совет әдебиетіміздің артта қалып келе жатқан жанры болып отыр. Бұл жөнде нақтылы қысқа ғана, бірақ тиянақты бір ғана жайға жауап беріп көрейік. Белинский айтып еді: "Анық зор таланттың әрбір бейнелеген адамы — тип және сол бір тип оқушы үшін таныс емес білісі" (знакомый незнакомец) деген. Әдебиеттің өзге жанрларының бәрінен бөлек драматургияның аса қиын бір өзгешелігі, ол тек қана адам жайындағы шығарма. Ендеше, оның адамдарының көбі бірдей типтер болу керек. Ал тіпті болмаса, әр пьесада тым құрыса бірден-екіден, жұрт жадында жүретін жұғымды-жұғымсыз типтер болу шарт. Орыс совет драматургиясында біз: Любовь Яровая, Окорок, Швандя, Огнев, Шадрин сияқты талай адамдардың бүгінгі совет жұртшылығына күнделік таныс, білісіндей мәлім типтер екенін білеміз. Ал біздің совет тақырыбына жазған пьесаларымызда жаңағы орыс совет пьесасының Одақ жұртшылығына танытып берген типтерінің бірде-біріне барабар келетін, болмаса шендес шығатын тип бар ма? О да жоқ! Бұның себебі біреу-ақ. Біз реалистік пьеса жөнінде маркстік-лениндік эстетиканың жүйелік бір жайына тоқтап өтейік. Мысалы, советтік болмысты суреттеу міндетінің ішінде ең қасиетті тақырып — еңбек тақырыбы. Ал сол еңбекті қалай суреттеу шарт еді? Еңбекті, геройлық еңбекті совет жазушысы біздің тірлігіміздің ең қасиетті мазмұны есебінде бейнелеуі шарт. Бұл арада біздің көркем шығарманың этикалық және эстетикалық сапасы танылып, қасиеті арта түседі. Ал сол қасиетке, мысалы, пьесада ойдағыдай жету үшін тек қана адам: терең, көркем, шебер бейнеленген болу керек. Ендеше, Белинский айтқандай: "Анық көркем пьесаның ішіндегі адамдар жазушының тек өз басынан туған жасанды адам болмай, өмірлік шындықтан туып, көркем қалыптанған адам болу шарт". Сонда көркем образ көркемөнер көлемінде болмысты елестетудің өзгеше формасы боп шығады. Пьесада әсіресе идеяның өзі де адам образында ғана қалыптанып, тек сол образ арқылы ғана тірлік тыныс табады. Типтік шығарма туғызудың тетігі сонда. Реалистік шығарма жазудың ең терең сыры, ең қиын талабы, ең шеберлік түйіндері тағы сонда. Өткеннің тәжірибесін қорытып кеп, қазақ совет драматургиясына болашаққа бағыт белгілегенде, енді реалистік пьеса туғызу шарты бүгінгі этапта қазақ совет драматургиясының қатты бір қарманып ойланатын жайы деп білеміз. Сондықтан бұл баяндаманың негізгі проблемалық мәселесі осы реалистік пьеса жайы. Енді сол тұрғыдан қарағанда, біздің жеке жазушылар мен көптеген пьесаларымыздың қалпы қандай? Негізгі, ең үлкен талап деп атап отырған реалистік пьеса жөнінде қазақ драматургиясының қаншалық табысы мен нақтылы жеткен өрісі бар? Ол кімнің шығармаларында, қай тақырыпта? Екінші, жоғарыда біз еске алып өткендей, реализм стилінде жазылмаса да, көркемдік, шеберлік қасиетімен қазақ драматургиясының қазынасы, асыл бұйымдары саналып келген кейбір шығармалар қалай бағалануы шарт? Бұған да жауап айту жөн. Осылардың үстіне, қазақ совет драматургиясы көп жылдар бойында советтік тақырыптар жөнінде де өзінше көп ізденіп, көп талпынды. Сан жағынан көп шығармалар тудырды. Солардың ішінде, сонау арман еткен аса көркем, толыққанды реалистік пьесалар шықпағанымен, халқымыздың коммунистік тәрбиеде рухтануы жөнінде кез-кезінде көп пайда келтірген талай шығармалар бар. Шамасынша, кез-кезеңі бойынша сол шығармалар жайы осы баяндамада және де талдану керек. ІІ съезд бен ІІІ съезд аралығында Қазақстанның республикалық, облыстық және колхоз-совхоздың театрларында, театрлық үйірмелерінде қойылып, жұрт алдына шыққан пьесалардың саны мен осы баяндамаға әзірлену үстінде оқып, танысып шыққан пьесаларымның саны 40 шамалы болды. Бұлар тақырып жағынан мейлінше мол, жан-жақты кең, көп материалды қамтиды. Осы қатарда тәжірибесі өскен атақты жазушыларымыздан атайтындарымыз: Ғабит, Сәбит, Әлжаппар, Шахмет, Әбділда, Ғабиден, Мұсатай сияқты әдебиеттік ұзақ жылдар тәжірибесін драматургиялық творчествоға да арнаған жазушылар. Бұл топқа бергі жылдарда үлкенді-кішілі еңбектерімен кеп қосылған жаңа драматургтеріміз: Иманжанов Мұқан, Байжанов Шамиль, Сатыбалдин Қапан, Ахтанов Тахауи, Баймұхамедов Нығмет сияқты жолдастар. Осы жазушылардың еңбегі арқылы қазақ драматургиясы екі съезд арасында едәуір жемісті, елеулі жол кешіп өтті. Нақтылап айтқанда, тақырып жағынан көлемді үш үлкен топқа бөлінетін шығармалар пайда болды. Бұлардың алғашқы бір тобы — эпос, фольклормен, тарихпен байланысты "Қозы Көрпеш — Баян сұлу", "Алдаркөсе", "Жомарттың кілемі", "Алтынсарин", "Шоқан" сияқты пьесалар. Екінші тобы — тарихтық-революциялық тақырыпқа арналған Амангелді жайындағы пьесалар. Үшінші — совет тақырыбына, бүгінгі күн болмысына, шындығына арналған пьесалар. Жазылып, жарыққа шығу кезеңдеріне қарағанда, осы үш саладағы пьесалардың жиыны біздің Отанымыздың басынан кешкен соңғы дәуір, үш кезеңмен байланысады. Алғашқы бір кезең — Ұлы Отан соғысына шейінгі кез. Екіншісі — Отан соғысы дәуіріндегі шығармалар. Үшінші дәуір — Отан соғысынан кейінгі, бүгінгі күнге дейін дамыған тірлікке ілесе жүріп суреттеген шығармалар. Осылардың ішінен өз шамасынша пісіп, толысып шыққан шығарма дегендерді айрықша атап өтеміз. Сонымен, екшей тізгенде, табыс есебінде санайтындарымыз: "Қозы Көрпеш — Баян сұлу", "Достық пен махаббат", "Миллионер", "Амангелді", "Алтынсарин", "Гүлден, дала", "Шоқан", "Көктем желі" сияқты пьесалар. Бұл шығармалардың қатарынан анық, даусыз көркемдік қасиетімен, талантты пьеса есебінде үздік шығатын — "Қозы Көрпеш — Баян сұлу". Советтік тақырыпқа жазылған шығармалар ішінде, "Қозы Көрпештің" көркемдік дәрежесіне жетпегенмен, өз орнында тұрақты, салмақты бағасы бар, советтік тақырыптағы анық табыс деп айтуға келетін бірнеше пьесалар да бар. Сол ретте ауызға алдымен аларлық шығарма — "Достық пен махаббат". Бұдан былайғы сөзді біз жеке жазушылардың табыстық қасиеті бар деп екшеген шығармаларын талдауға арнаймыз. Тек реалистік пьесаны шарт етумен қатар, біз реализмнің өзі туралы тағы бір ойымызды анықтай түсейік. Тегінде, реализм адам баласының көркемдік жолындағы дамуының ең жоғарғы сатысы болумен қатар, жалпы реализм түсінігі, реализм дейтін ұғым — ол өзі де үдеп, дамып отыратын ұғым. Реализм бұрынғы әдебиетте де болған. Тіпті бағы замандағы Софоклдың трагедияларында орын алған реализм де бар. Шекспирдің реализмі өзіне бөлек, Пушкиннің, Гогольдің реализмін де бірінен-бірін басқалап айыра танимыз. Сол сияқты социалистік реализм дәуірінде, мысалы, осы баяндамада біз ауызға алатын реализмнің де алуаны бөлек. Бұл реализм — жалпы барлық әдебиетіміздің негізгі методы социалистік реализмнің драматургиядағы талабын топтап түйіп айтатын әмірлік шындықтың, социалистік эстетиканың ең зор негізі. Енді осы тұрғыдан қарап, қазақ совет драматургиясының ІІ съезден соңғы жылдардан басталған ірі табыстарына тоқтайық. Туған мезгілінде және өзінің қазақ совет драматургиясында алатын орнына қарағанда, осы 15 жыл ішіндегі қазақ драматургиясының ең зор табысы біздің талантты жазушымыз Ғабит Мүсірепов жазған "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" пьесасы болады. Осы пьесаны ұғынып, талдап көрейік. Жоғарыда реалистік пьеса жөнін барлық талабымыздың тірегі, тетігі еткен халде "Қозы Көрпеш" пьесасына қалай қарауымыз керек? Ең алдымен бұл пьесаның оқшау тұрған өзгеше ірі қасиеттерін атап өтейік. Белинскийдің айтқанына орай бұл пьеса адам жайында. Ал адамдары сом, салмақты, шебер қалыптанған. Өзінің поэзиялық, психологиялық шындықтарымен аса көркем кейіптелген адамдар бар. Горькийдің пьесаға қойған талабы бойынша — пьеса сюжетті болу керек. Оқиғасы шиеленіскен, қою құрылысты болу шарт. "Қозы Көрпештің" құрылысында бұл зор талап та ақталған. Пьесада халықтық тілге поэзиялық қасиет бітіріп, әсем күйлілік қалпында кестелеген. Бұл пьесаның ішінде жырланған сезімдер, молынан ашылған жеке-жеке мінездер, барлық тартыс атаулының өсіп, өрбуі, шарықтап жетіп, шарт сынып аяқталуы — барлық осы сипаттары өз қалпында, өз орнында үлкен шеберлікпен қиюласқан. Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш" пьесасы — қазақ драматургиясының ғана емес, соңғы 15 жыл ішіндегі бар қазақ әдебиетінің көркем шығарма туғызу жолындағы биік белінің бірі. "Қозы Көрпеш" пьесасы — қазақ әдебиетінің бір салада ірілеп өскендігінің айғағы. Драматургия құрылысы қиын, ауыр жанр болғанда, "Қозы Көрпештің" жазушысы сол қиыншылықтарды шеберлікпен, ақындық, көркемдік ұсталықпен шеше білген. Пьеса осы сипаты арқылы қазақ әдебиетінің қатты өскендік айғағы болып шықты. "Қозы Көрпешті" қазақ әдебиеті өзінің үлкен мақтаны ете алады. Сондықтан да қазақ театрының сахнасында, қазақ совет көрушілерінің көңілінде бұл спектакльдің аса ыстық мәнді, тұрақты қазыналық қадірі бар. Ал енді осындай ірі қасиеттерін атаумен қатар, реалистік пьеса жасау жолындағы ізденгіш зор талаптарды еске ала отырып, соны осы ең жақсы деген пьесаның өзіне өлшеу-мөлшер етіп байқасақ, нені көреміз? Көретініміз — бұл пьеса реалистік пьеса болып шықпайды. Бұл — романтизм үлгісіндегі пьеса. Екі түрлі романтизмнің — реакциялық романтизм, революцияшыл романтизм деп бөлінетін жіктерін бұл пьесадағы романтизмге шендестірсек, "Қозы Көрпеште" ол екі романтизмнің екеуі де жоқ. Социалистік реализм үлгісінде жазылған "Қозы Көрпеш" болса, онда біз "революцияшыл романтизм пафосына құрылған шығарма" дер едік, бірақ бұл пьеса ол қалыпта шықпаған. Идеялық ең биік мүддесі — халықтық ұғым, сезім, санасы, махаббат азаттығы. Содан ары, ескі тақырып көлемінде социалистік реализм әдісімен жазылатын қоғамдық ірі талап, идеялық терең пафос, мысалы, ескілік атаулыны әшкерелеу пафосы, соны құрту, жою пафосы дейтін еңсесі биік ойлар бұнда жоқ. Өз орнында, өз дәуірінде, өз тақырыбына сай ағартушылық бағасы бар "Қозы Көрпештің" идеялық салт-санасынын ең биіктеп барып жеткен төрі әлгі ғана. Ғабит пен біз жастық, албырттық шақтың ыстық отты сезімі билейтін адамдар емеспіз. Талантты жазушы Ғабиттің табысы мен салмағы, жеткен әрі, көтерілген биігі "Қозы Көрпеш" пьесасы десек, менің өз басым оны Ғабитке жеткіліксіз дер едім. Шынайы, үлкен табыс, үлкен шеберлік өрісі Ғабит үшін "Қозы Көрпеш" алуандас романтизм стилінде емес, ол анау "Оянған өлкедей" боп Қарағанды тақырыбына жазылатын ірі еңбектерде. Реалистік полотно жасау жолындағы өрісте деп кесіп айтар едім. Бұлай дейтін себебім не? "Қозы Көрпешке" қайта оралайық. "Қозы Көрпештің" Ғабит қалыптаған болмысын, бар тынысын, шығарма ішіндегі шындығын алып қарасақ, осындай шығарма тек қана советтік дәуірдің, социалистік мәдениет құрушы қайраткерінің ғана туғызатын пьесасы ма?.. Жоқ! Менің ойымша, дәл "Қозы Көрпеш" үлгісіндегі халықтық-ағартушылық сананың дәрежесіндегі пьеса XІX ғасырдағы, халықтық санадағы жазушының жазуында да мейлінше боларлық шығарма. Бұл пьеса революциялық романтизм дәрежесіне өзінін барлық аңсағанымен, еңсесімен жетіп болмаған. Романтизм, Шиллер үлгісіндегі романтизм, қайталап айтайын, Шекспир үлгісіндегі де емес, анық "Зұлымдық пен махаббат" стиліндегі, Шиллерше шыққан романтизм "Қозы Көрпеш" пьесасының көркемдік стилі мен ішкі болмыс кенеуін қалыптайды. Бұл тұста Энгельстің айтқан бір ойын еске алмай болмайды, "Шиллер үшін Шекспирді ұмытпау керек" деген еді. Сонда Энгельс Шиллерден нені таппады, Шекспирдің қай қасиетін жоқтады? Менің ойымша, Шекспирдегі романтизм реалистік кеңдікке, даналыққа, кемелдікке қосымша бір сипат есебінде қатысады. Ал Шиллерде болса, романтизм адамды көбінше кең көрсетпейді. Барынша жалындап, өзеуреп тұрғанмен, адамын бір-бір-ақ сезімге, бір-бір-ақ импульске қадалтып алады. Оның адамында анық, дана келген жан-жақты, әр тарау мол диапазонды, кең құлашты кемел сипат болмайды. Сол ерекшеліктер "Қозы Көрпеште" де бар. Сондықтан да жоғарыда айтқан поэзиялық, қызықтық қалың оқиғалы ыстық жалынды жайлардың бәрі де пьесаның ішіндегі адамдарды тар ауданда, бір-бір-ақ сезім, бір-бір-ақ сипаттың, бірден-бір ғана импульстің адамдары етіп шығарған. Мысалы, Қарабай — тек сараңдық импульстің құлы. Жантық — тек қана шағымқой, аярлық импульсін ұстанады. Қодар — негізінде жалғыз ғана қызғаныштың тұтқыны. Қозы мен Баянда жақсы сезім, сұлу сезім болса да, тек қана махаббаттың сусағандары, тұтқындары болады да қояды. Осы жайды пьесадағы жаңағы аталған басты геройдың бәрінің сөздерінен, сезімдерінен айқын көреміз. Аңсағандары мен әрекеттерін білдіретін сөздерін алсақ соның 90 проценті жаңағы бір-бір-ақ сарын болады. Рас, "Қозы Көрпеш" жазылатын қарсаңында әдебиеттік тарихтық бір жағдай болды. Барлық совет әдебиеті көлемінде біз "Шекспирден үйрену" деген жақсы бір аңғардың соңында жүрдік. Соған бой ұру салдарынан "Қозы Көрпештің" ішінде Ягодай шағымқой аярдың қазақ топырағындағы егізінің сыңары боп Жантықтың туғаны рас. Бірақ сол Жантықтың бір өзінің келуімен шекспирлік сипат келмейді екен. Ягоның ар жағында күнес белдей болып Отелло, Дездемона психологиясы тұр. Олардың адамдық кең, өзгеше терең және аса шыншыл сипатталған бейнелері жатқанда, Яго бір-ақ импульстің адамы боп жүре беруге болар еді. Ал "Қозы Көрпеш" ішінде барлық кейіпкер бір-бір-ақ сезімдердің адамдары болғандықтан, Жантық арқылы келген шекспирлік элемент "Қозы Көрпештің" барлық идеялық көркемдік бітімін биікке көтеріп әкетпеген. Адамдар ылғи бір жақты ғана, олар бір-ақ қана қырларынан көрінеді. Сондықтан әр образдың реализмге шарт болатын кеңдігі мен жан-жақтылығы болмайды. Қаншалық қызықты, әсерлі, қою оқиғалы болғанмен, "Қозы Көрпеште" толысып жетпеген, творчестволық жастық ыстық та болса, жалынды да болса, тар тынысты танылып тұрады. Оның ең үлкен себебі, кейбір реалистік элементтері болғанымен, пьесаның негізгі стилі романтизм арнасында қалғандықтан. Рас, Ғабит Мүсіреповте реалистік әдіспен социалистік реализм дәстүрінде жазылған басқа пьеса бар. Ол "Қозы Көрпештен" мүлде бөлек стильде қалыптанған Амангелді жайындағы пьесалары. Тегінде, Амангелді әрекетіне байланысты Ғабит жазған отызыншы жылдар ішіндегі алғашқы вариант пьесаның өзі де реалистік стильде қалыптанған болатын. Бері келе, Ұлы Отан соғысынан кейін Ғабит сол Амангелді тақырыбына тағы оралып, жаңа, тың вариантта соңғы пьесасын жазды. Такырыптық, образдық, сюжеттік, барлық мазмұн санасымен, тіл, сезім, әрекет атаулысымен бұл пьесадағы жағымды, жағымсыз бейнелердің бәрі де көбінше шындық, реалистік үлгіде қалыптанады. Реалистік стильді өнімді творчестволық оймен қолданғандықтан, негізінде әр адам өзінің тарихтық ортасында сенімді күйде суреттеледі. Кейіпкерлердің кеудесіне келетін сезімі, тіліне оралатын сөзі, қайраты мен әрекеті, қимыл-қажыры, мінездері тегіс заманына лайықты шындықпен беріледі. Бұл адамдардың жаңағы санаған сезімі, ойы, істері, мінездері Ғабиттің суреттеуінде әсіресе "Амангелдінің" соңғы вариантында типтік жағдайда жаратылған типтік образдардың сипатын танытады. Бірақ, сонымен қатар реалистік пьеса болу бағытында қалыптанған "Амангелді" пьесасының да барынша толық үлкен көркемдікке жете қоймауына себеп боп тұрған едәуір кемшілік-олқылықтары бар. Соның ең бастысы, "Амангелді" тақырыбын жазуда Ғабит бір пьесаның көлеміне сыймайтын екі дәуірді бір Амангелді арқылы тұтас көрсетем деп жаңсақ басып жүрген сияқты. 1916 жылғы Амангелді, азамат соғысы кезіндегі Амангелді, біздің ойымызша, екі пьеса болмаса, бір пьесаға сыймайтын тарихтық тақырыптар. Әсіресе іс-әрекеті қою келген, қалың болған кезеңдерін алғанда, пьесалық тартыс орнына хроника кернеп кетеді. Сондықтан да "Ленин Октябрьде", "Ленин 1918 жылда", немесе "Мылтықты адам" сияқты пьесаларда қысқа мезгіл ішіндегі қалың тартыс алынады емес пе? Осы жағынан қарағанда, аясы аз пьеса көлемінде шарасыздық күйге өзін-өзі салған авторлар "бар амангелділік әрекеттерді бір-ақ береміз" деп талпынады да, арман еткен мүддесіне жете алмай қалып отырады. Амангелді жөнінде қызық, қою тартысты, күшті пьеса жасау үшін аз мезгілдің тартыс-тайталасын шоқтай қып жия суреттесе, сол пьесаның сәті оңайырақ түсер еді. Болмаса Ғабиттің мынау пьесасында жаңа тарихтың таңында аяғына оралып жүрген, типтік жанасы жоқ хандықтың пьесадан орын алуы лайықсыз сияқты. Осымен қатар, реалистік образ жасауда "Амангелді" пьесасында кейбір адамдардың, соның ішінде әсіресе жағымды зор кейіп Амангелдінің, өзінің және Петр Логинов тәрізді орыс халқының жағымды өкілі болған адамның образдарын бейнелеуде реалистік қонымды шындыққа қабыспайтын көріністер бар. Амангелдінің алғаш сахнаға шыға көрсететін кейбір өз әрекеттері, мысалы, приставты атқа өңгеріп алып қашып кетуі, Эверсман жандаралдың алдында тағы атқа міне шапқылай жөнелетіні, аспаннан құс атып түсіретіні тәрізді киноның әдісіне қызығудан туған жасандылықтар бар. Сонымен қатар кей кезеңдердегі Амангелдінің диалогтері, мысалы, Зілқарамен сөйлескендегі сөзі — ұзақ, тұзсыз, драмасыз солғын жүріп жатады. Қысыр кеңес, іш пыстырар жай сөздер драмалық шығармалардың көркемдік қасиетіне өзінің сылбыр, созалаң, шикілеу қалыптарымен көп залал келтіреді. Ал адамның сөзі мен сезімін, мінезін алғанда, Тымақбай образынан қызық шыққан, көркем шыққан образ болмағаны жарамсыз. Тымақбай — қоғамдық сырына қарағанда, жағымсыз ортаның жат адамы. Бірақ соған елшеусіз, көп күлдіргі, жазықсыз простак сипаты сынсыз берілген тәрізді. Ал осы пьесадағы орыс халқының ең жақсы өкілі Петрге келгенде, Тымақбай үшін табылған типтік сезім, типке лайық тіл табылмаған. Оның орайына Петрдің образын Ғабит тіл мен сезім жағынан жеңіл, үстірт жасаған. Бұл пьесадағы Петр аты орыс болғанмен, сөйлер сөзде, пьесаның ең қымбат сырлы өзгеше материалы — тіл жөнінде нағыз қарапайым қазақ боп қалыптанады. Петр: "әйтеуір бір кірбең бар арамызда" дейді. Осында "кірбең" деген сөз тек қазақтың ғана аузында және өте анайы қазақтың аузында болатын сөз. Петрдің тағы бір төмендегідей диалогі бар: "Үйкүшік боларын сезінген қазымыр жанның дәрменсіз қыжыртуы да әшейін, басқа не бар дейсің?" — деп сөйлейді. Осылайша фольклорлық теңеу қолданып, қазақтың ескі шешендік үлгісінде осынша оюлап, кестелеп сөйлеу Петр образына мүлде қонбайды. Петрдің кадеттер туралы айтатын кейбір сөздері, сөйлемдері мүлде жабайы қазақы тілде айтылады. Бір емес, пьесаның өнбойында осылай өз бойына, образына, болмысына қонбайтын тілмен жағымды геройдың сөйлеуі оны суреттеген бояуды көп жерде жалған бояу етеді. Ендеше, осындай тұстарда пьеса реалистік, өмірлік, шындық талаптарынан табылмай қалып отырады. Негізі қазақ совет драматургиясының реалистік пьеса жасау бағытында туған "Амангелді" пьесасының осы алуандас олқылықтары бар. Бірақ, қалай да, бұл пьеса соңғы жылдардағы реалистік пьеса сипаттарын шебер жазушының тілімен едәуір елеулі етіп танытып тұрған шығарманың бірі болады. Қазақ драматургиясы көлемінде 6-7 пьеса жазып, кейбіреулері сахнаға қойылып жүрген автордың бірі — Әбділда Тәжібаев. Әбділда ең алдымен драматургияға "Ақ қайың" атты пьесаны Әуезовпен бірге жазысу арқылы келді. Одан бері де "Көтерілген күмбез", "Біз де қазақпыз", "Жомарттың кілемі", "Гүлден, дала", "Дубай Шубаевич" сияқты пьесалары туды. Соңғы аталған бір топ пьеса бірнеше стильде жазылған. Кейбіреулері "Жомарттың кілемі" сияқты ертегі-аңыз тақырыбына жазылса, "Көтерілген күмбез" — тарихтық аңыз. "Біз де қазақпыз" символистік сарында, "Гүлден, дала" комедия стилінде, "Дубай Шубаевич" сатира үлгісінде жазуды мақсат, мүдде еткен еді. Бас-аяғы 14-15 жылға созылған, жаңағыдай драматургиялық әр алуан стильдерге барған тәжірибе бар. Жоғарыда аталған талабымыз — реалистік пьеса жазу шартының тұрғысынан қарасақ, тек "Гүлден, даланың" кейбір тәуір жақтары болмаса, жалпы алғанда, драматургияда Әбділда көбінше сәтсіз, теріс, кейде орасан қателік бағыттарға, жайларға шырмалумен келеді. Сол олқылық пен кемшіліктердің ең әуелгі жиын себебі, зор себебі — бұл жазушының реалистік пьеса жазу жолына түспей, адасуынан. Бір кездегі идеялық, творчестволық адасуының себебі формалистік түрдегі еліктегіштік болды. Сол кезде ол Орталық партия Комитетінің қатал сынап, әшкерелеп, мінеген тізімінен шықты. Онда Әбділда Г. Ибсен пьесаларының ескі жолына еліктеді. Оған қызыққанда, драматургияның дүниежүзілік даму тарихын білгендіктен, әдебиеттік мәдениетті терең түсініп танығандықтан барған жоқ. Тек жеңіл ғана жұқалаң ғана дерек алып, дақпыртқа сеніп, қызыққыштықпен ғана барды. Қай заманда болсын драматургияның ұлы асқарлары символистік пьесалар емес, реалистік пьесалар арнасында жүріп жатқанын аңдамай барды. Ол жолда реалистік, шын бағалы көркемдік Әбділдаға табылатын түрі жоқ еді. Абырой, қасиет табу орнына, біле-білсе, қасірет тауып шықты. Өмір шындығы мен көркем әдебиет шындығы терең тамырларымен айқыш-ұйқыш нық байланысып, айқасып жатпаса, көркем шығарма тумайтынын ойлау керек, жауапты түрде ұғыну керек еді. Әбділда сол қорытындыны алғашқы сәтсіздік тәжірибесінен жасай алмады. Рошальға қосылып "Жомарттың кілемі" деген пьесаны жазды. Бұл пьесада және де жарқыраған жылтырға, арзан әшекейге құмарлық аңқып тұр еді. Тағы да реалистік дәстүрге аса шалғай жайлар көрінеді. Есте болсын, ертегілік тақырыптан да, эпостық тақырыптан да аса көркем, аса қонымды реалистік пьеса жасауға болады. Оның мысалына біздің драматургтерге Назым Хикметтің "Махаббат туралы аңыз" атты пьесасын атап өтеміз. Ал, Әбділда мен Рошаль қазақтың ертегі аңызынан не шығарды? Халықтың қазынасына, халықтың қиялына мүлде қонбайтын, қиыспайтын өрескел жамаулар, жалған формалистік бояулар жақты. Бері келе Әбділда бірнеше жылдан соң драматургия жанрына қайта оралып, "Гүлден, дала" деген пьеса жазды. Бұл пьеса алғаш рет Жазушылар одағында оқылып талқыланған кезеңінде көп ойлар айтылған-ды. Жазушының осы тақырыпта едәуір елеулі жаңалықтар тапқанын, көрікті көріністер, көңіл шақтарын бере білгенін — осу жолындағы жақсылық деп бағалау болған. Бірақ сонымен қатар бүкіл Одақ көлемінде драматургияның соңғы бір жылдарда кейін қалуына себепші болған "конфликтсіздік жайы осы пьесада күдік туғызады" деп айтылған пікірлер аз емес-ті. Кейін қанша түзедік дегенмен, автор да, театр да бұл пьесаны сол бір әлсіздік жағынан биікке шығарып, дәлді, белді етіп әкете алған жоқ. Қатардағы тәуір ғана пьеса, орташа ғана спектакль шыққан еді. "Аспаннан құс тістеген" асқан кесек табыс бұл пьесада да даусыз күйде туа қойған жоқ-ты. Бірақ соңғы жылдардың сәтсіз пьесалары көп болып, театр искусствосы шөліркеп жүргендіктен, "Гүлден, даланы" мүлдем дана осы екен деп біліп, алып ұшып, асыра бағалап кетті. Бірнеше жыл бәйгесін өткізе алмай жүрген орындар қос-қосарлап үкі-танасын түгел тақты. "Реалистік пьеса туса, болса екен" деген шартымызды осы "Гүлден, далаға" және де әкеп, өлшеу-мөлшер таразы етіп байқасақ не шығар еді? Бұл шығармада реалистік элементтер бар екені даусыз. Бұрынғы натуралистік, формалистік үлгіге сырт еліктегіш автор мынау шығармада көбінше өмірлік шындыққа жақындай түскен, қабыса келген деуге болады. Бірақ солай дей тұра, бұл шығарма және де толық көркемдік сипаты жеткен, анық реалистік пьеса болып кетпеген. Ол әсіресе осы пьесадағы күлкі комедия шығарам деген жайлардан байқалады. Аты комедия болғанмен, "Гүлден, даладағы" күлкі не қуантпайды, не жирентпейді. Көбінше дәрменсіз, тек зорлықпен ғана, болымсыз ғана езу тарттыратын, тұздығы татымсыз күлкілер. Өмірдің өзіне нық байланысты терең шындықтан туған күлкі болса, бір сәрі еді. Бұл шығармада және де "кей пьесалар, кейбір спектакльдер осылай күлдіруші еді ғой" дегендей, өмірден гөрі тағы да бөгде шығармалардан ауысып жүрген әдебиеттік кезбе күйлер, литературные реминисценции көбірек көзге түседі. Адамның күлкі жөнінде қолданған тілі, сезім, сөздігі — бәрі де зорланып шығып, қонымсыз болады да, қызықтыра тартпайды. Міне, осы жайдың және жоғарыда айтылған үстірттік әдеттің аса бір сәтсіз, өрескел көрінісі Әбділданың соңғы пьесасы "Дубай Шубаевич" тұсында бір араға түгел жиылған. Бұл пьеса сол себепті жұртшылықты әсіресе қатты түңілтіп отыр. Белинский: "Анық көркем комедияның негізінде терең мәнді мысқыл жатады. Атаулының діңгегі кейіпте (характерлерде) болғанда, адам бейнесі көркем боп қалыптану шарт, жалған түрде жаннан жасалған болмау керек". Ал "Дубайдың" бар адамы сол жалған, жасанды жандар. Белинский және де: "Шын таланттың әр адамы — тип" десе, "Дубайдың" бар адамынан бір тип шықпаған. Гоголь, Щедрин аттарын ауызға алғанда комедиядан не талап етілер еді? Ең алдымен бейнелеген кейіпкерде қоғамдық, типтік сипат болсын дейді. Драмалық коллизияда (қақтығыста), конфликте биік сапалы мысқыл мен қоғамдық мазмұны, тереңдігі Гоголь үлгісінше үйлесіп келсін дейді. Міне, осы сипат, қасиет орыс комедиясының реалистік және ұлттық белгісі боп еді. Жолдастар! Мен қазақтағы жас комедияның кәрі әзірейілі болғым келмейді. Ол рольде, әрине, қадір де, қасиет те жоқ. Бірақ сонда да қазақ совет комедиясы дегеніміз "Дубай Шубаевич" болатын болса, бұрынғыша айтқанда, оның "бетінен жарылқасын". Кей жазушылар мен әсіресе искусство адамдары Шубайды шәлей мақтаса да, тумай тоқтап тұр. Солай болмасқа әдді жоқ. Бұл пьеса жөнінде конфликт жайын, типтік ерекшелік, жалпы пьесаның архитектоникасын айтып, атап жатудың қажеті жоқ. Мынау сәтсіз, теріс шығарма, тұтасынан алғанда жасанды, жалған, фальш іргесіне құрылған. Сондықтан бұнда шынайы сән де, мән де жоқ. Сатира жөнінде сан цитата тапқанмен, ешуақытта "сатира — сатира үшін" бола алмайды. Сатираның стилі әсірелеуді, ойнақыны, жеңілдікті кешірсін-ақ. Бірақ сонда да әсте өмір шындығынан тыс тұрған жайдан тумайды. Қайта өмірдегі мол міннен, сан сорақыдан, көп көргенсіздіктен туады. Соларды жиып топтайды да, сатира обобщение жасайды.

Жә, "Дубай" осы жағынан қарағанда, қай өмірдің іргесінен туды? Қазақстандағы жап-жас қана ғылым майданының айналасындағы қандайлық қаптап кеткен сорақы шындықты әйгілемек болды? Сондай сорақылық, сол майданда анығы осылай-ақ бар ма еді? Жоқ, ондай күй біздің өмірде жоқ болатын. Ендеше, пьесаның негізі жасанды, фальш. Аталған фальштің үлкені — пьеса өмір шындығынан мүлде жұрдай. Себебі, дүние жүзінде осы пьесада суреттелгендей институт жоқ та, ондай оқымыстылар да болмайды. Анығында, бүкіл Советтік Қазақстан топырағында облыстық емес, ВАСХНИЛ филиалында бір ғана мал өсіру институты бар. Ол — Қазақстан ғылым орындарының ішіндегі мақтанышы боларлық институт қайсы десе — соған татиды. "Дубай" пьесасының көрсетпегі сол институт десек, ол жала. Бұл тұста әдеттегі обобщение дейтін ұғымды қолдануға келмейтін бір жай бар. Себебі: егер дүниеде бірден-бір ғана, мысалы, қазақ университеті, қазақ консерваториясы, қазақ филармониясы болса — сіз пьесаңызда сол орындардың бірінің атын атап сын-сатира жазсаңыз, "айтқаным обобщение, сендер емес" деген жалтаң сөз жауап болмайды. Атын атап айыптаған коллективіңіз алдында (ия, коллектив, өйткені институттың директоры, орынбасары, сектор бастықтары, кіші қызметкерлері бір жағынан кеңсе ішінде және де көрсетілсе, оның коллектив болмасқа шарасы жоқ), міне, сол коллектив алдында жаңағы айтқандай айыптағаныңыз үшін сіз морально жауапкерсіз. Сөйтіп, сіз не шынды айттыңыз, не жала жаптыңыз. Ал осы тұрғыдан қарасақ, не көреміз? Өмір шындығын таныту былай тұрсын, пьесаның өнбойындағы тартыссымақ оқиғаның бәрі тек бір ғана ойдан шығарылған қылмысты ғана таратып баяндайды. Онысы институтқа, жаңағы ғылым орнына тек қана обывательдің жапқан жаласы. Негізі осы болған соң конфликті де жалған, адам да жалған — жанды қуыршақ. Совет комедиясы дамығанда социалистік реализм негізінде өркендейді десек, бұл пьеса ол арнадан мүлде алыс, ерсі, қарсы жатыр. Жә, "Дубай" пьесасының осылай шығу себебі не? Себебі: тағы да Әбділданың өмірден, шындықтан негіз нәр алмай және де формалистік, натуралистік еліктегіш әдетке басуында. Реалистік комедия, бағалы сатира осындайда туа ма? Тумайды, әрине. Сөйтіп, пьеса жазу тәжірибесіне қарағанда, Әбділда жауапты жанр жөнінде терең ойлап жазып жүрген жоқ, осы жанрмен ойнап жазып жүрген тәрізді. "Олай да жаза алам, бұлай да жаза алам" деген тәрізді, пьесалар жазудың сыртқы приемдарына машықтанып, пьеса жазу формасын меңгеріп алған да, жаза салатын болған. Міне, Әбділда жазған жасанды пьесалардың осындай өкінішті шыны бар сияқты. Біз Әбділданың драматургиядағы қатесін қатал сынап, қатты айтып отырмыз. Бұның себебі мұқату да, құрту да емес, әрине. Менде "үстем" дерлік ниет болған емес, болуы мүмкін де емес. Бірақ біз есеп беріп отырған дәуірде анық даусыз, екі үлкен өрескел творчестволық қате жіберіп отырған жазушы Әбділдаға өзгеден бөлегірек, қаталырақ талап айтылмаса, онда біздің жіксіз, жалтақсыз сын айтамыз дегеніміз бекер. Әбділдадан таланты, шеберлігі көп төмен жүрген драматургтерге біз осы баяндамада жеңілірек сын айтуымыз мүмкін. Ол да бұрғандықтан емес. Сол жазушылардың, солғын жазса да, міні Әбділда мініндей болмағанынан. Ал осының үстінде "Бұл сынды бұрын неге айтпадың?" дейтіндер болар. Бұрын Әбділда ғана емес, тіпті бүкіл қазақ драматургиясы туралы, дәл осы баяндама тұсында болмаса, мен үңіліп ойлап, желілі сын тізіп, барлап көрген емеспін. Сондықтан көп нәрсе туралы жеңіл ғана, сырт қана бір-екі ауызша сөз айтқаным болмаса, тереңдеп ойланып, жазып таратып сөйлеген де емеспін. Сол ретте кейде сын пікірім, кейде сынсыз сүйсінген қате пікірім де дәлелденбей, таралып ойланылмай, селқос жүре берді. Мысалы, мен "Біз де қазақпыз" туралы Орталық Комитеттің қаулысына шейін тәуір пьеса екен деп өзім де қателесіп жүргемін. Енді, міне, бүгін ғана бар ойым, сынымды таратып, желілеп айтуға тура келгенде, Әбділда жөнінде де, өзге бұрын өзім пікір айтып көрмеген пьесалар мен авторлар туралы да ойдағы шынды, сынды өз түсінігім шамасынша негізді сын тұрғысынан шолып өтпек болдым. Тағы бір ауыз көлденең бір жай жөнінде... Жоғарыдағы тәрізді шыннан туған қатаң сөздерді сыналушы жазушылар "қастан сөз" деп түсінбес деп сенеміз. Сонымен қатар оларға деген сын сөзді "ежелгі бір есептердің керегіне жаратам" деп, сыналатын жолдастарды түйгілей түсуді ойлайтын жандар да болмас деп білеміз. Бұл жайлардың не бірде-бірі, не екеуі де бола қалса, ол біздің әлі де, жақсы күннің өзінде де жақсы сынға жақсы көңілмен жете алмай жатқанымызды білдірер еді. Өкініш үлкені де болар еді. Осымен драматургияның өзіне нақтылай оралғанда, қазақ совет драматургиясына едәуір шығармаларымен атсалысқан Сәбит Мұқанов туралы біраз пікір айтып өтеміз. Сәбит — қазақ мәдениет тарихында және Бүкілодақтық совет әдебиеті көлемінде еңбегінің салмағы зор жазушының бірі. Ол жолы кең жазушы болғанда, әдебиеттік бар жанрда көп-көп шығармалар жазған жемісті, өнімді жазушымыз. Рас, Сәбиттің драматургиядағы орны оның поэзиядағы, прозадағы орнымен барабар емес. Біз драматургиядағы Сәбит еңбегін ең алғашқы бір шығармасы мен қазіргі ең соңғы шығармасы екеуін шолып талдаумен сипаттап ұғынбақ боламыз. Ең алғашқы шығарма дегеніміз — "Күрес күндері" атты пьесасы. "Күрес күндерінде" көрінген конфликт, адам мінездері шындықтан бірде-бір кез оқшау, шалғай кетпеген. Сәбит тегінде реалист жазушы. Ол анық өмірге жақын етіп алған адамдарына аса қонымды, нанымды тіл де, сөз де, сезім мен іс-әрекет те бере білді. "Күрес күндері" пьесасы типтік жағдайда қалыптанған типтік кейіптерді сол пьесаның бас геройы Жақыптың бейнесімен де, жағымды герой, халық өкілі кедей Қыстаубай бейнесімен де нанымды етіп көрсеткен. Осы екі герой — Сәбиттің кейін прозалық үлкен шығармаларында да үнемі көрініп жүретін, революцияның алғашқы жылдарындағы қазақ еңбекші аулы тудырған шынайы, толыққанды образдар. Реалистік пьеса жасау жолында алғашқы елеулі бір табысты "Күрес күндерімен" танытқан Сәбит кейінгі көп жылдар бойында сол алғашқы табысының бетімен үдеп өрлеп кете бермеді. Жалпы алғанда, келесі көп жылдар бойында Сәбит жазған бір топ пьесаның бәрі де сол солғын, сәтсіз шығармалар боп келді. Бұның себебі, Сәбиттің кейде өзі мейлінше бар сезімі, демі, тілі, әрекетімен қақ қарсында тұрған шын өмірдің шынайы адамын жасай біле тұра, бірақ сол бейнелерді бірталай кездерде шегінен асырып, жалған жайға, жасанды оқиға, ертегі тәрізді қызықсымақ күйлерге бұрып әкетеді. Сәбитте бұл жағына келгенде көбінше натурализм, арзан қызық қуған үстірт схематизм дендеп кетеді. Сол жай пьесаларынан да жеңіл жазылған қалыпта байқалып отырады. Өзі негізінде өмірді сонша жақсы білетін және барынша шыншыл реалист жазушы жаңағыдай жаңсақ бояу, жасанды жайлармен өзіне залал келтіре береді. Өмір шындығының үстіне оқушысын, көрушісін не қыса естен тандыра елтітіп алмақ боп, өз бояуына, өзінің шындық материалына өзі сенбей кететіні бар. Міне, осы жай Сәбиттің соңғы драмалық шығармасы "Шоқан" пьесасының алғашқы варианттарында тағы да көріне жүрді. Қазір осы съезд қарсаңында "Әдебиет және искусство" журналының жетінші санында "Шоқан" пьесасының әзіргі соңғы варианты басылып шықты. "Шоқанда" да Сәбиттің реализмі, шығарманың маңызды, шыншыл, қонымды қасиетін, жақсылығын қалыптаған, қазақ тіршілігіне, тарихына жақын қабысатын қалалық, семьялық, қоғамдық, тарихтық және жеке адамдық болмыс шындық пен қарым-қатынастарды суреттеген жағында пьеса жақсы шыққан. Мысалы, Шоқан, оның әкесі Шыңғыс, шешесі Зейнеп, Мұса бейнесі, Айжан, Жайнақ, Малтабар, Ерден образдары өздерінің бар рольдерімен сезім, сана, психологиясымен анық реалистік қалыпта бейнеленген. Сол ретте генерал Гасфорт, Фредерике, Катерина Гутковская, Лиза образдары да қазақ бейнелерінен басқаша мінез, машықтарымен, сөз, сезім өзгешеліктерімен жанды, нанымды бейнелер болып қалыптанған. Қысқасы, Омбы қаласын, қыр жағдайын, тарихтық салттық заман шындығын, сол замандағы жаңағы аталған адамдардың басқаша психологияларын Сәбит реалист жазушының алғыр өнерімен сенімді бейнелеген. Бірақ осындай жақсы сипаттарымен қатар, "зор адам жөніндегі ұлы нысана реалистік көркем шығарма ретінде ойдағыдай шыққан ба?" десек, бұл қалыпта "Шоқан Уәлиханов" атты пьеса әлі көп жағынан жетісе алмай, толыса алмай тұрған сияқты. Осы кемшіліктің екі себебі бар. Бірінші себебі — пьеса қанша айтқанмен шақ мезгілдің, шағын материалдың көлемінде қызық құрылады. Ал Шоқан деген тақырып, оның барлық мол арналы, әр тарау өмірін алсақ, бір пьесаға әсте сыймайды. Пьеса үшін Шоқанның не Омбы дәуірін алып қана, немесе Түркістанға қарай аттанған жолын ғана суреттеумен, көп түйінді сол кезеңдерге түйіп беру дұрыс болар еді. Әрі Омбы, әрі Петербург пьесаның ішіне кірген соң, екі қалада, екі бөлек қауым ортасында алыс-тартыс, тірлікке араласып жүрген Шоқан өмірі екі пьесаның тақырыбы боп кетеді. Себебі, екі қалада бірінен-бірі бөлек екі топ адам шығады. Осындай үлкен материалдың бар бойын пьесаға сыйғызам деп, тартыс оқиғасын көпсітіп, далитып алу — драмалық құрылыстың заңына қайшы келіп жатыр. Бұл — бір себеп. Екінші себеп — Сәбит осы пьесаның әр вариантында орыс тарихындағы, Россия көлеміндегі аса ірі адамдардың атына құмар. Солардың әрбір оқушы мен көрушінің санасында салмағы зор екеніне сенеді де, Сәбит "сахнаға өздерін кіргізсем болады" деп ойлайды. Драмалық белі бекіп, идеялық еңсесі көтеріледі, биіктейді деп сенеді. Ал шынында осы пьесаға Семенов Тянь-Шанский, Чернышевский, Александр ІІ патша, Авдотья Панаева, Потанин тәрізді адамдардың бір-бір суреттерде, немесе екі суретте араласып, тез жоғалып кетіп отыратыны шығарманы қатты әлсіретеді. Жаңағы адамдар пьесаның ішінде тартысқа, драмалық анық шиеленіскен түйін, тартысқа араласпайды. Олар романда келетін: кең, баяу, ұзақ-сонар жайлардың тұстарында көрінеді. Өздері және пьесаның басында экспозицияда көрінсе бір сәрі. Анық драмалық тартыстың заңы бойынша ең қатты ширап, шырқап, құмарланып өсетін кезеңінде сахнаға шығады да, бар оқиғаны, драмалық түйінді тартыс қалпынан ыдыратып әлсіретіп, сейілтіп жібереді. Тартыс суынып кетеді. Себебі, бұл адамдардың пьесаға араласуы драмалық түрде емес, хроникалық, эпикалық түрде араласу болып отыр. Осылайша пьеса реалистік пьесаның жанрлық заңдарынан шалғай басады. Өмірлік материал пьесаның ең жауапты тұсында драматургиялық заңда қалыптаспай, натуралистік, шикі материал қалпында қалады. Өмір шындығы мен драмалық шығарма көлеміндегі көркемдік шындығы қабысып, табыса алмайды. Сырттан зорлықпен жанастырған жапсырма боп сезіледі. Сөйтіп, реалистік пьеса жазуға мүмкіншілігі жете тұрған күйде жазушы драматургияның даусыз, талассыз заңдарын орындамау, қабыл алмау себепті шығармасына шикілік, жетіспегендік қалпын әкеледі. Міне, реалистік шығарма жасау жолындағы олқылық пен кедергінің бір алуаны осылай болатынын біз Сәбиттің :'Шоқан Уәлиханов" атты пьесасынан осындай күйде көреміз. Қазақ совет драматургиясында, соңғы 15 жыл ішінде он шақты пьеса жазып, көрнекті табыстар танытқан қазақ драматургінің бірі — Әлжаппар Әбішев. Әлжаппар көбінше драматургияда қиын жанрда үздіксіз әрекет етіп келеді. Тақырып жағынан қарағанда, бұның шығармалары тегіс совет дәуіріндегі болмыстан, табыс, тартыс шындығынан алынған. Отан соғысынан бұрынғы дәуірдегі Отан қорғау тақырыбы ("Отан үшін"), совет азаматтарының достық бірлігі ("Жолдастар"), Отан соғысы үстінде болған еңбек-ерліктер ("Достық пен махаббат"), шаруашылық құрылыс майданындағы жеңіс, жетіскендіктер ("Қырағылық"), ауыл шаруашылық болмысындағы жаңалық, өрлеу табыстар ("Бір семья"), содан Отан соғысынан кейінгі бесжылдықтағы ғылым, өнер қайраткерлерінің халық шаруашылығын өркендету жолындағы әрекеттері ("Әке үкімі"), бейбітшілік күрес жолындағы сақтық пен қырағылық тақырыптар — барлығы да Әлжаппар пьесаларының соқталы өзектері, арнаулы арқалығы болып келген. Осы тақырыптардың ішінде әсіресе бір тақырыпқа Әлжаппар бірнеше пьесасында және прозалық шығармасында көп оралып соғып отырды. Онысы — Қарағанды тақырыбы. Сондағы жұмысшы табының тірлігі, тартысы, табысы, өсіп-өрлеуі Әлжаппардың бұл бір топ шығармаларының көрнекті арнасы болды. Осы жөнінде бұл жазушының еңбегіне тікелей қатысы бар, "Правда" газетінде июль айында жазылған Н. Тихоновтың мақаласын еске аламыз. Ол мақала қазақ әдебиетінің, әсіресе проза саласының өскенін атап өткен еді. Және де сол өсудің елеулі бір ерекшелігі есебінде "жұмысшы табын көрсететін шығармалар туды" деген. Осы тақырып — Әлжаппар шығармасында көп жылдан бері үзілмей келе жатқан анық өзекті арна. Рас, Қарағанды сияқты кен ошағында азаматтық, отаншылдық жаңалық, жақсы ұрандар жолында жасаған тартыстар Әлжаппар пьесалары мен прозалық шығармаларында көп қайталап отырса да, қадірлі қиын тақырып, бірталай шақтарда Әлжаппарда да сәтті болып, ойдағыдай толықтық, көркемдік тауып шыға алған жоқ. Бұл жөнде, мысалы, "Жас түлектер" романы едәуір күрделі өмір жайын қамтығанмен, биік дәрежелі көркем шығарма боп қалыптана алмады. Қарағанды тақырыбына алғаш жазылған Әлжаппар пьесалары да ойдағыдай өрістен табыла алмады. Бірақ өмір материалын талмай зерттеу, іздену арқасында өз тақырыбын барынша сүйіп, соған барымен беріліп іздену соңында ақыры Әлжаппар өмір шындығы мен көркем шығарма шындығының тоғысқан түйінін таба білді. Ұзақ еңбек нәтижесінде Әлжаппардан анық реалистік үлгіде қалыптанған бір де болса ойдағыдай көркем шығарма туғанын көрдік. Ол тағы да сол Қарағанды тақырыбына қайталап, еселеп ізденіп жазу нәтижесінде туған "Достық пен махаббат" пьесасы. Әзірге совет тақырыбына жазылған қазақ пьесаларының ең тәуірі, ең тұрақты көркемдік сипатқа ие болып шыққаны осы "Достық пен махаббат" деп білеміз. Ауыр да болса әділін айтуға тура келген шақта, біз даусыз мойындайтын екі түрлі шындық бар. Ең әуелі қазақта драматург саны көп болмағанмен және ескі тақырыптарға едәуір тәуір шығарманы тудырғанмен, көп жылдық драматургиялық стаждары бар, тәжірибелері бар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов тәрізді жазушылар жаңа тақырыпқа ойдағыдай, тұрақты, жақсылық қасиеті мол шығармалар бере алған жоқ. Екінші және көңілсіз де болса мойындайтын бір жай — қазақ совет драматургиясының соңғы жылдардағы жаңалықтары, соның ішінде Әлжаппардың өзінің жазып жүрген пьесалары да, сол ертерек кезде жазылған "Достық пен махаббаттың" теңіне, шеніне бара алмай, жете алмай жүр. Әсіресе соңғы жылдардағы сатиралық комедиялар үлгісінде жазылған қазақ пьесалары шынында да ерте кездерде жазылған "Күрес күндері", "Амангелді", "Достықпен махаббат" дәрежелерінен көп төмен шығып жатыр. Бұл жай — орыс совет драматургиясының кей жағдайына ұқсайтын жайдың бірі. Орыс драматургиясында да соңғы жылдардың конфликтсіздікке, сатиралық комедияға бағытталған шығармалары жиырмасыншы, отызыншы жылдар тудырған советтік классикалық пьесалардан төмен болудың үстіне, Ұлы Отан соғысы кезінде туған "Фронт", "Нашествиелерден" де сонағұрлым әлсіз ғой. Осы бір жағымсыз жай біздің драматургиямыздағы бірнеше автордың еңбегіне жайыла көрінді. Ал "Достық пен махаббатты" бұл жағынан қарасақ, ондағы конфликт өте нық шиеленіскен берік тартысты баян етеді. Ондағы жағымды-жағымсыз елеулі образдардың, мінездердің көбінде анық типтік сипаттар бар. Осындай драматургиялық элементтері берік материалға сүйенгендіктен, бұл шығарма сюжеттік жағынан мейлінше қою, қалың оқиғалы, келісті боп шыққан. Екі съезд арасындағы елеулі табыстарымыздың анық бірі осы пьеса екенін бағалаумен қатар, бұнда да кейбір кемшіліктер барын атап өтеміз. Ол — Әлжаппардың соңғы уақытқа шейін жазып келген көп шығармаларында басым болып көріне жүретін бір бояудың жайы. Анық реалистік шығарма толық күйде қалыптанғанда, адамның аузынан шыққан сөз бен іштегі сезім, ойдың бәрінде бұлжымай "рас, осылай" дегізіп, бас идіретін нақтылы дәлдік болу шарт. Пьесада сол өлшеу-мөлшерлер аптека таразысына өлшенгендей өте шетін, нәзік нақтылықты сақтау қажет. Әлжаппардың ең жақсы пьесасының өзінде де, мысалы, орыс адамы Миронның сөйлеу, ойлау тілінде анық орыс адамының психологиялық, ұлттық өзгешелік-ерекшеліктері, аса шартты, қажет ерекшеліктері дәл шыға бермейді. Қазақылану көбірек болады. Екінші, кейбір адамдары өзінің ішкі сырын, көңіл күйін айтар шағында әсірелеп, лепіре жалындап кетеді. Осы екі жайдың екеуі де, әсіресе пьесада тілдің, сөздің ең талғағыш таразы болатын ерекшелігін ойдағыдай ескере алмай жатқандықты көрсетеді. Біз Әлжаппар жазған "Бір семья", "Күрес әлі біткен жоқ", "Әке үкімі" тәрізді пьесалардың бас-басына талдау айтпаймыз. Бар пьесаның көбіне ортақ бір жақсылық пен бір кемшілігін атай кетеміз. Жақсылығы — Әлжаппар шамасы жеткенше, барынша, конфликтіні нық шиеленістіріп алуға тырысады. Адамдарының тартысы өмірлік қатаң, ширақ тайталасқа арналады. Бұнысы шығармасының қызықты, сюжетті болуына көп көмек етеді. Бір мықты конфликт, қызық сюжет іздеймін деп, кейде Әлжаппар "Әке үкімі", "Күрес әлі біткен жоқ" сияқты пьесаларда өмір шындығы жағынан даулы көрінетін жасанды, шытырман оқиғаларға қызыққыш боп жүр. Осы жайды бұл жазушы жалаң сюжеттілік іздеу қалпынан гөрі өмірге нық, берік байланысты сюжеттілікке қарай ауыстыруы керек. Әлжаппар тәжірибесінен реалистік пьеса тудыру шарты осындай жайларды талап еткізеді. Әлжаппар тәрізді өзінің жазушылық талаптарын, көп жылдық іздену еңбегін тек қазақ совет драматургиясына арнаған жазушының бірі — Шахмет Хұсайынов. Шахметтің қаламынан туған пьесалар саны онға жуық. Бұл есепке ол жазған колхоз, совхоз сахнасына арналған бір-екі актылы шығармалардың санын қосып тұрғамыз жоқ. Шахмет те, тарихтық революциялық тақырыптағы Амангелді жайындағы пьеса мен "Алдаркөсе", "Шаншарлар" тәрізді, бұрынғы тақырыпқа жазылған пьесалары болмаса, тегінде, негізінде көбінше бүгінгі советтік, жаңа тақырыпқа жазатын жазушы. Шахметтің үш шығармасында елеулі табыстық, жазушылық өнер көрінді. Бұлары — "Алдаркөсе" комедиясы, "Сахара үстіндегі жалау" атты Амангелдіге арналған тарихтық пьеса және соңғы жылдарда сахнаға шыққан сатиралық комедиясы "Көктем желі". Жалпы Шахмет еңбектерінен осы үш шығарманы елеулі еңбектер дегенде де, біз осы шығармалардың сапалары әр алуан, әр сатыда, әр дәреже тәуірлікте тұрғанын еске ала сөйлейміз. Осы жөнінен қарағанда, "Алдаркөсе" гротесккомедия есебінде, жанрлық ізденулері бар, фольклор күлкісіне заңды, қонымды түрде қабысып шыққан, әсірелеген сықақ есепті болады. Халықтың қоғамдық мазақ, әзілін творчестволық түрде жеңіп меңгерген табыс бар. Бүгінгі тақырыпқа жазылған "Көктем желі" атты комедия "Алдаркөседен" стиль, әдіс жағынан мүлде басқа шыққан. Ол комедия стиліндегі реалистік жанрға көп сипатымен көңілдегідей қонымды боп шыққан. Қазіргі қатаң сыналып жүрген фальштік тартысқа, іске, мінезге құралған соңғы жылдар комедияларынан "Көктем желінің" көп жақсы айырмасы бар. Шахметтің пьесасында жағымсыз адамдардан, Мойтық, Шаймұқандардан жағымды адамдар ортасы сонағұрлым көп. Олар күшті, есті және салмақты істермен, сөз, мінездермен анау құнсыз бірлі-жарымды қатты қағып, өздері де әйгілеп, әшкерелеп жүреді. Сатиралық комедия атаулыда күлкіге, мазақ-ажуаға ұшырайтын ескінің қалдықтары болса, тегінде, олар бір пьесаның ішінде жалғыз өздері билеп-төстеп, тайраңдап жүрмеу керек. Олардың сұмдығы мен құнсыздығы совет көрушісіне, оқушысына сол пьесаның өз ішінде жерленіп, қаққы-соққыға айқын ұшырап отыру шарт. Оларды көріп отырып оқушы мен көруші қолма-қол жиреніп, өкімін айтып, сол сорақылықтан, ластан, шылықтан жирену үстінде өзі биіктей, өскелеңдей ағара түсу қажет. Шахмет пьесасының әшкерелеу зілі де, тәрбиелеу өрісі де осылай лайығынша екі жақты, салмақты және реалистік шығарманың қалпына лайықты, нанымды боп шыққан. Рас, бұнда бір колхозға екінші колхоздың жер жыртып беретін көмегі өмірдегі шындыққа ойдағыдай үйлес шықпаған деген дау бар. Бұл драматургиялық құрылысқа соншалық үлкен мін, нұқсан болатын жай деп ойлауға келмейді. Ол туралы тек сол колхоздың бірі-біріне көмек беруін аудан арқылы, немесе МТС ретімен дәлелдей түсу керек еді деген ғана ескерту айтса жетерлік. Мен бұл пьесаны реалистік биік сипатқа жеткізбей тұрған жай — жалпы Шахметтің пьеса жазуда қолданатын тілінде, сөз әлпетінде дер едім. Шахмет "Көктем желі" пьесасында кейіптердің (характерлердің) және халдің (положениенің) күлкі жағдайларын тапқанмен, әр комедияға өзгеше шарт, міндет болатын тілдің, сөздің тапқыр, өткір, құлпыра құбылып тұрған татымды күлкісін жеткізе алмаған. Сондықтан осы пьесадағы бірде-бір адам айызыңды қандырып айтқан бір ауыз "алып соққандай" дейтұғын әзіліне, мысқылына, тапқыр сөзіне, қырғын қалжыңына тап бола алмайсың. Оның орнына күлкі көбінше тек қана хал күлкісі болады. Осыған жалғас Шахметтің драматургиядағы тәжірибесі жөнінде бір үлкен сын талапты айта кету шарт. Шахмет драматург болса да, тіл, драматургиялық шартты терең ұғынып, түгел баурап ала қоймаған. Бұның ең анық жайы әсіресе Шахмет жазған ең бір жауапты тақырып, Амангелді турасындағы "Сахара үстіндегі жалау" атты пьесада аса айқын көрінеді. Ол пьесада Шахметтің тілі екі алуан. Мысалы, сондағы Шоң, Әбдіжапар сияқты адамдар өздеріне өте лайықты тілмен шешен тапқыр сөйлеп, әр диалогін нысанаға дөп тигізіп отырады.Ал әңгіме тек жағымды герой Амангелді, Кәрбоз, немесе армия бастығы (командирі) сияқты адамдарға қарай ауысса болды, Шахметтің тілі толып жатқан фальш, жасанды күйге түседі. Үнемі бір жалған пафос, жасанды ой-сезім, сөйлемдер бірі үстіне бірі ошарылып, аса нанымсыз, келеңсіз боп кетеді. Мысалы, Амангелді: "...Түбінде Қанайдың қаны үшін оқ аузына оралатыныңды ұмытпа!", "Торғай даласының шаңын аспанға шығармай, бауырдан қан ағызбай, қолдарыңа түспеспін...", немесе Амангелді сөзінде: "сұм ойларыңның астында сорғалаған көз жасы аз ба еді..." деген сияқты көпірме, жасанды, жалған жалындар көп. Осындай жалған пафос, жалаң фальш атаулыны армия командирінің аузынан сәт сайын естисің. Армия командирі 40-бетте Амангелдіге: "Қыран екеніңді сезбесең, қияға қанат серіппейсің. Алысқа көз жібермейсің, көктен төмен сорғалап жауыңа да төне алмайсың, сыға алмайсың өкпесін". 42-бетте армия командирі: "...Мына қайқы болат қылышты сізге сыйлаймын!" — деп, таза қазақ фольклорының тілімен сөйлейді. Және тағы сол: "Көп жұлдыздың ішінде Темірқазық жалғыз-ақ, жалғызым деп сақта!" — дейді. Немесе Амангелді "басқан ізіңе жеміс екпей, дерт егетін ежелгі әдетің еді" — деген тәрізді ақылға сыймайтын алыпқашпа, жалған бояумен жалындайды. Ізіне кісі жеміс еге ме, сірә, оған ешнәрсе шыға ма? "Ізге дерт еккен" деген қандай логика, образдық логикаға сыяды? Осындайдан барып кесек образға жалған, жасанды бояу интонация жабысады. Ол образды әлсіретеді, ол образ пьесаны жүдетеді. Сөйтіп келіп ойдағыдай реалистік пьеса боп шығатын тақырып Амангелдіге "шамаң келеді" дегенді бұл авторға да айту қиын. Жаңағы сөз мысалдарын көп келтірген себебіміз, Шахмет қазақ драматургиясында біздің бәріміз бір кезде көп тұтынған жалған пафос, көпірме сөзді көпке шейін қалдырмай, тастамай, шектен шығара көп қолданған жазушы болатын. Сол сипаты мына кейін жазылған ең соңғы және, біздің білуімізше, барлық Шахмет еңбегінің ең көрнекті, көңілді табысы "Көктем желі" комедиясының өзінде де білінеді. Сөйтіп, тіл жайы Шахметтің өлі аса зерлеп, ерекше көп ізденуі қажет екенін байқатады. Тегінде, Шахмет өзі бар күшін, ізденулерін, көп жылдарын арнаған ауыр жанр, қадірлі жанр драматургияда дұрыстап тіл таппай, үлкен өнер таппайды. Ол жазған пьесалардың реалистік шарттарға неліктен толық сай бола алмай жүргенін осымен байланысты деп білеміз. Қазақ совет драматургиясына күрделі бір ғана пьесамен атсалысса да, сол бір шығарма көлемінде өте салмақты және үнемсозар өнер танытқан жазушының бірі — Ғабиден Мұстафин. Біз еске алып отырған оның көлемді, драматургиялық еңбегі "Миллионер" пьесасы. Бұл шығарма реалист жазушы Ғабиденнің көркемдік, идеялық үлкен табысы деп саналған, көп тілдерге аударылып, көп елдер оқушыларына мәлім болып, мақтау алған "Миллионер" повесінің тақырыбына жазылған. Екі шығарма көлемінде де жазушы Ғабиденнің нанымды, көркем жаңалық туғыза білетін алғырлығы айқын көрінеді. Сонымен қатар осы екі шығармада және де Ғабиденнің сюжет құрудағы, әсіресе тартысты таратудағы кемшілік-олқылығы да байқалады. Драматургия жайын сөз қылғандықтан, біз "Миллионер" пьесасына жаңағы екі тұрғыдан талдау жасап көрейік. Реалистік көркемдік "Миллионер" пьесасының ең алдымен өмірлік шындыққа нық байланысты бекем негізінде. Өмірлік болмыс тұрғысынан қарағанда әрі көркем нанымды және соның үстіне орамды, шебер түрде қамтыған шындықтар бар. Замандық-қоғамдық, ішкі психологиялық сипаттарды тартыс үстінде, әр кезеңде, көңілдің әр сәтіне орай келетін тілмен өте орынды таратып беретін келісімдер бар. Жарастық, келістілік бар. Әсіресе Ғабиден творчествосының ең асыл қасиеті — адамдарының аузына оралатын, өз лайығымен берілетін тілде. Сол ретте Жақыптың аузындағы сөздер, Жомарттың тілі, өз орнында Алманың, Жанат сияқты адамдардың сөйлейтін тілдері бүгінгі ең шебер, тапқыр ойлы, тартымды сөздер деуге болады. Кей жолдастардың: "Ғабиден шығармаларында геройларға берілген тіл мен сөз өмірдің дәл өзіндегі колхозшылардың, көпшіліктің сөйлеп жүрген тілінен артығырақ, әсемірек", — деп, соны күдік етіп айтатыны болады. Біздіңше, бұл орынды, дәлелді күдік емес. Қайта Ғабиден шығармаларының қазақ совет әдебиетіндегі аса айқын озғын қасиеттерін дәл бағаламау, танымау болар еді. Анығында, жазушы өзі суреттеп отырған халықтық, қоғамдық ортаның жағымды адамдарына шешен, тапқыр, ойлы, көркем тіл бітіре білу керек. Қай заманда болса да халықтың ішкі қасиетін көркем шеберлікпен сипаттайтын, бағалы еңбегі бар жазушының бәрі де сол халықтың жүрегінде жүргенін тіліне оралтады, ойында дәл қалыптанып аталып, таңбаланып шықпаған, бірақ санасының түпкірінде тұнып жатқан шындығын тапқыр ой етіп, көркем сөз, монолог, диалог етіп паш етеді емес пе?! Сол ретте Ғабиденнің Шығанаққа, Жақыпқа, Амантай мен Жомартқа, Жанат пен Алмаға, Жанботаға ойлататын ойлары, сездіретін сезімдері, сөйлететін сөздері соншалық қонымды, келісті қалыптанады. Осылар сөйлейтін тілдегі әр алуан айтқыштық пен тапқырлық, дәмділік біздің бүгінгі колхозды еліміздің өскелең жұртшылығының өсіп көркейген, шеберленіп өнерленген тілі болуға мейлінше үйлеседі. Сол сипатының өзімен "Миллионер" пьесасы қазақ сахнасына соншалық қонымды, орамды, соны тіл алып шықты. Бұнысы "Миллионер" пьесасының оқшау, үздік шыққан қасиеті, анық жақсылығы болатын. Бірақ сонымен қатар және айтуға тура келеді, "Миллионер" пьесасы, осындай бағалы қасиеттері бола тұра, екінші бір жағынан ойдағыдай жерден шыға алмай, олқы соқты. Онысы пьесаның сюжеттік, драматургиялық тартыс, құрылысының біртұтас толық шебер құрылысқа жете алмау себебінен. Бұл пьесаның тартысы соңғы актыларға ауысқанда әлсіреп, босаңсып, нашарлап кетеді. Ал осы кемшілік пьеса "Миллионер" ғана емес, повесть "Миллионердің" де елеулі олқылығы еді. Әрине, тартыс драманың аяғына қарай өскелеңдеп, үдеп ширығып, өрлей түсудің орнына, босаңсып, жайылып, баяулап, ыдырап кетсе, қандай жақсы адамдар, қаншалық жақсы тіл мен оқиғаға араласса да, пьеса олқы соға береді. Міне, реалистік шығарма жасау жолында кейбір күшті, ерекше элементтерді ойдағыдай табыстай әкеле білген Ғабиденнің сол ауызға аларлық тәуір пьесасының өзі де анық, толық реалистік пьесаның өрісіне жете алмай тұрғанын көреміз. Қазақ драматургиясының екі съезд арасында ізденіп өсу жолында бірнеше сәтті-сәтсіз пьесалармен әр кезде ілесіп отырған драматургтің бірі — Мұсатай Ақынжанов. Өзі тарихшы-жазушы болғандықтан Мұсатайдың тарихтық тақырыпқа жиі барғыштап, творчестволық ізденулері заңды талаптар. Осы жолда Мұсатайдың бір топ тақырыптарының ішінде жұртшылыққа көбірек мәлім болып сахнаға шығып, тұрақты орын алғандары соңғы жазған екі шығармасы. Біреуі — қазақ ертегісі, фольклоры негізінде құрылған ертегілік-қиялдық пьеса "Алтын сақа". Екіншісі — анық тарихтық тақырыпқа жазылған "Ыбырай Алтынсарин" пьесасы. Мұсатайдың жазушылық табысына елеулі, салмақты күйде қосылатын шығармасы — осы "Ыбырай Алтынсарин". Бұл шығармада барлық қазақ пьесасынан біз талап етіп келе жатқан реалистік элементтер көп көрінеді. Ол жайды біз Ыбырайдың өз бейнесінен, оның жауы Найзақара, Шоңмұрын, Доспол, Жақай образдары сияқты жағымды-жағымсыз бейнелердің бәрінен байқаймыз. Осы топ заманына, ортасына, өмір шындығына лайықты дұрыс бейнеленген кейіптер. Атқаратын тарихтық, қоғамдық және идеялық функциясына қарағанда, Ыбырайдың достары — Доброходов, әйелі Айғаныс және кейбір шәкірттер қатесіз, дұрыс ойдың бетінде орынды сөздер сөйлеп, іс-мінез жасап жүреді. Бірақ осы адамдар жағымсыз бейнелердің ішінен Кржановский тәрізді губернатор, Кошкин, Медведев сияқты адамдардың бәрі де жазушының өз ойынан туған. Көп жағынан жасанды бейнелер болып қалыптанады. Осы пьесадағы шындық пен жасандылықтың арасы қандай? Тарихтық жүйелік, ғылымдық жағынан алсақ пьесада көрсетілетін халдердің, тартыстардың түп қалыптары, мазмұны, мәні өмірде, тарихта да осы алуандас болуы мүмкін. Доброходов жақсылығындай терең идеялы жақсылық, Кржановский қастығындай қатал, дөкір, суықбауыр қастық — бәрі де тарихта орын алған қоғамдық саясаттық жайлар екені рас. Ал бірақ, сонымен қатар өмірлік шындық пен анық реалистік шығармада талап етілетін көркемдік шындық соншалық нанымды, қонымды боп, мойын бұрғызбастай иландырып ертіп әкете ме десек, бұл сұрауларға берілетін жауаптың көбі осы пьесаға жағымды жауап бола алмайды. Нанымды шындығымен қатар, осы пьесаның ішінде көп ойлар мен істер, пікір таратқан сөздер тікелей тартқан социология тезистеріне айнала береді. Көп жайлар жазушылық шеберліктен гөрі оқымысты тарихшының қорытынды ойларын топшылаған үстірт долбар болып шығады. Тартысын, тайталасын, өмірлік көрінісін жинастыра қарастырғанда, "Ыбырай Алтынсарин" пьесасы қазақтың қадірлі қайраткерінің бірі Ыбырай жөнінде едәуір тәуір шыққан пьеса тәрізденеді. Сол сипаттың бұл шығармада бар екені де рас. Бірақ өмір тарих шындығы мен реалистік көркемдік шындық екеуінің түйісіп табысуында жасандылық байқала береді. Сондықтан пьеса өзінің шеберлік көркемдігімен иландырудың орнына ақылды тенденциясымен илантады. Болғаннан гөрі, болуға мүмкінінен де гөрі, "болса екен" дейтін ындынымен иландыруға тырысады. Анығында, шығарма шынайы толық сипатты реалистік көркемдікке жеткен шақта тенденция, тырмысу, ындып, пиғыл тәрізді қоспаларды керек етпейді. Өзінің қонымды келген, дөп тиген толық жарастығымен жабыса үйлеседі, таныла кетеді. Сонысымен шеберлік, бағалылық қасиеттерін табады. "Ыбырай Алтынсарин" пьесасының бойында, орысша теңеумен айтсақ, ақ жіппен көктелген жайлар білініп тұр. Осындай жәй тәуір пьесаның кемшілігі есепті болып жүр. Бұл да реалистік көркем шығарманың үлкен талабы ойдағыдай жерден шыға қоймағанын байқатады. Жоғарыда біз еңбектерін шолып өткен бір топ жасамыс драматургтерімізден басқа соңғы жылдар ішінде қазақ совет драматургиясына тың еңбектерімен келіп қосылған жаңа бір топ жазушылар да бар. Олардың ішінде Қазақстан жұртшылығына аттары мәлім бола бастағандары — Мұқан Иманжанов, Шамиль Байжанов, ақыннан драматургияға атсалысып жүрген Қапан Сатыбалдин, сыншыдан драматургияға араласып жүрген Тахауи Ахтанов сияқты жазушылар. Мұқан Иманжановтың "Менің махаббатым" атты пьесасы республика театрларында қойылып, "Социалистік Қазақстан" газетінің бетінде бір мақалада бірыңғай мақтаған баға алды. Ал пьесада жалпы советтік драматургияның соңғы жылдарда кейіндеп қалуына кедергі себеп болушы конфликтсіздік құрылыстың айқын таңбасы бар. Сол себепті пьесадағы тартыс әртарау, бытыраңқы. Шебер жазылған пьесада әсте кешірілмейтін, кездеспейтін күй бар. Бір тартыс орнына екінші қақтығыс, үшінші қатар оқиға ауысып түсіп отыратын сахналық хроника, немесе театр тілімен баян етілген ұзақ очерк тәрізді болып кетеді. Негізгі геройлар Ақан, Кәмеш арасындағы қоғамдық жай мен бас мәселесінде екеуінің шалғай келісінен туарлық драмалық конфликт аса жасанды шыққан. Бұл жағдайлар анығында жақсы пьесада салмақты, драмалық түйін себебі болуға, өмірлік шындық жағынан алғанда, әбден мүмкін еді. Бірақ жазушы сол жайдың өзін ойдағыдай тарата алмаған. Шын шиеленісетін орынды, қонымды өмір шәргезіне адамдарын алғашқы перденің басқы суретінде жақындатып, төндіріп әкеледі де, кейін сол жайды драмалық жолмен тарата алмай, шындықтан алыстап, жасанды жайларға түсіп кетеді. Бұл ретте, ең кең кешіріммен ойлаған кездің өзінде, жағымды герой деген жас ғалымы Ақан Кемелев совет жасына лайықсыз карьерашыл қиянаттар қалпына, жағымсыз бейнелердің мінезіне ауысады. Ал жазушының тілегені ол емес. Осылайша пьесаның тартыс ағымын шеберлік тапқырлықпен басқара алмаған жазушы өз ойына ерсі-қарсы келетін қорытындыларды еріксіз жасатады. Сол сияқты пьесада автордың ойы бойынша әсте үлкен орын алуға арналмаған, бірде-бір идеялық, өмірлік, көркемдік қасиеті жоқ, әлдеқалай адасып қалған мещанка Бике Болатова осы пьесаның ішіндегі бар геройлардан артық орын алады. Оны мен Бөкенбаев арасындағы құнсыз, мәнсіз сылқың-сылтың, қиқаң-сиқаңдар спектакльді көрушіге пьесаның басқа мән-жайынан еріксіз тартымдырақ боп кетеді. Ал осы халдер жазушының тілеген, мақсат қылған пьесасына тақырып еткен жайлары ма? Жоқ, бұлай емес. Ендеше, пьесаның айтайын дегені бір жақта, қалтарыста қала беріп, ойламаған, күтпеген жайлары алдыңғы орынға шығады да, спектакль бытыраңқы, аламыш, піспеген шығарма боп аңғарылады. Бірақ сол кемшіліктермен қатар, дәл осы пьеса түбінде Мұқаннан реалистік пьеса туғыза алатын жемісті еңбек күтуге мүмкіншілік береді. Пьесаның ішінде кей кездерде көңілге аса қонымды, тиімді боп келетін реалистік элементтер аз емес және кейбір сатиралық образ жасауда оларға тән орынды, лайықты тіл табуда Мұқан едәуір елеулі өнер танытады. Бұл жазушыдан реалистік шығарма тосуға мейлінше болатындығын, оның өмірлік шындықты, әр саладағы мамандық білімді, деректерді жақсы зерттегендігін көрсетеді. Реалистік пьесаның драмалық шығармадағы ең үлкен шарты, айнымас, кемімес шарты — ең алдымен пьесаның тілі дейміз. Осы ретте екі жазушыны екі сипатымен айрықша атап өтеміз. Бұның бірі — пьесалық жақсы тілді танытқан жазушы да, екіншісі — тілсіз драмалық құрылысты едәуір біліп, баурап алған жазушы. Жақсы тілді драматург дейтініміз — Қапан Сатыбалдин. Сахнаға қойылмағандықтан, басылып шықпағандықтан, Қапан жазды деген көлемі үлкен пьесамен таныстығымыз жоқ. Бірақ қысқа көлемді "Қолғабыс" атты бір перделі комедияға қарасақ, Қапанның пьесадағы тілі аса риза қылатын тіл екенін көреміз. Осы кішкене пьесаның өзінде Қапан өте орамды, дәмді, соншалық шебер тіл танытады. Соңғы кездерде шыққан комедия деп, сатиралық комедия деп аталған үлкенді-кішілі бірнеше пьесаларымыздан комедияның тозбас, өшпес құралы — сөз күлкісін көре алғамыз жоқ. Естен кетпес, ауыздан-ауызға көшіп жүретін, "алып соққандай" өткір қалжың, тамаша әзіл, күлдіргі мысқыл жағы көбінше жұтаң, тіпті жұрдай комедияны көреміз. Сондықтан да олардың кейбірінде күлдірем деген сөздер өзінің дөкірлігімен түрпідей тиеді. Ал Қапанның аз ғана комедиясының ішінде көп жерде аса тапқыр әзілдер кездеседі. Әрі халыққа, колхозшы жұртшылығына соншалық жұғымды және халықтың өз алуанында, стилінде жанынан шығарған әдемі мысқылдары, әзілдері тап түсіп, дөп тиіп отырады. Бар пьесаның көлемінде драмалық құрылыс жағынан олқылықтар болса да, тіл жағында бірде-бір диалогке, жеке сөзге ешбір мін тағуға болмастай, мөлдір, тапқыр тіл бар. Қапанды тілі жақсы жазушы дегенде, екінші бір жазушыда тіл жұтаңдығын олқылық есепті еске алып ек. Ол жазушымыз драматургияға жаңада араласқан, бірақ пьеса жасаудың әдісін жап-жақсы меңгерген жаңа автор — Байжанов Шамиль. Бұның біз білген "Делегат Данияр" және "Әлия Молдағұлова" пьесалары осы жазушы үшін тіл жақтарынан айрықша талаптарды әдейі бөліп алып, баса айтуды шарт етеді. "Делегат Данияр" — драмалық құрылыс, сюжет қоюлығы, тартыс тұтастығы жағынан қарағанда едәуір қызықты боп шыққан пьеса. Бірақ оның әр вариантының бәрінде және кейін жазылған Әлия турасындағы пьесада да Шамиль Байжанов тіл жағынан аса олақ. Не халықтық, не көркем әдебиеттік тіл қазынасының шеберлік, шешендік үлгісін пьеса танытпаса, ол шығарма көркем шығарма емес, пьесалық материал ғана. Ол драманың өзін емес, қаңқасын (скелетін) ғана, схемасын ғана берген еңбек болады. Онда ет те, қан да жоқ. Ендеше, онда күйдірер, сүйдірер, сүйсіндірер, әсер етер жан да жоқ. Әрине, бұндай еңбектер реалистік пьеса жазу шартынан, өресінен өрескел жырақ кетеді. Жаңадан қосылған жазушылардың бірі — Ахтанов Тахауи. Бұл "Арыстанның сыбағасы" атты кіші көлемді, екі акт, үш суретті пьеса жазып, өзінің сыншы ғана емес, көркем шығарма тудыра алатын мүмкіншілігін едәуір тәуір танытты. Пьесада керекті орында қонымды ойлар, сөздер де жанрдың талабына сай қалыптанғаны байқалады. Бірақ сондай тәуір жайлар танытқанмен, тұтасынан алғанда "Арыстанның сыбағасы" елеулі бағалы пьеса болып шыға алмаған. Себебі, осы пьесаға алынған тақырып пен өмірлік материал шағын, болымсыз ғана. Бұнда ұзақ шырқап, алысқа тарап, үлкен көлемді болып пьеса жазылар жөні жоқ, мүмкіндік жоқ. Журнал көлемімен санағанда 30 бет боп шыққан пьеса, акт саны аз аталғанмен, кішкене пьеса емес. Ал оқиға, тартыс, әрекет атаулыны алсақ, бір ғана актының бас-аяғында аяққа құйған астай әрі өткір, әрі қызықты, әрі мысқыл ажуа, тиянадай табылған шығарма болар еді. Тақауи аз материалды ұзаққа сағыздай созып, көп жерде құрғақ сөзді көбіктей көпсітіп, молайтып алған. Пьесаның өз тақырыбына тұжырымды жиналатын бір ғана жай Тойғанбектің қылмысы ғана болар еді де тұрар еді. Сол аз пьесаға жететін де қоятын. Ал енді осы зоопарктың аңдарының сыбағасын қылмыс жасап, қиянат қып, тартып жейтін жыртқыштың қасына және апарып махаббат тақырыбын жапсырудың бірде-бір қисыны жоқ еді. Пьесада сондай қонымсыз ортаға нанымсыз жайды жамағандықтан, қақ жарымына дейін қысыр кеңес, заңнан тыс ұзақ-сонармен кетеді. Әрине, жеңіл комедия көлемінде, кішкене пьеса арнасында да реалистік шындық пен көркемдік шарттар бар. Бұл алуандас пьесалар ең алдымен сол шартына жауап боларлық болса, соның өзі жарар да, жетер де еді. Қосымша баяндаманың көлеміне сыймас болған соң, біз драматургия жанрының қатарында тексеруге болатын бірнеше салаға тоқтай алмадық. Ол — музыкалық драматургия түріндегі либреттолар, балалар әдебиетіндегі драматургия үлгілері. Бұл жөнде біздің үлгі етіп алғанымыз — Орталық партия Комитетінің драмалық театрлар репертуары жөніндегі үлкен қаулысы. Сол қаулының тақырыптары қазақ драматургиясында қалай өрбіп, қалыптанып келе жатқанын талдай шолуды жеткілікті жай деп білдік. Қорыта келе айтарымыз, Коммунистік партияның совет әдебиетіне арналған сындары мен өсу шарттары біздің бүгінгі сын талаптарымыздың арқа тіреу діңгегі, бағыт беруші басшы ұстазы есепті болды. Осы баяндаманың жазушыларға қоятын шарт талабына басшы да сол XІX съезд ойлары. XІX съезден бері қарай болып өткен Жазушылар одағының пленумдары, "Правда" бастаған орталық баспасөз жүзіндегі совет драматургиясы жайына арналған қатаң сын, биік талаптар және де біздің баяндамамыздың бағыты мен мақсатын билейді. Сол талаптар тұрғысынан қарап, жоғарыда біз шолып өткен барлық пьесалардың әр топтарына ортақ жалпылық ерекшеліктерді қорыта айта кетейік. Біздің сын талабымыздың түйіні — идеялық көркемдік сапалардың ойдағыдай үйлесуінен туатын шеберлік. Сол шеберліктің үлкен өресі деп реалистік пьеса тудыруды проблемалық бел етіп атадық. Осы бір ғана мөлшер таразының өлшеуіне салғанда, жоғарыда біз жарамды деп атаған әр тақырыптағы пьесалардың өр дәрежеде, әр алуан жақсылықтарымен қатар, олқылықтары да байқалды. Соларын жеке талдаудан өтіп, топтай, жинай айтсақ, мысалы, тарихтық тақырыпқа жазылған шығармаларда байқалатын кемшілік қайсы? Ол "Амангелдінің", "Шоқанның" мысалына қарағанда, бір пьесаның көлеміне сыймайтын материалды өлшеусіз мол қамтығандықтан, пьесаның жанрлық заңдары бұзылып отыр. Реалистік нанымды, қонымды күйде құрылып келе жатқан шығармалар жаңағы себептен көбінше хроникаға ауысып кетеді. Драмалық тақырыптың өрбу, енуінің орнына, соңғы актыларда тың тақырыптар шығып, пьеса құрылысы заңнан тыс жайылымға ауысып кетеді. Ендеше, реалистік көркемдік құрылыс босаңсып кету себебінен шығармалар драмалық архитектоникасы жағынан олқы түседі. Сандары мол, тәрбиелік мәні зор жаңа тақырыпқа жазылған пьесалардың көбінен байқалған кемшіліктер — бұларда адамның типтік сипатта ойдағыдай толық суреттелуі олқырақ шығады. Соның ең үлкен себебі, совет адамының сөйлесер сөзі, сезер сезімі, ойлар ойы көбінше дәл келе тұрып, едәуір кездерде шындыққа шалғай шығады. Жасандылық, натуралистік, схемалық бояулар басып кетеді. Соңғы жылдарда жазылған бір топ пьесаларда конфликт жайы мен сюжеттік жалпы құрылыс жөнінде әлсіздік, әр алуан жетіспегендік айқын байқалады. Комедия үлгісінде жазылған пьесалардың тәуір шыққан үлгілерінің өзінде де күлдіргі тіл жетпей жүр. Тапқыр, өткір, есте қалар әзіл, қыбын тапқан қалжың, тапжылтпас мысқыл, тап басқан ажуа, қысқасы, "алып соққандай" дейтін айтқыш, тапқыр тіл жоққа тән. Реалистік комедия шартының бір талабы ретінде, қазақ комедиясына бұл жайды айрықша атап өтер едік. Осы тұрғыдан еске алынып өткен пьесаларымыздың бар тақырыптағы, әр стильдегі үлгілерінің бәріне біртұтас ортақ кемшілік, олқылық дейтініміз және бар. Ол — осы баяндама басында аталған орыс классик драматургиясынан және орыс совет драматургиясынан үйренудің, үлгі алудың өзі ойдағыдай өріске жете алмай жатқандық жайы. Қорыта келген кезде, жаңағы атаған жалпылық кемшіліктермен қатар, біз сол жоғарыда аталып өткен пьесаларымыз туралы ең үміткер сүйсінген ойларымызды тағы да атай кетеміз. Аса қиын жанрда өсу жолы оңай емес. Қатты сын, қатал талаптар білдірумен қатар, қазақ совет драматургиясы біз есеп беріп отырған кезеңде өзгеше өскенін біз әсте ұмытпаймыз. Қазақстан жазушыларының ІІ съезіне дейін болған қазақ совет драматургиясынан соңғы 15 жыл ішіндегі драматургия құлаш ұрып, көп ілгері кеткенін білеміз. Драматургия жанрының ІІ съезден бергі өрістеп, өсу нәтижесінде қазақ сахнасында біз бұл күндерде Советтік Қазақстан тіршілігінің сан саласын көреміз. Осы ретте енді алдағы өсу, даму міндеті қазақ драматургтерінің есіне қандай жайларды айрықша ескертеді десек, мен бүгінгі күннің бір тақырыбын әсіресе ерекше көңіл бөліп айтар едім. Ол барлық Ұлы Отанымыздың өзгеше қызықты, көрнекті майданының бірі болып отырған Қазақстандай республикамыздағы биылғы жылдың тарихтық ұлы науқаны туралы. Нақтылап айтқанда, ол — тың және тыңайған жерлерді игеру тақырыбы. Біз дәл осы күндерде, ауыл шаруашылығы жөнінде республикамыздың биылғы алғашқы жыл жоспарын ойдағыдай ада қып шыққан ардақты табысына қуаныштымыз да мақтанамыз. Әсіресе сол табыстарға жеткізіп отырған партия басшылығына барымызша алғыс айтамыз. Бар жүректен өзіміздің қадір, құрметімізді білдіреміз. Сонымен қатар Коммунистік партияның Қазақстандай өлкеге арнап көтерген туына жазылған ұранды, қазақ жазушыларының қатарында қазақ драматургтері де өз ойымыз. Өз жүрегіміз айтқызған ұранымыз деп танимыз. Осындайлық ұлы тақырыппен қатар, партия, совет басшылығы жалғастыра көтерген тағы бір зор мәселе тақырыбы бар: ол — Қазақстанда мал шаруашылығын барынша биік, басқаша сапаға шығару. Бұдан былай Қазақстанда мал және мал өсіру саласындағы адам жәйі жөнінде ең қадірлі актуал тақырып боп, біздің бар жанр әдебиетімізден өзгеше орын алуы шарт. Бүкіл ардақты Отанымыз — Совет Одағы көлемінде Қазақстанның шаруашылық мәдениеттік, саясаттық тарихы биылғы жылдан бастап ерекше зор асқар биік белге басты. Біз сондайлық тарихтық белге, рубежге жетіп тұрмыз. Ендеше, сол республикамыз өрлеп, биіктеп асып келе жатқан белге барлық әдебиеттік табысымыз да қатар басып, қалыспай жетсін! Осы жөнінде, қазақ совет драматургиясына көп жылдар еңбек етіп келе жатқан жасамыс жазушылармен қатар, жаңа қосылатын жас драматургтеріміздің бәрі де өздерінің жақын айлардағы, жылдардағы ең үлкен міндетін сол жаңағы аталған ардақты тақырып деп білсін. Жақын шақта жарқын табысқа жету жолында социалистік реализм көлеміндегі санасы мен сапасы зор советтік қазақ драматургиясын ең алдымен сол тың көтеру тақырыбына жазылған зор сапалы реалистік пьесалармен өркендете берейік. Әрбір шабытты, табысты еңбегіміздің тұсындағы дана досымыз, ұстазымыз Коммунистік партияның, совет халқының қазақ драматургтеріне арналған сенімін сондайлық үлкен жемістермен ақтайық!

М. ӘУЕЗҰЛЫНЫҢ СӨЗІ

Мен жолдас Жансүгірұлының баяндамасының ішінде Алаш орда әдебиеті туралы айтқан жеріне тоқталмақпын. Кешегі күні сол әдебиеттің нағыз ортасында болған адамның бірі мен өзім болғандықтан, қазір соны туғызған топтың қоғамдық-тарихи тамырлары мен таптық-саяси талаптарын толық күйде ашып салу қажет деймін. Енді бүгінгі тұтынған бақытымның тұрғысынан қарап, сол өткен күйге толық сынымды айтып шықпақпын. Бұл үшін тарихқа экскурсия жасаймын. Кеңес үкіметінің жарыққа шығысымен қатар контрреволюция мен ашық буржуаздық қалыпқа түскен бұл әдебиет өзінің ең соңғы дәуірлеріне шейін Алаш орданың құралы болумен келді. Тегі қазақтың буржуазшыл оқығандары өз тарихын февральдан және бастамайды1. Олардың алдыңғы қатары бірінші думаның тұсынан шығады. Соның депутаттарының бірі болған Бөкейханұлы2 байшыл оқығандардың басшысы болып барып кадет партиясына кірген-ді. Осы кірісі, оның артынан ерген саяси топтың келешектегі қадамы қалай болатыны таптық бағыты не екенін анық қып белгілеп берді. Езілген отар елдің депутаты бола тұра кадет ұйымына кірді. Бұл кезде Столыпин қыр бойынан шыққан өзге қазақ депутатын жөнін жабайы депутаттар деп атандырып еді. Ол ұйымға кірісі, топтың саяси талап, тілегі азға, болымсызға сайғанын көрсетті. Шартының бәрі, конституциялы патшалық құрылысымен, земствомен қанағаттану болды. Содан кейін Бөкейханұлының шәкірттері-серіктері ("Қазақ" газ. басқарушылары) қазақ баспа сөзіне әдеби-саяси бет бергенде, сол Бөкейханұлымен, соның белгілеген жолымен әкетті. Мысалы, жерге орналасу мәселесі сияқтылар болса, бұндайдың бәрінде ауыр тұрмысы мен жалпы қалып, салт айнымай, өзгермей бір күйінде қатып тұратын жәйді көкседі. Ол оқығандарға сын болып кездескен уақиға 16-жыл уақиғалары еді. Бұның тұсында қазақ оқығаны өзінің таптық мазмұнын тағы да ашты. Ол топтың үлкен бастықтары Бөкейханұлы, Дулатұлы,3 Байтұрсынұлдары4 өздеріне масқарашылық рөлін алып, елді, қой-қойлап, тыйу салу, бағынғыштыққа үгіттеумен болды. Қазақ оқығаны земқор-земсоюзде отан қорғаушылардың міндетін атқарды. Февраль төңкерісі келді. Бұнда оқығанның төңкерісшілдік ролі нөлмен тең болды. Кеңес үкіметі шыққанға шейін істеген іс, өткізген мезгілі-күні ол топтың күн санап буржуашыл-реакция програмды таратып өсіріп келе жатқанын көрсетті. Семейдің облыстық съезінде Алаш орданың облыстық комитетін сайлау үстінде съез әңгімесін көтергендер де болған (съезд — ұлық болудың шарт-дәрежесі — не білім дәрежең, не мүлік — байлық дәрежең толық болсын дейді). Ол күнде елді билеу әдісі не еді? Болыс болыстан аттарын атап пәлен ақсақал, пәлен қажы, молданы, пәлен атқа мінерді шақырып, кеңесіп, солар арқылы ауданды, ұру-ұруды, болыс-болысты билеген болатын. Алаш орданы сайлаған Орынбор съезі де осьі ізбен шақырылып, осы жолмен болды. Ұлтшылдардың Сібір обылыстарының съезі мен Уфа мәжілісінде көрсеткен мінездері де қызық болатын. Ол съездердің бәрінде де қазақ оқығаны әсер мен социал-демократтардың өзін де құбыжық көріп, бірігіп келісуден бойларын қашық ұстайтын, жалпы төңкерістен тілейтін тілектері кадет тілегінен зор болмайтын. Кейін Колчак, Дутов, Анненковпен ынтымақтасу5, бірге кету әлдеқалайдан туған ынтымақ емес, сол топтың таптық жолынан туған нәтиже еді. Оның программасы капиталшылар мен төңкерісшіл пролетариаттың зор тартысы ашылысымен-ақ белгіленген болатын. Белгіленгенде, октябрь төңкерісінің басынан бастап, бұлардың қозғалысы ақтардың қозғалысы боп айқындана береді. Қазақстанда кеңес үкіметі орнағанда, оқығандар тобы барлық үлкен-кіші адамдарымен түп-түгел осында қалады. Кеңес жағдайының ішінде боп, әлеумет майданына шыққанда, бұл топ өзінің бұрынғы программасынан қайтқан жоқ. Бірақ ашық беттеп шыға алмайтынын есептеп, әдіс-тактикасын өзгерте шықты. Осы жолда оның барлық ісі кеңес үкіметінің іске асырамын деген шараларын үнемі қабылдамай, артқа серпуге саятын болды. Шама келгенше бөгет салып, кедергі туғызып, жұмыскер табының жаңа өмірді қуаттаған ұранының бірде-бірін өре бастырмауға тырысты. Жер мәселесі, отырықшылық, халық ағарту, баспа сөз, латын әрпі, емле мәселесі, термин жәйі — бәрі-бәрінде де жалғыз талабы, пролетариат мәдениетінің басшылық әсерінен жырылып, оқшау, қақас қалу болды. Програмының үлкен бағыт, кіші есептері де осы ғана болып, бар бөлімі ылғи терістік, қарсылықпен құрылған програм болды. Тарихи жаңа дәуірде тактика әдісі өзгереді. Бірақ іргесі бұрынғы алаш орда іргесі боп қалады. Енді сол топтың әдебиетіне келсек, февраль төңкерісінен бастап, ол да болшевиктерге қарсы ашық жаулық жолына шыққан-ды. Пролетариатқа қарсы Алаш орда жазушылары қаламын құрал қып жаулыққа аттанады (кеше баяндамашы Жұмабайұлының6 ол кезде көпке жайылған өлендерін айтып өтті). Бірақ кеңес кезінде бұл жолмен ашық жүре беруге болмайтын болды. 1923 жылға шейін қазақ баспасын өз қолдарында ұстап, Алаш орда жазушылары өз бағытын, ниеттерін жазушылық әдісін өзгерту арқылы орындады. Өздеріне серіктес, үндес болатындарды көрші түрік елдерінен іздей бастайды. Әуезұлы, Жұмабайұлы, Шолпан (Өзбекстан) сияқтылардың бір дауыспен үн қосуы да әлдеқалай емес. Пантюркизм дәуірі басталады. Біздің сын түбінде бұл жағын ескеру керек. Панисламизм, пантюркизм, пантуранизм сияқтылардың тамырын дұрыстап талдау керек. Сол жазушылардың барлығы шығыс тарихының баяғы, алыс кейінгісін жырлай бастады. Орта Азия тарихынан Атила (бұны пантюркист тарихшылар оғыз деп оғыз болса, бүгінгі түрікпеннің атасы деп мадақтады). Шыңғыс, Темір сияқтыларды қазып шығарып, даттайтын болды. Шыңғыстың "қаһармандық" дәуірінен құрал, қайрат іздеді. Сол алыстағы тарихтың ескі-ұсқы, шаң-тозаңын қайта қопарып, мола ақтарып жүргенде тауып алған ескілікпен жұрттың көңілін алаң қылмақ. Бүгінгі тартыс, құрылыс мәселелерінен жыраққа әкетпек. Бұда - әдейі қолданған әдіс. Бөгеу жасау, өмірді қабылдамау әдістері болатын. Менің өз шығармаларым "Еңлік—Кебек", "Қаракөз" де сол тәжірибенің белгілері. "Еңлік-Кебек" қазақтың би-батырын көрсетеді. Ескілікті әдейі талғап алған ашық бояумен бояп, көңілді қып көрсетпекке тырысады. "Қаракөзде" қазақ жастарының тұрмысы да солай суреттелген. Біз өз заманымызға шейін дәуір сүріп келген неше алуан сұмдық надандық салт заңдарын (көп қатын алу, қалың мал, әмеңгерлік ежеп-қабып) көре, біле тұра сол ескілікті мақтап, даттап көрсеттік. Бұны төңкерісші емес, жәй мәдениетті-либералдық бағытында болған орташа ойдың өзі де көтермейтін, сүймейтін нәрселер еді. Біз соны жыр да қылдық, сонымен жастардың көңілін күнделік ісінен алаңдатып тартып, тап тартысында оның сезімдерін мұқалта беретін жемді бердік. Мен тақырып жағына келгенде, үстіміздегі дәуірден көп алыста жатқан жазушы болдым. Ең бері көп жазғаным — "Қилы заман". Тақырып жағынан бұл біздің күнге "Еңлік— Кебек", "Қаракөздерден" жақынырақ уақиға. Бірақ шындықты суреттеу жағын алғанда, бұ да артқа тартатын шығарма болды. 16-жылдың жетекші күші есебінде мен атқа мінер, жуан атаны көрсеттім, болыстарды кірістірдім. Шынында, бұның көбі өз тілек ниеттерін жандарал шенеуніктердің ниеттерімен ұштастырып қосақтаған топ еді. Шындықты дұрыс түсінуден бұл шығарма да теріске кетті. Барлық осында саналған төңкеріске қарсы әрекеттер мен теория, тәжірибе, салт-сана — бәрі-бәрі ол топтың адамдарын қарсы бетке шығарды, жау жігіне кіргізді. Ісінің басы Мелюковпен одақтасудан басталып, бүгінге шейін кейбір адамын (Шоқайұлы) империалист, интервентшілердің тобында қалдырып, көпшілігін әлі күнге сол беттің адамы қып отыр. Олар әлі де сол капиталистер табағынан дәметумен келеді. Мен, бүгін пленумге келгенде, сол өзімнің артқы жолымды барымша қатал сынға салып, тергеп өту арқылы келдім. Мені бүгін бір жағынан төңкерісшіл пролетариаттың туына жазылған ұлы ұран мен бүгінгі Қазақстан, бүгінгі барлық одақ құрылысының табыстары тартса, сонымен қатар ендігі соңғы бағытымның дұрыстығына, бұрын өзім болған топтың өткен тарихын нық тексеру де — пролетариат жолына келуіме себеп болды. Осы тексеру мені бұрынғы топтан серпіліп үзіліп шығып, оны өзімнен итеріп-серпіп тастауға себеп болды.Қазір мен сендердің тобыңа шын таза пейілмен келіп отырмын. Бойымдағы бар күшімді пролетариат ісінің пайдасына жұмсаймын деген үлкен екпінмен келіп отырмын. Егер, мен пайдалы бола алатын болсам, барымды бермекпін. Рас, бүгінгі қалда көпшіліктің мені дос санай қоюы оп-оңай емес. Бірақ әдебиет, саясат жолындағы істер мені ол топпен байланыстырғанменде, мен түзелместей үмітсіздікке кеткенім жоқ. Білім, тәрбиені кеңес мектебінен, (вузынан) алдым. Социалдық құрылыстың табыстары адам баласының ішіндегі ең алдыңғы, ең нәрлі қатардың барлығын өзіне тартып жатқанда, дүние жүзінің ең ірі жазушысы, ең ірі ғалымдарының жүректері де пролетариат ісінің тілегіне ауысқанда тас болып қатып қалатын, ойыспайтын өліжан мен емеспін. Менің де артым — қазақтың ауылы. Менің әке-шешем қырдың қараңғы бақташысы болған. Артқы күндерімнің ауыртпалығын мен жеңе аламын. Жолдас Жансүгірұлы менің алғашқы сөздерімнің қателерін дұрыс айтты. Ол кезде Қазап бізді өзімен бірге істеуге шақыруға болмаушы еді. Менің ендігі кепілім, онда жазған заявлениемде,7 бүгінгі сөйлеген сөзімде емес. Көңілім пролетариат ісіне арналған зор сенімім және бұдан былай істейтін ісім. Мен сында болуым керек. Және сол сынды мен адақтаймын, ақтаймын.

ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТ ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТІ ЖЫЛДЫҒЫ ЖӘНЕ АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ

Қазақстандағы октябрь жемісінің бірі — мемлекет театры өзінің барлық болмысымен қазақ пролетариатының қолындағы зор маңызды құралының бірі болуға тиіс. Мұның ұлы міндеті: сол пролетариаттың бақытты жаңа тұрмыс үшін алысып келе жатқан тартысын, қайратын суретті тілмен көрсетеді. Жаңа жұртшылықты негізгі түбегейлі мұраттарының бетімен отырып, жас қазақ пролетариатының салт-санасын ой, сезім жағынан дұрыс баулиды. Осы жөнде үлгі боларлықтай дұрыс әсер етеді. Олай болса, театр өз айналасында болып жатқан қызулы зор тап тартысынан сыртта қала алмайды. Қайта сол тартыстың белсенді көмекшісі болып, тапсыз қоғам жасап, социализмді құру ісінде өзінің бойында бар мағына, сана сурет күштерінің бәрін ортаға салып, сынға түсуге, көрнекке шығуға міндетті. Сол міндетін түсініп, өз рөлін шамасынша адақтамақ болып, театрдың жаңа бағытқа талпына кіріскен жылдары соңғы екі-үш жыл болады. Бұл жылдар бойында театр жаңалық іздейді. Жоспарлы мақсат белгілейді. Сонда өзінің таптық саяси бетімен салт-сана, суреттік бетін белгілеп, жан-жақтан кең салалы төңкерісшіл театрдың өрісіне шығуға қадам басады. Соңғы жылдар бойында ашық, айқын болып осылайша белгіленген ұлы жоспар, театрдың бүгінгідей жоспары, әлі бүгінгі күнде де түгел адақтап шыға алмай, толық жеңе алмай келе жатқан өрі. Театрдың іші-тысы қайта құрылысының ұлы бағыты осы болса, программаның максимум, минимумі де осыдан тарайды. Бұл жайда осылай деп түсінуші жалғыз мемлекет театрының, қазіргі басқарушылар коллективі, я Казнаркомпрос1 қана емес. Қазақстан жұмыскер төңкерісшіл табының зор өнер ошағының бірі — театр екенін айтып, Өлкелік партия комитеті де мемлекет театрының ісіне барынша көңіл бөліп отыр. Әсіресе Өлкелік комитеттің көрнекті басшылары жолдас Кахиани,2 Ораз,3 Жанайдар,4 Құлымбетұлы5 сияқты жолдастар театрдың жаңағы айтылған программасын сол бағытта өсуіне әрдайым басшылық көмегін беріп, театрдың алдынан кездескен қиындықтардың қай-қайсысына болса да өз қолдарымен араласып, ұдайы жәрдем етумен келеді. Басшы жұмысшылықтың театр ісіне бұл сияқты көңіл бөлуі жаңада болып өткен Өлкелік партия комитетінің пленумы мен Қазақстан кеңес жазушыларының бірінші пленумінде тағы да нық, толық күйде көп талқыланып етті. Барлық жердегі қорытынды біреу-ақ. Ол: мемлекет театры Қазақстанда октябрь тудырған үлкен мәдениеттің, түрі ұлттық, мазмұны социалдық мәдениеттің — толық тәнді ұлы мүшелі — мағыналы, маңызды дүкені болсын деген шартқа тіреледі. Театрдың қай кезін алсақ та, алдымен көзге ілінетін, сөз болатын мәселесі — репертуар. Қазақ театры алғаш істей бастаған жылдарында репертуар жағынан көбінше төңкерісшіл театр боламын деген ниетте болмады. Ұлтшыл, байшыл, алашордашыл мәдениет ықпалындағы театр болып істеп келді. Ол кезде төңкеріс тарихының тақырыбында жазылған "Қызыл сұңқарлардың"6 қазақ театрының сахнасында көрінуі театрдың таптық, саяси програмдық бетін көрсету емес. Қайта театр әдеттегі ұлтшылдық, буржуазиялық қалпынан ауысып, программадан сыртқары болған пьесаны көрсетіп, замана тілегін білдіргендей болатын. Ол кездегі репертуардың көпшілігі төңкеріс күнін көрсетпейтін, сөз қылмайтын, көрушіні әдеби феодальный, партриархальный ауылға шақыратын жалған жасыл бояу боялған баяғыға қарай жетектеп, сонымен қалғытып-мүлгітпек болған репертуар болатын. Сол себепті театрдың ол кездегі пішінін белгілеуші пьесалар: "Қаракөз",7 "Алтын сақина",8 "Арқалық",9 "Қанапия-Шарбану"10 сияқтылар болған. Осы турадан қарап театрдың төңкерісшіл театр болу жөніндегі бұрынғы қалпы, бүгінгі ісі, ертеңге арналған. Одан бері келіп ұлтшылдық, алашордашылдық ықпалынан құтылдым деген мезгілінде де біздің театр кеңес театырының сол күнде өз алдына қойған міндеттерін — жаңа қадамды көрсету, жаңа герой туғызу деген міндеттерін толық атқара алған жоқ. Дәл 1930 жылға дейін кеңес репертуары, кеңес тақырыбы, күнделік құрылыс, күнделік тартыс тақырыбы деген тақырыптарға, репертуарға жарымады. Театрға ауыса алмады. Ол жылдарда "Шахты",11 "Қызыл сұңқарлар" қойылып жүргені рас. Бірақ бұлар төңкеріс тарихының тақырыбы болғанмен де төңкерістің соңғы кеңес жағдайы, кеңес құрылысы тудырған жаңа адамдар жайындағы пьесасының 30-жылдар шамасында орыстың төңкерісшіл театрының өзіне қойған міндеттерін, тәжірибесін алсақ: граждан соғысының тақырыптарын неше алуан күй пайдаланып, жеңіп алған болатын. Енді сол күнгі құрылыстың неше алуан майдан, неше түлік сала-саласында істеп жүрген төңкерісші басшы — жұмысшыны, азаттанған әйелді, өсіп, қаулап, өрге басып келе жатқан жастарды көрсететін, поселкенің таптық тартысын, ауыл-поселкедегі пролетариат төңкерісінің табысын, жеңісін жыр қылып жатқан еді. Сондай кезде біздің театрдың граждан соғысының бір-екі тақырыбымен ғана отыруы мешеулік болатын. Өсудің тым шабан, тым баяу болып қалғанын көрсететін. Ал енді мұнымен театр әлі өзінің бұрынғыдан арылып, жаңа пішінге ие болғанын анық, ашық көрсетіп болған жоқ. Құрылыс жүзінде зор перелом жаңа театрдың салт-саналық, саяси-таптық пішінін айқын қылып ашса, өзгеріс майданын айқын қылып ашатын өзгеріс "Майданмен"12 бірге туды. Драмалық жағынан кемшіліктері болса да, "Майданның" артынан туған тартыста сол "Майданның" бағытымен болып жаңа адамды, төңкеріс адамын көрсетуге бет берген репертуарды көрсетті. Театрдың да ендігі өрісі, тереңдейтін тақырыбы не екенін нұсқап берді. Осы жылдарда театрдың үлкен табысы актердің күш-қуатын, бойда барын суретті кейіпкер, образ жасауға кірісті. "Майдандар" бұл жағынан келгенде репертуарды ғана байытқан жоқ, актер образының проблемасында театр алдына жаңа міндет есебінде ұсынды. Сонымен қатар театр әзіне драматург күшін жасауға кірісіп, бұл күнге шейін бірнеше жас драматургтерін өсіріп келеді. Театр өз басшылығы мен драма жазушылардан бригада құрып, соңғы жылдың ішінде "Октябрь үшін",13 "Түрксиб",14 "Колхоз үшін"15 деген зор тақырыптардың үлкен пьесаларын майданға шығарып отыр. Бұл пьесалар жайындағы сөз, сын, талқы жұртшылықтікі. Әзірше сондай жаңалықтардың шығуына себепші болушы театр екенін ғана айтып өтеміз. Драма жазушылардың арасына театр салған қозғау, үндеу, театр кіргізген екпін арқылы тағы бір зор пьеса шабуылға шығып отыр. Қысқасы, драма театрының азығы арқылы болатын үлкен пьесалар бұрын жыл сайын бір шешілмеген түйіндей жоқтығымен дағдартып тұратын болса, бүл күнде ол кезең артта қалуға айналды. Соңғы жылдар табыстың бір зоры жалғыз қазақ репертуары емес, енді театрдың орыс репертуарына ауыса бастауы. Әрине, мәселе құр орыс пьесасын қоюда ғана емес, оның беретін мазмұнын, образын, суреттілік жұмбақ проблемасын актер күшінің бауырлап жеңіп алуында. Бір жағынан қарағанда "Сүңгуір" біздің театрдың үлкен олжасының бірі. Жеке жайларын бұл жерде сынамаймыз. Бірақ, жалпы алсақ, біздің актер "Сүңгуірде" жаңа бір қалыпқа түсіп, соның өлшеуіне қарап ысылып, дүкен көріп шыққандай болды. Бұл күнде ол сүрініп-қабынбай етілген сын сияқты боп отыр. Енді театрға жаңа келген режиссер жолдас Насонов16 пен жас режиссерымыз Ғатауллин Шафқат17 екеуінің басқаруымен Киршонның18 "Астық" атты пьесасын дайындап жатыр.19 Пролетариат драматургиясында "Қорқынышпен"20 қатар екінші бір ұлы табысы деп танылған "Астық" пъессасы біздің актерге екінші бір үлкен сыны. "Астықтың" артынан биылғы репертуарға кірген "Октябрь үшін", "Түрксиб", Горькийдің "На днесі", "Ревизорлар" ойналмақ21. Мұның ішіндер орыс әдебиетінен алынған "Ревизор" мен "На дне" октябрьдегі соңғы төңкерісшіл пролетариат майдандарын көрсететін "Түрксиб", "Октябрь үшіндер" театрдың "Майдан", "Сүңгуірменен" басталған суреттілік, салт-саналы бетін көлемдірек, айқынырақ ашып, сол бетінде тереңденетін болады. Театр осындай репертуар, осындай негізді жол, беттеген өріс пен өзінің бетін аша барып, нық қалып пен қашық үлгісін, театрлық мектебін белгілеу керек. Бұл жөнде жақын келешекті сөз қылсақ, біздің театр әзірше жеке жайылыс тауып, жекеше бір түр шығарамын демейді. Біз әзір оқу дәуіріндеміз, өсу-іздену дәуіріндеміз. Бұл кезімізге ең қолайлы жол, Ресейдің төңкерісшіл театрларының ішіндегі ірілерінің бірен-саранын алып, солардың үлгі ұстаздығына ілесіп көру шарт болады. Осы ретте әзірше мазмұн, түр жағынан үлгі қылып ұстамағымыз "Вахтангов театры"22 мен "Төңкеріс театры"23. Әрине, бұл үлгі құр көзді жұмып байланып кетуде емес. Қазақ театрының ұлттық тұрпатын сақтай, өсіре отырып өзіне үлгі алу болады. Сондықтан бүл күнгі театр үйінің жайынан айтпасақ та келешекте болатын үйлердің жайын еске алып, ендігі театрымыз үлкен индустриялды техниканың театры болмағы шарт дейміз. Оның белгілері: машиналанған декорация, неше алуан мол жарық, бояулар, спектакль радиолануы, тағы басқа неше түрлі болатын техникалық жаңалықтар болуға тиіс. Бұл айтылғандардың барлығы мемлекет драмалық театрының үлкен жолы. Түпкілікті ұстап, ұсталып қалатын пішінін, мазмұн, түр жағы осымен белгіленеді. Бірақ қазіргі біздің театрдың міндеті жалғыз мұнымен бітіп, толып қалмайтын болып отыр. Қазақстан астанасының, қала берсе бар Қазақстанның бірден-бір театры осы болғандықтан, бұл өзінің жаңағы үлкен өрісімен қатар тағы бірнеше үлгілерді ала жүргізу керек болып отыр. Мысалы, бізде жастар-балалар театры жоқ. Бізде жеке опера, оперетта, музыка комедия театры я болмаса ұсақ түрлер театры да жоқ. Соның жоқтығынан біздің бүгінгі актердің көбі бір жағынан концерт күштерін де өз іштерінен шығаруға міндетті болып отыр. Бірталай актер — актер емес, әнші. Сонысы үшін алынған. Халық тілейді. Театр бірнеше жанрды араластырып, әрі драма, әрі ән-күй театры болып, сол тілегіңді береді. Түбінде бұл қал дұрыс болмау керек. Актерлердің бір бағытта өсіп, тереңдеуі үшін, театрдың біржола шұғылданып, алаңсыз өсуі үшін жалғыз драмалық театры болып қана қалуына керек. Бірақ түбінде осы күштерінің ішінде опера, ән-күй группасын бөліп шығарып, жас зрительдер театрын бөліп шығарып, өзінен сондай жеткіншектер тудырып, өсіріп шығуы қажет. Бірақ бұл биылғы я келесі жылдың ісі емес, бірнеше жылға созылады. Соған шейін концерт бүгінгі театрдың қосымша бір майданы болып тұра тұрады. Ендігі біздің міндет ол концертті сақтай тұрумен бірге жаңағы екі-үш алуан болып түбіңде айырылып шығатын группа, театрлар мазмұн-түр әзірлеп береді. Мына үлкен театрды неше алуан репертуар бір сатыдан бір саты болып, осы бүгінгі күйге жеткізсе, ана болашақ театрлар үшін бүгін біздің еш нәрсеміз жоқ. Құр ғана жадағай "соло",24 "дуэт"25 я домбыра, я гармоньмен шығара салуға болмайды. Әрине солар үшін, онан соң бүгінгі театрдың бүгінгі концертпен қатар қолданатын керегі үшін енді біздің жазушылар, ақындар неше алуан комедия, әдеби сатира немесе оперетта, музыка, музыка комедия боларлық ұсақ түрлерді қолға алу керек. Бұл бірінші керегіміз. Бұдан соңғы екінші қажетіміз: бүгінде айтылатын ескі халық әндеріне әңгімелі өлеңдер салып беруге керек. Ескі әнмен бүгінгі машинелі, техникалы мәдениеттің қалпын жырлау үйлеспейді. Бірақ ескі әндер — үнемі биылғы бір-бір ауызбен қалдыруға да болмайды. Ән мазмұнына қарай, заманына үйлестіре тақырыпты бір қысқа-қысқа әңгімелі өлең беріп жаңарту керек. Ол өлең ескі өмірді, ескі салттың ауыртпалықтарын төңкерісшіл әдіспен таратып айтуға тиіс. Үшінші мәселе — біздің газет-журналдар мен жазушылар ұйымы талқыға салып өтетін театрдың осында аталған негізгі мәселелерімен қатар тағы бір нәрсе қазақ газетіне Еуропаның классик музыкасын, төңкерісшілдік интернационал музыкасын кіргізу реті. Бұлар шет жағалап осы күнде де де кіріп отыр.Бірақ көпшіліктің түсінік ұғынысы бұл жөнде шабандау тартып жатқан сияқты. Бізге өз опера, оперетта, музыкомедиямыз тумай тұрған кезде Еуропа музыка мәдениетінен жеке ұсақ туындылармен қатар қазаққа түсініктілеу болатын бөлімдерін алып қою мәселесі де тым жатырқарлық мәселе болмауға тиіс. Талқыға түсіп, шешуді күтетін төртінші мәселе — қазақ сахнасына билеу өнерін кіргізуде хореография жайын жалпы күйде талқыға салу мезгілі де жетті. Құр ғана қазақ бұрын білмеген екен деп, жалпы мәдениетті адам баласының мәдени қазынасындағы бір үлкен жанды өнер саласының бүгінге шейін орнымен жоқ болуы зор кемшілік. Бесінші мәселе — қазақтың оркестрінің жайы. Біз жалғыз домбырамен қанағат қылуға болмайтынды екінің бірі біледі. Олай болса, қазақтың симфония оркестрінің жайы да шешілуін күтеді. Осы айтылған мәселелердің барлығы жалпы жұртшылықпен қатар театрдың бүгінгі ісінде алдынан күн сайын көлденең шығып, өзінің тұсауын кесуді керек қылып отырған жайлар. Жалпы алғанда қазақ театры өзінің қысқаша тарихында бүгінге дейін ықылас, көңіл, көмек ортасында бұрын істеп керген емес, басқа жағынан алғанда театр есетін, көрнекті жеміс беретін өрісіне енді шығуға беттеді. Қазірде барлық қолда бар актерлердің білім сапасын, мамандығын арттыру мақсатымен театр өз жанынан екі бөлімді студия ашып, бар әдістерін содан оқытып отыр. Келесі күзіміз, Наркомпростың байлауы бойынша, Мәскеудегі театркомбинаттың жанынан Қазақстан үшін 30-40 кісілік театрлық мастерской ашылып, содан бір топ адамды оқытып алмақ ниет бар. Бұл күнде актер саны аз болғандықтан сауатты, өнерлі, театрға пейілі бар деген адамдардан жаңа күштер шақырылып отыр. Мұның алдының келгені де бар. Бұл күнге шейінгі кемшілік, режиссер жас болғандықтан, театр басқарушылары Мәскеуге барып, жолдас Насоновты, суретшіні және композиторды әкеліп отыр. Театр осы күнде өзінің архивін құрап, тарихына мағлұматтар тізіп келеді. Шама келсе, биылғы жылы театрға арналған бір сборник шығармақ. Театрды, актерды өсіретін жетекші басшы — мағыналы сын. Сондықтан театр ендігі жаңалықтарын, жолын жеке постановкаларын көрушілердің активіне көмек беріп, талқыға салып отырмақшы. Сонымен қатар газет-журналдарда театр сыны деген сынның туып, өсуін қатты күтеді. Театрдың 8 жасына қарай беттерде ойға алып отырған мәселелер осылар. Осыны орындауға көпшіліктің көмегі керек.

ТЕАТР, МУЗЫКА КАДРЫ

(ойласу ретінде) Саяси-қоғамдық тұрмыс пен шаруашылық құрылыста, ұлы майданда ескіні жеңіп, социализмге басқан Қазақстан еңбекшісі өлке тіршілігінің қай саласында болса да артта қалып, шабандап, баяулап келе жатқан істерді үлкен қарқынмен алға сүйремей, жетегіне алмай отыра алмайды. Мағыналанған тарихтың ұлы дәуірінде қай сай-саланың ісі болса да кішкене іс емес. Бәрі де бүгінгі үлкен ұран, ұлы бағытқа сәйкес боп, мағыналанған, тереңдеген, өрістеп шалқыған ірі іс, ірі міндетке айналуға тиіс. Сол заман қарқынына ілесе алмаған, өлі де ақсақ қойдың қыбырымен келе жатқан шабан-шардақ шала болса, оған біздің жұртшылық салқын, солғын қарай алмайды. Өзінің шартын қояды. Ісіңді өсір, асыр, екпінде, өрле, түр тап деп, қос тізгіндеп тартады. Оңашалап жұртшылық шарттары тықсыра, қойылып келіп жатса да әлі де көрнекті боп дами алмай келе жатқан саланың бірі — бізде көркемөнер ісі, театр, музыка ісі болып отыр. Қазақстанда театр деп айтарлық бір ғана театрымыз бар. Музыка өнерін түрлентіп, өсіретін дүкеніміз бүгінде музыканың бастауыш мектебінің қолында тұрған бір ғана музыка техникумы. Осы екі дүкеннің бүгінгі халіндегі кемшілік, жетіспегендік жайларына келсек, орасан-орасан олқылықтарға килігеміз. Жеті жыл жасаған театрдың дәл бүгінгі составында шын театр өнершісі боп қалыптанған, орныққан, бірге жасасқан оның жеті актері жоқ. Елубай1, Серке2, Құрманбек3 сияқты төртті-бестіден арғының бөрі бүгін бар, ертең жоқ, тұрақты кадр емес; өлі өздерін любитель халінде түсінушілер. Тәуір қызмет, қолайлы жағдай болса, театрдан жырылып кетуі қиын емес. Келгенде де бірталайы басқа бастауыш сахналарда болып сұрыпталып, екшелініп, аз бәйгені болса да адақтап келгендер емес. Көпшілік самотек4 ретімен келген. Шалағай, шикі күйде театр актерінің санына қосылып, әліпбиді осы арада бастағандар. Сол самотек ретімен кісі алудан театр әлі арыла алмай отыр. Өйткені таңдап, талғап алатын кісіміз жоқ. "Осы актер еді, аз да болса сыналған еді, осыны алайықшы" дей алмаймыз, "осы біреуден актер шықпас па екен" деген дәмемен, кез келгенді аламыз. Жеті жыл бойында театрға Абылқай, Сомова жолдастар сияқты ірі күш деп саналатын адамдардың, тағы осыларға ұқсаған таланты бар бірқатар адамдардың да соғып өткені бар. Солар алғаш түскен кездерінен бұл күнге шейін жүрсе, Елубай, Серкелердің қатарын молайтатыны даусыз еді. Өсіп қалар еді, бірақ олар да орнықпай, жылжып кетті. Бірін жауапты қызмет орын тартты. Кейбірі мұғалімдік қылса да, үй ішімен күйлірек тұратын жағдай бар ма деп соны іздеп кетті. Осындай байыздамайтын, жылжығыштықтың түп себебі неде? Себебі, бәрін де шын театр кадры қып, театрмен, сахна өнерімен нық байланыстыратын білімнің, мамандықтың жоқтығы. Әлі күнге өз өнерінің білімін оқып шыққан бірде-бір актеріміз жоқ. Негізгі бес-алты адамды алсақ, солардың да актерлігі — білім мен мамандыққа тірелген емес, ұдайы қараңғыны сипалағандай, интуицияға сүйенген өнер. Шынында, бүкіл дүние сахнасының тарихында оқымай ірі актер боп шыққан адам бірен-саран ғана емес пе? Орыс театрының тарихында ол — Щепкин5 ғана: Мамандық білім болмауы біздің жаңа бастаған актеріміздің көбінің көңіліне орныққан, нық тиянақ бермейді. Өзіне өзінің сенімі жоқ. "Өмір бойымен кете барғанда, жақсы актер болсам жарады, бола алмасам жер ортасы көк төбеде қалып қоям ба", — деп те ойлайтындар болады. Міне, бұрын бәрі осы күнге шейін болған актер кезегендігінің түп себептері. Білім бермей, актерді өз-өзіне көндіре алмаймыз, өсуіне жол азық болатын сүйеу, таяныш бере алмаймыз, солардың жолдарынан барып театр өмірінің асыл қоры болатын кадрды да құрай алмай отырмыз. Музыка жайына келсек, мұндағы қиыншылық театрдікінен де ауып жатыр. Бізге өзіміздің күйлі драма, күйлі күлкі, оперетта, опера сияқты мәдениленген күйлердің үлгісін жарыққа шығаратын кез де жетіп еді. Бірақ біз әлі күнге ескі қордың өзін де меңгеріп алғамыз жоқ. Орнымен керекке жарату ісін де ретке қоя алмай келеміз. Ескі қорға келгенде, оның тұрған қалпын жазып алып, ескілік белгісі есебінде өшіп, жоғалып қалмастай қып сақтап қалу — бір жұмыс. Ол — музыка этнографының6 жұмысы. Бірақ ескі өн-күй жайындағы біздің іс жалғыз бұл болып қана тоқтамайды. Енді сол ескі қорды біз түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениеттің керегіне жаратуымыз қажет. Мәселе оның қатып тұрған, айнымас қалпын тамашалауда емес. Сол мұраны баурап жеңіп, билеп алып-революция керегіне жаратуда. Іс, творческое преодоление мәселесінде7. Осы ретте қазақтың ескі ән-күй қорына мәдениет қолы боп араласқан Затаевич8 қолын көріп жүрміз. Ол көп жерде ескіні жинаушы ғана емес, өз жанынан, өз басынан тұр қосушы, қошқар мүйіз болушы боп та араласып кетеді. Барлық гармонизация дегендері ескі музыкаға жеке адамның өз қоспасын әкеп тығуы сияқты көрінеді. Бұл тегі жақсы ма, жаман ба, керек пе, керексіз бе, өз кадрымыз болмағандықтан оны айыру әңгімесі де бізге қиын. Жөне ән-күй мұрасының өзі қазақта алуан-алуан. Онан соң бүгінгі мемлекет театрымыз да тегінде бір-ақ театр болып тұрмайды. Бұдан ұсақ формалар аралас музыка театры мен жас буын театры — ТЮ310-дің бөлініп шығып, жеке –жеке театрлар жасауы да бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелер. Және Қарағанды, Риддер, Балқашстрой, Қарсақпай, жұмысшы театрынсыз отыру мүмкін емес. Осы жайлардың барлығы соңғы екі жыл бойында үлкен көңіл бөліп, нық ойлап келген Қазақстан үкіметі мен өлкелік партия комитеті енді осындайлық шабандап, кенжелеп қалған бір саланы, өнер саласын мықтап қолға алуға кірісіп отыр. Жақында шыққан Совнарком қаулысы11 үкімет басындағы ірі қызметкерлердің театр, музыка кадрын жасауды белсене қолға алғанын анық дәлелдейді. Совнарком қаулысы бойынша енді Қазақстан атына лайық ірі-ірі істер істелмек. Өнер кадрын жасау қаулыда бірнеше сатыға бөлінген. Соның бір жолы, үлкен сенімді, өнімді жолы театр, музыка техникумы болады. Биылғы 1933-34 жылдың ноябрінде жүз отыз кісі алынуы керек, стипендия жүз, жүз елу сом. Оқушының жарымы театр, жарымы музыка мамандығына үйренеді. Техникум, орта дәрежелі мектеп, дәрежелі мектеп боп қалыптану үшін оған даярлауыш оқу басқа бір бастауыш мектепте оқылған болу керек. Сол үшін биылғы жылдарда курс ашылады. Ал түбегейлі курс оқушы кадрын даярлап отыратын қып, қырық-елу балалық бір детдомды12 бастауды музыка мектебіне айналдырады. Мінеки, кадр даярлау ісінің жоспарланған өрісті, өнімді жолы — осы. Мұнымен қатар, қазірде бастығы мемлекет театры боп, дәл бүгіннің өзінде кадрға мұқтаж болып отырған көп театр, клубтар бар. Кісі жоқтықтан іргесі көтерілмей отырған талай-талай жұмысшы театры, жастар театры сияқты үлкен істер бар. Осының бөрі — кадрды жалғыз техникумнан тосып отыруға болмайды. Совнарком қаулысы сол себепті екінші жолдар белгілеген. Мұның ішіндегі ең ірі жұмыс — Москвадағы театр дүкенін (мастерскойын) ашу. Ол дүкен биыл күз отыз кісіні алса, үш жылда сол отыз кісі тұтасымен кеп, бір театрды ұстап тұра қалатын тұтас бір коллектив болады. Режиссері, бас рольдің, орта рольдің актері — барлығы да сол отыз кісінің өз ішінен жіктелген, екшелген болады. Біздікіндей шабандап қалған істерге үлкен бір көмекті осыдан күту керек. Қазір театр саны жиырманың ішіне кіріп отырған Өзбекстан республикасының тәжірибесі де осы екен. Жаңағы дүкеннен шыққан үш-төрт коллективі бар. Жалғыз-ақ, біздің Наркомпрос13 келесі күзден бастап осы отыз адамды қалайда болса тауып, сол дүкенге жіберетін болу керек. Жаңа алынатын адамы сол үш жыл ішінде актерлік мамандығын баурап аларлықтай, оқу-білімі, дайындығы бар адамдардан құралу қажет. Сонымен бірге өткен қыс, 32-33 жылдың тәжірибесін, жаман тәжірибесін естен шығармау керек. Грузиядағы Руставели театрының студиясына жіберген тоғыз адам, Москваға театр комбинатына өз бетімен барып түскен жеті адам қыс ортасында тегіс оқуын тастап, Қазақстанға қайта шұбырып келген. Солар күздігүні жіберілгенде Наркомпростың арттарыңнан стипендия жіберіліп тұрады деген уәдесімен кетіп еді. Қыс ортасына шейін уәделі стипендиядан жарытымды еш нәрсе алмай, киімдерін сатып, ашығып, қарызданып Алматыға жетудің өзіне зар болған. Бұлардың осындай халге ұшырауына себепші кім? Себепші — Наркомпростың бухгалтериясы дейді. Мезгілімен стипендия жіберуді ұмытып кеткен. Не болмаса, оның соншалық қажеттігін елемеген. Міне, ендігі кадр жасау ісінде алдымен осындай салақтықпен алысуы керек. Мұның көп жерде салақтық қана емес, үлкен кесірге аймалатынын ұмытпау керек. Талай үлкен іс, үлкен ниетті осындай меңіреу, бітеу керенаулық өшіре, өлтіре салатыны болады. Алдымен, сол жойылу керек. Оқимын деген шартпен келетін болса, оқысын, болмаса іс істей жүріп, студиядан оқимын дегені болса, ол тілегенін алсын. Қалай да сол пісіп қалған кадр түгелімен өз театрын қайта табуы қажет. Соңғы жылдарда Қазатком, Совнарком, Крайкомның14 ісіне басшылық істеп келе жатқан бас адамдарымыздың тұтасымен жұмылып театр, музыка ісіне қатты көңіл бөлулері — бұл майданды сүйетін адамның қайсысына болса да үлкен сенім, екпін беріп отыр. Сондай зор бейілдің үлкен тарихи бір белгісі — жаңағы Совнарком қаулысы. Тек енді осы тез, тұтас іске ассын. Сонда біздің өнер саласында да көрнекті бір белге шығып қалуымызға күдік болмайды, сенім артады.

МЕМЛЕКЕТ ТЕАТРЫНДА "АСТЫҚ" ПЬЕСАСЫ

Қазақстан мемлекет театры былтырғы жыл репертуарына кірген "Астық" пьесасын соңғы күндерде жаңадан көрсете бастады. Театрдың 8-партия конференциясында көрсетпек боп отырған, өзінше ірі табысының бірі де осы —Астық. Киршонның бұл пьесасы Одақтағы пролетариат драматургиясының бір дәуірдегі үлкен бір тұрғысы деп саналады. Енді осындай пьесаны мемлекет театрының күштері қалай түсініп, қалай атқарып келеді? Тұтас спектакльден, жеке кейіпкерден не нәрселерді "табысым" деп санай алады? Дәл осы жағынан қарасақ, жалпы спектакльде, біздің театр әзірше жаңағыдай үлкен міндетті ада қыла алған жоқ. Меңгере ала қойды деп айта алмаймыз. Оп-оңай ада қылу, жеп-жеңіл де нәрсе емес. Бірақ театр осы жәйді өзінің ізденуі жолындағы бір сыны деп білу керек. Сондықтан "Астықтың" бүгінгі спектакілі аяқтап толып, жетіп тұрған спектакілі емес. Ол әлі театрдың өзімен бірге өрлеп, өсе баруға тиіс. Осыны жақын уақыттағы келешегі дейік. Қазір біздің театрда "Астық" спектаклін көрулі жолдастардың көбі жеке артистердің ойыны мен көпшілік сахналарының бірталай жерінде қазақшалау, қазақ пішіндес көріністер бар деседі. Артис жасаған кейіпті орыс крестьянының, орыс кулағының ғана кейіпі дей алмайды. Көруші ұнатар, ұнатпасын, жақсы-жаман дерін дәлелдеп шеше алмаса да, әйтеуір "қазақ исі бар", қазақылау тұрпаты бар дейді. Мысалы Серке1 ойнап жүрген қу құйрық түлкі сияқты кулак Катикин: бұның іс-мінезі орыс кулагы болумен қатар, қазақтың бұрынғы аулының қалдығы "ала-аяқ" сұм-сұрқияның иісі де шығып тұрады. Осы енді табыс па, жетіспегендік пе? Өзге ересек театр бұны істесе, онысын табыс дер ек. Онда әдейі істелген, іздену ретімен жасалған кейіп дер ек. Ал, біздің жас театрға келгенде, бұл мәселе үміт пен күдіктің түйісінде тұрған мәселе болады. Егер актер сол орыс кулагының кейпін әбден жеңіп, меңгеріп алып, соның ар жағынан тұр шығарып, өрнек салса, ол жақсы. Ол — актер шығарған жаңалық. Іздену жаңалығы. Спектакльдің түрі ұлттық өрнегі де сондайлардан құралады. Бұл жағынан қарасақ, Серке ойнындағы "қазақ исіне" бір жаңалық деп үміт артатын боламыз. "Осы жақсы, осы дұрыс" деп бояп қоймасақ та, қатты ескеретін тәжірибе дейтін боламыз. Ал, егер Серкенің Катикині шаманың жетісіне қарай ғана шыққан кейіп болса онда бұл - кемшілік, шалалық. Орыс кулагының кейіпі қолдан келмей, шала-шарпы боп, сүріне-қабына барған уағында "Көдебайша" кулак болса, ол табыс емес, әрине, мін. көпшілік сахнасындағы қазақылау күйлер турасында осыны айту керек. Театрдың барлық күші осындай жайларға үлкен сынмен қарасын. Істесе, әдейі сүйсініп, ұғына отырып істеген "ізденуім" деп істесін. Болмаса өл жетпегендік боп кетіп жүрмесін. Шынында қазақ актерінің көпшілігі мәдениетсіз. Оқу өнері аз. Сондықтан орыс оқығанын ойнау, жұмыскерді ойнау, кулак сияқтыларды ойнау да оңай жұмыс емес. Алғашқы сатысында орысты "ойнасаң дәл сол орыс кейпінің өзін, орыс актеріндей қып көрсете біл" деген ең бірінші, ең элементар шарт болады. "Астық" спектакілі театр күштерінің ішіндегі Серке сияқты бір алуанына жаңағыдай үлкен міндет артады. Әлі осы бір кейіптің үстінде көп еңбек етіп, актер ойынының үлкен сапасын көрсететін бол дейді. Осы қатарда ең алдымен атап кеп қосатын кісіміз — Қапан.2 Оған үлкен, нық ескерту жасау театр басшылығының да, жалпы жұртшылықтың да үлкен міндеті сияқты боп барады. Пролетариат драматургиясының ішінде "Астық" дейміз. Ал "Астық" өз ішінде Михайлов дейміз. Тегі, "Астық" Михайловпен ғана "астық" боп тұрғанын ұмытуға бола ма? Киршонның да мақтауы Квасовты жасауда емес. Бұрын дүние жүзінің әдебиетінде болып көрмеген жаңа адам, жаңа кейіп - Михайловты жасауда. Өйткені орыс әдебиетінде Квасовтар оншалық жаңалық емес. Оның аталас-тамырластары ескі, жаңа әдебиетте толып жатыр. Ал, Михайлов, Левинсондар әзірше, пролетариат әдебиетінің жас кезінде, бірден-бірлер ғана. Бұндай кейіптерді одақ құрылысы өмір жүзінде көп туғызып жатса да, әдебиет әлі онша молайта алған жоқ. Сондықтан, "Астық" пьесасындағы бәрі бір төбе де, жалғыз Михайлов өзі бір төбе. Аналар Михайловтың кім екендігін көрсету үшін жасалған адам рөлі. Олар құр шымылдық қана. Осы себепті Михайлов рөлі театр үшін, режиссер, актер үшін де ең жауапты, ең міндетті ауыр роль. Бұл рөлдің үстіндегі қызмет, талап, ізденушілер әлі аяқтаудан, бітуден алыс жатыр. Актер Михайлов рөлінің үстінде түлей-түлей өрлеп, ірілеп өсуге жараса, табыс, әні, сол. Ол біздің күштер үшін ұлы дүбірден жүлде алу есепті болады. Егеp Қапан мен режиссер былтыр бір дайындаған Михай онымен жүре бермек болса, ол қарын ашыратын іс болады. Ал, Қапанның "былтырғы ойыны биылғысынан тәуір еді" деген де сөздер бар. Бұл жақсы белгі емес. Оның үстіне мен былтыр, биыл ұдайы жойылмай келе жатқан бір орасан кемшілікті айтпақпын. Ол — Қапанның сөзді жеткізбейтіндігі. Не сөздің жарымы жұтығып кетеді. Немесе "қалдыр-құлдыр" етіп ұғынбайтын бір "дабыр" болып қалады. Михайлов демек, тегінде, "партия" демекпен тең. Оның бірде-бір сөзі айтыла салған, шығасы сөз болмайды. Ол, нервысының арқау, бұраулары өте нық, берік бұралған адам. Бойында "қоя берсіні", бос дадалы жоқ адам. Ольгамен екі арасының қайшылығы да содан емес пе? Олай болса, оның жалғыз сөзі қақас кетуі керек емес. Және Михайлов шешендігінің өзі де бір алуан, өзгеше шешендік. Ол суырылып, төгілтіп, қызыл-жасылды молайтып отыратын шешен емес. Сөз жарқ-жұрқын да сүймейді. Шешендігі әр қашан темірдей қатты логикасында сөз дәлелімен ұтымды. Ұтымдылығымен шешен. Біздің орташа көрушіміз оның сөзіндегі логикалық байланыстың бәрін бірдей, үнемі ұстап қап отыра алмайды. Оның үстіне жарым сөзі актер тілінің сүрініп, қабынуымен жойылса, Михайловтан не алмақшы? Әр қашан Михайлов сахнаға шыққанда, көруші: "не дер екен?" деумен отырады. Ал біздің театрда ол "деп" қойғаннан кейін де ылғи "не деді?", "не айтты?" деумен ентелесіп отыратынын Қапан біле ме екен? "Астық" спектакілі мемлекет театрында кейбір күштер жөнінде жоғарыдағыдай сұрақ таңбасын қойғызады. Кейбір күштердің тұсында күдікке де тіреп қояды. Ал, осыдан соң кейбір адамдардың ойынының тұсында қуантып, көңілді өсіруге де жарайды. "Театрдың табысы қайсы?" деген сұраққа "Астық" арқылы беретін жауабымыз Қанабек3 пен Елубай4 ойындары. Мысалы, Қанабек суреттеген кулак Квасов. Бұл жау. Сол жаудың "жаулық пішіні" қандай болатынын жақсы қып ашып беру де төңкерісшілдік міндет. Қанабекке өзге актермен қатар қойылатын шарт: "Орыс кулагын дәл қып, орыс актерінше ойнап бер" деген болса, оны Қанабек орындап отыр. Жалғыз ол емес, сол кулакты аз ғана қазақ актері болған комментариймен де суреттейді. Бұл рольді ол үлкен, терең түсінікпен, мол санамен ойнайды. Жаудың сырты қандай, іші қандай? Қай жерде бипың жорғаға салып, қай тұста жанын салып, тіс-тырнағымен қатып қалады? Сол қоймаларының бәрін ашады, ішек-қарнын түгел ақтармалап береді. Еш бір қимыл, қозғалысы үстірт емес. Ашық тартысқа қарай бастырып, өсіргенде де, көңілге қонымды, түсінікті қып өсіреді. Нәтижеде шығатын кейіп қандай? Ол: "табаны жұмсақ, жүрісі майда, қолы-басын жұмсақ түк басқан" мысық. Бірақ сол түгінің ішінде жасырынып тұрған тырнағы бар. Кезегін андып, шауып түсетін дұшпан боп суреттеледі. Екінші осындай үлкен сурет — Елубай жасайтын Романов суреті. Ең алдымен, былтырғысына қарағанда Елубай биыл гримін сайлы қып алған. Осының өзінде нық өсірген. Солар арқылы, енді Романов көруші көзге, ұмытылмас кейіп боп орнап отыр. Елубай Романовының, Қанабек Квасовынан айырмасы — оның тап-таза, толық тұлғалы орыс кейпін беруінде. Бұнда қазақ актері боп өз жанынан қоса берген комментарий көп байқалмайды. Бірақ адамын нағыз орыс қып ойнау деген шартты "Астық" тұсында ең жоғарғы дәрежесіне жеткізіп ойнаушы Елубай ғана. Жаңа... 1 кейіпте, құр жансыз сурет қана емес. Фотографиядан аулақ5. Романов боп "қайта туғандай" жандылық, ... дауыс кеудені жансыз, мүсінсіз ... көрсетуінде емес. Сол кеудеге жан бітіруде. Жан кейіп дегеннің өзі туғанда да сол арқылы тумақшы. Кейіп жасау деген: актердің сапарға аттанып, шабытпен қанат қағу барысы емес пе? Олай болса актердің мұндай нық шабытпен ойнаған рөлі, оның құлаш қойған да жері болады. Елубай биылғы Романовын да сол айтылған шабытты (вдохновениесі) тауып, өте әсерлі, өте мағыналы ойнап ... "Достық" ішіндегі өзге актерлердің ойнауына ... боп келер, тағы суретші еңбегі жайында айтылатын сөздер көп еді. Оның бәрі газет мақаласының көлемінен асыңқырап кететін болды. Мен оның бәріне әзір тоқталмасам да, қорытынды ретінде жоғарыдағы өзіміз қойған сұраққа жауап айта кетпекшімін. Сұрақ: "Астық" спектакілі арқылы мемлекет театры ... жоғарыда саналған нәрселерді ғана ... қосымша ретінде айтарымыз. Жаңағы актерлер ойыңдарының әдістері болады. Осы үстінде біз Серке ойыны, Қанабек ойыны, Елубай ойыны арқылы үш түрлі үлгіні, үш түрлі "әдісті, іздену әдісін көріп отырмыз. Соның қайсысы дұрыс. Қайсысын театрдың әдісі қып ұстанып қаламыз. Жоқ әлде бүгінгі сатымызды бұның әр қайсысына өріс беріп жіберіңкірей түсіп, қорытындыны кейінірек жасаймыз ба? Бұлар әзір шешілген мәселелер емес. Бірақ осының бәрі жиылғанда, бәрін жеке алғанда осылар арқылы театрдың өсу, іздену элементтері белгіленіп келе жатқаны даусыз айқындалады. Театр табысы деп соны айтамыз. Оған ірге боп отырған "Астық".

ЖАҚСЫ ПЬЕСА - САПАЛЫ ӘДЕБИЕТ БЕЛГІСІ

(пікір алысу ретінде) Жалпы кеңес әдебиеті үлкен мұрат қып отырған нәрсенің бірі — ірі пьеса. Біздің сөзіміз де сол жөнінде болмақ. Былтырғы жыл жазушылармен әңгімелескенде Сталин жолдастың әдейі қадап айтқан сөзінің бірі де осы пьеса жайы болатын. Суретті әдебиет1 ішінде көпке жететін, дегені дөп тиетін, әсері мол болатын түрі — драма. Осыған орай, партия мен үкімет жалпы одақ көлемінде пьеса бағасын ерекше көтерді, бүкіл одақтық бәйге жариялады2. Сегіз ай ішінде одақтық Совнарком бәйгесіне мың екі жүз пьеса түсіпті. Бәйге алған — бес пьеса. Алдыңғы қатарға шығып, екінші бәйгені алған Киршон3 пьесасы "Ажайып қоспа" мен Украин жазушысы Корнейчуктың4 "Эскадра қазасы" деген пьесасы. Үшінші бәйге Ромашовтың5 "Ерлер" деген пьесасына берілген. Содан кейінгі бәйгені армян жазушысы Джананның6 "Шахнама" деген пьесасы алған. Және Украин жазушысы Кочерганың7 "Сағатшы мен мекиен" деген пьесасы алды. Бірінші бәйгені алған пьеса жоқ. Өйткені драматургия социалистік құрылыс қарқынына әлі күнге ілесе алмай артта қап, кенжелеп келеді. Ұлы дәуірдің үлкен шартына жауап ұрғандай зор пьеса әлі туа қойған жоқ. Бірақ сонда да мына бәйге, мына нәтижелер — ірі талпыныс пен үлкен серпін айғағы. Бұндағы ерекше бір өзгешелік — одақтық республикалардың өзді-өзі көлемінде ғана жүрген бірқатар жазушы мен шығармалары бәйге арқылы әр ұлттың тар арнасынан шығып, бүкіл кеңес әдебиетінің мол қорына, ортақ қорына келіп құйып отыр. Украина, Армения, Татарстан сияқты кешегі бұратана ұлттардың социалдық мәдениеті бүгінгі күнде өскелеңдеп өрге басып, жалпы интернационалдық, социалдық әдебиетіне үлкен, мол-мол сай-саладай боп кеп шылбыр созды. Осы айтылған сөздерден және бәйге жөнінен бізге айқын көрінетін міндеті: қазақ әдебиетінде социалды құрылыстың үлкен сыры болатын пьесасын туғызып, өсіру, соны қанат қақтырып өзге өрге бастыру. Бұндай пьесаның жазылу әдісі, құрылыс негізі — социалдық реализм. Тақырып, мазмұны: Қазақстан мен одақтағы социалистік құрылыстың мағына, мазмұнымен кіндіктес, ұлы табыстарға сай, үлкен сыр боп шығу. Осы айтылғанның барлығы — біздің пьесаға қойылатын сапа, сана шарты, дәуір шарты. Ендеше олқы-солпымызды танып, ұғынып алып, соны жеңіп, ілгері қарай қамшылануымыз керек. Әуелі өз қатарымызды шолып өтейік. Бізде не бар? Жалпы жауап берсек, біздің әдебиет пьесадан олқы емес. Соншалық қара жерде отырған кісідей емеспіз. Қайта бүгінгі әдебиетіміздің өскелең түрінің бірі пьеса дейміз. Бұл жақсы жауап. Біраз ұшқарырақ та жауап. Әйтсе де сан менен әзіргі сапаға келсек, алдымызда: "Майдан"8, "Түрксіб"9, "Тартыс"10, "Кек"11, "Шабуыл"12, "Шахта"13, "Забой"14, "Заман заңы"15 — бір алуан, биылғы жыл тудырған күйлі пьесадан16: "Айман-Шолпан"17, "Шұға"18, "Колхоз тойы"19 -бір алуан бой көлденеңдейді. Бұлардың үстіне ең соңғы уақытта жазылған Ілиястың20 "Соқыр ішегі", Бейімбеттің21 " Талтаңбайы", Асқардың22 "Жаңа адамдары" тағы бар. Әзірше жазушы жұртшылығының көпшілігіне мәлім болған, бетке шығар деген пьесаларымыз — осылар. Осының «Шахта» сияқты бірен-сараны ғана болмаса, өзгесі тегіс 32-жыл мен 34-жыл арасында туып отыр. Аз сан емес. Көпшілігіне ‒ өз әдебиетіміздің шамасына қарай жап-жақсы сапа да күтеміз. Пьеса түрінің біздің әдебиетте көпшілік түр екенін, модыдағы түр екенін көрсету үшін тағы біраз белгілерді атауға болады. Мысалы Қазақстан баспасы мен мемлекеттік драм театрында, ерте күннен соңғы уақытқа дейін жиылған пьеса саны 80 шамалы. Оның үстіне бұрын жарияланған (Қазақстан кәсіпшілер одағы жариялаған) клуб пьесаларының бәйгесіне түсіп жатқан бір топ пьеса тағы да бар. Пьеса қатарында бұлардан бөлек бір алуан, көрнекті іс-аудармаларымыз. Кеңестік пролетариат әдебиетінің өзге ешбір түрі біздің тілге драмадай боп аударылған емес. Социалистік құрылыстың үлкен сыры деп танылған роман, әңгіме, дастан атаулыдан әлі көрнекі ешбір аудармамыз жоқ болса да, пьесадан «Астық»23, «Досым»24 , "Мстислав"25, "Сүңгуір"26, "Булычев"27, "Қорқыныш"28, "Желді қара"29 сияқты атақты шығарманың барлығы да бүгінде қазақ еңбекшілеріне жат, бөтен нәрсе сияқты көрінбейді, өз тәні боп келеді. Социалистік құрылыстың интернационал өнеріне тізе қосып, қабысамыз дегенде біздің әдебиеттің ентелей басып, көсемдік қып, алдымен талпынып келе жатқан саласы да драматургия болды. Және бұл тұстағы негізгі дұрыс, мағынасы үлкен тәжірибеміздің бірі — аударманы ойнауды жаңа пьесалардан бастағандығымыз. Кеңестік жаңа пьесалардың тақырыбы, бағыты, санасы — барлығы да біздің еңбекші еліміздің оз дүниесі. Сондықтан оның тартысы да, табысы да, қуанышы да өз мүлкіміз боп әсер етеді. Кеңес әдебиетімен, әсіресе алдыңғы қатардағы орыс әдебиетімен жұртшылығымызды таныстырамыз, баулимыз дегенде алғашқы адымды осындай: танысынан, жақынынан бастауымыз өте дұрыс. Міне, біздегі драматургияның бүгінгі жайын айтсақ, осы саналған нәрсенің бәрі ауыз толтырып сөйлеуге келетін татымды, нәрлі нәрселер. Бірақ, мақаланың негізгі мақсаты — даттау емес, өзара сын. Өз қатарымызды сынай шолу. Сондықтан енді өз тумаларымыздың кемшілік, олқылықтарын айтайық. Бұл тексеруде біздің көбіне сөз қылатынымыз: алғаш жасалған бетке ұстар он шақты пьеса. Әрине, бұлардың әрқайсысы жеке-жеке ұзақ сын, ұзақ талқылауды керек қылады. Ол өз бетімен орындалатын, орындалып та жатқан істер. Бір мақаланың ішінде тобының басын қосып, жалпы сөйлейтін болған соң, жалпысына ортақ кемшілікті айтпақ керек.

Осы жайда айтылатын сөздің бары да, бірі де ең алдымен үлкен "Тұлға"2 жайы. Бұл — біздің прозамыз, поэзиямыз — бәр-бәріне бірдей шарт болып қойылатын нәрсе; жанды адам, әсерлі адам, үлгілі жаңа адамды сыйлы қып көрсету шарты. Пьесаға келсек, әсіресе солай. Жалпы пьеса деген түр-тұлғамен пьеса. Тұлғасы толық, тұрманы түгел адам болмаса, пьеса өз түрінен айрылады. Өңі қашады. Ол не терме (хроника), не жасыған сөз (публицистика) боп кетеді. Ендеше, тұлға демек, сапа демекпен тең. Барлық кеңес әдебиетінің, оның ішінде, әсіресе, біздің әдебиетіміздің шеше алмай келе жатқан ең үлкен түйіні осы. Сондағы қиыны жалпы тұлға, я ескілік тұлғасы емес, жаңалықтың, жаңа адамының тұлғасы. Бүгінгі пьесаның сапасы, нәрі сонда тұр. Әдебиетіміздің ең жанды мәселесі осы дейміз. Бұрынғы классик әдебиетті алсақ, ілгері уақыттағы үстем таптар пісіп толар шақтарында өздерінің таптық тұлғаларын толық қанды, айқын пішінді тірі жан қып көрсете білген. Гамлет30, Фауст31, Чацкий32, Хлестаковтар33, әдебиетті айтсаң, үлкен тұрғылардай ереуілдеп, "мен мұндалап" тұрады. Бастарын қырау да шалмайды. Пролетариат әдебиеті бұлардай ғана емес, одан сонағұрлым зор, сонағұрлым мәңгілік болып қалатын тұлға жасауға тиіс. Орыс пьесаларын алсақ, Михайлов", Гайдар35 — соның алды. Ал, біздің пьесада осы жаңа адамның тұлғасы әлі ұсақ. Көңілге қонымды емес. Үстірт схема боп тұр. Сондықтан оқушы мен көрушіні өзіне қарай лебімен тартып, турап, еліртіп, жетегіне ертіп кете алмайды. Көруші ақылы "жақсы" деп түсінеді, бірақ сезімімен терендеп ілескен. Мысалы, біздің ең әсерлі, ең мағыналы күшті пьеса деген "Майданда" "Түрксибтің" ішінде де осы кемшілік бар (Бұнда "Түрксибтің" алғашқы екі жазбасын сөз қыламыз). Дұрыс тұлғадан Қамысбай орны бөлекше екені рас. Ол пьеса ішінде өседі. Өзі ұмытылмастай-ақ жақсы, көңілге қонымды-ақ. Өмірі, ісі, мінезі — бәрі де терең мағыналы жиынтық (собирательный) тұлға. Пьесаның ішінде бастан-аяқ жүретін адам сол. Шынында, пьесада тұлға боп тұрған да соның өзі. Бірақ, соның бәрімен қатар Қамысбай да кішкене жатыр. Тілеулесі болады-ақсың. Бірақ, өзі бола қояйыншы деуің қиын. Өмірдегі, құрылыстағы Қамысбайлар бұдан ірі де, кесек. Бұдан нәрлірек те, қызықтырақ. Біздің тұлғаларымыз өмірдің алдына түскен жетекшісі, басшысы емес, көшіне ілесуші сияқтанып қалады. Ал, "Түрксибтегі" жетекші, найза басы Сәрсенге келсек, ол жоғарыда айтылған, үстірт көрсетілген схема адамға жақын. Мысалы, сахнада Сәрсенді ойнап беретін актерге бұны жақсы тұлға қып беру қиын. Өйткені жақсылығы, қызықтылығы іспенен, драмалық тартыспен шешілмейді. Өзінің ішкі, тысқы жағы да драмалық түйіндердің біртіндеп барып шешілуі арқылы ашылмайды. Көбіне Сәрсеннің өз сөзімен шешіледі. Осы екі пьесаның кемшілігі "Тартыста" да бар. Ондағы айқын көрінетін адамдар, ұлтшылдар тобының үлкен зиянкестері, солардың алуан-алуан адамы: қастық, сұмдық, айлакерлік мінездерімен біріне-бірі ұқсамай, әр сатыда тұрып, көп саладан ұтылап қуған жауларша әрекет етеді. Бірақ, соған орай коммунист, комсомол жастар біріне бірі ұқсаған бір-ақ топ боп шығады. Бірін-бірі қайталап жүрген егіздер сияқты. Және бұлардың іс, мінезі, ойлары да партия мен комсомолдың үлкен масштабын, ұлы жорықтарын алып, бағытын толық мүсіндемейді, елес те бермейді. Кішілеу, ұсақтау соғып жатыр, топтанып істеген ісі жорығымен қызықты, әсерлі боп, көрушіні қуанта отырып, еріте жөнелтуге керек еді. Олай боп шыға алмайды. Дұрыс тұлғаларды қиын-түйін үстінде, қылықтарынан жұртты сүйсінетіндей ғып өсіру шарт. Пьесаның бұнысы олқы. Осындай мін жаңа адамды көрсеткен пьесамыздың бәрінде бар. Бәрімізге оңай соғатын ескі адамның тұлғасы, теріс тұлғалар. Түбінде, жақын заманда бұл олқылықты жоямыз, қиындығын жеңеміз. Әдебиет сапасын көтерудің бірден-бір шарты осы деп білу керек. Енді осы жеңе алмай тұрған өзіміздің қиыншылығымыз неде? Шынымен жеңгізбейтін бір ерекше бөгеті бар ма? Болмаса барлық есеп өз кемшілігімізде ме? Олай болса, сол кемшілік қайсы? Алдымен ерекше бөгет деген нәрсе жоқ. Қайта жаңа тақырыпты ерекше қазық қып, жаңа адамды барынша көрнекті қып шығаруға барлық жағдай түгел деп білеміз. Олай болса, кемшілік жазушының өзінде. Бір жағынан жаңа адамды және оның еңбек қып жүрген ортасын, шартын тереңдеп ұғынып, толық білуіміз жеткілікті емес. Оның ұлттық ерекшелігі, өскен ортасының өзі, өз басынан кешкен бұрынғысының ір алуан әсері, бүгінгі қаламның жеке өзгешеліктері, жасы, оқуы, тәжірибесі, үй тұрмысы — бәр-бәрінде бір-бірінен аз да болса өзгешерек қылатын белгілері бар. Өмірде бар комсомол бір түрлі, бар коммунист те бір-ақ түрлі емес. Ал, біздің пьесаларда комсомол неге жоқ? Белсенді әйел неге жоқ? деп айтпасын дегендей қып, бәрі кіргізіледі де, сол партия атына, комсомол атына сай болсын деп, ылғи бір-ақ саламен жіберіледі. Нәтижеде, пьеса адамдардың дұрыс тұлғасының барлығы шетінен өз ұйымдарының инструкторы болып шығады. Ол сахнада саяси сабақ кітабының алғашқы беттерін оқып жүреді. Соңғы қаулылардың баяндамашысы — газет тілшісі. Үйткені, соның ғана тілімен сөйлейді. Жоғарыда айтылған жеке адамдық пішіннің бәрі сыртта қалып, барлық пьесалардағы дұрыс тұлғалар құйып қойғандай, біріне-бірі ұп-ұқсас бола қалады. Салт-сана жағынан мінсіз қылу үшін, саяси жаңылыс сөз сөйлеспес үшін, ұғынысы шолақ адам боп көрінбесі үшін бұны пьеса ішіңде көп сөйлету қажет. Бұның өзі ғана жақсы болу жетпейді, өзгелерді де пікір күшімен жеңіп, қайырып алу керек. Сондықтан пьеса ортасында жалпы жиылыс тағы қажет. Ал жиылыста ол тек тұра алар ма? Сүйтіп пьеса ішінде мадақтаймыз деп жүріп, дұрыс тұлғаның өзін сол пьеса біткенше мылжың қып та боламыз. Бұның ұзақ сөзінен жұрттың бағана қажып болып, әбден безер боп отырғаны ойда да жоқ. Ондай адам жаңа пьесаның нағыз қиын-түйін шатқалаңының бәрінен сыртта жүреді. Көрушіні еліктіріп, "неге соғар екен?" дегізіп отырған істерге бұл көбінесе кездеспейді, килікпейді. Өйткені ол көріп, біліп қалса, біздің пьесалардың түйіні түйін болмай шешіліп қалады. Партия көзімен көріп, шешпей қоя беруге болмайды. Сондықтан, не ол бұл істі талқылап тексеріп, сырын ашып тұрғанда тартыс суынып, іс жылжып кетеді, немесе ол пьесаның ішіне ақырғы сахнаға шейін әдейі көзін таңып жіберген кісі сияқты боп: өзге жұрт бір төбе, ол бір төбе боп жүреді. Тартыстың сырын, түйінін біле алмай жүреді. Міне, партия адамын, жаңа адамды, дұрыс тұлғаны тірі денеден айырып, функция ғып кіргізу деген осы. Бұл негізде партияға да, комсомолға да пайда емес. Барлық партияның жиынтық тұлғасы боп, жаңа адамның шын басшысы боп, ойдағыдай толық тұлға боп шыға қою оп-оңай емес. Ондай тұлға екі шығарманың бірінен көріне бере алмайды. Кез келген коммунист, комсомол — бұл тұтас партияны көрсетіп шығуға керек десек, мұнымыз қата болады. Егер біздің пьесаларымыздағы коммунистердің бәрінің орнына ұсынсақ партияны кішірейтеміз. Біз партияның басты адамдарын толық тұлғалы етіп көрсету үшін күресуіміз керек. Бірақ ол үшін бір пьеса ішіне партия, комсомол, әйел ұйымдары, кәсіп одағының бәрінің өкілдерін түгел кіргізе беру шарт емес. Онда біз материал астында қап, кісі басты боламыз. Барлық басты ұйымның делегаттары қалмасын деу қажет емес. Қайта әр ұйымнан ұйым адамы еді деп кіргізу жоғарыда айтқан сияқты функцияны кіргізу болады. Пролетариат драматургиясының үлгісі пьесаларын көрсек, партияны сол функция қып көрсетуден36 қатты сақтанады. Қайсы біреу-ақ,Михайлов та жалғыз. Олардың жазушылары әдебиеттің сурет тілімен сөйлейтін жадағайлық, тайыздық. Суретші атаулының (жазушы да суретші) барлығына қойылатын бір шарт бар. Ол – салған күн, жұлдыз, көл - өзі күнмін, жұлдызбын, көлмін деп тұрсын. Суретші сен өзің барып, солардың үстіне мынау күн, жұлдыз, көл деп түсіндіргіш жазып қойсаң, ол өнер емес дейді. Міне, сапа мәселесі осында.

Алайық Михайловты

Михайлов пьесада үстірт жүрмейді. Оқиғаның қайнар ортасында. Тартыстың ең үлкен арқауы сол. Келуші еңбекші де Михайловты қайта-қайта көргісі кеп, ол кірсе іс-мінезіне айызы қанып қап отырады. Бұны сүйеді. Сондай болсам екен демеске шарасы қалмайды. Осы сияқты, социалистік құрылыстың ұйыстыру көсемі, іскері боп отырған партияны жай да жақсы көрсетеді. Сонымен қатар бұның екеуі де кәдуілгі адам. Жеке адамдық жағдайлары, бас тіршілігі тағы бар. Міне, біздің жаңа адам жайындағы жаңа пьесаларымыз осындай құрылысты нық зерттеу керек. Бүгінгі пьесамыздың үлкен асуы сапа десек. сапаның үлкен түйіні осы жаңа тұлғаны көрсете білуде. Драматургиямыздың бүгінгі жайын айтқанда, тарихи пьесалар жөнінен бірер сөз айта кетпей тағы болмайды. Рас, бұл өзі бір мақаланың тақырыбы болуға тиіс. Бірақ, сонда да қысқаша күйде жанай кетейік. Ең әуелі, бізде әзірше жүрген тарихи пьесаларды ("Еңлік-Кебек"39, "Арқалық"40, "Хан Кене" сияқтыларды) классик әдебиет дейміз. Ескі заманнан қалған пьесалар емес. Бұның бәрі де кеңес дәуірінде туды. Басында көпшілігі теріс бағыттан өсті. "Қаракөздер"31 сондайдың нәтижесі. Қайта ойналса, жаңа түрлі талқылаумен (трактовкамен), өзгертумен ойналады. Бірінші рет қойылатын боп тыңнан көп өзгеріп отырған "Хан Кене" болмаса, өзгелер жаңа қойылуда да жамау-жасқау ғана. Осылар тарихи пьеса деп "Арқалық", "Кебектерді" ойнағыш болса керек. Бұл үлкен қата. Ұғынуымызға керек. Ескі пьеса мақсұт емес. Феодалдық тұлғаларды қайталап, көлденеңдете беру социалистік құрылысқа мұрат бола алмайды. "Тарих" деп қана жадағай алсақ, ұшқары алсақ, саяси қата. Тегі бұдан былай ескі тақырыпты пьесаның ішінде тарихқа бүгінгі көзқараспен, пролетариаттың тап тартысы жөніндегі жүйесінің көзімен қараған пьеса ғана керекті. Жаңа театр репертуарында тарихи пьеса тегі кеп бола беру қажет емес. Менің ойымша, жылына бірі жеткілікті. Театрдың репертуар мәселесінде қамшыланатын жағы бұл емес. Оның үстіне тарихи пьесаны көрсететін орта да талғамалы болу керек. Қалайда, әрбір тарихи тақырып бізге де, театрға да, негізінде төңкерістік тақырып боп тұрсын. Бізге шын үлкен мақсұт, ең алдыңғы қатардағы зор міндет — бүгінгі құбылыс жайындағы пьеса. Бірақ сол пьеса, көруші таразысына тарихи пьесадан жеңіл баспас үшін жоғарыдағы шарттарды орындаумен қатар қызық та пьеса болсын. Оқиғасы тығыз құрылған, істелуі босаң емес, құрыш пьеса керек. Ол үшін әрбір тұлға кеп ойланып, көп сұрыптаудан туған болсын. Біздің бүгінгі бір мініміз - асығыс жазамыз, қайта соқпаймыз. Пьеса ішінде сөз кеміп, іс молайсын (Осы ретте "Түрксибтің" соңғы, үшінші жазбасы келісті шыққан сияқты. Әзіргі қазақ пъесасының ішінде драма техникасын алғаш рет нық ескерген пьеса осы болар). Пьеса ішіндегі адамымыз жанды адам болумен бірге, динамикалы (өскелең) адам болсын. Коп пьесамыздың дұрыс адамы салған жерден "шымшып өткендей", төрт тарабы түгел, дық толы адам болады. Өмірде солай ма? Әрбір ірі науқан, ірі сын болып, сол үлкен тартыс үсті өсірмей ме? Еңбек, екпін ішінде қайта түлеу — өмір шындығы. Заманымыздың қызығы нәрі де сол емес пе! Қазақ пролетариаты әсіресе солай. Жаңа түлеп өседі. Балқаш, Қарағанды жаңа адам туғызып жатыр. Олар тиетінен динамикалы тұлғалар. Басынан толы емес. Оның арты кешегі ауыл бүгінгісіне ғасырлар асқарларын басып түсіп келіп отыр. Әлі де алды бар. Өндіріс, жаңа құрылыс, колхоз, тоз, политотдел өсіріп отыр. Бұлар — жүздер, мыңдар. Білекке білек қосып, иыққа иық сүйескен деп. Сондықтан, біреуінде мыңның кейпі бар. Мыңның психологиясындағы неше алуан шебер, қиын-түйіндері бар. Соны бір тұлғадан көрсете алсақ, функциал болмас еді. Тағы бір кемшілік — пьесадағы адамымыз көп. Жоғарыдағы кемшіліктен пьесамыз ауыр боп шығады. Аудан, өндіріс сахналары қоя алмайды.

ҮЗІНДІЛЕР

Дәл қазіргі күндеріміз күншуақты, әдемі бір әдебиет көктемі сияқты сезіледі. Шағырмақ күні маужырап, тусыған даласы өнбек-өспекті тілеп, ыңыранып, бусанып, ерекше бір еңбекке шақырып тұр. Дағдылы көктемде тракторын, соқасын МТС сайлайды. Көлік, аспап, азаматын колхоз қамдайды. Еңбек елі науқанын қарсы алуды біледі. Науқанымызда біз не етер екенбіз? Бошалаң колхоз, сылбыр МТС болмау — дәмеміз. "Дәме бар да дәрмен жоқтың" кебін кимесек дейміз. Одақ әдебиетінің биылғы жылы ерекше жыл болды. Өзіміз де жүрдік, көрдік. Ой-сезімімізді жел желпіп, күн еміренткендей. Дәл бүгінгі күннің құлақ күйіне барлық ішек-пернеңмен әзірленген сияқтысың. Көрген мен сезгеннің бәрін терінейік, іріктеп екшейік. Сонда социалдық жаңа мәдениет белгісіндей, заман белгісіндей боп, пролетариат стилінің бүгінгі көрнекті бір тұрғылары сияқтанып үш нәрсе ойға келеді. Бұның бірі — Мәскеудегі метро. Кеңес еңбекшісі Мәскеу қаласының астындағы саз, құмтас пен керішті ғана үңгіп жатқан жоқ. Ескі Россияның ғасырларын үңгіп, Иван Грозный Мәскеуіне шейін баратын тарих тоңын аударып жатыр1. Қат-қат шөккен ғасырлардың ауыр, қалың қатпарларын пролетариат балғасы мен шапқысы:2 "олай жатпа, былай түсесің!" деп, ырқына көндіріп, бұрып салып, баурап отыр. Миллиондар тілегі, мындар еңбегі. Мағына, сана көп — заман стилі. Бұрынғы "Ресей жүрегі" болған Мәскеу3 "Социалдық Отан жүрегі" боп қайта тумақ. Бұл — социалдық құрылыстың еңбек майданындағы қорытынды бір тұрғысы. Ой-сана майданында осы миллиондардың қол еңбегінің жалғасы сияқтанып бір ғана кітап ойға келеді. Ол — Алексей Толстойдың "Бірінші Петрі"4. Сырт көзге шалғай жатқан нәрселер. Бірақ Ленинград жазушыларының съезіңде Ленинград обкомынан келген жолдас Позерин өз сөзінде: "Бірінші Петр" романының жұмысшы ортасындағы қадірі ерекше. "Красный Путилов" сияқты заводтарда сол кітапқа жұмысшы оқушыдан күніне 50 адам өшіретке жазылып отырады", — деді. Қуанатын да, қызықтыратын да бейіл емес пе? Бұл қалайша? Себебі екеуінің тамыр-түбірі нық байланысты. Пролетариат еңбегі ойсыз еңбек емес, Саналы даналық бар еңбек. Ол бір жерде әзірлер тамырын қолынан құлдап, тауып танып, үңгіп келе жатса, екінші жерде тарихты ой сана, сезім, қиялмен де пролетариатша танымақ. Өрлей, құлдай үңгімек. Ондағы тоңдарды да аударыстырмақ, Петр Рессйін буржуазия мәдениеті бұлдыр сағымға орап, көп даттаған еді. Мына кітап "миллион еңбегіне сыр қосылса, осындай үнмен қосылсын" дегенді ойлатады. Пролетариаттың артқы тарихты шолған білім, сезім, санасының бір алуан қорытынды тұрғысы сияқты. Бұнда да заман стилі соқталы жота көрсетіп отыр. Осы бағаны жұмыскер оқушы өзі берді. Осылардай, үлкен тұрғыдай боп ойды алатын үшінші бір белгі – съездегі Горький сөзі5; сөзінің жекеше ерекшелігі мен тақырыбы емес, ұлы аңғары мен ұраны. Барлық баяндамасынан аңқып ескен ұлы сарын жаңағы екі белгімен ұштасады. Мұнда түсау кесіп, бұғау үзген миллиондардың жүрісі мен әуені шықты. Сол миллиондар кәрі тарих пен буржуазия мәдениетіне Горький үнімен, бар дауыспен өзінің "Мен келемінін" айтты. Дәуірден дәуір, тарихтан тарих ауысқанда, сонда бір айтылатын сөз. Социалды мәдениеттің стилі осы аңғармен асады дегендей қып, мұз биіктің басына СССР туын желбіретіп, қадап өткен сияқты болды. Жалпы әдебиетімізді алмай, Горькийдің өз жолын ғана алғанда да сонау қара күндерде пролетариаттың дауылпазы атанып, беймезгіл шақта шарқ ұрып ұшқан шағаласы боп бастап, аяғы яғы бүгін кеп тарихы мен ескілік дүниесін жаңғырықтыра соққан мына сарын, мынау ұлы дүбір қандай әдемі, нендей атой! Осы үш белгіден көп ғибрат алып, айқын бағыт тануға болатындай. Үшеуінде де жаңа стильдің даналығы бар. Енді қазақ жазушысы боп еңбекке отырамыз. Бұл күнге шейін жер қорақтау боп, жасаң соғып келгендік бар. Бойдағы азды-көпті үлкенге салмай, соныға беттетпей, мейір қандыратын белгі тудыра алмай келеміз. Бізде үлкен проза кешеуілдеп тұр. Шынында, үлкен прозасыз үлкен әдебиет жоқ. Сонымен, бір-бір романның соңындамыз. Мен осы жұмысыма жалпы әзірлік есебінде, бір жағынан, жоғарыдағы үш белгі сияқты өзіміздің құрылыстан, әдебиеттен, салт-санадан негізгі бағыт алудан басқа, биыл жалпы мәдениет дүниесінің екінші бір шетіне де көз салған едім. Оным — Француз бен ағылшынның ерте кездегі шебер романшылары: Поль Бурже,6 Шатобриан,7 Альфред де Мюссе,8 Бенжамен Констан,9 Бульвер Литтон сияқтылардың шығармалары еді10. Романдарын тақырып ретінен әңгіме қылу жөнінен, жалпы техника жағьгаан зерттей қарастырған едім. Техникадағы үлгі боларлық ерекшелік, жеке бір жердегі айрықша шеберліктер, жалпы классик әдебиетінің бізге бағалы қасиеті ғой. Онысын көру, тану, үйрену керек. Бірақ пролетариат стилімен қабыспай, оған жақындастырмай тұратын бір ерекшелік — әңгіме құрудан байқалады. Мүмкін жазушыға жеңіл де жол болар. Қалайда көп классик романы, ең алдымен, аз кісінің басына құрылады. Бенжамен Констан "Адольф" деген романын екі-ақ кісіден роман құрауға болады деген бәспен жазады. Дүние классигінде кісісі көп келетін екі ұлы жазушы — Шекспир11 мен Толстой12. Бірақ батыс романшыларынан Толстой екі жерде, екі үлкен жазушыдан үлгі алдым дейді. Бірі — Стендаль, екіншісі — Диккене13. Осылардың өзі де көп кісілі емес. Шынында, Шекспир, Толстой өзгенің бәрінен қара үзген асқарлардай көрінеді. Және солардың үлкендік сапасы, ең алдымен, сол көп-көп адамдарды біріне-бірі ұқсамайтын ерсі, қайшы, қым-қиғаш ерекшеліктерімен алып көрсетіп кеп, бір шығармада бәрінің басын қосқанда, көп кісіден құралған әдемі қордың бүтіндік жарастығындай көрік табады. Молдан пішілген, кеннен қашалған сұлулық сияқты. Бірақ буржуа мәдениетінің стилі — бұл емес. Көпшілік бұл аңғармен жүрмеген де. Сондықтан жаңағы жоғарғы саналған жазушылар әңгіме жібін ылғи бір ұршыққа орай беріп, бір ғана қазыққа шалып отырумен үлгі қалдырған сияқты. Ұзынды күн баққан-қаққаны екі-үш адам немесе көп болса, он адам болғандықтан, сол адамдардың ішіне түсіп ап, жазы-қысы жайлап ішек-қарынын қырнай беруден стиль құралады. Әрине, психологияға біз мүлдем қарсы емеспіз. Бірақ жазған еңбегімізден төңкерістік стиль күткенімізде, бұл үлгі жол емес. Өмір кенін күрт қопарып, қарбыға күреп алатын классиктер Шекспир, Толстой, өз заманымызда тұтас колхозды тегіс алатын Шолохов14 және мыңдаған қолмен метроны салып жатқан еңбек армиясы, миллиондар үнінен ұран құрайтын Горький жолдары аналарға ұқсамайтын жаңа, соны жол боп нығая түседі. Шынында, барлық социалдық отан, барлық құрылысымыз бен бастан аяқ бар адамдарымыз ескі қоныстан кетіп, бұрын адам баспаған соныға ауысқан қоғамбыз. Роман боларлық адамдарымыз бірлі-жарым, бесті-онды ғана емес. Бірі ілгері, бірі кейін болғанмен барлық қауымымыз сонау үлкен Мәскеуден, қайта туу, шын түлеудің дәуірінде. Ендеше, аңғар, бағыт белгілеуден соңғы екінші үлкен түйін — осы өмір материалына батыл араласып, молынан алу шарт. Бұрынғы жазушылар ісінің жеңілдігі осы жерде тайқи соғып, шет пұшпақтау болса, біздің міндеттің қызықтығы да, қиындығы да — бата кіріп, әрі кең, әрі терең қармануда; сапа түбі осыдан шықпаққа керек. Үлкен әдебиет болатын үлкен прозаны осы сарынмен іздесе дейміз. Сонда ғана біздің қазақ әдебиеті жалпы одақ әдебиетінің көлемінде қойылып отырған ұлы табыс міндеттерінің шебіне араласады.

"ҚЫЗ ЖІБЕК" ҚАНДАЙ

Ән-күй театры1 осымен үш белден асты2. Енді бұның аз уақыт ішінде істеген көп еңбегіне біраз қорытынды баға беріп, бұдан былайғы бет-бағытына жұртшылық боп жәрдем ететін мезгіл болды. Бұл жөнде айтылатын сөз көп, Көпшіліктің ойында реттеліп, тәртіпке түсіп, екшеліп, әзірленіп қалған ұсыныстар да аз емес. Былтырдан бергі өлкелік комитет пен наркомпрос3 басшылығы және Жұмат4 пен оның коллективі5 істеген еңбек аз еңбек емес. Бірақ осыны айтумен қатар ән-күй театрының ендігі келешек жол-жосығын толық күйде сөз қылып, пікір екшесіп алу қазірде өте қажет екенін қоса айту керек. Бұл істі Наркомпрос қолға алар. Біз әзірше театрдың ең соңғы еңбегі "Қыз Жібек" жөнінде бір-екі сөз айтайық. Театр сахнасында "Жібек" жарқырап шықты. Көз тартатын, есте қалатын әдемі көрініс аз емес. Жалпы алғанда жас театрдың алғашқы ізденулерінің ішіндегі ең көрнектісі осы "Жібек" деуге болады. Бұған сіңірілген еңбек, жалпы әзірлік, шығарылған қаражат, сырттан қосылған күйші, биші өнерпаздар (Александров6, Брусиловский7) күші де олқы болған жоқ. Осы жағдайлар "Жібекті" сөз қылуға татырлық, айта қаларлық табыс дәрежесіне көтерген сияқты. Бұл айтылған жалпы баға. Ал, осымен қатар енді бірталай олқылықты да айтпауға болмайды. Сахнадағы "Жібек" көп өнерпаздың (жазушы, режиссер, актер-әнші, биші, күйші, суретші сияқтылардың) коллективтік еңбегінің нәтижесі. Осының әр тарауы жайынан қысқаша қайырып, талдап айтып көрейік. Бүгінгі "Жібек" ішінде — әсіресе, даусыз жақсы боп көрінетін билер. Жолдас Александров біздің ән-күй театрымызға үлкен бір олжа сияқты, қымбат бағалы адам. "Шұға" мен "Жібекке" ол істеген еңбек аз емес. Биге менің айтарлық дауым жоқ. Жалғыз-ақ, кейбір би (қаздар биі сияқтылар) аз ұзындау ма дейім. Әрине, көпшілік биінде техника жағында, тұтастық, гармония жағында піспеген шалалық белгілері жоқ емес. Бірақ, оған кінәлі бидің өзі емес, билеуші жеке күштердің әлі жастық, шалалығы. Ал, бастаушы бишілер, әсіресе қазақ артискасы Шараның шығыстары8 — мақтарлық та, мақтанарлық та әдемі табыс. Екінші көрнекті еңбек — суретші Ненашев9 жолдас еңбегі. Бұл, әсіресе, бірінші пердедегі қазақ үйін өте көркем жасаған. Бұл күнге шейін біздің сахналарда қисыны табылмай, олпы-солпы боп келе жатқан киіз үй кейіпі енді ғана шырайланып, сахнадағы өз орнын тапқан сияқты. Бірақ, енді осыған орай екінші пердедегі сарай әлсіреп кеткен. Ол да бұл күйде ертегілі сарайдан көрі бүгінгі арзан қолды кепе (ресторан) көрінісіне жақын. Тағы бір кемшілік: соңғы пердедегі түстің сахнасында. Суретші түс сахнасын — қайықтан басқа жерінде шала қалдырған тәрізденеді. Жібектің ойыны білдірмесе, үлкен драмалық уақиғаның тұсында суретші сахнаны тым шалағай, жадағай қалдырады. Анығында түстің ең мағыналы, әсерлі жері — қайықтан соңғы Төлеген шыққан жер. Сол ара сыртқы сурет (оформление) жағынан ертегіше, түсше боялу, бөлену керек еді. Бұл кемшілікке суретшімен қатар режиссер де жауапты. Екеуінің сурет ретіндегі қабат міні, әсіресе, киімде көрінеді. Шынында, Жібек киімінен басқа киім көңілдегідей емес. Көшпелі ел қызы, Жібек отауындағы әйелдер киімі мен сарайлы хан Базарбай айналасындағы әйел киімдері бір-бірінен дұрыстап айрылмайды. Ерекше кемшілік: Бекежан тобын киіндіруде. Олар — жамандаушылар аузында қырық қарақшы, дәлінде әр елден шыққан бір алуан ереуілшілер, шығайлар. Бұларға неше алуан жорық киімін кидіріп, аттарына лайық аспап, құрал, сауыт-сайман беру қажет еді. Бұл топ сахнада көбінше бір момақан, сұр ғана топ боп сезіледі. Шынында, тірсек жең жасыл кемзал бұларды найза басы, ат үсті жігіті қылмай, қатаң айтқанда төмен етек, қызтекелеу10 қып көрсетеді. Бұл жағын қатты ескеру керек. Менің үлкен дауым ән-күй жағында. Рас, бұл ретте күйші11 Брусиловский жолдастың кінәсі аз. Ол өз ісін жақсы атқарған. Оның жалғыз міні: күй бастауларды (увертюраны) кейде тым ұзақ, кейде қазақ тындаушысына ұғымсыздау етіп алуында. Бірақ, сонысының өзінде де қазақ әуенін өсіру, мағналандыру, тереңдету ісі көп. Әсіресе, жақсы істеген жерлері — қазақ әнін мына опера сияқты күйге сәйкестеуде12. "Гәккудің" аяғын өзгерту, өзге бірталай әндерді кесіп-пішіп, тыңнан сыптау сияқты істер — Брусиловский еңбегі. Жалғыз-ақ, онымен тағы режиссерге қоса қоятын кінә — бұрынғы қазақы әншінің ән салар алдында құр айғайлап алатын шылбыр создысын жоймапты. Осы сияқты көп әннің аяғындағы қайырмаларды кеспепті. Ән жеке тіршілік еткенде қайырма да, алғашқы айғай да керек. Ал, операға кіргенде бұлар мына жаңалықтың ішіне сыймай, дертеден13 шығып, бұра тартып тұрған сияқты. Бірақ "Жібектің" ән-күйіндегі даулылық бұл жерде де емес. Өзгеде. Ең әуелгі кемшілік: әнші-актерлерде. Оларда дауыс жоқ. Және рөлін ойнап, әндей ойнап салу жоқ. "Жібекке" кірген барлық жақсы әндер опера музыкасы сияқты сезілмейді14...

АБАЙ ӨМІРБАЯНЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ НҰСҚАСЫ (1927-1933)

АБАЙДЫҢ ТУЫСЫ МЕН ӨМІРІ

Абайдың ата тегін түгел санасақ, алысқа кетеді. Бұ күнге шейін ел ішіндегісі қай қазақ болса да, өзініңтегін, кемқойса, жеті атаға шейін біледі1. Абай жайына келгенде де өзге мағлұмат шала-шарпы, ала-құла болса да, дәл атасының атын санауға келгенде, тобықтының арғы атасы — Арғынға шейін де жетуге болады. Бірақ бұл тізім құр саннан басқа түк бермейді. Шұбырып тізілген аттан басқа көңілге де, көзге де ешбір жаңа дүниенің мәнін ашпайды. Сондықтан бұл күнде әлденеше губерния ел болып, етек алып, молайып кеткен арғыннан бастамай-ақ, Абайдың жайын бергі жерден бастамақшымыз. Болашақ ақынның туыстан ала келген қалпы бар. Ата сайты мен қалыптанған өмірі бар. Ата-бабадан, әке-шешеден нәсіліне көшкен мінездері бар. Осының бәрін, бұл сөздің ішінде түгелдеп, боршалап, жік-жігіне айырып, толық таратпасақ та, аз сөздің өзі де кейінгі заман зерттеушілеріне, бірде болмаса, бірде керекке жарауға мүмкін. Сондықтан арғы жерді қойсақ та, ақынның соңғы аталарын өзіміз білген мөлшерде еске алып өтуді керек деп білдік. Бірақ бұлардың барлық өмірі, барлық істеген ісі, мінезі, сөйлеген елеулі сөзі болсын, бірде-бірі бізге түгел, толық күйде жеткен жоқ. Қай-қайсысы болса да тізбекті, сүрелі сөз сияқты емес, ел есінде қалған өлең, бөлек-бөлек қиқым суыртпақ сияқты аламыш нәрселер. Барлығы да өткен күннің соқыр соқпақ, ескі сорабы сияқты, кей жерінде көмескі сүрлеу болса, кейде жоғалып үзіледі. Бет белгілеп, бағыт болжаймын десең, сүрлеудің бар жерінде ұшығады. Қазақ ескілігін ел аузындағы сөзбенен құрастырып жамаймын деген зерттеушінің бәрінің алдында тұратын белгілі бөгет, белгілі жасырын ол кезеңдер — осылар. Біздің алдымызда тұрған да - сол қиындық. Сондықтан мұнда айтылатын мағлұматтар ерте бастан толық мағлұмат болады екен деп мақтана алмайды. Абай Тобықтының үлкен руы — Күшік2 ішінде, Ырғызбай3 деген табынан шыққан. Ақынның үшінші атасы — осы Ырғызбай, бұ кісі 1750 жылдарда Ақтабан шұбырындыдан кейін Арқаға қарай сырғып ауған4 жолда, Ырғыз өзенінің жағасында туғандықтан, соның атымен аталыпты. Ырғызбай — Айдос5 баласы, Айдостың өзге балаларының ішінде Көтібақ6, Торғай7 дегені, одан соң Айдостың туысқаны Жігітектің8 баласы Кеңгірбай9 — барлығы да жаңағы жолдағы өзен-сулардың атымен аталған. Көтімалды өзенінің жағасында Көтібақ, Торғай өзенінің жағасында Торғай, Кеңгір өзенінің жағасында Кеңгірбай туыпты. Ырғызбай ер жеткен кезде Тобықты осы күнгі Семей губерниясы, Семей уезінде Шыңғыс тауының батыс шетіне келіп ілініпті. Бұл кезде Тобықты басшысы да, әкімі де Кеңгірбай би (жалған аты Қабекен) болған. Ырғызбай не би, не батыр сияқты болып, арнаулы бір өнермен ел алдына жарқырап шығып басшылық қылған кісі емес. Ел есінде қалған сөздерге қарағанда, бұл — адал, момын, ақ көңіл кісі болғанға ұқсайды. Сондықтан Айдостың өзге үш баласының қасында мұның кісілігі барырақ болып, ағайын-туысқан осыдан дәме қылса керек. Әке-шешенің дәме қылғаны да осы баласы болу керек. Өйткені шешесі айтты деген бір сөзде:

Шынжыр балақ, шұбар төс - Ырғызбайым,
Тоқпақ жалды торыайғыр – Көтібағым.
Әрі де кетпес, бері де кетпес - Топайым10,
Сірә да оңбас — Торғайым,

— дейді. Бұл сөзге қарағанда, Ырғызбайдың шешесінде ақындықтың бір шағым буы болуға керек. Мүмкін бұдан басқа айтқан сөздері де бар шығар. Бірақ біздің құлағымызға тигені осы ғана. Тегі, Ырғызбай бойындағы азды-көпті қасиет болса, әкесінен гөрі осы шеше жағынан көбірек пе деп ойлауға болады. Өйткені, Айдосты өз ортасы "шөккен түйеге міне алмайтын жаман Айдос" деп бағалайды екен.

Ырғызбайдың тұсындағы Тобықтының басшысы Кеңгірбай дедік. Сол Кеңгірбайдың ағайын ортасындағы тәуір көрген інісі Ырғызбай болыпты. Биге ажары бұлды, сөзі сыйлы, қадірлі туысқан болған. Өз басының тәуірлігінің үстіне бидің тілін білетін інісі болғандықтан, елге де қадірлі болса керек. Сондықтан анда-санда ел ортасының құн дауы11 сияқты келелі сөздеріне де кірісіп жүргенге ұқсайды. Ел есінде қалған әңгімеде байын кісі өлтіріп, еселі құнын ала алмаған бір жесір қатынның жоқтауының ішінде:

Мойны-басы былқылдап,
Ырғызбай жүрді араға,
Кеңгірбай толды параға.
Параға алған сары атан

Тігілгей еді қараңа, — деген сөз жаңағы айтқанға дәлел сияқты. Бимен сыбырлас, сыйлас болғандықтан, Ырғызбай Кеңгірбай басына келген жақсы ат, жаман аттың барлығына да ортақ болу керек. Осы Ырғызбайдың төрт баласының бірі Өскембай12 Пол адам. Бұл ақынның үлкен әкесі. Өскембайдың нағашы – Ер Жәнібек13. Сол кісі бір рет Ырғызбайдыкіне амандаса келгенде, жас бала Өскембай қатты науқас екен. Әкесі халі нашарлап жатқан баласына не көмек қыларын білмей, дағдарып, сасып, әбден титығы құрыған соң, Мырзатай14 деген баласын алып келіп, соны Өскенбайдан айналдырып, садақа қылмақ болған. Бқған шешесі қарсы болып, «баладан баланың артықтығы жоқ» деп, Мырзатайды бергісі келмеген. Сонда Ер Жәнібек: "Мырзатай адам болса, мынаның арқасымен болар, мынаның көзі біздің тұқымға тартқан екен. Адам болса, осы болады да", — депті деседі. Өскембай Ырғызбайдың өзге балаларының ішінде тәуірі болудың үстіне, сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқан, іні-баласының да бәрінен артық болыпты. Биге болсын, ағайын-туысқа болсын ерекше жаққан мінезі: адалдық, ақ пейілдігі болса керек. Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді. Өзі Ырғызбай сияқты Кеңгірбайдың жақсы көрген інісінің баласы болғандықтан, оның үстіне азды-көпті болса да жаңағы айтқандай, өз басының қасиеті барлықтан, Кеңгірбай би қартайып өлерінде қалған Тобықтыға би болуға осы Өскембайға бата бермекші болады. Бидің өз балалары мен өз туысқандарының ішінде дәме қыларлық тәуірі болмаған. Көбі тентек, сыйымсыз болып, бидің де тілін алмайтын болған. Осы туралы Кеңгірбайға Күнту ақын15 айтты деген мынандай сөз бар:

Алпыс асып, жетпіске бағындың сен,
Бұрынғы өткен құрбыңды сағындың сен.
Жұрт тіліңді алады таласындай,
Інің менен балаңа не қылдың сен?.

Би Өскембайға бата берерде ағайын ішінде тағы бір тәуір көрер кісісі Көтібаққа ақылдасқанда, о да Өскембайды лайық көріпті. Бұл кезде Өскембай ағайын ортасының түгел дәме қылған жігіті болуға керек. Өйткені сол кезде Алпыс ақын16 айтты деген бір сөзде:

Кер асқақтың кемелі Кеңгірбайым,
Салаң құйрық, салпы етек Борамбайым.
Ізі, жолы еліне құтты болсын -
Бесті айғырдай сақылдап Өскембайым, -

дейді. Әрі ел қадірлеп, әрі өзі дөме қьтлған соң, би шақырып алып, Өскембайға бата бермек болғанда, жас жігіт өз туысқанының аздығын айтып, "төрт сояу атанып едім ғой. Ерекеңе бата берсеңізші" депті. Сонда Кеңгірбай: "Ой, шіркін, мен өз басымды өзім көрмей тұрмын ба? Менің батам қонса, тұсыңнан кісі батып оята алмас", — депті дейді. Өскембайға бата берген соң, Кеңгірбай көп кешікпей өлген. Ырғызбай одан бұрын өлген екен. Ол өлгенде би інісінің бейітінен шықпай: "Сен ақ көңіл едің, алла тілегіңді берер, енді мынау елдің ішінде мені алжытып қоймай, алладан тілеп, қасыңа ал", — депті, содан кейін кешікпей Кеңгірбай өлген екен дейді. Өскембай елдің "адал болады" деген дәмесін ақтаған би болды деседі. Ескіден қалған көп аузындағы дақбыртқа қарағанда: "Ісің адал болса Өскембайға бар, арам болса, Ералыға бар",— деген сөз бар. Өскембайдың өзге мінезі туралы елдің есінде қалған сөз көп емес. Жалғыз-жарым белгілерге қарағанда, ел ортасына қадірлі сыйлы болуы, мінез қасиетінің тәуірлігінен болса керек, мінезі кекшіл емес, көп тілеуін тілегіш кең болғанға ұқсайды. Туысқаны, жақыны емес, Сыбанғұл деген төренің17 жалғыз баласы өлді дегенде: "Жалғызды жалғыз демейтін, жартыны жарты демейтін, тәңірім-ай!", - деп жылапты дейді. Кекшіл еместігінің белгісі Тобықтының Тоғалақ деген бір атасы өзімен жөнді болмай,өкпелесіп қырбай болып жүргенде, бір күні елдің жылқысына жау тиіп, ер-азамат түгелімен аттанға шапса керек. Ол кездегі жақсы-жамамымен түгел мал бағады. Ел жұмысынан арылып үйіне келгенде Өскембай да малын өзі бағады екен. Сол кезде ер жетім қалған баласы Құнанбай үнемі мал бағып, жау түсіргіш, жау жүрек, найзагер жігіт болып жүрген кезі екен. Құнанбай жылқыда жүріп, жаудың әкетіп бара жатқаны Тоғалақ жылқысы болған соң, айыруға шаппай, ауылына қайтқанда, алдынан аттанға шауып келе жатқан Өскембай жолығыпты. Баласынан: "Не болды",— деп сұрағанда, шынын айтпай тайсалақтағысы келіпті. Өскембай: "Құдай атып келеді десейші", - деп шауып жөнелмек болады. Сонда Құнанбай аттан түсе қалып: "Айылыңды тартып берейін" деп, қасыма келіп, әкесінің атының шылбыр тізгінінен ұстап алып "Бір жақтағы Тоғалақтың жылқысы жауға түсті деп сен өлуші ме едің?" деп, әкесі басқа-көзге төпелеп ұрса да, қатып ұстап жібермей, жауға шаптырмай қойыпты дейді. Бірақ осындай кексіздік, мейірімділікпен қатар, кей кезде Өскембайда шектен шығып кететін ашу да бар. Соңғы мінезі қаншалық жиі болатынын біз білмейміз. Бұл туралы ел есінде қалған көп дәлел жоқ. Сөйтсе де бір-ақ жол істелген ісі болса да кейде Өскембайдың жәйін, мінезді бөліп кететінін көрсететін бірі бар. Бұл арада айтқалы келе жатқанымыз: Өсксмбай бір уақыт ауылына келіп отырған Мәмбетей18 деген кісіге ашуланып барып, мұрнын кесіп алғаны. Мұндай мінез анда-санда болса да, көп уақыттағы, көбінесе елге мәлім мінезі жоғарыдағы айтқандай адал, әділ, кең болғандықтан, Өскембай жалғыз өз еліне ғана қадірлі болмай, маңайындағы көрші елдерге де қадірлі болғанға ұқсайды. Сондықтан Тобықтыда жұмысы болмаған бөтен рулардың ісі де Өскембайдың алдына келіп бітім тауып жүргені болыпты. Бірен-саран алыс елдердің адамдары да орталарындағы үлкен дауларына Өскембайды би қылып, соның билігіне тоқтатып жүрген деседі. Жай тұрмыстағы әдеті: қонақшыл, көпшіл мырза болса керек. Өскембай бері келіп, ұлғайған уақытта, ауылы мен үйі, ағайын ортасының жиын үйі болып, ел бидің сыбағасы19 деп асын да, сыйын да әкеліп жататын болса керек. Әрине, ол заманның биі арнаулы қаржы алмаса да, ел үшін істедім деген қызметін тіпті текке істеген жоқ. Бірінің есесін бірімен орайластыру Өскембайда да болуға керек. Үнемі өз пұлымен мырзалық қылды деу мүмкін емес. Сол орайда жаңағы "сыбаға" деген нәрсе ол заманның салтын ойлағанда бір еске алатын іс болады. Бірақ Өскембайдың өзі алуандас кісілердің ішіндегі бір айырмасы Кеңгірбай сияқты көп билігін параға сатты деп айтпайды. Бірақ бұл сөзбен мұндай мінез мүлде болған жоқ деген байлауды жасамақшы емеспіз. Өскембай орта жасқа келгенде баласы Құнанбай ер жетіп, сол атқа мінген. Бұл 1804 жылдарда туған. Өскембайдың айттырып алған бәйбішесі Зереден басқа тоқалдары, күң қатыңдары да көп болған. Құнанбай – Зереден туған баласы, Құнанбаймен бірге туған Құттымұқамбет деген інісі, Тайбала деген апасы болған. Құттымұқамбет жас кезінде өлген. Сонымен Құнанбай бидің жалғызы есептелген. Шешесі Зере кісі ренжітпейтін, жұмсақ мінезді әйел болған. Ол уақыттағы бәйбішенің бір сыны – күндестік дегенді білмей, кең мінезді болу. Зере бәйбіше осы жағынан көп мақталды. Күңдердің балаларын өз балаларындай асырап, еркелеткен деседі. Зере күйеуі Өскембайдан да көп жасаған, би 1850 жылы, 72 жаста өлген, бәйбішесі 90-ға келіп өліпті. Мұның ақын болатын немересі Абайдың жас бозбала күнінде елдің бәрі Зере бәйбішені "кәрі әжем" деп қадірлейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болған соң, немерелеріне дұға оқытып, үшкіртеді екен. Сонда немересі Абай кәрі әжесінің құлағын өлеңді айтып келіп үшкіргенде, "е, қарағым, құлағым тәуір болып қалды", — деп, ырза болады дейді. Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа оқу тәрбиесін көрмеген, жасындағы барлық оқуы "оптиектің" ежігін білумен тоқтайды. Сонымен хатты да танымай қалып, бері келгенде ғана өзінен өзі қарастырып жүріп хат танырлық болған. Мұның орайына жас күніндегі өмірі, елдің ол кездегі дағдысы бойынша, батырлық, жаужүректік, жорықшылдық сияқты істерге көбірек ауған. Қолға найза ұстап, астына жүйрік мініп, өз малын өзі бағып, жауға шапқыш, жау түсіргіш жігіт болған. Жасынан қайратты, шыдамды, ашулы болғандықтан, бұл жолдағы талабы далаға кетпеген сияқты. Тобықтының найза ұстаған жас жігіттерінің ішінде ер, мықты, найзагері болып та саналуға айналған. Өзі өскен ортасының сыны мен мақтауы сол сияқты болғандықтан, Құнанбай жас күнінде бұл бетке бірталай ынта беріп ауған сияқты. Сонымен Тобықтыдан алыс елге қол құрап аттанатын қартаң батырларымен бірге екі рет Құнанбай да әкесінен қашып барып қосылып, екі үлкен жорықта болыпты. Одан кейін тағы Құнанбайдың жас кезінде Тума Тоқнақ20 деген елден Көтібақ, Дәуітбай деген барымта алып, соның арты шабынды болып, Тобықтықтан Тума Тоқпақ жылқы алып кетеді. Соны қуа барған қолдың ішінде Құнанбай да болып, үлкен ұрыста тұтқынға түсіп кетеді. Бұл сапарда Құнанбай көп бөгелсе керек. Өйткені үйде қалған жақыны көп тілеу тілегендіктен: "әкесінің мойнына салған Пұршағы21, шешесінің басына киген күндігі биттеп кеткенде зорға келіпті", — дейді. Жасында осындай өмірге салынған Құнанбай әке-шеше мінезінен гөрі басқарақ, кесек мінезді қатты адам болғанға ұқсайды. Қаттылығы әншейін ағайынға ғана емес. Әке, шеше, жан ашыр жақынға да бірқалыпты болған сияқты. Не қылса да Құнанбай — бидің жалғыз баласы, ағайынның да, әкенің де дәме қылса қылатыны жалғыз сол. Сондықтан жігіттің ең алғашқы қызулы кезі өткен соң, Құнанбай әкесінің жолымен ел ісіне кіріседі. Құнанбай жас күнінде ат үстіндегі қайраттылық ерліктен басқа, ақылға да, сөзге де орамды кісінің белгісін берген болу керек. Өйткені сол кезде үлкен кәрілікке жеткен Нысан абыз22 деген ел сыншысы Өскембайға: "өзіңнің бағың Қыдырдай болса23, балаңның бағы Шыңғыстай болады" деп сын айтыпты дейді.3 Қайраты мен қажырының себебінен ел билеп, іс басқаруға келгенде, Құнанбай әкесінен өтімдірек болған. Мұның кісілікке толық ілінген кезінде Қазақ даласы "1822-жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан устав"24 бойынша өкірікке25 бөлініп, "өкіріктік приказ"26 билейтін болған. Өкірік бастығы аға сұлтан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі орыс чиновнигі болады (елдің көбі мұны Майыр27 дейді). Үшінші мүшесі кіші сұлтан болады. Бүгінгі Семей уезіне қарайтын Тобықты Құнанбай тұсында Қарқаралы екірігіне қарайтын. Приказ шыққаннан бергі салт бойынша, бұл өкіріктің аға сұлтаны ылғи төре тұқымынан болып келген. Құнанбай тұсында аға сұлтан болған төрелер Бөкей нәсілінен: Құсбек, Жамантай28; Абылай нәсілінен: Тобықты ішіндегі Шалғымбай деген төрелер болған. Құнанбай Тобықтының бас кісісі болып өрлеп келе жатқан қазақ ортасында төре мен қараның жігі ашылып қалған уақыт болады. Әрбір елдің қарадан шыққан Құнанбай сияқты басты жуандары: "Төре қазақтың әрекесін тілейді, берекесін тілемейді",— дей бастаған кездері болады. Keң рудың қалың ортасынан шыққан жуан аталары өз ауданында төреден салмақсыз болмайды. Tөpe дегеңдердің ру басшыларының қолдауымен жуан шығып жүргенін сезе бастайды. Оның үстіне әуелде хан мен терені ұстанған патша үкіметі, енді қалың елді ұстау үшін, ру басыларын қолға ұстау керек деген саясатқа ауған кез болады. Осындай екі жақты себептермен әр рудың Құнанбай сияқты жуандарына төрені сөз қылып, терені түртпектеу салт сияқты болып тарай бастайды. Бұл туралы көп рулардың, көп басшыларының ынтымағы болуға да мүмкін. Сонымен ел-елдің ортасында: "Қазақ әрекелі болса оңбайды, төре берекелі болса оңбайды",29 — деген төреге қарсы қозғалыс белгісі көп жайылады. Осы кезде Қарқаралының аға сұлтаны болып тұрған Құсбек төре мен бұрын аға сұлтан болған Жамантайдың партиясы басталды. Ол кезде приказ сайлауына тас салуға30 жарайтын екі түрлі сайлаушылар болған. Бірі — пәлен сомада алым төлейтін бай да, екіншісі — төре тұқымдары болатын. Төренің 25 жасқа жеткені түгелімен тас салу құқығына ие. Сонымен Жамантай өзі сұлтан бола алмайтынына көзі жеткен соң, өзіне қараған тастарды Құнанбайға салғызып, Құсбек жеңіліп, Құнанбай сұлтан болған. Құнанбайдың осы сайлаудан кейін қанша уақыт аға сұлтан болғаны белгісіз. Қалайда болса Қарқаралы екірігіне қараған қазаққа қарадан алғашқы рет сұлтан болған Құнанбай. Сондықтан бұл оқиға Құнанбайдың даңқын көпке жайып жіберуге себеп болған көрінеді. Бұрын хан-төренің туы жығылып, өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес болып жүрген ру жуандары Құнанбайдың болуын Құсбек-Жамантайдың партиясынан, орыс саясатынан дегісі келмей, қазақтың артықтығынан, Құнанбай басының қасиетінен деңкіреп кеткен сияқты. Сол кездегі ел аузындағы аңызға қарағанда: Құнанбай "Қарадан хан болған"31 деп аталады. Мұның мысалын мына сияқты бірер сөзден байқауға болады. Сыбан Кеңесбай32 деген кісі Жарқымбай деген баласына өлерде өсиет айтқанда: "Төремен ел болса, екінші ел арасывда сөз болса, Сабырбайға ақылдаспай іс қылма, басыңа орыс орманнан үлкен іс келсе, қарадан хан туған Құнанбайға ақылдаспай істеме",— депті. Одан соң 1850 жылдарда Өскембай өліп, соған Құнанбай Көкшетауға барып, ас бергенде, Балта ақын33:

Атың шыққан
Үрімнің қақпасындай,
Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай.
Кешегі өтіп кеткен би Өсекем,

Алтынын тастап кеткен ат басындай.
Үш жүзді жиып ас бердің,
Келістіріп сәйкесін.
Арғынның өзің биледің,

Алшысы мен тәйкесін.
Келсең-келде кез болдың,
Кейи де беріп қайтесің! -
деген сөз бар.

Құнанбай көзге түсерлік жаңалық кіргізді ме, жоқ па? Бұл туралы іштеңе білінбейді. "Қара болды" деген ат болмаса, елге жүргізген билікте, барлық істеген істің әдісі саясатында жаңалық болды деуге болмайды. Оны күтуге де керек емес. Қайта көп жерде Құнанбайдан Құсбек билігі ел ортасына молырақ із қалдырды деуге болады. Өйткені, Құсбек ұрыны қатты тыйған. Ел ортасында жан беруді тоқтатқан. Орыс ұлығына пара алғызбаған, жалпы ұлыққа жағынуды білмей, өз бетін қатты ұстаған кісі болған сияқты. Бұған орай Құнанбай жаңалығын айтсақ, ол діндарлығы ғана болады ғой деймін. Бұл ел ішінен зекет жиғызып, молда ұстатып, намаз оқу, ораза ұстауды жайған. Осымен бірге пайдалы бір жаңалығы, бала оқытуды өз маңайына салт қылып жаймақшы болған. Өз балаларын оқыту, ағайындарына балаларын оқытқызу сияқты. Тегінде, Құнанбай аса діндар кісі болған. Бірақ сол діндарлық көп уақытта ұсақ фанатизмге де жетіп отырған. Мысалы, насыбай атқан кісінің танауын тілу сияқты. Одан соң Сыбанішінде Барақ деген төреге бір жиында насыбайды тастасайшы дегенде, ол: "Менің насыбайымды көргенше, елін дегі келінімен жүрген Қодарды көрсейші", - депті. Сонымен, Құнанбай еліне қайтқанда Тобықтының басты кісілерін жиып алып, Борсақ ішіндегі Қодарды келінімен алғызып "шариғат жолымен хүкім қыламын" деп мойындарынан қосақтап түйеге асып өлтіріпті. Дін жолындағы іс осы болса, Құнанбайдың ел билеу жолындағы, әсіресе Тобықтыны билеудегі ісі, бұл кісінің жаратылыс қалпын, іс-мінезін, барлық тұлғасын бұдан гөрі де толығырақ көрсетеді. Құнанбай аға сұлтан болған уақытта өз еліне болыстыққа өзінің тоқал шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Майбасар тентек, ұрыншақ мінезді, сыйымсыз адам болса керек. Ел мұны адамшылық, ақыл, мінез жағының қайсысынан болса да, басшы болып ел меңгеруге жарайтын кісі деп білмеген. Сол Майбасарды болыс сайлаған соң Құнанбай биге ас беруге Көкшетауға кеткенде, елде болыс боп қалған інісі, әуелде жұрттың күткен ойын ақтағандай болып, ел ішін бүлдіре бастаған. Тілегенінше алым алу, жазықсыз кісіні жазалау, дүре соғу, көлденеңнен терісін айтқан ел кісілері болса, күшке салып көңілін қалдыру сияқты істер асып көбейіп кеткен. Бірақ ағайын ортасының басты адамдары наразылықтарын ішіне сақтап, Құнанбайдың келуін күткен. Сонымен Құнанбай қайтып келгенде, ел іші, ағайын ортасы іштей дүмбілез наразылықпен қарсы алса да, Құнанбай түзетер, теңгереп, ақ-қараны айырар деп сенеді. Бірақ Құнанбай елдің ол үмітін ақтамайды. Сонымен Құнанбайдың туысқан елі — Жігітек деген ру, бастығы Бөжей деген бас адамы болып Құнанбайға өкпелі болады. Осымен ағайын ортасы шиеленісіп, наразылыққа бет алып жүргенде, Құнанбай бір болымсыз істі сылтау қылып, өкпе ұстап жүрген Жігітекті жасытып, ықтырып жібермек болып, бас қимыл істейді. Жігітек ішіне көп кісімен аттанып келіп, Бөжейдің өзін қоса барлық ірі кісілерін ұстатып байлатып алып, тегіс дүре салғызады. Бұл оқиғаны толық жазып отырған себебіміз, осы істен бастап Құнанбай өмірінде де, кейін ел кісісі болып әкесінің орнын басатын ақын Абай өмірінде де ұзақ заманға созылған үлкен алыс-жұлыстың, ірі араздық, ірі партияның басы басталады. Жазықты, жазықсыз болса да, "терезесі тең" ағайыннан талтүсте бір ру ел болып осындай өp зорлық, үлкен намыс соққысын көрген соң, осы оқиға басы болып ел ішінің ұзақ жаулығы кетеді. Сырт елге де, Тобықты ішінде де Жігітектен салмағы мен абыройы артық болғандықтан, Құнанбай есе бермейтін болған соң, наразы болған елдің алдындағы жалғыз жармасатын құралы — орыс ұлығына барып, арызын айту болады. Ел ішінде бір жауласа, екі жағы да арыз үстіне арыз тоғытысып, бірін бірі көрсетіп, ұлық алдында екі жауласады. Осы кездерде Құнанбай қарсысында жалғыз Жігітек болмай, өзге ұсақ бұратана рулар да Жігітекке күш қосқан сияқты. Олардың қосылуына себеп болатын: Құнанбайдың ел ортасындағы екінші бір үлкен ісі болады. Ол Тобықты ортасында Құнанбай қолданған жер саясаты. Жалпы Құнанбай тұсындағы көп іс, көп мінез кейін Абайдың адам болған заманына көшкендіктен, Абайдың бет бағытын алдыңғы дәуір белгілеп шешіп кеткендіктен, біз бұл жерге де біраз тоқтап өтуді қажет көреміз. Қүнанбайдың өз елімен партияласқан жаулығынан басқа, артында қалған ісінде дәл бүгінгі күнге шейін ізі қалған бір жұмысы осы жер турасында. Ертерек заманда Кеңгірбай, Ырғызбай тұсында Шыңғыс тауынан келіп, Матайды күн шығысқа қарай сырып жіберіп, қоныс алып орналасқан Тобықты рулары Құнанбай түсында үлкен аударысқа түскен. Бұл аударысты жасаушы Құнанбай. Ең әуелі жалпы Тобықтының жер шегін молайтуға күш салған. Сонымен Шыңғыстың солтүстігінде күзеуі, оңтүстік сыртында жайлауы болған Тобықты, екі шетіндегі Уақ пен Керейді өз жерлерінен ептеп жылжытып, тықсыра бастап, жылдан жыл өткен сайын жерлерінің өрісін молайта берген. Бұл саясатты басқарушы Құнанбай болады. Құнанбай көп жерді өзі көшіп жүрумен алған. Жазғытұрым ерте көшіп, Уақ жеріне келіп, құдық пен қонысты меншіктеп, жаздыгүні Керейге барып жыл сайын оның жерінен де сондай сыбаға алып отырған. Бұл сияқты істер жалпы Тобықты шеңберіндегі сыртқы саясаты болса, Тобықтының өз ішіне келгенде өз руын, өзіне жақын руларды өзгеден гөрі құйқалырақ жерге орналастыруға тырысқан. Сонымен бұрын орналасып қалған ұсақ рулардың көбін алғашқы ірге тепкен жерлерінен шетке қағып, ірге аудартып, орындарына қалаған жақын елдерін орналастырған. Осы ретпен талай ру өз орнын екіншіге беріп, өздері Құнанбай көрсеткен жерлерден жаңа күзеу, жайлау, қыстау алысқан. Осы сияқты Тобықты ішінің "жерге орналастыру" жұмысы ол кездегі рулардың барлығына да жетсе керек. Құнанбайдың бұл турасында ұзақ жылға белгілентен қалыпты жоспары бар. Бірақ сол жобасын түгелімен іске асыра алмаса, ол бір адамның өмірінің шағындығынан деп ғана есептеу керек. Әйтпесе, Құнанбай, ойлағандай болғанда, бүгінгі Қызыладыр болысындағы Мамай деген ел ата санағанда, Құнанбайға Мұқырдағы Көкше руынан жақын болғандықтан, соңғы рудың жақсы орнын алып, Мамайға бермекші екен. Бұл мақсат іске аспағандықтан, кейінгі уақытқа шейін Көкше Мамай мен Олжайдың арасыңда сынадай қыстырылып қалған. Құнанбайдьң Тобықты шеңберіндегі үлкен аударысқа түгелімен уақыты жетпей қалуына, бір жағынан көбінесе өз руы, өз ауынының алатын жерін көп қарастырып, соған көп айналып қалғандығы себеп болу керек. Өйткені, өз руын, Ырғызбайды, әсіресе өз ауыльш, қалаған ниетінше барлық Тобықтының тап ортасынан, ең шұрайлы жерге ауданын мол пішіп орналастыру аз жыл, аз еңбекпен орындалмаған. Бірақ көп еңбекті тілесе де, Құнанбай сол ниетіне жеткен. Бар Тобықтының жайлау, қыстауында, қазіргі күнге шейін көп рулар сол замандағы орналасқан қалпымен тіршілік етеді. Сонда кей жерде бір ру ел болып бір болымсыз өлке, бір бұлақтың, бір төбенің ауданын талшық қылып, соған үйіліп отырса, дәл сол Тобықтының ортасында Құнанбай ауылы деген жеке-жеке ауылдар: жайлау мен қыстауды ауыл басы әлденеше өзеннен үлесіп алып отырады. Міне, ел кісісі болып атқа мініп, үлкен орынға ие болып, ағайынға айбынды бола бастаған соң-ақ осындай іске кіріскен Құнанбай жоғарыда айтылған Жігітекпен жауласа бастағаңда, ел ортасында жер туралы наразы болған бірталай руды жау тобының ішінде табуы ғажап емес. Бірақ, қалайда болса, Жігітек Құнанбаймен алысқанда жауымен тең түсе алмаған. Орыс үкіметінің бірде старшыны, бірде болысы, бірде аға сұлтаны болып жүрген Құнанбай әрі сырт слдсрге атақты, әрі үкіметке салмақты болып, Жігітекті бойымен басып, жыға берген. Сонымен, алғашқы араздық, жаулық кейінде ұзақ заманға созылып кетсе де, Құнанбай тұсындағы алыстың бір буыны, Жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай Жігітекгің батырсымақ болып жүрген ер көңілді Базаралы деген кісісін бас қьшып, 17 адамын Сібір айдатады. Сонымен, Жігітек бірталай заманға шейін көзге қамшы тигендей болып, бастықтарынан айрылып, есеңгіреп қалады. Бұл кісілердің түгел тізіліп, тез айдалып кетуіне, бір жағынан, Жігітек руының ұрлықты сүйіп, соған көп салынуы да себеп болса керек. Айдалған кісілердің ішіңде барымташы, жорықшыл батыр боламын деп, көпке мәлім ұры болып кеткен кісілер де болған. Бірақ осымен қатар Жігітек сияқты елдердің көп арыз, көп көрсетулері Құнанбайға да текке бітпесе керек. Өйткені, кейіннен үстінен жиылған көп арыз бойынша Құнанбайды жоғарғы ұлық Омбыға алғызып, тергеуге алған. Артындағы ел Құнанбай айдалады деген лақапты да есіткен. Бірақ Омбыда көп жатудың соңында Құнанбай жазаға ұшырамайтын болып еліне қайтқан. Бұл жолда не қисынмен, қандай ретпен босады, ол бізге мәлім емес. Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі — орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғандығы. Тегі Кенесарының Ұлытау, Кішітаудан көшіп, ұлы жүзді бетке алып бара жатқан кезі, яки Балқаштың Қамал деген түбегіне қарай көшіп бара жатқан кездері бола ма, әйтеуір сол жүрісінің бірінде үкіметтің бұйрығы бойынша, Құнанбай старшын күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып қоса қуысқан. Қуған қол Кенесарының көшіне жетіпті. Көшінің жанында Кенесарының өзі де болса керек. Олар бір топ кісі болып жиналып бір араға келгенде Кенесары атынан түсіп намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде: Құнанбай намаз уақытында шаппаймыз деп, шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақты жиып алып, Құрқұлықтың ішінде кеңесіп, Кенесарыны ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті дейді. Кейін атыс болғанда Жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесарының қолының бір батырын қуып найзаламақшы болған екен, соны Құнанбай сабапты дейді. Құнанбайдың ел кісісі болып сөз басқарып, ел билеп жүрген кезінен біз білген ірі кездері осы. Жасы ұлғайып берірек келгенде ел ісін әкесінің қолынан Абай алады. Оның жайын өз тұсында айтармыз. Қазірде Құнанбай жайынан айтылатын тағы бір сөз: бұл кісі баласы Абай елді меңгеріп алған кезде, кәрілік жетіп ел сөзінен шыққан. Сонымен 72 жасында қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң, 8-9 жыл өмірін ылғи дін жолындағы құлшылықпен өткізген. Бұл жылдардағы өмірі өзінің жаратылысында бойына біткен қаттылық, беріктігінің белгісімен ерекше күйде өткен. Меккеден келген соң "дүние сөзін сөйлемеймін" деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдықтың ішіне жалғыз отырып құдайға құлшылық қылуда болған. Бұл мінезі туралы сырт ел "тілі байланды" деп те аңыз қылған екен. Бірақ соңғы жылдарында маңайында болғандар ол сөзді бекер дейді. Осымен Құнанбай 1886 жылы 82 жасында қайтыс болған. Ел аузындағы қалған аңызда: бұл кісінің діндарлығы мен ел билеу жөніндегі ірілік, мықтылығы, алысты болжағыш, ақылдылығы көп айтылады. Одан соңғы көп сөз: мінезінің суықтық, қаттылық, сонымен бірге мырзалығы жайынан көп кездеседі. Намаз оқушы кедейлерге ат беру, киім беру сияқты әдеттері көп болса керек. Қай мінез, қай істе болса да әншейін орта қалыпты қазақтан кесек болғандығы жоғарыдағы істерден бір көрінсе, екінші, дін жолына деп өз пұлына Қарқаралыда мешіт салғызу, Меккеде қазақ қажылары түсіп жүретін "Тәкия" деген үй салғызу сияқты істерінде де көрінеді. Ақыл мен сөзге, келелі кеңеске, көп елді тоқтататын билік, байлауға келгенде, өз тұсындағы орта жүздің басты билерінің алдыңғы қатарындағы кісі боп саналған болу керек. Мұның белгісі Ақмола, Семей, Жетісу сияқты губернияларда, ел аузында қалған билер жайындағы ескілікте Құнанбай атының көп аталатынынан байқалады. Тобықты ішінде Құнанбай айтты деген сөздердің ішінде, "философ" айтарлық ақиқат сөздердің мына сияқтысы бар: 1. Құл мен қожа майданда теңеледі, жас пен кәрі білімде теңеледі, бай мен кедей жомарттықта теңеледі, жақсы мен жаман өлгенде теңеледі. 2. Адамның қай мінезі өнері болса, сол мінезі айыбы болады. 3. Кісі айыбын айтпақтан оңай жоқ, өз айыбынды өзің айтқаннан ауыр жоқ. 4. Өткен істен оңай жоқ, келесі істен қиын жоқ. 5. Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, көзбен көрген шын, құлақпен есіткен өтірік. 6. Жарлы кісі жамандар, жамандар да қуанар; жаман кісі жаланар, жаланар да жұбанар. 7. Арымнан жаным садаға, жанымнан малым садаға — деген сияқты. Бірақ бұл сөздердің кейбіреуі өз өміріндегі істермен дәл келмесе, оған Құнанбайдың заманын еске алу керек. Біздің мақсат - осы қарастырылатын адамдардың барлығының өмірін, бізден алыс заманда, біздің бүгінгі өмірімізден бөлек күй, бөлек шарт, бөлек тарихи дәуірде бүгінгіден бөлек болғандығын анық көрсету. Сондықтан біздің міндет бірін даттап қаралау емес, бүгіңде анығын білгісі келген елге дәл пішінін көрсету. Бұл сөздің басын Абайдың жайы деп алып, Құнанбай жайын көп таратып айтып кетсек, солай болуына себеп болып отырған да осы міндетті көп ойлағандық. Өйткені Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу де қиын. Бұлардың қай-қайсысы болса да заманның туындысы. Бірде заманның ұлы болса, бірде сол заманның құлы да болған. Сондықтан бұл күнге шейін Абайды ақын ғана деп шала біліп жүрген қазақ оқушысына ең әуелі соның ақындығына анайы шарт сияқты болған, ақын емес Абай кім екенін білдіруге көшеміз. Абай 1845 жылы әкесі Құнанбайдың 41 жасында Ұлжан деген бәйбішесінен туған. Өз заманында көпке жайылған салт бойынша, Құнанбай да көп қатынды болған. Бұл кісікің үлкен жамағаты қыздай алган Күңке деген кісі. Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжан. Інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі өлген соң келін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыз. Одан: Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. Төртінші әйелі жасы ұлғайып қартайып келген кезде алған Нұрғаным. Бұдан бала болмаған. Күңкенің жасы Құнанбайдан үлкен екен. Берірек келгенде жасы ұлғайып, өзі күту тілерлік болып, күйеуін күте алмайтын болган соң, Құнанбай Ұлжанның қолына шыққан. Бірақ Ұлжан туған балаларының бәрі бірдей өз шешесінің қолында тәрбиеленбеген. Үлкен баласы Тәңірбердіні жас күнінде Өскембай би қолына алып өсіріпті. Ысқақты әкесі Құдайбердімен бірге Күңкенің қолында өсірген. Күңке ерте уақыттан бөлек ауып болып кеткен екен. Ұлжан мен Айғыз бір ауыл болып, Құнанбай осылармен тұрған уақытта, екі шешенің ортасындағы тел баласы кішкене Ыбырай болады. Бұл екі шешесінен кейінірек Оспан, Ысмағұл деген екі бала туған. Бірақ бұлардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы Халиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешенің ортасындағы жалғыз баланың қалпында өткізген. Екі шешеге бірдей бала болып жүргендіктен, сол кездегі үлкендер Абайға "Телқара" деп ат қойыпты. Кейін Абай ер жеткен уақытта бірталай жеңгелері ертеде қойылган атпен "Телқара" дейді екен. Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс бидің тұқымы болады. Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай орта жүзге қалжыңымен тегіс аты жайылған, белгілі мысқылшыл, тапқыш, күлдіргілер болған. Бұл әдет Бертіс Шаншар руына түгел жайылған мінез. Осы күнге шейін ел Шаншардың қулары дегенде: кісіні жазым қылып кететін ит-құстың жайын айтқандай сөйлейді. Әлі күнге Қояндыда, үлкен жәрмеңке, қалың жиындарда, бір жерге тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері: "Ойбай, Шаншар келе жатыр!" деп өрттен қашқаңдай дүркірей қашады деседі. Бұл әдет Шаншардың мысқыл-мазаққа ұста болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да мінін таппай қоймайды: мінін тауып алса, түндігін ұшырғандай қылып айтады. Сөз шабуылымен кімнің де болса есін шығарып есеңгіретіп кетеді. Енді бүгінгі көпшілігі сондай болса, соның барлығының баяғы, соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты қуы Тонтай болған. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен бір өмір бастан-аяқ "мың бір түннің" әңгімелеріндей жеке-жеке күлкі әңгіме. Ұлжан кең, сабырлы, мықты мінезді кісі болды деседі. Алдыңғы өткен бәйбішелер үлгісімен бұл кісі де күндестік дегенді білмесе керек. Абайдың балалық шағынан алған өсерінде, өз шешесіне қатты ырза болып, Айғыз бәйбішеге ренжіңкірейтіні, анау күндестікті ойламағанда, Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек. Ұлжан бәйбішеде тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден болған, бірақ тартымды мінезді дағды қылып, бойын салмақпен бағып ұстайтын болғандықтан, қалжың айтуды мақсат қылмаған. Сөйтсе де анда-санда әлде қалай айтып қалған сөздері қалжың болып, ел есінде ұмытылмай сақталып қалған. Өлерінде қалжың айту бүл кісінің бұрынғы қалжыңшыл ағаларында түгел болса керек. Солар сияқты Ұлжан да өлерінде қалжың айтқан. Тонтай өлерінде маңайына жиылып келіп отырған қожа, молдаларға қарап: "Жазыла, жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас", — деп айтты деген сөз орта жүзде, екінің бірі білетін мәтел сөз сияқты болып кеткен. Осындай тапқыштық, қалжыңшылдық, біреудің мінін ащы тілмен қатты түйрегіштік нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген. Шынға келгенде, Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын, жалынды жанды өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен сөйлегіштік көп пе, жоқ шанышпа тілді соқтықпалы, ащы мысқыл, улы күлкіге бойы ұрғандық көп пе? Бұл екі ортасын дәл кесіп-пішіп айыру, ұзақ тексеруді керек қылатын шығар. Бірақ біздің ұғуымызша соңғы түрі көп сияқты. Абай жазушының ішкі табиғатыңдағы осы сияқты екі айыр жолды, біз Абайдың әкесі мен шешесінің жаратылыс қалпын, өмір баянын қарастырғанда еріксіз еске аламыз. Сонда сөзіндегі салқын ақыл әкеден, ащы тілді мысқыл шеше жағынан деуге де бола ма дейміз. Бірақ бұл пікірді Абайдың ақындық сырын ұғу жолындағы нық байланған түйін деп ойлау керек емес. Әлдеқалай айтылған, көп жобалаудың бірі деп есептеу керек. Абайдың ақындық жолында өзге талай жазушы, талай ақынның барлығының жолынан бөлек өзіне ғана қатысты, ерекше тағдыры болған. Ақындығындағы сол ерекшелік Абайдың бала күнінен бастап, соңғы өлер сағатына шейін өзгеше шарттардың ішінде өткен ерекше өмірінен туған. Сондықтан енді қолға түскен азын-аулақ мағлұматтар бойынша Абайдың өз басының өміріне келейік. Абай, жоғарыда айтылғандай, екі шешенің тол баласы болып жүрген кішкене кезінде мінез жағына аңқау, нанғыш және тентектеу де бала болса керек. Бірақ сол кішкене қонақтың әлдеқалай айтқан ертегі сияқты әңгімелерін құлай тыңдайды екен. Жай өмірде пысық, ширақ емес, аңқау болғандықтан, өз шешесінің ауылындағы көрші-қолаңшының үлкендері Құнанбайдың бұл баласынан да Күңкенің қолындағы Ысқақтан көбірек дәме қылған. Ол Абайға қарағанда жас күнінен тықылдаған пысық, ширақ болса керек. Құнанбайдың орнын басып, кісілікке ие болатын баласы кім деп жас балаларды сынағанда, жұрттың көбі әлгі белгілеріне қарап, Абайдан Ысқақты артық санаған, Абай 10 жасқа келгенде әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген, бұдан бұрын қырда оқыды ма, жоқ па? Ол туралы хабар жоқ. Семейде алғашқы берген молдасы Ғабдұлжапар деген татар имамы. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген имамға тапсырған. Бұ да татар имамы. Екеуі де мешіттерінің жанында медреселері болған. Оқушы шәкірттің көбі медреседе жатып оқиды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның барлығын да араб, парсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген салтқа қарағанда, Абай кезінде де түрікше оқу жолшыбай оқылатын қосымша болу керек. Оқушы мен оқытушының да барлық уақыты, ынта-ықласы түгелімен дін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді парсыша болу керек. Абай осы медреседе үш жыл оқиды. Оқуга өзімен бірге оқыған үлкен, кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықласты болған. Дәрісте арабша кітаптан молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін екінші ретте кітапқа қарамай, өзі жатқа айтып шыға алатындай зерек болған деседі. Сонымен дәріс ретінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге салалардан сонағұрлым оңай болған. Көп уақытында алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытты Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп тімтінуге салынса керек. Өз бетімен оқитын кітаптары араб, парсы, түрік жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдерде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты нәрселер. Бұларды Абай бала күніндегі ауып кеткіш мінезі бойынша барын салып тесіліп, көп оқыған болу керек. Оқуға кірген соң-ақ балалық дегенді көп білмей, тез есейіп, ілім қуған кісінің қалпына оңай түсіп кеткен. Оқыған кітаптың көбіне сыпмен қарай білетін, ойлы оқушы бола бастаған сияқты. Бұлай дейтін себебіміз: мұсылманша оқуы барлығы үш-ақ жылмен тоқтаған кезінде Абайдың араб, парсы, түрік ақындарының ішінде өзінің әбден сүйіп, құмартып таңдап алған арнаулы ірі ақындары болған. Солардың ұзынды-қысқалы сөздерін түгелімен оқып шығып, бір емес әлденеше рет оқып, талай бәйіттерін ұзыннан-ұзақ жаттап алғандары да болған. Сол бала күнінде жаттаған кей сөздері ұлғайып, кәрілікке жеткен уақытына шейін есінен шықпаған, ұмытылмаған. Абайдың 30 жасында туған баласы Тұраштың айтуынша, балалары оқып жүрген кітаптардың ішіндегі кейбір сөздерді, пәлен кітаптың пәлен бетінде деп, жаңылмай жатқа айтып отырушы еді дейді. Осы сияқты белгілерге қарағанда, Абайдың медреседегі оқуы көбінесе "Мұхтасар" сияқты дін кітаптары болмай, ылғи ғана ақын сөздері болу керек. Ерте күннен өлең, әңгімелі сөздерге ерекше ынтық болып, қатты құмарлықтан талапты жас шәкірт жалпы ақындық өнерін үлкен қасиет деп біліп, барынша қадірлейтін қалыпты сол балалық шағынан ала шыққан. Сол күнде-ақ оқытып жүрген имамы, медресенің барлық діндар шәкірті, діндар қылатын шарттары, көп әсер етпей, өз бетімен өзінен-өзі іздеп тапқан, көпке елеусіз ақындары — бар ықласын аударып, балалық қиялының барлығын билеп әкеткен сияқты. Медресе тәрбиесінде жүрген жас шәкірттің ойындағы жұбанышы, жүрегінде шын сүйетін жандары, жалғыз ғана Әзірет Әлі, пайғамбар әулиелер болмай, солармен қатар, бәлки солардан да гөрі үлкен орын алған Науаи, Сағди, Қожа Хафиз, Фзули сияқты ақындар болғанға ұқсайды. Бұлардың сөздерін Абай бері келіп ұлғайған уақытына шейін де тастамаған, әрқашан оқып, әрқашан сүйсініп еске алып отырған. Медреседе оқып жүрген кездерінде жаз болып елге қайтқанда қаладан ала қайтатын кітаптары тағы сол ақындар болып, үй іші әке-шешесіне оқып беріп отыратын болса керек. Өзі оқымаса да, балаларын оқытып, оқу-білімге ынтық болған Құнанбай бір баласы Халиолланы орысша оқытып, Абайды мұсылманша оқытып жүргенде, соңғы баласына соны Аллаяр сияқты ақындарды көп оқытып тыңдайды екен. Осындай ретпен мұсылман ақындарын көп оқу, көп іздену, сол іздену арқасында бар ынтасымен құлай сүю болашақ ақынның балалық, жастық шағындағы ой-қиялына қатты әсер еткен сияқты. Ескіше оқыту тәртібі бәрімізге де белгілі, шынымен "инемен құдық қазғандай" өнімсіз оқу болғанда, Абайдың үш-ақ жыл оқуы сырт көзге аз оқу болса да, өзіне көп жаңалық беріп, көп жаңа дүниенің шетін ашқан сияқты. Алдымен ақындарды көп оқу себепті, Абай араб, парсы тілін сол үш жылдың ішінде жақсы біліп шыққан. Мұның белгісі сол заманнан қалған бірен-саран өлеңдерінен білінеді. Кітап жүзінен алған тәрбие мен заманның үлгісі бойынша, ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл жалғыз ғана араб, парсы тілі деп білген Абай алғашқы өлеңдерін араб, парсы, түрік, шағатай тілдерімен Фзули, Аллаяр, Бабирше айтады. Балалық шағындағы бірен-саран өлең жазамын деген алғашқы талабын:

Фзули, Шәмси, Сейхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Қожа Хафиз - бу һәммәси
Медет бер я шағири ферияд, —

деп, өзі қадірлеген ескі ақындардың аруағына сыйынумен бастайды. Осы аталған аттардың өзіне қарағанда, жалпы мұсылман ғаламындағы көпке белгілі болған ірі ақындардың талайымен Абайдың ерте күнде танысып алғандығы даусыз сияқты. Абай оқуды тастап, елдің жас бозбаласы, жас жігіті болып жүрген кезінде де осы ақындардан алған үлгі-әсерден түгел айықпай, көңілінде көп сақтап жүрген сияқты. Сол кезде сүйген, ұнатқан әйеліне өлең жазса, әлгі ретпен кітапшалап жазады.

Әлиф дек ай иузіңе ғибрат еттім,
Би — Балай дәртіңа нисбәт еттім, —

деп әліпбимен жазған өлеңі, одан соң иузі раушан, көзі гәуһар, лағылдәк бет, ұшы ахмәр... деген өлеңдері сол жас шағында қиялына қатты әсер етіп, ой-сезімін билеп, тіл кестесін де өздерінің үлгісіне еріксіз тартып бағындырып алған. Жоғарғы ақындарға еліктеген сөздер Абайдың жас күнінде өз бойындағы ақындық қуатын оятып көрсе, бұл кісі тура ғана жаңағы кітап тәрбиесі, кітап әсерінен деп білу керек. Бірақ Абайдың жас күнінен бізге жеткен өлеңдері жоққа тән. Тіпті азғана. Сондықтан бұл туралы ақынның өмірбаянының ішінде ұзақ сөйлеуге орын жоқ. Бірен-саран пікір болса ақындық жайын тексерген мақалада айтамыз. Абайдың нағыз ақындық белгісін беріп, өнімді өлең жаза бастаған кезі жігіттік шағы өткен соң басталады. Ол кездегі Абай арабшыламақ, парсышыламақты теріс нәрсе деп түсінген. Бұл арада Абайдың ақыңдығына әсер беріп, алғашқы бетін билеген себепті айтамыз деп біразырақ ілгері басып кеттік. Біздің әзіргі мақсат Абайдың өмірі болғандықтан, енді қайтадан ақынның сол балалық шағына шегінейік. Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта, Абай жалғыз мұсылманша оқумен тоқтамай, Семей қаласындағы "Приходский школаға" түсіп, орысша да оқи бастаған. Бірақ мұндағы оқуы ұзақ болмайды. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Үш жылмен мұсылманша оқуы доғарылады. Жасы 13-ке толғанда, ерте есейіп, ерте ақыл-сезімі ашыла бастаған, өткір зейінді, ерекше талапты жас шәкіртке жаман-жақсы болса да ой-сезімнің бетін ашып келе жатқан оқу тәрбиенің есігі жабылады. Екі-үш жылдар аз да болса қырдан гөрі тәуірірек үлгі беретін қалада болғанда, ақын болатын баланың алғаш жалғыз ғана нәрлі азығы: мұсылман ақындарын шала-шарпы тану, солардың сөздерін ынтасы кетіп сүйіп көксеу ғана болады. Осындай жаңа дүниенің есігін енді ғана ашқалы, жаңа ғана саңылау көріп келе жатқан уақытта Абай ала-құла, шикілі-пісілі біліммен үлкен кісінің өміріне кіріседі. Оқу-білім, кітап тәрбиесі сияқты нәрселер осы қалғаннан көп уақытқа шейін бұйырмаған ас сияқты болып, Абайдан алыста қалады. 13 жасқа толғанда әкесі Құнанбай оқудан шығарып алып, ел билеу жұмысында өзіне серік қылмақ болып, жаңа міндетке арнап, сол жолға баули бастайды. Баласын оқудан ерте шығарып алуына себеп болған нәрсе: ел жұмысына өзіне серік болатын іні-баланың Абайдан қолайлысы болмағандығы, бала болса да сол кезде Абай әкесі дәме қыларлық белгілерді көрсете бастаған сияқты. Барлық балаларына қатал суық тұрып қатты сыншы болған Құнанбай Абайдың өзгелерінен артық екенін ертеде сезген деуге болады. Баласын оқыта түспей, асығып алған себепті, жоғарыда Құнанбайдың өмірі туралы айтылған сөздерді еске алсақ, оңай ұғылады. Құнанбай елінің қақ жартысын өзіне қарсы тұратын жау қылып алып, көп өмірін сол жаулықтың жолында алыс-жұлыспен өткізген. Қарсына шыққан ағайынын үлкен тартыстың аяғында жеңіп алса да, артынан да сондағы ішке байланған мұз елдің көбінің есінен кетпеген. Ел ішінде ұсақ араздық, ұсақ жаулық, кішкене тартыс сияқты нәрселер, ешуақытта құрымаған. Сондықтан барлық өмір аңдысу, тартысу, ел таразысын бағып келгенде Құнанбайға дос болдым деген елдің өзі де үнемі бір қалыпта тұра алмаған. Мұның бір себебі Құнанбайдың өз істері, өз мінездері болса, екінші жағынан, сыртқа да, ішке де әмірі жүріп, жуандап алған Құнанбайдың маңайында талай-талай залалкес туысқандары да болған. Бұлар Құнанбайдың бағына мас болып, пәлен ауылдың жігіті, түген жақсының туысқаны деген атпен шамасы келгенше емін-еркін пайдаланған. Көп елді мазақтап, қорлап, орынсыз зорлық, қисынсыз жуандық істей беріп, асқақтық пен шайпау мінездерге салынып, Құнанбайдың дос болып жүрген елін де қажытып алған. Сонымен Абайдың жас шағында Құнанбайдың досы азайып, дұшпаны көбейген. Жоғарыда айтқан сияқты, сол көп дұшпанға қарсы тұрып, қолқанат боларлық баласы мен інісі болмаған соң, Құнанбайдың басына жалғыздық түсе бастаған. Абайды оқудан алып, ел жұмысына салу, әкесінің басындағы осындай еріксіздік халынан туған. Сонымен 13 жастағы Абай әкесі берген бетпен ел сөзіне кіріседі. Әрине, жас бала алғашқы аяқ басқан жерден келелі кеңеске кіріп кеткен жоқ. Ел жұмысын шет жағалап ептеп бастауына керек. Сондықтан ең алғашқы жылдарында әкесінің "барып келінде" жүреді. Кейде қасына кісі қосып беріп, кейде жалғыз өзіне сөз тапсырып, әкесі ел ортасының басты кісілеріне жеңіл-желпі сөздерді сәлем қылып айтып жүріп, кейбіріне байлау жасауға да ерік береді. Әрине, бұл күндердегі Абайдың көңіліндегі иманы, әкесінің сөзі. Содан ұғыну бойынша әкесінің жауын жау деп, досын дос санайды. Жасына жетпей ұлғайып, ерте күнде балалық белгісінің барлығын жоғалтып, сөйлесіп жүрген үлкендеріне бала көрінбей, үлкен сияқты көріну, олқы түспеу — Абайға парыз сияқты болады. Әкенің билігі, өмір талқысы, араласып жүрген үлкендері болсын — барлығы да Абайды оқудан ғана алыстатып әкетумен тоқтамай, кәдуескі табиғи балалық дәуірінен де жырып әкеткен. Жас күннен-ақ Абай өмірі әлденеше қиқы-жиқы шиырға түскен. Ішкі балалық дүниесін оңды-солды соққыға алатын, теріс қалыпқа кептейтін ерекше күйлерге, заңнан тысқары халдерге ұшыраған. Өзінің дене қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін еалмағы зор міндеттер басына түекен соң, Абай жаратылыстағы зеректік, талаптылық сияқты өнерінің барлығын осы жолға салған. Ел кісісімен араласқанда сөз керек, ұғым керек, тапқыштық керек, кезекті жерге келгенде айла да, ашу да керек. Әрбір көлденең келген істің тұсында өзгелер не сөйлейді? Не істейді? Бұрынғы жақсылар не айтып, не істеген? Өз әкесі қайтеді? Осының бәрін Абай ел сөзіне кірісе бастаған соң-ақ тесіле қарап, толық ұғынып, өз өміріне үлгі қылуға тырысқан. Сонымен балалықтан асып, бозбалалық, жігіттік шағына жеткен уақытта, қазақтың ескі сөз, ескі жол-жора, мәтел-тақпақ, ескі биліктеріне елдің мандай кісілерімен қатар түсетін білім алған. Бұл уақыттарда қазақтың ескі ақындары, кемел билері, жорықшыл батырлары, хандары болсын — барлығының жайындағы әңгімелер Абайға таныс дүние болып қалған. Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзіне соларды керекке жаратып, әңгіме арасына кірістіріп отыру, сол кездегі ел жақсыларына жайылған салт бойынша, Абайға да парыз сияқты болған. Жас жігіт сол білімді орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болғандықтан, ел көзіне жасынан артық білімі бар, ескі жақсы сияқты көріне бастаған. Басында балалығының арқасында ел сөзіне құр ғана кіріскен Абай аз жылдың ішінде үлкен табыс тапқандай болып адымын ұлғайта бастайды. Бірнеше жол көріп, көзі қанған соң елдің "пәлен жақсы, түген жақсысының" айла мен епке болмаса, жалпы білімге, ақыл шалымына өзінен соншалық артық емес екенін сезеді. Абайдың өзінен үлкен кісілерден өзін кем санамауына себеп болатын тағы бір нәрсе — мұның мұсылманша оқуы барлығы. Ел кісілерінің көпшілігі Құнанбай сияқты оқымаған адамдар болған уақытта, Абай олардың қасында өзін молдадай көрген. Надан кісілердің ортасына келіп өлшескенде, өзінің үш жылдық оқуы дардай көрінген. Бұған және халық ескілігі сияқты қазақ жұртының рухани байлығы қосылған соң, Абай аз заманның ішінде ел ортасындағы сөзде аяғын өз қайратына сенген сенімділікпен баса бастады. Әкесімен жауласқан кісіге сол әкесінің салмағына жақын салмағы бар мықты жігіт, бетті жүйрік, ержігіт болып көрініп, қолы мен тілі қатаң тие бастайды. Сонымен қатар аз уақыттың ішінде жұрт қанағат қылған жақсы шешен, білгіш деген кісілерді барлығын да оңайшылықпен місе қылмайтын зор көкірек, өз қайратына қатты сенген тәкәппарлық көріне бастайды. Ақыл-ойға, шешендік сезімділікке келгенде, ерте ержеткен жас жігіт сол уақытта-ақ өз ортасынан иығы асып, басып оза бастағанын сезгендей болады. Жалпы ақылмен болжайтын сөздерге келгенде біреудің айтып тоқтатқан жерінің ар жағынан жаңа есік табамын деп талап еткіш болыпты. Абайдың осы шақтан алып шыққан зор сенім, зор талабы қырағылық, көргіштігі кейінгі уақыттағы ой-пікіріне де үлкен белгі болады. Біреудің "таптым" дегеніне сынмен қарайтын, "жеттім" деген жеріне қанағат қылмайтын, ар жағынан асырып түсіруге тырысатын талап Абайдың жігіттік шағындағы көптен бөлек ерекіле мінез сияқты. Осы пікірдің дұрыстығын дәлелдеу үшін ел есінде қалған екі-үш мысалды айталық. Абай өз қайратына сенімді көзбен қарай бастаған соң-ақ, ел ішінде кез келген жақсылардың қайсысын болса да әңгіме ішінде бір сөзбен мүдіртіп кетпесе, өзіне ырза болмай қалады екен. Балалық шағынан жаңа өтер-өтпесте, әкесінің жұмсауымен барып сөйлескен үлкендердің барлығына да осы мінезді істей бастаған. Абайдың жас жігіт шағында Құнанбайдың Көкше ішіндегі тұрғылас, сыйлас кісісі Қаратай болған. Көп елдің сынынша, бұл шешен, жүйрік атанған кісі. Сол Қаратай бір күні Абайдың өз құрбы жас жігіттерімен жиналын отырған үстіне келіп, жастардың заманын жамандап, өз заманын мақтай бастайды. Сонда Абай бұл сөздерге көп дау айтып келіп ақырында: сіздің заманыңыз қанша жақсы еді, ең аяғы осы отырған Тобықты, Сыбан сияқты көрші елдің арасында бір қол кісі болып, жиналып алып түн қылып жүрмесеңдер, жалғыз жарым кісі қатынасып алмаушы еді. Ұрлық, барымта, бұзықтық көп болғандықтан, "әні алып кетті, міні алып кетті" деп кемпір-шал, қатын-қалаш, жас бала тыныштықпен асын іше алмаушы еді. Осы заман жақсы ма дегенде, Қаратай дау айтып келіп: менің заманым пайғамбарға жақын депті. Бұған қарсы Абай: "Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында неше түрлі өсімдік, неше түрлі алуан жеміс шығады. Алланың рақметіне алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді. Сіз пайғамбарға Әзірет Әлінің әкесінен жақын емессіз, ол кәпір болған", — депті. Осы сөзді Қаратай Құнанбайға келіп айтқан соң, әкесі Абай келгенде әдеттегі қаттылық суықтығына салып, көп сөз айтып ұрсыпты. Абай үндемей тыңдап, сыртқа шыққанда Қаратай келіп: "Бала, қалай, қайсымыз жақсы екенбіз",— дегенде, Абай: "Бәсе, қайсымыз жақсы екенбіз: біздің тобымыздың ортасына жалғыз өзіңіз келіп ойдағының бәрін айтқанда түгелімен қол қойып, тыңдағаннан басқамыз жоқ еді, сендердің ортаңа келсек, қыруар жанды жалғыз шалың ауызға ұрып сөйлетпейді", — депті. Қаратай бұл сөзді де Құнанбайға айтпақ болып үйге қарай аяндағанда, Абай атқа мініп алып жүріп кетіп қалыпты. Осы сияқты біраз сөз Шорманның Мұсасымен де жанасыпты. Мұса Құнанбай тұрғылас, Құнанбайдың замандасы. Бір жылы Абай әкесімен Семейде жатқанда, Мұса мен Құнанбай бір-біріне барысып, жүз көрісіп жүретін болса керек. Сол ретпен бір мәжілісте отырғанда Мұса (тегі Құнанбайдың сұрауымен болса керек) үйдегі балаларының атын атап, Садуақас деген баласы барлығын да айтса керек. Сонда Абай: "Бір адамға екі бірдей кісінің атын қояды екен? Ол Сагд бин Уақас деген әкелі-балалы екі кісінің аты емес пе?", — депті. Осыдан Мұса Абайдың тілін еске алып қалса керек. Екінші бір жерде, Абайдың бірталай кісінің мәжілісінде кіршіме ішіп отырған үстіне келіпті. Отырған жұртпен бірге Мұсаны Абай да мәжіліске кірісуге шақырғанда, ол кісі: "Жоқ, бұл нәрсенің аты кіршіме, тегі ноғайдың "кіршіме" деген сөзінен болса керек. Сондықтан кіріспегенді мақұл көремін", — депті, бұл сөзге Абай: "Менің ойымша, ең әуелі бұл сөз ноғайдың тілі емес, парсының "гәршама", "шамаңа қарай" деген сөзінен болуға қисынды. Екінші - әрбір нәрсенің "ісміне" қарай "жимисін" ала ма, жимисіне қарай ісмін ала ма?" — депті. Осы сияқты жұрттың жақсы деген кісілерінің құр атағына жығылмай, қайта өз көңілін зор ұстап, бойұсынбайтын ізденгіш өр мінезді Абай оқта-текте өз әкесімен де сөз қағысып білдіріп жүрген. Бұл туралы елдің есінде қалған мына бір әңгімені айта кетейік. Ел ортасының бір үлкен жиынында Құнанбай көп ортасында сөйлеп отырған уақытта, Абай бір-екі рет сөз айтқысы келіп, киліге беріпті. Сонда Құнанбай "тек отыр" деп тоқтатып тастайды. Артынан ел таралып, жиыннан келе жатқанда, әкесі Абайды шақырып алып, көп алдында көлденендегені үшін наразылық айтады. Абай кінәсін мойнына алады. Содан кейін Құнанбай: "Кезі келгенде айтпақ болып жүрген үш түрлі сөзім бар еді, соны айтайын: Ең әуелі — сен жұрттың бәрімен күліп сөйлейсің. Жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды күте, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды. Екінші, көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайсың. Желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел алатын қылық ол емес. Үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың", — депті. Абайдың жауабы: "Қолында құралы бар бірен-сараңға ғана тиетін шыңыраудағы судан да, қойшы-қолаңшы, жалшы-жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су артық деп білемін. Екінші сөзге: қазақ елі бір заманда қой сияқты болған, бір қора қойды жалғыз қойшы "айт" десе өргізіп, "шәйт" десе жусағатын заман болған. Одан бері келе ел түйе сияқты болды. Бір шетіне тас тастап, "шоқ" деп дыбыстаған уақытында аңырайып тұрып барып, бетін бұратын болды. Енді біздің заманымызда ел жылқы болды. Мұны ақ қар, көк мұзда қар төсеніп, мұз жастанып, етегін төсек, жеңін жастық қылуға шыдаған жылқышы ғана баға алады. Орысшылсың дегенге: заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі алуға керек", — депті. Құнанбай бұл жауабына қанағат қылып тоқтап: "Ақыры не болса да, бетіңнен жарылқасын, өзің білген бетіңмен жүріп көресің", — депті. Осы айтылған сияқты мінездің белгісін қаракесек Алшынбайға да көрсетіпті. Абай бұл ауылдың күйеуі болады, үлкен бәйбішесі Ділдә деген кісі сол ауылдың қызы. Сол әйелін алғаннан кейін Абай Алшынбайға сәлем беріп амандаса барып, қайтарда қайны әдет бойынша қалаған-сұрағаны бар ма деп сұрапты. Сонда Абай шұбар айғырдың үйірі деген бір қысырақты алғысы келгенін айтады. Мұны Алшынбай бере алмай, батамды алсын дейді. Содан соң Абай: "Ондай батагөй шал өзімде де бар", — деп, бармай кетіпті. Өз тұсындағы қазақ жақсыларымен кездескенде, жас Абайдың әдет қылған сөз мінезі осы сияқты. Жоғарыда әкесімен сөйлескен сөзіне қарағанда, ұғым, наным бойынша, көпшіл, кең, жұмсақ, еліне жайлы, жағымды болған кісіге ұқсайтын сияқты. Бірақ бұл сөзге қарап, Абай шынында ел арасындағы істерде "әке жолынан бөлек жаңа жол, жаңа көзқарас, жаңа іспен мінез істеді", — деп түгел сеніп қалуға болмайды. Ел ішінің сөзі мен тартысында, араздық-жаулығында көпті билеп, әмір жүргізген уақытта өз бетіне көпшілікті бағындыруда Абай түгелімен әкесінің шәкірті болған. Өзге болса, әке істеген іс пен әке қуған мақсат жолындағы әдісі мен ебі ғана өзге. Одан басқа мойнына алған міндеті, беттеген тілек, бағыты түгелімен әкесінің жолы болды. Сол сияқты мықты, жуан болу, сондайлық әмір жүргізу, еркіне көнбегенді, қарсылық ойлағанды сол сияқты езіп, жаншып жіберу, әкесінің жауын өзіне де жау санап, бұрынғыша қуғынға ұшырату, Құнанбайдың бір кезде, ел бүтін тұрған уақытта жұрттың бәрін жалғыз өзінің аузына қаратып, бар Тобықтыны бір шыбықпен айдаған дәуірін қайта орнату. Сол орнайтын жаңа дәуреннің еркесі, қожасы өзі болу, өзінен артылған бақты Құнанбайдың өзге балаларының басына қондыру. Сонымен, Абайдың жас кезінде әкесінен ел ажырап кетіп, Құнанбай басының жалғыздық көрген кезінде бұл тұқымның қолынан шығып кетуге айналған бақ пен абұйыр, қайрат пен қожалық болса, соны бұрынғыша толық қалпында қайта қолына жиып алу, жігіт болған Абайдың барлық бойындағы қуатымен түгел ұмтылып қуған арманы, мақсаты болады. Абай жігіт күнінде өзіне бұл жолдан басқа жол бар, осы істен түзу іс бар деп түсінбеген. Құнанбайдай әкенің баласы бола тұра, талап қылса Тобықтыдай жалпақ елге өзінің әмірі, дәуірі оп-оңай-ақ жүріп кеткелі тұрғанын көре-біле тұра, Абай өз басына екінші бір мақсат, міндет бар екен деп білмеген. Ондайды іздемеген де. Сондықтан әкесіне кім жау болып, кім достықтан тайып, жау жағына шығып кетсе, соның барлығын неге кеткен себебіне қарамай-ақ, алыстан ұстасатын, жауым деп біліп, айланы, ашуды, білімді де құрал қылып соңына түскен, әке тұсындағы дәуренді қайта орнатып, кеп елді құлақтан басып, ауыздықтап мініп, бағындырып алу жолына еңсесін сала шапқан. Ұлғайып келіп артында қалған өмірге суық сыншы көзімен қарап, өткеннің бәрін өкінішпен еске алған уақытта Абай: қаны қара бір жаным, жаны жара ... деген сөзді текке айтпаған.

Сол сөзінің ішінде:
Жасымда албырт естім ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ...
Ой кіргелі тимеді ерік езіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме, — дегеннің барлығында көбінесе еске алатыны осы жастық шағындағы ісі мен мінезі, жасында берік бет алып, болашағына да, адамшылығына да залалдан басқа түк бермейтін шалыс жолға түскендіктен кейінгі ес кірген соңғы өмірде, өкінсе де, зарласа да, өзін өзі аямай қамшыласа да, сол әуелті алған бағыттан өзгере алмай, жаңара алмай қалған. Алғашқы бойға сіңген әдет пен жасында теріс қалыптанған өмір, кейінгі күнде ақылы қостаған жолға түсіремін десе де, түсе алмай кеткен. Енді сол жастық күнінде Абайдың істеген ісі, салынған мінездері немене еді? Кіммен алысты, қалай алысты, алыс жолында не көрді, не тапты? Соған келейік. Абайдың жауы кім еді дегенге, әрине, ең алдымен Жігітекті айту керек. Ат жалын тартып міне салысымен Абай әкесінің қарсысындағы жаудың ордасы Жігітек руы екенін оңай таныған. Жігітек Олжайдың баласы, Абайдың төртінші атасы Айдоспен бірге туысқан. Бұл Олжай балаларының ішінде басы молырақ, өскелең деген руы. Оның үстіне шамасы келсе өзі де өзгеге соқтыққыш, тентек мінезді сотқар ел болған. Арасынан шыққан барымташы, ұрлықшыл бұзықтары да болған. Көпшілігіне жайылған мінез бойынша қайратты, мықты, қыңыр, алысшыл, ұжымшыл ел болғанға ұқсайды. Өзі жақын ағайын болған соң, Ырғызбаймен қоныс, сыбайлас көрші ел болады да, ірі жұмыс, ұсақ жұмыс болса да, күн сайын бетпе-бет ұдайы кездесіп отырған. Сондықтан араларында шиеленісіп алған араздық, жаулық кейде ірі тартысқа айналып кетіп отырса, кейде ұзақ соқтығысып, ұзақ аңдысуға да түсіп отырады. Ірі жаулықтың арты көбінесе Жігітек жеңілумен біткен кездерде, кейде екі жағы уақытша тоқтасып, татуласып та байқайды. Бірақ бұл бітім ұзақ бітім болмайды. Аздан соң болымсыз ұсақ себеппен ескі жара қайта білтеленеді, қайтадан шиеленісіп, ұстасып түрекеледі. Сонымен тынымсыз ұзақ жаулыққа кең өріс ұдайы табылып отырады. Әрине, осындай алыстарда Жігітек үнемі аз болып, үнемі жалғыз болып отырмайды. Жоғарыда айтылған Құнанбай мінездері сияқты себептер бар, одан соң кейбіреулердің тура бас күндестік сияқты себептері бар — сондайдың бәрі Жігітекке бір ру болмаса, екінші рудың ішінен көмектес болатын достарды тауып беріп отырған. Талас, тартыс жалғыз ғана Олжай ішінде болмай, көбінесе бар Тобықтының шеңберінен шығып, ауданын молайтып, екі жағына да жау мен досты бірдей көбейтіп отыратын болған. Сонымен кейде Құнанбай, Абайдың қарсысына Жігітектен гөрі тобы көбірек, Жігітектен басы артық, малы артық рулар да жаулық ұстап шыға беретін болған. Осының бәрі, жоғарыда айтылғандай, әке жолын қуып, әке мақсатын арман қылып алу ниетіне бет алып шыққан жас Абайдың алдында тұрған көп бөгет, көп тосқауылдар болады. Сол бөгеттердің бірін жойып алып, тыныш боламын десе, екіншісі дайын тұрады. Оған келіп кірісіп. қолға аламын дегенде, ру тіршілігінің бір қалыпта тұрмайтын ойнамалы құбылғыш шырайы екінші салаға түсіп, тағы да өріс алып, ендеп кетеді. Ол тағы да ұзақ алыс, ұзақ арбасуды керек қылады. Бір жерде Абай жеңсе, екінші бір жерде жау жағы өзін де сүрінтеді. Оның арты кек пенен кіжінуге әкеп соғады. Осындай алыстың үстінде Абай құрал таңдамайтын болып алады. Не нәрсе керегіне жарайтын болса, қандай себептермен жауын жығуға болатын болса, соның көбін іске салады. Жас күнде әкесімен жауласқан Жігітектің 17 кісісі Сібір айдалғанын көреді. Соның арты Жігітекті әлсіретіп, көпке шейін жасытып жібереді. Бұрынғыдай тең түсемін деген ойды ойланбайтын болды. Бұлай болса, жауласқан елге істейтін емнің бірі осы сияқты қаттылық, аямайтындық, шошытып жіберетіндей ірі кек болу керек. Сондықтан, Абай aшy мен қаттылыққа шырақ жағады. Бойына қуат кіріп, елді меңгеріп ала бастаған сайын қырына алған елге бөрідей тиеді. Бұл істері ел ортасында қыр құралымен бір іске асса, ойда орыс ұлығы арқылы тағы да сол бетпен өркендей беруіне керек. Сондықтан жоғарыда айтылған талас-тартыс, жаулықтың астар жағы, екінші бір саласы уйез, жандаралдың кеңсесіне қарай ағылған көп арыз, көп шағым пішінінде болады. Әрине, бұл соңғы іс жалғыз Абайдың құралы емес, Абай қарсысындағы жаулардың да құралы, қайта ел ортасында тең түсу қиын болғандықтан, Абайдан гөрі де олар көбірек шағымшыл болу керек. Қалайда болса ел ішінде Абай екпіндеп жүре бастаған соң-ақ, аз уақыттың ішінде талас-тартыстың кіндігі қалаға қарай ауысады. Сонымен, 24 жасқа келгенде Абайдың үстінен берілген арыз, шағым Семейдің кеңселеріне жаңбырдай жауып, етек алып кеткен соң, орыс ұлығы 1869-70 жылдың қысында Абайды қалаға шақыртады. Осы жолда Абай 12 үлкен іспен тергеліп, Семей қаласынан 3–4 айға шейін шыға алмай жатады. Бірақ жұмыс саны көп болып, тергеуден тергеу болса да, Абай бірде-біріне жығылмай, ағарып аман шығады. Біздің қолымызда Абайдың осы жолы тергелген істері қандай-қандай істер еді, ол туралы мағлұмат жоқ. Бірақ кейін Абайдың өмірбаянын толықтырып, түгел тексеремін деген кісі осы жұмыстарды түгел қарастырып танысуы өте қажет болады. Бүгінгі сөздің ішіне бұл жайын алмасақ, қазіргі өзіміз істеп отырған істің бір үлкен шала қалған жері деп есептейміз. Кіргізе алмау ол мағлұматты керексіз дегендіктен емес, бірінші уақыт тығыздықты, екінші, ол жұмыстардың бізден алыс жерде жатқандығы (бұл жайды реттеуші азамат болса, жоғарыда көрсетілген жылдардағы Семей уйезі мен Семей жандаралының, Семей судьяларының архивтерін қарауы керек), әйтседе бұл жолғы сөзге кірмесе де, жақын заманда сол мағлұмат және басқа сол сияқты Абай жайынан кеңселерде сақталған барлық үлкенді, кішілі сөздерді түгел жиып алып жариялау, өзіміздің міндетіміздің бірі деп білеміз. Сонымен, Абай 70-жылдарға шейін, бір жағы, әкесінің ығында болса, екінші жағынан, сол әкесінің басындағы міндеттерді, барлық жаулары мен барлық талас-тартыстарын түгелімен өз басына аударып, өз міндетіне ала бастайды. Ел билейтін кісілік пен сол кісілік жолындағы партия майданы, бас балуанға Абайдың өзін жырып шығарады. Ендігі күрестің саясаты мен барлық жауапты істер Абайдың жеке өз басына аударылып, өз қолына келеді. Бұл жолда алғашқы жекеленіп шығу жаңағы 12 тергеуде басталуға керек. Сол тергеулердің тұсында Абай ұлық атаулының талайын көріп, барлығымен де әлденеше халде кездескен болады. Ұлық алдында жұмысты болу бір ғана ұлықтың өзі емес, сол кездің көп-көп адвокат, тілмаш сияқтыларымен де кездестіру керек. Соның барлығымен араласу көп нәрсеге көзін қандырып, Абайға заң-закон дегендерді білдіру керек. Әрине, осымен қатар орыс тілін білу, орыс ұлығының әлді, әлсіз жағын ұғыну Абайға жаңа міндет сияқтанады. Қыр тартысын ұлық пен закон шеңберіне қай жағынан әкеп сыйғызуға болады? Ұлықпен қалай арбасуға болады, осының бәрі ел кісісі болатын Абайдың түгел ұғынып, толық білуіне қажет нәрселер сияқты көрінеді. Сондықтан, алғашқы рет орыстың тілін іздеп, оқу-біліміне қарай коңіл болу осы кезден басталатын сияқты, бұл уақытқа шейін Абайдың барлық оқуы үш-ақ айлық сабақпен біткен. Әрине, ол білім кейінгі күндегі Абайға азық болады деп айтуға болмайды. Ол кейінгі ісіне татымды негізде болуға жарамауына керек. Орысша жағына іздену жаңағы істің тұсында, сол 24-25 жасынан басталу керек... Бірақ бұл уақыттағы қарастыруы да үнемі салынып іздеген іс емес... Елге шыққанда Абай ынта-пейілмен кісілік соңында. Ол жолдағы міндеті мойын бұрғызбайтын, таусылмайтын ұзақ жұмыс, ұзақ міндет, сондықтан бұл кездерде сарылып кітап соңында отырады деуге болмайды. 69-70-жылдардың қысы элгідей өтсе де, Абай ел жұмысынан торықпаған. Құр тергеуге іліндіргені болмаса жаулары жеңе алмаған. Бұрын бауырлап меншіктеп жүрген елі әлі де болса қолында қалған. Сонымен 70-жылдардың артынан Абай бұрынғысынан да екпіндеп кіріскенге ұқсайды. Күннен күн өткен сайын тәжірибе көріп ысылып, әдіс-айланы молайтып алған соң, ойға да, қырға да атағанын сыйғызып, қалағанын жүргізетін үлкен салмақ иесі болуға айналады. Тартысқан ел қаншалық күшін салса да, жеңіп шығып ала алмайды. Көбінесе өз ісіне өзі сүрініп, өз сөзіне өзі оралып, Абайдан да ел көп жығылатын болады. Бұл уақыттарда Абай ел саясатын жалгыз өкесінің ғана нұсқауымен жүргізбей, өз жанынан өзі сүйген дағдысын да қолдана бастаған сияқты. Жоғарыда Құнанбайдың баласына айтқан сөздері Абайдың осындай өз бетін аша бастап, өз ырқынша жүргізгіш болғандығынан тууға керек. Сонда "орысшыл" деу басына іс түскенде орыстық ұлығыншыл болғанын білдіреді. Ұлықшылдық орыс төрелеріне жақын болуға істеген талабынан бір көрінсе, елді ұлық арқылы жаңалап, ұлық күшімен басып алуға салынғандығынан тағы да көрінуге керек. Әкесі тапқан мін көбінесе осы жағынан болу керек. Орыс күшін Құнанбайдың өзі қолданса да, заманы Абайдікінен гөрі қазақырақ заман болғандықтан, қыр жолымен, өз күшімен қол қимылын істегіштік ол кісіде көбірек болған. Мысал үшін Қодарды өлтіруін еске алсақ та болады. Сонымен, Құнанбай айтқан кінәні, Абайдың орыс оқуына құмарлығынан шығар деп болжам жасауға керек емес. Ол кездегі Абай қыр жуанының бел баласы. Заманның құлы, сондықтан алдында көп мақсат жоқ, бар талпынғаны бір ғана тілек. Осы жолда 70-жылдардан соң Абай өз бетін жүргізе бастады дедік. Соның бір белгісі жоғарғы айтқан болса, екіншісі өз ішінен өз басына арнап, өз бетімен дос жиюында болды. Бұрын ылғи әкесі дос санаған кісімен іс қылып келген Абай, енді өз замандастарынан өз сынынша дос іріктейді. Сол ретпен тапқан кісілері: Оразбай, Жиренше, Ербол деген сияқты кісілер болады. Абайдың өз басы бұларға шын сенеді екен, бірақ Құнанбай: "Адал дос болмайды, алдамшылар",— деп жек көреді екен. Кей уақытга осыларға Абайдың қатты сенгендігінен мазаланып: "Құдайдың жан қылып жаратқаны рас болса, осылардан татып отырғанынды бір көремін-ау", — дейді екен. Бірақ Абай әкесінің сөзіне қарап, достарын тастамаған, сонымен өз талабы мен осы достарының көмек талабының арқасында көп елмен ұзақ жағаласып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп келіп, 28 жасқа толғанында қарсысындағы елдерді ең алғашқы рет емін-еркін басып, жеңіп алады. Жеңгеннің белгісі: Оразбай Аққұлы баласының аулында болған өз сайлауына жанына туған-туысқандарынан ешкімді ертпей, өзі тапқан достарын ғана алып барып, партияласқан елді қаптал бүктеп, үйдегі Ысқақ деген інісін болыстыққа сайлатып қояды. Ысқақтың алғашқы болыс болғаны 1873 жыл, осымен алғашқы рет сайланған соң Абай Ысқақты ұдайымен үш сайлау — 9 жыл болыс қылады. Осыдан кейін оқта-текте болмаса, Құнанбай баласы, Құнанбай немерелері болыстықтың үнемі иесі болады да, өзге ел адамдарының бірде-біріне тимей қояды. 73-жылдан кейін Құнанбай балаларының дәуірі жүреді. Тобықты ортасынан қажы (Құнанбай) баласының билігі орнайды. Жә, енді осы айтылып өткен жасқа шейін, одан соң бұдан кейінгі біраз жылдарға шейін Абайдың ақындық қызметі болды ма, болса қандай себептерден туып, қай түрлі болды, қаншалық елең жазылды сол жайынан біраз сөз айтайық. Бұл тұсқа келгенде ең алдымен қысқаша айтылатын сөз: Абай осы жастарға шейін өзінің ақын екенін білсін, білмесін, бірақ өз басына ақындық іс екен, жол екен, уақыт бөліп, еңбек қылатын кең өріс екен деп білмеген. Тегінде, Абайдың жас шағында айтқан өлеңдері өте көп болмау керек. Болғаны болса, Абай қағазға жазбай, орайы келген жерлерде қалжың сөз ретінде ауызша айта салып, артынан езі де ескермей ұмытылып қала берген сияқты. Жасындағы өлеңдерін ақынның өзі ескермеген соң кезінде басқа кісілер де ескеріп есінде сақтамаған. Берірек келгенде Абайдың жас күніндегі өлеңдерінен бірен-сараны есінде қалған үлкен кісілер болса, олардың аузынан ешкім ескеріп жазын алмаған, біздің уақытымызда ол кісілер жоқ болды. Сонымен ақынның жас шағынан біздің қолымызға түскен белгілері тіпті болымсыз, азғана. Сөйтсе де, қолға түскен бірен-саранның айтылған себептерін қарасақ, көпшілігі біреуді қалжың қылған, мысқыл, мазақ, күлкі аралас өлеңдер. Бұларының бәрінің де өлең қылған кісінің көзіне қалжыңдап күліп айтқан сөз сияқты. Абайдың ерте баста айта бастаған өлеңі осы сияқтылар. Тегінде ұмытылып, біздің заманымызға жете алмай қалған өлеңдері болса, көбі осы түрлі сөздерінен болу керек. Екінші түрлі өлеңдері қыз-келіншекке жастық дағдысымен жазған хат өлендер. Мәселен, 13—14 жасында "Жүзі рәушән, көзі гәуһар" деген өлеңді айтқан. 19—20 жас шамасында "Әліпби" өлеңін айтқан, одан соң жігіт күнінде Сүгір деген кісінің қызына құмар болып, "Ақ етің аппақ екен, атқан тандай" деген бір өлеңі болса керек. Бірақ біз ол өлеңін білетін кісіні таба алмадық, құр атынан басқа ешнәрсе айта алмадық. Толық жігіттік шағына жетіп, үлкендікке мойын қоя бастаған кезінен "Сап-сап, көңілім, сап, көңілім" деген бір өлеңі табылды. Біздің мөлшерімізге қарағанда, бұл өлең 25—26 жастарында жазылған сөз болу керек. Міне, осы сияқты оқта-текте бір кездесетін шашау-шашау тұрған белгілеріне қарасақ, Абайдың жас күнінде ақындыққа салынбай, өлең шығаруды мақсат көрмей, бұл өнерге үстірт қарап өскендігі байқалады. Анда-санда айтылып қалған өлең болса барлығы да бойға біткен ақындық қуатының өзінен-өзі әлде қалай шығып қалғаны сияқты. Жастығының көп өлеңі болса, бәрі де әңгіме арасында қалжындап отырып айта салған сөздер. Абайдың ерте күндегі ақындық қуаты осы сияқты жолмен өзіне шығыс тапқан сияқты. Одан соң күлкі мен қалжың қылып айтатын өлеңнің басын кішкене бала күнінен бастаған сияқты. 12 жасында бір жолаушы қатынға айтты деген бір-бір ауыз өлең бұған дәлел. Сол уақытта-ақ біреуді мінегіш, күлгіш кішкене Абай Тонтайдың кішкене жиенімін деп, өз жайынан мәлім етіп тұрған сияқты. Кейін айтатын қалжың өленінің барлығы да осы бетпен өседі. Осымен әр жылда, әр жерде кейде ұзақтау болса, кейде біраз ауыз ғана қалжың өлеңдер айта жүріп, Абай Ысқақ болыс болған жылдарға келеді. Бұл уақытта елінің бір деген басшы кісісі атанып, айтқаны кімге болса да бұлды, әмірі Тобықты ішіне екі болмайтын дәрежеге жетеді. Болыс болып күндегі істі інісі басқарғанда, өзі елдің сыртқы шеңберін ұстап, үлкен таразысын бағатын кісі болады. Ысқақ Абай айтқанды бұлжытпай істейтін орындаушысы болғандықтан, өзге ел, сырт болсын, түгелімен жуандық, кісілік, билік — барлығының тұтқасы Абай деп біледі. Абай басына үйріледі. Сондықтан өзі болыс болмаса да, болысқа да келетін істің барлығын, ел ортасының дау-шарын, билігін, съезін түгелімен өзі атқарып, өзі басқарады. Осымен қатар ұлық жағының тауқыметін өзі алады, бұрынғыша жақын жүріп, таныс болған уйез, судья, адвокат сияқтылармен әлі қатынасын үзбей араласып, көрісіп жақын болып жүреді. Солардың үйлерінде қонақта болу, мәжілістерін көру, айтысқан сөздерін есіту сияқты нәрселер Абайдың бұрынғы уақытта шала біліп қана, жұта алмай қалған білім кемістігін, қайтадан өзіне сездіреді. Бұрын өзін елге салыстырып, білімдімін, толықпын деп жүрсе, орыстың оқыған адамдарына кездескен соң, түбірлі білімі жоқ, надан екенін сезген. Сонан соң ойына алғашқы рет надандықтың өкініші келіп, бар күшімен талпынып білім іздейді. Жасы 30-дан асқан соң, бұрынғы азды-көпті білгенін есіне түсіріп, орыстың тілін жаттайды. Қалада жатып, азын-аулақ тіл білген соң, кітап оқуға кіріседі. Содан біраз жыл өткенде Абайдың күндегі өмірінде үлкен орынды ел сөзімен қатар кітап алады. Кітапты тәртіппен, ретпен оқымаса да, пәлен жақсы, түген жақсы дегендердің сөздеріне бірі артынан бірін жіберіп, үсті-үстіне үйіп қадалып оқи береді. Бір жағы ел сөзі, ел жұмысымен жатса, екіншісі, әдейі қала кітапханасының кітаптары үшін де Семейде қысқы айларда ұзақ уақыт жатып алатын болып, өз-өзінен ізденіп, қармана бастайды. Осымен 35—36 жастардың шамасында кітап қарастырудың жолында жүріп, Абай 1880 жылдарда Петрбордан айдалып келген орыстың төңкерісшіл, халықшыл Михаэлис деген кісімен таныс болады. Михаэлис ол кезде жас, Петрбор университетінің студенті болып жүрген күнінде айдалған екен. Бұл сол замандағы орыстың төңкерісшілдік пікірінде жүрген адамдардың басшысы, атақты Чернышевскийдің жақын танысының бірі болса керек. Сол Михаэлис Семейдің кітапханасынан өзіне керек бір кітапты іздеп келіп тұрғанда, сол кітапханада Толстойдың кітабын сұрап Абай да тұр екен. Михаэлиске қыр қазағының толстойшылдығы таңсық көрінеді. Сондықтан ол Абайға келіп, "Толстой неге керек?" деп сұрағанда, Абай өзінің кітап қарастырып жүрген жайын айтады. Содан екеуі кітапханадан бірге шығып, әңгімелесіп кетеді де, артынан жақын таныс, сыйлас, тату адамдардың халына жетеді. Михаэлис осы барғаннан Семей облысынан қайта алмай, 40 жыл тұрып, сол жақта өлген. Әуелгі кезде Семейдің өзінде тұрып артынан ылғи Өскемен қаласын мекен еткен. Міне осы замандардың барлығында, алғашқы рет таныс болып алған соң Абаймен ұдайы кездесіп, не хатпен хабарласып тұрған. Бертін келген уақытта Абайдың ауылына қонаққа да барған болса керек. Аздан соң Михаэлис арқылы Абай 80-жылдарда айдалған басқа халықшылармен де танысқан. Солардың ішінде халықшыл адвокат Гросс, жас доктор Долгополов сияқтылар болған. Гросс айдалып келген соң, қазақтың ескі жорасы бойынша айтылатын билік кесім сияқты ескі әдет заңдарын жиып, қарастыруға салынған, сонымен бұ да Абаймен араласып, қырға шығып, 3—4 айдай Абайдың ауылында жатып қайтқан. Кейінірек уақытта Абайдың ауылына Долгополов та келіп, қонақ болып жатып жүреді. Бұл кісілердің барлығының ішінде ең алдымен таныс болып, Абайға алдымен пайдалы әсер еткен кісі — Михаэлис. Михаэлистің істеген еңбегі көп болғандықтан, Абай кейінгі уақыттарда "дүниеге көзімді ашқан кісі — Михаэлис" деп, алғашқы басшылық істеп, бет нұсқағандығы үшін өмір бойы алғыс айтып кеткен. Михаэлистің өзінің тексерген жолы табиғат ғылымы болса да (жердің жаратылысын оқыған), үлкен қаланың университетіне әр тарау жолдардан мағлұматтары болған мәдениетті адам, Абайға қандай кітапты оқу туралы шынымен үлкен ұстаз есебінде көңілдегідей жақсы бет бағыт берген. Бұрын қолына түскеннің бәрін талғаусыз, ретсіз оқып жүрген Абай ендігі оқуын Михаэлистің ұсынысы бойынша үлкен тәртіпті ретке қойып, суретті әдебиет, сын, фэлсафа, тарих, табиғат ғылымдары, ақыры әлеуметшілдік жайындағы кітаптарға шейін тарау-тарауымен белгі, жоспармен оқитын болған. Осы ретпен орыстың белгілі ақын-жазушыларынан: Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков-Щедрин, Достоевский сыншыларынан: Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Писарев; Еуропа ақындарынан Гете сияқты фәлсафашыл, табиғатшыл білгіштерінен: Спенсер, Луис, Дарвин; тарихшыларынан Дрепер сияқты талайларды оқыған. Әрине бұл аталған жазушылардың бәрін бірдей Абай бірер-ақ жылдың ішінде оқыды деуге болмайды. Соңғылардың көбін бері келіп, ұлғайып, кәрілікке айналған кезінде ғана қолына түсіруі мүмкін. Алғашқы кезде оқығандарының көбі орыстың суретті әдебиеті мен сыны болу керек. Көп заманға шейін қалада жатып оқумен келіп, кейінірек көп кітаптарды қырға да алып шығып, елден де қарастыратын болады. Әдебиет тұсында жалғыз орыс жазушыларымен тоқтамай, Еуропаның көпке жайылған романшылдарын да оқыған сияқты. Әрі-беріден соң әңгімесі қызық кітаптарды жалғыз өзі оқумен қанағат қылмай, маңындағыларға әңгімелерін ертегі сияқты қылып, айтып отыруды әдет қыла бастайды. Сол 35 жастың шамасында өзі кітап қарастыра бастағанымен қатар, екінші баласы Әбдірахманды Семей қаласында уйездік школға берді. Бұл баласы кейін өндіріп ұзақ оқып кетеді. Артынан біраз жылдан соң үшінші баласы Мағауяны да, әйел баласы Күлбәданды да әкеп орыс школына береді. Семей қаласының уйез-жанарал, судьяларындай құр төрелікпен болған ұлықтарынан сонағұрлым жоғары тұрған Михаэлис, Гросс сияқты зор білімдері бар, ірі мағлұматты кісілерге таныс болып, аңда-санда солардың мәжілістерінде болып, солар атаған кітаптарды көп оқып, зерттей де бастаған соң, Абайдың алдына жаңа жарық дүниенің шеті ашылғандай болады. Сонымен 1884 жылы, 1885 жылдарда, өз жасы қырыққа таман келіп ілінгенде, Абай дүниеден көп мағлұматы бар, әp нәрсеге білім алған кісідей арнаулы көзқарасы, сыны бар, әншейін ел кісілерінен сонағұрлым білімді, қырағы, озғын кісі болып, жекеленіп шыға бастайды. Бұдан кейінгі Абай елге де құр Құнанбайдың баласы, құр тартысқа мықты, құр ғана айлашыл, ашушыл жуан болмай, ең алдымен өзге жауларының бәрінен білімді, ақылы, сөзі мен өнері артық кісі болып таныла бастайды. Көптің ұғынып жүрген құр ел жақсысы емес, Абай ең алдымен білгіш, кемел, шешен, жүйрік болып санала бастайды. Енді өз елімен кейде келісіп, кейде келіспей жүрсе де, сырт елдердің барлық басты деген кісілері Абайдың атағын көп естіп, әңгіме, мәжілісіне құмар да болатын болады. Сонымен көбінің өз тілектері бойынша Абай кейбірімен айқыш-ұйқыш құда болып, кейбірімен сырлас, тамыр, дос болып, жалғыз Семей уйезі емес, Қарқаралы, Өскемен, Аякөз айналасының басты кісілерімен де жақындық таба бастайды. Ел айтқанда Абайдың атағы, абұйыры, бақ дәрежесі бір Тобықты емес, сан Тобықтыдай елдерге түгел жете бастайды. Туыстас, шешендік, зеректік, ерекше ақылдылық, сыншылдықтың үстіне Еуропа сияқты жақсы сенімді құрал тауып алған соң, Абаймен қыр елдің мақтаған жақсылары, атақты шешендері болса да, тіресе сөйлесіп, пікір таластыруға жарамайтын болған. Қай-қайсысы болса да сыртқы даңқы зор болғанмен, Абайға келіп кездескенде, дүниені болжар білімі, шалымы жоқ болғандықтан, ескі-жаңа білімге бірдей жүйрік, қазақ пен орысқа бірдей жетік Абайдың қасында білгіштің қасындағы наданның халінде қалып отырған. Сонымен, Семей қаласында болсын, басқа дуандарда болсын, бірнеше уйез елдердің болыс, билері, басты кісілері бас қосқан үлкен съезд, червечнайларда Абай өзімен толық тең түсіп, толық мәжілістес болатын қазақ кісісін көре алмаған. Сонымен бір Тобықты емес, өз тұсындағы қазақтың қайсысынан болса да өзінің сонағұрлым озып кеткендігін сезген. Осыны сезуінің арты қазақ елінің барлық салт-сана, әдет-қалпына қатты сын көзімен қарауды туғызады. Бүгінгі ел жайына, ел ортасындағы өз жайынан болса да қанағат қылмайтын, заманынан озғын ойларды ойлата бастайды. Абай енді елдің тентек-тебіз, ұрлық-қарлық, алыс-жұлыс сияқты теріс мінездерінің барлығын жалпы қазақ еліне жайылған түгел мін екенін көріп, сол терістіктерді түзететін тезі болғысы келеді. Ұғарлық, ойланарлық санасы бар-ау деген кісілерге өсиет, ақыл айтып ұстаз болғысы келеді. Сонымен 40 жасқа толған Абай енді елдің ақылды, ақылшы басшысы болғысы келеді. Отыз жасқа шейінгі өмірі қыр жуанының қырша мақсат, тілектеріне арналған болса, ендігі жаңа ұғынып, жаңа құралған негіз, пікір ойынша жаңа мағыналы түрде өткізгісі келеді. Осы соңғы мақсатқа қарай ауысуына Еуропа оқығандарымен таныс болып, кітап жүзінен алған пікір тәрбиесі себеп болды. Одан соң осымен қатар солардың әсерімен өзінің ойланған ойлары себеп болды дегіміз келеді. Көп кітап оқып, бұрын сезбей, білмей жүрген көп жаңалық есіткен соң, Абайдың ішінде қатты толқын, үлкен ой-пікір өзгерістері болады. Мұның мысалына, берірек ұлғайып келген уақытта Абайдың өзі айтқан бір сөзін еске алуға болады. Өзі айтуынша: "Отыздың ішінен бастап Еуропа оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман келген уақытта, бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып өзгеріп: күншығысым - күнбатыс, күнбатысым — күншығыс болып кетті" депті. Берірек келіп оқуға салынып оқып, кітап деген нәрсе әншейін қазақтың ет пен қымызы сияқты тіршілік азығының ең үлкен шартының бірі болып алғандай Абай әрбір жақсы сөзді оқығанның артынан, соның ағымына ақыл, оймен құлай сүйсініп, шын сүйетін сияқты әдеттер тауыпты. Мәселен, будданы оқып шыққанның артынан: "Шіркін будданың сөзі қалай терең еді, жасымда кез келмеді-ау", — деген сияқты. Өмір бойы Лермонтовты сүйіп: бұл махаббатқа уланған шын ақын, "махаббатын улаған ашу" деген сияқты сөздері бар. Осымен Абай 40 жасқа келгенде өз өміріндегі бұрыннан келе жатқан жолға жаңа бағыт беріп, жаңа мақсат қойып, жаңаша түр қосқысы келді дедік. Жә, осы талап, ниеті, осы белгіленген негіз, бағыты Абайдың кейінгі өмірінде іске асты ма? Өзін өзгерту, өзімен бірге ұстаз болып, басшылық етіп артындағы елін өзгерту Абайдың қолынан келді ме? Бұл айтқанның қай-қайсысы болса да Абайдың қолынан толық келді деп айта алмаймыз. Өзгерген негіз, жаңарған ұғым, бағыт бойынша Абай енді елдің партия тартысынан айығып, аршылып шығу керек еді, Абай бұдан босай алмады.

Ерте ояндым, ойландым жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ, -
деді. Болмаса:
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме, — дейді. Ақыл айтады, сынайды, сөгеді. Көппен бірге өз мінін де, өзін де жазалайды. Бірақ ешбірі де ем болмайды. Осыдан соң сыртқы өмір ырқына көнбей, бұрынғы жасынан қалыптанып қалған теріс бет, ескі дағдымен әлі де болса, өзінің билігіне еріксіз көндіріп, еріксіз жиренішті жолға қайта салындырып әкеткен соң, Абайда ой мен іс екіге бөлінеді. 40 жастан асқан соңғы Абай, бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі: өмірге үйлескісі келмей, заманнан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақылшы, ақын-данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі күндегі өмірдің бетімен елдің сөзін ұстап, бұрынғыша партия тартыстың, билік, әкімшіліктің жолындағы ру басшы, ел меңгеруші Абай. Абайдың өз ішінде осындай екі тарау жол шығады. Бір жүрек екіге бөлініп, жыртылып айрылады. Заманнан ақыл сезімі артып, басы озған жалғыздық трагедиясы (қайғысы) туады. Сол қайғысы сыртқа шығатын бір жол болу керек. Абайдың сыртқы өмірі жеміссіз, ажарсыз, мағынасыз болса, соған өз ішінде болып жатқан қарсылық бар. Ойына жиылған улы зар, үлкен мұң, көп арман бар. Осының бәрін сыртқы көзге көрсетіп, іштегі арман мен өкінішке аз тыныс, аз ем болатын нәрсе ақындық болады. Өлең болады.

Сонымен 84-85-жылдардан бері қарай Абайдың ақындығы басталады. Бұл сөздің ішінде біздің алдымен ескеріп отырғанымыз, Абайдың сыртқы өмірінің ағымы болғандықтан, ақындығы мен жай өмірінің ортасында әруақытта қандай байланыс болып отырды. Әрбір өлеңі қандай күй, қаншалық бағалы деген мәселелерді тексермейміз. Абайдың ақындығын тексеретін екінші мақала болғандықтан, бұдан былай әр кезде жазылған өлеңдерін құр ғана санап өтіп отырып, көбінесе қалған өмірінің ішкі, сыртқы езгерісі мен ағымын айтамыз. 84-86-жылдардан бастап Абай өлеңге кірісті дедік. Өлеңге кірісуіне іштей себеп болған нәрселердің барлығын да шама келгенше оқушыға мәлімдедік деп білеміз. Енді осы жылдарда жаңағы айтылғанмен қатар Абайдың өлеңге ауысуыма себеп болған, сыртқы өмірінде де бір үлкен іс бар. Енді соған келейік. Бұл оқиға Абайдың өз елінде болыс сайлау әңгімесінен туады. Ысқақты ұдайы үш сайлау — 9 жыл болыс қылған соң, төртінші сайлауда 81-82-жылдарда "Енді болыстықты Бәкемнің орнынан беремін" деп, жасы 20-ға әрең толған Шәкәрімді болыс сайлатады. Бәкем деп өзінің үлкен шешесі Күңкеден туған Құдайберді деген ағасын айтады. Ол кісі ертерек өліп, артында екі-үш баласы жетім қалған. Сол ағаның әруағын сыйлағандықтан, жасы жетер-жетпесте ЬІсқақты өкпелетіп, Шәкәрімді сайлайды. Шәкәрім бір сайлау болыс болып, 84-жылдың сайлауына келгенде, Абай ендігі болыстықты өзімен бірге туысқан кенже інісі Оспанға бермек болады. Оспан елге тентек, аусар атанған, болыстыққа қолайсыз кісі болады. Ол жасынан көңілі сүйген кісіге жақсы болса да, сүймегенді үйінен сүйреп тастайтын, қарсы келгенді бас салып сабап, қолымен батыл қимыл қьшатын ожар болғандықтан, ел тегіс Абайдың ниетіне қарсы болады. Оның үстіне тағы бұл кезде Құнанбай балаларының дәуірі ұзақ жүргендіктен барлық Ырғызбай деген рудың ішінде болысы да, болыс емесі де түгелімен бақ мастыққа салынып, орынсыз жуандық, орайсыз тентектік молаяды. Сонымен ел ортасындагы жалпы наразылық күшейеді. Ырғызбай деу орынсыз еркелік, орайсыз тентектік, жуандыққа кепілсіз шексіз берілген белет сияқты болады. Мысалы, Бақаш деген біреуі көп елдің ортасында орайсыз ақымақ сөздерді сөйлеп-сөйлеп келгенде, тыңдаушы: "Бақаш-ау, мынауың орайсыз ғой", — дегенде: "Менің ырғызбайлығым шығар", — деп жауап береді дейді. Осы сияқты ұшы-қиыры жоқ толып жатады. Сондай себептердің барлығы жиылып келіп, ел ішінде Абайдың айтқанына қарсылық ойлайтын кісілердің тобын көбейте бастайды. Бұл күнге шейін болысты сайлаушы уйез начальнигі емес, Абай болып, болыстықты ылғи ғана өзінің жақын көрген інілеріне беріп келгеніне ел қарсылық істей алмаса да, енді інілерінің ішіндегі ең тынышсызына бермек болганы Абайдан бірталай елді торықтыра бастайды. Ең алдымен бұрынғы дос болып жүрген Ербол, Жиренше, Оразбай, Күнту деген сияқты сенген адамдары кетеді. Осылардың ішінде өз ағайындарынан да қосылушы болса керек. Оның үстіне өзінің кейбір жақын інілері іштен Абайдың ниетіне қарсы болып, астыртын әркіммен баталасыпты деген сөз де бар. Бірақ жаңағы саналған кісілер болсын, өзге ел болсын, қай-қайсысы болса да нақ сайлау күніне шейін сырттарымен баяғыша Абайдьщ ала көңіл досы болып жүреді. Не істесе де бірде-бірін Абай айтпайтын, сездірмейтін болып, барлық дос атаулысы түгелімен анттасып, баталасып алады да істің бәрін жасырын істейді. Сонымен ел ішінде партия бары да білінбейді. Абайға мақсатына қарсы астыртын дайындалып келе жатқан бір болыс елдің жаулығы бар екені де сезілмейді. Бұл қыр ішінде ешуақытта болар-ау деп кісі күтпейтін ерекше шебер жасалған кәдуескі өзгеріс жасайтын жасырын ұйым болады. Басшылары шынымен ширығып, мықтап дайындағандықтан, іс пен сөздің барлығын бірнеше сенімді кісілеріне тапсырып, қалың елге үлкен сырды шашпай да қойған. Осынымен 1884 жылдың сайлау күні болады. Оспанды болыс қоямын деп Абай келеді. Абайдың жақын ағайындары болсын, Оспан болсын, барлығы да Абайдың айтқаны бұрынғыша екі болмай орындалады деп түгел сеніп келеді. Жалғыз-ақ дәл сайлаудың алдында елдің жыбырынан аз сезіктенген Ысқақ Абайға келіп: "Ел бұзылып жүрген сияқты, сені алдап жүрмесін", — деген соң Абай Ерболды шақыртып алып, ел жайын сұрапты. Ербол өзге достарымен жасасқан уәдесі бойынша: "Ысқақ бекер айтады", — деген, сонымен Абай сеніп отыра берген. Бірақ Ысқақтың сөзі шын болып, елдің де, Ерболдың да жалған екеніне дәл болыстыққа шар салған жерде бір-ақ көзі жеткен. Уйездің алдында елдің елу басылары болыс болатын кісіге тас салар жерде Оспанмен бірге шарға түсіретін болып ойда жоқта Күнту Шонқа баласының атын атайды. Баталасып алған елу басылардың барлығы түгелімен тастарын Күнтуға салып жіберіп, бұл күнге шейін жасырын дайындалып келген болыстық төңкерістің бетін Күнту болыс болып шыға келген жерде бір-ақ ашады. Бұл іске Абай мен Абай тілеуіндегі елдің таң қалуы былай тұрсын, осы күнге шейін "Күнту болыс болған сайлауды" ертегідей, жырдай қылып айтатын Тобықты іші:

уйездің қатыны да таң қалып, "көтек" депті деседі.

Осы оқиға бұдан бұрын елге "ақ" дегені — алғыс, "қара" дегені — қарғыс болып, "сүт үстінде қаймақ" болып келген Абайға үлкен қаза сияқты көрінеді. Қаза жалғыз ғана інісінің болыс бола алмай, Құнанбай баласынан болыстық шығып кеткендігінен емес, өйткені сайлаушы уйез Тихонов деген кісі сайлауды қайтадан бұзғызайын дегенде, Абай көнбей, "бекітіңіз" депті деген сөз бар. Бұл іс ең алдымен Абайға өзімшілдік намыс қазасы болған сияқты. Тобықтыны "таныдым, ұқтым, билеймін" деген толық сеніммен жүрген уақытта, досым деп жүрген кісінің барлығы түгелімен бір-ақ сағаттың ішінде жау екенін білдіріп, ол жаулықты сыртына шығармастан, іштеріне үлкен еппен жасырып жүріп кеп, қатты алдап кеткені Абайдың ақылы мен білімін, атағы мен айбын күштілігін аямастай жазалап мазақ қылып кеткен сияқты. Шынында Абай халінде болған кісіге бұл төңкерісті істеуші ұйым, өз мақсатына жетумен бірге, жауына тағдыр қазасындай қаза, тағдыр мазағындай мазақ табағын ұсынған сияқты еді. Бұл күнге шейін беті қайтып көрмеген Абай осы істің тұсында өмірдің де, елдің де бұған қарап бетін тыржыйта, ернін шығарып, мысқыл қылып күліп тұрған, боғауыз мінезін көрген сияқты болады. Ел ішіндегі іс осыған келін тірелген соң, кітап тәрбиесі, ой тәрбиесімен жаңа бағыт ұстанармын деп жүрген ниетінің барлығы елді бағып кетеді. Достың бәрі жау шығып, ел болса өзін тастап, жөңкіліп кеткен соң, алдаған кісіні жазалау, кеткен елді қайта баурап алу, қайтадан алысу қажет болады. Одан соң бұл уақытта Абай тоқтаймын десе де, тоқтай алмас еді. Өйткені өз кісілерін болыс қойып жеңіп алған ел, Құнанбай балаларынан баяғыдан көрген қорлық-зорлығы болса, соның есесін алу керек, жеңгендіктің жемісін теру керек. Одан соң олардың ұғынуында Абай қайта алыспай, кек алмай қоймайды. Сондықтан оны әлсіретіп, біржолата жығып алу керек. Құнанбай баласын осы сүріндірген бетінен қайта тұрғызбай, біржолата тұқырту керек. Құнанбайдың, Абайдың өздері салған жол бар — қырда түгел жыға алмасаң, ұлыққа жағып, орыс күшімен жаныштау керек. Олай болса, үстінен арыз беріп, болыс, бидің мөрін пайдаланып қылмысты кісі қылып көрсету керек. Мұның бәрі тынымсыз алыс, тоқтаусыз партия тартыс болмай қоймайды. Сонымен, Абайдың ендігі алысы, бір жағынан, бас қорғаудың алысы болуына тура келеді. Енді ерік өзіне тимей, тілесе де, тілемесе де алысу керек болады. Осымен 84-85-86-жылдар түгелімен алыспен өтеді. Бірақ 80-жылдардан кейін Абай бір кісі емес, екі кісі болып бөлінді дедік. Қайтадан еріксіз келіп алысқа кірсе де, жаңағы жылдардың ішінде Абайдың ой-сезім қайраты ішіне қарай үңіліп, бірталай өлең шығарады. 84-85-жылдар "Жасымда ғьшым бар деп ескермедім", "Қақтаған ақ күмістей кең мандайлы" деген сияқты бір-екі өлеңді туғызса, 1886 жыл Абайдың нағыз ақындыққа шынымен бой беріп, көп көңіл бөле бастағанын білдіреді. Бұл жылда 16-17 өлең шығарады. Абайдың бұл күнге шейінгі баспаларында "халық туралы" деп жүрген өлеңдерінің көбі осы жылда, елден алғашқы рет қатты торыққан көңілінен шыққан сөздері

болады. Сол өлендердің ішінде:
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда, -

деген сияқты талай-талай сөздерге Күнту болыс болатын сайлаудың алыстағы сарыны сезілгендей болады. Сонымен қатар бұл өлеңдерінің барлығы өзінің шын налыған зары да сияқты. Бірақ бұл жылдарға шейін Абай өлеңді жазса да, өз атымен жазбай, ылғи Көкбай айтқан өлең деп жүргізеді. Сондықтан зарланып жатқан Көкбайды аяп кейде:

Сорлы Көкбай жылайды,
Жылайды да жырлайды,
Жыламай қайтып түрады,
Мынау азған қу заман

Қалыбында түрмайды.
Біреу малды үрлайды,
Біреу басты қорлайды.
... болмаған соң,

Жылауына зорлайды, дейді. 82-жылдан бастап осы 85-86-жылдарда Абай Пушкин, Лермонтовтан бірен-саран өлеңдерді қазақшаға аударып та байқайды. Бірақ жоғарғы айтқан ретпен Күнту болыс болып алған соң, Абайдың үстінен арыз-шағым ұлық кеңселеріне топырлап түсе бастайды. Сонымен, 1885 жылы Қарамола деген жәрмеңкеде бірнеше дуан елдің, ол күндегі әдет бойынша, бас қосатын червечнай (төтенше) съезі болады. Осыған Абай да келеді. Бұл уақытта Тобықты ішінде Абайға жау болып шыққан кісілер өздеріне іштей ниеттес, тілектес болатын кісілерді басқа елдерден де тауып алған болады. Бұрын Абайдың өзге сырт елдегі достары көп болса, сол достарының қарсысында жүрген жауларының барлығы да енді Тобықты іші жіктеліп алғанда шұрқырасып келіп, оп-оңай Абайдың Тобықты ішіндегі жауларымен табысып кетіп, солардың қарасын көбейтіп, тобын молайтады. Червечнайға жиылған топтың ішінде осы сияқты Абайға қастық ниет ойлайтын кісілердің барлығы Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалайтын қаттылықты күтеді. Абай айдалар деп те үміт қылатындар болады. Сонымен жандарал келіп, Тобықтыдағы ел кісілерін жағалай жүріп, әрқайсысымен танысып келе жатып, Абайға келгенде: "Партияшьш, ел бүлдіргіш Құнанбаев сенбісің?" — дейді. Абай: "мен" депті. Неге партия қыласың дегенде: "Жалғыз мен партия қылмаймын, дүние түгел партия, жанды, жансыз мақұлықтың барлығы да алыс-тартыспен тіршілік етеді. Дүниедегі тіршілік күрес, партия тіршілігі, әуелі өзіңіз де партия қыласыз", — дейді.

— Сені ел неге көп жамандайды?

— Ел көп, мен жалғызбын, көп әрқашан тентек, бұзық, көппен алысқан жалғыз жаман атты болмай тұрмайды. Қай қауымды алсаңыз да, жақсысынан жаманы көп емес пе?

Бірақ көп екен деп жаманның сөзін мақұлдау керек пе? — депті. Осы создерден соң: "Абайды не қылар екен" деп анталасып, асығып күтіп тұрған елдің барлығының көзінше жандарал Абайды өзіне тіккен үйге ертіп кіріп, ұзақ әңгімелесіп отырып қалады. Аздан соң шай ішіп шыққанда елге: "Съезді жақсы өткізіңдер, ұрыда ақысы кеткендердің ақысын толық әперіңдер, съезді жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңдар", — деп өзі Абайды червечнайдың төбе биі қылып қайтып кетеді. Бұл оқиға оқушының көбіне керексіз, ұсақ мысал сияқты көрінсе де, біз Абайдың білімділігі, жүйріктігі арқасында мұнымен алысқан кісілердің әрқашан тең түсе алмай, ұлық алдына келгенде жеңіліп шығатынына мысал көрсету үшін келтірдік. Бірақ червечнай съезде осылай өтсе де, Күнту болыс болып тұрған уақытта Абаймен ұстасқан ел алысып-тартысқанда арыз, шағымнан да тыйылмаған. Сонымен 86-жылы көрсету қатты молайып кеткендіктен, көп мөрлердің себебімен Абайды жер аудартуға да жақындайды. Осы орайда Семей қаласына Ақмола, Семей облысының корпус генерал-губернаторы келеді. Елдің арызы оның алдынан да жаңбырша жауады. Корпус бұл істерді көрген соң, Абайды жер аудартуды бекітпекші болады. Бірақ сол уақытта мұның қасында корпустың кеңесін басқаратын Досовский деген кісі бар екен. Бұл бұрын Семей уйезіне начальник болып, Абаймен жақын таныс болған адам. Сол араға түсіп, Абайды корпусқа жолықтырып, бетпе-бет сөйлестіріпті. Абай мұнымен де жаңағы жандаралмен сөйлескендей, мағлұматы барлығын көрсетіп, оқымысты кісіше еркін сөйлессе керек, дол не сөйлескені мәлім емес. Бірақ әңгіменің артынан Абайға: "Сен ортаңнан басың асқан адам екенсің", — депті дейді. Осы әңгіменің артынан бұрынғы жер аударылу деген әңгіме қалады да, оның орнына қайта Күнтуды болыстықтан түсіріп, қызметті Абайдың көрсетуінше Шәкәрімге тапсыратын қылып уйезге нұсқау беріп кетеді. Бірақ Семейде болып жатқан сол сияқты өзгерісті білмей, Абай айдалатын болыпты деген дақбыртқа нанған жау жағы осы кезде Тәңірберді деген Абайдың ағасының қыстап шыққан жылқысын тиіп алған. Алумен тұрмай топты жылқыны талап әкетіп, көбін қырып алады. Бірақ осы уақытта Күнту болыстықтан түсіп қалып, "назначениемен" Шәкәрім болыс болды деген хабар келіп, елдің берекесі кетіп, қатты қазаға ұшырап қалады. Осымен Абайды бір рет алдап, жасырын іс қылып, болыстықты Құнанбай балаларынан алып кетсе де, жау жағы тым болмаса түгелімен бір сайлау болыс бола алмай, Құнанбай балаларынан қайта жеңіліп, бұрынғы болыстықты қайтадан соларға береді. Сол соңғы аударыстан соң Абайдың тірі шағында болыстық қайтып Құнанбай балаларынан шықпайды. Қаншалық уақыт тоқтаусыз алысып, тартысса да, өзге руларға болыстық арам астай болып кетеді. Сонымен жеңген шығармыз деген уақыттарда толық жеңе алмай, қайтадан Абайдьың айтқаны болып, атаған кісісі сайланған соң, сол 86-жылы болыстықтан түскен соң Күнту өз соңына ерген елін алып, Абаймен болыстас болғысы келмей, көрші болыс Мұқырға шығып кетеді де, Оразбай артына ерген Күшікті алып, Шыңғыс болысының екінші жағындағы Бұғьшы болысына шығып кетеді. Талай дәмелі тартыста Абайдан жеңіле беріп, әзіргі күнде жолы болмайтындарына көзі жеткен соң, бұлардың алдындағы жалғыз Шыңғыс осы сияқты болып қалады. Сонымен 87-жылы келесі сайлау болғанда, қалған Шыңғысқа Абай өзінің атағаны бойынша Оспанды болыс сайлайды. Осымен 89-жылғы сайлауда тағы да Оспан болыс болады. Бұл жолы болыс болып алған соң, Шыңғыс ішінде тартыс-талас жоғалып, тыныштық орнауға айналады. Осы ретпен әзірше Тобықты іші де біраз тыныс алып, партиядан қажыған сияқтанады. 1884 жылдан соң елдің сөзіне өз еркімен бұрынғыша еңсесін салып шаппайтын болып, таласып, тартысатын жауларының шабуылы көбейген соң, еріксіз бас қорғау мақсатымен ғана кірісетін болған Абай енді шынымен тыныштықты іздейді. Сондықтан Оспанға екі жақтағы болыстарға өкпелеп шығып кеткен ағайындармен татуласуды тапсырады. Оспан, айтқандай, барлығымен татуласып, табысып, бұрынғы шығып кеткен елді қайтадан Шыңғысқа алып келіп қосады. Абай осы 89-жылда араздасқан елімен табысқан соң, ендігі ел жұмысын Оспанға тапсырып, өзі бірыңғай ілім іздеу жолына, ақындыққа берілмекші болып шығады. 80-жылдардан бүрын кітап оқуға кіріскен Абай елмен талай арбасып жүрсе де, кітабын тастамаған, сонымен бірге 86-жылдан кейін 89-жылға жеткенше тағы да ел жұмысымен, кітаппен қатар өз өлеңдерін де жазып отырған. Рас, 87, 88-жылдар көп өлең туғызған жоқ. Бірақ дәл 86-жылдай болмады демесек, бұрынғыға қарағанда бұл жылдар да құр өткен жоқ. Екі жылда жиыны он шақтыдай өлең жазылған. Сонымен 89-жылға келіп, сыртқы өмірінде әлгідей тыныштық толас болған соң, мүмкін болғанша бұрынғы мақсат, арман қылған мағыналы өмірін бастап көреді. Ең алдымен бұл жылда кітапты көп оқиды. Өз қолындағы кітаптары біткенде әдейі ат айдатып, қалаға кісі жіберіп, Семей кітапханасынан жаңа кітаптар алғызып, оқығанын қайтарып жіберіп, жаңғыртып отырады. Осы жыл Абайдың барлық ақындық қызметінін ішіндегі ең өнімді, ең жемісті жылы болады. 89-жылы 25 шамалы өлең жазылады. Бұл сөздерінің ішінде бұрынғыша елінің өзі көрген кемшілік міндерін қатал сыншы, үлкен ұстаз тілімен сынап, тексеру бар. Сонымен қатар махаббат жайындағы сөздер, табиғат суреттері, бас қайғысы да бар, одан соң Пушкиннің "Онегинін" аударма жасайды. Осы жылдан бастап Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған ел ішінің көзі ашық жастарына Абайдың ауылы үлкен білгіштіктің медресесі сияқты болады. Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы талапты жастардың бәрі шәкірт. Абай іні, бала, ағайындарына мағыналы тәрбиеші бола бастайды. Өз өмірінде көрген істерінің барлығы жиренішті, жеміссіз болып, адамшылыққа залалды істер болғандықтан, ендігі сөз ұғатын жастарды жаңа жолмен, өзі қиял қылған адамшылыққа қарай жетектеп баулығысы келеді. Бұларға өз өмірін мінеп, басынан атқарған қата жұмыстарының барлығын жасырмай, бүркемей мойнына алып айтып отырып, ендігі жастың ол жолдан аулақ болғанын тілейді. Сондықтан өлең сөздерімен бір ақыл айтса, ауызша өсиет, ұзақ мәжілістерімен тағы да баулып, ылғи ғана таза адамшылық жолын үгіттейді. Әділдік, шыншылдық, махаббатты, бауырмалды арлылық, ойшылдық, сыншылдық сияқты адамды адам қылатын жан тәрбиесінің барлық негізін қолданады. Әлдеқандай себептермен қалаға барып оқи алмай қалып, жастардың тәрбиесін қатты ескергендіктен, Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, бұлардың сезім тәрбиесін толтырмақ болып, сол 89-жылы музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкешіні ауылына алғызады. Тағы сол жылы Әсет деген ақынды да сақтайды. Осымен 91-жьшға шейінгі өмірі Абайдьщ ең мағыналы өткізген жылдары болады. 90-91-жылдарда жиырма шақты өлең жазады. Сол уақыттарда жас шәкірт болып әкесінің қолында тұрып, оқып жүрген Тұраш деген баласы мынаны айтады: "Осы жыддарда мәжілісінде ілім сөзінен басқа сөз жоқ болды, бастығымыз Шәкәрім болып, шәкірт секілденіп сөзін тыңдап, медреседегі шәкірттерше: ақиқат олай емес, бұлай деп бір-бірімізбен дауласып жатушы едік. Сол екі жылдың ішінде жоғарыда айтылған көп өлеңдермен бірге көп өлеңдеріне ән де шығарып еді. Ұстаздық қылып отырғанда біздің жүрегімізге: малқұмар, мансапқұмар адам адам емес деп етуші еді. Әрдайым сағынып көксеп, кезі келгенде қуанып қатты рақаттанатын уақытта сөзді ұғар-ау деген адамдары: іні, балалары секілді жастарға ілім сөзін сөйлеп, насихат айтып, отырған кезі болушы еді. Ондай сөзге түсіп жайылып отырғанында шаруа судай ағып бара жатса да, қаперіне алған емес. Біреу не шаруа айтып немесе ел арасындағы партияның жайын айтып, сөзін болсе, қатты кейіп я ашуланып қалушы еді. Сауданың, ақшаның есебі секілді есеп әңгімесі шықса, аза бойы қаза тұрып, жеркенген кісідей болып, мазасы кетіп: "Есептерің бар болса, аулаққа барып есептесіңдер", — деп, өзі отырған үйінен қуып жіберуші еді", — дейді. Осы айтылған сөздердің барлығы жалғыз Абайдың өз баласы емес, сол кездерде Абайдың тәрбиесінде болған көп адамдардың бірдей айтатын сөздері осы сияқты өмір, осындай білімді, саналы, терең ойлы кісінің мағыналы, үлгілі жолы, Абайдың барлық кейінгі өмірінде де бір алуан айнымай ұстанған жолы болады. Егерде ел ішінің бірқалыпта тұрмайтын тынышсыз, тынымсыз әдеттері осындай өмірден Абайды кей уақытга еріксіз тартып ала алмаса Абай 89-жылдан соңғы күндеріне шейін өз өмірін осы жолмен өткізбекші еді. Бірақ ойлаған мақсат, ниеті бұл тұста түгелімен арман қылған өрісіне жете алмады. 91-жылға шейін тыныштық болып келіп, дәл сол жылдың жазында Оспан мен Оразбай қайта араздасып, жаңадан жамандасып жауласа бастайды. Абай басында бұл екеуін татуластырмақ болып арасына жүріп көреді, бірақ екеуі де тоқтаса алмай, жауласып кеткен соң, інісі жаққа шығады. Осы жаулық тоқтамайтын болып, ұлғайып өсіп, тағы да Шыңғыстың шегінен асып Тобықтыға жетіп, Тобықтыдан басқа сырт елдерге де жаңадан жайыла бастап, 92-жылға жеткенде Оспан өледі. Бұл інісі елдің міндетінің барлығын Абайдан шығарып, өз мойнына көтеріп алған еді. Өзге туысқан ішінде Абайдың ең жақсы көрген інісі еді. Мұның өлімі Абай көрген қатты ауыр қазаның бірі болады. 92-жылғы өлеңдерінің көбінде Абай Оспанның өлімімен уланып дерттенген жүрегін көп жерде сездіреді. Бұл өлімнің өзіне арнап та көп өлең айтады. Осы інісі өлген соң барлық жаудың азабы мен елдің әлегі түгелімен келіп Абайдың жеке басына, өз міндетіне түседі. Бұрынғы тыныштық өмір бұзылады. Екі-үш жыл болса да өзінің көптен бергі тілегі бойынша мағыналы үлгі күйге келтірген тіршілігі қайтадан асты-үстіне келіп, ескі дертке карай тартады. Енді бұрынғысынан барлық ішкі қуат сезімімен барынша жек көріп, жиреніп алған Абай қайтадан сол қалыпқа еріксіз келген соң, тіршіліктің бұл сыбағасын ас орнына у тартқандай көреді. Бірақ қалайда болса кіріспесіне болмайды. Кірісу Абайлығына міндет болып қалған, сондықтан уақыттың бәрін жауласу жұмысы алып кетеді. Өсиетін көксеп, мәжілісін іздеген жастарға медресе жабылғандай болады. Тұраштың айтуынша, осыдан кейін өлеңдері де бұрынғылары сияқты тыныштықпен отырып жазылмай, ерекше тынышсыздық алыс-жұлыстың ішінде әр жерде жаза салған өлеңдер сияқты көрінеді. Шынында осы жылдардан соң Абайдың өлеңімен қатар аудармалары көп орын ала бастайды. Жыл сайын жазатын жалпы өлең саны 10–12-нің шамасында болғанда, соның бірталайы аударма болады. Өмірінің аяқ жағына жақындаған сайын, оз олеңінен аударманың саны әлдеқайда артық бола береді. Мәселен 89-жылдан соң ең көп жазған жылы 98-жыл еді. Сондағы барлық өлеңнің саны жиырманың ішінде болса, ішінен бесеу-алтауы-ақ өзінікі, қалғандары аударма, 92-жылғы жаулық тағы да ұзаққа кетеді. Осы тартыс бір ел емес, әлденеше елдің ішінде әлденеше түрлі жұмыстардың тұсында бола келіп, 98-жылға шейін созылады. Бұл екі арада Абай өмірінде болған үлкен өзгеріс - 92-жылы Оспанның үлкен үйіндегі (бұл Құнанбайдың үлкен үйі болады) Еркежан деген келінін алады. Оспан өлгенде артында қалың дәулет пен үш қатыны қалады. Бірақ ешбіреуінен бала болмаған. Содан соң Оспанның үш қатынын Тәңірберді, Абай, Ысқақ сияқты үш ағасы алып, ауылдары мен мал-мүліктерін де келіндері отырған орындарға қарай, бірі артық, бірі кем қылып бөлісіп алады. Көп сыбаға үлкен келін мен Абайға тиісті болады. Еркежаннан басқа бұрын Абайдың екі әйелі бар еді. Біреуі жоғарыда айтылған Алшынбай ауылының қызы Ділдә деген бәйбішесі. Екіншісі — тоқал алған Әйгерім деген кісі. Үшіншісі — соңғы Еркежан болады. Алғашқы әйелінен Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия деген балалары болған. Екіншісінен үш еркек баласы болады. Мұның үлкені Тұраш, одан кейінгілері Мекайыл, Ізқайыл. Абай Еркежанды алмай тұрғанда, көбінесе үлкен аулында болып, кіші әйелінің Тұраш деген баласын сол ауылда өз қасында алып жүріп, Мағауиямен бірге тәрбиелеген. Әбдірахман Семейде уездік үшкелді бітірген соң, Түменнің "реальный училищесін" барып бітіп, содан кейін Петерборға барып, Семейде уйез болған Лосовскийдің мәслихаты бойынша "Михаиловский-артиллерийский школаға" түскен. Басында Абай "Технологический институтке" түс деп жіберген екен. Сабаққа кешігіп келіп, түсе алмайтын болған соң, жаңағы Досовский айтқан мектепке түсіп кетіп, соны бітіріп шыққан. Әбдірахман Абайдың қатты сүйеніш көріп, үміт қылған баласының бірі болған. Бұл жаңағы мектепті бітірумен де қанағат қылмай, енді әскерлік артиллерия академиясына түсемін деп жүргенде, костоед (құрт ауруы) науқасты болып, 1895 жылдың қаңтарында қайтыс болған. Оспанның өлімінен соң Абайды қатты күйдірген өлімнің бірі осы болады. Бұл баласы Абайдай әке өмірінің жалғыз бір үлкен жұбанышы болған еді. Соның мұратына жете алмай ерте өлгені артында қалған әкесін қатты қайғыға салған. Ел ортасында "етек басты көріп" талпынған адамшьшық жарығына өз басы жете алмай, барлық өмірі "сандалмамен күн кешкен" өмір болғанда, Абайдың қиялымен сағынып көксеп, асығып аңсап іздеген, мағыналы тіршілігі сол баласының тіршілігі болса керек. Шынымен көп үшін өмір сүріп, өнімді еңбек істеп, мағыналы адамшьшық ұрығын шашатын жалғыз үміті сол еді. Соның ерте өлгендігі Абайдың жүрегінен тағы да қатты толқынып келген көп-көп зарды шығарады. Әбіштің (Әбдірахман) өліміне арнап айтқан өлеңдері Оспанның өліміне айтқаннан да қайғылы, зарлы, шерлі сөздер болады. Бұл өлім де осы кездегі барлық өлеңдеріне қайғы мен өкініштің қалың арманының уын жайғандай болады. Әрине, бұл уақыттарда, қазақша айтқанда, Абайға ақындық біржолата орнаған болатын. Сыртқы өмірдің у қосып тартып жатқан сыбағасы бар, өз ішінде қалыптанып толған сыншы ақылдың елден ұзатып әкететін жалғыздығы бар, оның үстіне жанына сүйеніш санап, тіршілігін жұбаныш қылған сүйікті жандарының өлімі бар. Осының бәрі жиылған соң, елмен алысып жүрсе де, Абай өлеңді өз жүрегінің тынысы сияқты қылып алған. Сондықтан Лермонтов сияқты ақындардың өлеңдерін қазақшаға аударса, сол сөздердің құр ғана сыртқы келісімін сүйгендіктен аудармайды. Барлығын да өз жүрегіне түсінікті, өз халына жанасатын, өз қиялына дәл келетін ерекше бір жақындығы болғандықтан аударады. Өзі шығаратын өлеңдермен қатар Лермонтовтың аудармасы ақынның өз жүрегін, толқып шыққан қайғылы шердің де айнасы, толасы, тынысы сияқты болады. Осындай болып қалыптанған ішкі өмірдің күй сарыны Абайдың соңғы күндеріне шейін біржолата нығайып, орнығып алған сарыны болады. Әредікте қыс болсын, жаз болсын, ел сөзінен қолы босап, үйіне келіп, аз да болса орнығып отыратын уақыт болса 89-90-жылдардағыдай тағы да тәрбиешілік, ұстаздық қылады. Осымен Оразбаймен ұстасқан жаулық 92-жылдан бастап 1898 жылға жетеді. Бұл кезде Абайдың ел ұстарлық Ақылбай, Мағауия сияқты балалары, Көкітай, Шәкәрім сияқты немере інілері ер жетсе де Абайдың соңына ерген ел, жалпы тартыс болсын, ел ішінің келелі кеңесі, билігі болсын, үлкен червечнай съездері мен болыстық съездері болсын, барлығынан да Абайды босатпайды. Ел сөзі Абайды барлық үлкен-кіші жұмысқа басшы қылып босатпаудың үстіне, бір-екі рет болыстыққа да шығарған. Абай өмірінде екі рет назначениемен болыс болған. Бірақ бұл екі жолында да өз еліне болыс болмай, Шыңғыстың көрші болысы Қоңыркөкшеге болған. Бұл елге алғашқы болған жылы 1880 жыл, екіншісі 1893 жыл болса керек. Қоңыркөкше кейінгі заманда Қызыладыр, Мұқыр деген екі болысқа бөлінеді. Абай тұсында бұлар тұтас болған. Бұл жерге болыс болған дәуірінен біздің қолымызда мағлұмат жоқ. Бірақ Қоңыркөкше көбінесе Абайдың дос елі болғандықтан, бұл жақта пәлендей тартыс, талас болды деген сөз естілмейді. Жалпы қызметі: бұрынғы өз еліндегі сияқты билік айту, әміршілік қылу, басшылық болғандықтан, мұнда да өзгеріс, алабөтен жаңалық болды деуге болмайды. Жоғарыда біз Абай өмірінің сыртқы өзгерістерін ұзыннан ұзақ санаған уақытта, көбінесе партиямен алыс, тартысты айттық. Бірақ соның барлығымен қатар Абайдың ел ішінің ең үлкен, ең іргелі биі болғанын да еске алу керек. Қарамолада бірнеше дуан елдің бас қосқан червечнай съезіне төбе би болғаны сияқты (екінші рет тағы сол сияқты) Жетісу мен Семей облысының бас қосқан червечнай съезінде Абай тағы да екі облыстың билерінің үстінен қарайтын төбе би болған. Мұндай жерде Абайдың білімі мен жүйріктігіне, әділ, кемел билігіне талай рет көзі жеткен ел іштей жау болып, дос болып жүрсе де Абайдың төбе басы болуына ешуақытта қарсылық көрсетпеген. Сол червечнайларда ақылдасатын елдердің қашанғы істерін, қандайлық жол-жобамен қарау керек деген сияқты жалпы заң есепті ережелері жасалады. Осы ережелер көп билердің ортасына салынып, тексеріліп, сыналып өткен соң, қаулы болып бекіледі де, содан кейін ақылы жұмысты тергейтін третей билері түгелімен осы ережені қолданады. Міне, осындай тәртіппен болатын червечнайлардың қайсысына барса да Абай көбінесе төбе би болып, солардың ереже атаулысының барлығын өзі жазып, көптің сынына салып өткеріп отырған. Мәселен, Көктұма съезінде Абай жазған ереже 92 статья еді деседі. Бұл ережелердің барлығы да қазақ елінің ескіден келе жатқан жол-жоба, әдет-заңына, ескі билік салтына сүйеніп, елдің өз ортасындағы ғұрпына дәлденіп жасалады. Патша үкіметі қазақ елінің ішкі өмірін білмей, жалпы әкімшілік билік жұмысын ешуақытта жөнге сала алмай, билеудің жөнін білмей қойған соң, жалғыз тапқан шарасы осы болатын. Ру-рудың ақылдасып, еселесіп, екі арасының тыныштануына келгенде бұл істеген съездерінің негізі дұрыс болатын, ел ішінің жайына келгенде шынымен дәл тапқан ақыл деуге болады. Сонымен осындай съездердің барлығына ереже жасаушы да, төбе би болушы да Абай дедік. Мұның жазған ережелері әрқашан съезге жиылған елдің көңілдегі арманын дәл тауып, қышуын қандырғандай болып, съездің мақсат, міндетіне үнемі жанасып, аумай дәл түсетін болған, жазып әкеліп ұсынған ережелері көбінесе қапысыз болғандықтан, қосымшасыз, түзетусіз түгел өтіп отырған. Осы тұстарда айтылған ерекшелігінен басқа, Абайдың би болуын көп-көп елдің тілейтініне тағы бір себеп, Абайдың билігі өлгенше әділ болғандығы. Қандай үлкен кісі болса да, таза тексеріп, ақтықты сүйеп, әділ сын жасап, түзу кесік айтуға келгенде Абай өз тұсындағы қазақтың қайсысынан болса да шын мағынасында сонағұрлым ірі, сонағұрлым ілгері болған. Осы күнге шейін Абаймен өмір бойы жауласып, ұстасып өткен кісілері болса да, дәл өз алдына келген тергеуде Абай өз жағына бұрып айтты, әділетсіз билік жасады деген сездерді айтпайды деседі. Абайдың басынан кешірген барлық ұзақ өмірін артынан отырып болжаған кісі бірде кінәлайтын мін тауып, бірде шынымен мақтап сүйінетін, соның ішінде Абайдың үлкен ерекшелігі деп осы әділ би болғандығын еске алу керек. Басшылық, ұстаздық, сыншылық, ел түзеуіш тез болу жайында, өлең мен үгіт өсиеттерінде ұдайы айтатын тазалықты Абай осы тұста шынымен орындаған сияқты. Мұның белгісіне Абайдың сырт елдердің талай-талай үлкен дауларына билік айтуынан басқа, дәл өз елінің ортасындағы биліктерін де мысал қылуға болады. Тобықты ішінде жер дауы, жесір дауы, қүн дауы сияқты үлкен сөздер болғанда, Абайға келіп билік айтқызуға әрқашан жау жағы ынтық болады екен. Өзгені қойып, Құнанбай заманынан бері қарай ұдайы жаулықпен күн кешірген Жігітек те үлкен даудың тұсында дауласқан кісі Абайдың тілеуіндегі адам болмаса да, алдымен Абайға баруға өзі ұмтылады екен. Сондай істерге билік айтқанда Абай әрқашан өзіне жақын кісілерге кесіктің ауыр салмағын көбірек салып, өзі түсінген әділдік шарты толық болсын деп, жау жағына кеңірек қарауға тырысады екен. Мінеки, осындаймен 98-жылдарға келгенше Абай ел сөзі мен ел жұмысынан шыға алмай қойғанда, көбінесе ел ішіне әділ билікпен тыныштық орнатып, тым болмаса дау-шарды тоқтатармын деген үмітте болған сияқты. Әйтеуір ел бейнеті босатпайтын болған соң, тым болмаса осымен бірдеме істеп болмас па екен дегендей, мұндай жолға Абайдың түскені осы соңғы айтылған жылдарда ғана емес, бұдан көп бұрын 80-жылдардан басталу керек. Бірақ берірек келген сайын, ел сөзінен шынымен қашып жүрсе де, еріксіздік кірістірген уақытта көп еңбегін осы жаққа салады:

Болды да партия —
Ел іші жарылды.
Әуремін, мен тия,
Дауың мен шарынды,-

дейді.

Бірақ 98-жылға шейінгі іс жалғыз бұл емес, Оразбайдың партиясы бір Шыңғыс, бір Тобықтымен тоқтамай, үлкен ауданға, кең майданға шығып кеткен. Абай не қылса да бұл тартыс тыйылмайды, үндемей отырайын десе, тыныштықпен отырғызбайды. Еріксіз келіп түрткі салып, соқтығып, еркі алдына қоймай майданға алып шығады. Оразбай өз болыстарымен қанағат қылмай, көрші болыстардың барлығының сайлауына барып, Абайға қарсы болатын елдің басын құрап, сайлау басында партия, тартыс шығарады. Сонымен жауы баратын болған соң, ықтиярсыз Абай жағы да барады. Балаларын, інілерін жібергеніне бөтен елдегі достары қанағат қылмай, өзін керек қылады. Осындайдың әлегімен жүріп 98-жылдың сайлауына келгенде, Абайдың үнемі арманы болып, жеміссіз еңбек істеп, мағынасыз өткізген өмірінің ең мағынасыз қорытындысы сияқты болып бір үлкен оқиға туады. Бұл оқиға Мүқыр болысының сайлауында болған. Мұқырға сайлаушы уйез келер кезде, берісі Тобықты, әрісі барлық Семей уйезінің шеңберінде түгел партия болып, барлық болыстар қақ жарылып, жартысы Оразбай, жартысы Абай ниетінде жүреді. Оразбайдың бұл кезде байлығы асып, дәуірі Тобықты ішінде Абаймен қатар жүре бастаған уақыт болады. Сонымен Мұқырдың сайлауы жақындаған соң, сол болыстағы Абайдың тілеулестері: "Сайлауға өзің жүрмесең болмайды. Оразбай келіп сүйген адамын болыстыққа сайлатып алып, басымызға бәле жаудырады", — деп, Абайды еркіне қоймай, алып барады. Абай барған соң елдігі мен достығы қас пен көздің арасында тұратын халық Абайдың төбесін көріп, мұның достары жаққа қарай ауыса бастайды. Содан соң Оразбай өз достарымен ақылдасып: "Абайдың өзіне қол тигізіп, таңба салмасақ, ел ескі әдетімен жылжи береді", — деп, бірнеше адамды жанжал шығаруға сайлап шығарады. Бұлар уйезбен әңгімелесіп отырған Абайға келіп, айтқандай жанжал шығарып, жаудың ниетінен қаперсіз отырған Абайға жабылып кетеді. Сонда өзіне тілеулес кісіден маңында отырған жалғыз ғана сопының Уайысы деген кісі аналар қамшы сілтей бергенде Абайдың үстіне жығылып, таяқтан Абайды қорғап, қамшының астына өзі құлайды. Абайдың бетіне таңба түспейді. Бірақ жаулары: "Абайды ұрды", — деген атақ алады да, барлық елге Абай сабалды деген дақбырт жайылады. Осы іс туралы Тұраштың айтқаны: "Мұқыр оқиғасының артынан ағайын-туған, ел-жұрт, дос-жары, бала-бауырлары жиналып: "Біз де пәлен етеміз, түлен етеміз, өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ", — дескенде, әкем айтты: "Барша жамандықтан жамандық туады, жақсылық тумайды, мен жасымда "қарғағанымды жер қыламын, алғағанымды зор қыламын", — деп ашуға да, айлаға да шырақ жағып түнегендей болғанмын. Дұшпанын жеңуге келгенде жолы болған адамның біріне қосыламын. Мен алғашқы атқа мінгенде Жігітектің дәулеті де, дәурені де өзімізбен тең ел еді. Солардың қанша жандарының айдалып, байланғанына, бірінің артынан бірі барамын деп бейнетке, қазаға ұшырауына мен себеп болған шығармын. Рас, өздерінің ұрлық, зорлығынан да болған шығар. Бірақ менің қатты зерттеп, соңына түскенімнен де болды. Сол Жігітек қаншалық елдіктен кетіп, кедей болып, торғайдай тозса да, бүгін астымда жатып аяғымды шайнауға жарады. Бұл — жаманшылықтан туған жаманшылық деп біліңдер. "Өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ", — деген сөз дұрыс емес. Мен бұ бітімсіздікті қостамаймын деп елді тоқтатты", - дейді. Бұл сөзге тыңнан сөз қосудың қажеті жоқ. Бұл уақытқа шейін ел ісін бұрынғы әдетпен еріксіз істеп жүрсе де, іштей сол істері үшін у ішкендей қиналып, азап шегіп жүрген Абай мынау оқиғаны өз басына лайықты жаза деп біледі. Жауында әділдік, ақтық қасиет бар деп ойламаса да, өз өмірі мен өз ісінің терістігіне осы сияқты соққы орынсыз емес деп ұғады. Бұл уақыттағы Абай елден азайып, қайраттан кеміп, мол дүниеден тапшылық көрген жоқты. Өзі өлгенше мұндайдың бірде-бірі болған жоқ. Сондықтан Оразбай істеген іске бұрынғыдай ой түспеген ашулы күні болса, он есе артық іспен, жазамен қарсылық көрсету 98-жылда да қолынан келуші еді. Бірақ өзі көрген өмірдің жақсылық, жаманшьшық дегенінің барлығына Оразбай сияқты әншейін қазақтан сонағұрлым бөтен көзбен қарап, білгіш кісінің сыншылдық, салқындық, сабырлылығымен ұғатын болғандықтан, Абай жаңағы оқиғаны бұл күнге шейін ел жақсысы, ру басшысы болып келген Абайдың саяси өлімі болсын деп, іштей әдейі ырза болып қабыл алған сияқты. 80-жылдардан бастап екі кісі болып бөлінген Абайдың сыртқа көрсетіп жүрген тонын осымен өртегісі келеді. Абайдың өзі сүйген ішкі дүниесіне үнемі жау болып келген сыртқы көрініс, сыртқы тіршілікті осы қазамен бірге жоқ болып, өлсе екен дейді. 98-жылы өзі айтқан өлеңдерінің көбі осы сөздерге ашық дәлел. Одан соң сол тұстағы барлық ісі мен мінезі де осы айтқан сөзді дәлелдейді. Өйткені 98-99-жылдың қысында Оразбай Меккеге жүрмек болып, Абайдан ырзалық алып, ырзаласып кетемін дегенде, қазақша жол-жоба демей бас қосып, ырзалығын беріп, қош айтысады. Одан соң 99-жылдың жазында землемер болыс-болыстың арасына меже салып, шек жүргізгенде, бұрын Мұқыр болысына Абаймен араздасып шығып кеткен және 98-жылғы жанжалдың кіндік енесі болған Жігітек жер қоныс ыңғайы бойынша Шыңғысқа қарап қалады. Бұл оқиға болғанда Жігітек Тұраштың айтуынша: "Ашулы арыстанның алдында қол-аяғын байлап тастаған адамның ойын ойлады. Бірақ әкем сол араз ағайынның бар басты адамдарын, ақ сақал, қара сақалын шақырып алып: "Қырық жыл елдік, қырық жыл жаулық болмайды деген. Енді бұрынғы араздық, кекті тастайық",— деп, шын жүрегін көрсетіп, қойнын ашып жібергенде, Жігітек те бұрынғы жаулықты соншалық ұмытты. Содан кейін әкем барда сөзі мен басын сыйлап, өлген соң аруағын сыйлап, достығын көрсеткен елінің алды осы Жігітек болды", — дейді. 98-жыл оқиғасының тұсында бұрынғыдай ашуланбай, ашуланғысы келмей, өзінің де қатты өзгеруінің тағы бір белгісі — Абай бұл жұмысты ұлықтарға шақпаған. Бұрынғы замандағыдай заң-закон арқылы кек алуды да іздемеген. Және 98-99-жылдың қысынан кейін Семейге біржолата бармайтын болған. Жаңағы жылдарда бұрынғыдан біржолата тыйылғанына өмірден біржолата суынып, қажи бастағаны да себеп болган. Алды үміт, арты өкініш өмірден енді түңілген сияқты.

Дәмі қайтпас, бүзылмас тәтті бар ма?
Бір бес күнніц орны жоқ аптығарға.
Қай қызығы татиды қу өмірдің,
Татуды араз, жақынды жат қыларға? —

депті. Осы жылдарда Абай өлімді де ойлай бастайды. Сондықтан өзі кешірген ерекше дертті, мағынасыз өмірдің барлық қайғысын, өкінішін еске алып отырып, — қазақ әдебиетінде мәңгілікке ұмытылмайтын Абайды айтсақ, Абайдың ақындығы мен өмірін есіне ала бастасақ, еріксіз келіп аузыңа түсетін, Абайдың қайғылы жүзін көрсететін атақты "Өлсем орным қара жерді" жазады. 98-жылы осы өлең жазылған соң ғана өзінің бұдан бұрын жазған барлық өлеңдерін жиналсын деген. Бізге бұл жұмыс қаншалық ғажап көрінсе де, осы 98-жылға шейін Абайдың өлеңдері жиналмаған болатын да, Абай өзі бір жазып тастаған өлеңін қайтадан жоқтап, "Пәлені-түлені бар еді" деп еске алған да емес. Әрқашан кейде кітап оқып отырғанда, кейде жай бір ойлармен қозғалып отырғанда, қолына бір парақ қағаз бен қарындашты алып, айтпақ өлеңін жазып тастайды. Соны қасында отырған балалары, інілері я жай бір адамдары болса да қалтасына салып алып, жүріп кетеді, содан бірден біреу жазып алып жаттайды, кей бірін әнге қосып, домбырамен айтып жүреді. Өлең жазу қызметі осы сияқты болғандықтан, қазірде біздің қолымызға Абайдың өз қолымен жазған сөздің бірде-бірі де жетпей отыр. Барлығы да ел жігіттерінің қалтасында, қойны-қоншында жүріп таусылып, жоғалып біткен. Осы ретіне қарағанда: "Абай жазған талай өлең ешкімге мәлімсіз болып, бір жолата жарық дүние көрмей, шығысымен жоқ болып кетпеді ме екен?" - деген де күдік келеді. Өйткені, жасынан туыстан бойына біткен әдет бойынша: Абай біреудің орасан мінезін көргенде ылғи қалжың, мысқыл өлең айтқыш болатын. Осындай сөздерінде әрқашан өз жанында жүрген жақындарын, көрші-қолаңшыларын, ағайын-туысқандарын мазақ етіп, күліп айтады. Кейде соларға қалжың қылып жазып, өз қолдарына да береді. Осы кісілердің көбі қолына өлең түсісімен, өз мінін айтқан сөздердің көзін жоғалтуға тырысқан. Онан соң кейбіреулер Абайдың өзінен жалынып, жалпайып сұрап алып та жыртып тастайтын болған. Мысалы, Көкбайға, қыздарға шығарды деген өлеңдер осындай күйге ұшыраған. Онан соң тағы бір алуан өлеңдерінде жақын туысқан, жақын достарын қатты мінеп айтқандықтан, інілері мен балалары ана кісілер өкпелер деп, жасырып, жоғалтып жібергені де бар сияқты. Осындай өлеңдердің турасында еске алатын бір нәрсе: Абай кісі мінін айтып өлең шығарғыш болғанда, осы құралды ешуақытта нағыз жауына қарсы жұмсамаған, өлеңмен мысқыл қылатыны ылғи өз жақыны, өз достары болады. Сондықтан бұлардың Абай сөзін жоқ қылып жіберуі өзгеден сонағұрлым оңай болған. Қайта өлеңдеріне қарағанда, Абайдың қара сөздері көбірек, түгелірек сақталған сияқты. 90-жылдардан бастап ұстаздық, үгітшілік жолына түскен соң, Абай өлеңді аз жазса да, қара сөзбен айтатын өсиетті көп жазатын болған. Осы кітапта оқушының алдына алғаш рет ұсынылып отырған "Қара сөз" деген өсиеттері сол 90-жыл мен 98-жылдардың арасында жазылған. 91-жылдан соң өлеңмен айтпақ болған сөздерінің талайын қара сөз үгітіне айналдырып жіберген, қай уақытта бірталай өлеңдерін сол қара сөзде айтқан пікірлерінен шығарып өлең қылып кеткені де бар. Қалай да болса, Абай өмірінің соңғы 10-15 жылы ақындық, жазушылық қызметіне келгенде, осы сияқты бір түрді тауып, соған кейде өлеңнен де көп уақыт бөледі. Абай сөзін қадірлі көріп, әрбір шыққан жаңа өлеңдеріне ынтық болып отыратын ел оқушылары қара сөздер шыға бастаған соң, мұны өлеңнен кем көрмейтін болып алған. Қайта берірек келгенде, біздің бала күнімізде, Тобықты ішіндегі ел кісілерінің барлығы да Абай сөздерін молдаларына ақша беріп жазғызып, көшіртіп алып жүргенде ең алдымен қара сөзді тілейтін, үйде отырып оқығанда да өлеңін қойып, ылғи ғана қара сөзін оқып, соған көп нашаланатын үлкендерді бала күнімде менің өзім де көп көрдім. Қара сездер кім болса соның қолында кетпей, жазылысымен маңайындағы молдалардың қолына түсіп, соларда шашылмай аман сақталып қалған ғой деймін. Өз өлендерін 98-жылға шейін жиғысы келмегені: Абайдың өлең сөзге ете үлкен сынмен қарап, үлкен шарттар қойғандығынан болған сияқты. Өлең болса Лермонтов, Пушкин сөзіндей болмаса, одан берідегі сөздерді, өз сөзі болса да, толық қанағат қылмаған көрінеді. Абайдың әдетінде бір жазған өлеңін қайта түзеп жазып, қайтадан қарастыру машығы жоқ. Жалғыз ғана "Сегіз аяқ" деген өлеңнің басын қайта бір түрлі қылып айтып еді деген сөз бар. Басқа жалпы өлеңдері туралы: "Қайта жазсам, бұдан жақсырақ, толығырақ болар еді",— ден ғана айтады екен. Өлең сөзге келгенде, азға місе қылмай қатты сынайтын Абай өз сөздеріне толық қанағат қылмаумен қатар, маңында өлең жазатын жастарға да сондай мінез істеген. Тегінде, Абайдың өсиет, үгіттері, білімді, мағыналы кеңестері Абайдың маңына өз тұсындағы талапты жастардың талайын жиғандықтан солардың ішінде жалпы адамшылық, ақиқат деген жайларды көп ойлап, көп сөйлейтін жастармен қатар, бірталайының ақын болғысы да келген. Ақын болмақ болып, талаптанып өлең шығарып көруге Абайдың іні, балалары барлығы да ұмтылған. Бұл жағына келгенде Абайдың алды: бір жағынан "әдебиет мектебі" сияқты да болады. Сол ретпен өлең шығаратын Көкбай, Шәкәрім, Абайдың өз балаларынан Ақылбай, Мағауия болады. Бұлардың бәрі де қысқа өлең, өсиет өлең айту Абайдың жол, дағдысы болғандықтан, өздеріне бөлек бет іздеген сияқты. Сондықтан төртеуі де ұзақ әңгімелі өлең жазады. Сонда Көкбай, Шәкәрім қазақ елінің ескі өмірінен — тарихи оқиғаларды жазса, Ақылбай, Мағауия Еуропа ақындарының салтымен Кавказды, Зұлысты, Африканы өлең қылып, махаббатты жырлайтын сезімді поэма (романтическая поэманың) үлгісін ұстағысы келеді. Әрине, қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді. Абай бұл жастардың өлең жазуын қабылдаған. Кейбіріне (мәселен Көкбайға) Абылай ханды, Кенесарыны өлең қыл деп, өзі тақырып та беріп отырған. Бірақ бұлардың өлеңдеріне де жалпы өлеңге қоятын қатты сынын түгел қояды. Сондықтан сөздерін, ұнамаған уақытта міндерін өлеңге қосып та жібереді. Мәселен, Көкбай, Әріп, Шәкәрім үшеуінің үш түрлі өлеңдерін еске алып:

Хат жаздым Әзірет Әлі айдаһарсыз,
Бізде жоқ алтын иек сары ала қыз,
Кәрілікті жамандап, елім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз, —

дейді. Алғашқы жолдағы "Әзірет Әлі айдаһарды" Көкбайдың қисса жазғыш болғандығынан айтты. "Алтын иек сары ала қыз" деп Сыбан Әріп деген ақын "Зияда" деген қиссасында сұлу қызды сипатгаймын деп, иегі алтын, көзі гәуһар деп мақтауын асырып, түсіне қарамай асыл тастарды санай берсе керек. Соған айтылған. Соңғы екі ауыз кәрілікті жамандап айтқан Шәкәрім өлеңіне арналған. Осы сөздер ақындардың барлығына да ауыр тиген шығар. Бірақ іштерінде, әсіресе Әріп қатты намыс қылып кектеніп, Абайдан есесін қайырмақ болып, "Біржан—Сараның айтысын" шығарған. Сонда Сара айтты қылып, Абайдағы кегін шыныменақ алғандай болады. Біржан — Сара Әріпке әншейін ойдан шығарған геройлар есепті ғана керек. Сондықтан Біржанның арғын емес, керей екенін де ескермеген. Мүмкін ол кезде Біржанның руын білмеген де шығар. Қалай да болса, осы айтылған мысалдар өлеңші боламын деген жастардың сөзіне байдың қатты сынмен қарап, үлкен шарт қоятыны анық екенін көрсетеді. Сондықтан өз балалары да өлеңді жазарын жазса да, әкесіне көрсетуге именіңкіреп жүретін болса керек. Абай сөздері көбейіп жайыла бастаған соң, Тобықты іші болсын, басқа көрші елдер болсын, барлығы да Абай өлеңдерінің ұдайы оқушысы болады. Бірақ бұларға ол сөздерді жеткізетін кітап пен жазу емес, ылғи ғана домбырашы жігіт болған. Сондықтан Абай өлеңдерінің тыңдаушысы мен жақтаушылары арнаулы аз адамдар ғана болмай, жалпақ ел болғанға ұқсайды. Өлең айтып, ән саламын деген әнші, ақын болса, қыз-келіншек, жас-кәрі болса, барлығының да топта, ойын-тойда айтатын өлең жинағының көбі Абай сөздері, Абай өлеңдері болады. Мінеки, Абайдың сыртқы өмірінің түрлері жоғарыда айтылғандай қаншалық ерекше болса, ақындық, жазушылық жолындағы қызметінің тағдыры да сол сияқты елден ерекше күйлерде болған. Ақындық жолындағы қызметімен, сол қызметінің жарыққа шығып жайылу ретіне қарағанда Абайдың бойына біткен ірі қуатының өзі де сол қуаттың барлық асыл қасиетіне лайықты күтімді көре алмаған. Барлық сөзі өзінің мұңды, шерлі жүрегінен шынымен қайнап шыққан жалғыздық зары болса да, сол сөздерді жинап, тізіп, сақтап, сыртқы тағдырын ескеруге келгенде, Абай біржолата салқын қараған сияқты. 98-жылға шейін күтпей, ескермей, қалай болса солай жібере салады да, ескерген уақытында да өзі жиып түземей, балаларына жиналсын деп ғана тапсырумен токтайды. 98-жылдан соң келесі 99-жылда Абай өлеңді едәуір көп жазады да, осы жылдан соң, алғашқы жаза бастаған 30-жылдары сияқты өлең сандары тағы азая бастайды. Көп жазылған жылы 4-5, әйтпесе екі-үш өлеңмен 1903 жылға келеді де, содан кейін біржолата өлең жазылмай қалады. 1903 жыл мен 1904 жылдың қысында Абайдың тірі қалған балаларының ішіндегі ең жақсы көрген Мағауия бұрын көптен әлсіретіп жүрген құрт ауруымен төсек тартып жатып алады. Мағауия Абайдың барлық баласының ең жақсы, ең ірісі екенін, жалғыз әкесі емес, барлық Тобықтының елі де ұғып, біле бастаған еді. Бұл ақындығының үстіне барлық елге түгел жаққан, ерекше мінезді кісі болған. Адамшылығына өле-өлгенше кір жұққызбай ете таза болып, кең мінезді, ерекше рақымды, өте сезімді, білімді, тәрбиелі адал болған. Жасынан денсаулығы нашар болғандықтан, қаладан толық тәрбие ала алмаса да, әкесінің шын жақсылап, тәрбиелеп шығарған баласы осы болады. Елде отырып Еуропа тәрбиесін алған адамдай, ақыл-мінез, адамшылығы түгелімен мәдениетті кісінің қалыбында болған. Бұл да әкесі сияқтанып қырда отырып көп оқып, өзінен-өзі қарастырумен көп білім алып қалған. Осымен қатар ел жұмысына кірісіп, әкесінің міндетін өз мойнына алғанда, бойындағы таза адамшылық, ерекше рақымды, жылы жүрекпен ел көпшілігіне әкесінен көп сүйікті болған сияқты. Сол Мағауия 1903-1904 жылы қыс бойы төсек тартып жатып ауырып келіп, жазғытұрым 35 жасында қайтыс болған. Абайдың әзі бұл өлімнен бұрын да өмірден қажып, талып, ендігі тіршілігіне ешкімге керексіз артық нәрседей қарай бастаған еді. Өз сынынша ажарсыз, мағынасыз өткен дәурені ендігі күннің үміт тілегінен біржолата у ішіп түңіліп болған еді. Өмір тойдырып болып, енді барлық мағынасынан айрылып, ақыл мен сезімін жалғыздық дертімен құлазытып, тоңдырып, тоздыруға айналып еді. Соның барлығының үстіне Мағауия өлген соң, Абай бір алуан ауруға айналады. Төсек тартып жатпаса да, отырып ауырады. Ешкіммен сөйлеспейді де, ешнәрсемен өзін жұбатпайды. Ауруын ешкімге көрсетіп емдетпейді де, мұның бәрін керексіз деп біледі. Сонымен Мағауия өлімінен кейін 40 күн отырып, 23 маусымда 1904 жылы жаралы ақын жарасы мен өмірде татқан уларын өз ішіне жиып, өзімен бірге алып, 60 жасында дүниеден көшеді. Бұл сөздің ішінде біз Абайдың жай өмірдегі аңшылдық, бәйге атшылдық, мырзалық, әңгімешілік сияқты мінездері мен ұсақ әдеттерінің ешқайсысын да жазбадық. Сонымен бізге көп өлендері мен әсіресе қара сөздерінде, барлық үгіт, өсиет, ұстаздық сөздерінде көп кездесетін Абайдың діні туралы да ешнәрсе айтпадық. Бұл жайлармен танысамын деген оқушыға осы кітаптағы Абай туралы Көкбай ақсақал мен Тұраштың айтқан "Естегісін" оқуға нұсқаймыз. Жаңағы жайлардың барлығына да сол сөздерде орын толық берілгендіктен, мына мақала сияқты әзірше қысқа айтылып отырған Абайдың өмірбаянында тағы орын беруді артық көрдік. Оның орнына бұл мақалада Абай өмірінің әрбір үлкен дәуірлері мен ой-сезімінен үлкен әсер етіп, бет бағытын билеген асу-асу белдеріне көбірек көз салып, көп уақыт бөлуді қажет деп білдік.

АБАЙ ТУРАЛЫ КӨКБАЙ АҚСАҚАЛ МЕН БАЛАСЫ ТҰРАҒҮЛДЫҢ ЕСТЕГІЛЕРІ

Бұл сөздегі Көкбай ақсақалдың естегісін 1924 жылы Семей қаласында Абайдың өліміне 20 жыл толғанына арнап, қазақ оқығандары жасаған ескерткіш кеште Көкеңнің ауызша айтқан сөздерінен жазып алып едім. Одан соң сондағы сөзге қосылған аз ғана мағлұматтар болса, сол жылы Көкбай ақсақалмен жәй әңгімелескен мәжілістерде алынған. Көкең Абаймен 1880 жылдардан бастап, 25 жылдай жолдас болған. Сондықтан бұл кісінің әрі аға, әрі жолдас-дос болған жақыны Абай туралы білген мағлұматтары көп болса керек еді. Бірақ сол 1924 жылы Көкеңнің саушылығы азайып, үлкен ауыр науқасты болды. Ауруынан "Емделсем жазылар ма екем" деген үмітпен Том, Мәскеу, Ленинград сияқты қалалардың бірінен қайтып, біріне барып, қыс бойғы уақытын жүріспен алып, орнығып отыра алмады. Сондықтан Абай кешінде "Естегіні айт" деп, өзі білген жайларын көп алдына сөйлеп берудің міндетін айтқан уақытымызда да, өзімен жеке әңгімелескенде де, көңілінде алаң көп болғандықтан, Көкең өзі білген жайларының барлығын толық қылып түгендеп шыға алмады. Сонан соң 1925 жылы жазғы салымында науқасы ауырлап елге қайтты, кетерінде: "Үйге барған соң шамам келсе, Абайдың жайын толық қылып жазармын" деп еді, елге барған соң ол уәдесіне жете алмады. Өйткені науқасы жеңіп әкетіп, мұршасын келтірмепті. Сол жылдың күзінде Көкең дүние салды да, мен қыстыгүні есіткен аз мағлұматтардан басқаны жия алмаған қалпымда қалдым. Бірақ аз да болса Көкең марқұмның айтқан естегісінің бәрі де оқушыға қызықты болар деп сенемін. Сондықтан мүмкін болғанынша сол кісінің аузынан есіткен сөздерімнің өз қалпынша түгел тізіп, айтып көрмекшімін. Бұл сөздің ішіне Көкеңнің естегісінен басқа Тұраштың естегісін де кірістірмекші болдық. Бұ да Көкеңнің сөздері сияқты керектігі зор мағлұмат деп санаймыз. Өйткені, Абайдың бүгінгі көзі тірі қалған іні-балаларының ішінде, ақын туралы осы кісіден артық мағлұмат берерлік ешқайсысы да жоқ. Тұраш 1889 жылдан бастап үнемі әкесінің қолында тәрбиеленгендіктен, ақынның әрбір өлеңі қай кезде, кімге арналып жазылғаны, не себептен туғаны туралы, онан соң өзі ес білгеннен бері қарай әкесінің басынан қандай халдер өтіп, қандай мінез, қандай әдет дағдылары болғандығы туралы өзге жұрттың бәрінен артық, бәрінен толық мағлұмат берді. Әкесі турасындағы естегісін Тұраш бөлек сөз қылып жазып беріп еді. Бірақ ондағы үлкен мағлұматтарының барлығын Абайдың әмірбаянын айтқанда, керекті жеріне кірістіріп, түгел пайдаландық. Содан қалған сөздер болса, ұсақ мағлұматтар болғандықтан, бөлек сөз қылып басудан да осы Көкеңнің естегісімен бірге қосуды ылайық көрдім.

АБАЙ ЖАЙЫНДАҒЫ КӨКБАЙ ӘҢГІМЕСІ

Көкбай Абаймен ең алғашқы рет жақындасып кетуім ел ортасында болған бір съездің үстінде басталды дейді. Ел ішінің ақы алысып, ақы берісіп жатқан съезі еді. Мұны өткізуге Семейден Досовский деген уйез келіп еді. Сол бір ісімді жақтырмай мені ел кісілерінің ортасында тұрғанымда, стражник ортасында тұрғанымда, стражниктерін (атарман) жіберіп, жазаламақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүретін өлеңші жігіттерім бар еді, солардың біреуінен Абайға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жібердім. Ол кезде он салып, өлең айтатұғым, қасымдағы жолдастарым да сондайды әдет қылатын. Уйезге әкелген соң Абай да келді де "жазығы не?" деп, істің жөнін сұрады. Содан кейін Досовский: "Бұған біреу басшылық етіп, тәрбиесіне алмаса, мына елдің ортасында арызқой, пәлеқұмар болып бұзылғалы жүрген адам, сен тәрбиеге алып, міндетті болып түзетемін десең, берем. Әйтпесе жазаға ұшырайтын ісі бар", — деді. Абай маған кепіл болып алып шықты, осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды. Жаңағы оқиға 1880 жылдардың шамасында болып еді. Содан кейін қыс болсын, жаз болсын Абай ел араласа қасында жүріп, ауылына келсе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйіме бір жұма, көп болса он күнге рұқсат алып келіп, артынан қайта барамын. 1880 жылдан бастап, 1886 жылдарға шейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ бұл уақыттағы сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді. Кейін Омбыда "Дала уалаяты" мен "Серке" газеті шыққанда, бірер өлеңін тағы да менің атыммен жіберді. "Сорлы Көкбай жылайды да жырлайды" дегенді мен қылып қойып, өзін айтып еді. Осы хал 86-жылға шейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай ауылының ең өрістеп барып, орнықпақ болған жайлауы "Бақанас" өзенінің бойы еді. Кеш жүріп кетті, біз Абаймен бірге бірнеше кісі болып артынан келдік. Осы жылы Абай ауылында доктор Долгополов та қонақ еді. Ауыл Бақанастың бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатыр екен. Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып бәріміз жайланған соң Абайға келіп едім: "Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой", - деді (Көкше - Көкбайдың руы). Мен: "Асса, басында мен қолқаланып алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз",—деп қалжыңдадым, сөйтсем сол күні "Жаздыкүн шілде болғанданы" жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғашқы рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім сол. Менің қалжыңыма орай қылып: "Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын", -деді. "Жаз" өлеңіндегі Абайдың ауылы - өз ауылы, Абайдың астындағы аяңшылы Абайдың Әбдірақметтен алған аяңшыл күрең төбел аты. Айқайшы шалы сол жылы өз ауылымен көрші болып отырған Әнет Бармақ деген шал. Құс салып жүрген жас жігіттер өзінің балалары Ақылбай, Әбдірахман болатын. Осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады. Тегінде өлеңді көп жазатын уақыты қыстыгүні мен жазға салым болатын. Кейін 89-90-жылдарда тыныштық алып отырғанда, барлық әндерін де бір-ақ қыста, жазға салым шығарды. Өзі біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда ешуақытта басқа бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын. Және әрқашан сондайды тыңдап болған соң мағынасы мен жөнін ұғындырып, сын айтатын, сол ретпен "Ақбала-Боздақты" айтқанымызда, осы жырдың ішіндегі бір-ақ ауыз өлеңін жақсы көрді де, "мынаны шығарған кісі ақын" деді. Тегінде өлең ішінде бірер ауыз дәмді сөзі табылса, сол үшін қатты ырза болып қалушы еді. Жаңағы өлеңде: Ақбала мен Боздақ тау аралап келе жатса, алдарынан шағылысып жүрген құр, үйігіп жүрген екі түлкі кездесіпті. Сонда Боздақ Ақбалаға:

"Бір қораз бір мекиен талда ойнайды,
Адам түгіл хайуан мал да ойнайды.
Құдайым бір нәрсеге бастап жүрме,
Алдымыздан кез келген аң да ойнайды...", —

депті. Абай "осы сөзінен айтушының ақындығы білінеді" деп санады. Әрқашан Абай ақындық туралы сөйлегенде: "Ол қуат табиғат сыйы, құдай сыйы деп құрметпен сөйлейтін. Ақындық шабыты шын келгенде адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде адам жай, жабайы адам болмайды", — дейтін. Осы сөзінің шындығы бәріміздің көзімізше, ел ішінің бір ақынының тұсында ақталғандай болды. 85-жылдың шамасында Қарамолада болатын червечнайға Абаймен бірге көп кісі болып келе жаттық. Ішімізде Байкөкше деген ақын да бар еді. Бір мезгілде Байкөкшенің өңіне Абайдың көзі түсті де: "Мына кәрінің жыны ұстап келе жатыр екен", — дейді. Айтқанындай сол арада Байкөкше Абайға түнде көрген түсін айтып, ұзақ өлеңді шұбатып жөнелді. Түсінде Абайдың бірталай қиындық, қауыптан өтіп мұратына қолы жеткенін көрген екен. Соны айтумен бірге өзінің жоруында өлеңге қосып, Қарамоладан жолы болып, қастық қылмақ кісілерді жеңіп қайтатынын айтты. Абай ел ортасында өлең шығарып жүретін, ақынмын деген жігіттердің кейбіреулеріне кездескенде, солардың өз жандарынан шығарған өлендерін айтқызып тыңдайтын уақыттары да болушы еді. Бірақ ол ақындар өзіне өлең шығарып айтсын, басқаны өлең қылсын, сөздерін жай тыңдағаны болмаса, өлеңдеріне орай өлең айтып, айтысқа кіріспейтін. Өзім білгенде мұндай іс бір-ақ рет болды. Ел ішінің тағы бір съезі болып, Семейдің оязы келгенде, соған тілмаш болып Сыбан Әріп келді. Әріп екеуміз құрбы болатынбыз. Кездескен жерде әрқашан бірер ауыз өлеңмен жанасып қалатынбыз. Съез болып жатқанда менің бір ақы сұраған арызым болып, соның тез қарауын тапсырамын деп Әріпке:

Найманша, ажырайма кеуіп-ісіп,
Ежелден арғын аға, найман кішік.
Төбеңмен жүр, тез бітір қызметіңді,
Күнде бүйтіп мөлимен ісім түсіп, —

дегенімде. Ол:
Асықпа, бітіремін қызметіңді,
Тапсырған құрбылықпен міндетіңді.
Арғынға Көкше сенен Қызай жақын,

Ата қумай түзей бер өз бетіңді, -
деді. Мен мұның орайына:
Көкше атам — Тобықтының бел баласы,
Бөтен деген білместің бос таласы,

Нарымбайды Тәшкендік сарт дейді ғой,
Сол сияқты қазақтың бір жаласы, —
дедім (Нарымбай — Әріптердің аталары болса керек). Әріп:
Тіпті Тобықты арғын емес,

Көкше тұрсын,
Ата қуып қайтесің өзің жүрсің.
Құдай ақы теңдесім Алтай-қарпық,
Құр көңілді көтерген кеудең құрсын, —

деді. Біз осылай сөйлесіп жатқанда, өзіміздің елдің біреулері Абайға барып: Әріп пен Көкбай айтысып жатыр депті. Сонан соң біреу келіп екеумізді де Абай шақырады деді, мен мынаны айттым дедім. Абай тыңдады да, әлгі даудың орайына:

Ақсопы дүниеден ұлсыз өткен,
Енеген жалшысынан бала біткен.
Өкіреш Найман ұл болмаған соң,
Атасыз да Найман көп, деп aп кеткен, -

деді.

Өлең айтқыш жігіттердің сөздерінде нәр жұғын болса, дәмді сөзін көріп ырза болса, ондайлардың өлеңді көбірек айтқанын тілейтін. Кейбіреулеріне өлең қыларлық теманы да беретін сияқты еді. Бір жылы менің өзіме: "Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, осыны өлең қыл", - деді. "Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. Сондықтан бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып ел ортасына жаю жақсы өлеңшінің міндеті, сен үйіңе барып орнығып отырып осыны өлең қылып кел", — деді. Содан кейін үйге келіп отырысымен өлең қылуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай жаздым да, 5—6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім. Абай бұл уақытта үлкен ауылынан бауырдағы ауылына, тоқалынікіне барып, сонда жатыр екен. Кіші ауылы "Аралтөбе" деген жерде, үлкен ауылынан 25 шақырым жерде, біздің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді.

АБАЙ ЖАЗҒАН КЕЙБІР ӨЛЕҢДЕРДІҢ ҚАЙ КЕЗДЕ, НЕ СЕБЕПТІ АЙТЫЛҒАНЫ ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРУ ҚОСЫМШАЛАР

1) "Кім екен деп келіп ем түйе қуған" деген бірауыз өлеңді ел ішінің бір кәрі кісісі айтып еді. Сол кісі бала жігіт күнінде ауылындағы бір әйелді төркініне ертіп барып, төркіні бір жауыр айғыр берген соң, соны алып екеуі қайтып келе жатқанда, Құнанбай ауылының жолда жатқан түйелерінің арасын аралап өтіп бара жатыпты. Сонда он жасар бала — Абай ауылдан тайға мініп шауып келіп, аты-жөнімізді сұрап алып, бұрылып жатып осы өлеңді айтты дейді. 2) "Аяғыңды аңдап бас, ей Жақсылық" деген өлеңінің айтылған реті; 1880 жылы Абай "Қоңыр Көкше" деген елге назначениемен (атап сайлау) болыс болғанда, Мырза деген таптың Жақсылық деген кісісі "борышымды елге бөліп салып, мені құтқар" депті. Борышты болғанда өзінің жарамсыз қылығынан борыштанса керек. Сонда Абай айтып еді деп, Көкбай марқұмның жиған өлеңінің ішінде жазылыпты. 3) "Айтшы, аға, неғып жеңілдің" деген өлеңді Лермонтовтың "Бородино" деген өлеңінен аударған екен. Бірақ соңғы уақытқа шейін ескеріліп жиналмағандықтан, мына аударманың ортасы да жоқ, аяғы да жоқ, ұмытылып қалыпты. Табылмады. 4) "Қан соғарда бүркітші шығады аңға" деген өлеңді Абай өзі 1881—1882 жылдары қостап салбұрынға барып, бүркіт алып, тазы, ит жүгіртіп, мергендерді апарып арқар, бұғы атқызған екен. Шыңғыс тауының сыртында ол кезде киік те, бұғы да болған. Арқар осы күнге шейін кездеседі. Мынау өлеңді сол 82-жылы жазса керек. 5) "Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ" деген өлеңді Көкбай Кенесары, Наурызбайды өлең қылып, Наурызбайдың Ақауыз деген атын сипаттағанда: "Сенің атың шыға шауып, жайылып қалатын болыпты", — деп, мына өлеңмен Ақауыз атты сипаттамақ болған екен. Бірақ артынан: "Бұл шіркіннің өзі де мес болып кетті ғой!" — депті. 6) "Жаздыкүн шілде болғанда" деген өлеңді 1886 жылы Бақанас деген өзеннің төменгі Керей жері — Көпбейіт деген қонысқа өзінің ауылы қонып жатқандағысын көріп жазыпты. Ақ көйлекті ақсақалы: сол жылы өзімен көршілес болып отырған Әнет табындағы Бармақ деген ақсақал еді. Құс салып жүрген бозбалалар — Ақылбай, Әбдірахман еді. (Бұл туралы да Көкбай естелігінде мағлұмат толығырақ. — М). 7) "Сорлы Көкбай жылайды" деген өлеңді Абай өзіне айтқан. Себебі 86-жылға шейін жазып жүрген өлеңдерінің барлығынын бұрын Көкбай айтты деп жаяды екен. 86-жылдың аяқ кезінде ғана өлеңдерін өз атынан шығарыпты. Мынау өлеңді сол Көкбай болып шығарып жүрген өз сөздерін ойлап айтыпты (Бұл туралы да Көкбайдың естелігінде толығырақ айтылған. — М.). Мынау өлең түгел емес. Өйткені Көкбай марқұмнан басқа білетін кісі жоқ екен. Ол кісі: бірталай өлең еді, көбі есімде қалмапты — деп толықтыра алмады. 8) "Жамантайдың баласы Көжек деген" дейтін өлеңді Көжекбай дейтін Мамайға айтқан. Бұл Көжекбай басқа болыстағы Мамай ішінде Еламан табынынан. Көжекбайдың әкесі Жамантай Құнанбайға өкіл ата болып, Ұлжан бәйбішені өкіл қыз еткен екен. Жамантайды жерге таласып, төбелесіп, ағайыны өлтірген де, Құнанбай қоныс кестіріп алып беріп, "әкеден жас, ақылдан бос қалған" Көжекбай, Тезекбай, Мақыш деген үш баласын өз баласындай көріп, еркелетіп өсірген екен. Сол: біздің ел бұзылғанда, жеңген жаққа шығатын халықтың жаман айласына шығып, болыс болған Күнтумен құда болған. Біздің жау ағайынымыз Жігітек табындағы Базаралы деген кісі бізден кетіп өздеріне еріп жүргенде, Көжекбайды бір топта: "Кімнің жүгі биік болса мысық сықылды қарғып шығатын енеңді ұрайын" деп боқтаған екен. Сол Көжекбай 1886 жылы Құнекең өлгенде Абайға: "Қажының басқа балалары жабдық әкелмеді, болыспады", - деп, Абайдың бауырларын шағыстыра бергенде жаңағы өлеңді айтыпты. 9) "Бөтен елде бар болса, Өжеттесің, сыйласың" деген өлеңді де сол Көжекбайға жаңағыдай мінезбен жүргенде айтыпты. Бірақ басы соған арналып басталса да, артын жалпыға бола айтып кеткен. Мұны Көжекбайға айтуының себебі: "Сабырсыз, арсыз, еріншек" деген өлеңді жазып болып оқыса, ылғи қасында атын ерттеп жүретін жолдас Қара сақау деген: "Көжекбай қалды ғой", — депті. Сол сөзден барып "Бөтен елдені" Көжекбайға арнап бастаса керек. 10) "Мынау келген Назар ма?" деген өлеңді Қанай руынан Назар деген бір аттың майын сұрай келгенде айтыпты. 11) "Ақ киімді, денелі, ақ сақалды" деген өлеңді 1884 жылы қатты жұт болып, қар сәуірдің 3-де кеткен. Сол қысты еске алып отырып, 1888 жылы жазған. 12) "Уағалайкүмүссалам, болыс, мал-жан аман ба" деген өлеңді өзінің құрбысы Күлембайға айтқан. Бұл Мұқыр еліне атасы ел билемеген болса да, дәулетінің арқасында болыс болса керек, соның мінездерін қалжың қылып әлгі өлеңді айтқан. 13) "Бұралып тұрып, буыны құрып" дегенді Көкбайдың бір мінезін ұнатпай қалып айтқан екен. Көкбай артынан сұрап алып, жыртып тастапты. Сонымен ерте кезде жарыққа шықпаса да, артынан Көкбай ақсақалдың өзі айтты (Бұл туралы да Көкбайдың естелігінде бірталай сөз бар. — М). 14) "Болыс болдым, мінеки" деген өлеңді де жаңағы Күлембайға: 1888 жылы Бақанас деген өзендегі чербечшнай съездегі түрін көріп айтқан. 15) "Біреуден біреу артылса" деген өлеңді Әсет деген ақынға айтқан. Мұны 1889 жылы балалары үшін сақтаған еді. Әсет: терісі тар, ызақор, өзін-өзі әлденелік көріп отыратын адам еді. Сол мінезінен шығарып айтқан. 16) "Мәз болады болысың" деген өлеңді 1890 жылы Семейге барон Таубе деген Ақмола, Семей облыстарының генерал-губернаторы келіп, бірсыпыра болыс-билерге шекпен, қылыш сыйлағанда, шекпен алғандардың есі шығып қуанғандарына ыза болып жазып еді дейді. 17) "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін" деген сөздің ішінде бір ауыз өлеңмен: Әріп, Көкбай, Шәкәрім үшеуінің үш өлеңін қағытып мысқылдап айтқан (Бұл туралы Абайдың өмірбаянын қара. — М.). 18) "Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай", "Күз" өлеңінде көбінесе өзінің бір туысқан ағасы Тәңірбердінің ауылын көріп отырып айтқан. Әсіресе соның ішінде бұрынғы басылымға кірмей қалып, осы жолы қосылған: "Бай үйіне кіре алмас тура ұмтылып" деген жолдан басталатын екі ауыз өлеңді сол ағасы мен жеңгесінің бала асырағанына арнаған. Бұлар Дінісләм деген немересін үнемі аңдып: "Тамағыңды үйде отырып іш", — деп, тысқа шығармай, баланың асын жалғыз ішкісі келмей отырғанын көріп айтқан екен. 19) "Қара қатын дегенге қара қатын" деген өлеңді өзінің қасында жүретін жолдас ертекшісі Баймағамбеттің үлкен қатыны қара қатынға қалжыңдап айтқан. 20) "Ата-анаға көз қуаныш" деген өлеңді Ақылбай деген үлкен баласына ренжіп, талапты болмадың деп айтқан. (Ақылбай күндегі өмірде талапты, пысық болмаса да, Абайдың балаларының ішіндегі ең таланттысы болған. Бұл ірі ақын және музыкант, домбырашы, скрипкашы, ән шығарғыш болған. Мұның шығарған екі үлкен әңгіме өлеңі бар: бірі — "Дағыстан", бірі — "Зұлыс" деген. — М.) 21) "Ажының жақсы-ақ қызы едім" дегенді жаңағы Қара қатынның атынан Баймағамбетке: "Сенің қатының осылай деп айтып отыр",- деп, бір күні тысқа шығып, қайта үйге келгенде айтып кірді. 22) "Антпенен тарқайды, жиылса кеңеске" деген өлеңді 94-жылы болған болыстық съездегі билердің мінезінен жазып еді. 23) "Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең" деген өлеңді Қыздар деген досына айтқан. 1894 жылы Оспанның үлкен үйіндегі келіні Еркежанды алып, сол жылы болыстық съезд қыла елге шыққан. Сонда Қыздар қалжыңдамақ болып, Абай бұрын ішсе асқа, кисе киімге жарымай жүрген кісідей: "Биыл үлкен үйге кірген соң тойып, тойынған екенсің",— депті. Жаңағы өлеңді соған ыза болып айтқан. Бұл бірсыпыра өлең еді, ертеңіне Қыздар жалынып сұрап алып, отқа тастап жібереді. Бұл өлеңдегі Лекер, Бітімбай, Аталық, Жанқожа дегендер — Көкең табынан шыққан, бұрынырақ өткен, жақсы адамдар. Байұзақ Қыздардың ағасы, бірақ бұл кезде тұғырдан түскен. Дауылбай қандыбалақ ұры, айпар-жайпар, жалмауыш, жегіш, жұтқыш дегені. Шотқара Қыздардың атасымен теңдес Бәкеңнің бір табы Айтқожа деген епті, жұғымды адам. Шотқара табындағы Досақ — Бәкең ішіндегі Қыздардың табы. 24) "Масақбай мен қатынын" айтыстырған Абайдың езі. Масақбай Абайдың інісі Ысқақ ауылының көршісі болған. Қатыны да, байы да ұрысқақ болып, мінездері сыйыспаған соң, соларды қалжың қылып айтқан. 25) "Сұлу аттың көркі жал" деген өлеңді өз ауылының бір көршісі Көжекбай дегеннің баласы Рахымшалға арнап айтқан. Рахымшал — бос, болжыр жігіт болса керек. Соның бір мінезін кешке дөң басында отырып көріп, сол жерде айтыпты. 26) "Соры қалың соққы жеген пышанамыз" деген өлеңді "Дала уалаяты" деген газетке төменгі елдің біреуі Абайды "әкесіне ас бермеді. Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі, ата жолын қумаса, онандағы өлсе игі" деп жазған. Сол сияқты Оразбаймен жауласып жүргенде бөтен елдің осындай адамдары Абайды Оразбаймен бірге жаулап, кейбірі приговор да жасасып беріп жүргендерінен жаңағы өлеңді айтқан. 27) "Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын" деген өлеңді Абайдың өз ауылындағы Ғабидолла Ғабитхан ұлы деген жігітке айтқан. Бұл бір уақыт сауда қылып, мал тапқанына масайып, білімді кісімсіп, қалай болса солай сөйлесіп, мағынасыз сөз таластыра бергеннен айтып еді. 28) "Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?" деген өлеңді 1898 жылы тісі түскенде айтты. 29) "Белгілі сөз, өлді, өлді" дегенді өзінің кедей көршісі Жаманбала дегеннің баласы өлгенде айтты. 30) "Жылуы жоқ бойының, жылмиғаны неткені?" дегенді Мұқыр болысындағы өзінің жақсы досы Дұтбайға айтқан. Бұл бір болыс Мұқырдағы Көкшенің бас адамы болған. Артынан Абайдың Кұлбадан деген әйел баласын өз күйеуі өлген соң, осы ағасы Дұтбай алған, байға күйеу болған, бірақ дос, жақын болса да, мінездерін ұнатпағандықтан осылайша өлең қылған. 31) "Қуанбаңдар жастыққа" деген өлеңнің айтылған реті: біздің елде Ысқақ Махмудов деген қазақтан қыз алып, қазақ ғұрпына түсіп кеткен ноғай бар еді. Соның балалары Қүнекеңнің балаларынан қыз алып, қыз беріп, құршасқан құда, дос, туысқан болып кеткен. Соның бір-екі немерелері: Сыдық, Қабиолла деген бала жігіттер біздің үйге келіп отырғанда, соларға арнап осы өлеңді айтқан. 32) "Осы қымыз қазаққа мақтаның ба, асың ба?" деген өлеңді де сол күні, сол жерде қымыз ішіп, қызып отырғандарға арнап жазып еді. 33) "Мына отыр Разақ" деген өлеңді Разақ деген жігітке айтқан. Бұл Абайдың аймағындағы Қожалардың ауылының жігіті. Осы бір жылы Абай аулына келіп, Абайдың өз үйіне барғанда өзінің құрдасы, Абайдың баласы Әубәкірдің үйінде айтқан.

ҚЫРДАҒЫ ЕЛГЕ

Семей қаласында соңғы өзгеріс болғаннан бері шет облыстардан хабар ала алмай, көп елдің не күйде екенін білмей тұрмын. Қазіргі күнде Семейге келген хабардың көбі Семей маңындағы елдерден келіп отыр. Бұл хабарларға қарағанда, осы күнде қазақ іші дел-сал болған күйде секілді. Кім дос, кім жау екенін айыра алмай отыр. Қолынан әкімшілік кетуге айналып, табанының астынан тайғанаған уақытта ақтың әскерлері, төрелері өзінің перделеп жүрген қара жүзін ашты. Олар жүрген жерде таланбаған ауыл, мүлік, мінбеген лау, сойылмаған мал, бүлінбеген шаруа жоқ. Оның үстіне кез келген еркек болса, не жазықсыз дүре салып, не атып, ажары тәуір әйел болса, не күпе-күндіз алып кетіп, не отырған жерде әке-шеше, туған-туыстың көзінше масқаралаған, мазақтаған. Әсіресе, Ақмоладан келе жатқан Дутов әскері әм басқа ақтың отрядтары. Қарқаралыны басып, Тобықты ішімен жүргендер де жолшыбай істеген істері қай қазаққа болса да ақтың кім екендігін анық ұқтырды. Қатын-бала ақтар келе жатыр десе, тау-тасқа безіп кететін болып, жаста зәре, үлкенде ақыл қалған .жоқ. Қалың ел, жалпақ дала, тау-тас күңіренгендей қаталдық, жазықсыз жұртқа істеген жауыздық кімнің болса да жүрегін мұздатып, ыза мен кекке толтырды. Жас, кәрінің жалғыз тілегі: «Осы жауыздардан қашан құтылар екенбіз, қашан тыныштық орнар екен?» — деген ғана болды. Аяғында қашан ақтар Семей маңынан ұзап кетпесе, жаны қалмайтынын біліп, серпіліп қашып, олардан көп елдің іші айықты. Көп ел енді тыныштық алар ма екенбіз деп тынысы кеңуге айналғанда, қызыл әскердің алдыңғы реті барып, осы күнде көп елдің ішін аралап жүр. Ел ішінен келген хабарларға қарағанда, олардың көбі елге жайлы болып, ризалап жүр депті. Бірақ елдің [....] ығына қарағанда, бұлардың арасынан да неше түрлі бұзық заттар табылып жатса керек. Алдыңғы құтылдық па деп отырған ақтардың ісіне тақау істерді бұлардың да кейбіреулері ақтап жүр. Әсіресе, Семейге жақын отырған елдер аса мазасыз болса керек. «Күп бір жауса, терек екі жауады», — дегендей елдің осыншама күйзеліп, басынан сырық, малынан құрық арылмай отырған ауыр уақытында лай судан балық аулап жүрген қара жүзділер қазақтың, өз ішінен де табылып отыр. Семей маңындағы облыстарға ел талау үшін отряд алып шығып, ойына келген антұрғандығын істеп жүрген адамдардың аты-жөні мәлімденді. Бұларға еріп жүрген солдаттар да Совет әскерінің атын былғап, өкімет пен елдің арасына іріткі салып жүрген бұзық заттар. Қараңғы ел істің негізін айыра алмайды. Әрқашан кез алдына кез келген шет пұшпақ уақиғалардан ғана сын шығарады, соған қарағанда қазақ ішінің дел-сал болып, кім дос, кім қас екенін айыра алмайтын да қисыны бар. Бірақ біздің елге айтатын сөзіміз мынау: Совет өкіметінің тәртіпті әскерінің ішінде жоғарыдағы айтқандай істерді істейтін бұзық адам еш уақытта табылмайды. Оны істеушілер — Совет өкіметінің шын жауы. Талай заманнан бері арпалысып, түбін құртам деп келе жатқан зиянды заттары бұл күнге шейін Семей маңында әм Семей қаласының өз ішінде осындай антұрғандықтарды істеп жүрген адамдарға тыю салынбаса, оның себебі өкіметтің сол залымдарды сүйегендігінен емес, жалғыз себебі, сондай істерді істеп кетіп жүрген адамдардың кім екенін білмегендік. Қазіргі күнде әлгідей адамдардың жауыздығынан жаза тартқан қазақтардың арыздары Семейдегі өкімет орындарының бәрінде де толып жатыр. Өкімет басындағы адамдардың бәрінің де ел ішінде болып жатқан тәртіпсіздікке көзі жетіп отыр. Бірақ арыз беруші қазақтардың ең үлкен қатесі — сол өзі шауып, шаншып кетіп отырған солдаттардың еш бірінің аты-жөнін білмейді. Осымен мұндағы өкімет орындарын да дел-сал қылып отыр. Міне, осы секілді түзу, ақ істің қисынын кетіріп отырған себепті, елге айтатын ақылымыз мынау: кімде-кім ауылына келіп, тәртіпсіздік істеген солдат болса солардың ізіне түсіп, қай полк, қай ротаныкі, аты-жөні кім, соны анықтап білуі керек. Бұдан соң осындай талаулар бір елдің ауылнай комитеті, не волостной комитетінің атынан алынған нәрселердің бәрінің атын жазып, Семейдің облостной революционный комитетіне арыз түсіру керек. Сол алынған нәрсені әдейі іздеуге бір адамды сайлап жіберу керек. Сонан соң әрбір қазақ халқын жем қылмақшы болып жүрген қара жүректердің ініне су құйылады. Ұрлығы көзге көрініп, қоймасы ашылған соң, тиісті жазасын тартады. Бұл күнге шейін елдің істеп келген істерінің көрсетіп отырған мінездерінің ішінде аса бір кешпейтін жаза жұмыс мұнау жұрттың бәрінің үрейі кеткен, қашан құлап кетер екенбіз деп, көрінің аузында қалтылдап отырған, өлім жазасына бұйырылған адам секілді. Сонша қатты қорыққандықтың әсерінен өзін шауып, шаншып кеткен орыс-қазақтардың аты-жөнін айтуға да қорқады. Онан соң осы күнде қазақ ішінің бірталайында әлі күнге бұрынғы болыс комитеті секілді өкімет орындарының ешбірі жоқ. Сондықтан ел тезінен комитеттерін өздері жиылып, сайлап алуы керек. Ол комитеттерін бекітіп, қолайлы адамдарын отырғызып, қолайсызын шығаруға жақын уақытта Семей уезінің болыстарының бәріне қазақтың оқығандары шығып, сайлау жасайды. Оған шекті жоғарыдағы айтқандай талан-тараж болса, Семей ұлықтарына білдіріп тұру үшін тезінен комитет құрып ала тұру керек. Ақыры, бұл күнде елге қатты ұқтыратын сөзіміз: қай ел болса да солдаттардан қысымшылық көріп жатыр, бірақ, сол солдаттардың аты-жөнін білмегендіктен бәрі де жазадан аман кетіп жүр. Егер ел бірінің аты-жөнін (білмесе, білсе де айтуға қорқып отыра беретін болса, басынан сырық, малынан құрық арылмай, осы қорлықты көреді де отырады. Қазіргі күнде Семейдегі әскер басшылары да, басқа өкімет орындары да түгелімен сол солдаттардың ізіне түсіп отыр. Арамдығы мойнына ауса, ешбір жазадан құтылмайды. Өкімет сол бұзықтарды сүйейді деп ел күнәға батпасын және еш нәрседен жасқанып қорықпасын.

ҚАЗАҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МІНДЕТІ

Кіндік хүкіметтің1 қазақ халқына автономия береміз деген жарлығын оқып, яки естіп білген қазақтардың осы күні сұрайтыны: «Автономияң қашан болады? Теңдігіміз қашан тиеді!? Ел қатарына қашан кіреміз?» — деген сауалдар болады. Бұл сауалдарға қарағанда, қазақ жұрты қазіргі істеліп отырған істерді, айтылып жүрген сөздерді қанағат қылмағаны. Өзінің әр түрлі өмір жүзіндегі тілектерін алдына қойып, солардың шешуін сұрағаны. Шаруа тұрмыс жүзіндегі әр түрлі ауыр халдеріне көмек тілегені. Әрине, ол тілектерінің, наразылықтарының ішінде орынсызы да көп шығар. Надандық, қараңғылық және түсінбегендіктер арқасында үстірт қарайтын жерлері де бар шығар. Тілегінің бәрі де өз аманшылығын сақтап, мемлекет халін, көпшіліктің жәйін ескермегісі келетін де шығар. Үйткенмен де, көп тілегінің, наразылығының ішіндегі дұрыс жерлерін біз теріске шығара алмаймыз. Шынында, қазақтың бұл күнгі қызметіне қатысып отырған азамат қазақ елін қай қызметімен қанағаттандырады? Қандай еңбек, қандай өнер, қай ісімен ризалайды? Мен мынаны істегенім жоқ па, мынандай үлгі, пайдалы істі ортаңа орнатқам жоқ па? — деп, қай қызметімен елдің аузын буады? Мен сол сауалдарға жауап таба алмаймын. Рас, дауласқан кісілер айтар, қазақтың тілегін орындаймын десең, алдымен разверсткеге малын алғанды тоқтат, қара жұмысқа кісісін алғанды тоқтат, жуанына ауыздық, салып, ерік бермегеніңді тоқтат, сонда ғана жағасың, сонда ғана наразылығынан құтыласың деп. Бірақ, мен мұны орынды жауап деп білмеймін. Елге бұның бәрін пышақ кескендей қып тастамай-ақ, жартылап орындасаң да жағатының шын шығар. Елдің, жалшы халінің нашарлығын ойлап, шаруасының күйзелгендігін ойлап, ауыр салықтарды аздап кемітсе мұқтаж болып отырған өте қажет нәрселерінен аз ғана берсе, ел үсті-үстіне алғыс айтып, әрі қуанып, әрі риза болып, азаматын мақтап кететіні шын. Бірақ елдің арлы қызметкері болсаң, алдында жауап бергенде жалғыз осы секілді шаншулы мәселелеріне ғана жауап беріп құтылмайсың ғой. Әрі надан, әрі әлсіз, айласыз, көмексіз елге қызмет қылу, басшы болу міндетіне көп мойныңа алған соң оның барлық кемтарына ем іздеу, жетпегеніне жалғасу азаматтың міндеті. Бұл міндеттен қазақ азаматының партиядағысы болсын, партияда емесі болсын, қайсысы болса да құтылмайды. Бұған себеп: қазақтың надандығы, өзге жұрттан төмендігі, саяси пікірінің саймағандығы, жалпы тарихи халінің нашарлығы. Осы себептерден қазақ оқығандары социальный революцияны Мақсұт қылса да, қазақтың қараңғыда жатқан қалың елінің бір тілегі соңынан қалмайды. Ол тілегі: елді мәдениетке жеткізу, ағарту, өнер-білім таратып, құралдандыру, дүниенің халін көруге көзін ашу, шаруасын түрлеп, ішінен жетілу. Міне, бұл тілектің бәрі де азаматтың мойнына қарыз Бұл тілектің дұрыстығын ешкім теріс деп айта алмайды. Егер бұл тілектерді теріс деп, біз бұл міндеттерді атқаруға міндетті емеспіз дейтін азамат болса, ол қазақ жұртының қызметкері емес. Ол елдің басшысы да, уәкілі де емес. Бұл міндеттерді қарызым еді деп, мойнына алмайтын азамат болса, оның қазақ елінің ішінде қызмет қылуына мағына жоқ. Не ол адам қазақ қызметінен шығып, кең байтақта, міндеті аз жерлерде қызмет қылуына керек. Егер оны да істей алмай, не мойнына міндет алмай, жылы орында жайланып отырмақ болса, оған айтар сөз де жоқ. Ол құдайдың берген қонағы. Елдің кішкене қазанына ортақ болып, еріксіз кірген еркелері. Енді елдің жоғарыда айтқан тілектеріне келейік. Ел тілегі белгілі — ағарту, көзін aшy. Мүмкін қадар шаруасын түзеп, ортасына өнер-білімнің жарығын, үлгісін орнату. Міне, қазіргі күнде осы тілектерді орындауға уақыт жетіп, кезі келген секілді. Қазақтың автономиясы жарияланып, кіндік үкіметі іргесін орнатып, ісіне кірісіп отыр. Қазақ, азаматтарының іс қылуға жарарлық өнерлілері сол кіндікке жиылып, қызмет басына мініп отыр, ал қазақ даласын билейтін комитеттің сайланып, іске кірісе бастағанына жылдан асты. Осы күнді естіп білген кісінің басына еріксіз келетін сауал: «Ендігі бөгет неде? Неге іс істелмейді, не себептен ойдағы қиял іске аспайды?» — деген болады. Бұл сауалдарға әлі күнге орынды жауап берілген жоқ және істелген істің де ешбірі көзге көрінген жоқ; Жолына ешбір бөгет жоқ, ашық жолды оқу жұмысын алсақ, өніп кеткен еш нәрсе әлі көзге көрінген жоқ. Не қалада, не қырда мектептің үйі салынсын яки пәлендей үлгілі жақсы мектептер салынсын деген де ниеттер, жобалар естілмейді. Ал ел ішіндегі шаруа жұмыстарына келсек, істелетін жұмыстар бастан асып жатыр. Бұның өзгелері жұмыстарын қоя тұрып, бүгінгі елдің мұқтаж болып отырған істеріне келсек, толып жүрген жігіттерді қолөнеріне үйретіп, елдің мұқтаж нәрселерін жасатып отырса, қазіргі күнде ол да үлкен қызмет болар еді. Міне, осы секілді істердің не жайда болып жатқаны, қандай мақсұттар бар екені әлі күнге елге мәлім емес. Сондықтан елдің, «қашан қатарға қосыламыз?» — деп сұраған сауалы орынды секілденеді. Көңілге шынымен айтылған сөз секілденеді. Және осы секілді сауалдарына елдің қайдан жауап алары белгісіз. Кіндік үкіметтің тілі болып отырған газеттерді алсақ, олардың бетінен жартымды хабар алуға болмайды. Жазылған сездің көбі түпсіз терең мәселеге арналады. Бүгінгі күнде өнімі жоқ ұзақ қиялды шұбатылған жобаға арналады. Кіндік үкіметтің тілінен күткен хабарын ала алмаған кісілер аздан соң, оқуға да көңілсіз тартады. Терең пікір, ұзақ сөздердің орны бар. Егер сонымен қатар іс істеліп отырса. Әйтпесе, «мың сіз-бізден бір шыж-быж» деушілерге айтарлық дауымыз да қалмайды. Мінекей, осы сөздерді айтып келгендегі менің ойымдағы пікірім: Қазіргі уақыттағы барлық күшті де, уақытты да, сөзді де бүгінгі күнде енетін оқу жұмысына, шаруа жұмысына салу керек. Түбінде қазақ жұртының басынан әлденеше төңкерістер өтер. Бірақ іс басында жүрген азаматтардың. сол замандардан белгі алып қалмауы ұят. Қолдан іс келетін заманда елдің бір тілегін орындай алмауы — ұят іс, істейтін уақытты сөзбен өткізсек, қараңғы елдің алдындағы міндетімізді сөз деп ұққанымыз, одан басқа жауапқа орын да қалмайды.

Мұхтар.

СОТ

(басы 113 номерде) Енді қазіргі күнде елге жалғыз кез болатын сотқа келейік. Алдымен сотты көп ел қалай ұғады екен соны аламыз. Ең бірінші соттың түбегейлі мақсұтымен, тұтынған жолымен біржолата таныс емес. Ел сотты бір-ақ турадан біледі. Һәм бүгінгі қызметінде бір-ақ түрлі деп ұғады. Ол қызметі не? Ол елдің біріндегі ақысын біріне әперу, еселестіру, ұрыны тыю, қыз, қатынның арызын орындау. Mінe, елдің түсінуінше сот қызметі осы. Бұдан басқа сот ел ішіндегі барлық терістікке тез, аңдушы деп ешкім ұқпайды. Сот елдің түбегейлі тәрбиешісі екен, әділеттік, теңдіктің қарақшысы, қорғаны екен деп ешкім де ойлаған жоқ. Сот басында елге жат бір нәрсе болып көрінеді. Ол уақытта ел соттың не істейтінін, қандай жол тұтынатынын, қандай мінезді жаманшылық деп танып, қандай мінез үшін жазаға кәріфтар қылатынын білген жоқ. Бірақ, сот келеді, сот деген шығыпты деген дақпырт хабар елдің бәрінің құлағын тіккізді. Бұл сот қайтер екен, не жұмыс істер екен дегізіп, күткізді. Ел сотты барынша сағынғандай, көптен күткендей, сотсыз көп тәртіпсіздік көргендей болып, шын ниетпен, тілеулестікпен қарсы алғандай болды. Содан бұл күнге шейін соттан ел кеңілі қалған жоқ. Ел ішінде мал тартқан, жаза тартқан тентек-тебір болмаса көпшілік сотқа риза, һәм сотқа тілеулес. Сот съездерінде дау көбейтіп, ел ақыны көп алысса, оны мақтайды, сүйсінеді, «хан съездің өзі болды» — дейді. Баяғыда болған пәлен черезвичайный, түлен черезвичайныйлардың заманын айтады, сондағы біткен жұмыстарды айтады. Аяғында келіп, «біздің соттар да сондай жұмыс істеді, содан кем болған жоқ, жақсы болды» деседі. Мінеки, соттың кызметін айтса, ел жоғарыдағы айтқан ақы әперу мен ұры тыюды айтады, соттың жақсылығын айтпақ болса, «Хан съез болды», баяғы черезвичайныйдан кем болған жоқ дейді, елдің беріп отырған бағасы, әзірге ұғып отырған ұғынысы осы. Расында соттың міндеті, мақсұты, мақтаны осы ғана ма? Жоқ, бұдан асары да бар ма? Сот ұры тыюды, қыздарға теңдік әперуді ғана қызмет міндет деп санап, ел ақсақалдарынан: бәрекелді, сотым жақсы болды, рахмет деген алғыс алса, сол істегендері жетеді дейміз бе? Осы істегендеріңе де рақмет, бұдан артық бұл күнде не сұраймыз десек дұрыс бола ма? Жоқ, менің ойымша ол соттың басына жеткен лайықты баға, қанағат қылатын жұбанышты қызмет емес. Себебі: сот қай мемлекетте, қай жерде болса да тазалықтың, ақтықтың қорғаны, соның аңдушысы, құралы дедік және қай елде болса да адамшылық, әділет, тазалық жолымен тәрбиелейтін сот дедік. Сол сот бүгінгі қазақ, ішінде ашылып отырған біздің сотымыз болса, оның бір күнгі жаманшылықты тыйғаны, мүмкін сол жаманшылықтарды істеп жүрген адамдардан алған бір күнгі мақтаны не нәрсеге тұрады. Негізі нығайған, бағыты түзелген елдің түбегейлі тәрбиешісі болмақ нағыз шын, әділ сот болмақ болса, оған әлгіндей мақтан-жұбаныш ешнәрсеге тұрмайды. Оның үстіне қазақ, жұрты бұрын қазақ соты дегенді көрген жоқ. Қазақтың өз ауруы, өз емімен емделіп көрген жоқ. Һәм өзі емдемей, жай-жапсарын білмеген ел емдегендіктен бұзылып кеткен мінездері, қалыптары көп. Оларды түзеп, оның үстінде қазақтың өз соты болса ел негізді тәрбие алатындығын һәм барлық жаман мінездерінен тез тыйылатындығын осы соттар жұрт көзіне көрсетуге міндетті. Жаңа келе жатқан, буыны бекіп бұғанасы қатпаған сот болса да, қызметінің көбі ең болмаса елдің ұғымын өзгертуге жұмсалсын, ең болмаса ел соттың не екенін, шынында да қандайлық мақсұт көздеп, қандайлық қызмет істейтінін ұқсын. Бүгінгі соттар көп жасай ма, аз жасай ма онысы шарт емес. Түбегейлі міндеттер: әлгі ұғымды ел көкейіне қондыру. Шын таза соттың кім екенін, қандай болатынын елге таныту. Осы міндеттерді атқара алмаса, соттардан одан артық бұ күнгі тілекті тарих та тілемейді. Бұл сөздерге тоқтаған соң, енді соттардың осы жүкті атқару үшін қандай мақсұт қолданып, қандай жолды тұтынуына керек. Сөз соған келеді. Менің ойымша бұ күнгі соттардың алдында екі түрлі міндет бар. Біреуі, елдің бұ күнгі мұң-мұқтажын орындау, яғни, елдің ішіндегі ұрыларды тыю, жоғалту. Есеге қолы тимей жүрген жылаулардың ақысын әперу, қолын теңдікке жеткізу, ел ішіндегі барлық еркек, әйел болсын, зорлық көрдім дегенге бостандық, теңдік әперу, зорлықшылықтың құрығынан құтқару һәм зорлықшылды тезге салу, тыю бұ күнгі соттардың, бәрінің орындап жүрмін деген міндеті. Барлық, істеп жүрген мақсұтты жұмыстары. Енді соттың алдында тұрған бұдан басқа екінші міндет бар. Ол кейінгі күн үшін, қазақтың түзелуі үшін, қазақты әділетке, адамшылыққа, тазалыққа, тыныштыққа, қиянатсыздыққа үйрететін қызмет. Заңмен, билікпен елді жақсылыққа, тазалыққа жеткізетін қызмет. Бұл заң қуатына сүйенген, елдің қисығын тезге салатын, дұрысына ерік беретін түбегейлі, бірақ,өнімді, ең пайдалы қызмет. Ол қазақты тәрбиелеуге, надандықтан қалған кемшілікті мінезді жоғалтуға істейтін қызметтер. Міне, бұл міндет не судиялардың тобырының ойында жоқ, не ойында болса да бұл турасынан істеген өнімді қызметі жоқ, ескертусіз келе жатқан бір жол және бұл міндет судиялардың көпшілігінің ойына келмейтін жұмыс. Себебі, ел ортасынан шығып, күнде келетін арызшының бір-біріндегі ақысын, көрген зорлығы үшін әперетін есесін ойлап, барлық күш пен уақытты соған жіберіп отырған судиялардың келешектегі міндеттерді ойлауға шамасы да келмейді, уақыты да болмайды. Сондықтан судияларға қоятын кінә жоқ. Және бұл секілді түбегейлі негізді жұмыс әркімнің өз ойына келген қиялы мен істей беруіне қиын ел қызметіне ой мен ықыласпен кіріскен кісі ойына келген нәрселердің бәрін бет алды өз білгенінше істей бере алмайды, алдымен бұндай пікірлерін сөйленетін болса, іске асуы қажет болса, не газет жүзінде, не съездерде сынға түсуіне керек. Көпшіліктің, мақұл көріп алуына керек. Егер ол болмаса іске аспайды, бауы берік болмайды. Сондықтан жоғарыдағы айтылған елді тәрбиелейтін міндеттер турасынан мен өз көңілімдегі пікірді айтпақ шымын. Бұл пікір судиялардың сынына беріледі. Елге жақын барып, барлық жақсы мінездерін де, жаман мінездерін де көзбе-көз көріп, солардың әрқайсысына ем іздеп, тереңдеп ойлатып отырған. Ол кісілерге ол пікірдің оң терісі тез көрінеді. Емді сол айтпақ пікірімізге келейік. Біздің еліміз тәртіпті, жақсы соттың бақташылығында болмағандықтан, бұрынғы соқтықпалы содырлы мінездерден айрылған жоқ. Әрбір мықты ауыл соттың тілейтіні, алдымен ел ішінің тыныштығы, біреуге біреудің зорлық қылмай жай жүруі болса, біздің елдерде қазіргі күнге шейін бұл мінездер жоғалған жоқ. Ел ішіндегі сотқа тиісті жұмыстардың бәрі де осындай соқтықпалықтан, зорлықшылдықтан шығады. Біреуге жазықсыздан соқтығу, себепсіз. біреудің мал-мүлкін тартып алу, оған жауап бермей жуандығына салу, ерте күннен келе жатқан қазақ мінезінің зор кемшілігі. Бұл мінездің ерте күндегісімен қазіргісіндегі айырмыш істерінің үлкендік-кішілігінде, яғни қарасында ғана. Болмаса бұрынғы содырлы мінездер ізімен жоғалып кеткен жоқ. Бұрын бір ру елді, бір ру шабатыны, шаншитыны болса, қазірде бір ауылды бір ауыл яки бір ру ел болып шабатыны бар, ел намысы деп барымта қылып, топтап жылқы алу бар. Бұрын бір елдің бар батыры жиылып, неше жұмалық, неше айлық жерге қол болып барып, үйірлеп жылқы алып, жазықсыз елді жебір-жесір қылатын болса, қазір де ауыл арасы, ел арасында түнде-түнде ғана жортып, қой ұрлығын, бірлі-жарымдаған ірі-қараның ұрлығын істейтін де бар. Бұрын бір елді түгелімен аудырып жіберіп, жерін тартып алу болса, қазір де бір елдің ішінде біреуден біреу жер тартып алатын бар. Мінеки, бүгінгі көріп отырған осындай соқтықпалы мінездеріміздің бәрінің ескіден келе жатқан жуан тамыры бар. Ол бұрынғы дағдылықтан, қараңғы надандықтан қалған мінездер. Рас, бұлар осы күнде бұрынғы замандағы мінездеріндей кең, ауданды, көп өpіc алған мінез емес. Заман өткен сайын ұсақталып, әлсіреп келе жатқан жайы бар. Бірақ қанша әлсіреді, ұсақталды дегенмен, бұл мінездер қазақтың қазіргідей қаракетсіз отырған күйінде өзінен-өзі құрымайды. Қанша ұсақтаған, нашарлаған болса да, осы қалпымен көп заманға созыла береді, тыю салынып, шек қойылмаса, әлі де талай жылдарға шейін қазақ ішін пәледен, бүліктен арылтпайды. Бұл мінездер сол ерте күндерден бері әуел тез көрді ме? Менің ойымша көрген жоқ. Себебі: ерте заманда, яки қазіргі заманда болсын, бұл мінездер ел ортасының өз тезіне түскенде белгілі бір-ақ ретпен ғана түсіп отырған. Әрбір жаманшылық іс, зұлымшылық мінез қуылғанда, соның жаманшылығы, зұлымшылығы еске алынып, қуылған жоқ, соқтықпалы, содырлы мінезді жаманшылық деп қуған би болған жоқ, бәрін де елдің бөлінбес-жарылмас қамы үшін ғана қуатын. Не бір елдің, не ел бастаған басты адамның көңілі көншісін деп қана қуатын. Және бір жағынан, сол жаманшылықты тезге салатын билердің өз бастары да осындай зорлықшылдық, содырлықтан аман болмайтын. Сондықтан жаманшылықты шын жаманшылық деп тамырын құрта қимыл қылуға ешкімнің де күші жетпейтін. Бұның үстіне жалпы надандықтың салдарынан, ел ішінің көпшілігі жаманшылықтан жиіркене алмайтын болған соң, жоғарыда айтылған жаман мінездер, бір жағы сол көпшіліктің өзінен қуат, сүйеу алып, арқасын көпшіліктің жаманшылығына, надандығына тіреп, тамырымен құрымайтын. Мінеки, осындай себептермен бұл мінездер әлі күнге құрымай, әлі күнге күшті болып келе жатыр. Шынында бұл мінездердің орасан кемшіліктері қай жерде көрінеді. Қай орында қай түрде болып айқындалады. Енді соған келейік. Еңбекке салынбаған сахаралы жердегі ел ішінің міндерін алсақ, бәрінде айқын көрінетін бір кемшілік мынау: Ел ішінде біреудің ақысы, «Драва» дегенге біреудің жаратылыстағы еркі, билігі дегенге бойсұну, жол беру жоқ». Бұл мәдениетті жұрттардың бәрінің де бойсұнып, жол берген нәрсесі болса да біздің қазақта әлі күнге бойсұнбақ түгілі әсер берген де жері жоқ. Ел ішінде біреудің хақысы, еркі де бұдан бұрын әуелі сол адамның күші есепке алынады. Ол жұрт ұғатын айырымды, қайраты бар адам болса, оның хақысы табылады. Егер әлсіз, кедей, жіңішке болса оның хақысын іздеп, жуанмен тартысуы мүмкін емес. Ол мазақ болатын нәрсе. Сондықтан біреудің өзіне, не тиісті еркімен істеген ісі үшін еріксіз қылып айып алу, оған көнбей дүре салу, аулын шауып алу, біреудің әлі жоқтығына, қолы аздығына қызығып жерін тартып алу, жесірін тартып алу. Бұл істеген зорлықтарына ұран қылып есеп бермей, жауап бермей жылатып кету ел ішінде күнде болып жатқан жұмыс. Осы айтылған істерді нашар, қуаты жоқ кісі істесе, ол көпшілікке күлкі болады. Алғашқы көрген зорлығының кегін алмақ болса, мазақ болады. Ал, әлді кісінің істегенін сөгіс алып, жаманшылық деп аталудың орнына көбінесе мықтылық, қайтпас тық, батырлық деп саналады. Міне, бұл жоғарыда айтқан надандықтың ізі. Бұрынғы тағылық, соқтықпалық тың сарқыты. Жә! Біз бұны осы сөздің басынан айтып келе жатқанда елдің міні, көпшіліктің қасы деп келеміз. Енді осы мінезді жоғалту үшін, сол надандықтан қалған сарқытпен алысу үшін, жалпақ елмен алысу керек пе? Жалпақ елді қуып, салмақты соларға салу керек пе? Жоқ, сол елдің ішінде осы мінездерді көбірек қолданып, өзінің зорлығына, жаманшылығына қамшы қылып отырған адамдарды қуамыз ба? Енді осыған келейік. Менің ойымша ел ішінің жуандарын қуу керек. Себебі: сол айтып отырған жаман мінездердің бәрін барынша жаманшылығына жұмсап, жуандығына сүйеніп, еш нәрседен именбей, үсті-үстіне зорлық, содырлық, зұлымдық істеп отыратын жуандар болады; өзге көпшіліктің істейтін жаманшылықтары бұлардың ісіне астар емес, олардікі жуандардың ісінің қасында өткінші, ұсақ, көзге көріксіз, болымсыз. Және жуандардың істеген ісінің бәрі көп елге үлгі секілді болады. Ол істеген жаманшылықтың бәрі де қолдан келсе, елдің бәрінің істеуіне лайықты секілді көрінетін болады. Бұдан басқа да жуан атаның баласы болып, жуан жерден шыққан ел адамдарының, сын көтермейтін сұм жиіркенішті мінездері толып жатыр. Олардың турасынан өзгерістен бергі шыққан газет, журналдардың бәрінде де көп сөздер айтылған-ды. Оларға ауызды салып, қолынан билікті алып, жуандығын, кісілігін өшіріп жіберудің өте қажет екендігі, һәм қолға күш келген күні олармен алысу керек екендігі әлденеше рет айтылған. Сондықтан мен бұл турасынан сөзді көп ұзартпаймын. Жалғыз-ақ айтатыным жоғарыдағы елдің бойындағы кемшілікті мінездерді жоғалтпақ болып, енді тәрбиелеу жолына кіріскендерді алдымен осы адамдармен алысып, солардың жуандығының тамырын құрту керек. Әлгі мінездерді қолданатын солар болады. Сондықтан, даусыз, солардың соңына түсу керек. Ол адамдар осы күнде қызметке алынбай, ел ішіндегі дәрежелі орындарға отыра алмай, қақпай керіп отырғандай болса да, әлі күнге ел ішінде маңызы көп. Сондықтан исполкомның да, соттың да жұмысына қарамай, өздерінің бұрынғы істеген істерін істеп жатыр. Бұрынғы жуандық, зорлық, соқтықпалы, зұлымдығы әлі күнге сол қалпында. Енді елдің түбегейлі тәрбиесін көздеген сот, ел қамын жеп сотқа алу болуға жараған исполкомдар болса, әрқашан сол жуандардың ісін бермек керек . Сол аңдып отырған кезде не сотқа, не исполкомға білдірмей, бұрынғы бассыздығына, жуандығына салып, біреуден айып алып, біреуді қорқытып мал төлетіп, біреуді шауып алып, барымта алып отырғанын, яки біреудің зорлықпен жерін алып отырғанын көрсе, сол арада қолға алып, тезге салып, жуандығын басып жіберіп, ісіне қарай жаза тартқызып, не абақтыға жіберіп, не қара қызметке беріп отырса, олардың түзелуі оп-оңай. Егерде осы жолды сот атаулының бәрі де мақсұт қылып тұтынып, өзіне міндет деп санаса, төрт-бес жылдың ішінде сол жуандардың, бәрінің де түрі сынып, шоқтығы басылып қалуы анық. Олар өз қолымен зорлық-зомбылық істей алмайтын болады. Бәрі де сот алдында, тез алдында тұрғандай, оның күшіне, әділетіне бас иетін болады. Ал, егер ол жуандар осы айтылғандай болып басылса, артындағы елдің жөнге түсуі тіпті оңай. Жуанын жуасытқан соң, соны көріп, ұры да жуасып кетеді. Соттары көп ел үшін қайратын шығындамайды. Мінеки, егерде осы айтылғандай болып, ел жуаны жөнге салынатын болса, онда соттардың өз мойнындағы міндеттерін атқарғаны, тарихи қызметін өтегені. Бәріміздің де сырттан қылған үмітімізді ақтағаны. Қазақ жұртының келешегіне мықты негіз салып, түбегейлі жақсы тәрбиені бастағаны. Әзіргі осы айтылған сездерді әрбір судияның қолдануын тілек қылып, сөзімді тоқтатамын.

Мұхтар

ҚАЗАҚ БӨЛІМДЕРІ ТУРАЛЫ

Бүгінгі күнде Орынборда отырған Кіндік комитеттен басқа, қазақ губерналарының басында тұрған Губисполкомдардың әрқайсысының жанында қазақ бөлімдері бар. Бұл бөлімдер кеңес үкіметінің закондарында жоқ болса да, әр жердің тұрмыс жүзіндегі басқалық жаттығының арқасында еріксіз бәс алып отыр. Губернаның басында отырған исполком мүшелері және әрбір бөлімдерді басқаратын адамдар түгелімен орыс жолдастардан болған соң, олардың қызметі тілін, әдетін білетін орыс жұртының ғана арасында болады.

Олардың қызметінен, ескеруінен қазақ жұрты қақас қалды.
Бұл сөздің шындығына бүгінгі күнде кімнің де болса көзі жеткен.
Қазіргі біз көріп отырған Қазақ автономиясы осы себептен туған.

Және барлық қазақ бөлімдерін де туғызып отырған осы себеп. Сондықтан қазақ бөлімдерінің қай-қайсысын алсақ та, бірінші — үкіметтің тәжірибесін, екінші — ел өмірінің керек қылғанынан туып отыр. Бұл сөздерге қарағанда, қазақ бөлімдерінің міндеті, қызметі не болатыны әркімге де анық көрінеді. Қазақ бөлімі губерналық, уездік, аудандық болсын, бәрінің де мойнындағы міндет бір-ақ түрлі. Жалғыз-ақ айырымы істерінің ауданында. Енді осы бөлімдердің міндетіне келсек, қазаққа қатынасатын жұмыстың қай-қайсына болса да кірісетін болады. Кезі келсе қазақ бөлімі шаруа жұмысына араласады, әрқашан азық-түлік жұмысына, оқу жұмысына, жер жұмысына, еңбекшілік жұмысына һәм әкімшілік жұмысына араласады. Осы жұмыстардың бастарында отырған бөлімдер қандайлық іс істеп, қаншама пайда, зиян келтіріп отыр. Істеген істерінің дұрыстық, терістігі қандай, солардың бәрінен мезгілімен хабар алып, айырып, біліп, бетін түзеп, ел өміріне жанасатын істерді ғана істеп отыру қазақ бөлімдерінің міндеті. Және біз жоғарыда айттық, осы күні солардың басында отырған орыс деп. Олардың қазақ жұртына қызмет қыламын деуіне мүмкін емес. Бірен-сараңының қызмет қыламын деген көңілі бола қалса да, қолдарынан еш нәрсе келмейді. Себебі белгілі: оларға арыз айта барған қазақ жұмысын орындатудан бұрын, әуелі, арызын да ұқтыра алмайды. Арызын әкелген махкәмада отырған жолдас нені білмесе «не знаю» деп, қағазын езіне қайтарып, біресе жан жағына жалтақтап, аңырып, ол махкәмадан шыға береді. Қала-қаланың қайсысында болса да осы секілденіп, аңырып, мылқаy кісідей болып жүрген қазақтар толып жүреді. Бұлардың шаруалары бір махкәмада емес, сан махкәмада. Аяғында бұлардың бәрінің айналып келіп табатыны қазақ бөлімдері болады. Әрине, бұлардың жұмысын бастан аяқ ұғыну, істерінің ретін айтып беріп, беттерін түзеп жіберу тағыда қазақ бөлімдерінің міндеті. Міне, осы айтылған сөздерге қарағанда бір губернада Губисполком барлық қызметтерімен не қызмет атқарса, сол кызметтің бәрін қазақ халқына келгенде, жалғыз қазақ бөлімі атқаруы міндетті. Қазақ бөлімінің кіріскені үшін ешбір махкәма не жұмысың бар деп айта алмайды. Себебі: ол сөзді айту үшін әрқайсысы ел тұрмысына лайықты жұмысты өзі біліп, істеуіне керек. Білмесе білетін махкәманың сөзіне құлақ салу қайсысының болса да міндеті. Рас, бұл айтылған шарттардың бәрін орындап өту қазақ бөлімдеріне қиын. Көп адамның әлінен тысқары ауыр жүк. Бірақ қайтсе де бұған жол тауып, осы міндеттерді түгелімен атқаратын болу керек. Мүмкін болған жерлерде қазақ жігіттерінің саны көп болса, әр бөлімдерге уәкілдер жіберу керек. Және ең үлкен шарт, қазақ бөлімдерінің басында отырған адамдар әр бөлім турасынан шыққан жол-жобамен таныс болуына керек. Бұл шарт жалғыз басқарушыға ғана емес, барлық жұмыскерлерге де міндет. Себебі: күн сайын топырлап келетін көп қазақ жұмысын бітіріп алуға келмесе де, ретін, жөнін біліп алуға келеді, оған жалғыз басқарушы емес, кім де болса білген ақылын айтып, бетін түзеп жіберетін болу керек. Бөлімдердің бір міндеті тура өзіне тиісті жұмыстарды бітіру болса, екінші жұмысы: арыз ұстап жүрген қазақтардың жұмысын әр махкәмаға тез бітірту, жөнін айтып, анығын ұғындыру. Сондықтан барлық қазақ бөлімдерінің һәм барлық қазақ, халқының есіне саламыз: бұл бөлімдер қазақ бөлімінің басқалығынан, жаттығынан туған махкәма болған соң, қазақ қатынасатын жұмыстың қайсысынан болса да жатырқауға жол жоқ. Қандай жұмыс болса да не тиісті мағлұмат беріп, не соңынан жүріп, аяқтату бөлімдердің басын тарта алмайтын міндеті. Әр бөлімдердің өз арасындағы міндетке келсек, әрбір ауданда, уезде, губернада істеліп жатқан барлық бөлімдердің істерінен, бұлармен жасаған қатынастарынан, шығарған істерінен толық мағлұмат жіберіп, бірімен бірі үзілмей хабарласып тұруына керек. Уақытта істелген істердің бәрінде бір-ақ түрлі бет, жол-жоба болып, барлық жұмыс өнімді, орынды болмақ. Егер мұндай тәртіп болмай, әркім өз ойына келгенін істеп, өзге жерлермен хабарласпаса, ол күндегі істен еш нәрсе шықпайды. Татымды жеміс болмайды. Бөлімдердің жасалғандағы міндеті атқарылмайды. Ел жұмысы көңілдегідей болып орындалмайды.

Мұхтар

ЖАЛПЫ ЖАРЛЫҚ

Барлық аудан халық билеріне тексерушісіне Семей губерниялық халық билері кеңесінің қазақ бөлімінен тығыз жарлық. Осы күнде әр жердегі билер қазақ ішіндегі қалыңмал дауына һәм барлық әйел мәселесіне биылғы октябрьде болған қазақ, съезінің қаулысын әйім қылып жүрген көрінеді, сол қаулыны бекілген закон ретінде қолданып, қалыңмалға берілген малдарды қазынаға түсіріп отырған да жерлері бар. Сондықтан халық билері кеңесінің қазақ бөлімі ол қаулылардың әлі күнге закон болып шықпағандығын һәм әлі күнгі бір тілек секілді сөз болып қана айтылғанын еске салып, сіздерге білдіреді: бұдан кейін қалыңмал турасында ол қаулыны қолданбау керек. Әзірге қолдануға ерте, ол закон болса заң коммисариятынан шығуына керек. Мұндай жұмыстардың турасында қазақ бөлімінің көрсететін жолы — әзірге уақытша Семейдің заң бөлімінің 22-інші октябрь 4759 номерімен жіберген жарлығын қолдана тұру керек.

Губерниялық халық билері кеңесінің қазақ бөлімінін бастығы: Мұхтар Әуезов
Хатшысы: Меңғали Түлкібаев.

НЕ СЕБЕПТЕН?

Семей қаласында 1919 жылдың аяғында Колчак өкіметін қуып, қызыл әскердің ниеттестері төңкеріс жасаған уақытта Семейдің қызметкерлері көзін кіндікке қарай тігіп, күнде хабар күтіп отырушы еді. Сол уақытта алғашқы келген коммунист жолдастардың аузынан: «Қазаққа да автономия беріліп жатыр. Орынборда қазақтың да кызметкерлері отыр» — деген хабарды есітіп, біздің де күннен күнге асығып хабар күтетініміз, көз-құлағымызды тігетініміз Орынбор болушы еді. Ол күндегі біздің тосатынымыз саясат жүзіндегі жаңалық хабарлар болушы еді «Қазақ автономиясы деген шын ба екен, не қызмет істеп жатыр екен, келешектегі қызметке істеген қандайлық қамдары бар екен», — деуші еді. Күннен күнге хабар келмей, автономия турасындағы хабар кешіккен сайын, асығып, тықыршып: «Не себептен хабар келмейді, не себепті ешбір істеген істері білінбейді», — деп таң қалушы едік. Сол секілді бір үміт, бір қауіппен декабрь басынан күткеннен жиырмасыншы жылдың жазының ортасына шейін келіп едік. Бірақ, ол күндегі Орынбор үмітті жұбатқаны болмаса, тілекті жұбатқан жоқ. Түрілген құлағымыз еш нәрсеге жарымай, жазға шейін түрулі күйінде болатын. Орынбордың ол күндегі кызметі не еді? Саясат заманының құбылып тұрған уақытында шыққан 254-нші номер декретке сүйеніп, Семей, Ақмоланы сыртынан меншіктеніп, бұндағы бөлімдерге Сибрезкомнан артылып келіп, анда-санда бір бұйрық жазу болатын. Ол бұйрықтар Орынборда қазақ үкіметінің барлығын білдіргеннен басқа ешнәрсені тындырған жоқ. Сибревкомнан, кіндіктен көшпелі ревкомдар келіп үкіметті сайлап жатқанда қазақтан да бірдеме келер деуші едік. Аяғында ол сенімнің барлығы да далаға кетті. Осымен жазды күнгі Авдеев бастап келетін Комиссияға шейін Семейдің қазағы да, оқыған азаматтары да Орынбор хабарына шөлдеуін қойған жоқ. Бірақ, бұған қарсы Орынбор да өз қалпынан ауған жоқ. Қатынаспай, хабар бермей жатуынан айныған жоқ. Аяғында комиссия келіп қайтты. Жалпы қазақ съезі болады дестік, дайындалдық, уәкілдеріміз барды. Съез болды. Түбегейлі үкімет сайланды. Іске жарарлық екпін-қайраты бар деген жаңа адамдар іс басына отырды. Төңкерістің толқынды уақыты өтті, жұмыс сабасына келді. Жә! Енді осы уақытта Семей жайы қандайлық? Көлденеңнен қараған кісі: «Осы күндер жұмыс өзгерген шығар, іс бастаған шығар, қатынас түзелген шығар»,— дер. Бірақ, бір ғажабы, әлі күнге өзгерген ешнәрсе жоқ. Семей губерниясының қазақ автономиясына қарауынан бұрын (бізде ол турасынан тырс еткен хабар жоқ) бір Орынбордың өзінде не болып жатқанын да білмейміз. Қазақ үкіметі не істеп жатыр, ол турасынан бізге келген не Орынбор мекемелерінің бірде-бір жарлығы жоқ, не Орынбордан шыққан газет жоқ. Үкімет тілі — «Еңбек туының» бұл күнге шенін біздің алғанымыз бірінші ғана нөмірі. Өткен нөмірде «Еңбек туының» хабары деп жазған оқу құралдары турасындағы хабарды біз Ташкенттің «Ақ жолынан» алып отырмыз. Сонымен казіргі күнде Орынбор мен Семейдің арасындағы хабаршы Ташкент болып отыр. Біз осыдан бір жыл бұрын Орынбордан шыққан бір ауыз хабарға қаншалық мағына беріп, қаншалық іс күтсек, әлі күнге сол халдеміз, бірақ қазіргі күндегі айырмыш мынау: былтырғы уақыт төңкеріс уақыты болып, тынышсыздық болып, қызмет істеуге жол болмап еді. Қазіргі күнде жұрттың бәрі де қызметте отыр. Бұндағы жергілікті мекемелердің бәрі де ойындағы істерін істеп жатыр. Біздің ендігі қысылып Орынборға жалтақтап отырғанымыз — іс жүзінде, барлық шаруа жүзінде кейін қалып бара жатқанымыз. Осы күнде Семей губерниясындағы азық-түлік, шаруа, жұмыскер алу, оқу жұмыстарының қайсысын алсақ та түгелімен уақытша істеліп отырған жұмыс секілді. Ешбірінде ұзақ күнге арнап, мықты негізге тіреп істеліп отырған жұмыс жоқ. Сондықтан ісіміздің ешбірінде ел қамына, ел пайдасына жанастырып істеп отырған іс, беттеген бет, бағыт жоқ. Істелген істің бәрі «көшершіліктік» іс секілді. Жалпы мемлекет пайдасын да түзу ойлап, дұрыс атқарып отырған жеріміз жоқ. Себебі көпшілік мемлекет қазынасын молықтыру үшін ел шаруасын түрлеп, ретке салудың керектігін ұқпайды. Көбінің ұғуынша мемлекетке пайда келтіру — елдің қолындағысын ала берумен табылатын секілденеді.

Мінеки, бүгінгі Орынбордан іс күткендегі Семейдің алдымен қоятын мұңы осы. Орынбор ойлайтын шығар: біз Сибревкомға уәкілімізді жібердік, Семей хабарды содан алады, шаншулы мәселесі болса сонан шешіледі — деп. Бірақ, біз сол уәкілден де толық хабар ала алмаймыз. Себебі — тағы да Орынбордан. Уәкілдің өзіне де хабар шым-шымдап сараң, келеді. Негізгі көп мәселелерді өз бетімен шешуі қиын. Осы айтылған сөздер қазіргі күндегі Орынбор жайын да, Ақмола, Семей жайын да білдірер. Жалғыз-ақ, осынша хабар бермеудің, қатынаспаудың, әлі күнге көзге көрінерлік бір істің істелмеуінің себебі не? Біз әлі күнге білмейміз.

ЕГІНГЕ ДАЙЫНДАЛЫҢДАР

Қазіргі күнде егін саламын деген елдер кез-келген жерден тұқымдық астық, соқа-сайман таба алмайтындықтан һәм ендігі егін салушылар үкімет көмегінсіз іс істей алмайтындықтан, Семейдің губерниялық жер бөлімінде келесі жаздың шаруасына істеліп жатқан қамдарын барлық, оқушыға да һәм егінші елдерге де білдірмекшіміз. Губерниялық жер бөлімінің бұл жұмысы туралы алдымен істеп отырған қаулысы — Семей губерниясындағы елдердің бәрін егін салуға міндетті қылу. Бұл міндет артылмайтындар — жерлеріне егін шықпайтын елдер, не олар қай жерде отырған елдер һәм қай ел екені жер бөліміне белгілі. Бұлардың жеріне егін шықпайтыны бұрынғы шыққан землемерлердің сөзімен һәм ғылыми дәлелдерімен анықталған елдер болады. Міне осындай елдерден басқаның бәріне де белгілі бір мөлшерге шейін егін салу түгел міндет. Біp болыс елдің салатын егінінің ең кемі қаншалық. болады? Оны жер бөлімі көрсетеді. Егер егін салушы елдер сол межеден артық салатын болса, оларға айрықша сый есебінде бұл, шай, ұн секілді нәрселермен көмек берілмекші. Жер бөлімінің бұдан соңғы ойлап отырған ниеті — егін салушы елдердің бәріне де тұқым беру һәм жетісінше соқа-сайман беру, тұқым берудің қамына жер бөлімдері қазіргі күннен бастап кірісе бастады. Әрбір уездерге арналған тұқымдық астық уездің жер бөлімдеріне осы февральдің 15-не шейін түгелімен беріліп болмақшы. Содан ары қарай уездік жер бөлімдері өз беттерімен елге тарата бастайды. Жер бөлімінің ісі сөзінің ізімен шығатын болса және жол біткенге шейін ел-елге тиісті тұқымдық астықты қолдарына беріп, жерлеріне ерте-жеткізіп алатын қылмақшы. Онан соң елге берілетін астық тобымен бір болыс елге бір-ақ беріледі. Оны жер бөлімдерінен алып, елге таратушы волисполкомдар болады. Жеке ауылдарға, старшиндарға әуел бастан бөлініп берілмейді. Тұқым беру турасындағы қазіргі қолданатын жол осы. Ендігі бір жұмыс соқа-саймандар туралы жақында губерниялық жер бөліміне 1500—2000 шамасындай соқа келеді. Бұл да егінші елдерге таратып беруге арналған нәрселер. Жалғыз-ақ, берілгенде волисполкомдардың қолына беріледі және алушылар майын ғана ұстайды. Соқаның басы жер бөлімдерінікі болып саналады. Мезгілінде не бұзылып, не сынып қалған жері болса, түзетіліп берілетін болады. Бұл екі мың соқа ел санына қарағанда көп болмаса да, жылдағы берілетін санына қарағанда, көп деуге болады. Бұрын бір губернияға 400—500-ден артық соқа берілмейтін. Биылғы жылы бұл саймандардың көбі қазақ халқына берілетін қисыны бар. Себебі жер бөлімі бұрыннан егінге бой ұсынбай келе жатқан қазақ халқын іске үйретем, қаракетке түсіремін деп отыр. Қазақтың көбінде соқа-сайман жоқ. Орыс егіншілері қазаққа қарағанда бұрыннан сайманы көп. Шаруасы ретті және де жылда келетін саймандардың көбі соларға берілетін. Міне, осы себептерге қарағанда жер бөлімдері казіргі ойлап отырған ниеттерінен адаспаса, көп соқасын қазаққа беруіне керек. Және де бұл айтылғандардың үстіне губерниялық жер бөлімі Семей губерниясындағы егіншілерді үш жікке бөліп отыр. Бұның біріншісі — дефицитный район (егінді не өзі салмағандықтан, не салса да аз салып, ішерлігін ала алмай өзге жерлерден сатып алатын елдер). Бұл жікке кіретін Семей уезіндегі қыр жақта тұратын елдер секілділер. Екінші жігі — астық разверсткасының елу процентін толтырған елдер. Үшіншісі астық разверсткасының 75 процентін толтыруға әлдері бар болса да, соны толтырмай отырған елдер. Бұл соңғы екі жікке кіретін крестьяндар. Жер бөлімінің бұларды жікке бөліп отырғандағы мақсаты — әрқайсысының ыңғайына қарай беретін көмегін ерте күннен межелеп алу. Мұндағы бөлімнің қазіргі мақсатына қарағанда, көмектің көбі жоғарыда айтылған бірінші жікке кіретін елдерге берілмекші. Қазақ халқының тұқымнан да, соқа-сайманнан да биылғы жыл өзгеден артық алуына тағы бір дәлел — осы. Кіндікте болып жатқан съездердің «енді шаруаны түзейміз деген ұранының арқасында биылғы жылы күштің көбі осы егін жұмысына салынбақшы. Жұрттың бәрі де арысы мемлекетті ашықтырмас үшін, берісі өзі ашықпас үшін жаз шыға егін жұмысына жұмыла кіріскелі отыр. «Үкімет тарапынан осы егін жұмысын ойдағыдай қылып аяқтандырып, ретке салып, істерінің бәрін тездетіп бітіріп отыру үшін, посевком деген бөлімдер ашылып отыр. Посевкомдар губернияда, уездерде де түгелімен болмақшы. Егін салу турасында жұмысы болған кісілердің бәрі де посевкомдармен сөйлесіп, тиісті көмектерін, мұқтаждарын солардан алады. Мәнеки, қазіргі егінге дайындалу турасындағы біздің білдіретін хабарымыз — осы. Бұдан былай да осы жұмыс турасынан шыққан қосымша, не өзгертілген жол-жоба болса, үнемі басып (газетке — ред.) тұрмақшымыз. Егін жұмысы қазақ шаруасына ең пайдалы, ең ірі жұмыс болғандықтан, уездерде қызмет қылатын барлық оқыған азаматтарға, егін турасындағы жол-жобамен түгел танысып, посевкомдармен тізе қосып іс қылу. Күндегі істеген істерінен мағлұмат алып хабарласып тұру. Екінші, ел-елге осының жайын ерте күннен құлақтандырып тұқымды, соқаны қалайша алудың жөнін ұқтыру һәм полисполкомдар арқылы берілген астық, соқалар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейтін қылып ретке салып аңдушы болу. Үшінші, қай ел не нәрсе алды, қай ел ала алмай қалды, не себептен алмады, соны біліп тұру. Ала алмаған елдерге осыны әперудің қамын істеу, төртінші, қалаларда қызмет қылатын жігіттердің бәрі де осы жұмысқа жұмылып іс шығару. Канцелярияда отырып қағаз шимайлаумен уақытты ұсақ нәрселерге жоғалтуды қою, бастарын қосып, егін жұмысын бөлісіп алып, барлық күшті соған салу. Бесінші, егін жайындағы жұмыстардың реті қандай болып отыр, соны губерниялық қазақ бөліміне білдіріп отыру. Алтыншы, газетке сөз жазатын жолдастардан сұрайтын өтінішіміз: біреу пәлендей ішік алды, біреу пәлендей тазы ит, қаршыға алды, біреудің көңілінде пәлендейлік жуандық жүр, бірінің көңілінде арамдық жүр деген сөздерді, мүмкін болса, азайтыңқырап, біреудің көңіліндегі күңгіртті болжамай-ақ, көз алдында көрініп тұрған елдің шаруа жайын айтса екен деймін. Әсіресе, осы айтылған егін жұмысы қай ретте болып отыр, қандай жақсылық, қандай кемшіліктері бар, соларды білдіріп отырсаңыздар екен. Бұдан былай сондай хабарларға газет бетінен кең орын берілетін болады. Бүгінгі күнде біздің ең маңызды мәселе деп отырғанымыз — осы. Қосымша: волисполкомдар жоғарыдағы айтылған ретпен соқаны алғанда, алдымен ең мұқтаж кедейлерге беріп, олардың жұмысы бітуге тақағанда ауыстырып, екінші мұқтаж кісілерге беріп отыруға міндетті. Және исполкомдардың бір міндеті ерте бастан посевкомға ел ішіндегі егіншілердің саны һәм мөлшері қаншалық тұқымға мұқтаж, қолдарында қаншалық тұқымы бар, соның жайынан мағлұмат түсіруіне керек. Бұл — ең алдымен ескеретін жұмыс. Және исполкомдардың жанынан таза пысық, ел қызметіне ерінбейтін кісілерден волпоссвкомдар жасалуына керек.

Мұхтар.

ECІЛ ҚАРҚАРАЛЫ

Қарқаралы уезі — Семей облысында қызмет қылған орыс-қазақ өр қылығымен ерте таныс болып, белгілі болатын «аты шулы» уездің бірі, ардақты оқушы! Аты шулы уез бола ма екен? Болса аты шулы кісіге не болат та дерсіз, айтқан сөзіме күдіктенерсіз, бірақ аз ғана сабыр қылып ойлаңыз, түсінесіз. Қарқаралының қай заманын алайын? Басынан бастасам да, аяғынан бастасам да бәрі бір. Қарқаралы қала болғалы шудан, бәледен, өтірік жала, сұмдықтан аман болған күні жоқ. Патша заманын, төңкеріс заманын алсам да алаңы-ашығы жоқ, үзілмей келе жатқан зұлымдық. Қай жағынан бастайын десем де көз алдыма ақ бас Көлке, Петрушкенің Алексейі, Захарлар, Мимдер келеді, оның артынан ұзын құйрық болып, қалпақ киген шешейлер, етегінен ұстаған тұмақтылар келеді... Қарқаралы әңгімесін басынан бастасаң да, аяғынан бастасаң да осы адамдар: «мен мұнда», — деп алдыңа келіп, тағзымменен бас иіп тұрады. Әңгіменің алқабы кім екенін ұғасың, қай жағынан бастасаң да осылар шығатынын білесің. Бірақ біз Қарқаралы әңгімесін бүгін айтқалы отырмыз ғой. Заман өтіп кеткен соң, айтты не, айтпады не?.. Сорлы Қарқаралының өткен замандағы әңгімесін естісек... Қарқаралы кіп-кішкентай болып, қулық-сұмдықты жаңа оқып жүрген күннің өзінде атақты Достоевскийдің кітабына ілінген жоқ па? Қарқаралыдай бұзылған кірлі қала жоқ деп текке айтты деймісің?! Өнеріне сүйсінбегеннен айтат та... Қарқаралы үлкейгенде қайтті?! Тағы да алдымен ілінді ме? Қазақтың алғашқы қамқор ақыны Ахмет не айтты, естеріңде бар ма? О да «өнеріне сүйсінген» жоқ па еді. «Хош, cay бол, Қарқаралы, жуылмаған, айдай бер қалса адамың қуылмаған» — ... деген сөздерді өзге уездерге қашан айтып еді? Өзгелер ондай өнерлі болса қазақ жұрты жер үстіне де сыймас.

Қай уез Қарқаралыға пар келеді?...
Пар келу үшін, өнер керек.

Қайсының, қай үкіметтің уақыты болса да бір уезді екі бөліп алып, партия істеуші едік, қайсының біріңді-бірің патша заманы болса, түрікке ақша жиды деп, ақ келсе — қызыл болды деп, қызыл келсе ақ болды деп, өтірік жала жауып, көрсетіп, айдатып байлатушы едік. Партиядан туған араздықты саясат жұмысының төріне айналдырып, дабырайтып, ел-жұртты сабылтып, әбігер қылып, біреуді аттырып, біреуді айдатып, байлату кімде бар? Біреуден кегін алу үшін қалаға келген начальникке, комиссарға, кім болса соған жағынамын деп сый беру, күндіз-түні қонақ қып, пальтосын әперіп, калошын салу кімде бар. Жаман үйреніп есірген ұлықтың төрелігі, иттігі асып, елді езіп отырғанда, жұрттың көзіне қанды жасты ағызып отырғанда сіз ақылдысыз, сіз жәйлі төресіз деп жорғалап отыру кімде бар? Губерниялық махкәмалар сол төренің иттігіне шыдамай губернаға шақыртып, орнынан түсірмек болғанда, бұл кісі бізге жәйлі еді, Қарқаралыда қалдырсаңдар екен деп, приговор жиып беріп, мойнына бұршағын салып тілейтін мінез кімде бар? Губерниядағы қазақ оқығандары қызметке алдырамын десе, оны зорлық, жаулық деп ұғып, әлгі төреге жібере көрме деп жалынып, жалпы етек болатын мінез кімде бар? Сондайлардың өз бастарына қорған болғанына мәз болып, иттігінен жылап отырған елдің халын ұмытқан, беттің арын белбеуге түйген кім? Жауыздық қылған ұлықтардың жәбірлерін губерниялық махкәмаларға білдір десе, қарсы тұр десе сол кісінің өзін көрсететін кім? Жылап отырған елдің көріп отырған жәбірін айтуға қорқып, өз басының амандығы үшін елді, жұртты құрбан қылып, қалтырап отырған қоян жүрек қорқақ кім?.. Ардақты оқушы, бұның бәрін істеуші кім десең, баяғы «жуылмаған Қарқаралының,» жойылмаған оқығандары. Бұның, бәрін білгің келсе, көзіңменен көргің келсе, Қарқаралыға бар. «Ревизорды» оқымасаң да, «геройлардың» көзімен көріп қайтасың.

Көрудің үстіне өзің де Гоголь боласың.

Мінеки, жарықтық Қарқаралының ерекшелігі осы еді «аты шулы» деген ат осындай мінездерінен туып еді, Жалғыз-ақ есіл Қарқаралы осы күнде жүдеп тұр. Басына қайғылы күндер туып тұр. Ол не десеңіз: талайдан өзіне лайықты болып кез болған көздің ағы мен қарасындай екі төресі — Метрей, Ваганов губкомның һәм исполкомның бұйрығы бойынша 24 сағаттық ішінде орындарынан қуылып, Семейге айдалып келіп отыр. Бұлардың бірі исполкомның бастығы, бірі мүшесі еді. Оның үстіне оқығандарды губерния жауынан сақтайтын қорғаны еді, елдегі пәлеқұмар, жемқорлардың асқар белі еді. Бұлардың ақсақалды сары тісті бол, тағыңда ағар деп батасын берген ерлері еді. Олар көзден ғайып болды, өткен күн бір күнгідей болған жоқ. Енді Қарқаралы не күйге ұшырайды?! Ақ бас Көлке болса қартайды, орнын басқан Метрей болса, орнынан тайды.

Оны жоқтатпайтын ер табылар ма?..

Мектептің орындығында отырып начальникке арызды қалай жазады, жандаралға арызды қалай жазады деп, жасынан адвокат болған оқығандардың орнын басатын ерлер табылар ма?

Ой, неңе табылсын...
Бұл құрыған заман емес пе?..
Есіл Қарқаралы...

М. Ә.

ҚАЗАҚ ИНСТИТУТЫ

Өткен февральдың аяқ шенінен бастап Семейдегі орыс институтының жанынан қазақ институтының бөлімі ашылды. Биылша ашылғаны екі класс. Біреуі дайындайтын, біреуі институттың нағыз өз сабағын бастайтын кластар. Қазіргі күнде осы екі класта оқитын шәкірттердің саны 70 шамалы болды. Институттың бекілуі, оқитын айы (белгіленбегендіктен — ред.) һәм оқытушылары мезгілімен табылмағандықтан, табылғаны болса көңілдегідей сайлы болмағандықтан, сабақ өте кеш басталды. Сондықтан биылғы оқуды өнімді, көңілдегідей жемісті болады, оқушылар жартымды білім ала қояды деп сенуге болмайды. Биылғы жылдың олжасы сол институтке негіз салғандық, тәртібін түзегендік. Көзге түсерлік көрнекті жемісті келесі жылғы ісінен күтеміз. Қазіргі уақытта бұл институт турасынан айтатын сөз құрылған негізі турасында. Бұның аты қазақ институты болса да оқытатын тілі орыс тілі болып отыр. Қазақ тілімен дайындайтын класында ғана оқытады. Одан кейін бірінші кластан бастап орыс тілімен оқылады. Институтта орыс тілімен оқыту қазақ қызметкерлерінің мақұлдауымен кіріп отыр. Бұл турасында қазақ қызметкерлерінің қолданған пікірі: бірінші төңкеріс заманы туғаннан бері қарай оқу жұмысын көркейтеміз, осыған жұмыламыз дегенмен әлі күнге өнген оқу жоқ. Қазақтың қай жерін алсақ та өз тілімен оқылып жатқан оқудың ең үлкені мұғалімдік курстарында ғана болады. Бірақ олардан шала мұғалімнен басқа ешкім де шығарғанымыз жоқ. Бұның бәрінің себебі амалға, епке келмейтін істерден туып отыр. Қазақта орта дәрежелі мектепке мұғалім болатын тәжірибесі, білімі мол учительдер жоқ, ертеден орта дәрежелі мектепке арналған кітаптар жоқ. Mінеки, осы амалсыздық, жоқтықтардың бәрі еріксіз бір жол табуды керек қылып отыр. Сондықтан уақытша жол деп біздің алып отырғанымыз осы орыс тілімен оқыту, екінші —орыс тілімен оқыта бастасақ, әрі білім бар, зор тәжірибесі бар молдалар оңай табылатын болады. Оқушылар көңілді болып, көп табылатын болды. Ерікті болып шығатын болды. Үшінші — қазақ тіліндегі оқудың орысы аз болғандықтан, қазақ баласының бір буынын орысша оқытып, тезірек жетілтіп, тереңірек білім беріп, бастауыш мектептердің мұғалімдерін түлету болды. Төртінші — осы үстіміздегі заманда қазақ тілінде (түсініксіз сөз — ред.) оқитын оқудың өте өнімсіз болатынына көзіміз жетті. Себебі: мұғалім қылып сайлайтын оқырмандарымыз да, оқушыларымыз да қызметтерінің бір иығын саясатқа сүйеп жүр. Жалғыз оқу жұмысымен тұрған жоқ. Сондықтан оқыту оқуларының да тұрлауы болмайтын болды. Оқуға белгіленген уақыттың жартысы оқумен өтсе, қақ жартысы оқылмай өтетін болды. Оқушылардың көп уақыты бос жүріспен рәсуә болатын болды

Мінеки, орыс тілін кіргізуге қамшы болған зор себептер осы.

Біздің пікірімізше осы ретпен қазақтың орта дәрежелі мектептерінде қазақ тілінде оқытумен қатар, орыс тілінде оқыту да бірталай уақытқа шейін жарыса жүріп отыру керек. Қазақтың оқыған азаматтарының санын көбейтуге және көбінесе талабы болса да оқи алмай қалған ересек азаматтарды ретке кіргізуге бұл еріксіз қолданатын жол қазіргі күнде біздің институтте жоғарыдағы айтылған шарттардың көбі орындалып отыр. Бірінші класта оқытуға алған учительдердің бәрі де орыстың гимназия, семинарияларының оқытушылары. Оқытуларынан шәкірттер жақсы мағлұмат аларлық тәжірибесі, білімі жақсы учительдер. Дайындайтын кластағы оқу әзірше қазақ тілінде. Ондағы уақыттың көбі орыс тілінде беріледі. Мақсаты: биыл орыс тілін күштеп оқытып, келесі жылдағы орыс тіліндегі сабақтарды ұғатын қылу. Оқу орыс тілінде болған кластағы шәкірттерге әзіргі қойылатын шарт: орысша сөйленген сабақты ұғатын болу, сабақты орысша сөйлеп айтып бере білу, әзірше үлкен шарт деп саналмайды. Институтта оқылатын сабақтар орыс институтындағыдан басқа: қазақ тілі, қазақ тарихы — бұл орысша оқылады және қазақ әдебиеті. Қазақ тарихын оқытуға ертеден осы мәселені көп қарастырған, толық мағлұмат жиған, қазақ мәселесіне көптен білген, қызыққан кісілер алынып отыр. Мінеки, Семей институтының әзіргі құрылып отырған қалпы осы. Бұл негізінен аумаса келешекте оқуы өнімді болуына сенеміз.

ҚАЗАҚСТАН ӨКІЛДЕРІНІҢ ХАБАРЫ

«Қазақ жұртына автономия тие ме, тимей ме?» — деген түйінді кіндік өкіметтің жарлығы 1919 жылдың 10-июлінде шешсе де, ол күнге аяғы жерге тимей келе жатыр еді. Түйіннің шешілуі оңай болса да, соны жамап-жасқап қалқайтын іс қылып шығару оңай болған жоқ. Іс болып көзге көріну үшін талай сәт, талай сәрсенбіні керек қылып еді. Жұрттың ойында дәнеңе жоқ кезде шыға келген автономия хабары талайдың үміті мен қуанышын еліртіп, желіктіріп еді. Бірақ көпшіліктің күткен ойы іс болмай үміт орнына жел қауып, күдік орнап, желбуаз болғандары да бар еді. Бұл уақытқа шейін Семей, Ақмола қазақтары сол халде келген елдердің бірі болды. Ақмола, Семей облыстары бүгінде Қазақстан автономиясына қарамақ болып отырған елдердің қақ жартысындай болса да, бұл күнге шейін Қазақстан автономиясына тілектен басқа еш нәрсе қоса алмаған һәм ала алмаған, қақпайда, қақас қалған елдің нағыз өзі болды. Қазақ автономиясы турасындағы жарлықтың шыққанына екі жылдай болып, қазақтың елін билейтін өкімет жасалғанына бір жарым жылдай болғанда, сол автономияға кіретін елдің қақ жартысы елеусіз, ескерусіз қаға берісте қалуы — қаншалық қыйсынды екені жұрттың бәріне мәлім. Қазақстан автономиясы деп ауыз толтырып айтқанымызда бақандай екі облыс далада қалып отырса, автономиямыздың қаншалық маңызы барын көрсетер еді. Ондағы автономия — Қазақ автономиясы емес, қазақ елінен жасаған ойыншық болар еді. Бірақ түбінде біздің жұбанышымыз: «Ештен кеш жақсы» — деген мақал ғой. Аяғы не болса да — болғанына қанағаттанамыз, ризамыз. Сол Қазақстан автономиясына қосылуы (осыдан) екі жыл бұрын шешілген екі облыс Қазақстанға қосылу деген мәселенің кезегіне жаңа ғана жетіп отыр. Өзгеріс заманындағы іс тез шешіліп, тез іске асады деп мың жерден құлағымызға құйса да, біздің салпылдап келіп жетіп отырғанымыз-ақ осы. «Қазақ тілінің» өткен сандарында жазылған ҚирЦИК-тің, екі облысты алатын комиссиясы Омбыға келіп отыр. Комиссиясы бастық болып келгендердің көбі КирЦИК-ке мүше болып отырған қазақ азаматтары. Председателі — КирЦИҚ-тің бастығы Меңдешев жолдас. Осы комиссияның мүшесі Әбілхайыр жолдас 27-март күні Семейдегі Халел(мен) Нығметті тете сымға шақырып сөйлесті. Әбілхайырдың сөзіне қарағанда: Сибревком комиссиясының келуін де, һәм облыстарды беру де мезгілді деп тапқан көрінеді. Сибревкомның 26-мартта болған мәжілісінде облыстарды Қазақстан өкілдеріне берудің жобасын жасау үшін арналып кісілер шығарылған. Енді облыстарды беру деген сөз туралы жарықшақ шыға қоятын көрінбейді. Бірақ Сибревкомның ұғуынша: әлі күнге басы ашылмаған мәселе осы облыстардың шегі турасынан болса керек. Сондықтан облыстарды алудан бұрынғы сөз — сол шек турасынан болды. Сибревкомның әзірге ұсынып отырған жобасына Қарағанда, Кереку уезіне қараған Ертіс қаласы барлық ауданымен Сибревкомға қарауына керек. Ертіс ауданына қазақтың жеті болысы, крестьяннан онға тарта болыс кіреді. Тағы сол Сибревкомның жобасы бойынша Бұқтырма уезі түгелімен Семей облысына кірмек. Ақмола облысы турасындағы Сибревкомның межесі: Омбы уезінен бірнеше қазақ болыстарын шығарып, Сибревкомның қол астында қалдыру. Бұған орайлап Түмен губерниясынан Қызылжарға крестьян болыстарын қоспақшы. Бұл жобаның көбіне Қазақстан уәкілдерінің пікірі қайшы көрінеді. Әзірге байланған сөз жоқ. Семей облысына қатынасқан сөздер туралы жергілікті шаруа жайларынан мағлұмат керек болғандықтан Халел һәм Губсовнархоздың бастығы Попов жолдастар Омбыға шақырылды. Бұлардың біреуі Қазақстанның жер комиссариатының, біреуі шаруа комиссариатының уәкілі болып сайланған. Бұл кісілер жақында Омбыға жүрмекші. Әбілқайыр жолдастың сөзіне қарағанда, Сибревком мен комиссиясының сөзі 15-ші апрельге шейін бітпекші. Осымен облыстарды алуға ендігі бөгет болып тұрған мәселе — осылардың шегі туралы. Сибревком өзінің көздеген мақсұтын өткізу үшін жоғарыда айтқан Ертіс қаласының ауданы ежелден шаруа жүзінде Омбымен жалғасатын — демекші болса керек. Кіндік өкіметтің жарлықтарында: тұтынған барлық саясатында Қазақ автономиясы ұлт айырмасына, шаруа жақтарына қарай беріледі. Қазақ автономиясы болған соң қазақ жұрты тұтас кіретін болсын деген нұсқалары Сибревкомның жобаларына әсер беретін көрінбейді. Қазақ автономиясынан крестьян халқын жартылап жырып алмақ болғанында мағына болса да, қазақ болыстарын іле кетуінде қандайлық, мағына бар екенін біле алмаймыз. Қазақ шаруасының жалпақ қазақтығынан ала бөтен болып крестьян шаруасына жалғас болып кеткені көңілге ертегі секілді көрінеді. Кім біледі, әлде Сибревком автономия қадірін білмейтін қазаққа осындай бөгеулер салып, қиындықпен қолына тигізіп, автономиясын дәмді қылып бермек шығар.

Ол еңбегіне рақмет айтамыз.

ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІЛЕРІНІҢ ХАБАРЫ

Баспахананың жұмысы уақытша тоқтап қалғандықтан, газетіміз мезгілінде шыға алмай, елшілер хабарының көбі кешігіп қалды. Құлағын түріп отырған елдің көбі күнбе-күн күтіп отырған хабарларының көбін қызу үстінде ести алмай дағдарып қалды. Сондықтан хабарлардың қызулы кезі өтіңкіресе де ел құлағына естілуі қажет болған хабарларды қорытып жазбақшымыз. Қазақстан елшілері Омбыға келіп жұмысқа кіріскеннен бері Семей қызметкерлері Меңдешев жолдаспен екі рет төте телеграфпен сөйлесіп, үш-төрт рет жай телеграм алды. Жолдас Меңдешев 13 апрельде ең алғашқы сөйлескен жолында Сибревкоммен келіскен сөздерінің қорытындысын айтып және Семей облысының ішіндегі көңіл мен күшті көбірек аударатын уездер жайын айтты. Бұл жолдағы сөздерінің қысқасы: Семей облысы бұрынғы ескі шегіне уақытша Бұқтырма уезін қосып, түгелімен Қазақстанға қосылатын болды. Ақмола облысында даулы жері — Омбы уезінің шегі, оның кесігін Мәскеу айтады, одан басқа уездер түгелімен Қазақстанға қарайды, губерниялық кіндігі Қызылжар болады дейді. Бұл губерниялар 20-шы апрельден бастап Қазақстан ауданына кірген болып саналады. Иелері Орынбордағы ҚирЦИҚ бұдан былай тығыз жұмыс болса Омбыдағы елшілермен, асығыссыз жұмыс болса Орынбормен сөйлесесіңдер дейді. Семей губерниясының қал-жайы турасында Меңдешев жолдастың көп сұрағаны — қыстың қалай өткендігі, жұт қазасына ұшыраған елдердің жайы, оларға беріліп отырған күш-көмек қандайлық, жалпы қазақ шаруасын түзетуге, көтеруге қандайлық көмектер берілді, ел астық алды ма, пұл-шай алды ма, бұл жолда істелген қандайлық шара қамдар бар — солардың жайынан сұрады. Меңдешев жолдастың бұдан соңғы көбірек айтқаны Жайсан уезіндегі қазақтардың жайы болды. Жұрттың көбіне мәлім, Жайсан, уезінің Қытаймен шектескен жерлерін жайлаған қазақ болыстарының көбі кеңес үкіметінің салықтарына киіз туырлықты қазақ болғалы көзіміз көрмеген құқайымыз, апат, қазамыз деп, ескі әдетіне салып, ауа көшіп, қытай кеткен, бірақ қарық боламыз деп барған кең өріс, шалқар қоныстағы құдандалары бұларды қарық қылудың орнына, айдап барған малдарына өздері қарық болып, мал-мүлкін олжалап, үлесіп алған. Сонымен бал орнына у жұтқан Жайсаңның «ауғыштары» сеңдей соғылып, арлы-берлі жосылуда болатын. Бұлардың жай-жапсары Меңдешев жолдасқа мағлұм болған соң, солардың, арасына не қылса да күш-көмектің көбін соларға аударып, бұрынғы орындарына орналастыру керек. Кеңес үкіметінің бағыты, мақсұтымен таныстырып, олардың досы екенін ұқтыру керек, бет алды елеусіз, ескерусіз адастырып жібермеу керек деп, Жайсаң уезінде алдымен іс бастауға тез бұйрық айтты. Семей облысын Қазақстан ауданына қолма-қол кіргізіп алу үшін комиссия мүшелерінен екі-үш кісі 20-сынан соң жіберілмекші. Бұл кісілер, Ақмоланың губерниялық мекемесі сайланып жатқандықтан, әзірше Семейге келе алмай тұр. Меңдешев жолдастың пікіріне қарағанда, Ақмоладағы І ретпен Семейдің де губерниялық уездік атқару комитеттері өзгеріп, жаңа адамдар сайлануға мүмкін. Губернияда партия жұмысын және мекеме жұмыстарын алып жүруге лайықты кісілердің кейбіреулерін Меңдешев жолдас кіндіктен ала келген көрінеді. Губерния Қазақстанға кіруге айналғаннан бастап, Сибревком жергілікті қазына мүліктерін һәм жергілікті қызметкерлерді басқа жерге көшіруді, ауыстыруды тоқтатқан. Бұл хабарлар алынып, елшілермен қатынас түзелгеннен бері қарай Семейдегі қазақ азаматтары келешектегі іргелі жұмыстар туралы алдын ала жоба жасап, қамданып жатыр. Әзіргі халдарға қарағанда: бұрынғы уездер мен губерния арасында болған алыстық, шалғайлық — барлық партиядағы һәм партия емес азаматтардың басында болған мең-зеңдік, ісінде болған салқындық, салғырттық, әрі-сәрілік тамырымен жоғалмақшы. Ендігі біздің бет қойып отырған мақсұтымыз: етек-жеңді түзеп серпілу, ширау, екпінді іске кірісіп, елеусіз жүрген, қақы, да (түсініксіз сөз — ред.) келген қалың елді колға алу. Сөзді, қыңқылды қойып, етек-жеңді сыбанып, іске кірісу. Іс жүзінде бостандық жемісінің дәмін ел аузына татыру. Бұл жұмыстар турасындағы жасалған қаулылар, негізгі жолдар газетіміздің келесі нөмірінде жарияланады. Һәм барлық уездерге телеграмма, почта арқылы жіберіледі.

М. Ә.

«ҚЫЗЫЛ СҰҢҚАРЛАР»

(Сын)

Орынборда биылғы басылған кітаптардың ішінде «Қызыл сұңқарлар» деген Сейфуллиннің бір кітабы шықты. Бұл өзі пьеса. Бірақ бұл күнге шейін пьеса жазған жазушылар кітабына орынды, орынсыз болса да не комедия (күлкі), не драма (қайғылы хал), не трагедия (қанды оқиға) дегендей аттарды қоюшы еді. Соныменен бұл кітаптың негізі, мақсұты, беті бар кітаптан айырылушы еді. Біздің жазушы кітабын жоғарғының қайсына қосарын білмей дағдарған ба, болмаса, ананың бәрі де өзінің бір-ақ кітабынан табылған ба (дұрысы соңғысы болса керек), әйтеyіp пьеса деген жалпақ. атты бір-ақ отырғызыпты. Бұл сөздерге қарап, оқушы шүбәланып жүрмесін, «Қызыл сұңқардың» пьеса екендігінде дау жоқ. Себебі. сыртына қазақшаға түсінбесең міне орысшам дегендей қылып, қазақша, орысша да «пьеса» деп қойған. Ал, кімде болса пьесалығына сендік, қазақтың тілінде жазылған, қазақ, өмірінен алынған қазақ пьесасы дейік те қарап көрейік. Бұл күнге шейін дүние жүзінде жазылған пьесалардың мақсаты, бағыты, неше түрлі болғанымен бәрінің де .әдебиет жолында амалсыздан бағынатын бір заңы бар. Ол: пьесаның ішінде сөзімен, мінезімен, ісімен кім екендігі анық көрінетін белгілі типтер шығару. Біреу жақсылықтың үлгісі, біреу жаманшылықтың айнасы, біреу қорқақтықтың, біреу биліктің, біреу ақымақтықтың, біреу қаттылықтың тағы осы секілді көп мінездердің үлгісі болып көрінуіне керек. Сондай мінезімен көрінген адамдар арқылы бүтін бір таптың, бір таптың ішіндегі әр мінезді болып жаратылған адамдардың жақсы жағы да, жаман жағы да көрінетін болуы керек. Сондықтан пьеса жазушылар әуелі типтерінің жайын ойлайды. «Қызыл сұңқарды» әуелі осы жағынан алайық: бұнда пікірлері біp болса да мінезімен, сөзімен, анда-сандағы ісімен бірінен-бірі айырылатын жеке-жеке адам бар ма? Қазақтығын, орыстығын былай қойғанда жеке-жеке әр адамның өзіне хас болған мінездерімен көрінетін революционерлер бар ма? Бұған жауап: «Қызыл сұңқарда» бөлек типтер жоқ, жалғыз Ахметқалидан басқасы бәрі бір-ақ адам, шынында Еркебұлан, Жұмаш, Жағыппар, Лозовой, Нестеров, ауырып қалғаны болмаса Бәйділда түгелімен бірі айтқан сөзді бірі айтатын тұтас бір-ақ адам емес пе? Бәрінің мінезін жиып келсек бір Еркебұланнан табылады, Лозовойдың мінезін алсаң бәрінен табылады. Бәрінің халі бір, пікірі бір, өмірі бір болғанымен де бірі оны ойлағанда, бірі мынаны ойлайды, бірі оны қиял қылғанда бірі басқаны қиял қылатын, сөйлессе ылғи біріне бірі (бас) шұлғи бермей, дауласатын да жерлері болады. Адам шын өмірін алсақ осындайдан құралады, бір кездескен он адамның бәрі бірден бір уақытта, ой ойлап, бір уақытта бір мінез істеп, бір уақытта бір-ақ нәрсені қиял қылады деу психология заңында бірінші рет қана айтылған сөз. Ол үшін бәйге тисе — біздің Сейфуллин алады. Әйтпесе, бәрі сөйлетіп қойған граммофон секілді, бәрін Сейфуллин бір-ақ қалпына соққан жансыз адамдар. Екінші: бұл пьеса қазақ өмірін көрсете ме, қазақ пьесасы екені таныла ма? Қазақ баласы осы кітаптың ішінде бар ма? Менің ойымша, қазақ пьесасы болып саналуы мүмкін емес. Жоғарыдағы айтқан әр геройлары түгелімен бір-ақ кісі болудың үстіне, оларда қазақтықтан еш бір белгі де жоқ. Бұлардың құр сарнаған сөзінен басқа жайшылықтағы мінезі мен ісі көрінбегендіктен, әдеті мен жайшылықтағы әлді жері, әлсіз жері сезілмегендіктен, тегінде қандай екендігін білу де мүмкін емес. Сондықтан қазақтығын былай қойып, жеке ғана бір адам болғанда да кім екенін білу қиын. Олай болса, пьесаны қазақтікі деп адасудың орны жоқ. Қазақтан кірген, артқы өмірі көмескілеу, бір тип — Ахметқали болса, ол мазақ есебінде көрсетілген. Орынсыз қылжақ сықақтың қол жаулығы болған. Бәйділданың: «шынына келгенде құдайы мен құмалақ өзі екеуі бірдей! Екеуі де әншейін сорлы жұртты алдауға жасалған былшыл», — деген сөзінен жоғарғының шындығы көрінеді. Қазақ өмірін көрсетпек болған ақырғы бөлім, қазақ өміріндегі Сейфуллиннің қиялы болмаса, анық өмірі емес. Қиял турасынан не айтуға болады. Кезі келіп шалқығанда футуризмге де апаратын қиялға біз не дейік. Бірақ пьесаның ішінде қазақ бар ма деген жерде айтатынымыз — барлық пьесаның ішінде Ахметқали мен Еркебұланның шешесінен басқа қазақ жоқ. Кітапта олар да тип болып көрінбейді. Ұзын өмір кітаптың бір-ақ бетінен ғана болымсыз сезіледі? Онан соңғы бір сөз декларацияны сипаттауда. Төртінші бөлімде: «Оң жақта анау биік таулар...» сөзден бастап сол беттің аяғына шейін ойын бөлмесінің сипаты кетеді. Түгелімен поэтической описание. Пьесаның беті, мақсұты үшін сонша тамылжытпақ болып әйгіленуі неге керек екенін жазушының өзі білмесе, оқушы біз, білмедік. Тағы бір сөз кітаптың бас геройы Еркебұланның аты туралы: бұл қазақта кез келмейтін ат. Мұнда қойылса — мақсұтпен қойылған болуы керек. Сондағы мақсұт не? Бұл атта мырзалық пен серілік бар. Бұла болып, болпаш болып өскен, ерке жалғыздың сипаты бар, болмаса басы ауған жағында кететін сәндік сипаты бар. Бірақ бұл атты ешуақытта еңбекшілдің қамқоры, от пен судың азабында жүрген бейнетқорға жабыстыруға болмайды. Ол болмаса, бұл адамның аузынан көбігін ағызып жүрген былшылдығы — бір келістігінен, бұлаңдығынан шыққан ғана уақытша бір мінез болуы керек. Онда негіздің жоқтығы білінеді. Әйтпесе, бұл кітаптың бәрі бастан-аяқ қазақ әдебиетінің ішіндегі еркелік пен шолжыңдық шығар. Еркебұлан деген атпен жазушы соны көрсетпек шығар. Тіпті болмаса бұланның кім екенін білдірмей жұртты сандалтып қуланғанша, өзі көрген кісілерінің шын атын атағаны дұрыс емес пе. Сонда өмірге жақын болмас па еді. Кітаптың шын мақсұты мен мағынасы да ұғылмас па еді? Осы себептерге қарағанда жазушы келешекте шынын айтар деген үміттеміз. Әзірше кітапта түгел көрінетін бір адам (законченный цельный тип) жоқтықтан, жазушының адам танымайтындығынан бар кісісі тұтасып, бір-ақ кісі болып кеткендіктен, екінші: адамдардың жан сипаты көрінбейтін жарты адамдар болғандығынан, үшінші: Еркебұлан деген ат сияқты heш бір ойсыз, ақылға симайтын, қисындылық (целесообразность) дегеннен алыс тұрған қалыптарына қарағанда, бұл кітапты өзге жақтарынан сынау орынсыз деп білемін. Кітаптың бір мақсұты — агитация десек, онда да жоғарғы шарттарды орындап отырып агитация жүргізуге болады. Болмаса мұндайларды желігіп отырған жеңіл қолмен жазып жіберген реклама дейді. Оның ішінде,. мақтанып кеткенін байқамай қалатын әңгүдіктік болады. Әйтпесе, не жазушылықтың, не жан сипатының (психология) адам баласы түгел қолданған заңдарына бағынбай, ауыздығымен алысып кеткен қисынсыздықтарына жоғарғыдан басқа себеп таба алмаймыз. Өмірінің қызуы мен салқыны жоқ, ойы менен қыры жоқ., ұзақ бейнет, ауыр жаза, өлім қаупі болса да, бір-ақ. сөз, бір-ақ іс, бір-ақ мінез, бір-ақ қиялда тұратын он шақты адам болады деп бұл күнге шейін ешкім жазып көрген жоқ. Мұндай жандар болмайды. Сондықтан мұнда өмір жоқ, жан жоқ. Көбінесе шынға қосып бұлдырды аламыштаған пьеса. Бұл кітаптың болашағына келгенде айтатынымыз сол: қазақ әдебиетінің жұрнағы болып ішінен орын алуы не ғайып. Олай болса қызыл түсті сұңқар көрінгенше бұл кітаптың ішіндегі шала көрінген геройлардың сұңқарлығы да түсініксіз бола тұрар. «Қызыл сұңқарлар» туралы енді тілейтін тілегіміз: басында да өлі аруақ, тірі достың талайына сый есебінде арналған екен, оның үстіне Орынбордағы жиын сайын жиылушыларға сый деп үлестіріледі — дейді. Баяғының қазағы біріне бірі сыйға тауыстың бір тал құйрығын бергенде қуанысып алысады екен. Тек мына сыйымыз сол құйрықтай қуантуға жарап, сондай қадірлі болғай еді.

Қоңыр

ЛӘЙЛӘ, МӘЖНҮН

Бұл өлең арабтың ескі әңгімесінің бірі. Қазақ ортасында дәл әңгімесі жайылмаса да, атағы көп жайылған, бірақ, көпшіліктің ұғуына қарағанда бұл бір ертегі сияқты болып көрінуі де мүмкін болғандықтан, алдарақ жәйін түсіндірмекшіміз. «Ләйлә, Мәжнүн» — араб әдебиетінің ішінде өзінің сұлулығымен, терең мағына, терең фантазиясымен үлкен орын алған ірі сөздің бірі. Сондықтан араб әдебиетін қарастырған Еуропа білгіштерінің көзіне де алдымен көрінетін «Арабстан гауһары» осы болатын. Бұл өлеңнің ішінде махаббат, ғашықтық деген нәрсенің барып тұрған жақсысы идеальная форма қандай болуы керек, соны көрсетеді. Сондықтан әңгімесі түпсіз терең фантазиядан, мінсіз нәзік сыршылдықтан (лирикадан) құралған. Бұл жақтарына келгенде, бүткіл дүние әдебиетінің ішінен «Ләйлә, Мәжнүн» сияқты әңгімелердің кездесуі оңай емес. Сол себепті «Ләйлә, Мәжнүнді» оқығанда Еуропаның атақты сыршыл ақыны Генрих Гейне бұл өлеңдегі терең сыршылдыққа таң қалып, шыныменен тамашалаған... Мінеки, осы секілді себептермен, «Ләйлә, Мәжнүн» қазақ әдебиетінің ішінен орын алсын демесек те, қазақ оқушылары ескі әдебиеттің асыл бір жұрнағымен таныссын деп басып отырмыз. Бұл өлеңді қазақ тілінде жазушы араб әдебиетімен жете таныстығы бар қазақтың белгілі өлеңшілерінің бірі Шаһкерім Құдайберді баласы. Бұл Физули Бағдадидің өлеңін қазақ тіліне аударып жазған еді. Соның әңгімесін өзінше өлең қылған.

Басқарма.

ОРЫНБОРДАН ТЕЛЕГРАМ

Губисполкомға, копиясы Губком секретарына.

Облыстық партия комитетінің, Қазақстан Орда Атқару Комитетінің, Қазақстан Кіндік кәсіпшілер бюросының уәкілі хисабында 16-ыншы апрельде Семейге, жалпы, оның бір жағында қазақ арасында партия, кеңес, кәсіпшілер жұмыстарын күшейту үшін шығам. Әуелгі жұмыстар: бар кәсіпшілік аудандарындағы қазақ жұмысшыларын ұйымдастыру, жер туралы шыққан декреттерді іске асыру һәм қазақ кедейлерін милицияға кіргізу. Бұл жұмыстарды жүзеге шығару жоғарғы аталған жұмыстармен таныс ысылған қазақ қызметкерлерінің барлығына байлаулы. Сондықтан Губком мен Губисполкомға тапсырылады: тез арада айтылмыш қызметкерлерді аудандардан губернияға шақыртып алу. Әуелгі уақытта 20 кісі керек. Және де мәлімдеймін: Қазақстанның барлық губернияларына уәкілдер жіберіліп, қазіргі уақытта қазақ арасында Кеңес жұмысы жандандырылады. Бұл жұмыс айрықша маусымды болады. Сол себепті оған салқын қарау жарамайтын қылмыс болып саналады.

Номер 157.

Облыстық партия комитеті, Қазақстан Орда Атқару Комитеті һәм Қазақстан Кіндік кәсіпшілер бюросының уәкілі Әуезов. Облыстық партия комитеті, Қазақстан Орда Атқару Комитеті һәм Қазақстан кәсіпшілер бюросының уәкілі есебінде Ақмола губерниясына облыстық партия комитетінің мүшесі жолдас Асфандияр Кенжин шығатын болыпты.

АШЫҚ ХАТ

(Семей губерниясындағы қазақ қызметкерлеріне) «Қазақ тілінің» осы нөмірінде ортақшыл партиясының кіндік комитетінің Қазақстандағы ортақшылдарға жазған бұйрық хаты басылып отыр. Кіндік мекемелерде шығатын бұл секілді хаттар көп бұйрықтың бірі, көп сәлемнің ішіндегі бір сәлем деп қарауына керек емес. Кеңес үкіметі құрылғаннан бері қарай ортақшыл партиясының кіндігі осы сияқты хаттарды ұсақ республикалардың әрқайсысына арнап жазған болатын. Соларға. қарасақ, бәрінде де еншісін алып, бөлек болып шыққан ұсақ ұлттар тізгінін қалай ұстап, көшін қалай бастап, отауын қалай тігіп жүргенін сынға алып, дұрыс ісін мақұлдап, терісін жөнге салып отыратын. Бастан аяқ істелген жалпақ ісін қорытынды жасап, келешектегі ісіне нұсқау беріп отыратын. Қазақстан автономиясы құрылғаннан бері қарай біздің республикада болып жатқан жөн жұмыс, кем-кетікке кіндіктің өз пікірін ашық айтқаны осы жол. Қазақстандағы жалпы кемшілікті, оны емдейтін емді айтып: жазған бірінші хаты осы. Сондықтан бұл хатты жай - жапсарды сұраған жайға ғана сәлем хат деп қарамаймыз. Не кеңестер съезінде, не партия съезінде Қазақстан. турасында жасалған белгілі қаулы, негізді жол есебінде тұтамыз. Кіндік хатына осындайлық мағына беріп, маңызды деп санағандықтан Семей отаршылдарының губерниялық комитеті барлық уездік комитеттері һәм жергілікті қызметкерлерге өз тарапынан қосымша хат жазып, губерния ішінде шаншулы мәселелер туралы өзінің ем-домын айтып отыр. Губком хатында көбінесе уездердің орыс қызметкерлерінің кемшілігі, теріс мінездері турасында жазылғандықтан, мен оларды қойып, қазақ қызметкерлеріне біраз сөз арнап айтпақшымын. Соңғы уақытқа шейін ұсақ республикалардың бәрінде бірдей болса да, әсіресе, Қазақстанда арылмай келе жатқан бір дерт — ұлтшылдық пен ортақшылдық тартысы. Бұл әңгіме кеңес үкіметі құрылғаннан бері қарай көп сөйленіп келе жатқан сөз болса да, әлі күнге аяғы жерге тиген жоқ. Республика денесіндегі бір дерт болса, емі әлі күнге табылған жоқ. Жергілікті қызметкерлер өз қотырын өзі қасып, осы аурудың емін табайық деп келген күнде де, бірімен бірінің пікірі қайшы өтісіп, кемшілігі қатар түсіп, жарысып келеді. Бірінің ұғуынша, ұлтшылдықты ортақшылдық туғызады, екіншісінің ұғуынша, ортақшылдықты ұлтшылдық туғызады? 78 күнге шейін аяқтамағандықтан, бұл әңгіме қатындардың ұрысына ұқсап барады. «Мен салдақы болсам, сен де салдақысың» — дегеннің кебін киіп отыр. Осындай халдың себебімен, ел ортасында істелетін негізгі ауқымды істердің көбі бір орнынан жылжымай, бір қалпынан аспай отыр. Бұның бәрінің залалы айналып, үйіріліп келгенде (тасы қызған жарысқойлар да қалып отырған жоқ), солардың өзіменен қолына қарап отырған еңбекшіл қалың елде қалып отыр. Біздің ұғуымызша, өз қотырын езі қасығанның бір түрлісі осы болады. Сондықтан, бұл күнге шейін қазақ қызметкерлерінің мінезінде болған кемшіліктерді айтып өтпекшіміз. Қазақ қызметкерлеріндегі кемшілік неше тараулы. Бір табы — негізгі мәселелерді өз ойында дәлдеп шеше алмай, арлы-берлі сандалып, шатасып жүрсе, бір табы — көпшілігі күндегі істейтін ісінің бетін дұрыстап айыра алмай, өз жолын өзі білмей, қақтығумен сенделуде жүр. Кешегі пікіріне — бүгінгі ісі, бүгінгі пікіріне — ертеңгі ісі үйлеспейді, пікір жолында қатпаған, нығаймаған былқылдақтығын көрсетіп жүр. Көбінесе саяздық пен тұрақсыздық білініп отыр. Бір күні өте ұлтшыл, бір күні өте ортақшыл. Бір мәселенің тұсында елшіл, екінші мәселеге көпшіл. Шек білмей жөнді айырмайтын, әрбір істің өңін айналдырып кететін қалыпсыздық мол болып отыр. Бір табының кемшілігі осы болса, ендігі бір табы — ете төменшік. Өзгеріс заманына лайықты болған екпін кеуде жоқ. Маңайындағы жұрттың бәрін жат көріп, бөтенситін мінезі көп. «Қазақтан қаны басқа адам болса— бәрі бірдей дұшпан», — деп ұғынатын, жалпақ қазақтың жауы деп ұғынып, қазақ қызметкерлерінің бәрін бірдей кінәсі, кемшілігі жоқ, ақжүрек деп ұғынатын шалалық бар. Өзгенің бәрін жат дұшпан деп ұғынғандықтан, ішінен бәріне де қарсы болып, ол қарсылығын тағы да сыртына шығарып айтпай, айналып өз арасында қыңқылдың, ішінен бықсып жүрген қызметкерлердің де саны аз емес. Ортаға кіріп, пікірін ашық айтып, қазақтан басқаның бәрі қазақтың дұшпаны дегенді тастап, ұғып — сөз үйлестіріп, келісіп — іс үйлестіріп жүрген жігіттер губерния ішінде өте аз. Жатсыну, жасқанудың арқасында төңкеріс уақытында мұндай қызметкерлер ешбір тәжірибе, үлгі ала алмай, пікірге саяз, іске олақ, құр ғана байбаламшыл жігіт болып жүр. Олардың өндірген де, өндірер де ісі жоқ. Іске қатыспай, оңашада — ұлтшыл, кең байтақта — батыр болу, түбінде, қиын жұмыс емес. Бірақ бұл мінез — нәрсіздіктің белгісі, шынына келгенде, олардың елшілдігіне де сенім жоқ. Көбінесе ұлтшылдықты мода есебінде үлгі қылып жүр деу керек. Әйтпесе, ұлтшыл болсаң: тұмсығыңның ар жағындағы жерді көрме — деп, тоты құсша бір сөзден басқа сөзді білме — деп ешкім де айтқан жоқ. Бір жыл өтсе де, он жыл өтсе де бір ұзақ сонар сөзден айрылмай, іс жүзінде дәнеңе істемей жүру баяғыдағы орыс оқығандарының обломовщинесі болады. Қазақ қызметкерлерінің мінезін өзіңе тартпай, дәл сынағанда көзге айқын көрінетін орасан мінездер, негізгі кемшіліктер толып жатыр. Қай қазақтың қызметкерін алсақ та, мемлекеттің негізін түсініп, мемлекетшіліктің рухын бойына сіңіріп алған жоқ. Бәрінің ісінде де шалалық, жарым-жартылы көп, іске сенбейтін сенімсіздік, олақтық көп, белсеніп кіріспейтін жерқорқақтық көп, ісі өнімсіз, пікірі байлаусыз, беті белгісіз. Россияда болып өткен әр түрлі үкіметтерді былай қойып, қазақ қызметкерлерінің өз қызметін алғанда, бадырайтып санап беретін қандай істері бар? Істеліп қалған азын-аулақ істер болса, сәті келіп, ойда жоқтан кездесіп істеліп отыр. Болмаса, қазақ жігіттерінің мемлекеттің саясаты билеп, мемлекетшіл рухы, беті билеп істеліп отырған дәнеңесі де жоқ. Ондай өнімді істі істей алмайтынын қазақ қызметкерлерінің бәрі де көрсеткен. Бұл сөздерге мысалды алыстан іздеу керек емес, біздің жалпы мінездерімізді көрсету үшін дәлелдер де жетеді. Қазақ ішінде қай заманда болса да бірінші керек нәрсе — оқу десек, сол оқуды ретті қылып қоятын қазақ учительдері қазақ баласын оқытып отыр ма? Жоқ. Бұл нені көрсетеді? Қазақтың кейінгі үрім-бұтағына ұлт мектебін жасамақшы болдық. Соған қолынан іс келетін жігіттер мектеп құралын дайындап, тиісті кітабын жазды ма? Жоқ. Қазақтың елі кейін қалған екен, оны өрге сүйреу үшін тәртіп пен талмай іс істеу керек екен. Сол тәртіпті түсініп, істің пайдасы үшін көпшілікке бағынып жүретін қызметкер бар ма? Жоқ. Өзге жұрт қызметкерінің жиырмасын бағындыру(...). Қазақ қызметкерінің тоңқылдақ өкпесі бар, біреу ерегіссе қызметін тастап кететін де өкпесі бар. Мемлекет рухы түгілі болымсыз тәртіп сақтауға, қисынды іске бағынуға да мойыны жар бермейді. Іс ауыр, қиын болғандықтан талмай ұзақ істеу керек болса, соны түсініп, талмай істеп отыратын қазақ қызметкері бола ма? Жоқ. Себебі, денсаулығы тәтті, қырда жатып тынығуына керек. Кейбір жігіттер жазды жыл сайын қырда өткізіп, күз болып, қыр көңілсіз тартқанда ғана қалаға келіп, сонда да ел үшін жар құлағы жастыққа тимей жүр деп жүрген жоқ па? Бір себептермен қырға шыға алмай, қалада қалатыны болса, ертеңді-кеш уһілеп күрсініп: «Мәскеуге... Мәскеуге!..» — деп ыңыранған Чеховтың кәрі қыздарындай «Қыр... Қыр!..», — деп аңсасы құрып жүрген жоқ па? Бұның бәрі нені көрсетеді? Бірінші, қазақ жігіттерінің қолынан өнімді істің келмейтінін көрсетеді. Пікір, білім жолындағы шалалығын, әлеуметшіл жолындағы жетілмегенін, нығаймағандығын көрсетеді Сондықтан бізде өркендеп кеткен іс жоқ. Ретке басқан, беті ашылған дұрыс жол жоқ. Қызметке ысылып, тәртіпке бойсынып, қалыпталған қызметкер жоқ. Сондықтан біздің барлық істеріміз «кустарничестводан» асып жүрген жоқ. Ісіміз болса, қазақ қолымен тоқылған шекпен секілді, өзіміздің өнеріміз сол шекпеншінің ғана өнеріндей. Міне, осы халді қазақ кызметкерлері түсіну керек. Қазақ еңбекшілінің пайдасын шын ойлайтын болса, осы күнде де талай жұмыс істеуге болады. Қазақ жігіттері: «Іс істейтін өрісіміз тар болғандықтан істей алмадық»,— деп айта алмайды. Қайта өрісін ұзақсынғандықтан, жалқаулықтан істей алмай отыр. Бұл даусыз хахиқат. Ұлтшылдық пен отаршылдық тартысы, Ахаң айтқандай, «орыс мәдениеті мен қазақ мәдениеті теңескенге шейін арылмайтын ұзақ дерт». Бірақ, іс жүзінде оның кедергісін әр бір күнде жоғалтып, кемітіп отыруға болады. Сол үшін қазақ қызметкерлері өз кемшіліктерін мойнына алып, теріс мінездерін жоғалтуға тырысу керек. Тәртіпті, ұғымды, ұзақ сонар қызметкер болуға, ұмтылу керек. Сол уақытта ғана істеген істен жеміс күтіп,. келешекке үміт артуға болады. Бұдан басқа жол жоқ.

Мұхтар

СЕМЕЙДІҢ ГУБЕРНИЯЛЫҚ ҮШІНШІ КЕҢЕСТЕР ТОБЫНА

Семейдің губерниялық үшінші кеңестер тобы бүгінгі күн ашылып отыр. Бұл сияқты губерниялық топ бұдан бұрын Семейде екі рет болып өтті. Сондықтан губерниялық кеңестер тобы деген сөз — қазақтың құлағына жат сөз емес. Топтың бәрі бір атана болғанымен де, істеген жұмысы, маңызы, мағынасы әр түрлі болмақ. Бұдан бұрынғы болған екі топ маңыз, мағына жағынан қарағанда салыстыруға келмейтін екі түрлі маңызда болды. Бұл үшінші топ — олардан кері де тіпті басқа мағынада болуы керек. Губерниялық топтардың маңыз, мағыналарын салыстырғанда мен қазаққа жұғысы бар мәселелер жағынан ғана қарастырып салмақтаймын. Бірінші: губерниялық кеңестер тобы болған уақытта Семей губерниясы Сібірдің төңкеріс комитетінің қарауында тұрды. Сібірдің төңкеріс комитетінің ұстанған жолы, көздеген мақсаты — губерниясын өзінің қарауында қалдыру еді. Сол мақсатын орындау жолында Семейді билегенде отаршылдық әдісін (саясатын) қолданды. Іс басында отырғандардың бәрі де бұрынғы отаршылдық қаны тамырын кеулегендер, назарды құлдануды, иеленуді өнер көру жолында тәрбиеленгендер болды. Соның салдарынан бірінші губерниялық кеңестер тобында еңбекшіл қазақ елінің дауысы далада қалды. Отаршылдардың айтқаны ғана болды. Губерниялық атқару комитетіне қазақтан жалғыз ғана кісі мүше болып кірді. Бұл орасандық Орынбордағы кіндік қазақ комитетінің бірінші жалпы жиылысында үлкен сөз болды. Семей губерниясы Қазақстанға қарағаннан кейін күшпен сайланған губатком тарқатылып, оның орнына уақытша төңкеріс комитеті жасалды. Отаршылармен Орынбордан келген уәкілдің арасында үлкен тартыс басталды. Ақырында Орынбор уәкілі еріксіздікпен Орынборға қайтып кетті. Екінші губерниялық кеңестер тобы шақырылған уақытта губерниядағы қазақ елі өте көңілсіз түрде болды. Губерниялық топ уақытында Орынбордан келген уәкілдің қайтып кетуіне қазақ елінің ренжуде қалған, оның уақытында болған қазақтың лепірген көңілі өте бәсеңдеп, қайтып қалғанын шет жағалатып қазақ уәкілдері білдіріп те жүрді. Губерниялық атқару комитетінің һәм губерниялық уақытша болған төңкеріс комитетінің істеген қызметтерін баяндағанда, губерниялық атқару комитетінің қазақ елі үшін істеген ешбір қызметі көрінбеуі. Губерниялық төңкеріс комитетінің аз уақыттың ішінде қазақ елінің рухын едәуір көтергендігі, қазақты өкімет қызметіне жақындатқандығы көрінді. Бұл баяндамаларды тыңдап, қорытынды жасаған уақытта қаулы өткеру үшін топқа екі қорытынды ұсынылды: бір қорытынды — губаткомның жұмысын ұнамсыз тауып, губерниялық төңкеріс комитетінің ұстанған жолын дұрыс табады. Екінші қорытынды бұған қарсы: губаткомнын, ісін дұрыс тауып, губерниялық төңкеріс комитетінің жолын қата дейді. Осы екі қорытынды топқа қойылғанда, біріншісіне — айырымсыз ылғи қазақ, екіншісіне — айырымсыз ылғи орыс дауыс берді". Көпшілікпен екінші қорытынды қаулыдан өтті. Осы орында бұл күнге шейін орыс пен қазақтың ешбір бірлесе алмағаны көрініп қалды. Қай түрлі топ болса да қазақ өкілдері ала болып, жіктеніп көрген емес. Жалпы қазақ атаулының мұңы бір болған соң, ала болуларына ешбір жол жоқ. Екінші топ та, қазақ, халқы да хакімдіктің бір жақ тізгініне жармасты. Бұрыннан отырған отаршылдардың бұлтарысына Орынбордан дәл сол уақытта келген Авдеев жолдас жол қоймады. Еңбекші қазақтың өзіне тиісті мүшелі орнын берді. Сол екінші топтан бері бұл үшінші топқа дейін болған уақытта, Семей губерниясының қазағы шетке қағылған жоқ. Жұмыстарына бөгет көрген жоқ. Осы ашылып отырған үшінші топта қазақ елі басқалардан гөрі үлкенірек жауапты, үлкенірек міндетті көтергелі отыр. Дәл осы уақытта: «Үкімет қазақтікі» — деген сөз құр жазуда ғана емес, іс жүзінде көрініп отыр. Орынбордан уәкілдер үстіне уәкілдер келіп, Семей губерниясының ауасын жаңартып, жолын түзеп, саралап берді. Қазақ уәкілдері бұл топта ынталы болып, көздерін ашыңқырап, құлақтарын түріп, әр мәселені жете қарап, негізінен шешулері керек. Бұдан былай үкімет жұмысының бағытына көбінесе еңбекшіл қазақ елі көбірек жауапты екенін естен бір минут шығармасқа керек. Осы ашылып отырған губерниялық топтың жұмысқа бөгет дерлік ешбір сылтауы қалған жоқ. Бұл топ — қазақ елін қатарға кіргізіп, мұң-мұхтажын қарастырады, жалпы шаруашылықтың түзелуіне барлық шараны қолдану жолын көрсетеді деп білеміз.

АРҚАЛАНУДЫ ҚАЛДЫРУ КЕРЕК

Газетымыздың осы санында жазылып отырған «200 түйе құн» деген сөзде жазушы көбінесе құн алушылардың хакімдік басында жүрген азаматтарды арқалануын көрсетеді. Өзінің көп сөзінде құн алушыларды көпшіктен, өзі жалтақтаған мінезін көрсетеді. Бұл біреуді арқалану, басқалардың атымен пайдалану деген сөз қазақ елінде арылмай келе жатқан аурудың бірі: бір жұмыс істелсе, біреу тұтқынға алынса, біреу орнынан түссе,біреу орынға мінсе, яки өнер тапса сыртқы қазақ ол жұмыстың бәрін екінші біреуден деп біледі, өзінше, ылғи теріс мағына беріп, жориды. Бұл жазуды ылғи түпсіз қиял деп айтуға болмағанмен де, көбі құрғақ ой екендігіне шүбә жоқ. Бұл бұрынғы надандық жемісі, ру, ата, жерлестіктің қазақ елінде өте күшті болғандығынан қалған жаман мұра. Ілігері құба қалмақ заманда қазақтың күшті табы нашар тапты шауып алып, құлданып, күңденіп жүрді. Русияға қарағаннан кейін де бұл нашар әдет қалмады: екі дуан елдің дауын бітіретін төтенше бас қосу да (ширезушайный съез) һәр елдің «әділ» деген билері өз елінің дауын даулап, арам болса да жатқа сөз бермеуді ойлайтын, руға бөлініп, көпшілікпен бүктеп, нашар рудың ақысын ылғи ғана сіңіріп отыратын. Mіне, сол уақыттан бері келе жатқан осы тарихы жаман әдет осы күнде де өзінің қара ноқтасын қазақтың жүрегінде сақтап отыр; бұған мысал етіп осы жазылып отырған Сыбанұлының сөзін көрсетейін; Сыбанұлы барлық жазған сөзінде құн даулаушылардың руының күшті екенін, олардың сырттан айтқан, қара буралаған сөзін ғана көрсетеді. Бұл сөз үкімет басындағы кісілердің алдына түсіп, олар ана күшті руды жақтады деген сөзді айтпайды. Іс солай болса, бұл Сыбанұлының жазып отырғанын ескі нашар әдеттің ізі ғана деп түсінуге болады, Шыңғыс елінде аухалби, аухалтырге һәм басқа да үкімет кісілері тұрғанын біз білеміз. Солардың қайсысына барып Сыбанның сөзі далада қалды екен? Әрине, оған Сыбанұлы жауап бере алмайды. Бұл жұмыс турасында қырдағы жоғарғы көрсетілген үкімет кісілері өз туыстарынан шарасын істемей отырған жоқ. Семейдегі губхалбикеңді де хабарландырмай отырған жоқ. Губхалбикеңнен алған мағлұматымызға қарағанда бұл жұмысты түбірлеп тексертуге барлық шарасы істелген көрінеді. Жәбір көріп отырған Сыбанұлы осы газетке жазған хабарынан басқа һеш бір орынға білдірмей, құн сұраушыларға мойынсұнып қарап отырғанын өзі айтып отыр. Ал енді бұл жұмысқа кім айыпты? Әрине, зорлықшылар айыпты, сонымен бірге құрғақ зорлық, өзімшіл билікке бас иіп, мойынсұнып отырған Сыбан айыпты. Сыбан қырдағы дайын тұрған үкімет кеңселеріне шауып барып, неге көмек сұрап алмайды? Осыны істеп, күн іздеп жүрген Турағұлды Сыбанұлы әлденелік мағына беріп, дәріс оқыған азаматтардың ретіне қосып көрсетеді (кекеп айтса да). Онысы тіпті үлкен қате. Тұрағұл кім? — Ол әншейін қатарлы қыр қазағы, оның ісін басқа қазақтардан айырып қарауға болмайды. Марқұм Абай ақынның қасиетін Тұрағұл мен Мекайылдың айналасынан іздеген үлкен адасқандық. Құнанбай ұлдарының осы істеген қылмыстарын құн, яки барымта деп айтуға болмайды. Құн болса, кісіні өлтірген елден, ауылдан сұралады (Уголовный кодекс 228-ші статья). Барымта болса, ақысына жету үшін алынады (Уголовный кодекс, 229-шы статья). Бұл жұмыс ол екеуінің біріне де келмейді; өлген кісі кімнің оғынан өлді, әлде үш рудың кісісі қатар атты ма, өлтіруде анық кім айыпты? Ол жағы әлі көмескі жатыр. Соған қарағанда бұл жұмысты сылтаумен мал табу үшін жасалған қол қимыл деп түсінуге болады (Уголовный кодекс, 182—186 статьялар). Сыбанның бұл мақаласы газетке жазылып отырылғандығы мақсұт қылмыс істеушілерді ел алдына салып масқаралау, жазасын ауырлату емес, ондай мақсұт бұл сияқты кісілердің қылмысын жариялаумен орындалмайды. Қатарлы ел азаматы болған, ел алдында жауапты саналатын кісілердің қылмысы ғана жоғарғы мақсұтпен газетаға жазылады. Бұл мақаланы жазудағы басқарманың мақсұты, қазақтың ескі әдетпен адасқан ойда жүргенін көрсету. Бұдан былай: сондай ойдың қалуына шара іздеу, арқаланып, сырттан малдануды кұрту; Абыралының хабарында да осы мақсұтты көз алдында ұстаған басқарма Майқы мен Бошанға бөлінген Қарқаралы уезінің азаматтарына да ескерту салып өтті (74-ші сан, «Қазақ тілі», 19 сентябрь 22-ші жыл). Әлі де болса басқарманың айтатыны: іс басындағы азамат та өте сақ болып, әділет тізгінінен айырылмау керек, арқаланып қылмыс істеушілерге арқа болған азаматтың өзі көз болып, қуғын салу керек, деген сөз болады. Кейбір шолақ ақылды, аз оқулы іс басына мінген азамат сымақтың ескі әдетті қолдануы сезілсе алдын ала тиым салып, тиісті жазасын тарттыру керек. Сол уақытта ғана арқалану, сырттан малдану өсегі қалады деп білеміз.

ОҚУҒА ҰМТЫЛАТЫН УАҚЫТ

Оқудың керектігі турасында сөз жазып отырудың керектігі жоқ! Аспандағы күннің барлығына қандай сенім болса, оқудың керектігіне де сондай сенім болған: оқусыз ел — дүниедегі тіршілік жарысына ере алмай жоқ болады. Біз: «Қазақ үкіметі, қазақ ұлты» — деген сөздің бәрін де оқу таразысымен өлшейміз: оқусыз атақ — өрмекшінің ұясы сияқты бос нәрсе. Қазақтың азаматтары 1917-інші жылы һәм одан бергі уақыттарда оқу жұмысына өте көңіл беріп кіріскен түрде болды. Өткен 21-інші жылдан бері бүтін Қазақстан өлкесінде, оның бергі жағында осы Семей губерниясында қазақтың оқу жұмысы өте көңілсіз халге айланды. Оның себептерін бұрынғы мақалаларымызда көп жазып, елдің алдына салып, пікір жүргіздік. Сол сөз, сол пікір бұл уақытта пікір бойынша қалып отырған түрі бар. Губерниялық уездің оқу бөлімдерінен қазақ азаматтары сытылып шығып кетіп отыр. Мұғалімдердің жаралысы басқа қызметке, басқа кәсіпке ауысып кіріп отыр. Оқу іздеген қазақ балалары құры сандалаққа түсіп жүр. Оқу жұмысын біз газет бетінде ғана емес, уездік, губерниялық топтардың .алдында да қозғадық. Неше түрлі әдемі жобаларды өткізіп, қаулылар шығардық: міне, оқу уақыты келіп жетті, дайындық істеген ұлттың мектептері ашылып, балалары оқи бастады, біздің қазақ...(ше)? Бұрынғы көп мектептер азайтылып ықшамдалды: сол ықшамдалған мектептерден қазақ өзінің санына қарай сыбаға алды. Семей қаласында партшкол ғана ашылып, 80 бала шамасы қазақ балалары оқып отыр. Бұрынғы Семейдегі рабфак жабылды. Институт деген оқу жұрты да қазақтың кісісі жоқ болғандықтан жабылып отыр. Қазірдегі қазақ үшін ашылғалы отырған мектеп орта дәрежелі (педагогический техникум) мұғалімдік жұрты. Қазақ оқытушыларының, азаматтарының жоқтығын еске алып, оқу бөлімі бұл мектепті де керексіз (деп) тапқан екен. Губерниялық топта қазақ уәкілдері «Кісі табылады, ашу керек» — деген жобаны қуаттап өткізіп отыр. Бұл мектепке әлі шәкірт те келген жоқ, мұғалімдер де келген жоқ. Бұл мектепте оқытуға лайықтанған азаматтар Әлікей Сәтбайұлы, Сейтбаттал Мұстафаұлы, Имам Әлімбиікұлы еді. Сейтбаттал келіп отыр, ана екеуі келген жоқ. Басқа уездерде қаншалық мектеп ашылды, қай дәрежеде болып ашылды? Бізде түсіп отырған мағлұмат жоқ. Елді түзу жолға жетектейтін азаматтар, қазақ елін қатарға кіргізуді мақсұт еткен азаматтар, оқу жұмысын қарастырыңыздар. Оқу жұмысы қасиетті жұмыс екенін, саясатқа құрбан болуға жарамайтын жұмыс екенін кеш уақытта көңілдеріңізден шығармаңыздар. Оқу бөлімдеріне қазақ азаматтары кіріп, қазақ мектептерін ретке салулары керек. Жергілікті елдің қазынасынан асыралатын мектептерімізді өңдеп, барлық керектерін табу керек. 20—21-інші жылдардағы елдің орталарына салынбақ болған, кейбіреулері қаланып бітіп қойған, кейбіреулерінің кірпіші дайындалып қойылған мектептерді аяқсыз қалдыруға жарамайды. Оған оқу бөлімдері не болып, жергілікті қазына есебінен түзеттіріп, мектеп жасап алулары керек. Сол күйінде аяқсыз қалып, жоғалып кетсе, халықтың малы, қанша еңбегі босқа жоғалғанына есеп болады. Ол кешілмейтін күнә. Мемлекет ішкі жағынан һәм сыртқы жағынан қауіпсіз халге айланып, титықты, ашаршылықтан құтылды. Ендігі күш салып қарастыратын жұмысымыз — оқу һәм шаруаны түзеп, өнімді арттыру. Губерниялық оқу бөліміндегі һәм уездік оқу бөлімдеріндегі қазақ азаматтарынан оқу жұмысы туралы мағлұмат жіберіп тұруларын айрықша өтініш етеді. Оқу жұмысы не халде екенін біліп отыруды жалпы қазақ елі керек етеді. Сондықтан оқу жұмысын газетке жазып, мән-жәйін елдің алдына салып отыруға міндеттіміз.

К ТРЕХЛЕТИЮ КИРГИЗСКОЙ РЕСПУБЛИКИ

Сегодня исполнилось три года со дня объявления Автономной республики трудящихся Киргизии. В истории нашей революции этот день стал днем фактического раскрепощения ранее угнетенных туземных масс Киргизского края от бывшей царской колонии. В истории же киргизского трудового народа этот день знаменует собой реальное воплощение в жизнь его идеалов и стремлений на пути освобождения от колониального гнета и великодержавной кабалы. Перенеся последние пытки самодержавия, вылившиеся в дикие формы мобилизации киргиз на тыловые работы в 1916 году, и усилившийся режим полицейских держиморд в степи, доходивших до абсолютного попрания всех прав его как народа, трудовая масса кирнаселения в тумане грядущих дней тогда еще инстинктивно чувствовала приближение восходящего солнца свободы над унылыми степями. И в последние дореволюционные годы в сознании обитателей этих полудиких степей уже бродили чаяния о свободе и заветные мечты о далекой «автомонии» (так киргизы произносили слово «автономия»). Начиная с того момента, киргиз своими внутренними переживаниями постепенно втягивался в орбиту революционной жизни. В первые годы революции он уже реагировал всеми фибрами души на все события, происходившие на видимом для него политическом горизонте. Правда, не все события он понимал правильно, потому и представлял себе значение многих из них очень смутно. Некоторые события до слухов степняков доходили в легендарной форме и служили сюжетом весьма распространенных фантастических рассказов, где беллетрист-киргиз в качестве полумифических героев выставлял на сцену «большого бека» и «меньшого бека» как двуx противников, борющихся насмерть за идеал, и оба— за народное благо. Прошло немного времени с тех пор, и мы теперь видим выросшую в дыму и пламени революционных событий, выросшую на наших глазах стройную фигуру молодой республики трудового народа, занявшего уже свое место в семье остальных ранее угнетенных, а ныне точно так же освобожденных национальностей Российской республики. Его республика оформляется, крепнет на наших глазах и как цельный государственный организм пускает глубокие корни в толщу трудовой массы, устанавливая непосредственную связь и тесное сотрудничество с ней в деле создания своей государственности, близко стоящей к непосредственным интересам и жизненно бытовым особенностям той же самой массы. В близости этой республики, этой новой государственности, по своему духу, по своим принципам и намеченным задачам к трудовой массе нет сомнения не только у сознательных слоев трудящихся, но даже и у степняка. Справедливость этих слов выясняется не путем теоретических рассуждений и не путем предположительных догадок, а путем несомненных фактов роста политического правосознания, пролетарского чутья и роста симпатии к власти Советов. Вопреки злостной агитации и навеянным ложным мыслям предыдущих контрреволюционных правительств против Советской власти, огромное большинство трудовой киргизской массы судит весьма логично и трезво по тем результатам, которые достигнуты им во времена каждого из этих правительств. И в этом отношении для него является вполне очевидной та огромная разница, которая существует между властью Советской и властью эсеров и остальных контрреволюционеров различных мастей. Факты существования автономной республики, во главе которой стоят представители этого трудового народа, существование бесчисленных льгот для кочевого населения сообразно хозяйственно-бытовым особенностям при несении государственных повинностей, существование судов, построенных по национальным признакам, точно так же соответственно укладу его жизни, повсеместное мировое привлечение кирбедноты в ряды милиции, в органы административного управления с целью сближения власти с толщей трудовых слоев, и наконец, начавшиеся недавно государственные мероприятия по урегулированию земельных отношений киргиз с казачьим и крестьянским населением с целью удовлетворения земельных нужд коренного населения в первую очередь служат прежде всего живой агитацией за Советскую* власть и бесспорным фактом о несомненной близости власти Советов к интересам трудящихся всех угнетенных национальностей. Что значат такие крохи, обещанные Комитетом членов: Учредительного собрания и Уфимским совещанием контрреволюционных групп, работавших под лозунгом возврата к черной реакции и возрождения единой неделимой. России, в сравнении с перечисленными выше реальными достижениями при Советской власти, — в этом вполне трезво разбирается реалист-степняк. Ему помогает разбираться в этом не наша агитация, а наши действия. Логика прошлых событий и анализ мероприятий сегодняшнего дня раз и навсегда определяют для киргиза его путь, его направление и разрешают для него вопрос, на чьей стороне должна быть его симпатия. Представшая перед ним дилемма: капитал или труд — была ясна для него. И он ныне уже вседело приобщился к труду. В этом нет преувеличений, нет восторженного пафоса, это есть объективное изложение действительности нашим языком, языком обыкновенной плебейской прозы, которым мы говорим о всех наших недочетах и достижениях с одним и тем же спокойствием.

АХАҢНЫҢ ЕЛУ ЖЫЛДЫҚ ТОЙЫ

Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндерінің бірі деп саналады. Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаңа арналған тұңғыш той — ой ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты істің бірі. Әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі. Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестеді. Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ай ұзағам ыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиет-үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді. «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі қазақтың ұзын ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш — мәңгілік ескерткіш. Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ахаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әндері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік, көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді. Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер, қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттегендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын жол мұндалап, жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын. Ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң «маса» болып талай ызыңдап «оятамын» деп ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын. «Қазақ» газетінің сол заманнан бері қарай талай өмірі өткен сияқты. Бұл уақыттың жылдай, саусақпен санағандай аз жыл болса да болып өткен уақиғаларына қарағанда көп, заманға жауап ұратын толқынды заманның бірі. Өзге дүниеде болып жатқан ұлы өзгерісті қоя тұрып, қазақтың өзін алғанда, әлденеше тарихшыға еңбек болатын тарихи уақиғалар өтіп жатыр. Бұрынғы уақытта қазақ баласының есіне келмеген, мағынасы үлкен уақиғаның бірі — қазіргі жасалып отырған Ахаңның 50 жылдық тойы. Саясат толқынына түсіп, ойы ашылған, мәдениет жолында аз да болса ілгері басып беті ашылған қазақ жұрты, бұрынғы ауыр күнде басшысы болған азаматының атын құрметпенен атағысы келеді. Еркін ойды ойлатпай ауыздан шыққан сөзді баққан патша заманында қазақ жұрты қайрат қылған еріне арнаулы сөзін айта алмаса,бүгінгі күнде азаматты 50 жасқа келіп, сақал-шашы ағарған күнде өксікті сөзін айта алады. Ахаңның атын қазақ даласындағы қазақ баласының естімегені аз шығар! Бірақ Ахаңды туғызған елі жалаң атын естіп қоймай, басынан кешірген өмірін білуге де ынтық болғандықтан білгенімізше бала күннен бергі өмірін қысқаша қылып айтып өтпекшіміз. Ахаң 1873 жылы Торғай облысы, Торғай уезінде Тосын болысында туған, сүйегі Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергідегі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Ахаң Шошақтың немересі. өз әкесінің аты — Байтұрсын. Ахаңның туып-өскен ауылы қыр қазағының ұғымынша ол кездегі Үмбетейдегі іргелі, аталы ауылдың бірі болған. Оның үстіне белгілі батырдың тұқымы болғандықтан Ахаңның жақындарының ішінен батырлықты, мықтылықты салт қылған ірі мінезді адамдар көбірек шыққан. Ахаңның әкесі Байтұрсын баласын өзге ағайындары түскен жолға түсірмей, өнер-білім үйретпекші болып, жас кезінде Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ школына берген. Сол школда оқып жүріп, 13-ке келгенде әкесі Байтұрсын үкімет алдында «жазықты» кісі болып, Сібірге айдалып кеткен. Мұның себебі, Тосын болысының сайлауына шыққан Торғай уезінің начальнигі «кәрі ояз» Яковлев Үмбетейге бұрыннан көптігін көрсетіп, зорлық қылып жүрген Дәуітбай тобына болысып, соның сөзін қостап, бұларға қиянат қылғандықтан Байтұрсын «кәрі оязды» сабап, басын жарған, Байтұрсынның айдалған себебі осы. Бұл уақиға Ахаңның соңғы кездегі «Анама хат» деген өлеңінде бала күндегі жүрегіне қандай әсер бергендігін көрсетеді:

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам, —
дегені сол күнде әкесі көрген бейнеттен қалған белгісі.

Торғайдағы алғашқы түскен школын жастай бітірген соң, тағы ілгері оқуды талап қылып, Ахмет Орынбордағы учительдік школына түскен. Әуелгі школында да һәм соңғы Орынбор школында да сабақтас балалардың алды болып, жақсы оқыған. Учительдік школдан 4 жыл оқып, жасы 19-ға келгенде, 1892 жылы оны да бітірген. Ахаңның тәртіпті мектептен алған барлық оқуы осы. Оқу бітірген соң әуелде мақсұт қылған жолымен ел ортасына барып, қазақ балаларын оқытпақ ниетімен Ақтөбе уезі Сатпақты болысындағы Ахметкерей Қопсыбақовтардың ауылындағы ауылнай школға барып, оқытушы болған. Мұнда біраз уақыт болған соң, Қостанай уезінде Әулиекөл деген жерде болыстық школында екінші рет оқытушы болған. Әулиекөлден үшінші рет ауысып барған школы Қостанай қаласының уезіндегі екі сыныптық орыс-қазақ школы. Бұл айтылған үш школда неше жылдан тұрғаны бізге белгісіз. Жиыны үшеуінде төрт жыл тұрып, 1896 жылы Омбыда Ақмола, Семей школдарын басқарып тұрған Алекторовпен хабарласып, Омбыға барған. Ахаңның Қостанайдан кетуіндегі себептерінің көбі бізге белгісіз. Кетуінің бір себебі, қазақтың басқа жерлердегі хал-жайын көріп-білу болса керек. Омбыға барып, Алекторовпен көрісуі — Ахаңның кейінгі күндегі адамшылығы мен ісіне екі түрлі әсер берген. Біреуі, Алекторовтың қазақ турасындағы отаршылдық саясатының басын біліп, көздеп жүрген мақсұтын сезген болар. Атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін ашу үшін осы оқу керек деген саясатты тұтынып жүргендігін сөздерімен білдірген Алекторовтың ниетімен жақын келіп танысқан соң, Ахмет қазақ халқының жағдайының ауырлығын ұғып, ел турасындағы түкпірлі ойы сол кезде ояна бастаған. Алекторовпен танысудың екінші әсері — Ахаңның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім-өнер жүзіндегі шала білініп, көмескілеу түсініп жүрген нәрселерін таза білуіне себеп болған. Омбыдан соң аз уақыт тұрған жері — Қарқаралы. Онда 1896 жылдан бастап 1907 жылға шейін тұрған. Қарқаралыда әуелде сыныптық орыс-қазақ школында болып, артынан городское училищенің оқытушысы болған. Қарқаралыда тұрғандағы соңғы 4 жыл Ахаңның саясат ісіне белсеніп кірісіп, жазуымен де, ісімен де бой көрсеткен кезі. Сол мезгілде 1905 жылдың өзгерісі болған. Қазақтың Мәскеуден келген бірен-сараң студенті, басқа қалаларда оқып жүрген жастары һәм ескіліктен келе жатқан пікірі түзу үлкендерінің арасына өзгеріс рухы жайылып, қазақтың елдігін сөйлей бастаған кездері сол мезгілі болатын. 1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген, ол петициядағы аталған үлкен сөздері — бірінші, жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған, екінші, қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшінші, отаршылардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселесі осылар болғандықтан Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші болған. Сол жылдардан кейін бас қосқан жиында, жазысқан хатта, оңашада болған әңгімеде ел қамы, ел мұңы деген сөздер Ахаңның аузынан кетпейтін сөзі болған. Елшілдік ұранын салып, агитацияның ауданын кеңейтіп, ел ішіне арманды сөздерін жая бастаған. Сол жылдардың ішінде белгілі «Қырық мысал» жазылған. Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі «Қырық мысал» болатын. Бұдан кейін Ахаңның атағы жайылып, елдің шын қамқоры екендігі екінің біріне мәлім бола бастаған. Бірақ сол кезде төңкерістің күні бітіп, патшаның жауыз үкіметі қайта күшейіп, елшілдерге қуғын жасап, қысымшылық жасайтын қанды күндері қайта туған. Қазақ ішінен ежелден елді ұмытып, адамшылық қарызын шенді-шекпенге сатқан құзғын сияқты тілмаштары, өзімшіл надан болыстары бірен-сарандап бас көтерген. Қараңғы үйді бинт қылған «сабаздарға» жем айыратын жер табылған. Олар «Қырық мысалдың» өлеңдерін перевод қылып, 1905 жылдағы петиция берген адамның бәрінің атын жиып, үстінен белгілі доностарын жүргізе бастаған. Бұлардың бейнеті көпке созылмай-ақ, аз күнде еңбегі жанған. Қазақтың өзгеріс уақытында түзелуді ойлап, тура бетпен жүрген азаматтарының бәрі де үкіметтің қырын қабағына ілініп, абақтыға түсе бастаған. Сол доностың арқасында 1907 жылы Қарқаралы қаласында Ахаңды 6 жолдасымен абақтыға салған. Қарқаралы тұтқынында аз уақыт отырған соң «жазалыларды» Семейге айдаған. 12 жыл өмірін өткізіп, еңбегі жанбай айдалып бара жатқанда Ахаңның қайғылы көңілінен шыққан ауыр сөздің бірі:

Қош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған,
Айдай бер, қалса адамың қуылмаған, —

деген өлеңінен анық көрінеді. Семейде сегіз ай абақтыда отырған соң бір жарым жылға (административтік ссылкаға) айдау ретімен Орынборға келген. Орынборда сол тұрған жылдарындағы әуелгі ниет қылған бетінен тайынбай, бұрынғыдан ащырақ, күштірек тілмен «Масаны» жазған. Қазақ оқушысына естілген екінші елшілдік ұраны «Маса» болатын. Бұл кітабы шыққан кезде Уфадағы «Ғалияда» оқып жүрген қазақ шәкірттері тырбанып, талап қылып, қазақша газет шығармақшы болған. Керекті қаржыны елден жиып, өз орталарынан шығарып, газеттеріне шығарушы болуға Ахаңды белгілеген. Қазақтың ол кездегі ерте оянған тобының бірі «Ғалия» шәкірттері еді, солардың талабымен кейінгі уақытта атақты болған «Қазақ» газетіне алғашқы негіз салынған. Ахаң шығарушы болып, «Ғалия» шәкірттері көмекші жазушылары болып, Орынбордағы орыс школында жүрген барлық қазақ баласы басқарманың қара жұмысшылары болып, көптеп-көмектеп алғашқы сандарын шығара бастаған. Артынан «Қазақ» нығайып, өзін-өзі алып жүріп кетті. 1917 жылдың төңкерісіне шейін Ахаңның уақыты «Қазақ» газетімен бірге өтті. Бұнда да «Қазақтың» сатылған тілмәштары жасаған доностары аз болған жоқ. Әлденеше рет «Қазақты» жаппақ болған, штраф төлеткен, Ахаңды абақтыға салмақ болған күндері бізге белгілі. Бірақ Ахаңның денсаулығын ойлап, халін ұққан жолдастары абақтыға жатқызған жоқ. Үкіметтің тілеген штрафын беріп босатып алды. 1917 жылдың төңкерісінен бері Ахаңның істеп жүрген қызметі, жазып жүрген кітаптары, сөздері жұрттың көбіне белгілі болғандықтан одан бергі жайларын көп жазбақшы емеспін. Осы күнде Ахаң Орынборда. Басынай кешкен толқынды күндер сақал-шашына ерте күннен ақ кіргізіп, бетіне әжім түсірсе де әзірше денің сау, жас күнінен көңілі сүйген қызметі болғандықтан Орынбордағы қазақ институтының һәм басқа қазақ баласы оқыған мектептердің оқытушысы болып жүр. Мектептен босаған уақытта қазақ мектептеріне керекті кітаптар жазады. Бұрынғы оқушыларға белгілі «Тіл құралы», «Оқу құралдарынан» басқа соңғы жылдарда «Әліппе істерін» һәм қазақша жазған. Бұл соңғы кітабы осы күнде Орынборда басылып жатыр. Жаңадан алған хабарға қарағанда, былтырдан жазып жүрген «Мәдениет тарихы» деген кітабын осы күнде бітіріпті. Жақында о да басылып шықса керек. Ахаң соңғы жылдардағы уақыттың бәрін қазақтың мектебіне сарып қылып, істеген ісі де, жазған жазуы да соған арналған. Сондықтан бұрынғы уақыттағы жас буынның әлсіз ойын тербеткен, жүрекке жылы тәтті өлеңдерін соңғы жылдары ести алмай жүрміз. Бірақ Ахаңның бұрынғы айтқан сөзін әлі қазақ баласы ұмыткан жоқ, өлеңіндегі белгілі сарын әлі ескірген жоқ. Әлі күнгі қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның қоңыр желімен бірге есігі, шалқып жатыр. Бұдан 10—15 жыл бұрын:

Алаштың үмбетінің бәрі мәлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған? —

деп Ахаң айтса, біз де осы күнде соны айтамыз. Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана ардақты атын атаймыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны — «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.

Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды. Сондықтан 50 жылдық тойын істеп отырған қуанышты күнде Ахаңа біздің айтатын сөзіміз: «Ахаң — еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі — артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды». Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды, әлі де болса, өмірінің ұзақ болып, еңбегінің өнімді болуын тілеуден қазақ баласы қайтпайды.

ХАЛЫҚ ӘДЕБИЕТІ ТУРАЛЫ

Әдебиетті әдебиет тарихы бойынша тексергенде екіге бөлінеді. Бірінші, халық әдебиеті, екінші, жазба әдебиет. Халық әдебиеті деп бір халықтың мәдениет жүзінде жас болып, оқу, оқыту деген нәрселер болмаған надан шағында сол халықтың арасында ауыздан ауызға көшіп, бірден бірге қалып айтылып жүрген: өлең, жыр, ертек, мақал, жаңылтпаш, айырым бесік жырлары, діндар өлеңдер, үлгілі әңгімелер, жын, шайтан, аруақтар туралы айтылған әр түрлі хикаялар, халық дәрігерлігі, олардың жері, сиқырлар, албастылар һәм басқа да осылар сияқты сөздердің бірсыпырасы халық әдебиетіне жатады. Халық әдебиетіңде жоғарғыларды кім айтып, кім шығарғандығы, анық иесі мәлім болмайды. Ескі білетін кісілерден кім ұғып жаттап айтса, сол ие болып, бірден-бірге тапсырылып жүре береді. Ондай белгілі иесі болмаған сездер жалпы халыққа ортақ мүлік есебінде қалып отырады. Сондықтан жоғарғы айтылған адамның құлқына, тіршілігіне пайдалы жалпы халыққа ортақ сөздер халық әдебиеті деп аталады. Жазба әдебиет болса, халықтың әлгі мәдениетке аяқ басып, араларына өнер-білімнің таралған, сөздің қадірі артқан, іштерінен белгілі ақындар, шешендер шыққан шағында, солардың қолымен жазып, яки тасқа бастырып шығарған өлеңдері, үлгілі сөздері жазба әдебиетке жатады. Жазба әдебиеттің қайраткерлері туысынан талантты болған, маңайындағы көрінген түрлі көрініс, оқиғаларды ашық суреттеп отыратын заманның тілшісі болады. Оқымыстылар бір халықтың келешектегі болатын бағасын тексергенде, алдымен сол халықтың әдебиетін қолға алып қарайды. Бұл халыққа тұлға болатын негізгі ірі нәрсенің бірі сол халықтың әдебиеті деп санайды. Біздің қазақ-қырғыз халқы әдебиетінің тарихын тексерген шет жұрттың оқымыстылары қазақ-қырғыз халқының әдебиетіне қарап, қазақ-қырғыз халқы өзі тұрғылас халықтардың арасында әдебиетіне бай, басқалардан бұлардың болашағы гүлді, түбінде іргелі ел болады деп ой жүргізетін. Һәм біздің өз жазушыларымыз деп қазақ-қырғыз елінің халық әдебиетін басқа жұрттық халық әдебиетімен салыстырып, халық әдебиетіне баймыз, болашағымыз гүлді деп жобалап қуанатын. Бірақ біздің халық әдебиетіне баймыз деп ауызбен айтып құр жұбанып, құр қуанғанымыз болмаса, әлі күнге халық әдебиетін жарыққа шығару туралы аса күрделі іс істеп жүргеніміз жоқ. Халық әдебиеті жиналып, жазылып қағаз бетіне түспесе, бірден бірге ауызға тапсырылып жүргенде, қайта жоғалып өшпесе, өнбейді. Халық әдебиетінің өркендеп дәуірлеген шағы — халықтың шаруасы күйлі, жері кең, үдере көшіп, ен жайлап, сауық-сайран, мереке қызықпен күнелткен көшпелі тұрмыста болған шақтарында болды. Егер халық көшпелі тұрмыстан қалып, отырықшы тұрмысқа айналса, отырықшы халықтың кәсібіне кіріп, еңбекпен күнелтіп, бос жүретін іссіздікті тастаса, бұрынғы ойын-той, сауық- сайран сиреп жоғала бастайды. Халық бір түрлі тұрмыстан екінші тұрмысқа көшкен соң, бұрынғы тұрмыстың шағында қолданған ғұрып-ғадет, түрлі рәсімдердің бәрі де ескіріп, тотыға бастайды. Осымен қабат бұрынғы сауықшыл кездегі ауыздан ауызға көшіп жүрген өлең, жыр, тақпақ, мақал, айтыс өлеңдер сияқты халық әдебиеті де тотығып, жоғала бастайды. Екінші, бөгде, көршілес отырған халықтармен кәсіптері бір, қатынасы мол болған соң, олардың салттары да зор әсер беріп, бұрынғы тұрмысы үсті-үстіне тотықтыра бермекші. Кейінгі жаңа буынның жастары жақын, көршілес халықтың салтын әуес қылып қолдана бастайды. Ел арасына сыбайлас көрші отырған халықтың түрлі рәсімдері, өлең-жырлары тарала бастайды. Міне, осы ретпен халық бұрынғы кездегі салтынан, қолданып жүрген халық әдебиетінен заман өте - өте бүтіндей тотығады. Ескілікті өлең-жырларды жаңа буын жастары білмейді. Аздап кәрі құлақты ескі кісілердің ғана жадында қалады. Ондай ескілікті халық әдебиетін әуес қылатын адамдардың өзі де ел арасында сирек қалады. Қазіргі уақыттағы қазақ-қырғыз халқының жалпы хәлін алсақ, жоғары айтқандарды тап басады. Шет халықтарымен сыбайлас отырған жердің жаңа буын оқымаған жастары бұрынғы уақыттағы:

Ала бием тай табар,
Мінсем көңілім жай табар.
Мен қалқамды сағындым,
Сәлемімді айта бар, —

деп айтатын ескі халық өлеңдерінің орнына:
Ах-ау не дарит, не шумит,
Биуаш гуляйт.
Гуляйт болмасаң черномайт

Ах-ау не дарит, не шумит,
болмаса:
Люблю, люблю, мамажай,
Люблю тебе айуажай.

Черт тебе ох, милый мой,
Ташкент уезжай.

Міне, осы сияқты іске аспайтын өлеңдер халық арасына сіңіп орын алып, қазіргі күнде бұрынғы тақпақ, үлгілі билер сөзі ел арасында атымен жойылып барады деп айтуға болады. Ел тағдырын қолына алған пысықша атқамінерлер, аздап шала-пұла орысша білетін закөншік болыстар, олардың бәрі де бұрынғы үлгілі сөзді билердің орнын баспақ түгіл, қазақтың, түзу екі сөзінің басын қосып сөйлей білмейді. Ел арасында халық әдебиетінің көмескілене бастауына екі күшті себеп: соғыс әлегі, ашаршылық апаты болды. «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама», — дегендей шаруасы күйзеліп, естен таңдырып бас көтерместей қылып кетті. Талас жоқ, қашан да болса халықтың шаруасы күйзеліп, тұрмысы нашарласа, халық әдебиеті көмескіленіп жоғала бастайды. Сондықтан халық әдебиетін жинап, жарыққа шығаруды мақсат қылушылар ел арасында халық әдебиетінің із-түзі бар кезінде жинап қалуға қам қылу керек. Егер салақтық қылып, ермек еткен сияқты оқтын-оқтын үн шығарып, ескі үйреншікті әдетімізге салынсақ, біраз жылдың ішінде халық әдебиетінен жұрдай болуымыз айдан анық. Ел арасынан халық әдебиетін жинау туралы бұл күнге шейін Түркістан Білім Комиссариатының біраз еңбегі болмаса, жай құрғақ сөзден басқа көзге көрінерлік еш нәрсе де істелген жоқ. Қазақстан мәтбұғатында халық әдебиетін жинау туралы 20-жылы «Еңбек туында» бір мақала һәм 22-жылы «Бостандық туында» бір-бір мақала басылып еді. Одан бері олардың да мәтбұғаты халық әдебиеті туралы «жым-жырт» ойлағандай болып жатыр. Енді өткенге салауат, бірақ жұртшылығымызды ашық көрсетіп халық әдебиетін жинаудың шарасына кірісуіміз керек. Меніңше, халық әдебиетін жинауға қолайы бар адамдар оқыған шәкірттер болуы. Шәкірттер жаз елдеріне бара алған жақтарында халық әдебиетін жинап, керекті тауып пайдаланатын, басылып жарыққа шығаратын баспасөз майданына түсетін жерге жеткізуі керек. Және жинаушы шәкірттердің аса күш салып жинайтыны ескі, халық арасына өлеңдері кең тараған ақындардың өлеңдері, олардың өмірі, қай уақытта болғандығы туралы мағлұмат жинауға кірісуі керек. Әсілі ескі әдебиетімізді жинауға жас оқығандарымыз күш көрсетпесе, халық әдебиетімен аз жылдың ішінде ашық қоштасамыз. Мұны оқыған сергек, әдебиеттің қадірін білетін азаматтар еске алуы өте қажет.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚАЗІРГІ ДӘУІРІ

(Тарихи-әдеби сын)

Қазақ әдебиетінің осы күнгі қалпымен әм келе жатқан бетімен таныстығы бар адамдардың біздің әдебиет туралы айтатын әр түрлі пікірі бар. Орыс жазушыларының қысқаша сындарына қарағанда біздің ескі, ауызша әдебиетіміз бай, өрнекті, түрі, тарауы көп кестелі, қысқасынан айтқанда, қазақтың даласы секілді кең, келешегі керікті, үлкен, жалпы түрік әдебиетінің ішінде үлкен өpіc алатын әдебиет секілді көрінеді. Бірақ осы жазушылардың айтуына қарағанда, жазба әдебиетіміз әлі іргесі нығаймаған, беті анықталып ашылмаған, белгілі түрге түсіп қалыптанбаған майысқақ, сынғақ әдебиет деп саналғандай. Бұл мәселе туралы бізде өз жазушыларымыздың бір жерге қойылған пікірі, бір қалыпқа тоқтаған сыны әзірше жоқ. Бірақ өткен күннің әдебиетін еске түсіргенде, ескіліктен сол белгіні қалдырып кеткен адамды ойлағанда, айтылған өлең, жыр, тақпақ, мәтелдердің ауыздан шыққан кезін ойлағанда, бәріміз де өткен күннің. өнеріне ішімізден бас игендей боламыз, сөзі қалған кісінің атын құрметпен атағандай боламыз. Сөзінен туатын мағынасын, ішіндегі қайратты рухы, сыртындағы кестесі мен келісімі өзін еріксіз елеткендей болады. Біз ескі әдетімізді сүйеміз, сүюіміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз, құрметіміз орынсыз емес. Себебі, әдебиетімізде өзге жұрттың ауызша әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр. Ауызша әдебиет бір заманда тәртіпті жазба әдебиеттің қызметін атқарғандығы білініп отыр. Сол міндетін ұққандықтан ауызша әдебиет өз өрісін кеңейтіп әкеткенін көріп отырмыз. Сол ескі сездің ішінде ескі қазақ өмірінің әрбір дәуірі, әрбір мезгілі және әрбір жеке-жеке суреттері де айтылған. Мұның үстіне жазба әдебиетте, классические произведениелерде, кездесетін үлгілі мінездер — типтер, ел ішіндегі айрықша таптардың өзгеше психологиясы да дәл айтылған жерлер бар. Бұның бәрі құрғақ сөз болмас үшін, төмендегіше дәлелдерді көрсетпекшімін. Мысалға қазақ өміріндегі бақташылық салтты көрсететін атақты «Қозы Көрпеш — Баян» өлеңін алайық. Мұнда бақташылықтан адамға жұғатын теріс мінез, сараңдық (отрицательная черта) «тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да, үйінде сілкіп салар сырмағы жоқ» Қарабайдың мінезінен көрінеді. Қарабайдың мінезі, әдебі, өміріндегі мақсаты өлеңнен бастан аяқ көрінеді. Қарабай — Пушкиннің Скупой рыцарының қазақтағы айқын тұрған типі. Бұған қарсы қойылған сол өлеңдегі. байдың үлгісі, мінездісі — Сарыбай. Бұл да өлеңде бүтін адам болып көрінеді. Бұлардан соңғы тағы сол өлеңдегі өзгеше қызық тип — Қодар. Қодарда малшының ең жақсысы қандай болмағы көрінеді, мал бағушы елдің арман қылған бақташысы, қиял қылған қайратты азаматы көрінеді. Бірақ осымен бірге ең мағыналы жері Қодардың пішінінен адам баласындағы ойсыздық, шолақтық, тар ғана бір бетпен,. малмен бірге мал болып кеткен білімсіздік, надандық. көрінеді. Өлеңші бұл жерде Қодардың пішініне қарап тұрып, қазақ қалпындағы жалпы кемшілікке күлгендігі білінеді. Жасырын мазақ, ащы мысқыл сезіледі. Осы секілді шебер көрсетілген үлгілі типтер «Қозы Көрпеште» біреу ғана емес, әлденеше. Бұл турасынан айтылатын толық сөзді кейінге қойып, екінші мысалдарға келейік. Қазақ әдебиетінің өрнектілігіне толық дәлелдер батырлар елеңінде де бар. Қазақ батырлары бәрі бір қалыпқа соққандай барған жерін қырып келіп, жойып келетін, үнемі жолы болып отыратын, хазірет Әли Сейтбатталша батыр емес. Бұларда қазақ мінезі түгел бар деуге болады. Қазақ батырларындағы мақсат — алдыменен қаншыл болу. Бұның мысалы: Қобыланды, Ер Тарғын. Қобыланды — атаны, руды, туысты бел қылған батыр. «Атадан туған атасыз, атасын сөйлеп не етесіз, анадан туған некесіз, некесін сөйлеп не етесіз...» — дегені қазақтың ұғымы, қазақ тәрбиесінің ісі...

Қора толған қойымды
Аш бөріге тастадым.
Азу тісі балғадай
Жас бөріге тастадым ...—

дегені бақташы қазақ батырының сөзі. Қобыланды, алдымен, қара қазақ; екінші, елшіл болып көрінеді. Және жауы қазақ емес, жат болады. Сондықтан бұньң жолы болғыш. Екінші, мұның қарсысындағы — Ер Тарғын. Бұл — қазақтың бірлігі кетіп, азған заманының батыры. Арысы мұсылман, берісі қазақ ішінен жау тауып, ұйтқы бұзған, шепті жарып, шеңбер бұзған батыр. Сондықтан мұның жолы болмайды. Қазақтың жәй сылбыр мінезді салғырт батыры:

Атадан кескекті туған аюмын,
Кескілеспей басылман.
Кілегей қара бұлтпын,
Кенет жаумай ашылман.

Түтедей сүйегім қалғанша,
Дұспаным, саған бас ұрман,
Балуан, сұлтан, батыр хан,
Қыларың болса, қылып қал.

Күндердің күні болғанда
Бас кесермін, жасырман...

Әуелі туысынан бастап сөйлейтін тәкаппар, нағыз қазақ бұл сөзінен көрінеді. Қазақ батырының барлығының жайынан айтатын сөз. Бәрі де — өзге батырлыққа айналдырған салқын қанды, дене қайратынан да жан қайратын артық бағалаған батырлар. Сондықтан бұлардың ортасынан орта ғасырдың рыцарына ұқсаған Тарғын сияқты әйелшілі болса, оның жолы болмаған. Біздің әдебиетіміздің бізге сүйкімді жерлері осындай ірі жерлерінде, ірі қалпымен өзге жұрттікіне ұқсамай, таза қазақтікі болып шығатындығында. Біздің ауызша әдебиеттің бұдан басқа түрлеріне, ұсақ тарауларына келгенде, алдымыздан көзді қуантып, жайнап шығатын асыл тас сияқты қымбатты бұйымдары басқа жерде де бар. Сол ауызша әдебиетте қара сөзбен айтылатын аңқаулықтың исі аңқыған қарапайым ертегімен катар, Сарыарқаның «ақ көде малға шүйгін шөбі, кір жуып, кіндік кескен жері, көлеңкелі ағашы, қоңыр желіне» шейін шеберліктің орамына кіргенін көреміз.

Тайлақтың енді аман.бол, қалған елі,
Арқаның сен де аман бол, қоңыр желі...

Нәзік сезімді әйел заты Ай, Таңсықтың аузына туған елі, өскен жерімен қоштасарда, ел қиялының салған сөзі — осылар. Қазақ даласында ақындықтың тәтті сұлулығынан қой баққан қотыр тайлы тазша бала, жар басында жарты лашықтағы сақау қатынға шейін құр қалмағандықтан, ел еркесі батыр да, жұрт тұрғысы бір төре де құр болмаған. Сондықтан өлеңмен айтқан билік, жырмен айтқан өсиет, тақпақпен айтқан дау бір кезде «татуды араз, жақынды жат қылуға» жараса, бір кезде іріген елді біріктіріп, іріткішінің шіріген сөзін саф қылуға жараған. Хан, қара, би, төре, аламаншыл батыр, жетекшіл қарашы — бәрі де айырмасыз кестелі, сырлы сөздің қадірін білімге ұстартып, зейіні ашылған европеецтен кем білмеген. Ескі қазақ баласы, шынында, туған жерде өлеңмен қарсы алынып, өлеңмен шығарып салынатын болған. Бұл қазақ рухына анық сіңген мінез еді. Сондықтан қазақтан шыққан ту ұстар адамдардың бәрі де өмірінде кез келген ірі істердің бәрінің жанынан ақын рухы мінген тұлпары — өлеңменен желдіртіп өткенге ұқсайды Ол замандағы қазақтың өміріндегі кез келетін қиын асу, тар кезеңде жорыққа аттанып, жасанған жаудың қарсысына бару болса, Абылайдың үлкен соғысының біріне бара жатып, керей Жәнібектің өзіне берген батасы мынау:

Қарулы мылтыққа жолықтыр,
Құрсаулы жауға жолықтыр,
Ел сасқандай,
Етек басқандай,

Абылайдың сарт... ашқандай күнге жолықтыр, — деген. Бұл — асау қанды батыр, тайғақ кешу, тар жолда еліне еңбек сіңіруді қиял қылған елшіл аламан сөзі. Ел өміріндегі үлкен өлім — атақты басшылардың өлімі болса, онда да шамырыққан көңілдің шерін сыртқа шығарушы өлең болған.

Абылай өлім халінде жатқанда айтқан Бұқар жырау сөзі мынау:
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Үш жүздің баласынан үш кісі айтсам,

Қалар да ма екен, жаның-ай!

Осы бір ауыз өлеңдегі мағына қанша? Мұнда — Абылайдың жауынгерлігі, жолы болып, кезенген жауын көп жеңгендігі, елді билеуге шеберлігі, тентек бұзықты тыя білгендігі, ел ішіне тыныштық орнатқандығы, сол үшін үш жүздің баласының оған деген тілегі, құрметі түгел көрінбей ме? Аз сөзде көп мағына осыдан артық бола ма? Әр адамның өз басына кез келген қиын күн — өлім; күні болса, оны да өлеңмен қарсы алып және елім халіне лайықты зарлы сарынмен ән шығарып кеткен адамдар біреу ғапа емес . Сыбан Сабырбай ақынның өлерде шығарған өлеңі мен әні қазақ даласында әлі күнге даланың мұңлы күйінің бірі болып күңіреніп жүр. Мінеки, бізге ескі әдебиетімізді сүйгізетін себептер осы айтылған секілді мысалдардан туады. Рас, өткен күннің әдебиеті біздің сүюімізді тілемейді.. Сүюімізбен семірмейді де түрленбейді. Жек керуімізбен жоғалып та кетпейді. Ескі әдебиеттің түрлерін білу, бетін ұғу, ағымына түсіну — біздің өзіміз үшін керек. Бүгінгі әдебиетке белгілі жол салып, дұрыс бағыт береміз дегенде, жалпы қазақ әдебиетінің өткен күнін, бүгінгі. қалпын әм келешегін де түгел түсіну керек. Сонда ғана, әрбір жазушы ақиқатқа жақын сөйлеуі де мүмкін. Сондықтан мен бұл мақаланы қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі деп атасам да, бүгінгіні сынға салу үшін ескілікті айтпау, әдебиеттің басын айтпау, бізге атадан қалған дәулетті айтпау лайықсыз болғандықтан туып отыр. Ескіліктен жоғарыдағы айтылған қысқаша мағлұматпен тоқтап, енді жаңа жазба әдебиетке келеміз. Бұл күнге шейін қазақтың жазба әдебиеті жайынан сөз жазушылардың көбі біздің жазба әдебиетіміздің. басы Абайдан басталады деп есептейді. Бұл пікір суретті художественная литература ретінен қарағанда дұрыс болса да, әдебиет тарихының ретімен қарасақ, үлкен. адасқандық болады. Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған. Бұл есепке, көбінесе, дін мақсұтымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерді кіргізбеуге болмайды. Наурызбай мен Тілеуқабақ қызының айтысуы, Біржан мен Сараның айтысуы бір жағынан, ауызша әдебиетке кірсе, бір жағынан, жартылап келіп жазба әдебиетке кіреді. Тегінде, қазақтағы айтыс өлеңдер — өзге жұрттың әдебиетінде кез келмейтін, біздің әдебиеттің байлығына дәлел болған айрықша бір түрі. Айтыс өлеңдерінің ерте күндегілері, ауызша әдебиетке кірсе де, бергі замандағы айтыстың ішінен ұзақ әңгіме тудыратын Наурызбай мен Біржан — Сара сияқтылары жазба әдебиетке кіреді. Екі кісінің айтысуынан, немесе екі кісінің жайынан туатын әңгімелер ертерек уақытта ағылшын әдебиетінде Грандисон, Ричардсон, Достоевскийдің, уақыттарында туылған. Орыстардың «Бедные люди» деген кітабында бар. Мұндай әңгімелерді эпистолярный роман деп атаған. Біздің айтыстардың көбі — осы эпистолярный роман түріндегі өлеңдер. Сондықтан жазба әдебиеттің әуелгі басына бұл өлеңдер кіруі тиіс. Одан беріде жазба әдебиеттің өз міндетін ұға бастап, қазақ тұрмысындағы кем-кетікті қолға ала бастағаны да Абайдан бұрын басталады. Бұл жағынан қарағанда, Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп әм Нарманбеттерді алу керек. Бұл адамдардың кейбірінің Абайдан жасы кем болғандығын есеп қылуға болмайды. Бәрінің жазған сөздеріндегі бетті, белгіні, сарынды еске алу керек. Осы соңғы екі сипатынан қарағанда, әлгі төртеуі қазақ әдебиетінің көшпелі дәуірінің ақындары деп саналуға тиіс. Көшпелі деп ауызшадан жазбаға қарай көшкенін айтамыз. Мана сол замандағы ой ойлаған адамдардың ойында болған өзгерісті, сөздерінен туған жаңа күйді айтамыз. Әдебиеттегі бұл көшпелі дәуір қазақтың жалпы тұрмысындағы, тарихындағы көшпелі дәуірмен жалғасып келеді. Қол ұстасып қатар келді, егіз болып туды деуге болады. Қазақты патша саясаты билеп алған, қол-аяғын байлап бағындырып алған, жерін алып, өзінің төрелерін қазаққа ұлық қыла бастаған, отаршылдық әрекетін күшейте бастаған, дінінен айыра бастаған уақытына келеді. Сыртқы өмірдің осы сияқты себептерінен қазақтың ойына уайым араласқан, көңілі жабығып, қайғы басқан, сөзінен, өлеңінен, әнінен бұрынғы билік, еркелік, еркіндіктің бәрі де арыла бастап, оның орнын арман, зар-шер, қайғы басқан. Сондықтан әдебиеттегі көшпелі дәуір де осындай мұңды күйден құралған. Осы ретпен қарағанда Шортанбай жазған «Зар заман» — әдебиеттегі, тарихтағы көшпелі дәуірдің зор айнасы. Бұл өлеңнің ішінде қазақ тұрмысына жанасқан кемшіліктің айтылмағаны жоқ деуге болады. Патша ұлығынан бастап, қазақтың өз ішіндегі берекесіздігі, бұрынғы мінезден айырылып бара жатқандығы, жоғалтып, жастарының азып бара жатқандығы барлығы да зарлы сарынмен айтылып өтеді:

Заман қайтып оңалсын,
Адам қайтып қуансын,
Жанарал болды ұлығың.
Майыр болды сыпайың.

Айырылмайтын дерт болды,
Кедейге қылған зорлығын..
Тілмәшті,көрдік биіңдей,
Дуанды көрдік үйіңдей.

Абақты тұр қасыңда,
Қазылып қойған көріңдей.
Байлар ұрлық қылады,
Мал көзіне көрінбей.

Билер жейді параны,
Сақтап қойған сүріңдей...—
деген жоғарғы сөздерге дәлел.

Осы сияқты ел уайымының бір жыршысы — Нарманбет. Бұл бүгінгі күннің қайғысы қажытқандықтан, өткен күнің. қызығын көксейді. Бұл да сол күнгі елдің әдеті болатын:

«Сарыарқа, сарқыраған суық қайда?
Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда?
Найзағай жарқ-жұрқ етіп нөсер құйған,
Көк жасыл кемпірқосақ туың қайда?..».

Бүгінгіге қанағаттанбаудың себебінен бұл күнгі табиғатқа да ырза болмағандық — сол көшпелі дәуірдің сүйегіне сіңген мінезінен туып отыр.

«Сандалтып Сарыарқаны-алды,мұжық,
Қолынан келер де жоқ, өнер де жоқ,
Баласы байғұс қазақ қалды мыжып».
Айла құрығандықтан ең болмаса қазақты ұрсу да сол заманға хас мінез.

Осы сияқты қайғы, уайымның сарыны Ыбырай Алтынсарин өлеңдерінде де кездеседі. Бірақ мұнда алдыңғылар сияқты шексіз уайым болса, сонымен араласқан жалпы дертпен ем іздеудің талабы, да бар. Аурудың емі мынау деп, ашып айтып бір нәрсені шешіп бермесе де, бірде дінді, бірде оқуды, бірде таза адамшылықты ем қылып ұсына бастаған Алтынсарин. Көшпелі дәуірдегі ақындардың бәрінің жайынан айтатын сөз — бұлар өз заманының бел баласы. Олардың заманы — қараңғыда сипалап сенделудің, қиналудың заманы. Ел дертіне не нәрсенің ем екенін білмей, бірі дінді, бірі ескілікті жақтап, бірі орыс ұлығын жамандап, бірі қазақты жамандап, түпкі дертті таба алмай, жалпақ адасқан заман. Сондықтан ол дәуірде күншығыстың діни дерті — религиозный мистицизм де байқалады, ұлтшылдық та сезіледі, болымсыз өнершілдік те көрінеді. Бірақ осылардың ешбірі де жеңген емес: бір жерге тоқтаған тілек жоқ, бір қалыпқа түскен бет жоқ. Әр жерде әркім өз ауруымен қиналуда, ыңыранып зарлануда болған. Мінеки, көшпелі дәуірдің айрықша мінезі — осы. Сондықтан ол мезгіл көшпелі дәуір деп аталады. Бірақ ол дәуірдің ақындары жазба әдебиеттің басы екендігі даусыз. Себебі, бұлардың өлеңінде ел тұрмысының бұрынғы айтылып жүрген жалғыз қызығы мен желігінен басқа, тұрмыстағы негізгі дерт, негізгі себептер айтыла бастаған. Ел күндегі өмірі, күндегі сезімі, күндегі ойыменен әдебиет шеңбері ішіне кіре бастаған. Абайды әдебиеттің басшысы дегенде, осындай кейінгі дәуірді еске алып айтамыз. Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп. Абай — қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы, терең де сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ елеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан — Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан. Әдебиетке, өлең-жырға бұрыннан орнаған теріс пікір, теріс ұғымның бәрін жоғалтып, жұрттың ойын тәрбиелеген. Бұдан соңғы бір үлкен қызметі — қырдағы қалың қазаққа Европа мәдениетінің есігін ашқан. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын қазаққа танытушы — Абай. Мәдениетті жұрттың ысылған тілімен айтқан тәтті күй, нәзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көрмеген жалпақ тілімен өзіндей тәтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан Абай қазақ оқушысының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында, бұл тілдің барлық байлығы, орамдылығы, өрнектілігі табылған. Абайдың барлық өлеңі — қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш, қырдағы қалың қазақтың осы күйге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыр мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл — Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі. Абайдың өлеңін ішіндегі мағынасы мен беттеген бағыты жағынан қарағанда, көшпелі дәуірдің өлеңдерінен айырылатын жері — мұнда сүлдері құрыған зар да, әлі құрыған уайым да жоқ, оның орнында қазақ өмірінің қом-кетігін түсінген көзі ашықтық бар, дәлелдеп, ауруын тауып, емін айтқан ширақтық бар. Бұрынғыдай әр нәрсені ем керген далбасалықтың орнына, Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, кәрісіне малыңды дұрыстан бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, қарызыңды атқар дейді. Қазақтың өміріндегі кемшіліктің қайсысына болса да, Абай өз емін айтып кеткен. Әдебиеттің зор міндетінің бірі — елдің мінезін тузеу дей білгендіктен, Абай ел ішіндегі көпшіліктің мінезін өлеңменен суреттеп, белгілі типтерді де көрсеткен. «Мәз болады болысың», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ», «Болыс болдым, мінеки» деген елеңдерінің бәрінде до қырдағы әрбір таптың адамдарының мінезін сипаттаған. Абай өлеңінде кездесетін мұң мен зар болса, ол бұрынғы зардың сарқыты емес, өз жүрегіндегі сырын айтқан сыршылдықтың сарыны. Бұл да — Абай өлеңіндегі жаңа түрдің бірі. Мінеки, бұл айтылған түрлердің бәріне қарағанда, Абай өлеңіндегі беттеген бағыт, құлаққа естілген сарын ненің сарыны екені байқалады. Ол — ашық тілек, айқын ұғымның, здоровый реализмнің сарыны. Әдебиетте жұрттың тілегі айқын көрініп, беттеген беті ашық білінген соң, көшпелі дәуір бітеді. Абай ол дәуірдің ақыны емес екендігін ез өлеңінде де айтып кеткен. Сондықтан өлеңді бастағанда, ескіліктің ақындарымен арбасудан бастайды. Рас, олармен ұрысу Абайдың қақысы шығар, өзін тапқан енесін тепкенге ұқсар-ақ. Бірақ ол ұрысу — ескіліктің бетіне қанағаттанбай, жаңадан бет іздеудің белгісі болатын. Сондықтан ол қатасы Абайға кешіріледі. Абай бастаған сол реализмнің сарыны қазақ әдебиетіне осы күнге шейін жол болып келе жатыр. Рас, бұл жолда кейде бір ағым күшейіп, кейде жалпақ жарысқа ұқсап, бытыраңдылық күшейіп жүрген мезгілдер бар. Бірақ, негізгі сарынға келгенде, қазақ өміріне тез боламын деген әдісіне, айласына келгенде, қазақ әдебиеті Абай салған жолдан көп ұзап, өзгеріп кете қойған жоқ. Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын — «Қазақ газеті». «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілмен тұстас. Ол уақыт қазақ, жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді. Сондықтан бұл уақыттағы іс пен сөзде тығыз қамның, асығудың ретінде бұдан езгенің бәрін қоя тұрып, бір саясат әңгімесіне жұмылдырудың, жалғыз соған ғана үңілудің қалпында өтті... «Қазақ» газетінің бетіндегі бағыт немен тұтынған жол да осы ретпен жүрді. Жазылған ұсақ өлеңдер. әңгімелер, барлық мақалалардың бәрі де қазақты ұйқыдан ояту, сергіту, күшін біріктіру, оқығандарын түзу жолға салу, соларға басшы болу, қазақ ісіне көз-құлақ болуға арналған. Бұл тұтынған жолда «Қазақ» газеті өз міндетін атқарды. Бірақ таза әдебиет көзімен қарағанда, «Қазақ» газетінің заманында қазақ әдебиеті бөлекше түр тауып, өркендеп кетіп еді деп айтуға болмайды. Затында тарихпен салыстырғанда, әдебиет саясат жүзіндегі бір беткей жұмылудың заманында көп жаңа түр тауып кете алмайды. Жаңа түр өзге жұрттың ізіне қарағанда, тұрмыс жүзіндегі қиқы-жиқылықтың, брожениенің мезгілінде көп туады. Сондықтан ол күндегі Өте жас әдебиетте жаңа түрлерді іздеу де болған жоқ. Жұрттың бәрінің сөзіндегі бір сарын жалғыз ұлтшылдық сарыны болатын. Бұл турада ескіден келген тарауы, түрі кеп ауызша әдебиетпен салыстырғанда, ол күнгі әдебиет ауданы тарылып, түрі азайып, солақай бірақ бетпен кеткен сияқты... Бірақ «Қазақ» газетінің кезінде бұл ақындардың бәрі де сол газеттің бетін өздеріне бет қылып тұтынғаны даусыз. «Қазақ» газетінің басшылық дәуірі 1917 жылдың төңкерісіне шейін жүріп келді. Өзгерістің алғашқы жылдары қазақ әдебиетіне айрықша жаңалық кіргізген жоқ. Өзгеріске дейін жүріп келген «Қазақ» газетіндегі сарын бұл жылдарда қалпынан ауған жоқ, бұрынғыдай білініп отырды. Бірақ бұл жылдардың жаңалығы — әдебиеттің беті өзгермесе де, түрі көбейе бастады. Қазақ тілінде пьесалар, әңгімелер жазыла бастады. Аз уақыт шығып тұрса да ғылыми; әдеби журнал болып «Абай» журналы азын-аулақ түр шығарды. Өзгерістің алғашқы жылдарындағы әдебиет қалпы осы болды. Жазба әдебиеттің Абайдан бергі дәуірін алғанда, жолын өзгертетін жаңалық соңғы жылдарда туып келеді. Ол жаңалық — жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дәуірі. Бұрынғы ауызша әдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан реализм сарыны көбінесе құрғақ ой, жадағай сөз (рассуждение) күйі осы күнде ішкі терең сезім, нәзік сыр күйіне айналып келеді... Бұдан басқа сезім жағына көбірек кез салған бірен-саран пьесаларда, соңғы жылдардың кішілеу әңгімелерінде бар. Жаңа басталып келе жатқан әдебиет дәуірінің бұл сияқты жұрнақтарында, көбінесе, құлаққа ілінетін күй — сезім күйі. Бұлардың ішінде тіршіліктің суреті, әңгімесі аз болса да, ішкі өмірдің сыры көп, адамды өз ішіне үңілтетін мұң мен шердің сарыны бар. Сыршылдық дәуірі, қай жұрттың болса да әуелгі кезде ескі ертегідегі жын, пері, жалмауыз, жезтырнақ сияқты жаратылысы тұманды, қараңғы заттарды жыр қылумен басталған. Қазақта да осының белгісі көрініп отыр. Қазақ әдебиетінің бұл күнге шейін жүріп келген жолына қарағанда, жаңа дәуір жаңа үлгінің туатын кезі жеткендей. Жазба әдебиеттің жаңадан түбір тауып, ауданын кеңейтіп, келесі өрнекті дәуірге қарай аяқ басуы осы белгілерден басталса керек. Қазақ әдебиетінің бұл дәуірі буыны берік, қатарға кірерлік әдебиет болғандығын көрсететін сыршылдық — романтизм дәуірі болады. Бұл арада біздің әдебиеттің өткен күні туралы айтылатын бір сөз: Абайдан бергі дәуірді орыстың реализм дәуіріндей, толық реализм дәуірі деп айтпаймыз. Ол уақыт қазақ әдебиетінің аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан кезі болғандықтан, толық реализм шартын көрсеткен жоқ. Бұл мақалада ол дәуірде реализм болды деген сөз болса, ол өзге күйдің ішіндегі күштірек болған сарын сол деп айтылған., Әйтпесе, әр нәрсеге арналып айтқан ұсақ өлеңдерден белгілі дәуірді туғызатын ұзақ күй шығады деуге болмайды. Қазақ әдебиетінің тарихы, бағыты жағынан айтылған осы сияқты азын-аулақ мағлұматқа қарап, барлық жазба, әдебиеттің. салмағын өлшегенде, қазіргі қалпын бағалағанда айтатын сөз: біздің әдебиет әлі жас, әлі бойы өсіп жетілген жоқ. Өткен күніне қарап, келешегі зор десек, біздің әдебиет келесі күнде шығатын талай тұғырларының біреуіне ғана жаңа-жаңа тырмысып келеді. Біздің ескі әдебиеттен қалған көп сарын, кең ауданның бәрі де жазба әдебиетке келіп, тарылып азайып отыр. Жазба әдебиет бірбеткейліктен арылса, жаңа арылайын деп, жаңа ғана қайтадан тарауланып, ауданын кеңейтейін деп отыр. Болмаса ауызша әдебиет жасаған күлдіргі тип — Қодарды, қайғылы (трагический) геройлардың типі — Қозы Көрпеш Баянды, елдің зар-мұңының тілшісі — Асан қайғыны, еркелік — серіліктің типі — Ақан серіні жазба .әдебиет жасады ма? Әлі жасаған жоқ. Бұларды айрықша жан деп (тип деп) ұға білген қазақ кейінгіні де ұға алады, ұрпақ түгілі өміріне үлгі қылып, еліктеуге де жарайды. Ел ішіндегі бозбала Біржанның ақындығы мен салдығына, Ақанның серілігіне еліктесе, батагөй қария Асан қайғының қайғысына еліктесе, далада еркін өскен ерке қыз Сараның салдығы мен айтыс құмарлығына еліктесе, бұл еліктеудің Чайл-Гарольдке, Печоринге еліктеген орыс жастарының мінезінен қай жері кем? Әдебиеттің қазақ, мінезін түзеп, басшы болуына мүмкін екендігі осы белгілерден білінбей ме? Олай болса, жазылатын пьесаларда, романдарда, әңгімелерде, поэмаларда қазақтың негізгі мінездерін айқын көрсететін типтер жасау керек. Қазақ әдебиетінің ішіне қазақ өмірін түгел суретімен алып кіру — әдебиеттің ендігі міндеті. Бұл күнге шейін біз саяз жүзіп жүрміз. Қазақ әдебиеті қазақ өмірінің бетіндегі қаймағын жалап жүр. Бұрынғы әдебиеттің ішіне тазша бала менен жалшы, сақау қатын да кірген болса, бүгінгі әдебиетке қалпақ киген оқығаннан бастап, қой жайып жүрген қойшыға шейін кіруге тиіс, Әдебиет сол күнде ғана өмір айнасы, өмір тезі болуға мүмкін.

Қоңыр.

ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР

(Ел әңгімесіндегі Қобыланды — ел қиялының ұлы батыры) Бұрынғы заманда неше алуан хандық құрған түрік жұрттарының көбінің тойын бірге тойлап шыққан бір ел қазақ елі екені тарих жүзінен белгілі. Нағыз қазақ бірлігі XV ғасырлар ішінде шықты десек те, сол бірлікті жасаған рулардың көпшілігі ертерек заманда болған. Алтын Орда, Қазан хандығы, Ноғайлы, Өзбек бірлігі сияқты хандықтардың бәріне де кірген, солармен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңып, ірі тарихи уақиғаларды бастарынан бірге кешіріскен. Бұл мағлұматтың шындығын жалпы тарих жүзінен бір көрсек, ел қиялы жасаған, ел есінде сақталып қалған ескіліктен екінші рет тағы көреміз. Кейінгі заманда қазақ бірлігін жасаған рулар бұрын Алтын Орда бірлігінде болған. Осы сияқты тарихи дәуірлердің әрқайсысынан қазақтың бүгінде сақталып келген әдебиетінде айқын із болмаса да, долбар жасатарлық ұлы сүрлеу бар. Қазақ руларының бұрынғы заманда қоныстасып, оттас болған елдіктердің бәрінің тұсынан алып шыққан ырымы, жүлдесі бар. Бәрінен де қазақ ескілігінде сақталып қалған белгі бар. Алтын Орда бірлігінің мезгілінен Едіге батыр әңгімесін алып шыққан. Одан бері Алтын Орда бірлігі құлап, жалпы саяси бірлік жоғалған уақытта бұрынғы бірлік көзі жақсы кездей болып ұмытылмай жүреді. Ел көңілінде ашық күнді жақсы мезгілдей ниет бірлігі, тілеу бірлігі жоғалмай жүрген бір кез болады. Сол кездің белгісі сияқты әңгімелер: Ер Тарғын, Шора, Қобыланды әңгімелерінде Алтын Орда құлаған кезде соның екі шетінде екі жаңа хандық жасалады. Бірі — Қазан, бірі — Қырым хандығы. Қазанның ішіне Тама, Қыпшақ кіреді. Қыпшақтың бірлігінде болғандығының белгісі болып Қара Қыпшақ Қобыланды әңгімесі қалған. Одан бері де қазақтың бірталай руы ноғайлымен бірігеді. Ноғайлы бірлігінде болады. Оның ішінде де Қыпшақ болған. Кейінгі қазақ бірлігіне кірген рулар ноғайлы бірлігінің кезінен Сайын әңгімесін алып шығады. Ноғайлы-қазақ бірлігін жалғыз Сайын әңгімесі емес, ел аузында сақталып қалған басқа өлең жырлардан да сезуге болады. Соңғы замандарға шейін қазақтың кейбір домбырашыларының ноғайлы-қазақ айрыларда тартылған күй деп шертетін күйлері болса керек. Одан беріде ноғайлы-қазақ айрылардағы өлеңі мынау:

Жылау, жылау, жылау күй,
Жылаған зарлы мынау.күй,
Қазақ пен ноғай айрылды,
Қазақ сартқа қайрылды.

Ноғайлының ну елі,
Күңіренді, қайғырды,
Қара Қыпшақ Қобыланды,
Қара орнынан айырды.

Ел қанаты қайрылды,
Зор күн туды, зор күндер,
Кетті күлкі мол күндер.
Жылау менен қоштасу

Келер ме қайтып ол күндер, —
деген.

Бұл өлең бұдан неше ғасырлар бұрын болған уақиғаны өлең өлшеуіне бір түсіп алған соң, ел есінің қаншалық жерге сақтап келетінін білдіреді. Сайын өлеңі де сол сияқты бірлік кезінен алып шыққан әңгіменің бірі. Ноғайлыдан соң қазақ руларының көпшілігі өзбекпен бір болған. Өзбек бірлігінің кезінен Қамбар батырдың әңгімесін алып келеді. Сонымен қазақтағы батырлар әңгімелерін басынан аяғына шейін анықтап тексеріп қарағанда, бізге тіпті анық қылып тарих бетін ашып береді демесек те, сол ескі тарих көлемінде болған ірі мезгілдердің барлығының да ұлы суретін нобаймен, тұспалмен көрсеткендей болады. Рас, біз елдің тарихын ылғи батырлар ертегісінен құрап тізбейміз, бірақ ел аузының ескілікті тарихқа қаншалық жәрдемші болатыны кімге де болса белгілі. Бұл турада қазақ елінің ішінде сақталып қалған батырлар әңгімелері бүгінгі ел әңгімесі сияқты ескілігін жоғалтқан түрік тұқымдарының барлығына да тарихтың жаңа бір бетін ашып бергендей болатын сияқты. Бұрынғы түрік тілдеріндегі ескі сөздерді қарастырған Европа ғалымдарының қазақ елінде ескі заманның сарқыны мен белгілері көп болуға керек деген тұспалдары. батырлар әңгімесі сияқты қазақтың ескі жыр, ескі өлеңдерінен аныққа шығып айқындалғандай болады. Жоғарыда саналған батырлар әңгімелерінің әрқайсысының ішінде тарих ауданына сиярлық шындық қайсы, тарих уақиғаларынан қалған із, сүрлеу қайсы, әрбір әңгімеде ел мінезі, ел қиялы, жалпы ұғымы. Бірлік әңгімесінде де қаншалық дәрежеде күшейіп, қаншалық қалыпқа шейін жететін, көрінетін жерлер аз емес. Алғашқы жасаған долбарымыз қазақтың тарихын тексеріп жүрген азаматтарға орынды көрінсе, «Таң» журналының кейінгі сандарында өзгелердің жайынан да жалпы ой жүргізбекшіміз. Менің әзірше қарастырмағым — Қобыланды батырдың әңгімесі. Қобыландының ел әңгімесіндегі мезгілі мен қалпын сынаудан бұрын әуелі Қобыланды жайындағы өзім естіген шынға жуық мағлұматтарды білдірмекшімін. Ел есінде сақталып келген батырдың, шынында, болған адамнан тарайтын әңгімесі де болады. Кейде жалғыз ғана ел қиялының өзі туғызатын да батыр болады. Қобыландыны әуелі осы жағынан қарастырайық. Орынбор архивная комиссиясының мағлұматында,. Қобыландының бейіті Илецкий Защитадан ауылға қарай, жүретін қара жолдың үстінде, Қобыланды деген бекет бар, соның жанында Қобыландының бейіті деген бейіт бар дейді. Сол маңайдың қазағы Қобыланды жайынан әңгіме де айтады. Бұл Қобыландының болған адам екеніне бір дәлел. Екінші, ақсақалдардың шежіресінде ескіліктен қалған әңгіменің ретінде: Әз Жәнібек пен Әбілқайыр ханның тұстасы болады. Қыпшақтың Әбілқайырға жағымды басты адамы — қадірлеген батыры болады. Әбілқайырға Қобыландымен қадірі тең түсіп жүретіні Арғын Дайырқожа кектесіп жүргенінде, далада кездесіп,. батыр Дайырқожаны өлтіріп кетеді. Әбілқайыр Қобыландыны беруге Қыпшақтың наразылығынан қорқып, шыдай алмайды. Үш кісінің құнын алып, біт дегенге Арғын тоқтамайды. Сонымен ноғайлыдан кейінгі заманда қазақ бірлігіне кірген рулардың. Көпшілігі айырылады. Жоғарыдағы ноғайлы мен қазақ. айрылардағы өлеңі осы тұста айтылған болады. Қобыланды өлтірген Дайырқожаның әкесі Қыдан тайшы, Қыдан деген өлеңші болады. Ел аузында сақталып қалған ескіліктің бірінде сол Қыдан ақын айтқан өлең деп мына өлең айтылады:

Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным
Сексен;асып, таянғанда тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ме жұлыным.
Адасқанын жолға салдың,

Бұл ноғайлы ұлының.
Аққан бұлақ, жанған шырақ,
Жалғыз күнде құрыдың,
Қара Қыпшақ Қобыландыда,

Нең бар еді, құлыным,—
деген.

Бұл сияқты ескілікті сөздер Қара Қыпшақ Қобыландының болған адам екенін анық айқын білдіргендей болады. Затында қазақ ескілігіне кіретін батыр әңгімелерінің көпшілігіндегі батырлар ылғи елдің қиялы туғыза берген адам емес, көбінесе болған адамдардан туатын сияқты. Жалғыз-ақ ел қиялының көтеріп, ірілетіп, әуелгі пішіннен өзгертіп, өңдеп әкететіні бар.

Біз көрген батырлар әңгімелері де сол қалыпты.

Қобыланды әңгімесі — ел қиялының сондайлық қылып көтерген, келістіріп суреттеп, шеберлеп әңгімелеген сөзінің бірі. Шеберлеп әңгімелегені барлық батыр әңгімесінің ішіне кіретін адамдардың мінез-қалпын толық қылып шығарудан, батыр жорығын сұлу қылып жылауынан білінеді. Тағы да батыр пішініне ел мінезін сыйғызып, ел тілегі мен үмітін батыр өзінің көлеміне шеберлеп сыйғызғанынан білінеді. Қобыланды әңгімесінің әңгімелік жолындағы маңызын, бағасын айтудан бұрын, бұл әңгіме тарих ауданына қарағанда қай мезгілде, қандай тарихи уақиғалардың салдарынан туғанын айтайық. Жоғарыда Дайырқожаның өлімі үстінде айтылған өлең Әз-Жәнібек, Әбілқайыр ханның заманында, ноғайлы-қазақ бірлігінің тұсында болған делінеді. Қобыланды ол заманның адамы болса, онда XV ғасырдың орта кезінде өмір сүрген болады. Мен қазіргі заманда Қобыландыны не арғы, не бергі замандікі деп дауласпақшы емеспін. Әдебиет тарихының көзімен қарағанда, біздің алдымыздағы міндет — Қобыландының жорығы. Батырлық сапары тарихтың қай кезіне жақындауға мүмкін, соны тексеріп қарау. Елдің есінде ескіден сақталып қалған әңгімені жалпы тарих шеңберіне сыйғызып көру. Қобыландының үлкен жорығы Қазан қаласына аттанудан басталады. Ел жыры Қобыландыны Қазан қаласымен соғыстырады. Қобландының батырлық әңгімесі ел өлеңінде осы уақиғаның. айналасында болады.

Біз ел әңгімесінің осы жерін тарихтың қай кезіне келетінін тексермекшіміз. Әңгімеде Қобыланды Қазан қаласымен соғысады. Әңгімедегі аталған Қазан қаласы қай Қазан? Бізше, бұл бұрынғы К,азан хандығының астанасы болған бүгінгі Еділ бойындағы Қазан қаласы. Бұның дәлелі әңгіменің өзінен көрінеді. Қобыланды аттанып барған Қазан екі қала екен дейді, бірі — сырлы Қазан, бірі — қара Қазан. Бүгінгі Қазан қаласы XІV—XV ғасырлардың шекарасында екі жерде болғаны рас. Әуелі Қазан ХІV ғасырдың аяқ кезінде әуелі «Ғызан» деген судың құятын жерінде балқардан шыққан Алтынбек, Қалымбек салған қала болады. Алтынбек, Қалымбек балқардың Ғабдолла ханының баласы, бұның елдігін Ақсақ Темір ойрандап, өзіне қаратып алғанда, ханның екі баласы Еділді өрлеп кетіп, жоғарғы Қазан қаласын салған, артынан XV ғасырдың бас кезінде Алтын Ордадан бөлінген бірнеше рулар келіп, Еділ бойының хандығын жасайды. Оның астанасы Қазан қаласы болады. Бірақ бұлардың тұсында Қазан қаласы бұрынғы ескі Қазаннан шақырым төмен жерден салынады. Кейінгі уақытта Қазан хандығының астанасы да сол болады. Мөлшермен есептегенде Қазан хандығы 1430 жылдардан 1552 жылға шейін еркін өмір сүрген, өзгеден елдігі, іргесі бөлек бір хандық болады. Өз бетімен еркін өмір сүріп тұрғанда, Қазанда 14 хан болған. Алғашқысы Махмұт, соңғысы 1552 жылы Иван Грозный Қазан қаласын алған уақытта17 хан болып тұрған Ядгар. Бұл екі арада болған 14 ханның ішінде біздің әңгімеде аталатын Қазан деген хан жоқ. Бұл ат Қазан қаласының атына ұйқастырып, елдің өз қиялы қосқан ат болуға керек. Біздің ел әңгімесіне қарағанда, Қобыланды батыр Қазан хандығының құлайтын мезгілінен көп бұрын өлген адам болады. Бірақ әңгіме Қобыландыны Қазанға аттандырады. Соған келелік. Ел әңгімесі, ел қиялы тарихтың пәлен жыл мен пәлен жыл арасындағы уақиға деп санайтын өлшеуінен бірде ілгері, бірде кейін кетіп отырады. Тарихта дәлді болып өткен мезгілді ел әңгімесінің кейде білмей шатастыратыны да болады. Кейде әдейі біле тұра бір сүйген мезгіліне, не есінде ұмытылмастай болып нық. орнап қалған тарихи уақиғаның тұсына, ертеде болған. уақиғаны, кейінгі заманда болған уақиғаны да түгелімен. алып келіп, бір жерге басын қосып, үйіп-төгіп қоятыны. да болады. Сондықтан көп жұрттың ескілікті әңгімелерінен белгілі бір хан мен патшаның айналасына жиналады. Кейде бір үлкен тарихи дәуірге әкеп жиып қояды. Орыс жұртының батырлар ескілігінің барлығының (Владимир Красное солнышко) айналасына жиналғаны сияқты, араб жұртының ескіліктегі әңгіме ертегінің көбі һарун Рашид айналасына жиналған сияқты. Бергі заманда қай елдікке бөлінген түрік жұрттарының сондай дәуірі. Алтын Орданың кезі болады. Өзге елдерден іргесін бөлек қылып шыққанда, қазақ ескілігінің көбі Әз-Жәнібек ханның да тұсында болады. Міне, осы сияқты жалпы тарих шеңберінен бөлініп, үзіліп шыққан бір мезгіл өзінің тұсына бұрынғы соңғы замандарда болған ірі уақиғаларды, ірі батыр бағландарды түгелімен жинап алатыны болады. Оны жинайтұғын ел қиялы. Қобыланды да қазақтың ұлы батырларының бірі. Ұлылық бұның ерекше туысында, ел жақсының туысы туралы өзінің нық орнаған көзқарасынан айрылмайды. Ел қиялы бір сүйген түрінен ауыспайды да, адаспайды. Сондықтан Қобыланды ерекше туыспен туады. Бұның. жаратылысына да әулие мен пір аралас ерекше қылып туғызады. Қобыландының алғашқы жорығы Қазан қаласына аттанудан басталады. Әңгіме Қобыландының Қазанды шауып, егескен жауын жеңіп, жолдағы еске алған жауларына жолшыбай шабуыл жасап, содан қайтып келгенде, өз елінде болып қалған ірі уақиғаға кездесіп, елін шапқан қалмақтың Алшағыр деген батырымен соның елін шауып, кегін алуымен бітеді. Бұл уақиғалар бірінің артынан бірі тізіліп келетін ұзақ әңгіме болса. да, барлығы Қобыландының алғашқы батырлығы басталып, алғашқы батырлық жолындағы өзгеше қайратын жыр қылып әңгіме қылумен тоқталады. Қобыланды бұл әңгімеде ел қорғаны болған, елінің мақтаны, айдыны болған батыр. Қобыландының батырлық мінезін, батырлық туысын ел әңгімесі өзінше толық қылып, батырдың бүтін пішінін жасап шығарғандай болады. Қобыланды алғашқы жорығының өзінде алыстан тоят іздейді. Ежелден кекті болған алыстағы мықты жауға аттанарда қарындасымен, Құртқамен қоштасқан сөзінде өзін-өзі қайраттандырып,жауландырып шын батырдың тасқындаған бір сөзімен жауап береді.

Қора толған қойымды,
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай,
Жас бөріге тапсырдым.

Тоғай толған жылқымды,
Жасанған жауға тапсырдым, —

деген сияқты желпінген сөздер, шын батыр аузынан ғана шығатын сөздер болады. Қобыланды барлық әдетінде батыр әдетін істейді. Ол жалғыз жүріп, шабуылды жалғыз жасайды, қауіпті жау ішінде болса да, еркімен ұйықтап, еркін, салғырт жүреді. Қобланды әйел тілін алмайды, әйел тілін алу.қаншалық. жақсы адал досы болса да, азғанмен бір есеп деп біледі. Қобыланды әйел көмегін алғысы келмейді. Дұшпаннан дұшпандық қана күту керек. Дұшпандығына қайратпен ғана жауап қайыру керек деп біледі. Сондықтан дұшпан қолынан келген жақсылық пен кеңшілікті қабыл алмайды. Көбіктінің қызы Қарлығаның істемек болған көмегін, беріп тұрған бостандығын сол себепті алмайды. Құртқаның болжам қылып, еліңді жау шауып, әке-шешең құл мен күң болып, бізді егескен жаудың мықтысы әкеткен заманда келерсің деген сөзі де Қобыландыға тоқтау болмайды. Қобыланды жорықта олжа үшін, табыс үшін жүрген, дүние қуған батыр емес, ол жақсылық атақ үшін жүрген батыр, айдын үшін жүрген қол. Сондықтан жорық жолында не кез келсе де, бағасына, ажарына Қобыланды қарамайды, олжа деген жолдастың бәрі тілегенін алып отырады. Сол ретті қарағанда Қобыландының өзін тілеп, өзінікі болмаққа ізденген Қарлығаны олжа деп алып кетеді. Барлық жолдың олжасы да Қият тобы мен Қараман да болады. Қобыланды — елдің қиял қылған батыры. Бұл — өз руының мақтаны. Елінің қорғаны. Жаугерлік, тыныштығы жоқ заманда, жағалай шабыс құба қалмақ заманы сияқты аума-төкпе заманда, амандықты, тыныштықты тілеген ел батырды қиял қылған. Сондағы тілеген,. қиял қылған батыры — Қобыланды. Бұл серікке қол алмайды. Елге ауыртпалық түсірмейді. Елдің құр ғана қорғаны емес, өзі де ізденеді, жақындағы түгіл алыстағы жаудан да ізденіп барып, өшін алады. Қобыландының бір басында әрі басшы батырдың, әрі артынан ерген қолдың да міндеті бар. Қобыланды сияқты батыры, айдыны болған заманда Қыпшақ елін аларлық жау жоқ. Алса қапыда алады. Қобыланды жоқта, қамсызда, бейбітте алады. Бірақ Қобыланды тұрғанда елге өлім жоқ. Ер тіршілігін сақтаушы бар. Қобыландыдан соңғы әңгімедегі екінші орын алатын Құртқа. Құртқа — Қобыланды сияқты ерекше туған батырдың теңі болып туған көңілдегідей жақсы жары. Онда жарға лайықты шыдам бар. Тоқтаулы мінезділіктен басқа жарын сыйлаған кең сабыр бар. Ол тілеуі дұрыс. Барлық ой, барлық ниетімен жар жолына барын сарп қылған жолдас. Сондықтан ол Қобыландының келешегін ойлағандықтан, болжау айтады. Қобыландының үйде отырған есі-ақылы — Құртқа. Қобыланды қайрат иесі болғанда, Құртқа — ақыл-ой иесі. Екі жартыдан, екі жақсы сипаттан құрылған жарастықты бір бүтін өмір — бұл екеуінің біріккен өмірі болады. Құртқаның өз басына арналған тілегі мен ойы жоқ Ол — Қобыландының өміріне тілеуі мен қызметін қосып жіберген жан. Сондықтан ол тұспал айтудан гөрі басқа түс те көреді. Түсінде Қобыландыны тауып отырады. Құртқа — елдің Қобыланды сияқты батырға қиял қылып қосқан жары. Көбінесе Құртқа Қобыландыдан есті, тартымды болады. Қызметі: Қобыландыға Тайбурылды асырап жетілтіп, жолдас қылып беру — Құртқаның өзіне мақсат қылған жұмысы болады. Тайбурыл — Қобыландының Құртқадан соңғы серігі, жолдасы. Тайбурыл — көшпелі елдің. батырына арналған ат. Көшпелі елдің қысылғанда сенімі қылатын қыл құйрықты жел жетпес, есті серігі. Жорыққа, сапарға шыққанда артта қалған елден де, үйден де жалғыз сүйеніш сезімі аты болады. Сондықтан ол ат құр ғана мінгіш, құр ғана жүйрік, берік болудан басқа есті де болу керек. Сондықтан Тайбурыл керекті жерінде (тіл бітіп) сөйлеп те кетеді. Көтерген қиял Тайбурылды өзге малдан жат қылып, ірілетіп әкетеді. Тайбурылдың бұлай болуына Құртқаның тәрбиесі себеп болады. Құртқа Тайбурылды баласындай тәрбиелейді. Тайбурыл өзгеден өзгеше тәрбие керген, Құртқа тәрбиесінен шыққан. Сондықтан өзгеден жат ісін көрсетеді.

ӘДЕБИЕТ ЕСКІЛІГІН ЖИНАУШЫЛАРҒА

Қазақ әдебиетінің шашылып жатқан жұрнақтарын жинап, арнаулы бағасын беріп, тиісті орын-орнына тарату — бүгінгі күнде қазақ тіліне қызмет қылып жүрген жұрттың барлығына да бір жалпы міндет сияқты. Шаң басып жатқан ескілікті жинап, басын құрап, көпшіліктің мүлкі қылып беру жалғыз ғана әдебиетті сүюшіліктен тумайды. Жақын жердегі алдыңғы керегі әдебиетті сүйетін қазақ оқушысына ой, сезім азығын беру болса, одан кейінгі зор пайдасы қазақ тілінің қалыптанып, нығайып өзіне біткен көркі мен күшін.жинау үшін керек. Көрік пен күш жинау елдің ішкі байлығын сыртқа шығарып, бетін ашады. Өткен заманның қадірлілері талайдан келе жатқан кәрі қазақтың бұл күнге шейін көмескі болып келген ақыл, сезім жолындағы бітімін айқын көрсетеді. Талайдан қалыптанған ой тұлғасын көзге елестетеді. Қазақтың өткен күндегі тұлғасы айқындалмай, келешегінің беті ашылмайды. Өткен күннің ұғымы мен нанымы, әдебі мен салты анықталып өкшелмесе, алдыңғыға бет түзелмейді. Ирегі мен бұраңы көбейеді. Қай жұрттың қай түрдегі өнерін алсақ та, артындағы қоры жиналмай, алдына қарай заулап кеткен емес. Бұл туралы бүгінгі еңбекшіл әдебиетінің өзін мысалға алсақ та: «Біздің де артымызда ой тербететін ертегіміз бар, мифіміз бар. Алдымызда зор сеніммен күткен келешегіміз бар, магиямыз бар. Ертегіміз жер дүниені меңгерген ұлы еңбек ертегісі. Алдымыз сол еңбектің адам қауымын баққа жеткізетін келешегі», — дейді. Ескілікті тірілтудің үшінші зор керегі мектеп үшін. Әрбір мектеп нағыз ұлт мектебі болуы үшін екі діңгекке тіреледі. Біреуі сол елдің тілі, екіншісі тарихы. Осы екі тараудағы білімменен әрбір мектептің бір ұлтқа тиісті болған пішіні қаралады. Қазірде қазақ мектебінде тіл әңгімесі бірінші сатыдағы істі істеп келеді. Жазу мен оқу жолында ана тілінің іргесін нығайтып, соны құрап келеді. Тілге арналған қызмет онымен бітпейді. Бұл тілдің қара қызметін атқарып келе жатқан мезгіліміз. Тіл оқуы жалғыз осы сатысында тұрып қалса, ол қалыптасқан өнер сияқты ақыл, сезім жемісі болып ой азық бере алмайды. Тіл оқуына әдебиет заңы, әдебиет тарихы ісін талдау барып қосылған күнде ғана тіл оқуы өнерге, білімге айналады. Онан соң әдебиет ескілігін түгел тірілтіп, жинап алып талғау жалғыз әдебиеттің өз керегін орындап, жоғарғы айтқан керекке жарап қоймайды. Орыс академигі А. Н. Веселовский: «Қай жұрттың ескілігін алсақ та әдебиет ауданы көпке бірдей кең алқап, оған неше тарау өнердің неше алуан адамдары бір соқпай кете алмайды. Сол көп мергеннің бәрінің де іздеген керегі әдебиеттен .аз көп болса да табылып отырады», — деген. Шынында ескі әдебиеттен мағлұматты кім алмайды? Санасақ әдебиетшінің өзінен басқа: тарихшы, шаруа білгіші, тәрбиеші, заң білгіштері, мәдениет тарихшысы, тағы толып жатқан көпшіліктің бәрі де сөзін білсе, әдебиет мағлұматын бере де біледі. Ескі грек, Рим жұртының тарих көзі жетпейтін кәрі заманында, құлдық дәуірінде болған елдің салт-санасы қандай түрде болғандығы туралы бірталай мағлұматты Гомер өлеңдері беріп отырғаны көпке мәлім. Сол сияқты қазақ әдебиеті де құр ғана өлең, жыр болып қоймай, ескі заң, ескі мінез, ескі білім тәжірибені білдірудің үстіне, қазақтың шаруа тіршілігі мен тұрмыс түрінен туатын ұғымын да айқын көрсетеді. Көшпелі салт бақташылық кәсібі қазақ елінің ой-сезімін, мінезі мен ұғымын өзгеден бөлек пішінде қалыптаған. Қазақтың алғашқы өзгешелігінен туатын айқын бөлек, тұлғасы бар. Ерекше біткен ұлы денелі қол батыры, жан батыры болған геройы мен героинялары бар. Бақташылық кәсібінің дәл езінен туған шаруа геройы Қодар бұл сөздерге дәлел. Мол денелі алып бақташы бұрынғы жағалай шабыс заманындағы Қобыланды, Тарғыннан кем бағаланбайды.

Бір кезде бар мақтанды батырға беріп:
Таңертең шапса, кешке озған,
Ылдидан шапса, төске озған,
Томаға көзді қасқа азбан, —

десе, Қодарға келгенде сол сияқты қиял қылған қара шаруаның қайраткерін еңбегіне сүйсіне жырлап:

Күнімен құдық аршып, түске шейін,
Сондай құдық қазады беске шейін,
Кейінің өз суы бар, кейінде жоқ.
Меспен тасып толтырар кешке шейін, —

деп жазғы еңбегін айтып өтіп, қысқа келгенде тағы бір қырға мініп кететін Қодарды:

Жылқыға тіпті жайлы Қодар маман,
Сырт дұшпан бата алмайды ол бір қабан.
Қодекең шүйгітеді қайдағы отқа
Жылқысы семіз шықты есен-аман,—

дейді.

Қодар пішінінде қазақтың көшпелі тұрмысынан туатын қиялы мен тілегінің бір жерге жиналған мол денелі жиынтығын көрмеуге болмайды. Іздеуші, сынаушы болса, қазақ ескілігінен бұдан басқа да талай жаңалықты ашуына күмән жоқ. Сондықтан осы айтылған неше тараулы керегі мен пайдасын санап келіп, ендігі айтылатын жалғыз-ақ сөз: сол қазақтың жоғалып, ұмытылып, тозып бара жатқан сұлу өнерін қайта жинап, тірілту керек деген ғана сөз болады. Бұл іс бір-ақ беттегі адамдардың міндеті емес, оқи біліп, жаза білген бар қазақ баласының міндеті. Бұл жолда ең алдыңғы тілекті ел ішінде ескі сөзді білетін кәрі құлақтарға айтамыз. Жазу білгендері ойында жүрген асыл жұрнақтардың бағасын ұғынып өз бетімен жазса, болмаса жаза білетін баласы, інісі сияқты жастарға жазғызса, не болмаса елге әдейі шығайын деп отырған оқушы, оқытушы жастарға жазғызса, сол іс өз міндетін атқарып, қазақтың елдігіне кәрі қолымен қосқан бір бағалы әлем байлығындай еңбек болар еді. Ел ішіндегі ескі сөзді білетін адамдар жаздың қол бос болатын кең күнінде, даяр жазушыға айтып отырып ұзақ өлең, әңгімелер болса да жазғызуы қиын болмас еді. Сол жұмысты істер еді. Осы үмітті ақтар еді деп сенеміз. Сондықтан биыл жаз Семейдің техникумынан ел ішіндегі сауатсыздықты жоюға шығатын 100 шәкіртке осы нұсқауды қолданатын жоба қылып беріп, ел ескілігін жинап әкелуді тапсырып отырмыз. Бұл кез шәкірт Семей губерниясының барлық бұрыш-бұрышына саны жеткенше тарамақшы. Талай жерде елеусіз жүрген бағалы сөзді жарыққа салмай, ішінде әкетіп бара жатқан кәрі құлақтарға кездеспекші. Сондықтан күзге қарсы сол шәкірттер арқылы көп қадірлі сәлемдемені қалың елден күтеміз. Енді қазақ әдебиеті мен тарихына жанасатын ескіліктің қандай түрлерін жинау керек, соған келейік. Бұл туралы Семейдің губерниялық методический көдесі мен қазақ техникумында жасалған мына нұсқаны ұсынамыз:

Әдебиет жайынан жазып алатындары: 1. Алдымен ел ішінде кездесетін барлық батырлар әңгімесі. Бұлардың ішінде әсіресе қалдырмайтындар: «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қобыланды», «Едіге», «Шора», «Алпамыс» сияқтылар. Бұларды түгел білуші болса білген жерлерін жазып алу керек. Бұл әңгімелердің өлеңмен айтылуы шарт емес: қара сөзбен болса да алу керек. 2. Ескі жиында айтысқан атақты ақындардың барлық айтысы. Айтысқан өлеңнің, мысалы, Кемпірбай мен Шөже, не салдар айтысы сияқтылар болады. 3. Ескі билердің ру тартысының үстінде, билік үстінде өлең, мәтел, тақпақпен ырғасқан сөздері. Мысалы, Ақтайлақ бидің сөзі, Сабырбайдың Солтабайға айтқан сездері. 4. Есім, Абылай сияқты көпке белгілі хандар жайындағы тарихи өлеңдер. Қабанбай, Бөгенбай, Ағыбай сияқты бергі замандағы батыр жайындағы жорық өлеңдер. Осы сияқты атақты адамдардың жақыны арқылы солардың өмірбаянын, өмірінде кездескен белгілі үлкен уақиғаларын алу керек. Мысалы, Наурызбай мен Тілеуқабақ қызарының әңгімесі сияқты. 5. Қыз ұзатқанда айтылатын өлеңдер: жар-жар, бет ашар, қоштасу. 6. Салтпен байланысқан сыршылдық өлеңдері: естірту, қоштасу (өлім алдындағы қоштасу, жерге қоштасу, өткен дәуренге қоштасу). Жоқтау (хан өлгенде қарашының жоқтауы, қара кісі өлгенде үй ішінің жоқтауы). Бұндай өлеңдердің барлық кездескен түрлерін түгел жинау керек. Кім шығарды, қай заманда, кімге арналғаны жазылу керек. 7. Ақтабан шұбырынды сияқты аума-төкпе заманда басшылық еткен ру геройларының әңгімелері. Сол уақиғаның тұсынан қалған ескі өлең, жырлар. 8. Өзен, өлке, қоныс, мола, көл мен таулар атымен жалғасатын ертегіше әңгімелер (легендалар). 9. Қалмақ пен қазақ жаулығының тұсынан қалған, не болмаса, жақын рулармен жауласқан кезден қалған ескілікті әңгімелер. Көзкөргеннің баяны (воспоминание). 10. Қазақтың Бұқар жырау, Шөже, Шортанбай, Жинақ, Кемпірбай сияқты ақындарының өмірбаянына тиісті мағлұматтар: қай рудан, қанша жасқа келіп өлген. Өлгеніне қанша болған. Өміріндегі ірі өзгерістер, әдеті, өлеңді көп айтқан мезгілі, кімдерге, нелерге арнап айтқан өлеңдері бар. Солар жиналуы керек. Бұл ерекше көңіл бөлетін мағлұматтардың бірі. Бұлардан басқа ертегі адамынша аталатын: Асан қайғы, Жиренше, Алдар Көсе, Қорқыт жайларындағы әңгімелер. Солар айтты деген өлең, тақпақ сөздер, өмірбаянына тиісті болатын әңгіме. Ескі атақты билер жайынан да жиналуға керек. Олар: Төле, Бекболат, ІІІоң, Торайғыр, Қазыбек, Ақтайлақ сияқтылар болады. 11. Атақты бақсылар жайындағы әңгімелер сарыны, күйлерінің аты, жындары жайындағы әңгімелер, жындарының аттары, істейтін міндеттері, бақсының сиынатын көмекшілері. Одан басқа қазақ әдетіндегі шаманизм сарқыттары: «жұп шырақ», ақ шашу, аластау, ұшықтау, отқа май құю, айтылатын сөздер тағы осы сияқты сақталып қалған ескі әдеттер.

Наурыз сияқты мейрамға арналған өлеңдер, жарапазан өлеңдері.
1916 жыл уақиғаларымен жалғас туған әңгіме, өлең сияқты сымбатты сөздер.
1917 жыл өзгерісінен бергі уақиғалар туғызған өлең, жырлар, әңгімелер.
Тарих жайынан жазып алатындары:

1. Әрбір рудың шежіресі, рудың қазіргі туған жерге қайдан келіп, қандай уақиғалардың есебінен келгендігі. Бұрынғы жер иелері, сол замандағы ру басшысы мен батырлары. 2. Орысқа бағынбай хан билеп тұрған заманды білдіретін әңгімелер. Аға сұлтандар билік сүрген кездің әңгімесі. Бұрынғы шербешнай съездер. Көп ру бас қосысқанда жасалған уақытша ережелер. 3. Руды қаратқан себеп. Кім басшы болған. Алғашқы қараған мезгілдің әңгімелері. 4. Қазақ даласының әр жеріне алғашқы келген переселендер. Алғашқы жер алуы. Ол кездегі қазақ пен келімсектер арасы. Алғашқы қағысулар. Бұл уақиғалардың тұсында рулардан шыққан ерлер. 5. 1916 жылдың сыртқы жайын білетін әңгімелер. Елдің берілгісі келмеген жалтағы, алысқа көшу, басшылары. Қарулы әскермен соқтығысу, соғыс суреттері. Көтерілістің арты. Mінe, осы сияқты жайлардан шама келгенше толық мағлұмат жиналуы керек. Жинаушыға қойылатын шарт: барлық сөз айтушының дәл өз аузынан шыққан қалпында ғана жазылуы керек. Бұл сияқты іс басқа губернияларда да болар. Жаз елге қайтатын шәкірттер мен мұғалімдер арқылы жиналатын мағлұмат аз болмайды, көп болады. Оқушы мен оқытушы — біздегі өзінше көп халықтың бірі. Сондықтан олар арқылы қай губерния болса да дағды қылар. Біздің қазірде айрықша осы жұмысқа шақыратын жеріміз — Қарқаралыдағы қазақ техникумы. Семей шәкірттері Қарқаралыға бармайды. Ол уезд түгелімен сондағы техникумның міндетінде. Сондықтан осы істі қолданып, күздігүні мағлұмат туралы Семей техникумымен айрықша қатынас жасау керек.

ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗГЕШЕ МІНЕЗДЕРІ

Газета4 жүзінде қазақтың һәртүрлі5 кемшіліктері түртіліп жазылып жатыр. Мысалы: ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің халі деген сияқтылар. Рас, мұның бәрі аянышты халдер, бірақ бұлар әр міннің бұтақтары. Роман, өлең, мақала жазушылар да осындай ұсақ кемшіліктерді көрсетпек. Қазақтағы нешетүрлі болып тұрған ауыр халдердің түпкі негізгі, тамыры қайдан тарап, бұл күйге ұшырағанын ешкім қолға алып, мәтбуғат жүзінде қозғап көрген жоқ. Соның үшін бұл терең сауалды жұрттың есіне салып, жүректерді қыздыруға сөз бастап отырмыз. Бұрынғы уақытта қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен. Рас, ол уақыттағы ұйымшылдық күні үшін болса да, жүре-бара бет түзеп, қалып алатын сүреңі бар сияқты еді, естуімше. (Әрине, халық болған соң, түгел самдай, мұнтаздай еді деуге келмейді, надандық уысында талай оқшау мінездер болған, оған орын беруді артық деп білеміз).

(... . ...)6 Ол қылықты түсініп, түзу жолға салушылар болса да дүниауи ғылымдарда кіріп, тамырлап, бұтақтап кетуге ықтимал еді, бірақ қожа, молда, ишандардың схоластик (алық) ғылымын таратып, елдің ойын, рухын, қол аяғын кісендеп, бір кесімді тар жолға тығып, адамшылықты тағдырдың қазығына қылқылдатып байлады да қойды. Түсінгенше қазаққа дін де оп-оңай сіңіп кеткен жоқ, түсінген соң табандап іске асырғыш еді. Сол кезде халықты меңгеріп ұстап тұратын азулы, айдынды хан сықылды бір күш керек еді, халықтың бақытсыздығына қарай жақсының сиреген кезінде күші кетіп, мынадай соққы жолықты. Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді. Тірлігі, мақсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген халге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға килікті. Қазақтың тұрмысы өзгерді. Киіз үйде қыстап, суыққа шынығып, қуатты, қайратты денелі өсетін қазақ, тазалығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы, нашар болып, мыжғырланып, еңсесі көтерілмей өсетін қалыпқа түсті. Осы себепті адамның өсімі де кеміді. Әрине, тән қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады. Мысалы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар. Бұл — бір. Екінші, сол уақта, өзі сурет ала алмаған бірлікке, қырсықтың қара басы боп партия деген қағынды тиді. Жауыздық залымдық қара бұлттай қоршап, халықты астан-кестең қылып, өзді-өзімен атыстырып, көзді шел қаптады. Күннен күнге өршіген қалың сасық тұманнан шыға алмай адасып келіп-келіп түсіп отырған халіміз, міне — осы күнгі. Партиядан тарайтын фітнәнің бірсыпырасын айтайық: партия басталғалы мал азайып, кедейлік килікті. Себебі: болыс болатындар аямай малын шашып, құрып болған жағдайда сол малын өзіне түсіре алмай, қалғаны онан жаман құриды. Екінші, партияның малын жаудың малындай ішіп-жеген халық (оны) қайта құсып, қолындағы өз малын азайтты. Партия кәсіпке кіріспеуге үлкен себеп болды. Шаруа жағының қырсығы бұл.

Енді «дін» жағымызға не келтірді?

Қай жұрттың болсын қасиеті уағдашылық, антқор еместік, құдайдың атын жеңілге саймаулық еді. Біздің қазақта аруақ, құдай, ант-иман, құран дегеніңіз бержебайшының ісіндей қадірсіз. Құдайға қылған құлшылық, қайыр-садақа партияның берімсегіне жүріп кетеді. Дінге келген кемшілік осы. Енді қазақтың мінезіне (ахлаққа) тигізген зияны мынау: ұрлық, зорлық, қорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, сұмдық, айдату, байлату, кісі өлу — рақымсыздық, жалған мақтан, ынсапсыздық, тұрақсыздық, настық, жалқаулық деген нәрселерге шайтанның ұясынан артық болмаса, кем болған жоқ. Бір туысқан түгілі әке мен бала партияға таласып, күндескен соң, адамның жақыны кім болмақ? Әрине, жақыны, досы — жалғыз ғана басы, құлқыны. Партия халықтың бірлігіне, ерлігіне қолқабыс қылды ма? Намысты қоздырды ма? Жоқ. Бұған таласымыз жоқ. Бірлікшілміз, ұйымшылмыз, жауынгерміз дейтіндер табыла қоймас, алтыбақандық, қазанбұзарлыққа мақтансақ, мақтанайық. Сүйтіп, ұсақтап келіп, жаужүрек батырларымыздың батырлығы ауыл-үйдің малын ұрлауда қалды. Бұрынғы билердің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды. Осындай ортада өскен бала да жамандыққа салынып, жіті оқығандарында да кепке шейін таты кетпейтін көрінеді. Мысалы: «Ұлтым», — деп оқып шыққандар халық арасына келсе, қарая бастайды. Сайып келгенде, қазақта қалып тұрған өзгеше мінездер: тілі айтқанды қолы қылмайтын — тұрақсыздық, ұйымсыздық, басынан аспайтын — өзімшілдік, ездік. Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз — оқығандарда. Оқығандар ендігі жас балаларға өздері үлгі болып, надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына сүйреуге міндетті. Соларға қазақтың мінездерін тастатып, айнымай, қажымай, таза жүрекпен кемшіліктерге қарсы тұрып, бірлік жібіне жармасуынан басқа не тілей аламыз.

Семей семинариясында оқитын: Аймауытов һәм Әуезов.

АДАМДЫҚ НЕГІЗІ - ӘЙЕЛ

Адамның ғұмыр кешірмек кәсібінің терең түбіне қарасақ, хайуанша күндік қоректі таспен атып, ағашпен ұрып аң аулап жеп, немесе жеміс теріп жеп, қарны тойса аңша бір жерге жата кетіп жүрген. Ер жағы қара басынан басқаға қарамай жүргенде, балаларын баулып, асырап, үйлік ұйымның басын құраған — әйел. Адам баласы қызықты ғұмыр кешірмек боп қуанып, үмітпен өсіп, жылдан жылға қызуы басылып, суынып, ақыры кейін өледі. Неліктен? Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі — тіршілік қамы, бірі — адамшылық қамы. Барша дүниедегі пайда-мақтан әуелі басыма болса, немесе туысқаныма, ең болмаса аталасыма болса деп неғұрлым өзіне қарай тартып, талап қылу, бұл бір ғана тіршілік қамын көздеген хайуани салахият деп айтылады. Екінші, менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл — инсаният, яғни адамдық жолы. Бұлар бұрынғы Толстой сықылды хакимдердің айтуында, екінші, марқұм әкеміз Абайдың: «Әкесінің баласы — адамның дұшпаны, адамның баласы — бауырың» — деген мақалы да, һәм пайғамбар ғалаис саламның: «Адамның жақсысы адамға пайдасын тигізген» деген хадисі де көрсетеді. Бүгінгі дүниеде бұрынғы тіршілік кәсібіне тас пен ағаштан басқа амалы жоқ боп жүрген адамның баласының өнері қандай өскені һәммеге7 мағлұм. Яғни аспанға құс боп ұшады, суда балық боп жүзеді, жансызға жан бергендей от арба, кеме жүргізген сықылды санап та болмайды. Бірақ адамгершілік құлқы өспеген соң жақсылықтың бәрі жамандыққа айналып, бар дүниедегі маңдай басы елдердің үш жылдай адамның көзінің жасы мен қанынан дария ағызып жатқаны мынау. Осы айтылған мағыналы адамшылық туралы өзіміздің ішімізге келсек, бір атаның көздің қарашығындай екі баласы бірімен-бірі аңдысып, алдына таман, алысқа қарамай, бірін-бірі қарауылдап, қыли болып отырғаны мынау. Адамның кейіп, «дүние шіркін-ай!»— деп өлмегі екі көздің бірінен күткен достығы қастық боп шығып, әмсе жер соға бергендігінен. Әйтпесе, жасындағы алланың дүниесінің қысы, жазы, күні, түні өзгергеннен емес! Енді дүние осылай әмсе өте ме? Дауасы бар ма? Бұл туралы адамның ішкі сырын ақтара қарап, аудара сынаған кемеңгерлердің сөзіне қарасақ, әділет мархаметтің негізін былай деп шешеді. Әуелі адам баласының келешектегі адамшылығына ірге болатын істі сол адамның ортасы бір сурет жасап беріп, соған өзі киген тонын кигізеді. Сонан кейінгі ол адамның өмір жолында көретін жақсы, жаман үлгісінің бәрі жамау, ия бояу болады. Жә, сол адамшылығымызға үлгі салатын ортаның көп түрлі-түрлі істерінің ішіндегі бізге ең әсерлісі қайсы? Бұл туралы және сол білгіштердің шешуі мынау: адам баласы бір үлгі аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен күштеп алады. Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды дейді. Бұған қарағанда біздің ой буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол анамыз... Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. Бұлай болғанда өмірінде әділет, мархамет, махаббат деген нәрсенің атын естімеген ананың харекеті үй іші мен от басынан, ғайбат өсектен аспаған анадан ақ жүрек, адал ниетті қамқор жан тууы мүмкін бе? Бұл себеп әр адам өзінің балалық күніне көз салса, бір қазақтың баласының анасынан болатын мына түрде болады: Әуелі, ана-балаға байлық, барлықтың өзінде болғандағы бағасы, дәмі қандай, өзгеде болғандағы көзге күйіктің пайдасыздығы қандайын үйретеді. Онан соң өзің ретті құрбының өзіңе қатарласа алмай қалып жүргенін жақсы деп үйретеді. Және неше түрлі өзінің ауданы аз, түрсіз, қараңғы ойына кіретін жаман мінезінің бәрін баласының сіңіргіш жүрегіне жұққызады, бұдан кейін әр бала қызғаншақ, өзімшіл, мақтаншақ, пайдакүнем сұмырай мінездерді ойына артып алады. Ана талқысынан асқанда бала шет жағалап әке ақылына құлақ салады. Бірақ оның жақсы түрлері болса да әлгіндей түрі тағлім8 көрген балаға көбінесе жұқпай кетеді. Бұдан кейін бала құрбы арасына кіріп, құрбының мінезі мен әдетін көреді. Ол құрбылардың бәрі де әлгі баланың шыққан анасындай аналардың қолынан шыққан соң, олардағы адамшылықтың нәр жұғынының шамасы да белгілі болады. Бұдан кейін бұл бала қандай оқысын, қандай үлгісі мол ортада жүрсін әуелгі анадан алған өрнек ішкі сырының арқауы болады. Бұл арқауының маңызы қара тастай болып салмағы бір кездегі көрген, естіген, білгенінің бәрін басып жатып алады. Сол себепті бізде қайратының жалыны жаланған айқынды ұлтшыл шоқ саны белгілі бірлі-жарымды айтып та керек емес. Қай уақытта қай халықта болсын, білім жолында жұрт қатарына жетерлік халық болу жолында ең керекті шарт — ақ жүректі екпінді ерлер. Халықты ілгерілететін дөңгелек солар. Оларсыз мақсатқа жақындау мүмкін емес. Бұлай болғанда алғашқы сөзімді қайта айтамын. Адам баласы тағы болып, еркегі хайуандық дәрежесінде жүргенде әйелден бала туып, ол балалардың бәрі де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйіріліп үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын кіргізген. Бұған қарағанда адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген — әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!

Семинарист Әуезов.

ОҚУДАҒЫ ҚҰРБЫЛАРЫНА

Өзіміз көріп жүрген қандай үлкен нәрсені алсақ, сол үлкенді үлкен қылып тұрған, біраз ғана жиылып шоғырланған алғы кішкене нәрсе. Осы кішкене нәрселер мықты болса, ана үлкендеріміз де мықты болмақ. Ол морт, сынғақ осал болса, әлгі үлкен нәрсе де осал болмақ. Бұл бірді-бірге себеп қылып тізіп, жалғастыра жаратқан жаратушының шебер қолының дүниенің ісіне кіргізген өзгеріссіз жолы. Жә, осыған қарағанда ұлт тізгінің ұстап тұрған оқығандарымыз, солардың істерінің таудай болып үлкейіп, дабырайып көркеймегіне не шарт? Әрине, бірінші — сол оқығандардың бірлік, берекеде болып шоғырланбағы шарт. Екінші — (олардың) істері маңызды, орнықты, табанды болуы үшін әрбір оқығанның ақтығы, екпіні, білімі (шарт). Рас туғаннан білімді, ұлт ісіне екпінді ақжүрек болып туа қоймалық, бірақ алдыңғы оқыған қамқор ағалар не ойлап, нені істеп, нені арман қылып жүр. Соны біз істемесек те білу, бетін ұғу керек емес пе? Біздің мақсатымыз — мал табу, шен тағу емес, надандық неше батпан (болып), үстіне артылып зілдей қылып жатқан ауыр халқымызды өрге сүйреудің әдісін, тәсілін табуға тырысу керек екенін ұмытуға жөн бе? Қашан да болса адам махаббат, мархамат, ақтыққа жастай шөлдесе, жастай сағынып талпынса сүюге, ұлтшылдыққа, адамшылыққа жеткізбекші емес пе? Бұл жүректің сіңіргіш таза уақытын өткізіп алсақ, үлкейгенде жыласақ та, қалай өзімізді күйінішке жегізсек те әлгі нәрселер келер ме? Осы туралы өзіміз ретті оқып жүрген бір буын құрбыға айтатын аз назымыз бар. Бұл мезгіл халқымызға ақыры тез. Бұдан кейінгі мінез өмір бойы мінез болып қалады емес пе? Осыған қарағанда біздің көбімізде халыққа мінезімен жақсы болмақ түгіл, оқығандар деген атқа кір жұққызатын, жаман мінездер көп. Оның бірі — карта, газет бетіне қарамайтын, қазақ ісінен хабарсыздық, басы құралмайтын берекесіздік, үзілмейтін маскарад9. Жас уақытын мұнымен өткізген жігіттің үлкейгенде отты, қажымайтын отаншыл болуы дүдәмал. Жігіттер! Ендігі уақыт жазғытұрғы күншуақтай жанға жайлы емес пе? Осы рахымды күннің жылуына қызып біз де аз ғана білімімізді, аз ғана қайратымыздың кішкене қызметін адамшылық жолына салып, ақтыққа жұмылайық. Қала-қаладан ұйым ашалық. Халықты түзетуді жол қылайық. Бұрынғы жаман әдетті тастауға тырысалық, әйтпесе болыстық тигізетін інілеріміз жетіп келеді деген алдыңғы ағалардың қуанышын күйінішке айналдырып, «қарғайын десе жалғыз, қарғамайын десе жалмауыз» болып жүрмелік. Онда біздің оқымағанымыз, болмағандығымыз артық.

Mұхтар Әуезов.

ҚАЙСЫСЫН ҚОЛДАНАМЫЗ?

Жұрт оянып, көзін ашып, жұрттыққа бетін түзесе, күннен күнге мұхтажы табылып көбеймек. Осы күнгі біздің көп мұхтажымыздың ішінде ең ірісі — ғылым. Рас, мұны ұқтық. Құдайға шүкір, бетіміз жаман емес. Азды, көпті білімін халықтың жолына салып, соның бақытын арман қылмай жүрген оқыған қазақ аз. Бірақ қай істің болсын, өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі, ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек. Қазіргі біздің жұмылып, қолға алалық деп тұрған ісіміз — оқу. Бұл оқу туралы әлгі айтқан үш шарттың алғашқы екеуін бізде бар деуге болады, бірақ үшінші жоқ. Мұсылман медреселерін бітірген мұғалімдерді, семинария бітірген учительдерді алсақ, бәрінде де бірінші, қазақ баласына білім білдірсем деген ниет бар: екінші, қолынан келетін күш бар; бірақ мақсатты жерден шығаратын тәртіп жоқ. Жә, бұл, қолға түспей тұрған тәртіп қайсы? Қай мектептің болсын жаны — оқу құралдары. Ғылым жолында талай басқышқа мініп кеткен өзге жұрттарды алсақ, бәрі де жылдан жылға оқу кітаптарын жаңғыртып, бір жақсыдан бір жақсысын таңдап отырады. Сүйтіп, оқу кітаптары ылғи жазылып, жаңарудан бір босамайды. Қазаққа келсек, мектепке арналған ретті бір кітап жоқ. Себебі, мұны ниет қылған талапкерлердің алдынан көлденең шығатын бір зор кедергі барлығы. Ол — ғылым тілі. Ғылым тіліне қазақ сөзі жетпейтіні, жететін болған күнде де, аршылып, арналмағандығы анық. Қандай тілге бай жұрт болсын, ғылым жолына түсе бастағанда тілі кемшілік қылып, қашанғы ескісін алып құрастырып, бөтен жұрттың тілін жамау қылып, неше түрлі болып аламыштанады. Бір халықтың ғылымсыз күніндегі тілін алып, артынан ғылымды болған күніндегі тілін алсақ, соңғы тілі жаңа туғандай болып өзгереді. Бұл, ғылым тілі деген мәселе — өз мектебіміз, өз мұғалім, үйретушілеріміз бола бастаған сайын «шеш» деп, дікілдеп қысатын мәселе. Сондықтан бар қазақтың оқитын баласының бірінің білімін біріне жанастыра, бір жолмен оқытуы керек. һәркім һәр жерде өз машықты жолымен төпей берсе, ол аз күшті ыдыратқан, береке ұйымы жоқ бір оқу болғаны. Бізге осы күннен оқу тілі мәселесін ашып, бір жолға бетті түзеу керек. Осы туралы орысша оқыған өз машығына, мұсылманша оқыған өз машығына тартпай, дәлелімен қай тілдің мағынасы орамдырақ, қай тіл қазақтың өмір жөніне қолайлы, осыны салыстырып, біреуін ұстау керек. Сонан соң не мұсылманша оқығандар болып, не орысша оқығандар болып, бір жағына елігіп, белгілі бір жолға түселік.

Мұхтар Әуезов.

Ғылым

Адам баласының ақылының ғылым жолындағы тарихын қараған кісіге белгілі: әуелі адам жыртқыш хайуандар дәрежесінде жүріп, өмірлік мақсаты — ішпек, жемек, жылы, жайлы жерде жан тыныштық қылып, қайраты мол аңдардан қашып-пысқанды айла қылып, күндік қорегі өлексе, айласыз, айдынсыз, әлсіз ұсақ аңдар болып жүрген. Бұл — адам баласы жуан аңдардың тізесінен құтыла алмай, ақылының кеңи алмай, қашқын, қуғында өлмесем деген сезімнің ғана артында, сыбағасыз жүрген өміріндегі бір буын еді. Бірталай заман алыс-жұлыс, ит жығыспен өтті. Жүре-жүре ақыл-айла үстке шықты. Адам өзгеден сытылып жекеленді. Бұрынғы күндік қорек, дене тірлігі қауіпсіз сатыға мінді. Ендігі өмірдің беті құлаштаған кең ақылдың ізінде болатын болды. Бұрын адам ағаш, су, тау, тасты керемет деп қана санап жүріп еді. Бертін келген соң олардан ексе егін, тапса пайда шығатынын дүниедегі һәр нәрседе өзінің есебі барлығын тауып, һәр уақытта айламен ерінбей ізденіп, сыбағасын жырып алып қалып жүрді. Адамның ғылым жолындағы өрлеуі — алғашқы жуан білек аңдарға жем болмауға айла тапқаны секілді. Өміржолын арттырсам, дүниедегі көрнекті сатыға шықсам кісі жуандығын көрмесем, молшылықта болып, зарықпай жетсем деген жігері мен талабынан болған. Әрине өнер-ғылым бар адамның басынан бірдей шыққан емес, һәр заманда өмір ауқымы адамның ілгері басуымен һәм бірен-саран сол заманда шыққан жолбасшы білгіштерінің арқасымен табылған. Бірақ көптің нәпсілік керегін іздеп, адасқан жолын білгіштердің мақсатына тіркеп, барлық жазық сендерде деу — зор қиянат. Олардың іздегені — бір ғана хақиқат. Адам баласы өсті, өнді. Бұрынғы кең жер, кең тамақ азайды. Айла құрып, ебін таппаса, тегін еш нәрсе болмады. Ел болғанда лаж тапты. Мал бағу, егін салу секілді кәсіп шығарды. Шаруашылық кіріп, адам көбейіп, жер азайып тозуға айналған сайын шаруа ғылымы түр тауып, гүлдене бастады. Жұрт патшалық-патшалыққа бөлініп, бірінің жері аз, бірінікі көп болды. Бұдан, тіршіліктің ауырлығынан соғыс шықты. Бірін-бірі жеңуге һайла10 арттыруға тырысты. Ол көп соғыс, көп һайла туғызып, арты бүгінгі күні мынадай сатыға шығып тұр. Адамға киім керек болды. Жұрт ылғи аңшы болмады. Аңның терісі киюге ыңғайсыз болды. Жүннен, қылдан бұл тоқуды тапты. Қолдан тоқыған бұл көпке бірдей жетпейтін болған соң, ақыры келіп ісі өнімді фабрика шығарды. Сауда шықты, есеп ғылымы шықты. Бір патшалықтан бір патшалыққа, бір қаладан бір қалаға тез баратын төте жол керек болды. Бұдан, әуелі су үсті қайықтар, одан кемелер, аяғы пароход, от арбалар, аэропландар шықты. Өмірдің тізесі өткен сайын адам күннен-күнге түр тауып, дүниенің (жаратылыстың) һәр түрлі сырын ашқан, сол сырлардың қорытындысынан шыққан осы ғылымдар. Бұл — бар адам баласының тіршілік ету жолына жұмсалып, жанасып отырған дүниауи ғылымдар. Бұдан соң өзгеден һәр қилы білімі, адамшылығының кеудесі асқан кемеңгерлер адам баласының адам деген атына лайықсыз хайуани бұзық мінездерін көрген соң, соны түзейміз деп адамшылыққа, хақтыққа жөн сілтеп, жол нұсқады. Бұл шешен, терең сөздер талайдың көкейіне қонып, көңілін оятты. Көп көруді ғана мақсат қылмай, шапағатты көксейтіндер де шықты. Бұлар көпшіліктің жаман мінез, жаман ісінен жиренді. Қайтсек осы жаманшылықтардан халықты сергітеміз деген ой бәрінің миын шірітті. Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнеге білетіндігін және түзелу, бұзылу жас уақытта болатындығын тапты. Осымен көпшілікті адамшылыққа жеткізу үшін жас буынды тәрбиелеуді қажет ұғып, оның жолымен жүргендерді таза деп білді. Адамшылықты таза жүргізу үшін көп ой керек. Ой ойлау үшін оқу керек. Және оқу әр тараптан мағлұмат беріп, хақиқатқа баланың көзін жеткізіп, көңілін хақтықпен тәрбие қылу керек деп, школдарға һәр түрлі ғылымдар кіргізді. Олар: шежіре, әдебиет, жаратылыс ғылымы һәм заңы, өлшеу тағы басқалар. Бұл ғылымдарды жалғыз жаттап қоймай, алған білімін іске асыра білсін деп, мысалы Америкада әуел бастағаннан іспен араластырып оқытады. Ғылымның артынан еріп, көрсеткен жолымен жүрген жұрт бұл күнде өмірдің төрінде. Әуелгі ғылымсыз адам мен бұл күнгі ғылымды адамды алсақ, екеуінің арасы айласыз хайуан мен ақылды, айлалы адамның арасындай. Ғылымның қазіргі халіне қарасақ, аспанда ұшып, су астымен сүңгіп, тау тесіп жол қылғанды місе қылмай, күннен-күнге жасырынды анық қылып, бұлдыр нанымды қалдырып келеді. Қазіргі ғылым айтқан сөздерінің шындығын көп дәлелмен жан-жағынан тіреу қойып, бекітіп, айқын нәрселерден мысал келтіріп, көзге көрсетіп, қолға ұстатқандай қылмаса, өзі де тастым демейді. Ғылымның мұндай бекітіп шығарған жолдарын дәлелсіз мансұқ қылуға болмайды. Бұрынғы мұқтаждық шығарған бірен-саран ғылымның бұл күнде ұрығы әлденеше тарауға бөлініп кетті. Бұл уақытта сол көп тараудың бір тарауын түгел біліп шығуға бір адамның өмірі әзер жетеді. Және ғылымның һеш уақытта кәмелетке жетіп тоқтауы жоқ. Адам құрымаса, ғылым өрлей бермек, адамның түсіне кірмейтін неше түрлі ғажаптарды шығармақ. Ендігі көпшіліктің тілеуі, беті сол ғылымның сүрлеуімен барып хақиқат тауып, қараңғы өмір жолымен құтылып, жарыққа шықпақ. Қазіргі адам баласының наданын былай қойып, білімдісін алғанда, ғылымның жолына түсінген жоқ деуге болады. Түсінген жолдары тән рахаты, нәпсі құмарлығы, өмірдің ғана керегі. Бұл — ескі бабалардың өмір қалпы. Шын ғылым жолына түсінсе, шын көздеген мақсаты — адамдық, ақтық болар еді. Бұл — мақсат болып, тәрбие жақсы тәртіппен кіріп, жүрегі махаббатқа толған адам көп болар еді. Бірақ мұндай адамдар көпшілікке қарағанда, сирек шығып жатыр. Бұл — тәрбие ғылымын таза тұтынбағандықтан, әзір адамның нәпсілік керегінен ұзай алмай, һешкімнің ірілігін көтермесем, өзім ірі болсам деген секілді мақсаттардың ғана маңында жүргендігі. Әйтпесе, ақылдың терең көзімен қарағанда, осынша ақылға қожа болған адам бұл хайуан мақсаттан алыстап кетсе керек еді. Мұншаны тапқан көркем ақыл, көсем ғылым осы араға ғана келіп тоқтап қалмай, адамшылықтың иман жүзді жарық күнінің астына апарып, бар адам баласын бұрынғы қаскүнемдік, қанішерлік жауыздығын тастатып, бір сүйіспеншілік, бір туысқандық жүрекпен табыстырса керек деп білемін.

Мұхтар.

БУДДА

(Перевод Толстойдан) Ғайса пайғамбар дүниеге келместен жүз жыл бұрын Гималай тауының етегінде бір Саки деген халық тұрыпты. Патшасы Судходана деген кісі екен. Патшаның екі қатыны болды. Бірақ ешбірінен де бала болмады. Кәрілік алқымдап қалып, артында бала қалмайтындығы уайым болып жүрген уақытта патшаның зор қуанышына үлкен қатыны Майядан бір еркек бала туды. Баланың аты Сейдхарта болды. Сейдхарта 19 жасқа келгенде әкесі бір ағайынының Базугар деген сұлу қызын баласына алып береді. Баласы мен келінін бір тамаша бақшаның ішіне салынған салтанатты сарайда тұрғызды. Жас Сейдхартаның бақшасы жүректің бар тілегі табылғандай жан саясы бір көрікті орын еді. Судходана жанындай көретін жалғызы мехнат көрмесе екен деп, баласының нөкерлеріне: «Баламның көңіліне уайым түсіріп, күңгірт ой ойлатарлық көзіне һешнәрсені көрсетпеңдер», — деп қатты тапсырып қойды. Бақшасының ішінде не кірлеген, не тозған, не бұзылған ешнәрсені көрмейді. Қасындағы нөкерлері баланың көзіне һешбір жаман нәрсе көрсетпейміз деп, ағаштың сарғайған жапырақтарын да жұлып тастап, оған кәртайған хайуандарды да тұрғызбай, орындарына жас, сау хайуандардан әкеліп қойып жүрді. Маңындағы нөкерлері ылғи жас қыз, жас жігіт болды. Осымен баланың көргені өзінің жас бітіміндей саулық, қуаныш, қызық, жарастық қана болды. Осылайша бұл бақшаның ішінде үш жыл өмір өтті. Бала бұл қалыпты өмірден жалығып, басқа адамдардың да өмірін көргісі келді. Бір күні таңертең ерте тұрып Шанна деген көшіріне ат жеккізіп қалаға келді. Қаладағы үйлер, көшелер, көп халық, лавке, бұлдар — бәрі де көруге қызықты нәрселер болып, Сейдхарта көңілін көтеріп жүрді. Бір уақытта Сейдхарта адам суретті бір кейіпсіз нәрсе көрді. Бұл көргені беті албырап, еріні кезеріп, дем алысы бұзылып, ыңқылдап, күрсілдеп қораға сүйеніп отырған бір ауру адам еді. Сейдхарта көшіріне:

— Мына кісіге не болған? — дейді.

— Бұл ауру — деді көшір.

— Ауру деген не?

— Ауру деген: адамның денесі бұзылып мехнат тартады.

— Бұл неге мехнат тартып отыр? Біздің ортамызда мұндай кісі неге жоқ?

— Жоқ, бұл адамның бәріне де келеді.

— Бұл ауру маған да келе ме?

Көшір жауап бере алмады. Сейдхарта да қайырып сұрамады. Біраз жер жүрген соң Сейдхартаның пәуескесінің жанына қайыр сұраған бір шал келді. Белі бүкірейген, денесі можа болған, буыны қалтылдап, жыртиған көзінен жасы аққан, беті бейнеусіз қырысқан, аузы опырайылған бір жан еді. Сейдхартаға жақындап былдырлап ұғымсыз бірдеме айтты.

— Мынау да ауру ма? — деді Сейдхарта.

— Жок, бұл шал.

— Шал деген не?

— Шал деген, кәрілік.

— Не себепті мұндай болды?

— Дүниеде көп ғұмыр сүргендіктен.

— Адамның бәрі кәртая ма?

— Бәрі кәртаяды.

— Мені үйге алып жүр, — деді Сейдхарта. Көшір атты айдап үйге қарай келе жатыр еді, алдынан көп адам килікті. Бұлар бір өлікті табытқа салып көтеріп әкеле жатыр еді.

— Мынау не? — деп сұрады Сейдхарта.

— Бұл өлген кісі, денесін отқа жаққалы әкеле жатыр.

— Өлген деген не?

— Өлген деп өмірдің біткенін айтады.

— Өмір бітуші ме еді?

— Өлген соң өмір бітеді.

Сейдхарта арбадан түсіп, өлген кісінің түрін көрді. Көзі ақшиған, жақтары тістескен, денесі сірескен бір адам жатыр.

— Бұл неге жалғыз осындай болып қалды? — деді Сейдхарта.

— Бұл әркімнің басына да келеді. Жұрттың бәрі де өледі.

— А!? Бәрі де өледі? — деді де пәуескесіне мініп терең ойға түсіп үйіне келді. Бақшаның ішінде бір оңаша жерге барып күні бойы қадалып, көргендерін ойланып отырды.

— Адам біткен ауырады, кәртаяды, өледі. Ендеше несіне бұл адам өмір сүріп жүр? Бір сағатта ауырып қалатын болса, сағат сайын әлі азайып, сиқы бұзылып кәртаятын болса, болжаусыз бір сағатта өліп қалатынын біліп отырғанда не қуаныш, не жұбаныш бола алады? Бұны біле тұра қызық көріп қуануға бола ма? Бұл жөн емес, бұдан құтылу керек. Мен бұған жол табамын, тапқан жолымды жұртқа ұқтырамын деген ойға Сейдхарта бекінді.

Түн болды. Сейдхарта Шаннаға атын ерттетіп, қақпаны ашуға бұйырып, өзі қатыны жатқан үйге кірді, қатыны ұйықтап жатыр екен. Қатынын оятпай жүрегімен қоштасып, нөкерлеріне тықырын білдірмей әке-шешеден, елден безіп атына мініп жүріп кетті. Көп жер жүрді. Қалжыраған соң атын да қоя берді. Бір кез келген сопымен киімін ауыстырып адамды адасқан жолдан құтқару дауасын іздеп жүре берді. Әуелі бетінде халқына ұқтырып жүрген тағлымын білу үшін быраһманидардың (бұдқа табынушылардың) данышпандарына келді. Бірақ олардың ұғуындағы адамның жаны өлген соң хайуанға көшеді және нәфсіден тазартуға денені әртүрлі азапқа салу керек дегені Сейдхартаға ұнамады. Бұлардан кетіп қалың орманның ішіне барып алты жыл тұрды. Мұнда ғұмыры ылғи оразамен, ауыр мехнатпен өтті. Ақырында бұ жолды да ұнатпады. Денені азапқа салып, аштық бейнетін тартып, арып-ашып, жүруге жарай алмай да қалып жүрді. Құр азаппен жанды құтқара алмаған соң өмірін терең ойға, өкінішке жіберуді мақұл көрді. Бұл мақсаттың жолында бірталай қызмет қылған соң, атағы зорайып жұрт ғалым деп құрметтеп, алдына көп шәкірт жиналды. Жұрттың мақтауынан, құрметінен қашып, мақсаттан тайып, әке-шешесі, қатынына қайтқысы келді. Бірақ бұл ойы мінезінің бұзылайын дегені екенін біліп көтермешілерінен, шәкірттерінен қашып ешкім білмейтін бір оңаша жерге кетті. Оңашада көп заман нәфсі жауымен алысып, бір күні ағаштың түбінде әуелгі тыныштығын бұзған ойды қуып отырғанда адасқан беттен құтылудың анық жолын тапты. Ол айқын жолдар мынау еді: дене деген уақытша ғана нәрсе, уақыт бітсе күйремек, адам денемен тірлік қылып тұрғанда бейнетке де, тозуға да, өлімге де кіріптар. Бұдан қалай құтылу керек? Адамның жаны нәфсімен байланысып тұрғанда өмір сүргісі келеді. Ал өмір қанағатсыз тілекпен, өлімнің қорқынышымен ылғи бейнет туғызады. Сондықтан нәфсінің тілегін жоғалту керек деген Сейдхартаның үміті төрт түрлі хақиқатқа тірелді. Бірінші хақиқаты: адам баласы ғазап көрмек. Екінші хақиқаты: ғазап нәфсіден тұрады. Үшінші хақиқаты: адам нәфсіні жойса, ғазаптан да құтылады. Төртінші хақиқаты: нәфсіден құтылуға төрт саты бар: 1) жүректің оянуы, 2) бұзық мінезден, кекшілдіктен құтылу, 3) шүбәланудан, жаман тілектен, азадан құтылу, 4) жалғыз адамға емес, барлық жан иесіне рахымды, махаббатты болу. Жанның ағаруы ұрғашы құмарлықты жоғалтумен болмайды, жаман, бұзық ойдан құтылумен табылады. Жанның нағыз тазарып ағаруы, бостандығы махаббатта. Нәфсіні махаббатқа жеңгізген адам надандық шынжырын үзіп, өлім ғазабынан құтылады, деген.

Сейдхартаның бұл хақиқаты 10 фарызға бөлінеді: 1. Өмірді өлтірме, қор қылма, сыйла. 2. Ұрлама, тонама, еңбегіңнің пайдасын әркімге тигіз. 3. Арамдықтан сақтан, әйелден аулақ бол. 4. Өтірік айтпа, шынды айтуға қорықпа, бірақ махаббатпен. 5. Ойыңнан өсек шығарма, біреудің айтқан өсегін қайта айтпа. 6. Ант ішпе. 7. Бос сөзге уақыт бөлме, істі сөйле, әйтпесе үндеме. 8. Мақтан қума, күндеме. Жақыныңның жақсылығына қуан. 9. Жүрегіңді ашудан тазарт, дұшпаныңды жек көрме. Бар жан иесіне махаббат көзіңмен қара. 10. Сенімсіздіктен құтыл, хақтықты ұғуға тырыс. Осындай тағлымды Сейдхарта адам баласына насихат қылды. Әуелде шәкірттері бұл жолына түсінбей, артынан қайта алдына жиылды. Быраһмандар Сейдхартаны бұзық көріп қуса да, Сейдхартаның тағлымы халыққа жайыла берді. Будда қажымастан 60 жыл бір жерден бір жерге көшіп жүріп халықты үгіттеді. Ақыры бір-екі қышлақтың арасында келе жатқанда ажал сағаты келіп жетті. Сол уақытта жасы 80-де еді. Әбден нашарланып әлсіресе де үгітін қоймап еді. Шәкірттерімен бір асуда келе жатып: «Мен қатты шөлдеп тұрмын», — деді. Шәкірттері су ішкізді. Аз дамылдап тағы жүрді. Кішкене жүріп Харане Абад деген өзеннің жағасында бір ағаштың түбіне келіп отырып шәкірттеріне айтты: «Шәкірттерім, маған ажал уақыты таянды, менің өмір бойы айтқан насихатымды естеріңнен шығармаңдар», — деді. Өзінің бір жақсы көретін Ананда деген шәкірті бұл сөзін естігенде шыдай алмай, қырындап аулағырақ барып жылап жіберді. Сейдхарта шақыртып алып: «Сабыр қыл, Ананда, жылама, уайымдама! Ертелі-кешті бұ дүниенің қызығынан айрылмақпыз. Дүниеде мәңгілік не бар дейсің, достарым! — деп басқа шәкірттеріне қарап, — «Менің үйретуімше өмір сүріңдер, нәфсінің тозағынан құтылыңдар, мен нұсқаған жолмен жүріңдер. Әрдайым естеріңде болсын: тән ойран болмақ, бұзылмайтын мәңгілік жалғыз хақиқат, сол себепті хақиқатқа жабыссаңдар, жандарыңды құтқарасыңдар». Данышпан Будданың ақырғы сөзі болды. Сонан кейін көзін мәңгілікке жауып, ақырын дүниеден көшіп жүріп кетті.

Мұхтар.

АБАЙДЫҢ ӨНЕРІ ҺӘМ ҚЫЗМЕТІ

Абай 1845 жылы дүниеге келіп, 60 жыл өмір сүріп, 1904 жылы дүниеден қайтты. Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұңшыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды. Табиғаттың қыңыр жолы кімді билемеген?! Өскен орта, көрген үлгі, тоңмойын надандық толқыны ағызып, ақыл көзін шын хақиқатқа ашқызбай, заман тонын кигізіп, 35 жасқа шейін ықтиярсыз айдап келді. Бұл жасқа келгенде маңайында жұрттың кір, бұзық мінездері бар қалпымен көзіне айқын суреттелді. Өкінді, өксіді, жиренді... Осы өкініш, өксіктің уыты бойын кернеп, сөзінде азалы, кекті, улы көп әсер, көп із қалдырды.

Өткен өмір — қу соқпақ,
Қыдырады талайды.
Кім алдады, кім таппақ,
Салды соны санайды.

Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке

Адасқан күшік сықылды,
Ұлып жұртқа қайтқан ой,
Өкінді, жолын бекінді,
Әуре болма, оны қой.

Абайдың белсеніп, қолына қалам ұстап надандықпен алысуға кіріскенге шейінгі өмірінің сыртқы пішіні осы болды. Енді Абайдың сөзінің бағасына келейік. Абайдың ең бір артық өзгешілігі заманның ыңғайына жүрмей, өзінің «өздік» бетін мықты ұстап, ақылға, ақтыққа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұнжырарлық кемшілік, міннің ортасында тұрып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі жырақта жүріп қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы. Мұндай сипат Абай бұл жүрген адамдарға ұқсамай, өзгеше зор мақсат үшін дүниеге келгендігіне дәлел. Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл-білімінің әр тарауынан көкірегінде асыл қазына көп. Сол көп қазынаны барлық ырғағы, нәзік сипатымен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен биязы ғып шығаруы әрі ақындығы, «қызыл тілді» шешендігі. Абайдың ақындық өнері, тар жолды, бірбеткей емес. Әр тараулы, сегіз қырлы. Ол тараулар мынау: мінез түзететіндік (ахлақ), тереңнен толғайтындық (пәлсапа), сыншылдық (критика), суретшілдік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілділік, ызалықпен күлетіндік (сатира), һәм керемет переводшиктік. Мұндай әр жақты, сегіз қырлы өнер басқа ақындардан табыла бермейтін Абайға ғана хас сипат. Абайдың өлеңінің көбі-ақ мінез түзеу жолына арналған. Көп өлеңнің ішінен мысал үшін мына бір сөзін алайық.

Мағлумға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

Тереңнен толғап, хақиқатты болжап, пәлсәпа жолымен де сөйлегендігіне кейінгі сөздерді мысал қылуға болады.

Кім жүрер тіршілікте көңіл бермей,
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың
Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек?
Замана оны илемек.

Және «Алла деген сөз жеңіл» деген сөзі де пәлсапамен сөйлейтіндігін көрсетеді. Абайдың басылмаған қара сөздері көп. Сол сөздерінің бәрі терең ойға салып толғап жазылған. Ахлақ, адамшылық, дін, халықтың мінезі неше түрлі хақиқаттар туралы жазылған сөздері Абайда пәлсапа қуаты барлығына үлкен дәлел. Абайдың данышпандық белгісі—өзі шығарған он алты мақалы бар. Мақалының біреуі: «Әкесінің баласы — адамның дұшпаны, адамның баласы — бауырың», — деген. Заманындағы өнерсіз, қалжыңбас жігіттерді, шен құмар ел адамдарын сынағаны, өлеңге, ән-күйге баға қойғандығы Абайдың сыншылдығын көрсетеді. Өзге сипаттарының ішіндегі ақындық сезімінің артық жетіктігі, дүниенің сыры мен жүрегінің жалғасып, ымдасып кететіндігі. Жылдың төрт уақытын қазақтың өмірімен үйлестіріп жазғандары оқып отырғанда сол уақыттарды көзіңмен көріп, денеңмен сезіп отырғандай суретін алдыңа әкеліп елестетеді. «Сөзімде жаз бар шыбынсыз» — дегені өзінің ақындығына көзі жеткендігімен айтқан. Мысалы, Абай көз алдына мынандай дүниенің түрін келтірген: желсіз, жарық түн, әдемі тау, ағашты су, су бетінде дірілдеген айдын көлеңкесі, ұйықтаған ауыл, үрген ит. Бұл дүниенің бір ұнасымды суреті. Нәзік мінез, ыстық махаббатқа жүректері толып айқасқан екі ғашықтың сұлу халін дүниенің әлгіндей сұлу суретімен құбылыстырып «Желсіз түнде жарық ай» деп жазған өлеңі суретшілігінің зор куәсі. Ғашықтық жайын, әйел турасын жазғанда Абай аса шеберлеп, қызықтыра сипаттайды. Ондай өлеңдерінде ахлақ жолынан алыстау кететін орындары болады. Бірақ мұнысы ақындық жолында кешірерлік іс. Ақынның жүрегі не нәрсенің болсын жарастығын, келісімін, сұлудың сұлуын іздейді. Жүрегінің сезімі, көңілінің шабыты билеп, өз бетімен жазып кеткен сөзін былай неге жазбадың ахлаққа хлаф деу жол емес, ол зорлық. Оның суретшіл көңіліне, жүрек қиялына басқаның мөлшері өлшеу емес. Абайдың бірсыпыра өлеңдері жүрегінің сырын, шерін толқытып қанымен, мұң-зармен шығады. Мысалы, «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?..» «Ішім өлген, сыртым сау...», «Жүрегім менің қырық жамау...» деген өлеңдері. Шаншып алма ащы тіл, ызалы күлкі, кекесін де Абайдан табылады. Ұнатпаған қылықтарды көріп, кекеп, жерлеп, мысқыл қылатын жерлері де көп. «Болыс болдым мінеки» деген өлеңі жаман болысты сықақ қылған ылғи кекесін. Мінді кекеп айтқанына кей жерлерде үстірт қараған кісі түсінбей қалуға да болады. Мысалы, парақор болыс туралы кекеп айтқан бір сөзі мынау:

Кісімсі қайда болса олжаға тоқ,
Шұқыма халық көзінше қарғаша боқ!
Жұрт — бала, ешнәрсесін тартып алма
Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.

Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап,
Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез!

Көп өнерінің бірі — Абай керемет переводшы болған. Переводқа шеберлігі мынадан білінеді: кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінің тән өлеңінен артық деуге болады. Орыстың әдебі болған толғаулы, ырғақты, нақысты бай тілімен жазылған сөздерін қазақтың кедей, дөкір тілімен ұғымды, мағыналы, терең, тілге жеңіл келтіріп переводтауы мейлінше ұсталығы. Кейбір өлеңдерді, мысалы: «Қараңғы түнде тау қалғып», «Тұтқындағы батыр», «Кинжал», «Жолға шықтым бір жым-жырт» қалыбынан, мағынасынан һеш аудармай перевод еткен. Кей жерлерде сөздің мағынасынан ғана алып, қазақтың ұғымына ыңғайлап сырт пішінін өзгерткен. Абайдың ақындығының еркіндігі сол: кейбір переводты өз өлеңінен асырып, түрлеп жіберген. Мысалы: «Теректің сыйы», «Онегиннің хатын» Пушкиннің геройынан өзгертіп, тілін сұлулап перевод қылған. Енді Абайдың тіл жағына келсек, тілі ұғымды, қысқа, аз сөзге көп мағына сыйғызғыш. Өрнекті, дәлшіл, күйлі, таза һәм анық келеді. Тіл терең мағыналы болғандықтан жұрттың көбіне ұғымсыз, ауыр жерлері де болады. Жалпыға түсініксіз сөздері туралы: «Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін», — деп өзі де айтып кеткен, «Көкірегі сезімді, тілі орамды, жаздым өлең жастарға бермек үшін», — деген сөзінен; «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар», — деген сөзінен Абайдың жалпы үшін өлең жазбағандығын көрсетеді. Бұрынғы ақындармен Абайды салыстырып көрейік. Бұрынғы ақындардың, шешендердің өрнекті, түрлі, мағыналы тілдері болмағандық па? Болса да көбі жазылып, нұсқауға түспегендік пе, қазақ тілі аса ұстарып өрнекті келмеген. Қазақ тілін анық түрлеп, керекке жаратып, түзеген Абай. Бұл бір. Екінші Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінің беті мақтау, жамандау, асыру, кеміту, болмаса зарлаған сары уайым болып келген. Мінезді суреттеп, мінді айтып, адамшылыққа жөн сілтеген ақындар болмаған. О кездегі ақындар ия қошеметшіл, ия тіленші, ия мақтаншақ болып заманның ыңғайымен кетіп, сөздеріне баға қойылмаған һәм баға қойдыра алмаған. Мұның себебі: ол кезде ақындық өнер орнына жүрмей, жан сақтап, дүние табу жолына жұмсалғандықтан: ақыл көзінің шарасы кең, халықтың бетін бұрарлық, жол көрсетіп, түре саларлық, білімді, дана ақындар шықпағандықтан: ақындық пен тіленшілік жанас жүрген соң халық ақындыққа терең көзбен қарап қадірлемегендіктен, һәм ақындар төмен, нашар жерлерден шығып, аталы адамдар ақындықтан жиренгендіктен еді. Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр тапты. Абай бұрынғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды. Бұл Абайдың бұрынғы ақындардан ақыл көзінің артықтығы болды — бір; ақындығы күшті болды — екі; өлеңнің өнер екендігін білді — үш. Сонымен Абай ешкімнен үлгі алмай, қазақ әдебиетінің бетін бұрып, мүйіс шығарды. Өлеңшілікке өзгеше түр кіргізді. Осы күнгі қазақ әдебиетінің түрі Абайдың көрсеткен бетімен келеді. Абайдың ақындық күшінің зорлығы — өз заманында жұртты өзіне қаратып алып, кейінгілері де сол ізбен әкеле жатыр. Кейінгі жазушылардың бәрін Абай өзіне еліктетіп, соңынан ертіп шәкірт қып әкетті. Абай өлеңнен неше түрлі өлшеу көрсетіп, көп түр кіргізді. Бұл күнде ақындар Абайдың салған көп түріне түр қоспақ түгілі, әлі сол түрлерді түгел сіңіріп ала алған жоқ. Көптің бетін бұрып алғандығы — ақындық екпіннің күштілігі. Абайдың өлеңімен пайдаланып, еліктеу әлі қызған жоқ, бірақ мұнан да артық қозып, бірталай заманға шейін бармақ. Ақындығы Абай қатарлы адам шығып, жаңа түр тапқанша осы буындағы әдебиеттің беті «Абай дәуірі» деп аталады. Қазақтың әдебиеті ілгері басып, өрлейтін болса, Абайдың бұл қызметі әдебиетімізге негіз болып, келешектегі көтерілуіне тұрғы болмақ. Пушкин айтқандай Абай «өзіне мәңгілік ескерткіш орнатып кетті». Абайдың пайдасыз сөзі жоқ. Ахлақ, адамшылық туралы айтқан терең мағыналы, үлгілі сөздері кемшіліктің мінезін тәрбиелеп, ақыл көзінің ауданын кеңейтпек. Жүректен толғанып, ыза мен қайрат айдап шыққан қайғылы, қапалы, зарлы сөздері адамның ақылын өз ішіне үңілтіп, жанымен сырластырып ұғып, оқып түсінгендердің сезімін тәрбиелемек. Бұл күнде жұрт Абайдың сөзімен пайдаланып, айтқанын ала қоймайтындық — көптің қараңғы, надандығынан. Бірақ Абайдың соңынан ерген, сөздері әсер берген кісілер жоқ деуге тағы болмайды. Халық жалпы ғылымға бет қойып, көзі ашылған сайын Абайдың сөзінің бағасы артылып, өзінің нұсқаған жолдарына халықтың ұғымын сүйремек, көпшіліктің қараңғы надандығына қарағанда Абайдың көп сөзі ертерек айтылғанға ұқсайды, бірақ іске аспай, керекке жарамай қалмайды. Жұрттың хақиқатқа көзі ашылуға айналса, тағы бірталайға шейін созып барады. Қазақ жұрты кең дала, еркін ауада сайран қылып, жер мен көк, су мен ағаш, тау мен тастың тамаша сырларымен бірге туысып, біте қайнап, басы бос, қиялы күшті, бұлғақтап жүрген дүниенің бір ерке баласы. Сондықтан қазақтың сүйегіне біткен ақындығы бар — бұл бір. Екінші, әдебиетіміздің алғашқы адымында надан халықтың ішінен мәдени жұрттардың алдыңғы ақындарымен таласа Абай сықылды кісі шығып көтермеші, таяныш болып отыр. Бұл екі себепке қарағанда біздің әдебиетіміз мәдени жұрттардың әдебиетінің қатарына тез ілінеді деп білеміз. Абайдың істеп кеткен қызметі әдебиетімізге асыл іргетас. Бұл асыл іргенің үстіне салынатын ілгергі қазақ әдебиетінің дүкені көрікті, көрнекті, нақысты, өрнекті болуына лайық. Қуанамыз! Нанамыз! Марқұм атамыз қазақ халқына халықтығын жоғалтпайтын өшпес белгі орнаттың! Еңбегіңнің жемісін өзің көрмесең аруағың көріп қуансын!

Екеу.

ҚАЗАҚ ІШІНДЕГІ ПАРТИЯ НЕДЕН?

Әрбір халықтың өзгеден өзгеше халықтығында екі түрлі шарт бар. Бірі — сол халықтың кәсібі, екінші — жұрт билеу тәртібі. Осы екі шарт қазақ өмірінде қандай түрлерде? Тексеріп көрейік. Қазақ мал баққан жұрт. Мал бағуды кәсіп қылған ел не қажымайтын, қайратты ер, жігерлі, жауынгер келеді (бұрынғы Орта Азиядағы көшпелі жұрттар), не ездікке мінген кең, салақ, сөзуар келеді. һәр бір мал баққан халықтың бұл екі жолдың қай-қайсысына болсын жақын болуына, бірінші — заман ыңғайы, екінші — ел ішін билеу тәртібі себеп. Қазақ халқы қараңғы надан болып, қысымсыз еркін өскен табиғатына лайық жауынгер мінезде келіп, билеу тәртібінде қысым, қаруы көп орыс қолына тиді. Тез құрылды, қақпан көбейді. Халықтың бетіндегі бұрынғы келе жатқан жауынгерлік мінез қаққы көріп өмір жолынан шығып қалды. Қандағы жаңа тамыр жайып келе жатқан жауынгерлік қызуы жүре-жүре солғындап келіп, салқындады. Жұрт бір тегіс тыныштығы мол өмірге қарай етпеттеді. Бірақ ол күндегі бағынған үкімет халықтың сыртқа жайылған мінезіне бақылаушы болғанымен, ішкі ісіне ілтипатты көзімен қарамай, өзіне-өзін тастай салды. Бұдан кейін қазақ сөзуар, жершіл ұсақтыққа таман айнала берді. Бұрынғыдай «ел шауып, егер қылатын» біреуден біреуге күштілігі, жаулығы азайды. Ірі жаулық азайған соң, басшының қадірі азайды, береке кетті. Бірақ бұл күнге шейін ол уақыттағы өрісті жаулық, әрі кең басшылық кетсе де ұсақ жаулық кеткен жоқ, ұсақ басшылық кеткен жоқ. Осымен ел тыныштығын сүйемелдерлік тәртіп көрмей, өмір жолы, ыңғайы партияқорлықты мінез қылып, сіңіріп отыр. Енді сол партияқорлықты сіңірген өмірдің ыңғайы мен жолына келейік. Осы күндегі қырдағы тәуір деген адамдар азға да болсын басшы болуға құмар. Және сонысы ықтиярсыз құмарлық. Қазіргі қырдағы өмірде біреуге біреу ылғи жалынышты: байға кедей, кедейге бай, жуанға нашар, нашарға жуан. Бұл неден? Бұл қырдағы басшылыққа құмарлық. Сыпыра жалыныштылық неден? Бұған беретін жауабым мынау: Адам баласы, әсіресе, надан, еңбексіз болса, құлқынына құлдығы күшең болмақ. Сондықтан тамаққа адамшылығын айырбастайтындық әр кедейдің жұмысы. Егер сол кедейдің ешкімге жалынбай, өз қорегін өзі тауып отыратын харекеті болса, оның адамшылығы басқалырақ жолда болар еді. Бірақ қазіргі біздің кедейде бұл соңғыны үлгі қылатыны жоқ. Үлгі қыла аларлық жолы да жоқ. Себебі: қырда отырып өз бетімен істей берерлік харекет жоқ. Басқа жерге харекетке баруға көп кедей еріншек. Амалсыздықпен шығып айдап отырған қырда аштық жоқ. Және көп кедей қырға керек. Керегі әрбір ауқатты адам жамап, жалғап, есебін таппаса, бір ауылды ұстап тұруға басыбайлы 5—6 малшы керек. Мұның бәрінің ақысы, киімі жылында жеңіл шығын болмайды. Бұл орайда бұл адамның бір ағайыны, бір сыбайласы маңында бірталай кедей отырады. Бұлардың бірінің қой сауысып, жұмыс істесуге қатыны болады. Бірінің қозы бағып, мал қайыруға қолайлы баласы болады, не біреудің қауға тартып, бие саууға өзі ыңғайлы болады. Осылардың біріне пәленше сауын беріп, біріне киінерлік киім беріп, біріне тамағыңды асырасаң да нең кетіп барады деп, біріне мен де бір керегіңе жарамас дейсің бе деп, матап отырады. Бұл байға қолайлы, еріншек үй күшік кедейге де ауыр емес, бірге отырса, тамағын көтереді. Басқа жерге кетіп, ашығайын десе, «шауып келіп тамағын тойғызады» және барлығынан дәме ететін көңілдестер бір байдың маңында әлденешеу болып, байға қоғам болады. Бұлай болып қосылып, өмір жағдайын жалғаған ниеттестер бір-бірінің жақсылығына бәрі ортақ болып, кедей байдың итаршысы да, сойыл соғары да болады. Міне, осындай болып үйлескен ұйымның бір кісісіне біреу зорлық қылайын десе, болмаса бір іспен келіп жармасса, әлгі бай кісісін бермеске тырысады. Артында жарға жығылып бара жатса, құтқаратын мықты түпқазығы болып бай жатқан соң, кедейде мұны арқа тұтатын көп тентектер шығады да, содыр сойқандығын күшейтеді. Не бұл құралдарына сүйеніп, бай өзі зорлықты ұнатып, бәле іздейді. Мұнда біреу зорлық қылайын десе, ызғар болып, бетін қайыруға жарайтын, өзі зорлық қылам десе, сүйеніш бел болатын қоғамы —кедейі байға күнде керек. Байдың ел ішіндегі жақсының ығында кедейін жығып бермейтіндігі осыдан. Мұнымен бұл бай іргесін бермейтін паналығы бар иығы зор болып, маңайына үйірілетін саяқ-сандырақ көбейеді. Міне, осындай жақсы әр жерден шығады. Мұның біріне біреу соқтықса, істеген зорлығын үкіметке шағып отырмайды. Ол үкімет қашан теңестіреді. Көмегі жоқ кісіше соның артынан дауласып, шарласып неге жүреді. Одан да терезесі тең ағайын сойыл соғар көмегі қолында. Бұл да барып кектескен кісісіне бір сезінерлік зиянды істеп тастайды. Бұл жол оңай және мұны істесе, қазір теңеседі. Осындай кикілжің, оның аяғы өкпе, әрбір ортаның тұрғыларының арасында болады. Ниеттері бір, достықтары жақын көптің ішінде өкпелеген бірен-саран болса, алғашқы өкпелеп кеткен жалғызды тауып алады. Мына жағы жиі тұрса, жырыла жайылған бірен-саран бұлқынып ешқайда бара алмайтын болып, елеусіздік, кемдік, зорлық көреді. Әр жерде аздығынан қаққы көреді. Сол себепті ел ішіне жік салып, жұртты қоздыру керек. Бір қозып алса, мұны өшірмеуге тырысып, болып тұрғанынан пайда алатын жұрт рухының жұлын құрттары әр елдің ішінен табылады. Алғашқы партия бір айқындалып, ел беті ашылып алған соң, бастапқы бас қорғау амалына көп сұрқия мінездер жамалады. Ұрлық, жала, зорлық көбейеді. Бұған басшылардың жуандық құмар, жемқұмар мінездері және һүкіметтің байшыл, парақор мінездері қосылады. Бұдан барып, екінші партия шықпасына болмайтын болады. Осындайлармен партияны жүрегі сүймесе де жанындағы досын бере алмай, не өз басын қорғамай отыра алмай, амалсыздан партия толқынына кіріп кетіп жүрген де адам бар. Әділетпен іс тексеріп отырған қырда әрі жуан, әрі ісі адал кісі жоқ. Азғана адалдығы бар кісі адалдығын ұстап отыра алмайды. Күндік керегі отырғызбайды. Сонымен біреуге адалымды айтқызам десең, не досы, не құдатамыры болуында керек. Осындай шиеленіскен себептермен ел іші партия деген пәледен құтыла алмай отыр. Құтқармай отырған қырдағы өмірдің ыңғайы. Біреуінің еңбегі ортақ болса, біреуінің ісі, бір уақыттағы қорғандығы ортақ, біреуінің селбесерлік көмегі ортақ. Біреуге біреу жалынышты... Ел ішінде тентек, зорлықшы, жуан көп істің салмағын өлшеп, ақтықтың маңызын айырып отыруға құрылған әділ таразы жоқ. Бұған қарсы біздің қалада жатып, «партияны қой!» дегенімізбен ел ақылы кірмейді. Ол елсізде «аттан!» салғанмен бірдей. Менің ойымша, партияға қарсы қару қылатын үш түрлі құрал бар: бірі — ел ішіне үш облыстың ішінен біреу болса да өзі күшті, басындағы кісілері әділ, оқыған, істі тез бітіретін суд11 болсын. Мұнымен біреудің ұрлығы, біреудің сотқар бүліктігі жылауларға есесімен қайтарылып отырады. Істі әділетке жеңгізіп отырған соң, біреудің зорлығын көрмесем деп, жуанға жалпылдайтын жалыныштылық қалады. Жуанның қадірі кетеді. Тап таптың бұл күнгі береке деп жүргені кетеді. Бұл пайдалы береке емес, сойқандылық, құқықтыққа дем беретін береке болатын. Екінші, ел ішінде уақ қарыз серіктері, потребитель лапкелері көп ашылсын. Мұнымен бірге нашардың жалыныштылығы азаяды. Үшінші, жұмысшының еңбегі бағалы болсын. Еңбегінің өнімі жоқтықтан еріншектікке салынып, байдың барына ортақ болып, тамақты тіленшілікпен асырап жүрген әншейіндегі бағасыз көп кедей партияның бір діңгегі.

М. Ә.

МӘДЕНИЕТКЕ ҚАЙ КӘСІП ЖУЫҚ?

Бұл күнде адам баласы тұтынып жүрген кәсіп көп. Бұл кәсіптердің ішінде адам баласы алғашқы отпен майданға шығып, аштан өлмеуге құрал қылған кәсіп — айлалары да бар. Бұл айтқанға қарағанда ол кәсіптер адам баласының ұзын-ырғағы тарихымен қол ұстасып келе жатқандар. Әрине бұл түрлі кәсіп деген болмаса, бұлардың һәр12 қайсысына да адамның сезімді, орамды тәжірибесі өз жобасын кіргізбей қойған жоқ. Тәжірибе өрнегі, сыры сол кәсіптердің суретін көп өзгертіп әкетті. Осы күнгі адам баласы тұтынып жүрген кәсіптер мынау: отырықшы болып егін еккен, мал баққан, аңшылық, балықшылық, кен қазу, фабрикалар, сауда һәм басқалар. Бұл кәсіптердің ішінде адам баласының алғашқы айласыз күніне қолайлы болғаны аңшылық. Аңшылықпен біраз заман өткен соң мал бағушылық пен егіншілік араласып кіріп, артынан аздан соң балықшылық кірді. Бұдан кейінгі кәсіптер адам(ға) өнер-білім басқышының бірталай сатысынан өткенде кіреді. Енді осы кәсіптердің һәрқайсысы тұтынушыға қандай мінез береді. Соған келейік. Адам баласына сыртқы өмірдің ыңғайы (кәсіп), тұрған жерінің табиғат жағдайы (ыстық, суық, салқын, тау, дала) дене пішіміне һәртүрлі әсер береді. Табиғат жағдайының адамды шын билейтіндігіне мысалға, суық үйдегі таршылықта өсірген, үскірген қаһары қайтпайтын суықтың асыраған баласы мен ыстық үйектің баласын алайық. Бұл екі жердің адамы, үлгілері басқа. Екі ананың асыраған баласындай болады. Суықтағы аяз бен қар ұйтқыған боран, күңгірт күн, түнерген аспан, уайымды ақ дала өзгермейтін бір сурет адамға салбыраған салқын пішім, қайратты, көндімбай, шалқыған өр мінез береді. Жарық күн, көрікті аспан, кең қоныс, еркін тамақ, еңбексіз өмір, жеңіл, қызу мінез береді. Бұл — адамды табиғат ыңғайы билейтіндігі. Енді кәсіптің билейтіндігіне келейік. Мысалға, аңшылықты аламыз, Аңшылық өміріне (Ақылбай Құнанбаев сөзі): «Бейнет» ішіп күн көрген қатер киіп...» — деген сөз дәл сыпат. Қиын қия, шың тау, биік құз, жыныс тоғай, ұзақ cap дала ер еңбегін көп жұтады. Мұндай жерде аң қуу ерінбейтін, қажымайтын, шаршамайтын пісіп шыққан кісінің қолынан келетін жұмыс. Мұның үстіне аңшы адамның жанына қатер(лі) һәртүрлі аңдармен кездеседі. Мұндай жерде қорықса, сасса, тездікпен қару қылмаса, жан қауіпте тұрады. Аңшы осы бейнеттердің бәрімен туысып кетеді. Бұдан бұлардың мінездеріне тарамыс, қажымайтын ер, жауынгер, ірі сыпаттар сіңеді; ұсақтық, ездік бұларға жат. Бұлардың денесі де ыңғайлы, жіңішке, тарамыс, әлді келеді. Бұл мінез осы күнгі шеркес, арнауыт халықтарында бар. Аңшылық кәсібі — мәдениеттен алыс кететін кәсіп емес. Аңшы болған жұрт қайратты, шыдамды болған соң басқа ғылымға жақын келтіретін жолға түсіп кетуі қиын жұмыс емес. Және осы күнде бүтін бір халық болып, аңшылықты кәсіп қылған ел жоқ. Бұл кәсіпті отырықшылық жеңіп барады. Ендігі үлгілі жұрттардың арасында бұл кәсіп шашыранды күйде ғана аз қалған. Шеркестің осы ірі мінездері орыстың Лермонтовының ақындық шері тарқаған мінез болатын. Мал бағушылық адамға басқа бір мінез туғызады. Мал баққан елдің сырттан қысып тынышсыздық келтіретін мазасыз көршісі болса, мінезінде жауынгерлік тауандай13 қайсарлық болады. Егер тыныштығын бұзарлық сырттан мазасыздық болмаса, мінезі басқа, бір түрге мінеді. Бұл халық ғылым жарығынан аулақ кең дала, таза ауа күшті тамақ оның үстіне көп еңбек керек қылмайтын мал бағу кәсібі болса, мінез жолында өңгеден көгі төменгі басқышта болмақ. Мұның үстіне бұл халық қысты күнгі қазақтың қорасындай малмен араласып, үйі шаң, сасық, һауасы14 жаман болса, денесінде саулық аз болып, әрі еңбексіз болған соң мінезі тауансыз, еріншек, ұсақ болмақ. Егер бұл халық сол мал баққан қалыпта болып, жазғы еркіндігі де малға еңбек сіңіріп, өмір алысын керсе, мінезі басқа жақсы жолға бет алар еді. Мысалы: бұрынғы қыста киіз үйде өмір сүріп жүрген қазақ жасынан денесі суыққа шынығып ширақ болып, еңбекке жаны қайраттанып, отты болып, адамы жауынгер, тарамыс күшті болған. Мал баққан елдің мәдениетке тез түсініп кетуі қиын. Өмірінің ыңғайы ғылым жолына жанаспайды. Бұл турада мал бағып жүріп ғылымды болған Швейцария, Голландия мысал болуға келмейді. Бұлар нағыз мал баққанды кәсіп қылған көшпелі ел емес. Егер мал баққан ел ғылымға түссе, басқа кәсіппен жүріп түсінген жұрттан ақыл, сезім жолында артық болады. Себебі: бұлардың рухы күшті, дүниенің сырынан жүрегіне жиылған әсері көп деген Европа ғалымдарының сөзі бар. Егін егуші отырықшы жұрттардың мінезі бұдан басқа бір жолда. Ыстық күнде, ауыр жұмыстың соңында, денені езіп, күндегі тамақты күндегі термен, бейнетпен тауып, өзін ерінбей ауыр азапқа жегіп отырғандық адамның мінез қалпына тағы басқа бір түр береді. Таза ауада тынымсыз қозғалып, жалықпай жұмыс қылып жүргендік алдымен денені қайратты, құрыш қылады. Бұлардың мінезіндегі көбінесе бір айқын тұратын жол: беттеген жағына күрт кететін тауандылық және дүлей ерлік. Жуастық, өр мінезділік, бірақ бұл соңғы екі түрлі (қасиет) ылғи болып тұрмайды. Уақыт жеткенше билейді. Түптеп келгендегі шын мінезі — шыдамдылық, ерлік. Мұндай соғыста намысты, қайратты, істе тауанды, ұйымшыл болған соң, артықшылықты, көп еңбекті мойнына алған ел бір беттесе, мәдениетке тез жетіп, тез буыны қатып аяқтана қалады. Ғылымға бұлардан жақын тұрған кәсіпші жоқ. Бұлардың күндегі өмірі үйретіндігі керек қылып, түстен түр тауып, еңбегінің өрнегін түземеуі не өмір тізесі езгілеп, тыныш бір қалыпқа қоймайды. Бұл халық ғылымға түскенінде кәсібінің реті сезімді қылғандығынан емес, қайта бұл кәсіп сезімнен, ойдан ең соңында қалдыратын. Бұлардың ғылымға жанасатын өмір халінің күннен күнге ауырлап, мұқтажы аса беретіндігінен. Осымен осы күнде егіншілдік ғылымның өкшесін басып келе жатқан кәсіп болып тұр. Және бұл жоғарыдағы айтылған кәсіптердің ішіндегі ең ұзаққа баратын, түрден-түр табатын ұзақ өмірлі кәсіп. Төртінші көптің бір тұтынған кәсібі — балықшылық. Балықшылықтың күшті кәсіп болып тұрған жерлері — көбінесе өңге кәсіп қолайлы келмеген жерлер. Өзге кәсіп болмай, болуын жер ыңғайы көтермегендіктен, кей жерлердің халқы түгелімен балықшы болмақ түгілі, бар тамағы балық, қана болып тұрған халық бар. Бұларды — ихипала (ихиофаги) дейді. Бұл — Солтүстік Американың солтүстігінде тұратын халық. Суық жақтағы халықтардың бәрінің ең зор кәсіптері балық болады. Балықшы болған халық су үсті өмірге түсінген. Су үсті өмір бұрынғы уақыттарда ең қатерлі, қиын кәсіп болған. Су үстін адам баласының еркін билеп-төстеп кетуіне ең әуелгі адым осы балықшылық болған. Бұл балықшы дегендегі мысалға алып отырғанымыз теңіздегі балықшылар. Соғып тұрған түрлі дауылда, құйып тұрған жауында, төбе-төбе болған толқында, кішкене қайықпен бір жұлынғанда аспанға шығып, бір жұлынғанда құздан құлағандай болып, толқынның арасында жоғалып кетіп келе жатқанда қажымайтын жан қайраты, дене піскендігі керек. Балықшының мінезі аңшының мінезіне келеді. Бұлар да ғылым жолынан алыс емес. Түсінуі оңай, бұлардан басқа кәсіптердің ішінде бір ел болып, өзі білмей істейтін кәсіп жоқ. Және басқаларының бір тұқымға түгелімен әсер беретіні жоқ. Ақыры бұл кәсіптердің бәрін қарап келгенде, мінезге, мәдениеттің күшеюіне біздің кәсібімізден қолайсыз кәсіп жоқ. Мұның біздің (.......) сіңірген бірталай мінез таңбасы көп жерге барады. Енді ол таңбаны кетірсе, не өзгерген отырықшылық секілді кәсіп түрі жоғалады. Не соғыс жоғалтады. Соғыс болса, елде уақыт толқынымен денедегі арам еттің арасына тарап, жоғалып кеткен жауынгерлік, қайраттылық қаны қайта жүрекке жиылып, қазақ жұртын бір қалыпқа мінгізер.

Мұхтар.

ФИЛОСОФИЯ ЖАЙЫНАН

Адам баласы тұтынып келе жатқан ғылым екі түрлі. Бірі күндік керек мұқтаждық шығарған, адам баласының тіршілігіне нық байланысқан ғылымдар. Бірі кең ақыл, терең қиял шығарған адамның жанын тәрбиелейтін ғылым. Алғашқы айтқан ғылымдар да, соңғы түрдегі ғылым да әр тарауға бөлінген. Бірақ соңғы айтқан ғылымның тарауының бәрінің түйіскендегі түп негізі философия болады. Философия грек тілінде хақиқатқа, даналыққа құмарлық деген сөз. Бар ғылымның да құмары — хақиқат. Бірақ бұлардың айырылатын жолы іздеген жолында. Өзге ғылымдар мақсұтына жеткізетін басқыштаған дәлелді адамның көз алдындағы дүниеден алады. Және сол көз алдымыздағы дүниенің жеке-жеке өзгеріс, сырын іздейді. Философияның құралы толғаулы терең ой. Іздейтіні мүтіл15 дүниенің ең әуелгі сыры, негізгі хақиқаты. «Философияның басы — таңдану», — дейді Аристотель. Таңданудан барып адам бір нәрсені тексере ойлайды. Тексерген соң шынынан бұлдырды айырады. Бұлай болғанда философия бір нәрсені тереңдеп ойлау болады. Біздің күндегі көріп жүрген өмірімізде шын тереңдеп ойлап, таза ақылмен шешеміз дерлік жасырын терең сыр жоқ. Және бұлардың көбінің соңына алғы түскен бір беткей ғылымдар бар. Философияның кірісетін жері қолға ұстанып, көзге көрсетерлік дәлелдер табылмайтын, таза ақыл ғана шешетін сауалдар. Философия адамның басынан шыққан бар ғылымның тамырын бір араға жиып, сол шығарған қорытындысын адамның ақылына, жанына азық қылып береді. Философияның жолымен хақиқатты іздеуге адам құлаштаған кең ақылдың ғана нұсқаған жолында болып, терең ойдың түбіне телміре қарауына керек. Мұндай тереңдеп ойлаған ой бірден адамның көкірегін оятып, ақыл көзін дүнияға жайнатып ашқызады. Екінші адамды ұсақтықтан, басқа әр түрлі мінезсіздіктен құтқарады. Қай уақытта болса да, адам ақылының аймағы шынды, ақтықты іздеумен кеңейген болса, ол адамның адамшылығының жүзі жарқын болмақ. Және оның жүрегіне нық бекіген хақиқи жолдың беті ездікпен толқымайды. Бұл терең ойдың, ойшылдың өз басына келтіретін пайдасы. Адам баласы өзінің, өзгенің дәрежесін ұғып, шын адамның мағыналы өмір қалпына жетуі терең ойға қожа болуына байланысады. Дүнияға таза адамшылық сипаты, таза мінездердің күші жетпейді. Олардың әлі аз, өрісі жоқ. Дүниеде мәңгілікке орнап қаларлық адамшылық хақиқат жеке ғана мінезге сүйеніп тұра алмайды. Бұған ең бір күшті діңгек, бар адамның көкірегіне сіңген толғаулы терең ой. Соның себепті философия адам баласының жан тәрбиесінің, адамшылығының бірінші—өрлейтін басқышы, екінші — көркі. Бұл терең ойдың адам баласына жолдасшылық істей бастағанына үш мың жылдай болды. Адамның әуелгі аясы аз ақылының туғызған қараңғы танымын, меңіреу надандығын философия кетірген. Бұрынғы уақыттағы халықтың надандығы қандай болған, бұл надандықтан туған соқыр таным қандай болған, мұның бәрі тарих жүзіне қарасақ белгілі. Бірақ, ол заманда да оқығандар, ойшылдар болмай қалмаған. Бұлардың көбі халыққа шешен тілімен кемшіліктерін суреттеп үгіттеген. Көбі соңдарынан шәкірттер ерткен. Бұлардың артынан ерген шәкірттері ғылым үйреніп, дүниеге соқыр нанымнан құтылып, өздері жұртқа ғалым болатын болған. Сол ойшылдардың бәрінің сондағы тұтынып жүрген жолдары, айтып жүрген сөздері философия ғылымы болатын. Терең ой сондағы істеген басшылығынан әлі жаңылған жоқ. Философия заманның жәй қозғалысының артынан еріп, бақылап отырып бір жол ескіруге айналса, я теріс болса, оң, жаңа жол нұсқамай қойған жоқ. Адамның өмірін көкірегіндегі ақылдың (идеясы) билейді дейді. Ақылдың жолы билейтін болса, ол идеяны философия билейді. Осымен адам баласының ақыл жолындағы тарақиетін, бұған жалғасатын адамшылық жолындағы тарахиятын» да философия билейді. Адамның жүрегін ағартып, адамшылығын арттырып ақтыққа сүйрейтін үлкен күш — дін. Философия дінмен бастас ғылым. Себебі: екеуінің де іздейтін мақсұты бір түрлі. Философия шыннан шынды туғызып һаман ізденетін жолда әуелгі ашпақ сыры дүниенің ең жоғарғы негізін таппақ, қайдан жаралғанын шешпек. Екінші, адамның жанын, ішкі қалпын тексермек, үшінші, адамның дүниеге келген мақсұтын тексермек. Бұл айтылған жолдар діннің де мақсұттары. Бірақ бұған ғана қарап философия мен дін бірігуге болмайды. Философияның айтатын жолы жалғыз ғана адамның таза ақылына сүйеліп айтылады. Және ол адамның ақылы айтқан жол болған соң, сынға алып, алғашқының дәлелін орынсыз тауып, әрлі-берлі толғап өзгертуге болады. Діннің жолы үлкен неден келді деп танылады, сол себепті мынасы дәлелсіз, мынасы қате, өзгертем деуге, шүбалануға болмайды. Даяр, анық, даусыз нәрсе деп тануға керек. Бұдан соңғы бір айырмыштары: діннің мақсұтының аймағы, философияның мақсұтының аймағынан кең. Дін адамның ақылына аз да болса қорек берудің үстіне, алдымен жүректі тәрбиелейді, мінезділікке үйретеді. Еріктің күшін тәрбиелейді (мұнда бір дін мақсұд болып айтылып отырған жоқ, бар діннің дін болғандағы мақсұды осы болатындығы айтылды). Философияның бар тәрбиелеп орын беретіні толғаулы терең ой. Философияның керектігін басқа дүнияуи ғылымдармен салыстырғанда бұрынғы уақытта да, осы уақытта да бір дәрежеде. Бұрын ғылым көп тарауға бөлінбей тұрған уақыттағы айтылған шын деген жолдар философияның шын, шын емес деуіне байланушы еді. Себебі: тапқан жолын қолға ұстатып, көзге көрсетіп, дәлелге сүйей қоярлық дәлшіл ғылым жоқ болатын; ол күнде философия бар ғылымның қазысы болып тұрды. Бұл уақытта ғылым көп тарауға бөлінді. Әрқайсысы өз ізденген жолындағы хақиқатын өзі таппақ. Бұлардың тапқанын дәл болмайды деуге болмайды. Ендігі табатынының бәрі де шын болмақ. Бірақ сонда да философияның керегі мол. Себебі өзге ғылымдардың бәрі де бірбеткей болып өзді-өз жағына кеткенде, әр қайсысы өз алдын ғана көретін аудансыз тар соқпақтың үстіндегі ғылымдар болып табылмақ. Бұлардың тапқанының бәрін жиып, қорытып жаңадан жөн тауып, жол салып адамның ақылын тәрбиелейтін бір ғылым тағы керек. Ол ғылым — философия. Философия ғылымның тарау-тарауларының бәрінің мақсұдын қорытып, қысқартып әкелгендегі жетпегі екі түрлі ғана мақсұд. Бірінші мақсұды адамның ішкі қалпын анықтап біліп, ақыл ауданын кеңейту (познание), екінші мақсұды дүниедегі шын барлықты білу (бытье). Бірінші бөлікке кіретін философияның тараулары: 1) Адамның жанының сипаттарын, мінезін оқитын ғылым — психология, 2) Көңілдегі ойлаған ойдың қалпын, мүсінін сынап отыратын ғылым — логика10. 3) Философияның тарихы — адам баласының ақылының қай заманда тереңдігі қандай болды, қалайша өсті, бұл күйге қалайша жетті. 4) Әлгі айтқан ғылымдардан шығады — гносеология — адамның білімі қайдан туды, білімінің қандай түрлері бар, дәлдігі қандай, шегі қандай екенін айырады. Екінші бөлікке кіретін дүниедегі барлықты әр жағынан қарастырып айыратын ең кең, ең ауыр ғылым — метафизика. Бұл өзі бірнеше түрге бөлінеді. Мұның біріншісі негізгі дәлелдерге сүйеп мүтіл дүниядағы барлықты айырмақ (онтология), екінші — дүниенің түп иесін құдай жолын(ан) іздейді (рациональная теология), үшіншісі — дүниедегі тәннің (көзге көрініп, қолға ұсталатын нәрселердің) барлығын тексереді — (рациональная космология) 15, төртіншісі — адамның дене тірлігін қойып, жан бағасын ғана алып, жан суретінде тексереді (рациональная психология). Философияның тарихы екі дәуірге бөлінеді. Бірі ескі философия, бірі жаңа философия деп аталады. Ескі философияның басы Ғайса пайғамбар тумастан мың жыл бұрын басталған. Бұл ғылымның алғашқы буынын бекітіп, ілгері қадам басуына себепші болған грек жұрты. Оның ішіндегі философия дүкенінің іргесін көтерушілер белгілі тарихтағы гректің жеті данышпаны17. Сол жетеуінің ішіндегі философияның ең жақын атасы деп саналатын кісі — Фалес. Ескі философияның дәуірі XV—XVІ ғасырлардың ішіне шейін жүріп келген. Бұл уақытта тарих жүзінде болған белгілі үлкен өзгерістер (ғылымның кіндігі болып тұрған Стамбулдың түрік қолына түсуі секілді) философияның бетінің толқуына себеп болып жаңа философия дәуірі өрлеп кетті. Жаңа философия Декарт, Бэкон деген кісілерден бері қарай басталады. Жаңа философияның ең гүлденіп, көркейіп, өрісінің кеңейген уақыты XVІІІ ғасырдың орта шенінде шыққан Германияның философы Канттың заманында болды. Тарихтың ұзақ жолында әрбір ғасырда андыздап, үздік-создық шыққан кемеңгерлер әр ғылымды көтермелеп, тартып бірталай жерге ұзатып апарып тастап отырды. Философияның сондай көтермешілерінің ең белдісі Кант еді. Қай ғылым болсын әр уақытта ескіріп қалып жаңартуды керек қылып отырады. Философия да сол жолмен барып Канттан біраз кейін әр түрлі жолдарға түсті. Мұның аяғы көп керіс, талас болып, ақырында осы жаңарақ уақыттарға философия қайта айналып, сол Канттың пікіріне бір иығын сүйейтін болды. Ақыры Канттан бергі философия көзге түсерлік жол тауып кете алған жоқ, әр ғылымның тапқанын қорытам деп, философия өзінің жеке ғылымдығынан айырылып, бірбеткей бір-ақ ғылымның жетегіне ғана кетіп қала жаздаған уақыты болды. Ондағы ерген ғылымы жаратылыс (естественная наука). Осы күнгі уақытта да философия жаңа жол тауып, ескірек философтардың пікірінен ұзап кете алып тұрған жоқ. Философияның тарихын тексерушілер бұл уақытты үлкен адам істеуінің алдындағы мезгілі деп есептейді. Мұның анығын келешек заман көрсетер. Енді философия мақсұд қылған жолында ұсағырақ мақсұдтарын қоя тұрғанда, жасырын, алыстағы әрі сырдың қайсысын айқын қылып көрсете алды деген сауал болуға болады. Рас бұл турада философия пәлендей мақсұдына жетіп болды деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ философияның көздеген мақсұдына жетерлік басқышы өзге дүниауи ғылымдар. Сол ғылымдар бұл уақытта тереңдеп бола алған жоқ. Сол себепті философия да шарықтап шығып кете алмай тұр. Бірақ философия көркейеді. Көркейгендегі жемісін адамның жаны қорек қылады. Және ол қоректің алдын философия бұрынғы заманда да, бұл күнде де бермей тұрған жоқ. Адам баласының көкірегіне адамшылықтың таза нұры кіруіне үлгілі тәрбие шарт. Тәрбиенің мақсұдын орындау үшін тәрбиешінің көкірегінде терең ойы болуына керек. Тәрбиенің жолымен өскен уақытта да адам баласын бауыр тұтып, бақытын ойлап, қамын жейтін болуға да терең ой керек. Адамның бойындағы қандай таза мінез болсын жалғыз ғана өзі болса, берік болуына болмайды. Билеп отырып, нығайтып, әуелгі таза қалпында сақтайтын қарауылшысы таза ақыл. Сол себепті әншейін жәй адамның адамшылығын сақтауына терең ой керек болғанда, көпшіл, қамқордың терең ойсыз болуына тіпті болмайды. Бұл адамдағы терең ойды тәрбиелеп жетілтетін философия. Сол себепті философия адамшылық жолындағы қараңғы қалтарыстарда қолға ұстайтын шамшырақ. Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағына, шын мақсұдына түсіне алмайды. Дүниауи ғылымдар күндік керекті жеңілдетіп беріп, дене тілегін күшейтпек. Бұл ғылымдардың бетінен мағына шығарып, жанға азық жиып беретін терең ой. Адамның жүрегіне бақыт, махаббат ұрығын орнататын да көкірекке сіңген сол толғаулы терең ой. Сол себепті философияның өркендеуін ғана тілек қылу керек.

Мұхтар.

ЯПОНИЯ

Бұл күнде қай халық тәртіпсіз, ғылымсыз, елеусіз қалыптан асып, алдыңғы дәрежеде жүрген халықтармен тізелесіп отырарлық теңдікке жетуі тездігінен болатын оңай жұмыс емес. Бұрынғы бір беткей айласыз, ғылымсыз қара күштің заманында ілгергі дәрежеге тез жету халықтың өз еңбегімен, басшының епті саясатымен ғана әзер болатын. Ал бұл заманда надан халықтың қатарға кіріп кетуіне себеп болатын жүз тараулы шарттар бар. Ол шарттардың бәрі де бас-басына терең оймен, еппен, қажымайтын қайратпен, малды, жанды аянбай сарп етерлік талап еткенмен ғана орнына келтіріп, одан кейін орыннан үміт қылуға болады. Бұл тарихта һәрбір жетілем деп талпынған жұртқа неше жүз жылдардан бері қарай құлағын бұрап, жаттап келе жатқан тарих болғандығы бір негізі. Бірақ тарихтың осы айтылған жолы Японияға келгенде өзгеше бір рақымдылыққа түсіп, өзі демеп, бойын зорайтып, көркейтіп, қалпына бүткіл дүниені әрі шамдандырып, әрі қызғантып, ішін қайнатып отыр. Японияның әуелгі мешеу болып, дүние жарығынан меңіреу болып, өзінің, өзгенің не күйде екенін білмей отырған қалпынан шығуына себеп болған нәрсе — өзге Англия, Франция, Голландия секілді білімді жұрттардың Японияның надандығымен пайдаланғысы келген қомағайлығы болды. XVІІІ ғасырдың әуелгі жартысында Қытай мен Америка һәм басқа Европа патшалықтарының саудасы қызды, бұлардың бір-біріне қатынасатын жолында Япония болды. Білімді жұрттар Японияның да ішіне өз саудасын кіргізіп, олардың қанын соруға айналды. Япония білімді жұрттардан келетін зиянды көрген соң, оларға өткел бермегісі келді. Бұған бастығы Америка болып, Европаның көп патшалықтары ықтиярсыз өткел беруге мойынсұндырды. Бұл оқиға 1853 жылда болды. Японияның бұларға қарсы бетке ұстайтын қаруы болмады. Көп айлалы, қомағай, білімді жұрттардың ортасына түсіп, өзіндігінен айрылып, халыққа жем болатын уақыт келді. Осы себеп қамшы болып, Японияның сүйегіне сіңген ұлтшылдық, жігерлілік қаны оянды. Айлалы, азулы жауға өзінің ұстап келген қаруындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе, басқа лаж болмайтын болды. Жұрт басшысы, қамқорлары бұл халді ұғып, осының жолына бастарын сарп етіп, жаңа жол табуға ізденді. Солардың талпынуының себебінен 1868 жылдағы жаңалық (реставрация) дүние жүзіне келді. Бұл жаңалықтан бұрын Японияда Микадо (патша) болса да оны ешкімге иелетпей, бар билік қолынан тарайтын, бұрын соғыс басшы ханда Сиогундікі болатын. Сиогундарды әуелде патша сайлайтын болса да, соңғы уақытта Сиогундар күшейіп кетіп, Токугава деген тұқым 265 жыл бұл дәрежені ұстап тұрды. Сиогундардың көбі бір жағынан патша секілді халықтың бар міндетін артқан кісісі болмаған соң, екінші жағынан қолында үлкен күш болған соң, халыққа, патшалыққа зиянды көп істер істеді. 68-жылдың бір жаңалығы: сол сиогундардың ең соңғысы Токугава Кэнки деген кісіні жаңалықты бастап жүрген халық қамқорлары орнынан түсіріп, Сиогун деген дәрежені жоқ қылды. Бұдан соңғы бір жаңалығы: бұрын Японияда һәрбір тайпаны бір даймиос, яки князь билейтін. Бұлардың бәрі де қол астындағы халқынан алым алып, қолдарына көп батырлар, яки ғәскер сақтайтын. Бұлардың өзі білімсіз, өзі жуан болған соң, елге келтіретін зияны көп болады. Жаңалық оларды да орнынан домалатты. Бірақ Японияның бетін түзеп алып, ретке кіруге аяқ басқанын 68-ші жылдан бері қарай деуге болмайды. Бойға сіңіп қалған надандық мысқалдап шыққанша, ескіден шығып, жаңаға түсініп кетудің ауырлығы жеңгенше, бірталай жылдар өтті. Японияның дәлді бетін түзеп алып, ілгерілеуге аяқ басқанының басы 1885 жылдан бері қарай басталды. Бұл — Японияның ғылымға нағыз жұмылған уақыты. Ал басқа жұрттардан үйреніп, фабрика, завод ашып, солардың ғылымдарын өздеріне жұқтырғысы келгендік сиогундар заманында да бар еді. Японияның жаңалықтан кейін ұзап, ілгерілеп кетуіне себеп болған — екі уақиға дейді. Японияның Маркиз Ито деген президенті (министрлер советінің бастығы). Бұл кісі Японияның ең көрнекті халық басшысы, өзге жұртты Япония жатырқап жүргенде, бұлармен араласуына, ғылымға аяқ басуына себеп болған Херобуомы Итоның мұндағы көрсететін уақиғаларының бәрі — Япониядағы патшалық түрі өзгергені. Халық алдында жауапты министрлер болды. Патшаның әмірі бұрынғысынан әлсіз болып, конституция кірді. Бұл оқиғаны 1889 жыл әкелді. Японияда 265 жылдай патшалық құрып келген тұқымның ақырғы патшасы бұл жаңалыққа көніп, өзі орнында қалды. Мұның себебінен халыққа әділ билік орнады. һүкімет пен халық арасы жақындап, теңдік туды. һүкімет басындағы кісілерді халық өзі сайлайтын болды. Японияның ілгерілеуіне екінші себеп болған нәрсе — 1894 жылда болған Қытай-Япон соғысы. Бұл соғыстан кейін Япония ғылым, шаруа, сауда жолында аса көзге көрінерлік екпінділік істеді. Мысалы: 1880 жылы Японияның сауда пароходы 310 еді. 1899 жылда 1221 болды. 1888 жылда Японияға кіретін һәм одан шығатын бар пұлдың бағасы 98 миллион иен еді (иен 1 сом 29 тиын). Бұл 1900 жылда жарты миллиардқа барды. Оқу жолында 1901 жылдағы есепте Япониядағы оқуға жасы дәл келген еркек баланың школда жүргенінің саны 94% (жүзден 94), әйел баласының саны 81 процент болды. Бұл талап. Сол талаптың осындай жемісі һәр жүректі осындай болсам деп үміттендіріп, екпін, жігер беріп, талпынтатын тарих жүзіндегі үлгісі мол бір сабақ. Жаңалық басталғаннан-ақ Япония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады. Бәрінің һәр жерге келгендегі мақсаттары жалғыз Японияның бақытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардың Европа ғылымын біліп алғандары тоқтамастан жеріне қайтып, жиып апарған білімдерін елдеріне егіп отырды. Японияның бір патшалықтың ішіне келіп, оқу оқығандары сол патшалықтың жұрт билеу тәртіптері қандай, шаруаларының қандай түрлері бар, өзге патшалықтармен арасындағы саясат (дипломатия) қандай, — солардың һәр тарауынан Японияның гүлденуіне керек бұйымдарды қойны-қоныштарына толтырып әкеліп отырды. Японияның һәрбір европа патшалықтарының іштеріне барған жақсылары, сол патшалықтардағы жақсы қылықтарымен жалғас жүрген қандай міндеті бар; солардың жетсек-ау деп жүрген қандай таза, жаңа түрлері бар, олардың бәрінде де толық мағлұматтармен қайтып жүрді. Япония Европа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсысының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздерінше қолайлы, жақсы дегендерін ғана алатын болды. Бұл турасында (......) деген профессордың айтқан сөзі мынау: «Біз күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын тұруымыз керек, бірақ ол уақытта өзіміздің жақсымыз да ұмытылмасын», — деген. Жаңалық бола бастаған соң Японияда һәртүрлі өнерліге, һәртүрлі білгіштерге мұқтаж болды. Ол мұқтаж адамдары Европада мол. Сол себепті олар күнбатыстан профессорлар, өнерлілерді шақырып әкеле бастады. Бірақ шеттен келген адамдарға шарт қойып отырды. Ол шарттар: Японияның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып жүрген шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері, мұндай мінездері байқалған адамдар болса, қызметтеріне кіргізбеді. Бұл уақытта Японияда жаттан келген профессорлар да, өнерлілер де жоқ деуге болады. 1900 жылдағы есепте Японияда тұрған жат профессорлардың саны он шақты-ақ болған. Бұлардың азаюының себебі Япония өзінен білгіштер шыға бастаған соң, жат адамдарды бір-бірлеп шығарып, орындарына өз кісілерін қоя бастады. Японияның патшасы, министрлері түгелімен білімді адамдар болған соң, бәрінің де жаттан алған жолдары малды-басты аямай, Японияға ғылым, өнер кіргізу. Осы себепті Японияның жас оқығандарының халыққа істейміз деген жақсылық мақсаттары болса, бәріне әлгілер алдымен өздері көмекші болып тілеген жаңалықтарын орнатып беріп отырады. Японияның алға басу жолындағы тағы бір көзге көрінген мінездері — басшылары, білгішгерінің арасындағы ұйым, береке. Бұлар біріміздің істемек бір мақсатымыз болса, сол мақсатымыз алдымен патшалықтың күшті болуына зиянды болатын болмасын. Екінші, халыққа ауырлық келтіріп алатын болмасын деп өздеріне шарт қоятын. Осымен бұл күнде Япония тура күшею жолында, ылғи іске жаралған халық болды. Япония халқы — тарамыс, жігерлі, зейінді жұрт. Бұл турасында Европаның Японияға танданып айтатын мына бір сөзі бар: «Күнбатыс халқындағы бір мінез — жас күндерінде адамдары зейінді, талапты болып келіп, үлкейген соң талабы азайып, зейіні солғындап, істен қала беруші еді. Япония адамдарын жас күндеріндегі күн шығысқа тиісті зейінді талаптылыққа үлкейгенде күн батыс халқының тарамыс ісшілдігін қосып алатын болды» — деп. Өткен нөмірде Японияның бұрынғы қараңғы надан күйден не себептермен тез құтылып кеткендігін және қысқаша сыртқы түрін жазып едім. Енді сол қараңғылықтан құтылуға істеген еңбегі һәм сол еңбегінің жемісін, Японияға соңғы уақыттарда қандай халифа келгендігі туралы жазбақпын. Японияның басты адамдарының әуелгі Япония жетілмей тұрған уақыттағы қатты сақ болып, естерінен шығармаған нәрсесі, — халқының буыны бекіп, піспей тұрған кезде соғыстан аман сақтау болды. Бұл туралы өз араларында айтысып жүрген пікірлері: «сыртымыз басқа жұрттармен тату, сыпайы болсын, іштен тарахиат (өнер-білім) аса бағалы болып, еркін өссін» деген. Осы себепті сырттан келуші өнеге аларлық адамдарға Японияда қағусыз, соғусыз еркін жол беріліп отырады. Өзге жұрт еркін болғанда, Японияны илеп-билеп кете ме деп қорыққаны көршісі Қытайдың осалдығы еді. Осыны ойлап, Қытайды ұйқысынан оятам деп те Япония адамдары көп еңбек қылып әуреленді. Ақырында сыртқы ашқарақ жаудан қысылып жүріп асығумен Япония ғылымның бірталай сатысына шығып қалды. Бірақ өнер-білім жолында қандай шарықтағанымен мұндай тез қатарға кірген жұрттың ірі жұмыстармен алданып жүріп, ұсақ, пайдалы, жақсы жұмыстардың талайы ескерусіз, солақай қалуы мүмкін еді. Бар мақсаты күшею болған соң, әлгі айтқандай көп пайдалы жұмыстардың басынан аттап кетпеді деуге болмайды. Ғылым, қуат қай жұртқа болсын мысқалдап бірте-бірте сіңбек, орнамақ һәм бойға баптанып, кемеліне келіп, жай орнаған нәрсе нағыз берік болмақ. Өзге жұрттың ептеп жай жеткендерінің бәрін түгелімен тез сіңіріп ала қою мүмкін жұмыс емес. Мұндай бірбеткей сыңаржақ қалғандық Японияның ішкі хал-жайын тексерсек көрінеді. Әуелі Япониядағы оқу жолын қарастырайық. Япония һүкіметі жаңалық кірген соң-ақ халық жалпы оқуға міндетті болсын деп жарлық шыққан. Бұл жарлық бойынша жасы алтыға толған бала сабаққа беріледі. Япониядағы төменгі дәрежелі мектептер жіті университеттер Европа үлгісіне ерте түскен. Мысалы: 1880—1890 жылдарда Европадағы не түрлі университеттер болсын, Японияда да ашылды. 1890 жыл мен 1900 жылдардың арасында сол университеттерді бітірген Япония студенттерінің саны 3126 болған. Япония оқушыларына осы күнге шейін қиындығы кетпей жүрген бір нәрсе — Қытай мен Японияның әдебиеті ерте уақытта қосылып кеткендігі; бұл қосылу себепті Японияның жазба сөздерінің бәрін қытай тілі кернеп, Японияның өз тілін жеңіп кеткендік. Міне сондықтан Японияның кітап тілі мен сөйлейтін тілі жат, екі басқа. Оқушылар әуелі қытай тілімен таныс болып һәм басқа жұрттардың тілін тағы үйренуі қажет. Енді Японияның әйелінің хәліне келейік. Бұрынғы уақытта Японияның әйелі елеусіз күйде болып, ескі ата-бабаларының салтымен әйелге өсіп-өну көзімен ғана қарайтын. Бұл күнгі жаңалық ағымы ол салтты қалдырып, әйелді де мемлекеттің құрметті мүшесінің бірі деп біліп, қатарға кіргізіп барады. Әйелдер үшін төменгі дәрежелі мектептер өз алдына жоғарғы дәрежелі мектептер де салына бастады. Японияда әйелдер оқитын мектептердің тәртібі бұл күнде Европа әйелдерінің мектептерінен артық бір түр тапты. Әйел оқығанда бір жағынан үй ішінің шаруасын үйрену керек, бір беткей оқумен кететін европа әйелдері үй шаруасына ыңғайы аз, еркек секілді сөлекет болады, өмірден алыстап кетеді деп, бар әйелдер мектебінде шаруа жағын құнттай тәрбие қылады. Японияда бір мектептегі оқушылар бір-ақ жерде тұрады. Мысалы бір мектепте бес жүздей кісі болса, жиырма-жиырмадан топқа бөлініп һәр топты басқаруға бір үлкен қатын қойылады. Бұл қатынды бір топтың ішіндегі қыздар шешесіндей көріп, өз араларында апалы-сіңілі кісідей жақын жүреді. Онан соң күндегі тамақ дайындау, кір жуу, үй тазалау және тиісті басқа шаруа, есеп-қисап — бәрі ол қыздардың мойнында болады. Қыздар һәрі ғылым үйреніп білімі артады, һәрі шаруа жүзінде, өмірге керекті тәжірибе алады. Бұл — Японияның басқа халықтардың қатесін көріп тапқан өзгеше түрі. Өзге Европа халықтарымен қатар қоюға бөгет болатын бір нәрсе — Японияның діні, Япония бір дінді тұтқан халық емес, қашаннан неше дінді ұстанып келе жатқан жұрт. Бұлар Будда дінін де, Конфуци дінін де тұтынды. Мұның үстіне Қытай мен Японияны көбінесе ілгері бастырмауға себеп болған ата-бабасының ескі салтын қуып, жолын ұстау болды. Мысалы, өлгеннің аруағын құрметтеу (культ предков). Бұл сияқты әдеттер неше түрлі қараңғы наным, зиянды туғызды. Будда діні сондай салтқа қарсы болатын, бірақ халықты түзеуге шамасы келмей, ол діннің өзі былғанып, бұрынғы тазалық, жақсылықтың бәрінен айрылып қалды. Конфуци діні ескі ата-бабаларының да салтымен алысты, оның да әсері артық сіңбеді. Европа әсері де ата-бабаның ескі жолын әбден жоя алмай отыр. Ескі салттың күші неке, талақ, мирас жолдарында аса айқын көрінеді. Мысалы: Япония халқының ұғуынша: «дүниеде артында бала қалмағаннан жаман нәрсе жоқ». Сондықтан бала таппаған қатынды шығаруға жол бос. Қатын бала таппайтын болса, тұқым үзіледі, тұқым үзілсе, ата-бабаның аруағы ұмытылып кетеді дейді. Және Японияда атаның қанын өзгертпеу керек деген бір әдет бар. Қатын алғанда өзімен тұқымдас жақын атаның қызын алу керек. Басқа атанын қызын алса, қан өзгеріп кетеді-міс. Қатын жүріс қылып, осалдығы білінсе де, шығарып жібереді. Себебі, әйелдің мінезі бұзылды, еріне қиянат қылды емес, атаның қанын бұзғысы келді деп шығарады. Бұл әдеттер осы күнге шейін күшті. Японияның оқығандары ескі салттан жерініп, көбі басқа дінге шығып кеткен. Кейбіреулері мүлде дінсіз, бірталай европа философтарының жолдарын тұтынды. Японияны көбінесе аударып бара жатқан христиан діні. Бұл күндегі оқып жүрген шәкірттерге ешбір дінді зерттеп оқытпайды. Енді Японияның баспасөзінің жайына келейік. Японияда ретті газеттер шыға бастаған уақыт 1870 жылдардың шамасында. Газет шығарумен таныстығы ертеден бар-ды. XVІІІ ғасырдың басында Японияның ең алғашқы газеті шыққан. Ол уақытта Японияның Қытайдан басқа жұрттармен қатынасы хабары болмайтын. Ол уақыттағы газеттерде керекті мағлұмат берерлік ешнәрсе болмайтын, оның үстіне тақтайға басылып, алып жүруі де ыңғайсыз болатын. Жаңалыққа шейін баспасөз сол газеттер маңайынан ұзай алған жоқ. Жаңалықтан кейін 1899 жылда шығатын газет-журналдың саны 978 болған. Бұлардың ішінде саяси, ғылыми, әдеби, діни жолдарын тұтынғандары да бар. Газет, журналдың саны болмаса, Япония әдебиеті аса гүлдене алмаған. Японияның әдебиеті басталғалы талай заман болды. Бұл күнге шейін тұтынып келе жатқан — ескі әдебиеттің жолы. Өзге жағының ілгерілеуіне қарағанда, солақай кем қалған нәрсе — Японияның әдебиеті. Бұл турада Япония жайын жақсы білген адамдар «Япония өзге жағына сонша бой салып, әдебиетке айналысуға қолы тимеген», — дейді. Сондықтан Японияда адамның адамшылығын түзеп, дүниенің терең мағнасын ұқтыратын кітаптар аз. Бірақ бұған қарап Япония оқығандары терең ғылымнан хабары аз деуге болмайды. Япония оқымыстыларының Европа білгіштерімен тайталасып, ғылымға қызмет қылып жүргендері де бар. Мысалы, жер сілкіну өзгерісін оқитын «сейсмология» ғылымына Япония білгіштерінен жетік Европада оқығандар жоқ деп саналады. Бұл ғылымға әуелгі жетік болған Секия. Бұдан басқа да һәртүрлі ғылымдарға түр кіргізуге еңбек қылып, үлкен атақ алып жүрген адамдары бар.

Мұхтар.

АБАЙДАН СОҢҒЫ АҚЫНДАР

Қазақтың мінезін суреттеп, мінін жазып, сырын ашып, көзге көрсететін, елдің халін қайғырынып, жақсылыққа сүйреген сөздер Абайдан бері басталды. Абайдан бұрын қазақтың мінез-қалпын суреттеп берген айна болған жоқ, міні айтылмай, жүзі жуылмай, бітеу, тұйық күйде келді. Сол уақыттағы сөздер таразыға тартылып, ақылға салынбады. Надандық пердесін жырта алмады. Таяз, ұсақ, көрнексіз түрде болды. Абайдан бері әлгі өмірдің тұйығы жойылып, түйіні шешіліп, сыры сыртқа шығып, мінез айнаға түсіп келе жатыр. Қалам шамасынша шеберлеп, келісті жақсыны да, кейіпсіз жаманды да суреттеп отыр. Әдебиетіміздің атасы болған Абай туралы өз пікірімізді жазып едік, енді Абайдан соңғы ақындардың өнері туралы пікірімізді жазбақпыз. Қазір бізде өлең жазушылар көбеюіне себеп болып отырған нәрсе — бір «оянудың» барлығы. Бұл оянуға бірінші — Абай, екінші — «Қазақ» газетасы, үшінші жалпы жұрттың ғылымға бет алуы себеп болды. Абайдың қай өлеңі болсын кейінгі буынды жетектеп, түртіп, қозғайтын әсер берді. Кейінгілерді бұл әсер ойлантты, оятты, бұған жалғас оянған ойдың бетін түзеп, жолға салып, ілгерілеуіне қамшы болған «Қазақ» газеті. Бұл газет халықтың саяси көзі ашылуына, «жұрттық» деген ойдың кіруіне қандай себеп болса, әдебиеттің гүлденіп, өркендеуіне де сондай себеп болды. Егер келешекте қазақ әдебиеті буынын бекітіп, қатарға кіретін болса, «Қазақ» газетасына борышы үлкен. Бұл газеттің әдебиетке істеген аталық қызметі мәңгілікке атағын шығарып, қадірін күшейтеді. Осы күнгі өлеңшілердің жалпы бетінде халықтың жалғыз ғана мінін айтып, жақсылыққа нұсқайтын, бірақ ақындықтың түгел шартын көксемейтін бірбеткейлік бар: көбіндегі бір мінез — халықтың мінін айтса да, жақсылыққа тартса да, тірелетін қазығы — «ұлтшылдық» болып отырады. Бұл ұлтшылдық қазақ жұртының қысылып, таршылықта келіп, өнер, білім жүзінде өзгеден кейін қалғандығынан. Енді сол қысымшылдықтан босанып, тез ілгері бассам екен деген табиғи мақсатынан шыққан нәрсе. Бұл ұлтшылдық қазақ газетінің рухында бар-ды. Газет тұрмысқа жанасатын керекті көздеп, жұртты өнерлі қылуға, көзін ашуға тырысады. Өлең ұлтшылдық жолмен кетіп отырса, газеттің соңынан ергендік, ақындарымыз өлеңнің мағынасына түсінбегендік. Бұған газет кінәлі емес, ақындардың солақайлығы кінәлі. Өлең бір мақсатқа жұмсалатын құрал болу керек емес. Жалпы еркін, азығы талғаусыз өнер болу керек. Өлеге қоятын шарт: еркін ой, шарықтаған терең қиял, нәзік, өткір сезім, құйылған сұлу сурет, кестелі, таза, қысқа, анық, дәлді, нығыз тіл. Осы айтылған шарттарды түгел сіміріп, төрт табанды, сегіз қырлы болып шығатын өлең Абайдан соңғы ақындарда некен-саяқ. Тегінде «ақын» бар, «өлеңші» бар. Ақынға қойылатын шарттар: әлгі айтылған өлеңшілікке ол шарттардың кейбірі болса да жарай береді. Бұлай болғанда біздің өлеңшіміз көп, ақынымыз аз. Сілтеген қаламы, сермеген талабы көлемденіп, төгіліп, түрленіп, жапырағы желкілдеп, қолмен қойғандай мейірің қанып, тойғандай болып шығатын өлеңдер бұл күнгі ақындарда аз. Көбінің өлеңі — шеберлеп айтқан қара сөз. Мәдениеттің төменгі басқышында жүргендіктен әдебиеттің өзге түрлері тараулай алмай, кешегі өткен ақындар мен билердің сөзіне еліктеп, не жазса, өлеңмен жазу бұ күнгі өлеңшілерге сән болып жүр. Бірақ бұл әдет ілгері басқан сайын қала беру керек. Өлеңшілікке өнері жоқ, жай тілді кісілер өлеңге салынып, бойдағы өзге өнерін жойып алуға мүмкін; және өлең болуға лайықсыз сөзді жұрт өлең қылып жүр. Шарты табылмай, зорлықпен қылғынып отырып жазылған өлеңнің әдебиетті күшейтуге септігі жоқ. Қайта сыңар жақ қылғаннан басқа. Біздің ойымызша, қазіргі жазылып, шығып жүрген өлеңдерде мына сияқты міндер бар: Табиғаттың һәртүрлі түрімен сырласып, мұңдаса алмайды. Өлеңдерін оқып отырғанда көңіл жоғарылап, қиял шарықтап, басқа бір дүниеге кіріп кеткендей болатын қуат аз. Адамның жүрегінің сыры табиғатпен жалғасса; қиялы күшейіп, мінезі көркейіп, сезімі нәзіктене бермек. Және ақынның қиялы жай ақын емес кісінің қиялынан артық болу керек. Салған жерден оқушыны соныға салып жібергендей болсын. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көлеңке басын ұзартып» деген өлеңдеріндей бұл күнгі ақындарда өлең жоқ. Көрген нәрседен көңілде өзгеше артық бір әсер қалып, аудармай, бұлжытпай тілмен суреттеп беру соңғы өлеңшілерде күшті емес. Сезім, көңіл суретін тілмен үйлестіріп келтіру ақынның ғана қолынан келетін жұмыс. Бұл турада Абайдың суретшілігіне жеткен әлі ақын жоқ. Аңшылықты, жылдың төрт уақытын суреттеген өлеңдеріндей суретті сөздер қай ақында бар? Және сол төрт уақытты суреттегендегі Абайдың қиялымен сезімінің күштілігі соңғы ақындарда кем. Кейінгі ақындардың тағы бір міні — сыршыл еместігі. һәркімнің жүрегінде бір жасырын сыр бар, жасырын тіл бар, жасырын күй бар. Ақынның ақындығы сол жасырын сырды тауып, жүректі тербетіп, қуантып, мұңайтып, жасырын күйдің шегін шертіп, һәрбір пернесіне тап басу. Ондай өлеңді оқығанда оқушының шері қозғалып, ой-көзі жүрегіне үңілетін бір әсер пайда болады. Онан соңғы бір міні — тілдерінің шебер, кестелі еместігі. Сөздерінің сырты тақылдап, үйлесіп келсе де нәзік сипаттарды жетік суреттей алмай, жадағай, үстірт кетіп, айтпақ суретін көңілге берік қондыра алмайды. Жас ақындардың ішінде сезіміне сөзі жақын келетін суретшілдігі бар — Мағжан. Бірақ оның тілі де кестелі, толық келмей, өлеңінің әсері көңілге ала қонады. Мысалы: «Жолда» деген өлеңінде боранды сипаттағанда тілін жеткізе алмай: «Жел... ішін тартып осқырып» деген жерінде көңілге байланып келе жатқан суреттің түрі бұзылыңқырап кетеді. Өлеңде, әдебиетте жанды нәрсенің сипатын жансызға жамайтын жол бар; бұл бірақ ұнасымды болған жерде қосылады. Мысалы: сол өлеңінің ішінде: «Жел... кейде қатты ысқырып» дегені ұнап тұр. «Осқырып» деген сөз желге жанаспайтын сипат. Бұл айтылған суретшілдік, терең қиял, сыршылдық, кестелі, шебер тіл, нәзік сезім ақындардан ғана сұралатын сипат. Өлеңдерінің сыртқы түрі мен қалпына қарап қазіргі өлеңшілерді бірнеше жікке бөлуге болады. 1) Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Мәметовтікі. Бұлардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар. Жүрегінің сезімін суреттейтін, жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар — сыршыл (лирик) ақындар. 2) Екінші жіктің өлеңшілері — Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Дөнентаев, Шаһкәрім, Бекет Өтетілеуов. Бұлардың өлеңі сырты төгілген, сұлу, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл, тәтті. Бұлардың өлеңінің сезім мен қиялға тәрбие-әсері аз, ақылға азығы бар. Бұлар — халықшыл (народник) ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын тұрады. Осы күнде сәні кетіп бара жатқан үшінші бір жік бар. Бұл жіктің ақыны ескі өлең, жыр, тақпақтарға еліктеп, желе-жортақтатып, құбажондатып келетін Ғұмар Қарашев.

Енді осы жоғарғы атанған үш жіктің өлеңшілерінің бас-басына тексереміз. Алғашқы айтылған төрт ақынның ішінде Мағжан, Ахмет, Сұлтанмахмұт бөлек, Міржақып бір бөлек. Алғашқы үшеуінде орыс ақындарына еліктегіштік бар. Еліктегіштік ақындық жолында мін емес. Пушкин мен Лермонтов өлеңінің көбінде Байронға еліктеген деп айтылады; бірақ еліктеумен олардың ақындық дәрежесі кеміген жоқ, қайта орыста оларға жеткен әлі ақын жоқ. Сыршыл ақындардың ішінде өлеңнің ішкі суретіне сөзінің сыртқы кестесі үйлесіп, маңызды болып шығатын Мағжанның өлеңдері. Мысалы: «Орамал», «Жолда», «Туған жер» сияқты өлеңдері. Мағжан өлеңіне ұқсайтын Ахмет Мәметов пен Сұтанмахмұттың кейбір өлеңдері. Бұлардың еліктеу күші де, көңіл қиялы да қалаған жерден дәл шығып отырмайды. Сыршылдық сипатын көрсететін Сұлтанмахмұттың «Жас жүрегі», Ахметтің «Су жағасында» деген өлеңдері сияқтылар. Бұл айтылған өлеңшілердің ішінде өзінің ақындық беті күшті, түр тапқыш, аса еліктегіш емесі — Міржақып. Кенеттен келген оқиғаны тез сезіп, тез сіңіріп, тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады. Мысалы: Сүлеймен Бижановтың, Қазы Нұрмахаммедовтың өлімдеріне шығарылған: «Жұт», «Қайда едің?» деген өлеңдері сияқты. Жүрекке әсер беретін өлеңдері: «Сағыну», «Қиял», «Шәкірт», «Қажыған көңіл», «Айрылу», «Жамалдың зары». Осы өлеңдерінде адамның жүрегіне тиетін қасіретті, зарлы, салмақты әсер бар. Міржақып өлеңдерінің кей жерлерінде тілді тұтып қалып отыратын сөз, буынында не артықтық, не кемдік болып отырады. Мысалы: «Айрылу» деген өлеңінде:

Жүректің қасіретін жаспен жуып,
Келесің жаным сезіп, қайтып жуық.
Рахат рухына тілеп хаһтан,
Хош айтып кетпес бе едім көңілім суып,—

дегендегі «Рахат рухына тілеп хақтанның» бір буыны басқаларынан кем. Бұл — сөздің маңызын қуғандықтан. Міржақыптың алғашқы кездегі өлеңдері шұбалаң, маңызсыздау еді; ақындық күші соңғы сыршылдыққа айналған өлеңдерінде көріне бастады.

Енді екінші жіктің өлеңшілеріне келейік.

Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана арналған өлеңдер Ахмет Байтұрсыновтікі. Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі айдап шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады. Біресе ызамен зекіп айтып, біресе зарланып, шермен айтып, біресе ақыл қылып, сипап айтып, не қылса халықтың көзін ашпақ. Өлеңінде толғанған ой, толқыған шердің көп ізі бар, бірақ бұған қарап, қиялы шалқып, шарықтап кетпейді. Ылғи халықтың нәзіктенбеген сезімімен, жетілмеген ұғымымен есептесіп отырады. Ахметтің көзге түсерлік бір өнері — переводқа шеберлігі. Халықшыл ақындардың ішіндегі алдыңғы қатардағы Сәбит. Сәбиттің өлеңі қысқа, дәмді. Аз сөзге көп мағына сыйғызғыш, сөзді ойына құл қылған, тілі тәтті, дәл келеді. Сәбит өлеңінде көңілге тақ еткізе түсіретін тапқыштық, салыстырғыш, сыншылдық, аса терең болмаса де, төрт тағандап түсетін нығыздық бар. Мысалы, «һәр жан һәртүрде», «Той», «Азаттық күні», «Жаңа жылға» һәм басқалар сықылды өлеңдері сұлулығы, ұғымдылығы, тілге жеңілдігі, тәттілігімен қандай надан адамның болсын, көңіліне қона кетеді. Сөзге еркін, бай екендігіне қаптап тізген өлеңі дәлел. Сыртының сұлулығы, тақылдақтығымен Ахмет пен Сәбиттің өлеңіне Шаһкәрімнің өлеңі ұқсайды. Бірақ терең мағыналы сөздерді өлеңмен келтірем деп сөзін созыңқырап, шұбатып әкетіп, оқушыны тез жалықтыратын қалпы бар. Шаһкәрім көбінесе өлеңі халыққа ұғымды болуын көздейді; және өлең арқылы халықтың ақылын да тәрбие қылып, жетілдіргісі келеді. Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да ішкі мағынасымен еліктеген кісі — Шаһкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шаһкәрім өлеңінде шанышпа, ащылық бар. Бекет Өтетілеуовтің өзімен, өлеңімен таныстығымыз аз. Переводы ұғымды, жеңіл, тәуір. Ғұмар Қарашевта Марабай ақын, Бұхар жырау, тағы сол сықылды бұрынғы ақындардың қалпымен кеткен ескінің сарқыты бар. Бірақ ескілік сөздер батырдың батырлығын, бидің шешендігін, ханның хандығын, салтанатын жетілдіртіп, ескектетіп айтқанына келісуші еді; ол кездегі халықтың рухы да, тұрмысы да ескек, асқақ сөзге лайық келуші еді. Халықтың мінезін суреттеп, мінін айтып, терең пәлсәпә сөздерді желдіртіп, ескектетіп айту бұл заманда артық, ұнаспайды. Өлеңнің сыртқы ағымын қуып отырғандықтан, ішкі мақсат анық шықпай, иленіп, бытырап, бірін-бірі басып, көкірекке айқын із түспейді. Осы күнгі өлеңшілер туралы қысқаша пікіріміз осы. Бұл ақындардың өнері туралы бар болған сыны бұл емес. Нығызырақ сынауға бас-басына арналып бір мақала жазылып, өлеңдері әбден сай, бақса қылыну керек. Бұл жазғанымыз бір сыдырғы жалпы қарап өткендік. Жоғарыда айтып едік; өлеңші бар, ақын бар деп. Қандай өлең жазған кісі ақын болатыны аз да болса байқалған шығар. Бұл айтылғандардан бізде ірі ақындардың аздығы сезіледі. Әдебиеттің күшейуіне осы күнгі ақындардың үлкен себі әзір тиген жоқ. Тимегені белді, күшті ақын шығып, жазған өлеңінің бәрі маңызды болып, әдебиетке түр тауып бере алмай отыр. Бірінің 4, бірінің 5, бірінің 6 өлеңі ғана көңілдегідей болып шығады және һәр ақынның беті һәртүрлі. Күштеп көп жазған бір кісі болмаса, әдебиет беті түр таба алмайды. Кейінгі қалам ұстағандарда не жазса өлеңмен жазғысы келетін бір әдет бар. Тіпті, өлеңге ыңғайы жоқ кісілердің ақын болам дейтін ойы бар. Бұл ой — қате, ақындық бар болса өзі де түртіп шығады. Жанды артық қинатпайды. Шабыт айдамай, жан қиналып, келіссіз жазылған өлеңнен ақын еместігі беп-белгілі көрініп тұрады. Әдебиетімізге жақсы өлең, шын ақынның сөзі көрік беріп, күшейте алады. Әдебиет бақалшының қоржыны емес, қотанда жатқан қиқым-сиқымды балаларға алдап сатып, тыға беретін. Әдебиетке қызмет қылуды әркім-ақ тілейтін шығар; бірақ қолдан келмейтін нәрсеңмен қызмет қыл деп әдебиет қыстамайды; өлеңнен өзге ертегі, жұмбақ, мақал, тақпақ, қара сөзбен қызмет етуге де болады. Шамасы келетін де, келмейтін де өлеңге жұмылғандық — бәрі бірдей не тойшы болғандық, не қойшы болғандық. Тегінде әр жақты болмай, бір беткей сыңар жақ болу да қате деп білеміз.

Екеу.

Бірінші жалпы жастар съезі

Өткен майдың 5-нен 13-іне дейін Омбы қаласында Жалпы қазақ жастарының съезі болды. Съезд шақырушы Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» ұйымы. Съезге қазақ-қырғыз жастарының һәр ұйымынан бір-бір өкіл шақырылып еді, өкілін жіберген ұйым 15 болды. Съездің шақырылған себебі һәркімге мәлім. Еркіндік, жұрттың жауы — большевик билігі дәуірлеп2, жұрттың ақ жолды қамқорын істеп келе жатқан ісінен, көздеп келе жатқан мақсатынан айырып әкеткендігі. Тұтынған жолына кедергі болып шыққан большевикке қазақ басшысы келін болып, бетін көрсетпей кете алмайды: беті ашылып, ниеті көрінген соң, большевик сыйғызбады, һәрбірін әр жаққа қуып, бытыратып тоздырды. Басшының жоғын көксетпей жұрттың тізгінін мықты ұстап қалуға тырысу һәрбір ұлттың рухы сіңген азаматтық борышы еді. Жастар һәр жердегі ұйымдар арасында бұл борышын бұрын ұғып, аз қайратымен көсемдік қылған «Бірлік» ұйымы. Ұйымдардан басқа жерлерден өкіл шақырылмаған соң, келген өкілдердің аздығына қарамай, съезге жалпы қазақ жастарының съезі деп ат қойылып, айдар тағылды. Бұл жиылысты жалпы съезд деп атауға себеп болған бірінші, заман халінің ауырлығы, «кемеліме келіп, кер торымды мінемін» дегенге көнбейтіндігі, екінші, қазақ жасының рухына ұлтшылдық сіңсе де, саясат майданына бел шешіп түспеген көк қауырсын балапандай тез шомылып, тез құрала алмайтындығы болды. Бұл съездің қаулысы бөлек кітапша болып басылып, қазақ-қырғыз жастарының бар ұйымдарына тарады және бір уақытта газетке де басылып шығады.

Мұхтар Әуезов.

ЖАСТАР ҰЙЫМДАРЫНА АШЫҚ ХАТ

Омбыда болған жастар съезінің бірінші мәселесі — ұйымдасу. Бұл мәселе турасын айрықша ұйымдардың құлағына салуды съезд маған тапсырған соң, жазып отырмын. Ұйымдасу турасындағы съездің жасаған жобалары төмендегі: 1. Қазақ-қырғыз жастарының бар ұйымдары біріксін. 2. Бар ұйымдар ортасынан бір кіндік комитет сайлансын. 3. Кіндік комитетке әрбір ұйым өзінің барлық қазынасынан 15 процент берсін. 4. Бар ұйымдарда бір-ақ программа, бір-ақ ат болсын. Бұған съездің қойған аты — «Жас азамат». 5. «Жас азамат» атынан газет шықсын. 6. Мәтбуғат пайдасына кіндік комитетке ұйым басы 300 сомнан ақша берсін. Саны мағлұм ұлт деп жанын отқа салып жүрген қазақтың қамқорын алсақ та, жұрт деп артына қарап игілік күтсе де, үлкен үміт қылып көз тіккені — оқыған жас. Қырдағы көкірегі қараңғы, ақылы мешеу надан елді алсақ та, күтетіні оқыған жас. Бұл іс — ұлттың ұлы болып, ұлттың қарызы оқығанның бәріне мәлім. Қазақ ерте ұйықтап, кеш оянған жұрт, қазіргі жүз құбылып толқып отырған саясат күйі қандай жұртты ұлы, қандай жұртты құлы қылады. О да ойланған адамға мағлұм. Қазіргі қазақтың қамын ұққан азамат қазақтың ел болуы берекемен күш біріктіріп, тәртіппен іс қылған уақытта болатынын ұмытпастай болды.

Енді қай жолмен іс қылу керек, жастар соны ойлансын.

Бұл уақытта тәртіппен бастай білсе, оқыған жастар ойлаған мақсаттарын ұйымдар арқылы жүргізуіне болады. Осы күнде талапты жастары бар жердің көбінде ұйымдар ашылып жатыр. Бірақ ұйымдар істерін қай тәртіпте, қандай жолмен істеп жүр? Ол турасы мағлұм емес. Әзірге жиылып күш құрап, өндіре іс қылып кеткен һешбір ұйым көрінбейді. Ұйымдардың бұл көзге көрініп іс қыла алмағандығын бір жерге күш құрап, бір жолға пікір қоспағандығынан деп білу керек! Тәртіпсіз еңбек һәр уақытта істің бойын көркейтпейді. Қазақ жұртының бұл күндегі ең қымбатты мүшесі оқыған жастар. Өз дәрежесінде оқыған жас ұлт басына келген күннің ыстығына алдымен күйіп, суығына алдымен тоңамын деген иманды нық ұстауына керек. Бұл иман көкірегіне нық орнаған адам тәртіпке түсіп, күш біріктіру керектігіне шүбә етпес деп сенемін. Заман халін, оқыған адамның басын, білімін, күшін сарып етемін деген уақыты жетті. Енді мақсатқа асығу керек. Атаның сай-сайға бытырап, тоз-тоз болып күш, берекеден айырылған қатасын ұғып, жиренетін уақытқа келдік. Жас болып үлгілі жол салып, қазақтың досына да, қасына да санаулы күш болу жастардың ойланарлық ісі. Бір даңғыл жол салып, бір жалаудың астына кіріп алған соң, жақсылық іс келсе бір араның жасы болмай, бүкіл қазақ жасы болып, жұмылып, көмектесіп, жаманшылық, зиянды іс келсе бүкіл қазақ жасы болып қарсы тұрса, жас — адал басшының оң қолы арамның елеулі жауы, надан жұрттың тәрбиешісі болмай ма? Қазақтың бұл күнге шейін таба алмай сандалған қазақ қамын шын ұққан жас керексіз деп айтады деп білемін. Бұл болып өткен съездегі қаулы бар ұйымдарға уақытша салынған жол деп саналады; бірақ бұл қаулының жөн-терісін жалғастырып, қисығын түзеу жастардың жалпы съезінің ықтиярында. Қазіргі бұл съездің қымбатты ісі — жастардың пікірін біріктіруге жол салғандығы. Ендігі іс ұйымдардың талабы мен жігерінен күтіледі. Съезд 5 кісілік кіндік комитетін сайлап (......)16Бұл комитет Омбы қаласында тұрмақ. Комитетке сайланған адамдар: председатель Троицкідегі «Үміт» ұйымының өкілі Ғазиз Мурзин, жолдасы Г. Досымбекова, екі мүшесі Ғабдырахман Байдильдин, Мұратбек Сейітов, секретарь Смағұл Садуақасов.

Хабарласушыларға адрес: г. Омск, Учебная, 86, «Жас азамат».
Мұхтар Әуезов.

ҒЫЛЫМ ТІЛІ

(научный термин)

Ғылым тілі — бұл уақытқа шейін қазақ оқығанының бір қалыпқа қойып, бір негізге құра алмай келе жатқан мәселесінің бірі. Қазақ мәдениеті жер жүзіне бой көрсетіп, дүние майданына шыға алмай тұрған уақытта, бұл мәселені бір жөнге салудың пайда, зияны жұрт көзіне байқалмайды. Бірақ бұл күндегі қылтанақтап келе жатқан мәдениет — қазақ жұртының бүгіндік қана керегі, ертең тағы тосыннан бір жол салып алуымыз оңай десек, сөз бір басқа: егер де бүгінгі жол, бүгінгі енбек мәңгілік дейтін болсақ, ғылым тілі аса қарауды көтермейтін шетін мәселе. Мәдениет бәйгесінде алда келе жатқан жұрттың қатесі кейінгіге сабақ. Алдыңғы келе жатқан жұрттың жығылған жары, сүрінген томары кейінгінің бетін еріксіз бұрғызады. Өзге жолдағы істерінің оң, терісін қойып, осы тіл жолындағы орыс пен жапондардың істеген қаталары бізге айқын үлгі боларлық. Орыс әдебиеті аяғын апыл-тапыл басып, буынын бекіте алмай жүргенде, жазушылардың қолданатын әдеби тілдері «церковнославянский» (дін кітаптарының тілі) болатын. Орыс әдебиетіне негіз салушы Ломоносов, Кантемир, Тредьяковскийлер жұрттың бетін бұра алмай, өлеңі, қара сөзі болсын, бәрін де сол тілмен аламыштап былғап жазған. Орыс ол қатесін бері келген соң зорға түзетті. Бұдан кейін Жапония жұрты надан күнінде жазу, оқу, аз-аз өнер үлгілерін берген апасы қытай болып, қытайды көсемі қылып алдына салып, етегінен ұстап жүріп, қытай тілін әдеби тіл қылып ұстады. Бұл күнде қытай жұртта қалып, Жапония ұзап кетсе де қытай тілі әдеби тіл болып қалып, Жапонияға дерт болып, құтыла алмай әуреде жүр. Қазіргі уақытта Жапонияның баласы өз оқуын оқудан бұрын қытай оқуын оқып, содан кейін басқа жұрттың өнерін, басқа жұрттың ғылым тілдерін оқиды. Қытай оқуы Жапонияда ешбір пайдалы оқу емес: жалғыз-ақ ерте уақыттағы Жапонияның басшыларының ойланбағандығынан өз оқуларын қытай оқуына араластырып алып, өз оқуын өзінікі қылып әкете алмағандығынан керексіз бір нәрсені жамап алып отыр. Міне, осындай халге қазіргі бетімізбен жүре берсек біз де бір күні ұрынатын секілдіміз. Қазіргі қазақ тіліндегі оқу екі ағысқа бөлініп барады. Бірі — мұсылманша оқығандардың жолы. Ғылым тілін (олар) арабшаға, мұсылман негізіне тартады. Екіншісі — орысша оқығандар жолы, ғылым тілін орысшаға, Европа негізіне тартады. Бұл жік-тәртіп бастауыш мектептердің һәм курстардың оқуында айқын білініп отыр. Әркімнің өз білген негізіне тартатыны мәлім нәрсе. Мұсылманша оқыған мұғалім Европаның ғылым тілін білмейді, орысша оқыған учитель мұсылманшаны білмейді. Осыдан ошақтың үш бұтын үш жаққа тартып отырғандық — ғажаптанарлық нәрсе емес. Бірақ салыстырып, осы екі жолдың бірін алып, бәріміздің бетіміз бір жөнге сайып келуі мұқтаж. Бұл мұқтажды ұғу — бәрімізге парыз. Қазақ мәдениетін түрік үлгісіне қарай тарта беретін мұғалімдердің тұтынатын негізгі жолдары — «пантюркизм», «панисламизм» тағы әр түрлі «панпәленизмдерді» жол қылып ұстайтыны белгілі. Бірақ сол «пандардың» жолына қай жұрт болсын надан күнінде ғана мойын ұсынады. Мәдениетке бет қойып, басқыштап ілгерілеген сайын пандардан жұрт жерініп, пайдасыз бір іс деп санап, далада қалдырады. Осы күнде көзін жұмып, аузын ашып, тәтті қиялды қорек қылған адам болмаса, ширақ ақылмен қараған кісіге бұдан кейінгі «пан» — саясат ауасы екені мәлім боларлық болған. Себебі: қай жұрт болсын, өз бетінде жұрттығы болмаған күнде ғана басқа, өзіне жақын жұрттың тілеуін тілейді. Өз жұрттығы буын бекітіп, бас қалқайтса, алыстағы жұртқа тілеген тілекті қайтып алып, өз жұртына жұмсайды. Бұл — адам баласының сүйегіне сіңген табиғи мінезі. Қазақ кешегі езгіде жүрген уақытында «пантүркистер» үйретпей-ақ қырда жүрген қойшы-қолаңшы да түріктің тілеуін тілейтін. Бұндай екі халықтың бірін-біріне иілтіп, мейірлендіріп отыратын: 1) дін туысқандығы, 2) сыртқы саяси қалпы, 3) надандығы болады. Егер осы жұрттар қатардағы жұрт болып, еркіндік пен мәдениеттін төріне шыға бастаса, бірінен-бірінің берекесі, мақсаты апырылып, аздан соң қас та жұрт болып кетуі оңай. Бұның мысалын діні бір, қаны бір, тұрмыс ыңғайы бір болған Европа жұрттары баяғыдан бері көрсетіп келеді. Қашан болсын, адам баласының қазіргі «өз шыққан тауым биік болсын» деген мінезі қалмаса, еш уақытта күндегі саясат ауасының артынан ермей, бүгінгі досымен ертең қас болмай отырмайды. Бұлай болған соң ақ жолды, әулиелікті дүние жүзіне мен орнатамын деп мәдениеттің түзу, кең жолын тар, қисық жолға салам деу — қазақтың алға басуына кедергі шығарамын дегенмен бірдей. Бұл сөздің қорытындысы қазақ жұрты қазіргі уақытта күндегі саясатының ыңғайымен жүріп отырып, түзу жолмен мәдениеттің буынын бекітуді ғана мақсат қылуына керек. «Пантюркизм» қазақ мәдениетінің жолын өрлетіп, жұрттықтың бойын өсірмейді. Саясат жолына кірген жұрт туысқандық, жақындық деген нәрседен айырылады. Енді әуелгі ғылым тіліне қайтайық. Туысқандық дегенді қолмен аз да болса бұрауға келетін саясат көтермейтін болса, бірбеткей ғылым жолы туысқан едім деп бұрауға тіпті көтермейді. Біреу оңға, біреу солға тартып, илей бергенге көне беретін ғылым жолы — терінің пұшпағы емес. Әуелде қалай беттетсе, көп уақытқа шейін сол бетінде жол болып бекіп қалады. Сол себепті қазақ оқуының бетіне қандай жаңалық кіргіземіз десек те, әуелі кеңінен толғап, ойланбай іс қылудың артынан талай аурулы мәселе туып кетуін ұмытпау керек. Қазір бізде ғылым тілін арабшадан аламыз деген ағыс бар екен. Арабшадан алудың ғылыми дәлелі не! Біз ғылым тілі туралы сөйлессек, қазақтың оқуының жолын бір түзу жөнге салу турасын ғана еске алу керек. Оқу мәселесіне туысқандық, болмаса келешектегі саясат бетін қосып шешеміз деу — кімнің ісі? Ешбір істі алға бастырмайтын ретсіздік сол емес пе? Болмаса, заманның өзі көрсетіп отырған дәлелге мойынұсыну керек. Ол дәлел мынау: біз ғылым тілін арабшадан аламыз дегендегі дәлеліміз — арабта да бұрынғы уақытта мәдениет болған, сол себепті ендігі бізге керек болатын ғылым арабтан табылады дейміз. Ертеде араб мәдениетті болған бір заман бар. Бірақ ойлап қараңыздар, біз осы күнде оқысақ, сол XІІІ, XІV, XV ғасырлардың ғылымын оқимыз деп отырмыз ба? Мәдениет «пантюркист» болып, сол арабта болған қалпын сақтап тұр ма? Осы күнде дүние жүзіне жарығын шашып отырған ғылымдардың қайсысын аласыз, біреуі сол күйінде ме? Алайық, медицинаны (дәрігерлікті), механиканы (машина ғылымы), химияны (химия), политик-экономиканы (саяси-шаруа ғылымы), кооперацияны (сауда ұйымдары) һәм басқаларды. Біреуі осы күйде ме еді? Бұның көбінің ол уақытта аты да жоқ еді? Ал қазіргі уақытта күндегі қолыңа ұстайтын құралың болды. Бұның бәрін кім шығарды? Европа шығарды! Бұдан кейін қазіргі мұсылмандардың мәдениетін алайық. Мысалы, Түркияның университеттеріндегі тіл, онан соң жайшылықтағы ғылым тілдері кімдікі? Түріктің бірінші университеттеріндегі басты тілдер Англия, Франция, Германиянікі. Бұған біз не айта аламыз? Сол боламыз деп отырған түркіміздің өзі Европа жұрттарының өз арасында солай-ды. Қай жұрттың бір білгіші бір жаңалық шығарса, сол нәрсеге өз тілінде ат қояды: бұл атты өзге жұрттың бәрі сол тілде қолданады. Біз көбінесе татар мен түріктің Европа тіліндегі сөздің «г» харпін «ғ» қылып, «к» харпін «қ» қылып алып жүрген сөздерін өз тілі деп, сырттан жала жауып жүрміз ғой деймін. Болмаса, бұл күнге шейін түріктен білгіш шығып, оның тапқан нәрсесін түрік тілімен қолданып жүрген Европа жоқ. Міне, заман көрсетіп отырған дәлел — осы. Жә, түріктің өз бетімен тапқан мәдениеті жоқ болса, өзі де Европаның дастарқанының шетінен орын алып отырса, біздің не істеуіміз керек? Ол уақытта да мәдениеттің кіндігі болған жерге тура тартпай, өзіміздің қалпымыздағы түрікті өткел қылғанымыз — оқу ісін түзу жөнге салғанымыз ба, салмағанымыз ба? Қазақтың оқуын Европа жолына салғанмен — қазақ түріктен алыстап кетіп, оқу үлгісін түріктен алумен — түрікпен туысып кете қоюына кімнің көзі жетеді? Жұрттың рухы бірігуде тұрса, саясат ыңғайы жұрт рухының сол күйіне қарап бет алатын болса оқу ісі, оның ішінде ғылым тілі еш уақытта алыстатып әкете алмайтынын біздің ұғуымыз керек. Бұл мәселе турасында қарсы пікірде болған кісілер болса, дәлелдерін баяндағаны жөн. Осымен тезірек оқу ісін бір негізге құрып, мұғалімдер, учительдер ғылым тілінің жолында бір-ақ түрлі құралды қолдануы керек. Биылғы Омбыда болған жастар съезінде де ғылым тілін Европадан алуды қаулы қылып жасаған жобалары: әуелі ғылым тілдерін жеткенше қазақтың ауыз тіліне аудару керек. Қазақ тіліне аударуға болмаған тілдерге ғана Европадан алу болатын. Жастар съезінің қаулысында қазақ тілінде шығатын журналдарда ғылым тілі деген бір бөлімі болып, сол бөлімге Европа қолданып жүрген ғылым тілдерін әркім өзінше перевод қылып оқушының сынына берсін дескен. Бұл жоба да хәркімнің есінде болсын.

Мұхтар.

ҚАЗАҚ ӘЙEЛІ

Қазақ жұртының бойында әйел халі үлкен аурулы жараның бірі. Бұл мәселе қазақ емес, бар мұсылман дүниесінде шіріп жатқан үлкен дерттің бірі еді. Әсіресе түрікте, иранда болған «Гарем» (қатындарды қамайтын үй) мәдениетті жұрттардың жағасын ұстатып, бұл жұрттардың тарихын сорғалап аққан қаннан, домалап аққан жастан құралған қанды тарих деп ат қойғызып еді. Ол уақытта Түрік, Иран аты аталса, «Гарем» еріксіз аталатын да күн болған. Сол күнде мұсылманның өзінен шыққан ақ жүрек ақындардың мұсылман әйелі дүниеге ортақ: күннің жарығынан, жан иесінің сыбағасы бас бостандығы, жүру-тұрудан айрылып, өмірден қуылып, көңілсіз шойын есікті қараңғы гарем бұрышында сыртқы дүниені бір көруге зар болып, сарғайып отырған қайғылы күйін айтып зарлаған жүректі ертерлік шешендік сөздері бүгінде артта қалып, куәлік беріп отыр. Осы күнде сол жұрттардың кейі сондағы ескі ғадатын тастаса да, кейбірі әлі күнгі тастаған жоқ. Жұрт ауруының шектісі қан жерде болсын ескі ғадет, ескі ғұрып. Мәдениеттің аталы жауы — осы ғадет пен ғұрып. Тарахиат жолына сиымсыз, икемі жоқ аулақ, ғұрыпын жоғалтып, заман қалпына бойсынып, етек-жеңін түрінбеген жұрт бойы өсе алмай мешеу болып қалатыны мәлім. Жоғарыдағы айтылған әйел еншісіне күңдікті ғана берген жұрттар мәдениеттің әуелгі басқышында бойын бекіте алмай, талай заман өтсе де әлі күнгі әуелгі құрылған қалпының маңайында сабыр қылып, әлі отыр. Барлық мұсылман жұртында ескі ғадеттің ішінде өте сүйіп, бауырына басып, һәрқашан мәдениет ырқына көнбей отыратыны әйел турасы. Әрине бұл күйден қазақ та аман емес екені әркімге мәлім. Еңірегенде етегі толып, алдағы өмірдің қызығынан үміт үзіп, үлбіреген жас жүрегін қайғы, шерге толтырып, кеуіп, семген шалға барып, өмір бойы тіршіліктің күйігін ішуге душар болып отырған сорлы жастың көзінен аққан қанды жас ол істің растығына куә. Жүрегімен сүйісіп, тілегімен қосылған жас тең досынан айрылып, көп қатынның үстіне барып, не біреуге бала тауып беруге, болмаса өмірдің қызығын жойып, отын тауысқан бір кәрінің көрпесін салып, аяғын сипап, аю күндеспен, кем-кетік шалмен үйлесе алмай, жаратқаннан өлім тілеген шерлінің зары, мұңы тағы да растығына куә. Мәңгілікке қосылып, жаныменен туысып, айнымайтын қиянатсыз достыққа уағда еткен алған жардан қатал тағдыр айырған соң, не ақсақ, соқыр, жас балаға, не кешегі аға болып, бүгін қатын қылам деп асығып отырған сүйкімсіз үлкенге тиіп, тең жолдасын ойлап: көкірегін керген өкініш, өксік растығына куә. Қазақ даласын күңіренткен қайғылы зар, жас өмірін өртеген сарғайған дерт, қайғы уынан өлген қыршын жас — бәрі де қанды, қайғылы куәліктер. Бұның бәрі жыл, ай емес, ескі ғадеттің күндегі жауыз істерінің айғағы. Осы күйден аман қазақ, бар ма? Жоқ. Себебі: не қызын, не қарындасын, не қатынын, не келінін жылатпай отырған қазақ жоқ. Бұлай болса, бұл бар қазақтың міні, бар қазақтың дерті. Ал, қазақ өмірін тезге салатын қырағы басшы, жігерлі жас! Надан атаның надандық ісінің арты қазақ әйелінің мойнына бар салмағымен түсіп, алдарыңда құлдықта езіліп, күңдікте шіріген апа, қарындас, шешелерің үміт көзін сүзіп келіп тұр. Әйел түзелмен, мәдениет көркеймейтініне, әйел қалін түзетпей, қазақ басына бақыт орнамайтынына әркімнің де көзі жетер. Енді қайтсек әйел халі түзеледі? Соны ғана еске алу керек. Бұл күнде қазақ әйелі: «Теңдік» дегенді ұғатын дәрежеден алыс: мойын бұрмай, еркектің күңі болу әйелінің имандай берік тұтынған жолы. Көп қатын алған қазақтың қайсысын алсақ та, құмарлықтан құмарлық қуып, нәпсінің жемсауын толтырам, деп, дүниенің бар рахатын кезіп, шарлап отырған бір еркеліктен басқа іздері жоқ. Талайының ісінен жүгенсіз нәпсінің адамшылықты мазақ қылып тұрған жауыз пиғылы көрінеді. Ойлаңыз. Дүниеде мұқтажы жоқ: қозғалып қиналатын жұмысы жоқ, мінетіні жылжыған жорға, жылмыйған жүйрік, ішетіні мол, тәтті, еркін тамақ: көшсе шалқар су, салқын көгал, самал қоныс жайқалып алдында тұр, айтқанынан шықпай, арамнан қорғайтын елпілдек ағайын айналасын қоршап аялап жүр. Кәрі көңілдің енді не тілегі бар? Әрине бұралған жас сұлудың нәзік белінен құшақтап, үлбіреген тамағынан иіскеп, нұрлы қара көздің қызуымен қуарған денені жібіте алмай бара жатқаны үлкен арман: «Жас иіс» — жас тоқал керек. Бұл халді ұғынып, «Көнбейін» дерлік жігер әлі біздің әйелдің көкірегінде оянған жоқ. Оята алар қисын да жоқ. Әрине мұндай көкірегі оянып, теңдік — «Права» дегенді іздеп, бұл үшін алысып-салысып, жылаулар әйелдің жасын жоқтап, қайғыдан өлген әйелдің басын жоқтарлық намыс, жігер қазақ әйеліне оқу оқымай келмейді. Сол себепті әйел оқымай, шын жігермен тартыса алатын әйелдер шыға қоймас. Ал енді бұған қарап: әйел халін қазір түзеймін деу қате дейін десек, баяғы, ескі ертегі мысқалдап жетуді (эволюцияны) иман қылған боламыз. Тегінде революцияны, бұзып-жарып жұрт мінін түзеуді тастағанда екі түрлі жол бар: эволюция — мысқалдап жету; реформа — істің ағысын байқап отырып, кезі келгенде жаңалықты кіргізіп қалу. Біз соңғы айтқан реформа жолын тұтынамыз. Олай болса, қазіргі әйел ісі туралы басталып келе жатқан бір ағысқа көз салсаңыздар. Ол ағыс бұрыннан да байқалушы еді, бостандық туып, қазақ хүкіметі жасала бастаған соң көзге айқын көрініп отыр. Ол сүйгенімен қашатындық. Қазіргі уақытта сүйгенімен қашу, ата-ананың зорлығына көнбеу күннен-күнге күшейіп, әйел арасында жұқпалы мінез болып келеді. Әрине, бұл қуанарлық іс. Осындай қаша беруге жол кең берілсе, біздің әйел бұзылып кетеді деген бір пікір бар. Ол пікір теріс. Ол адамның мінезімен, жанымен таныстықтың аздығы. Болмаса көңілдегідей жайлы болып, күйеуімен шын сүйісіп, махаббатты өмірдің ортасында отырған әйел бостандық болыпты деп желбеңдеп байын тастап кез келген еркекпен «Айда жүр!» деп тұра жөнеледі деу дұрыс емес. Өмірінің шырқын өзі бұзу қазақ мінезінде жоқ. Оның үстіне қазақ әйелі болса ол тіпті мұндай мінез шығармайды. Қазақ әйелінің ғұрып пердесін жыртып, бір жігітпен қашып кетуі де үлкен қайрат керек қылады. Тегінде жоғарыдағы пікірді айтатын адам көз алдына бұзылған әйелдің суретін келтіріп сынайды. Бұзылған әйелді алсақ, ол жәй күнде де алты бай, жеті байға тиіп жүре береді. Тегінде іс көптің қалпына қарап істеледі. Олай болса әйелдің мына беттеп келе жатқан ағысына бақытты бол! Бақытты бол! — деп, алдыңғы жолын тазартып, күліп қарап тұрудан басқа дәнеме жоқ. Қазақ теріс мінезін өзі істеген ісінің қатесі шоқпардай болып өз басына тисе тез түзетеді. Қазіргі қыздардың, келіншектердің зорлыққа көнбей қашуы сол шоқпар. Сол себепті: Қашсын бай қызы, қашсын бағлан қызы, ешбір хүкімет тарапынан қысымшылық болмауына керек.

Мұхтар.

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ КҮЙІ

Мағыналы жұрттың көзімен қарағанда біздің жұрт дүние жүзіне жаңа туып, тіршілігі бар жанды нәрсе екендігінің белгісін енді көрсетіп отыр. Қазақтың бұрынғы өткен заманында жорықта тіршілік болды деуге болмайды, себебі ол өткен күндерді біз соқырлықпен өткіздік. һәр жұрт өзінің жұрттығын біліп, өзгемен тізелесіп отырып жұрттық сыбағасын жырып ала алмаса, қасындағы іргелі көршісі қандай саясатты қолданып отыр, достығы қандай, дұспандығы қандай екенін білмесе, өз ішінде жұрт едім-ау деп ояну, сілкіну болмаса, онда не тірлік, не жұрттық болады? Біздің жұртта осы айтқан көрбалалық болды. Қайда айдаса жүре беру, қалай илесе көне беру, басқа ұрса өлу, көтке ұрса көну мінеки февраль өзгерісіне шейін біздің көрсеткен жұрттығымыз. Енді ол ұйқы, мастық түні өтті. Ол күнді көрген ащы мен тұщыға һешкімді кінәләп уақыт өткізу керек емес. Шүкіршілік. Қазақ өз басшысының етегінен мықтап ұстап, білімді көсемін ақ батасын беріп аттандырып, соның тілегіне алты алаш болып алақанын жайып, тілек қосып, дұғада отыр. Міне ояну, міне тіршіліктің қуаты сілкініп дүниені сергітуге айналғаны. Жә, қазақтың сол баста деп алдына салып отырған көсемі кім? Ол — қазақтың оқыған азаматтары, зиялылары. Енді бұдан кейінгі қазақ жұртының күзетшісі осы оқыған азамат. Бұдан былай қазақ жарға жығылса обалы, жақсылыққа жетсе мақтаны — оқыған азаматта. Қазақтың жұрттық қалпын тезге салып, астын-үстіне шығару шексіз оқығанның билігінде. Оқыған азамат жұрт қалпының тезі екендігіне төменгі жұрттардың басынан кешірген халдері дәлел болса керек. Мысалы, Япония17 әуелгі сногун, даймпостар билеп,ел ата-бабасының надандығын парыз қылып тұтынып отырғанда Япония еліне сыртқы жаудың саясаты килігіп, патшалықты құртуға айналғанын көріп, оқыған азамат күшін салып, өнерлі жұрттардың бәріне барып шарлап үлгі алып, Японияға сол үлгілерді жайып, белді бір патшалық қылып әкетіп отыр. Жұрттың кешегі ата-бабамның жолы дегенін бұл уақытта жоқ қылуға айналды. Жұртын тазартып ағартты. Бұдан кейін Түрікті алсақ тәртіпсіздік, үлгісіздік, надандық өрт болып лаулап, кешегі қол астында отырған ұсақ жұрттар Түркияны жұтып қоюға айналғанда, негізінен қопармаса түрік оңбайтынын біліп, оқыған жастар шығып, патшасын түсіріп-түсіріп, жаңалықтарды кіргізіп, бұл уақытта Түрікті қандай қылып отыр. Оны көзімізбен көріп отырмыз. Мысалыға Россияны алайық. Орыстың оқыған азаматының халқынан алғыс алғаны да, қарғыс алғаны да бар. Алғыс алғандардың қызметі 80 миллион мұжық бай мен ақсүйектің құлдығына түсіп, адам баласы аярлық сорлылық езгіні көргенде, оқыған азаматы жанын отқа салып, зарлап, кітап жазып, сөз сөйлеп, асылып, атылып, айдалып, 20—30 жыл тұтқында отырып, өмірдің рахатын, қызығын далаға тастап қызмет қылды. Бұндай қайғылы ауыр қызмет 150—200 жылға созылды. Сонда да оқыған азамат қажыған жоқ. Аяғы мысқалдап келіп нашарға өз дәрежесін түсіндіріп, ақырында Николайды түсіртті. Көгендеулі сорлылар азаттық дүниесіне кіріп отыр. Бостандығы тиді, бірақ оқыған азаматтардың жартысы Достоевскийдің сөзінің шын екенін осындай кең байтақ заманда көрсетіп қалғысы келді. Ол сөзі: «Орыс шек білмейді, бір құласа басы жерге жеткенше құлайды, көтеріліп алса тағы сондай екпінді болады» — деген. Соңғы сөзі қашан анықталады? Мәлім емес, әйтеуір алға шығысына дау жоқ болды. Бұл күйге ұшыратып отырған азаматтары тағы нанғыш, желекшіл, нашарын артынан ертіп алып, түсте көрген сағымын қуып, ірілеп кеткен орысты ойрандап-ойрандап, қазір де қоңын айырып, зарлатып, Россиядан қарғыс алып отыр. Ал бұл уақытта орыстың үлгі алып жүрген Англия, Германияларының азаматтары әншейінде социалист болып жүрсе де, Германия, Англияның амандығын бәрінен артық жоғары ұстап, социализмді тастап, ұлтшылдықтың барып тұрған жері шовинизмге шығып кетті. Оқығанның бетінен ауа жайылып, бөлек жол іздейтін бұқарасы осы күнде ұлтшылдықты иман қылып отыр. Міне осы айрылған халдерге қарағанда оқыған азаматына бастатпайтын жұрт болмайды. Өл десе өлу, тіріл десе тірілу бар жұрттардың мойынсұнатын нәрсесі(н) жоғарыдағы мысалдардан көріп отырмыз. Азаматы түзетем деген ел түзеліп кетіп, бұзам деген елдер бұзылып отыр. Мұның себебі: білімсіздің ақылы білімдінің арқанында. Бұқара алал18 көңіл, шын ниетпен еремін десе де, тіршілік тартысы еріксіз оқығанды бұқараға, бұқараны оқығанға тықсырып кеп отыр. Бұдан кейін бұқара сыналса, оқыған, заман ағысын ұққан адам екі сыналады. Бұл күнге шейін елдікті ойламай тәртіпсіз, бағытсыз келген елдің ішінде неше түрлі кемшілік, неше түрлі жұртқа сыймайтын өрескел міндер бар. Қазақтың ендігі басшысына бірбеткейлік жарамайды, талай бетті қызмет, айла, тәсіл керек. Қазақтың ішінде арқалы жуан бар, әлсіз нашар бар. Зорлықшыл, жылатып жүрген қиянат, тізе жуанды көріп жылап жүрген бар. Осы күйлердің бәрін басшы жаттап алып, әр қашан есінен шығармауына керек. Қиянатшыл, көптігін, жуандығын құрал қылатындарға оқыған басшының еш рахымы болмауы керек. Шын ел болатын көпті бауырға тарту, есеге жеткізу керек. Қашан болсын, жұрттың жұрттыққа шығуына әуелі сол жұрттың өз ішіне тәртіп кіріп, бұрынғы жаманы жойылып, орнына жақсы жаңалықтар кіруіне керек. Жұрттық аяқтап басталады, әр қашан жұрттық негізгі қалың елдің ішіне құрылады. Жұрттық дүкенін құруға оқыған азаматтың қандай әсерінің бар екенін айттық. Енді оқыған басшылар қазақтың азуына себеп болған шетін мінездерден сақ болып, өзінің ақылмен құрған бір негізін темір қазық қылу керек.

Мұхтар.

ҚАЗАҚ ҚАШАН ЖЕТІЛЕДІ

Он жылда, жиырма-отыз жылда қазақ ел қатарына кіріп түзеліп, өнерлі жұрт болып кетеді деп шамалайтындар бар. Олар тек тәтті қиялшыл, үмітшіл болдырғыштар (оптимист) ғой деп ойлаймын. Менің болжауымша: қазақ жуырда ел қатарына кіре қоятын сиқы жоқ. Тек мен уайымшыл (скептик, пессимист) болайын, менің мұным тек сары уайым болып, қазақ тез жетілсін, бірақ тез жетіле алмайды, оған кейінгі себептерді көрсетемін. Адамның өміріне, істейтін кәсібіне неше түрлі әсер, реңк беретін табиғаттың һәм түрлі шарттары, орысша (физическая природа) жердің бет бітімі, жаралысы, ауданы, топырағының құнарлы, құнарсызы, үстіндегі жанды, жансыз, өсімдіктердің көп-аздығы, ауаның ыстық суықтығы — осылардың бәрі бір сөзбен табиғат (природа) деп айтылады. Адамға қорек беретін табиғат, адамның тұрмысын, кәсібін, жан сипаттарын һәр түрлі түрге салатын табиғаттың шарттары һәр халықтың мінезі, қылығы, салты, ғайлы, талабы, жігері өз маңайындағы табиғат әсерінен пайда болады; бірақ адамды ілгері басқызып, өнер тапқызатын жалғыз табиғат емес, табиғат берген қазынамен адамның қалай пайдалана білуінен. Сондықтан ауқат арттыру, тұрмыс түзеу адамның өз харекет, сүйегіне біткен зеректігі, қайратының арқасымен табылады. Мәдениеттің тез жайылуына яки кеш тарауына тағы әсер беретін себептер: сол халықтың аз-көптігі, Жәми сергектігі, тұқымы-табы, отырықшы, көшпелігі, шаруасы, кені, фабрик, зауыттары, сауда кәсібі, халқының рухы, аһлағы, діні, көзін ашатын баспасөз, мектеп-медресе жайлары, саяси қалдері, мемлекет құрылысы, ғаскер күші, қазына байлығы, көрші халықтардың өнерлі, өнерсізі һәм басқалар. Осы айтылған себептерді түсімдірек қылып айтпақпын. Әуелі табиғат әсерінен бастайық. Мәдениетке жердің таулы, тасты, құмды, қырат, сортаң болғанынан, ойпаңы, жазығы көп, өсімдігі, хайуаны тұрмысқа пайдалы, топырағы қара құнарлы болғаны қолайлы. Жерінің шеттері (граница) жырым-балақ, ортасы айқұш-ұйқыш өзен су шарлаған, ортадан шетке, шеттен ортаға қатынасы оңай болғаны мәдениетке ыңғайлы. Пайдасыз ұлан-байтақ кең жерден, пайдалы, елі жиын, қатынасы оңай аз жер артық. Біздің қазақ жері алып жатқан кең сары дала, елі бытранды, пароход, кеме жүретін өзені, көлі аздықтан бір жерімен бір жерінің қатынасы кем, топырағы құнарсыз, құмды, тасты, шөл даласы көп, ащы, тасынан кернеп ағып жатқан суы жоқ, жауын аз, көбінесе құрғақшылық болады. Оңтүстік жағы Түркістан өлкесі болмаса, көбі қоңыр үйекте, ауаның суық жағына жақын; сондықтан өсімдігі де сараң, кесір бетеге, кеде, жусан болмаса, салалы, шиманды өсімдік шықпайды. Егін салғаннан мал баққанға қолайлы. Мал өсірген кәсіп мәдениетке шабандық беретіні белгілі. Қазақ жерінің табиғат жайын мәдениетке қолайсыздығы бұл. Ел ретін алсақ, жеріне қарағанда қазақ аз, шашырап сирек отырады; мұның себебі жерінің көбі борбасқақ, қызыл құм, шөл дала. Бұлар әр жерінде неше жүз шақырымға созылып, біріне-бірі қысылып таяу отыруына бөгет қылады. Сирек халықтың арасында бірлігі, қатынасы, күші аз болмақ, аз да болса, бір жерде шоқ тұрса, күшті болмақ. Мәдениеттің кеш тарауына бұ да себеп. Бір тәуір жері қазақтың іргесі бөлініп, артық алыстап кете қойған жоқ, тұтас, мұжық шұбарлап келе жатқаны болмаса. Тұрмыс жағына келсек, қазақ көшпелі жұрт. Көшпелі жұртқа мәдениет тез орнамайды. Қазақ отырықшылыққа айналғанша көп заман бар. Мал баққан кәсіпті өзгертуге жер-судың ыңғайы келмейді, өзгерткен күнде де егін сала білмейді, немен жан сақтайды? Отырықшылдыққа тез түссе, кедей болып қалуы ықтимал. Жерден кен шығару, фабрик-завод ашу, сауда, кәсіп жүргізу жуырда қазақ қолынан келмейді. Мал өсіруді тастай берсе, басқа ұстай алар кәсібі жоқ. Олай болса, надандық созылады, Ал енді қазақтың рухы, мінезі, талабы, жігері қандай? Мәдениетті Европаға, тез жетілген Японияға қазақтың мінезі жанаса ма? Европа адамы табанды. Жабысқақ, ісшіл, зерек, ерінбейтін жан себіл келеді. Япония да сондай тірі, пысық, жігерлі жұрт. Біздің қазақ ше? Өзімізден озық жұрттарда жоқ «жақсы» мінездің бәрі бізде: керенау, кежір жалқау, салқам, табансыз, басын бастап, аяғын тастап жүре беретін, жуырда селт етіп ұмтылмайтын, өзіне өзі сенбейтін, өлі сүйектік, ездік — бәрі біздің ауылда, қайтіп үміт қыларсың?! Адамшылық, кісіге пайда тигізу, ел қамын ойлау, өнер, білімге ұмтылу деген сияқты жақсы ой, таза ниет қазақта әлі жоқ. Бас пайдасы, құлқын, мақтан, атақтан басқа қасиетті жоғары мақсат аз. Оқығандар болмаса, жалпы жұртқа кірген жоқ. Жазылған, айтылған жақсы ақыл, шын сөз желге кеткенмен бірден, жұқпай өте шығады. Баспасөзге құмар болып, қолтықтап, қаламы, қаржысымен көмек көрсетуші аз; бұл нені көрсетеді? Қамыңды қыл, балаңды оқыт, милиция бол, қазына толтыр, шаруа түзет, уақ қарыз серіктігін, ұйым дүкендерін аш, бірік, сыбағаңды жіберме, малыңды бір қолдан өткіз, пұл алсаң елге әділдікпен тарат, бірлік қыл: партияны таста, араздықты қой, ұрлығыңды жой, аурудан сақтан, таза бол деген сияқты талай қамқорлық сөздер айтылып жатыр. Бұларды орындаған жұрт қанша?.. Білгені істемейді, наданы білмейді, білейін деп ұмтылмайды. Жұртта жапатармағай оянған бір сезім, өзгеше бір ұмтылыс, бұлқыныс артық байқалмайды. Партиясын қойған, ұрлығын тыйған, береке қылған ел бар ма? Бұл халықтың рухын мәдениетке даяр еместігін, әлі тұнық жатқандығын, жуырда қатарға кіре алмайтындығын көрсетеді. Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, надандық, ескі ғұрып, ғадат. Бұл қашаннан бойға сіңген дерт. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатесін жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді.

Тәртіпті мектеп медреселер жаңа ашылғалы жатыр.

Олардың бөгетсіз іске асып, қандай жеміс беруі әр түрлі мәдени, мағлұм, саяси шарттарға байлаулы. Саясат жүзінде һәр халықтың өз билігі өзінде болуы бәсекелесіп тез жетілуіне бір үлкен себеп. Қазіргі саяси қаліміз, мемлекет құрылысымыз не болары әзір белгісіз. Автономия алу мәселесі мен қазақтың тез жетілу мәселесі байлаулы деуге болады. Осы уақытта Россияда неше түрлі хүкімет туып отыр. Олардың ішінде қазаққа автономия бергісі келмей отырғаны да бар. Ішіп-жеп, азық қылып үйреніп қалған жұрт тіліне тәтті, тісіне жұмсақ қазақтан айрылғысы келмейді. Қазақ сияқты жұрттар автономия болса, Россия бөлек-бөлек мемлекет болса, күші азаяды деп ойлайды. Ол адасқандығы, Россияны тез жетілсін демегені. Германия, Северный Американский Соед Штат, Швейцария неше автономиялы халықтардан құралған мемлекеттер. Олар кімнен осал болып отыр. Бізге автономия бермеймін дегені — жерімізге, елімізге қызыққаны, қомағайлығы, өзімшілдігі. Ішке айбар, сыртқа қорған болатын ғаскерсіз қай жұрт болсын. Жұрттығын сақтап, ілгері баса алмайды. Онан соңғы зор керек қазына пұл. Екеуі де жуырда көңілдегідей бізде самдай болады деуге болмайды. Ілгері тез басуға себеп болатын көршілес халықтардың мәдениетті болмағы. Бір көршіміз Япония өнерлі болғанмен жері шалғай, Қытай өзі ылғи қотан ақсақ, шылғи надан Бұхара о да тоғышар, Ауған, Фарсы шала, орыс өзі шикі, не қылса тәуір көршіге жарығамыз жоқ. Міні, осы жоғарғы айтылған себептерді дәлел қылып, қазақ жақын арада жұрт қатарына кіре қояды деген пікірді асығыс көремін. Батпандап кірген дерт мысқалдап шығады. Сүйекке сіңіп, бойға жайылған қараңғы надандық қазақтың бойынан тез шығып, қазақ буынын бекітіп, оңалып жүріп кеткенше тамыздықтап талай жылдар өтіп кетуі мүмкін. Қатты ұйықтаған алыпты қатты соққан боран, шатырлаған жай, сатырлаған оқ оятпаса, ірге желінің түрткенін, масаның ызыңдағанын, бүргенің шаққанын, тұрымтайдың шоқығанын елең қылып серпіліп оянбайды. Жұрт — сол ұйықтаған алып. Ызыңдаған тиіп-қашпа сөзіңді, кемеліне келмей, ұйқысы қанбай құлағына алмайды, міз бақпайды. Қазақ шаң жұтып, тесік өкпе болып соғыс көрсе, ер басына күн туса, қысылса, тез серпіліп оянар еді, ерленер еді, білімге тез бет қояр еді (қырғын көріп жатқан Жетісу елінің жан себіл ерлігі бұған дәлел); бірақ ғылымсыз, өнерсіз надан жұрт соққы көтере алмай, шаруасы күйзелген соң басқа кәсіп тауып, жан сақтай алмай азып, тозып, құрып қалуы мүмкін. Ондай күнді қазақтың басына салмасын, мимырттап жетер.

Мұхтар.

МӘДЕНИЕТ ҺӘМ ҰЛТ

Мәдениет деп адамның дүние жүзіне алғаш келгенінен осы күнге шейін тапқан һәм сол білімге сүйеніп істеп отырған өнерін айтамыз. Мәдениеттің адам қолына бір-ақ күнде қазіргі күйде келіп түсе қалмағаны һәркімге мағлұм. Мәдениетке негіз салушы адамның ақылы һәм жүрегінің көрген нәрседен әсер алғыш сезімділігі. Бірақ адамның ақылы мен ізденгіш сезімділігі де дүниеге алғаш келген уақыты мен қазіргі уақытта бірдей емес. Ақыл мен сезімнің өсуі екінші бір себепке тіреледі. Ол себеп: тұрмыш19 ыңғайы, өмір жасаудың ауырлық, жеңілдігі һәм ауыр өмірдің тізесінен қысылып тапқан өмір тәжірибелері. Тұрмышы жайлы болып, өмір жасауы оңай болған ел (бүгінгі шаруасына, біліміне түр қосайын деп ойланып, тәжірибесінің үстіне тәжірибе жасай бермейді. Ол жұрт ізденіп, тінтінбей-ақ бір қалпында отыра береді. Мысалға жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстауы бар қазақты алсақ, бұның жерінде қыс қоңыр жайлы болса, қыс та, жаз да мал аяқ астынан жем алып, иесінен һеш еңбек сұрамайды. Осындай күйде тұрған адам шаруама түр қосайыншы деп, тұрмысы турасынан һешбір ой ойламайды. Осымен қазіргіден 200—300 жыл бұрын мал баққан қазақты алсақ та, шаруасы бүгінгісінде бір-ақ түрде, тұрмышы бір-ақ қалыпта. Ақыл, білімі, өнері, мәдениеті ұйқысын бұзбай, әуелгі күйінде отыр. Ал бұған қарсы Күнбатыс Европадағы 7 шаршы шақырым жерге 4—5 миллион халық сығылысып отырған елді алайық. Олардың шаруасы жүз жылдарды қойып, он жылдар өткенде көрсең, адам таңқаларлық күйге түсіп өзгеріп, түрленіп отыр. Бұл мысалдарға қарағанда, мәдениеттің негізгі басшы, қожасы тұрмыш ыңғайы болып шығады. Бұлай болса, адамның тұрмышы өзінің өсіп-өнуіне қарап, мысалдап өрлеп келеді. Бұнымен қатар мәдениет те мысқалдап кірді. Бір білімге негіз салушы ерте заманның бір адамы болса, ол сол өз заманындағы ауырлықтың ғана тетігін тапты. Бұл тетікке келесі заманның адамы өз білген тәжірибесін жамады. Осы ретпен һәр заман беріп кеткен бұйымынан құралған мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр. Осы күнде мәдениет жерде — суды, һауаны биледім, аспанда — ай, жұлдыз, күнді биледім, жаһанды жаратқанда, жаратушының жалғыз мақсаты мен болмасам да, сол көп жаһанның ішіндегі шын асыл гауһары менмін дегізіп, адам баласын мақтандырып отыр. Енді сол мәдениеттің нағыз жайы қандай, соған келейік. Мәдениет — дүние жүзіндегі адам баласының пайдалануына даяр болып ағып жатқан бір кен. Мәдениет бір бетті, бір жолды емес, (оны) адам қалай пайдаланам дейді, өз еркінде, жақсылық хақиқатқа жұмсасын, жаманшылық жауыздыққа жұмсасын — екеуіне бірдей елгезек. Мәдениетті ылғи дүние жүзіндегі ақтықтың ғана ұйтқысы болмады, жауыздықты да осы туғызды деп өкпелеп, «жолы болмас» деп қарғаған да білгіштер болды. Соның бірі XVІІІ ғасырда Францияда болған Жан Жак Руссо деген данышпан. Бірақ ол қарғысы әділ емес. Мәдениет айтып отыр: мен жалғыз ақтықтың жолымен ғана тұрғам жоқ. Мені тудырған адам баласы. Адам баласының жүрегінде ақтық та бар, жауыздық та бар. Мен де сол екі заттан құралдым. Шыным да, мен — дүниенің айнасымын. Дүниенің өз беті қисық болған соң маған не жолмен өкпелейсің депті. Бұлай болғанда, мәдениеттің хақиқаты мен зұлымдығы егіз. Енді сол екі тарауына келейік. Әуелі мәдениеттің хақиқатқа істеп отырған қызметін аламыз. Ол қызметтері адамды үстіндегі аспан, астындағы жер, барлық дүниенің сыр-сымбатымен таныс қылып, көкірегін ашып, ақыл ауданын кеңейтіп, бір жағынан, дүниені адам ақылына құл қылу. Бүл жолға қызмет қылатын ғылымдар: бірінші — астрономия (ай, жұлдыз, күн қалпын айыратын ғылым), екінші — зоология, биология (хайуандар тіршілігін һәм дүние жаратылыстарын оқитын ғылымдар). Үшінші — микробиология (көзге көрінбейтін ұсақ құрттардың өмірін оқитын ғылым), төртінші — бу қуатын, ауа сырларын оқитын һәм телеграф, телефон жайларын тексеретін ғылымдар, тағы басқалар. Жұлдыздар қалпын айырғанда ғалымдардың қолданып отырған құралы телескоп деген сайман. Телескоп алыстағы нәрселерді жақындатып үлкейтіп көрсететін пияладан жасалған ұзын мұржа секілді нәрсе. Телескоптарды жай аласа жерге қойып қарауға болмайды. Сол себепті не үлкен мұнаралардың басына, не биік тауларға орнатады. Телескоптың үлкені алыстағы жұлдыздарды қараушының көзіне 15 мың есе жақындатып әкеледі. Бұлай жақындататынының үстіне айналар қойып қарағанда айды 7-ақ шақырым жерге әкеліп көруге де болады десіп отыр. Бірақ ондай жақындатып әкелгенде айдың үсті қараңғы болып, еш нәрсені айыруға болмайды дейді. Телескоппен қазіргі уақытта күн мен жердің арасындағы алыстықты да айырып отыр. Астрономдардың айтуынша, бұл екі ара 40 миллион шақырым. Күннен шыққан жарық жерге сегіз минутта жетеді. Ал ең жақын жұлдыздың жарығы әлгіндей тездікпен жүріп отырғанда, үш жарым жылда жетеді. Ең алыс жұлдыздың жарығы 35 мың жылда жетеді. Осы ретпен сол жұлдыздардың қайсысының қызуы көп, қайсысы жаңарақ туған, қай жұлдыз ерте бітеді, қайсысы соң бітетіндерін де айырып отыр. Телескоптар тұратын жерді «обсерватория» дейді. Телескоп секілді пияладан жасалған, жанындағы кішкенені үлкейтіп көрсететін микроскоп деген сайман бар. Мұнымен ұсақ кұрттардың өмірін оқиды. Мысалы (ол) микроскоппен үлкендігі миллиметрдің (жуан иненің жасуындай нәрсені) 10 миллион бөлігінің сегіз бөлігіндей құрттарды көріп, оқып отыр. Ол құрттардың кішілігінің қандай екенін мынау мысалдан білуге болады. Мысалы, ұзыны мен ені әлгі иненің жасуындай болған бір кішкене тамшы су болса, сол су әлгі құрттар өсіп отырғанда 2 мың жылда толады. Дәрігерлік ғылымы жалғыз осы микроскоптың себебімен өсіп-өркендеп отыр деуге болады. Осы күнде адамның қандай ауруы болса да, өзінің бас-басына құрты бар екенін, ол кұрттарды немен өлтіруге болатынын микроскоп айырып беріп отыр. Телеграф пен телефон ісіне келсек, бұнда да ғылымның адамды таңқалдыратын харекетін көріп отырмыз. Неше мың шақырым жерлерден минут аралығында, қолма-қол жазысып отырғанның үстіне, қазір сонша алыс жерлерден шыбықсыз телефондармен ауызба-ауыз күлісіп, сөйлесіп те отыр. Мысалы, 1915 жылы Америка мен Францияның екі инженері, бірі Америкада, бірі «Эйфель» мұнарасының басында отырып сөз сөйлесіпті. Бұның үстіне адам баласының ақылы бу күшіне не істетіп отыр? Англия, Америка, Германиялардың кемелерін көрсең, су үстінде қалалар көшіп жүр деуге болады. Үстіне неше жүз мың халықты мінгізіп алып, бақша, гостиница20, базарын орнатып, еркімен кешегі надан адамның: құдайымыз(дың) үстінен жүрсек, қаһарланады деп жүрген теңіздерінде сейіл құрып сайқалдап жүр. Бұрынғының надан адамы дүние турасында екі түрлі нанымда болушы еді. Бірі — жер барлық жиһанның ортасы, еркесі, күндізгі күнді, түндегі ай, жұлдызды мезгілімен жерге керекті жарығын беріп, әлпештеп, көрікті күн аспан жарастығын толтырып тұрсын деп жаратты деуші еді. Екіншісі — тағы дүние адам үшін жаралды, жерге шөп, су берсе — хайуан үшін, хайуан — адам үшін, еркелік, қожалық, махаббат, тіршілік — адам үшін деуші еді. Қазіргі хақиқатты тауып отырған ғылым, мәдениет бұл екі танымды да мансұқ қылып, теріске шығарып отыр. Алғашқы танымның терістігі: жер үстіндегі тіршіліктің бәрі бір-ақ күннің қолында, күн қызуы болмаса, жер үстінде өсімдік болмайды. Өсімдік болмаса, хайуан болмайды. Бұлар болмаса, адам да болмайды. Жер мұз болып қатып қалады. Және сол тіршілік беріп тұрған күн жерден үш жүз мың есе үлкен, ал әлгі жарығы пәлен жүз, пәлен мың жылдарда жететін жұлдыздардың әрқайсысы — бір-бір күн. Күннен де әлденеше үлкені бар. Сол жұлдыздардың һәрбірінің маңында әлденеше жерлер бар деседі. Бұған қарағанда, көп жаһанның ішінде бір тозаңдай белгілісі жоқ. Солардың бірде-бірінің тіршілігі, не беріп тұрған әсері жоқ. Осы жер неғып кең жаһанның діңгегі бола алады? — депті. Екінші, дүниені адам үшін жаратты деген сөзді теріс қылып отырған — жоғарыдағы айтылған биология һәм эмбриология ғылымы (дүние жүзіндегі жан иесінің анасының ішінде қалай етіп (бітіп), қалай өсетінін оқитын ғылым). Эмбриология ғылымы дүниедегі тірі нәрсенің үлкені — пілді һәм судағы жайын, китті алсақ, дүние қожасы мен деп отырған адамды алсақ, онан соң микроскоппен әзер айырып отырған кішкентай микробтарды алсақ, осылардың балалары, я ата-ананың қосылғанынан, әрі хайуандардың өсуіне денесі екіге бөлініп, бірі — бала, бірі — ата болып шыққаннан (микробтардың өсуі) жаралады дейді. Бұлардың жаратылысындағы ғажап нәрсе сол — жан иесінің бәрі де ата-ананың шағылысқан ұрықтарының ішіндегі бір болар-болмас жан сипаты бар тәннен жаратылады дейді. Осымен барлық жан иесінің негізі — бір кішкентай тән. Бұның үстіне адамның артық деп жүрген сипаттарын алсақ, соның бәрі хайуаннан да табылады. Мысалы сағыну (ит пен жылқыда), қызғану, сүйіну, күйіну (бар хайуанда), кек алу (маймылда), берекешіл, ұйымшылдық (арада, құмырсқада). Бұның үстіне бар жан иесіне бірдей өлмесем деген сезім бар. Бұлай болғанда, адам осының бәрінін аз алдында деген болмаса бәрінің тірлігі адам үшін деу де сыйымды сөз болмай шығады. Осы айтылған сөздердің бәрі де адам баласына дүние хақиқатын ұқтырамын, дүниенің сыры мен адам ақылын жалғастырамын деген мақсаттардан шыққан. Бұдан басқа данышпандардың адам баласына ұқтырып келе жатқан тағы бір жолы бар. Ол — адамшылық хақиқаты. Адамшылық турасын сөйлеп, адам баласының бауыр екенін, бірімен-бірі дос болуының керектігін талай жүз жылдардан бері қарай, білгіш кемеңгерлер сөйлеп келеді. Бірақ хақиқаттың бұл жолына түсініп кеткен ел әлі жоққа тән. Сол адамшылықтың жөні деп, бір адамды бір адамға дос қылудан асып, бір ұлтты бір ұлтқа, барлық дүние жүзіндегі ұлттарды бір адамшылық жалауының астына кіргізем деген де мақсұд шықты. Ол мақсұдтарды көздеп отырған — социализм ғылымы һәм эслеранто тілі. Бұлардың ішінде бабы келмеген жұртқа социализмнің не сын көрсететінін Россия халі көрсетіп отыр. Эсперанто жолын ұстанам деген адам да өз ұлтынан кетпесе оны жол қылып ұстай алмайтынын көрсетіп отыр. Эсперанто жолын ұстаушы жасынан эсперантоның атаған тәрбиесімен атаның баласы болмай, адамның баласы болып, бұл адамнан өзге жайда өсуі керек. Осындай себептермен екеуінің де күйі келмей, ұлт мақсаттары қағысқан жерлерде арашашы болам деп, өздері күл болып аспанға ұшып отыр. Түбінде адам баласы бір туысқандыққа келеді деген пікір дұрыс емес деп таласуға болмайды. Ол заман болсын-ақ деп тіледік. Бірақ бұл замандардағы барша патшалық бар ұлттық өнер, білім байлығы милитаризмді (соғыс ісіне қамсыз болып күшейіп алуды) иман қылып отырғандар, ел болуға қарамай отырған елдің жалпы адам баласының бақытын іздеуі шортанның тышқан аулауы секілді болады. Социализм мен эсперанто жайылса, жайылып ірге тебетін жері, осы соғысып жатқан Европа патшалықтарында болады. Өнер, білім, мәдениетін сол жолдарға жұмсаймын деп, Европа патшалықтарына жау болып шығып, жонын қоятын жуан ел жоқ екені мәлім еді ғой. Бірақ пәленің басын өздері бастап отырған соң не ылаж бар? Европа жұртынан кеміп отырған елу миллион адам. Соғысқан патшалықтан шығып отырған екі жүз он бес миллиард шығын өз бетіне. Оның үстіне кешегі қан жалап қалған 21 дүйімді зеңбіректер, оның үстіне үш-төрт зеңбірек, әлденеше пулемет, көп ғаскер21 отырып алып ойын салған тсебипелиндер, су астынан жылпың қағып жүріп, қырғын салған қайықтар, тұншықтырып өлтіретін газдар менде болмады-ау деп Англия, Франция, Россияның желкесін қасытып отырған жоқ па? Бұл жұрттар бұдан былай, соғысты құдай қолға берсе, өз қылғаныңды өзіңе мен де істеп бағармын деп кіжініп отыр. Социализмнің ұясы болатын жұрт осыны айта ма? Бұл қанды соғыс социализмнің сапарын тағы әлденеше жылға созып кетіп отыр. Россияның мына омбылап жатқаны кейінгі жұрттарға жақсы сабақ. Енді талай жылға шейін социализмнің бүйтіп топыр салуы қиын жұмыс. Осы себептерден һәр бір ұлт мәдениетін ұлттық қылып салуды енді иман қылатын күйге келді. Әрине, өзге дүние жүзіндегі ұлттармен бірге асыл мәдениетке мойынсұнып, соның тұтқан жорына, тұрған қалпына қол болу қазақ ұлтының да бірінші намысы болу керек.

Мұхтар.

ЗЕМСТВО ҺӘМ КООПЕРАТИВ ҚАУЫМДАРЫ

Ел қамына енбек қылу бұл уақытта екі жікке бөлінеді. Бірі — ел иен жайылып еркін кетіп, жұрттық деген үйден айрылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін болып қиюы қашқан күнде, саясат құрсауын салып ел қылып қалқитам дейтін саяси қамқорлардың қызметі. Екінші — елдің мұңын ұғып, мұқтажын толтырып, елмен қол ұстасып, еңбекке түсіндіріп, шаруасын, оқуын, өнерін түзеп іштен жетілтем дейтін земство, кооперативтер жұмысы. Осы екі жолдың негізгі мақсаттардан бірінен-бірі теріс кетіп, қайшы келетін жері жоқ. Ал екеуінің жұртқа керекті дәрежесін алсақ, заман сабасына бір түсіп алған соң әуелгіге жұрт мұқтаждығы азырақ болып, көптен тартатын сиымды сүйеніші земство, кооператив бойы өсіп, буыны бекіп алса, сыртқы саясат бұлтын елемей-ақ, ел ұйқысын бұзбай аман әкететін жерлері бар. Бұның мысалын қазіргі Россия халі көрсетіп отыр Фабрик-заводтары күйреп, енді Россия шаруасы тақыр жерге отыр деп отырсақ та әлі күнге кооперативтер аянбай еңбек қылып, жұрт мұқтажын жеткізіп отыр. Бірақ Россия земствосы кооперативтей күшті емес. Себебі Сібірге земство осы бостандықтан бері қарай ғана кірді. Ал Европа земстволары жалпы Европа шаруасының ерте күйзелгендігінен көркейіп көп іс қыла алмады. Бірақ қазіргі Россияның жалпы халіне қарасақ, земствосы мен кооперативтері болған облыс (округ), край22 болса, басқа түрі үлкен хүкімет іздемей-ақ, жалпы мемлекеттен енші алып шыққан отаудай болып, өз шаруасын өзі басқарып, өз билігін істеп автономияларын алып, өз алдына хүкіметтерін шығарып отыр. Орыстың ұлтшыл таптары қазіргі уақытта үлкен Россия осындай облыстар автономиясынан құралсын дейді. Мұның себебі облыстан үлкен автономия берсек, патшалықтың іргесі ойсырап, берекесі кетеді. Ал облыстық қып берсек, әрі шаруа тез түзеледі, әрі Россия берекесі ішінде қалады дегендік. Бұл халдер земствосы мен кооперативтері болған елдің кемшілік көрмейтінін көрсетеді. Земство мен кооператив — егіз нәрселер. Жұрт игілігі деген пайдалы жақсы істің бәрі осы екі ұйымның негіз(гі) мақсаттары. Қараңғы, қара кедей халықтың өмірлік керектері не? Бірінші — тамақ, киім, екінші — мал бағушы болса мал шаруасын түзеу, мал ауруын жою. Егінші болса, егін шаруасын түзеп беру. Үшінші — адам дәрігерін больница салу, дәрігер шығару, елді аурудан сақтау. Төртінші — оқу, жалпы қараңғы жұртты өмір жарығына жеткізу. Елдікке аяқ бастырып қатарға кіргізу, жұмысын жеңілдетіп, білім-өнер құралын жалпы жұртқа қолдандыру. Тәртіппен почта жүргізіп, дүниедегі болып жатқан халді жұрт құлағына естіртіп, зейінін ояту, көзін аштыру, тағы-тағы басқалар. Міне бұл екі ұйымның мақсаты осы. Бұл ұйымдар жұрттың ғазиз атасы мен анасы. Бірақ осы ұйымдар қазіргі күнде әлгі мақсаттарын орындай алып отыр ма? Бұлар көп мақсаттарын қиял қылып қана сақтап, өмір жүзіне іс қылып асыра алмай отыр. Себебі земстволарды алсақ қолында пұл23 жоқ. Жоғарыдағы ниеттерді орындап шығу үшін үлкен пұл керек. Пұлды елден алым қылып алуға болар еді, оған не мұжық күйсіз, не қазақ күйсіз болады. Осымен земство өзге, әрі мақсаттарды, көбі орындауға бапсыз болып, өмірдің аса тығыздап, керек қылып отырған қамдарын ғана іс қылып отыр. Сол асығыстап отырған қамның бірі елге пұл, шәй секілді нәрселерді жеткізу. Қазіргі күнде бұдан басқа мақсаттарға кірісейін десе, елде қамды жедің деп айтатын емес. Пұл, шәй жеткізу турасында Семей уездный земствосы мен Алаш24 қаласындағы уақ қарыз серіктігінің істеп отырған ісін оқушының есіне салайық. Ол осы елге пұл алу үшін бұл ұйымдар басқа патшалықтармен, басқа ұйымдармен айырбас сауда істемек болды. Ақшаға алған пұл қазіргі уақытта әрі қымбат, әрі сортысы жаман болады. Біріккен ұйымдар бұл халді біліп, пұлы бар жерлермен айырбас қылу үшін ол жақтың шөлдеп отырған нәрсесі қазақтың шикі малы екен. Соны жиғызуды қазірде жиылған малға айырбас жасауға күншығысқа кісі жіберіп отыр. Ол жақтан келетін пұл әрі арзан, әрі сұрыпты жақсы болып халық қолына қарағалы отыр. Бұл сауданың арасынан айырған аз ақшалары болса, бұл екі ұйым да жоғарыдағы айтылған жұрт игілігіне жұмсағалы отыр. Осы арада жалпы халықтың істеп отырған бір қатесін айтқым келеді. Ол ғана ел қамын жеп земство, кооперативтер жүрсе, бұлар буынын бекітсінші деп, аз да болса есіне алып жүрген ел жоқ. Мысалы елдің жүн, жабағы, тері-терсегін комиссиямен алып отырған әлгі ұйымдардың алушылары бар. Бұлардың беріп отырған бағалары жәй алушыдан артық болмаса, кем емес. Бірақ ел қолындағы малын частный сәудегерге25 беріп отыр. Ол сәудегерде қалта қамынан өзге қам жоғын ел біледі. Елдің ұйымсыз бытырандылығынан жем айырып жүргенін біледі. Сонда да ертеңгі он есе пайдамен қолына қайтып келетін пұлын сол сәудегерге беріп отыр. Жәй сәудегердің қолын хүкімет қағудан тыйылған соң осы күнде базар қожасы ұсақ сәудегерлер болып барады. Солар бірінен-бірі асып, қымбатшылықты арзанға түсіріп, жұртқа жайлы, берік баға орнатуды земстволар ойлайды. Бірақ пұл жоқтықтан, пұл болмаса елдің сатпайтындығынан бұлар бүктемеде қалып отыр. Ұйымға кірмеген, салт басымен іс қылып жүрген сәудегер қашан болсын елге зиянды заттың бірі. Россияның әуелгі қымбатшылығы да фабрик-заводқа ие болып тұрған бір-бір байдың ынсапсыздық қылып, қолымен баға жасап, базар нарқын өрбіте бергенінен. һәрқашан потребительный обществолар, уақ қарыз серіктері, земстволар, тебендеп жиған тиынын сондай қомағай қалталардан сақтау үшін іс қылады. Бұл ұйымдардың шын мақсаты осы екен деген бұрынғы уақытта жұрт білмесе де осы қымбатшылықтан бергі істеген еңбектермен ұқтырып отыр. Осы күнде Европа патшалықтарының саудасы осындай ел қамы деген ұйымдар қолында. Ол жұрттардың бұқарасы тіршілік тартысында өзінің мұңын жоқтайтын нағыз достары солар екенін білген. Осы күнде бұл ұйымдар дүкендері дүние саудасын билеймін деп тұр. Қанша шабан десек те қазірде Россия саудасын да осы ұйымдар бүктеп билеп алды. Осы күні Россиядағы потребительный обществоның саны жиырма бес мың болды. Бұлардың мүшесі он екі миллион. Ал барлық Сібір саудасын басқарып тұрған сол барлық әлгідей игілік ұйымдарынан құралған «закуп сбыть» деген ұйым. Бұл ұйым сауда жөнін басқарып алып, саясат ісіне жұртқа тарататын жерлерге қол сұғып, жуан козырь болып отыр. Міне, бұл күйге, заман ағысына азырақ көз салса, қазақ та бір күнде амалсыз мойынсұнады. Бірақ оған шекте заман шырқап кетіп кешіккен екенбіз деп бармақ шайнатып кететіні бар. Соны аңғарту керек, бұл күйді елге түсіндіріп, игілікке жұмылдыру, қаламен араласып, ел, заман ағысын байқап келе жатқан ел жігіттерінің міндеті деп саналады. Бұл іс ел жігіттерінің қолынан келмейтін қиын жұмыс емес. Мысал үшін Тобықты Бұғылы болысынан Машан болысының азаматтарының бір ісін айтып өтейік. Ол елдің жігіттері елінің жүн-жабағысын жиып, Төлеуғазы Абылайхан баласы деген өкіл арқылы земствоға тапсырып отыр. Осы секілді талаптан айрылмаса, уақ қарыз серіктігін, потребительный обществоларды ашу да қиын жұмыс емес. Қазіргі уақытта Қарқаралы уезінде болыс басы потребительный обществолар бар деуге болады. Ол елдерде инструктор Жақай Байыров деген жігіттің талабымен аяқтанып кетіп отыр. Міне, бұл халдер елдің шын қамын жейтін азамат болса, игілік қылатын істің бәрі ел ішінде екенін көрсетіп отыр.

Мұхтар.

ЕСКЕРУ КЕРЕК

Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем билеген заман киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хал бұлқынбай, жатқа бағынудың жолында болды. Кең қазақ даласын әлденеше указ сайқалдап шықты. Көп өзгеріс, жаңалықтар болды. Әуелгі қазақтың халықтық қалпы неше толқып, неше кішірейіп, шым-шытырық түрлерге түсті. Әр түрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты. Бұл уақытта заман ол тұманды сейілтті. Енді қандай өзгерістер болса да, халықтық жоғалмайды. Бақыт қайта оралып, күліп қарайды деген үміт алаш жүрегін қуантып тұр. Бір жұрттың басынан кешкен әр түрлі дәуір сол халықтың мінезіне, халықтық қалпына әр түрлі із қалдырып отыратыны тарих жүзінен белгілі. Бастан кешкен шабыншылық, бұзақы, тентектік, батырлар, хандар заманы қазаққа өзге бір мінез беріп, халықтың қалпын басқа бір түрге түсірген. Заман талқысы: шабыншылық, бассыздық еріксіз сондай қылып отырса да, кешегі өткен ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін елшіл билердің заманы, жұрт мінезінде о да өзінше бір із қалдырды. Одан бергі арты бүгінге шейін сейілмей отырған ел қамқоры басшыдан, берекеден, тәртіптен, намыс-қайраттан айрылып, құлдық пен зорлық арқанына матаулы болған заман тағы да басқа түрлі із тастап, келешектегі жұртшылыққа өзгеше рухты бұ да беріп кетіп отыр. Енді бұл соңғы айтқан дәуірге басымызда оқыған біліміміз, қолға ұстаған саясат деген құралымыз барлар бір келіп алынып отырмыз. Әрине, оқығаны бастаған бұл соңғы дәуір қазақ жұрттығын гүлдентіп, ажарлайтын дәуір, бірақ көкіректі қарс айырған арман қуаныш болып тарқап, көксеген бақыт қанат қағып қолға елпілдеп келе жатқанда біздің қолға қазақ қандай күйде тиеді. Соған сын көзді салу керек. Өткен күннің істеген қатасын26 есептеу керек. Қазақ бұрын пәлендей батыр еді, ақылды, адал еді деп, құр сөзбен желіктіріп, осы күнгі жұртты батыр, намыскер қыла қояйын деген ой менде жоқ. Онымен халық селт етіп, қалпын аудара алмайтыны белгілі. Бірақ заман ыңғайы еріксіз қорқақты көп қуып батыр қылды ма, өздігінен сүйегіне сіңген мінезі ме еді, әйтеуір бұрынғы қазақтың бұл күнгіден бар мінезі ірі екені анық еді. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Бұл күнде қазақтың сол нәрлі мінезінің бәрі де азды. Қазіргі жұрт ұсақтады. Сыртқы халы қысып, күнде айдап тықсырып отырғандықтан болса да басшыдан қалмайтын намыскер, шыныққан, тарамыс, қайратты елдің орнын бұл күнде қуанышқа қуана, күйінішке күйіне білмейтін, салбыраған, намыссыз, қорқақ, ұсақ, өтірікші жұрт алды. Бұл ұсақтық бастан кешкен дәуірдің қазақтың мінезіне қалдырған әсері. Енді өмір қалпы, жұрт тұрмысы қандай халға қойылды. Соған келейік. Қазақтың қазіргі қалпында жұрт еңбекті, еңбексізге бөлініп, біреу еңбек жеуші, біреу жегізуші болып әлі айқындалып шыққан жоқ. Біздің жұртта біреу табанын жер тесіп, маңдайын күн тесіп, арқасын ауыр жүк тесіп жүргенде, біреу байлықтың, дүниенің алғы рахатына көміліп отырған жоқ. Бұл мәдениетті жұрттың ауруы. Біз мұндай аурумен ауыра алатын күйге жеткеніміз жоқ. Осы себептен бізден социализм әзір алыс. Бізде бұл күнде адамшылық алдында жүзі жарқын, иман жүзді социализм емес, басқа түрі, бықсыған ескіден жиылған бір дерт бар. Ол — ата, ру — тап бөліс. Бұл күнге шейін біздің жұрт өзіне жақын бір билікке бағынған соң, тар тәртіпсіздіктен біреу біреуге сүйеніп, біреуге біреу шоқпар болып, ата, тап жігі үлкейіп келді. Әуелгі уақыттағы жауынгерлік, алыс, шабыс, тынышсыздық бір туысқанды бір туысқаннан шет жайылдырмай біріне-бірін тығып, еріксіз осындай ішкі өмірдің ыңғайы әлгі ата, тап жігін шығаратын болды, шығарды. Бұдан барып көп ата — жуан, аз ата — жіңішке болды. Сол жіктің арты бұл күнде неге соғып отыр? Қай елді, қай тапты алсақ та жаз жайлау, күзеу, қыс қыстауды жіңішке атаның ортадан ойып алғаны бар ма? Қай елде болсын кем болса жүз үйден он үй бір тілім жерсіз келімсек болып жүрген жоқ па? Қай жерде болсын әреке, бүлік жуан атаның баласынан шықпай ма? Жуан ата бақ қуады, өзінше абұйыр27 қуады, біреуге қожақтап, қорқытқысы келеді. Осының бәрінде бір тайпа (тайфах) ел солардың шоқпары емес пе? Біреудің жесірін тартып алады — есе бермейді, малын тартып, ауылын шауып алады — бітім бермейді. Осындаймен ел ішіндегі бүлікке алғы жуан ата бас болады. Елдің тыныштығы да, бүліншілігі де солардың қолында. Талай ел осындай басшысының жемінде, не шығыным деп алады, не қисынбайтын жерде айыбым деп алады. Осыларды шын басшылар қосарға алса, ел елдікті ойлайтын ретті жұрт бола алады. Жуан ауыл қырдағы бұзық мінездің ұясы. Қазақтың жәй28 өмірінің шырқын бұзатын партия болса, оған солар басшы екен. Ұрлық болса, ұрыға құрық беретін тағы солар. Ел арасында жүрген жаман ұры өзінің туын жоғалтумен ұрлықтың тамыры құрымайды. Сол ұрылардың атасы болып отырған жуандар жақсы ұрыларын бауырына басып бермей қалады, не ұры еместі ұры қылып алады. Бұған қарағанда алдымен тию қиянат секілді көрінеді. Және бір жуанға тисең бар жуан шұрқырап жиылып ара түсе кетеді. Осымен елдің шын тентегі тек кете барады. Ол уақытта ел ішіндегі жылаулар нашар жуанның езгісі, ермегінде, құлдық арқанында мойны шіріп, тағы сорға қамалып жүре береді. Ертеңгі милиция қызметін де көрерміз. Қызметке келген бір кедейдің өзі бір кедейдің жалғызы болғанда, жуанның баласының он-оннан саусылдап мырзалық құрып, нашарды зарлатып жүргенін Абайдың: «Мен закон қуаты қолымда тұрған кісі болсам, адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»,— деген сөзінің қазақ тұрмысында еске алынатын кезі келді. Осы кезгі дүние майданының ен биік тұрғысына шығып отырған жұрттардың қайсысын алсақ та, осынша дәрежеге жетуіне әділ билік, тәртіпті, епті саясат себеп болған. Олардың басшысы ел қамын жақсы ұғып, әуелгі мақсұтына көптің қамын қойған. Осыдан басшысын көбі сүйіп, артынан ергіш болған. Біздің басымызға келіп тұрған осы күнгі заман жұқалаған, жуастықты, қайырымдылықты көтермейді. Әуелгі халықтың жұрттығынан айрылуына себеп болған нәрсені қайта алып келіп, енді халықтық дүкенін құруына құрал қыламын деуге болмайды. Ендігі халық болуымызға ұйтқы болатын нәрсе құрыш құрсаулы әділ, қатал билік, ендігі хакімнің алдында нашар да, жуан да теңшілікте болып, белгілі негізге құрылған закон болмаса, жуан атаның еркі ел ішіне жүрмеуі керек. Әлі де жуан ата билеп, төстеп қадырлы29 болатын болса, автономия деген, бөлектік дегеннің бәрі де сырты бүтін, іші түтіннің ісі болады. Бірақ мұндай күйді бұрынғы уақыт көтерсе де, қазіргі уақыт көтермейді. Іші түтін болса сыртында бүтіндік жоқ, ертең күл болып көкке ұшады. Егер бұл күнге шейін келген осы хал, бұдан кейін де созылатын болса, елдің елдікке махаббат рухы оянбайды. Енді нашарды өрге тартып, теңдікке алып, әділет көзбен қарап, есесін өзіне тапсыру керек. Осы жолды тұтынған хакімшілікке не жұрттық мейірімді атасы болып, шын жұрт болуға жаратылғанына көз жеткізіп, жүрегіне жігер құюына болады. Әуелгі жуан ата, жіңішке ата жігінің қайта тууына себеп болған, сол көпке бірдей қорған боларлық біліктік жоқтығынан болатын. Өзге жұртты алсақ, бай өз бетіне, кедей өз бетіне, әркім өз ісіне ерікті. Біздің жіңішке атаның балалары жуаннан бөтен іс істемек түгіл, содан бөтен ой ойлауына да болмайды. Жуанның ісінің, ойының беті нашарға діндей. Мұның түбі ойланып қараған кісіге құлдық. Өзге жұртта әркім өз басы, үй-ішінің қамынан басқа баққа таласып, не бірінікін бірі ұрлап алып, біріне-бірі зорлық қылып жұлқысып, партия қылатындары еш уақытта болмайды. Бізде не сөзуар, не малды кісі болса әуелі ауылына қожа болып, одан ағайынына, одан ауылнай, болыс ісіне қожа болғысы келеді. Осыдан жоғарыдағы айтылған көп шатақ еріксіз шығады. Біздің енді ескеретін нәрсеміз сол жуан мен нашар арасындағы айырмышты30 жоғалтып, жұртты бүліксіз, тыныштық өмір қалпына түсіндіру. Бұл үшін ел ішіне күшті әділ хүкімет31 орнап, нашар мен жуанды теңестіріп, жуан зорлықшылды не қылса да елден айырып әлсіретуге тырысу керек. Осы айтылған жуан, нашар деген жіктік кетсе, қазақ жұрты мәдениетке шылбыр берерлік қалыпқа жақындауына болады. Бұлай болмай ел мен шын басшы жақындаса алмай, жуанды басшы қылатын болса, ел ішін сарысу кеулеп, жұрттың буынын бекітіп, бойын өсіре алмайды. Жұрттың жұртшылыққа рухын ұялатайық деген тарих жолы мысқалдап бойға сіңген ғылым дейміз. Сол тарихтың жолы осындай өзгерісті керек қылып отыр. Біз әлі шикі жұртпыз. Талай өзгеріске мойынсұнамыз. Заман еріксіз мойынсұндырады. Биылғы жастар съезінің қаулысындағы — Николай заманында іс басына мінгендер, енді ел ішіндегі кісілікке сайланбасын — деген қаулы осы негізге тірелетін. Бұл халды әркімге де ескерту керек.

Мұхтар Әуезов.

ОҚУ ІCІ

Бұл күнгі біздің үстіміздегі заман алып ұшқан ұшы-қиыры жоқ көп қаулының заманы. Барлық Россиядағы hәp түрлі ұйымның канцеляры32, шығып отырған газет-журналдардың беті толған мұң-мұқтажы бар жұртты қарық қылып жатқан неше түрлі қаулы. Жұрт басшылары Россияның ішіндегі жыртық-тесік, кем-кетікті парызы жоқ қаулымен тығындап-ақ жатыр. Жалғыз-ақ бүгінгі тіршілігінің қорегін бер деп жаланған елдің алдабайға33 жаратпай дікілдеп отырғаны болмаса, қаулы иесі, бұқара бір нәрсені тілек қылғанда саясатты сылтау қылады. Бұқара басшысы бір нәрсені тілек қылса, күйсіздігін сылтау қылып, қыңырлыққа салады. Осымен орыс басшысы мен бұқарасының арасындағы береке түлкі мен тырнаның қонақ асындай күйде тұр. «Саясатың құрысын», — деп екі құлағына мақта тығып алған орыс бұқарасы Россияның ішіндегі өзгерістің бәріне жәйімен қарап: «Бірің өл де бірің қал», — деп үйінде отыр. Бұл осы күндегі орыс басындағы күй. Құдайға шүкір, біздің бұқарамыз әзір бұл күйден аман. Біздің еліміз орысты елдіктен айырып бара жатқан берекесіздікке: «Бізден аулақ, таздың үйіне бар»,— деп, ел болатұғынының белгісін көрсетіп, талпынып отыр. Бірақ жалпақ Россияның қаулыдан асып іске аяқ баса алмай жүрген ауруы бізді де ала тастап кетіп отырған жоқ. Рас, оқығанының аздығына, күшіміздің шағындығына қарағанда, саясат деген нәрсе біздей жұрттың бар күшін басқа жаққа бұрғызбайтын батпандаған ауыр жүк екені шын. Бірақ жауырды жаба тоқығанмен елдің негізі ірге теуіп нығая алмайды. Елге, елдікке мұқтаждығы саясаттан артық болмаса кем болмайтын біздің даусыз бір мұқтажымыз бар. Ол — оқу. Оқу ісінің қазіргі сыртқы көрінісін қарасақ, саясаттың бөгет қылатын һешбір34 реті жоқ-ақ секілді. Оқу ісін басқаратын облыстық, уездік земстволар бар, барлық қазақ-қырғыздың оқу ісіне аңдушы болатын бес кісілік оқу комиссиясы бар, жақсы оқыған мұғалімдер, семинария бітірген учительдер бар. Осыдан артық оқу ісіне не керек болады? Бірақ үстірт қарамай қазіргі қазақ оқуының шын қалпына жақынырақ келіп үңіліп қарасақ түк нәрсені қиратпаған болып шығамыз. Біз де жыртық-тесігімізді қаулының астына көміп тастап, сұп-сұлу болып отырған жұрттың бірі боламыз. Бұл сөздің себебіне келейік. Қазіргі оқу жолындағы бірінші мақсатымыз ұлт мектептерін (национальная школа) ашу. Бұл тәртіптің керегіне һешкімнің дауы жоқ. Бірақ осы ұлт мектебін ашуға қазір де біздің алдымызда қиын асудай үш түрлі кедергі тұр. Бірі: бастауыш мектептің бәріне мұғалім жоқтығы, екіншісі: оқу құралдарының жоқтығы, үшіншісі: ілгері оқитын мектептің жоқтығы һәм тез уақытта бола алмайтындығы. Бастауыш мектептерге мұғалім жетпейтіні һәркімге де аян, бірақ былтырдан бері курстар ашыла бастап, атағы болса да, мұғалімдер шығарып жатырмыз. Бастауыштарда бұлардан басқа мұғалімдер жоқ. Жә! Осы шығарып отырған мұғалімдеріміз қандай? Бұлардың жартысы екі-үш айлық курстарын бітіріп, жартысы бір-екі жылдық курстарды бітіріп, мұғалім болады, көп болғанда бір жыл, я екі жыл оқыған шәкірт барлық керекті пәндерден өзі біреуді оқытатындай білім алуға бола ма? Бұның үстіне ол курстарда оқитындар ескіше оқып, пікір, зейін жолында буыны қатайып кеткендер. Олардың курс программасындағы пәндерден жалпы ұғым алуына талай уақыт керек. Ал олар ертең барып бастауыш мектепте өздері шала сіңірген пәндерін жас балаға оқытпақшы. Бұның үстіне бастауыш мектепте оқытатын қазақ әдебиеті мен есептен басқа пәндердің бірде бірінің қазақ тілінде кітабы жоқ. Бұл кітаптарды әлгі мұғалімдер басқадан перевод қылып оқытуына керек. Ол қандай перевод болып шықпақшы? Бұл мұғалімнің алдынан шыққан шәкірт ұлт мектебінен шыққан, ұлт мақсатымен өскен, жақсы тәрбие алған бала болып табыла ма? Әлде кешегі «Мұхтасар» оқыған, «үлкен молдадан» тәрбие алған баланың қасында бола ма? Бұл біздің бастауыш мектептеріміздің халі. Ал енді сол бастауыштарға мұғалім шығарып отырған курстарға келейік. Курстардың әзірге ашылған бірен-сарандарының оқытушылары ылғи мұсылманша оқыған мұғалімдер (орысша оқыған учительдер саясат майданында палуандық құрып жүр). Ал мұғалімдердің Россия ішіндегі жоғарғы мектептерде оқығандарын алсақ, айыпқа бұйырмасын, көбі мұғалімдіктің жалғыз құралы — тәрбие ғылымын (педагогика) оқып көрмегендер. Бұлардың қолында не тұтынатын құрал жоқ. Өзге барлық пәнді переводпен оқытады. Бұл ретте биыл бір мұғалім бір кітаптан өз тәртібінше перевод қылып оқытса, келесі жылы бір мұғалім сол синфқа35 басқа кітаптан басқа тәртіпше перевод қылып оқытады. Осы тәртіптермен оқытқанда оқыту ісінің жолымен (дидактический методпен) оқытушының жалпы біліміне қарап, соған салыстырып белгілі программа тұтынуды былай қойып, бір кітаптан түзу перевод жасап беріп отыру да оңай жұмыс емес. Міне, курстар халі осы. Бұл курстар біздің орта дәрежелі мектебіміз, бұдан тәрбие алып шығатын шәкірттер келесі жас тұқымды қазақтың шын алал ұлы қылып шығаратын тәрбиешілер. Бұның үстіне надандықтың қараңғы түні қаптаған қалың елдің ортасына мәдениет шырағын ұстап барып елдікті ұқтыратын, үлгі жаятын, саясат, земство, кооперативтер туралы мағлұмат береді деп сеніп отырған сүйеніштеріміз. Олардың қолына осы міндеттерді атқаратын қандай құрал беріп отырмыз? Құрал сиқы әлгі. Бұдан соң бізде бастауыш мектеп пен курстардан басқа мектеп жоқ, басқа түрлі мектеп ашамын деп дайындалған ел де жоқ. Рас, ол мектептерге дайындалудың уақыты ертерек шығар. Бірақ бір-екі жылда оның да керек болатын уақыты келеді. Мына курсты зорға (алып) келе жатқан мұғалімнің ол мектептерге жарамайтыны айдан-айқын. Ол мектепте оқытуға семинария бітірген учительдер де жарамайды. Бұл үшін орыстың учительский институтын оқыған учительдер керек. Ондай мұғалімдердің курстерде де кем болса біреуден болуы қажет. Ал қазіргі күнде оқуға дайындалған һешбір оқушы да жоқ, содан барып оқы деп жіберіп отырған хүкімет те жоқ. 13—14 жылда бастауыш мектеп бітірген қазақ баласы қайда бармақшы? Бір жыл, екі жыл оқып мұғалім болуға ол балалардың көбінің жасы да келмейді. Және бәрін бірдей курске тыға берудің лайығы да жоқ. Бастауыш мектепті бітірте салып орысша мектепке түсіріп жіберетін болсақ, өз тілімізбен һеш білім бермейтін болсақ, ұлт мектебі деп алқыну неге тұрады? Тағы қаулыны көлденең салып қойып, көркін қорек қылғаннан басқаның не орны болады? Саясат өзге жолға оқығанның күшін бөлгізбесе де, оқу жолына мойын бұрғызбауы зор қиянат. Ғылым жарығынан алыс қалған елден қарғыстан басқа һеш нәрсе алмайды. Біз ең керекті істі салақсып артқа тастап барамыз. Көшершілік заманы болғанда да барлық буған-түйгенін ұмыт тастап кеткен ауылдың көшін байсалды болды деп айта аламыз ба? Оқу ісіне менің ұсынатын жоба(м): Бірінші, жалпы қазақ-қырғыз съезі сайлап шығарған Алашорданың оқу бөліміндегі бес кісілік оқу комиссиясы тез уақытта іске кірісіп, барлық бастауыш мектептерге һәм курстерге белгілі бірақ түрлі программа жасап, оқу құралдарын толықтыру керек. Оқу құралдарын толықтыру үшін арнаулы бір комиссия жасап, кітап перевод қылуға отырғызу керек. Бұдан соң саясат ісінде жүрген семинария бітірген учительдердің бәрін жиып, өзінің түбегейлі пайдалы жұмысы — оқытушылыққа белгілеу керек. Учительский институттарға шәкірттер жіберу керек. Екінші, жаздыгүні сабақтан босаған уақытта барлық қазақ ішіндегі мұсылманша оқыған мұғалімдерге жоғарғы курс ашу керек, бұл курстердегі сабақ лекционный (сабақты сұрамай, ылғи айтып кетіп отыратын) жоғарғы дәрежелі мектептер сабағынша болу керек, курсте оқылатын сабақ тәрбие ғылымдары, земство, кооператив һәм басқа халыққа пайдалы шаруа ұйымдарын жүргізу, бұның үстіне мектептегі баланы оқытудан басқа күндегі сабақ уақыты біткен соң жәй қара халықты оқытып білім, үлгі тарату жолдарын оқыту мектептегі баладан басқа мектеп программасынан тысқары жолмен халықты оқыту; қырға шығатын мұғалімдердің қыр халқымен жақындасып, қалаған игілік жұмыстарың жұрт құлағына тез сіңіруіне үлкен себеп болатын нәрсе қара халықты оқыту үшін мұғалімдердің жоғарғы курстегі оқитын сабақтары: 1. Халыққа қысқаша лекция (әр тараудан келетін үлгі сөз) сөйлеудің жөні, жақсы кітаптар, газет-журналдар оқып түсіндірудің жөні. 2) Ел арасында кітапхана ашудың жөні. 3) Театр (үлгілі ойын) жасаудың жөні һәм басқалар болу керек. Мәдениетті жұрттарда қара халық ішіне шығатын мұғалімдерге әдейі мектептен тысқары оқу оқытудың жөнін үйрететін белгілі курстар бар. Бұл курстарда сабақ беруші профессорлар да болады. Олардың мұғалімнің қамын сонша жеп жүргені: қара халық ішіне барып басшы болатын білімі бар түзу адам жалғыз мұғалімдер болған соң, ел ішіндегі сүйенішіміз солар ғана деп, қамын жейді. Ондай курстарда жалғыз мұғалімдер емес, басқа неше түрлі жолдармен жүрген адамдар да оқиды. Осындай курстың бірін биылғы жазда Томскінің губернский земствосы ашып, студенттер һәм басқа неше түрлі халық ішіне барып қызмет қыламын деген адамдар оқып шықты. Біз әзірге мұғалімнің өз басының білімін толтыратын курсты һәм мектептен тысқары сабақ оқытудың жөнін үйрететін курсты екі бөлек қылмай-ақ қояйық. Бұл екеуінің жолын бір курсқа да сыйғызуға болады. Курсқа шығатын шығын оқушылардың киім, тамағы өзінен болғанда тіпті азға түседі. Бұл турадағы түбірлі мәселенің бірі, осы курстың оқытушылары университет бітірген қазақ оқығандарының екі-үшеуі болу керек. Бұған бөлген үш ай өнімсіз жұмысқа кеткен уақыт болмас. Аз көрнек жолында құба төбелдігі болмаса, бір жазда одан артық елге пайда істейтін азамат бола қоймас. Егер өзімізден оқытушы шықпаса, татардан я басқа мұсылмандардың жоғарғы оқу бітірген жарамдылауынан шақырып алу керек. Біз қараңғы түннің тұманы сейілген соң, тіршіліктің жарығын жаңа көріп отырған елміз. Біздей жұрттың мәдениет жүзіндегі істемек ісі жас баланың мінезі секілді: көрсеқызар, желіккіш, бір бетпен солақай кеткіш, үстірттігі көп болуға лайық қазіргі оқу ісін алсақ, тәртіппен бір ісін істемей, саясат ауасы толқынып кетсе, «оқуды ойлайтын күн болды ма» деп, саясат тынышталса, «қарбаласып жүрміз, қайтейік» деп, солақай қалдырып, шұбатып барамыз. Бұл әлгі бір бетпен сыңар жақ болып үстірт кеткіш, піспеген елдің қылығы. Бұл халді ұлт оқуына көбірек жауапты болатын адамдардың тезірек еске алып, іске кіруі қажет. Қажет деп білемін.

Мұхтар.

ӨЛІП ТАУСЫЛУ ҚАУПІ

Адам баласының тұрмысы тарих тезіне ілінгеннен бері қарай дүние майданына талай жұрт келіп көрнекті орын алып, азды-көпті өмір сүріп артынан іріген қардай тартылып келіп, заман тұманында арасы өшті. Сол жұрттардың тарихын алсақ, һәр қайсысының бастарынан кешірген һәр түрлі дәуірлері бар. Бір дәуірі: өзгеден шоқтығы асып ісі өркендеп, «тасы өрге домалаған» кез. Бұл уақыттың адамы өмірдің қуанышты, көрікті жағын көп көріп, күліп туып, күліп өткенге ұқсайды. Бұдан соңғы бір дәуір: елдің шебі жарылып, ірге ыдырап, «Ері мойнына кетіп» жұртшылығымен қоштасуға айналған кезі. Бұл уақыттың адамы жанашыр жақыны жоқ, жетім қалған жас баладай; тірлігінде баға жоқ, азып туған, жылап туып, жылап өткенге ұқсайды. һәр адамның туып өскен елі, жасынан жаттап өскен ғадаты, нанымы, тұрмыш қалпы сол адамның ақыл, мінезіне із қалдырмай тұра алмайды. Бұл қалдырған із көңілге кіріп, ерікті билеп һәр адамға өзінің елін сүйгізіп, елдігін іздетеді. Елдікке келген қауіпке оқыған, оқымаған бірдей күйініп, қарсысына бірдей шығады. Елдігі аман қалуы үшін екінің бірі бейнетке, өлімге, ия басқа түрлі қазаға шыдап кететінін тарих жүзінен көріп отырмыз. Ерте заманнан бері болып келе жатқан бес-он, жиырма-отыз жылдық соғыстардың бәрінде болатын екі-ақ түрлі мақсат бар. Бір мақсат — бір жұртты жем қылу, екіншісі — елдіктен айырылмау, өзгеге жем болмау. Соғыс деген нәрсе — адам баласының жыртқыштық құлқына айғақ болған бір іс. Соғысып жеңіп алған жұртына жеңген жуан ел не істейді!? Бұған ескіден келе жатқан даңғыл жол, жеңілген елді өз бетіндегі жұрттық қалпынан айырып, өн бойына сіңіріп, бөтен ниет ойлатпай, бөтен тілеу тілетпейді. Алдымен торыған елдің дінін қақпайға алады, бұдан соң ғұрып-ғадатын араластырады, артынан аламыштап жүріп тілін жоғалтып, елдің белгісін күңгірттендіріп, ақырында бір ұлтты жұтып кете барады. Әрине, бұл айтылғандай болып жұтылып кететін қандай ел: мәдениеті төмен болған ғана ел. Бұлай болғанда мәдениет жүзінде төмен болған елдің дүние жүзінен жоғалатын зор себебінің бірі осы. Бұдан басқа, жолына жалпақ ел болып, жанды қиып отырған сонша қымбатты елдіктің жоғалуына тағы бір үлкен қауіп бар. Ол — елдің өсімі азайып, өлімі көбейіп ақырында өліп таусылуы. Бұндай хал мәдениеті аса төмен болып иен жүрген бір ел, мәдениетті алдыңғы қатардағы іргелі елмен араласқан уақытта болатын іс мәдениетті елмен араласқан соң бұрынғы санаусыз еркін жүріс бола алмайды. Тіршілікті сақтау үшін өзге жолға түсіп алдындағы жорықтың қалпынан үлгі алу керек. Бұл ықтиярсыз мойынұсынатын нәрсе. Бірақ мәдениет жолында төмен болған жұрт үлгілі елдің қалпын толық сіңіре алмайды, әр істі қорытып зиянды, зиянсызға айыра алмайды. Өзінің ескі жолымен басқа жұрттың үйлеспейтін бір жолын араластырады, былықтырады. Ақырында белгілі тәртіпті бір кәсіп, бір қалып ұстай алмай кедейшілікке, неше түрлі ауруға ұшырап азып-тозып таусылады. Европа ғалымдары һәртүрлі ірі патшалықтардың қол астына қараған ұсақ бұратаналардың өліп таусылып жатқанына қарап, мәдениеттің алғашқы кірісі ауыртпалықтан басталады дейді. Бұл ауыртпалықты көтере алмай салмағымен жаншылып таусылып қалатын жұрт көп шығып жатыр. Мысалы: орыс патшалығының ішінде самоед, остяк, чукча, камчадал деген жұрттар осы ретпен бітуге айналып отыр. Бұларда өсім аз, арасын кеулеген неше түрлі өзге жұртта жоқ аурулар. Бұлардан басқа да орыс ішіндегі ұсақ жұрттардың еріген қардай таусылып келе жатқаны көбіне осы хал Солтүстік Америкадағы индейц деген жұртта да болып отыр. Орыс ішіндегі самоед, остяктарды тоздырып отырған себеп не? Соған келейік. Бұл жұрттар солтүстікте мұз теңіздің бергі жағасында, одан бергі тайга деген тоғайдың ішін тұрақ қылып, кәсіптері аңшылық, балықшылық етіп, бір жағынан бұғы асырайтын. Бұлардың тұрмыс қалпы көшпелі, бірақ қазақша бір жерді қыстап, бір жерді жайлап, белгілі мекенге ие болмай, кезбе өмір қалпына жақын еді. Көшкенде ата-ата, тап-табымен көшіп, қонғанда сығылысып бір араға үйіле қонатын. Бұл жұрттардың тұрған жері түсінбеген жұрт өмір сүруге қолайсыз болса да бертін заманда мәдениетті жұрттың халқы бір жағынан кеміртіп, татымды жерлерін алып, сол араны мекен қылып тұрған халқын ар жағындағы суық өсімдігі жоқ, өмір сүруге қолайсыз, үнемі қыс үзілмейтін далаға айдап тастады. Тоғай арасында аңшылыққа, су бойында балықшылыққа соңғы келген жұрт айбынды болды. Аңды азайта бастады. Суыққа, қу далаға сығылып шыққан елдер бұрынғысындай ру-румен жүріп аң тауып, балық алып, мал бағып жүре алмады, бытырау керек болды. Бұрынғы қазына жию, баю үшін істеген кәсіптері енді күндегі өлместік қорек болуға әрең жарайтын болды. Егін егіп, отырықшылықты қалып қылуға жүрген жерінің ыңғайы жоқ. Шығуға қолайлы өсімдіктерді егіп көбірек еңбек сіңіруге оларда білім, тәсіл жоқ. Осымен бір жағынан тамақ табудың ауыр бейнеті, бір жағынан қысы-жазы қабағы жадырамайтын табиғаттың ызғарлы қалпы, мұның үстіне мәдениеті жоқтық солтүстік халқын тіршілік тартысында айласыз қып, неше түрлі сорлылыққа душар қылып отыр. Бұл жұрттардың жаңа туған баласынан қартайған шалына шейін пішіндерінде түнерген аспан, күңгірт өмірдің ізі айқын көрініп тұрады. Бар адамдардың бет ажарында жалыққан, талған, қажыған, жоғалып тегіс келіп тұрғанның белгісі бар. Енді бірнеше жылдарда бұл жұрттардан белгі қалмауы мүмкін. Міне, осы аянышты халдың барлық белгісі қазіргі уақытта қазақ ішінде білініп келеді. Жетісу, Сырдария облыстарындағы жаудан, аштықтан көріп жатқан бөгде шығынды есептемегенде тоқ, тыныш отырған облыстардың бәрінде қазақ әуелі сансыз көп, көрші отырған мұжықта, ноғайда, басқа жұртта еш белгісі жоқ аурулар қазақ ішін кеулеп отыр. Аз жылдардан бері қарай кейбір аурулар белгілі әрі жұқпалы аурулардай бір уезден бір уезге, бір облыстан бір облысқа қалыпты сапар жасап, талай жерді жалпақ аралап отыр. Өлімін елетпей көтеріп кетерлік өсім де қазақ ішінде азға ұқсайды. Жалғыз санақтың жоқтығы себеп болып, қанша азайғанымызды білмей отырмыз. Россия патшалығында өсім мен өлім қаралас болып, жұқпалы аурулар болмаған уақытта ең өсімі көп облыстарда жылына жүз адамға екі-үш өсім болып жамалады. Барлық Россиядағы жылдық өсім жүзге бір жарымның шамасындай. Арасында ауруы жоқ, әрі өсімтал мұжықтың өсімі мұндайлық шабан болғанда не өсімтал емес, әрі арасынан ауру арылмайтын қазақ халқы өліп таусылады деуге әбден болады. Мәдениетті орыс патшалығымен араласқалы біздің қалпымыз да солтүстік халқының қалпындай көп өзгерісті көрді. Мысалы кей жердің қазағы көшпелі өмір қалпын біржолата жоғалтып, отырықты егіншілікке айналды, көп ел бұл күнге шейін көшпелі қалыпта болса да бұрынғы нағыз көшпелі түрін көп бұзып алды. Қазіргі қазақтың өмір қалпы көшпелі мен отырықшылықтың арасында түр. Бұрынғы уақыттағы қыстың суығын киіз үйдің ішінде өткізген қазақ пен қазіргі жер үйде тұратын қазақ бір емес. Бұрынғы аязда, боранда аласа, төбесі ашық тас қорада жататын мал мен қазіргі тығыз, жылы қорада тұрып, азғантай суық көрсе пішенге тығылатын мал бір емес. Қора салу, үй салу қазақтың орыстан алған үлгісі. Үлгі алуы жақсы-ақ, бірақ ұқсата алмағандық сол үлгіні зиянға шығарып отыр. Отырықшылдыққа түсініп, егіншілікті кәсіп қылған жұрттың үй, қорасы қазақтікіне ұқсамайды. Үйі болса таза, жарық, денсаулыққа қолайлы, қорасы да аз малына арнаулы, күйлі болады. Қазақ отырықшылдықты ұқсата алмай отырса, мал бағушылықты тағы ұқсата алмай отыр. Себебі бұрынғы таза көшпелі қалыпта жүргендегі малынан қазіргі малы көп төмен. Қазақ қысқы қорасына, үйіне аз уақыттық баспана деп қарайды. Қазіргіден жүз жыл бұрын киіз үйде отырған қазақ тас қорасына осы көзбен қараушы еді. Тұратын үйінің іші жарық болуы, дым болмай құрғақ болуы, бүтін болуы, әсіресе мал жататын қора мен өзі тұратын үй аралас болса, бұзық ауа қатынасып, аурулы болатын бұл уақытқа шейін қазақ байқаған жұмыстар емес, жаз шыққан соң көшіп кетеміз, шыдар керек дейді. Бірақ қыстауда жеті-сегіз айдан кем отыратын қазақ жоқ. Сонша уақытта ылғи бұзылған ауаның ортасында келетін қонақпен сығылысып, өмір сүрген адам ауруға жақын болмасқа шарасы жоқ. Бұның үстіне таза ауада қозғалыс жасап, қызмет қылу аз. Осындай себептерден қыстан қандай күйлі шыққан елді алсақ та, жазғытұрымғы уақытта үлкеннің де, баласының да пішіні аса ажарсыз, қурап, сарғайған өзгеше ауруға ұшырағандай болады. Әрине, тек жүрген уақытта мұндай болып жүрген қазақ бір ауру келсе, «айтқан тоқтыдай» іліне кетуі оп-оңай. Бұның үстіне ел арасының сапырылысқан қатынасы көп. Мінеки, неше түрлі өзге де аурудың қазақ ішін ұя қылып алып жүргенінің себебі осы және биылғы Сібірдің бірнеше облысында шет жағасы білінген оба ауруы да қазаққа өзгеше қауіпті. Бұл ауру қазіргі суықпен жоғалған сияқтанып отыр, бірақ оба ауруында көп болған дәрігерлердің тәжірибесіне қарағанда бұл биыл ұрығын ғана көмеді, «жемісін» ендігі жылы, одан арғы жылдар тартқызса керек. Бұл «қонақтың» қазақтан алатын бүйімтайы36 қандайлық болады оны уақыт көрсетер. Мәдениеттің кірісінің бізге салып отырған ауыртпалығы — осы. Көшпелі қалыптың әуелгі түрін өзгертпеске болмады. Ен жайылып, еркін қона беруге кең қоныстардың өрісі тарылды. Қаскүнем хүкіметтің шырғалаған қазақты жақсы жерлердің көбінен айырған, сыйымсыз көршілерді көбейткен, бір жағынан ел өсті, ақырында бұрынғы қалып өзгерді. Бірақ өзгеден алып отырған үлгі пайдалы ма, зиянды ма? Қайтсе тұрмысына қолайлы болып, пайдасы артық болатынын мәдениеті жоқ елдің айыруы қиын. Осымен қазіргі қазақ қалпы не отырықшы егіншілік, не көшпелі мал баққандық қалпының ешбіріне толық қосылмайды. Әртүрлі тұрмысты араластырған, былықтырған, бір беткей қалыпты тәртіптен айырылған, істеп жүрген кәсіптің бірін ұқсата алмай, жылдан-жылға кедейшілікке аяқ басып біздің жұрт азып келеді. Көшпелі қалпы — мәдениетке жанастырмайды, отырықшы болу керек дейміз, бірақ Европа ғалымдарының егінші болған ел бай болмайды деген сөзіне қарағанда егіншіліктің тәртібін білмеген ел кедей болады және қай ел болсын мәдениетті буынын бекітпей, егіншілікті ғылым жолына сүйеп тәртіппен жүргізе алмайды. Оның үстіне қазіргі қауырт ауру, күтімсіздік қазаққа бұл күнгіден де үлкен соққы болуы мүмкін. Бұлай болғанда отырықшылдыққа тез түсіп кетеді ғой деп айтуға да бірталай көзді жұмған ерлік керек. Қазақтың өзгеден ала бөтен түрлі-түрлі ауруларға, жиі өлімге ұшырап, өліп таусылуға аяқ басып келе жатқан халі, оқыған басшының өзгеше ойланып, тез ескеріп, ерекше қам қылатын жұмысы. Рас, елдің толып жатқан басты мұқтажының ішінде, бір жағынан ел қамына арналған күштің аздығы, бір жағынан саясат тұсауы себеп болып бұл секілді халдерге әдейілеп көп-көп күш бөліп шығару қиын шығар. Бірақ дәрігерлердің жасаған белгі жобасымен земстволар яки басқа ұйымдар болсын өзге алдыңғы қатардағы тығыз-таяң мәселелермен бірге осы халді де қатардағы міндетті жұмысының бірі деп білулері керек. Себебі бұл хал ел қамқорының алдынан шыққан өзгеше міндетті, әсіресе, сынды мәселенің бірі.

Мұхтар.

ҚАЗАҚ ОҚЫҒАНДАРЫНА АШЫҚ ХАТ

Россияның ішінде көбігі аспанға атып жүз толғанып, бұлқынып жатқан революция толқыны дүние жүзіндегі еңбекшілерді құлданған патшалықтардың бәрінің жүз жылдап құрған құлдық қорғандарын іргесімен теңселтіп, жапсарын ашып, жігін үлкейтіп тұрғаны әркімге мәлім. Енді біраз заманның ішінде осы толқын осы күйінде бетін аудармай харжыт қылса, ол қорғандар құлайтыны анық, һәм кең жалғаннан пана таба алмай, сол қорғанның түбіне тығылған ақ сүйек жуандар қалтырап отырып соның астында жан беретіні де мәлім. Бүгінгі күні кешегі қараңғы құлдық күннің күңгірт жүзді қожасы — жуандардың басына келетін ауыр күннің қаһарлы бұлттарын Россия жуандарының төбесіне заман желі айдап келіп түр Мақшар күнінде ақ-қараның таразысы құрылғандағы сағаттай, өткен күннің күнәсі есіне түскен адамдар басына күн туып, қашып-пысып, сорлы жанды қорғаудың айласында жүр. Орыстың жуаны басына айналып келе жатқан қара бұлттың қатерлі пішінінен, бірінші, өмірі үшін қорықса, екінші, кешегі күндегі істеген қаталдық жауыздығынан ары қысылып айдап отыр. Басына келе жатқан бұлттың арасынан қысылып үріккен көзіне дария болған нахақ қан, көздің ыстық жасы, қажып тозған дененің ащы арам тері көрінеді. Осының бәрі ескі күнде өзі туғызған бақытсыздық болған соң, солардың суреті елестейді. Қорқатын жөні бар, қашпасқа шарасы жоқ. Жә! Кешегі сол жуандардан көпшілік бұқарамен қатар қуғын көріп соққы жеген кең заманды сағынып көксеген қазақтардың неше қилы замандағы басшысы, оқығандары қайда? Олар неден қашып жүр? Өзге жұрттың қашып жүргендерін көрсек, неше жүз жылдар елді жеп келген, қылығы асқан, жауыздар, обыр бек. Қашушының ішінде болып, қазақ оқығандары да өзінің ақ жүзіне сол қара таңбаны салғысы келе ме? Жоқ әлде олардың да жуан болып қазақтың нашарының дәнін сорған жері бар ма?

— Қой, қазақтың баласы ол күйге жеткен жоқ. Бұл күнге шейін бар қазақтың баласында бір-ақ түрлі құлдықтың ноқтасы болатын. Бірінен-бірінің қара үзіп, артып кеткен еш жері жоқ. Бәрінің көргені де өгейлік, жетімдік. Бәрінің көргені де қуғын-сүргін болатын. Әсіресе оқығандарының бой жазып кең отырған күні бұл күнге шейін болған жоқ. Қашан болса күні қысылу, бұғып қорқу болатын. Олай болса, кешегі басынан сырық, малынан құрық артпаған жауыз үкіметтің артынан қай қызығын көксеп кетіп отыр. Осы күнде сол үкіметтің жауының бәрі тік көтеріліп, совет өкіметінің қатарына кіріп отыр қазақ оқығанының жартысы солардың ішінде. Қырда жатқан, қашып-пысып жүрген жартысы не оймен жүргені мәлім емес. Оқығанының да бірінен-бірі айырылып жарылатын заманы болған жоқ секілді еді. Олай болса, осы қашудың себебі не? Жұрт артқы күндердегі күнәсінен қорқып қашса, ол күнә қазақ оқығанының мойнында жоқ. Жұрт жуан болып біреуді жылатқандығынан қашса, кісі жылатпақ түгілі жылағанның бірі болып, жігері құм болып, кең заманды қашан бересің деп жүрген қазақ оқығаны еді.

Жұрт кең заманнан пайдаланып, тиісті сыбағамды жырып алып қаламын десе, ауыр заманда ауыр бейнет, қиын жұмыста бар қайратын салып келіп, мақсаты іске асатын күні, еңбегінің жемісін оратын күні қашып кетуінің не мағынасы бар? Бұл шалалық, елдік сезімінің әлі күнге басшы мен деп жүрген оқығанның өз бойына сіңбегендік. Әйтпесе, осынша сыңар езу болуға мүмкін бе? Қазақ оқығаны екі жарылатын замандар әлі күнге туған жоқ. Оның тууына да талай жылдар бар. Оқығанның өзі жартысын ауыр күндерде-ақ Совет үкіметіне қосып бірігіп іс қылмақ болып, енді қырға барып бұғып жатуларының ешбір көрнекті себебі жоқ. Рас бұрынғы тұрған қалаларында өшті-қасты жазықсыздан зиян келтірерлік адамдары болса, басқа қалаларға бару керек. Қазіргі күнде қай қалада болса да мекеме атаулыда үйіліп, қақтығып, арызын жеткізе алмай көзін сүзіп жүрген қазақ көп. Өзге уақыттардан осы күнде олардың арыздары, мұңдары тіпті көп. Себебі көп ел ары-бері өткен қазақтан көп зиян шекті және мына үкімет езілген жылаулардың досы деген сөздерді оқыған соң талайдан айта алмай, сөзін жеткізе алмай жүрген қышулы мәселесінің бәрін де көп тобымен келіп айтып жатыр. Бірақ бұрыннан саны аз оқығандардың көбі бытырап кетіп, қала-қалада жоқ болған соң, әрін әлі де жеткізе алмай, ешкіммен ұғыса алмай, бостан бос қамалып жүр. Осы халдерді ойлағанда елдің қамын жеген оқыған азаматтар не қылса да қолынан келген шарасын істеп; осы үкіметтің арасына кіріп, қазақтың есесін әперіп қалатын уақыты келді деп білеміз. Қазақтың оқығаны елдің қамын шынымен жейтін болса, қай күнде болсын пайда келтіре аларлық шағулы жерін аңду керек емес пе? Қазіргі заман қазақтың басына келіп тұрған әрі ең қиын, әрі ең пайдалы жайлы заман, құр елдің мұңы тыңдалмайтын бірен-саран кісінің басына ғана жайлы, ет азу келген заманда ғана оны істеймін, мұны істеймін деп, анығында еш нәрсені істей алмай, шағулы заман келгенде қашып жүрсек, елдің қамы деген сөзді айтып не керек. Осы күнде не қылса да оқығанның бәрі де барын салып еңбек қылып, осы өкіметті сендіру керек. Сонымен бүгінгі мекеме атаулыда бос қалып жүрген қазақтардың мұң-мұқтажын орындау керек. Қашып бұғудың ешбір себебі жоқ. Қазақ оқығанының Совет өкіметі үлкен жазығы бар адамдарды да қатарына кіріп пайдалы қызметімді істеймін десе, қумайды. Егер қазақ оқығандары Совет өкіметінің қабағынан қорқып қашса, айтатын сөзіміз осы: оқығанның қайсысы болса да азғантай пайда келтіре аларлығы болса, тезінен қала-қалаға келіп қызметке кіруіне керек. Ел шақырып отыр. Талай-талай пайдалы жұмыстар шешілуін күтіп дайын отыр. Қазақтың қамын жейтін оқыған болса, қашқаны болсын, қашпағаны болсын, қырда бос жүргенінің бәрі де келуі керек. Жоқ, егер де кешегі ананың қатыны маған өш еді, мынаның малшы-қосшысы өкпелі еді деп қашып жүрген болса, олардың жолы болсын, игілікті сол ұзақ жолынан тапсын. Жылы күнде жайлы орында отырып, еріккенінен елге тәтті сөзді сайрап-сайрап, күннің түсі бұзыла бастағанда жылы жаққа ауа жөнелетін жаздың гүлі, қарлығаш тоты болмақ болса, оның жөні бір басқа. Айналып келгенде жақсы жігіттердің көбінің себебі осы болып шығатыны да мәлім. Әйтпесе, қазіргі күнде қалада отырып Совет өкіметімен қызмет қылып отырған кейбір кісілерден жазықты емес сол қашып жүргендер. Бірақ қайтеміз. Дүние дүние болғанда оған жарастық үшін де жаралатын нәрселер бар. Кейбір азаматтар, қарлығаш, тоты болғандар, дүниенің сол кетігін толтырмақ шығар. Ол да болса мақсұт, жолдары болсын.

Мұхтар.

БҮГІНГІ ЗОР МІНДЕТ

Қазіргі күнде үкімет махкамаларының мол шаруаны меңгере алмай, ойындағы көп істерін зерттеп, тәртіпке қоя алмай жатқанына қарап, көп жұрт бұл өкімет өнімді іс істей алмады дейді. Бүлінген шаруа, шашылған дүние әлі күнге бүлінген, шашылған күйінде дейді. Мұның үстіне ел қолындағы мүлкі де күннен-күнге сусып, қолынан шығып бара жатқанын ойлап, жұрт шаруасы шарасынан кеміп, әлсіреп бара жатқанын көріп, мемлекет әлсіздікке айналды, ел сымпыс шолақ кедейлікке түскелі тұр дейді. Енді осы қалыпты ой ойлап, ел қамы, кедей қамы үшін қайғыратын кісілер болса, төмендегі сөзге көңіл бөлсін. Үкімет ісінің ретке түсе алмай тәртіпсіз болып отырғанына махкамалардың басында отырған жаңа адамдардың іспен таныс еместігі қаншалық себеп болса, елдің өз шаруасын өзі жөндеп ала алмай, беріп отырған нәрсеге не бола алмай отырғандығы соншалық кемшілік. Хатта бұ күнгі жалпақ мемлекеттің шаруасы күйзеліп отырғандықтан, ел шаруасына да түсіп отырған ауыртпалықты айтпай тұра тұрайық. Ол — бәріміздің басымыздағы саяси халдің салмағынан туып отырған бір ауыртпалық шығар. Бірақ бұдан басқа да арысы жалпақ елдің, берісі ел ішіндегі көзі қарақты жігіттердің іс істеуін күтіп, иесіз тұрған қызмет көп. Қазіргідей шаруа жүзінде күйзеулік болып, елдің қоғамды көп тілегі орындалуға жол болмай тұрғанда елдің қамын шын жейтін азаматтар мың тілектің бірі орындалатын болса да, соған еңбегін салмаушы ма еді?! Төс табандап тартып, соң да болса жемісін елге жегізем демеуші ме еді? Мінекей сондай тың тілектің жарым-жартысы болғандай, ел өміріне өте қажет істердің бірталайын істеуге осы күнде кең орын, ашық жолдар бар. Бойына азын-аулақ шыдам жиып, аз ғана еңбек қылса, көркейіп кеткелі тұрған істер көп. Ол істердің бірі деп менің айтатыным — оқу жұмысы. Совет һүкіметінің заңынша оқу жұмысы қаншалық бағалы, қадірлі екенін іске араласқан кісінің бәрі де біледі. Бұл жолдағы кеңшілік, дүние аямайтын молшылық, барып бермек болып отырған мырзалық, қай жұртта болса да жеткілікті. Оқу ісіне қазіргі һүкіметтің артық екендігіне барлық жаулары да қол қойған. Ескі үкіметтердің шашпауын көтерген оқытушылар да бұ күнгі оқу жолындағы кемшілікті көріп, әбден риза болып отыр. Жә, оқу ісіне һүкіметтің істеп отырған қызметі, беріп отырған кеңшілігі қайсы? Бұған дәлел — қалың солдат, қалың жұмысшы, аяғы жалпақ кедей елдердің арасындағы қызметтер, бұған дәлел — орыс, қазақ, бай, кедей, жас, кәрінің арасындағы надандықты құртуға істеліп отырған қызметтер (ликвидация безграмотности). Бұл — жалпақ мемлекеттің қолданып отырған ісі. Енді қазақ ішіндегі оқу ісіне келейік. Қазіргі күнде губерниялық оқу бөлімінің жасап отырған жобасы бойынша келесі жазда қазақ ішінен 300-ден аса мектептер салынбақшы. Оқу бөлімдерінің бәрі де осы жоба бойынша жаз шыға осы қызметтеріне кіріспекші. Бұл турада «губкомтруда»37 тиісті көмегін беріп отыр. Салынатын мектептердің әрқайсысына 50 кісіден жұмысшы берілмекші. Оның жұмысына кіріскен кісілер басқа қызметтерге алынбайды. Және де мектептерге керекті ағаш саймандар қазынадан берілмек. Енді болыс ішінен, старшын ішінен мектеп саламыз деген кісілер болса, ел ішінен жұмысшылар дайындап алып, оқу бөлімдерінен керекті көмектерін алады. Міне, осы ретпен қыр ішінен ашылатын мектептердің жұмысы реттеледі. Енді қала ішіне келейік. Бірталай жылдардан бері қарай қазақ оқығандары қалада тұрып бас қосып, елді ағарту жолына қызмет қылар десе де әлі күнге бір қалада қазақ халқына арналып салынған бір мектеп, бір клуб жоқ. Қазақ көшпелілігін қойып, қала болса, мәдениет тез орнар еді дейміз. Сол мәдениет қайтсе орнамақшы? Қазақтың әр жерде отырған жалғыз-жалғыз ауылдарын бір жерге әкеліп құр ғана үй салғанмен мәдениет өзінен-өзі қаулап кетпек пе? Ол да осы оқығанның қызметін керек қылмай ма? Біздің сол күнде қызмет өндіретін қайрат, талабымыз осы күнде неге көрінбейді? Қазақтың келешекте салынатын қалалары осы күнгі Семей губерниясындағы қалалардан үлкен болмайды. Қазағының саны осыдан артық болмайды. Ал біздің осы қалаларда салған бір мектеп, бір клубымыз жоқ. Керек десе, салуға істеген қамымыз да жоқ. Мінеки, қазіргі күнге қолға алатын жұмыстың тағы біреуі — осы. Бұлардың қай-қайсысын болса да сәтті қылып, келістіріп салуына болмаса да, орташа қылып салуға болады. Қай қалада болса да ерте күндегі лавкалар осы күнде керексіз болып бос тұр. Іздеген кісілер қанша мектеп, қанша клубқа болса да сол лавкалардың ағашын алуға болады? Әрине, бұл айтылғандардың бәрі де оқу бөліміне тиіс шығар. Бірақ осының бәрін басқарып, аз уақытта ойындағы ісін істей қою олардың қолынан келмейді. Сондықтан қыр мектебінің турасында қырдағы көзі ашық жігіттер, қандай жерде барлық қызмет басындағы оқығандар оқу бөліміне көмекке келуіне керек. Оқу бөлімінің ойында жоқ істер болса, есіне салып соны басқарудың міндетін өз мойындарына алу керек. Ел ішіндегі мектептерді көбейтіп, жандарынан балалар тұратын үйлер салынса, қалаларда клубтар салынса, ол аз қызмет емес қой. Бұл — бір. Екінші: осы күнде қыр қазағы бұрынғы қаладан алынатын ұсақ нәрселердің бәріне де мұқтаж. Ол нәрселер айтуы ұсақ болса да бүгінгі шаруа жұрттың керектігіне қарағанда, ат-түйеден кем емес. Мәселен қыр елдерінің мұқтаждары: бұл, былғары, ыдыс-аяқ. Бұлардың кейбірін елдің қолдан істеп жүргендері бар. Бірақ не жөнді қылып істерін білмегендіктен, не тез уақытта іс қылып шығара алмағандықтан шаруаның мұқтажын әлі күнге шығара алмай тұр. Кейбір адамдардың әр нәрсені істеймін деген талаптары болса да, оны үйрететін, не қолына сайман тауып беретін кісі жоқ. Мінеки, осындай жұмыстардың ретінде ескеретін бір үлкен іс мынау: Губерниялық уездің шаруа бөлімдерінің жанында қол шаруасын үйрететін (кустарный отдел)38 бөлімдері бар. Оның ішінде бұл тоқу, былғары илеу, шыны ыдыс-аяқ істеуді үйретеді. Түскен жігіттер әбден үйреніп болған соң, қалаған жеріне барып, мастерской39 ашады. Оның қолына керекті машиналарының бәрі де40 беріледі. Міне, егерде осындай шаруа оқуына көп жігіттер түсіп үйренетін болса, бүгінгі мұқтаждықтың күнінде солардың қызметінен пайдалы қызмет бар ма? Және біздің естуімізше, жоғарыдағы айтылған бұл тоқитын, ыдыс-аяқ істейтін машиналарды қолдан істеп алуға да оңай дейді. Бәрінің саймандары ағаш болса керек. Егерде осыларды қырға апарып көрсетсе, талай қазақ өзі істеп алып ыдыс-аяқ(ты) өзі істеп, шекпенін тез тоқып алып отыратын болса, онан артық олжа бар ма. Шекпен тоқитын машина тәуір үйренген кісі ұстаса, күніне бес кез бұл шығарады, ыдыс-аяқ істейтін машина істеушінің қолында боры41 және басқа саймандары болса, күніне қанша шыны, аяқ болса да жасай береді. Қазіргі күнде Семей қаласында сол бөлімге жиырмадан аса жігіттер берілгелі отыр. Енді осы ретпен болыс-болыстың бәрінен жігіттер келуіне керек. Ел ыңғайлы жігіттерін жіберсін. Түбінде әр болыстың адамдары өз болыстарына шығады. Мінеки, осы айтылған екі-үш түрлі істерге күш салып, көңіл бөлсе, талай пайдалы көрікті істер шығаруға болады. Тегінде іс қылуға көңілі бар жігіттердің бұл жұмыстарға ықыласын салу — борышы. Бүгінгі секілді күндердің зор міндеті осылар.

САҚТЫҚ КҮШЕЙІП, КӨРЕГЕНДІК АРТСЫН

Халық фольклоры адам ұрпағына жау болған жауызды жеті басты жалмауыз деген бейнемен суреттеген еді. Ертегі ескілігінің заманындағы адамға қарсы тұрған қараңғы әлемінің барлық сұм, сорақы белгісін бір араға жиған жиынтық-кескін осы болатын. Бұл ең жыртқыш, жауыз, ең нас сұрқия. Осыған ұқсаған екінші бір кескін бар. Ол — шын дүние туындысы. Бұны тапқан зоология ғылымы. Бұл сұмырай "құбыжықты" теңіз кезген кемешілер көріп, атын сегіз аяқ "спрут" деп қойған. Оның өші — адам. Адамға ұмтылғанда қайыс аяқтарын бірі артынан бірін жұмсап кеп, орап алмақ болады. Сол кезде ылай судан, батпақты шыңыраудан сұм жайынның басы шығып, ұстаған затын жемекке ұмтылады. Міні, осындай ылас сұмырайлардың арты әлі күнге арылмаған екен. Бірақ ендігі кескіні ертегі дүниесінде де, зоология дүниесінде де емес, адам ортасында боп отыр. Олар мына бүгін тарих сотының үкімімен қара таңба басылып шыққан сұрқия жаулар. Бұларға, жаңа тарих адамына, герой адамға қарсы тұруға ойлаған спрут туыстас, кейіптестері секілді көп басты дұшпан. Фашизмнің ылас-жауыз, обыр қарнымен астасқан әлденеше құзғын бастың аттары: Троцкий, Пятаковтар, неше түрлі "он," мен "солдар", диверсант контрреволюцияшыл ұлтшылдар. Осы жауыздардың қайыс аяқтары герой адамның тұтасып біте қайнасқан бір денесін, сом денесін шырмамақ болған, ол қара жүзді сұмырай жыртқыштар әділ соттан үкім алып, қырқыса-қырқыла ұрылды, жалмауыздардың қалып қойған әр басын да осындай қып табандап ұрып, тапжылдырмай қиып түсіріп, құртып отыру үшін әлде де мықты сақтық күшейіп, көрегендік арта түссін.

"ЕВГЕНИЙ ОНЕГИННІҢ" ҚАЗАҚШАСЫ ТУРАЛЫ

Поэзияның ірі шығармаларын бір тілден екінші тілге аудару өте қиын екені мәлім. Ал біздің бүгінгі тәжірибені алсақ, ұлт әдебиет үлгілерін орыс тіліне аудару жөнінде көп ақындардың сол аударып отырған шығармасының тілін білмейтіндігі тағы бар. Бұларға жәрдем етеді дерлік подстрочник атаулыны алсақ, оның өзі асыл нұсқаның нағыз соры. Подстрочниктің (сөзбе сөз аударманың) көбі сөз емес, құр көбік, немесе әлдеқандай өзіне біткен нәзік ырғағы, өзгеде жоқ жаңалық ерекшелігі дәл түсуі былай тұрсын, тіпті ақынның қысып, қамти айтқан ой-сезімінің системасы да және көрік-стиль құрылысының ішкі логикасы да дұрыс берілмейді. Тап басып, дөп тиген кезінде өлең жолы қыл өтпестей боп, өте бір жымдасып құрылған жол емес пе? Мұндай жолдың ішіндегі жеке сөз — ән нотасының құр созылып айтылғаны сияқты емес, өзінше бір қалқыған дірілмен айтылған нотасы сияқты болады. Ол сөз бір мағына, бір-ақ ұғымды білдіріп, сонысымен қатып, сілейіп тұрып қалмайды. Түп мағынасынан басқа тағы қосымша ымы, сазы бар сөз болады. Оқушыға түп мағынасынан басқа да елес, әсер беретін сөз болады. Асыл нұсқаның тілін білмейтін аударушы ақынға, оның сезгіштік, қажымастық ынталылығы ғана жәрдем етеді. Жалпы подстрочниктің ішінен Маяковский айтқан бейнетпен: "тонналаған сөз рудасының ішінен радийдің жалғыз грамын" тауып аламын деп іздеу керек. Үйтпесе, аударатын нәрсенің сыртқы түрінен басқа нәрін де, нәзік мәнін де, өзгешелік қасиеттерін де түсінбейді. Әлгі, шолақ ойлы жеңілтек аудармашылардың: "біз ұлт ақынын қолдан жасаймыз" дейтін үр көппе сөзі де осыдан туады. Эпос сарынында жазылған шығарманы сыршыл шығармаға айналдырып, ертегі сиқыршының қамалын істейтін де, сол жазғандарының өзі болады. Бірақ, бір тәуірі, аударушының бәрі мұндай емес. Совет ақындарының ірілерін алсақ, тіпті тілін білмеген шығарманың өзін аударғанда да, нағыз үлкен шебердің қолымен, барлық ынта, бейілімен істегендері үлгі аларлықтай болып отыр. Мысалы, Тихоновтың грузин тілінен жасаған аудармаларында оның асыл нұсқаға қаншалық зерттегіш-ақын қолымен жанасқанын көреміз. Ол ең әуелі өзіне сарыны сәйкес келетін ақынды алды. Подстрочникті біреу жасап бергеннің үстіне өзі де жасап алды. Сол аударатын өлеңін грузин тілінде әр түрлі қып оқытып, үн ырғағына құлағын жаттықтырады. Содан соң аудармасының әрбір қайтармасын грузин сыншыларына оқып беріп, түзеп отырады. Мұндай жол, асыл нұсқаның нәзік қылдарын табуға сенімді басқыш болады. Сонда да, Тихонов аудармасын орыс оқушысы да, грузин оқушысы да мақтап отырса да, ол өз аудармасының бәріне ырза бола бермейді; "1935 жылға шейін аударған бес мың жол өлеңнің ішінен, өзімді толық қанағаттандыратын бес-ақ жүз жол" - дейді. Аударма ісінің осы сияқты жалпы қиындықтарының тұсында, қазір Пушкинді аударып жатқан біздің ақындардың бір тәуір жағдайы бар. Онысы — асыл нұсқаның өз тілін білетіндіктері. Жаман көпір — подстрочник бұларда жоқ. Пушкин өлеңдері бұларға өзінің бар үнімен "шырқап, қалқып" ұғылып тұр. Бірақ осы жағдайда, бұл ақындардан қазақ оқушысының көпті талап етуіне право береді. Ол оқушы біздің ақындарға: "Осы Пушкин аудармасы үстіне, сендер өздеріңнің мәдениеттіліктеріңді көрсетесіңдер, қала берсе таланттарыңның да шама-шарқын көрсетесіңдер" — деді. Тіпті одан да әрі барып:" Сендердің осы еңбектерің зор мұраны біздің қалайша баурағанымызды білдіретіндіктен, Қазақстандағы әдебиет қозғалысы Одақтың өзге елдерімен салысқанда, қаншалық пісіп толғанын білдіреді. Бұл істің пісіп толғандығына, мәдениеттілігіне де сын-экзамен болады" — деп те айта алады. Біздің алдымызда тұрған міндеттің қиыншылығы да, қасиеті де осы арада. Бұл міндетті, теория жүзінде, біздің ақындар барынша толық түсінеді. Сан жағынан қарағанда жалған аударма да аз емес. Юбилей күніне қазақ тілінде Пушкиннің "Онегин" бастаған, барлық ірі поэмалары, жеке ірі өлеңдері және әңгімелері де шығады. Ал енді сапа жағынан алсақ, осы аудармалардың бір қыдыруында асығыстық ізі бар. Табандап, тырысып отырып ізденудің орнына әр себепті сылтау етіп, ауырдың үсті, жеңілдің астынан кеткендік белгісі бар. Сол себепті кей жерде Пушкиннің өлең өлшеуі жойылып, расында қазаққа ұғымдырақ болатын, он бір буынды, төрт жолды өлең орын теуіп алғаны бар. Бірақ, жол ұзарғандықтан, амалсыздан, аудармашы өз жанынан әр жолға кейде демеу сөз, кейде одан да ары аттасып, тіпті тұтас сөз де тіркеп жібереді. "Кавказ тұтқынын" аударған Тайыр жолдас осыны істеген. Ал " Руслан мен Людмиланы" аударушы Әбділда, асыл нұсқаның өлшеуін сақтап, ұйқасын да дәлге жақын келтіріп, жалпы өлеңін күйлі қып шығарумен қатар, кей жолдардан Пушкин сезін қалдырып қойған. Нәтижеде: кемшін соққан, өңі қашқан, асыл нұсқаға барабар келмейтін кем-кем жолдар болады. Бірақ бұл аудармалардың бәрі бірдей осындай емес. Мысалы, Ілияс аударған "Евгений Онегинді" алсақ, оның зор ынта бейілімен зерттеуші ақын боп ізденгенін көреміз. Романның өзін, түсіндіргіштерін, бұрынғы зерттеушілерін оқып, аудару үстінде Ілияс алты ай отырды. Сүйтіп іздеу арқылы ол Пушкин материалын барынша жете танып, біліп отыр. Ілиястың осы ісінің өр кезеңін көргендіктен мен қазір Пушкин романының ішінде ол түсінбеген бірде-бір сөз жоқ деп айта аламын. Ол роман ішіндегі толып жатқан адам аттарының неге кіргізілгенін және Пушкиндегі шет жайыла сөйлейтін көп тарамдардың неліктен болатынын тегіс зерттеп, шешіп алған. Мұндай бұлтарыстар романда аса көп. Және әр адам, жаңағыдай әр тарамның артында тұрған жалпы тарих, мәдениет тарихы, немесе оңай ұғыла қоймайтын тұспалмен айтылған дәуір белгілері қаншалық? Осыны ұғынып алумен қатар, Ілияс әуелі романның бір үзіндісін әр түрлі үлгімен аударып көрді. Бірақ мынандай істі тарихи зор міндет деп түсінудің өзі, оған Пушкинді дұрыс әдіспен аударудың негізгі дұрыс жолын таптырды. Ол әдіс асыл нұсқаның өз стилін, өз түрін бұлжытпай түсіру әдісі болды. Сонымен, "Евгений Онегин" Пушкиннің әзіндегі 14 жолдық шумақпен, өз ұйқасы, өз өлшеуімен және әр жолдың мағына тұспалын өз қалпында беретін, тіл образын да қазақша төлеу салмай, өз айтуынша аударып беретін үлгімен істеледі. Шынында, бұл шығарманы да көптің көзі үйренген, дағдылы он бір буын, төрт жолмен аударуға болар еді. Онда аударушы да қазақылау жағын басымдатып, асыл нұсқаның нобайын ғана беріп, өзі де жеңіл жортып отырар еді. Бірақ Ілияс бұл жолға түспеді. Сонысы дұрыс болды. Пушкин поэзиясына қазақтың "тон-тымағын кигізіп" жеңілдетем деу, оны арзандатып, әлсіретіп жіберетін жол болар еді. Ал мына әдісі табандап ізденіп, бата қимыл істеген жаңалық әдісі боп отыр. Бұл әдіс — қазақтың жас мәдениетінің бүгінгі күйін алғанда негізгі — тарихи зор мәні бар дұрыс әдіс болады. Анығында біз қазір көркемөнер мен әдебиеттің дүниелік ірі өлтірілерін алғанда, өз оқушымыздың әзірлігі аз боп тұрған күйіне қарай бейімдеп, жонып, мінеп, кішірейтіп, әлсіретіп алуымыз керек емес. Қайта сол оқушымыздың өзін көтеріп, өсіріп, анау мұраны барлық ұлы тұлғасымен тұтас түсінетін сатыға апаруымыз керек. Олай болса, Пушкин де қазақ әдебиетіне дәл Пушкин қалпымен өңін өзгертпей кіруі керек. Өзіне біткен ерекшелігімен, бұл күнге шейін қазақ оқушысы көрмеген тереңдігін толық көрсетіп, жаңа серпіні зор мол бір арнадай боп өз түрін, өз стилін ала кіруі керек. Одақтың грузин, армян, украин сияқты мәдениетті елдерін алсақ, барлығы да ұлы ақынды осылайша, өз түрін, өз стилін бұлжытпай аударып отыр. Осындайлық жалпы жөннен туатын дұрыс әдісті біздің жұртшылық қабылдауға тиіс. Көпшілік шынында да жақсы қабылдаған сияқты. Бірақ сонымен қатар, бұл аударманы ұғымсыздау дейтін бірен-саран адамдар да бар. Олар кей-кей кезде қазақшасын ойша орысша аударып барып қана түсінеміз дейді. Ал тағы біраз адамдар "бүгінгі қазақ поэзиясында мұндай шумақ, мұндай ұйқастар жоқ болғандықтан, қазақ оқушысының көпшілігіне тосаң тиетін ерекшеліктерді онша тереңдетіп алмау керек еді, қазақтың өзіне мәлім түрден ұзамау керек еді" дегендейді айтады. Бұл пікірлерді ол кісілер романның әзірше жарияланған бірінші тарауына қарап айтады. Ол тарау түсіндіргіш сөздерді тілеуші еді. Түсіндірме сөз көп болмағандай "Евгений Онегиннің" бірінші тарауын ұғыну аса қиын. Қазақ оқушысының көпшілігіне ол бір ауыр жұмбақ, қиын шың болуында дау жоқ. Жалғыз қазақ оқушысы емес-ау, тіпті орыс оқушысының орта буынына да оп-оңай емес. Бұл тарауда романың уақиға түйіндері, әңгімелік жағы айқынданып таралмайды. Оның үстіне кеп шумақтары көлденең жайларды баян етіп, уақиғаға қатынаспайтын кісі аттары да мол араласып отырады. Және әр кісінің тұсында ақын тілімен келте қайырылып айтылған сындар, ымдар, тұспалар да көп. Қазақ оқушысы не шала білетін, не тіпті білмейтін осы сияқты фактылар мен көп зат нәрселер бірінші тараудың әр шумағынан табылады. Әзірлігі жоқ оқушыға, мысалы, 18 шумақты алып осыдан не түсіндің десек, не айта алар еді? Ондағы аттары аталатын Фонвизин, Княжнин, Озеров, Катенин, Шаховскойлер арқылы және артистка Семенова, не биші Дюпло арқылы ~ Пушкин өз уағындағы театр, драматургия және балет өнерінің суретін беріп отырғанын түсіне қою оңай ма? Ал 49-шумақтағы:

Адриатик толқындары,
О, Брента, көзім салам,
Толғанамын, толық тағы
Сиқырлы үнің жетті маған!

Үн ардақты ақын ұлға
Альбионның өр жырында
Маған таныс, маған жақын
Жүздім сырлы гондолада,

Петрарконың ғашық тілін
Сол сұлумен жаттап жүрдім...—

деген сөздерінің арғы сырын екінің бірі түсіне қояр ма екен? Осының ішіндегі атаулары және солардың кірген себептерін "Орысша тілді жақсы білем, романды орыс тілінен оқып түсінем" деген қазақ оқушысының бәрі біле қойды ма екен? Аударманы жете қарамай, ойланып, үстірт мінейтін сыншының көбі осы жолдастар ғой. Олар: "Орысшаны түсінеміз, ал қазақшасы бізге оншалық ұғымды емес" дегендей қылады. Дәл солай ғана ма екен? Бұл тұста орысшаны түсінбеймін деуге арланып, өзіне өзі жалған айтып қазақшаны түсінбеймін деумен орынсыз мезетсің отыратын құрғақ пандық жоқ па екен? Біз кей-кейде сол да бола ма деп шүбәланамыз. Рас, бұл жерде адам таппастық, миға қонбастық сырдың жөн екені де рас. Бірақ, әйтсе де романды ғылым жолымен терең бойлап оқымағандықтан (ал "Евгений Онегинді" солайша оқымай болмайды) ол кісілер бұл арадағы бірталай нәзік жайларды білмейді. Бұл шумақтың ішкі сырына бойлап көрсек: Альбион дегені Англия ("биік арал" деген), "өр" деген сөзді бұл арада Пушкин, Байрон поэзиясы туралы айтады. Айтқанда, Байронның "Чайльд Гарольдының" төртінші тарауын есіне алып, сонда Англия ақыны — Италияның Бранта өзенінің бойындағы түн көрінісін суреттеп отырып, сол Италияның атақты ақыны Петрарканы сөз қылғанын есіне алып сөйлейді. Бұл шумақты мен ең қиынын тандап алайын дегендіктен алып отырғам жоқ. Көп мысалдың бірі есебіне ғана алып отырмын. Дәлін айтсақ, бірінші тараудың талай шумақтары осы тәрізді. Бірақ асықпай ойланып, жөнін байқап отырсақ, сол сырт көзге ұғымсыз болар деген шумақтардың талайы Ілияс аудармасында, бір жағынан асыл нұсқаға барабар түсіп, екіншіден, қазақшылық жағынан да көрікті де, келісті де боп, әдемі қиысып отырады.

Мысалы:

Театр толы: жайнап ложа; Кресло партер қайнап тегіс; Жоғарғы жақ шулап қозды, Перде ашылып, шықты дыбыс. Бейне бұлт, етіп жалт-жұлт, Мәжілісті құрмет қылып, Ньюмина тобы қоршауында Түр сахнада Истомина. Бір аяқпен жерде жылжып, Бір аяқпен айналар жай, Еволь үрген мамығындай: Бірде ұшып, бірде ырғып, Бір бүгіліп, бір жазылып Аяқты аяқ қағып лып-лып...— деген аудармада қандай мін бар? Бірақ мұнда Ньюмина, Еволь, Истомина сияқты, немесе көпшілік ұға қоймайтын, "партер", "ложа" сияқты аттар да бар. Ал аударушы ақынға бұл жөнінде не бұйрық етесіз? Өлең жолының ішінде "Ньюмина" пәлен, "Еволь" түген десін бе? Әлде, басты қатырмай, біз білмейтін аттың бәрін өлең ішінен айдап таста дейміз бе? Біздің кейбір аудармашыларымызда ол да болып еді-ау. Бірақ енді олай демек, онда тіпті аш құлақтан тыныш құлақ, "Евгений Онегинді" қазақшалағанды қояйық. Үйткені, осы жаңағылар сияқты бүгінгі аударушы мен біздің бүгінгі оқушыны біраз қинайтын өзгешелік, ерекшеліктері болмаса, "Евгений Онегиннің" барлық, шыңыраудай терең мәні де, сегіз қырлы сыры да өшіп, семіп қалады. Шынында, осындай жайларын ойлап қарасақ, бірінші тараудың мәні аса зор. Тіпті романды мәңгілік шығарманың дәрежесіне көтерген де осы тарау емес пе екен деген ой келеді. Біраз ой жіберіп, роман мәнін суреттеп түсініп, Онегиннің өзі романның кейінгі тарауларында бұтақтап, жапырақтайтын ағаш деп салыстырсақ, мына бірінші тарау сол ағашты тудырып, өсірген анайы топырақ есепті болады. Сол өзі шыққан төркін топырағы ғана, өзге емес, дәл осы мүсінді ағашты тудырып отыр. Ал, бірінші тарауда сол топырақтың физико-химиялық сипаттары көрсетіліп кеп, жаңағы ағаштың биологиялық, табиғаттық жағынан қалайша қалыптанған тарихы айтылады. Сол тұлғалы ағашымыз Онегиннің психо-физиологиялық мүсіні боп шығады. Абайдың бір қателескен жері бірінші тараудың осы мәнін жете қарамаған. Егер терең бойлап, Онегин образының логикасын түсініп, тамыр-түбірін абайласа, аудармасының аяғында оған мылтық ұсынып "енді өзіңді өзің өлтіруің-ақ қалды" деп дәмеленбес еді. Дана ақынның ұлы романының сын-сипаты осындай. Ол күйінен қайда қашсаң құтылмайсың. Құтылу үшін жеңілейтін, жұқартам десең, кешілмес қаталық істер едің. "Пушкинді - Пушкин ете аударамын" деп дұрыс бағыт алған Ілияс, осы міндетін көп жағынан көңілдегідей адал қылу арқылы, бүгін таңда зор мәні бар, тарихи мәдени еңбек сіңіріп отыр. Аударманың жоғарыда саналған қасиеттерінен басқа тағы бір ащы өткірлігін де әдемі келтірген. Ал Пушкиннің қай дәуір, қай буынның болса да, ақын атаулысына үлгі, өнеге болатын іші терең, сырты оңай, келте қайырғыштық кестесі де аудармада сезіліп отырады. Пушкин романының басындағы "Арнау сөзде":

Достым, осы-ақ келген қолдан:
Шала сықақ, шала мұңнан,
Ел өзінен, ұлы арманнан
Жас жемісім, жұбанудан,

Таң күзеттен толғанудан,
Өспеуімнен, өшкен жылдан,
Күйген көңіл түйген сырдан

— Ала-құла жазылған сөз,

Құмарлана қолыңды сөз... — деп бір екшеп тастайды. Осы жолдарда романның бар мән-жайы туралы тұжырымды түрде түсінік берумен қатар, өзінің де ой-сезімін, сан толғауын құлақ күй етеді. Шерменде ойшының мұңлы, күңгірт жан жарасын сездіреді. Ал осындай мазмұнын еске ала отырып қарасақ, мына аудармадан да сондай толғақ шын сезіліп тұрған жоқ па? Қазақ тілінде осындай аз сөздің бойына, тар жердің көлеміне осыншалық телегей толқын ой-сезімді сыйғызған өлең көріп пе едік? Көргеміз жоқ, Үйткені ол Пушкиннен ғана шыққан. Бір ерекше қасиеті — осындай келтелігінде. Сонысының өзі үлгі болсын, біздің ақындарды да осындай терең мағыналы үнемшілдікке баулысын деп, Ілияс әдейі, барынша келте қайырып аударады. Бірақ осындай қайырымдар, жоғарыда айтылған қазаққа таныс емес ат, заттардың тұсында түсіндірмелер аз жазылған уақытта, кейбір түсініспегендікті туғызады. Ал түсініспеудің кінәсі аудармада емес, біздің өзімізде. Аударманың да бүгінгі тұрған қалпын алсақ, күдік туғызатын екі-ақ ірі мәселе бар. Мұның біріншісі — оқта-текте ұйқастың тап түсе қоймайтындығы. Қазақ оқушысына атымен жаңалық болатын шумақ пен ұйқасты алған соң, өлең аяғының ұйқастары босаң болмай нық-нық, дік-дік түсіп отыруы қажет. Оқушы сол жаңа түрдің өлеңі де күйдей күңіреніп тұра алмайтынын сезсін. Ал қазірде кей жолының буыны асып, шұбалаң тартып қап, кейде ұйқас та жетіңкіремей қап отырады. Бұдан соңғы, әсіресе күдікті екінші кемшілік — аударманың сөздігі (словарь), ақындық сөздігі туралы. Қазақ тілінің ескі, жаңа қорының бәрін жете білетін Ілияс, осы қорлардың өзін ғана қолданумен қанағаттанады да, Пушкин тілінің бір зор ерекшелігін бәсең қалдырады. Пушкин дәуіріндегі әдебиет тілінің сол дәуірмен байланысты бір бояуы дін, шіркеу сөзінің көп араласатындығы емес пе еді? Ал аудармада романның тілі кей-кейде біздің дәл бүгінгі әдебиетіміздің тілі боп қалады. Қазақтың әдеби тіліне сіңісті боп кеткен ескі кітап тілін (кейбір араб, парсы сөздерін) осы аудармаға кіргізуден Ілияс әдейі қашса да, бекер қашқан. "Мәдениет", "Әдебиет", "Мектеп" сияқты, немесе Абай шығармалары арқылы біз күнде оқып, құлағымыз жаттыққан: ләззат, шафқат, ғиззат сияқты кітап, дін сөздері бар емес пе? Пушкиндегі шіркеу — дін сөздерін осындайлардан төлеу салып отырса, аударма тілі — дәуірдің бүгінгі емес, өткен бір шақ екенін сездіргендей болар еді. Уақыттың тарих қабаттарының өткен кезіне қарай сырғып барып тұрған алыстығын сезінер едік. Осындай жағынан қарасақ, мысалы, Пушкиннің "Коварный искуситель" - нің орнына "Сайтанбысы" десек, әлсіз де, кемшін де соғады. Ал бұл орынға біздің бүгінгі әдебиет тілімізде сирек көрінетін, бірақ қазақ білетін "әзәзіл", "ібілісті" алсақ, әлдеқайда қонымды болар еді. Рас, әрине, бұл жайды "Гамлетті" өзбек тіліне аударам деп, Шекспирді біржолата арабшалатып қойған өзбек ақынының оғат тәжірибесіне ұқсатпау керек. Өзбектің әдебиет тіліндегі араб, парсы біздікіндей емес. Оларда, бүгінгі әдебиет тілін кей-кейде жаргонға ұқсатып жіберетін араб, парсы аламыштарынан құтылу - зор мәні бар шетін мәселе. Ал бізде, қазақша төлеуі болмаған жерде, өзі бар қазаққа мәлім сөз болғанда және арнаулы бояу ретінде қажет болғанда өлшеуін біліп, мөлшермен қолдану — оншалық құбыжық болмас еді дейміз. Абайдың Пушкин мен Лермонтовтан жасаған аудармаларының ерекше зор қасиеті — әсіресе асыл нұсқаның өз тіліне тең түсіп отыратын сөздігінде. Жаңағы ақындарды аударғанда Абай да жаңа түр іздеп, өзінше соны тауып та алған. Шалыс ұйқас деген ұйқасты Татьяна хатын аудара бастағанда Пушкиннен алып, соны қазақ поэзиясына енгізді. Ол аналардың жол өлшеуін, өзі айтқандай, "Уәзімін" де сақтаған. Бірақ, сонымен қатар Абайдың шын қуаты — бояуы айқын, қыры мен сыры терең тілінде, сөздігінде жатыр. Өзге жағының бәрін алғанда, Ілиястың ұстаған жолы - шексіз дұрыс жол. Ендігі міндеті, осы сияқты мәдениетті әдісін шынымен аяқтап шығу үшін әлі де осы бетінен тереңдетіп, толықтыра түсуі керек. Ал қазақ оқушысының сауатты жағына аздап, оларға оқу мен оқу тең емес дегенді ескерту керек. "Евгений Онегин", "Фауст", "Гамлет" сияқты алуаны бөлек шығармалар, қызық романша, я батыр жырынша желе текірекпен оқылмайды. Сонымен қатар көпшілік оқушыны алсақ, оған "Евгений Онегинді" дұрыс ұғынып түсінуі жөнінде біз жәрдем етуге міндеттіміз. Бұл романның әрбір қазақша баспасына орыс тілінде берілетін қалпынан сонағұрлым мол түсіндірме сөздіктер басып отыру керек. Және басқа аударма емес, дәл осы аударманы алып отырып, көпшілікке талай лекциялар оқып, беседалар жасап, романның өзін оқып беріп отыруымыз қажет. Осы ретте тағы бір ойласатын нәрсе, "Евгений Онегиннің" көпшілікке арналған баспасын шығарғанда, осы аударманың ішінен біраз тарауларды қысқартып, әңгіменің өзін ғана тұжырымды қып беретін, қысқа вариант шығаруға да болмас па екен?

АЛҒАШҚЫ ӘСЕР

"Ер Тарғын" туралы айтылатын сөз аз емес. Көмекші, жолдастық сынның терең бойлап, кеңінен алып, көсіле сөйлейтін бір үлкен кезеңіне жеткен сияқтымыз. Күннен-күнге қадірі артып, шыны көркем театр боп, өрлеп келе жатқан қазақ опера театры мынау соңғы еңбегімен тағы да бір рет құлаш ұра, жарқ еткендей болды. Ізденгіш, тапқырлық серпінімен ырза қыла, қуанта әсер етті. Бүгін алғаш көрген, бір-ақ рет көрген қалыпта барлық үлкенді-кішілі мәселелерді таратып, талдай сөйлеу қиын. Сондықтан қазір ең алғашқы жалпы әсерді айтамыз. Осы реттен қарағанда, "Тарғын" операсында, ең алдымен, барлық үлкен бұйымдарының (бұған кіретіндер: пьесаның мазмұны, режиссердің басшылығы, актер ойыны және композитор, суретші, би басқарушының ісі сияқты негізгі элементтерінің) барлығы әдемі боп туысып, үйлесіп, біте қайнасқан тұтастықпен шыққан сияқты. Барлық операны бір мол мүсінді көркем шығармаға айналдырып тұрған айқын стиль бар. Бұрынғы нәрселерде жаңағы бұйымдардың кей-кейде әрқайсысы әр сайды өрлегендей бытыраңдылық сезіліп қалып отырушы еді. Мынау, олармен салыстырғанда, әрі ірі де, әрі жаңағыдай тұп-тұтас шыққан. Бұл жөніндегі зор еңбек — режиссер Құрманбектің еңбегі. Ізденгіш, өнерлі, сапа тапқыш еңбек. Құттықтарлық еңбек. Осындай мағыналы, ойшыл басшылықтың сахнаға жарқырап шыққан белгісі актерлер ойыны, бишілер биі, суретші ісі, композитор қаракеті болды. Талантты жас жазушы Сағыр жазған "Тарғын" пьесасы негізгі рольдер жағынан, оқиға-тартыс жағынан қарағанда артистерге өте қызықты материалдар берген екен. Әсіресе Күләшқа - Ақжүніске келгенде бұрын қазақ әдебиеті, қазақ сахнасы көрмеген жолбарыс түлғалы, құбылмалы, сайқал, сегіз қырлы мүсінді көрдік. Күләш бұл рольде өзіне де, өзгеге де соншалық жат, жаңа рольде тақырлаған алмастай төңкеріле құбылды. Барлық мінез қылығының өрі мен ылдиы, күңгейі мен теріскейі көрушіге мастерлік әнінен де, әсіресе жарқ-жұрқ еткен ойынынан да өте әдемі көрініп отырды. Тарғын — Қанабек те өз ролін ірі ғып, әсерлі ғып келістіре атқарды. Шынында Қанабектің шын үлкен актер екенін музыка театрының сахнасында алғаш айқын танытқан рөлі осы сияқты. Тананы ойнаған Қапиза ойын жағынан жақсы болғанмен, дәл дауыс жағынан Тана образына көп үйлесе қоймайтын сияқты. Бұл партияның үні лирикалы сопрано ғой. Капизаның дауысы ол емес. Жалпы алғанда көрнекті рольдердегі артистердің бәрінің ойыны да операның үлкен арқауын әлсіретпей, жақсы күшейтіп жүріп отыратын сияқты. Мысалы, Манарбек — Сақан, әсіресе, Ана — Шара, Қарт Қожақ — Бісмілда өз орындарында, лайықты, қонымды боп шықты. Бірақ осылардың қатарына іліне алмай, әсіресе, айқын түрде кемшін тұрған екі-үш кісі бар. Олар - Қапан және соның жігіті, онан соң әсіресе Сыпыра жырау. Бұл сексен бестемін деген сезін өзі сезбейді. Сақалы болмаса баладай ойнақы, салмақты мінез де жоқ. Бұл операның билері әдемі. Әсіресе Шараның жеке билерінің орындалуы шын көркем, шебер өнердің бір әдемі тамылжыған, өте жарастықты кестелері сияқты шықты. Осындай әзірше, қысқаша айтқан алғашқы әсерлердің ішінде тағы бір қатты риза қылатын еңбек — суретші еңбегі. Маумов жолдас бұл операда ерекше көркем декорациялар жасаумен бірге барлық киім-кесте үлгілерін де аса қонымды ғып белгілеген. Ал енді операның ең зор түйінді мәселесі — композитор еңбегін айтайық. Операда, әрине, дауыспен айтылатын жерлердің барлығын ел әніне құрған Брусиловский жолдастың аса қымбат бір ісі — би атаулының көпшілігін де қазақтың белгілі ән, белгілі күй ырғақтарына құрғандығы. Бұл операда композитор халық ән-күйіне бұрынғыдан да көп тереңдеп, көп сүйенемін деген негізгі дұрыс бағытқа беттеп, сол халық музыкасының арқау, бояуын әлсіретпеген де бұзбаған. Өзінен қосылған алмаймын. Жалғыз-ақ композитор ісінен алған жалпы жақсы әсердің ішінде әзірше көңілге күдік келтіріп тұрған бірер жайы бар. Ол — ән атаулының көпшілігі бүгін жұрттың бәрі айтып жүрген, аса мәлім әндер болуында. Рас, бұл — тарихи жағынан кеңірек көп ойлап, көп талқылайтын мәселе. Бірақ, сонда да суретші ізденіп отырып тарихтағы Қырым-Еділ хандарының декорациясын береді, костюм, бояуларын береді. Биші де өз бабында соны істейді. Пьеса мазмұны, актер ойыны, жалпы режиссер басшылығы бұл оқиғаны XV— XVІ ғасырдың маңайы тып көрсетеді. Ал, біздің өннің бірқыдыруы бүгін тым мәлім боп жүрген әндер. Әрине, өннің сол ескі күнде шыққанын тап деп шарт қою қиын. Осы бүгін мәлім әннің өзінің де талайы сол ескі күндердің алыс сарынынан желі тартып келе жатуы мүмкін. Бірақ, солай десек те, дәл осы "Тарғынның" қазір кей жерінде қолданған әдіс бойынша ескі күйлерді әнге айналдыра пайдаланып байқау, сол тәжірибені молайта түсу пайда болмас па еді. Бүгін көпшілік айтып жүрген кейбір әндердің орнына сондай өрнектер түссе, іздену де, жаңалықта молырақ сезілмес пе еді? Сонда анау сарай, анау мінез, салттар, тарихи дәуірлер ән-күйден де өз бояуын, өз шешуін табыңқырай түспес пе еді? Бірақ, бұл мәселе, әрине, кеңінен қаралып, толығырақ талқылауды керек ететін қиын да, даулы да мәселе. Ол тақырыпқа кейін де соғармыз. Осы жағы болмаса, көп өндер, әсіресе, Күләш, Қанабек, Манарбек айтуында драмалық мағынасы зор, өте әсерлі, өте күшті боп шығып отырды. Үлкен істің, ірі табыстың үстінде болған үстіне бола түссе екен дейтін тілек-талап табиғи нәрсе. Осы жағынан қарағанда дәл соңғы сахнадағы көпшілік әзір шикілеу сияқты. Театрдың жаңа келген адамдарының ішінде әзірше сахнада жүріп-тұруды жете үйренбегендігі байқалып қалып отырады. Әсіресе, сол әйелдер жағында көп. Сол себепті дәл соңғы сахнаның динамикасы, әсіресе көпшілікке сүйенетін драмалық түйіндері сәл солғындау сияқты. Оқиға қат-қабатының тұсындағы қозғалыс, әбігердің көбі операдағыдай зілді, мағыналы ырғақтармен шешілмейді. Кейде асығыстық, кейде көркемдігі аз ұйқы-тұйқылық молайып кететін сияқты. Тағы бір байқаған хал, жалпы опера әзірше біраз созалаңдау, ұзындау сияқты. Осы ретте үшінші актының бірінші суретін біраз қысқарта түсіп, оның есебіне оқиғалық түйінін сығымдап, иін қандыра түссе, теріс болмас еді. Мұның бәрі - көрікті операдан алған алғашқы әсердің қысқаша айтылған нобайлары. Жалпы алғанда, "Ер Тарғын" операсымен біздің театр коллективі тарихи декададан соңғы күткен үмітті шын ақтады. Өсудің тағы бір зор сатысына қарай ырғымақ боп талап етіп еді: Күләш, Құрманбек, Қанабектер бастаған көрнекті топ қанатты әдемі қақты. Мұны шын табыс деп қуанамыз да, театр коллективін, театр басшылығын құттықтаймыз. Алған әсер театрға қызықты материал әзірлеп беруді зор бір қадірлі міндеттей еске салды.

СЕРГО - ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ ДОСЫ

Отанымыздың ең жақсы ұлының бірі Серго Орджоникидзенің қайтыс болғанына қайғылы митингіге жиналған жазушылар революцияның жалынды батыры, Ленин мен Сталиннің берік жолдасы, ауыр өнерлі кәсіптің командармы, Политбюроның мүшесі - социализм негізін құрушы көрнекті басшының бірі Григорий Константинович Орджоникидзе ортамыздан кеткеніне қатты қайғырады. Біздің партиямызда Сергоның рөлі өлшеусіз зор, ол ешқашан Ленин жолынан, Ленин туынан бұрылған жоқ, ол халықтың дұшпаны троцкийшілдерді, ұлтшылдарды, оңшыл оппортунистерді, біздің социалдық Отанымыздың беріктігіне арам қолдарын сұққысы келгендерді қиратқан большевизмнің алмас құралы еді. Ол жас күнінен өмірінің ақырғы күніне дейін коммунистің кіршіксіз таза (идеальный) образы болды. Ол революцияның айбатты бүркіті еді, оның аты — большевиктің творчестволық қайраты қайнаған Кавказ селендеріне, Совет астанасына, шет тайгада, қиыр терістіктегі Арктикада даңқты ат. Орджоникидзе өзінің бүкіл өмірін, жалынды ұлы жүрегін ауыр өнерлі кәсіп өндірісін, Отан қорғау өндірісін орнату ісіне жұмсады. Оның творчестволық ұлы істері мәңгі есімізде болады. Социалдық Қазақстанды құру тарихында да Сергоның рөлі ұмытылмайды. Ол қараңғы Қазақстан даласында ауыр индустрия құрды, өнерлі кәсіп кадрларын дайындауға көмектесті. Біз, Қазақстан жазушылары, партияның, бүкіл совет халқының қайғысына қосыламыз, революцияның кайтпас солдаты, социализмнің жалынды трибуны Сергоше жабып істеуге серт етеміз. Біздің міндетіміз — шығармаларымызда Сергоның ұмытылмас образын беру. Сергоның коммунизм орнату үшін күрес үлгісі Отанымыздың ардағы адамдарына күш береді. М.Әуезов, M.Қаратаев, Қ.Жұбанов, Ө. Тұрманжанов, П.Кузнецов, М.Алтайский, т.б.

ҚАЗАҚ САХНАСЫНДАҒЫ АУДАРМА ПЬЕСАЛАР

Бұл жөнде сөз қылатынымыз Қазақстанның мемлекеттік драма театрының ғана тәжірибесі. Өйткені біздің облыстық, аудандық театрларымыз әзір аударма пьесаларды қоюға кірісе алмай келеді. Мемлекеттік драма театрының аударма пьесаларды қоюға ең алғаш дұрыстап кірісе бастаған уақыты 1932—33 жылдардан басталады. 1932 жылдың көктемінде режиссер Танеевтің басқаруымен "Сүңгуір қайық" қойылды. 1933 жылдың басында драма театрының көрнекті режиссері, қазірде еңбегі сіңген артистің атын алып отырған Насонов жолдас "Астық" пьесасын қойды. Содан бері қарай Насонов "Досымды", "Жойқын князь Мстиславты" қойды. Өткен 1936 жылы драма театрына ірі білімді, тәжірибелі, талантты режиссер, қазіргі халық артисі Боров жолдас келісімен "Ақсүйектер" қойылып еді. Биыл "Ревизорды" қойып беріп отыр. Осы тәжірибелер мемлекеттік драма театрының бұл саладағы алға қарай беттеген даңғыл жолын белгілеп берді. Жақын заманда біздің театр классиктен Шекспирді, жаңа пьесадан биыл Октябрьдің 20 жылдығына арналып шығатын пьесаның бірін қоймақ. Келесі сезонда осы сияқты екі түрлі аударма пьеса біздің сахнаға шығатыны анық. Шекспирден алынатын пьесаның аты, әзірше дәлдеп белгіленбегенмен, не "Отелло" немесе "Ромео-Джульетта" екеуінің бірі болатыны анық. Театрдың басшылығы бұл жөнде өзінің әзірлігін істеп отыр. Аударушыға қойылған шарт бойынша Шекспирдің пьесасы ағылшын тілінен аударылады. Орыс тілінен жасалған аудармалар, жай қосымша мағлұмат есебінде ғана пайдаланылады. Міне, соңғы жылдарда Қазақстанда Мәдениет революциясының ұлы өріске басып өркендеуінің ішінде мемлекеттік драма театрының дамуы көрнекті ірі бөлегінің бірі болса, сол дамудың бір өлшеуіші осы аудармалар. Бірақ драма театрының он жылдық тарихын шолып өтсек, аударма пьесаны қою жалғыз 1932 жылдан ғана басталмайды. Ерте кезде де бірен-саран пьесаны қойып көргені бар. Гогольдің "Үйлену" деген пьесасын, Пушкиннің "Сараң серісін" де қойып көрген. Бірақ бұл пьесаларды актерлер тіленіп қойғызғанмен, театрдың ол кездегі басшылығы әрі білімсіз надан болып, өрі әсіресе ұлтшылдық дертімен ылаңданып, қыңыратқып жүріп, анау классик пьесалардың қадір-қасиетін түсінбеген, бағаламаған. Соның салдарынан классик пьесаларды қазақ халқына нәрлі етіп көрсетуді ойламай, құнсыз, ажарсыз етіп көрсеткен. Осымен қазақ театрының сахнасында аударма пьесаның болуына мүмкіндік бермей, қайта жақсы пьесалардың құнын кетіріп, зиянды әрекет еткен. Көпшілікті аударма пьесалардан түңілткендей істер істеген. Сондықтан да, мәдениетті режиссер келіп жаңа пьесаны дұрыстап қойғанша, бірнеше жыл бойына драма театры аударма пьесаларға жанаса алмай, қол үзіп қалған. Ал енді аударма пьесаларды жалпы алғанда, біздің театрдың коллективі үшін, және жалпы жаңа жұртшылығымыз үшін қандай тарихи ірі қасиеттері бар? Мұндай, басы ашық тұрған екі үлкен жайды айту керек. Бірінші — совет драматургиясының алдыңғы қатарлы пьесаларын қою арқылы драма театры интернационалдық тәрбиені күшейтеді. Көпшілікке совет мәдениетінің табыстарын танытып, ұғымды, қонымды етіп танытып, сол мәдениетті сүюге, "өз тәнім" деп тануға баулиды. Совет пьесасы мен сол пьесаның образдарын қазақ жұртшылығы "жалпы социалистік, интернационалдық қазынам, және сол себепті өз пьесам, өз образдарым" деп таниды. Қазақ тіліндегі жас әдебиетімізбен саны аз ғана оригиналдарымызда жаңа тарихтың геройлары әзірше жарым-жартылап қана көрсетілсе, жалпы совет драматургиясында олар көлемдірек, кеңірек боп алуан-алуан саладан көрінеді. Партия мен совет құрылысының үлкен адамдарын болсын, немесе сүңгуірлер, ұшқыштар, қызыл әскерлер геройларын болсын — барлығын да жалпы совет қорынан көбірек табамыз. Осыларды қазақ артисінің ойнап бере алуы, театрдың мәдениетті түрде қоя білуі, бір жағынан біздегі мәдениет фронтының дамуын көрсетеді. Екінші жағынан драма театры көпшілікке, төңкерісші реалист театрдың беретін үлгі, нәрін береді, тәрбие береді. Бұл пьесалардың зор қасиеті қазақ актерін жалғыз қазақ пьесасының көлемінде қалдырмай, сол актер типінің өзін де өзгерте, өсіреді. Қазақ актерін советтің интернационалдық мүсіні бар қайраткер етеді. Ол пьесалардың ірі образдарын жақсы қып ойнап шығу арқылы біздің бүгінгі бірнеше ірі актеріміз үлкен сыннан өткендей боп, тәжірибе көріп, ірі табыс тапқаны бар. Мысалы, "Астық" пьесасын ойнағанда Елубай, Қапан, Қанабек, Шара, Құрманбек, Камалдар қандай белге шықты? "Ақсүйектерді" ойнағанда Мәлике, Елубай, Қалыбек, Серке, Қапан, Шәкен, Жағдайлар қандай іріледі? Жалғыз бас рольдегі актерлер емес, "Астық", "Жойқын", "Ақсүйектерде" өте көрнекті ажарлы боп көтерілген көпшілік болды. Қазақ драма театрының тарихында бұл тәжірибелер ұмытылмайтын үлкен-үлкен тұрғылар сияқты. Бұл жердегі орыс режиссерлерінің еңбегі де шын тарихи еңбек. Ал аудармалардың ішінде совет пьесаларынан бөлек, классик пьесалар тағы бар. Оларды қою арқылы ең әуелі, біз қазақ жұртшылығын неше алуан тарихпен, неше түрлі ұлттардың, қоғамдардың, таптардың өмірімен таныстырамыз. Сол орталардағы қоғамдық мінез-құлық, мүсін-пішіндерді танытамыз. Осыларды үлгілі режиссердің басшылығымен, өнерлі актер болып ойнап беру, біздің барлық коллективімізді үлкен өнер мұраларын баурап алуға үйретеді. Біздің актердің бұл жөніндегі өсуі, бүкіл дүние тарихының мәдениет қорына қарай қадам басып өсуді көрсетеді. Соны дұрыстап баурап алып, мәдениетті түрде пайдалануымыз арқылы біздің театрымыз да мәдениеттіліктің, өнерліліктің сынынан өтеді. Ол жалғыз театр коллективінің ғана сыны емес, барлық республиканың мәдениетінің өсу жолындағы үлкен саты, үлкен сын - белгінің бірі. Драма театры классик мұраларына партияның берген бағасы бойынша, совет мәдениетінің негізгі көзқарасы бойынша қарайды. Сондықтан бұл жөнінде біздің театр өзіне дұрыс та, берік те бағыт белгілеп алды. Осы жолдағы істің бірінші үлкен адымы биыл қойылған "Ревизор" еді. Бұл постановканың қазақ театры үшін тарихи табыс екенін басшы жұртшылық әбден бағалады. Қуана қарсы алды. Актерлердің ішінде Қалыбек, Камал, Елубай, Мәлике, Серке, Шәкен, Сейфулла, Айша, Сабира, Әбен, Жанысбектер болсын, және тіпті басқа кішігірім рольдердегі жастар болсын, барлығы да ойдағыдай, сүйсінерліктей еңбек етіп шықты. Бұрын көбінесе қазақ рольдерімен өскен актерлер "осы жолы қайтер екен" деген күдіктің бәрін жойып, қайда апарып салсаң да сүбелі актер боп шыға алатынын танытты. Драма театры "Ревизорды" жақсы қойып шыққаннан бері "енді қай классикті болса да меңгеріп ала біледі" деген сенім тудырып отыр.

Әрине, бұл жөндегі ірі еңбек режиссер Боров жолдастікі болды. Аударма пьесаларды мәдениетті орыс режиссеріне қойғызып, сол арқылы коллективті оқыта өсіру — ең дұрыс, ең қажет жол екенін Боров, Насонов жолдастардың еңбектері әбден танытты. Осымен катар қойылатын бір мәселе — мемлекеттік драма театрының осы тәжірибесінен, енді Қазақстанның өзге театрлары үлгі ала бастайтын мезгіл жетті. Әсіресе облыстық театрларымыз осыны ойлану керек. Бұл күнге шейін ол театрлар аударма пьесаларға жуи алмай келеді. Мәселе режиссерге тірелгендіктен солай болып отыр. Енді сол театрлардың іс жүзінде колға алатын міндеті: мезгіл сайын өздерінің режиссерлерін қазақ драма театрына жіберіп, ұзақ уақыт мұндағы режиссер мен актерлердің ісімен таныстырып алып, сол үлгімен өз театрларына аударма пьесаны апарып қоятын болуы керек. Облыстық театрлардың аударма пьесаларға жанаспай, кешеуілдей беруі бұдан былай үлкен олқылыққа, қателікке де айналады. Олардың әуелі классик пьесадан бастауы шарт емес. Қайта дұрысы бүгінгі пьесадан бастауы керек. Сонда жаңа пьесаны мемлекет театры қолға ала бастағанда әр облыстық театрдың режиссерлері келіп, мұндағы тәжірибені тура лаборатория үстінде танып алуына болады. Екінші — көркемөнер комитетінің есінде болатын тағы бір нәрсе, кейбір облыстық театрға бір жаңа пьесаны апарып қойып беріп қайтуға Алматыдағы тәжірибелі режиссерлерді жіберіп отыру да дұрыс болар еді дейміз. Ал енді аудармалар жайындағы осындай сөздермен катар, оригиналдар жайынан да біраз мәселені жеке ала кету керек. Жалпы жайды алғанда аударма мен оригинал арасында талас жоқ. Бұл екеуі драма театрының сахнасында процентпен үлеспейді. Бірде оригинал 70 процент болса, тағы бірде аударма да 70 процент бола алады. Бірақ сонымен қатар Қазақстанның драма театрының өсу жолындағы ең зор міндет оригинал жағында жатқанын ұмытпау керек. Әсіресе жаңа тақырыпқа жазылған, партия ұйымы басшысының, қазақ стахановшысының, колхоз, совхоз далаларының қаһармандарының образдары, білім-мәдениет қызметшілерінің мүсіндері көрсетілген жаңа пьесалар жасау керек. Сондай пьесаларды театр барлық жазушыға жаздырып ала білуге күш салу қажет. Әрбір ұлт республикасындағы театр жалпы одақтық мәдениеттің табысына жаңа табыс қосуды ең бірінші қатардағы міндетім деп біледі. Социалистік революцияның арқасында табылған табыстарды өз жеріндегі дәлел, белгілермен мол қып, көлемді көркем етіп көрсетсе, ол нұр үстіне нұр. Қазақ театры қазақ сахнасында Балқаш, Қарағанды жұмысшыларының немесе Қазақстан көлеміндегі шекарашылардың қаһармандығын ұлы образ етіп көрсете алса, ондағы сәттілік одақтық үлкен жаңалық, табыс болмақшы. Бұл жөндегі режиссер мен актердің міндеті де ерекше зор. Драма театрының қазіргі халінде аударма пьесаларды жақсы қып қоятын режиссер күші қамтамасыз. Бірақ оригиналды да осындай етіп өсіріп, ұлғайтып қоярлық күш соншалық жеткілікті емес. Аударма пьесаларда соншалық күшті болған Боров, Насонов жолдастардың оригиналға келгенде анандай көсіле қимылдап, сенімді боп кірісуі әзірше қиындау. Бұл жөнде салмақтың көбі актердің өзінің ізденгіштігіне, өзінің тапқырлығына байланысты. Егер актер көрсеткенді ғана орындағыш, және ізденуге шабан актер болса, онда образ ұлғаймай, өспей бәсең болып шығады. Шынында бұл жөнде режиссерлерге актер үлкен көмекші болуға міндетті. Және сонымен қатар кейбір оригиналды басты актердің өзіне қойдырып, режиссерлер үнемі қасында болып, мықты басшы, жәрдемші боп отыратын да болу керек. Үлкен актердің ішінен үлкен режиссер болып шығып, оригинал пьесаларды өз күшімен қоя алатын кісілерді де екшеу керек. Қазақстанның мемлекеттік драма театры Боров, Насоповтай ірі режиссерлерді аударма пьесаларда толық басшы етуімен қатар, оригиналға келгенде бұларға актерлердің ішінен көмекшілер беруі де міндет сияқты. Сол көмекшілерден өндіріс үстінде оқып өсетін режиссерлер әзірлену керек.

EPЛІK ЕТКЕН КОЛЛЕКТИВ

Қазақ пьесасын орыс актерлерінің орыс театрында ойнауы — ірі жаңалық, сүйсінерлік уақиға. Бұл жалғыз Қазақстан емес, басқа бірқатар республикаларда да әлі басталмаған тәжірибе еді. Алматыдағы орыс драма театрының басшысы жолдас Рутковский мен барлық актер коллективі бұл істің қаншалық соны жұмыс, қаншалық жауапты іс екенін ұғынып кіріскен еді. Өздері шала білетін өмірдің, тарихтың жұмбақ түйіндерін жанды образдар арқылы бұлжытпай ойнап беру оңай іс емес болатын. Батылдық пен ізденгіштікті барынша мол жұмсайтын жер еді. Мынау коллектив бұл жөнде көп еңбек, ауыр еңбек етіп кеп, ақырында көрнекті іс істеп шықты. Еткен ерліктері жемісті нәтижемен ақталғандай болды. Кешегі бірінші ойынды көрген орыс, қазақ артелі бұл коллективтің еңбегіне ырза болып, сүйсіне қарсы алды. Қазақ мәдениеті, қазақ әдебиетінің кеңірек өріске шығып, көпке мәлім болуы жөнінде мынандай іс үлкен бір өнімді жол екенін көрдік. Бұл сияқты алғашқы тәжірибе енді айдан ай, жылдан жыл өткен сайын молайып өрістей беруге лайық. Біздің Қазақстан жұртшылығы, әсіресе, оның ішінде Алматы жұртшылығы мұндай тәжірибеге өзінің лайықты бағасын беруге тиіс. Алматыдағы оқушы жастарымыз болсын, партия мен совет жұртшылығының қайраткерлері болсын, әсіресе, жұмысшы жұртшылығы болсын, барлығы да мына коллективтен еңбегімен танысуы қажет. Орыс драма театры бұл спектакльді қоярда "құр ғана қазақ өмірінің, қазақ адамының фотографиясын беріп қоймаймыз. Бір жағынан қазаққа ұқсап (киім, грим, қозғалыс, отырыс-тұрыс жағынан), жақындап ойнасақ, екінші жағынан сол образдарды сезім мен сана жағынан көрікті образ ете, көтере ойнаймыз" дескен еді. Мынау қалпына қарағанда, әсіресе, осы жағын тереңдетіп көрсеткен сияқты. Орыс сахнасында көп сезім (эмоциялар) мағыналанып, дәлденіп, қатты әсерлі боп көріне алды. Екіншіден, қазақты қазақ етіп, барынша ұқсатып, иландыра ойнады. Декорация, музыка, киімдер де бір-біріне үйлесіп, спектакльді Рутковский жолдастың үлкен творчестволық оймен әдемі меңгергендігін көрсетті. Актерлер ішінде басты рольдің адамының барлығы да жаман ойнаған жоқ. Әсіресе, әсерлі ойын: Қыдыш (Падзолкин), Жантас (Михайлов), мұғалім (Иртенеев), Жүзтайлақ (Кручинина), Нұрқан, Жүніс, Тәнеке, Маржан рөліндегі артистердің ойындары болды. Кішілеу рольде Ана мен Жұмажан аса жақсы шықты. Қыскасы, бұл тәжірибеден қуантарлық әсер алдық. Біздің жазушылардың өте зор көңіл бөлетін бір міндеті мына сахнаның да қамын ойлау деп білдім. Тарихтың тыңын айырып отырған ұлы дәуір шексіз кең, сансыз мол өзгерістер кіргізді. Бүгінгі күн сол жайқын жаңалықтар ішінде әсіресе басымдап, асқындап үн салып тұрған ұлы ұран — "Отан" деген ұран. Сана-сезімдегі ғасырлар ауыртпалығын қабыршақтай жыртып айығып, жарық дүниеге шыққан еңбек елі, әсіресе "социалистік Отаным" деген ұранын жарқын жүзбен, жалынды жүрекпен айтады. Осы халмен салыстыра қарасақ, кеше ғана қара күндер айықпай тұрған шақта барлық еңбекші елдің, барлық "бұратана" елдің сана-сезімінде "Отан" деген ұғымның өзі бар ма еді? Көзімізбен көріп ек — жоқ еді. Панасыз ел, өгей-жетім ел отандық сана дегеннің не екенін білген де, сезген де емес еді. Сондықтан, "кімсің?" десе "Берішпін", "Атығаймын", "Дулатпын" деп ата тегін санаудан әрі аспаушы еді. Одан арғы дүние "нендей дүние?", "кім дүниесі?" екенін білместен, бүгіліп, буылып өскен бір ел бар еді. "Кімсің?" десе "ходжентлікпін", "бұқаралықпын" деп, елінің одан арғы атын — мазақ атын атай алмай өскен ел тағы бар еді. Патшалық Ресейінде "морава", "жойқын", "қырғыз", "сарт" демектің барлығы да сол елдің тең аты емес, қорлау, мазақтау, ұрсудың сөздері еді. Осы күнде "Советтер союзы" немесе "Өзбекстан", "Қазақстан", "Татарстан", "Қырғызстан" деген аттарды айтуда еңбекші санасында қандай үлкен ерлік пен мақтан, жалын мен наным бар. Бүгін ұлы нұрдай боп, өткен тарих күніндей болып, әлемге даңқы шығып, жарқырай туып Сталин Конституциясы келді. Жалпы союз ішінде сүбелі ІІ одақтың бірі болып социалистік Қазақстан шықты. Енді бұл республика елінің санасында анау "сіргелі едім", "теріс таңбалы едім" дейтін күндер алты қырдың астында қалды! Еңбектің қалың елі ғасырлар бойында түсіне кірместік бақытын тапты. Ол елдің санасы да асқар асты. Сондықтан да, Балқаш, Қарағанды, Риддерлердің стахановшылары өздерінің нормасы мен табысын Орал, Донбасс стахановшысымен салыстыра өлшейді. Жалпы Одағының, жалпақ ұлы Отанының масштабы, құлашымен өлшейді. Колхоз егіндігінің екпіндісі, совхоз саналы бақташысы, шекараның ер сақшысы барлығы да қуанышты, ынталы еңбегім "Отаным үшін" деп істейді. "Ұлы Отанымның күшіне күшім, серпініне серпінім үн қоссын" деп істейді. "Бұл еңбегім - Отанымның беріктігі үшін, амандығы үшін қуана еткен еңбегім" деп істейді. "Жас Отанымның табысы — менің де табысым, оның тыныштығы менің де тыныштығым" деп істейді. Сондықтан да я терең забойдан, я шекаралық қарлы жотадан, я егіндік пен жайылыстың далаларынан болсын, барлығынан аспан жара шығып жатқан қаһарман қайрат үндерінің бәрі де бір-ақ ұран үні. Ол ұран — ұлы ұран, "Отан" деген ұран. Кешегі құлдай қор еткен отардан бүгін күндей жылытып қуантқан Отан тауып отырған Қазақстан еңбекшісі қазірде өз республикасының тағы бір ұлы биікке шыққан күніне жетті. Бүкіл дүниеге нұрын жайған Ленин жолы Ұлы көсеміміз Сталин жолымен, Сталин Конституциясымен Қазақстанды тарихтың ірі төріне шығарды. Бүгінгі күн жалпы Одақ атты Отанымызды алғыс айта, қуана сүюімізге бұл да бір үлкен кепіл. Тарихтың тыңын айырып отырған ұлы дәуір шексіз кең, сансыз мол өзгерістер кіргізді. Бүгінгі күн сол жайқын жаңалықтар ішінде әсіресе басымдап, асқындап үн салып тұрған ұлы ұран — "Отан" деген ұран. Сана-сезімдегі ғасырлар ауыртпалығын қабыршақтай жыртып айығып, жарық дүниеге шыққан еңбек елі, әсіресе "социалистік Отаным" деген ұранын жарқын жүзбен, жалынды жүрекпен айтады. Осы халмен салыстыра қарасақ, кеше ғана қара күндер айықпай тұрған шақта барлық еңбекші елдің, барлық "бұратана" елдің сана-сезімінде "Отан" деген ұғымның өзі бар ма еді? Көзімізбен көріп ек — жоқ еді. Панасыз ел, өгей-жетім ел отандық сана дегеннің не екенін білген де, сезген де емес еді. Сондықтан, "кімсің?" десе "Берішпін", "Атығаймын", "Дулатпын" деп ата тегін санаудан өрі аспаушы еді. Одан арғы дүние "нендей дүние?", "кім дүниесі?" екенін білместен, бүгіліп, буылып өскен бір ел бар еді. "Кімсің?" десе "ходжентлікпін", "бұқаралықпын" деп, елінің одан арғы атын — мазақ атын атай алмай ескен ел тағы бар еді. Патшалық Ресейінде "морава", "жойқын", "қырғыз", "сарт" демектің барлығы да сол елдің тең аты емес, қорлау, мазақтау, ұрсудың сөздері еді. Осы күнде "Советтер союзы" немесе "Өзбекстан", "Қазақстан", "Татарстан", "Қырғызстан" деген аттарды айтуда еңбекші санасында қандай үлкен ерлік пен мақтан, жалын мен наным бар. Бүгін ұлы нұрдай боп, өткен тарих күніндей болып, әлемге даңқы шығып, жарқырай туып Сталин Конституциясы келді. Жалпы союз ішінде сүбелі ІІ одақтың бірі болып социалистік Қазақстан шықты. Енді бұл республика елінің санасында анау "сіргелі едім", "теріс таңбалы едім" дейтін күндер алты қырдың астында қалды! Еңбектің қалың елі ғасырлар бойында түсіне кірместік бақытын тапты. Ол елдің санасы да асқар асты. Сондықтан да, Балқаш, Қарағанды, Риддерлердің стахановшылары өздерінің нормасы мен табысын Орал, Донбасс стахановшысымен салыстыра өлшейді. Жалпы Одағының, жалпақ ұлы Отанының масштабы, құлашымен өлшейді. Колхоз егіндігінің екпіндісі, совхоз саналы бақташысы, шекараның ер сақшысы барлығы да қуанышты, ынталы еңбегім "Отаным үшін" деп істейді. "Ұлы Отанымның күшіне күшім, серпініне серпінім үн қоссын" деп істейді. "Бұл еңбегім — Отанымның беріктігі үшін, амандығы үшін қуана еткен еңбегім" деп істейді. "Жас Отанымның табысы — менің де табысым, оның тыныштығы менің де тыныштығым" деп істейді. Сондықтан да я терең забойдан, я шекаралық қарлы жотадан, я егіндік пен жайылыстың далаларынан болсын, барлығынан аспан жара шығып жатқан қаһарман қайрат үндерінің бәрі де бір-ақ ұран үні. Ол ұран — ұлы ұран, "Отан" деген ұран. Кешегі құлдай қор еткен отардан бүгін күндей жылытып қуантқан Отан тауып отырған Қазақстан еңбекшісі қазірде өз республикасының тағы бір ұлы биікке шыққан күніне жетті. Бүкіл дүниеге нұрын жайған Ленин жолы ұлы көсеміміз Сталин жолымен, Сталин Конституциясымен Қазақстанды тарихтың ірі төріне шығарды. Бүгінгі күн жалпы Одақ атты Отанымызды алғыс айта,қуана сүюімізге бұл да бір үлкен кепіл.

МҰХТАР ЖОЛДАСТЫҢ СӨЗІ

Мен драматургия жөнінде сөйлемекпін. Біз жұмысты осы күнге дейін ұйымдастыра алмай келеміз. Мәскеу, Ленинград драма секцияларының ісі сияқты дұрысталып, жөнге салынып кеткен бізде жұмыс жоқ. Ісімізде жауапкершілік аз. Бізге соңғы жыл ішінде жүз шамалы хат келді, осы хат бойынша хат иелеріне көмек ету, жастарды ұйымдастыру, әсіресе, жас жазушыларды драматургия жолына үйрету жөнінде көп жұмыстар істеуге болатын еді. Бірақ түк істелмей отыр. Бұл жөнінде жастардың алдында үлкен кінәліміз, мұны мойындау керек. Осыдан екі-үш жыл бұрын Республикалық конкурс жариялап едік. Онан еш нәрсе шықпай, өзінен-өзі ұмытылып, нәтижесіз қалып барады, әрине, бұл да біздің шабандығымыз. Бұған да біз кінәліміз. Үкімет пен партияның үлкен көңіл бөліп отырған жұмысының бірі — театр екені өздеріңізге мәлім. Осы күні театрлардың қайсысы болса да қаулап өсіп келе жатыр. Ал біз жаңа репертуар беру жұмысын ұйымдастыра алмай отырмыз. Бұл жұмысқа қаулап өсіп келе жатқан жас драматургтерді тарта алмай отырмыз. Онан соңғы бір айтатын нәрсе — колхоз, совхоздар театрларына репертуарлар беруге арналған конкурс. Бұл конкурсқа он бес шақты пьеса түсті. Оның жарайтын-жарамайтынын айырып қарап беру керек еді, біз өз пікірімізді айтып жазушылар ұйымына бердік, бірақ жазушылар ұйымы өлі күнге қарап пікірін берген жоқ. Біздің Семей, Ақтөбе, Шымкент театрларында қызмет етіп отырған кадрларымыз осы күні шыққан пьесаларды меңгеріп алып отыр. Мінекей, бұл біздің өскендігімізді көрсетеді. Ал драматургтер осы қарқынға ілесе алмай артта келеміз. Біздің жеке жазушыларымыз бұл жөнінде жастарға дұрыс көмек бере алмай отыр. Өзіміз ғана біліп, менің атым жүре тұрсын, сенің атың тұра тұрсын деп отырмыз. Театр — Бейімбет, Ғабит, Мұхтар сияқты кісілердің монополиясы сияқты болып отыр. Өйткені осылар ғана пьесаны жазуға міндетті сияқты. Бізде өлең, поэмаларды жазып жүрген ірі ақындарымыз бар, проза жазып жүрген жазушыларымыз да бар. Пьеса жазу олардың қолынан әбден келеді. Әдебиетте бес-алты ғана пьеса жазатын кісі болса, әрине, ол аздық қылады. Жаңа адамдар жазу керек, жаңа өмірдің тілегіне сәйкес жазушылардың барлығы қатысып отыру керек. Пьеса жазатын белгілі кісі бар деп қарап отырмау керек. Жазушылардың барлығы бұған күшін болу керек. Бұл жөнінде жазушыларды, әсіресе, жас жазушыларды жинап, әңгімелесу керек. Оларға көмектесіп, үйретіп отыру керек. Облыстық театрымыз күніге жаңа пьесалар сұрап отыр. Бұлардың жақсы-жақсы режиссерлері бар. Осы күні олар "Қыз Жібек", "Жалбырды" қойып жүр. Бұл пьесалар онда қойылмасын деген пікір емес, олар үшін бұл пьесалар ауыр тиеді. Пьесаны молайту үшін ұйымның міндеті — жас драматургтерді ұйымдастырып, көпшілікті өзіне тарту. Қазірде опера театрымыз "Тарғын" операсын қойып отыр, "Сұлушаш" операсын дайындап жатыр. Осыны автолармен бірге отырып, қосатын жерін қосып, алатын жерін алып, көмектесіп отырмыз. Келешекте бірнеше жаңа пьесаларды театрға бермек болып отырмыз. Асқардың пьесасын қарап, театрға тапсырмақшымыз. Театрға қай пьеса дайындалып, қай уақытта қойылатынын біліп отыруымыз керек. Бізде өлеңмен пьеса жазған кісі жоқ. Өлең жазып жүрген ақындарымыз өлеңмен пьеса жаза алады. Бұлар драматургия жұмысына қатынасуы керек. Октябрь революциясының жиырма жылдығына жетістіктермен бару керек.

ТӘЖІБАЕВ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДОСТАРЫ

(Мұхтар Әуезовтің сөзінен)

Сөйлеуші жолдастар, кемшілікті айтқан дұрыс. Бүгінгі мәжіліс кішімізге де, үлкенімізге де үлгі боларлық мәжіліс болып отыр. Бұдан Тәжібаевтың алатын сабағы көп қой деймін. Тәжібаевтың бір ортасы — жазушылар, екінші бір ортасы — комсомолдар. Осы екі ортаның Тәжібаевқа жақсы қарайтыны, жақсы қараймын деп кешіріммен қарайтыны байқалады. Әсіресе, комсомол ұйымында сол көбірек болған сияқты. Өйткені жазушылар ұйымынан бұрын біле тұрса да олар кемшілікті әшкерелеп сынамаған. Бүгінгі сөздерге қарағанда жазушылар ұйымы да Тәжібаевқа соны істеген болып отыр. Тәжібаевтың қоғамдық еңбегі туралы жазушылар ұйымында қорытынды жасалмаған. Жазушының өзі де ойланып, толғанып өз еңбегін өзі сынап көрмеген. Жаңағы жолдастардың айтқанының барлығы Тәжібаевтың жазушылық жолында соңғы уақытта едәуір үлкен олқылыққа, сырыпқа ұшырағанын көрсетеді. Тәжібаев классиктердің жазғандарын көп оқығандығы рас. Бірақ оқығанда, және солардан үлгі алып жазғанда миханический жолмен кете береді, дұрыс түсінуі жеткілікті емес. Тәжібаев классиктердің лирикасын солар көрсеткен тура мазмұнда ғана алады. Сынап алмайды. Ол совет ақынына лайық жол емес. Бұлай кеткен соң жазушылық еңбегінің күр ғана еліктеуге, теріс жолда кеткені. Тәжібаев бүгінгі күннің саяси өткір мазмұнды тақырыптарына ат салмай ескі ақындар үлгісінде жалтарғанда, бірінші, өзін өрлетіп өсіретін соны жаңалықтан бір қалып қойып отыр. Екінші, ескіге барғанда да керексіз іздерді қайта басып, өзіне залал келтіретін шиырларды аралап кетті. Осы ретте дарашылдық, "меншілдік" сияқты сары жұрттарға қонақтап барады. Тәжібаевтың өлең жолдарында Жұмабаевтың өлеңдері кездесіп қалатыны сондықтан. Өзің соны тілемесең де андамай барып ұрынып отырсың. Зор қателік: "мен" дегенді молайтып барады. Барлық ой-сезімі "меннен" шыққансын қоғамдық сапа тудырмайды. Мұның жұртшылыққа зиян келтіретін жақтары бар. Тәжібаевтай адамның жастарға ықпалы болмай қоймайды. Колхозда, ауылда жазып жүрген жазушылардың кейбірі осы Тәжібаевқа еліктеп бара ма деймін. Классиктен үлгі алып, меңгеруді ентелегенін өз басындық күйлерге салмау керек. Шелли, Гейнені, әрине, оқуың керек. Ол жөнінде көп оқып келесің. Бірақ олардың сол заманға лайықты боп құрылған мазмұн жөндері бар, оны байқау керек. Сен өз қоғамыңа олар атынан зиянды әкелме. Бүгінгі айтылып отырған сынның барлығы достық сын, түзеуші, жәрдемші сын деп қарсы алуың керек. Сенің алғашқы сөзің мойындау емес, қиялаған дау болып шықты, оған қанағат қылуға болмайды.

МӘҢГІ ЖАСАЙТЫН АҚЫН - ШОТА РУСТАВЕЛИ

Әдебиет туындыларының тағдыры неше алуан екені мәлім. Өз замандастары құптаған, қадірлеген, мақтаған шығармалардың да кейінгі тарихтағы орындары біркелкі бола бермейді. Бұл жағынан қарағанда кейбір шығарма метеор42 есепті болса, тағы бір шығарма нағыз жұлдыздың өзімен барабар болады. Кейбір шығарма әдебиет аспанында жарқ етіп көріне қап, жұрттың көзін өзіне еріксіз тарта қалса да, артынан тарих мезгілі сынына ілінгенде "ағар жұлдыздай" құлай сөніп қалады. Ал екінші шығарма сол мәңгілік ғаламында айнымас, сөнбес жарығы бар, жұлдыздай нық орнаған болады. Прогресс жолындағы адам баласының мәдени тарихына үнемі ілесіп отыратын серіктері осы соңғы шығармалар. Жалпы тарихтың белгілі бір кезеңдеріне көз жіберсең, осындай шығармалардың мерзімді орындарында аумай тұрғанын үнемі көресің. Тарих, мезгіл сыны неғұрлым ұзаққа созылған сайын, соғұрлым бұл шығармаларға қадалған көз, берілген бейіл молая бермек. Және солғұрлым, осындай мұраны артына тастап кеткен шебердің қадірі мен қасиеті арта бермек. Мәңгі жасауы шек шүбәсіз ақталмақ. Осындай сөз ескерткіштің мысалы, ескі грек мәдениетінен қалған Гомер шығармалары — "Илиада", "Одиссея" және Шекспир, Гете, Пушкиндерден қалған мұралар. Мінеки, дәл осы қатарға қосылатын бір ұлы шығарма грузин халқының өнері тудырған, Грузияның ұлы ақыны Шота Руставели43 жазған — "Жолбарыс тонды жортуылшы" деген поэма. "Метеорды қазақ "ағатын жұлдыз" дейді, шынында ол жұлдыз емес, ұшқын есепті нәрсе. Бұл ақынның туған жылы мен біздің заманымыздың екі арасында жеті жүз елу жылдай тарих асқары жатыр. Совет Одағының көп миллионды, көп ұлттарын революциядан бұрын мұндай асыл мұрадан аулақ етіп келген жалғыз жеті жүз елу жыл ғана емес, басқа да талай бөгеуіл кедергілер болатын. Ең алдымен, өткен заманның қырсық тарихы бөгет болған. Дін айырмасы, ұлтшылдық құрсауы, ұлт араздығы және патшалық Россияда отар елдердің мәдениетін өгей ұлдай басып, жаншып, бұқтырып келген саясат, бір ұлтты бір ұлттан әдейі қашықтатып ұстаған саясат бар-ды. Осының бәрі жаңағы ескі тарихтың қара түнек, қаскөй қиындығы еді. Халықтар мәдениетінің жолында қара бурадай шөгіп жатып алған қырсықтар еді. Жалғыз ғана Ленин дәуірінде, социализм дәуірінде ғана сол қырсықтар жойылып отыр. Енді барлық Одақтағы социалистік мәдениет жаңағы әрбір халықтың ескі тарихында, халықтың өзі тудырған неше алуан мәдениет мұраларын тауып теріп ап, соны өз тәні қып баурап алып отыр. Бақытты тірлік пен ұлы құрылысқа бой сала кіріскен, өркендеген халықтың енді өзді-өзі тарихының асыл бұйымдарын тарихтың шаң-тозаңынан арылтып, ортаға әкеліп салып жатыр. "Менің мұндай асылым бар" деп бар үнімен бар дүниеге шырқап жариялап жатыр. Олар өз тарихының сондай мұрасын жарыққа шығарып жарқылдаумен катар, өзіндей өзге елдердің сондай асыл мұраларын да біліп, танып, өзінікіндей қып баурап алуға ынтығысып отыр. Бүкіл дүниелік асыл мұралардың қатарында, бұл жаңа таныған бұйымдарын да қатты сүйіп, аса қадірлейді. Міне, осы күйдің арқасында біз қазір өзінің жайын "Руставидің" белгісіз бір месхиымын" деп момын пішінмен ғана баян еткен ұлы ақынды өз тілінде оқып отырған орыс, қазақ, бурят сияқты талай елдің оқушысын көріп отырмыз. Ақын мұрасы мынау жаңа оқушылардың барлығына ет-бауыр жақын да, қадірлі де болып отыр. Барлық одақ халықтарының бір ұлы тілек жолында бауырласып, туысып алған қалпында мынау мұра артық мұра, мақтандыратын мұра болып отыр. Одан соң өткен тарих қорына көз салған уақытта жаңағы халықтардың социалистік мәдениетінің іздейтіні немене? Әрдайым айнымастан іздейтіні: бұрынғының, біздің бүгінгі күнімізге үйлес келетін геройлық, маңызды бұйымдары. Ескі мәдениет ескерткіші сол күндегі халық жүрегінің өмірді сүйген ашық, айқын мүддесін көрсетсе, екінші, халық мінезін, геройлығын танытса, үшінші, халық өзі үлгі етіп, төлім алып, сол бұйымын көп заман бойында асыл бұйымындай күтіп сақтап келген болса, дәл осындай мұраларды біздің нағыз халықтық социалистік мәдениетіміз әсіресе күтеді. Осындай мұралар бұрынғы бір-ақ ұлттың ішінде болған тар көлемінен шығып, енді қалың елдердің интернационалдық мүлкі болады. Міне, дәл осындай зор ескерткіштің бірі Руставелидің "Жолбарыс тонды жортуылшысы" дүние жүзіне паш болған, санаулы ұлы ескерткіштердің қатарына дауысымыз қосылатын бір белгі осы болса, мұның ең әуелгі ерекшелігі: батыс пен шығыстың ескі тарихы, ескі мәдениеттерінің жапсарында туғандығы. Сөйтіп, осындай екі дүние — екі мәдениеттің сыбайлас, қанаттастығын өз тұлғасынан көрсетуімен қатар, бұл шығарма бір жағынан өзінің ерекше, айрықша бітімі бар өзгеше бір ескерткіш болып тұрады. Әңгімелік желісін, түбірін алсақ, бұл дастан жалпы адам баласының барлығына ортақ сүйіспендік, достық деген тақырыпты қозғайды. Бірақ сол сезімдерді соншалық бір жаңа сарынмен, өзгеше терең мағынада жыр ету арқылы өмір дегеннің өзінің де мазмұны мен мұратын зор биікке көтереді. Жаңағы сезімдер дастан ішінде, бір жарқыраған биікке шығып, адамның геройлық қасиеті есебінде ерекше ұлғайып көрінеді. Бірақ сонымен қатар, махаббат пен достықтың осындай өсем жыры, адам мен адам арасындағы күр ғана момын, жуас сезімдердің жыры боп қалмаған. Дастан ішінде бұл сезімдердің сыны, таразысы болатын ерлік пен қайрат, ақынға махаббат пен достықтың геройлыққа жараған үлгісі ғана қымбат. Сол себепті дастанның ең үлкен көркемдік мазмұны, көңілдің терең сырын толқытқан кесек толғауында жатыр. Осы қасиет жырдың ішінде, образдарының геройлық жүрегінде. Бұл адамдар тағдыр, бұйрық деген қараңғы наным, көлденең өмірге бассұнған адамдар емес. Өзі көркем, жүзі жарқын бұл геройлардың ішінде тұсау жоқ, еркіндік пен ерлік бар. Бойсұнатын жалғыз нанымдары — өз күшіне, геройлыққа нану, соған ғана табыну. Осы себепті олар дүниенің қандай күшімен болса да жалтармастан, қайтпастан қасарысып алыса алады. Сол алыста бұлардың жеңуіне кепіл нәрсе өлім дегеннен қорықпай тынғандығында. Ерлік пен қайрат сияқты адамның ең үлкен қасиетімен салыстырғанда өзге бір қылмыстық, ешбір қымбат бұйым жоқ. Ең алдымен өмір, өлім дегеннің өзі де түк емес. Қайта қорлық өмірден де қадірлі елім артық. Сонымен, ең бастағы махаббат, достық деген тақырып дастанның әңгімелік, тартыс желісін алғанда бір себепші, түрткі түйін есебінде қалады. Кейде, әншейін, сүйемел, қосымша белгі халінде болады. Ал бұл шығарманы мәңгілік ететін зор көркемдік пен ірілік, шеберлік негізінде ерлік пен геройлықтық жыры боп шығуында. Және жыры ғана емес, сол ерлік пен қайраттың философиясы да боп шығуында. Осы жағынан қарағанда махаббат, достық тақырыбының өзі де өзгеше, басқаша боп жырлануы арқасында, бұрын көп айтылған күй сияқты емес, қайта аса бір соны, маңызды ерекше тақырып боп өскелеңдеп көрінеді. Батыс пен шығыстың дүниелік классик әдебиетінде махаббаттың неше алуан жыры болған. Бірақ соның бәрінде де махаббаттың өзі ғана жырланып, жалғыз өзінің ғана үстемдік салмағы мен көлемі көрінуші еді. Ешуақытта да махаббат өз орнын достық пен ерлік үшін құрбан етіп, екінші сатыға түспейтін геройлықпен сыны тартым, төлеуіш болып та жырланған емес. Мынау дастанда, адамдарының психологиялық, шебер-сәулетті мінездерінің тұсында махаббаттың өзі сергек ақылға бағынған жеке адамдық үлкен тұрғыға өзі жетектейтін сезім боп сипатталады. Осы жағынан қарап "Жолбарыс тонды жортуылшы" дастанын шығыс пен батыстың сол замандарда кітап боп жазылған, классик мұраларымен салыстыра кеп, махаббат жырының бір алуан болған "Ләйлі—Мәжнүнге" көп тоқтасақ, нені көреміз? Көретініміз, Низами жырында сопылық мистикалық нанымы бойынша, тағдырдың, діннің салмағының астында жаншылып жатушы адамның еркін сезімі болады. Онда махаббат өмірден шаттық әперетін, өмірге құмар ететін, сол үшін тартысқа шақыратын сезім емес, қайта адамдарының басына жер үстінің ғазабын, сорын әкеп үйетін сезім, өздері қажып-талған, қуыс кеудесі ғана қалған Ләйлі мен Мәжнүн өмірден мүлдем түңіліп, өтесінді "ол дүние" деген бұлдырдан күтеді. "Тағдыр" дегеннің бұйрығымен сондай ғазап шегушілердің күйі сергек ақылмен қараған жанның ешбірінің, сүйсіну түгіл құптаудың өзін де ойға келтіре алмайды. Өз уақытының тыңдаушыларына да құр аяныш пен зардан басқа көзқарас туырмаған. Діннің қараңғы жолын осылайша махаббатпен үгіттеу адамның сау, сергек жанды сезімінің орнына, ой-сананы тұтқын етіп, бағынып бас июді ғана ұсынды. Махаббатты былайша түсінумен салыстырғанда Руставели дастаны мүлдем өзгеше. Ол ең алдымен тірліктің, жер үстіндегі татымды тіршіліктің әрі серпінді, өрі толық дәнді жыры. Оның адамдарының барынша алысатыны, күшін салып, геройлық етіп алысатыны жалғыз ғана жер үстіндегі зор мағыналы тіршілік. Бұл жағынан алғанда халықтың өр көкірек санасынан туған мынау жыр толық мағынасында реалистік бағыттағы және ішкі серпін жағынан да шынымен үлгі боларлық жыр. Рас, бұл дастанның дүниені сезіну сарынын алғанда іштей көбірек үйлесетін, жалғасатын мәдениеті — батыс мәдениеті. Бірақ сол батыстың өзінде де сол заманда Руставели жырына я қолма-қол, я бір тасымал арқылы әсер ете қойды деп айтарлық пәлендей поэманы таба алмаймыз. Ал ол дәуірдің Данте Алигьери жазған атақты "Құдай жолындағы комедиясын" алып, "Жортуылшыны" сонымен салыстырсақ, мұнда да Руставели поэмасы озып түсіп отыратын жерлер бар. Әсіресе, сергек, сыншы ақылға кең өріс бергендігімен озғындап отырады. Бұнда, ақынның дүниетану шалымы мен ақындық фантазиясы дін деген, ұлт деген тар құрсауға тұсалмайды. Өзінің дастанында, өз халқының мінезін, идеалын сүйген жайларын білдірумен қатар ақын адамдарын жалпы адам етіп кеңінен алады. Өйткені Руставелидің көркем етіп сипаттап берген Автандил, Тинатин, Тариел, "Нестан-Дареджаны" да әрі ұлттық жағынан, әрі мекен жайынан тексергенде еркін қиялмен кеңінен алынған адамдар болады. Бұл тұста ақынға ұлт деген тар ұғымнан гөрі адам деген атты ақтай білетін адамзат қана керек. Ал солардың өріс еткен жерінде, жалпы адам жайлаған мол дүниенің өзі. Ал "Құдай жолындағы комедияны" осы жағынан қарап тексерсек, онда орта ғасырдың схоластикасы да және дін мен сол күндегі пікірлердің таршылық өктемдігі де көп орын алып отырады. Руставели дастанының идеясы мен көркемдік мазмұнындағы зор даналық та, тарихи қымбаттылық та сол жаңағы шығыс пен батыстың аралығынан шығып, екеуімен де жалғаса отырып, бірақ екеуінің де ықпалына түсіп кетпей, өз бетінде өзгеше бір нық мәдениеттің ескерткіші боп шығуында. Шығысты қорытып алып, батысты сынап алады. Дүние жүзінің мәдениет қорына кіргенде бұл осындай өзіндік зор бағасымен кіреді. Бір жағын алсақ, мұсылман шығысының кітаптарындағы тағдырға бойсұндыратын сопылық-мистикалық поэзиядан таза. Екінші жағынан, христиан батысының ортағасырлық схоластикасы тудырған тар көлемдерден де аулақ. Тегі, философиялық іргесін алғанда Руставели дастаны жаңағылардан гөрі ескі антик тарихының алтын дәуірімен үндестірек. Сондағы герой-адамды қастерлеу, адамның іші-тысы бірдей үйлескен мүсін сұлулығын қастерлеу машықтары "Жортуылшы" дастанына көбірек жанасады. Бірақ Руставели мұрасын тексеру, зерттеу жұмысы жалғыз осы салыстырулармен қанағаттанып қойса ол жеткіліксіз болады. "Жортуылшының" өмірді құптайтын, сергек күшті ұғымы шығыс әдебиетінің діншіл-мистикалы сарынына қарсы болғанмен, жалпы шығыстың барлығына қарсы емес. Әсіресе, шығыстағы халық қорына қарсы емес. Қайта бұнымен ұқсас, туыстас жерлері көп болуға тиіс. Дастанның геройлары жайында халық аузында айтылып жүретін фольклор варианттары Грузияның ауыз әдебиетінде тіпті көп емес пе? Және сол жырларда фольклор көлемінде кеп заманнан бері келе жатқан жоқ па? Ал Руставели де өзге барлық ақындар сияқты өз шығармасына нәр жиғанда ең алдымен халық қазынасынан пайдаланбады ма? Әрі өз заманының ең білімді адамы болып және толғауы кең ірі өнерпазы болып отырып, Руставели шығыстың да, батыстың да күр ғана кітап боп жазылған үлгілерін керіп, сонымен қанағаттанып қалған болмас. Қайта оның қиялына дем беруші Грузия халқы мен соған көршілес болған батыс халықтарының ауызша шығармалары болар. Сондай қазыналардың ішінде шығыс пен батыстың батырлар эпосы, сыршылдық эпосы сияқты халық жырлары, легендалары ақынның ықыласын өздеріне ең алдымен тартқан да болар. Шотаның өзі мынау дастанның әуелгі әңгімесін парсының бір хикаясынан алдым дейді. Сол араб пен үндінің ерлері жайында айтылған хикаяның өзі де баяғы, ескі заманнан келе жатқан нағыз халық хикаясы болуға мүмкін. Шығыстың кейінгі діншіл, кітапшыл поэзиясынан оның өзінің де іргесі аулақ болуға мүмкін. Тіпті Низами мистикасына қарсы, халықтың сергек қиялын көрсететін қызықты, реалдық әңгіме болып, соның өзімен де ақынды қызықтырып, қозғау салуға мүмкін. Сонымен, бұл дастанның дәл өз маңындағы фактылардың өзін алғанда да салыстыру, тексерудің іргесін таратпай кең салу қажет екені көрінеді. Тамырлары мен төркіндерін шығыс, батыс елдерінің көбіндегі нағыз халықтық эпосынан іздестіру де қажет болады. Сонда бұл дастан өзінің көркемдік жағындағы ірілігінен басқа әрбір халықтың өз ескілігіне де ұқсаңқырап шығады. Өзді-өзінің фольклорын еске түсіру арқылы әсіресе, түсініктірек, жақынырақ боп көрінеді. Бірақ, әрине, Руставели дастаны құр ғана әңгіме, оқиға ұқсастығымен қымбат болмайды. Ондай, кейбір уақытта ұқсастығын алғанда бұл әңгіме жалғыз "Тристан — Изольда" емес, "Мың бір түнге" де, түрікменнің "Көроғлыны да", қырғыздың "Семетей — Айшөрегіне" де, қазақтың "Қозы Көрпеш — Баянына" да келеді. Бірақ Руставели дастанын шынымен мәңгілік қазына ететін қасиет мұнда ғана емес, ол қасиет Грузия халқының өз сипатынан туған геройлық пен маңыздылықта. Халықтың геройлық мінезді сүйіп, өмірдің мағынасы мен мұратын зор бағалап, өзін-өзі солай тәрбиелеп келгендігінде. Және осы жайларды зор талантты ақынның өсем жыр қып бере білгендігінде. Міне, Руставели дастаны дәл осы жағымен барлық халықтардың өзді-өзі бойларындағы осындай қасиеттерін еске түсіріп, қозғау арқылы қымбат болады. Өйткені өзінің ғасырлар бойындағы тартыс талабы мен идеалын жыр етпеген халық жоқ. Және өзге халықтағы дәл осындай жырды сүймейтін де халық жоқ. Руставели дастаны бұлардың үстіне өзінің ерекше көркемдік, мастерлік қасиеттерімен де сүйікті болады. Грузин халқының көп ғасырлық тарихында бұл шығарманың өзі де және оны жазған ақын да өлмес, өшпес, мәңгілік атаққа ие болған. Халық сүйгендіктен солай деп отыр. Ал енді осы "Жолбарыс тонды жортуылшының" ішінде халықтың сүйгені неменесі? Сүйгені, әрине, ертегінің патшалары мен бектері, жортуылшылары емес. Солардың мінезіне халықтың өзі қойған адамдық қасиеттері мен ерлікті ғана сүйеді. Осы сипаттарды халықтың өз тілімен халықтың өз ұлы, өз ақыны жақсы қып, жыр етіп берген шеберлікті сүйеді. Халықтың қадірлегені осы. Ерлік, геройлық, көркемдікті сүю жолында өзін-өзі тәрбиелеген үлгісі осы. Бұл жағынан да одақтың барлық халықтарына ұғымды, қонымды болатын ерекшелігі бар. Осындай қасиеттерді әрбір халық та өзінің ескілігінен іздейді, соны табады да. Және тапқанын мына грузин әдебиетінің асыл мұрасымен молайтып, ұлғайта түсетін болады. Қазір "Жолбарыс тонды жортуылшыны" қазақ тіліне аудару жұмысына біздің ең ірі ақындарымыз кірісіп жатыр. Олар орыс тілінен жасалған Бальмонт, Петренко, Цагарели аудармаларын көріп отыр. Бұл аудармалар жөнінде, Руставели мұрасын жақсы білетін Грузияның оқымысты, тарихшыларының сын тексерулерін де оқып отыр. Біздің ақындардың қолында юбилей комиссиясы қарап, мақұлдап шыққан, грузин тілінің өзінен жасалған жолма-жол аудармасы (подстрочниктері) да бар. Бұл айтылғандардан басқа, біздің ақындар орыс тілінде шыққан Руставели жайындағы және грузин әдебиеті мен фольклоры жайындағы ғылыми еңбектерді де оқып отыр. Тағы бір жағынан көмескі жерлерін анықтап түсіну ретінде Грузияның тарихшылары мен жазушы, ақындарынан көмек те алып отырмақ. Міне, осы айтылған жағдайлардың барлығы да аударманың сапасы жақсы болып шығуға жәрдем етеді. Сонымен қатар грузин поэзиясының біздің поэзияға ұқсайтын біраз өзгешелігі де бар. Руставели мен Грузия поэзиясы жайында орыс тілінде жазылған еңбектерге қарағанда Грузия өлеңінің күллі ырғағы көбінесе, я жеке дыбыс, я топ дыбыстардың қайталап келіп отыратын үндестігіне сүйенеді екен. Аллитерация, ассонанс үлгісі. Бұл ерекшелік бірқыдыру тілде өзіндей қып шығаруға қиын соғатын болса, қазақтың ескі, жаңа поэзиясының барлығында да ұдайы кездесіп отыратын ерекшелік. Руставели өлеңінің өзінде, бар жерлерге келгенде біздің аударушылар сол үндестік ырғақтың қай түрін болса да емін-еркін қолдана алады. Және Руставелидің он алты буынды "шәйри" уәзінінде де қара сөзге ауыстырмай, қазақтың он алты буынды өлең жолымен беруге болады. Мұнда өрбір жеті буын, сегіз буын артынан бір буын түсіп отырады. Бірақ аударушылар Руставелидің ұйқастарын және ұйқасының көп қайталамайтынын да ескеріп отыру керек. Әсіресе, зер салып бар шеберлікті жұмсайтын жер, Руставели поэмасының ақындық, көркемдік және теңегіш стильдік мағыналарын жақсы қып жеткізуде. Руставели өз жанынан мақал шығарғыш. Аз сөзге көп мағына сыйғызғыш. Онан соң терең метафора үлгісімен салыстыра сипаттайтын кестесі мол ақын. Жырының тереңдігі де, әсемдігі де осындай жақтарында болса керек. Тегінде ақындық мәдениетінің көлемін көрсететін, ойдың тереңдігін танытатын, мәңгілік ақынның генийлігін көрсететін жерлер осылар ғой. Сол ерекшеліктері мен асылдарына аса ұқыпты боп отырса міндеттің зоры да, қадірлісі де сонда. Біздің ақындар мәдениеттердің бір-бірімен интернационалдық жолда қабысып табысуына жәрдем етеді. Тарихтық маңызы зор, мәдениетті міндетті ада қылады. Бұрынғы замандарда біздің оқушының қолына түспей жүрген грузин әдебиетінің ұлы ескерткішін қазір ұғымды қып жеткізіп беру қадірлі міндет. Ұлы ақынның шығармасын аударып, өз тілімізде оқып танумен қатар, Қазақстан жазушылары — біздер, оның тәжірибесінен үлгі де алуымызға керек. Алдымен беретін үлгісі халықтың шын жақсы, шын асыл қазынасын қалайша қып көрікті етіп пайдалануға керек екенін танытады. Онан соң ғасырлар бойында халықтар жүрегінде өз атын мәңгі жасайтын ат қып кете білген өнерпаздық, ақындық шеберлігін үйренуіміз керек.

КӨРКЕМ ЖЫРДЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ

Бүгінгі күн бүкіл Одақтың мәдениеті, бүкіл совет жұртшылығы өткен тарихтың тағы бір үлкен шыңына көңіл бөліп, күн сала қарап тұр. Жеті жүз елу жылдық асқардың ар жағында жатқан, ертегілік алты қырдың астында жатқан тағы бір асылды тауып отырмыз. Ол алыста жатса да күнмен нұры шағылысқан асыл еді. Соны танып, тауып, бүкіл совет елдерінің ортақ мүлкі, қадірлі мұрасы деп зор бағалап отырмыз. Грузияның ұлы ақыны Шотаны бұрын білген ел аз еді. Өз елін, өз тілін ұққан қауымға түсінікті, қадірлі болғанмен, көп елдер көп ғасырлар бойында бұл мұрадан алыс еді. Сондықтан қиыр шетте, "түрікменнің түбінде" жатқан елдің бірі бұрынғы қазақ елі болатын. Бұл елге барлық Грузия, бүкіл Кавказдың өзі де бір ертегілік алыс мекен, оқшау "уәләйәт" боп көрінетін. Қазақтың көп-көп ертегісінде кездесетін "Қап тауы" деген тау, алыптар мекені деп саналатын жұмбақ тау, ертегілі бұлдыр тау осы Кавказ емес пе еді? Тауы "Қап" боп, легенда боп сөйленіп жүргенде оның елінен де қаншалық хабардар еді? Түк хабары болмайтын. Сондықтан ол Кавказдың кәрі шыңының басында туып, сөнбей жанған өнер жұлдызын да бұрынғы қазақ елі білмей өткен.

Кавказдың Қап дегені — Кавказ серек,
Құдайым сұлу биік еткен ерек.
Ақырып айдаһарша жүз толғанып,
Тасты ағызып, тау жарған долы Терек... –

деп жазған қазақтың бұрынғы бір ақыны. Бір елді бір елден сондайлық жат етіп келген ескі тарихтың тас қорғаны құлады да, социалистік Отанның барлық елдері құшақтасып табысты. Асылдары танысты. Шота жалғыз Грузия халқының Шотасы емес, оның мұрасы ұзақ оқушысына да алтын қор, асыл қазына боп табылады. Шота турасында түсінік ретінде айтылатын сөздер көп болу керек. Болады да. Терең ұғынып, жақсылап білу үшін, ол сөздердің барлығын да біздің оқушы тесіле қарап, қадағалап тексеру керек. Жақсы аударма арқылы Шотаның әсем жыры, қызық әңгімесі біздің барлық оқушымызға аз уақыттың ішінде сүйікті, қызықты, қадірлі кітап болуында шүбә жоқ. Осы жөнінде Шота шығармасының екі түрлі зор ерекшелігі әсіресе көз тартады, әсіресе тез танылады деп білеміз. Мұның бірі — Шота шығармасының халықтық арнасы, грузин жұртының халықтық-ұлттық қасиетін білдіретін жағы. Екіншісі — жалпы адам баласының ерекшелік қасиеті. Дүние жүзінде болып өткен Фирдоуси, Данте, Шекспир, Пушкин, Шота сияқты барлық ұлы ақындарды алсақ, бәрінің де "ұлы" деген атты алуына, мәңгілік боп қалуына себеп болатын нәрсе солардың өздері өз халқымен нық байланысты болуында. Бәрінің де ұлы шығармаларының анайы топырағы, нәр-суаты халықтан келеді. Ақындар сол халықтың тудырған, есірген және халықпен бірдей жол кешірген ұлдары болады. Сондықтан олардың мұрасы халық мұрасы, халықтың ұлттық тарихын, ерекшелігін, қасиетін білдірген мұра болады. Екінші жағынан, дәл осы ақындар жалпы адамбаласылық еңбегі бар, қасиеті бар адамдар дейміз. Олай болатын себебі, бұлар өздерінің зор таланты арқылы өз елінің өмірін соншалық шебер, көркем жырымен жырлап, баяндап беріп, кім де болса сол ел жайын сүйіп те, сүйініп те оқитын етіп берді. Өз елінің өмірінен мазмұн алып, өзге барлық адам баласына түсінікті, әсерлі болатын артық мәдениет мүлкін жасап берді. Өзге тарихтарда, өзге елдерде болған бұрынғы ескі ақындардың ішінде Шотаның тағы бір өзгеше ерекшелігі бар. Онысы мұның тар ауданда қалмай, грузин елінің сыртына шығып, өзге көп елдер жайында кеңінен толғап, әсем етіп жырлайтынында. Бұ да Шота жайын тексергенде, Шотаның ұлы жыры "Жолбарыс терісін жамылған батырын" оқығанда айрықша ескеріп отыратын жай. Көркем жырдың ұлы ақынын біздің бүкіл совет жұртшылығы құрметтеп, қадірлеп еске алып отырған күнде айтылатын ең бір үлкен талап: осы ақынның әсем жыры тез уақытта, ойдағыдай топ-толық аударылып, біздің қалың оқушының қолына емін-еркін жетсе екен дейміз.

ТАРИХ ПУТЕВКАСЫН БЕРГЕН АДАМ

1933 жыл еді. Қазақстанның көркемөнері мен әдебиеті үшін естен кетпестей бір мәжіліс болды. Ол Леон Исаевичтің өз кабинетінде шақырылған мәжіліс. Мәдениет майданына тарихтың өзі үн салып, "өнер тап, өрге бас, қалуың жетті" деп қанат бітіргелі тұрған күндер еді. Көңілде сондай көтеріңкі күй бар. Үлкен, ірі жаңалықты күту бар. Бірақ әдебиет пен көркемөнер қызметшілері — бізде ол кезде күшке сенбегендік, қорғаншақтық, тәжірибесіздік мықты еді. Жүдеу артист, тартыншақ жазушы, сенімі аз режиссер, не істейтінін білмеген композитор, суретшілер болатынбыз. Я, ол кезде солай еді. Көркемөнер майданын алғанда, бүкіл Қазақстанға арналған жиыны 30-ақ адамы бар, әлсіз бір ғана драма театры бар еді. Оның да Күләш пен Қанабектей, Құрманбек пен Шарадай қызметшілерін кейбір бастықтар "әнші емес, артист емес, тіпті бұл майданға керек адамдар емес" деп қудалап, сауырлап жүрген күндері болатын. Сонымен, жалғыз театрдың өзінің де іші толған қыңқыл-күңкіл еді. Зор мәжілісте бір байқалған сиқымыз осы болды. "Жазған шығармаларымызға оқушы жоқ. Жауапты қызметшілер оқитын болса екен" деп, балаша арыз-тілек айтып, күңгірт қабақты жазушы шықты. "Би деген өнер қазақтың бұрынғы салтында жоқ. Бұл түсініксіз зат. Оны кіргізу, кіргізбеу жайын ұзаққа созып, талқылау керек" деген тартыншақ, күдікшіл үнмен біреулер шықты. Музыка театры ол күнде жаңа ғана, болымсыз ғана студия атымен әр жерге бір түртініп, кім боларын, не қыларын білмей жүрген бір нәресте еді. Оны "бастауыш мектеп" деп түсіну керек. Оның болашағы елі жұмбақ, әрі алты қырдың астында" деген сәуегейлікпен тағы біреулер шықты. Бұл майдандағы істің жағдайы ол кезде осылай еді. Үлкен сабырмен тыңдап, танып алып, енді анық бағыт беріп, зор тарихи міндет артатын байсалды сөзді мәжіліс ағасының өзі айтты. Ашық, зор үні бар, ерекше шыншыл, жарқын жүзі бар нағыз қамқор достың, халық ұлының өзгеше қымбат сөздері сонда айтылды.

- Би — халықтың сергек денесі мен серпілген көңілінің шаттығын білдіретін өнер. Халықтың қуанышын тұсауға болмайды. Қазақтың әсем әні — халық өнері қазынасы. Опера қашан туады деп қарап отырмау керек. Оны жасау керек. Оған керекті күш пен талант бізде де бар. Бірақ күшке сенбеушілікті тастаңдар. Біріккен күшпен, берік сеніммен партия көрсетіп отырған жолмен алға басындар! — деді.

Бұл қуанышты қайрат бітіретін үн еді. Жаңа тарихқа мұрындық болған, табысқа жетуге путевка берген үн еді. Біраз айлар өтті... Музыка студиясы — студия емес, нағыз театр атын алмаққа өзінің бірінші адымын жасады. Ең алғаш рет шымылдығын ашты. Өз шымылдығын ғана ашқан жоқ. Тарих пердесін де ашты. Қазақ әні, қазақ биі, қазақ артисі, режиссерлері "біз тудық біз көлдігін" айтып жарқ етіп шықты. Театр қалың зрительге ие болды. Басы сол еді. Жалпы мәдениет майданының өркендеп, дамуымен катар Қазақстанның халықтық көркемөнері де қанат қақты. Бірі артынан бірі шығып, бұрын еш уақытта болмаған жаңалықтар, табыстар туды. Бұл аз уақыт ішінде бүкіл Қазақстанның барлық түкпір-түкпіріне тарады. Өркендеп ойнаған халықтың өнері, қуаныш, шаттық өнері болды. Көркемөнер Қарағандыда стахановшылардың еңбек өнімін арттыруға себепші болды... Қалың жүмысшыны қатты қуантты. Шалғай жатқан қиыр шет, шекарадағы Зайсан пионерлері өздерінің жазғы лагерінде астана жіберіп жатқан әндерді шырқады. Алыс шекарадан жас ұландар шат-шадыман үн салып, қуанышты алғыс айтты. 1935 жылы бір колхозшы көрі әншінің қатты сүйсініп айтқан бір сөзі әлі есімде:

- Ойпыр-ай, бұл қазақтың әні мен енері қандай жайнап кеткен! Әнің жаңа түзелді деген осы екен ғой. Өмірдің сәні әсем әні ғой, — деді.

Осындайлық шын сүйсінген қуанышты алғысты көріден де, жастан да, еркектен де, әйелден де, қаладан да, колхоздан да, өндірістен де, шекарадан да естисің. Бұл үндер сөзсіз шыншыл ниетпен айтылған, бүкіл табыстың басшысы партияға арналған үндер. Мирзоян бір жолы драма театрында "Арқалық" пьесасын көрді. Артистердің өнерін жақсы бағалады, "жалпы театр мен әдебиет бірбеткей қалмасын. Құр ғана қазақ ескілігі басымдап жүрмесін. Оның ішінде қостарлығын қостап, сүйерлігін сүю керек. Сынсыз, талғаусыз бас шұлғи беру жол емес. Екінші, әсіресе алдыңғы қатарлы орыс әдебиетінен, классик мәдениетінен үлгі алуды ойлаңдар. Өз үлгілеріңді Қазақстан көлемінде ғана қалдырмай, Одақ майданына алып шығындар. Өз күштеріңді танытарлық шығармалар туғызыңдар" деді. Бұл әдебиетті, көркемөнерді осу тарихының жаңа асуына нұсқаған үн еді. "Мәскеу-Ленинград жазушыларымен жалғасыңдар. Театрдың, музыканың өнерпаздарын шақырыңдар, оларды Қазақстанның досы етіңдер" деп осы жолы талай тапсырмалар берді. Бұл мәдениет майданындағы қайраткерлердің жігерін тасытты, оларды жаңа табысқа аттандырды. Қазақ көркемөнеріне қажет болған бұйымды бір жағы тарихтан, бір жағы алдағы озған мәдениеттен іздету, алғызу, қанаттастырумен қатар халық ішіндегі асылдардың бүгінгісіне үлкен зер салдырады. Бұл мәдениетті өркендетті, революция мәдениет тарихына жаңа аттар енгізді. Жамбылдың аты, Аманкелдінің аты мен ісі бүкіл союзға белгілі. Көп уақытқа дейін Жамбылдың аты естілмеген еді, ал естілген күнде де ол заманы өткен, күні біткен шалажансар ат қана болып естілуші еді. Өлі бойына жан жүгірген, союз көлемінде ән шырқаған Жамбылды жақыннан бері кердік. Бұл Жамбылдың өз айтуынша, "өлгені тіріліп, өшкені жанған" дегеннің өзі емес пе? 1933—1934 жылдарға дейін ескерілмеген, ұмытылған жалғыз Жамбыл емес, бұдан басқа да талай басты нәрселер ұмытылған еді. Халықтың революциялық тарихы, қазақ халқының тарихындағы жарқын белдің бірі 1916 жылғы көтеріліс, қазақ еңбекшілерінің ардақты геройы Аманкелді — бұлар да ескерілмей келгені бәрімізге мәлім. "1916 жылғы көтерілістің нақты шындық тарихын жазу керек, Аманкелдіні көтеру керек, оның атын құрметтеу керек" деген сөзді ең алдымен айтушы тағы Леон Исаевич еді. Енді Аманкелдіні білмейтін адам жоқ. Аманкелдінің аты халықтың легендасы болды. Жастарымыз Аманкелдінің революциялық жігерінен, Отанын сүйгіштігінен өнеге алады. Біздің елімізде қайта табылған қасиеттер, қайта туып, жаңғырып жайнаған қазыналар құлаш сермеп алға басты, біздің мәдениет тарихымыз шыны үлкен жолға түсті. Аз жыл ішінде кеп жаңалық, көп нәр мен сапа таптық. Осы күйдің үстіне декадникке жетіп екі. Мәдениет майданының қызметшілері — біздер декадникке де іштен қорғанақтап, "әй, қалай боп шығады" деп бардық. Бірақ, енді 33 жылдай емес, бір үлкен асуға тақап кеп қалғанымызды сезуші ек, күткеніміз де көп еді. Осы декадниктің алғашқы күндерінде Леон Исаевич аурудың себебінен Мәскеуде бола алмады. Ол заграницада еді. Бірақ барлық істі әзірлеуші, бастаушы өзі екені барлығымыздың ішімізде, көкейімізде. Ол өзі жоқ болса да, ортамызда жүрген тәрізді болатын. Мен бір жұмыспен Ораз Исаев жолдасқа бардым. Сол кезде Леон Исаевич телефонмен Парижден Оразбен сөйлесіп отыр екен. Сондағы әңгіменің ең басында сұрағаны, әңгіменің ортасында тағы сұрағаны, ақырында тағы да, тағы сұрағаны: "Қалай ойнап жатыр? "Қыз Жібек" жақсы шығып жатыр ма? Ұнады ма? Күләш қалай ойнады? Құрманбек қалай ойнады?" деген сұрақтар. Өзі ауру, өзі Парижде болса да, бірақ көңілінің үміті, тілегі, қуанышы тұтасымен Қазақстанның көркемөнерінің жолында еді. Әрине, мұндай жерде көркемөнер өркендеп, өрбімей тұра алмайды. Опера театры "Тарғынды" жарыққа шығарғанда, Қазақстан драма театры "Ревизорды" ойнағанда, Алматы орыс драма театры қазақ пьесасын ойнағанда Леон Исаевич сол ойындарға тағы да, талай рет өзінің әрі достық, әрі ұстаздық болған ақылын айтты. Басшылық көмегін істеді. Ұдайы алға бастырам деген жетекшілік болды. Бұл хал біздің жазушыларымызды, режиссерлерімізді, суретшілерімізді, әсіресе, актерлерімізді үнемі өсіріп отырды. Жақында академия театры "Любовь Яроваяны" қойып, соған Леон Исаевич келіп еді. Ойын бітісімен-ақ барлық актер киімдерін де ауыстырып болмастан, беттегі гримдерін де тегіс арытпастан дирекцияға ұмтылып, жүгіріп кеп: "Не деді? Леон Исаевичқа ұнады ма, жоқ па? Қандай баға берді? Қандай сын айтты?" десіп, жапырлай сұрасты... Бұл өте түсінікті. Шын қамқор басшыға, досқа өз еңбектерін көрсетіп отырып, енді соның не дегенін естуге бұлар тықыршып асығады. Көркемөнер, әдебиет, жалпы мәдениет майданының барлық қызметкерлері өз жүректерінде өз депутатын әлдеқашан атаған. Бұл — Леон Исаевич. Және осы біздің көңіл, біздің сенім, Леон Исаевичты өз жолдарымен бізше таныған барлық басқа майдандарда, барлық совет жұртшылығында тұтас бір көңіл, бір сенім деп білеміз. 12 декабрь күнін халық бақытының өрлей түскен қуаныш күні деп жарқын жүзбен күтеміз. Сол күні ең таңдаулы, ең сүйікті кандидаттарымызды Қазақстанның ең ардақты ұлы деп, шат көңілмен сайлаймыз.

БЕССМЕРТНЫЙ ПОЭТ

Известно, что судьбы литературных произведений многоразличны, даже успех, признание и возвеличение современниками литературного памятника не обеспечивают в последующей истории человечества одинаковую, равную участь для всех памятников. С этой стороны есть произведения, подобные метеорам, и есть произведения, равнозначные светилам. Вспыхнет на литературной ниве ярчайшее явление, невольно приковывающее всеобщее внимание к себе, и все же оно, падая, гаснет на историческом небосводе. Но есть памятники, которые утвердились в этой вечности, как светила ровного, постоянного сияния. Это бессмертные спутники культурной истории прогрессивного человечества. Всегда и неизменно видят его на привычном месте, на каком-то памятном отрезке всеобщей истории. И чем дальше длится испытание временем, тем больше взоров и внимания бывает обращено к нему и тем становится заслуженнее и оправданнее бессмертие художника, оставившего после себя такое творение. Таковы памятники античной культуры — "Илиада", "Одиссея", таково наследие Шекспира, Гете, Пушкина и других. Несомненно, к этому же числу относится и памятник, созданный творческим гением грузинского народа, — поэма Шота Руставели "Витязь в тигровой шкуре". Семьсот пятьдесят лет отделяют нас от даты рождения этого великого художника-поэта. Да и не только семьсот пятьдесят лет отделяли до недавнего времени многонациональные, многомиллионные народы Советского Союза от этого замечательного наследия. Разделяла вся неприглядная, суровая история прошлого с непроходимыми дебрями ее в виде религиозных предубеждений, национальных ограничений, антагонизма, в виде великодержавного гнета и принижения духовных ценностей, завоеванных народов-пасынков и, наконец, в виде сознательной, разобщающей один народ от другого политики царизма. Только в великую эпоху Ленина, в эпоху социализма пали эти преграды, и социалистическая культура всего Союза начинает обогащаться многочисленными и многообразными ценностями, созданными в недрах истории каждого народа. Призванные к жизни и великой стройке возрожденные народы очищают от толщи исторической пыли драгоценные свои залежи. Во весь голос народы повествуют миру о них. Гордясь и блистая этими сокровищами своего культурного наследия, они с такой же радостью и рвением стремятся познать и приобщиться к сокровищам других, подобных им народов. Любят и ценят их, как интернациональное достояние среди общеизвестных сокровищ мировой культуры. И вот мы пришли ко времени, когда скромно поведавший о себе "Мест безвестный из Рустави" читается на своих языках и русским, и бурятом, и казахом, и многими другими и при этом становится дорогим и близким их сердцам, как достояние и гордость всех породнившихся и стремящихся к единой, великой цели народов нашего Союза. При этом что же характерно для социалистической культуры народов в их обращении к общенародным достояниям прошлого? Характерно неизменное искание и высокая оценка созвучного нашей эпохе значительного, героического в прошлой истории этих народов. Памятники культуры, выражающие прозрачные, ясные и жизнеутверждающие порывы народного духа и изображающие героические черты характера данного народа, памятники, в основе которых заложено поучительное и воспитательно-героическое, что чтил и хранил сам народ в течение всей прежней своей истории, — вот что высоко ценит и возводит на пьедестал наша, подлинно общенародная социалистическая культура. Такие памятники из богатейшего фольклора, из индивидуального наследия великих поэтов, художников прошлого и становятся сейчас, выходя за прежние рамки своей узконациональной среды, общенародным интернациональным достоянием всех наших народностей. И одним из самых значительных памятников такого прошлого является "Витязь в тигровой шкуре" Руставели. Безусловно, стоящая на уровне немногих и наилучших шедевров мировой литературы поэма Руставели, прежде всего, замечательна тем, что она возникла на рубеже двух отдаленных историй, двух огромных культур Запада и Востока и, отражая в себе преемственность этих культур, одновременно явилась исключительно самостоятельным, самобытным, независимо оригинальным памятником тех отдаленных времен. Воспроизведя в своей сюжетной основе вечную общечеловеческую тему любви и дружбы, поэма дала необыкновенно глубокую, светлую и высоко поднимающую смысл и назначение жизни новую трактовку этих чувств. Они, эти чувства, возвеличены в поэме, подняты на озаренную высоту героических порывов и исключительных достоинств человеческой души. Но, дивная песня любви и дружбы, она не стала только мирной песней общеизвестных людских взаимоотношений. Мерилом этих чувств в поэме стали мужество и доблесть. Любовь и дружба только в героическом проявлении духа ценны и важны для поэта. И поэма обрела величайший художественный смысл огромными прибоями захватывающих глубинных страстей, включенных в нее, вложенных в образы ее героев духа. Не обреченные предопределением или судьбой, не отягощенные предрассудками, покорностью какой-то посторонней воле, а гордые и независимые духом, эти герои во всей прозрачной и пленительной ясности своего облика покорны и подвластны только одной вере - вере в собственные силы, в героизм. Ради этого — в них неустрашимая готовность к борьбе с какими угодно силами в мире. А залог победы — в непоколебимой готовности их в любую минуту к смерти. Перед высоким и единственным достоинством человека, перед мужеством и доблестью не страшна никакая утрата. Прежде всего, ничто - сама смерть. Наоборот, "славная смерть лучше позорной жизни". Первоначальная тема любви и дружбы во всей действенной конструкции поэмы приобретает место и значение первых толчков мотивировки героических деяний и поступков. Порой они остаются в некоем подсобном значении. А главное и бессмертное в поэме в том, что она является непревзойденной, предельно убедительной, высокохудожественной песней мужества, героизма. И она не только песня о мужестве, но она же есть и философия мужества и доблести. В этом свете и сама тема любви и дружбы прозвучала совсем по-новому, необыкновенно оригинально и неповторимо значительно в этом особенном их проявлении. Существовала различная трактовка любви в мировой классической литературе Востока и Запада. Но везде она была воспета сама непосредственно, в самодовлеющем, главенствующем значении ее. Почти нигде она не уступала дружбе и доблести ради них и не ограничивалась второстепенным положением, как испытание, с одной стороны, героизма и как возмездие за него — с другой. Подчиненным высокому трезвому разуму, подлинно возвышающим чувством борется любовь в сложно психологических и просветленно облагороженных взаимоотношениях основных героев поэмы. И если мы, проводя параллели между "Витязем в тигровой шкуре" и другими классическими книжными образцами Востока и Запада тех времен, обратимся к общеизвестной песне о любви, к "Лейли и Меджнуну", то увидим, как довлеет над всей основой этой последней поэмы суфийско-мистическая вера и предопределение, и как свободное человеческое чувство подчинено, скованно и задавлено религиозно-фатальным бременем. Не радость и волю к жизни и борьбе рождает это чувство, а обреченность и земное страдание приносит оно героям. Смирившиеся и опустошенные внутри, отворачиваются от жизни Лейли и Меджнун и ждут искупления в скудной вере в потусторонний мир. Ни восторга, ни даже одобрения не может вызвать в здоровом рассудке такая участь страдальцев по воле рока, а только жалость и сострадание вызывала она у своих слушателей. Плененное сознание, покорность — вот чего требовала от человека взамен его полнокровных, здоровых и добрых чувств эта пропаганда мрачной религиозной доктрины через любовь. Конечно, ничего общего с таким пониманием и освещением любви не имеет поэма Руставели, эта сочная и мощная песня, прежде всего, о жизни, жизни земной и достойной. Наоборот, жадно живут и героически добиваются красивого, достойного смысла для своего, только земного существования ее герои. В этом смысле реалистична и по-настоящему жизненно поучи своими высокими порывами духа эта великолепная поэма, рожденная непокорным, независимым сознанием народа. Несомненно, большие внутренние связи имеет поэма по своему миро-ощущению с культурой Запада. Но, однако, и там она не имеет совпадающих параллелей, в виде каких-то конкретных памятников литературы, непосредственно и косвенно повлиявших на нее. А сопоставление со знаменитой "Божественной комедией" Данте Алигьери порой действительно выгодно отличает "Витязя в тигровой шкуре" с ясной рационалистической широтой его горизонтов. Ни национальными, ни тем более религиозными ограничениями не скованно миропонимание и творческая фантазия поэта. Отражая в своей поэме вкусы, идеалы и черты характера своего народа, поэт в данном случае взял человека вообще, ибо Тинатин и Автандил, Тариэль и Нестан-Дареджан в художественно-поэтической обработке их образов у Руставели являются людьми совершенно условной географической и этнической среды. Для поэта важен человек, достойный имени человека, и ареной его действий также взят мир вообще. А "Божественная комедия" в этом смысле, безусловно, носит отпечатки средневековой схоластической ограниченности идей и верований с их нетерпимостью. Мудрое и исторически значительное во всей идейно-художественной сущности поэмы Руставели заключается в том, что она переросла Восток и критически восприняла Запад и в результате, отражая преемственность общечеловеческой культуры, одновременно осталась памятником весьма самостоятельной независимой культуры. В этом новое, оригинальное значение этого огромного вклада в мировую сокровищницу культурного наследия прошлого. Свободная от суфийско-мистической поэзии обреченности книжного, мусульманского Востока и от схоластической ограниченности средневекового христианского Запада поэма Руставели в своей философской основе скорее перекликается с золотым веком античной истории, с ее культом гармонической красоты тела и духа. Но анализ и оценка бессмертного наследия Шота Руставели отнюдь не должны ограничиваться этими сопоставлениями. Противопоставленная книжно-мистической литературе Востока, трезвая, жизненно-поэтическая мощная струя "Витязя" не противостоит всему восточному. Именно не противостоит она народно-восточной основе, с которой, наоборот, должно быть много сходного и родственного в поэме Руставели. Не случайно поэма "Витязь в тигровой шкуре" имеет свое огромное поэтическое окружение в грузинском фольклоре, и оно в виде фольклорных вариантов о героях данной поэмы сопутствует ей давно. А Руставели, подобно всем другим великим поэтам, прежде всего, пользовался как питательными соками для своего произведения всем накопленным достоянием народа. И как поэт с широкими для своего времени познаниями и с огромным диапазоном большого художника он не ограничивался книжно-восточной или книжно-западной литературой. Наоборот, наилучшим образом питало его воображение изустное творчество грузинского народа и других, хотя бы смежных, народностей Запада и Востока. И в этом ряду, конечно, привлекали к себе его внимание народные сказания, легенды и особенно народно-героический эпос, лироэпос и западных, и восточных народов. Само персидское предание об арабских и индусских витязях тоже, конечно, может быть преданием давнего происхождения, преданием чисто народным, по сюжету и по духу абсолютно не сходным с позднейшей книжной поэзией Востока. Тем более оно может, в противовес мистике Низами, представлять трезво народную, занимательно-реалистическую фабулу, и тем могло заинтересовать и привлечь к себе творческое внимание великого поэта. Так что факты самой поэмы говорят о необходимости широких сопоставлений и более широких исканий истоков и корней его творчества в эпическом подлинно-народном прошлом многих восточных и западных народов. Помимо своего художественного величия и с этой стороны поэма станет понятнее, ближе и роднее многим нашим народам при раскрытии и напоминании им их собственного эпоса и фольклора. И не только теми или иными совпадениями мотивов, фабульных положений в судьбе героев станет близкой, дорогой поэма Руставели. Эти сходные моменты можно найти не только с "Тристаном и Изольдой", но и с "Тысяча и одной ночью", "Кер-Оглы" — туркменской, с "Семетей и Айчорок" — киргизской, с "Козы-Корпеш и Баян-Сулу" — казахской и так далее. Бессмертным сокровищем для всех народов делает поэму Руставели все героическое и значительное, что идет от самого грузинского народа, что так величественно воспето его высокоодаренным поэтом, вложившим в свое творение героические черты характера этого народа, воспитавшего в себе такую высокую оценку смысла и достоинства жизни. Этой именно стороной поэма найдет отзвук в каждом народе, затронув и напомнив им сходные, родственные черты из их собственного прошлого. Ибо нет народа, который бы не создал песни своих вековых усилий и идеалов, и нет народа, который бы не любил их и не оценил бы подобных им творений другого народа. А поэма Руставели встретит признание и несомненную любовь наших народов еще и своим непревзойденным мастерством и художественным величием. В многовековой истории грузинского народа обеспечено бессмертие этому великому произведению и его творцу, и обеспечено оно любовью народа. Но что любит народ в "Витязе в тигровой шкуре?" Не царей и витязей, конечно, легендарных, нереальных, а любит качества человеческого достоинства и доблести, вложенные в эти образы самим народом, и любит то, как оно воспето поэтом, сыном этого народа, на языке самого народа. Это именно и чтил народ, на нем он воспитывался, учился ценить мужество, героизм и чувство прекрасного. И в этом моменте есть много общего и родственного для всех других народов нашего Союза. Каждый из этих народов вправе искать у себя сходного с наследием Руставели, он будет находить его, будет дополнять его этим общенародным достоянием, — замечательным памятником грузинской литературы. Над переводом "Витязя в тигровой шкуре" на казахский язык работает группа самых талантливых поэтов Казахстана. Они имеют для сопоставления ряд переводов, сделанных на русском языке Бальмонтом, Петренко, Цагарели и другими. Имеют авторитетные отзывы и оценки грузинских исследователей, знатоков Руставели по поводу этих переводов. Они пользуются, кроме того, подстрочником, составленным и проверенным при участии юбилейной комиссии ССП. Помимо этого они изучают всю доступную им литературу о Руставели и о грузинской литературе и фольклоре. Они также обеспечены консультацией, практической, конкретной помощью историков грузинской литературы, грузинских поэтов и писателей. Все эти условия, несомненно, окажут свое большое положительное влияние на качество перевода. Вдобавок ко всему этому нужно учесть и некоторые особенности грузинской поэзии, сближающие ее с природой и особенностями казахской народной и индивидуальной поэзии. Насколько известно по доступной нам русской литературе о Руставели и о грузинской современной поэзии, одной из особенностей грузинского стиха является его певучесть, основанная на аллитерациях и ассонансах, в виде повторов одиночных звуков и групповых звуковых сочетаний. Эта особенность, трудная для передачи на ряде других языков, органически свойственна казахской и древней и современной поэзии. Всякие красочные и звуковые сочетания в виде внешних и внутренних аллитераций и ассонансов, видимо, могут быть широко использованы нашими поэтами-переводчиками в соответствующих необходимых отрывках текста Руставели. Также без усилий и, не переходя в прозаизм, а сохраняя ритмическую и метрическую напевность шестнадцати сложного стиха "шаири", можно переводить тем же шестнадцати сложным казахским стихом с цезурой после восьмого или седьмого слога. Особенности рифмы Руставели, богатство и редкая повторяемость их, также должны быть учтены нашими поэтами. Кроме того, особенной внимательностью, тщательностью и художественным мастерством должны отличаться переводы в передаче смысловых, художественно-поэтических, образно стилистических особенностей поэмы Руставели. При этом афористичность Руставели и обилие развернутых сложных метафор составляет неувядаемую прелесть и глубину его наследия. В них наибольшим образом и выражается высота поэтической культуры, значительность мыслей и величие творческого гения бессмертного поэта. Относиться чутко и творчески ответственно к таким особенностям — задача самая главная и благодарная. Наши поэты выполняют историческую культурную миссию, помогая интернациональному взаимодействию культур. Почетная задача — донести до нашего читателя прежде недоступные ценности замечательного памятника грузинской литературы. Переводя и читая на своем языке наследие великого поэта, мы, писатели Казахстана, также должны извлечь много поучительного для себя, прежде всего то, как надо создавать произведения, основанные на накопленном положительном достоянии народа. Должны учиться художественному мастерству поэта, обеспечившего себе бессмертие в веках и в сердцах народов.

БЕС МЫҢ ДЕГЕН БЕЛДЕН АСАРДА

Бес мың. Бес мың рет жұртшылыққа өзінің еңбекке толы тіршілігін, барлығын мәлім еткен деген сөз. Бес мың - соншалық көрнекті, салмақты сан. Адамның ақыл, сезім, тәрбие-тәлім тіршілігінде күн санап қолына келіп, күн сайын көз алдыңнан өтіп-өтіп, өзінің, өнеге бойына әрқашан ұзақ уақыт үңілдіріп отыратын бір үлкен мәдениет белгісі бес мың күндей, бес мың рет шығып тарап келе жатқанда қандай боп ұғылып, қандай боп көрінбекке керек? Ол тіршіліктің, табиғаттың аумайтын, ауыспайтын орнағанының зор бір табиғи заңы сияқты сезілуге керек. Мысалы, түнгі тыныс артынан ағарып таң атып, еңбек күні басталғандай, күнделікті мерзімді үлкен өмір, қоғам өмірінің зор жолындай өзінің үзілмес жолымен, әрбір күннің, әрбір шисланың "мен келдім" сияқты боп бұл келеді. Айнымас мерзімді күндерінде, көп күндерінде ол шықпай, келмей тұрмайды. Егер де, мысалы, сол көп күндерде бір күн тоқтап, шықпай қала қалса, бізге күн мен түн өз кезегінен жаңылғандай, аса бір орасан хал, болмаса хал сияқты боп көрінер еді. Социалистік дәуірдің, барлық қазақ тіліндегі баспасөздің ең соқталы арқауы, ең үлкен ағысы — "Социалистік Қазақстанның" нық мән-маңызы сондай. Мен — "Социалистік Қазақстанның" ескі оқушысының бірімін. Өзге көп оқушылары сияқты, менде де күндегі ой-сана тіршілігінің бір мезгілі, әрқашанда "Социалистік Қазақстанның" бетіне қарап, соны оқумен өтеді. Оқушы есебінде, күндегі өміріңнің біте қайнасқан, ет бауыр жақыны — туысы сияқты. Сондықтан ол маған шын қымбат. Саяси, мәдениеттік тәрбиеші, бастаушы есебінде "Социалистік Қазақстаннан" менің алып отыратын азығым көп, ілгеріде де алатын үлгі-нәрлім көп болады деп білемін. Әсіресе, жазушы есебінде мен өзімді "Социалистік Қазақстанға" көп борыштымын деп білемін, нық байланыстымын деп санаймын. Азды-көпті жазған шығармалар турасында оның көңіл бөлуі, орын беруі, пайдалы сынымен жәрдем беруі арқылы борыштымын. Үнемі жазып жүрейін, сирек жазып жүрейін, бірақ маған пікірі қымбат, пікірі қадірлі барлық совет жұртшылығының ең маңдай алды өкілі, тілшісі — "С.Қ" әрқашан менің көңілімде, көз алдымда болады. Сол себепті мен онымен нық байланыстымын деймін. "С.Қ" тілі — біздің жаңа әдебиет тіліміздің жаңа жол салушысы да, зор айнасы да. Бұл жағынан да күнделік оқу арқылы байқамай байып отырасың. Бірақ осы тұста біздегі партия, совет жұртшылығының қадірлі сөзі "С.Қ" - ның бес мың деген белден асып отырған күнінде айтатын тілектеріміз де бар. Жаңа тілдің, мәдениетті тілдің, ұлы заманымызға сай тілдің үлкен қалыптаушысының бірі болғандықтан, "С.Қ" әрі оқушысы, әрі тілшісі бізден де, өзінен де қонымды жақсы, мәдениетті тілдің үлгісін көбірек талап ететін болсын. Онан соңғы зор тілек — әдебиеттің бүгінгі күні мен өткен жайларын, әсіресе, халық әдебиетінің асыл қазыналарын зерттеп, талдап ұғу жолында атсалысса екен. Қазақстанда әдебиет тарихы ғылымының өсіп-өркендеуіне де көңіл бөле жүрсе екен. Үшінші бір тілек, біздегі көркемөнер мәселесіне "С.Қ" біраз көңіл бөлді, бірақ автордың, режиссердің, театрдың қалыптанып өсіп, даму әңгімелеріне аз назар салып келеді. Сол жағы күшейсе екен.

МҰСА МОЛДА

Мұса молда кеше ғана совет тұсында (1932 жылы) өлгенмен, өзі ертеден, көп заманнан бері жазып келе жатқан ақын. Оның ақындық еңбегінің өнімді болған дәуірі: өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап 1910-жылдарға шейін созылды. Мұса молданың туып-өскен жері осы күнгі Оңтүстік Қазақстан облысы. Бұның қалам ұстап, ақындық дүниесіне кірген дәуірі қазақ даласында бектік-феодалдық қалып тозғанда, сауда-базар күшейіп, әлеумет билігі саудалы, капиталды байдың қолына көше бастаған кез еді. Мұса молданың ата-бабасы датқа болғанымен, бұның өзі кедей болатын. Бұның ата мұрасы адыра қалып, ел билігі беделділік, байлықпен, ақшамен өлшенетін болып еді. Соған мойындай өскен Мұса ең алғашқы бір өлеңінде:

Бай артық болыстан да, биліктен де,
Әр істі ақша бұзар киліккенде,
Жалы бар, жабы-жобыр озып кетті,
Қазанат, жалы кеткен жүйріктен де, —

дейді. Шаруа — тіршілік тізгінін қолына алып, ақшалы-саудалы байды көкке көтереді. Сұңқардың баласы едім мен де бұрын, Алыстан, көрсем аңға, кеткен ұрын. Өлеңші, ақырында жыршы болдық, Сыпайы жасырмайды, деген сырын, — деп, өлеңі кезінде күн көрудің де азығы болғанын айтады. Өзіне өмірінде бір ат, бір сиырдан артық мал бітпеген. Үнемі жарлылық, кемтарлықта жасаған адам. Сондықтан, бір жағынан кедейлердің өмірін көріп, олардың ауыр қалын сезіп отырады. Мұса молда өз уақытына қарағанда оқымысты адам деп саналған. Ол араб, парсы, шағатай әдебиеттерін, тарихтарын жақсы білген. Қазақ, қырғыз, яки басқа Орта Азия халқының ескілігіне де қанықты, жетік болған. Сондай білімі, өлең сөзі арқылы ол қай ортада болсын араласып, сыя беретін болған. Өлең жазып, жүрген жерінде өлең айтып жүретін болған. Осынан соң ол күндегі дін иелері — ишан, қожа, молда дегендер ұнатпайды. "Дін жолын дұрыс ұстамайды" — деп олар мұны жамандап, мүйіздеп жүреді. Сондай ретте, 1910 жылы Шайна ишандарымен қағысып, оларға өлең хат жазады. Ишандар бұның өлең жолдарын, ақындығын да мін деп санайды екен. Соларға өлең сөздің асылдығын айтып, аналардың надандығын бетіне басып хат жазады. Өзі көптің арасынан шығып, сол көпке сүйеніп тіршілік етіп жүрген соң, әсіресе, көп алдында мақтағанды сүйетін ел ішіндегі әрі надан, әрі ауқатты адамдарға арнап өлең айтқыш болған соң Мұса, өлеңінің тілін жұртқа ұғымды қып айтады. Сөзі елдің салт өлеңдерінің ізімен көпке ұғымды, қарапайым тілімен жазылған сөз болады. Өлең түріне де кеп жат, және түрлі үлгі іздемейді, жұртқа таныс я жыр-терме, я төрт жолды ұйқаспен, көпке мәлім түрмен жазады. Тақырып жағын алғанда бұнда кездесетін өлеңдер: 1. Ең алдымен, сұрау сөздері; 2. Айтыс; 3. Мақтау-жамандау; 4. Батыр жырынан — "Ер Шора дастаны". Жалғыз-ақ осы Мұса қартайған күйінде де біздің заманға жетіп, еңбекші бағытын бағыт, мұрат етіп алды да, бұрынғысынан көп өзгереді. "Өзім көрі болсам да, сөзім жас" - деп жаңа заманға жаңа созбен жырлар айтпақ болады. Сүйтіп отырып көп өлең жазады. "Дархан заман", "Октябрьдің 14 жылдығына", "Шәуілдірге", "Талапты жастар", "Ащысай" деген сияқты нағыз совет бағытындағы өлеңдері айтарлық күш, серпін табады. Бұл өлеңдерде "Шәуілдір", "Ащысай" сияқты табиғат күшін жеңіл, жаңғыртып жатқан жаңа тарих негізін ұғып, қостайды. Бұрынғы көп кедей шаруаның жадырағанын, өскенін көреді. Әйел тендік алып билікке араласты деп, оны қостайды. Жас бас болды деп, оны да мақұлдайды. Бай, шонжардың тұғырдан тайғанын, тарихтан жойылғанын тағы да мақұлдайды. Сонымен өзі бұқара ортасынан шығып, біріншіден, заман желімен ығып бай кілеміне түсіп кеткен ақын, енді бұқара мүддесін тауып, танып, ниетін қосады. Бірақ, бұл салт-сана жөнінде қызмет еткен адам. Өзі бұрын ұсақ байшыл ақын болған. Бұнда ескі машық, ұғымының қалдығы көп. Ол тез айыға қоймайтын, көпке шейін ере жүріп, көрініп отыратын нәрсе. Сондықтан Мұсада да жаңағы өлеңдерімен қатар бұрынғы дағдысына басып кететін жайларды көреміз. Революциядан кейін де, тіпті совет адамына да мақтау, сұрау өлендерін айтып жіберетін әдеттері бар. "Дархан заманның" ішінде бұрынғы машықпен мақтау өлең айтып тұратын қалыптар байқалып отырады.

СӘБИТ ДӨНЕНТАЕВ

Сәбит Дөнентаев 1894 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысында Павлодар ауданында туған. Әкесі Дөнентай молда сымақтау, еті тірі, кедей адам болған. Дөнентай Сәбитті оқытып ескіше молда қылмақ оймен елдегі Махамбет-Садық дегеннен оқытып, онан кейін Павлодар қаласындағы Қасым қажы Ертіспаев дегеннің медресесіне берген. Бұл Қасым қажының медресесі бұрын ескі дін оқуын оқытатын мектеп болса да, артынан заманының сазына қарай төте оқу (жәдит) жолына түскен. 1915 жылдар Сәбит орысша үйрену мақсатымен орыс тілінде оқытатын бір мектептен жабайы тыңдаушы болып оқиды. 1916 жылы солдат алатын июнь жарлығы шыққанда Сәбиттің жасы ілініп, содан қалу үшін Екібастұз бен Жармақ темір жол бойындағы Жол құдық дейтін қызыл үйдің (разъезд) жұмысына түскен. Онда вагонға топырақ салып жүретін қара жүмысшы болып істеген. 1917 жылы февральдан кейін Семей келіп, сонда ашылған мұғалімдер курсінде оқып, бір жағынан "Сарыарқа" газетінде, соңынан "Абай" журналында қызмет істеп, жазып жүрген. 1919 жылдың аяғында елде болып, қазақ даласы ақтардан сейіліп, Совет үкіметі орнағаннан кейін 1920 жылдан 1922 жылға дейін аудандық сот болып қызмет істейді. 1924 жылдың басында Семей келіп, ұдайымен 6 жыл "Қазақ тілі" газетінің басқармасында істейді. 1930 жылы еліне барып, елде тұрақтай алмай, Павлодарда бір қыс мұғалім болады. Денсаулық жағдайынан 1931 жылы Бесқарағай кетіп, Бөген дейтін жерде оқу-ағарту қызметінде болады. Артынан Семей газетінің өкіріктік болып шығуымен бірге Сәбит қайта шақыртылып, байырғы қызметіне қайта кіріседі. Бірақ, бұл жолғы қызметі созымды болмайды. Соңғы 6-7 жылдың бойында бірде сау, бірде ауру болып, қалмай келе жатқан безгектің ауыр түрі 1933 жылдың жануар ішіне дейін төсек тартқызып тастайды. Денсаулығын жөндеу үшін 1933 жылы демалыс үйіне барады. Бірақ, шыңына жеткен ауру бой бермейді. Сәбит 1924 жылдан бастап Совет жолына түсіп, өз еңбектерін жарыққа шығара бастайды. 1929 жылдан бері ҚазАП-қа мүше. Әсіресе, сол жылдары "Он жылдың жемісі", "9 жылғы олжа", "Ленин", "Бай мен комсомол" сияқты өлеңдер жазып өзін көрсетіп қалып еді. Сол жолын енді ұлғайтамын деп құлшынып кірісе бастап келе жатқанда (мақсаты бұрынғы қатасын ісімен түзетпекші еді), 1933 жылдың 23 майы күні қайтыс болды.

Сәбит — революциядан бұрын әдебиет майданына шыққан бұқарашыл ақынның бірі.
Сәбит "Замандастар" деген бір өлеңінде былай дейді:
Жабылайық өнерге,
Ынтықпай қарап өлерге.

Өзіміз керек демесек,
Керек қып бізді келер ме?
Қызмет көрсет халқыңа,
Игі ат қалсын артыңа.

Сәбит оқығанның бәрі ұлтшыл-басшы болуы керек деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде олардың қылығы жақтағандығынан Сәбит "Ұлтшылға", "Қайтіп қарғыс алмайсың?" деген өлеңдерін жазады. Олардың жаман әдетін сынап, бетіне басады. "Менің жайым" деген өлеңінде де ұлтшыл оқығандардан күдер үзе бастағандығын көрсетеді. Осымен қатар "Қиял", "Үміт" деген өлеңдерінде қиялы мен үмітіне, арына азба, түзулікке баста дейді. Мұнда бұқарашылдық идеясы ашық көріне бастайды. Дөнентаев февраль төңкерісіне дейін осы бетпен келді. Әрине, бұл саяси жолының сүрлеуі. Сәбит әйел мәселесін де жыр қылады. "У жеген қасқырға" деген өлеңінде ауылдағы жемқор болыс, атқамінерлерге де қарсы шығады. "Көктөбетке" дегенінде де солардың берсең дос, бермесең қас, құбылмалы мінезін көрсетеді. Февраль революциясынан кейін ұлт буржуазиялары "патша құлады, бостандық туды" деп қуанысқан болатын. Бірақ, ол февраль революциясы бұқараға шын "тендік, адамшылық" әпермек емес еді. Жауынгерлік қанау саясатының таза өзі құрылып еді. Сондай бай табымен мүддесі жымдасқан алашордашылар қанша "қазақ-қазақ" дегенмен, қазақ ішіндегі ат төбеліндей байларының ғана мұңын мұңдады. Қалың бұқараның нағыз дұшпаны, реакцияшыл күш әбден әшкереленеді. Міне, бұл араға келгенде ақын оларға наразы болады. "Қаулы" деген өлеңінде осы наразылығы көрінеді. С.Дөнентаев азамат соғысының аяғын ала бере-ақ Алаш жолынан безіп, совет жолына түсе бастады. Ескі уақ байшылдық санасынан тез арылып кетпегенмен, совет туының ардақты екенін түсініп, қаламын жүргізе бастады. Берегірек келгесін "10 жылдың жемісі", "9 жылғы олжа", "Бай мен комсомол", "Жалғыз құдықтағы әйелдер мектебі", тағы осындай тақырыптарға жазып, көпшілікпен қол ұстасуға тырысты.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙