Мазмұнға өту
Home

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 46 том

Медетбек Темірхан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 46 том

Авторы: Медетбек Темірхан

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы

ТЕМІРХАН МЕДЕТБЕК

РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:

Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры

АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:

Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақын Темірхан Медетбектің шығармалары енгізілді.

Медетбек Темірхан 1945 жылы 6 наурызда Аманкелді атындағы колхозда (казіргі Нұртас ауылы) Түркістан ауданы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол орта мектепті Түркістан қаласында бітіргеннен кейін екі жылға жуық туған ауылында колхозшы, сонан кейін бір жылдай аудандық газетте корректор болып жұмыс істеген. Алматыдағы Абай атындағы институттың филология факультетінде оқыған, республикалық телевидениеде қатардағы редактор болған. Жетпісінші жылдардың басында Маңғыстаудағы бірқатар геологиялық-барлау экспедицияларында жұмысшы боп, жылы Маңғыстау облысы ашылғаннан кейін облыстық газетте әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі міндетін атқарушы болып жұмыс істеген. Республикамыз тәуелсіздік алар алдындағы тұста, яғни 1990 жылы, сондай-ақ тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы кезеңде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, сонан кейін Маңғыстау облыстық радио және телевидение комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Медетбек Темірхан 1996 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып сайланды. Ол 2003 жылы Республикалық «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, ал 2006 жылы республикалық «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының бас редакторы болып тағайындалды. Медетбек Темірхан көптеген кітаптардың авторы. Оның «Жанымның жапырақтары», «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Әуедегі толқындар», «Дауыс», «Көгершін қауырсындары», «Аңқа кептірген аңызақ», «Сырым бар саған айтатын», «Тағдырлы жылдар жырлары», «Көк

түріктер сарыны» жыр жинақтары мен «Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім?», «Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл» атты сан кітаптары жарық көрген. Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар, тілдеріне аударылған. Өзі де Пушкин, Лермонтов, Якоб Колас, Янка Купала, Леся Украинка, Радован Загович, Бодлер, Верхарн, Пабло Неруда, Незвал, Еркін Вахидов сияқты ақындардың өлеңдерін, сондай-ақ Генрих Белдің «Иесіз үй» романы мен Владимир Набоковтың бірнеше шығармаларын аударған. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, сондай-ақ Қазақстан жазушылар одағаның, Бейбарыс атындағы сыйлықтардың лауреаты. Ол тәуелсіз еліміздің «Құрмет» орденімен және бірқатар медальдарының иегері. Отбасында әйелі, төрт баласы, немерелері бар.

Жан - жүректің жалыны

МАШИНА БАУЫРЫНДАҒЫ ҰЯ

Көктем. Көктем. Жалт-жұлт еткен нұр қандай?! Нұрды бiреу шашып алып тұрғандай... ...Ұя сапты қалған ашық гаражда машинаның буырына бiр торғай. Дауа бар ма – тiршiлiктiң iсiне?! Дауа бар ма – табиғаттың күшiне?! – үш балапан шыға келдi үрпиiп ұядағы үш жұмыртқа iшiнен. Көз алдымда ұлы ғасыр күркiрi, Көз алдымда – тiршiлiктiң шыр-пыры. Қайдан бiлсiн, Қайдан бiлсiн сол торғай машинаның қозғаларын бiр күнi. Бұл уақыт бiр ұяға қарай ма. Машинаға жүру керек қалай да! ...Шофер жiгiт, машинаңда ұя бар, абайла ендi, абайла! Елеместен жолдың аппақ, шаңын да безiлдейдi түскен-сыңды жалынға – үш балапан машинаның төсiнде, ана торғай машинаның соңында.

Көрiп соны жас тұнады көзiңде, үзiлiп-ақ кетер ме екен төзiм де. Жаны қалмай машинаның соңында бара жатыр ана торғай безiлдеп. Көмейiңе тас тығылып, тұншығып, кетесiң ғой мың бүгiлiп, мың сынып, – шыр-шыр етiп, шыр-шыр етiп барады машинаның бауырында тiршiлiк! КӨКТЕМГI АРНАУ (ұйқассыз өлең) Сен жүрсiн деп жапырақтардың арасынан төгiлген жинап алып айдың аппақ жарығын көк шалғынға соқпақ етiп төседiм; тыңдасын деп өзiңдi осы көктемде шығарған жазып алдым тырналардың жаңа әнiн; шомылсын деп өзiңдi кемелермен толқындарын тегiстеп сүртiп алдым ақ бұлтпен көл бетiн; сенi тыңдап жатсын деп iлiп қойдым терезеңнiң алдына жаңбырларын көктемнiң.

АҚЫН ЖҮРЕГIНДЕГI ЖАРЫЛЫС Жұмекен Нәжiмеденовке Жарылды ақын жүрегi – осынау ұлы заманға жандарды көрiп дақ салған, – адамды айдап адамға араға бүлiк от салған; қап-қара бұлттай түйiлiп не iстерiн бiлмей бұзыққа; өртенiп жаны күйiнiп пысықай менен пысыққа; өмiрем қап та өл дейтiн қызғаныш көрiп жылады-ай! Жанының жасын көрмейтiн безбүйректерге шыдамай жарылды ақын жүрегi. Жарылды жүрек! Ғаламат демiмен бiздi шарпыды. Даламды кеттi аралап бұрқ еткен бұрқақ солқылы. Бiр аунап түстi сол кезде Қошалақ құмның қырқасы, домалап кеттi сол кезде Алатау-шыңның бiр тасы.

Солқылдан сол бiр қуатты теңселiп кеттi жамиғат. Солқылдан сол бiр қуатты теңселiп кеттi табиғат. Сол солқыл бiр сәт күшке ендi қуатын жиып даланың, күркесi құлап түстi ендi өтiрiк, өсек, жаланың!.. Өтпек боп босқа жасымай болды ма әлде тiлеуi – бұрқ етiп кенет осылай жарылды ақын жүрегi. Осынау ұлы заманға дақ салар жандар бар әлi. Адамды айдап адамға от салар жандар бар әлi. Түбiне соның жетермiз деуменен бiздер сабылып күресiп ендi өтермiз кеткенше жүрек жарылып!

КҮЛКI КҮНIНДЕ

Күлкi күнi кiм күлкiсiн iркiген бiрi түбiт, бiрi түрпi кiрпiден. Сықылықтап, шықылықтап, қарқылдап қаптап кеттi күлкi, күлкi, күлкiлер. Күлкi деген мұншама өзi көп пе едi – бiрi қурап, мыңы қайта көктедi. Күлiп жатты – үйлер менен көшелер, күлiп жатты – газеттердiң беттерi. Бiр күлкi тұр мәймөңкелеп, жалынып, сөнiп қапты бiр күлкiнiң жалыны. Ду күлкiден теледидар бейне бiр кеткендей-ақ болды дейсiң жарылып.

Бiр күлкiден өлердей боп ышқынған аман қалды ұстап бiреу ұстыннан. Шиедей боп әжуадан аңқаулық мұрттай ұшып түстi бiреу мысқылдан. Бiр күлкiлер атылуға оқталып, ал бiр күлкi сұлап түстi соққы алып. Қақтығысып Қалтай күлкi арсызбен, жатты сол күнi, Несин күлкi сотталып! Қозғайтұғын бергi менен арғыны қаптап кеттi жұрттың мынау қалжыңы. Күлемiн деп Алдар көсе аш қалып, қолды болды Қожанасыр қоржыны. Дейдi ме екен қайтармай-ақ өтеуiн бұл өмiрден тек күлiп-ақ өтемiн – мүлде ұмытып кеттi дейсiң бiреулер күлкiнiң де шет-шегi бар екенiн.

Күлкi-залым – Кез келдi оны сезiнер – күлгендердiң ие болмай өзiне дем жеткiзбей түйiлдiрiп iшегiн, сорғалатып жас ағызды көзiнен.

СОҒЫСҚА БАРЫП ҚАЙТҚАН ДОМБЫРА

Елең етер шыққан әр бiр дауысқа, түскен талай тартыс пенен қағысқа, бiр үйде мен домбырамен кездестiм барып қайтқан соғысқа. Көрдiк те оны арқаландық, құрсандық, қолымызға ап күйлер тартып, ән салдық... ...Сол домбыра денесiнен тұрғандай оқ-дәрiнiң исi аңқып. Тартқан кезде тебiрентiп толғап бiр, бауырына тығылып ап солдаттың, кең даласын аңсап қанша жылады ол аруанадай мойынын созып аңырап бiр. Болған ол да қару менен жарақтай дұшпандарға оқтарды ол да боратқан. Сөйлеп тұрған домбырамның даусымен блиндаждар, окоптар.

Қазағым-ай, тар кезде де тарта алған! Сол кезде оны маршал ұстап таң қалған. Жараланған, көмген оны топырақ шанағына көз жасы мен қан тамған. Қып-қызыл қан жауып оның шанағын болған солай бұл домбырам жаралы. ...Қолтығыңа кiрiп алып боздаса өн бойыңнан соның қаны ағды. Ол боздаса шыдай алмас тiрiлер. Шыдай алмас – жан-жүрегi тiлiнер. Сiлкiнедi ол – бомбалардың даусымен, күрсiнедi ол зеңбiректiң үнiмен! Ол жыласа – безiлдеген зар қаққан, – басар сенi қасiреттi салмақтар. Мен бiлемiн – домбырасын құшақтап – Алатауын құшақтаған солдаттар, Маңғыстауын құшақтаған солдаттар, Қаратауын құшақтаған солдаттар, Сарыарқасын құшақтаған солдаттар!

Көрген талай қанға бөккен күн, айды, адамдардан тыныштықты сұрайды. Әлi күнге сол домбыра ұстасаң аруанадай мойнын созып жылайды. х х х Жек көресiң сен менi. Айыптайсың таңып байлап әрненi. Жетi атаңның құны менде кеткендей жек көресiң сен менi. Жала сөзден сарсылды әбден құлақ та. Барасың-ау, барасың-ау шыдатпай. Аяқтан шал, етектен тарт бәрi бiр оларыңнан түк шықпайды бiрақ та. Бiлем сенiң биiгiңдi, сайыңды. iстерiңдi дәл қазiргi, байырғы. Егер де сен жай ойнатсаң төбемде жайтартқыш боп жұтып қоям жайыңды.

Қаншама рет құрбаны боп кектi ойдың, екi адамның арасына от қойдың. Бiлем қазiр шықырлатып тiсiңдi, келiп тұр-ау бiр-ақ шайнап жеп қойғың. Сыйласып-ақ өтем деп ем адаммен, шыдатпастан барасың-ау амал не... Есiңде ұста жұтпақ болсаң шынымен көмейiңде тас боп тұрып қалам мен. Кесек атып менiң ождан, арыма айып тағып, бәле жауып тағы да алқымыма жармаспақ боп ұмтылсаң от боп жанып жолатпаймын маңыма. Осылай бiр түсiп жүрiп көк терге, орайы кеп «жолың» болып кеткенде, қазық қылып жерге қағып жiберсең көктеп қайта шыға келем көктемде! х х х

Күз де жеттi мимырт жаздың шырқын ап, бұлт шығарып, жел көтерiп, жұлқылап – кеудесiнен нанның иiсi аңқыған, денесiнен жапырағы бұрқырап. Алтын Күз-ай, неткен қызық дәурен ең өттiң-дағы мизам тартқан кермеден жасап алдың жарқ-жұрқ еткен орақтар найзағайдан, нұр мен шапақ, сәуледен! Сенiң үнiң, сенiң даусың бар маңда, көрген мұны, көрмеген де арманда. Бердiң сонсоң орағыңды таратып әр бiр қыстақ, әр бiр ауыл, ауданға! Жаны кiрдi тыныш жатқан алаптың. ...Мизам шуақ тау сауырын жалап тұр... Жатты сонсоң бүкiл далам үстiнде дауысы естiлiп өзiң тартқан орақтың.

Жыр тыңдадым – сол орақтың үнiнен, жатыр алқап майы шығып түгiнен. Кең даламды астықпенен теңселген ордың, ордың – күнiмен де, түнiмен! Кiдiрместен, күн салмастан араға сонан кейiн келiп кiрдiң қалаға... Бар айнала судырлаған суылдап көйлек киiп алыпты ғой сары ала! Әрбiр сыбыс, әрбiр үннен жыр күтiп, әрбiр демнен, әрбiр лептен сыр күтiп жүрдiң сонсоң бұтағынан ағаштың дiр-дiр еткен жапырақтарды үркiтiп. Араладың iшiн-сыртын қаланың, араладың көшелерiн, алаңын, араладың, араладың армансыз иығыңда жалт-жұлт етiп орағың.

Әлденеге мәз боп егер көп күлсем дәл төбеме жапырақтарды төктiң сен... Гүлзарларда ақ масағы құйылған фонтандарды орып алып кеттiң сен! х х х Зорға iлiнiп тұр аспанда жұлдыздар. Өткiрленiп бара жатыр түнгi ызғар. Үзiлiп-ақ кетердей боп дiрiлдеп зорға iлiнiп тұр аспанда жұлдыздар. Дiрiлдеген жабысып ап көгiме бiрi жақын, бiрi жырақ әрiде... Күн де жұлдыз. Ай да жұлдыз, Жер-жұлдыз. Жұлдыздар ғой, жұлдыздар ғой бәрi де. Көкке мынау – жұлдыздардан қайнаған – қараймын да толқып кенет ойланам. Тамып жатыр, ағып жатыр жұлдыздар – жұлдыздардың жаңбыры ғой айналам.

Әлсiз мұнда айла-әрекет, күшiң де! көре көрме бұл суреттi түсiңде – бiз де тұрмыз кеңiстiкке iлiнiп дiрiлдеген бiр жұлдыздың iшiнде. Болашаққа, нұрлы ертеңге жетем деп, тұрмыз бiздер сол жұлдызды мекендеп. Қорқамыз бiз тұңғиыққа, құрдымға сол бiр жұлдыз тамып кетер ме екен деп. Зорға iлiнiп тұр аспанда жұлдыздар.

КИIКТIҢ ТАС МҮСIНI

Ойлантатын ойы сергек кiшiнi, толғантатын көргенi көп кiсiнi қарап қалған қос құлағы елеңдеп жол бойыңда – киiктiң тас мүсiнi! Тiршiлiк боп ататұғын әр таңы, қойындасқан құмы, шалғын, сортаңы бiр кездерде болатын-ды осы алқап қаптап өрген киiктердiң алқабы. Жер қуырған дүбiр үнге елiгiп сол киiктер өрден төмен төгiлiп өткен кезде болатын-ды кеткендей қара жердiң бiр пұшпағы сөгiлiп. Жаным күйiп кеткен кезде күйiктен айналады төмпешiкке биiктер, – жетiмсiреп жатыр мына кең алқап, жоқ қой қазiр қаптаған сол киiктер. Жолатпастан өрiсi мен қағына көмген жердi мың-сан тұяқ шаңына. Киiктердi қырған, қырған қоршап ап салып қойып машинаның шамына.

Қырған, қырған болмаған ғой қымсыну, қырған, қырған – толастамай гүрсiл үн. Сонан кейiн тұрған далам үстiнде күрсiну мен түршiгу. Жатыр ендi алып алқап шаңданып, жылайды тек қара желi зар қағып. Сол қырғыннан аман қалған киiктер кеткен дейдi тоз-тоз болып жан бағып. Соны ойласам жаным менiң күрсiнер, күрсiнер де: сен де мұны бiлшi дер. Тiрi киiк таба алмастан суретке түсiредi тас мүсiндi тiлшiлер. Аптабындай меңдегi сол күйiктiң дәл осы сәт мына далам күйiп тұр! Әлдеқандай мылтық дауысы естiлсе дiр етедi тас мүсiнi киiктiң! х х х Өлең жазған –

сөз бен сөздi құраған, сырт жүретiн күпiршiлiк, күнәдан атаққа ие, құрмет пен сыйға ие бақытты ғой ақын! – дедi бiр адам. Ақын қалай бақытты адам бола алмақ?! Жүрсе бiреу қалт-құлт етiп амалдап, кертартпалық жатып алса табандап, тұрса бiреу қауiп күтiп алаңдап. ақын қалай бақытты адам бола алмақ?! Адам келiп күш көрсетiп адамға, бiрi айдаса екiншiсiн аранға, күдiкпенен қарап бiреу заманға, арсыз бiреу басса арлыны табанға; ақиқаттан үстем шығып қаралық, бiреу жүрсе қабақ шытып қабарып, тұрса бiреу, тұрса бiреу егiлiп көзiнен – жас, жүрегiнен қан ағып;

Тоғышарлық даңғырлатып табағын, аузын ашса бiреу бiтеу жараның, жылмаң қағып тұрса бiреу түлкi боп, қасқыр болып ашса бiреу аранын; бiреу жүрсе – көрмей жасын-жарықты, бiреу жүрсе – көрмей асыл жақұтты – айтыңдаршы, айтыңдаршы өздерiң ақын қалай бала алмақщы бақытты! х х х Дүниенi дүр сiлкiнтiп үркiткем сонау бiр кез қос ауызды мылтықпен. Кезiп жүрiп тау мен тасты тiнтiп мен Дүниенi дүр сiлкiнтiп үркiткем. Бiр жағы шың,

шыңырау болып бiр жағы қамалып қап тұрған екен құр жаны – қарауылға ап қос ауызды мылтықпен құлатқан ем маңғаз тектi құлжаны. Үндер шығып ызу-қию аралас, жапырағын төктi жылап бар ағаш. Бiр-ақ сәтке қақтығысып күн мен түн, тау күрсiнiп, қақ айырылды қара тас. Сұлап жатты тектi құлжа – марқасқа! Шық тамады көз жасы боп әр тасқа. Сумаң қағып сүңгiп жатты найзағай тыр жалаңаш – арса-арса жартасқа... Ойлап соны қанша күйiп езiлдiм. Көрем ылғи – жұмсам болды көзiмдi – кезеп ұстап қос ауызды мылтығын маған қарай келе жатқан... өзiмдi. ДОМБЫРА Сержан Шәкiратовқа

Жатқан кезде түн мен жарық арбасып, жатқан кезде жұрттың бәрiн дарға асып қаймықпастан айтқаны үшiн шындықты көмейiне құйған оның қорғасын. Бiлемiз ғой бұл аңызды бәрiмiз, ол туралы бар ғой дастан, әнiмiз. Көмейiне құйған оның қорғасын. бiлемiз ғой бұл аңызды бәрiмiз. Оны ұмытпас – кеудесiнде жаны бар, оны ұмытпас – кеудесiнде әнi бар. Зар заманда жауыз құйған қорғасын домбырамның көмейiнде әлi бар. Содан оның тарқамаған шерi жүр. (Шерсiз болсаң садаға кет, әрi жүр). Сол қорғасын көмейiнде бiтелiп жатсын мейлi сөйлейдi ол бәрi бiр. Тыңда оны –

үндерiне құлақ ас. Тыңдап оны – қансыз ғана жыламас. Иiп-иiп кетедi ғой кей кезде қос құлақты екi iшектi қу ағаш. Ол жыласа – көрiнедi жан көзге, ол жыласа – құйылады қан көзге. Жылап-жылап көмейiнен қорғасын балқып, ерiп бара жатар бiр кезде. Төзiмiңдi, шыдамыңды қамшылап, шыдар болсаң осыған сен қал шыдап, – балқып тұрған қорғасын жас шыжғырар жүрегiңе, жүрегiңе тамшылап!

КҮТУ

Өзгеше боп есiтiлiп өз үнiм елеңдейдi сезiгiм мен сезiмiм. Күте-күте, күте-күте өзiңдi тозып бiттi, тозып бiттi төзiмiм. Түн iшiнде таусылғандай шыдамы бiреу келiп есiгiмдi ұрады. Сен екен деп ашам барып жүгiрiп бiрақ... бiрақ... ешкiм жоқ боп шығады. Жатқан кезде түндi қосып түндерге бiреу жүрер сықырлатып iргемде. Атып тұрып терезеге үңiлем кезiп жүрген көрiнбейдi бiр пенде. Бос бөлмеден – жүрегiмдi жұбатқан сенiң үнiң естiледi құлаққа. Шыдай алмай жетiп барам бөлмеге. Шамды жағам, ешкiм жоқ қой бiрақ та!

Шым-шытырық ойлар, ойлар қамаған ұстап менi жiбермейдi даладан. Түу сыртымнан жетiп келер әлдекiм. Жалт қараймын. Жоқ қой бiрақ жан адам!..

КОНЦЕРТТЕН СОҢ

Концерт бiттi, Бiреу гүлiн ұмсынып. бiреу қолын соғып жатты құлшынып... Алып сарай кеттi кенет теңселiп бiр қарт кемпiр қалған кезде күрсiнiп... Дегендей-ақ; жанды тағы қозғашы көрiнедi бiр кiсiнiң боз басы. Селден бетер селт еткiздi ақынды әлдекiмнен ыршып шыққан көз жасы. Көз алдымнан өтiп бiр сәт боз далам көкiректе шырақ жанды маздаған. Сыңсып тұрған бiр үн сiңiп жүректе, құлағымда бiр үн тұрды боздаған! Сұлуырақ көрiндi де бұл жалған үмiт-шыбық көктеп тұрды бүр жарған. Кәдiмгi осы күн сәулесi секiлдi сәуле тарап бара жатты бiр жаннан.

Теңестi де әлсiз адам күштiге, нөсер жауды шөл-арманның үстiне. Бiр жанарда жарқ-жұрқ еттi найзағай, бiр жанардан жұлдыз ағып түстi де. Қосылысып алаңдар мен алаңдар, тiл қатысты замандар мен замандар... Кеуделерi басқаша бiр күйге енiп тарап жатты, тарап жатты адамдар. Тарап жатты – таратып бiр күн нұрын, оятып ап кеудесiнен мұң жырын, – бұрынғыдан биiгiрек көрiнiп, бұрынғыдан жақын тартып бiр-бiрiн. х х х Былғап алсақ бiз егер де ұятты – жылуынан айырылады шуағың, қызуынан айырылады жыр-әнiң, мұратынан айырылады сұрағың, қуатынан айырылады ұраның.

Ол былғанса – дау айтып сен шатыспа! – түнередi шығысың да, батыс та. Ақ қағаздай адам жаны былғанар лас пенен қоқысқа. Көз жүгiртiп биiгiң мен өрiңе қарау керек мұндай кезде әрiге. Егер, егер ар мен ұят былғанса, былғанады, бүлiнедi бәрi де. Ол бүлiнсе – құлап қанша қорғандар, төбе болар көз жетпейтiн заңғарлар. Ол былғанса – су мен ауа былғанып, жер қуарып, күлге айналар ормандар. Ол былғанса – болмай дауға толас бiр берекесi кетер бүлiк, жарастың. Ол былғанса қуырылып кең далаң, қап–қара боп түтiн басар қала үстiн.

Ол былғанса — мақсат бiтiп алдыңда, айналады гүлзарларың жал–құмға! Былғап алсақ бiз егер де ұятты былғанады күн нұры да, жаңбыр да! Дүниенiң бар тiрегi тұр сонда. Онсыз өмiр қалар едi құрсауда. Ұятыңды былғап алма, былғасаң тазармайды ол көз жасымен жусаң да! х х х Кейде жылап жала, мұңға батам мен. Ондай кезде сырласам деп жапанмен бүкiл болмыс бiтiмiммен осынау табиғатқа сiңiп бара жатам мен.

Жылжиды да сөздiң ызғар, суығы көктеп шығар үмiтiмнiң шыбығы. Желпiп тұрар өлеңiмнiң жолдарын жел уiлi, қанаттардың суылы. Селт еткiзiп менi аспанның күркiрi жарқ еткiздi бұлт төсiнен шырпыны. ...Жердей ауыр көз жасымды түсiрмей қағып алды шөптiң әлсiз кiрпiгi Құлақ түрiп үндерiне тереңнiң басқа сөзбен өзгеше ойға кенелдiм. Қарлығаштар ұя салды үйлерге әрiптерiнен өлеңнiң. Қайсар жанға айналдым да шерлiден, дедiм сонсоң: өзгешемiн ендi мен. Құшырланып сүйдiм барып гүлдердiң қып–қызыл боп жанып тұрған ернiнен!

Сонан кейiн — сый етем деп елiме — елтiп тыңдар бала мен жас, кәрi де — жапырақтың дiрiлдеген ұшымен сөздер жаздым бұлбұлдардың әнiне!

ҚАҒАЗ

Оңаша бiр жыр құрап ой iшiнде адастым... Ақ қағаздан бұрқырап иiсi аңқиды ағаштың. Қағазда сол тұр әлi ормандардың мұңды үнi,— судырласа шығады жапырақтардың сыбдыры. Ойларымды әдiптеп сонда жатыр бар шыным. Оған тамған әрiптен даусы естiлер тамшының. Үнге айналам толады — өлең—жырға кенелдiм. Құс боп оған қонады шумақтары өлеңнiң.

СЫНАҚ ПОЛИГОНЫ

Астан-кестен болып iшкi әлемiм, отыр едiм ойлап тiрлiк өлеңiн көктен бе әлде, жерден бе әлде – күңiренген – шықты кенет «сынақ, бомба» деген үн. Шықты сол үн апат күнiн ұқтырып – арман солып, гүл қуарып, бiттi үмiт. Жан түршiгер үрей жатты сол үнде, кеттi содан шашым менiң тiк тұрып. Сол бiр сөзден су тартылып, жанады ел. (Ей, адамдар, мейiрiмдi бола гөр). Сол бiр сөзден тыжырынып денесi, сұп-сұр болып бара жатты қара жер. Сол жалғыз үн кеттi менiң құтымды ап. Сол жалғыз үн кеттi менiң құқымды ап. Қабiрдегi өлiктер де қозғалып, аунап түстi сүйектерi сықырлап.

Сол бiр сөзден – ол сұмдықты көрсетпе! – тұтастық тұр бөлiнем деп бөлшекке! Қара тастар қызыл шоққа айналып, қара сулар қайнап жатты сол сәтте! Сол бiр сөзден – үрей енiп жапанға, сөнiп барып қалды мынау жаhан да! Сол бiр сөзден – менiң қара көлеңкем сiңiп кеттi сұр қабырға – бетонға! Тыныштықта, тыныштықта тұрсақ та сол бiр үннен үрей тарап бұл шаққа – бiр уыс боп қатып қалды жиырылып нәресте де жатқан әлi құрсақта!

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Жалғыздық кеп құрсау болып қысқанда қызық бiткен менi тастап ұшқандай. Үңiрейiп жан дүнием тұр қазiр ымырттағы аңғал-саңғал қыстаудай. Бұзылғандай оның жұмбақ қорғаны, үзiлгендей оған барар жол-дағы. Үңiрейген менiң мынау жанымда салбырайды өрмекшiнiң торлары. Үрей кiрiп оның дымқыл демiнен жанарыма жас үйiрiлiп егiлем. Аңғал-саңғал менiң жаным ұлып тұр уiлдеген жалғыздықтың желiнен. Қалай шыдар жалғыздыққа бұл адам... Сөздерiм де үзiк-үзiк құраған... Есiтемiн түкпiрiнен жанымның байғыз дауысын сұңқыл қағып жылаған! х х х

Көктем неге жатыр екен кешiгiп?! Қарай берем түстiк жаққа тесiлiп. Той-думанын, тiршiлiгiн бастамай көктем неге жатыр екен кешiгiп?! Ызғар қысып тұр ғой жерден, көктен де. Тiршiлiксiз тау мен дала, бөктер де. Кешiксе де жылдың басқа мезгiлi кешiгуге болмайды ендi көктемге. Кешiккенi несi екен бұл «құрғырдың» Жүрегiмдi ызғары ұрып тұр мұңның. Бiр махаббат тамыр салып үлгермей, бағы ашылмай қалар ма екен бiр гүлдiң. Тойға ұласар күндерiмдi той қылмай, көктемсiз мен қалай жүрем қайғырмай. Айтылуға тиiстi сөз көктемде қалар ма екен, қалар ма екен айтылмай.

Алтын күрек соғатұғын есiлiп, қарай берем түстiк жаққа тесiлiп. Қырға шығып бiлейiншi мен ендi көктем неге жатыр екен кешiгiп?!

АНТИТЕЗА

  1. Қарғыс

Зiлзала күн туып ерте заманда бiр уыс боп тұрған қалам, далам да. Жаулар төнген жан-жағынан жалаңдап, белiңдi үзiп, саламын деп табанға.

Қырылып бiр жатса да ұрпақ өрiмдей туған жерден бiр адым да шегiнбей тұрған екен жұдырықтай түйiлiп елiм менiң берiлмей.

Басқа түгiл әйел қолға ап бақанын батыр болып шығарыпты атағын. Бiрақ, бiрақ бiр опасыз жау жаққа өтiп кетiп сатқан екен Отанын.

Бұл сұмдыққа – елдi, жердi қорлаған – күйiнбеген жан баласы қалмаған. Сонан кейiн сол опасыз сатқынды бүкiл ел боп, бүкiл жұрт боп қарғаған.

Қарғаған ғой – атын жерден аластап,

қарғаған ғой – атын елден аластап. Сол қарғыстан қақ айырылып қара жер, жерге құлап түскен екен қара аспан.

Қап-қара боп түнге айналып жарық күн, қара есiгi ашылыпты тамұқтың. Сол опасыз өкiрiп кеп құлапты ақырында қарғысы ұрып халықтың.

Қалмаса да есiмi оның көңiлде, айналса да сүйегi оның көмiрге, жата алмастан халық айтқан қарғыстан әлi күнге өкiредi ол көрiнде!

  1. Алғыс

Ерте кезде – ерте, ерте, ертеде, осынау бiр көне мекен өлкеде шақтар туған жалаңдатып қылышын көк сүңгiсiн тiреп тұрған желкеге.

Езген елдi қаралы күн, мұңлы күн. (Тiзiп оның тауыса алмассың сұмдығын). Тұрған екен бүкiл халық теңселiп, айта алмастан ақиқатын, шыңдығын.

Жанын, жарын, тiршiлiгiн тәрк етiп, қаптап тұрған жұрттың бәрiн тәнтi етiп сол бiр кезде кескектi ердiң сойындай шыққан екен бiр перзент жарқ етiп. Жан екен ол – шамырқанған шабытты, таң қалдырып дүйiм елдi, халықты сәуле ойнаған ақ семсердей жарқылдап бәрiн айтып салыпты. Таң қалдырып – тәккәппарын, жарлысын, таң қалдырып – арсызын да, арлысын ақтарыпты ол. Риза боп сол кезде жаудырыпты қаптаған ел алғысын. Құшақтапты әке оны бауырға ап, құшақтапты ана оны бауырға ап. Жауған алғыс аппақ нұрға айналып, төгiлiптi үстiне оның сауылдап.

Ол ұстаса – қураған тал бүр жарып, ол қараса – ағады екен мың жарық. Елдi кезiп жүрген екен сол адам төбесiне ағыл-тегiл нұр жауып. Атап соны жорытқан ел түстi де, соған, соған сиыныпты күштi де... Нұр себелеп тұрады екен сол жанның әлi күнге қабiрiнiң үстiне!

КӨКТЕМГI МАХАББАТ

Сұлулық боп жар салып кеткелi тұр бақ гүлдеп. Көктем жатыр ән салып га-га галап, гәккулеп. Нұр сiңiрiп белеңi, ұйып қалған бар алап. Екi ғашық келедi сол көктемдi аралап. Келе жатыр екеуi жүздерiнен нұр есiп. Келе жатыр екеуi iздерiнен гүл өсiп. Сол екеуi өткенде – бiр үн төгiп тербедi – күйге дерткен шектердей Жердiң ендiк, белдеуi. Олар өтсе тұсынан қонады кеп кеудеге – жапырақтың ұшынан тайып түскен сәуле де! Дiр еткiзiп қияқты екеуiне бiр қарап – шықтар жұлдыз сияқты бара жатар сырғанап. Махаббатқа арайлы көктемде осы басталған мойнын бұрып қарайды аққулар да аспаннан!

БҮГIНГI ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАЛЛАДА

Қора менен сарайға тыным бермей күн-түнi өрiп кеттi тоғайда шиебөрi бiр жылы. Iштен ғана тынатын, артын баққан әлiптiң, үйi тиiп тұратын сол тоғайға Тәлiптiң. Жоламайтын адамға, суық едi қарасы. Ұқсайтұғын қамалға ауласы мен қорасы. Тiл қатысып iлуде, болмайтын той, сауығы. ...Күндердiң бiр күнiнде жоқ болды бiр тауығы. Сәуле түспес жаны оның қараңғы едi, тар едi. Қамын ғана қораның ойлайтұғын жан едi. Өз-өзiнен жауыққан қаны қатып кектендi. Жоғалған бiр тауыққа жаны күйiп кеттi ендi. Бiлетiн не айланы

жан едi ол құрыған... Кек алуды ойлады шиебөрi «ұрыдан». Жатпастан-ақ аттан сап – жолын тосып, тығылып ұстап алды қақпан сап шиебөрi «ұрыны». Қамын ойлап қораның, ашқан құлқын, аранын қап-қара едi қаны оның, қап-қара едi жаны оның. Түршiктiрiп өлiнi – жетемiн деп түбiне – байғұс шиебөрiнi шәңгекке iлдi тiрiдей. Жетемiн деп түбiне! – жиып тастап бар iсiн пышақ алды – тiрiдей – сыпырам деп терiсiн. Күйiн айтып құсаның кiмге барып шағынам. Жалаңдаған пышағын салды келiп шабынан. Түршiктiрер өлiнi басын соғып, алысып шықты шиебөрiнiң жан күйзелтер дауысы.

Құлағыңды тұндырып зарлы үн керiп барады-ай! Жатты байғұс шыңғырып шоққа түскен баладай. Аласұрар жаны үшiн кете алмастан құтылып. Қарамастан терiсiн жатты Тәлiп сыпырып. Сонан кейiн сыбанып iредi кеп iредi. Қып-қызыл қан тұр ағып! Тас па едi оның жүрегi! Тiршiктiрiп өлiнi басын соғып, алысып, шықты шиебөрiнiң жан күйзелтер дауысы. Шыңғырады баладай тұңды зардан құлақ та. Ештеңеге қарамай iреп жатты бiрақ та. Түршiктiрген өлiнi қайтем мына жанды ендi?! Терiсiн шиебөрiнiң сыпырып ол алды ендi. Тiп-тiк тұрып шаш-тағы, ызғар ұрды жер-көктен. Сонан кейiн тастады алып оны шәңгектен.

Жүрегiңдi шабақтап зардан құлақ тұнады, дiрдек-дiрдек қан аққан шиебөрi тiрi әлi. Қыңсылап бiр жылады орынынан тұрды ептеп... Тұла бойын жуады қып-қызыл қан дiрдiктеп. Неткен мықты, күштi едi! Оған өлiм төнiп тұр! Бiр-екi аттап... тiстедi балағынан Тәлiптiң. Неткен мықты, күштi едi! Қыңсылап бiр жылады... Бiр-екi аттап... тiстедi. Тiстедi де құлады. Дiр еттi де... жұлқынып... қызыл тiлi салақтап қайта тұрып ұмтылып жабысты кеп балаққа! Түршiктiрген өлiктi, тұншықтырған түнектi түрi өзгерiп Тәлiптiң алғаш рет дiр еттi. Демi бiтiп қылғынып бұл сұмдыққа қараған – әлдене деп шыңғырып атып шықты қорадан...

Қара жолды шаң қылып, қарғыс алып өлiден кеттi Тәлiп қаңғырып безiп үйден, елiнен! Кеттi ол ендi қаңғыған сiңiп мұнар, сағымға – тұла бойын қан жуған шиебөрi соңында!..

СӘУЛЕ

Танардай боп есiнен тұрғанда ару ант етiп, аппақ сәуле көзiнен тайып түстi жалт етiп. Бiр ғаламат болды деп шаттанды аспан құсы да – сол бiр сәуле қонды кеп қаламымның ұшына! Сырын ашып ғаламның айналам деп мұң, шерге дәл ұшында қаламның дiр-дiр етiп тұр сәуле. Кетердей боп ағып бiр ауаменен ән құсап, аппақ сәуле жанып тұр кiп-кiшкентай шам құсап. Жыр етем деп сезгенiн қоңырау болып соғылып күмбiрлейдi сөздерiм сол сәулеге шомылып. Тойын жасап жыр елi басылмайды қызығы... Сөздерiме сiңедi сол сәуленiң қызуы!

СТАЛИН ӨЛГЕН КҮНI

Бұл күндi мен, бұл күндi мен бiлемiн. Есiме алсам бұлқынады жүрегiм. Жылдар бойы алданғанын сезбеген ағыл-тегiл жылап тұрды ұлы елiм. Көз алдымда жұрттың өксiк солқылы. Көз алдымда жұрттың қара толқыны. ...Кiм бiледi қай шайтанның түрткенiн Қожан ағам iшiп апты сол күнi. Жұмыс iстеп, сөз сөйлейтiн белсенiп, Қожан ағам жан-тын қарар ел сенiп. Сталин сол өлген күнi жүрiптi Түркiстанның көшесiмен теңселiп. Тұнжыраған рең қалмай реңнен қара қайғы бар айнала түнерген... Қожан ағам қолын сiлтеп сөз сөйлеп, тiптi сонсоң ән салып та жiберген.

Оның бәрiн бiлмейдi ол бiрақ та. Сөздер айтқан жағымсыздау құлаққа. Келе жатып кедiр-бұдыр көшемен бiр-екi рет тұрған сонсоң құлап та. Оның бәрiн бiлмейдi өзi бiрақ та. Құлап тұрған... қолтығы да сөгiлген ұстаймын деп әлдеқандай темiрден... Оңбағанға – шаш орнына бас алған – мынау сұмдық қылмыс болып көрiнген. Бiреулерге жетiп келген кимелеп сөздер айтқан Қожан ағам: тиме! – деп. Басқа айыбы жоқ қой оның бiрақ та алып кеткен оны соғып, сүйрелеп... Алданған жұрт шер, қайғысын ақтарып, Сталиндi жоқтап жатты топталып... ...Сонан кейiн бiрер күннiң iшiнде кеттi Қожан жиырма жылға сотталып! МАХАББАТ ЖӘНЕ ҚОС ТОРАҢҒЫ ТУРАЛЫ ЖЫР (баллада)

Кететұғын адам жанын жаралап аңыз ғой бұл елдi жүрген аралап... Баяғыда, ерте кезде екi жас бiр-бiрiне ғашық бопты ғаламат. Жер сияқты сүйетұғын күн нұрын, орман-сынды сүйетұғын бұлбұлын, ел сияқты сүйетұғын күй-жырын сүйген екен сол екi жас бiр-бiрiн. Жүрiптi олар арман жолын қатар сап, жүрiптi олар елден, жерден бата аңсап. Бiрақ, бiрақ айырыпты екеуiн қатал өкiм, қатал тағдыр, қатал шақ. Қаталдықты шығып кеткен шегiнен ойлағанда қабырғаң да сөгiлер... Ақырында таң алдында табысып қашып шығып кетiптi олар елiнен. Қарамастан оңы менен солына кетiптi олар –

бағы ма әлде соры ма! – Көп ұзамай дүрлiгiп ел сол бойда қуғыншылар шығарыпты соңына... Екi жасты кеткен талай алдырмай, қуыпты олар бiр сәт атын шалдырмай. iздептi ғой неше күн мен неше түн жықпыл-қуыс, тау-жартасты қалдырмай. Iздер кесiп әр бiр қырат, белiнен, иiс тартып аңғарлардың желiнен түсiптi ғой екеуiнiң үстiнен құшақтасып ұйықтап жатқан жерiнен. Көзден таса бiр қуыстың етегi болған екен екi жастың мекенi. Көк пен жердей құшақтасқан айқасып, құшақтасып жатыр екен екеуi. Зiл-заланың у мен зәрiн мың iшкен жатыр екен дем алып бiр тыныспен. ...Қаны қатқан қатыгездiк екеуiн бiр-ақ шауып өлтiрiптi қылышпен.

Қап-қара ауыр бұлт буып жан-жақты қурай екеш қурай сыңсып зарлапты... Бiрақ, бiрақ өлiп жатқан олардың құшақтарын ажырата алмапты. Жан тапсырған қара тасты жастанып ол екеуiн тартқылапты бас салып. Бәрi бiрдей жабылса да айырылмай екi құшақ қатып қапты тас болып. Бұл жауыздық неткен сонша ерiктi! – жұлмалапты, тартқылапты өлiктi... Айыра алмай құшақтарын ақыры апыл-ғұпыл сол бiр жерге көмiптi... ...Талай өсiп , талай қурап шалғындар, басқа жаққа көшiп кеттi жал-құмдар. Қатарынан үш ұрпақты қартайтқан

өттi зырлап содан берi сан жылдар. Заман өттi қайтып, бiрде тасыған... Жол түсiптi сол бiр жердiң қасынан... Қып-қызыл боп қос тораңғы өсiп тұр екi жастың қабiрiнiң басынан. Көрiп оны сөз таба алмай орамды, қайта-қайта қайталайсың «тобаңды». Кәдiмгi осы қан сияқты қып-қызыл өсiп тұрды екi бiрдей тораңғы. Өспейдi ғой қос тораңғы бекерге! Әдейi iздеп келетұғын бөтен де бiрте-бiрте қабiр жатқан сол аймақ айналды ғой қасиеттi мекенге. Шал-шауқан да белi кеткен бүгiлiп, жас бала да жүрген ойнап, жүгiрiп осы жерге тәует етiп кетуге келiп жатты күндiз-түнi шұбырып.

Ана келдi – жасын төгiп жылаған. Дана келдi – iштен ойын құраған. ...Сол маңайда жүрiп жатты күн кешiп топырақсыз, қасиетсiз бiр адам. Сезбейтұғын сұлулық пен таң шығын, ашпайтұғын бiр адамға жан сырын сол бiр адам тораңғыдан қып-қызыл сабын жасап алмақ болды қамшының. Бiр көрмеген көзiне оның мұң тұнып, неткен сұмдық қорқау едi құлқыны. Ешкiм жоқта тораңғыны кесуге балтасымен жеттi ол ендi бiр күнi. Бiр ұрғанда – тайып кеттi балтасы, екi ұрғанда – тайып кеттi балтасы, үш ұрғанда... әлдеқандай үн шығып күңiрендi айналаның тау-тасы.

Қақ бөлiнiп темiр балта екiге сызат түстi тораңғының етiне. Сол сызаттан шапшып шығып қызыл қан шашырады сол бiр жанның бетiне! Iс жасаған жан түршiгiп, безiнер түптiң түбi бiр сұмдыққа кезiгер... Содан берi сол адамның – жыласа – жоса-жоса қан ағады көзiнен.

АЙЛЫ ТҮНГI АҚ ҚАЙЫҢДАР

Думан көктем, базар көктем, той көктем! Шарайнадай жарқырайды ай көктен. Қарсы алдымнан шыға келдi бiр топ боп ақ қайындар – осы биыл бойжеткен. Жаттап алып жатқан-сынды той жырын айналаға сыңғыр-сыңғыр жайды үнiн. Желпiп тұрған желге тосып денесiн сiмiредi аппақ сүттей ай нұрын. Өлеңiммен, өнерiммен жар салып, шығып тұрмын алдарынан қарсы алып. Ақ қайындар, ақ қайындар, қайыңдар, көз жауын ап ырғалады ән салып. Мамыр болып тербеледi мақпал жыр, керек емес оларға ендi мақтан құр. Жел лүп етсе көтерiлiп етегi, естi алады жарқ ете қап ақ балтыр.

Бұл сезiмiм – сезiм емес өтпелi: ақ қайыңды тұрған сонау шеткерi – аппақ жұмыр бiлегiнен ұстап ап жетектесең – тұр ғой жүрiп кеткелi...

ЖҮРЕКТЕГI СIЛКIНIС

Сiлкiнiс боп жатыр тағы жүректе! Жарық күнiм айналғандай түнекке. Ұлы жердiң сiлкiнгенi секiлдi сiлкiнiс боп жатыр тағы жүректе! Тасып, бұрқап, көтерiлiп тереңiм, жапырағын шашты жұлып терегiм... Қалып тұр ғой қауiп пенен қатерде менiң iшкi әлемiм! Орын бермей лауазым мен атаққа күйген талай жала менен нақаққа. Менiң құйттай жұмбақ сол бiр әлемiм ұшырайтын секiлдi ме апатқа?! Тiрлiк қайда жайраң қаққан күндегi, сөздер қайда күмбiрлеген тiлдегi?! Қопарылып құлардай боп тап қазiр сықырлайды тағдырымның дiңгегi!

Күтiр етiп көмейдегi үн сынады! Сiлкiнiстен таусылып бар шыдамы сөнiп кете, сөнiп кете жаздап тұр үмiтiмнiң шырағы. Сәл саябыр табады да басылып, жүрек қайта сiлкiнедi тасынып. Қорқынышым ойбайлайды күдiктiң одан сайын зәре-құтын қашырып. Жоқ болар ма мендегi осы әлем бұл. Қайда кеткен желеп-жебер өлең-жыр! Арманымның ақ сарайы шайқалып, қиялымның көк күмбезi әрең тұр. Қалып қойған қараңғы бiр түнекте әлдене деп күмбiрлейдi тiлек те. Ұлы Жердiң сiлкiнгенi секiлдi сiлкiнiс боп жатыр әлi жүректе!

ӨКIНIШ

Өсек айтып отыр екi азамат! Тек өздерiн сүттен ақ қып тазалап, қалған жұртты сырттан соттап, жазалап тiрi жанды жерге берiп азалап, өлi жанның әруағын мазалап өсек айтып отыр екi азамат! Әлдекiмнен тауып алып «шикiлiк» қызынады, қызарақтап итiнiп. Күйген көне шүберектей бықсиды екеуiнен бейшаралық, күйкiлiк. Сөйлейдi олар – әлденеден тарылып, сөйлейдi олар – әлденеден қағынып. Сөйлейдi олар былғаныш пен балшыққа белшесiнен малынып. Талай жанды сарсылдырып құлатқан олар ендi жаңа өсектi шұбатқан... ...Екеуiнiң әйелдерi бiр шетте әрең отыр өлердей боп ұяттан.

Бәрiн былғап, дүниенi адақтап, тек өздерiн отыр олар мадақтап. Көз қызарып ақ көбiк боп ауыздар, тiлдер кеткен жерге түсiп салақтап. Сезбей тiрлiк ызғары мен аптабын бөстi келiп даналық деп оттауын... Отыр олар ел бүлдiрер сөз айтып, ел атынан сөз айтатын шақта бұл. х х х Жүр едiм мен тыныстап iштен өлең құраған... Қараңғы бiр бұрыштан әйел көрдiм жылаған. Қалдым кенет тұншығып, өштi ой да, өлең де. Кеттi өзгерiп тiршiлiк, кеттi өзгерiп әлем де. Менен жырды аластап мұң шарпыды бетiмдi... Жел шайқаған ағаштар өксiп тұрған секiлдi. Суық тартып түнiм де, дүниеге кiрдi ызғар. Жас сияқты дiрiлдеп мөлтеңдейдi жұлдыздар.

Кеттi-ау деймiн шыдамай сол әйелдiң мұңына – сыңсып тұрды жылаған телеграф сымы да. Оныменен жарысып жүйке, жанды қозғаған сиренаның дауысы шықты кенет боздаған!... ...Соғып тағдыр бораны ақ тiлегi сынғандай жыласа әйел, болады әлем жылап тұрғандай! х х х Ар былғанса – ала алмассың ағартып, қан былғанса – ала аламассың жаңартып... Жан көрдiм мен – айдың күнi аманда – алған өзiн жоғалтып. Күдiк көзбен қарап тiрлiк, заманға досқа суып, жылы ұшырап жаманға басқа бiреу отыр менiң алдымда, ұқсамайтын мен бiлетiн адамға. Ақ көңiлiн тас құлыптап тастаған, жүйке, жанын өрген қара таспадан отыр менiң алдымда басқа тiрлiк, басқа тағдыр, басқа жан.

Басқа тiрлiк, басқа тағдыр көзде де, басқа тiрлiк, басқа тағдыр сөзде де. неге, неге өз-өзiнен безiнiп, неге, неге айналған ол өзгеге. Бiрге көрген – тiршiлiктiң аптабын, бiрге көрген – тiршiлiктiң ақпанын бүгiнде ендi бiлер ме екен әйелi басқа адаммен өмiр сүрiп жатқанын! Үндемейдi – келсе де сөз ұтыры – есептеулi әр нүктесi, үтiрi. Осы жанның кеткен екен өзгерiп табиғаты, бүкiл болмыс, бiтiмi. Шөгiп қалған. Қайда кеткен нарт көрiк?! Жүрген жан-тын жақсылыққа ант берiп. Тiке менiң қарай алмай көзiме отыр ендi бұғып қалып, жалт берiп.

Жарасатын жанына оның ақ тiлеу, түк емес-тiн оған қолмен от күреу... Ендi, мiне, отыр менiң алдымда табиғатқа, тiршiлiкке жат бiреу. х х х Көңiлiне көлеңке мұң түсiрме! Өзiң мұны түсiн мейлi, түсiнбе: екеумiздiң жүргенiмiз жарасып – бiздер түгiл – керек өмiр үшiн де! Бiрге айтылып тiлегiммен тiлегiң, бiрге соқсын жүрегiммен жүрегiң. Екеумiзбен сәндiрек қой бұл өмiр, екеумiзбен мәндiрек қой бұл өмiр. Бiрге айтылып тiлегiммен тiлегiң, бiрге соқсын жүрегiммен жүрегiң. Екеумiзбен жылылырақ бұл өмiр, екеумiзбен сұлулырақ бұл өмiр.

Бiрге айтылып тiлегiммен тiлегiң, бiрге соқсын жүрегiммен жүрегiң. Екеумiзбен қызулырақ бұл өмiр, екеумiзбен қызығырақ бұл өмiр. Бiрге айтылып тiлегiммен тiлегiң, бiрге соқсын жүрегiммен жүрегiң. екеумiзбен мұраттырақ бұл өмiр, екеумiзбен қуаттырақ бұл өмiр. Сенi ойласам айналып мен тереңге, салмақтырақ бола түсер өлең де... Жүдеу тартып қалар едi-ау бұл өмiр бiз екеумiз кездеспесек егер де.

АЛЫС ПЕН ЖАҚЫНДЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР

Сол жағымда қара нөсер құйып тұр, ал оң жағым аптап шөлге күйiп тұр... Алыс жер жоқ, алыс жер жоқ дәл қазiр бәрi маған – қол созым жер – тиiп тұр. Бәрi жақын, бәрi жақын шынында –; шөл мен теңiз. Мұзды мұхит, шыңың да. Бiрте, бiрте жоқ боп бара жатыр ғой осы бiр сәт алыс деген ұғым да. Сырыңды ашып, ойды оқитын iштегi мына заман неткен алғыр, күштi едi. Естiлiп тұрды қиыр елдегi жапырақтан шықтың тамып түскенi. Ұшты уақыт ұшқыр ойдан қарқындап, дыбыстан да жылдамдықпен жарқылдап... Басқа құрлық, басқа ендiк, бойлықтан отырамын жан балқытар ән тыңдап. Тұрады ғой кейде түнде құтымды ап, тұрады ғой кейде түнде зықымды ап –

Жер шарына жақын келiп айналып әлдеқандай планета сықырлап. Ай мен күнiң, Құс жолының алабы, бәрi, бәрi жақын болып барады... Күрсiнгенде Палестина жесiрi отқа оранды дәптерiмнiң парағы...

ҚАРАУ ОЙ

...Бiр кездерде бойға симай сарқырап жататұғын қайрат-күшiн сарқып ап, – бара жатты түн iшiнде бiр адам тұмшаланып, мойынын iшке тартып ап. Қызғаныш па жанын оның талаған?.. Менмендiк пе тыныштығын тонаған?.. Түндi кезiп жүрiп-жүрiп бiр кезде түндей қарау ой ойлады сол адам. Қарау ойдан қапаланып күрсiнiп бiр уыс боп жиырылды тiршiлiк. Қарау ойдан қапаланып күрсiнiп бар табиғат тынжырынды, түршiгiп. Қарау ойға қалай барған дәтi деп жарылып-ақ кетердей боп өтi де жиырылып қара бұлт тамшысын қорғасын қып түкiрдi оның бетiне!

Қарау ойдан суып шiлде аптабы қара жердi семдiрiп бiр қақтады... Шыдай алмай қара дауыл бұрқырап жағадан ап кеудесiнен қақты оны. Қарау ойды ойлап қалай адастың! – жау болдың деп мекендеген жар астын тартып келiп жiбердi оны жағынан шапалақпен жапырағы ағаштың!..

НАЗА

Бұған ендi көнбе мейлi, көн мейлi бұған ендi сенбе мейлi, сен мейлi – бiлмей тiптi шамасын да, шарқын да қатардағы адамың да «Мен» дейдi, қапталдағы адамың да «Мен» дейдi. «Мен» «Мен» дейдi, «Мен» «Мен» дейдi, «Мен» дейдi «Мендей жан жоқ, iшiң күйсiн, өл» дейдi. Бiр-бiрiне көне тұрып, көнбейдi, бiрiн-бiрi көре тұрып, көрмейдi. Барабандай қағып қуыс кеудесiн «Мен» «Мен» дейдi, «Мен» «Мен» дейдi, «Мен» дейдi. Кеудесiне ауа мен жел үрлеген, бiр оңбаған «Мен, Менге» сол үндеген – елiн, жерiн, халқын бәрiн ұмытып өзiн айтып өзеурейдi мiнбеден.

«Менге» толы бүгiнiм де, кешем де, «Менге» симай бара жатыр көшем де... Оқуы бар, тоқуы бар адамдар ұшыраған қандай сұмдық кеселге. «Мен, мен» дейдi – ортадағы, соңғы да. «Мен, мен» дейдi – оңсызы да, оңлы да! «Мен, мен» дейдi – дәнсiз қауыз, кеуек ми, «мен, мен» дейдi – бейшара да, сорлы да! «Мен, мен» қазiр талай жұрттың ұраны, «мен, мен» қазiр талай жұрттың құралы. ...Кiл көжектi жиып алып «Мен, мен» деп қорқағың да қоқиланып тұрады. Ауызға алмай айбарлысын, арлысын, ауызға алмай жауырынды, жалдысын шыжбалақтап шырылдайды «Мен, мен» деп... Әттең, әттең батпайды ғой қарғысым. Қанша жан жүр көлеңкедей ербеңдеп,

қанша жан жүр көбелектей көлбеңдеп... ...Дүңкiлдетiп төсiн ұрып – «Мен, мен» деп тағы бiреу жүгiрдi, әне, өңмеңдеп... ТУҒАН ЖЕР ТОПЫРАҒЫ Әбiш Кекiлбаевтың «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты кiтабында мынандай жолдар бар: «...Анам құдықтан батысқа қарай, шамамен, екi жүз қадамдай жерге тоқтады да, тағы да: – Әбден қарап ал! – дедi... ...Сөйтсем мен дәл сол арада туыппын. Мен тұрған жер мен туғанда бiздiң үйдiң тiгiлген орны екен. Көйлегiмдi шешiп, жетi рет аунап тұрдым»... Осы жолдарды оқығаннан кейiн менiң қиялымдағы өлең кейiпкерi де басынан дәл сондай күй кешкен едi.

Қарап тұрды – қарт тарих боп тауларым, қарап тұрды – әлi атпаған таңдарым. Қасиеттi туған жердiң үстiне жетi тұрып, жетi рет мен аунадым. Бiр аунадым – тұрды таулар қамалап – ыстық жалын тамырымды аралап, жан-жүрекке, өн бойыма ақырын қайрат енiп бара жатты ғаламат! Екi аунадым – аунап түстi аймағым. Айналаға жел есiрдi айдарым! Сiңiп маған қара жердiң рухы асып бара жатты менiң айбарым! Үш аунадым – ауыр тартып сөзiм де, ақыл өзi салмақ артты сезiмге... Қозғалмайтын қара дауыл соқса да ие болдым қара жердей төзiмге. Төрт аунадым – жасардым да түледiм! – тiлiп түсер қара бұлт түнегiн найзағайдай өзегiнен алынған

ақ алмасқа айналды ғой жiгерiм. Бес аунадым – шомылдым нұр, сәулеге! – ой толқыны соғып iшiн кеулеген шетсiз-шексiз жатқан мына даладай кеңдiк кiрiп кеттi менiң кеудеме. Алты аунадым – аунады тау, қыратым! – өн бойымда құбылыс боп сұрапыл, дауыл соғып, сонан кейiн жүрекке ұя салды мейiрiм мен рақым. Жетi аунадым – гүлдедi өмiр қызығы! – үнiме кеп қосылды аспан, түз үнi. Ағып жатты алпыс екi тамырда жерден сiңген махаббаттың қызуы!

ИРОНИЯЛЫҚ ӨЛЕҢ

Бүгiнде жас, кәрiмiз, – (айтар оны кез келдi) – отырып ап бәрiмiз семiртемiз сөздердi. Арналады тобырға ой мен ақыл батаңыз... Байлағандай соғымға сөз семiртiп жатамыз. Ыңыранасың, күлесiң, кеуде қағып, арындап... Жүре алмайды Сын есiм семiздiктен мамырлап. Көрмей жұрттың қатесiн отырасың жай тауып... Ырсылдайды Зат есiм денесiнен май тамып. Ойдан ойды қарғытып, сөйлейсiң ғой есiлiп. Кетедi ғой жал бiтiп, Етiстiк те есiрiп! Елеңдеп бiр құлағы таусылғандай сабыры – жылт-жылт етiп тұрады Одағайдың сауыры. Болсадағы оймақтай қарамастан шыдамға, шыға келер ойнақтап шылау екеш Шылау да.

Жұрттың бәрiн емiнтiп (айтар оны кез келдi) – жатамыз ғой семiртiп табын-табын сөздердi. Сол сөздердi төгемiз қарлыққанша үнiмiз – табынымен беремiз бiрiмiзге бiрiмiз. Марапатқа батамыз отырамыз емiнiп, сонсоң бара жатамыз өзiмiз де семiрiп...

МЫҢ ТОҒЫЗ ЖҮЗ ОТЫЗ ЕКI

Дүниеден, тiршiлiктен түңiлген аштық әбден дiңкелеткен, бүгiлген – көрем ылғи, көрем ылғи, көремiн сол бiр сұмдық қасiреттiң жылын мен. Талшығымды, тамырымды семдiрiп, жалынымды, жарығымды сөндiрiп босағадан қарап маған тұрады Мың Тоғыз Жүз Отыз екi телмiрiп. Кеуiп қалған үңiрейiп жарасы, шығып кеткен жанарының аласы қарайды ол үнсiз-түнсiз телмiрiп, бауырында – өлiп қалған баласы. Сөнiп қалған жылуы да, шырағы, оның суық көзiнде өлiм сұрағы. Бауырына қысып жансыз баласын босағамда үнсiз-түнсiз тұрады. Отқа салып ұятымды, арымды, тауысады төзiмiмдi, сабырды шыдай алмай айқай салам мен оған: қинамашы, қинамашы жанымды.

Дiр ете қап сұп-сұр жүзi қапалы менi суық жанарымен атады. Бауырына қысып өлген баласын сүйретiлiп шығып бара жатады. Сезiмiмдi ақыл-ойға жеңдiрiп жүрем сонсоң iстi өзiмше өндiрiп... Босағамда тағы тұрар бiр күнi Мың тоғыз Жүз Отыз Екi телмiрiп. Тұр ғой сонда сан қасiрет, сан қайғы, Жүрегiмнен қып-қызыл қан саулайды. Аштан өлген қолындағы баласы – қараңдаршы! – менен, сенен аумайды.

ҰЯТЫН ЖОҒАЛТҚАН АДАМ ТУРАЛЫ ЖЫР

Өз басы мен өз жанын ойлап жүрiп күн-түнi ұяты мен ожданын жоғалтты адам бiр күнi. Салып не бiр ойранды дауыл болып бораған – зұлмат күшке айналды ұяты жоқ сол адам. Қара түн боп түнердi, жақты күйе-жаласын. Жанжал қылып жiбердi ағайынның арасын. Сөз құйынын суырып, бұзып төзiм-шыдамды, айналасын қуырып салды бүлiк, ылаңды. Жан шошиды түрiнен! Сұрқы қашты шындықтың – сумаңдаған тiлiнен уы тамып сұмдықтың. Елiн сүйген ақынға аждаhа боп апшыды. Бес тиындық бақырға сатып кеттi жақсыны. Көтерiлдi, iсiндi, күйдiрдi ғой жан-жағын. Ортасына түсiрдi талай үйдiң шаңырағын.

Болмай оған дауа да шығып кеттi шегiнен – бұзылды ғой ауа да соның алған демiнен. Онсыз-дағы дүрлiккен елдi бөлдi бөлшекке. Ол ұстаса гүл бiткен күлге айналды сол сәтте. Ол күлгенде кезеңдер Аңызаққа шарпылып; теңiз бенен өзендер бара жатты тартылып. Әуез, әуен, ырғақ та тастай ауыр қайғы алып, жасыл шалғын тулаққа кеттi сәтте айналып. Ол келдi де өңiрден қайта оралмай ұшты әнiм. Оны көрiп көлiмнен безiп кеттi құстарым. Салып не бiр ойранды дауыл болып бораған – зұлмат күшке айналды ұяты жоқ сол адам. Сол бiр жанның жолында жатыр елдiң азабы... бұрқырайды соңында қасiреттiң тозаңы...

КIШКЕНТАЙ АДАМ

Тоқтататын бұған қандай амал бар, тоқтататын бұған қандай қамал бар, – пайда болды пақырлықпен күн кешкен кiп-кiшкентай, құйтақандай адамдар. Бiлiнбейдi, – жүрiсi де, тұрысы, бiлiнбейдi – алған демi, тынысы. Жоқ олардың тiлмен, дiлмен бiр iсi, жоқ олардың елмен, жермен жұмысы. Өзiн өзi бiр уыс қып сығымдап, айтатынын айтатұғын сыбырлап – үнсiз-түнсiз, көзге түспей, көрiнбей бара жатыр құмырсқадай қыбырлап. Өзi үшiн де, өзге бiреу үшiн де iрiлiк жоқ, кiсiлiк жоқ iсiнде. Күндiз-күнi қыбырлап тек жүргенi ұсақ-түйек, қиқым тiрлiк iшiнде.

Өзiн өзi алған мүлде жекелеп жүредi оны пендешiлiк жетелеп. Ерттеп мiнiп ергежейлi беделiн, отырады мәстек ойын мәпелеп. Қауiптi айтсаң – жердiң үстiн торлаған – кiшентаймын! – деп тайқиды оңбаған. Төңкерiлiп кетсiн мейлi дүние өзi бiрақ аман болса болды оған. Керек емес – оған көктем бүртiгi, керек емес – оған ел мен жұрт үнi. қыбыр-қыбыр қыбыр-қыбыр... күн-түнi. Неткен оның тойымсыз ед құлқыны. Қорықпаймын адамыңнан жаланған, қорықпаймын адамыңнан қабарған. Қорқамын мен – жүретұғын көрiнбей – осы құйттай қыбырлаған адамнан.

ҰШЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАЗДАР

Көзiн алмай қарап қалды үзiгiп, бар тiршiлiк, бар табиғат қызығып, – су-су етiп ұшып, әне келедi аппақ қаздар аспанменен тiзiлiп. Бiр ыстық леп шарпып менiң бетiмдi, жап-жарық боп бара жатты екiндi. Ұшып келе жатқан қаздар аспанда аппақ гүлдер, аппақ гүлдер секiлдi. Бiр ыстық леп шарпып менiң бетiмдi, жап-жарық боп бара жатты екiндi. Ұшып келе жатқан қаздар аспанда аппақ әндер, аппақ әндер секiлдi. Бiр ыстық леп шарпып менiң бетiмдi, жап-жарық боп бара жатты екiндi. Ұшып келе жатқан қаздар аспанда аппақ шамдар, аппақ шамдар секiлдi. Бiр ыстық леп шарпып менiң бетiмдi жап-жарық боп бара жатты екiндi

Ұшып келе жатқан қаздар аспанда аппақ сөздер, аппақ сөздер секiлдi.

САҒАН

Жалғыз өзiң бар дертiме дауадай аппақ нұрын құйып саған ауады ай. Жеп-жеңiлсiң желпiп соққан самалдай, жеп-жеңiлсiң тынысымдай, ауадай. Сенi көрсем ескермей жан азасын, ұмытамын қатал тағдыр жазасын. Сылқ-сылқ күлiп ағып жатқан шымырлап судай мөлдiр, судай сұлу тазасың. Шақырсаң сен – құс болам да ұшамын, ұмытамын не екенiн құсаның. Күйдiретiн, жандыратын, өртейтiн күндей ыстық, күндей ыстық құшағың. Жырлатса өмiр – сенi маған жырлатсын. Асылымдай, ардағымдай қымбатсың. Жер сияқты қарапайым кәдiмгi, жер сияқты қатпар-қатпар жұмбақсың!

Астан-кестен етiп тымық кезiмдi, ажар бейнең қарып кеттi көзiмдi, – Су мен Ауа, Жер менен Күн бiрлесiп осы қазiр жаратқандай өзiңдi.

ЖУСАН

Оранған боз сағымға көкiрегiм құм шағыл – өзегiмде, жанымда бұрқырайды жусаным. Ойыма ашы мұң салар қапаланып тұрсам бiр – жусан-күй мен жусан-ән, жусан-сөз бен жусан-жыр. Тұнып тұр ғрй түз деген жусан болып мың аңыз... Сондықтан да бiз деген жусан аңқып тұрамыз. Онсыз жүнжiп өтемiз түскендеймiз құрсауға. Әруақтанып кетемiз аунап алсақ жусанға. Алыс кеткен күштi де аңсап соны жылады. ...Моламыздың үстiне жусан өсiп шығады. Көп нәрсеге көнiкпiз қуырылмас апшымыз. Жусан-сынды берiкпiз, жусан-сынды ащымыз. Жарылатын ағынан жусан менiң сазды үнiм. Жусан менiң мағынам, жусан менiң мазмұным.

Жусанда сол жал, құмның шөлiркеген әнi бар. Жусанда сол халқымның тағдырының дәмi бар!

БIР ЖҮЙРIКТIҢ ТАҒДЫРЫ ТУРАЛЫ ЖЫР

Белгiлi қыр, ойыңа, бергiге де, арғыға, қанша жылдар бойына ат салмаған алдына; не бiр тойды өткерiп болған жұртқа әйгiлi, кеткен алып, бөктерiп талай-талай бәйгенi; бауырынан жараған шақырым боп ара жiк – бәйгеден де аламан келетұғын қара үзiп; жел естiрiп алдынан – iлесе алмай құстар да қалатұғын жануар созылып кеп ұшқанда; тұяғы тас ататын жалын шарпып бетiңдi; дара келе жататын қара құйын секiлдi; өтетұғын шаңдатып жота, қырды елемей, – адырнаны аңыратып ұшқан қара жебедей; ат емес бiр оқ едi iлеспейтiн желiң де. ондай жүйрiк жоқ едi сол аймақта, өңiрде! Көтеретiн өр екпiн қос қолтықтан жел оны. Қаражалы Дәнеттiң деп атайтын ел оны.

Бар едi онда өр екпiн. Қалатын жұрт елеңдеп Қаражалы Дәнеттiң келе жатыр дегенде. Соның сөзi жөн едi кетсе де асып әдеттен, қадiрлi адам жоқ едi, сол өңiрде Дәнеттен. Шашырап бiр шапағы жарқырады ай, күнi. Асып тұрды атағы, асып тұрды айбыны. Құрметтеп алатын ел боп күтiп өбектеп, бәйек болып қалатын Дәнет, Дәнет, Дәнет деп. ...Сөнедi ғой жарық та, өтер қызық баяны, алыс тартып даңқ та, бақ та бiр күн таяды. Бұған дiттеп көңiл қой: сөнер атақ шамы да. Өмiр аты өмiр ғой солай болды тағы да... Кеткен даңқы дүбiрлеп дүйiм елдi аралап, күндердiң бiр күнiнде жүйрiк шықты ғаламат.

Ұмтылғанда жұтынып екпiнi бар сұңқардың, – тарпандардың тұқымы, тұяғы екен тұлпардың Талай жерден бата алды сұңғақ мойын, жiлiктiм! Құндызкөгi атанды Ардақ деген жiгiттiң. Түгi ойнаса желменен қаласың ғой жұлдыз деп. Айқайлайды ел деген Құндызкөк деп, Құндызкөк! Жұлдызша ағып өттi ғой қояды ма сел екпiн. Шаң қаптырып кеттi ғой. Қаражалын Дәнеттiң. Қызулықтың оты енiп шапқан сайын өрлеген. Құндызкөктi көтерiп кеттi содан ел деген. Құйылатын сарқырап атты тастап қаншама, келiп тұрды жарқырап қай бәйгеге салса да. Көмдi қанша сел екпiн Қаражалды шаңына! ...Мұның бәрi Дәнеттiң тиiп жатты шамына.

Жүрдi Дәнет түйiлiп, iштей жүн боп түтiлiп, – қызғаныштан күйiнiп, қызғаныштан түтiгiп. Өзiн-өзi тiнтiген не iстерiн бiлмедi, – күндiз қалып күлкiден қалды ұйқыдан түндегi. Арам ойды қырқуға оның көзiн көр қылды... Құндызкөктi құртуға Дәнет ендi бел буды... Тауысып бар сабырын өрт боп күйiп-жанды да ағайынның қадiрiн салды Ардақтың алдына. Сенiкi осы барым деп – жан-жағынан қармақ сап, – болайық деп тамыр деп жеттi өзi де салмақ сап. Жалардай боп табанын салып түрлi шарғыға, тартты ата-бабаның әруағын алдына. Мiне, арым, жан! дедi ...Қояды ма жармасқан!... ...Қидым саған ал! дедi Ардақ шыдай алмастан.

Саудаға сап арды да, жандай болған өлетiн – Құндызкөктi алды да кеттi өзгерiп Дәнетiң. Батып қара күнәға, жағып күйе шындыққа – естiмеген бiр адам барды Дәнет сұмдыққа. Ел күйiнiп ширықты, қара түн боп түнердi – Дәнет қайран жүйрiктi етке өткiзiп жiбердi. х х х Iшiм менiң алай-дүлей борасын! Ағызатын көздiң жасын, сорасын соғып тұрған қалтыратып жанымды iшiм менiң алай-дүлей борасын! Жанды мынау жәбiр сөзден құсалы қиянаттың мұзы келiп қысады. Қиқулаған қуанышым көңiлдiң мөлтеңдеген көлiн тастап ұшады. Кеше ғана тамыр салып әрең бiр өсiп шыққан үсiп кеттi өлең-жыр. Дiрдек қағып Арманым мен Үмiтiм қақап тұрған жел өтiнде желең жүр!

Шыдай алмай жаққан күйе-жалаға сыздап ашып тұр ғой дерттi жара да... Ұшып жатыр, ұшып жатыр бұрқырап сағыныштың жапырағы сарыала! Суығыңды шарпып соғып төзiмге, түтек боран, безiлдесең безiлде. Тұла бойым дiрiлдейдi шек құсап ұлып көкке уiлдеген кезiнде. Құлап түскен-сынды менiң тiрегiм, қатып қалған сұп-сұр болып реңiм. Торғай құсап бүрiседi суықтан дiр-дiр етiп қалтыраған жүрегiм.... Сөз-өтiрiк, сөз-ашу мен сөз-әзiл тұтануға дайын тұрған кез әзiр. Екi адамның арасына от салып кеттi сұмпай алаяқ бiр әзәзiл. Тар болды ма сол әзәзiл аспаны?! Өтiрiк пен өсек отын тастады. Ақырында екi адамның арасы киiз құсап бықсып жана бастады...

Құтырынған, ытырынған шақ келдi, шақ келдi де бiр-бiрiне тап бердi. Киiз құсап бықсып жанған жала сөз шапшып тұтап өршiп бара жатты ендi. Басталды ендi – бiтпес даудың таласы, Басталды ендi – қара күйе жаласы. Алау жалын лапылдатып шалқыған өртке айналды екеуiнiң арасы. Өртке айналды – жеткен әбден шегiне, өртке айналды – шошитығын елi де. Кеттi өртенiп екеуiнiң тiлегi, сыйластығы, жолдастығы... бәрi де. Құртқан талай топ-тобымен, жекенi әзәзiлдiң құрбандары жетедi. ...Зұлмат өртке өздерi де шарпылып өлiп кеттi ақырында екеуi. Жиылды да адамдардың тобыры мұны сұмдық қасiретке жорыды... Екi жанды өртеп тынған өлтiрiп

зұлмат өрттiң жатыр әлi орыны... Ой-есiгiн бiрде жауып, бiрде ашып, отырамын өз-өзiммен мұңдасып... Бүгiнде ендi орынында сол оттың әзәзiл жүр сақ-сақ күлiп, күл шашып...

БIР АҚЫНҒА

Неткен оның тап-тар едi ұғымы. Жоқ сөзiнiң сөлi менен шырыны. Селтең-селтең, селтең-селтең етумен өтiп бара жатыр ендi ғұмыры. Жазатыны – майлап қойған арманы, жазатыны – баласы мен жан-жары, жазатыны – босағасы, шаңырағы! Бүтiн оның төрт құбыла жан-жағы. Отыра қап түрiп тастап бiлегiн сөз бояйды келтiрем деп реңiн. ...Анаған да, мынаған да ұсынып арзаңдатып алған әбден жүрегiн. Ерттеп мiнiп сәйгүлiгiн «шабыттың» күндiз-түнi жыр жазады ағып бiр. Бiр сөз айтпай, бiр сөз айтпай барады қозғайтұғын жан-жүрегiн халықтың. Жүретұғын құйын құсап құбылып көрмеген ол қатты сөздi ұғынып. Отырады жаймашуақ мамықта, тәттi сөзге сiлекейi шұбырып.

Күнi ертең ол алпысқа да жетедi. Гүл мен қыздар мақалы мен мәтелi. Бiр сөз айтпай ел мен жердiң атынан әлi күнге селтең-селтең етедi.

АУРУ АҒАШ

Дерт тапқан ба – қатерi бар жауыннан?! Дерт тапқан ба – қатерi бар дауылдан?! Базары жоқ, ажары жоқ, көркi жоқ жап-жас ағаш тұр алдымда ауырған. Кететұғын кезде мынау бұрқанып бұтақтарын әрең қозғап тұр талып. Қысылады-ау байғұс ағаш – тершидi – денесiнен өттей жасыл су тамып. Оның ендi күңгiрттенiп аспаны тұла бойы ауыр тарта бастады... Бұрқырап-ақ тұратұғын кезiнде iрiп түсiп жатыр жасыл шаштары. Сыбыр-сыбыр сыбырламай, үндемей тынып қалған жыр-көмей де, үн көмей. Өтiп бара жатыр мына өмiрден ең болмаса бiр рет те гүлдемей. Мұңын оның жүрегiңе құясың, қалай оны жамандыққа қиясың?! Өтiп бара жатыр ендi

бiр рет тербетпестен құстың ыстық ұясын. Тұла бойы арса-арса боп сөгiлген, теңселедi ол үнсiз ғана егiлген. Ғашықтарды паналатпай бiр рет өтiп бара жатыр ендi өмiрден. Өн бойынан қашып тiрлiк сарыны, бәсең тартқан ұлы өмiрдiң ағыны. Сөнiп бара жатыр ендi жарығы, семiп бара жатыр ендi тамыры. Есiттiң бе ажал-сұмның ызыңын. Бiттi, бiттi! – жырым сынып, үзiл үн! – көктей солып бара жатыр осы ағаш көре алмастан бұл өмiрдiң қызығын.

ШЕЖIРЕШI

Осы қартты тыңдаймын да түсiнем, бiр құдiрет сезiп түр мен түсiнен – жаңа ғана шықса керек қараңғы қатпар-қатпар ғасырлардың iшiнен. Құрта алмаған тағдырдың сан тозағы, отыр, мiне, өткен заман қазағы. Шалғайын сәл сiлкiп қалса, үстiнен бұрқ етедi ғасырлардың тозаңы. Iшкендей-ақ кермек қышқыл бозаны мақамдап бiр сосын дауысын созады: оң жағында – базарлы өлке Таразы, сол жағында – ажарлы өлке Созағы. Жарқырап бiр кетер сонда күн, айың, ұмыт қалып пайғамбарың, құдайың – ағыл-тегiл төгедi кеп сол қартың сөздiң небiр райы мен шырайын.

Айтып елдiң – үмiтi мен тiлегiн, айтып елдiң – ұстыны мен тiрегiн отыр қартым жайып салып алдына сөздiң небiр мақпалы мен жiбегiн. Тыңдап содан тауқыметiн елiңнiң өз-өзiңнен, өз-өзiңнен егiлдiң, Адастырып кетiп жүрген ұстатпай алтын тiнiн тауып берер тегiңнiң. Өз өзiңмен отырасың тұтанып! – тауып алып әулетiңнiң бұтағын. Сөздiң небiр шүйгiнiнде көсiлiп, сөздiң небiр сiмiресiң жұпарын. Аңғарып тек елдiң бағыт, ағымын, аласың сен тәлiм менен тағылым. Тарқатады ол – ата-баба тағдырын, тарқатады ол – ата-баба тамырын.

Сөздерден сол – қанып шөлiң құмарың, сөздерден сол – табылады ұраның. Табасың сен сол сөздерден бiлем мен сөнбей қалған шындықтың бiр шырағын. Құрта алмаған тағдырдың сан тозағы, отыр, мiне, өткен заман қазағы. Шалғайын сәл сiлкiп қалса, үстiнен бұрқ етедi ғасырлардың тозаңы.

МУЗЫКАЛЫҚ КӨНЕ АСПАП

Сонау бiр қиыр, жырақтың жарқ етiп сөнiп жарығы, – әлi күн онда жылап тұр он жетiншi ғасырдың он жетiдегi аруы. Тарылар кенет жан-жағым қысқанда келiп өкпенi, – тығылып жатқан ондағы Отырардағы жесiрдiң күрсiнген жалын, от демi. Жатыр ғой онда, бар онда: жұлдыздың сызып аққаны, тыныштық келiп заманға қой үстiне бозторғай жұмыртқа салып жатқаны! Жатыр ғой онда ғаламның думаны менен дүбiрi, сонау бiр сонау заманның жiгiтi менен қызының сыбыры менен күбiрi. Тыңдап сен оны дiр еттiң төгiлген кезде шерлерi. Өрмегiн күтiп жүректiң жатыр ғой онда қаншама үндердiң ою-өрнегi.

Қозғасаң оны ақырын төгiлiп жүрек сырлары, тоқылып жатар, тоқылып әуеннiң қалы кiлемi, саздардың сырлы сырмағы. Сақ бола көршi тiл-көзден! – шыбық-үн бұтақ жаяды. Жағылып кетер бiр кезде арманның аппақ үнiне қайғының қара бояуы. Тыңдасам – күйiп-жанармын, егiлiп, бiрде асқақтап, – тағдыры бүкiл Даламның ұя сап алған секiлдi осы бiр қуыс аспапқа, осы бiр құныс аспапқа!

ТЕЛЕМҰНАРА

Денесiн сөздер аралап таратқан үнiн жаршы ғып – аспанға тұр ол ғаламат шприц құсап шаншылып. Шаттығы, яки сорына – оны мен қайдан бiлiппiн – шаншылып тұр ол сорып ап көз жасын қара бұлттың. Сорып ап тұр ол түтiннен былғанған қала ауасын! Үн сезiп одан өкiнген өртенiп, күйiп, жанасың! Дей ме әлде: жанды тербесiн жылылық құйып ойыңа, аспанның нұр мен сәулесiн сорып ап тұр ол бойына. Бүгiнге тұр ол үңiлiп, қағып ап бiлген, сезгенiн қылғытып, жұтып, сiмiрiп әлемнiң асыл сөздерiн, әлемнiң жасын сөздерiн, дiрiлiн, үнiн өлеңнiң шатырлап сынған жай күшiн, – сорып ап тұр ол әлемнiң шаттығын, күлкi, қайғысын!

Дауысы зұлмат сұмдықтың жiберер оны қарып-ақ. Тұрады ол басқа құрлықтың қасiрет уын сорып ап. Денесiн сөздер аралап таратқан үнiн жаршы ғып, аспанға тұр ол ғаламат шприц құсап шаншылып. Әлемнiң шаттық шерiн де күйiн де, жырын, әнiн де. Сорып ап тұр ол бәрiн де, бәрiн де, бәрiн, бәрiн де! Сорып ап босқа тұра ма? – таратып үнiн өңiрге шприц – телемұнара егедi сонсоң бiздерге бәрiн де, бәрiн, бәрiн де! Құлағын тосып өмiрге әр үндi аулап дiр еткен, сорып ап соның бәрiн де егедi ол тура жүрекке. Содан ба кейде тасынып, қоңырау боп кейде қағылам. Әйтеуiр қазiр әлемнiң шаттығыменен жуынып қайғысыменен ауырам!

ЖИIРКЕНIШ

Назаланып опынған не сұмдықты өткерiп – адам көрдiм отырған өзiн-өзi жек көрiп. Жас сорғалап көзiнен қара бұлт бүркенiп, отыр адам өзiнен жүрегi айнып жиiркенiп. Күнiменен, түнiмен безер болып өзiнен – бiр кездегi шiрiгiн жиiркенедi сөзiнен. Жанарынан нұр тайып, айырылған күшiнен бiр кездегi – сұмпайы – жиiркенедi iсiнен. Қара түндi бүркенiп былғап алған сезiмiн – отыр адам жиiркенiп өмiрiнен өзiнiң. Сорлы болып сорлыдан бара жатыр күнi өлiп... Тұрды сонсоң орнынан түндей болып түнерiп. Көзiн ашпай сорадан, жүн сияқты түтiлiп, – бара жатты сол адам өзiне өзi түкiрiп!

КҮН БАТАРДА

Дамылдаған арқасынан жүк түсiп жатыр төбе, дөңес, жота бүк түсiп. ...Батып бара жатқан күннiң астынан реактивтi самолеттер шықты ұшып. Қарап қалды қала, ауыл, түздер де, қарап тұрдық қадалып бiр бiздер де. Зырлап аққан сол бiр самолеттерден шұбатылып қалып жатқан iздерге! Тұрды-дағы қарап бiр сәт тосылып, кеттi кенет сонан бәрi шошынып: тас төбеде шұғылаға малынған қанды қызыл iздерге! Тұрды-дағы қарап бiр сәт тосылып, Кеттi кенет сонан бәрi шошынып: Тас төбеде шұғылаға малынған Қанды қызыл iздер жатты жосылып.

Кеткен сынды ауытқып бiр жер өсi, Жиырылды түздiң қырат, белесi. Тартып-тартып жiбергендей дойырмен Тiлiм-тiлiм ұлы аспанның денесi. Соған қарап қала, дала тарыққан, соған қарап қала, дала қамыққан. Талаураған сол iздерден жерiме қазiр ендi кететiндей тамып қан...

ТАРТЫС

Көкiрекке босқа күдiк кiргiзбе! – десем-дағы: әуен менен үндi iзде, бiреу менi түнге қарай сүйрелеп, бiреу менi ап шығады күндiзге. Отырғанда алақұйын шабыт кеп, ғажайып бiр ақ әлемге барып кеп, – бiреу маған пышақ ала ұмтылып, бiреу оны жiбередi қағып кеп. Бұл өмiрдiң тепкiсiне көнсек те, бөле алмаймын өзiмдi мен бөлшекке. Бiреу маған күйе жағып қап-қара, бiреу оны тазартады сол сәтте. Күдiк кiрiп, ұя салып кеудеге, түсiремiн өзiмдi мен әуреге. Бiреу менi жығып кетiп балшыққа, бiреу менi шомылдырар сәулеге. Бiрде босап, бiрде жанды қуырып, отырамын жанып, қайта суынып. Бiреу менi отқа салып жiберiп, бiреу менi оттан алды суырып.

Кейде адамның құлағандай тiреуi, желге ұшады батасы мен тiлеуi... Бiреу менi жерге көмiп тiрiдей, жанталасып аршып алды бiреуi!

САҒАТ ЖӨНДЕЙТIН ШЕБЕРГЕ

Жан секiлдi үңiлген кеп тереңге, жан секiлдi үңiлген кеп өлеңге, тық-тық етiп соғып тұрған дiрiлдеп үңiлесiң нәзiк тылсым әлемге. Тықылдаған шеңберлердiң тiркесiн жеделдетiп, ендi бiрде iркесiң... О, ғажап-ай, Соғып тұрған дiрiлдеп, сол әлемдi саусағыңмен түртесiң! Зергер-шебер, – тамсантады тiрлiгiң! – Өзiңнен мен өтiнгiм кеп тұр бүгiн, қылдай нәзiк құралыңмен шымшып ап құйып жiбер сол сағатқа күн нұрын. Бiр үмiттер көңiлiмде бүр жарып, бiр сәулелер бiр өшедi, бiр жанып. Құйып жiбер күннiң нұрын, кетсiншi минуттар мен секундтар нұрланып.

Зергер-шебер, – жетедi ғой жалының! – жетедi ғой құдiретiң, қарымың. қылдай нәзiк құралыңмен сағатқа құйып жiбер айдың аппақ жарығын. Бiр үмiттер таңғы нұр боп атпақ боп, бiр сәулелер күйдiредi аптап боп. Құйып жiбер айдың нұрын, кетсiншi минуттар мен секундтар аппақ боп. Зергер-шебер, – жұмсақ екен түр-түсiң! – Кеудеңде ендi ғаламат күш бұлқынсын. Қылдай нәзiк құралыңмен сағатқа құйып жiбер қуаныштың күлкiсн.

Құйып жiбер, сол бiр ғажап сырды ұрлап. Таусылмайтын аңыз болсын мың жырлап. Минуттар мен секундтар төгiлiп бара жатсын сыңғыр-сыңғыр, сыңғырлап! Зергер-шебер, – бөлек екен бiтiмiң! – Бөлек екен құдiретiң, үкiмiң, Қылдай нәзiк құралыңмен, сағатқа құйып жiбер жүрегiмнiң лүпiлiн. Мынау өмiр, мынау тiрлiк үшiн де – үрейленiп дүбiр менен дүсiрге – дiрiлдеген жүрегiмнiң лүпiлi соғып тұрсын сол сағаттың iшiнде!

КҮЙIНIШ

Мына жанның iшi неткен қараңғы! Безiндiрiп жiберетiн адамды, безiндiрiп жiберетiн заманды, сыздататын жаныңдағы жараңды мына жанның iшi неткен қараңғы! Көрiп едiм құпия бiр ғаламдай, көрiп едiм құпия бiр қамалдай... Жарығы жоқ, жалыны жоқ iшi оның қараңғы екен үңiрейген арандай. Жан сияқты жанталасқан жан бағып, жол iздедiм қараңғы iшiн қарманып... Қайтейiн мен келмедi ғой қолымнан қояйыншы деп ем оған шам жағып. Жаным менiң шыдамады, төзбедi: мына адамнан кет, кет! – дедi – без! – дедi... Түктi қара өрмекшiлер сияқты қаптап өрiп бара жатты сөздерi...

Сырты сұлу қоятындай көрмеге, iшi бiрақ тұнған бықсық әрнеге. Қап-қараңғы түкпiрiнен жанының үрейдi алып ысылдайды әлдене... Деп жүрмешi жан екенсiң жаңғалақ. Сенбесең сен iшiне оның ал қарап: тiлегiне оратылып жыландар, жүрегiне жабысып тұр жарқанат.

ҚАНЖАР

Әрбiр сәтiн есептеп, күнiн санап сөнбеген, жатты бiр шал төсекте ауру қысып меңдеген. Көп едi деп күтерiм, қамын ойлап елiнiң, – бiлiп жатты бiтерiн бүгiн-ертең демiнiң. Ойлап елiн, даласын, көз сап тау мен тасына, соңғы сәтте баласын шақырды ғой қасына. Көзiн баяу ашты да, – жүзi кенет құбылып, – жастығының астынан қанжар алды суырып. – Жаны болма жанжалдың, баласы бол далаңның. Келе жатқан қанжар бұл бабасынан бабаңның. Ащы жусан, сораңды өз далаңды құш, балам! – елдiң ұлы болады бұл қанжарды ұстаған. Шықтың, мiне, өрiңе, қарайтын сол, оңыңа, бередi антын елiне қанжарды алған қолына!

Әр сөзiмдi салмақтап кетейiн мен өлерде, бұл қанжарды ардақтап ұстамасаң егер де қарғысы ұрып далаңның жаның мұңға батады. сонсоң ата-бабаңның әруағы атады... Толғанатын сорлы да ойлар тастап орасан, осыны айтып болды да өлiп кеттi дана шал. Қарайтұғын жыраққа халқының ол қарты етi, – амал нешiк, бiрақ та баласы оның таңқы едi. Жетпейтұғын шамасы өмiрдiң шың, өрiне, – мәстек едi баласы қарай алмас әрiге. Сөздер айтып iрiген тарылды оның жан-жағы. Күнiменен, түнiмен баю болды арманы. Деп байлыққа жетемiн, ақша елестеп көзiне, мән берген жоқ әкенiң айтқан соңғы сөзiне! Қара аспаннан қан жауды, бiр дiр еттi мазар да, –

қасиеттi қанжарды сатты апарып базарға. Алып келер түнектi жау тигендей шетiне, тыжырынып дiр еттi қара жердiң бетi де. Қалбаңдады бар шетте көлеңкелер ұзарып, кеттi ұяттан сол сәтте қара тас та қызарып! Қара аспаннан қан жауды, бiр дiр еттi мазар да, – қасиеттi қанжарды сатты апарып базарға... Жылдар өттi жапырып жанған қанша жарықты... Сол бiр бала ақыры байға айналды даңқты. Өзiнше ойды саралап шалқалап кеп жатады, елдi кеттi аралап оның байлық, атағы... Жүрiп жатты желпiнiп тойынбастан құлқыны... Кеттi оны өлтiрiп қарақшылар бiр күнi. Көрме мұны түсiңде! – шалқып ағып қызыл қан бар байлықтың iшiнде сұлап жатты ұзыннан.

Жатты ол – байлық жан-жағы – көзi кеткен аларып, бабасының қанжары жүрегiне қадалып...

АДАМ

Еш өзгерiс болмаса да түрiнде, түбiрiнде, тамырында, үнiнде адам деген адам емес дәл қазiр құдiрет қой адам деген бүгiнде. Кейде ұмытып сыпайылық, зиятты, кетедi ғой белден басып ұятты, – мынау ұлы табиғаттан ол емес, табиғатты ол тудырған сияқты. Өне бойын долы қуат күш керiп жүредi ылғи ызаланып тiстенiп. Содан ба екен, содан ба екен бiлмедiм иығына қонбайды оның құс келiп. Сөздер айтып айналасын аластар сонда өтедi айтыс, тартыс, таластар! Содан ба екен жапырақпен аймалап, бұтағымен құшпайды оны ағаштар. Бүгiнiмен келешекке қарғыған ойларыңда ойлар бар ғой қаңғыған. Содан ба екен, содан ба екен еркелеп аңдар бiткен шықпайды оның алдынан.

Аспандап кеп қарап мынау жерiне қатерлi бiр шешiм айтар көбiне... Содан ба екен қорқады одан түршiгiп аңдар, құстар, ағаштар да... – бәрi де! Айтатұғын әрбiр оның сөзiнен бiрде аптап, бiрде суық сезiнем... Бәрiн, бәрiн шошындырып қорқытып адам ендi қорқып отыр өзiнен!

АҚЫН ЕСКЕРТКIШIНIҢ БАСЫНАН

ӨТКЕН ТҮНГI БIР ОҚИҒА

Табындырған сәбидi де, атаны жер жүзiне кеткен есiм, атағы, көтерiлген алып ауыр шойыннан бiр алаңда ақын тұрды қапалы. Таңқалдырып – алыс пенен жақынды, таңқалдырып – даңқтыны, пақырды тұнжырап бiр тұрған тұғыр үстiнде жұбатпақ боп сол қапалы ақынды – күй төгетiн, ән айтатын бұлданбай – ондағы әуен, әуез бенен үн қандай! – қатпар тауып жүрегiнiң тұсынан ұя салды оған келiп бiр торғай. Iштен тынған өзiне-өзi қайралып, ақын тұрды қапаланып, ойланып. Ұя салған денесiне сол торғай бара жатты жүрегiне айналып. Қапаланып тұратұғын үнемi, құбылады ұлы ақынның реңi – ұшып келiп, ұшып қайта кеткенде құйтақандай сол бiр торғай – жүрегi.

...Қайта-қайта жағып жасын-шырпыны қара нөсер дауыл соқты бiр күнi. Бар айнала алай-дүлей болса да қозғалмады ұлы ақынның кiрпiгi! Араласып кеттi жер мен ғарыш та! Сорғалаған көктен аққан ағысқа қарамастан шойын дене ұлы ақын қарап тұрды қапаланып алысқа... Қара жауын сел боп, көл боп ақты ғой, бiр жағынан дауыл дабыл қақты ғой... Ескерткiштiң денесiнен сол ұя жел жұлқылап, жылжып бара жатты ғой... Онсыздағы жаны күйген жаралы ұлы ақынның жоқ жасайтын амалы, – дiр-дiр етiп шойын ауыр кiрпiгi мөлтеңдеген жасқа толды жанары.

Мөлтеңдеген жасқа толды жанары. Ұлы ақынның жоқ жасайтын амалы. Жұмыртқасы – тiрлiгi бар сол ұя құлап әне... құлап әне барады... Алай-дүлей болып сана-қиялы, шыдай алмай сол ұлы ақын зиялы – иiлiп кеп тұла бойы сықырлап ұстап алды жылжып кеткен ұяны. Күндiз-түнi қапаланып тұратын өн бойына қуат енiп сұрапыл, жөндеп қойды сол ұяны ақырын еңкейiп кеп алып дене ұлы ақын. Тұрған-сынды қарсы қарап көшкiнге найзағайдай сесi бар ғой кескiнде. Қолыменен жөндеп қойды ұяны бiрақ оны көрген жоқ қой ешкiм де!... Атты таңым оранғандай жалқынға. Алаң үстi толды нұрға, жарқылға. Өтiп жатты базарлы өмiр көшемен. Ал ақын тұр сол қапалы қалпында.

ДҮНИЕГЕ ӨЛЕҢ КЕЛЕР КЕЗIНДЕ

Дүниеге өлең келер кезiнде құбылыстар шарпысады сезiмде; дүниеге өлең келер кезiнде шық тұрады алау күннiң көзiнде; гүлге тұнып шөл даланың өңiрi сазға айналар тiршiлiктiң әр үнi; аспанымнан жерге түсiп тәңiрi, дертiп тұрар бұлттардың желiнi; опасыздық отқа бетi шарпылып, кетер арсыз келмес жаққа артынып: шағалалар дауылсыз-ақ шарқ ұрып, жас нәресте Күнге ұмтылар талпынып. Есiтiлiп жер астының сарыны кетедi ғой дүниенiң сабыры; қуаттанып шөптiң әлсiз тамыры, сарқырап бiр ағар өмiр ағыны. Дүниеге өлең келер кезiнде құбылыстар шарпысады сезiмде. Дүниеге өлең келер кезiнде жасын ойнар қасiреттiң көзiнде!

ӨЛI ТIЛДЕР

Өлi тiлдер, өлген тiлдер ұрығы, сөнген тiлдер қызуы мен жылуы. Өлi тiлдер, өлген тiлдер жоқ тiлдер, бiткен тiлдер тiршiлiгi, ғұмыры. Қирап бүкiл қорғаны мен тiрегi, басқан келiп қасiреттiң түнегi. Ол тiлдердiң демi бiткен таусылып, ол тiлдердiң тоқтап қалған жүрегi. Жоқ оларда жауын, дауыл ағыны, жоқ оларда алау күннiң жалыны. Сөнiп қалған, сөнiп қалған жарығы. Семiп қалған, семiп қалған тамыры. Жоқ оларда тұлпарлардың шабысы, жоқ оларда өзендердiң ағысы, жоқ оларда топырақтың қуаты, жоқ оларда жаңбырлардың дауысы. Жiберетiн жан-жүректi жұлқып-ақ, жетпейдi ғой жан айқайы шырқырап. Ол тiлдерден құстың үнi шықпайды,

шықпайды ғой шөптiң иiсi бұрқырап. Оны есiтiп бола алмайсың жазалы, оны естiп бола алмасың азалы. Ол тiлдердiң, ол тiлдердiң бүгiнде тарқап кеткен қызығы мен базары. Сол тiлдерден кейде бiрақ мұң шығып, сан ойларға мың батамын, мың шығып. Олар, олар өз-өзiнен өлмеген, өлген олар қиянаттан тұншығып. Мейлi мұны бiлмедiм де, бiлдiм де. Дәйегi жоқ сөздер айтпа бұл күнде. Өлген олар, өлген олар, өлген ғой түскеннен соң қуғын менен сүргiнге! Тұла бойдан тiршiлiгiн ұшырған, өсетұғын өрiс таппай қысылған. Олар, олар өз-өзiнен өлмеген, өлген олар үстемдiктен, қысымнан,

Тағдыр деген кейде зұлым, өктем ғой, содан өмiр жәбiр-жапа шеккен ғой... Тiлi өлген соң бәтуаға келместен қанша халық тоз-тоз болып кеткен ғой. Дей алмаймын көптi сезем, көп бiлем, – шатастырма менi дана, тектiмен, – жүдеулiгiн бұл өмiрдiң сонда да сол тiлдердiң болмауынан деп бiлем. Сөз бен саздар молырақ боп өмiрде, молырақ боп ән мен әуен, өлең де – тiл табысып кетер ме едi халықтар сол бiр тiлдер аман болса егер де. Десем-дағы жасыма сен, жасыма, ақ түседi соны ойласам шашыма. Ендi, Уақыт, сол тiлдердiң тағдырын бере көрме басқа тiлдiң басына.

ТОНАЛҒАН ОРМАН

Тағы, мiне, жаным менiң сұрапыл. Тағы, мiне, сынған-сынды мұратым... Дәл осы бiр, дәл осы бiр аңғарда ұйып қана шағын орман тұратын. Махаббат пен сұлулықтан жаралған, Ай нұры мен Күн нұрына оранған тiрлiгi мен тiршiлiгi өзгеше жұмбақ жасыл әлем едi сол орман. Келер болсаң тезiрек жет, кел ендi. Көрер болсаң қара келiп, көр ендi... Электрлi аралар кеп бiр күнi тонап алып кеттi жасыл әлемдi. Тұрған кезде жасыл шулы ертегiм үмiтпенен қарайтұғын ертеңiм... Сол бiр орман, сол бiр орман шап-шағын ажары мен базары едi өлкенiң.

Қан қақсадым – күйiндiм де егiлдiм, қақырадым, сетiнедiм, сөгiлдiм. Тонап кеттi аралармен келдi де сол ғажайып сұлулығын жерiмнiң. Соны қоршап тұратұғын жондарым. Соған кiрiп дем алатын жолдарым. Тұнып тұрған ән болатын жап-жасыл, ұйып тұрған жасыл сол бiр орманым. Күйiндiм де, егiлдiм де, жыладым. Қашанғы ендi төзе бермек шыдамым. Тонап кеттi қырқып алып арамен сыңсып тұрған елдiң жасыл сол әнiн. Сендер де ендi көрiңдер де, бiлiңдер! Тағдыры оның жан-жүректi тiлiмдер... Сақиналар дөңгеленiп бетiнде қалыпты тек түбiр, түбiр, түбiрлер. Жазың мынау қара суық күзiндей...

Бiр мұң қалды жүрегiмнен үзiлмей... Түбiрдегi сақиналар – бейне бiр – қылмыскердiң саусағының iзiндей...

ҮМIТ ПЕН КҮДIК

Бiрi қатер, ал бiреуi игiлiк, бiрi тербер, бiр салып қиғылық... Үмiтiмдi өсiрiп ем гүл қылып, күдiк-аптап жiбердi оны күйдiрiп. Қаншама ақын, қаншама ақын саяз боп, тұр ғой қазiр бұл өмiрде ой аз боп... үмiтiмдi жiберiп ем аптап қып, қарып түстi Күдiк оны аяз боп! Жүре алмаймын өз-өзiме тоқ болып, бара жатыр жүрегiме от толып... Ұшырып ем үмiтiмдi құс қылып, қағып түстi Күдiк оны оқ болып. Буырқанып жатқан талай дастаны, алау-далау көңiлiмнiң аспаны... Үмiтiмдi жiберiп ем сәуле қып, күдiгiм кеп бұлт болып басты оны.

Дей алмаймын кереметпiн, iрiмiн, тiрлiгi бар тiрлiгiмде тiрiнiң... Үмiтiмдi құйдым сонсоң металл қып, тот боп оны жей бастады Күдiгiм.

МҰҚАҒАЛИ ҚАЙТҚАНДА

Келдi бүгiн ажал-сұмның кезегi. Өрт боп жанды өлең, жырдың өзегi. Ақпай қалды, ағып жатқан бұрқырап, Жетiсудың тағы да бiр өзенi. Қала алмассың мұндай күнi опынбай, әр жүректе «қайран Мұха», «опырмай!» Ақындардың жыр оқитын кешiнде бiр керемет өлең қалды оқылмай. Тағы мұны қала алмассың түсiнбей, жүрек жылап, боран соқса iшiңде. сырахана столының үстiнде. бiр саптыаяқ сыра қалды iшiлмей. Жаңа үнменен қарсы алатын әр таңды, жек көретiн өсек пенен жалтаңды. ақыным жоқ бүгiн ендi ортаңда жалақысыз еркiн кешкен жалғанды.

Галстуксiз айқара ашық омырау. Туы-Алатау, көкiрегi – Атырау. Болған емес онда өтiрiк көлгiрсу, болған емес онда қайту, тоқырау. Елемейтiн, ескермейтiн ептiнi тастайтұғын бетiнен ап беттiнiң. Өлең етiп ызғарлы түн, от күнiн жол қозғалыс ережесiн елемей көшелердi кешiп келе жататын Мұқағали Мақатаев жоқ бүгiн.

2-ШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК

Ол үшiн үлкен күш: отыру жүрелеп, кету де түрегеп. Он тоғыз жастағы жап-жас қыз 2-шi топтағы мүгедек. Не керек әлемнiң кеңдiгi? – жанын жаралар аяқтың кемдiгi. Ол әлi бiр рет толқынмен жарысып жүзуге бармаған. Ол әлi бiр рет билi алаңға билет алмаған. Күйiктен жаралы оның өзегi, тартынып ағады оның өзенi... Түседi ол күнiне сан рет қатал безбенге – аяған көздер мен мүсiркеу сөздерге! Өтiнем, жап-жас қыз, Жүректi ақсатпа. Қара сен сенiммен күндерге алдағы... Қыз үнсiз қарайды арманға, үмiтке, мақсатқа. Сықырлап, ыңырсып жылайды қолтықтан сүйеген балдағы.

ТҮСIНIКСIЗ ХАЛ

Бiткен-сынды сүйенетiн тiрегiм, қан-сөлi жоқ сұп-сұр болып реңiм ойдан қажып, жүйкем тозып қалжырап бейуақта есеңгiреп тұр едiм. (Мұны айтқанда салып тұр деп айлаға, өтiнемiн, ойлама сен, ойлама)! Көз алдымда аппақ қарға оранып, аппақ болып жатты дала айнала. Сыздап сығып жан-жүректiң жарасы бiр дерт менi тартты терең, қарашы! – аппақ әлем боз тұманға сiңдi де қосылды ғой аспан мен жер арасы. Не боп кеттi! – Түсiнбейтiн ешкiм де басқа тiрлiк, басқа әлемге түстiм бе? – келе жатыр қара жылан қап-қара сумаң қағып аппақ қардың үстiнде!

Төзiмiңдi, шыдамыңды сақта да қозғалма сен, қимылдама аттама! Маған қарай келе жатыр ақ қарда қара жылан, қара жылан қап-қара! Қалдым неге, қалдым неге араңдап? Қалай бұдан аман шығам амалдап?! Қап-қара iзi қалып ақ қар үстiнде айыр тiлi сумаңдайды жалаңдап... Кеттi кенет, кеттi кенет көрiнбей! ызғар сездiм сол сәттен мен өлiмдей... Көз алдымнен бiр кетпестен тұр әлi аппақ қар мен қара жылан көмiрдей. х х х Бұрынғыдан терең тартып тереңiм, бұрынғыдан жасыл тартып желегiм кеттi әйтеуiр өзгеше боп, басқа боп сенiменен кездескелi өлеңiм.

шыдам, сабыр шығып кетiп шегiнен өзiңдi ойлап, өзiңдi ойлап емiнем. Сенiң өрттей ыстық демiң есiп тұр өлеңiмнiң уiлдеген демiнен. Өзiңсiң ғой таразым да, безбенiм. Қазiр ендi басқамын мен, өзгемiн. Қозданады жел үрлеген шоқтай боп жанарыңның нұры сiңген сөздерiм. Емдейтұғын жан-жүректiң жарасын сен мен үшiн өзгесiң ғой, дарасың! Аралап жүр сенiң күлкiң сыңғырлап дыбыстар мен дыбыстардың арасын. Алай-дүлей дауыл соқсын суырып ендi сенен кете алмаспын суынып. Ауыр тартып бара жатыр ойларым алған-сынды көз жасыңа жуынып. Сенсiз жүрем езiлiп мен жаншылып, сен өзiңсiз өлiп кеттi қанша үмiт.

Түстi езiлiп өлеңiмнiң соңына кiрпiгiң де леп белгi боп шаншылып. Өзiңменен сөзiм менiң мәуелi, мәуелi ғой ойларымның әлемi. Жел сiлкiген жапырақтар секiлдi сыбдырлайды өлеңiмнiң әуенi. Бұрынғыдан терең тартып тереңiм, бұрынғыдан жасыл тартып желегiм кеттi әйтеуiр өзгеше боп, басқа боп сенiменен кездескелi өлеңiм.

ТОЗҒАН ҮЙ

Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй, күнi бiтiп уақыттан озған үй. Сөнiп кетпей, өлiп кетпей сонда да өлеусiреп тiршiлiгiн созған үй. Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй. Өткен күнiн келер күнге шегерiп, тозған әбден, тозған әбден көнерiп, Кеткен оның көп қатарлы денесi кебiр сiңген дымқыл сыздан көгерiп. Шығар шықпас, шығар шықпас тұр жаны, бiрдей оның көлеңке жақ, күн жағы, бiр жағының қабырғасы сөгiлiп, шөгiп бара жатыр ендi бiр жағы. Шекесiне қондырып ап ай, күндi жiберетiн мереке қып жай күндi айналаға қарап тұрған асқақтап үй едi бұл бiр кездегi айбынды.

Үй едi бұл сарқып құйып қуатын ақжал толқын сөздер айтып сұрапыл, дүниенiң дүбiрiнен ғаламат тұла бойы күйiп-жанып тұратын. Үй едi бұл өзгешерек басқа үйден, тез есейген тез арылып жас күйден. Астан-кестен боп жатқанда дүние денесiне оқ қадалып, тас тиген. Бұл үй тұрған ызаланып, ашынып, бұл үй тұрған қайғы, мұңын жасырып, үңiрейiп терезелер – көздерi бұл үй тұрған елiм құсап ашығып. Кеткен үй бұл теңселiп сан дүлейден, – ендi үйдiң бұл теңселмеуiн тiлейдi ел, – отызыншы сол жылдары бұл үйдiң төбе шашы тiк тұрған ғой үрейден.

Бәрiн көрген, бәрiн, бәрiн, бәрiн де, бәрiн көрген – өлiмдi де, өмiр де. тыңдаған ғой мына бүкiл тiрлiктiң әңгiмесiн, күй-жырын да, әнiн де. Өткен күнiн келер күнге шегерiп, ендi, мiне, тозған әбден көнерiп кетiптi ғой көп қатарлы денесi кебiр сiңген дымқыл сыздан көгерiп. Тағдырына, талайына шағынып бұл үйден сан жандар өттi сабылып. Дымқыл сыздан тұла бойы көгерiп осы бiр үй тұрған-сынды ауырып. Кеме-сынды кеп тоқтаған айлаққа, қартайып-ақ қарайды ол аймаққа... Тұнжырап бiр тұрып-тұрып кей кезде жiбередi бұрқыратып тойлап та!

Ондай кезде қарайды жұрт үркiп бiр. (Өйткенi жұрт той қызығын iркiп тұр). Ертесiне тұрады ғой бұл үйдiң өн бойынан арақ иiсi мүңкiп бiр... Бiр кездерi аты кеткен шығанға осы бiр үй жаралғандай шыдамға... Қадайды оған әлi күнге ту әкеп, жазады оның маңдайына ұран да... Дегенмен бұл үй ендi алшақ тұр, кетердей-ақ түртiп қалсаң қаусап бiр. Көшелерден соққан желден түршiгiп, тоңып, жаурап, шалдығып тұр, шаршап тұр. Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй. Күнi бiтiп уақыттан озған үй. Сөнiп кетпей, өлiп кетпей сонда да өлеусiреп тiршiлiгiн созған үй. Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй.

МАҢҒЫСТАУ

О, менiң Маңғыстауым, Маңғыстауым Марқайып мақтанарым, алға ұстарым. Өзiңде бар махаббат, бар құштарым. Жыр болып құйылады алғыстарым. Есiмiң естiлсе де қай жағымнан кiм болсын селк етедi айбарыңнан. Аппақ бiр нұр құйылып маңдайыңнан, жел есiп тұр ғой қазiр айдарыңнан. Тiрек пен мақтан болған баршамызға бөлекше орның сенiң картамызда. Маңғыстау деген кезде әруақтанып жал бiтiп кетедi ғой арқамызға. Тамсанар ол өзiне тамсанғанға, жар салар ол өзiне жар салғанға. Дүние қақ айырылып бара жатар күй тартып, Маңғыстауым ән салғанда.

Өзiңнен маған осы жыр сiңген бе?! Өзiңнен маған осы нұр сiңген бе?! Жүрегiм қақ айырылар аспан құсап кей кезде Маңғыстауым күрсiнгенде! Көрiнiп берекеттiң белесiнен. Шықпастай болып тұр ол ел есiнен. Алапат қуат сезем Маңғыстаудың қым-қиғаш темiр буған денесiнен. Нұрланам шабыт шамым маздағанда. Не келiп, не кетпеген боз даламда. Бар жерi тебiренер қазағымның Маңғыстау – Ойсылқарам боздағанда. Сол үндi бiздер ендi ұғыналық. Қансызсың ұғынбасаң, мұным анық! Жатқандай Қамбар менен Шопан атам қостарын осы жерге тiгiп алып.

Маңғыстау десем болды жасарамын, Маңғыстау десем болды жасанамын. Сен десем қабiрiнде аунап түсер Абылым, Мұрын Жырау, Қашағаным. Маңғыстау сенiң қанша батты күнiң, Маңғыстау сенiң қанша атты күнiң. Жата алмай кетедi ғой қабiрiнде сен десем Есiр менен Сәттiғұлың. Қызық қой бұрқырап бiр құбылғаның, бурадай бүлiк салып «жын ұрғаның» Сен десем кетедi ғой тебiренiп Құлшарым, Өскiнбайым, Нұрымдарым. Жүретiн әрбiр сөзi аңыз болып, тұнатын әрбiр сөзi маңыз болып. Сен десе кетушi едi Алшын атам қазiргi замандағы Абыз болып.

Тұратын қарсы қарап сұрапылға қуат бар тау мен жота қыратыңда! Сен десем ойға батып Есбол ағам, күй болып құйылады Мұратым да! Бүгiнде жүрегiмнiң байтақ әнi. Айбарың кiмдi болсын қайтарады. Сен десем Фариза ақын отқа айналып, кемедей Кекiлбаев шайқалады. Жарқ еткен жүрегiмнiң жыры сөнбе, щырақ боп жанады олар дұрыс елде. Сен десе бүгiнде мен құлақ тосам Сержан-күй, Iзбасар-жыр, Күрiш-әнге. Сен десе тебiренiп атырабым, өзiмдi теңiз етiп сапырамын. Бiздердi желеп-жебеп жата бершi Маңғыстау, әулиелi топырағым.

ТАЙПА ТРАГЕДИЯСЫ

Табиғаттың сезiп әуен, жыр, үнiн үйлестiрген соныменен ұғымын бiр тайпа жұрт джунгли iшiнде кешiп жатты жабайылау ғұмырын. Алдарынан қылаңытып боз үмiт, кейде күлiп, кейде жылап езiлiп бiтпейтұғын тарамыстай күндерде өмiр сүрдi тарамыстай созылып. Досқа күлiп, қабақ түйiп қасына, өмiр сүрдi кәрiсi де, жасы да. ...Кенет, кенет әумесерлеу бiреудiң келдi бiр күн әумесер ой басына. – Тыңда, қане, – жасыңыз да, кәрiңiз, айтқанымды ойға салып көрiңiз – ақылдының етiн жесек бiз егер ақылды боп кетпеймiз бе бәрiмiз?! Мына сөзден бүкiл тайпа дүрлiгiп, есi кетiп бiр жылады, бiр күлiп. ақылды боп кеткiсi кеп бiр сәтте бәрiнiң де көздерiне тұнды үмiт.

Онсыздағы жадап жүрген аш халық сәл аялдап тұрдыдағы жасқанып, бастап жүрген ақылдыны бiр-екi сол сәтiнде жеп алды ғой бас салып. Ақыл көрiп әумесердiң ақылын, аңдыды ендi бiрiн-бiрi ақырын, батыр болып кеткiсi кеп бiр күнi тарпа бас сап жеп алды ендi батырын. Бойға дарып жатқан-сынды жегенi тапты не бiр сұмдық пенен бәленi, кеттi сонсоң қу құлқынға жем болып өркендiсi, өнерлiсi, шеберi... (Соны ойласам кетедi ғой кек қайнап)! – Ақырында таяқпенен қақпайлап ақыл-ессiз, батырсыз сол тайпаны басқа тайпа құл қып бiр күн кеттi айдап.

ШАҒЫН БАЛЛАДА

Есiме алсам сыздар жүрек жарасы! Ауылға да қашық емес арасы сонадайда жапа-жалғыз, көнелеу жататұғын жас баланың моласы. Қайырылатын – оны көрсең – мұратың. майырылатын – оны көрсең қуатың. Сонадайдан сол бiр жалғыз моланың құлақшасы селтиiп тек тұратын. Сезiнбейтiн келер күндi, iлкiнi, не боп кеткен кей адамның құлқыны. Таптап өттi тракторист Жарықбай бульдозермен сол моланы бiр күнi. От боп шарпып тидiдағы жел бетке жат құбылыс пайда болды жер, көкте... Таптап өттi таркторист Жарықбай бульдозермен сол моланы ермекке!

Таптап өттi... атама оны, атама! таптап өттi... таптап өттi... о, тоба! Таптап өттi жас баланың моласын! Батты тiрлiк, бар табиғат қапаға! Бақытсыздық, баянсыздық қол берiп, Жарықбайға қонды содан сор келiп, – Соңына оның көрiнбестен бiр бала қалмастан бiр жүретұғын болды ерiп. Көрiнбейдi – сұмдық ендi мұнысы! Естiледi – дем алған тек тынысы. Көрiнбейдi, естiледi тек қана топ-топ басқан аяғының дыбысы. Ал Жарықбай уыстап өз шашынан дiр-дiр етiп үрейленiп шошынар. Қалмайтұғын болып алды сол бала көрiнбестен қапталдасып қасынан.

Жарықбайдың тұла бойы шымырлап құласа егер басын ұстап сығымдап – топ-топ басып көрiнбейтiн сол бала жылап тұрар жанына кеп шырылдап!..

АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ

Ақтабан шұбырынды... Кiм бiлер шығынымды? Кiм жалғар айтыңдаршы, үзiлген жұлынымды? ақтабан шұбырынды... ақтабан шұбырынды... Қайтпаған кегiн ойлап, таланған жерiн ойлап тоз-тоз боп бара жатыр қазағым «Елiм-айлап». Аузы ашық жарамыздың... сесi жоқ даламыздың... Баланың көзiн шоқып тойынған қара құзғын. Жете алмай арманына дүние зарлады ма?! Оралған қара жылан киелi шаңырағыма. Өртенiп барады ма, жүрегiм жанады ма?! Қарақұрт ұя салған қобыздың шанағына. Өртенiп барады ма, жүрегiм жанады ма?! Жауыздық қолын салған арудың анарына. Айтатын сазын анам қайғысын қазып алам... Ұлыған жел соғады даладан азынаған.

Қайтпаған кегiн ойлап, таланған жерiн ойлап тоз-тоз боп бара жатыр қазағым «Елiм-айлап». Дауыстар шырқыраған жүректi жұлқылаған... Көмiлiп ел барады ақ шаңға бұрқыраған...

АПТАП КҮНI ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Аптап күн бұл – бұрын-соңды көрмеген. Жалын ұрар вулкан-сынды сөнбеген. Жерге түсiп аспан мынау айналып, көкке ұшқандай төңкерiлiп жер деген. Болмайтындай ендi бесiн, екiндi. Лап ете қап от шарпиды бетiңдi. Бетон киген алып үйлер – ұстасаң – күйiп тұрған алып пештер секiлдi. Мұнар ағып көше бойын жағалай. Бұл дүние өртенедi, жанады-ай! Анау жатқан асфальттi алаң да шоққа қойған қызып тұрған табадай. Түсiнiсу, ұғынысу әлi аздай. Жер менен Күн бiр-бiрiмен араздай. Жапырақ та – тiршiлiгi бар деген – судырлайды кеуiп қалған қағаздай.

От шарпытып жер мен көктiң арасын өзiң де ендi өртенесiң, жанасың. Бүкiл iшкi дүниеңдi өрт етiп демiңдi алсаң – жалын ұрттап аласың. Шым-шытырық өңi түгiл, түсi де – қиын-ақ қой ойлы, қанды кiсiге. Бұл өмiрдiң – құдайым-ау қайтемiз! – боп кеттi ғой сырты да өрт, iшi де. Күймей қалай жүре алмақпын ендi мен, дей алмаймын салғырттыққа көндiгем. Сырттағы өрттiң әлi-ақ табы қайтар-ау, iштегi өрттi қалай ғана сөндiрем. Қап қара боп күйiп кеткен жыр елiм, қап-қара боп күйiп кеткен реңiм. Өрт iшiнде қалды менiң тiлегiм, өрт iшiнде қалды менiң жүрегiм.

Бiрде ақын, ендi бiрде пақырмыз, бiрде алыс, ендi бiрде жақынбыз. шыжғырылып, күйiп-жанып, өртенiп от iшiнде жүрiп келе жатырмыз.

ҚАТЕРЛI СӨЗ

Батырам деп түнекке қанталаған қабарып, жылдар бойы жүректе жатты бiр сөз қадалып. Сорғалап бiр сор көзден талаурады, талды үнiм, дiр-дiр еттi сол сөзден өмiрiм мен тағдырым. Сол жауыз-сөз қабарып, құртамын деп барыңды жүрегiме қадалып сорып жатты қанымды. Құтқарам деп тiлек пен арман, қызық күлкiнi – сол сөздi мен жүректен жұлып алдым бiр күнi. Жаным мұңға батты ғой сөндiм қайта бiр көктеп, – қаным тамып жатты ғой сол бiр сөзден дiрдектеп...

АЗАЛЫ ҮЙДЕ БОЛҒАН ОҚИҒА ТУРАЛЫ ОЙ

Ажал-сұмның түсiп суық назары, таусылды ғой тағы бiр жан базары... Азаматсыз қалған ендi мынау үй қайғы, мұңнан қара киген азалы. ағытып бар iштегi зар тиегiн өртке айналып өртенемiн, күйемiн. Мынау зарлы, мынау сұмдық жоқтаудан үгiтiлiп бара жатыр сүйегiң. Көрiп тұрып – жоқтау айтқан ананы, көрiп тұрып – зар илеген баланы ел мен жұрттың, туысқанның жиылған түн сияқты тұнжырайды қабағы. Көмей бiтiп шығара алмай үндi өзге қорғасын-жас балқып, ерiп тұр көзде. ...Жұрттың бәрi отырғанда тұнжырап әлдеқандай дауыс шықты бiр кезде.

Әлдеқандай дауыс шықты оқыс бiр Сол дауыста шатағы бар шатыс тұр. оған қарсы шықты басқа бiр дауыс, ол дауыста тұрған-сынды атыс бiр. Сол дауыстар бiрiн-бiрi тұр шатап... (әлдекiмдер тұра қашты мұрсат ап). Шықты сонсоң анау жақтан бiр шатақ, шықты сонсоң мына жақтан бiр шатақ. Шатақ сөздер тұра ала ма қауламай, Бәле, жала сан тұстан кеп саулады-ай. Азалы үйдi астан-кестен еттi ендi қара құйын, қызыл көздi дау-дамай. Оны көрсең тiк тұрады шашыңыз! Беттен қақты кәрiмiздi жасымыз. ...Ең болмаса қасiреттi күнде де – құдайым-ай! – пiспей қойды-ау басымыз!

СЕНIМДI ИТ ТРАГЕДИЯСЫ

Қайта алмастан қалаға қалсын дедi-ау қаңғырып, бiреу бiр күн далаға итiн кеттi қалдырып. Бар дегенде баратын алаламай жерiңдi, қал дегенде қалатын ит болатын сенiмдi. Салпаң құлақ, ерiндi, ұзын тұрқы керiлген, ит болатын сенiмдi иесiне берiлген. Дүниенi танитын Ием және Бөтен деп. Ойламаған ол итiң менi тастап кетер деп. Ашықтырып, шөлдетiп, бұл неткенi, бұ несi?! Сол кеткеннен мол кетiп қайтпады оның иесi. Әрi-берi үрдi кеп дыбыс күттi сақ құлақ. Жол шетiнде жүрдi тек олай-бұлай шапқылап. Иттiң бар ғой киесi, бұ неткенi, бұ несi?! Бұзылды өмiр жүйесi – оралмады иесi.

Үрдi байғұс арпылдап, өзiн-өзi әлектеп. Жай ойнады жарқылдап, жаңбыр жауды шелектеп. Соққан желден тұншығып, аңсап сая, жылыны қадап көкке тұмсығын ұлыды кеп, ұлыды. Шөпке сонау түнеуге болар едi жетуге, болар едi бiреуге iлесiп-ақ кетуге. Кең даланы иендеп жөн едi ғой кеткенi, кеп қалады ием деп бiрақ олай етпедi. Сол ит қалған жырақта аңсады өткен өмiрiн. Жоғалтқан жоқ бiрақ та иесiне сенiмiн. Құрметтейсiң, күйесiң Қарамастан басқаға күтiп жатты иесiн өлiп бара жатса да. Қаншама рет аh ұрып ойлап соны егiлдiм... Өлдi сол ит ақыры құрбаны боп сенiмнiң!

ҚАЛАДАҒЫ ИЕСIЗ ИТТЕР

Тiршiлiктiң бұзылған ба жүйесi – болмаушы ма ед ит дегеннiң киесi. Тiршiлiктiң бұзылған ба жүйесi – болмаушы ма ед ит дегеннiң иесi. Тағдырларын бiреу оны шеше ме?! Бар қызығы қалған оның көшеде. Үйi де жоқ, күйi де жоқ, ие жоқ, қаңғып жүр ғой бүгiн ендi көшеде. Олар қазiр ұмытқан бар бiлiгiн. Сиқы кеткен тiрлiгiнiң, түрiнiң... Бiрiн қуған әлденеге жазалап, иесi өлген ал екiншi бiрiнiң. Жүрмейдi олар – бiр-бiрiмен жарасып, жүрмейдi олар бiр-бiрiмен таласып. Бiрi кеткен өзi қашып үйiнен, бiрi қалған иесiнен адасып.

Бұлай жүру өзiне де жақпайды, бiреуге ерiп кетуге де батпайды. Шабаланып үрiп те олар жатпайды, балағынан бiреудi алып қаппайды! Бәрi осында қоңыр итiң, қара итiң – тағдырлары жүрегiмдi қаритын. Үрмейдi олар, қаппайды да, өйткенi мiндетiнен жұрдай болған қоритын. Кескiнi жоқ иттерге тән кескiннiң, дәмiн, нәрiн бiлмейдi ендi еш күннiң. Бiр адамның шықпайды олар алдынан, аяғына оралмайды ешкiмнiң. Иттiк мiнез күтiп одан шошыма! Келмейдi де, жоламайды қасыңа! Ол иттерге өлiм де бiр, өмiр де! Ол иттердiң досы да жоқ, қасы да!

Соны көрiп – дей алмайсың күйттiмiн, соны көрiп – мен қаншама ұйтқыдым. ...Қалған кезде керексiз боп өмiрге жоғалтады иттiң өзi иттiгiн! х х х Неткен ұлы жарасым! – әлемнен сыр аулаған мына бала, қарашы, екеумiзден аумаған! Екеумiзден өрiмi, екеумiзден ұғымы. Сенiкi ғой ерiнi, өзiмдiкi мұрыны. Махаббаттың түр-түсi, махаббаттың үмiтi. Сенiкi ғой күлкiсi, жылағаны менiкi. От көзiнде жанады балдай тәттi таңдайы. Саған тартып қабағы маған тартқан маңдайы! Жүр ғой, әне, шапқылап өмiрдi үнге бөлеген. Сен сияқты саққұлақ, мен сияқты көреген. Бiреу келiп басынса тез тұтанып қызады. Сен сияқты ашушаң, мен сияқты ызалы.

Қарағаны – сенiкi, сыр, ұғымы – менiкi, алақаны – сенiкi, жұдырығы – менiкi. Саған көзiн ойнатып маған қарай ұшады. Менiкi ғой қайраты, сенiкi ғой құшағы Неткен ұлы жарасым! – әлемнен сыр аулаған мына бала, қарашы, екеумiзден аумаған. Махаббатты тани қап – бiлем, бiлем, бiлем мен! – осы бала арқылы екеумiздi табиғат бiр адам ғып жiберген.

БҰЛТ

Ойға батып опынам – өңiм бе бұл, түсiм бе? – үнсiз кейде отырам қара бұлт iшiнде. Желп-желп етсе етегi соғар ызғар суығы... Менi тесiп өтедi найзағайдың сынығы.... Сонсоң күннiң күркiрi кетедi ғой жыраққа. Одан шошып сiлкiнiп селк етпеймiн бiрақ та! Аузын ашып құлыптың ойлар ойлап сан асыл, қалың қара бұлттың жұтамын кеп ауасын. Айналады сезiм де ақ найзағай-шыбыққа... Айналамын өзiм де қалың қара бұлтқа. Бiр тiрiлiп, бiр өлiп қалың ойға батамын, қап-қара боп түнерiп көшiп бара жатамын...

СЕНI САҒЫНҒАНДА

Жүрмiн қазiр сенсiз мен азар мұнда! Қызығым жоқ бұл өмiр-базардың да. Жыласам да, күлсем де, отырсам да тұрасың да қоясың көз алдымда. Неге бiздi бөлдi екен дара құдай?! Шыдай алмай өртенiп барамын-ай... Тұрасың да қоясың көз алдымда жәудiреген балапан қарағым-ай? Өлер болдым өзiңе алаңдап-ақ. Әзер жүрмiн дәл қазiр амалдап-ақ. Мың-мыңдаған шақырым жерден өзiң маған қарап тұрасың, маған қарап. Жаңғырады әр сөзiң жаңарып кеп, ойлама сен қашық бұл аралық деп. Бұлттар мен таулардың ар жағынан қадалып тек тұрасың, қадалып тек.

Ондай кезде жанымнан ақтарамын, алай-дүлей бұрқаған от-боранын... Көз алдымнан жоғалып кетер болсаң мен өмiрден жоғалам, жоқ боламын. х х х Ойлар толғап терең менен әрiден несiне мен, несiне мен желiгем. Желiгемiн несiне мен жетiсiп. Өзiме өзiм түсiнбеймiн әлi мен. Өз тiрлiгiм кейде маған түсiмдей, өзiм бейнем – өзiме жат кiсiдей. Басым қатып, басым қатып мен кейде отырамын өзiмдi өзiм түсiнбей. Болдым талай, болдым талай шерменде өзiме өзiм келе алмаспын өлгенде. Кетпей қалып кететұғын жерден мен, бармай қалдым баратұғын жерлерге.

Бiр сорлыдан iстер күтiп өрелi, алданып мен – болдым талай дәмелi. Сөздер айттым бiреулерге, сол сөздiң жоқ екенiн бiле тұрып керегi. Қуанышқа бiр жыладым, бiр күлiп. Тiктiм қанша табанымды тiлдiрiп. Iстеп едi бiр жөн iстi оң қолым, сол жақ қолым жатты оны бүлдiрiп. Бiле тұрып – жасық дедiм алғырды, бiле тұрып – ашық дедiм солғынды. Қаншама рет, қаншама рет ұшқалақ естi ақылды ессiз сезiм қор қылды. Түсiнбеймiн мен, асылы, өзiмдi. Түсiнбестен келем талай кезiмдi. Суық ақыл, салқын ақыл, мұз ақыл өшiрдi ғой талай отты сезiмдi.

Ұмыт болды бiр өлеңдi жаттап ем. Көлге айналдым – кеше жалын, аптап ем. Өз жөнiме отыра алмай – құдай-ай! – кеттiм қанша кiрiп қызыл отқа мен. Ойлар толғап терең менен әрiден несiне мен, несiне мен желiгем. Өзге түгiл, өмiр түгiл, жер түгiл өзiмдi өзiм түсiнбеймiн әлi мен!

ЗАҢҒАРҒА

Ойыңнан қажып, бiрде түңiлесiң, ал бiрде белдi буып түрiнесiң... – Бейнемдi түсiрем деп қағазыңа жүзiме қайта-қайта үңiлесiң. Түрiме үңiлесiң, қадаласың. Iздейсiң ойдың ашық, жалаңашын! Қаламның ұшыменен түсiресiң бойдағы екi пiкiр жағаласын. Тап басып өлеңдегi ағылысты, көзiңнен көрiп тұрмын жалын ұшты. Асығыс салып жатсың қағазыңа мендегi болып өткен жарылысты. Тереңнен көзiн ашқан бұлағым сен. Тереңнен тамыр тартқан құрағым сен. ...Жағып-ақ қойыпсың ғой жанарыма үмiттiң жылтыраған шырағын сен.

Тауып ап қабағымнан жыр елесiн, қайтадан сол сәтiнде түнересiң. Сонан соң сейiлтпек боп ауыр ойды бiр тамшы сезiм қосып жiбересiң. Дүние тылсымымен ұғыныс та, қарағым, өзiңдi өзiң мығым ұста... Абыржып қарайсың ғой – бұл қалай деп – ойнаған көзiмдегi құбылысқа. Сыр жиып – өлең – жырдың ағысынан, сыр жиып – ойдың түпкiр алысынан, дыбысын аулап апсың тiршiлiктiң лүп еткен тамырымның соғысынан. Бұрқ етiп жарылғалы бүлiгiм тұр. Әуенге айналғалы бiр үнiм тұр. Салыпсың тап басып-ақ, көрiп тұрмын, астында қабағымның күдiгiм тұр.

Десем де өзiмдi мен тұғырдамын. Жанымды шүберек қып сығымдадым. Балам-ай, қандай жақсы, қандай жақсы әкеңдi ұғынғаның, ұғынғаның...

МАГНИТТI ҚҰЙЫН КҮНI ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Бiр әлемет болып тұр – өлең жасық, бұйығы үн – үйiрiлiп соғып тұр магниттi құйыным. Дiрiлдейдi, тоңады жүрек байғұс қысылып, – қара құйын соғады ап кетердей ұшырып. Есiн бiр сәт жия алмай қиналады жанымыз. Арнасына сия алмай тасып жатыр қанымыз. Бойында әлi жалын бар! – десем-дағы – шаршама! Басқа құйын, дауылдар бұл өмiрде қаншама. Кiм болса да зыр қаққан – соққан кезде жын қаққан өсек-дауыл бiр жақтан, жала-құйын бiр жақтан. Олар соқса үйiрiп, қопарылып тiлегiң, миыңа қан құйылып, жарылады жүрегiң. Мынау өмiр қиын ғой! жаным – жасын, өрт – үнiм. Магниттi құйын ғой менiң мынау әр күнiм.

Не iстейсiң? Көнемiз! Астындамыз ауырдың! ...Арасында келемiз құйындар мен дауылдың!

ЖАЗА

Адалмын деп жүрген түрiң осы ма – деп – қарағым, өтiнемiн, шошыма... Мән берместен өтiрiктi жәй ғана айта салдым жақын көрер досыма. Айта салдым бiр сөздi мен өтiрiк. Айта салдым сөйлеп тұрып көпiрiп. Өтiрiктi айтқаныма тiптi де опынғам жоқ санды соғып, өкiнiп. Жұмысым жоқ – кешiрмей ме, кеше ме – қайталадым оны сонсоң нешеме. Қалды досым сенiп менiң сөзiме, Ал мен кеттiм шығып сыртқа – көшеге. ...Ағаштардың жапырағын тонаған, сұп-суық жел соғып тұрды даладан... Жақын досқа айтып кеттiм өтiрiк. Соншалықты мән бергем жоқ мен оған.

...Әлдеқандай бiр жапырақ сыбырлап, жүрегiмдi кеттi менiң сығымдап. Келе жаттым қызыл iңiр iшiнде, жел соғып тұр iшiн тартып, суылдап. Арасында қапас пенен аластың, жүре-жүре ақырында адастым... ...Бiреу маған қарап тұрды қадалып кеуiп қалған тасасынан ағаштың. Түйiп келiп жiбергендей желкеге шатқалақтап... қалдым аман... мәртебе! – Сол бiр адам қарап тұрған қадалып досым екен өлiп қалған ертеде.

Жүрегiмдi лап еткен от жалап бiр, кеткендей-ақ болды жанды тонап бiр... Жас сорғалап жанарынан – қадалып – өлiп қалған досым маған қарап тұр. Қалдым тұрып, – алға жүрмей, шегiнбей. Табан астым жiбермейдi желiмдей. Үнсiз қарап тұрды-дағы сол досым басын шайқап... жоқ боп кеттi көрiнбей.

ҚҰМЫРА НЕМЕСЕ БҮГIНГI ДИЮ

Күлген, жүрген, жылаған, шаттығы бар, мұңы да – өзiмiздей бiр адам сатып алды құмыра. Құлақшасы өрмелi, қалпағы тiк төбелi, оюы бар, өрнегi – әдемi екен, әдемi. Көңiлi бiр жаңарып үмiтпенен үзiгiп, құмыраға қадалып отырды да қызығып, – түстi ойына – (мұныма түсiн, мейлi, түсiнбе)! – ертектегi құмыра диюы бар iшiнде. Сонан кейiн кеттi бiр ой шаптырып қиянға – тамсандырған тәттi бiр берiлдi де қиялға, – дедi: болмай сорым да жоғалар ед қиыным – болса егер де қолымда шауып тұрған диюым. Дүниенi аралап, асыл тастар алғызып, сарайларды ғаламат тастар едiм салғызып.

Жатар едiм созылып, шараптармен қағысып. Қауыздарға шомылып, қор қызымен қауышып... Осылайша тасып кеп, тапқандай-ақ ақ таңын, жiбердi ғой ашып кеп құмыраның қақпағын. Тосқан ба бұл асқанға, қалай мұны түсiнем?!.. Ақ бу атты аспанға құмыраның iшiнен. Сонан кейiн (даттама!) жiберердей жапырып, дию шықты қап-қара құмырадан атылып. Дию шықты қап-қара құмырадан атылып. (өтiрiк деп даттама!) сөйлеп кеттi ақырып: –Зұлымдықпен табысып бiлдiрмейтiн айласын, жасырынбай берi шық, бейбақ пенде, қайдасың? Түр қалмапты-ау түрiнде, неменеге селк еттiң?! Диюы жоқ бүгiнде ертедегi ертектiң.

Бiр бүлiктi бастасам жердi жалмар құйындар. Басқаша ғой басқаша бүгiндегi диюлар. Қатерi бар, кеселi мен сұрапыл елеспiн. Ертектегi кешегi жалғыз дию емеспiн. Түсiнгенiң мақұл ғой! Бiр суынып, бiр жанып не бiр дию жатыр ғой бетондармен құрсалып. Жапса әлемдi күркiрi – жер де сөнер, көк сөнер – құрсауынан бiр күнi ағытылып кетсе егер, – дедi дию, көзiнде жанып есер еркелiк – үрлеп қалған кезiнде кеттi ормандар өртенiп. Қатер төгiп жалғанға жоқ боп кеттi бауларың. Қолын сiлтеп қалғанда қақ айырылды тауларың. Көлдердi iшiп тойлады, көктi жарып шақырып. Шайқап, төгiп ойнады теңiздердi сапырып.

Жалықты ма жарықтан бұлт болып түнердi. Дүниенi шаңытқан ақ түтек қып жiбердi. Қара дию заманды жалмайтындай бiр күнде... ...Сонсоң сорлы адамды тастай салды үңгiрге...

БIР АУЫЛ ОҚИҒАСЫ

Мұны еске алам, мұны еске алам күйiнiп, жүрегiм мен көзiме қан құйылып; балаларды қырқыстырып қоятын бiр ауылдың үлкендерi жиылып. Шамырқанып, ендi бiрде қызып та, жел бiтiрiп келесi бiр «бұзыққа» – балаларды бiр-бiрiне айдап сап бататын-ды үлкендер жақ қызыққа. Кеткеннен соң быт-шыт болып бiрлiгiң, не болады, не болады тiрлiгiң! Үлкендер жақ мәз болатын балалар жатқан кезде ұрып-соғып бiр-бiрiн. Бiрiн-бiрi кемiсiтiп, пәс десiп, үлкендер жақ отыратын бәстесiп. ...Өсiп жатты, өсiп жатты балалар бiр-бiрiмен алауыз боп, өштесiп.

Не бiр сұмдық төбелестi өткерiп, қатып қалды қара жүрек кектенiп. Өсiп шықты сол балалар ақыры, бiрiн-бiрi ит етiнен жек көрiп. Болды сонсоң ол «қызықтың» жолы ауыр. Болды сонсоң сол «қызықтың» соры ауыр. Басы пiспей бiр-бiрiмен қырқысып, тоз-тоз болып кеттi ақыры сол ауыл!

АЛМАТЫНЫҢ АҒАШТАРЫ

Жел ашылса – бiр-бiрiмен таласқан, жел басылса – бiр-бiрiмен жарасқан – қай жағынан кiрсең де сен, шықсаң да, – Алматыда қаптап жүр ғой ағаштар. Көз алдыңда өнуi мен өлуi, аулалардан шығып қайта енуi. Күнiменен, түнiменен ағылған тарқамайды ағаштардың шеруi. Ағаштарды сая ғой деп бiледi ел, ағаштарды панам ғой деп жүредi ел. Ағаш, ағаш, ағаштардың тап қазiр әрқайсысы – ашылмаған бiр әлем, әрқайсысы – айтылмаған бiр өлең. Ағаштарды көрмеңдершi көрмедей, Көрме десе оған, сiрә, сенбегей. Бiреуi тұр – үнсiз ғана бұйығып, бiреуi тұр – жел өтiнде желбегей.

Желп-желп етер – дегендей-ақ ұшамын. Оларға жат қиқым тiрлiк: ұсағың. ...Қарашы, әне тасадағы екi ағаш ашып тұр ғой бiр-бiрiне құшағын. Бiр-бiрiне жақын келiп жарасқан, бiр-бiрiне қолын берiп қарасқан. Жел лүп етiп көтерiлсе болды тек күнiменен сөйлеседi ағаштар, түнiменен сөйлеседi ағаштар. Әлдененi уiлдетiп, әндетiп, әуен, әуез, саз бен үндi селдетiп Алматының ағаштары тұрады қонған құс пен ұяларды тербетiп. Көнген олар талай-талай үкiмге... Келген олар талай-талай бiтiмге... Өлеусiреп кей күндерi бiрақ та дем ала алмай тұншығады түтiнге.

Ағаш, ағаш қаптап кезiп көшенi саздар менен әуен болып еседi... Ал адамдар ағаштарды сол тұрған сындырады, аралайды, кеседi... Сонда да олар бар пәленi сорып ап, тұрады ғой менi, сенi қорып-ақ. Мен ендi осы адамдарды қоя сап, кетсем бе екен ағаштардың қолын ап. МАҢҒЫСТАУ ЖЕЛIН САҒЫНҒАНДА Қараса көз талатын сар даланың белдерi-ай. Сол белдерден соғатын Маңғыстауымның желдерi-ай! Кете алмастан құлшынып кейде бұғып қаламын, – сен өзiңсiз тұншығып, тымырсық боп барамын. Кетсең егер жұлқылап шоқ боп тұтап жанушы ем. Өзiңменен бұрқырап жағаласып алушы ем. Кетушi едiң белеңнiң жайдақ құмын ысырып: бұтағынан өлеңнiң бос сөздердi ұшырып.

Отын үрлеп әлемнiң жандыратын, жанатын – бұтағында өлеңнiң қайсар сөздер қалатын. Қайрақ қылып жағымды от шығарып жанушы ең. Ұйтқып соғып жанымды сiлкiлеп бiр алушы ең. Тау-тасқа ұрып басымды, қалса жанда кек тұнып, – сорғалаған жасымды берушi едiң кептiрiп. Бөлек едiм, ерекше ем сен бұрқырап соққанда... Қалушы едiң демеп сен құлап бара жатқанда. Кете алмастан құлшынып, бұғып қазiр қаламын. Сен өзiңсiз тұншығып тымырсық боп барамын!

ҚАРА СУЫҚТА

Өшiрiп бiр алатындай жан отын жүдеп-жадап қалған екен дала тым. Қара суық итередi өңмеңнен еттен өтiп сүйегiңдi шағатын. Жүрегiмдi, жанымды да тондырып, дiр-дiр еттiм iсiп-кеуiп домбығып. Қадап соққан қара суық өтiнде келемiн мен, келемiн мен жол жүрiп. Мұндай кезде ойлар келiп құрыған бүрiсемiн бетер қашқан ұрыдан. Қыр мен ойды тiмiскiлеп кезiп жүр қара суық – қасқыр құсап ұлыған. Кiсен салып қайратым мен күшiме қара суық кiрген-сынды iшiме – Әлдекiмге есем кетiп қалғандай қалш-қалш етем тiсiм тимей тiсiме. Күдiк, үмiт түскен-сынды таласқа. Тек өзiме деймiн iштей: адаспа. ...Бүрсең қағып ақырында жеттiм-ау жел өтiнде тұрған жалғыз ағашқа.

Дүниенi ашқарақтап торып бiр қара суық ышқынады соғып бiр. Дiр-дiр етiп тұла бойы қалшылдап байғұс ағаш адам құсап тоңып тұр. Қақ айырып жiберердей бетiмдi қара суық одан сайын бекiндi. ...О, ғажап-ай, – мен ағашқа тығылсам, ағаш маған тығылатын секiлдi. КЕРАҒАР Мосқал әйел белгiлi бұл өңiрге, қайта-қайта жалбарынып тәңiрге, отырып ап есiгiнiң алдында ренiшiн айтып отыр өмiрге. – Бiрiн-бiрi талап жатқан, жалмаған мына өмiрден ұяламын, арланам. Адамдардың адам емес бүгiнде береке де, қасиет те қалмаған! Бұл сөзiмнен қорықпа да, шошыма. Түспесiн тек қайғы, мұң кеп басыңа... Сонан кейiн мосқал әйел тұрды да бiр шелек су әкеп қойды қасына...

– Ешкiм қазiр жимайды ғой айылын. Ұят пенен ар дегенiң – жай ұғым! Түспесiн тек қайғы, мұң кеп басыңа адамдарда жоқ қой қазiр қайырым... Мосқал әйел қамшы өргендей таспадан ренiшiн жалғастырды бастаған... Топырлатып алып келдi сонан соң күшiктердi көзiн әлi ашпаған... Сөздерiнiң болмай соңы, ақыры дедi сонсоң маған қарап ақырын: топырлатып туады да жатады құрғамайды-ақ екен иттiң жатыры! Тәңiрiге тағы да бiр сиынып, өз-өзiнен отырды да күйiнiп «адамдарда мейiрiм жоқ, мейiрiм» дедi-дағы үнсiз қалды түйiлiп. Сәлден кейiн әлденеге күлiмдеп, сәлден кейiн әлдене деп күбiрлеп, тұншықтырып өлтiруге кiрiстi, күшiктердi суға салып бiрiндеп!

МЕНIҢ АУА РАЙЫМ

Бұзылып тұр менiң ауа райым! (Соны, бәлкiм, жөн көрдi ме құдайым)! Бұлт астында қалды менiң күн, айым. Жақсы болсын ендi соңы ылайым. Бұзылып тұр менiң ауа райым. Осы кезгi мен үшiн бiр шақта ауыр дегендей-ақ: босқа жатпай қақ дабыл. Күндiз-түнi – тұла менiң бойымда – соғып тұрды ала құйын, ақ дауыл. Соқсын, соқсын тұла бойды шарласын. Нерв-жiбiм ұлып, сыңсып, зарласын. ...Арсы-гүрсi тасып жатқан тамырым бұзып ендi кетер ме екен арнасын. Былай қалып күдiгiмнiң сақтығы, сап басылды қызығымның аптығы. Ұшып кеттi – арманымның пәктiгi, үсiп кеттi – үмiтiмнiң ақ гүлi.

Өртке түсiп ертеңiмнiң өлеңi, шулап кеттi тiлегiмнiң терегi. Тебiренiп ойларымның шалқары. Толқып тұрды ақылымның тереңi. Тар жол тайғақ кешулi боп жол жатыр, сол жолдарда өткел бермей ор жатыр. Жұдырықтай планета жүрегiм ұшып кете жаздап ендi зорға тұр. Қуат қалмай, қажыр қалмай күшiмде, қалмай ендi бiр береке iсiмде, қаңғып, лағып бара жатыр қиялым сол ақ түнек ала құйын iшiнде. Бұзылып тұр менiң ауа райым! (Соны, бәлкiм, жөн көрдi ме құдайым). Бұлт астында қалды менiң күн, айым, Бұзылып тұр менiң ауа райым!

ҚАЛАДАҒЫ ҚАЛЫҢ ТҰМАН

Қалың тұман – осы ма едi күз деген. Мұндай күндi таба алмайды iздеген. Қалың тұман. Қалыңдығы соншалық қалғандаймыз су астында бiз деген. Жоқ секiлдi – ендi бұйрық, жарлық та. Жоқ секiлдi – ендi кеңдiк, тарлық та. Өмiр сүрiп жатқандаймыз бейне бiр судың терең астындағы хандықта. Бар айнала мүлгiп қалған тұнжырап. Ойлар сенi iштен жейдi ұңғылап. Селт етпейдi сезiмiң де сылбырап. Жапырақтан шық сорғалап – тұр жылап. Баяу ғана есiтiлiп сөздерiң. Ақ бұлтқа айналады өз демiң. Балықтардай iлбiп жүзiп барады машиналар жағып алып көздерiн.

Сәтте өзгерiп адамдардың ұғымы, бәсең тартқан бүкiл қала шуылы. Маржан тастай жылтырайды әр жерден қоқыстағы шынылардың сынығы. ...Әлденеден бұл дүние толардай Толған оны әлдекiм кеп тонардай... Топ-топ болып мүлгiп тұрған ағаштар су астында мүлгiп тұрған тоғайдай. Қандай қызық! Табамын деп оймақ – жыр Су астында бiреу үнсiз ойлап жүр. Су астында адамдар жүр сөйлесiп. Су астында бала бiткен ойнап жүр.

...Бұл дүние көзсiз мылқау сұрапыл, жатқан-сынды бүгiп iшке қуатын... Су астында – бiреу әне ән салып, су астында – өлең оқып тұр ақын. Тұр ғой қалың тұман басып тұнып-ақ. Дем жетпейдi. Дымқыл ауа. Тымық-ақ. Тартып тұрған секiлдi анау бiр жiгiт темекiсiн су астында тұрып ап. Бозғылт тұман, бозғылт ағыс шайқаған. Сұлулық деп мұны өзiмше айта алам! ...Тұман кенет ашылды да ақ қала жер үстiне қалқып шықты қайтадан!

ҚАУIПТI СЕЗIНУ

Екiндi шақ. Сөнген сәтi жарықтың. Менi ой басты салмағындай табыттың. Көрiп қалдым – түстi жерге түнерiп қара елесi қатерлi бiр қауiптiң. Көкке шығып кеткен-сынды жердегi үн iшке тартып алды сонда жел демiн. Не екенiн айта алмаймын, әйтеуiр сұрапыл бiр сұмдық елес көргенiм. Айтып отыр дей көрме сен әрненi. қара одан да құбылысқа жердегi, – уiлiнен сол елестiң шошынып күтiр еттi ағаштардың белдерi. Сөз бiткеннiң шығып жаңқа, қиқасы күйреп түстi өлеңдердiң ұйқасы. Бiр бүктелiп, бiр жазылды – үрейден! – мата құсап қара жердiң құйқасы.

Не айттың деп салма менi талқыға. тимесiншi зардабы тек халқыма. Иiр жолдар үзiлердей шiренiп дiр-дiр етiп түстi қайта қалпына. Қара күрең түрге ендi де екiндi айтқан-сынды болды маған өкiмдi, – жер астынан суық бiр леп соқты да көктен бiр леп шарпып өттi бетiмдi.

АҚЫНДАРДЫҢ ЖАРЛАРЫ

Түспестен биiк өреден аппақ боп тұрар арманы, төзiмдiсiңдер не деген ақындардың жарлары. Ақынға бiткен бақсыңдар сезiнген демiн әлемнiң. Өртенiп келе жатсыңдар отына күйiп өлеңнiң. Өздерiң аппақ арсыңдар, өздерiң қара нарсыңдар, не деген батыл жансыңдар, не деген батыр жансыңдар. Қақ жарып кейде жалғанды қоясыңдар ғой тексерiп, – қарайтұғын жандарды мемлекеттер де сескенiп. Ол деген сойқан, ойран ғой көнбейтiн сабыр, ақылға. Шоқ басып отпен ойнау ғой жар болу деген ақынға. Жаныңды қанша жаралап күйiктен қанша зарландың, өйткенi сендер ғаламат жарысыңдар ғой жандардың – өлетiнiн бiлсе де ел дейтiн, мынау жер дейтiн,

жалаңаяқ жүрсе де «құдайға» сәлем бермейтiн! Жар болу деген ақынға – кетiсу, қайта табысу, қатерге күнде жақындап, қауiппен күнде алысу. Не деген ғаламатсыңдар сендерге таңмын, ынтықпын, қасында келе жатсыңдар оқтаулы тұрған мылтықтың!

ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ

Ұқсамайтын бiр күнiне бiр күнi, есiне алып отыратын iлкiнi, осы бiр жан үйiнде де, түзде де сөз өсiрiп, сөз баптайды күн-түнi. Көрiп сенiң шегiң менен шетiңдi бiрде толып, ендi бiрде кетiлдi... Осы кiсi, осы кiсi байқасаң, сөзбен ғана дем алатын секiлдi. Ашқанменен берекетке пейiлiн, сергелдеңге жiбермейдi сейiлiн. Осы кiсi сөзден ғана қуат ап, сөзбен ғана қандырады мейiрiн. Дүниенi жiберетiн қақ жарып, отырады жебе сөзден оқ жанып. сөздерi оның гүл сияқты кәдiмгi, күлкiсi оның сөз сияқты жап-жарық. Ол сөйлесе бiр қозғалып жота-қыр, естiлгендей болады ғой бата бiр. Тiршiлiгi сөз сияқты терең де, көз жасы оның сөз сияқты ап-ауыр.

БӨТЕН АДАМ

Мынау адам – бөтен адам, басқа адам. Ел мен жерден өзiн бөлiп тастаған. Бiр адамға ойын, сырын ашпаған мынау адам – бөтен адам, басқа адам. Қарашы сен – ызғар жатыр үнiнде–, қарашы сен – ызбар жатыр түрiнде. Бұл адамнан, бұл адамнан бөлекпiн бiр болса да ұлтым менен тiлiм де. Мiз бақпастан жарып сенiң өтiңдi жейтiн-сынды тiрiдей-ақ етiңдi. Өн бойында ұя салып озбырлық, ойларында ойран жатқан секiлдi. Қарашы сен – сезiн, мейлi, сезiнбе! – Керек шығар қарау үшiн төзiм де. Ауызын ашса у тамардай тiлiнен, сұмдық жатыр сығалаған көзiнде.

Қарап алып жан-жағына тiк тұрып ол кетедi көп нәрсенi ұқтырып. Жаңа ғана көрден шыққан секiлдi қолы қандай, қолы қандай сұп-суық. Ел, жер үшiн белi ауырып тер төкпей келе жатыр ант етпей, серт етпей. Ол келгенде – о, сұмдық-ай! – қарашы ағаштар да тұнып қалар селт етпей. Шаң қонбаған сұп-сұр оның жүзiне қарамайды ол сұлулыққа үзiге. ...Жылан келiп жұмыртқасын сап жатыр сол адамның басып кеткен iзiне. Оны көрiп – жаным жылап, егiлем, оны көрiп ыдыраймын, сөгiлем. Ластанып бара жатқан секiлдi ауа-дағы соның алған демiнен. Боп көрмеген халық үшiн қапалы, түспеген кеп бiр адамға шапағы.

Осы адамнан ел жиырылып тартынып, осы адамнан жер жиiркенiп жатады.

ҚАТЕЛIКТЕН СОҢ

Көңiлiмдi сенiмменен бiрлеген аңдап жүру, сақтығыңды бiлмеген – өмiрiмнiң бұралаңды жолында – қателестiм, қателестiм бiрде мен. Қирап, қаусап, бөлiндiм де бөлшекке ысырылдым анау шеттен, бұл шетке. Отқа күйiп жалғыз менiң жүрегiм, қуырылды жаным менiң сол сәтте. Сенiң күнiң осыменен батты деп қатерлi сөз мылтық болып атты кеп. Көңiлiмде боран соғып ақ түтек, өзегiмдi өсек сөздер шақты кеп. Қарғыс алған жоқ едiм ғой халқымнан мейiрiмсiз неткен жандар! Ант ұрған! Бiреу алып жағам менен алқымнан. Қаңқу сөздер қапты менi балтырдан.

Мұның не деп! – жасыма деп жасыма! – Жұбатуға жан келмедi қасыма! Қамшысы өтiп жон арқамнан жаланың, өтiрiктiң тасы тидi басыма! Өзге болып өз ойым мен өз денем, қолды сiлтеп бұл өмiрден безген ем. Тас төбемде шыбын болып ызыңдап қаптап ұшты алып-қашпа сөз деген. Суға түстiм, отқа күйдiм жанып-ай! Қалай төздiң бәрiне сен жаным-ай! Содан берi, содан берi сенсең сен кейде өзiмдi қаламын мен танымай!

БАЙЛАНЫС

Отырғам жоқ тек жазып бұл өлеңдi, от шарпып тұр жаным менен денемдi. Уы сiңiп мына ұлы ғасырдың тостағандай шағын ғана көл өлдi. Аты әйгiлi сол аймаққа, баршаға сұлу-тұғын шағын ғана болса да. Сiңген удан өлiп кеткен сол көлге ешкiм бiрақ мән берген жоқ соншама. Семiп бара жатты бiрақ бiр өмiр, шөгiп бара жатты бiрақ бiр өмiр. Көлi өлген соң салтанаты бұзылып, басқаша боп кеттi мүлде бұл өңiр.

Үндерменен ұлып тұрды үзiккен дауыл шығып терiскей мен түстiктен. Ұшып бара жатып кенет үзiлiп түсетұғын болды жерге құс бiткен. Басқаша боп бара жатты төбем де, басқаша боп бара жатты терең де. Жанымды жеп, сүйегiмдi кемiрген үндер пайда болды сонсоң өлеңде. Бiлмей бiреу ешнәрсенiң байыбын жимайтұғын болып алды айылын. Сенiм өлiп бiр адамның бойында, ал бiр жанда кемiп кеттi қайырым. Мынау өңiр келе алмастан бiр жөнге оттай ыстық – тұншығып-ақ тұр желге. Тым қатерлi тозаң қонып бiр жерге, Тым қауiптi жаңбыр жауды бiр жерге.

Жатты сонсоң әлдекiмдер жаза алып, жатты сонсоң әлдекiмдер сөз алып, ормандарда ағаштарға от тиiп, өзендерде балықтардың көзi ағып... Ой ұшырап отырғам жоқ қияға. Мұндай кезде қияны ойлау сия ма? Сонан кейiн сұп-сұр болып қара жер, жұмыртқалар iрiп кеттi ұяда.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ

Жасыл емес, күлгiнбiз! Ертеңдi ойлап зарықты үн. Арасында жүрмiз бiз қатер менен қауiптiң. Өттей жаңбыр сiркiрер зәресiн ап тастың да. Жарылыстар сiлкiнер қара жердiң астында! Қалай жүрем елемей, жан-жүрегiм қапалы!.. Уға малған жебедей күннiң қызыл шапағы! Сұмдық жатса жерiмде қалай қалам көрiнбей. Аңқып соққан желiң де аждаhаның демiндей. Жарылғанда гүрс етiп жарылыстар өлкемде – қадалады кiрш етiп жарықшағы Ертеңге. Содан, содан, қара, бар! – кеуiп жаздың құрағы, аяқ, қолсыз балалар мүгедек боп туады. Не бiр сұмдық елестеп жүрем мұңға батып-ақ! ...Тұншығады нәресте құрсағында жатып-ақ.

Сұмдық сезiп қаладан, сұмдық сезiп даладан бал жүзiнен әр тайып, туып жатыр балалар шашы аппақ боп қартайып!

ҚАУIП

Сөздер айтып тiкенектi, түрпiлi жинап былай қойдық бiздер күлкiнi. Жаман болып бара жатыр арамыз соқтығысып қалармыз-ау бiр күнi. Сәл бiр сөзге өртенемiз, жанамыз, сәл бiр сөзге быт-шыт болып қаламыз. Ала құйын, ақ тозаңын ұшырып не боп кеттi, не боп кеттi арамыз. Бiлемiн ғой – сенiң-дағы көп мiнiң, бiлемiн ғой – менiң-дағы көп мiнiм. Соқтығысып қалармыз ба бiр күнi тау бұзардай менiң-дағы екпiнiм. Тау бұзардай сенiң-дағы екпiнiң. Олай деймiз, былай деймiз, бүй деймiз!... Сөзбен келiп қағытамыз, түйреймiз... Шынымен-ақ соқтығыссақ – бiлiп қой – поездардай екеумiз де күйреймiз!

ШАРАСЫЗДЫҚ

Тауқыметте жүрсеңдағы сен мейлi маңдайыңа жазғаны осы көн дейдi. Көре тұра көрмеген боп сонан соң дүниенi кең дейдi ғой, кең дейдi. Кең дейдi ғой! – түсiнбедiм осыңды. Түсiне алмай жан-жүрегiм тосылды. Солға жүрсем – сорға батып белшеден, оңға жүрсем – тауға соқтым басымды. Алдыменен дүниенi кешiп көр, Жанып тұрып сонан кейiн өшiп көр... Қағынады – атса менi бiреулер, тарылады – мен кiретiн есiктер. Қаншама рет шағылдым мен, шаршадым. Қаншама рет қирадым мен, қаусадым. Аяқ бассам – шеге кiрдi табанға, қолды созсам – отқа күйдi саусағым.

Сөздер айтам қауқары жоқ бiр-жары, қалған-сынды тұла бойдың құр жаны. Отқа оранып жүрегiмнiң бiр жағы, мұз боп қатты, ал екiншi бiр жағы. Кең деген сөз мен үшiн бiр қиялдай. Жүремiн тек ой, есiмдi жия алмай... дүниенi кең дейдi жұрт, мен болсам аласұрам дүниеге сия алмай! х х х Көрер мұны жан болса егер аңғарар. Аңғарар да өз-өзiнен таң қалар. Көбейiп-ақ кетiптi ғой, апыр-ай, Алматыда сауысқан мен қарғалар. Сезесiң сен сорым ба бұл, бағым ба. (қауiп iздеп бұл сөзiмнен жаңылма). Қараңдаршы! – сауысқан мен қарғалар қаптап ұшып жүр ғой бау мен бағымда.

Қондырғандай басына кеп бақ күнiн, жеткен-сынды мерейiне тап бүгiн. Қара қарға жүре алмайды мамырлап, ал сауысқан ұмытқан бар сақтығын. Соны көрiп – көңiлiм пәс, мұңдымын, соны көрiп – желге ұшады түндiгiм... Қайда кеткен торғайым мен шымшығым?! Қайда кеткен сандуғашым, бұлбұлым?! Мұның өзi, құдайым-ау, жай ма деп, жай емес бұл елекке сал, ойла деп iздеймiн мен торғай менен шымшықты, сандуғаш пен бұлбұлымды қайда деп? Құйынданып суынамын бiр демде! күйiп-жанып, суынамын бiр демде, – ту сыртымнан қарға бiткен қарқылдап, сауысқандар шықылықтап күлгенде!

Көрер мұны жан болса егер аңғарар. Аңғарар да өз-өзiнен таң қалар. Көбейiп-ақ кетiптi ғой, апыр-ай, Алматыда сауысқан мен қарғалар. Өзiме өзiм жасыма! деп, жасыма! отырғанда ұшып келiп қасыма сауысқаны шоқып жанды жарамды, ал қарғасы саңғып кеттi басыма!

ҚАРАУЫЛ ТӨБЕ БАСЫНДАҒЫ ОЙ

Ақ шаң болып жота, қырым, белеңiм, дауыл соғып, лайланып тереңiм, қауiп-қатер төнген кезде далама от жаққан ғой басына осы төбенiң. От жаққан ғой, от жақпауға бола ма?! От жақпауға болмаған ғой шара да. Аласат бiр қатер келе жатыр деп, отпен белгi берген ұлы далаға. Көк сүңгiдей соғылатын өкпеден, қауiп бар деп далаға осы беттеген сөйлескен ғой төбе, төбе, төбелер түн iшiнде жарқыраған отпенен. Кiм қояды мұндайда аттың ерiн ап, аттың ерiн алу ерге өлiм-ақ. Дала сонсоң кiреукесiн киiнiп, дайын тұрған бес қаруын белiне ап.

...Өзегiмде өрттей жанып өлеңiм, бұл өмiрдi оймен келiп бөлегiм, қауiпi көп мына ұлы заманда шықтым мен де басына сол төбенiң. Шықтым соған. Қарап тұрмын ғаламға, – тау мен тасқа шөл мен теңiз, Адамға. Қарап ұрмын, қарап тұрмын, қарап мен, қауiпi мен қатерi көп заманға. Шошып сонсоң мынау заман түрiнен, ойлар сезiп шiрiп, әбден iрiген адамдарды оятайын деп ендi сол төбеге от жақтым мен түнiмен.

Жинап қойып бәрiн, бәрiн мен ендi – әуен, әуез, саз бен ырғақ, өлеңдi сол төбеге от жақтым мен түнiмен адамдарды оятайын деп ендi... От жақтым мен ешкiмдi де тыңдамай, тас төбемде бара жатты зырлап ай. Алып далам, ұлы далам бiрақ та селт етпедi, селт етпедi! Бұл қалай?

ӨЛДI ЖIГIТ АСЫЛЫП

Еске түссе кетемiн ғой ашынып, Еске түссе қаламын ғой шашылып, – айдың күннiң аманында осынау өлдi жiгiт, өлдi жiгiт асылып. Өлең сөздiң үзiлдi де ұйқасы, быт-шыт болып ойдың шықты қиқасы. Дiр-дiр етiп тау мен тастың денесi, шымырлады қара жердiң құйқасы. Жоқтау сөздiң қара түндi тiлдi үнi, сол бiр үннен кептi тажал ындыны. Өлдi жiгiт, өлдi жiгiт асылып ашылмаған он екiде бiр гүлi. Кеткен-сынды болды сонда ел семiп, Кеткен-сынды болды сонда жер семiп. Құшақтасып бiр-бiрiмен қайғыдан тұрды ағаштар күнi бойы теңселiп, тұрды ағаштар түнi бойы теңселiп.

Бiр найзағай тiлiп түсiп денемдi, бiр от келiп өртедi ғой өлеңдi. Түн iшiнен дауыс шықты күңренiп: өлдi неге, өлдi неге, неге өлдi? Өлдi жiгiт – қайырылмастан елiне, өлдi жiгiт – қайырылмастан жерiне! ... Бiздер жүрген мына тiрлiк, бұл өмiр қайырымсыз қатал ма едi әлi де!

ТАҒЫ ДА САҒАН

Бiз екеумiз – кейде көзсiз батырмыз, бiз екеумiз – кейде сорлы, пақырмыз!.. Жетемiз деп бiрiмiзге бiрiмiз, қарсы қарай жүрiп келе жатырмыз. Жетемiз деп бiрiмiзге бiрiмiз өттi қанша аймен жылдар, күнiмiз. Өттi қанша ұйқысыз сан түнiмiз жетемiз деп бiрiмiзге бiрiмiз. Екеумiз! – деп жар салдық бiз баршаға. дедiк сонсоң жүректерге: шаршама! Жетемiз деп бiрiмiзге бiрiмiз сар даланы кешiп өттiк қаншама, сан қаланы кесiп өттiк қаншама. Менен басқа есiм түспей есiңе сен де iлестiң бұлттардың көшiне! Сенен басқа есiм түспей есiме мен де iлестiм бұлттардың көшiне.

Өтсе-дағы арамыздан сел жүрiп, өтсе-дағы арамыздан сең жүрiп Саған қарай келемiн ғой мен жүрiп, маған қарай келесiң ғой сен жүрiп. Былай жинап қойып бiздер жыр, әндi өткiздiк сан басымыздан ылаңды... Жетемiз деп бiрiмiзге-бiрiмiз көктей өттiк қаншама боз тұманды. Бiр-бiрiне құшақ ашып денемiз, бiр-бiрiне қарсы жүрдi кемемiз. Сондадағы бiрiмiзге-бiрiмiз әлi күнге жете алмастан келемiз.

КӨНЕ ҚОРЫМДА ТАРТЫЛҒАН КҮЙ

Бойымда бұрын, сiрә, сезiлмеген басқаша болдым сонда сезiмде мен – тартылған көне мынау қорымдағы құлақ сап домбыраға безiлдеген. Мынау саз, әуендегi тыныс қандай, керемет құсқа айналып жыр ұшқандай. Құлақ сал, құлақ салшы мына күйге, өлiм мен өмiр қазiр ұғысқандай. Бiреуi опырайып қирап бiткен бiреуi салтанатты – сыйлап күткен, – Алапат мына күйге есi кетiп үн-түнсiз ұйып қапты зират бiткен. Неғылам мұның бәрiн босқа құрап!.. Со-оу шетте бүлк еткендей бос топырақ. Құйылып төгiлгенде құдiрет күй кеткендей болды дейсiң тас қақырап.

Дәл қазiр – жан-жүрегiм емiнiп тұр. Дәл қазiр – жан-жүрегiм сөгiлiп тұр. Домбыра аңрап, аңрап алды-дағы бiр кезде кеттi дейсiң егiлiп бiр. Ұя сап жатқан мұнда құстар елi күйменен тебiренiп ұшқан едi... Бұл өмiр осыншалық ұзақ па едi?! Бұл өмiр осыншалық қысқа ма едi?! Бағымды тағы сынап көрем деп бiр кеудеме түйдек-түйдек өлең кеп тұр. ...Бозбала қабiрiнiң шетте жатқан селтиiп құлақшасы елеңдеп тұр. Жанымнан төгiлiп бiр жапырағым, үн-түнсiз ұйып қапты атырабым. Көк тасқа тамыр бiтiп мына күйден – торқаға айналғандай топырағым.

ЖӘБIРЛЕНУ

Бүкiл жанын – арсыздық кеп торлаған, бүкiл жанын – қансыздық кеп торлаған, ұлт туралы сөз айтып тұр ортада тiлiн, дiлiн бiлмейтұғын оңбаған. Көк тер болып – малынғандай сорпаға – ұлт туралы сөз айтып тұр ортада. Iрiп кеткен, шiрiп кеткен сөздердiң сасық иiсi тиедi кеп қолқаға. Қайнап тұрған су құйғандай етiме, қанжар сұғып алғандай-ақ өтiме болды дейсiң – сол оңбаған желiгiп түкiргенде туған жердiң бетiне. Мына сөзден күйiндiм мен, тарықтым, мына сөзден – отын кештiм тамұқтың. Неткен бетсiз, неткен арсыз оңбаған! Жармасып тұр жағасына халықтың!

Күдiктенiп, менi босқа торыма! Бұл сөзiмдi басқаша сен жорыма. Мына сорлы, мына тексiз оңбаған туған екен өз халқының сорына! Қалай жазам – ендi жүрек жарасын. Қалай жазам – ендi жүрек наласын. Ел туралы сөйлеп тұр сол оңбаған шаштан алып сабағандай анасын. Неге мұнша тар еттi екен жетесiн! – күйiнесiң, өртенiп-ақ кетесiң. Ел туралы сөйлеп тұр сол оңбаған бастан теуiп жiбергендей әкесiн. Рас болса өз елiңдi Елiм деу. Мұны, сiрә, керек шығар өлiм деу. Тепсе ұлтыңды өз ұлтыңның адамы, одан өткен болмайды екен жәбiрлеу. Сол күнi мен – шыңылдап кеп құлағым – жетiмсiреп, жалғызсырап жыр, әнiм,

ызаланып, назаланып аңрап бiр жел сияқты жер сабалап жыладым.

БIР УЫС ТОПЫРАҚ

Көрмеген көп бұл жалғаннан шұғыла, қайысып бiр қайғысы мен мұңына, бердi анасы топырақты бiр уыс алыс жолға шыққан жалғыз ұлына. Артта қалып жапан түз бен сор дала, белден өттi, таудан асты сол бала. Түстi қанша бейнет пенен сорға да, оңға жүрдi, жүрдi сонсоң солға да. Қайтқан жоқ ол – отқа күйiп жанса да, қияметтiң қыл жолына салса да. Жалғыз ұлы сол қапалы ананың көрдi азап пен қиындықты қаншама. Ана жүрдi жалғызы үшiн жаны ұшып – өзек жанып, жүрек соғып, қаны ысып. Бала жүрдi қатерлермен қағысып, қаптап келген қауiптермен алысып.

Ана отырды құлақ тосып дүбiрге, жалғызы боп тiлi менен дiлiнде. ...Ұл құлады – тар мықыннан оқ тиiп өлiаралы күндердiң бiр күнiнде. Бала жатты... – қалай жатыр жан шыдап! Кеуiп қалды өзек жаны қаңсып-ақ. Бала жатты – тар мықыннан оқ тиiп – айдалада – жалғыз өзi қансырап. Көз алдынан өтiп не бiр құбылыс, құлағында тұрды дүбiр, дүбiлiс. Ана берген – түстi есiне бiр кезде – туған жердiң топырағы бiр уыс. Түстi есiне – әлдененi ұқтырып. Семiп бара жатқан қайта шықты үмiт. Жарасына топырақты басқанда кеттi бала, кеттi бала тiк тұрып.

...Басқа нәрсе ала көрме ойыңа. Тауқыметке, қияметке мойыма... Қуат кiрiп кеттi ғажап бiр уыс топырақтан сол баланың бойына. Түстi қанша азапқа да, сорға да. Оңға жүрдi, жүрдi сонсоң солға да. Кеттi адасып күндердiң бiр күнiнде жол таба алмай, жол таба алмай сол бала. Жүгiрдi де ой-санасы сан саққа, алып қашты ақыл-есi жан-жаққа. Тығырықтан шығар жолын таба алмай шалдықты әбден, болдырды әбден шаршап та. Есiне алып – бабалардың нақылын, есiне алып – анасындай жақынын, шүберекке түюлi сол бiр уыс топырақпен сүрттi көзiн ақырын.

Таң қалатын өлi менен тiрi де сәуле кiрдi қара күйе түнiңе. Сол баланың көзi жанып шырадай көрiндi ғой арғы-бергi дүние!

АБЫЛАЙ ХАН

Уа, Абылай, хан ием! Асқар таудай алып ең, қазағым деп жанып ең, қазағым деп налып ең; тосылғанда қалың ел өзiңдi өзiң танып ең, жауға жалғыз шауып ең, Уа, Абылай, хан ием! Уа, Абылай, хан ием! Саған айтар дерегiм: толқын соққан алапат тағдырындай кеменiң теңселiп тұр өр елiң! Бұған қалай көнемiн! Жерiң жатыр тоналып, елiң жатыр қаналып, тауың жатыр таланып, далаң жатыр қамалып! Уа, Абылай, хан ием! Жоқ сөзiмде бұлтағым, – түнге айналып тұр таңым, – дiннен бездi ұрпағың, тiлден бездi ұрпағың. Ұмыт болып ұраным, қорлық көрдi жыр, әнiм. Тартылып бар бұлағым, тапталды ғой құрағым.

Уа, Абылай, хан ием! Қорғаным ең, бағым ең. Қаптап келген жауларды қалқан болып қағып ең, найзағай боп жарып ең, Уа, Абылай, хан ием! Талқан етiп тұғырды, басым менiң бүгiлдi, жаным менiң түңiлдi, көтере алмай жүрмiз бiз сенiң аппақ туыңды. Итi сарып көрiме, уын сеуiп көгiме, қол салып тұр жерiме – босағада жүргендер шығып алды төрiме! Үмiт, арман қырқылып, бiр жығылам, бiр тұрып. Жарылыстардан қақырап – базардағы матадай далаң жатыр жыртылып! Уа, Абйлай, хан ием! Алыстаған бiр кезде өзiңе ендi жақынбыз. Десек те бiз: пақырмыз, кешегiден батылмыз, кешегiден ақынбыз. Бостандық деп, теңдiк деп, жағаласып жатырмыз, жанталасып жатырмыз!..

О, МАХАМБЕТ, ПIРIМ-АЙ!

О. Махамбет, батырым, әулием, пiрiм, ақыным, – аруақ, жан мен рухым, қандасым, туыс – жақыным! О.Махамбет батырым. Желеп сен, жебеп қолдашы, қолдашы менi, қорғашы. Шайқалып тұр ғой, шайқалып қазақтың қалың ордасы. Талықсып жатыр бүгiнде дiнiм де, дiлiм, тiлiм де. Өшiп бiр кете жаздап тұр арыстан дауыс үнiм де. Талқаны шыққан тойым-ай! ойраны шыққан ойым-ай! Керек боп тұр ғой рухың кескектi ердей сойым-ай! Дүние мейлi түнерсiн! – Қайратың сенiң айбатың желеп бiр менi жiберсiн. Бiлмеген мұны пақыр ғой – жармасып бүгiн жағаға жағадан алып жатыр ғой.

Көңiлiм менiң ортайды, жанымнан нұр мен әр тайды. Бөлiп ап Ертiс, Есiлдi ап кетпек ендi Алтайды! Лақтырған қарап тасына – жасыма жүрек, жасыма! Асымды iшiп кезiнде теуiп те тұр-ау басыма. Қолдашы, кәне, бүгiн-ай, О, Махамбет, пiрiм-ай! Қуат пен қайрат бер маған – Атырау болып долданам, Алатау болып толғанам, Маңғыстау болам зарлаған, Сарыарқа болам сарнаған, қуат пен қайрат бер маған! О, Махамбет, пiрiм-ай, Қолдашы, қане, бүгiн-ай!

ҚАЙЫРШЫ

Сен отырсың айналған тас қабырға, Қарсы қарап көшедегi ағынға. Тозған әбден мыж-мыж болып көнерген бас киiмiң жатыр сенiң жаныңда. Осыншалық қиналмашы, тiстенбе! Не iстейсiң тағдыр атты үстемге. Селк етесiң – жапырақтай қураған – сыңғыр етiп қара бақыр түскенде. Отырасың тасқа айналған төзiмдей, бұл өмiрден безiнiп те, безiнбей... ...Бүтiн болып көрiнгенмен сырт көзге Қайыршымын мен де қазiр өзiңдей. Қайыршымын дәл өзiңдей кәдiмгi – ашып тастап омырауды, өңiрдi сырт көзге бұл көрiнгенмен көңiлдi – қайыршымын дәл өзiңдей кәдiмгi.

Жүрек қанша соққы көрдi, тiлiндi. Қаншама рет жоғалттым мен үнiмдi. Қайтарып бер деп сұраймын күн-түнi бұл өмiрден дiнiм менен тiлiмдi. Әлдекiмдер тор-құрсауын құрып ап, шыбын жанды жiбередi сығып-ақ. Су сұраймын, сұраймын кеп ауа да, жер сұраймын өз жерiмде тұрып ап. Содан қазiр өртенемiн, жанамын. Жан жаралы, ар жаралы, жаралы үн. Мыж-мыж сенiң бас киiмiң секiлдi жатыр, әне, тозып, семген Аралым! Содан кейiн тау құшақтап құлаймын, құлаймын да күңiренемiн, жылаймын. Бар қасиет, байлығымды iздеп мен қайтарып бер деп соларды сұраймын.

Күйзелдiм де, күңiрендiм де, опындым. Күлiн шаштым бiткен, сөнген отымның. Алдыма алып тозған, семген Аралды дүниеден қайыр сұрап отырмын.

ДАУ

Өрт сияқты көзi жоқ, мен бiр сұмдық дау көрдiм, тоқтам айтар сөзi жоқ iштен шыққан жау көрдiм. Ант пенен серт өлiп, көз аша алмай сорлаудан, – жатты дейсiң өртенiп бiр қауым жұрт сол даудан. (Бiлдiрместен сезгенiн жеттi әзәзiл сап етiп) Бәтуәлi сөздерiм жанып кеттi лап етiп. Қақ айырылып қосағың, қақ бөлiндi арманың. Ойран болып ошағың, түстi ортаға шаңырағың. Жан өртенiп, мұңданды, – Не iстейсiң? – күйiнем! Қара күйе күл қалды ынтымақтың үйiнен. Ақыл-есiм шатысты Қапаландым, егiлдiм... Сол бiр даудан шоқ түстi өзегiне елiмнiң!

ӘРI-СӘРI ШАҚ

Ысып, қайта тоңдық бiз. Қоя бердiк, тап берiп. Әрi-сәрi болдық бiз. Әрi-сәрi шақ келiп. Бiтiп амал, тiрегi, қуқыл тартып реңi, олай дедi бiреуi, былай дедi бiреуi. Адам ит боп үредi. Бұл не сұмдық! Құрысын! Қасың бетке күледi, тоң-терiс боп туысың. Маужырайсың жантайып, Су боп кеткен қаныңыз. Шал боп бала қартайып, бала болған шалыңыз. Әңгiменi азайтып Әрi-сәрi күлемiз. Әрi-сәрi сөз айтып, әрi-сәрi жүремiз. Тұрып қайта, құлаймыз, қалғандаймыз ұйысып. Әрi-сәрi жылаймыз, Әрi-сәрi сүйiсiп.

ТОНАЛУ

Ешкiм әлi тоналған жоқ дәл мендей. Бiттiм әбден, дiңкем құрып өлердей. Арғы-бергi дүниеде, сенсеңдер, ешкiм әлi тоналған жоқ дәл мендей. Өзiмдi өзiм – теңеушi едiм алауға, Өзiмдi өзiм – теңеушi едiм жалауға. Ар-ұятсыз әлдекiмдер келдi де түстiм сұмдық тонау менен талауға. Өшiрем деп сенiң дауыс, үнiңдi, Қырқамын деп тамырыңды, түбiңдi, көмейiмдi өңешiммен суырып, тонап алды дiнiм менен тiлiмдi. Қалдым қатып сор даладай қақталып, қалдым жатып сор маңдайдай тапталып, ән-жырымды тонап алды сонан соң жаным менен жүрегiмдi ақтарып.

Еңсенi езiп, еңкейттi де бойымды тонап алды мерекемдi, тойымды. Тонап алды ақылымды, санамды, тонап алды сезiм менен ойымды. Ең сұмдығы, шырқыратып жанымды, тонап алды кеудемдегi шамымды, – Содан берi бiлмей жүрмiн, – сенделiп, – жүре-тұғын, бара-тұғын жағымды.

КҮН САЙЫН МЕН ӨЛЕМIН

Күн сайын мен өлемiн! Ел-жұрт оны бiле ме?! Дей көрме сен дер едiм: Өлген – өмiр сүре ме? Қалай ұқсаң, солай ұқ, күн сайын мен өлемiн, жүре-тұғын қарайып, сүлдерi бар денемiн! Тексiз, әңгi есектер бiр жағымнан ақырып, жала, жалған өсектер зәрлi сөзiн сапырып, Сойылдарын көтерiп зорлық пенен зомбылық, адасу мен қателiк үмiтiмдi солдырып, онсыздағы езiлген жүрекке у тамызып, қатыгездiк көзiмнен қара қанды ағызып, – тiлек, ойды жаңқалап, қатер, бәле келтiрер – бәрi-бәрi анталап күнде менi өлтiрер.

СӨЗ

Мұндай кезде – (сақтанам!), қарау керек көздi ашып, – дүниенi қаптаған бара жатыр сөз басып... Құлақ бiтiп тұнады – батар соның күйiгi – Ұйықтап, бұрқап тұрады сөздiң ала құйыны. Соның шығып шатағы, Соның келiп басты үнi... Алып бара жатады сөздiң қара тасқыны. Бiтiспейтiн керiсiп, келiп тұр-ау кез жұтаң... Су орнына сөз iшiп, ауа орнына сөз жұтам! Жоғы ғой бұл амалдың, түсiн, мейлi, түсiнбе! – Уы жатыр заманның ол сөздердiң iшiнде. Сол сөздерден қызынып кеудем, алқым iседi. Қан құтырып, бұзылып жанға жара түседi. Содан кейiн қаңғырып, қасiретке батамыз – сөзден дертке шалдығып, сөзден өлiп жатамыз.

Тiрлiк, iс те өзгерген! Сөз айтамыз құлшынып. ...Жатыр қазiр сөздерден өлген адам түршiгiп.

ТӘУЕЛСIЗБIН

Тәуелсiзбiн! Тәуелсiзбiн мен бүгiн. Келдi, мiне, азаттығым, теңдiгiм. Бостандықта бойлығым мен ендiгiм. Шешiл ендi, шемен болған шерлi үнiм! Қарсы қарап қатал мынау заманға, айналдық бiз қайтпас, қайсар қамалға. Алды бүгiн тәуелсiздiк тау, тасым, орман, көлiм, далам менен балам да! Жаным менiң, қаным менiң тәуелсiз. Арым менiң, жарым менiң тәуелсiз. Заңым менiң, бағым менiң тәуелсiз. Әнiм менiң, дәнiм менiң тәуелсiз. Тәуелсiзбiн – өзiме өзiм құдаймын. Тәуелсiзбiн – нұры-сынды күн, айдың. Құласам да емiн-еркiн құлаймын, Жыласам да емiн-еркiн жылаймын.

Тәуелсiзбiн! – танып тұрмын өзiмдi. Ұшырамын қанат байлап сөзiмдi. Ешкiм ендi көкiрегiмнен итерiп, ешкiм ендi шұқымайды көзiмдi. Тәуелсiз ғой ойым менен ұғым да, бақыт құсым қонды келiп тұғырға. Тәуелсiздiк алды бүгiн, қараңдар, тойым түгiл қайғым менен мұңым да. Заман өттi – қансыратып қанаған, заман өттi – қалтыратып тонаған. Тәуелсiздiк келдi, мiне, ақыры! Зорға жеттiм, зорға жеттiм мен оған. Құтылмаған кiнәраттан, күнәдан, бар шындықты iштей үнсiз құраған, – ағыл-тегiл көздiң жасын көл етiп күнi кеше былай деп мен жылағам: «Жаным кеттi қарайып, қопарылды тiрегiм, айтыңдаршы, халайық, қалай өмiр сүремiн?!

Қалай жүрем темiрден соғып шыдам, төзiмдi... Көрiп едiм бәрiн мен ойып алды көзiмдi. Қалай жүрмiн – құламай! – Қазды менiң түбiмдi. Сөз айтып ем – шыдамай! – Қырқып алды тiлiмдi. Қай жерде мен тайқып ем?! – Сынап тағы бағымды – ойымды мен айтып ем, отқа салды жанымды. Төктiм үнсiз жасымды, кеуiп қалды таңдайым, көтерiп ем басымды қақ айырылды маңдайым!» – Күнi кеше дәл осылай жылағам! Жылағанмын – көздiң жасын бұлағам. Уhiлеген менiң өксiк демiмнен теңiз толқып, тау күңiренiп құлаған. Соны ойласам – у мен зәрдi iшем мен. Соны ойласам – қайғы, мұңға түсем мен. Тудық бiздер көрiнбейтiн бұғаумен. Жүрдiк бiздер көрiнбейтiн кiсенмен.

Өз жерiмде ала алмастан рұқсат, өзiмiзге жүрдiк бiздер құрық сап... Үндетпестен тас тықты да көмейге, қойды сонсоң аузымызға құлып сап. Қапаландық, жәбiрлендiк, зарладық, өзгелерге жанды қидық, арнадық, – қырылдық қой қорғап бiздер Мәскеудi, ал Мәскеуден қорғана бiз алмадық. Таптап, қырқып, жоқ еттi де нуымды, жазирамды отқа салып қуырды. Жуынды еттi кәусар менен суымды, шұлғау еттi қасиеттi туымды. Мұның бәрiн, мұның бәрiн ұғынам... Жүрек жара – зар заманның мұңынан. Сол кезде мен азаттық деп, теңдiк деп, бөрi болып айға қарап ұлығам!

Тәуелсiзбiн, ендi, мiне, мен бүгiн. Келдi кiрiп азаттығым, теңдiгiм. Бостандықта бойлығым мен ендiгiм! Шешiл ендi, шемен болған шерлi үнiм. Кеуделердi тарылтпасын кек қысып, кетедi одан өр далама өрт түсiп... Құсқа айналып кеудемдегi жүрегiм сүйiншiлеп келер күнге кеттi ұшып. ЖЫРШЫ Iзбасар Шыртановқа Мына шер – менiң-дағы шерiм едi. Қабырғам қақ айырылып сөгiледi. Сөз бiткен толқындардай бүктетiлiп, серпiлiп қайта кейiн шегiнедi. Бiр сәтке – жер менен көк теңескендей. Бiр сәтке – түн менен күн кеңескендей. Даусынан Маңғыстаудың сесi естiлiп, демiнен Атыраудың лебi ескендей.

Iлесiп сол бiр жырға – өкiнемiн. Iлесiп сол бiр жырға бекiнемiн... Сөздерден аңқып иiсi боз жусанның даладай ашылады көкiрегiм. Жыршыны – жан-жүрегi шырқыраған – тыңдап мен сай-сүйегiм сырқыраған. Дүние қарап қалды сол сөздерге күздегi жапырақтай бұрқыраған. Ойлантты – ой бiткеннiң тереңдiгi. Ойлантты – ой бiткеннiң кемелдiгi. Жапырып жiбергендей жамандықты сөздердiң қара дауыл тегеурiнi. Өкiнiп жанбай кенет өшкенiме, өкiнiп ойсыз күндер кешкенiме, – Қарадым күмбiрлеткен, қоңыраулатқан сөздердiң салтанатты көштерiне.

Кенелдiм сол бiр сырдан кенен сырға... Бөленiп кеткендей ғой әлем нұрға... Дүние жыршы болып, ал жыршымыз айналып бара жатты өлең-жырға. ӘН Күрiш Тасболатовқа Табылып өткен күннiң көмбесiнен, қараған келер күннiң өр төсiнен, атылып шыққан-сынды осы бiр ән ғаламат Маңғыстаудың кеудесiнен. Мен сонда ән қуатын бiлiп едiм. Бұрқырап толқып кеттiм – тұнық едiм. Iшiнде қалғандаймын – сол бiр сәтте – от шашып, су бүркiген дүниенiң. Үкiм боп безiнгенге, адасқанға. Бiтiм боп дауласқанға, таласқанға. Үкiлi жебе құсап осы бiр ән шаншылып қадалғандай көк аспанға.

Ұқтырып ажал-сұмнан озбасыңды, шаншылып шырқап-шырқап сөз басылды. Не деген кермек едi осы бiр ән Iшiп мен тұрғандаймын көз жасымды. Даладай аңқып есiп көңiл деген, Кенеттен бүрiн жарды өмiр деген. Қозданып кеттi дейсiң сонан кейiн сөз бiткен шоқ сияқты жел үрлеген. Жанын бiр күйiндiрiп бар дұшпанның елiмнен Қаратаудай алғыс та алдым... Қарашы, – сол бiр әннiң қуатынан түндiгi желпiлдеп тұр Маңғыстаудың.

АУРУ ДҮНИЕ

Ауру қазiр, ауру қазiр бәрi де, айналды бұл менiң қайғы, шерiме. Бәрi де ауру – ұлы менiң даламның – дауылы да, бораны да, желi де! Iлесiп мен тұрған жоқпын дүрмекке, өйтiп менi жала сөзге тiлдетпе. Қарашы сен – от сияқты жап-жасыл – ауру бұлт кезiп әне жүр көкте. Қалай жүрмiн, қалай жүрмiн күзетпей – (қояр емес тағдыр жанды мұз етпей) – Толқи алмай, шалқи алмай, әнеки, сап-сары боп жатыр өзен сүзектей. Бiр дерт жатыр тынысымда, демiмде. Сол демiмнен дақ түсердей темiрге. Ауру бәрi – тауың да ауру, тасың да, ауру қазiр ағашың да, шөбiң де.

Бұл заманда мызғыма да, көз iлме. Сене берме төзiмге де, сезiмге. Уы сiңген ауа менен суымның – ең сұмдығы! – ауру қазiр сөзiң де. Ең сұмдығы! – сөз ауруы бiлемiн. Осы, осы қасiретiм, түнегiм. Ауру сөздер, ауру сөздер қаптаған... қан жоса ғой сол сөздерден жүрегiм. Хал-күйiмдi түсiн өзiң, түсiнбе! Онда менiң жоқ қой қазiр iсiм де. Жүрiп келем – Сұп-сұр болып қан-сөлсiз – ауру мынау дүниенiң iшiнде!

ҚҰЛАЗУ

Адам бiткен зорға жүр, сөздi кiсен, шынжыр қып. Болған-сынды дәл қазiр дүниеде бiр сұмдық. Үзiлiп бар жалғасы шыдай алмай ашынып, – дәл осы сәт жан досым өлген-сынды асылып. Көкiректе зорлық-ән – жау бұзғандай шегiмдi. Өлген адам, орнынан тұрып кеткен секiлдi. Дәл осы сәт елес те қасiретке батқандай – отқа түсiп нәресте шыжғырылып жатқандай. Жанда нала, күрсiну, отырмын ғой құнысып. Дәл осы сәт бiр сұлу құлағандай у iшiп. Малынғандай сорға жыр, жан-жүрегiм жылаған. Жеп жатқандай – дәл қазiр! – бiр адамды бiр адам!

САУДА

Өңiм түгiл, түсiмде. Қан жыладым, зарладым. Қалған-сынды iшiнде бар дүние сауданың. Саудада әзiр сөзiм де, шыдам, сабыр, төзiм де! Атылас пен бөзiм де! Ақыл, парық, сөзiм де! – Бәрi сауда, көз iлме! Ақшалыны қаумалап, ұмытқан жұрт бауырды. Бiреу келiп саудалап сатып алды дауымды. Шыдай алмай шерiме Жан-жүрегiм жыртылған. Саудаға сап, менi де сатып жатыр сыртымнан. Құжынаған жүр адам алаң, көше, аулада – салды сонсоң бiр адам туған жерiн саудаға! Жоқ нәрсенi даулаған бұл дүние талмай тұр. Мынау сұмдық саудадан зәре-құтым қалмай тұр! Адамдардың құлқыны айналған сұм қамбаға, – түсетiндей бiр күнi азаттығым саудаға!

МЕН АТЫЛҒАН КҮН

Менi сөзбен атып кеттi бiр адам. Ұшып түстiм. Ендi қалай тұра алам. Қадалған кеп оқ сияқты сол сөзден арман құлап, үмiт құсым жылаған. Сол оқ-сөзден мың күйзелдiм, мың сынып. Қан жылаған ойым қалды тұншығып. тiлек тұрды – тұнжыраған күрсiнiп, жүрек тұрды – тыжырынып түршiгiп. Сезiмiмнiң сергек, ашық алаңы, ойларымның мұңлы, қалың алабы, өлеңiмнiң қоңыр салқын самалы – сол оқ-сөзден бәрi, бәрi қаралы. Сол оқ-сөзге қалай табам өлшемдi? – Қаратаудай төзiмiм де теңселдi. Құм сияқты үгiтiлiп жiгерiм, көтере алмай қалдым сонсоң еңсемдi.

Дәл сол күнi қол бермедi ешкiм де! Сол оқ-сөзден бiттiм, сөндiм, өштiм бе?! Дәл сол күнi жала менен өсектер қарға болып қаптап ұшты үстiмде!

ҚАРА АДАМ

Өтiнемiн, құрысын! – Оған қарсы аттама! Тарылатын тынысың оның жаны қап-қара! Сұмдық онда жетедi! – кебiн ұрлар өлiден... Шарпып-шарпып кетедi қара жалын демiнен. Оған, оған батпады аруақтың киесi... Қап-қара еттi мақтаны Сөздерiнiң күйесi. Құстар шошып даусынан Жоқтау еттi көгiмдi... Күлген кезде аузынан күл бұрқырап төгiлдi. Одан, одан безiнем, қорқасың деп даттама. Жылап едi көзiнен Құрт шықты қой қап-қара!

ТҮНГI ӨЛI КӨЛ ЖАҒАСЫНДА

Таусылады бiр шыдам! мына көлдiң, – қарашы! – Қорғасындай жаншыған қандай ауыр ауасы. Қорыққанмен қайтемiн, жаншыламын бүктелiп, – тұлғасы жоқ, әйтеуiр көлеңкелер шықты өрiп. Еңсенi езiп екiндi тозақ отын себелер, – Мiнiп алған секiлдi иығыма бәлелер. Ой жоқ болды сөндi де. Ұшқан зәре тоқтай ма?! Өлi көлдi көрдi де Сұп-сұр болып кеттi ай да. Айықпайтын сор көрдiм, алжасты ма ақылым? ...Ортасынан сол көлдiң ажал шықты ақырын. Ажал шықты, қаңқасы тұрды желмен сықырлап... Көлеңкемен арбасып, бiр құс ұшты сыпылдап. Байғыз күлдi. Күлдi ме? Жылады ма? – Бiлмедiм... Түнге ауысып күндерiм, Күлге айналды гүлдерiм.

Қайттым сонсоң, әр жерге тасқаяқтай соғылып... Жатты өлi сол көлге жын-перiлер шомылып.

ПАНАСЫЗ ҮМIТ

Кiмдер қалай десе де сiз де күйiп, жанасыз. ...Дәл бүгiн мен көшеде үмiт көрдiм панасыз. Сол бiр үмiт безiп жүр жан өзегiн талдырып... Сол бiр үмiт кезiп жүр қайыр сұрап, қаңғырып! Сол бiр үмiт наладан жүдеп, әбден жадаған, – күдiк-иттер қабаған қан жоса қып талаған. Кiргiзбейдi, – қарашы! – Соқса да ажал дауылы – қатыгездiк қаласы, қатыгездiк ауылы! Мұң-мұқтаждық қинаған безедi үмiт ашынып, – күнi бойы жинаған тиындары шашылып. Сол бiр үмiт, сезiнем! Алған жанын мұз етiп, – Жас ағады көзiнен, табанынан сыз өтiп.

БҰЛТ-ҚАТЕР

Көзiмдi сап биiк пенен тереңге, қолымды мен созған кезде әлемге, күйе-сынды түндей қара бұлт кеп үйiрiлiп тұрып алды төбемде. Бос сөз айтпан қуырылып күйсем де. Өзiң бұған құй сен, мейлi, құй сенбе. Қалмай қойды сол бiр бұлт iлесiп, қалай қарай, қай жаққа мен жүрсем де. (Құр сөз айтып отырғам жоқ, Халайық! бұл өлеңнiң мұң-сырына қанайық). Сол бiр бұлт – ойласам мен елiмдi – одан сайын түнередi қарайып. Бұдан ендi ненi ұғарсың түсiнiп, не күтерсiң, үмiтiңдi ұшырып... Сол бiр бұлт – қуанып мен шаттансам кетедi ғой одан сайын iсiнiп. Менен жұлдыз, күн мен айды ұрлаған, Сол бұлттан, – бәлкiм, ендi жынданам.

Күйе-сынды сол бiр бұлт қап-қара суын сiлкiп, дымын бүркiп тұр маған.

АЯР ӘЙЕЛ

Жүредi ол жұртты ылаң қып, тайсалар одан iбiлiс. Не деген түлкi бұлаңдық?! Не деген сылқым құбылыс?? Бүлкiлдеп көмей күлгенде – көрген жан ысып қайнаған – қып-қызыл отқа кiрген де, қып-қызыл шоқты шайнаған. Не деген тәйтiк құйтырлық?! – Не деген ерке бұлаңдық?! – Сөзiнде аяр сиқырлық, көзiнде нәпсi құмарлық! Берiгiң түсер тұзаққа, есiртiп кетер мұңдыны. Қомағай сойқан құшаққа тұр кеуiп оның ындыны. Шайнайды кейде мұз қарпып, қызғаныш өртеп өзегiн. Сонан соң ессiз құштарлық Күйдiрер шоқ боп төсегiн. Иленер болат темiрiң Шыдамас оған қараған, – әзәзiл сүйiп көңiлiн, жүрегiн шайтан жалаған!

БИЛIККЕ ТАЛАСУ

Кiл жақсылар билiкке таласуда. Таласуда, апыр-ай, адасуда. Дауыл тұрып жер мен көк арасында бүлiк келдi үйлесiм, жарасымға. Түбi шiрiп бiткендей тiрегiнiң түрi қашып кетiптi реңiнiң, – бiреуiнiң қолында бiр уыс шаш, жағасы жүр қолында бiреуiнiң. Жан емес ем, – отырған жан сауғалап, жүре алмастан қалдым ғой арсалаңдап. Таласуда, билiкке таласуда езуiнен көбiк пен қан сорғалап. Мұз үстiнде қалғандай дiрiлдедiм. Үңгiр болды – үмiт деп үңiлгенiм. Күлге айналды – қабаржып қамыққаным, түнге айналды – түнерiп түңiлгенiм. Қалай мұның шыдаймын суығына, Қатер ғой бұл болашақ буыныма. Бәтуаның бүк түсiп белi сынып, Ынтымақтың құрт түстi жұлынына.

Бiрдей болды ақылдың, пақырың да, бiрдей болды даңғойың, ақының да. Бөрi тиген секiлдi түн iшiнде ел дүрлiгiп кеттi ғой ақырында. Әлдекiмнiң үндерi шықты ызалы (Оны бiрақ ешкiм де ұқпас әлi). Ошағынан от қашып ортадағы, төңкерiлiп қалды ғой құт қазаны. Бiрақ оған жақсылар қарасын ба, – қиқу етiп даласын, қаласын да бiрiн-бiрi қылқынтып, отқа салып, таласуда, апыр-ай, таласуда. Жақсылар адасуда!

ЖАЛАҢАШ

Сөз жалаңаш, дәл қазiр, жыр жалаңаш. Құм жалаңаш, сайың мен қыр жалаңаш. Ұятынан безiнген бұл дүние тыр жалаңаш, құдай-ай, тыр жалаңаш. Алла, өзiң сабыр бер iндетiңе – кешiрiмдi жасай көр үмбетiңе. Алпыстағы қария үңiледi тыр жалаңаш әйелдiң суретiне. Қатер-итке өзiмдi талатамын. Адамдықты кәдiк қой тонатарың. Әйелдерге жалаңаш үңiледi темiрқанат сарыезу балапаның. Жалаңаш пен жалаңаш табысады. Жалаңаш пен жалаңаш қауышады. Экранда – төрiңдi ойнақ етiп тыр жалаңаш адамдар алысады. Сөз жалаңаш, дәл қазiр, жыр жалаңаш. қыр жалаңаш, сайың мен құм жалаңаш. Отыздағы ұлыңыз, – елдi ұмытқан – есiл-дертi әйел боп тыр жалаңаш!

Бұлай кетсе дүние талақ болар, Татулық пен ынтымақ тарап болар. Тыр жалаңаш әйелдер қаптап кетсе тiршiлiктiң бәрi де харап болар. Аруақты елiм мен жерiмдегi ар-ождан мен ұяттың сөгiлгенi. тыр жалаңаш әйелдер қаптап кетсе абыройдың айрандай төгiлгенi. Сөз жалаңаш, дәл қазiр, жыр жалаңаш. Құм жалаңаш, сайың мен қыр жалаңаш. Ұятынан безiнген бұл дүние тыр жалаңаш, құдай-ай, тыр жалаңаш.

ТҮРМЕДЕН ҚАШҚАН АДАМНЫҢ ШОШЫНУЫ

Атадан қалған мұрадай. Мұңданып күн-түн жылаған – қысымға қатал шыдамай түрмеден қашты бiр адам. Күл болып кенет арманы қалды оның жаны тарынып, – сығылып бүкiл жан-жағы айнала кеттi тарылып. Жәутеңдеп қалды табанда ашылды жанның жарасы, – мұп-мұздай тартып адамдар, суық боп кеттi қала iшi! Шошынды – тиып желiгiн! – Шошынды арсыз беттерден – Жандарды көрiп елiнiң тәуелсiздiгiн жек көрген. Шошынды! – тиып желiгiн! – Шошынды бұғып қашқақтап – жандарды көрiп елiнiң азаттығынан бас тартқан!

ӨРТЕНIП ЖАТҚАН АҒАШ

Сұмдыққа мынау бастаған қалайша жаның жылымас, – найзағай түсiп аспаннан өртенiп жатты бiр ағаш. Айырылып жатты қақырап, бойдағы тiрлiк, қуаттар, – пышырлап жанды жапырақ, шатырлап сынды бұтақтар. Бұрқанып жұмбақ күй ақты жел тұрды сонсоң азынап, – қып-қызыл сөздер сияқты қып-қызыл шоқтар шашырап. Сол өрттен мен де шоқ алып сезiмге түстiм аралас. Қып-қызыл отқа оранып өртенiп жатты сол ағаш. Қозады тұтас арқамыз, тұла бой түгел дүбiлiс, – не деген – сұмдық арпалыс, не деген – сұмдық құбылыс. Суретке мынау тұншығып, бiр ысып, суыр денем бұл. Өртенiп жатыр тiршiлiк, өртенiп жатыр өлең-жыр.

Өртенiп жатты сол ағаш шатырлап сынып, – апырым-ай! – тiрлiгi тартыс, жағалас өртенiп жатқан ақындай!

ҚҰМАРПАЗ

Уланып сана, ойы да, жанымен бүкiл құлаған – көз iлмей тәулiк бойына карта ойнап отыр бiр адам. Алғандай бейне от басып, шошынып одан қаласың, – ұмытқан үйiн, отбасын, ұмытқан бала-шағасын. Ұмытқан бәрiн, бәрiн де – шаттығын, қайғы, шерiн де; Өмiрдiң ылди, өрiн де, босаға менен төрiн де – ұмытқан бәрiн, бәрiн де. Көк ала ақша ортада, тiстенiп алған құрыш боп, – жақын жоқ оған «балтадан», – «тұзыңнан» өткен туыс жоқ! Ұмытқан ендi басқаны бiр суып, қайта жанады. Ортада жатқан ақшаны iшiп-жеп көзi барады. Ортада жатқан ақшаға, ындыны кеуiп, құныққан. Қол сiлтеп түгел басқаға бәрiн де, бәрiн ұмытқан.

Ұмыт қап ас пен тойы да, суынар қайта, сан қайнап. Көз iлмей тәулiк бойына карта ойнап отыр, карта ойнап. Көтермес басын ол ендi, ол жаққа ендi беттеме! Әке етiп алған «корольдi», үйленiп алған «мәткеге».

НӘРЕСТЕ КӨТЕРГЕН МАС ҚАЗАҚ

Құртардай боп менi астына басты азап, – Илегендей жанды бiреу тасқа сап, – О, құдай-ай! – Нәрестенi көтерiп қөшеменен келе жатыр мас қазақ. Дәл осы сәт – мұнар болды нұр таңым. дәл осы сәт – шайқалып-ақ тұр тағым. Күйзеледi, күйiнедi жан-жүрек – мас құшақта келе жатыр ұрпағым. Ашу менен ыза буып сiлкiнем! сiлкiнем де өз-өзiмнен iркiлем... Бара жатыр, бара жатыр нәресте – Сол құшақтың иiсiн жұтып мүңкiген! Түсердейсiң дәл осы сәт пышаққа, түсердеймiн дәл осы сәт тұзаққа. Бара жатыр, бара жатыр нәресте – өзi де нас сөзi де нас, құшақта.

Мұның өзi болмай тұр-ау аз қайғы. Сол қайғы кеп ар, намысты қозғайды. Тәлтiректеп кетсе әкесi, құшақтап бала-сорлы ұшып кете жаздайды!.. Дәл осы сәт – сөз емеспiн жұрнақпын. Дәл осы сәт – күйзелiстен құм қаптым. Қалай берiк бола алмақшы ертеңi тiрегi мен тұғыры мас ұрпақтың. Осы бiр ой тұла бойды өртедi. Оталғандай болды үмiттiң ертеңi. Нас құшақта өскен сол бiр ұрпақтың қалай таза бола алмақшы ертеңi. Дәл осы сәт – мұнарт болды нұр таңым. Дәл осы сәт – шайқалып-ақ тұр тағым. Қараңдаршы, қараңдаршы, Қазақтар! – мас құшақта бара жатыр ұрпағың!

СУЫҚ ДҮНИЕ

Сұп-суықсың, дүние, ызғарлысың! қатулысың, қатыгез, ызбарлысың! Сұп-суықсың. дүние, сұп-суықсың! – борасынды, аязды, мұз-қарлысың! Көңiл нала күздегi атыраптай. Жан-жүректi дүние қалтыратты-ай. Арман солды – суықтан – гүл сияқты. Үмiт ұшты – суықтан – жапырақтай. Безiп кеттi өлеңiм – боз iнгенiм. (Кеше ғана басқаша сезiмде едiм). Үзiп кеттi санамнан асыл ойды, үсiп кеттi жемiстей сөзiм менiң. Сұп-суықсың, дүние, бұл шағыңда, Әйтпесе мен батпас ем мұнша мұңға. Ызғарыңнан, дүние, бiздер түгiл Қалтырайды нәресте құрсағында!

Суығың-ай, дүние, суығың-ай! Қона алмастан жүрмiн ғой тұғырыма-ай! Суығың-ай, дүние, суығың-ай! Сықырлап тұр дәл қазiр уығым-ай! Тоңдым қанша, қалтырап дiрiлдедiм, Бiрақ сенен жоқ әлi түңiлгенiм. Суый бермей, дүние, суый бермей, Өртеп менi, отыма жылын менiң!

МАҒЫНАСЫЗ ӨЛЕҢ

Мылтық дауысы тарс еттi. Асыранды ит арс еттi. Естi мынау дүние топастарды жаршы еттi. Қоныс iздеп жырадан сайтан мiнiп жүр адам. Күнiменен күлгендер түнiменен жылаған. Қурап қалып өнгендер, қайта жанды сөнгендер. Сүйектерi сықырлап тұрып кеттi өлгендер. Бiтеу iсiк жараны бiр шошқа кеп жарады. Байғыз құсап сұңқылдап сөздер ұшып барады. Тұла бойды орап бiр жылан менi жалап тұр,– ту сыртымнан есалаң есi кетiп қарап тұр. Құрт деп жарық күнiңдi, сағындым деп түнiмдi, күндей сұлу қарындас күң болам деп жүгiрдi. Сарсаң етiп басқаны ойдың өлдi дастаны. Кесiп бiреу өз тiлiн ит алдына тастады.

Арсыз ту қып шындықты, арлы сүйдi сұмдықты... Азат елдiң адамы аңсап тұрды құлдықты. ӨЛЕҢ СЫЙЛАҒАН АДАМ Шабаз Иманәлиевке Бiрде күлiп, ендi бiрде жылаған, бiрде батқан, бiрде арылған күнәдан! Шапан да емес, атан да емес, зат та емес, Өлең маған сыйлады әкеп бiр адам. Сол бiр өлең жан-жүректiң ырқын ап, кеттi дейсiң асаулық боп жұлқып-ақ. Сол өлеңнен, сол өлеңнен, апыр-ай, тұрды дейсiң жусан иiсi бұрқырап. Сезiлдi одан – тiршiлiктiң арыны, Сезiлдi одан – тiршiлiктiң ағымы. Соғып тұрды сол өлеңнiң бойында бүлк-бүлк етiп тiршiлiктiң тамыры.

Аулақ едiм дабыра мен дүбiрден. (Дабыра мен дүбiрлерден түңiлгем). Сол өлеңнiң саздарынан есiттiм Жел мен жаңбыр Жапырақтардың үнiн мен. Сол өлеңнен жақын болып алысым, Толқынданып шыға келдi ағысым. Сол өлеңнен есiттiм мен халықты қан қақсатқан қасiреттiң дауысын. Өткенменен отты кезең жалын шақ, қаласақ бiз, кете аламыз дабыл сап. Өсiп шықты жусан құсап ап-ащы сол бiр өлең жүрегiме тамыр сап.

БIР МЕТЕЙ СУ

Көршiмнiң немересiнiң шiлдеханасына бiр топ адам жиналдық. Жұрт әдеттегiдей кезек-кезек сөз сөйлеп, жөн-жоралғысын жасап жатты. Соз кезегi Гүлсiм атты жеңгемiзге жеттi. Ол кiсi сый-сияпатын жасап болып, тосын жоралғы көрсеттi. Нәрестеге ата қоныстағы шыңыраудан бiр метей су (терiден тiгiлген қауға) әкеп беретiнiн айтты... Ән сыйлады – жұрт мынау – жыр сыйлады. Сыр сыйлады, ақ тiлек нұр сыйлады... Ал жеңгемiз бабалар шыңырауынан нәрестеге бiр метей су сыйлады. Су сыйлады бiр метей, – қарағым-ай – (Қарапайым қазақтың даналығы-ай!?) Сол жоралғы қанымды қозғап менiң мөлтеңдеген жас келдi жанарыма-ай!

Iрiлiктi көрмейдi – көр кеудеңiз. Iрiлiктi көредi – өр кеудеңiз... Нәрестеге сыйлап ап бiр метей су былай дедi сонан соң сол жеңгемiз: – Нәрестенiң күн қонсын маңдайына. Шаң мен тозаң қонбасын шалғайына... Алдыменен сол судан, – өтiнемiн! – тамызыңдар баланың таңдайына. Айналар ол – тiршiлiк ағысына, айналар ол – ел мен жұрт арысына. Тамызыңдар таңдайға, кетер болса шөлдеп жүрсiн ата жұрт қонысына. Таңдайына су тамыз, – өтiнемiн! – (Тыңдап соны сөгiлдiм, сетiнедiм). Тамызыңдар сол судан таңдайына бұлақ етер баланың көкiрегiн.

Су деп мына тiршiлiк елжiредi! Су болса егер тасқа да қан жүредi. Шыңырау суын тамызшы таңдайына, Шыңырау болсын баланың жан-жүрегi. Тұла бойды, тамырды ағын қылып, нұр себелеп тұр қазiр жаным күлiп. Алыңдаршы, өтiнем, сонан кейiн қалған суға баланы шомылдырып. Бөтен ой мен жат сөздi алас еттiм, адамымын жай ғана қара есептiң. Суы сiңген адамға туған жердiң Өртi тие алмайды жала, өсектiң. Сақтай көрсiн, құдайым, қағынғаннан. Сақтай көрсiн, құдайым, жағынғаннан. Туған жерге ғұмыры кiр келтiрмес, туған жердiң суына шомылған жан.

ҰРЫ ЗАМАН

Жақсылыққа, жарыққа жылымаған, ниетi нас, сөзi нас, түрi жаман, – ұры тазы секiлдi сумаң қағып ұры заман келдi ғой ұры заман. Бұл не заман, құдай-ай, ғұрып бұзған. Тыныштықты, тiрлiк пен тұнық бұзған. Ұры заман келдi ғой, ұры заман талқан қылып сүйменмен құлып бұзған. Адалдықты дәл қазiр бәле жеңген. «Бәле» деген қорықпас ережеңнен... Ұры түсiп жатыр ғой, ұры түсiп есiгiңнен, қақпаңнан, терезеңнен! Сұм ұрлықтан сан үмiт сөнiп жатыр, Сондадағы дүние көнiп жатыр... Үйiм емес тек қана, үйiм емес, елiм жатыр тоналып, елiм жатыр. Жерiм жатыр, тоналып жерiм жатыр.

Өткiзсем де талай мен аш күнiмдi. Жасамап ем ешкiмге қастығымды. Тасып жатыр ұшақпен алтынымды, тасып жатыр пойызбен астығымды... Тасып жатыр, әйтеуiр, тасып жатыр. Берекем мен құтымды шашып жатыр. Байлығымды астына басып жатыр. Дорбаға сап, қапқа сап қашып жатыр, тасып жатыр, әйтеуiр, тасып жатыр Алтыны да бар болсын, басқасы да... Киiмi де бар болсын, ақшасы да. Ертең өсер тоналған бақшасы да, ертең бекiр елiмнiң топсасы да! Ең сұмдығы! – тонауда ар, жанымды, тонауда ғой ертең мен алдағымды – үмiтiмдi тонауда, үмiтiмдi, арманымды тонауда, арманымды.

Тағдыр тасы көп тидi шекеме кеп, Ойлап едiм осы да жете ме деп. Ұры заман түрiнен қорқам-қорқам Азаттығым қолды боп кете ме деп!..

МАҒЖАН – ЖЫР

Қасiреттi, қайғы-мұңлы Мағжан-жыр, Жер мен жердi, тау мен тауды жалғап жүр, – күндiз-түнi, күндiз-түнi бiр тынбай қазағының жан азабын толғап жүр, қазағының ар-ожданын қозғап жүр. Жан-жүректi шырқыратып сарнап жүр, сай-сүйектi сырқыратып зарлап жүр, – шарлап кеттi ұлы қазақ даласын – қасиеттi, қасiреттi Мағжан-жыр. Рух берiп өлiге де, тiрiге, қуат берiп дiлiме де, тiлiме, аласұрып шарқ ұрады Мағжан-жыр, Алатауды алты айналып күнiне, өр Алтайды алты айналып күнiне. Мағжан-жырым қайғы, мұңлы, құсалы, дүниенi қанатымен құшады. Күйiп-жанып, өртке айналып өзегi Қаратауды қырық айналып ұшады, Шыңғыстауды шырқ айналып ұшады.

Қорқады оның қайғысынан қасы да! Әрбiр сөзi айналды көз жасыма. Аласұрып шарқ ұрып жүр Мағжан-жыр Маңғыстаудың жай түсiрiп тасына, Көкшетаудың бұлт үйiрiп басына. Мағжан-жырым тыңдатады күн, айды, Мағжан-жырым мұңайтады құдайды. Сол бiр жырдың мұңын, зарын естiп Сарыарқаны сабалап жел жылайды. Кетедi одан – тебiренiп тереңiм, кетедi одан – емiренiп белеңiм. Бара жатыр орынынан қозғалып азу тiстi көкжал түрiк әлемiм, Ұлы Тұран – бас имеген – Өр елiм. Жан-жүректi айналдырып ертеңге, әнiн айтып, зарын айтып өлкемде, – Жеткiзем деп бар азабын қазақтың ұшып бара жатыр сол жыр Ертеңге.

ОРДАБАСЫ

Ордабасы Тарих, Орда, Бас Орда! Бар тiршiлiк қалар сенiң тасаңда, Ынтымақтың туын тiккен қастерiм Орның бөлек сенiң бiзге қашан да. Келген саған – Халық мұңға батқанда, келген саған халық қаны қатқанда, келген саған – тұтастығы бүлiнiп ту-талақай тозып бара жатқанда. Келген саған – соққанда ызғар суығы, түскен кезде алауыздық ұрығы. Келген саған, – Ордабасы, – Бас Орда, қайысқанда ынтымақтың уығы! Келген саған – сезген кезде сұмдығын. Келген саған – жел жұлғанда түндiгiн. Келген саған – таласам деп билiкке – тұншықтырып өлтiргенде бiрлiгiн!

Кеудеңе шер, көзiңе жас тұнғанда, тiзе бүгiп, бас иесiң бұл маңға. Келген саған – Ордабасы, Бас Орда, дәл iргеде жау аттандап тұрғанда. Сонан кейiн – жеткен келiп бар жерден – шыққан саған ұлы адамдар ел сенген... Айтып-айтып қасiретiн қазақтың Әз Төле би Алатау боп теңселген. Ел ширыққан – қасиеттi шешiмнен, ел ширыққан – қасiреттi кесiмнен... Қазағының сыйлап бүгiн, ертеңiн Қазыбек би Сарыарқа боп көсiлген. Жел үрлесе – қызыл шоқ боп қозданған, осы жерде мәңгi сөнбес сөз қалған... Қазағыма қайрат, қуат берем деп Әйтеке би Атырау боп қозғалған.

Кел, қазағым, кел тағы да Ордаға! Батпасақ та, батпаққа да, сорға да! – түсе алмастан тұрмыз қазiр арнаға түсе алмастан жүрмiз қазiр жолға да. Алақұйын жел серпiген түндiгiм, қауiп-қатер сездiрiп-ақ тұр бүгiн. Сол үшiн де керек саған ынтымақ, Сол үшiн де керек саған бiрлiгiң. Қазақсың сен! – жалт қаратқан әдемдi, Ұлы Отанға құлақ түр де, – қара ендi! – Сенi тосқан күрестер бар, алдымен, елдiгiңдi бекемдеп ал, қане, ендi!

ИТ ЖЫЛЫНА ТIЛЕК

Ит жылым, мiне, қош келдiң! Береке, байлық, ырысым! – Жетi бiрдей қастерлi қазынамның бiрiсiң! Беретiн бiзге құт құрап – тiрлiктен менiң ұққаным – ит жылы деген – Саққұлақ, Майтабан, әрi Сырттаным. Соқса да дауыл, борасын көзiнде тұрар жанып шоқ, – күзеткен қойма, қорасын, ит жылы деген – Алыпсоқ. Егетiн тектi рухты ит жылым – әнiм, сазым ғой... Алатын қоян-үмiттi ит жылым – Құмай тазым ғой. Қаншама қайғы сорды ұққан өкiнем, кейде өкiнем. Ит жылым менiң, сондықтан өтiнем, сенен өтiнем: деместен – ендi қайтейiн! – ап барар сұмдық бүлiкке жол бере көрме, әйтеуiр, Ұры иттер менен Сұқ итке!

Азуын салар жоныма – шығарар iшке бүккенiн, – болмасын деймiн тағы да айтаққа ерген иттерiң. Жүрмесiн десең табалап, елiмдi итке талатпа! Өз итiм үрiп абалап Жармаспасын балаққа. Тұтасқан қазақ ордасын шығады әлi бөлгендер. Болмасын деймiн, болмасын шабаланған қандендер! Қаншама қайғы, сорды ұққан өкiнем, кейде өкiнем, Ит жылым менiң, сондықтан өтiнем, сенен өтiнем: Бүлдiрмей тұтас, бүтiндi, қыңырларымды түзетшi, – ырысым менен құтымды тыныштығымды күзетшi.

АДАМДАР ЖОҒАЛУДА

Десем де мен: дүние жаңаруда, елiм, жерiм әлi де тоналуда... Қорқынышты, сұмдығы бәрiнен де, – жоғалауда адамдар жоғалуда. Үрейленiп кешкiсiн, таң алдында, Хабар салып жатамыз бар адамға. Жоғалуда адамдар, жоғалуда. Жоғалуда қаладан, даладан да. Төгiлуде қаншама қаным, жасым, көрiп соны жоғалар жарым жасың... Жоғалуда – замандас аға, жеңгең. Жоғалуда – iнiң мен қарындасың.

Жаным күйiп сондайда жылаймын-ай, Көздiң жасын көл қылып бұлаймын-ай. Ғайып болып – тал түсте – көз алдыңда жоғалады бал бөбек, құдайым-ай! Жүре алмайтын күндердi босқа үнемдеп, Жүрген кезiм дәл қазiр тас тiлем деп... Амалым не, адамдар жоғалуда жоғалуда арсыз боп, маскүнем боп! Бiз бүгiнде бет алдық жаңаруға, Жаңаруға, қайтадан жаралуға. Дегенменен арыстай азаматтар себептермен белгiсiз жоғалуда. Түспесе де тауқымет басына әзiр, болса дағы төсек пен асың әзiр, – байқайсың ба, – өзiң сен, – қауiптi бiр шайқас жүрiп жатыр ғой осы қазiр.

Сол шайқасқа бәрi де қатысуда, Қатысуда шығысың, батысың да. Бiрiн-бiрi аямай күндiз-түнi сөзбен, көзбен... әйтеуiр атысуда. (Үлкен, үлкен уайым, алаңы бар, тезiрек сен, Дүние, жаңарып ал). Жүрмiз қазiр iшiнде сол шайқастың Мылтығы бар, автомат, наганы бар! Бiр жерлерде өрт шығып от болуда, ал бiр жерде топ құрып аттануда... Алай-дүлей iшiнде сол заманның, құдайым-ай, адамдар жоқ болуда. Құтылса да түрмеден, тордан халық. Оны жүр ғой дәл қазiр қолдан қағып. ...Төбемiзден өтедi қара қарға қара қағаз секiлдi қалбаң қағып.

ГРОЗНЫЙ

Грозный, Грозный!.. Шыдай алмас жай тасың да Мынау сұмдық алапатқа!.. Ол айналды, байқайсың ба, Жердегi ауыр жарақатқа. Грозный, Грозный!.. Мынау дүлей аласатқа Шыдай алмас жартасың да. Грозный, Грозный!.. Қамал болып болашаққа Азаттық деп айқасуда, Азаттық деп шайқасуда! Қасiреттiң аты қазiр – Грозный, Грозный! Азаттықтың аты қазiр – Грозный, Грозный!.. От пен оққа орануда боздағың да, қарттарың да. Танкiлердiң табанында Ұлы Азаттық тапталуда! Бiлiп алшы, бiл осыны, барлық чешен – Грозный, Грозный – әрбiр чешен.

Жан-жүректi бұрқасын қып, – мың жиырылып, мың созылып, мың жиналып, мың шашылып, мың серпiлiп, мың ашынып, мың бүктелiп, мың ашылып, мың ұмтылып, мың тасынып – тұр ғой қазiр Грозный. Тұр ғой қазiр Грозный отқа оранып, жалын iшiп. Тұр ғой қазiр Грозный қасiреттiң қанын iшiп. Өктемдiктi жерге бастың, рух жатыр мұратыңда! Қаhарланып кеуде тостың сұмдық дүлей сұрапылға! Намыс жатыр қуатыңда! Грозный, Грозный! – Күйремейсiң – егiлсең де! Грозный, Грозный! Жеңiлмейсiң – жеңiлсең де!

НАМЫСҚА ТИГЕН КҮНI

Қанша уақыт зар иледiм, қиналдым. Дедiм: ендi азат болдым, жаңардым. Бiрақ тағы сөздер айтты бiреулер намысына тиетұғын Даламның. Шайқалды ғой – сол бiр сөзден тiрегiм, шайқалды ғой – сол бiр сөзден тiлегiм... Сол бiр қаңқу аран сөзге шыдамай дiр-дiр еттi, дiр-дiр еттi Ұлы Елiм. Сүйегiме таңба болып өтердей, шорт сындым мен сол бiр сөздi көтермей. Сол бiр сөзден болды дейсiң, – құдай-ай! – Алатауым атқып қазiр кетердей, Қаратауым қарғып қазiр кетердей. Сол бiр сөздi үнсiз жатып тыңдаған, – ақ көбiгiн шашып бетер бурадан, көтерiлiп бара жатты Каспийдiң толқындары арсы-гүрсi шулаған.

Сол бiр сөзден – отқа оранып күйiнiп, Сол бiр сөзден – жан ашуы құйылып, ашық жатқан алақан боп Сарыарқам бара жатты жұдырық боп түйiлiп! Тiл тигiзген қасiрет пен шерiме, тiл тигiзген тамырыма, тегiме, – қауiп етiп – сол бiр аран зәр сөзден – басу айттым елiм менен жерiме. Сол бiр сөзден – тұла бойым сөгiлген, сол бiр сөзден – жан-жүрегiм егiлген. Бiрақ елдi сақтайын деп бүлiктен Атырауға – сабыр, сабыр – дедiм мен. Сарыарқаға – сабыр, сабыр! – дедiм мен. Намыс-ыза қалай оңай тарқасын, атпақ болған жартасы мен әр тасын, – сипап тұрдым ашуыңды бас деп мен Алатау мен Қаратаудың арқасын!

КҮДIК

Күдiк деген, құдай-ау, ұры екен ғой. Ұры деген iшiмде жүр екен ғой. Мұны бұрын қалай мен бiлмей келгем күдiк деген, құдай-ау, ұры екен ғой. Бiлмей келгем қалай мен бұрын мұны, ұстау мүмкiн емес қой «тiрi» мұны. Ту-талақай ететiн iшкi әлемдi күдiк-ұры дегенiң – бүлiк ұры. Тонап жатыр, тоқтаусыз тонап жатыр, ой-санамды жара етiп талап жатыр. Талап жатыр, жан-жүрек қанап жатыр! ...Төзiм байғұс жарамды жалап жатыр. Тонап жатыр. Бор болып үгiтiлдiм. (Зауалы деп ұғамын мұны кiмнiң). Арманымның ақ гүлiн алып кеттi, алып кеттi үкiсiн үмiтiмнiң.

Желкiлдеген басты да желiгiмдi, алыстатып жiбердi серiгiмдi. Алып кеттi сонан соң күдiк-ұры бiр досыма құлаған сенiмiмдi. Тұманға орап бұлдыр қып ертеңiмдi, жаймай қойды ақ шаңқан желкенiмдi. Көк шатыр боп тiгiлiп көздi арбаған көңiлiмнен ап кеттi ертегiмдi. Кеттi тонап тағы бiр сөзiмдi алып, дiрiлдеген кеттi ғой сезiмдi алып. Күдiк-ұры бiр күнi – қауiптенем – өзiмдi алып кетер деп, өзiмдi алып!

ПОЛИГОН

Гөй-гөйiн мен айта алмаймын көмейдiң, Жан тiлегiн, жүрек сөзiн жебейiн. Полигондар, полигондар көп әлi жабылғанмен полигоны Семейдiң. Сыпырылып қараңғылық түнегi, орнағанмен елдiң ұлы тiлегi. Полигонға айналды ғой бүгiнде әр қазақтың, бар қазақтың жүрегi. Зомбылыққа шыдай алмай өр басым, егiледi, төгiледi жан жасым... Арсыз жандар дәл жүректiң үстiне жарып жатыр өтiрiктiң бомбасын. Аузы қайта ашылды ғой жараның, шыдай алмай өртенемiн жанамын. Әр қазақтың – жүрегiнiң үстiне! – жарып жатыр бомбаларын жаланың. Ойлап едiк азаттықпен табыссақ, кетемiз деп озбырлықтан алыстап! Кете алмадық! Жарылыстан сұмдық сол арманыма қадалды ғой жарықшақ!

Қандай ауыр зомбылықтың салмағы, тұла бойым қан қақсады, зарлады. Сол бiр сұмдық жарылыстан алапат шайқалды ғой шаттығымның шаңырағы. Неге керек сөздiң кеуек, дүрмегi. Рух керек дiндегi мен дiлдегi. Теңселдi ғой жарылыстан сол сұмдық, тiлегiмнiң аппақ сұлу дiңгегi. Отқа оранды өлең-жырдай бағымыз, бұлтқа оранды атқан жаңа таңымыз. Сол бiр сұмдық жарылыстар демiнен улануда қанымыз бен жанымыз. Бiреу емес, жүз де емес, – баршаға! – бүлiк салды, әлек салды қаншама!.. Сол бiр сұмдық жарылыстар демiнен Улануда, улануда ой, сана.

Сыпырылып қараңғылық түнегi, орнағанмен елдiң ұлы тiлегi! – Полигонға айналды ғой, – құдай-ай! – ар-намысты бар қазақтың жүрегi!

ЗАУАЛ

Отырды қарт аула iшiнде, көктемде. Мойынсұнған уақыт деген өктемге. Отырды қарт таяғына сүйенiп, ой жүгiртiп өткен менен кеткенге. Оймен кезiп сан жылдардың жырасын, отырды ғой iздегендей сыр асыл. Ойға шомып отырды да, бiр кезде есiне алды қылмысты бiр күнәсiн. Бiрақ та ол кеткен жоқ қой сұрланып, кеткен жоқ ол не бiр налып, мұңданып! Есiне алды, керiсiнше, күнәсiн, iлтипатпен, ықыласпен нұрланып. Күнәсiн ол есiне алды шаттанып, өзiне өзi риза болып мақтанып. Кеудесi оның сол мақтаныш, шаттықтан тұрды дейсiң жарылуға шақ қалып.

Сол бiр кезде – О, құдiрет! Жасаған! – Назарыңнан кiм қалыс қап, қаша алар. Басқа түрге енiп бара жатты ғой күнәсi үшiн мақтанған сол мас адам. Ап-анық күн кенет тартып бұйығы жүрiп өттi әлдененiң құйыны, – сол адамды бара жатты сығымдап көк темiрге айналды да киiмi. Дегендей-ақ: көрмегендi көресiң! – ап кетердей одан тiрлiк елесiн, көк темiрге айналды да киiмi сығып бара жатты бүкiл денесiн! Жаратқанның құдiретi қақты оны. Iздеп жүрiп қарғыс оғы тапты оны, – ал таяғы сұр жыланға айналып сумаң қағып,оратылып шақты оны...

ҮШ ҚАЗАҚ

Бұл оқиға көз салдырып қиырға сезiм, ойды айналдырар құйынға... Шақырылды беделi бар үш қазақ көршi елдегi беделдi бiр жиынға. Ол бiр жиын ел-жұрт күткен iс едi. Ел атынан шақырылды үшеуi... Көп ұзамай ұшып шығып үш қазақ Қадiрiмен аэропорттан түседi. Қарамастан қауiп-қатер, қиынға, кiрейiк деп тас-түйiн боп ұйымға, – түбi, тегi бiр елдердi шақырған басталды ғой сол қадiрлi жиын да! Дей алмаймын, дей алмаймын кеш, мұны! Кешер, мұны, жоқ жан ғана еш мұңы, – ашылғаннан сол бiр жиын басталды үш қазақтың бiр-бiрiне өштiгi. Сахнаға шығып едi бiреуi, күл боп кеттi екеуiнiң реңi. Басқа бiреу мақтап едi басқасын Мұздай болды қалған екеу жүрегi.

Күтушi жұрт iлтипатын елбiреп бiреуiне көрсетсе егер көбiрек, – қалған екеу дайын тұрар оны ендi жiберуге, iреп сойып, кергiлеп! Сол үшеуi – үлкенiң де, кiшiң де, – сайлап тiлiн, қайрап тұрды тiсiн де... Бiр-бiрiмен дұшпан болды көрместей, сол үш қазақ үш-ақ күннiң iшiнде. Қызғаныштың құлы болып ақылы, бiр-бiрiне жат көрiндi жақыны. Бiр-бiрiнiң – жан-жүрегiн тiлгiлеп, бiр-бiрiнiң – бетiн жыртты ақыры. Бiрлiк жолы, – соншалықты ұзақ па ең? – Қарсы аласың қашан бiздi құшақпен. Сол үш қазақ қайтты ауылға үш бөлек: аутобуспен, пойызбенен, ұшақпен!

БИЛIКҚҰМАР

Ұлы дала, сахара төсiндегi, көш бастаған керуен-көшiмдегi, үлкен, үлкен Ақыл-ой, кешiр менi, үлкен, үлкен Парасат кешiр менi! Жүргем талай қия-құз ұшпаменен, айырамын биiктi қысқаменен. ақылы бар, парасат, пайымы бар азаматқа қас емен, дұшпан емен! Қай уақытта көрсең де жидiп тұрар, ой-санасын, болмысын құл қып тынар, жанын жалдап ұятын, арын сатқан билiкқұмар жан көрдiм, билiкқұмар. Елеместен күнiңдi шұғылалы билiктi ойлап сiлекей шұбырады. Билiктен соң билiкке жетем деумен есi кетiп емiнiп құнығады.

Бал-шырынын билiктiң татсам дейдi, қызығына күн-түнi батсам дейдi, дүниенi төрт бүктеп алып ұрып аяғымның астына бассам дейдi. Қарамайды ол – жатсаң да сорға батып, у төгедi сөзiнен сорғалатып. Азамат қып аялап, адам еткен қойсам дейдi елiмдi жорғалатып. Зәрезап боп ел одан безектеген, залым, қу ол адымын есептеген. Қаруланған, мұздай боп қаруланған Жалған-жала, өтiрiк-өсекпенен. Дей көрмешi: онымен жарасып ең Дей көрмешi оған сен: адасып ең! Өсегiмен өртейдi жүрегiңдi, күйе жағар бетiңе жаласымен. Қарамайды ол жасыңа, кәрiңе де, қарамайды ол босаға, төрiңе де. Көгергендi түбiнен көктей жұлып, зәрiн шашып тұрады бәрiне де.

Құдайым-ау! Ең сорлы, ең азабы, – ертеңiме бүгiн ол көр қазады. Осы бiр жан билiкке келмесiн де, келсе егер де – жер тозып, ел азады.

СӨЗ СОҒЫСЫ

Бiреулер – қорған-бекет құрып жатыр. Бiреулер – бiреулердi бүрiп жатыр. Домалақ жер шарында бет қаратпас ғаламат Сөз соғысы жүрiп жатыр. Қаншама аласұрып, арпалыстың... Қаншама сан ажырап, сан табыстың... Бiтпейтiн, бiтiспейтiн мәңгiлiкке жүрмiз ғой iшiнде бiз сол соғыстың. Бiр сөздер – ұшып жүр ғой тақты айналып, бiр сөздер – ұшып жүр ғой бақты айналып, бiр сөздер – жарылуға бомба болып, бiр сөздер зуылдайды оққа айналып. Ойыңды ойран етiп аралап бiр, жаныңды, үмiтiңдi жаралап бiр, – тұрады-ау кейбiр кезде күнi-түнi Сөздердiң пулеметi абалап бiр.

Қарамай сенiң ниет, тiлегiңе, қарамай сенiң дiңгек, тiрегiңе, – ысқырған сол оқтардың бiреуi кеп апыр-ай! – қадалады жүрегiңе! Ол соғыс «Мiнезiнен» танған емес, – тоқырап бiр сәтке де қалған емес. Жандардың сол соғыста опат болған есебiн ешкiм бiрақ алған емес. Сөздерден қайырылып талабымыз, жаутаңдап тұрар әлi жанарымыз. Мәңгiлiк бiтпейтұғын сол соғыстан бәрiмiз, бәрiмiз де жараламыз!

БОСТАНДЫҒЫМ ТУРАЛЫ СӨЗ

Ұшыраған тауқымет дауылына, жаурап тоңған тағдырдың жауынына, – бостандығың келдi ғой, бостандығың! Құшағыңды аш! Тарт оны бауырыңа! Қараша оған: кетедi адам аяп. (Айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!) – Бостандығың келiп тұр, бостандығың! Жалақ ерiн, жалаңбас, жалаңаяқ! Кете жаздап ұмытып есiмiн де, айта алмаймын шешiмiн, кесiмiн де. Сора-сора көзiнен жас сорғалап, қанша жүрдi бiреудiң есiгiнде. Бәлкiм, бұлай жөн болмас еске алуым?! Неге керек дабыра, бос дабылың. Ол келген жоқ – ат мiнiп кiсiнетiп, ол келген жоқ – тағынып бес қаруын.

Ол келген жоқ – қара орман қамалдай боп, ол келген жоқ – дауылды замандай боп. Абылай боп келген жоқ ол бостандық, Бөгенбай боп келген жоқ, Қабанбай боп. Десек те бiз: мұз бастық қар жастандық. Рас, рас тоқтыққа сан мастандық. Кенесары, Сырым боп, Сыпатай боп, Махамбет боп келген жоқ ол бостандық. Қарашы оған: кетедi адам аяп, (айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!) Бостандығың келiп тұр бостандығың жалақ ерiн, жалаңбас, жалаңаяқ. Жалаңаяқ деп оны қомсынба сен, Жалақ ерiн деп оны қорсынба сен. Дей көр оған: Бостандық, барсың ба сен! болмасыншы әйтеуiр даусың бәсең!

Жүрдi қанша – аштық пен таршылықта. Жүрдi қанша – құлдық пен жалшылықта. Шыққан кезде шыдамай өктемдiкке қалды қанша табанда жаншылып та. Аттан түсiп зар илеп заманында, қалып қойған тарихтың торабында. Таңбасы бар зәбiрдiң – маңдайында. Шөңгесi бар зорлықтың – табанында. Төзiп келген көнтерi көндiгуге, көне алмаймын деп тұр-ау ендiгiге. жалаңаяқ, жалаңбас бостандығың шаршап-талып, шалдығып келдi, мiне! Ұғымы бар санасы-сәулесiнде. Сол ұғымы, әйтеуiр, сөнбесiн де! Көтере алмай тұр ғой ол – басын әлi, көтере алмай тұр ғой ол – кеудесiн де.

Бер, бер оған – тiрлiктiң қызығын бер! Бер, бер оған – намыстың қыжылын бер! Бер, бер оған қуат пен рухыңды! Нұрыңды бер, жаныңның қызуын бер. Бер, бер оған – бәрiн бер, бәрiн-бәрiн! Бер, бер оған – халықтың жалынды әнiн! Бер, бер оған бәрiн бер, бәрiн-бәрiн Бәрiн бершi, әйтеуiр, тарылмағын. Әлi соғып тұр боран, ақпаныңыз. Толық ата қойған жоқ ақ таңыңыз. Бостандықты – тiрсегi дiрiлдеген – өсiр, жеткiз, қалайда атқа мiнгiз! Ұшыраған тауқымет дауылына, жаурап-тонған тағдырдың жауынына, – Жалаңаяқ келдi ғой Бостандығың құшағыңды аш, тарт оны бауырыңа!

ҚАБАҒАН ИТ

Жуындымды, аяқты жалаған ит, болдың бүгiн, мiнеки, қабаған ит! Абайсызда, немесе босап кетiп қан қақсатып талайды талаған ит! Бiр тынбайтын күн бойы түн бойымен. Жан шошытар түсiмен, түр-бойымен, – сала құлаш шынжырды үзердей боп жүгiрумен жүредi сым бойымен. Нең қалады, таласа, жұлмаласа! Дiр етесiң! Ырылдап бiр қараса. Жүгiредi ол арпылдап, аласұрып тұла бойы толы ашу тұнған ыза! Аласұрса деме сен: құр жұлынды. Басуына басады ол бiр жыныңды. Босана алмай – ызадан шақырлатып шайнап-шайнап жiберер шынжырыңды. Ит болған соң неғылсын абыройды. Абыройға ол бұта деп сарымайды... Қорасын ол таниды – өз иесiн. Өзге жанды бiрақ та танымайды.

Есiк аузы, босаға – төрi мұның. Ашу, ыза – болмас-ау шегi мұның. Көрген кезде осы иттi, кейде менiң қозып барып қалады Бөрiлiгiм.

«БЕКЕТ АТА» БАСЫНДА

Астасатын Үстiрттiң қиырымен, басталатын алып ой бүйiрiнен, – «Бекет ата» басында арқар деген үйiрiмен жүредi үйiрiмен. Тәкаппарлық, паңдық бар – қарасында. Ескерткiштей құйылған жарасымға, – қауiп сезбей тұратын емiн-еркiн ақар-шақар тастардың арасында. Емiн-еркiн секiрiп тау-тасынан қарап тұрар жартастан жар басынан. Адамдарды бұл жерде ол туыс көрiп, маңғаз басып өтедi дәл қасынан.

Бұл жерде арқар – айналған асыл аңға. Тимейдi оған таңқы да, тасыраң да. Оларды ешкiм шошытып, қорқытпайды. Оларды ешкiм атпайды осы маңда. Iшiн кезiп таулардың – ұзын көштiң, демес мұнда: аңдардың iзiн кестiм. Қонып жатқан, қайтадан ұшып жатқан үркiтпейдi бұл жердiң құсын да ешкiм. Бұл жерде адам жат ойды аластайды. Өтiрiк те, өсек те жақ ашпайды. Бұл жерде адам айқайлап, жағаласпай. Бұл жерде адам даурығып, таласпайды. ...Осы жердiң тау, тасын кезiп кеттiм. Кезiп кеттiм, қаншама ой сезiп кеттiм: кей адамнан безiнсем, келер кейде «Бекет ата» жағына көшiп кеткiм.

АСТАМ

Айналаны, ортаны сезiнбедi. Құбылысты тұсады сезiмдегi. Бұл өмiрде, бұл тiрлiк, бұл қазақта өзiм дедi, тек қана өзiм дедi! Өзi жайлы күн бойы жазатыны. Түнi бойы тек өзi қазатыны. Қиырына көз жетпес шалқып жатқан дария боп көрiндi өз ақылы! Қарамады ол өзге ойға, өрт өлеңге. Қарамады ол өзге жұрт, өркен елге. Терең болып көрiндi өз ойлары, күнi бойы сүңгiдi сол тереңге. Қарсы даулар қадалды қанжар болып, соңы кеттi дау болып, жанжал болып. Теңiз бенен дария түбiндегi өз сөздерi көрiндi маржан болып. Астамдықтан семдi де, өлдi ақылы. Астамдықтың зауалын көрдi ақыры, – тек өзiне сүңгiген сол бiр адам өзiне-өзi тұншығып өлдi ақыры!

ӨРТ

Аяуы жоқ адамдардың тiлiнен кейде өртенем күнiмен де, түнiмен. Күйдiредi, шыжғырады жүректi өз жанымнан өзiм сонда түңiлем. Бойдағы бар тiршiлiктi жұлқылап жаным тұрар, жаным тұрар шырқырап. Алай-дүлей жатыр менiң iшiмде өрттiң қызыл құйындары бұрқырап. Тiрлiгiмдi – түндiгiмдi қысады, жүректi орап өрттiң қызыл құшағы. Өсiмдiк боп өсiп-өнген жанымда сөздер бiткен шоққа айналып ұшады. Отқа оранар – менiң шаттық – тойларым. Отқа оранар – менiң қайсар айбарым... Отқа оранар – лапылдаған, құдай-ай, қалың ну боп тұнжыраған ойларым.

Шыжғырылып бара жатыр тiрлiгiм. Сыпырылып бара жатыр түндiгiм. Жанталасып жатар өрттiң iшiнде арман, үмiт құтқара алмай бiр-бiрiн. Отқа оранар – бақыт құсым тордағы. Отқа оранар – бар байлығым қолдағы. Отқа оранар – бұтағындай ағаштың айбақ-сайбақ өлеңдердiң жолдары. Отқа қақтап сол бiр асқақ сезiмдi тауысады сабыр менен төзiмдi. Жанталасып, аласұрам сол кезде құтқара алмай өз өртiмнен өзiмдi. АЙРАҚТЫ Нұрниязға Айбатын беретұғын айбаттыға, қайратын беретұғын қайраттыға, ғажайып ғимарат боп көз арбаған сен өзiң барып па едiң Айрақтыға?!.

Қарасаң – көз тоймайтын келбетiне әлем ол өсiп шыққан жер бетiне. Түп-тұтас туа қалған – таң қаласың – тастардың сән-салтанат сәулетiне! Қарасаң – ала-алмайсың жанарыңды-ай! Осынша Дана ма едi Дала мұндай?! Тұрады ол көзiңдi арбап қиялдағы шах пенен патшалардың сарайындай. Сұлулық көрем одан – ән-ғұмырдай. Сұлулық көрем одан – таң нұрындай. Сәулетшi көрген жоқпын дүниеде Маңғыстау Желi менен Жаңбырындай. АҚША БҰЛТЫ ҚАЗАҚТЫҢ Әбу ақсақалға Жаны толы дастанға күйiн төккен азаттың, – қалқып жүрген аспанда ақша бұлты ең қазақтың. Сарқып құйып жан күшiн тебiренген ойланып, кеткен едi болмысың ақ бұлтқа айналып.

Аппақ едi жырларың, аппақ едi тiлегiң, аппақ едi сырларың, аппақ едi жүрегiң! Ашып жанның қақпасын жақын еттiң жырақты. Желбiрейтiн ақ шашың ақша бұлт сияқты. Ақ нұр сыйлап ғасырға ақ жүрекпен күлетiн, – адамдардың қасында ақша бұлт боп жүретiн. Жалғап ойын арманға дегендей-ақ ұшамын, – ашатұғын бар жанға ақша бұлт боп құшағын. Рухыңмен тос, аға, бар ғой алда ғажап күн... қош бол ендi, қош аға,– ақша бұлты қазақтың.

ТЕҢIЗ ЖАҒАСЫНДА ӨЛIП ЖАТҚАН ШАҒАЛА

Қара тастақ жағада өлiп жатты шағала. Арсы-гүрсi долданған толқындармен алысқан, аспандағы жөңкiлген бұлттарменен жарысқан, жаратылған ағыстан, өлiп жатты шағала, қара тастақ жағада. Өлең-сынды өжет құс көктi тесiп өттi ғой дүниенi телегей – адыранадан атылған зымыраған жебедей. Өлең-сынды өжет құс өлiп жатты, апырым-ай, – дүниемен бiтiспей арпалысып, ақыры өлiп тынған ақындай. АҚША Шiркiн, ақша, жолда жатса... Қасым Ақша! Ақша! Ақшаң болса – алшаңда! Ақша болмай ел түсiп тұр сарсаңға. Ақша дейдi, ақша тауып бер дейдi, қай жаққа сен, қай тұсқа сен барсаң да!

Ақша дейдi – құжынаған базарың, ақша дейдi – тақ-тұқ болған қазаның. Сенделедi сең соққан бiр балықтай ақшасы жоқ, ақшасы жоқ қазағым! Арып кеткен – ақшасы жоқ алыптар. Жанып кеткен – ақшасы жоқ жарықтар. Ақша күтiп, ақша күтiп күн-түнi тұрба-мойнын созып тұр ғой зауыттар. Шөгiп қазiр кеткен-сынды – асқарым, шөгiп қазiр кеткен-сынды – аспаным. Созады ғой ақша сұрап, – қарашы! темiржолдар қос рельс – қос қолын! Ақша күтiп зарығады – далам да! Ақша күтiп тарығады – қалам да! қарап-қарап сескенесiң осы бiр үңiрейген ақшасы жоқ заманға.

Қажетiне тиын-тебен таба алмай, қиналды жұрт айдалада қалардай. ...Мемлекеттер аласұрды ақшасыз ауа жетпей аласұрған адамдай. Оталып бiр кете ме деп бал-құрақ, жүрсем-дағы дәл осы сәт абдырап, – қорықпаймын ақша күткен күнi-түн зарыққан мен тарыққаннан мен бiрақ. Өйткенi ол ұмытқан жоқ құдайды. Құдай өзi бәрiн бiр күн құрайды. Зарыққан мен тарыққандар қалай да! – жусан құсап жер уыстап шыдайды. Мен бiрақ та шаңын қағып ортаның, шығаратын құнарымның сортаңын, – сатып жүрген ар-намысын елiнiң сол ақшаға құныққаннан қорқамын! АРЛЫ АДАМНЫҢ БӘРI ҚАЗIР ЖАРАЛЫ Лебен Садуақасовқа

Арлы адамның бәрi қазiр жаралы – Қорықпаған қара деуге қараны, Қорықпаған жала деуге жаланы арлы адамның бәрi қазiр жаралы. Жаралы ғой, жаралы ғой, жаралы! – тасқа тиген маңдайы мен тауаны, шоққа күйген шыжғырылып табаны, арлы адамның бәрi қазiр жаралы. Сұрапыл ғой – мына заман ағымы. Сұрапыл ғой – мына заман дауылы. Көре-көре бауырларын адасқан арлы адамның езiледi бауыры. Шайқалғандай тiршiлiктiң тiрегi, сұп-сұр қазiр дүниенiң реңi. Көре-көре жүрегi жоқ жандарды арлы адамның тiлiм-тiлiм жүрегi. Дүниенiң тұла бойы сырқырап, Уақыттың шаңы шыққан бұрқырап. Көре-көре жаны күймес жандарды арлы адамның жаны тұр ғой шырқырап.

Ойлай-ойлай – қала менен даланы, Ойлай-ойлай – көне менен жаңаны, ойлай-ойлай – кәрi менен баланы, күндiз-түнi жан жүрегi жылаған, арлы адамның бәрi қазiр жаралы. БIР ТӨБЕТ ТУРАЛЫ ЖЫР (болған оқиға iзiмен) Төбет едi ол ол арынды – жотадай боп тұратын, – арғы тегi, кәдiмгi, Алыпсоқтан шығатын. Алысқанды тiк келiп жерге бiрақ ұратын, – сол аймақтың иттерi одан түгел ығатын. Жұлатындай жұлқынып соқсын дауыл, борасын, – төбет едi ол күн-түнi күзететiн қорасын... Сене алмаймын әлi бiр естiген жұрт таң қалды: сол бiр төбет бөрiнiң қаншығына арбалды. Арбады оны бөлектеп, жасырынып, тасалап... Қаншық көрсе, әдетте, төбет деген осал-ақ!

Нәпсi – қара құлқыны емiндiрдi ентелеп! сол қаншыққа бiр күнi ерiп кеттi сол төбет! Нәпсi жұтты төзiмiн, жанын арбау iштi ғой... Сонан кейiн өзiнiң қорасына түстi ғой! Сол бiр төбет қағынды дүрлiктiрiп даласын – қан қақсатып ауылды қанға малды қорасын!

БҮГIНГI АУЫЛ

Ауылым-ай! Ауылы қазағымның! Көрiп сенiң түрiңдi назалымын. Жатырсың ғой арқалап сен бүгiнде таусылмайтын тiрлiктiң азап-мұңын. Сенде едi ғой – рухым, ұраным да. Сенде едi ғой – сарқылмас бұлағым да. Сенде едi ғой – сөнбейтiн шырағым да. Сенде едi ғой – иманым – құраным да. Сенде, сенде болатын қасиетiм! Қасиетiм жоғалса – қасiретiм! – Қалмапты ғой бүгiнде, құдайым-ай, қонағыңа сақтайтын асым етiң. Жетiмсiреп қалған соң өрiсiң де, бiлем сенiң, дәл қазiр – шер iшiңде! ...Ал бiреулер, апыр-ай, осы кезде жанталасып байлықты бөлiсуде.

Бет бұрдың ба, шынымен жоғалуға, – Күшiм жоқ па тоқтатып, доғаруға. Ауыл менiң қазынам асыл жиған. Неге менiң қазынам тоналуда! Тұрсаңдағы жаңылмай сабырыңнан, сырқырайды сүйегiм шағымыңнан. Тамыры едiң шын қазақ Рухының, жатырсың ғой қиылып тамырыңнан. Сөздерiңдi тастауда керi жасқап. Сарсылуда адамдар теңi бос қап. Теңi бос қап сандалып қалған олар сенi тастап кетуде, сенi тастап. Қан қақсатып қаншама сан қақтырған Кiм ауылды, – апыр-ай! – арбап тұрған?! Қаңырап тұрған үйлердiң есiктерi ауызындай адамның аңырап тұрған!

Бiздi өсiрген Ана едiң сан аялап... Не болады ертеңiң? – барам аяп! Қара суық өтiнде дiр-дiр етiп, қара сирақ бала тұр жалаңаяқ.

ТҮС

Шаршағам-ау, iсiн көрiп iскердiң. Шаршағам-ау, iшiн көрiп iскеннiң, – екi кештiң арасында апыр-ай, жан шошитын үрейлi бiр түс көрдiм. Ойым бөлек дей алмаймын өзгеден, ол үрейдi өзгеден де сезген ем... Түс көрдiм мен қызылiңiр, ымыртта – жын-шайтандар көшетұғын кезде мен. Бұл дүние жатыр екен жасып бiр, – үрейi де, реңi де қашып бiр... ауыр қара көлеңкелер тұнжырап иығынан ұлы елiмнiң басып тұр. Әлденемен жүзiн, түрiн қалқалап көлеңкелер астыменен анталап, – қаптап шығып құжынаған бiреулер Алатауды бара жатты арқалап. Тастар құлап, жолдар қалды үзiлiп, Күн батыс жақ тұрды жанып қанталап...

Кеттiм сонда өртенiп-ақ, жанып-ақ! (Назаланып қалды ма екен аруақ). Сарыарқамды – пiскен нандай ұлы алып бiреулер тұр иығына салып ап... Әлденеден босап шығып кете алмай, Әлденеден құрып қойған өте алмай, – Сарыарқамды бермеймiн деп ешкiмге қолды созам, қолды созам жете алмай. Бұл не деген сұмдық едi ғаламат. Адам деген жынданар-ау қарап-ақ... Бiреулер кеп тасып жатты Каспийдi Мата-сынды толқындарға орап ап. Жасып қалды бүкiл айбар, айбыным. Уын жұттым қасiрет пен қайғының. Кетiп бара жатты менiң, – апыр-ай! толқындардың орамында байлығым.

Омырылып, өз-өзiмнен бүгiлiп, бор сияқты бара жаттым үгiлiп. Көлдерiмдi жалтыраған күмiстей Көлтауысар жатты дейсiң сiмiрiп... Өксiсем мен – одан сайын өшiгiп. Тепсiнсем мен – одан сайын есiрiп, құжынаған қаптап кеткен бiреулер ормандарды бара жатты көшiрiп... Шатасқандай болды ой мен ақыл да. Араласып кеттi жырақ, жақын да! Бәрiнен де, бәрiнен де айырылып қалдым жалғыз қу мекиен тақырда. Дем жетпестен өкпе, жүрек қағынып, алқынып тұр кетердей-ақ жарылып. Сол бiр түстен кеттiм кенет оянып, жатыр екем қара терге малынып.

Тiршiлiктiң бағы да көп, оғы көп, Мынау өмiр жақсарар ма оңы кеп... Жұбаттым ғой, – әйтеуiр мен өзiмдi, – ештеңе етпес, түс – түлкiнiң боғы деп!

ЖАРАЛЫ ӨМIР

Мынау өмiр – осы қазiр – жаралы: темiр торлар буып алған сананы. Тау мен тасты, орман менен даланы тас-талқан қып жарады да, жағады. Мынау өмiр жыртқыш-сынды жаралы, ал жаралы қалай тыным табады, – тұла бойын ашу, ыза қысып бiр жанды талап, жүрегiңнен қабады. Мынау өмiр жыртқыш-сынды жаралы. Жаралы ғой – сөзiң менен ойың да, жаралы ғой – не бiр батыл, сойың да, – кездескен ғой оның бәрi сан рет сойқан салған шоқпар менен сойылға. Ел жаралы, жер жаралы бүгiнде жаралы ғой үнiң менiң тiлiң де. ...Жатып қалған мына өмiр – жаншылып тұрып кете алар ма екен түбiнде!

Жаралы ғой қуатым да, күшiм де. Жаралы ғой өңiм түгiл, түсiң де! Келе жатқан секiлдiсiң бейне бiр қаптап тұрған жаралылар iшiнде. Бұзылған ғой бұл өмiрден қан да әзiр. Намыс отын құя алмайды жанға жыр. ...Сонау тұрған ақ қайың да, – о, тоба! – Гипстелген қол сияқты дәл қазiр!

САУАП

Тұла бойы тұңған тарих, әңгiме, көрген талай мұң-қайғыңды, шердi де. Дарияны жағалаған қария Жерде жатқан жас шыбықты көрдi де, Көтердi оны. Қоныпты оған таң шығы, шаң-тозаңнан, батпағынан аршыды. Содан кейiн сол шыбықты апарып жарқабақтың дәл басына шаншыды. Жылдар өттi, өттi жылдар заулаған, кешегiмдi келешекпен жалғаған. Жылдар өттi, өттi жылдар заулаған – алып ауыр қанаттары талмаған. Табиғатпен есiң болса таласпа. Таласпа сен, Оған қарсы жақ ашпа. Сол көк шыбық – шаншып кеткен қария айналды ғой алып ұлы ағашқа. Оны қанша аяз, аптап өптi ғой. Жапырағын жайып қанша төктi ғой. Сонан кейiн бұтақтары қол құсап дарияның ортасына жеттi ғой.

Қуат жатты – тамыр тартқан түбiнде, шуақ жатты – құстар салған үнiнде. Сол дария арнасына сия алмай тасыды ғой күндердiң бiр күнiнде. Асау тасқын құтырынып кеттi ғой, Ойдан атқып, төбеден кеп төктi ғой. Күндiз-түнi ақ көбiк боп ойран сап дүниенi астан-кестен еттi ғой. Жiберердей жаншып езiп, сығып-ақ, аждаhадай толқындарын бұрып ап, жұтып жатты, жұтып жатты күн-түнi жағалаудан мал мен жанды жұлып ап. Тау толқындар көтерiлiп iстi ғой. Көтерiлiп дүниенi iштi ғой. Айналаны тас-талқан қып ойраңдап ақырында сабасына түстi ғой.

Өмiр сұм деп сөз айтамыз ұшқалақ. Сол өмiрге адам деген құштар-ақ. Аман қапты жалғыз бала ағаштың созған ұзын бұтағынан ұстап ап. Жел соққанда баяу ғана қағатын, Жайып тұрды алып ағаш қанатын. Аман қалған сол бiр бала баяғы қарияның шөбересi болатын.

АЯЛДАМАДАҒЫ САУАЛ

Бiр жас әйел – тiлiп түсер санаңды – айтып тұрды төтенше бiр хабарды: – бiр мәшине жаңа ғана, мүйiсте қағып кеттi итi менен адамды. Айналған ба – есiркеу сөз ескi үнге. Айналған ба – есер жанға естiң де... – Ит аман ба? – деп шу еттi топ кiсi ...Адам жайын сұраған жоқ ешкiм де.

ҚАРСЫЛЫҚ

Қимақ болып тiрлiгiмнiң пернесiн, жұлмақ болып ертеңiмнiң пердесiн, бiреулер жүр қара ниет тiлекпен басамын деп ұлы Дала кеудесiн. Қайта салып мойнымызға құрығын, үзбекшi олар бостандықтың жұлынын. Ұлы Елiмнiң кеудесiне күн-түнi себуде олар сенiмсiздiк ұрығын Қалай да бiр салмақ болып бүлiктi күнi-түнi iздейтiнi iрiткi... Қалбаңдаған қарғалардай бiз жаққа Ұшыруда күмән менен күдiктi. Күнi-түнi мысқылдайды, мiнейдi. Күнi-түнi жамандықты тiлейдi. Ұлы Елiме қарай қазiр қаптатып жiберуде қорқыныш пен үрейдi. Ұлы Елiмдi етпекшi олар қақпақыл. Кең даламды етпекшi олар ақ тақыр.... ...Көре-көре бұл сұмдықты шыдамай орынынан көтерiлiп кеттi ақын.

Тебiрендi ол намыс-оттан алқынған. (Жаралаған ба найзағайлы жарқылдан). Көтерiлiп кеткен кезде сол ақын көтерiлдi теңiздегi толқындар. Шағалаға айналды да армандар Теңселiп бiр кеттi қарлы заңғарлар. Жүрiп кеттi Ақын сонда қозғалып, iлестi оған қалың қара ормандар. Шайқалып-ақ кеттi сонда тұнықтар, Емен болды – солқылдаған шыбықтар. Ақынға ерiп келе жатты – тұтасқан – жай ойнатып, күркiреген бұлттар!

ӘБДIРАШТЫҢ ЖАРАСҚАНЫ

Жарасқаным, дара тұлғам, Сенде сезiм, ой шыныққан. Бiлем сенiң Жаратылған Тұла бойың қайшылықтан. Шарт кетесiң шешiм күтпей, Сөзге бiрақ тұрақтысың. Нәзiксiң сен өсiмдiктей, Бәйтеректей қуаттысың. Ақтарылып бұлақ құсап, кейде кенет iркiлесiң. Тұрасың да шырақ құсап, Найзағайдай сiлкiнесiң. Жайлау болып көсiлесiң, Сонсоң қайта қайраласың. Түбiттей боп есiлесiң, Тiкенекке айналасың. Кейде үйдi ұмытасың, кейде үйге қамаласың. От сияқты жылытасың, Оқ сияқты қадаласың. Өзiңдi мен мүлде бiлдiм, қайшылықты құбылыссың, өз еркiңмен бұл өмiрдiң балын iшпей уын iштiң.

ЫНЖЫҚ

Кетiп тiрлiк кетеуi Мың құлатып, мың жықты... Жыным қозып кетедi көрсем осы ынжықты. Тұрамын ғой шыдамай, от шарпиды дененi. Ынжық деген, құдай-ай, неткен қансыз жан едi! Неткен сорлы мұншама! Құлатады туыңды! – Үндемейдi құйса да төбесiне жуынды. Сүмiрейiп тұрғаны салса да әкеп табанға – Жүресiң ғой жынданып ынжық осы адамға. Күйесiң де жанасың бүгiлсе де, бұқса да – үндемейдi, қарашы, басын күлге тықса да. Жiбердiң деп есеңдi Ызаланам, кiжiнем! – тепсем бе екен осы ендi «ыңқ» еткiзiп iшiнен!

ҚУҒЫН

Үстiрт үстi Күн дегенiң күйiп тұр. (Ал жүректе күннен өткен күйiк тұр). Шофер жiгiт қуып бердi құйғытып кездестi де үйiрiне киiктiң. Қуып бердi – қаны қозып желiгiп. Келе жатқан бола-тұғын ерiгiп. Қуып бердi алдына сап үйiрдi. Ендi мүлде есi кетiп елiгiп. Қуып бердi алып бiр жақ бүйiрiн, келтiрем деп кең далада иiнiн. ...Ал бiр теке көлденеңдеп, осқырып қорғап келе жатты байғұс үйiрiн. Түстi үйiр де сол текенiң ығына, қанық болса керек қуғын сырына. Кер текенiң көлденеңдеп жүргенi Қуғыншының әбден тидi «жынына».

Жыны келдi, – бағына әлде, сорына – кезек қарап оңы менен солына – бәрiн тастап шофер жiгiт тек ендi түсiп бердi кер текенiң соңына. Қуғын ендi түстi келiп төтеге. Қуғын ендi түстi келiп жекеге. Өз үйiрiн қалу үшiн құтқарып, солай етсе керек әккi теке де. ...Тәттi едiң өзiң, неткен жалған-ай! (Оны қалай қалам ендi толғамай) ...Қуғыншыны iлестiрiп соңына айтақырмен теке киiк заулады-ай! Алаңдамай ендi мүлде ешкiмге, дегендей-ақ өз жолыма түстiм бе? – көтерiлiп қанатсыз-ақ кер киiк ұшып келе жатты жердiң үстiнде. Ұшып келе жатты жердiң үстiнде. Пыр-пыр етiп қарамастан ешкiмге Зулап келе жатты киiк жақындап қалған кезi бола-тұғын кештiң де.

Көк сұрапыл қуғын болды – сұрама! Кең жазықта жоқ едi бiр жыра да. Дегенменен көк темiрлi машина қуып жетпей қояды ма, сiрә да. Теке тартты айтақырдан шығып-ай. Қос мүйiзiн, қос құлағын жымып-ай. Қуды жiгiт кегi кеткен секiлдi iшiне бар өшпендiлiк тығып-ай. Қалай ғана құтылмақшы ұшпаған. Құтыла алмас шақ та туды қысталаң... Зулап келiп сол кер теке кенеттен тастады өзiн терең қабақ ұшпадан. Қарай ма адам жұлдыз болып аққанда, кеудесiнде ашу, ыза жатқанда, – машина да зулап келген бойында ұшып кеттi терең сол бiр шатқалға...

АЛАСТАУ

Шалғынымды шаң қылып, жайлауымды жандырып, – жұмағымды жайқалған айналдырған тозаққа; құнарымды май бөккен салған зұлмат азапқа; айналаны азан қып, аймағымды тозаң қып – бөрлiктiрiп күн-түнi дүбiрiмен дүбiлiс – менiң байтақ Жерiмде бүлiк сап жүр Iбiлiс. Арқам қозып мен сонда, – бүкiл тұла бойыма қырық пышақ салдырып, қырық ине түйретiп; салдыр-гүлдiр шулаған қара шынжыр сүйретiп; бұжыр қара тастардың

бекiнiсiн күйретiп; оң қолыммен оқ кезеп, сол қолыммен от көсеп; айбаттанып ақырып аруақтарымды шақырып; көбiк шашқан аузынан бураларға таптатып, аспанымнен қап-қара бұлттарды қаптатып; өрт тигiзiп шашына, жай түсiрiп басына – тұла бойы тұратын ажал менен өлiмнен аластаймын осылай Iбiлiстi жерiмнен. Асылымды аздырып ардағымды тоздырып; құлға балап арысты аяққа сап намысты; қорлығы мен зорлығын күннен-күнге үдетiп; береке мен байлықты жүндей түтiп жүдетiп; көрген күндi азап қып, абыройды мазақ қып қара бәле жармасты! – Қос өкпеден тепкiлеп иығына елiмнiң мiнiп апты Албасты.

Арқам қозып мен сонда, – бүкiл тұла бойыма қырық пышақ салдырып, қырық ине түйретiп; салдыр-гүлдiр шулаған қара шынжыр сүйретiп; бұжыр қара тастардың бекiнiсiн күйретiп; оң қолыммен оқ кезеп, сол қолыммен от көсеп; айбаттанып ақырып, аруақтарымды шақырып; көбiк шашқан аузынан бураларға таптатып, аспанымнан қап-қара бұлттарды қаптатып; өрт тигiзiп шашына – жай түсiрiп басына құтырынып, құбылып басқан келiп белiмнен, – аластаймын осылай Албастыны елiмнен!

Сонан кейiн мен ендi жын-перiсiн, шайтанын қалып қойған шашылып, – көшiремiн жиып ап Алатаудан асырып! Одан қалып қойғанын пәлекет деп басқа ұрып, өлiмшi етiп тасқа ұрып – тастаймын ғой бiржола Қаратаумен бастырып!

ЖАҒЫМПАЗ

Жоқ кiсiлiк, iрiлiк, майлап алған жанарын. Иiледi, бүгiлiп – Омыртқасы жоқ оның. Бiрде толқып мұнардай, бiрде су боп сорғалап, бара жатыр жыландай бауырымен жорғалап. «Тоңмойынды» күлкi етiп, күш көрсетiп халқына, дөкейлердiң жылп етiп кiрiп кетер артына. Ебiн тауып кiредi, қорықпайды тарлықтан, – оның сасып үнемi жүретiнi сондықтан.

ҚАРА МЫЛҚАУ

Ол оқиға алыс қалды бүгiнде... Сабақ жатыр оның бiрақ түбiнде. ...Келдi бiздiң ауылымызға бiр адам Қарашаның қара суық күнiнде. Келдi, әйтеуiр қаладан ба, даладан. Жаны езiлiп, аяйды оны қараған. Алып екен – сүйектерi арса-арса. Азып-тозған, өзi мылқау, қара адам. Азып-тозған – күй қалмаған күйiнде. Ештеңе жоқ iлiп алар иiнде. Байғұс жанды есiркеген адамдар берiп жатты жатар орын, киiм де! Аяп оны ауқатты да, жарлы да аяп оны бергi көше, арғы да... Бәсекеге түскендей-ақ бейне бiр бар тапқанын тосып жатты алдына.

Тонын бердi аяп оны бiреуi, Орын бердi аяп оны бiреуi. Табақ-табақ ас пен суды iшiп-жеп Үш ай қыста ұшар құстай түледi... Құтырынған оттар ойнап көзiнде, алапат күш пайда болды өзiнде. Нән өгiздi құлататын, – апыр-ай! – Ырғап қалып, бiр сiлкiген кезiнде. Шомбал шойын түрi де оның, түсi де! Бой бермейдi алты бiрдей кiсiге. Тәнтi болып отырды ендi сол ауыл оның долы алып сойқан күшiне. Содан мылқау бара жатты тасынып. Содан мылқау бара жатты басынып, – кеттi мүлде құтырынып, есiрiп жiберген соң қошеметiн асырып. Қарамайтын болып алды беттiге. Алданбайтын болып алды ептiге. Ап кеттi ендi сұраусыз-ақ майсөктi, ап кеттi ендi бақандағы еттi де.

Салды мылқау – бүлiк пенен ойранды. Салды мылқау – осылай бiр «сайранды». Сол ауылдың зәре-құтын қашырған қара мылқау албастыға айналды. Сойқан екен – албастының асқаны. Сойқан екен – албастының тасқаны. ...Ел жұрт ендi машинамен бiр күнi бiр шаhарға оны апарып тастады. Ешкiмдi мен бөлмесем де жатсынып, жоқ болса да көңiлiмде тапшылық, – көз алдыма қара мылқау келедi көрсем егер шектен шыққан жақсылық!

ӨРТЕНIП ЖАТҚАН ДАЛА

Қалғандай бейне тоналып, жүрегiм менiң жаралы – Көрдiм мен отқа оранып өртенiп жатқан даланы. Көрiп мен оны зар қаққам, әуенге салып сарнаған... Лапылдап жанып жан-жақтан өртенiп жатты сар далам. Қалайша тұрам жыламай?! Қонамын қалай, ұша алам?! Кең далам менiң шыдамай өртендi ме екен құсадан?! Бiрiне-бiрi түйiлiп, ұрпағын көрiп алысқан, – кең дала сонда күйiнiп өртендi ме екен намыстан? Даланың мұңы, зары боп жырларым менiң жылады-ау – Жандарды көрiп қаны жоқ өртенiп кеткен шығар-ау! Қалғандай бейне тоналып жүрегiм менiң жаралы – көрдiм мен отқа оранып өртенiп жатқан даланы.

Шыдамас темiр төзiм де! Қайғырып мұңға батасың, сол өрттi көрiп өзiң де өртенiп бара жатасың!

ҚОЛШАТЫР АСТЫНДАҒЫ АДАМ ЖӘНЕ УАҚЫТ ТУРАЛЫ ОЙ

Қара жаңбыр. Қала iшi. Құйған саулап ағынды-ай! Қолшатырға қарашы өрмекшiнiң торындай. Түсiп әуре-сарсаңға, шалқып бiрде мұңданып, – адам бейне сол торға қалған сынды шырмалып. Барады әне жырақтап, Қара жаңбыр тасқында... Бұл сурет қой бiрақ та мағына бар астында. Адам деген жарықтық түсер келiп сорына – уақыттай қауiптi өрмекшiнiң торына. Мұны бiрақ ұға алмай күйiп-жанып кетедi! – Сол бiр тордан шыға алмай жанталасып өтедi... Жияды адам қуатын құтылам деп сорынан... Қара өрмекшi уақыт жiбермейдi торынан! Шырматылып, шатылып, төгiледi шер болып... Кетер сонсоң ақыры Уақытқа жем болып!

ОБАЛ

Сонау жылы, Үстiрт үстi. Күн ыстық. Дем аласың отты ауаны тыныс қып. Көк темiрмен алысамыз жер үңгiп бiр сәтке де жоқ қой бiзге тыныштық. Жер сiлкiнiп моторлардың зiркiлi Жұмыс iстеп жатыр едiк күн-түнi. ...Бәрiмiздiң жанымызды шошытып, Қорқытатын болды оқиға бiр күнi. Күйiп тұрған, жанып тұрған мынадай ыстықтағы аптап шөлге шыдамай, үйiрiнен қалып қойған адасып келген бiзге киiк лағы – құралай! Келген бiзге шөлдеп лағы киiктiң. Ми қайнатқан аптап ыстық күйiп тұр. Келген бiзге... Айту қиын ар жағын! – Содан берi отындамын күйiктiң.

(Содан қанша жан-жүрегiм жылаған. Оған ендi қандай айла қыла алам?) Шөлдеп келген сол бiр лақты ұстап ап бауыздаған қаныпезер бiр адам. Қалдық бiздер езiлiп-ақ, жаншылып. Кеткендей-ақ болды сонда жан шығып. Көрiп тұрған жоқ едiк қой таршылық Шүкiр, тәуба – болатұғын баршылық. Бетi сұп-сұр болып сонда даланың, қуырылып бара жатты танабым... Пана iздеп кеп – түскен қара пышаққа не iстеймiз байғұс лақтың обалын?! Жүрген жандар емес едiк жан бағып, қалдық бiздер iшiмiзден зар қағып. Сол бiр жанға – лаққа обал жасаған – үкiм iздеп отырғанда дағдарып,

Құдай өзi мұның бәрiн көрдi ме, көрiп сонсоң жазасын да бердi ме, – Ертесiне жолға шықты сол бiр жан шаңырағынан жайсыз хабар келдi де...

ҚОС НИЕТ

Бұл өмiрде аз ба, көп пе үлесiң – Бәрiбiр сен! – Жылайсың да, күлесiң... Ғұмыр бойы еркiңнен тыс! – өлгенше Қос ниеттiң қоршауында жүресiң. Ендi мұны түсiн мейлi, түсiнбе, – мейлi сенiң аппақ болсын iсiң де – Жүресiң сен ғұмыр бойы өлгенше қара ниет, ақ ниеттiң iшiнде. Жанып тұрса бiреуiнiң шырағы, құрту, жою бiреуiнiң ұраны. Қара ниет күлiн шашып құтырып, аппақ ниет нұр себелеп тұрады. Өмiр сенi қаншама әлi сiлкедi, өмiр сенi қаншама әлi тiнтедi... Қара ниет жақса саған күйесiн, аппақ ниет ақ бұлт боп сүртедi. Туса дейсiң – әрбiр күнiм бақ күн боп. Көкжиекке белгiсiз боп батқың жоқ...

Қара ниет қарқылдаса қарға боп, аппақ ниет ән салады аққу боп

КЕСIЛГЕН АҒАШТАР

Күн суық, заман суық, суық, суық. Суықтық жатыр жұртты қуып шығып. Боран мен борасындар бұрқырайды тiрлiктi жiберердей бүлiк қылып. Сары аяз бет қаратпай тiлiп жатыр, Сүңгiлер үйдi сығып бүрiп жатыр. Ауылда, қалада да, бүкiл елде суыққа қарсы майдан жүрiп жатыр. Күтетiн әйтеуiр бiр сыйын алдан, елiм тұр етек-жеңiн жиып алған. ...Қыраулы ағаштарым – сарбаздардай – үстiне күмiс сауыт киiп алған. Аяз бен боран деген өшiгуде. Болмайды мұндай кезде кешiгуге. Сұп-суық бұл тiрлiктi жылытам деп ағаштар кесiлуде, кесiлуде.

Тамырға қызу құйып, жалын құйып, бойына асау бұрқақ ағын құйып, – туған ел, туған жердiң түтiнi үшiн жатқандай ағаштарым «жанын» қиып. Елдiң бұл тiлек қосып тiлегiне, шырақ жақ қараңғы мен түнегiне. Кесiлген ағаштарым жер құшуда оқ тиген жауынгердей жүрегiне. Тiк тұрса ағаштарым маңғаз қандай – аспанмен, жұлдыздармен жалғасқандай. ...Орманда сұлап жатқан бөренелер майданда опат болған сарбаздардай. Көргенде оларды сен бөгелесiң, басқа күй, басқа әсерге бөленесiң... Қызуын берген елге, ағаштарым, күнi ертең өсiп қайта көгересiң!

Суық тұр аяқтан ап, матап қолдан, Бұл тiрлiк жылынар ма қақап қалған?! Түбiрлер белгi-ескерткiш секiлдi ғой қойылған сарбаздарға опат болған!

СЕМIЗ БҰЛТТАР

Семiз бұлттар сабырлы-ақ. Теңеме оны босқынға. Төңкерiлiп, дамылдап Жатыр аспан астында. Бар дегендей бастанғым – Жатыр үнсiз тыныққан – Өрiсiнде аспанның Кiлең семiз бұлттар! Аспанды алып жатыр-ай! Таяп қалған екiндi. Түгiн тартсаң, апыр-ай, май шығатын секiлдi. Неткен сұлу жарасым, – Көздi сал да, көр қызық! – бара жатыр, қарашы, қарынымен жер сызып. Бет түзеген асқарға. Бiр-бiрiне телiнген. Шүйгiнi жоқ аспанда қалай олар семiрген?! Бұлттарым тыныс қып майға бөккен малшынып. Тұла бойы ырыс, құт, тұла бойы молшылық. Қанша сұлу, қанша елес: бұлттар жатыр жантайып – денесiнен, тамшы емес, кететiндей май тамып...

ЖҰҒЫМДЫ АДАМ

Жұғымды адам, балдай тәттi жұғымды. Тұла бойы түсiнiктi, ұғымды. Сырлас жандай – ашпасаң да сырыңды. Мұңдас жандай – айтпасаң да мұңыңды. Жоқ секiлдi мұнары да, тұманы. Таусылмайды төзiм менен шыдамы. Қай кезде де ықыласпен иiлiп, Қай кезде де күлiмсiреп тұрады. Жаңа ашылған гүлдей болып реңi, Сырлы саз боп төгiледi тiлегi. Iштегiңдi ишарадан сезiнiп, Ойдағыңды емеурiннен бiледi. Ол түспейдi қанжар болып қайраққа, Оған жат қой айбарың да, айбат та. Қай кезде де жұп-жұмсақ боп тұрады Тоқаш нандай малып алған қаймаққа.

ӨЗГЕРIС

Не боп кеттi азып-тозып өңiрiм. Не боп кеттi бұрқап, түтеп өмiрiм. Iше-iше қасiрет пен құсаны Уға толы ыдыс болды көңiлiм! Суық маған жылы отырған кездерiм. Өзiме жат осы қазiр өз демiм. Жинай-жинай кек, намыс пен ызаны, оқ-дәрiге айналады ғой сөздерiм.

ЖАПАН ДАЛАДАҒЫ ОЙ

Кең далам жатыр, боз далам! – Өткен бiр, өткен заманда күлдiр-күлдiр кiсiнеп, маң-маң басып боздаған, қосылып желге сарнаған – шүйгiнiн iздеп мөңiреген, қозысын iздеп маңыраған, – Кең далам жатыр бүгiнде – иесiз қалып еңiсi, киесiз қалып өрiсi. Күйiнiп кейде қалам-ай, Өртенiп кейде жанам-ай! – Көргенде сенi көсiлген қамыққан жапан Далам-ай, жабыққан жапан Далам-ай! Осы бiр заман, заманда сауалсыз жүрер кез бе екен?! – Төсiңнен сенiң кең Далам, төрт түлiгiмнiң иесi – пiрлерiм неге бездi екен?! Жетесiне жеткiзiп, Сүйегiнен өткiзiп Қайталап айтар сөз бар ма?! Сол пiрлердiң бәрi де, қайта оралар кез бар ма?!

Қайтар ма екен сол пiрлер бiр керемет бастасам: Алатау мен Арқаның арасына жiбектен көген тартып тастасам! Риза боп iсiме, Қуатыма, күшiме – аспандағы бұлттай ақтылы қойы қаптаған, кең Даламның төскейiн береке боп аттаған – ақ сақалы желбiреп, көңiлi босап елжiреп, көтерiлiп белеңге ақ таяғын оң ұстап Шопан Атам келер ме?! Қайтар ма екен сол пiрлер бiр керемет бастасам: Сая жердiң бәрiне мамағаш пен қазықты қатар қағып тастасам! Риза боп iсiме, Қуатыма, күшiме, – мүйiздерi жылтылдап, буындары сыртылдап желiндерi жер сызған, Әукелерi салпыншақ, жоны жалпақ, кең құрсақ

сиырларын айдаған жайып шүйгiн өлеңге, қосын жегiп аяңдап Зеңгi Бабам келер ме?! Қайтар ма екен сол пiрлер бiр керемет бастасам: Қаратау мен Алтайдың арасына арқаннан желi керiп тастасам! Риза боп iсiме, қуатыма, күшiме, – жал-құйрығы төгiлген, қолтығы терлеп, сөгiлген, бұзатындай қамалды дүбiрлеткен даламды – қара жердiң үстiмен келе жатқандай бұлт айдап – табын-табын жылқы айдап, ақ боз мiнiп ұрандап, налыппын деп бекерге – құрық ұстап құраулап Қамбар Атам жетер ме?!

Қайтар ма екен сол пiрлер бiр керемет бастасам: Маңғыстау мен Ұлытау арасына қаптаған Шыңырау қазып тастасам! Риза боп iсiме, Қуатыма, күшiме – Маң-маң басқан, маң басқан. шудаларын шаң басқан: көрген адам сүйсiнген; мойынын қаздай иiрген; байлық iздеп телегей жата алмастан орнында тұрып кеткен төбедей түйелерiн жолға сап, – Жетер ме екен сол кезде – айналасын жел қылып, қарап мынау заманға, қара нарын желдiрiп, Ойсылқара Бабам да!

Ой шiркiн-ай, шiркiн-ай, алшайып тұрып күлгенде Қара жерiм қайысқан: Марқайып басып жүргенде қара белiм майысқан; қазандарын пiсiрiп, күбiлерi пiсiлiп, қымыздары iшiлiп, теңдеп жүгiн түсiрiп – қиялдағы замандай, қызығына қана алмай молшылыққа малынып жатар әлi Далам-ай!

ӨТКЕННЕН ЖЕТКЕН АҢЫЗ

Жоқ кез екен бекiнiс те, қамал да, – Сонау-сонау өткен, алыс заманда. бiр тайпа жұрт өмiр сүрiп жатыпты орман-нулы, көл-құрақты даламда. Бiлмеппiн ғой қасiрет пен қайғыны! Тоқшылықпен атыпты оның ай-күнi, тоқшылықпен батыпты оның ай-күнi. Асып-тасып жатыпты ғой байлығы! Керемет бiр ие болып қуатқа, өмiр сүрiп жатқан екен жұмақта! Сол молшылық, сол байлықты көл-көсiр көршi тайпа көре алмапты бiрақ та! Байлыққа сол құштар болып соншама, Қоймапты ғой сұқтанған көз талса да! Жолы болмай қалыпты ғой бiржола қаншама рет жаулап алмақ болса да!

Бiр үйретсең ойың менен денеңдi, басу қиын аран, құлқын, дәмеңдi. Күшпен ендi ала алмасын бiлген соң айламенен алмақ болған сол елдi. Шыға алмасын бiлгеннен соң майданға биiктiктен түсiп еңiс, ойпаңға, – көршi тайпа Тәңiрiден безiнiп iлескен ғой Iбiлiс, Жын, Сайтанға. Күлiн шашып, шоқ түкiрiп төменге, той жасаған шығып олар белеңге... Сонан кейiн Iбiлiс пен Жын, Сайтан САЛҒЫРТ деген дерт жiберген сол елге. Қай кезде де опындырар аңғырттық. Одан жақсы – отқа түсер албырттық! Аңғал жатқан сол бай елдi бiр сәтте-ақ басқан келiп екi иықтан Салғырттық.

Мән бермеген ешкiм сол бiр кеселге! Мән бермеген оған би мен шешен де. Мән бермеген оған бала, дана да. Мән бермеген оған ақын, көсем де. Мән бермеген ешкiм сол бiр кеселге! Сол бiр дерттен бүкiл тайпа жаншылып, сол бiр дерттен терге бөгiп малшынып, жатып қалған сорлы тайпа ақыры дер кезiнде көрсете алмай қарсылық. Дер кезiнде көрсете алмай қарсылық, сорлы тайпа жатып қалған жаншылып (Дәрменсiздiк еске түссе сондай бiр жан-жүректен кетедi ғой зар шығып). Салғырт елдiң салғырт болар бәрi де: Өнерi де, өлеңi де, әнi де! Салғырт болар тiптi мұң мен шерi де! Салғырт болар әйелi де, ерi де!

Салғырт болмыс енiп, жұмыс, iсiне, Сүлесоқтық кiрiп алар iшiне, дәрменсiздiк буып оның өн бойын, бойкүйездiк бұғау салар күшiне! Салғырт болсаң бәрi саған өктем ғой. Салғырт болсаң күнiң онда өткен ғой... ...Көршi тайпа келiп салғырт сол елдiң малын, жанын түгел айдап кеткен ғой.

ДЕПРЕССИЯ

Бiлiп өмiр жалғанын өз-өзiнен ашынып, – Үмiт пенен арманым Өлiп жатты асылып. Әуенi мен үнi жоқ, Өңiм бе бұл, түсiм бе? – Жүрмiн түн мен күнi жоқ Күңгiрт әлем iшiнде. Жақыны өлiп жанымның Леп тимейдi бетiме... Алға аттасам қабiрдiң жетiп барам шетiне... Бұл тiрлiкпен жаланған Мүмкiн емес жанасу. Көз жасы емес жанардан ағады ғой қара су. Дүние бұл сұп-суық – пайым да жоқ, парық жоқ. Кеудем iшi сұп-суық, көкiректе жарық жоқ. Қысқаның да бәрi бiр, Ұшқаның да бәрi бiр, ұрысқаның да бәрi бiр, Құшқаның да бәрi бiр. Төгiп ыстық жасымды жылай алмаймын егiлiп... қыңқ демеймiн басымды ит жатса да кемiрiп!..

КӨКТАЙҒАҚ

Көшеңiз де, аулаңыз да көк қайрақ. Көк қайрағың – жып-жылтыр мұз көктайғақ. Тiршiлiктi тәй-тәй ғана бастырып көктайғағың жұртпен осы кеттi «ойнап». Жатқаннан соң көкпеңбек боп бар жақ та Түскен-сынды бұл дүние сан-саққа... Қауiппенен басасың ғой аяқты жүргендей бiр мина көмген алқапта... Өзiңдi өзiң әрең ұстап ылдалап, амалсыздан мың тоқтайсың, мың қарап. ...Алатаудан тайып кетсең заулап бiр Жетердейсiң Сарыарқаға сырғанап...

МЕН ЖАМЫЛҒАН БҰЛТ

Ойлар қуып қаптаған асу-белге бардым мен, – көшiп жүрген қап-қара бұлт жамылып алдым мен. Тұла бойда жарылған ойдан кенет – зiрк етем... Сол бiр бұлт жамылған назағайлы бұлт екен. Ауық-ауық қояды-ай Зiкiр салып күркiреп, – Менi сонсоң аямай Кеттi дейсiң сiлкiлеп. Қуат-күшiн ұққызып болмай мүлде тоқтамы, – Найзағайдың қып-қызыл ойнақ салды оттары. Бұлтқа сол бiр жұтылған, – Сорыма, яки бағыма. Құйын оттар құтырған Кiрiп жатты қаныма. Дауыл етiп тұнықты Кетердеймiн көшiп мен... Сонан кейiн бұлтты тастадым ғой шешiп мен. Әлдеқандай ағын кеп сол бiр бұлт жүрдi үркiп, – демiменен ауа үрлеп, денесiмен су бүркiп...

АДАМДАР

Күнiн көрiп амалдап, тiршiлiктен қалыс қап, бара жатыр адамдар бiр-бiрiнен алыстап. Оқшау әлем құрып ап, Саяқ ойлап жүр бүгiн, – Күлiп-ойнап тұрып-ақ Жек көредi бiр-бiрiн. Ашпаймын деп бетiмдi паналайды тасаны. Жұқпалы ауру секiлдi бiр-бiрiнен қашады. Бiр-бiрiне, әттеген, жетпейдi ғой шыдамы, – Атпаса да оқпенен, атып көзбен тұрады! Бүлiк қылған ортаны, адамдар-ай, қырқысқан, – бiр-бiрiнен қорқады қорыққандай жыртқыштан!

ПАРАДОКС

Босқа шаршап, сүрлiкпе басса өмiрдiң мұң-зары. Дүниеде, тiрлiкте керi кетiп тұр бәрi. Кеш қалам ба ерте кеп?! Түсiнбеймiн әлi бiр: Алға бассам ентелеп. Керi жүрем бәрi бiр. Бұғау қысты бұлқынсам. Бетiм қайтты бәрiнен: алға қанша ұмтылсам, сонша кетем керi мен. Қарсы қарап дауылға, Жүрем алға қарыштап. Бiрақ жақын тауым да кете барар алыстап. Алдайды өмiр, арбайды. Қалың тартты сорым да. Ештеңе ұстай алмайды Алға созған қолым да!.. Кеш қалам ба, ерте кеп?! Жоқ қой бұған амалым: Алға басып ентелеп, Керi кетiп барамын.

АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮНДЕ

Маңдайынан тер шықты да тастардың, асқақ басы аласарды асқардың. Тiршiлiктi түнек етiп қап-қара жанып тұрған шамы сөндi аспанның. Кәрi қаншық әлдененi ұқты ма, – жым-жырт болды қара жерге бұқты да. Тым-тырыс боп тына қалды қайтадан бiр сайтан жел ызың етiп шықты да... Мәңгүрт өттi бiр малғұнды қуалап. тiрлiк дел-сал. Қойған-сынды дуалап. Жып-жып еттi сумаңдаған сұмпайы, жылп-жылп еттi жылмаңдаған қуаяқ. Ал-дал болып тұрды сол сәт әулекiң. Бiр суық леп жалап алды көл бетiн. Дауыс шығып қара үңiрден албаты, Сақ-сақ күлдi көрiнбейтiн әлдекiм.

Бiр сұмырай сүмелектi қолқалап, ынжық тұрды мәңiрейiп шалқалап... Байғыз жылап қара қорым iшiнде, қан түкiрiп кеттi гүлге жарқанат. Қара түнек шөгiп қалды ойпаңға, қара жыныс ұйып қалды қайқаңда. Бiрiн-бiрi тыр жалаңаш аймалап үйлендi ғой Сайқымазақ Сайқалға. Көрсең оны сау адамың жынданар, – Сұп-суық боп жанып тұрды сұм жанар... Көлеңкелер бiр-бiрiмен сөйлесiп, үнсiз-түнсiз жылжып жүрдi Сұлбалар...

КӨШЕДЕГI КҮЗГI АҒАШТАР

Кешегi салтанаттың тастап бәрiн, мүлгiп тұр Мамырларым, Тастақтарым... Тiзiлiп тұра қалған ағаштар-ай, берместен көшелердiң қос қапталын. Бұлт төнiп қайта-қайта аспаныма, үнсiз тұр мәуелiсi, асқағы да. Түтiгiп соққан желден түсе-түсе селдiреп қалыпты ғой шаштары да. Тiрлiктiң қалған-сынды ұйып қаны, Қалғимыз ел секiлдi тұйықтағы. Қарашы – ауырлықтан ағаштардың Салбырап түсiп кеткен иықтары. Аспан да жайлау құсап күйектегi кешегi күн болып тұр күй еткенi... Ақырын жел соқса да тал-теректiң сықырлап кетедi ғой сүйектерi.

Дым ауа. Бара жатыр тыныс бiтiп. Тұрасың марғау тағы дыбыс күтiп... ...Қонышы бұж-бұж қара керзi етiктi ағаштар көшеде тұр жұмыс күтiп.

ҚАРАЛА СИЫР

Болдым мен бала шағымды есiме жиi алатын... ...Бiздiң үйде сауырлы Қара сиыр болатын. Сүттi едi ең бiр елдегi Желiнi иiп саулайтын. ...Қап-қара теңбiл жерлерi Материктерден аумайтын. Қалыңға кiрiп жел күнi оратын асап қияқты. Оң жақтағы теңбiлi Африка сияқты. Айдамай-ақ, Әр күнi Келетiн түсе екiндi, Сол жақтағы теңбiлi Америка секiлдi. Көрiп мен оны қазына Қазыққа талай байлағам. Еуропа мен Азия Жотасын түгел жайлаған. Мақтаныш неткен балаға жұрт қараса анталап. Бара жататын далаға Материктердi арқалап. Ететiн оны ала қан даусымен жарып құлақты, – Бармақтай жауыз соналар бомбаұшақтар сияқты.

Материктерге соналар Тұмсығын тығып алатын. Оларды сонда талаған Құйрықпен бiр-ақ қағатын... Желiнiн керiп бiр кезде шелекке ақ сүт толатын. Материктерiм сол кезде иiп тұрғандай болатын. Қалайтын оны қиылып Келген де бiзге, кеткен де... Пышаққа түстi сиырым Күндердiң күнi жеткенде. Бiттi де тiрлiк-өрiсi Таратты етiн жан-жаққа... Қарала оның терiсi айналды ендi тулаққа. Күн қақтап, желге желiндi, Табанға түсiп тапталды, – Материктерiм кәдiмгi аяқ асты боп қалды...

ҚОЯН ЖЫЛЫ ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Төгiлiп тұр жыр болып Сергек қоян, сақ қоян... Келiп кiрдi жыл болып аппақ қоян, ақ қоян. Қызық болса тоя алмай Қызық қуып кетерсiң... Келген жылым, қояндай аппақ болар ма екенсiң?! Көрiнбестен ешкiмге ақ аязда тоңарсың... Аппақ қардың үстiнде аппақ өлең боларсың. Барамын деп жазыма омбы қарды бұзарсың, – Жеткiзбестен тазыға құйын болып ұшарсың. Астында ұмар-жұмардың қалармысың бүгiлiп, – Сорғалаған қыранның тырнағына iлiнiп... Жүрген жоқпын аянып шапқыладым талмай бiр! Биыл ендi, қояным боласың сен қандай жыл? Боласың ба жортақ жыл көп болатын сөздерi? боласың ба қорқақ жыл бақырайған көздерi?

Кешiр, болса асығыс, – айтсам егер шынымды, – Қалмаймыз ба осы бiз таба алмастан жымыңды. Шығасың ба өрге сен берекеге айналып? Кетесiң бе, әлде сен, қанжығаға байланып..

ЖАПЫРАҚ ӘЛЕМI

Көкте бұлт түйiлдi күркiретiп өктем үн. Жасыл бояу құйылды кiрiп келiп көктемiм. Бұл дүние асылға малынып тұр жасанып, – орнады да жасылға шыға келдi жасарып. Бұзып қыстың қақпасын жерден шыққан тасқын ба? – Қалды тiрлiк жап-жасыл жапырақтың астында. Көктiң нұрлы күнi де тұр аспаннан төгiлiп. Жатыр қазiр дүние жапыраққа көмiлiп. Желпiндiрiп барады дүниенiң желегi... Қолдары да баланың жапырақтай әдемi. Самал соққан тұстарға тосамын ғой бетiмдi ...ұшып жүрген құстар да жапырақтар секiлдi.

ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАН

Қазақтарға келмесе де түр-түсi, қазақшаға ағып тұр ғой бұл кiсi... Осы адамда, осы жанда жатыр ғой ұлтымыздың ұланғайыр күлкiсi. Дес бермеген гүрзiге де дойырға, дес бермеген шоқпарға да, сойылға, – Осы адамның – сылтып басқан бүгiнде – күлкi жатыр бүкiл тұла бойында. Күлкi жатыр тұратұғын намыстан, күлкi жатыр батылдықпен табысқан. Күлкi жатыр зымияндық, сұмдықпен ғұмыр бойы жағаласқан, алысқан. Отын берген өршiл мiнез оттыға. Жiберген ғой серпiп қанша оқты да. Қаншама рет – арпалысып жауызбен – жығылған ғой сол бiр күлкi соққыға.

Сол күлкiден – жадыраған түнерген, шалқасынан түскен талай шiренген. Сол бiр күлкi сүмiрейтiп содырды, Оспадарды осып-осып жiберген. Оны тыңдап ажарланған әрсiз де, оны тыңдап теңескен ғой теңсiз де. Сол күлкiден пәс көңiлдер биiктеп, Сол күлкiден қуаттанған әлсiз де. Тауып кетiп қысылтаяң, тар жерде, жеңiсiн ол тойлаған ғой сан белде. Сол күлкiден алшаңдаған пiлдерiң айналған ғой шәуiлдеген қанденге. Кейбiр кезде бұрын шығып ерлiктен сөз айтқан ол қаншама рет ел күткен. Сол бiр күлкi қан жүгiртiп қансызға, сол бiр күлкi қайғы, мұңды сергiткен.

Сол күлкiден – өзiңдi өзiң сынайсың, Сол күлкiден – шатқаяқтап құлайсың. Сол күлкiден жылап тұрып жұбанып, Сол күлкiден – күлiп тұрып жылайсың! Қазақтарға келмесе де түр-түсi, Қазақшаға ағып тұр ғой бұл кiсi. Ортамызда келе жатыр Қалағаң ұлтымыздың ұланғайыр Күлкiсi.

ӘУЛИЕГЕ ТҮНЕУ

Бiр қиянат жасамаған бiреуге, Шын берiлген ақ неиеттi тiлеуге, – бiр топ адам жалбарынған, жалынған Әулиеге келiп жеттi түнеуге... Бойларына кiрiп ыстық бiр ағын үнсiз-түнсiз тазалады тұрағын, Сонан кейiн құрбан малын шалды да оқыды ғой бiлген қысқа құранын. Жатқан жандар түнеуге кеп жал құмда – батқан жандар болатұғын зар, мұңға... Бiр леп соқты жып-жылы боп, жұп-жұмсақ шығыс жақтан – таң атардың алдында. Не айтасың! – құдiретке, күштiге! – Көктен төмен бiр ақ бұлт түстi де, ақырын кеп, түбiт құсап түтiлiп қонды келiп сол жандардың үстiне.

Қалай мұны сөзбен түгел айта алам! ұғады оны көрген менен байқаған. Тұрған қалқып сол Ақ Бұлт бiр кезде көтерiлiп кеттi көкке қайтадан! Көтерiлiп кеттi Ақ Бұлт көкке ұшып. Белдер жатты қарауытып бүк түсiп. Көтерiлiп кеттi Ақ Бұлт көкке ұшып, – Сол бiр кезде қара жер де кеттi ысып... Басқаша бiр атты таң да сол күнi. Атқан сол таң бақытты еттi сорлыны – Сол жандардың үйi құтқа толды да, бедеу әйел ұл туды ғой сол жылы...

ШЕГIРТКЕЛЕР

Ойлаумен әрбiр сағат, әр күнiмдi ар жылап, жүрек күйiп жан бүлiндi... Бұлт болып шегiрткелер қаптап ұшып жалмауда астығымды, шалғынымды. Опат кеп көктеп тұрған бал ғұмырға, түтiп жеп тулақ етiп, шаң қылуда! түп-түгел орып, отап жасылымды орнында сояуларын қалдыруда. Бүлiгiн көрген кезде жан шығармай! (Налисың ауыр ойдан аршыла алмай). ...Тiрлiктi қырқып жатыр, қиып жатыр бейне бiр қанаты бар қайшылардай. Көбейiп кеттi қазiр желiккен ер. (Ғұмыры желiкеннен жерiп келем). Тек астық, шалғында емес, байқайсың ба, өмiрде қаптап кеттi шегiрткелер.

Жiбермей өзiн-өзi – бұлқынуға көп адам өз жiгерiн құм қылуда. Қаптаған шегiрткедей өтiрiктен ақ арман, жасыл үмiт қырқылуда. Сақта тек ұстыныңды, тiрегiңдi! Сақта тек тамырыңды, тiлегiңдi! Сөз бiткен шегiрткедей бұлт боп ұшып талауда жаның менен жүрегiңдi. Тiрлiктiң мiнiп жауыр жайдағына бас идiк қайдағы мен жайдағыға... Айла мен қулық, сұмдық шегiрткесi, елiмнiң ойран сап тұр жайлауына... Қарасам уақыттың қабағына жабығып жас үйiрiлер жанарыма... Бұл күнде ұлтым менен ұлы далам, түсiп тұр шегiрткелер талауына!

IШIНДЕ ЖЫЛАНЫ БАР АДАМ

Қауiп пенен қатер жатқан күшiнде, зымияндық, сұмдық жатқан iсiнде, – тойымы жоқ, қойымы жоқ ғұмыры адам көрдiм жыланы бар iшiнде. Бiр қанбаған құтырынған құмары, сарсаң еткен бүлiгi мен ылаңы, – тойдыра алмай жатты оның аранын iшiндегi аласұрған жыланы. Болмай бiр де қанағаты, iркуi, тоят таппай құрдым түпсiз құлқыны, – ашкөзденiп, ашқарақтап, апыр-ай жұтып жатты дүниенi күн-түнi. Жиып қойып кiсiлiктi, өрлiктi, жиып қойып имандылық кеңдiктi, – тонап елдiң қазынасын, байлығын тауды жұтты, жердi жұтты, көл жұтты.

Гүлзарларым қурап қалды құм болып, ормандарым құлап қалды күл болып, Жылай-жылай қарғыс сiңiп ашыған көз жасы елдiң кеткен едi у болып. Үрей ұшып бүлiгiнен ылаңның дала жатты қайғысында тұманның. Қарғыс сiңген улы жасы халықтың күштiрек қой уынан да жыланның. Ойлаған соң өз жұмырын, өз басын мешкей құлқын қалай өршiп қозбасын... Бәрiн жұтып түк қалдырмай Сонан соң елдiң сол бiр жұтты улы көз жасын. Ернеуiнде тұрған көр мен табыттың тағдырларын тәлкек еттi ғарiптiң... ...Сол бiр адам өлдi ақыры iштi де қарғыс сiңген улы жасын халықтың.

ӘБIШ КЕКIЛБАЕВ

Қара нардай қатептi Алп, алп басқан, алп басқан. Маңғыстаудың жерiндей Маңдайы биiк марқасқам! Қуат алған күш алған Қарындастан, қандастан...

Қолдасқанмен қолдасқан, Толғасқанмен толғасқан, Арбасқанмен арбасқан. Бұйра бұлт секiлдi Бұйра шашын қар басқан Бiр өзi бiр үй толтырып Отыратын қасқайып Жаралғандай Жартастан! Алп, алп басқан, алп басқан, Маңдайы биiк марқасқам. Әдiлдiк үшiн туыс пен Жақынын да жатсынған. Шамына тисе, болаттай Шамырқанып шарт сынған! Күйiнiп кетсе, кiмге де Өңменiнен өткiзiп, Жетесiне жеткiзiп Айтам десе, айта алған Жiбектей сонсоң есiлiп, Бәрiн де, бәрiн кешiрiп. Қайтам десе қайта алған... Елiм десе, қақырап Қабырғасы сөгiлген, Жерiм десе, шырқырап Жан-жүрегi егiлген, Артық та туған ағам-ай!

Сапырып сөздiң теңiзiн Iздеген ойдың маңызын... Өткеннiң қиян түбiнен Арқалап жеткен аңызын. Халықтың мұңлы зарынан Жаралған қара қобызым. Халықтың шерлi жанынан Жаралған дана Абызым! Сөйлеп берсең шешiлiп Айналасың шешенге, Сөйлеп берсең көсiлiп Айналасың көсемге. Сол бiр кезде мен сенi Бұлт байлаған басына Қаратауым десем бе, Алатауым десем бе, Жанартауым десем бе, Дара тауым десем бе, Дана тауым десем бе?!

БЕКБОЛАТ ТIЛЕУХАНОВ

Қарға бойлы Бекболат! Түйдек-түйдек құйылған Екпiнiңе жете алмас Ұшқан құс пен шапқан ат, – Жолдағының бәрiн де Кетердейсiң жапырып, Кетердейсiң таптап-ақ! Құбылыссың ақ түтек Домбыра боп сарнаған, Қобыз болып аңыраған, Аруақтардың дабысын Ертеңiме жалғаған. Ей, Бекболат, Бекболат! Отырасың ортада Желдi күнгi өрттей боп Өн бойыңнан от борап, Ей, Бекболат, Бекболат.

Түсiп ақ тер, көк терге Арқаң қозып кеткенде, – Доптай ұшып жатады Төңкерiлiп қыраттар... Сол, сол кезде, сол кезде Құмға айналып суаттар, Суға айналып құмақтар, Дүниенi қаптайды Жарқылдаған найзағай, Сартылдаған тұяқтар. Сонан кейiн бiр кезде Қара қанат – қара түн Басар сенi шер келiп, – Қара мұңға батасың Қара қобыз өңгерiп. (Мынау өң бе, түсiм бе?!) Отырасың жалғыз қап Көне күмбез iшiнде. Отырасың жалғыз қап Қансыз сұп-сұр түрге енiп. Жердiң терең түбiнен Уiлдеген үн келiп, Кетесiң ғой қосылып Қобызыңмен күңiренiп. Дүр сiлкiнiп қайтадан Жел сияқты алапат Дүниенi жұлқылап, – Алай-дүлей боласың Шаң көтерiп бұрқырап!

Тiк шаншылтып даусыңды Жетi көкке жеткiздiң. Шамырқанған кезiнде Қақыратып көбесiн Жетi көктен өткiздiң. Ей, Бекболат, Бекболат!

ТҮРКIСТАН

Төрт қақпалы Түркiстан! Айдарым да өзiңсiң, Айбарым да өзiңсiң! Алынбайтын қамалдай, Қаратаудай төзiмсiң... Аспан астын толтырған Алатаудай сөзiмсiң! Құзда тұрған құлжадай Айқайласам ұран сап! – Шалғайыма жабысқан Жаулар бiткен безiнсiн. Төрт қақпалы Түркiстан! Қаншама рет өшкенбiз, Қаншама рет өскенбiз Шатыр тiгiп айнала, Шатыр жығып көшкенбiз! Бiрақ бiздер өлмедiк! – Тайқазанның сендегi Емшектерiн иiтiп Емiп бiздер өскенбiз. Не көрмедiк, Түркiстан! Арысымды құл қылып, Намысымды күл қылып Шаштан алып сүйреген,

Бұлт болып түйiлген Жауың шығып бүйiрден Алты құлаш найзасын Кiндiгiмнен түйреген. Зеңбiректер гүрсiлдеп Темiр добын лақтырып Қамыр қылып илеген. Түркiстанның сол кезде Опырылып жотасы, Қабырғасы күйреген. Әруақты көк күмбез Бiрақ басын имеген!.. Сол дұшпанның бәрiмен Көк бөрiдей жұлысқан Қасиеттi Түркiстан!

Қай-қай заман кезде де Мойнымдағы тұмардай Саңқылдаған қырандай, Жарқылдаған ұрандай, Қасиеттi құрандай, Қанаттары түңлiктей, Тегеурiнi темiрдей, Тепкiсi зор бүркiттей; Қараған жан түңiлген Атылатын жиырылып Жолбарыстай бүгiлген; Қайрат жиып қарсы алған, Арыстандай алшайған Төрт қақпалы Түркiстан Мұңын айтқан азаптың, Жырын айтқан Азаттың Рухысың Қазақтың!

ТАЙ ҚАЗАН

Осы қазан ғажабы ғой ғажаптың, Осы қазан қазаны ғой Азаттың... Тұрған үнсiз ғасырларды қайнатып Бұдан берiк қазаны жоқ қазақтың. Бұдан алып қазаны жоқ қазақтың. Сөзiн айтып күмән менен назамның, Осы жерде, осы жерде тазардым... Ешбiр елде, ешбiр жерде болмаған Ең киелi, ең қастерлi қазан бұл. Қаншама рет бұғау киiп бұлқындым. Қаншама рет өсiп қайта, қырқылдым. Алып қазан, Берiк қазан, Тай қазан – Қазаны емес қарын менен құлқынның. Лайласа – қайта тұнар тұнықпын. Көмсе жерге – өнiп шығар ұрықпын. Алып қазан, Берiк қазан, Тай қазан – Қазаны бұл, қазаны бұл Рухтың.

Келедi ғой мұнда қайғы, шер шерткен. Келедi ғой мұнда мұң мен зар шеккен. Дертiп тұр ғой Рух берем деп саған Өн бойынан өсiп шыққан емшектер. Құдiретiн кiмдер оның ақтап жүр?.. Құдiретiн кiмдер оның сақтап жүр?.. Емшектерде қуат берер, күш берер Дертiп тұр ғой аппақ сүттей аппақ нұр. Қазаны бұл тазалықтың, тұнықтың, Қазаны емес тойымсыздық құлықтың. Қазаны бұл ақ ниет пен шабыттың Қазаны бұл, қазаны бұл рухтың. Ол қайнаса – Тоқтата алмас тасуын. Тоқтата алмас ай, жыл түгiл, ғасырың. Астаң-кестең қайнатқан ғой бұл қазан Бүкiл елдiң Ызасы мен Ашуын.

Маңдайын кеп басқан оған арысым. Оған түгел келген жақын, алысым. Бұрқ-сарқ етiп қайнаған ғой қазанда Күндiз-түнi жiгерiм мен намысым. Оған келсең – түсiн, мейлi, түсiнбе! – Құдiреттi қуат алар күшiң де. Бүкiл елдiң ойлары мен сөздерi Пiсiп шыққан осы қазан iшiнде. Оған барсам тұрам жырды қайрап бiр. Одан кiлең сесiн сезем қайраттың. Пiсiрем деп елдiң Рух, санасын Дәл қазiр де алып қазан қайнап тұр.

БОЯУЛАР ҚҰПИЯСЫ

Даңқы әлем шарлаған Құндылық боп, қымбат боп, – Ойды, көздi арбаған Тұр мұнара жұмақ боп. Ғасырларда жаңғырып Жатқан түбi әрiде – Құпия ғой мәңгiлiк Алыптардың бәрi де! Иманымның қорғаны Қарап оған тоярмын. ...Таба алмай жүр ондағы Құпиясын бояудың. Саналылар – ояулар Қарайды оған құнығып. Күн түссе оған Бояулар Кетедi ғой құбылып. Жарқырайды оттай бiр Сөздерi де Құранның. ...Құпиясын таппай жүр Бояудағы құрамның. Сөзiн айтпа өктемнiң, Сөз дегенiң елес қой... Ол бояулар Шөптердiң Нiлi ғана емес қой. Аппақ менiң тiлегiм! Жалғаны жоқ сөзiмнiң: Құйған оған – Бiлемiн! – Бояуларын сезiмнiң.

Бағынбайтын, Көнбейтiн Жарлығына жалғанның – Құйған оған – Өлмейтiн! – Бояуларын арманның. Сiңiп қалған заманға Бояуы бар жырдың да, Бояулары бар онда Қуаныштың, мұңның да! Рухымдай қамал сол Жаралғандай дастаннан, – Көк бояуды Сонан соң Құйып алған Аспаннан!

БОЗТОРҒАЙ

Тұла бой, жүйке, тамыр шымырлап тұр, Құлағым, сана, миым шыңылдап тұр, – Шошынған жұдырықтай жүрек құсап Бозторғай дала үстiнде шырылдап тұр! Қалайша төзе алады шыдам бұған. Жаныммен қара бәле – лаңды ұғам. Бозторғай шырылдап тұр – Ұясына! – Жақындап келiп қалған шұбар жылан. Тоймайды шұбар жылан құныққасын! Жұтпақ ол қанатты құс жұмыртқасын... Бозторғай шырылдап тұр шыбын жандай Ғұмырлас. Тағдырласым, Рухтасым! Сол кезде жалған тiрлiк озғандай боп, Кетедi жан бүлiнiп, Тозғандай боп... Дәл сондай қатер күткен, Қауiп күткен Тiлiм де шырылдайды бозторғай боп.

Сол сәттен жүйке, тамыр шымырлаған. Сол сәттен сана, ми да шыңылдаған, – Дүние естiр ме екен Тiлiнiң бұл Дауысын бозторғай боп шырылдаған?!

МЕРЕКЕ ҚҰЛЕКЕНОВ

Бiлемiн, Хақ тағала сүйенiшiң! Сонда да өртенедi, күйедi iшiң, – Өйткенi Бөкен бидiң ұрпағысың, Өйткенi Махамбеттiң жиенiсiң. Бiлемiн, үмiт – ұзақ, арман – қашық. Сонда да кезiң жоқ қой қалған жасып. Тиеген соңғы жүктi қара нардай Келесiң маңғаз жүрiп, маңғаз басып. Аспайсың, шалқымайсың, тасымайсың. Анау-сөз, мынау сөзге қажымайсың. Итерсiн өңменiңнен өсек-жала Бәрiбiр бүгiлмейсiң, жасымайсың. Бiлемiн, қайраттысың, қуаттысың. Бiлемiн, нұр себетiн шуақтысың. Опырып жiлiгiңдi жiберсе де Қайта тұрып кететiн сияқтысың. Жаныңа жоламайды аласалау. Бiлемiн, керек сенi дара санау. Түбiт-сынды жүрегiң, Сондадағы Оңашалау жүресiң, оңашалау.

Өз-өзiңнен отырып түнересiң. Шешiм таппай тұйыққа тiрелесiң. Сондай кезде ұмтылған бiреулердi Бiр-ақ қағып ұшырып жiбересiң. Асуларың – алдыңда алатұғын. Асуларың – алдыңда жанатұғын. Ызғырықтай ысқырған бұл заманда Ойлайтының Ата тек, Ана тiлiң. Бiлемiн, Хақ тағала сүйенiшiң. Сонда да өртенедi, күйедi iшiң, – Өйткенi Бөкен бидiң ұрпағысың Өйткенi Махамбеттiң жиенiсiң!

ШУАҚ

Мынау тiрлiк азап боп Бiтпей қойды жарамыз... Қатып қалды қасат боп Iшiмдегi қара мұз. Қабағыма сыз қонып, Қатал күнге кезiктiм... Отыр едiм мұз болып Жып-жылы сөз есiттiм. Мұздай ойлар сүңгiдей Кетiп едi шыдатпай. Сол жылы сөз Сiңдi кеп Тұла бойға шуақтай. Сол бiр сөздiң – қараңыз! – Жылытқан соң шуағы, – Iшiмдегi қара мұз Күтiр-күтiр сынады.

ҚОРАЗ ТАЛАСТЫРУ

Бұл жекпе-жек тоқтамас Тұрсаң да сен жат көрiп... Бiрiн бiрi қос қораз Жiберердей қақ бөлiп. Мойындары иiлiп, Құйрықтары бүгiлiп, – Алған олар түйiлiп, Кеткендей-ақ түңiлiп... Қарай алсаң, Қарап қал! – Көкке айналып кеткен бе?.. Лап етедi қанаттар Бiрiн-бiрi тепкенде. Дүрлiгедi алқа да Ақыл-ойдан адасып. Жатқан-сынды Ортада Қызыл өрттер таласып. Көрiнедi жан көзге Сартылдайды тұмсықтар, – Кетедi ғой сол кезде Қос айдардан ыршып қан. Лапылдайды от құсап! Майдан қайнап, қызады, – Қып-қызыл бiр шоқ құсап Қауырсындар ұшады. Өш пен кектi ұққызып Ұмтылады жан жалдап... Төгiледi қып-қызыл Тұла бойдан қан саулап.

Ессiз, мәнсiз қыжылдан Жұрт шулайды қызынған. Қораздар да қызыл қан, Қара жер де қызыл қан... Ұмытып бар өзгенi, Тұрған мынау анталап, – Адамдардың көздерi Бара жатыр қанталап!..

МАЙМЫЛДАР ПАТШАЛЫҒЫ

Дедi ме екен: осылай бiр сынаймын! Ықылысты нұры түсiп Күн, Айдың – Патшалыққа ие болды маймылдар Бiр күндерi қалауымен құдайдың Сол, сол екен тiршiлiктi ұршық қып айналдырып – Түбiтiңдi қылшық қып, – Көш басына шыға келдi Көсем боп шәртiк қарын, маймақ аяқ, қисық бұт. Оң, солынан бiрдей туып Ай, Күнi Асып кенет өзгелерден айбыны, – Шыға келдi көш басына ентелеп Бiр топ маймыл – маймылдардың маймылы. Ұмыт қалып бар мүддесi елiнiң, Ұмыт қалып бар мүддесi жерiмнiң, – Бар жұмысы сол аз ғана маймылдың Табу болды бiр-бiрiнiң көңiлiн.

Мүлде ұмытып қысылуды қымсынып, Бiр-бiрiне сый-сияпат ұмсынып, – Бiр-бiрiне ыржаң қақты мәз болып, Бiр-бiрiне ырбаң қақты ырсиып. Сол топ маймыл өктем едi қашан да! Айналды ғой мақтау сөзден масаңға. (Жағымпаздық, жалбақайлық жөнiнен Маймылдарға жете алмайды еш аң да!) Керемет бiз ел болдық деп жар салып, Сол топ маймыл iшiп-жедi жан салып, – Бiр-бiрiнiң аузын жалап масайрап, Бiр-бiрiнiң артын жалап тамсанып. Шығып алып бәйтерек пен еменге Кеуде керiп қарап тұрды әлемге... Дәл осылай мәз боп жатты, Ал Елi Битiн сығып жеп отырды төменде!

ҒАСЫР ЖАҢБЫРЫ

Өз-өзiме қамалып Ойға батып өшпеген, – Шықтым сыртқа қабарып Сұп-сұр күңгiр кеште мен. Үн шығармай қыстығып Сығып алдым жасымды... Жылан құсап ысқырып Жел соқты да, басылды. Көлiмде ме, белде ме, Көгiмде ме, жерде ме?! – Суылдады әлдене, Сұңқылдады әлдене! Дыбыс шықты мүлде өзге! Демiм менiң тұншықты. Сұп-сұр көкке Бiр кезде Өттей жасыл бұлт шықты. Шатасты ма ақылым!.. Естi жидым әрең деп.... Келе жатты ақырын Сол бiр бұлт төмендеп. Көк те тозып көнерген. Көмескi боп қалған нұр. ...Құйып бердi төбемнен Өттей жасыл сол жаңбыр. Үндер шықты қаңғырған... Неткен көп бұл күйiгiм?! Iрiп кеттi жаңбырдан Үстiмдегi киiмiм.

Сол бiр жаңбыр түйiлiп Құйды желмен аралас. Iрiп кеттi киiмiм, Қалдым мүлде жалаңаш. Жаным уын iштi ендi, Шайылды ғой бетiм де, Сыпырылып түстi ендi Iрiп менiң етiм де! Түнге сiңiп баттым мен Жел соқты ғой құтымды ап. Кетiп бара жаттым мен Қаңқамменен сықырлап.

ҚАТАЛ СҰРАҚТАР

Көре-көре, апыр-ай, талды ойым да Мұңы бар ғой өткеннiң өн бойымда... Мекен етiп жатыр ғой төбелердi Зираттар мен қорымдар жол бойында. Бұл да бiзге көрсеткен сынақ па едi? Сынаққа адам мәңгiлiк шыдап па едi?! – Әр қабiрдiң басында жаңа Ай тұр ғой Сұрақ белгi секiлдi, сұрақ белгi... Ұлы Дала мәңгiлiк тұрақ болып, – (Жатқан жерi кеткенше жұмақ болып). Ата-баба, әруақ жол бойында Сұрақ қойып тұрғандай, сұрақ қойып. Бара жатқан суалып көлiм үшiн, Бара жатқан қуарып белiм үшiн, – Сұрақ қойып тұрғандай, сұрақ қойып – Елiм үшiн, саудалы жерiм үшiн.

Күнi кеше тоналған бағым үшiн, Өзектердi өртеген жалын үшiн, – Сұрақ қойып тұрғандай, сұрақ қойып Арым үшiн, жаралы жаным үшiн. Ертең, бәлкiм, жел сипап айдарымды, Асыратын күн туар айбарымды... Ал, әзiрше, сұрақтар орақ болып Орып-орып жiберер ойларымды. Ертең, бәлкiм, қабыл қып тiлегiмдi Бекем етер сүйенер тiрегiмдi. Ал сұрақтар қайқы бiр қылыш құсап Турап-турап жiберер жүрегiмдi. Оларды ендi тыңдайтын құлақ бар ма! – Жатыр зират жақында, жырақтарда... Ата-баба, әруақ қойып тұрған Қалай жауап беремiз сұрақтарға?!

ЕГЕУҚҰЙРЫҚТАР

Ғалымдардың айтуынша, аш егеуқұйрықтарға қарағанда тоқ, семiз егеуқұйрықтар әлдеқайда мешкей, әлдеқайда тойымсыз, әлдеқайда обыр болады екен. Тiптi тоқ, семiз егеуқұйрықтар қорек таба алмай сәл ғана ашыға бастаса бiрiн-бiрi жеп қоятын көрiнедi. Қорек iздеп барған талай айлаға, Қорек iздеп түскен ойға, сайға да, – Бiр топ обыр егеуқұйрық ақыры Тап болды ғой iшi толы қоймаға. Дiңкелеген қанша уақыт «құт» қонбай Болды сонда үдесiнен шыққандай! – Iшiп жатты iшкен сайын құнығып, Жұтып жатты жұтқан сайын жұқ қонбай.

Неткен мынау өңмен қаққан содырлық, Неткен мынау жалмауыздық, тобырлық, Неткен мынау қойымы жоқ обырлық! Неткен мынау тойымы жоқ обырлық. Жұтқан сайын тойынбайтын құлқыны, Сол қойманы түк қалдырмай тiнтiдi. ...Таусылды ғой тонаған соң дамылсыз Қоймадағы молшылық та бiр күнi. Етi үйренген масайраған мастыққа, Етi үйренген аста-төкке, астыққа, Семiз, күйлi егеуқұйрық Ешқашан Төзе алмайды, төзе алмайды аштыққа. Сонан кейiн қиын-қыстау шақ келiп, Бiрiн-бiрi дұшпан көрiп, жат көрiп, Бiрiн-бiрi жегiсi кеп Ақыры Жатты сонсоң бiр-бiрiне тап берiп.

Тойдырам деп тойымы жоқ құлқынын Қанша уақыт бiрге өткiзген күн-түнiн – Мешкей бiр топ егеуқұйрық осылай Жалмап жатты, обып жатты бiр-бiрiн.

КӨП ҚАТАРЛЫ ҮЙЛЕР

Ақындарды шабыт керiп тасқанда Теңедi оны алып ұлы дастанға... Ал мен үшiн омарталар сияқты Биiк үйлер – тiк шаншылған аспанға. Омартаңды қолдан келсе қорғаңдар. Омартаңды қолдан келсе толғаңдар. Өйткенi онда балдан тәттi үмiт бар, Өйткенi онда балдан тәттi арман бар. Көп қой қазiр «тәуекелiм», «Тобам» да. Алма оны үсiтiп сен боранға... Қорға оны, қорға оны, қорға сен Балдан тәттi тiршiлiк бар оларда. Жүрсем де мен мың қуанып, мың күлiп, Тұрам кiлең жүрегiмдi тiлдiрiп... Қорқам, қорқам балға құмар Аю кеп Омартамды кете ме деп бүлдiрiп.

IРIТКI

Жаза алмаймын ешқашан бүлiктi жыр. Жаза алмаймын ешқашан қылықты жыр... Жамбасына алам деп жаулар менен Iштен шалып күн-түнi iрiткi жүр. Iрiткi жүр, құдай-ау, қандасым бұл! (Жүрегiме қадалған қорғасын бұл!) Ылаңынан сол иттiң Кейбiр жандар Жағаласып, алысып, жауласып жүр. Жүрер кезде тұтасып, табысып-ай, Неге жатыр сол жандар алысып-ай?! Сөз сөйлеймiз сөз бермей жарысып-ай! Бейтаныс боп барады танысым-ай... ...Адам менен адамның алысын-ай. Соны қоштап ерiп жүр түсiнбеген... (Дәрменсiзбiн осынша күшiмменен). Байқа! Байқа! Ол саған – байқамасың! – Суыртады шегенi тiсiңменен.

Өмiр сүрдiк ғұмыры зар, қайғымен... Жинап алу керек ғой шалғайын ел! Сол бiр сұмнан сақ бол сен! Сақ болмасаң Қаққызады шегенi маңдайыңмен!

АҢСАУ

Ұшып қиял ғарышқа Әрбiр сөзден от тауып, Айдалада, алыста Жүретiн ем шөп шауып. Шалғыларды қылыштай Тұратын ем қайрап мен. Шымыр едiм құрыштай Нар сияқты қайратты ем. Шалғы оратын сырылдап – Саз шығатын қаншалық – Шегiрткелер шырылдап, Бозторғайлар ән салып... Тұла бойға от енiп, Бекем байлап белiмдi, Кететiн ем көтерiп Бiр шөмеле шөбiңдi. Сауылдайтын тер көзге! (Қазiр ендi армандай). Болатын ем сол кезде Бұлт көтерiп тұрғандай. Бүгiнде ендi шаршап мен Сенделемiн, сабылам... Сол бiр шақты аңсап мен Сағынамын, сағынам. Қайда – терiм тамшылап! – Өзiмдi өзiм бiлген кез, – Айырыма шаншып ап Бұлт көтерiп жүрген кез?!

ҚУЫРШАҚ – ТАҒДЫР

Қуыршақпыз, бәрiмiз қуыршақпыз! (Соны ескермей кететiн ұмытшақпыз). Қуыршақпыз, бәрiмiз қуыршақпыз. Қазiр бiздiң басымыз айналып тұр: Бiле алмаймын – қай бағдар, қай бағыт бұл... Бүкiл бiздiң өмiр мен тағдырымыз Көрiнбейтiн жiптерге байланып тұр. Сол жiптермен тұрасың, жығыласың, Сол жiптермен түрленiп, құбыласың! Көрiнбейтiн көзiңе сол жiптермен Бұғынасың, ал бiрде бұрыласың... Сол бiр жiптер тәркi еттi – ерен едiм! Сол бiр жiптер жер еттi – кемел едiм! Көрiнбейдi сол жiптер – Әттең, әттең! – Асылып-ақ соларға өлер едiм.

КӨЛ БЕТIНДЕГI КЕШКI ФАНТАЗИЯ

Көл де тұнық, сөз тұнық, Тұнық ой да, сана да... Батар күнге көз тiгiп Жас қыз отыр жағада. Шапақ бояп аспанды, Тұнып қалған айнала. Қыз лақтырар тастарды Көл бетiне жай ғана. Басың қалай айланбас. Жүрек-шiркiн селк етiп, – Қыз лақтырған майда тас Түскен сайын шолп етiп. Шолп етедi... Тұрады Дүниенi ән бөлеп, – Су бетiне шығады Қүйтабақтар дөңгелеп. Көзге сiңiп суретi, Көңiлiңе – сорабы... Сол тастардан Су бетi Күйтабаққа толады.

ТӨКЕН ЖҰМАҒҰЛОВ

Жатыр бүгін қуанып бар тұсымыз. Өзіңізге көп бүгін алғысымыз. Ел мен жұртың қаумалап тойлап жатқан Құтты болсын, ағажан, Алпысыңыз! Қиындықты қақ жарып кешкен ағам. Маңғыстаудың желіндей ескен ағам. Жалқұмдардың ішінде туғанменен Толқындардың жалында өскен ағам. Тұла бойы қайраткүш қайнап тұрған Жігері бар намысын қайрап түрған Бір сиқыр бар сөзінде сайрап тұрған, Бір сиқыр бар көзінде ойнап тұрған. Жаралған ол күресіп, тартысуға, Жаралған ол шайқасып, шарпысуға. Отыр ағам, мінеки, алдарыңда Отыздағы жігіттей Алпысында. Ақтарылып бүгін ол шешіледі. Аспандатып көңілін өсіреді. Ағысындай Жайықтың есіледі Маңғыстаудың желіндей көсіледі.

Жаралғандай жансың ғой жарасымға. Бауыр болған бар жақсы, бар асылға. Азаматтар өзіңдей сирексирек Маңғыстау мен Атырау арасында, Тіпті мынау қазақтың даласында!

АНА ҚҰДIРЕТI

Бүгiнiме жеткен өтiп кешеден, – (Ол бар кезде еңсе тiктеп өседi ел!) Келе жатты айдай толған бiр Ана Жалғыз өзi қызылiңiр көшемен. Жүрек-байғұс ысиды ма, тоңа ма?.. – (Осындай бiр жұмбақ сәт те болады ә!) Айналасын бозғылт мұнар көмкерген Қалқып басып келе жатты сол Ана. Келе жатты Ана деген Ұлы Адам. Шам сияқты құйылады нұр одан. Ол қасынан өткен кезде Бұрышта Есiн жиды жылап тұрған бiр адам. Жеткiзе алмас ол суреттi абызың. Айту оны бiрақ сенiң парызың, – Ол жақындап келген кезде Селт етiп Ашып алды гүлдер бiткен қауызын. Жүрген жан ем өшiп талай, сан жанып Тұрмын, мiне, таң қалып та, дағдарып:

Сипады Ана қолыменен бiр тасты, Шөптер өстi сол тасыңды қақ жарып. Жақындаса ол – жолын тапты адасқан. Жақындаса ол – кiлт тоқтады таластар. Сол бiр Ана өткен кезде қасынан Бойын жазды ауру, дiмкәс ағаштар. Көрiп оны тебiрендiм, толғандым! Ол жақындап келген кезде – Таң қалдым! – Жер астынан өсiп шықты шуылдап Аппақ күмiс шыбықтары фонтанның!

КЕМПIР ЛАҚТЫРҒАН ТАС

Оңбас! – бұған күлген кiм! бұлт құсап түйiлiп Тас лақтырды бiр кемпiр Ызаланып, күйiнiп. Сөзге босқа жармаспа! Кереметтi көр ендi, – Қуат бiтiп сол тасқа зырлап ала жөнелдi. Дүниеде көрмедiм Мұндай қуат күштi мен, – Зырлады тас шөл, көлдiң Ормандардың үстiмен. Бiр зырлаған тоқтамас! Жұлдыз болып ақты ғой... Жұдырықтай қара тас Ұшып бара жатты ғой. Босқа кетiп қаңғымас! Қорықпа да, шошыма. Тиедi екен сол бiр тас Кiмнiң барып басына?!

ҚОРҚЫНЫШ

Өткiзбейтiн жал-құмға Қалған-сынды тiрелiп, – Отыр адам алдымда Үндемейтiн түнерiп. Жай бiр нәрсе сұраңыз, – Бiле тұра бiлмейдi. Сөз айтпайды бiр ауыз. Жұрт күлсе де, күлмейдi. Қымтап алып жан-жағын Қарамайды кiсiге. Үмiт, ойын, арманын Қамап қойған iшiне. Қорқып ойға батамын, Былай қалып күлгенiм... Отыр адам Ап-ауыр Құлыпындай түрменiң.

БҮГIНГI ҚАЗАҚ КЕДЕЙI

Кеудесi қан, Жұтқаны шаң, Отызда шал, Қырықта сал, Алдында жар, Артында жал... Жаққаны көң, Көргенi көр, Таңдайы шөл, Маңдайы тер, Көздерi шер, Көмейде тас, Жанарда жас. Тұла бой нас, Ұйысқан шаш. Түйiлген қас, Иiлген бас. Жалаңаш! Аш!

КӨҢIЛСIЗ КӨРIНIС

Жүзiн көрiп азып-тозған даланың Ауыр тартып тұнжырайды қабағым... Сортаң жерлер қопсып жатыр ақ жем боп Кеуiп қалған ауызындай жараның. Iшiнде бiр тұрғандаймын майқанның. Жел сыпсыңы сыпсыңындай сайқалдың. Құйындар жүр шыр көбелек айналып Құтырынған биiн билеп шайтанның. Бұл дүние даламменен араздай. Мұндай кезде не азады – дала азбай! Бет-бағдарсыз қалбаңдайды сыңар құс Жел ұшырып алып кеткен қағаздай. Оқығандай қатал, ауыр өкiмдi Аптап ыстық алып түсер бетiңдi. Төбелер мен қыраттар да шөмиiп Жатып қалған жадау түйе секiлдi.

Қуысындай жетiм қалған көңiлдiң, Жел көтерген құм iшiнде егiлдi үн... Алба-жұлба бұлт шығады көгiме Алба-жұлба шапанындай Елiмнiң.

БЕЗIНГЕНДЕ

Таппай оң мен солымды Болам жолсыз қалғандай... Қол алыссам Қолымды Жылан шағып алғандай... Ондай кезде өлеңмен Жоғалтамын ерiктi. Құшақтассам бiреумен – Құшқандаймын өлiктi...

ЖЕГI ҚҰРТТАР

Десемде: ендi кiмнен жасқана алам Көзiмдi мөлтең-мөлтең жас қамаған... Аузын ашып тұрған арандай ғып Мен кеше құтылып ем аждаhадан. Қарамай өткен күннiң бәлесiне Арманның шығып едiм белесiне. ...Жалмаңдап Қаптап өрiп жегi құрттар Елiмнiң түстi келiп денесiне. Ойлаумен күнделiктi ағымымды Елемей кетсем керек тағылымды. Сырттан кеп, Iштен шыққан сол бiр құрттар Қиюда талшығым мен тамырымды. Бұған жұрт күйедi ме, күймейдi ме? Жауап бер, Жүйелi де, Киелi де, Елiмнiң қанын сорып, – Сол құрттарың! – Барады үңгiп кiрiп сүйегiме.

Жайлауын жақсылықтың жайлаған ем. Ертеңге үмiтiмдi байлаған ем... Қаптаған Жегi Құрттар Сөйлеп тұрған Тiлiмдi қырықпақшы айла, амалмен. Мұны жұрт, – Құдайым-ай! – Сезедi ме?! Сезсе егер шынымен-ақ төзедi ме?! Сол құрттар бiлдiрместен қырқып, үзiп Түспекшi ендi келiп өзегiме. Түссе егер онда менi өледi де.

ТҰТҚЫНДАР

Айтар кезде – Ешқашан да бұққым жоқ. Айтар кезде – Ешқашан да бүккiм жоқ. Барар жерiн, Шығар жерiн бiлместен Маскүнемдер араққа жүр тұтқын боп. Көше кезiп көр боп кеткен қайран жан! Соны көрiп қаншама мен қайғы алғам. Жүр ғой қазiр – Қанша менiң ұрпағым! – Есiрткiге тұтқын болып байланған. Сол сұмдыққа, – Қара қәне – Қаймықпа! Күреске шық, Қасiреттi жайды ұқ та. Толтыра алмай қомағайлық құлқынын Бiреулер жүр тұтқын болып байлыққа. Керегi жоқ ол жандарға ешкiм де. Қарамайды өштiң бе, әлде өстiң бе?! Ал бiреулер өз жұртынан безiнiп Тұтқын болған басқа тiл мен дәстүрге.

Иыққа алдық болашақтың жүгiн бiз. Әнге қостық болашақтың үнiн бiз. Сол адамдар босап шықса тұтқыннан Қандай биiк Ел болар ек бүгiн бiз. Зердеңе сал, Санаңа құй, Ұқ мұны! – Мәңгiлiкке есiңе ұстап тұт мұны. Тұтқын болсаң болу керек тек қана Елге деген махаббаттың тұтқыны.

КЕЗДIК

Сырласқандай тұңғиықпен, тереңмен Бар айнала тыныштыққа бөленген. Сол бiр сәтте күркiретiп аспанды Реактивтi ұшақ өттi төбемнен. Бұзғандай ол шетiм менен шебiмдi, – Суық бiр леп шарпып өттi бетiмдi. Бара жатты тiлiп ұшып көгiмдi Аппақ ұшақ аппақ кездiк секiлдi. Еңсенi ездi ауыр қара мұң шығып. Көкiрегiм қарс айырылды күрсiнiп. Тұла бойы тыжырынып, түршiгiп Дүние тұр бiр уыс боп тұншығып. Бұл өмiрде сор да көрдiк, бақ сездiк. Қуанышты, Қайғылы да шақ кездiк. ...Аспанымның аппақ майын ақтарып Iреп сойып бара жатты Ақ Кездiк.

ЭКСПРОМТ

Көңiл нала, Ұйқы шала. Iште жара. Айнала Қиқым-қара, – Ойлары – Құлқын ғана.

БЕЙПIЛ

Тұтамды – Ұзын құлаш қып, Айтады жоқты рас қып. Өн бойы оның былғаныш, Өн бойы оның ластық. Мылтығын кезеп оқтап тұр. Күйдiрiп жанды шоқ сап тұр. Алдында жұрттың Аузына Не келсе соны оттап тұр. Мүдiрiп, Яки саспайды. Ұялып, Яки қашпайды. Кiм болсын, мейлi, бәрiбiр Бүлдiрiп, Былғап тастайды. Сөзiнен шыдам сынады, Сөзiнен құлақ тұнады. Аузына ақ ит кiредi, аузынан көк ит шығады. Бiреуi сонсоң арпылдап, Бiреуi кетер арсылдап, – Елiнiң кiрер етiне Азу тiстерi қаршылдап!

Ондағы сұмдық зор бүлiк Жiберер үгiп бор қылып, – Ардақтарымды сорлатып, Азаматтарымды қор қылып. Тiлемен мұны қасыма! – Құсады адам асыма. Жуындысын, – Құдай-ай! – Төгедi халық басына. Түзелiп iзi көшiңнiң Кiредi қашан есiң бiр, – Айырылып кеткiр ауызың, Түбiнен тiлiң кесiлгiр!

БАУЫРДАҒЫ ТАС

Шүкiр, аман жер шебi, – Аман бақ та, бауым да... Бiрақ басып еңсенi Тас жатыр ғой бауырда! Дүниемен арбасқан Сөйлесек те жалындап, – Бауырдағы сол тастан Жүрмiз қазiр ауырлап. Жүк түсiрiп тiлекке Айналған бiр жараға, – Жатыр тастар жүректе, Жатыр тастар санада! Құрдымдарға батамын Тас төбемнен ұрғандай... ...Армандар да ап-ауыр Тас көтерiп тұрғандай. Жетсiн еп пен себiмiз Жата алмаймыз шалқалап... Жүргендеймiз көбiмiз Қара жартас арқалап. Қар-жаңбыры аралас Бұл өмiрге телiндiм. Түсер ме екен қара тас Иығынан елiмнiң. Ойлап – ағып жасым да! – Отырамын шөмейiп Бауырдағы тасым да Бара жатыр көбейiп...

Тiлегiм тек – бiлiңiз! – Елдi қорлап сөкпейiк, Бiрiмiзге бiрiмiз Тасбауыр боп кетпейiк!

ӘУЛЕКI

Сыймайсың аспан асты, жер бетiне. Даярсың түкiруге ел бетiне. Өңештi кепкен көндей жыртатұғын Тап болдық сен сияқты әулекiге. Жимайсың, – Бiлем ендi! – Айылыңды. Бiлмейсiң кiнә менен айыбыңды. Қарақан – қара бақыр! – басың үшiн Талайсың Парасат пен Пайымымды. Бiлмейсiң мейiрiм мен қайырымды. (Үмiтiм сенен ендi майырылды). Танымай жүр екенсiң Жайыныңды! – Бiр түртiп жоқ қылатын қайығыңды. Бiр болып сұрқиямен зәлiмменен Кезiң бұл сөзге ие боп «дәуiрлеген». Жабысқан балағына Арыстардың Тұрпатың құрысыншы шәуiлдеген.

КӨШЕ МҮЙIСIНДЕГI ЖАЛҒЫЗ АҒАШ

Дау-дамайдан адастым Өзiмше ой кешемiн, – Дегендей-ақ ағаш тұр Мүйiсiнде көшенiң. Жаңбыр құйып, Ышқынып.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙