TELEGEI

Home

Сақалды қыз

Нұрғали Ораз

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сақалды қыз

Нұрғали Ораз шығармалары әр алуан тақырыбымен, жоғары талғамымен ерекшеленеді. Әңгімелерінде артық дүние жоқ. Себебі, шынайылыққа құрылған шығармада өмір құбылыстары суреттелген. Ақ көңіл қасиет, парасаттылық – әңгімелерінің басты өзегі.

әңгіме Шынымды айтсам, мен оның салған суреттеріне бәлендей бір мән беріп, қызығушылық танытып, ойлана қараған кісі емеспін. Сондықтан да суретші досымның бейнелеу өнеріндегі өзіндік орнын да, өмір бойы тынымсыз салып өткен картиналарының шынайы бағасын да білмеймін. Ағымнан жарылсам, астаналық жазушы ретінде перифериядағы талапкердің ізденіс-ұмтылыстарына биіктен, астамси қараған, көзге ілмеген кездерім де болған. Облыс орталығындағы ескі вокзалдың перронына табаным тиер-тиместе қол жүгіме жармасып, содан қашан жолсапарымның мерзімі аяқталып, келген жағыма қайтып кеткенге дейін қандай қызметіме болса да әзір тұратын ақ көңіл, адал достың кіршіксіз ақ пейілін бір-екі ауыз болса да жылы лебіз дәметкен жарамсақтыққа жорыған шақтарымды да енді жасырғым келмейді... “Біреуді қожам десең, ол сені құлым дейдінің” кебі ме, жылдар өте келе оның со дос көңілі мен адал қызметіне бойым үйреніп, ежелден солай болуға тиісті нәрседей қабылдай беруге дағдыланғанмын. Оның үстіне менің әр нәрсеге кінәмшіл, кірпияз паңдығым мен оның анау-мынауды елең қыла қоймайтын салдыр-салақ, кең қолтық мінезі бетпе-бет ұшыраса қалғанда, кейінгісі алғашқысына жол беріп, қолындағы сөмкесін алып, аңқалаңдап артынан еріп жүре беретіндей көрінуші еді. Ол өзінің үсті-басының, киім-кешегінің тазалығына да аса мән бере қоймайтын. Қай кезде жолыға қалсақ та сақал-шашы өсіп, жаға-жеңі кірлеп жүретін. Кейде бір қызмет бабына қарай осы облыстағы лауазымды қызметкерлердің қабылдауына бара қалғанымда мен оны сыртта, есік алдында қалдырып кететінмін. Ол оған титт?й де ренжімейтін. Қайта иығынан бір ауыр жүк түскендей қуанып, кеудесін кере жеңіл тыныстап қалағандай болатын. Анығында мен оның олпы-солпы түрінен іштей жиіркеніп, өзімнен алыс ұстауға тырысушы едім. Тарақ атаулының тісі батпайтын қайратты бұйра шашы егістікке шыққан түйеқарындай қауқиып, қалың қара қастарының астынан сығырайып әрең көрінетін қысық көздерін бар салмағымен жаншып жатқандай көңілімде бір аяныш сезімін туғызатын да, көзімді тез тайдырып әкетуге асығатынмын. Таңырайған келте танауы... әсіресе, талай-талай дастарқандарда бірге отырып тамақ ішкен сәттерімізде өзінен өзі терлеп-тепшіп, мұрнын қайта-қайта пысылдатып тарта беретін жаман әдеті тіпті ұнамайтын-ды. Кейінгі жылдары кітаптарым жиі жарық көріп, тұрмыс-тіршілігім едәуір түзелген соң, су жаңа машина сатып алдым да, бұдан былайғы жерде жолсапарларға өз көлігіммен шығатын болдым. Өткен жазда осы облыс орталығында жолыға қалғанымызда, бұл жаққа келе жатқаныңызды неге айтпадыңыз, өзім күтіп алатын едім ғой деп өкпе-назын білдіргені де есімде. Бірде ол менің уақытымның тығыз екендігіне қарамай, қиыла өтініп, қолымнан сүйрегендей боп өзінің шеберханасына алып барды. Қазір анық есімде жоқ, институттың ба, әлде колледждің бе қоймасы болып саналатын ескі сарайдың бір бұрышындағы қуықтай бөлме екен. Ол іште емін-еркін жүріп көруге мүмкіндіктің жоқ екенін айтып, арзанқол рамалармен жиектелген картиналарын бір-бірлеп сыртқа шығарды да, іргесін су шайып, қызыл кірпіштері мүжіле бастаған қабырғаға қаз-қатар сүйеп қоя бастады. Жаймашуақ көктем еді. Табиғат өзінің бар бояуын жарқырата көрсетіп, өзге бояуларды менсінбей, мұрнын шүйіре қарап тұрған шақ-тын. Соның әсері ме, суретші досымның картиналары табиғат картинасының алдында солғын тартып, күлімдеген күн көзінен “ұялғандай” сиықсыз көрінген. Менде анық бір кесімді пікірімді айта алмай, бірінен соң біріне көзімді алып қашып, күмілжи бергенмін. Ол көкпенбек көк шалғынның үстінде аяқ-қолын тарбайтып, тыр жалаңаш жатқан балпанақтай сәбидің бейнесі кескінделген картинасын қолымен нұсқап:

– Міне, мына суреттен не көріп тұрсыз? – деді мен білмейтін бір құпия сырды ішіне бүгіп тұрғандай екі көзі ұшқын атып. – Бұл – ғарыш перзенті! Әне, оның әкесі... Әкесінің қос жанары сәбидің әр қимылынан көз жазбай, бақылап тұр!..

Ол картинадағы көгілдір аспан төсіндегі таңғы көштен қалып қойған қос жұлдыздай сығырайған қос таңбаны көрсетті. Мен өзімнің кәсіпқой сыншы емес екенімді, сондықтан да көркем өнер сырларына тереңдеп үңіле алмайтынымды айтып, ақталғандай болдым.

– Жоқ, – деді ол басын шайқап, үзілді-кесілді келіспейтіндігін білдіріп, – түсінуге тиістісіз! Өйткені сіз де, мына мен де, жалпы, жер басып жүрген пенделердің барлығы да ғарыш перзенті!

– Демек, мына картина да солай аталатын болғаны ғой...

– Дәл таптыңыз! – деді ол екі көзі шоқтай жайнап. – Солай аталады. Бұған одан басқа ат тауып қою мүмкін емес!..

Осыдан соң ол өз картиналарындағы ойдың бәрі де ғарышпен байланысты екенін, өйткені суреткер санасына келіп қонып, қылқалам арқылы жарыққа шығуға ұмтылатын идеялардың барлығы да ғарыштан жететінін қызбалана айтып, мағ?н тереңірек түсіндіруге тырысты. “Идея дегеніміз – ғарышта қалқып жүретін материясыз сана. Онда олардың иесі де, таратушысы да жоқ. Бірақ олар әлсін-әлсін жер бетіне қарай ұмтылып, қайсыбір жандардың санасына қонып, бейнелеу, музыка немесе сөз өнері арқылы таралады. Ал оларды таратушылар – суретші, композитор, жазушы немесе философ атанып жатады. Әрине, суреткер талантын, шығармашылық ізденісін ешкім де жоққа шығара алмайды. Себебі, белгілі бір уақыт аралығында кезегімен жер бетіне жақындап келетін ғарыштық идеяларды дәл сол мезгілде бір емес, бірнеше қабілетті адамдардың ми-локаторлары қабылдап үлгереді. Бірақ дер кезінде қабылдау бар да, оны қорытып, өңдеп, тарату тағы бар емес пе! Міне, біздің – талант, ізденіс, жаңалық деп жүргендеріміз де сол! Кім елгезек, ізденімпаз, ең бастысы, еңбеккер болса, сол ғарыштық идеяны өзгелерге қарағанда тезірек тарата алады. Содан соң барып: “Әттеген-ай, сол ой менің де басымда болып еді-ау!” дейтіндей ішкі таңданыс, өкініш, әрі-беріден кейін қызғаныш та туады...” Рас-ау,?деген ой келіп еді маған сонда. Бірақ бұл жаңалық біз дағдыланғандай күнделікті баспасөз беттерінен, радио-теледидардан жиі насихатталып, биік мінберлерден жиі айтылып жатпағандықтан, қайтып еске алмағанмын. Олар тұратын облыс орталығына осы жолы келгенімде өзім таяуда ғана танысқан бір дәулетті кісінің үйінде, аста-төк мол дастарқанның басында отырып әңгіме арасында суретші досымның бұдан бір ай бұрын бақилық сапарға аттанғанын есітіп, үнемі қасымда жүретін жанашыр, аяулы, бейкүнә жан маған өкпелеп, бір ауыз сөз де айтпай, барса келмеске кетіп қалғандай өзімнен-өзім қысылып, ыңғайсыз күй кештім. Мен үшін оның орны бөлек екенін осы жолы алғаш сезіндім, бірақ енді бәрі де кеш еді... Ертеңіне марқұм суретші досымның анасына көңіл айту үшін қасыма бір таныс кісіні алып, үйіне бардым. Бірінен бірі аумайтын сұрғылт бетон-қораптардың бірінде, екі бөлмелі аядай ғана пәтерде тұратын анасы мен қарындасының сынық жүзі мен жүдеу тұрмысын көргенде, мен оның үйленбей, бұл өмірден бойдақ күйінде өткенін есіме алдым. Неге өйтті екен?... Ол туралы біздің арамызда әңгіме де болмапты-ау тіпті. Сурет... сурет...Оның бар айтар әңгімесі, ішіне бүккен сыры, бақыты мен соры – сол сурет еді-ау!.. Ақыры содан не опа тапты?.. Біз оның кәрі шешесі мен өзіне ұқсайтын жалпақ бет, қысық көз қарындасына көңіл айтып, сыртқа шығуға беттегенімізде: “Егер сіздер қарсы болмасаңыздар, кез келген бір суретін естелікке алайын деп едім”, деген өтінішімді айттым. Анасы үнсіз қызына қараған. Ал ол маған жалт бұрылып: “Әрине, болады, – деді қуанып. – Бірақ ол үшін көкемнің шеберханасына баруымыз керек!” Мен басымды изедім. Біз баяғы ескі сарайдың бір бұрышындағы шағын шеберханаға келдік. Есікке салынған үлкен қара құлыпты ашып, суретшінің қарындасы мені ішке кіргізді де: “Қалаған картинаңызды алыңыз, – деді шын ықыласымен. – Көкем сізді жақсы көруші еді!.. Аузынан тастамай айтып отыратын.” Мен іштей ыңғайсыз күй кешіп, марқұм досымның көзі тірісінде қадіріне жете алмағаныма өкіндім. Шаң басқан картиналардың арасынан баяғы суретшінің өзі көрсеткен “Ғарыш перзентін” таңдап алдым. Содан соң ішкі қалтамнан әмиянымды алып, әлгі қарындасқа қызылқұлақ бес мың теңгелікті ұсындым. Ол менің бетіме таң қала қарап тұрып: “Мұныңыз не?” деді сыбырлай сөйлеп. “Бұл картинаның әлдеқайда қымбат тұратынын білемін, – дедім ойымды барынша сыпайы жеткізуге тырысып, – бірақ әзірге..” “Жо-жоқ, – деді ол сөзімді аяқтатпай кейін шегініп. – Алмаймын! Сіз көкемнің досы емессіз бе?!.” “Өнер туындылары сатылады ғой, айналайын. Мұның ешқандай сөкеттігі жоқ”. “Бәрібір алмаймын. Қызық екенсіз...” Мен не істерімді білмей тосылып қалдым. “Жарайды... жарайды,– дедім қызды ренжітіп аламайын деп. – Тек ренжи көрмеші, қалқам...” “Жо-оқ, о не дегеніңіз! Ренжімеймін ғой, – деді ол қайтадан жайдары қалпына түсіп. – Түсінемін ғой сізді. Бірақ көкемнің салған суреттерін ешкімге де сатпаймын!” “Сонда...” – дедім мен бөлмедегі картиналарға қарап иегімді қағып. Ол менің не демек болғанымды айтқызбай-ақ түсінді де: “Рас, мына сарайдың иесі бөлмені босатыңдар, әйтпесе ақысын төлеңдер деп күн ара міндетсініп жатыр, – деді. – Енді мен бұл картиналардың біразын көкемнің оқыған мектебіне тарту етемін, біразын өзіңіз секілді достарына сыйлаймын, содан қалғанын үйге апарып қоямын”. Бірге туған қарындасымдай мені бауыр тартып, бүкпесіз шындығын айтып тұрған қызға іштей риза болдым да: “Мен мына кітаптарды да қарап көрсем қайтеді ә?!. – дедім қабырғаға қағылған сөредегі біраз кітаптарға көзім түсіп.” Әрине, көріңіз, көріңіз, – деді ол марқұм ағасы сияқты шын пейілімен бәйек болып. – Сіз көкемнің ең жақын досы емеспіз бе. Тек өмірінің ақырғы күндерінде қасында бола алмағаныңыз өкінішті-ақ. Бірақ бәрі де күтпеген жерден болды ғой... Таңертеңгісін үйден шығып бара жатып‚ кенет бір жағына қарай жантайып құлап қалды. Содан жедел жәрдем шақырып‚ ауруханаға апарғанда да есін жиған жоқ. Дәрігерлер миына қан құйылған дейді...” “Бір адамның бүкіл өмірін сарп етіп салған мынау картиналары енді кімге керек‚ – деген ой келді маған. – Ол өзінің ұлы суретші бола алмайтынын білді ғой. Бірақ сонда да өнерді тастап кете алмады. Сұлу әйелдің арбауына түсіп қалған ақымақ еркек сияқты салпақтап‚“азат басы құл болып”‚ бәріне көніп‚ бәріне төзіп жүре берді. Сонымен... ақыры не болды? Не болды?.. Не болғанын өзге түгілі‚ өзі де сезбей кеткен жоқ па?..

Кенет бойымды қорқыныш билеп‚ денем қатты түршігіп кеткендей болды... Сөредегі кітаптардаң көбісі атақты суретшілердің альбомдары‚ ұлы тұлғалардың естеліктері‚ аузымен құс тістеген қайсыбір қайраткерлердің мемуарлары екен. Солардың арасынан қолыма бір қалыңдау дәптер ілікті. Ішіндегі маржандай тізілген көркем жазу марқұм суретші досымның өз жазуы сияқты‚ көзіме оттай басылды. Алғашқы бетіндегі бір-екі сөйлемін оқығаннан-ақ лап етіп қызығушылығым тұтанып‚ оның көзі тірісінде бізге айта қоймаған сырлары осы дәптердің ішінде жасырынып жатқандай болды. “Мына дәптерді де әзірге... ала тұрайын‚ бір екі күннен соң қайтарамын‚” – дедім досымның қарындасынан тағы да өтініп. “Алыңыз‚ – деді ол. – Бұл да көкемнің бір қымбат дүниесі шығар. Біржола алам десеңіз де өзіңіз біліңіз. Мұнда қалғанмен‚ оның қадіріне жете алмаспыз‚ жазу-сызудың сыры сізге жақсы мәлім ғой...” Сол күні түнге қарай қонақ үйде жалғыз қалғанда кезде әлгі қоңыр дәптердегі жазбаларға үңілдім. “1983 жлдың күзінде Қарлытаудың бөктеріндегі Қамысты ауылына келдім‚ – деп бастапты. – Бар ойым осындағы табиғат көріністерін кенепке түсіріп алу. О-о бұл өлкенің күзгі бояуы ғажа-ап болады. Әсіресе батар күннің ілкі бір мезетінде жалт етіп көрініп қалып сөнетін қызғылтсары-қоңыр түс – бақидан пәниге түскен жұмақ сәулесі секілді. Бұл ауылға келуімнің өзі бір жыр болды. Бұралаң-бұралаң тау жолымен ыңыранып‚ күшеніп‚ қайсыбір тұстарда қаусаған сүйегі шашылып қалардай селкілдеп-қалшылдап бесін ауа әзер жеткен пұшық сары автобустан мольбертімді қолтықтап‚ сақал-шашым желбіреп түскен менің пошымым көше-көшеде топтанып ойнап жүрген майда-пашақ балаларға қызық көрінді білем‚ тұс-тұстан маған қарап саусақтарын шошайтып‚ күліп жатқан сияқты. Бірақ бұл ауылдың басқаға таң қалса да‚ сақалға таң қалмайтынына сол күннің ертеңіне-ақ көзім жетті.Себебі мұнда шоқша сақал‚ қаба сақал‚ ата сақал‚ күйек сақал дейсің бе‚ әйтеуір неше алуан сақалдар толып жатыр. Тіпті... Жо-жоқ... Айта алмаймын. Күн сайын мольбертімді қолтықтап алып‚ тау бөктеріне барып сурет салып жүрдім. Күзгі бояулардың кереметін тілмен айтып жеткізу қиын. Ал кенепке түсіру мүлде мүмкін емес. Есіңнен тандырады! Аяқ астынан мол қазынаға тап болған пақырдай не істеріңді‚ қалай көтеріп әкетеріңді білмей‚ алақ-жұлақ етіп‚ асып-сасқаннан басқа түк келмейді қолыңнан. Бұл сірә‚ сұлу табиғаттың қысқы өлім алдындағы бой жазып‚ жасануы шығар, кім білсін. Мен сол сиқырлы бояулардың арасында адасып‚ әрқайсысына бір алданып‚ сергелдеңге түсіп жүрдім. Тағы да қанша жүрерімді кім білсін‚ егер де... Иә‚ маған кенет мынау мың сан бояулардың ішінен өз бояуымды табуым керек‚ мейлі‚ ол басқалардай соншалықты әдемі болмай-ақ қойсын‚ көздің жауын алып жұтынып тұрмай ақ қойсын, бірақ өз бояуым болуы керек деген ой түсті. Қалай дейсіз ғой. Әрине, ғарыштан! Қазір ойласам‚ менің осы ойым мен осыдан кейінгі күтпеген кездесудің арасында бір құпия байланыс бар сияқты көрінді. Бірде кеш бата шаршап-шалдығып таудан түсіп келе жатып‚ өзен жағасында шекем тас теріп ойнап жүрген үш-төрт қыз балаға кездесіп қалдым да‚ бұрын-соңды өңім түгілі‚ түсімде көрмеген бір сұмдықты көріп‚ өз көзіме өзім сене алмай қалшиып қаттым да қалдым. Шынымды айтсам‚ алғашқыда бойымды қатты қорқыныш биледі. Өзен жағасында алаңсыз ойнап жүрген әлгі жап-жас қыздардың самайынан бастап‚ иегінің астына дейін жапқан қауқиған қаба сақалдары бар еді!?. Бұлар сірә‚ адам емес‚ кешкі апақ-сапақта судан шыққан сайтандар болар деп ойладым. Көзімді бір ашып, бір жұмдым. Астапыралла‚ астапыралла деп‚ ішімнен қайта-қайта қайталап‚ ауылға қарай тезірек жүрейін десем‚ екі аяғым жерге жабысып қалғандай тұрған орнымнан қозғала алмаймын. Бірте-бірте есімді жиып‚ әлгі қыздардың бәрінің емес, біреуінің ғана сақалы бар екенін аңдадым. Бәлкім күн батар шақта менің көзіме қос көрінген шығар‚ бұлардың мүлде сақалы жоқ‚ жай әшейін өздерімен өздері ойнап жүрген осы ауылдың қыздары болар. Қазір көзімді қайта жұмып-ашсам‚ бер жақтағы қыздың да қауқиған сақалы “түсіп” қалар... Жоқ. Сол қалпы. Әлі тұр. Осы кезде қыздардың да назары маған ауғанын байқап қалдым‚ орталарындағы біреуі: “Өлә-ә‚ анау ағай бізге тесіліп қарап тұр!” деді дауыстап. Содан соң бірін бірі түртіп: “Кетейік! Кетейікші тезірек!” деп ауылға қарай асыға бастады. Кешкісін өзім құдайы қонақ боп келген үйдің кемпірінен естідім: “Иә-ә‚ шырағым‚ бұл ауылда сондай бір сақалды қыз бар. Шыр етіп дүниеге келгенде сөйтіп түкті болып туған. Кім білсін‚ ол да болса‚ Алла тағаланың бізге көрсетейін деген кереметтерінің бірі шығар...

“Аты кім?” “Аты ма?.. – деп‚ кемпір қапелімде есіне түсіре алмай‚ тамның бүғатына қарап ойланып қалды. – Кім еді-ай?.. – деді содан соң менің өзімнен сұрағандай болып. – Тілімнің ұшында тұрғанын қарашы. “Нышанды қыз”‚ “Сақалды қыз” деп‚ аузымыз соған әбден үйреніп кетіпті ғой қараңқалғыр! Е-е... иә‚ енді есіме түсті‚ әп-әдемі аты бар‚ Үміт деген!..”

“Дәрігерге қаратқан ба?” “Қаратқан! Қаратқанда қандай‚ лөктірге де‚ тәуіпке де‚ бақсы-балгерге де алып барған әке-шешесі. Бірақ солардың ешқайсысынан қайран болмады ғой...”

“Бұл жақтағылардың шамасы келмеген шығар емдеуге”. “Басқа жаққа да көрсеткен! Тіпті‚ сонау Мәскеуден бір прәпесір де келген. Әрі қарап‚ бері қарап‚ қызды өзімізбен бірге алып кетеміз дегенде‚ көнбей қойған әке-шешесінің өзі. Іштен шыққан перзент қой‚ қайтіп қисын... Е-е‚ құдай-ай‚ бұ да бір тағдырдың тәш-піші де! Екі көзін жәудіретіп‚ қалай жіберсін алысқа...” Сол күннен бастап әлгі сақалды қызды жақыннан бір көруге аңсарым ауды да тұрды. Бірақ жуық арада соның сәті түсе қоймады. Менің төбем көрінгеннен ол қасқырдан үріккен еліктің лағындай алыстан зымырап қашатын болды. Кімнің шығарып жүргенін білмеймін‚ ауыл ішінде: “Қаладан келген суретші сақалды қыздың суретін салмақшы екен‚” деген қаңқу сөз тарап кетіпті. Ондай ой менің басыма келмеген. Күлдім де қойдым. Алайда сақалды қыздың түрін жақыннан бір көрсем деген аңғал әуестігім ауыл ішінде алыпқашпа әңгіме туғызғанымен қоймай‚ онсыз да көлденең жұрттың көзі мен сөзінен сескеніп әбден жүйкесі жұқарған бейшара қыздың жанын жаралағанға ұқсайды. Мен оны бірақ‚ кейін білдім‚ кеш білдім... Ертең қайтпақ болып‚ жолға жиналған күні кешкілік мені сол ауылда өтетін бір тойға шақырды. Қызық-думанға құмарлығым‚ қыз-қырқынға ебім жоқ, ебедейсіз басым не істерімді білмей ойланып тұрғанымда‚ үй иесінің кемпірі: “Шырағым‚ ертелі-кеш ала қағазға үңілемін деп‚ өмірдің өзге де қызықтарынан құр қалма. Бас екеу болмай‚ мал екеу болмайды‚” деп бастырмалата сөйлеп‚ есімді шығарып жіберді. Соған қарап‚ мені “тойға шақыру” да осы кемпірдің “идеясы” шығар деп ойладым. Әйтсе де менің сол тойда ауыл жастарымен әмпәй-жәмпей болып‚ көңілімнің жарасып кете қойғаны шамалы. Жұртқа жұғымымның жоқ екенін тағы да бір дәлелдеп‚ ешбір топқа қосыла алмай‚ ең соңында жалғыз өзім сопайып бір бұрышта қалдым. Сонсоң ескі бағана секілді ешкімге керегім болмай состиып тұра беруге ыңғайсызданып‚ ырду-дырду көпшіліктің ішінен елеусіз ғана сытылып шығып‚ үйге қарай аяңдағанмын. Кенет ауыл арасындағы тар көшені жиектей созылған тал шарбақтың ішінен біреудің: “Ағай!” – деген жасқаншақ‚ нәзік даусын естідім. – Ағай дейім‚ тоқтаңызшы!..” Мен қалт тұра қалдым.

– Ағай‚ – деді әлгі жасқаншақ дауыс тағы да. – Сізге бірнәрсе айтайыншы деп едім.

– А-а... Қайдасың-ң?..

– Мен... мен мұндамын.

Енді байқадым‚ тал шарбақтың ар жағынан біреу сығалап қарап тұрған сияқты. Бір-екі қадам жақындап‚ не айтар екен деп құлағымды тостым. Ол бір жақтан жүгіріп келгендей демін жиі алып‚ ентігіп тұрған сияқты.

– Сен кімсің? – деп сұрадым даусымды ақырын ғана шығарып.

– Мен... мен Үмітпін...

“Ә-ә... Сақалды қыз?..” деп іштей таңырқап‚ сәл тосылып қалдым. Ол да үндемеді. Шамасы‚ маған әлгі “бірнәрсені” айта алмай‚ толқып тұрған сияқты.

– Иә‚ не айтасың? – дедім сыбырлап.

– Ағай‚ сіз менің суретімді салмаңызшы‚ жарай ма. Өтінемін. Салмай-ақ қойыңызшы...

– Жо-оқ... оны кім айтып жүр саған?

– Осы ауылдағылардың бәрі де айтад...

– Мен сенің суретіңді салмаймын, – дедім мен басымды шайқап. – Ондай ойым жоқ. Жалпы, мен... мұнда тек табиғат пейзаждарын жазу үшін ғана келгенмін.

– Қалай?..

– Кәдімгідей.

– Әріптермен бе? – ол мырс етіп күліп жібергендей болды. Мен де езу тарттым.

– Жоқ. Бояумен жазамын, – дедім оның күлгеніне қуанып. – Біз, суретшілер осылай сөйлегенді ұнатамыз. Өйткені “сурет саламын” дегенге қарағанда, “картина жазамын” деген сөздің мағынасы әлдеқайда терең. Түсіндің бе?

– Иә. Ағай...

– Әу?

– Сіз менің суретімді салмайсыз ғой, иә? Шын ғой...

– Жаңа айттым емес пе. Немене, маған сенбей тұрсың ба?

– Жо-оқ, сенем ғой... Бірақ ауылдағылар айтад, сіз менің суретімді салып, көрмеге апарып іліп қоясыз дейт... Онда... онда адамдардың бәрі де көреді ғой...

Мен енді не дерімді білмей, үнсіз қалдым. Ол тағы да сезіктеніп, маған үрейлене қарап тұрған секілді.

– Егер... егер, – деді ол қайтадан булыға сөйлеп, – сіз менің суретімді салатын болсаңыз бар ғой, онда... онда мен өлемін!

Ол кемсеңдеп жылап қоя берді. Мұны күтпеген мен мүлде сасқалақтап қалдым.

– Кім... кім... Үміт, айналайын, сен жыламашы. Олар өтірік айтады. Мен сенің суретіңді ешқашан да салмаймын. Ондай ой менің басыма келген емес. Сен білмеуші ме ең, кейде адамдардың осылай өтірік айтатын кездері болады. Сен оларға сенбе! Білдің бе, сенбе!..

Мен шарбақтың арасынан қолымды созып, оның басынан сипадым. Содан соң бейкүнә қыздың көз жасын сүртпек болғанымда, саусағымның ұшы сақалына тиіп кетіп, денем дір ете қалды. Ол сезді... Сезді де, басын тез тартып ала қойды.

– Мен ертең қайтамын, – дедім қолыммен шарбақтың талынан қыса ұстап тұрып, – сен ештеңені де уайымдамай, сол баяғысынша достарыңмен ойнап-күліп жүре бер, жарай ма. Мен ешқашан да, ешқашан да сенің суретіңді салмауға уәде беремін. Әр суретшінің өзінің көңілі қалаған тақырыбы, ойы, идеясы болады. Сурет арқылы адамдарға бірнәрсені айтып түсіндіргісі келеді. Ондай ой сенде де болатын шығар-ау... Мүмкін, Үміт, сен де суретші боларсың, а?..

– Жо-оқ, – деді ол даусын таңдана созып. – Менің оған икемім жоқ қой, ағай. Сурет сала алмаймын ғой. Сізге ғана айтайын, аhа, менің... менің дәрігер болғым келеді. Ең алдымен өзімді-өзім емдесем деймін. Ағай... сіздің әңгімеңіз қызы-ық екен. Мен осылай, адамдармен түнде сөйлескенді жақсы көремін. Бұрын сізден қатты қорқып, алыста-ан қашып жүруші едім.

– Білем... Енді қорықпа, жарай ма. Ұялудың да қажеті жоқ. Міне, көрдің бе, менің де сақалым бар.

– Иә. Бірақ сіз ер адамсыз ғой. Ер адамдарға ол... жарасады. Ал қыз балаларда болғаны – қорлық!.. Егер мен ер бала болғанымда бар ғой, онда бәрі де басқаша болар еді. Ешкімнен ұялмай, балалар “шал” деп мазақтаса да қорланбай, бәрімен ұрсып-төбелесіп жүре берер едім. Кейде соны ойлап, түнімен жылап шығамын.

– Оның не, Үміт?! Сен жылама...

– Құдайдың өзі өстіп жылатып қойса, қайтемін, ағай!..

Жүрегім шым ете түсті. Жап-жас қыздың аузынан мұндай салмақты сөз естимін деп ойламап едім. Беу, тағдыр-ай, сенен шебер, сенен ұлы ұстаз жоқ, сен бәрін де үйретесің.

– Ал сау бол, Үміт, – дедім мен ертең жолға шығатынымды есіме алып. – Көріскенше күн жақсы болсын! Қалаға келе қалсаң, хабарласуды ұмытпа. Суретші Сағындықов десең, мені бәрі де біледі.

– Сау болыңыз, ағай! – деді ол шарбақтың ар жағынан басын шығарып.

Мен өз жөніммен ұзай бердім. Кенет:

– Ағай, – деп дауыстады ол арт жағымнан. – Сіз біздің ауылға тағы да келесіз бе?

– Білмеймін, – дедім мен иығымды қозғап. – Мүмкін келіп те қалармын...

Бірақ ол ауылға қайтып менің жолым түскен жоқ. Сақалды қыз да бірте-бірте санамнан өшіп, көңілімдегі суреті көмескі тарта берді...” Осы бір тұсқа жеткенде қоңыр дәптердің екі-үш бетін суретшінің өзі жыртып тастапты. Одан кейін жалғасатын алғашқы абзацты да шимайлап өшіріпті. Неге өйтті екен? Ол енді, мәңгі жұмбақ...

Менің қолымдағы суретшінің жазбалары ары қарай былай басталады: “... Аh, оңбаған! Оңбаған! Фотожурналист болсаң қайтейін, өзің де бір... ұят та, ар да жоқ екен! Бүгінгі газеттегі суретті көргенде қаным басыма шапшып, ызаға булығып, теріме симай кеттім. Масқара! Мына суреттің шыққанын білсе, қорланып өлетін болды-ау бейшара қыз!.. Сенсация аулаған газеттегі сақалды қыздың суретін көргендердің екі көзі шекесіне шығып, бір-біріне саусақпен шұқып көрсетіп жатыр. Автобуста, көшеде келе жатқанда да мен солардың бірнешеуін байқадым. Апыр-ай, адамдар осы қандай, ә?! Біреудің қасіреті біреуге қызық болып көрінетіні несі?.. Оңбаған, жылпос! Қайтіп түсіріп ала қойды екен?! Сірә, байғұс қыздың безілдеп қашқанына да қарамай, алды-артын орап, жанталасып жүріп түсірген ғой. Иә, ондай арсыздыққа барудан таймайды ол. Үміт тіпті, бетін басып та үлгере алмапты, қалың сақалы ұйысып, ап-анық көрініп қалыпты суретте. Рас, мен оған берген уәдемнен айныған жоқпын. Әйтсе де әлгі арсыз журналистпен бір қалада тұратындықтан, өзімді біртүрлі кінәлі сезінемін. Осыдан соң әлгі тау бөктеріндегі ауылдан көпке дейін бір сұмдық үрейлі хабар күттім. Тіпті, сол дерегі белгісіз беймәлім сұмдықтың алдын алу үшін ол жаққа әдейі барып та қайтпақ болдым. Бірақ әлденеге жүрексініп, өз жолымды өзім бөгей бердім. Бір жақсысы, ол жақтан ешқандай жаманат хабар естілмеді. Уақыт өткен сайын бұл оқиғаның да уыты қайтып, көңіліме ұя салған күдік ұшып кетті. Тіпті, анау жылпос фотожурналистің де дәмесін ақтамай, көп ұзамай сенсация болудан қалды. Бір жағынан, осы бір оғаш оқиғаның біз әуелде байқамаған жылы лебі, оңды әсері де болды ма деп ойлаймын кейде. Неге дейсіз бе? Әлгі оқиғадан соң мен әлемдегі сақалды әйелдер туралы қаншама адам таң қаларлықтай деректер, қызықты әңгімелер естідім десеңізші. Олар тіпті, өз алдарына цирк ашып, дүние жүзін аралап жүріп өнер көрсетеді екен ғой. Сақалдарын әдейі ұзартып, әр нәрсеге әуес, қылт еткенге қызыққыш елдің көңілін аулап, мәз қылғаны былай тұрсын, сол арқылы мол табыс тауып, байитын да көрінеді. Біздің қалада суретшілерге ауадай қажет бояу, кенеп, қыл қалам, мольберт, палитра секілді асай-мүсейлерді орталықтағы бір-ақ дүкенде сатады. Содан да болар, олардың бағасы удай қымбат. Алсаң – ал, алмасаң – қой, бәрібір қайта айналып бізге келесің дейтін сияқты. Бірде сол дүкенге қалтамдағы бар теңгемді қағып беріп, бояу-сояу алып шығып келе жатыр едім, кенет арт жағымнан біреу: “Ағай!” деп дауыстағандай болды. Жалт – қарасам, жап-жас бір бойжеткен маған қарап күлімсіреп тұр.

– Ағай, мені танымадыңыз ба? – дейді.

Мұндайда қушыкеш жігіттер сияқты аяқ астынан әзіл тауып айтып, оп-оңай үйіріп ала қоятын мен бе, аңқау басым абдырап:

– Жоқ, - деп шынымды айттым.

Ол менің көзіме тура қарап, жымиып тұрып:

– Сіз бұрын біздің ауылға сурет салуға келіп едіңіз ғой, – деді.

“Апыр-ай, қай ауыл еді?.. Мен дегенің мольбертімді қолтықтап, қай түкпірге, қай қиянға бармадым десеңізші!..”

– Тау бөктеріндегі ауыл... есіңізде ме? Сізге мен суретімді салмай-ақ қойыңызшы деп жалынып едім ғой.

– Ә-ә!

Аңғал басым байқамай, “әлгі сақалды қыз сен бе” едің дегендей иегімнің астын бір сипап, тағы да бір әбес қылық жасап алдым. Мұным енді, нағыз миғұланың әрекеті болды да шықты.

– Иә, – деді ол екі бетінің ұшы ду етіп қызарып кетсе де басын изеп, күлімсіреп тұрып. – Мен сіздің танымай қалатыныңызды білгенмін.

– Қайдан таниын, – дедім мен енді өз қателігімді жуып-шаймақ болып, – ол кезде сен тұлымшағың желбіреген кіп-кішкентай қыз едің, енді міне!.. Бойжетіпсің! Мектепті де бітірген шығарсың.

Ол басын изеді.

– Өткен жылы бітіргенмін, ағай. Қазір осындағы медициналық колледжде оқып жүрмін.

Кенет менің құлағыма сол баяғы кіп-кішкентай қыздың: “Сурет сала алмаймын, дәрігер болуды армандаймын”, деген нәп-нәзік үні жеткендей болды. Бірақ оның сақалы бар еді ғой?..

– Әлі де сол бұрынғыдай сурет салып жүрсіз бе?

Мен басымды қайта-қайта шұлғыдым. “Одан басқа менің қолымнан не келуші еді?!”

Содан соң өзімше әзілдеген болып:

– Сен де сол баяғыдай суретіңді салуға әлі де келіспейсің бе? – дедім.

Ол білмеймін дегендей иығын қозғады. “Уақыт көп нәрсені өзгертеді екен ғой, ағай!..”

– Сабақтан босаған кезде уақыт тауып менің шеберханама кел, екеуміз асықпай отырып әңгімелесейік, – дедім мен оған.

Ол басын изеп, келемін деп уәде берді де, қол сөмкесінен кішкентай қойын дәптерін алып маған ұсынды. Мен оған шеберханам орналасқан көшенің атын, үйдің рет санын жазып бердім.

– Ой, жазуыңыз қандай әдемі, – деді ол күлімсіреп. – Маржандай екен!

– Бала кезімде көркемжазу сабағын өте жақсы көретінмін.

– Қазір мектептерде ондай сабақ өтпейді, ағай.

– Өкінішті-ақ...

Сосын екеуміз қоштастық та, мен шеберханама қарай асықтым. ... Оның мұнда қалай келгенін, қашаннан бері сыртымнан бақылап тұрғанын мүлде байқамаппын. Кенептің бір бұрышындағы таудан аққан лайсаңдай қоңыр қошқыл бояудың реңін сәл аша түсу керек пе, жоқ па деп, мольберттен бір-екі адым кейін шегінгенде көзім шалды, ол босағада маған бір, картинаға бір қарап күлімсіреп тұр екен.

– Иә, сен... келіп те қалған екенсің ғой, – дедім мен өзімнің не айтып тұрғанымды өзім де түсінбей.

– Сіз жаңа жұмыс істеп жатқан кезде ән салдыңыз, – деді ол. –Жай... ыңылдап қана...

– Мүмкін. Ондай-ондай болады бізде...

– Мен бұрын естімеген ән екен. Аты не?..

– Білмеймін, – дедім мен желкемді қасып. – Ол сірә, саған ғана емес, жалпы, жұртқа беймәлім, мұрын астынан мыңқылдап қана айтуға болатын ән болса керек. Оңашада адам не деп ыңылдамайды!..

Ол күміс қоңыраудай сыңғыр етіп күліп жіберді. Содан соң аңқау жылы біздің ауылға барғанда салған суреттеріңізді көрсетіңізші деп өтінді. Қас қылғандай, сондағы жазған пейзаждарымды осындағы бір ірі фирманың тұсаукесер тойына сыйлап жіберіп едім. Тек жақтау ағашы көнелеу жалғыз этюдім ғана қалған-ды. Сөреден алып, соны ұсындым. Ол өзі туып-өскен тау бөктеріндегі ауылдың кішкентай бір бөлігін терезеден көріп отырғандай, этюдтен көз алмай ұзақ үңілді. Мен оның бетіне қайта-қайта жалтақтап қарап, көкейімде тұрған сауалдың жауабын іздегендей боламын. Самайынан төмен қарай түскен көкшілдеу жолақ із анық байқалды, ұстарамен қырынып жүр ме екен әлде... Ол менің неге тынышсызданып отырғанымды сезді білем, әлгі суреттен көз алмай отырып: “Қымба-а-ат бір француз кремін жағып жүрмін. Бірақ оның күші екі-үш күнге ғана жетеді, содан соң қайтадан шыға бастайды...” деді. Үміт содан кейін бір ай бойы шеберханаға үзбей келіп жүрді де, кенет маған айтпай аулына кетіп қалғандай мүлде көрінбей кетті. Бір күн, үш күн... бес күн өтті. Алтыншы күнге айналғанда барып маған ақыл кірді. “Апыр-ау, ә дегенде неғып ойыма келмеген десеңізші. Оның пайдаланып жүрген кремі таусылған ғой. Француз кремі, өте қымбат деп еді-ау!..” Дереу киініп, шеберханадан шықтым да, орталықтағы бір таныс дәрігер жұмыс істейтін емханаға қарай тарттым. Әлгі крем расында да, өте қымбат болып шықты!.. Осыдан соң-ақ өтімді-ау деген картиналарымды арлы-берлі тасып, орталықтағы бай адамдардың офисін жағалап, әр қайсысына өлердегі сөзімді айтып жалынып жүріп жарты бағасына әзер өткізіп, әлгі француздардың қымбат кремін сатып алып, Үміттің жатақханасын қалай іздеп тапқанымды тәптіштеп айтпасам да болады. Ол медреседегі діндар қыздар секілді бетін ғана көрсетіп, басын ақ жібек орамалмен тұмшалап алыпты.

– Ой, бұл сіз бе едіңіз? – деп зорлана езу тартты ол мені көрген кезде. Бірақ көздері бұлтты күнгі көлдің бетіндей тұнжырап, мұңайып тұр екен.

Шай дайындамақ болып еді, тамағым кеберсіп тұрса да қарсылық білдірдім.

– Сурет салып жүрсіз бе? – деп сұрады.

– Иә.

– Қандай суреттер?..

– Әр түрлі...

Әшейінде сурет десе суырылып ала жөнелетін әдетімнен жаңылып, тілім күрмеліп, айтуға сөз таба алмай, күмілжідім де қалдым. Қоштасарда қалтамдағы қымбат кремді оған байқатпай үстелдің үстіне қойып кеттім... Бүгін бір сәтті күн болды. Таңертеңгі сағат тоғыздың шамасында қалалық әкімшілікте қызмет істейтін екі шенеунік келіп, таяуда ғана жазып бітірген үлкен картинамды сатып алып кетті. Менімен тіпті, саудаласқан да жоқ, ескі сарайдың ішіндегі шеберханамды қомсынып, тезірек кетуге асыққан сияқты. Өзара әңгімелерінен байқағаным, олар менің картинамды Т. қаласының екі мың жылдық тойына келетін шетелдік қонақтарға сыйға тартпақ. Жаздық жейдесінің түймелері ұшып түсердей тырсылдап тұрған мес қарын сары кісі: “Оңай құтылатын болдық...” деп, ырқ-ырқ күлді. Сірә, менен емес, шетелдік қонақтардан болар. Мейлі, кім тарту етсе де, кімге тарту етсе де өнер ел ішіне таралуы керек емес пе. Ерте ме, кеш пе, оны бағалайтындар табылады ғой. Түске таяу Үміт келді. Мен бүгін аяқ астынан қалай байып шыға кегенімді айтып мақтанып, кешкілік қала сыртындағы “Саялы бақ” кафесіне барайық деп ұсыныс жасадым. Ол күлімсіреп тұрып басын изеді. ...О-о, біз бүгін қандай бақыттымыз! Саялы бақтың төбесінен төне қарап, тамылжып тұрған мейірімді түн менің шешем сияқты алқаракөк мақпал бешпент киіп алыпты. Алқаракөк мақпал бешпенттің өңіріне қадалған таналардай жарқылдаған аппақ жұлдыздар қандай тамаша!... Апыр-ай, бақыт дегеніңіздің өзі де адамның көңіліне тәуелді, адамның көңіліне бағынышты нәрсе екен ғой. “Е-ей, бақыт, мен сенің сырыңды ұғып, құпияңды ашып қойдым! Сен мынау жер бетіндегі адамдарсыз өмір сүре алмайды екенсің. Сенің қадіріңді білетін де, білмейтін де, сені биікке көтеретін де, көтермейтін де осы жер бетіндегі мұңлықтар екен!” – дегім келді шаттанып. ...Мен Үміттің суретін салып жүрмін. Ол шеберханама күн сайын келеді. Ұзақ отырады. “Сурет салу да қиын болады екен ғой”, дейді таңданып. Мен: “Бұл жай ғана сурет салу емес, өнер, бейнелеу өнері, – деймін. – Мұнда бояулар үн қатып, ән салып, би билеп тұруы керек!” Содан соң мен оған киелі өнер туралы, жеті қат көктен келіп жететін тылсым ойлар туралы айтып түсіндіргім келеді. Сөйтіп, сөйлеген сайын қызынып, өзімді өзім ұмытып кетемін. Оны да ұмытамын... Күннен күнге мен оған бауыр басып бара жатқан сияқтымын. Сәл кешіксе, көңілім алаңдап күтемін. Келмей қалса, іздеп барамын. Ол менің өмірлік сыңарыма, осыған дейін қараусыз қалған айдаладағы ескі күмбездей құлазып келген жан дүниемнің шырақшысына айналған секілді... Бүгін міне, екінші күн, Үміт шеберханаға келген жоқ. Түске дейін тықыршып күттім де, тағы да келмеуге айналғаны ма деген ойдан дегбірім қашып, тез-тез киініп, автобус аялдамасына қарай асықтым. Бағытым белгілі... Оның неге келмей кеткенін де іштей сезіп келемін. Тағы да сол... Таусылған ғой! Ол неге сонша қымбат? Біз үшін... Әрине, біз үшін қымбат. Сондықтан да біз: “Алла жазды, біз көндік”, дейміз. Ал байларға түк емес. Олар сонда Алланың жазуына да қарсы күресе алатын болғаны ма?.. О тоба, мен не деп кеттім осы?.. Бірақ енді, қарыз сұрап баратын да ешкімім қалған жоқ. Осыған дейін сұрай-сұрай достарымның да, таныстарымның да мазасын алып біттім, олар мені көрсе, теріс айналып кететін болды. Жатақханаға бардым. Үмітке жолықтым. Ол тағы да басын орамалмен тұмшалап алыпты... Енді не істеймін? Ешқайда бар?ға зауқым соқпай, шеберханадағы фанер тақтаның үстіне киімшең қисая кеттім. Таңертеңгілік қатқан нан мен қара су ішіп отырып, соңғы бір айда Үміттің портретінен басқа ештеңе жазбағанымды ойладым. Ал ол портрет, әрине, сатуға арналмаған. Өзім үшін жазылған дүние. Әлі біткен жоқ. Бір нәрсе жетпейтін сияқты. Бірақ не жетпейтінін білмеймін... Мен Үміттің портретінің алдына барып, қадала қарап біраз тұрдым. Кеше ғана көңіліме нұр құйып, жүрегімді алтын бесікке салып тербеткен сурет бүгін мүлде ұнаған жоқ. Жансыз бейне... Сұлу да, сымбатты да емес. Бір жасандылық бар... Иә, жасандылық! Жасандылық, жасандылық, жасандылық... Жоқ. Мен оның бейнесін осындай күйде көргім келген. Бұл менің – арманым, қиялым еді. Өнерім еді!.. Бірақ соның бәрі жасанды болып шықты. Ол басқа... Мүлде басқа. Құдай оны өзгеше етіп жаратқан. Ал мен болсам, оған қарсы болмақпын. Алла тағалаға да, адамдарға да қарсылық білдірмекпін. Жо-жоқ! Олай болуы мүмкін емес. Мүмкін емес... Кенет менің жан дүниемді бұлт басып, күзгі дымқыл тұмандай салқын сезім жүрегімді торлап, қылқаламға қарай қол создым. Сосын оны қап-қара бояуға малып алдым да, орталықтағы қымбат дүкендердің шыны сөрелерінен бедірейіп қарап тұратын манекен-қуыршақтар секілді жансыз бейненің самайынан иегінің астына дейін баттастыра жағып тастадым. Бітті! Жаратылысқа ешкім де қарсы тұра алмайды! Ешкім де... Қарсылықтың бәрі де – қиял. Шайтанның ойыны. Кенет арт жақтағы ашық есіктен түсіп тұрған күн сәулесін әлдекім көлегейлеп:

– Иә, енді дұрыс болды, – деді бәсең үн қатып. Мен селк ете түстім. Босағада басын аппақ орамалмен тұмшалап алған Үміт о дүниеден келген әруақтай кірпік қақпай қадала қарап тұр екен.

– Иә, енді бәрі де қалпына келді! – деді ол тағы да. – Осылай боларын білгенмін. Өйткені сіз Құдай емессіз ғой!..

Содан соң басындағы орамалын шеше бастады...”

Қолыма кездейсоқ түскен қоңыр дәптердегі суретшінің жазбалары осылай аяқталады екен. *** Қонақ үйдің балконына шығып, түннің беймезгіл уағы болса да қызық-думанға тоймай, сауық-сайран салып жатқан қаланың қызылды-жасылды шамдарына қарап: “Сақалды қыз, сен қайдасың қазір? – деп ойладым іштей толқып. – Осы қалада тұрасың ба?..”

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙