Қилы заман
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
1916 жылғы Жетісу мен Қарқара өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілістің ащы шындығын суреттеген классикалық тарихи повесть.
Тарихи повесть
Автордан
"Қилы заман" романы ішінде болған зор оқиға 1916-ші жылдағы Жетісудағы Албан қазақтарының "Ақ патса" жарлығына қарсы жасаған көтерілістің қимылын суреттейді, бұл оқиға қазақ арасында төңкерісшілдік мәні бар, тарихи маңызы зор қозғалыс. Қазақ тарихында 1916-ші жылдың орны бөлек. 1916-ші жылдың оқиғасында — ұлт қозғалысының, ұлт ішіндегі тап тартыстарының, бай мен болыстың, тілмаш-төрелердің, сұмдықтарының ұлтшыл оқығандардың жақсы, жаман істеген істерінің бәрін де ашып жазу дұрыс суреттеу керек еді. Бірақ, жасыратыны жоқ, мұны жазып отырған Мұхтар бізге түгелімен берілген, бізге тән адам емес. Мұхтардың бұдан бұрын жазғандарының көбі ескі сарын, ол әлі күнге дейін ескіліктің жырын жырлап жоғын жоқтап жүр. Ол осы күнге дейін "ескі қазақтың" ескілігін көктеп жүрген адам. Жаңа жұртшылықтан гөрі, әлі де болса да ескілікті артық бағалап жүрген жазушы. Әрине мұндай аты басқа, заты бөлек, беті теріс адамнан тарихи оқиғаны түп-түгел Маркс жолы мен еңбекшілер жолымен жазылуын күте қою да мүмкін нәрсе емес. Бірақ жазушының өзінше бұл әлеумет өзгерістерін жөндеп суреттедім деп жазған романы. Біз бұл романды басарда да өзіміз кейбір кемшіліктерін көрсетіп түзеттірген болдық. Мұның үстіне бұл сияқты суретпен жазылған көркем әдебиет бізде жоқтың қасында. Міне осы жағдайларды оқушыларымыздың алдына салып күн бұрын ескерткіміз келді.
Осы жағдайларды еске алып бұл романды оқырда сын көзімен қарап теріс суреттері теріс беті болса ашылып айтып сынап, мінеп оқуларыңыз керек. Бұл кітап шыққан соң дұрыс сындарыңды баспа сөз жүзі арқылы білдірулеріңіз жөн. Қазақстан баспасы. 1929 жыл, Қызылорда.
І
Белгілі 1916 жылдың жазы еді. Жаз жауынды, мол сулы, қалың шалғынды, қызықты. Қалың албанның ертегідей бай, сұлу жайлаулары: Үш мерке, Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Сырт, Лабас, жайлау күндерінің жасыл торғын шымылдығы, көк жібек бесігі сияқты. Тіршілік: молдық, бақыт, байлық қызуымен буы аспанға шығып жатқан өмір жәрмеңкесін көрсеткендей. Жаз күндерінің жарастығы мен қызығы қыр баласын мас қылғандай жалынды, желікті. Шалқыған, көрнекті мол дүниенің тірі пішінді белгісі сияқтанып, Қарқара жәрмеңкесі қайнап жатқан. Жәрмеңке ашылғалы айдан артық болса да, қызуы мен желігі әлі басылып болған жоқ. Қайта, күннен-күнге етек алып, өршіп, дәуірлеп келе жатқан. Жәрмеңке тоғыз жолдың түйіскен жері. Бір шеті — үлгілі орыс қалалары болса, екінші жағы — Құлжа, Қашқар, Хиба, Бұқар, Самарқан, Ташкен. Бәрі-бәрінен неше алуан қазына шүмектен құйғандай болып Қарқара жазығына ақтарылып жатыр. Жауын артынан ала таудан аққан селдей болып, сауда бұлы іркілмей төгіліп жатқан. Талай сан қостармен келген: мың-мыңдаған қойлар Қарқара жазығын быжынаған ақ құрттай басқанына бірталай замандар болған. Сондай қалың қос-қос жылқы, табын сиырлар да албан жайлауын оңды-солды шиырлап қаптаған. Аясы аз ғана Қарқара жазығы иін тірескен малдан беті-жүзін көрсетпейді. Қаптай басқан тұяқтан қабырғасы қайысып тұншыққандай, ауыр күрсініп ыңыранғандай. Тоқтаусыз ағын ертелі-кеш қарлы таудың арасындағы қырғыздан, төскейдегі қазақтан, жәрмеңке қазанына төрт тараптың барлығынан шүмектеп құйғандай болып мал баласын тізіп әкеліп жатыр. Қалың рудың мол жиылған ортасы — Қарқара. Байлықтың ұлы өрісіне жеткен кең қолтық, мол қолды, аңқау бай ел: албан, бұғы. Жәрмеңке жыл он екі айда бір-ақ болады. Болғанда молынан болады. Үш-төрт ай бұл жәрмеңке бойы аспан атып дәурен сүреді. Сол кезде жылдық керегін албан баласы осы жәрмеңкеден күреп алады. Өзі бай, өзі көп сауда істеп, көп керегін алатын қалың ел болғандықтан, саудагердің иісшіл тұмсығы бұл елдің ортасын ерте күннен таңдап алған. Өріске шыққан қойдың иісін сезіп, желге қарсы тұмсығын төсеп, ішін тартып, жер тарпып, бет түзеп жота-жотадан қарауыл қарап, жортуылға шыққан қасқырдай, аш пейілді, жалаңқай саудагер боркемікті, батпан құйрықты албанды бекерге таңдаған жоқ. Сауырынан басып жүріп: семізі, момыны, тәттісі осы болатынын жақсы білген, әдемі таныған. Қазірде құмырсқаның илеуіндей болып быжынап, жыбыр-жыбыр қатып бүлкілдеп, қызара бөртіп ажарланып, күннен-күнге қарнын қампитып келе жатқан жәрмеңке — сол қазақ даласын торуға шыққан жайындай болатын. Көгенге кірген борсықтай байлаулы бағланның май құйрығына тұмсығын тығып, сауыры бүлкілдеп қана жылы жұмсағын соруда болатын. Бай, момын елдің мол денесі обырдай обып жатқан қомағай жұртқа бойындағы тәтті дәмдісін иігендей төсеп жатыр. Ақ шелегі түскендей ақтарылып, сүйсінгендей мекірене түсіп, сүтті желінін кергіге беріп тұр. Қалауын тапса — қар жанады. Сүт алғыш кәрі биеші сияқты жақсы сауыншының қолы сыздаған емшегіне жабысқаннан бері қарай, жайлау желіні: семізі мен сұлуын, жорғасы мен жортақысын ноқталап, таңбалап өз қолымен атқарып жатқан. Саудагер сомасы, қазақ даласына құда түсіп, құйрық-бауырды асап, аузы қанданып, қолы майланып, жонданып тұр. Сібір, Түркістан, Қашқар, Қытайдың ұлы атырабындағы талай-талай үлкен қалаларда: жарқыраған үлкен мәгәзін, қатарланған мол сома, шалқыған қалың байлық иесі болған саудагер байлар болса — бәрінің бұл мырза құйрықтан ауыз тимегені жоқ. Мол емшекті бір сорып кеткеннің өзінде де, жерден алтын тапқандай көп қазынаны күреп әкететін. Сондықтан дәндеген, жетіскен, түртіншектеп сауудың бабын білген саудагер бұл кезде қорланып толықсып болып, енді "пәленбай патса" "түгенбай патсаның" дәрежесіне жетіп бұлдану, кергу, кесірленуді де тапқан. "Қайта келер есікті қатты серіппе" дегенді ол ұққан емес. Кезі келсе суын ішкен құдығына түкіре кету бұйым емес сияқты болған. Малға келген індет арқылы қан-жынға семірген төбет тоқтығына масайып иесін қаппас па?! Бұрынғы бір кезде бір шолақ мәстекке жалғыз арбасын сүйретіп: Әзібай Әзіреті қос келді, шәрдәрі, тотияйын, бұрыш сықылды, көр жерді "дүнием" қылып итініп келген істік мұрын, шегір көз, енді жоны шыққан кезде, алғашқы көрген жайлауға кергімесе, кесірленбесе бола ма? Өткен күні бүгінгі тоқ қарнына, мазақ күніндей еске түспей тұра ма? Сондықтан, ол өзін өсірген анайы желінді теуіп кетпей қайтып тұра алады? Талай жылдар емізуге, семіртуге кергіге түскен ел бауырының тозығы жетіп ашынатын, тарылатын күндері де жетіп еді. Ел денесі саудагер сомасының бұзық ойнағын қалай көтерсе, қандайлық көнтерілікпен шыдап бақса, Қарқара жазығы да ұзын өлкесін басқан неше түлік қалың малға соншалық шімірікпей шыдауда. Киіздей қалың көк шалғынды Қарқара жазығы ерте күннен бай албанның құт берекелі жайлауы еді. Мыңдаған жылқы, сан қора қой ала жаздай ірге аудармай жабысып, жалмап жатқанда, бұл жазықтың жібектей толқыған өскелең шалғыны сыр білдірмей шыдайтын. Әрбір жауын екілендіріп, өршелендіріп түсіргендей құлпыртып, жетілтіп отыратын. Түн асса тыңайып, жетісіп қалатын құт даласы: осы жәрмеңкедей, мал кезіне әдейі арналып жаралғандай еді. Астаудай көк жазыққа иректеп шимай салып: үлкен Қарқараның мөлдір сулы мол өзені ағады. Ол мың сан иесін шөлдетіп, тарықтырып, шалдықтырып көрген емес. Жазықтың орта кезінде, қара құрттай қайнаған жәрмеңке, сол өзеннің жағасында. Базар ортасында өзін биік ағаш аспандатып көтерген ақ жалауда екі басты самұрықтың суреті желкілдейтін. Бұл қомағай қарынды, жалмауыз тілекті ертегі обырының айқын тұрған белгісі еді. Обырды туғызған ана жат пішінді, жалмауыз түсті ұлық. Соның айқын таңбасы ертегі айдаһарындай екі басты жайын түсті самұрық. Бұның жәрмеңке басындағы тірі жүрген қолдары — атқан оқ, шапқан қылыш, жемқор семіз қарынды пристав "Ақжелке" Падпороков та, айналасындағы жорға құлдары: ұсақ төрешіктер, бұның ішінде қазақтан шыққан өңі жылтыр, қарны томпақ тілмаштар. Соңғыларда маңайына қарайтын екі түрлі көз бар. Бірі — жар төсегін арамдап қойған, жүрісі сұйық тоқалдай, жан-жағына жалтаңдай, жорғалай қарайтын жасқаншақ көз. Бұл — приставқа, судьяға, жәрмеңке ұлығына қарайтын көзі. Екіншісі — сыздана, кесірлене, керги қарайтын, асқақ, мақтаншақ жемге қадалған қомағай көз. Ол қазаққа, елге қарайтын көзі. Бәрі де жәрмеңке ашылғаннан бері жоталанып, семіріп, қарталанып келе жатқан. Пристав, тілмаш Жебірбаев ұлығы мен екеуіне түскен малдан 300 қой, 50 қараны кешегі күн: жемтік жағалаған қарғадай айналасынан шықпай жүрген туысқандары мен өз елінің жайлауына қарай жүргізген болатын. Бұлар саудагерді, елді, болыс, биді, жолдан тайған кедей-кепшік, момын қалашыны барлығын да атасының асындай оратын сондайлық күлге аунатып жеген, күлді көмештің алды кешегі кеткен мал еді. Енді бүгін жаңа екпінмен құдай сиынған приставына сеніп: елдің май қалтасына тағы да сұғанақ қолды сұқпақ болып, базар ортасындағы Ақжелке кеңсесіне тағы келіп еді. Өнебойы тер сасыған семіз пристав үлкен денесіне арта салған қылышы бар, түгін сыртына теуіп, алдында үндемей мөлиіп тұрған үш қазаққа тепсініп ұрсып тұр екен. Ұлығының машықты шабыты келіп тұрғанын жорға тілмаш тани кетті. Жем оралғалы тұрғанын иісшіл тұмсығымен сезіп қалды. Есіктен кіре о да Ақжелкеге көзі түсісімен тез ғана түсін құбылтып ұлығымен бірге дәл солша сызданып ашулы түске мініп, қазақтарға оқты көзімен қарады. Жорға тоқал, қабығын төсеуге әлдеқашан машықтанған. Оқығаны сол өнер сияқты. Талабы, атаған мұратына жетіп еді. Жәрмеңкеден аз бұрын жолдас болса да, Ақжелке бұның бойындағы асылын ұғып, өзіне керек мөлшерге шейін жақындатып, жем сырына араластырып алған.
— Сен ақымақтар жәрмеңкеге келген саудагердің алдынан шығып қарсылық қыласың! Сендерге мұнда керектеріңді әкеліп беріп жатқан кім?! Саудагер болмаса, сен Алматыға шұбар едің, олардың малын жерімізге түсті деп қуалайсың, сендерде жер бар ма? Жер патсанікі. Ол саудагер малы да патсанікі. Қазынаға, өздеріңе пайдасы тиетін саудагер. Сен тұяқ ақы алғың келетін шығар. Мен саған көрсетемін тұяқ ақыны. Қазір абақтыға жатқызамын, — деп пристав тақтай теуіп, алдындағы қазақтарды ықтырып тұр екен. Тілмаш та келісімен ұлығының пішініндей ызғарлы пішінмен жаңағы сөзді аударып жатты. Орыс тілін шала-пұла ұғатын бір жауапкер жартысы қазақша, жартысын орысша:
— Тақсыр, жер патшанский екенін білеміз. Біздің бағып жүрген малымыз да патшанский дей бергенде:
— Оттама!.. Сөйлеме! Үшеуіне бір айдан абақты кесеміз. Қазір, — деп отыра қалып қағазына қаламын сүйкектетіп, жаза бастады. Қолдан жасаған ашулы пішін, тікиген суық мұртының арқасында шын түйілген ыза сияқтанып, айдын беріп тұрды. Арызшы үш момын қазақ, баяғыдан пара алғысы келген орыс ұлығының елге қараған пішіні осылай болатынын сезсе де, сыртына шығарып ешнәрсе айта алмай, әдеппен ғана тілмашқа қарап, жалтақтап көмек іздегендей болып еді. Мұның пішіні де кәпірістан суық болып: томсарып, сырт қарап тұрды. Ұлық ашумен "протокол" деп атап қойып жазып жатты. Қисынсыз зорлықтың, оң-теріске қарамай еріксіз көндіргісі келіп тұрғанын сезген арызшылар: ішінен қатты наразылық қарсылығын ойлап көнгісі келмегендей еді. Әсіресе, осы пішін өзгелерден көрі жасырақ қара сақалды Қартбайдың түсінде айқын білінгендей болатын. Ол өз кісілеріне айтқан болып: — Бұлай болғанда қазақ баласына кім жала жапса, соның сөзі оң-терісіне мақұл болатын болғаны, біз де бір, белгілі мұттайым1 кісі де бір болғаны ғой. Саудагер ноғай жамандайды. Біздің сөзіміз тыңдалмайды, — дегенде тілмаш:
— Қой, сөзді қой. Пысықсымасаңшы. Сен тентексің, — деп ұлық жаққа жалтақтап тұжырып қойды. Алдыңғы жолдасының сөзі өз көңіліндегі де мұңы сияқты болғандықтан, Құсайын қария:
— Біз қайда барып, кімге мұңымызды шағамыз. Ел сұраған2 ұлығы бұлай десе, қоялық... Мейлі, білгенін қылсын. Қайтейік... — дейді. Арызшылар біртіндеп дауысын шығарып келе жатқанын байқап отырған ұлық, қоздандырмай басып тастау үшін:
— Сендерде бас жоқ. Сендер ит, білдің бе? — деп Қартбайдың көзіне қадалып, сұқ қолмен нұқып тұрып сөйледі. Қартбай бұл сөйлеп тұрған кезде, көзінен көзін алған жоқ. Шыны ашулы, ызалы сияқты еді... "Итсің" деген уақытта ұлық сөзімен жарыса: — Сенің сүйдейтін күнің болушы ма еді; ұлығымыз сен болған соң, осындайды еститінімізді білеміз, — дей бергенде, Құсайын ақсақал түртіп қалып: — Қой, олай демегін, — деп ақырын басып қойды. Бұл уақытта ұлық көзі қызарып, шарасынан шығып, тасырайып мұрны жыбырлап, танауы желбіреп ашуланып: — Сен ит, мал жеріңе түссе маған келіп неге айтпайсың?.. Сен Мұқамбеткәрім бай — патшаның өзіне неге айтпайсың. Малшысын сабайтынды тапқансың. Мен саған көрсетемін, қалай сабайтынды!.. Абақтыда танытамын мен саған кісі ұратынды, — деп жұдырығымен үстелді қойып қалып, ауыз үйдегі екі казак-орысты шақырып алды... Қартбай жасыған жоқ: — Мейлі, сенің зәріңнен қорқып жалына алмаймын, саудагер ноғай бай, мен кедеймін... Ол қылған жақсылықты, мен қыла алмаймын... Айтты не, айтпады не?! — деп айдаған солдаттардың алдына түсіп бара жатып, сөзін қимай айтып жатты. Ұлық ақырып азырайылдай қадалып: — Жап, аштан қама! Жоғалт көзін! — деп тақтай теуіп көк көзі шаншыла қадалып тұрып, жазалыларды есігінен шығарып әкеткенше зәрленіп тұрды да, олардың қарасы өшкен соң, тілмашқа бұрылып қарап: — Қарашы иттерді! — деп басын бұлғап есік жаққа көрсетіп, жуасығандай пішінімен мұрнынан "пырс" етіп күліп қойды...
— Бұлар шын антұрған көрінеді... байпатса келіп кеткен екен ғой?! Кеше ашуланып маған да келіп айтып еді, мыналарды біраз тыйып жіберу керек. Әйтпесе жұрттың бәрі жеріме түсті деп қуалайтын болса, Қарқарада жәрмеңке де тұра алмайды, — деді.
— Бұлар шықпайды, отырады, — деді де артынан ұлық тілмашының күлімсіреп жорғалай қарап тұрған пішінін біраз оқығандай болып, бағып тұрып, аяғында тым-тырыстан соң келіп, күліп жіберіп: — Жүз сом, білдің бе? — деп тілмашты арқаға қақты.
— Жүз жиырма бес, тақсыр, — деп тілмаш сылқ-сылқ күлді. Кешегі күні тілмашқа жолыққан Мұқамбеткәрім байпатса Ақжелкеге келіп еді. Бұның жәрмеңкеден алған қойы бірнеше қос болған. Жәрмеңке басы қалың малдың үнемі жатуына жайсыздау, тарлау болған соң, ол: қойларын маңайдағы елдің жайлауына таман ауғызып, жайғыза бастаған. Сол ретпен таратқан бір қора қой Қартбай, Құсайынның ауылының үстіне келіп жатып алып, бие бауын жеп, малына араласып, қара құрықты көбейткен соң, іргеңді аулағырақ сал деп еді. Оған байпатсаның кесірлі малшысы көнбей, жіберген кісілерін боқтап жіберген соң, жанжал шығып, байпатсаның бір малшысын Қартбай сабатып жіберіп еді. Осы жайды айта келіп ноғай байпатсасы барлық маңайдағы жайлауда отырған қазақ ауылдарын жамандап, неше түрлі қылмыстар тауып қиянаттаған. Бұдан былай бірен-саран жазалап ықтырып қоймаса, ұдайы бөгет шығара беретінін айтқан. Және кетерінде дағды бойынша қоштасқан жерде конвертке салып бір пакет тастап кеткен. Ол 80 сом еді, бұл бай өзге, өзі сияқты саудагер байларша: жүрген жеріндегі жемді аңсап отыратын ұлықтардың бәріне де осындай-осындайдан жерік асын асатып кететін. Содан көмейіне тас тығылғандай болып қалған ұлық: қайтып оның үстіне шыбын қондырмай алыстан аялап үріп, өзгенің қарсылық қылықтарын бұның басына дарытпайтын. Бірақ ежелгі дағды бойынша, екі жақты кезек жейтін жарықтық, жүктің бір-ақ жағын ғана қанағат қылып отыра алмайды. Екі жағына кезек ауысып, ойнақшып отыру керек. Солайша, екі жаққа бірдей көз жібермесе пристав Ақжелке бола ма? Қол жететін орайлы жер келгенде айналаны бірдей қармамаса бір ай ішінде 300 қой, 50 қара жинала ма? Екі жақты қатар қармау үшін жаралмаса, оң қол, сол қол не үшін керек? Екі жақты адам, екі жақты қылық қылмаса толық адам ба? Бұның бәрін қазақ даласына талайдан кәрі жүріп, зәрі сіңген Ақжелке жат сабағындай жақсы біледі. Сондықтан, ол жәрмеңкенің үнемі бабын білетін албастысындай болатын. Осы жорығына тілмаш қана үнемі епті болып оралмай жүр еді. Аяғында Жебірбаевтай серігі табылды. Жаңағы ісі дағдылы заңы бойынша, белгілі кезек жолымен сол жаққа қарай атылған. Екінші алымға созылған қол болатын. Қазақ шыдамайды, абақты Ақжелкенің желісі сияқты үлкен сауын орны. Жатқандардың өзі болмаса ағайыны, туғаны, елі келеді. Сонда, сонда... Ақжелкенің сенімін ел де, тілмаш та ақтайды. Бірақ бұл жұмыс кезі емес. Оның беті белгіленді. Ендігіні екі-үш күннің ішінде өз пәтерінде тілмаш жайлап келеді. Жеңгетай сол арқылы күйек астымен келетін... Аз күнде істеледі. Енді қазір басқа жұмыс... Бүгін почта келді... Басында Ақжелке ұққан жоқ еді, енді түсініп келеді. Түсінген сайын ептеп мұрт астынан қомағай езу еріксіз ыржиып, сүйсініп келеді. Беті түсі анық белгілі емес, бірақ бір үлкен мол батпан құйрық оралып келе жатқан сияқты. Семіз жуан бай албан түгелімен келіп, приставтың түпсіз терең қалтасына ақшасын, қазынасын ағылтатын сияқты. Енді осыны келістіріп бастап, келістіре атқару керек. Бұл жаңа жарлық. Таңертеңнен осыны еске алған сайын, приставтың жүзі жарқырап сүйсінген күлкіге айналып кетуші еді. Баяғыдан, жиырма жылдан бергі тәжірибесінен бұл біледі... Елге арналып жарлық шықса, әрқашан оның астарында келетін қатпар-қатпар қалтарысы, бұлтағы бар болады. Бой көрсетпей бұғып тұрып, түтікпен сорғандай ел қазынасын соратын: ұры сай, әдемі жылға, бекініс орындары бар. Мына жарлық жарыққа шығып, іске асатын болғанда: бұрынғының бәрінен артық, бәрінен бай, қалың-қалың қазына ашылғалы тұр. Кәрі қасқырдың тұмсығы жанына жайлы тиетін шуаш иісті — қой құйрығының иісін сезіп біліп, қуанып жайнап кетті. Жарлықты оқып, артынан туатын қызылды-жасылды қызықтың шет жағасын пристав сездіргенде қара пішінді тілмаш балқығандай масайрады. Бетіне бақыт, рақат нұры шыққандай болып дамылсыз күліп, өркештеніп кетті. Бүгінгі күн кешке сағат үште албанның барлық болыстарын Ақжелке кеңсесіне шақыртқан. Сол уақытты екеуі де іштегі үлкен жұбанышпен асығып күтті. Бұл хабарды Ақжелке жалғыз тілмашына ғана білдіріп қойған жоқ. Бүгін таңертеңнен бері кеңсесіне келіп кеткен, жәрмеңке басындағы ұлықтардың бірталайына да айтып, көрсетіп оқып шыққан. Солардың ішінде тілмаш сияқты үлкен серіктік қылып, оң қолы болып тұрған орынбасары Плотников деген уряднигі бар еді. Ұзын сақалды, иір бойлы, қазақшаға жүйрік урядник әрқашан базарды аралап қылмысты жазалы болуға айналып, қылдан тайған қазақты торып жүретін оң көзі. Елден бұрын Ақжелкеден жаңа хабарды есіткен сол болатын. Бірақ кеңсе сырын шетке шығармайтын сақ қарға, қуанышын ішіне тығып, қазір де базарда бұрынғыдан асыра қырағылық көрсетіп, маңайын ықтырып қақап тұрған. Осы ретті жәрмеңке басындағы судья, тергеуші, медицинский надзиратель бар — бәрі де Ақжелкеден жаңалық хабарын естіп, жанасқан жерде тұмсығымен сүйкесіп, жай-күйді танытатын: бір илеудің құмырсқасындай іштен ұғысып, бір-біріне ым қатып тарасқан болатын. Жалғыз-ақ қазақ жайын тергеу, тексеру арқасында өзгелерден көрі тереңірек білген тергеуші, Ақжелкенің хабарын естігенде:
— Бұл жұмыс қазақтың бұрын көрмеген ісі. Қымыз бен жайлау қызығында мал сияқты болып жүрген қазақ, үкімет ниетін оңайлықпен түсінбейді. Еппенен жариялап, басынан елге әмірдің салмағын таныта, нығыз қылып білдіру керек деп ойлаймын... Сіз қалай қарайсыз, — деген.
— Әрине... әрине, мен де солай ойлаймын. Көп халықтың талқысына салатын қылмай, болыстарға ғана білдіріп, соларды қысып отырып, ұлық салмағын солар арқылы ел миына сіңіру керек. Болыстарды қысса, ел бірге қысылып, нұсқаған жолына түсетінін сіз бен біз білеміз ғой. Сондықтан, болыстарды шақырмақшымын.
— Болыстарға: "Әмір осы. Осыны атқарсын. Қазақ ортасында қалайша тездікпен атқарып, оңай реттеуге болады, соны ғана ақылдасыңдар" деу лайық, — деген. Жәрмеңке айналасындағы жайлауларында жиі отыратын албанның басты адамдарының көбі күндіз жәрмеңке басынан табылатын. Сондықтан бүгінгі приставтың шақырушылары албан болыстарының бірталайын да базарда тапқан. Бұлардың кейбірі пұл лапкелерінің алдынан табылды. Аттарын жүзден, жетпіс-сексеннен тізіп тастаған базаршылардың ішінде түрлі пұлдар саудалап жүрген жерден кездесті. Кейбірі жәрмеңке басына тігілген боз үйлерде: не қымыз ішіп, не болмаса карта ойнап, ішкілік ішіп, желік үстінде отырғанда табылды. Кейбіреулері дүкеннің асбұзылында шай-пай, сорпа яки сарттың мантысына араласып отырған уақытында кездескен. Әрбір болыс өз елінің ішінде жеке дара шыққан жалғыз қошқар сияқтанып, өркештеніп жүрсе де, мынандай қалың топтың ішіне келіп, көп болыстан басқа әлденеше шенді, әмірлі ұлықтардың түрін, жүрісін көрген соң, өзінен өзі жасығандай, бұғыңқы, бүрісіңкі еді. Ауылдағыдай әмірлік дауыспен айғырсымайды. Ешкімді тықсырмайды. Сүйтсе де дәреже иесі ұлық болған соң, базарға өз елдерінен келіп жатқан қалашыларға төменшіктеп, кішірейіп көрінбейді, айдынды болып нағыз ұлықша көріну керек. Ең болмаса ауылының момын, жуас, бұйығы кедей-кепшігінің көзін алдау үшін болса да, қасына тілмаш ертіп, мойнына дөңгелек сары жезді бұлғары сөмке салған, ат шабарын ертіп, кез келген бірен-саран би, қария болса, соларды қасынан шығармай топырын, тобын молайтыңқырап шоғыр болып жүргенді тілегендей болатын. Қолында мөрі бар, жаман-жақсы болса да жәрмеңке басындағы Ақжелке, урядник сияқты ұлықтармен таныстығы бар, кейбірінің тамырлық айқасуы да бар. Сондықтан, бұндай болыстар жәрмеңкеде құр ғана қара құрық жасауға жүрмейді. Біреуді қырына алып кесір тигізіп, біреуді алқап қолтығына алып, құр жүрмес үшін, астыртын партия сыбырын да жасасып, қазір жау, қазір дос тауып маңайын бықсытып бүлдіре жүретін. Тоғыз жолдың торабы сияқты, қазақ бүліншілігінің аяқтап барып сарқатын жері орыс ұлығы болғандықтан, жәрмеңкеде жүрген болыстар арқылы да Плотниковтерге оралып қалатын түсімдер болушы еді. Осындай қылықпен әсіресе көзге түсіп, білікті болған болыс — Рақымбай еді. Бұл аз-маз орысша білетін пысықша жас жігіт. Ертеден ұлық қолтығына кіргіш, жағынғыш. Сондықтан жәрмеңке басындағы барлық болыстан Ақжелкеге жете танысып, беделі артқан белгілірек болыс осы болатын. Әлі күнге ұлықтан үлкен, кесек жақсылық көрген жоқ. Бірақ жиында қазақ алдында "Рақымбайка" деп атын атаса, үйіне анда-санда шақырып шай берсе, со да жеткен сый. Сол үшін-ақ Рақымбай ұлығының қасиетін ұғып, қадірлей білетін. Ұлыққа өзгеден таныстығы артық, араласы көбірек болғандықтан, жәрмеңке басында бұның аты көп аталып, көтеріңкі, желіктірек болып жүретін болысы да осы еді. Аяғын шалжаңдай басып тайтаңдап, маңайдан келген болыс, би, беделді қария, белгілі қажылар болса, бәріне де кес-кестеп сөйлеп, көлденең келіп орала беретін жайдары жүзді, жүйрік тілді айтқышсынып тұратын да әдеті бар еді. Бүгінгі приставтың шақыртуы бұны сарттың асбұзылында тапты. Түс кезінде жақындағы жайлаудан келген бір старшыны қолына түсіп еді. Таңертең ауылдан келгенде Рақымбай қасына қатыны мен ерке баласын ерте келген. Жорғақтап тұрған старшынға: — Біздің қатын жәрмеңкеге манты жеймін деп келді. Сен бай елдің старшынысың, жүр мантіге тойғыз, — деп күнде осылайша әркімге өзін сыйлатып жүретін әдетпен, белгілі таныс сартының асханасына келіп, манты жеп, сорпа ішіп, қымыз ішіп, мақтана түсіп, дамылсыз күліп желігіп отыр еді. "Ақжелке шақырады" деген хабар қатын-баласының алдында естілгенде көңіліне жайлы тиді.
— Біздің кәрі тамыр, не айтпақ екен бұл... Атты тартшы-әй, — деп старшынға бұйрық етіп кекірейіп барып атына мінді. Бұл келгенде өзге болыстың бәрі кеңсеге жиналып қалған екен... Рақымбай есікке жақын отырған болыстардың бәрінен өтіп барып, Ақжелкенің қолын ұстап:
— Здрасти,— деді.
— Рақымбайка, келдің бе, отыр, — деді де, ұлық жүзіне сызданған суық ажар жиып алып, маңындағыларына қарады. Қасында урядник, тергеуші, екі тілмаш отыр еді... Жолдастары именгендей, үндемей ғана ұлықтың жүзіне қарады. Ел жиылып болып еді. Екі тілмаш жорғалақ, ел кісілеріне, болыстарға қарамайды. Ұлықтың ғана әрбір қозғалысын баққандай. Соған қарай артын тыға береді. Болыстардың ішінде бұлардың қол беріп амандасқаны Рақымбай ғана болды. Оған Ақжелке қол бергеннен кейін өздері ойысып барып қолдарын берді. Өзге болыстардың ішінде орнын таба алмағандай, әлде неге семіргендей, қоразданып, қоқиланып барып Рақымбай отырды. Болыстар саны он шақты еді. Бірақ әрқайсының қастарында бірен-саран би, кандидат, тілмаш сияқтылары бар, сонымен жиыны елу қаралы кісі еді. Кеңсенің кішкене үйінде қысылып зорға сиып отырды. Көпшілік жерде малдас құрып, жүгінісіп отыр. Арасында жүреден отырғандары да бар. Бәрінің де бөріктері қолында, қолтығында... Бір кезде үй әбден толып, шақырылған болыстардың көпшілігі жиылған соң, сызданған жүзді, құбыжық мұртты Ақжелке дауысын екілендіріп, жұртқа ала көзденіп, зілдене қарап сөз бастады. Бірақ ежелден құр ұлықсып, құр ғана қазаққа қоқиланғаны болмаса, білімге де, орамға да, шешендік епке де оншалық дайыны мол кісі емес. Сондықтан, сөзді көпке созбай: — "Соғыс болып жатыр, көмек керек. Патса сендерге бұйырады. Елдің бәрі бейнет көріп, өліп, қырылып жатқанда, сендер қымыз ішіп жайлауда көшіп қызықтап жүре беруге болмайды. Мынау бұйрық келді. Тыңдаңдар", — деп алып, бұйрықты оқыды. Бұйрықтың сөзі көп емес. Дәлелсіз, ыңғайсыз топас жазылған көп бұйрықтың біреуі еді. Бұны әдет бойынша, Жебірбаев аудару керек еді. Бірақ, ол бірінші, орысша тілге олақтау, жазба сөзіне әсіресе шорқақ. Жем жағын жақсы қарастырса да, білім, сана жағын жадағай тастаған әдіс, құлқыны арамдығын ғана жақсы білген тілмаш еді. Мынау өте үлкен жұмыс. Приставтың өркештеніп кергіп тұрып жариялайтын, патса атынан сөйлейтін үлкен соқталы ісі. Және өз тілмашы ел ортасына да оншалық белгілі, абыройлы кісі емес, албанға руы жат, бөтен жігіт болатын. Сондықтан, пристав екінші тілмашты ерте уақыттан әдейі шақыртып алып еді. Ол тергеушінің тілмашы болатын. Күндіз көріскенде оның төресі соны шақыртып алыңыз деп маслихат берген. Бұл тілмаш тілге жақсы, елге де салмағы бар, сырт пішіні де, мінезі де қазақ көзіне, ұлық көзіне де жайлырақ тиетін ажары бар Оспан деген жігіт еді. Бойға сіңген дағды бойынша, қызметке кіріскеннен бергі көздеген нысана — мал мен атақ, жылы, жайлы орын табуға ғана арналғандықтан, бұнда да сырт көрінісі болмаса, ішінде құралған негізді пікір, бағыт жоқ еді. Ел қамы, көп мұңы дегеннен, қалың жұрт тұрмысына жайлы-жайсыз болар ма деген сұрақтардан бұның басы да, жүрегі де аман болатын. Соңғы заманда "Қазақтан газет шығып, ел жайын жоқтайтын біреулер пайда болыпты" деген сөздерді бұл алыстағы өнімсіз бір сарын сияқты ғана еститін. Бойына бұндайдан дарыған ешбір әсер жоқ еді. Соның жоқ болғаны қазіргі ел мен ұлық арасында тұрған халына үлкен жайлылық берді. Ол жарлықтың мағынасын, артқы түкпірін ойлап машақаттанған жоқ. Елге осы жарлық арқылы келетін ауырлық салмақ қанша болса да, ол қазіргі минөтында Оспан ойлайтын нәрселер емес. Өзінің бұл жарлық туралы толық естіп тұрғаны осы жер ғана болса да шіміркіп, сескенген жоқ. Бұндағы жалғыз мазасыздық болса, ол: қазір мына тізіліп отырған болыстар алдында, артында тікшиіп қадалып тұрған ұлықтарының алдында сүрінбей, қабынбай, тілмаштың міндетін жақсы атқарып шығудың ғана қамы болды. Ішінен арнаулы мұрат, мақсат сияқты тілегені де сол. Тілмаш ұлығының күткеніндей, елге ұғымды қып жақсы аударып тұрды. Жарлықта 19 бен 32-нің арасындағы азаматты қазақ елі әскер керегі үшін, тезінен жинап үкімет қолына тапсыруға керек деген. Бұл жігіттер соғысқа қару ұстап кірісетін әскер емес. Соғыс көмегіне күш қосатын бір жылдық есебінде майданның желкесіндегі қара қызметті атқарады. Жарлықтың бұл жерінде "тыл" деп жазылған сөз бар екен. Тілмаштың бұл бұрын естімеген, білмейтін сөзі еді. Қызмет жөнінде алдынан кездескен бұндай бөгеттің тұсында ұлықтың көмегін сұрауға болады. Сыншы, қатал ұлықтың алдында тіпті заржақтанып, суырылып, бар жайдың бәрін біліп қойған кісімсімей, білімге озамын дегенше, анда-санда одан төмен кісі болып та көрінген теріс емес. Әлсіз шала білімді кішкене дәрежелі тілмаш, өзінің пенде екенін білдіріп, ығы зор ұлығына артын тыға, көмегін сұрай, сүйене тұруы ұлыққа жағуға, жайлы тиюге жақсы әсер етуге де болады. Оны қораздандырып өз-өзінен білімді кісі қылып көрсеткендей болуға да мүмкін. Сондықтан кібіртіктеп тұрып, ғапу өтініп алып, Ақжелкеден:
— Мен мына сөзді ұға алмай тұрмын. Түсіндірсеңіз қайтеді? — дегенде, ұлықтың көзіне кішкентай ғана сүйсінген күлкі белгісі жүгіргендей болып, ұғындырып берді. Қалғанын тілмаш та жайбағыстап жақсы атқарып, түгел ұғындырып айтып шықты. Бұл уақытқа шейін Оспан алдында отырған болыстардың түстеріне анықтап қарап, байқаған жоқ еді. Жаңа көрді. Барлық болыс, ең аяғы жаңа ғана тұшталаңдап жүрген Рақымбайға шейін күн шартылдап жай түскеннің артыңдағыдай құп-қу болып есеңгіреп қалған сияқты. Бәрі де көздері үлкейіп, аларып тілмаш пен ұлыққа қарап мелшиіп, қыбыр етпей, іштен тынып қатып қадалып қалыпты. Жалғыз-ақ әр жерде сұрланған жүз, алақтап сасқан көздер біресе Ақжелкеге, біресе тілмашқа кезек-кезек, жалтақ-жалтақ қарайды. Өзі аударып шыққан жарлықтың жаңағы өз аузымен айтып шыққан сөздің қаншалық ұлы әсері барлығын тілмаш жігіт жаңа ғана алдындағы ел жүзінен ұққандай болды. Ұлықтар да сірескендей, қыбыр етпей, ел пішініне қадалып тұрды. Шошыған, сасқан жүздерін көрген сайын албастысын арттырып, пысымен баспақ болғандай болып тұр. Бар ұлық тұра келген қалпында өздерін үрпитіп, түктерін сыртына теуіп, шірене дем алып сызданады. Қарсы тұрған екі топ бір-біріне кірпік қақпай қадалып, арбасқандай аңдысып бірін-бірі бағып тұр. Осы халмен тым-тырыстың ішінде екі минөттей уақыт өтті. Болыстардың көбі соңғы кездегі сайлауларда іске ширақ, тіл білетіндеу жастардан сайланып еді. Көбі жиырма бес, отыз бес арасындағы жас сымақ адамдар болатын. Көбінің ел ортасында соншалық зор салмақ беделі, абиыр атақ, айдыны да жоқ. Үлкен істі елдің жасы үлкен қариясы, атақты, салмақты үлкендері, қарталы жуандары арқылы болмаса, өз беттерімен бұзып-жарып істеп кете алмайтын. Болыс ішіне келген үлкен міндеттің барлығын солардың нұсқауымен істеуші еді. Көптің болыс болып, дәреже алуына да солар себеп болған. Ұлық жарлық жариялағанда: "Пәленшекем не дер еді, қалай қарайды... онсыз мен не айтамын..." деген сияқты ойлар көбінің бойын басқандай болды. Тым-тырыс созылуға айналған соң осы ойды көбірек ойлаған бірен-сарандар жан-жағына жалтақтап, басқалар не дер екен дегендей болып, көзбенен әркімді алдына салғысы келді. Ұлық болыстар көзі бұның жүзіне тіктеп қарай алмай жалтарып төменшіктей бастаған соң, өзінің орнын қайтадан тауып нық басқандай болып:
— Жарлық осы. Осыны тез атқару керек. Бұл патсаның өзінен келген бұйрық. Бөгеуге болмайды. Қанша уақытта атқарасыңдар? Тез спесік тізу, түзеу керек, сол турасынан айтыңдар, — деді. Болыстар тағы да үндемей, қорқалақтап, бірін-бірі ақырын түртпектеп, ұлық жаққа жалтақтай отырып, бірен-саран жерде ақырын-ақырын сыбырласқандай болды. Аяғында болыстардың қалың ортасында отырған сұр жүзді, шоқша сақалды, ер көзді Әубәкір елден бұрын дауысын шығарды. Бұл албанның жаңада шығып келе жатқан отты жігітінің бірі еді. Түсі әрқашан ашу шақырған кісі сияқтанып сұрланып, екі көзі қанталап, екіленіп қатты сөйлейтін, ұлықтан да онша көп ығып жасқанбаушы еді. Сондықтан Ақжелке алдында бір-екі кездескенде бұны белгілеп алып, жек көріп қалғандай болатын. Майдаламайды, жорғақтамайды. Әубәкір малдас құрып отырған жерінен көтеріліп жүгініп алды да:
— Жарлық сөзін ұлық айтып тұр. Біз бұл сияқты бұйрық жарияланатынын білгеміз жоқ. Төбеден жай түскендей жаңа ғана естіп отырмыз. Бұл не қылса да қазақ баласының бұрын естіп, біліп көрмеген құқайы, не дейтінін біз білеміз бе? Елмен сөйлеспей не айтамыз? Бір нәрсе деуден бұрын елге тілдессек екен. Бұл араға жиналған халық осыны тілейді-ау деймін. Кәне, жұрт не айтасың? — дегенде:
— Бәрекелді, рас айтады. Солай, солай... Содан басқа айтарымыз жоқ... не айтамыз?.. Томаға-тұйық не айтамыз! — десіп кеңсе іші көп дауыспен даурығып кетті. Отырған болыс, би атаулы күбір-күбір етіп жорғалақтап Әубәкірге тегіс тәңірі жарылқасын айтқандай, жалтақ-жалтақ қарасты. Ұлық минөт сайын зәрленіп, сызданып шіренулі еді. Елдің мынау даурығында өзіне ұғымсыз, бұрынғыдан гөрі жат, белгісіз бір күйді сезгендей болды. Бұл қазақты көп баққан, көп істес болған кәрі қасқыр еді. Бір нәрсеге оп-оңай көнгісі келмей ауырсынған уақытта қазақ осылай артына жалтақтап, "кім біледі", "жұрт не дейді" дегенді айтқыш болады. Ол мәлім. Бірақ өзге жерде көп болыс жиналған болса, көпшілік жаңағыдай қобалжығанмен, арасынан Рақымбай сияқтылар сытылып шығып: "болады", "істейміз", "орындаймыз" дегенді айтып салушы еді. Бүгін соны ешкім айтпады. Рақымбайда да айтатын түр жоқ. Алдында отырғандардың артына таман бұғыңқырағандай, ұлықтың көзіне көзім түспесін дегендей бәсеңдеп, кішірейіп кетіпті. Одан да, бұрын күткен көсемдік шығатын емес. Рақымбай сияқты жағымтал, жорға болыстың тағы бір-екеуіне көзі түсіп еді, олар да алға түсетін, бой көрсететін сияқты емес. Сырт пішіні "Алдияр тақсыр" дегендей болса да, әp қайсының ішінде сөйлетпей, басып тұрған күдік бар сияқты. Ұлықтан көрі де қорқытып, тартпақтап, қысып тұрған бір салмақ бар. Сондықтан сытылып шығып, Әубәкірден бөлек сөз сөйлейтін кісі көрінбейді. Бір Ақжелке емес, барлық ұлық соны түгел сезді. Бұрын алдына оңай түсіп, қалаған бетке оңай беттейтін қазақ бүгін бір қыңырлық белгісін бетіне шығарып, меңіреу мықты қабырғаны көтеріп тұрғызып келе жатқандай болды. Бірақ бұндай жарлық күнде жариялана бермейді. Кей жарлық Ақжелкені қырда қазақ ішінде де үнемі таппайды. Бұл қалада жүргенде — ел ортасына жарияланған бұйрық-жарлық болса, ондайдың жемісін ора алмай қалатын да уақыт болады. Мынау кезі келген, жақсы оралған көңілдегі арманды жақсылықтың бірі. Сондықтан тас табандап жабысып, қазақты бағындыру керек те, содан әрі ұйлығып, сасқалақтап, ықтығына түскен елді аш бөріше сору керек. Мына пішінді көрсетіп отырған ел түбінде жібін босатса, әр нәрсені ойлауға да мүмкін. Сол бетінде шалқытып, дәндетіп, емін-еркін жібермес үшін, қайырып көп сөз сөйлеспеу керек. Әубәкір сияқты болыстарды да көп сөз сөйлетпеу керек. Ұлық осыны есептеді де, ел аузынан Әубәкір сөзінен бөтен сөз шықпайтынын көрген соң, әңгімені тез тұжырып доғармақ болып:
— Сендер елге жариялайық деген сөзді айттыңдар. Солай болсын. Жариялап болысымен тезінен спесік тізуге кірісу керек. Бұл уақытқа шейін қазақтың елі де, болыстар, сендер де, патсаға, патсалыққа да маңдайларың терлеп қызмет қылған жоқсың. Сендерден басқалар әлде қашан қырылып таусылып, жүдеп-жадап жатыр... — деп, әр сөзін құлшынып, ақырып ұрысқандай болып, сөйлеп келіп: — Енді сендерге де соғыс ішінде болмасаңдар да, соғысып жүрген әскерге қолғабыс, септік тигізетін уақыт келді. Енді әрбір қазақ, әрбір есі дұрыс болыс, старшын, би, елу басы осыны жақсылап ұғыну керек те, елге де анықтап ұғындырып, тез спесік тізу жұмысына кірісу керек. Елге жариялап болып, маған қайта келіп спесік түзуге дайынбыз деген сөзді айтып келулеріңе керек. Мен осыған сендерге үш күн мәулет беремін, сол үш күннің ішінде барлық алдын ала істейтін жұмыстарды бітіріп келіңдер. Сөз сол ... Қазір барыңдар, — деп зілденген суық пішінін жылытпастан тұрып, болыстарды таратты. Өзгелер "тара" деген әмірмен жапыр-жұпыр тұрысып салбыраған, түйілген қабақпен тарап жатқанда, Рақымбай мен тағы бір-екі осы сияқты болыстар Ақжелкеге таман жанасып келді. Бұлардың жүзінде "маған бірдеме деп ілтипат қылар ма екен" дегендей жаңтақтап, құйрығын бұлғаңдатқан итше жағынған пішін бар. Ұлыққа тонның ішкі бауындай, мен өзіңдікімін дегендей қабақтары бар еді. Бірақ үдірейіп тұрған ұлық қазір жылы жүз көрсеткен жоқ.
— Смотри! Жақсы болыс болсаң, енді өзіңді көрсетесің, әйтпесе!.. Біліп қой! — деп айналып жүріп кетті.
ІІ
Кешегі күн болыстар айтып келген хабар ел ішін ұйқы-тұйқы қылды. Бүгін июльдің сегізі. Жәрмеңке басы кешегі күні кешке-ақ жат жарлықты түгел естіп болған. Содан кейін түн бойы, бүгінгі күннің түс мезгіліне шейін жаманшылық хабары албанның барлық жайлауларын түгел шарлап, құйындай құтырып, қыдырып шыққан. Қария қабағын шытынып шын назаланып, айласы бітіп күрсінді. Қатын-бала ұлардай шулады. Жігіт-желең сол күні-ақ "бармаспын" деген ниетті ойлап, Алатаудың сенімді қиын тасына, қара үңгірдей қалың жыныс қарағайына қарады. Барлық ел: еңкейген кәріден, еңбектеген жасқа шейін ертелі-кеш ылғи осы жайды ғана сөйледі. Ел апатты сезді. Азамат басына туған қара күн — осы күн деп білді. Келелі шаруа, күнделік қам, ас, дүние, мал-мүлік дегенің бәрі ескерусіз, ендей бастады. Жайлаудың барлық жанының аузында не қылу, не айту керек? Болыстар не дейді? Ақсақал, басшы, үлкендер не дейді? Не жауап береді? Азаматын қия ма, қолынан оққа байлап орыс қолына бере ме, беремін дей ала ма? Жоқ артына алаңдай ма? Ұлық не айтады? Не істейді? Осы сияқты шешілмейтін түйін, қарғыстай қиын жұмбақтың алдында, қабағы қатып, демін ішіне жиып, сағат сайын жаңалық күтті. Бүгінгі күн түс кезінде жәрмеңке жазығының үстінен құйындатып, дауылдатып, бір қара бұлт өтті. Тау басынан маңайды көздеп жүрген, бойы сергек үлкеннің барлығы да, албан жайлауының әрбір тұрғысынан бұл әлеметті көріп еді. Сол күні кешке таман барлық жайлауларға бір жаңалық тарады. Құйындатып, дауылдатып келген қара бұлт жәрмеңке үстінде аз бөгеліп — содан әрі төмен қарай Кегенді басып барып, Тұзға барғанда жоғалып кетті. Бүйтіп айбар шегіп келген "түрік" екен. Орыстың ұлығына келіп:
— Қазақты ренжітпе, солдат алма, бұл елге тие алмайсың, — деп кетіпті. Осы хабар жарқ еткен найзағай артынан күтірлеп шыққан күркірек дауысы сияқты, албан ішін басып кетті. Алып қашты хабармен елдің өкпесі кепкендей болды. Сүйінші сұрасқан, "босанатын болдық", "бармайтын болдық, бермейміз"... деген хабарлар, ертегі сияқты, қара бұлттан екпін алып, тіл алғандай қалың елді қайта басты. Кешегі хабар естілген соң, жәрмеңке басы адыра қалғандай болып еді. Бүгін күні бойы бір қазақ, бір сіріңке алған жоқ. Сауда жым-жырт басылды да, базар құлаққа ұрған танадай болды. Наубайлардың3 оттары жағылған жоқ. Мантының буы шықпайды. Қонағы жоқ асбұзыл жұтағандай қаңырап тұр. Қатарланған жасауы бар, көздің құрты сияқты қызылды-жасылды бұл ләпкесі, кең майдандай мал базары, ұсақ меліш ләпкелері, жалбыраған қара қызыл былғарылар, төңкерілген шойын қазан, жез шәугімдер, салпылдаған ер-тұрман бәрі-бәрі де албанның керегі үшін жасалса да, бір-ақ күннің ішінде керексіз дүние болып жайрап қалды. Өлген ердің артында жыл уағына шейін тұлдап іліп қоятын қаралы киім, қаралы аспап сияқты ләпкелердің дүниесі жесір-жетім қалды, өсекші қомағай саудагердің жайын қарны жем тілеп, сабырсыздық қылып, біріне-бірі қыдырып, айла таба алмай бастарын шайқасты. Асаусып, жат мінез көрсетіп тұрған жаяуларға қарап, даурығып, лағнат оқиды. Ашулы орданың, ләпкеші сарт ноғайдың ортасына келіп тұрып, сыр бермей қыңырайып жатқан қазаққа қарап, дағдылы жауыз боқтығын айтты. Ешбірінің де емі болған жоқ. Баяғыдан шыдап келген көнтерлі алып елдің бұрынғы момындық, мол қолдық берегендігі бір-ақ күнде пышақ кескендей тыйылды. Өзгеден бұрын ұлы жауы, мың да бір қырсығы жәрмеңке деп білгендей болды. Айналадағы көп жайлаудан мал ағызып, бұл алушыны жетектеп келетін жолдардың бәрі әне жатыр. Күнде қара құрттай қайнап әрлі-берлі ағылып жататын жүргіншінің ешбір белгісі жоқ. Тым-тырыс. Суық түсті жұмбақтай. Бүгінгі суретпен дәл кешегі күнді ғана салыстырса да, қаншалық жер мен көктей, бақ пенен сор арасындай, айтып бітіргісіз айырмасы бар еді? Кеше ләпкелердің алды елуден, жүзден қатар-қатар сірестіріп байлаған ер тоқымды ат болатын. Ләпке іштері иін тірескен, сеңдей соғылысқан алушы. Жалғыз еркек емес, ақ күндікті бәйбіше, ақ желекті келіншек, үкілі құндыз бөрікті сәулем бой бойжеткен — бір емес, әлденеше. Бір-бірінің қасында көп-көп нөкерлері бар. Өзге қазақтай қазымыр, саудаласқыш тартпақ емес. Нағыз жұмсақ жемдей. Қазірде олар бұлай тұрсын, керек десе құлынды бие мініп баласын ерткен кедей кемпір де жоқ. Өгіз мініп бесті-онды қадақ жабағысын теңдеген кедей шал да жоқ. Жалғыз сіріңке, жалғыз кесе болса да ләпкеден алып, қолына ұстап бара жатқан жайлаудың бір жаны жоқ. Күлкіші, аңқау, аңсағай бойлы күрең жүзді албан, суық көзбен жаңа ғана ең алғашқы рет жәрмеңкені мазақтай "кет", "жоғал" дегендей жирене қарады. "Түрік келді", "орысқа қара бұлт түйілді" деп алып қашса да, жарияланған жарлықтың шындығында күмән жоқ. Қара тастай мызғымай, бір орында түйіліп тұр. Шүйінші, тасаттық, жеңіл желіктің барлығы да сол зіл қара тасты аударамын, құлатамын деген ұшық сияқты еді. Бірақ үшкірген мен өкпемен қаққанға бұл кетпейтін, айықпайтын дерт сияқты болды. Соны білген ел енді: "Пәленше не дейді", "түгенше не ойлайды екен?" деген сұрақтарға келіп еді. Бұл тұста әр жайлау өзінің сенген шошағына көз салып, соның аузынан шыққан лебін тыңдайтын күйге жеткен. Өзді-өзінің тұрғысынан бірдеме деген шығыс болар ма екен деп дәмеленіп еді. Осы ретті Дөңгелек саз Серікбай, Әубәкірдің аузына қарап, Қарқара, Лабасы, Сырт жайлаған елдер Жәмеңкедей қария, Ұзақтай батырының аузына қарап, солардан жауап күтіп еді: Ертеңді-кеш осыларға кәрі-жасы, болыс-биі, сәлемші-елші айықпай шұбырып келіп жатқан. Күндіз бірнеше ауылдарда "айтылып сойылған" малдың еттері желінген. Қазір де екінді мен ақшам арасында Ұзақ, Жәмеңке аз ғана кісімен Дөңгелек бейіттегі Ұзақ аулының жаныңдағы көк жотаның басына кеңесте еді. Кішілеу дөңгелек денелі, бурыл сақалды ер Ұзақ — қажымас мықты қайрат иесі, ержүрек батыр болатын. Бұның көп заманнан бергі үзеңгі жолдасы Жәмеңке. Бұл жетпістен асқан қарт қырандай, кәрі шора аяқ алғыр шешен еді. Бірақ зорын таппай сөйлемейтін, көбінесе үндемей, өз ішіне үңілген сияқты ойда отыратын, жадағайы жоқ, тартымды жинақты мінезі бар. Ұзақ та суырылып көп сөйлемейді, сөйлесе кесіп байлап, бір-ақ айтатын Сондықтан қазіргі шешілмей тұрған түйін сияқты үлкен кесірлі, ұлы ауданды іске келгенде де күндізгі арманшыл, уайымшыл шалдар сияқтанбай, қазіргі қасында отырған бірен-саран сарнауық қажылар сияқтанбай, Ұзақ өз ішіне тығылғандай болып, мойнын ішіне алып бір қыңыр оймен тым-тырыс үндемей отырды. Кешеден бері әншейінде пысықсып, тілмарсып жүретін албан ішінің үлкен-кіші, жақсы-жамандарының — бәрінің де сөздерін естіп шықты. Бірде-бірінің сөзінде түкпір, өріс жоқ. Істейтін істің ем-домы жоқ. Құр ғана албанның өткен күні пәлен еді. Бүгін мұндай апат келді. Ауыр күн туды. Ақыр заман болды дегеннен басқа, құр жылап, зарлағаннан басқа ештеңені айтпайды. Бұндайлар аяғында батырды қажытуға айналды. Сондықтан күндіз зар жақтанып қақсай берген бірер шалға ашуланып:
— Уа, қоямысың енді! Байы өлген қатынша сұңқылдай бермей. Айтқыш болсаң, ана орысқа барып айт. Мен сені ұстап отырмын ба? Немесе мына ақыл таба алмай қамалған елге істейтін істі айт. Жарлық шығарған мен деп қақсап отырсың ба? — деп зекіп, сөйлетпей тастаған. Осы сөздерден де, онан соң кешеден бергі түйілген қабақ, сұрланған жүз, жылт-жылт еткен кішкене суық көздерінен де батырдың бірдемені аяқтата алмай, қиналып ойлап жүргені белгілі сияқты еді. Тентек батырының сырын білетін Жәмеңке қария, ештеме айтып қажамай, бұның ойын өрісіне жіберіп, өзі айтқанын тосып, баспалап бағып отырғандай еді. О да көп сөйлеген жоқ. Бірақ қазіргі уақытта тамам ел ішін қамалған пішін көрсетіп, Ұзақ пен Жәмеңкенің аузынан шыққан сөзін сабырсыздықпен күтіп отырған. Бірталайдан бері не дерді білмей, үндесе алмай бет-бетімен иығы түсіп тұнжырап отырған соң, аяғында Жәмеңке мойнын сыртқа қарап бұрып салып:
— Баяғыдан бері албан баласы қарын шашы алынбағандай болып, ала бөтен амандықпен келіп еді. Мына 75-ке келгенше малы-басы пәле-қазаға ұшырағанын көрген жоқ едік. Бұл тау арқасындағы елдің ұйқысы албанның тоқсанға, жүзге келген шалы болса да бұл елдің қыс күнінде жұтағаны жаз күнінде індетке ұшырағанын білмеп еді. Мал мен бастың амандығы бар-ақ еді. Е...е...е... ол бір дәурен екен. Орыс ормандай дұспанның қастығы мен торуы айықпаса да, көп зәбір келтірсе де, соны елемей келе жатқан ел бар еді. Енді мына бүгінгі күн мынадай кер заманға кездестік. Қалың апат селге киліктік. Баяғы өткен ата-бабаның абырой-бағын бізге берген жоқ. Олардың тұсында ел бұндай пәледен аман еді. Енді сені мен менің заманымда албан баласы мынаған кез болды, батыр!.. Өткелде түйенің үлкені таяқ жейді... Айтсаң да, айтпасаң да тұйыққа келіп қамалдың. Қолыңнан тартып шығаратын қайрат жоқ. Ұлық кәр қылғанда бізге қылады. Бірақ бас амандайтын күн емес... Бір біздің амандығымыз кімге тұлға болады? Қамалған елге біз сөйлемесек, кім сөйлейді? Енді ойдағыңды айт, батыр!.. — деп тоқтағанда, Ұзақ екі көзінде шақпақ оты жалтылдағандай болып булыққан ашумен:
— Ел аман еді. Жайлау жарасып еді. Қарын шашы алынбап еді дейсің. Қазақтың аяғына жем түсіп, ұлы бойына оқ тигені бүгін бе екен? Мойныңа бұғалықтың түскені әлде қашан емес пе еді? Бүгін тұқыртып, бір жолата шөктіргелі, темір қолы құлаққа келіп жабысып отыр, баяғыдан қорыққанда неден қорқып, сыйынғанда неден сақта деп сыйынып едің? Көптен торып, обырдай обып келіп, енді түгіңмен жалмағалы отырғаны осы. Бұл бүгін емес, көптен келген пәле де. Енді жетер жеріңе жеттің... Айтқандай асау болсаң, енді тұяқ серпетін шағыңа келдің. Абиырдың ашылып, мол дәулеттің ақтарылатын күні міне енді туды... Ел болар болсаң, енді сіресіп, ұстасып көр... Шыдаймын деп ұстас... Мен айтсам соны айтам... Жоқ, олай емес болатын болса, әне ұлығың, бар да ұсына бер... — деді. Бұл кеңеске Дөңгелек саз жайлауынан келіп кіріскен Серікбай еді. Оның да кешеден бергі ел сөйлеген сөзге құлағын салып, өз ішінде қорытып келгендегі байлауы осындай сияқты еді. Ұзақ сөзі өз ойын бекіткендей болып, бұл тілеген өріске қарай беттегеніне Серікбай ырза болды.
— Мына жерде қырғыз бар. О да көнемін дей қоймас. Оған жалғас керек және ірге аудару, Қытайға ауу керек. Көнемін, бойсұнамын десе ақылдасудың не керегі бар? Елдің сіздерге сөзін бергендегі іздегені де — қалың елдің елдігін көрсететін, бір жол табылсын дегені ғой. Екі қария екеуіңнің сөзің де қалың күштің тілегіне, ыңғайына үйлескен сөз болды. Ер азамат біздің аузымыздан "бермеймін" деген сөз шықса екен деп қана тілейді. Жә..! Ол сөзді айттық, бірақ қалайша бермейміз? Не айла істеп жан бағамыз, сүйенерлік, сүйкенерлік кім бар? Соған не айтасыңдар?.. — деді. Ұзақ өзін қостаған сөзге емексігендей болды. Тегінде Серікбайдың ерлігі, кісілігі бар деп бұрын да ішінен жаратушы еді. Сондықтан жасының кішілігіне қарамай, жолдас сияқты көріп әрбір жайдан ақылдасып қоятын. Қазірде де Серікбай батырдың бетін ұғып, ақылын мақұл көрген соң, Ұзақ бұның сөзіне ырза болып, бұрынғыдан көрі шешіліп сөйлеуге айналды.
— Албан баласы бұл арқада отырып дегенін істей алмайды. Енді әйтеуір амандық жоқ. Алды-артыңды өрт алды. Ең әуелі қанатын жайып еркектік көрсетемін деген өзге қазақ болса, соған ат салысу керек. Сонымен етек-жеңді жиып алғанша орыс қорлығына білінбейтін болып қарсыласа тұрып, әбден дайындалып алған соң, тіпті қожақтай беретін болса ірге аудару, Қытайға ауу керек. Жәмеңке, Серікбай болсын, өзге "бермеймін" жағында жүрген басқалар болсын, кешеден бері бәрінің де аузына кірген сөз осы еді. Бірақ орыс тығызданып тұр, жауап сұрап отыр. Бұған әзір жалтартып жауап беру керек пе, жоқ үзілді-кесілді бір-ақ айтқан дұрыс па? Ендігі ойға келген түйін осы еді. Бұны Жәмеңке шешпек болды.
— Сөз бұған сарқатын болса, мына жауап сұрап, үш күнде кесікті сөзіңді айт, тізімді бер деп отырған орыс бар. Бұған не деу керек? — деп, біраз үндемей отырды да, аяғында:
— Қадалған жерінен қан алмай тыйылмайтын дерт қой бұл. Ырғасамын, арбасамын деп созалаңдауға болмас. Енді бөксе басты қылып алармыз. "Бермеймізге" бекінсек, бұған бермейміңді ашып айту керек те, елге "қамдан" деп жар шашу керек — ... деді. Кеңесте басынан үндемей отырған бурыл шал Жоламан бар еді. Соңғы сөз мұның да күткен кезегі сияқтанды.
— Бәлі, мақұл айтады. Созғанмен жауап бермей тұра алармысың, елді ұйлықтырмай, болыс-болыстың барлығына бір бас, бір тас бол да, ел сөзі осы деп "бермейміз" деген бір-ақ сөзді айтыңдар деу керек. Әйтпесе қиқақтап, ұлыққа жағым таласып, жақсы атты кісі боламын деп елді тұйыққа қамайтын ала ауыз аз емес, табылады. Бір жерге сөз байланса, көптің ауқымынан шыққан тентекті, арам ойлыны көріп алармыз!.. Сөз осы, — деді. Болыстарды айтқанда, Ұзақ елдің шырқын бұзатын арам сирақ, залалды жауды еске алғандай болып қайтадан сұрланып:
— Ең алдымен сол тұшталаңдап, кісімсіп жүрген ұлықсыған немелерге ие болу керек. Аяғыңды қия бассаң, қылтаңды қырқамын деп, соларды ауыздықтау керек. Жарықшақ сөз шығармасын. Елді сандалтып шаң қаптырмасын, ертеңгі күн көптің айтатын сөзін қалпынан аудармай, жалтартпай ұлыққа дәл жеткізсін. Күн жауғанда қойнында, күн ашықта мойнында болатын ерке тәйтіктің керегі жоқ. Қазаққа ұлық дәрі емес. Көп айтатын қарсы сөзді соларға сөйлету керек!.. — деді. Бұл жиындағы үлкендердің бәрінің де көңілдегі күдігі болыстарда болатын. Алғашқы сөз байланған соң, ендігі міндет соларды ауыздықтау екені барлығына да мәлім жұмыс. Кезекті мәселе сияқты болатын. Бұның байлауын да Ұзақ айтып берді. Бірақ болысқа ел қабағын танытып, үнемі тәубесін еске түсіргендей сескенетін бір мінез істеп жіберу керек. Ұлық алдына барғанда қаймақтамас үшін, қалың топтың ұжымын анық көрсетіп, шырқ бұзған кісіге көп айдыны қалай төңкерілетінін ашық сездіру керек. Жәмеңке осыны ойлады да:
— Болыстың бәрі шырқ бұза бермес. Бірақ бәрі бірдей елдік ойлайды, ұлыққа сатпайды деп те айтуға болмайды. Ертең мен бір боз қасқа айтып сойып, бір қауым елді жиғалы отырмын. Албан болыстарының бәрі де сонда келер. Бұдан бұлай тантымай аяқты анық бас деген сөзді қауым алдында айтармыз да, біржолата шегелерміз. Содан әрі ауа жайылған болса, ондай мұттайымның малы мен басын елдің қолы білсін. Албанның орыспен қатар, мың да бір жауы сол дерміз, — деді. Кеңес бұл сөзді тегіс мақұлдады. Тәжірибесіз көр бала ақыл бұл істі құр ғана ашумен шешті. Мәселе қалың елдің түгел ереуілдеген қыңырлық, қарсылық бетімен шешілді. Білмегенін көмескі күйде қалдырды да, балтамен шапқандай долбар жасап, үлкен наразылық, тұтасқан құр қарсылықтан басқаны айтқан жоқ. Бірақ қалай айтылса да, бұл байлау тасқындап, булығып тұрған көптің бір бетке қарай ақтарылғалы тұрған шын ниетін білдірді. Сондықтан Ұзақ аулына жиылып, ақсақалдардың байлауын тосып отырған ел мына сөзді естігенде шынымен патса құрығынан біржолата құтылып кеткендей болып жапырласып, қуанысып бейуақытта бата қылысып, "бермейтін" болдық деп аттарына мінді. Сол байлау сол түні-ақ қалың елдің ішін жаңа екпінмен тағы да қыдырып шарлап, шашырай жөнелді. Келесі күні албанның шыр етер атқа мінген дәмелі жігітінің барлығы Жәмеңке айтқан боз қасқаға түгел жиылды. Бұнда Ақжелке кеңсесінде болған болыс, билер де түгел. Өз ортасының шошағы болған ақылшы қариядан жиын ортасында Ұзақ, Жәмеңке, Серікбай бар. Баяғы бір түйіннің үстінде аласыз көңілмен түгел жұмылған қабақ бар. Жәмеңкенің ауылы Ақбейіттің ұзын өлкесінің бойындағы қалың ақ ауылдардың қақ ортасында еді. Жиылған жұрттың аттары ауыл маңын қара тобыр қылып жәрмеңкедей жыбыр-жыбыр басып кетті. Қарсы беттегі Лабастың қарағайлы беттері мен атты қазақ көптік салыстырғандай еді. Өзеннің күн батыс жағындағы жалаңаш қызғылт жотаның өзекке қараған беттері ерттеулі ат, топ-топ болып үйілген, үйірілген кісіге түгел толды. Жерошақта будақтаған түтін. Тер басқан көп күтуші. Қызарып, жарқырап сойылып жатқан үлкен-кіші малдар. Ақтарылып, лақылдап, дамылсыз құйылып, бұралып жатқан мол қара сабалар қазақ жиынының дағдылы шарты сияқты. Ішіліп, қыздырып, желік беріп, жеңілдендіріп жатыр. Келелі үлкен жиын Жәмеңкенің алты қанат үлкен үйінің сыртында көк шалғынның үстінде еді. Балалар соққан тас қорадай, жеті қанат үйдің орнындай үлкен ауданда тізіле отырған ел кісілері. Үлкен кеңес. Бұған жұрттың бәрін жапырлатпас үшін, өзге қалың топтарды үй-үйге кіргізіп қымыз беріп, шай беріп алдандырып жатқан. Және үлкендер кесіп-пішсін. Байлауды солар айтсын. Көп қара құрық сөз аяғын жерге тигізбейді десіп, кеңес жиюшылар бала-шаға, жас-желең, кедей-кепшіктен бұл топты әдейі жырып шығарған. Бірақ басында солай дескенмен, үлкендер сөзге кірісуге айналғанда айналаның бәрінен шошақ бөрікті албанның жас-кәрісі, топ-топ болып ағылып келіп жатыр еді. Жиын ортасында қара бұйра бөріктерін көздеріне баса киіп үндемей томсарып, маңайындағы болыстарға түйіле қарап қойып Ұзақ, Жәмеңке отыр. Бұлардың көзіне көзі түскен жақсы киімді, сусар бөрікті, жылтыр жүзді шытырайған болыстар мойнына күнәсі ауған қылмыстыдай жасқаншақ, жалтаң сияқты. Жиылған соң да жұрт көпке шейін үндеспеді. Сөздің шешуі кеше айтылған. Ұзақ, Жәмеңке бүгін мына жиыннан соның жауабын естімек. Ұйлыққан топтың бұл арада көшін бастап, алдын тосудың міндетін Серікбай алды.
— Уа, албанның баласы, неге жиналдың? Басыңа күн туған соң жиылдың. Ұзынды күні бір ауыз сөз айтпай ұйлығып отырамысың, түге?! Кеше мына қариялардың айтқан сөзін естідіңдер. Ертең жауап беретін күндерің ұлыққа, кеңеселік, бірдеме делік ...Сөйлеңдер...
— Уа, мақұл айтады... сөйле, сөйлеңдер... ел ауыздарыңа қарап отыр, — деп көп дауыстар әр жерден шу-шу етті. Топтың әp жері күбір-күбір қағып, қозғалақтап қақырынып, түкірініп жатты. Осы дауыстардың аяқ кезінде аңсағай бойлы, жар қабақты Тұрлықожа дауысын өзгеден асырып:
— Рас, сөйлеу керек. Мына қыдырлы үйдің асына жиылып, дуалы ауыз қария Жәмеңкедей, анау Ұзақтай батырдың ақылына қоңсы қона келіп отырмыз. Кешегі өзбек заманы кетсе де, албан баласы, шүкірлік, басшысыз емес. Нұсқағаныңнан қаламын деп отырған ел жоқ. Әуелі қария сөйлесін.
— Қарияға қалған сөз сөйленді. Қария айтты айтарын, — деп сөзді Жәмеңке киіп әкетті. Атақты қарияның түсінде қатпарланған әжім арасында, қатуланған томырық ашу белгісі бар еді. Бірақ сөзін ашуға билетпей, келеге билетіп, өзгелерді қозғамақ болып. — "Кәрі қойдың жасы үлкен, ісек қойдың басы үлкен" мына отырған жастан шыққан басшың бар. Сөз кезегі бұларға келді. "Бедері кеткен торқадан, бек тоқыған бөз игі" деген. Бізден бедер кеткен. "Қалдайған қара бөркімді шоқ болғанда сен көрдің, дәулетімнен бейнетім көп болғанда сен көрдің" деп, сыннан өткен шағымызда мынадай кер заманға кездестік. Бұл — елдігіңе келген сын, албанның баласы. Елден алалы туған ұл болса, белді бекем буып бекінетін шағына келді. Бізге қалған сөз аз ғана, асарымды асап, жасарымды жасаған мен немді қимаймын? Ұзақ несін қимайды? Еркек туған елмін деп дөң басына шығар болса, қалған жасын салмайды екен, жалтарады екен деме! Жер тіреген шал да болсақ қатарыңнан қалар деме. Біз айтарды айттық. Егер ол сөз замандарыңа жақпайды десең, өздерің біл... Айтсын мына ел тізгінін қолына ұстаған, жастан шыққан жақсылар, — деді.
— Уа, сөзіңе құлдық! Уа, садағаң кетейін! Аруағыңнан айналайын! — деп шулаған кәрі дауыстар естілді. Қорсылдап жылаған бірен-саран көңілі бостар да көрінді. Жәмеңке сөзі елдің булығып отырған бойын шымырлатқандай болды. Болыстар көптің қабағын сезген сайын өз-өзінен бұққандай, қысылғандай еді. Ақжелке алдындағы төменшіктеген жалтақ көз тағы да бөрік астынан ұрланып, маңайынан бір шығыс іздегендей созылып, қозғалақтап отыр еді. Болыс тобын тағы да Әубәкір жарды.
— Уа, қарияның кешегі сөзін де, бүгінгі сөзін де естідік. Естімеген, алғыс айтпаған албанның баласы жоқ. Артыңдағы елдің үмітін ақтасаң, өстіп ақтарсың, сүйіндірсең осылайша сүйіндірерсің. Ырзамыз...бұл бір сөз, ендігі бұдан соңғы бір кезең — ұлықтың айтқанына көнбедік. Бермейміз дедік. Сонда бұл жеріңді мекен қылғызбайды екен. Жә! Сол күнде бізге анау қалмақ қоныс бере ме? Қойнын аша ма, осыған не айтасыңдар? Бермеймізден соңғы елдің қамалып тұрған тұйығы осы болып тұр. Бұған қария болсын, осы отырған көп халық болсын, не дейді, кәне?! — деп ашулы ернін жымырып қанталаған қызыл көзімен айнала қарады.
— Әуелі бір сөзден бір сөзге сырғымайық. "Бермеймізге" осы жиын түгел сөзін сарықты ма?! Әуелі соны айғақтайық та. Сол мақұл болмас па? — деп Серікбай көпке қарады.
— Иә, иә... солай-солай!.. — деп дағдылы шумен тағы да қостай жөнелді.
— Уа, болыстар сөйлесін. Болыс атаулы сөйлесін! — деген дауыстар шықты.
— Иә, жұрт әрлі-берлі айта береді ғой. Ертең орысқа жауап беретін болыстар мына қария сөздерінен соң болыс атаулы не айтады, соны есітелік?! Жаңағы көп ниетін айтқан қарияның ұранын осы отырған болыстар қостай ма, жоқ па?! Неге айтпайды... Неге ұйлығады! — деп Тұрлықожа болыстарға қадалды. Кешегі ұлықтың ақырғы сөзі әлі күнге есінен кетпеген Рақымбай көптен қозғалақтап қобалжып отыр еді. Өз маңында ұлық беті мен бірдемені айтып қоңырсытып та келіп еді. Бағанадан көптің бетінен жасқанып, жариялай алмаса да, енді ұлықтан бір именіп, елден тағы жасқанғанның бабын таба алмай:
— Болыс ұлық айтқан жарлықты сендерге айтты. Енді сендердің сөзіңді ұлыққа айтады. Болыс деген не? Ол арадағы бір ғана тілші, болыс-молыс демей, байлауды неге айта бермейді бұл халық. Болып жатқан үлкен соғыс анау, ақ патсаға қараған елде қазақ, қырғыздан басы аман, малы түгел отырған ел жоқ, "енді сендер әскер бермесең де, көмек бер" деп асылып отырған ұлығың анау. "Бермеген мақұл" деп ел айтады. Болыс мұнда қайтушы еді? Қайратың, амал-айлаң болса бір сәрі... Неге сенетініңді кім біледі?.. Бізге ақыл айт демей, сәлемімді айт, сөзіміз осы деңдер. Одан басқа болыс дей беретін не сөзі бар... Солай емес пе?! — деп болыстарға қарады. Бірен-саран болыстар: "солай... солай" десіп, жасқанып күбірлескен болды. Болыстың көпшілігі үндемей, төмен қарасты. Жәмеңке мен Ұзаққа жалтақтады. Жәмеңке басындағы сөзін жұмсақтап айтса да, мына соңғы сөз қытығына тигендей, қинағандай еді. Жүзіне ашумен араласқан кекесін кіріп, суық күлкі пайда болып, Рақымбайға қарап:
— Е, е, е! — деп қадалып отырып:
— Сарттың жол бұзатын жорғасындай тілің бар неме екенсің. Көмейіңді танымай отырған шығармын. Сен болыстықтан түссең, албан пысық болыссыз адыра қалар дейсің ғой, — деп келе жатқанда Ұзақ киіп әкетіп:
— Ақсақ кемпір сияқты сылти басқан пысықша! Алдасаң орысты алдарсың... Сен істес болған орыспен біз де кездесіп көргеміз. Сені бұлай дегізіп отырған, бөліп жеген жемтік шығар. Бірақ осы албанның баласы ертең көгенделіп кететін күн болса, көз жасы сенің мойныңда, екі дүниеде қос қолы жағаңда, заман сенікі, сөз сенікі... Бар, бастап апарып, тізіп бер... Еріңдер түге мына Рақымбайдың соңынан... Бұдан әрі не сөз бар? — деп тым-тырыс болды. Жиылған жұрт басында ашулы батырдың пысы басқандай бір секөнтке жым-жырт болды да, артынан жамырағандай жан-жақта шу-шу етіп:
— Кетсін жиыннан Рақымбай, жоғалсын... Қызыңды... Анаңды... Сен әуелі жұртыңмен, үйелменіңмен өртелмей, бір албан да соғысқа бармайды. Азамат кететін болса, әуелі осыны бауыздап кетеді, — деп Ақбейіттің даласы ереуілдеп кіжініп өрттей лаулады. Жиын басы үлкендер алаураған жұртты әрең басып тоқтатты. Қайта орнығып тыныштанып кеңесе бастағанда Рақымбай жорғақ қағып, Жәмеңке, Ұзаққа жалтақтап, жасып, тапталып, кішірейіп қалған екен. Ешбір дыбыс шығара алмады. Содан кейін ел бермеске, көнбеске ең соңғы нық байлауын жасады. Азаматты бермеу жолында ауа көшуге, мал дүниеден, ата қоныстан безуге де шыдамақ болды. Ұзақ қалмақ басшыларымен достығын айтып, албан баласын үш жылға шейін сақтайтын жай таппақ болды. Сол үш жылға шейін соғысып жатқан патшаның өзі де бір жайлы болады десті. Аяғында ертең ұлыққа жауап беру үшін қариялардың бойын көрсетпей, жасырақ басшыларын жібермек болып: Серікбай, Тұрлықожа, Айтпай үшеуін сайлады. Ең ақырында боз қасқаның қанымен анттасып, Жәмеңке албанның Райымбек, Саурық бастатқан қадірлі ұлы аруақтарының бәрін атап тұрып, "солардың оң сапарын бер" деп, мойнына бұршағын салып тұрып, тілек қылып, бір әкенің баласындай бір ниетке тас түйін болып буылған елге ақ батасын берді. Қалың жиын күңірене қостап: "Иә, құдай, иә, Райымбек ата, жар бола көр!" — деп ақ тілекке шын ұйыған пішінмен беттерін сипады. Көтерілістің тас іргесі орнатылып, алғашқы бір буын, бір сатысы осыдан басталып еді.
ІІІ
Ұзақ Ақбейіттегі жиыннан қайтып, Таңбалы тастағы өз аулына таман келгенде, маңындағы көпшілік жан-жаққа, ауыл-ауылына бытырап тарап келіп, қасында селдір ғана топ қалып еді. Осы аз кісінің ішінде өзінің бірге туған ағасы Тұңғатар қажы келе жатқан. Бұл бүгінгі албан ішіндегі үлкен байдың бірі. Мың жарым-екі мыңға тарта жылқысы бар. Ұлғайып, ел ағасы болған баласы бар. Азамат, бозбала ортасының мырзасы атанып жүрген немерелері бар, мал-басқа төрт түлігі сай, тіршілікке, тыныштыққа мас болғандай ырза болып жүрген көп байдың бірі еді. Жарлық әңгімесі естілгеннен бері қарай бұл болыс тілмаш, ұлық арқылы мал күшімен немересін алып қалатын қалтарыс жолдарды қарастыра келіп, аяғында пұл аямаса жігітін амандап қалатынына көзі жеткендей болған. Бірақ Ұзақтай туысқаны, Жәмеңкедей ел қариясы, жалпақ албанның қамын жеген болып, бұл ойлаған ниетті өрісіне жібермей шырқын бұзып тұр. Кешеден, бүгін күндізден бері сол іс бұның әдеттегі тыныштығын бұзып, жұрттың жиынына, Ұзақтардың сөзіне, оларға сүйсінген елге — барлығына да наразылық, кекесінмен қаратқандай еді. Күні бойы елдің Рақымбайға кіжінген түсін көріп, бұл жиында бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бірақ Ұзақты оңаша қолына алып, ойдағысын айтпақшы болып келе жатқан. Сонымен екінді кезінде Қабанды Қарағайды басып, Таңбалы тастың желкесінен асып түсіп, ауылдарына тақап қалғанда, алдынан өз аулының бір жігіті келіп, оңашарақ шығарып алып:
— Бүгін түс кезінде жәрмеңкеден бес-алты солдат келіп батырдың ауылын тінтіп, өзін сұрап кетті. Іздеп жүрген кісі сияқты. Кешеден бергі сыбыстың бәрі жәрмеңкеге барып жатқан көрінеді дегенде:
— Бәсе, мен соның боларын білгемін. Бұл Ұзақты бірдеңе түртіп жүр, ойын деп жүрген шығар. Әлі орыс бұның жүрегін шайлықтырған жоқ. Бірақ бұл бірдеңе көреді. Өзі де көруге ынтық. Біздің ауылға келді ме, балаларды іздеген жоқ па?
— Жоқ, біздің ауылдарға келген жоқ. Үйтсе де ел бүгінгі орыстың жүрісінен сескеніп қалды. "Сонымен ауылға келе ме, келмей ме, қайткені лайық. Алдынан хабар қыл" деп әдейі сіз бен батырға ауылдағы бәйбішелер жіберіп еді. Қалай қыласыздар. Батырға өзіңіз айтасыз ба, қайтесіз? — деді. Бұл кезде Ұзақ жанында он шақтыдай ғана кісілер қалып еді. Тұңғатар қажы сол жақтағы жотаға таман атын бұрды да, хабаршы жігітке:
— Ұзақты мен шақырды деп ертіп кел, — деп өзгелерден жырылып жалғыз кетті. Ұзақ келгенде Тұңағатар өлкедегі көп ауылдың желкесінде ұзыннан созылған көк жотаның үстінде жалғыз отыр еді. Батыр әдеттегі малқорда, бықсыма, тартпақ ағасын бұндай үлкен істердің тұсында көргісі келмегендей болатын. Жиренішпен, бөтендікпен сырт қарап жүруші еді. Бірақ бұрынғы істің көбі қазақ арасының тартысы, малға, шығынға сайып келетін партия жұмысы болатын. Ондайда қашқалақтап, сараңдық қылып, Ұзақтан бойын алып қашамын десе де, тентек, өр мінезді батыр ағасына өз қайратын еріксіз танытқандай болып, айтқанына көбінесе көндіруші еді. Бұл екеуінің арасында жас күндерін сөзбен ұғысқан, ниет, пейілмен жарасқан, туысқандық белгісі болмаса да, қайратпен арбасқан, қабақпен танысқан ерекше бір жалғастық болушы еді. Сондықтан Ұзақ әрқашан Тұңғатармен бел шешіп сөйлеспейтін де, бұнымен сөйлесетін уақыт өзіне бір азап сияқты көрінгендей болатын. Бүгінгідей батыр көңілін тұқыртып басқан қиындық үстінде үлкен жұмбақ, ауыр азап үстінде Тұңғатар тағы да берекелі сөз айтпайды. Соны ертеден бастап сезген сайын Ұзақ төбе басында қоразданып отырған байды алыстан-ақ оқты көзімен атып, жақтырмаған қабақ көрсетті. Тұңғатарға бұл үйреншікті жүз сияқты. Ол көбінесе бұл пішінді көрмегендей, әдейі танымағандай болатын.
— Бүгін бес-алты орыс келіп, ауылды тінтіп, сені сұрап кетіпті. Кешеден бергі сөйленген сөздерің анау. Осы орысты ойыншық деп білемісің осы? Кеше өзіңе ел аман, жұрт тынышта ел бүлдіруші осы деп үш айға абақты кесіп отырған ұлық, бүгін мынадай астаң-кестең үстінде ең алдымен елден бұрын сені торымай, кімді ториды деп ойлайсың?!
— Уа, жаным, не қыл дейсің енді?!. Кеше орыс жалғыз мені көздеген болса, бүгін бар албанның баласын қоса көздеп, қоса іздейтін болып отыр. Іздеді деп өле қалайын ба? Орысқа қай қылығымыз жағушы еді менің? "Жер үстінде жүрме, үніңді шығарма, қатын бол" дейді. Соның бәріне бас ие берейін бе? "Басқа ұрса — өл, көтке ұрса — көн" дейсің ғой. "Өлтіремін десе де, жағаласпай, қол қусырып өл" дейсің ғой, үйтетін болсам, әкем Саурықтың аруағынан садаға кетсем болмай ма?! Не айтпақсың? Не қыл дейсің? Төрт-бес солдат келіп кеткен екен. Шошығаның сол ма? Көрмеген орысым ба еді?
— Сен болсаң үстесің? Өршеленбесе Ұзақ бола ма? — деп ызаланғандай кекетіп: — Сен орыспен ерегесемін деп сақалыңның ағына жеттің, кімді жеңдің? Неге қолың жетті? Алты алаштың баласын қыбыр еткізбей бағындырып, ауыздықтап отырған, құрығы ұзын патсаға албан ішінен бір тентек шықса, жүк болады деп кім айтты осы? Тартынатын, ойланатын шағың бар ма, жоқ па? Өзге болмаса, алдыңда тілеуі бар балаң бар, артыңнан ерген інің бар. Ең болмаса ертең кешегі тентек Ұзақтың баласы, інісі дегізбей, көзге түрткі қылмай соларды ойласаңшы, ауыл-аудан ағайынды ойласаңшы.
— Уа, Тұңғатар, тілеуің құрғыр Тұңғатар, не қыл дейсің? Соны айтшы. Күйдірдің ғой сен-ақ. Өмір бойы: "шөк-шөк" деп-ақ өлтірдің ғой сен!.. Айтшы енді, қайтейін мен? Кәне, айт енді!
— Айтамын, айтатыным: кешеден шыбық салып әр жерден байқап жүрмін. Өзіміздің ауылдың балаларын мал шығарсақ, түгел амандап алып қалуға болатын көрінеді. Құдайға шүкір, екі-үш баланы алып қалатын дәулет бар. Өзгенің барғаны барар, бармағаны осылай жан сауғалап қалар. Мынау елді босқа желіктіріп құтыртпа, тоқтат. Қалмаққа барып жетіспейміз. Мал-дүниеден айрылармыз. Ата қоныс мекенінен ел ауған деген оңай емес, ол үлкен апат, сұмдық. Ешкімнің де бар албанды сыйғызатын жері жоқ. Алдымен қыруар малмен өзіміз сыймаймыз. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында ата дәулет, қан қазына шашылып, төгіліп кеткелі отыр. Осы ақылға қон, тоқтат мынау елді.
— Болдың ба, Тұңғатар?
— Иә, болдым. Мен десең, аруақ риза болсын десең, осы сөзге бақ... тоқтағын. Тұңғатардың "аруақ" деген сөзі батырдың бұрын да ашу кернеп отырған бойына у құйғандай болды. Кішкене суық көзі қанталап, от шашып, шарасынан шыққандай шатынап, қарсы отырған қажыға шаншыла қарап:
— Аруақтан садаға кет, кәрі ит! Сені бүйтіп алжытқанша неге алмайды, бұл құдай шұнақ? Жоғал, көзіме көрінбей, дүниеқор арам сирақ. Албан атынан, Саурықтың сідігінен садаға кеткір... Өшір қараңды! Жолама менің маңыма! Осы жолда өлемін. Бірақ сен маған топырақ салушы болма! Өлігімді былғама... Кет, кет... Қазір қасымнан!.. — деп сөзінің аяғында тепсініп ақырып жіберді. Батырдың қолы қалшылдап, жанындағы пышағына әлденеше рет барып қайтты. Інісінің неше алуан қатты сөздеріне бұрын талай рет құлағы қанып, бойы үйренсе де, мына жерде Тұңғатар тіктесіп шыдауға жарамады.
— Мен арылдым... Мен болдым... Енді бір-бірімізге жоқпыз... Мейлің, мейлің, — деп атына мініп жөнелді. Ұзақ бойын қалтыратқан ашумен қамшысына таянып, күн батысқа, жәрмеңке жаққа қарап, қадалып жалғыз отырып қалды. Көз алдында асау тентек өмірде өзінің істеген қылықтары елестеді. Өзін талай күйдірген Тұңғатардың қылықтары да бірі артынан бірі тіркеліп, желіге тізілгендей сырғып өте бастады.
— "Аруақ, аруақ" дейді-ау қарабет! Қай аруақты ырза қылып еді? Маған аруақ осыны қабылдайды дерлік бұның не қасиеті бар еді? Тірі туысқан, өлі аруақты күңіренткен кәпірістан қылық осыдан шықпап ба еді? Менің ет жүрегімді өртеген сұмдық іс осының істеген ісі емес пе еді?.. — дегенде бейуақытта ауыр оймен құлазып отырған кәрі батырдың көз алдынан өткен дәуреннің бір ауыр қайғысы шұбатылып көлденеңдегендей болды. Мойнына оралған ала арқан қазір де қап-қара, қан арқаны сияқты. Қаны қашқан көкшіл жүзінде өлім таңбасы. Ақылды, терең сұлу көздері жұмылған. Сонда да жас баладай жазықсыз ақ жүзінде "әкетай" деп қатты тілмен жабысқан әулиелік тазалығы бар. Бұл суреттің батыр көз алдынан өткеніне он бес-жиырма жыл болса да, өмір бойы, әлі күнге шейін бір оймен қиналып, өзі-өзімен мұңдасқандай болғанда, осы пішін батыр өмірінің зор күнәсі сияқтанып, ұдайы елестеп тұрушы еді. Бүгін сол ертеде өткен сұмдық күні жаңа ғана болып өткендей ерекше ауырлықпен қайтадан келіп, қан жүрегін қаптай басқандай болды. ...Бәкей Ұзақ батырдың өзінен туған баласы. Екі-үш ұлдың ортасындағы жалғыз сұлу қызы еді. Бар баласының ішінде одан ыстық, одан қымбат болған тумасы жоқ еді. Ұзақтай батырдың сай сүйегін босатып, бір өзіне ұйытқан Бәкей бала көп баланың біріндей, әлдекімдей емес. Ерекше еді. Жасынан сұлу болған есті Бәкей табиғаттың албан ішіне берген сирек сыйы сияқты, оқымысты молда еді. Өлген Саурық батырдың өзіне тартқан баласы — тентек, долы Ұзақтың қылышынан қан тамып тұрған дәурені блатын. Әдетше Бәкейдің жас күнінен атастырған күйеуі бар-ды. Ол албан ішіндегі бір малмен бірге мал боп өрген, сасық байдың өнерсіз, топас баласы болатын. Жасынан әкесінің сөзін сынап, ел сөзіне, үлкендер келесіне салмақты сөз тастай білген зейінді, өткір Бәкей көп елге сараңдық, көргенсіздікпен аты шыққан қайнына риза емес еді. Сондықтан жаздың бір жарық айлы, желікті, үмітті түнінде тағдыр бұйырғандай жетектеп тартқан ыстық жалын, махаббат бұйрығы, жас сұлуды алысқа тартқан. Бәкей сұлу жасынан өскен ұясына қош айтып, жүрек жарымен қашып еді. Алып қашқан анау қарлы көк биіктің астындағы "Сақау қырғыз" жігіті болатын. Бұл Балтабай манаптың інісі. Қазақтың ата жауы. Ол күнде кескілескен дұспаны, яки, батыр сүйегіне таңба салды. Асау Ұзақ ішінен шыққан баласының балалық атын ұмытты. Ағасы Тұңғатар, інісі Қожаберді намысты көтермейтін кісі болып, өлтірмекші, өлмекші болды. Солар әке намысын суық сөзбен тілгілеп, жолдан тайған Бәкейге дұспан қылды. Ушықтырып, ашумен, кек тілегімен уландырды. Ұзақ қуып кетті. Қарақолдың ұлығын сатып алды. Қырғыздан Бәкейді кеңсеге шақыртып алды. "Қазақ бетін қайтадан көрсетпе? Жауыңа кетіп, адасқан болсам, маған істеген жазаң сол болсын, осы арада өз қолыңмен өлтіріп кет, болмаса сүйгенімді қияйын, кім болса да, әйтеуір қырғыз болсын, осы елдің біріне беріп кет", — деген. Сол сөзге Ұзақ уәде қылып, бұның уәдесіне ие болмақ болып Жылқыбай кеудесіне құран ұрған соң, Бәкей ұлыққа "бұрынғы жігітімнен кеттім" деп, түзу жауап беріп, әкесінің қолына тиген. Бірақ баласы қолына келген жерде-ақ ызамен елтіген Ұзақ айтқан сертін орындамай, осы Үш күнгейдің баурына алып келген. Еліне әкелген соң, қанаты сынған торғайдай өлусіреп, сөніп бара жатқан баласына қарап, Ұзақта әке жүрегі оянғандай... Ашу басылып махаббат тілі қайта басқандай жылығандай еді. Қан жүрегін өрт шалған жас сұлудың сарғайып бара жатқан жүзі қара тастай түйілген ашуды қардай ерітіп, емексітіп еді. Өз қылғанына өзі өкінгендей болып, жан ашыр, мейір оянды. Көзіне қамшы тиген жас қозыдай болып, дірілдеп жатқан балапанына қайтадан иілгендей, есіркегендей еді. Бірақ сол кезде тыңнан шыққан өрттей, ашық күнде күркіреп жауған өткіншідей жалған ашу, жалған намыс иесі болып осы Тұңғатар мен Қожамберді шықты. Екеуі де намыс соққысын көтермейтін кісі болып, Ұзақтың баласы Бәкей қылған бұзақылыққа шыдамайтын болып, ағайын-туғанды өздеріне бағындырып, соңдарынан ертіп алып, "өлтіремін" деген жауыз ниетті шығарды. Ұзақ жалғыз қалды. Әшейінде мықты, алып тентек Ұзақ астына мініп келе жатқан аты тулағандай болды. Туысқан, ағайын аузы біріксе, алысқа шығып жүрген айдын, әшейіндегі мықтылық, ру шебінің ішінде бос сөз екеніне сонда көзі жетті. Сонда да "Бермеймін, көнбеймін" деді. Бірақ екі көзі қанталап, боранды күні адасқан жалғыз жаяуды қамаған аш қасқыр тобындай қан көксеген қатал қол, қаусырмалап қысып кетті. Тұңғатарлар Ұзақ үйде жоқта ауылды басып алып, Бәкейдің өзі туып өскен үлкен үйінің ішінде үлкен жауыз іс істеді. Зар жылап, тұла бойынан қан ақтарылып, талып қалған шешесінің көзінше үлкен үйдің шаңырағына Бәкейді асып өлтірді. Өлтірген — бүгін аруақты айтып отырған осы Тұңғатар. Оның атқан оқ, шапқан қылышы болған — жас, албырт інісі Қожамберді. Бірақ өзі қылған қаталдықтың артынан өз-өзінен шошынып, дертті болып келесі жылы өкінішпен өртенгендей болып, Қожамберді де дүние салды. Аянышсыз, өкінішсіз мал кеуделі Тұңғатар, міне, Ұзаққа атап отырған кәрі аруақ, қасиетті өліктердің ішінде арманменен уланған, әке жүрегіне әулиедей қадірлі көрінетін, ең қасиетті аруақ — Бәкей аруағы. Соның қатал дұспаны — Тұңғатар. Аруақты айтады! Неге айтады? Ұзақ жүрегіне оқ қадалғандай болды. Намыс, өкініш, ашу оғы сияқты. Немесе сондағы жазықсыз қанды ағызғаныңдай, бүгін бар албанның жас атаулысын тағы да құрбанға шалып, өзі қызығын көріп, жайлауын жарастырмақ сияқты. Ерегес, ашу кернеген сайын, доңыздай семірген қарын құлы тоқтық, тыныштық албастысы — Тұңғатар пішініңдей болып көрініп, апат тілегендей болды. Кекесін көңілді үстем қылып шарыққа шығару үшін, жүрегіне у жимаққа, кек қаруын өз жүрегінің қанына бұлғамаққа бұрыннан ішке тығып өзінен-өзі бұғып, тығылып, жасырып келген ауыр сағатты еске ала бастады. Бәкейінің жайы, ішіндегі өмірлік жарасы жалғыз сүйген балапаны өз қолынан өлген бишара қарлығашының соңғы күндерін көз алдына келтірді. Мынау ауыл отырған өлке — оның соңғы күндерінің куәсі. Балапан қаныңдай жазықсыз, күнәсіз қанының қара жерге тамған орны да осы өлкеде. Таңбалы тастың солтүстік жағы биік жар. Сол жардың басы шөпті тау болып, бір беті биік қабақ болып барып желкедегі қарағайлы тауға жалғасады. Соңғы күндерінде ауылдың барлық жаны жатырқап, жалғыз тастаған Бәкей қара шапанын бүркеніп, құп-қу болған жүзбенен осы қабақтан асып барып қайтқанда екі көзі қып-қызыл боп, ісініп жасаурап келуші еді. Ауылдың тұсындағы көк беттің орта шенінде таздың теңге-теңге болған аласындай қызыл-қызыл тақырлар бар. Желкедегі қарағай кей жерінде қара қошқылданып бірігіп, иықтан баспалап қарап тұрған самаладай әскер сияқтанады. Кейде бергі беттегі дәл желкедегі тоғай, қара быжырық болып, жас ойға түскен қайғыдай көлеңкеленіп, көкшілденіп жүдеп кетті. Осы суреттің бәрі де Бәкейдің өлер сағатынан үзік-үзік қанды таңба сақтап қалғандай. Өлкеде болған сұмдықты көрген табиғаттың жүзіне қайғы әжім, қан ізі түсіп сақталып қалғандай. Бәкейдің өлер шағындағы көңілінен ұшқындап-ұшқындап кеткен қайғы, қауіп ойларындай болып, үздік-үздік, қотыр-қотыр ажарсыз сурет айналаның барлық пішінінде әлі күнге түгел тұрғандай. Қарқара жазығына қарай жіңішкелеп созылып кеткен кішкене өзен де, күнбатысқа таман барғанда көкшіл мұңды сор далада теңге-теңгедей болып тағы да қотырланып жарқырайды. Сай — қайғы, мұң сайы. Әр жерде шашылған ауылдарда, қаралы кеште шашылған қандай болып, кешегі шашылған өмір шоғы сияқтанып, кешкі оттар жылтылдайды. Кешкі табиғат Ұзақ көзінен оңашада домалап аққан ыстық жаспен бірге жұтап, тоңазып, жетімсіреп тұрып жас балапан Бәкейді жоқтайды. Өткен күннің қанды таңбаларындай белгілерін сақтап, кәрі суық, қатал заманға қарғыс айтқандай, мұң шаққандай, баяғы өткен күн болса да, өмір бойы Бәкей қайғысы Ұзақ жүрегін бүгінгідей жанышқан жоқ еді. Белі сынып, ет денесі ортасынан омырылып қалғандай. Баяғыдан шор болып, қатудай байланып жүрген жарасын бүгін сыртына ақтарып шығарып, көз алдына барлық уын жайнатып, жайратып салғандай болды. Бұл күнге шейін қорғаншақтап, жалтақтап, тіршілікті жабысып сүйіп келген қомағай тілек енді лап етіп жанып, сөніп қалғандай. Өлім, өлімді ғана тілегендей. Өмірінде жасырып, тығып келген іштегі уынан қазір де масайғанша семіргендей болып: "Дайынмын, ал мені... Қалқамның алдына қара жүзді болып бармайтындай қылып, көп ниетінің құрбандығы қылып ал!.. Ел тілеуінің үстінде мойнымдағы бұршағым, кеудемдегі жалыныммен ал... Сенің арманың бүгінгідей сай сүйегімді босатып көрген жоқ еді. Жалғызым, Бәкей, текке келген жоқсың ғой! Барамын... Барамын... Менің де күнім... жақын!.." деп, күнбатысқа қарап тұрып, ақырғы намазын оқыды да, Бәкейге арнап құран оқып, бата қылып, етекке қарай түсті. Бұл кезде қас қарайып болған. Түн еді.
ІV
Ұлыққа уәде қылған күн жетті. Алдыңғы күндердегі белгілердің барлығы жәрмеңке басындағы ұлық, тілмаш атаулыға жайлы емес. Жақпаған. Сескендіргендей болатын. Кермеге келіп қамалар, бағыныш момын пішінмен аяққа келіп бас ұрар, жалынар, сомасын, атын, асын ұсынар деген ел ойлаған жерден шықпайтын сияқты. Ақжелке, урядник, тергеуші болыс — барлығы да жайлаулардың сарынына ертеңді-кеш құлақ салып, өткен-кеткен тілші, тыңшының бәрін қағыстырып сұрақ салып, жер тыңдаған ертегі тыңшысындай, албанның ішіндегі қыбыр-жыбырдың барлығын естіп жатыр еді. Қазақ үшін ұялып, қысылғандай болған Оспан сияқты тілмаштар бетін басып, ұлық жүзіне тура қарап сөйлей алмай, өтірік іштен тынып жүдеген кісімсіп, дұспан көзі қылып құр күрсінетін. Бірақ алдыңғы күні кешке Ұзақ ауылында болған ақсақал кеңесінің хабарын сол күні түнде Таңбалы тастан келген тыңшы жеткізген соң, Ақжелке тілмаш атаулыға сырт қарағандай, бойына көп дарытпай, тіл қатпай қойып еді. Сол хал анықталған сайын тілмаштар жағына түсіп жағынулы болатын. Ақжелкеге бұл күнде тілмаштан Рақымбай ыстық сияқтанды. Қазақтан жұлдызы ыстық жалғыз сенімді тілші, пайдалы атарман сол болуға айналды. Ол ерте демей, кеш демей, Ұзақ, Жәмеңкеден шыққан сөздер болсын, қалың елдің сөз сарыны, сырт пішіні болсын, барлығының жайынан пристав кеңсесіне келіп, оңаша отырып ұдайы мәлімдеп тұрған. Кешегі күн Ұзақ аулына барған солдаттарды осы Рақымбайдан келген тіл бойынша Ақжелке жібертіп еді. Ұзаққа алдында ұлыққа қарсы келіп, ерегіскендіктен үш ай абақты кесілген. Енді соған қарамай, мынау қарсылық ойлаған қалың елдің тап ортасында сол отыр. Ақжелке сияқты өзінен бір елі төменге құдайсып, өзінен бір саты жоғарыға "алдияр, тақсыр" деп бас иіп жорғақтап, пендесіп тұратын нәрсіз, ой-санасыз, ағаш адамға бүгінгі Ұзақ ісі естіп, біліп, көрмеген сұмдық сияқтанған. Сондықтан алғашқы Ұзақ айтты деген сөзді естісімен-ақ, бұл зіркілдеп ашуланып, бұрын әлі естімеген сұмдыққа, барлық ұлық атынан намыстанып, қорланып, күйінгендей болып, Ұзақты қазір ұстатып әкеліп жаппақшы болып еді. Бірақ артынан ақыл тоқтатып, тергеуші, урядникпен сырдың шет жағасынан шығарып кеңескенде, маслихатшылар бұл қылықты әзіргі халға үйлеспейтіндей көрген. Іштей мұның бәрі де Ақжелке айтқандай қазақтарды абақтыға алып, уездік қалаға яки гүбірнеге қарай айдатып та жібергенді сүйер еді. Бірақ ол істі істеу жәрмеңке ұлығының қолынан келмейді. Бәрінің естіп жатқан алып қаштысына қарағанда, ел мына хабардан кейін жаппай дүркіреп, өрттей лаулап тұрған сияқты. Бұл күнге шейін істелген ісінің өзі де елдің жүнін үрпитіп, тозығын жеткізіп, жетер өрісіне жеткізіп тастаған сияқты, бұны барлық ұлық бір-біріне ашып айтып, сөз қылмаса да, іштерінен сезеді. Елдің сауда қылмауы, жәрмеңкеге ат салмауы жаман. Сай-сай, тау-таудың арасында ұлыққа жотасын беріп, қалың қайрат сызданып толқыған сияқты. Қозғалысында, сыбыр-күбірінде жәрмеңкені лағнет орнындай көріп, оқты көзімен атқан қабақ білінеді. Сол күйді күнде жайлаулардан келіп, сыбырлап кетіп жатқан тыңшылар ұлық атаулының бойына дарытып, сескендіріп тұр. Сол себепті кеше таң ертең-ақ Ақжелке Ұзақты ұстатамын дегенде майысқақ, епті тергеуші:
— Бұл саяси қаталық болар, әзірше бұл істен тоқтала тұрған мақұл. Ойланыңыз. Елді өршітіп, желіктіріп алармыз. Қазақты бүгінгідей халде сипап барып, ептеп қайыру керек сияқты. Басшысын ұстағанды мынадай желігіп тұрған уақытта бір үлкен белгі сияқты көріп қалуға бола ма деймін, — деген.
— Ұзақты түбінде ұстап жаппай, жазаламай болмайды. Аз күнде сол мезгіл жетеді. Қалай да болса, Ұзаққа мына құтырған қазақты бастатып қоя беруге болмайды, — деген урядник.
— Әзірше солай болса болсын. Тоқтасақ, тоқтай тұрайық. Мен бүгін-ақ ұстап алып, қарсылықтың не екенін танытайын деп едім. Мұндайда қазақтың сенетін кісісін алдымен қысып, өзге топтан жырып алса, арты су құйғандай басылып та қалушы еді. Соны ойлап едім.
— Олай екені рас. Бірақ бұл қазақ басында ғана осылайша асаусып желпілдейді. Аздан соң есі кіреді. Сабасына түседі. Түбінде Ұзақ емес, Рақымбайлардың шары жеңеді. Соны тосу керек. Ұзақ жазасын сонда тартады, құтылмайды, — деген тергеуші.
— Рас... Рас... Осы дұрыс. Бірақ сол күн туады ғой... Бәлем, Ұзақ сонда саған біз көрсетеміз! — деп Ақжелке үстелді қойып қалып урядникке: — қазір төрт-бес солдатты Ұзақ аулына жіберіп, тінту жасат. Өзінің қайда екенін сұрат. Осымен бір байқай тұрайық. Кейде бұ да қазаққа ем болатын... Ұқтың ба? — деді. Ұлықтар бір-біріне қарап көздерін қысты да, үндеспей тарасып кетті. Кешегі Ұзақ аулында болған тінту осы сөздің салдарынан туған-ды Іштей сескеніп, жалтақтық қылып отырған ұлықтың бұл ісі, баяғы кәрі бойға сеніп істеген айбаты болатын. Құр қампиып, жота жүнін үрпиту бүгінгі күндерде жалғыз айла, жалғыз шара сияқты. Сондықтан жалпы қазаққа да себепсіз зіркілдеп, құр тікірейіп, орынсыз қоқақтауға ауысқан. Базарға келген бірен-саран қазақ болса, солардың аттарын аударып алып, арыздарына жауап қатпай, кез келген бөріктіні қамшы көтеріп ақырып, ықтырған болып ысқырып, зәрленіп тұрды.
V
Бүгін ұлыққа жауап беретін күн жетті. Ел кісісі не дейді? Ұлық қайтеді? Қандай пішін көрсетеді? Бұны білу албан баласының барлығына парыз сияқты. "Бермейміз" деген сөзді айтпақшы болған елге баяғыдан айтқанына көндіріп, айғырсып қамшы иіріп, ысқырып келген ұлықтың алдына барып, алғашқы "көнбеймін" деген сөздің өзін айту да оқиға сияқты көрінді. Бір ауыздан "бермеймінді" айту қажет. Сол — елге белгі. Сол бірді бірге қосады. Құрастырады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарады. Соны шала-бұла ұғынған сайын әрбір жиылушы жас-кәрінің бәрі де бойына айдын қайрат жиып, ызалы, намысты, кіжінулі сияқты еді. Таңертеңнен бері жәрмеңке жазығын жан-жақтан құйылған топ-топ аттылар әрлі-берлі шиырлап шұбартып басып кетті. Бұл жазыққа ат жалын тартып мінген еркек атаулысын лек-легімен әкеліп төгіп жатқан айналадағы бар албанның жайлаулары еді. Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Көктөбе, Көкбұлақ, Сырт, Лабасы, Ақбейіт, Тұз, Кеген бәр-бәрінен шыққан будақ-будақ түтіндей буын-буын топтар жыпырлап, қайнап молайып келеді. Жәрмеңке айналасындағы үлкен тау, терең сайлар, кең жылғалардан жазыққа қарай шұбыртып ақтарылып, ағылып жатыр. Ұшы-қиыры, шегі жоқ тасқын сияқтанып төгілуде, жиылуда. Басы қарлы, жат сырлы қалың таулар, бұл заманға шейін қатпарлы қойнына тығып келген сырын ашқандай, қойын-қойнының барлығынан лек-лек аттыны дамыл-дамыл тау құсығындай ағызып, көк даланы бастырып жатты. Тау алғашқы рет етегінде жазылып жатқан далаға қабағын түйіп, қасын сілкіп қолын жапқандай еді. Жиналыс жәрмеңкенің өзінде емес, Таңбалы тастың жәрмеңкеге қараған бет алдындағы Айттөбеде. Әзірше кішкене ауданды Айттөбе шошақ төбелі албанға сіресіп лық толды. Көк жазықта атты адамнан үйген мол қара, тірі жанды төбедей, ортасындағы кешегі басшылар — Ұзақ, Жәмеңке, Серікбай, Тұрлықожалар. Қалың ортадағы көпшілік аттарын етекке үйіп-үйіп байластырып тастаған өздері жаяу. Көпшілік малдас құрып қалың жұрттың жиылып болғанын тосып отыр еді. Жаяулардың айналасында аттылар, сірескен қалың шұбар топ бір араға ентелеп үйілгендей, маңайдың бәрінен жазыққа келіп шыққан топ-топтың барлығы да, осы үлкен жиынға қарай сарқылып жатыр. Айттөбе алыстан көзге түсіп, еріксіз асықтырып белгісіз түспен сіміре тартқандай. Кешірек қалып шыдамсызданған топтар жазыққа шығысымен даурығып, сөйлеп, кейбіреулері аруақ көтеріп көк даланы күңірентіп дыр-дыр беріп, жарысып-жарысып алып та келеді. Көпшілік салмақпен сар желіп, семіз тай-көліктердің тізгіндерімен алысып қанат жайып, шеп құрып келе жатқандай көрінеді. Осымен күн түске жақындады. Таңертеңнен Айттөбеге алғашқы құралған қалың топ жиылып келгеннен бері жазыққа шыққан аттыларды "осы төбеге жиыл" деп алдарынан шығып, жан-жақтан бастап әкеліп яки беттетіп жіберіп жатқан шапқыншылар бар еді. Бұл бір емес, әлденеше кісі. Көбінесе қос-қостан бөлінген. Мінгендері семіз, жүйрік. Ауыздығын шайнап, тізгінімен қарысып қайта-қайта сүзіп жөнелді. Жан-жақтан келіп жатқан топтарға бұл жүрген хабаршылар ең алғашқы тәртіп көрсететін басқарушылар сияқты көрінген. Айтқандарын жұрттың бәрі тыңдап, қалың қолдар нұсқауынан қалмай, Айттөбеге қарай тартып жатқанда көп айғайшы басшылар желігіп, көтеріліп өз дәрежесіне ырза болғандай еді. Сол хал көбінесе өзгелердің ішінде Көкбай пішінінен айқын көрінеді. Бұл есік пен төрдей теңбіл көкке мінген ұзын бойлы, шоқша қара сақалды, кетік сұр жігіт. Дөңгелек саз, Көктөбе жағынан құлап келе жатқан бір топтың алдынан шауып келіп, жиын ортасындағы сақалды қарияларына сәлем беріп амандасып:
— Жәрмеңкеге жиылған бесті-онды сарт-саудан орыс, ноғай көппін деп кердең қағушы еді. Атаң көрі!.. Көрсінші енді, албан баласының тобын тура таптап кетеміз... Солай емес пе, қария? — деп жиын ортасындағы Құсайын, Қартбайға қарай, көппен бірге желігіп, екіленіп күліп алды.
— Жарайды, береке қайырлы болсын. Албан баласы аласыз түгел екен, ел көп екен... Қайырын берсін!.. — деп алдындағы қалың топқа Құсайын қария бір ырзалықпен қарады.
— Бәсе, осылай болса керек қой, ел болсаң, ер болсаң, өстісең керек қой, көрейік енді орысты, — деп, ашаң жүзді арық шал Құсайынның сөзін қостады.
— Туһ, не деген көп халық! Орыстың зәресі кеткен шығар... Бәлемнің.
— Үндеме, таптап кетеміз. Көбейсін... Жиыла берсін.
— Шошынғаннан інге тығылсын. Айбат шеге беріңдер. Жасқанбай жүрегін шайлықтырыңдар, — деген әр жерден береке, бірліктің пішініне ырза болған қариялар дауысы шығып келеді. Жастар да күлкілі, көтеріңкі, бұлар көбінесе айт, той күніндей қалжың, қылжақ, мазаққа бейім сияқты, орысты кекетіп, ежелгі шошынып, ықтырып тынышын кетіріп келген жауына енді боқтық аралас күлкі мазағын айтады.
— Уа, Көкбай, осы жәрмеңкеде ұлық әлі бар ма, жоқ көзі шағырайып боқшасын арқалап қашып жатыр ма?.. — деген бір дауыспен бірге көп күлкі естілді.
— Ұлық әлі отыр... Жауабын береді деп күтіп отыр дейді. Әркімге айғырсыған болып, ат аударып алып, басты ауылдарға солдат шығарған болып, дөң айбат қылып жатқан болса керек.
— Жауап алмайтын шығар? Қандай неме? Нұсқағаннан қалады деймісің албан баласы, — деп кекетеді.
— Патса айтады деген болады-ау, патса десе өле қалатындай көріп.
— Бұл иттерді әлі де болса қожақтатып қойғанша неге көш демейді бұл ел түге.
— Бәсе, неге қуып тастамай отырсыңдар түге! Ең алдымен осы жәрмеңкені жайлау керек болды. Сауда бітті. Асарыңды асадың, жасарыңды жасадың, енді кетіп тұр деу керек.
— Неге, насыбай, шылым алғамыз жоқ. Сарттың мәнтісіне тойғамыз жоқ.
— Иә, орыстың... Урядниктің қамшысына арқамыздың қышуы қанған жоқ дейсің ғой, — деп әр жерде әр алуан сөзбен кекетісіп, қалжыңдасып, бірін-бірі қыздырып, желіктіріп қалың топ Көкбайды ілестіріп алып Айттөбеге таман желіп келе жатты. Жиі басқан көп аттың дүбірі көк шалғынды даланы тірілтіп, қуантып оятқандай. Үлкен дүбір ішінде қалың топ бір кісінің аузына қарамайды. Естимін дескендер болса да, қариялардың ортасына кіріп жаңалық хабар айтып келе жатқан Көкбайдың сөздері көпшілікке естілмейді. Сондықтан топтың ішіндегі кейбіреулер мойнын созып маңындағыдан:
— Не дейді?.. Не айтады? Ұлық не қылып жатыр дейді? — десіп сұрасып кеп, әрбірінен әр алуан жауап алып, шын халге қана алмай, Айт төбеге жетуге асыққандай. Топтың ішіндегі жастар көбінесе бір бөлек екшеліп, жәрмеңкені мазақтап, кекетіп соның басындағы қылышын асынған төрені, тентек казак-орысты, бағаны көп сұрайтын ноғай, сарт саудагерлерін сөз қылысып:
— Енді насыбай-шылымды сұрап саудалап алмаймыз. Тартып, талап аламыз.
— Уа, неге? Ол өкпелемей ме? Талай жылғы дәмдесің емес пе?
— Уай, қызын!.. Өкпелесе келмей-ақ қойсын, арам өлер деймісің? Болды... Енді кешірерсің!.. — деп таңертеңнен айғайлап сөйлеп елді көп күлдірген сары шұбар жігіт өз сөзіне мәз болып, көзін қысып күліп қойды, қазірде дауысы да қарлығып қалған. Бұған маңындағы жастардың бәрі ырза. Түгел қызықтап, тегіс жақсы көріп еркелеткендей, кейбіреулер "Жансейіт" деп атын атап бірдеме деген болады. Қалжақтап соқтыққысы келетін құрдастары да бар. Сөзі естілгендердің бәріне бір қалыпты желікті қалжыңмен маңайын күлдіре жауап береді.
— Уа, Жансейіт! Ұлықты Қарқарадан қуғанда сарт, ноғайға не дейсің?
— Сарттың мәнтісі керек қой. Оған сен мантымды пісір, отыр. Кетемін десең сақалыңды шоққа өртеймін деймін. — Жұрт жапырлай күлді.
— Ноғайды қайтесің?
— Орыстың қатындарын қайтесің?
— Ақжелкенің семіз қатынын қайтесің?
— Уа, ноғайға, — деп айғайлап тамағын қырнап алып, — ноғайға: көзің шегір, мұрның біздей шата едің, уа, сен мені жетістірмессің. Орыстың панасынан кетсең, көшке ере алмай, асыраса адам болмай жұртта қаларсың. Сен әзір барып көтіңді сол орысқа тыға тұр. Сені майлап берсе де алмаймын, бар деп тірсекке бір салып қоя беремін. — Жұрт тағы күлді. Соңғы сөзінің басынан жапырлап күлген күлкі аяқталмастан: "ұлықтардың қатындарын қайтесің?" деген дауыстары естілді.
— Ақжелкенің семіз қатынын анау Текестің тасына сүйреп шығарамын да үш күнге шейін бір тілім нан бермей аштан қатырып, әбден қарны орта түскен соң, Ақжелкені де, құдайын да ұмытады. Сонан соң Жәмеңке қарияға тоқал қылып беремін... — деп, өзі де қылжақтап, еркелеп күліп, — дәрет суын жылытып береді, — деді. Жан-жақтан келіп жатқан жас атаулының бәрінде де осындай көтеріңкі желік, шексіз ұзақ күлкі, ойын-сауық күніндей ерекше қызу бар еді. Жайлауларынан шыққаннан бері, әлденеше жерде жарысып, аударысып бірін-бірі қуып, сабасып көптігі мен бірлігіне өркештенгендей... Осы ретті талай топтар алдарынан шыққан Көкбай сияқтылардан неше күннен естіліп қалған жаңа хабардай Ұзақ аулын тінтіп қайтқан солдаттардың жайын сұрастырулы болатын. Топ-топтың үлкендерінің арасындағы сөз осы жайдан. Шаңқай түс кезінде Айт төбенің айналасы жыбыр қаққан қара бөрікке сіресіп толып, қалың жыныс қарағайдай болды. Ит тұмсығы батпайтын самсаған сары қол, түйілген жалпақ қара бұлттай болып, көк даланы қаптай басып жәрмеңкеге қарап бет қойды. Салмақпен басқан қара топыр, шабуылсыз, айғай-дырдусыз келе жатса да, ен даланы қаптап алған көптігімен: түйілген қас, тұтасқан ашу, жұмылған қарсылық пішіні сияқтанды. Жәрмеңке жайлау сырын, қара бөрік түрін, қорқынышты айдынын жаңа ғана анықтап танығандай. Өз-өзіне сенген сияқты сабырмен сызданып алып, түндей басып келе жатқан қалың қолдың алдында жәрмеңке бүрісіп, шоңқиып жермен жексен болып, бәсеңдеп бара жатқандай. Бүгін таңертеңнен бері Айттөбеге жиналып жатқан қолды Ақжелке, урядник, тергеуші сияқты ұлықтар қайта-қайта сыртқа шығып, өзгелерге білдірмей байқап қарап, бақылап жүр еді. Бәрінің түрінде де анық сасқандық біліне бастады. Енді ешқайсы да бір-бірінен қауіп алдындағы үріккендігін жасыра алмады. Бірақ сүйтсе де қожақтап, дағдыланып қалған әдетпен, біріне бірі ашып сөйлесіп ақылдаспаса да, ыммен, қабақпен ұғысқандай болып, жәрмеңке басындағы солдат, казак-орыс атаулыны түгел қаруландырып атқа мінгізді. Өздерін де, қатын-балаларын да ел көзіне көрсетпей, жәрмеңке басындағы қазақтарға сездірмей, бір-екі үйге жинастырып қойды. Барлық үкіметке қатынасы бар орысқа іштерінен қару асындырды да, топты қарсы алатын ұлықтардың қасына жинастырып алды. Ұлықтардың елге қарсы істеген қамдары осы сияқты еді. Өзгелерден гөрі ширағырақ, білім шалымы артық, қазақ бабын көп бағып, байқап көрген тергеуші пәтерінен сурет тартатын аппаратын алғызып, Ақжелке кеңсесінің алдына қара шұға жауып дайындап қойды. Ішкі есебінде білмеген қазақ зеңбірек пе, әлде не дер. Білгендері алдыңғы қатардағылар суретімді басып алып қойып, артынан қудалар деп жасқанар деген есебі бар еді. Тілмаштар ұлықтарының ішкі жәй-күйін ұқса да, соңғы сағатқа шейін бұлардың көзінен таса болмай, алдарында көлденеңдеп, құйрығын бұлғаңдатқан ауыл итіндей бұлаңдап көрініс беріп жүрді. Маңайласқан қазаққа ұлықтан бұрын зекіріп, "олай жүр, бұлай жүр" деп, қара құрықты көбейтіп, айғайшы жағымтал күтушінің тонын киіп еді. Бірақ астыртын қазақ хабарына да құлақ салып, ол жақтан да сескенеді. Сондықтан Жебірбаев пен Оспанов таңертеңнен Айттөбедегі топырды көрген соң-ақ жәрмеңке басындағы қатын-балаларын маңайындағы ауылға қыдыртқан қылып жылжытып жіберген. Ел кісісіне бұлар сыр бермейді. Жалғыз-ақ арасында сөз ұғар, жеткізер дегендерге жансыздап:
— Бұның арты пәле болады. Албан ішіне әскер шығады. Ел қырылады. Босқа құтырып неге керек? Жаркентте әскер тұр. Қарақолда пәлен ұлық, түген зеңбірек, қару бар, — деп көптің жүрегін шайлықтырудың қамында болатын. Топ жәрмеңкеге жақындаған кезде алдынан атты, қылышты, мылтықты казак-орыстар, солдаттар шығып көлденеңдей шауып, айбар шекті. Бұларды жіберіп топ ажарын байқамақ болып, Ақжелкемен барлық ұлық кеңсе алдында аңдып тұр еді. Солдаттар елді құр жасқандырам демесе, ешкімге де тіктеп қарай алмайды, қамшысын құр аспанда иіреді. Ешкімге қолы жетпегендей қамшы тимейді.
— Тоқтаңдар, кеңсеге бәрің сыймайсыңдар, араңнан кісі шығар, — деген сөзді, тіл білетін казак орыстар елдің алдын кес-кестеп қайта-қайта айтып жүр. Бұл сөзді тыңдамай, томсарған жүзбен ілгері басып жылжып келе жатқан топ болса, олардың алдында атармандары тоқтай алмай сырғып өтеді. Өзге топқа таман тартып, қаптай басып келе жатқан қара топыр селдің алдынан беті жүзі шыдамай кейін сырғып келеді. Солдат сөзіне тоқтамай, ілгерілеп шыққан топ Тұрлықожа, Серікбайлар бастап келе жатқан қалың шоғыр еді. Әрбір осындай топтар кейде болыс-болыс жігімен, араларындағы болыстарымен келе жатқан. Екі-үш солдат қалың қолдың алдында кейін сырып жағалап келе жатып, Рақымбаймен келе жатқан бір топқа кездесіп, көптен айғайлап айтып келе жатқан сөздерін айтып аттан түсіп, көп атынан сөйлейтін кісіңді ғана жібер, — деді.
— Ал түс, түсіңдер, — деп айғайлап айтып, қасындағы бесті-онды өз кісілерімен ұйлығып аттан түсті. Бұрын бұл жайды ақылдасып байласпаған ел кім түскенін білмесе де, әйтеуір түсіп жатқандар болған соң, әр жерден үйіріліп түсе-түсе бастады. Аяғында топ-топтың бәрі де аттарын түйіп-түйіп тастап, жаяулап қалды. Бағанадан бағып аңдып тұрған ұлықтарға жаяу қазақ баяғыдан өздері танып, біліп жүрген жуас қазақ сияқтанады. Кескектен босанған аюдай, құбыжықтай көрініп тұрған қаражын енді дағдылы таныс пішінді қара бөрікті қазаққа ұқсады. Сонан соң ұлық бұйрығын алып жаяу топтың алдына Жебірбаевты ертіп урядник келді. Бұл алыстан зілденген пішінмен түк болмағандай, түк сескенбеген кісімсіп, аяғын базардағы әдетінше шалқайтып басып жиынның алдына келді. Урядник келген топқа барлық қалың ел түгел жиналып еді.
— Ұлық бәріңді шақырған жоқ. Және бәріңмен сөйлеспейді. Бүгін болыстарды ғана шақырған... солар керек... — дей беріп еді... Алдыңғы қатарда тұрған елдің көп дауысы:
— Болыстар бармайды. Болыстың керегі жоқ. Елдің сайлаған кісілері барады, сөзді солар айтады, — деп шу-шу етті.
— Олай болса, сайлаған кісілерің жүрсін. Бәрің сонда да бармайсың, кәне, кім сайланған, жүр! — дегенде, алғашқы уақытта бір секөнт жұрт жым-жырт болды. Бұл тәртіпсіз қалың топтың бұрын басқару, баулу көрмеген, ұйымдасып реттеліп көрмеген ыңғайсыз, дайынсыздығын көрсеткендей болып еді. Бір секөнтке болса да баяғы ұлықты ұлық дегізіп, баяғы үнсіз момын елді сол ел дегізген сияқты болды. Бірақ осы күйді урядник қандай сезсе, елдің алдыңғы қатардағы Серікбай, Тұрлықожа сияқты басшылары да сондай сезді. Бұл арада жиын ішінде Ұзақ, Жәмеңке жоқ еді. Олар Айттөбеде бір бөлек екшелеген аз ғана топпен әдейі кейін қалған. Урядник сөзінің артынан туған жым-жырттықты Тұрлықожа бұзды. Ол урядник жүзіне тесірейе қарап:
— Ел сайлаған үш кісі бар, сол барады. Көптің сөзін сол айтады. Одан басқа осы тұрған елдің бәрі де ұлықтың алдына түгел барады. Қарсы не айтады, оны да өз құлағымен естімек. Сондықтан, бәріміз де барамыз. Солай емес пе, халық? — дегенде, "Солай, солай!.. Барамыз! Барамыз..!" — деген дауыстар шу-шу етті.
— Бәрің керек емессің! — дегенде:
— Бұл жалпақ ел итің емес. Барамыз, жүр айда! — деп, ілгері сырғып қалғанда урядник жолдан жалтарып, бетін бұрып жылжи берді. Өйткені жарты топыр жаяу да болса даланың өртіндей жаланып басып, ұлық кеңсесіне қарай қаулай жөнелді.
— Барамыз, бармайтын несі бар? Ұлық елден жасырып іс істеуші ме еді? — деген неше алуан кіжінгендей кекесінді сөздер елді екілендіріп, қалың сеңдей ағызып тартып келе жатқандай болды. Ұлықтардың маңайларына жәрмеңке басындағы қызмет адамының барлығы жиналған болатын. Солардың әр қайсыларына Ақжелке сыбырлап:
— Өздеріңді мықты ұстаңдар, сескенбеңдер. Сыр бермеңдер.
— Иә, иә... байқамаған кісі болу керек. Тобын көрмегендей, әдеттегідей өкімет, ұлықтың салмағын сақтау керек, — деп Ақжелке сөзін семіз судья қостады.
— Мен бір айла істемекпін. Осының әсері талай мылтық, талай шенді төренің жүзінен кем болмайды. Тоқтаңдар, үндемеңдер, — деп пысық тергеуші сурет тартатын аппаратын қалың елдің алдына көрініс бергендей көлденеңдетіп, бір жерден бір жерге қозғап, көптің көзіне түсірмекке тырысып жүрді. Ақжелке қарнын шертитіп шалқайыңқырап, иығында асулы тұрған қылышының сабына бір қолымен сүйеніп тұрып, жақындап келіп қалған елге үрпиіп сызданып қарады. Көппен жалғыз өзі арбасқандай болып, алдындағы топтың жүздеріне жағалай қарап шықты. Ыққан, жасқанған момындық пішіні қазақ жүзінде жоқ. Оны қалай тесірейе қараса да, ұлық көздері таба алған жоқ. Қайта көпшілікте қолдан жасаған сыртқы момындықтың ар жағынан айқын көрініп тұрған кекесін мазақ, нығыздық белгісі бар. Кей көздер ашумен, пердесіз жиренішпен атыса қарағандай... Қабағын түкситіп күрең жүзіне қан толып, ісініп сүзе қарайды. Ел түсі ұлықтың көп қиқағын, еркелік тентектігін көтеретін сияқты емес. Тілмаштар бұл кезде осы түрді ұққандай болып ертеден сырт қараған ұлықтың қасынан жырағырақ орын алмақшы еді. Жәрмеңке басында қазақ докторы Жарылғап, тағы белгілі екі тілмаштан басқа жас песір, мал пелшірі сияқтылар бар еді. Бұлардан қазірде ұлық қасында семіз қызыл Жарылғап пен Жебірбаев қана бар. Оларды тергеуші ерте бастан қасына алып, бірер сөзбен бөгеп, басқа жаққа жалтақтаса да жібермей қойған. Оспан мен өзге ұсақ оқығандар ебін тауып елдің арасына кіріп кетіп, топтың дәл алдына шықпай, орта буынында алдыңғы кісілердің арасынан бұғып қарап, жасырынып жүр еді. Ел қастарына келіп қалғанда жалғыз тергеуші әрлі-берлі хабарласып, аппаратын олай-бұлай сүйреп, әр жерде шырт-шырт басып жатты. Ішіндегі пластинкасы бітсе де, ендігі құр ғана жан айласы сияқты сасқалақпен құр шыртылдату болатын. Бірақ кеңсе алдында тұрған ұлықтың өзге айбарының барлығынан да қазақ тобына осы қозғалыс көбірек әсер етті. Кейін сөйленген көп әңгімеде жұрт осыны бір қатар келелі жұмыс сияқты, үлкен сырлы, ұлықтың жұмбағы сияқты көріп, неше алуан әңгіме қылып еді. Топ кеңсе алдын түгел қамап алған соң, бірер секөнттей тым-тырыс болып тұрды. Екі жағы да неден бастарды білмей, аз ғана дағдарғандай еді. Аяғында тығылғанмен де, Оспан құтыла алмады. Ақжелке әркімге оны іздеттіріп, топ ішінен суыртып алғандай болып түксиген жүзбен:
— Мыналар кім, айт. Жауаптарын айтатын бір кісі шығарсын. Сол осы жерге бері таман келсін, — деді. Тілмаш аударғанда ел аз уақыт үндемей тұрды.
— Үш кісі сөйлейді... Үш кісі сөйлейді... Қайда әлгі кісілер, — деп шу-шу етті. Ұлық жалаңаш қылыш ұстап тұрған солдаттарға елді кейін ысыр деп нұсқап еді, солдаттар: "Шегін, шегін, кейін кет" десе де, ел ентелегендей болып, ерегісе түсіп ілгері бірер басты. Кейін серпілмеді. Ұлықтар байқамағандай болса да, көздерінің астымен топтың ілгері жылжыңқыраған жерлеріне қымсына қарап қойды. Ақжелке ел жақтан бетін бұрып алып, тілмашқа:
— Үш кісі болса, үшеу болсын. Бері шығар. Кімдер ол? — деп, топқа түйіліп қарады.
— Ол біз, біз... Мына біз, — деп Тұрлықожа ілгері ентеледі. Серікбай, Айтбай бұның екі жағында бірге шықты. Бұлар артқы топтан бір-екі адымдай ғана жырылып шығып тұрды. Тергеуші бұларға да аппаратын бұрып алып Серікбай тұрған жақтан шырт, шырт еткізді. Серікбай өзінің ұлықтың оғына оқшау байланып, жеке дара болып шыққандай көріп, кішкене қымсынып бәсеңдеп қалғандай болды. Сәукеле сақалды сұлу жүзіне аз ғана қысылғандық белгісіндей қызыл жүргізді. Кірпік қақпай аңдып қарап тұрған Ақжелке үшеудің өзгелеріне қарамай, Серікбайға көздегендей болып, осыған таман беттеп бұрылды да:
— Сен не айтасың? Патса жарлығына ел не дейді?.. Сөйле! — деп қадала кетті. Серікбай алғашқы қымсынып қалған қалпынан жазыла алмай, бүгелектеп тұрып сөз бастады. Бірақ сөзі бұрынғы ойдағы дайындаған сөзі емес. Жуасып, жұмсақталғандай кібіртік еді. Өзі де ыза бола алған жоқ. Тізбектетіп әуел бастан-ақ елді алдына сала:
— Елдің жауап беруі қиын болып тұр. Елге ауыр тиіп тұр... Көптің өзі біледі! Жұрттың ісі... Жұрт өз аузымен айтсын. Бала бересіңдер ме? — деп елге қарай бұрылып дауыстап жіберді. Жұрт бір ауыздан: — Жоқ! Жоқ! Жоқ! Жоқ! — деп шу-шу етті. Маңайдан түйілген көп қабақ, тістескен жақ, ашу мен қанын ішіне тартқан жүздер, ұлықтарды оңды-солды шаншып, шошытып өткендей болды. Жұрт жаңағы Серікбай сұрағымен шу-шу еткенде, Тұрлықожаның бойына, ел ұранымен бірге тасқындап кернеп келген ашу қаны білінгендей болып еді; ол ел тоқтай бергенде Серікбайдың қолын қағып қалып:
— Тоқта, олай емес! — деп ашулы шатынаған көзбен Ақжелкеге қадалып тұрып, ойдағы сөзін желілеп кие жөнелді, дауысы барлық топқа түгел естілгендей зор, ашулы, саңқ-саңқ етті. Дауыстың зілді қаттылығының өзімен-ақ ұлықты бетке былшылдатып ұрып тұрғандай болды. Бұның дауысы шыққаннан-ақ, елдің айызы қанып, әр жерден суық жымыңдаған жүздер көрінді. Ұлық та тесірейе қарап, түйіліп, тісін басты. Тұрлықожа алғашқы сөзден-ақ өзінің дауысын да, түсін де еркін билеп алып, жатық бастады.
— "Хан әділінен тайса, қарашысы бұзылады" деген. Бұл күнге шейін бізді билеп келген патса мына жарлықты шығарамын деп елге екі сөз айтты. Әділінен тайды. Біз орысқа қарағалы елу жыл толған жоқ. Елу жылға шейін солдат алмақшы емес еді. Одан танды, бұл — бір деп, — оң қолымен сол қолының бармағын басты. Бір сом жиырма тиыннан артық түтіннен рамат алмақшы емес еді, биылғы жыл 21 мен 45-тің арасына келгеннен алым алды, артық алды. Бұл — екі. Жерді алды. Қонысты алды. Ел күн көріп отырған суды алды. Аш орысты алып келді. Бұл — үш. Өз жерімізді өзімізге сатты. Біз өгей бала болдық... Ұлықтың әділмін деген патсаның бір сөзінде тұрмай, екі айтқанына ел көптен бері наразы болатын. Бүгін мына солдат деген сөзді шығарып, тағы жалған сөз сөйледі. Бұл күнге шейін түзелер, оңалар деп күтіп келіп еді, енді түзелмейтініне көз жетті. Елдің шыдамын тауысты. Бұдан арғыға шыдай алмаймыз. Бала бере алмаймыз, рас па, халық? — деп еді.
— Рас, рас, бере алмаймыз!.. — деп мың-мыңдаған жиын бір де бірі қалмай дүр-дүр етті. Айғайды жер жарғандай қылып аспанға шығарды. Қалың ел құр айғаймен тұрмай, қозғалақтап, жыбырлап кеңсеге таман ентелеп ысырыла түсіп, қозып кетті. Әр жерден тістеніп айтқан боқтық, ашу сөздер де естілді. Ұлықтың құлағына бұл да жетіп еді. Бірақ естімеген, сезбеген кісі болып, ешкімнің жүзіне көздері анықтап тоқтай алмай, жағалай қыдырыстады. Сол кезде жұрттың қозғалақтап, әрлі-берлі теңселіп сығылысып қалған топтың арасынан бір кедей шал өгізін жетелеп келіп қалған екен. Екі көзі қанталап құтырғандай болып, қолдары дірілдеген қатты ашумен ұлыққа қарап тұрып пышағын суырып алып:
— Кім бала беремін десе, жарып өлтіремін, — деп ұзын қара пышақты жалақ-жалақ еткізді.
— Дұрыс, дұрыс! — деген қалың дауыс тағы да шу-шу етті.
Ақжелке мұны көрмегендей Тұрлықожаға қарады.
Оның түсінде әлі де таймаған ажар, қайтпаған қажырлы ашу бар еді.
— Патса бала алмасын, мал алсын. Егер тіпті қоймай бала аламын десе, мына қолына қазір жабдық берсін. Ұрыста ор қазып, шепке ұсталып қойша қырылғанша, жастығын ала жататын болсын. Астына ат, қолына қару берілсін. Жұрт осыны тілейді, — деп, сөзін бітірді. Бұдан қалған сөзді Айтбай айта бастап еді, бірақ оның дауысы ақырын шығып, кібіртіктеп сөйледі. Жұрт Тұрлықожадан қалған сөзге құлақ салғысы келмегендей, жан-жақтан қаптап, жабырласып сөйлеп, ду-ду етіп Айтбай сөзін ешкімге де естірмеді. Барлық жиын кеңсені қоралай қамап тұрған айналаның барлығынан Тұрлықожа айтқан сөздерді неше алуан қылып айғайлап, шулап дамылсыз айтып жатты. Бірақ бұл кездегі сөздерді ешкім де түгел естіп, түгел ұққан жоқ, әсіресе барлығын ұлықтар естіген жоқ. Бұларға қазіргі топ шу не айтып тұрғаны белгілі болды. Ақ тістері ақсиып, екі езулері көпіршіктеніп, қанталаған қызыл көздерімен сүзе қарап, айғайлап тұрған қара бөріктер, оң сөз айтып тұрған жоқ. Жабыла түскелі, түтіп талап жібергелі ентелеп қамап, арсылдап тұрған көп жайындай көрінді. Сыр бермейін деп сіресіп тұрған ұлықтар, Тұрлықожа сөзінен кейінгі ел сөздерін көрген соң бәсеңдеп, кішірейіп жасып кетті. Жұмысын бітірген кісімсіп тергеуші аппаратын алып, кейін кетті. Ел сөзіне жауап бермей-ақ Ақжелке де бетін бұрып, сырт қарай берді. Кеңсе алдындағы ұлық, елден бұрын жотасын беріп, ұйлығып сырғақтай бастады. Күндіз келген жолдастарының жарым-жартысын қалың топ ішінде жоғалтса да, әлі де қасында қалғандарын маңына жиып әр алуан сөзбен ұлықты жерлеп тұрған Жансейіт сырт қарап жылжи бергенде, естіртер, естіртпес қылып:
— Қамшымен басқа тартып кетейін бе осы! Қызыңды... о, о, о, — деп, қамшысын ыңғайлап, шын сол ниетке мінгендей оң қолын топ ішінен суырып көтере беріп еді. Қасында тұрған Құсайын ақсақал:
— Ой, қой! — деп қолынан ұстай алды... Қасындағы өзге жігіттер де:
— Қоя тұр. Бүгін емес... Ол күн жетер... Сонда болсын, — десіп тоқтатып алды. Топтың ентелеп кіжініп, ұлықты көзімен атқан түстері Жансейіт қылығын қазіргі сағатта орынсыз көрмейтін сияқты еді. Бағанадан ел пішіні мен ұлық жүздеріне кезек-кезек қарап тістеніп тұрған Жансейіт қазірде өз қылығын бір қазақтың баласы да сөкпейтіндей көріп еді. Ол ел күйін ұққандай болатын. Егер бұның қамшысы көтерілсе, кеңсе алдындағы ұлықтардың бір минөтте тозаңы аспанға шығатыны анық еді. Мысықпен арбасып тұрып жеңіле қашқан жыландай шегір көздегі оты сөніп, жотасын бере жөнелген Ақжелке, елді дәл осы секунтте қатты қызықтырғандай болып еді.
— Қап, қап!.. — деп басын шайқап Жансейіт алғашқы ағыннан тоқтап қалды. Көп жігіттер осы сияқты өкінгендей болып тараса бастады. Бүгінгі күн, бұрын айғырсып, қоқақтап тұрған ұлықты жамбасқа алып жыққандай, елдің пісімен жеңіп шыққан күні еді. Осыны топтың ішінде болған жас-кәрі, тентек-момынның бәрі де ұқты. Ұсынса қол жеткісіз бәйтеректей болып тұрған зор кеуделі, тәкәппар пішінді, жат сырлы ұлық бүгін жалпайып жерге түсіп, абиыры ақтарылып, жүні жығылып қалғандай болды. Дүркірей желіккендей, көтерілген екпінді пішіні бар ел, саспайтын салмақпен қайта лаулап, жан-жаққа тарап жатты. Екінді кезінде күні бойы жәрмеңкені басқан қазақ селі айығып қалды. Үлкен айдынмен үркіте, шошына келген қалың қайрат, қара бұлттай қатты ашу, қазірде қайта серпіліп, уақытша сабасына қайтқандай болды.
V
Иірілген ұзын кең өлкеде шұбатыла отырған көп ауыл. Бұл – Дөңгелек саз. Серікбай ауылдарының жайлауы. Екі жақтағы биік-биік қырқа-қырқаның астында да осы сияқты көп-көп, тарам-тарам өлкелер, қуыс-қуыс, қойын-қойын сияқты. Барлығында осы өзектегі сияқты көп ауылдар. Ел жайлаудың өрісінде, таудың төріне келіп отыр. Шырғанақты биігінің қатпар-қатпар қолтығына албан өрлей, құлдай келіп сіңген. Ең жоғарғы орынды алып қарағайлы төске шейін өрлеп келіп қонған — Серікбай ауылы. Ауылдың желкесі тік көк жасыл биіктер. Өне бойларын селдір-селдір қарағай басқан. Кей биіктің жота-жотасынан етегіне қарап қолдай біткен қарағай — қазақтың иегіне шыққан қара бұйра шоқша сақал сияқты. Маңайдағы биік таулардан кешкі көлеңке созылып түсіп, өлке бойын аламыштап, көлеңкелі, сәулелі қылып құйылып тұр. Жасыл дүние көрікті нұрын әлі жоғалтқан жоқ. Алдыңғы таулар, көлденең созылған жақын белдер қарағайсыз, жалаңаш. Бірақ ол да жасыл. Беттері жаңбыр суы сүйіп өткен айқын-айқын әжімдей, айғыз-айғыз. Су жолы жіңішке жыландай ұзынынан созылып, кей жерінде ғана аз-аз иірілгендей барлығы да биік, тік кезеңнің етегінен басына шейін шұбатылады. Түйілген қабақтың арасындағы ежелгі суық әжімдей. Өлкенің жазығында әр жерде су сойған, жіңішке сызықтары бар, алдыңғы белдердің кейбірінің жотасынан арғы беттегі қарағайлардың бастары қылтиып көрініп иек артып, баспа қылып қарап тұрғандай. Әр жерде шоқ-шоқ болып тұрған қарағай топтары кеш мұнарын жамылып көкшілденеді. Төмен жақтағы екі жасыл биіктің қосылған жерінен алыстағы Қулық тауының бір кесігі көрінеді. Сағымменен көгеріп, мұнарланады. Ауылдың желкесіндегі кәрі қарағайдың кейбірі қурағандай бүрсіз. Көпшілігінің көк жамылғысы бар — көлеңкелі, саялы. Кешкі тыныш әуеде бастары мызғымай қалғып, қарап тыныштық алады. Мең-зең жым-жырт тоғайда анда-санда торғай шырылдайды. Кейде ағылып төгілгендей, кейде шық-шық еткен дыбыстары келеді. Өлке бойындағы ауылдардың кейбірі кішілеу төбешіктердің басына, кейбіреулері өзектегі өзен жағасына мінбелеп қонған. Көсілген биік төскейде әр түрлі мал шашырап жайылып жатыр. Алыста, биік бетте тырмысып жүрген қой, жыбырлаған құрттай болып үйіледі. Әсіресе үстеріне күн сәулесі түскенде, ұзынша сопақ ақ құрт сияқтанады. Көп ауылдың қойлары қорасына келген. Дөң басына әр ауылдан қайта-қайта желісі үзілмей келіп жатқан кешкі ауылдың дауыстары естіледі. Кезек-кезек маңыраған үлкен қойлардың дауысы. Арасында бірдемені іздеп, таң қалған сияқты адасқан қозы, ешкі-лақ үні де естіледі. Тынбай ізденуде, іздесуде сияқты. Кешкі әуе дыбыс атаулының барлығын іліп алып көтеріп, екілендіріп тұр. Анда-санда ауылдан сиырын қау-қаулаған қатындар дауысы, күйіп-пісіп сөйлеген бала сөздері, әмірмен ақырып жұмсап тұрған шешелер дауысы да танылады. Анда-санда сиыр мөңірейді. Қабақта, астыртта шіңгілдеп, кісінеген қысырақ айғырының таныс дауысы да естіледі. Ұзақ созып кісінеп келіп, кейде иелік нығыздығымен қайырып-қайырып оқыранып қояды. Бұзауына жақын келіп күтіп тұрып бір-ақ қайырып мөңіреген саулы сиыр байқалады. Кеш жақындаған сайын өлкенің дауысы зорайып, тілі молайып келеді. Салдыраған өзен суының да дауысы жетті. Қатынына "Ә, ә, ә - й!" — деп айғайлап бірдеме айтып тұрған еркектер дауысы естілді. Ауыл міндетін алған айғайшы қартаң шалдың да кешкі дауысы жиілеп тұр. Әмірлі, ісшіл, қатасы жоқ. Өз-өзіне сенген дауыс. Еңбек ортасындағы үлкендерге бірдеме деп былдырлап жүрген балалар дауысы, бала сөзі. Қойын сауып болған ауылдың айналасы беталды, шұбартып шашылған үлкенді-кішілі мал. Кешкі көп тілдің бірі болып жекелеп үрген иттер дауысы келеді. Ішінде төбет, күшіктер де бар. Басында бір-екі дауыс үзіліп-үзіліп естілсе, кешкі жаңғырық молайған сайын екіленіп, желігі артып келе жатқандай. Бірін-бірі қыздырып қостап, дырду көбейтеді. Кейде ізденіскен, өштескен, өршеленген, бүлініп, бұзылысқан дауыстар да шығады. Төбеде күйкентай ұшып, кейде аспанда қалтылдап тұрып ол шырылдайды. Біресе тынымсызданып мазасы кеткен күйменен шық-шық қағады. Біресе өрістеп ұзап кетіп, шашырап жайылған қойды айғайлап үркіткен кешкі қойшы дауысы асқындап кетеді. Біресе сайда, дөң астында шырқап салған қозышы баланың әні келеді. Кейде төменгі ауылдар жанында биік таудың бетіндегі жалғыз аяқ жолмен көлденеңдеп: күндізгі серне, түстіктен қымызды ауылдың қызуынан қайтқан көп аттылар көрінеді. Жастары қия беттен шауып өтіп жатыр. Кейбірі ән салады. Кешкі мезгілде дабырласып әңгімелескен дауыстары желігіп, саңғырлап өлке бойына тұтас естіліп тұр. Осы ретпен кешкі ауыл тіршілігі, өзгеден ерекше өзіне ғана тиісті болған жарастығына ауысып еді. Ауыл кешке ғана барлық қалпымен толық тіршілік етеді. Бұл уақыт ауылдың еңбек уақыты. Барлық мал мен адамның у-шуы түгел шығып, толық араласқан уақыт. Ауыл маңының шұбарланып жанданып, күндізгі құлазыған меңзеңдіктен дырдуға ауысқан шағы. Сансыз көп тіл біткен, ажарланған шақ. Кешкі ауыл тіршілік жәрмеңкесі сияқты. Қазақ жайлаған табиғат болсын, мал мен адам болсын — барлығы да кешкі батар күннің алдында күндік өмірін қызу, дырдумен шығарып салады. Қырдың күні малдың у-шуымен, адамның сергек айғайы, қарбаласқан қарекеті, желікті әңгімесімен батады. Өлкедегі жақсы жайлауға жарасып отырған көп ауыл, табиғаттың күні өтіп, түні ауысқан шағын, сондай өткел үстіндегі шұбарланған, жалданған жарастық қызумен қарсы алады. Осы күйдің Серікбай ауылының үстіндегі ең қызулы шағы еді. Қасындағы төрт-бес басты жолдасымен Серікбай айналаға үндемей қарап, табиғаттың албан баласына берген жарастық, молшылығын ішінен шүкіршілік қылып, өмірінде алғашқы рет соны көпсінгендей еді. Бұл қасындағылардың әңгімесін тыңдамай өзімен-өзі ғана болып: "Не болар, неге соғар екен? Шынымен-ақ мынау елдің мынау дәурені енді келіп біткені ме?" — дегендей ойлар мен көз алдындағы тіршіліктің қызулы қызығын ерекше рақаттанып, сүйсініп қызықтап отыр еді. Қасындағылар жақын ауылдардағы ағайын, көрші-көңілдестер, бір-екі қария, екі кедейлеу жігіттер, ауылдас ат үстінде бірге жүретін жолдастары еді. Қарияның бірі — аласа бойлы, арық денелі Жақсылық. Көп ішінде бұның да азамат болып қалған жалғыз баласы Жұматайға солдатқа бару деген қауіп бар-ды. Соның қамын ойлаумен үйіндегі кемпірімен екеуі жалғыз отырғанда жыласып жүдесетін, үйі, ауылы соңғы күндерде өзіне жат, бөтен сияқты болып құлазығандай, қайғы, уайым орнындай болып еді. Солай болғаннан бері қарай топ ішіне келіп, Серікбайдай ел сенген басшылардың қасында болып, желіккен сеніммен сөйлеген көпті көріп, кішкене бой жасағанда соңғы күндерде күндізгі уақыт болса үйінде отырмай, маңындағы ауылдарға қыдырып келіп, жайлы хабар естуге ынтық болатын. Серікбайдың қасына жаңа кешке жақын келіп еді. Әдетше — жаңалық, игілік хабар бар ма? — деп сұрағанда, бір қалыпты белгісіздіктен басқа ешбір жұбаныш ести алмады. Аяғында жым-жырттық бойын сескендіріп, шошытқандай болған соң, қасыңдағылармен әр нені айтып әңгіме іздеп отырды. Қарияның қасындағы екі жігіт бұл сияқты емес. Олар әлденеге сенішті, қажырлы, желікті сияқты болатын. Бұның бірі Серікбайдың ұдайы қасында жүретін пысық, сөзуар жігіті Баймағамбет еді. Ол төменгі жақта әндетіп, дабырлап, даурығып сөйлесіп бара жатқан жігіттерге қарап:
— Мына астырттағы ауылдан серне жеп қайтып барады. Бүгін осы Дөңгелек саздан нақ отыз-қырық тоқты нағып желінбеді екен?!
— Отызды айтамысың, Көктөбені қоссаң осы Шырғанақ өлкесінен елу молынан желінген шығар. Елдің тұмсығы қанданып-ақ жатыр, — деді екінші жігіт Өтеу.
— Тұмсығы қанданған деп соны айта ма екен? Орысты талап, соның малын жесең, мына жердегі Науаселдің қаласын шапсаң, соны айтады... Өзіңнің қораңдағы қойыңды жейсің де, тұмсығым қанданды дейсің, — деп Баймағамбет кекетіп қойды.
— Орысты шаппай-ақ, басыңды амандап қалшы. "Бадырақ сен тимесең, мен тимеймін" деп осы орысқа сен тимей, саған орыс тимей, тыныш тұрсаңдар жетеді-ау, — деп Жақсылық зорлықпен күлген болды.
— Орыс тыныш қоймай, тие берсе қайтесің, қария?.. Көне беремісің?
— Көнбесең, сонда көнбе. Бірақ казак-орысты шаппай-ақ, өз үйінде отыр да, өз басыңды аманда. Осы орысты үйтемін, бүйтемін деген сөзді тіпті құлағым жақтырмайды.
— Елдің мынау жүрген жігіттері олай демейді. Ұстасатын болсақ, мықтап ұстасамыз. Тұрысып көреміз дейді.
— Тұрыспасы бар ма?!
— Е, тұрыспайтын несі бар?! — деп Өтеу киіп кетті. — Тұрысамыз, әйтпесе, осы ел ат, айғырын неге жаратып мінісіп алды. Қару-найза неге бастап жүр. Түйміш неге жасап жатыр? Шаруаны неге ескерусіз далаға тастады? Соның бәрін тұрысамын деп, шыдаймын деп істеп отырған жоқ па?
— Қаруың қайсы?! Мен білмеймін. Біздің Жұматай орыспен соғысатын қаруым деп қарағайдың басына үшкір темір қадап алыпты. Найзамыз дейді. Мылтығың қайда, қылышың қайда? Орыс саған қасыңа келетін шығар-ау "маған найзаңды сал" деп.
— Көпшілік үндемеді... Бөгелгендей болып еді. Бірақ Баймағамбет ертеден бұл сөзді көп естіген, көп жігіттің бұған қарсы айтып жүрген жауабын да білетін.
— Соғыса кетсе, бір есебі табылар. Қару алмайды, қажыр алады. Бір-екі рет жүрегін шайлықтырып, шошытып жіберсе, орыстың өзі-ақ қаруын тастай береді. Өз қаруымен өзін сипалаймыз, солай емес пе? — деп Өтеуге қарап көзін қысып, күліп қойды.
— Өй, тәйір-ай, қалың албан түгел жиылып қанат жайып қаптаса, орыс әнеугі жәрмеңке басыңдағыдай ығып кетеді. Осы тартпақ сөзден жек көретінім жоқ. Соғысқа шыққанда шал атаулының барлығын аулаққа апарып, бір сайға қамап тастау керек, — деді. Жұрттың бәрі күлді.
— Соғысып жатыр ғой, әне, қырғыз. Қарақол айналасындағы орыстың бәрі үрпиіп есі кетіп, босып жатыр дейді. Қырғыздан кем болыппыз ба? — деп Серікбайға қарады Баймағамбет. Бұл сөзді бүгін түстен бері естілген бір сыбыстың бетімен айтып еді. Дөңгелек сазға күндіз көрші ауылда серне жеп, қалың жиын күрес салып, аударыс жасап, ойнап жатқанда жәрмеңке жағынан келген бір қызыл бөрік, "қырғыз соғыс бастапты" деген ұзын құлақ бір хабар айтқан.
— Қырғыз соғысса, қаруы бар шығар? — деп үміттенгендей болып Жақсылық Серікбайға қарады.
— Онда да қару бар деймісің, бірақ өжет, қайратты, ашулы ел. Бастаса бастағаны-ақ. Тек солай болғай-ақ та, - деді Серікбай. Бағанадан үндемей отырған Серікбайдың сөзге кіріскені әңгімешілердің иығын көтергендей болды. Ел ортасында ертелі-кеш сөйленіп жатқан ұзын құлақ хабардың бәрін түгел естіп, түгел жиып, бәр-бәріне талғаусыз түгел сене беретін Өтеу:
— "Атаң көрі" деп алып, қырғыз бір бастаса тоқтамайды. Албан, бұғы тізе қосатын шағың жетті деп, олар ерте бастан қамданып жатыр деген. Олардың ат, айғырын ұстап, жігіт атаулының топтанып атқа мінгеніне, найза-мылтық жиғанына көп болды деген.
— Ат мініп, найза, сойыл ұстаумен іс оңғарылатын болса, осы албан да тегіс-ақ соған кірісіпті ғой... Қарқара айналасындағы елдің тыныш отырғаны жоқ деседі. Бәрінде де не сәйгүлік бапталып жатса керек. Ұзақ батыр Тұңғатар жылқысындағы нелер томырылған құр аттарды айтбозымның дәмелі жігіттеріне ұстатып мінгізіп жатыр дейді, — деді бағанадан үндемей отырған қара шал Қалдыбай.
— Е, өзіміз соны істемей отырмыз ба? Осы Дөңгелек саздағы ауыл-ауылды қазір кешке аралап шықшы. Күндіз-түні белдеу мен арқаннан ешкімнің аты кетпейді. Бәрі де әлденеше таң асып, ішін тартып жарап, дом болып қалыпты. Нелер семіз бағыландардың еті қазан-қазан болып қуырылып, меске тығылып жатыр. Жігіт атаулының дайын емесі жоқ, — деп Баймағамбет жүгініп алды.
— Егін, пішенге саламын деген жалғыз құла қасқаны мен де байлап отырмын. Оның несі бар! Осы жолдан қалған жан — жан, мал — мал, қызын... Орысты жәрмеңкеден шығарып алып Жәркентке шейін бір тырқыратса болады. Бауырынан сиген албан баласының жалғыз арманы сол... Мен неге қарап қалайын... Керек десе, Жансейіт те айналдырған екі атының бірін Құнапияға беріпті. Содан кедеймін бе? Бұл келебеден аяйтын, аянатын түгім жоқ... — деп Өтебай да көтеріліп алды. Баймағамбет Жансейіттің аты аталғанда күліп жіберді. Ол ит өзімен қоймай, бүгін мына Көктөбеден жүз қаралыдай жігіт жиналып еді, өзімдікін беріп болдым, енді албан жігітінің бірі жаяу болмасын, ат керегі өзіме келсін. Аяғы Оспан тілмаштың жылқысынан алсам да, осындай жылқысы бардың бәрінен сенімді жүйрікті тауып беремін деп жар шашып жүр, — деп отырған жұрттың бәрін күлдірді. Серікбай Оспанды айтқанда қалың елдің ішіндегі шіріген жұмыртқа, сенімсіз жалғыз бұзақыны еске алғандай болып:
— Оспан ағайыны ғой. Оған істесе, Жансейіт істейтіні рас. Әйтпесе, ұлыққа көтін тығып, жемтік жағалаған құзғын сияқтанып, елдің лайсаңынан пайда іздеп жүрген Оспан ешкімге де қолынан ат бермес. Берсе, ол Оспан да болмас еді.
— Ол ғой жәрмеңке басынан шықпайды? Бар албан қырылған күнде жалғыз бас қайда барып күн көремін дейді сол?.. Орыстың теріс жазуын білдім деп, елдің тілеуінен, ата-баба жолынан безіп-ақ кеткені ме? Бұның не білгені бар?.. — деп Жақсылық Серікбайға қарады.
— Не білгені бар дейсің, жәрмеңкеден шықсам, біреу жамандап қояды. Елге қосылып кетті деп ұлық қырын қарайды деп, тығылып отыр. Оған ел не керек? Бөтен елде де орыстың ұлығы бар. Албан болмаса, өзгені барып та сауа алады. Ана Жебірбайдың баласы албанды сауып, осы жаздың өзінде қоралы қой жиып алып отырған жоқ па? Орыстың сорпасын ішкен қазақ оңып па еді? Тек елді азғырып, бөксе басты қылмасын де!..
— Бәсе, жеген жемін елден аулақ апарып жесе екен. Төре деп, біледі деп аңқау елдің содан ақыл сұрап жүргені де бар көрінеді, — деді Баймағамбет.
— Ел деп қай ел дейсің, өзінің ағайынсымағы да барып жүрген. Кеше соның ауылы Қарақолда пәлен жүз солдат бар, пәлен зеңбірек бар, жәрмеңкеге пәлендей солдат алғызды Ақжелке, мұнда қазір пулемет те бар. Қазақ қарсылық қылса қырылады. Ақжелке бір ауыз хабар берсе Жәркенттен де пәлендей әскер қаптап келгелі отыр. Ертең-ақ елдің аптығы басылады. Мұнда басшы болған кісілер жазасын тартады деп айтысады дейді, соның ауылының бір қариясы, — деді Өтеу.
— Кім дейді сонда жаза тартатын? — деп Жақсылық Өтебайға қарады.
— Кімді аяйды дейсің, ешкімді де талғамайды.
— Міне, осындай сөзді бықсытады, олар болса, елдің жүрегі шайлықсын дейді ғой. Жасқандырғанда Ұзақ сияқты, біз сияқтыны жасқандырады ғой.
— Оспан айтты деп жасқанған кісі болса, бара берсін, осы сөзді кеше Әубәкір аулындағы бір жиында да бір емес, екі емес жаңағы қария айта берген екен, Жансейіт пен Әубәкір: "Оспаныңмен қосып ақылыңды... Тек енді үніңді шығарма?!" деп шошытып жіберіпті, — деді Өтеу.
— Жансейіт Оспанның өзін бір сүйтіп үркітіп қойсайшы, іннен інге тығынып жорғақтап жүрсін, — деді.
— Жансейіт одан іркілетін емес. Бүгін Оспанның жылқысынан ат әперемін дегенді содан кейін әдейі айтып жүрген көрінеді.
— Бәсе.
— Бәсе, сөйтпей болмайды. Жалғыз ұлық емес, қытығына тисе, ел де ұлықтан кем тимейтінін сездіру керек.
— Білмеймін, сүйткенмен сол Оспанның ауылы елдің жиыны болсын, тілеу батасы, қару-сайман жиып қамдануы болсын — бәрінен де бойын алып қашып, шетірек тұрған көрінеді, - деді Жақсылық. Бұл хабарды да Өтебай естіп еді.
— Оның рас. Осы өлкеде шаруаны ұмытпаған жалғыз ауыл солар. Кеше егін мен пішеніне кісі де шығарып, үй де көшіртіпті дейді. Оспан: "Құр желіккенді қойсын, егін-тегінін жинауға кіріссін" деп жәрмеңке басынан қатын, баласын жіберіпті де, шешесі мен ағайындарына жаңағыдай деп тапсырып жіберіпті.
— "Қара ешкіге жан қайғы, қасапшыға мал қайғы". Өртеніп жатқан ел мынау, әлі де мал-дүниеге көзі тоймай ойдан-қырдан сыпырып-сиырып жатқан Оспан анау. Сүйтпесе бес жылда елдің алдына түскен бай бола ма? Сүйтпесе Оспан тілмаш бола ма? — деп Серікбай күрсініп қойды.
— Шаруа демекші, осы ауылдың егіні пісіп, түсуге айналыпты деп хабар келіп жатыр. Пішен болса ол да шабылмай қалып барады. Бұл не күн болды?.. Егіннің шығысы ерен еді. Есіл қазына шашылып-ақ қалғаны ма түге! Бірдеме қылып, жарым-жартысын болса да жиғызып алмадық, — деп Серікбай аулының шаруасын басқарып жүрген ағайыны қара шал уайым айтты. Серікбай бұның соңғы күндердегі осы сияқты ызындарын көп естіп қажығандай еді. Сондықтан қабағын шытынып:
— Қой енді ызындамай, қой дегенім қайда? Осы елді ойнап жүр деймісің өзің? Даладағы егін түгіл, қолдағы қоралы қой, қостылы жылқыдан безерсің әлі, тұра тұр.
— Безгенімізше талшық керек емес пе? "Түстік өмірің болса, күндік мал жи" деген... дей беріп еді:
— Күндік малың бар болсын! Осы қолыңдағыңа ие болып тұрсаң да болады. Осы да жетеді. Маған байлық керек емес. Мен Оспан емеспін. Дүниеқор қылғың келеді ғой. Мен егін жиямын десем, ертең осы елдің бәрі егіні мен пішеніне кетеді. Жаңа өзің не естідің, құлағыңнан ағып кетті ме? Елдің барлық жігіті ат мініп, қару асынып күтініп жатыр дегенді естіген жоқпысың? Соның ішінде қайсысы байлығына, барлығына сеніп, қазынасын үйіп қойып отыр. Ер басына күн туған деген осы. Бұл күнде бас амандығынан, ел намысынан басқаны тілейін деп отырған кісі жоқ. Аттан, қамдан, шаруаны таста, барыңды ортаға сал. Ертең ұран шақырылған күні аталған жерге түгел жиыл. Шаруаға, дүниеге алаңдама. Осы өткелден өтпей тыныштық жоқ, мал дүние арам. Тобыңды жазба, шашырама, күндіз-түні дайын отыр. Бір еркекті шет жайылдырма? Бүгін болмаса, ертең басталады деп әдейі осы елге осылай ақыл беріп отыртамыз жоқ па? Соны көріп отырып мен шаруа ойлап, тықақтық қылсам ел қайтпек? Кімді ұстайсың сонан соң? Шақырғанда кім дайын болады? Бұйымдарымды теріп жүр едім дейім бе? Не айтамын? Не айтамын? Не бетімді айтамын албан баласына.
— Е, өзгелер шаруасын ойламай жатыр ма? Әне жіберіпті ғой Оспан?
— Оспан албан баласы ма екен? Ол арам сирақ. Ол елден шыққан орыс боп кеткен. Ол албанның аруағынан садаға кетсін.
— Бір Оспаннан басқа шаруа ойлаған тірі жан жоқ. Жұрттың бәрінің де егіні-тегіні пісіп тұр. Бірақ ешкім қыбыр еткен жоқ, — деді Баймағамбет. Серікбай шал сөзіне ашулы еді үйткені үйде қатын-қалаш та бүгін Оспан сөзін естіп бірдеме деп күбірлеген болатын.
— Маған Оспан істеген істі үлгі қылма сен. Оспан дүниеліктің құлы болса, ана қасындағы тақыр кедей Жансейіт не қылып отыр? Жалғыз атын ел керегіне жарайды деген жігітке мінгізіп отыр. Соны ойла. Ана Ұзақ, Жәмеңке неғып отыр. Оспандай-ақ мансап иесі ұлық болатын ана Әубәкір ол неғып отыр. Бәрі де шаруасын судай шашып, артығын үлеске салып жатыр. Сен үй десең, ертең керек қылса, осы қолымдағы аз жылқының барлығын мен де осы Дөңгелек саздың үлесіне саламын. Білдің бе? — деді. Бұл уақытта төменгі жәрмеңке жақтан шығып Серікбай ауылын бетке алып келе жатқан екі атты дөң басында әңгімеде отырған Серікбайларға қарай бұрылып еді. Аттарын қара тер жапқан жүргіншілер бұларға қарай беттегенде де екпіндеп желіп келе жатты. Қазір күн батып, ымырт жабылып қалған. Ауыл-ауылдың дырдуы саябырлап азайып, әр жерде жер ошақта лапылдап жанған оттар ғана көзге айқынданып тұрған. Ауылдың көп тілінің ішінен соңғы уақытта дамылсыз үрген иттер дауысы ғана басымданғандай, біресе күшік дауысы шоу-шоу етіп, артынан үлкен төбеттер, соқталы ашулы қаншықтар дауысы жапырлай шығып ауыл-ауылдың барлығын азан-қазан қылғандай болатын. Кеш қараңғылығы тұтасып молайған сайын, иттер дағдылы міндетіне құлшына кіріскендей өткен-кеткеннің барлығына шабалана үріп қоя беріп, алыста көрінген қара-құра болса алдынан шығып, бөгеуіл салып, ауылға келгенді ауылға әкеліп, өтіп бара жатқанды өзі қуып жібергендей, қанжығалап арсылдап шығарып салып, ауылдың амандық, тыныштығын өз мойындарына түгел көтеріп алғандай болатын. Екі атты Серікбай аулына жақындап келген, алдынан тобымен қамап шыққан көп иттер, қазір бұлар төбе басына келгенге шейін шу-шу етіп, өзге дыбысты естіртпей өлкені азан-қазан қылды. Аттылардың қараңғы кеште пішіндері оп-оңай танылған жоқ. Жалғыз-ақ төбенің етегіне келгенде ғана сапақ жаққа қараған күміс үзеңгілері жарқ-жұрқ етіп, екі аттың ер-тұрманы бір-біріне шылдыр-шылдыр соқтықты. Біреуі тәуір киімді, күміс ер тоқымды, ұзын бойлы. Екінші қасындағы атшысына ұқсайды. Бұл Ұзақ, Жәмеңкеден Дөңгелек сазға хабар алып келе жатқан тілші-хабаршы Көкбай болатын. Жәрмеңке басында қалың албан жиылып Ақжелкеге жауап бергеннен бері қарай екі жұмадай уақыт өтті. Содан бері жайлау-жайлаудың әрқайсысында ер азамат түгел қамданып, ат-сайманын дайындап, жеке-жеке әзірленуден басқа, ел-елдің арасындағы қатынас тілді де реттеп алып еді. Күн-түн сайын жәрмеңке басындағы ұлық істеп жатқан қам болса, яки шеттен Қарақол, Жаркент жағынан естілген жаңғырық, жаңалық болса, бәрін де ел-елдің басты адамдары өз маңайына естіртіп жариялаудан басқа, маңайдағы албан руларының барлығына да хабаршылар жүргізіп, мәлімдеп отыратын, сондықтан ертеңді-кеш жаңалық хабарлар үзілмей, бірі артынан бірі шығып, ерсілі-қарсылы қыдырып тұрған. Албан іші түгелімен осындай реттеліп алғаннан бері қарай Ұзақ, Жәмеңке, Тұрлықожа, Серікбайлардың ауылдары күнде келген жаңалықтарды тарататын штаб есепті болған. Жалғыз мұнымен қоймай, әрбір естілген дақпыртқа қарай бесті-онды басты кісілердің кеңесі болып, өзгелерге "ананы істеу, мынаны істеу керек" деген байлауларын да жіберіп отыратын. Албанның қалың ортасында ұлыққа тіреу болып, елге қастық қыламын десе себі тиетін жері жәрмеңке болғандықтан, жұрттың көзі Қарқара жазығына көбірек қадалғандай болатын. Оның не істеп, не ойлап жатқанын елге білуге, естуге қажет. Ақжелке әлі барлық көмекші ұлықтарымен сонда отыр. Маңайдағы бесті-онды солдатты жиып қазақ орыс қалаларынан аз-аздап, астыртындап жігіттер жиып алып қаруландырып жатқаны да барды. Сондықтан Ұзақ, Жәмеңке осы жәрмеңкеге құлақтарын көбірек түріп, соның әрбір қозғалысын аңдығандай тесіле қарап бағып отырған. Бірақ жәрмеңке басындағы ұлық, қазақтың өзіне сырын айтпайды. Ел болса бұрынғыдай жәрмеңке басына бармайды. Ондағы қазақтан қалған тілмаш, оқығандар болса, бір ауыз тіл әпермейді. Ел қозғалысынан бойын алып қашады. Сонда да жәрмеңкенің ниетін білмей отыруға мүмкін емес. Қарақол, Жәркент, Алматы жағынан шыққан жаңалық болса да сонда келеді. Осының бәрін есептеп келіп, ақсақалдар кеңесі жәрмеңке басынан өздеріне тілеулес болып жансыздап хабар әперетін бірен-саран кісіні іздестірген. Сол кісі оңай-ақ табылып еді. Ол — жәрмеңке басында тұратын сарт саудагері Сұлтанмұрат. Бұл епті, есті адам. Қазақ, қырғыздың орысқа арналған наразылығын ішінен бұ да қостайды. Сондықтан жәрмеңке басынан жан-жақтан келіп жатқан сарт, ноғай, тараншы, жүргіншілерінің барлығымен әңгімелесіп, керекті хабарды мезгілімен толық қылып алып, Ұзақ, Жәмеңкелерге ұдайы жеткізіп тұрған. Соңғы кезде жәрмеңке басындағы бірен-саран солдаттан әңгімешіл аузы бос таныстар тауып алып, Ақжелке істеп жатқан қаракеттен де оны-мұны естіп тұратын. Мұның жиған хабарларын ел кісілері әр түрлі әдіспен алатын болған. Жалпы елдің жәрмеңке басына баруы азайған соң, енді үнемі Сұлтанмұратқа келе беретін бірлі-жарымды кісі болса, оның жүрісі алақандай жәрмеңкеде қақап тұрған ұлықтардың көзіне түсіп қалуы оңай нәрсе. Осыны ойлап Ұзақ, Серікбайлар ақылдасып келіп, Сұлтанмұраттан жансызданып хабар алу үшін әр рудан он шақты кісі шығарған. Бұлардың әр күні әрқайсы келіп кетеді. Кейде екіден, үштен келеді. Кей кезде, әсіресе соңғы уақыттарда, алғашқы он кісі бір-бір кіріп шыққан соң, тағы тың адамдарды да жіберетін болған. Бұлар бес-алтыдан да келеді. Кейде тіпті елеусіз болсын деп өгіз мінгізіп, жалғыз-жарым кедей-кепшікті де жібереді. Келгендердің бәрі де әр алуан ұсақ-түйек алады. Бірақ бір қадақ сабын, яки бір кез шыт қана алатын болса да, саспай көп қыдырып, көп саудаласып жүретін қазақ әдетінің осы кездерде пайдасы тиген. Алушысы жоқ болып қаңырап тұрған ләпкешілерге әңгіме де керек. Сол ретпен жағалап жүріп Сұлтанмұратқа арналып жіберген хабаршы елеусіз келіп, елеусіз кететін. Бүгін сол әдетпен жәрмеңке басына түсте жіберілген кісі Үш күнгей жотасының бауырындағы жайлауларға үлкен хабарлар алып келіпті. Соны естісімен Ұзақ Серікбайға осы Көкбайды шаптырған. Аттан түсіп, сәлемдесіп Серікбайдың қасына келіп отырған соң, Көкбай қатты жүрістен терлеп, пысынағандықтан үлкен қара бөркін қолына алып, бөгелместен әңгімеге кірісті.
— Бүгін Сұлтанмұраттан хабар келді. Қарақолдан хабаршы келіпті. Бұл жарлық қазақ, қырғыз, тараншының барлығын да түгел көтерген көрінеді. Лепсі, Талдықорғаннан бері қарай қазақ көтеріліпті. Қытайға ауамыз,- көнбейміз, бермейміз деп маңайындағы орыс қалаларына шабуыл жасап, қару жиып, қарсылыққа қамданып жатыр дейді. Әскер шығып, соғысып қалғандар да болса керек. Одан бері Пішпек, Алматы, Қарақол айналасындағы елдер көтерілуге бас қойды дейді. Қырғыздар казак-орыс қалаларына шабуылды түгел бастапты. Жызақта үлкен қарсылық болып, қаланың үсті түгел қырғын майдан дейді. Тараншы мен қырғыз қазақтан озған көрінеді. Бұлар шапқан орыс қалалары жебір-жесір болып, өртелгені өртеліп, қырылғаны қырылып, Пішпекке, Қарақолға, Тоқпаққа шұбап жатыр дейді. Ұлықтан үрей кетіпті. Казак - орыс, мұжық атаулының қатын-баласы тау-таста ботадай боздап ұбырып жүр дейді. Қырғыз Пішпектен Қарақолға мылтық, жабдық әкеле жатқан солдаттың обозын талап алыпты. Осы күні бар қырғыз мылтықты, қарулы дейді. Тыңдаушылардың Серікбайдан басқа барлығы Көкбай әңгімесі басталғаннан-ақ ентелеп:
— Е, е, пәле, пәле, е, е!.. — деп исінгендей мекіреніп құлай тыңдап отырып Көкбай тоқтағанда, Өтеу:
— Айтып едім ғой! Қырғыз істі бастапты деп! "Атаң кәрі" деп алып, бір бастаса ол тоқтамайды.
— Қырғыз емес, тараншы да кетіпті де?!
— Ел болсаң, осындай бол!.. Ой, тілеуіңді берсін,—деді Баймағамбет.
— Бұл анық хабар ма өзі? Тіл әкелген кім екен? - деп Көкбайға қарады Серікбай.
— Анық шығар... Анық қой... - деп, Өтеу сөйлеп еді, Көкбай оны тыңдамастан:
— Анығы сол — қырғыздың басты кісілері албанның қарияларына осының бәрін жеткіз деп әдейі хабар салыпты.
— Басшысы кім дейді?
— Басшысы Батырхан, Қыңыр, Саудамбек, әзірге хабаршылар солардың атын атайды. Кіріскен жалпақ ел. Бір қырғыздың баласы мойын бұрып қалған жоқ. Бәрі де ат үстінде жау жараққа түгел қол қойыпты. Және хабарды бір Қарқара емес, Алматыға, Пішпекке, мынау Асыға да жіберіпті, қосылып, қамданып, атқа мінсін. Әнеугі айтқан сәлемдері шын болса, Ұзақ, Жәмеңке, Серікбайлар енді маңайдағы орыс қалаларын ескерсін. Қарулансын. Жәрмеңкені талқандасын деп айтыпты дейді. Орысты қусын депті.
— Бәрекелді, сөзіне! Ой, тілеуіңді берсін!
— Еркек мыналар екен ғой. Енді бөгелетін не қалды? — деп, Баймағамбет сабыры кетіп сұрланып, біресе ырғалып малдасынан отырып, тыпыршығандай болды. Әлі де салмақ пен сабырынан аумай Көкбайдың пішініне ойлана қарап отырған Серікбай:
— Жә! Қарияларың не дейді?
— Қариялар енді бұл хабарды ұлық та есітті. Бұл отырмас, кетер, бірақ кетерінде бірен-саранды болса да қармап кетпей тыныш кетпес. Ең әуелі, ел кісілері сақтық қылсын. Жігіттеріне тегіс хабар берсін. Әуелі айналадағы ұсақ қалаларды ескерерміз бе, қайткендей боламыз? Серікбай, Тұрлықожа, Әубәкір мұнда келсін. Кеңесіп алайық. Таты бірер күн мына хабар анық па, ұшқары ма, дерегін тосайық деседі.
— Құр үйде жатып тосқан емес, енді сол қырғыздың ішіне кісі жіберу керек қой. Сөз байласу қажет қой, — дей бергенде Көкбай:
— Оныңыз рас. Ол жерде бәріміз де соны айтыстық. Сонымен жаңа менімен бірге Саудамбектермен ауызба-ауыз тілдесіп қайту үшін үш кісі аттанды. Қанат жаяйық, бірігейік, тізе қосып бір бастайық деп Асыға да кісі жіберілді, жан-жаққа кетіп жатыр.
— Олай болса, жарайды. Енді, Баймағамбет, сен ат қамда. Біз Көкбаймен ауыл жаққа барып ас ішейік, Өтеу, сен қазір Әубәкір, Тұрлықожа, осы маңайдағы ауыл-ауылдың барлық белгілі кісілеріне хабар қыл. Тұрыңдар енді. Құдай бұйырса бірдеме болар. Аруақ жар болып, оң сапарын берсін! — деді.
— Айтқаның келсін, қарағым. Құдай жолыңды қылсын!
— Уа, оң сапарын бере гөр! Ия, Райымбек атам аруағы жар бола көр! — деп екі шал кемсеңдеп көздеріне жас алды. Соңғы кезде шаруақор қара шал да алдыңғы уайымдарын ұмытып, көтеріліп қызып алғандай еді. Көкбай Өтеуге қарап: — Тұрлықожа, Әубәкірді де Секеңмен бірге қариялар шақыртқан. Олар да солай атына мінсін.
— Секең кетсе, Әубәкір мұнда керек болмаса, біреуі қалғаны мақұл болмас па? — деп Баймағамбет отырғандарға қарады.
— Әубәкір мұндағыны реттесін. Енді толғақ жиілеуге айналды ғой. Хабары да, ісі де енді бірі үстіне бірі жиілейтін шығар. Бұндағы ел бәріміз кетіп қалсақ ұйлығып қалар. Бірен-саран басшылық қылатын кісі" топ ортасында қала тұрсын, — деді Серікбай. Ешкім қарсы сөз айтқан жоқ. "Мақұл, солай" десті. Сол күні түнде-ақ ел жатқанша Көкбай хабары Шырғанақтың бауырын түн желіндей есіп отырып, жағалай жар шашып шарлап шықты. Қатын-балаға шейін айт күніндей сергек. Дырдулы, шулы, күлкілі, нөсерлі дауыл алдындағы құйындатқан жел лебімен желпілдеген түңліктей, жайлау-жайлаудың бәріндегі кәрі-жас, еркек-ұрғашы бой сергіп сілкінгендей, құлшынғандай болды. Бұл түнде таң атқанша дамылсыз шабаланып иттер үріп, ауыл-ауылдың арасында сатырлап шабысқан аттылар. Қалжыңды желік араласқан күлкі, дабырлаған неше алуан дауыстар, шырқап салған еркек, ұрғашының әндері, қызулы, қызық ойын сауығы — жайлау түнін желікті той күніне ауыстырып жібергендей болды. Түңлігін жауып, отын өшіріп жатқан ауыл жоққа тон. Өлке-өлкенің бәрінде жалпылдап жанған оттар. Асылып жатқан қазан-қазан ет. Түн аспанына ойнап ұшып жатқан от ұшқындары — бәр-бәрі де қыр баласын қолтығынан көтеріп алып ұшып, әлде неге "жүр-жүрлеп" тұрғандай болды. Бұл күй бір Шырғанақ бауыры емес, иісі албанның барлық көк шалғынды, қарағайлы, мол сулы бақытты жайлауларына түгел жайылған желік болатын. Осы түнде жолдағы елдің неше алуан тіл менен әлденеше түрге түсіп, ұйқысыз түн өткізіп, дабырлап, шулап, балаша балдырлап бой жасап жатқан тіршілігін көріп отырып, таң атқанда Серікбай Тұрлықожа, Ұзақ, Жәмеңкемен уәделескен жерге жетіп еді. Биік төскейдегі көп үлкен ақ үйлі маңқиған боз ауыл, қора толған қоймен, маңындағы кісендеулі, арқандаулы көп жарау сұлу сәйгүліктерімен өз-өзіне сенгендей күйде екен. Ырзалық, тоқтық пішінін көрсетіп, шертиіп сыздана түсіп, көзін жұмып, тыныштық алып мызғып тұрғандай бұнда да жаздың түнін ұйқысыз өткізген ел таң аппақ боп атқанда көздің шырымын алмақ болып, жаңа тана тыныштыққа бой ұрыпты. Әлі ауылда кәрі қойшыдан басқа түрегеп жүрген сергек жан көрінбейді. Түн бойы өктеп тыным алмай жүріп шаршаңқырап келген жүргіншілер елді оятпай, жұрт тұрғанша аз ғана тынығып алмақ болып, ортадағы үлкен үйге кіріп жатып қалысты. Ұлы сәске кезінде Серікбай оянғанда өзінен басқа" жұрттың бәрі тұрған екен. Тор айналасында Жәмеңке, Ұзақ сияқты үлкендер отыр. Әуелі соларды көріп сәлем беріп, басын көтеріп алды. Айналада жағалай отырған ылғи қара бөрікті кәрі-жас. Бәрі де лаулап желігіп сөйлейді. Алдарына қымыз да келіп қалған екен. Қасында отырған Тұрлықожа, ерекше желікпен омыраулап, кеуделеп келіп:
— Тұр, тұр, не жатыс бар! Әуелі шүйіншімді бер! — деп келіп, Серікбайдың басындағы тақиясын жұлып алды.
— Е, не бар?! Не айтасың?
— Асыдағы Қызыл бөрік көтеріліпті, хабаршы келіп отыр. Спесік аламын деп келген тамам ұлықты бар солдатымен қырғын қылып айдап тастапты...
— Рас па? Шын айта ма?! - деп Жәмеңкеге қарады... Барлық үй ішіндегі үлкен-кішінің жүзінде түгелімен ырзалықпен жымиған қуаныш бар.
— Рас айтады. Асы Қызыл бөрігі сенен озды, — деп, Жәмеңке кәрі жүзі қатпар-қатпар болып жиырылып, ақырын күлді де: - Барлаймыз, барлаймыз деп, тамам елдің артында біз қалуға айналдық. Үлық есін жиғанша бет қаратпай, үсті-үстіне ұрып жіберетін кез келді... Мына асыңды іш, кеңеселік, — деді.
VІ
Кешегі күн Асыда бұрын Алатау жоны көрмеген ірі уақиғаның болғаны рас еді. Бұл жайлаудың қалың елі албанның мол руының бірі қызыл бөрік болатын. Бұдан басқа етек-жеңін жұлғызып төрге қашып шыққан жаяудай тау етегіндегі жайлау, күзеуінен айрылып, қазақ-орысқа, келімсекке беріп тау жоталап, қарағай кезіп асыға келіп жер иіскеп отырған Алматы уезінің жанысы, қаңлысы, тағы әр рудан жиналған ұсақ-ұсақ құрамалары болатын. Асы — Алатаудың қыр арқасында ойып алған астаудай, ұзын кең жасыл өлке. Төсін жоғары беріп, керіліп түскен сұлудың оң иығын басқан қалың қара бұйра шаштай болып, Асының оң жатын қарағайлы таулар басады. Өлке бойында көк жар болып аққан Асы суына, айналадағы қатпарлы қалың ұлы биік, қыртыс-қыртыс ұзын жоталардан сала-саламен тұщы бұлақ, мөлдір көк сулар сарқырайды. Жардың күн шығысы қоралай біткен ұзын жоталар. Соның етегіне шейін далиып жайылған кең жасыл жазық, ұлы қойын сияқты. Жазық қара құртша қайнаған неше түлік мал. Иін тірескендей шұп-шұбар болып ендеп шашылып, бой жасап жатқан қазақ дүниесі — жайлау малы. Қанатын жазып, көк жазықты қаптай басып, еркеленіп дәурен сүреді. Көк далаға төгіп қойған жасаудай айналаны жандандырып, жасартып тұрғандай. Әншейінде толысып, тусыған дүниеге жарастық бергендей. Қалың ел жаздай жайласа да, өлке қызығынан, жасыл түрінен, жастығынан айрылған жоқ. Шұбартып басқан қалың малдың ортасында қамысты айдын көлдің аралығындағы қаз, үйректің жұмыртқаларындай болып, бөлек-бөлек ұя сияқты үйіріліп, дөңгеленген сансыз көп аппақ ауылдар. Жайлаудың бар тіршілігі көз алдында, тай қазанда қайнаған судай болып ерсілі-қарсылы қозғалыспен жыпыр-жыпыр қағып тіршілік күні қайнайды. Мезгіл августің басы болғандықтан, Асының түні суыңқырап, дағдылы күзгі жауыны жиілей бастап еді. Бүгін де түске шейін айналаны бұлыңғыр сұрғылт тұман бүркіп келіп, бірталай уақыт жауын жауған. Қазірде, шаңқай түстің кезі жеткенде, қалың бұлттың барлығы жыртылып-жыртылып айрылып, жан-жаққа ауа көшіп кетіп жатқан. Жуылып тазарғандай ашылып, көк мөлдір боп тұрған аспаннан Асы өлкесіне жайнаған жарық күннің сәулесі де түсіп еді. Бірақ дәл осы шақ астаудай Асы жайлауын бұлт арасында тұрғандай, ертегі орнындай қылып көрсететін. Өйткені, айналадағы қатпарлы қалың жота, қарағайлы қара биіктерден ақ сұр тұман әлі айыққан жоқ. Алатау басына шөгіп өткен қара қошқыл қою сұрғылт бұлттың төмендеп ұшқан жартысы қарағайға, жартасқа жабысып аспан ұйқысындай қаптай жауып, үйіліп, үйіріліп тұр. Жалығып қалғыған ақ тұман Асы айналасындағы тауларға шұбатылған сәлдедей оралып, бұралып жүр. Биік таумен дәл қосылған жері қоюланып, қара қошқылданып кетеді. Қиналып, өртеніп қосылғандай. Күпісін айналдырып киген қарағайлы биік шошақтың басы тұман ішінде әлдене түстей сұлу, сатымды шағына сүйсініп, бұлтты қабағын шытынған сияқтанады. Ауырлықпен, азаппен емес, көңілдің жайлы рақат тыныштығымен еркеленіп шытынған сияқты. Тұманды аспан сүйсіндіріп қалқытқандай. Сағымды қиял бұлты, салмақпен қош-қошын айтып, жоғары көтеріліп, таудың басын асып барады. Жазық үстінде кең аспанда кесек-кесек ақ мамықтай болып, ақ бұлттар қыдырады. Көк далаларда, кішкене төбелерде, ауыл, мал үстінде момындық белгісіндей болып ақ бұлттың жеңіл, жайлы көлеңкесі ұшады. Түтіндей, будай төңкеріліп, сызылып өтеді. Қоңырлық пен шаңқиған жарық ауысады. Адам ойындағы өкінішті естегі мен күн шуақты қызық рақат сататының ауысқаны сияқты, арманды ыстық кешегі мен күдікті, күпті бүгінгінің ауысқаны сияқты. Кеше Асыға Алматыдан шыққан көп орыс келген, ішіндегі бастығы уез помощнигі Хлыновский бұл Асыдағы қызыл бөріктің сыр бермегендей томаға-тұйық наразылығын сезгендей. Алдында да болыс, тілмаш арқылы естіліп жатқан жайсыз хабар барады. Оның үстіне Жаркентке қараған албан жәрмеңке басына жиылып "бермейміз" деген жауап айтыпты. Желкедегі қырғыз да алай-түлей болып жатыр. Алатаудың қойын-қойын, өлке жотасының барлығы иін тірескен қарағайдай болып, бірігіп, тұтасқан қарсылық белгісін білдіріп тұрған кез. Бір Асы ғана емес, Алматы, Пішпек, Жаркент, Қарақол, Лепсі, Талдықорған — барлығы да өртенгелі дайындалып, күтініп тұр. Алматы ұлығы бұл жайды жақсы білуші еді. Сондықтан қазақ ортасына көп шығып, қаталдықпен атағы жайылған Хлыновскийді әдейі шығарған. Қасыңда тоғыз солдаты бар, бірнеше ұсақ чиновниктерімен оннан аса кісі еді. Бірақ Асыға арнап келген жұмысы баланың спесігін алу. Елдің барынша андып бағып отырған дертті мәселесі. Толғағын жиілетіп жарасының үстіне қадалған оташының қанды ауыз бәкісіндей, елді шиыршық атқызып тулатып тұрған мәселе. Бұл қабақты бұрыннан күтсе де, кеше Асыға келгеннен бері ұлық біржолата сезген, ел қабағы қарс жабылған, суық, қырын қарайды. Қапқалы тұрған кескекті жайындай жылымайды, жылтырамайды. Ұлықтарға арналған үйді де болыстар зорға дегенде әкеп тіккен. Сойыс, жасау-жабдықты да әрең берген. Әншейінде байпаңдап жүретін болыс, кандидат, старшындар сүлесоқ, құр сүлдері жүрген сияқты. Өздеріне арналып тапсырылған жұмысты шама келгенше өзгеге сілтегісі келеді. Орысша білмейтін боркеміктеу, жуан қарын, босаң болыс қайта-қайта ұлыққа келіп:
— Тақсыр, ел шабан... Елдің жайын білмеймін. Жалғыз біздің қолымыздан іс атқару қиын болып тұр. Осы елдің Дәулетбақ, Жылқыбай сияқты қариялары бар. Соларды қасыңызға шақырып алсаңыз қайтеді? — деп әлденеше рет арыз қылтан. Ұлық басында болысты жер-жебір қып зіркілдеп ұрсып қуып шықса да, көзін алартып, жер тепкілеп шабынса да, бірер старшынды киіз үйге қаматып, арест қылып қойса да, аяғында болыс сөзіне еріксіз көніп:
— Соларды шақыртып кел. Қасымызда болсын, — деген.
Бүгін таңертеңнен бері Дәулетбақ, Жылқыбай қасына ерте келген көп қариялары, жуан семіз байлары, қызыл бөріктің басты кісілерімен ұлықтың қасында болатын. Ел қабағын астыртын сезіп байқап алған ұлық, өздерінің қаладан шыққан тобын азсынып, оның күшіне анық сене алмай, таңертеңнен бері жауынға, лайсаңға қарамай осы Асы маңында жүрген орыс атаулының барлығын шақыртып, өз қасына жиып жатқан. Келгендердің ішіңде көпшілігі санақшы, бір қатары судья, приставтардың жіберген стражнигі, тағы солар сияқты әр алуан жұмыспен жүрген бірен-саран саяқ-сандырақ кезбелер болатын. Жиыны жиырма шақты орыс болды. Қазақ жиынына бұрынғы уақыт болса үлкен топ сияқты көрінер еді. Топтанып келген бес орыс болса да, елді үрпитіп, дүрік өргізіп, тұтастай үркітуге жарайтын. Бүгін жиырмадай қару асынған орыс айналасына келген соң, ожар, тасыр ұлық кекежектеп, кердең басып, ел кісілерін шошытып, ықтыруға кірісті. Бірен-саран шабарман старшынды өз қолымен де ұрып жіберіп, болыс, би қарияларды бойын жазғызбай ақырып, ықтырып, бет қаратпай жасқандырып тұрды. "Түс кезінде Сөгеті болысынан жұмысқа алынатын жігіттердің спесігі тізілмек. Ұлық келіп ығырып, тізім алғалы жатыр. Елдің болыс, биің қариясын жиып алыпты. Тізімді бергелі жатыр. Тілмаш посемейный спесікті ұлыққа алып бармақ. Дәулетбақ, Жылқыбайлар үндемей отыр. Мойынсұнып қалыпты. Ұлық шошытып әдейі жасқандырғалы зәрленіп тұрған көрінеді", — деген хабарлар Асы өлкесіндегі барлық елге жауын айыққан соң күркіреген күн дауысындай болып бір-ақ тарады. Ел дүр етіп хабарласып қамданып, бір ауылдан бір ауылға аттылы-жаяу шұбырып, өр жерге қалың-қалың топтар жиналып қалды.
— Ойбай, орыс баланы әкеткелі жатыр.
— Солдат қаптап кетіпті.
— Дәулетбақ, Жылқыбайды қысып жатыр дейді!
— Кеткені ғой енді заманның, ел басына күн туғаны ғой?!
— Қайда бұл, түгі, осы елдің еркегі?! — деген сөздер кәрі-жас, ұлы-кішінің аузында шалқып жатқан өрттей болып, лау-лау етті.
— Уа, құдай, уа, аруақ! — деген қатындар дауыстары да шықты.
Әр жерге топтанып жиылған жиын, бір тұрған жерінде шыдам таппай, екінші жиынға келіп қосылып, одан үшіншіге қарай жаяу-жалпылы шұбап жоғары таман сырғи-сырғи қаптап келе жатты. Жоғарыдағы қарағайлы биіктің етегінде жартасты көк өзекке тігілген ұлық үйлеріне тұс-тұстан ағылған наразы елдің топтары шұбырып, шұбап, бірді біреу итермелеп, жетелеп келе жатты.
— Жүр, не тұрыс бар?
— Көріп алайық, көрейік, қыруар елді жылатқан қандай екен, білсін!
— Қайда осының болысы, старшыны қайда, түге?!
— Қариялар неге сол кәпірдің қасында отыр?
— Бәсе, соны айтсаңшы. Ала бер өзің деп, неге былай шыға бермейді.
— Осы, ер азамат қайда?! Атына неге мінбейді, тым болмаса айдынын неге көрсетпейді?!
— Жүрегін шайлықтыру керек еді. Ең болмаса алғашқы жолы бетін қайтарып, спесік бермей жіберу керек, — дескен топ ішінің неше алуан тілдері тыным алмай жапыр-жұпыр сөйлеп, көп қызуын арттырып келе жатыр. "Азамат қайда" деген сөзге жауап айтушы да табылды. Бұл алдыңғы кеткен топтарға жаңа ғана ентігіп келіп жеткен жаяу шал қойшы болатын.
— Қызыл бөрік қыстықтың сойыл ұстауға жараған азаматы жаңа тегіс аттанып, мына Жауырдың асуына қарай беттеп, қарағайға кірді.
— Қойшы, рас па?
— Қай арада жиылды? Қашан өтті? Неғып көрмей қалдық!
— Жаңа бір қалың шоғыр анамен кетіп еді, жылқы ма деп едім. Рас болғаны-ақ.
— Уа, тілеулерін берсін! Уа беттерінен жарылқасын!
— Иә, аруақ қолдай гөр! Иә, Райымбек ата!
— Уа, құдай, ер азаматты сақтай гөр, қарақтарым не болады?! Күнің не болады?! Жалғызым-жалғызым, — деп кедей кемпір жылады. Көзінің жасына жалынатын қартаң бәйбіше қыз-келіншекке шейін үндемей, жастарын сүртіп, қызарған жасты көзбен ұлыққа тігілген үйлерге жалтақ-жалтақ қарасты.
— Уа, кім бастап кетті, қанша жігіт? — десіп, қайта сұрады.
— Бәсе, кім бастады? Бұл қай уақытта жиналып қалды?
— Рас-ау, бұрын сөйлескен сөздері, жиындары жоқ. Не қылып дайын бола қалды?
— Дайын болмай осы сергелдеңде кім қарап отырады? Басыңа күн тумайтын шығар.
— Ия, күн туса, әп-сәтте сүттей үйірілерсің албанның баласы.
Хабаршы шал көптің алдына көлбеңдеп шытып, таяғына сүйеніп ентігіп тұрып:
— Бағана орыс спесікті алғызды деп хабар шығысымен жұрт атқа жүгіріскен жоқ па?! Ауылдан ауылға топтанып іркіліп жиылған топтар, бір сағаттың арасында екі-үш жүз кісі болып қалды. Қолдарына мылтық тауып алғандары бар.
— Ия мылтығы бар жігіттер бар ғой.
— Табылады, табылады, е, е, ия!
— Мылтықтары аз ғана, бірақ бәрінде де сойыл, шоқпар бар. Жиылып алған соң қайда-қайда барамыз дескенде, қызыл Ыбырай: "Жүр, артымнан ер, мына тоғайды кесіп өтіп, дәл сол орысқа тіккен үйдің желкесінен шығамыз. Сонан соң спесікті шын алатын болса, көріп аламыз" деп, сол бастап кетті. Жігіт атаулы түгел соны қостап, аруақ көтеріп шауып жөнелді. Арттарынан да атылып кетіп жатыр. Біздің Матай да құнанына мініп кетті. Бұл алдыңғы топ еді. Бөгеліп әңгіме тыңдап тұрғанда арттарынан келе жатқан тағы бірнеше топтар да келіп жетті. Артқылар шалдың әңгімесін көздерімен көрген екен, түгел шындады. Ел тегіс Ыбырайдың атын хан көтерді.
— Уай, аруағыңнан айналайын! Бәсе, азамат басына күн туғанда, сондай бір жігерлі жан неге шықпасын!
— Ыбырай қалмақты, қытайды, қырғыз, қазақты да түгел көрген. Ол соғыстың да бабын біледі...
— Уа, ол ма?!. Ол біледі!
— Ердің, сабаздың заманы бұзық заман ғой. Әйтпесе шын батыр ғой.
— Батыр-ақ, денесін көрмеймісің?!
— Қара сойылға нақ бес кісіге жалғыз өзі төтеп беруші еді! Тек жолы болғай-ақ та!..
— Оң сапарын берсін! Жолы болсын!
Жігіттер тобын бастап ертіп кеткен Ыбырай екені рас еді. Ол дөңгелек үлкен жаурынды, зор жуан қызыл жігіт болатын. Жасы отыздың ішіне келген, қылдай қатты, сояу қара мұрты, шоқша сақалы бар ер жігіт еді. Қызыл бөрік ішінен өзіне сайлап он шақты мықты жігітті ертіп алып, қалмақтан, қырғыздан, айналадағы қазақтан үйірлеп жылқы алып бірінен-біріне өткізіп, ат үсті суық жүріс жүретін. Атағы шыққан ер, өжет, қырағы, сергек ұры еді. Соңғы шақта қашқындау да болып жүрген. Өзінің де, жолдастарының да бердеңке мылтығы, алты атары, айбалта, найзалары дайын болатын. Таңертеңгі ауыл-ауылдан жосылып, шұбырып жатқан топ өз аулының үстіне бұл қасындағы он, он бес жігітімен ылғи жүйрік жарау сәйгүліктерге мініп, қыл жалаулы найзаны көтеріп шауып келіп:
— Тарт менің артымнан! Бүгінгі күннен қалған жан-жан, мал-мал. Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі. Уез болмақ түгіл, жандаралы болса да көріп алайын! Тек спесікке қол қойсын. Сонда ойынды бастаймыз. Жүр, неге тұрсың түге! — деп тауға қарай қалың топты шұбыртып шаба жөнелген. Қазіргі уақытта бұлар Жауырдың төменгі қара шатына кіріп алып бой жасырған соң, артқы жұрттың барлығына хабар жіберіп жиғызып алып, сол арада тұрып, тегіс жиылған жиынға біраз қызулы, сенімді сөздер айтқан. Содан кейін артынан құлшынып, шулап, қуанып ерген бірнеше жүз жігітті бастап алып, алдына өзі түсіп қалың қарағайдың бір қабат ішімен тау кенерлеп, біресе жотаға шығып, біресе терең шат құз сайларға түсіп кетіп, ұлықтардың қыр желкесіне таман беттеп, ағылып қаптап келе жатты. Осымен бірер сағаттай жол жүрген соң Ыбырай бастаған қол жартасты шаттың жазыққа шығатын аузына жақындап келгенде, Ыбырай жігіттерін бір қалтарыс қойынға иіріп тоқтатып тастап, өзі қасына бір жолдас алып қарағай ішін аралап етекке қарай құлап кетті. Тіккен үйлердің дәл желкесінде қақпа сияқтанып біткен қос жартас бар еді. Соған келгенде аттан түсіп, ойдағы жиынға баспа қылып қарап отырды. Белгі алмақ. Демі дірілдеп мұрты түксиіп сұрлаңқырап алып, дүрсе қоя беретін мезгілін күтті. Қорым тастың басынан томағасын тартқанда ойдағы қағушының алдына кірпік қақпай қадалып қарап: "Жүйрік тағының қызыл жоны қашан бұлғаң етеді" деп, телміріп күткен аш қырандай болып, ойдағы ұлықты қазір алатын жемі есепті андып қарап отырды. Ойында асықтырған қызу бар. Бұл күнге шейін ызасын өткізіп, зығырын қайнатып келген жауына енді тісін қайрап қызыққандай құлшынғандық бар. Артында тіленіп жыланғандай болып, ұрланып тұрып тықыршық атқан көп жігіт тұр. Олар қорым тастан қашатын қырқылжың жайын ақ шуланды тауға шығармай, жазыққа түсіріп әкеткелі қаптай жабылатын алғыр қыран есепті, қанды ауыз ұялас құмай сияқты. Сырқынды кәрі аңшы қашар деген бетті ертеде аңғарып болжап алып, сол өрісті алдымен келіп өзі алып, енді иек артпа, баспадан ажалды киікке сұғын қадап отырғанға ұқсайды. Бұл кезде помощник айналада болып жатқан жай-күйді ескермей, елемегендей болып, алдындағы қарсылығы жоқ болыс, старшын-старшындар мен момын қариялар тобына зәрін шашып, ықтырып тұрған. Аз да болса айтқаны болғанға ұқсап, ел кісілері жиналып, қарсы алдында мүләйім пішінмен үндемей отыр. Спесікке кісі кетті. Ол ескі спесік, ешнәрсесі анық емес, шала, шатақ спесік. Енді соған қарап старшынның ішіндегі жігіттердің дәл санын алып, қазір-ақ тізім жасамақ. Хлыновский Асыға келіп, өз қолымен спесік тіздіруіне Алматы ұлығы үлкен саяси мағына берген. Ел алғашқы кезде ұйлығып үркеді. Сол үркініш үстінде біріне-бірі малша тығылып сүйкенісіп барып, аяғында жалпақ қанат жайып, тұтасқан қарсылыққа бет қойып кетуге болады. Сондықтан ұйлығып, не қыларын білмей, дағдарып тұрған шағында үлкен қаладан атақты ұлықтан бірнеше жерге бірнеше кісілер, қару асынған солдатпен шытып, топты ықтырып отырып өз қолымен тізім жасап жіберсе, соның артынан ел жалтақтай, үркектей келіп, аяғында қамытқа басын сұғады. Жалғыз-ақ алғашқы дағдарып аңырап қалған кезін өткізбей, тез қамту керек. Сол уақытта ең алғашқы ұйлыққан топты қолымен жетелеп әкетсе, қалғаны артынан өзі де бой ұсынып шұбай берді. Алдыңғыны көріп сұмдық емес екенін сезеді. Екінші өзге елге: "Асыдағы қызыл бөрік көнді, берді, түгі кеткен жоқ. Ел болса сондай болсын" деп, өтірік дақпырт таратуға да керек. Хлыновскийді Асыға әкелген жай осы. "Осыны ер басына келетін міндет" деп түсінген, құл сияқты жуан мойын тоңқылдақ төре жиылған ел кісілерінің: "Арыз айтамыз, жағалатып көреміз" деген сөздерінің бірде-бірін өрге бастырмай, тізімнен басқа бір ауыз сөзді сөйлетпей иіріп тұрды. Бұл хал таңертеңнен бері спесік келгенше созылып келіп еді. Дәулетбақ, Жылқыбаймен келген ел кісілері болыстан, старшыннан үміт қылғанды әлдеқашан қойса да, соңғы уақытқа шейін тым болмаса Дәулетбақ пен Жылқыбай бірдемені айтар деп дәме қылтан. Соларға қайта-қайта жалтақтасып:
— Осы тіл қатпай өлеміз бе?
— Бәсе, бірдеме деп неге бастамайды?!
— Дәуке, елдің жайын біліп отырсың. Томаға тұйық тізім беріп, бір ауыз сөз айтпай, қайтқанда елге не бетімізді айтамыз?
— Сөзіңді тыңдағалы отыр ма? Ығырып тұрғанын көрмеймісің? Не дейді, түге, — деп Жылқыбай Дәулетбақ үшін жауап беріп қасындағы жұрттың қыңқылын жақтырмады. Бірақ өз көңілінде де мына сияқты болып келе жатқан халге ырзалық жоқ болатын. Ол ішінен: "Спесік алса алар, қарсыласамыз деп осы кәрі басымызбен абақтыға түсейік пе? Ел жігіт жинауға келгенде өз ақылын табар. Кімді ұстап алар екен көремін" деп, ішінен тана ерегесіп, сыртынан ұлыққа қарсыласпай, үндемей отырған. Дәулетбақ Жылқыбайға осы сияқты сөзді айтса да, ұлықтың өзіне қарап сөйлеген сөздеріне жалпаңдап, жылдамырақ жауап беріп, өзім алуға ғана емес, жігіт алуға да соншалық күйзеле қоймайтын сияқты. Осымен отырғанда ұлық тілмашты спесікке жіберген. Бұған шейін екі қарияға қарап қамалып отырған ел кісілері:
— Бұ не осы?
— Мына күнді итке берсін.
— Тіпті, біз осында неге отырмыз осы?! — десіп, күбір-күбір етіп наразы жүзбен томсарысып, таң қалғандай болып бір-біріне қайта-қайта қарасты. Бәрін де Дәулетбақтың тапжылмай отырған отырысы бөгегендей, сол қинағандай болды. Бұл жиында ел кісілеріне бір ауыз сөз айтпай, сырты момын боп үндемей отырса да, өзінің не қылатынын анық біліп отырған кісі Дәулетбақ қария еді. Ол Алматы уезіне қараған қызыл бөрікті көп заманнан бері аузына қаратып билеп келе жатқан мықты қария болатын. Атасынан бері қарай осы өңірдің елін билеп, төстеп келген жуандық беделінен басқа, бұның ауылы барлық албан ішіндегі ең бай, ең мол ауыл. Бір атаның кіндігіне малмен бірге басы да сондайлық өскен ауыл болатын. Асының оңтүстік жағында, өзеннің алабында, қап-қара шұңқырдай болып көкшіл тұманға оралып иін тірескен қалың жыныс қарағайлы далашықтың өлкесі бар. Сол далашық — Дәулетбақтың әкесі Дәркембайдың ата қоныс мекені болатын. Қызыл бөрікке қараған шүйгін қоныстың қыртыстысы сол. Жер шұрайы, мал кіндігі далашық. Сол өлкенің өнбойы — тау, даласы, жыныс қарағай, көк өзек, мол суымен барлығы да Дәркембай, Дәулетбақтың неше мыңдаған жылқысына әлде неше мың қой, ірі қарасына жыпыр-жыпыр толулы, шымшып тіккендей болып, сіресіп лық толықсып тұрған. Басының өсімі кеше ғана өткен бір атаның кіндігі, бұл күнде үш жүзге тарта жан болған. Сол үш жүз жанның шешесі кәрі бәйбішенің әлі күнге көзі тірі еді. Осы сияқты мал мен бастың сайлығы қызыл бөрік ішіне Дәулетбақтың атын Қыдырлы байдың атындай атайтын. Төрт түлігі сай, амандық, тоқтық өзгелерге бұны киелі кісідей көрсететін. Сондықтан ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған да замандар болған. Сол Дәулетбақ бүгінге шейін артынан еріп келген ел кісілерін үндемей отырып орыс алдына аударып, жығып бермек ниетінде еді. Сондықтан қыбыр етпей мызғымай, ұлыққа жабыса түсіп, әдейі жым-жырт болып отырған. Басында, алғашқы "жігіт алады" деген дақпырт шыққанда бұл да көппен бірге "бермеген мақұл" деген сөзге шығып қалғандай болып отырған. Дәл сол кезде қаладан азамат баласы келген. Сол шала-пұла орысша оқыған, соңғы кезде саудагер боп ұшы-қиыры жоқ мал тауып ауылды, дүниені билей бастаған-ды. Қаладан кей ұлықтармен таныс-тамыр да болатын. Соның алып келген екпіні әкесінің алғашқы сөзін жапқызып, "тыныш отырсаң тоқ боласың, бай боласың" деген кепке келтірген. Сонымен зорын таппай, ұлыққа да, елге де бір ауыз сөз айтпауға байласқан. Шындап қыспаққа алып кетсе ұлық жаққа шығу керек. Қазақ босқа қырғын табады. Мал, дүние шашылады. Бойды бағу мақұл дескен. Осымен, әдетте, елге әрбір үлкен істің кезінде бірдеме айтып отыратын Дәулетбақ үндемеген соң, өзге қызыл бөрік бас біріктіріп қам істемей, сөз байламай, айналамен қатынас та жасамай, шабандап қалған. Бүгінгі хабардың Асы елін басына жай түскендей үркітіп, дүркіреткені осындайдың салдарынан еді. Дәулетбақ үндемеген қалпында отыра берді. Маңайындағы ел шыдамы таусыла келіп, аяғында:
— Бүйткенше, кетейік.
— Қой, кетейік. Енді не істесе, ұлық өз білгенін істесін.
— Рас, не істесе де, бізсіз істесін. Елге не бетімізді айтамыз? — десіп, осы байлауға тегіс келіп қалғанда, спесікті ат шабарға көтертіп тілмаш салаң етті. Осы ең соңғы қамшы сияқты болып, Дәулетбақ, Жылқыбай маңында отырған қызыл бөріктің бәрі бірдей:
— Ал тұр.
— Тұр, тұр - ... десті де, дүрк тұрып, ұлықтың, солдаттың қыжыңдап оны-мұны дескендеріне қарамастан, оң жақтағы кішкене белең астындағы көрші ауылға қарай шұбыра топтала жөнелісті. Солдаттар ақырған, айқайлаған болып еді:
— Біз болыс, старшын емеспіз. Ел кісісі болса әне, қариялар бар, — деп, бір-екеуі сызданып жауап берді де, жүріп кетті. Бұлар белден асып, ең шеткі ауылға келгенде, бағанадан төменгі ауыл-ауылда жиылған қатын-қалаш, кемпір-шал, бала-шағаның барлығы алдарынан қалың тобымен қарсы жүрді. Бағанағы әр жерде үйіліп жүрген шұп-шұбар топ, қазірде әлденеше жүз кісідей болған екен. Бәрі де томсарулы, мұңды. Көпшілік жүзінде тығылып, қыстығып тұрған ашу бар. Қатын-бала көздерінде мөлтілдеп, іркіліп тұрған жас.
— Әкетті ... ер азамат қош бол!..
— Айрылдың, айырылдың боздағыңнан түге! — дей бергенде, алдыңғы қатындар тобы, дағдылы жоқтау дауысына салып:
— Боздағым, жалғызым!..
— Қуарған орыс!.. боздағым!.. — десіп сайды азан-қазан қылып шулап қоя берді. Жағалай жоқтау, сыңсу, зарлау, қалың айғай-шу жер-көкті жаңғырықтырды, топ селдей қаптаған бетімен шұбарланып, шулап кезеңге шығып қалды. Төрелер айғай-шуды ести сала, қайта келе жатқан топқа көзі түсіп, қаруларына ұмтылды. Көп мылтықтың құлақтары сырт-сырт, сарт-сұрт ашылып-жабылып, қол қолға ұсталып, кезеліп қалды. Дәл сол шақта желкедегі жартастан самсап шыға келген қалың қолдың айғай, дырдуы да естіліп еді.
— Мына жақта, мұнда...
— Мынаны қара?! — десіп өңдері қашып сасқалақтап, мылтықтарын кезеп алысты. Ыбырай бағанадан аңдып отырып, ел кісілерінің көпшілігі ұлық үйінен жырыла жөнелгенде, қасындағы жігітін жүгіртіп жіберіп, артындағы асығып тұрған жігіттерін тезбе-тез дүрік жиғызып алып еді. Қатындардың шуы Ыбырайға да, барлық жігіттерге де ең соңғы белгі болған. Қорыққанға қос көрініп, ұлықтарға қарсы алдынан шыққан қатын-қалаштың тобы да жасанып келе жатқан жау сияқтанды. Бұлар айналаны қамап алып, ел әдейі соғысқа, көтеріліске тегіс белсеніп шыққан екен деп ойласты. Орыс тобын дәл бұл минөтте ешкім де басқарып билеп, басшылық еткен жоқ. Әрқайсысының да көз алдына қалың елдің қаптағалы тұрған жаулығы елестеп, енді ажал сағаты таянған сияқтанды. Сасып хабарласып, оқыс үркіп шошып қалған топ, алғашқы: "мылтық ал" деген айғаймен бірге тегіс қаруланып қалып еді. Сол әуелгі екпін есі шығып шатасқан топтың ішінен кейбіреулердің біржолата есін алғандай еді. Қазіргі халде орыс тобының атыс бастауы өрескел екенін біле тұрса да, бір, екі, үш солдат бұйрықты күтпестен, желкеден шыққан жігіттер тобына қаратып тарс-тұрс мылтық атып жіберді. Ыбырай тобы жаңа ғана айғай-дырдумен көрініске шығып, шептей жалғасып алса да, алдарынан тізіле қалған орыс мылтығын көріп бірер минөтке ойланғандай болып үндемей тұр еді. Бірақ көпшіліктің тұрысы осы болғанмен, Ыбырай өзі, қасында мылтығы бар жолдастарымен әуелден-ақ қаруларын қолына ұстап дайын тұрған. Кезеніп кезең күткендей. Солдаттардың алғашқы оғының артынан екінші-үшінші мылтық дауысы да күрс-күрс етіп жеделдеп, ілесе шықты. Жігіттердің күншығыс жақтағы тобы ойға таман түсіп, ұлық үйлеріне өзгелерден жақынырақ келіп тұр еді. Алғашқы мылтық соларға қарай кезелген. Қолдың бұл шетінде мылтық жоқ еді, зу-зу етіп шыжылдап өткен оқтардан аттары осқырып үркіп ортқып-ортқып кетті. Бұл жердегі көпшілік ығысып жапырылып өрге қарай шалқи бергенде, ең шеткі бір жігіт атынан ұшып барып шалқасынан түсті. Шошынып үркіп атқып кеткен аты беткейге қарай ойнап шыға берді. Сол кезде Ыбырай алдындағы тастақ бетке екпіндеп кеуделеп шыға беріп:
— Ат! — деді де, өзі жаңағы жігітті жыққан солдаттың мылтығынан шыққан жеңіл көк түтін айыға бергенде, бердеңкені басып жіберді. Дәл сол секөнтте қасындағы үш-төрт мылтық та ынтымақ қосып күрс-күрс етті. Жартасты қарағайлы тау зор дауыспен жөткіріп-жөткіріп жібергендей болды. Бұлардың түтіні айыға бергенде, Ыбырай көздеп атқан солдаттың сереңдеп барып, артына қарай ұшып түскені көрінді. Екі жақ та жапыр-жұпыр атысып қалды. Қатын-қалаш бұрын естіп көрмеген көп мылтық дауысына қарамай алдындағы орыстарға қарай әлі де шулап, шұбар тобымен шұбырып келе жатты. Қазіргі ерсілі-қарсылы атыстың соғыс майдан екенін ұққаны да, ұқпағаны да бар. Бірақ қай-қайсысы болса да жаннан кешіп, үлкен қызулы толқындай ұлықтарға қарай қаптауға айналды. Солдаттар мылтығы алғашқы рет жапырлап атылған бірер жолдан соң саябырлай бастады.
— Тоқтат, тоқтат, атпа, атпа!.. Шегін...Мынау ойға төмен қарай, — деп бұйрық етіп, қамалған орыстың алдын созып ықтай жөнелді.
— Шегіну, шегіну керек.
— Атыспау керек... Кісі салып тоқтасу керек, — дей бастады...
Бірақ сол сөздерді айтса да ешқайсысы да тақат қыла алмай, ойға қарап жылдам-жылдам басып, шұбырып шегініп бара жатты. Орындарында болыс, старшындар, Дәулетбақ, Жылқыбайлар қалды. Кеңседегі барлық қағаз, спесік те жұртта қала берді. Тілмаш ұлықтарға еріп кетті. Орыстар қайта бұрылып бет қарай алмай, жаяу-жалпы күйінде жосып берді. Ыбырай алғашқы мылтық дауысы шыққанда үркектеп қалған жігіттердің барлығын, өзі бір солдатты жыққан соң, ақырып айғай салып, қайта жиып алды. Сол кезінде алғашында үркіп қалса да, артынан есін жиып алып, қайта келген жігіттер босып бара жатқан орыстарды көріп:
— Енді қаптау керек, қапта, қапта! — десіп жартас тасасынан шығып ілгері қарай ұмтылуға айналып еді.
— Жоқ, қаптама! Қырылып қаласың, шаппа! Тоқта, шаппа! — деп Ыбырай ақырып тоқтатып алды.
— Енді орыс қашты, ешқайсысының аты жоқ, тегіс жаяу. Ұзаңқырай түссін. Қолдарында қару жоқ. Бос қырыламысың? Әуелі мына кісілерді басып ал, содан кейін екі жарылып, екі жағынан қамап отырып алыстан ұрыс саламыз. Қызынды.... Өңшең жаяу қазір-ақ зәресі кетеді, енді қан шығармай қаруын аламыз, — деді. Бұл сөздер бұл уақытқа шейін ақылы орнына түспей үркектеп, біресе шошынып қорқып, үркіп кетіп, біресе тасқындап ерекше батырсынып кетіп, бойын билей алмай тұрған топтың жүрегін орнықтырып, қанын салқындатқандай болды. Жаяу орыс қашқан бетінде тоқтамастан, жарты шақырымдай жерге кетті. Мылтықтарын құр қайта-қайта шошайтқаны болмаса, атуды тегіс саябырлатып тоқтатқандай болды. Бірақ біржолата басылып қалды демесін деп, анда-санда кеңселерден асырып бір оқ, екі оқты ғана тауға таман жіберіп бара жатыр. Ыбырай да қазіргі халде, солар істегенді істеп тұрды. Орыс қанша атса, бұ да сонша атып, баяғыдан машықтанған мергендігінің арқасында қашып бара жатқан топтың арты мен екі жақ жанынан бердеңкенің оғын бұрқ-бұрқ түсіріп тұрды, бұл оқтар әдейі тықсырып қойып ойдан төмен айдап бара жатқан оқ сияқты.
— Қу солай, қу. Әзір кісісіне тигізбе! Бірақ артқы топтың дәл өкшесінің түбінен түсіріп ат! — деп қасында өзімен бірге кезек атып тұрған жігіті Қасенге қайта-қайта ақыл айтып тұрды. Осы атыспен, оқпен арбасып Ыбырай тобы тұрғанда, өзге жігіттердің көпшілігі аттың басын екпіндетіп қоя беріп, кеңселерге келіп, үйіліп түсіп топырлап жатты... Орыс қашқанда, аңырып тұрып қалған қатындар тобы да осы кезде кеңселерге жетіп еді. Шауып келіп жатқан жігіттердің кейбірі жер тарпыған ашумен, тігулі тұрған үйлерді сойылдап өтті. Орысқа көрсеткен айдын ба? Болмаса қыжылдаған кектің әйтеуір бір шығыс іздеп құр қарбаңдап сасқаны ма, әйтеуір қазақ ашуының бір алуан көрінісі осы болды. Алғашқы шапқылап келген топ ішінен екі, үш жігіт бос тұрған киіз үйлерді салып-салып өткенде, кейін келген топтың талайының сойыл, шоқпарлары бірнеше үйлерге жапыр-жұпыр тиді. Бұлардың ішіне әлдекімнен қорқарын білмей, әйтеуір бас паналап қашып тығылған болыс, старшындар, үйге тиген сойыл өз бастарына тигендей болып, құр ес кеткен үркектікпен алақ-жұлақ етіп, қолдарын көтеріп, жасқанып, бастарын қорғай берді. Аяғында топ есін жиып, көпшілік аттан түсіп, лаулап келіп үйдің ішіндегі: қағаз, киім, көрпе-жастық, кілем, киізді көпіртіп шашып, пышақпен де тілгілеп тас-талқанын шығарды. Бір жиырма-отыздай кісі спесік осы шығар деп қолдарына түскен кітап атаулыны дал-дал айырып жатты. Бұлардың көбі төрелердің жолда оқуға алған жазықсыз романдары еді. Спесіктың өзін тауып алғандар да жаңағыны істеді... Будыраған қалың қағазды үлкен кітап бір сағаттың ішінде тілім-тілім, жапырақ-жапырақ болып қолды-қолға шашылып кетті. Қатын-қалашпен араласып кеткен жарым-жарты жұрт ұлықтардың үйде қалған киім-кешегін жұлып-жұлып алысып, талқандап, тартысып, жеңін-жең, бойын-бойша борша-борша қылып алып, дар-дар айырысып жатты. Дәулетбақ, Жылқыбайлар әлдеқашан бас амалдап безіп шығып еді. Бұл кезде орыс қарасы ұзап, шақырымнан қашық жерге кетіп қалды. Әлі шұбырып жылжып, ойға қарай жосып барады... Алдарында жатқан бір қалың жылқы бар еді, соған қарай беттеді. Осыны көріп алып, Ыбырай кеңселерге шауып келіп айғайды салып жүріп жігіттерді қайтадан атқа мінгізіп алды. Бірақ жылқы ішіне барған орыстардың бір, екеуі атқа мініп қалыпты. Солар қиялап Алматыны бетке алып, құлаш ұрып жосылтып жөнелді... Алдындағы көп жылқыға таман орыс қаптай жүргенде өзге ешқайсысы ештеңе ұстай алмаса да, солдаттар арасындағы екі жырынды казак-орыс екі жарау айғырды ұстап қалған... Соларға Хлыновский:
— Шап Алматыға! Сөгетіде соғыс басталды. Қазақ қырғын жасап жатыр деп айт. Тез жүз кісі, екі жүз кісі әскер жіберсін. Пулемет жіберсін! — дегенге ғана шамасы келді. Астына ат тиген қазақ - орыстар өзге сөзге қарамастан, ноқталап, жайдақ мінген айғырлары тебініп борбайлап шаба жөнелген. Бұларды көрісімен ауылдан атқа мінген жігіттердің жиырма-отызы қуып жөнелді. Ыбырай:
— Жіберме! Екеуін де өлтір... Ол хабаршы. Құтқарушы болмаңдар! — деп, өзі қалған қалың топты екі жарып, жаяу қашқандардың екі жағынан шығып алып, алыстан атыс салып бара жатты.. Осымен түн болғанға шейін қуып отырып, Асының ең төменгі ылдиына шейін айдап барып тастады. Бұл кезде орыстар саны онға жетер-жетпес қана еді... Өзгесін жолшыбай, атқанын атып, атпағанын тобынан жырып алып қалып, сойылмен ұрып жығып реттен шығарып тастаған. Қазақ тобынан алғашқыдан басқа ешкім де өлген де, жаралы да болған жоқ. Қорқақ төре Хлыновский бұрын өзі өз болып, қазақ баласының мұндайлық ашулы жайын көрмегендіктен, енді бірде бір кісісін өлтіріп алсақ, өзімізді тегіс қырғынға ұшыратар деп жолдастарына "дәлдеп атпа" деп әмір қылған. Жалғыз-ақ қысылған жерде қазақ жігіттерінің аттарын атып жығып отырды. Қазақ қолы да орысқа "осы қылған да жетер" деп, қалған топты түгел ұстап, түгел қыруға бекінбеді. "Арты жаман болар... ұлы қырғын болып кетер" десіп, тоқтала берген. Аяғы орысты тау-тасқа қуып шығарғанда, кеш батқан соң, Ыбырай қолын бастап, қайта қайтқан. Жолшыбай оқ тиіп жаралы болған бес орысты көрді. Қалғандары сойыл тиіп жығылғандар екен. Оларды тұтқын қылып, қаруларын алып елге келді. Бұл кезде алғашқы Алматыға қашқан екеуді қуып кеткен жиырма кісі де келіп еді. Бұлар бұлай шыққанда өзді-өзін байқапты, ішінде жалғыз бір бытыралы шитіден басқа мылтық жоқ екен. Сонымен бір орысты атып өлтіріп, екіншісінің оғы көп, мылтығы сайлы болғандықтан, ұстай алмай қалыпты. Түн болып құтылып кетіпті. Бұрынғы жігіттер бастығы Ыбырай болып "қап, қап" десіп сандарын соқты. Алматыға хабар кете барды. Енді ел бүгін істеген ісіне кер, жаза күту керек. Соны ойлауға айналғанда, ақыл сабасына жаңа ғана түскендей болып:
— Енді не де болса кету керек.. Ауа көшу керек. Орыс қырады.
Қаша көшкеннен басқа не бар?! — деп, сол түні-ақ Асы тас-талқан болып көшуге кіріскен. Бұлардың беті Қарқара... Содан әрі Қытай... Енді алдыңғы ел де қызыл бөріктің ісін естіп қамдана беру керек. Сондықтан, Шырғанақтыдан шығып Серікбай келіп жатқан ауылға, таңертең ел тұрып жатқанда қос-қос айғырмен Асыдан түнде шығып шапқан шапқыншы, хабаршы да келіп жетіп еді...
VІІ
Серікбай тұрып, үй іші жиылған соң, Ұзақтың үлкен үйіне шай жасалды. Ас үстінде жұрт бәрі әңгімеде еді. Болып жатқан оқиғалардың жайынан әркім әр алуан сөздерге кетіп отырғанда, Ұзақ мұртынан ақырын жымиып күліп:
— Осы ұлықтан айналса да болады-ау. Әншейінде жырым-жырым болып жүрген албан баласын шоқтай иіріп, бір тілеудің жолына түгел қосып берген жоқ па?!
— "Ауыл иті ала болса, бөрі көрсе бірігер" деген, торып тұрған бөрі кімді-кімге тықпас дейсің, — деді Жәмеңке.
— Тек жол болғай-ақ та, қызыл қарын жас баланың көз жасын, жаратқан ие иген-ақ та! — деп Серікбай күрсінді.
— Көп тілеуі көл деген... Жол болады! Несі бар!.. Жол болған, міне, осы... Қызыл бөрік нағып отыр, естімедің бе? — деп Тұрлықожа Серікбайдың уайымына наразы пішінмен қарады... Ұзақ алғашқы бір ойының соңында еді.
— Орыс тоз-тоз қылып әкетіп еді, құдайға шүкір, қартайған шағымда болса да, елдің бір әкенің баласындай жамырап табысқан күнін бір көрдік... Жалғыз арман: жас шағымызда кездеспеді, не керек... Бәсе, соны айтсаңшы, біресе партия деп жұлысып, бірде ұлыққа пара беруге таласып итшілеп жүріп күн өткізіп, енді мына күнге келгенде өлімтігін сүйреген бір қуарған шал болып отырмыз... — деп Жәмеңке арманды жалынмен "ах" деп күрсініп алды.
— Шіркін-ай десеңші, батырдың баяғы жирен уезді сайлау үстінде шырай топтың көзінше, қақ басқа қамшымен салған жалынды, жас шағы болса... — деп Тұрлықожа шалдар арманын барынша ұққандай болды. Бұның айтқан сөзі Ұзақтың осыдан он, он бес жыл бұрын істеген ісі еді. Жирен уез ел партиясының үстінде: "атаған кісіңді сайлаймын" деп, Ұзақтан атақты сары жорға атын алып, сол сайлауда қарсы жақтың шарын асырып жіберіп, батырды алдауға айналған. Сонда Ұзақ топ алдына шыта келіп:
— Олай болса, кеше параға алған атымды бер, көзіңді... — деп келіп қамшымен бастан тартып жіберіп, белдеудегі атын шешкізіп алып, жүріп кеткен... Бұл әңгімені Тұрлықожа қозғағанда, Ұзақтың бұрынғы күндегі талай-талай істері есіне түсті.
— Ол бір "тепсем темір үзбеймін бе?" деп, екі иінді жұлып жеп, құтырып жүрген тентек заман еді ғой... Талай ұлықты талай жерде ит қылып едік. Бірақ соның бірде-бірі берекелі іс емес, керегі не? Жұлқыласып, сілкілескенің ылғи өз қазағың, өз албаның. Соны жеңдім дегенге мәз болып сандалып адасып өттік...
— Ер бол сам, осы мына істі сонда істесем етті дейсің ғой... Рас, рас... Арман-ақ, арман-ақ...- деді Жәмеңке.
— Киіз туырлықты қазақтың бүгінгідей ынтымақ тілегі қосылып, ел болам деп өту көтерген, ұран салған бір күнін көре алмай өттік. Қазақты сойған қойдай, бұзып-жарып, он екі жілікке бөліп боршалап тастаған заманда шығып, біз де кісі болды дейміз... Мақтанар, жұбатар жері бар ма?
— Мынауың арман-ақ, батыр... Жақсының арманы осы-ақ тағы, — деп Тұрлықожа сүйсінгеннен көзі жасаурағандай болды. Жәмеңке Ұзақ сөзінің сарынына бой ұрып, өз ішінен де сол арманды молынан тауып, жолдасының сөзіне қатты ойланулы еді.
— Е, е, рас, рас, — деп басын изеп отырып:
— Бар дәуреннің желдей есіп берекесіз өткені рас... Енді жанар отың сөнген шақта, жақсылық қылдың не, жаманшылық қылдың не? — деп біраз үндемей отырып, — "бұрын батыр болсаң да, сенің басың бұл күнде, жерде жатқан қу тезек" депті-ау баяғының бір қызы... Бүгінгі біз солдаты...
— Неге олай дейсіз, - деп Серікбай кәрі жолдастарын аяғандай болып Жәмеңкеге ажырайып қарап:
— Неге дәурен өтсін. Мынандай тілеу үстінде арман бола ма екен? Жақсылық қылсаң қай кезде де оның аты жақсылық емес пе?! Нақ осы өткелде, не көрсең де өлер шағында абыройың әулие шоқыдай аспанмен тілдесіп өлмейсің бе, ә деген.
— Бәсе, арман бұл күнде жоқ, кетті... — деп Тұрлықожа көтеріліп алып сөйлеуге айналғанда, Ұзақ жақтырмағандай болып қабағын түкситіп:
— Иә, айтарсың, айтарсың! — деді.
— Ойбай, неғып отырсыңдар, орыс айналаны қамап алды! — деді. Жұрт тұтқиыл хабардан сескеніп, үрпиісіп, аңырып қалды...
— Қап, қап!..- деді.
— Осы жиыннан құтылуға шамаң келгенің құтылып бақ енді. Не отырыс, бар, тұр! — деп Жәмеңке ақырып жіберді. Сол кезде ауыл айналасында мылтық тарс-тұрс атылып қалды да, жұрт қамданып тұрғанша он шақты солдат қылыш, алты атарларын жалаңаштап алып үйге кіріп-кіріп келді. Ауыл айналасында тағы жиырмадай солдат тұр еді. Үй ішіндегі барлық жұртты тысқа алып шығып, жәрмеңкеге қарай тай-тулаққа мінгізіп алып жөнелді. Ауылдан бір кісіні шетке шығармады. Бұл топтан ешбір жан қашып құтыла алған жоқ. Албанның барлық бас көтерген, қарсылық ойлаған басшысын бір-ақ жерден үйіп-төгіп жинап алып, баудай тізіп жәрмеңкеге әкеп қамап тастады. Кешегі күн Асыда болған оқиға, бүгін таңертең жәрмеңке басындағы ұлықтарға да мәлім болып еді. Бұл хабарды Алматыдан шығып кеше түсте Асыны басып жүрген саудагер жүргіншілер әкелген. Орыс қашып, қазақ атысып, қуып бара жатқанда Алматы саудагерлері не оқиға болғанын бірен-саран кісіден естіп алып, бұл жерге кідірместен ілгерілеп жүріп кеткен. Бұлардың ішінде Есік, Түргеннің жәрмеңкеге қарай келе жатқан екі-үш орысы бар еді. Солар Асыдан шығып кезең асып алған соң, өзге ноғай, сарт саудагерлерінен жырылып алып, бөгелместен шапқан-ды. Ішінара қазақтың ашуынан үркектеп, қорқу да бар еді. Бұлар таңертең ерте келіп, ұйқыда жатқан таныс урядникті оятып алып, кеше болған оқиғаны мәлім еткен. Содан кейін келесі жарты сағаттың ішінде жәрмеңке басындағы барлық орыс ұлығынан бастап солдаттарына шейін оқиғадан түгел хабарланған. Тегіс асығып хабарласып, әскери кеңестер жасап, үрпиіп қамданып, дайындалып алған. Ақжелке бұл уақытқа шейін де қамсыз емес еді. Ол алғашқы жиында елге басшылық еткен кісілердің бар сөзі мен барлық істеп жүрген істерін Қарақол арқылы Алматыға білдірген. Жарлық күткен. Оның үстіне Қарақолдағы өзінен үлкен ұлықтардан қырғыз ішінде, өзге қазақтар арасында не болып жатқаны туралы, жәрмеңке басында қандай хандар істеу туралы да кеңес беріп, бұйрық істеулерін сұрағанды. Сол алғашқы кеткен шапқыншылардан бері қарай Қарақол, Қарқараның арасында екі жақтың тілшісі кезек-кезек дамылсыз жүріп тұр еді. Соңғы күндерде Қарақол: "Қырғыз көтерілісі молайды. Орыс қалаларын өртеп, қырып жатыр. Нағыз үлкен ереуілге айналды. Бұзықтар, қанішерлер қаптап кетті. Қалың ел бұзықтыққа бет алды. Енді казак-орыстың ұсақ қалалары қамсыз отыруға болмайды. Қазақ ортасында оқшау отырған қалаларға қауіп зор. Тезінен солардың жігіттерін жиып, қаруландыру керек. Қазақ қолына қару түсірмеуді ескеріңдер. Қару түгіл темір сайманнан да ештеңе қазаққа берілмейтін болсын. Орыстар қазақтың атын да тағаламасын. Жәрмеңке басына жүз, жүз елуден әскер жасап, соны ұдайы таратпай сақтандар. Солдаттар қазақ-орыс, крестьян қалаларынан алынсын. Хабарды үзбендер, қазақтың басшылары не істеп жатыр. Ел ішінен хабар беретін сенімді кісілердің санын көбейтіңдер. Тыным тапқызбай жүргізіп хабарланып тұрыңдар. Елді бүлдіріп жүрген кісілер жақында тегіс ұсталып, жазасын тартады. Солардың спескесін тізе беріңдер. Алматыдан жарлық күтіп тұрмыз. Ол хабар жақында келеді", — деген сияқты талай-талай хабар, жарлық үсті-үстіне келіп жатқан. Бұл осыдан бір жұма бұрын келген тілшілердің хабары еді. Осы айтқанның барлығын Ақжелке ойдағыдай қылып орындап тұрған, маңайдағы Жалаңаш, Нарынқол, Саржаз сияқты ұсақ қалалардың жігіт атаулысы шұбап келіп "ықтияры" әскердің түбін құраған. Көбіне мылтық қару жетпей қалғаны да бар-ды. Қазіргі жәрмеңкенің жүздей қарулы солдаты бар. Араларында қазақтың ежелгі жауы сияқтанып өршеленіп, құлшынып тісін басып тұрған старосталар, көрші елдер мен жерге таласып жүретін жуан байлар да бар-ды. Барлық әскерге осылардың жайған уы бар. Сондықтан жәрмеңкедегі Ақжелке әскері асығып іс күтіп, қазақ ауылдарына ойран салып, шауып-шаншатын кезін мейрам күніндей күтулі еді. Жәрмеңкенің қолына ұстаған қара қайрат иесі қаруы осы болса, бұдан басқа астыртын жүріп жайлау-жайлаудан жіңішкеленіп, жансыз хабар жеткізіп жатқан тілшілері де болатын. Бұл екінші түрлі құрал болатын. Бірақ осы соңғының саны көп емес, хабары да анық, толық дәлелді емес. Бар міндетті атқарып жүрген бір тана Рақымбай. Не хабар келсе, сол арқылы келеді. Әр жерге кісі жіберіп, жұрттың не айтып, не істеп жүргенін елеусіз болып отырып тыңдатып, тергізіп соның бәрін Рақымбай өзі қорытып, астыртын келіп Ақжелкеге айтып кетіп тұратын. Осы халмен күннен-күн артқан сайын оқиғаның өсуін, өршуін тілеп: Ұзақ, Жәмеңкелерді ұстап қамайтын сағатын қазіргі өмірінің мақсатындай көріп құлшынып жүрген ұлықтарға кеше кешке Қарақолдан келген шабаршы көңілдегідей жақсы бұйрық әкеліп еді. Бұл ұлықтар басында көп уақытқа шейін қазақтың қозғалысынан, жыбырынан шошынып, қорқып, сасқалақтап келсе де, аяғында төрт-бес күннен бері маңдарына жиып алған әскерлері жүзге жеткен соң, белдері көтеріліп, енді семізденіп, шертие бастаған. Алғашқы қорыққан күндерін еске алмауға тырысып, сондағы қорқытып ықтырған ел басшыларын енді аяспайтын мың да бір жауы қылып алып еді. Әлі де қорқу, іштей сескеніп шошу жоқ емес. Бірақ сүйтсе де бірден жоғарыдан келген бұйрыққа сүйеніп, екінші қолда дайын тұрған қарулы әскерге сүйеніп, біраз іс істеп көруге болады. Сол күйдің үстіне кеше кешке келген бұйрықта: қырғыз бүліншілігі асқындап кетті. Бұл дерт өзгелерге де жайылып кетуі қиын емес. Жігіт бермеймін деп отырған қазақ та қосылуға болады. Сол істі істетпей, оқиғаның алдын алу үшін, енді тезінен албан руының басшыларын абақтыға алу керек. Бұрынғы өздерің көрсеткен спесік бойынша, екінші сол күнгі жиынға басшылық қылған он жеті кісі тегіс ұсталсын деген. Хабар кешке келсе де, сол түні, түні бойы кім-кімді, қалай-қалай, қай кезде ұстау туралы кеңестер болды, түн ортасында сөз байланып еді. Осы халдың үстіне таңертең Асы оқиғасының дақпырты жетті. Ол шошыта, қорқыта келді... Бұрын жүректері орнына түсіп, қайтадан белі көтеріліп асқақтай бастаған ұлықтар, ұйқысынан оянған жерде мына сұмдықты естігенде, таты да біраз уақытқа шейін жүні жығылып, есі шығып қалып еді. Осы халдың үстіне, таңертең ерте Рақымбай салып жетіп келді. Ол Қабанды қарағайдағы бір ниеттес жақын ауылына қонып шығып, таңертең жәрмеңкеге келе жатып Таңбалы таста отырған ауылдың айналасында арқанда жүрген көп атты көріп, оның үстіне белдеуде де байлаулы тұрған бірнеше ерттеулі аттарды көріп еді. Бұлардың бәрінің үсті айғыз-айғыз болған тер. Ашығып, қатып қалған екен. Түн бойы сабылып, қиналып келген түстері бар. Арасында жалы төгіліп бүгіліп тұрған айғырлар да бар. Қызыл бөрік таңбасы. Белдеудегі аттардың ішінен Серікбайдың қызыл жорға атын да таныған. Осымен ауылды жағалап жансыздап өтіп бара жатып қасындағы жалғыз жігіт жолдасын жіберіп, дөң басында жүрген бір шалдан ауылдағы кісілердің кім екенін жансыздап сұратқан-ды. Аңқау шал Рақымбайдың да, жігіттің де ниетінен түк білмейтін шалалық, жадағайлықпен, естіп-білген әңгімесінің бәрін айтқан.
— Келіп жатқан Серікбай, Тұрлықожа, Жәмеңкелер. Түнде шақырумен келген. Кеңес болмақ. Орысқа енді не істейміз десіп, ақылдаспақшы, оның үстіне Асыда қырғын болып. Содан келген шапқыншы да бар.
— Анау екі айғыр сонікі, — деп Таңбалы тастың бар сырын ажарлап, өңдеп айтып берген. Жолдасы шал әңгімесіне бөгелген соң, Рақымбайдың өзі де шалдың қасына келіп сәлем беріп, бар әңгімені бастан-аяқ қайта-қайта сұрап, қанып алып еді.
— Албанның барлық басшысы Таңбалы таста жиылып жатыр, — деп естіген-білгенін баяндаған. Енді тосуға болмайды. Іс істеу үшін ең қолайлы сағат еді. Таңбалы таста басшыларынан басқа жай қазақ жоқ. Осыларды тез барып тізіп алса, қалған ел быт-шыт болады.
— Енді тосу жетті. Асы хабары естілген соң, ел тағы да желігеді.
— Бәсе енді оқиғаның алдын алу керек. Ең қолайлы шарттың бәрі осы сағатта жақсы үйлесіп келіп тұр. Қазір әскер жіберіп, мыналарды абақтыға алу керек, — деп Ақжелке сөздерін тергеуші қостаған. Урядник, приставқа екпін берген. Бұл кеңес ұзаққа созылған жоқ. Сонымен азғантай бөгелген соң, урядник қасына отыз солдатты ертіп алып, Таңбалы тасқа келіп, жоғарыда айылған істі істеген. "Албанның бар басшысын Таңбалы таста ұстап алып, жәрмеңкеге әкеп қамапты" деген хабар түс кезінде жәрмеңке айналасындағы жайлау-жайлаудың бәріне де жетті. Бірді жылатып, бірді қайғымен күрсіндіріп, солдырып тамам елдің қабағын түсіріп үркіткендей болып тез шарлап, жайылып кетті. Басшыларынан бір сәттің ішінде айрылып қалған ру-рудың барлығы да көзге қамшы тигендей есеңгіреп, жасып қалды. Не қыларды білмей қамалып, ұйлығып сасқан құр қарбалас. Құр қайта-қайта айта берген уайым бар-ды. Үлкен-кіші түгелімен жалғыз ғана қарғысқа сүйеніп:
— Тілеуің құрсын, көзің ашылмасын!
— Жазаңды Керман берсін!
— Уа, қырғын тап, өртеніп ол, атың өшсін!.. — деп барлық ел түгелімен күңіреніп "нәлет, нәлет" айтуда еді. Бірақ бұл ең алғашқы сағаттар болатын. Аздан соң елдің ақылы орнына түсіп, бір жағынан Асының көтерілісін естіп, қайтадан біріндеп қайрат жиып, екпіндеп тіл шығарып әрлі-берлі қозғалып қоздана бастады. Бұл күні бойына есі жиылған елдің барлығы: "Әнеугінгідей қаптап жәрмеңкеге барамыз. Кісімізді сұраймыз. Олар жазықты емес, жалпақ ел жазықты. Қылатын болсаң осы елдің бәріне қыл дейміз..." — деп қайта лаулады. Жайлау-жайлаудың асығыста тапқан ақылы осы еді. Сондықтан топ-топ болып жан-жақтан жәрмеңке басына қарай тағы да бөрікті албан ағыла бастады. Бірақ бүгінгі жиын әнеугі жиын емес. Қанша айтқанмен, ондайлық көбейе алмады. Бірен-саран жайлауда:
— Жауап алып, босатар. Әуелі байқайық... қайтер екен?!
— Өздерінен де тіл келмес пе екен? — дескен шабандық та болды. Және жәрмеңке маңына келген елдер алдын ала бірімен-бірі тілдесіп, "е" десіп аттанған емес, сондықтан әр жайлаудың кісілері әр бөлек топ болып, әр кезде келіп, өзгелермен бастары құрала да алмады. Тобы жиын Дөңгелек саз еді. Бұдан Қарқараға қарай шыққан үш жүздей кісі болатын. Басшысы: Әубәкір, Баймағамбет, Жансейіт еді. Оны таңертең тұрған соң Серікбай Ақбейітке бір жұмысқа жұмсап жіберген-ді. Сонымен орыс келгенде ауылда болмай, аман қалған. Ұзақ аулына келіп жат хабарды жылап-шулаған қатын-қалаштан естісімен бұл құйындатып, шапқылап отырып Дөңгелек сазға жеткізіп, содан Әубәкірге бастатып екі жүздей кісі болып жәрмеңкеге беттеген. Бұлар желе шауып Қарқараға қарай құлағанда маңайда әр жерде шашырап жүрген бірнеше бөлек-бөлек топтар қосылған. Сонымен жиын үш жүзге жақын қалың топ болып жәрмеңкеге жақындап қалып еді. Алдарынан шауып-шауып отыз-қырықтай қарулы солдат шықты. Бұлар ел кісілерін жәрмеңкеге әкелгеннен бері қарай маңайдағы жайлаудан келе жатқан кісілердің барлығын, жәрмеңке басына жібермей кейін қайтарып:
— Ол кісілерден жауап қана алынады. Бүгін сауда да жоқ. Жәрмеңке басында сендер істейтін іс жоқ. Қайтыңдар, тарандар, — деп қайтарып жатқан. Түстен бері жазықтың әр жерінде ұйлыққан топтың көпшілігін осылай деп таратып та жібергендей болған. Әубәкірлерге де соны кеп айтты, тараңдар деді.
— Біз елдің жіберген елшісіміз. Кісіміздің жайын сұраймыз. Ел атынан арыз айтамыз. Жібер бізді! — дегенде солдат ішінде тұрған қазақшаға жүйрік қазақ-орыс:
— Арызды бұндай көп кісі айтпайды, бәрің бірдей бармайсың. Елдің бәрі қайтып жатыр. Қайтыңдар! — деп тағы айтты.
— Біз кісімізді көріп, ұлыққа тілдесіп қайтамыз. Ол кісілерде жазық жоқ. Мына ел жазықты. Соны айтамыз. Бізді босатасыңдар... босатыңдар!
— Жіберіңдер!
— Арыз айтамыз... жібер бізді! — деп Әубәкір сөзін қостап көп дауыстар дабырлап қоя берді. Ел кісісі ептеп солдаттан өтіп, жылжуға да айналды. Сол кезде солдаттардың бастығы ақырып:
— Қайт кейін! Біз сендерді жібермейміз!.. Ұлықтар жіберуге бұйырған жоқ, -деді.
— Неге бұйырған жоқ?!.. Ел арызын тыңдамайтын қайдан шыққан ұлық!? — дегенде бастық орыс Әубәкірге қарап бір есеп ойлағандай болып тұрып:
— Олай болса, бәрің бармайсың, екі кісі басшы шығар. Солар сөйлесіп қайтады. Соған, міне, сен жүр, — деп Әубәкірге нұсқады...
— Барамын, мен-ақ барамын... — деп Әубәкір атын тебініп ілгері шықты, қасына Қартбайды ел қосты. Сонымен екеуін ертіп солдаттың бастығы кетіп қалды. Қалғандарға: "Қайтыңдар, кейін шегініңдер! Кісілерің келеді. Босатылады", - деп алдап сулап тұрып солдаттар кейін жылжытып, жәрмеңкеден ұзатып әкетіп бара жатты. Әубәкір келгенде Ақжелке мен тергеуші түскі тамақтарын ішіп алып, қызара бөртіп кеңесіп отыр еді. Жәрмеңкеге кіргенде Әубәкір көшеде Оспанды көрді. Оған жүріп ұлыққа айтатын сөзімізді жеткіз демекші еді, бірақ тілмаш солдаттар әкеле жатқан Әубәкірді көріп теріс айналып, мойнын бұрмай жалтарып кетті. Жотасын беріп қашқалақтап бара жатқан Оспанға Әубәкір айғайлап:
— Қашып барасың ғой! Жарайды, бар, бар... Сен сияқты шіріген жұмыртқа қайда қалмаған! — деді. Оспан естімеген кісі болып, мойнын ішіне алып, көзін жерден көтерместен бұрылып кетті. Ұлықтар Әубәкір сөзін тыңдаған жоқ. Арызын ауызға қағып айтқызбаймын десе де, Әубәкір іркілместен жарыса сөйлеп айтып жатты. Бірақ ұлық бұны елеген жоқ. Құлағын салып тыңдап, ұққысы да келген жоқ. Әубәкірге қарсы дау сабап, зіркілдеп ашуланып, тақтай теуіп, зәр шашып:
— Сен болыссың, патшаны, ұлықты ұмыттың. Өзіңе тапсырылған міндетті қызметті тастадың. Сенен бұзық кісі жоқ! — деді. Әубәкір сасқан жоқ.
— Бұзықтық сенен өтіп маған келген жоқ. Жеп қоям дейтін шығарсың. Құдай ақ та, жазығым болса бұзық болармын. Жазықсыз кісіге түк те қылмассың, деп әншейіндегі айғайлап сөйлейтін дауысына салып, көзі қанталап сұрланып кетті. Бірақ соңғы жауабынан соң ұлық сөзді доғарды да, жанында тұрған солдаттарға:
— Мынаны да апарып жап! — деді. Содан кейін Әубәкірдің анау-мынауына қарамастан, тыңдамастан өзгелерді қамаған үйге апарып жауып тастады.
VІІІ
Бүгінгі күн осындай үлкен істерді тастап, көптен асығып қамданған қарекетіне мықтап кіріссе де, жәрмеңке ұлығында "ел қайтеді" деп жалтақтаған күдік те бар еді. Күні бойы жәрмеңкеге жайлау-жайлаудан дамылсыз шұбай берген ел, сол күдікті молайтып сескендіргендей болды. Сондықтан ұлықтар кеңесі бүгін түнде бірнеше кісіні Қарақолға жіберуге байлады.
— Сендерді жатқызған Қарақолдан келген бұйрық. Сонда бірталайыңнан жауап алады. Соған Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір деп санап он шақты кісінің атын атады да, осылар қазір Қарақолға жүресіңдер. Сонда жауап бересіңдер, — деп аталған тізім бойынша топ кісіні алып шықты, бұлар тысқа шыққанда Қарақолға баратын конвой солдаттары мен ат, арба дайын тұр екен. Мінгізіп алып түн ішінде Қарақолға алып жүріп кетті. Жәрмеңкенің абақтысына әкеп тобымен қамағаннан бері қарай Ұзақтар ұлықтың да, солдаттың да ажарын әбден байқап, танығандай болып еді. Бұлар бұрынғы ат алып, ақша алып жемсауын толтырып алып, жуасып жорғалап кететін әдетінен айрылған. Ондағысын ұмытқан сияқты. Әлденендей ниетпен тығылып, түйілгендей. Сол ажарын көріп Жәмеңке:
— Мына кәпірлердің сұрқы бұзылған екен. Мен күдер үздім. Еркек тоқты құрбандық деп еді. Бізге не қылсын, тек ел аман болсын, — деп еді. Маңындағы жолдастарының бәрі де бұл сөзді естігенде үндемеген. Бәрінің де ішінде үлкен күдік ұялап қалғандай. Сыртпенен қатынастары болған жоқ. Өзара да көп сөйлестірмей, көп солдат қамап аңдып бағып тұрды. Сонда бірер әредікте Ұзақ, Жәмеңке, Серікбай болып күңкілдескенде:
— Енді неде болса ел тізесін айырмасын. Жігін жазбай, қасарысып көрсін. Сыртқа тіл қатуға болса, сол сәлемімізді айтысайық, — деп байласқанды. Бұл байлау абақтыдағылардың аласыз бір ниетпен, зор ашумен нық байлаған байлауы еді. Осымен кешті күткен-ді. Үстеріне Әубәкір келгенде, бұлар томсарып қана қарсы алды. Босаңсып үркіскен жоқ. Жалғыз-ақ Қартбай Әубәкірді абақтыға шейін шығарып салып, Әубәкірді қамап келе жатқан солдаттардың иығынан ішінде отырған Тұрлықожаның басын ғана көргенде, Тұрлықожа:
— Елге сәлем айт. Берекесінен, ынтымағынан айрылмасын. Сескенбесін! — деп қана қалған. Одан арғы сөзін естіртпей, солдаттар Қартбайды қуып жіберген. Осы халмен түн болғанға шейін отырғанда абақтағылар өздеріне ұлықтың не істейтінін біле алмай томаға-тұйық күйде келіп еді. Қас қарайғанда урядник келіп, Қарақолға жүресің деп он шақты кісіні алып шыққанда, бұлар артында қалып бара жатқандарға қайта-қайта: "Қош!.. Қош!.. Құдай аман-есен көрісуге жазсын. Аруақ жар болсын", — деген сөздерді тана айтысып шығып кетті. Абақты іші қайтадан жым-жырт болып, тоңазып жетімсіреп, түнеріп қалды. Қартбай абақтыға түспей аман қалған соң, бұл күні жәрмеңке басынан кетпеуге бекініп, Самұратқа келіп, соның үйінен абақтыдағылар туралы ұзын-ырға хабар алып отыр еді. Аяғында түнде Ұзақтарды жүргізгелі жатыр деген хабарды естісімен атына міне сала Дөңгелек сазға шапты. Ендігі бұның ниеті түн бойы қолға түскен жігіттерімен Қарақол жолына жетіп, тау ішінде айдалған кісілерін соғысып, айырып алып қалмақ еді. Осы байлауды айдалғандарға естірте алмады. Бірақ Самұрат екеуі болып сөйлескенде асығыста тапқан ақыл осы ғана болған. Жазалыларды Қарақолға жеткізетін конвой Қарқара жазығының жым-жырт түнін сара тіліп, салдырлаған арба, сатырлаған қарумен дабыл қағып жөнеле берді. Пар-пардан жегілген семіз жарау аттар, тығыз бұйрықтың қыспағымен тоқтаусыз жортып, сар желіп, майда шауып асығып тартып келеді. Қарқараның Қарақолға қарай беттеген жаты көпке шейін созылатын көгалды жазық болатын. Жиырма-отыз шақырымдай жер жүрген соң ғана Алатаудың қырғызға қараған бет бөктеріне барып ілінеді. Тақыр жолда асығып шапқан көп аттың дүбірімен бірге, темір қару-жарақ та сатыр-сұтыр қағады. Конвой дамыл алмай, тыным таппай жортады. Осыдан озамын деген шапшаңдықпен Қарқарадан шығып жолдағы Көктөбе елін хабарландырып, Дөңгелек сазды қыдыра шарлап, жігіт атаулыны дүркіретіп Қартбай да шауып еді. Бірақ бұған түн баласында аттарын арқаннан шығармайтын бозбала, ер азамат бүгін әлденеден қамсыз, дайынсыз қалыпты. Жәрмеңкеден түнделетіп келген асығыс бұйрық, тығыз хабар көпшілікті қамсыз күйінде тапты. Тәртіпке, реттілікке ысылып көрмеген жайлаулар бүгін түн ішінде ешбір жаманат күтпей салақсып қалған екен. Сонда да ауыл басы сайын екі-үштен ат табылып, дайын атқа дайын жігіттер де мініп қалып еді. Жайлау қолы жүз шамалы кісі болып қамданып жиылып алып, бастығы Баймағамбет, Жансейіт, Қартбай болып Қарақол жолын кесіп аламыз деп аруақтап, Шырғанақты бөктерлеп, оңтүстік пен күншығыстың орталығына таман ат қойып шаба жөнелген кезде жаздың қысқа таңы қылаңдап сызылып атып келе жатқан уақыт болып еді. Бүгінгі ниеттің жолында атын да, қаруын да, жанын да құрбан қылатындай, екпіні бар жүз жігіт, екшеліп жалындап шыққанменен, бұлар ойлаған мақсат іске аспайтын болды. Кешігіп қалды. Конвой жай жүретін шығар деп мөлшерлеп еді, олай болмады. Іркілместен шапқылап отырып, болдырғанын жолға тастап, ешнәрсеге алаңдамай, бөгелмей Алатаудың бөктеріндегі қара жолға, алдыңғы Баймағамбет, Жансейіт бастаған топ келіп қиып түскенде бұлардың саны алпыс-жетпістей еді. Өзгелер бөлек-бөлек шотыр болып, арттарында үздік-создық болып келе жатқан. Жолға жеткен соң алдыңғы топ аз ғана толас қылып қара тер басып қаржалып қалған аттарын әрлі-берлі аяңдатып, артын тосып жүргенде, Қарақолдан түн қатып келе жатқан үш арбалы тараншы келіп жетті. Арбакештердің хабары Дөңгелек саз жігіттерінің жүрісі құр арам тер екенін білдірді. Қазір күн ұлы сәскеге жақындап қалды. Тараншыларға түн ортасында тау ішінде жолыққан жүргіншілер бұл кезде Қарақолға жетпесе де, жақындап қалатын кез болыпты.
— Қап! Қап! — деген жалынды арман, үйіліп қалған қалың топтың аузынан дүркін-дүркін шықты. Жігіттер енді қайда барарын, не қыларын біле алмай ұйлығып сандалып қала берді.
— Енді ең болмаса, жәрмеңке басында қалғанына ара түсейік. Солардан тіл-хат алайық, — деп Баймағамбет бірдеме айтты.
— Қамсыздық түбімізге жетті ғой... Кетті ғой есіл ерлер.
— Енді кімді басшы қыларсың? Кім тұлға болады?! — дегендей өкінішпен қосылған шын үлкен күдік белгісі де білінді. Ақыры Жансейіт, Баймағамбет көпшілікті:
— Енді жасымайық. Жүніміз жығылмасын. Тобымызды жазбайық. Қамсыз боламыз деп көреміз не көрсек те, жігіт атаулы бұдан былай күндіз-түн демей дайындықта болсын. Хабар күтейік. Жәрмеңкенің ұлығын қысайық. Тіпті болмаса, мына басшылардан жаманат хабар келетін болса, анау-мынауды қойып, осы жәрмеңкені басып алайық. Ең болмаса қалғанын арашалап қалайық. Қару алайық, - деген сөздер де айтты. Осы сөз байлау сияқты көрініп, бүгінгі жолсыз жорық жүрген көпшілікке, уақытша болса да жұбаныш болатын сияқтанды. Сонымен бұл топ қайтадан Дөңгелек сазға қайтты. Бұл кезде дәл ұлы сәске уақытында жазалыларды алып қашқан конвой Қарақолға кіріп еді. Жартасты қалың таудың қойнауына тығылған, кішілеу қала, соңғы күндерде өзі өз болып көрмеген ерекше күйлерді басынан атқарып тұр еді. Бұл қала соңғы сағатына шейін: кекшіл, мықты, ер қырғыздың ашуының астыңда ұдайы сескеніп, шошынып тұрған. Өз ішінде өз күшіне сене алмаған қауіп күдіктен басқа, бұған айналадағы крестьян, казак-орыстың ұсақ қалашықтарынан жетім-жесір болып, босып келіп жатқан қатын-қалаш, бала-шаға, кәрі құртаңның үркіндісі де үлкен құбыжықтың белгісін көрсеткендей болатын. Келгендердің барлығының қалалары ойран болған: малдары таланған, егіндіктері өртелген. Шабылған ұсақ қалалардың көпшілігінде қорқырап аққан адам қаны. Жақын, жан ашырының қанын көрген де бар. Бастарына жесірлік, жетімдік келіп, қорғаны еркегінен айрылғаны да бар. Не қылса да талай жылдан бері үндемей жымдай қатып, мелшиіп тұрған қарлы Алатау, мылқау тас, осы соңғы күндерде шат-шаты, қойын-қоншы, құз-құзынан ашулы кектің отын шашқандай болып тұр. Талай жылғы патсалы ұлықтың арамға былғанған саясаты көптен бергі жайып келе жатқан уымен тау қойнауын тоздырып, шапқа түртіп, тулатып алып, енді сол кесірінің салдарын көрші отырған еңбекші елдердің арасында араздық оты сияқты қылып шығарып тұр. Қырғыз ауылын крестьян, казак-орыс шапса, бұлардың қаласын өртеп, ер азаматын, тірі жанын қырғыз кескілеп қинап, бостырып тұр. Жайын тау, жайын суық араздық сырын ашты. Қарақол айналасы қан сасығандай адамның өлексе жемтігіне толып барады. Түн асқан сайын ауданы кеңейіп, бүліншілік оты лаулап келеді. Жады, тылсым бұған меңіреу суық тас енді ұлы құздан жер сілкінгендей күтірлеп құлап, дүниені басына көшіріп асыр салып жатыр. Осы халдың үстінде Қарақолға ертелі-кеш қорған іздеп қашып босып келе жатқан мұжық арбаларымен қатар, ертеңді-кеш маңайындағы қырғыз, қазақтан қолға түскен "айыптылар да" арба-арба болып келіп абақты алдына төгіліп жатқан-ды. Бірақ кішкене қаланың кішкене абақтысы ақырзаман болғанда жер дүниені бір өзінің ішіне сыйғызатын тарының қауызындай болып, күндіз-түні топырлаған адам бұлағын өз ішіне сыйғызып, сіміріп жатыр. Обырдай обып, үнін шығармай жұтып тұр. Түн асса абақты іші кеңейіп қалады. Оның есесіне қала маңындағы қиын шат, ұры сайлар қазақ, қырғыздың жемтігіне толады. Қасқыр, суыр, борсықтар, шаңқылдақ сары, тазқара, ала қарға, құзғындар сияқты аспан мен жер тағысы түгел мерекеде, неше алуан тіл мен қуанышты жиын қаракөз, қызыл жүздерден түстік жейді. Кешегі бір болымсыз тыныштық, амандық күнінде ата-анасы үйіріліп айналған алма бет, бүгінгі күнде иістенген бір жапырақ ет болып, жайын тісінің арасында жұлынып, сыдырылып, асылып жатыр. Кезегіне ол сыбаға келмегендер өз бетімен шіріп, суалып таусылып барады. Бір кезде тіршілікті тілеп лүпілдеп соққан жүрек те өмірлік күйінен жаңылған. Үйіліп қатқан бір-ақ уыс қарақат қана болып, о да жығылғанын, жеңілгенін мойнына алып тұр. Осындай күймен айналасы адамның қан-жынына толған "қасап" қаласына жақындап келе жатқанда, арбадағы жазалылар әрбір сай, жыраның жанынан өткенде жеңдерімен мұрнын басып, біріне-бірі ештеңе айтпаса да, іштей шошынып сиынып өтті. Бірақ көп кідіртіп жайландырған жоқ. Белгісіздік халінде екі-үш сағаттай уақыт өткен соң, дәл түс кезінде абақтыға әміршілер келіп:
— Ұзақ, Жәмеңке, Әубәкір үшеуің жауап бересіңдер, - деп ертіп алып жөнелді. Бұларды жауапқа шақырған Қарақолға келген уез десті. Бірақ кеңсеге үшеуін үш солдат жалаңаштаған қылышпен күзетіп алып келгенде шақырушы жалғыз уез емес, қасында тағы бір үлкен төре бар екен. Ол Алматыдан келген әскери прокурор еді. Уез жазалылардың жайын мәлім етісімен, тергеуді сол бастады. Жастау, семіз, зор сары ұлық дәрежеге, тоқтыққа семірген асқақ, есіріңкі тәкаппар көрінді. Үйтсе де бұрында іштерінен "неге болса да шыдадық" деп бекініп алған, одан бері жол бойында көп нәрсені көріп, естіп, абақтыда да бірен-саран қырғыздан өзгелердің көріп жатқандарын анықтап біліп алған жазалылар, енді ұлықтың сырт ажарынан сескенетін, жасқанатын халден өткен сияқты еді. Бұлар өздерін соншалық төменшіктеп жасыған, жазалы кісі сияқты көрсеткен жоқ. Келген жерде сыпайы, тәрбиелі қоңыр момын пішінмен тұрса да, бойларын еркін, кең ұстады, ұлықтарға "кінәсізбін, зәріңнен қорқа алмаймын" дегендей сенімділікпен, үлкен салмақпен қарасты. Тілмаш бұлар білмейтін бір сарт екен. Қазақша сөзді жақсы ұғынып, ұлық сұрағын қазақша түсінікті қылып аударады. Прокурор әуелі өзгелерден жасымен, ақ сақалды көрінісімен де өзгешерек сияқтанып тұрған Жәмеңкеге қарады да, алдымен содан жауап ала бастады. Төре қолына қағаз, қарындаш ұстап отырып алдымен аты жөнін, жасын, болысын, ауылнайын сұрады. Жәмеңке жолдан шаршап, қажып келген кәрі жүзін әдеттегі түксиген суық қалпынан жазбастан, қасын анда-санда кекесінмен жыбырлатып тұрып, алғашқы сұрақтарға бір-бір ауыз сөзбен ең қысқа жауаптарын берді. Жәмеңкенің ойында: ұлық жауап алды не, алмады не? — бәрібір үстімізден келген жамандаулар жеткілікті болған. Жауапқа қарап бұл түзелмейді. Сондықтан, әншейін шиеленістірмес үшін ғана жауап айтқан болу керек. Жауап келелі, ұзын сөз емес, әйтеуір бірдеме десе болар деп қана ойлап еді. Өз жауабын осылай бермекші еді.
— Елдерің жігіт бермейміз дегені рас па?
— Дегені рас.
— Ол сөзді елге кім үйретті, соны айт, — деген, — басшысы кім?
— Басшысы жоқ, жалпақ елдің өзі айтты. Мұндай сөз үйретіндімен айтыла ма екен? Барлық албан түгел бермеймін дейді. Соның бәрін бірдей кім оқытыпты?
— Неге бермеймін дейді?
— Ел ұлық бізге әділетсіздік қылды. Жерімізді, суымызды алып, өзімізді шелге тасқа қамап, тауға қуып шығып отыр. Шығынын, алымын алып отырып, не айтқанының бәріне көніп істеп отырсақ та, бізді әлі күнге өз елім, дос елім деп санамайды. Жау деп біледі. Бізге екі сөз айтса, ол жалған болды-ау деп ойламайды. Баяғыда солдат алмаймын деген, солдат алғысы келеді. Жерді алмаймын деп еді, оны алып отыр. Наразылығымызды айтсақ тыңдамайды. Сөзімізді жеткіз деген кісімізді айдайды, абақтыға алады. Жазалайды. Өзімізді ренжітсе, өзіміздің арызымызды тыңдамаса, сөйлетпесе, ол ұлықты жақсы ұлық деп қайдан айтамыз? Оның айтқанын қалай істейміз? — дейді.
— Жігітті біржола бермейміз дей ме? Жоқ пәлендей шартымызды орындамасаң бермейміз дей ме? Елдің, ұлық мынадай іс істесе көнеміз дейтіні бар ма? — Бұл сұрақ Жәмеңкенің күтпеген сөзі еді. Оның ойына осы сұрақпен қатар тезінен бір байлау келгендей болды. Ештеңе шығарына сенбесе де, болымсыз да болса бір кішкене үміт елестегендей еді.
— Ел берсек, қара жұмысқа бермейміз. Нағыз солдат қылатын қызметіне алсын, — дейді. — Бұны басынан айтқан да.
— Қара жұмыста болған соғысқа кірмейді, аман қалады. Бұлай болғанда солдаттықты неге тіленеді?
— Бізде өзге солдат болып жүрген ел сияқты елміз. Біздің де еркегіміз еркек. Ұрғашы емес. Сондықтан жұрт қатарлы тең орында боламыз. Қолымызға қару берсін дейді.
— Қаруды қай жерде алғыларың келеді? — деген.
— Қаруды қазір, осы ел ортасында қолымызға берсін. Сонан соң біздің ата-анамыз, ел жұртымыз бұрын бұндай сұмдықты көрген жоқ. Солардың көзі қанып, бойы үйренгенше еліміздің ортасында әскерлікке үйретсін, ел жігіттерінің қолында қару көріп, өз бастарын сақтайтын құрал бар екен деп көңілін орнықтырсын. Содан кейін әскер өнерін үйренген соң, ұлық жігіттерді алып керегіне жаратсын дейді.
— Сен сол елдің ақсақалы, есті кісісің. Сен де осыны айтамысың?
— Мен де осыны айтамын.
— Бұл өрескел сөз. Ешкімнен бүйтіп әскер алынбайды. Сен елге бұның теріс екенін түсіндіруің керек. Соны сен ұғындырамысың? Елдің айтқаны болмайды.
— Ол болмаса, ел де болмайды.
— Елді сендер көндіруің керек. Ақыл айтып тоқтату керек. Әйтпесе, ел де қатты жазаға ұшырайды. Сендер де үлкен жаза тартасың. ұқтың ба? Істеймісің айтқанды?
— Мен қайтіп істеймін? Енді мен қайтіп көндіремін? Ұлық басыңмен сен көндіре алмағанда, ұлықтығым, қайратым жоқ, көптің бірі қара қазақпын. Мен қайтіп көндіремін?
— Сен айтсаң, тоқтайды. Сен сол елдің басшысың. Елді айтқанға көндіріп, жігіт әперемісің, жоқ бұрын ешбір қазақ естіп көрмеген жазаны көремісің? Айт қазір осыны! — деп прокурор баяғыдан бергі сөзі дарымағанға қатуланып келіп, орнынан тұрып, тақтайды теуіп қалып, қабағын түйіп Жәмеңкеге қарады. Жәмеңке ызалы жүзбен, езуін зорлықпен тартып жымиды да:
— Мен саған өтірік уәде бере алмаймын. Ол іске шамам келмейді, — деді.
— Сен осы айтқанды істейсің. Біз саған істетеміз. Ықтиярыңмен көнесің бе, жоқ па?!
— Көне алмаймын...
— Көнесің, кәрі ит, көндіреміз!..
— Ендеше менің кәрі қай, — кесіп ал, білдің бе!
Тілмаш бұл сөзге келгенде, артында аяздай соғып тұрған ұлықтың ызғарынан жасқанып, жүріп келе жатып аяғы сынған аттай тұсалып, омақтатып қалды... Бірақ сонда да айтпауға болмайды. Сондықтан кібіртіктеп бірдеме деген болып еді, прокурор ақырып әмір етіп, солдаттарға Жәмеңкені "әкет" деді де, Ұзаққа қарады.
— Сенімен мен қай сөзде ұғысушы едім. Айтар жауап, берер уәдем жоқ. Сенімен сөйлеспеймін. Апарсаң үлкен ұлығыңның алдына апар, — деді. Прокурор: — Сен де Жәмеңке сөзін айтамысың? Осы айтқаныңды ғана қуаттаймысың? Жоқ басқа да айтарың бар ма? — дегенде:
— Мен сенімен сөйлеспеймін. Сенің ісің зорлық. Зорлықшымен сөйлесуші ме еді. Жауап бермеймін. - деді. Бұдан әрі екі-үш қайырған сұраққа тым-тырыс жауап қатпады. Солдаттар оны да кейін әкетті. Бұдан соң Әубәкірге ширет келгенде, ол көзі қанталап, күйі ашумен сұрланып асығып тұрғандай еді.
— Менің айтатыным: не Жәмеңке айтқанды істе, не болмаса елдің екінші айтатын сөзі, баяғыда орысқа қарағанда солдат алмаймын, алым ғана аламын деген. Бүгін ол сөзім қате екен, енді солдат алтым келді десең, баяғыдан бергі қазақтан алған алымыңды түгел қайтар. Содан бергі елдің шығынының барлығын қолына түгендеп санап бер де, солдатыңды ал. Анаған көнбесең, ел осыны істесін дейді. Менің жауабым осы, — деді. Осыдан соң уез прокурор екеуі әрлі-берлі қағытқан, қажаған, ұрысқан сөздің ешбіріне де жазалылар жасыған жоқ. Өзге ешбір сөздеріне жауап бермей, осы айтқандарын қайта-қайта айтып, тұрып алған соң: "қайта апарып жабыңдар", — деп әмір етті де, ұлықтар үшеуін де абақтыға қайта қаматты.
ІX
Прокурор, уез жауап алып, абақтыға тыққаннан бері қарай үш күн өтті. Бұл уақытта сырттан да, абақты ішіндегі өзге тұтқындардан да Ұзақ, Жәмеңкелер еш қанықты хабар ала алмады. Ұзын құлақ сияқты естілген шала-пұла сыбыста: "жақында тараншы көтерілгелі жатыр. Қырғыз тегіс атқа мініп, қару ұстапты. Абақтыға Ұзақтар сияқты қолға түскен бірнеше қырғыз басшыларын қасындағы жиырма-отыз кісілерімен әкеп қамап тастапты. Сол сияқты тараншы кісілерінен де бірталай басты адамдар осы абақтыда жатқан көрінеді. Бәрі де не боларын білмейді. Бірақ елдеріне "көнбе, болма, алыса бер" деп хабар айтып, ұлыққа мойындамай, жасымай жатқан жайы бар деген еміс-еміс хабарлар ғана естіледі. Бір тәуірі, Қарқара жағынан әкелген албан кісілерінің барлығын да бір камераға қамап еді. Әлі топтарын жазған жоқ. Бұларға бұрын жатқан, соңынан ұсталған қазақтардан жеті-сегіз кісі әкеліп қосып, осы күнде бір бөлмеде жатқандардың ұзын саны он сегіз болып еді. Бәрінің айыбы біреу-ақ. Жігіт бермеймін деген ел үшін жатқандар. Қалың елден жырылып шығып, қамау үйі, күллі тұтқынға алынған жазалыларға күндік өмірдің өзі де жылдық дәурен сияқты, толып жатқан белгісіздікке, жұмбаққа толғандай көрінеді. Сағат сайын бір ерекше қаталдық, қастық күтеді... Түсі белгісіз болса да, заты мәлім сияқты. Осындай іштей ширатылған күдік, қауіп үстінде еңбексіз, алданышсыз отырған топ әр кезде әр алуан сөз сөйлеп, бірде үмітке беттеп амандыққа сенгендей сөз сөйлесе, бірде бірінен-бірі жасырмай, ашық айтып, үлкен қауіп-қатер барлығын да сөз қылысады. Қайдан шыққаны, кімнен келген хабар екені белгісіз, бірақ бүгін таңертеңнен бері: "Қашқар көтеріліпті, ол жақта орыс жеңіліпті, енді Қашқар әскері осы жаққа қарай беттеп, мұсылман атаулыны төрелер зорлығынан құтқармақшы" дейді дескен сөздер шығып еді. Бұл хабар да күндегі күдікті, қорқынышты хабармен араласып келіп жататын, болымсыз үміт белгілері сияқты. Бұған қазақ камерасындағы көпшілік сенгендей де еді. Бірақ Ұзақ, Жәмеңке басынан сенген жоқ. Бұлардың сенбеуі өзгелердің де күдігін күшейтті. Әйтсе де, абақтыға түскеннен бері созылған томаға-тұйық жұмбақты халге, бұлардың тапқан жалғыз айласы сол сияқты болып, құмалақ салу шығып еді. Кейде жеті-сегізі бір араға жиылып, кейде екіден, үштен қоралай отырып жалпақ, кең нардың үстінде бұршақтан құмалақ тартады. Күн сайын ертеңді-кеш салынатын құмалақ жалғыз тілші, жалғыз көмескі үміт беретін ермек сияқты. Бүгін Қашқар хабары естілгеннен бері соған арнап салынған құмалақ жоқ еді. Сондықтан жұрттың көбі бір қойыпты сөздерден, жүдеуліктен қажығандай, жалыққандай болып, нар үстінде жантайысып қалқиып жатқанда, Кәрібоз деген ақсақал басын көтеріп Әубәкірге:
— Ей, Әубәкір, құмалағыңды әкелші, Қашқар туралы не сөйлер екен, — деді.
— Ия, жайшылықта құмалаққа тыным таптырмаймыз. Салатын болсақ, енді салайық та, қанша айтса да, жақсылық қой мынаның өзі, - деп Сыбанқұл да басын көтерді. Әубәкір қамданып, құмалағын алып, нардың ортасына таман малдасын құрған бойынша үндемей жортақтап сырғып келді. Бұл уақытта Ұзақ, Жәмеңкелер де басын көтеріп, түнеріп қарасып күтіп отырысты.
— "Жақсы лебіз — жарым ырыс" — деген ғой, мына кісілер сенбейміз дегенмен, өзім әлі содан күдер үзгенім жоқ. Сол жақта әйтеуір бізге жайлы бірдеңе бар, — деп Әубәкірдің жездесі Нүке де сырғып келді. Әубәкір әлі де үндемей сазарып отырып құмалақ тартты. Құмалақтың бас-аяғы түгел жазылып болған соң, жұрт тегіс бірталай уақыт үндемей отырысты да, аяғында біріне-бірі: "Сөйле, сөйле, сен сөйле" десіп қолдарымен үштен-төрттен үйіріліп түскен топтарды қозғап-қозғап қойып, қайта-қайта жүректегі үш құмалақты қозғалақтатып сырғыта беріп кеп аяғында:
— Оңды-солды айқасып кеп түскен құмалақ осы.
— Рас, мынаған қарағанда хабары да, өзі де келді.
— Бәсе, мынау, қан майдан аралас қой.
— Несі болса да, ұмар-жұмар бір-ақ болады. Қашқардан әскер келеді. Құдай бұйырса босаймыз, түбі аманшылық, тыныштық, - деп жаңағы Сыбанқұл, Нүке айтқан сөздердің барлығына қорытынды сияқты сөзді Кәрібоз ақсақал айтты. Көпшілік бәрінің ортасындағы ағасы сияқты Кәрібоздың сөзін дуалы сөздей көріп:
— Айтқаның келсін!... Балың пайғамбардың балы болсын!
— Осы айтқаның болғай-ақ та, қария, аузыңа құдай салғай-ақ та!.. — десіп жұрт жапырласып алғыс айтып, енді құмалақты жиыспақшы болғанда, бағанадан үндемей отырған Әубәкір:
— Сендер солай дейсіңдер ғой. Мен бір-ақ соған сенбеймін. Құмалақ олай сөйлеп тұрған жоқ. Тақ мен білген құмалақ шын болатын болса, бір үлкен қырғын болады. Сонда жартымыз өлеміз, жартымыз шығамыз, — деп Кәрібозға тесірейіп қарап үндемей тына қалды.
— Аузыңа тас!
— Тіл аузың тасқа болсын!
— Tіпy, тіпу, түкір жерге! — деп Әубәкірді түрткіледі.
Құмалақ жиылған соң әркім орын-орнына таман сырғып барысып, қайта жантайды. Екіден, үштен тана үйіріліп біріне-бірі бұрылып жатып, ақырын-ақырын, күңкіл-күңкіл ғана әңгімелеседі. Үйткені құмалақтың аяқ кезінде есіктің тесігінен белгілі әдет бойынша, екі көк көз тағы келіп қадалып, ұрлана жалтақтап, бұлардың жай-күйін бағып, аңдуға келгенін сездірген. Құлыпты қара есіктің кішкентай тесігінен сығалай қараған екі көк көз, қазақ камерасындағыларға әрқашан үркіте, сескендіре келгендей әсер ететін. Алғашқы абақтыға отырған күні-ақ сол көк көздер екі-үш қарап қайта жоғалып кеткен уақытта, Жәмеңке өзгелерге қарап:
— Абақтыда кісіні сескендіріп, жүрегіңе шаншудай қадалатын көпір осы кішкене тесік. Көріп тұрған қорлығың, қыспағың да, соны көрсе тіл зәрленіп иығыңа шығып тұрған мың да бір жауың ұлығың да, сол тесіктен қараған суық көк көзден түгел көрініп тұрады. Жүректі қобалжытып, қажытатын да сол, — деп еді. Содан бері жұрттың бәріне де тесікке қадалған көз, бұлардың өкпесінен қадалған дерттей, маңдайына қарап кезеген ажал отындай болып көрінетін. Кейде жалтылдап, кейде жыпылық қағып аңдушы көздер камераның ішін онды-солды кезгенде: нар үстінде отырған қазақ жазалылары, қараңғы түнде күн жарқылдағандай, нажағай ойнағандай үндемей, томсарып, іштен тынып қалатын. Құмалақтың арты осындай иә томсару, иә болымсыз ғана күбір мен жадырауға айналып еді. Тыныштықпен сүт пісірімдей уақыт өтті. Сол кезде бағанадан қабағын қатты түйіп қозғалақтап, аунақшып тыныштық ала алмай отырған Жәмеңке қатты күрсініп, көтеріліңкіреп келіп:
— Апырау, бұл қалай болып барады?! Менің жайым кетейін деді ғой. Ішімді өртеп әкетіп барады, — деді де, қайтадан шалқасынан құлай түсіп, шыдамын тауысқан азап қинаумен ішін басып бүктетіліп кетті. Жұрттың бәрі үрпиіп шошынып қалды.
— Не дейді, не болып қалды? Батыр-ау?!
— Жаңа сап-сау еді ғой... Неліктен болды?
— Қай жерің, қалай ауырып тұр өзі? — деп Кәрібоз Жәмеңкеге қарай жылжыды. Жұрттың бәрі есі шыққандай сасқан, үріккендей. Бәрі бірдей қиналып жатқан қарияға қарай қозғалысты. Аздан соң Жәмеңкеге айнала телміріп отырып, не болып қалғанын білмей таңданыса бастады.
— Іші-бауырымды өртеп езіп барады. Төтенше не боп қалды дейсің? Не де болса жаңағы жеген тамағынан болды. А, маған. Сонда бірдеңе қосып жіберді ме деп отырмын. Бағанадан шыдаған болып едім... Енді жайымды кетіріп барады... Біткені осы шығар... Қатын, бала, ел-жұртқа сәлем айтыңдар!. Қош енді! — деді де, қайтадан бүктетіліп, бір жиырылып, бір жазылып жанын қинаған азапқа түсті. Минөт сайын түсі көгеріп, кәрі қабағы қарс жабылып, тастай түйіліп, демі ауырлап ұсына бастағандай болды. Көзін ашпайды. Ендігі қайғы-дертті, соңғы қинау сағатын жұмулы көзбен өткізгісі келгендей. Өмір бойы өйтіп-бүйтіп алдаған болып әр нәрсені көрсетіп, қадірлі де, жақсы да кісі қылған сияқтанса да, ағайынға, елге абиырлы, салмағы зор басшы қылған сияқтанса да, аяғында бүгінгі келіп тоқтаған соңғы сатысы, барлық сол өткен күндегі болымсыздың бәрін жоққа шығарған, мазақтаған, адастырған сияқты. Түзде, абақтыда, жау тұтқынында өлген өлім жасы жетпіс асқан шағында Жәмеңке басына келген қабат қаза, ауыр жаза сияқтанды. Іште тұншықтырған ауыр дерт бар. Кесілгендей тілім-тілім болып, бірде күйіп өртеніп, бірде сара тілгендей ашып, бүріп, құрыстырған дене қинаумен бірге, көңілдегі соңғы сезімнің қазіргі халден жирену, түңіліп, тоңазып суыну да сондайлық. Аз уақыттың ішінде өлімге барлық сезімімен бойсұнып алып, бір рет бар күшін жиып келіп:
— Абақтыда жау қолында өліп барам. Соны арман қылмасам, өзге арман жоқ... Жәмеңкенің жемтігі...қашанғы өлмей, сүйретіле бермек... бірақ жалғыз арман... әйтеуір жаудан... өлген соң не де болса... қан майданында, қарсыласып өлмедім... кәрі қолым... тым болмаса... жастығын ала өлмеді... — деді. Қасындағы жұрттың көбі Жәмеңкенің өзімен бірге басынан-ақ шошынып күдер үзе бастап еді. Отырған ағайынның барлығының көзінен де дыбыссыз жастар тамшылады. Ешнәрсе айтысып сөйлескен жоқ. Жәмеңкенің өз айтқаны рас. Құмалақ салардың алдында бір шай қайнатымдай бұрын барлық тұтқындарға сорпа сымақ бірдемені әкеп берген. Сонда: "Мынау Жәмеңке шалдікі" деп, атын атап бір табақшаны Жәмеңкеге ұсынған. Не болса да, содан болды. Көңілде сайрап ұғылып тұр. Прокурорға берген жауабы жұрттың есіне түсті. Оның үстіне жасы жеткен шал. Бұны өзге жазамен өлтіру қиын, атқызу заңнан тысқары жұмыс сияқты. Сондықтан, өз ажалынан өлді демекке әдейі астыртын у беріп отыр. Бұл жайды өзгенің бәрінен бұрын ашық, толық түсінген Ұзақ еді. Ол басынан-ақ, ең алғашқы ұсталған күннен бері-ақ осындай бір істің бәр-бәрінің басына да келетінін білгендей. Соған ішінен өз басын әбден дайындаған. Жүрегін әбден орнықтырып алып еді. Сондықтан бүгінгі құмалаққа да, оған қарап үміт, жұбаныш тапқан жас-кәріге де ешнәрсе айтпаған. Бірақ үміт ойлап желпінген жоқ-ты. Сондайлық өзгелерді шошытқан Әубәкір сөзінен де бұл сонша үркіп, қорқып, сескенген жоқ. Жәмеңке баяғы заманнан бері тізесі айрылмай келе жатқан үзеңгі жолдасы, жан серігі еді. Екеуінің бірін-бірі ұғынып іші-тысымен үйлескендігі ерекше болатын. Өз тұсында бұл екеуінің тәттілігіндей тәттілік, бірлік ешкімде де болған жоқ. Қай істе болса да бұлар жай-күйлерін айтыспай ұғысатын. Қабақпен неше алуан жұмбақтарды танысып, сөйлеспей емеурінмен ғана келісіп қоятын. Осы жолы ел қарсылығына басшы болып үлкен сөзді ұстатып шығарда да екеуі өзді-өзі болып кездесіп, екі-үш-ақ ауыз сөзбен ұғысып, түкпір танысып келіскендей. Өзге жерде, кең байтақта, ауылда болса, Ұзақ Жәмеңкенің басын құшақтап отырып жылар еді. Барды айтып, арылып арыздасар еді. Етіліп отырып арманын ағытар еді. Бірақ қазір соның қайсысын істесе де, Жәмеңкенің де, өзінің де намысына тиетін сияқты, досын ырза қылмай ренжітетін, күйдіретін сияқты. Жәмеңке, Ұзақ ниеті үлкен ниет, екеуіне бірдей ортақ ниет болатын — сол жолда бүгін Жәмеңке өлсе, ертең Ұзақ та өледі. Жәмеңкеге сен өлесің-ау деп жыласа, онысы Жәмеңкенің ниетін толымсыз көрген, қата тапқан, кемсінгеннің белгісі болар еді. Екеуі де көре, біле тұра кіріскен. Неге болса да шыдаймыз, көтереміз десіп нық уәделесіп алып кіріскен. Және тұтқында, жау қолында отырып жыласа екеуінің де сүйетін сындырғандай, өздерін-өздері қорлап, кішірейтіп жасытқандай болар еді. Бұндайды Жәмеңкеден де, өзге барлық қазақтан да Ұзақ ерекше анық түсінеді, баяғыдан бұның айрықша мінезі осындайда көрінетін. Сыналатын, сөз болатын, дұспанға табашы болар дейтін жер келсе, ондайда бұл етінен ет кесіп алса да былқ етпей, сыр бермей, қасқырша дыбысын шығармай өлуге жараушы еді. Жәмеңкенің қайтысы қабырғасын сындырғандай боп батса да, Ұзақ босаңсудың орнына сұрланып, тістеніп, ешкімге де тіл қатпады. Көзі қып-қызыл болып, ашумен жарқылдап қарайды. Қатайып, сазарып отырып алды. Жалғыз-ақ Жәмеңке ақырғы рет бұған қарап "қош" дегенде:
— Өмірі қабақпен танысып өтіп едік. Менің не күйде отырғанымды да біліп жатырсың, қош, қариям, серігім, не айтамын... Жаның құдайға аманат. Артыңнан мен де жетермін.. Өкінбе... Арман жоқ! — деді. Содан әрі өзгенің бәрі кеңкілдеп, кемсеңдеп қайта-қайта мұрнын тартып жыласып, Кәрібоз сүрет "ясинды" оқып, иман айтып үшкіріп отырғанда, Ұзақ үндемей ғана Жәмеңкенің жүзіне тесіле қарап жым-жырт отырды. Мезгілден мезгіл өткен сайын Жәмеңкенің халы ауырлап, тұқыртып әкетіп бара жатты. Сөзден қалғанына бірталай уақыт болды. Соңғы уақытта жалғыз ғана үздіктіріп ышқындырған, толқын-толқын қинау азап бар. Анда-санда аузынан көк жалқаяқ ақтарылады. Ішін өртеп тілгілеп бара жатқан аурудың күштілігі орасан зат жат сияқты. Қара өзегінің ішінде пышағы бар дұшпан қолы аралап, ақтармалап жүрген сияқты. Іші-бауыры тілініп, жыртылып, өртеніп келіп түйіліп ауырғанда, тынысы бітіп, әл құрып, жоқтыққа батып тұншығып кеткендей болады. Құр ғана түйреп, түйіліп ауыртқан аурудың өзі ғана есінен шатастырып, ақыл-ойын жұтып бара жатқандай болды. Қатты қинаған дерт кәрі жүзіне де өте суық, құбыжық таңбасын басқандай, әншейінде әжімі көп, қатпары мол, кәрі бет мына көріп жатқан азап үстінде танымастық болып өзгеріп кеткен. Барлық жүзі сазарып күлбеттеніп, өлім таңбасын басып көкшілденіп алған. Түкті қабақ жиырылып құрысып келіп қатты жұмылғандықтан, көздің орнын да түгел басып алған сияқты. Анда-санда үлкен зорлықпен аларып, ашылып-жабылған көздерінде ол дүниенің меңіреу қараңғылығын, жоқтығын көріп шегіншектеп шошынып тұрған үріккендік бар сияқты. Көзінің қарасы азайып, ағы молайған, төмен не тура қарамайды. Жоғары қарай шапшып, шалқалай береді. Шошытқандай болып қанталап аларады. Маңдай, бет әжімдері жыбырлаған жүз құрттай болып, әншейіндегі бет пішінін тіршілік ажарын жоғалтып, сол бетті жайлайтын көр ішінің құртыңдай көрінеді. Қинау толқынын әсіресе анық көрсетіп тұрған көселеу ұрты мен еріндері. Ышқынып келіп еріндерін жымырып, ішінде мың бұралып толқыған дертпен бірте қоса қиналып, қозғалақтап жөнелгенде, ауыз белгісі біржолата жоғалып, орнында бейнесіз, сиықсыз ирек-ирек, әжім-әжім сызықтар тана қалады. Осындай іші-тысын бірдей өртеген, қинау жаза, адам айтқысыз азап үстінде екі сағаттай жатып, Жәмеңке қайтыс болды. Жолдастары тегіс жұтап, жүдеп жылап отырып иманын айтып, дем салып, ақырғы болымсыз көмектерін беріп, қызметін істеумен бірге ең ақырғы жалынды, арманды "қош-қошын" да айтты. Дене қайраты бітсе де, жан қайраты әлі де талайға жетерлік екпіні бар, жас жанды асыл қария сонымен кете барды. Камерада сол күні мен түні бойы албан кісілері Жәмеңкеге қайта-қайта құран оқып, күрсініп, қабақ шытып, қаралы болып отырып, ұйқысыз күн мен түнді өткізді. Ертеңіне таңертең ғана бұлар сырттағы өздерін бақылап жүрген кісілеріне Жәмекеңнің жаманатын айтты. Бұлар жай-жапсарын білемін деген кісілерді жібере бермейтін, күніне бір-ақ мезгіл бір ғана кісі көрісуге болушы еді. Сол кеңшілікпен пайдаланып, Әубәкірдің артынан іздеп келген қатыны кірген екен. Алыстан байын көрісімен, бұндай сұмдықты бұрын басынан атқармаған момын әлсіз әйел жалғыз сүйеніші екі көзі болып, мөлтілдетіп жас ағызып, амандаспастан, дауысын шығарып та жылауға айналып еді. Әубәкірдің өзіне де бұл көрініс қатты әсер етті. Ерекше босанып, еріп бара жатқандай болды. Ішіне ыстық шоқ тастағандай сияқты. Күйік, амалсыздық дерті білінді. Бірақ сол жайды байқаған сайын өзін-өзі тез іркіп тоқтатып алу керек еді. Басынан сүйтпекке бекіген. Сол себепті жылап тұрған қатынына жақындай бере, амандаспастан:
— Жылама, көз жасыңның мұнда бір тиын да керегі жоқ. Жылайтын болсаң, қайт қазір! — деп өзі де бір тамшы сұп-суық жасын іркіп алып:
— Көп сөйлесуге мезгіл емес. Бекер келгесін ғой. Соншалық алыстан. Балаңды да, өзіңді де бір Аллаға тапсырдым. Бар, қайт. Кеше кешке Жәмеңке қайтыс болды. Тамаққа қосып бірдеме берді ме деп күдіктенеміз. Ас артынан кетті. Содан басқа сөз жоқ. Елден келген өзгелерге соны айт, бар. Қош! Құдайға аманат! — деп қатынын сөйлетпестен қайта айналып жүріп кетті. Бұл хабар Қарқара маңына жеткенде, жайлау-жайлаудың барлық елін дүрк өргізгендей болды. Алдында да Асыдағы қызыл бөрік босып келіп, үркіндінің алдын бастаған соң, одан бері қырғыз, тараншы хабары да үсті-үстіне қат қабаттап келіп жатқан соң, Қарқара маңындағы албан буынып-түйініп бір үлкен іске әзірленіп қалған сияқты еді. Енді қай кезде қай істің тұсында басталатыны белгісіз. Бірақ ел бойын кернеген ашу мен кек түн асқан сайын тасқындап, молайып келе жатқан, осы соңғы күндерде Қарақолдан ертенді-кеш онда әкеткен кісілері туралы хабар алып, жәрмеңке басындағылар туралы да үзбей, ат ізін құрғатпай біреуден біреу хабарланып, амандық, тыныштықтарын біліп тұрған-ды. Бірақ олардың жатуы созылып барады. Сондықтан бір-екі күннен бері: "кісілерімізді қайта сұрап аламыз. Ел болып жиылып жәрмеңкеге барып шығарып бер, босат дейміз" дескен әр түрлі байлаулар болған. Іс жалғыз жәрмеңкенің өзіне қалса, Жансейіт, Баймағамбет байлаған сөз бойынша, Қарқараға әлдеқашан шабуыл жасауға да ел тегіс тас түйін болып дайындалып, белсеніп алып еді. Бірақ бұндағыларды солайша аламыз десек, яғни, солай алсақ та, анау Қарақолға әкеткендер онымен босамайды, бұндағы істің сазайын солар тартып, ауыртпалықты соларға түсіріп алармыз деп, сол жақты көп ойлап, бөгелеңдеп тұр еді. Қайтсе де бір істің басталатын кезі жетіп келеді. Жараның аузы ашылуға айналып, сарысу кернеп кетті. Жұқарған, тесілгелі тұрған жерлер көп. Қайсысынан шықса да бір қимыл, бір сыр шығады. Соны ойлап жайлау-жайлаудың елі, дәмелі жігіттері аттарын күндіз-түні қолда сақтап, белдеуден найза, белден қылыш сабы сияқты қаруын кетірмейтін болған. Жатпай-тұрмай іздеп жүріп мылтық, алтыатар тауып алғандар да бар-ды. Ондай сирек құрал бұл күнде елдің барлығында санаулы сүрдей сақтаулы. Бұрын мылтықты көп ұстаған мерген болса, яки білегі сенімді, жүректі ер деп танылған мақтаулы азаматтар болса, соларға тапсырылып беріліп жатқан. Бұл қаруды тапсырумен бірге ел атынан тілек айтылатын. Ескі қазақтың кәрі батасымен бірге кәрі мұра сияқты болған бұрынғы еркіндікті жоқтауды міндет қылып тапсыратын. Осындай күдікті күпті күйде томсарған, қатулы жүзбен қамданып, дайындалып келе жатқан елге кеше кешке Жәмеңке қарияның жаманат хабары келіп естілген. Қарақолдағы тұтқындарға ас жеткізіп, ертенді-кеш қызмет қылып, жай-жосығын, аман-есендігін біліп тұруға шығарылған он-он бес кісі болатын. Солар Әубәкірдің қатынынан Жәмеңкенің хабарын естіген соң, сол арада абақты ұлығына барып қарияның өлігін сұраған. "Өзіміз таза арулап, қолымыздан қоямыз, кісіміздің сүйегін бер", — десіп еді. Бұған абақты ұлығы өз бетімен жауап бере алмай, астыртын уезге ақылдасып алып келіп, Жәмеңкенің өлігін бермейтінін айтқан. Елге Жәмеңке жағынан хабар жіберуден бұрын Қарақол басындағы жігіттер бұндағы ұлық атаулының барлығына барып, сөйлесіп, арылып шыққан. Уез, прокурорда да көріскен. Ешқайсысы да жарытып жауап берген жоқ. Арыздарды дұрыстап тыңдаған да кісі болған жоқ. Құр әйтеуір бірдеңе айтты дегізбек үшін, "абақтыда өлген жазалы кісіні, заң бойынша ел қолына беруге болмайды. Мұсылман әдетімен, молдаға жаназасын шығарып, өзіміз қойғызармыз", — деген болды. Қарқараға Жәмеңкенің өлімі жайында хабарды әкелушілер осы сөзді қоса әкелген. Көп елдің аласыз көңілмен тұтас кәдірлеген қариясының сезікті қолдың ішінде болған өлімімен бірге, мынандай қылып сүйегін де бермей қоюы естілмеген сұмдық сияқтанды. "Қарқараға барамыз, бұндағы ұлық арқылы кісіміздің сүйегін сұратамыз, қолымызға аламыз" — деген шарт байлау жайлау-жайлаудың барлығындағы елдің басын бір араға қосқан түгел тілек сияқты болды. Осымен хабар келген кештің ертеңінде Қарқараға тұс-тұсынан қалың-қалың топтар үзілмей ағылып келіп жатты. Тақ түс кезі болғанда талайдан қаңырап, елсізденіп тұрған жәрмеңкенің басы, баяғысынша аттылы-жаяу болып кернеген ел тобына лық толды... Базар орталары ерсілі-қарсылы жыпырлап қозғалысқан қалың қол болып кетті. Көше-көше аттылы, өгізді, тайлы, құлыңды биелі албандарға сіресіп толып алды... Шет-шеттен әлі де болса оннан, жиырмадан тарау-тарау жолдармен шұбаған бөріктілер арылңан жоқ. Тоқтаусыз ағылып жатыр. Барлық жиын ішіндегі адамдардың жүзінде бір-ақ қана сұрау бар. Бәрі де жиыларын жиылып алып: "Енді қайтеміз? Неден бастаймыз? Көптен күткен ниетті енді іске асырамыз ба, жоқ па? Әлі де тосарымыз, күтеріміз бар ма?" дегендей дел-салда еді. Бүгінгі жиынға олай қыл, бұлай қылды айтып басшылық қылған кісі жоқ. Бірақ басшысыз, байлаусыз қозғалған қалың жиынның тілегі де, шарты да өз ішінде, айтыспай, серттеспей-ақ қалың топ ыммен, емеурін қабақпен ұғысқан сияқты. Іштегі шын наразылықпен, содан туған қарсылық ниеті, енді тесіп шығар жерін ғана күтеді. Сондықтан, ел тегіс томсарулы, ашулы, көп сөйлесіп даурықпайды. Ешкім де соншалық желігіп, жеңілейіп, күліп-ойнамайды. Бірен-саран балалау жігіттер, ойыншы, күлдіргі жеңілтек адамдар арасында болмаса, бұрынғы бұндай жиында болатын неше алуан қалжың, желік қазірде атымен жоғалып өшкен сияқты. Елдің түсін, қабатын бағып жүрген урядник, казак-орыстар Ақжелке кеңсесіне осындай ажардың барлығын дамыл алмай жеткізіп тұрды. Таңертеңнен елдің бүйтіп ағылатынын білмеген, күтпеген ұлықтар, жәрмеңкеге бүгін ерекше көп елдің келіп қалғанын түске тақағанда ғана байқап еді. Шеттен тыным алмай ағылып жатқан аттыларды да сол кезде байқаған. Енді мүмкін болғанынша жәрмеңке басына көп-көптен келтірмеу керек. Қалың жиындар болса, оны тарату керек еді. Бірақ бүгінгі ел жиыны басында аз-аздан бастап біртіндеп құралып алды. Басында елемей, байқамай отырғанда жәрмеңке ішіне әлденеше жүздей кісі ерте келіп кіріп алыпты. Содан кейін жәрмеңкенің өз ішінде кернеп тұрған топтың өзі де мөлшерден тысқары көп болғандықтан, сырттан келіп жатқан бесті-онды кісілерді қайта қайырып жолатпаймын десе, теріс болатын сияқтанған. Ондайдың өзімен де шетіне жетіп, шеттігіне ілініп, сылтау іздеп тұрған елді шапқа түртіп қоздырып алуға болады. Қорқақ ұлық осыны есептеп жәрмеңкеге атылып жатқан топты тоқтата алмады. Бірақ не де болса шарасыз, қамсыз отыруға болмайды. Сондықтан, урядник сияқты ұлықтар жәрмеңке басындағы әскер атаулының барлығын пристав кеңсесінің айналасына әкеп жиып қойып, базар маңында жүрген ұлық атаулы, қызмет иелерін де түгелімен Подпороков өз қасына шақыртып алған. Сөйтіп алдырған кісілерінің ішінде қазақ тілмаштары да бар болатын. Бұларды әншейін уақытта, қазақпен қатынас азайғаннан бері күнде шақырып, күндегі керегіне жаратпаса да, осындай қазақ елінің тобынан, көпшілігінен жасқанған күні әдейі іздетіп жүріп қастарына алғызатын жәрмеңке ұлықтарының әдеті еді. Осындай тайлы-таяғын бір араға жиып қамданып болып, енді ел топтары не сөйлеп, нені ниет қылып жүргенін білгізуге қайта-қайта жансыздар жіберіп, ел жағынан іс күтіп отырған. Бұлар күткен істі ел түс ауа бастады. Көшедегі тығыздық елден ерекше. Ине шаншар жер қалдырмағандай. Дүсір-дүсір басқан ауыр салмақ білінеді. Аяңнан артық жүріс жүре алмай, үзеңгі, ер-тұрманымен қақтығысып, қажасқан аттар салмақпен ырғалып, жан-жақтың барлығынан Ақжелке кеңсесін қамап, қоршап келеді. Жиын, иін теріскен, ұшы-қиыры көрінбеген көптік, тығыздықпен кеңсе маңайын қаптап басып алды. Анда-санда әр жерде өзара бірен-саран сөзбен тіл қатысқаны болмаса, көпшілікте әлі де үн жоқ, қасарысып сірескен тым-тырыстық үстінде, қара бұлттай түйілген ашулы ызғарлы топ, қалың қара ордай болып дөңгеленіп, қанаттасып алғанда, кеңседегі ұлық атаулының барлығы баяғысынша тағы да тысқа шықты. Ел бұларды көргенде, бірі үстіне бірі ентелеп кимелеп басып кетті. Ұлықтардың солдаттары бір бөлек жақта қалып, өздерін атты қазақтың қалың тобы ортасына қысып жіберіп алды. Ақжелке бұл жайды маңайына жалтақтап тұрып байқап көрсе де, енді ешбір айла істеуге болмай қалып еді. Сондықтан, не де болса, елдің бетімен кетпек болып:
— Не айтасыңдар? Неге жиылдыңдар? Арыз айтатын басшыларың кім? Неге сөйлемейсіңдер? — деді. Бұларды қоршап алған жиынның алдыңғы қанатындағы кісілері Баймағамбет, Жансейіт, Қартбайлар еді. Барлық өзге топтың ішінен ұжымды, екпінділікпен, ерекше ызғарлықпен де өзгешеленіп шыққан Дөңгелек саз елі болатын. Әсіресе, осы араға жиылған топ сондайлық өрлеген, қатуланған күйде еді. Сондықтан, Ақжелке жаңағы сөзді айтып тоқтасымен бірнеше дауыс:
— Жәмеңкенің сүйегін бер!
— Кісіміздің өлігін қолымызға бергіз!
— Сен жапқыздың, сен өлген кісімізді қолымызға алып бер!
— Абақтыдағы өзге кісімізді шығарып бер!.. — деп көз қызарып, бет сұрланып күре, шеке тамырлары адырайып тұрып бірнеше ашулы жігіттер қатты-қатты сөйлеп жіберді. Бұлардың ішінде Жансейіт, Баймағамбет те сөйледі. Ақжелкені бұл сияқты тұтасқан ашулы шу сескендіріп, шошытуға айналды. Ол өңі қуарып жорғалақтай басып, жағына сөйлеуге бет қойып, көптің айдынына тіктеп қарап шыдай алмай ыға жөнелді.
— Халық, сіздер сөзге құлақ салыңыздар. Ел кісілерін жапқызған жоғарыдан келген бұйрық. Біз ешнәрсені өз бетімізбен істегеніміз жоқ. Жоғарғы ұлықтың бұйрығын ғана істейміз. Қарақолдағы ұлық та бізден үлкен. Айтқанымызды ол алса алады, алмаса қояды. Жәмеңкенің өлгені рас. Бірақ сүйегін бермей отырған бізден жуан ұлық. Оған мен қайтемін?!
— Сен ұстап жібергенсің. Оның айтқанын сен істегенсің. Енді: "Мұндағы ел наразы болып, ереуіл қылып жатыр. Менің тілімді ал, кісісінің сүйегін бер деп Қарақолға қағаз жаз, кісі жібер", — деп Баймағамбет жауаптаса бастады.
— Оған ол көнбесе қайтесің? Менде қайрат жоқ. Оны қайтесің?
— Ол көнбесе, Алматыға телеграм соқ. Мына елдің арызын орындаған дұрыс. Кісісін өздеріне беруді мақұл көремін де! Мына осы елдің барлығының жиылып келген сөзі осы сөз. Біз кісімізді аламыз!.
— Иә, өлтіргендерің де жетеді... Сүйегін бермей отыра алмайсың, — деп Жансейіт бір жағынан қадалды.
— Кісіміздің сүйегін әпер. Ақжелке, ел сені біледі.
— Сен істедің осыны, егер кісіміз тимейтін болса, сен істеді деп білеміз, — деп желке жағынан тағы бірнеше дауыстың қадалғанын байқады. Ұлықтардың барлығы да жан-жақтарына жалтақтап, әрбір сөйлеген кісілердің өңдеріне телміріп есі шығыңқырап қысыла бастап еді. Ақжелке де айтар сөз таба алмай, құр жалтақтауға айналды. Сол уақытта следователь өз тілінде:
— Айтқандарыңды істеймін. Алматыға телеграм соғайық, — деп уәде беріңіз, деп күңк етті.
— Жәмеңкенің сүйегін қолдарыңа беру керек. Бұл бір жаңылыс қате ғой деп ойлаймын. Егер онда бермейміз деген сөз шын болса, Алматыға телеграм соғайық. Бірақ жалғыз мен емес, сендер өздерің де, ел атынан ел кісілері де соғыңдар, бірге соғайық, — деді. Бағанадан Баймағамбет, Жансейіттер мен Ақжелкенің сөйлескен сөздерін дұрыстап құлақ қойып тыңдамай, бір жерден қырпуын тауып соқтығуды, бүлінуді күтіп тұрған ел мына сөзден соң барлық қызулы оты тоқталып бәсеңдеп, сабасына түсе бастады.
— Ақжелке Алматыға телеграм берейік. Жәмеңкенің сүйегін жоғарғы ұлықтан сұрайық. Бермегені теріс деп жатыр, — десіп, соңғы Ақжелке сөзі жұрттың бәрін күбір-күбір, дыбыр-дыбыр еткен дауыстармен бірге оңды-солды жазылып тарап жатты. Соның тарауымен бірге көпшілік қазіргі табысына қанағаттанып, тоқсына қалып, әдеттегі момындығына бейімделуге айналды. Бұрынғы еліріп тұрған ашу, екпіннен қайтып, жүні жығыла бастады.
— Қайтсін байғұс. Бұның шамасынан келетіні сол-ақ шығар.
— Мақұл айтады. Өз қолынан келетінді аямайын десе, одан әрі не қолқа бар.
— Жалғыз-ақ сол айтқанын қазір істесін.
— Қазір, қазір істесін.
— Телеграмын қазір жазсын деп айтыңдар, уа, ана жерде тілдесіп тұрған кім? Қазір істесін сол айтып тұрғанын! — деп, арттағы көп дауыс қайта-қайта айғайлап, осы бір сөзді әлде неше жерден сан кісінің аузымен айтқызып, ұлықтарға жеткізіп жатты.
— Қазір жазбақ, бүгін-ақ жібермек болды, — деген хабарлар қайта шықты. Баймағамбет, Жансейіт те алдарында жүні жығылып жортақтап тұрған ұлықтарды көріп, енді не бұйырарды білмей, дағдарып қалып еді. Сол кезде ұлықтар ептеп-ептеп сырғып кеңселеріне таман қозғала бастап, елге:
— Енді, халық, сен тара. Бұл арада бәрің бірдей үйілгенмен, не түседі? Телеграмға қол қоятын кісілерің қалса болады. Өзгелерің ауыл-ауылға қайта бер. Екі-үш күнсіз хабар келмес. Егер жақында хабар келіп қалса, өзіміз білдірейік деп, - бәрі тегіс кетіп бара жатты. Жансейіт жаңағы уәдеге басында көппен бірге ырза болып, іркіліп қалса да, артынан мыналардың қысылыңқырап тұрған жайымен пайдалану үшін тағы бірнеше тілек айтуды мақұл көріп:
— Онан соң мына абақтыңда жатқан кісімізді де шығар. Олар жазықты емес, ел жазықты. Кінәлі десең, дейтінің барлық ел болу керек. Жеке Серікбай, жеке Ұзақ ештеңені өз жанынан шығарған жоқ. Егер кісімізді берсең, келісеміз. Онда жақсы ұлық боласың. Әйтпесе біз сені кінәлаудан босатпаймыз. Ақжелке, кісімізді бер! — деп айғайлады.
— Иә, кісілеріміз шығатын уақыт болды.
— Сарғайтуың жетті, оларда жазық жоқ.
— Мына осы тұрған бәріміз де жазықтымыз, олар жазықты болса, қылар болсаң бәрімізге қыл! — деп тағы да көп-көп дауыстар жөңкіліп бара жатқан ұлықтардың артынан шұбатылып, созылып естіліп жатыр еді. Бірақ осы сөздер айтылса да, ел кетіп бара жатқан ұлықты бөгеген жоқ, әуелгідей ызғары жоқ. Қысып, ықтырып та әкете алмай, босаңсып бара жатыр. Артындағы елдің көбі бет-бетіне қозғалып жік-жігімен тарай да бастап еді. Сондықтан Ақжелке, қайта-қайта айғайлап жауап сұрап тақымдап болмаған Жансейіттен құтылмақ болып, артына қарап тұрып:
— Ол кісілерді жапқызған жоғарғы жердің ұлығы еді. Жақында тағы да жарлықтары келер деп тосып тұрмыз. Көп ұстамас, босатар деп те ойлаймыз. Олар жайынан шыдай тұрыңдар, асықпаңдар, — деді де, топтан жырылып шығып, ұзай берді.
— Асығатын уақыт болды.
— Қашанғы сарғайып жатады...
— Шығартып бер кісімізді... шығармасаң, ел жақсы ел болып тұрмайды, бұзылысамыз.
— Елдің шыдамы жетті. Енді бұдан арғыны көтерер жайымыз жоқ.
— Бәсе, соны айт... Кісіміз шықса шықты, шықпаса өкпелеме бізге... Ұлық болсаң, тыныштықта ұлық шығарсың. Елге сызың батып, момын жұртты шабақтап ренжіте берсең, көріп алармыз.
— Енді аз күн сынаймыз, көрерміз... Сонда айтқанды істемейтін болсаңдар, байқасамыз сенімен. Ақжелкемісің, көк желкемісің, кімің болсаң, оның бол! — деп қалың жиын айғайлаған, еркіндеген дауысы мен бұрын ешуақытта айтпайтын сөздерінің бәрін де айтып жатты. Бірақ ұлықтар бұның бәрін бірдей өз құлағымен естіген жоқ. Жарым-жартысын естісе де, байқамаған, естімеген кісі болып кете барды. Елдің көпшілігіне осы айғайлар шертіп, сыздап тұрған қалпында дем шығарып, тыныс толас бергендей болып, бұрынғы жалынды кеміте, бәсеңдете берді. Бүгінге арналған ашу іспен шықпай, көп дырдудың айғайы, ащы кекесіні қорқытқан сияқты доң айбатымен шығып бара жатқандай болды. Сондықтан, таңертеңгі ажарына қарағанда, бүгін бір соқтығыс болатын сияқтанса да, жиын ешбір ерекшелік тентектік істемей, ұлықтың жылпылдатқан сөздеріне алданып, жуасып, бәсеңсіп, момын күйде тарады.
X
Көпке берген уәде бойынша, сол күні жәрмеңке ұлықтары Алматыға да, Қарақолға да атаған қағаздарын жазып, телеграмын да беріп еді. Ел кісілері көзбе-көз өз алдарында жазылып, шабаршымен, тығыз поштамен жіберілген қағаздарды көріп, уақытша ырза болып тарасты. Жазылған қағаздың толық сөздерін ел кісілері өзі оқып, анықтап танысқан жоқ. Ел арасында орысша хат білетін қазақтан бір де кісі жоқ болатын. Жазылған сөздердің мәнін көпке Оспан айтып берді. Оған тапсырған, айт деген Ақжелке болатын. Оспан қысқаша мазмұны осы деп:
— Өлген кісінің сүйегін беруді ел сұрайды. Елдің бұнысын орындаған мақұл. Әйтпесе ел наразылығы күшейетін көрінеді. Бүгін жәрмеңке басына әлденеше мыңдай кісі жиналып келіп, бізден осыны түгел сұрады. Айтқандарын үлкен ұлықтың еске алып, орындауын тілейді. Шарт қылып қояды. Әйтпесе, үкіметке наразылық көрсетуден үлкенірек те іс істеуден тайынатын сияқты емес. Абақтыға алынған кісілер туралы да босатуды сұрайды. Осы туралы бұйрық істеуді, жол көрсетуді сұраймыз деген. Телеграмның анық толық сөздері осы еді. Бұның ішінен Оспан, елге құрық берерлік, қолайсыз көрінерлік сөздерді шығарып тастап, елмен бірге жәрмеңке басындағы үкімет қызметкерлері де Жәмеңкенің сүйегін беруді сұрайды деп қысқаша тойтарып қана аударған. Осыдан соң төрт күн өткенде, Қарақолға Алматының жауап бұйрығы келді. Қарқарадан жіберілген телеграммен бірге сол күндерде, келесі күндерде де Алматы ұлықтарына Қарақол Қарқара жағынан әлденеше қосымша хабарлар барып жатқан. Елдің бәрі бірдеңені күтіп жүр. Бір белгілі уақытта соқтығуға қамданып, дайындалып жүрген сияқты. Абақтыдағы кісілеріне ғана жалтақтап бөгелгендей, егер олардың отыруы созыла берсе, я оларға істелді деген бір жазаны естісе, жалпақ ел тұтас ереуілге шығатын сияқты. Қазіргі қазақ елінің анық жайы осы деп күн-күн сайын осыған ұқсаған қосымшаларды Қарқара, Қарақол екеуі де дүркін-дүркін жеткізіп жатқан. Облыстық қаланың ұлығына осындай мағлұматтарды жеткізумен қатар, жергілікті кеңселер соңғы уақыттағы үкімет саясатының анық бетін түсіне алмай, әр алуан жарлық күткендей болатын. Бір есептен жаз ортасынан бергі бетке қарағанда: қырғыз, қазақ сияқты мол жерге ие болып отырған жабайылар, көтеріліс ереуіл жасаймын десе, жасап көрсін. Кішкене еркіндетіп жіберіп, кінәні өз мойнына артатындай, ұпай салып алып, өздері істеген істі өздеріне кінә қылып, қатты қырғын ашу керек. Бостырып тоздырып, тұқымын құртып жіберіп, олар отырған шұрайлы жердің барлығын қазынаға алу, қалаған кісіні отырту керек. Сондықтан, бұл елдер көтерілісті ойласа ойласын, істесе істесін. Бүлінеді, жарылады, үкіметке жауығып қарсылық ойлайды деп сескену, қорғану керек емес. Қайта астыртын шабақтап, сондай қимылға өздерін айдап салу керек. Көпке білдірмей, сездірмей, отырып түртпек салып, шапқа түртіп ашындыру керек те, содан кейін істеген қимылына қарап тұрып, бас салу, талқан қылу, орнымен жоқ қылу керек дейтұғын. Жаз ортасынан бері уездегі ұлықтар мен солардың аудан-ауданға шығаратын приставтары да жиырма бесінші июнь жарлығымен қатар естіген үлкен сарын сол еді. Басы солай делініп басталған соң, мұндағы ұлықтар сол бетпен екіленіп, жаланып "шаш ал десе, бас алып", алдияр деп алып-ұшып тұрған. Бірақ бұлар қазақ, қырғыз ішін ойрандап, бүлдіріп, жындай құбылған жаманшылықтарды істей тұрса да, соңғы уақыттарда алғашқы бетпен нұсқаған жаңа, тың бұйрықтар болмады. Алғашқы сөз, әуелгі бет бар ма, жоқ па, оны да анықтап білмейді. Оны айтыспайтын сияқты болып барады. Бұл әуелгі белгіленген нысана осы деп: бір жағынан қазақ, қырғыздың қалың елін әр алуан орынсыз бұйрық, өрескел зорлықпен шапқа түртіп ашындырып отырып, қыңқ еткен басшыларын тізіп шұбыртып, абақтыға салып жазалап отырып, сонымен бірге маңайдағы өзімен кездескен, алдарына келген казак-орыс, крестьянға да жаңағы өздері ойлаған ниетті ұғындырып, иландырып тұратын. Сол бетте баулып, аңқау, момын тату елді әдейі орталарына от салып араздастырып, ушықтырып, біріне-бірін жау қылып көрсететін болған. Бұл беттегі істері де далаға кеткен жоқ. Ең алдымен казак-орыстар бұл шырғаға оңай келіп, баяғыдан ұлықтың атарманы болып қоқақтап қалған әдетпен қазақ елін жауша бөріктіріп, үркіте қимыл қылатын болды. Бұлар қазақ-қырғызға беттегелі, тап бергелі кескекті аюдай кіжініп тісін басып дайын отыр. Пісіп толған, дайындалған істің бір тарауы осы түрде. Бұл саналғандардан басқа тағы бір түйін, тағы бір жақсы шиеленіскен тұзақтай болып елдің басшылары түгел қолға түсіп отыр да, арасынан Жәмеңкесі өліп, оның сүйегін бермеу керек деген ақыл табылды. Өкіметке берсе де, бермесе де бәрі бір болар еді. Бірақ елге бәрі бір емес. Оған бермей қойса, шынымен кектендіріп, өшіктіреді. Көр бала, аңқау ел соған да шабына от түскендей тулап, тағы да кінәға, айыпқа қарай аяңдап, бұрынғының үстіне тағы да белшесінен бата берді. Сол елді қоздыратын, құтыртатын іс болуға жараған соң, Жәмеңкенің сүйегін беру деген әңгіме де жәрмеңке басындағы Ақжелкеден бастап, Қарақолдың ұлығына да, одан әрі Алматыдағы үлкен ұлықтарға да недәуір үлкен, келелі, негізді мәселе сияқты көрінді. Аяғында Алматы ұлығы бұл мәселені шешті. Шешкенде, бұл күнге шейін соңғы уақыттағы бағыт, саясат туралы толық хабар ала алмай, алғашқы қара дүрсінмен келе жатқан жергілікті ұлықтарға бет нұсқап, бағыт бергендей болып шешті. Ол әуелі Жәмеңкенің сүйегі берілмесін деген. Екінші, елдің бүліншілігіне бастық болған басшылар абақтыдан босамайды. Олар кепіл есепті. Егер ел осы күндерге шейін бұзықтық, бүліншіліктен тыйылмаса, абақтыдағы кісілері түгелімен ұлы жазаға тартылсын. Бірін қалдырмай жоғалту керек, қазаққа, қырғызға, тараншыға да барлығына да істейтін іс осы. Егер содан әрі ел көтерілісі болатын болса, оны да аямай, өз қолдарындағы барлық күштерді жұмсап, еріксіз бағындырып, басып мойындатып алыңдар. Ешкімді де аяу керек емес. Қандай қаттылықтан болса да қорғанбау керек. Оның үстіне қазақ, қырғыз орыстың крестьян, казак-орыс сияқты тұрғын көрші еліне залалын тигізіп, малын алып, қаласын өртеп, кісісін өлтіріп тұрғаны бар деп естіледі. Ел -елді аралауға шыққан қызмет адамдарының өлгені бар. Керек десе, поштаға, әскери бозға да шабуыл жасағандары бар дейді. Бұл — қалың елдің ашық жаулық жолына шыққаны. Ондайға аяныш, рақым кешірім деген нәрсе болуға жол жоқ. Аянбай, іркілмей отырып тентекті жуасытып, асауды көндіріп жөнге салу керек. Бұл күнге шейін істелген бассыздықтың кегі күшті болу керек деп, неше түрлі сырларды ақтарып, көмескісінің бәрін анықтап жер-жердің ұлықтарын біржола қайрап нығыздап, екпіндетіп іске кірістіру үшін, Петербордан ел қарсылығымен алысуға келген кәрі жандаралдың сол күндерде барлық ұлық арасына жайылған белгілі қатал сөздері тіркелген екен. Осы өмірдің өзі де сол жандарал атынан шығыпты. Соның облыс әкімдеріне тапсырған бұйрығынан туыпты. Әмірдің өр жерінде жандаралдың тапсыруын, бұйрығын атап-атап келіп ең аяғында: — "орыс қаны тамған жерде ешбір бұратана ел тіршілік етпесін" деген кәрлі сөзін құран сөзіндей қылып, туға байланған ұрандай қылып келтіріпті. Қарақол ұлығы бұйрықты алысымен-ақ, уез прокурор бастаған әскери кеңес жасап, ортасына абақты ұлықтарын, қарулы солдаттардың бастықтарын алып отырып, абақтыдағылар жайында көп жасырын сөздер сөйлесті. Байлаған сөздерін кешіктірместен орындатпақшы болды. Бүгін таңертеңнен бері қазақ камерасындағы тұтқындар іштен де, сырттан да ешбір хабар ала алған жоқ. Жалғыз-ақ әкеп берген тамақты ғана алды. Ешқайсысын тысқа шығарып, бөгде кісімен тілдестірген жоқ. Күні бойы абақты маңына қазақ, қырғыздан ешкімді жолатпай зекіп, қорқытып қуып жіберіп тұр. Тегінде соңғы уақыттарда қалаға босып келген крестьяндар көбейгеннен бері қарай қазақ, қырғыздың бос дала адамы көшеде емін-еркін жүре алмайтын да болған. Жақында қырғыздың жаулығын көріп, не өздері жаралы болып, не туған-туысқандарынан айрылып келгендер болса, көшеде қазақтың, қырғыздың түсін көргенде ақырып, боқтап, жабылып қуып, сабап, кей біреулерді тобының ортасына әкеліп кергілеп өлтіріп те тұрғандары болған. Сондықтан, Ұзақтарды күтетін жігіттер жаннан кешіп қана еңбек қылып жүр еді. Бүгінгі абақты ажары күндегіден де қатайыңқырап, бұзылыңқырап тұрған соң Ұзақ, Әубәкірлер абақтының өз ішінен бірдеме сыбыс естімес пе екеміз деп байқап еді. Ол талаптарынан да еш нәрсе шықпады. Камірлерінен шығармай, өзге тұтқындармен араластырмады.
— Бүгін осы абақтының сұрқы жаман. Қалай болайын деп тұр бұл?! — деп көптің іштей жүдеген күдігін Кәрібоз қария сыртқа шығарды. Әлденеден таңертеңнен бері бұның бойы ауырлап, жер тартып тұрғандай, сонымен бірге көңіліндегі талайғы салмағынан жеңілейін дегендей, бір ерекше лепілдеген елгезектің белгісі де байқалған сияқты. Сыртқы қабына ішінің кеңдігі сыймағандай.
— Сұрқы бұзылып тұр, бірақ не шара?! Не қылмақ керек, — деп Тәке өзге жолдастарына қарады. Жұрттың бәрінің жүзінде қатты күшейген қауіп, күдік белгісімен бірге "не боламыз, не күйге ұшыраймыз, бұның арты қайда апарып соғады?" дегендей жұмбақты сұраулар білінуші еді. Тұншықтырғандай белгісіздік Ұзақтың шыдамын тауысқандай, буындырғандай әсер етті. Сондықтан ол есік тесігінен қарап тұрған солдатқа:
— Ей, бізді неге бүгін шығармай қойдың? Сырттан келетін кісімізге неге жолықтырмайсың?! — дегенде, екі көз аз сықсиып кішірейіңкіреп тұрды да, есіктің ар жағынан:
— Сағат алтыда манифест болады, — деп сырғып тайып кетті. Сықсиғаны күлгені ме болмаса "осыным шын" деп ымдағаны ма, отырған жұрт ұға алмай қалды. Бірақ көздің жөні бір басқа, бәрінен де айтылған сөз құбыжықтай, ажалдай дүрк шошытты. Әубәкірдің денесі ұйып, талықсып кеткендей болды. Өңі де қуарып, қатты сескеніп үркіп кеткеннің белгісін көрсетіп тұр еді.
— Бұның айтқаны бір сұмдық қой. Енді "қош" дегеннен басқа не қалды?!. Қария, иман айта бер! — деп Кәрібозға қарап шалқайып барып қабырғаға сүйене кетті. Осының артынан Кәрібоз әрбір қауіп үстінде істейтін әдеті бойынша сүре "ясинды" оқи бастады. Дауысы күбір-күбір етіп бір үзіліп, бір естіледі. Жыртылып шыққандай тамағы кебірсіген сияқты. Ешкімнен ешбір ауыз сөз шыққан жоқ. Барлық жұрт жым-жырт сілейіп қатқандай, дене тіршілігінен айрылып құр тана болымсыз бұлдыр қалғандай. Әубәкір алғашқы қабырғаға сүйеніп қалған қалпында әлі де тастай қатып қалшиып қалды. Өне бойы өзінікі емес, бөтен бір бұйым сияқты сезіліп: өзі қайсы, дүние қайсы екенін айыра алмай, түгел араласып, ұласып кеткендей, бір шатасқандық, күңгірттік байқалады. Өзгенің бәрінен бұның үркуі күштірек, ерекше сияқты. Қалған жұрт соны байқағандай болып, Әубәкірдің алдын ала ұсынғанын жаман ырым сияқты көрісті. Бұл жай біріне-бірі сөйлеген сөзбен, тілмен білінген жоқ. Бір-бір ғана қарасқан көзден, тынышсызданған қабақтан ұғылғандай еді. Қазіргі, үлкен қауіпті күту үстіндегі жым-жырттық, бұл адамдарды ерекше сезімді қылып, елбіретіп, жеңілейтіп тұрғандай. Дененің бір ғана қозғалысы, беттің бір әжімінің болымсыз ғана бір жыбыры болса, соған шейін, отырған жұрттың бәріне бірдей түп-түгел танылып, оқылып қойғандай болады. Келешек белгісіздік сағатты ыстық қанды денемен, барлық сезімді жүйрік жанменен түгел ұсынып құлап күткендіктен, мына жым-жырттықтың ішінде бұл адамдардың тілдері сөйлеспесе де бірі мен бірінің жаны ым қағып, белгі берісіп жай-күйді танысып тұрған сияқты. Сондай маңайдағы болып жатқандарды бұлжытпайтын қырағылық, ерекше күйшіл сезімділік Әубәкірдің қазіргі жайын бұларға әдемі танытқан. Бірақ қазіргі сағатта отан бұлар берер қайрат жоқ. Үйретер ақыл да жоқ. Соны көппен бірге сезіп отырған Нүке, Әубәкірді не де болса қазіргі халінен түртіп шығарып жібермек болып:
— Балдызыма еркелейінші, — деп келіп, Әубәкірдің тізесіне басын салып жантая кетті. Бұл қозғалыс ойланғанындай әсер етті. Әубәкір қорқыныш түспен араласқан ұйқыдан оянғандай, жымиып есін жиды да, шынымен еркелеткендей болып жездесінің бетін сипады. Бой жылынып, жаңадан жан жүгіргендей болды. Ерекше сезімділікпен, емеуріннің, жұмбақтың сағаты бұларды баладай ағартып, аңқауландырып тұр. Бәріне де тазалық қанатын бітіргендей... Сондықтан мына екеуінің істеген балаша мінездері ешкімге жат та, өрескел де көрінген жоқ. Дәл қазіргі халдеріне сол қажет, сол тәтті сияқтанды. Осымен бір жарты сағаттай өткенде, есіктің сыртында сарт-сұрт дыбыстар шықты. Асығып ерсілі-қарсылы қақтыққан көп кісінің дабыр-дүбір жүрісі естілді. Көмірдің іші толған жұрт, түгелімен селк етіп шошынып, есікке жалт-жалт қарады. Сол-ақ екен келесі секөнтте барлық абақты іші дозақ үніндей жат суық үн шығарып, көп мылтық дауысы күрс-күрс, батыр-бұтыр естіліп қалды. Кәмірдің іші дәрі мен ажал иісіне толып бара жатты. Көрші көмірлердан өкірген, алас ұрған, абақтыны басына көшірген неше алуан жалынышты да, кекті де, дертті, жаралы да айғайлар, шулар естілді. Қазақ кәмерінде нар үстінде отырған жұрт басында біріне-бірі ұмтылып бір араға үйіліп, біріне-бірі сүрініп жығылып, аяғында жан-жаққа шашырап тарай бастап еді. Алыстан жалынған, өкірген, сыйынғандардың дыбысы келеді. Оқ тиген, өлімге қарай бас игендердің ақырғы ыңырануы, қарғысы естіледі. Осы уақытқа шейін қазақ кәмері аман сияқты еді. Бір мезгілде бағанағы қараған көз қайта айналып бір сығалап қалды да, қасындағыларға ақырып әмір етті. Сонымен бірге есіктің тесігінен үш-төрт, бесатардың ажал иісті көк мойындары кәмір ішіне жылмаң-жылмаң кіріп алды. Кіре бере үзілмей тасырлаған дауыстарымен бірге жарқ-жұрқ еткен көкшіл қызыл оттарын шашып, бұрқ-бұрқ түтіндерін шығарып, онды-солды қайшылап нар үстіне оқ жауғыза бастады.
— Алла, алла!
— Аруақ, иә, аруақ!..
— Қош, қош!..
— Иә, Райымбек ата!.. Сақтай көр, я, құдай! — деген неше алуан үркінішті, жалынышты, шошыған айғайлар қазақ кәмерін де басына көтеріп, мылтық тілімен бірге әлсіз үндерін үзбей жатты. Алғашқы оқтармен бірге кәмір үстіне ұшып-ұшып бүктетіліп-бүктетіліп түскен денелер де бар еді. Олардың бәрінің де үні бір-ақ өшкендей. Жалғыз-ақ бір екеуінің ғана дауысы:
— Уу-Һ... уу-һ... жа... не... м. Жа... не... м... алла... алла! — деп үздігіп қана естіледі. Кейбір оқ тиген денелер, жатқан жерінде ыршып-ыршып түсіп, бір сіресіп, бір жиырылады. Онды-солды аунап, бүктетіліп, шиыршық атып жатқаны да бар. Нар үсті жосып сырылдап аққан қан болып кетті. Кейбіреуінің кеудесінен, маңдайынан атқыған ыстық қандар айналасының бәрін бояп, шапшып жағылып жатыр... Мылтық тоқтамай, толас қылмай күрсілдеп, дозақ күнін тудырып тұр. Бірақ, кәмір іші тұтасқан көк түтін болып кетті де, енді тар тесікке қадалып тұрған көздер кемір ішіндегі адамдардың өлгені мен тірісін анықтап көре алмайтын, түгендей алмайтын болды. Бұл уақытқа шейін өлген кісі нар үстінде жатып қалған жеті-сегіз. Қалғаны жаралысы бар, аманы бар алғашқы атылған мылтық дауысымен бірге еденге домалап жығылып түсіп, содан нар астына қашып-қашып кіріп кетіп еді. Бұдан қалған үшеу-төртеуі есіктен тасарақ, қиысырақ тұрған пештің жанына келіп тығылған. Бұл арада тұрған Сыбанққұл, Әубәкір, Ұзақ. Әубәкір мен Ұзақтың бойынан қан саулап тұр. Өне бойлары ып-ыстық болып әлде қандай қызумен қайнағандай. Мылтық барлық абақты ішінде әлі де үзілмей батырлап тұр. Тесіктегі көк темірлер біріне-бірі соқтығып тар тесікте қысылып онды-солды айқасады. Жоғары да, төмен де үңіледі. Әрбір қозғалысымен бірге қызыл от жарқ-жұрқ етіп жай отындай жаланып, буын-буын түтін де бұрқ-бұрқ шығады. Әрбір жат дыбыспен бірге, әзірше шыбын жаны шықпаған тұтқындардың қорқынышқа толған кеудесінен:
— Иә, құдай, иә, аруақ!..
— Ақсарбас, ақсарбас!
— Шынымен біткеніміз бе?
— Қырылғанымыз ба?! Алла, алла! — деп жасқанып, шошынып тұрып, үзіп-үзіп айтқан жалыныш, арман тілі шығады. Осымен бес минөттай уақыт өткенде абақтының түкпір жағындағы мылтық дауыстары шұғылынан тоқтай қалып, сол жақтан, коридорға қарай, ақтарыла шулай жүгірген қалың айғай-шу естілді. Бұл жақта көп қырғызды қамаған үлкен кәмері бар еді. Дыбыс солардың жаңағы жақтан шықты.
— Бостандық, бостандық!... қыр, жой!..
— Жастығыңды ала жат!..
— Атаң кәрі!..
— Кет, көзіңді жоғалт!..
— Қыр, жой!... Иә аруақ!... Иә бабам! — деген қалың айғай-дырду есітілді. Мылтықтар тоқтап, басылып қалды. Суық қару құр ғана қашқан қолда сатырлап, босып бара жатқан сияқтанды. Бұл кезге шейін қазақ кәмеріне қадалған үш мылтық әлі де ажал белгісіндей болып сұғын қадаудан тоқтаған жоқ еді. Сырттағы дауыс пеш жаныңда тұрғандарға алдымен есітіліп, тезінен қайрат беріп, ақырғы дәрменін қарсылыққа, алысуға қарай айдағандай болды.
— Өлсек қарсыласып өлейік, аянатын не қалды... Енді ұмтыл! Ұста ана мылтықты! — деп Ұзақ айғай салып жіберіп, есікке қарай тап берді.
— Бәсе, енді не қалды? Иә, аруақ!.. Иә, құдай! - деп келіп есіктен сұғылып тұрған мылтықтарды қабырға жақтан жағалап келіп төмен қарай жұлқып-жұлқып келіп тартып қалды. Сол арада коридор бойынан жосып қашқан көп солдаттармен бірге бұл кәмірдің алдында тұрғандар да мылтықтарын тастай-тастай қаша жөнелді. Осы кезде нар астында қалған бірен-саран да сүйретіліп шығып, алдыңғыларға қосылып қалып еді. Солдаттан кәмер маңы айыққан сияқты болды. Коридор бойында жөңкіліп, шулап, тарс-тұрс жүгіріп келе жатқан тұтқындар болатын. Осы жайды шала-пұла түсінумен бірге кәмірдің ішінде қыбырлауға шамасы келген жандардың барлығы да енді есікті бұзып, шыбын жанын қасап үйінен сүйретіп шығуға кірісті.
— Бұз, есікті!
— Қират мынаны, суыр ана нардың тақтайын! - деп біреуге біреу әмір етіп, қолына түскен нәрсемен тақтайлы есікті тарс-тұрс ұра бастады. Нардың үлкен тақтайын өзгеден бұрын Әубәкір суырып алып еді. Бұның қазір де арқасы оттай жанып ысып жүрсе де, бойын жеңіп құлатып әкетіп бара жатқан ауыртпалық жоқ. Дерт білінбейтін сияқты. Сондықтан барлық дәрменімен үлкен тақтайды құлаштап көтеріп әкеле жатып:
— Үштің бірі тіл дегенің қайда?! Он сегіз кісіден бірді шығармаймысың, а, құдай! - деп, әлі күнге міз бақпай тұрған тастай суық құдайына шынымен өртеніп, наразыланғандай болып, ақырып келіп: — Иә, Райымбек ата! Иә, аруақ! — деп есікті қалың жалпақ тақтаймен түймештеп қойып-қойып жіберді. Әрі жас, әрі қарулы, денелі Әубәкір өзіне оқ тисе де, қайратынан айрылмағандай қажырлы сенімді сияқты еді. Бағанадан бұның бойын ұйытып, жеңіп, басып тұрған жайын қорқыныш, енді қайнаған ашу мен ызаның астына түсіп жоғалып кеткен сияқты. Сау денені тесіп кірген оқ, сол денеден шығарған ыстық қанымен бірге, ең алдымен бұндағы адамдардың ішіндегі қорқыныш, үркектікті де ала шыққан сияқты. Әубәкірмен бірге Сыбанқұл, Ұзақ та есікті бір-бір тақтаймен тарс-тұрс ұрды. Топса шықылдап, шегесінен шығармай, қобырап кетіп бара жатты. Кішкене қаланың жөндекілеу болып салынған абақтысында соншалық сенімді мықтылық, үлкен беріктік жоқ еді. Әйтеуір өлетін болған соң қарсыласып, алысып өлу керек. Сонда ғана шейт боласың деп ертеден көп айтысып, нық сеніскен көңілмен кәмір ішіндегі шамасы бардың барлығы тұтқын есігіне барлық күштерін салып еді. Аяғында Әубәкір бес-алты салып қалып, енді тағы да алғашқыдай екпінмен екіленіп келіп тағы бір-екі рет үсті-үстіне түйіп-түйіп жібергенде, қара есік шалқасынан қисая барып, құлай кетті. Денесін сүйреуге шамасы бардың барлығы да:
— Иә, ақ сарбас, иә, тәңірі, бере көр! — деп, шу-шу етіп, алдыңғы босап шыққандардың арты коридордан арылғанын бұлар да жосылып сатырлап қашып жөнелді. Бірақ абақтының өз ішінде солдат болмаса да, тыстағы үлкен қорған ішінде әдеттегі күзетте жүрген қарулылар әлі де бар еді. Абақтының өз ішіне кіріп, кәмірлерді атқылаған солдаттар алғашқы қырғыз тобы есікті бұзып шығып, қалың селдей болып өздеріне қарай қаптағанда, есі шығып босып жөнелген. Арасында қару-жарағынан айрылып қалғаны да бар еді. Өздері қырып, қан жоса қылып, өлтіріп тұрса да, сол өлімге айдап тұрған топтар беті-басы қан болып, ажал таңбасын басып алған пішіндерімен өздеріне дүрк жүгіргенде, солдат атаулы: көр ішінен қопарылып көтеріліп келе жатқан кекті көргендей, жайын жүзді суық қайратты көргендей болып, қарсы қарап тұруға шыдай алмай, ытып жөнелген. Солардың алды босып қашқан тұтқындармен бірге шытып, есін жиып алып, қайтадан қаруланып та қалып еді. Сондай-сондайлардан құралған он шақты мылтық абақты үйінің ар жағына қарай шашырап шығып, дуалдан секіріп шығамын деп, тырым-тырақай қашып, қарбаласып жатқан тұтқындардың бірталайын әлі де атып жығып, қанына шомылдырып жатқан. Қазақ кәмірінен шыққан қашқындар дәл осы кезге келіп ілінді. Бұл уақытта күн кешкіріп, қала ішіне ымырт қараңғысы кіруге айналған еді. Егер қазіргі тосқауылдан аман-есен шығатындары болса, бірдеме қылып жалтарып, қашып көруге сол бір сүйеніш сияқты болатын. Әубәкір өзі қашумен бірге Ұзақты да қолтығынан ұстап сүйрей жүгіріп келе жатқан. Бұлар шыққан мезгілде дәл абақты есігінің алдында тұрған солдат жоқ екен. Сол жақта дуалдың ең жақын жерінен жаңа тана секіріп кеткен бір тараншыны көздері шалып қалды да, соған қарай жүгірісті. Сыбанқұл Әубәкір мен Ұзақтың артында еді. Жүгіріп дуалға жете бере, Ұзақты қолтығынан, аяғынан көтеріп дуалдан асырып тастап, Әубәкір енді өзі секіруге айналғанда, арт жатынан бұларға қарай кезелгендей болып тарс берген мылтық дауысын естіді. Сол кезде жан ұшырғандай болып Әубәкір дуалдың үстіне шыға бере, ар жағына құлай домалап түсті.
— А-һ-һ... Қалдым... Мен... Қош!.. — деген сөздерін ғана естіді. Оған оқ тиіп шалқасынан серең-серең етіп барып, аяғында жиырылып, бүктетіліп құлап қалды. Дуалдан түсісімен Әубәкір Ұзақты қайта ұстап көтеруге айналып еді, оның қозғаларлық жайы болмай қалған екен. Аяғын баса алмады. Алдында бойынан атып жүрген қанның өзі де бұған меңдеп, дене тауып тиген оқтың барлығын білдіріп жүреді. Бұл уақытқа шейін ерекше шыдамдылық қылып, тістенген тарамыс қайратпен ғана зорға сүйретіліп келген екен. Оның үстіне дуалдан құлап түскен уақытта қартаң дене оқыс жығылып, мертігіп, әлсіреп қалыпты. Қазірде өлімге бой ұрғаны ма, жоқ талғаны ма, әйтеуір өңі көгеріп, тіршілік ажары кетіп, бойы суынып кетіп бара жатты. Жүруге біржолата жарамайтын сияқтанды. Сол күйде Әубәкір арқалап, сүйретіп әкетпекші болып еді, өзінің де жайы кетіп, басы айналып, ішіндегі дерт теңселтіп жығып бара жатқанын байқады, Ұзақпен бірге сүлдері құрып, жығыла кетті. Басында қалған ақырғы сезім Ұзаққа жолдастық жайын ұқтырғандай болды. Ол:
— Уһ... Біткенім осы ғой!... Бар енді... Қош!... Албан баласына тірі қалсаң, сәлем айт... арман жоқ... ел үшін... — деді де, көзін жұмып қайта талып кетіп бара жатты. Сол уақытта сатырлаған мылтық даусы жақын жерден тағы естіле бастады. Енді көшеге шығып атқылауға айналған екен. Кідіруге орын қалмады. Әубәкір: - Қош! Қайран Ұзақ!.. жамандығым болса кеш, жарқыным! - деді де Ұзақтың бетіне қарап сырғып жөнеле берді. Ақырғы рет Ұзақтың кірпігі қозғалып, ымменен иек қатып қоштасқандай болды. Әубәкір жақын жердегі дуалдан дуалға секіріп отырып, алдында өзінен бұрын қашып шыққан екі тараншы, бір қырғызға қосылып төртеу болып алып, бір қорадан бір қораға түсіп, абақты маңынан ұзап кетіп бара жатты. Бұлар сол түні бір иесіз үйді тауып алып, аз ғана бекініп отырып есін жиып, ел әбден жатқан соң, қаланың адамдарынан ұрланып жасырынып жүріп отырып, қашып берді. Көшеде келе жатқандарында үрген ит естерін шығарып састырып еді. Бірақ ит дауысына шыққан қуғыншылар болған жоқ. Иттен соңғы бөгет қаланың көше-көшесіне көлденеңдетіп тартып тастаған неше қатар арбалар, қала сыртында айқыш-ұйқыш қып қазған орлар болды. Осыған қарап қашқындар бүгінгі оқиғаның ішкі жайын толық түсінді. Бұл қала, маңайындағы елдің шабуылын, жаулығын күтеді. Сондықтан мынадай бас қорғайтын қамдар істеп, қаласын буып, түйіп дайындатып отыр. Абақты ішіндегілерге істеген қатты жаза да содан.
— Әттең, сол күткен жауы неге келмеді? Неге кекке кек, қанға қан ағызбады? Не маңғаз, не қасқа жайсаң жусады ғой... мынау ұлық, мынау дұспанның сұмдығынан. Әттең!... әттең! - деген арман шықты. Жау қолынан құтылып далаға шыққан соң қырғыз, қазақ, тараншы демей төрт қашқын, далада отырып, бірге туған бауырын жоқтаған туысқандай болып, осындай жалынды армандарын айтып отырып, ботадай боздасты.
XІ
Қарақол қырғынының хабары Қарқараға жеткенде, қалың елдің қан жиынының ортасына зеңбірек оты түскендей әсер етті. Жат хабар жайлау-жайлаудың барлығына кешке жақын бір мезгілде тиіп еді. Ел ерсілі-қарсылы шабысып, кешкі жайылыста жүрген жылқыдан дамыл-дамыл топ-топ ат, айғырлар ұсталып, ерттеліп жатты. Енді қырылу, қыру, қолға түскен ұлықты қолма-қол бауыздау, қанды қанмен жуу, сонымен бірге бұл араны мекен етпей, талақ қылып, барлық өткен дәуірге, баяғыдан бергі момын тіршілікке қош айтып, ауа көшу. Тез-тез кек алып, кезіне келгенді өртеп жосып жөнелу, ендігі қалған ажарсыз күннің, адыра қалған күннің барлық қамы да, тілегі, мұраты да соған арналды. Сондықтан, еркек атаулы ат ұстап, найза баптап, мылтық оқтап, айбалта, сапы қаруларын ыңғайлап, дайындап жатқанда, әйелдер үй ішінің жүгін жеңілдетіп, бөлек-салақты азайтып, өте керек болатын аспаптарын тана бір-екі тең қылып буып, өзге бұйым атаулысын қайда тастарын, кімге беріп тапсырып кетерін білмесе де, енді керексіз, талақ болған дүниедей көрісе бастады. Үйдегі бөгет болатын ұлы дүниеден басқа далада жүрген тірі қазына, аяқты малдың өзінің де қаншасы бұйырары, қаншасы қолында қалары белгісіз. Үйткені босқан елдің алдын көріп отыр. Асының қызыл бөрігі артынан қуған әскерден бөксеріле, асыға қашатын болған соң, қоралы қой, топты сиырларының талайын, талай жерге шашып, иесіз тастап кетіпті. Жасы үлкен қария, үлкен басты еркектер болсын, қару ұстаған жас-желең, бозбала, қатын-қалаш, бала-шаға болсын — бәрінің аузында қайта-қайта айтылатын бір-ақ сөз:
— Дүниенің бәрі де — жан садағасы. Мал да, жер де аманшылық, тыныштықта, ер азаматтың аманшылығында жақсы шығар. Олардың басына күн туған соң дүниенің, қазынаның, мал-мүліктің не керегі бар десетін. Бұл ниеттің жолында баласы солдатқа ілінетін де, ілінбейтін де, бөрі де бірдей жұмылған. Қазіргі уақытта Түңғатар, Дәулетбақтай бірен-саран малын қимаған, тоқтығын, тыныштығын қимаған байлар болмаса, яки Оспан сияқты ұлыққа тығылған тілмаштар болмаса, өзгенің аласыз, алаңсыз бірлігі бар-ды. Белгісіз үлкен, қиын сапар бар деп бір әкенің баласындай, бір үйдің ішіндей буынып, түйіліп дайындалған ел. Бірі білгенді бірі білді. Үлкен білгенді бала білді. Біреудің сөйлегенін жұрттың бәрі де сөйледі. Осындай бас-аяғы бірдей халдің үстінде тұтасып жұмарланған елдің ортасында тым болмаса бірде-біреу болса да терең ауып көшіп кеткенде баратын жердің жай-күйі қандай, көп елді бөтен ел сыйғыза алатын бейіл бар ма? Кеңдік қандай? Ондайдың ешбірін де білмейтін, хабарсызды. Бұны көп те білмейді. Көп ішінде керек десе жалғыз-жарымды некен-саяқ адам да білмейді. Басында тіпті бұлай қыспаққа алатын болса "ауамыз" деген сөз сөйлеген кезде, "қалмаққа барады екеміз, онымен Ұзақ жақсы екен. Үш жылға молынан сыйғызып сақтап шығам", — деп айтады дескен сөздер осы күнге шейін елдің кәрі-жасының малданып жүргені сол ғана сөз. Бұны сынайтын, өрескел дейтін, күдікке алатын кісі жоқ. Ондай айтушы болса, елдің біріккен тілеуін бұзушы, көпшілікті ірітуші есебінде танылады. Бұлардан басқа елде көптің байлаған ісіне, көптің жұмылған ниетіне сын да, шек, шүбә да жоқ. Тас түбіндей нық байланған. Шегеленіскен. Өл деген жерде өлісу, отқа түс деген жерде ойланбастан, айналмастан отына да түсуге қалың топ шынымен-ақ дайын сияқты. Жәмеңке хабарынан соң үш-төрт күннің ішінде жәрмеңке басына елдің қалың тобы барып қайтқаннан бері қарайғы қалың көпшіліктің жай-күйі осындай еді. Бұл күндерде бұрыннан бері атына, абиырына иә, тіл, не, беделіне қалың ел болып бас иіп мойындайтын басшы жоқ. Ондайлардың барлығы да тұтқында, жазада. Бірақ сондайлар жоқ болған сайын елдің қалың тобы ру-руы болсын, болысы, жайлау-жайлауы түгелімен біріне-бірі жамырасып, біржолата ішек қарны араласып, шынымен қанат жазып тұтасып кеткен сияқты. Ендігі бірлік, тұтастық басшылар арқылы ғана туған тұтастық емес. Нағыз қалың, мықты көптің өзінікі, еркек, ұрғашы, кәрі, жасты түгелімен бір араға жиған, шоқтай иірген бір-ақ ұран, бір-ақ қара өзекті қақ жарған, намыс тіліндей тілек бар. Сондықтан ел-елдің арасындағы қатынас бұрынғыдан да күшті. Екпінмен қызу екіленіп дайындау, күтіну де бұрынғыдан сонағұрлым тәртіпті, не ісіне болса да шапшаң. Қозғалыстың, қимылдың барлығы да жылпың қатып, ұршықтай үйіріліп, танымастық тездікпен құлдырап тұрған сияқты. Кең, момын, болпаш, салғырт-салақ жайлау бұл күндерде бой жасаған баладай. Бұрын еш уақытта көрсетпеген отын көрсетіп, екпіндеткен жалынымен ұшқындап алағызып тұрған сияқты еді. Сол күйдің үстіне Қарақолдың сұмдық хабары жетісімен-ақ, ел жылап, сықтап шошынып үркіп босаңсудың орнына, бір-ақ сәттің ішінде тастай қатайып, ашумен, кекпен жанып ширап алды. Сол түні-ақ жүз-жүздеген қарулы, сайманды ер жігіттер ылғи сайлы сайгүлікті мініп, жәрмеңке айналасындағы ұсақ қалалардың барлығына жағалай, шабуыл жасап шықты. Бұл шабуылдар тамам жайлаудың күш біріктіріп, тізе қосып алып істеген ісі емес. Әр ауданның елінің өзді-өзі бетімен мына естілген сұмдық хабарға берген алғашқы жауабы сияқты еді. Бұның бәрі ертең болатын үлкен қимылдың басы, соған алдын ала қара жарыс сияқты бір істер істеп, ерте бастан баптанып алу керек. Бірен-саран да болса қару-сайман түсіріп алуға болады. Және жәрмеңкені шошыту керек. Алдын ала құтын алып, үркіте беру қажет. Сондай талай-талай себептер жиылып келіп, бүгінгі күнді жағалай шабысқа айналдырған, бірақ әлі барлық албан бір араға жиылып, бір-ақ жерге күшін жаппағандықтан, әр жайлаудың елі өзді-өзі тұсындағы ұсақ қалаларына қарай беттескен. Сонымен таң атқанға шейін Шырғанақтың тобы өзіне жақын жердегі новоселдердің бір-екі зәйімкесін шауып, өртеп, мал-мүлкін түгел айдасып алып, содан арты жерде Жалаңаш қаласына да шабуыл жасады. Бірақ бұл ертеден орналасқан, көп казак-орыстың үлкен қаласы еді. Елдің шабуылын күткендей қамданулы, сақ екен. Алдыңғы зәйімкелердей кісісіз, қарусыз боп кездескен жоқ, жасанған жігіттердің шабуылын тізе қосқан ынтымақты көп мылтықпен қарсы алып, қаласына жуытпады. Бұған шапқан уақытта таң да атып қалып еді. Жалғыз істелген іс — таңертең ертерек қаладан шыққан жүргіншілерінен бес-алты кісіні өлтіріп, бір-екі үш қораға тау жағынан жасырынып келген екі-үш жігіт өрт қойды. Бұған істеген істері осымен бітіп, күн шығуға айналған кезде Жансейіт бастаған көп жігіт түні бойғы істеген жорықтарына, шабуылына ырза болып, енді: "Жәрмеңке! Жәрмеңке!" десіп асығып шапқылап, солай қарай беттеді. Осындай істі Ақбейіт, Жел Қарқара, Таңбалы тас елі де топ-топ жігіттер аттандырып, әр жерде әр алуан қылып істеп желпініп алған. Бұл түнгі жорықта қазақ топтарынан кісіден шығын шыққан жоқ. Жалғыз-ақ бес-алты жігіттердің астарындағы аттарына ғана оқ тиді. Жер, сумен қоштасатын күн тақап келді. Енді бүгін бе, ертең бе кетеді. Кеткенде кекті жүрек, томсарған жүз, түйілген қабақпен кетпек. Артта қалып бара жатқан зорлық, реніш, қиянат дәурені мен соның бәрін туғызған жат мінезді, жау ниетті ұлыққа айықпайтын араздық, арылмайтын лағнет, қарғыс айтып кетпекші. Сол жиреніш қарсылығын қалың елдің қан жүрегінде нық сақтамаққа, мәңгілікке сақтамаққа, өздерімен бірге ала кетпекші. Бүгінгі түннің істері сол лағнет айтқан жүректің ең алғашқы рет шешілгені, бетін ашқаны. Істің басы түннен басталған желісі үзілместен, келесі күннің таңертеңіне араласты. Енді топ жәрмеңке үстіне қарай аунады. Түнгі жорықта болған жігіттер жайлау-жайлауларына қайтып, астарындағы аттарын ауыстырып, шала-пұла тамақтанып, тыным алған соң, барлығына да "Жәрмеңкеге қарай қаптасын. Тайлы-таяғы қалмай, соның айналасына жиналсын. Барлық қару аспап қолда болсын. Бүгін бар қайратты салатын күн. Бүгін іркіліп, бой бағып, келмей қалатын кісі болса, ол елдің тілеуінен қалған, шетке шыққан, көпке бөтен кісі болғаны. Келетіндер тез қамданып, бөгелмей келсін. Дәмелі жігіт, сенімді қару, жүйрік ат бүгін үшін. Бүгіннен қалған жан — жан, мал — мал деген бұйрық, хабар жан-жақтың барлығына екпіндеп шапқан сайгүліктердің тізгін ұшымен бірге ұшып, шашылып тарап жатты. Бұйрық қандайлық тәртіпті, тығыз күшті болса, сонымен бірге қамданған елдің жиыны, шабуылы да соншалық тығыз, екпінді еді. Мезгіл шаңқай түске жақындаған уақытта жәрмеңкенің күнбатыс жағындағы көк жота қара бөрікті албанның қара құртша қайнаған қалың тобына сіресіп, лық толғандай болды. Ұзын көк белдің Шырғанақтыға қараған беті жіңішкелеп аққан мөлдір бұлақ, кішкене өзен болатын. Түнгі жорықтан бері тыным ала алмай келген аттар болса, сол арада аз ғана сулап, ер-тоқымдарын желпітіп, айылдарын қайта тартқызып қазір, болатын жорыққа тығыз әзірленіп жатты. Қалың қолдың әр жерге екшеліп үйіріліп жиылған, қара нөпірлерінің ортасында кей-кейде ұзын найзаға байлаған қызыл ала тулары да көрінеді. Әр жердегі топтың ара-арасында бірінен біріне қарай мезгіл-мезгіл шапқылап шыққан тілшілер, хабаршылар көрінеді. Соңғы біраз уақыттан бері ғана келушілер саябырлай бастады. Енді жиылар күш жиылып болып қалған сияқты. Мынау етекте жалпайып, кішірейіп, бүрісіп тұрған жәрмеңкеге осы қолдың өзі де қаптай шапса, тамтығын қалдырмайтын сияқты. Бүгінгі жиындардың ортасында көпке нұсқа беріп, айғайлап басшылық етіп жүрген кісі аз емес, көп. Бірақ сол көбінің әрқайсының айналасында да кем болса бірнеше жүзден әскері бар. Қол-қолдың барлығында жоғары көтеріліп тікейіп шаншылған шоқпар, сойыл, істік, найза, жарқылдаған айбалта ел қолы түгелімен істікті, шанышқылы қол сияқты. Мол денелі, қалың елдің шашы сияқты. Үдірейген тік тұрған ашу, қайрат белгісі бар. Жалғыз-ақ жәрмеңке күші қаншалық, қандайлық екені белгісіз, сол белгісіздің ішінде ең алдымен үн шығаратын мылтық болу керек. Соған жауап беретін отты қару қазақ қолында қанша қамданғанмен, аз ғана болып шықты. Бесатар атаулы тіпті жоққа жақын, берінде азын-аулақ бердеңке ғана бар. Одан басқа көпшіліктің сенгені арқар, тау, теке ататын жалғыз оқ. Содан қалғаны бытыралы шиті, бірен-саран қос ауыз. Әйтеуір мылтық дауысын көбейту үшін, кейбіреулерінің қойнына тығып алған жаман шолақ алты атарлары да бар. Қару деген қару осы. Бірақ барлық елдің жүзінде сан қарудан күшті боларлық үлкен сенім белгісі, ірі қайраты, ажары бар. Біреуге біреудің сырт ажары, жалынды жүзі, екпінді шапшаң қозғалыстары осы жайды ұғындырып, сездірумен бірге бағанадан бері жиылып жатқан топтың ара-арасында сөйленген сөзден де сол білінді. Бүгінгі топтарға жағалай қыдырып жүріп сөйлеген жігіттер де болған. Олар: Көкбай, Баймағамбет, Жансейіттер еді. Бір бөлек топтарға Қартбай да айғайлап, екіленіп тұрып көп-көп сенімді, күшті сөзден айтқан. Солардың бәрінің айтатын сөзін Көкбай анықтап, ашық түсінікті қылып сөйлегендей. Ол Шырғанақты елі енді шабуылға шығамыз деп атқа тегіс мінісіп, көк белдің бетіне қарай дүріс-дүріс басып қозғала бергенде көлденеңдеп шауып келіп:
— Уа, жігіттер, бәрімізді ата-бабаның аруағы қолдап, жолымызды оңғарсын! Бұл тілекті тілемеген жан жоқ. Жас-кәрі, жақсы-жаман түгелімен осындай ақ тілеудің үстінде, төбемізге құй қазса да шыдадық, енді келіп барлық ер азаматты қырғынға салам дейді. Оның айдауына барып қырылғанша, осы туған жерімізде, қалың еліміздің алдында осы елдің намысы, елдігі үшін қырылайық. Біріміз қалғанша қасарысып шыдап бағайық. "Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі" деген. Тіпті өлсек осы ниеттің үстінде өліп-ақ қалайық, еркек тоқты құрбандық. Біз өлсек ертең тағы бір ұл туады. Түбінде ел туы жығылмасын. Алыспасақ атар таң, шығар күн жоқ. Енді шыдар да, тоқтар да жайымыз қалған жоқ. Өлсек, мынау өлгендерден артық емеспіз. Осындай жолда бұрын қазақ баласы іс қылып та, өліп те көрген жоқ. Бетімізден жарылғасын", — деп келіп, — арғысы Үйсін, Албан бабаларым, бергі Райымбек, Саурық аруағы қайдасың?! Оң сапарыңды бер, жар бола гөр, иә, аруақ! Иә, тәңірі! — деп айғайды салып жіберді.
— Иә, аруақ, аруақ! — деп шу-шу еткен бойымен белден аса бере жәрмеңкеге қарай бет түзеді. Желді күнгі даланың өртіндей ұзын жотаны қап-қара топыр болып қаптап алып ұйытқып шалқып лап қойды. Жайын күштей жаланған қара шұбар топ дүркіреген селдей ақты. Тау басын аспанға шапшып бұрқыраған қалың шаң басты. Етекке қарай тау кегі ақтарылғандай болып жер күңіреніп, дүние шуға толды. Жер сілкініп, тау ойран болып құз басынан жақпар-жақпар тас құлағанда естілетін күтір-күтір, сатыр-сұтыр үндер шықты. Шатырлап жай түсіп, күңіреніп аспан жарылғандай айдынды суық сарын естілді. Ұзақ уақытқа созылып, бір қалыпты естіліп, басқан жерін қалтыратып, дірілдетіп тұрды. Ауыздығымен алысып жер сүзген, жарау жүйріктер тізесін кеміргендей болып емініп, қарсы ұрып келе жатыр еді. Ысқырған жалаулы, өңкей найзалы шуы көп айдынды топ етекке түгел келіп құлаған кезде алдынан бағанадан бері үндемей жыр-жырт болып тұрған жәрмеңке үні шықты. Үзілместен сытырлап, көп мылтық сөйлеп жіберді. Атылған жалғыз мылтық емес, пулемет те кіріскен екен. Ыстық күнде ажал оғы шыжылдап ізденіп шықты. Қалғып тұрған аспанды зу-зу тіліп, жындай ойнап өтіп жатты. Алдыңғы топтың ең алдыңғы қатарында тізе қосып жиі келе жатқан қол жел қисайтқан өрттей болып жапырыла шалқи жөнелді. Қисая берді. Қатардан жиырма-отыз ат будақ-будақ шыққан шаңның астында жұмарланып-жұмарланып, құлап-құлап түсті, үстіндегі иелері омақасып жығылып, серең-серең етіп ұшып-ұшып түсіп жатты. Жәрмеңке таңертеңнен бері тығыздықпен нық дайындалған-ды. Ең әуелгі дайындық кеше кештен, Қарақол хабары келгеннен бері басталып еді. Түні бойы жәрмеңкеден шашау жүрген қарулы әскердің барлығы тыным таппай хабарландырып, бір араға, Қарқара басына жиып шыққан. Таңға жақын жүзден аса қарулы әскер дайын болып, енді келесі күннің хабарын тоқ белбеу болып күтіп отырғанда, маңайдың барлық қалаларынан ағылып босқан крестьян, казак-орыстар келе бастаған. Ақжелке мен іскер командирі соларға тегіске жақын мылтық тауып берді. Мылтығы жоққа қылыш, найза берісті. Бұлардан басқа жәрмеңке басындағы қызмет иесі ұлық атаулы да жасанып тегіс қаруланып алды. Қазірде қазақтың саны көп болса, бұның түйілген суық, жат қайратты күші көп. Сондықтан, енді қорқу, жасқану дегенді еш қайсысы ойламағандай болатын. Жәрмеңкеде соғыстың, атыстың әдісін көбірек білген әскери адамдар қазіргі қаруланып дайын тұрған күштеріне сенсе де, жаман айтпай жақсы жоқ деп, істің ең нашар болып бұзылған уақытында істейтін қамды да дайындаған. Бұл бетте істелген нәрсе: ең әуелі жәрмеңкенің айналасына базар басындағы арба, бришке атаулының барлығын жиып алып келіп, айналдыра тіркестіріп тізіп, біріне-бірін байластырып қойған. Таң атардан бастап жәрмеңке басындағы көп елдің істеген істері осы болатын. Бұл жұмысқа солдат, крестьянды салудан басқа базар басынан кетпей жатқан сарт, ноғайдың саудагерлерін, тараншы, қашқарлықтың" жүргіншілерін, асбұзылшы қарекетшілерін — барлығын да әкеліп жеккен-ді. Сонымен қазіргі уақытта жәрмеңке айналасы жағалай тізілген, біріне-бірі мықтап тіркелген арбалар болатын. Ұлықтың кеңесшілеріне жақындаған жерлерде арбалардың екі қатардан тізіліп тұрғаны да бар. Жәрмеңке буылып, түйіліп қазақ шапқынына осындай бөгет жасап алып еді. Бұның үстіне егер ел қолы бұған да қарамай, қоян-қолтық араласып, ішке кіріп алатын болса, қолдарына түсіп ұсталып қалмас үшін, барлық жәрмеңке басындағы адамдарға тегіс салт аттар дайындалған, олар түгел ерттеулі. Жәрмеңке ортасындағы үлкен қораларда тізіліп күтіп тұр. Зәуі сайтан сондай күн бола қалса деп, Ақжелке урядник командирмен ақылдасып соңғы күндерде маңайдағы қақас жүрген жалғыз-жарым қазақтан әлде неше аттар аудартып алған. Оның үстіне бүгін таңертең де он бес жиырмадай солдатты урядникке бастатып кез келген ауылдың жылқысын алып, кез келген елдің қоралы қойын топтап, жосылтып алып келуге бұйырған. Қойды қамауға түскелі тұрған жәрмеңкеге сойысқа жаратпақ. Қазақтың өзі іздеп тапқан жаулығы өз есебіне шығынын арту керек, жылқыны малынан айрылған, дүниесі өртенген шаруа иелеріне үлестіріп бөліп бермек. Сонымен олардың көңілін жұбатпақ. Бір жолата өз артынан ергізбек. Одан беріде қазіргі жаяуларына ат беріп, шабуылға қарсы соғысқа шығармақ болатын. Осындай үлкен қоғаммен істейтін басты қамдардан басқа, Ақжелке ұлы сәскеден бері көк жотаның арғы бетіне жиылып жатқан қазақ туралы да қысқа-қысқа хабар алып тұр еді. Ондағы топ молайып, етек алып ендеп келе жатыр дегенді естіген соң, Ақжелке мен командир соңғы күндерде іштеріне тығып жасырып жүрген бір сырын тағы да сыртқа шығарып көк жотаға таман беттетіп қойған. Ол алдыңғы күні Қарақолдан алғызған пулемет болатын. Бұндай қару болған жерде қазақ тобынан қасап қыруға болады. Өзі қарусыз, өзінде соғыстың ешбір айласы, тәсілі жоқ, қойша үйіліп топырлаған қазақ пулеметтің аузына қарай бір жосылып көрініс берсе, бұрын татып көрмеген сыбағасын алады. Соны ойлағанда жәрмеңке ұлықтары іштерінен тегіс риза болып жымиятын. Қазақтың алдында құрулы қақпан, көлденеңдеп қазылған ор дайын тұр. Таңертеңнен бері әрбір арбаның түбінде ажал оғы аңдып, сығалап қарап, "қанды басың бері тарт" деп отыр. Бәрінен де сенімді, бәрінен артық қайрат беріп, көп оты бар пулемет кезеліп тұр. Жотадан шапқан ел тобына елден бұрын қарсылық отын шашқан осы пулемет еді. Бұның басына Ақжелке мен командир өздері келіп, бақылап қарап тұрған. Алғашқы пытырлап шыққан тұңғыш оқтармен бірге шаң қауып топырлап құлап жатқан аттыларды көргенде, Ақжелкенің қыбы қанғандай болып:
— Ата бер, жібере бер. Беті бұрылды. Жалтарды. Көлденең сыпыр, қыр, жой! — деп мерейі асқандай бой жасап бара жатты. Пулеметпен қатар арбалар арасында тізіліп отырған солдаттар да дамылсыз атуға кірісіп еді. Ең алдыңғы қатарда шауып келе жатқан қолдың ішінде Баймағамбет, Жансейіт, Көкбайлар да келе жатқан-ды. Қай кезде келгені белгісіз, бұрын Асыда істеген ерлігі естілгені болмаса, өзі көп жиынға көрінбей жүрген Ыбырай да қазірде осы топқа келіп қосылып, алдыңғы қатарға шығып қалған екен. Жәрмеңкеден батырлап атылған оқ бұлардың қатарындағы бірнеше адамды ұшырып-ұшырып жіберген кезде, бәрінің астарындағы аттары да лоқып-лоқып үркіп атқып кетті. Бұрын соғыс, атыс көрмегендігін қылып сыңар езулеп қисая жөнеліпті. Сол алғашқы жығылған топтың артын ала, Көкбай да ат-матымен домалап түсті. Астындағы ат орғып барып омақаса жығылғанда, бұл өзіне де оқ тиген шығар деп ойлап, иманын айта беріп еді. Бірақ ат жығылып қалып, өзі басынан асып түскенде ештеңесі кетпеген екен. Амандығын біліп, тезбе-тез атып тұрып, шаң ішінде мылтығын жәрмеңке жаққа кезеп, арбалардан оқшауырақ қалып, солай қарай шауып келе жатқан бір атты казак-орысты көздеп тұрып басып қалғанда, анау атының ар жағына ұшып барып түсті. Көкбай сол кезде байқады. Қазақ қолы нөсердей жауып, дамылсыз от бүркеп тұрған пулеметке бет қарап, қасқайып шыдай алмай, төмен қарай жөнелген екен. Бұл әлі толық айықпаса да, сергіп қалған шаң ішінде жаяу қалыпты. Жалғыз да қалған шытармын деп жан-жағына аландай беріп еді. Оң жағында бір жардың ернеуіне жабысып жәрмеңкеге қарай бұрқ-бұрқ оқ жіберіп жатқан бірнеше кісінің тобын көрді. Солардың арасынан:
— Бері жүр. Қаш бері, оқ тиеді! Бұғып жүгір! — деген қатты айғайды естіді. Сонда ғана ұқты. Бұл Ыбырайлар екен. Қасында он шақты мылтықпен жатқан жолдастары бар. Бағанадан үзбей оқ шығарып атып жатыр екен. Көкбай еңбектей жүгіріп бұлардың қасына келе бере мылтығын оқтап алып, көздеп жата қалды. Дәл осы кезде пулемет дауысы бәсеңдеп барып басылып еді. Бағанадан пулеметтің қай жерде екенін анықтап білгелі болжап отырған Ыбырай, өз жолдастарына жалпы жәрмеңке топтарына қарай атқыза беріп, өзі сол пулеметтің оғы шығып тұрған орынды тауып алып, ылғи ғана сол араны нысанаға байлап атып отыр еді. Жаңағы пулеметтің тоқтауы бұның соңғы оғының түтіні басылар-басылмас болған кезбен дәл келді. Шынында, пулеметті атып отырған солдаттың маңдайынан оқ тиіп, шалқасынан ұшып түсіп еді. Пулемет бір жері сынғандай болып бытыр-бытыр етіп барып, қақалып тұрып қалды. Ыбырай мұндай іс болар деп ойлаған жоқ еді. Басында бұл өз қасында Асыдан еріп жүрген бір топ мылтықты жолдасымен келіп араласып алдыңғы қатарға шығып шауып келе жатқанда, аты оққа ұшып жығылған Көкбайды көрді. Онан соң дәл сол уақытта Көкбаймен бірге ұшып түскен тағы бірнеше жігіттерді көрді. Бәрінің де жығылысы жаман көрінгенмен, оқ төмендеп ұшып тұр. Аттарына ғана тиген сияқты. Соны байқай салысымен жәрмеңкенің шетінде оққа ұшқандарды басып қалғалы, шапқалы тұрған топты атты әскерді көріп өз жолдастарының бәріне: "Аттан түсіп атыс" деп әмір қылып, ең алдымен өзі түсе қалған-ды, өзге маңында келе жатқан жігіттердің көбіне:
— Ана жығылғандарды жинап мінгестіріп алып кет, — деп айғайлап, ақырып жарлық шашқан. Сол сөз құр дырдумен есі шығып келе жатқан жігіттердің көбіне ес кіргізгендей болды. Бұның айғайын қатарында келе жатқан Баймағамбет те естіп еді. Ол сол арада аттан құлаған жігіттерге қарай жиырма шақты жігітпен қайта беттеп келіп, оқтан аман қалған жолдастарын мінгестіріп-мінгестіріп алысып көлденең шапты. Бұлар да осы жаққа қарай жосыған қалың топтың бетімен шауып, сол жаққа жақын жердегі бір төбешіктің тасасына келіп ілінген. Өзге қалың қол да сол төбенің бойына жазылып, іркіліп барып тоқтап тұрып қалды. Елдің беті жалт бергенде жәрмеңкеден шабуға қамданған солдаттар әлі де қамауынан шыға алмай тұрды. Өйткені, барлығы он-он бес қана мылтық болса да, Ыбырайлар тобы басы көрінген, шашау шыққан кісілерді екі бастырмай, баудай құлатып тұр. Арба артында жатып кезелген мылтық ешкімді де қиратқан жоқ. Ел беті жалтарып кеткен соң, олардың нысанасына ілінбейтін болып ату мөлшерінен қиыс өтіп кетті. Жолдағы арбалар ел қарасын анықтап көрсетпейтін болды. Олар әмір алып, орындарынан қозғалып, жаңа жерге орныққанша ел қолы жаңағы төбеге барып ілінді. Елдің дәл соңғы беттеген тұсында отырып оқ шығарғандар болса, олар қазақ тобының не атын жығып, не анда-санда бір кісісін құлатқаны болмаса, қалың қолдың бәрін бірдей жусата бере алмады. Өйткені ел тобының алдыңғы қатары, бұлар жатқан орыннан шақырымға жуық жерде болатын. Сасқалақпен астын-үстін байланып, дәл қарауылмен атылмай жатқан мылтықтар, мынандай қашықтан ештеңені ойсыратпады. Атыстың қанша жерден болатынын Ыбырай ертеден есептеп еді. Бірақ жәрмеңке маңындағы әсіресе, Көкжота жағындағы болымсыз қабат болса, не жар, не төбешік болса, барлығын да жырынды Ыбырай ерте күннен санаққа алғандай ескеріп алған. Сондықтан, "оқ шығаратын жер Көкжота емес. Ол арадан атқан мылтық ешкімге де тимейді, әншейін босқа оттайды. Егер шын атысамыз десеңдер, маған ерген жігіттер Қарқара суының қасындағы жарға жетіп барыңдар, атысты содан саламыз. Содан кейін тоқтау керек болса, жарды құлдап кете барамыз", — деген. Қазір де Ыбырай сол айтқанын істеп, өзге екі жақтағы топтың ешқайсысына тимеген ең жайлы орынды меншіктеп алып, соған нық бекініп отырды. Содан соң жәрмеңке ішіндегі әскерді ешқайда жалтартпайтын, қия бастырмайтын болды. Көп қолдың жәрмеңкеге қарай беттеген, дауылдатып қаптаған шаңы Ыбырайдың тобын өзгенің бәрінен ұзатып, өзен қасындағы жарға аман-есен әкеп жеткізіп еді. Алғашқы пулемет оқтарынан аман өтіп кеткен соң, кейінгі атылған оқтар ылғи бұлардың басынан асып түсіп, артқы реттерге қадалып жатқанда, бұлар келіп аттарынан түсіп орнығып қалған. Сонымен пулемет даусы тоқтап, жәрмеңке оты саябырлаған кезде қасында жақын жатқан Көкбайға Ыбырай қатты дауыстап:
— Мынаның пулеметі тоқтады. Басында отырған кісісі жығылды білем, бірақ қазір қайта атылар. Көпір пулеметке қарсы қалың қол шаба алмайды. Бос қырылады ғой. Енді анау елге "сол орныңнан шықпай тұрып ал" деу керек. Бір толасын күтейік. Біз осы арада жатып жәрмеңкеден ешкімді шашау шығармаймыз. Енді елге бар да айт, "Тобымен, бой көрсетсін, ептеп, қабат-қабат жерлермен төмен қарай жазылып жәрмеңкені қоршауға тырыссын. Және мылтығы барларын іріктеп шығарып, жаяу мергендерін сол бетке тасаға жатқызып жәрмеңкені атқылатсын. Осымен кешке шейін қамап атып көрейік. Не де болса, елді осы келген жерінен қайта қайтармайық. Кеш болып, ымырт жабылған уақытта шабуылды қайта бастаймыз. Осы дұрыс емес пе?! — дегенде Көкбай:
— Дұрыс! Іс осы. Оқтарың кешке шейін жете ме?! — деді.
— Жетеді. Оқты есеппен, шақтап шығарамыз. Басы көрінген кісіні атпасақ, құр бет алды далаға оқ жібермейміз. Солай атсақ, неге жетпесін. Алаң болмаңдар.
— Байғұсым, еркек сендер екенсіңдер ғой. Сүйсіндім ғой, батыр! Жолың болсын!
— Жарайды, мақтауыңды артынан айтарсың. Бар енді, — деді.
Көкбай осыдан соң жардың құр арнасын құлдилап, бұғып жүгіріп отырып өз кісілеріне қарай беттеп келе жатқанда, осы жардың ішіне ел тобынан шығып жаяулап келіп орнығып алып, мылтықтарын жәрмеңкеге қарай құрып жатқан жиырма-отыз мергенді көрді. Көкбай жақындай бергенде бұлардың бәрінің мылтығынан берекелі, ынтымақты дауыстар желісін үзбестен гүрс-гүрс етіп, ажал оғын шаша бастады. Кішкене төбенің тасасына барып ілінген соң, Қартбай мен Баймағамбет елдің бәріне жаңағы Ыбырай айтқандай кеңесті айтып, көпшілікті сол араға бекітіп қойып, жаяу мергендерді бастап өздері жаяулап жер бауырлап отырып, құр арнаға келіп түскен екен. Олар қазақ тобының оқтарына тізе қосып, шылбыр соза шыққан оқтар солардікі екен. Көкбай бұларға Ыбырай сөзін қысқа-қысқа айтты да, ілгері қарай, өзге көпке қарай өтіп жөнелді. Бұның алдында кішкене жотаның жонында да, жәрмеңкеге қарай бет түзеп, қатарынан тізіліп мылтығын кезеп жатқан он, он бес жігіт тағы бар екен. Қазақ қолы кәдуілгі ескі тәртіпті әскер сияқтанып жәрмеңкенің күнбатысы мен солтүстігіне таман созылып, әр жерде желілеп мылтық тізіп, тәртіппен атыс бастаған көрінеді. Бірақ ел қалың, қара қайрат мол болғанмен, осы барып жатқан жиыны елу-алпыс мергеннен басқа өзгенің ешбірінде мылтық жоқ. Сондықтан олар жотаның астында құр үйіліп тұр екен. Көкбай бұларға келіп, әр жердегі топтарына қазіргі қысқаша жайды мәлім етіп болып, енді қас қарайғанша осы арада тапжылмай түру қажет екендігін айтты. Топ дауласпай, қобалжымай қабыл алды. Көпшілік үндемейді. Мең-зең боп есеңгіреп, сескеніп қалған сияқты. Пулемет дажалдай, қорқыныш қауіп пішінін анық айқын көрсеткендей болыпты. Ел түрлі қарсылық жаулықты күтсе де, мынандайды ойламаған, ескермегендей. Жүрегі шайлығып қалғандай.
— Жаңағы атылған не нәрсе? Зеңбірек дегені осы ма? Әй, осы шытар. Кәпірде тіпті тыным жоқ қой.
— Япыр-ай, тіпті биттей де толас қылмайды екен?!
— Сол сыртылдақтың бәрінде ылғи оқ шығарып тұрады ғой.
— Құдай сақтады десеңші. Не ғып тегіс қырылып қалмадық?
— Әлі зеңбірегі жоқ дегені қайда? Мынау ит бар қаруын жиып, сақадай сайланып отыр екен ғой өзі.
— Бізде ғой, керек десе, жаман бердеңке де жоқ... Алғызады деймісің?
— Әй, алғызар түрі жоқ қой. Жүз болса жүз, мың болса мың — бәрін бірдей жусатады да отырады да мынау зеңбірек.
— Уа, зеңбірек емес дейді бұл. Зеңбірек дейтінді қайдан шығардыңдар?
— Бәсе, зеңбіректің оты біреу-ақ болады. Түскен жерін ор қылып қазып кетеді дейтіні қайда! Мынауың бір басқа сұмдық.
— Уа, не екен зеңбірек болмаса, аты не екен осы иттің? Білгендерің бар ма түгі, деп жаңағы зеңбірек деп сөйлеген қара сақалды, бітік көзді қызыл кісі астарындағы сары аттың үзеңгісіне екі аятын тіреп басып көтеріліп, мойнын созып тұрып жұрттан сұрады.— Атында нең бар, атын білгенде қайтушы едің? Таныдың ғой атынсыз-ақ. Отыз-қырық кісіңді орақ ортаңдай бір-ақ қырқып түсірді, — деп көп ішінен бір дауыс жауап берді. Бұл топ өзгелерден гөрі, екшеліңкіреп, артқа таман сырғып шығып тұрған топ еді. Кезеңге бұлардан жақын тұрған топтардан бұл уақытта жаяу мергендер екшеліп шығып кетіп жатқан. Мына топ олардың ісіне де сенімсіздік күдікпен қарайды. Не қылса да ендігі соғысты керексіз тауып, бет бұрып жалтарған-ды. Бас амалдағанды мақұл көріскен сияқты. Өзгелердің бәріне бұл алалық әлі жабылған жоқ. Олар мергендерін шығарсын, пулеметтің тоқтағанын сөз қылсын, Ыбырайлардың ерлігіне сүйсініп, алғыс айтсын, әйтеуір әлі сенім, үміт үстінде. Жанар отын, екпін желігін сөндірмеген сияқты. Мына босаңсып қалған топ олардың маңына қарай барса үндемейді. Құр ғана сөздерін тыңдап, жым-жырт болып тұрады. Сырт айнала бере арасында сенімнен айрылған дауыстардың әр алуан күдігі естіледі. Бірақ бұларға да қазір майданнан кетіп қалуға болмайды. Кету үшін көрініске шығу керек. Олай шықса тағы, жаңағы сұмдық қару сөйлеп кетуге болады. Оның қолы қай жерден болса да жетеді. Сүргін жасауына болады. Содан жасқанғандықтан, соғысты тоқтату туралы ештеңе айтқан жоқ. Бірақ түнді қолға берсе, ептеп сусып жөнелмекші сияқты. Араларында бөтен болмай өзді-өзі сөйлескенде, кәртеміштер:
— Өзге қазақ өз білгенін өзі істесін, тағы осы арадағы аз ғана әлжан, сен, есің барда, елің тап.
— Бәсе, дабырайтпай, шуламай тарау керек. Бәрібір ауады екеміз. Бұны жеңгенмен, барлық ұлықты жеңген боламысың? Осымен соғыс бітіп, тыныштық орнай ма? Тіпті жеңіп-ақ ал. Сондағы өлтіретінің бір жүз, екі жүз орыс болар. Сонымен жаудың тұқымы құри ма?
— Оның өзі де оңайшылықпен өле қойса-ау!
— Рас-ау, өле қоя ма? Жоқ өзіңнің талайыңды жусатып сала ма? Оны құдай білсін, — десіп, осы топтың ішіндегі олжаңның барлығына ру жігімен іріткі салып, топсасының ең бос жерінен, шаншулы жерінен қажауға айналды. Әлжан албанның ішіндегі саны көп рудың бірі болса да, баяғы күннен: "Албан емес, туысы көмескі" дейтін бір жала болатын. Сол шын да болса керек. Осы әңгімеге қарап албан атаулы әрі көптігіне, әрі күштілігіне сүйеніп әлжанды әрқашан кемсіте, қорсына, шетке қаға жүретін. Көп әлжан кедей де, төменшік те болатын. Әр болыстың ішіне бөлініп, шашырай кірген әлжан онан сайын өздерін келімсектей көретін. Сондықтан бүгінгідей көптің арқасына салмақ түсіп, қалың қайратты көппен қатарласып тұрып көрсету керек болған уақытта, көптің қатарында бір қиындыққа шыдасуға келгенде, бұлар әрқашанда осылайша жалтақтап, сырт алаңдап кете бергіш, тұрақты емес болатын. Бірақ сондай мінезінің көбінің тұсында: "жауды көп қашырады, жақсы аты Бараққа қалады" дегендей, жақсы істің атағы әлжанда қала ма, албанның өзгесінен артылмайды. Соларға тиеді. Біздің қара сорпа болатынымыз не деп, дау айтысатын. Шынында әлжанның әлгіндей мінезінің зор себебі осы еді. Бірақ сол әдет жай уақытта болса да, әлжан баласының үнемі қолданатын мінезі болып кеткен. Бүгін де сонысына бой ұруға айналып тұрды. Бұл кезде жәрмеңке мен ел тобының атысы алғашқы қызуындай болмай, екі жақ та бірін-бірі барласып, аңдысып атысатын болып еді. Қай-қайсы болса да алғашқыдай үркіндімен беталды оқ шығаратынды қойып, ендігі атқан отын өлімге арнап ататын болды. Көкбай тасада іркіліп тұрған топқа келіп, бұған енді істейтін істің ретін айтып жүргенде, әлжан тобы да көппен бірге бағанағы кәпірстан мылтықтың атын естіді.
— Пулемет дей ме, пулимент дей ме, сондай бір мылтық болады деседі ғой, сол болса керек, — десіп жатты.
— Бұл зеңбіректің бір атасы болса керек. Бірақ оты жиі, қаупі зор бір көпір болса керек, — деп бағанағы сары атты әлжан тобына келіп естіген жайын мәлімдеп жатты.
— Кәпір екенін өзіміз де көрдік. Оның несін айтасың. Кім жақсы деп тұр? Осы да бір құдай аманаты сөзді айта беретін кісі екен өзі, - деп, сыртынан күңкілдеп, мінеп тұрғандар да болды. Көкбайға Жансейіт келіп қосылып еді. Ол қазір күлегеш, баяғысынша қалжыңқой болып алыпты. Көптен жоғалтқан күйін қайта тапқан сияқты. Маңдайы шып-шып терлеп, анда-санда бетінің терін алақанымен сыпырып тастап:
— Қырамын, тек бүгін. Қызыл Ыбырайдың не қылып жатқанын көрдің бе? Пулеметтің өзін де қақалтып қойды. Тек түн болсын. Мына жәрмеңкені бүгін күл қыламыз. Осының қара сорпасын ұрттамай көшпеймін, аумаймын тіпті, — деп жүріп, қырық-елудей жігітті іріктеп алып:
— "Жәрмеңкеге келе жатқан қарулы солдат, жүргінші ұлық болса, тұтқын қыламыз", — деп қалың топтан жырылып кеткелі жатыр еді. Дақ сол кезде елдің артындағы жотадан қалың жылқыны тасырлатып шұбатып қуып келе жатқан он, он бес кісі көрінді. Жұрт тегіс шу етіп:
— Мынау, орыс қой, жылқы әкеле жатқан.
— Бәсе, бұл осы жәрмеңкеден шыққандар ғой, әкеле жатқаны ел жылқысы ғой.
— Шырғанақты елін шауып қайтып келеді, — деп әлжан тобы көлденең кісі сияқты қысыр кеңеске айналып бара жатқанда, бетке жақын тұрған жүз қаралы кісі Көкбай, Жансейіт бастап, жылқы айдағандарға қарай лап қойды. Тағы да жер дүр-дүр етіп, шаң қаптап кетті. Көп аттың дүсірі жын ойнағындай дыбыстар шығарды. Жылқы айдағандар алдарынан оқыста шыққан қауіпті көре салысымен, есі шығып үрке жөнелді. Жылқы атаулының барлығы алдындағы қуғынның бетімен етекке қарай дүрілдей лаулап желе шауып жөнелгенде, солдат атаулы солтүстіктегі ойға таман қисая шауып, жәрмеңкеге қашып тығылмақ болды. Ел тобы да солай ұйтқып жосыды. Бұлар қашқан жауды жәрмеңкеге кіргізбей, бетін бұрып, далаға қуып әкетпекші еді. Екі жағы да бірі қашып, бірі қууды ғана ойлады. Мылтықты бірен-саран болмаса, ешкім де атқан жоқ. Аз уақыттың ішінде біріне-бірі қиялап шапқан топ өкпе тұстарынан келіп қосылып қалды. Қалың түтіндей, бұрқ-бұрқ шыққан шаң ғана көрінді. Жәрмеңке бұл күйді көріп, өз кісілерін танып, көмек бермекші болып еді. Сондықтан азғантай уақыт бағанағы пулемет қайта бытырлады. Бірақ аздан соң ол тағы тоқтады. Өйткені ел тобы аналардың қабатына кіріп, екі жақ айқасып қалған. Жәрмеңке пулеметтен басқа атты әскер шығаруды ойланып еді. Оған жар бойында жатқан Ыбырайлар, Баймағамбеттер сыпыра от шашып, жиілеген атысты бастап, әскерді тығылып тұрған мекенінен шығармады. Не де болса ел тобымен, жаңағы аз ғана солдат өзді-өзі боп араласатын болды. Қалың топта бүгінгі барлық соғыс ішіндегі ең жұбанышы, ең көтеріңкі мезгіл осы шақ болды. Шаң ішіне түсіп, сансыз қалың топтың арасына келіп киліккен солдаттар мылтық сияқты қаруға қол сала алмай, қоян-қолтық араласқан соң қылыштарын жалаңаштап алып, сонымен қайрат қылмақ болып еді. Қазақтың найза, сойыл, айбалта ғана ұстаған жігіттеріне бұл күй көңілдегідей қолайлы келді. Көптен өзара сөйлескенде ел жігіттері: "Әттең, мылтықсыз ғана келіп айқасатын күн болса", десетін. Сол шағы жаңа келгенін көрген соң, барлық жігіт құлшынып, жауланып кетті, екіленіп, екпіндетіп келіп кірісті. Айтқанындай алғашқы кезде бір солдаттың қылышы бір қазақтың бойына тие алған жоқ. Топ ішінде алдыңғы қатарда келген Көкбай, Жансейіттер қолдарындағы шоқпар, сойылмен қылыш ұстаған солдаттарды ылғи шекеден қағып, бойларына дарытпай, алыстан ұрыс салып жөнелді. Алдыңғы қатарда келген бұлар бет алдындағы жауларын бір-бір салғаннан ұшырып түсіргенде, өзге солдаттар қоян-қолтық араласпақ болып жатқандай ұмтылып еді. Бұндайлардан ел жігіттері жалтарып, қашқалақтай соғыс салды. Өйткені көпшілік қашып жүрсе де, артымен де ұрысады. Қуып келе жатқан жауын аттың жалына қисайтып жантая беріп тізеден де, тобықтан да, білектің қарынан да ұрып кетеді. Алдыңғы жосылып қашқан жігіттердің соңына түсіп қуған солдатты, артынан түре қуған жігіттер де нығыздап баптап ұратын болды. Білек күші мықты болғанмен, солдат атаулының барлығы да басына меңзеп тиген сойылға тіпті шыдамсыз болып шықты. Өйткені тізеге, ұлы денеге қанша соққы тиіп жатса да, жығылып қалмайтын солдат, дәл басына кеп шала-шарпы тиген сойыл болса да тымақша ұшады. Біржолата өліп қалғандай болып, төбесінен шаншыла барып жығылады. Бұл қақтығыста қазақ қолынан төрт-бес-ақ жігіт жаралы болып, он бес шамалы солдаттың он екі, он үші қолға түсіп, тұтқын болды. Көп ішінен жәрмеңкеге қашып барып кірген кісі екеу-ақ еді. Оның бірі урядник болып шықты. Тұтқын болғандардың қаруын жігіттер пышақ үстінен үлесіп алды. Урядник ұлықтар тапсырған бойыменен барып жақын жердегі жайлауларға қомағай қолды салған еді. Бір арада отырған он шақты ауылдың барлық жылқысын жиғызып иіртіп қойып, ішіне емін-еркін араласып, ылғи жасау ат, жарау айғыр, сартап болып жүрген ту биелерден ғана тізіп отырып жүзден аса жылқы іріктеп алған. Әкеле жатқаны сол еді. Өзінің астындағысы сол барған ауылындағы белгілі жүйрік екен. Бұл барлық Албанға аты шыққан жәрмеңке басында да бәйгеден талай келген Матай дегеннің құла жирен аты еді. Барысымен жылқыдан соны танып, өзі ұстатып мініп алыпты. Құла жирен бұл күндерде жиі таң асып, зар күйінде жүр еді. Иесі әншейінде мінсе де, бүгінгі соғысқа мініп баруға қимай, оққа ұшып кетер деп әдейі ауылында қалдырып еді. Сол құла жирен урядникті қалың елдің жабыла қуған қуғынынан аман алып шықты. Урядник әуелі етекке түсіп, жазыққа қарай қашып ойысып барып, содан жәрмеңкеге қарай орай салғанда, артында мылтықсыз қуып келе жатқан топтан құла жирен қара озып қаңғып шығып кетті. Сонымен урядник аман кете барды. Бірақ ол кеткенмен, өзге олжа ел тобына мол сияқты көрініп, жауландырып, желпінтіп тастап еді. Соның қызуымен дөң астындағы қол жәрмеңкеге қарай тағы бір қаптап шауып көрді. Бірақ таңертеңнен бергі соғыстың барлығынан елге осы шабуыл қатты залал келтірді. Бұл жолы пулемет те, жүзден аса мылтық та тізе қосып түгел бытырлап беріп еді. Ел бет қарап, қасқайып баруға шыдай алмай, аз уақытта тағы қайта серпілді. Сонымен қайтадан төбенің тасасына жиылғанда, арғы бетте елу-алпыс жігіттің жусап қалғанын көрісті. Солардың арасында Көкбай да қалған екен. Осыдан соң барлық елдің оты қайтып, қатты бәсеңдеп, жасып қалды. "Алғызбайды, болмайды, босқа қырғын табамыз" деп, қорқыныш айтқан жұрттың дауысы көп жерден естіліп, күшейіп, молайып шығуға айналды. Жақыны, туысқанынан айырылғандардың бауырымдап жылаған бостығы да көрінді. Енді ел қайта соғысуға жарамайтындығын анық көрсетті. Бағанадан бергі соғысқа араласпай, шегіншектеп тұрған әлжан күннің батуын асығып күткендей болып, қызарып ұясына кіріп бара жатқан күнді тез-тез жоғалса екен деп, ойша қуалағандай болды. Жалғыз тілегі қараңғылық сияқты еді. Бүгінгі күннің соғысы осымен бітті. Қас қарайған соң елдің барлығы бір араға жиылып ақылдасуға келгенде, күндізгі қалың қолдың жартысынан артығы кетіп қалғаны білінді. Қалың жұрттың басшылары әлі де шыдасып, қамап көрмекші болып еді, оған:
— Ертең ерте келіп, таң бардан тағы соғысайық. Сөзді соған байлайық. Қазір ат та, адам да қажып бітіп тұр. Қу далада нені талшық қыламыз? Бос қырыламыз ғой. Ертең тағы соғысады екеміз, — деп, іріткі салушылар көбейіп, сөз бір жерге байланбай, қалың топ қараңғы түнді жамылып, жан-жаққа жік-жігімен ыдырап-ыдырап кетіп жатты. Сонымен ел жатар кезде жәрмеңке маңында қазақ қолынан ешкім де қалған жоқ, талай күнгі жалын, екпін пулеметтің екі-үш рет ұшықтаған қарсылығыңнан жалтарып, суынып қалды. Жалғыз-ақ жәрмеңке бұл қалден хабарсыз еді. Күні бойы ел жиынының көрсеткен мінезі бұндағы жұртты қатты сескендірген болатын. Сондықтан жәрмеңке ішінен шытып, ел тобына қарсы барып, қарсы шабуыл жасауға жарайтын ешбір әскер, ешбір жан шыққан жоқ-ты. Керек десе, пулеметке де қарсы шабуыл жасап, жайын толқындай, бұлқынып, шаңдатып жүрген елден әскер де шошығандай болып, ұлық та зорлай алмады. Жәрмеңке оның үстіне күні бойы атқыласуға жараған елдің оғын да көрді. Пулемет сияқты жарақтары жоқ болса да, енді мылтық саны көп сияқты. Оқ сайманы да бірталай атысып, шыдасуға жарайтындай көрінді. Жар бойында кешке шейін жатып, қадалып атқан мергендерден жәрмеңке ішіндегі бірталай жан жаралы да болып, қаза да тапты. Бұның бәрінің тұсында қорыққанға қос көрініп, өзінің күші артық бола тұса да, жау қарасын бір белгісіз құбыжықтай санаған үркектік те бар еді. Қалың қазақ жайлауының ортасында мынадай қарасы қалың топтың ортасында қамауда отырған төрелерге қазіргі өздерінің халі - үлкен қауіпті, күдікті хал көрінген. Сонымен қас қарайып, түн жетуін жәрмеңке де асығып күтіп еді. Жауласқан екі жақтың екеуі де бүгінгі күні бойы соғыстан алған әсерлері сондайлық болатын. Бірін-бірі үркітіп, қорқытқан, іштей жүдетіп, сескендіргені болмаса, екеуі де жаға жыртып, қол барып қимыл қылған жоқ. Бірақ анық жау сияқты суық, жат айдын көрсетуге екеуі де жарады. Осымен ымырт әбден жабылған соң, ел жағынан жақсы да, жаман да белгі ала алмай, тым-тырыс күйде бір сағаттай тұрды да, соның артынан жәрмеңке басы қиыр-шиыр болып, тез қамданып арба жегіп, ат ерттеп, жөңкіліп жөнелуге айналды. Осы қам басталған соң-ақ бір сағаттың ішінде жәрмеңке айналасына тізіліп тұрған арбалардың барлығы қолды-қолға таралып, ұзын-ұзын көш болып, жегіліп тіркеліп қалды. Алуға келетін қару-жарақ, асыл қазына болса, барлығы да тиеліп, жиналып жатты. Аттар да тегіс ерттеліп, ұлық атаулының кеңселері де тиелді. Қатын-қалаштары да түгелімен арбаларға мініп орналасып алды. Сонымен ел әбден жататын кез болғанда, барлық жәрмеңке, Жаркентке қарай кететін қара жолмен шұбап шулап тартып берді. Абақтыдағы Серікбай, Тұрлықожаларды ала кетті. Тұтқындардан басқа қазақтардан бұл обозбен кеткен екі-ақ кісі бар. Ол — Оспан мен Жебірбаев. Екі тілмаш кешегі күні жәрмеңке басынан шығып, следовательмен бірге Саржаз қаласына барып, бүгін түсте нағыз атыс басталған кезде қайтып келіп еді. Саржазда қазынаға ат алып жатқан үкімет комиссиясының бір адамын "Қазақтар өлтіріп кетіпті" деген хабар кеше түсте жәрмеңкеге келіп, соны зерттеуге следователь баратын болған. Өзі баруға бекінген соң, ол әдет бойынша Оспанды ертіп алып, артынан Ақжелкенің кеңесімен Жебірбаевты да алып еді. Бұлар кеше кешке барып тергеуін жасап, таң ата қайта қайтқан. Барған кісі бұл үшеуінен басқа, тағы үшеу-төртеу еді. Бірақ, қазақ мына екеуі ғана болатын. Қайтқанда жолдағы бір бекетте бәріне бірдей ат-көлік жетпей, өзгелердің бәрі атқа мініп, екі тілмашты әдейі екшегендей тастап кеткен. Бұлар мінетін ат аналар ұзап кетіп қалған соң, артынан ғана тиіп еді. Сонымен жәрмеңкеге жақындап қалғанда, елдің қалың қолы жасап жатқан шабуылды көріп, далада шапқылап келе жатқан екі-үш қазаққа кездесіп, болып жатқан оқиға туралы толық мағлұмат алып еді. Бірақ екеуіне қазіргі халді естірткен қазақ:
— Жәрмеңкеге барамысыңдар, жоқ елге тартамысыңдар? — деп, сұрағанда, екеуі де міңгірлеп үндемей қалып, ел кісілері кетіп қалған соң, жәрмеңкеге келген. Жәрмеңкенің Қарқараға, Таңбалы тасқа қараған жағы жаудан аман. Бұл жатында күні бойы да соғыс болған жоқ. Күндіз әлденеше рет жәрмеңкеден шығып, маңайдағы елдің қойын, жылқы, сиырын там-тұмдап айдап келіп жатқан әскерлер де осы жақтан шығып, осы жақпен орап қайтатын. Тілмаштар да сол күйімен пайдаланып, осы жақтан келіп, базарға кірген-ді. Бұлар келген соң да соғыс бір үзіліп, бір басталып анық аяқталмай, созылып жатты. Тілмаштар қолдарында қаруы болмаса да, Ақжелке мен следовательдер тұрған жерге келіп, көздерінен таса болмай, үнемі көрініс беріп жүрген. Басында бұларды еске алып, есептеген ұлық болған жоқ. Жалғыз-ақ кешке жақын ғана Ақжелке Оспанды байқап:
— Мен сені қазақтарға қашып кеткен екен десем, мұнда екенсің ғой, — деп еді. Оспан соңғы күндердегі ұлықтардың өзіне қараған ажарынан сескеніңкіреп, жетім қозыдай түртіншектеп жалтақтап, жүдеп жүр еді. Мына сөз бір жолата қорқытты. Енді не де болса, ұлықтар қасынан қия баспай бірге өлуге тырысқан. Соған екі тілмаш та бекінген еді. Түс ауа бере жәрмеңке басына маңайдағы жақын ауылдардың бес жүздей қойларын айдап шұбатып төрт-бес солдат келген. Сол, қойды жәрмеңке басындағы барлық жанға: "Керегінше сойып, асып тамақтаныңдар" деген рұқсат болып еді. Соның артынан базар басындағы саудагерлерден бастап, барлық әскер болсын, жалпы қызмет иелері болсын, аяғы кім тілесе сол болсын, барлығы да бас-басына бір-бір еркек қойдан, қошқардан ұстатып алып, күні бойы қырғын жасап шықты. Көп қойлар құр ғана бауыздалғаны болмаса, сойылмай, сойылған болса бұзылмай, асылмай да рәсуа болып, қып-қызыл ала күйінде теңкиіп-теңкиіп жатыр. Тілмаштардың бойындағы барлық қазақшылық "елшілдік" сол күйді көргенде ғана шыққан сияқтанып еді. "Мынау рәсуа болды-ау" деген болып, өзгеге батпаса да, саудагерлерді жағалап келіп, бірдеме айтып еді, бірақ ешкім де ол сөздерін елеген жоқ. Сонымен тыныштанып қала берген. Алдыңғы халінің не боларын білмей, ұлықтың қабағынан іштей сескеніп, жасқалақтап қалған Оспан өзін ұлық ішінен ескерген ешкім болмаған соң, кешке жақын бір ноғай саудагерін жағалады. Саудагер жәрмеңке басынан ұлықтар кететін болса, солармен бірге Жаркентке қоса кетпекші еді. Оспан осымен сөйлесіп, уәде байласып, соның арбасына мініп кететін болды. Іштегі есебі ұлықтардың өздері ертіп алмаса да, қарасынан қалмайын, Жаркентке мен де бірге барайын. Содан ары тағы да сенім алармын, ұғысармын. Әзір қазаққа жанаспай, мынау сияқты ноғай, сарттың қасында болсам, түбінде осылардың куәлігімен де өз басымды ақтауға болар. Егер бұл халдің үстінде бір қазаққа жанассам, онда ешбір сөзіме де сенбес, қазақтың куәлігін де алмас деп ойлаған. Осымен таныс саудагермен сөз байласып, соның арбасының қасында жатып қалып, бір мезгілде оянса, таң ағарып атып қалған екен. Жәрмеңке қаңырап қалыпты. Саудагер жүргелі арбасын жегіп, асығып қамданып жатыр екен. Маңайда төреден, әскер атаулыдан бір жан қалмаған. Бірақ жәрмеңке басына келген қазақ та жоқ. Сондайлық көшкен елдің жұртыңдай азынап, құлазып, иесізденіп тұрған жәрмеңкені көрісімен Оспан да саудагермен бірге тез қамданып, уәде бойынша, соның арбасына мініп алып, Жаркентке қарай тартып берді. Кешеден бері әдейі шетке шығарып қуғандай, бұны қазақ тобына қарай итеріп, кейде көре тұра елемей кетіп, кейде ұмытып кетіп, кейде сөзбен шабақтап, өз ортасындағы арам сирақтай санаса да, сол мінездің бәрін істеген ұлықтардың артынан намыс, жігерсіз жалтаң көз тілмаш тағы да салды. Байы тастап кеткен көңілі бос, ашуы жоқ қатындай сол жазалаған, мазақтаған байына күйігін шақпақшы, жалынбақшы, бағынбақшы болып, бекініп алып беттеді. Сол бетпен қара жолмен келе жатып жәрмеңкеден бес-алты шақырымдай жер шыққанда жол жанында сұлап-сұлап жатқан көп кісінің өлігін көрді. Әр жерге әрқайсысы шашылып, әр күйде жығылған екен. Кейбіреулерінің аралары төрт-бес қадам. Бір арада екеу-үшеу жатқаны да бар. Он, он бес қадамдай жерде жатқандар да көрінеді. Киімдері мен қарайған тақыр бастарына қарағанда, бәрі де қазаққа ұқсайды. Шынында, тегіс қазақ екен. Осылардың ішінде шалқасынан түсіп, бетін бұрып құбылаға беріп, өліп жатқан Серікбай көрінді. Бұның аузы аз қисайып ашылған. Оқ шекесінен тиіпті. Ұзындау болып өскен, қайратты шашын оң жақ самайының тұсында үрпитіп, күйдіріп кетіпті. Теңгедей жерде қара күрең қан ұйысып, тегістеліп тұрған жара бар — оқтың орны. Сол жараның айналасындағы шаштары тегіс тікірейіп, жан-жаққа бытырай қашқандай болып, шашылып, үрпиіп тұр. Жүзінде қорыққан, үріккеннің белгісі жоқ. Екі қасының арасында жоғарыдан төмен қарай ұп-ұзын болып созылған жалғыз жіңішке әжім бар. Қабақтары түйілген. Барлық бет ажарында суықтық, бекінгендік көрінеді. Сонымен бірге ақтығына, жазықсыздығына сенген салқын сабыр, кең сенім, тазалық ажары бар. Біреу үстіне бір сұр шапанды айқара жауып кетіпті. Рақымменен иіп, жаны ашыған қолдың істеген ісі сияқты. Серікбайдан бір-екі адымдай жерде Тұрлықожа жатыр екен. Мүмкін дұшпандары "атып өлтірдік" деп кеткен соң тағы да біраз қиналып, өзі аунап түскен шығар. Ол етпетінен жатыр. Осындай-осындай әр жерде жатқан өліктің барлығы да Оспанның танитын адамдарының өлігі болып шықты. Барлығы да Қарақол абақтысында өлген ел басшыларындай жәрмеңке басындағы абақтыға қамалып отырған басты кісілер екен. Бұның ішінде сол жұмыстан басқа жұмыспен отырған бірде-бір кісі жоқ. Барлығы да — ұлы ниеттің, елдік ұранның құрбаны. Өз көңілдерінде "шейітпіз, ақпыз, ел тілегінің жолына шалынған "еркек тоқтымыз" деп өлген жандар. Ой, жүрек батырлары, тегіс намыс құлы еді. Осылардың жанынан жемтік жағалаған бұралқы иттей болып ой, адамшылық бұралқысы -тілмаш өтті. Өлгендердің аруағына ақырғы жаза, ақырғы мазақ осы сияқты болды. Ноғай саудагерлерінің арбасына мініп, мыналарды қырып салған ұлықтың артынан сүмеңдеп кетіп бара жатқан — албан баласы, білімі бар, оқыған қазақ. Бұл, елін сатып, құлқын қуып кетіп бара жатқан жүрісімен, барлық істелген ірі істі былғағандай. Сол ниет жолында өлген ел азаматтарының сүйегін қорлағандай еді. Ішінде болымсыз ғана болса да, өмірінде бір-ақ рет болса да, азғантай қарсылық дауысы оянып, өзін-өзі ұялтатын, сөгетін сыншы дауыс шығуға керек еді. Қазірде, керек десе, соның да белгісі көрінген жоқ. Құр, бетін сипап, бата қылған болды да, әр қайсысына тамашалағандай қайта-қайта қарап өте берді. Кеудесінде ит өлгендей, сасып-бықсыған арам өзімшілдікпен бірге, ерекше, жақсы үйлескен бітеулік, сезімсіздік бар еді. Ар маңдайы көн терідей қалың еді. Солар мызғымай, қайыспай отырып алып шықты. Алаңдамай, бөгелмей, Жаркентке қарай тарта берді. Сол күні ұлы сәске кезінде, Қарқара жәрмеңкесінің орнында лаулаған қызыл отпен аралас қап-қара болып будақтаған бұлттай қалың қара түтін тұрды. Кешегі жәрмеңкеге жиылған жұрттың бүгін бәрі бірдей келмесе де, жартысынан артығы лек-легімен қайтадан ұран салып, тағы да Көкжотаны бетке алып жан-жақтан жосылып еді, бүтін көпшілік кешегідей бет ашыққа шығып соғыспақшы емес. Ылғи тана қамауда сақтап, сонымен жәрмеңкенің титығын құртып, әлсіретпек, содан әрі орайы келсе түнде, я, болмаса ертең, бүрсікүні болса да, әйтеуір қорқытып тұрып, жәрмеңкені талқандап ішіндегі ұлық атаулыны ұстап алып қырмақшы еді. Ең болмаса осыларға қыласыны қылып, аз да болса, кегімізді алып кетеміз десіп еді. Осымен қатар ел-елдің бәрі де түйесін қомдап, үйлерін жығып көшуге де кіріскен еді. Жаңағы ниетпен жәрмеңкеге қарай беттеген жігіттер жан-жақтан андап келгенде, ішінде ешбір жан қалмай, қаңырап тұрған жайын көрген. Содан кейін барлық ел көше-көшесін кернеп алып, ішінде арлы-берлі кезіп жүріп, тұтқында отырған кісілерінің дерегін іздесіп еді. Ешкімді де, ешбір белгіні де таба алмады. Көшелерде шашылып жатқан әр алуан дүниелер бар еді. Әр жерде бауыздаулы күйінде сойылмай қалған қошқар, бағыландар, байлаулы қалған жаман-жәутік аттар, қораларда қамалған топты қойлар да бар екен. Сол сияқты тірі малдарды босатып шығарып алып, содан қалған дүниеліктің ешбіріне қарамастан, жәрмеңкеге жан-жағынан өрт қойған. Талайдан бері жауын көрмей, ыстық күнде кебірсіп, қурап тұрған ағаш ләпкелер, тақтай шатырлар, қураған сырғауылдар қу шөптей лаулап жана бастады. Баяғы заманнан бері албан жайлауын обырдай обып, тәтті дәмдісін сіміріп жұтып, жонданып тұрған жәрмеңке бүгін ең ақырғы сағатына, өлім күніне жетті. Көп заманнан бері үлкен көнтерлі кеңдікпен шыдап келген ел енді бұлқынып кеп қатты тулады. Астын-үстіне көтеріп тастағандай, дүниесін ойран қылғандай болып тулады. Сонымен өмір бойы дұшпан ниетімен келген ескі жәрмеңке үлкен өрттің құшағына кіріп, қара түтіннің астында тұншығып, бықсып, жоталап бара жатқан шақта қалың албанның елі де Қытайға қарай бет түзеді. Салқар-салқар болып, қайтқан қаздай тізіліп, ауа көшіп тартып берді. Артында қара түтін боп жәрмеңке қалды. Иесіз болып қаңырап Алатаудың жайлауы қалды. Құлазып қыстау, қоңырсып жұрт қалды. Кіндігін кескізіп, кірін жуған момындық күн қалды. Албан албан болғалы қыстың жұтын, жаздың індетін көрсетпеген, жер кіндігі — ата қоныс мекені қалды. Тау-таудың саласында иесіз шулап қора-қора қой қалды. Тау толған арқар, бұғы, елік, қара құрық, тау текедей жабайы, жайын көршілер де қалды. Алдында белгісіздікке толған тұманды күндері құшағын жайды. Артына нәлет айтып, алдына қарай жол тартты. Қалың албан тобынан адасқан қаздай жырылып, далашықтың байы Дәулетбақ қалды. Бұл Асы соғысында жаяулап, қаңғып қалған Хлыновскийге сол күні түнделетіп қос-қос атпен кісілер жіберіп, бәрін де аман-есен Алматыға жеткіздіріп салып, тәңірі жарылғасынын алып қалып еді. Дәулетбақтан басқа Текестің, Сырттың тауының тас-тасына, ұры қойындарына тығылып жүрмек болып Түңғатар бай қалды. Жұртта қалған бұралқы иттей болып, ұлықтардың обозының артынан ере бермекке тілмаштар қалды. Оспан мен Жебірбаев қалды. Соңы. Ленинград, декабрь, январь. 1927-1928 жылдар.
Ғылыми түсініктер
"ҚИЛЫ ЗАМАН"
Бұл шығарма 1928 жылы Қызылорда қаласындағы Қазақстан" баспасынан: "Әуезұлы Мұхтар. "Қилы заман", тарихи повесть (ұзын әңгіме). 1916 жылғы Албан көтерілісінен" — деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Кеңес өкіметінің саяси-идеологиялық қысымының кесірінен "Қилы заман" повесі жазушының көзі тірісінде қайтып жарық көрген жоқ. Бұдан кейін А.Пантиелевтің аудармасы бойынша "Новый мир" журналының 1972 жылғы 6-санында жарияланды. Мәскеуде орыс тілінде шыққан Бес томдық шығармалар жинағының І томына енді (1973). "Жұлдыз" журналының 1974 жылғы 8-санында қазақ тілінде басылды. 1975 жылы "Қилы заман" деген атпен жеке жинақ болып шықты. 1979 жылы қайталап басылды. Жазушының Жиырма томдық шығармалар жинағының І томына алдыңғы жинақтардағы нұсқа бойынша енгізілді. "Племя младое" (1977) атты жинақта орыс тілінде жарияланды. М.Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағына повесть 1927 жылғы басылымымен салыстырылып, текстологиялық сүзгіден өткен нұсқасы бойынша енгізіліп отыр. Текстологиялық салыстыруды жүргізгендер Сұңқар Жұртбай мен Мұқаш Қожахмет. "Қилы заман" повесі орыс, неміс, француз, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылған. "Қилы заман" повесі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін суреттеуге арналған. Соның ішінде жазушы Жетісу губерниясының Жаркент уезіндегі Қарқара жәрмеңкесінде болған тарихи оқиғаны шығармасына арқау еткен. Жазушы ұлт-азаттық көтерілісінің шығу себептері мен отарлау-жазалау саясатының зардаптарын жақсы білді. 1918 жылы патшалық жазалау әскерінің қырғынына ұшырап шет ел ауып кеткен Жетісу қазақтарына көмектесу үшін Семейде ұйымдастырылған "Алаш" қорының жауапты хатшысы болды. 1927 жылы шілде айында Қазақстан оқу-ағарту коммисариатының арнайы жолдамасымен Жетісу өңірін аралап, Кенесары мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістері туралы ел аузынан деректер жинау үшін Жетісу губерниясына келді. Сапардың мақсаты туралы "Тілші" газетінде жарияланған "Алматыға Мұхтар Әуезұлы келді" - деген хабарда толық айтылған. Онда: "Жақын арада Ленинградта оқып жатқан қазақтың атақты жазушысы Мұхтар Әуезұлы Алматы қаласына келді. Келген жұмысы: Жетісудан қазақтың ауыз әдебиетін (өлең, тақпақ, ертегі тағы сондай қазақ елінде ауызша айтылып, жазылып жүрген шығарма, деректер), 16-жыл көтерілісінен қалған түрлі шығарма, деректер, Кенесары, Наурызбай жорықтарынан қалған ел аузында сөйленіп жүрген әңгіме-өлең, ертегілерді жинау. Жетісуда жоғарғы айтылғандарды (қайсысы болса да) білетін азаматтар болса "Тілші" басқармасы арқылы тілдесуге болады. Мұхтар жолдас келген қызметі жөнінде ел әдебиетін сүйген азаматтармен, кәрі құлақ қариялармен сөйлесіп, дерек алуды тым-ақ тілейді. Ескі әңгімелерді көп білетін қазақтың ақындарын, қарияларын, аты-жөнін (тұрған жерін айтып) білдірген, өз тұсынан жиған деректерді (материалдары болса) жіберген азаматтарға алғыс айтады. (Еңбек басылып, іске асардай болса, құр қол қалмайды. Өкімет қазынасынан ақша берілуі мүмкін). Әсіресе, 16-жылдың оқиғасы туралы деректерді жинауды өлкедегі Қазақстанды зерттеу қоғамы мен өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі (қадағалап) тапсырған екен. Мұхтар жолдас Жетісуда августың 15-іне шейін ғана болады. Тілеген адам жоғарғы мағлұматын "Тілші" басқармасы арқылы жібере бергендері дұрыс", — деп жазған. 1927 жылы Қарқара жәрмеңкесі соңғы рет ашылды. М. Әуезов жәрмеңкенің туы көтеріліп, думаны қызған шақта Қарқараға келеді. Осында Ілияс Жансүгіровпен кездеседі. Қарқара жәрмеңкесінде құрамында Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов бар қазақ драма театрының артистері ойын-сауық көрсетіп жатады. Оларды өлкелік партия комитетінің секретары Ораз Жандосов, Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы Ыдырыс Көшкінов қарсы алды. Қарқара көтерілісінің оқиғасы өткен жерге ескерткіш тас үйді. Ол төбені бұдан былай "Ереуіл төбе" деп атау туралы шешім қабылдады. Бұл рәсімге М.Әуезов те қатысты. С.Қожамқұлов өзінің "Ереуіл төбе" атты естелігінде: М.Әуезов "Қилы заман" повесін жазар алдында материал жинауға шығыпты. Жас кезі ғой. Соның өзінде қарттар құсап қабырғасы қайыса сөйлеп тұрды: - Көп қорлық көрген ел екен. Қарсылық білдірдің деп жазықсыз атып, шауыпты, соны жазайын деп жүрмін. Біраз дүние таптым, енді Алматыға қарай шығам, біраз адамдармен жолығам. Асыда болдым, содан Қарқараға келдім, - деп қабағын шыта жөнін айтып еді", — деп жазды ("Жұлдыз". 1977. № 9). М.Әуезов пен І.Жансүгіров екеуі Қарқара, Мыңжылқы, Шырғанақ, Саты, Асы, Қараш-Қараш жайлауын аралап, тамыз айының басында Алматыға қайтып оралды. Алматыға келген соң І.Жансүгіров жинаған 1916 жылғы көтеріліс туралы архив деректерімен танысады. Жолай Қызылорда қаласына соғып, қыркүйек айының басында Ленинград қаласына қайтып оралады. Қыркүйек айы ішінде "Қараш-Қараш" оқиғасын жазып бітіреді. Іле "Қилы заманның" ұзақ оқиғасына кіріседі. Шығарманың соңына: "Ленинград. Декабрь. Ғинуар 1927-1928 жылдарда" — деп қол қоюына қарағанда, повесть екі айдың ішінде жазылып біткен. Қолжазбасын Қызылордадағы "Қазақстан" баспасына жолдаған. Баспаға жаңа келген бас редактор Ғ.Мүсірепов қолжазбаны тездетіп қолға алып, шағын алғы сөз жазып, мамыр айында жарыққа шығарып үлгерді. Кітап үш мың дана болып басылды. Шығармаға арқау болған тарихи оқиғаның мәнісі мынадай: 1916 жылы 25 маусым күні Ресей императоры Николай ІІ қазақтарды майдандағы қара жұмысқа алу туралы жарлық шығарды. Бұған қазақтар жаппай қарсылық көрсетті. Осыған орай 1916 жылы 16-шілде күні Түркістан генерал-губернаторының міндетін атқарушы генерал Ерофеев патшаның қабылдауына кіріп, Түркістан өлкесін әскери жағдайға көшіру туралы жарлыққа қол қойдырды. Бұл бүкіл Орта Азия мен Қазақстан халқын "дұшпан армиясы" - деп жариялаумен пара-пар болатын. Жарлықта: "сотқа - жауапқа" тартылғандардың бәрі берілсін, соның ішінде жеке адамдар туралы қосымша дерек жинамай, тергеудің соңын күтпей-ақ өзге сыбайластарын қоспай-ақ жазаға тартылсын", - делінген. "Қилы замандағы" "Албан оқиғасы" кезіндегі жүз отыз сегіз адамның, Пішпек уезіндегі бес жүз он адамның ешқандай сотсыз азапталып, атып өлтірілуі осы жарлықтың әсері еді. Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісін басу үшін генерал-губернатордың қол астындағы тұрақты әскерден тыс оған мына отрядтар келіп қосылды. 1). Подполковник Гейциктің отряды — 737 жасағы бар екі рота, екі зеңбірек батереясы, бір казак жүздігі, саперлар бөлімшесі, 160 атты барлаушы; 2). Подполковник Алатырцевтің отряды — төрт атқыштар ротасы, бір зеңбірек батереясы, бір казак жүздігі, төрт пулемет, саперлер бөлімшесі; 3). Әндіжан — Нарыннан келген капитан Бурзидің отряды — үш атқыштар полкы, төрт пулемет, 80 атты барлаушы, казактар жүздігі, екі таулы жерде қолданатын зеңбірек, саперлер бөлімшесі; 4). 240 адамнан тұратын Сібір жасағы және 28 атты барлаушы;
6). Саратов жасағы және екі казак жүздігі. Барлығын қосып есептегенде, Жетісуға құрамында 8750 адамы бар 35 рота, 3900 қылышты 24 казак жүздігі, 16 зеңбірек, 47 пулемет жіберілді (Бұл деректер Т.Елеуовтің 1955 жылы шыққан "Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі" атты еңбегінен алынды). 1916 жылы 7 шілде күні Жаркент уезінің Нарынқол — Шарын бөлімшесінің бастығы А.Подворков Қарқара жәрмеңкесіне ел басыларын жинап алып, 19 бен 31 жастың арасындағы ер адамдардың тізімін жасауды бұйырады. 10 шілде күні Жаркент уезіне қарасты болыстар мен билер, ел басылары Қабан Қарағай жайлауындағы Ұзақ Саурықовтың үйіне жиналды. Кеңес қорытындысында патшаға әскер бермеу туралы уағдаласып, ақбоз ат сойып ант беріседі. 11 шілде күні Қарқара жәрмеңкесіне жиналып Т. Жансеркинді, С. Қанаевті, А. Дәркенбаевті өкіл етіп сайлап, өздерінің шешімдерін айтқызады. Көтерілісшілер: 1). Ресей патшасының қол қойған уағдасы бойынша қазақтан әскер алмауы тиіс, сол үшін жан салығын, мал салығын, табыс салығын, түтін салығын төлеп отырмыз. Сол төленген шығынды қайтарып берсін. 2). Әскер мен соғыс салығы үзбей төленіп келеді, солар қайтарылсын. 3). Өзге ұлттар сияқты қазақтар да арнайы әскери дайындықтан өткізілсін. Олардың қолына қару берілсін. Әйтпесе күрек ұстау үшін майданға бармаймыз деп талап қойды. Жиналған көтерілісшілер сол күні жәрмеңкедегі ақ патша әскерін тас-талқан етті. Алматыдан арнайы жазалау жасақтары шықты. Қозғалыс көсемдері жаппай түрмеге қамалды. Олардың біразы Қарақол қаласындағы, біразы Жаркент қаласындағы абақтыға айдалды. Он екінші тамыз күні түрмедегі тұтқындарды арандату арқылы жаппай қырғынға ұшыратады. Соның салдарынан жүз отыз сегіз адам қаза табады. Бұдан кейін жазалау жасақтары тау-тасты шарлап жүріп көзге көрінген қазақ ауылдарын түп-тұқиянымен құртып жібереді. 1916 жылғы қараша айында Ресей думасы "Албан көтерілісі" кезіндегі заңсыздықтарды тексеру туралы комиссия құрды. Комиссияның тергеу жұмысының нәтижесіне сүйенсек, көтеріліске дейін Жаркент уезінде 17.700 түтін саны болса, көтерілістен кейінгі санақта 5099 түтін ғана қалған. Міне, жазушы осы оқиғаны "Қилы заман" повесіне арқау еткен. 1928 жылы маусымда "Алашорда" қайраткерлерін жаппай түрмеге алу науқаны басталып, "Қилы заман" тәркіге ұшырайды. Кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйым ашып, қарулы көтеріліске дайындалды, мәдениет, әдебиет саласында арандатушылық істер жүргізді деген желеумен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов, Д.ЬІсқақов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов сияқты алаш ардагерлерімен қоса М.Әуезов те тұтқынға алынды. Екі жыл тергеу астында болады. М.Әуезов пен Ә.Ермеков қана "Социалды Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттеріне "Ашық хат" жариялап (1932, 10 маусым), "өз қателіктерін мойындайтындықтарын" мәлімдеді. Хат арқылы М. Әуезов өзінің бұрынғы жазған шығармаларынан бас тартуға мәжбүр болды. Сөйтіп, "Қилы заман" повесінің тағдыры талқыға түсіп, ақыры құрдымға кетіп тынады. "Россияға және орыс халқына қарсы жазылған, ұлт арасындағы өшпенділікті қоздыратын ұлтшыл — арандатушы шығарма" ретінде "Қилы заманға" тыйым салынып, ұзақ жылдар бойы жариялауға рұқсат етілмеді. "Қилы заман", "Хан Кене" шығармалары жазушының бетіне салық боп басылып, саяси қудалаудың қуатты құралына айналды. Бұл қысым ол академик (1946), СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1949), Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанған соң да қалмады. "Бұдан бұрын М.Әуезов 1916 жыл көтерілісінің шындығын "Қилы заман" повесінде теріс түсініп, теріс тәсілмен көрсеткен болатын", — (М.Қаратаев, М.Әуезов, 1967) деген іспетті пікірлер сол бұрынғы екпінмен болса да айтылып қалып жүрді. Осы уақыт ішіндегі шырғалаңға ұшыраған төл шығармасының тағдырына қынжылған М.Әуезов: "Осы бір дүниені жаным қаншама азаптанып, қинала отырып жазғанымды сезетін шығарсыз деп ойлаймын, қазір қазақ халқының қаншалықты тұңғиық түбінен бас көтеріп, бой жазып шыққандығын ойлаудың өзі соншама қорқыныш. Бұл тұңғиық түнектің аты — патриархалдық. Орта Азиядағы 1916-жылғы көтеріліс революцияға келіп ұласты, бірақ бар жерде бірдей дәрежеде дамыған жоқ. Торғайда ол кейін Азамат соғысының ерлері болған Аманкелді Иманов пен Әліби Жангелдинді шығарды. Менің геройларым Ұзақ Саурықов пен Жәмеңке Мәмбетов — бұлар да тарихи адамдар, халық басшылары, бірақ олардың тағдырлары басқаша, өйткені оқиға аты шулы Торғайда емес, "тып-тыныш" Қарқарада, Жетісуда, момын Албан руының ұясында, басқаша айтқанда, тек стихиялық желпіністі ғана туғызған әлеуметтік мешеуліктің әлгі айтылған тұңғиық түнегінде болады. Ал бұл желпіністің негізіне барып тұрған саяси соқырлық, тәжірибесіздік, алдарқатқан сәбилік аңқаулық, сағым қуған қиял мен жалған сенім, патриархалдық қараңғылық пен дәрменсіздік қана бар еді", — деп А.Пантиелевке қынжыла сырын ашқан. Соған қарамастан, жазушы "Қилы заманның" түптің түбінде әдебиет тарихынан өзінің тиісті орнын алатынына сенеді. Елуінші жылдардың аяғында повесті жолма-жол аудартып, А.Пантиелевке жасырын жағдайда тәржімалауға береді. Оқиға өткен жерлермен аудармашыны таныстырады. Жазушы қайтыс болғаннан кейін он бір жыл өткен соң аударма Москвадағы "Новый мир" журналында Ш.Айтматовтың алғы сөзімен жарық көрді. Екі жылдан кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында арнайы талқылаудан өтіп барып, Ә.Шәріповтің қосымша алғы сөзімен "Жұлдыз" журналында 1974 жылғы 8-санында жарияланды. Жоғарыда аталып өткен үш алғы сөздің "Қилы заманның" жарық көруіне тікелей әсері болды. Сондықтан да шығарманың жазылу, жариялану тағдырынан толық хабардар ететін үш алғы сөзді толықтай ұсынамыз. Бұның М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолын түсінуге мүмкіндік беретіні анық. "Қазақстан" баспасының бас редакторы Ғ.Мүсірепов жазған алғы сөз. "Қилы заман" романы қазақ ішінде болған зор оқиға — 1916-шы жылдағы Жетісудағы Албан қазақтарының "Ақ патша " жарлығына қарсы жасаған көтерілістің қимылын суреттейді. Бұл оқиға қазақ арасында төңкерісшілдік мәні бар, тарихи маңызы зор қозғалыс. Қазақ тарихында 1916-шы жылдың орны бөлек. 1917-ші жылдың оқиғасында ұлт қозғалысының, ұлт ішіндегі топ тартыстарының, бай мен болыстың, тілмаш-төрелердің сұмдықтарының, ұлтшыл оқығандардың жақсы, жаман істеген істерінің бәрін де ашып жазу, дұрыс суреттеу керек еді. Бірақ, жасыратыны жоқ, мұны жазып отырған Мұхтар бізге түгелімен берілген, бізге тән адам емес. Мұхтардың бұдан бұрынғы жазғандарының көбі ескі сарын. Ол әлі күнге дейін ескіліктің жырын жырлап, жоғын жоқтап жүр. Ол осы күнге дейін "ескі қазақтың" ескілігін көксеп жүрген адам. Жаңа жұртшылықтан гөрі, әлі де болса да ескілікті артық бағалап жүрген жазушы. Әрине, мұндай аты басқа, заты бөлек, беті теріс адамнан тарихи оқиғаны түп-түгел Маркс жолымен, еңбекшілер жолымен жазылуын күте қою да мүмкін нәрсе емес. Бірақ, жазушының өзінше бұл әлеумет өзгерістерін жөндеп суреттедім деп жазған романы. Біз бұл романды баспада өзіміз кейбір кемшіліктерін көрсетіп, түзеттірген болдық. Мұның үстіне бұл сияқты суретпен жазылған көркем әдебиет бізде жоқтың қасында. Міне, осы жағдайларды оқушыларымыздың алдына салып, күн бұрын ескерткіміз келді.
Осы жағдайларды еске алып, бұл роман оқырда сын көзімен қарап, теріс суреттері, теріс беті болса — ашып айтып, сынап-мінеп оқуларыңыз керек. Бұл кітап шыққан соң да дұрыс сындарыңды баспасөз жүзі арқылы білдірулеріңіз жөн. 1928 жыл. Қызылорда. "Қазақстан баспасы". Ғабит Мүсірепов жазушының көркемдік кестесін мойындай отырып, оның идеясынан "жат пиғылды", "ескішілдікті", "ұлтшылдықты" көксеген, "аты басқа, заты бөлек, теріс адам" екенін айтуға мәжбүр болды. Заман талқысы, уақыт екпіні, саяси қысым соған итермеледі. Арада қырық бес жыл өткеннен кейін де сол тәсілге тағы да жүгінуге тура келді. Тағдыры қиын шығарма Ш.Айтматовтың алғы сөзімен орыс тілінде жарық көруге мүмкіндік алды.
"ҚИЛЫ ЗАМАН"
Салт атпен сапар шегіп келе жатқан қарияға бейтаныс бозбала жолықты делік. Өз көзіне өзі сенбесе де, әлде бір соншалық жақын танысын шырамытқан қалыппен, жас жігіттің бетіне қадала қарап, кенет дауысы дірілдеп: "Япыр-ау, атам заманғы жоғалтқан жүйрігімнің көзіндей жылы ұшырап кеттің ғой, қайдан жүрсің, балам?", - десе есіне бәрі бірден түсері хақ: өзінің жас шағы, мынау ұлы айнымай тартқан баяғыда кеткен досы, сол жол, сол ат тұяғының дүбірі мен айдарынан ескен жел, сол дауыстар, сол пішіндер... Бүгін, "Қилы заман" повесін қайталап оқығанда, менің де солай дер шағым екен-ау, өйткені қазір мен, жас жағынан болса да, сондағы жиырмасыншы жылдардың аяқ шеніндегі, жас жазушы Мұхтар Әуезовтің әкесінің болмаса да, ағасының жасында екенмін. Таңғаларлық бір жағдай — бұл повесть жазылғаннан қырық бес жылдан соң, автор қайтыс болғаннан көп жыл кейін оқырмандарына алғаш рет ұсынылып отыр. Шығарма оқырман қауымның құзырына жазушының көзі тірісінде ұсынылуы бір басқа да, ал өлгесін, өзі жоқта ұсынылуы екінші басқа. Және бұл өзі ертерек жазылған, тіпті ең алғашқы шығармалардың бірі дерлік дүние. Және әдебиет табалдырығын ешкім де бірден ұлы жазушы болып аттамайтындығын түсіне тұрсаң да, тәуекелмен айтсақ: Әуезов есімін әрқашан дүние жүзі классиктерінің қатарында, мәңгі өлмес "Абай жолы" эпопеясының шыңында көру оқырман қауымның санасына әбден сіңген. Алайда, "Қилы заманды" оқып шыққан соң, Әуезов творчествосына табынушылар журнал редакциясына ризашылық рахметін айтар деп сенемін. "Су анасы — бұлақ" дегендей, онсыз ұлы өзен бола ма? Демек, "Абай жолына" дейін де Әуезов айтулы шебер болатын. "Қилы заман" Әуезовтің "Абай жолынан" көп бұрын, сол кездің өзінде-ақ, кең тынысты эпикалық баяндау формасын игергендігін дәлелдейді. Осы тұрғыдан алғанда "Қилы заман" - кейін Әуезовтің телегей-теңіз эпопеясын тудырған ең алғашқы қуатты арналардың бірі. Дегенмен де, әр шығарманың өз орны бар ғой. Сонау өткен жылдарда жас Әуезов жазған осы бір қиян-қилы қайғылы повесть — жазушы талантының революциялық қалыптасуының айқын мысалы. Міне, оқырмандар назарын повестің дәл осы революциялық мазмұнына аударсам деп едім. Царизмге, оның зорлықшыл аппаратына деген өшпенділікті жас Әуезовтей соншалық суреткерлік нанымдылықпен көрсеткен, патшалық отаршылық саясатының безбүйрек қаталдығы мен айуандығын соншалықты ашына әшкерелеген, көшпенді халықтың өзіне жат патшалық әкімшілік жүйесін қабылдамауының табиғатын мол мысалмен ала отырып, соншалық тереңдікпен ашып берген, сорына қарай көтеріліске шығып, сонысы үшін қан жоса қырғынға ұшырап, туып-өскен жерінен қуылған қарапайым халықтың қасірет-қайғысын ет жүрегі езіле отырып айтып берген мұндай шығарманы мен шығыс әдебиеттерінен сирек кездестірдім. "Қилы заманды" оқи отырып, егер Октябрь революциясы болмаса, көшпенді қазақтар мен қырғыздардың одан арғы тағдыры не боларын мезгіл өткен соң ойлаудың өзі қорқынышты. Айтуға аузым бармайды — мүмкін тіпті біз болмас та едік. Ал мәңгілік өмір сүргісі келмейтін халық бар ма? Тек жалғыз осы үшін — Октябрь революциясының Россияда туып, империялық отаршылдықты талқандап, сол арқылы менің халқымды бір жола жойып жіберуден құтқарып қалғандығы үшін ғана мен өле-өлгенше революцияны мадақтап өтуге әзірмін және балаларымның балаларына: күніміздің туғанын Октябрьден санаңдар! — деп өсиет қалдырамын. Әуезов повесін оқи отырып, куәгерлердің әңгімелерін еске алдым... Жазалаушылардан қашып құтылу үшін бүкіл халық боп қар кешіп, асулардан асқанда, аналар ең алдымен сәбилерін аялап, сақтаған. Пулемет оқтары баудай түсіргенде, аналар сәбилерін кеудесімен қорғай құлаған. Сол қырғында сау қалған сәбилер қазір елу жастан әлдеқашан асып кетті. Көбінің есімдері сол қилы кезеңнің естелігіне Тенті (кезбе), Қашқын, Үркін деп аталады. Сан алуан шапқыншылардың салдарынан босып, туып-өскен жерлерін тастап қоныс аударғанда көшпенділер үйір-үйір малын, дүние-мүлкін емес, үміт артқан болашақ ұрпағын — балаларын құтқарған. Әуезов жазып отырған сол қанды 1916 жылы да қазақтар мен қырғыздардың ежелгі руларының алдында тағы да (қанша рет десеңізші) не өмір сүру, не өлу, не туған жер топырағында қалу, не жат жерге жылысып қоныс аудару мәселесі тұрды. Әуезов өзінің повесімен бізге, әсіресе жас ұрпаққа, Россияда советтердің жеңуінің біз үшін маңызы қандай зор екенін дүние жүзінің алдында артықшылығын қазір тарих өзі дәлелдеп беріп отырған СССР-дің құрылуының маңызы қандай зор екенін еске түсіреді. Өткендегі шексіз тұңғиық халық қасіреті мен біздің бүгінгі шындығымыздың арасы жер мен көктей, тіпті салыстыруға келмейтін категориялар. Бірақ сол өткеннің ішіндегі жақсылық жағы, жұрт еңсе көтеріп патшаның отаршылдық қанауына қарсы халықтың стихиялық толқуы, өз істерінің дұрыстығына көздері жетіп, еркіндікке ұмтылып, адам рухының соншалықты мол қуатын танытып, зорлық-зомбылыққа қарсы тұруы — таң қалуға болатын дүние және біз Әуезовпен бірге сол он алтыншы жылғы оқиғаның даңқын мадақтаймыз һәм қайғырамыз. Меніңше, Мұхтар Әуезов бәрінен бұрын өздерінің адамдық қасиеттері үшін бостандық, әділеттік үшін байырғы күрес сезіміне ерген халықтық стихиялық толқындарының пісіп, жетіп, қалыптасуын сәтті бейнелеген. Сол кездегі жас Әуезов мұны аса зор суреткерлікпен және тарих таразысы тұрғысынан, өз кезінің алдыңғы қатарлы, революциялық, таптық позициясы тұрғысынан жасаған. Сондықтан да қырғынға ұшырауы алдын ала, айтпай-ақ мәлім болғандардың, күштері тең емес күресін баяндайтын осы бір қайғы-қасіретке толы тарих біздің әрі жанашырлық, әрі сол адамдарға деген мақтаныш сезімімізді қозғайды. Жоқ, адамзат тарихында күшпен басылып тұншықтырылса да, бостандық үшін құрбандыққа барып, бас тіккен батырлықтың, трагедиялық әсемдіктің символы ретінде сан ұрпақтың есінде өшпес із қалдырған көп-көп көтерілістер, ереуілдер, бүліншіліктер сияқты, самодержавиеге қарсы халық кегінің бұл буырқанысы да текке кеткен жоқ. Мұның бәрі де адамзат қоғамына әлеуметтік және тарихи сабақ болды. Әуезовтің "Қилы заманы" — патшалық Россия халықтардың түрмесі болғандығының, Россия империясының барлық жерінде әлеуметтік революция қажет болғандығының, біздің заманымыздың шындығы - халықтар арасындағы қарым-қатынасты дамытудың бірден-бір дұрыс жолы социалистік интернационализм екендігінің тағы бір айғағы болды. Әуезовтің повесі оқырман көңілінде әрқилы сезімдер туғызады. Әуезовтің сол бір кезеңдегі өмірді терең біліп, шабытпен жазған бұл дүниесінің көркемдік ерекшеліктері хақында әлде де көп нәрсе айтуға болар еді. Мәселен, табиғатты, тұрмысты, Қарқара жәрмеңкесін, адамдардың портреттерін бейнелеуде Әуезовтің шын мәніндегі Рабле қаламына лайық шырын шеберлігі жөнінде айтпай кету қиын-ақ ... Ал жәрмеңкеде пристав Ақжелкенің қасында жүрген тілмаш қазақтар мен патшаның итаршы жалдаптары, халқын сатқан арсыз, азғын байлар туралы соншалықты жиіркенішпен өлтіре шенеп жазғанын айтпай кетуге тіптен болмайды. Өзінің туған халқынан жеріп, сырт айналып, Ақжелкелердің артына кіріп, мазағына мәз боп жүрген бұл сияқтылар жайында тіпті сонау Дантенің айтып кеткені дәл келеді.
Тамұқ екеш, ол да бұған арланды.
Иә, сүйікті жазушы және ұлағатты ұстаздың беймағлұм туындысымен қайта кездесу әрі ауыр да, әрі қуанышты да. Қуанышты болатыны - бұл оқырман қауым күтпеген кенет кездесу, ұлы жазушының ертеде жазған тағы бір шығармасын тағдыр әкеп табыс етіп отыр, ал ауыр болатыны - авторының арамызда жоқтығы. Сондықтан да, Мұхтар Әуезовтің "Қилы заманына" алғысөз жазу үстінде мен сан қилы сезім құшағында отырмын. Бейне бір иесіз сәйгүлікті үлкен жолға салып жіберген сияқтымын. Міне, шапқанда кедергі болмасын деп, тізгінін түріп, үзеңгілерін қанжығаға қайырып байладым да, әйт, жануар, шүу, дедім: "Есен-сау бол, тарлан тұлпарымның көзі! Жер танабын қуыра шап! Шындық шырқай берсе екен!". Және де ұзаған сайын оның артынан қарап тұрып, ойға қаламын: Жақсы адам иесіз шауып бара жатқан сені көргенде сәт сапар тілейтін шығар-ақ. Ал сенің сайлы ер-тұрман, әбзелдеріңе қызығып, шылбырыңа жармасқысы келген жан ешкімнен ешқашан да алғыс — рахмет ести қоймас...
* * *
"Әрбір ұлы жазушыны, ұлы ойшылды шын мәнінде танып білу, дұрыс түсініп, қабылдау — белгілі бір мерзім-мезгілдің ғана емес, байтақ уақыттың, бәлки, тіпті ғасырлардың үрдісі. Өйткені, ең әділ сарапшы да, әділ төреші де әмәнда уақыт. Соңғы сөзін айтуға асықпайтын, қатал да әділ қазы - уақыт кезі келгенде әркімді, әр нәрсені тиісті өз орнына қояры даусыз. Қазақ совет әдеби сынының сонау бозала таңында тіпті данышпан Абайдың өзіне де тосырқай, күдіктене қараған шақтарымыз болғаны мәлім. Ал сол Абай творчествосының ұлылығын, ағартушылық, прогресшіл бағытын дөп таныған бүгінгі таңның өзінде оны әр қайта оқыған сайын ақын ойының тереңдігін, философиялық толғаныс-тебіреністерінің тың тігіс, жаңа астарын тағы да жаңа бір қырынан ашқандай күйде болатынымыз да сондықтан шығар. Түптеп келгенде, ұлылықтың сыры мен айырмашылығы да осында болу керек. Заманымыздың ұлы суреткері - Мұхтар Әуезов эпикалық құлашы кең, қарпуы мол қаламгер екенін ең алғашқы шығармаларының өзінде-ақ танытқан болатын. Алайда, оның алғашқы шығармаларында суреттелетін өмір, баяндалатын оқиға көбінесе революциядан бұрынғы кезең болғандықтан, сол тұстағысында тақырыптың ескілігі авторға кінә боп тағылды. Мұхтар Әуезовті біздің баррикаданың қарсы бетіндегі қаламгерлердің қатарына қосып қарайтын социологиялық солақай сынның салқыны жазушының жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде жазған "Қилы заман" повесіне де тиді. Эпикалық байсалды баяндау тәсіліне, психологиялық сезім күйлерінің тереңдігіне, характерлердің сомдалуына, ел өмірінің бүге-шігесіне дейін жомарт қаламға ғана тән дарқандықпен берілуіне қарағанда, повестен гөрі роман деуге лайық бұл туынды 1928 жылы Қызылорда қаласында бір рет жеке кітап болып басылды да, қайтып жарияланбады. Кітапта баспа атынан жазылған алғысөзде авторға "аты басқа, заты бөлек, беті теріс адам" деген сияқты жазушының әлеуметтік саяси платформасына шүбә келтіретін жалған айып тағылды да, шығарманың объективтік идеясына түсінбей, байыбына бармай, ойланбай айтылып қалған сол бір сыңаржақ сынның салдары жылы күнде тиген тымаудай созылып, көпке дейін қалмай келді. Шындығында, сол жиырмасыншы жылдардың өзінде әділетсіздікке қарсы айтып қана қоймай, қол көтеріп, қару сілтеген Бақтығұл ("Қараш-Қараш оқиғасы") бейнесінің мүсінделуі, аяғы ұлы Октябрьге келіп ұласқан 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбына ("Қилы заман") батыл барып, революциялық оқиғаға бет бұруы М.О.Әуезов творчествосының алғашқы кезеңіне деген көзқарасқа көп айқындық енгізсе керек. Ал отызыншы жылдардың орта тұсында 1916 жыл оқиғасына қайта оралып, "Түнгі сарын" сияқты классикалық пьеса жазып, Тәнеке қарт пен Жантастай ер жігіттің образын жасауға жазушы "Қилы замандағы" Жәмеңке қария мен Ұзақ батырды баспалдақ қып келгенін түсіну қиын емес. "Қилы заманда" албан сияқты момын елдің қара бөрікті қарапайым қыр қазағының патшалық Россияның пристав Подпорков (қазақ арасында "Ақжелке" атанып кеткен), урядник Плотников тағы олар сияқты жебір әкімдеріне байланысты айтқан кейбір наразылық сөздерінің артық-кемін бүгінгі, жетпісінші жылдардың оқырмандарына түсіндіріп жатудың көп қажеті бола қоймас. Бұл шығарма "Лихая година" деген атпен А.Н.Пантиелевтің аударуында 1972 жылы "Новый мир" журналында (№ 6) орыс тілінде тұңғыш рет жарияланды. Бұл жариялануына Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Шыңғыс Айтматов алғысөз жазды. Сол нұсқасы жазушының Москвада орыс тілінде шығып жатқан бес томдық шығармалар жинағының І томына енгізілді. Демек, енді қазақ оқырмандарына да өздерінің бір кезде сүйіп оқыған шығармасын қайтарып берудің реті де, мезгілі де жеткен тәрізді. "Жұлдыз" журналының 1974 жылғы 8-санында жарияланған нұсқасын кітап ету әбден орынды. Ал оқырман қауым көптеген іздеу салып, сағынып тапқан туысымен қайтадан қауышқандай сезімде боларына сенім мол.
Әдебиет және өнер
институтының директоры ".
Осындай алғы сөздерден кейін ғана "Қилы заман" повесін жариялауға мүмкіндік туды. Соның өзінде де, текстологиялық салыстырулар байқатып отырғандай, шығарманың 1928 жылғы нұсқасындағы біраз сөздер, сөйлемдер, кейбір тұтас абзацтар 1974, 1979 жылғы басылымдарда өзгертуге ұшыраған немесе мүлдем алынып тасталған. Қолжазбадағы: "орыс", "казак-орыс", "ноғай", "Россия", "сарт", "тараншы", "қазақ қолы", "кәпірістан", "сарт-сауан", "орыс-ноғай", "отарлаушы қазақ әскері", "орыс қалалары" - деген сөздер -"ұлық", "әскер", "солдат", "саудагер", "жасақ", "патша әскері", "крестьяндар" деген сөздермен ауыстырылған. Жазушы шығармаларының елу томдық толық басылымында повестегі бұрын қысқартылған, өзгертілген сөздер мен сөйлемдердің барлығы да 1928 жылғы нұсқамен сәйкестендірілді. Елеулі өзгерістер мен кісі, жер, оқиға туралы мағлұматтарға түсініктеме берілді. Ескерту: түсініктемеде бірінші болып 1928 жылғы кітаптағы текст берілді. Содан кейін барып 1974, 1979 жылғы жинақтарға редакцияланып кіргізілген сөз бен сөйлем нұсқалары келтірілді. Т. Жұртбай, О. Қауғабай.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру