Он томдық шығармалар жинағы. 10-том: Дастандар мен поэзиясы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ілияс Есенберлин
ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИННІҢ ПОЭЗИЯСЫ Алматы, 2015
Есенберлин І. ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИННІҢ ПОЭЗИЯСЫ / І. Есенберлин; құраст. Қозыкөрпеш Есенберлин. - Алматы: БПКА, 2015. - 280 б. ISBN 978-601-7459-27-7 Е 79 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді © І. Есенберлин, 2015 © Баспагерлер, полиграфистер және кітаптаратушылар Ассоциациясы, 2015 ӘОЖ 821.512.122 КБЖ 84 (5Қаз)-5 Е 79 ӘОЖ 821.512.122 КБЖ 84 (5Қаз)-5 ISBN 978-601-7459-27-7 Халқымыздың біртуар азаматы, жазушы, драматург, оқыр мандар жүрегінен өзінің тарихи шығармаларымен орын алған қара сөздің хас шебері, қазақ әдебиетіндегі кемеңгер тұлға І.Есенберлиннің поэзия жинағына «Намыс», «Айша», «Сұлтан» соғыс дастандары, «Қазақ қызы», «Біржан сал» сияқты өткен кезең дастандары мен ән текстері енген.
Автордан Мен өнер өмірінің есігін өлеңмен ашқан едім. Сондықтан, қадірлі оқырмандарым, сендердің назарларыңа бұрын-соңды жазылған сюжеттік тоғыз дастанымды тартып отырмын. Бұл туындылардың бәрі де соңынан қайта қаралып жөнделгенімен де (ішінде «Айша» секілді мүлдем жаңадан жазылған поэма да бар), жинақта олардың ең алғашқы дүниеге келген жылдарын көрсетуді дұрыс көрдім. Ілияс Есенберлин
СОҒЫС ДАСТАНДАРЫ НАМЫС Өлім не? Тыныштық ол тас қамалды, Кәріден бұрын кейде жасты алады... Тек қана қаһарманға қара жерден Ұлы өмір мәңгі өлмес басталады. Автор Дүние, сұлусың сен, көркің асқан. Алтын күн, мөлдіреген көкшіл аспан. Ғашық боп өту саған мәңгі-бақи Адамға емес пе бір көркем дастан! Біреу мәз жүргеніне жерді басып, Айқаста қалса да ылғи жез боп жасып. Өмірге лайықты тек күрескерлер Қауіптен, қиындықтан жүрмес қашып! Қайтарар жау азабын, қиянатын, Қорған боп сол өмірге жан қиятын, Жырладым бір ұлыңды, аяулы елім, Ту еткен сен деп намыс, ар-ұятын! * Сұр Балтық төңкеріліп сел шумағы, Үстіне түспеген күз күн шуағы, Ұштасып кеткен сонау бұлтты аспанмен, Жерде де, көкте де су – көз тұнады! Толқиды сұп-сұр теңіз, бір жатпаған. Күн шығып, сірә мұнда, таң атпаған. Бір мезет селт етпейді боп-боз көңіл Дүние көз тәрізді шел қаптаған. Тек толқын дөңбекшиді әлсін-әлсін, Дегендей менен бітпес қайғы қалсын. Кең әлем ұқсайды тар абақтыға Тұтқын ой талпынғанмен қайда барсын!
- Сым қоршау. Сұмырай күз. Сұрғылт шекпен. Суық жел, тынбай соғып, ұрған беттен. Көп тұтқын Либаваның1 лагерінде Арманда қолға түскен сан себеппен. Казарма мұздай іші, қалған қараң. Сәкіге қоқырсытып салған сабан. Бүк түсіп біреу жатыр, біреу отыр Жаралы, қасіретті толған адам... Көңілсіз дала ауру төсегіндей, Жазылмас арман жүрек кеселіндей. Қалғандай өмір тоқтап қара судай, Дүние бүгін тағы кешегідей!.. Тұтқындар – аш-жалаңаш – әзер жүрген Көзі емес, езу тартса, әжім күлген. Байқайсың ішінде бір жас жігітті Өзгеше құба жүзі өзге жүзден. Үстінде ала кенеп арзан парқы, (Тұтқынның жалпы бірдей сыртқы қалпы) Басқадан айырмасы жалғыз ғана. Арқаға жазылған сан «тоқсан алты». Құрбаны болған сонау бір, сұмдықтың. Көзінен жаралы жан күйін ұқтым. Түсінем кірген қазір құшағына Қайғы атты үрейлі сұм құбыжықтың... * Тағдыр дәл ұқсап ауыр қара тасқа, Жүдеген көтере алмай ғарып жаста. Жегідей жанын жеген бір азап бар, Бөтеннен бұл бейбақтың халі басқа. Жас жігіт балуан еді жұртқа әйгілі, Жарыста алған жеңіп сан бәйгіні. 1 Либава — Балтық жағасындағы Латвия порты.
Осы өнер жаны сүйген бала күннен. Жоқ жерден душар етті бұл қайғыны. Еріккен соғыстан тыс, босқа тұрып, (Карта, арақ, аз болғандай басқа былық) Немістер естіп жігіт атақ-даңқын Көтермек болған көңіл сауық құрып... Бетінен түксиіп түк, шыққан кәрі, Мейірімсіз, қатал тіпті шектен әрі, Либава лагерінің коменданты Гестапо офицері секпіл сары – Шақырып жас жігітті алған еді, Көзінің сескентсе де жанған кегі. «Рейхтың чемпионы Куртқа қарсы Күреске шығасың сен, қамдан»,– деді. Тұтқын жан кімге барар айтып шағым, Ал фашист сындырмақ боп әбден сағын, Сен жеңсең...– деп сескенте қалды тоқтап Сөзінің аяқтамай арғы жағын... Осы бір күтпеген жай арты қауіп, Жүректі өртендіріп ауық-ауық, Жас жігіт тыпыршиды алабұртып Бір жерде тұра алмайды дәйек тауып. Күймесін жас көңілі қалай отқа, Құр ғана қорғай ма өзін қалың топта, Намысы Отанының бұл айқаста Бәйгіге тігілгелі тұрған жоқ па?! Сондықтан жанға қайғы батар мүлде, Тұрғандай аңдып ажал қатар бірге, Қарайды үрейлене жігіт сонау Жыландай жылжи түскен қатер күнге... *
Сұңғақ бой, көз тоярлық түр-келбеті, Өзгеден маған ыстық сұрғылт беті. Кім еді осынау жас, қобалжыған, Қарының бөлек-бөлек бұлшық еті? Айтуар, ұмытқам жоқ тек есімін, Сақтаппын жүрегімде түр-кескінін. Білмеймін, келді ме ол Ақ Жайықтан Немесе жағасынан көк Есілдің?.. Көзімнің маған қымбат қарасындай, Қайғысы – жүрегімнің жарасындай, Білерім – ол баласы ер қазақтың, Көңілі кең – жатқан алып даласындай. Жан емес озбырлыққа қалған көніп, Отыр ол сым қоршаулы жардан төніп. Жоғалған жағаны ұрып сұр толқындай Жүректе ұшқын ойлар жатыр сөніп... Бітті ме жастық, шіркін, әуре, желік! Жайы жоқ ең болмаса тәубе дерлік, Қаншама ойламайын десе де өмір Кетпейді көз алдынан сәулеленіп. Жас жанға қауіп жайлап сыздай батты, Болса да мынау өмір мұздай қатты. Теңесе суық көрмен жатқан күтіп, Көрінді оған кенет мүлдем тәтті! Мінекей белгіленген күн де жетті. Үшінші империя «құдіретті» Лагерьдің алдына әкеп алаң жасап Үстіне құзғын туын желбіретті. Еріккен ылғи есер қаны бұзық, Қалғанын жасып жұрттың көріп қызық. Айдап кеп сым қоршаудың ар жағынан Тұрғызды тұтқындарды қатар тізіп. Есірген, асқақтаған мүлде тіпті.
Себеп жоқ боларлықтай көңіл күпті, Әдейі қорлағалы сұм қоршауға Әкеліп Совет елі туын тікті... Зор дене көрсетіп бір күшін асқан, Әне Курт алаңда тұр қозғалмастан. Қалыпты Айтуар да үнсіз қатып Бейне бір мүсін-сынды құйған тастан. Ортада пенснелі тұр судья «Бастаймыз қазір,– дейді ол сұрқия,– Айқаспақ екі елдің чемпионы: Курт – Рейх! Қара қазақ – бұл Россия...» Ысқырып белгі берді жекпе-жекке. Тынды жұрт тұрған қаптап төңіректе, Таяды енді Айтуар Куртке қарай Тұншығып асау арман көкіректе... Көп тұтқын телміреді көзін сүзіп, Мәз-мейрам неміс біткен көрмек қызық. Палуандар бірін-бірі байқай жұлқып, Кешікпей күрес бірден кетті қызып. Алғанша жау әдісін тез ұғынып, Жұмсалып ережесіз қос жұдырық, Бере алмай төтеп Курттың екпініне Айтуар түрегелді бір жығылып... Кідіріс... естілді әне тағы ысқырық. Тағы айқас... Төнеді Курт жан ұшырып, Айтуар шыр айналып ұршықтай нақ Жуытпай жалтарады тез ышқынып. * Қазаққа өзімен тең, бірдей түскен, Курт кенет соқыр ашу, дүлей күшпен, Ұмтылып, жерге ұрғалы үйіреді Бір мезет құшақтай ап дереу іштен.
Жас жаны Айтуардың қандай сірі! Қан-сөл жоқ, сұп-сұр болып қашқан түрі. Әзер жүр шыдай алмай бұл азапқа, Жарар-ақ, түбі, сірә, қалса тірі. Айтуар қимылдайды жанталасып. Бұлтарып төніп жеткен жаудан қашып. Бірақ Курт қояр емес қысып-жұлқып, Секілді жеңері оған айдай ашық. Сөйтсе де жеңе алмады... тайм бітті. Табысы Айтуардың – уақыт ұтты. Отырды орындыққа үнсіз барып Шаршаған, қалжыраған әбден тіпті. Осылай өтсе мезгіл қалған тағы, Жау жеңіп сынбас еді халық сағы. Әттең-ай! Өз адамы оза алмаған Шамдана қалған екен Рейх жағы!.. Аңғарып жатқан терең қауіп түбін, Іштегі ашу сыртқа теуіп түгін, Комендант Айтуардың қасына кеп: – Өлесің Куртты жеңсең,– деді,– бүгін! Ерлікке бармайды адам өлемін деп, Қанымды атақ үшін төгемін деп. Бел буар аз да болса сенгендіктен, Алдағы жарық күнді көрермін деп. Ойға алмай ажал барын аңдып тұрған, Билейді шіркін жүрек алас ұрған. Шын ерлік: өлетінін біле тұра Ел үшін өзіңді ету ашық құрбан! Оңай ма қию өмір, жарық күнді Қиналды, лаулап жүрек жанып, тынды... Сүйсе де қанша ыстық бұл жалғанды Намысын жібермесін анық білді!
- Тағы алыс... Неміс өктем, жатыр мығым, «Мен жеңем!» деген онда жалғыз ұғым! Дүлей күш кеткен әбден ашу кернеп Жұмсаған кейде тағы жұдырығын. Ұрса да Курт орынсыз үсті-үстіне Судья кіріспейді, жоқ ісі де... Осынау қиянатқа әзер шыдап Айтуар қайсарланған, жүр тістене. Бір кезде... Ережені неміс бұзып, Есуас, алған әбден еті қызып, Еңкейген Айтуарды тепті келіп, Құлады жігіт барып жерді сүзіп. Бес... Алты... Аздап жігіт кірді есі, (Бетінен сүйіп суық күздің кеші). Құлаққа жетті неміс күлкілері, Мәз болған қайтқандайын кеткен өші. «Расымен мені құдай атқаны ма, Жер болып жаудан осылай жатқаным ба? Қайдасың, жан жеңбеген Қажымұқан, Алмаған мұндайларды қапталына! Өлейін, ел намысы жығылмасын, Сындырған Корень балуан қабырғасын, Жебей көр, ұлы атам Балуан Шолақ, Көтерген алпыс бір пұт гірдің тасын!» * Қазақ қой намысты іске жастан жақын, (Күреске қосқан жігіт, жарысқа — атын) «Бес кез» бен «түйе балуан» бабалары, Жіберсін қалай оңай жауға қақын!— Сонда ол жайлап тағы ашты көзін, Кек тұтып мазақтаған қастың сөзін, Орнынан көтерілді онға жетпей, Қажырлы билеп шіркін жастық сезім!
Іштей дем, қуат берген жұрт жабыла, Айтуар күреспек боп тұр тағы да. Алайын дегендей күш достарынан, Қарады бұрылып бір арт жағына. Қарады... Кетті ойнап жүрек кенет, Сақтаған сонау фашист неміске кек. Көрді ол мың сан көзден жаудыраған, Өзінен күткен жалғыз жеңісті тек! Үстінде сұм қоршаудың тұрған жайнап, Аударды көзін енді туға жайлап, «Жеңіліп қала ма?!»— деп қорыққан жандай, Қызыл ту дірілдейді желмен ойнап. Қызыл ту желбірей ме көкте тегін, Өр сезім алды билеп көкірегін. Көрді ол сол жалауда тұрған биік Намысын Отанының, көрді кегін! Өн бойын сонда ыза, ашу қысты. Өлім мен өмір енді шалыс түсті. Өзі өлмек Куртты жеңсе... Жеңе алмаса...— О да өлім.— Отан деген намыс күшті! Уа, Отан, қандай еді қуат, күшің! Егер де болса сенен туғаны шын Қай ұлың намысыңнан аяп қалар Өмірін, әлде бөтен қуанышын! Өлсе-өлсін!... Кім өлмейді алысқанда!— Айтуар ұқсап енді арыстанға, Алаңға қайта шықты оттай жайнап Жүрегін билеп жалғыз намыс қана! * Тағы айқас. Алаң үсті қанды майдан. Жанталас енді әбден қанат жайған. Сескене неміс жағы қалған тынып,
Дегендей күшті мынау алды қайдан? Барады Курттың енді әлі құрып, Кетеді жығылса егер әзер тұрып. Бір кезде... Айтуар кеп көтеріп ап, Жерге оны бар күшімен қалды ұрып! «Жауырыны жерге тиді!»— айқындалды, Екі жақ, Курт жеңілді, байқап қалды. Білген соң қорғалғанын ел намысы Уралап тұтқын біткен айқай салды! Айқайла! Шаттан енді, тұтқын-мүскін, Көріңдер құлағанын қара құстың! Бір сәт тек мезгіл өзі не тұрады Алдында жау жеңілген қуаныштың! Бақыт көп, арман етіп күйген жаның: Махаббат, атақ, еңбек, сүйген жарың... Дүниеде бақыт бар ма бұдан артық, Айқаста шықсаң қорғап Отан арын! Қорғады жігіт арды... Жас пен кәрі — Қуанды, айтады алғыс достың бәрі. Қорланып жүріп өзің жауды жеңсең, Мінекей жеңіс деген! Пәлі! Пәлі! Кекшіл жау, сенген дүлей құр күшіне, Әділет дегендікке жоқ ісі де, Өлтіріп Айтуарды сол күн түні Апарып асып қойды жол үстіне. Осылай өлді жігіт, өлді кісі, Тек қана қалды мәңгі көңілде ісі. Орнады қабіріне жасыл тоғай Тіріде арман болған көлеңкесі! Міне, енді дастан бітті алыс күнгі, Еске caп бір кездегі таныс мұңды. Уа, Отан, көкте туың желбірейді, Көрсетіп тұрған биік намысыңды!
АЙША Бұл дастанымды қазақтың әйгілі қызы, Советтер Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға арнаймын. Автор АЙШАНЫҢ СЫРЫ Жас арудай аймалаған жүзін нұр, Құлпырып тұр қырмызы гүл, Қызыл гүл... Әнің неткен әуезді еді, Сазды еді, Шырқа, Шырқа, Шырқа, бұлбұл!.. Үзілдір!.. Тәкаппарсып, Жатпаса да көп қарап, Сол бір гүлде сен дегенде жоқ тағат... Көңіл деген көк дөнен ғой, Тек қана Алу керек табындырып, Ноқталап!.. Демеу үшін «сұңқылдаған бұл қай құс?» Айт шыныңды, Айт сырыңды, Самғай ұш! Бас иетін қасиетіңді ұғынсын, Шырқа! Шырқа! Шырқа, бұлбұл! Шырқай түс!
- Қақ төріңде қар жамылған Алатау — Керемет тау, Құдірет тау, Дара тау! Айналасы аппақ гүлді алма бақ — Алматы шын теңдесі жоқ жәннат-ау! Қалай ғана ғажайыпқа баламай Сөйлейін мен?.. Қайың, Терек, Қарағай — Көшелердің екі бетін көмкеріп Ерке бұлақ жүгіреді баладай!.. Кейде өзіңе билеткізбей өзіңді, Оятады не бір асау сезімді!.. Жаз бен күзде жүргендейсің жұмақта, Өрік, алма тұндырады көзіңді!.. Сеңгір таулар, Мөлдір таза көк аспан Тұлғасына, Келбетіне жарасқан, Пәк қалада, Ән қалада осынау Мен өзімнің өміріме жол ашқам! Алтын нұрын төккен кезде ай көктен, Арман құшып қараушы едім әйнектен. Бала қиял есейді де жыл санап, Басқа жұртқа болдым «сұлу, бойжеткен». Сезініп бұл ақиқатты жұрт білген, Әлі есімде өзгергенім күрт, бірден...
Ертеңімнен әлденені аңсадым, Ертеңімнен әлденені күттім мен! Жатты алдымда адастырмас төте жол, Құс сайраған, гүлге оранған бауы мол... Нені аңсадым, Нені күттім десем мен. Ең алғашқы махаббатым екен ол. Қиыла бір қарағанда күлімдеп, Тұрдым іштей — Жұлдызым деп, Күнім деп!.. Ол айтатын: «Шаттығым»,— деп,— «ортаймас», Ол айтатын: «Құндызым» деп, «Гүлім»— деп. Сондай сәтте лапылдаған от көңіл: «Ақ сезімнің ақ нөсерін төк те бір, Ләззат тап» дейтін еді! Тәттірек. Болып маған кетуші еді тәтті өмір! «Аты кім еді? Қандай оның, түр-түсі?— Десеңіздер,— Аты — Сырым, Күлкісі Ешкімде жоқ!.. Сондай болсын бір жігіт, Сондай болсын сұлу болса бір кісі! Бар еркімді билеп алып, не керек, Батты күндер,
Атты таңдар керемет. Бүршік жарған бір гүліне алманың Қонды келіп қызыл қанат көбелек! «Кездессе де нелер алтын, Нелер жез, Айнымаймын, Айырмаймын сенен көз!..»
Ғашықтардың бұл дәуренін кенеттен Кетті бұзып, «Соғыс!» «Соғыс!» деген сөз!.. * Күңгірт тартты алып Отан аспаны, Жауға қарсы көтерілді жас, кәрі!.. «Барлығы да майдан үшін!»— Партия Осылайша халыққа ұран тастады!.. «Жеңіспенен оралады күліп ер, Жөніміз жоқ, болашақтан түңілер!» Ақсақалдар сапқа тұрды қайтадан, Ағалардың орнын басты інілер!.. — Қош бол, сәулем! Сыналар кез келді,— деп, Кетті Сырым... Қалдым іштей мен жүдеп. — Күтем!— дедім,— Күтемін!.. Жанарымда жалғыз тамшы мөлдіреп... СЫРЫМНЫҢ СИПАТЫ «Қанша биік самғаса да Қарғадан — Қыран шықпас!— Білсін мұны бар жаман...
Намыссыздар бола алмайды нар жігіт, Адам болып қалады әркез арлы адам!» Талай сері адал сырын жайса да, Талай сылқым маза бермей қойса да, Түсінігі, Кісілігі ерекше, Сырым ғана ұнады тек Айшаға. Өтімді еді, Секілді еді ер кілең, Неге оларды жақтырмады, Көрді кем? Жеке-дара қызға ұнаған жігітті Суреттейін, Сипаттайын енді мен!.. * Сыйламаса — Орын бермей қасынан, Ер намысын артық көріп басынан, «Жаным — арымның садағасы»,— Деп қазақ Ұл-қыздарын баулымай ма жасынан. Айтар едім Сырым соның деп бірі!.. Тау болса егер — Биік шығар шоқтығы; Ұста соққан қылыш болса ал егер? Қиып түсер ақ алмасы, Өткірі!.. Еш уақытта езбенен ол дос емес, Мінезі бар және жеңіл сөзге ермес. Байыпты еді, Байсалды еді, Ойлы еді, Дәрежесі өзгерсе де — Өзгермес!..
- Арыс кеуде, Бітімді иық, Жылы жүз!.. (Бекер айтып жатқан жоқпыз мұны біз) Қарап тұрып, қариялары қазақтың: «Осындай боп өссе,— дейтін,— ұлымыз!» Досқа — көктем, Дұшпанына — жаны күз!.. (Мұны да Сіз күмәнсіз қабыл алыңыз!) Сұлу қыздар қиялдайтын көргенде: «Осындай боп жолықса,— деп,— жарымыз!» Еңбек, Білім, Екі жақтап шыңдаған, Болмысына қызығатын күллі адам. Жеке-дара тұрар еді көзге ұрып, Жігіттердің арасынан мыңдаған!.. Өнер десе, Өлең десе, Күй десе, Сауық десе, Думан десе, Би десе — Тартынбайтын! Жарқылдайтын алмастай! Кетуші еді кіммен болсын үйлесе! Оянған соң ақыл ойы ерте тым, Қайыршының киіміндей келте күн Озатынын, Тозатынын түсініп, Армандайтын ел-жұртының ертеңін!
«Кірпіш болып қалан! депті бір атам, Өзімді мен немен сонда жұбатам?»— Деп ойлайтын, Сондықтан да қайран бір Қиындыққа салса дейін Ұлы Отан!.. * Бірі келіп әзіл айтып тұрады, Бірі келіп назын айтып тұрады. Сол жігітті сонадайдан танитын, Сұлулардың көзі неткен қырағы!.. Сырым болса бойын аулақ салатын, Тентек ойды тежеп ұстап қалатын. Қия алмайтын арамдыққа өзгені, Қиялдайтын қызғалдағын қонатын. Дем алғаны секілденіп күрсіну, Кей уақытта кеудесінен ыршыды у. Көк жиектен қолын бұлғап бір арман, Көз алдына елестейді бір сұлу!..
Махаббат та жарқ ететін жасын-ау, Мүмкін емес тебіренбеу, Тасымау!.. Сол бір арман, Сол бір сұлу — О, ғажап, Айша деген қыз екен ғой осынау. Аласұрған жүрек барда, От барда, Табысқанға тоқтау бар ма, Шек бар ма? Бал дәуреннің шымылдығын көтеріп, Енді ғана ләззат таңы атқанда,—
«Соғыс!» атты дүлей дауыл басталды! Талай ару сүйгенінен жас қалды. Мылтық ұстап домбыраның орнына, Батыр Сырым шырқады енді басқа әнді!... АЙШАНЫҢ СИПАТЫ Жанып тұрған жақұт-сынды көз деген, Арманы ғой жігіттің ол іздеген, Ақынмын деп кеуде керген талайлар, Айтып көркін жеткізе алмас сөзбенен! Сонда да мен сипаттауға бейнесін Талпынайын!.. Кейде мақтау, Кейде сын — Есітермін... Амалым не, Өнердің Қақпасына ел қатарлы енгесін! Әрі нәзік, Әрі сондай өр еді, Менсінбесе — Мініңді тез көреді... Қалдырса да көңіліңді қанша рет, Қарай бергің, Қарай бергің келеді!.. * Ойы қандай, Қандай және қылығы! Мойны қандай, Қандай және бұрымы! Сезіміңді оятады-ау қытықтап, Сөйлегенде дауысының дірілі!..
Тоты құстай шыққан кезде түрленіп, Кәрілер де қалу үшін бір көріп, Терезеден үңілетін, Ол болса — Кергімейтін сылаң қағып, Сыр беріп!.. Ол көшеде таң да әдемі ататын, Ол көшеде күн де әдемі бататын. Ертеңгілік, Кешкілікте, Өйткені Тық-тық басып Айша келе жататын!.. * Құмырысқа бел, Оймақ ауыз, Қыр мұрын Толықтырып тұрғанын-ай бір-бірін! Егер, егер салыстыра көз салсаң, Күңгірт тартып кететіндей нұрлы күн. Қиылған қас, Айменен тең, Жүзі тек, Арманыңа, Көндіре біл, Қызды деп, Арбаушы еді... Бозбалалар қаншама Қолы жетпей десеңізші болды әлек! Өз бағасын іштей өзі біледі, Бірін аяп, Біріне жай күледі, Тек Сырым деп күрсін дейді көңілі, Тек Сырым деп дүрсілдейді жүрегі!
- Жігіттерді, Сырын ашқан қызығып, Сәл жымиып тыңдар еді сызылып. Оңашада жолықса да, Көңілі Кетпес еді куә жоқ деп бұзылып. Алдамайды, Ақиқатын баяндап, Қайтады елге жалғыз өзі аяңдап... «Жассың ғой!» деп күбірлейді қоңыр жел, «Жассың ғой!» деп сыбырлайды ояу бақ. Ойлайды да алтын таңын арайлы, Айдаһардай жұтып жатқан талайды Батыс жаққа күн батардың алдында Назалана, Ызалана қарайды!.. «Сұлушашты» — Жас жүрегі елжіреп, «Құралайды» — Көзден жасы мөлдіреп, Оқиды кеп... Оқиды да «Тасқынды» Неге ақын ойын шолақ берді деп, Өзінше бір сынай қарап, Толғанып, «Қыз Жібекті» отыратын қолға алып, Төлегеннің мінезіне сүйсініп, «Алпамыстың» ерлігіне таң қалып. Дүниеге келгендей боп қайтадан, Содан кейін сызылтып бір айтады ән: «Жоқсың, жарым, Жоқсың, жаным, қасымда,
Қалай ғана, Қалай ғана жай табам?!» Шекспирді, Пушкинді һәм Горькийді Оқиды кеп... Оқиды да Зор күйді Тыңдағандай тебіреніп, Тербеліп, Шаттанады, Мұңаяды, Толқиды!.. Сұлуларға теңеу еткен Ай, Күнді Түндер бойы парақтайды Байронды. «Дон Жуаннан» сырт айналып, Жиіркеніп, Мүсіркейді «Дон Кихотты» қайырымды. Дүниеге келгендей боп қайтадан, Содан кейін сызылтып бір айтады ән: «Жоқсың, жарым, Жоқсың, жаным, қасымда, Қалай ғана, Қалай ғана жай табам?!» СЫРЫМНЫҢ ЕРЛІГІ Псков түбі, Не боп кетті, апырм-ау? Жалмауыздар, жанға тырнақ батырды-ау! Қызыл әскер майдандаса шегініп, Келіп қалды, Келіп қалды жақын жау!.. — Жетеді енді! Бекінбесек болмайды!
Жауынгерлер командирді қолдайды! Дұрыс! Дұрыс! Бұл күндерде бас емес, Бізге Отан, Бізге туған ел — қайғы! Ұрыс қызды. Баса-көктеп кірердей, Сұм фашистер бірі өлсе, Бірі өлмей, Ұмтылды!.. Қас батырлар қалай да — Қасарысып, Қойды ілгері жібермей!.. Тұла бойды билеп алса, ар-намыс, Одан асқан бар ма қуат, Бар ма күш!.. Осылардың арасында болатын — Алматыдан келген қайсар жолбарыс. Қарамайтын жауып тұрған от-оққа, Батылдығы ілінді сан атаққа!.. Жатыр, әне, атвоматын құшақтап, Жатыр, әне, Жатыр Сырым окопта!.. Кетпегенмен жанарынан жас тамып, Көңілінде бір алапат басталып, Жатыр үнсіз, Туған жерін ойлап ол, Жатыр үнсіз, Сүйген жарын еске алып!..
Бүгін тағы сұм фашистер қойды лап, Жерден де атып, Көктен де атып, Бомбылап. Бірақ қамал бұзылмады, Олары — Болып шықты әурешілік, Сандырақ!.. Есі шығып, Құтырғандай бір түрлі, Қайта-қайта, Қайта-қайта ұмтылды. Түсті екінді, Төбесінде Псковтың Тітіркеніп түтін басқан күн тұрды!.. Кектенбесін, Күңіренбесін қалай ел?! Нақ сол күні жесір қалды көп әйел, Нақ сол күні жетім қалды көп бала, Нақ сол күні көзін жұмды талай ер!.. * Сырым тірі!.. Бірақ Сырым тірі әлі! Түскенінше қолдан қару, Құралы, Бұқпақ емес, Шықпақ емес қатардан, Өз орнында тұрады! Бұл — ұраны!.. Бір танкті өртеп еді әлгінде! — Осы тұста бір бәле бар, Көрдің бе?.. Дегендей-ақ,
Сұм фашистер бас салып Оқ жаудырды... Қаймықпады ол мүлде! Автоматтан ерлік әні шырқалып Кетті сонда!.. — Жо-жоқ! Мұны құрталық!— Десе керек ызаланып... Бетпе-бет Келіп қалды, Келіп қалды бір танк!.. Кенет!.. Кенет жараланды оң қолы, Қалай құртпақ, Қалай құртпақ енді оны?! Бір көгілдір мұнар басты көз алдын, Бір танктен басқа еш нәрсе көрмеді!.. Басқа адамның денесіндей бөлек бір, Бағынбайды!.. Дүрсілдейді жүрек құр! Гранатты лақтыра алмайды алысқа, Сондықтан да жақындауын тілеп тұр. — Зула! Зула! Арындай түс! Арында! Таптатпаспын шыбын жаным барында!— Каһарлана сермеп қалды оң қолын, Бүкіл дүние оранды көк жалынға!.. * Жау шегінді!.. Қызыл әскер тартты алға!.. Бір қуған соң аялдар ма,
Тоқтар ма?! Содан кейін бір селоның түбіне Бекінді кеп, Күн қызарып батқанда!.. Маңай түгел маужырады, Қалғыды, Тек құлақта бомбалардың қалды үні. Арасынан бүгін ғана аттанған Ер Сырымды есіне алды барлығы. Ал, ол болса: — Қайда кеткен, Қайда әлім?..— Деп күбірлеп, Барлай алмай аймағын, Жатыр Псков топырағын жамылып, Тірі екені, Өлі екені беймәлім!.. АЙШАДАН ХАБАР Айша біраз болып қайтты ауылда, (Дауылпаз ғой қарсы ұшатын дауылға) Келе салып араласты еңбекке, Араласты еңбекқұмар қауымға! Көрмесе де, Көңілімен майданды Сезінетін!..
Туған елге пайдамды Тигізсем деп, Күйге енетін мазасыз. Енді, міне, орнын тапты, Жайланды!.. Білмеуші еді құрғақ айқай,
Мақтанды! Дегенменен, күлім қақты, Шаттанды! Одан артық не істеу керек Қолымен Құйып жатса жауға атылар оқтарды! Адамдарда түрлі ұлттан құралған — Бір-ақ тілек, Бір-ақ мұрат, Бір арман: Фашист күнін қараң етіп, Тездету — Жеңіс күнін!.. Басқаны естен шығарған!.. Бұрынғыдай өткізбейді көп думан. Жан жоқ және атақ қуған, Ат қуған!.. Бәрінің де қабақтары қатулы, Бәрінің де кеуделерін кек буған! Еңбектегі тілектері өтімді Туысындай мүсіркейді жетімді!.. Бүкіл әскер бір жауынгер сияқты, Бүкіл қала бір-ақ адам секілді!.. Көзін салмай бүршік жарған бауға да, Бүгін Айша отыр үнсіз аулада!.. Оңаша отыр ойлап Сырымын. Құмыр бұлбұл, Көңілін құр аулама! Әлденеге толқып еді ол кеше,
Әлденеден қорқып еді ол кеше; Білер еді, Білмес еді себебін, Хат тасушы хат әкеліп бермесе!.. Жуынгерлер бірге жүріп қан кешкен, Жазған екен!.. Құлап түсті!. Танды естен! «Ана сүтін ақтай өлді ер Сырым» — Деген сөзден басқа сөзді көрместен!.. * Әй, жас сұлу, Тағдырыңа өкпелеп, Күңіренбе! Көз жасыңды төкпе тек! Жеңу үшін қасіретті, Қайғыны, Жігер керек, Қайрат керек, От керек! Тұр орныңнан! Бар еді ғой күш сенде! Бұл хабарға сенбесең де, Сенсең де, Ертеңіңнен үміт үзбе, Түңілме! Тіресе біл, Күресе біл Өлсең де!.. «Мүмкін емес!» «Мүмкін емес!» — Дейсің-ау... Кім біліпті?
Шығар, бәлкім, жәй сынау... Кім біліпті? Болған шығар қателік?.. Осылайша өміріңе қой сұрау! Сұрау қой да, Жауап ізде!.. Тыншыма! Өзіңді-өзің алға сүйре құлшына! Жол таппасаң — Жатырқамай құлақ түр Жаңылмайтын арман атты жыршыға! Ол айтады: Уақытыңды ұт дейді! Ол айтады: Бақытыңды күт дейді! Бір қуаныш өлшем емес өмірге, Өмір және бір қайғымен бітпейді!.. Ол айтады — Құлап бақ деп сертіңе! Ол айтады — Шыдап бақ деп дертіңе, Ерте өледі алдағандар арманын, Өртенеді өкініштің өртіне!.. Тап келсе де талқан қылар төтенге: «Гүл боп тудым, Күл боп ұшып кетем бе?» Деген оймен өзін Айша қолға алды, Біздер оны жұбатыппыз бекерге!..
- Бірте-бірте қайғы бұлты кетті ұшып, Бірте-бірте көзіндегі кепті шық... Қабақ түйе қарайды тек батысқа, Ыза буып, Көкірегін кек қысып... Өжеттіктің белгісі ғой бұл анық!.. Аман қайтса, Шығар халқы гүл алып... Қан майданға аттанбақшы ол енді, Қан майданға аттанбақшы сұранып. СЫРЫМНАН ХАБАР «Соғыс деген дүниедегі ең жауыз Алты басты айдаһар ол жалмауыз. Сен жеңесің қорықпасаң ажалдан Қасқырларға қасқыр болсаң қанды ауыз. Өлсең-дағы қолдан бермей намысты, Барыс болып жеңу керек барысты». Дейтін еді достарына ер Сырым, Өзі-дағы жаумен солай алысты. «Бұл өмірге келмеу керек» дейтін ол, «Келгеннен соң өлмеу керек» дейтін ол. Шынында да солай болды! О, тоба! Аман қалған, Аман қалған қайтіп ол?.. Осы тұста Псков маңы болды айғақ: Қарға, құзғын жатқанына той-тойлап. Қанішерлер көрсеткелі жеңісін, Жұрт біткенді өліктерге келді айдап.
Осылайша алмақшы олар зәрені, Бірін теуіп, Бірін түртіп көреді... Келгендердің арасында сол күні — Барлаудағы партизан да бар еді. Сол бір жігіт Жас партизан Андрей, — Көміңдер!— деп, Бұйырғанда жау дүлей, Байқап қалып тірі екенін Сырымның Бетін жауып кете барды білдірмей... Мұндай іске айласы мол ер керек!.. Бірде жүріп, бірде бұғып, Өрмелеп, Қайта оралды түн ортасы болғанда, Тауып алды, Белгіленген жерге кеп... Қараңғыға көзін біраз үйретіп, Қорқынышын тәуекелге билетіп, Шапанына жатқызды да, Шеткі бір Үйге әкелді, Шанадайын сүйретіп... — Қаны қатып қалыпты ғой жараға! Өзі менің ұқсайды екен балама...— Деп күбірлеп, (қойған болар келісіп) Қалбалақтай бәйек боп жүр кәрі ана. Қарсы алғандай қашанғы бір туысты, Андреймен қанын бірге жуысты...
Содан кейін жайғастырды төсекке, Күрке қылып елеусіз бір қуысты. Үрейленбей, Үйренгендей бұл сынға, Айналасын толтырды күл, Құм, Шымға... — Адам түгіл сонадайдан көз тіккен, Таппас енді тура келген тыңшың да. Жатсын мұнда жеткенінше оңалып, Уақытым жоқ отыруға демалып, Мен жүрейін...— Деп партизан қоштасты... Осы кезде атты таң да бозарып!.. * Тұла бойын түршіктіріп ой мұңды, Безектеумен батырды әрең кей күнді. Мына дүние, Мына жердің бетінде, Аналардан адам бар ма мейірімді!
Қиын кезде қандай және төзімді, Қандай ұқсас қолдарының әжімі! Өз анасы сияқтанды ол Сырымға, Сырым оған сияқтанды өз ұлы... Сезіп оның қалғандығын қансырап, Жанарынан төгілді жас тамшылап. Күдіктеніп қала ма деп біреулер, Көршілерге бара алмады нан сұрап. * Маңайынан кетпей ана бір елі, Қайта соқты қас батырдың жүрегі!
Жеңіп шықты екі тәулік азапты, Жаны неткен берік еді, Сірі еді?! Сосын барып сұрап білді мән-жайды, Сен тірісің дегенге іштей нанбайды. «Ризалықтан еріп жатқан кеулімен Көріп жатқан көзі қалай алдайды?.. Демек мынау болғаны ғой шын аман, Арыл, көңіл, күйректіктен, Күнәдан!..» Ақ ниетті тілеулесі табылса — Ажалды да жеңеді екен бұл адам! АЙША МАЙДАНДА Кезің емес шаршап кейін тартатын, Жалқауланбай өзіңе жүк артатын — Қаламыңды, ақын, сынар сәт туды, Сәт туды бір қуатыңды сарқатын. Сыршыл жандар тебіреніп көкке ұшсын, Күншіл жандар бағы кеміп от құшсын. Айта алмасын, Шайқалмасын бастары, Деп талантсыз, Деп дарынсыз, Бұл мүскін... Жауға тиген тұла бойға жиып кек, Жас Айшаны жарандарға сүйікті ет. Сол арқылы ғұмырыңды ұзартып, Сол арқылы тұғырыңды биіктет!.. * Соғыс! Соғыс! Қара дауыл!
Қан майдан! Салып жатыр жерге ойран, Елге ойран. Сырым өлсе, Өзім орнын басам деп Айша аттанды Кек алуға серт қойған! Кім құрбаны зұлымдықтың Кім ардың? Туады әлі-ақ Туады деп ұғар күн — Полк келді Алматыдан соғысқа Арасында Айша да бар бұлардың. Қиынға оған Майдан түсті, түсті тым. Жүдеттірді Солдат ісі, қысқы күн... Көтерді ол Қыз деп бұған қараған Кей жігіттің Дөрекі әзіл, мысқылын... * Сыйлай білер үлкенді де, кішіні Осы қызды құмырсқа бел, пішінді, Tiс батпайтын қатты жаңғақ екенін Көп кешікпей жігіттер де түсінді. Қалжыңдарын, Сықақтарын Жым қойды. Кейбіреулер Сақтап жүрген ізгі ойды,— Командирша қыз қараса сестене, Солдатша жия қойды тез бойды... Сөйте-сөйте, полк біткен біртіндеп,
Жақсы көрді, еркелетті құрметтеп. Қорған болды, ұрыстарда сан қилы, Жауға жалғыз тастамады бетпе-бет. Бола білді Қыз да енді қатулы, Қар жамылып, мұз төсеніп жатуды Үйренді ол. Үйренді ол және де Станковой пулеметті атуды. Айша енді Полк алдынан құрып шеп, Жау көрінсе Тетігін дәл, дөп түзеп, Басады-ай бір, Пулеметі сол сәтте Сақ-сақ күліп жөнеледі безектеп... Айқас тынды кеткенде көз байланып, Көк түтіннен көрінбейді Ай да анық. Жауынгерлер отыр үнсіз түнеріп, Батыр Айша отыр үнсіз ойланып!.. «Қаншама адам опат болды бір түнде! Өмір сонша ойыншық па бұл күнде? Не боп кетті?.. Не боп кетті дүние?! Іркілме, жас, жанарыма, Іркілме!.. Соғыс заңы шығар бәлкім осылай, Бәріне де төзу керек жасымай... Төзу керек! Байқау керек бірақ та!..
Байқау керек?.. Мынау ойдың тосыны-ай! Шынында да табиғаттан — Тәңірден Алған сыйға Не бар қымбат өмірден?!» Осылайша толқып іштей қалғыды ол, Қалғып кетті қорқынышты көңілмен. — «Жас қой әлі! Қыз ғой әрі тым нәзік! Гүл иіскеп, Ән үйреніп, Жыр жазып, Мезгілі ғой майысып бір жүретін, Жатыр неге өзіне-өзі көр қазып. Өліп пе еді? Бозарыңқы бұл не түр? Дейді және достарына күлме құр! Алдын алып жатқаным ғой!.. Күні ертең Қажет болып қалмасына кім кепіл?» Бойындағы кеткені ме күш кеміп, Оянды Айша осы-сынды түс көріп Ер Сырымын еске алды да, Артынша Атып тұрды ашу қысып, Тістеніп... Н. қаласы, Қала сырты немістер. Жындануда...
Жылжи алмай қарыс жер. Бір заматта бомбалардан жарылған Жазық дала сияқтанды тегіс көр... Біздің әскер ойлаған ба бас қамын, Қиналғанмен Сездірген жоқ сасқанын... Бірақ Айша байқап қалды қасынан Бір шіріктің кейін қарай қашқанын. Мұндай сәтте шыдайды ма жан текті?! Тоқта деді!.. Атып салды!.. Жалп етті... Сол бір ездің, өлімінен жиіркеніп, Ол ешқашан қорықпасқа ант етті! СУЫҚ ХАБАР... «Теңіз өмір тереңінде талықсып, Тұншықтың ба? Ұмтыл ерге намыс қып! Тау толқындар ортасына түстің бе? Құлаш ұр да, Өзіңді-өзің алып шық! Болмысыңнан болмасаң да ерекше, Тірлік үшін күрес алғыр түлекше, Табынғандар тағдырына бас ұрып — Адам емес! Адам емес! Өлексе!.. Солай деген бабаларын, бұрынғы! Деп әкесі қайраушы еді Сырымды. Медет беріп мұқалмаған жігері, Және достық себеп болып тірілді!
- Қараңғыда бір тесіктен көз алмай, Жатады тек... Қайнайды іші қазандай. Сақал өсіп, Жақ суалған... Келбеті Бүрін тастап сидаланған бозаңдай! Адам әсте армандауға тойған ба, Кейде бірақ жалығады ойдан да. Ашынады, Ашынады амалсыз, Асығады, Асығады майданға! Кенет... Кенет... Есік қатты ашылып, Үйге біреу кіріп келді басынып. Неміс екен! Офицері немістің Тұр кемпірдің зәре-құтын қашырып. — Орыс жаман! Күзі жаман! Жаңбырдан Тоңған қатты... От жағады... Бол, жылдам!— Деп айқайлап, Дірдек-дірдек етеді Әңгі неме, Әулекі ит қаңғырған.
Табанында тақтай еден дүбірлеп, Солқылдайды, Тепсінгенде дігірлеп... Таянғанда Сырым жатқан қуысқа, «Сақта, құдай!» Дейді кемпір күбірлеп... Ал офицер: — Сен қояды жылаған... Арақ бар ма?.. Арақ бар ма?.. Мен ішеді... Сұраған...— Деп күледі... — Мен ішеді арақты Құрметіне Москваның құлаған... * Найсап не деп мылжыңдады көпіріп, Тұрған болар мастықпенен лепіріп. Ток ұрғандай Сырым қатты селк етті! «Кім біледі?.. Жо-жоқ!.. Бекер! Өтірік!..» Аз-ақ қалды ақыруға ышқынып, Өзін-өзі ұстады әрең күш қылып. Шам секілді сәулесі мол сенімін Көбелекше шыр айналып ұшты үміт. «Мүмкін емес! Берілмейді Москва! Айтып тұр ғой бұны босқа, қас қыла! Мына хабар өңменіме оқ құсап Еніп кетті-ау! Зеңіп кетті-ау бас мына!..»
- Сенбе, Сырым! Сенбе! Сенбе! Сенбе сен! Москва аман! Айша да аман! Ел де есен!.. Бұл өмірден болсаң егер түңілген — Сұм өлімді жеңер ме едің?.. Жеңбес ең! Сондықтан да керек әсте түңілмеу, Керек және күйректікпен жүгінбеу. Есектіктің белгісі ғой — Даурығу, Кесектіктің белгісі ғой — Бүгілмеу! Менің бірақ еркін жетпей дауысым, Естіле ме сияқтанып алыс үн?.. Кімсің десең... — Боламын мен сенімің! Кімсің десең — Боламын мен намысың! Сырым кенет арыстанша атылып, Бойындағы бар қуатын шақырып, О дүниеге аттандырмақ болды бір, Офицерді қызыл қанға батырып.
Ашу орға итерсе де тым қыстап, Жібермеді ақыл артын аңдыстап. Осылайша өзін тағы қинады ол, Осылайша өзін тағы қалды ұстап.
Шынымен-ақ келмей ме әлі мынаған? Келмесе ше?.. Көмектесер кім оған?.. Құлағынан кетпей қойды деген сез. «Құрметіне Москваның құлаған...» ТАҒЫ ДА СОҒЫС Бейбіт күннің бесігінде тербелдім, Бірақ мен де бір адамдай көргенмін: Соғыс! Соғыс! Қояды екен шекара Арасына ездер менен ерлердің!.. Бейбіт таңның шұғыласына боялдым, Бірақ мен де одан терең ой алдым: Соғыс! Соғыс! Қояды екен шекара Арасында адамзат пен аярдың!.. Берілмей-ақ құр қиял мен елеске, Болған жайды алайықшы тағы еске. Сұлу Айша бастан кешкен оқиға — Соның нақты бір мысалы емес пе?! Снарядтар әбжыландай ысқырып, Түскен сайын, Жердің өзі ышқынып Жылағандай болады бір! Бүгін жау Біздің жақты бара жатыр тықсырып. Минут туды алдасар да арбасар Біздің жақ та, Емес ондай тым осал!
Командир тұр бұйрық беріп: — Дайындал! Дәл көздеңдер! Ноль, ноль бестен оңға сәл!
— Дайындалдық! Нысана дәл! — Атыңдар! Жігітсіңдер! Жарадыңдар, батырлар! Енді байқа! Жа-а... Тезірек жатыңдар! Осылайша жер мен көкті қақпалап Атысты кеп жан аяспай екі жақ Зеңбіректер жекпе-жекке шыққандай Гүрсілдеді, Дүрсілдеді тым ұзақ!.. Десе керек жасып қалды жұрт мынау, Десе керек діңкелерін құрттым-ау — «Артдайындықты» бір уақытта бітіріп Сапын дүзеп шабуылға шықты жау! Шабуылдың жан түршігер кезі бар, (Таяп түскен жұтуға ол айдаһар) Лек-лек болып келіп қалса от түтеп Ондай жауға төтеп беріп кім шыдар?! * Састырмақ па күшімен де сұсымен, Қатарлары аумайды дажал тісінен, Келе жатыр шеру тартып... Қарайды Жауынгерлер демін алып ішінен.
Тұрғызбастан осы күйі лап қойса, Қалай тірі қалар бұлар? Қалайша? — Отан үшін!..— Деп сол кезде Пулеметтен ажал отын төкті Айша! Сонда басқа пулеметтер сақылдап Күліп берді. Жау да қалған жақындап. Көтерілді енді қызыл қалың қол, Жел өршіткен өрт секілді лапылдап!.. Көріп кенет зәресі ұшып сасқан-ды, Тоқтап бірі, Қорқып бірі қашқан-ды. Дүр сілкініп ұмтылды да біздің жақ, Кескілескен қанды шайқас басталды!.. Шығып үндер сол айқаста жат небір, Қас қағымда жер жастанып жатты өмір. Қолды шарпып шапшиды бір қызыл от Кеуделерге кірген кезде көк темір... Тайталаспен бесін болды, Түс ауды! Қарсы жақтан қайрат кетті, Күш ауды... Тұрды шыдап әзер басып Айша қыз, Жүрек деген үркек шіркін асауды! О бастан-ақ жанып тұрған от еді, Өзін-өзі қорғауға әлі жетеді... Бар ма әділет басқыншыда бірақ та, Әне, әне бас салды оны екеуі.
Бірін атты... Ал біріне саған құр Оқ жұмсамай, Тұтқын етіп алам бір Деген оймен Келіп еді бетпе-бет, Дәл сол сәтте Құлатты оны командир! Айшаны да кетіпті жау қан қылып, Оң бүйірін бара жатыр жандырып. Қараңғы түн... Адасты қыз... «Санбатқа»— Жетемін деп бір жығылып, бір тұрып. ТАҒЫ ДА СЫРЫМ... «Тағдыр, менен бар ма әлі алмағың, Сарсаң қылды сенің қанды қармағың. Көз ілмеймін, Безінбеймін өмірден, Сезінгенмен қасіреттің салмағын. Табаныма қадалды-ау шөңгедей, Табалама кім едің деп сорлы емей. Бағынбаймын, Шағынбаймын саған түк, Жанын қайғы ететұғын пендедей. Бар арманым әнімді еркін айта алу, Бар арманым жаудан кекті қайтару. Қорқынышты емес маған содан соң Туған жердің топырағынан жай табу». * Адамға мұң оңашада келеді өш, Сол арпалыс,
Сол өжеттік, Сол егес, Жатыр Сырым көзі жайнап қуыста, Бүгін, тіпті, қамап алды көп елес. Бірдей оған түндері мен таңдары, Уақыт мүлде жаңылдырды, Алдады... Өлім болып төнеді де қас дұшпан, Өмір болып қол созады жан жары. Қол созады Айша болып алыстан. Қала сырты Тау етегі, Алыс таң. Әлдене деп әзілдейді жымиып, Кездері ме, жаңа ғана танысқан?.. * Солай шығар, Бата алмайды бір түрлі, Керуен құрып жолдастары жүр күллі Көңіл неге алабұртты кенеттен?.. Жүрек неге асау аттай бұлқынды? Түсінбейді!.. Өңі ме бұл соншалық? Олар неге көз тастайды тамсанып. Көз тастамай ма екеуіне қызығып, Келе жатқан әуелете ән салып!.. Ән үзілді... Бал дәурені өшіпті... Тыныстады сәл кеңітіп тесікті. Сол мезетте кіріп келді бір адам. Кіріп келді... Теуіп ашып есікті...
- * — Орыс жаман... Өте жаман дала... Қыс... Қатты тоңған... Жылынады... Жол алыс... Арақ бар ма?.. Мен сұрайды Ішеді... Арақ бар ма? Арақ!.. Арақ... Шнапс... Сырым оны дауысынан таныды, Сол офицер! Сол офицер кәнігі... Ондағыдай екпіні жоқ бірақ-та, Екпіні жоқ!..
Басылыпты арыны. Дейді кемпір: — Келіп тұр ғой жылағың? Жауап берші, Бар еді бір сұрағым: Россия ұнады ма? Москва Қалай екен? Ұнады ма, шырағым? * Ыза болып мазағына кемпірдің: — Сендейлердің талайын мен өлтірдім. Байқа! Байқа!
Сұлу фройлингтердің Талайын мен тәубасына келтірдім. Деп офицер пистолетін кезенді: — Әкел нанды! Арағыңды! Көжеңді!.. Сыртқа Сырым атып шықты шыдамай! Атып шықты!.. Шыдатпады сөз енді!.. — Тарт қолыңды!— Деді қатты жекіріп, Содан кейін жолбарысша секіріп, Теуіп қалды! Түсті жерге қаруы! Атып салды! Өлді байғұс өкіріп!.. * Қас қағымда жай тапқызып мықтыға, Іс насырға шапқандығын ұқты да, Сырым жолға дайындалды... Әлгіні Сүйреп әкеп қар астына тықты да.
Сыңайы бар іштей қатты толғанған, Сыңайы бар өзін сөйтіп қолға алған. Кеудесіне басын сүйеп, Көрісіп, Қош айтысты анасындай болған жан. Күн оянып, Таң қанатын жайғанда, Жасырынып жыраларға, Сайларға,
Құтылды да құрсауынан дұшпанның, Жетті ақыры алғы шепке — Майданға!.. ТАҒЫ ДА АЙША Қара түнде Айша адасты, біз білдік. Жарты күнде жолды жүріп бір күндік. Жантайды кеп дәу қарағай түбіне Орман іші ойға батып тұр мүлгіп... Шаршағанын сезіп жатыр ол енді, Дегенменен мына сұлу әлемді Қызықтайды... Қалай аман қалдым деп, Қуаныштан ыңырсиды бір әнді: «Өзіңе аян менің саған құмарым, Қуанушы ем табылды деп сыңарым, Шын айырылсам, жаным сүйген жан достым, Екі талай тірлік етіп тұрарым». * Көзі бір сәт кеткен екен ілініп, Сезінді де қолы тосын жылылық, Атып тұрды аю ма деп жалаған, Жо-жоқ, адам отыр бұған үңіліп. Жау торына түстім бе деп тарыла, Қабақ түйді қарайғандай қанына. Ол да аңғарып түсіндірді мән-жайын, Партизан боп шықты мұның бағына. Сенер бұған соғыс сырын ұққан жан, Екеуін де бір қуаныш күтті алдан. Бізге мәлім ер Андрей еді бұл!.. Ер Андрей — ер Сырымды құтқарған!
- — Қарындасым, Жүріңізші берірек, Майдан жақын, Қауіпті бұл төңірек... Тыңдасаңыз бір әңгіме айтайын, Досым бар-ды... Ол да қазақ еді!— деп. Ер Андрей сөйлеп кетті жәйменен, Бәлкім таныс шығар деген ойменен. — Есімі кім? — Сырым еді... — Тірі ме? — Тірі-тұғын!.. — Ендеше, аға, той менен!.. Қабыл болды құрдасыңның тілегі: Аман екен асқар тауы, Тірегі!.. Тосын хабар, Тосын келген шаттықтан Жарылуға аз-ақ қалды жүрегі! Демалыссыз бір мезгілдей жол жүріп, Екеуі де қажыды әбден болдырып. «Жау қолында емес пе екен поселке?» Кетті Андрей қайтайын деп мен біліп. — Бүгін ғана босатылды деседі, Қызыл тулар құлпыртыпты көшені... — Міне, ғажап!— Деді Айша көргенде,— Біз алмақшы бекініс қой кешегі!..
Полкім қайда? Тұрмыз сонда қайда біз? Кетті ме ол қуып жауды қанды ауыз? Аман қалған тұтқындардың ішінде Ер Мекадзе жоқ па екен, аңдаңыз! Батыр жігіт, іске шебер, өктем-ді, Әйгілі ол барлаушы еді жоқ теңі. Арнаулы алып генералдан тапсырма Көп күн бұрын жау тылына кеткен-ді. Сол сапардан ер Мекадзе келмеген, Тірі, өлісін ешкім оның білмеген. Бес күн бұрын жау қолына түскенін Айтып келген қашқан біреу түрмеден. Басқа хабар Айша одан ала алмай, Бір полкте қызмет еткен бірталай, Жігітті аяп, қатты налып өкінген «Қолға оңай түсті екен деп ол қалай?» Сипаттады орақ мұрын, от жүз деп, Содан кейін екі жақтан кетті іздеп. Қай кезде де қыз есінен шығар ма, Жауға түскен замандасы, ер жүрек. Жеңіспенен жайнап бүкіл аспаны — Поселкада жүр қуанып жас, кәрі... Мекадзенің қалай опат болғанын Айтты Айшаға көзбен көрген достары: «Барлаушы боп Мекадзенің келгенін, Қолға түсіп, сырын ашпай өлгенін. Сүйреп шығып қанішерлер аулаға Тірідей-ақ терең орға көмгенін...»
- * «Асыл адам, Асыл адам еді» деп, Айша қыздың алғаш рет еңіреп Жылағанын, Егілгенін көргенде Жауынгерлер дей алмады: «Сабыр ет...» Естеріне қайғы түсіп қашанғы, Барлығы да жанарына жас алды. Сұрғылт тасқа ер Мекадзе есімі Ер Андрей қолыменен қашалды! Қашалды да, Орнатылды басына, Құшақ-құшақ гүл қойылды қасына. Адал досы бар адамдар Жоқтаусыз Қалмақ емес!— Деген шындық осы да!.. Қоштасты Айша, Көзіне тағы жас алды. Мелшие қарап Ескерткіш сұр тас қалды... Дегенменен Сол бір күннен батырдың Мәңгі өлмес Рухани өмірі басталды. СЫРЫМҒА КЕЛСЕК Жалықтырып алдым білем мен осы, Ей, оқырман, Тарауымды келесі
Өзіңменен әңгімеден бастайын, Өзі неткен ұзақ дастан демеші! Кейіпкерім бастан кешкен нәрселер, Болғаннан соң таныс жәйт ел сенер, Жырлаудамын қаламымды суытпай, Құдіреті алғы күнмен өлшенер! Десең егер біздерге бар жай мәлім, Бүгінгіге келте кесім айтқаның. Онда сенің шығып ұзақ сапарға, Жарты жолда кері қарай қайтқаның! * Нөсер! Нөсер! Толастамай тұр құйып! Түн-түн емес! Түбі жоқ бір тұңғиық! Келе жатыр үрке қарап маңайға Үш жауынгер... Іштеріне сыр түйіп... Бірі — Сырым! Бізге мәлім баяғы! Құлантаза жазылыпты аяғы, Кішігірім окоптардан, Орлардан Кәдімгідей секіріп те қояды... Үшеуі де шоң денелі, Шын алып... Міндеттері — Қайту жаудан «тіл» алып: Бүрсең қағып, Бекіністі күзеткен Біреуіне тастамақшы «бұғалық».
- * Бекініске таяп тұр міне, Тағы таяп Сәл кідірді іргеде, Ақылдасты... Сырым кетті ілгері!.. Кетті Сырым қою түнге кірді де!
Прожектордың түскен сайын Жүзі отқа Шалынғандай, Күдіктеніп бұ жаққа Қалмасын деп, Бұқпантайлап отырып, Барды әйтеуір, Барды жақын дзотқа!.. «Жаны жоқ па? Қозғалмайды, Жүрмейді...» Санасынан асырды да түрлі ойды, Қалғып тұрған күзетшіні желкеден Автоматтың дүмбісімен бір қойды!.. * Сезінбестен тап келгенін қандай күш, Серең етіп құлап түсті ол байғұс. Қолын байлап, Аузын бітеп болғанда Есін жиды... Деді Сырым: — Алға түс!.. Қарсы тұрар қауқар бар ма күңкілдеп, Артына бір қарамастан бұл кім деп, Қабырғасын қамшы тілген мәстектей Басын шұлғып басты ілгері бүлкілдеп.
Бір сапарға осы олжаны кім аз дер! «Мызғып жатқан мына ездер Сассын әбден» деген оймен Аспанға Атты ракета Ұзаған соң біраз жер... * Қараңғылық қойнауынан от борап, Қапелімде дүр сілкініп кетті алап. Күтіп тұрған командирдің белгісін Екі жақтан «сөйледі» екі автомат.
«Басталды ұрыс, Біздер қапы қалдық-ау, Енді қазір басталады бомбалау»— Десе керек... Ұйқылы-ояу атысып Таң атқанша ойран-топыр болды жау! Қай жерде не, қалай жатыр? Бәрін нақ Біліп алған, Алған құнды мағлұмат Барлаушылар аман-есен оралды! Оралды ауыр тапсырманы орындап!.. * Таң атқанда біздің әскер қозғалды; Ең әуелі артиллерия «сөзді алды!..» Содан кейін тұтқиылдан бас салып, Жұмбақ болған бекіністі езді әлгі!.. Жеңіс әсте оңайлықпен келген бе? Дегенмен де жасып қалды жау демде! Әскер басы алғыс айтты
Барлаудан Баға жетпес «тіл» әкелген ерлерге! «Жауынгерлер өзіне үлгі қылатын Ер Сырым» деп Суретін caп, бір ақын — Өлең жазды майдандағы газетке Осылайша білді халық ер атын. АЙШАҒА КЕЛСЕК... Адам әркез мөлдіреген жас шағын, Жас шағының жайма шуақ аспанын. Егіліп бір еске алады... Ол болса — Көз ұшында бұлдыраған ақ сағым! Жеткізбейді... Оралмайды қайтадан! Жалған дүние жайында тек айтады ән! Амал қанша?.. Сағынышпен шектеліп, Көбейеді кезең басты шайқаған... Көктем өтті... Келіп қалды күз дейсің! Байыз таппай бақытыңды іздейсің. Өткен күннің өкінішін ұмытып, Ертеңіңнен үмітіңді үзбейсің!.. * Білемін мен дегендей өз жайымды, Қызықтамай көктегі күн, айыңды. Берік ұстап жүрді өзін қыз Айша, Көңіліне тек ұялатып уайымды...
Жастық оты сергелдеңге салғанда, Дейді сезім құр бекерге алданба. Дер шағында ләззат дәмін, тата алмай Дүниеден өтесің бе арманда?! Төбесінен соғыс бұлты түріліп, Төртінші күн... Орнады бір жылылық! Арасында қалың жыныс орманның Жатыр полк жайбарақат тынығып. Емін-еркін нұрын төгіп толған ай, Тамылжып тұр, Уылжып тұр бар маңай!.. «Жалғызсырап дірілдеген жүректің Жұбы қазір жолықса ғой!.. Арман-ай!..» Көкке қарап, Көк майсаның үстінде, Отыр Айша сыр сездірмей ешкімге, «Бал дәуренім, Бақ дәуренім, басымнан Шынымен-ақ шыр айналып көштің бе? Қайта айналып қонармысың әлде сен, Жанар едім, Тағы да бір жан десең!..» Көзіне оның көрінеді көл де әсем, Көзіне оның көрінеді тал да әсем! Бұрын қалай сезінбеген ол мұны, Басым шығып нәзіктіктен өрлігі — Жүріпті ғой ақыл деген бір салмақ Тұншықтырып сезім атты сорлыны.
«Махаббатсыз дүние бос» дегенде, Ақын Абай меңзеді екен нені елге. Деген шығар қызығынан құр қалма, Қызығынан құр қалмаңдар сендер де. Жастық алтын басылмайтын еш тотқа, Бара жатыр итермелеп бір отқа. Ер тұлғалы елестейді нар жігіт. Сырым емес, Сырым бұған, шын жоқ па?! * Соғысқа Айша келген кезде танысқан, Бар болмысы жаралғандай намыстан, Жас грузин Мекадзе екен әлгі елес, Талай мәрте өзара сыр алысқан. «Мұрты қандай! Шашы қандай қап-қара! Әзілдері дөрекілеу тек қана... Онда не тұр?.. Қояды ғой шын сүйсе... Өтек түсер киімге де жап-жаңа!» Бір ойдан соң бір ой келіп кезекке, Деді ақыры, қайдағыны сөз етпе. Ұмытқалы оттай жанған ол өзін, Қарай берді қолындағы газетке, Айдың алтын сәулесіне оранып, Аймақ үнсіз жатқандай бір дем алып, Газеттегі бір суретке Айшаның Көзі кенет қалды мүлде қадалып.
Өз көзіне сенер емес бөгелген?.. Сырым дейді... Мүмкін емес!
Дегенмен, Не болмайды сұрапылда, Соғыста? Жоқ, ол емес! Жоқ, ол емес! Ол өлген!.. Әлдеқашан сөніп біткен бір үміт Шұғыласын төкті қайта тіріліп... Аттас шығар деген ойдан шошынған Асау жүрек көкірегін тұр ұрып!.. * Суретке ол тағы, тағы қарады Әзер-әзер демін толқып алады. Қуанышы дабыл соғып іштегі Жүрек шіркін лүп-лүп қағып барады. «Ұқсас жан ба? Жаны кенет түршікті. Жоқ, жоқ, көңлім, Болма босқа сен күпті. Айша сүйген Сырым біреу, дүниеде, Ондай Сырым бұл жалғанда жоқ тіпті!» Шыдамады, сағынған ой болмады, Сырымға деп газетке ол хат жолдады. Қандай жауап қайтады деп қобалжып, Өн бойы кеп бір суынды, бір жанды — СЫРЫМНЫҢ ҚУАНЫШЫ О, махаббат, Табындырған талайды, Түнің сенің таң секілді арайлы! Біреу саған жақұтым деп қызығып, Біреу саған бақытым деп қарайды.
О, махаббат, Күрсіндірген талайды, Түнің сенің таң секілді арайлы! Біреу саған ғажапсың деп таңданып, Біреу саған ләззатым деп қарайды. О, махаббат, Сарсаң қылған талайды, Түнің сенің таң секілді арайлы! Біреу саған жанарым деп жаутаңдап, Біреу саған ақ арым деп қарайды!.. Сырым қайта қосылғалы қатарға, Қанша уақыт өтті, міне... Сапарға — Шықпас бұрын хат жазады әрдайым, Жан жарына, Туған елге, Отанға!.. Содан өзі күш алады ғажап бір, Десең дағы күтіп сені дозақ тұр, Қайтпас еді, Айтпас еді артық сөз, Құлағына келеді тек азат жыр! Сағынады сайран салған шақтарын, Алатауды, Алматының ақ таңын!.. Жауабы бар «Адресаты жоқ» деген Қайта оқиды жазған өзі хаттарын. Қайта оқиды!.. Мұңаяды!
Жасиды! Ауыр ойдан кейде миы ашиды! Бас көтеріп Күдік атты бір пәле Кеудесінде өзендейін тасиды!.. Тасиды да, Көмейіне тас болып Тіреледі! Жанарынан жас болып Оңашада тамып-тамып кетеді! Күлкі етеді, Табалайды қас болып. Жас жігітке мұнша қайғы сын ба оңай, Тек әйтеуір майыспағай, Сынбағай!.. «Қалмап па еді күтемін деп қол бұлғап? Арбап па еді? Алдап па еді?.. Бұл қалай?!» * «Кешір, жарым, Кешір мені, Кешіргін!.. Көңілімнен әсте сені өшіргім Келген емес! Тек күдікке беріліп, Күйігімді ақылдан тыс өсірдім. Ондай қайғы болады ғой пендеде... Бірақ жауап жазбай жүрсің сен неге? Ауыл жаққа барып қайтқан шығарсың, Көңіліңе дақ салды ма әлдене?.. Түсінбеймін! Құсым деймін!
Бір үнің Естілмеді-ау, Іштей жүдеп құрыдым! Не де болса хабарын бер, Қайғыртпа!.. Хат жазушы сүйген жарың — Сырымың!» * Бас-аяғы үш-төрт-ақ жүрді апта, Сол күйінде қайтып келді бұл хат та! Бәлкім Қодар уысына түсіріп, Баянына деді ме екен тіл қатпа?!
Жалғызым деп, Жұлдызым деп атаған, Онда жүрек оны неге етеді ән?.. Бәлкім Жібек қармағына ілігіп, Хабарласпа деді ме екен Бекежан! Мұндай сәтте айтатыны ақ ардың: «Қалай ғана ұмыттырар жан-жарын Жібек болса — Бекежанның қармағы, Баян болса — Құрған торы Қодардың?!» * Өзін-өзі тағы қайта қолға алып, Жалықпастан хат жазады толғанып. «Жалғыз өзін не істейсің деп қалада, Ағайындар кеткен болар елге алып. Бірақ, бірақ о жақтан да жоқ хабар: «Біздерге де беймағлұм» депті олар. Шынымен-ақ кірлеген бе ақ төсек?.. Шынымен-ақ кірлеген бе аппақ ар?..
Қалай болды?.. Қалай болды бұл өзі? Байсалды еді, Ауыр еді мінезі... Қайғыртты ма асау сезім азаптан Айнытты ма әлде ауылдың бір езі?» * Міне, осылай жүргенінде жабырқап, Ойда жоқта Айшасының хатын ап Отыр Сырым жас баладай мәз болып, Хатқа қарап әлсін-әлсін таңырқап! Хабар келмей қалған көңіл шәйіліп, Тасқын судай тасыды кеп далиып. Сан тарапқа кетті кенет шарықтап Қиял атты қуаныш құс-ақиық... Шегінген-ді полкі тыныс алуға Келісті ол жарын іздеп баруға Осылай деп Сырым дереу хат жазды Керзі етікті пулеметші аруға. АЙШАНЫҢ ӨЛІМІ Сырым екен! Кеше одан хат алды. Сол хат тағы жүрегіне от салды, Келем деген күні ертең жарының, Көзін жұмбай атқызды ол ақ таңды. Жаны құрғыр күйіп-жанып барады, Міне Сырым... Күлімсіреп қарады. Қалай шыдап қалды кенет жарылмай, Қуаныштан шіркін жүрек жаралы?!
Қайғы-шерден біткен әбден зерігіп Айша енді жадырайды серігіп. Жатқандайын жары қазір қасында Қиялға шат кетеді кеп беріліп... Сырымына жатыр міне сыбырлап: «Қайта айналып қонды бізге бүгін бақ! Ойлап едім, Ойлап едім — Сұм соғыс Арманымды кетті ме деп шын ұрлап! Қиналғанда талай қиын күн кешіп, Түсімде сен жүретінсің тілдесіп... Ойлап едім, Ойлап едім — Сұм соғыс Тілегімді кетті ме деп шын кесіп! Суық хабар қайғы болып басты ауыр, Үмітімді қиратқандай қас дауыл! Енді ұғындым, Енді, жарым, түсіндім, Махаббатқа жоқ екен ғой тосқауыл!..» Сырым-дағы сыбырлайды сыр айтып: «Келер күнді елестетпей бұлай түк, Ойлап едім, Ойлап едім — Сұм соғыс Кетті ме деп мәңгілікке мұңайтып! Алған сайын хаттарымды қайырып, Көкірегіме күдік ойы жайылып, Ойлап едім,
Ойлап едім — Сұм соғыс Кетті ме деп мәңгі-бақи айырып! Үнсіздігің қайғы болып басты ауыр, Үмітімді қиратқандай қас дауыл. Енді ұғындым, Енді, жаным, түсіндім. Махаббатқа жоқ екен ғой тосқауыл!..» Ақ бетіне бір ғажайып нұр кіріп, Ақ жүзінен алтын сәуле күн күліп, Аймалаған махаббатын түн бойы, Шықты сыртқа Айша енді құлпырып. Қыз баланың аты, әрине, қыз бала, (Сырт пішінін ұмытпас тек қыз ғана). Айнасына қарайды кеп қыз Айша, Өзгелердің көзін ала, ұрлана: Шашы қара теңіз тасы қаралдан Мұрын еті арықталып таралған. Маржан тісі көрінеді ашылса, Дәнді ерін сүюге тек жаралған! * Күледі Айша бүгін тіпті көбірек, (Оңашада кетеді билеп дөңгелеп) Әттең... Әттең. Көре алмады Сырымын Арманына жете алмады. Не керек! Қас қарая жер сілкініп, тас жанды, Айқыш-ұйқыш оттар безеп аспанды. Ажал төнді тыныш жатқан әлемге, Талай қыршын қара жерді жастанды. Гүрсілдеді зеңбіректер оқ атқан, Жер тулады тыныш жатқан, жай жатқан...
Оқыс тапқан күші басым немістер Штабты бірден қоршап алды жан-жақтан. * Төнді неміс тағы штабқа лапылдап, Бірақ Айша бір бүйірде жатып ап, Атады кеп пулеметін тістеніп Көмейінен төгілетін от лақылдап! Өлімменен келген өстіп бетпе-бет Қыз Айшадай бола білсін бір еркек. Қате айтыпты, Қате айтыпты қазекең, Қате айтыпты қыз баланы кеміс деп! Темір каска, Имек мұрын құс түсті, Талай фриц жан тапсырды, жер құшты. Қызды ұрыс. Бірақ... Бірақ Қыз Айшаның өзі-дағы оққа ұшты... КӨҢІЛ АЙТУ Тісін қайрап, Аласұрып жалаңдар — Ежелден-ақ кісі түстес, Бар аңдар... Еркін өмір сүре алады Қаймықпай, Қиындықпен күресе алмай адамдар. Тісін қайрап, Аласұрып жалаңдар — Ежелден-ақ қанды балақ Көп аңдар... Адал өмір сүре алады —
Қаймықпай Арамдықпен күресе алған адамдар. Тісін қайрап, Аласұрып жалаңдар — Ежелден-ақ жыртқыштар көп, Көп аңдар... Өлмес өмір сүре алады Қаймықпай, Өлімменен күресе алған адамдар. Соның бірі, Біздің Айша, халайық, Жас қабірін, Гүлмен көміп, жабайық... Кетті арманда, Кетті арманда тым ерте, Айтшы сонда, Айтшы бұған кімде айып? Айыпты тек соғыс атты албасты! Ол құрымай, Құрғамайды Адамзаттың көз жасы! Әне тұр ғой жас қабірдің басында Қыз Айшаның Жылап жары, жолдасы... Екі жасты асықтырды сағыныш Мәңгі бөлді бірақ соғыс — зұлым күш Жарты күнге Сырым қалды кешігіп, Қандай ауыр, Қандай ауыр өкініш! Жасыңды тый, Жылама енді, ер жігіт!
Өмір деген бітпейтұғын ұлы үміт. Үзілмесін десең егер сол үміт, Ең алдымен Соғысты құрт! Соны құрт!
Дүние шіркін жаралған жоқ құруға. Адамды адам жаралған жоқ қыруға. Бар қызығы бұл өмірдің тек сонда: Мәңгі-бақи тату-тәтті тұруда! Шыда, Сырым, өлді жарың Айша қыз Өтер бірақ боранды қыс, суық күз. Келер сенің көктемің де, жазың да Көз боп тасыр көңілде бүгін қатқан мұз! СӨЗ АЯҒЫ Қазақстан! Дарқан дала! Кең мекен! Жау тигенде жасырынар сен бе екен?! Ерлігіңді қан майданда көрсеткен, Ертеңіне аңыз етіп мен жетем! Жас буынға өлмейтұғын жыр қылып, Айтамын мен өткен күнді сыр қылып, Қарашы өзің, Бүгін, міне, төбеңде Біз қорғаған Бейбіт күнің тұр күліп! Бейбіт күнің — шат өмірдің өзегі, Ал соғыстан Адам мәңгі безеді. Бізден естіп бейбіт жырын жас буын, Қорғар біздей келген кезде кезегі!
- * Айтшы, айтшы, ұлдарыңның аты кім, Саған қиған ой жүрегін, ақылын? Жүрген жоқ па жұлдыздайын жарқырап Мәңгі өлмес жиырма сегіз батырың! Адамзатпен сұрапылдың бар сырын Бірге көріп, Жеңіс жолын аршыдың!.. Қос батыр қыз шыққан алғаш шығыстан — Мына сенің Әлия мен Мәншүгің!..
Адамзатпен мен де бірге күлмекпін, Жер бетінен түнек түнді түрмекпін! Мәңгі бірге болуды орыс халқымен Ұрпаққа сен ұмытылмас үлгі еттің! Қандай дұшпан түсірмекші тұзаққа, Қаймықпастан барамыз деп біз оққа, Қайталады Матросов ерлігін — Батыр Сұлтан кеуде тосып дзотқа! Біз оларды мүлде есінен тандырып, Берілгенше саламыз деп сан бүлік, Қайталады Гастеллоның ерлігін — Бомба болып жарылды Нүркен Әбдіров! Бермейміз деп фашистке жер аядай, Қасық қанын жау оғынан аямай, Қызың қанша қан майданға аттанған Боламыз деп орыс қызы Зоядай! Мен жырлаған Айша соның бірі еді, Отан десе оттай жанған жүрегі.
«Барлығының жинақтасам бейнесін!» Сол ойымды асырсам деп іске мен, Ақындықтың жолына мен түскен ем, Кім біліпті мыс дегенім алтын да, Алтын шығар кей жолдарым мыс деген! Аспанында айқыш-ұйқыш оқ ұшқан, Осы қазір келгендеймін соғыстан!.. Не де болса шерімді бір тарқатып, Не де болса құтылдым бір борыштан! * Соңғы тілек: Бейбіт күндер болсын жыр! Бейбіт түндер махаббатқа толсын бір! Сұлу жігіт мезгілімен қыз таңдап, Сұлу қыздар мезгілімен терсін гүл! Соңғы тілек: Келсін бақыт айлары! Келсін уақыт күлім қағып жайдары! Бұзылмасын жастық шақтың думаны, Бұзылмасын жастық шақтың тойлары! Соңғы тілек: Бол мейірімді дос-жарға! Шықсын ердің шын мақсаттас досы алға! Соңғы тілек, Соңғы тілек Халқыңның: Шықсын көші, әр қашанда көші алға!
СҰЛТАН I «Әулие» бұрынғы аты «Жетікөлдің», Кілемдей ашқан сәнін жапқан төрдің Барғайсың май айында сол араға Даланың ең сұлуын келсе көргің! «Аман» мен «Бас қарағай» қатар келіп, Ортадан «Араға» орын жатар беріп... Өңірі — қалың шалғын жасыл төккен Шілдеде кенелесің жидек теріп. Ақ сазан алабұға жүзген шабақ. Секілді ұмыт қалған күміс табақ Жарқырап айдалада жатар айдын Күзеткен «Қоянды ағаш»1 келіп тақап, Тұрғандай көшкен желге айтып жайын, Жайқалып қызғылт арша, ақшыл қайың Хош иісі жұпар аңқып мас қылады Құшағын қалың шұбар ашқан сайын. Шұғыла дала жайып кең төсегін, Тағынған сарғалдағын, бәйшешегін. Адыр мен төбелерін көгал көмген Жапқандай жасыл көйлек жер емшегін. Шашырап әрбір жерде үзім-үзім, Бетіне маржан тағып жапан түздің, Сыңсыған қаз-үйрегі күміс көлдер Төгілген моншағындай жатыр қыздың... Салбырап көлге төніп сыңсып ну да, Толықсып бұтақтары сынып суда,— Безенген таң сәріден құс үніне Оянған орман-тоғай тұнып шуға. 1 «Аман» қарағай, «Бас қарағай», «Ара қарағай» — тоғайлардың аттары. «Қоянды ағаш» — Совет Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетов мүше болған колхоз.
Аққу құс ақ айдында керіп төсін Жүзеді балапанның ертіп көшін, Кей сәтте қанатымен толқынды ұрып, Алғандай әлдекімнен кеткен өшін. Күн құшып көгілдір ой, жасыл қырды, Аймалап ақ айдында жатыр нұрды, Сандықтан алып шыққан жанаттайын Дүние құлпырады жазғытұрғы! Жас Сұлтан Зейнешімен — екі жетім, (Суыққа талай қатты тосқан бетін). Жетікөл жуса-дағы көздің жасын Жүректің жуа алмаған қасіретін. Бақ деген биік жартас мұнарлатқан, Жете алмас кей талапкер қанат қаққан. Біреуге ол — аяғының астындағы Шалшық су, бостан-босқа көлкіп жатқан. Сұлтан да ашты дүние кең есігін Өмірден тербей білді өз бесігін. Мейірімді заман одан аяған жоқ Шаттық пен қуаныштың көл-көсірін! Өсті ол, жігіттік кез жетті суыт. Шықты естен бастан талай өткен суық. Оянды махаббаты, жас сезімі, Әлемдей гүлін жарған көктем туып! Кез еді ашық әлем бозғылт тартқан. Екпінін кешкі жел де баяулатқан. Бұлқынып су бетінде шортан ойнап, Таралып күн қызылы бара жатқан. Бұл жалған ғашық жанға — қандай жарық! Сол кеште су басында қармақ салып, Жас Сұлтан қиял тербеп қуанышты Отырған сан толғанып ойға қалып. Сол кезде Ақторғын да суға келді. (Өзімен әкелгендей самал желді). Сұлтанды кетті билеп асау сезім, Толқындай толқи түсіп қуған селді!
Қара түн келе жатыр қабақ түйіп, Құрақтар төмен қарап басын иіп, Өзгені қызықтырып толқын ойнап, Жағаның жатты шолп-шолп тасын сүйіп. Қиылып қас-қабағы, жардан қарап, Ақторғын қолаң шашын тұрды тарап. Жас қыздың суда ойнаған суретінен Сұлтанды барады арман оттай жалап... Сүйсе қыз, сүйгеніңе сенсін, нансын. Қиналсын мейлі жаның, күйсін, жансын. Дүниеде сенен асқан бақытты жоқ, Өйткені: сен де оны сүйген жансың! Махаббат жауабы жоқ кімге тілек? (Сөнгелі ол тұрған бір шам өлімсіреп) «Ақторғын!» деді Сұлтан жігерлі үнмен, Ақторғын тыңдай қалды күлімсіреп... II Жұлдыздай тас қараңғы түнде аққан Қап-қара, бұйра жалды, түтін атқан, От арба келе жатыр жерді жалмап, Ажалға асыққандай күтіп жатқан. Келеді тоқтау білмей поезд зырлап, Жел тұрып екпінінен тоғай шулап... Бір тынбай сырыл қаққан дөңгелектер, Халқының жатқандайын кегін жырлап! Отарба жүйтки түскен айқай салып, Сұлтан тұр терезеге жақын барып. Қақ жарған қылыштайын поезд ағып, Қара орман, жазық дала жатыр қалып. Жас жүрек бір басылып бір тулаған. Анадан бірден ұлы ұл тумаған. Бұл Сұлтан қарапайым жастың бірі, Кездесер Сарыарқада жүз мыңдаған. Ешкімге туған елсіз атпаған таң, Жүректе тулап онсыз ақпаған қан. Халқының ең ардақты ардагері,
Ақ сүтін сол халқының ақтаған жан! Емес ол жұртының бір шамшырағы. Демейді болам және көз, құлағы. Елі үшін сақтай білсе ар, ұятын, Адамға соның өзі не тұрады! Қолынан келмес мүмкін жұрт басқару, Ез болса ұлы ел-ана жұтпас па у. Біледі бірақ өзі, болмас о да — Шегіну, жаудан қорқу, не жасқану! Кенеттен шықты бір ән қайнап, шалқып, Жатқандай жалынды үн қайрат шарпып Қиялды босатқандай ән көгеннен, Тыңдады теңіз толқып, қайық қалқып!.. Бұл Сұлтан ән көрігін қатты басқан. Көктегі күнмен даусы құшақтасқан. Елімен, сүйген жармен қош айтысып Әнші тұр от жүректен жалын шашқан. Ән тулап, ағыл-тегіл көкке өрлеп, Жүректі жауға деген кегі кернеп, Кей кезде, желкен-сынды тыныш күнгі Жаныңды жай тапқызып еппен тербеп. Еске алып қарындасын, жастық шағын, Бұлқиды ән секілді бір асау ағын. Көктемдей көңілденіп өзге жастар Көтеріп жібереді ән соңғы жағын... Құртпаған соғыс әлі діңкелерін, Тыймаған әлі де ойын-күлкілерін, Шаңқайып шаңқай түстей тұрған жастық Не қылсын қан жамылып түн келерін!.. От арба қара бұйра түтін басқан, Қақ жарып қара орманды қойнын ашқан, Зымырап келе жатыр ұшқын бүркіп Дүниенің қызығына қарамастан! III Бостандық ең алғашқы нұрын шашқан, Салынған гранит пенен мәрмәр тастан
Бұл күнде қандай еді Ленинград, Ұлы ақын жазған өзі арнап дастан? Ұлиды бөрі-боран тартып демін, Адамға тигізе алмай адам себін,— Үскірік жылдағыдан биыл асып, Қар менен мұздан киген әлем кебін. Қанжардай жалаңдатып аштық тілін, Қаланың торыған ол үштен бірін. Талай жан жатқанынан қалған тұрмай, Зар болып қара нанға жалғыз тілім. Жау, аяз, аштық келіп қатар бәрі, Төнген-ді тас қабақтан өлім кәрі. Қоршалған төңкерістің бесігіне, Жетпеген нан менен су, оқ пен дәрі! Азап па Адамзатқа кескен кесім? Жинайтын кезі бар ма кеткен есін? Тек өлім, өлім, өлім, өлім ғана Түсіріп тұрған-сынды көлеңкесін! Жоқ, халық көнбес оған, өлмес тегін, Күні ертең төгер кәрін, төгер кегін! Сол үшін жырлады ғой ұлы Жамбыл Әйгілі «Ленинградтық өреңдерін!» Сол жырмен жауға ерлер қарсы шапқан, Сол жырмен қайтпай кейін — қаза тапқан. Мақтанам, бар халықтың ойын айтқан Сол жырдың шыққанына қарт қазақтан! Жатса да құшағы ажал, қан боп жосып, Сескеніп ұлы қала қалмай шошып, Еңсесін жоғары ұстап тұрды құздай, Кеудесін жау отына қарсы тосып! Солтүстік түні аппақ сүттей жарық, Сол түнде зеңбіректер көкті жарып, Тағы да өлім төкті, ыстық қанға — Тағы да құзғындарды етті қарық. Көпірдің теріскей жақ аузын қорып, Сұр бетін қызыл шұнақ аяз сорып Ақ тонды қозғалмайды Сұлтан сержант,
Снайпер, жатыр жалғыз жауды торып. Сәл тыныш бүгін майдан — күллі дозақ, Қарға еніп Сұлтан жатты күтіп ұзақ. Біледі ол фашистердің мінез-құлқын, Сабырын бармайтұғын көпке ұзап. Әнекей... қаскөй өзі берді орай, Окоптан домалаған бері қарай Бейнесі әлдекімнің көзге түсті, Кім өзі? Не істемек?.. Беті қалай? Мылтығын ыңғайланды қолына алып. Сөйтсе де, деді өзіне қарашы анық. «Япырмай, мына сорлы кім еді өзі, Тұтқын ба қолға түскен жараланып?» Сұлтан да бұл жұмбақты енді ұқты: Салынған қол-аяққа кісен мықты. Тұтқынның бензин құйған киімінен Лапылдап көкке кенет түтін шықты! Дыбыс жоқ. Алған сірә тілін кесіп. Жоғары көтерілді түтін өсіп Өртеніп қар үстінде жатыр жігіт — Өзімен-өзі алысып, төбелесіп... Көрген соң бұл сұмдықты көзбен анық, Жатқандай Сұлтан отқа өзі жанып. Ернінің тістенгенде қаны шығып, Қиналды жанын мұздай ыза қарып. Өртеніп жатқан жігіт қайғысын жеп, Сол жаққа тағы Сұлтан қарайды кеп. Еңбектеп келе жатыр біреу әне, Кісенді босап қалған алайын деп. Өлікті жатыр фашист қарап, сілкіп, Сұр мерген жасын дереу қолмен сүртіп, Мылтығын, көздеп тұрып, басты кенет, Төңірек үрейлене қалды үркіп! Сылқ түсті, ұстай фашист көкірегін, Алды енді Сұлтан мұны көріп демін. «Бір өшім қайтты!»— деді айқай салып, Күлді ол, күлді енді емін-еркін!
IV Аспанда ай, жылжиды жай ағарып құр. Жүректен біткен-сынды жоғалып жыр. Сүзектен көтерілген жандай жүдеп Сидиып жапырақсыз ағаштар тұр... Аппақ түн, аппақ дала жатқан өлік. (Тұрғандай қайғыда әлем жақыны өліп) Кей-кейде, ракеталар көкте жанып Жұлдыздай төмен ағып жатыр сөніп. Тып-тыныш қазір Сұлтан айналасы. (Түнде тек көз ілмейді ой таласы) Қиялдың қанатымен көкті шарлап, Отыр ол, жау күзеткен, түн баласы. Көңілдің, шаттық болса салтанаты, Асқақ ой жүдегенде — жан қанаты. Әкеткен бұны көкке шарықтатып Бүгінгі Ақторғынның жазған хаты: «Хабарың келе ме деп көптен тостым, Сарғайып сарғалдақтай күткен достым. Сия ғып көздің жасын жаздым хатты, Жүдеген оған көңіл күйін қостым... Қазір түн. Шырт ұйқыда адам біткен. Көз ілмей отыр жарың аңсап күткен, Теңіздің түбіндегі меруерттей Атыңды сақтап терең ұлы үмітпен. Балғын жас махаббатқа табынғанда, Елжіреп жан қиялға бағынғанда, Үміт бір қыз дегенге өмір екен Сүйгенін алыстағы сағынғанда. — Ойыма тағы бір сыр кетті ілесе. Оқталғам жазайын деп әлденеше: Қасым мен Күнсарыны білесің ғой, Бізбенен өскен бірге күні кеше... Сол Қасым қан майданда қаза тапқан (Кезінде барлауға ол бара жатқан). Көремін кейде мен де Күнсарыны Арманын түсінемін жанға батқан.
Күн жеген шүберектей өңі қашқан. Еңсесін ауыр қайғы мұңы басқан. Дәл өзім бақытсыздай, көрген сайын Шығамын түні бойы ұйықтамастан. Білемін мінезіңді тастан берік, Бермеген қорқақтыққа жастан ерік. Сондықтан өтінемін, жалбарынам, Сақтықты еткейсің деп жанға серік. Сенемін жібермессің жауға кекті, Ұмытпа бірақ мендей жас жүректі, Күйіміз алдымызда көп қой әлі Тартатын домбырадай екі шекті... Хат күтем, күтем аңсап, күтемін, жаз. Әр сөзің, көңілімді етеді мәз. Сақтармын өзімді адал саған, жарым, Қыс өтіп, сенемін мен, келеді жаз... Майданға жатқан беріп ғажап көмек, Ел күйін айтармын мен хатта бөлек... Ал қазір қатардағы сауыншымын, Қош сау бол... Ертең ерте тұру керек. Сөзінен хаттың кеткен ойды бөліп, Жар жүзін қобалжыған тұрды көріп. Ол үшін сау қайтуға тиісті ғой Орынсыз батылдыққа кетпей еріп... Дүниеде махаббаттан не бар артық Сүйгенің тұр ғой айтып сөзін ақтық. Жүрегің сенің қалай бағынбайды Махаббат тілеп тұрса өзі сақтық!? Көз салды, әлі тыныш жаудың жағы Ауды ойы келешекке жастың тағы: Қараңғы мынау түннің бетін ашар Алтын таң, не әкеледі алдындағы? Таң да атар, күн де шығар күлім қағып, Кеудеге ерлік атты гүлін тағып. Сұлтан да жауға аттанар, әттең, әттең, Кім кепіл кетпесін оқ-ажал қағып... «Жоқ, жоқ, жоқ күтсең-дағы өлім көрдей. Күн-сынды жүрегімде тұрған сөнбей,
Артымда күтіп тұрған махаббат бар, Кетемін Ақторғынды қалай көрмей?» Сондықтан шыдады ол шығармай үн. Күтті тек атса деп таң, шықса деп күн. Ер жігіт сол мезетте қайдан білсін Екенін бүгінгі түн ақырғы түн... V Алтын күн жолын алып алтын айдан. Кешікпей таң да атты әлдеқайдан. Ақсиып таңмен бірге өлім келді, Кенеттен тағы қызып қанды майдан! Күңіреніп, тас-талқан ғып жер мен көкті, Гүрсілдеп зеңбіректер жалын төкті. Зымырап айқыш-ұйқыш ауыр оқтар, Матадай енді аспанның көгін сөкті. Бұл жолы құтылмасын жау да сезіп, Қарысып қалды қатып жаннан безіп. Айқасып жанталасып самолеттер, Аспанды, ажал тасып, жатты кезіп. Әп-сәтте кетті қызып, қайнап шабыс, Танктер салды кенет ойран, жарыс. Лап берді қызыл ерлер жау шебіне, Мұндайда қоя ма кек, қайран намыс! Мінекей бір батальон ұран салып Алаңға ортадағы қалды барып... Тек әттең! Қызыл ерлер жатыр құлап, Көгалдай сұлай түскен орақ шалып! Сол жерге төгілгендей тағдыр кәрі. Жеткендер оққа ұшып жатыр бәрі. Барғанды жұта берді жазық алаң — Жеті бас ертегінің айдаһары! Түсіріп жіберді ме көк тіреуін, Естімей тұр ма құдай көп тілеуін! Қан-қан боп Пономарев1 жараланып, Алды ажал достардың да кейбіреуін.
Мылтығын Сұлтан енді қарына іліп, Жабысып кететіндей қарға кіріп Жылжып тез бара жатыр жер бауырлап, Жетті әне... Алмақ бәрін қарап, біліп... Қолымен ептеп селдір талды жайпап. Ағаштар білмедік деп басын шайқап Түксиіп тұрса-дағы, ар жағынан Дзоттың үңгір аузын қалды байқап. Қасқырдай ін ішінде жатқан бұғып, Сырт жаққа оқта-текте жалын шығып. Пулемет сол үңгірден безек қағып, Ерлерді бас көтертпей жатыр жығып. Бір мезет... Жауға Сұлтан ерегісті, Белінен гранатын дереу шешті. Лақтырды қос шумақты жалғастыра Үңгірдің гүрс-гүрс етіп үні өшті! Алаңға шықты тағы қол құлшынып (Көп қару жатыр күйреп, жолда сынып) Япырмай... қара жерге тіл бітті ме Сөйледі тағы дзот қалған тынып. Алаңды әбден дәлдеп көздеп апты, Талайды қорғасын оқ іздеп тапты, Өмірді тағы қайта өлім жеңіп, Ыстық қан қарға тамған мұз боп қатты. Құрта ма мына неміс енді топтап! Іркіліп қалды әскер кенет тоқтап! Лақтырар оған қайта гранаты жоқ, Не қылар енді Сұлтан кегін оқтап! Құртатын дұшпанды бұл қырып-жойып, Алысар күші бар ма қарсы қойып? Жүрегін жұлып алып лақтырса егер, Жау үні өшер ме екен қанға тойып? Түсті екен жүрек қайдан кеп есіне, Жүр ме еді сыйғыза алмай кеудесіне? Япырмай, қалды неге кенет қатып, 1 Пономарев — Сұлтан Баймағамбетов снайпер ротаның командирі.
Дзотқа қарай сонша тым тесіле? Сол сәтте... Өмір-дағы сұрады кеп, «Тоқта!» деп сүйген жар да жылады кеп, Жеңді оны — жалын сезім, барды атылып, Кеудесімен дзотқа құлады кеп. (Тек бір сәт батты өкініш келген демде; «Махаббат, өкпелеме деді, сен де, Бетіңе қалай тура қарар едім, Осылай арым таза сөнбегенде?!») Сол кезде тірі жандай алас ұрып, Жер шары шыр айналған қалды тұрып. Пулемет булығып кеп тоқтады тез, Күркілдеп көксау шалдай әлі құрып. Қол қайта көтерілді бұны көріп, Лап қойды ұран салып, ту көтеріп. Жалғыз-ақ арасында Сұлтаным жоқ От жүрек лапылдаған тынған сөніп... Өлді жас... Халқым деп ол өлген жоқ па? Қайда өмір, қош демей ме сөнген шоққа? Қия алмай сүйген жардай басыңа кеп Ей, Сұлтан, өмір жылап төнген жоқ па? Батырға қызыл қанға жатқан батып, Алтын күн бұлттан шығып шапақ атып, Басыңа қойған гүлім құлыным деп Құшақтап төкті нұрын шашыратып. ...Осылай Сұлтан қаза болған жолы Дауылдай қызыл әскер соққан долы,— Шыққанда шабуылға жауы қашқан Шыдамай құйған бетон, тосқан оры. Жас батыр, серіктерің қалмас естен, Жоқтаған сол айқаста қанды кешкен,— Солдаттар Афанасьев, Филимонов Әрқайсысы жойып жауды он, он бестен, Абыржып, зәре қалмай неміс сасқан. Қысылып шебін бұзып, кейін қашқан. Осылай еді Сұлтан ер өлімі Сол күні ұлы айқастың бетін ашқан.
Мен елмін, егін егем, кен қазамын, Қорықпаймын, батыр жұртпын деп жазамын. Халқымның бәрі бірдей жүрек жұтқан Сұлтаным — соның бірі, жас қазағым! Ерлік не? Күш емес ол тастай берік Батырлық о да емес сөзсіз ерлік. Туады ерлік арман, өрт сезімнен Жаралып махаббаттай көзсіз келіп! Өлді жас сұм ажалға бетпе-бет кеп. Бұны ол ойлаған жоқ ерлігім деп, Өрт сезім Отан атты өртеп жанын, Қас қақпай келді шешім, биледі кек! Бірге өлген келешегі — алтын арай, Кәрі емес, жас ажалы ауыр қандай! Сен оған дәрменсізсің — ең қиыны, Орыны кесілген қол ауырғандай! Кәрі өлсе,— көргені көп, қалғаны сәл. Ұрпағы — өмірінің жалғасы бар. Жас өлсе немен орнын толтырасың, Құлаған ол бір мүлдем жалғыз шынар? Әрине, өлмейді адам сүйек, тәні. Айналар басқа затқа. Өлер жаны. Қайтадан бірақ оны тірілтеді Еске алып елі-жұрты, туысқаны. Мінеки, оқушым, сен тұрсың ұғып, Шынарды дүлей дауыл кеткен жығып, Есіне түсіріп бір туған халқы, Сұлтанды даңққа бөлеп тұр тірілтіп! Шын ерлік күн сәулелі дерсін дастан Өзгеге аямай бар нұрын шашқан. Сапта тұр сол дастанда батыр Сұлтан Қолға ұстап автоматын тапжылмастан! Жас та өтер, кәрі де өтер, өмір өтер. Талай ұл, туа қалса қауіп-қатер. Халқы үшін жүрегімен от сөндірген Ерлігін Сұлтанының өнеге етер.
АДАМ — МӘҢГІЛІК Бұл жалғаннан Басқаным кейде шоқ болды. Бұл жалғаннан Құшқаным кейде от болды. Қуанышым сөйтсе де Қасіретімнен көп болды. Автор * «Қаздар, қаздар Барады қайтып тізіліп. Қараймын мен, Қараймын кеп қызығып. Қиқулары еміс-еміс естіліп Кетеді кілт, Кетеді кілт үзіліп. Өкінемін Біткендей ерте қызық той... Сол бір сәтте Маған мұңлы түседі ой, Қоштасуға қимайтын мәз өмірің Қайырылмайтын қайтқан қаздай екен ғой!.. Сенсің өмір, Бар байлығым, дәулетім. Тастарың бар, неге сонша әуре еттің? Бірақ ойлап бақытты еткен шағымды, Қызық көрген күндерімді тәубе еттім. Сарсаң өмір, Ол — дүние дозағы, Әсіресе қайғысы мол ұзағы... Бірақ өзің жай боп жарды жара біл.
Адамсың ғой, Тамшы да тасты бұзады... Тіршілігің Келсе мәнсіз не етесің? Қысқасында — Үлгермей қапы кетесің... Ұзағы да кейде тіпті керексіз, Өтсе адам Жөндей алмай қатесін. Дүние, сені Неге сонша сүйдім мен? Сонша неге Өрт деміңе күйдім мен? Өйткені сен Балдай тіпті тәттісің. Әттең... әттең... Тастан кейде қаттысың. Дүние, сені Неге сонша сүйдім мен? Сонша неге Қызығыңа күйдім мен? Өйткені сен Мөлдір күміс бұлақсың Әттең, әттең... Мен бейбақты аямай, Биігіңнен Сан мәртебе құлаттың! Бірақ мен де Қарсы саған тұра алдым, Өйткені сен Маған қатты ұнадың. Ыстығында — Майдай балқып ерісем,
Суығыңа — Мұздай қатты шыдадым. Және сен деп Өзім талай қуандым. Азыңнан да Оңай талай уандым. Өйткені мен Барын базар ете алар Азға да мәз Осындай боп туа алдым. Әйтсе де осы Дүние атты бұлақтың Шөлі қанбас Ғашығымын тұрақты. Сондықтан ба, Бердім талай өзіме «Немен қымбат Өмір?»— деген сұрақты... * «Лұқпан төре мың жыл өмір сүріпті» Деген аңыз біздерге де білікті. Жасамайды кісі мың жыл, әрине, Екі жүз жыл — оның да өзі күдікті. Екен Лұқпан қайырымды шын, санатты, Әр жылға бір жақсылығын балапты. Сөйтіп барып, күні шағын болса да Мың жыл өмір сүрдім деп ол санапты. Өмір мәнін, осылай ұққан кісіге: «Басқаға еткен жақсылықты ісінде! Өз басынан аспаса адам бар қамы, Ондай жанды бақытты деп түсінбе!»—
Деп осылай қадірлі бір жолдасым Бастап еді сол күні бір жыр басын Уыздай ұйып тыңдап едім мен оны, Келістіре білгеннен соң сөз нәшін... * Болды бірге полкта бір жас өрен, Жамандыққа, қорқақтыққа шын керең. Жанып тұрған от, еді ол лапылдап, Қиындықты етпейтұғын тіпті елең. Қандай іске жұмсаса да баратын, Әкел десе, «тілді де» әкеле алатын. Қайғырса жұрт қайғыра да білетін, Қуанса жұрт шын қуанып қалатын. Жау шебіне жұрттан бұрын тиетін, Өрт қаптаса жұрттан бұрын күйетін. Дүниеге өшіккен бір жан-сынды, Жоқ, жоқ о да өмірді шын сүйетін. Арамызда осындай жас жүретін, Батырлығын бүкіл полк білетін. «Көз тимесін ерлігіңе!» деп күлсек Сылтау айтып, ол да жай бір күлетін. «Артымда еш қарайлайтын қарам жоқ, Қаза болсам аңсайтын бір алаң боп. Ата-анамды жастайымнан жұтқанмын, Жұрт тәрізді сүйген жарым, балам жоқ! Ал өздерің үйлі-күйлі жансыңдар, Бір-бір үміт артқан кілең нарсыңдар. Отпен ойнау тұл басыма жеп-жеңіл, Туса жағдай намыс сынар, ар сынар». Десе де ол, білетінбіз бәріміз — (Жасымыз да, дүние көрген кәріміз)
Өмір қымбат екендігін. Сондықтан — Жүр ғой оған жұмсалып бар әліміз. Әлі күнге бір оқиға есімде: Мезгіл еді жақын қалған бесінге. Окопта едік... Ұрыс кенет басталды, Жауды оқтар тынбай бір сәт есіле... Соғыс деген қанға тоймас жалмауыз, Оны қостар фашистен асқан жоқ жауыз. Жеңем десең, оған қарсы тұра біл, Қасқырларға қасқырдай бол қанды ауыз! * Соғыс! Соғыс! Таныс сұсты келбетің, Кеше қанға бояғансың жер бетін. Ойыншықсың, Теңер болсам соғыспен Жойғалы тұрған адамзаттың әулетін!
Соғыс! Соғыс! Бар қайғының сен басы. Бар зорлықтың Сенсіз жауыз жолдасы. Сені жеңер, Жеңер сені сонда да Қарғысы ана, Сәбилердің көз жасы! Соғыс! Соғыс! Сенсің қанқой қара түн. Сені қостар Қорқау, құзғын, қарға, жын. Сені жеңер, Жеңер сені сонда да — Әлсіз құсым, Бейбіт құсым — көгершін!
Соғыс! Соғыс! Сенсің жоқтық және аштық! Өн бойында — Бар араздық, бар қастық! Сені жеңер Жеңер сені сонда да — Ұлттар ұққан Достық пенен жолдастық! Соғыс! Соғыс! Сан ракета сұм қолды. Самолетсің, Гүрсілдеген сен бомбы. Сені жеңер, Жеңер сені сонда да — Халық сөзі «Жоқ!» деп айтқан ең соңғы! * Сәл шыдаңдар... Аздап тағы тоқтайын, Бір адамға, басқан өңін мұң-уайым. Солдат еді ол бір жуас, абайшыл, Кештеу білдім мен де оның көп жайын... Үйі толған, шуылдаған арадай Бала екен... Сол себептен қарадай — Жүреді екен көрсетпей ол өжеттік, Жүреді екен арт жағына қарайлай... Әлгі жаспен, ажалменен таласқан, Жолдас еді нағыз ауыз жаласқан. Түйір нанды қақ бөлісіп жесіскен, Достықтары бір-біріне жарасқан. Бір ыдыстан ішіп бірге тамақты, Бір-біріне жүрді түймей қабақты.
Сабырлыққа баулап жасты үлкені — Ерлікте одан алып өзі сабақты. Дегенменен, бірі — мосқал, бірі — жас, Бірі — жуас, бірі — нағыз ашутас. Тұстас емес тез ұғысар, көп жанға — Достықтары жұмбақ еді шеше алмас... Қаулап өскен тоқтата алар кім нуды? Тулап аққан тоқтата алар кім суды? Достық деген қасиетті ұлы күш, Сол достықты сынайтұғын күн туды. * Сөйтіп ұрыс кетті қызып бесінде, Әлі күнгі бәрі менің есімде: Тас-талқан боп жатты күйреп жер мен көк Ерлік деген шырқады тұлпар көсіле... Жұтатын нақ айдаһардай ысқырып, Біздің жақты барады жау тықсырып. Қалды кенет қоршауда әлгі жас батыр Барлаушы боп алда жүріп, тыс жүріп. Көріп тұрмыз (емес бізден онша алыс): Он қорқаудың ішінде бір жолбарыс! Атқан оқтың кімді алары белгісіз, Мылтық жұмсау... болмас тегі тым дұрыс... Қайдан шықты? Қалай жетті?— білмеймін. «Жау қолына жолдасымды бермеймін». Деген мосқал болды пайда сол тұстан, Мұны енді көзсіз батыр, ер деймін! «Абайшыл ол, жуас» деген сөз қайда?! Көп баласы түспеді ме әлде ойға?! Достық деген сондай асыл күш болар, Бәрін-бәрін ұмытқызар мұндайда!
Қазағымның қаһары ма жебеген, Жау қолынан мен өлемін демеген, Жетті мосқал, мылтығымен немістің Бірін атып, бірін ұрып төбеден. Осы кезде біз де бердік жауға тап, Алға ұмтылдық, айқай салып уралап! Шегінді жау, қосылды енді екі дос, Қанды айқаста бір ажалдан аман қап! Міне достық, айлалыға шалдырмас, Күштілерге бермес өзін, алдырмас. Әсіресе, мықты солдат достығы Жау қолына бірін-бірі қалдырмас! * Ұялғандай көк аспаннан қыз алып, Күн де батып бара жатты қызарып. Ұрыс тағы кетті қайта басталып, Зеңбіректер гүрсілдеді жер жарып. «Алға!» деген бұйрықты естіп тұрды ұшып, Мосқал бір сәт... құлады бірақ жер құшып. Жатыр, әне... Жаралы ма?.. Белгісіз, Біз шегіндік. Барады енді жау қысып. Осы тұста бордан1 күнгей беттегі Алып танкі бізге қарай беттеді. Келе жатыр қаруынан от төгіп, Мосқалды да жолай басып кеткелі. Күшіміз аз оған қарсы тұратын, «Қырық бесте»2 жоқ, қақ маңдайдан ұратын. 1 Бор — шағын тоғай. 2 «Қырық бес» — танкіге қарсы қолданылатын 45 милиметрлік шағын зеңбірек.
Бар қалғаны жалғыз «чашка» — гранат Кім бар оны алып қайрат қылатын?
Келіп қалды танк та мосқал қасына, Сол бір кезде жатқан жасым қасымда — Жүгірді кеп гранатты ала caп, Танк атқанша... құлады кеп астына! Қас қаққанша гүрсіл шықты жер жарған, Танк күйреді, сол минутте өрт алған. Өлді жігіт, жау үрейін ұшырып, Көп балалы жаралы мосқал қалды аман. Неткен ерлік! Неткен асқан ер қылық! (Айтсын ақын мәңгі өлмес жыр қылып!) Батыр жігіт ақтады өз борышын Жақсылыққа қайтарып ол жақсылық! * Өлді, жігіт, Өлді, өлді, өлді ол. Амал қанша Соғыс сондай қанды қол, «Тоқта!» деп біз айта алмадық, өйткені: Соғыс сондай! Інім, енді Бақыл бол! Тоқта десең, Тоқтамас ол бәрібір. «Тоқта!» деуің Тілек қой жай Ол бір құр. Өйткені оның жүрегінде борыш боп «Отан!» деген Өзі берген бұйрық тұр!
Жігіт сондай Ер еді ғой тау жығар. Қаны тамған Сол бір жерге гүл шығар. Өкінбес ол, өкінбес ол: Елінде Даңқы қалған, Өзіндей сан ұл туар! Өлді жігіт Өлді, өлді... Бақыл бол! Амал қанша, Соғысқа сондай қанды қол. «Тоқта!»— деп біз айта алмадық, өйткені Батыр еді Өз жолынан Қайтпас ол! * Міне, осылай, жігіттің сол ер жүрек Хикаясын тауысты да, бір мезет Үнсіз қалған жолдасым кеп қайтадан, Сөйлеп кетті көзілдірігін сәл түзеп. Айтайын мен, жан шошырлық сұм жырды, Жырды емес-ау қараң қалған тұл-сынды. Әңгімені,— деп бастады ол — көршім бар, Сыры көпке су қараңғы түн-сынды... Қарасаң сен — адамға ұқсас құр сырты, Дүңк етер тек дүрдиген түр, сом мұртты. Ішінде бар қыңсылаған бір пәле, Қара қасқыр, қара түнек, қанды ұртты. Көз алдауға... кигені ескі керзі етік, Көне картоз, тозған пальто, күн өтіп. Білем анық: соғысқа да бармаған, Алыс жүріп, орман-тоғай күзетіп.
Сөйтсе-дағы байып алған күйі бар, Көк шатырлы, бес бөлмелі үйі бар. Қорасында тайыншадай шынжырлы ит, Көшірмесі дерсің ұлын... Өзі дәл! Жерге қарап, тұнжырайды да жүреді, Не ойлайды? Тәңір ғана біледі. Бойы шағын болғанымен, төртбақ бір Сом темірдей түкті шомбал білегі. Мен Мәскеуде жүргенімде өткен қыс, Көшемізде болыпты бір сұмдық іс. Жас жігітке жабылыпты үш бұзық, Тепкілепті демей басы, демей іш... Аямапты, өлтіргенше ұрыпты, Осы кезде сыртқа көршім шығыпты. Арашалап алудың ол орнына Басын шайқап, қызыға қарап тұрыпты. Бұзықтар кім? Жасқа неге өшікті? Неге өлтірді? Бәрі қолға түсіпті. «Көрдің бе сен? Неге арашалап алмадың?» Деп тергеуші көршімді де қысыпты. «Көрдім!»— депті сонда көршім сұрланып, Көзінде бір суық ызғар зіл жанып. «Менің балам емес қой ол, өзгеде Шаруам қанша?!»— депті тағы сызданып. Көрдіңдер ме, қандай қатал мәліғұн, Адамдықтан тіпті ода жоқ ұғым. Өз басының қамымен тек өлшейді Бұл дүниенің баға жетпес бар құнын. Мұндайлар көп. Емес олар құр пасық, Жамандықты істеуге бар тіпті ашық.
Халқы үшін өлгендермен теңесең Қақтары жоқ жүруге бүгін жер басып. Мұндайларды көрсе де жұрт — көрмейді, Мұндайларды білсе де жұрт — білмейді. Үнсіз-сөзсіз қоштауымен олардың Қанша қылмыс істеледі... Білгілері келмейді! Сонда қалай, неге біздер алыстық? Жауларымызбен жан аяспай салыстық? Әлгі сұмдар бүлдірсін деп қоғамды Төгілді ме майданда ерлер қаны ыстық?! Осындайда түседі ылғи есіме, Қанды оқиға басталған сонау бесінде. Әлі күнге көз алдымда өлген жас, Халық үшін сол күнгі ұрыс кешінде». Деп осылай айтып сөзін жолдасым, Тастағандай үстінен ауыр мұң тасын Қалды тоқтап, біз де отырмыз үн-түнсіз, Құлағандай жерге келіп ой-лашын... * Ойға қалдым... Неден шықты сөз басы? Паш етеді немен тарих, тұстасы — Адамзатты? Әрине, жақсы ісімен! Өйткені адам өз ісінің ұстасы Қаздар, қаздар, Қаздар қайтып барады... Жүдетіп бір, Қоштасып ән салады. Дейсің сонда: Өтер бәрі. Тек қана. Жақсы ісімен Адам мәңгі қалады.
ӨТКЕН КЕЗЕҢ ДАСТАНДАРЫ
ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ КІРІСПЕ Оқушым, айтарым көп қойсаң құлақ, Өмір тек емес мөлдір қайнар бұлақ. Ол бірде қара судай қалар тұнып, Тасқын боп кейде таудан жатар құлап. Кім оның таңдай білсе ең тазасын, Сол үшін құрбандыққа тігіп басын Күреске шыға алса қалмай бұғып, Түсінер сол ғана өмір мағынасын. Тіршілік мен де сырын түйіп келдім, Кей кезде отына да күйіп көрдім, Сондықтан маған қымбат ондай адам, Ондай жан-жаным сүйер кейіпкерім. Мінекей, сондай өмір қызығы үшін, Арнаған қажыр-қайрат, күллі ісін, Жыр еттім адамзаттың бір асылын Күрестің көрсете алған шын үлгісін. Алтынай, замандасым, құрбыласым, Бастайын сенен бүгін жырдың басын, Барады күнім өтіп, көз байланып, Айтылмай өкініш боп сыр қалмасын... Қартаяр адам деген, болар кәрі, Өткен күн шығар естен, тозар бәрі. Қоңыр қаз ұмытпай ма шалқар көлін Алыстан ұшқан сайын одан әрі!
Әйтседе, жаңа ғана атқан таңдай, Жастық шақ, алтын арай, қызық қандай! Қарасаң ұзап барып, таң қаласың — Кез екен ол бір мәңгі қызыққандай! Сондықтан, көрген мұңның ұзақ күзін, Қасірет, қайғының да қара жүзін, Отырмын ұмыта алмай өзің-сынды Сезімтал, ойлы көзді қазақ қызын! Асылбек — жас жазушы сүйген жарың, Ернінен ақ бетіңе тиген жалын, Жолыңа құрбандыққа аямаған Отына махаббаттың күйген жаның! Қараған мөлдір суға жардан төмен Секілді жапырақты жасыл емен, Үңіліп кірсіз таза сезіміңе Іздеген шын махаббат о да сенен! Мәз болған гүлдей жайнап күлгеніңе, Жер бетіне бірге басып жүргеніңе. Санайын ең бақытты адаммын деп Өзіңмен бірге тірлік сүргеніне. О дағы жарқын ойлы, пішінді еді, Сен десе шаттық ойнап түсіндегі Тұратын қой көзінен нұрын төгіп, Алтын күн — жүрек деген ішіндегі! Жалғанда бір сезім бар сүю атты, Қызық жоқ одан нәзік, сұлу, тәтті. Шын ләззәт асыл тастан берік келер, Сынбайды ұрса да өмір суық, қатты. Біріне-бірі күліп қарасып тек, Дүниеден сен қалауым, аласым деп. Үніндей қобызбенен күйсандықтың Үйлесті екі тілек жарасып кеп. Шаттықтың жырын өңі, түсінде де, Шырқаған өмір бұлбұл түсінгенге,
Танбайды сол әнінен әнші мәңгі, Сайрайды зиратыңның үстінде де!.. Ежелден уақытқа адам бағынышты. (Секілді уақыт-тынбас ағыс күшті). Зымырап өтіп жатты сәнді күндер Біріненбірі ыстық, сағынышты... Тек, әттең, сұқтанып кеп қарады да, Алтынай тәрізді ақ маралыма Бір жауыз оғын атты. Жарық күні — Айналып кетті кенет қараңғыға!
Күн өтер, өтер өмір, өтер кісі, Қиянат аз ба адам көрер ісі. Дүниеде бақыт пенен жарық бар ғой, Деген кім: адамға тек тиісті түн? Кенеттен төкті тағдыр неге кәрін? Түсіну қиын қазір бізге бәрін. Мәлім тек сол дауылда аз болған жоқ, Жоғалтқан қорқақтықтан ұят, арын! Түбіне көп кісінің жала жетті, Сан биік жанды жермен-жексен етті. Солардың бірі болды Асылбек те, Оны да қара түнде алып кетті. Осы бір ауыр күнде тастай батқан, Аямай тарс жабылып тағдыр-қақпан. Алтынай жас босанған, қалды күйреп, Адамдай күнәсі көп қарғыс атқан. Көрсем мен, жыландайын қайғысы ұзын, Қасірет көп, бақытсыз кей қазақ қызын Қысылам, ұрлағандай сол бейбақтың Дәл өзім қуанышын, бақ жұлдызын. Сондықтан менің де бір тілегім бар: Болмасын өмір шіркін тулақтай тар. Көрмесін ана байғұс қайғы азабын, Дүниеден шер жұтуға тумасын зар!
Көк теңіз жатыр дүлей түсі суық, Жел тұрса үйдей-үйдей толқын қуып. Сол судың ортасында бір арал бар, Жағасын ағыс жатқан тынбай жуып. Көк құрыш алдаспандай суық түрі, Әлемге аян жойқын көгілдірі. Суына қанша оның, жуынсаң да. Кетпейді көкіректен көңіл кірі! Аралдың кедір басқан қыр мен ойын, Ақ қайың көрінеді ойдым-ойдым. Кей жерде тұтас біткен қалың емен, Ақ гүлді мойыл жапқан сайдың бойын. Қызарған алғашқы таң арайындай, Жартастар қалған қатып, қарайып жай... Көк аспан күннің суық ызғарынан Ағара түскен бейне қалайыдай! Сұсты әлем! Суық сәуле, жарық сараң, Үңгірлер үңірейген — қалған қараң. Қызарған жарқабақтан күннің көзі Ұшырар үрейіңді одан жаман. Осынау сұрғылт күндей сұр аралдан, Қайғы-шер, қасіретпен бір жаралған, Тәрізді көрінеді сұрғылт жандар Тас қашап, ағаш кесіп, үй қалаған. Қайғылы жүздерінен сабыр кеткен, Тірідей қасіретті қабір еткен, Теңіздің ортасында пайда болған. Бұлар кім? Түсірді ме тәңір көктен? Көзінің танимын мен қарасынан, Танимын жүректегі жарасынан, Асылбек мынау жүрген жүдеу өңді, Алыстап кеткен туған даласынан. Қоя ма ауыр жазмыш қобалжытпай. Бұл әлем Асылбекке құбыжықтай...
Бүк түсіп отырады қайғы құшып, Өткен күн бүгін ойда бірі жоқтай. Қалған ғой үміт сынып, тілек өліп, Қарайды аққан суға жардан төніп, Қарайды көк толқынға, телміреді Жатқандай арман біткен суда сөніп. «Уа, үміт, жалын едің көкіректе, Сыймаған тасқын едің жер мен көкке! Осылай сағымға ұқсап өшкенім бе, Тас бауыр, құла мидай қу түбекте?» Қираған сондағы үміт, тілектері, Үзілген домбырадай бар ішектері Сыртына қалай, қайтіп шығарады Күйігін жатқан өртеп жүректегі?! Кім тыңдар Асылбектің сырын ашқан? Ақ тиын? Әлде мынау сұрғылт аспан? Не пайда шағынғанмен мылқау құзға, Оның да омырауын кіл бұлт басқан. Бәрі өлік. Жатыр жалғыз теңіз шулап, Жарды ұрып, төңкеріліп шумақ-шумақ. Бұлқынған жүректегі арман-сынды, Көк толқын көтерілген көкке тулап!.. Қазір қыс. Көк темірдей қариды ызғар. Ұлиды боран қайғы, ұлиды зар... Тайганың қар жамылған ағаштары, Мүлгиді тұл дүниедей соққан қаһар. Біледі құтылмасын бұл аралдан, (Тек бұдан қайғы менен мұң таралған) Кең аспан қазір оған ұлтарақтай, Дүние қалай мұнша тар жаралған! Хат жазды. «Білмеймін мен болды қалай. Көруім енді елді екі талай.
Қалмаймын обалыңа, асыл жарым, Бағыңды ізде өзің алтын арай» Алтынай қаңылтырдай майырылған, Қайғыдан қанатынан қайырылған. Сидиып сүмірейген жас ағаштай, Қыс келіп жапырағынан айырылған. Кезбейді қиял бетін самғап көктің, Сезбейді шипа демін самал лептің. Ұшына кеп мұң көлеңке ізі шалған Бір кезде нұр ойнаған алма беттін, Өмірден шөлі мүлдем қалған қанбай, Құшағын жая түсіп алданғандай. Кетеді шошып кейде, оқтаулы бір, Мылтықтың аузынан кеп қарағандай... (Бақ қанша көтерсе де қолтығымнан Оқушым, таныс мұндай қорқу маған. Күнім жоқ қобалжымай өткен тыныш, Күнім жоқ күрсінбеген, толқымаған!) Алтынай отыр үнсіз, отыр сұлық. Жас сұлу дауыл соққан гүлдей сынып. Әкеткен мүлдем сорып ақ жүзінің Шаттығын қайғы деген қара сүлік. Қор болған жан сезімі, махаббаты Не істерін білмей жүдеп, басы қатты. Сарғайтып сағынышы — жегідей жеп, Жай ұрып жас денесін, жасын атты. Құлыны, қуанышы, гүл шешегі, Көңілі жас сәбиі күлсе — өседі, Жүрегін үмітпенен соқтыратын Сол еді ендігі арман — келешегі. Қам көңіл шыдай алмай босады ма, Тосатын сыры бардай дос алдына, Алтынай жасқа толған бота көзін,
Аударды суреттегі қосағына. Қарайды жар жүзіне жалынғандай, Жылытар жанын кенет жалын бардай. Көзіне көзі түссе, серігеді, Кеселден бойын басқан жазылғандай! Сол кезде біреу келіп есік қақты «Кіріңіз!» естіп үнді, деді қатты. Қыз бала — почтальон хат тапсырып, Қоштасып үй есігін қайта жапты. Жар хаты келген екен тым алыстан. Қар борап, қара суық, қырау қыстан. Асыға ашты хатты, шыдай алмай — Лүпілдей жүрек шіркін тулап ұшқан. Оқыды. Өз көзіне отыр сенбей, Үміттің болар-болмас оты сөнбей. Сұп-суық мұз сүңгідей хат сөзіне Ақыл-ой тас-талқан боп жатыр көнбей. Хатты ол қайта-қайта оқып шықты (Естимін деген бе еді бұл сұмдықты!) Қаншама күйінсе де, ойлап ұзақ — Қимастан жазған жардың сырын ұқты. Бір мезет кетті тағы түсі қашып, Асылбек айтқан екен дертін ашық. «Көруім екі талай» депті налып, Ұқты оны, қалды қатып бетін басып. «Бұл сөзді жазды екен жары қалай?» Әлі отыр сол соққыдан айыға алмай. Солқылдап төмен қарап бұға берді, Үскірік екі бетін қарығандай! Көңілге өкініш пен опық кіріп, Алтынай ауыр халін отыр біліп, Оңай ма жазықсызға дәл осылай Құласа босағасы опырылып?! Елестеп кетті кенет сүйген жары, Көздері үңірейіп, біткен халі. «Аш па екен? Әлде сорлы кеселді ме?
Қасында адам бар ма берер дәрі?!» Езіліп сонда кенет бауыр еті, Жанына қатты батып ауыр дерті. Дауыстап жіберді де үрейленіп, Бүк түсті. Есінен сәл ауып кетті. Анасы кірген үйге іле-шала, (Сүлдесі жүр ғой оның бітеу жара) Су беріп отырғызды Алтынайын, Сөйлесті енді ақырын екеуара... «Мен едім сенің, апа, бар тілегің — Менің де болдың жалғыз — бар тірегім. Беретін қандай маған ақылың бар. Мінекей құлар жарға мен тірелдім?» Халқымен көрген бірдей сан жәбірді, Қазақтың әйеліндей жоқ сабырлы. Дей берді: «Шыдасайшы, қалқатайым, Қайтесің өшіктіріп қу тәңірді!» Алтынай кенет ұшып түрегелді Шыдамай әрі-бері жүре берді. Бір мезет кілт тоқтады, анасына: «Не істеуді енді өзім білем!»— деді. «Қосылған жарым еді жаным сүйіп, Кетемін түссе есіме жаным-күйіп. Сарғайтып сарғалдақтай әлдеқайда Қалдырам оны қалай жалғыз қиып? Осынау басқа түскен қараң күнде Ушығар онсыз қайғы жарам мүлде. Тапсырып Нұржанымды енді өзіңе Барамын Асылбекке, болам бірге!» «Қиналған үніңді естіп жасып кеттім Жібердің аузын ашып ащы дерттің. Күнде өліп жүргеніңді көргенімде Қосылар қасіретке қасіретің!— Сөзіңнен, Алтынайым, жаным құрбан, Нұржаның шамым болсын жанып тұрған. Өзің біл, таба алмасаң бөтен емді — Шеріңе тыным таппай алас ұрған»
Шыдамай мұндай күйге олқы жаны, Деп кенет анасы да солқылдады. Сөзінен бишараның тебіренген, Алтынай тұрды әзер толқып қаны. Жан апа, «сенсіз маған қиын деме» Кетсем де мен алысқа, қиыр жерге, Өзіңе Нұржантайым серік болар, Қабағың жалғызсырап түйілгенде. Айтшы сен, Алтынайдың замандасы. (Сөзіңнің қымбат жалғыз маған расы). Осынау серпінде де жатқан жоқ па, Адамның адам деген мағынасы?! О, Адам, бар өмірің күрес, майдан, Таң қалам шығады алып күшің қайдан?! Өзіңмен күнде қатар жүрсем-дағы, Биіксің маған ұлы Гималайдан! Бұзылды тағы аралда ауа райы. Тағы аяз, тағы ысқырып қар борайды. Қосылып тайга ағашы гуілдейді, Солқылдап бірге долы жел жылайды. Сәл ғана күн басылса қар боратқан Шығады тұтқын біткен сұр барақтан. Тайганы жаңғыртады ара даусы Кедірді кесіп тынбай сырыл қаққан. Ғажап қой адамзаттың бұл баласы, Тұрса да кеудеде мұң, көзде жасы. Көрсетер мықтылығын, кетпес сынып, Жаралмас мұндай қатты гранит тасы! Көк құрыш суарылмай болмас берік, Әлсіздік адамға әсте емес серік. Тек қана күрескерлер құдіретті Сын сәтте осалдыққа бермес ерік! Бітсе де жазмыш — озбыр, өмір — ауыр (Қайғыдан болған әбден көңіл жауыр)
Асылбек тас түйініп алған бекіп Сабырмен тосып алдан күнді тәуір, (Сан азап мен де өткізгем өз басымнан Тұншығып өлер едім көз жасымнан. Егер де жылай берсем, құлай берсем, Күрестім, мезгілім жоқ тез жасыған!) Алтынай келгеніне жылдан асты (Осында дәрігер боп орналасты). Бір ғана Асылбек деп шыдай білді, Татса да тіршіліктің дәмін ащы. Қалғандай жігітке де шырай кіріп, (Көптен ол көрген емес бұлай күліп). Бірінің-бірі күйін жеңілдетті Әрқашан бір-біріне қарай жүріп. Болса да көңіл шіркін аса күпті, Сеніммен жақсылықты аңсап күтті. Тек әттең! Асылбегі кесел тапты Жазылмас күтсең-дағы жан caп тіпті! Аурудың іште жатқан дерті күшті, Кей кезде әкетеді өртеп ішті. Алтынай қалар еді қажып жүдеп Естісе жар сөзінен өкінішті?! Сондықтан батса-дағы күйдірген шоқ, Қалжыңдап әзіл айтып, күлдірген боп, Асылбек іште жатқан жабығуды Tiс жарып Алтынайға білдірген жоқ. Дегенмен, өн бойыңа қан таратқан Сезімтал жүрек қой бұл қайғы батқан. Көрді жар қасіретін жасырса да, Көзінде қара бұлт боп түнеп жатқан. Алтынай іштей күйіп тым жабықты, Біледі: жар жүрегін мұң қарыпты. Бұзылған сағат-сынды қас-қабағы, Шер деген тұр көрсетіп бір қалыпты! Қайғыдан қалмайтұғын бірден жасып, Шаттықтан кетпейтұғын мүлдем тасып,
Сабырлым, сары алтыным — қазақ қызы, Айта алмай отыр әлі сөзін ашық... Осынау кірсіз, таза, ұяң мүсін Адамды жаралғандай аяу үшін... Асылбек енді өзі сөз қозғады, Қия алмай Алтынайдай аяулысын: «Кім келіп, кім кетпеген бұл жалғанға Аз ба адам өткен өксіп құр арманда? Мінекей дүлей тағдыр берді кесел. Ұқсайды өзге азабым аз болғанға! Сескенем сонау ажал дүбірінен. (Сыздана шығатын кейде күбірінен) Қимаймын сендерді тек, бұл жалғаннан, Үзер ем шіркін көңіл күдерін мен. Барынша жар-қосағын сабыр етті. Суға енді сенім атты салым кетті. Нұржан мен сені аяудан титықтадым — Елге қайт, шақырта алсаң самолетті. Адамның бала күні — арқауы да, Қайғының себепкері тарқауына. Қасыңда болса ондай қуанышың, Өскенде айналады қалқаныңа!» «Жолыңа, Асылбегім, құрбандықпын, Сырыңды жүрегіме құйдың — ұқтым, Өлсем де емін іздеп жанталасам Қатігез тағдыр берген бұл бұйрықтың, Әміршім, тіршіліктің сенсің нұры, Қалайша тастап кет деп тұрсың тірі? Осындай қиындыққа шыдамаса. Несіне сүйеді адам бірін-бірі?! Кетпеймін тастап сені мен өмірде! Алмашы сәбиді де көп көңілге... Табамын саған дәрі, тайга жомарт, Орынсыз күні бұрын тым түңілме!» Келеді қиындықты бір көргісі, Қаласа жауыз тағдыр — бірге өлгісі.
Осындай беріктікте жатқан жоқ па, Адамның Адам деген бір белгісі! Достықтың жүректегі жыры мықты, Жарының жатқан терең сырын ұқты. Бір мезет шердің қара түні безіп, Қайтадан қуаныштың күні шықты! Тағы жаз, тағы тайга, тағы да арал, Аңдыған секілді бір тағдыр-тажал. Қауіпсіз, сірә, дүние жаралған ба, Төнді кеп Асылбекке тағы да ажал. Ақын ол, сезімі өткір өзгелерден, Сол зорлық— ауыр соққы көзбен көрген. Сондайда еске алады өз даласын Қымбат қой ол, әрине, өзге жерден. Туған жер өткен қызық, албырт шағы, Арманы, қуанышы, алтын бағы. Сонда қап жүрек, тыныс, ой, тілегі, Бұл жақта жүргендей құр аруағы! Мұндайда қиялдың бос есер желі, (Бос қиял жүдеген жан ішер-жемі) Әттең-ай! Тағдыр — теңіз, қоршап алған, Қиялдың өзі-дағы кісендеулі!.. Жаныңа кесел қанша батса-дағы. Қасыңда сұм қорқыныш жатса-дағы. «Сыр берме», дейді ақылы «қосағыңа Шыдай біл, таңың түн боп атса-дағы!» Алтынай, бірақ қалай, жар саналы, Ұмытар Асылбектей жан-жараны? Кеселге шипа болар шөпті іздеп Күніне тайга ішіне сан барады. Мұндайда адамды ыза табалайды, Қабаған иттей қайғы абалайды, Өр әйел шыдап бақты. Әттең! Әттең!
Бір ғана жарасына ем таба алмайды: «Не ғып жүр Нұржантайы? Өсті ме екен? Өкпесі анасына өшті ме екен? Айырылған бөбегінен өлмей тірі — Ешбір жан біздей азап кешті ме екен?» Алты күн жатты Асылбек бейне өлік, Састы әбден дәрігерлер мұны көріп. Ақырын дірілдейді кірпігі тек Жүректің соққанынан белгі беріп. Құрысқан, дірілдеген, қансыраған, Алтынай жарын аяп қан жылаған. Әзер жүр тәлтіректеп, кетпей құлап Алты күн тыным білмей қалжыраған. Жаралы дауылпаздай қанат ұрған, Алты күн жеңемін деп қайрат қылған, Ең соңғы шарасы — у тамызылған, Дәріні берді шөптен қайнатылған. Алты күн! Алты жылдан кем соқпады, Бір жүріп, сорлы жүрек бір тоқтады, Алам деп алты күнде Асылбекті Жұлқынып өлім төніп сан оқталды. Алтыншы күннен мезгіл асқан кезде Асылбек келді әзер аздап сөзге Ақырын ыңырсыды. Жұбайы тұр Көзіне дым түспеді одан өзге. Жиды есін, енді әбден тілге келді, Шаршаған жүрекке дерт тыным берді. Қуанды мәз-мейрам боп Алтынайы Алты күн бір күнгідей көрінбеді! Сорлы адам дәрменсіз бір жетім еді, Ғажап қой аз мезгілде жетілгені! Мінекей шипа қонды Асылбекке Кесел-дақ көрінбейді етіндегі! Қалайша қуанбасын жүрек енді, Кеселді бақыт күткен тілек жеңді.
«Нұр жауар талаптыға» деген сөз бар Алтынай тапты сөйтіп керек емді! Махаббат, сақталса адал абыройы, Дүниенің ең қызықты әсем тойы! Жеңе алған сол той үшін қиындықты, Адамзат жасай берсін ақыл, ойы! Жарық күн, сұлу ай да күміс түсті, Толқынын теңіз-дағы қуған күшті. Жаралған бәрі тегіс жақсылыққа, Сол үшін жан-жануар қуанышты!.. Әлсіздік, жамандықты қуып шықты, Паш еткен адалдықты, сұлулықты. Осынау Асылбек пен Алтынайдай Қыздар мен ұлдар кілең тусын мықты! Қараңдар, әне, екеуі қақты күлім. Өткізіп бастарынан қайғы түнін, Таң атып, қара түнек ғайып болып Оларға бақыт алтын жақты күнін! Шаттанды екі байқұс іске сәтті, Тас шеңбер босатты енді қысқан қатты, Шырқаған көгершіндей көк аспанға Самғады қиялдары құс қанатты. Шомылып шық суына гүл сыланды, Сұр мерген ата алмады ақ бұланды, Күресіп қиындықпен жан аямай, Жеңді адам жазмыш атты әбжыланды! Арман ғып жақсы сөзді, жылы лепті, Бұл жақта тағы біраз жылдар өтті. Біріне-бірі үлкен сүйеніш боп Өмірдің сан күйігін жеңілдетті. Бұл кезде Ұлы Отан да сынға түскен, Алысқан Гитлер құзғын — сұмдық күшпен. Өзіңе жатқанда жау қылыш сілтеп
Оңай ма шұғылдану өткен іспен! Тоқтатпай итермелей өзге тілек, Жылжыды алға тарих — зор дөңгелек. Заманды қалған әбден қалыпталып, Ұғуға, өзгертуге уақыт керек! Дегенмен өмір күнді жақындатты, Өзгертер тегеуірінді кезді қатты. Қатені болған ұғар өткен шақта Жаңа ойлар, жаңа адамдар туып жатты. Күйреді, Гитлер сынды, жау жеңілді! Орнады бейбітшілік, жер кеңіді. Күйзелеген шаруасын жөндемекке, Кірісті халық тағы ер көңілді. Кезеңдер өтті талай аты шулы, Лайлаған мөлдір таза ағын суды, Сұмдардың өшіп үні, Ленин елі Көтерді әділеттік алтын туды! Алтынай Асылбекпен жанды бағы (Қауіпсіз енді мәңгі болашағы) Ағарып самайлары қайтты еліне Осылай әділеттің атты таңы. Қайғыдан қалмайтұғын бірден жасып, Шаттықтан кетпейтұғын мүлдем тасып, Сабырлы, сары алтыным — қазақ қызы, Мен едім мінезіңе мәңгі ғашық. Сол қыздың бірі сенсің, Алтынайым, (Өзгеден маған қымбат, жасырмайын) Ардақтап көтердің ғой ту ғып көкке Махаббат деген адам жан шырайын. Біргемін оның асыл тілегімен, Ұстадым құламасқа білегінен. Көремін үлкен оның мен тұлғасын Лүпілдеп соққан титтей жүрегінен....
ӘДІЛБЕК БІРІНШІ ТАРАУ Шабыттың соқпай жүйрік ерке желі, Қағазға түспей сұлу, көркем зері, Маржандай жатушы еді тереңдегі, Бұл бір жыр ой түбінде көптен бері. Еске алсам, шат жүзімнен үркіп күлкім Адамдай таба алмаған өмір кілтін, Оқтаулы мылтық-сынды қалушы еді, Қобалжып, алабұртып көңіл шіркін. Бір мезет інің тыйып қайғы жасын, Қанатын жайып кенет дарын-лашын, Жан аға, жалынды аға, ақылды аға Жырым бұл — қоймақ болған құлпытасым. Уа, Адам, сүйсең де сен тіршілікті, Сол үшін көтерсең де талай жүкті, Дүниеге от-дәрі боп жаралсаң да Өтесің бір жарылмай кейде тіпті. Тау кезіп, тас қопарып, тапқан әрең Кен тасын жер астында жатқан терең, Кеншідей жалықпадым, көп іздедім Сонда кеп өткен күннен дастан-өлең. Іздедім сол өлкеңді, іздеп бақтым, Іздедім, Әділбектей өлең таптым, Па, шіркін, сөйткен өлең жүрегіме, Қайғының, шаттықтың да отын жақтың! Сол бір от лап етті де көкіректен, Оятты ұйықтап кеткен күндерді өткен. Қиялым іңкәр ойға қанат беріп, Іздедім өлең-өмір Әділбектен.
Мен таптым қуаныштың жазын одан Сыры көп екен терең қазылмаған, Жыры көп екен әлі жатқан күтіп Дәптердің беттеріндей жазылмаған. Аямай төгетұғын асыл жырды Жан екен бір ғажайып, алуан сырлы. Көрінер қай жағынан қарасаң да Жарқырап гауһар тастай сансыз қырлы, ЕКІНШІ ТАРАУ Қала бар Сарыарқада аты шулы, Көкорай, бәйшешекті, айдын сулы. Қала бар Сарыарқада Атбасардай, Қадаған кеудесіне алтын туды! Құятын көк Есілге бұйра жалды, Өзен бар Жабайыдай ұрған жарды. Сол өзен жағасында жасыл төккен, Қала бар ақ қайыңды, бүрген талды. Тараған аңыз болып кең далаға, Естіген кәрі шал да, жас бала да, Қайғылы қан төгілген бұл уақиға, Бір кезде болған еді сол қалада. ...Түн еді қап-қараңғы тұрған тынып, Бейне бір қара судай қалған тұнып, Түн еді жабырқаңқы қабақ түйген, Қайғылы жан секілді көңілі сынық. Сол түнде бетке алып су жағасын, Бүргенді тоғай менен тал арасын — Бүркеніп келе жатқан, көз шалады Адамның өлім қуған бір баласын. Кім өзі? Неғылған жан жұмбақ сыры? Қай дауыл келе жатыр айдап мұны? Атбасар Совдепінің ер мүшесі Большевик бұл — Әділбек Майкөтұлы!
...Большевик! Мұндай сөзді кім естіген, Сөз бе екен келе жатқан бұл ескіден? Жоқ, бекер! Бұл бір жалын жаңа туған Өртемек сұр заманды тым ескірген! Ол бір күш сан қамалды жарып өткен, Ол сәуле қара түнді жарық еткен, Толқытып қан жүгірткен тамырыңа, Жаныңды жалындатқан жалын леппен. Большевик! Бөліседі бар қайғыны... Халқының ақылгөйі, ақ айдыны. Солардың бірі мынау келе жатқан Қазақтың ақылды ұлы, бұл әйгілі. ...Қалада бүгін үлкен атыс өткен, Колчактың қанды қолы басып өктем, Қызылдар озбыр күшке шыдай алмай. Амалсыз Атбасарды тастап кеткен. Совдеп те жапқан соңғы мәжілісін, Сақтауға келер кезге қалған күшін, Қалада бәрі бірдей қалмақ болған, Жалған ат, пайдаланып жалған пішін. Осылай шешім болып Әділбекте Қараңғы көзсіз соқыр көр түнекте, Барғалы қарт Назардың жер үйіне Өткелі келе жатқан арғы бетке. ...Уа, жаным, кеттің неге тағы толқып? Неге сен кенет шошып, қалдың қорқып? Соңында, аңқау аға, біреу бар ма, Аңшы иттей келе жатқан аңдып, жортып? Қарашы, қара түнге сен тағы да, Сенбеші үнсіз тоғай, шулы ағынға. Қарашы сен тесіле сақтық үшін, Жоқ па екен аңдыған жау арт жағында? ...Кімсің-ей, жасырынып, түн жамылған, Жансың ба қара түнге сен табынған?
...Кімсің-әй, ұйқың қашып, мазаң кетіп, Ерте ұшқан өмірінің, бұтағынан. Қарашы, түрі қандай қорқынышты, (Көріп пе ең түнгі түнек қарақұсты?) Қарашы, жылан-сынды иреңдеген Тасалап ағашты әне құлай түсті. Жан емес қара түнде жүрген қаңғып, Ол жауың бас салатын кетсең қалғып. Аяулы, батыр аға, одан сескен, Ол — ажал, іздеп сені келген аңдып. Әділбек емес енді бала бүркіт, Сескенер, сыбдыр шықса қалар үркіп. Қазір ол күрес күткен алғыр қыран Қарайтын жан-жағына алабұртып, Зұлымдық түйген тастай қас, қабағын. Бұл бір кез өте-мөте жасқанатын, Қара түн, білмеді ол жауы барын, Өзгеден бұған қатты қастанатын. Ол — Есім түлкідей қу, асқан жылпың Көрсетіп Совдепке де жалған сыртын. Түсірмек Әділбекті қақпанына Қанына бір толтырмақ арам ұртын. ...Шұбар төс, шынжыр балақ ата тегі, Төртұл1 Малайдардың Сойылбегі, Түскенде Әділбекпен бірге оқуға Шен тағып, төре болу ойында еді. Сабаққа болмады ол өте ұқыпты. Сөйтсе де сенері мол — әке мықты! Әділбек жаз оқуын бітіргенде Озды одан, алтын медаль алып шықты. Жол түсіп әлдеқалай бір баруға Қайтқанда енді екеуі бірге ауылға, 1 Төртұл — ру аты. Төртұл, Тоқтауыл — ағайындас аталар Әділбек Тоқтауылдан.
Сойылбек момақансып сөз бастаған, Әдейі Әділбектен сыр алуға: — «Сарыарқа секілді бір жер жұмағы, Жанға жай секілді күз күн шуағы. Қарасам, кеңіп көңіл көкжиегі, Тарқалып кетеді бір шер шумағы. Көлім бар шомылдырған аққу, қазды, Жерім бар ұшан-теңіз, сұлу жазды. Жырым бар жүрегімді тебіренткен, Жанымды жай тапқызған сырлы, сазды. Елім бар жатыр малы жер қайысқан, Күн көрген кедейім сол бай ырыстан, Байларым мейірбанды, жомарт бәрі, Ұрысса жұртқа кексіз жай ұрысқан...» — Дегенде Әділбек те шыдамаған, (Шыдасын сөзге қалай ұнамаған) — «Көрдің бе,— деген оған, түсіңде сен, Кедейді зарламаған, жыламаған? Көз салсам сен мақтаған Сарыарқаға Батады жаныма мұз, сыз арқама. Көргенде ел-жұртыңды қан жылаған Түйілген жүректегі сыр тарқар ма! Дала кең, шексіз рас көкжиегі, Кедейге бірақ қанша жер тиеді? Шөбі жоқ қыс біткенше асырайтын, Жалғыз ат, не болмаса бір түйені. Жері жоқ, жан санынан малы да кем, Бірақ мол қасіреті жанын жеген. Тек қайғы өмір бойы көретіні, Уатсын кедей қалай, зарын немен? Жоқшылық жүгі болып кіргелі есі, Өтеді көтерілмей бір еңсесі. Дүние кең болса да ұшан-теңіз, Тар лашық панасы тек көлеңкесі. Бай, манап аямай-ақ, қанын ішкен,
Үкімет о да озбыр қанай түскен. Өмірдің көтерген ол бар азабын, Күні жоқ тазаланған қолы күстен. Қабағы жауар күндей жабырқаңқы, Неліктен шаттық одан жатырқанды? Бәріне бай кінәлі, сондықтан тек Кедейдің атпай әлі жатыр таңы. — «Қақым жоқ көрмеске оны, қайғырмасқа, Тұрғанда көзі толып қанды жасқа, Халқымның білсе жаны ауырғанын, Шыдамай жылар еді қара тас та. Қайғым бар жүрегімде талай батпан, Шерім бар айтылмаған толып жатқан, Ойласам жұртым жайын зар батады Жанымды күбірткедей солқылдатқан. Сонда мен ызам сыймай көкірекке, Бел буғам шақыруға көпті кекке. Ант еткем халқым үшін шыдаймын деп Айналып өмір шіркін кетсе де өртке! Туған жоқ, білемін мен әзір күнім, Шықпайды салсам да айқай қазір үнім, Төзімін әлі жұртым тауысқан жоқ, Күтеді әлі көктен қадір түнін. Білемін, бірақ күні қалды жақын, Тасқындай долданатын, жарды ұратын. Күйретіп тас қамалды кеудесімен, Шақырып кекті ашуын бұрқанатын. Көрермін сонда жаумен салғасқанын, Көрермін сан бөгеттен алға асқанын, Бастармын оны қарсы озбыр топқа Қайратып қамсыз ыза алдаспанын! Жазбаспын жауға деген кек уысын. Қоймаспын тарылттырмай кең тынысын. Ойнатып көк темірдей суарылған,
Жұмсармын қылшылдатып кек қылышын. Зіркілдеп ызам — ақпан, қаңтардай-ақ, Мен-дағы ойнатармын әңгір таяқ. Қадармын кеудесіне ашуымды, Қайтейін қас жауымнан қанжарды аяп».— Дегенде Сойылбек те тына қалды. Ашуы шырпыдайын шырт тұтанды: Сөйтсе де сыр бермеді сөз шығарып, «Тұратұр!» деп ішіне тартып қанды. Жау етті осы бір күн екі жасты. Сол қастық бірте-бірте жігін ашты. Бірінің алашорда болды ұраны, Біреуі Совдепке кеп араласты. Сойылбек болжап Колчак келер кезін, Айырылып қаламын-ау деген сезім — Мазалап, Есімге ол болсын деген, Соңында Әділбектің екі көзің... ...Көнген соң Сойылбектің жұмсауына, Қайтсем де түсірем деп құрсауыма, Сол күннен ізін баққан Әділбектің Қанжардай қадалатын қас-жауына. Жасырып қара түнмен қара жүзін. Құныққан қызыл қанға қара құзғын. Келеді көзін алмай ажал-сынды, Түн атып Әділбектің аңдып ізін. Көз салып қараймын деп төңірекке, Шыққанда Есім енді арғы бетке. Жоқ жерден көз аударып бөтен жаққа, Айырылып Әділбектен қалды текке.
Үшінші тарау Колчактар алған басып Атбасарға, Қайтадан оралайық ал тағы да. Бар еді от диірмен ұн тартатын,
Жабайы өзенінің ар жағында. Ол кезде Атбасарда айта қалар, Орны жоқ өндірістің ауызға алар. Болғаны құшхана мен от диірмен, Мориннің1 жалғыз тері заводы бар. Диірменде жұмыскерлер жүзден астам, Орыс пен қазақ, татар араласқан. Өзгертіп документін, сыртқы түрін, Әділбек осында кеп орналасқан. ...Болса да тар жол тайғақ, заман қиын, Белгі етіп қарт Назардың жаман үйін. Әділбек шын сенімді адамдардан Кедейдің жоғын жоқтар құрған ұйым. Жігіттер бір күн тыныш бос жатпады, Аралап қыстақтарды жан-жақтағы. Қаламен біріктіріп күш жинады Колчакқа қарсы шығып оқ атқалы. Штабқа айналды сол қарттың үйі. Сөз болып қан жылаған халық күйі, Күн санап наразылық өрши түсті, Естіліп кіжің сөздер жиі-жиі. ...Көбейіп жиналыстар күннен-күнге Өршіді тартыс енді төтен мүлде. Амантай2 ұран салды бар халыққа, Жұрт болып Колчакқа бас көтеруге. Ақтардың қарсы шықты қыспағына Көптеген казак-орыс қыстағы да. 1 Морин — сол кездегі тері илейтін заводы бар Атбасардың казак-орыс байы. 2 Амантай (орысшасы Мариновка) — Колчакқа қарсы көтерілген Есіл бойындағы қара шаруалар ұйымдасқан «Қазақстан төңкеріс халық әскерінің» штабы тұрған поселка. Амантай көтерілісін ұйымдастырушылар Петропавл лагерінен қашып келген фельдшер Карлонов пен Копалов деген большевиктер. Амантай көтерілісі — 1919 жылдың көктемінде Атбасар, Ақмола, Қостанайдан барған казак-орыс атаманы Шайтанов басқарған Колчак әскерінің күшімен зор қантөгіспен басылды. Амантай поселкесі мүлдем қиратылып, үш мыңнан астам адам опат болды.
Әділбек кісі салды осы кезде, Торғайға, Аманкелді штабына. Күн сайын қанат жайып игілікті іс, Әр жерден ұйымдасқан көрінді күш, Атабасар жұмыскері шын кірісті, Жасауға қарулы зор көтеріліс!.. * Атбасар, қайғы басқан, қан түкірген, Байлаған қара жалау тұр мүлгіген. Түн еді жаяу боран бұрқасынды, Жел жортып, қар үстінде қар жүгірген. Сол түнде тобығынан қарға кіріп, Сан тоқтап, әлсін-әлсін құлақ түріп, Із тастап үй мен үйдің арасына Келеді жалғыз адам жылдам жүріп. Әділбек, бұл жасырын жүрген кісім, Халықтың басын қосып, жиған күшін, Өткізген түнде тері заводында Партия ұйымының жиналысын. ...Қарасаң, өзгеріпті пормы сыртқы. Жаман тон, қауға сақал, солғын ұртты. Кешегі Әділбекке ұқсамайды Ақ көйлек, қара бантты, сұлу мұртты. Сондықтан жауы қанша іздесе де, Таба алмай қойған, табам тез десе де. Танымай қалған тіпті Есім-дағы Бір рет көшеде дәл кездессе де. Десе де бір жолдасы «бізде түне», Қарамай келеді ол қазір міне. Келеді жау таныса тайсалмасқа Қыса ұтап тапаншасын әзірлене. ...Қайтсе де қайту керек бүгін үйге. «Хабар жоқ Амантайдан, қандай күйде» Бүгін түн жүрмек болған бір адаммен «Мәліш» боп сататұғын тарақ, түйме. Әділбек кенет үнсіз қалды тұрып,
Япырмай, бір кісіні қарға жығып Екі ұры жатыр тонап киімдерін Козғалтпай алқымнан ап буындырып. Тоналған жанға жаны қатты ашып Әділбек тапаншасын қалды басып, Ұрылар тастай беріп түнгі олжасын Жан-жаққа тым-тырақай зытты қашып. ...Әділбек жатқан жанға жетіп келді, Жаралы, тұра алмайды — көзі көрді. Уақыт жоқ жөн сұрасар, көтеріп ап, Асыға көше бойлай жүре берді... Келген соң қарт үйіне бір-ақ білді, Өлімнен құтқарғанын өзі кімді, Талықсып жараланған Есім жатыр, Ыңырсып әзер-әзер әлсіз үнді. Қайтсем мен қаламын деп сақтап жанын Қарт орыс Назар сүртіп аққан қанын, Шын аяп бәйек боп жүр, Есім мұны — Білерміз сосын қалай ақтағанын. ТӨРТІНШІ ТАРАУ Қарт Назар Россиядан келген ауып, (Патшаға туғызған соң қатер-қауіп) Кәсіп қып ыдыс жамау, ау салуды, Ауылға баратұғын ауық-ауық. Кәрия қартайғанша көрді көпті, Көргені қыса түсті көкіректі, Ұп-ұзын Аяз ата сақалындай Басынан қуарған қу өмір өтті. Өмірдің талай ауыр күйін кешкен, Кәрі шал Әділбекпен тез үйлескен, Жасырмай ашқан еді оған сырын, Кезінде оңашада бір сөйлескен: — Талпындым мен де өмірге кішкентайдан, Кем болам деген жоқпын түскен жайдан,
Батпады тас өмірге бірақ тісім, Пышақтай қалдым мұқап жүзі тайған... Төрімнен қалса-дағы көрім жақын. Көрмедім не қызығын, не рақатын. Қаншама өмір суық қараса да, Әлі ыстық оған деген махаббатым. Халқының қамы болса ер тілегі, Ондай ұл жұрт қамқоры, ел тірегі. Қарағым, жолың болсын,— деген шалдың Жүрегі кенет кәрі елжіреді. ...Әділбек келген бүгін Амантайдан, Сөз қылған ереуілді қанат жайған. «Оларға алдыменен — қару керек, Аламыз сол қаруды тауып қайдан?» Екеуі сол бір кеште көп сөйлесті, Белгісіз неге тынды, неге үйлесті, Әйтеуір ел жатарда Әділбекті Шығарып салды сыртқа үй иесі. Қарт Назар келер күні ерте тұрып, Қаланы бір аралап келген жүріп, Қоймасы қару-жарақ қайда екенін Елеусіз, қайыршы боп қайтқан біліп. ...Түн еді, аспан асты алай-түлей, Сұрапыл қара түнде қарды күрей. Кейде ұлып аш қасқырдай кейде кенет Ысқырған аждаһадай алған үрей. Төгіп тұр жер бетіне қыс сұмдығын, Күн тіпті мейлінше суық бүгін. Ақ түтек боран оған жынын қосып Дүниенің кеткен барлық қуып ығын. Сұрапыл салсын ойран, мейлі ойнасын, Жау бар деп мұндай түнде кім ойласын. Солдаттар қарауылдық отыр үйде Жіберген күзетуге оқ қоймасын.
...Сол түнде омбы қарға жолды сала, Тапанша, бомбы, қанжар — қолға ала, Келеді бір топ адам ақ киінген. Он шақты ат-шана бар соңдарында. Бұлар кім? Орыс, қазақ, башқұрт, татар, Сұрапыл ақ боранда басқан қатар. Қарасаң көздерінде от ойнайды Жүздері болса-дағы суық қатал. Әділбек кеше ғана басын қосқан, Кем емес бүгін енді ізгі достан, Келеді шабайын деп жау қоймасын, Батырлар дәл бүгінгідей кезді тосқан. ...«Қал» десіп жалынса да серіктері Оларға қоймай бәрін сеніп тегі. Әділбек іс қауіпті болғаннан соң Келеді өзі бастап жігіттерді. Батырлық болса да оған іс дағдылы,— Жеке ерлік демейді ол жол даңғылы. Амал не, Амантай да тұрса бүгін Советтің бұл маңдағы бар тағдыры! Жеңсе егер ер Амантай бүгін жауын, Шешкені бұл өлкеде күрес дауын. Әділбек сол себептен өзі келген Қауіпке ашып қарсы омырауын. ...Сырттағы тұрған қалғып күзетшінің, Біреуі қанжарменен өшірді үнін. Өзгесі күзет үйге кіріп келді, Суытып ажал-сынды кескін, түрін. Әділбек «тырп етпеңдер!» деді зекіп, Солдаттар зәресі жоқ дір-дір етіп, Тек қана өлтірме деп жан сауғалап, Беріліп жатыр бәрі қол көтеріп. Тиеліп сол сұрапыл әбігерде, Көліктер қару менен оқ-дәріге.
Жігіттер Амантайға жүріп кетті, Қарамай үскірікті долы желге. ...Тек қана бір партизан бұйрық алып Бөлініп жалғыз өзі топтан қалып. Әлі де қару-жарақ дәрісі мол, Қоймаға қайтып келді от тұтатып Өткенде қаладан тыс биік жардан, Құлаққа келді бір үн жерді жарған. Жарылған оқ-дәрінің бұл қоймасы, Атылған снарядтар от дарыған. Жау алыс, бірақ әлі өлім жақын... Шыдайды сұрапылға қалай дәтің, Ұлиды долы боран ұрып бетке, Айтқандай өшер өмір салауатын. ...Ұлиды долы боран, ұлиды кеп, Дәл бүгін талай адам құриды деп. Әділбек бірақ қалай шегінеді, Айдаса жүрегінде түйілген кек. Ұлиды долы боран, дүлей түтік, Сені де жіберем деп жүндей түтіп. Әділбек қалай алға аттамасын, Амантай қару-жарақ тұрса күтіп. Ұлиды долы боран жоса, өрлеп, Бетінде қармен ажал қоса үрлеп. Әділбек тоқтар қалай, егер міндет Арқадан итермелеп, тұрса жүр деп. ...Дүние болсын мейлі астан-кестен, Шығады айтқан уәде қалай естен? Жолымыз болса деген Карлоновқа Жетеміз арғы күнгі қалмай кештен. Әділбек және естіген бір сұмдықты: Жоймақшы Амантайды тұрған мықты. Қанішер Шайтановқа қосылуға, Ақмола, Қостанайдан қол шығыпты.
Сондықтан жаудан бұрын жету керек, Қандай сын болса-дағы өту керек, Сұрапыл соқсын мейлі, шегінбейді, Жетем деп өршітеді өртін жүрек. ...Түтейді боран жер мен көкті қаптап, Білмейді бәсеңсуді қар толастап, Қырандар жарар еді жетсе бүгін, Жолдағы поселкеге қалар сақтап. Онда бар кедей, жалшы, батыр халық, Дабылын тұрған аңдап құлақ салып, Онда бар құшақ жайған туыс елі, Жылытатын анасындай күтіп алып. Ақ боран, қалың қарда күртік-күртік, Таяғын, жолды байқап, қадап, түртіп, Келеді көшті бастап ер большевик, Ақ қырау мұз боп мұрты, қабақ, кірпік. БЕСІНШІ ТАРАУ Екі күн жатты Есім есін білмей, Тағдыры біржолата кесілгендей. Денесі от боп жанып сандырақтап Бір мезет тынышталып көзін ілмей. Ол бүгін ептеп қана есін жиды, Көрді енді жатқан жерін, мүскін күйді Тек қана бар адамға нұры бірдей, Күн көзі жарық еткен жаман үйді. Көреді денесінде қатқан қанды, Қасында қария отыр ақ сақалды. Сезеді жатқанын ол басын сипап, Сол шалдың қатпар күсті алақаны. ...«Қайдамын? Қалай тірі аман қалдым?» «Жатырсың сен үйінде қарт Назардың. Жолдыбай деген кісі қару жұмсап, Құтқарған тырнағынан сені ажалдың» «Япырмай, қалғаным ба рас өлмей?!»
«Жолдыбай өткен болса егер көрмей...» «Ол кісі қайда өзі?»— «Білмедім мен — Сол түннен жүр ғой әлі бізге келмей». Сау қапты. Және Есім аңғарғаны: Жатқан жер сөзсіз судың арғы жағы, Еш нәрсе сұрай алмай одан кейін Шаршап ол кетті кенет талып тағы. ..Жатқанда Есім бүгін ұйқылы-ояу, Кірді үйге саспай басып біреу баяу. Назармен сөйлесіп тұр, Есім мұны Япырмау, бір жерде бір көргендей-ау? Секілді таныс оған осы кісі, Көзге ыстық жүріс, тұрыс, отырысы. Кімде бар бұл секілді қоңыр дауыс, Ұқсайды кімге мұның бұл күлкісі? Кімде бар мұндай маңдай? Қай адамда? Көрді оны қай қалада? Қай арада? Жалт еткен қалды танып от көзінен Әділбек бұрылып бір қарағанда... ...Сұрады ертеңіне қарт Назардан: «Түндегі сізге келген не қылған жан?» Қария күлімсіреп жауап берді: «Құтқарған ол Жолдыбай сені ажалдан» Мына сөз Есімді шын таңырқатты. Жоқ жерден ойына бір жарық жақты. «Мен жүрсем Әділбекке өлім іздеп, Ол мені сол өлімнен алып қапты?» Жарқ етті бір-ақ мезет осы бір ой, Білмеді бар екенін онда абырой, Жарқ етті, сөйтті-дағы қалды сөніп, Жамандық жақсылыққа бермейді бой. ...Бұзықтар ұрған екен тіпті қатты Төсекте таяқ біраз тұралатты. Жатты ол амалсыздан, бірақ енді
Естігіш сақ құлағын түре жатты. Қалғандай әлденені Есім ұғып Бұл үйге жүрген жұрттан кіріп-шығып. Өзіне-өзі кенет сезіктеніп, Қарайды жан-жағына көзін тігіп. Қарт сөзі ойландырды сұм түлкіні, Сол күннен кетті өзгеріп сөз төркіні. Жамандап ақтар жағын дейтін болды: «Колчактың көпке бармас бұл серпіні!» ...Дегенмен, бірақ жылдам сынды сағы. Ашпады оған көзін сыр бұлағы. Көргенмен келген жанды көрген көз, Еш нәрсе естімеді сақ құлағы. Шал-дағы сөйлемейді бұрынғыдай, Аузына түсер тек жалғыз құдай. Есімнің жараларын емдегенмен Бәлендей көрсетпейді бұған ыңғай... Осындай үйден Есім білер нені? Бұлардың жұмбақ ым-жым, күбірлері Анығы: байланысын кеңге жайған, Бұл бір үй жасырын іс түбірі еді. ...Тым солған бүгін жұрттың түр, іреңі, «Шаршаған болар бұлар, кім біледі? Әділбек бірақ мұнда неге келді?» Сезеді, тегін емес, сұм жүрегі. Тек қана бүгін бір сөз құлақ шалды, Сол бір сөз Есімді көп ойға салды. Назарға кешке жақын келген біреу, «Көліктер дайын тұр»,— деп айтып қалды. Іздейді бұл боранда кім көлікті? Көрінді бұған бұл сөз тым күдікті. Назар да түні бойы ұйықтай алмай, Дөңбекшіп көзін тіпті ілмей шықты.
- * ...Шыққанда сонау бір үн гүрсіл атып, Қалды қарт әйнекке кеп үнсіз қатып. Көрді Есім қызғылт шылым сәулесінен, Тұрғанын ол шаттанып езу тартып. «Бұл не шу? Не қылған зат бұл жарылған?» «Секілді оқ қоймасы от дарыған». Сұм Есім айтса да қарт жайбарақат, Даусынан қуанған бір үн танылған. «Әділбек бұған сөзсіз араласты», Есімнен тағы міне ұйқы қашты. Әділбек десе есіне түседі кеп Өзінің жараланған уақиғасы: ...Самогон жасайтын бір әйел бар-ды. Есім қу сол әйелді тауып алды, Үйреніп самогонге күннен-күнге, Мас болып кейде үйінде ұйықтап қалды. Жезөкше сол әйелмен көңіл қосты, (Онымен мұндайлардың көбі дос-ты.) Сол күні Есім келіп әдетінше, Бірталай көтеріп те көрген тосты. Екеуі отырғанда майдай жанып, Араққа, ләзатқа да әбден қанып. Есікті теуіп үйге кіріп келген, Үш солдат, сұр жүздерін аяз қарып. ...Жалпаңдап, басын шұлғып жатыр Есім, Әйел де жинап алған жылдам есін. Жетті тез самогонды үлкен күбі Бандиттер жатыр одан алып өшін. Құйылып стакандар, көңіл өсіп, Жөнелді солдаттар да көкіп, бөсіп, Бастығы жеке кіріп төр бөлмеге Әйелмен келді біраз әңгімелесіп... Бір кезде қалды бірі көзін қысып.
Арағын алдындағы жылдам ішіп, Дембелшең, талпақ сары деді Есімге: Ұнайды үстіңдегі маған ішік! ...Мастық па? Қарақшылар тез желікті. Бірі айтты: күміс белбеу бер, менікі! Дәу қара Есімге кеп жағадан ап Мың сом тап,— деді,— сонда жан сенікі! «Мырзалар, ондай ақша қайдан келсін?! «Эх, шошқа, онда қазір таяқ жейсің! «Бермесе,— дейді талпақ, — пер тұмсыққа Жан керек болса, жылдам тауып берсін!» Мұрнынан кетті Есімнің қан сорғалап, Жармасты о да енді жан сауғалап, Бұзықтар қанды көріп қаны қызып, Текпілеп, жығып жерге жатыр сабап. ...Сүйретіп көшеге де алып шықты, Қалмасын енді тірі Есім де ұқты. Бағына ойда жоқта Әділбек кеп, Бөгет боп істетпеді бұл сұмдықты. Осының бәрі де тұр көз алдында. Одан бір ойға салар із қалды ма? Жоқ, бекер, ұмытқан жоқ, ұмытпайды. Бірақ ол бөтен іс қой өз алдына! Әділбек кездеспесе, Есім мырза Сол күні-ақ болар еді мылжа-мылжа. Айтты ма сөйткен жанға алғыс тегі, Болды ма оған әлде көңілі риза? ...Өзінше мұның да бар пәлсапасы, Тік тұрған күнді ұмытып төбе шашы. «Білмес ем,— дейді,— Әлділбек қайда екенін, Кездесіп сол бұзықтар көзімді ашты». «Ашылған» сөйткен көзін жұмса тағы Сойылбек түседі еске жұмсағаны. «Ақшаны аямаймын»,— деген сөзі
Шықпайды естен қанша қуса-дағы. Сұмға аян Әділбектің жүрер жері, Біледі қымбат сырды одан гөрі. «Уа, шіркін, бар ұйымын ұстап берсе!» Тыпыршып алас ұрды көкірегі. Жата алмай тар төсекте дөңбекшіді Асықты неге сонша? Көрмек кімді? Жетсем деп Сойылбекке шапшаңырақ Сарғайып таң атқанша көз ілмеді. * ...Ұмыттық Сойылбекті неге осы, Қайда екен бір кездегі «елдің досы?» Жүр ме екен мынау ауыр сұрапылда Оның да көңілінің болмай хошы? Берем деп теңдік қазақ баласына Жүр ме екен сонау халық арасында? Ол қазір Алашорда үкіметі, Осында, Атбасардың қаласында. Кезеңде мұндай ауыр жұрт күйінген Тұнжырап ел басына бұлт түйілген. Табасың егер оны іздер болсаң Саудагер Сарыбайдың көк үйінен. ...Мес қарын, быртық саусақ, мұрны келте, Казачий офицермен шүйде желке. Отыр ол күн батқалы қарта ойнап, Үстінде төрт қабатты шайы керпе. Жас бикеш, ерні — шие, аузы — оймақ, Еркелеп былқ-сылқ етіп, көзі жайнап. Жантайған дізесіне Сойылбектің Шашымен күлімсіреп отыр ойнап. Офицер жатса-дағы ойын қызып, Қарайды қызға бұл да көзін сүзіп. Қарайды оған неге әлсін-әлсін? Әй, сірә, мұның-дағы ойы бұзық...
...Сойылбек тастап соңғы алтылықты Бикешке қадап көзін өте ынтықты, Күледі дізесінен сипап қойып, «Сұлуым, бұл ұтысым саған шықты». Қыз көзін ойнақшытып, мөлдіретіп, «Ұтылып жүрме,— дейді,— шөлдеп кетіп...» Қылымсып, ұзын мойын бокалдарға Құяды шампан шарап шөлпілдетіп. Қытықтап көңіл сазын қыз қылығы, (Қыз қозғап отыр ғой бір жырды жылы) Шарапты ұрттап қойып «Бикешім» деп Бұл жолы оған арнап «тұзды» жүрді. ...Жатқанда соғыс үрлеп от көрігін, Көңілдің кім баспайды бос желігін! Сойылбек ондай емес, отыр міне — Шампанның төгілдіріп ақ көбігін. Келмейді естігісі қайғы, кіжің, Көргісі жоқ және де халық жүзін, Қояды қарқ-қарқ күліп ұтамын деп Мәз болып ұстап қолға қарға «тұзын». Ашықсын, қырылсын жұрт, өлім тапсын, Соғыста халық қаны судай ақсын, Оған не, тек арманы өзі болсын, Шен алсын, алтындаған түйме тақсын! ...Сұлу қыз, арақ, карта — серіктері, Сойылбек отыр сөзбен есіп желді. Күзетші есік ашып басын сұқты, «Мырзеке, жолығам деп Есім келді». Сұм төре ауыз үйге шығып кетті Офицер, тозған сұрғылт шұлғау-бетті Қарады қызға күле, қыз да күлді, Көз тартып, көлбең қағып, былқ-сылқ етті.
Сарғайған жүзі бейне қатқан желім, Сойылбек аударған бар көңіл зерін.
Есім тұр айтып бәрін, жасырып тек Бандиттер өзін қалай ұрған жерін. Қосты оған өзі естіген хабар жайын, Қызылға берген жаннан аттың майын, Кешегі ақ боранда Әділбектер Кетіпті жолыменен Амантайдың...» ...Сойылбек тұнжырайды, сестенеді, Біресе әлденеден сескенеді. Жүзі оның қанша толқып құбылса да, Жүрегі бір түйінді шешкен еді. Картадан кеше жорта ұтылғанда Тиген ед Волков оның қытығына: «Білері Алашорда адамының Жалғыз-ақ арақ пенен қатын ғана». Қарашы бүгін қандай аспан ашық, Қалмаса оларды егер қармен басып. Әділбек Поповкадан ұзаған жоқ, Күші жоқ кете алатын әрмен асып. ...Осындай аласапыран қан төгісте, Құдайдан сұрағаны осы емес пе. Он адам Әділбектер, оған қарсы Жүз адам апарады ерегессе. Осылай ойлап біраз алды-дағы, Есімге тұрған үнсіз алдындағы Деді ол: «Ұйымын біл мен келгенше, Беремін бұдан да артық алтын тағы» Ақшаның алға тартып үстемдігін, Осылай көрінсін деп істе ерлігім, Бикешін қалдырды да офицерге Түн бола кетті бастап әскерлерін. АЛТЫНШЫ ТАРАУ Ақ қардан жамылып бір қалың көрпе, Ақ кебін жатыр үнсіз қайғылы өлке. Шөңкиген жарға төне сол далада
Кішкентай, оқшауырақ бір поселке. Поселке секілді бір қараң қалған, Көрмейсің тірі жанды қараңдаған. Қар басып кеткен тіпті кейбір үйді, Бет қарып үстінде аяз жалаңдаған. Түспейді қора-қопсы көзге бүтін, Амал не, көрмеген соң көптен күтім, Дер едің иесіз ғой бұл поселке Шықпаса кей мұржадан көкшіл түтін. ...Есілге телміре кеп жан сауғалап Өзге бай поселкеден қонған аулақ. Күн көрген бұл Поповка сыртқы ауылға Жалшы боп жұмыс істеп, балық аулап. Жері жоқ егін салып күн көрерлік, Жайы жоқ «надель» алып пұл төлерлік. Жиылған бір жерге кеп ылғи кедей Халы бар болар-болмас, өлермендік. Алдыртып арып-ашып көлік қомын, Қарытып кейбіреуі аяқ-қолын. Түс ауа жетті осында Әділбектер Қайратпен ақ боранда аршып жолын... ...Дәу Иван, алшақ келген өр кеудесі, Қарт ұста Алексейдің ең кенжесі, Көтерген жалғыз өзі тай өгізді Адамнан қара күште жоқ теңдесі,— Асығып Әділбекті түннен күткен. (Күткен ол шыдап әзер зор үмітпен) Құшақтап кезек-кезек келгендерді Қарсы алды туысындай шын құрметпен. Әділбек Амантайдан қайтқан жолы, Жиналып ұста үйіне халық толы, Сұраған Амантайдың хал-жағдайын, «Бар ма деп қарулары? Қанша қолы?» ...Әділбек барлық оның айтып жайын, «Қорғаны өзіңсің жұрт қарапайым.
Бірігіп егер жәрдем бермесеңдер Деген ол, қауіпті тұр Амантайың...» Тағы жұрт Әділбекке ұйып, нанды, Көп кедей шүберекке түйіп жанды. Сөз берді Амантайға қосылуға Қасықтай теңдік үшін қиып қанды. Бай десе жүрегіне кек сыймаған, Бұл бір сөз Иванды да көп қинаған, Әділбек кетісімен босқа жатпай, Баруға Амантайға күш жинаған.
...Тез жетіп Амантайға дем беруге, Дайын боп тұрғанда жұрт жол жүруге, Әділбек кісі салған, күтсін деген Біздерді баратындар ереуілге. Сол Иван көліктерді жатыр жайлап, Қорда caп, өгіздерді шөпке байлап. Көргенде шанадағы қаруларды Кетеді қуанғаннан көзі жайнап. Аямай келгендерден дәмін, асын, Деп енді жолаушылар демін алсын, Жатқызып жылы үйге, жиған еді Баратын Амантайға бар жолдасын. ...«Япырмай, шығыпты ғой өткен түнде...» «Болды ғой боран-дағы төтен мүлде». Ойладым келді ме деп ылғи сырттан, Ерлерді бұл секілді көргенімде!» «Ақырын... Көздері аз шырым алсын...» «Шулама! Даусың бүйткен құрып қалсын». «Кәне, Иван, бір-бір мылтық тезірек бер,— Деді ғой, Әділбек жұрт қарулансын». «Кәнекей, мынау мылтық, Гошко, саған...» «Жүреміз, Иван, қашан?» «Кешке таман», «Тимеңдер пулеметке, ол менікі, Атуын білемін мен, қалсын маған».
...Осындай бір-біріне жалт-жұлт қарап, Кәрі шал, мосқал мұжық, жас батырақ Қорғауға өз теңдігін өз қолымен Үн-түнсіз алып жатыр қару-жарақ. Жігіттер болған кезде қаруланып, (Түстері кенет кеткен қатуланып) Күзетші деді сырттан: жау келеді, Заемка қырқа бетін бауырға алып. Әділбек атып тұрды жатқан сергек, «Оятты серіктерін жатпа! Тұр!» деп. Жігіттер ұшып-ұшып түрегелді, «Жау қайда?» «Алыста ма?» «Жақын ба?» деп. ...Тез жылдам сапқа барып тізілді топ, Қорқудың жүздерінде ізі де жоқ. Тапжылмай ортасында Әділбек тұр Тайсалмас, жалындаған көзінде шоқ. «Жолдастар!— деді Әділбек, сапқа қарап, Колчактың, бізден саны артығырақ. Бірақ біз революция солдатымыз, Қоятын бір-біріне артық талап. Жеңеміз аз болсақ та жауды бүгін, Біріміз көтереміз мыңның жүгін. Батырды шегінбеген оқ алмайды, Тек берік болсын қатар, ара-жігің!» ...Ал Иван жұрттың биік, еңгезері, Қалғанда қатып үнсіз өзгелері. «Командир!— деді жылдам алға шығып, Барайын пулеметпен мен ілгері». Поселке шетіне кеп окоп қазып, Қызылдар орналасты... Алды жазық. Сол кезде алаш қолы о да шықты Қырқадан қатар түзеп, қанат жазып. Таяп кеп керней тартып, сай жағалап, Лап қойды бір мезетте «а, құдайлап!» Жырадан Иван жатқан көктей өтті, Еліріп «Алаш!», «Алаш!» деп айқайлап.
...Ат жалын құша түсіп қалған жатып, Көздері едірейе, қабақ қатып, Суырып қылыштарын қынабынан, Үйірген анандайдан жалақтатып. Есуас, батырсынған бұзықтары, (Тонау ғой өлікті бар қызыққаны.) Өзгеден озып алда келе жатыр, Судай ғып ағызуға қызыл қанды. Астында ақал-теке арғымағы, Бәрінен озған мұртты, тарғыл сары Келеді анадайдан мылтық безеп, Оғын тек Әділбекке қадағалы... ...«Әлі де таяуырақ келсін батыр!» Деп күтіп, тек Әділбек үнсіз жатыр. Бір кезде «Огонь!» деді, әлем біткен — Сарт та сұрт... Түскен сынды көктен жасын! Секірте, тарғыл сары, арғымағын, Өкіре құшты келіп аттың жалын. Біреулер жерді қауып, әлдекімдер — Көтеріп жатыр ақ ту-орамалын. Амал жоқ, шегінуге кезек келді, Ат басын кейін көбі түзеп берді. Сол кезде қарсы алдынан Иван басқан Пулемет долдана кеп безектеді... ...Партизан отрядын қазір жоям, Жендеттер, деген қызыл қанға тоям, Қоршауда қалып енді жанталасты Секілді есі шыққан қорқақ қоян. Гүрс етіп оғын кенет атса мылтық, Ойнақтай шыға келіп аттары үркіп, Құлаған омақата иелері, Мұрнымен омбы қарды жатыр тінтіп... Кейбірі «сволочь!» деп боқтап жауын, Біле алмай қайтіп қана жан сақтауын, Далбақтап кейін қарай қашқан сасып, Лақтырып жол-жөнекей бар қаруын.
Аяғын бірер басып, алға ұмтылып, Кейбірі құтылмасын қалған біліп, Ін қазған суырдайын тоңқалаңдап Барады басын тығып қарға кіріп. Оқ жетпес сонау алыс қырдан асып, Атына үсті-үстіне қамшы басып. Қалдырып бар әскерін айдалаға Сойылбек бара жатыр жалғыз қашып. Жау жақын мұндай жерде әуре-сарсаң Қарайды жан-жағына жалтаң-жалтаң. Өлімнен құтылдым деп алақайлап Тымағы қаққан құлақ жалпаң-жалпаң. ...Толтырам деген ыстық қанға ұртын, Қаһары алған халық зәре-құтын. Мастанған сұмырайлар тез жеңілді, Көбі өлді, қалғандары болды тұтқын. Кездесіп тегеурінді темір қолға, Жеңіліп, болды өздері тегін олжа. Партизан кенелді бір мол көлікке Алдағы қалың қарлы қиын жолға. Сан түрлі аңыз болған ой мен қырға, Айналған ел ішінде сырлы жырға, Атыста жеңген сөйтіп партизандар Пар аттап жекті жолға салып сырма1. ...Өш алмақ дұшпанынан кекпен бүріп, Әділбек өзі бастап кетті жүріп. Не керек Амантайға жете алмады, Қар еріп, ойда жоқта жол бұзылып. Бірігіп Колчак, Алаш ұпай қосып, Жатқанда адам қаны судай жосып, «Құлапты ер Амантай!» деген хабар Дүңк етті, халық тағы қалды шошып. Аттанды ақ жендеттер алғалы кек, Бүлікті енді жұртқа салғалы кеп. 1 Сырма — ат жегіп, қар тазалайтын тақтай.
Әділбек сол кезде бой тасалауға Ойлады ел арасын қолайлы деп. Қаруды жұртқа тегіс үлестіріп, Тоқтамай енді босқа көп кідіріп, Лау айдап келген бір таныс шалмен Жасырын өз еліне кетті жүріп. ЖЕТІНШІ ТАРАУ Май келді, сұлу Есіл тулай ақты, Ақ қайың төгілдірді жапырақты. Тағынып жұпар төккен қырмызы гүл, Жер бетін жасыл кілем тағы жапты. Сайрады құс дауысы ой мен қырда. Аспанда ұшқан аққу, қаз бен тырна, Әлемге орнап сұлу әсем сурет, Бөленген жер құшағы ән мен жырға. Жайнатып әр жылдағы көркем салтын, Құлпырып әдетінше көркі жарқын, Май келді биыл тағы нұрын төгіп, Күншуақ, бірақ неге көңіл салқын? ...Басқаша биылғы жыл өзге жылдан, Жел тұрып, бұлт торланып, күн бұзылған. Қаптаған Колчак-алаш сойқандары, Қосылған ылғи жауыз, кезбе сұмнан. Естіліп жатыр жұртқа ақырғаны, Көл-көсір ағып халық жатыр қаны. Сұмдардың жүрген жері ылғи ылаң, Кеткендей жылан жалап тақыр маңы. Халық та ырши түскен күннен-күнге, Төзе алмай мұндай ауыр тегеурінге. Қозғалып Есіл бойы күш жинаған Көтеріліс, қан төгіске, ереуілге... ...Көрсең сен Колчак алған қала түрін, Білерсің қандарының қаралығын. Тіршілік үрейленіп, күйреп жатыр
Кеткендей аяз қуып қала ығын. Көшеде көрінбейді жүрген адам, Ит те жоқ әдетінше абалаған. Қала бір иесіз жатқан үй секілді, Адамы босып кетіп, қараң қалған. Мүлгіген ағаштар да сыр айтпайды. Әйтсе де, қараңғы түн тек жатпайды, Шығады солдат андып ұстап алған, Әйелдің ащы үні, жан айқайы!... ...Бұрынғы Совдеп тұрған қоңыр үйде, Солдаттар кіріп-шыққан үйме-жүйме. Атаман Волков1 отыр төр бөлмеде, Көк папақ, күміс шпор, алтын түйме. Сұп-сұр боп отыр жүдеп суық жүзі, Еденде шашыраған қанның ізі. Алдында үсті-басы өрім-өрім Байланған қол-аяғы орыс қызы. Шығады жылаған үн үй астынан, Ағашта жас коммунист тұр асылған. Шығады әлсін-әлсін мылтық үні, Қорада, далада да — қан сасыған... ...Қарайды қызға Волков көп тесіле Біресе көз жүгіртіп ақ төсіне. «Қай жерде қызылдар бар?»— дейді зекіп, Келіп бұл жаман ойлы бір кесімге. Қыз айтты — «Дым білмеймін... мен бір жалшы» «Солай ма?!»— сарт етеді өткір қамшы. Ыстық қан ақ төсінен тұр домалап Көзінде жас жоқ бірақ жалғыз тамшы! Жұмсаған нәзік жанға содыр күшті, Ысқырған сұр жыландай суық түсті, Қанішер жан еді бұл бұзық ойлы Қасқырдай қыз етіне салмақ түсті... 1 Волков Атбасарда қантөгіс жасаған Колчактың атаманы.
...Сол кеңсе, мезгіл асқан түнгі екіден, Волков тұр қаны қашып сұр бетінен. Қояды әлсін-әлсін тісін қайрап Адамдай әлденеге тым өкінген. Жалғыз тұр. Біреу келіп есік қақты, «Рұқсат!»— деді Волков, деді қатты. Алдымен басын сұғып қарап алып, Есіктен Есім кіріп, дереу жапты. «Не керек?»— деді Волков түсін бұзып, — Атаман,— деді ақырын Есім бұзық, Білемін қайда екенін Әділбектің, Жүрмін мен қылмысы мен ісін тізіп...» ...Табысты орыс, қазақ екі сұмы Жарасты қас қаққанша ымы-жымы. Атаман бұйрық берді сол сағатта, Баруға Әділбекке сол күн түні. Жөнелді бір топ солдат түн ішінде, Ұстауға Әділбекті ұйқы үстінде. Қасында қанды топтың қалбақтаған, Мынау кім? Ұқсайды ғой түрі Есімге... Ол Есім мұндай іске көп бастаған, Дұшпаны Әділбекке кек жастаған. Қарайды қара түнге үрейлене. «Жасырсам өзімді» деп тек басқадан... ...«Кәр қылыш»1 қан іздеген, сұм ниетті, Көпірлі көп кешікпей судан өтті. Енді олар түнде Әділбек тығылатын Қарт Назар жер үйіне бұрған бетті. Үн-түн жоқ. Көкте қара қорғасын бұлт, Әлемді тұрғандай түн қорғап жым-жырт. 1 «Кәр қылыш» — Есіл бойындағы қазақтардың Колчак пен Алашорданың карательный отрядына қойған аты.
Естілер тек жүрісі солдаттардың, Ойы да, тілегі де қара күңгірт. Әділбек, төнді ажал сау басыңа, Тұршы енді, келіп қалды жау қасыңа. Көзіңді аш, ал қолыңа мылтығыңды, Өмірің бармақтай оқ-қорғасында... ...Қалғанда таң атуға тіпті жуық, «Қаратіл»1 ажал-сынды түрі суық, Үйіне қарт Назардың кіріп келді, Түксиіп мылтық кезеп, түс суытып. Кірді олар, ажал бірге кірген-сынды, Әумесер, топас, дүлей, кілең жынды. Әділбек бұл үйде жоқ іздегенмен, Кәрлері кімге аумақ? Білер кімді? Дүрелеп қарт Назарды алды қыстап, «Тап!— десіп,— Әділбекті!» салды қыспақ, Қаншама ұрса да ол тіл қатпады, Сілейіп өлі жанға қалды ұқсап. Аңшы иттей ізді қуған иіскелеп, Шаршамай сұрап, тінтіп, тіміскілеп. Сұм Есім, көптен кейін бір-ақ білді, Әділбек тығылғанын Есілге кеп. Аралап Қарақойын, Қашырлыны, Ер қазақ Есілге кеп қонған түні, Жатқанда бір ауылда ұйқы үстінде Сонда Есім «Қаратілмен» тапқан мұны. Қалжырап қобалжыған, қайғы шеккен, Әділбек жаңа ғана ұйықтап кеткен. Оянды шошып кенет естігендей Toп иттің ұлығанын өлім күткен... ...Жоқ жерден естіді ол сыбыр-сықыр, Дегендей болды біреу: «Тығыл! Құтыл!» 1 «Қаратіл» — «карательный» дегені.
Әділбек көзін ашып алғанынша Ашылды сынып есік сатыр-сұтыр. Айбын ғып жалаң қылыш, кек қаһарын, Үрпитіп түк-түк қылып мұрт, сақалын. Көп жендет кіріп келді, әттең ғана Ала алмай қалды Әділбек алты атарын. Дап-дайын, «шаш ал» десе бас кесуге, Ер құнын от басында тез шешуге. Жауыздар Әділбекті қалды басып, Жол бермей бөтендермен тілдесуге. ...Өкпең жоқ, батыр аға, бұл ауылға, Обалың сені тапқан тап жауыңа. Байқамай қалдың өзің, аңғырттықпен, Мінеки, түстің мықтап енді ауына. Өкін не, өкінбе не, қуат кетті, Сен — тұтқын, олар қожа құдіретті. Қимайтын қара жерге асыл қазақ Соңыңнан сұм ажалың қуып жетті. Дұшпаның деген сенің қаныңды ішем. Деп отыр кебініңді қазір пішем, Бос қойсақ қолдан шығып кетеді — деп Қолына Әділбектін, салды кісен. ...Байлатып Әділбекті көгеніңе, Жеттің бе «алаш ұлы» дегеніңе? Түнеріп қалды неге әлем кенет, Әй, Есім, білесің бе, сыры неде? Долданды әне қара толқын тасып, Қара жер солқылдайды бетін басып. Аспанда күн күркіреп, бұлт ойнады, Түсіріп көктен жайдың отын шашып. Түршікті тітіркеніп қара тас та, Мұз болып қалды қатып аққан жас та, Кең дала «Әділбек» деп күрсінеді, Ешбір үн естілмейді одан басқа!..
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ ...Өрт тиді міне бүгін қанатыма, Өрт тиді жігер, қуат, тағатыма. Шыдамай әлсін-әлсін қарай бердім, Аз қалған Әділбектің сағатына. Тас еден, күңгірт, дымқыл, үйдің асты, Секілді жиналған жын, сұм албасты. Ортада кісендеулі Әділбек тұр, Басып бір жалаң аяқ суық тасты. Ала алмай Волков жауап, ақырында — Қыл бұрау салынғанда тақымына, Тістеніп ыңырсып тек қалған қатып, Көзіне кек жалынын шақырды да... ...Қиын ба мәрт көңілдің тез жасуы? Қиын ба шаршаған жан адасуы? Оңай ма алқымыңа тұрса таяп, Тісіндей аш қасқырдың жау ашуы! Жау кәрі төнсе аяздай сақылдаған, Сөнбей ме жүректегі от лапылдаған. Жоқ бекер! Кек ашуы болды өктем Азапқа тұрды шыдап батыр адам. Toп жендет жалғыз жанға түсті кәрі, Тепкілеп жатыр әне әлі бәрі... Оқушым, сұрамашы, арғы жағын, Айтуға шыдамадым бұдан әрі... Tap көше, Әділбектің алды бұлдыр. Қара түн... шынжыр кісен шылдыр-шылдыр, Жауаптан келе жатыр конвой айдап, Сапары секілді ең ақырғы бұл. Қара түн, қайғылы ойды ғарып қылған, Қара түн, қайғылы ойға қарық қылған. «Өлесің! Өлесің!» деп жан-жағынан — Қара түн қара қарға қарқылдаған! Әумесер, қанішер жау, дүлей, жынды,
Жамылып тас қараңғы үрей түнді. Ең соңғы қылмыстарын істеп жатыр Сезіп бір келе жатқан күйрер күнді! ...Қиянат шығып үкім «өлім!» деген, Қатты сөз айтылды оған темірмен тең. Әділбек сонда ғана анық білді, Болғанын мұнша тәтті өмір неден. Миында жатқан үнсіз күй арқылы, Қайғылы шер толғады көңіл қылы, Қабағын түйсе де өмір мұздай суық, Жүрегі оған деген әлі жылы... Қиялы көкті сүйіп қалықтаған, Өлімді ойламаған, тарықпаған, Оқ тиген құс секілді көңіл шіркін Күйзеліп күңіренген, жабырқаған... Бұл қалай... Көзіңе жас келгені ме? Қайғыдан жүректегі от сөнгені ме? Өкініп тұрсың ба әлде, ақылды аға, Осындай ауыр өмір сүргеніңе? Жоқ бекер, босатқан жоқ ол көңілін, Жігердің, жасытқан жоқ кек темірін, Қайтадан өмір сүрер болса егер Бастар ед дәл осылай сол өмірін! Дүниенің толып жатқан сүрлеуі бар, Келеді біреуі кең, біреуі тар. Әділбек кең жол құмар адам еді, Тоқтатпас өлім, азап, қиындықтар! ...«Таңертең атады екен Әділбекті!» Деген сөз жұртқа тез-ақ келіп жетті. Бұл лақап ел-жұртына мұздай тиіп, Аяздай шыдатпады қарып бетті. Ең соңғы сапарына ақ иықты Шығарып салуға жұрт жиылыпты. Топ солдат келеді айдап оны атуға Тал түсте орындауға бұл бұйрықты.
Жайнаған кеше ғана жігіт гүлі, Келеді әзер басып... сұрғылт түрі, Бір кезде... Toп адамнан жасы парлап, Жүгірді «ағатайлап» жалғыз ұлы.. ...Әділбек әзер-әзер демін алды, Құшағын жайып кенет тұра қалды. Баласын жуытпасын көргеннен соң Бір сілтеп қолын сорлы кете барды... Өртеген ақыл, ойды, жүрек, миды, Кім көрген ауыр қайғы, мұндай күйді! Қарт Назар топтан шығып еңкілдеп кеп, Құшақтап алған қысып жас сәбиді. Әділбек берілді ме кек, сезімге, Жарқ етті кенет жалын от көзінде. Тоқтай қап деді қатты: «Қош бол, Халық!1 Жасасын коммунизм жер жүзінде! ...Уа, жұртым, тыңдаңыздар, соңғы сөзім, Деді ол, көпке қадап отты көзін — Арманым ұлы Ленин жол сілтеген, Көрмедім жарық күнді. Бітті кезім! Оққа ұшу қиын екен кеудеңді ашып, Болсам да, саған халқым, мәңгі ғашық. Одан да қиын екен, көз жасыңды — Көргенде тірі жүру жерді басып! Сол үшін күрестім мен, ерте ояндым, Жеңіске ұзақ күткен сен таяндың, Теп-тегіс майданға шық!»— деген кезде Жау төнді... Бітіртпеді сөз аяғын... ...Команда «Пли!» деді, шалды құлақ, 1 Әділбектің бұл сөзді халыққа айтқандығы, әлде жалғыз ұлы Халыққа айтқаны белгісіз. Біздің ойымызша, екеуіне бірдей айтылған тәрізді. Халық қайтыс болғанға дейін Ақмола облысы, Қима ауданы, «Жақсы» совхозында қызмет еткен.
Жел кенет ішін тартты, өксіп жылап, Он екі мылтық бірдей гүрс еткенде Әділбек теңселді де кетті құлап. Қызыл қан қара жерге шып-шып ағып, Сом дене сәл тыпыршып дір-дір қағып, Шоқ-сынды суға түскен кетті сөніп, От жүрек жаңа ғана тұрған жанып. Ақиық қыран өлді, көзін жұмды, Жан берді жеңемін деп ылғи сұмды. Есіңнен бірақ қалай шығарарсың, Өлімді дәл осындай өте мұңды. ...Талтүсте адам өлген көрер көзге, Сол бір күн бөтен күннен болды өзге. Өмірдің өкінішті өксігіндей Есімнен шыға қоймас сірә тезде. Тыя алмай асау кектің долы жасын, Қозғағам сонда көңіл домбырасын. Домбыра жүрегімде күй қалдырған, Сол кезден соққан дауыл, жауын-шашын. Тербетіп сонда қайғы жыр бесігін, Тілегем Әділбектей ұл өсуін. Тілегем кенет долы дауыл тұрып Түнерген жұрт басынан бұлт көшуін. ...Көк майса, көгілдір су — Атбасарым, Көңілімнің қуанышы, шат базарым, Басыңнан өткен қанды уақиғаңды, Деп едім кезім келсе бір жазармын. Мінекей саған тағы қайта оралдым, Түсіндей көкшіл шайы орамалдың. Көгілдір аспаныңды көзбен сүйіп, Суына Жабайының әбден қандым. Жайқалған кең далаңа тағы келдім, Көзіме оттай ыстық туған жердің, Иіскеп топырағын мауқым басып, Тамаша өзгерісін көзбен көрдім. ...Көріп тұр қуанышпен ақын балаң,
Баяғы өзім өскен жатыр қалам. Баяғы өзім жүзген Жабайыңда, Ойнаған сондағыдай ақ шағалаң. Өзгерген сонау өмір кепіліме, Құмдақтың1 өзгеріпті көпірі де, Жаңа адам бейнесі ме мынау жүрген, Жас қыздар лента таққан кекіліне?.. Қаламның жаңарыпты сыртқы кейпі, Жол келіп, бұрынғыдан үлкейіпті. Тек қана өзгермеген ескі мұра.— Ескерткіш, Әділбектің тас бейіті. ...Зиратын Әділбектің іздеп келдім, Томпақ жер, тас ескерткіш көзбен көрдім. Қазақтың артық туған баласына Иіліп, тізе бүгіп, сәлем бердім. Өмірдің сонау тартыс-таласында, Нұр төгем деген қазақ даласына Жатыр ол мәңгі бақи шырт ұйқыда, Қызыл гүл, жасыл ағаш арасында. Құрметтеп сәлем беріп болдым-дағы, Гүлімді қойып мен де қолымдағы Аттандым арман еткен батыр аға, Көруге кең даланы жолымдағы. ...Қиялым болсаң да сен құс қанатты, Көргенім асып түсті, таңырқатты, Шыбық тал еккен сонау батыр аға, Жайқалған емен бопты жапырақты. Жүгірген қызыл түлкі, ұшқан қыран, Кең дала жатқан босқа бұрын бұдан, Көз жетпес теңіз-сынды көзді тартып, Бөленген алтын дәнге толқындаған. Сонда мен аққан судай ағытыла, Күй тарттым жаңа келген шабытына, Ол күйім жаңа өмір қуанышы, Бас иген Әділбектің табытына! 1 Құмдақ — Жабайы өзеннің көпір салынған тайыз тұсы.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ Осымен дастан бітсе жарар еді, Оқушым сөйткенімді қалар еді, Амал не, кездейсоқ боп бір уақиға Тағы да өткен күннен хабар берді. Естігем, бұл өмірден өтті деген, Иван мен қарт Назар да, көпті көрген. Естігем Шайтановтың1 атылғанын, Волковтың2 жайын-дағы өртте өлген. Жүруші ем түрлі істің ағымында, Жете алмай Есімдердің анығына. Қайда олар? Жүр ме өмір жұмағында, Жатыр ма әлде жанып тамұғында? ...Басылған күндізгі ду, қызу, қарқын, Ойнаған тал басында қызғылт алтын, Сөнуге таяу қалған күн сәулесі, Кеш еді самал желді, қоңыр салқын. Сол кеште мен қыдырып келе жаттым, Шомылып ой селіне өткен шақтың, Бір жанды көрдім тұрған ортасында Әділбек бейітіне еккен бақтың. Кәрі шал, көзден ірің, жас сорғалап, Күбірлеп, қол созады қайыр сұрап. Аядым, бейшараға ақша бердім, Сөйттім де аты-жөнін қалдым сұрап. — Шырағым, менің атым Есім,— деді,— Күнәм көп, оны ешкім кешірмеді, Көп болды бұл дүниеден адам деген Атымды менің халық өшіргелі. 1 Атаман Шайтанов бертін келе Свердловскіде ұсталып, Атбасарда сот ату жазасына бұйырды. 2 Атаман Волков абақтыда өзін-өзі өртеп өліпті деген қауесет бар.
Басына Әділбектің күнде келіп, Күнімді қайыр сұрап жүрмін көріп, Өлсе де менен артық өлігі де, Мен жүрмін сан мәртебе күнде өліп. Бұл менің қылмысымның жазығы деп, Тілеймін жатсам, тұрсам ажалды тек. Жүр қимай маған өмір бірақ оны, Дегендей көрер әлі азабың көп,— Деп Есім тасалады қара жүзі, Бір кезде қанға құмар қара құзғын. Кемсеңдеп кенет жылап қоя берді, Бетінен көріп тұрмын қайғы ізін... Сұрадым сонда тұрып мен Есімнен: — Қазақты зар жылатқан сан кесірмен Сойылбек қазір қайда? Білесің бе? Әлде сен шығардың ба оны есіңнен? — Мен үшін ол кездегі өмір өшкен, Шығардым адамдардың көбін естен. — Сойылбек,— деді Есім,— қаңғып өлген Қалыпты бір жырада көмілместен». Уа, өмір, сенің ғажап ісің түрлі. Осы ойдың дәлеліндей қарсы алдымда, Өмір және кек күресі. Жеңілген сол күресте мынау Есім Күйреген, адамның құр көлеңкесі... Есім тұр сөнген көңіл шұғыласы (Әлі де көзден талай шығар жасы) Өмірдің бітті осылай бір дастаны, Ақынның секілді бір шығармасы.
БІРЖАН САЛ АЛҒАШҚЫ ҰШҚЫН Сал Біржан жол бермеген аптыққанға, Өлеңмен өрт жіберген қақтыққанға. Қырыққа жетер-жетпес жалын шағы Дүниеден күткені тек шаттық қана! Аралап жүргенінде Ұлы жүзді, Кездесіп Жетісудың ақын қызы Сараны жеңіп Біржан Ешкі өлместе, Тұсы еді көтерілген бақ жұлдызы. Көкшенің ақ саңлағы тастар тарпып Сал Біржан өзге ақыннан туған артық, Кезі еді атақ, бағы қол жеткізбес, Аспанда ақша бұлттай тұрған қалқып. Сансыз көл қоршауында қамыс, талдың, Жайқалған көкорай шөп, қалың шалғын, Арқаның жарық айлы жазғы түні, Әлемді сүйген самал қоңыр салқын, Жүзеді ай күміс табақ баяу жылжып, Қалғыған, үнсіз тынып, дала жым-жырт, Көңілсіз көделі қыр бұдыры жоқ, Көрінген анадайдан қара күңгірт. Жел тұрып тоқтай қалса тынып демде, Бозаң шөп құлпырады тыныш түнде... Шашқандай көкке шашу, көп жұлдыздар Секілді шашыраған күміс тенге... Ұмытқан күндізгі өмір әуре-дертін, Ұйқыда жатыр дала емін-еркін... Келеді оқта-текте, түн оятқан Дауысы көл қорғаған әупілдектің. Көлдің тек тыныштық жоқ құрағында: Ащы үн жетеді кеп құлағыңа,
Ойбайы жапалақтың бұл шошынған Тап болған аш түлкінің тырнағына. Аң мен құс жем іздейді, қыбырлайды, Түнде де өмір үні бір тынбайды,— Айтқандай сол өмірге құпия сыр Аспанда қалың жұлдыз жымыңдайды. Таң сәрі қалған кезде мүлде жуық, Кеткен-ді түнгі самал жел де суып. Келеді Сары белден төмен құлап, Toп адам, жүрістері жедел, суыт. Жал-құйрық жерге түсіп көміп жатқан, Кертөбел жорға мінген көбік атқан. Ақ сары топ алдында сұлу кісі Тұлғасы анадайдан көзді тартқан. Айменен ойнап ақық қалмақ ері, Түрленген шапанының алтын зері, Балағы шалбарының кестеленген, Бұл Біржан Сарыарқаның ардагері! Біржанға жеткен хабар ұзын-ырға, Нұраның кірме — Шөкей қырғызында. Адамның періштесі — деп естіген — Бір қыз бар ұқсайтұғын қор қызына. Осындай еміс-еміс үндер жетіп, Сол қызды бір көруге көңілі кетіп, Жол жүріп Қотыр Шортан1 алқабынан Сал Біржан келе жатқан түнделетіп. Қыз үшін ат бауырын жазылдырып, Іздеп кеп, ойнап-күлу, әзіл құрып. Кең тұсау, ұзын арқан кездерінде Салдарға көрінетін әсем ғұрып. Көтерген Біржан салды ту ғып көкке, Қырандай көзді тастап төңірекке, 1 Қотыр Шортан — Көкшетаудың оңтүстігіндегі Біржан туған жер.
Келеді арт жағында серіктері, Өнерден маржан шашқан қалың көпке. Шерубай ең кішісі ішіндегі, Шаттықтың нұры жарқын түсіндегі, Әнқұмар, кедей ұлы салға ерген, Өзгеден шешен тілді, пішінді еді. Ойға кең, тілге шебер, бай мінезге Бір бетті, бармайтұғын бұлтаң сөзге, Біржаннан ән үйреніп жүрген кезі, Сал да оны көрер артық жұрттан өзге. Осындай серіктері қасына ерген, Ойната арғымағын шаба, желген, Ауылын Бірлән қыздың Нұрадағы, Келеді Біржан іздеп алыс жерден. Аттардың желісінен жел тұрады, Жымиып, қайшыланып, қос құлағы. Бұтадан үркіп кетіп теңбіл көктер, Еліре әлсін-әлсін осқырады. Біржанның бермей ерік өр көңілі, Келеді түнде шауып көп серігі. Дегенмен ауыл жақын болу керек, Бүйірден жарқыраған кел көрінді. Сол кезде толқындатқан айлы түнді, Естіді жігіттер де әсем үнді. Көркем үн көкті құшып қайта-қайта Бір шырқап, бір басылып, өршіп тынды. Таң жақын, әлдеқашан ауыл жатқан, Тек ояу жастар тепкен алтыбақан. Келеді құлағына Бірлән үні Осынау айлы түнде ән шырқатқан. Жігіттер сұлу үнге құлақ салды, Аттарын тежей-тежей тұра қалды. Алысып ауыздықпен тыпыршиды, Жел жетпес, кілең жүйрік, жібек жалды. Дауысы әнші қыздың дерсің сырнай,
Кеткендей бойға жастық өрті сыймай, Қозғайды жүрек күйін, жан жүйесін, Тұрғандай жарға берген сертін қимай. Дегендей әнді гүл ғып себейін бе, Жырымды нұр орнына төгейін бе, Жас Бірлән тоқсан түрлі үн толғайды, Тұрғандай тоқсан бұлбұл көмейінде. Әсем ән кенет көкке қанат жайып, Жүректе сыр туғызып таңғажайып, Тамылжып, талмаусырап өшеді әзер, Құс сынды бұлт астында болған ғайып. Сөйтіп ол тағы шырқап көкке өрлеп, Салады ырғағымен көркем өрнек. Балқиды қорғасындай жан жүйесі Тұрғандай көңіліңді көктем тербеп. Кейде қыз сылдырына қос шолпының, Қосылып тербетеді үн толқынын. Ән сонда секілді нақ шағаладай Үстінде ұшқан талмай көк толқынның. Әсем үн шаршаса да баяулатып, Адамдай ұйықтап кеткен ояу жатып, Біржан сал көзін жұмып қалған тынып Көңіліне ән сәулесін аялатып. Секілді бөгет білмес қыз дарыны, Шыққанда өрлеп көкке үн арыны, Даусынан естіледі асау жігер Өмірді әлдилеген жыр жалыны. Көңілі тоқсан толқып, жүз бұзыла Тыңдайды Біржан қызды шын қызыға. Сонау ән шығарғандай ақынды ертіп Жалғанның ең жоғарғы шың құзына. Жүрегі дірілдейді алып ұшып, Өн бойын әкетті ме жалын қысып. Қиялы қақты қанат көк аспанға, Мәз болған қуаныштың балын ішіп. Дүниеге Біржан әнсіз сыя алар ма!
Біржанға одан артық қиял бар ма! Жетектеп тұр ғой сонау сұлу үндер Құс жетпес бұлт тоқтаған қияларға... Ән сезім сырлысы да, қызылы да, Өнердің шын сұлуы, қызығы да... Біржанға ол жүректің жазған хаты, Қымбат әр әрпі, ноқат, сызығы да!.. Сондықтан Біржан әнді сүйе білген, Шер басса отына да күйе білген. Ол ақын, ләззат алған сұлу үннен Ән менің қуанышым, кием деген! Құмартқан естіп сырттан атын талай, Әншіден алмас әсер ақын қалай. Сал Біржан қозғалмайды көркем өлең Төккендей жүрегіне алтын арай. Таңқалды Бірлән қызға Біржан сері, Таңқалды бірге тұрған серіктері, Қазақтың мынау қиыр даласында Әншіні мұндай бұрын көріп пе еді? Шерубай, жас серігі, ойға басым, Түсініп өзгеден тез сал жолдасын, Біржанға кезек келді дегендей-ақ. Ұсынды үкі таққан домбырасын. Біржандар салдық құрған сонау күнде, Серілер мейлі тіпті болсын түнде, Жиылып қыз-бозбала қарсы алмаса Ауылға бармайтұғын онсыз мүлде. Салдардың бұзбай ерке салтанатын, Жиылып қыз-бозбала қарсы алатын, Көтеріп ақ киізге ардақтысын, Ауылға қошаметтеп апаратын. Тірі жан қабақ шытпас ешбір оған, Алатын өзінше әсер әркім одан, Сонау бір салдық құрған қызық күнде
Осындай қазақта да дәстүр болған. Арқаның білінгенде алтын таңы, Дөңеске шығып Біржан алдындағы, Өлеңді қоя берді аңыратып Желдіртіп домбырасын алды-дағы: «Жорғамын қалың топта самғайтұғын, Бәйге ат та серпінімді шалмайтұғын. Әнімді он екі звот жіберейін, Есіңнен өле-өлгенше қалмайтұғын». Дейтұғын Біржан ғой бұл жалын жанды, Өр дауыс өрши түсіп жалынданды, Лақтырып ән шумағын құшақ-құшақ Тасқындай толқып, тасып арындады. Төкті кеп сұлу әнді Біржан енді, Сондағы салған әні «Бірлән» еді. Алты қыр ар жағынан атын қосып Әнші қыз жаралдың ба, нұрдан,— деді. Бір үн бар әнде терең, буған тілді. Ағыстай су астымен қуған құмды. Ақ жүзін Бірлән қыздың көрмей жатып, Сыр сезім от жүректе туған сынды... Сол сезім естіледі салсаң құлақ, Аққандай сылдыр-сылдыр жалғыз бұлақ Ол кейде тау суындай сарқырай кеп Сан қырдан тулай толқып жатыр құлап... Біресе домбырасы сыбыр шертіп, Кетеді әлденені күбірлетіп, Сөйтіп кеп қайта әлемді оятады... Тұлпардай түнде шапқан дүбірлетіп. Сал Біржан білсін барын қайдан қауіп, Қабағы түнерерін қайғы жауып, Әнімен отқа салып қыз жүрегін, Тұрғанын өзіне де дұшпан тауып. Айтуға бірақ ашып қорқып сырды, Ән енді ақырғы рет толқып тынды. Жаңғырып толастап кеп өшіп жатты,
Таусылған жағаға кеп толқын сынды. Ауылдың жайлап сонау дөңдеу сыртын Кілең сал төккен жырды дүркін-дүркін. Келеді қарсы алуға қыз-бозбала Құрметтеп ғұрпын істеп туған жұрттың. Шалады құлақ кейде айқын демде, Шылдырын күміс шолпы, алтын теңге... Келеді топты бастап сұлу Бірлән Аққудай көлбеңдеген айдын көлде. Кербез жас сәлем берді жақын келіп! Таңдана тамсанады ақын көріп, Япырмай, мұндай сұлу қыз туар ма, Жан ба екен бірдей біткен ақыл, көрік? Сұлудың екі беті гүл-гүл жанып, Шыққан бір бәйшешектей гүлін жарып, Құлпырып, бота көзін жерден алмай Ұялып төмен қарап тұр қызарып. Кім білсін қыз мінезі ұяң әлі, Әлде ол жат адамнан ұялады? Бірақ тa қыз көңілі — қызыл түлкі Сезбей ме қыран ойын қиядағы?! Ашқысы келмеді ме ол бір мінезін, Деді ме әлі болар қарар кезім. Біржанның келбетінен сұлу Бірлән Аударып кетті мөлдір қара көзін. Қолаң шаш белуардан қойған өріп Жас сұлу киген торқа, қамшат бөрік.
Айтып тұр әлденені жеңгесіне, Қарамай салға тұрған аңсап, өліп. Қыр мұрын жас арудан оймақ ауыз (Ерні — гүл, жаңа ғана ашқан қауыз) Біржан да шыдар емес құмарланып, Естуге әй-әй сөзін жалғыз ауыз. Қайтпаған жаннан месі ес білгеннен, Ақын тұр құр сыртымен дес бермеген. Батады әсіресе қыз қылығы
Біржанды «Біржан бар!» деп ескермеген. Жас Бірлән Асылбектің жалғыз қызы Сәулесі, көктегі ай, күн, жұлдызы, Ұстаған уысына әкесі бай Нұраның бойындағы бар қырғызды. Бейне бір нұр алғандай атқан таңнан, Сұлуды, ақ бетінен қаны тамған. Бір көрген талай жігіт жүрегінде, Бірләнға деген ләззат шамы жанған. Сол Бірлән шаттық төккен қабағынан, Қып-қызыл ақ бетінен тамады қан... Бар ма екен сүйген адам үлбіреген Ақ торғын сонау уыз тамағынан? «Өзім бай, өзім болыс Азнабаймын, Жел сөзбен бостан босқа азынамаймын. Жауыма жалаң қылыш ашуым бар, Досыма қалтам ашық қазынадаймын» — Дейтұғын Азнабайдың інісі бар, Біткенмен әжептәуір тіл мен ажар. Жаманбай өркөкірек, қызғаншақ жан, Өзгенің болғанына тынысы тар... Кездесіп көш үстінде өткен жылы, Сұлу қыз таңғалдырып көркем нұрлы, Жаманбай құмар болып сонда оған Қайтсе де аламын деп төккен жырды. Жас жігіт, бір көргенде инабатты, Сөйлесе табар сөзді балдай тәтті, Ұнайтын әрқашан да қыз біткенге Жүрегі болса дағы тастан қатты. Сыртқы түр сырын сонау жауып Ішкі Байқамай бар екенін қауіп күшті, «Жігітті жұрт мақтаған,— қыз жақтаған» Бірлән да бірден оған ауып түсті. Айламен үзіп нәзік гүл сабағын, Шортандай аша түсіп кең тамағын. Жаманбай төрт тоғызын төлеп биыл Нұраның жұтпақ болған ақ шабағын.
- * Көзбенен күлімдеген сыр алысып, Бірінен-бірі жүйрік ой жарысып, Тұр әлі қыз-бозбала ойнап-күліп, Зілі жоқ қалжың, әзіл сөз салысып. Шайқалтып баста шоқ-шоқ үкілерін, Төгеді қыздар күміс күлкілерін... Көргенде жігіт-қыран қалай шыдар, Осындай қырдың қызыл түлкілерін!.. Жарқылдап күміс оқа, алтын түйме Біріне-бірі қарап жарқын күйде Көтеріп Біржан салды қыз-келіншек Әкелді арнап тіккен ақбоз үйге. Көрсетіп салдарға ауыл құрмет қатты, Жігіттер сауық-сайран құрып жатты. Әттең-ай, оңашада кездесе алмай Бозбала сүйгенін тек көзбен атты... Біржан да басты талай ән көрігін, Сынға caп сұлу дауыс, жан серігін, Шоқ тастап жатқан тыныш қиялдарға, Қозғады талай ұшқыр ой желігін. Желінді талай құлын, талай бағлан, Ішілді талай қымыз балдай тамған. Жиылды талай рет ауыл-аймақ Біржанның естіп даусын айқай салған. Сол күндер Бірләнменен болған бірге, Әдемі сұлу-сипат толған үнге, Өшпейтін жүрегінде шоқ қалдырды, Құмар ғып жан-тәнімен оған мүлде, Жақында ауыл көшпек бұл арадан. Көшке ермеу салдарда әдет көп тараған. Бірләнмен оңашада жолықпаса, Жүрегі шыдар емес от жалаған. Шерубай жан серігі Біржан салдың Жолықты Бірләнменен, тапты амалын,
Сұлу қыз келмек болды түн жамылып Төменгі сағасына «Мың аралдың».
Күн батып ас ішердің арасында, (Мезгілде қауіпсіз қыз баласына) Жолықты Бірлән келіп Біржан салға, Қамысты қара судың жағасында. Бірләнге тұрды Біржан еркін қарап, Жүрекке құмарлықтың дерті тарап Бойжеткен қымсына кеп көзін салса, Кетеді бойды ләззат өрті жалап, Көрген соң қыздың сұлу құралайын, (Жігіттің ғашық болар Күн мен Айын) Біржан сал тоқсан түрлі ой болжайды Мүлт басып қалмайын деп жазатайым. Ол бір шақ әдетінше жұрт ежелгі, Жігіттік дәстүр болған кезең еді. Жетті ме соның үшін Біржан мұнда Әйтпесе... Бұл араға неге келді?.. Өр қиял ойды отқа бағындырған, Махаббат алып ұшқан сағындырған. Қаншама тұрса дағы маза бермей, Сал Біржан салдықта да сабырлы адам. Қызықса қызға жігіт жалынбас па, Өйткен жоқ, жүректегі жалын басқа, Біржан сал «Бірләнжан!»— деп сөз бастады Сезімтал, үлдір-ұлпа, балғын жасқа: — Көңілдің жеткен бар ма құмарына, Көп пе екен қосылған жан шынарына, Біреудің ойын тартқан көген көздің Бөтенге кім сенеді ұнарына. Мен көрдім аруларды талай асқан, Ай менен көркемдігі тайталасқан. Біреуі маған артық көрінбеді, Бірләндай әнші туған қарындастан.
Ән салған бойда дулап дарын күші, Өзіңсің ақ айдынның аққу құсы. Түсіндім махаббатты жаңа ғана Сонда екен бұл жалғанның, қуанышы. — Дүние бір қисық жол бұраң қаққан Аңдыған жауым да көп құрып қақпан. Көнбеген сонда дағы асау едім Өзінің дегеніне бұра тартқан. Өттім мен дейтін кезден «әттең, әлі!» Бұл сезім — махаббаттың ақырғы әні. Сал Біржан қыз бетіне қалды қарап, Шыдамай сөз айтуға бұдан әрі. Осылай Біржан сырын ашып беріп, (Тыңдады жас сұлу да қасын керіп.) Тасқын ой кенет неге бөгеледі, Жарды ұрған толқын сынды тасып келіп? Сүйгізіп мамық бұлтқа аппақ төсін, Шықты бір төгіп кенет ай сәулесін. Жұлдыздар көкті жапты бейне маржан Безеген келіншектің сәукелесін. Түн тыныш, белгісі жоқ алыс таңның. Салмайды бөдене де таныс әнін, Тек жүрек тыпыршыды ұмытпаған Түнде де өмір барын, жарыс барын. Шаршаған, әлденеден жүзі сынық Ақ Бірлән тұрды біраз көзін жұмып, Сөйтті де ашты ақырын бота көзін Бойласаң дариядай түпсіз тұнық... Сол кезде таяу қамыс арасынан Естілді сылдыр, сірә, өтті жылан. Тығылды қыз жігіттің құшағына, Ентігіп, жас жүрегі алас ұрған. Сұм жылан әлденені біледі ме, Екеуін бір қосуды тіледі ме.
«Қорықпа!»— деп Біржан оны баяу қысты Ақырын қолын салып жүрегіне... Қорқытты неге жылан сұлу қызды? Шат көңіл неге сонша шырын бұзды? Бұл әлде, жылан емес хабаршы ма, Жіберген тағдыр өзі суық жүзді?! Тұр ма қыз сол тағдырға жүгінгелі Жүйрік ой сан тарапқа жүгіреді. Шошиды, дірілдейді маза кетіп, Сезеді бір сұмдықты жас жүрегі. Ойланып, Біржан салға көзін тастап, Қыз сырын болды енді өзі де ашпақ. Ақынның жайлап босап құшағынан «Ағажан» деді баяу сөзін бастап: — Қазақтың бізге атадан қалған ғұрпы, Өмірдің тар құрсауы, қара құлпы. Өтеді бұл жалғаннан жылай-жылай Әйел зат жанын жеген қайғы құрты.
Төгілген аз ба өмірде қыздың жасы. Досы жоқ, көп болса да құрбыласы, Табады дүниеден өткенінде Бір құлаш атып жазған құлпытасы... Інісін Азнабайдың Жаманбайды «Қатты» деп ауыл жұрты жамандайды Атасқан ол қосағым, өмірлігім, Адалдық арам жолды қаламайды... Кім тыңдар қыз баланың қайғы, зарын Түсінер қандай адам ғаріп жанын. Көнбеске қалай менің дәтім шыдар Алған соң әке санап қалады малын. Алыстан ақын Біржан іздеп келдің, Ақсұңқар ақтотысы біз деп келдің, Білмеймін не деп жауап қайтаруға Кезіктім толқынына асау селдің. Зейін caп құлақ ілсем айтқаныңа
Жел қуған көлдей көңілім шайқалуда, Қорқамын дұрыс жолдан адасуға Қасым көп, тұрған дайын айқай-шуға.. Сөзімнің жасырайын енді несін, Тағдырдан күтсін әркім несібесін. Адалдық жарға деген бізге фарыз Сал Біржан, барым осы... кешірерсің... — Дегенде, кенет қамыс сылдыр етті. Бірлән да аттап кейін сырғып кетті Сөйткенше қастарынан шыға келді, Бір тапал, шүңірек көз, сұрғылт бетті. Жаманбай болса дағы өзі мықты, Бірләнге сенсе-дағы сөзсіз тіпті. Жүрмекші болған күні бұл ауылдан Ойына алған еді бір күдікті: «Қыз — түлкі, аңшылар көп іздейтұғын, Із көрсе, үміттерін үзбейтұғын. Ал Бірлән сол түлкінің ең қызылы Көп болар мергені де көздейтұғын». Деген ой тудырған соң шын күмәнды, Тапқан ол әпербақан Байжұманды. Бірләнге қарақшы ғып кеткен тастап, Ақыға бермек болып бір құнанды. Сол еді мынау тұрған жұртқа әйгілі, Бермеген жаман істе бұл бәйгені. Біледі Бірләннің не істегенін, Қай түні, қандай кеште, не қай күні. Жүрсе де Біржан, Бірлән жасырып сыр, Сезген ол кездесерін ақыры бір, Аңдып кеп үстерінен жайдай түсіп, Міне енді екеуіне ақырып тұр: «Сөйлесу емес, Бірлән, айыбың құр, Айтармын қылмысыңды байыңа бұл. Ал, Біржан, егер жаның керек болса, Қайырмай жұрт байталын жайыңа жүр!»
Сөз өстіп дүлей, топас, нақұрыстан, Қиналды Біржан ыза, ашу қысқан, Салдарда қамшы жұмсау әдет емес, Біледі ақыл — серік, ашу — дұшпан. Бірлән қыз тұрған ұстап әзер өзін, Түсінді айтпаса да аға сөзін. «Қош бол!» деп үйге қарай жүре берді, Бір тастап Біржан салға қара көзін. Біржандай жомарт болып жан туған ба, Жас жанды қалдырмасқа сөз-күмәнға. Көк жібек күміс зерлі алты құлаш Белбеуін шешіп берді Байжұманға. * Кертөбел бұлаңдайды қамыс құлақ, Алысып тізгінімен жарыс сұрап, Келеді топ алдында Біржан үнсіз, Жүректе қайғы менен намыс жылап. Осы ма өр көңілдің жасығаны, Қажырлы албырт жанның ашынғаны, Қалғанда сұлу Бірлән артта кейін, Мұншама Біржан неге асығады? Қайғыдан құтыламын дейді қуған, Кертөбел аман болса жүйрік туған, Бұлыңғыр жеткізбейді мақсатына, Бөгет бар алдан оны күтіп тұрған? Кертөбел түйдек түсіп төрт аяғы, Ұмтылса, жел екпіні ұлғаяды. Сезбейді бірақ оны шерлі Біржан, Біржанға ұқсамайды бұл баяғы. Ойында қандай ыза-зары қалды? Жігердің неге мұнша қары талды? Дүниеден күткен сынды зор қорқыныш Жүрегі тұрғандай-ақ жарылғалы. Сезе ме албырт көңіл бір сұмдықты? Неге онда алға шауып, неге ынтықты?
Күте ме өмірден ол зор дауылды Тулатар жатқан тыныш не тұнықты?! Тартыстың шыққан ұлы дабырында, Естілер Біржан салдың дабылы да, Танытар сонда өтіп заманына Сорлы ма, әлде адам алыбы ма. Өмірден таусылған жоқ несібесі, Әлі де көтеріңкі сал еңсесі. Ойқастап топқа түсер шырқап әнін Алдында бар Қоянды жәрмеңкесі. Кертөбел ырғалады белес қуып, Қиялда нелер ғажап елес туып, Шыдамай ақын Біржан асығады Айқасқа түсер оған күрес жуық. ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ Қазақтың жасыл шалғын даласында, Баян мен Қарқаралы арасында. Бес-алты ескі қойма дүкендер бар, Көп кезден тұрған қырқа саласында. Шіркеуі көк күмбезді шағын ғана, Алыстан көрінетін сағымдана... Салынған бұлар сонау ерте кезде Ресейге қосылғанда ұлы дала. Тамаша Сарыарқаның бұл өлкесі, Көк шалғын, гүл жамылған жер еркесі. Әр жылда осы арада болатұғын Атақты Қояндының жәрмеңкесі. Басқа ел, жұртты көріп Қояндыда,— Қазақ та ұйқысынан оянды ма, Күтетін жәрмеңкені тым асыға, Адамдай әзірленген той алдында. Жиылып басты адамы ауыл-аймақ, Баратын жәрмеңкеге малын айдап.
Басында Қояндының жататұғын Байлары тігіп үйін, сауын байлап. Салпаңдап шекпенінің етек-жеңі, Пұлынан асып түсіп іздегені. Шаруа алмақ болып жүретұғын Қант пен шай, ыдыс-аяқ, кездемені... Ташкенттен жібек, күріш, мейіз тартып Пішпектен қалы кілем, кигіз артып. Келеді талай сәнді керуендер, Бірінен қарап тұрсаң бірі артық. Оқ-дәрі, қару-жарақ, сатқалы тұз, Сібірдің, не болмаса Қиыр Шығыс, Жететін купецтері теңдеп жүгін, Ақ тиін, қызыл түлкі, қара құндыз... Сан түрлі ұлт, саудагерлер шебін көрсек, Қытай да, монғол да көп тере берсек. Бәрінің алатыны қазақ малы, Жүн-жұрқа, түлкі-қарсақ, тері-терсек... Жәрмеңке жатыр шалқып, қызық думан, Мың сан жан бақыт іздеп, қырсық қуған. Адамның басы айналып, көз талады, Ат, арба, гу-гу сөзден, ызың-шудан. Қулар жүр жанжал, жала, ылаң күтіп, Қартаға құлын салып, құнан ұтып, Цирктің төбесінде жұрт қоршаған, Қытайдың артисі тұр жылан жұтып. Үстінде өрім-өрім жыртық киім Қайыршы қолын созған айтып күйін, Естисің балалардың айқайын да «Ожау су — деген,— мұздай,— жарты тиын! Біреулер қол алысып бәйгі тігіп, Жорғасын салыстырып әйгі жүйрік, Шоқ тастап «Сенің атың келеді» деп Әлдекім жатыр істеп сәуегейлік... Атаққа, сый-құрметке құмар жандар,
Босқа жүр менменсіген кілең паңдар. Шешініп, жатыр әне күрескелі, Белгілі жұртқа түйе балуандар... Біреу тұр кеткен даулап жесір дауын, Әлдекім ашып түкті омырауын. Бітімге келіп жатыр серт берісіп, Кешіріп ескі кекті, езгі жауып. Тігілген ақбоз үйлер, қоңыр шатыр, Кездесіп бай мен мырза, момын, пақыр. Өмірдің сан алуан тартысында Жәрмеңке қызу түрде өтіп жатыр...
- * Жайқалған көкорайда гүл шашылған, Оқшаулау көкшіл шеткі қыр қасынан Ақ отау сегіз қанат көрінеді, Оюлы қызғылт түсті құр бастырған. Белдеуде сүмбіл тартқан шалғын құйрық, Дізеге түскен жібек жал құйылып. Атақты Азнабайдың тарланы тұр Алдына ат салмаған үздік жүйрік. Ақбоз үй сегіз қанат жеке тіккен, Ұштарын кереге, уық күмістеткен. Ініге аға тартқан бұл сыйлығы, Көңілі Жаманбайдың желпілдеткен. Қарасаң үй ішінде көңіл тойған, Тұс кигіз алтын зерден өрнек ойған. Екі жақ кіре беріс босағаға Тоғыздан қара құндыз іліп қойған. Үстінде шайы көрпе, қалы кілем, Сұр беті кеткен тартып қаракүрең. Жаманбай отыр үнсіз тұнжыраған Адамдай бұл дүниеге қалған керең. Байжұман басын иген дізе бүгіп, Сұстанған қожасының жүзін ұғып. Қояды анда-санда «ие, солай!» деп Өсектің алмайын деп жібін үзіп...
Тұлданып сұмырай жат сыр шертеді, Өсек пен намыс отын өршітеді. «Опасыз» деп Бірләнге кінә тағып,— Белбеуді Біржан берген көрсетеді. Жаманбай тітіркеніп қозғалады, Тулайды дүлей сезім, озбыр жаны, Жаман ой қиянатшыл қайдан білсін, Бірләнге жапқан мынау зор жаланы. Іші оның алай-түлей, аппақ түтік, Отыр ол сөз аяғын әзер күтіп, Кездессе осы сәтте сұлу Бірлән Жүндей ғып алар еді қазір түтіп. Бай ұлы жолын кесіп жан өтпеген, Қылығын жүз тайсалып жұрт сөкпеген, Таяу тұр жарылғалы... естіген сөз Қадалған қанжардайын дәл өкпеден! Бөрінің бөлтірігі демес жеңдім, Сындырмай қабырғасын егескеннің. «Ал, Біржан, мықты болсаң енді шыда, Сенімен — деді бітпес егеске ендім!» Арымды, намысымды мен қорғайын, Шық кәне күресуге болсаң дайын! — Деп тісін қайрап, дереу бір жігітке Шақыртты ағасының поштабайын. Поштабай Құлмағамбет дүлей сары, Балуан, топас ойлы, дүлей әрі. Қабасы тұнжырайды түн секілді Түрі де, үні-дағы — үрей бәрі. Кеудесі сала құлаш, алқам-салқам, Азнабай айтақтайтын cap төбеті, Қараған иесіне жалтаң-жалтаң. Жаманбай шақырысымен үйге кірді,— Өзімен әкелгендей бірге түнді, Түксиіп төмен қарап тұрды қатып, Қар жауып қабағынан түйіп зілді.
Жаманбай жақындады түрегеліп, Ашулы жүзі кеткен күреңденіп. Құлымен «Құлеке!» деп амандасты, Сұм жігіт сырын шашпай күле беріп... «Жай ма?»— деп Құлмағамбет иді басын, (Салып тұр, «не дейді?» деп бар ынтасын), «Бәрін де істеймін» деп сыртқы түрі, Ауғанын көрсетіп тұр ықыласын. Иығынан қағып қойып поштабайдың, Жаманбай деді: — «босқа ұстамайын. Құлеке, сізге айтар тілегім бар, Егер де орындауға болсаң дайын? — Баласы Қожағұлдың жынды Біржан, Есерсоқ, жүрген жері ылғи ыржаң, Айтысқан адамына дес бермейді, Дейді жұрт жаралыпты жаны жырдан, Айтыспақ ертең біздің Турабаймен, Айтайын енді ойымды туралай мен: Жеңеді сөзсіз Біржан, талас бар ма, Үш жүзде оған ақын тумаған тең. Қозғаса бірақ болыс, ата тегін, Жіберме Азекеңдей қыран кегін, Сындырып домбырасын, қуып шығып, Жерге бас менменсіген көкірегін!»
Салпауыз, сары дүлей, әлді білек, Атой сап, жұдырығын әлден білеп. «Барысар болса,— дейді,— ата-текке Берейін ол доңызды әбден сілеп!.. Өнерін ондай иттің мен көрермін, Алармын алқымынан, не өлермін. Сындырып домбырасын быт-шыт қылып Есінен шығарармын, бар өлеңін!» Салғалы тұрғандай-ақ қазір лаңды. Қолына тоғыз таспа қамшыны алды. Әкесін өлтіргендей ақын Біржан Қаңтардағы бурадай қалшылдады.
Төрт қабат жайған шайы көрпе үстінде, Қызарып, күреңденіп, бөрте, ісіне, Азнабай отыр Мөкше нән болысы Шемен ой, бірақ паңдық тұр түсінде. Талай би, талай шонжар шақырылған, Cap қымыз қоңыр салқын сапырылған, Салынған қос бағланның уыз еті Тай сыяр жатыр қайнап бақыр қазан. Жинаған ақбоз үйге жұрттың бәрін Би, болыс, байларды да жуан қарын, Себеп бар: арғын, қыпшақ екі топ боп Бәйгіге салмақ жүйрік ақындарын. Үстіне бәт құндызды торқа киіп, Ұстаған етігіне оқа қиып, Боз үйдің оң жағында ақын Біржан Шоқтығы өзгелерден отыр биік. Сол жақта қырау тартқан қас-қабағы Болымсыз емес жай бір тай, жабағы, Туысы Азнабайдың Турабай бар, Айтыстың кәрі тарлан, арғымағы. Орын жоқ үй ішінде ине түсер, Жүгірген аяқ тасып дәйекшілер, Қызарған cap қымызға шып-шып терлеп Торсиған қозы қарын, мәйек жүздер... Қарынын сабасындай боз биенің, Сипап би, сәл көтеріп енді иегін, Бастаңдар,— деді,— айтысты, ал, ақындар, Кім жеңсе, пұлы оған нар түйенің. «Сөйтсін!»— деп ақсақалдар бас изесті, Мақұлдап басқа жұрт та «бәсе!» десті. «Сен баста!», «Ал сен баста!» деді ақындар, Келгенде тіл дауына именбес-ті... Қалқа ғып мандайына алақанын, Қырандай ілмек аққу балапанын, Турабай шұқшиып бір алды дағы, Аңқылдап төкті жырын, төкті барын:
— Бір сұңқар хан болады мың қарғаға, Бір күйме сән болады мың арбаға, Татиды мардамсынған жүз Біржанға, Турабай жалғыз өзі ән салғанда. Үйректің баласындай сары бауыр, Дейді ел сөзіңнен де әнің тәуір. Кәнекей өнеріңді көрсет жұртқа Өлеңнен жүрсең болмай әлі жауыр,— Деп түйреп бір тастады сөзін түйіп, Санайтын өзгелерден өзін биік. Турабай қоразданып тұрды қарап, Төбесі мақтаныштан көкке тиіп. — Қожағұл Біржанымын атым шулы, Арқаға атағым бар алтын тулы. Ақиық, мұз балақты қыран құспын Ар көрер бөктергімен алысуды. Дүлділмін шаң ілеспес шапқанымда, Дариямын бөгет білмес аққанымда, Теңі жоқ қызыл тілде Біржан салмын, Алмайтын сендейлерді қапталына. Жыр десе арқам қозып тұра алмаймын, Болғанда сендер атан, бурадаймын. Турабай, ақын болсаң шыдап бақшы, Жаныңды қанжар тілмен туралайын,— Деп Біржан сұлу үнін көкке өрлетіп, Салға тән өр мінезбен өктем кетіп, Шоқтығы көтеріліп, қалды тынып, Дұшпанын сөзбен өртеп, кек тербетіп. Турабай о да шебер қызыл тілге Жүйріктей кетті шапқан қызып мүлде. — Уа, арғын, мастанасың неге?— деді,— Алмақсың қалай менен озып жүлде? Арғы атам өрен батыр қара қыпшақ, Қазаққа күн туғанда қауырт, қыспақ, Қорғаған бар еліңді дұшпаныңнан Қолына сүйір найза, қару ұстап.
Тіпті, аян маған, арғын, қазір жайың, Бар болыс, төре, қараң, асқан байың, Жиналса төтеп берер дәулетімен Қыпшақтан шыққан жалғыз Азнабайым — Дегенде от көзімен Турабай жеп, Біржан да шыдай алмай туралай кеп, Жадына Бірлән түсіп, салды айқайды, Нақ та бір Жаманбайдан алардай кек: — Төгілген белуардан жал-құйрығы, Бәйгінің шаң жуытпас ақ құйыны. Атақты атым шыққан Біржан салмын Теңі жоқ сұлу Көкше ақ тұйғыны. Ит ұстап, жорға мініп, салып лашын, Салдықтың мен сермедім кең құлашын, Ән шырқап сәндік қуып жүргенімде Халқымның ойлағам жоқ мұң-мұқтажын. Мықтыдан әпергем жоқ көптің кегін, Әлдінің баса алғам жоқ, көкірегін. Айқайым аса алмады арғынымнан Құр желге айттым өлең... өкінемін!.. Ұлы ақын білмес болар ру, жікті, Өзгеден ой-тілегі биік тіпті. Өлеңім арғын емес, халқым болсын, Жыр етем өмір деген сұлулықты. Турабай, ақын болсаң қалма тоқтап, Айтыстың білмегенге жолы соқпақ. Халқыңның қамын сөйле, бағын тіле, Қайтесің Азнабайдың жоғын жоқтап! Дегенде Турабай да мырс-мырс күлді, «Жеңерсің,— деді,— сорлы бүйтіп кімді!» Шашбауын оның ду-ду көтерді кеп Жәдігөй серіктері мысқыл тілді: «Өресі Азекемнің асты!» деді, «Қыпшақтың аруағы басты» деді, Бәйгіні Турабайға шаптырмай бер, Біржан сал айтысудан қашты» деді
Сал састы ойлағаны бұрыс шығып. Адам жоқ жәрдем берер дұрыс ұғып. Сонда кеп Біржан әнге салды тағы Ашу мен намыс бірдей тұншықтырып, — Ру ма екен бұл қазақтың шын тірегі? Байлық па адамзаттың бар тілегі? Ежелден артық надан болысыңнан Азамат туған ашық көкірегі! Кімің бар жұртың тегіс бас иетін? Данаң кім тыңдар халқың өсиетін? Еліңнің қандай асқан өнері бар, Ән мен күй, өлең сынды жан сүйетін? Мақтаған болыссымақ Азнабайың, Халқынан артық көрер қазна жайын. Шыдап бақ, ал Турабай, сол жақсыңның Енді мен жамандығын қазбалаймын...— Дегенде Жаманбай да түрегеліп, Сұр беті теңбіл-теңбіл кіреуленіп. Қамшысын қолындағы алды білеп, Тамыры шықшыттағы білеуленіп. Осы еді күткені де Құлмамбеттің, Көзінде оты ойнап қанды кектің. Қасына Біржан салдың жетіп барды Тайраңдап арасымен қалың көптің. Тұрғанда Біржан әнін аңыратып, Келді де домбырасын қалды тартып, Бір қойып тізесіне сындырды да, Біржанға қайта берді қалған қатып. Сөйтті де қабыл-құбыл тез ұмтыла, Лап қойған көнбей тулай жұрт ырқына. Біржанды жағадан ап, сүйреп шықты Бір қойып желкесінен үй сыртына. Шерубай көріп мұны қызып қаны Өн бойын ашу кернеп қызуланды. Қой сойған пышақты ап тұра ұмтылды,
Жарам деп поштабайдай бұзық жанды. Ашудың болса дағы ісі суыт, Ажалдың аждаһадай түсі суық. Тайқақтап Шерубайдан қаша берді Құмамбет боп-боз болып жүзі суып. Біржан тұр қалған қатып қозғалмастан, Өр көңіл желпінбейді қозғап дастан. Көз салып қарамайды жан-жағына Бейне бір құйылғандай қара тастан. Ашуға берілсе ол кейіп егер, Ел-жұртқа қалай қарар, кейін не дер?! Біледі ол: «Ашу — пышақ, ақыл — таяқ, Сол таяқ жонған сайын кеми берер». Адамға зияны жоқ ақын жанды Тудырған әнімен алтын таңды. Поштабай неге ұрды? Жазығы не? Өштескен әлде біреу ақыл салды?.. Азнабай отыр әлі үндеместен, Қарысып тіл мен жағы, үні де өшкен. «Қой, жетті!» деген де жоқ ең болмаса Итіне Біржан салға төне түскен. Үдетіп Азнабайлар жауыздықты, Ұрғызды Біржан салды, тауын жықты. Бар екен жүрген сақтап кек-өштері, Біржан тек жаңа ғана жауын ұқты. Қорланып кірер тесік жер таппады, Бойды — ашу, ойды — ыза дерт қаптады. Жөнелді сегіз болыс төресіне, Әдейі Жанботаға мұң шаққалы. * Шошынған нәзік жаны, қашқан үрей, Шыдамай озбырлыққа асқан дүлей. Келеді асып-сасып ақын Біржан Жүрегін өртеп ашу алай-түлей.
Ұқсаған жазық жерде қыр-жотаға, Өзгеден шоқтығы зор Жанботаға Шыдамай зар төккенде, түрегеліп Біржанды алды қоршап жұрт ортаға. «Жанбота, осы ма еді өлген жерім, Қоянды боқтығына көмген жерің?! Кісісін бір болыстың біреу сабар Бар ма еді статьяда көргендерің?» Үйренген жебір болыс елді билеп, (Қоңқиған үлкен мұрын келген имек) Көкшенің аты-шулы Жанботасы Ақынға тіл қатпады тұрған күйреп. Ашудың мінген асау тұлпарына, Ұялмай шыққан жасқа жұрт алдында Өлеңін енді Біржан аңыратты Арнаған бүкіл қазақ ұрпағына: «Айтады Біржан әнді ентелетіп, Біржанды қойды халық еркелетіп, Уа, жұртым, Азнабайдың тентегіне Қойдың ба көз алдыңда желкелетіп!» Отырды болыс үнсіз көпке дейін Парық қоймай сал сөзіне, бермей зейін. Біржанның шыдатпады өткір тілі Қаншама десе дағы үндемейін: «Әрдайым сөзің, Біржан, шығар оғаш, Сөз бе екен домбырадай сынған ағаш. Қу тақтай екі шекті табылмай ма, Несіне істей қалдың соған талас? Несіне сонша сарнап, қақсап қалдың, Қу ағаш үшін бүйтіп ақсап қалдың. Теңің бе Азнабайдың поштабайы, Жанжалға әлде бөтен қас таппадың?» Сөзінен Жанботаның жан түршікті, Көзінен жас пен ыза ыршып шықты. Күрмеліп қалғандай-ақ тіл мен жағы Кеудеде ашу кернеп, үн тұншықты.
Шыдамай бұл қорлыққа жаны күйген, Сал Біржан атып шықты ақбоз үйден. Шырқады сонда келіп асау әнді Ащы үні кетті самғап аспан шүйген. Тырнағы жауыздардың жаман батты, Жүректі намыс өртеп жалындатты. Қорланған, қорлық көрген ақын Біржан Жалынды жырыменен жауын атты. Біржанның бойын ашу алған билеп, Қолында домбырасы қалған күйреп. Аңыратып көкке даусын өрлетеді, Лақтырып ән шумағын түйдек-түйдек. Жарық ой бұрын қайғы торламаған, Өр көңіл бұрын адам қорламаған, Ыза-кек шақырғандай жан ашуын, Жасырмай көзден жасын сорғалаған. Жер жарған сал әнінен Қояндыда, Жүректе жатқан кегі оянды ма? Серпілді жәрмеңкенің барлық жұрты, Жалынды ақын сөзі қояды ма! Шу шығып, сан алуан, тоқсан тоғыз, Толқыды кенет татар, қазақ, орыс... Мініп ап аттарына жұрт түйілді «Кім тиді? Қай поштабай? Қандай болыс?» Cap шашты, бойшаң келген, қара шекпен, Көлік қып ат орнына өгіз жеккен. Білегін сыбанып ап поштабайды Ұрғалы қисық қайың жүр жетекпен. Қазақта жалбыр тымақ, далбағайлы, Татарда ноғай бөрік, малақайлы. Ентігіп гу-гу етіп қызынады, Кейбірі дүрлігеді caп айқайды. Асаудай кетер үріксе арқан үзіп, Долданған, ашу кернеп, қаны қызып,
Қарасаң қалың жұртқа қаһарланған Селмен тең кетер қазір қамал бұзып. Даурығып, қамшы білеп, жұрт түйіле, Жауына көз көрмеген кек түйіне. Бір кезде сайға таяу жеке тіккен Бұрылды Азнабайдың боз үйіне!.. Дүрліккен көне картоз, жыртық тымақ, Кектескен жау жағасын жыртып тынбақ. Кездессе болыс түгіл құдайды да, Шығарып тас-талқанын, быт-шыт қылмақ. Көргенде түнерген жұрт қара бұлтты, Біржан да не істегенін жаңа ұқты. Халқына бір ауыз сөз айтса болды, Жұрт дайын көрсетуге шын сұмдықты. Сонда кеп Біржан тағы ән шырқады, Ызалы үн басып ойпат, сан қырқаны. Қарыштап баурын жазып кетті жүйткіп, Төккенде асау жырды ән тұлпары! Сан жерде демеу болған жан жолдасын, Қолға ұстап сынған сонда домбырасын, Жүректі ыза қысқан сағатында Атақты тудырады ол «Жанботасын». «Жанбота» ән биігі, құс қанатты, Жауына тиген суық қыстан қатты, Таралтып қара бұлтты екпінімен, От тастап талай ойды ұшқындатты. «Жанбота» ән көкесі, кең ырғақты, Арнадай алас ұрған ыршып қатты, Шалқыған ыза толған үніменен, Көкіректен арман толған жырын атты. Ән толқып Ертіс, Нұра, Есіл келді, Қалың ел Азнабайдай есіргенді,— Мінгізіп ағаш атқа қарғысымен Қорланған ақын ұлын есіркеді. Сылтау ғып қыпшақ пенен арғын дауын, Біржандай күміс үнді қоңырауын
Сындырмақ болған сонау жауыздардың, Қалың жұрт жыртпақ болды омырауын. Көргенде қаһар төккен қара бұлтты, Самсаған лек-лек болып қалың жұртты, Мініп ап аттарына тұра қашты, Болыстар, шошып кеткен зәре-құты. Сонда кеп халқын сүйген, мүсіркеген, Қолынан жырдың туын түсірмеген Біржан сал ән салғанда қайта шалқып, Бар ма екен ақын ойын түсінбеген. ӨЛІМ Көшеді Нұра бойы Қорғалжынға, Тебін ғып Ұлытау жақты кейбір жылда, Асады шөпсіз жазда әрмен қарай, Сарысу, Қызыл жыңғыл, кейде Сырға. Көп елі биылғы жыл Сарыарқаның Мол сулы, жері жайлы малға қалың, Таяу кеп Арғынаты тауларына Жайламақ Шойынды көл арғы жағын. Шілде мен сарша тамыз арасында, Отырған Нұраның кең сағасында Асылбек ауылы-дағы көтерілді Көшуге Шойынды көл жағасына. Шықпаған Сарыарқаға жаман аты, Өркеш құз, қатпар-қатпар Арғынаты, Бейне бір Ұлытауға қоңсы қонған Етегі қалың шалғын, көгалды жер, Секілді жақын туыс жамағаты. Көргенде кетер тарқап көңілден шер. Көгеріп құбыласында, ар жағында, «Ақ көл» мен жатыр қатар «Шойынды көл». Тұңғиық, түпсіз терең, ойы сырлы, Жел соғып толқын тұрса жойқын жынды — Аталған Шойынды көл сол себептен Қара көк суы күңгірт, шойын сынды.
Жел соқса қамыстары қорқып шулап, Тұрғандай көл бетінде торғын шумақ, Теңселіп алай-түлей алас ұрып Кетеді үйдей-үйдей толқын тулап, Жел тоқтап, дауыл егер қалса тынып... Жатады сәл тербеліп шаршап тұнық. Үстінде қиқу салып қаз бен үйрек, Жүзеді аққу сыңсып шашақ жұлып, Алқабы қалың шалғын, жасыл құрақ, Әр жерде қамыс қуып жатыр бұлақ. Қара көк тұнық суы мызғымайды — Мың жылқы су ішсе де тосын құлап!.. Құлын-тай көрінбейтін шалғынында, Сол жайлау көшетұғын халқым жылда, Есіме түссе күйіп тыпыршимын Бір сезім тірелгендей алқымыма. Ал қызыл шапағындай атқан таңның, Қағазға бояуындай тамған қанның, Көргенде сансыз гүлді сол далада Бұлбұлдай тәтті ләззәт алған жанмын. Кең далам көңілімді тебіренте, Ой шіркін қиял желін еміренте Әкелдің көз алдыма қайта-қайта Өмірді қайта оралмас өткен ерте. Шұбалып көш артынан көш тіркесіп, Шық жуған қалың шалғын шөпті кешіп, Сарғайған сары белден күн шығарда Келеді қалың ауыл сыңсып көшіп. Ойпатта арылмаған тұман әлі, Жүк артқан інген, атан, буралары, Шұбалған маң-маң басып, сәл теңселіп, Желкілдеп желмен ойнап шудалары. Сол көшті, тең-тен, жүкті артқан кілең, Сәндікпен түйелерге жапқан кілем. Бастаған көш алдында ақсақал шал, Күн сүйіп ақшыл жүзі тартқан күрең...
Ер-тұрман, жүген, тоқым, өмілдірік, Күміспен жапқан жалпақ, көмілдіріп. Жорға мен бедеу мінген қыз-келіншек, Көш жанай келеді әнді төгілдіріп. Қызарып сол бір кезде күн шығады, Жер беті бұрынғыдан құлпырады. Шырқатып салған кенет қыз әніне, Шылдырлап қосылады шолпылары... Білекке ілген қамшы бүлдіргісін, «Қалқатай, жылы жауып білдір пішін» Деп жігіт қызға жанап сөз тастайды Аралас қалжың, әзіл, күлдіргі, шын. Көк ала, қылаң, бозын үйірлете, Алдағы көштен оқшау бүйірлете Көп жылқы келе жатыр жіті басып, Шығармай тайлы-таяқ, түйір шетке. Келеді жылқыдан соң көп салт атты, Қорғамақ осы көшті салтанатты. Ұстаған қолдарына сойыл, шоқпар, Аттары пысқырады шалыс, қатты. Орақ бас, бөрі құлақ, дала тамақ, Мінгені ылғи жүйрік қалған жарап. Қондырған балдағына қыран құсын Toп аңшы көрінеді оқшауырақ... Үстіне болар-болмас шаң үйіріп, Қалың қой, жібек жүнді, қазан құйрық, Өреді көш соңынан аспай-саспай, Жайылып, шашырай кеп, тез жиылып. Ілесіп көштен қалған қара малға, Бар мүлкін артқан ақсақ қара нарға Келеді сорлы кедей ең артында, (Өйтпеске, көлігі жоқ, амал бар ма) Тартынып тұра қалса қара нары, Өзгеріп нар ұстаған шал ажары Қарғайды бұл жалғанды «құрысын» деп, Есіне түсіп көрген бар азабы.
Бір көштен түскен сонау сары белден, Ойнаған жібек лепті самал желмен, Бөлінді бір топ сәнді қыз-бозбала Салысқан жорғаларын, сара желген. Астында толқын жалды қара жорға, Көз жетпес алыстағы қарап жолға, Келеді іштерінде сұлу Бірлән Тобылғы, күміс сапты қамшы қолда, Жорғасы сағымдайын құлдырайды. Шашбауы ерді соғып сылдырлайды, Биқасап қызыл жібек шапанының Жел үрлеп етек-жеңі судырлайды... Ырғалып, теңселеді қыз жорғасы, Дегендей шіркін көңіл жыр қозғашы, Тек қана Бірлән ойы желпінбейді, Шерлі бір жан секілді түр-тұлғасы. Мойнына түскен қайғы қыл құрығы, Ақ жарқын өзгеріпті қыз қылығы. Шапқанмен мінген жүйрік, көңіл жаяу Шат көңіл емес Бірлән бұл бұрынғы. Не болды қырмызы гүл-бәйшешекке, Біреуге айтпақшы ма ауыр өкпе? Үркіткен жас жүрегін қуаныштан Қандай сыр? Әлде жала, әлде өсек пе? Қырқадан асып ауыл құлан жалды, Аттан ер, түйенің жұрт қомын алды. Қамысты көлге келіп, әрі көшпей Қалың жұрт ымырт бола қонып қалды. Маздатып әдетінше отын жақпай, Ұйқыға ауыл кетті кірпік қақпай. Тек қана көзін жұмбай жатыр Бірлән Ойына толықсыған түйін таппай. Баса ма бойды шемен зіл боп үдеп, Ақ Бірлән қалды неге бірден жүдеп? Сұлудың ұйқы көрмес себебі бар, Естіген осы жақта Біржан жүр деп...
Келгендей ақ айдынмен сырласуға, Бірлән тұр көк толқынды су басында, Самал жел сыбырлайды әлденені, Досындай жас сұлудың бір ашына. Көп налып қажығандай ой суалып, Ақ жүзі бір бозарып, бір қуарып. Әсем қыз, алдындағы тұңғиықтай — Қайғыға жас көңілін тұр суарып. Қандай бұлт басты Бірлән албырт жанын, Күйдірді қандай жалын алақанын? Қай жауыз үркітті екен ұясынан, Көңілден сәби шаттық балапанын? Көзінде бар ма ыза жалын ізі, Сынғандай неге сонша жарқын жүзі? Қарайды суға неге әлсін-әлсін — Жатыр ма су түбінде бақ жұлдызы? Көңілің нені, Бірлән, қалайды деп, Аққу құс көлде жүзген қарайды көп... Сұлуды шақырғандай еркіндікке, Ақ төсін ақ айдынмен тарайды кеп, Қиялға алып қашқан тізгін беріп Аққуды көретін қыз іздеп келіп. Ал бүгін көз салмайды айдын көлге, Ой шіркін, бермей маза тізбектеліп... Арқаның асқан сұлу ақ маралы, Оқ тиіп жас жанына тұр жаралы. Ботакөз жазығы жоқ балғын жасқа Салды екен дәті шыдап кім жараны? Көңілдің ең алдымен алды қырын, Жаманбай салып бұғау қыл құрығын. Киіліп «тағдыр» — деген ноқта басқа Байланып желіге бір қалды құлын. Тұрғанын бар тілектің қырқылғалы — Білмеді... Басқа жолға ұмтылмады. Көрінді оған ноқта жібек, жұмсақ — Еріксіз кимеймін деп бұлқынбады.
Жас жанға бос қиялдан аршылмаған, Өмірдің жұмбағы көп ашылмаған. Дүниеде махаббаттан ыстық бар ма, Кезінде жастық оты басылмаған?.. Кездесіп Біржан сынды ән құдайы, Қыздың жас жараланса құралайы! Жанын бір жалындатса ләззат оты Сұлудың күйінбеске жоқ қой жайы. Тек Бірлән сөзін берген — кеше ғана, Уәдесін Жаманбайдан кесе ала ма. Әйтпесе, сонау ләззат албырт жасты Бір салмай жалынына өше ала ма? Сал Біржан жүректегі түйін еді, Жеткізбес бірақ алыс құйын еді. Қол созған сол құйынға, Бірлән қызға Біржансыз өмір сүру қиын еді. Не істесін болғаннан соң көңіл пенде, Махаббат қымбат екен өмірден де. Қандай күш тоқтатады жас жүректі, Жалындап ол ләззатқа берілгенде. Арманға жетектеген кім ермесін, Сүйді ол не болса да ән еркесін. Жолында тұр ғой бірақ Азнабайлар, Ойлашы, Бірлән, қандай күй шертесің? Сезе ме ұрынарын бір сұмдыққа, Көнбейді көңіл шіркін кейде ырыққа. Кетеді тұла бойын қалтыратып, Тұрғандай қызыл шұнақ ызғырықта. Қоймасын сезген шақта қыран бүркіт, Біресе жан сезімі қалады үркіп. Қорқады, сөйтсе дағы сол қыранды Тілейді жас жүрегі алабұртып... Қиялы кейде талып қағады мұң, Біресе қашып әбден тағаты тым. Жас жаны тыпыршиды ақиқаттың Астында жатқандай-ақ қанатының...
Осылай қайнап көңіл бұлағы да, Шоқ түсіп жанып жастық құрағы да. Жүргенде Біржанға еткен Жаманбайдың Жеткен-ді жамандығы құлағына. Құлатып жас көңілдің қайғы тауын, Бірлән тұр жасқа жуып омырауын. Жеркеніп, жиренеді Жаманбайдан Мойнына таққан өсек қарғы бауын. Аққан жас сал Біржанның кегі ме еді. Бірләнді қайғы басты, жегі жеді. Тапталған өсек болып ар-ұятын Жас сұлу қорғай алмай еңіреді!.. Бірләнға аян Біржан сүйгендігі, Ала алмай жылы жауап күйгендігі. Батады аяздай-ақ арқасына Орынсыз оған таяқ тигендігі. Сал Біржан ән салмаған жер қалды ма, Ән салса тарқалмаған шер қалды ма. Сындырған сол Біржанның домбырасын Жауыздар Бірләннің тұр көз алдында. Бұл бір күй жас сұлуға жаман батты, Сыр бермей іштен тынып шыдап бақты. Күйінді қара жерге тапталғандай Өзінің кірсіз таза махаббаты. Бірләнда жанған жүрек өрті күшті, Сол бір өрт бұрынғыдан өрши түсті, Бел буды Салмен сұлу жолығуға, Жүректің қозғап қайта дертін ескі. Мейлі өлсін, мейлі жансын, кисін кебін, Сұмдарға жібермеді ердің кегін. Армансыз, қиянатқа жауап етіп, Ашады Біржан салға көкірегін. Сұмырай, ылғи жауыз, көрсін құзғын, Ерлігін шер қозғаған көркем қыздың. Намысын салсын сынға сонау тайғақ Үстіне өмір деген көкшіл мұздың.
Шерубай өжет біткен түлек еді, Аулына Асылбектің түбектегі, Қолына аса ұстап диуана боп Бірләнді әдейілеп іздеп келді. Жастық шақ нөсермен тең өтер жауып, Жастықта кімге бөгет қатер-қауіп, Шерубай тәуекелге белді буып Жолықты Бірләнменен ебін тауып. Сағыныш жас сұлудың өзегін жеп, Түн болса, «Әупілдекке» келемін деп Серттесіп қолындағы сақинасын Жігітке берді Салға сәлемім деп. * Таң жақын. Ұйқы басқан кең даланы Еседі қоңыр салқын түн самалы. Жолықты екі ғашық, асып түсіп Аңдыған жеңгелерден қыз амалы. Сонау бір жарық айлы нұрлы түнде, Біржан мен сұлу Бірлән тұрды бірге. Қарасаң қыз жүзіне жаутаңдаған, Ұқсайды жел құлпыртып үрген гүлге. Көңілі дәйек таппай бейне сынап, Білгізіп тұра алмасын бүйтіп шыдап. Қыз жүзі құлпырады ләззат деген, Жаққандай кеудесіне дерті шырақ. Толқиды әлсін-әлсін жас жүрегі, Ой шіркін, сан тарапқа жүгіреді. Мәз-мейрам шалқып кенет қуанады Дүниеден табылғандай бар тілегі. Біресе күлімдейді қасын керіп, Қолымен дірілдеген шашын өріп. Жүрегі лүпілдейді тыным таппай Секілді жаудан үркіп қашқан елік, Арманды алыстағы жақындатып,
Бой балқып, ләззат оты жатыр шалқып. Кетеді билеп сезім ой өрісін Тұрғандай жігіт құшып жалын тартып... Ұрланып Біржан салға көзін тастап, Жас сұлу жүректегі сырын ашпақ. Қымсынып тұрды дағы сәл кідіріп Ақырын «Біржан!» деді сөзін бастап. — Сал Біржан, сейіл мұңнан, қайғырмашы, Көзімді жуды менің қайғы жасы. Домбыраң опырылған маған батты, Майысты Бірләнның да қабырғасы. Өмірде болмаған соң өз ерігі, Не керек көңілдің құр бос желігі. Ұл болып тумаған соң өрісі кең, Тек қайғы қыз сорлының жан серігі... Ісіне Жаманбайдың көп күйіндім, Қорланып, аз тартпадым мұң күйігін. Арыммен намысыңды қорғаймын деп Бел буып әлдеқашан мен түйіндім. Малға арзан болғанменен әйел тегі Кездессе егер шыны сүйер теңі. Дүниенің құны жетпес қымбаты бар, Ол оның махаббаты жүректегі. Махаббат өмірдің гүл өрнегі бір, Дүние онсыз адам ермегі құр... Кестеңді сенде маған түсірші деп, Сол өмір меніменен өштесіп жүр. Көнбейтін шарам бар ма мен бейбақтың, Жоғалған тілегімді бүгін таптым. Қолыңа тағдырымды өзім бердім, Өшпейтін жан сырымның мұңын шақтым,— Деп Бірлән төмен қарап тұр қысылып, Күйдіріп, сал ойына шоқ түсіріп. Жүрегі аласұрып қалшылдайды,
Бас иіп тәуекелге қол қусырып. Қобалжып әлденеден үркіп түрі, Жайнап бір махаббаттың кірсіз гүлі. Астынан ұзын кірпік дірілдеген Шоқтай боп тұрды өртеніп көздің нұры.., Сонау бір айлы түнде маужыраған, «Бірләнжан, жығып бердің жауды маған»— Деп Біржан сөз бастады шыдай алмай, Көзіне қарап қыздың жаудыраған. — Сәулелі аясында кең өмірдің, Дегенін істеймін деп ер көңілдің. Таласып өзімнен де күштілермен Тартыста күшім жетпей сан жеңілдім. Келемін сонда дағы әлі болмай, Өзімді дұшпанымнан әнім қорғай, Дегенмен көзім салсам дүлей күшке Тағдыр бір тұрған қысып темір тордай Сонда да бермеспін мен көңіл өрін, Басармын талай алшақ өмір төрін, Әніммен асқақтаған әлі талай Етермін жау жүрегін өрім-өрім!.. Қол артқан Азнабайдай теңдес байға, Білемін әкең маған бермес жайға. Қалыңмал дейтін болса, мал табылар Ашусыз елің егер келсе райға. Төлейін керек деген қалың малын, Үш жүзі ардақтаған Біржан салын, Халқы бар ұлан-байтақ ақынынан Мал түгіл аямайтын шыбын жанын. Қоңырат, Үйсін, Арғын, Қыпшақ, Найман, Әр ауыл берсе дағы құлын-тайдан. Жетеді қалың малым, халқым барда Үстіме көлеңке ғып қанат жайған. Жалғанда жан серігім әнім еді, Тек қана әнім менің сәнім еді,
Қосылды оған енді сұлу Бірлән Тірілді қайтадан бір жаным енді. Естідім тәтті үніңді, сәулетайым, Жүректе жатқан сен деп сөнді уайым, Шарықтап қанатымды кең жаяйын Тұғырдан ұшқан жаңа сұңқардайын. Жазымсың, жеһанымсың, жалғызымсың, Әмірші тәңірімсің, хан қызымсың. Армансыз жанмын енді, дүние деген — Көрдім мен қара түнде таң жұлдызын,— Деп Біржан сөзін айтып аянышты, Бауырына ақ Бірләнді баяу қысты. Тигенде, қыпша белге жігіт қолы, Ақ бетін қыз да үнсіз таяй түсті.
Қозғаса жүрек тулап сыр пернесін Еркіне асау сезім кім ермесін! Тұрғанда құшып ыстық сүйген жігіт Қыз қалай шаттанбасын, гүлденбесін! Кім шыдар жалынына сағыныштың, Демеді Бірлән оған қатты құштың... Қомағай сезімге сал берілгенде Қиналған үні шықты аққу құстың... О, жастық, сен бір күшсің өмірге ерке Ой салған, қиял салған көңілге ерте. Өмірдің ең қызығы жастық шағың, Әттең тек түс секілді біткен келте. Талай жыл өтіп жатыр кезегімен, Әрқайсы алса да орын өзегімнен, Алғашқы махаббаттай естен кетпес, О, жастық, ең қымбатты кезеңім ең. Махаббат мәңгі аян құдіретің, Сен жоқта өмір — қараң, көңіл — жетім. Нәр алып ләззатынан сусынданған Жастық гүл жалғыз рет гүлденетін!
Таң ата Біржан енді жүрмек болды, Ай өтпей қайта оралып келмек болды. Көнбесе ата-анасы айтқанына Ұрланып Бірлән салға ермек болды. Осылай серт берісіп от жүректер, Сол түнде гүл-гүл жанды көп тілектер. Біржан да мінді барып енді атына Айқасып сан мәртебе ақ білектер. Кеткелі тұрған салға сый-құрметпен, «Қош бол!» деп күрсініп бір ыстық леппен Шылбырын беріп жатып ақырғы рет Еңкейген Біржан қызды сүйді беттен. Жүректі қозғап ойлар нелер тәтті, Жас сұлу енді үйге келе жатты. Жарқ етті көзден оты, кенет дәлдеп Сойылмен періп өтті біреу қатты. Аспанда Үркер тарап, Шолпан туып, Кез еді таң сәрісі қалған жуық. Ақырын сұлу Бірлән көзін ашса Жел сүйіп ақ бетінен түнгі суық,— Алдында екі көзін қалған қадап Ашулы әлдекім тұр қанды қабақ. Қарайды тесіліп бір қақпай кірпік Қозғалсаң бас салатын қасқырдай нақ. Ауырып Бірлән жатыр төсек тартып, Кетеді Біржан десе кесел артып. Кім ұрды? Неге ұрды? Жұртқа жұмбақ, Тек қана жатыр түрлі өсек шалқып. Жаманбай кеше ұрын келген беті, Бар ма екен Байжұманның кереметі, Сезді ме бір сұмдықты, ел жатысымен — Көл жаққа күйеулерді ертіп кетті. Түнімен жау аңдыды жас Бірләнді, Сұлу қыз сезді оны, о да ұрланды. Тек қана қолға түсті қайтқан бетте, Ызалы Жаманбайлар сонда ұрған-ды.
Жаманбай көтере алмай ауыр ойын, Отыр ол сезбей ауыл дабыр, тойын: Ашулы, бірақ жұртқа сыр бермейді, Өзінің сақтап намыс, абыройын. Бірләннің әкесіне адам салды, «Төлегем қызына мен қалың малды, Әкетем осы жолы, берсін»— дейді, Болмай-ақ, қырғи-қабақ барымталы. Осылай кісі салып сестенеді, (Әрине, қыз әкесі сескенеді.) «Оңаша қолыма бір түсерсің!»— деп, Бірләнға кіжініп бір өштенеді. Бір сөзді, ұрт мінезді — әке жайы, Жалғызы, болса дағы алтын айы, Бірләннан оған қымбат алған малы, Мал ғана мұндай әке бар құдайы! Нық ұстап ата-баба мирас жолын, Асылбек дейді: «Ие, рас оның...» Таласар жайы бар ма Азнабаймен Бірләнға деп жүргенде «дұрыс орын». Жалғызын ұзатуды ойлап енді, Алдымен шолып айтып жайлап көрді. Бірләннің көнбістігін білгеннен соң Морт әке Жаманбайға байлап берді. Зұлымдар кесті тілек қанаттарын, Қара құс ілді сұңқар балапанын. Байғұс жас еңіреумен сапар шекті, Сенімге, босқа жайып алақанын. Батар күн ең ақырғы қызылындай, Кесілген кенет өмір қызығындай, Қайғының қара албасты түні басып, Үміттің сөнді нұры қызыл шырай. Жас ойын ашу қысып өртеп жанды, Жүректе өшпес қайғы дерті қалды.
Қазақтың көп қызының біріндей боп, Қомында бір атанның кете барды. Жас Бірлән қыздың дара тамашасы, Оралып ақ мойнына қара шашы, Келеді қом үстінде құндақталып, Қайғының басып зілдей қара тасы. Амал не, өмір жылап өтер тегін, Жауыңда күшсіз болсаң кетер кегің; Келеді арқан қажап жас Бірләннің, Ақ мамық, қос алмалы көкірегін... Осындай көздің нұры, қарашығын, Тастаған кигізге орап қарақұрым Бетіне үймелейді тыным бермей, Қаптаған сары маса, қара шыбын. Асқанда белесінен «Қанды бұлақ», Ауылың дегендей-ақ қалды жырақ. Бірләнді сонда ғана барып шешті, Жаманбай кекете кеп халін сұрап. Кеудені қысқан ыза қарқынымен, Тоқтамай жүріп түннің салқынымен, Жігіттер келін түсті таң атқанда, Ақ көлге жел ойнаған толқынымен. Қос тігіп, жұрт дайындап жатыр асын, Көңілдің көкке ұшырмай шағаласын,— Қайғының жамылып қыз қара бұлтын Аралап кетті үнсіз су жағасын... * Үйеңкенің суға тиген жапырағын Жұлқылап, құшып, сүйіп жатыр ағын. Көк толқын өрмелейді жарды ұрып, Дегендей сені дағы жапырамын. Күн шықты. Гүл жуынды шық суына Оянып көлдің сұлу аққуы да, Ән салды ақ шашақтың басын жұлып Бөленген тұманды су ақ буына.
Осы кез дүниенің бәрі қызық, Айдында қиқу салып қазы жүзіп, Бұлбұл құс тал басында сайрайды кеп, Бауырын сұлу әннің жазылдырып... Көз салмай сондай сурет қызығына, Тербетпей ойын таңның қызылы да, Бірлән тұр көк толқыннан көзін алмай Берілген қасіреттің ызыңына... Қайғының бұлты жауып қабағынан, Өмірдің қашқан жандай азабынан. Ақ жүзі қалған солып бір-ақ түнде, Үзілген гүл секілді сабағынан. Кешегі сұлу Бірлән сүмбіл шашты, Аударып суға суық ықыласты. Әзер тұр тәлтіректеп, амал бар ма, Денесін қайғы деген сұмдық басты. * Жартаста суға төне тұрған құлап Көрді қыз, жас жүрегі толқып, тулап. Етекте шумақ-шумақ ақ көбікті, Жарды ұрып жатыр асау толқын шулап. Әдейі жарға шығып құламалы, Бірлән тұр көк толқынға құлағалы, Сөйтіп ол жеңбек мылқау сұр өмірді. Қорған ғып шерлі жанға сұм ажалды. Жасыды мұнша ерте көңіл неден? Неге тез қоштаспақшы өмірменен? Зар заман айдап әкеп тұрған жоқ па Тек қана жалғыз жолға өлім деген. Сұмырай сұм өмірде қараң қалған, Ажалдың бейнесі тұр қараңдаған... Селк етті кенет Бірлән... Еске түсті Бір түсі — таяй берген қара жылан. Сол жылан — улы тағдыр қазір енді Шағуға жас сұлуды әзірленді.
Оралған тамағына тағдыр — жылан, Қыз бейбақ алады кеп әзер демді... «Қайғыдан жаралған аз қуанышың Екен ғой сонда өмір қуат, күшің? Қасірет — арнап тапқан жазаң ба еді, Адамға сүйгені үшін, күйгені үшін?»
Қол берер қорған болып осындайда Атақты жаны сүйген досы қайда? Тағдырдың бар жазғаны осы ма еді? Біржанмен енді мәңгі қосылмай ма! Түскенде, таймай өмір күресіне, Тиді ғой азап ауыр үлесіне. О, Бірлән, сол азапты сұр өмірді, Тек қана күшті жеңер, білесің бе! Келсе де іздеп сені жан жолдасың, Шабуға күші бар ма жау ордасын? Қолынан сорлы Біржан не келеді Жүргенде қорғай алмай домбырасын?! Аулына Жаманбайдың барғанменен, Күң болып мәңгі-бақи қалғанменен, Ұмытар күшің бар ма сүйгеніңді Өшпейтін жүрегіңде арманмен тең? Сондықтан көнбей тағдыр салғанына, Қайғының шыдай алмай салғанына, Жарға кеп өлім күтіп тұр ғой Бірлән Тек өлім қуанышы, арманы да. Бірақ та... Десең-дағы қайғы батты, Жаныңды үркітсе де қауіп қатты. Кей кезде көрінетін құнсыз өмір, Дәл қияр мезгілінде қандай тәтті! Қаншама басса-дағы дерт көңілді, Қия алмай тұрды қыз да сол өмірді. Соңғы рет қарағанда жан-жағына Көзінде мөлдіреген жас көрінді.
Сөйтсе де сұм өлімге көнген сезім, Дегендей болды күткен келді кезің. Бірләнге күн тұтылып, қараңғылық Жапқандай көрінеді жердің жүзін. Ақ жүзі ақ Бірләннің мың құбылып, Қарайды әлі өмірге тым қызығып. Пайда не ол жапырақ мәңгі семген Түспеген бұтағынан тек үзіліп. Өлсе ол... Өлер біреу кім жазалы? Өмірдің бұл әдетті бip мазағы. Адамға мақсатына жете алмаған Өмірдің өлімдей боп тұр азабы... Сол кезде кенет өмір өрті сөніп, Сұм ажал сұрқия күш жетті төніп. «Қош Біржан!»— деді-дағы қыз құлады Көк толқын сылдыр қағып кетті көміп. Батырып суға бірге қайғы тасы, Осылай бітті Бірлән оқиғасы... Тек қана көк толқында ұзақ жүзді Желменен ойнап үкілі тақиясы. Түскендей ел басына сұмдық көктен Хабарды сұлу Бірлән суға кеткен. Шабарман естісімен Жаманбайдан Аулына Асылбектің суыт жеткен. Шошытып, шемен етіп қыз ажалы, Біресе көкіректе қызып қаны. Ай іздеп тапты әзер жас Бірләннің Денесін Нұраның көп қырғыздары. Өлімге шара табар қандай басқа Боятып омырауын халқы жасқа, Ақ шымнан бейіт қалап қызды қойды, Бір құлаш атын жазып құлпытасқа. Ұмытты жұрт та жылдам есіл жанды. Тек Біржан естіп кейін бұл сұмдықты
Мөлтілдеп көзден жасы ыршып шықты. Күйзелген, күңіренген сол сағатта Өлді жас, енді айтарлық несі қалды? Кім жоқтап, жер бауырлап, есін танды? Кез жетіп құтылғандай бір борыштан Өмірдің еш аямас сырын ұқты. Білді ол ер көңілдің именерін, Жүрекке талай қанжар түйрелерін. Білді ол сонау жарық сенім күткен Бір күні қаусап өмір күйрелерін. ТРАГЕДИЯ ШЕШІМІ Дүние бейне теңіз жатқан шалқып, Тулаған толқындары билеп, шарпып. Малтығып сол теңізде ақын Біржан Келеді, кейде батып, кейде қалқып. Алысқа жыры қанат қаққанында Қақтығып қиянаттың қапталына. Қанатын сан сындырды ақын Біржан Өмірдің толып жатқан шатқалында. Таба алмай тура жолды сан дағдарды, Талайға ойыншық боп сал тағдыры, Тартыста өткен сонау ауыр күндер Жүректе өшпейтұғын дақ қалдырды. Сонау бір өтіп өмір ұқсап түске, Caн арман шықпай сыртқа қайнап іште. Қуарған құнсыз жылдар өтіп жатты, Күресер дәрмені жоқ, өкініште... Қазір ол асау ойдың кебін шертер, Күні жоқ кешегідей еркін серпер. Тек қана көркем үнді даусы қалды Жаныңды әлі талай тебірентер. Алдамшы өмір өтті сағым-сынды. Біржаннын талай налып, сағы сынды. Жүректе қалған сонау тәтті күндер
Қартайып сал көңілін сағындырды. Суынған әлдеқашан жар қызығы, Қайғыдан ұйқы қашып, сыр бұзылды. Алдында бақыт бар деп күткен сенім, Шіріген жіптей кенет шарт үзілді. Сөзі өткен Біржан салдың би мен болыс, Аударсын дейтін болды биыл қоныс. Мазаны күнде алады қас, жаулары, Сұлу ән қалдырғандай бітпес борыш. Тартыстың сөнбей ізі өткен суық, Әкеден бала зұлым өктем туып, Үйірін көгаланың ең ақырғы Баласы Азнабайдың кеткен қуып. Дүниені жалпақ басып көктей еткен, Сал Біржан әннің жасыл кегін төккен, Қалдырған ел-жұртына өлмес өлең Өшпейтін өле-өлгенше көкіректен. Бірақ би, сұм болыстар, тағдыр жемір, Сөндірді лапылдаған өртін өмір. Адамды сүйсіндірген сұлу әннің Енді өзі оты шалған дертінде тұр. Тартысқан күндерінің ақырында, Қыл бұрау салды өмір тақымына. Күңіреніп әніменен жалғыз қалды, Жанынан қашып досы, жақыны да. Ұшқыр ой деген жұрттан мен озамын, Көрмеймін деген өмір еш тозағын. Ақыры азабына өзі жанды, Жалғанның жұтып ащы шаң-тозаңын. Ақынға талай озбыр жәбір етіп, Аяулы бара жатты өмір өтіп, Тек қана серік болып әні қалды, Қозғайтын көкірегін дүбірлетін. Күйінген, күйік шерткен назалы жан, Жоғалып кейде әжім ажарынан,
Ән салып масаттанып отыратын. Өмірдің қашып ауыр азабынан, Құлақ caп естілсе егер жел ызыны Құмартып біреу тартса сыбызғыны, Біржанның жан серігі ән менен жыр Ермегі, қуанышы, бар қызығы... Қайғының шыдай алмай өр дертіне. Салынған құлын жалды өр бетіне. Келетін Бірләннің көп зиратына Ұқсап бір қалған жалғыз шын жетімге. Алатын сонда қолға домбырасын, Тыя алмай көзден аққан долы жасын. Зарланып қоңыр қаздай жалғыз қалған Салатын әнді құшып жар моласын. Бір тынбай ұзақ күнге көмей, ерін, Тарқатып әнмен ауыр көңіл шерін. Қайтатын ауылына бір желпініп, Туғызып көкіректе көктем желін. Бірләннің келсе Біржан бейітіне, Қайғының зары жылап кейіпінде, Ұнатпай Азнабайлар шамданатын, Шақырып кейде ашу кейитін де. Қайғыға беріп тозған көңіл ерік Салғанда Біржан әнін күңіреніп, Сасатын Азнабайлар қылмысынан, Қысылып кететіндей көрге еніп... Қабірден кетіре алмай Біржан салды, Тауысты Жаманбай да бар амалды. Енді оны жолатпасқа жалғыз ғана Моланы бұзатын тек жолы қалды. Сағынып Бірлән-сынды сөнген гүлін Зиратқа әдетінше келген бүгін... Жетті де ол... бірақ неге түсі қашты? Қан-сөл жоқ... Жан шошынар көрсең түрін,
Сал Біржан көзден жасын қалай тыймақ? Құлпытас, алтын айлы, құйған зират Шашылып, әр кірпіші әрбір жерде Жерменен жексен болып қалған қирап Жүр екен үзбей әлі жау қарасын, Аршыпты тағы аямай жан жарасын. Дұшпанның зұлымдығын Біржан білді, Қызғанған ақыры одан жар моласын. «Не жаздым осыншама, жауым, саған, Сөндірдің жас жүрегін жалындаған, Не жаздым көрсетпестей, ей, Азнабай, Зиратын айдалада қалған маған?» Біржан тұр қабағынан қайғы жауып, Күрсініп күбірлейді ауық-ауық. Біресе маза таппай ентігеді, Болдырған бәйгі атындай ұзақ шауып, Денесін билеп ашу ызғырықтай, Кеткенде жан сезімі ызаны ықтай Айқайлап бар үнімен ән салғанда Тұншығып қалды кенет даусы шықпай. Не болды? Біржан неге тұр түнеріп! Сұлу үн құйқылжымай мың түрленіп? Дауысы қалды шықпай кенет үнсіз, Долы ашу жанын қысып, тіл күрмеліп. Ән еді Біржан салдың ең жақыны, Әнімен Біржан талай таң атырды, Бөтен шер аз болғандай, тіл байланып, Сол досы кетті тастап ең ақырғы. Аққу құс көлде әнсіз жүзе ала ма, Ақын жан жерде үнсіз жүре ала ма, Сол күннен басталды бір ауыр күйлер, Сал Біржан әнсіз өмір сүре ала ма!
- * Біржан жоқ ауылында ел жатқалы, Іздеуге түн ішінде жан батпады. Қуарған қу моладай қыр басында Әне тұр қозғалмастан таң атқалы. Қарайды жан-жағына оқта-текте, Айтқандай өгей ана өмірге өкпе. Тұншығып, көзіне тек от жағады. Арманы шыға алмаған көкіректе. Біржан сал бұл өмірдің өгейі ме, Үні өшкен шыға алмаған көмейінде. Арманы көзіндегі тұр ғой айтып, Өлейін әнімді бір төгейін де. Естілсе бұлбұл үні, аққу әні, Құлпырып кетеді бір ақын жаны. Не керек қосылуға дәрмені жоқ, Қаншама туласа да тасып қаны... Сол кезде көзі үнсіз мұң жылайды, Еріні әлденені сыбырлайды, Тұрғандай бұрынғыдай әнді төгіп, Қозғалып қас-қабағы қыбырлайды, Еріні күбірлеген «Бірлән» дейді, Жаралдың, сұлу Бірлән, нұрдан дейді. Барғалы тұрмын міне сені іздеп, Тағы да қашып менен ұрлан,— дейді. Аузына түссе егер аты Бірлән, Қалады күрсініп бір ақын Біржан, Көзіне көк шыбындай үймелейді, Ылғи сұм алыс мұңды жақын қылған. Сұп-суық мынау ажал пышағы ма, Өн бойын темір құрсау қысады ма, Жүрегі жұдырықтай болса-дағы Тыпырлап сыймайды әлем құшағына. Әнімен сән құратын Біржан қандай, Кешегі жүрген кезде тіл байланбай.
Ал бүгін көңіл шіркін бұлқынады, Қармаққа түскен бейне ақ қайраңдай. Ыза-кек жан сезімін сілкіп батыл, Аямай аш қасқырдай жұлқып жатыр. Найзамен көтергендей жан-жағынан Біржан тұр кеткендей-ақ үркіп ақыл... Сұм тағдыр ашуымен түйреп қатты, Кешегі шат тілектер күйреп жатты. Жүйрік ой бір кездегі құс қанатты, Тұсалып қайғыменен күйбең қақты. Сұр жылан оралғандай тамағына, Аш қасқыр жармасқандай балағына, Сал Біржан қаны қашып сұп-сұр болып, Түйіліп төнді өлім қабағында. Не болды? Ақын отыр дұрыс ұқпай, Шынымен қалғаны ма даусы шықпай, Көрініп кетті оған тілсіз өмір Жалмауыз жұтатын бір құбыжықтай. Азнабай, Жаманбайлар жан-жағынан, Қамайды-ау жиып нөкер ылғи жыннан. Құтылар қашып одан Біржан қалай Арты жар тілсіз жанға, алды зындан. Тұрғандай қазір жанын алайын деп Бұталар әзірейілдей қарайды кеп, Шошынған Біржан кенет тұра қашты, Жанымды аман алып қалайын деп. Салпаңдап, шұбатылып кең балағы, Келеді Біржан қуып айдаланы, Көмейден бір шықпайды жалғыз дыбыс Қаншама салса-дағы байбаламды. Келеді әлдекімге қамшы білей, Түрінен зорлық жеңіп қашқан үрей. Кешегі жалын шашқан әнші Біржан, Секілді қазір тажал, мылқау дүлей. Біресе әлдекімге қарысады, Өзімен-өзі жатып алысады,
Ыза, кек бойды алған маза бермей Далбаңдап соққан желмен жарысады. Кез еді күн батуға қалған таяу, Адамды әлдекімнен қашқан жаяу, Сайдағы отырған ел тегіс көрді, Япырм-ай, мынау Біржан болмағай-ау? Азнабай о да көрді қырда тұрған Біржанға өмір бойы қақпан құрған. Бұйырды, ұстаңдар,— деп нөкерлерге, Жынданды,— деді,— мынау құдай ұрған. Сорлы ақын тіл күрмеліп ашу қысқан Азаптан құтылам деп құстай ұшқан. Пәле caп қор қыларын жынданды деп, Ұмытты бар екенін қас пен дұшпан. Келеді әнші Біржан құстай ұшып, Бір бұта қалды үстінде пұшпақ ішік, Ойы не? Әлде жаудан құтылмақшы, Алдында жатқан айдын суға түсіп. Жүрегі аттай ойнап, аласұрып, Айдынға Біржан енді қалды жуық. Сол кезде Құлмағамбет қуып жетті, Ысылдап сұр жыландай түсі суық. Соңынан жетіп тағы үш-төрт жігіт, Байлады Біржан салды жерге жығып, Қамады Азнабайлар ертеңіне Үш аршын қапас жасап, кетпес шығып. Көп ауыл айдын көлге қонған жақын, Соғады көлден самал қоңыр салқын. Күн батып ұясына бара жатыр, Сәулесі құзды сүйген қызыл алтын. * Ит үріп, түйе боздап, қой маңырап, Шапқылап бұзаулары жүр жамырап. Дауысы әйелдердің сампылдайды,
Кәрі шал үй сыртында тұр дабырлап. Ауылдың үстін селдір бұлт басқан ба, Ұқсайды сүт пісіріп, ет асқанға. Көк түтін көтеріліп жаймен ғана Барады көлбей ұшып көк аспанға... Қой мініп, қозы қуып, бұзау байлап, Балалар жүр жүгіріп жүзі жайнап, Жабысып етегіне шешесінің, Ерке ұлан қыңқылдайды сұрап қаймақ... Белдеуде қыл шылбырды тартып жұлып, Жүйрік тұр жер табынып тарп-тарп ұрып. Жылқышы бара жатыр белден асып, Сүйреткен қыл арқанды қайың құрық. Күн батты, жерді басты қара күңгірт, Қарайып қоюланып барады ымырт, Қас пен көз арасында ебін тауып, Қыздың тұр уәде сөзін алып жігіт. Ай бетін ала шабыр бұлт жасыра Самал жел жасыл шөппен сырласуда... Toп адам отыр әлі әңгімеде Ауылдан тұрған аулақ қыр басында. Өр кеуде, балуан дене, қауға сақал, Істеген тек барымта, жауға сапар. Жыр етіп айтып отыр өткен күнді, Қан төгіс, ұлы тартыс, дауды қатал. Тапжылмай сөзін ұйып жұрт тыңдайды, (Өткен күн — ол бір ертек кім сынайды) Алтын ай бұлттан шығып күлімсіреп, Мақұлдап жұлдыздар да жымыңдайды. Шошытып құбыжықтай кең даланы, Біржанның анадайда тұр қамалы. Әдейі сал Біржанды сатқандай Салған ән кенет қатты түн жарады. «Дегенде біз қартайдық, біз қартайдық, Белгісі қартайғанның серттен тайдық. Кәнеки, соныменен шыққан мүйіз, Қасына сұлулардың көп жантайдық».
Топас жан жаман үнмен құлақ жарған. Ырғағын бұзады кеп бұрап жалған, Қор болып әнші Біржан күйінеді, Әні ғой бір кезде өзі шырқап салған. Сол кезде сай-саланы күңгірлетіп, Тынық кеш кең даланы күңірентіп Тіл бітіп, ақын Біржан ән толғады, Қамыққан өр көңілдің күйін шертіп. Жамырап халық біткен сыртқа шықты, Естуге Біржан даусын жұрт ынтықты. Әнші тұр қоңыр қаздай даусын кернеп, Әлі де толқындатар не тұнықты. Сонда сал шығады үні асқақтаған, Ой толқып, естігенге ас батпаған. Кетеді өрлеп көкке асау үні, Кейде мұң, кейде ыза, кек баптаған. Шарықтап сермейді кегі ән құлашын, Келтіріп шын бабына әр сөз нәшін. Қандырып ән көкейін құлпырады, Дегендей ақырғы рет жұрт тыңдасын. «Шетіне орамалдың түйдім сусар, Көп жылқы көкалалы көлде жусар, Кешегі ел қыдырған есер шақта, Әнім ед өзім салған «Жамбас сипар». Сарқылмас өзегінде ағып тынбай, Секілді таудан түскен ағын судай, Біржан тұр босатып бір ән көгенін Әлі көп жатқан әні ағытылмай. Ән шіркін сылдырындай көп шолпының Бір мезет құлпыртады үн толқынын. Естисің кейде одан ауырғанда Шығатын ашына азап жан солқылын. Жоғалтқан боз інгендей жас ботасын, Күңірентіп cap даланың қыр, жотасын. Зарланып кетсе Біржан, сен де налып,
Қайғыңды жатқан тыныш оятасың. Көңілдің аласұрған өшіп желі, Шыққанда көкіректен өксіп шері, Сенің де кеткендей-ақ жараңды ашып, Өз мұңың сонау үннен естіледі. «Көрінер сұлу жүйрік жарағанда, Шаштарын гүл-гүл жайнар тарағанда, Танданып жығылуға таянған ем, Мойныңды бұра тастап қарағанда». Дегенде Бірлән өртеп көкірегін, Ағытып серпінеді ән көгенін. Біресе «Жанботаны» аңыратып, Жоқтайды Азнабайда кеткен кегін. Көзде жас, көңілде шер тұманданып, Тыңдайды әнді халық құмарланып, Тұрғандай өлеңімен Біржан бірге Үстінде қорғанының мұнарланып. Дейді ертең, өз сөзіне өзі сенген, Кейбіреу адамдай-ақ көзі көрген. Сал Біржан шықты дейді қорғанынан Әнімен көтеріліп көкке өрлеген. Бұл лақап болса-дағы тіпті жалған, Сонда да аңыз болып бізге қалған. Шығарған жаны сүйген әншісіне Халықтың бұл бір ойы өзі нанған. Нанған ол өз ойына, нанған анық, Өйткені қазақ ақын, әнші халық, Әншіге бұдан артық биік бар ма, Өнері ертегіге жатса айналып?! Бұл хабар қалың елге тарап жатты, Көп жанды тебірентті, таңырқатты. Зарлаған, сорлы болған ақын Біржан, Талайдың жас жүрегін жабырқатты. Азнабай, Жанботалар естіп мұны,
Қозғалып қайта ашуы, ескі «жыны»,— Жіберді топ жендетін байласын деп Біржанды, қозғалмас қып сол күн түні. Мойнына жаман атты қарғы тағып, Екі кез жұлынбастай қада қағып Байлатып Біржан қолын қыл арқанмен Қос жігіт қапас аузын қалды бағып... * Кей кезде Біржан салға ес кіреді, Ес кірсе жалынғаны естіледі. Ауыртып арқан батып білегіне Күңірентті күйік шіркін есіл ерді. «Уа, өмір, ойлағаның мазақ екен, Түсіндім сырың сенің ғажап екен, Мәз едім ән бердің деп жан тербетер, Бергенің әнмен бірге азап екен. Қидың ба «жынды» деуге, қайран жұртын. Ұлыңды сан ақтаған ана сүтін! Шөлдеген естігі тұрып бұл үнімді Қолыңнан су бермедің жалғыз жұтым. Қайтейін аяу білмес жауым қатты,— «Жынданды» деген тақты жаман атты! Уа, халқым, өзің сүйген Біржан, ем ғой, Шешсейші білегіме арқан батты»— Аяздай тұрғанда өмір беттен қарып, Даңқ, атақ кімге керек еткен ғаріп? Бір арман ойға түсті жас кездегі, Кіргенде есі салдың кеткен талып: «Уа, тәңір, аяшы жас түлегіңді, Аясаң берші жалғыз тілегімді. Араша түсе алмасаң қиянатқа Темірдей жарата көр жүрегімді!» Түсінді қартайғанда Біржан енді, Таппасын қайғысына ешбір емді. Түсінді қанша берік туғанменен Сұм заман шыдатпады, бұны жеңді!
Осылай жырмен төгіп ашу, кекті, Сал Біржан қамыққанда қасіретті, Түсінді халқы ісін бай мен болыс, Қанды ауыз, қара ниет, қасқыр текті. Біржан да аямай бар сырын ашты, Жыр емес от жүректен жалын шашты. Булығып шықты ашу көкіректен Бұлақтай қайнап атқан жарып тасты. Әншінің жынды емесін халық ұқты, Сау жанды жынды деген бұл сұмдықты Көзімен көріп, кенет ашу қысып, Ызадан көкіректе үн тұншықты. Біржанның естіп төгіп тұрған зарын, Долданып өрши түсті үрген жалын. Қалың жұрт көтеріліп атқа қонды, Байлатып тұра алар ма Біржан салын! Азнабай әлсіздігін сонда ұқты, Абыржып үрейі ұшып, сасып мықты, Шұқылай берді жерді сезгенінде Істерін ашулы көп бір сұмдықты. Жеңбесін халқы сүйген ардагерді, Түсінді көзі жетіп анық енді. Су кетіп иінінен, амалсыздан «Шешіңдер,— деп,— Біржанды!» жарлық берді. Күзеткен қарауылды кейін сырып, Шерубай шым қамалға келді кіріп. Көргенде сал Біржанды табыт-сынды, Аяғын бірер басып... қалды тұрып. Сөйтті де, жүректе ашу өрті тулап,— Арқанды жіберді ол турап-турап. Шаршаған шіркін ақын шыдай алмай Сылқ түсті шапқан шөптей тұрған қурап. Көтерді Шерубай тез қолтығынан, «Жасыма,— деп ақынға,— халқың қорған!»
Қамалдан шыққан Біржан жаңа көрді Ел-жұртын, қарақұрым, қаптап тұрған. Сонда ақын енді өзін жоқтатпасқа Ашулы, екі көзі толып жасқа, Аңыратты жүрегінде жатқан сырды Шығып ап оқшау тұрған оба тасқа: «Дүние маған даңғыл жол көрінген, Өтермін деуші едім шат көңілмен, Жоқ бекер! Алдым қиын биік болды Талассыз аса алмайтын бір өрінен! Сөйтсе де жоқ қой, өмір, саған өкпем, Басса да жауым мені көкіректен Әнімді баса алмады, жеңе алмады Үніндей періштенің түскен көктен! Қалмаспын бордай сынып, жездей жасып, Өтермін әлі де мен тайталасып, Күрессіз өмір сүру мүмкін емес, Жүрген соң адам болып жерді басып». Көркем үн тағы жұртты таңырқатты. Қайтадан сұлу әннің таңы да атты. «Жанбота», «Жанбас сипар» мың құбылып, Құйқылжып ой мен қырға тарап жатты. Бөлеген әнге қазақ кең өлкесін, Тәтті үн мен қуған қайғы көлеңкесін, Көтеріп ту ғып көкке халқы әкетті Біржандай ардақтысын, ел еркесін!
ӘБУ НАСЫР МҰХАМЕД ӘЛ-ФАРАБИ (Ұлы ғұламаның туғанына бір мың бір жүз жыл толуымен байланысты Алматыда өткен тойдың тұсында жазылған дастан) ЖЫР БАСЫ Қазақта домбыра бар әл-Фараби, Ежелден сан алуан ойнаған күй. Әр жыры — арпалысқан асау тартыс, Тулаған жүрек толқып, қайнаған ми! Сол аспап ескі тарих күйін шерткен. (Жаныңа күйі батар қиын дерттен) Сағынып сарғайсаң да оралмайтын Жоқтайды кәриядай күнін өткен. Жатқандай одан өрбіп мұң бұлағы, Бітпейтін қасіретті үн шығады. Осынау өксік күйге құлақ қойсаң, Көзде жас, көңілде арман тұншығады. Бір күй бар домбырада құдіретті. Ашатын хош иістей көкіректі. Аты оның Әбу Насыр Мұхамед қой, Сөйлеткен тіл бітіріп, тоғыз шекті!.. БІРІНШІ ЖЫР Сол күйді тыңдаймын мен таң атқанша, Таң атып, таусылып кеп, күн батқанша. Өйткені онда қайғы, өкініш жоқ, Адамдай кеткен өліп тіл қатқанша. Тыңдайды күйді бірге кілең өрен, Тіршілік шаттандырған бейне өлең. Ұрпағы Фарабидің бұлар тегіс,
Шомылған қуанышқа түпсіз терең. Фараби біздей қызық көрген емес. Өмірі болды талас, күрес, емес. Жұлдыз боп бірақ көкке көтерілді. Сол жұлдыз әлі күнге сөнген емес! Шын дарын дәл осылай нұр боп жанар, Дүниеге мәңгі өшпес жыр боп қалар, Халықтың жүректегі жұлдызындай Жарқырап тарихының орнын алар! Уа, Адам, жинағаның, бар тергенің, Қылмысың, қиянатың, жек көргенің — Өзіңмен бірге кетер, қалар жалғыз Дарынды болса артында тек еңбегің» Дүниеге бәрімізді еткен қонақ, Табиғат жаралғансың неткен олақ! Таусылмас арман бердің тағы бізге Несіне онда өмірді еттің шолақ?! Қандай қысқа жаста үлгірерсің, Өтпей-ақ шаңқай түсің, келес бесін, Уақытты жеңе алмасаң бергеніңмен, Өмірде өкінішті кетер өшің! Жалғанда жақсылық көп қол жетпейтін, Жалғанда адам да көп дос етпейтін, Қуантқың келсе өзгені және өзіңді, Арманың болсын өмір бос өтпейтін! Сахара, құмды қырат, жыңғылды ойпаң, Міңгірлеп қария ұзақ жырын айтқан. Келеді керуен кезіп кер даланы Алыстан тізбектеліп қаздай қайтқан. Күлсары араби нар кілең түсі, Бәдәуи, керуен басы кәрі кісі, Байлаған күміс қоңырау соңғы лөкке Тоқтайды көш біліне таңсәрісі. Бір мезет Самум дауыл соқса дүлей, Дүние боп қалар алай-түлей.
Құм көрпе жауып кенет көк аспанды Әлемді басады кеп албасты үрей. Жел тынса, күн көктегі жүзген шалқып, Төгеді оттай жалын жерді шарпып. Көрікпен қақталғандай сұрғылт құмдар, Кетуге әлем жақын жездей балқып. Тек түнде ай әлемге сәуле беріп, Құм теңіз ақшыл тартып, сәулеленіп, Біртіндеп, Сахараға жан кіреді, Жұлдыздар оқта-текте көкте сөніп. Мезгіл ме құратұғын жұрт серуен, Қай жақтан келе жатыр бұл керуен? Көшеді неге түнде тыным таппай, Жатады неге сонша таңсәріден? Тәубе етпей ұлан-асыр жер кеңдігін, Мысырдың жойғаннан соң еркіндігін. Мұхаммед пайғамбар ол бар әлемге Жүргізбек болған Ісләм үстемдігін. Орда етігі Сирия мен Египетті, Өз дінін жер шарына үгіт етті. Шұбырды сахабалар күншығысқа, Бір шеті Сейхунға да келіп жетті. Медресе, шаһар салып тұрғалы көп, Арабтар Сырды бойлай орнады кеп. Туған жер аттарымен атады олар Кенттерін Қарнақ, Сунақ, Отырар деп... Осылай діннің ұзақ жолын ашқан, Ойланған сұмдық та бар әуел бастан: Қайтарған қожа-молда етіп елге, Әкетіп қыпшақ ұлын бала жастан, Бәдәуи жетектеген сондай көшті, Сәбилер киген күпі, тонды ескі... Ішінде он бір жасар Әбу Насыр, Өзгеден зирек және ойлы, есті... Әкесі қыпшақ, болған Бұхарда әмір. (Алды оны биыл құдай, алды тәңір.) Ал әке өле-өлгенше таласта өтті.
Бала өсті одан жаны көріп зәбір... Шешесі Қаңғылыдан арғы беткі. Көшпелі, нағашы елі құдіретті, Балаға барған сайын сән-салтымен Ұғуға сұлулықты әсер етті. Кемелге жетпей жатып жиһан кезген, Қарайды ол енді өмірге жасты көзбен. Көрмесін бұдан кейін елін мәңгі Секілді күні бұрын жаны сезген... Сонда алып домбырасын тоғыз шекті, Шертеді саусағымен келген епті. Қоштасқан жұртыменен күй шығады, Кақ жарған қайғылы үні көкіректі... Оятып тыныш түнді күңгірт-бұлдыр, Шығады қоңыраудан күміс сылдыр. Тек әттең, өкініштің өксігіндей, Бір мезет тебіренбейді көңіл құрғыр. Сұм тағдыр, қара албасты, кәрі мыстан, Обал деп мүскіндерге қарамастан, Мықшитып иықтарына салған ауыр Қайғыны, қара тастай, қарғыс басқан. Көңілі балалардың бітеу жара, Оларға жұмбақ — жазмыш, барар қала... Көш тынбай қозғалады айлы түнде, Бозарып сөнген күлдей жатыр дала... Сахара ренжігендей қабақ шытып, Таусылған бейне үміттей күтіп-күтіп, Жоғалып қоңыраудың сылдыры да Алыстап бірте-бірте жатыр бітіп.... Болғандай шығып арман көкіректен, Таусылған мана күйде қайғы төккен. Құшақтап жан серігі домбырасын Жас бала түйе үстінде қалғып кеткен... Жолы бар керуеннің әлі талай, Жылжиды ол, изең-изең алға қарай. Қыпшақтың жас ұлдарын не күтіп тұр, Қара түн әлде таң ба алтын арай?
ЕКІНШІ ЖЫР Қандай жан жақсы көрген қайғыруды, Досынан, жолдасынан айырылуды? Бұлты жоқ көк аспанды жаным сүйген Жазғы күн, жасыл дала, айлы түнді. Не жетсін жастық шаққа күлімдеген, Өткені бастан қалай білінбеген, Адамның ол бір таза қызық кезі Миуа гүл, шық моншақты, бүлінбеген. Жастық пен шаттық қана таласады, Тек жастық — шаттықсыз да гүл ашады. Кәріге көрген өмір бар қызығын, Тұнжырай ойға кету — жарасады. Адамда көңіл күйі деген күш бар, Кең дүние кейде оған көрінер тар. Кімде-кім өз заманын қабыл етсе, Бақытты ол, өмірге де келер құштар. Біреудің өлеңі тек өз билігі, Оған жат мұң-наласы ел күйігі. Тек қана үлкен жүрек халқын ойлар Тіршілік білсең сонда бар түйіні! Алады біреу шыңды, біреу өрді, Тәубе етер біреу есік, біреу төрді, Шығыстың шыңы менен төрін алған, Дүниеге ақылдың бір Пірі келді! О, Шығыс — Адамзаттың сен бесігі, Алғашқы ақыл-ойдың көл-көсірі! Адамға сенен бастап мәдениет Ашылған, алтын қақпа, кең есігі! Білімге басқа елден бұрын келдің, Өзгеден жырттың бетін бұрын жердің. Теңіз бен жұлдыз тану ғылымдарын Дүниеге барлық жұрттан бұрын бердің! Сен таптың құпиясын жауһар тастың, Емдеудің ең алғашқы жолын аштың.
Қолбасшы әлемге ұлы ұлдар беріп, Дүниеге ақыл, ойдың нұрын шаштың! Этилла, Шыңғысты да сен туғыздың, Сел етіп көздің жасын сен жуғыздың... Пәрмені пирамида — гранит тауды, Атақты Газыны да сен тұрғыздың! Көтердің Сфинксті немен пілдей? Бар ғалам жүрген жоқ па әлі білмей! Таң қалған адам жеті ғаламатты Тудырған өзіңсің ғой бәрін бірдей! Теңесең шайқалмалы минаретке, Бүгінгі жүз қабат үй керемет пе? Қарасаң, Таджи Махал шын ғажап қой, Сұлулық бар ма ондай жер мен көкте?! Аз емес сен күресіп жыққан жауың, Аз емес сен Батыстан ұтқан дауың, Гете айтқан сенің ұлы ақындарың Әлемдік поэзияға соққан тауың! Осының бәрі Шығыс, бәрі Шығыс, Алғашқы алыстарға берген тыныс. Беу, әттең, бір кезде ол қалды кейін, Секілді шырқап барып сөнген дыбыс! Осылай домбырадан күй кернеді, Енді оның жаңа Шығыс болды өрнегі. Оянған азат елдер әнін естіп, Биледі бір ғажайып күш кеудемді! Дегендей надандыққа көп төзем бе, Ұқсаған тарихы ұзын Ніл өзенге, Дін қанша басса дағы араб елі — Ғылымға қайта оралған бұл кезеңде. Тұр әлі Ескендрия — жиһан қала, Амал не, Герон1 — салған жоқ мұнара. Сақталған Софокл, Эсхил еңбектері —
Қираған көне әйгілі кітапхана... Бірақ Шам, Мысыр, Бағдат, Мәдинеде, Бұл күнде мәдениет жаңа күйде. От алған қайта ғылым көне ошағы, Кірсе де заң боп құран әрбір үйге. Ашылды медреселер уақ, ірі. Онда тек жатталған жоқ ісләм діні, Сабақ боп алгебра, пәлсапалар, Оқылды фарсы, латын, грек тілі. Керуен балаларды Мысырға әкеп, Тапсырды: енді үйлерің медресе деп... Жалғыз-ақ Әбу Насыр Мұхамедтің Дін емес, Ғылым болды мүддесі тек. Қалай ол жат шаһарға тез көндікті, Тек аян: шықпады естен ана үні Ақ кигіз, өскен өзі, үй түндікті. Шықпады мәңгі-бақи және естен, Ауылы сары белден самғай көшкен. Халқының ұмытпады қайғылы әнін Желіндей cap даланың сарнай ескен. ҮШІНШІ ЖЫР Өмірдің қызығынан кім бар безген? Сол үшін бар мұхитты кеме кезген. Опасыз тағдыр, кілең панасыздың — Жауы боп келе жатқан көне кезден. Көңілде жатса қайғы жыры тынбай, Көрсетпей дос дегендер жылы шырай, Түйгендей өгей ана тас қабағын, Тұрса өмір, қалар кімнің қыры сынбай?! Бұл жалған кейде жарқын таң боп атқан. Кей кезде қара су ол тұнып жатқан. Өтесің бірде қалқып, бірде батып, О, жүрек, күнің бар ма тыным тапқан! Қоғамның әлімсақтан келе жатқан,
Фараби жақсартар кей емін тапқан. Дүние тұрсын неге бір қалыпта Қарсы оған шықты біреу кері тартқан. Жиналған мұхиттағы тамшы судан, Таластан әр қашанда шындық туған. Әттең-ай, жұрттың бәрі Фараби ма, Бар ғой ел ғылымда да сұмдық қуған. Іздену жүрек, миға салған ойран. Ұлы адам алыс келер ұсақ ойдан. Білмеді ол, бар арманы ғылым болып, Тұрғанын құрылғалы дұзақ қайдан! Біреудің келіскенмен түр, келбеті, Не пайда жатса ішінде кірлі дерті? Жақсылық басқаға істеу қолдан келсе, Адамның ең қадірлі бір міндеті. Кей кісі туғанынан кең келмейді, Жастықпен кейбір адам жөн білмейді. Адалдық жастан егер дарымаса, Кәрі де қартайдым деп жөнделмейді, О, жалған, ондайыңнан аман сақта. Қалдырма халқым үркер, жаман атқа. Тіпті сен бермесең де бақытыңды, Жақсылық ойлата көр адамзатқа! Ғалымға ақын тағы бас иеді, Шындықшыл жан екен ол шын киелі. Ал шындық — жүзін бермес бір асыл тас, Жұқтыра алар оған кім күйені? Дананың тек еңбекте атақ, бағы. Ғылымның шыны оның алтын тағы. Даңқымен бірге жауы көбейеді, Дарынға мұндай да үлес бар ғой тағы. Шын дарын ол бір нәзік байғұс кісі, Сөзден тез жараланар, күйер іші, Жалғыздық жол бермейді, өр мінезі Келмейді өзгелерге білдіргісі!
Әлгі адам күншілдіктің жарасы жеп, Жабады Фарабиге жаланы көп. Қуылып Бағдат, Мысыр, Нишапурдан Құрысын біржолата қарасы деп. Көтерді жала қастар дереу десін, Ұмытып әділдіктің ережесін. Зұлымға алтын аса бәйге беріп, Жеткізді муфтилікке дәрежесін. Фараби достары да екен мықты, Ғылымнан әлгі сұмды қуып шықты. Тек қана дарынсызға айтпақ болған Ішінде ұлы ғалым сыр тұншықты: «Мейлі өссін дәрежесі, жансын бағы, Асығы түсе берсін алшы тағы. Бишара білмейді ме оңбайтынын Жүз жерден асыл жүлде алса-дағы! Әй, мүскін, қылығыңа қарамайсың, Өзіңді-өзің ұлы бағалайсың. Ұмытпа: жүлдені сен сұрап алсаң, Дарынды сұрап бірақ ала алмайсың! Сындырып өзге жұрттың ылғи сағын, Сенің-ақ аса берсін атақ-бағың! Бәрібір одан үлкен бола алмайсың, Өйткені көңлің — пақыр, ойың — шағын! Даңқы тұр кітабымның құз боп биік Қасқиып кәрлі басы көкті сүйіп! Қолыңнан ондай жазу келмеген соң Шыдамай барады ғой ішің күйіп!» Фараби, тарихымның кейіпкері, Керек жоқ дарынсызға кейіп тегі, Өйткені дарынсыздық ол бір кесел, Еш кезде жазылмайтын, кеткен кері! Қиындық, қыспақ күштен тайсалмаған, Ашам деп құпияны қайсарланған. Атанған «Екініш ұстаз» Фарабидің Ғылымның саласы жоқ ой салмаған.
Білген ол араб, латын, грек тілін, Ғұлама, Шығысқа көп берген білім, Пәлсапа, алгебра, музыканы, Зерттеген бос тастамай бірде-бірін. Өзге ұлттан араб елі оған жақын. Сол бір тіл бар әлемге таратты атын. Сол тілде жазды «Аристотель түсінігін» Сол тілде — «саясаттың трактатын». Қақ жарған найзағайдай қара аспанды, Жеңем деп шындықпенен таласқан-ды. Тисе де жүзі тасқа, мұқалмады Қыпшақтың асыл берен алдаспаны! Ұлы ойға құлдық етіп жұрт табынды, Жалау ғып көтерді кеп шын дарынды. Өспейді алтын бидай арам шөпсіз, Әрине, қас жандарда көп табылды! Есте жоқ, бұған етті қастық кімдер, Жеңе алды бәрін еңбек, жастық, жігер. Бәлкім ол қалар ма еді бірден күйреп, Арабтар көрсетпесе достық егер. Қылыш боп төнсе кейде жат дүние, Дейтұғын мұндай шақта ол күйіне: «Адамның шыдамсыздық мықты жауы, Сабырлылық болсын қорған, оған ие!» Кейде ол қолға алатын домбырасын, (Елінен шыққан бірге жан жолдасын), Сол сәтте көкке қанат жаятұғын Көңілден ұшып аққу, кейде лашын... Домбыра беретұғын әл-қуатты, Ашатын оған мөлдір көз-суатты, Халқының күйін төгіп қос ішегінен, Үніндей анасының сан уатты. Толқып кеп Әбу Насыр тартады күй, Сан қилы үнге толып жатады үй. Ұшқыр ой туған сонау домбыраға Артынан ат қойды жұрт әл-Фараби.
Домбыра жанын талай тебірентті. Соңынан әлемге де әйгілі етті. Жазды ол музыкалық трактатын Құрал ғып жан серігін екі шекті. Елімнің ұмытқан жоқ кең даласын Данаға айтады алғыс бар баласы: Фараби тартып, содан аян болды, Қыпшақтың әлемге ағаш домбырасы. Махаббат атып таңы алтын арай, Әл берді Фарабиге әрі қарай. Шын ләззат келмегенде, қасіреттен — Тірі оның қалуы еді екіталай. Ғашықтық, бүгінгідей, мың жыл бұрын. Қозғаған көңіл күйін, іштің сырын. Ойға шоқ салған талай ол кезде де Көген көз, сұлу қыздар, пісте мұрын. Әмірші, патшаны да бишара еткен, Көш бар ма бұдан асқан, бұдан өктем? Бар ма екен сірә көніп, бағынбаған, Жарлыққа алған орын көкіректен?! Құл болмай, бұл тәңірден кім құтылды? Ол келсе, қайғы-қасірет ұмытылды. Оянып тыныш жатқан қайнар көздер, Мұз бұлақ тасты жарып көкке ұмтылды! Махаббат — жаз ғой, сүйген күннің көзін. Оятқан алтын таң ғой түннің өзін. Туар ма Фарабиден асқақ ойлар, Осындай билемесе ұлы сезім?! ТӨРТІНШІ ЖЫР Миллион жыл бұдан бұрын жанып кеткен, Бітпеген нұры әлі сөніп көктен. Жұлдызға ұқсар дарын иелері Еңбегі бүгін бізге келіп жеткен.
Фараби, қиындықты талай көрген, Жезтырнақ — сұм тағдырды талай жеңген. Өйткені серіктері болды қорған, Ғалымға ақ жүрекпен тастай сенген. Саф алтын сара ойлары кетер текке. Есті адам ұқпастарға етсе өкпе. Түсінді ол өз бағының жатқандығын Дуалы, сонау алыс келешекте! Қаймығып, көңіл шіркін алас ұрар Келешек бүгінгі емес адастырар. Келешек дарыныңның кесімкері, Жауың жоқ сеніменен бақ таластырар! Осалды қанды балақ өлім жеңген, Қағида келе жатқан бар ежелден. Күшті тек бұл өмірде сондай жандар — Кімде-кім қорықпаса егер сол өлімнен! Ғалымда ашқан талай жаңа ұғым. Ей, Қыпшақ, Фарабидей дана ұғлың Дүниеге келсе-дағы Отырарда, Мысырдан тапты ұлы даналығын! Сан рет қуантсаң да жүрегімді, Жат елден берді тәңір тілегіңді. Сен алдың Нишапур, Бағдат, Мысыр, Шамнан, Қазына, ғылым атты керегіңді! Мадақтап бас игенде әлем біткен, Мақтанғам, мен де сені тәңір еткем.
Дегенің «Мен Отырардың баласымын» Кетпейді, ант сөзіндей, көкіректен. Сол күннен міне қанша ғасыр өтті, Фараби ғалым болды құдіретті. Таңданды жердің жүзі, қайран қалды Қандай жұрт тапты деп бұл кереметті?! Ал жұртың бастап сонау ескі сақтан, Аргипей, массагет пен саураматтан, Найза ұстап бірі қалмай жауға аттанған
Көшпелі ел, Шығысқа аян әлімсақтан! Мал баққан, кейде тіпті егін еккен. Жау тисе, жаугершілік туын тіккен, Жұрт еді Үнді менен Иран барған, Батысын шүршіттің сан тітіреткен! Сен туған көне тарих, көне халық. Бір кезде бұ да әлемге төккен жарық. Төнгенде талай жауы «құртамын» деп, Шыға алған тауды бұзып, тасты жарып! Жатқан соң шапқыншылар жолы болып, Көп кірдік күштілерді салған жорық. Сонда да бермедік біз ешкімге де Қазақтың ұлы жерін, қалдық қорып. Бұл ара дозақ та еді, бейіш те еді, (Талай хан бұл далаға кейісті еді), Бұл жерсіз дүние жүзі тарихы жоқ, Шығыс пен Батыс мұнда түйіседі! Еліңнен жүрсең де алыс, болдың бірге, Сақтадың оны мәңгі жүрегіңде, Ұқсады махаббатың оған деген Сарғайып, сағынып бір күткен күнге. Әрине қалған жұртың жанға батты. Әр күнің тамшылаған жас боп ақты. Тек қана ұлы арман — ғылым деген Жаныңның ауырғанын баяулатты. Қарт етті мезгіл кеулеп жас жігітті, Ақтап ол әлем күткен көп үмітті, Жүректен тамған қаны таусылғанда, Уа, дүние, қарияның күні бітті! Өлім не? Мәңгі ұйқы тас қамалы, Құтылмас одан дүние бар адамы, Өмірге деген сәби әр талпылы — Өмірге таяй түскен ол қадамы. Өлген жоқ әл-Фараби тірі мәңгі, Ұйқыдан оянған жоқ сол күн таңғы. Ала алмай келе жатыр мың жыл бойы,
Ұлы ойды, алса да өлім жан мен тәнді! Мінекей тұрмын мен де атыңды атап, Халқыңа тарап жатыр аңыз, лақап. Бас иген Шығыс, Батыс, барлық жұртың Бір адам алсын сендей алсын атақ! Тартып бір әл-Фараби домбырамды, Тілеймін бұдан да шат атар таңды. Мың жылдан кейін тағы кездес, бабам, Той тойлап ұрпағыңмен қазақ қанды!
КӨҢІЛ — ДАСТАН Күн нұры айнымаған қызғылт алтын, Кез еді маужыраған таңғы салқын. Аралап зираттарды келе жаттым, Гүл қойып басына бір жанның жарқын. Адамның кең жалғанға мәңгі ғашық, Жүдетсе көңілін кейде қайғы басып. Сүйенер әдеті ғой үмітті ойға, Безсін ол өзі-өзінен қалай қашып? Бірақ, мен, өлі әлемге жеген опық, Қарап бір қалам толқып, кетем қорқып. Тағдырдың тажал досы — қайғы деген Жанымды құзғын боп кеп, жатыр шоқып. Естідім құмар даусын бұлбұл құстың, Қайыңда мекен еткен қабір үстін. Ісі жоқ зират толы қайғы-мұңда Сайрайды ол, сайрайды әнін қуаныштың. Зират пен қайғы нуын ол білмейді, Ал менің... кеудемде үрей дүбірлейді. «Жүре тұр, мұнда сен де жатарсың» деп, Тентек жел құлағыма күбірлейді... Қорыққанмен жан қала ма сұм ажалдан, Бітсе екен істерім тек ойыма алған, Дүниеге келгеннен соң кетпек бар ғой, Сондықтан өнер — мәңгі; дүние — жалған. Білемін, тіршілік те, бір қисық жол, Шаттығы, қасіреті, бәрі де мол. Бүгінгі қуанышын, таяй түскен — Өлімнің елесі ғой ертеңгі ол... Зирагар меңзеп сұрқын сол ажалдың,
Сескеніп тұрғанымды тағы аңғардым. Тәтті боп кетті кенет қайран өмір, Қадірін білген бе адам қолда бардың! Сөйтсе де іштегі бір сезім билеп, (Мұнда мен келетінмін өте сирек). Зауқым еш соқпаса да, парыз санап, Өзімді-өзім кеттім алға сүйреп!.. Мінекей, зираты тұр бір кәрінің, Үлкені шығар жатқан бұл бәрінің, Тоқсанға келіпті қарт, жазуы бар, Осы ма жеткен жері, сірә, әлінің? Кетті ме кәріліктен? Әлде дерт пе? Тоқсан жас! Аз жас емес. Емес келте. Жоқ, бекер! Мың жасасын адам шіркін, Әрқашан, әр жаста да өлім ерте! Өйткені, болған шығар ақ ниетпен,— Бұның да бір арманы аңсай күткен? Арманда өткен адам өкінішті, Арман ғой бұл адамды адам еткен! Суретте — ойлы көзді жап-жас қазақ, Қоп-қою шашына әлі кірмеген ақ. Оқыдым екі шумақ өлеңді мен, Арнаған жолдастары тасты қашап: «Өттің сен жамандықтың білмей түгін, Жаныңның жаурасақ біз бердің ығын. Қайғырсақ, шер көңілді сен уаттың, Аямай жүрегіңнің бар ыстығын. Достықта деуші ең өмір сен тірегі Жақсылық еді жұртқа бар тілегің.
Қара жер алса-дағы, сен тірісің, Жатыр ғой біз деп соғып жас жүрегің».
Дәл мұндай сөз арналған жап-жас жанның, Жанының жалынына мен де нандым. Елжіреп сүйініштен, дедім сонда: «Осындай болса балам, жоқ арманым!» Көңілім сәл көтеріліп кеттім жүріп, Көрінді тұрғандайын күн де күліп. Тек, әттең, кілең зират қайғы шашқан, Жаныма кірді жайлап тағы бүлік... * Япырмай-ау, мынау менің Қапаным ғой! Баладай жоқ нәрседен қапалым ғой!.. Ойыма кетті түсіп ғажап жылдар, Жастық шақ — өтіп кеткен бір қызық той. Сом дене, жұмырланған сай тасындай, Тілге бай, ойға тез-ді ол жасындай. Көргем жоқ мен өмірде ондай дарын, Дүние-ай, гүл қауызы кетті ашылмай! Кешпеген қайғы-қасірет адам бұрын, Білмейді қуаныштың нағыз құнын. Жете алмай сол шаттыққа Қапан марқұм, Әлдилеп отыратын қайғы-мұңын. Бүйтуге оған үлкен бар-ды себеп, Көргенмін отырғанын сан еңіреп. Көрдім мен отырғанын ұзақ үйсіз, Көңілін шаттық емес қайғы жебеп. Адамға бала деген бір арман ғой, Туғанда ол, көңілінде күн жанған ғой. Балажан болсаң егер сол бір сезім, Жаныңа мәңгі сөнбес өрт салған ғой.
Көрдің бе сол баланы дерт жегенін? Көрдің бе сорлы әкенің еңірегенін? Қапан да отыратын дәл солардай, Жанының таба алмай жазар емін. Шын дарын болмас қатал, болмас қатты, Сезімтал, мұқалғыш ол жез сияқты. Суыққа тоңғыш келіп, бере алмайды Өнерін ел-жұртына шын қымбатты.
Қапаным, өттің солай бұл өмірден, Азамат едің нағыз еңіреген. Дүниеге өрт боп келіп, күл боп сөндің, Есеңді алармын мен енді неден? * Мінекей жатыр үнсіз Зейін марқұм, Бір ұлдай сүйе алған, сүйген халқын. Көп жылы қиянатта зая кетіп, Бағалай білді ол әр күн, әр сағатын! Жүрегі әлсін-әлсін беріп секем, Уақыттың аз қалғанын білді ме екен, Асықты әрбір күнін жылға балап, Үлгірді талай кітап жазып көркем! Таба алмай жүрсе де емін жарасының (Қапандай дерті емес-ті баласының) Өтті ол басын имей, ортасында — Сан қилы өмірдің сын, таласының. Сөйтсе де өкпелі еді бұл жалғанға — Өмірден өзгелерге нұр жанғанда, Түспеді бұған лаулап күн шуағы Сондықтан іштен тынып, кетті арманда!
- Мінекей өлді Зейін, болды тыныш, Қалды одан ар қорғаған алыс-жұлыс... Қарасам зиратына, дір етемін, Жатқандай қынабында асыл қылыш! Мынау кім, зираты кең? Қандай адам? Ақсаңлақ, әйгілі ұл, алтын қалам, Атақты бұл Мұқаң ғой, уа, халайық, Білетін қазақ түгіл, барлық ғалам! Тек қана емес қой ол сөз шебері, Халқының жоқтаушысы, ой берері. Мен оны жақсы көрем сонысы үшін, Сол үшін тәңір тұтты қазақ елі. Асырған Абай-сынды ата даңқын, Әлемге таныстырған қазақ халқын. Алғашқы ұлдарының бірі ғой ол, Білсең, ел, өзі де алтын, сөзі де алтын! Тұрдым мен пырағыңа басымды иіп, Толқиды ақыл-ойым жанып-күйіп, Тайпа елдің құшағына сыймас тарлан, Үш құлаш жерге қалай жатыр сыйып?! Оған да дүние мәңгі арман болды, Оның да көңіліне көп қайғы толды. О да өтті арт жағына қарай-қарай, Оған да өмір-сағым, жалған болды! Тағы да бір зиратқа көзім түсті, Сан гүлмен көміліпті көрдің үсті. Сәбеңнің зираты екен таяп келсем, Қиялым өткенді ойлап көкті құшты.
Күрескер болсын сондай ел ағасы, Ақ жарқын, құшағы кең, кең жағасы. Жарқырай кіріп келсе, келген үйдің — Кеткендей еді кеңіп қабырғасы! Тұлпары, қара сөздің майталманы, Басса да жалпағынан бұл жалғанды, Оның да бір арманы қалған шығар Адамның бітпес тегіс ойға алғаны. Сәбең ғой алшаң басқан бұл кешегі, Бір өзі толтыра алған бір көшені. Жайдары мінезінің лебіндей боп, Тек, міне, сипап беттен жел еседі. Өтті ол. Өлді, әрине дене, тәні, Артында ер рухы, қалды әні. Жүргенде сол бір әнін халқы тыңдап, Ешкімнің өлді деуге жетпес әлі! Жаралған ел жанынан қос тарланды, Қанды ауыз ажал деген қасқыр алды. Дүниеге уақытша кеп бұлар-дағы, Қара жер құшағында мәңгі қалды! * Мінекей, кетті тағы үзіліп ой, Көңілім тағы кенет жүдеді ғой... Мынау кім қарай қалған маған үнсіз? Мұхаң ғой, Мұхамеджан Дүзенов қой?! Көз салдым күндеріме кешегі өткен,— Мұхаңа болмаған сол ешбір өкпем... Өзгеге кіші шығар, дедім, бірақ Өзіме үлкен еді-ау сонау көптен. Бар еді қасиеті оның артық: Қалжың мен әзіл сөздің оғын атып,
Көңіліңді жіберетін шайдай ашып, Жүдеп бір жүргеніңде ойға батып. Етпеген өмір құрғыр әккі кімді, Жан шығар о да біздей, бәлкім, мінді... Қасына өткір еді алып түсер Кәдімгі жабылмаған бәкі-сынды. Не пайда қайғырғанмен бос күйзеліп, Дүниеден өткен жоқ қой тек Дүзенов Жалғыз-ақ өкінішім — ерте кетті Қаламы қалған кезде шын түзеліп. Дүниенің қызық-сынды маған бәрі. (Қалмаған достарым көп көңлім әлі...) Сөйтсе де жетпей тұрған сияқты анық Мұхаңның жарқын әзіл, қалжыңдары!.. * Тоқтадым кенет оқыс тағы да мен (Досың көп тұтар болсаң жадыңа сен) Жатқан бұл академик Байқоңыров Өзгеден, көңілі-сынды, зираты кең... Бір кезде бірге оқыдық, бірге өстік, Жастық шақ, сан қызықты бірге кештік. Жасынан жан еді ол парасатты, Істесең кешіре алар сен білместік. Жыртса да кейбір бұзық ит жағасын Түсірмей төмен қымбат өз бағасын. Қалатын сабырлықпен іштей тынып, Ақылмен емдеп үнсіз жан-жарасын. Бір тайпа елдің еді ол Өмірханы, Ақ көңіл, бала мінез, жарқын жаны,
Шыққан бір жұмысшыдан алып еді, Қаныштан кем көрмеген Жезқазғаны. Болмады соңғы кезде көңіл қошы (Етті ме опасыздық кейбір досы?!) Кеселін білмей келіп, білмей кетті Тым қатты өкіндірді мені де осы. Талайға қорған болған көлеңкесі, Аяулы өлді Адам, өлді Кісі. Орны тұр үңірейіп бүгінде де, Жоқтай-ақ қабырғаның бір кірпіші! * Шәкеннің зираты ғой... Болғам талай, Халқының күні-сынды алтын арай, Әйгілі ұлдарының бірі еді, Алпысқа толмай жатып сөнді қалай? Көшеден бара жатып жылдам өтіп, Құлады, бір машина қағып кетіп. Жезтырнақ ажал деген сол бір сәтте Сағынып аңдып тұрған, келді жетіп. Осылай Шәкен кенет дүние салды. Енді оған мәңгі бітпес түн басталды. Өзі жоқ, толған бірақ, қуанышқа Халқының жүрегінде ісі қалды. Өнерде таза болу деп парызым, Еліне берді барын, жоқ қарызы. Білмеді тынштықты, өмір оған — Бітпейтін болды мәңгі би тәрізді!.. Кино оған ашпады ұзақ қайнар көзін, Ізденді, енбек етті, етті төзім.
Тек, әттең, ажал кенет алып кетті Ашқанда «Атаманмен» Шәкен өзін.
Болса да ұл мен қызы, жұбанышы, Таппады өз үйінен қуанышын. Өтуге өстіп мүмкін тиісті ме, Өмірден тек өнерді қуған кісі? Әйтсе де өмірді той, мейрам көрді, Сол тойдың оркестрі деді өнерді. Қосылып оған өзі бар даусымен Өтті ол сол мейрамда бермей төрді! * Мынау кім? Қанабектің өзі ме екен? Иә! Соңғы жұбайы да өзіне тең — Жатыр ғой сол молада... Жан еді бір Ақ көңіл періштедей, төзімі кең... Ал Қанаш тірі тіпті маған әлі Өйткені кешегі бір салған әні, Театр, кинодағы бейнелері Өлген жоқ, көз алдымда тұр ғой бәрі. Сахнаны көрмеген құр ойын-күлкі, Түсінген сонда деп бір өмір кілті, Бір сырлы, сегіз қырлы кісі еді ол, Шоң болып жаратылған мінез-құлқы! Дарынын мұра еткен өз халқына Салмақты еді ұқсаған сом алтынға. Көрдім мен өзгерген жоқ сол күйінен Шығуға жеткенде де жан алқымға! Әрине, аз жас емес сексен деген, Сынбады қыры бірақ біткенше дем.
Дүниеге Төлеген боп келді дағы Өтті ол Төлеген боп сол дүниеден! Жатқан бұл Жүсекең ғой, әннің әні. Ол салмай жетпейтұғын әннің сәні. Әміре, Манарбектің інісі ғой, Арқаның айтса өлеңін кірер жаны! Толқып бір түн боп жылай, күн боп күліп, Кең залды күміс үнге көмілдіріп, Біржан сал, Ақын сері өлеңдерін Мың толғап отыратын төгілдіріп. Ең соңғы еске алып салған әнін Тебіреніп тұрып бір мен таңғалғаным: Басында зиратының көрдім өскен Бір құшақ Сарыарқаның сарғалдағын. Жұбайы екті ме екен бұл бір гүлді? Баса алмай тұрғанымда бұлғыр мұңды, Ойымды бөліп кетті тәтті бір үн Көрдім мен сайрай қалған жас бұлбұлды. Жас бұлбұл келді қалай бұл араға? Тартты ма өсетін гүл cap далада? Бұ да бір әнші еді деп өзім-сынды Мүсіркей жетті ме екен ән саларда? Тәтті ой билей кетті мені тағы: Жүсекең риза шығар аруағы, Бұлбұлы бөлесе әнге, тұр ғой мүлгіп Құрметтей, басын иіп сарғалдағы! Қайдамын? Қалмадым ба мен жаңылып? Кім еді іздегенім шын сағынып? Мәжит қой! Жақсы көрген бір қымбаттым, Қабірін көріп, көңлім тұр қамығып...
Киноның қайраткері бұл да атақты, Біреуге сөз айтпайтын батар қатты. Кісі еді сыртын қандай сәндей білсе Іші де сондай сұлу, парасатты. Адамның тым бір нәзік жанды жері, Жанының жаны тіпті — жүрек тегі... Бұзылған сағат-сынды ауырса ол, Онымен ойнау, сірә, керек пе еді? Досы емес, өштескендей шын қасымен, Мәкең де ойнай берді сол асылмен. Ал жүрек қабынды да алып кетті, Санаспай топты елдің көз жасымен!
Бұның да өнерде еді алтын бағы, Көз салса шыңдарына алдындағы, «Шоқанмен» бітпейтұғын алар құзы Берері көп еді оның әлі-дағы. Мінекей, істегендей жұрт жақсылық Терең ғып қазып жерді күрт жабылып, Қоштасып кете барды, қалды Мәжит — Жападан-жалғыз өзі жер жамылып... * Тағы да аяңдадым әрі қарай, Тоқтадым: «Мына бір жас өлді қалай?» Қарап тұр күлімсіреп албырт ұлан, Көңілім босап кетті жас баладай. Суреті бедерінде мәрмәр тастың, Біреудің жалғыз ұлы, қыршын жастың Естіп мен оқиғасын, кеттім босап, Қолынан қаза тапқан малғұн мастың. Бұл жігіт келе жатса кешке таман, Жас қызға тиісіпті масаң адам. Араша түсіпті ол — бар күнәсі, Дүлей мас сөзге келмей пышақ салған! Жүрегім тағы кетті удай ашып,
Өзімді-өзім тұрмын әзер басып. Болсам да жан аяғыш мен де қазір, Бұзықты өлтіруге бармын асып! Бұл арақ етпеп еді кімді әңгі (Онсыз да кейбір милар әңкі-тәңкі) Дүниенің қайғысы одан аз болған жоқ, Құртатын жетті ғой кез оны мәңгі! * Томпиған көрдім, міне, қара жерді, Томпиған көрдім кенет қайғы-көрді. Суретті гүлде оранған көріп тұрмын, «Япырм-ай, жас балдырған қалай өлді?»
Елжіреп қарай бердім мөлдір көзге, Аузыма сөз түспеді бөтен өзге. «Қара жер қалай қиып алдың?— деймін, Былдырлап тілі жаңа шыққан кезде?» Қуантар еді талай ата-анасын, (Аймалап ата-ана да мәз баласын) Ер жетіп ерлік істеп қаншама ол, Халқының алар еді ақ батасын! Жазмыштан тілеймін мен: күн сөнбесін! Қайғы жеп ата-ана да өкінбесін! Дүниеге титтей еткен күнәсі жоқ, Балдырған балғын бөбек бала өлмесін! * Шыдамай әрі қарай жүре бердім, Алдымнан тағы бір зор зират көрдім, Көк күмбез, аппақ мәрмәр құлпытасы, Бір сурет! Келеді оған қарай бергім! Оқыдым жазуларын әшекейлі, Мазақ па? Таң боп тұрмын, деймін, «мейлі!» Танушы ем мен иесін бұл мазардың, Кісі еді арам ойлы, арам пейлі... Жан еді өз пайдасына өте епті,
Өзгенің қуанышына қатты кекті. Артына еш жақсылық қалдыра алмай, Өзімен жамандығын ала кетті. Үн-түнсіз зиратқа мен тұрмын қарап, Барады ішімді бір қайғы жалап. Адамға шын оңбаған тірісінде. He керек өлгенінде күмбез қалап? * Зиратқа ылдидағы шаршап бардым, Суы ағып жоғарыдан жаңбыр, қардың, Опырып құлатыпты саз моланы, Оқыдым, әзер-әзер жазуларын...
Танушы ем, білетінмін көптен атын, Көп сөзсіз бір момыны адамзаттың. Жоғалтқан егіз ұлын қан майданда, Сарғайған қасіретпен сары алтын. Дәл біреу тырнағандай жан-жарамды, Ызадан өн бойымда жалын жанды. Қазақтың кең даласы жетпегендей, Кім қойды ылдиға әкеп бейшараны? Өзгеден асу болған бар тілегі, Артында күмбездінің тұр тірегі, Ал мына сорлы жанның бұны қоштар, Жоқ еді сүйенері, бәйтерегі... Жұрт неге болып кеткен мұнша қатал, Емес қой тас мінезге мұңын батар. Осылай бара берсе бұдан әрі, Сен күткен таңың әлі түн боп атар. Сондықтан өтті кісі мұңын жылай, (Сөйлескем, мүсіркегем мен де талай) Тіріде көре алмаған жақсылығын, Көрмеді өлгенде де, дедім, қалай?
Кімде айып? Сенде, онда және менде... Мұндайда тырысамыз үндемеуге. Сөйтсе де жөнелдім мен бастықтарға, Бейітін сорлы жанның жөнде деуге! * Әлі де біраз жүрдім, араладым, Көрдім мен зираттардың біраз, бәрін... Бірі мен бірі жатыр сығылысып, Құлаған кейбіреуі... Ойға қалдым. Көп елдер өлгендерін паш етеді, Кей зират, зират емес, бір ертегі! Өйткені ұрпақтары ұмытқанша, Адамның ең ақырғы бұл мекені! Біз елміз мұндай істе ойға жарым, Көтермес өзгелердей қолда барын. Ел менен жер қорғаған ұлдарының Кім білген қайсы қайда қалғандарын. Сөз жоқ қой жүрген кезде көшіп, қонып, Көрмеген күмбез қалап, мазар соғып, Сен неге қалдырмадың бізге мұра. Деу өзі болар еді мүлдем зорлық. Дегенмен ол халықтың өткені ғой, Уақытпен бірге өшіп кеткені ғой, Ал қазір? Неге марғау жанашырлық? Әлі де ақыл өсіп, жетпеді ме ой? Мінекей арайланып күн де батты, Көңілімді көргендерім жабырқатты. Асығып шыға бердім, қалған екем — Сағынып өмір деген мен рахатты! Міне енді күн де батып, таң да атты, Кешегі мәз өмірің балдан тәтті, Барады кемерленіп тұзға айналып, Tiс өтпес қара тікендей біткен қатты.
Жуасып, қартайып бір албырт желік, Күстеніп, балғын жүзің әжімделіп, Уақытқа, аққан өзен, бөгет таппай, Отырсың өкпелеп бір, жәбірленіп... Көтеріп тірлік деген ауыр жүкті, Болдырып қалыпсың сен әбден тіпті. Бітер ең біржолата шал боп қаусап, Бермесе арман саған дәрмен тіпті. Сорлысың, қиялың тар ғаріп болсаң, Көңіліңе таусылмайтын қайғы толса. Күш қайда, жасы жетпей жас қартайса, Мезгілсіз ал қырмызы гүлдер солса? Өмірден тәтті ләззат ала алмасаң, Теңіздей тереңіне бара алмасаң. Онда сен өзіңді-өзің алдағаның, Кешкенің құр тіршілік әуре-сарсаң...
Білсең сен алдыңда сан асу барын, Аса алсаң өмірдің сол асуларын. Дүниеде сенен асқан бақытты жоқ, Болады сонда сұлу атар таңың! Өмірге сен жолаушы, алдың жорық, Жыл санап тұрар сені ажал торып. Ойлай бер борышымды атқардым деп, Өте алсаң сол жорықтан Адам болып! Мінекей мен де тұрмын сол асуда, Жаңадан күшім жетсе жол ашуға. Өйткені ең қымбатты қайсар өмір Қақым жоқ менің оңай тез жасуға!
ДРАМАЛЫҚ ДАСТАН БІР ТҮНДЕ БІРІНШІ ТАРАУ Куәгер: Лап еткен бұл өте ұқсас түнгі өртке Қанды оқиға болған еді Жаркентте. Жаңа орнаған өкіметін советтің Берік деуге мезгіл еді тым ерте... Қызғалдақтар күткен аңсап бұлбұлды Көктем келіп, гүл күлімдеп, күн күлді... Бау-бақшалы шарапхана алдында Қыдырған жұрт, сән киімді, сан түрлі... Тоқаш сөзі өзгелерден өктем-ді. Жарас батыр оған қатты өкпелі, Қыз-бозбала ән шырқаса шаттанып, Жауыздар жүр, түн келе қан төккелі! Мұнда Айжан — Тоқаштың жас жары бар. Және сайқал, жоғалтқан жастай ұят, ар — Ақбілектей, қашқан байдың тоқалы, Сұлу да жүр, еркектерге тым құмар... Айжан тобының өлеңі: Қайтқан қаздай бара жатқан алыстай Көк толқындай таусыла түскен жарыс сай Өтер жылдар, өшер сырлар біртіндеп Көкіректі шаттық өртеп, қайғы жеп... Ақбілек тобының өлеңі: Ақшыл бетте ойнай қызғылт ыстық леп, Соғар жүрек, соғар тілей лүпілдеп. Сөйткен жастық, шоқтай сөніп қаларсың, Махаббаттың жазылмас caп жарасын... Бәрі: Аппақ гүлдер солар әлі-ақ күз жетіп, Аппақ гүлдер толар әлі-ақ қыс кетіп.
Есте қалар сенің жастық арманың, Сүйген болса, күйген болса жас жаның... Кенет қызыл әскерлер маршы: Соқ, достар, дабылды, соқ та соқ, Шабайық біз тағы «уралап!» Сілкінсін бар әлем, жер мен көк, Қан құссын дірілдей жауыз тап! Қайралсын қамсыз тез көк құрыш, Шыққанда қас жауға бетпе-бет. Басталсын ақырғы қанды ұрыс, Қанды ұрыс жаудан біз алар кек! Келгенде бетпе-бет екі жақ, Жеңеді әр қашан ерлік іс, Алға ұмтыл, қырандар! Іске сәт! Ұра түс дабылды, ұра түс! Тоқаш: Айжаным! Айжан: Жан жарым! Тоқаш: Өмір-теңіз, толқи өтіп барады, Жастық — жалын, шалқи өтіп барады. Азат таңда туған ыстық махаббат Азат жанды шарпи өтіп барады. Айжан: Тоқашым менің, Өмірім мен теңім. Күлгенің — күнім, Қайғы-өкпең — түнім Өзіңсің, барым, Ұятым, арым. Жас жаныма жалын берген Махаббатым саған деген —
Өшпейтін ол мәңгі, Әнім ғой ақ таңғы. Жарымсың жоқ теңі, Жарамсың жоқ емі, Жұрт-сынды біз де енді Қыдырып мәз боп қалайық. Жұрт-сынды біз бүгінгі Шырқатып әнді салайық! Тоқаш: Түсіндім, сүйгенім, сөзіңе, Мен-дағы ғашықпын өзіңе. Meн қазір келемін, жүре бер... Бір адам түсіп тұр көзіме... Өтірік мастар: (Матан мен шарап сапырушы) Біз екеуміз, біз екеуміз бақшашы, Біз екеуміз, біз екеуміз ақшасыз. Ақшасыз да қор болмаспыз жаратқан, Тек айырма тегін арақ, шараптан Ха-ха! Ха-ха! Ақбілек: (Тоқашқа) Дүние бәрі жалған, бәрі бекер, Тек мәңгі ләззат қана бал мен шекер, Сүрсең де мың жыл өмір, сол ләззаттың Бір мезет қызығына бар ма жетер?! Ләззат деген жас бұлбұл, Тыңда деп тұр әнімді. Сөзіме, Тоқаш, мойын бұр, Салма отқа жанымды! Тоқаш: Екі жас жарасасың ойнап-күлсең, Қандай күн туса-дағы — қатар жүрсең. Махаббат таза сезім тот баспайтын.
Кірлетпей адал оны сақтай білсең. Сондай менің, Айжаным, Айнымасқа антым бар. Сол ғана менің арманым, Сол ғана жалғыз сүйген жар... Ақбілек: Көл қадірсіз, болмаса үйрек, қазы, Жер қадырсыз, шөп шықпай өтсе жазы Қорлық бар ма әйелге одан асқан Сүйгеніне жетпесе айтқан назы? Әлі де сәл тоқташы Айтатын тағы сырым бар. Асықпашы, Тоқашым; Арманыма құлақ сал. Өтірік мастар: Тоқал қанша ойнатса да бөксесін, Комиссарың көрсетті тек өкшесін! Бұл қорлыққа сірә тоқал көнер ме, Кекті ашуға айналдырмай өкпесін! Ха-ха! Ха-ха! Қызыл әскерлер: (Кострома, Қуандық, Алшымбай) Кенелді жұрт бүгін бір Кенелді тіпті қыз-қырқын. Тоқаш жұртқа бөліп жүр Қашқан байдың мал-мүлкін! Қыздар тобы: Батыр туған Қуандық, Ер жүректі Кострома, Қайтпас қайсар Алшынбай, Істеріңе қуандық, Үлгі болған жастарға Шығыңдар төрге алшаңдай!
Яшайла: Жоғары, кәне, шығыңдар, Ұрыстан қайтқан қан төгіп, Ел қорғаған батырлар! Қайтқан ерлер жау жеңіп, Босатып белден қылышты, Демалуға тиісті! (қуанып) Айжан ханум, рұқсат ет?.. Тоқаш мырза... Ашқалла, терем, ашқалла, Көрсетуге біз дайын, Сізге, мырза, сый-құрмет... Тоқаш: Оныңызға рақмет! Бұл не қылған той-жиын!? Кострома: Комиссар, аз сабыр ет... Тоқтамасын ән мен күй. Яшайла: Болады қазір әсем би... Алшымбай: Батырдан туған батыр ұл, Ұстар әке найзасын! Батырдан туса жасық ұл Демес, жауым, қайдасың?! Естіден туса есті адам, Дұшпанын да дос етер. Жұрт: Естіден туса есалаң Досын-дағы қас етер.
Алшымбай: Сұлудан тусын сұлу қыз Ер жігітті қуантар. Қатының болса ажарсыз Таң орнына түн атар. Қатының болса тым сұлу Қамын ойлап бас қатар... Жұрт: Қасың түгіл, досың да Ебін тапса дәм татар... (үрейлене) Келе жатқан мынау кім? Жүрісі үстірт екен тым!.. Әбен: Арғы жақтан Жарас кепті, Қасында жүздей сарбазы. Ұмытпапты ескі кекті, Түнде шаппақ Дарбазды! Малын айдап кейін өтпек, Жалайырды да ерте кетпек. Яшайла: Қай! Мыналарды жинап едім, Жарас өтіп кетсін деп. Әбен доңыз, қайдан білдің, Тумай кеткір, жетімек! Тоқаш: Азғантай сорлы елімді қаусыратып, Әкеткен бөліп алып арғы бетке. Аш қасқыр, сол қылығың жанға батып, Жүруші ем кегім қайнап көкіректе!— Келген жоқ бостан-босқа Жарас тегі, Бүлдіріп кетпек қой ол тауып орай?!
Күн туды қайтаратын қанды кекті, Енді оны жібермейік кейін қарай! Мініңдер атқа, жігіттер! Яшайла: О, тақсыр! Би жаңа ғана басталды, Көріп кетіңдер! Тоқаш: Кекеткен жерін-ай! Қош, сәулем! Айжан: Тоқташы азғантай... Бір өзің бұл өмірде бар тірегім, Шошиды дұшпаныңнан жас жүрегім. Аман қайт сын сапардан, ақ сұңқарым, Дүниеден осы ғана бар тілегім!.. Ақбілек: Көз салшы жан-жағыңа, сұлу Айжан, Келеді қара түнек қанат жайған. Алады Тоқаш басын батыр Жарас Қызы үшін әке салған жолдан тайған. Есің барда жөніңді тап, Жет әкеңнің жанына! Не қыласың күнә арқалап Қалма Тоқаш қанына! Айжан: Қас па едің, дос санасам, жүзі қара, Салмап па ең жүрегіме өшпес жара. Ардагер, халқым ұлы Тоқаш үшін, Қидым мен әкемді де садақаға! Яшайла: Күн туды, ал, жігіттер, кек алатын,
Дүниені қан жылатып, өрт салатын. Күн туды Тоқаш-сынды қас қыранның, Кесетін көк семсермен қос қанатын! Матан: Қансыраған көк болат Қадалуға тұр дайын. Қанды қармақ басын тарт Жайраңдаған көк жайын! Шарап сапырушы: Тас жүректі өртеген, Шықсын сыртқа долы кек! Қадалсын көк желкеден Суық қанжар көкпеңбек! Бәрі: Судай ақсын ыстық қан! Ыстық қан! Ыстық қан! Өр кеудеден шықсын жан! Шықсын жан! Шықсын жан! ЕКІНШІ ТАРАУ Куәгер: Түн қандай сұсты бүгін су қараңғы! Мұндай түн ушықтырар жан жараңды! Тергеуші келе жатыр Губчекадан Тоқашқа жауып түрлі жау жаланы. Ал мұнда қарақшылар тосып отыр, Бәлеге тағы бәле қосып отыр. Ақиық торға түссе жауы құрған, Жиылып қарға, құзғын көзін шоқыр... Ақбілек: Күйедей жұқты оған жапқан жала, Ұстауға комиссарды кісі шықты. Бір сылқым тергеушісі жас бозбала Бұл істе бола қоймас тақа ұқыпты.
Әкелдім жалған бұйрық тағы, міне, Тоқашты ұстасыменен жүргіз деген... Яшайла: Барлық іс біту керек бір-ақ түнде, Ойыңды, Ақбілегім, түсіндім мен. (Қарақшылар қуанышы): Бастадық біз тәуір істі, тәуір істі! Тоқаш батыр қолға түсті, қолға түсті! Ақбілек: Бұйрық міне жазылған хат, жазылған хат! Шарап сапырушы: Қанды қармақ басын тарт, басын тарт! Бәрі: Іске сәт! Іске сәт! Яшайла: Комиссардың басын алар, басын алар! Бәрі: Міне пышақ, міне қанжар! Міне пышақ, міне қанжар! ҮШІНШІ ТАРАУ Куәгер: Тағы түн тас қараңғы, қашқан үрей, Мұндайда тағдыр-дағы келер дүлей. Қарақшы, дұспан біткен басын қосқан, Сыртынан Ер Тоқаштың қамшы білей.
Комиссар Губчекадан шыққан төте Жан екен ысылмаған әлі өте. Және тым Ақбілекке қызығулы Жарар ед етпесе бір үлкен қате... Тойбазар: Бұйрық мынау: ел-жұртына еткен қысым, Тоқаштың тексер деген бар қылмысын. Көргем жоқ жүргізіп мен мұндай істі, Жарар еді шындығына жетсе күшім? Құлпырған жасыл төгіп көркем Майым, Кім мұндай Май айында тартқан уайым? Қыз қуып Алматымда жүре бермей, Нем бар ед мұндай істе, беу, құдайым?! Ақбілек: Бұныңыз не, қайным-ау, Неге жалғыз отырсыз? Бізде де бар бақша-бау, Жас келіншек, сұлу қыз!.. Тойбазар: Жеңешетай... Қыз көруге келгем жоқ, Онсызда — Бастан асқан ісім көп. Ақбілек: Бұл елде, қонақ сыйлау салт боп келген, Қайным-ау, өкпелетпе бүйтіп бірден... Жеңгеңнің өз қолынан тағамын тат, Өзіңдей жақсыларға сақтап жүрген. Жігіттің жалғыз болса таңы атқан ба, Не жетсін ойнап-күліп дәм татқанға. Ас-судан басқа да бар береріміз Жалғыз кел, сөз ергізбей, ел жатқанда...
Тойбазар: Жарайды, ел ұйықтап кеткесін... Неткен сұлу көрікті! Матан: Тоқалдың көріп бөксесін, Желікті мынау, желікті! (Тойбазарға) Жүрмесін Тоқаш өштесіп, Қылығыңнан сезікті... Тойбазар: Өштеседі неліктен? Матан: Ләззат билеп ақылын Аз ба төре еліккен. Әлгі кербез қатының Бөтен көрсе қызығып... Көнбес Тоқаш ерікпен! Тойбазар: Ә-ә! Қара бұзығын! Арызшы топ: Тоқаш қырып барады, Надан момын халықты. Аямай кеп салады, Көтере алмас салықты! Атқа мінер: Абақтыға салам деп, Сұрады менен көп пара. Шарап сапырушы: Қатыныма барам деп Арқамды етті көк ала! Яшайла: Тексерген жөн, комиссар, тексерген жөн.
Арызшы топ: Құтқара көр бізді тепкіден! Тойбазар: Бәрін де өзім тексерем, Тағыда қандай арыз бар? Жасырмаңдар, айтыңдар! (Тоқаш, Жарас тобы. Жарастың қолы байлаулы.) Әбен: (Арызшы топқа) Кәне, тараңдар, тараңдар! Тойбазар: Төтенше комиссар — Күрек ұлы Тойбазар! Тоқаш: Тоқаш комиссар! Сәл шыдаңыз... (Жарасқа) Тағы да қандай өкпең бар? Жарас: Әлі де айтар жырым көп... Тоқаш: Айт! Айт! Асығар қазір жайым жоқ. Жарас: Қыл бұғаудай босатпай тағдыр — көген, Көкірегін жегідей қайғы жеген. Бозторғайдай кішкентай болса-дағы, Биік ұшар елім бар қазақ деген. Сол сорлыны бір құзғын қанды балақ Кетпесін деп қапелде жем ғып талап, Ақ патшаға қарсы қол жиғанымда Қосылып ең тобыма өзің қалап.
Тоқаш: Алдадың демексің ғой сен өкпелеп? Жарас: Әйтпесе бізге неге ермей қалдың? Тоқаш: Әдейі, сені қайта оралсын деп. Жарас: Иә, мен туған жерге қайта оралдым, Тыйды ма бірақ, Тоқаш, халқым зарын? Тоқаш: Дертінің табылмаған ешбір емі, Жүрегін отқа салған қайғы-шері Жаралы аққу еді туған елім, Тарылған ұшар көгі, қоңыр көлі. Естимін енді аққудың әсем үнін, Үркіткен сол бір әні қайғы түнін. Көремін бүгін, Жарас, жайнап шыққан Халқымның алтын нұрлы бақыт күнін! Әкетіңдер! (Тойбазар келеді.) Тоқаш: Иә, сөйле, комиссар. Тойбазар: Отыр. Сен жайында бұйрық бар. Тоқаш: Не демексің?!. Тойбазар: Халыққа көп қиянат істегенсің... Делінген сол қылмысы тексерілсін. Мінекей жарлық қағаз, өзін, оқы. Тоқаш: (оқиды) Япырмай, өңім бе бұл, әлде түсім!?
Тойбазар: Түсіндің бе, Тоқаш, енді? Губчека мені жіберді Ашуға бетін қылмыстың. Бұйрықтың аты бұйрық қой Қанша жақсы көрсем де Жабуға сені тиіспін. Енді босқа сестенбе, Тапаншаңды былай қой! Тоқаш: Өңім бе бұл, түсім бе бұл, Қандай айып, күнәм бар? Жау қанымды ішкелі тұр, Қайдасың, дос, бауырлар?! Патша айдап Сібір барып Нелер азап тартпадым. Абақты ма, түспес жарық, Сондағы бар тапқаным? Әлде күнәм, дабыл ұрып — Бұзғаным ба жау қорғанын?! Жетісуда Совет құрып, Халқыммен бір болғаным?! Енді, міне, қапылыста Тәсілмен жау алмақ кек. Олай болса кәне баста Тергеуді тезірек! Тойбазар: Түн боп қалды, Кірісемін таңертең. Тоқаш: Ойнайсың, бала, отпенен! Тойбазар: Конвой! (жалғыз)
Ойнайсың, бала, отпенен! Атың егер Тоқаш болса, Таң атқанша жата тұрсын! Басқа ойнайтын от табылса, Неткен тергеу? Тергеу құрысын! (көңілдене) Бұл жалғанның шын жұмағы: Шәйі көрпе, Мамық жастық, Сұлу жеңгей от құшағы! Әттең ерте! Ерте бастық! (Қызыл әскерше киінген қарақшылар, ішінде Яшайла). Яшайла: Комиссар, сізге бұйрық! Тойбазар: Губчекадан? Тоқашты жеткіз дейді Алматыға? Өзің әкетесің бе? Мә қағаз, Ол қазір отыр абақтыда... (Яшайлалар кетеді. Айжан келеді.) Айжан: Қассың ба, доссың ба сен, қайдан келдің? Тексермей жау сөзіне қалай ердің? Сұмдықты көрмейсің бе қаладағы, Жарар ед мерт болмаса ардагерім! Түнерген қараңғы түн құбыжықтай,— Қарашы тына қалған үні шықпай, Тегін бе? Босат қазір Тоқашымды, Бандылар тұрғанында басын жұтпай! (Кенет көзі стол үстінде жатқан Тоқаштың тапаншасын көреді. Дереу ала can
Тойбазарды көздейді). Босат, қазір жаның барда! Бір!.. Енді!.. (Кострома кіреді.) Кострома: Тоқта, Айжан! (Тойбазарға куәлігін көрсетеді). Тойбазар: Контрразведка агенті? Кострома: Тоқаш қайда? Тойбазар: Абақтыда! Міне бұйрық, Алматыға жүргіз деген. Кострома: Кім берген? Тойбазар: Зотов! (Кағазды қарап) Комиссар, жан екенсің сен алданған! Жалған мөр! Жалған бұйрық! Бәрі жалған! Қол қойған Зотов болып бөтен адам, Жасынан оның қолы таныс маған. (Ызалы) Қанды кегін, улы зәрін, Ішке сақтап дұшпан жүр. Қан сұраған сұр қанжарын, Қайрап қамсыз дайын тұр. Аштым банды мен сұмдығын, Басам қазір ұясын. Яшайладай сұм құзғынның Қос қанатын қиямын. Абақтыда — ендігі іс, Төнген оған жау кәрі.
Құтқар жылдам, құстай ұш, Тоқаш тірі болса әлі?! Тойбазар: Мүлт кеткен де жау оғы! Тревога! Тревога! Тревога! Айжан: Тоқашым, ардагерім, ақсұңқарым, Жете ме құлағыңа төккен зарым? Жарар еді қалса тірі, көрдіңдер ме Жау қалай комиссарды алдағанын? ТӨРТІНШІ ТАРАУ Куәгер: Атып келеді, атып келеді алтын таң, Тыңдаңдаршы, тыңдаңдаршы, естіледі сұлу ән! Алыстағы ән: Жастық — көктем, шаттық гүлін тағады, Махаббат — күн, бақыт нұрын жағады. Ақ айдында ләззат әнін сыңсытып Аққу құстар талмай қанат қағады. Аққу құстар тамаша ән салады, Ақ айдынды, тербетіп кең даланы, Ал ләззаттың аққулары — ғашықтар, Махаббатты сәнмен қарсы алады. Куәгер: Көрдіңдер ме қуаныш әні тыйылды, Тұншықтырып тастағандай әлдекім. Өйткені үрей шаншиды кеп миыңды, Қансыратып кететіндей қайғы-мұң. Қалам қорқып сермелгендей алдаспан, Өршіктіре қанды кекті — таласты. Сұм ажалдан құтқара көр о, жасаған, Түрмедегі Тоқаш пенен Жарасты! Жарас:
Тексеруге келді десем, Өзің де тұтқын екенсің ғой, комиссарым Уа, дариға — Ел-жұртыңның қамын жесең, Үлесің осы ма еді бар табарың?! Тоқаш: Етегің ел дегенде толар жасқа, Әттең тек жан түршігер ісің басқа. Уа, Жарас, табарың не толтырғанда Қазақтың кең даласын құлпытасқа? Жарас: Бесіктен шықпай жатып қайғы торып, Жаңбырсыз сарғалдақтай қалған солып Кең далам көрінеді тулақтай тар, Бақытсыз туғаннан соң халық болып. Артымда елім барда жұртпен теңмін, Артымда елім жоқта жұрттан кеммін, Сондықтан жанталасам майдан ашып, Өйткені елім барда — мен де елмін! Тоқаш: Күйі бар тәуелсіздіктің көкейкескен, Тартыста, арпалыста қанды кешкен. Азғантай болса-дағы көпке татыр, Халқым бар қазақ деген батыр өскен. Сол қазақ емін-еркін алып демін, Ел болмақ жинап енді етек-жеңін. Тек қана батыр Жарас жұртты бөліп, Арманы - қанға малмақ туған жерін. Жарас: Даңқың, халқым, дүбірін, Жанға жалын от берер. Қайғың, халқым, күбірін. Өн бойыма дерт берер. Кәрі жанды сен қайдан Түсінерсің, жас ұлан?!
(Алыстағы тауды меңзеп) Өзім бөлген сол жұртым, Шекарада тұр күтіп. Жақсы болса бұл жақта Ана таудың басынан, Қоймақ едім көк түтін. Амалым не, мүлт кетіп Өзім түстім дұзаққа! Тоқаш: Тау тасындай шашылған, Қазақ деген сорлы ұлттың. Жисам бәрін күш жетіп, Менің де жоқ арманым! Жарас: Арланым! (Қызыл әскерше киінген Яшайла кіреді). Яшайла: Жүріңдер тергеуге! (Алып кетеді. Түрмеге Тойбазар келеді). Тонбазар: Кешігіп қалыппын! (толқып) Осы ма жерім құлаған! Бетім қара, қолым қанды Қайда барам? Не қылам? Бүйткен өмір керегі жоқ, Жалынсын енді жалғыз оқ! Жоқ! Жоқ! Одан да жауды қуамын, Ең болмаса қан майданда Күнәмді қаныммен жуамын! Куәгер: Сұмдық! Сұмдық! Қанды ауыз сұмдық! Қарақшылар қара түнді қан ғып, Жылатып мылқау мына жартасты, Өлтірмекші Тоқаш пенен Жарасты!
Қулықтарын, сұмдықтарын асырып, Бір-бірінің қоштап зұлым кеу-кеуін, Қараңғы түн алады деп жасырып, Өлтірмекші отқа өртеп екеуін... Тірі пенде деп ойлайды білмесін, Қылмыстарын кілең жынды, ақымақ... Ал Жарастың күтіп бермек белгісін, Отыр тынып көзін алмай арғы жақ... Көрсетпесе қайда екенін бұлардың Осы бір от қара аспанға лаулаған, Таба алмас-ты қылмыс жерін сұмдардың Су қараңғы қара түнде бір адам... Жарас: Адам деген бір ғаріп, Әкепті жау жеріме: Хабар берем от жағып, Деген сонау еліме! Матан: Әлгі қиын ұрыста, Жараланып Кострома Құтылдық қой біз әзер, Асыққан жөн, жігіттері! Ақбілек: (Тоқашқа) Бай жесірі, жас тоқалдың Отқа күйген ұқпай халін, Кетіп едің қарамай сен Не істесем де жоқ обалың! Өзің енді түстің қолға, Жесір қатын құрған торға! Көзіңді ойып алам кекті! Көзіңді ойып! Ха! Ха! Ха! Ха! Алам кекті, Тоқаш мырза! Жарас: Уа, қанды бөксе әзәзіл! Яшайла:
Үкім әзір! Қарақшылар тобы: Үкім біреу — өлім! Өлім! Өлім! Өлім! Яшайла: Қазір! (Тоқашқа таяй қанжарын ойната) Қансыраған суық қанжар, Тұр алғалы сенен өшін! Дегенменен таңдауыңды ал, Айтам саған екі кесім. Бірі: бізбен осы бүгін Арғы жаққа өтесің! Тоқаш: Комиссар қашты демексің ғой?.. Туған жер — сатылмайтын намыс пен ар. Онда ыстық ата-ананың, құшағы бар. Коммунист жанын берер, елін сатпас, Көп топас, мұны қалай ұқпайсыңдар?! Жарас: Құлыным! Яшайла: Қалай қарай ауғанын Көрдіңдер ме кәрі көкжал?! (Тоқашқа) Бітер жері сауданың: Отқа жанып өлесің! Қарақшылар тобы: Дұрыс өлім! Тапқан ажал! Тапқан ажал! Дұрыс өлім! Тоқаш: Бәрібір маған, суық қорғасын оқ, Немесе, қара түтін жайнаған шоқ. Қорқытпа өлімменен, зұлым жөндет,
Жан берсем елім үшін арманым жоқ! Қарақшылар тобы: Жағылсын от! Жағылсын от! От! От! От! От! (Oт жағылған ағашқа Тоқаш байланған.) Яшайла: Алабұға түскен ауға, түскен ауға! Ақбілек: Қызыл жалын көкке лаула, көкке лаула! Матан: Шыжылдатып қасық қанын, қасық қанын. Шарап сапырушы: Комиссардың өрте жанын, өрте жанын! Яшайла: Бар дұшпаны кек ойлаған, кек ойлаған! Ақбілек: Естіп даусын ойбайлаған, ойбайлаған! Матан: Шаттанып бір мейірі қансын, мейірі қансын! Шарап сапырушы: Лаула жалын! Тоқаш жансын, Тоқаш жансын! Бәрі: Тоқаш жансын! Жансын! Жансын!
Тоқаш: (өрт арасынан) Қош сау бол, аға, іні, құрбы-құрдас, Сүйген жар, аққан мөлдір көзінен жас. Қош сау бол, ардақты елім, асқар белім, Отаным — жау ала алмас биік жартас! Сұм жауым, жеңе алмадың, кетті кегің, Өтпепті жас өмірім, білдім тегін. Өлдім деп өкінбеймін. Көріп тұрмын: Халқымның қуанышты келешегін! Күзеттегі қарақшы: Дүбірі естіледі келе жатқан Қалың ел бері қарай арғы жақтан! Жарас: Уа, Тоқаш, жұртың үшін отқа жандың, Парызын кәрі Жарас орындадың. Жалыныңмен ел-жұртыңның басын қосып, Сөнбейтін жүрегімнен орын алдың! (Отқа асыққан ел-жұрт қызыл, әскерлер тобы.) Айжан: Қол созған жан едім мен алтын айға, Кездестім жаншошырлық қандай жайға? Көкежан, кісендеулі өзің тұрсың, Бірге еді күйеу балаң, айтшы қайда? Жарас: Күл болып жатыр әне арыстаның! (Тоқаштың өртенген жерін көрсетеді.) Айжан: Жаным! Жаным! Құлагер күнге күйіп қылаң болмас, Қара құс көкке ұшып қыран болмас. Кешсем де мың жыл өмір бұл жалғанда, Тоқашым, өмір-бақи орның толмас! Айтармын сенің үшін мен жырымды. Суарып кек отына шер-мұңымды,
Салармын құрыштай ғып қалшылдаған Алармын жауларыңнан кек-құныңды! Жарас: Бітуге айналғанда қуат-күнім, Жаныма жалын берді ерлік ісің. Тоқашым, адал екен алған жолың Қайтейін, мен адасып, соң түсіндім. Қызығын көре алмадың бұл жалғанның Соңыңда қалды жалын ән-арманың. Ісіңе сенің адал мақсат еткен Жұмсармын өмірімнің бар қалғанын! Куәгер: Қыран өлер жан шықпас құз басында, Батыр қалмас халқының көз жасына. Қаза тапты ер Тоқаш жұрты үшін, Өмірдің қалмай босқа қырқасында! Жарқ етті де сөнді тез күн шапағы, Бірақ қалды артында мәңгі атағы. Әлі талай жыр жазар алтын сырмен, Соңындағы ел-жұрты, жас ұрпағы!
ӘН МӘТІНДЕРІ ЖАҢА ӨЛКЕ Кешегі бір шерлі қазақ даласы, Алтын өлке міне, бүгін қарашы. Құшағында, салтанатты, мархабатты сан ұлты Жарқыраған жаңа өмірдің қаласы. Қайырмасы: Бізде байлық береке, Бізде шаттық мереке. Әнге қосып ардақтаймыз, Астананы жаңа өлке. Арманына жетті халқым көздеген, Сарыарқам да, cap далам да өзгерген. Жасыл қалам алтын әннің, алтын дәннің ордасы Қымбаттысың ел-жұртыңа өзгеден. Қайырмасы: Бізде байлық береке, Бізде шаттық мереке. Әнге қосып ардақтаймыз, Астананы жаңа өлке. Сүйем сені, сұлу Ертіс, көл, аспан, Жеріңе сай атың қалай жарасқан. Гүлдене бер, өрлене бер, жас қала, Жаңа өмірге жаңа туып жол ашқан. Қайырмасы: Бізде байлық береке, Бізде шаттық мереке. Әнге қосып ардақтаймыз, Астананы жаңа өлке.
МЕРЕКЕ Қандай той, бүгінгі той, қызық, думан? Қуанып, бақыт, өмір қызыл тудан. Ән салған салтанатты барлық халық, барлық халық, Нәр алған кенді далам жасыл нудан. Қайырмасы: Біздің өмір жарықта, Көктем күні халықта. Айтып алғыс Ленинге, (екі рет) Шарықта, достар, шарықта! * Бүгін той, мерекесі батыр жұрттың Салют — сұлу сәні ақша бұлттың. Адамзат арман еткен Ұлы күні, Ұлы күні. Мейрамы дүниенің, мың сан ұлттың! Қайырмасы: Біздің өмір жарықта, Көктем күні халықта, Айтып алғыс Ленинге, (екі рет) Шарықта, достар, шарықта! Отаным елу жасқа толған күні, Жайнады коммунизм жасыл гүлі. Ел үшін, ұрпақ үшін ұмытылмас, Ұмытылмас, Халқымның, партиямның салған үні! Қайырмасы: Біздің, өмір жарықта, Көктем күні халықта. Айтып алғыс Ленинге, (екі рет) Шарықта, достар, шарықта!
ДОМБЫРА Бұл домбыра тоғыз перне тағылған, Естіген жан үнін аңсап сағынған. Тарта білсең дұрыс қойып, дұрыс қойып тиегін, Кеңітеді көңілдің көк, Көңілдің көк жиегін. Бұл домбыра талай ғасыр жыр еткен,— Махаббатты шыққан ыстық жүректен. Жан сезімін аялатқан, Аялатқан, тербеген Кейде шаттық, кейде қайғы, Кейде қайғы-шерменен. Бұл домбыра тапқан ақын жүрегін, Тартқан жарға айтам деген тілегін. Үні тәтті күлкісіндей, Күлкісіндей қалқаның Сол себептен домбырамды тартамын. САУЫНШЫ ЖЕҢГЕЙДІҢ ӘНІ Сауыншымын әйгілі бұл ауылда Төл өсірген қақтырмай қар жауынға. Сиыр сауып қатардан озып шығып, Дайын тұрмын көрмеге мен баруға. Қайырмасы: Малға елім бай, Қалың көкорай, Жасыл шалғын Тамаша құлпырған, Кең өріске жерім сай! Құлпырған, кең өріске Жерім сай. Дара шыққан талай дос-замандастан Жақсың бар ма дәл бүгін менен асқан? Бір көруге құмартып бұл жеңгейді Мен естимін, жігіттер бар-таласқан. Қайырмасы: Малға елім бай, Қалың көкорай,
Жасыл шалғын Тамаша құлпырған, Кең өріске жерім сай Құлпырған, кең өріске Жерім сай. Халқымменен бірге өскен бір тілекпен Сауыншымын еңбекпен көзге іліккен, Алғысымды айтамын құрмет етіп, Сені сүйген, Отаным, шын жүректен. Қайырмасы: Малға елім бай, Қалың көкорай, Жасыл шалғын Тамаша құлпырған, Кең өріске жерім сай! Құлпырған, кең өріске Жерім сай. ҚЫЗ АРМАНЫ Сағынып жүрек Сүйгенін тілеп, Болмай ләззат еш емі. Сарғайып гүлдей, Жадырап күлмей Күткен ем, сәулем, мен сені. Келдің аман. От боп жанам, Құшағыңда, сүйген дос! Күлемін күндей, Жайнаймын гүлдей, Қуанам, қалқам, көңіл қош! Шаттықпен көңіл, Масайрап өмір Мәңгі талмай жас жаным, Қол ұстасып, Судай тасып Бірге өтсем жоқ арманым!
ЖҮРЕК ЖЫРЫ Әлемге төгіп сән, Тербетіп алтын дән, Жайқалған алқапқа егін жай,— Келемін күнде іздеп Қарсы алар күлімдеп, Қайда деп шын сүйген қалқатай? Қайырмасы: Сүйген сәулем, ақ гүлімсің, Көктегі жайнаған күнімсің. Бұлбұлым, Тербетсін, Жер бетін Тәтті үнің. Сен еккен ақ бидай, Жел теңсеп толқындай Ашады құлпырып көңілді. Ләззатың жарасқан, Көктемдей гүл шашқан Бөлейді шаттыққа өмірді. Қайырмасы: Сүйген сәулем ақ гүлімсің, Көктегі жайнаған күнімсің. Бұлбұлым, Тербетсін, Жер бетін Тәтті үнін. ТЫҢДА КӨРДІМ БІР ҚЫЗДЫ Тыңда көрдім бір қызды, Шашын түйген желкеге, Сұлу емес, ай жүзді, Мінезі де ерке ме?.. Ашық бірақ күлкісі Көзінде от ойнайды,
Қырдың қызыл түлкісі Ойды тартпай қоймайды. Тыңда көрген осы қыз Тракторшы әйгілі. Миллиардтан биыл күз Алмақ озып бәйгені. ДӘРИҒАНЫҢ ӘНІ Ұшырдым сұңқарымды алыс жаққа Бақытқа, қуанышқа, болашаққа. Алдында не бар оны күтіп тұрған Дауыл ма? Әлде шатты күн шуақ па? Қайырмасы: Айналайын, жас Жанайым, Жүзіңнен көрейін мен таң арайын. Әлі әбден жетілмеген балапаным, Үміттің анаң жайды алақанын Күтермін аңсап сені санап сонау Өмірдің батар күнін, атар таңын. Қайырмасы: Айналайын, жас Жанайым, Жүзіңнен көрейін мен таң арайын. Бақытты болсын, қалқам, қуған ісің. Жетіліп, тез шынықсын қуат, күшің. Ерте кел қанатыңмен ел-жұртыңа Тамаша самал желін қуаныштың. Қайырмасы: Айналайын, жас Жанайым, Жүзіңнен көрейін мен таң арайын. ҚҰЛПЫРАДЫ ЖАСЫЛ КӨКТЕМ (Романс) Гүл жамылған жатыр дала Қиқу салып құстар келген. Көлде ойнаған ақ, шағала Қанатына шаттық ерген... Шырқайды қыз егін жайда,
Келтіріп бір әннің нақышын. Тербейді жел қоңыр, майда, Жаңа шыққан дәннің басын... Найзағайлар бұлтты сөгіп, Құяды кеп жаңбыр көктен. Миллиардқа нұрын төгіп Құлпырады жасыл көктем. АҚ ҚАЙЫҢ Ектім мен ұлыма арнап тал шыбықты, Елемей күзгі суық ызғырықты, Еккенде ұлыма арнап тал шыбықты, Дедім мен ақ қайыңдай өссін мықты. Қайырмасы: Ақ қайың-ау, ақ қайың, Мәпелейін, баптайын. Ұлым сендей құлпырсын, Маңдайынан қақпайын. Күн сүйіп, жаңбыр құшып жазға салым, Ақ қайың төкті жасыл жапырағын... Жайқалды жас қайыңдай ұлым-дағы Октябрь шашып алтын күн шапағын... Қайырмасы: Ақ қайың-ау, ақ қайың, Мәпелейін, баптайын. Ұлым сендей құлпырсын, Маңдайынан қақпайын. Қос қайың күннен-күнге құлпырады, Жүрекке көрген сайын жыр туады, Тілеймін солар үшін сөнбесін деп, Көкте күн, жерде Октябрь күн шуағы. Қайырмасы: Ақ қайың-ау, ақ қайың, Мәпелейін, баптайын. Ұлым сендей құлпырсын, Маңдайынан кақпайын.
ТАҢ ГҮЛІ Шық жамылған жасыл төккен Көрдім сұлу таң гүлін. Шықпас үні көкіректен Көрдім дала бұлбұлын. Қозғап ойды жан сезімі Неге сонша болдым шат? Білсе құрбым айтсын өзі Осы ма екен махаббат?! А — болдым шат! А — махаббат! Білсе құрбым айтсын өзі Осы ма екен махаббат? * Соққан самал тынық кеште Тербетеді су бетін. Түсіреді кенет еске Қиял достың суретін Қозғап ойды жан сезімі Неге сонша болдым шат? Білсе құрбым айтсын өзі Осы ма екен махаббат?! А — болдым шат! А — махаббат! Білсе құрбым айтсын өзі Осы ма екен махаббат?
- * Көңіл құс боп ұшады ма, Жүрек тулай береді. Шаттық сыймай құшағыма Сақ-сақ күлгім келеді. Қозғап ойды жан сезімі Here сонша болдым шат? Білсе құрбым айтсын өзі Осы ма екен махаббат?! A — болдым шат! А — махаббат! Білсе құрбым айтсын өзі Осы ма екен махаббат?
КӨК КЕПТЕРІМ Көкте ойнаған кептерім, Шақырамын кел бері. Көр өмірдің көктемін, Көр тамаша елдерді! Қайырмасы: А-ха, ха, ха-ха! Көк кептерім, Саған арнап А-ха, ха, ха-ха! Саған арнап Гүл еккенмін!.. Сен құсымсың, ерке жел, Білмес дұспан қамалын, Қанатыңмен ерте-кел, Бейбітшілік самалын. Қайырмасы: А-ха, ха, ха-ха! Көк кептерім, Саған арнап А-ха, ха, ха-ха! Саған арнап А-ха, ха, ха-ха! Саған арнап Гүл еккенмін!.. Келші, достым, қасыма, Кеудеге гүл қадайық, Алтын күннің астында, Көкке қанат қағайық. Қайырмасы: А-ха, ха, ха-ха! Көк кептерім, Саған арнап А-ха, ха, ха-ха! Саған арнап Гүл еккенмін!..
ҚЫС Қар салмағы үймелей, Сынған ағаш шытырлап. Жаңа етік кигендей, Қыс та келді сықырлап. Бар әлемді бір уыс Етемін деп қусырып, Ашуланды суық қыс, Жердің бетін қусырып. Долданды қыс ысқырып, Алай-түлей қар борап. Қызыл шұнақ үскірік, Дүниені алды орап... Күшті, долы, ағынды, Тау мен тасты сан бұзған, Су да қысқа бағынды, Көрпеленіп көк мұздан. Бойында жоқ жапырақ Суық желден қылар ық, Ақ қайың тұр қалтырап, Үстін басып мұз қабық... Біткен сауық, ән, күлкі, Қайғыланған орман да... Жортқан қасқыр, аш түлкі Ақ бораннан қорғана... Құстың бәрі қыс болмай Жылы жаққа ауысқан. Қалған жалғыз көп торғай, Қарға, құзғын, сауысқан. Оларда да зәре жоқ, Суық қыстан сұғынған, Біріне орман пана боп, Бірі шөпке тығылған... Тек, колхозшы ақсақал, Басында тері тымағы, Үстінде жылы тоны бар, Қысты мазақ қылады: — «Аяз, ызғар, боранға, Былқ етпейді бүйірім, Тұрған жайлы қорамда,
Жылқы, қойым, сиырым. Дәмді шөпті күйсеп ап, Жылы суды ішуде. Қысым, саған ұшырап, Малым жоқ дайын үсуге. Асым да мол қыстай жер, Қазаным тұр бұрқырап. Бораным, мейлі соға бер!..» Деп күледі қарқылдап... Топ пионер шыға caп, Сабақтары бітісімен Конькилерін байлап-ап, Сырғиды мұздың үстімен, Не болмаса топ бала Кәрі қысты ыза ғып, Соға бастайд аққала Беттері ду-ду қызарып, Қыс шамдана қалады, Жұмсап аяз шұнағын, Тістеп-тістеп алады, Балалардың құлағын. Қорқар тіпті ешкім жоқ, Төнсе де аяз қалшылдап, Қыс та әбден ыза боп, Жіберер жылап тамшылап. ОҚУШЫ БАЛА ӘНІ Тәртіп пенен қоғамның жұмысында, Біздің бөлім мектепте ең әйгілі. Сапалы ғып сабақты ұғысуда Қала бойы сан алдық біз бәйгені. Үлгілімін өзім де бөтендерге Ерінбеймін жұмсаса алам тілді. Бақшамды да қараймын еккен жерге Ойнайтын да білемін мезгілімді. Ленин бабам қалдырған өсиетін, «Оқы, оқы және оқы» деген бізге. Бұлжытпастан орындай бар ниетім Талмай еңбек етуге елімізге.
СОҒЫС ӨРТІН САЛУШЫЛАР Сұрланып түсі, Ақшиып тісі, Екі көзі қанталап, Ырсиып ауыз Қанішер жауыз Әлемге тағы от салмақ, Қарсы боп оған Миллион, мыңдаған Қалық бар күрескен. Жете алмас ойына Су кетер мойнына Жеңілер жауыздар күрестен, Ал егер шықса өрт Береміз біздер серт Ел болып майданға жетуге. Туғызған дауылды, Қанішер жауызды Мәңгілік талқан етуге. Мамыр 1950 ж. ТУҒАН ЖЕРІМЕ Туған жер, қысың — күміс, жазың — алтын, Көңілді шаттандырат сана-салтың, Құрметтеп сен деп өскен ұл-қызыңа Мейірімді сен бір ана жүзің жарқын. Қайырмасы: Туған жер — өмір бұлағы, Бақыттың сөнбес шырағы. Туған жер, сені құтты жерім деймін, Жайнаған құшағыңды елім деймін. Аянбай қолдан келген өнерімді, Көркіңді көркейтуге ерінбеймін. Қайырмасы: Туған жер — өмір бұлағы, Бақыттың сөнбес шырағы. Туған жер, сенде өмір, болашағым. Жайқалып жасыл төккен сенсің бағым. Тамаша байлығыңды, табысыңды
Жырлармын өмір бойы тынбай жағым. Қайырмасы: Туған жер — өмір бұлағы. Бақыттың сөнбес шырағы. МОСКВАҒА СӘЛЕМ Бақыттың жер жүзіне нұрын төккен. Бар ұлтты бірдей сүйіп еркелеткен. Қорғаны адамзаттың, бостандықтың, Москва, саған сәлем шын жүректен! Қайырмасы: Сәлем саған, сәлем саған біздерден. Ұлы қала, бар қалыққа нұр берген. Астанамыз, отанымыз көп жасы! Бақытымыз, заманымыз тамаша! Қайырмасы: Москва, көркің сұлу атқан таңнан. Атың тең тәтті ән мен балдай тамған. Астана, Ленин-Сталин туын тіккен, Қымбатсың соққан жүрек, ыстық қаннан. Қайырмасы: ЖАЗ КЕЛДІ Жайқалып жапырақ Кең дала жадырап Ән салып құс біткен. Дүние болып шат Оянып махаббат Сыр тартып жүректен. Гүрілдей су тасып Бәйшешек гүл шашып Жер беті сәнденді. Кілемдей түрленіп Нұр төгіп, гүлденіп Құлпырып жаз келді! Қолхозды ауылым Кең жайып бауырын Қайтты әне егістен! Отаным болсын мәз Тілейік: биыл жаз Өтсін деп жеңіспен!
АЛМА БАҒЫНДАҒЫ ЖЕҢГЕЙДІҢ СӨЗІ (Мичуриншіл бақшашыларға арналды) Қалың ағаш бағым бар Алмаларым сыңсыған Ең піскенін таңдап ал Құрбым саған ұсынам. Өсірдім мен, шығардым. Жаңа түрін ерінбей Қызылдығы қыздардың Бейне шие еріндей. Дәмі қанттан кем емес Тәттілігі бөлекше, Суықтықты елемес, Алмам менің ерекше. Қызыл алмам түсіндей Қызыл жұлдыз алдым мен Шашып, төгіп үсірмей Жидым елдің алды мен Құрбым бүгін жеңгеңнің Ісі жұрттан асып тұр. Еңбегінің өнгенін Көріп көңлі тасып тұр. Жақсы көрді сыйлыққа ұсынғанды. Түсінде де таласып «достарымен», Тағдыр солай, ол әбден ысылған-ды. Арғымағы болса да арық тіпті, Аламанда әйтеуір жарып шықты. Тірескенің біразы шыдамады, Тізесі де қатты еді жарықтықтың. Саялайтын кісісін саялайтын. Аялайтын адамын аялайтын. Ағайын деп жатпайтын, Ағайынды, Аямайтын жерінде аямайтын! Елім дейтін, әйтеуір жерім дейтін. Ер үстінде ешкімге берілмейтін. Жазуға да әрине, жалықпайтын, Егеске де шіркін-ай! Ерінбейтін! Сызат көрсе біреулер жарық десті, Сырқат көрсе біреулер ғаріп десті. Кемеңгер бір жазушы деген оны Көрмедім-ау бір де бір әріптесті.
Жазушы Ілияс Есенберлинмен кездесу Жазушы I. Есенберлин міне, қаншама жылдардан бері ақ қағазбен бетпе-бет келіп ой кешіп, тарихтың терең қойнауларына үңіліп, өз халқының тірлік соқпақтарын қиял көзімен шарлау әрекетінен бірде-бір толас тапқан емес. Күндегі тірлігі осы. Ал көңіл қошы келіп, сылдырап өңкей келісім тас бұлақтың суындай тасқындаған шақта күнді күнге, танды таңға қосып, осынау оңаша бөлмеде тынымсыз еңбек ететін сәттері де жиі кездеседі. Сондай шабытты шақтарда сөзден сурет салып сан түрлі адам тағдырларын, халық тарихын, махаббат пен ладауаттың сәттерін баяндайтын көркем хикаялар дүниеге келеді. Жазушы осымен де тынып қалмайды. Тағы да өз еркімен шетсіз-шексіз ой мұхитындағы азапты сапарға аттанып, бүгінгі болмыстан да, өткен күндер шежіресінен де шығармасына нәр боларлық, қиялына қанат бітіретін азық іздейді. Оны табуда да, тапқан олжаңды көркем сөзбен кестелеп жазу да оңай іс емес. Егер қазақ әдебиетінің соңғы он бес жылдық тарихын шолып қарасақ, I. Есенберлин туындылары осы дәуірдегі ірі құбылыстың бірі екені даусыз. Ол өзінің тарихи романдар сериясы арқылы әдебиетімізге тың арна әкеліп қосты. Бүгінгі заманның өзекті мәселелерін қозғайтын туындылары да оқырман жұртты бейтарап қалдырған жоқ. Оның басты себебі: жазушы қай дәуірді, қай кезеңді қамтыса да оқырман ойын қозғайтын актуальді проблеманы таңдап алып, оны бүгінгі биіктен көркемдік қуатпен шешіп бере алатындығында жатса керек. Халқымыздың әлі де қаймағы бұзылмай тұрған ұланғайыр мол тарихының небір шытырман оқиғаларын алмағайып терең зерттеп, көркем шежіреге айналдыруда жазушы ерлігі мен ұзақ жылғы табанды еңбегінің жемісі. Бұл шығармалар әртүрлі пікір талабын тудырғанмен қазақ қауымына, бүкіл кеңес кеңестігі оқырманына халқымыздың өткен тарихынан мол мағлұмат беретін көркемдік шығарма екені даусыз. Бізді қазақ әдебиетінің роман жанырын сан жағынан да, сапа жағанын да байытқан қарымды суреткердің ой толғаныстары, творчестволық лабораториясы қызықтырады. Сондықтан да I. Есенберлинмен жолығып пікірлескен едік. Енді соған құлақ түрейік: С. О. — Ілияс аға, Алатаудың осынау бір әсем сай астында
тұрғанда менің есіме сіздің көптеген шығармаларыңыздағы суреттелген қазақ даласының тамаша табиғат бейнелері елестейді. Егер сіздің бүкіл творчествоңызды тұтастай алып шолсақ, өзіңіз жазған он беске жуық романдардың ішіндегі өмір дүние суреттері, адамдар тағдыры бір ұланғайыр көш деп теңейтін болсақ, сол көш Сары Арқанын, кенезесі кепкен шөлдерінен де, Маңғыстаудың мидай жазық даласыменен де, Ертістің асау толқындарынан да, осынау мінекей қазір өзіміз бауырында тұрған Алатаудың асқар шыңдарының басын бұлт буған сан қилы кезеңдерінен де өтеді ғой. Заманалар көшеді, небір қауымдар өзгереді. Сонымен қоса біздің мына ұлан-ғайыр қазақ даласы табиғатының сыртқы бояуы да өзгеріп жатады. Менің бұл жерде сізден сұрайын деп отырғаным, өзіңіз көп суреттеген адам менен табиғат арасындағы байланыс. Сіз суреткер ретінде осыны қалай бейнелеуге тырыстыңыз? Адам мен табиғат арасындағы байланыс туралы ойларыңыз қандай? I. Е. — Адам мен табиғат арасының байланысы, менің көкей-тесті мәселемді қозғап отырсың. Бұл жақсы көретін тақырыбым. Сонау шығыс даласының тау өзені сарқыраған, шыршасы иінтірескен бөктерлерін жазғанда, не болмаса күз бола бар қазынасы мамырлаған қамысты-шөлді Қорғалжың көлін, әйтпесе сонау сұрқай тартқан Сырдария өлкесін суреттегенде, мен оның тек жалаң бейнесін ғана суреттемеймін. Табиғат пен адам дүниеге келгенінен жаратылысынан мал бағып, аң аулап, ұзақ-ұзақ жолдарға көшкен қазақ сықылды елге өте бір маңызы бар дүние. Былайша айтқанда өмір деген өзеннің адам мен табиғат екі жағасы төрізді. Сондықтан да көне заманда да, бертін келе де қазақ сияқты көшпелі ел санасында табиғат өте ұлт санасынан үлкен орын алған. Егер Махамбеттің: Қара лашын, ақ тұйғын талда болар ұясы, Талдың басын жел соқса, қайғыда болар анасы. Аспандағы бозторғай бозаңда болар ұясы. Боздық түбін су алса, қайғыда болар анасы — деген сөзіне қарағанда, Махамбетке табиғаттың жан-күйіне қаншалық әсер еткенін көреміз. Кешегі өткен атақты Мәди: «Атыңнан айналайын Қарқаралы Сенен бұлт менен қайғы тарқамады»— деген сөзіне құлақ қойсаңдар, бұл қазақ еліне қаншалық
әсер, қаншалық жан-күйін қозғаған дүние екенін көреміз. Сондықтан мен өзім сонау Көкшетаудың, Ұлытаудың орта сындағы қазақтың ең шұрайлы жерінің бірі Есіл өзенінің бойында тудым. Жасымнан табиғатты жақсы көрдім. Сол табиғаттың адам баласына қаншалықты әсерін тигізетіндігі көңіл-күйіне, іштегі сезіміне қаншалық ықпал жүргізетінді гін білгендіктен мен романдарымда әр кейіпкерімді сол табиғатпен байланысты екенін көрсетіп отырғым келді. Мен өзіміздің қазақ өлкесін көп аралаған адаммын. Оның жерін, суын, елін, кейбір сай-сала, бұдырына дейін білемін. Ал білмейтіндерімді романымның уақиғасына байланысты жұрттан сұрап, қандай өсімдік, қандай су ағады, малға қандай, елге қандай жақсылығы барлығын, елімізге әсері болғандықтан, құр ғана сырт бейнелі сурет емес, іштей жанкүйіне, жан сезіміне әсер беретіндіктен жақсылап жазуға тырысып келдім. С. О. — Ілияс аға мына жалпы көркемдік жинақтаудың өзі жа-зушының өмірлік тәжірибесіне тікелей байланыс ты деп айтып жүр осы күнгі сыншыларымыз. Міне, осы тұрғысынан алғанда сіздің өміріңіз бен творчестволық келбетіңіз қалай қалыптасты? I. Е. — Бұл өзі адамның жанын тебірентетін сұрақ. Мен қазір алпыс беске келдім. Бірақ осы жасымда мың жылдық өмір сүрген секілді боп сезінемін. Өйткені, менің басымнан өте саналуан өмір өтті. Көп адамдармен кездестім. Мұхаң марқұмның тілімен айтқанда: «өмір өңі анадай, тасқа оны түйіп бер»,— деген кезеңдерден де өттім. Соғыста да болдым, жасымнан жетім болып жетімдер үйінде де өстім. Тау-кен институтын бітірдім, далада жұмыс істедім, қалада қызмет еттім. Осының бәрінің менің өміріме үлкен әсері тиді. Әдебиетші болып, оның ресми институттарын бітірмегеніммен жасымнан сол әдебиетке құмарлығым ерте оянды. Кішкентай кезімде сол жетімдер үйінде жүргенде қабырға газетіне өлең жазып, бертін келе соғыстан кейін, сол әдебиетке шын жүрегіммен, шын ынтаммен берілдім. Менің әдебиетші болуыма, әдебиеттің кейбір тақырыбын өзімнің ойымша меңгеруіме себеп болған менің өмірім. Он жылдай киностудияда редактор болып істедім. Сол редактор болып жүрген кезімде көркем өнердің, әдебиеттің сюжетін құру керек болды. Осының мектебінен өттім. Сол секілді әдебиет баспасында жеті-сегіз жыл редактор болып істедім.
Бұл да маған, өзімнің болашақ мамандығыма, жаным сүйген әдебиетке белсене кірісуіме себеп болды. Онымен қатар таукен институтын бітіргендіктен көптеген өндіріс адамдарымен олардың кейбір өндірісте болған уақиғалармен танысып жүрдім. Өмірде өткен мектебім әр түрлі болғандықтан, қилықилы кезеңдерден өткендіктен, оның ішінде жаманынан жақсысы көп болғандықтан осының бәрі менің әдебиетке келуіме, әдебиетте өз тақырыбымды табуыма себепкер болды. С. О. — Ілияс аға сіздің шығармаларыңыздың ішіндегі ең шоқ-тықтысы да, халқымызға мол тарап, кеңінен мәлім болып отырғаны да ол «Көшпенділер» атты трилогия ғой. Бұл біздің халқымыздың көп ғасырлық тарихын қамтыған аса кесек туынды. Қазір оқырман ел арасында барынша кең тарап кеткен сіздің ең үлкен сүбелі еңбектеріңіздің бірі. Міне, осы шығарманың төңірегінде сын таразы, оқушылар тарапынан да талай айтыстар, пікірталастар болып жатты. Менің сұрайын дегенім,осындағы тарихи дерекпенен (негізінен тарихи дерек қой) сіздің оған қосқан көркемдік қиялыңыздың қатынасы қандай дәрежеде болды. Яғни, жаңағы тарихи деректермен сіздің ойдан қосқаныңыздың шамасы, арақатынасы қандай болды? I. Е. — Мынау қазақ өзі батыс пен шығыстың түйіскен жерінде атам заманнан, ежелден келе жатқан халық. Бұл бір жақтан көшіп келген халық емес, сонау қыпшақ заманынан, сақ заманынан осы жерде тұрып келген ел. Біз кеңес одағының жеті бөлек жерін игеріп отырмыз. Ал біз сан жағынан қараған уақытта көне заманда да осы күнгі санымыздан бәлендей артық болған емеспіз. Соған қарамай осыншама жерді алып отырған елдің тарихы өте қызық тарих. Осыншама жерді алуда батысында да жау аз болған жоқ, оңтүстігінде де. Шығысында мынау Қытай айдаһары жатыр. Олардың әрқайсысы бізге үңіле қарап, осы жерді мен қоныс етсем бе деген елдер. Соның бәріне берілмей ат жалын тартып мінгенінен қолына найза ұстап, батыр берген елдің тарихы мені қашанда бала жастан құмарттырып жүрді. Жалпы алғанда ойдан шығарылатын кейіпкерлер аз болды. Ол кейіпкерлерден «Қаһарда» Есіркеген бар. Есіркеген сондай қазақтың мына орыс еліменен қолтықтасуына, екеуі нің мәдениетінің бір болуына, қол созған адам. Дәл Есіркеген болған жоқ, бірақ Есіркеген секілді қазақтың сол уақытта Орынбор, Омбы корпустарында оқыған жастары көп болды.
Оншақты адамның атын білем, солардың бейнелерін бірге алдым, содан туды. Солардан жинақтап жаздым. Жалпы мен шындықтан алыс кетпеймін. Былай тарихи роман да сюжетті, болған уақиғаны шиеленістіруге, бірен-саран алынбаса, негізінде мен болған адамдарды алдым. Сол «Қаһарда» мысалы, бес-алты адам, «Алмас қылышта» да бес-алты адамнан аспайды. Өйткені сондай адам болмағанмен де, уақиға сондай адамның болғанын тілеп отырады. С. О. — Әңгіме «Көшпенділер» жөнінде болып отырғандықтан, мен сізден тағы бір нәрсе сұрағым келіп тұр. Осы үш романды тұтас оқып шыққанда, мысал үшін «Алмас қылыш» пен «Қаһардың» біраз стильдік көркемдік ерекшеліктері бір-бірінен сәл жазылудағы алшақтықтары байқалып қалатын сияқты. Міне, осы жөнінде сіз өзіңіз не айтар едіңіз? I. Е. — Жалпы менің жеке кітаптарыма жазылған сын көп. Оның жеке кітаптағы тіл байлығы ма, тіл кемшілігі ме, стилі ме барлығы да көп талқыланып жүр. Ал бір кітаптан екінші кітаптың айырмашылығы бар. Өзің айтып кеткен он беске таяп қалған романдарды салыстырып толық жазған ешкім жоқ. Менің романдарымның әрқайсысының өзіндік тілі, өзіндік стилі бар. Біріне-бірі жалпы ұқсастығы болмаса тіл, стиль жөнінде айырмашылықтары көп. Өйткені алған тақырыптарымның өзі әртүрлі. «Көлеңкеңмен қорғай жүр» тың тақырыбы болатын болса, онда терминнен бастап адамның, жаратылыстың, бөтен құбылыстардың барлығы өзге түрде жазылды. Ал жер астындағы болмыс, мысалы «Алтын құста» шахта өмірі, ондағы кейіпкерлерде өз тілі, өз талқылаулы болды. Стильдік жағынан әр кітабымның айырмашылығы мол. Жаңағы өзің айтқан «Алмас қылыш» пен «Қаһардың» айырмашылығы көп жағдайда алшақ жатады. Өйткені оның мынандай себебі бар. Ең алдыменен бұл үш роман бір трилогия болып әбден жоспарланып, ойымда жазылған дүние болатын. Материалдары, айғақтары, деректі оқиғалардың барлығы бір жүйеге келген еді. Содан кейін ойландым: бірінші, екінші кітабым шығып, үшінші шықпай қалатын болса, маған қиынға түсер деп. Өйткені үшінші кітаптағы қозғалатын мәселе бұрын талқыға түскен, талай адамдардың тағдырында екіұшты орын алған, Кенесары қозғалысы секілді әңгіме болатын. Сондықтан ең алдымен үшінші кітап шықса екен деп армандадым, тіледім. Өйткені,
бірінші мен екінші кітапқа бәлендей қарсылық бола қоймас деп ойладым. Үшінші кітапта жалаң тарихи дерек пен тарихи мәселемен ғана шұғылданбай, бұны жұрт оқитын бірінші тарихи романым болғандықтан, деректен гөрі, айғақтан және көркемдік жағына, бөтен бір суреттерге көбірек көңіл бөлдім. Оның жер сипатында, өсімдіктерінде, адам мінезқұлықтарында да көптеген ерекшеліктері бар. «Алмас қылышта» тікелей деректі уақиғалардан гөрі, оқуға ыңғайлы болсын, жұрт осыны тартып оқыса екен деген арманмен, көркемдік ой жағына да көбірек көңіл бөлдім. Тіл жағына да, ой жағына да. Сондықтан оны майға бауыр қосып асаттырған секілді, кейбір қиын мәселелерге аңыз жалпы сурет жағынан келіп осылай беруге тырыстым. Әрине, көркемдік жағынан осы үш кітаптың ішінде «Қаһардың» ерекше болуы мүмкін. Оның стилі де осыдан, кейіпкер ойынан оқушыға қалай жеткізем деген арманымнан шыққандықтан, оның «Алмас қылыштан» гөрі айырмашылығы осыдан туындаған. С. О. — Ал енді классикалық әдебиетке үңілетін болсақ, көбіне адамдар тағдырындағы, я болмаса халық өміріндегі тарихи кезеңдердегі ең бір қиян-кескі қиын кезеңдерді суреттеуге көбірек бой ұрады. Мәселен Лев Толстойдың атақты эпопеясы 1812 жылғы Отан соғысына арналатын болса, ал «Тынық Дон» романында Михаил Шолохов өзінің кейіпкерлерін азамат соғысының от жалынынан өткереді. Бұндай құбылыс жалпы қазақ әдебиетінің таңдаулы шығармаларының көбін де баршылық. Ал сіздің шығармаларыңыздың ішінде, мысалы «Алтын Орда», «Қаһар», «Көшпенділер», «Қатерлі өткел» сияқты туындыларыңызды осындай кезеңдерге ар налған шығармалар деп ойлаймын. Мінекей осындай бір қиын сәттерде халық тарихындағы аса бір елеулі кезеңдерді бөліп алғандағы сіздің негізгі жазушылық мұратыңыз не? І. Е. — Менің негізгі жазушылық мұратым былай. Қазақ деген халық көп шабылған, көп қиянат көрген халық. Тарихында оның басынан кешпеген қырғын жоқ. XV ғасырда бір қырылыстан кейін Тарихи Рашиди жазған бір ханның сөзі бар: «бұдан былай қарай қазақ халқы жоқ»,— деп. Осындай қырғын басынан көп өткен. Ал сол халық батыс пен шығыстың ортасындағы көпірі секілді осыншама жерді аман-есен алып қалды. Сондықтан мен сол батыр халқымның басынан өткен қилы-қилы кезеңдерін, арманын, сол уақытта оның қалай күрескенін, ел болғанын,
өзін-өзі сақтап қалғанын көрсету негізгі мақсатым болды. Заманның қиындығына қарамай «Көшпенділер» болсын, «Алтын Орда» болсын осыдан туды. Барлығы да осы ел басынан өткен өмірді бүгінгі күнде суреттеп беруге тырысқандықтан. С. О. — «Көшпенділер» үш кітап. Бұның өзі сіздің жазушылық өміріңізде қанша уақыт алды? Менің сұрап отырғаным, соңғы он бес жылда осыншама кітап жазылған екен. Ал бұның өзі бір жылда бір кітап деген әрбір суреткердің қолынан келе беретін нәрсе емес. Бұл біздің қазақ әдебиетінде өте сирек кездесетін құбылыс. Бұндай жылдам жазу үлкен еңбеккерлік, керемет қасиеттер. Осы шығармалардың жазылу тарихы жөнінде айтып беріңізші? I. Е. — Алпыс бесінші жылы «Айқас» романым жарық көрді. Содан бері жылына бір кітаптан шығып жатыр. Әрине кейбіреулер ойлайтын болу керек: «Бұл қалай, қайда жазады, неғып жазып жүр»,— деп. Шығармаларымның тақырыптарының өзі әртүрлі. Бес-алты романым өндіріс тақырыбы болса, бір-екі романым ауыл еңбеккерлеріне арналған. Негізгісі тарихи кітаптарым. Сұрағыңа жауап беру үшін, ең алдымен бір нәрсені түсіндіріп кеткім келеді. Мен алдыменен материал жинаймын. Деректер іздеймін. Айғақты уақиғаларды қараймын. Халық фольклорына сүйенемін. Жазба бетінде қандай шығармалар бар, соның барлығын қолым жеткен жерге дейін зерттеймін, оқи-мын, бірімен-бірін салыстырамын. Осылай дайындаймын. Материал дайындалғаннан кейін алдыменен ойға салып, бір жыл өте ме, көп жыл өте ме миыма өзім жазамын. Не туралы болу керек, асыл арманың не еді осы кітапты жазғанда. Нені көтергің, нені ашып айтқың келеді. Кей нәрсені ашып айтпасаң да, соған кішкене дүдәмал болсаң да, келесі ұрпаққа жол салғың келеді. Осындай материалдар бар. Соны терең деп ізденіп, өзім ақылымның жеткен жеріне дейін жазамын. Ойша жазамын. Не жазу туралы алдымен білуім керек. Бұл кәдімгі бұрынғы қазақтың аңызын, ертегісін көп естіген адамдардың, өзінің осындай бір қасиеті болады. Ал содан кейін жазуға отырамын. Жазуға отырған уақытымда күн-түн демеймін, бәлен-төлен сағат демеймін, әйтеуір соны жазып шыққанша соның үстінде боламын. Мысалы «Қаһарды» мен үш ай жаздым. «Қаһар» жазылған кезде көп жәрдемін, ақылын берген С. Бақбергенов, Мұхтар Мағауин.
Оның алдында ол өзінің «Қобыз сарыны», «Алдаспан» секілді кітаптарын шығарды. Қабдеш Жұмаділов. Осы үш адам куә, мен соны үш айда жазғанмын. Өйткені бірінші бетінен ақырғы бетіне дейін қатынасып отырды. Менің жалпы кітап жазуым жылдам болады. Өйткені мен жан-тәнімді салып жазамын. Уақытымның барлығын соған жіберемін. Қандай бөтен шаруам болсын, бар ойым сол кітапта жүреді. Ал «Көшпенділердің» жазылуы, ол менің қалам ұстағалы, (1942-ші жылдан) жазып келе жатырмын десем өтірікші болмаспын. Орталық партия комитетінде қызмет істеп жүрген кезімде Омбы мен Орынборда болдым. Оның архивтерінде соғыс кезінде, көптеген материал жинадым. Жаңа, ескі нәрсе бар ма, қолыма түскеннің барлығын қарап жүрдім. Соны қорытып, алпысыншы жылдардың басында осы үш кітапты жазам деген шешімге келдім. Жазылуы, жөнделуі бар алды үш айда, арты алты айда жазылды. С. О. — Әрине әр жазушының жазу мәнерінің әртүрлілігі аң-ғарылады. Біреулер көп ойланып келіп жылдам жазса, біреулер ұзақ жазады. Спринтерлік рекорд әдебиеттің негізгі көрсеткіші емес, оның басты көрсеткіші меніңше сапа. Осы тұрғыдан алғанда өзіңіздің шығармаларыңыздың ішінде тағы бір қарап, қайтадан бір жөндесем-ау деген оқушылардың, сыншылардың талабына сай тағы да бір үстінен жұмыс істесем дейтіндері бар ма? І. Е. — Шығарма деген өзі іштен шыққан дүние ғой. Қашанда болса соны жазғанда бар жан-тәніңді салып жаза сың. Сондықтан құс жеткен жеріне қонады дегендей, әр жазушы да өзімнің жеткен жерім осы деп ойлайды. Бұл жазушының ойы. Оқырман қауымның ойы: «мына жері мынадай болса, мынадай жері былай болса»,— дейді. Олардың өздері ой түсіреді, ақыл береді. Сондықтан шығарманың барлығы қанша ойлап жазғанменен, төрт аяғы бірдей тік түскен дүлділ бола бермейді. Әрине жазушының өзі қанағаттанбайтын еңбектер де болады. Мысалы маған мүмкіншілік болатын болса «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Аманат» секілді кітаптарымды тағы да бір қарап шығар едім. Жас келіп қалды, оның барлығы мүмкін емес. 1984-ші жылдары менің толық шығарма жинағым шығады. Шамам келсе «Көшпенділерде» кеткен кейбір кемшіліктерді, жылдам айтылған жерлерін, қараймын ба деген ойым бар. С. О. — Ал енді аға, өзіңіздің жүрегіңізге сонша жақын,
соншама қымбатты кітаптарыңыздың қайсысын ішінде көп ұнататын едіңіз. Егерде ондай шығармаңыз бар болатын болса, соның қандай қасиеттері үшін өзіңіз ерекше жақсы көресіз. І. Е. — Қай кітапты болса да түн ұйқыңды, күндізгі еңбегіңді аямай шын жанынды салып жазғандықтан, олардың бәрі де авторға бірдей бағалы келеді. Дегенмен қай саусағыңды кессең де жаныңа бірдей батады ғой. Кейде кітапты орынсыз сынаса ол да жаныңа батып жатады. Жалпы сол жазған кітаптарымның ішінде, өзім алғашқы романдарымды өте бағалы санаймын. Ол «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Қаһар». Бұл алғашқы кітаптарым. Кейінгі кітаптарым әбден ақыл-ойың, шеберлігің жетіліп, өз тұғырыңнан қарағанда, осы менің шыққан шыңым-ау деген кезде жазған «Мұхиттан өткен қайық», сосын «Алтын Орда» трилогиясы өзге кітаптарымнан гөрі жеңіл жазылды. Осы алтауын өзім жеке бағалаймын. Оның да себебі бap. «Айқасты» жақсы көретін себебім ондағы уақиғалар: адам опасыздығы, өз еңбегіне берілгендігі, кейіпкерлер өзіме таныс болғандықтан, қойылған мақсат үлкен болғандықтан қарама-қарсы адамдардың кейіптерін барынша зерттеп, қағаз бетіне түсіргендіктен және инженерлік тақырып болғандықтан маған ерекше жақын. Өйткені ол менің бірінші үлкен романым осы еді. «Қатерлі өткел» сонау біздің кеңес үкіметі орнаған кезде адасқан қазақтың адал ұлдарының тағдыры еді. Бұл біздің тағдырымыздағы үлкен кезең болатын. Жалпы қазақ зиялыларының басындағы. Сондықтан бұл кітапты өмірден алдым. Қазақтың жас жұмысшысы сонау Атысуда краннан құлаған Асанова сықылды қазақ қызының негізгі бейнесі алынғандықтан, ол да өзіме жақын суреткерлік мәселелермен көрсеттім. Бүгінгі жастардың махаббаты секілді ұлы армандары қозғалғандықтан оның да өзі маған біркелкі жақын. «Қаһарды» жақсы көретін себебім оған басқа кітаптардан гөрі көбірек еңбек сіңірдім. Маңдай терімнің қатты шыққаны да осы жолы. Бұл өзі халықтың ондаған жыл қантөгіс, қиналған кезеңі болатын. Кенесарының негізгі жолы дұрыс еді ғой. Ол халықтың жолы емес еді. Сол кезеңді дұрыс суреттедім бе деп жақсы көремін. Ал «Алтын Орданы» алатын болсақ, бұл қазақтың дастандары: Шора батыр, Ер Тарғын, Едіге — осылардың барлығы өмір сүрген сонау көшпенділерден өткен заман. Ал бұл
заманның өзінде де толып жатқан қым-қиғаш қиындықтары бар. Тарихи роман «Көшпенділер» менің кітап жазу ісіндегі мектебім болды. Сондықтан «Алтын ордаға» өзім бір түрлі жылы қараймын. С. О. — Көпті көрген, көп жағдайларды бастан кешірген, көп еңбек сіңірген адам ретінде өзіңіздің соңыңыздан еріп келе жатқан әріптестеріңізге, бас қаламгер ретінде қандай ақыл-кеңестер айтар едіңіз? I. Е. — Ақыл кеңес дегенде, еңбек сүю керек. Халқына жәрдем болатындай үш нәрсені айтқан болар едім. Біріншіден, К. Маркс айтқандай: «Жазбасаң жүре алмайтын, ойыңнан кетпейтін дүниеңді жаз». Сол айтқандай жастар өзінің жаны сүйген, арманы болған затты жазуы керек. Ал жалпы жазады екенмін деп, жазғаны өзін қуандырмаған, жанына тақа батпаған тақырып жазған — құр сюжет құру болады. Сондықтан жазатын нәрсе өзіңнің жүрегінді күйдірген, осыны жазбасам менің әдебиеттегі арманым орындалмайды деген тақырыпты жазу керек. Екіншіден, жақсы кітаптар көп. С. Бақбергенов жақсы кітаптар жазып жүр. Кей кітаптардың ішінде шеберлік жетпей жатады. Шеберлік дегеннің өзі қызық. Ол тек қана сюжеттен ғана емес, оқырманды сендіруге байланысты болу керек. Оқырман сенбеген шығарма шебер шығармаға жатпайды. Мысалы: Қозы Көрпеш - Баян сұлу керемет жақсы пьеса. Қазақ әдебиетінде фольклор темасына жазылған одан артық пьеса жоқ. Тілі де, сюжеті де жақсы, ал бірақ осы күнгі жастардың реалистік көзқарасымен осы пьесаның аяғында кәдімгідей шеберлік жетпейді. Мен өзімнің сөзімді былай түсіндірер едім. Махаббат үшін өлу біздің мына өзгерген заманда, жастардың көзінше себебі жоқ секілді болып тұрады. Ромео мен Джульетта да осындай фольклордан алынған дүние. «Ромео мен Джульеттада» аяғында мынадай уақиға: Лекарь келін Ромеоны уақытша ұйықтатып кетеді. Джульетта келеді де оны көріп, Ромео мен үшін өліп жатыр дейді де, енді менің өмір сүруге ешбір хақым жоқ деп ол да өледі. Ал дәрігер ұйықтатқан Ромео оянады. Өзінің уақытша ұйықтағанын білмей, Джульеттаның өлгенін көреді. Джульеттаның өлгеніне өзі себепкер болғанына ашынып, махаббаттың соншалық күйігіңе шыдай алмайды да, сол жерде өзі де у ішіп өледі. Оқушы бұған сенеді. Өйткені бұл жерде Ромеоның өліміне себепкер болып отырған жалғыз ғана махаббат емес. Джульеттаны өлтірген ай-
ыбы, жүрегіндегі сол өкініш оны осындай жағдайға жеткізеді. Бұл жерде өкініш деген екінші тақырып шығады. Сол кезде оқырман оның көкірегенде жалғыз махаббат емес, күйініштен де өлгенін түсінеді. Міне, күйінішке де дәлел керек. Ал реалистік көзқараспен қарағанда махаббат үшін Қозы-Көрпеш өлуге тиісті. Ол дұрыс. Солай деп өзі фольклорда да айтылған. Бірақ оқырманға жетпей жатады. Бұл жерде жетпей жатқан драматургиялық шеберлік. Әлі де болса финалда Баян сұлудың өліміне дәлел, себеп жетпей жатады. Өйткені бүгінгі көзқараста осылай махаббат үшін өле салу жеткіліксіз тәрізді. Шынын айтсақ, осы заманда махаббат үшін өліп жатқан ұл-қыздарымызды көріп отырған жоқмыз. Бұл жерде махаббаттың мақсаты, алып шығу идеясы бойынша жетпей жатыр. С. О. — Біз әңгімемізді жер, табиғат туралы бастаған едік. Осы жердің өзгерісін сонау ғасырлардан бері елдің тағдырын, тарихын ой елегінен суреткерлік көзбен өткізіп отырған адамсыз ғой. Miнe, осы тұрғысынан бүгінгі еліміздің, халқымыздың хал-жайы туралы пікіріңізді айтсаңыз. I. Е. — Мен осы халықтың табиғатпенен байланысын сөзімнің басында айтып кеттім. Қысы суық, жазы ыстық, қуаңшылық болса да осы халықтың тағдыры табиғатпен байланысты. Біріншіден біздің халқымыз осы табиғатты игеріп отыр. Қуаңшылық жылы да егін шығады. Суық жылы да шөп жетеді, мал төл береді. Бұл халық жетістігі, біздің шаруашылығымыздың, еліміздің, жұртымыздың күнненкүнге көркейіп бара жатқандығы. Күні кеше қала шығып, алыс жерден, сонау Ұлытаудан Атбасарға барып екі қап бидай алып қайтатын қазақ бүгін өз жерінде миллиард пұттан артық астық орып отыр. Бұдан артық қандай жетістік болу керек. Кеше, төңкерістің алдында, ілуде біреу ғана хат таныса, қазір доктор, профессор, академик, жазушы толып жатыр. Хат танығаныңды былай қойып, ғылымыңның өзі, іліміңнің өзі қаншама. Осының бәрі біздің өскендігімізді көрсетеді ғой. Кітап саны баршылық. Менделеев жүйесіндегі бүкіл кеннің бәрі осы Қазақстан жерінде шығады екен. Бұдан артық қандай жетістік бар. Кеше ғана қазақ жерінде (2030 жыл бұрын), 2,5-3 млн. ел болса, қазір қазақтың өзі 6 миллионға жетіп қалды. Қазір бір үзім нан, бір жұтым су үшін жүдеп-жадап жатқан ел жоқ. Байлық та мол, білім де мол, жетістік те мол. Біздің
өскен еліміз, бұдан бетер өсе береді. Анау Байқоңыр, Қара ғанды, Екібастұз, Маңғыстау, Тың, мынау жарқырап тұрған Алматың. Бұдан артық не болу керек. Жалғыз ғана тілек ел өскен үстіне өсе берсін дейміз. С. О. — Талантты суреткердің айтар ойы осымен шектелмесе керек. Оның философиялық талғамы мол әрі көркемдік деңгейі биік туындылары да әлі толық талданып өзіндік бағасын алып болған жоқ. Бұл күнде кең байтақ Отанымыздың мекендеген халықтарының ондаған тілдеріне аударылып, қазірде де бір талай шетел тілдеріне аударылып жатқан I. Есенберлин шығармаларының өрісі кең, өресі биік. Ол қазақ әдебиетінде кесек туындылардың бар екенін талай жерде, талай елдерге дәлелдей бермек. Ал енді аға, қорытындыңыз қандай? І. Е. — Дүниеде өмірден қымбат ештеңе жоқ. Өйткені ол жалғыз.Бірақ сол өмірді Отаны, халқы, махаббаты тағы басқа көкейкесті армандары үшін пида ететіндер аз ба? Бұған қарағанда өмірден де басқа қымбат қасиеттерінің бар екені хақ. Ал жазушыға келетін болсақ оның өмірі біреу емес, екеу. Біреуі өз басының тіршілігі болса, екіншісі шығармадағы кейіпкерлерінің өмірі. Жазушыға екеуі де бірдей қымбат. Әрине қаламгерге өз тіршілігімен пара-пар санар туынды жазу оңайға түспейді. Жалпы жазушы болу дүниедегі ең қиын өнер. Әскери қолбасшының әскері, ғалымның лабораториясы, артистің режиссері, көрермендері бар болса, сенің ешкімің де жоқ. Бар болғаны алдыңдағы ақ қағазың, құны он тиын тұратын қолындағы қаламың. Сенің майдан ашар жерің де осы, жеңіске салар әскерің де осы. Егер күшің құдіретте жатса шабуылда жеңіп шығасың. Жеңгенде кейбір қаламгерлердің қолынан келмейтін шыңға көтерілесің. Бүкіл әлемді бағындырасың. Мәрмәр тастардан, граниттерден кө семдердің бейнесін келтіретін алмас қашаумен емес, бар болғаны әлгі он тиын тұратын қаламыңмен. Осылай шыққан шыңыңнан сені бай да, батыр да, патша да, мезгіл де, тіпті дәуір де құлата алмайды. Сенің өмірің кейіпкерлеріңнің өміріне, шығармаларыңның рухани байлығына айналады. Осылай жазушының өзі өлген күнінен, мәңгі өшпес екінші өмірі басталады. Мұндай келешек үшін өз тіршілігіңді аямауға болады. Демек жазушының еңбегінің ұзақ, қысқа сүруінің белгісі халқының қабылдауына байланысты. М. Горький Сүлеймен Сталски туралы: «Өзінің
кішкентай ұлдарын ұлы етіп көрсете алатын ұлы халық бар. Сондай-ақ өзінің кішкентай халқын ұлы етіп таныта білетін ұлы ұлдар да болады»,— деген. Бұл қағидадан халық пен жазушының тағдырының тығыз байланыста екенін көреміз. Ел жұрты туралы: оның өткені, бүгінгісі, келешегі жайында жазатын жазушылар бақытты жандар. Мен де өзімді сол бақыттылар қатарына санаймын. Кеше ұлы Абай: «Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» — деп қиналса, біз бүгін ондай өкінішті айта алмаймыз. Өйткені біздің қазіргі халқымыз өскелең, надандықты әлдеқашан ұмытқан ұлы мәдениетті жұрт. Оның әлі сынына сенуге болады. Сондықтан халқымыз жайында еңсесі Алатаудай биік, мағынасы Атырау теңізіндей терең шығармалар жазу әр жазушының міндеті. Өмірімнің ұзағы кетіп, қысқасы қалса да, менде өзімді өзгелердей туындылар беруге әлі де борышты санаймын. С. О.— Жазушы ағамызға қойған сұрақтарымды мен осымен аяқтай келе, әңгімеден алған әсерлерім: сырт тұлғасы қарапайым, бір қарағанда сылбырлау көрінетін бұл адам жазу столына отырған шақта көсіліп шабатын бәйге атындай қауырт қимылдайтыны, өнімді еңбек иесі екендігі қазір көпке мәлім. Ал көңіліне тоқып жүрген көрікті ойларын, ақ қағазға көсілте төккенімен, ауызша айтуға келгенде сыртаң тартып, кібіртіктей беретін де мінезін анғару қиын емес. Өзі де мен ауызша сөзге шорқақпын деп мойындайды. Бірақ көңіл түкпірінде жатқан отты көсеуге сөзің жетсе, Ілекең тез тұтанып, кейде ойларын түйдек-түйдек айтып та тастайды. Бір қарағанда майысқақ, көнімпаз көрінгенімен, өзі ұстанатын пікіріне уәж айтсаң, ойын табандата қорғап, қызулана сөйлеп кететін бірбеткейлігі де жоқ емес. Әр суреткердің сезім ұшқыны, жүрек жалыны, мінез қырлары оның шығармаларынан да аңғарылып тұрады. I. Есенберлин туындыларындағы қайсар мінез, қат-қабат ойға бай күрделі бейнелердің түп-төркіні осы бір қарапайым адамның тұлғасымен астаса жатқанын өзінен жақын табысып пікірлескен кезде тани түсесің. Хабарды жүргізген Сұлтан Оразалинов
ТҮСІНІКТЕР Қаламгерлік таланты проза жанрында, әсіресе романдар сериясы арқылы танылған Ілияс Есенберлин шығармашылығы қайнар бастауы поэзияда жатыр. Өнер есігін өлеңмен ашқан, суреткердің әр тұста поэзияға қайта оралып отыруы, өлең поэмалар жазуы, заңды еді. Бұл кітапқа жазушының әр кезде жазылған поэмалары беріліп отыр. НАМЫС. Шығарма үзіндісі тұңғыш рет 1975 жылы 28 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып, өңделіп, толықтырылып 1977 жылы «Жалын» баспасынан «Жұлдыздар» деген атпен шыққан дастандар жинағына енген. Бұл кітапқа осы басылым бойынша алынып отыр. АЙША. Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға арналған. 1945 жылы Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасынан жеке кітап болып шыққан. Автор Жеңіс-тің 30 жылдығы қарсаңында әр кезде айтылған сын, пікірлерді ескере отырып, поэманы түгел қайта жазып, 1975 жылы «Жалын» альманағының 3-санында (51-66 беттер) жариялады. СҰЛТАН. Поэма алғаш 1945 жылы Қазақ мемлекеттік баспасынан жарық көрген. 1975 жылы «Лениншіл жас» газетінің 13, 14 наурыздағы сандарында поэманың өңделіп, қайта жазылған нұсқасынан «Сұр мерген» атты үзінді жарияланды. Қайта өңделген нұсқа жазу-шының 1977 жылы басылған «Жұлдыздар» топтамасына енген. Бұл кітапқа 1977 жылғы басылым бойынша алынды. АДАМ — МӘҢГІЛІК. Поэма «Қазақ әдебиеті» газетінің 1983 жылғы 26 тамызындағы нөмірінде басылған. ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ. 1975 жылы 17 қаңтар күні «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Бұл кітапқа өңделіп, толықтырылған нұсқасы еніп отыр. ӘДІЛБЕК. Поэма 1957 жылы Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасынан «Большевик туралы поэма» деген атпен жеке кітап болып шықты. Екінші рет түзетулер жасалып, аты «Әділбек» деп өзгертіліп 1977 жылы «Жалын» баспасынан
шыққан «Жұлдыздар» атты поэмалар жинағына енгізілген. Бұл кітапқа осы басылым бойынша кіргізілді. БІРЖАН САЛ. Ертеректе жазылған бұл поэма 1959 жылы Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет баспасынан «Біржан сал трагедиясы» деген атпен шыққан. «Біржан сал» деп өзгертілген, өңделген нұсқасы ақынның 1977 жылғы «Жұлдыздар» атты топтамасына енген. Бұл жолы да сол «Жұлдыздарға» енген нұсқа берілді. Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби. Поэма ұлы ғалымның туғанына бір мың бір жүз жыл толу қарсаңында жазылып, 1975 жылы «Жұлдыз» журналының 9-санында (35-40 беттер) жарияланды. КӨҢІЛ — ДАСТАН. 1978 жылы жазылған бұл поэма алғаш рет басылып отыр. БІР ТҮНДЕ. Белгілі революционер Тоқаш Бокин өмі рі арқау болған бұл драмалық дастан алғаш рет либретто ретінде жазылып, «Комиссар» деген атпен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1966 жылғы 11 желтоқсанындағы санында басылған. Бұл кітапқа өңделіп, қайта жазылған соңғы нұсқасы берілді. Р. НҰРҒАЛИЕВ
МАЗМҰНЫ СОҒЫС ДАСТАНДАРЫ Намыс..................................................................................4 Айша..................................................................................13 Сұлтан...............................................................................71 Адам — мәңгілік................................................................83 ӨТКЕН КЕЗЕҢ ДАСТАНДАРЫ Қазақ қызы..........................................................................95 Әділбек.............................................................................110 Біржан сал.........................................................................148 Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби......................................205 Көңіл — дастан.................................................................219 ДРАМАЛЫҚ ДАСТАН Бір түнде............................................................................234 ӘН МӘТІНДЕРІ Жаңа өлке..........................................................................258 Мереке...............................................................................259 Домбыра............................................................................260 Сауыншы жеңгейдің әні..................................................260 Қыз арманы.......................................................................261 Жүрек жыры.....................................................................262 Тыңда көрдім бір қызды...................................................262 Дәриғаның әні...................................................................263 Құлпырады жасыл көктем...............................................263 Ақ қайың...........................................................................264 Таң гүлі..............................................................................265 Көк кептерім......................................................................266 Қыс.....................................................................................267 Оқушы бала әні.................................................................268 Соғыс өртін салушылар...................................................269 Туған жеріме.....................................................................269 Москваға сәлем.................................................................270 Жаз келді...........................................................................270 Алма бағындағы жеңгейдің сөзі.....................................271 Жазушы Ілия Есенберлинмен кездесу ............................272 Түсініктер.....................................................................285
Әдеби-көркем басылым Ілияс Есенберлиннің поэзиясы Жауапты редакторы Э.Бөкенбаева Редакторы Б.Жүсіпова Корректорлары: А.Асханова, И.Мақсатқызы Компьютерде беттеген және дизайны Р. Баянбаев ИБ №40 Басуға 20.07.2015 ж. қол қойылды. Пішімі 84х108/32. Гарнитура Times New Roman. Офсетті басылым. Шартты баспа табағы 15,12. Таралымы 2000. Заказ № «БПКА» Баспагерлер, полиграфистер және кітаптаратушылар Ассоциациясы» ЗТБ Алматы қ., Пушкин көшесі, 2 «Курсив» ЖШС 050002, Алматы қ., Бағанашыл, Восточная,2
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру